TELEGEI

Home

Әди Шәріпов 1 том

Әди Шәріпов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Әди Шәріпов 1 том

Көрнекті жазушы , қоғам қайраткері Әди Шәріповтың екі томдық таңдамалы жинағының бірінші томына партизандар өмірінен жазылған « Партизан қызы », « Ормандағы от », « Қапастағы жұлдыздар », « Арбасу », « Әке қабірі басында » атты белгілі повестері енген . Шығармалардың оқиғасы қызық , тартымды . Повестері туған жерді , Отанды шексіз сүюге баулиды . Кітап көпшілік оқырмандарға арналған.

Әди Шәріповтың
100 жылдық мерейтойына арналады

УДК 821.512.122

ББК 84 Қаз 7-4

Ш 34

УДК 821.512.122

ББК 84 Қаз 7-4

ІSBN 978-601-7337-22-3 (Т.1)

ІSBN 978-601-7337-21-6 (общ.)

Шәріпов Ә.
Ш 34 Екі томдық таңдамалы шығармалар жинағы.

(Құраст. К.Мыңжасарова) – Алматы:

«Ан Арыс» баспасы, 2012.

Т.1.: Повестер. – 560 б. ІSBN 978-601-7337-22-3 Көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Әди Шәріповтың екі томдық таңдамалы жинағының бірінші томына партизандар өмірінен жазылған «Партизан қызы», «Ормандағы от», «Қапастағы жұлдыздар», «Арбасу», «Әке қабірі басында» атты белгілі повестері енген. Шығармалардың оқиғасы қызық, тартымды. Повестері туған жерді, Отанды шексіз сүюге баулиды. Кітап көпшілік оқырмандарға арналған. © Шәріпов Ә., 2012 © «Ан Арыс» баспасы, 2012 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АҚПАРАТ ЖӘНЕ МҰРАҒАТ КОМИТЕТІ «ӘДЕБИЕТТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗДЫ ТҮРЛЕРІН БАСЫП ШЫҒАРУ» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ШЫҒАРЫЛДЫ

Бұл еңбегімді балаларым: Маржан, Меруерт, Мәдидің анасы – жұбайым Зағираға арнаймын. Автор. ПАРТИЗАН ҚЫЗЫ І 941 жылдың июні. Совет Армиясының Н. бөлімі Брест қаласынан жиырма шақырым жердегі үлкен селоға орналасқалы бес-алты ай болған-ды. Батальон штабында бір тәулікке жуық көз ілмей, орта бойлы, кең иықты, жүзі қатыңқы келген, қара торы жігіт біресе стол үстіндегі беті ашық жатқан кітапқа үңіліп, біресе телефон­нан жауап қайтарып отыр. Кезек ауысатын уақыты жақындағанын біл­гісі келді ме, қалтасынан сағатын алып қарай бергенде, телефон ұзақ шылдырады. – Сізді тыңдап тұрған кезекші кіші лейтенант Ақәділов, айта бері­ңіз, – деді де, өңі бір қуарып, бір қызарып, даусы дірілдеп шықты. Сөзін бітірген Жылбек: – Герман фашистері соғыс бастапты. Роталар тез қамда­нып, жауға тойтарыс беруге дайын болсын. Қосымша бұйрықты ба­тальон коман­ дирінен күтсін. Ал, тез өз роталарыңа хабарлаңдар, – деп полк штабының бұйрығын айтты. Байланысшылар далаға шығар-шықпастан штабқа ентіге кірген батальон командирі: – Шапшаң тревога беріңіз! – деп Жылбекке бұйырды. Кезектен босаған Жылбек есік алдына шыққанда толған ай сүттей жарық екен. Көшені бойлап, өз бөліміне ұшқан құстай жүгіріп келе жатқан оның есіне сонау Қазақстаннан шекараға жақында әкелген сүй­ген

жары Жамал түсті. «Қорғансыз қалып кете ме, аяғы ауыр еді-ау!» – деген ой келді. Жылбек бөліміне жақындай берген кезде сарғайып таң да атып қалған еді. Күнбатыстан үсті-үстіне гүрсілдеп жарылған снарядтар мен бомбалардың даусы да естіліп, басып келе жатқан жер жарылғандай дірдір етіп тұрды. Жылбек оң жаққа қарай кілт бұрылып, көшені бойлап, жүгіре жөнелгенде, алдынан қарсы келе жатқан бір топ әйелді көрді. – Жылбек, сенбісің? Не боп кетті дүние? Сенен айрылып қайда барам, өлсек те бірге болайық! – деген Жамалдың даусын есітті. Жамал көзден аққан жасы бетін жуып, мойнынан қысқан білегі тас болып қатып қалғандай, жіберер емес. Жақында қосылған екі жас біріненбірі айрылар емес. Кемсеңдеп, көз жасын тыя алмаған Жамал: – Жаным, Жылбек! Көрген түстей қызығымыздың соңы осы болғаны ма? Мені тастап, мына жанған оттың ортасына түсіп кетесің-ау! Мені де ала кет! – Жоқ. Сен офицерлердің семьяларымен бірге өзіміздің елге қайт. Аяғың болса ауыр. Сендерді Брестке апаруға анау жерде машиналар тосып тұр! Тілімді ал, қалқам, жаным. Тірі жүрсек табысармыз, тәтті өмірді қайта бастармыз, – деп Жылбек кетпек болғанда, екі жастың қоштасуын тосып тұрған жұрт: – Жамал, дүние астан-кестен болып жатқанда бұл жерде көп аял­дауға болмайды, Жылбекті жібер! Біз де бір қауым елміз. Күнімізді көрер­міз. Машина кетіп қалады. Жүр! – деп шу ете қалысты. Қоршап тұрғандардың сөзін естісімен, екі жас тағы да қатты құша­қ­ тасып сүйісті. Артта қалған сүйген жарына жалтақ-жалтақ қарап, жүгірген бойы Жылбек өз взводына жеткенде, бүтін рота аяғынан тік тұрып, жорық­қа жүруге даяр болған екен. Әскерлер бұталы терең жылғаны бойлап жүріп келіп, қалың орман­ ның күнбатыс жиегіндегі ұзын дөңеске қорғаныс жасауға кіріскенде, жаудың айыр құйрықты барлаушы самолеті бекіністі екі-үш рет айн­а­лып, күнбатысқа қарай ұшып кетті. Жылбек взводы бекіністің қақ ортан беліне келіп орналасқан-ды. Тыныштық көпке созылмады. Орман жақтан ауыр жүк тиелген самолеттердің гүрілдеген даусы естілісімен, көп ұза­май-ақ бүтін әлемді күркіретіп бомба жарыла бастады. Жендеттер самолетінің астынан тобықтай бо­лып үзіліп түскен бомбалар жерге жақындағанда үлкен бөренедей ысылдап келіп, бейбіт жатқан жердің қыртысын ойдым-ойдым қып, шаңын аспанға шығарып, әлемді күн күркірегендей етіп жіберді. Аспаннан ағылып жатқан бомбаның астында Жылбек те жатыр. Бір кезде жау самолетінің бірі аспандап барып, бірден жерге қарай тұйғындай түйіліп, Жылбек взводының бекінісіне бомба тастауға ыңғайланған кезде, самолеттің алдыңғы жағынан жарылған снарядтың жарқ еткені байқалды. Жылбек жауынгерлеріне:

– Бомба тастағалы келеді, қозғалмаңдар, – деп, аспанға қарағанда, жаудың әлгінде ғана бомба тастамақ болған са­молеті жалын мен қою қара түтін араласып, шептің алдына қарай құлап келе жатты. – Жігіттер, көрдіңдер ғой! Жауызға сол керек, – деді Жылбек. Бомбалаушы самолеттердің қарасы жоғалысымен, фашистер артиллериясын ойната бастады. Жарылған снаряд жердің қыртысын қопарып, шұрық-шұрық етті. Жау атысының бәсеңдеуінен кейін басын көтерген Жылбектің шаң басқан бетінен жылтыраған көзі ғана көрінеді. Артиллерия атысынан кейін жау бірден шабуылға шықты. – Жау танкілері шабуылға шықты. Дайындалыңдар, – деді Жылбек. Фашистердің жиырма шақты танкісі қанатын жайып, атқылап келеді. Совет бөлімдері шебінен жауап болмаған соң, жау алға қарай ентелей түсті. – Атпаңдар, жақындай түссін! – деді Жылбек. – Мұнан жақын болса бізді басып кетпей ме? – деді жақын жатқан солдаттың бірі. – Сабыр ет! – Жолдас командир, атуға рұқсат етіңіз, – деді екінші бір солдат. – Анау дөңнен асып, ойпатқа түссін! Жау танкілері қаз-қатар тізіліп жосып келеді. Артында қара құрттай жыбырлаған жау солдаттары. – Отан үшін, Партия үшін, атыңдар! – деген Жылбектің үні әмір күтіп жатқандардың сапына тез тарады. – Көріп жатырсыңдар ма? Жаудың екі-үш танкісінің жалыны аспанға шығып, қою қара түтін басқанын, атуды үдете түсіңдер! – деді оң жағына бұрылып Жылбек. Көп ұзамай шабуылға шығып келе жатқандардың екі қанатындағы танкісі де түтінге көміліп тоқтады. Қорғаныста жатқан совет әскері бөлімдерінен жаралыларды зембілге салып, еңбектеген бойы сайға түсіп, орманға әкетіп жатты. Жылбектің взводынан да жаралылар табылды. Мұны өз көзімен көріп жатқан Жылбекке жаудың барлық болат құрсанған күші дәл осы жерге төн­ гендей көрінді. Арпалыс қас қарайғанша тынбады. Бүтін әлемді сіл­ кінтіп тұрғандай болды. Қорғаныста жатқандар бір қадам кейін шегін­ бейміз дегендей жанталасып, жау танкілерімен алысты. Совет солдатта­ рының қорғанысы күшті екендігін сезді ме, әлде бірнеше танкіле­рінің күлі аспанға ұшып, жанып кеткендігінен бе, жау бөлімдері кейін шегі­нуге мәжбүр болды. Бұл шайқаста сағы сынған жау бөлімдері кейін шегініп барды да, тың күш қосып, екінші бір шепке лап қойды. Ол жерден де тойтарыс алып, кейін қайтты. Жау тынбады. Шабуыл еселей түсті. Үсті-үстіне әскер төге бастады. Айқас бұрынғыдан да үдей берді. Кешке бір-ақ басылды.

Түн. Шабуыл тоқтап, атыс толастады. Толарсақтан келетін батпақ. Күні бойы нәр татпаған жұрт ыдыстарына құйған сұйық сорпаны ішіп жатыр. Тыныштық ұзаққа бармады. Жоғарыдан бұйрық алған Жылбек: – Біз қорғанысты тастап кейін шегінетін болдық. Тез жиналыңдар! – деп өз жауынгерлеріне әмір берді. Совет әскерінің бұл бөлімдері кейін шегініп, қалың орманға кір­ генде, жау әскері алыстағы бір қорғанушыларға қарсы шабуыл бастады. Орман жолымен күншығысқа қарай шегіністі. Төбеден себелеген нөсер мойынға құйылып, шинельді сығып алатындай етті. Жер батпақ. Арқаға байланған жүк те кеудені көтертпей, еңсесін басып, алға жүрген аяғын кейін тартпақтайды. Ауырлықтың бәрі түйіліп келіп, Жыл­бек пен оның жолдастарының мойнына ілінгендей еді. Осындай қиын кездің өзінде Жылбек ойына әлденелер түсті. Ол ішінен: «Қайран, Жамалым, қай жерде кетіп бара жатыр екенсің? Әлде сені де жаудың оғы мен бомбасы қуып жетті ме? Жора-жолдас­та­ры­ мен ойнап-күліп жүруші еді-ау. Құз жартаста балапанын қорғаған бүр­ кіттей, жалғыз қызын әке-шеше мәпелеуші еді-ау! Енді не онда жоқ, не мұнда жоқ болып қала ма? Біздің жайымыз мынау! Жан-жағын жал­ мап тұрған отқа түстік те кеттік. Бұл соғыстан кім өліп, кім тірі қалаты­ нын кім білсін? Соғыс басталғанын естіген әке-шеше, туған-туысқан да жылап-сықтауда ғой». Бұл – Жылбектің соғыс басталған кездегі алғашқы шайқастар­дан кейінгі бір ойы еді. Үздіксіз айқас, толассыз шегіну бұлардың тобын сирете бастады. Жау­ ға тойтарыс беретін күштері де әлсірей берді. Тағы бірде, үлкен бір шайқас кезінде, Жылбек взводы шегінген полктің штабын қорғауға тиіс болды. Бұлар штабты қорғап, алға жібергенмен, өздері полктан көз жазып қалды. Аз адаммен қоршауда қалғанын да кейін сезді. Жаумен сан рет арпалысқан Жылбек взводы ағынды судың тол­қыны жарға соғып, жиекке шығарып тастаған жалғыз қайықтай немесе жанған өрттен лақтырып жіберген шоқтай, он шақты жауынгерімен Бара­новичи облысындағы бір орманға еніп кеткен еді. Неше күннен бері арпа­лысқан жұрттың үстіндегі киімдері борша-борша болып жыртылған. Азықтары да түгесілуге жақын. Сақал-шаштары өскен. Бет-ауыздарын шаң басып, көздері ғана жылтырайды. Шаршаған жұрттың басы жерге тисе қалғып кетеді. Аяқтарын қып-қызыл шақа ғып етік қажаған. Әрбіреуі әр­түрлі ойға шомып, төмен қа­рап мүлгіп отыр. Аз да болса бастарына қорған бо­ латын темір каскаларының да қайда қалғаны белгісіз. Алды да, арты да жұмбақ. Қайда барып, қалай жүретіндері де қараңғы. Жылбек «жұртта қалғандай болдық-ау...» деп ойлай бергенде, аспанда гүрілдеп ұшқан өздеріне мәлім айыр құйрық самолеттің даусы естілді. – Мына жендет тағы не іздеп келді екен? – деді отырғандардың бірі. – Ат төбеліндей бізді іздеп жүрген болар, – деді Жыл­бек. – Бізге осы­ ны да көпсіне ме?

Бұлар көкте шыр көбелек айналып жүрген самолеттен шағаладай ұшып түсіп жатқан ақ қағазды көріп, ауыздарын ашып отыр. Орманда отырғандардың айналасы қар жауғандай аппақ болды. Төмен қарап ойланып отырған Жылбек аяғының ұшына ұшып түскен төрт бұрышты қағазды қолына алып оқыса, қоршауда қалған совет жауынгерлеріне жазған үндеу боп шықты. Ол үндеуде: «Сендер біздің құрсауымыздасыңдар. Енді қашып құтыла алмайсыңдар! Қолға өз еріктеріңмен түсетін болсаңдар, сендердің өмірлерің сақталады, тамақтарың тоқ, киімдерің бүтін, жағдайларың жақсы болады», – депті. Жылбек осыдан аз бұрын партия мүшелігіне кандидат болып өткен еді. Ол осы кезде өзінің кандидаттыққа өткен жиналысын, ондағы сенім көрсеткен достарын есіне алды. Бұған рекомендация берген бір коммунист алғашқы айқастың бірінде ерлікпен көз жұмды. Ол ішінен: «Мен ең алдымен коммуниспін, тірідей өз еркіммен жаудың қолына түсіп, бас имеймін», – деп өзіне-өзі серт берді де, бойына жаңа қайрат бітіп, жігерленіп орнынан тұрды, салы суға кеткендей көңілсіз отырған жұртқа: – Мына жаудың шашқан үндеуін оқыдыңдар ғой. Бұлар бізді тұт­қынға алмақ. Кәні, не дейсіңдер, кім не ойлап отыр, айтыңдар! – деді ол. – Өзіңіз не ойладыңыз? – деді бір солдат. – Мен бе, мен өлсем де тұтқын болмаймын. – Иә, біз де тұтқынға түспейміз. Сізбен бірге боламыз, – десті солдаттардың көбі. – Олай болса, бұл маңда көп аялдауға болмайды. Маған еретінде­рің жүріңдер. – Ал кеттік. «Айыр құйрықтың» үндеу тастауына қарағанда жау бірдеңені сезген де болар. Солдаттар заттарын иығына салып орындарынан тұрғанда, бір ғана жауынгер төмен қарап, орнынан тұрмастан, мелшиіп отыра берді. – Әй, сен неғып отырсың, кеттік! – деді Жылбек оған. – Мен, мен бе, осында қалсам деймін, – деп күбірледі. – Сен бізден айрылып, қайда кетпексің? – Менің осы маңда жарым қалып барады. Туған жерім де осында. Үйіме қайтқым келіп отыр. Мұнда да жаумен айқасуға болар. Сендер осы өңірде болсаңдар, сендерге де пайдам тиер... – Біз ешкімді зорламаймыз. Әлгіндей адал ниетпен қалғың келсе, қал! – деді Жылбек. – Жоқ, сіз маған шын ниетіңізбен рұқсат етсеңіз? – Мен саған айттым ғой. Қала бер, баратын жеріңнің атын жазып бер. Солдат адресін жазып берді. – Дұрыс! – деді Жылбек, – сау бол! – Жолдарың болсын! – деді солдат. Бір топ совет жауынгерлері орманды сауғалап күні-түні күншы­ғысқа қарай бет алып жүріп келеді. Бұлардың тынымсыз дем алмай жорт­қа­­нына, міне он бес күннен асты. Төңірек толған жау. Жолаушылар талай бат­ пақтан, кездескен талай кедергіден, жау құрған толып жатқан тордан өтті.

Жылбек осы азғана топтың алдында ешкімге шаршағанын да білдірмей, үнсіз жүріп келеді. Үстіндегі гимнастеркасының жеңін ағаштың бұтағы іліп борша-борша еткендіктен, жеңнің қалдығын дәл түбінен сөгіп тастады. Тер өткен гим­настерканың жауырыны салтақ-салтақ. Жаумен кез­дейсоқ, күтпеген жерден тап болған айқаста бірнеше жолдастары қаза тауып, енді небәрі бес-ақ адам қалды. Осы шайқастарда аз да болса, әрқай­сы­сының бойына алып қайрат бітіп, арыстандай айқасты. Бірнеше тәулік бойы бел шешпей, ұзақ жүрген солдаттарды, күн көтеріліп, арқаларын қыз­ дырып маужырата бастады. Бойлары елжіреп, өздері шаршап, алға басқан аяқтары кейін кеткендей еріншек тартты. Жылбек соңындағы теңселіп, әрең, әзер жылжып келе жатқандарға бұрылып: – – Осы жерде дем алайық. Алдымызда алақандай алаң бар. Бір-бірлеп еңбектеп барып, содан қымыздық теріп алайық. Осы алаңның арғы бетінде, анау көрінген ну қарағайдың ішінде түнерміз, – деді. – – Дұрыс, енді жүре беруге болмас. Аялдаған жөн, – деді арт жақта сылтып басып келе жатқан сары жігіт. – – Бел шешіп, қисайған бойда күзетшіден басқасы ұйқыға кірісті. Бұтақты зәулім қарағайдың түбінде күзетші отыр. Қызған күн оны да маужырата бастады. Қайта-қайта, есінеп, қолындағы автоматын бауы­ рына қысып қояды. Анда-санда қалғып кетіп, селк етіп қайта оянады. Бір кезде ол да ағашқа сүйеніп қор етіп, қатты ұйықтап кетті. Орман іші жым-жырт. Соққан самал желден ағаш жапырақ­та­ры­ ның сыбдыры ғана естіледі. Өліктей серейіп-серейіп, шалқасынан түсіп, тәтті ұйқыға кірген жұрт біреу келіп көтеріп әкетсе де сезер емес. Осы маңда саңырауқұлақ теріп жүрген бір адам ағаш бұтағында аға­раң­ даған бір нәрсені көрді де, жақындай түсті. Алдында жатқандарды көрді. Әрбір сыбдырға құлағын тігіп, бұтаның арасына отыра кетті. Авто­матын құшақтап ұйықтап отырған күзетшіні де, анадай жерде ағаш түбі­рінің үстінде жатқан қос етікті де көзі шалды. Әлгі белгісіз жан сыб­­дырын білдірмей, өте бір еппен, жылғаны бойлап, еңбектеп келіп қос етікті қолтығына қысты да, үлкен бір олжа тапқандай қалың ағашқа кіріп жоқ болды. Күн төбеге келген кез. Ұйқылары қанған жұрт көңілденіп, көздерін уқалап, орындарынан тұрып жатты. Жылбек басын көтеріп: – – Біздің күзетші де қылжиып ұйықтап қалыпты ғой. Саған не болған? – – Ғапу етіңдер. Неше күннен бері көз ілмей жүріп, ұйықтап кетіп­- пін, – деді күзетші. Жылбек жан-жағына алақтай қарап: – – Әй, жігіттер, мына түбірдің үстіне қойған менің етігім қайда? – деді. – – Кім келді дейсің, бұтаның арасында жатқан болар, – деді күзетші жігіт. – – Сен не білесің, өзің де ұйықтап қалыпсың. – – Мен қазір тауып берейін, – деп күзетте тұрған Павлик өзі айып­ты болған соң ағаштың түбін қарап еді, таба алмады.

– – Іздемей-ақ қойыңдар. Мен мына ағаштың үстіне қойғанмын. Біреу алып кеткен болар, – деді Жылбек, осы кезде оның көзі ағаш бұтағын­да жалбырап ілулі тұрған бір солдаттың шұлғауына түсті. – – Анау ілулі тұрған шұлғау қайсыңдікі? – деді ол өзінің жоғалған етігін ұмытып. – – Ол менің шұлғауым ғой, аяғым шылқылдаған су болған соң етігімді шешіп жаныма қойдым да шұлғауымды бұтаққа іле салып едім, – деді Павлик. – – Сен мұнда кел? – деді Жылбек. – Сен осыны осы ағашқа ілгенде не ойладың? – – Жоқ. Ештеңені ойлаған жоқпын. – – Сенің шұлғауың мен мұндалап, жансызды өзіне шақырған. Етікті алған сол. Әңгіме етікті алушыда емес, әңгіме сол – ол жаудың жансызы, тыңшысы болса, бізді құртады, енді бұл жерден кеткен жөн. Солдаттар Жылбектің ойына енді түсінді. Күзетшіні кекетіп: – Ашық ауыз! – деп атады. Бұлар жүріп кетті. Жылбектің сақал-шашы өскен. Гимнастеркасының екі жеңі жоқ, етігі де жоқ, жалаң аяқ, шалбарының екі балағын түріп алған. Бірнеше күн­ нен бері өзінің бұл жайына еті үйреніп те кеткен еді. Өзінің мына сиқ­ына қарамастан, бұрынғы командирлік дағдысы бойынша: – – Біз Могилев облысының күншығысындағы қалың орманға же­туге тиіспіз. Мүмкін сол жердегі жау шебінен ар жаққа өтіп кетерміз, – деп қояды Жылбек қасындағы жолдастарына. Кеш бата бұлар дем алуға тоқтады. – – Жылбек Ақәділович! Сіздің етігіңіздің жоғалуына себепкер бол­ған мен ғой. Сіз менің етігімді киіңіз! – деп, Пав­лик аяғындағы етігін ше­ шуге ыңғайлана бастап еді, Жыл­бек оған күлімсіреп, әрі жаны ашып, аянышпен қарады да: – – Шешпе етігіңді, сенің жалаң аяқ жүргенің не, менің жалаң аяқ жүргенім не, бәрібір емес пе! – деп оның етігін шештірмеді. Бұлар түнімен ашық даламен жүріп, таң ата селдір бұталардың ішіне тоқтады. – – Бүгін қешке дейін осы жерде аялдаймыз. Кезек ұйықтайтын бо­ ламыз. Жау бізді сезіп қалмасын, – деп Жылбек қасындағы жолдаста­ры­на ескертті. Жұртта үн жоқ. Кеше орман арасындағы бір хутордан ала шыққан нан мен қиярды жеп жатыр. Бір кезде Жылбек орнынан тұрып, төңіректі байқамақ болды. Мойнына асынған дүрбіні қолына алып, жан-жақты шола бастады. Дөңесте дерев­ня бар екен. Ондағы жанның бәрін көзден таса қылмай бақылады. Бір кезде деревнядан оқшаулау тұрған ағаш үйге қарай бір топ адам жүгіре жөнелді. Жылбек көзін қадай түсті. Әлгі көрін­ ген топ үйді айналып келді де, бер жағындағы жылғаға еніп жоқ болды. «Үстіндегі киімдері жай адамға ұқсамайды. Мойындарына асынған мылтықтары бар. Бұлар жау солдаттары болар. Жылғаға қарай неге жү­гірді

екен?» – деп ойлады да, Жыл­бек жолдастарына қайта оралып, көрген­ дерін айтты. – – Енді қозғалайык. Тегінде бізді сезіп қойған болар. – – Біздің бұл жерде жатқанымызды ешбір жан көрген жоқ. Қайдан біледі? – деді жауынгердің бірі. – – Қалай білді деуге бола ма, мүмкін мына деревняда опасыз біреу бар шығар. Біздің осы жерге енгенімізді байқап қалған болар, ал кеттік, – деді Жылбек. Жылбек тобы сирек ағаштың жиегіне шығып, сайды өрлеп, көз көрім жердегі орманға қарай жүрді. Күн батар алдында, орманға жете бер­ген­де, бұлардың алдынан оқ атылды. Жаудың тосқауылына тап болғанын сез­ген Жылбек: – – Оқ шығармаңдар, менің соңымнан жүріңдер, – деп, алға түсіп, солға қарай еңбектей жөнелді. Жаудың алғашқы сепкен оғына ұшқан бір жігіт қозғалмастан қалып қойды. Қалғандар кеш қараңғылығын жамылып, бірде жүгіріп, бірде еңбектеп, екінші бір орманға енді. Қуғындаған жау, көп айқас, тынымсыз жүріс бұларды жел айда­ған қаңбақтай домалатып, октябрь айында сонау шекарадан Могилев облы­ сының Климовичи аймағына әкеп тастады. – – Бұл – біздің жер, менің туған деревням осы маңнан алыс емес, – деп қуанды Павлик. Түс ауған кез. Жылбек орман жиегіне шығып, алдындағы шағын ғана деревняны бақылап, өткен-кеткеннің бәрін көзден таса қылмай аңдып отыр. – – Меніңше деревняда жау жоқ, – деді Жылбек. – – Оны қалай біле қойдыңыз? – – Жау болса, деревня халқы біріне-бірі қатынаспайды, үйлерінде отырады. – – Жау солдаттары келсе, онда бір-біріне қатынаспай ма? – – Иә, – деді де Жылбек өз аяғына қарады, табанын күс басып, жарылып, тілім-тілім болып кетіпті. Көп бақылап отырған жоқ, деревняға барып, бір-екеуі тамақ жинап әкелді. – – Осы дөңестің тасасында отырып тамақтанайық, – деді Жылбек. Тамақтанып болған соң, енді жүруге ыңғайлана бергенде, әлгі төбе­нің үстінен өтетін жалғыз аяқ жолмен келе жатқан екі адамды көрді. – – Не де болса бұл екеуін тосып алайық. Төбенің бауырына жата қалыңдар, – деді Жылбек. Босқындар ештеңені сезбей, төбенің үстіне шыға келгенде: – – Мұнда келіңдер! – деген дауысты естіп қашарын да, келерін де білмей, аңырып тұрып қалды. Өздерін тосып жатқандарды көріп, сасқа­ нынан қолдарын көтеріп, мелшиіп тұра қалды. – – Бері келіңдер! – деп бұйырды Жылбек.

– – Біз мүсәпір адамдармыз, не қыласыңдар бізді? – деді босқын­ның бірі. – – Мүсәпір болсаңдар да бері келіңдер, сөйлесейік. – – Өздерің қайдан келе жатқан адамсыңдар? – – Могилев қаласынан қашып шыққан едік, майданнан өтуге келе­міз. – – Майдан қайда? Бізге ермейсіңдер ме? – – Жоқ. Біз өз бетімізбен майданнан өтеміз. – – Соғыстан бұрын не істеп едіңдер? – – Біз де сендер сияқты әскерде болғандармыз. Қоршауда қалып, жау тұтқынынан шықтық. – – Мыналарың не? – деп Павлик әлгілердің қаптарын нұсқады. – – Тамаққа айырбастауға алып шыққан зат қой. – – Кәне, көрсетіңдерші! – – Көріп қайтесіңдер, сіздерге керегі жоқ заттар. – – Көп сөзді қой, шешіңдер! – деп бұйырды Жылбек. Босқынның бірі арқасындағы дорбасын шешіп жатып: – – Біздің дорбамыздың ішінде бомба бар дейсіздер ме? – деді. – – Не бар екенін, қазір көреміз, – деп Жылбек дорбаның түбінен ұстап, ішіндегі затты жерге ақтара салды. – – Өздерің жақсы кездескен екенсіңдер, бізге керекті зат табылды, – деп Павлик жерге домалап түскен бәтеңкені қағып ап, Жылбекке берді. – – Мың километрдей жалаң аяқ жүрген едім, мына бәтеңке менің аяғыма құйып қойғандай екен, – деп Жылбек киіп алды да, екіншісіне: – – Ей, сен де шеш, мүмкін, алтын арқалап жүрген шығарсың? – – Алтын қайдан келсін бізге, – деп әлгі босқын қынжылыңқы­рап, арқасындағы дорбасын Жылбектің қолына ұстатты. Бұл дорбадан әскери гимнастерка мен шалбар шықты. Жылбек үстіндегі жалба-жұлба кір киімін шешіп, мұны да киді. – Сен өз қалпыңа келіп, кәдімгі совет офицеріне ұқсадың, – деді Павлик командирінің киініп алғанына қуанып. Екіншіден, етік жоғал­­ған күнгі өз айыбын жуғандай боп тұр ол. – Сендерге рақмет, – деп күлімсіреген Жылбек босқындардың қо­­лын алды. – Алатындарыңды алдыңдар, енді бізге кете беруге бола ма? – деді әлгілер. – Сендер бізге ренжімеңдер, бәріміз де адамбыз ғой, менің жағдайым­ ды көріп тұрсыңдар. Ал жолдарың болсын! Тек қана менің өтініш тілегім бар, орындайсыңдар ма? – деді Жылбек. – Шамамыз келсе орындаймыз! – Соғыс басталған күні офицердің семьясымен бірге мен де әйелім­ді еліме жөнелткен едім, адресін берсем, майданнан өтіп, өзіміздің ар­мия­ ға қосылсаңдар, менің амандығым жөнінде бір ауыз хат жазып жібе­ре­- сіңдер ме? – Өте алсақ, жібермей несі бар?

– Ендеше, мына адреске жазыңдар, – деп, Жылбек Жамалдың Павлодар қаласындағы тоқтайтын үйінің адресін берді. – Көңілдеріңе алмаңдар. Менің жалаң аяқ, жалаңаш ке­ле жатқаным­ды көріп тұрсыңдар. – Жоқ, жоқ, – деді босқындардың бірі. – Хош болыңдар, жолдарың болсын, біз де кеттік, – деп Жылбек өз адамдарымен орманға кіріп жоқ болды. Октябрь айы. Жерге шық түсіп, күн салқындай берді. Жылбектердің жүретін жолы тарыла бастады. Еш жерге бас сұғуға болмайды. Жейтін тамақ, киетін жылы киім жоқ. Қайда барып, қайда қоятындарын білмейді. Айналада төртеуінен басқа жан көрінбейді. Ит тұмсығы өтпейтін ну қарағайдың ішінде жалғыз өскен зәулім теректің түбінде біріне-бірі жабысып отыр. Түні бойы тоңып шықты. Таң бозарып келеді. Жылбек қарағай түбінде ойға шомып отыр. Бір кезде орнынан тұрып жолдас­та­рына: – – Маңай тіміскілеген жау. Осы жерден жетпіс-сексен километр шамасында Клетня орманы болса керек. Біз сол маңға жететін болайық! – – Ол да осындай орман шығар. Кім бізге үй орнатып, тамақ жинап қойды ғой деймісің, – деді біреуі. – – Бұл жерде не істейміз? Ол жерді мен жақсы білем. Сонда баралық. Жүріңдер, не де болса ілгері! – деді Павлик. Жылбек түнді жамылып жүріп кетті. Таң бозара қалың орманды паналады. Күн де салқындай түсті. Бұл орманда да қимылдаған жан көрінбейді. Қылышын сүйретіп қыс та келе жатыр. Бір күні бұлар орман кезіп жүріп, біреулердің ізін көрді. – – Мынау біздің алдымызда ғана жүрген адамдардың ізі емес пе? Тіпті тартқан темекінің иісі білінеді-ау, – деді Пав­лик. – – Бұл жай із емес, – деді Жылбек. – – Фашистердің тағалы етігінің ізі емес сияқты. – – Мүмкін, осы маңда партизандар бар шығар? – – Не де болса кейін шегініп, осы жолды бақылайық. – – Әй, әні бір мылтық асынған адамды қара, – деді оң жағына қарап, ағаштың тасасында тұрған бір жігіт. – – Жатыңдар! – деді Жылбек. Осы кезде мыналардың даусын естіп қалғандай: «Пароль» деген үн шықты. – – Сендер кімсіңдер? – деді Жылбек айқайлап. – – Сендер кімсіңдер? – деді әлгілер. – – Біз де сендер сияқтылармыз! – деді Жылбек. Осы кезде жөнді жауап бермей, аңдысып жатқан Жылбектің даусынан «қазақ» екенін білген біреу: – – Әй, сен қасарыспай жөніңді айтсаңшы! – деп қазақша сөйлеп кетті. – – Біз совет адамымыз. – – Біз де...

– Олай болса, біздің іздегендеріміз екенсіңдер ғой, – деп Жылбек орнынан тұрды. Жылбектер түсінісе келгенде, өздерінің осы ормандағы шағындау бір партизан отрядына кезіккенін білді. Төрт жауынгердің қуанышында шек жоқ. Келгендердің кім екенін әбден анықтап алу үшін бұларды ­отряд командирі Тимофей Михайлович Коротченко өзіне шақырды. ІІ Соғыс басталған жылдың декабрі. Жау қоршауында қалған совет азаматтарынан құралған ат төбеліндей шағын-шағын партизан отрядтары әртүрлі жолмен келіп осы Клетня орманында тоғысқан-ды. Екпіндете соққан дүлей боранның ызғарланып тұрғанына екінші күн. Ышқына соққан желден ыға бұққан ағаш бұтақтары да шілікше майы­ сады. Кейде сынып та түседі. Түтеген боранның саябырситын түрі жоқ. Бірде аз толастап, қайта борап, жұртты қатты мазалап тұр. Түс ауа боран біршама бәсеңсігенмен, күннің ызғырығы қайтпады. Жауған қарды жер бетіне тұрақтатпай, қуалай соққан жаяу борасын орман ішіндегі парти­ зан тұрақтарын басып жатыр. Олардың аласа жасалған жертөлеле­рінің қай жерде қалғаны да белгісіз. Қол созым жерде тұратын Задня хуто­рына баратын жол да қар астында қалыпты. Бірнеше ай бойы орман кезіп, жаумен сан айқасып, қалжыраған партизандарды бүгінгі боран қатты жәбірлегендей еді. Жертөленің үстінен зуылдап өтіп жатқан ызғырық шыңылдап түсер снарядтай тұла бойыңды шымырлатады. Ұдайымен екі күн бойы соққан боран даланың қарын айдап әкеліп, орман панасындағы жертөлелерге кептеп тастаған. Шеткі бір жертөледе он шақты адам бір-біріне жабыса бұйығып отыр. Бұлар – күні бойы осы боранмен арпалысқа түскендер. Тоңазыған дене жертөленің ішінде болбырап, көптен бері қанбай жүрген ұйқының есесін күткендей. Бірақ әне-міне піседі деген тағам мен Москвадан алы­натын кешкі хабарды күтіп, бәрі де ұйқысыз отыр. Гуілдеген жел, бораған қар қазан түбіндегі отты қайта-қайта сөндіріп тастайды. Су отынды жөнді жандыра алмай ыза болып аспазшы Петька жүр. Бір жағынан ол Москвадан кешкі берілетін хабарды өз құла­ғымен тыңдай алмайтын болдым деп қынжылады. Піскен асқа бәрі әзір, ал көмекке келер бірі жоқ. Ыза болғанда, осы қара қазанды бір теуіп аудара салатындай кіжінеді. Әзер дегенде тұтанып, жалыны қазан түбін енді жалай бастаған от, тағы да сөніп қала ма дегендей шегір көздерін отқа қадай түседі. Жертөленің іші күңгірттеніп келеді. Бұрышта Әбдіғали Төлегенов, Василий Зарецкий, тағы бір жігіт қабақтары жабыңқы, көңілсіз отыр. Олар өзара:

– Радиоқабылдағышқа не болды? Біреуі әдейі бұзып қойғаннан аман ба? – деп те қойысады. Жылбек бұл әңгімеге араласпай, өз ойымен өзі боп отыр. Тіпті бұрын ойлауға мұршасы болмай жүргендіктен, боранды күні ол Жамалды ойлап кетті: «Елге жетті ме екен», – деп ойлады ол. Осы бір ой оны алысқа алып кетті. Өзі Россия жеріндегі Клетня орманындағы жертөле ішінде отырғанмен, қиялы Ертіс бойын шарлап кеткен еді. Төр жақта шөп жастанып Тимофей Михайлович жатыр. Ол да ой үстінде. Ол жиырма жылдан асқан әскери жолын, оның ішінде Фрунзе атындағы Соғыс академиясын, Маннаргейм линиясын алуға қатынас­ қанын, өліммен талай жүзбе-жүз кездескенін, осы биыл фашистер­дің жойқын күшіне өз полкын қарсы қойып, содан шегіне келе, Могилев тұсында жау қоршауында қалғанын, одан да жүз шақты адамды ажал қақпанынан әрең алып шыққанын шолып өтті. Жұрт қабағы салыңқы, бәрі де ойлы. Петька ұннан жасаған быламық көжені буын бұрқыратып, қазанымен жертөлеге әкеліп ортаға қойғанда да ешкім селт еткен жоқ. Бұл Петьканы ызаландырды. Ол өзінің дөрекілеу мінезіне салып ойда отырған партизандарға: – Немене, бәрің бірдей тұнжырап қапсыңдар ғой? Тұрыңдар! – деп едіреңдей сөйледі. Жертөленің оң жақ қабырғасына жақын жатқан бір жігіт басын жұлып алды да: – Сені жын соққан ба, не деп әңгірлейсің? – деп орнынан атып тұрды. Бұл – осы отрядтың автоматшысы Әлім Тілеулин деген жігіт еді. – Сен өзің бірдеңені бітіріп келгендей, несіне әулекілене қалдың? – деді Петьканың сөзін жақтырмай қалған партизандардың тағы бірі. Отряд командирі Тимофей Михайлович Коротченко қисайып жат­ қан орнынан ақырын тұрды да, көнетоз костюмінің етегін артына іркіп, қолын қалтасына сала, жайлап басып, даурыға сөйлеген әлгі үшеу­дің жанына келді. – – Осы сендерге не жетпейді? – деді ол. – Неге айқай жоқта айқай шығарасыңдар. Әлде ертең ұрысқа түскенде ұрсысуға уақыт бол­майды, осындайда ұрсысып алайық деп жатырсыңдар ма? Петька, сен әлде ас пісіргеніңді міндет етемісің, неге даурығасың? Петька жұлып алғандай: – – Мен ас пісіргеніме ашуланып жүргенім жоқ. Мен Москвадан берілетін хабарды өз құлағыммен ести алмағаныма ренжимін, – деді. – – Осы отырғандар хабарға қарық болып, тек сен ғана естімей қал­ған едің! – деді Әлім. – – Петька, сен ашуланбай-ақ қой, радиоқабылдағыштың бір жері сынып қалған болу керек, сен ас пісіруге шыққаннан бері әуре болып, ештеңе қабылдай алмадық, – деді отряд командирі. – – Ал, ендеше тамақ ішетін ыдыстарыңды әкеліңдер, бірақ бүгінгі бы­ ла­мықтың қатығы жоқ, өзі де аз, кісі басы бір ожаудан ғана жететін болар... Аз да болса ыстық ас ішкен жұрт қайтадан жайлана бастады.

Адамға табиғат та әсер етеді емес пе! Боран партизандардың көңіл шырқын бұзды. Әдеттегі жайдарылық, қағытпа қалжың, жылы сөз кешелі берлі басқа жаққа ауып кеткендей сап болды. Жертөленің шет жағында бүктүсіп жатқан қой көзді, ат жақты жігіт Жылбек еді. Ол да дөңбекшіп өз ойымен болып жатыр. – Жора, (Жылбекті партизандардың бәрі осылай атайтын) сені Тимофей Михайлович шақырып жатыр, – деген Әбдіғалидың даусы оны ойдан серілтіп жіберді. Тимофей Михайлович – шегір көзді, ат жақты адам. Орта бойлы болғанымен, шойындай сом дене оны алыптай көрсетеді. Бурыл тартқан самайын, жылтыр маңдайын жуан саусақтарымен бір сипап, ащы те­мекі салған трубкасын сорып-сорып жіберді де, бетінде шешек дағы бар, қой көзді, кең маңдайлы, пұшық мұрын, жалпақ бет, аласа бойлы, қайыстай қатқан қара торы жігітке қарады: – Батырхан, (Әбдіғалиды барлық партизандар осы­лай деуші еді) командирлерді осында шақыр! – деп бұйырды ол. Отряд командирі жуан трубкасынан көкшіл түтінді бұрқырата шы­ ғарып, жертөле ішінде ерсілі-қарсылы жүріп кетті. Рота командир­леріне айтар сөзін алдын ала ойланып жүргені байқалады. Ол темір бочкадан жа­салған пешке ұсақ ағаштарды салды да, тақтайдан жасалған нардың шетіне келіп сүйенді. Алдағы жорыққа кімдерді алуды да ойлап кетті. Павлик Смирновтың автоматшы болуға да, мина қоюға да, барлау жасауға да қабылеті бар. Ол кеше ғана солдат болған адам. Өзі осы төңі­ректің азаматы. Жерді де жете біледі. Әлім ше? Ол Қазақстанда орта мек­тепті бітіріп, екі жыл бойы совет армиясында солдат болған. Қайда жіберсең де тайынбайды. Ал мына Батырханды отқа да, суға да салуға болады. Ол Қазақстанның даласында өссе де, орман ішінде компассыз-ақ адас­пай жүретінін қайтесіз! Командирдің көз алдынан Сергей де, Виктор да, Мәжит те, тағы солар сияқты барлық жігіттер тізбектеліп өтіп жатты. Командирлер келді. Олар өздерімен бірге сырттағы қаңтардың суы­ғын ала кірді. Осы кезде жертөленің ішін бу басып кетті. – Барлаушылардың бүгінгі хабарына қарағанда, – деді Тимофей Михайлович командирлерге, – Белевка деревнясына елу шамалы полицай келіп, жергілікті халықтың азық-түлік, киім-кешектерін тар­ тып алып жатқанына бес күндей болыпты. Бірақ олар түсірген азықтүліктерін әлі ешқайда жібере қоймаған көрінеді. Бәрін бір қой­маға жинап жатқан секілді. Қоймаға екі-үш қана күзетші қалдырып, өздері сондағы старостаның үйінде түн ортасына дейін арақ ішіп, сауық құ­ рады дейді. Мен мынадай қорытындыға келіп отырмын. Қазір атта­найық. Мұндағы базаны күзету үшін әрбір ротадан төрт-бес адам ғана қа­латын болсын. Қалғандарыңыз тезірек дайындалыңыздар. Белевкадан Сещинск аэродромына қарай апаратын жолдағы орманның екі жүз қырқын­шы квадратында, түнгі сағат жиырма үште бізді барлаушылар тосып алады.

Командирлер тапсырма алған соң, түнгі жортуылға даярлық жаса­мақ болып, роталарына кетті. Түкірік жерге түспейтін қызыл шұнақ аязды түнде партизандар қара орманды қақ жара жүріп келеді. – Белевка деревнясы бұл жерден он бес километр шамасында болар, – дейді жол бастап келе жатқан Роман қарт. Жасы жетпісті алқым­­дап тастаса да, Роман қарттың аяқ басысы әлі ширақ, өзі суықты да елемей келеді. Партизандарға әртүрлі әңгіме айтып, оларды сергітіп те қояды. – Қартым-ау, бала-шағаның қасында, жылы үйде тұрып-ақ парти­ зандарға көмектесіп жүре бермейтін бе едіңіз, – дегендерге: – Немене, үйде отыратын, мен мешел бала дейсіңдер ме? Елімізді жау шауып жатқанда пештің түбіне тығылғаным ер жеткен ұл-қыздарым­нан ұят емес пе? – деп қояды ол. Партизандар қалың қарда жолсызбен омбылай жүріп, алға озың­қы­рап кеткен Әлім мен Павлик бастаған барлаушыларға да жетті. – Алға кеткен барлаушылар, – деді Тимофей Михайлович коман­ дирлерге бұрылып, – бүгін кеште Белевка деревнясына тағы да отыз шақты жау солдаттары келгенін мәлімдеді. Олар келе сала деревня тұр­ ғындарының малдарын жинап алыпты. Өздері мас дейді. Қазір мал мен қамбаны күзеткен бірнеше солдаттан басқаның бәрі ұйқыда көрі­неді. Бұл хабарды партизандарға жеткізумен бірге, командир өз ойын бұйрық ретінде айтты: – Павлик бастаған автоматшылар деревняның күн шығыс жағын­ дағы сирек өскен қайыңдардың арасымен өтіп, қамбаны күзетіп тұрған полицайларды жояды. Автоматшылар бұйрық алысымен-ақ отрядтан бөлініп, деревняға қарай созылған орманның ішіне енді. Бұл топ қамбаның тұсына жете бере кілт бұрылды. Деревня мен орман арасындағы сирек ағашқа бірде жүгі­р­іп, бірде еңбектеп әрең жетті. Бірауық тың тыңдағандай жер бауырлап жата қалысты. Ақ халаттарды жаңа жауған ақ көбік қардан айыруға бол­майды. Автоматшылар еңбектеген бойы деревня шетіне де жетті. Қамба көрініп тұр. Елу метрден алыс емес. Бес-алты пар­тизан тағы да қамбаның сыртын ала жер бауырлай жөнелді. Қамбаның сырт жағына бұрынырақ жеткен Әлім мен Павлик тың тыңдап бұғып жатыр. Ешбір дыбыс жоқ. Бір кезде біреудің қақырынғаны естілді. Қалған парти­зан­ дар да жетті. Партизандар екіге бөлінді де, қамбаны қоршай бастады. Әлім қамба бұрышынан сығалады. Күзеттегі үш полицай қаннен-қаперсіз темекі шегіп отыр. Әлім мен олардың арасында он-он бес метр ашық жер бар. Мылтық атуға болмайды. Енді қайттік? Қамбаның ана бетіндегі Павликте үн жоқ. Сірә, олар да не істерін білмей қаңтарылып тұр-ау! Әлім қулыққа көшті. Автоматының дүмімен қабырғаны бір түртті. Сырт еткен дыбысқа қарауылдар үрпиісе түрегелді. Темекілерін тастап, жан-жаққа алаңдай қарасты. Сәлден соң бір дауыс: – Фу, сайтан, аяздан сынған бұтақ екен ғой, қорыққаным ше, – деді.

Екінші дауыс: – Солай болар, дегенмен қамбаны бір айналып шығайык, – деді. Әлімнің күткені де осы еді. Жанындағы екі жігітті қабырғаға таса­ла­тып қойды да, өзі ұлпа қарға кесе-көлденең жата кетті. Сырт қараған кісіге Әлім мүлде көрінбеді. Сықырлай басып полицай келе жатыр. Екіншісі ар жақта, Павлик тұрған жаққа кетіпті. Селтеңдей басып бұрыштан шыға келген полицай Әлімге сүріне құлады. Тоңқалаң асқан полицайды партизандар қарға тұншықтыра бас салды, Әлім оның аузына қолғабын тығып та жіберді. Ештеме естілмейді. Павликтер не етті екен? Сірә, бір ебін тапқан бо­ лар. Әйтпесе, бір шу шығар еді ғой. Осыны көңіліне демеу тұтқан Әлім қал­ған күзетшіні байқамақ болып, тағы да сығалай бастады. Қамба ау­ зында қалған күзетші тоңған аяқтарын бірін-біріне қағыстырып дірдек­теп тұр. Бұл немені қалай қолға түсірсек екен? Бір ой сап ете қалды. Жа­нын­ дағы тұтқынның жағасын қапсыра көтеріп, аузындағы қолғапты суы­рып алды да, оған тістене сыбырлап: «Шақыр», – деді. Зәре-құты қашқан по­ лицай бірден түсінді. – М-Михей, бермен, тез! – деді ол. – Не боп қалды? – деген дауыс естілді. Әлім қолғапты оның аузына қайта тығып жіберіп: – Қасқыр, – деді Әлім дауысын өзгертіп, сөйтті де қабырғаға жа­быса, автоматын көтеріп тұра қалды. «Енді келерсің-ау» деп тұрғанда бір нәрсе құлағандай болды. «Не де болса, тәуекел» – деп, Әлім де тасадан жүгіре шықты. – – Таста қаруыңды, атам! – деген Павелдің даусы саңқ етті. – – Паша, мен, мен ғой, – деді таныс дауысқа қуанған Әлім. Сөйтіп үшіншісін де айқай-шусыз ұстады. «Қарауыл қолға түсті» деген хабар берілісімен-ақ арттағылар да келді. Он бес шақты партизан старостаның үйіне, жиырма-отыз кісі фашистер жатыр деген үйге жіберілді. Бірсыпыра партизандар дерев­ня­ дан шығар жолға қойылды. Жарты сағаттай уақыт өтті. Бір кезде деревняның екі-үш жері­ нен гүрсілдеп гранаталар жарылды. Артынша-ақ мылтық пен автомат сартылдай жөнелді. Солдаттар жайласқан жақтағы атыс тез басылды. Ал оның есесіне старостаның үй жағындағы атыс үдей түсті. Павлик пен Әлім солай қарай жүгірді. Жақындап келсе, атыс старостаның үйінің қасындағы үйден шығып жатыр екен. Сол үйдің артын айнала жиырма шақты солдат жүгіре шықты, Павликтер оқты төгіптөгіп жіберді. Жаудың бірнешеуі жараланды. Қалғандары сасқалақтап, келесі үйге қарай ығыса жөнелді. Бірақ екінші жақтан келген парти­зан­ дар олардың жолын кесіп тастады. Енді қарсыласудың қисынсыз­ды­ғын білген екі-үш солдат қаруларын тастап, қолдарын көтерді. Ал үш-төртеуі қаша атысып барады. Әлім мен Павлик солдаттар шыққан үйге қайта бұрылды. Ондағы атыс тыйылмаған. Партизандарға оқ жаудырып тұр. Бұлар үйдің бітеу бетін

ала келіп, бензин бутылкамен от қойып жіберді, ағаш үйдің жалыны ас­ панға шықты. Түтінге қақалып сыртқа шыққан бес-алты солдат қару­ла­ рын тастап, қолын көтерді. Партизандар солдаттардың қару-жарақ­та­рын жинап, енді бір тобы олжа аттарды шанаға жегіп жатыр. – – Ішінде офицерлері бар ма? – деп сұрады Павлик. – – Кездестірмедік, өңкей солдат. – – Қой, бастықсыз болмаса керек еді ғой бұл иттер. – – Не өлінің, не тірінің ішінде офицері жоқ. – – Мүмкін өрттің ішінде қалған болар. – – Мына жанып жатқан үйдің қорасын шапшаң қарап шығайық! Павлик пен Әлім қораға кіріп кетті. Сол-ақ екен, қора ішінде оқ атылды. Автоматтың даусын ести салысымен қораның сыртында жүр­ген партизандардың бір тобы әлгі автоматшылар кірген есікке тұра жү­гірді. Бірақ атыс тына қалды. Әлгілер қора ішінен біреуді сүйреп шықты. Майор шеніндегі офицер екен. Партизандардың бұл тобы жаралылар мен қару-жарақтарын тиеп, жинала бергенде, полицайлар бөлімшесінің күлін көкке ұшырған екін­ші топ та келіп жетті. Партизандар ең алдымен жау олжаланбақ болған азық-түліктерді, малдарды шаруаларға қайтарып берді. Таң атуға жақын қалғандықтан, бұл жерге көп аялдамай кейін қайтты. Ертеңінде қар күні бойы жауып, ымырт жабыла толастады. Қалың қар басқан ағаш бұтақтары төмен иілді. Күн ашылғанымен, арты қыты­мыр аяз болды. Қар басып, аяз қысқан ағаш бұтақтары сатыр-сұтыр сынып жатты. Орман өмірін байыппен тыңдап тұрған партизандардың сақ күзет­ шілерінің құлағына әлдебір дыбыс келгендей болды. Орман ішін­дегі үйреншікті дыбыс сияқты емес. Барған сайын жақындай түсті. Әлде түн қатып келе жатқан партизан барлаушылары ма екен? Сөйткенше бол­ мады, аттың пысқырғаны естілді. Күзетте тұрған партизанның біреуі отрядқа хабарлауға кетті де, қалған екеуі қол пулеметін жолға бұрып, ке­ле жатқандарды тосты. Көмекке автоматшылар келді. Ат шана жеккен адам сескенбей, батыл жүріп келеді. Партизандардың «пароль» деген ай­ғайына шана үстіндегі жайбарақат үнмен: – – «Пароль» дегенді қойыңдар, мен Мостицкое деревнясындағы Федор Царьковпын! – деп жауап қайтарды, – шаруам болған соң түнделетіп келе жатырмын. Тимофей Михайловичке тез жолықтырыңдар. Автоматшылардың біреуі күзетшілерді: – – Ой, сендерге болайын, өзіміздің күнде көріп жүрген Федордан осынша үрейленген, – деп кекете сөйледі. Күзетшілер де оған намыстанғандай: – – Біз сендерді шақырғанымыз жоқ. Келгендеріңе бұлдансаң­дар, өздеріңді жіберген штабтағыларға айтыңдар, – деді.

Федор қарт штабқа тартты. Штаб тұрған жертөлеге кіріп келіп, иек қағып амандасты да, бірден сөзін бастады. – – Мен партизандардан Прища деревнясында атылуға ұйғарылған қырық шаруаны қорғап қалуды сұрап келдім. Бұл – деревня тұрғын­да­ рының өтініші. Атылуға бұйрылғандардың ішінде менің інім де бар, – деп Федор қарт көзіне жас алып отыра кетті. – – Царьков жолдас, көз жасыңызды тыйып, бізге білгеніңізді дұрыстап, бастан-аяқ айтыңызшы, – деді Тимофей Михайлович. Федор көзінің жасын тонының жеңімен бір сүртті де, әңгімесін қайта бастады. Прищаға басқыншылар келіпті. Олар бұрынғы кулактың баласы Андрей Топоров дегенді староста етіпті. Оған жау астық дайында деп тапсырма берген. Деревня шаруалары гитлершілерге беретін астығымыз да, азық-түлігіміз де жоқ депті. Андрей Топоров қырық адамға тізім жасап, бұ­лардың бәрі коммунист, оның үстіне партизандардың Белевка дерев­ ня­сындағы солдаттарды жойып жіберуіне көмектесті деп комен­дант­қа хабар­лаған. Комендант деревнядағы шаруалардың астықтарын тартып алуды, өздерін атуды бұйырған. Старостаның берген тізімі бойынша әлгі шаруаларды жинап, бір үйге қамап қойыпты. Айтуларына қарағанда, ертең күндіз ел алдында атпақшы. Атылуға тиістілердің көпшілігі – жастар. Солдаттар староста Андрей Топоровтың және соның көршілерінің үйіне тоқтапты. Федор қарт амалын тауып, қырық жігіттің ажалына ара­ша­шы болуды партизандардан сұрай келген. – – Жарайды, хабарыңызға рақмет. Сіз тезірек жылынып алыңыз да, деревняңызға қайтыңыз. Қасыңызға бес партизан қосып береміз. Федор қарт аз уақыттан кейін: – – Ал жүрейік. Әлгі менімен еріп жүретіндер қайда? – деді. Партизан басшылары өзара ақылдасып, қарттың жанына Павликке қоса төрт автоматшыны жіберуді мақұлдады. Батырхан төрт жігітті ертіп келді. Жертөлеге ең алдымен ұзын бойлы, еңгезердей, екі иығына екі кісі мінгендей, ат жақты, зор денелі Павлик кірді. Тимофей орнынан тұрып бұларға жақындап келді де: – – Сендер Федормен Мостицкое деревнясына жүресіңдер. Сонда тосып отырған Василий Халтуринмен жолығып, Прища деревнясына келген фашистердің санын анықтаңдар, бізді сонда тосыңдар, таңға жуық біз де жетеміз, – деді. Тапсырманы алған партизандар әзір тұрған шанаға отырып, Мостиц­ кое деревнясына тартты. Жолаушылар деревняға жақын жердегі орманның шетіне тоқтады. – – Сендер осы жерде мені күте тұрыңдар. Мен деревняны барлап келемін. Не болып жатқанын кім білсін, – деп, Федор деревняға жүріп кетті. Қарт тез оралды.

– – Ал, шырақтарым, жүріңдер, деревня шырт ұйқыда, ешқандай жау білінбейді. Тек қана деревняны күзетіп жүрген менің үлкен інім Иван мен Володя деген бала ғана ояу көрінеді, – деп, қарт партизандарды ертіп деревняға енді. Партизандар ат-шанасымен қораға кіргізіп, өздерін жылы үйге жайғастырған кезде, қарт Халтуринді іздеп кетті. Қонақтар киімдерін есік жақтағы шегеге іліп, төр алдындағы столды айнала отырысты. Сақалына қатқан мұзды жайлап ерітіп отырған Павлик: – – Айналамыз толы жау. Бейқам отыра бермейік. Мәжит, жылынып ал да, сыртқа шық. Прища жақтан келетін жолға сақ бол. Біреудің келе жатқанын көрсең, бізге тез хабарла, – деді. Жалпақ бет, көмірдей қара шашын қайыра тараған, екі иығына екі жігіт мінгендей сом денелі Мәжит есік алдына шығып, қамбаның сырт жағындағы жолға қарады. Қарақаттай қара көзін жолдан алмай, қараңдағанның бәрін қырағы тұйғындай түйіліп, жібермей тұр. Есіне педагогикалық институтта оқыған жастық кезі, Қарқаралы орта мекте­ бінде оқытқан жас өспірімдері, жау қоршауында қалып, август айы­нан бері жау тылында партизан болған алғашқы қадамы түсті. Үй иесі Татьяна Петровнаның әрі дәмді, әрі ыстық тамағын парти­зан­ дар мейірлене ішіп бола бергенде, Халтуринді ертіп Федор келді. – – Кеш жарық! Саумысыңдар, жолдастар? – деп, Хал­турин басын иді. – – Ал, Халтурин жолдас, баяндаңыз, – деді Павлик жұрт назарын аудара сөйлеп, – деревняға келген солдаттар қанша? Бастаушы кім? Халтурин отыздар шамасындағы, аяғын сылтып басатын орта бойлы жігіт екен. Ол байсалды үнмен: – – Жаудың саны алпыстай. Бастығының шені обер-лейтенант, – деп тағы да не сұрайсың дегендей Павликке қа­рады. – – Өзіңіз көрдіңіз бе? – – Иә, өз көзіммен көргенім осы. – – Хабарыңызға рақмет! Қазір ізіңізше кері қайтыңыз. Егер партизан­ дар барып жеткенше, тағы келсе, бізге хабарлайтын боласыз. Бірақ өте сақ болғайсыз. Барлаушыларымыз Прища деревнясының сыртындағы қа­лың қарағайлы орманның шеткі жағында сізді тосып тұрады. Халтурин мен Федор қайтып кетті. Татьяна Петровна да, бұлар­дың кетуін тосып тұрғандай, жатар орынды қамдауға кірісті. – – Шаршаған шығарсыздар, аз да болса жатып дем алыңыздар. Жастарың жерге жатыңдар. Орталарыңыздағы жалғыз қарт мына пеш үстінде тынықсын, – деп сырттан қайтқан Павликке төсекті пеш үстіне салды. Жасы жиырманың алтысына жаңа шықса да, қарт дегенге Павлик күлді де қойды. Татьяна Петровна шамды өшіріп жатып: – – Күзетте тұрған жолдастарың неге келіп дем алмайды. Несіне босқа тоңып далада тұрады. Сіздердің осында екендеріңді білген деревня еркектерінің бәрі далада күзетте жүр ғой, – деді.

Пештің үстінде киімімен қисайып жатқан Павлик Та­тьяна Петров­на­ға: – – Деревня адамдарына біз әбден сенеміз, бірақ айнала жау тұрған­да өз күзетшімізді де қоямыз, – деді. Партизандар ұйықтап кетті. Үй іші тым-тырыс. – – Қайтсін, байғұстар! – деп партизандар өміріне аяныш сезімін білдірген үй иесі әйел ғана ұзақ уақыт ұйқысыз жатты. ІІІ Партизандар Мостицкое деревнясына таңға жуық жетті. – – Сен барлаушылар тобын осында шақырып кел, – деді Тимофей Батырханға. Шақырушының үйге кіруі тәтті ұйқының шырқын бұзды. – – Сендерді штабқа шақырып жатыр. Шапшаң тұрыңдар, – деді есіктен кіре Батырхан қалтасынан шырпысын алып, стол үстіндегі май шамды жақты. Партизандар Тимофейдің маңына жиналып, топографиялық қарта­ ларын үйдің ортасында тұрған столдың үстіне жайып қойып, өзара пікір алысуға кірісті. Бір кезде Тимо­фей Михайлович орнынан тұрды. Қалтасынан алған трубкасына ащы темекіні толтырып тұтатты да, ерсіліқарсылы жүрді, столды айнала картаға үңіліп тұрғандарға жақындап: – – Меніңше, – деді ол, – егер турасынан жау тұрған деревняға шабуыл жасасақ, партизандар тарапынан шығын көп болады. Ал, күшіміздің өздерінен көп екенін сезсе, қашып құтылып кетуі мүмкін. Үлкен тас жолдың үсті де ағылып жатқан жау. Сондықтан бұларға тура шабуыл жасамайық. Сондықтан, жүздей партизанды немісше киіндіріп, тас жол арқылы жібереміз. Олар айналып солдаттар ағылып жатқан сол тас жол арқылы келеді де, тура Прища деревнясына тартады. Бұларды бас­ қарып баратын Зарецкийге неміс майорының формасын киіндіреміз. Ол фашистер Польшаны басып алғанша Варшавада тұрған. Немістің тілін өте жақсы біледі. Ал қалған партизандар екіге бөлініп, Прища деревня­сының екі жағын қоршап тұрған қалың орман арқылы деревняға барып тоқ­тайды. Бұлар тас жол арқылы жүретін партизандарға көмекші күш қана. Егер жау деревняға кірген күнде ғана бұлар екі бүйірден шабуыл жасайтын болады Енді көп аяңдаудың керегі жоқ. Таң бозарып қалды. Шапшаң Зарец­кийдің бөлімін айтылған маршрут бойынша аттандыру керек. – – Қалай, Вася, дайынбысың? Погондарың қайда? – деді Тимофей Михайлович, неміс офицерінің формасын киген Зарецкийге. Шинельдің де, гимнастерканың да погондары міне, – деп Зарецкий қалтасынан суырып алды. Погондарды иығына қадады да, Зарецкий төрде отырғандарға қарады. – Ой мынауың аумаған неміс қой, – деп күлісіп жатыр.

– Бірге баратын адамдарыңызды тез жинаңыз. Барлығын жете тексеріңіз. Киімдерінде солдаттарға ұқсамайтын ештеңе болмасын, – деді Тимофей. – – Құп болады, – деп Зарецкий қолын шекесіне апарып, хром етігі­нің өкшесін сарт еткізді. – – Сіз, – деді Тимофей Михайлович штаб бастығына, – орман шетіне жетіп тоқтайтын партизандармен бірге кетесіз, ал мен неміс солдаты­ ның киімін киіп, Зарецкийлермен бірге аттанамын, – деп өзі де қамдана бастады. Тас жолға қарай жүретін топ даяр тұр. Тимофей Михай­лович әрбір адамдардың киген киімдерін, қаруларын қарап шықты. – – Сәт сапар, жолдастар! – десті қалғандары. Партизандар жегулі тұрған шаналарға отырып, жүріп кетті. Бұлардан кейін көп ұзамай, Прища деревнясының маңындағы орманға бара­ тын бөлімдері де, Халтуринді күтіп алатын барлаушылар да деревнядан шығып, қалың орманға енді. Немісше киінген партизандар Сукромля деревнясына жақындады. Бұларды көрген деревня халықтары жау келіп қалды деген үреймен орманға қарай босты. Партизандар сырын білдірмеу үшін халыққа тимейтіндей етіп, бірнеше қайтара оқ атты. Тас жолға асыға шыққан партизандар жүрістерін бәсеңдетті, біреу­лері қаруларын шанаға тастап, жаяу еріп келеді, енді біреулері тоңған аяқ­ тарын бір-біріне қағыстырып шанада бүкшиіп отыр. Бірлі-жарым солдат­ тар кездесті. Олармен тілге келуге болмайды. Өйткені Зарецкийден басқа ешкім немісше бір ауыз сөз білмейді. Зарецкий болса, «Хайль Гитлер!» – деп өте шығады. Партизандардың бағына қарай жолда Зарец­кий­дің шенінен артық шені бар неміс кездеспеді. Кездескеннің бәрі «майор» Зарецкийге басын изеп, «Хайль Гитлер!» – дейді де өте береді. Екі хуторды басып өткен жол сирек ағашқа барып тірелді. Ағаштан әрі үлкен алаң. Оның ар жағында Прища деревнясы көрінеді. Партизандар деревняға таянғанда тағы да жүрістерін ширатты. Сөйткенше болмады, деревня жақтан бұларға қарсы келе жатқан адамдар көрінді. Тимофей колоннаның бас жағындағы Зарецкийге жақын келіп: – Мойныңдағы дүрбіңді бере тұршы, – деп келе жатқандарға қарады. – Фашистерге киімдері ұқсамайды, деревня адамдары сияқты. Жүрістеріне қарағанда ату жазасына бұйырылған адамдар ма деймін! Ату алдында ел көрсін деп көшеден әдейі жүргізген болар. Енді көп ой­лануға уақыт тығыз. Егер мына топ шынында атылуға тиісті шаруалар болса, сен жау солдаттарына: – Бұлардың бәрі партизандар, оқты қор қылудың керегі жоқ. Шетінен дарға асу керек. Әзірше, анау көрініп тұрған қамбаға қамап, күзете тұрыңдар, – деп бұйыр, – деді Тимо­фей. Бұлар жаңағы көрінген топқа таянды. Айтқанындай-ақ атуға бұйы­ рылғандар екен. Қарулы бес солдат қоршап жүріп келеді. Олар ештеңе­ден күдіктенер емес. Қастарына жақындап келген «майорға» «Хайль Гитлер!»

– деп шулап қоя берді. Зарецкий олармен қысқаша ғана сөйлесіп еді, айтқанына көнген болуға тиіс, шаруаларды қамбаға қарай айдай жөнелді. Әлім, Павлик, Батырхан, Мәжит бесеуі топтан шығып, шаруаларды айдап келе жатқан солдаттарға қосылды. Қайырымсыз қатал фашистердің улы тырнағына ілігіп, айдалып келе жатқан шаруалардың салы суға кеткен. Аяқтарын ілби басып, үнсіз келеді. Бұлардың аянышты халі Әлімге қатты әсер етті. Өздерінің қас емес, дос екендігін сездіргісі кеп бір оқталды. Бұл ағат ойына тежеу салды. «Енді бір сәт, аздан соң азат боласыңдар», – дегендей жанында келе жатқан бір жас жігітке жылы жүзбен бір қарады да, түсін қайта суытты. «Майор» бастаған топ көшені өрлеп, тура штабқа қарай тартты. «Бірдеңені бүлдіріп аламыз ба» деп, партизандарда зәре жоқ. Бірақ қарсыласар немістермен шайқасуға барлығы да әзір. Деревня тым-тырыс. Халқы бір жаққа ауып кет­кен сияқты. Айқай-шу, асыр салып, сырғанақ тебер балалар да көрінбейді. Көше бойымен біраз жүргеннен кейін оң жақта оңашалау тұрған барак тәрізді ағаш үйдің алдында күзетте тұрған солдат көрінді. Партизан­дар әлгі солдат тұрған үйдің қасына жақындап келіп, аттарын тоқтатты. «Майор» немісшілеп: «Сендер осы жерде тұра тұрыңдар», – деп бұйрық берді де, деревня старостасының кеңсесіне еніп кетті. «Майор» Зарецкий сенекке кіріп келгенде, қарсы есіктен шыға кел­ген обер-лейтенант «Хайль Гитлер!» деуге ғана шамасы келіп, «үйге кіріңіз» дегендей есікті нұсқады. «Майор» документін көрсетіп еді, шала-пұла қараған ол өзінің арнаулы тапсырмамен келгендігін, партизандарға көмектескен қырық адамды атпақ болғанын баяндады. «Майор» ұзын бөлмеде темекісін бұрқырата тартып, екі қолын артына ұстап, ерсілі-қарсылы маңғазданып жүр. Бір кезде есікке жақындап келіп шинелін шешті де: Барлық адамдарыңызды осы бөлмеге жинаңыз, олармен азғана әңгіме өткізгім келеді, – деп обер-лейтенантқа бұйыра сөйлеп, төр алдындағы ұзын орындыққа отыра кетті. Бұйрықты орындауға орнынан тұрған обер-лейтенант сол жақтағы екінші бөлменің есігін ашып еді, дем алып жатқан солдаттар оберлейтенанттың жанындағы «майорды» көріп орындарынан атып-атып тұрды. – – Бәрің мына бөлмеге келіңдер! Солдаттар «майор» мен обер-лейтенант отырған бөлмеге жиналды. Обер-лейтенант тік тұрды да: – – Майор мырза, күзетте тұрған бес-алты солдаттан басқаның барлығы да жиналды, – деді. «Майордың» рұқсатын алған немістер ұзын бөлменің сол жағына барып отырысты. Осылардың жиналуын сырттан күтіп тұрған парти­зандар сау ете түсті. Олар әбден кіріп болғанда, үндемей тұрған «майордың»

келгендерге: «тұтқындаңдар» деп ымдауы мұң екен, партизандар қанненқаперсіз отырған солдаттарды байлап алды. Қозғалуға мұршасы келмей, аң-таң боп қалды. Операцияның сәтті аяқталғанына көңілі өскен Тимофей Михайлович: – Қасыңа он-он бес солдат ал да қамаудағы шаруаларды босатып әкел! – деді Жылбекке. Партизандар шаттана күліп қамбаның есігін ашып кеп жіберіп еді, ара ұясындай дуылдаған тұтқындар сыртқа лап қойды. Біреулері партизандарды құшақтап, екінші біреулері жылап жатыр. Қуаныштарын айтуға тілдері күрмеліп қалғандай... – Сіздерге көп-көп рақмет! Енді деревняда қалмаймыз. Сіздермен бірге боламыз! – десті олар. Деревняда жау жоғын естіген халық бала-шағаларын шұбатып үйлерінен шықты, партизандар тұрған жерге қарай ағыла бастады. Оларға айтар алғысында есеп жоқ. Әсіресе ажал аузынан қалған қырық жігіттің семьяларының қуанышын жеткізер тіл болмас! Байғұстар біресе жы­ лайды, біресе күледі, күледі де сүйісе береді». Партизандар үлкен жеңіспен негізгі тұрағына қайтты. ІV Күн найза бойы көтерілген кез. Партизандар әдеттегісіндей ертеңгі тамақтарын ішіп болып, радистің Москвадан алған хабарын оқысып жатыр еді. Подпольедегі аудандық партия комитетінің бюросы парти­ зан басшыларын штаб үйіне шақырыпты деген хабар орман ішіндегі партизандардың арасына шапшаң тарады. Штаб орналасқан жертөлеге партизандар лық толды. Отырған­ дардың әлдебіреуді күткен түрі бар. Бір кезде төр жақта отырған­ дардың ішінен сақалы өсіңкіреген, орта бойлы біреу орнынан тұрды да, гимнастеркасының оң жақ қалтасынан төрт бүктелген бір парақ қағазды қолына алып, отырғандарға ұзақ қарады. Кең маңдайы, үнемі күліп тұратын шегір көзі ақылдылық нышанын көрсетеді. – Бұл кісі не айтар екен? – деді партизандар өзара сыбырласып. – Тыныш, тыңдайық! – Жолдастар! – деді отряд комиссары Лебедев, – подпольедегі аудан­ дық партия комитетінің айтуынша, біз сіздердің қатынасуларыңызбен осы мәжілісті өткізіп отырмыз. Парти­зандар арасында өздеріңізге бел­ гілі коммунистер мен комсо­мол мүшелері көп. Осы отырған жұрт­тың көп­шілігі партия, мүшесі. Партияда барлар мен комсомол мүшелері жергілікті халықтың арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізулері тиіс. Қазір осы өңірдегі селолар мен деревняларда көптеген жастар бар. Олардың бар­лығы дерлік партизандарға үйінде отырып көмектескен­мен, қолдарына қару алып, жаудың бір де бір солдатына қарсы оқ атпа­ғандар. Біздің мақсат – жау тылында фашистерге қарсы бітіспес күрес ашу. Олай

болса, осы өзіміз паналап отырған орман ағашының әр түбінен жауға оқ атылуға тиіс. Халықты қаруландыруымыз керек. Оларға қару табудың бірнеше жолы бар. Ең алдымен басқыншылардың қару таситын эшелон­ дарын басып алуымыз керек. Сенімді адамдар жіберіп, қала жаста­рының арасында жұмыс жүргіземіз. Бұл жұмысқа баратындардың қол­дарына: «Бұрын сотталған адам» деген қағаз беруге болады. Біздің аудандық сот та сіздердің іштеріңізде отыр. Оның сот үкімін жазатын бланкасы да, мөрі де жанында. Қандай «үкім» жаз десеңдер де қолынан келеді. Әрберден соң, мұндай ауыр міндетті орындайтындарды полицай­лардың бастығы және бургомистр етіп қойғызуға да болады, жолдастар! Олар әбден қаруландырылғаннан кейін жолын тауып партизандар қатарына шығып кететін болсын. Әрине, бұл өте қиын, қатерлі жол. Біз бұл жолды да пайдалануға міндеттіміз. – Майданда тұтқынға түскендердің арасында да жұмыс істеуге әбден болады. Тұтқындағылардың халі өте нашар. Тамақтары аш. Көпшілігі ауруға шалдыққан. Жаралы болып қолға түскендерге ешқандай дәрігерлік көмек көрсетпейді. Ішінде өлім де көп. Жалаңаш-жалпыларды ауыр жұмысқа салады. Сәл нәрсені сылтау қылып ұрып-соғады, – деді Ле­бедев. Подпольедегі аудандық партия комитетінің бюросы әрбір отрядта пар­ тия, комсомол ұйымын және роталарда, жеке взводтарда парторг, ком­ сорг сайлауды ұсынды. ...Партизандардың да, комунистердің де бүгінгі әңгімесі отряд ко­ миссары Лебедевтің сөзі болды. Аудандық партия комитетінің шешім­­дері әрбір партизанға ой түсірді. Осы жиналыс партизан өміріне зор өзгеріс әкелді. Фашистер уақыт­ша басып алған елді пункттердегі халықтың арасында үгіт-насихат жұмы­сы жақсарды. Партизандар қатары күн сайын толыға берді. Лебедев пен Коротченко топографиялық картаны алдарына жайып тастап, штабта отыр. Картаның әр жеріне қызыл қарындашпен са­лын­ ған белгілер бірден көзге түседі. Бірі сөйлеп, екіншісі тыңдап, ұзақ ақыл­ дасады. Әлден уақытта Тимофей жаюлы тұрған картаға үңіле түсіп, ойын баяндады. – Петр Васильевич, – деді ол, – барлаушылардың хабарына қара­ ғанда, жаудың жазалаушы отряды Ершичи қаласынан бүгін кешке қарай шықпақ. Неміс басқыншыларының командованиесі жазалаушы отрядқа жол көрсету үшін жергілікті адамдарды ертіп алуды бұйырған. Отрядта екі жүздей адам болса керек. Кейінгі жауған қалың қар бұл өңірдегі жол­ дың бәрін басып қалыпты. Фашистердің жазалаушы от­ряды машина­лары жүре алмайтын болған соң, Ершичи қаласының маңайындағы деревня­ лардан ат-шана жинап алыпты. Мұнда да олар көлікпен келмекші. – Оңай жау болмайды, – деді Петр Васильевич, – біз оларды өзіміз­ дің базаға маңайлатпай-ақ тосқауыл құрамыз. Тосқауылға ең қолайлы – Мостицкое деревнясының күнбатыс жағындағы ұзынша келген үлкен

алаң. Алаңның Мос­тицкое деревнясы жағында оқшау тұрған қамбаға екі максим пулеметін қойсақ деймін. Өйткені, негізгі салмақ осыларға түседі ғой. Ал партизандар алаңның екі жағындағы орманға орналасып, жазалаушы отрядтың екі бүйірінен қайшылап оқ атады. Тимофей Михайлович аз ойланып барып: – Жоспарыңызды қабылдауға болатын сияқты, позиция­ны бара анықтайық, – деді де, барлаушылар тобын Артемовка деревнясына жібер­ генін, жазалаушы отрядтың нақты мәліметін алған соң, оларды түнде­ле­тіп Мостицкое деревнясына оралатынын Петр Васильевич­тың есіне салды. Тимофей Михайлович партизандар әзірлігін байқау үшін сыртқа шықты. Партизандар тамақтарын күндегіден ерте ішті. Күн ұясына кірмей-ақ Мостицкое деревнясына жүріп кетті. Түн ортасы ауа деревняның оңтүс­тік жағындағы қалың орман ішіне келіп тоқтады. Осы жолғы барлаушыларды басқарып қайтқан Жылбек: – Жаудың жазалаушы отряды кеше, сағат үштің кезінде Артемов­ ка деревнясынан өтті. Екі жүзге тарта адам. Барлығы да шанамен ке­ леді. Көпшілігі автоматпен, мылтықпен қаруланған. Шананың үстін­де екі станокты пулемет, екі роталық миномет көрдік. Жүрістері суыт. Бүгін кешке Прища деревнясына жетіп қонбақ сияқты, – деді. Партизандар жасырын шепте жазалаушыларды күтіп жатыр. Күн­ дізгі сағат екі мөлшерінде жазалаушы отрядтың дозорлары көрінді. Соңынан колонна жылжып келеді. Суық оларды да баураған болу керек. Қейбіреулері қаруларын шанаға артып, қолдарын жеңдеріне тығып, аратұра жүгіріп-жүгіріп алады. Шана үстінде бүрісіп отырғандар шатыр­­сыз үйдің мұржаларына ұқсайды. Жау колоннасының алдыңғы шебі қам­баға қырық-елу метрдей жерге жете бергенде, дүрбіден көз айырмай отыр­ ған Петр Васильевич пулеметтерден оқ атуға бұйрық берді. Сол-ақ екен партизандар оғы нөсердей жауды. – Отан үшін! Коммунист партиясы үшін! – деп жіберілген мина дәл тисе керек, жау пулеметінің үні өшті. Аздан кейін жау жақтан атылған оқ басыла қалды. Жау минометіне сүйене тұрған Тимофей Михайлович партизандарға: – Мына қаруларды жинаңдар, бірде-бір мылтық қалып қоймасын, – деді. Күн суыта бастады. Күні бойы қарда аунаған партизандардың киім­ дері су болғаны енді байқалғандай. Шанаға отырғандар жаурауға ай­ налды. Кейбіреулерінің жамау-жасқаулы киімдерінің дал-далы шығыпты. Жаман-жұман тондар теріден емес, темірден тігілгендей икемге келмей сіресіп қалыпты. Жығылған үстіне жұдырық дегендей, аштық та меңдетіп келеді. Бірақ соның бәрін «Отан үшін!» деген сөз ғана жеңіп, қуат береді. Партизандар жаяу-жалпы қосымша базаларына қарай түн қатып келеді. Сырттан аяз, іштен аштық қысқан олар әбден қалжыраған. Дәл қәзіргі бейнелері адамнан гөрі жанды қуыршаққа көбірек ұқсайды. Аяқтарын

үсік шалғандар шана үстіне отырып, аяқтарын қармен ысқылайды. Өзі­нің қалшылдап тоңғанына қарамастан отряд фельдшері Павел Демидович, әрқайсысына барып, дәрігерлік көмек беріп жүр. Тимофей Михайлович қалтасынан трубкасын алып, ащы темекіні толтырып тұтата бергенде, Петр Васильевичтің бетіне көзі түсіп кетіп: – Мұрныңның үші ағарып қапты, домбығып кеткен бе, шапшаң қар­ мен уқала деді. Петр Васильевич жалма-жан бір уыс қар алды да, мұрнын ыса бастады. – Қосымша базаға дейін аз қалды. Шыдаңдар, жігіттер! – деп, жігер­ лендіріп те қояды командир. Суықтан жаураған партизандардың қалың тобы қосымша базаға жетіп тамақ ішіп жылынған соң, отырған жерлеріне қисайған күйінде ұйықтап кетті. Бірақ ұйқы көпке созылған жоқ. Таң сарғайып атып келе жатыр. Аяз кешегіден де қатайды. Лагерь кезекшісі жертөлеге басын сұғып: – Тұрыңдар, таң атып қалды, тезірек тамаққа келіңдер, – деп жұртты оятып жүр. Аз ұйықтаса да, көп тыныққандай сезінген партизандар көздерін уқалай тұрысып жатты. Түн ортасы ауа келіп жатқанына қарамастан Жылбек пен Гриша­ның ротасы тамақтарын бұрынырақ ішіп, кезекті күзетіне жүріп кетті. Володя бастаған бір топ барлаушылар Барковичи деревнясына қарай, қалған­дары басқа бағыттарды барлау мақсатымен жан-жаққа аттанысып жатыр. Партизандар жиналды да, орман ішімен негізгі базасына қарай жол тартты. Арып-шаршаған, неше күн бойы бел шешпеген партизандарды алда не күтіп тұр, бәрі жұмбақ. Бұларға көмекке шығатын тек қана базада қалған екі рота. Олардың да тағдыры белгісіз. Партизандардың базадан шыққандарына, міне, үш тәулікке кетті. Екі күнге жететін ғана азық бар. V Күн аяз. Айнала аппақ қар, ағаш бастарын боз қырау басқан. Қай уақыт болғаны да белгісіз. Партизандар үн-түн жоқ жүріп келе жатыр. Партизан барлаушылар шолғыннан оралып келе жатты. Барлаушылар көрген-білгенін баяндай бастады. – Біз жеті-сегіз километрдей алға барып, Морозовкадан Барковичи деревнясына қарай көлденең өтетін жолды байқап отыр едік, сол жерде тосқауылдап отырған жазалаушылар отряды бізді көріп қалып, оқ атқаны бар емес пе! Біз оларға оқ атып жауап бергеніміз жоқ. Ол жерде көп аялдамай, төрт адамды жолды бақылауға тастап, қайтып кеттік, – деді. Барлаушылар жаңа тапсырма алып алға кетті. Партизандар жүрістерін тездетті. Орман іші тыныш. Тек қана аяз қысқан қарда жүріп келе жатқан аттың, адамның, шананың сықыры ғана құлаққа жайсыз тиеді. Партизандардың көңіл күйі де жақсы, бойлары сергек. Алда жау бар деген барлаушылар хабарынан ба кім білсін, әйтеуір партизандар тас түйінген. Колонна алдындағы көлденең жолға таман

жақындап келіп, кілт тоқтай қалды да, айналаға құлақ түрісті. Алда атыс естіледі. – Мынау неміс автоматының даусы, – деді Тимофей Ми­хайлович. – Тегінде өздері көп емес болу керек, – деді қасында тұрған Петр Васильевич те. – Мен Гриша мен Жылбектің ротасын алып, барлаушыларға көмекке барайын, – деп Тимофей Михайлович оқ даусы шығып жатқан жерге қарай жүгіре жөнелді. Бұлардың алдарынан партизандардың екі барлау­ шысы шықты. – Жау солдаттары көп емес, өздері жаңа ғана келіп үлгерсе керек, – деді. – Сен екеуің тез барып колоннаға хабар беріңдер, бізге жақындай берсін, – деді. Тимофей бастаған партизандар жұбын жазбай жолдың жағалауына жете бере-ақ жаумен алыса түсті. Жылбектің ротасы жазалаушылардың бұл тобымен айқаса отырып, жолдың арғы бетіне шығып үлгерді. Партизан­ дар колоннасы да арғы бетіне өтіп жатыр. Жүргіншілердің соңы жолдан өтіп болмай-ақ, оң жақтан неміс жазалаушы отрядының екінші бір тобы келіп тиісті де, автоматтан оқ бората бастады. Жолдың арғы бетіне өтіп үлгерген Жылбек ротасы жауды нақ бүйірден соқты. Ымырт жабылып, аспанды түн қараңғылығы басқан кез. Партизан­ дардың базасына әлі он-он бес километрдей жер бар. Ондағы жайды ешкім білмейді. Мүмкін, немістің жаза­лаушы отряды бос базаны жаулап алып, келген-кеткен партизандарға тосқауыл жасап, аңдып отыр ма, әлде базаға баратын жолда тосып отыр ма, кім білсін? Бәрі де белгісіз. Онда қалған екі ротадан да ешқандай хабар жоқ. Партизандар қалың қарағайдың ішіне тоқтады. Дөңестің ық жағы­ ның қарын тазалап, қарағай бұтақтарын төсеп жа­тыр. Орман іші тымтырыс. Жұрт әр жерде күбірлесіп отыр. Тоңғандары екеу-екеуден сүзіскен қошқардай, шегініңкіреп барып иықтарымен қағысып жүр. Өзі де тоңып, дірдектеп отырған Тимофей Коротченко: – Біз тоқтаған жердің, анау бірімен-бірі алысып жүрген партизан­ дардың ар жағында, жүз қадамдай жерде терең сай бар екен. Сол сайдың ішіне от жағуға ұрықсат берсек деп отырмын. Ол жерде жанған от алысқа көрінбейді. Өйтпесек мына аязда барлығымыз үсіп қаламыз, – деді Петр Лебедевке. Сайға от жағылды. Мұздап жүрген партизандардың құлағына жылы сөз тиісімен барлығы сайға келіп, лезде топ-тобымен лаулап жанған отты айнала отырды. Біраздан кейін біреулер отқа біресе арқасын, біресе кеудесін тосып, дөңбекшіп жатыр. Біреулері жанған отқа аяқ­ тарын жақындатып қойып, қолдарын жайып жылынып отыр, енді біреу­лері киімдерін шешіп, қақтанып, күңкілдесіп сөйлесіп отыр. Енді біреулері ағашқа шаншып шошқаның етінен шашлық жасап, соны жеп қарық болып жатыр. Түн ортасынан аса ұйқылары келіп, оттың қызуына маужырап отырған партизандар қалғи бастады.

Таңға жақын барлаушылар да қайтып оралды. – Біздің базаны жаудың жазалаушылары быт-шытын шығарып бұзып кетіпті. Бірде-бір жертөле жоқ. Тегі мина қойып жарған болу керек, төбелеріне төсеген ағаштары күл-талқан боп, анадай жерде шашы­лып жатыр. Қару тығылған қоймаға да бардық. Жазалаушы отряд оны да тауып алыпты, – деп хабарлады. Партизандар тағы жүріп кетті. Күні бойы дем алмастан жүрген ел кешке таман шаршауға айналды. Жазалаушылар түс ауа партизандар түнеп кеткен дөңестің маңайын қоршап, енді қолға түстіңдер ғой дегендей үш-төрт сағат атқылап, бос орманға шабуыл жасапты. Ештеңе таба алмай, кері қайтыпты. Партизандар түн ортасында орман ішінде келе жатқан Зарецкий ротасына кезікті. – Сендер базадан тамақ, оқ алып кете алдыңдар ма? Өздерің база­ дан қашан кеттіңдер, біздің екі ротаның тұр­ған жері әлі алыс па? – деп сұрақты оларға жаудырып жатыр. – Қоймада қалған оқты да, азық-түлігімізді де шанаға тиеп алып кет­ тік, – деп қолбағын шешті Зерецкий. – Ой, шіркін, Вася, өте жақсы болған, қорықпайсың! Партизандар таң аппақ атқан кезде екі ротаның тұрған жеріне келіп жетті. Олар ағаштан күрке дайындап қойыпты. Түнімен көз ілмеген партизандар шала-пұла тамақтанып алды да, үстіндегі киімдерімен біріне-бірі қисайып, ұйқыға кірісті. Бұлар­дың монша көрмегендеріне талай уақыт өтті. Ішкі киімдері кірден тұтқыш­тай қап-қара. Партизандардың тыныштығы бір тәулік шамасындай ға­на болды. «Немістің жазалаушы отряды оңтүстікке қарай келе жатыр» деген хабар жетті. Штабтағылар жазалаушы отрядпен айқасу жоспарын ақылда­сып жатты. – Қазір партизандар дем алып қалды. Келе жатқан жауды жол­дан тосып алғанымыз жөн. Оларды мына базаға жақындатпай соққы бе­рейік. Әзір патрон да жеткілікті. Жа­залаушы отряд орман ішінде арти­лле­­рия мен минометін қолдана алмайды, Бұларға енді бір рет жақсылап соққы берейік. Артын тағы көреміз, – деді Коротченко. Штабтағылар партизан бөлімдерінің командирлерін жинап, барлық жағдаймен таныстырды. Әр біреуіне жеке-жеке міндет қойды. Партизандар көп ұзамай жорыққа шықты, өздерінің базасынан он бес километрдей жердегі ағаш таситын жіңішке темір жолдың бойына жа­қын барып тоқтады. – Немістер осы темір жолдың үстімен келе жатқан көрінеді. Темір жол рельсінің астына мина қойыңдар, – деді Тимофей қасында тұрған минерлердің бастығы Павликке. Минерлер темір жолға мина қойды да, минаға жалғанған электр шнур­ ларын сүйрете орманның шетіне шықты. Жау бұларды көретін сияқты

емес. Темір жолдың арғы бетіне шыққан Василий Зарецкий мен Жылбек Ақәділов роталары да қолайлы позиция тауып алып, жауды аңдып отыр. – Жазалаушылар жақындап қалды, – деп хабарлады ұзын қарағай­дың басына шығып, дүрбіден қарап отырған Жылбек. Жолда мина бар болар деп күдіктенген басқыншылар партизан­дар­дың минасына осылар құрбандыққа шалынсын дегендей, жергілікті адам­ дарды алдарынан жіберіпті. Олар қолдарын қусырып, тұтқын адам­­дай темір жолдың үстімен келе жатыр. Әбден үрейлері ұшқан, жаутаң­­да­ған көзімен сүзе қарап, дір-дір етеді. Электр қуатын толтырған батареяны қолына ұстап отыр­ған Батыр­ хан әлгі алда келе жатқан совет адамдарын миналанған жерден өткізіп жіберіп, жазалаушы отрядтың колоннасы минаның үстіне шығысымен екі шнурдың ұшын біріне-бірін жалғай қойып еді, бірнеше тонна бомба­ның жарылған күшіндей миналар гүрс еткенде, темір жолдың рельсі де, жау колоннасы да аспанға ұшты. Екі жақтан қардай бораған пар­тизандар оғы да миналардың жарылған даусымен қосылып, дүниенің бәрін күңі­­рентіп жіберді. Тірі қалғандары есін жинап, темір жолдың екі жағын таса­лай жатып, барлық қаруларынан оқты төгіп-төгіп жіберді. Қарсылық көпке барған жоқ, жау тізе бүкті. – Сіздерге үлкен рақмет, біздің жанымызды алып қалдыңыздар. Өзіміз де партизандар осы маңайдан кездессе екен деп тілеп келе жатыр едік. Біз қайтып деревняға бармаймыз. Енді олардың көзіне түссек атады. Біз осы өңірдегі орманды жақсы білеміз, сіздерге септігіміз тиер. Қолы­мызға мылтық берсеңдер, бір қасық қанымыз қалғанша фашистермен күре­семіз! – деді шаруалар. – Бізді орман ішінде жоқ қылуға әкелді. Енді ешқайда бармай­мыз. Қанға – қан, өшімізді ала өлеміз, – деді енді біреуі. Бұлардың сөзін байыппен тыңдап келе жатқан Петр Ле­бедев: – Сіздерде ешқандай жазық жоқ. Таза совет азаматысыздар. Фа­ шистердің халыққа істеген қиянатын көздеріңізбен көрдіңіздер. Сіз­дерді партизандар қатарына қабылдау біздің борышымыз... – дей беріп еді, әлгі келгендердің біреуі: – Сіздің даусыңыз маған таныс сияқты. Сіз аудандық партия комитетінің секретары Петр Васильевич Лебедев емессіз бе? – деді. – Иә, мен сол кісі боламын. Сіз мені қайдан білесіз? – Мен дүние тыныш тұрған кезде сізде талай болғанмын. Сіз де бірне­ ше рет біздің колхозда болғансыз. Ең соңғы рет фашистерге қоғам мүлкі­ нен ештеңе қалдырмай, күншығысқа жөнелту керек деп, біздің дерев­няда колхозшылардың жиналысын өткізгеніңіз есіңізде ме? – деді әлгі адам. – Сіз онда кім болып істеуші едіңіз? – Қатардағы колхозшымын. – Өте қызық кездесу екен мұныңыз, несі бар, тағы да бір жерде бола­ тын болдық, – деп Петр Васильевич деревня халқымен сөйлесіп кетті.

Фашистердің жазалаушы отряды оныншы күн дегенде бірден ізтүзін білдірмей, жоқ болды. Бұған Совет Армиясының Москва түбінде шабуылға шығып, Гитлердің таңдаулы армиясына тойтарыс беруі және осыған байланысты Гитлер командованиесінің тылдағы әскер бөлімдерін жинап, оларды алғы шепке жіберуі себеп болған екен. VІ Партизандардың қалың орманға келіп орналасқанына екі-ақ күн болды. Қар қалың. Әлсін-әлсін бораған қар жолды жауып тас­ тайды. Күннің көзі ұясына батып бара жатқан кез еді. Жылбек бастаған барлаушылар Дубровка деревнясының күншығыс жағына майданнан зақымданып қайтқан жау самолетінің еріксіз қонғанын, экипажы­ның самолет маңында жүргенін хабарлады. – Самолеттің экипажы радиоқабылдағыш арқылы Сещинск аэро­ дромымен байланысып, көмек тосып жүрген болу керек. Аэродром самолет қонған жерден жиырма бес-отыз километр. Біздің адамдар келетіндерден бұрын жетеді, – деді Тимофей. – Бұл операцияға Жылбек Ақәділов барсын! – деді Петр. Олар бір сағаттың мөлшерінде самолет тұрған жерге жетті. Парти­ зандар бірден самолеттің экипажын қоршауға алып, «еріктерің­мен қолға түсіңдер» деп белгі берді, бірақ жау «өліспей беріспейміз» деген­­дей, самолетті бекініске айналдырып, партизандарды оқпен қарсы алды. Ақәділовтың автоматшылары ата бастады. – Мына жасыл шинельділердің айбарлысын көрдің бе? Бізден құтыламыз деп отыр ма екен? – деді Тимофей. Ақәділов Тимофей Михайловичке: – Самолеттің экипажын қолға түсіріп аламыз деп жүргенде, өзіміз шығынға ұшырап қалып жүрмейік. Осы болымсыз жаумен айқа­сып жатудың не керегі бар? Сіз ерік берсеңіз танкі атқышпен самолет­тің бензин багын көздеп оқ атып, қорған қып жатқан самолетін өртеп жібе­ рер едім! – деді. – Ақылың дұрыс қой. Бірақ самолеттің ішінде радио­станция бар. Әттең, сол радиостанцияға қолымыз жетсе ғой, бүгін-ақ «Үлкен жер­ мен» байланыс жасаған болар едік. Жаралы партизандарды да самолет­пен «Үлкен жерге» жіберген болар едік, – деді Петр өкінішпен. – Самолетті қамал еткен жау сескенер емес, көзін тез жойған дұрыс, – деді Жылбек. Жылбек сөзін тоқтата бергенде, басындағы құлақшыны құйын іліп әкеткендей арт жағына ұшып түсті. «Жараландым-ау» деп секем алған ол қолымен басын сипап қалып еді, алақаны дымқылдана кетті. Оқ тиді дейін десе ешбір жері ауырмайды. Бұл қалай деп, басын сипап алақанына қараса, қан дегені еріген қар екен.

– Жора, не болды, оқ тиді ме? – деген Петр Васильевич­ей сұрауына ол: – Жоқ, тимеген сияқты, – деп күле жауап берді. – Петр Васильевич, – деді қасында еңбектеп жатқан Коротченко, – енді бұл жерде көп аялдауға болмайды. Көмекке келетін жау бөлімдері­ нің жететін уақыты таяп қалды. Мен самолеттің бензин құятын багына оқ атуға ұрықсат беремін! Сол-ақ екен, анандай жерде даяр жатқан танкі атқыштан Жылбек екіүш рет оқ атып еді, жау самолетінің жалыны жарқ етіп аспанға көтерілді. Самолет жалынынан сескенген жасыл шинелділер жерге қарғи бас­тады. Жау экипажының шығуын аңдып жатқан партизандардың бораған оғы оларды жерге түсірмей, іліп әкетіп жатты. Бұл операциядан кейін партизандар Денгубовка деревнясы арқылы өзінің базасына қайтып келе жатыр еді, деревняға кіре берістегі оқшау­л­ау тұрған қамбаның жанында барлаушылар кездесіп: – Будвинец деревнясына бір топ солдат келіп, шаруалардың сиырын айдап кетейін деп жатыр, – деді. Партизандар жаудың қайтар жолына тосқауыл құрды. Кешік­пей шаруалардың сиырларын айдаған алпыс шақты солдат деревнядан шы­ға бастады. Оларды аңдып жатқан ро­та командирі Жылбек: – Мына келе жатқандар әйелдер ғой, – деді жанында жатқандарға. Дүрбімен карады да, Петр: – Суық берекесін алған солдаттар деревнядан қолға түскен шоқ­ пыттарды пилоткаларының сыртынан орап алған екен, – деді. Кейі шанада, кейі жаяу бүрсеңдеп келе жатқан солдаттар тосқауыл­да жатқан партизандарды аңғармай жақын келіп қалды. Күні бұрынғы келісім бойынша партизандар малдардың өтіп болуын күтіп жатыр. Ең сонында алдыңғы аяғынан ақсаңдай басқан шолақ құйрық қызыл тайыншаны ілгері өткізіп жіберіп, партизандар пулемет пен автоматтан оқ жаудырды. Есі шығып, зәресі кеткен солдаттар қарсы­ ласуға мұршасы кемей, қолға түсті. Партизандар сиырларды деревняға қайра айдады. Бірақ деревняда жасы сексенге таянған шоқша сақалды бір қарттан басқа жан қал­мапты, өзге халық орманға қашып кетіпті. Бір кезде әлгі қарт Петр Васильевич пен Тимофей Михай­ловичке жақынырақ келіп, жан-жағына қарады да: – Төрт-бес күн болды, біздің деревняға бір әйел пайда болды. Қазақ деген халықпын дейді. Өзінің аяғы ауыр екен. Біз паналатып отырмыз. Жау келе жатыр деген соң, кемпірім екеуі орманға кетіп қалған еді, қазір келіп қалар. Бұл жаққа сонау Қазақстаннан қалай келдің деп сұрап едім, барлық әңгімесін айтты. Күйеуі соғысқа дейін Белоруссияның күн­ батыс шекарасындағы Армияда қызмет етіпті. Командир болса керек. Ал соғыстың алдында екі-үш ай бұрын сол командир демалыс алып еліне барыпты. Туған-туысқандары той жасап, үйлендірген екен. Соның қалыңдығы жаңағы айтқан келіншек екен. Бірнеше күн той жасаса керек.

Күйеуінің демалыс мерзімі бітіп, қайтатын уақыты жақындаған соң, «мені де бірге ала кет» деп өтінеді. «Танымаған елге несіне барасың», – деген қарттар сөзіне: – Совет елінің бәрі біздің ел. Ол жерден де жолдас-жора тауып аламыз. Тіл білген кісіге қайда жүрсе де бәрі бір емес пе? – деп, күйеуіне еріп, Совет елінің күнбатыс шекарасына келген екен. Содан соғыс басталып кетеді де, жолдасы майданға аттанады. Жылап-сықтап әлгі әйел қала береді. Совет командирлерінің семьяларын күншығысқа қарай қоныс аудар­ ғанда осы әйел де бірге кетіпті. Бірақ бұлардың поезындағы қызыл крестің белгісіне қарамастан фашист самолеттері Барановичи станциясына жете бер­генде бомба тастайды. Әп-сәтте күл-талқаны шыққан составтан аман қалған төрт-бес әйел, ел кездесер деген үмітпен қол ұстасып жүріп ке­тіпті. Минск облысына таянғанда жаңағы әйел жолдастарынан ажырап қапты. Айтып отырса, көрмеген қиыншылығы жоқ. Көрген бейнет-қор­лы­ғын айтқанда, аяғанымыз сондай, кемпіріміз бен екеуміз қосыла жыладық, – деп қарт үлкен орамалымен көзін сүрте бергенде, оның әңгімесін бар­лық ынтасымен тыңдап тұрған Жылбек әлденеден шошынғандай: – Әйелдің өңі қандай екен, қария, аты кім? – деп асыға сұрады. Қарт бағанадан Жылбекті байқамай тұрған болу керек. – Ей, қарағым, сен де қазақсың ба? – деді. – Иә, мен де қазақпын, бағанадан бергі сіздің айтып тұрған әңгімеңіз менің де басымда болған еді, – деді Жылбек. – Қалай деп айтайын, балам? – деп шал ойланып қалды. – Аласа бойлы, қой көзді, жалпақ беттеу келген адам. Жел қаққан ба, әлде жаратылысы солай ма, өңі қара қоңыр. Атын да айтып еді, есте қалмапты-ау. Өзің көрерсің. Ана бір жалғыз аяқ жолмен келе жатқан­­дар солар болар, – деді қарт. Партизандар назары орманнан қайтқандарға ауды, Жыл­бек қарт айтқан әйелді көргенше асықты. Осы кезде топтан бөлінген екі әйел партизандарға қарсы жүрді. – Осы екеудің біреуі, сол жағындағысы, қасындағы менің кемпірім, – деп қарт тағы да қайталады. Жылбек шыдамсыздана бастады. Шал әңгімесін көз алдына елес­ тетсе, келе жатқан оның ең жақын адамына ұқсайды. Келе жатқандарға жү­гіріп барайын десе, басқа біреу болып партизандардың мазағына қала­­ мын ба деп қымсынады, қасына келуін тосайын десе, жүрегі алып ұшып, шыдамсызданып барады. Өз жүрегін әрең билеп отырған Жылбекте тағат жоқ, әрең тұр. Жайлап басып әйелдер де келе жатыр. Ұшуға қанаты бол­ май тұрған Жылбек орнынан атып тұрып, жүгіре жөнелгенін аңғар­­мап­ты. Қасына келе берген қоңыр шәлі тартқан жүдеу жанды көре сала: – Жамал! – деп бар даусымен айқайлап жіберді. Ойында ештеңе жоқ, Жамал Жылбектің даусын естіген сәтте, бүйірі­ нен шаншу қадалған жандай, қалт тұрып қалды. – Жамал, Жамалым, сенсің бе, жаным! – деп, қарсы алдына келіп қалған Жылбек құшағына енген жарының:

– Жылбек, – дегенге ғана тілі келіп, талықсып құлап бара жатты. Жылбек оны әрең дегенде сүйеп қалды. Елге барды деп жүрген, ойда жоқтан кенет қайта табысқан екі жас бірінбірі құшақтаған бойы ұзақ тұрды. Екі бетін жас жуған Жамал күлерін де, жыларын да білмейді. Қайта-қайта басын Жылбектің көкірегіне басып, буындары босап, жас балаша ағыл-тегіл болды. Бұлардың кездесулеріне қарап тұрған партизандардың естеріне әрқайсысының сүйген жары, түнгі ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін берген анасы, мәпелеп өсірген әкесі, шаршағанда «папа» деп ет бауырын елжірететін, алдынан арсалаңдап күле шығатын баласы түсті. Бәрі де бір сәт терең ойға батып, алысты шолып, үн-түнсіз тұрып қалды. Бұл үнсіздікті Петр Васильевич: – Жора, сені құттықтаймын, сен екінші рет үйленген адамсың. Құтты болсын жарың, – деді де, партизандарға қа­рап: – жолдастар, парти­ зандарға жаңа көмек келді. Біздің семьямызға тағы бір жауынгер қосыл­ ды. Ол – мына Жамал. – Жора, жолдасыңды бірге ала кетелік. Бір реті болар. Аяғы да ауыр екен. Мұнда қалғанда не бітіреді, кімді пана тұтпақ? Босана қалған күнде де бір анаға жағдай жасармыз, – деді командир Коротченко. Бұл сөзге риза болған Жылбек: – Жолдас партизандар, танысып қойыңыздар, жарым – Жамал! – деп, Тимофей Михайловичтен бастап және басқа партизандарға Жамал­ды жеке-жеке ерекше бір қуанышпен таныстыра бастады... VІІ Жылбек ротасының партизандары орналасқан жертөленің іші жымжырт. Темір пешке әлсін-әлсін қарағай отынын еселеп толтырып, маздап жанған отқа арқасын төсей отырып, Жылбек бір қиялға шомған еді. Алуан түрлі ойлар пеш аузынан көрінген қызыл жалынға ұқсап, көз алдынан сумаңдап жылжи өтіп жатты. Ол ең алдымен Жамалдың босанар күнінің таяп қалғанын, мына бет қаратпайтын үскірік, суық күнде жазалау­шылар келіп қалғандай болса, әйелі мен жас сәбиінің халі қандай бола­тынын ойлайды. Зындан түбіне түсіп кете жаздап, мынадай сұрапыл за­манда қайта қосылған жары не болады? Алда нендей күндер болмақ? Ол өз өмірін емес, әйелінің, сүйген жарының халін көбірек ойлады. Әсіресе, әлі жарық көрмеген нәрестені ойлады. «Осы бала Жамал екеуміздің бағымызға бола ма, әлде сорымызға бола ма, әйтеуір дүние көрсе екен» деп те бір қиялдап кетті. Осы кезде оның кеудесі бүлкілдеп, әдеттен қаттырақ соқты. Демек, әке жүрегі соқты. Өміріндегі ең алғашқы белгі болар, оның әкелік сезімін оятқан жүрегі тулап кетті. Шіркін адам, данышпан Горький сон­шама биік те, ұлы да етіп жырлаған, асқақтата мадақтаған адам, шын ұлы, шын кереметсің ғой деймін! Күнде, күнде емес-ау, сағат сайын өліммен бетпе-бет келіп жүрген Жылбек жүрегін жарқын болашақ бейнесін­дей әлі

дүние есігін ашпаған, ана құрсағында бүлкілдеп жатқан сәби жаны қатты тербеді. Адам, нағыз адам ғажаптар жасайды. Ол жанған өрт, бораған оқ, азынаған өлім ішінде жүріп те махаббат тауып, бала сүйгісі келеді. Иә, ол да, Жылбек те адам, бала, жас ұрпақ дегенде іші бауыры елжірейді. «Өлсем де бала сүйіп, талай жауды жастана өлемін. Оларға есемді жібермеймін» – дейді ол. Жылбек тағы сол жағынан оң жағына қарай аунап түсіп. Қиялдап кетті. «О, бейбіт өмір, қандай тәтті, қызық едің, – деп ойлады ол. – Жауды жеңгесін туған жерге барып, Жамалымды қолтықтап, бала сүйетін күн де болар ма екен? Онда қандай бақытты болар едік. Біз көрген сұрапылды дүниеге келейін деп отырған сәбиім көрме­сін». Оның ойы бытырап, шар тарапқа кетті. Жас сәбиді қиялымен көріп, бауырына басқандай болды. – Жылбек, сен ұйықтап қалғансың ба, арқаңды темір пешке басып алма? – деген Жамалдың нәзік даусы оны қиялынан серпілтіп жіберді. – Мен түс көргендей қайдағы бір ойларға шомып отыр едім, сенің даусың мені сол шым-шытырық ойдан... – деп мүдіріп қалды. Ол жайлап қана қасындағы жолдастарына сездірмей, Жамалдың ыпыстық қолын ұстап, өзінің бүлкілдеп соққан жүрегінің тұсына басты. Жамал қолын тартпай, жарының жүрек соғысын алақанымен тыңдады. – Ойға шоматын не бар, қол ұстасып қаңғырып жүрген жалғыз біз бе, бұған да шүкір. Жамал жанған отқа тура қарамай, теріс айнала беріп, көз жасын сүртті. Басқа жолдастары қалғып кеткен кезде бұл екеуі ұйқыны ұмы­тып, осылайша сыр айтысып, сыбырлай сөйлесіп отырды. – Жамалым, сен батыр да, батыл да болып кетіпсің. Қа­ра өзіңді, жаман айтпай жақсы жоқ, өлсең өзім көмем дегенің-ау! Оның да дұрыс, – деді Жылбек. – Өлімі құрысын, жақсы сөз – жарым ырыс деп апам айтушы еді. Сен өлмей-ақ қой, мен көмбей-ақ қояйын. Жақсы ниет – жақсы. Жеңіс, туған ел, тірілік дей берейік. – Сен есейіп, ақылды боп қапсың. – Өмір үйреткен де. – Сенің ауылға жете алмасаң да, өлмей, тірі қалғаның менің бақы­тым шығар. – Солай болғай. Сені қайта тапқаным, енді сені өлімге бермей­мін дегенім. – Қазақтың қара пұшық қызына күйеу керек деп өлтірмейтін шығар, – деп күлді Жылбек. – Қойшы әзілді, өлімі құрысын! – деді Жамал қолын өзіне қарай Жылбектің қолымен қоса тартып, – жүрегім бір түрлі қобалжып отыр. Ол Жылбектің қолын өз жүрегінің тұсына басты. Жылбек бір емес, қос жүректің қабат соққанын сезді. Та­ғы да әкелік сезім, әке мақтанышы билеп кетті.

Түн ортасы болған кез. Күзетте тұрған сақшылардан басқалардың бәрі шырт ұйқыда. Жылбектің жертөлесіндегі партизандар да маужырап отырды да, ұйқыға кірісті. Темір пештің аузынан жанып болған қарағайдың тілдей қызарған шоғының сәулесі қабырғаға түседі. Жылбек те қалғып кетті. Жамал ғана ұйықтай алмай, әлденеден шошынған адамдай, дөңбекшіп жатыр. Жамалдың ұйқысы қашып, тыныш ала алмай жатқанын сезген Жылбек мүлгіп кетіп, қайтадан оянды да, үндемей бұғып жатты. «Толғағы келіп қалды ма, тұрып шырақ жағайыншы», – деп, үн-түн жоқ орны­ нан тұрды. Керек болар деген оймен күні бұрын дайындап, майлы қара­ ғайдың жаңқасынан шырағдан жасап, жертөленің төбесіндегі сырғауылға қыстыра салған. – Жамалжан, сен неге ұйықтамай жатырсың, әлде бір жерің ауырып жатыр ма? – деп Жылбек әлгі шырағданды қасына әкеп қойды. – Ойпырай, ішім әкетіп барады, – деді Жамал, екі алақанымен кеудесін басып. Жылбек қолындағы шырағданын Жамалдың бетіне тосты. Ол қина­ лып жатыр екен. Жылбек не істерін білмей сасқалақтап қалды. Оның ойына Жамалдың кеше ғана айтқан бір сөздері түсті. Ол оны жылап отырып айтқан еді. «Осы бала әлде сорға, әлде баққа бітті», – деп еді ол. Сол Жамалдың қазір аяз сорған еріндері кезерген, саусақтары жіпжіңішке болып бозарып кетіпті, сонда да сүйген жарынан көз ал­май, оның жүдеген жүзіне жан аши қарайды. «Шіркін, бала деген жақсы-ақ қой, бі­рақ мына жау қолы қара бұлттай төнген заманда қиын-ақ», – деп ойлады. Жамал қысылып, қинала бастады. Артынша «Ойпырай, жанымай,» дегенде Жылбек саса бастады. Осы кезде жертөледегі қорылдап ұйық­ таған партизандар да оянып кетті. Есік жақтан біреуі арқасын маса шағып алғандай қисаң еткізіп, атып тұрды: – Әй, Жора, сен есіңнен адасқансың ба, толғақ қысып, шыдамы кетіп жатқан кісінің бетіне аузыңды ашып үңіліп тұра бересің бе? Тезірек дәрігерді шақырып келмейсің бе? – деді. Не істерін білмей сасып, есі шыққан Жылбек әлгі партизанның сөзін естісімен, қолындағы шырағдан етіп тұрған жаңқасын пештің аузына жып еткізіп тықты да, бет қаратпай, жалап тұрған аязда жалаңаш-жалпы д­а­лаға ыршып шықты. Көп ұзамай ашылған есіктен будақтала кірген суыққа ілесе дәрігер мен сестраны ертіп Жылбек келді. Дәрігер Павел Демидович сәл үндемей жан-жағына қарады да: – Адамның шыдамы кетіп жатса, сендер несіне тырайып-ты­райып жатырсыңдар. Немене, сендердің де толғақтарың ұстап кетті ме? Тез тұрыңдар да, басқа жертөлеге барып орналасыңдар! – деді. Шалқайып-шалқайып, емін-еркін жатқан партизандардың бар­лы­ғы үнсіз далаға шықты да, басқа жертөлелерге тарап кетті. – Жора, бізге шырағдан жағып бер де, өзің де бұл жерді босат. Саған да қалуға болмайды, – деді дәрігер Жылбекке.

Жертөледе қалған Павел Демидович пен сестра темір пешке от салып лаулатып жандырды да, шырағдандарын қолына ұстап, Жамалдың жа­нына келді, толғағы жиілеп, қиналып жатыр екен. Бұлар ерні кезеріп, тістеніп жатқан Жамалдың басын сәл көтеріп, сусын берді де, жертөле­нің қақ ортасына ұзын ақ шүберекті жайып, Жамалды соның үстіне жат­қызды. Әлденесін жоғалтқан жандай, Жылбек біресе далаға шығып, біресе жертөлеге кіріп, тыныш таппай жүр. Жамал жат­қан жертөлеге жақын барайын десе, оның есебін таба алмай, суыққа қарамастан, шеке­сінен мұздай тер шып-шып шығып кетті. «Толғақ басталғалы едәуір уақыт болды. Осы Жамалым бірдеңеге ұшырап жүрмесе болар еді. Әлгі біздің дәрігер көмек бере алатын біреу ме, әлде бір құр кеуде ме екен», – деп ойлады Жылбек. Батырхан сыртқа шыққан Коротченконы көріп қалды да: – Жолдас командир, дәрігер бізді Жамалдың жертөлесіне неге жібермейді? – деді. – Онда нең бар, сен акушерка ма едің? – Жоқ, мен дәрігер емеспін, тек Жамалдың жайын білейін деп едім, – деді. Бұлар сөздерін бітірер-бітірместе Жамал жатқан жертөледен Павел Демидович далаға шықты да, аяғын тезірек ба­сып, топтанып тұрған­дар­ға қарай жүрді. Ол жақындай бергенде Петр Васильевич: – Қалай, аман-есен босанды ма? – деді. – Әлі босанған жоқ. Тегінде, мына, ауыр жағдай әсер еткен болар, толғақ ауыр, әлсін-әлсін талықсып кетіп жатыр. Павел Демидовичтің бетіне бедірейе қарап тұрған Жыл­бек: – Жаны қалатын ба? – деді. – Ананы да, баланы да аман алып қалудың барлық тәсілін жасап жатырмыз. Мұндай жағдайлар бола береді. Босқа үрейленбеңіздер, – деп ол ақсаңдап басып, жаңағы өзі шыққан жертөлеге қарай кетті.

Тимофей Михайлович Жылбек пен Батырханды ертіп штаб тұрған жертөлеге кіріп кетті. Аязда быртиып, икемге келмей қалған қолда­рын пешке тосып отыра кетісті. Жылбекте үрей жоқ. Басын төмен салбы­ ратып: «Шіркін, Жамал! Халің мұндай ауыр болады деп еш уақытта ойла­ ған жоқ едім. Әбден қиналдың ғой, жаным. Әлгі, дәрігер не деп кетті?» – деді ішінен. Ақырында шыдап отыра алмай, ешкімге сездірмей сыртқа ­шығып кетті. Таң атып, күн найза бойы көтеріліпті. Жылбек көзі жаутаң-жаутаң етіп, Жамал жатқан жертөленің есігінің алдында дірдек қағып, ерсілі-қар­ сылы жүгіріп жүр. Бір кезде оның құлағына «іңгә, іңгә» деген дауыс келді. Ол шыдап тұра алмай жертөлеге қарай жүгірді. Бұл есіктен ене бергенде іштен дәрігер қарсы шығып келе жатқан еді. Оның көңілді кескінін көре салды да, Жылбек дәрігерді қапсыра құшақтап, бетінен сүйіп-сүйіп алды. – Жамал босанды. Қызың бар, сүйінші, – дегенде, салы суға кет­ кен Жылбек қуанғандығынан күлерін де, жыларын да білмей, сілейіп тұрып қалды.

Жылбектің құшағынан босанысымен жүгіріп кеткен Павел Демидо­вич штаб үйіне алқына кірді де: – Сүйінші, Жамал босанды! – деді. – Ура! Партизандар тобына тағы бір санитарка қосылды! – деп, әлдекімдер жертөлені басына көтеріп, айқайын салды. Барлығы да өз жарлары босанғандай қуанысып қалды. Бүгінгі қуаныштың шегі болмады. Әр партизан өзінің семьясына жаңа бір адам қосылғандай қуанысып жүр. Ертеңгілік тамақ үстінде Жыл­бекті қандай әуреледі десеңізші... – Бүгінгі қуанышымыз үшін! Шаттық мерекесі – бала үшін! – деп, тамақ құйған тегештерін бір-біріне түйістіріп, арақ соғыстырған сияқты ішіп жатты. Өздері үлкен бір шілдехана үстінде отырғандай болды. Осын­ дай кезеңде сәбидің атын қоймақ болып, әркім әртүрлі ұсыныс айтты. – Таня болсын. – Жоқ, Софья болсын. – Галина да жақсы есім емес пе? – Жораның өзі не дер екен, тыңдайықшы! – Мен не айтамын, көпшілік, сіздер біліңіздер! – деді Жылбек. – Мені де ұмытпаңыздар, – деп Петр Васильевич орнынан тұрды, – жолдастар, барлықтарыңыз да ет жүректен шыққан игілікті тілек біл­діріп, әдемі есімдерді айттыңыздар! Менде бір, әрине, өзімше жақсы есім болып тұр. Бұл бала алдымен тар жол, тайғақ кешуде дүниеге келді. Бұл ретте басқа бір ат қоюға болар еді. Бірақ жас сәби енді қайтып мұндай тө­гілген ащы тер мен қызыл қанды мәңгі көрмей, қыста туғанымен көк­темдегі қырдың қызыл қызғалдағындай құлпырсын деген ниетпен, осы ба­ланың аты Мая болсын деймін. – О, «Мая», қазақша менің қызым деген сөз ғой, – деп Батырхан қуанып кетті. – Қалайша сенікі-менікі болады, секретарь айтты емес пе, сенікі де емес, менікі де емес, бәріміздің қызымыз, «Мая» деген, «Май» – көктем деген сөз! Түсіндің бе? – деп Павлик Батырханға сәби атының мәнін түсіндіріп жатты. Дүниеге адам келді, күнәсіз сәби келді. Партизандар оның атын Мая қойды. VІІІ Артемовка. Деревняда әдемі салынған, үлкен-үлкен үйлер көп. Ал солардың бәрінен оқшаулау тұрған, көк шатырлы ағаш үй бірден-ақ көз тартады. Әрі жуан, әрі жұмыр бөренеден қиып салынған бұл үй соғысқа дейін осы деревняның балалары оқитын орта мектеп болған. Бұл мек­тептің мұғалімдерінің бірі Иван Михайлович еді. Осы өңірдегі өте құрметті адам. Оның алдынан сабақ алып, тәрбиеленіп шыққан

балалар ұядан ұшқан балапандай, Отанның әр бұрышына жыл сайын кетіп жататын. Одан тәрбие алған жастар соғысқа дейін ұстазына үнемі хат жазып тұратын. Ол сабақтан бос кезінде түлектерімен хат арқылы сырласатын. Әрқайсысының хатына жеке-жеке жауап беруге ерін­бейтін. Жасының аса қызықты шағын ел ардақтайтын мамандық жолында сарп еткен қарт мұғалім өмірінде қырат-қырат асулар да болған. Ол жалақорлардың көрсетуімен жазықсыз сотталып, бірер жылдай нақақ­ тан жаза кешкен. Бірақ «Адал адамның аты арып, тоны тозбас» деген­ дей, адал адамға не жұқсын, әділдік жеңіп, ақталып шыққан, бұрынғы кызметіне қайтып оралған. Фашистер осы өңірге жақын қалған кезде ол күншығысқа қарай көшкен қалың елмен бірге босқан еді. Жау бұлардың алдын орап кетті, ілгері жүруге мүмкіндік болмады. Сондықтан қарт мұғалім бірнеше жерлестерімен бірге жаяу-жалпы, аш-жалаңаш туып-өскен жеріне қайта оралған еді. Бүгін Петр Васильевич бастаған бір топ түн қатып, бірнеше шанаға тиеліп осы Артемовка деревнясына келді. Бұлар «Сақтықта қорлық жоқ» деп, Павлик бастаған төрт-бес адамды деревняны барлап қайтуға жі­ берген. Олар тез оралды. Павлик шанадан түсе сала, Петр Васильевич­ке келді де: – Деревняның барлық көшесін аралап шықтық, ешқандай жау көрін­ бейді. Деревня халқы ұйқыда екен, – деді. Партизандар деревняның оң жақ шетіндегі бір үйге тоқтады. Петр Лебедев деревняға келетін жолдарға тосқауыл қойды да, адамдарды жинап, оларға майдандағы және «Үлкен жердегі» жағдайды түсіндірді. Жиыннан кейін Петр Васильевич төр жақтағы ұзын ағаш отыр­ғыш­ тан тұрды да, бұрышта сүйеулі тұрған автоматын қолына алды. Мұны көрген Павлик те автоматын иығына іліп, ағаш төсектің үстінде жатқан құлақшынын кие бастады. – Сізге көптен-көп рақмет, әбден жылындық, – деп үй иесімен қоштасып есікке қарай жүрді. Партизандар көшені бойлап жүріп келеді. Деревня іші жым-жырт. Олар екі-үштен бөлініп, әр үйге тарап кетіп жа­тыр. Петр Васильевич пен Пав­лик жалғыз аяқ ізбен, терең сай жағынан айналып Иван Михайловичтің үйі­не келді. – Хош келдіңіздер, жоғары шығыңыздар! – деді Иван Михайлович сыртқы есігінің ілмегін салып жатып. – Бізге осы ауыз үй де жарайды. Көп отыруға уақытымыз тығыз. Сізде өте бір құпия жұмысымыз бар еді. – Сіздерді танымадық қой, кім боласыздар? Түн қатып жүрген нен­дей жансыздар? – деді ол. – Біз партизандармыз. Мен аудандық партия комитетінің секре­ тарымын. Аты-жөнім – Лебедев Петр Васильевич. Міне, документім! – деп ол қолын қалтасына салуға ыңғайлана беріп еді, үй иесі:

– Жоқ, жоқ, сізге сенбейтін ештеңе жоқ. Сізді естуім де бар. Мына қасыңыздағы Павлик менің оқушым, жаңа таныдым. Бағанадан бері мені таныр ма екен деп үндемей бұрышта жымыңжымың етіп тұрған Павлик ұстазының тани кеткеніне риза болып, Иван Михайловичті құшақтай алды. – Павлик сіздің, оқушыңыз болса, біз жөнінде иненің жасуын­дай күдігіңіз болмасын. – Иә, менде сіздер жөнінде ешқандай күдік жоқ. Басында мына Павликті байқамай қалып сұрап едім. Сіздер сәл сабыр етіңіздер, шырағданның білтесін жөндеп әкелейін, – деп, ол сенекке шықты. Көп ұзамай қайтып келді, терезелерін қараңғылап, қолындағы шы­рағ­ данын жақсылап жандырды да: – Ал, шырақтарым, құлағым сіздерде, шаруаларыңызды айта беріңіздер, – деді. Иван Михайловичтың маңдайы торсықтай, ұрты толық, қырма сақал, жирен шашына ақ кіріп бозғылдана бастапты. Қолындағы шырағ­да­нын ауыз үйдегі столдың үстіне қойды да, әлгі сұраудан кейін үндемей Петр Васильевичке көзін тігіп, не айтар екен дегендей отыра кетті. Петр болса сәлден кейін, оның қасына жақын келіп отырды да: – Иван Михайлович, біз сізге партияның тапсырмасын айтуға кел­ дік. Кеше аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде сізді Ершичи қаласындағы старосталық қызметке баруды ұйғардық. Бұған сіз қалай қарайсыз? – дегенде, селк етіп орнынан ыршып тұрды. Ол Павликке ала көзімен бір қа­рап алды да: – Мен сізді түсінбедім. Маған неміс фашистеріне қызмет ет деп отырсыз ба? – Сіз сабыр етіңіз! Алдымен түсініп алайық. Бірден ат-тоныңызды ала қашпаңыз. Аудандық партия комитеті сізге үлкен сенім білдіріп отыр. Әрине, бұл өте қауіпті іс. Сіз ста­роста болғанда оларға емес, өзімізге қызмет етуге міндеттісіз. Староста қызметін атқара жүріп, ондағы болып жатқан жағдайларды байланысшы адамдар арқылы бізге хабарлап оты­ ратын боласыз. Бұл үшін ақылдылық, сабырлылық, айла-тәсіл керек... Мен ұмытып бара жатыр екенмін ғой. Сізде ана жылы сотталғандағы үкімнің көшірмесі сақталған да шығар! – Бар... ол бір кезең еді ғой, қайтесіз еске алып! – Онда тіпті жақсы болды. Сол документтеріңізді алып, немістің комендантына барасыз. «Мен Совет өкіметінен қиянат көрген адаммын. Өзім соғысқа дейін мұғалім болып, азын-аулақ еңбекақымен тұрушы едім. Енді күн көрісім қиындап барады. Мен сіздердің келген­деріңізді күтіп отырған адамның біреуімін, қызмет беріңіздер. Мені жә­бір­леген коммунистермен барлық жан-тәнімді салып күресемін» дейсіз. Міне, осыны айтып, қолыңыздағы документтеріңізді көрсетесіз, сізді ста­роста етіп тағайындайтыны сөзсіз. Қазір қолайлы, өздері сеніп қоятын адам таба алмай отырған көрінеді. Сізбен байланыс жасайтын Тамара деген

мұғалима болады. Оның жалған фамилиясы Васильева. Ол өте се­німді кісі. – Мұндай сенім білдіргеніңізге көп рақмет! Бірақ менің жасым келіп қалған адаммын. Сіздердің сенімдеріңізді ақтай алсам жарар еді-ау... – Біз, сізді партияның сенімін ақтай алады деп отырмыз. Тағы бір ескертетін нәрсе, сіз бүгін-ертең ешқайда бармай-ақ қойыңыз. Біздің осы деревняға келіп кеткенімізді ел ұмыта бастаған кезде, он-он бес күн өткен соң баратын боларсыз, – деді Петр Васильевич. – Ісіңіз сәтті болсын! Енді мұнда бізге отыра беруге болмайды, кетейік, – деді Петр қолын созып. Екеуі бір-бірінің қолын қатты қысып, ұзақ қоштасты. ІX ...Түс ауған кез. Иван Михайлович үстіндегі көнетоз тонын есік жақтағы шегеге ілді де: – Есік алдындағы қарды күреймін деп шаршап қалдым, тамақ ішейік, – деді кемпіріне. Ол үйінің оң жағындағы, терезенің алдындағы орындыққа отырды да, екі қолын жағына сүйеп, ішінен: «Петр Василье­вич келіп кет­кеніне он күннен асып кетті. Мен әлі үйімде, жылы төсекте жатырмын: Енді көп ойлаудың керегі де болмас. Аса қатерлі іске бет алғалы отыр­мын. Екі жаққа бірдей қызмет ету оңайға түспейді. Солай бола тұрса да, Отан тапсырмасын орындауға міндеттімін. Арты немен бітерін кім білсін. Не де болса тәуекелге бел байладым» деген ойға келді. – Мать! – деді ол түскі тамаққа отыра беріп. – Менде осы уақытқа дейін екі ой болып жүр. Біреуі, «неміске барып қызмет етсең, тамағың тоқ болады» дейді, ал екінші біреуі: «жоқ, барма, жауға қызмет етпе» дейді, әбден есімді шығарды. – Сен сандырақтап отырған жоқсың ба? – деді қарсы алдында қолындағы ожаумен қатықсыз көжені құйып жатқан әйелі. – Жоқ, мен не де болса, неміске барып жұмыс сұрағым келіп отыр. Егер, мен ана жылғы түрмеде болған документімді көрсетсем, олар мені қағып алады ғой, – дей бергенде, кемпірінің қолы дірілдеп, ұстап тұр­ған ожауы еденге ұшып түсті. – Сен бір сұмдықты бастайын деп отыр екенсің. Ертең жауды қуып шығатын мезгіл келсе, ел-жұртыңа, неше жыл оқытқан балаларыңа не айтасың? Мен сені ешқайда жібермеймін. Кетсең, мені өлтіріп ке­тетін боласың. Сенің жауға қызмет істеп жүргеніңді көргім келмейді, – деп, әйелі жас баладай бетін басып, жылап қоя берді. – Мать, сен сабыр ет. Несіне жылайсың. Қаракетсіз өмір жоқ. Үйде отырып ашыққанша... – деді ол. Осы кезде біреу есік қақты. – Есігіңді аш.

– Несіне осынша тарсылдатасыз, қазір! – деп, есіктің ілгегін ағы­ тып қалып еді, ар жағынан Епишево деревнясындағы староста Дурнов күжірейіп кіріп келді. Аузынан арақ исі мүңкиді. – Иван Михайлович шақырусыз келген қонақты жақтырмағандай ала көзімен бір қарады да, мас адаммен шатаспайыншы дегендей жол беріп, қолымен ішкі үйдің есігін нұсқады. – Үйге кіріңіз, мырза! – деді ол байырғы мінезімен. Дурнов гүр-гүр етіп, сырт киімін шешті. Оны үй иесінің қолына ұстат­ ты да, өзі маңғаздана отырды. Дурновтың асқабақтай үлкен басындағы шашы құрғақшылық жылы шыққан қодыраңдай селдіреп кетіпті. Беті қып-қызыл, мұрыны қоң­қақ, бұғағы бұқаның әукесіндей салбырайды, қарны бұлтиып кетіпті. Шүйкесі күжірейіп, желкесі мен иығы тұтасып тұр. Ол сәл үндемей отырды да, кенет: – Иван Михайлович, арағың бар ма, әкел! – деді. – Біз арақ қайнатпаймыз. Аса қажет болса, сіз отыра тұрыңыз. Мен көрші үйден әкелейін, – деп, ол үйден шығып кетті. Көп ұзамай ол қолдан қайнатқан бір литр арақты құшақтап қайта оралды. Дурнов арақты судай сіміре отырып, май басқан, әрі арақтан қанталап кеткен шегір көзін Иван Михайловичке қадап, шалқи сөйледі: – Осы сені де анау жылдары НКВД түрмеге қамап әурелеген жоқ па? Құдай оңдап, сен тез оралдың ғой. Мені айтсайшы, мені! Көрсетті ғой маған талайды. Қазір бәрі де ұмытылды. Бүгін заң да, заман да бас­қаша. Неміске барып, мына мен құсап адал қызмет етпейсің бе, үйде отыр­ғанша? Егер керек десең, мен көмектесейін, оның сәті түсейін деп тұр. Мен осы жолда Ершичи қаласына бармақпын. Комендантқа сені де қызметке алу жөнінде айтайын, – деп тілі күрмеліп отыр. «Мен бұл жауызды да пайдаланайын» деген ойға келген Иван Михайлович: – Мырза, сіз тауып айттыңыз-ау! Мен өзім де сізден осыны сұра­найын деп отыр едім, – деді. – Уа, мен сенің көз қарасыңнан да біліп отырмын ғой, – деп, өзін мадақтағанға Дурнов қарқылдап күліп те алды. – Мырза, келіңіз, мына стақанды менің де сіз сияқты фюрерге таза қызмет етуім үшін көтеріп қояйық, – деп еді, алдында тұрған столды көтере-мөтере орнынан тұрған Дур­нов: – Дұрыс, – деп, қолындағы стақанын сыңғырлатып соғыстырды да, дем алмай тартып жіберді. ...Ертеңінде Дурнов төсектен тұрып жатып: – Кешегі айтқаным есімде. Мен саған көмектесемін, – деді. – Сізге көп рақмет, мен сіздің сеніміңізді әбден ақтаймын, – деді. Иван Михайловичтің ықыласына риза болған Дурнов күртік қа­р­дың үстінде тұрған шанасына отыра беріп:

– Мен айтқанымды істеймін, қуана бер, – деп, атының делбесін қағып қалып еді, боз ат көшені бойлап шаба жөнелді. Келесі күні Ершичидегі неміс коменданты Иван Михай­ловичті шақыртыпты деген хабар бүкіл деревня халқына тарады. Міне, Иван Михайлович қала коменданты майордың ал­дында отыр. Үндемей торсиып отырған неміс коменданты қасындағы тілмашы­мен оның документтерін тексерді. Майор біресе Иван Михайловичке, біресе документке қарап қоқиланып қояды. Көп ұзамай комендант Иван Михайловичке: – Сіз келмес бұрын, біз әркімнен сұрастырған болатынбыз. Олардың бәрі де сізді осы маңға бургомистр болуға әбден жарайды десті. Сіз оған қалай қарайсыз? – деді бір кез­де майор. Ол екі қолын артына ұстап, ерсілі-қарсылы жүрген бұйра шашты, қырма сақалды, орта бойлы, толықтау келген майорға қарап отырды да, орнынан атып тұрды: – Майор мырза, мен жөнінде бөгде адамдардан да сұрап білдім деп отырсыз ғой, солардың айтқандары дұрыс. Егер сіз сеніп тапсыр­ саңыз, неміс командованиесінің қандай тапсырмасы болса да орындауға даярмын. Менің документімді көріп отырсыз. Сіздің сенім білдіргеніңізге рақмет айтамын, – деді. Неміс майоры қасында тұрған тілмашқа қарап, аудар дегендей ым қақты да: – Осы өңірдегі деревняларды, ондағы халықты жақсы білесің бе? Олардың ішінде сенімді, неміс комондаваниесіне көмектесуге лайықты адамдар бар ма? – деді. – Бұл өңірде тұрған адамдардың көпшілігін білемін, әрине, мен жете білмейтін бірен-саран адамдар да кездесуі мүмкін. Иван Михайлович бір сәт үнсіз отырды. Соғыс басталар алдында Саратов облысында тұратын туыстарына кеткен үлкен қызы Ольга есіне түсті. Сағымдай бұлдырап, көз алдына елестей берді. Іші ала құйын болып, жүрегіне ине, маңдайына шөңге қадалғандай сезінді. Тілерсегі дірілдеп бара жатты. Кейде ренжіп, қиналған кездерінде Ольга күндей жайнап шыға келетін еді. Ол кезде реніш ұмытылып, денесі жадырап кететін. Иван Михайлович торға түскен торғайдай қысылды. Ертең соғыс бітіп, Ольгамен аман-есен кездесе қалсақ, оның бетіне қалай қарайды? Жауға қызмет еткен себебін қалай түсіндіреді? Ол өз баласы ғой, амалын табарау, мына жерлестерінің қайсы біріне түсіндіреді. Олар көп, бұл жалғыз. Бетіне қара күйе жаққандай қара бет болып қала бере ме? Оның жанына түрпідей тиген осы жағдайлар еді. Зәрі мен кәрін төккен мына майорға томсырайып қарады да, Иван Михайлович өзін-өзі қайта-қайта қайрай түсті. Партизан­дардың тап­ сырмасы – Отан тапсырмасы, онан құрметті дүние болмайды. Сөйтіп ол, еліне төнген қара құрттай қайнаған жау ортасында қызмет етуге бел байлады. Партизандарға берген уәдесін бұлжытпай орындамақ болды. Оның бойына кенеттен түйедей жігер пайда болғандай, қырыс-

тырысы тарағандай сезінді. Суық қарығандай денесі тітіркеніп, қарсы алдындағы терезеге көзі түсті. Адамзатқа жарық сәулесін әкеле жатқан күннен күткендей көзінің астымен жарқыраған күнге қарады. Ызалы көз жадырап, жанарына жылылықтың нышаны пайда болды. Ол осы жасқа келгенше бірде-бір жанға қиянат жасамаған кісі. Алдында отырған майорға ежірейіп көзін тікті. Араққа бөрткен Дурновтың: «Немістер осы маңдағы селолар­дың көбінде полицай бөлімшелерін құруға даярлық жасап жатыр», – дегені есіне түскен Иван Михайлович: «Е, – деді іштей, – бұл қызыл көздің «жергілікті адамдарды білесің бе?» – дегені сол бөлімшелерге адам­дарды іріктеп алудың қамы болды. Оған сенімді-сенімді совет азамат­тарын алдырып, өз пайдамызға қызмет етудің жолын ойластырған жөн болады. – Сіз үндемей қалдыңыз ғой? – деп екі қолын мықынына тіреп, майор орнынан тұрып, Иван Михайловичтің ойын үзіп жіберді. – Ұлы мәртәбәлі майор мырза, сіздерге адал қызмет істеудің жолын ойлап отырмын. Ғапу етіңіз, – деді ол. – Сіз әрбір үлкен елді пункттерде бізге полицай бөлімшелерін ұйымдастыруға көмектесесіз. Біз ел арасындағы жұмысымызды солар арқылы жүргіземіз. Партизандарға қарсы күресті де сол арқылы күшейтуіміз керек. – Майор мырза, сіздің бұл айтқаныңыз өте дұрыс. Неміс командо­ ваниесі үшін ең алдымен деревняларда полицай бөлімшелерін құруы­мыз керек дегеніңіз жөн. Онсыз деревня халқын бағындыру мүмкін емес. Майор орнына келіп отырды да, тағы да Иван Михайло­вичтің стол үстінде жайылып жатқан документіне қарап: – Сіз Дурновты білесіз бе? – деді. – Білгенде қандай, Дурнов менің дос адамым. – Дурнов осы маңайдағы деревня старосталарының ішінде неміс командованиесіне беріле таза қызмет етіп жүрген кісінің біреуі, – деп майор көзін Иван Михайловичке тігіп, әлде сөз тартқысы келді ме, әйтеуір тіл қатпай отырып қалды. – Дурнов жақсы қызмет ететін адамның бірі екені рас, – деп басын изеді. Майор орнынан тұрып: – Сізді бургомистр етіп тағайындау жөнінде менің бұйрығым болады. Өзіңізге осы қаладағы таңдаған үйіңізді пәтерге алуға рұқсат, кең­сеңіз анау тұрған екі қабат үйде болады, – деп, терезеден көшенің арғы бетін­ дегі үйді көрсетті. ...Иван Михайлович бургомистрге деп маңайдағы дерев­нядан шанасымен таңдаулы пар ат алғызды. Ол тыным таппай деревня­ларды аралап, полицай бөлімшелерін ұйымдастыруға кірісті. Айналасы бір айға толар-толмаста, осы өңірдегі ірілі-кішілі деревнялардың барлы­ғында да полицай бөлімшелер құрып, оларды қаруландырып болды. Үлкендеу бөлімшелерге түбінде керек болар деген оймен, өзі сенетін адам­дарды ұсынды.

Түс болып қалған кез. Иван Михайлович өз кабинетінде алуан түрлі жұмыспен келген қала тұрғындарын қабылдап отыр еді. Есіктен сұраусыз кіріп келген полицай: – Иван Михайлович, сізді майор мырза тез келсін деп жатыр, – деді. Иван Михайлович алдында отырған қартаңдау тартқан әйелге: – Сіз ғапу етіңіз, мені майор мырза шақырып жатыр екен. Кейін тағы келерсіз, – деп, киімін киді де, әлгі шақы­ра келген полицайға еріп, үйден шықты. Коменданттың кабинетіне кіріп келіп Иван Михайлович: – Майор мырза, сіздің шақыруыңызбен келіп едім, – деді. – Емельянов мырза, отырыңыз. Осы өңірдегі деревняларда аз күннің ішінде полицайлық бөлімшелер ұйымдастырғаныңыз үшін сізге неміс командованиесі атынан алғыс айтамын. Сізге тағы да бір тапсырма бермек болып отырмын, ол мынау: біздің майдандағы әскерлерімізге жылы киім, пима, азық-түлік керек болып жатыр. Сіз он күннің ішінде, осы өңірдегі деревнялардан әлгі айтқандарды жинауға міндеттісіз. Бұйрық алған Иван Михайлович: – Майор мырза, сіздің бұйрығыңыз орындалады, хош болыңыз, – деді. Қасына бес-алты полицай алып ол Сукромля, Епишево, Корсико деревняларына жүріп кетті. Жемге тойып, ерігіп тұрған аттар бірде желіп, бірде шауып, желдей есіп келеді. «Алда Епишево деревнясы. Тама­ра­мен жолығудың амалын қалай тапсам екен. Оған партизандарға әкеле жатқан сәлемдемемді қалай тапсырсам екен» деген ой келді. Әлден уақытта қасында отырған полицайдың біреуі: – Иван Михайлович! – деді, – бүгін кеш батып қалды, несіне асы­ғамыз, мына Епишево деревнясына жетіп қонайық. Дурновтың үйінде кү­ті­міміз де жаман болмайды. Оның үйінде қолдан қайнатқан арақ та үзілмейді. Иван Михайлович отырған орнынан қозғалыңқырап алып әлгі поли­ цайға күле қарап: – Бәсе, бізді кім қуып барады. Бүгін Епишево деревня­сына қонсақ қона кетейік, – деді. Жүргіншілер күн бата Епишево деревнясына келіп жетті. Дурновтың әйелі стол үстін арақ-шарапқа толтырып жа­тыр. Мол ғып асқан тамағын да буын бұрқыратып әкеліп қойды. Дурнов даусы қырылдап, қырлы стақанға арақты толтыра құйды да: – Мырзалар, келіңдер, біздің неміс командованиесіне таза қызмет етуіміз үшін ішіп жіберейік, – деп, басқа қонақтарын тоспай-ақ қолын­ дағы арақты бірден қылғытып салды. Аузына тұздаған капуста мен қуырған шошқаның етін алма-кезек тығып жатып: – Иван Михайлович, сен неге арақты тауысып ішпегенсің? – деді. – Мен таңертеңнен бері тамақ ішпеген едім. Аздап болса да тамақ жеп алайын. Мына сенің әйелің асты дәмді пісірген екен, – деген Иван Михайловичтың мақтауына сүйсініп қалған Дурнов, ырғалып қойып әйеліне қарады да:

– Менің әйелім капустаны қандай жақсы тұздайды, тамақты да баптай біледі, – деп көпіре бастады. Түн ортасы болып қалған кез. Үй ішіндегі мырзалардың бәрі де араққа тойып, кез келген жерге қылжия кеткен еді. Үй иесі Дурнов өз алдына бір төбедей болып, үстіндегі киімін шешуге де шамасы келмей, оң жақтағы төсекке құлапты. Төр алдында жатқан Иван Михайловичтың ойына әр нәрсе түсіп, тынышсызданып жатыр. Ол қасындағы полицайлар мен Дурновқа білдірмей Тамарамен кездесудің амалын ойлауда. Бір кезде әбден талықсып, бұл да ұйқыға кірісті. Таң атып, күн арқан бойы көтеріліп қалыпты. Шошқадай қомағай­ ланып, түнімен арақ ішіп, тамаққа тойған қонақтар да, үй иесі Дурнов та қызара бөртіп қанталаған көздерін былшық басып, ыңқылдап-күрсіл­деп, шойын байлап қойғандай ауыр бастарын көтере алмай тұрып жатыр. Дурновтың елден тартып алған мол арағына тойып алған полицай­лар қылжаңдап, аяқтарын теңселе әзер басып үйден шықты. Иван Михайлович есік алдында аузына келгенді шатып көпіріп тұр­ған Дурновқа: – Азық-түлік, киім-кешек жинауды алдымен сен басшылық еткен осы деревнядан жинаймыз, – деді. Екі беті нарттай болып, бейпіл ауызданып тұрған Дур­нов едірейіп Иван Михайловичке ырсия қарады да: – Саспаңыз, мырза, бұл деревня менің айтқанымның бәрін мүдір­мей орындайды. Егер айтқанымды тыңдамағандары болса, мына қолым­дағы қамшымен бір-екі тартып-тартып жіберсем болғаны. Бұларды сөйтіп үйретіп алмаса, жай айтқаныңа көне қоймайтыны бар, – деп, колын­дағы қамшысымен өз етігін өзі ұрып, қарқ-қарқ күліп, теңселе басып Иван Михайлович тұрған шананың жанына келді. Иван Михайлович Дурновқа: – Сен осындағы полицайларды кеңсеңе тез жинат. Біз осында тоса тұрамыз, – деді салмақты үнмен. – Емельянов мырза, сіз мына қасыңыздағы серіктеріңізбен біздің үйде бола тұрыңыз. Мен полицайларды кеңсеме жинайын да, сіздерге хабарлайын, – деді де, Дурнов жегулі тұрған шанасына отырып жүріп кетті. Дурновтың деревня ортасындағы дөңді асып, қарасын жоғалтқа­ны­на қуанған Иван Михайлович қасында тұрған полицайларға: – Сендер не ғып тұрсыңдар? Жүріңдер, үйге кірейік, – деп, өзі олар­ дың алдына түсті. Бұлардың ауыз үйге кіргенін сезген Дурновтың әйелі: – Төрлетіңіздер, отырыңыздар, – деп, стол үстіне тағы екі-үш бөтелке арақ әкеп қойды. Иван Михайлович Тамарамен кездесудің сәті түскен шығар деп ойлады ішінен. – Ішіңдер, енді сендер бұл үйдің арағын бітірмей бәрібір шыға қой­ майсыңдар ғой, – деп, стақанды толтыра арақ құйды.

– Ал, келіңдер тартып жіберейік, – деп бір стақанды жартылай ішіп: – Сендер осында отыра тұрыңдар. Мен кеңсе жаққа барып қайтайын, – деді де, шығып кетті. Иван Михайлович есік алдына шықты. Жан-жағын абайлап қарап, ешкім көрінбеген соң шанасындағы шөптің арасына күні бұрын тығып қойған батареяларды жып еткізіп, ұзын тонының қалтасына салды да, көшені бойлап, Тамара тұратын үйге қарай жүріп кетті. «Тамара да ретін тауып маған жолығудың амалын іздеп жүрген шығар» деп ойлады ол іштей. Тамара осында болар-ау деген үйдің қақпасын тықылдатып еді, ешкім дыбыс бермеді. Үйде ешкім жоқ екендігіне көзі жеткен Иван Михайло­вич не істерін білмей кері бұрылғанда, сұңғақ бойлы, ақ құбаша келген, жасы жиырмалар шамасындағы бір қыздың сиыр жетектеп, осы үйге беттеп келе жатқанын көрді. Қыз қақпа алдына келгенде, Иван Михайлович одан: – Сіз Васильева емессіз бе? – деп сұрады. – Иә. – Таныс болалық, бургомистр Емельянов! Петр Василь­евич айт­қан болар. Мыналарды сол кісіге жеткізерсіз, – деді де батареялар мен хатты Тамараның қолына ұстата салды. Содан соң алдағы уақытта екеуі­нің жолығысар орны Ершичи қаласы болатынын айтып, Дурновтың үйіне қайтып оралды. Үйге кірісімен-ақ дуылдап отырған полицайларға Иван Михайлович: – Тұрыңдар түге, жүретін уақыт болды. Кеңсеге барайық деп еді, полицайдың біреуі: Несіне асығамыз, тағы да сізбен бір стақан арақ ішіп жіберсек қа­й­теді? – деп ыржақтады. Бұлардың бейбастақтығына ашуланған Иван Михайло­вич даусын қаттырақ шығарып: – Жүр деген соң, жүру керек, – дей беріп еді, күжілдеп есіктен Дурнов кіріп келді. – Емельянов мырза, осы деревнядағы полицайлардың бәрі жиналып кеңседе отыр. Жүріңіздер, – деді. Иван Михайлович мас полицайларды соңынан ертіп, кеңсеге тартты. Бургомистрді тік тұрып қарсы алды. Иван Ми­хайлович өте қысқа сөй­леді. Дурновқа айтқан сөздерін қайталады. Сөзінің аяғын: «Егер арнаулы тапсырманы екі-үш күнде тындыр­ масаңдар, бастарыңмен жауап бересіңдер», – деп бітірді. Осындай азық-түлік жинау бұйрығын Иван Михайлович Сукромля деревнясына да алып келді. Мұнда да ол полицай­ларды қолды-аяққа тұрғызбады. Осы деревняның полицай бөлімшесінің бастығы Чудин Иван Михайловичтың бұрынғы шәкірттерінің бірі болатын. Полицай бөлімшесінен сыртқа шыға Чудин келгендерді өз пәтері­не шақырып еді, Иван Михайлович: – Жоқ, шырағым, бізді осы деревняның старостасы Беляковтың үйіне апар, сонда қонамыз, – деді.

Чудин мен екеуі алдыңғы шанада келе жатыр. Иван Ми­хайло­вич қасында отырған Чудинге сәл мойнын бұрды да, сыбырлап: – Мен сендер жөнінде Петр Васильевичке хабар жібердім. Бүгін түні олар келіп жетуге тиіс, партизандар елге көз қылу үшін сендерге қарсы оқ атады. Сендер де қарсыласқандай белгі көрсетерсіңдер. Біз атыс­ ты естісімен Епишево деревнясына қарай қашып шығамыз. Бірде­ңені бүлдіріп алмаңдар, – деп, сөзін бітіре бергенде, қонақтар бұрынғы ку­лак Беляков дегеннің үйіне келіп тоқтады... Ымырт жабыла барлаудан қайтқан Жылбек тобы штаб орналасқан жертөлеге келді. – Жүрістерің суыт көрінеді. Не жаңалық? – деді Тимо­фей оған. Жылбек арқасына байлаған рюкзагін шешіп жатып: – Біз ештеңе естігеніміз жоқ. Мына кішкене дорбаны «Иван Михайловичтың сәлемдемесі» деп, Тамара беріп жіберді. Сөйлесіп тұ­ руға уақыт аз болған соң, Тамара: «Барлық хабар, осы дорбаның ішінде», – деді. Ендігі хабарды бізге өзіңіз айтыңыз, – деп аузы мықтап буылған дорбаны Петр Васильевичтің қолына ұстата қойды. – Әкелген дорбаларың тым ауыр екен. Іші толған ал­тын емес пе? – деп жымың етті де, беліндегі қынынан кездігін алып дорбаның аузын бай­ла­ған жіпті қиып жіберді, ішіндегі батареялар болып шықты. Петр қуанып кетті. – Тіпті қуанып кеттің ғой, – деді Тимофей, ол да жерде жатқа­н­дардың батареялар екенін көріп. – Біздің батареяларымыздың таусылғанын білгендей жіберген екен. Мина жармақ түгіл, радиодан майдан жайын білуден қалдық қой, – деп ол да масаттанды. Қара көлеңкеде батареялар арасынан бір парақ бүктелген қағазды байқап қалған Петр Васильевич есік жақта тұрғандардың біреуіне: – Шырағдан жаға қойшы, – деді. Барлаушыларды дем алуға жіберіп, Тимофей мен Петр хат оқыды. «Құрметті Петр Васильевич! Мен сіздің тапсырмаңызды орындауға кірістім. Әзірге істің беті теріс емес. Неміс комендантының тапсырмасы бойынша бірнеше деревня­лар­ да полицай бөлімшесін ұйымдастырдым. Олардың ішінде өзіміздің жі­гіт­­ тер де бар. Тамарамен кездестім. Бүгін өзіңіз білетін маскүнем Дурновтың үйінде қонбақпыз. Ертең түстен кейін Сукромля деревнясына барамыз. Ондағы поли­ цай бөлімшесінде елу шақты адам бар. Бөлімшенің бастығы Чудин деген бұрынғы менің оқушым. Мұндағы «полицайлардың» бәрі пар­ тизан қатарына шығып кетуге даяр. Тек сізден сұрайтынымыз: ертең түнде (уақытын өздеріңіз біліңіздер) Сукромля деревнясына шабуыл жасасаңыздар екен. Полицайлар қорғанған болып оқ атады. Бірақ одан сескенбей-ақ қойыңыздар. Олар сіздердің шабуылдарығызға шыдамағандай Қорсико деревнясына қарай шегінеді. Сол кезде олардың алдын орап алып, оқ атудың ырымын жасарсыздар. Сөйтіп, олар далада

сіздердің қолдарыңызға еріксіз түскен болып есептелетін болсын. Өйткені, көбі семьялы адамдар. Партизандарға өз еркімен кетті дегенді неміс коменданты сезсе, барлығының бала-шағасын жойып жібереді ғой. Олар өз бетімен кетуге осыдан жасқанады. Ертеңінде ол «полицай­лар­ды» орман арасында партизандар бірін қалдырмай атып кетіпті деген сы­бысты таратасыздар. Бұл жағдай мен үшін керек екенін өзіңіз де білесіз. Мен қасымдағы полицайлармен мылтық даусын ести салысы­мен деревнядан қашып шығамын. Алыста кетіп бара жатқан бізді байқап қалған болып, атқылауды да ұмытпассыздар. Есімнен шығып кетіп бара жатыр екен, Сукромля деревнясында Беляков деген бұрынғы кулак бар. Ол осы өңірдегі немістің шпионы, оны жоюды ескерерсіз. Тимофей Михайловичты анада жолыққанда сыртынан таныстыр­ған едіңіз. Ол кісіге менен көптен-көп сәлем! Басқа жағдайды кейін хабарлармын. Кездескенше сау болыңдар. И.М.Емельянов, 20 январь, 1942 жыл». – Ертең деп отырғаны бүгінгі түн, – деді Тимофейге қа­рап Петр. – Мынауың астыртын жұмысқа шебер адам ба деп қалдым. Хаты өте бір айлакер адамның жазғанына ұқсайды. Менің ойымша да, оның ертең деп отырғаны – бүгінгі түн. Тимофей Коротченко картасын жайып Сукромля дерев­ня­сына баратын жолды қарап, әр жеріне қызыл қарындашпен белгі қойды. Ымырт жабылып қалған уақыт болатын. Партизандар тревогамен бірден көтерілді де, шаналарына отырысып, Сукромля деревнясына қарай жүріп кетті. Олар нысаналы жеріне жеткен кезде түн ортасы болған еді. Ақәділов пен Зарецкийдің ротасы жалғыз терекке қарай кетті де, қалған партизандар шаналарын деревняға жақын жердегі орман таса­­сына тастап, лек-легімен Сукромля деревнясына беттеді. Деревняға жақын­ дай бергенде, қаруларының шаппасын басып-басып жіберді. Атылған автоматтың даусы тынық түнді қақ жарды. Полицайлар атыса бастады. Атыс едәуір созылып барды да, тына қалды. Біреулер қашып бара жатқан болды. Оларды партизандар қуа атқылаған болып жатыр. «Полицайлар» бұлар жақын келгенше безілдетіп жатыр еді, оқыс тоқтап қалды. Иван Михайлович жазған Беляковты үйінен таба алмады. Тимофей Михайлович партизандарға кешегі немістерге деп жинал­­ған азық-түлік пен жылы киімдерді шанаға тиетіп, орман жиегіне жет­кізуді бұйырды. Көп ұзамай оңтүстік жақтан безілдеген пулемет пен автомат­тың даусы да тоқтады. Жылбектің ротасына еріп, әлгі елу шақты «полицайлар» да келіпті. Олардың бастығы Чудин қасындағы Жылбектен: – Ең үлкен командирлеріңіз қайда? – деп сұраған даусын естіген Тимофей Михайлович: – Командир мен боламын. Бері жақын келіңіз, – деді. Чудин аяғын тез басып:

– Жолдас командир, барлық қаруымен қырық жеті «полицайды» партизандар қатарына алып шықтым, сіздермен қатты шайқасқанымыз жоқ па? – деп қушыкештенді. Бұлардың әңгімесін тыңдап тұрған Петр Васильевич: – Сен Беляковтың қайда екенін білесің бе? – деді. – Ол мылтық даусын естісімен тығылып үлгерген болар. Біз өзіміз өлтіріп кетеміз бе деп едік, біреу-міреу сезіп қалса, Иван Михайловичты ауыр жағдайға душар етеміз бе деп соқтыққанымыз жоқ, – деді Чудин. Партизандар өздерінің базасына қайтты. Х Көктем келді. Қазақша айтқанда, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер кезі бұл. Ауа райының құбылуынан қар бірден еріп кетпей, ертеңгілік пен кешкілікте қатқақ. Қырат жерлер болмаса, ойпаңның қары әлі бұзылған жоқ. Орман ішінде қар мол. Күн жылуы түскен кезде қалың қар жылымдап еріп, жүріс-тұрысты қиындатады. Азық-түлік, оқ-дәрі қатарынан тапшыланып қалды. Осындай бір дағдарыс күнде Сергиевка деревнясында тұратын Толя деген он үш жасар бала бақша ішіне көп қаружарақ жасырып қойыпты деген Иван Михайловичтың хабарын алып келді барлаушылар. Майдан болған кездерде деревня маңында қалып қойған қару-жарақтарды бала жинастырып алса керек. Жинаған қару­ ларын жасырған жері – Толяның бақшасы, күзетшісі – Толяның өзі екен. Бүгінгі барлаушылар хабары осы болатын. Петр Васильевич қасында отырған Тимофей Михайловичке: – Оқ-дәрі болса, жоқтың қасы. Әр партизанда жиырма-отыздан оқ қалыпты. Ол қандай қару болмақ? Тіпті, байқаусызда тап болар басқыншыларға ататын да оқ қалмапты. Енді немістің жазалаушы отряды келіп қалса, қарсыласатын шама жоқ. Біз көбірек оқ-дәрі тауып алудың қамын ойлауымыз керек... – Менің ойымша, – деді ол, – бүгін түні Ақәділов бастаған бір топ партизанды кеше барлаушылар айтқан Сер­гиевка деревнясындағы Толяға жіберу керек. Тығылған қару-жарақтары бар екендігін өзі айтқан көрінеді. Ал, екінші бір топты Десна өзенінің ар жақ жағалауындағы Жуковка қаласының оңтүстік жағындағы орман ішінде көмілген қоймалар бар дейді, соған аттандырайық. Екеуінің бірінен бірдеңе шығар. Кешке таман Жылбек бастаған партизандар Сергиевка деревня­сына қарай жүріп кетті... Түн қараңғысынан деревня үйлері де көрінбейді. Тек Сергиевканың ар жағында екі километр жердегі Сещинск аэродромын бомбалауға келген совет самолеттерін атқылаған неміс зениттерінің снарядтарының ас­панда жарылғаны, самолеттерді қамалаған прожекторлардың жарығы ғана әлсін-әлсін деревняға сәулесін түсіреді. Деревняға барып қайтқан барлаушылар:

– Сергиевкада немістер жоқ. Сещинск аэродромы мен деревня­ның арасында тоқтамай ерсілі-қарсылы жүрген неміс патрульдері бар, – деген хабар әкелді. Бұл хабарға қуанған партизандар аэродром жағын күзетуге екі взвод автоматшыларын қалдырды да, қалғандары Толяның үйіне келді. – Есігіңізді ашыңыз, біз өз адамдарыңызбыз! – деді есіктің ішкі жағынан жөн сұрап тұрған әйелге. – Тез кіріңіздер, біреу байқап қоймасын, – деді үй иесі әйел есіктің ілгегін ағытып жатып. – Ал, шырақтарым, шам жағуға болмайды. Сещинск толған неміс. Қараңғыда тұрып-ақ жұмыстарыңызды айта беріңіздер, – деді. Үй иесі әйелдің даусы шыққан жаққа жақындай түскен Жылбек: – Сіздің Толя деген балаңыз қайда, жұмысымыз сол балада еді. Сіз қорықпаңыз, – деді. Үй иесі әйел жауап беріп үлгермей-ақ, манадан сөздің бәрін естіп, пештің үстінде бұғып жатқан Толик: – Сіздер мені қайдан білесіздер? – деп басын көтерді. Толяның қасында отырған шешесі даусы бұзылыңқырап: – Тыныш жат, сен Толя емессің, шаруаң не! – деп, қолымен баласын бір нұқып қалды. Сол-ақ екен, бала орнынан ыршып тұрып: – Сіздер кімсіздер, жөндеріңізді айтыңыздаршы, – деп еді, бағана­ дан үндемей тұрған осы деревняның тұрғыны, немістерден қашып партизандарға қосылған Вася: – Толик, сен мені білесің бе? – деді. – Сен, өзіміздің Васясың ғой, – деді Толик даусынан танып. Толик қараңғыда қолына түскен бір партизанды жетектеп ауыз үйге шығып: – Мені неге іздеп жүргендеріңізді білемін. Сендер менің бақшаға көмген қару-жарақтарыма келдіңдер, – деді бірден. Қасында тұрған партизан: – Дұрыс айтасың. Сол қару-жарақ көмген жеріңді тез бізге көрсет онда, – деді. – Егер сендер мені партизан қатарына алсаңдар, қазір көрсетемін, – деді Толик сабырлы үнмен. Екеуінің сыбырласып тұрғанын естіп, бөлме ішіндегі басқа партизан­ дар да, бұлардын жанына жақындап келіп еді. – Уәде етеміз, тез көрсет, – деді олар да. Толик далаға партизандармен ере шықты да, тура бақшаның бұрышын көрсетіп: – Мына жерге көмгенбіз. Онша терең емес, – деді де, өзі жерді қазыса бастады. Партизандар көмілген қаруларды теп-тез қазып алып, екі пар ат жегілген арбаға салды да, базаға тартты.

Таң ата базаға жеткен партизандар Толяның «қоймасынан» алған құралдарын қараса, екі станковый пулемет, төрт қол пулеметі, отыз автомат, бірнеше жәшік оқ, жүзге таяу мина бар екен. Партизандар­дың қуанышында шек болмады. Осы кезде барлаушылардың екінші бір тобы бір баланы жетектеп әкеліп: – Мына бала біздің базаға бұрылатын жолмен келе жатыр екен. Бізге жөнін айтпайды. Жөнімді партизан басшыларына ғана айтамын дейді. Өзі бір қайсар бала екен. Жөніңді айт деп қорқытып көріп едік, одан әрі қасарысып үндемей қалды, – деді барлаушылардың біреуі. Бала жертөленің ортасына жақындап келіп: – Мен Сергиевкадан түнде қашып кеткенмін. Түнде партизан­дар­дың біздің деревняға келгенін біреу жауға жеткізіпті. Партизандар ке­тісі­мен біздің деревняға солдаттар келіп тіміскілеп жүрген соң, қорқып үйім­ нен түн ішінде қашып шықтым. Сіздердің партизандарыңыз мені ертіп кетеміз деп уәде беріп, алмай тастап кетті. Енді өзім келіп тұрмын.­ Мен партизандарға қару берген Толямын, – деді бала. – Енді шындап жарықта танысайық, менің атым Вася – деп жерлесі Толяны құшақтай алды. Толяның қуанғаны сондай, өз семьясына қосылғандай мәз боп қалды. Толик Жамал мен Мая жататын жертөлеге орналасты. – Жамал, сен тағы балалы болдың, – деп күлді Жылбек. XІ Күн жылынды. Қыс бойы қатып тұрған ағаштарды жасыл жапы­ рақ жапты. Орман ағаштарындай көк жасылға оранбаса да, жыртық киімдерін шешіп тастап, көкірегін кере дем алып, күн қызуында жатқан партизандардың да ерекше рақаттанғаны байқалады. Петр Васильевич болса, қасындағы ағаштың бұтағын тартып қалып, қайта қоя берді, әлденені ойлағандай жалаңаштанып күнге қызды­ рынғандарға қарап отыр. – Жолдастар! – деді ол бір кезде, – Май мерекесіне екі-ақ күн қалды. Маңайдағы деревняларда митинг өткізсек, қайтер еді? Майдан жайын халыққа түсіндіруіміз қажет. Күн болса жылынды. Халық ара­ сында да жұмыс жүргізіп, олардың еңсесін, рухын көтерсек, жауға деген қарсылығын ұйымдастырып, басшылық етсек, орынды болмас па? – Әрине! – деп қостаған дауыстар шықты. – Менің ойымша былай етсек деймін, бір топты мен, екінші топты Тимофей Михайлович бастап, бүгін кешке таман деревняларға кетсек. Көпшілік осыған келісті. 1942 жылдың бірінші Майы. Әр жерде ойдым-ойдым бұлттың көрін­ гені болмаса, аспан ашық. Күн жоғары көтеріле бергенде Деньгубовка төңірегіндегі деревнялар мен хуторлардың тұрғындары тайлы-таяғы

қалмай, лек-лек болып ағыла бастады. Келгендердің ішінде жастар, кемпір-шалдар да бар. Олар деревняның ортасындағы алаңға жинал­ды. Митингінің ашылуын тосып тұрғандардың біреуі: – Фашистер жан-жақта тіміскілеп жүргенде митингі өткізейін деп, қорықпай келіп жүрген жүрек жұтқан кім екен? – дейді. – Өзіміздің адамымыз шығар. Сөзін тыңдайық! – деді екінші біреу. – Бала-шағамыз бен кемпір-шалды ертіп митингіге келіп тұрған біз­дер де жүрек жұтқан емеспіз бе! – деді тағы біреу. – Біздің осы митингіге қатысқанымызды фашистер біліп қой­са, шетімізден құртып, үйлерімізді өртеп жіберер еді. Міне, осы кезде мінбеге шығып келе жатқан Петр Ва­сильевичты көрген жұрт әңгімесін тоқтата қойды. – Ой, керемет, мынау адам біздің райкомның секретарына қатты ұқсайды екен, – деп, қара құлақшынның бауларын артына қайыра бай­ лаған сары тонды адам кісілерді кимелей алға ұмтыла берді. – Осы сен қайдағыны біледі екенсің, – деді әлгінің қасындағысы. – Мен осы жасқа келгенше аудандық партия комитетінің секретары түгіл, Клетня қаласын да көргенім жоқ, – деді ол. – Мен соғыс басталар алдында колхоздың жұмысымен екі-үш рет Клетняға барып, хатшыда болғанмын. Өзі өте кішіпейіл, салмақты адам, – деді сары тонды жігіт. Петр Васильевич мінбенің үстіне шығып, митингіге жиналған ха­лыққа біраз көз тастады да: – Жолдастар! – деді ол, – басқыншылардың өткен жылы қыс түс­ кенше бүкіл Совет елін жаулап аламыз деп даурыққанын бәріңіз де білесіздер. Гитлердің ол жоспары іске аспағанын тағы да білесіздер. Өткен ноябрь, декабрь айларында басқыншыларға Москва түбінде үлкен тойтарыс берілді, Совет Армиясының шабуылына шыдамай, олардың кейін шегінгенін майдан жайын түсіндірген үгітшілерден естіген боларсыздар. Қазір Совет Армиясы майданда фашистерге қатты соққылар беруде. Гитлер армиясы барлық майданда орасан көп шығынға ұшырауда. Соның нәтижесінде майданның көптеген бағытында жаудың бұрынғыдай шабуыл жасаудан беті қайтты. Совет Армиясы соғыс үстінде шынығып, майданда жаудың көптеген техникасын істен шығаруда. Совет Армиясы қазір үлкен айқасқа әзірлену үстінде... Гитлершілерді жеңу үшін, оның тылында партизандық соғысты күшейтуіміз керек. Май­данға кетіп баражатқан қару-жарақ тиеген, әскер тасыған поездарын мина салып құлатып, жаудың тылдағы қоймаларын, темір жол тораптарын, көпір­ лерді талқандап, жау тылында бүлдірушілік әрекеттерін жасауға мін­ деттіміз. Ол үшін деревня халықтары қаруланып, партизандарға қосылуға тиіс. Деревняда қалғандар партизандардың барлау жұмысына қатысып оларды азық-түлікпен қамтамасыз етуге көмектесетін болсын. Біз сонда ғана майдандағы Совет Армиясына жауды Отанымыздан қуып шығып, күл-талқан етуге толық көмектесе аламыз...

...Жолдастар! Бүгінгі Май мерекесі күні жаудың коммуника­ция­­ сын бұдан да көбірек бұзамыз деп, барлық партизандардың атынан сіз­- дер­ге ант береміз!..

Лебедев сөзін бітірген кезде: – Маған бір-екі ауыз сөз беріңіз! – деді ұзын бойлы, жас жігіт. – Сөйлеңіз, бірақ халық көру үшін мінбеге шығыңыз! – деді: – Жолдас Петр Васильевич! – деді ол мінбеге шығып, – біздің осы өңірдегі деревнялардың бәрінде де партизанға қосыламыз деген жастар көп. Барлығы бүгін-ақ пар­тизан болғысы келеді, бірақ қолда­рында қарулары болмаған соң, партизандарға құр қол «бізді алыңдар» деп баруға ұялады. Егер сіздерде бізге беретін қару болса, қазірдің өзінде жүзге тарта жастар сіздерге еріп кетуге даяр тұр! – Сіз ғафу етіңіз, есіміңіз кім? – деді Лебедев. – Николай. – Николай, сіздерді қаруландыруға партизандардың мүмкін­шілігі бар. Партизанға қосылам дейтіндер болса, оларға да қару тауып береміз. Митингіге келген халық топ-топ болып үйді-үйіне тарап жатыр. Митингі болған алаңда жүзден аса жастар қалды. Николай тезірек басып анадай тұрған Петр Васильевичке келіп: – Біз қай жерге жиналатынымызды білейік деп тосып тұрмыз, – деді. – Екі сағаттан кейін Барковичи деревнясының оңтүстік жағын­дағы орманның шетінде сендерді тосамыз, – деді ол. Жиналатын жерлерін білісімен, жастар жүгіре басып үйлеріне кетті. Лебедев күнімен күзетте тұрған екі ротаны шақыртып алды да: – Енді бұл жерден тезірек жүрейік, – деді. Партизандар тобы айтылған уақыттан сәл ертерек орман шетіне барып, деревня жастарын тосты. Әлден уақытта жан-жақтан шұбап келе жатқан адамдар көрінді. Партизандар жүзден аса деревня жастарын ертіп базаға келіп жетті. XІІ Барлауға кеткен Батырхан түс ауа тепектеп шауып келді де: – Жолдас командир! Воронец өзенінің арғы жағалауындағы Ходин­ ки деревнясынан екі шпион ұстап алдық. Екеуі де қарт адамдар. Олар­ды бірден базаға әкелмей сонда тастап, қастарына күзет қойып кеттік. Өзіңіз барып көрсеңіз! – деді. Тимофей Михайлович бастаған топ әлгі жерге келсе, сақалдары белуарына түскен, сүреңсіз, жадап-жүдеген екі адам отыр. Киімдері пәрепәре, аяқтарында талдың қабығынан шәркейлері бар, деревняның жай шаруалары сияқты. – Сіздер қай жердің адамысыздар? Жөндеріңізді айтыңыздар. Бірақ өтірік айтпаңдар. Біздер үшін өтіріктеріңді шығару оп-оңай, – деді Тимофей оларға.

Ұсталғандардың бірі аласа бойлы, қабағы қатыңқы, орта жасқа келіп қалған адам екен. Ол отырған орнынан қозғалыңқырап алды да: – Біз совет азаматтарымыз, екеуміз де коммуниспіз. Мен болсам Москваны қорғауға қатыстым. Шабуыл кезінде қоршауда қалып қойып, партизандарды іздегеніме, міне, екі айдай болды. Армияға өз еркім­ мен келмес бұрын Москвадағы политехникалық институтта профессор болдым. Менің барлық тарихым осы, – деді. Аз уақыттан кейін ұзын бойлы, жалпақ бет, үлкен мұрынды, жирен сақалды екінші кісі тұрып: – Балаларым-ау, Совет Армиясының бір дивизиясында бас хирург болдым. Мен де неміс армиясының қоршауында қалып, партизандарды іздегеніме үш айдан асты. Отан соғысына дейін Москва қаласын­дағы медициналық институттың хирургия кафедрасының меңгерушісі бол­ дым, – деді. Өзінің ежелгі әдетінше аузындағы трубкасынан қою түтінді будақта­ тып тұрған Коротченко нығызданып: – Иә, дұрыс екен. Көрерміз. Ал бізде операция жасалуға тиісті жара­лы партизандар да жоқ емес, – деді. Бұл екеуінің жай-жапсарын біліп, кім екендіктеріне көз жеткен­нен кейін Тимофей Коротченко Батырханға: – Мына кісілерді лагерьге апарып тамақтандыр, – деді. – Бұлардың кім екендігіне әлі де күдіктеніп жүрген Батырхан артын­да ілесіп келе жатқан шалдың біріне: – Фамилияң кім? – деді жұлып алғандай. Хирургпін деген шал: Менің фамилиям Кузнецов Николай Григорьевич, – деді. Лагерьге жеткенше осылайша әңгімелесіп келген Батырхан екі шал­ды тамақтандырып, аяқ киім беріп, қабық шәркейлерін отқа жақты да: – Сіз профессор болсаңыз, ал мен Ақтөбе облысының қойшысы­мын. Енді сен де партизан, мен де партизан, – деп ыржиып күліп қойды. Кешкі тамақтарын ішісімен Тимофей Михаиловичтің берген бұйры­ ғымен базадан тік көтеріліп кеткен партизан бөлімдері суыт жүріп кетті. – Асығыс қайда кетіп барамыз? Сен не білесің? – деп сұрады қасын­ дағы жолдасынан Павлик. – Жоқ. Бірақ ішім сезеді. – Нені сезеді? – Қайда кетіп бара жатқанымызды сезеді де! Шабуыл жасаймыз. – Оны мен де сезіп келемін. Қай жердегі жауға шабуыл жасайтыны­ мызды сұрап келем. – Мен оны қайдан білемін. Әдетте, Тимофей Михайло­вич бара­тын жерімізді базадан шықпас бұрын айтушы еді, бүгін ешкім білмейді. Коротченко бөлімшелер командирлеріне: – Московка деревнясында жаудың госпиталі бар. Қалайда, сол госпитальдің дәрі-дәрмегі мен аспаптарын қолға түсіруіміз керек, – деді.

Командир ойын енді білген жұрт Московка деревнясына таяп қал­ ғанда, бөлініп-бөлініп оны қоршауға кірісті. Ақәділовтың ротасы шығыс жақтан орағытып келді де, дерев­няға таяған кезде, еңбектей жөнелді. Бұларды сезіп қалған жау күзетшілері әр жерден автомат оғын бората бастады. Бұлар шабуылды тоқтатпай бе­лестен асты. Жаудың негізгі күшін өздеріне қаратып алған бұл рота жауын­герлері алма-кезек жүгіріп, бір қадам болса да ілгерілей түсті. Автоматтан үзбей атқылап жатқан Сергей орнынан тұрып, алға қарай жүгіре жөнелді де, құлап кетті. Қайта көтеріле беріп еді, оң аяғы қозғалтатын емес. Қасындағы досының жаралы болғанын сезген Мәжит Мұқанов Сергейді сүйреп, дөң астына қарай ала жөнелді. Мұны көзі шалып қалған Жылбек өзінің жауынгер досы, әрі солдаты Сергейді қат­ты аяп кетті. Сергей оның сонау Брестен бірге осында келген үш жолдасы­ның бірі еді. Бір кезде қарауындағы жауынгері болса, енді қарауын­дағы ержүрек партизаны еді. Сондықтан да болар, ол өзінің талай-талай өлім тырнағынан бірге құтылған серігінің жаралы болғанына қатты өкінді. Өліп қалар ма екен деп те қиналды. Бірақ ұрыс кезінде оның халін сұ­рауға мұршасы келмеді. Жау Жылбек ротасымен тіресіп жатқанда, партизандардың басқа бөлімдері солтүстік жақтан шабуылдап келді де бірден госпитальға соқтықты. Гитлершілер жаралыларын алып деревняның арғы бетіне бекінді. Жаудың шегінгенін көрген Тимофей Михайло­вич: – Павлик, қасыңа бірнеше адам ал да, ондағы дәрілер мен аспап­та­рын алып шық, – деді. Бұлар ойға алған міндетін орындаған соң ұрысты тоқтатты да, шегіне бастады. Әлгі айқаста аяғына оқ тиіп жараланған Сергейге көмек болмай, әрең жатқан болатын. Таң ата Павел Демидович штабқа келіп: – Сергейдің тізесінен төменгі жері қарайып кетті. Біз ешқандай көмек бере алмадық. Кешегі хирургтарың қайда, мүмкін сол бір айласын та­бар, – деді. – Ол Батырхандардың күркесінде болу керек. Тез бар да, соны шақырып апар. Өзің басы-қасында бол, – деді Ти­мофей. – Әй, Батырхан, кешегі ертіп келген хирургің қайда, менімен шап­шаң жүрсін, – деді Павел Демидович. Бұл сөзді естісімен есік жақта жатқан Кузнецов орнынан тұрды. – Хирург мен. Керегім болса, әзірмін. Николай Григорьевич: «Бірінші операциям сәтті болса игі еді, анау екеуміздің де тағдырымыз осында ғой», – дейді өзіне-өзі. Кузнецов қиналып жатқан Сергейдің аяғына қалың оралған бинтті алып жіберіп қараса, оң аяғының тізесінен төменгі жері қап-қара болып кетіпті.

– Бұған тез операция жасауымыз керек, өйткені тізеден төменгі жері­ нің қаны бұзылып, жоғары тарай бастаған. Операция жасайтын аспап­ тарың қайда? – деді хирург. – Аспаптарымыздың барлығы да бар, тек қана сүйек кесетін сай­ман жоқ, – деді Павел Демидович. – Ендеше, бар аспаптарды суға қайнатып, тазалап қойыңыз! Кішілеу қол ара бар ма? Оны да қайнат, – деді де хирург шығып кетті. Аса үлкен қиындықпен операция ұзақ жасалды. – Далада мынадай жағдайда жасалған тұңғыш опера­ция еді, – деп, Николай Григорьевич қатты толғанды. – Операция қалай, жаны қала ма? – деп төне түскен партизандарға ол ашулы қарап: – Операцияны жасауын жасадық, әзірге сәтті болды ма, жоқ па, кесіп айту қиын, ол бірнеше күннен кейін белгілі болады. Жақсылыққа жорып, күте тұрайық, – деп маңдай терін сүртіп, отыра кетті. Айтқандай-ақ, бірнеше күннен кейін Сергейдің беті бері қарай бас­ тады. Жау партизандарды қоршап алды да, оларды жойып жібермек болып, көп әрекеттенді. Партизан отряды олармен ұзақ шайқасты. Ең соңында олардың қоршауын бұзып, басқа бағытпен шегініс жасады. Басқыншылардың осы қоршауы бітісімен, шегінген отрядты қорғау үшін қалған жиырма автоматшы да бөлімге келді. Бірақ олардың ішінде Жамал мен Мая болмай шықты. Олардың қай жерде, қандай жағ­дайда көз жазып қалғанын ешкім білмейді. Бұл жағдай отряд басшы­ла­рының ойынан кетпей қойды. Іздейін десе, оған мұршаны келтірмей тағы да жау қысып кетті. Енді реті келді-ау дегендей Коротченко Ақәділовты штабқа шақыртты. – Енді сен, Жылбек Ақәділович, – деді Тимофей Ми­хайлович, – ротаңнан таңдап бір топ адам ал да, Жамал мен Маяны іздеп тап! Басын төмен салып, мұңайған Жылбекке ол күлімсірей қарап: – Мұндай бұйрықты орындауға әзірсің ғой деймін! – деді. Жамал мен Маяны іздеу оңайға түскен жоқ. Бұл төңіректе шарлан­ баған жер қалмады. Көрдім-білдім деген жан жоқ. Көп сарылды, көп іздеді. Жылбек бастаған топ әбден шаршап бір күні орман ішімен жайлап келе жатты. Кенеттен бейсауат жүрген бір әйел көрінді де, жоқ болды. Осы нақ сол Жамалдың өзі сияқты боп кетті білем, партизандар оның соңы­ нан тұра жүгірді. Аздан кейін алдарындағы қалың қарағайдың ішіндегі бұрқырап жатқан түтінді байқады. Түтін шыққан жерге жақындаса, отқа тамақ пісіріп, соны алқа-қотан қоршай отырған адамдар көрінді. Олар тағы тығылып қалмасын деп, партизандар қарағайдың арасы­мен жақындап келді. Ағаш тасасынан шыға бере Жылбек: – Қорықпаңыздар! Біз партизандармыз, жоқ іздеп жүрміз, жөн сұрайық деп келдік. Қашпаңдар! – деді.

Отқа тамақ пісіріп отырғандардың ішінен сақалы кеудесіне түскен, ащы темекіні көп тартқандықтан мұрты сарғайып кеткен бір қарт орны­ нан тұрып: – Қарағым, осы күні жаудың кім екенін, елдің кім екенін айыру бізге өте қиын болды. Осыдан бірнеше күн бұрын біз партизанбыз деп төрт адам жолығып еді, артынан бай­қап қарасақ, жендеттерге сатылған поли­ цайлар болып шықты. Олардан аяғымызды әзер алып шығып, осы жерге кеше келіп тоқтадық. Сендердің өңдерің, киім-кешек, құралдарың осы өңір­дегі партизандарға ұқсайды. Сондықтан сендерге сенуімізге бо­лады ғой деп тұрмын! – деді. – Сендердің келе жатқандарыңды көріп, зытып қалың орманға қашып кеткен әйел мына отырған менің келінім, – деп қасында отырған сары әйелді қолымен нұсқап көрсетті. – Отырыңыздар, шырақтарым. Жөндеріңізді айтыңдар, – деді қарт. Жылбек қартқа жақындап келіп, қарағайға сүйеніп тұрды да: – Жазалаушылардың шабуылы кезінде бір балалы әйел жоғалып кетті. Біз соны іздеп жүрміз, міне сұрау салғанымызға бірнеше күн болды. Дерек жоқ, – деді. Бұлардың сөзіне құлақ түріп отырған қартаңдау әйел, отты үрлеп бол­ ды да: – Қалқам, – деді ол, – кеше, орман ішінде, жаңғак теріп жүр­генімде, Глинка деревнясының күншығыс жағында тұратын жалғыз үйлі ор­маншы Рябушкинге жолықтым. Халің қалай деп сұрағанымда, менің халімді несіне сұрайсың, жау кемпірімді партизансың деп үйіме от қойып, сол отқа өзін өртеп кетті, қызым екеуміз солардан қашып келе жат­қанда бір балалы әйелге жолықтым деп еді, мүмкін сол болар... – Иә, сол болар. Сонда Рябушкинді қайдан іздеп табуға болады? – деді Жылбек. – Е-ей, шырақтарым, – деді қарт, – Гитлер үйдегіге де, түздегіге де тыныштық бермей, елдің бәрін қаңғыртып қойды ғой. Ол соқырдың қалған көзі қашан ойылар екен! – Рябушкинді іздейтін болсаңдар, балалар, ол алысқа кетпейді. Орманнан табасыңдар! – деді әлгі кексе әйел. Партизандар бұл жерде көп аялдамай, Рябушкиннің үйі тұрған орын­ды карталарынан белгілеп алды да, отырғандармен қош айтысты. ...Атыс басталған кезде, жас сәбиімен жыраға паналаған Жамал бірер сағаттан кейін мылтық даусының екінші бетке ойысқанын аң­ғарды. Партизандардың шегініп кеткенін сезді ол. Енді оларды табу да қиын. Екі ортаға партизандарды өкшелей тықсырып бара жатқан жау еніп кетті. Қайта, анау атыс шығып жатқан жерден алыс кеткен жөн деп ой­лады Жамал. Әйтпесе, жаудың тұзағына түседі. Отрядтан бөлініп жас ана осы оймен нәрестесін бауырына қыса, орман арасымен кейін қарай ы­ғы­сты. Орманда самал желдің соғуынан ағаш жапырақтарының баяу сыб­дыры естіледі. Бұдан басқа үн жоқ. Үлкен бір қарағай түбіне отыра кетті Жамал. Қайда бару керек? Қалай жүру керек? Не істеу керек? Айнала өскен

қайыңның ортасында дара тұрған ұзын қарағайдан басқа пана, серігі жоқ. Ақыл беретін, жөн сілтейтін де тірі жан жоқ. Айнала жау. Жапырағын мол жайып, панасын молайтқаны болмаса, ұзын қарағайдың да көмегі аз. «Жоқ, бұл жерде қалуға болмайды, таң атысымен жау әскерлері ма­ңайды да тіміскілеп, партизандарды іздейді. Сонда олардың қолына біз түсеміз ғой, Маяжан. Адамгершіліктен жұрдай азғындар бізді мазақ етер, найза ұшына іліп қорлар» деп көз алдына басқыншыларды елестеткенде, Жамал есінен айырылғандай, ұзақ үнсіз отырды да, Маяны көкірегіне қыса түсті. Есін жиған кезде Маяны құндақтап алып әлдеқайда жүріп кеткісі ке­леді. Бірақ қай жаққа! «Адасқанның алды жөн» деуші еді деп орнынан тұрады да, қайта отырады. «Жау қолынан азап көріп, босқа өлгенше, басы­мызға салғанды көрейік», – деп жүріп те кетті ол бір кезде. Бір қолына жас сәбиді ұстап, екінші қолымен ағаш бұтақтарын ысы­ра, өзіне жол ашып, қараңғы орман ішінде елегізіп келеді. Оқта-текте сүрі­ніп қалып, Маяны қолынан түсіріп ала жаздаса, енді бірде онсыз да жыр­тық киімдерін ағаш бұтақтары іліп қалып, кейін тартқылайды. Атылған оқтан алыстаған сайын Жамалдың көңілі орныққандай болды. Өзін-өзі қанша жұбатқанымен, қараңғы түнде шырылдаған Мая даусы оны үрейлендіре түседі. Мен мұндалап жауға хабар жеткізгендей көрінеді. Мылқау орманда қанша жүргенімен жалғыз адамның жүрісі өнді­ меді. Шамалы жүргенсін шаршап қалды. Оның үстіне Маяның жая­лығы суланып, жас нәрестенің тынышын алғансын, ағаш түбіне түней кетті. Жаялығын құрғатып, тамақтандырғансын, тәтті ұйқыға батқан сәби Жамалды да тыныштандырып, көзін іліндірді. Аздап көз шырымын алған ана, таң біліне тағы да жүрді. Күн қыза көзін ашқан Мая ояна сала бұлқына тырмысып, емшек іздеп, ана төсін аймалап болмағансын, емізбек боп, ағаш түбіне Жамал отыра бергенде, жақын тұста автоматтан атылған оқ даусы шықты. Онсыз да жанын қоярға жер таба алмай келе жатқан ана жүрегі су етті. Артынша бұлар өзіміздің адамдар болар деп ойлады. Не қорыққаннан, не қуанғаннан, тіпті, көзіне жас та келіп қалды. «Шынымен-ақ осы ор­ манда қалғанымыз ба», – деп, тұла бойы – тұңғышы Маясын бауы­рына қысып ауыр күрсінді, – сәбидің жас иісіне рақаттанып, қуат алды, аналық жүрегі толқып, бір мезет өзінің қайда, не ғып жүргенін де ұмытып кетті. «Енді жүруге де болмайды», – деп түйді ойын Жамал. «Не де болса күн­нің батуын күту керек». Аш адам шөлдегіш келеді емес пе, Жамалдың тамағы кебірсіп, сусын іздей бастады. Маяны жаялығына орап, Жамал күн ұясына қона тағы жылжыды. Аштық пен шөл аз дегендей, жаман етігі де өкшесін қажап, еркін жүргізбейді. Емшек сүтіне жарымаған Мая да шыр-шыр етеді. Соның бәрін елемей алға қарай жүре берейін десе жыртық етіктің әлегі жанға батады, жалаң аяқ жүрейін десе табанына шөп-шалам батып, тағы әурелейді. Бір кезде дем алуға отыра қалып еді, көзі ілініп кеткен Жамалдың үстіне жау

топырлап төне түскендей елестеп, шошып оянды. Шошығаны сондай – емізіп отырған қызын лақтырып жібере жаздады. Анасының емшек­тен оқыс айырғанына долданған сәби шыр етіп жылап жіберді. – Қоя ғой, Майым! Шошып қалдың ба? Кешір, күнім! – деп, құнары жоқ емшегінің ұшын Маяның аузына қайта салып, жұбатқан болды. Осындай аянышты жағдайда отырған Жамалдың құлағына жақын жерден бір сыбдыр естілді. Жамалдың денесі мұздап кетті. Айналаға еліктей, елегзи қарап, көзі мөлдіреп отыр. «Енді өлген жеріміз осы шығар, Мая», дегендей төңірекке мұңая көз жіберді. Әлден уақытта бала еріткен белгісіз адамның орман ішінде келе жат­ қанын көрді де, таңдана орнынан тұрды. Жақын келгенде қараса, қарт­тау адам екен. Ол Жамалға таңдана қарап: – Қызым, сен неғып жүрген адамсың? – деп, қарт Жамалдың жа­ны­на келді. Жамалдың қысылғаны сондай, аузына сөз түспей: – М... мен... О... осы маңайдағы деревняның адамымын, ж... ж... жол­ дан адасып, қайда барарымды білмей тұрмын, – деп еді, қарт: – Әй, шырағым, сенің бұл жердің адамы емес екендігіңді түріңнен танып тұрмын, – деді. Жамал жылап жіберді. – Сіз жыламаңыз. Мүмкін кешегі атыста партизандардан ада­сып қалған боларсың, шыныңды айт! Біз сені далаға тастамаймыз. Біз совет адамымыз, – деп қарт өзіне сендірерлік сөздерді айтып жатыр. Бұларға сенерін де, сенбесін де білмеген Жамал біресе Маяға қарап, біресе алдында тұрған қыз бен шалға қарап, мұңайып тұр. Жыларын да, күлерін де білмейді. Бір ой «Осыларға ер» десе; бір ой: «жоқ, тоқта, байқа, алдыңда тұрғандардың кім екенін, қандай оймен келгенін білесің бе» деп қабаттаса береді. Не де болса осыларға еріп кете берейін десе, оның да бабын таппайды. Ермейін десе, өзінің халі, қолындағы Маяның жағ­дайы есіне түседі. «Осыларға ер, не де болса, саған көмектеседі» деген ой ке­леді. Жамалдың осындай жағдайда тұрғанын байқаған қарт: – Қызым, көріп тұрсың, менің де қасымда сен сияқты қызым тұр. Сен де қызымсың. Сені, мына қолыңда тұрған бөбекті жендеттердің қо­лына түсірмей, партизан жоқшылары келгенше сақтаймыз. Осы өзіміз тұрған жерден сегіз километрдей қалың орман ішінде жасырған азын-аулақ азық-түліктеріміз де бар. Соған бара жатыр едік, қолыңдағы мына бөбек­ тің шырылдаған даусын естіп, не де болса қасына барайық деп бұрыл­ дық... – деп, өз жайын айта бастады. Жамал мен Маяның ауыр халіне көңілі босады ма, әлде кемпірі есіне түсті ме, қарт ұзын кең көйлегінің кір басқан жеңімен көзіне іркілген жасты сүртті. – Енді бұл жерде аялдауға болмайды, шырағым, жүрейік, тағдыр­дың жазуын бірге көрейік, – деп ол құндақтағы сәбиді өз қолына алып, жол бастады. Ақсаңдай басқан Жа­мал қозысының соңынан ерген қой­дай, анау қыздың қолынан ұстап, еріп келеді. «Таршылықта кез болған бұл екі жан дұшпанымыз емес, бақытымыз болар», – дейді ішінен Жа­мал.

...Жора бастаған партизандар тобы Рябушкин қартты іздей берді. Өздері әбден шаршап-шалдықты. Орман ішінде кездескен шаруа­ла­р­д­ан алған мардымсыз азықтары да таусылды. Ендігі талшығы – қымыздық. Іздеушілердің үміті үзіліп, әртүрлі ойларын айтыса бастады. – Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ, іздемеген жер қал­мады. Әлде, Рябушкиннің өзін де басқыншылар жоқ еткен болар? Әлде қараң­ ғы түнде, орман ішінде жүріп, батпаққа батып кетті ме екен? – деген сан түрлі ойлар ортаға салынуда. – Әбден шаршадыңдар. Аяқтарыңнан да аяқ қалмады. Бүгін осы жерде түнеп, таң ата жүрелік, – деді Жылбек. Неше күннен бері шаршағандардың бірі: – Отрядқа қайтайық, – деп те айтып салды. Бірақ анадай жерде оқ­ шаулау отырған Мәжит: – Сендер босқа қорықпаңдар. Аласапыранда туған Мая өлуші ме еді, екеуі де тірі. Осы қалың орманның бір жерін паналаған болу керек, – деді. – Оны қайдан білдің? Менің жүрегім сезіп отыр, – деп, Мәжит еңсесі түскен партизан­дар­ дың жабырқаған көңілін бір көтеріп тастады. Таң атысымен іздеушілер орманды аралап келе жатыр еді, алдары­ нан біреу қараң ете түсті де, жоқ болды. Партизандар елең етіп қалды да, автоматтарын әзірлеп, әлгі қараңдаған жаққа қарай бытырай жүгірісті. Орман ішінде жалғыз-жарым адамды тауып алу оңай ма, әр бұта­ның түбін көзбен сүзіп, үңіле қарағанмен, қайтып таба алмады. Бір кезде арт жақта келе жатқан Мәжит: Міне, таптым. Бері келіңдер, – деп айқай салды. Алда келе жатқандар іле-шала кейін серпілді. Топталып Мәжит тұрған жерге жетіп келсе, ол бір қарттың қолынан ұстап, сөйлесіп тұр екен. Шал мойнын бұрып, келгендерге жалт қарады да: – Мен сендерді анадайдан көріп, бұлардың кім екенін біліп алайын деп, бұғып жата қалып едім. Сендердің пар­тизандар екендеріңді біліп, орнымнан түрегелдім. Өйтпеген күнде сендер мені өмірде таба алмас едіңдер, – деп жымиып күлді. – Сіз кім боласыз, аты-жөніңізді айтыңызшы, – деді Жылбек. Қарт жұлып алғандай: – Сендер мені танымай қалғансыңдар ғой, жазғытұры партизан­дар Отвассе деревнясындағы полицайларға шабуыл жасағанда жол сілте­ген емес пе едім. Менің фамилиям Рябушкин, – деді ол. Сол-ақ екен: – Иә, сізді енді таныдык. Сіз орман ішінде бір балалы әйелге жолы­ ғып, паналатыпты деп естіп келдік. Мүмкін, ол біздің іздеген адамымыз бо­лып шығар, – деді Жамалының табылатынына ешқандай күдігі қал­ маған Жылбек. – Болса болар, қазақ әйелі көрінеді. Дені сау, жаудан аман алып қал­ дық. Жүріңдер, өздеріңмен таныстырайын, – деп партизандардың алдына түсті қарт.

Көп ұзамай-ақ партизандар қарттың жертөлесіне де жетті. Ана мен бала сонда отыр екен. Көңілдері жадыраңқы. Маяны көрген партизандар оны қолдан қолға жүгіртіп, сәбидің беті­ нен иіскеп, мәз-мейрам болды да қалды. – Жақсы иістен маған да қалдыра көріңдер, – деп, Жылбек Жамал­дың қасында ыржия күліп тұр, жертөле іші қуанышқа толды. Қарттың қалған-құтқан тамағы да дастарқан үстіне келіп қалды. XІІІ Таңға жуық Епишево деревнясына әрең жеткен Иван Михайло­вич­ тер ешқайда мойын бұрмастан, аттың басын ту­ра Дурнов мырзаның ­үйіне келіп бір-ақ тіреген еді. Жол бойы қорыққанға қос көрінгендей, мойындарына су кетіп, үн-түн жоқ, сөйлеуге шамасы келмеген полицайларға Дурновтың үйіне кірісі­мен жан біткендей болып, сөзге келді. – Иван Михайлович, – деді полицайлардың біреуі, – қа­рап отырып, өліп қала жаздадық қой. Сіздің айлакерлігіңіздің пайдасы осы жерде тиді. Сіз, тез ат жек демесеңіз, бізді сол жерде сылқитады екен. Дерев­нядан шыға бергенде, пар­тизандар шабуыл жасап келе жатқан жаққа қарап едім, өздері тіпті көп екен. Онда қалған полицай бөлімшесінің адам­дары құтылып кете алса, жақсы-ақ болар еді, әй, қорқамын... – Олардың құтылып кетуі қиынырақ болар. Партизандар қолы тым көп, қаптап келе жатқан болатын. Өздері оқ­тан қорықпайтын не қылған жандар, – деді қасында тұрған полицайлардың тағы біреуі. Иван Михайлович балпылдап сөйлей бастаған екі поли­цайға: – Біз өз жанымызды аман алып қалғанымызға қуануымыз керек. Мен өлген жеріміз осы ғой деп ойлаған едім. Олар бізді де түн ішінде бай­қап қалып, оқ атқылады-ау. Қонақтардың ауыз үйге кіріп, өзара сөйлесіп жатқандарын шала-пұла естіп, төсегінен ыңқылдай-күрсілдей тұрып, ауыз үйге жалаңаш-жалпы шыққан Дурнов: – Емельянов мырза, – деді ол, – сіздер не деп тұрсыздар, партизан­­дар қоршады дейсіздер ме? – Иә, партизандар шабуыл жасап, әзер қашып құтылдық. Өздері қара құрттай қаптаған бірдеме екен! – деді Иван Михайлович. – Олар біздің деревняға келіп қалмай ма? – деп Дурновтың екі қолы суыққа қарылғандай дірілдеп, екі көзі жыпылықтап кетті. Иван Михайлович ішінен: «Бәлем, саған да жан керек екен. Талай жазықсыз адамды партизан деп неміске көрсеткеніңді білесің бе? Сенің де жазаңды алатын күнің келер, асықпа», – деп, сәл ойлап тұрды да: – Таң бозарып қалды. Енді қонып жататын уақытым жоқ. Біз қазір қалаға жүріп кетуіміз керек. Дурнов мырза, кешегі тапсырманы қалай орындап жатырсыз, соны айтыңыз, – деді.

– Осындағы полицайларды ертіп әбден ымырт жабылғанша, әр үйді аралап жүріп жинадық. Біздің деревняны өзіңіз білесіз, өте үлкен ғой, кеше бітіре алмадық. Көпшілігінен күшпен алдық. Өйтпесек, өз қол­ дарынан ешкім ештеңе беретін емес. Әлгі, фермада сиыршы болып істеген шалды, білесің ғой, өзі бір қайсар, қисық кісі екен, «менің сен­ дерге беретін астығым жоқ» деп, бетбақтырмай қойды. Оның осы сөзін өз құла­ғым­мен естіген соң, шыдап тұрайын ба, ол шалды жығып салып, мыл­тықтың дүмімен ұрып, басының мылжа-мылжасын шығарып едім, кешке таман өліпті деген хабар естідім, – деп, өз жауыздығына өзі риза болып қарқ-қарқ күлді. Дурновтың деревня халықтарына істеген зұлымдығын іштей жақтырмай тұрған Иван Михайлович: – Сіз өте дұрыс істегенсіз. Кешегі жинаған азық-түліктерің мен киімкешектеріңді қалаға тез жөнелтудің қамын ойластырыңыз, – деді. – Мен сіздермен қалаға жүріп кеткім келіп тұр. Жүкті жіберуді осын­ дағы полицайларға тапсырамын ғой, – деді Дурнов, ішінен Сукромля­ға келген партизандар бізге де келеді ғой деген қорқыныш оймен. Иван Михайлович аз уақыт үндемей тұрды. «Осы жауыздың да қалада керегі болып қалар, барса барсын», – деп ойлады. – Олай болса, енді бұл жерде аялдамайық, жолдағы по­лицай бө­ лім­шелеріне де соғуымыз қажет, тезірек жүріп кетейік, – деді Иван Михайлович. Бөлімшедегі үрейленген полицай бастығы мен күзетте тұрған екі-үш адамнан басқа ешкім жоқ еді. Иван Михай­лович бөлімшеге кіріп кел­генде олар: – Емельянов мырза, жаңа ғана Сукромля деревнясынан Беляков қарт келді. Оның айтуынша, сол деревнядағы полицайлардың барл­ы­ғын партизандар қырып кеткен көрінеді. Ол сіздерді де өлтіріп кетті деп еді, аман құтылған екенсіздер. Тіпті, жақсы болды. Мәртебеңіз өсе берсін! – деп жалбақтап жатыр. Иван Михайлович төр жақта тұрған орындыққа аспай-саспай барып отырды да, стол басында тік тұрған полицай­лар бастығына: – Беляковтың өзі қайда қазір, көрдің бе өзін, бізді де өлтіріп қойды дейсіз бе? – деді. – Беляков мырза түнімен көз ілмепті, оның үстіне партизандар­дан тығылып екі-үш сағаттай суық погребте жалаңаш отырыпты. Осын­дағы туыстарына дем алуға кетті – деді полицай бастығы. Иван Михайлович столға сүйеніп қасында тұрған полицайға: – Дурнов бізбен бірге жүреді. Ал сен осы деревнядан жиналған зат­ тарды Ершичиге тез жөнелтуге кірісетін бол, – деп жүріп кетті. Дурнов еңгезердей денесімен пәуескенің бір жағын басып аудара жаздап отыр. Иван Михайлович екеуі бір-біріне үн қатыспай жүріп ке­леді. Иван Михайлович өткен-кеткенді ойлап: «Менің ертеңгі күнім не болады. Айналам толған жау. Әуелі, осы қасымда күжірейіп отырған

Дурновтың өзі маған қас. Менің партизандарға көмектескенімді жау коменданты біліп қойса ғой, мені дарға асады. Онда кемпірімнің халі не болады? Шіркін, сүйген мамандығыма қайта оралатын күн туса, өзімді өте бақытты жан дер едім, қызметтес, сабақтас болған мұғалім коллективін көріп өлсем, арманым болмас еді-ау. «Иван Михайлович, Иван Михайлович», – деп, қасымда айнала үйіріліп жүретін оқушы­ларды қойсаңшы, өзімді қандай сыйлаушы еді. Класқа кіріп барғанда бір кісі­дей орындарынан тұрып сәлемдесуші еді ғой. Енді міне, өз маман­ды­ғымды еріксіз тастап, қалың жаумен астыртын арбасып жүрмін. Соғыс жеңіс­ пен бітіп, сол кластарға барып жас ұрпақтарға тым болмаса, осы істе­рімді айтып берсем, арманым болмас еді», – деп ойлады. Бір кезде Дурнов қырылдаған дауыспен: – Иван Михайлович, өткен түнде сендердің Сукромля деревня­сын­да қонып жатқандарыңды партизандарға дереу жеткізген кім деп ойлай­­сың? – деді. – Мен өзім де соны ойлап басымды қатырып келемін. Егер біреу жеткізбесе, біздің онда екенімізді партизандар қайдан білсін. Басқа күні келсе, көріп білмеді дейсің бе, олар біздің Сукромляда екенімізді біліп, ұстап алмақ болып келген ғой, – деді Иван Михайлович. – Менің ойымша, әлгі сендер қонған Беляковтан басқа ешкім жеткізген жоқ. Өзі ылғи отын әкелуді сылтау қып орманға жиі барады деуші еді. Оның біреумен байланысы бол­маса, сонша отынды қайтеді? Ол қудың неміс комендантының бауырына кіріп жүргені де өзінің із-тозын білдірмейін дегені шығар, – деп Дурнов қарқылдап күлді. Иван Михайлович сәл отырды да: «Әнеу күні неміс коменданты Епишеводағы староста Дурновты басқа бір қызметке алмақ болып жүрміз. Оның орнына Беляковты қоюға болады деп еді-ау. Мына жауыз оны да білетін шығар. Тегі өз деревня­ сы­нан ешқайда барғысы келмейтін Дурнов Беляковтың көзі жойы­луы­на қарсы болмасқа тиіс, мен мұны да пайдаланайын», деген ой сап ете түсті. «Әлде осы қу менің ойымды білгісі келіп отыр ма екен, осы шын айтып отыр ма?» – Сен не айтып отырсың, ол бізге таза қызмет етіп жүрген адам емес пе? – Қалада тұрған сіз көп білесіз бе, жоқ деревняда әр адамның аяқ басқанын аңдып отырған мен көп білемін бе? Сол Беляковтан басқа ешкім барып хабарлай қойған жоқ. Оған сеніңіз, Емельянов мырза, – деп Дурнов елеуреп кетті. – Осы кеше, біз үйіне барғанда, жегулі тұрған шанадан шағын­ дап-шағындап кесілген ағаш түсіріп жатыр еді-ау. Осы Сенің айтып отырғаныңның да жаны бар сөз болды, – деді Иван Михайлович кілт бұрылып, Дурновқа қарай қалып. – Мен айттым ғой, ол ағашты сылтау ғып, ормандағы партизан­дарға сіздің келе жатқаныңызды жеткізіп үлгерген. – Менің Сукромля деревнясына қонатынымды қайдан біле қойды?

– Сіз кеше полицайларға айтқаныңыз есіңізде ме? Ел арасы жақын емес пе, олар ештеңе ойламай біреуге сыбыр ете салған болар. – Олай болса, қазір қалаға барысымен комендантқа хабарлай­тын болайық. Ондай қауіпті адамды жоюымыз керек. Көрдің бе, ол жауыз­дың істеп жүргенін? – деді Иван Ми­хайлович. Екеуі сөз байласып, партизандардың түнгі шабуылын хабарлауға комендант орналасқан екі қабат үйге келіп кірді. «Жауыз Беляковты жоюдың амалы табылды», – деп іштей қуанған Иван Михайлович төр алдында екі қолын артына ұстап түрегеп тұрған майорға амандасты да: – Майор мырза, сіздің тапсырмаңызды орындауға кіріскен едім. Қазірдің өзінде біраз азық-түлік, киім-кешек жиналды. Алдын бүгін кешке таман қалаға жеткізеді. Бірақ бір қолайсыз жағдайға ұшырадық. Біз кеше кешке таман Сукромля деревнясына барып қонған едік. Түн ортасы кезінде партизандардың қалың күші шабуыл жасады. Біз әзер қашып құтылдық. Полицай гарнизоны көп уақыт берілмей арпалыс­ ты. Бірақ партизан күші, олардан бірнеше есе көп болған соң, Корсико­ дағы гарнизонға қосылуға шегінген екен, ол жақта да партизандар құрған тосқауыл болып, полицайларды бүтіндей жойып жіберіпті, – деді. Бұл хабарды естіген майор тулаған аттай бұлқан-талқан болды. – Сендер не ғып жүрдіңдер, неге күні бұрын білдірмедіңдер? – деп Дурновты жан алқымға алды. – Мына бурго­мистр Емельянов мырза­ны партизандар өлтіріп кеткендей болса, алдымен сені дарға асамын. Сен маған партизандардың тыңшысын тауып бересің. Мүләйімсіп басы салбырап тұрған Дурнов: – Майор мырза, – деп Иван Михайловичке көзінің қиығымен бір қарап қойды, – Емельянов мырзаның Сукромля деревнясына ба­рып қонатынын партизандарға жеткізіп жүрген Беляков... – дей беріп еді ол, майор ара шағып алғандай: – Кім, кім дейсің? – деп ежірейе қалды. – Майор мырза, Беляков сіздердің сенімдеріңізге кіріп, партизан­дар­ ға қызмет істеп жүр. Отын әкелуді сылтау қылып, күнде орманға ба­ра­тын көрінеді. Кеше Емельянов мыр­за барғанда да, әкелген ағашын тү­сі­ріп жатыпты. Құтырған қасқырдай біреуді жеп қойғысы келіп, көзімен атып жүр­ген майор: – Емельянов мырза, сіздер барғанда Беляковтың орманнан келгені рас па? – деді. – Иә, солай, майор мырза, біз барғанда ол шанасынан ағаш түсі­ріп жатты. Сондықтан хабаршы сол болды ғой деймін. Онан басқа адам­­ның көрсетуі тиіс емес. Өзі бәрін тындырғандай мына Епишево деревня­сын­да дем алып жатыр дейді, – деді. Неміс майоры стол үстіндегі телефонның трубкасын жұлып алып: – Тез Епишево деревнясындағы Беляковты алып келіңдер, – деп әлде­ кімге бұйырды да, телефон трубкасын лақтырып тастады.

...Өркеш-өркеш болып тоқталмай жылжып жүрген бұлт кеш бата аспанды жауып, қараңғылық қоюланып келе жатқан болатын. Неміс комендантының кабинеті де ала көлеңкеленіп тұр еді. Столға асылып, басын екі қолымен ұстап, шынтақтап отырған майор: «Біздің жазалау отрядтарымыз партизандарды бүтіндей жойдық, енді бұл өңірде ешқандай қорқыныш жоқ деп жоғарғы командованиеге білдіргені қайда? Оларды қырып тастаған болса, мыналар қайдан шығып жүр. Тегінде, жазалаушы отрядтың баяндамасы жалған болды ма? Оқшау шық­қан солдаттарымыз қайтпай, жоқ болып кетеді. Партизандарға кездессе-ақ болды, оларды қырып тастайды. Осы қаланың өз іші де өте қауіпті боп барады. Әлде, бұлардың баласына дейін партизан ба? Түк түсінбейсің, бүйте берсе, коммунистердің қолынан өзімнің де аман кетуім екі-талай сияқты. Біздің солдаттарымыз бен офицерлерімізді өлтіріп кетіпті, майданға жүк әкетіп бара жатқан эшелондарымызды құлатып кетіпті, темір жол көпірлерін бұзып кетіпті деген хабар күннен-күнге көбейіп барады. Сондықтан қолға түскен Беляков сияқты сезікті адам­дардың бәрінің көзін жоғалту керек. Олар біздің алдымызда мүсәпірсіп, адал пейіл білдіреді де, былай шығып алып, бізге істейтіні қастық», – деп ойлады. Дәл осы кезде көрші бөлмеден гестапо бастығы подпол­ковник Ран­ кенау есіктен кіріп, төр алдында ала көлеңкеден әрең көрініп дыбыссыз отыр­ған майорға: – Шам жақпай, қараңғы үйде жалғыз өзің не істеп отырсың? – деп, электр шамын жағып жіберіп еді, қатты ұйқыдан оянғандай майор Дитер фон Гаген атып тұрды. Под­полковник Ранкенау майорға жақындап келді де: – Әлгі жауыз Беляковты әкелді ме? Ол қу тағы құтылып кетіп жүрме­ сін. Осы күні көзден таса болса-ақ, зым-зия жоқ болып кетеді. – Біздің қолымыздан сытылып, жоғалып кетуі екіталай болар. Асықпа, келетін уақыты енді ғана болды. Ол жауыздың жазасын береміз, – деп сигаретасын ұсынды подполковникке. – Иә, жаудың ондай тыңшысын үй ішімен қоса жойып жіберуіміз керек! – Әне, есік алдында сықыр естілді, алып келген шығар. Емельянов пен Дурновты да шақырайық, – деп, майор бургомистрдің кеңсесіне те­ле­фон соқты. – Бұл сөйлеп тұрған мен, майормын, әлгі партизанды алып келді, тез маған келіңдер! Солдаттар Беляковты желкелеп, ұрып, соғып майордың бөлме­сіне алып кірді. Еңгезердей солдат: – Подполковник мырза, – деді сұқ қолымен Беляковты көрсетіп, – мына партизанды алып келдік. Біз деревняға жақындағанда Сукромляға қарай қашып кете жаздады. Қуып әзер тоқтаттық, – деді. Беляков сайқал мінезіне салды: – Мен қашқан жоқпын, бұлардың келгенін білмей үйіме қай­тайын деп, кетіп бара жатыр едім, – деп ол төр алдында тұрған подполковник­ тің аяғына жығылып еді, кешірім орнына ол тағалы өкшесімен Беляко­в­

тың бетіне теуіптеуіп жіберді. Аузы-басы ду ете калған Беляковтың басы мың-дың болды. Сәлден соң есік жақта тұрған жау солдатының біреуі Беляковтың жағасынан ұстады да, сілкіп-сілкіп жіберді. Әбден таяқ өтіп, тік тұра алмай, қалш-қалш етіп қанға боялған, екі қолымен басын ұстаған Беляковты белуарына дейін шешіндіріп, етпетінен еденге жат­қызды да, подполковниктің қолына резинадан өрілген жуан қамшысын ұстата қойып еді, осыны тосып тұрған ол тістене келіп: – Міне саған партизандарға тыңшы болатын адамсың ғой, – деп, қары талғанша ұрып, Беляковтың жонынан қанын ағызды. Осы кезде кіріп келген Емельянов пен Дурнов бөлменің ортасында қанға боялып талып жатқан Беляковтың денесіне көзі түсіп кілт тоқтай қалды. Иван Михайлович бөлменің бұрышында үн қатпаған күйі тұр. «Жаудың торына өзің түстің бе? Сен, Беляков жауыз, кім үшін өлдім дейсің?» – деп ойлап, алдында сұлап жатқан өлімтікке қарап, өздерінің құрбанды­ғы­на көңілдері толып қарқ-қарқ күлген офицерлерге қосылып, ол да күлді. Көп ұзамай подполковник есік жақтағы солдаттарға: – Бүгінгі сыбағасын алды. Ендігі жазасын ертең беремін, алып кетің­ дер, – деп әмір етті. Түн ортасында Беляковке ес кіре бастады. Ең алдымен темірдей етігімен басқа тепкілеген сияқты еді деп, қозғалайын десе басы көтерт­ пейді. Басына қан ұйып қалыпты. Қараңғыда алақанымен бетін си­пап қараса, жұдырықтай болып ісіп кеткен екен, кірпігін жаза алмайды. Жеген таяғы түсінде ме, өңінде ме, әйтеуір, ештеңе есіне түспейді. Ертеңінде подполковник Ранкенау өз кабинетіне келді де: – Беляковты алып кел! – деп бұйырды. Екі адам сүйемелдеп әзер әкелген Беляковты есік жақтағы орындық­қа отырғызды. Әлден уақытта екі қолын мықынына тіреген подполков­ник басы салбырап отырған Беля­ковке: – Егер сен партизандармен байланысы бар басқа адамдарды бізге айтсаң, сенің жаныңды калдырамыз, сен жалғыз емессің, – деді күлім­сі­ реп. Беляков үнсіз отыр. Кешегі жеген таяқтан есеңгіреп, аузы-басы күп болып ісіп кеткен, сөйлей алмайды. Сұрауына жуықта жауап ала алмаған подполковник қаһарлы ашуы­на қайта басып, Беляковты басқа-көзге тағы сабады. Енді тіпті есеңгіреген ол сылқ етіп еденге құлап түсті де, өлген адамдай шалқасынан сұлық жатты. Мұнан енді ешқандай жауап күтпеген подполковник комендантты шақырып алды да: – Мына ақымақ еш жауап бермей қасарысып отырып ал­ды. Тіл қатпады. Енді қала тұрғындарын алаңға жинап, солардың көзінше дарға асқаннан басқа лаж жоқ. Партизандарға көмектесетін кісіге беріле­тін жазаны олар да көрсін, – деді. Ершичи қаласының қақ ортасындағы алаң. Таяқпен ұрып-соққан­ нан еріксіз жиналған халық. Беляковты дарға әкеле жатыр. Алдындағы жемтікке тойған қасқырдай гестапоның бастығы мен қаланың комен­

данты өз істеріне мәз бо­лып, күлімсіреп сөйлесіп келеді. Емельянов пен Дурнов та олардан қалыспай, қатарласа жүрді. Жиналған халық бағанадан кімді дарға асқалы жатқанын білмей тұрған болатын. Дарға асылған Беляковты көріп іштерінен: «Бұл жауыздың көзін баяғыда жоғалту керек еді. Талай совет азаматын жазықсыз өлтірген сұм», – деп көздерімен атып тұр. Сөйтіп, Беляковтың дарға асылуы жи­налған халықтың қаһарлы үкіміндей болды. ...Неміс командованиесінің сеніміне әбден кіріп алған Иван Михайлович бұл маңайда енді еркін жүретін болды. Гестапоның бастығы под­полковник те, комендант майор да өз адамындай жылы шыраймен сөйлесіп, керек десе, Иван Михайловичпен арақ та ішетін болды. Мұны сезген жау солдаттары да, Дурнов сияқты дөрекі старосталар да кездес­кен жерде бастарын изеп, оған табынып тұратынды шығарды. Иван Михайловичті күні-түні бір ғана ой шырмауықтай жабысып қалдырмай жүрді. Ол ой: Тамара мекендеген Епишево деревнясы­ның қаладан жырақтығы. Соңғы кезде партизандармен байланыс жасау қиынға түсті. Бұл бір жаққа жолаушы шықса да, үлкен дәрежелі ұлық пен Дурнов сияқтылар төңіректеп қалмайтын болды. Иван Михайлович партизан­мен байланысты жеңілдету үшін алуан түрлі амалдар ойластырды. Тама­раға жолығып тұратын қолайлы да, сенімді де кісі іздеді. Сенбі күні ертерек тұрған Иван Михайлович жеті-сегіз полицайды қасына алып Артемовка, Епишево деревняларына жүріп кетті. Түске таман Артемовка деревнясына жеткен жолаушылар аттың делбесін тартпай, көшенің ұзын бойымен қатты желіспен жүріп келеді. Бұрын Иван Михайловичты жылы шыраймен күтіп алатын жұрт оның бұл келісін онша ұнатпағандықтан солғын амандасып, теріс айналып кетеді. Иван Михайлович полицайларды бөлімшеге тастап, өз үйіне ке­лі­сі­ мен: – Мать, аман-есен жүріп жатырсың ба? – деді әйеліне. – Менің амандығымды сұрайтын сен кім едің? – Мен ел қамы үшін жүрген бургомистрмін. – Иә, сен біздің қамымызды ойласаң неге фашистерге қызмет етесің? – Бір кезде өзің-ақ: «Менің шалым ел-жұрт үшін аянбай қызмет етті», – деп сүйсініп әңгіме етерсің. – Халқыңа таза қызмет еткің келсе, бургомистр болмай-ақ, партизан қатарына неге кетпейсің? Бір кезде осы үйден шықпайтын ел қазір есігімізден де қарамайтын болды. Жұрттың көбі шалың жауға берілді деп теріс айналады. Жерлестеріміздің бетіне қарай алмайтын болдым. – Кім үшін жүргенімді келешекте тарих көрсетер, ана, енді сен менен сұрама, мен саған айтпай-ақ қояйын. – Жарайды, сен сырыңды ашпай-ақ қой. Бірақ мына еліңді қайтесің? – Ел де бұл жұмбақты кейін шешіп жатар. – Оған дейін жұрт қайғысын арқалай бер демекшісің ғой. Әйелінің кейінгі сөзін ақылға салып, ойланып-толғанып біраз уақыт үнсіз отырған Иван Михайлович: «Кемпірге де обал болған екен.

Байғұстың жанына тиіп болған ғой. Ел менің жайымды білуші ме еді? Жаудың тіміскілеген тыңшыларының бірі сезіп қалса, мені де, жақын жердегі бұны да дарға асады ғой», – деген ол: – Елдің менің ісіме риза емес екенін білемін. Бірақ бас­қа амалым жоқ. Бұл жағдай маған да оңай емес. Көрісе алмай кетсек, артық айтқаным болса кешірім ет, – деп, көзіне жас алды. Иван Михайловичтың көңілі босағанын көрген бәйбішесі де: – Сенің осы кейінгі айтқаның ғана маған бірдеңені елестеткен­дей болды. Аман бол, қайда жүрсең де, – деп Иван Михайловичтың иығына оң қолын салды. – Сен маған ашуланба, кемпірім, – деді Иван Михайло­вич, – жағдай осылай болды, енді бұл жұмысты тастап кете алмаймын. Оны өзің жақсы білесің. Ел арасы алыс емес, мекендеген жерімізде отыра бер. Қалаға барып қарық болмассың. Менің басым қатерлі... Иван Михайлович тамағын ішіп болысымен: – Кузьма қарт үйінде ме? – деді. – Күндіз үйінде болатын. – Ендеше, мен Кузьма Сергеевичке сәлемдесіп келейін. – Ертең барсаң да болмай ма? – Жоқ. Асығыс бір шаруам бар еді. Менің онда баратынымды ешкім­ге айтпағайсың. Иван Михайлович кірісімен Кузьма терезелерін қараңғылады да: – Иә, жерлесім, көптен көріскеніміз жоқ. Аман жүрсің бе? – деді. – Кузьма Сергеевич, бұрынғыдай көп аялдап әңгімелесуге болмай­ды. Менің келген жұмысымды өзің де біліп отырған боларсың? Сізге Петр Васильевич жолықты ма? – Иә. Осыдан бірнеше күн бұрын Петр Васильевич барлаушы­лары арқылы хабар беріп, мына деревня сыртындағы орманда кездестік. Менің екі қызымды да ерте келіпті. Ол екеуін немістер Германияға алып кет­ті деп қойған едік жұртқа... – Петр Васильевич сізге не айтты? – Епишево деревнясындағы шіркеуді немістер іске қосатын болып­ ты. Сіз бір кезде шіркеуде қоңыраушы болған көрінесіз. Енді священ­ник болуды қалай көресіз? – деді. – Сіз не жауап бердіңіз? – Мен бола алмаймын, денсаулығым нашар деп сылтауратып көріп едім, Петр Васильевич және қыздарым барасың деп қыстаған соң көнбегенде қайтейін... – Олар тағы не айтты? – Ар жағын Иван Михайлович реттейді дегенде ғана сені босқа жазғырып жүргенімізге қатты қысылдым. Кешір, Иван Михайлович! – Оқасы жоқ. Әңгіме мынадай, Кузьма Сергеевич. Сізге енді Епишевоға көшуге тура келер. Сіз арқылы партизандармен байланыспақшымыз. – Иван Михайлович, шіркеуде мен не бітірмекпін?..

– Шіркеу сезіксіз орын. Адамның көп жиналар жері. Алдымен сізді орналастырып алайын. Соңғы хабарды өзімнен күтіңіз, – деп Кузьма Сергеевичпен қоштасты да, Иван Михайлович үйіне кетті. Ертеңінде, сағат он екі мезгілінде бургомистр мен полицайлар Епишево деревнясына жетті. Бұлардың келе жатқанын естіген Дурнов күн бұрын қамданған болатын. Иван Михайлович полицай бөлімше­ сіне келіп тоқтады. Ұлыққа қалбалақтап асты-үстіне түсіп, жаны шығып жүрген Дурнов: – Бургомистр мырза, алдымен біздің үйге кіріп шықпайсыз ба? – деді. – Рақмет, әуелі полицай бөлімшесіне барып, келген шаруаларымыз жөнінде ақылдасып алайық, шай-суанды содан кейін көрерміз, – деп, жолда тұрған полицайлармен амандасты да, ішке, кеңсеге кірді. – Жақсы келдіңіз, бургомистр мырза, біздің де сізде біраз жұмысымыз бар еді, – деді полицай бөлімшесінің бастығы Хитров. – Сіздердің деревняларыңыздағы шіркеу босқа қаңырап тұр. Оның есігін мына елге неге ашпаймыз? – деді Иван Михайлович. – Дұрыс-ау мұныңыз, бірақ, – деп, Дурнов үндемей қалды. – Священник болар қолайлы адамдарың бар ма сонда? – Іздесе табылар. Айтпақшы Григорий шал бар емес пе? – Одан Карлдың атасы діндар ғой. – Жоқ, оны қойыңдар, ол бір жүрген маскүнем. – Анау Артемовкадағы шіркеуде қоңыраушы болып жүретін шал бар емес пе? – Қай шалды айтасыз... – Әлгі, Кузьма шал ше? – О, ең дұрысы сол. – Иван Михайлович мырза, сіз қарсы болмасаңыз сол Кузьма шал­ды алдырсақ қайтеді? – деді Дурнов. – Алдыра қойыңыз. Оған дейін біз шіркеуді қарап шығалық, – деп шіркеуге кетті. ...Кузьма Сергеевич – священник. Осы өңірдегі кәрі-құртаңдардың бәрі шіркеуге келіп, құдайға сиынатын болды. Тіпті неміс солдаттары да келіп-кетіп жүрді. Жексенбі күні топ-топ болып, шіркеуге келіп жатқан жұрт. Құдайға сиынушылардың ішінде Иван Михайлович та жүр. Бір кезде Кузьма қарттың көзі бургомистрге түсті. Ол ішінен: «Иван Михайловичтің құдайшылығы ұстап келген жоқ, маған жолығудың амалын іздеп тұрған болар», – деп ойлап, шоқыну аяқталысымен, Иван Михайловичке амандасты да: – Бургомистр мырза, біздің шіркеуді аралап шығыңыз, – деп елдің көзінше сылтауратты. Өзінің іздеп тұрғаны осы болғандықтан Иван Михай­лович қарттың жолығу амалын тапқанына өте ризалық білдіріп: – Священник мырза, сіздің шіркеуді көріп шығуымызға әбден бол­а­ды, – деп екеуі ішке беттеді.

Кузьма Сергеевич, неміс командованиесі партизандарға қарсы жазалаушы отряд жібермек болып жатыр. Олар қазір дайындық үстінде. Шамасы екі жүздей адам болу керек. Дәл хабарды кейін айтамын. Шіркеуге икон жасайтын суретші жіберген едім, келді ме? – Келіп жұмыс істеп жатыр. Оған шіркеудің астыңғы бір бөлмесін беріп қойдым. Икон жасатамын деушілер көп. – Кузьма Сергеевич, ол суретші сіздің ең сенімді көмекшіңіз. Әлгі хабарды оған айт. Ар жағын өзі біледі. Ал енді мен тезірек кетейін. Біреуміреу байқап қалар, – деп Иван Михайлович та Кузьма Сергеевичпен қош айтысты. Суретші кішкене ғана бөлмеде. Бұрхан сатып алмақшы болған­ дар бірінің соңынан бірі келіп жатты. Көрші деревнялардың төрт-бес адамдарымен аралас-құралас. Володя да суретшінің бөлмесінде. Әдейі ең соңынан кірген ол өз кезегін тосып, бұрышта отыра берді. ІІІаруа­ сын бітіргендер бір-бірлеп далаға шығып жатты. Суретшінің бөлмесінде жалғыз қалған Володя: – Мен майданнан, – деді. Суретші Володяны бірден түсіне қойды да, Кузьма Сер­геевич­тің хабарын айтып бітірген кезде, біреудің келе жатқаны сезілді. – Мінекейіңіз, – деп Володяның қолына бір бұрханды ұстата қойды. Қарсы жолыққан полицайға амандасты да, Володя есік алдында тосып тұрған жолдастарына еріп, келген ізімен кейін қайтты. Келесі күні таң ата базаға оралған Володя Тимофей Ми­хайлович­қа барлау қорытындысын баяндады да: – Мына олжаны сізге әкелдім, – деп қолындағы бұрханды Петр Васильевичке ұсынды. Түс ауа Иван Михайлович күндегі әдетінше қала тұрғында­рын қабылдауға кірісті. Қабылдау күтіп отырғандар бүгін күндегіден әлде­ қайда аз, алты-жеті ғана кісі. Ауыз үйдегі көмекшісі келіп, тосып отыр­ған кісілердің тізімін ұсынды. Иван Михайлович тізімді қолына алып, оқи бастап еді, ішінен Тамара Васильева деген фамилияны көзі шалып қалды да, қасында тұрған хатшысына қарап: – Келген адамдарды жібере беріңіз, – деді. Екі-үш адамнан кейін кірген Тамарамен бас изесіп амандасты да, даусын бәсеңдете сөйледі: – Неміс командованиесі Ворга поселкасындағы автомо­биль жөн­ дейтін заводты күрделі жөндеуден өткізіп, іске қосуға дайындап жа­ тыр. Оны басқарып, басы-қасында жүргендер – майданда қолға түс­ кен өзіміздің совет инженерлері көрінеді. Біздің адамдар арқылы алған хабарларға қарағанда Петров, Тарасов деген инженерлер заводтың іске қосылуын қолдамайтын көрінеді. Ворга заводында тұратын Шура деген қызбен байланыс жасалды. Ол қыздың да байланысқан талай кісілері бар екен. Инженерлер сол Шураның үйінде пәтерде тұрады дейді. Шура­ның айтуынша, екеуі де өте сенімді адамдар. Сен Петр Васильевичке сәлем

айт, жуықтағы он күннің ішінде Ворга заводының оңтүстік жағындағы ор­манға партизандар арқылы тол және оның жарғышын жіберсін. Тек қана саған ол партизандардың келетін күнін, тоқтайтын жерін хабар­ лай­тын болсын. Шураға өзім хабарлаймын. Бұдан былай сен қалаға кел­ мейтін бол. Саған байланысатын адамды өзім табамын. Егер мүмкіндігі болса, белгілі мерзімде жарылатын минадан жиырма-отызын са­ған жет­ кізіп тастасын. Оны қайда жасыратыныңды өзің ойла. Енді тез қайт, әлгі Беляков сұмырайдың көзін жойғанымызды айтарсың, – деді. XІV Аспан ашық, асықтай да бұлт жоқ. Күн төбеге келіп қалыпты. Партизандар күнге қыздырынып қарық болып жатыр. Десна өзені мен «Темный лес» станциясына кеткен барлаушылар осы араға келді. «Тимофей Михайлович радио арқылы «Үлкен жермен» байланыс жасапты» деген хабар бүкіл лагерьге теп-тез жайылды. Бұл хабар бар­ лық партизандарды зор қуанышқа бөледі. «Үлкен жермен» яғни совет­ тік астанамыз Москвамен байланыс жасау партизандардың көптен бері арманы болатын. Енді сол арман жүзеге асты. Бұған қалайша қуанбасқа! Тимофей Михайлович пен Петр Васильевич әр жерге жіберген барлаушыларынан кезек-кезек жағдайды сұрастырып, барлық жайжапсарға қанып жатыр. Бұлардың асыға күткені Жылбек басқарған барлаушылар болатын. Тимофей Михайлович өздерінде «Үлкен жер­мен» байланыс жасайтын радио аппараты болмағандықтан, Жылбекті көрші отрядқа жіберген еді. Бұл міндетті орындауға кеткен Жылбек қайтып келгенде, оны Тимофей Михайлович пен Петр Васильевич қуанышпен қарсы алды. Аман­дық­тан кейін сұрауларын жаудырта бастады: – Қалай барып қайттыңдар, өзеннен қалай өттіңдер, са­молетке қан­ дай белгі беретін болдыңдар, қай жерді көрсеттіңдер? – деп әрбір нәр­сені анықтай түседі. Барлаушыларды басқарып барған Жылбек жымың-жымың күліп, көкірегін көтере: – Біз өзіңіз жүктеген міндетті бұлжытпай орындауға тырыстық. Полицайлармен ептеп шекісіп те қалдық. Жол бойы толған жау. Өзен көпірі де жау қолында қалып, жан-жағына ДОТ, ДЗОТ сияқты бекіністер жасап тастапты. Оның күзетшілерінде де сан жоқ. – Антон шалды таба алмадыңдар ма? – деді Петр Ва­сильевич. – Бір күніміз сол қартты іздеумен өтті. Екінші күні түн ортасы ке­зінде жолығып, сіздің хатыңызды тапсырдық. Сол кісі баласы екеуі түн ішін­ де бізді қайығымен ар жаққа өткізіп салды. Өзі де өте бір сабырлы, тап­ қыр шал екен. Біреу-міреу көріп қоймасын деп, бізді үш-үштен қайыққа жатқызып, үстімізден брезентпен жауып, таң атқанша тасыды.

– Қарттың үй іші аман ба екен? – деді Петр Василь­евич. – Сізге көптен-көп сәлем айтты. – Әңгімелеріңді айта түсіңдер, – деді Володяның тағы бірдеңе ай­тайын деп отырғанын сезген Тимофей Михайло­вич. – Балалар, – деді Антон шал біздің соңғы адамдарды өткізіп болып, – қайтарларыңда осы жерден жүз метр төмендеу өзен жағасына біреуің ғана келіп, бас киімдеріңді көтерсеңдер болды. Мен арғы бетте отырамын. Тек қайтатын күндеріңді айтып кетіңдер, – деді. Қайта оралатын уақыттарын партизандардың айтқысы келмей қипақтап тұрғанын сезе қойған шал: – Сендер менен сезіктеніп тұрғаннан амансыңдар ма? – Партизандардың әдеті бойынша бір өтіп кеткен жеріне екінші рет айналмаушы еді. Сізге әбден сенеміз. – Мені Петр Васильевич жақсы біледі. Азамат соғысы жылда­рында партизан болғанмын. Совет өкіметін орнату үшін қанымды төккем. Мына кітапшаны көріңдер, – деп, қалтасынан пенсионерлік кітапшасын жұлып алды да, маған ұсынды. Қарттың кітапшасын қарасам, сурет жапсы­ рылған, мөр басылған, соғысқа дейін пенсия алып жүрген кітапшасы екен. Әрі-беріден соң қарт: «Тіпті мына баламды өздеріңмен бірге алып кетіңдер, осы орманды бес саусағындай біледі, өздеріңе жол көрсетеді», – деді. Қарттың бұл айтқанына көнбеуге болмады. Баласын ертіп алып ілгері жүріп кеттік. Баласының жасы он бесте болғанымен, орманды жақсы білетіні рас екен. Партизандар тұрған жерге адастырмай алып барды. Барысымен радист арқылы өзіміз туралы толық хабарды шифров­ камен «Үлкен жерге» беріп, біздің қазіргі жүрген жерді хабарладық. Ертеңгісін кешкілікте Москвадан жауап алдық. Шифровкада: само­ лет барғанда ұзыннан-ұзақ үш жерге лапылдатып от жағып қойы­латын болсын. Самолет бесінші күні түнде, сағат жиырма төртте парашют­пен радиоқабылдағыш станциясы мен радист түсіреді делініпті. Соңын­да «Үлкен жерден» партизандарға жауынгерлік сәлем жолдапты. Осы хабарды естісімен біз тоқтамай қайта жүрдік. Қарттың баласы адаспай тура Десна өзенінің қабағына келіп бас киімін қолына алып, ар жақтағы әкесіне белгі берді. Бірақ ешкім жауап бермеді. Біздер бір тәулік бойы орман ішінде лажсыз тостық. – Әкемді жендеттер қатерге ұшыратты ма, – деп бала­сы қатты үрейленді. Әрі-беріден соң бала: – Мен бұл өзеннен ерсілі-қарсылы дем алмастан малтып өте беруші едім. Өзеннің арғы қабағына малтып өтіп, әкемнің хабарын біліп келейін, – деп еді, біз келесі күнгі кешке дейін не де болса тосайық деп, баланы жібермедік. Сонымен, Десна өзенінің жағасында тағы бір күнді өткіздік. Ол күні таңертең өзен жағалауы тұман болды. Біздің бағымызға күннің екінші жартысында тұман айығып, өзеннің арғы жиегі көрінді. Кешке таман қосшы бала бас киімін қолына алып, жоғары көтерді. Сәл уақыттан кейін әкесі белгі берді де, қайығымен өзеннің біз тұрған жиегіне шықты.

– Сендердің берген белгілеріңді кеше де көрдім, – деді қарт, – қайдан сау етіп келе қалғанын білмеймін, бір топ полицай ерткен жау келіп қалды. Тұқымы құрғырлар, бүгін таңертең ғана мына қасымыздағы деревня­дан Жуковка қаласына қайтып кетті. Не іздеп жүргендерін шайтан біледі. – Сөйтіп, Десна өзенінен кері өте алмай, амалсыз екі күн жүріп қалдық. «Үлкен жерден» келетін самолеттің мерзіміне үш-ақ күн қалған-ды. Аяулы қартқа қоштасып, үсті-үстіне рақмет айтып жөнімізге кеттік. Сол күні дамылсыз жүріп отырып, кешке таман орман жиегіне жеткенімізді байқап қалған жау әр жерден атқылап жатты. Біз олармен шайқасудан жалтарып, бірнеше ки­лометр бұрыстыққа келіп, ізімізді адастыруға мәжбүр болдық. Партизан штабының негізгі тапсырмасын уақытында орындай­мыз деп екі тәулік бойы ұйықтамай, күні-түні жүріспен келіп жеткеніміз осы. – «Үлкен жерден» самолет бүгін түнгі сағат жиырма төртте келуі керек. – Келген самолетке белгі беретін жерді өздеріңіз ойланыңыздар, – деп, Жылбек сылқ етіп отыра кетті. Ақәділовтың әңгімесін бар ықыласымен тыңдап отырған Тимофей Михайлович қуанғанынан мырс етіп күлді де, трубкасынан будақтаған түтінін қолымен желпіп: – Жарайсыңдар, жігіттерім. Сендерге осы отырған пар­тизан қауы­ мының атынан алғыс айтамын. Самолет қабылдаудың шарасын өзіміз істерміз. Енді тамақтарыңды ішіп, алаңсыз демалыңдар, – деді. Ақәділов бастаған барлаушылар орнынан ұшып тұрып: – Совет Одағына қызмет етеміз! – деп қолдарын шекелеріне жет­кізе ұстап, қатып тұра қалды да, кейін бұрылып, үйден шықты. – Біздің базадан үш-төрт километр жердегі Глинка хуторының солтүстігіндегі алаңды дайындауымыз керек. Лапылдап жақсы жана­тын құрғақ отынды күні бұрын жиыстырып үш жерге молырақ етіп үйіп қоюға Гришаның ротасын жіберейік, – деді Тимофей Михайлович. Түн ортасы болып қалды. Партизандар топ-топ болып, от жағылған алаңды мол көлемде қоршап алған. Аңдығандары аспан. Кейде тұра қалысып, самолет үнін тыңдасады. Сағаты бар партизандар шыдамы кетіп қайта-қайта қараңғы түнде шақпағын жағып әлсін-әлсін сағаттарына үңіледі. Дегбірсізденіп тұрған жұрттың құлағына самолет гүрілі келуі-ақ мұң екен, қуанғандарынан бас киімдерін аспанға лақтырысты. Бірнеше бас киімдер ағаш бұтақтарына ілініп, қарғаның ұясына ұқсап ағаш басында қалып қойып жатыр. Жанған отты көрген самолет үш айналып шықты да, па­рашют тас­ тады. Жерде тұрғандар бір-екі деп түсіп келе жатқан парашютті санап тұр. Түсірілген парашют саны жиырма беске толғанда аспанды гүріл­детіп жүрген самолет от жаққан жерді тағы екі айналды да, күншығысқа бет алып, көзден ғайып болды. Алғашқы дауыс та естілмейді, тек сағы­нып естілген ән әуеніндей әлде бір ызың қалды.

Аспаннан түскен парашюттерді жан-жақтан іздеуге кірісті. Он бес парашют алаңның өзіне түсті де, қолма-қол табылды. Бұлардың барлығы кару-жарақ болып шықты. Тағы алты парашютті партизандар қоршаған шеңбердің ішінен тауып алды. Бұлардың ішінде ешқандай радиоқабылдағыш станция жоқ. Табылмаған төрт парашютті партизан­дар түні бойы жабыла іздегенімен, таба алмай, таң ата лагерге оралды. ...Күн найза бойы көтерілген кезде, бір топ барлаушыларды бастап келе жатқан Батырхан қиық көзін бір нүктеге тіге түсіп, кілт тоқтай қалған еді. Ол атынан қарғып түсіп, жүгіре жөнелді. Орманды бойлап жүз метрдей жерге барғанда: – Мен партизанмын. Сен қайдан жүрген адамсың? Әлде біздің іздеп жүрген парашютистпісің? – деген Батырханның даусы ат үстіндегі­лерге саңқ ете түсті. Қалған барлаушылар Батырханның даусы шыққан жерге шауып келсе, қолындағы автоматын мойнына асынып, совет солдатының киімін киген біреуді белінен қапсыра құшақтап, шыр көбелек айналдырып жүр екен. Екі езуі екі құлағына жеткен. – Сен – «Үлкен жер», мен – партизан, шақыр қалғандарыңды. Қазақстанда Шалқар деген темір жол станциясы бар, сондағы Набереж­ ная көшесінде менің әйелім Құрма тұрады. Радиоқабылдағышыңды тез орнат та менен сәлем айт, – деп былдырлап, орманды басына көшірді. Сәлден кейін өте сақтықпен қалың ағаш бұтағының арасынан көзі жылтырған басқа парашютистер де Батырханның сөзін естіген соң қарққарқ күліп, бұта араларынан шыға келді. Барлаушылар аттарынан түсе-түсе қалып, «Үлкен жер­ден» келген­дер­ді құшақтап, беттерінен сүйіп жатыр. Әбден мауқын басқан Батырхан: – Сенің фамилияң кім, бізден неге тығылдыңдар? Парашютің қайда? Әкел мұнда, бізге жейде тігуге керек, – деп алқымға алып, көне шинелі­нің омырау түймелерін ағыта бастап еді. Парашютистің бірі: – Бәрі де табылады, жолдас, көрмеген жер, жау тылы болған соң сақ­ тық жасап тығылған едік, – деді. «Үлкен жерден» келгендер аттарын айтып, өздерін таныстырып жа­ тыр. Жау қолына түспей, партизандарды тапқанға олар да қуанышты. Батырхан барлығын бір қарап шолып шықты да: – Біз жаяу жүруге үйренген адамдармыз, атқа сендер мініңдер, – деп, қонақтарды атқа мінгізді. Өзі барлаушылармен жаяу аяңдады. Жаңағы парашютистердің ішіндегі біреуінің арқасына асынып ал­ған радиоқабылдағышын көрді де, Батырхан аттың жалынан ұстап алып: – Сенің арқаңдағы не нәрсе? – деді. – Бұл радиоқабылдағыш, – деді қатыңқылау келген бұйра шаш­ты әдемі жігіт. – Сен фамилияңды неге айтпадың, қорқып келесің бе? – деп қояды Батырхан.

– Менің аты-жөнім Аркадий Виницкий, – деді жігіт. – Радист сенсің бе? – Иә, мен радиспін, – деді ол. – Е... е... сен енді біздің ең сыйлы адамымыз боласың. Біз «Үлкен жермен» ылғи байланысып тұратын болдық, бұдан былай фрицтерге көбірек соққы береміз, – деп лепіріп келеді. Бұлар әңгімелесумен лагерьге жеткендерін де білмей қалды. Келе жатқандарды көрген партизандар жапырласа алдарынан шықты. Орман тұрғындары «Үлкен жерден» келгендерді аттан жұлып алып, аспанға атып, уралап, қолдан-қолға жүгіртті. Қонақтарға жақындай алмағандары бас киімдерін аспанға лақтырып, қуаныштары қойнына сыймай секіріп жүр. Бұлардың жанында тұрған Петр Васильевич: – Жолдастар, тынышталыңдар, «Үлкен жердің» хабарын естиік, босатыңдар құрметті қонақтарды, – деді. Партизандар біраз тынышталып, айнала отыра қалысты. – Ал, енді танысайық, – деді Тимофей Михайлович, – мен осы партизандардың командирімін, – деп алдымен өзін, содан кейін жинал­ ған жұрттың біразын түгел таныстырып шықты. Аркадий отырғандарды қасындағы үш парашютиспен таныстырды да, қолындағы сағатына қарады. Сағат тоғызға он минут қалыпты. Біздің «Үлкен жермен» сөйлесуімізге он-ақ минут уақыт қалған. Мүмкін болса маған рацияны дайындауға рұқсат етсеңіз, – деп Тимофей Михайло­вичке қарады. Аркадий рұқсат алысымен-ақ киімін шешіп тастап, антеннаны құрып, рацияны әзірледі. Кешікпей «Үлкен жер» сөйлеп қоя берді. «Үлкен жерді» тыңдаймыз деп жүргенде партизандар түскі тамағын кешіктіріп ішті де, штаб маңына жинала бастады. Партизандар леклегімен тұс-тұстан келіп жатыр. Партизандардың барлығы келіп болды-ау деген кезде Тимофей Михайлович салмақты мінезімен орнынан тұрып, отырғандарды көзімен шолып шықты да: – Жолдастар, біздер үшін бүгінгі күн өте бір қуанышты, есте қаларлықтай болды, партизандарға жаңа күш, қуат берген күн болғанын көріп те, сезіп те отырсыңдар. «Үлкен жермен» тікелей байланыс жасала бастады. Көптеген қару-жарақ, тол, мина, танкіге қарсы ататын қару, дыбыссыз атылатын мылтық, жаралыларға дәрі-дәрмек алдық және бұдан былай да үздіксіз алып тұратын боламыз. Жаралыларды «Үлкен жерге» жіберуге самолет те келіп тұратын болады. ...Біздер жауға қарсы шабуылды күшейте түсуге міндеттіміз. Біз бұдан былай Совет Армиясының бас командованиесінің тапсырмасын неміс тылында мүлтіксіз орындауға міндеттіміз. Партизандар қатары күнбе-күн өсіп отыратын жағдай әбден туды.

Біз барлық күшімізді жауға қарсы күреске жұмылдыра түсетін боламыз да, неміс басқыншыларына тылда күн көрсетпейміз. – Жойылсын неміс басқыншылары! – деп сөзін бітірді де, оң қолын қалтасына салып, партизандардың қимылына көз тастады. Түс ауа Тимофей Михайлович барлық партизан бөлімдеріне: – Түн қараңғысымен жауынгерлік тапсырма орындауға аттана­мыз. Қазірден бастап елдің бәрі жүруге дайындалатын болсын. Дәл жүретін уақыт бөлімше командирлеріне кейін айтылады. Бұл маңайда жаралы­­лар мен бір рота қалатын болсын, – деді. XV Кешкі тамақтарын ішісімен Тимофей Михайлович пар­тизан бөлім­ дерінің командирлерін шақырып алып: – Жүретін бағытымыз Редушь өзені. Жарты сағаттан кейін жорық­ қа шығамыз. Әр бөлімнің өзіне тиесі міндеті жеткесін айтылады. Толды кө­бірек алып шығыңыздар. Оған шнур мен жарғыш запалды да ұмыт­ паң­дар. Енді әр-біреуің өздеріңнің бөлімдеріңе барып, дайындықта­рын тексеріңдер, – деп командирлерді таратты. Штаб адамдары жорыққа сайланып жатыр. Тимофей Михайлович белбеуін буынып жатып, Петр Васильевичке: – Осы жерде қалатындарды басқарып, өз ротасымен Гришаның қалғаны жөн болар, – деді. Командирлердің сөзін естіп отырған Гриша: – Сіздер солай деп ұйғарсаңыздар, не қарсылық болады, қаламын да, – деп жаралылар орналасқан жерге кетті. Партизандардың Жылбек басқарған тобы шыққан күні Воронец өзенінің жағасына келіп тоқтады. Қараңғы түнде өзеннен өту ама­лын іздестірді. Бұл маңайда қайық тауып ала қою да оңайға соқпайды. Өзен­ нің ені онша жалпақ болмағанмен ағысы қатты, жүктерімен жүзіп өтуге болмайды. Жылбек артында тұрған жолдастарына: – Сендер өзеннің осы бетінде тосып тұра тұрыңдар! – деп, үстіндегі киімін шешіп, киімін бір қолымен жоғары көтере малтып, өзеннің арғы бетіне шықты. – Мынау ағыны қатты Ертіс бойында өскенін көрсетті-ау! – деп басқа солдаттар оның әдемі жүзетініне таңырқай қарап қалды. Өзенді бойлай жүгіріп келе жатып, ойламаған жерден жиекте тұрған қайыққа кезіккеніне шексіз қуанды. Олай-бұлай баспалап қарап еді, ешкім көрінбеді. «Тәуекел» деп қайықты қазықтан ағытып алып, жолдаста­рына тартты. – Сендер енді өте сақ болыңдар. Ешқандай сыбдырымыз білін­бейтін болсын. Алдымызда анау көрініп тұрған шам Ходынка деревня­сінікі. Деревня толған басқыншы. Олар мұнда келгеніне бірнеше күн болған. Не

істеп, не қойып жүргенін кім білсін. Тез отырыңдар, – деп, партизан­дарды жалғыз қайықпен екі-екіден лезде арғы бетке өткізді. Барлық партизандардың арқалаған толдары мен запалдарын Жылбек өзі тексеріп қарап шықты. Жүктері ұқыпты байланғанына көзі жеткен ол: – Ал, жүріңдер, сақ болыңдар, жолда темекі тартушы болмаңдар, біреуміреу байқап қалып, оқ ататын болса, бәрің бір кісідей, жер бауырлап жата қалыңдар да, орын ауыстырыңдар, бірақ өздерің командасыз оқ атушы болмаңдар, – деп қайықты орнына қойып, жүріп кетті. Бұл топ Ходынка деревнясын сырттан орай жүріп келеді. Деревня­ның солтүстік жағына айналып шыға бергенде, алдарынан күбірлеген дауыс­ ты естіп, бұлар жата қалысты. Жиырма метрдей жерге еңбектеп барды да, сайға түсіп кетті. Күбірлеген дауысқа құлақтарын тігіп тыңдаса, жау екен. Басында түн қараңғысымен байқамай қалған жау біреулердің сайға түскен сыбдырын сезіп қалып, оқ жаудырды. Партизандар сайды қуалай, тезірек басып жүріп келеді. Сәлден кейін басқыншылар сайды бойлай аспанға ракета атты да, автоматтарын онан арман безілдете түсті. Жылбек қасындағы жолдастарына: – Менің соңымнан еңбектеңдер, – деді. Терлеп-тепшіп, партизандар арқасындағы жүкке оқ тигізбеудің амалын ойлап, жамбаспен жылжып, шынтақты тіреуіш етіп келеді. Көп ұзамай алдарынан сай екі айырылды. Бұлар сол жақтағы сайға түсіп алып, жүгіре жөнелісті. Партизандар көздерінен таса болғанын білген жау оқ атуды сиректетіп барып, амалсыз тоқтатты. Екі шақырымдай ұзаған кезде түн қатушылар шамалы аялдама жа­сады да, Артемовка деревнясына қарай жүріп кетті. Жылбек анда-санда қолындағы компасқа бір қарап қойып, «бетіміз дұрыс» деп белгі береді. Түн ортасына жуық партизандар Артемовка деревнясының күншы­ғыс жағындағы орманға келіп кірді. – Енді арқаларыңдағы жүктеріңді еппен алып, жерге қойыңдар. Аз да болса дем алайық, – деді Жылбек. Бұлар отыр. Орман ішіндегі әрбір сыбдырға құлақтарын тігеді. Дерев­ ня жаққа да зер сала қарайды. Артемовкада болып жатқан атыстың дауыстары ғана бұлардың тынысын тарылтқандай. – Деревня толған жендеттер болу керек, – деді Жылбек. – Жүкте­ ріңді арқаларыңа асыңдар, аялдауға болмайды. Біреу-міреудің көзіне түсіп қалармыз, жүрейік. Біз отырған орманның көлемі шағын. Оп-оңай қоршап алады. Жылбек бастаған бұл топ күн шыға Ершичи қаласының шығы­сы­н­дағы орманды қақ жарып, Рославль қаласына өтетін темір жолға жетіп, күні бойы сол жерді пана тұтты. Бірі ұйықтаса, бірі тың тыңдап, алма­са дем алып жатыр.

Кешке барлаушылар қалың орманның ішімен ілгері жүрді. Ымырт жабыла Рославльден Ершичи қаласына қарай жүретін май топырақты қара жолға келгенде, орман жиегінде әрі-бері жүріп жауды көр­генсін партизандар тағы да өздерін көрсетпеуге тырысып, жүрістің саябыр­ лауын күтті. Бірақ ілгері жүруге мүмкіндік болары екіталай сияқты. Жау барлаушылары дәл қасынан өтті. Бұлар кері бұрылды. Жолдың екінші бір жерінен өтіп шықты. Партизандар ұзақ уақыт жүрді. Жаздың қысқа таңы да белгі бере бастап, жұлдыздар бірінен соң бірі жарқ ете түсіп, жоғалып жатыр. Айнала жарықтанған сайын бұлар төңіректі шолып келеді. Кенет жақын тұстан үрген ит даусына қабаттаса шыққан мылтық даусы естілді. Ілгері қарай жүрген сайын атыс толастамады. Көп ұзамай арттан атылған оқ толастағандай болып еді, енді бүйір тұстан мылтық даусы естілді. Немістердің байқап қалғанын сезген Жыл­ бек оң қолын алға қарай құлаштай сермеді, бар пәрменімен оңтүстікке қарай жөнелді. Арттағылар да тік көтеріле жүгіріп келеді. – Тезірек, жігіттер, тезірек, алдымыздағы бұталы өңірге жетейік, – деді ол. Артта келе жатқандардың біреуі Жылбекке қатарласа бергенде: – Менің жүгім арқама батып, жүргізбей келеді, сірә қажап таста­ған болу керек, – деп еді. – Енді сәл шыда. Айнала толы жау. Осылардан құтылғанша шыда, кідіруге болмайды, – деді ол. Бұлардың алдынан батпақ кездесті де, жүрістерін баяулатты. – Мына батпақтан өтіп, сонау көрінген дөңестегі қарағайды саға­ лауымыз керек. Жау аңдысып келеді. Тапа-тал түсте қатерге ұшы­ратады, – деп алда келе жатқан Жыл­бек байқаусызда батпаққа белуары­нан күп беріп түсті де кетті. Ілгерілеген сайын Жылбектің денесі төмен тартылып барады. Бір кезде «баттым» деп те айқайлап жіберді. Батпаққа белшеден батып келе жат­қан арттағылардың да қаупі күшейді. Жылбектің халі мынау. Дереу жәрдем бермесе, командирінен айырылып қалуы ықтимал. Артындағылардың қолынан келгені сол Жылбектің ербеңдеген қолына таяқ ұстатып, бірін-бірі тартумен батпаққа белінен жоғары батқан Жылбекті әрең дегенде суырып алды. Бұл жерден өткел таба алмайтындықтарына көздері жеткен бар­ лаушылар тез кейін шегініп, жағаға шықты да, енді батпақты жиек­тей жүрді. Бұларда сиық жоқ. Батпақтан жаралған жандар тәрізді. Арқадағы жүкке батпақ ауырлығы қосылып, барлаушылардың еңсесін көтертпей, басып келеді. Жау мылтығының даусы бір жақындап, бір алыстап, бұларды тұстұстан аңди қуғандай болады. Мұны байқаған Жылбек, арқасына бай­ лаған қабының ішінен екі минаны алып, беліне қыстырулы күрекше­мен шым­ды текшелеп кесті пе миналарды астына жасырды.

Бұлар батпақтың тағы бір жерінен өтуге әрекет жасады. Жылбек тағы алға өзі түсіп, артындағыға: – Әкел, қолыңды бер, қалғандарың да біріңнің қолыңнан бірің ұстасып, менің соңымнан жүріңдер, – деп алға қа­рай жүріп кетті. Бірін-бірі сүйреп барлаушылар дөңеске жеткен кезде, Жылбек қойып кеткен миналардың жарылған даусы орманды жаңғыртып жатты. Қуғыншылардың атуы тоқталғаннан кейін, барлаушылар артта­ры­ на қараса төрт-бес солдат бірін-бірі сүйреп, батпақтың ортасында жүр. Желімге жабысқан шыбындай аяқтарын ала алмайды. Жаудың бат­ паққа батқанына партизандар масайрап тұр. Өздерінің басына орнаған қиыншылықты ұмытқандай күледі. – Осынша иісшіл болмаса қайтер еді? – деп мысқылдайды біреулері жауды кекетіп. Партизандар үсті-бастарының батпағына, аяқтарының қажалғаны­на қарамастан ауыр жүктерін арқалап жүре берді. Барлаушылардың біреуі: – Осы жерге тоқтап киімдеріміздің батпағын тазартып алайық, – деді. – Тоқтауға әлі ерте, біз жаяу, жау машиналы, ол естеріңнең шықпа­ сын, тағы да жүре түсейік, – деді Жылбек. Беттерінен моншақтап аққан терді батпақ жабысқан жең­дері­мен сүртеміз деп, жағал-жағал етті. Жан ұшырып келе жатса да бірінің бе­тіне бірі қарап жымиып күлгенде ақсиған тістері мен жылтыраған көздері ғана көрінеді. Күн еңкейіп келеді. Орман ішіне қара көлеңке түсе бастады. Парти­ зандардың күткені де осы еді. – Біз түнімен жүреміз. Таң атқанша темір жолға жақындап барып бекініп, күні бойы тынығып жатуымыз керек. Ан-ау көрінген қалың теректің ішіне барып тыныстаймыз, – деп Жылбек серіктерін рухтан­ дырып қояды. Терекке жетіп, арқаларындағы жүктерін шешіп жерге қойды да үстеріндегі киімдеріне жабысқан батпақты қағып-сілкіп, түсіріп жатыр. Мәжит Жылбекке жақын келіп, кір-кір көйлегінің етегін түріп, арқасын көрсетті. – Сабазым-ай, мынаған шыдап келген ер-ақ екенсің-ау арқаң қыпқызыл жауыр болыпты, – деп, Жылбек көйлегінің етегін түріп: – Менің арқамды да қарашы! – деді. – Сенің арқаңның да оңып тұрған ештеңесі жоқ! – деді Мәжит. Бұлардың барлығының да арқасы шиедей болыпты. Су киімді басқан ауыр жүк әбден қажаған. Енді етіктерін шешіп қараса, су сорған аяқтары ақ жем болып, етік қажаған өкшелері күлтілдеп кетіпті. – Біз қиындыққа аяғына дейін шыдауымыз керек. Бүгінгі қуғын­ нан жанымыздың аман қалғаны олжа емес пе? Тамақтанып болсаң­ дар, киініңдер, жүрейік! Енді жүкті жібін қысқартып жаурынға таман жоғарырақ таңыңдар. Жүк солқылдақ байланбасын. Біріңді-бірің тек­ серіп қараңдар, – деп Жылбек бәріне де ақыл айтып жүр.

Бұлар қараңғы түнде тоғай арасымен түн қатты. Суыт жүріспен Понятовка темір жол станциясының оңтүстігіндегі орманға таң ата жетті. Қаға берістеу жердегі қалың тоғайдың ішіне келіп тоқтады. Арқалаған жүктерін жерге қойып, тұрған жерлеріне отыра кетті де, етіктерін шешіп, су-су шұлғауларын күн көзіне қақтап жатыр. – Бүгін осы жерде дем аламыз. Осы шамада бұлақ болуға тиіс. Бірбірлеп ағаштың ішімен көрінбей барып, беті-қолымызды жуып алайық. Жандарыңда байланған құтыларыңды суға толтырып алыңдар. Қайтақайта шөлдедім деп жүгіре бермейтін болыңдар! Жүріс-тұрыстарыңа өте сақ болыңдар. Егер біреу-міреу байқап қалса, тапсырманы орындау қиын. Кім білсін, бұл орманда да тіміскілеп жүрген жаудың тыңшы­­лары бар шығар. Анау ағаштың бұтағына шұлғауларыңды іліп қойған­­дарың қайсың? Алыстан, біз мұндалап көрінеді ғой, бұтақтан алып, жердегі шөп­ тің үстіне жайыңдар! – деп Жылбек соғыс басталған кезде, төртеу болып орман кезгенде осы жайылған шұлғаудың кесірінен етігін жоғалтып алғанын есіне түсірді. Сәл кейін ол орнынан тұрып, қажалған аяғын ақсаңдай басып бұлақ іздеуге шықты. Өзі тазаланып жуынып, екі құтысын суға толты­рып қайтып оралды да: – Бұлақ тіпті жақын екен. Суы да мөп-мөлдір, суық. Сендер де бірбірлеп еппен барып жуынып қайтыңдар. Бұтақ түбіне жатып, ұйқыға кеткен жұрт күн төбеден ауа берген кезде оянды. Жылбек қасындағы Мәжитке қарап: – Маңайда ешкім көрінбеді ме? – деді. – Бізді жан көрген жоқ. Тіпті, жүрген адамның сыбдыры да естілмеді, – деді Мәжит. – Енді бұл жерде жата беруге болмайды. Тезірек тамақтанып, боса­ған құтыларыңа тағы да су толтырып алыңдар. Кім білсін, мұндай суы бар бұлақты қашан кездестіретінімізді. Партизандар жақын келіп, орман жиегінен темір жолды бақылауға кірісті. Жау эшелондары күні бойы ерсілі-қарсылы жүріп жатты. – Біздің қарсы алдымыздағы темір жол топырағы көтеріңкі емес, төмен екен. Бұл жерге мина қойғанмен жау шығыны шамалы болар, осы күні олар да қу болып алыпты. Партизандар эшелондарын құлата берген соң, түн баласында поезды ақырын жүргізетін болыпты. Сондықтан біз орман жағалауымен жүріп барып, темір жолдың топырағы көтерің­кілеу жерін тауып алайық. Топырағы биік жерден құлаған жаудың эшело­ны­нан түк қалмайды! – деп түсіндірді Жылбек. Ол достарының алдына түсіп, темір жолды жағалай күншығысқа қарай жүріп, бір қалтарысқа тоқтады. Бұлар тұрған жерден темір жол өте жақсы көрінеді. Темір жолдың астына төсеген топырағы да жерден екі-үш метр көтеріңкі екен. Мұны көрген Мәжит:

– Мина қоюға темір жолдың дәл осы жері өте қолайлы екен, – деді. – Қолайлы екенін мен де көріп тұрмын, – деді Жылбек. – Темір жолдың біз тұрған жақтағы жағалауы батпақ болып жүрмесін. Олай болған күнде темір жолға жақындап бару да оңайлыққа түспес. Сендер осы жерде бақылай тұрыңдар, біз Мәжит екеуміз темір жол­дың бергі жағалауын байқап келейік. Мүмкін, жайылған қара су болуы, – деп Павлик жүгіре жөнелді. Павлик пен Мәжит қалың талдың ортасымен жүріп отырып, темір жол жиегіне барып тоқтады. Павлик алдындағы жайылған қара суға, біресе оның ар жағындағы темір жолға қарап, көп тұрды. – Енді кейін жүрейік. Сенің бойың ұзындау, біреу-міреу көріп қалар, еңкей! – деді де, Павлик Мәжиттің алды­на түсті. – Бәрің маған жақын келіңдер, – деді Жылбек аналар қайтып кел­генсін өзінің достарына. Партизандар үн-түн жоқ Жылбекті қоршай отырыс­ты. – Жағдай мынадай, достар, – деп ол сөзін бастады,– талдың арғы беті мен темір жолдың арасында жалпақтығы екі жүз метрдей жайылған қара су бар екен. – Оның тереңдігін білдіңдер ме? – деді Павликтен бір партизан. – Меніңше, терең болмауға тиіс, – деді ол. – Тамағымызды ішіп алайық. Ай туғанша минаны қойып бітіруіміз керек, – деді Жылбек. Бұлар түн қараңғысында қара судан өтті де, темір жолға жақындады. Су терең емес екен. Айнала тым-тырыс. Олар еппен, қаз-қатар жүріп келіп, темір жолдың биік топырағының түбіндегі құрғақ жерге шықты да, жата қалысты. Жерге жабыса жатып, тың тыңдады. Ешқандай сыбдыр білін­беді. – Жүріңдер, темір жолдың үстіне шығайық! – деп Жылбек биік топырақтың үстіне қарай еңбектеді. Бұлар күрекшелерімен рельс астының топырағын алып қуыстады. Екі-үш жерге мина мен тол көмді де, өздері орманға тартты. Бірақ олар орманға жетер-жетпесте Понятовка станциясы жақтан келе жатқан жау эшелоны дөңгелегінің темір жолды солқылдата жүріп келе жатқан даусы естілді. – Бұл маңда ешбір өр жоқ болса да, жау эшелоны қос паровоз сүйреп келеді. Бұған карағанда состав үлкен, не жүгі ауыр болу керек, – деп жорыды Жылбек отырған жерінен тұра беріп. Эшелон қарағайлы орман ішінен оқ жыландай ирелеңдей жүріп, шыға келді. Ара-тұра ай жарығына шағылысқан вагон әйнектері жарқыл­дайды. – Миналар түгел жарылса екен? – деді Жылбек. – Үш минаның біреуі жарылса да жұмыс бітеді, – деді Мәжит. Арқасын қайыңға сүйеп тұрған Павлик: – Поезд тіпті жақындап қалды. Вагонда әскер болса игі еді. Бәлем, фрицтер жазасын алар еді, – деді. – Жазасын алмағанда қайда барар дейсің. Қазір басқыншы­лардың вагондары шауып келе жатып омақаса жығылған аттай ұшар...

Жау эшелонынан көз алмай қараған бұлардың жүректері лүпілдеп, тыныштары кетіп тұр. Сөйткенше болмады, алдыңғы паровоз рельстің тол қойылған жеріне келіп жеткенде-ақ жарылған минаның даусы дүниені жаңғыртты. Орман жиегінде аңдып тұрған Жылбектер мина­ның дүмпуімен аспандап барып, жарға құлаған паровозды ғана көріп қалды. Ештеңе көрінбейді. Қою шаңның арасынан салдыр-гүлдір құлап жатқан вагондардың дыбысына жаудың үрейлі айқайы қосылып, азан-қазан болып, бүтін орманды күңірентіп жіберді. Бұлардың енді кідіруіне болмайды. Басқыншылар поезд құлаған жердегі орманды сүзіп, бұларды іздейді. Мүмкін ке­ле жатқан да болар. – Жүріңдер, кеттік! – деп Жылбек топты бастай жөнелді. Партизандар жүрістерін шапшаңдата түсті. Арттан ешбір сыбыс білін­ бейді. Темір жол маңынан партизандарды табылмасына көздері жеткен жау оқ атуды орынсыз көріп, қуғынға шықты ма, әлде парти­зандар темір жолдан алыстап кеткендіктен бе, әйтеуір ешбір қуғын болған жоқ. Шаршағандықтан әрең келе жатқан партизандар қалың қарағай­лы орманға талықсып жетті. – Сендер, осы жерде дем алып отыра тұрыңдар. Мен әрі таман барып, тасалау жер іздеп келейін, – деп Павлик алға қарай кетіп еді, кешік­пей қайтты да, үш жүз метрдей жерде терең сай барын, оны бойлап ағып жатқан бұлақ барын хабарлап, сол араға жетіп барып дем алуды ұсынды. Бұлар сайға жеткенімен тамақтануға да шамалары келмей, екі аяқта­ рын ағашқа көтере асып, шалқаларынан жа­та-жата қалды. Ұйқыдан күн төбеге келгенде тұрды. Алыстан атылған мылтық даусы естілді. – Жау бізді іздеп жүрген болар. Кетейік бұл жерден, – деді рақат­тана тамақ ішіп отырған Мәжит. – Олар қанша қуғанымен, бізді тауып ала алмас. Дегенмен, «сақтықта қорлық жоқ» деген бар, күнбатысқа қа­рай жүрейік, – деп Жылбек Мәжит сөзін қостады. Бұлардың із тастап, жауды адастырып, тағы бір жерден мина қою үшін әрекеттенгеніне үш күн болып қалды. – Біз бүгін кешке жорыққа шығамыз. Әзірлене беріңдер. Жау бізді іздеп-іздеп таба алмаған соң, күдер үзіп қайтып кеткен болу керек. Қалған миналар мен толдарды арқалап жүреміз бе, керегіне жаратайық. Енді По­ нятовка станциясының екінші жағынан барып, темір жолға мина қоя­мыз, – деді Жылбек дем алып отырғандарға. Түс ауа бұлар жолға шықты. Темір жол бұл тұстан алыс екен. Екінші тәулікте барып, темір жол қарасы көрінді. Күндіз жүруге болмаған­сын, қас қарайғанша тығылып жатты. ЬІмырт түсе, темір жолға мина көме бастады. Әлдеқандай жағдай болады деп үш минаны алып қалды. Жау эшелонының күлі көкке ұшатынына сенді де, нәтижесін тоспай, бұл жерден кетіп қалды. Айтқандай-ақ, он-он бір километр Ұзаған кезде жарылған мина даусы ап-анық естілді. Естідіңдер ме дегендей, біріне-бірі жымыңдап қарасты.

XVІ Аспан ашық. Самсаған жұлдыздарды санауға болатындай, айқын көрінеді. Иван Михайлович бүгін қызметінен кешігіп шықты. Жатқан пәтеріне қарай жайлап басып жүріп келеді. Көше бойы тыныштық. Күндегідей ары-бері жүріп жатқан жау солдаттары да, полицайлар да көрінбейді. Күнде күңгірттеу жанып тұратын гестапо кеңсесінің жа­рығы да жоқ. Қаланың бүгінгі түнгі көрінісіне қарағанда сарылып күткен бейбіт­ шілік орнап қалған сияқты. Иван Михайлович туып-өскен жерінің ауасын рақаттана жұтып келе жатып, өзіне сенімді көмекші табудың жолын да ойдан шығармайды. «Маған біреу емес, бірнеше жәрдемші керек. Меніңше, мұндай қатерлі іске жарайтын мына алдымдағы ағаш шатырлы үйде тұратын ағайынды Валя мен Сережа. Олардың әкесі бұрынғы жұмыскер, қазір Совет Армия­ сының қатарында. Өздері болса, кешегі оқушыларым. Бұл екеуімен анада бір сөйлескенімде фашистерді иттің етінен де жек көретіндерін айтқан еді. Олар маған сенбесе бұл сөзді тіс жарып айтпауға тиісті еді ғой». Валя мен Сергейдің үйіне жақындап келді де, не болса да жолыға кетейін деп үйге кірді. Есік ашқан Сережа амандасты да, терезелерін іш жағынан қараңғы­лап жатып: – Отырыңыз, мамам көршілерге кеткен еді. Үйде Валя екеуміз ғана, – деді. – Менің жұмысым сендерде, отырыңдар әңгімелесейік, – деп еді, ойларында кіршіктей ештеңе жоқ екі бала Иван Михайловичтің жанына отырып, бірдеңе естігісі келгендей құлақтарын түре қойысты. – Сендер анада Беляковты дарға асқанда: «Бұл жауызды неміс­тер­ дің өзіне жойдырғаны жақсы болған» деп едіңдер, осы айтқанда­рың­ды қазір де мақұлдайсыңдар ма? Менен қорықпаңдар, – деді әлгі сөзді естіп үрейленген екеуіне. Екі бала біріне-бірі жалтақтап қарап, біраз отырысты да: – Сіз біздің ұстазымызсыз. Мұғалім оқушысына қастық жасамауға тиіс. Сол сияқты оқушысы да мұғаліміне жамандық жасамауы керек. Мына жасыл шинельділерді қолымыздан келсе жеп қойғымыз келіп жүр. Амал не, ешбір ретін таба алмаймыз. Әкеміз майданға кеткен. Өлі-тірісін де білмейміз. Міне, барлық шынымызды айттық. Біздің өміріміз сіздің қолыңызда – деді Сережа біресе сұрланып, біресе қызарып. – Сережа, – деді Иван Михайлович орнынан қозғалып қойып, – сенің айтқаның өте дұрыс. Сендерді мен де жақсы білемін. Әкелерің­ мен көп уақыт арамыздан қыл өтпейтіндей дос болған адаммын. Мен сендердің айтқандарыңды, сендер менің айтқанымды ешкімге ауыз­дан шығармайтын боламыз, бұл – ең басты шарт. Тіпті қиын-қыстау күнде де өмірімізге қауіп-қатер төнген күнде де ішімізге сақтайтын боламыз.

Бағанадан ештеңе түсінбей, өңім бе, түсім бе деп жас жүрегі қобалжып отырған Валя: – Менің түсінбейтінім, сіз ғой немістің сеніп қойған бургомистрі­ сіз, енді бізге тапсырма беріп Отан үшін қызмет ет дейсіз. Әлде Совет Армиясының келетін күні жақындап қалды ма? Әлде шын пейліңізбен біз сияқты жастарды ұйымдастырып ел үшін күресте пайдаланғыңыз келіп отыр ма? – деп өзінің көңіліндегі шимай-шатақ ойын сыртқа бір-ақ ақтарды. – Біз келістік қой, ешкімге тіс жарып ешнәрсе айтпаймыз деп, олай болса ендігі жерде сендер менің тапсырмаммен Отан үшін қызмет етуге міндеттісіңдер. Оған қалай қарайсыңдар? Валя, сен сезіктенбей-ақ қой. Мен таза совет мұғалімімін. Ар жағын сұрап қайтесің. Қалға­нын келешектегі ісімізден көрерміз, – деді Иван Михайлович Валяның сезігін айықтырғысы келіп.

– Сергей, сен жұмысқа орналастың ба? – деді Иван Ми­хайлович оған жақын отырып. – Майданда тұтқынға түскен үш совет инженерінің көмегі­мен автобазаға қызметке орналасқаныма біраз уақыт болып қалды. Олар сол автобазада инженер болып жұмыс істейді. Үшеуі де амалсыздан жүр­ ген адамдар. Жұмыс үстінде ашықтан-ашық сөйлесіп те аламыз. Өздері москвалықтар екен. Валя жұмыс істемейді. Тек үй шаруашылығында мамама көмектеседі. – Енді отыра беруге уақытым жоқ. Екеуің менімен жұмыс істеуге уәде бердіңдер ғой, – деп Иван Михайлович балаларға мейірлене қарап қалыпты. – Сіз уәдеңізде тұрсаңыз, біз уәде береміз, – деді Валя. – Менің уәдем берік. Бұдан былайғы кездесетін жерімізді де келісейік, – деді Иван Михайлович. Тосыннан қойылған бұл сұрауға сәл ойланып қалған Сергей: – Біздің үйде жиі кездесу қолайсыз, қаланың дәл ортасында ғой, жау көзі шалып қалса, соңымыздан тыңшы қоюы да ықтимал. Ең қолайлы­сы қаланың шет жағындағы біздің атамыздың үйі болар. Ол үйде кемпір мен шалдан басқа жан жоқ. Олардың тұрған көшелері де қараңғы. Көрінбей баруға болады. Біз ылғи жасырынып барып жүреміз. Ал, сіз де ебін тауып келерсіз. – Біз кездесетін жерімізді әр уақыт алмастырып отыруға тиістіміз. Екі күнде бір жолығамыз. Бірде сендердің қарттарыңның үйінде, бірде осы үйде, бірде қала тұрғынын қабылдайтын күні менің кабинетімде, ал тағы қолайлы жер боса, оны кейін ойланармыз. Ал, шырақтарым, мен кеттім. Үшінші күні, сағат кешкі тоғыз кезінде жолығатын бола­ мыз, абай болыңдар. Қала толған жаудың тыңшысы. Жіптің түйінін таба атмайтындай болсын, – деп Иван Михайлович үйден шықты. Иван Михайловичтың есіне алуан түрлі ойлар түсіп түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмады. Оның ойына кеше кешке жолыққан екі жас пен автобазадағы үш совет инженерін қалай пайдаланудың жолдары,

Воргадағы іске қосылайын деп жатқан заводты бұзу, қаладағы тұтқында отырған совет азаматтарымен байланыс жасап, оларды партизан қата­ рына шығару шаралары оралды. Бұл жұмыстарды іске асыру асқан айла­ керлікті қажет етеді. Жау да тәсілқой, оларға сездірмей осы жұмыстарды істеу үшін жүректілік керек. Бүгін кеңсесіне ерте келген Иван Михайлович столының үстін­де жатқан бір қағазды оқыған болып тым-тырыс отыр еді. Тыныш­тықты қоңыраудай сылдыраған телефон бұзды. Иван Михайлович теле­фон трубкасын алды. – Мен тыңдап тұрмын. Ар жағынан немісше гүрілдеген майор: – Маған тез келіп кет, – деді. Есіктен асыға-үсіге кіріп келген Иван Мнхайловичты көрген майор: – Сен не білдің? – деді. Түйірдей естігені жоқ Иван Михайлович майордың тосыннан қой­ған сұрауына бірдеңені сезіп қалды ма деп сәл кідіріп қалды да: – Мен ештеңе естімедім, майор мырза, – деді. – Естімесең, тыңда, – деп майор әдетінше, кабинетінде екі қолын артына ұстап ерсілі-қарсылы жүрді де: – Осы өңірдегі екі-үш дерев­ няда ұйымдасқан полицай гарнизондары қаруымен партизандарға кетіп қалыпты. Мұндай опасыз адамдарға сеніп қару беріп жүрген біздің командованиенің де есі шамалы. Бұлардың ілуде біреуі болмаса, қалғандарының бәрі біздің жау. Емельянов мырза, – деді майор тістеніп, – бұл тобырлар өз бетімен кеткен жоқ, оларды басқарып, ұйымдастырып жүрген біреу бар. Ендігі жерде біз сол адамды тауып, жазасын беруге тиіспіз. Майордың көпірген сөзін бар ынтасымен тыңдап тұрғандай, қаққан қазықтай қатып қалған Иван Михайлович: – Майор мырза, сіздің айтқаныңыз дұрыс. Оларды ұйымдасты­рып жүрген біреу бар. Егер ол адам полицайлармен еріп партизандарға шы­ғып кетпесе жарар еді, – деп, майордың ойын керісінше басқа жақ­қа бұрды. – Гестапоның бастығы подполковник те осы сенің пікіріңді айтып отыр, бірақ біз іздеуді тоқтатпауымыз керек. Мүмкін ізіне түсерміз, – деді майор. – Әрине, іздеуді тоқтатпау керек, – деді Иван Михайло­вич майорды сезіктендіргісі келмей. – Жаудың агентін табуға бір сенетініміз өзіңсің, – деді майор. – Ол зұлымды тауып алуға, әрине, мен де бар өнерімді саламын. Партизандар мені де өлтірудің амалын іздеп жүрген болар, – деп Иван Михайлович диванға отырды. – Сен не қарап отырдың? – деп біздің командование мені де жаза­ лайды. Мына гестаподағы подполковник бұл оқиғаны бүгін-ақ жеткізетін болар, – деп майор өзінен-өзі қысылып, шекесінен шып-шып шық­қан мұздай суық терді қол орамалымен әлсін-әлсін сүрте береді.

«Ә, бәлем, сенің де қорқатын күнің болады екен ғой. Сен сияқты мейірімсіз жауға осы керек», деп іштей өз ісіне риза болып шығып бара жатқан Иван Михайловичке: – Осы жердің халқы сенің алақаныңда, оларды айнадай көріп, білесің. Бізге опасыздық жасағандарды табуға сен көмектесесің, – деді майор. – Ұлы мәртебелі майор, ол жауыздарды іздеуге менің септігім керек болса, мен әр уақытта даярмын, – деді Иван Михайлович сыр білдір­мей, өңі қашып сұп-сұр болып отырған неміс комендантына. Осыны айтты да «енді бұл жауыздар өздерін қорғап қа­лу үшін түрлі амалды ойлап шығаратын болды. Партизандардың бүлдіргіш құрал­ дарды жеткізетін кезі де келіп қалды. Бұлар естерін жиып алғанша, біз де диверсия жасауды тездетуіміз керек» деген оймен Иван Михайлович өз кеңсесіне жетті. Бірақ кеңсе ішіне кірмеді, балалармен кездескісі келді. Иван Михайлович осы қараңғы түнді жамылып, Сергейдің атасының үйіне келіп кірді. Сергей мен Валя төр алдында дойбы ойнап отыр екен. Шыдамсыздана тосып отырған адамдары есіктен кіріп келгенде, екеуі жас баладай қуанып, орындарынан тұрды. Төргі бөлменің есігін мықтап жапты да, үшеуі май-май дөңгелек столды айнала отырысты. Әбден жайланған соң, Иван Михайлович өте бір салмақтылықпен екеуінің бет-келбеттеріне бір қарап алды да: – Сергей, – деді Иван Михайлович, – сен автобазадағы анада­ғы инженерлермен машиналардың моторына мина қоюды сөйлестің бе? Олар қалай қарайды екен? – Егер қолымызда жарғыш құрал болса, бүгін-ақ жаудың елу-алпыс машинасының күлін аспанға шығарамыз деп дайын отыр, – деді Сергей күлімсіреп. – Олай болғанда, Валя ертең орманға отын алуға баратын болады. Орман жиегіндегі орманшының жалғыз үйінің күншығыс жағын­д­а­ ғы ну қарағайдың арасында Тамара кездеседі. Ол да ар жағынан отын алу сылтауымен келмек. Сен басқа біреуге кездесіп қалмас үшін «мек­ тептен келдім» дейсің. Бұл парольды Тамара жақсы біледі. Сенің жолы­ ғатын жеріңді оған да түсіндіріп айтқанмын. Біреу-міреу сезіктенбес үшін қайтарыңда көлігіңе ағаш тиеп аласың. Миналарды тығуға да тәуір болар. Ал, Сережа, сен автобазаға миналарды жеткізудің амалын өзің ойластыр. Әйтеуір, екі-үш күннен қалдырмау керек. Неміс те қарап жатқан жоқ. Ана үш инженер машиналардың моторына мина қоя салысымен ор­манға кететін болсын. Оларды партизандар тобы тосып алады, – деп Иван Михайлович жас достарымен қоштасып өз пәтеріне кетті. Кешінде басталған дүлей боран үдей түсіп тұрған-ды. Қала бүтіндей ұйқыда. Бір кезде майдан осы қалаға жеткендей тарстұрс етіп, әлсін-әлсін жарылған минаның даусы ысқыра соққан желге қосылып, бүтін қала маңын сілкіндірді. Неміс жендеттері ми­наның қай жақтан жарылып жатқанын бірден біле қоймай, көшені бойлап ерсілі-қарсылы жүгіріп жүр. Бір кезде ең аяққы жарылған мина­ның

даусы автобаза жақтан шыққанын білген жау лек-лек болып авто­базаға бет қойды. Қақпаның алдында тұратын күзетші де жарылған минадан сескеніп, көшенің екінші бетіне шығып кеткен еді. Түнімен әуре болған жау солдаттары таң аппақ атқанда барып, автобазаның ішіне кірді. Автобазаның бұрыш-бұрышын атқылап, мина қоюшыларды таппай машиналар тұрған жерге аш қасқырдай жетіп келсе, алпыс машинаның жан-жаққа ұшқан қалдықтарынан басқа бірде-біреуі аман қалмаған. Гестапоның бастығы подполковник Ганс Ранкенау басын ұстап, «енді су түбіне кететін күнім жеткен шығар» деп, кабинетінде мүлгіп отыр. Автобазаға түнгі жасалған шабуылдан кейін майор да осында келген болатын. Олардың ішінде үнсіз Иван Михайлович та отыр еді. Подполковник мұз жамылғандай қалш-қалш етіп, майорға жақын келіп: – Біздің командование екеумізге енді рақмет айтпас. Не көріп, не біліп отырдыңдар дейтін болды. Көз алдымыздағы машинадан бүтіндей айырылдық. Енді машиналарға мина қойған адамдарды тезірек табу­­дың қамын ойлауымыз керек. Меніңше, мина қойып, бүлдіріп жүрген совет инженерлері болуға тиіс. Соларды бізге адал қызмет істейді деп осында алғызып жүрген дәл сенсің, – деп, көпірген подпол­ковник мәңгіген басын ұстап, не істерін білмей отырған майор Гагеннің столын жұды­ры­ ғымен бір қойды да, сылқ етіп отыра кетті. Сөйтіп өзді-өзі шимай-шатақ болып жатқанда, ауыз үйден кірген неміс солдаты: – Автобазада істейтін үш совет тұтқыны түндегі алай-түлей боранда қашып кетіпті. Еш жерден таппадық, – деді. Мұны естігенде төр ал­дында отырған подполковник селк етіп, ұйқыдан шошып оянғандай атып тұрды. – Оларға қуғыншы жіберу керек. Алысқа кете қоймаған болар, – деп шылдыр еткен телефонның трубкасын асып-сасып қолына алды. – Мен, мен подполковник Ранкенаумын. Бір кезде подполковниктің қолынан телефонның трубкасы сып жерге түсті де, өзі өңі қашып, сұрланған күйі, аузына сөз түспей бедірейіп тұрып қалды. Қасында ынтыға хабар күтіп тұрған майор Гаген ештеңе біле алмай ішінен: «Мүмкін, біздегі жағдайды естіп, гестапоның бізден жоғары біреуі шықты ма екен?» – деп, өңі қашып, сұрланған подполковникті жұлқы­лап, естігенін айтуды өтінді. Бәрінін де зәресі ұшып, берекелері қалмапты. – Воргадағы заводты кеше ғана күрделі жөндеуден шығарып, іске қосылатындығын хабарлаған болатын. Бүгін түні күрделі жөндеуге қатысқан тұтқын инженерлер мина қойып түк қалдырмай бұзған да, өздері орманға қашып, құтылып кетіпті, – деді подполковник бір кезде есін жиып. Бұл жағдайды естіп отырған Иван Михайлович «бәлем сендерге сол керек» деп, іштей қуанғанмен, сырттай реніш білдірген күйін көрсетті. – Бұл ұйымдасқан түрде диверсия болды. Емельянов мырза, сіз жұмысыңызға бара беріңіз, – деді подполковник. Иван Михайлович есіктен шыға салысымен подполковник:

– Сен осы Емельяновты неміске жан-тәнімен берілген адам деп мақтай бересің. Біздің тыңшылардың айтуынша, түн баласында осы қаланың шет жағындағы бір қарттың үйіне барып жүргенін бірнеше рет көріпті. Бірақ партизандармен кездесіп жүр деген дәлеліміз жоқ. Мұ­ның соңына бірнеше тыңшы қойғаныма біраз уақыт болса да, ешбір сезік біле алмадық. Тіпті Дурновтың өзін соңына салып қойдым. Емельянов сау адам болмау керек, бірақ факты жоқ... Иван Михайловичты бургомистр етіп тағайындаған өзі болған соң, подполковниктің бұл сөзін жақтырмаған пейілмен майор: – Сенің тыңшыларыңа бой ұрып сене беруіңе болмайды. Мынадай дүние асты-үстіне түсіп жатқан заманда біреуге жағынып қалайын деп, жазықсыз адамға жала жаба салуды да кездестіруге әбден болады. – Біз әлі тексереміз, оның егжей-тегжейіне жетеміз. Егер шынымен бізге қастандық істеп жүрсе, сенің де қорғап қалуға әлің келмейді, – деп масаттанып жан-жағына қарап, сөзін кілт тоқтатты. ...Подполковник Ранкенаудың немістерге қарсы бүлдіргіштік әрекет жасауды басқарып жүрген адамды жердің астына кіріп кетсе де табуға міндеттісің деген бұйрық алғанына бір күн болған. Гестапо барлық күшін осы тапсырманы орындау жолына сарп еткеніне талай уақыт болды. Бірақ ешкімнің ізіне түсе алмай дел-сал. Күн бейуақыт болып қалған кез. Подполковник Ганс Ранкенау тыңшыларына қосымша амал ойлап шығарғанына масайрап қолын­ дағы қызыл қарындашын қақпақылдап отыр. Ол ішінен: «Бұл, біздің іздеген жоғымыз кім де болса, өте қу, із-тозын тез жоғалтып оты­ратын, барлаушылық жұмысын жете білетін кісі. Егер ол жауыздың інін ашсам, менің дәрежем мұнан да өсетін болады, ал маңайына жолатпай, шаңын көрсетпей бұраңдаған қисық жолмен құтылып кетсе, мен үшін «мүйіз сұрап, құлақтан айырылудың кері болады», – деген ойын есіктен кіріп келген фельдфебель бұзды. Подполковник Ранкенау фельдфебельге жақын келіп, бәсең дауыс­­пен: – Сіз өз адамдарыңызбен бургомистр Емельяновтың каби­нетіне микрофон орнатасыз. Микрофонды ұқыпты етіп жасырамыз. Еш жан көріп, білмейтін болсын. Содан кейін оның сөйлеген сөзінің барлығы менің кабинетіме естілетіндей етесіз. Менің бұл тапсырмам өте құпия, комендант та сезбейтін ет. Фельдфебель бастаған неміс солдаттары радио қоюды таң ата бітірді. Иван Михайлович ештеңе сезген жоқ. Кабинет ішіндегі мүліктердің бәрі өз орнында. Микрофон орнатқан қабырға да жып-жылмағай. Подполковник Ранкенау жұдырықтай радиоқабылдағышты тарт­ пасына тығып қойып, Иван Михайловичтың әр сөзін тыңдағанына бірнеше күн болған еді. Бірақ неміс командованиесіне наразылық білдіретіндей ештеңе ести алмай, ол құтырған иттей әр адамға бір жабыса берді. Бұл амалынан да Иван Михайловичты ұстай алмаған подполков­ник барлық барлаушылар мен тыңшыларын алуан түрлі амал жасап, аң қуған адамдай Иван Михайловичтың ізіне түсіп, әшкерелеуді бұйырды.

– Неміс командованиесі, – деді ол, – біздің іргемізде жүрген парти­ занды тапқан кісіге бес мың марка сый беретін болды. Күні бойы қызметте болған Иван Михайлович кешке таман күн нарттай қызарып батайын деп бара жатқан кезде, кеңсесінен шығып ұзын көшені бойлап кетіп барады. Неміс гестапосының соңына қасқырдай түс­ кенін сезген Иван Ми­хайлович: «Жау тым төңіректеп кетті. Қайда барсам да тұсау болған неміс тыңшылары. Олардың ішінде қарны қабақ­тай болған жауыз Дурнов та жүр. Ол жүрмегенде қайтсін: неміс командова­ ниесі менің басыма бес мың марка тігіпті. Жағдай қатерге айналды. Мұны сезген Петр Васильевич те: «Сен партизандардың тапсырмасын артығымен орындадың, енді өзімізге қайтудың амалын ойла», – депті соңғы сәлемінде, әлде бүгін түні жоқ болып, неміс фашистерінің көзінен таса болсам ба екен? Жоқ, мен бүгін кете алмаймын, бастаған істі аяқтайын. Үш жүздей тұтқындағы совет азаматын қорлықтан босатып, партизандарға жөнелттім. Бүгінгі түні тағы бір тобын азат ету жөнінде кездесуім керек. Уәде орындамасам, олар Иван Михайлович қояннан да қорқақ екен дер. Шынында да патриотизм деген болу керек қой. Бүгін соларды босатып, кең ауаға шығару менің азаматтық борышым емес пе?» – деп, шытырман ойға шомып келе жатыр. Түн қараңғылығы қоюланып келеді. Иван Михайлович үйінен шығып, айнала көз жіберіп байқады да, бұл маңайда қыбырлаған жан жоқты­ғына көзі жетті білем, үйдің бұрышын айналып қараңғы көшеге түсіп, жүгіре басып келе жатыр еді алдыңғы жағындағы көлденең көшенің бұры­шы­ нан біреу қараң еткендей болды да, көзден ғайып болды. «Бұл мені аңду­ шының бірі болар» деген Иван Михайловичтың жүрегі аузына тығылып, аттай тулап келеді. «Осы артымда да қуғыншы бар ма», – деп мойнын кілт бұрып еді, көшенің арғы бетінде караңдаған тағы екі адам көрінді. Олар тіпті жақындап қалған сияқты болды. Сөйтіп, бір ой тығылып келіп: «Сен қайда барасың, алды-артың толған жау, байқа десе, екінші ой не де болса, ба­рам деген жеріңе барып қайт», – дейді. Ой таластырып келе жатып Иван Михайлович алғашқы біреу қараң еткен үйдің бұрышына келсе, ешкім көрінбейді, көше жым-жырт. Енді ол не де болса алға қарай жүре түсті. Тағы екі көше жүрген соң, көлденең көшемен бір адам бортаң-бортаң басты да тағы жоқ болды. Иван Михайлович жау тыңшыларының торына түскенін сезіп: «Мен енді жүре бермейін. Мына жалмауыздар менің жолыққан кісімді қоса ұстайық деп алды-артымды орағытып, көлбеңдеп жүрген болды. Біреудің обалына қалармын, не де болса басқа салғанды өзім көрейін», – деп кейін қайтты. Мұның кері жүргенін көріп тұрған жау Иван Михайловичты темір құрсауға алғандай қоршап алған кезде: – Сен енді ешқайда сытылып шығып кете алмайсың, еркіңмен қолға түс, – деген дауыс саңқ ете түсті. Өлсем де бір-екеуіңді жастана өлейін деп Иван Михайло­вич тапан­ шасын қорабынан суырып алып, қақ алдында қарсы келе жатқан екіүш жау солдатты көздеп, шаппасын басып-басып қалды. Оғы дәл тиген болу керек, еңгезердей бір неміс алқалап барып, омбы қарға құлады.

Иван Михайлович жан-жағынан келіп қалғандарға оқ атайын десе, та­ пан­шасындағы оғы бітіп қалыпты. Күндіз тапаншасын толтыра оқтауды ұмытып кеткені есіне енді түсті де, қалт тұрып қалды. Иван Михайлович­ тың оғы біткенін сезген жау оны бас салып, екі қолын артына бай­лап үлгірді де, жуан қырлы қамшының астына алды. Тисе терекке, ти­месе бұтаққа деп қамшысын үйіріп Дурнов та жүр іштерінде. Бастан сатыр-сұтыр тиген таяқтан талықсып кеткен Иван Михаило­ вич есін кеш жинады. Көзін ашуға қанша зорласа да кірпігін жаза алмады. Денені тілген жуан қамшының зардабы қозғалтар емес. Қос алақа­нымен бетін сипап көріп еді күлкілдеп іскен беті жып-жылтыр. Жаралы бастан аққан қан бір жерге сорғып, бауырына ұйып қалыпты. Осындай халге ұшырап, қан жастанып жатқанын енді ғана білген Иван Ми­хайло­вич далдұлы шыққан костюмінің де қан-қан болғанын енді сезініп отыр. Сырт киімінің қайда қалғаны есінде жоқ Қамшының зілі мен қанның ізіне душар болған бас бөлек дене сияқты, икемге келмейді. Күп болып ісіп кеткен басы дуылдап барады. Иван Михайлович мең-зең болып, жұмылған көзін аша алмады, тіпті ыңқылдағанын жауға білдіргісі келмейді. Бір кезде есік алдын­да жау солдаттарының тағалы етігінің тасыр-тұсыр еткен жүрісі тура Иван Михайлович жатқан бөлменің есігіне жетуі мұң екен, есікті шалқа­сы­нан ашқан біреудің: – Алып жүріңдер, – деген өктем даусы естілді. Иван Михайловичты екі жау солдаты екі қолтығынан ұстай сүйреген бойы подполковник Ганс Ранкенаудың кабинетіне әкеліп, есік жақта оқшаулау тұрған орындыққа отырғызды да, қаққан қазықтай мылтық­ тарын жанына ұстап тұра қалысты. Иван Михайлович алдында кім бар, кім жоғын сезген жоқ. Тек, әлден уақытта: – Айлалы жау қолға түстің бе? – деген подполковниктің даусын танып, гестапоға жауапқа әкелгенін білді. – Емельянов мырза, – деді подполковник Ранкенау қарсы ал­дында басын тік көтеріп отырған Иван Михайловичқа, – барлық шын­дықты жасырмай айтыңыз. Сіздің қылмысыңыз гестапоға белгілі. Өзіңіз­бен байланысты кісілердің бірін қалдырмай айтып беруіңіз керек, – деп ол Иван Михайловичқа өте бір әдепті адам бола қалды. Ішінен: «Маған қандай да болмасын жаза қолдансаң да, менен достарым жөнінде ешқандай дұрыс жауап ала алмассың», – деген Иван Михайлович: – Мен сендерге ешқандай да жауап бермеймін, – дегеннен басқа ләм демей отыра берді. – Ә, олай болса, әнеу күні біздің жазалаушы отрядтың шыққа­ нын партизандарға кім хабарлады? Ол отрядты партизандардың жойып жібергенін білесің бе, кейінгі уақыттағы бүлдіру әрекеттерді жасаған да сен емессің бе? – деп под­полковник Ганс Ранкенау сұрауды бастыр­ма­­лата бастады. – Мен сізге айттым ғой, ештеңе білмеймін деп.

Төрт сағат бойы әурелеген жаудың құпия полициясының бастығы Иван Михайловичтан «білмеймін» деген сөзден бас­қа жартымды жауап ала алмағандығына намыстанып, қаһарын төкті. – Мен саған «білмеймінді» көрсетейін, – деп, алдында отырған Иван Михайловичті шешіндіріп алып, жалаңаш етке дүрелей бастады. Жау­дың барлық жазасына көнген Иван Михайлович: – Сен, жауыз, менің терімді сыпырып алсаң да дұрыс жауап ала алмассың, – деп тістеніп жатып есінен айырылды. Бес күн бойы азаптап бір түйір жауап алмаған соң, под­полковник Ранкенау жұрт алдында дарға асуға үкім шығарды. Түс болып қалған кез. Ершичи қаласының қақ ортасындағы алаңды қала тұрғындары мен маңайдағы деревня адамдары қоршаған. Бұлар­ ды полицайлар күшпен жинап әкеліп, қойша иіріп тұр. Жиын-топтың арасында жауынгер досымен соңғы рет қоштасуға Тамара да келді. Онсыз да ақшыл беті мүлдем бозарып кетіпті. Үйтпегенде ше... Иван Михайловичың екі қолтығынан демеп, гестапо жендеттері келе жатыр. Сәл шегінсе «шнель» – деп түйгіштеп алады. Бет-аузы күптей боп ісіп кеткен Иван Михайловичтың түрін танып болмайтындай, аяныш­ты еді. Ісік жапқан көзінен ол да ешкімді болжар емес. Дар ағашына жеткенін тек жұрттың шуылынан түсінген Иван Михайлович буынын қатайта бастады. Міне, Иван Ми­хайловичты сүйреп әкеліп дардың астына тұрғызды. Неміс фашистерінің арасында арқанның бір ұшын ұстап жауға сатылған Дурнов та жанталаса жүгіріп жүр. Отан үшін еңбек еткен мұғалімнің қазіргі түрін көргенде алаңда тұрған халықтың көзінен жас жыламай ақты. Иван Михайловичтың түріне қарауға ба­тылы бармағандар теріс айналып жылайды. Бірақ «жауға жаныңды берсең де, сырыңды берме» дегендей, өлімге тура қарап, басын тік көтеріп тұр­ған Иван Михайло­вич мойнына арқан кигізе бергенде, оң қолын алға сермеп: – Бауырлар, бақи болыңдар! Қорықпаңдар адал ажалдан! Неміс басқыншылары жойылсын! Жасасын Коммунист партиясы! – деп, ұран тастаған бойы қыл арқанмен жоғары тартылып кете барды. – Ой, сұмырай қанішерлер, асықпа! – дегеннен басқа қолынан еште­ме келмеген жұрт егіле жылап, алаңнан тарап жатты. XVІІ Түс ауа жолға шыққан Жылбек тобы шытырман тоғайдың ішімен үнсіз келеді. Түнеп шыққан жерінен жеті-сегіз километрдей жүрген кезде алдарынан тұра қашқан біреуді байқап қалды да, қуа жөнелді. Әлгі қан­ша әрекеттенгенімен ешқайда жасырына алмай, қолға түсті. Жап-жас жігіт екен. Екі иығынан демін әрең алып, сөйлей ал­май қалш-қалш етеді. – Сен қайдан жүрген адамсың? Бұл жерге қалай келдің? – деді Жылбек алдында тұрған жігітке.

– Мен Зверинки деген деревняданмын. Сіздерді немістер екен деп қашқан едім. Осыдан бес-алты күн бұрын парти­зандар темір жол бойына мина қойып, олардың майданға кетіп бара жатқан әскер тиеген эшелонын жойып жіберіпті. Жау қатты шығынға ұшырапты... Партизан­дарға ыза болғансын орманды үш күндей шарлап, атқыламаған жер қалдыр­мады. Бірақ еш нәрсе таба алмады. «Сендер партизандарға көмек бересіңдер. Олар осы деревняларда тығылып жүр» деп, осы төңіректегі көптеген деревняларды өртеп жіберді. Бірнеше адамды «сендер парти­зан­сыңдар» деп, кеудесінен тері кесіп алып, өздерін дарға асты. Жендеттердің ісінен шошынған халық безіп кетті. Нанбасаңдар, мен жалғыз емеспін, біздің деревняның адамдарының қақ жартысы осыдан екі километрдей жерде, орман ішінде бас сауғалап жүр. Олардың ішінде балалы әйелдер де, кем­ пір-шалдар да бар. Біз екі жігіт орманның жиегіне барып, жау көрінбей ме екен деп, байқауға шыққан едік. Қасымда келе жатқан жолдасым сіздерді бұрынырақ байқап қалды білем, қашып кетті, – деді тұтқын жігіт. – Ендеше деревня халқының паналаған жерін бізге түсіндір. Біз екі-үш адамды олардың тұрған жеріне жібереміз. – Мен өзім-ақ алып барайын, – деді қорқып дірілдеп тұрған жігіт қуанғанынан. – Жоқ, сен біздің қасымызда қаласың. Сенің бұл жерде қандай оймен жүргеніңді кім білсін. Мүмкін Отанын сатқандардың біреуі шығар­сың. Жау тұзағына апарайын деп тұрған боларсың, – деді Мәжит көкірегін көтеріңкіреп. – Олай болса, – деді Жылбек, – Мәжит, қасыңа екі адам қосып ал да, мына жігіттің айтқан жеріне барып кел. Егер ол жерде жазалаушы­ларды байқап қалсаңдар атыспаңдар. Жау мылтығының даусы шыға қал­ған күнде, біз мына жігіттің көзін жоғалтамыз. Жауға тап болсаңдар, құты­ лудың қамын ойлаңдар да, әнеугі қонған қарағайдан табысайық. Егер мынаның айтқаны рас болып шықса, біреуің бізге келіп хабарла да, екеуің сол жерде қалыңдар. Бірақ біз жеткенше деревня адамдарының бірде-бірі шашау шықпасын. Ал, жолдарың болсын! Мәжит бастаған үш жігіт деревня адамдарының тығылған жерін тапты да, жолдасының бірін Жылбектерді шақыруға жіберді. Хабаршы келісімен, қалған партизандар да, әлгі жігітті алға салып, деревня халқына келіп жетті. Бұларды көрген деревня халқы келгендердің кім екенін ажырата ал­ май, бұрынғыдан да шошына түсті. – Сіздер үрейленбеңіздер. Біз совет азаматтарымыз, партизандар­мыз. Мына бізге еріп келген жігітті танисыздар ма? – деді Павлик жұртқа. Келгендерге жақын тұрған қарт кеудесіне дейін түскен сақалын си­ пап, аузын қисайтып көзінен аққан жасын қо­лына ұстап тұрған май-май қалпағымен сүртті де, кемсең-кемсең етіп: – Әй, қарақтарым, бұл менің ортаншы балам – Тима ғой. Үлкен ба­ ламды осыдан екі күн бұрын мейірімсіз жау кеудесінен ет кесіп, дарға асып өлтірді. Сүйегін дардан түсіртпеді. Әлі асулы тұр. Анау ағаш­тың

түбінде, балаларын қапсыра құшақтап жылап отырған – менің келінім. Жыламай қайтсын, шиеттей бес баламен жесір қалды. Көріп тұрсыңдар, бұларға көмектесетін менің халім мынау, жасым сексеннен асты, бүгін бе, ертең бе деп отырған тірі жанмын. Неміс жендеттеріне, баланың орнына мені алыңдар, барлығына жауапты мен деп едім, дардың жанынан мені ұрып-соғып қуып шықты. Олардың қамшысына жығылып етпеті­м­нен түсіп едім, тағы біреуі келіп нәлді етігімен тепкіледі. Денемнің бәрі ісіп кеткен еді, қазір тәуір болсам да, денеге түскен таңбасы әлі де бар, – деп, қарт көйлегін көтеріп арқасын көрсетіп еді, денеге түскен дақ тарғыл­ данып, ісіп тұр екен. Булыққан қарт көз жасын көлдей төгіп, теңселіп келіп құлай жазда­ды да, артында тұрған жуан терекке сүйеніп: – Мына айуан фашистерді құдай қашан атар екен. Қайда барсақ шыбын жанымыз қалады деп отырған жандармыз. Алты-жеті жұмысқа жарамайтын жандардың ортасында жалғыз қалған менің Тимамды тастап кетіңдер, – деп шал тағы да жылады. – Сіздердің халдеріңізге біздің де жанымыз ашып тұр. Сабыр еті­ңіздер. Бұл жерде біздер де сіздің Тимаңызды ертіп кетейік деп тұрғанымыз жоқ қой, қария. Партизандар тек өз еркімен келген адамдарды ғана қата­рына алады. Ти­ма, сен өзің қалай қарайсың? – деді Павлик айнала топ­талып тұрған халыққа жақындай түсіп. – Осы жерде тұрған жиырма шақты жас сіздерге еріп кетсек деп тұр­ мыз. Жау қолынан босқа өлгенше, соғысып, өшімізді алсақ дейміз. Папа, сіз қарсы болмаңыз, – деді Тима. – Біз қайтеміз? – Сіздер елмен бірге күн көретін боласыздар. Осы жастардың бәрі кеткенде, мен не істеймін? – Олай болса сен де бар, үйде отырып, босқа өлерсің. Мен қарт адаммын, өз көңілімді білдіргенім ғой. – Қарақтарым, сендер де ашыққан шығарсыңдар! Жаудан қашып осы жерге келерде азын-аулақ азық-түлік ала шықтық. Бөліп жейік, оты­рып тамақ ішіңдер, – деді, ұзын бойлы, шашы аппақ қардай болған бір кемпір партизандарға. – Шеше, рақмет ықыласыңызға, біз аш емеспіз. Ол азық-түлі­гіңізді өздеріңіз талшық етіңіздер. Біздің бұл жер­де кідіруге уақытымыз жоқ. Қош болыңыздар, – деп парти­зандар жастарды ертіп, жүріп кетті. Арттарында қалған жұрт кетіп бара жатқан партизандарға көз тігіп: – Қош, сау болыңдар. Қайтсын, бұлар да аш-жалаңаштықты көріп жүр ғой. Жолдарың болсын, фашистерді аямай соғыңдар! – деп дуылдасып қала берді. Жерде қисайып ыңқылдап жатқан қарттың жанында тұрған орта бойлы әйел орнынан тұрды да, партизандардың соңынан жүгіре жөнел­ді. Ол алыстап кеткен партизандарды әрең қуып жетті: – Не болды? – деді Павлик әлгі әйелдің жанына келіп. – Білесіздер ме, әлгінде айтуға ұмытып... – деп барып, айтқаны мы­нау:

– Абайлап жүріңдер. Алдарыңдағы Ворга заводында жау бар. Оны айналып өтіңдер. Ол жолды мына балалар біледі... Кеш батып, қараңғы түсе партизандар Рославльдан Ершичиге қарай өтетін үлкен қара жолға жақындап келіп, бақылау жүргізді. Жолдан әрібері жүріп жатқан солдаттар көрінбейді. – Мен арқамдағы үш минаны несіне алып қайтамын. Мына фашистер жүріп жатқан жолға көміп кетейін, – деп Павлик арқасындағы минасын алды да, жолдың дәл маши­на жүретін ізіне көмді. Бұлар таңға жуық нысаналы жеріне жетіп, қалың тоғайдың ішіне тоқтады. Екі күн өтіп, үшінші күні бес жігіт күре жолда жарылған мина­ ның нәтижесін білуге аттанды. Олар қара жолдың маңындағы орманшының үйіне жақындап келді де, байқау жүргізді. Үй маңында асыр салып ойнап жүрген екі-үш бала­дан басқа ешкімді көре алмады. – Үй маңайы тыныштық көрінеді, жау жүрген жерде балалар да бүй­тіп, асыр салып ойнай алмайды ғой, сен екеуің мына үйге барып, бөтен еш­кім жоқ болса, бізге белгі беріңдер. Біз осы жерде сендерді тосамыз, – деді Мәжит қасында жақын отырған екі барлаушыға. Бұлар отырған орындарынан тұрды да, орман шетіндегі кішкентай алаңда өскен сирек талды паналап, жалғыз үйдің сыртында шыбықты ат қылып мініп, ойнап жүрген балалардың қасына жетіп келгенде, ба­лалар қорықты білем, зып беріп қораға кіріп кетті. Барлаушылар бала­лардан ештеңе сұрай алмай қалды. Осы үйде бөгде адам жоқ, не болса да кіріп барайық, – деді барлаушы­ ның біреуі. – Кірсек кірейік, – деп екі партизан балалардың соңынан жөнелді. Көп ұзамай олар үй иесін қораның сыртына алып шығып, ешкім жоқ дегендей белгі берді де, орман шетінде жатқандарға қарай жүрді. Партизандар орта жастан асқан, ұзын бойлы, семізше келген, күрең сақалды орманшыны айнала отырып, үсті-үстіне сұрау қойып жатыр. – Сіз осыдан екі күн бұрын жарылған минаның даусын естідіңіз бе? Ол минаға кезіккендер кімдер екен? – деп сұрады біреуі. – Е,.. е... оны сұрасаңдар мен айтып берейін, балалар. Сол күні түнде бірнеше машинаға тиеліп солдаттар Ершичиден Рославльге кетіп бара жатады. Алдыңғы келе жатқан машинада отыздай неміс солдаттары мен офицерлері отыр екен. Сол машина күл-талқаны шығып, аспанға ұшып­ ты. Тірі қалғаны жоқ. Артқы машинадағы жау солдаттары машиналары­ нан қарғып түсіп, жан-жаққа бей-берекет оқ атыпты. Бұлардың жағдайын естіген Ворга автожөндеу заводындағы жау гарнизоны түн ішінде көтеріліп, апатқа ұшырағандарға жәрдемге шығады. Жәрдемшілердің алдында келе жатқан танкі тоқтамастан оқ атылған жаққа бірнеше снаряд жібереді. Бұл снарядтар орманда жүрген өз әскерлерінің ортасына түсіп, жиырма шақты солдатты жусатып, тағы да екі машинаның күл-талқа­

нын шығарады. Екпіндеп өркөкіректенген танк аздан кейін партизан­­дар қойып кеткен екінші бір минаға тап болып, өзі де төңкеріліп түседі. – Паризандар қу екен, – деп қарқылдап күлді орманшы шал, – миналарын бір-ақ жерге қоймай, жолдың әр жеріне көміпті. – Айта түсіңіз әңгімеңізді, – деді Мәжит хабарды толық білгісі келіп. – Танк істен шыққанда ғана өзді-өзімен соғысып жүргенін аңға­рып, атысты тоқтатыпты. Ойламаған жерден өз әскерлерін қырғынға ұшырат­ қанына назаланған офицерлер өзара керісіп, кейін қайтты. – Содан кейін не болды? – деді отырғандардың бірі. – Оның ертеңіне жаңағы мина жарылған жерге көп жазалаушы­ лар келіп, партизандардың кеткен ізін шолады. Жол үстіндегі қалың топыраққа түскен адамдардың ары өткен ізін көріп, оларды жолдың арғы бетінен іздейді. Сөйтіп, сол маңайды қоршап алады да, әр бұта түбін қал­ дырмай, тегіс сүзіп шығыпты. Күн бата ешкімді таба алмайтынын білген болу керек, іздеуін тоқтатыпты, мені де біраз айналдырып, партизан­­дарды көрсет деп соғып алды. Мен ешқандай партизандарды көргем жоқ, немді айтайын, әйтеуір өз жаным өзіме олжа болып, таяқ жедім де, қала бер­дім, – деп шал сөзін бітірді. – Біз осындай жеңіс үшін күресіп жүрміз, еңбегіміз зая кетпепті, – деді отырған партизандардың біреуі мақтанышпен. – Е... е... е... – деді орманшы шал, – бәрін істеп жүрген сендер екен­ сіңдер ғой, өздерімен тоқайластырып, жақсы істепсіңдер... – Сен екеуің менімен еріп, біздің үйге жүріңдер, – деді жаңағы ертіп келген екі жігітке. Бұларды ертіп кеткен қарт кемпірі пісірген төрт бөлке нан мен он ке­ сек шошқа майын, шелекті толтыра салған тұздалған қияр беріп жіберіпті. Мұны алып келген екі жігіт: – Әлгі шалдың кемпірі өте мейірімді адам екен, біздерге: «Сен­ дер шаршап-шалдығып жүрсеңдер де, ел үшін қан төгіп, жаумен тіресіп жүрген ерлерсіңдер ғой, алыңдар мына менің сыйлығымды, біздер үйде отырған адамдармыз, бірдеңе етіп күнімізді көреміз ғой», – деп алмасқа ерік бермеді. Бір пұт ұн беріп еді, алмай кеттік, – деді. Бұлар кеш бата өздері аттанған жерге барып, естіген-білген­дерін Жылбек бастаған топқа келіп, бірінің сөзін бірі тоспай, жарыса сөй­леп еді: – Біреуің ғана айтсаңдаршы, бәрің жамырай айтқандарыңды еш­кім түсінетін емес, – деді Жылбек. Келген партизандардың барлығы Павликке сен айт дегендей, ым қақты. Павлик ырғалыңқырап қойып жымыңдап алды да, қарттан естіген­ дерін баптап тұрып айтып берді. Партизандардың бұл бөлігі алған тапсырмаларын толық орында­ған соң, Әлім мен Витя топтарының оралуын тосып, осы арада жата берді.

XVІІІ Әлім бастаған партизандар тобы Артемовка деревнясының күншы­ ғыс жағындағы орманмен түн қата жүріп келе жатыр. Арқалаған жүктері белдерін қайыстырып келеді. Бұл топтың базадан шыққандарына төрт күн болды. Тоқтамай жүре отырып, орманның екінші жиегіне кел­генде, күн төбеге тақаған еді. Алдағы темір жолға дейін жеті-сегіз километр­дей ашық алаң. Алқап толы біріне-бірі иін тірескен деревня. Күн батқанша орман шетінде отырып, алдарын болжап бақы­лау жүргізді. Күн ұясына кіріп, қас қарая берген кезде орманнан шы­ғып, деревнялардың ара-арасымен түн жамылып, тағы да жүріп келеді. Бұларда үн жоқ, тым-тырыс. Тыныштықты анда-санда иттің үргені мен әр жерден атылған мылтық даусы ғана бұзады. Түн ортасынан ауған кезде жүргіншілер үлкен терең сайға келіп тоқтады. Кідіріс көп ұза­мады. Бір кезде Әлім: – Отырыңдар, – деп ым қақты. Сөйтті де арт жақта келе жатқан­дарға жақындаңқырап: – Таң атуға аз қалған болу керек, біз осы кезде темір жолдан өтіп ке­туге тиісті едік, алдымызда ештеңенің қарасы әлі көрінбейді. Біз анау қараң­ дап көрініп тұрған деревняны айналып, күншығыс жағына шығайық, біраз бұрыс кетіп қалыппыз, таң атқанша темір жолдың ар жағына өтіп, орманды паналауға үлгіре алмаймыз, – деді. Партизандар орындарынан тұрды. Таң сарғайып, ала көлеңке бола бергенде, бұлар темір жолға үш километрдей жердегі апанға кезікті де, күні бойы сол жерде лажсыз бекініп отыруға мәжбүр болды. Маңай толған жау. Деревняларда құтырған полицайлар. Олар қол­дан қайнатқан арақты ішіп алып, қызып жүр ме, әйтеуір мылтықтарында дамыл жоқ. Кімге және неге атып жатқаны да белгісіз. Екі түн ұйқы көрмеген партизандар мына апанның ішінде кезек-кезек қарауыл қойып, пырылдап ұйықтап жатыр. Бұлардың мазасын тарсылдай атылған мылтық үні ғана бұзады. Түс ауа бергенде, ұйқылары қанған болу керек, барлығы да көздерін ашып, арқаларын күнге беріп етпетінен жатыр. Кеш бата күні бойы дамыл таппаған полицайлар мылтықтарының дау­ сы да саябырлады. Күн ұясына кіре бергенде, апанның маңайында жайы­­ лып жүрген сиырлар шөпке тойып, маңғаздана басып, ыңыранып дерев­­ няға қарай шұбап кетіп жатты. Тек жуан қарын қызыл сиыр табынның со­ңында қалды да, апан жиегінін шөбін ұзын тілімен орақтай орып кетер емес. Артында бақташысы бар ма екен деп бұғып жа­тып байқаса, бір кө­ леңке жақындап келе жатыр екен. Бақташы қызыл сиырды айдамақ болып келе бергенде, бұғып жат­қан партизандар оны бас салып ұстап, өздері отырған апанға сүйреп түсірді. – Ой, шырақтарым-ай, қорқып кеттім ғой, – деді бақ­ташы. – Бізден қорықпай-ақ қойыңыз. Темір жол неше кило­метр болады? – деді Әлім. – Шамасы үш километрдей.

– Бізді темір жолдан өткізіп тастасаңыз қайтеді? – Сіздер сенсеңіздер, мен даярмын. Партизандар орындарынан тұрып бақташыны ертіп, жүріп кетті. Көп ұзамай темір жолға келіп, рельстің астына екі жерден мина қойды да, ары қарай өтті. Орман жиегі төрт километрдей ғана болу керек. Бұлар асығып келеді. Бақташы әрі қорықса да, әрі шаршаса да, бұлардан қалар емес. Партизандар орман жиегіне жете бергенде, поезд мина қойған жерге жетісімен жарылған минаның даусы түн қараңғылығында гүрс ете қалды. Гүрсіл дүркін-дүркін еселей түскен сияқты. Бір кезде гүрс етіп жарыл­ған дауыс, артынан аспанға лапылдаған оттың жалыны даланы жап-жарық қып жіберді. Жанған өрт, лапылдаған жалын, гүрсілдеген дауыс әр жерден шығып, бүкіл әлемді күңірентті. Орман шетінде бақылап тұрған партизандар бірін-бірі қапсыра құшақтап, сүйісіп жатыр. Араларында тұрған бақташы не болып, не қойып жатқанын білмей сүмірейіп, біресе жерге, біресе лапылдаған жалын­ға жаутаңдай қарап, қолға түскен торғайдай есеңгіреп тұр. Сәлден кейін бақташыға жақындап келіп Әлім: – Сен осы жерден қайтасың, бізді көрдім деп біреуге айтушы болсаң, қайда болсаң да тауып алып, жазаңды береміз, – деді. Жаутаңдап тұрған бақташы: – Әй, шырақтарым, енді мен ауылға барсам, деревня толған поли­цай мені партизансың, поезды қиратқан сен дейді ғой. Енді қайттім, менің жоғалғанымды елдің бәрі біліп отырған болар, – деп кетуге қорқып, күйбектей берді. Әлім бақташыға: – Сенің айтар дәлелің даяр. Сиырды іздеп далада жүріп қалдым де. – Мені өздеріңмен ала кетіңдер, жаудан алатын кегім бар. – Қандай кек? – Мен бұл деревняның адамы емеспін. Туып өскен жерім осы маң­ нан жиырма километр шамасы. Былтыр күздігүні партизандарға көмек бересіңдер деп, фашистер менің үйімді, бала-шағамды жағып жіберді. Өзім жасырынып, әзер қалдым. Содан бері осы деревняның сиы­рын бағып жүрмін. – Олай болса, бізбен бірге кетесің, – деді, Әлім. Мұны естіген бақташы: – Бұл сенімдеріңе рақмет, – деді. Партизандар да орман ішіне сіңіп жоқ болды. ...Минаға түсіп поезд қираған маңайдағы полицайларға ды тыныш­ тық болмады. Сол өңірдегі полицайларды жинап алып, қаз-қатар сапқа тұрғызып қойып, жазалаушы отряд командирі: – Сендердің араларыңда партизандарға көмектесетін адамдар бар. Осы маңайдағы деревнялар толған полицай бөлімшелері. Бұл жерге партизандар келуі мүмкін емес. Егер келген болса, сендер оларды тығып отырсыңдар, – деп жұлынып тұр.

– Майор мырза, – деді Дурнов, – бұл өңірге партизандар келуі мүмкін емес. Ашық алаңда толып тұрған полицай бөлімшелерінен тірі жан өтіп келе алмайды. Біздіңше, мина қоюшылар босқындар болу керек. Осы маңайдағы деревняларға келіп тоқтаған босқындар бар, – деп өздерін қорғап қалғысы келді. – Оларды неге комендантқа білдірмедіңдер. Деревняларыңа бөгде адамды тығып жүрген ақымақсыңдар. Оларға көмектесіп жүрген де осы тұрған тірі қуыршақ – сендерсіңдер. Партизан сендердің іш­те­ріңде, табыңдар, болмаса шеттеріңнен көздеріңді жоғалтамын, – деп сүмі­рейіп төмен қарап тұрған полицайларға ақырып, екі қолын артына ұстап, ерсіліқарсылы жүрген майор көзін қисайтып долданады. – Деревняларыңда босқындарды паналатқан полицайлар, саптан үш қадам алға шығыңдар! Команданы естіп он-он бес полицай алға шығып, сапқа қарап тұрды. Ашуы терісіне сыймай, булығып жүрген офицер бастары салбы­рап тұрған полицайларды жуан қамшысының ұшымен иектерінен қағып өтті де: – Ақымақ, жатып ішерлер, бастарыңды көтеріп тік тұрыңдар. Мен сендердің жазаларыңды берейін! – деп бір-екі полицайды қолын­дағы жуан қамшысымен басқа-көзге ұрып, бет-аузын қан-қан қылды. Таяқты қанша жесе де, полицайлар аузын буған өгіздей, дыбыс шығарар емес. Сапта тұрған полицайлардың да үрейі ұшып, бозарып кетіпті. – Біз бұл мырзаға не істедік, неміс командованиесіне адал қыз­мет етіп-ақ жүрміз ғой, – деп мүсәпірсіп жаутаңдаған полицайлар көздері жынданған иттей алас ұрған офицерге жасқана қарайды. Екі иығын жұлып жеп жүрген офицер сапты қоршап тұрған солдат­ тарына: – Мына алда тұрғандардың партизандармен байланысы бар, дерев­ няларында босқын деген атпен бандыларды паналатқан адам­дар, қазір менің көзімше ана жардың үстіне апарып көздерін жоғалтыңдар, – деп қолын бір-ақ сілтеді. Майор судан шыққан тышқандай бүрісіп тұрған полицайларға: – Көрдіңдер ғой, партизандарға көмектессеңдер сендердің де көре­тін күндерің осы, жүріңдер, – деді. Тірі қалған полицайлар мұрнын тескен тайлақтай елпілдеп жаза­ лаушылардың соңынан келе жатыр. Жазалаушылар осы өңір­дегі үш деревняны түк қоймай өртеп жүр. Бұлардың сеніміне кіреміз бе деп, полицайлар да үйлерге жағалай от қояды. Партизандарға көмектеседі деп Дурнов көрсеткен бес-алты жазықсыз жанды полицайлар ұрып-соғып, сүйреп әкеліп, жау қолына тапсырды. Деревня үйлерінің жалыны ас­панға шығып жатыр. Бір маңызды операцияны бітіргендей майор көңілді-ақ. – Бәрін де атыңдар, көзін жоғалтыңдар, – деп бұйырды. Жазалаушылардың командирі майор өзі ісіне өзі риза болғандай: – Темір жолға мина қойған жиырма бір партизанды жойдық, – деді, – сендер өз деревняларыңа қайта беріңдер. Партизан көрсеңдер, бізге хабарлаңдар!

...Әлім бастаған партизандар тобы қараңғы түнді жамылып жүріп келеді. Кенет атылған автомат даусы естілді. Жүргіншілер бірден жата қалысты. Жаудың тосқауылына кездескенін сезген бұлар біресе еңбек­теп, біресе жүгіріп, алма-кезек кейін шегінді. Атыс тоқталмады. Бір кез­де алға қа­рай жүгіре жөнелген Николай жалп етіп құлап түсті де: – Мен жараландым, – деді Әлімге. Бұлар ракета жарығы бір сәл толастаған кезде, жаралыларын көте­ріп орман жиегіне ілінді. – Осы жерге аялдап, мына жаралыларға көмек берелік, әйтпесе қансырап қалар, – деп Әлім арқалап келе жатқан Коляны ағаштың түбіне жатқызды да, жейдесінің жеңімен бетін сүртті. – Жараға байлайтын жеке пакет қайсыңда бар? – деді жан-жағында екі иығынан дем алып, ентігіп отырған жолдастарына. – Ондай пакет қайдан болсын? – деді олар. Әлім орнынан тұрып, ішкі қалтасына қолын салып, қағазға ораған бірдеңені ағараңдатып алды да: – Менде пакет бар екен. Бір пакетті бөліп жараның аузына салайық та, сыртынан көйлектерді жыртып байлайық, – деді де, пакеттің бірін жырта бастады. Алдында ыңқылдап жатқан Коляны шешіндірсе, оқ оның екі бүйірін тесіп өтіпті. Екінші жаралының оқ аяғынан тиген. Әлім Николайды арқалап келеді. Осы сапарға шығарда Жылбек Әлімге ерекше тапсырып, Николайға қамқоршы бол деген еді. Өйткені бұл оның сонау шекарадан келген үш жолдасының бірі еді. Сергей болса жара­ла­нып, аяғынан айрылып кетті. Павлик минашылар тобын басқарады. Жылбек­тің қасында қалған екі досының, жауынгерінің өзі осы Нико­лай ғана еді. Партизандар орман ішіне қарай жылжыды. Түн ортасында қатты жел тұрды. Жиектегі ағаш бұтақтары теңіз толқынындай шайқалады. Жел қатты ышқынып, аздан соң бәсеңдеген кезде аспанды қою қара бұлт басты. Әлсін-әлсін күн күркіреп, найзағай жарқылдады. Артынша селдете жауын құйды. Бұлар тоқтар емес. Қалайда жау тырнағынан құтылу керек. Жаралы жолдастарын кезек-кезек арқалай отырып, алға қарай жылжып келеді. Орман іші көзге түрткісіз қараңғы. Жау оқ атуды тоқтатып, бұлар­ дың соңынан қуып келе ме, әлде бұлар орман жиегінен алыстап кетті ме, әйтеуір айнала тыныштала бастады. Таң атып, орманға сәуле түсті. Жүріс өнбеді. Жауын басылмады. Түске таман әбден әлдері құрып, қалың қарағайдың бауырына тығылды. Екі-үш жігіт қолға желімдене жабысқан шырынына қарамастан, жуан-жуан қарағайдың қабығын түйенің терісіндей сыпырып, бірінебірін тіркестіре сүйреп жатыр. Қабықтан жасаған күркелерінің ішіне алды­мен жаралыларды паналатты. Күн төбеге келген кез болу ке­рек, жауын да бірте-бірте саябырлай бастады. Партизандар тынығып алып, түні­мен жүрді.

– Осы біз ата-бабаларымыздың орман ішіне салып кеткен зәулім сарайларына қашан жетеміз, – деп қүлекеш Яша шаршап-шалдығып, аяқтарын әрең көтеріп келе жатқандарды күлдіріп қояды. – Оған да, қазанда даяр тұрған тамаққа да жетеміз, – деп, Яшаның сөзіне күле жауап берді Әлім. – Елдің өзі өлейін деп келе жатса, осылардың қулығы-ақ қалмайды екен, – деді арт жақта келе жатқан біреуі. Жауын толастап, күннің арты ашыла бастады. Қарағайдың қабығынан жасаған күркенің алдына от жағып, айнала отырғандарға әртүрлі ой түсіп, үнсіз отыр. Әлім қасында жатқан ағашты отқа салып қойып, жолдастарына көз қырымен қарайды да, өзі де бірдеңені ойлағандай, кейде отқа салар бұтақты қолына ұзақ ұстап отырады. Көз алдынан туған жері Сарыарқа, жастық шағы, асыр са­лып ойнаған көшесі, өзін тәрбиелеген мектеп коллективі, ата-анасы, аға-інілері, жолдас-жоралары, соғыс алдындағы тыныштықта өткізген тәтті күндері тізбектеле өтеді. Осының артынша басқа ойлар да түседі. «Ертеңгі хал не болмақ. Оқ тиген жолдастарды тастауға болмайды. Өлсек бірге өлеміз. Өзім де шаршап, ілгері басқан аяғым кейін кетеді. Бірақ мына отырғандарды бастап жүру маған тапсырылған. Ол – Отан тапсырмасы емес пе? Шыда, бекін, Әлім»... – дейді өзіне-өзі ішінен. Осы отырғандардың бәрі де жап-жас, тепсе темір үзетіндей жігіттер. Әлі де бір түнгі жүріске шыдайды. Әлде болса бұлардың қолынан талай жау жазасын алар. – Әй, Әлім, түс ауып барады, осы меңіреу орманда отыра береміз бе? – деді жігіттер. Әлім ұйқыдан оқыс оянғандай, орнынан атып тұрды да есінеп, екі қолын жоғары көтере керіліп алды. – Күшімізді жинап, кешке дейін орманның жиегіне шығуымыз керек. Мүмкіндігінше, түн жамылып жүріп кетейік... – деді. Бұлар түні бойы жүріп, таң ата Жылбек тобына келіп қосылды. Жылбек жаралы досы Николайды жолға тастамай, үлкен қиындықпен алып келген Әлімге рақметін айтып, туысқандарша, ең алдымен Әлімді құшақтап сүйді. Содан кейін Николайдың қасына келіп, басын сүйеп, халін сұрады. XІX Петр Васильевич роталар мен отрядтардың партия ұйымдарының секретарьларын орман ішіндегі бір жуан қайыңның түбіне жинап, жиналыс өткізді. Онда деревнялар мен селоларда үгіт-насихат жұмысын жүргізу, майдандағы Со­вет Армиясының жеңістерін халыққа дұрыстап түсіндіру, фашистердің уақытша басып алған жерлерінде жауға қарсы қатал күрес ашу, жергілікті адамдарға партизандарға қосылудың жолын түсіндіру, ел арасында листовкалар тарату жұмыстарын байыппен айтып берді.

– Коммунистердің жұмыс жүргізуі нәтижесінде Мостицкое, Дубровки, Барковичи, Алешинки, Белевки, Сергиевка, Слобода, тағы толып жатқан деревнялардағы азаматтар партизандар қатарына келіп қосылды. Бүгін кешке осы маңайдағы деревняларға, жергілікті халықтың арасына барып жұмыс істейсіздер. Мен де сіздермен бірге боламын, – деп сөзін доғарды. Коммунист-партизандар арнаулы тапсырмамен кетіп жа­тыр. Петр Васильевич бастаған топ Епишево деревнясының күншығыс жағын­дағы тоғайға жетті. Тоғай іші жым-жырт. Осы жерде бұларды байланыс­шы қарсы алуға тиіс еді. – Байланысшы текке кешікпеген болу керек. Тегінде, бұл деревняға не жау, не солардың тыңшылары келіп, тіміскілеп жүрген болды ғой. Тоса тұрайық. Сендер жан-жақты бақылаңдар! – деді ол жолдастарына. Түн қараңғы, ешкім көрінбейді. Қарай-қарай көз талды. «Әлде басқыншыларға сатылған тыңшылар байланысшыны ұстап берді ме екен», – деген ой да келеді Петр Васильевичтің басына. Бұлар тоғай шетінде сарыла күтіп, үнсіз отыр. Әлдебір шақта, түн қараңғысында қараңдаған біреу көрінгендей болды. Партизандар елең етіп, көздерін қадай қарап қалды. Сөйткенше, әлгі қастарына жақын келді. – Пароль, – деді Петр Васильевич автоматын оңтайлай ұстап. – «Винтовка», – деді әйел даусы. – Кімсің өзің? – деді Лебедев. – Петр Васильевич, мен Тамарамын, сіздер қоршаудасыздар. Соны айтқалы келдім. Тоғайды қоршап алыпты, – деді Тамара ентігін басып. Тамараны жау ұстап, бір полицайға күзетуге тапсырған екен. Ол жау ішінде жүрген адал азамат болғансын, Тама­раны босатып, партизандарға қоршауда екенін хабарла деп жіберіпті. Тамараның хабарын тыңдап болғансын Петр Васильевич күзеттегі партизандардың бәрін шақыртты да, отрядтың жау қоршауында қалға­ нын, бұл құрсауды қалай да бұзып шығу керектігін айтты. Сақтана-сақтана жүріп келе жатқандар тоғайдан шыға бергенде, алдарынан қараңдаған біреулер елестеді... Бір жүгіріп, бір жатып орманға таяп қалған жау партизандардың қайда екенін анық білмесе де, оқты жаудырып, аспанға ра­кета жіберіп, айналаға жарық түсірді. Бұлар ракета жарығы өшкенде ғана жылжып, аңдысумен келеді. Жау атуын тый­мады. Бұларды қыспаққа ала берді. – Қарсыласуды тоқтатыңдар! Беріліңдер! – деген дауыстар да шығып жатты. Атыс тоқталмады. Партизандар жаумен жақындаса түсті. Бір кезде орыс тілінде: «Алға! Сендерге көмекке келген адамдармыз», – деген дауыс естілді. Екі бүйірден борап тұрған оққа қарамастан партизандар жан ұшыра дауыс шыққан жаққа еңбектей жөнелісті. Жақын келсе, олар Та­ мара айтқан полицайлар екен. Солардың көмегімен жау шебінің осал­дау жерін тауып, бұзып шыққан партизандар кішкене сайды қуалай жөнел­

ді. Жаудың бұлардың ізіне түсуге батылы бармады білем, оқтын-оқтын атылған мылтық даусы біртіндеп алыстай берді. – Енді Епишево деревнясының батыс жағына шығып, жаудың қалай кететінін байқайық, – деді Лебедев. Деревня ойпаттау жерге орналасқан екен. Алыстағы бір үйдің терезесінен болар-болмас жарық шығады. Оның өзі де бірде жанып, бірде сөніп тұрған тәрізді. Барлаушылар дөңестеу төбенің үстінде жатып, тың тыңдады. Сезікті ештеңе жоқ. Әлденеден күдіктенген Петр Васильевич: – Павлик, Әлім екеуің мына алда тұрған шіркеуге барыңдар, ретін тауып баяғы өзіміздің кісі, шіркеуші Кузьма Сергеевичке жолығыңдар. Жағдайды бізге тез хабарлаңдар! – деді. Павлик пен Әлім деревняға кетті. Сәлден кейін шіркеудің икон­шысын ертіп келді. Лебедев иконшымен амандасты да: – Деревняда жау бар ма? – деді. – Жоқ. Манағы айқастан кейін көрші деревняға кеткен деп естідік, – деді ол. Бір топ партизан деревняға кетті. Иконшыны басқа жұрт байқап қалмасын деп қоя берді де, Петр Васильевич бес-алты кісімен деревня шетіндегі бір үйге келіп кірді. Оның қасындағы партизандар полицай киімінде еді. Есік ашқан шал бұларды көргенде шошып кетті. Бұл жайды сезген Ле­бедев «полицайлардан» қорықпауын өтініп, өздерін қысқаша таныстырып шықты. Үй иесі бұлардың партизан екеніне сенерін де, сенбесін де білмей, абыржыған күйі, әркімге бір жалтақтап қарай берді. – Шырақтарым, – деді ол, – мені әбден қорқыттыңдар ғой, партизан­ға киімдерің ұқсамайды. – Бірнеше полицай бүгін түнгі арбасудың кезінде қаруларымен біздің жаққа шыққан еді, – деп, Петр Васильевич шынын айтты. Петр Васильевичтің сөзін тыңдап тұрған қарт темекіні сылтау етіп шырпыны тартып жіберді де, сөндіре қойды. Мұндағы ойы келгендер­дің бет әлпетін көріп қалу еді. – Е, сізді енді таныдым, – деді қарт Петр Васильевичт­ің жүзін көрген­ нен кейін. Оның сөзі де түзеле бастады. – Отырыңдар, тамақ ішіңдер, – деп, стол үстіне нан турай бастады. – Әй, кемпір, мына балаларға тұздаған қияр алып бер, – деді пештің үстінде жатқан кемпіріне. Петр Васильевич шалға жақындап келді де: – Рақмет, тамақ ішіп отыруға уақытымыз жоқ. Бір нәрсе сұрамақ едім, сіз Тамара деген мұғалиманы білесіз бе? – деді. – Тамараны білмей, мені қара басып па? Өзіміздін мұғалима ғой. Бірақ ол жоқ. Жау түнде «сен партизансың» деп ұстап алып кетіпті, – деді қарт. – Оны «партизан» деп көрсеткен адамды білесіз бе? – деді Петр Васильевич. – Біздің көрші әйел кешке таман бір жұмыспен старос­та Дурновтың үйіне барса, лепіріп отырған бойында, біздің көршіге: «Сен де партизан­

сың ба, бәлем жазаңды беремін, ана мұғалима қыздарың сияқты сен де барарсың» деп мазақтапты. Көрші әйел осы жайды Тамараға хабарла­­мақ болған екен, бірақ оны таба алмай қалыпты. Жау алып кетіпті оны. Соған қарағанда, сол Дурнов болмаса деймін», – деді қарт. Петр Васильевич есік алдына шығып, партизандарға староста Дур­ новты алып келуді бұйырды. Лебедев Әлімнің иығына сүйеніп, әрең тұрған Тамараның басын сипамақ болып еді, шашына қан ұйып қалған екен. Тамараны партизан­ дар базасына жөнелтуді Әлімге тапсырды. Жылбек бастаған топ деревняның сыртындағы оқшау тұрған ста­ ростаның үйіне қарай келді. – Мынау, үлкен ағаш үй, – деді көшенің ортасына жетпей тоқтаған қарт, – старостаның үйі. Бақша жағынан кіріңдер. Мен осы жерден қайтайын, біреуі біліп қойса, ертең жауға мені де көрсетіп жүрер. – Енді өзіміз де бірдеңе жасармыз. Қайтсаңыз қайтыңыз, – деді де, Жылбек бастаған партизандар үшке бөлініп, қарт көрсеткен үйді қор­ шай бастады. Қораның бақша жақ сыртына келген соң екі топ үйдің екі бұрышын айналып кетті де, Павлик, Батырхан, Виктор үшеуі қораның ішіне секіріп түсіп, үн-түн жоқ бұға қалды. Сәлден кейін үйдің қораға қарай шығатын есігіне келіп, қабырғаға жабысты. Үйден шыққан адам әдейілеп қарамаса, көретіндей емес. Осы кезде біреу үйдің есігін шалқайта ашып далаға шықты да, оны жабуға шамасы келместен, қораның қақ ортасына жетер-жетпесте лақыл­ датып құса бастады. Қараңғыда бұғып отырған Павлик пен Батырхан мастың желке жағынан келіп, бас салды да, сөйлеуге де шама­сын келтірмей, қолдарында даяр тұрған шүберекті аузына тыға салып, қора­ ның бақша жақ сыртына қарай көтеріп әкетті. Бұлардың Дур­новты ұста­ ғанын сезгендер жақындай түсті. Барлығы Дур­новты сүйрей-мүйрей қам­ баның сыртына шықты да, төбеден асып, жоқ болды. Дурновтың қолын артына байлап, өзін итше жетектеген партизан­­дар штабқа келесі күні түс ауа жетті. – Мына сатылған итті қайтеміз? – дегенде, аздап ішкен шараптан екі беті алаулап, қызулау тұрған Тимофей Михай­лович: – Жаза біреу-ақ, дарға асамыз! – деді. – Өлігін жау комендатурасының алдына апарып, аяғынан төмен қарай іліп қоямыз. Көрсін, сұмдар, сүйенген досын. – Мүмкін, Гитлер мұның басына ескерткіш орнатар! Осылайша шуылдасып жатқанда бұлардың қасына Тамара мен Әлім келді. Тамараның басын шандып байлаған бинттерден қатқан қара қошқыл қан көрінеді. Қызыл шырайлы бетіне түскен қамшы іздері білеудей боп кетіпті. Ол Дурновты бірден таныды. – Мұның халыққа істемегені жоқ. Талай совет азаматтарының қа­нын ішті, – деп Тамара Дурновтың бетіне түкіріп жіберді. . Арада бір-ақ күн өтті. Таңертең жау коменданты, полицайлар мен дерев­ня халқы комендатура алдында аяғынан төмен қарай ілінген Дурновтың өлігін көрді.

XX Бүгін лагерь әдеттегіше ерте оянды. Ұйқыдан тұрғандар есінеп барып, әр ағаштың саясында өз беттерінше, көлде қанатын жайып су сабалаған қаздай құлаштарын аспанға сермей тастап, дене шынықты­ рып жатыр. Кейбір жүрдім-бардым жасап болғандары көйлектерін шешіп тастап, лагерьдің іргесіндегі мөлдір бұлаққа беті-қолын жуды. Күрке жанындағылар әртүрлі әңгіме айтысып, гуілдесіп отыр. Шапағын мол шаша шыққан күн бүгін әлемге жарқырай, нұрын төгіп тұр. Қыза бастаған күннің төккен нұрына шомылған теңіз­дай толқыған орман ағаштарының жайқалған жапырақтары да күн сәулесіне шағылысып жүз құбылып әсем көрінеді. Орман толы құс та неше түрлі әнге салады. Ертерек тамақтарын ішіп болған партизандар орындарынан тұра беріп: – Рақмет, Петька, сен тамақ пісірудің әдісін әбден үйреніпсің. Бүгінгі тамағың өте дәмді екен, Москва ресторандарының пісірген тамағынан кем емес, – деп мақтап барады. Денесі сом жаралған, тапал, терең құдық түбінен көрінген мөлдір судай, үңірейген шегір көзді, қабағы шығыңқы, басы үлкен, жалпақ бетті, иегінің әр жеріне сирек-сирек біткен қылтанақ сақалды, теректің жапырағын­ дай қалқан құлақ, қысқа саусақтары быртиған Петька қолын мықынына тіреп, асулы тұрған қазанның жанында ырсия күліп тұр. Жамалдың жа­ нында тамақ ішіп отырған Тамараға қарап жымыңдап қояды. Тамара оның ыржия күліп тұрғанын байқады да, көзін бір төңкеріп қарап еді, Петька дода-дода шашын бір қолымен жөндеген боп, Тамараға көзін қысты да, тағы да қосымша сорпа құяйын ба дегендей ым қақты. Петьканың ойын сезе қойған Тамара ішінен: «Осы құрғырға тіл қатпайақ қояйыншы, өзінің әліне қарамай дәмесінің зорын қарашы, мені партизанға қосылғанда жігіт іздеп келді деп тұр ма екен өзі! Әйел де болсам қауқиған сен сияқты аспазшы болып, қазанды төңіректеп жүргенім жоқ. Сенің жылмыңдаған көзің мені қызықтырмайды, бетіңмен жүр», – деп бір ойланды да, артынша: «осының түрі қандай болса, мінезі де сондай дөрекі деуші еді, әрі кет деп, бетке соқпай-ақ қояйын», – деп түйді ойын. Осы шақта Петькаға көзінің қиығымен бір қарады да, өтірік күлген болып: – Рақмет, Петька, бүгінгі тамағың өте дәмді екен, – деп Тамара Жамалдың алдында екі қолын жайып, күліп тұрған Маяны қолына алды да, теріс айналды. Кішкене жүрген соң: – Жамал, – деді Тамара ол қатарласқан кезде, – жүр, бүгін тыныш­тық көрінеді ғой, біраз қыдырып қайтайық. Аузын ашса көрінбей қалатын Маяның кішкене тәмпіш мұрны­на қызыға, мейірлене қарап келе жатқан Тамараның ойына жастық шағы елестеді. «Сен, Мая дүниеге жаңа ғана шыр етіп келген сәбисің. Көзіңді ашпай жатып орман кезіп, лаулаған оттың, өмір мен өлімнің ортасында жүр­сің. Бірақ сен ғой төңірегіңде не бо­лып жатқанын білмейсің. Дүниенің ас­

тан-кестен болып жатқанын қайдан білейін деп едің? Сен кейде маған, осы партизандардың туындай желбіреп көрінесің. Өйткені сен біздің келешегімізсің, біз сенің, сендей күнәсіз жас сәбилердің бақыты үшін күресіп жүрміз. Біз жеңсек сен тыныштық тәтті өмірде өсерсің», – деп терең ойға шомып келе жатқан Тамараның ойын: – Тамара, неге үндемейсің? – деген Жамалдың үні бөліп жіберді. – Аһ, кешір, Жамал, – деді Тамара, – Маяны, қолыма алғансын бір ойға кетіп қаппын. – Мына соғыс басталып кетпегенде, сенің де осындай кішкентайың болатын ба еді? – деді Жамал күліп. – Кім білсін, өмір деген қызық қой! – деді Тамара да күліп. Тамара мен Жамал орман жиегіне шығып, оқшаулау тұрған теректің саясына барып отырды. Самал соғып тұр. Туған жердің майда қоңыр желі баяу желпіп, бетті аймалағандай, жүректі қытықтағандай болады. Жапырақтар да сыбырлап, сыр шерткендей неше түрлі үн төгеді. Дүние маужырап қапты. Не керек, осы бір сәтте осы бір екі жас әйел үшін дүние тыныш, рақат сияқты болып кетіп еді. Екі дос сол теректің сая­ сына отырып, шөлдеп, таңдайы кепкендей, майдың жұпар иісті ауасын кеуделерін кере жұтып, демдерін терең алды. Мая қолын ербеңдетіп, торғайдың балапанындай аузын аша береді. Екі адамның қолына кезек көшкеніне мәз болған сәбидің ойында дәнеңе де жоқ. – Мая, келші маған, сен бәрімізге ортақсың ғой! – деп, Тамара сәбиге қолын соза, орнынан тұрды. Тамараның жібектей, ақшыл сары шашы күн нұрымен шағылысқанда бұрынғыдан да жайнап, жарқырап неше түрлі боп құбылады. Қолдан құйғандай талдырмаш, мүсінді денесіне иықты, көтеріңкі кеудесі, жайнаған оттай тұп-тұнық көк көзі оның кіршіксіз ақ жүзіне ерекше ажар беріп сол отты әдемі көк көзін Маяға төңкере қарап, оның тұнық қара көзіне елжірей үңіліп, мейіріммен, ерекше ықыласпен туған апасынша егіле қарады. – Маяның өзі күннен-күнге тәтті болып барады. Менің қолыма келсе аузын жимайды. Шіркін, соғыс бітіп, жауды жеңіп, елдеріңе қайта оралғанда, туған-туысқандарың қандай қуанар екен! Ер жеткен соң туған жері – Белоруссияның орманына келіп, осында қалған, бағып-қаққан, паналатқан, жауыздың аузынан арашалаған, атасына, мына біздерге бір көрініп кетсе, қандай тамаша болған болар еді! Әлде сен өскесін қанға боялған туған жеріңді, балапанын қорыған бүркіттей сені қорыған еліңді, біздерді, мына Белоруссия жерін ұмытып кетесің бе? – деп, Тамара қолындағы баланы бауырына қысып-қысып алды. – Жоқ, сен, мен білсем, ұмытпассың, ұмытуға тиісті емессің. Жамал, сендер осы Маяны өскенсін оқуға осы Минскіге жіберіңдерші! Терек түбінде емін-еркін Маядан қолы босап отырған Жамал сандуғаштай, құлаққа жағымды әсем күлкісін тоқтатпады. – Тамара, біз жауды жеңеміз. Қазақстанға барғанмен, мына орыс жерін, Белоруссияны, мына сендерді ұмытпаймыз. Жауға қарсы бірге алысқан, бірге жүріп қан төккен, бір тілім нанды бөліп жеген заманды,

қылдан тайып жығылардай қиын күнді, бірге өткізген шақты, бірнеше жыл жерін жерлеп, суын ішкен, өз баласындай бағып-қаққан елді, қысылғанда саясына жасырған мынау ну орманды біз неге ұмытамыз. Ұлы орыс халқында: «Гора с горой не сходится, человек с человеком схо­дится» деген мақал бар. Ал бізде, қазақта: «Ат баспаймын деген жерін үш баса­ ды, ер көрмеймін деген жерін үш көреді» деген мақал бар. Біз әлі талай көреміз бұл өңірді. Екі қолын ербеңдетіп шешесіне ұмтылған Маяны Жамалға ұста­тып, Тамара оның қасына отыра беріп, мойнынан қапсыра құшақтады да, өз басынан өткенді әңгімелеп кетті. – Жамал, – деді ол, – ой, шіркін-ай десеңші, өмір деген соғысқа дейін қандай тамаша, қандай тәтті, қандай көңілді еді! Ойлап кетсем он жыл бар күшті сап білім шыңына жетуге ұмтылған бейбіт күндер, өсір­ ген ұстаздарымыз, ауласында асыр салып ойнаған зәулім мектебіміз, бірге оқып, ойнап-күлген қыздар мен балалар көз алдыма елестейді де тұра­ды. – Тома, сен өзің сәбиді жақсы көреді екенсің! – деп Жамал әңгіме бетін басқа жаққа бұрды. – Менің әке-шешем ерте қайтыс болыпты. Содан кейін әкемнің туғандары мені Климович қаласындағы балалар үйіне беріпті. Он жылдықты бітіргенше сол балалар үйінде болдым. Шіркін, өз баласын­ дай мәпелеп тәрбиелеген сондағы тәрбиешілер мен мұғалімдердің тым болмаса біреуі кездессейші осындайда: «Мені тәрбиелегендеріңізге көптен-көп рақмет», – деп айтар едім, көңілдегі жақсы сөздерімді шыға­ рар едім, – деп, көз жасын шеті қызыл жібекпен көмкерілген кішкен­тай ақ орамалымен сүртті. Тамараның әңгімесін ықыласымен, мұңая тыңдап отырғанЖамал: – Сен жылама! Сен жастай өскен жеріңде, оқыған мектебіңнің қасында жүрсің ғой. Тіпті осы топта бірге оқыған, сүйген, ұнатқан жігітің де бар шығар. Мына, біз де... – деп барды да, Жамал да тоқтай қалды. Тамара да аз кідіріп, әңгімесін жалғастырды. – Мен он жылдықты жақсы бітіріп, Гомель қаласындағы педаго­гика институтына түсіп, соғыстан бір жыл бұрын бітірген едім. Жас маман­ дарды бөлетін комиссия мені Епишево деревнясындағы орта мектеп­тің жоғарғы кластарына мұғалім етіп жіберген. Мұғалімдер коллективі де өте бір ұйымшыл, жақсы жандар екен. Жас мұғалімдерге ақыл беретін. Кейде мен сол коллективті, сол адамдарды аңсап, жоқтаймын. Ұстаз болып, жас ұрпақты тәрбиелеу қандай абыройлы, қандай мәртебелі іс. Аңсаймын, сағынамын. – Анау! – деді Тамара, көз ұшында төбе-төбе болып көрінген қара­й­ ғандарды нұсқап, – соның бәрі жаудың қанды ізі түскен жерлер, қала, деревня, село, хутордың орны. Бәрі қирап жатыр. Соғысқа дейін осы маңайдың бәрі жиі өскен ормандай, біріне-бірі тірескен ел еді. Енді міне, көріп отырмыз, тып-типыл. Кешке қарай жұмыстан қайт­қанда шырқатып тартқан гармоньның үні де, жастардың екі-екіден қол ұста­сып, сүйген жандарымен, достарымен жел соққанда құлпыра жайқалған көк

майсадай толқи билегені де, ән салған даусы да жым-жылас. Тіпті өріс­ тен шөпке тойып, ыңырана маң-маң басып, мөңіреп деревняға қайта­тын сиырлардың да, үй күзеткен сақ иттің үргені де естілмейді. Жасыраты­ ны жоқ, кейде осыны да сағынып, осыны да аңсап, көнілің құлазып сала береді, – деп, Тамара ауыр күрсініп қойды. – Тамара, шыдамды бол! Өзің айтқандай, біз жеңеміз! Қайта­дан мұғалима боласың. Аз жыл өтпей-ақ бәрі де ұмыт болады. Сабыр етпегенде қайтеміз. Бұл менің саған айтқан сырым ғой. Әлгі орны жатқан деревнялар толған бала еді. Олар зым-зия жоқ болып, қайда кетті екен? Әлде, паналайтын жер таппай, орман кезіп жүр ме? Әлде, жосадай қанмен қолын жуған жау, осының бәрі аз дегендей, оларды да ата-аларынан айырып, туып-өскен жерінен айдап Германияға алып кетті ме? Әйтеуір, көрінбейді. Сол жастардың көктемгі, гүл, бәйшешек тәрізді түрленіп, құбылғаны, жайраңдаған жүзі, суда жүзген үйректей сылаң­даған жүрісі әлі көз алдымда. Тамара мектепте белорус тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Орыстың және дүние жүзі әдебиетінің классиктерін көп оқыған. Тіпті, Янка Купала мен Якуб Коластың көп өлеңдерін жатқа білетін. Бүгін ол өзінің қиын күндердегі қазақстандық құрбысына сырын айтып отыр. Ол онысын әлде ызадан, әлде бір шабыттанып отырғандықтан шешендікпен айтты. Ақтарыла, төгіле мектептің кең класында сабақ беріп тұрған білгір, айтқыш ұстазша сөйледі. – Қолына түскен қыздардың көбін жау туып-өскен елінен айы­рып, құлдыққа айдап кетіпті. Мұнан артық қорлау, адамдықты аяққа басу­ шы­лық бола ма? Шырылдап жерге түскеннен еркіндікте өскен, шыр­қай ән салып, гүлдей жайнаған жастар торға түскен сұңқардай бұлқ­ы­нып, жаудың құлдығынан шығудың алуан түрлі амалын жасаған болар-ау! – Жоқ, біз жаудан кек аламыз. Біз жасымаймыз. Жамал, мен енді көзіме жас алмаймын, жаудан кек аламын. Жау құлдыққа айдап кет­кен туысқандарды босатып жеңіске үлесімді қосамын! – деп қайраттан­ды Тамара. – Тамара, – деді Маяны емізіп отырған Жамал, – өткен күннен де жақсы күннің туатынына мен де сенемін. Біз әлі соғыстан бұрынғыдан да жақсы тұратын боламыз. Сүтке тойған лақтай Мая монтиып отыр. Дәл бүгінгідей рақатты ту­ ғалы көрмеген болар. Жарқыраған көктем күні сәби жүзіне нұрлы сәу­ лесін төгеді. Кейде ол екі қолын ербеңдетіп, шешесінің тізесіне кішкен­­тай аяғын тіреп қояды. Әлден уақытта Мая жымиып Тамараға қарап еді: – Кел маған, бөбегім, мен сені тағы ойнатайын, – деп ол сәбиді қолы­ на қайта алды. Тамара айтқан ұзақ сырдан кейін екеуі де біраз үнсіз отырды. Жамал мөлдіреген қара көзінің қиығымен Тамара мен Маяға бір қарап қойып: – Иә, Тамара, бағанадан сенің айтқан сөздерің менің де жүрегім­ді елжіретіп, сай-сүйегімді сырқыратты. Менің де туып-өскен жерім, ой­напкүлген жора-жолдастарым есіме түсіп, көз алдымнан елестеп өтті, – деді.

– Мұндай тыныштық бола бермес, осындайда сен де сырыңды айт­ шы? Жорамен қалай танысқаныңды да айтсаң тіпті қызық болар еді, – деп Тамара күліп қойды. Өз өтінішінен өзі ұялғаннан үлбіреген ақ бетінің ұшы қызарып кетті. Сонда да ұялғанын сездіргісі келмегендей, сықы­­лық­ тап күліп жіберді де, Маяны көтеріп орнынан тұрды. «Ұялған тек тұр­мас» деген деп, Тамара «тара-ра-ра-рам» деп, әлде бір вальстің сазын аузы­мен айтып, Маяны әлдилеп кетті. – Томочка, сен биді де аңсаған екенсің, билерсің әлі, сендерде өз тойыңда билерсің, – деп күлді. – Айтпақшы, сенің сүйген жігітің қайда, бар ма? – Неге болмасын, айта берсем, ол осында жүр. – Ол кім, әй? – деп Жамал да шап ете қалды. – Өзің ойлап тапшы. Кім деп ойлайсың? – Кім десем екен, Петька емес пе? – деп күлді Жамал. – Күлгеніңе қарағанда ол еместігін өзің де білетін көрінесің. – Өзің айтшы? – Айтпаймын, өзің тап, шашы бұйра, көзі көк, өзі үлкен! – деп Тамара сықылықтай күлді. – Онда таптым, таптым. Павлик екен. Мен оны Павлик демей, Павел Смирнович деп атаймын. – Әрине, өзім айтқансын табасың... Сен оны қой да, менің сұрағыма жауап бер. Жора екеуің... – Не деп айтам, қалай танысқанымды, қызық та емес өзі. – Қызық болмаса да айт! Жамал әңгімені не деп бастасам екен дегендей аз ойланып отырды да; ана сүтіне тойып, монтиып ұйықтап кеткен Маяның бетіне қарап қойып, әңгімесін бастады. – Оныншы кластың соңғы емтиханына әзірленіп жүрген кезім болатын. Консультациядан шыққан бір топ қыз келе жатыр едік, клуб үйіне жақын тұратын үлкен тастың үстінде отырған төрт-бес адамды көрдік. Бірі домбыра тартып отыр да, өзгелері соны тыңдап қапты. Жаға­ сы оңға қарай ашылған ақ көйлекті біреуі бізден көзін алмай көп қа­рады. Отырғандар бізге қарап күлді, әрине, біз онысын ұната қоймадық. Анау қыздар олардың күлкісінен қысылып, төмен қарап ұялып қалды. – Сендерге не болған?! – дедім, оң жағымда келе жатқан Жәмила деген дос қызымды бүйірінен түртіп қалып. Қаттырақ тиіп кеткен болу керек. Менің қолым тиген жерін баса қалып, «өһ» – деді. ...Қадиша деген бір қыз бәрімізден өжеттеу болушы еді, неге екенін білмеймін, ол да қып-қызыл боп ұялып кетіпті. Қымсына-қымты­рыла, отырғандардың қасынан өте беріп, бәріміз де күліп жібердік. Бірақ неге екенін әлі күнге білмеймін, былай шыға әрненің басын шатып, күлістік те үйімізге тарастық. ...Үйге келсем, жақын колхозда тұратын бір апай отыр. Көптен көрме­ гендіктен болу керек, бетімнен сүйіп алды. Бой жетіп қалып­сың, оқу

қашан бітеді деп үсті-үстіне сұрап жа­тыр. Соңында клубта бүгін не болады деді. Мен «Чапаев» киносы жүреді деп едім, ендеше сол Шапайыңа апара көрші деп жабыса кетті. Ертең емтихан десем де болмады. Амал жоқ, ертіп баруға көндім. Клубтың алдыңғы жағына таман отырып едік. Манағы ақ көйлекті жігіт те сол қатарда, екі кісіден кейін отырыпты. Мен тағы қысылып қалдым. Ал, әлгі жігіт менің апамды таниды екен, аман­дық сұрасып, қарық боп қалды екеуі. Сөз арасында мен жайында да айтып қояды. Бірақ мен қол алысып таныса қоймадым, үнсіз отыра бердім. Кино біткен соң, әлгі жігіт бірге ілесе шықты да, үйге шейін ере келді. – Ертең мектепке барсам қайтер еді, Жамал? – деді қоштасып жатып. Мен оның не себепті сұрағанын аңғармай: – Жасыңыз жетіге жаңа жетіп пе еді? – дедім де, үйге кіріп кеттім. Келесі күні соңғы емтиханнан шығып келе жатсам, кешегі жігіт үйге қайтатын жолда тағы жолықты. Әуелі ол амандасты да, «емтиханнан неше алдың»? деп сұрады. Түндегі айтқан сөзіме ұялып, «төрт» деген сөзді әрең айттым. ...Кешкілікте әлгі жігітпен тағы кездестім. Бұл жолы менің өзім көр­гім келді оны. Жұрттың жиналатын жері клуб қой. Сонда кездесе кетті. – Ал, Жамал, – деді ол көптен бергі танысымдай, – ки­но көреміз бе, әлде көл жағасына барамыз ба? «Өзіңіз біліңіз» десем де, кино кешегі болғандықтан өзім де қыдыруды ұнатып тұрмын. Емтихан біткен, көңіл жайланған. Кәмелеттік аттестат алғанмын. Жігіт маған ұнай баста­ды. Сондықтан да оған «өзіңіз біліңіз» дедім. Осы сөзден кейін Сабындыкөлге қарай беттедік. Біз жүріп келеміз. Дала. Қандай тамаша. Біз гүл тере бастадық. Маған қасымдағы жігіт, осы Жора, сол мол гүлдің, дала қызғалдағының ішінен таңдап алған гүл се­кілді барған сайын әрі сүйкімді, әрі әдемі көріне бастады. ...Біз серуендеп көп жүрдік. Қанша уақыт өткенін де білмейміз. Жаз­ дың желсіз тымық кеші, түрлі түсті гүлдер мен құлпырған дала – бәрі тамаша... Біз болсақ, сол гүлдің хош иісін қанша жұтсақ та тояр емеспіз. Қанша отырсақ та, жалығар емеспіз... ...Кешкі көлеңкеге орана бастаған қайың, қарағайлар тұманды күні келе жатқан жолаушыдай солғын көрінеді. Күндіз жарқырай көрі­нетін қайыңның ақ діңгектері де байқалмайды. Дәл қазіргі сәтте Сабындыкөлдің мөлдір суында шоршып ойнаған балықтардың шолпылы ғана естіліп, су бетіне пайда болған дөңгелекшелер ғана көрінеді. Айналаңды орай орналасқан таулар сенімді қорғаныңдай болса, солтүстік-шығы­сында тұрған Ақбет биігі барлық таудың төрағасы сияқты. Табиғаттың тама­шасы бізді үйімізге кеш қайтарды. Сол күннен бастап Баянаулының таулары мен тастары, көлдері мен көркі біздің қуанышымыздың қорғанындай сүйкімді боп кетті. Сол бір жазғы күндер, алғашқы танысқан күн ойдан кет­п­ейді... Жамал күрсініп қойды. – Шіркін, Баян, туған ел, сағындым ғой сені, қайран Арқаның асқақ самал желі, – деп ыңырсып бір ән айтты. Сол ән де Баян туралы еді.

Баянауыл басынан бұлт кетпес, Қиядағы түлкіге құсым жетпес. Ақ боз үйдің сыртынан аттандырып, Дегенің «қош, қалқатай», естен кетпес... Сөзін ұқпаса да, мұңды үніне түсінген Тамара осындай тамаша жердің аты қалай деп сұрады. «Баян» деген сөзді қайталай берді Жамал. – Иә, Баян, Арқаның асқар сұлуы атанған тау Баян, көл Баян, шөл Баян, ел Баян... Бәрі Баян... Нақ осы кезде орыс, белорус ормандары­ның іші Жамал үшін Баян боп кетті. XXІ Қиын-қыстау күндерде түн қатып, белшесінен саз кешіп, талай-талай қиын асудан асқан партизандар нұрын шашқан күн сәулесіне бөленіп, топ-топ болып, әр жерде көрген-білгендерін әңгімелеп отыр. Жастар лагерь алдындағы кішкентай алаңда екі-екіден қосарла­ нып би билеп жүр. Бұлардың аңсап күткен тыныштық заманы дәл бүгін және осы орманда кенет орнай қалған сияқты. Тек тосқауылда тұрған сақ күзетшілердің кезекке тұруы ғана жаумен айқастың аяқталмағанын еске түсіргендей. Бишілердің ішінде Павлик пен Тамараның би билегені ерекше көрі­ неді. Сондықтан жұрт назары да соларға ауған. Топтан оқшау шыққан Әлім тамағын қырнап, гармонь тартып отыр­ған жігітке жақын келді де естірте сөйлеп: – Әй, шіркін, мына Павлик пен Тамараның аяқ алыстарын-ай, тіпті аяқтары жерге тимейді, қарашы өздерін, – деді. – Әлгі, біздің Петька қайда кеткен осы? – деді партизандардың бірі, – күнде Тамараның жанынан шықпаушы еді, – Тамарадан аспандағы айды жуық көрген байғұс қазан-ошағының басында жүр ме екен, әлде? Ой, сен мұнда тексеріп отыр екенсің ғой, кешір мені, – деп еді әлгі парти­зан, отырғандардың бәрі ду күлді. Сол-ақ екен, онсыз да тарылып, әрең шыдап отырған Петька орны­нан атып тұрып, шүңірейген көзін жұртқа қадап тұра қалды да, Павликке: – Сен бұдан былай Тамараның қасына жоласаң, менен жақсылық күтпе, аяғыңды сындырамын! – деді. Петьканың дөрекі сөзіне күлген Павлик: – Сен, үрлеген қуықтай боп несіне теріңе сыймай ісініп тұр­сың? Тамарада нең бар? Би билеуде не тұр? Сен де биле! Кішкене тыныш­тық болғанда көтерген көңілді көпсініп тұрсың ба? Осындайда ойнап-күлейік те, – деді Павлик жайдары мінезімен. Бұлардың сөздерін тыңдап тұрған Тамара: – Достар-ау, мен үшін жауласпай-ақ қойыңдар. Босқа дүрдиісіп, би­ден құр қаласыңдар. Жүріңдер, – деді. Әңгімеге Әлім келіп араласты.

– Обалдарыңа мен қалдым-ау. Петьканың асау тайдай мөңкиті­нін білгенімде сөйлемейтін едім. Қалжыңды білмейтін қайда өскен жан­сың, Петька? – деп, Петьканың жанына келіп еді, Петька бұрынғыдан арман булықты. Петьканың өрескел мінезін қызық көрген партизандар оны қайрай түсті. – Е, мынау ашулана алады, кәдімгі еркек қой өзі. Қазанның қожасы екен деп жүрсек, – деп қояды. – Петька, сен ең алдымен жауды жеңіп алсаңшы, осында келгелі бір немістің мұрнын қанатқан жоқсың, енді өзіңнің жауынгер жол­ дасың, барлық партизандардың мақтанышы болған Павликтің аяғын сындырмақшысың ба? Ой, шіркіннің мықтысын-ай, сен Павликтің аяғын сындырып жатқанда, біздер ай қарап тұрады ғой дейсің бе? – деп жатыр біреулері. Партизандардың біреуі анадай жерде Маяны көтеріп тұрған Жамал­ға келді де: – Жүр, билейміз, қолыңдағы баланы Жораға бер, – деп, Жамалмен билеп кетті. Тимофей Михайлович топографиялық картасын алдына жайып қойып, келесі күнгі жүріс-тұрыстың ретін ойластырып отыр. Андасанда кең маңдайын сипап қойып, ащы темекінің түтінін будақ-будақ шығарады. Маңайлап келген партизандар ішінен: «Тимофей Михай­лович жауды жайратудың тағы бір амалын іздеп отыр-ау» деп, көзінің қиы­ғымен бір қарап, үндемей кете береді. Бір кезде Тимофей Михай­лович ал­дында дастарқандай жайылып жатқан картасын жақсылап бүктеді де, ақы­рын сумкасына салып, орнынан тұрды. «Шіркін, жастар, – деп ойлады ол билеушілерге сүйсіне қарап, – шаршап-шалдыққандарына қарамастан ойын-сауық құрып жүрген­де­ рін айтсайшы. Тамара мен Павликті қарашы. Әсем билейді екен өздері. Бүгін кешке қиын тапсырманы орындауға кететіні Тамараның ойында да жоқ. Қайдан білсін, алдарында қырлы-қырат, асу, бұлдыраған тұман тұрғанын. Орындайтын тапсырмалары аса ептілікті, ерлікті, түлкінің қулығындай қулықты, жүректілікті керек ететінін. Олардың маңа­йлап айнала жүгіріп ойнап жүрген Толик те жолаушы жүреді. Бала болса да, қулығына бойламайды. Оның осында келгелі қатерлі жолға бірінші рет шығуы. Ол үшін өте жауапты іс. Қатерлі болса да, жібермей болмайды. Бүгінгі тапсырмаға оның көмегі әбден қажет» де­ген ойын іштей қош­таған күйінде, ол бишілердің қасына келді. Жастардың сауығы оны да үйірілтіп, еліктіріп алып кетті. Ұршықтай айналып билеп жүрген Павлик пен Тамара: – Тимофей Михайлович, сіз жақсы билейді екенсіз ғой, – деді жарыса сөйлеп. – Шырақтарым-ау, біз де бір кезде жас болып көрдік қой. Көрдің бе Петр Васильевич те билеп жүр. Бидің неше алуан түрін білетін жасқа да жеттік, – деді жымиып ол. Түс ауып қалған кез еді. Күн көзін бұлт басты, партизан­дар биді

тоқтатып, тарасып жатты. Кешікпей сіркіреп жауған жауын лезде күшейіп, сел ағызып, партизандар қабық шатырларына жүгірісіп опыртопыр болды. Коротченко күркенің бас жағына таман отырып, Лебедевке жау гарнизондарына жүргізетін барлау жұмысының жоспарын айтып, картадан көрсетіп жатыр. Аркадий болса, «Үлкен жермен» байланысуға радиостанция­сын әзір­ леп, антеннасын құрып жүр. – Мен «орман»! Мен «орман»! Естимін, – деп, отырғандарға қарап жымиып қояды. Аркадийдің өңінен бір жақсы хабар алынып отырғаны сезіледі. Сәл­ден соң ол: – Ертең кешке «Үлкен жерден» «У-2» самолеті келіп, ауыр жара­лы­ ларды алып кетеді, ал бүгін сағат жиырма төртте жүк таситын үлкен үш самолет парашюттен оқ-дәрі тастайтын болды. Тимофей Михайлович, сіздің таңертеңгі хабарлаған белгіңізді қабылдады. Координатты тағы қайталап айттым, – деп аппаратын жиыстыра бастады. – Тамаша, Петр Васильевич, тамаша, бүгін самолет жүк тастай­­тын болса, – деді Коротченко, – Тамара мен Толикті таң атысымен бар­лауға жіберуіміз керек. Павлик шығарып салады. Қалай дейсіз бұған? – Дұрыс, – деп мақұлдады Лебедев. Толған айдың нұрынан дала жап-жарық. Айсыз күні көзге түрт­кісіз болатын орман іші де бүгін ала көлеңкеленіп тұр. Партизандар лагерь­ден екі-үш километрдей жердегі алаңға келіп, жинаған ағаштарын үш жерге шөмеледей үйіп, самолет келер алдында от қоюға дайындап, алаңды айнала күзетіп жүр. Тура жиырма төрт сағатқа он бес минут қалғанда алаң ортасында үюлі тұрған ағашқа от қойып еді, лап еткен оттың жалыны аспанға шықты. Алыстан гүр-гүр еткен самолет даусы естілді. Оттар «көр мені, мен мұнда» дегендей шапши жанып, маңайын күндізгідей жарқы­ратты. Әлден уақытта аққан жұлдыздай әуені жара зымырап келе жатқан само­ лет көрінді. Өзінің әдетінше, самолет ормандағы партизандарға сәлем бергендей, аспанға шапшып жанып тұрған отты үш айналып шықты да: «Мен сендерді көрдім», – деп қалықтаған құстай қанатын теңселтіп белгі берді де, әкелген жүгін тастап, бірінің соңынан бірі тізіліп күншы­ғысқа қайтадан тартты. Тасталған жүкті іздеп, партизандар кетті. Түн ортасы ауа бергенде ғана жерге түскен жүктің бәрін тап­қан партизандар лагерьлеріне келіп жетті. «Үлкен жерден» келген жүкті теңтеңімен қаз-қатар етіп жинап жа­тыр. Теңнің әрбіреуі шыны ораған­д­ай өте бір ұқыпты буылған. Арасына мақта салып сырылған кенеп қаптың шеті көмкерілген. Суық күндері қаптың ішіне кіріп ұйықтауға да болар­ лық. Үйілген жүк сыртын парашютпен жапқанда, маялап үйген ақ мата­ дай болып көрінді. Таң бозарып, орман ішіне сәуле түсе бастады. Штаб адамдары осы­ны күтіп жатқандай, таң атпай оянып, бірдеңеге асыққандай беті-қолда­рын жуып, асығыс күркелеріне кіріп-шығып жатыр.

Таңертеңгі тамақтан соң Коротченко келіп, Тамараға амандасты да, радиостанция тұрған бұрышқа отыра кетті. – Сені, Тамара, жауапты тапсырмамен Пригорья станция­сына жіберейік деп отырмыз, – деді ол, – өте маңызды, аса қажет тап­сырма! Біздің көп жұмысымыздың жемісті болуы осы тапсырма­ның орын­ далуына байланысты. Жау сезіктенбеу үшін қасыңа Толикті аласың. Онда барғандағы сенің міндетің – жаудың Пригорья станциясындағы бекіністерін, жаудың күшін, олардың қай жерге орналасқанын, оған баратын жолды барлау. Осындай маңызды тапсырмамен жолға шығасың дегенге ме, Тама­ раның беті қызарып, көзі жайнап кетті. – Петр Васильевич, – деді Тамара, – маңызды тапсыр­мамен кетіп барамын. Егер мүмкін болса, сізден бір өтінішім бар, ол мынау, – деп Лебедевке тілдей қағаз ұсынды. Лебедев қағазды алып, оған ұзақ үңілді. Беті құбылып, іштей толқы­ ғаны да көрініп тұр. Бұл қағазда Тамара былай деп жазған екен: «Егер мен осы тапсырманы орындау жолында өліп кетсем, мені ұлы Коммунист партиясының мүшесі деп санауларыңызды өтінемін. Тамара Подгурская». Тамара, сенің мұның өте дұрыс. Арызыңды қабылдаймыз. Меніңше, бюро мүшелері де қарсы болмайды, – деді Петр Васильевич. Коротченко сумкасындағы картасын алып, Толя мен Тамараға кезек қарап, сәл үн-түн жоқ отырды да: – Мен әлгі тапсырманы түсіндіріп болғаным жоқ. Сендерге бес күн уақыт беріледі. Ешкіммен сыр ашып сөйлеспейсіңдер. Станция басындағы поселкада Павликтің туған апасы тұратын көрінеді. Сол кісіге Павлик хат жазып береді. Сен Тамара, Павликтің қарындасы бо­ лып барасың. Фамилияң Смирнова болады. Смирнова екендігіңе, Гомель қаласындағы педагогика институтының студенткасы болғандығыңа, онан Пригорья станциясына баруға рұқсат етілген не­містің пропус­касы беріледі. Павликтен апасының адресін, ол кісіні ешкімнен сұра­май, бірден тауып алудың жолын түсініп ал! Тіпті, қателесіп кетпес үшін, сенбі күні Артемовка деревнясына барып жететін боласың. Ол деревняда да Павликтің кіші апасы тұратын көрінеді. Мүмкін болса, жексенбі күні сол кісіні ертіп барғаның дұрыс болар. Артемовкаға дейін сендерді Павлик өз бөлімшесімен апарады. Бірақ біреу-міреу сезіп қалмас үшін қастарыңдағы партизандар дерев­няға бармайды. Павлик апасына жолығады да, сені тапсырады. Павликтің екі ағасы да сенімді адам. Бұдан кеткенде бірден деревня қыздары­ның киімін, аяғына тал қабығынан тоқылған шәркей киетін бол. Гомельде оқығанымда Толиктің әкесінің үйінде пәтерде тұрған едім, үйіне бомба түсіп, әке-шешесі өлген соң, ертіп алып кеттім дерсің. Қалғанын өзің шешесің. Қазір тамақтанып алыңдар да, тезірек жүріп кетіңдер. Ұмытып барады екенмін ғой, Толикке де деревня балаларының киімін кигізу керек. Толик саған жәрдемші болады. Сендерді жау сезіп қойса, Толик бізбен байланысу үшін керек. Сендерді партизандардың бір тобы Артемовка

деревнясының күншығыс жағындағы орманда тосады. Қиын-қыстау жағдай болса, станциядан кетудің қамын ойлаңдар. Өте сақ болыңдар! – деді де, Коротченко Тамараның қолын алып, оң сапар тіледі. Күн жаңа ғана қызарып нұрын шашып келе жатқан кез еді. Тамара мен Толик қасындағы достарымен қоштасқандай жан-жағына көз жі­беріп қарады, Жамалға келіп, шырт ұйқыда жатқан Маяның бетінен мейі­рім төгіп бір сүйдіде: – Қош бол, Жамал, қош бол, кішкене Мая, – деп, кете беріп еді, Жа­ мал отырған орнынан тұрып, Тамараның бетінен сүйіп, көзіне жас алды. – Сен бізді, Мая мен екеумізді тастап, тапсырмамен кетіп барасың-ау! Жолың болсын, сақ жүр, абай бол! – деп қала берді. – Бірнеше күннен кейін қайтып ораламын. Жораға сәлем айт! Сау бол! –деп, ол Маяның бетінен тағы бір иіскеді де, Толикті ертіп, Павлик­тің тобына қосылып, сапарға аттанды. XXІІ Түс кезі. Күн сәулесін еркін төгіп тұр. Орман іші тып-тыныш. Лебедев лагерьден оқшаулау жерде аудандық комитеттің бюросын өткізіп жа­ тыр. Бюроның күн тәртібінде екі мәселе. Бірі – Коммунист партиясы­ ның қатарына алуды сұраған Тамара Подгурскаяның арызы. Бұл мәселе ұзаққа созылмады. Бюро мүшелерінің бәрі де секретарьдың ұсыны­сын мақұлдады. Подгурская партия мүшелігіне кандидат болып алынды. – Екінші мәселе, – деді Петр Васильевич, – ұйымдастыру мәселесі. Бюроға осы өңірдегі үлкенді-кішілі партизан огрядтары командир­ лерінің барлығы қатынасып отыр. Негізгі мақсатымыз бір болғаны­ мен, осы уақытқа дейін әр от­ряд өз бетінше, өз ойына келген тапсыр­ ма­ны орындады. Ендігі жерде партия осы күштердің басын қосып, бір тұтас бригада құруды ұсынып отыр. Бұл – дұрыс ұсыныс. Өйткені быты­ раңқы күшті жау тез жойып жібереді. Сондықтан басқыншыларға қар­сы шайқасудың әдісін өзгертіп, күшімізді біріктіруіміз керек. Сонда ғана біз жауға қарсы батыл күресе аламыз. Аудандық комитет ұсақ отрядтардың басын қосу мақсатымен осы өңірде үлкен бір бригада ұйымдастырылсын, оған «Бірінші Клетня бригадасы» деген ат берілсін дегенді ұйғарып отыр. Бригаданың құра­ мына кірген отрядтар жеке батальон қалпында қала береді. Бұл жоспар­ ды осында отырған парти­зан отрядтарының командирлері де мақұл­дауға тиіс. Бригада командирі полковник Коротченко болсын деген ұсыныс бар. Кімде қандай пікір бар? – Ал жолдастар, – деп ол жұртқа қарады. Отрядтар командирлері аудандық комитеттің осы ұсынысын мақұл­ дағандай тіс жармайды. – «Үндемеу – келісудің белгісі» деген бар ғой, егер отряд коман­дир­ лері тарапынан ешбір қарсылық болмаса, бүгіннен бастап өздеріңіз­

дің қарамақтарыңыздағы партизандардың арасында түсінік жұмы­сын жүргізуге кірісіп, бригаданың алдында тұрған міндеттерді жүзеге асы­руға үлес қосыңыздар, – деп Петр Васильевич бюро мәжілісін жапты. Күн төбеге келіп қалған кез еді. Партизандар түскі асын шала-пұла ішіп бола бергенде, лагерьге қарай шауып келе жатқан аттылар көрінді. Бір кезде ирелеңдеген орман жолынан лезде құйғыта шыға келген салт аттылар тура штабқа тартты. Жүрістері асығыс. Аттары ақ көбікке боял­ ған. Отырғандар бұл келгендердің бір асығыс хабар әкелгенін білген­дей орындарынан тұрды да, ағашқа сүйеулі тұрған қаруларын алып, даяр­лана бастады. Үн-түн жоқ тұрған партизандардың біреуі: – Батырханның мұрны делдиіп кеткен екен, ол босқа қара тер бо­ лып шауып келмеген болар. Мүмкін жазалаушылар келе жатыр ма екен? Әлде штабқа бір құнды хабар келді ме? Әйтеуір, Батырханның басын­да­ғы қалпағы миығына түсіп кетіпті, – деп, өзара күлісіп те алды. Батырхан штаб жанына жете бере, атынан секіріп түсе сала штабқа кірді де: – Тимофей Михайлович, Октябрь ағаш пунктіне немістер мен поли­ цайлар келіп, тұрғын халықтың мүлкін талап жатқан көрінеді, – деді ентіге сөйлеп. Коротченко есік алдында тұрған Батырханға жақындап келді де: – Сен көргеніңді дұрыстап айтшы. Жаудың күші қандай екен? – деді салмақты үнмен. Жолдас командир, Клетня қаласынан бір рота неміс және отыз шамалы полицай келіпті. Біз оларды аңдып тұрдық. Тезірек барайық, – деді Батырхан: – Жолдас командир, су ішуге бола ма? – Су мол, іше бер, достым, – деп Тимофей Михайлович жымиды. Күлерлік ештеме жоқ еді, тегі Батырханның осы бір бала мінезділігі­не жымиған еді. Батырханның хабарын естіген Коротченко беліндегі белбеуін ше­шіп, аздап босатты да, планшеткасындағы картасын алдына жайды. – Петр Васильевич, – деді Тимофей Михайлович, – Батырхан­ның айтып отырған Октябрь ағаш пункті мынау! – Ол орман жиегіне іргелес жатқан бір сызықты қолымен нұсқады. – Солтүстік жағында селдірлеу біткен қарағай бар, бұл жағына екі ротаны жібереміз. Қашқан-пыс­ қан болса, парти­зандар тосқауыл жасайды. Біздің негізгі шабуы­лы­мыз оңтүстік пен күншығыстан басталу керек. Октябрь ағаш пунктінің бұл екі жағы да орманға тиіп тұр. Сондықтан жауды екі жақтан қыспаққа аламыз. Батыс жағындағы орманға взвод жібермесе де болды. Жау ол жаққа шегіне қоймайды. Шегінген күнде, тосқауылдағы екі взвод оқ жау­ды­рады. Меніңше, бұл бізді басынып, жақын жерге келіп жүрген жау екен, олар­ды қайтып келмейтіндей етейік. – Тимофей Михайлович, екі взвод дегеніңіз аздық жасар, Жаудың тактикасы біз ойлағаннан басқаша болып шықса, қиын болар, батыс жаққа да толық күш қалдыруды ұсынамын, – деді Петр Васильевич картадан басын көтеріп. – Оныңыз да жөн, – деді Тимофей Михайлович.

Партизандардың ендігі бағыты Октябрь ағаш пункті болды. Асыға жүріп келе жатқан партизандар орман жиегіне кешікпей-ақ жетті. Ағаш пунктін қоршауға алған партизандар жан-жақтан шабуыл­ ға шықты... Оңтүстіктен шабуыл жасап келе жатқан Жылбек ротасы да жаудың мықты қарсылығына қарамастан еңбектеп келеді. Жау берілер емес. Тегінде олар күншығыс жақтағы бөлімдерінің тым-тыра­ қай болғанын сезбеген болу керек. Қанша дегенмен көптің аты көп қой. Жылбек ротасына Гриша ротасы көмекке келді. «Өліспей беріспейміз» деп жатқан жау қатты састы. Олар оң жақ флангісінде үйілген бөренелерді пулемет ұясына айнал­ дырып, оқ жаудырды. Жаудың бұл қулығын байқап қалған Жылбек өзіне қарай жақындап келе жатқан Виктор мен Әлімге: – Сен екеуің арт жаққа қарай барыңдар да, көшенің екінші бетін айналып, үйлердің арасымен, анау қамбаның сыртынан, мына бөренені қалқан қып атып жатқан жаудың пулемет ұясын жойыңдар! – деді де, өзі қалған партизандармен атысты соза берді. Әлім мен Виктор қамбаны айналып барып, сол жақ бұрышын­да қазылған орға жата қалды да, бөренені қалқан қылып атып жатқан жау солдаттарына ту сыртынан оқ атып, пулеметтің үнін өшірді. – Әлім, – деді Виктор. – Жүр, анау пулеметтен өздеріне оқ атайық. Жау пулеметі өздеріне қарай атылды. Гриша мен Жылбектің ротасына ашық шабуылға шығу бұй­рығы берілді. Бұйрық тосып жатқан партизандар әр жер­ден бет-бетімен атып жатқан жауға қарсы «уралай» жүгіргенімен, «келсең кел» дегендей жау бекінісін тастамады. Бірнеше партизан жау оғының құрбаны болды. Бөренені пана етіп жау пулеметін бебеу қақтырып жат­қан Әлім бірдеңені көзі шалып қалғандай пулеметті бұрды да, Викторға: – Ей, мынау немістің өздеріне қарай оқ боратып жатқаны несі? – деп сол жағындағы көк шинельді пулеметшіні көрсетті. Сәлден соң партизандар тағы «уралай» жүгірді. Ендігі қарсыласудан ештеңе шықпайтынын сезген жау үш жақ­тан қоршап келе жатқан партизандарға еріксіз берілді. Бұл айқас партизан­ дарға оңайға түскен жоқ, талай адам оққа ұшып, талай адам жараланды. Бірақ өзен жағына қарай ығысқан екінші бір топ әлі қарсыласып жатыр. Виктор солай қарай атты. – Бәлем, қазір жазасын алар, – деп кіжінеді ол. Бір кезде жау оғының бірі бөренені тасалап атысып жатқан Викторға тиді. Жолдасының мерт болғанын білген Әлім, дәу де болса, оны ұшы­ рып түсірген сенсің ғой дегендей, анадай жердегі сұлап жатқан ағаш­­тың түбінен оқ боратып жатқан жау автоматшысын аңдып, үнсіз бұға қалды. Әлімді де оққа ұшырдым деп ойлаған болу керек, әлгі жау автомат­­шысы орнынан қозғалып, басын көтере беріп еді, Әлімнің оғы оны ұшы­рып түсірді. Әлім Виктор құлап жатқан бөрененің түбіне жүгіріп жетті. Виктор қозғалмайды, сұлық жатыр. Ауыр жараланған Викторды санитарларға

тапсырып, өзі атыс жүріп жатқан жерге оралды. Үстіндегі киімінен өткен тер сығып алғандай. Бетінен аққан ащы тер көзіне толып, төңірегін әрең көреді. Оның тер басқан, шаң тұтқан қошқыл жүзі бұрынғыдан да қоңырлана түскен сияқты. Иірілген жұрттың ортасында тұтқындар тұр. Зарецкий түсін суытып, қолға түскен тұтқындарға жақындап келді де: – Елді тонаушы қарақшылардың көзін жоюды бұйырамын! – деді. Бұл бұйрықты естігенде ұзын бойлы бір жігіт, қыстыгүні аязға жала­ңаш шыққан адамдай дір-дір етіп, Зарецкийдің жанына келді де: – Біз мына бір тұрған топ власовшылармыз, басқарып жүрген мына тұрған майор, алдымен соны атыңыздар! – деп, тұтқындардың ара­ сынан біреуді жұлқылап алып шықты. – Бағана партизандардың атқан мылтығының даусы естілісімен, атыспайық дегенімде, мынау майор менің өзімді атып тастай жаздады. Ебін тауып сіздер жаққа шығып кетейін деп едім, бәрібір бұлардың оғына ұшатын болдым. Кейін атыс бастал­ ғанда сол жауыздардың бірнешеуін өз қолымнан жайраттым. Рас, менің өзім де власовшылар тобында болдым. Бірақ мен өз отандастарыма бір­дебір оқ атқан жан емеспін. Сондықтан аяңдар! – деп еңіреп барып, өзі де Зарецкийдің аяғына жығылды. Мұның сөзін естіп тұрған Әлім: – Жаңа өз адамдарына қарай атып жатқан сен екенсің ғой? – деді. – Иә, мен едім. Мені мына майор бөренеге адам жолатпайсың деп, сол жерге қойған болатын. Мен оқты сендерге атудың орнына, мына жау­дың қолшоқпарларына қарсы аттым, – деп Әлімді куәға тартқандай, соған жалтақтап қарай берді. – Бұл қалсын, сынап көрелік, – деді Лебедев. Лебедевтің сөзін естіген соң үрейі ұшып тұрған көк жасыл гимнас­ теркалы жігіттің бетіне аздап қан жүгірді, есін жинағандай Петр Ва­ сильевичке қарап жымиып күлді де: – Сізге рақмет, енді жендеттерден кек аламын. Сертім осы! – деді. ...Орман іші көзге түртсе көрінбейтін қараңғы. Қалың қарағайға кір­ ген сайын қараңғылық қоюлана түседі. Кек алушылар орман ішімен жүріп келеді. Түн ортасы кезінде үсті-басы жауыннан шылқылдаған су бол­ған пар­ тизандар лагерьлеріне келе киімдерін ортада жанып тұрған отқа кеп­тіруге кірісті. Әлім аурулар жататын қосқа кіріп, Виктор жатқан зембілді ақы­рын жерге қойды да, тұрған жеріне отыра кетті. Шаштан аққан су маңдай­дан төмен қарай жылжып кетіп жатыр. Беті айғыз-айғыз. Жеңімен бетінен аққан суды сүртті. Екі көзі ессіз жатқан досында. Ол отырған жері­­нен тұра алмай бедірейіп, біресе қос ішінде қара көлеңкеленіп жа­нып тұрған отқа қарап, біресе ессіз жатқан досына қарап отырып қалды. Сәлден кейін Әлім орнынан тұрайын десе, әбден әлі кеткен, қозғала алмады. Бірне­ше ырғалып барып, отырған жерінен тұрып, артына жалтақтай, жалтақ­тай қостан шықты. Дәл қазір ойында тек Виктор ғана еді.

...Түс ауа берген кез. Таң атқанша жауған жауын толастапты. Аспан тазарып, күннің көзі шапағын әлемге кең жайыпты. Партизандар да арқаларын күнге төсеп, шала кепкен киімдерін ағаштың бұтағына іліп қойып, өздері күншуақтап отыр. Бұлардың ішінде Әлім ғана тыныш­ сыздау отыр. – Витя жатқан жертөлеге дәрігерлер ешкімді жолатпайды, бейша­ раның күні не болар екен! Өзі жігіт-ақ еді, ештеңеден қорықпайтын, міне бүгін ол үн-түн жоқ, сөйлесуге де шамасы келмей жатыр. Тым болм­аса, «Үлкен жерге» аман-есен жетсе, мүмкін дәрігерлер жанын алып қалар ма еді! – деп өзінен-өзі сөйлеп отырған Әлімге партизандардың біреуі: – Несіне қиналасың, соғыс болғансын жараланбай, оққа ұшпай бола ма? – деп қояды. Әлден уақытта әр нәрсені айтып, қамығып отырғандардың жа­ны­ на Маяны көтерген Жамал келіп отырды. Маяның ойында ештеңе жоқ. Екі қолын ербеңдетіп, тамақ іздеген балапандай аузын ашады да, күле береді. Оның осы мінезін қызықтаған партизандар қолдан-қолға түсірмей көтеріп жүреді. Маяны көтерген, ойнатқан кезде жігіттер көп нәрселерді ұмытып, үйлерінде жүргендей, әрқайсысы өз баласын көтеріп жүргендей сезі­нетін. – Сен бері неге келмедің, міне сен келдің де әркімнің ойын бө­ліп, қамығудан арылттың, қуанышқа, күлкіге бөледің, – деп өзді-өзі күлісіп жатыр. – Мына Мая барлық қайғыны айдап шыққандай болды-ау, – деп Әлім де күліп жіберді. Отырғандардың біреуі орнынан атып тұрып: – Ой мыналарың кім? Өздерінің жүрісі біздің отрядтың партизан­ дарына ұқсамайды ғой, – деді. Отырғандардың барлығы қосқа жақындап келе жатқандарға көзін тікті. Мәжит бастаған бес-алты адам штаб алдында тұрған Коротчен­коға қарай бет алды. – Мәжиттің мына ертіп келгендері кім? Олар неғып жүрген адам­дар? – деді бір партизан. – Бұлар – аудандық комитеттің шешімі бойынша бізге келген жәр­ демшілер. Енді олар біздермен бірге соғысатын болады, – деді Тимофей Михайлович. Бұлардың қосылуын мақұлдаған партизандардың біреуі: – Аудандық комитеттің бұл шешімі өте дұрыс болған. Әнеу күні барлауда жүріп, бір кішілеу ғана деревняға кезігіп, тамақтана кетейік деп едік, осылардың бес-алты пар­тизаны сол деревняда жүр екен. Басын­ да біз не істеп жүргенін білгеніміз жоқ. Шеттеу тұрған бір үйге кірсек, біз кіріп келгенде асыр салып ойнап жүрген балалар тым-тырыс бо­ лып, барлығы кірпідей жиырылып, бір бұрышқа жиылды да, көздері жаутаңдап, қорыққандары сондай беттерін басып дір-дір етіп, үн-түн жоқ тұрып қалды. «Сендер қорықпаңдар, біз партизандармыз ғой» десек те үндемей қойды. Сәлден кейін пештің үстінде домаланып, бүрісіп жатқан

әлгі балалардың шешесін көрдік. Ол бізбен сөйлесуге шамасы келмей, қорыққанынан селк-селк етеді. Біз бұрышта тұрған балаларды қолымызға алып, бетінен сүйіп едік, біраздан соң балалар: – Жаңа ғана біздің үйге партизандармыз деп біреулер келіп, арақ бермейсің деп мамамды ұрып, үйімізді тінтіп кетті. Біз тағы солар қай­тып келген екен деп қорқып қалып едік, – деді. – Сіздер отырыңыздар, қарындарыңыз ашқан шығар, нан мен қияр жеңіздер, – деді үй иесі әйел. Біз екі жапырақтан нан жедік те, партизандардың атына кір келтіріп жүргендер кім екен деп, әлгі үйден шығып көшені бойлап келе жатсақ, бір үйдің терезесінен айғайлаған дауыс естілді. Біз тура сол үйге кіріп барсақ, бес-алты жігіт арақ таппадың деп бір қартқа ұрсып жатыр. Өздері бізді көріп жаман састы. Олармен ұрсысып тұруға біздің уақытымыз бол­мады да, қаруларын тартып алып, аты-жөндерін, Малиновка дерев­ нясы маңындағы шағын партизан отрядының адамдары екенін біліп, ертеңінде Петр Васильевичке айттық. Партия комитетінің бюро­сында сол отрядтың командирінің жазасын берген болу керек, енді бес күннен кейін сол деревняға жол түсіп қайта бара қалсақ, әлгі арақ іздеу­шілер деревня адамдарының алдында сүмірейіп кешірім сұрап жүр екен. Бұл үшін деревня адамдары көп алғыс айтты. Енді бізге қосылатын болса, өте жақсы болды. Халықтың берекесін алмайтын болады, – деді. Күн ұясына кіріп, ымырт жабыла бастады. Аркадий радиостан­ция­ сын штаб жанындағы кішкентай алаңға алып шығып, Москвамен бай­ ланыс жасап отыр. Бүгінгі сеанс көп­ке созылмай, қысқа болды. Бүгін түнде жиырма үш сағатта «Үлкен жерден» самолет келіп, ауыр жара­лы­ ларды алып кететін болыпты деген хабар барлық партизандар арасына тарады да, елдің бәрін өте бір қуанышқа бөледі. Осы келген самолет­пен «Үлкен жердегі» туған-туысқандарына, әке-шешелеріне, бала-шаға­ ларына, сүйген жарына өздерінің хабарын білдіреміз деп, жаққан оттың жарығымен жұрттың бәрі хат жазып әуреленіп жатыр. Түн қараңғысын жамылып партизандар самолет қонатын кең алаңды алыстан қапсыра қоршап алды. Әлім арбаның үстінде кірпігін әзер қозғалтып жатқан Витядан көз алмай келе жатыр. Талай қиыншы­ лықты бірге көрген, бір тілім нанды бөліп жеген жауынгер досымен бүгін қоштасады. «Енді көрісе аламыз ба, жоқ па, Витяның халі қандай бо­лады. «Үлкен жерге» аяғымыз тиіп, ел-жұртымызды, сүйген жарымды көре­тін күн бола ма, кім білсін, басымыз осы майданда қурап қала ма?» – деп, әр нәрсе ойына түсіп, көзінен ыршыған ыстық жасы омырауына тамып келеді. Бұл жағдайды тек өзі ғана біледі. Тілі күрмеліп жатқан Витя да, қасында жүрген партизандар да білмейді, қараңғыда көзден аққан ыстық жасы да көрінбейді. Самолет келетін уақыт та жақындады. Алаң ортасына үйілген қура­ған ағаштың лапылдаған жалыны «мен мұнда» дегендей аспандай жанып тұр.

Әлден уақытта аққан жұлдыздай келе жатқан самолеттің шамы көрінді. Аспаннан көзін алмай тұрған партизандардың біреуі: – Тегінде екі самолет келген болуға тиіс. Біреуі қонуға кетті, екіншісі алаңды айналып аспанда жүр, – деді. Айтқандай екі «У-2» самолеті қонды. Бұлар көп кешікпей екі-екіден төрт жаралы партизанды алып, аспанға бірінен соң бірі көтерілді де, күншығысқа қарай орманнан асып жоқ болды. Партизандардың барлығы үлкен бір айқасуға даярлануда, бірақ қайда барып, қайда қоятындары Тимофей Михайловичке ғана аян. Лагерьлердің бәрі тік көтерілетіндей қару-жарақтарын, киім-кешек­ терін тазалап әуре болып тұр. Таңертеңгі асты пісіріп, елді тамақтандыр­ған Петька да әбігер. Бойында ашуы да барға ұқсайды. Біресе үлкен қазан­ды көтеріп тастайды, біресе қайта жер ошағына орнатып, не істерін біл­мей аласұрады. Әлден уақытта Петька тура Тимофей Михайловичке келіп: – Жолдас командир, мен енді аспаз болмаймын, бүгін партизан­дар­дың барлығы үлкен бір сайысқа дайындалып жатқан сияқты. Мен де солар­мен барып, басқыншылармен айқасып, өзімнің өнерімді көрсеткім ке­леді. Мұндағы қалғандарға ас пісіретін адам бар, – деді. – Егер, басқыншылармен шайқасуға жүретін болсақ, сенің бұл сұ­ рауыңды орындаймыз. Сен Ақәділовтың ротасында боласың, – деді Тимо­фей Михайлович. – Бірақ сенің аспазшылығың да өнер ғой, оның үсті­не жауынгерлердің ерлігі сенің ерлігің емес пе, мүмкін ойланарсың. – Жоқ, жолдас командир, бәрі түсінікті ғой, сонда да отты айнал­дыра бергенше, оқты да бір көрейін деп едім, – деп Петька жалынғандай болды. XXІІІ Ымырт жабылып, қас қарайған кез. Павлик бастаған парти­зандар тобы ну қарағай ішінде өскен бұталарды паналады. Күні бойы белуары­ нан саз кешкен бұлардың үсті-басы су болып, денелерін тітіркендіріп отыр. Іштерінен: «Әттең лаулатып от жағар ма еді, тым болмаса киім­ дерімізді кептіріп алатын», – деп те ойлайды. Амал не, темекі тұтатуға да ептілік керек. Маңай толған қанды балақ жау. Дауыстап сөйлесуге де шама жоқ. Жасырынбақ ойнаған баладай сыбырласып қана сөйлеседі. Зәулім қарағайдың түбінде жантайып жатқан Павлик тоңып бүрісіп отырған Тамара мен Толикті көріп: – Тамара, сен екеуің әбден тоңған екенсіңдер. Салқын тиіп қалма­сын, – деп үстіндегі шолақ пальтосын шешіп Та­мара мен Толикке берді. Тамара алмайын деп еді, Павлик еркіне қоймады. Бұлар түн қараңғысында кешкі астарын ішіп отыр. Ағашты жас­ тана қисайып, қолымен иегін тіреп жатқан Павликтің көз алдына алуан ойлар келіп-кетіп жатыр. Ішінен ол: «Шіркін, бала күнімдегі асыр салып ойнаған туып-өскен жерім-ай, жосадай аққан қанға боялып, жендет­ тердің тағалы етіктері таптап жүр. Ауасын көкіректі кере жұтқан өз

жерімде тынысымның тарылып, дүниенің бәрі бір уыс болып, бізге осы орман ғана бұйырғандай. Тамараның күні қандай болады. Өте қауіпті сапарға кетіп барады. Құмырсқадай қаптаған жаудың орта­ сында болады. Менің жас жүрегім Тамараның бетіне қарасам-ақ тайдай тулап, алып-ұшып елжірейді де тұрады. Қайда барсам да үлбіреген беті, ақ дидары көз алдымнан кетпейді. Бұлбұлдай даусы мен нәзіктілікпен сөйлейтін сөзі ше...». «...Көңілімдегі сырды сыртқа шығарып айтсам ба екен. Әлде оның да жүрегіне жара түсірем бе? Жоқ, қазір сыр білдірмейін. Тапсыр­ма­­сын орындап келсін. Көңіл сырын айтып үлгеремін», – деп орнынан тұрды да: – Сен екеуің қазір менімен Артемовкаға барасыңдар, тамақ­тарыңды тезірек ішіңдер, – деді қарсы алдында отырған екі партизанға. Олар кешікпей жүріп кетті. Орман жиегіне жеткенде Павлик: – Алдымызда деревняның іргесімен жүретін терең сай. Біз сол сай­ мен жақындап барамыз да, сайдың қабағында тұрған жалғыз үйден жағ­ дайды білеміз, – деп алға түсті. Көп ұзамай үшеуі бұталы сайды бойлап, жарқабаққа көтеріле берген кезде бұлардың алдарынан: – Тоқта! Кім бұл? – деген немісше сөз шықты. Жауға тап болған партизандар сайға домалап түсіп, қа­ша жөнелді. Партизандар қашқан жаққа жау күзетшілері автоматтан оқ ата бас­тады. Сәлден соң-ақ деревняның әр жерінен атылған мылтық даусы шықты. Осының өзі деревняда жау бар екенін айқын аңғартты. Партизандар бұл деревняға ене алмайтынына көздері жеткен соң, орманға оралды. Үш шолғыншының жүрісі орман ішіндегі қураған бұталарды жа­рыл­ ған минадай шытырлатып сындырып келеді. Қалың қамыстың ішін­­дегі жолбарыстай ну орманды талай кезген бұлар адасып, бұрыс кетіп қала­ мыз деп те ойламайды. Бұлар партизандар қалған жерге жеткенде үрпиісіп отырған жолдастары шулап қоя берді. – Паша, сендерсіңдер ме? Аман-есен қайттыңдар ма? Жаңағы мыл­ тық даусы не? Қуғыншы жоқ па арттарыңда? Зәреміз қалмады ғой... – деді Тамара. – Шуламаңдар. Бәрі де тыныштық. Деревняда жау көп. Біз бір күзетшілерге ұшырап, әрең сытылып шықтық... Деревнядағы жауыздардың қаруларынан жалындай ұшқан оқтар ор­ман жиегін қауып жатыр. Әлдебір қалың күшпен айқасып жатқандай әлсінәлсін аспанға ракета атылып, «та-та» лап жатқан пулемет дауы­сында т­олас жоқ. Павликті айнала отырғандардың біреуі: – Павлик, біз бүгін де, ертең де Артемовкаға жолай алатын түріміз жоқ. Мына меңіреулер қой торыған қасқырдай, енді бұл деревнядан кет­пейді. Таң жарығымен ау құрған балықшыдай орманды кезбесіне кім кепіл. Біз болсақ азбыз. Сондықтан бұл жерден кету керек. Тамараның Пригорья станциясына баратын басқа бір жолын табайық, – деді. Бұл ұсынысты қабыл алған Павлик:

– Жаудың ізге түсуінде сөз жоқ. Сол себепті қазірден бастап бұл жер­ ден қоныс аударайық дегендеріңе қосыламын, – деді. Шаршап-шалдыққандарына қарамастан бірінің соңынан бірі тұр­ ған партизандар, қараңғыны қақ жарып жүріп кетті. Күні бойғы жүріс, түнгі шолу Павликтің денесін зілдей жүк байлағандай ауырлатса да, сыр білдірмей, топты бастап, кең адымдап келеді, түн салқын болса да, еріндері кезеріп, таңдайлары кеуіп, шөлдеп барады. Бірақ шыдау керек. Партизандардың бұл тобының жорыққа шыққанына екі күн болды. Таң атып, орман іші бозарып қалды. Ормандағы неше түрлі құстар алуан түрлі әнге салып, кек алушыларды құттықтағандай болады. Бұлар­ дың тоқтайтын түрі жоқ. Бір қадам болса да алға қарай жүргісі келеді. Күн көтерілген сайын бұларды маужыратып барады. – Жігіттер, аяқ алыстарың ұнамайды. Шаршапсыңдар, көріп тұр­мын. Бірақ сәл уақытқа шыдайық та, анау ойпаттағы орманға жетіп тыны­ ғайық! – деді үнсіз келе жатқан Павлик алдағы бір көгерген шағын орман­ ды нұсқап. ...Павлик қатты ұйқыдан есіней оянса, күн төбеге жақындап қалған екен. Қасындағы жолдастары мамық төсекте жатқандай қорылдап жатыр. Ағаш көлеңкесінде күзетте тұрған партизан да есінеуден аузын жаппай­ ды. Павлик ұйқыдағы достарын оятуға қимай тұр. Әсіресе, Тамара­ның ұйқысын бұзуға батылы бармайды. «Бүгін Тамара Пригорья станциясына жетуі керек. Жол көрсетіп, серік болатын, әрі жөн айтатын менің кіші апама да жолыға алмадық. Енді менің хатыммен үлкен апамды адаспай таба алса, барған жұмысын орындауға септігі тиер еді. Әлде, кім білсін, мына сұмдар көшенің атын, нөмерін өзгертіп жіберіп, бөгде бір адамға кездесіп қала ма? Ол бөгде адамның пиғылы дұрыс болып шықса жақсы. Егер іші-сырты қазанның күйесіндей қап-қара біреуге жолыққан күнде қандай амал табуға болады? Өзінің көңілінде түймедей қорқыныш жоқ, айлакерлігіне сене ме? Ол да адам ғой, қорқып-қобалжығандығын сыртына шығармай, ойын жұтып қойып жүр ме екен? Қатердің қалың ортасында жүргендіктен жүрегі құрыш, жауға мейірімсіз болғанымен, ол жүректе сезім де бар ғой. Күйінішті, қауіпті кезеңде көзінен ыстық жасын көлдей төгіп жылайтын кезі де болады, ондай жағдай көбінде сәтсіздікке ұшыраған, намыстанғанда болатындығы белгілі. Біздің жүрегіміз қуануды да, күлуді де, сүйсінуді де біледі. Тамара осы сапардан сәтті қайтса, қандай тамаша қуаныш болар еді. Тамараның аман-есен жауынгерлік тапсырманы бұлжытпай орындап келуіне бүкіл бригада болып қуанар еді-ау сонда. Ертеңгі күні партизандардың жеңісі, оның айнадай айқын барлауына байланысты емес пе? Барлау жұмысындағы зәредей қателік біздер үшін өте қауіпті». Осындай неше түрлі ойлардан тез айыға алмай тұрған Павлик: «Мен бәрібір, енді ұйықтай алмаспын, жүретін кез болып қалды. Ана күзеттегі тұрған партизанды аз да болса тыныстандырып алайын. Қалғып көзі ілініп кетсе, алдымен жаудың қармағына өзіміз түсерміз», – деп күзетке өзі тұрды.

Деревня халықтарының Пригорья станциясына баратын кіре жолы бұлардың тоқтаған жерінен екі километр шамасы. Павлик жолдағы жүргіншілерді байқайын деп, орман жиегіне таяу келіп, жолды дүрбімен байқап отыр. Бірен-саран, сирек жүріп жатқан жергілікті адамдардан басқа жау солдаттары көрінбейді. «Мынадай аумалы-төкпелі кезеңде жергілікті халықтар жау тыңшыларының көзіне түсіп қайтсын. Мүмкін, ирек-ирек болып жатқан орман жолы ішімен өтетін болған соң, үрейленген халықтар да бірімен-бірі қатынасуды доғарған болар. Жаудан қорлық көр­генше, үйімде отырайын дегені де? Бұларда жазық бар ма? Орманның іші тұрғай, маңайына жолап кеткенін көрсе, сенің партизандармен байланысың бар, оларға көмектесесің деп, жау дарға асады» деп ойлаған бойы қайтып жолдастарының жанына келді. Қураған қурайды сындырып келе жатқан сыбдырдан сескеніп, басын көтерген Тамара, сол жаққа қарап отыр еді, көз алдынан қалың бұтаның арасынан жылт етіп шыға келген Павликті көрді. – Паша, сенің жүрісіңді естіп шошып ояндым. Сені ұйықтап жатыр ғой десем, бір жаққа барып та үлгергенсің ғой. Қайда барып келдің? Жоқ, бірдеңеге қапаланып жүрсің бе, ұйықтамай? – деп жымиды. – Мен қайда барды ғой дейсің. Осының бәрі сенің қамың. Бізден бөлініп, өз бетіңмен сапарға шығатын кезің де жетті. Мына жердегі жолды бақылап жүрмін. Бұл жолда жүріп жатқан жау көрінбейді. Менің ойым­ша, сені сол жолды жағалап, орман жиегіне дейін шығарып саламыз. Сенің қай­тып оралатын кезіңе санаулы-ақ күн қалды. Бүгін қайткен күнде Пригорьяға жетіп үлгеруің керек. Мына хатты менің апама бер, менен көптен-көп сәлем айт, өзің өте сақ болғайсың. Ол жерде қалай жүріптұруды өзің білерсің, – деп Тамараға үш бұрышталып ұқыпты оралған қағазды ұстатты. Партизандар орман жиегіне жаяу келіп тоқтады да, сәл ғана кідіріп, жан-жаққа құлақ түріп тұр. – Ал, жолдарың болсын! Тимофей Михайлович Артемовка дерев­ нясына деген еді, енді жағдай өзгерді. Маңай толған жендеттер екен, сен­ дердің қайтуларың қиындай түсер. Сондықтан біз сендерді осы жерден тосамыз, – деді Павлик. Тамара мен Толик партизан достарымен қоштасып, әрбіреуін қап­сыра бір құшақтап, беттерінен сүйіп жүр. Самсаған жаудың ортасына бару оңай ма? Тамараның көзінде жас та бар. Сәби Толиктің ғана ойында ештеңе жоқ. Ол тойға баратындай қуанады, көздері жайнап кеткен. – Кездескенше сау болыңдар, – деп екеуі жүріп кетті. Бұлар көз ұшынан таса болғанша, Павлик қолын көтеріп, қош­тасып тұрды да, шыдай алмады білем, тағы біраз жерге дейін барғысы келіп еді: – Жоқ, жоқ, бармай-ақ қояйық. Біреу-міреудің көзі бізді шалып қалса, мына кеткен екеуін жауға ұстап беруі де мүмкін, – деп Павлик өзін өзі тоқтатты.

Тамара мен Толик орманнан шықты да, үлкен күре жолмен ештеңе сезбегендей, осы өңірдің адамдарынша еш қауіпсіз келеді. Анда-санда маңайларына көз салып қояды. Тірі жан көрінбейді. Әлден уақытта жолдың шаңын бұрқыратып аспанға ұшырып келе жатқан арба көрінді. Желдіртіп жетіп қалған арбакештер бұлар­мен салдыр-гүлдір қатарласып келді де, аттарының делбесін тежеп тоқтат­ты. Тамара жалт қараса, арбада орта жасқа таяп қалған екі әйел отыр екен. – Сәлеметсіздер ме? – деп Тамара амандаса беріп еді, делбе ұстап келе жатқан әйел бұлармен амандасты да: – Қай жаққа кетіп барасыңдар? – деп жөн сұрады. – Пригорья станциясына. – Ендеше, жолымыз бір екен, арбаға отырыңдар, жеткенше әңгіме­ лесіп барайық. Тамара бұл екі әйелді сан қабат көрген адамындай жатсынбай сөйлес­ті де, арбаға алдымен Толикті отырғызып, өзі соңынан мінді. Аттың басын ұстаған әйел қолындағы бишігін үйіріп, делбесін қа­ғыпқағып жіберіп еді, ат желе жөнелді. Сәлден соң, арбаның арт жағын­да шоқиып отырған екінші әйел: – Қайдан келе жатырсыңдар, станцияның өзінде тұрасыңдар ма? – деп сұрауды бастырмалата бастады. Бұларға сыр білдірмей отырған Тамара жымиып күлді де: – Мен осы Пригорья станциясының тұрғын адамы едім, соғыс алдын­ да Гомельдің пединститутында оқыған болатынмын. Соғыс басталып кетіп, осы уақытқа дейін, сол жақтағы деревняларда тұрдым. Туып-өс­кен жер көзге ыстық бо­лады ғой, еліме қайтып келемін. Жолға шыққаныма да біраз болып кетті, – деді. – Е, шырағым-ай, өзіміздің балалар екенсіңдер ғой. Қазір стан­ция толған көк шинельді жау. Қашан кетіп, қашан қоярын да білмейміз... «Бұлар қандай оймен айтып отыр екен. Әлде менен сөз тартқылары келіп отыр ма, болмаса, шыны ма, кім білсін, еліне келген жауға жұмыс істеп жүрген әйелдер ме, бізден сезіктеніп сұрап отыр ма?» – деп Тамара сәл ойланды да: – Біз әлі ешқандай жамандығын көре қойғанымыз жоқ. Сондық­­тан сізге не дейік, – деп мүләйімсіп, ештеңеге түсінбейтін жандай күлімсі­­реп отыра берді. – Станцияға жақындап қалдық. Қай көшеде тұратын едіңдер? – Соғысқа дейін Ленин көшесі деуші еді, қазір өзгеріп кеткен болу керек. – Қазір Ленин көшесі деген көше жоқ. Бургомистр ол көшені өзгер­тіп жіберген болатын, жаңа атын ұмытып қалдым. – Өзіміздің өскен көшеміз болғаннан кейін тауып аламыз ғой. Қалай өзгертсе де, көңілімізде сайрап тұр, – деді Тамара сыр білдіргісі келмей. Бұлар әңгімеге айналып, станцияға тез жетті. Тамараның құлағы балпылдай сөйлеп отырған әйелдерде болса да, екі көзі қиғаш-қиғаш көшеде келеді. Көшені бойлап вокзалға жақындап қалғанда:

– Сіздерге көп рақмет, біз келіп қалдық, сау болыңыздар! – деді арба­ дан түсіп жатқан Тамара. Тамара мен Толик қаптаған жау солдаттарының арасымен келді де, Павлик айтқан көшені тауып алып, «осы үй болды», – деп бір ағаш үйдің ауласына кіріп кетті. Бұлар қақпадан кіргенде, қорадан отын әкеле жатқан әйел жолы­ғып, бұларды танымайтын көңіл білдіргендей: – Сендер қайдан жүрген балаларсыңдар? – деді. Тамара үндемей-түндемей әлгі әйелдің бетіне көзін тігіп қарады да, ішінен: «Павликтің апасы осы кісі болды. Өңі Павликке ұқсап тұр екен», – деп әйелдің соңынан іле-шала Толикті жетектеп үйге кірді. – Сіз, Мария Семеновна Смирнова емессіз бе? – Иә, мен Смирновамын. Оны қайтесіңдер, не керегім болып қалды? – Бізді Павлик жіберген еді, соның сәлемімен келген едік... – Павлик майданға кеткен жоқ па еді, ол мұнда қайдан жүр? Тамара кеудесіне тыққан Павликтің хатын алып, апасына ұстата қойды. Мария Семеновна жүгіріп барып есігінің кілтін салды да, төр ал­дында тұрған ескі диванға отырып, үш бұрыштап ораған Павликтің хатын оқуға кірісті. Павликтің хатында бұлардың барлау жұмысын жүргізетіндігі жөнін­де ештеңе жазылмапты. Тек қана өзінің амандығын жазыпты да, осы барған қыз менің сүйген жарым, қасындағы бала екеуін үйіңе қондырып, күтерсің дегеннен басқа ештеңе айтпаған. Мария Семеновна хатты жып-жылдам оқып шықты да, есік жақта тұрған қонақтарға қарап: – Жоғары шығыңдар. Біздің станция толған неміс. Далаға көп шыға бермеңдер, біреудің көзіне түсіп қаласыңдар. Осында немістер қойған бургомистр бар. Ол жаудан да жаман. Көзіне түскен адамды неміске көрсетіп, әбден қан ішер болып алды. Станция басында тұрғындар­дың талайының қанын ұрттап, сусындап жүр. Сәл нәрсені мынау әлен, мынау пәлен деп көрсете бастайды. Тек күндіз ғана шығуға бо­лады. Онда да аз уақытқа. Түнде далада жүргендерді жау ұстап әкетеді де, қайда жіберіп жатқандарын кім білсін, әйтеуір қайтып келтірмей жоғалтып жібереді. – Мария Семеновнаның сөзін барлық ниетімен тыңдап отырып Тамара ол кісіге сыр білдіргісі келмей: – Көшеде жүре беріп не істейміз. Еріккенде далаға шықпасақ, басқа уақытта үйде отырамыз да, – деді. Мария Семеновна төрдегі диванға барып отырған Тамарадан көзін алмай тамақ дайындап жүріп: «Мына қыз келбетті, салмақты бала көрі­ неді. Біздің Павликтің қалыңдығы болуға жарап-ақ тұр», – деп бауыры­ ның қалыңдығына іштей риза боп тұр. Столдың үстіне нан кесіп, тарелкеге сорпа құйды да: – Отырып тамақ ішіңдер. Артемовка көп жер, шаршаған да шығар­ сыңдар, – деді. Үшеуі тамақ ішіп бола бергенде, есіктен Мария Семеновнаның он екі жасар кіші ұлы Володя кіріп келді.

– Володя, кел тамағыңды іш. Саған ойнайтын бала да табылды, – деп баласын көңілдендіріп жатыр Мария Семе­новна. Володя шешесінің сөзін естіп, төр үйге «амансыздар ма? – деп жетіп келіп, апыл-құпыл тамақ іше бас­тады. Толик те баланы көріп қуанып кетті білем, көзін алмай Володяға қарап отыр. Екеуі стол үстінде теп-тез танысты да, далаға шығып кетті. Күн батуға жақындап қалған кез еді. Есік алдына шыққан Толик пен Володя қора ішінде доп ойнауға кірісті. Володя Толикке: – Толик, жүр вокзал жаққа барып ойнап келейік, – деп қолқалады. – Бүгін кеш батып қалды, ертең күндіз барайық. Екеуіміз ойынға айналып, кешігіп қалсақ, неміс ұстап әкетпей ме? – деп, Толик тартпақтай берді. – Саған оны кім айтты? Біздің неміске не керегіміз бар? Азғантай ғана ойнаймыз да, қайтып келмейміз бе? Ма­мам ол үшін маған ұрыспайды, – деп болмады. – Сен бұл уақытта вокзал жаққа барып көрдің бе? – Жоқ, бұл кезде вокзалдың маңайын көрген емеспін. Мамам да мені жібермейтін. – Кеш батып қалғанда ешқайда бармайсыңдар. Адасып кетсеңдер сендерді қайдан іздеп табамыз. Осы есіктің алды екеуіңе жетпеді ме? – деген Тамараның сөзінен сағы сынып, ұялып қызараңдаған Володя не істерін білмей, біресе төмен қарап, біресе Толикке қарап жаутаңдай қалды. Тамара ертеңгі күнгі барлау жұмыстарын ойластырып отыр. Екі баланың ойынына қызыққан боп, анда-санда жан-жағына көз жіберіп қояды. Ымырт жабылып, қас қарая берген кезде, үйден шыққан Мария Семеновнаның: – Кешкі ас ішетін уақыт болды, жүріңдер, түн баласында бұл жерге шырақ жаққызбайды. Тезірек тамақтарыңды ішіп, дем алыңдар, – деген сөзі Тамараның ойын бұзып жіберді. Ертеңінде үй иесі Мария Семеновна да, қонақтар да ерте оянды. Тек қана ойында түйірдей ештеңе жоқ Володя ғана ауыз үйде бырылдап ұйықтап жатыр. Тамара мен Толик ерте оянса да, сыр білдірмей ұйықтап жатқан адамдай көздерін жұмып, жайбарақат жатқан сияқты. Әлден уақытта Мария Семеновна далаға шығып кетті. Осыны тосып жатқан Тамара қасындағы Толикке: – Сен тамақ ішісімен Володя екеуің вокзал жаққа ба­рып қайтыңдар. Ондағы байқайтының вокзал маңындағы жау бекіністері, эшелондардың не таситыны, қалай қарай көп жүретінін аңғар. Су қоймасының күзетін байқа. Жан-жағыңа қайта-қайта қарай берме. – Мен барлаудың әдісін әбден білемін. Совет Армиясы біздің Сергиевкада тұрғанда мені жау шебіне барлауға жіберген. Бұл ақымақтарға

оңай ұстата қоймаспын, – деп То­лик мақтана бастап еді, бірақ оның сөзін отын көтеріп кіріп келген Мария Семеновна бөліп жіберді. Мария Семеновна төр үйде диван үстінде жатқан Тамараға: – Шырақтарым, тұрып беті-қолдарыңды жуыңдар, болар-болмас тамақ дайындап қойдым, бөліп ішейік. Осы күні мына станция басында бір тілім нан тауып алудың өзі қиын болып тұрған заман ғой, – деп Мария Семеновна азық-түлік қиыншылығын да жеткізіп жатыр қонағына. – Бір реті болар, апай. Бізде де ұсақ-түйек болса да сатарлық заттар бар. Соларды өткізе алсақ, сізге қиыншылық келтірмеспіз. – О не дегенің, қарағым. Әзірше талшық етер азық-түлігіміз бар. Тіпті қысылып бара жатсақ, күйеуімнің әне бір пальтосын сатуыма болады. – Апай, оны сатпаңыз. Екі бірдей жан жатырмыз үйіңізде. Әзірше қапшық ішінде жатқан костюм мен жемпірді ұстайық базарға. – Осындай кезде базар қайдан болсын. Ұсақ-түйекті жасырып алатындарға ретін тауып бересің... – Ол, алыпсатарларды қалай кездестіруге болады. – Темір жолдың арғы бетінде тұратын бір-екі саудагерсымақ бар еді... – Мен оларды танымаймын ғой. – Мен апарып келермін. – Мені де ерте барыңыз. Поселканы көріп қайтайын сізбен бірге. Үйде отырғанда не бітіремін? Ертеңгі тамақты ішіп болысымен Тамара мен Мария Се­меновна костюм мен жемпірді орамалға түйіп алып, үйден шықты. Тамара Мария Семеновнаның сұрауларына жауап бере жүріп келеді. Маңайға көз тастайды. Әр жерде топтанып жүрген жау солдаттарына назар аударады. – Мына бір қаптаған солдаттар шығып жатқан үй не? – деді Тамара көк шатырлы ағаш үйді көрсетіп. – Әлгі комендатура дегені ғой ол, – деді Мария Семе­новна. – Ал, анау мектеп үйін казарма жасап алған. Онда екі-үш рота бар дейді білгендер. – Оны қайдан білесіз? Онан да көп болуы мүмкін емес пе? – Қызым, – деді ол өзінің білетіндігін көрсеткісі келіп, – сен мені ештеңенің мөлшерін білмейді деп отырсың ба? Менің де құлағым бар. Біздің көршіміз фин соғысына қатынасып жаралы болған. Өзі шын пейілімен қалтқысыз елімізге берілген адам. Әттең, аяғы ақсақ болмаса, баяғыда партизан қатарында жүрген болар еді. Міне, сол кісі барлық хабарды маған сенгендіктен жасырмай жеткізіп тұрады. Кеше ғана сіздердің алдарыңда, осында келіп біраз әңгімелескен болатын. Осы әңгімені кеше де айтып отыр. Екі ротадан көп болса, алты бөлмелі мектеп үйіне сыймаған болар еді. – Кіп-кішкентай поселкаға осынша әскер төкпесе қайтеді екен, – деп еді Тамара. – Қайдан білейін, әйтеуір шұбап жатқан бірдеңе. Поселкенің ішітысын пулеметке толтырды. Тіпті су қоймасының қасына екі зеңбірек қойыпты, – деп Мария Семеновна өз білгендерін айтып келеді.

Екі әйел алып шыққан заттарын жарты пұттай қара бидайға айырбастап алғаннан кейін, қайтарында басқа жолмен жүрді. Бұған Тамара іштей қуанып кетті. «Біраз жайды өз көзіммен көретін болдым енді, – деді ол өзіне. – Шынында да қарулары көп екен», – деп, пулемет ұяларын санап қояды. Тамара мен Марья Семеновна үйге келгенде, балалар әлі оралмаған екен. Балалардың кешігуін Тамара жақсылыққа жорымады. – Осы уақытқа дейін Толиктер қайда жүр екен? – деді. – Олар қайда кетер дейсің, ойынға айналып жүрген шығар. – Ойынға айналып жүрсе ештеңе емес, біреулердің қолына түсіп қалмаса. – Әзірге тосалық, көп кешіксе іздерміз, – деп үй иесі әйел салмақ­ты­ лық білдірген болады. Тамараның мазасы кетті. Қолға түскен үкідей, жалтақ-жалтақ есікке қарай береді. Ол: «Вова еркелеу сияқты еді. Ойынға айналып Толикті бір жаққа ертіп кетті ме? Бірақ ондайға Толик көне қоймаушы еді, әлде Толяның бірдеңені байқастырып жүргенін жау солдаты көріп қалып, екеуін де ұстап алып әурелеп жатыр ма екен?» – деп ойлап отырды да, шыдамы таусылып далаға шығуға айнала беріп: – Мен балаларды байқап келсем қайтеді? – деді. – Осы маңайдан ұзап кетпеңіз, кім білсін поселка толған жау ғой, – дей бергенде, құлақтарын қолымен басып Вова мен Толяның қақпадан кіргені көрінді. «Соңдарынан еріп келген біреу жоқ па?» – деп абайлап қараса, ешкім көрінбеді. Екеуі келе үйге кірді. – Сендерге не болған, бет-ауыздарың күп болып ісіп кеткені несі? Әлде төбелестіңдер ме? – деді Тамара. – Біз вокзалдан шығып депоға қарай келе жатыр едік, қасымыздан үш неміс өтті. Осы кезде Вова маған қарап тілін жалақтатып, қатты күліп еді, «сендер бізге неге күлесіңдер», деп әлгі немістер екеумізді ұстап алды да, біреуі қолындағы жұп-жұмыр резинкасымен бізді тартып-тартып жіберді. Ойбай салып тұра қашып едік, еңгезердей біреуі шап беріп ұстап алды. Содан кейін, сендер бұл жерде не бітіріп жүрсіңдер? Сен бала қайдан келдің? – деп маған күдіктене қарады да, екеумізді дедектетіп отырып комендатураға алып барды. Олардың комендантқа не дегенін білмейміз. Тілмәш әйел мына Вованы бірнеше көрген бе, әйтеуір таниды екен. Тек, Вовадан менің кім екенімді сұрады. Вова жаңылмады: «Менің апамның баласы, осында тұрады» деп бет бақтырмай қойды. Сөйтіп, бізді біраз қамап, қоя берді, бірақ бәрін араладық. Депосы қандай, іші толған паровоз, бірін жөндеп, бірін майлап жатыр. Болғандарын сыртқа шығарып қойыпты, – деп Толя көрген-білгендерін айта бастап еді, Та­мара: – Жарайды, ештеңе етпес, беті-қолдарыңды жуыңдар! – деп Толиктің сөзін аяқтатпады. Толя әкелген хабар мен Мария Семеновна айтқан әңгімелер Тамара­ ны кейін қайтуға асықтырды. Мария Семеновнаның мағлұматының

дұрыстығына көзі жеткен соң, бұл маңызды хабарды партизандарға жеткізуге асықты. – Толик, бүгін ертерек жатып ұйқымызды қандырып алайық. Алдымызда не күтіп тұрғанын кім білсін. Ертең ерте тұрамыз, – деді ол. Таң атып қалған екен. Поселка малдарының алды өре бастапты. Түні бойы жауында болған малдардың үсті реңсіз. Мария Семеновна күндегі әдетінше шелегін алып сиыр саууға кетті. Осыны тосып жатқан Тамара да есік алдына шықты да: – Мария Семеновна, біз қазір Артемовка деревнясына қайтайық деп тұрмыз, – деп жүруге қамдана бастады. Сиырын сауып болған Мария Семеновна қолындағы шелегін үйге апара жатып: – Олай болса, аз да болса, тамақтанып алыңдар. Мен де сіздер жүретін жолға қарай, өрістегі малға сиыр қосуға ба­рам, бірге жүрейік, бүгін кеш тұрып қалыппын, – деді де, ауыз үйдегі столдың үстіне құмырасын қойып, кружкаға сүт құйды. Тамара іштей: «Сіздің кеш тұрғаныңыз бізге де пайда болды, әсіресе, сиыр айдасқан адамша, біреу-міреудің көзіне түспей құтылатын болдық», – деп ойлады. Мария Семеновна сиырын жетектеп, поселканың қақ ортасымен оңтүстік жаққа қарай жүріп келеді. Сиырды айдауды сылтау қылып Тамара мен Толик те келе жатыр. Бұлардың келе жатқан көшесі фашистердің станция күзетіндегі екі ротасы орналасқан, мектеп үйінің алдымен өтеді. Тамара қолына ұстаған шыбықпен тартыншақтаған көк сиырды андасанда айдап қойған болып, көз қиығымен мек­теп маңайын байқап қояды. Тамараның ендігі ойы екі күн бұрын Павликтен ажырасқан жеріне тезірек жету. Станция сыртындағы дөңді қиялай басып келіп, ойпатқа түскенде Мария Семеновна: – Тамара, Павликке менен сәлем айт. Біз аманбыз. Өздерің көрдіңдер ғой. Бізге алаңдамасын. Абай болсын. Сендер де аман-есен болыңдар, – деді де, Тамараның қасына келген Толиктің бетінен сүйіп алды. – Ал, қарақтарым, қош болыңдар. Осы сайды қуалап жүре беріңдер, – деп Мария Семеновна көк сиырды ілгері айдаған бойы кете берді. Арттарына жаутаң-жаутаң қараған екі жан орманға жақындаған сайын жүрістерін тездете түседі. XXІV Түн ортасы ауған кез еді. Аспанды басқан өркеш-өркеш қара бұлт қоюланып тұр. Осы өңірді қараңғылық қоршап алды. Сіркіреп күн де жауа бастады. Партизандардың негізгі күші Пригорья станциясы­ның оңтүстігіндегі қалың ормандағы барлаушылар тоқтаған жерге келіпжеткені осы болатын. Шаршаған ел жайғасып болды. Бұл өңір жым-жырт. Олай-бұлай жүрген күзетшілердің ғана сыбдыры естіледі.

Зәулім теректің түбіне келіп тоқтаған штаб адамдары ғана күбірлесіп отыр. Әлден уақытта Коротченконың: – Кәбіш, сен Тамара мен Толикты тез штабқа шақырып кел, – деген дауысы естілді. Көп ұзамай-ақ қараңдаған Тамара мен Толиктің көлеңкесі көрінді. – Мына жерге келіп отырыңдар, – деді Тимофей Михай­лович сығылысып, ортадан орын беріп, – ал баяндаңдар. – Станция басында қорғаныста жатқан жау саны екі рота шамасында екен. Олар поселка ортасында салынған бір этажды мектеп үйіне орналасқан көрінеді. Қайтар кезде мектептің маңайын да байқадық. Ол жерде ешқандай бекініс көрінбейді. Бекініс вокзал төңірегінде көп көрінеді. Екі ДЗОТ бар, олардың амбразурасы үш жаққа шыққан. Ал, су қоймасы вокзалдың күншығыс жағында, екі жүз метрдей жерде тұр. Оның қасына екі зеңбірек қойылған. Депоға да барлау жасадық. Паровоздар өте көп Толиктің санауы бойынша, қырықтан астам эшелондар майданға қарай бірде тоқтаусыз өте шығады да, бірде бірнеше күн станцияда тоқтап қалатын көрінеді... Оң жақта бағанадан бері үндемей, барлаушылар қорытындысын тыңдап отырған Петр Васильевич: – Енді екеуің жақсылап дем алыңдар, – деді де, өздері алда тұрған шабуыл жоспарын жасауға кірісті. Тамара мен Толик қарағай түбіне жайғасты. Бірақ Та­мара ұйықтай алмай, көп уақыт дөңбекшіп жатты. «Алдымызда жау жендеттерімен шайқасу жақын тұр. Біздің барлауымыз осынша елдің тік көтеріліп келгеніне қарай стан­ция коммуникациясын бұзуға көмегі тисе, біз үшін үлкен абырой ғой. Барлауда қателік жоқ сияқты», – деп станция басында көргендері көз алдына елестеді. Жас бала Толиктің қаперінде ештеңе де жоқ. Келе шалқасынан Тамараға сүйене жатты да, ұйықтап қалды. Әлден уақытта Тамара да тәтті ұйқыға бөленді. Сіркіреген жауын толастап, аспандағы бұлт та төмендегі орман ағаштарының басын шала бастады. Тимофей Михайлович бас көтермей үңіліп, бір жапырақ қағазға қарап отыр. Тек анда-санда ғана қарсы алдында отырған Петр Васильевич­ке бірдеңені күңкілдеп айтқан бо­лады. Бұлардың күбіріне қарағанда, алдағы бір үлкен шайқастың жос­парын сызып отырғанға ұқсайды. Тимофей Михай­лович шабуылдың тетігін енді тапқандай трубкасын ащы темекіге толтырып, қою түтінді бұрқыратып тартты да, бірден: – Меніңше, – деді Петр Васильевичке көзін төңкеріп бір қарап қойып, – станцияға шабуылды төрт жақтан бірдей бастауға тиістіміз. Оң­түстік жақтан шабуылға шығатын екінші батальон, күншығыс жақтан – бі­рінші батальон, күнбатыстан – үшінші батальон, ал темір жолдың күн­шығыс жағына өтіп, солтүстік жағынан – автоматшылар ротасы шабуылға шығуы керек. Партизандардың негізгі күшінің станция поселкасындағы жауға шабуыл жасауын пайдаланып, Павлик бастаған минерлер тобы су

қоймасы мен депоны бұзатын болады. Негізінде деподағы станоктар мен жөнделген паровоздардың қазандарын істен шығару керек. Жаудың темір жол бойындағы басқа елді пункттердегі бөлімшелерімен байланы­сын үзіп, көмекке келетін бөлімдердің жолын кесуіміз керек. Ол үшін Мәжит бастаған топ станцияның күншығыс жағындағы бес километр бойында темір жол рельсін, телеграф бағаналарын бүлдіруі керек. Ал, станция­дан күнбатысқа қарап шығатын темір жол бойына Әлім тобы да осыны істеуі керек деген қорытындыға келді. Түні бойы толассыз құйған жауын таң аппақ атқаннан соң тоқтаған еді. Партизандар қарағай қабығынан жасаған күркеге паналаған болатын. Түнгі жорықта көз ілмеген жұрт түс ауғанша дем алып, кешкі арпалысқа даярлануға кірісті. Елден ертерек оянған Тамара бұтағы жерге тие иілген жуан қарағайдың түбіне орналасқан штабқа жете бергенде: – Тамара, сенсің бе, бері кел, – деген таныс дауысқа жалт қараса, жүз метрдей жердегі қарағай түбінде жымың-жымың күліп тұрған Жамалды көрді де, жүгіріп барып, құшақтай алды. Айлап-жылдап көріспеген жандардай сүйісіп жатыр. Кенет Тамара: – Мая қайда? – деді. – Маяны емшектен айырғанмын. Өзі теп-тез көнді. Қазір ол Роман қарттың үйінде. Елдің барлығы жорыққа аттанған соң, мен де қалмадым. Міне автоматым, – деді Жамал күрке аузында сүйеулі тұрған автоматын қолына алып жатып. – Жорықта жолың болсын, – деп Тамара Жамалды тағы бір сүйіп алды. – Мен де жаумен арпалысудың тәсілін үйреніп аламын ғой. – Көппен бірге көрермін, – дей бергенде, жер астынан шыққандай қарағай сыртынан жып ете түскен Павлик: – Амансыздар ма, Жамал, сен де келген екенсің ғой, қатал жауға қаһарлы бол. Бұл жерде неғып тұрсыңдар, біздің жатқан жерге барып тамақтанайық. Неше күннен бері сендерге сақтап жүрген аз да болса сыбағаларың бар еді. Жүріңдер! – Екеуің бара қойыңдар, мен жаңа ғана тамақтанған едім, – деді Жамал. Күрке алдында автоматын тазалап отырған Жамал ойланып қапты. Дәл осы кезде сумаңдаған жау оғы айнала қоршап алғандай болып, шеке тамырларын солқ-солқ еткізеді. Торғайдың балапанындай аузын ашып күлген Мая да көз алдына елестейді. Ойға шомған Жамалды тікенекті жапыра сындырып келе жатқан Жылбек бастаған барлаушылар тобының жүрісі селк еткізді. Барлаушылар бірден штабқа тартты. Жүрістері тіпті жедел. Барлаушыларды анадайдан көзі шалған Коротченко: – Ақәділовтың жүрісі тым асығыс екен. Бұлар өте бір маңызды хабар әкеле жатқан болды, – деп еді, штабтағылардың бәрі жүргіншілерге көз тікті. Штабқа ентіге жеткен Жылбек: – Тимофей Михайлович, бүгін түс ауа Пригорья станциясына Герма­ нияға айдап бара жатқан қыздарды тиеген эшелон келіп тоқтапты. Бұл

эшелон Пригорья станциясында түнейтін сияқты. Өйткені алдын­дағы станциялар эшелонға толы болса керек. Біздің анада кеткен партизан­дар тобы темір жол рельстерін бұзған дейді. – Бұл мәліметті қалай білдіңдер? – деді Тимофей Ми­хайлович барлаушыларға жақындап келіп. – Сіз бері жақын келіңізші, – деп Жылбек барлаушылардың арасында тұрған өңі қашқан, жағы солыңқы әйелді шақырды, – міне, мына кісі. Өзін де сол эшелонмен Германияға әкетіп бара жатыр екен. Пригорья станциясында та­мақ ішуді сылтау қып қашып шығыпты... Әйел көзінен бұршақтаған жасын сүртіп жатып: – Мына кісінің айтқанының бәрі дұрыс. Мен өз көзіммен көрдім. Қанды қол жау еріксіз матап құлдыққа айдап бара жатқан апаларың мен қарындастарыңа қол ұшын беріп, төніп келе жатқан азап пен ажалдан арашалай көріңіздер. Олар әлі партизандар құтқарады деп үмітті. Қайғы бұлты бастарына шоғырланған тұтқын қыздардың көздері жылай-жылай ісіп кеткен. Еріксіз ел-жұртынан, туып-өскен жерінен айрылып, жат елге құлдыққа бару қандай аянышты! Міне, мені көріп тұрсыздар ғой, жасым он тоғызға жаңа шықса да, бір аптаның ішінде сүзекке шалдыққандай азып, жас жаным жүдеушілікке душар болды, – деді. Шабуылға дайындалған жұрт топ-топ болып, әр жерде сөйлесіп отыр. Тек Петька ғана бір жерге тұрақтай алмай, әр топтың жанынан жанай өтіп, сабырсызданып жүр. Әлдекімді іздеген кейпі бар. Петъканың бұл мінезін сезген Жамал: – Петька, сен кімді жоғалттың, жоқты жарықта ізде­мейсің бе? Күні бойы басың іскенше ұйықтамай-ақ, жоғалтқан кісіңді ертерек тауып алмайсың ба? – деп еді, Петька селк етіп, жалт қарады да, Жамалдың даусы шыққан қарағайдың түбіне келді. – Жамал, сен екенсің ғой, Тамараны іздеп жүрмін, маған басқа кім керек қой дейсің. – Тамараны көргенім жоқ, – дей салды. Бұл екеуінің даусын естіген Тамара орнынан тұрды да: – Міне, мен мұндамын, – деп Петьканы өзі отырған Павлик тобына шақырды. Еңгезердей болып қасына келген Петькаға сығылысып орын берген Павлик: – Петька, бері кел, менің қасыма отыр, әңгіме есті, – деді. – Жоқ, мен отырмаймын, әңгімелеріңді айта беріңдер, осы жерде тұрып та тыңдаймын ғой, – деп, Петька жақтырмағандай кейіп білдірді. Айнала отырған жұрт Петьканың құлқынын сезіп қалғандай: – Сенің неге отырмайтыныңды біліп отырмыз... Маңай толған жау. Бүгін түні самсаған басқыншылармен тағы да бетпе-бет күш сынасқалы отырмыз. Сен болсаң, Павликтен Тамараны қызғанып босқа бүлініп тұрсың, – деп отырғандардың біреуі батыл айтып салды. – Сендердің қалжыңдарың-ақ қалмайды екен. Кел, Пе­тя, менің қасыма отыр, – деп Тамара өз қасынан орын берді.

Бағанадан осыны тілеп тұрған шөркедей Петька сылқ етіп, Тамараның тізесін баса отыра кетті... ...Кешкі тамақты ішіп болған кез. Аспанда қалың көшкен ала бұлт бар. Сол бұлт орман үстіне оралған сайын осы жер күңгірт тартып, қараңғылана береді. «Партизан бөлімдері өздеріне берілген бағыт бойынша Пригорья станциясына жорыққа шықсын, бөлімдердің барлығы бүгін сағат жиыр­ ма төртте көрсетілген жерлеріне жетіп, жауынгерлік тапсырма­ла­рын орындауға кірісетін болсын!» – деген Коротченконың бұйрығы жұрт­тың арасына теп-тез тарады. Іңір қараңғысы мен орман күңгірттігін жамылып жаудан кек алушы­лар жорыққа аттанды. Аяққа ілініп сынған қурайдың сыбдыры ғана ес­тіледі. Пригорья станциясына таяу жердегі ирек-ирек сайға келіп сәл тоқ­тады да, алды-артын жинап, жаппай шабуылға шығуға даяр тұрды. Бұл негізгі топ еді. Осы топтың ішіндегі Жамал да жендеттермен айқаспақ. Ол да автоматын оңтайлап алыпты. Дүрсілдеп соққан жүрегі аузына тығылып, алда тұрған шайқасу, шыңылдап келіп құлақты жарған жау оғы, үміт аралас қорқыныш сезімі ойлы жүзінен айтпай-ақ көрініп тұр. «Қыздар ерлігі қырғында білінеді, алдына жауы жүгінеді» деген мақал бар. Мен несіне қобалжимын. Осы тұрған жұрттан артықпын ба?» – деген ойын колоннаның алға қарай жылжыған қимылы бұзып жіберді. Партизан колоннасы сайды бойлап келді де, станция сыртындағы белеске шықты. Алға барлаушыларды салып, қаздай тізіліп жүріп келеді. Станцияға әлі екі километрдей жер бар. Алдыңғы жақта, әдетінше, жау солдаттары анда-санда ракета атып, аспанды күндізгідей жарқыратады. Бұл әрекетіне қарағанда, жау жендеттері де жайбарақат жатпаған тәрізді. Бірақ станцияға төрт жағынан төніп келе жатқан қаһарлы батырларды жау сезбеген сияқты. Жау бекінісіне бес жүз метрдей жер қалғанда партизан бөлімдері жер бауырлап жата қалысты да, алға кеткен барлау­шы­ лардың оралуын күтті. Сәлден кейін, жер бауырлай еңбектеп келе жатқан екі-үш адамның қараңдаған бейнесі көрінді. Бұлар Жылбек бастаған барлаушылар еді. – Бес жігітке алтыншы етіп Тамараны қосып, шеттегі үйдің бұрышы­нан станцияны барлауға тастап кеттім. Фрицтер біздің шолуға барғаны­мызды әлі сезген жоқ, – деді Жылбек тастай қараңғыда Тимофей Михайло­вич­тің жанына келіп. – Шабуыл жасайтын уақыт болып қалды. Станцияға та­ғы жақындай түсейік, – деп Тимофей Михайлович партизандарға бұйрық берді де, алға қарай жүре түсті. Партизандардың бұл бөлегі станция поселкасына жақын­дай бергенде жау ракетасы аспанға зымырай жөнелді. Ша­буыл жасаушылар одан сайын жерге жабысып бұға берді. Ракета сөнісімен-ақ партизандар еңбектеген бойы поселканың шетіне жетті. Шабуыл басталатын уақыт та бо­лып қалды.

Поселка шетіндегі үйдің бұрышында отырған Тимофей Михайлович жау ұялаған мектептің маңайына сәл көз жіберді де, қасындағы Петькаға мойнын бұрып: – Алдымызда қараңдаған мектеп үйі. Алдымен күзетшіні жоюымыз керек. Қасыңа екі кісі ертіп ілгері бар. Ояу отырған жаудың үнін өшіресің. Біз де сендердің соңдарыңнан ере жүреміз, – деді. Петька қасындағы адамдарымен жер бауырлап келеді. Мектептің күншығыс жақ бұрышына орнатылған пулемет ұясын көзі шалып қалған Петька бұға қалды. Сәлден кейін бір адамның жүргені байқалды. Даяр ұстап келе жатқан үнсіз атылатын мылтығының шаппасын басып қалып еді, әлгі қараңдаған фриц сәл шалқайып барып, етпеттей құлап түсті. Оның оқыс құлағанын сезген екінші күзетші сұлап жатқанның қасына жете бергенде, партизан бөлімдерінің мылтық даусы жан-жақтан жамырап қоя берді. Шырт ұйқыда жатқан жау солдаттары мектептің есік-терезелерінен шығуға тырысты. Есік жақтан шыққандарын селдетіп атқан пар­тизан оғы жалмап жатыр. Жау пулеметі мен автоматынан атылған оқтар да жұлдыздай ағып барып жоғалады. Жамал да топтан қалмауға тырысып, жауып тұрған оққа қарсы бұға жүгіреді. Бұл топ мектептің күнбатыс жағына жете жау солдаттарының оң жақ бүйірін нысанаға алып, оқ жаудырды. Сәлден соң фрицтер вокзалға қарай сытылып шыға бастады. Кейін шегінген бір тобын Жамал автоматы құтқарар емес. Қалай жалтарса да Жамал оғы дөп тиеді. Әр жерден атылған оқ, жарылған снаряд құлақты жарады. Автоматтың шаппасынан қолын алмай жатқан Жамал­дың бар назары жауға қадалған. Батыл шабуылға қарамастан Петька бастаған бұл топты сол жақ бүйірдегі ДЗОТ-тан бораған жау оғы қыспаққа ала бастады. Көп ұзамай вокзалдың күншығыс жағынан күн күркірегендей тасыр-тұсыр жарылған миналардың даусы естілді де, жарқ ете қалды. Станцияның екі жағынан дүркін-дүркін жарылған минаның үні алысқа естіліп жатыр. Жамалдың жанындағы шабуылшының бірі: – Жамал, қорықпа, бұл су қоймасының күлін көкке ұшырған Павлик қой, анау, қою қара түтін өртеніп жатқан депо болды... ...Айқас басталғалы бір сағаттай болып қалды. Жау берілер емес. Екі жақтан да шығын бар. Ыңырсыған дауыс. Мектепті қалқан етіп сытылып шегінген жау вокзал жанындағы бекінісіне жеткен соң, шабуылшыларды жақындатпай қойды. Партизандардың Гриша Галдин бастаған бөлімі жау позициясының күншығыс жақ бүйірінен келіп тиіскен еді. ДЗОТ алдындағы алаңға шыққан шабуылшылардың кейбіреуі жау оғына ұшып жатыр. Тимофей Михайловичтің де мазасы жоқ. Операцияның басты міндеті – депо мен су қоймасын бұзу орындалды. Әр бөлімнің жағдайын салмақтап, түсініп алды да, Гриша бөліміне Жылбек ротасын көмекке жіберуді, сүйтіп тағы шабуылға шығуды бұйырды. Партизандардың бұл екі бөлімінің келуі немістерге жайлы тимеді. Алайда, ұрыс қыза түсті. Темір жолдың арғы

бетінен келіп үлгерген автоматшылар да айқасқа енді. Партизандардың қоршауына түскенін сезсе де, жау жендеттері берілмей бақты. Күншығыс жақтағы бүйірден шабуыл жасаған партизан бөлімдері жау позициясына қаншама жақындай түссе де, жау ДЗОТ-тары алдырмады. Екінші жақ бүйірден қаһарлы оқ төккен Петька және тағы төрт-бес партизан да жер бауырлай ілгері жылжиды. Петька төбе-төбе болып төгілген топырақтың қалқасымен еңбектеген күйі жау позициясының, жиегіне келді де, бірден басқыншылардың шеткі пулемет ұясына қол гранатаны лақтырып қалып еді, жарылған гра­ната жердің қою шаңын аспанға бұрқ еткізді. Жаудың жаңа ғана оқ себелеп, маңайына жолатпай жатқан пулеметінің даусы өше қалды. Петька атқан оқтай жып етіп жау окобына секіріп түсті де, оңтайлы жерден қасарысып берілмей жат­қан фрицтердің бүйірінен килікті. Партизандардың дәл бүйірден келіп соқтыққанын енді ға­на білген жау шабуылшылардың бұл тобына қарата оқ жаудырта бастады. Екі жақ та аңдысып атысуға кірісті. Тартыс бұрынғыдан да қыза түсті. Гүр-гүр етіп атылып жатқан мылтық даусы дүниені тербеп тұрғандай. Партизан бөлімдерінің үш жақтан бірдей шабуылына төтеп бере алмаған жау бөлімдері вокзал түбіндегі үшінші позициясына шегіне бас­тады. Осы кезде Зарецкий батальонының автоматшылары Петька мен Жамал жатқан партизандар тобына жәрдемге келіп үлгерген еді. Партизандар шабуылы неміс фашистерінің басын көтертпеді. Атыстың осындай бір қызу кезінде екпіндей алысып бара жатқан Петька құлап түсті. Оны көзі шалып қалған Жамал Петьканың жанына келсе, ол ауыр жаралы болған екен. Жа­мал еңгезердей Петьканы мек­ тептің тасасына апарайын деп әуреленіп көрді. Қапсыра ұстап тартқы­лады да, бірақ сүйреу түгіл орнынан да қозғалта алмады. Бұлардың біреуіне оқ тигенін байқаған екі жітіт жүгіре басып келді де, Петька­ны тасаға жет­ кізіп, жарасын байлай бастады. Бірінші батальон командиріне: – Сендер, – деді Тимофей Михайлович, – көшенің екінші жағына шығыңдар да, фашистер Германияға айдап бара жатқан қыздарды боса­ тып алыңдар. Эшелон тұрған темір жол тығырығын мына кісі көрсетеді, – деп қасында отырған бір әйелді нұсқады. Станцияның басы жан-жақтан зуылдап ұшқан оқ. Тар­тыс барған сайын күшейіп, тастай қараңғы түнді қақ жарып тұр. ДЗОТ-қа бекініп алған жау солдаттары маңайына жан жолатпай, абжыландай ысқыртып, оқты аямай төгеді. Вокзал түбіндегі бекініске кіріп алған жау жендеттері де партизан бөлімдерінің жолын бөгеп жатыр. Шабуылшыларға енді шайқасуды соза беруге болмайды. Таң атуға аз ғана уақыт қалған еді. Тимофей Михайлович партизан бөлімдеріне алмакезек кейін шегінуді бұйырды. Айқастың қызығына әбден қызыққан, жау қамалын бұзуға сәл қалғанда ұрыса отырып кейін шегінген парти­ зандар орманға қарай беттеп келеді. Тұтқыннан босатылған үш жүздей совет қыздары да бұлармен бірге. Тамара мен Жамал сол тұтқыннан

босатылғандардың алдыңғы сапында ширақ басып келеді. Партизандар жүзі жайдары, бүгінгі жорыққа риза болғандай. Таң атуға жақын қалды. Аспан ашық, шөкімдей де бұлт жоқ. Аспанда шашыла орналасқан жұлдыздар таң ағара бастаған сайын жалт етіп жоғалып, шағындалып барады. Жұлдыздардың осы бір кезі жау жазасын беріп келе жатқан партизандарды шын ниеттен құттықтап, әлдекім­дерден сүйінші сұрап жүгіріп жүрген сәбилер тәрізді. Өз табыстарына масаттана серги жүріп келе жатқан пар­тизандар таң ақтаңдақ болған мезетте жапырақтары мол, панасы көп орманға енді. Партизандардың негізгі бөлімі орман ішіндегі кілкіген саздың күн­ батыс жақ жиегін ала өскен қалың шіліктің арасындағы соқпақпен жүріп, жиі өскен тоғайға келіп тоқтағанда, күн арқан бойы көтеріліп қалған еді. Түнгі жорықта бірнеше сағатқа созылған қақтығыс, атылған мыл­ тықтың, жерді сілкіндіре жарылған снарядтардың күрілдеген даусы құлақтарынан кетпей оларды есеңгіретіп тұрған сияқты. Бұлардың барлығы да өрт сөндіргендей түтігіп қарайған, үстіне киген тозығы жеткен ескі киімдері түнгі жорықта борша-борша болып жыртылыпты, аяқтарындағы сірі шәркелері суға тигендіктен тартыла кеуіп, аяқтарын қыл бұраудай қысады. Салбыраған бұтағы етегін жапқан зәулім қарағайдың түбіне шал­ дыға жеткен партизандар алдымен жаралы достарын орналастыру қамына кірісті. Қайсысының болсын маңдайларынан бұршақтай аққан тері қанталаған көзден төмен, иек астын жылыстай ағып кетіп жатыр. Отырғандар көйлектерінің сулы жеңімен бетін сүртіп, ауру жанына батып жатқан жаралы жолдастарына қарап, үлкен жанашырлық ниетте көңілсіз отырған жайлары да бар еді. Осы ағаштың түбінде жатқан жаралы­лар­ дың ішінде алып денелі Петьканың да қозғалуға шамасы жоқ, үн-түнсіз жатыр. Петьканың жанында шаршап-шалдыққанына қарамастан көз­ дерін Петькаға қадап Тамара мен Жамал тұр. Сәлден соң көзін әрең ашқан Петька: – Ойпырмай, жаныма батты ғой. Дәрігерді шақырсаңдаршы, – деп қайта жұмды көзін. Петьканың жалынышты үнін естіген Тамара кілт бұрылды да, жүгірген бойы екінші бір ағаштың түбінде жаралыларды байлап жатқан Николай Григорьевичке келіп: – Петька қатты қысылып жатыр. Тезірек жүріңізші, – деді ентігін баса алмай. Қасында адам тұрғанын сезген Петька су сұрады бір сәтте. Жамал дереу беліне байлаған құтысын шешіп алып, бір қолымен Петьканың басын сүйеп, екінші қолымен құтыны аузына тоса бергенде, Николай Григорьевич те келіп жеткен еді. – Оқ кеудесінен және сол жақ аяғының жіліншік сүйегіне тиген екен. Жарасын қайта байламаса болмайды, түнде дұрыс оралмаған екен, – деп Николай Григорьевич бір-екі адамның жәрдем етуін сұрады. Николай Григорьевич Петьканың жарасын қайта байлап болып, бетіндегі моншақтап аққан терін сүрте орнынан тұра беріп еді, көз көрер

жерде шоғырланған топтың келе жатқанын көзі шалды. Ол ішінен: «Мына көрінгендер кім екен? Әлде, қуғыншы ма? – деп те ойлап қалды. – Олай болса, Ти­мофей Михайлович неге үнсіз отыр? Мүмкін артта қалып қойған партизандар болар ма екен? Сірә».. – деп ілбіп келе жатқандардан көз алмай қарап тұрды да, топтың алдына шыққан Мәжит Мұқановты таныған соң ғана көңілі орнына түсіп, жаралыларды қарауын жалғастыра берді. Келіп тоқтаған топтан бөлінген Мәжит жымия күліп, Ти­мофей Михайлович жанына келді де: – Жолдас командир, сіздің тапсырмаңызды толық орындадық. Темір жолдың бес километрдей рельсін талқандадық. Станцияның байланысы үзілді. Қайтар бетімізде жаудың станциядағы әскери бөліміне көмекке келіп қалған бір бөлімшесімен шайқасып та қалдық. Жарты сағаттай атыстық. Біздің тасалаған жеріміз қолайлы болғандықтан, әйтеуір шығынсыз шықтық. Түн қараңғылығы жауға да, бізге де ештеңені болжатпады, – деді. – Рақмет, қырандар. Шығынсыз болғандарың жақсы болған. Енді дем алыңдар... XXV Партизандар ұзақ жол жүріп түн ортасында лагерьге жетті. Таңертең бір-біріне қараса кейіптері адам шошырлық еді. Сақалдары өскен, жыртық киімдері кірлеген. Бет-келбеттері өрт сөндірген адамдай күңгірт тартыпты. Әбден қалжыраған жұрт жамбастары тиген жерге қисайып, ұйықтап жатыр. Жойқын күш, үлкен ерліктердің иесі болған жандар, тұяқ серіппейді. Қатты шаршапты. Бірақ асығыс шапқылап жеткен барлаушылар атының дүбірі ұйықтап жатқандарды аяғынан тік көтерді. Барлығы да сүйеулі тұрған қаруларына ұмтылып, сапқа тұрды. Не болғанын әлі біле алмай тұрғандар, бір-біріне құлақ түреді. Қатты жүріспен келген барлаушылар бірден штабқа тартты. Әбден қызған аттар ауыздығымен алысады. Штаб жанына келіп тоқтаған Әлім аттан қарғып түсті де, Коротченко мен Лебедевтің жанына барды. Әлімнің босқа ат терлетпейтінін білетін командир: – Не хабар әкелдің, кәне хабарла! – деді. – Бүгін таң ата, – деп бастады Әлім сөзін, – Епишево деревнясынан Лузганки хуторына жүз шамалы полицайлар келді. Орманның жиегіндегі қалың өскен бұталарды қалқан етіп, анықтап көрдік. Хутор тұрғындарының ішінде орманға қашып бара жатқандары да көрінді. Тұрғын халықтардың бұл қылықтарына ызаланған полицайлар екі-үш рет автоматтан оқ атты. Біз бірнеше адамды бақылауға тастадық та, осында тарттық... Петр Васильевич сәл ойланып тұрды да, партия комитетінің бюро мүшелерін шақыртты. Оларға жаңа хабарды жеткізді де, Отанын сатқан жауыздарды – полицайларды тірідей қолға түсірудің керектігін айтты.

Коротченко көп ұсталып, көне тартқан сарғыш көрінетін трубкасын қолына алды да, темекісінің алдақашан ада болғаны есіне түсіп, трубка түтігін шыбықтап, жіңішке түбін аузына салып, ойлана қалды. Сәлден соң ол: – Зарецкий батальонының автоматшыларын Воронец өзенін кесіп өтетін жолға тосқауылға жіберу дұрыс болар, ал Гришаның ротасын Денгубовка деревнясынан Будвинец деревнясына қарай жүретін жолдағы орманға аттандырамыз. Басқа жаққа жаудың баратын жөні жоқ. Сақтықта қорлық жоқ, әр жерге тосқауыл қоямыз. Атыспай беріле қоймас. Егер бұл жауыздар жергілікті халықты айдап бара жатса, не істеуіміз керек? Оның ішінде Романның кемпіріне тастап кеткен Маяны қоса ала кетеді-ау? Тез қимылдаған жөн, – деді. Коротченко тұтатпай бос сорып тұрған трубкасын қолына алып: – Ең алдымен сен екеуің тез аттанасыңдар. Зарецкий, сен өз адамдарыңмен Ходынки деревнясына қарай кететін жолдағы Воронец өзенін жиектеп өскен қайыңның қолайлы бір жерінде тосқауыл жасайсың. Гришаның автоматшылары Будвинец деревнясының оңтүстік жағындағы қарағай арқылы өтетін жолды торитын болады. Енді тез атқа мініңдер. Біз де кешікпей жүреміз. Жергілікті адамдарды айдап бара жатқанды байқасаңдар, оқты кімге жұмсауды да ойластырыңдар. Шабуылды тосыннан жасауға әрекеттеніңдер, – деп сөзін бітірді. Партизандар тік көтеріліп жорыққа аттанды. Орман жиегін ала төтелей жүрген бұлар, Лузганки хуторларының өкпе тұсындағы қалың бұтаның арасына тоқтап, хуторды барлауға кірісті. Тимофей Михайлович дүрбісін алды да, анық көрінетін оңтайлылау жерге барып, көшедегі қимылдағанның бәрін көңілге тоқып тұр. Ол: «Әне бір топ полицай арғы шеттегі ағаш үйден құтырған қасқырдай бірдемені арқалап шықты. Екінші үйден біреуді сүйреп шыққандар да солар. О, оңбағандар, бірнеше адамды, әне бір жүкті арбаға қарай алып барады. Қолдарын байлап, бірбіріне матап тастаған тәрізді. Бұлардың тосқауылда жатқандары да болу керек», – деп ішіне тоқып тұрғанда, оның қасына Лебедев келді. – Сіз көрдіңіз бе? – деді ол. – Полицайлардың келгенін сезген тұрғындар бала-шағаларымен қашып шығып, мына бір кішкене орман ішіне паналаған көрінеді. Ал, Роман қарттың кемпірі сияқты шиеттей бала-шағаларымен қалып қойғандары аз емес болар. Мая да сонда, – деді Коротченко. – Осы Тимофей Михайловичтің сабыры таусылмайды. Өз көзі әбден жетпей, шабуылға шықпайды, – деп қасындағы жолдастарына қарап күбірлеп қояды. Жамал мен Тамара ше? Бұлардың ұшуға қанаты жоқ. Әсіресе, Жамал тар жол, тайғақ кешуде көрген тұңғышын жау тырнағынан арашалауға асығады. Найзалы мылтық ұшына шаншылып, шырылдап тұрған Маяның бейнесі елестегендей болғанда, біресе жылап, біресе бойын қайрат жеңеді, сәбиін қорлатпай жау тырнағынан алып қалмақ. Дұшпан оғы тиген, немесе, қансыраған шал-кемпір, бала-шағалар Жамал көз алдына елестеп кетеді.

Хутор жайын бақылап тұрған Тимофей Михайловичтің құлағына да шырылдаған баланың, жылаған әйелдің үні естіледі. Бұл айғай-шу партизандарды көмекке шақырып тұрғанға ұқсайды. Қиналған дауысты естіген ол қатарласа жат­қан Петр Васильевичке: – Тез шабуылды бастауымыз керек. Бірақ біздің шабуылымыз бір жақты болмауға тиіс. Бірінші батальонның екінші ротасын жылғамен хутордың анау көрінген арғы бетіндегі сирек шілікке жібереміз. Тағы бір ротаны хутордың солтүстігіндегі көрініп тұрған дөңестің арғы беті арқылы әкеліп, жаудың шегінетін жолын кесіп тастауымыз керек. Сүйтіп, хуторды бүтіндей қоршауға алып, бірден шабуылға шығамыз. Адамдықтан азып, айуандық дәрежеге жеткен полицайларды партизан бөлімдері айнала қоршаған соң, шабуылға шығатын қолайлы мезгілді күтті. Полицайлар шал-кемпір, бала-шаға демей қолына түскен қарусыз хутор тұрғындарын көше ортасына иіріп алып, жемтікке жиналған аш қасқырдай жан-жағынан төніп тұр. Кешікпей-ақ зұлымдық әрекеттерін бастады. Жиналған жұрттың бірін ұрып, бірін жұлқылауға кірісті. Онсыз да бей-берекеті кетіп тұрған жұрттың мүлдем есін шығарды. Мұны байқап жатқан кек алушылар бұдан әрі шыдай алмай, аспандата оқ атып, шабуылға шықты. Жаңа ғана қарусыз елге әкімшілік еткен сұрқиялар мылтық даусын естісімен тоз-тоз болып, жан-жаққа жүгіре бастады. Көк шинельділер бытырай қашқан соң, көшеде қойша иірілген жұрт та жау тырнағынан босанғанын біліп, бала-шағасын құшақтаған бойы кез келген шұқырға паналап жатыр. Партизандарға оңайлықпен берілмейміз дегендей полицайлар да оқ бората бастады. Лезде айнала астан-кестен болды да қалды. Партизандардың оңтүстік жақтан шабуылға шыққан взводтары жүрістерін тездете бастады. Бірақ борап тұрған жау пулеметінің оғы бас көтертер емес. Шабуылшылар оқ атуды күшейте түсейін десе, көшедегі таяздау шұқырдан жоталары көрініп жатқан байғұстарды өз оғымыз жұлып әкете ме деп сескенеді. Партизандар қоршау шеңберін тарылта түсті. Жан-жақтан жер бауырлап жапырлап келе жатқан партизан­дарды қарсы алған дұшпан оқтарының дыбысы шыбыртқы ысылындай зулап жатыр. Партизандардың бір бөлегі жылғаның тасасымен оңтүстікке қарай атып жатқан жау пулеметінің тұсына жақындап ба­рып, қарсы алдында тұрған шағын қойманың аржағына шықты. Полицайлардың пулемет ұясы партизандардың бұл бөлегі тұрған жерден алыс та емес. Ту сыртынан төніп кел­ген партизандарды полицайлар сезбеген сияқты, баяғы бағытынан жазбай ата берді. Павлик қасындағы достарына артынан барып бас салайық дегендей ым білдірді де, жолбарыстай ышқына секіріп барып пулеметін «та-та-та-лап» жат­қан полицайдың жотасына қона түсті. Оқ боратқан пулемет даусы тоқтауы мұң екен, бұғып жатқан партизандар да бұлардың жанына келіп үлгерді. Шабуылшылардың бұл бөлегі жиырмаотыз полицайларды торға түскен балықтай серейтіп, аяқ-қолын байлап та тастады.

Қалған жауыздар хутордың күнбатысындағы сайды жамылып парти­ зандардың екінші бір бөлігімен қарсыласып жатқан-ды. Күншығыс жақтан шабуылды күшейте түскен партизан бөлімдерінің алды-арты жиналуын тосуға шыдамаған Павлик жанындағы жауынгер достарын ертіп, жауған оқтан қорғанып жатқан ел адамдарына келді. – Роман қарттың семьясы осында ма? Мая бар ма? – Полицайлар қолына бірінші боп түскен болу керек, оларды, тағы бірнеше семьяны, әне бір сайға қарай айдап кеткен, – деді бір әйел. – Ендеше, солай қарай тарттық, жігіттер! Бастарыңды көтеретін болмаңдар, оқ жұлып әкетуі мүмкін біріңді, – деді Павлик өз тобын алға бастап. Сай бойын паналаған партизандар жан-жақтан шабуылды күшейтіп келеді. Хутордың терістік жағындағы төбеден жылжып келген шабуылшылардың тобы жауыздың ойын сезе қойды да, бір құтылсаң, осы арадан құтылмақсың ғой деп сайдың жолын кесіп тастамақ болып, жарқабаққа еңбектей түсті. Дәл осы топтың ішінде Жамал да жер бауырлап келе жатыр еді. Сай қабағында быртиып қысқа өскен қалың шілікке тоқтасымен жауды аңдуға кірісті. Күнбатыс пен оңтүстіктегі партизандар да шабуылды әлсіреткен жоқ, полицайларды сайдың бойымен тықсырып келеді. Басында қаһарлана атысқан полицайлардың сағы сынып, атқан оғының да берекесі болмай барады, бет-бетімен қашуға айналды. Жарқабақтың үстіндегі кек алушылар кейін ығысқан полицайлардың жолын бөгеп, сайды қиғаштай оқ атты. Шабуылшылардың жолын бөгеп алғанын білген жауыздар қайда барарын білмей састы. Кейін қашып бағып еді, артында қаптап келіп қалғандарға тап болды. Қалай құтылмақ болса да, ажалдарына арашашы таба алмады. Қырық-елу полицай партизандар торынан шыға алмайтынын сезді де, қаруларын тастап, қолға түсті. Жаңа ғана қарусыз жандарға дала жыртқышындай құтырына ойран салған полицайлар күтпеген жерден кек алушылардың құрған темір торына қамалып, судан шыққан тышқанша сүмірейіп, партизандар қоршауында тұр. Сатқындардың ісіне кектене, ызалана жиналғандардың алдыңғы қатарында тұрған Тимофей Михайлович бұйыра сөйледі: – Бастықтарың кім? Тұтқын полицайлардың арт жағында екі қолын артына ұстап, басын төмен салбыратып тұрған ұзын бойлы полицай еңсесін көтерместен, күмілжіп жауап қайырды. – Бастықтарымыз Хитров, атыс басталысымен бірнеше әйелді балаларымен айдап, әлгі біз шыққан сайдың бойы­мен төмен қарай қашып кеткен, – деді. – Ол сұмдарды құтқармау керек. Мұнда мына тұтқындарды базаға айдап баратын адамдар қалдырайық та, тез жан-жаққа шолғыншылар шығарайық... – деп Тимофей Ми­хайлович партизандардың жиналуына бұйрық берді.

Күн төбеге таяп қалған кез. Аспандағы ала бұлттар желмен ығып, баяу көшіп барады. Партизандар бөлініп-бөлініп жылғаны қуалап, ағаш арасымен полицайлардың жолын қоршап жүріп келеді. Әр жаққа аттанған шолғыншылар да көз жететін жерді барлап келеді. Жау алыста болмауға тиісті. «Бала-шағаны айдап алысқа кете алмаған болу керек», – деп қояды салт атқа тік отырған Батырхан қасында үзеңгілес келе жатқан Павлик пен Мәжитке. Шолғыншылардың Павлик бастаған тобы Воронец өзенінің оңтүстігіндегі қалың қайыңның жиегіне жеткенде, өліктей үнсіз, тымтырыс орманды қақ жарып «біз мұнда, мына жауыздардың қанды қо­ лынан босат, ағалар» дегендей баланың шырқырап жылаған даусы алыстан құлаққа естілгендей болды. Әлде жылаған баланың үніне ұқсайтын, әлде бір жәндік үні ме деп, шолғыншылар ауыздығымен алысқан атта­рының тізгінін тартып тоқтап қалысты. Құлағын түріп, әрбір сыбдырды тың­даған Павлик: – Жаңа ғана жылаған баланың даусы естілгені қайда? Енді менің құлағыма қайыңның жапырағының сыбдыры ға­на естілетін сияқты, – дей беріп еді, алдыңғы жақтан жас бала даусы тағы да әлсіз естілді де, жым болды. – Бұл жауыздар жылаған баланың аузын басып, тұншықтырып өлтіруден де таймайды. Тезірек жүріп, қуып жетуіміз керек, – деп Павлик тор бестінің басын қоя берді де, алға түсіп, шаба жөнелді. Бір қалың бұтаға жете бергенде, оқыс үріккен ат жалт берді. Аттан аударылып түсе жаз­даған Павлик атының тізгінін тартып, тоқтай қалса, бір әйелдің басы көрі­неді. Автоматын алдына ұстап, әйелге қайта оралған Павликтің аузына: – Не қылған адамсың? – дегеннен басқа сөз түсе қоймады. Басқ­а­ ларында үн жоқ. – Мен өз адамдарыңмын, балалар. Сендердің дүбірлеріңді естіп жауыздар қаша жөнелгенде, құлаған боп мына бұтаның арасына тығылып қалып қойдым. Тезірек жетіп балаларды құтқара көріңдер. Балалар­дың үні шықпасын деп ауыздарына орамал тығындап әкетті, – деді әлгі әйел орнынан тұрып. – Ал, жігіттер, не тұрыс бұл. Еріңдер соңымнан. Құтқармаймыз жауыздарды, – деп Павлик тебініп қалғанда, тор бесті ор қояндай орғи жөнелді. ...Түс ауа басталған жел кеш бата күшейе түсіп, толқыған теңіздей ышқына соғып тұрған-ды. Көшенің екі жағын бойлай өскен алуан түрлі ағаш жапырақтары елбек қағып, басын шұлғып, біресе майысқан бұтағын иіп жерге ұрып, біресе бүктіре алмайсың дегендей басын көтере аспанға шапшиды. Қас қарайып, ымырт жабыла бергенде, құйындата соққан жел толастады да, бірден аспанды реңсіз қалың қа­ра бұлт басып, кеш қараңғылығы қоюлана бастады. Дәл осы мезгілде Ершичи қаласының ортасында тұрған қызыл кірпіштен салынған үш қабат зәулім үйдің екінші қабатындағы бір

терезеден сығырайып әзер көрінген шам сәулесі байқалған еді. Бұл гестапоның бастығы подполковник Ранкенаудың кабинетінің терезесі болатын. Кешкі асын ішіп, кеңсесіне қайтып оралғанына аз-ақ уақыт болған еді. Подполковник біреуді асыға күткендей, екі қолын артына ұстап, әлденеге абыржығандай, адымдай басып, ерсілі-қарсылы жүрген-ді. Әлсін-әлсін төс қалтасындағы үлкен күміс сағатын қолына алып, қа­рап та қояды. Шыдамы кетіп жүрген Ранкенаудың ойына өзінің жайы, өлім мен өмірдің тартысы, үй жайы, уақытша жаулаған елден тартып алып, әйеліне жіберген бағалы заттары, тағы да не жіберсем деген алуан түрлі сасық пиғылдар келді. Бір кезде подполковник кілт тоқтай қалды да, оң жағында тұрған диванға сылқ етіп отыра кетіп: «Айнала толған партизандар, бір күні солардың құрған темір құрсауына түсіп, түпсіз терең орға құлап кет­сем, күнім не болмақ? Фюрерге адал қызмет істеп, шен аламын, жоғары са­ тыға көтерілемін деп жүргенімде мойныма партизандардың кендір ар­қа­ ны орала қалса, маған да ештеңенің керегі жоқ болады ғой», – деген ойын біреудің есікті ақырын ғана тықылдатқаны бөліп жіберді. Подполковник құлағына тықыр тиісімен орнынан атып тұрып, күн­дегі әдетінше, төр алдындағы стол басына барып отырды да: – Кіріңіз, – деді бет-келбетін суыта. Есіктен кіріп келген орта бойлы, қызыл жүзді, елуге келіп қалған бөг­де жан: – Подполковник мырза, – деді, – сіздің шақыруыңызбен келіп едім. Мен Епишево деревнясындағы полицай бөлімшесінің бастығы Хитров­ пын. Подполковник асыға күткен адамының келгеніне риза болды бі­лем, орнынан тұрып: – Хитров мырза, отырыңыз, – деп алдында тұрған орындықты көр­ сетті. Неміс офицерінің жылы сөзін естіп, қарқ-қарқ өтірік күліп, маңайында ешкім болмаса да, «мені көрдіңдер ме?» де­ген кісіше, жан-жағына бір қарап, орындыққа отырды да «сізді тыңдаймын» дегендей, төр алдына қоразданып отырған подполковникке шегір көзін тіге қалды. Маңызданып сәл үндемей отырған мырза, тамағына сүйек қадалған итше қатты-қатты бір-екі рет жөтеліп алды да: – Хитров мырза, – деді Ранкенау, – сіздің қарамағыңыздағы поли­ цайлардың барлығы да неміс командованиесіне шын пейіл­імен қызмет атқаратын адамдар ма? Болмаса мы­на басқа деревнялардағы «полицай­ лар» сияқты тамағы тойған соң, барлық құралымен қашып кететіндер ме? – Подполковник мырза, егер сіз маған сенсеңіз, менің қарауымдағы полицайларға да сенетін боласыз. Подполковник Ранкенау өз сұрауын өзі қолайсыз көрді ме, әйтеуір, көзін Хитровқа тігіп сәл үндемей отырды да: – Хитров мырза, – деді, – мен ұмытып қалыппын, сіз Епишево де­рев­ нясының тұрғын адамысыз ба, болмаса басқа жақтан келіп пе едіңіз?

Неміс командованиесіне беріле қызмет істеп жүрсе де, өзіне сенім­ сіздік білдіріп отырған подполковниктің сұрауын жақтырмай қалып, Хитров сұлық қана: – Подполковник мырза, – деді ол, – менің туып өскен жерім осы Епишево деревнясы. Епишево менің әкемнің, ата-бабамның имениесі болған-ды, өскен жерімді 1930-жылы тастап, Украинаға қашып кеткенмін. Сіздің әскер бөлімдеріңіз осы өңірді басып алғанша, сол жақта әртүрлі қызметте болдым. Еліме қайтқаныма он ай шамасы болды. Менің тарихымды жергілікті халықтың бәрі біледі. – Хитров мырза, сіздің неміс командованиесіне шын ниетіңіз­бен қызмет етіп жүргеніңіз маған белгілі. Сондықтан да сізге өте жауапты тапсырма берейін деп отырмын. Неміс командованиесіне өте қажетті тапсырма, – деді подполков­ник күлімсіреген болып. – Сіздей мырзаның айтқанын бұлжытпай орындауға әр уақытта даярмын, – деп, Хитров күлімдеген көз жанарына қорқыныш та пайда болды білем, алдындағы креслода шалқайып отырған подполковникке тура қарай алмай отыра берді. – Егер сіз менің тапсырмамды орындауға әзір болсаңыз, Хитров мырза, қазір аз да болса, «шнапс» іше отырып сөйлесейік, – деп шойын жәшікті ашты да, бір бөтелке ақ арақ алды. Қырлы стақанды толтырды да: – Кел, фюрерге адал қызмет істеуіміз үшін ішіп қояйық, – деп, подполковник қолындағы арақ құйылған стақан­ды Хитровтың стақа­ны­ на шылдыр еткізіп соқты да, тартып жіберді. – Енді сіз мені тыңдаңыз. Екеуіміздің арамыздағы әңгімені ешкімге айтпайтын боласыз. Егер, аузыңызға ие бола алмай, біреу-міреуге сездіріп алсаңыз, соғыс кезінде берілетін жазаны өзіңіз білетін шығарсыз... – Жоқ, жоқ мырза, мен ешкімге де білдірмеймін. Аузымнан шық­ пайды, – деп, Хитров ант су ішті. – Олай болса, сіз тыңдаңыз. Партизандар осыдан бір күн бұрын Пригорья станциясына шабуыл жасады. Оны өзіңіз де білесіз. Біздің тыңшылардың хабарына қарағанда, парти­зандар Пригорья станциясына шабуылға кетерде Лузганки хуторында тұратын Роман Анодин дегеннің әйелінің қолына тоғыз айлық қызды тастап кеткен көрінеді. Ол қызды партизандар барлығымыздың қызымыз деп есептейтін көрінеді, оның әкесі үлкен бір партизан ротасының командирі дейді. Роман да екі баласымен партизанға шығып кетсе керек. Сіздер неміс командова­ниесіне сол Романның семьясын және партизан қызын қолға түсіріп алып, бізге тапсыратын боларсыз. Бұл біздер үшін қажет болып отыр. Егер оларды бізге жеткізсеңіз Роман да, қыздың әкесі де және олардың қарамағындағы бандылар да өз еркімен неміс командованиесінің қолына түсетін болады. – Біздің барлаушылардың хабары бойынша, Пригорья стан­циясына шабуыл жасаған партизандар негізгі базаларына жетіп үлгірмеген көрінеді. Сіздер, бүгін түні тездетіп жүpіп кетіп, таң ата айтылған жерге барып жетулеріңіз қажет. Бұл операция тез де, шығынсыз да орындалуы

тиісті. Ендігіcін өзіңіз білесіз, – деп подполковник eкі көзін Хитровтан алмай, сәл қадап тұрды да, орнына отырды. Әңгімені бағанадан шын пейілімен сұқтана тыңдап отырған Хитров орындықтан біp қозғалып қойды да: – Подполковник мырза, сіздің бұл бұйрығыңызды толығымен орындайтын боламыз, – деді. – Ендеше отырмаңыз, тез жүретін болыңыз, – деуі-ақ мұң екен, Хитров орнынан атып тұрып, подполковникпен қоштасты да, шығып кетті. Далаға шығып даяр тұрған арбасына мінді де, түнделетіп Епишевоға тура тартты. Хитров қасындағы сыбайластарымен ләм-мим деп сөз де қатысқан жоқ. Ол терең біp ойға батып, арбаның сықырын да естімей, жаңағы ішкен шнапстың буымен жол бойы балқып, теңселіп келеді. Өз түсінуінше әлемді билеп-төстеуге әмірі жетіп тұрған фашистердің сеніміне еніп, жауапты тапсырма алғанына масаттанады. Алайда, алдағы айқаста айбарлы да, айлалы партизандардың асқан ерлік іcтepі қобалжытпай қоймайды. Оның көз алдынан неше түрлі ойлар келіп-кетіп жатыр. «Партизандар да оңайшылықпен беріле қоймас, олар да бейқам болмау керек. Егер, партизандардың шабуылына ұшырасақ не істейміз? Әлде бәрімізді қырып сала ма, кім білсін? M������������������ Mүмкін������������� , осы тапсыр­ маны орындау жолында өліп кетеміз бе? Бізді тірідей қолға түcіpіп алса қайтеміз? Подполковник неміс бөлімдерін жібермей, бізді жұмсағаны өлсе осылар өлсін деп отыр ма? Алдымыз қараңғы. Не де болса жорыққа аттануға тиістіміз. Бұл бұйрықты орындамасақ, бәpібіp немістер қолынан өлеміз. Алдымыз да, артымыз да ажал. Бұлтаруға дәрмен жоқ. Не болса да көpecімізді көрерміз де», — деп ойлаған Хитров Епишево деревнясына жеткенін де білмей қалды. Хитров келе сала көрші деревнялардың да полицайларын жинап алып, түн ішінде Лузганки деревнясына жүріп кетті. Таң бозарып қалған кез еді. Полицай бөлімдерінің шолғыншылары Лузганки хуторының солтүстігіндегі, шамасы үш-төрт километр жердегі тоғай ішімен өтетін жолмен келді де, жайқалған егіндіктің ар жағындағы төбешіктің үстінде өскен сиректеу талдың сырт жағына бұқпантайлап жата қалысты. Олар сәл қозғалмай жатты да, алдымен б���y���������������������������������� іpeyі��������������������������������� , онан соң ���������������������� eкіншісі�������������� тізерлеп оты­ рып, дүрбісімен маңайды болжай бастады. Шолғыншының біpі: – Ел әлі ұйқыда болуға тиіс, ешқандай ceзікті жан көрінбейді, – дей бepіп еді, хутордың шеткі біp үйінен қараңдаған біреудің шыққанын көзі шалып қалды білем, сөзін тоқтатып, дүрбісін көзінен алмай, қадала түсті. Әлгі қараңдаған адам біp үйдің қорасына кіpіп жоқ болды да, қайтып шықпады. Болжауға шыққан екі-үш полицай орындарынан тұрып, хуторға қарай бүкшеңдей жүгіре жөнелді. Соққан самал желден толқындай толқып жайқалған бидайға, суға cүңгіген үйректей жып етіп жоқ болған полицай шолғыншылары бұқпалай жүгіре отырып, егіндіктің орта кезіне барып, іннен шыққан суырша баста­ рын қылтитып, сәл ғана алдыңғы жақты байқады да, тағы бұға қалысты.

Осы кезде екінші бeттeгі орман жиегінен оқшаулау өскен ұзын қарағайдың бұтағына шығып, алдағы үлкен алаңды аңдып отырған парти­ зан барлаушыларының біpі көз ұшында су бетінде қалқып бара жат­қан­дай егіндік ішінен қылтиып қана көрінген біреудің басын байқап қалды. Ол қарағай түбінде бұғып жатқан Жылбек бастаған барлаушыларға көргенін айтты да, әлгі қараңдағаннан көз жазбауға тырысып, алдын бақылап оты­ ра берді. Көп ұзамай әлгі қылтиған бас егіндіктің екінші шетіне шықты да, ху­ торды барлауға кіpіcті. Хуторда партизандар жоқ екендігіне көзі жеткен болу керек, дөңесте қалған шолғыншыларына бас киімдерін көтеріп белгі берді. Алғы шолғыншыларының хабарын білісімен, қайың арасынан топтоп болып полицай бөлімдері шабуылға шығатындай тізіліп, алға қарап жүріп келді де, сол жағындағы ылдиға түсіп, сай тасасына кіpіп жоқ болды. Бұл жайды көpіп отырған партизан шолғыншыларының біp бөлігі еңбектеп кейін оралды да, жуан терекке байлаулы тұрған аттарына мініп, нeгізгі бөлімдеріне хабарлауға кeтті. Полицай бөлімдері сайдың екі жағалауына шолғыншыларын, алда­ рына барлаушыларын салып, қаз-қатар жүріп келеді. Бұлар хуторға жете бергенде, тұрғын халықтардың біpeн-сараны үй шаруашылығын жайлауға далаға шығып жүрген болатын. Жауға жендет болып, қолын қанға бояған жауыздар келе сала хутордағы бейбіт жатқан халыққа қырғиша тиісті. Самаладай болып дұшпанның келіп қалғанын білген жұрт бала-шағасын ерте тоз-тоз болып, орманға паналауға тырыс­ са да, алдарынан кескестеп шыққан полицайларды көpіп, қайда барарын білмей, қасқыр шапқан қойдай дүркірей олай да, бұлай да жүгіріп көрді де, тулаған асау аттай екі иығынан дем алып, қалш-қалш етіп, дәрменсіз, тұрып қалды.

Көше бойында құтырған бурадай, көрінген адамға айбат шегіп Хитров жүр. Бір кезде жауыздың қанталаған қызыл көзі зарлаған бала­ сын көтеріп шеткі бір үйден айдап келе жатқан әйелге түсті де, кілт тоқтай қалды. Іздегенім алдымнан шықты дегендей, қолындағы резинадан өрілген қырлы қамшысын етігіне ұрып, жыланның көзіндей шегір көзін біресе Романның кемпірінің қолындағы құлындаған даусы құраққа шығып шырылдап жылаған Маяға, біресе оның етегінен қапсыра ұстап алып шегіншектеп келе жатқан екі балаға қадады. Қасында тұрған аласа бойлы семізіше келген полицайға қарап ол: – Мына бала көтеріп тұрған – партизандарға қосылып, бізге қарсы соғысатын Романның әйелі. Қолындағысы – пар­тизан қызы. Бұл әйел­ дің өзі де партизандарға көмек беретін көрінеді. Енді біздің қолымыз­ дан құтылып кете алмайтын шығарсың, көресіңді көрсетерміз, – деп, қасқырша ырылдап, жақын келіп Хитров қолындағы қамшысын үйіріп: – Айт шыныңды, менің айтқаным дұрыс па? – деді. – Дұрыс болғанда қайтейін деп едің сатылған жауыз! – деуі-ақ мұң екен, алдында тұрған әйелді тартып-тартып жіберді.

Бүтін көше бойы азан-қазан. Таяқ жесе де, Елена Пав­ловна жылаған баланы уатып, алдында қарусыз елге қожаңдап тұрған Хитровты көзімен атып тұр. – Партизан семьяларын сайға алып барыңдар, – деген Хитров­тың бұйрығын тосып тұрған полицайлар Елена Павловнаны және бір-екі әйелді балаларымен итермелеп сайға қарай айдай жөнелді. Осы сәтте пулемет пен автомат даусы тынық ауаны жарып жібере жаздады. Тұс-тұстан атылған мылтық даусынан үрейлері ұшқан полицайлар енді естерін жинап партизандарға қарсыласа бастағанда Хитров сайға түсіп, үш-төрт бала-шағаны күзетіп тұрған полицайға: – Алға қарай тез алып жүріңдер, – деді. Бұлар қарсылық істеуге дәрменсіз, әрі қарусыз жандарды ұрыпсоғып айдап, өздері келген жақтағы орманға кірді. Безілдеп жылай бер­ ген Маяны Елена Павловнаның қолынан жұлып алған еңгезердей ұзын бойлы полицай орамалымен оның аузын басып, тұншықтырған бойы дедек қағып жүгіріп келеді. Маяны ала жөнелген полицайдың соңынан Елена Павлов­на тұра жүгіріп: – Баламды өзіме бер, өзім-ақ көтерейін, – деп, жылай-жылай көзі­ нен жас шықпай бақырып, екі қолын анаға созған Маяға қолын көтере бергенде, арт жақта өкшелей жүгірген Хитров ананы тағы қамшы­ның астына алды. Партизан қуғыншыларының дүбірін естіген полицайлар сасқалақтап жүгірістерін жеделдете бастады. Олардың есіл-дерті – орман ішіне тастаған аттарына жету. Көп ұзамай бұлар қалың қарағай­ дың арғы бетіндегі қалтарыста бұлардың оралуын тосып тұрған салт атты полицайларға жетті де, аманаттарын қойша өңгеріп алып, жолсыз жермен зым-зия көзден ғайып болды. ...Павлик бастаған партизан қуғыншылары үзеңгі таластырып шауып келді де, жолдың екі айырылған жеріне кілт тоқтады. Аттан түскен Батырхан қашқан жауыздардың ізін байқай бастады. Сәл үңіліп: – Анау-мынауды білмеймін, олар оңға қарай кетіпті, – деп атына қа­й­та мінді. Қуғыншылар әлгі полицайлар бұрылған қалың қарағайға қарай жосытып келеді. Олардың қырағы көзі ат тұяғының ізін байқап қалып, «енді сырың белгілі ғой» деп, шаба жөнелісті. Дәл осы жерден бес жүз метрдей жүргенде, алдағы Батырханның аты екі құлағын қайшы­лап, бірдеңеден үріккендей осқырып, тоқтай қалды. Қуғыншылардың көзі бірден қайыңның түбінде қанға боялып жатқан адамға түсті. Бұл Елена Павловна болып шықты. Ананың бетінде әлі тірлік белгісі бар екенін білгесін, Павлик қасындағы Мәжит пен тағы бір жігітке: – Сен екеуің осы жерде қалыңдар да, жарасын байлап, тез хуторға жеткізіңдер, – деді. Өзгелері алға кетті. Көп ұзамай-ақ алдарынан орманды жаңғырық­ты­ра атылған автоматтың даусы естілді. – Қашқындар партизан автоматшыларының тосқауылына кез бол­ған болуы керек, – деп, қуғыншылар да жүрістерін жеделдетті.

Көп ұзамай-ақ ойран болып жатқан жерге келіп жеткен қуғыншылар аттарынан ыршып түсіп, ілгері қарай жүгіре жөнелісті. Атылған оқ партизан қуғыншыларын да жалап өтіп жатыр. Бір кезде атыс шығып жатқан жақтан қолына бала ұстаған біреу жан ұшыра ағаш тасасынан шыға келді. Баланың Мая екенін танып қалған Павлик «атамын» деп еді, есі шыққан полицай қолындағы баланы тастай қашты. Бірақ Павликтің кекті оғы жер жастандырды оны. Жауыздардың улы тырнағынан арашалап алған Маяны Павлик аттарын қалдырған жерге әкелді де, партизанның біреуіне: – Тез, мына баланы хуторға жеткіз, – деп бұйрык берді. Ұрыс көпке созылмады. Полицайлардың бірнешеуі қуғыншылардың оғына ұшты. Бірақ өлгендерінің ішінде Хитров жауыз жоқ болып шықты. ...Партизандар торынан сытылып шыққан біраз полицай күн батқанша орман ішіндегі бүлдіргені мол ағаш арасына тығылды. Етпетінен жатқан Хитров: «Ендігі халім не болмақ, Епишеводан және маңайдағы басқа деревнялардан сақадай сайлап алған полицай бөлімдері партизандардың бір шабуылына төтеп бере алмады. Подполковниктің тапсырмасы ше? Әдісін тауып партизандардың иегінің астынан алып келе жатқан партизанның семьясынан да, партизан қызынан да айырылдым. Не деп баруым керек? Бұған қандай тәсіл тапсам? Жүз қаралы адамнан жүнін қырыққан иттей болған топ қалды. Бұл масқарашылыққа подполковник не дейді? Әлде біздің өзімізді жазалап, шетімізден бітеу сойса қайтеміз? Сонда кім болдық? Егер партизандардың қолына өз еркімізбен берілсек жанымыз қала ма? Жоқ, енді түсуге болмайды. Бүгін келген бетте, оларға мылтық атпай бірден берілсек, жанымыз қалатын ба еді, әлде», – деп өзінше сүйеу таппақ. Әлден уақытта подполковникті алдайтын амалын таптым дегендей ішінен: «Мына қоршаудан аман-есен жанымызды алып шықсақ, жол бойы ел. Осы маңайдағы деревнялардың біреуінен баласымен бір әйелді алып барып, партизан қызы мен Романның әйелі осы десек болды ғой... Подполковник бұл өңірдегі қай әйелді, қай баланы танып жатыр. Осыным дұрыс ақыл болар. Егер бұлай етпесек, бесеуімізді де дарға асады», – деп, Хитров ежелгі қулығына салғысы келді де, осы ойға тоқтады. Кеш батып, орман ішін қою қараңғылық басты. Хитров жатқан орнынан қозғала түсіп, қасындағы полицайларға кейінгі тапқан амалын түсіндірді. Шет жақта жатқан орта бойлы тығыршықтай толық полицай басын көтеріп алып: – Сіз қандай тапқырсыз. Мен де күні бойы ойлап, еш бір жолын таба алмап едім. Сіздің осы айтқаныңызды мыналар да мақұлдауға тиісті. Мұнан басқа бізде амал жоқ. – Біз де осыған қосыламыз, – деп қалғандары да жамырап қоя берді. – Егер барлығың менің айтқанымды мақұлдайтын болсаңдар, ауыздарыңа ие боласыңдар. Сөзіміз бір жерден шығатын болсын. Арамызда аз да болса, ала ауыздық білінсе, подполковник барлығы­мыз­ды қойша бауыздайды. Біздің қазіргі халіміз өте мүшкіл, артымыз кек алушы партизандар, алдымыз гестапо, – деді Хитров.

Жендеттер бір ауыздан осы келісімге келді де, түн қараңғыл­ы­ғын жамылып, күні бойы паналаған жерін тастап, «қорықанға қос көрі­ неді» дегендей, әр ағаштың түбінде аңдыған партизандар жатқан сияқты көрініп, зәре жоқ, бүкшең қағып жүріп келеді. Түн ортасы­нан ауа орманнан шығып, енді ғана қатерден құтылғандай, аяқтарын тықтық басып, жүрістерін тездете бастады. Көптен жаяу жүріп көрмеген Хитровтың аяғына қан түскендей сылти басып, әзер келеді. Оның әлі құрып қалғанын білген полицайлардың біреуі: – Алдымызда ойпаттау жер болуға тиіс. Аз да болса дем алсақ қай­теді, бастық мырза, – деді. Өзі осыны тілеп келе жатқан Хитров: – Менің аяғымды етік қажап, жүргізбей келеді. Сәл тынығайық, – деп отыра кетті. Таң ата осы өңірдегі шағын ғана деревняға жеткен полицайлар күйеуі майданға кеткен бір әйелді баласымен арбаға байлап, Ершичи қаласы­на жүріп кетті. ...Гестапо бастығы подполковниктің кабинеті. Төр алдындағы стол басында шайқалып темекісін тартып Ранкенау отыр. Аяғын тік басып кіріп келген Хитров: – Подполковник мырза, сіздің тапсырмаңызды көп шы­ғынға қарамастан орындадық. Жүзден астам полицайдан бес-ақ адам қал­дық. Қалғандарымыз партизандардың қалың күшімен болған айқаста қаза тапты. Бірақ сіз тапсырған партизан қызы мен Романның әйелін алып келдік, – деді. Подполковник екі қолын мықынына тіреп, полицайлардың көп шығынға ұшырағанына «қамыққандай» болып, сәл қабағы жабыңқы тұрды да: – Хитров мырза, соғыс болған соң шығын болмай тұрмайды. Парти­зан семьясын алып келгендерің үшін сіздерге неміс командованиесі аты­нан алғыс айтамын, – деп, Хитровтың арқасынан қақты. – Алдағы уақытта да сіздерге таза қызмет етемін, – деді Хитров. – Әлгілерді маған алып келіңдер, – деп, есік жақта тұрған полицай­ ларға иек қақты. Есіктен қолындағы баласын еңіретіп, сүйреп келген байғұстың аузы­на тыққан шүберегін жұлып алғанда, әлгі жазықсыз әйел: – Мені еріксіз әкелді мына полицайлар... – дей бергенде: – Өшір үніңді! – деп артта тұрған полицайлардың бірі бастан тартып жіберді. Гестапо адамдары кінәсыз жаннан үш күн бойы жауап алды. Көп азаптар көрсетті. – Шалыңа және мына баланың әкесі мен шешесіне неміс коман­ дованиесіне берілсін деп хат жаз! – деп қинады. – Қайдағы баланың әкесі мен шешесі? Қайдағы шал? – деген әйелді онан сайын азаптай түсті. Денесіне қыздырған темір басып, тырнақ көбесіне ине тықты. Осы азаптар байғұстың жанына батқан болу керек, үшінші күні ғана әйел:

– Орман ішіндегі партизандар он бес мыңнан астам адам, көптеген зеңбірегі де, басқа қарулары да бар. Өзім олардың базаларына барып көргенім жоқ, бірақ елдің айтуы солай, – деп, аузына келгенін айта бастады. Подполковник өзіне керек деген мәліметті толық алдым дегендей, алдында қамшының ізі тарғыл-тарғыл түскен, бет-аузы қып-қызыл, үстінде көйлегі борша-борша жыртылған, екі көзден қан аққан, қолына шырылдаған баласын ұстауға шамасы келмей, теңселіп отырған әйелге қадалып сәл тұрды да, есік алдындағы гестапо күзетшілерін шақырып: – Мына жауызды әкетіңдер, жазасын беретін болыңдар, – деді. Подполковник екі қолын мықынына таянып, біраз арлы-берлі жүрді де, көмекшісін шақырып, шифровка жазуға кірісті. – Жоғары мәртебелі генерал, сіздің партизандар жөнінде берген бұйрығыңызды толығынан орындадық, партизан қыз бен партизан­дарға көмек беретін Романның семьясын қолға түсіріп, жазасын бердік, – деп жаңағы байғұс әйелден алған жалған мәліметін жазды. ...Аспанда көшіп жүрген ала бұлт. Күн шапағын шашып, қызарып батып бара жатқан кез. Подполковник Ранкенаудың көзі кабинетіне кірген бойда стол үстіндегі құлаштай жалпақ қағазға түсті. Қағазды қолына алысымен, оның дивизиялық гестапоның бастығынан келген шифровка екендігін көрді. Шифровка қолға түскен партизан қызы мен кемпірдің суретін түсіріп, партизандарға арнап үндеу жазу міндеттеліпті. – Уақыты өте тығыз екен, – деп күбірледі подполков­ник, сәлден кейін екінші бөлмедегі қызметкерінің бірін шақырып, генералдан алған шифровканы көрсетті. – Партизандарға арнап үндеу жазуды саған тапсырамын. Партизан қызы мен әйелдің түсірілген суреті даяр ма? – деді ол. – Даяр, сейфте жатыр. Келген күні-ақ түсіріп алғанбыз. – Олай болса, бір күннің ішінде типографиядан басылып шыға­тын болсын! – деп әмір етті. Айтылған уақытта даяр болған үндеулерді самолетке салып, подполковник партизандар тұратын орман координатын ұшқыштарға көрсетіп, 6.00 сағатта ұшуды бұйырды. XXVІ Партизандар тоқтаған орманның маңайындағы елді пункттердің бірде-біреуін қалдырмай, жаудың жазалаушы отрядтары өртеп кеткеніне бір-екі ай болып қалған-ды. Жұртта қалған бірде-бір адам көрінсейші. Тіршіліктің нышанын қалдырмай, тып-типыл етіп өртеп жіберген. Бұл өңірдегі елді пункттерден қалған – тек Лузганки хуторының тұрғындары ғана. Жау жазалаушылары үйлерін жағып жіберсе де, ата қонысынан алыстап кетпей, кішігірім баспана салып алған жұрт

қозғалмай тұра берген-ді. Екі-үш дүркін қайталаған полицайлар шабуы­лы енді бұларды да қоныс аударауға мәжбүр етті. Қазір де басқа жұрт сияқты олар да қалың орман ішінен баспана тапты. Партизандардың азық-түлігі түгесілуге таянды. Оларға дегенде жо­март, бір тілім нанын аузынан жырып, аямай бөліп беретін жергілікті халық­тың да қолы қысқарып, ескі астықтың қоры бітіп, жаңа астық пісіп үлгер­ме­ген кез. Ел арасы да күйзеліске ұшырай бастаған-ды. Жергілікті халықтың азық-түліксіз қалуы партизандарға да оңай тиген жоқ. Хал тіпті, қиындай бастады. Нан көрмегендеріне бірнеше апта болып қалды. Партизан бөлімдері астарына мінген аттарын сойып, соны ғана талшық етуге кірісті. Осынша адамға ол қаншаға жетсін. Тұз табу тіпті қиынға түсті. Бұл жағдайды біліп отырған Коротченко барлық партизан бөлімдерінің командирлеріне: – Жылқы етінің өзін де әрбір адамға белгілі бір мөлшермен беруіңіз керек, – деп тапсырды. Темір жол рельсін он километр бойы күл-талқанын шығара бұзған партизан бөлімдері түн ортасында ғана қайтып оралған болатын-ды. Осы операциядан келген Жылбек пен Жамал жуан қайыңның түбіне жатып тәтті ұйқыға кеткен. Күн шапағын шашып, арқан бойы көтеріліп қалған кез. Аспаздар ертерек тұрып, сойылған жылқының етін борша-борша қып бөлісіп, тамақ пісіруге кіріскен болатын. Орман іші жым-жырт. Түнгі жортуылдан жаңа қайтқан барлаушылар ғана кезекші партизан бөлімінің кома­н­ диріне көрген-білгендерін баяндап болып, біртіндеп ағаш түптеріне жай­ ғасып жатыр. Тыныштық тұнығын аспанды шарлай, осы маңайды айнала ұшқан жау самолетінің гүрілі бұзды. Аспаздар қазан астында лаулап жанып жатқан отты дереу өшіре баста­ды. Дегенмен, сөніп үлгір­меген кейбір шаланың түтіні тынық күнде әлі де атқан оқтай тіп-тік аспан­дап барып, жоғалып жатқан-ды. Жоғарыда жүрген жау самолеті осы түтінді байқады ма, әлде басқа бірдеңені аңғарды ма, әйетуір гүр етіп парти­зандар лагерінің нақ үстіне келді де, аспан әлемін ақ шағаладай қағазға тол­тырып кетті. Аздан кейін бүтін лагерь жауған қардай аппақ болды да қалды. Неміс самолеттері, әдетінше, партизан лагерін байқап қалсақ-ақ, бомба­ ның астына алатын еді, бұл жолы бірнеше рет айналып қағаз тастады да, алыстап барып көзден ғайып болды. Жау самолетінің шашқан үндеуінің біреуі Маяны көтеріп, бауырына қысып тұрған Тамараның қолында тұр. Ол қолындағы қағазды оқи бастады: «Ормандағы бандалар! Сендердің жойылатын уақыттарың таяды. Майданда ұлы Германияның әскерлері Совет Армиясының күл-талқанын шығаруда. Өз еріктеріңмен неміс командованиесіне берілсеңдер, сендер үшін барлық жағдайды туғызамыз. Партизандардың аш-жалаңаш айуан­ға ұқсап жүргені бізге белгілі. Біздің жаққа шықсаңдар тамақтарың да тоқ, киімдерің де бүтін болады.

Партизан Ақәділов пен Роман Анодинге көп сәлем. Листовкадан Романның әйелі мен Ақәділовтың қызының суретін көріп отыр­ сыңдар. Алдында ақ нан, толған тағам, киімдері тап-таза, жаңа. Роман қартқа оның әйелі Елена кемпірдің сәлемін жолдаймыз. Ол былай дейді: «Роман, сен қартайғанда қасыңа ерген екі баланы бүрсеңдет­пей, неміс командованиесіне беріл. Біздің халіміз өте жақсы. Қолға түскен партизандарды ұрып-соғып өлтіреді дегендері шылғи өтірік екен...» – деген жерге келгенде, Тамара қолында тұрған Маяға, анадай жердегі Елена Павловнаға қарап «бишаралар өтірік айтудың да қисынын таба алмаған екен», – деп күмістей сылдыраған даусымен күліп жіберді де, қасына келген Роман қарт пен Жамалға: – Мә, мына көкімені оқыңдар. Өтіріктің атасы осы бо­лады, – деп, Маяны бауырына қысып-қысып бетінен иіскеді. – Бұл жауыздардың қолына сені түсірмеспіз, – деді Маяға көзін тігіп. Листовканы оқып болған Жамал қатты күрсініп: – Тома, Елена Павловнаның орнына мынау суреттегі әйелді, Маяның орнына басқа баланы апарып, гестапо қинап өлтірді-ау. Мұны істе­ген қандай қара жүрек болды екен, – деді көзінен ыршып кеткен жа­сын сүртіп жатып. Бұл жайды жаңа ғана келген Павлик бастаған барлаушылар айқын­ дады, олар Коротченкоға: – Деревнялардағы біздің барлаушылардың айтуынша, әнеу күнгі Епишеводан келген полицай бастығы, қасындағы бес адамымен аман құтылып кетіпті. Қайтар жолындағы деревнядан бір жесір әйелді баласымен бірге тұтқындап, гестапоның бастығы Ранкенауға «Мая мен Елена Павловна деген осылар» деп табыс етіпті. Ол бейшараларды қинап өлтірген көрінеді, – деп көрген-білгендерін бастан-аяқ баяндады. Барлаушылардың хабарын естісімен, ол бағанадан оң жағында тұрған Петр Васильевичке: – Біз тезірек лагерімізді өзгерткеніміз жөн. Жау аэрод­ромы алыс емес. Біздің тұрағымызды біліп кеткен самолет рация арқылы хабарлап та үлгірген болар. Жау полицай бөлімін де, самолетті де арам оймен жі­беріп отыр. Бұл – күш сынау әрекеті. Жүзден астам полицайынан айрыл­ған фашистер, өз жендеттерінің алдауына түскен адуын немелер кек алу­дың амалын жасамай қоймас. Қамсыз қалмайық, – деді. Партизан бөлімдері жарты сағаттың ішінде-ақ тік көтеріліп, суыт жүріп келді де, он-он бес километрдей жердегі қалың қарағайға орналасты. Жау самолеттері тұйғындай үйіріліп, аспаздар әдейі өшірмей бықсы­тып кеткен оттың орнын бомбалап, жер-дүниені сілкіндіріп жатты. Түске таяу бомбалай бастаған жау самолеттері партизандардан қалған жұртты, оның маңайын кеш батқанша дүрсілдетіп жүрді де, ымырт жабыла тоқтады. Бүгін күн райы реңсіз. Дымқыл тұман орман ағаштарының басы­на шөгіп, айналаны қою көк түтінге бөлепті. Ұзын қарағайдың түбінде отырған Тимофей Михайлович тағы да бір үлкен шабуылдың жоспарын сызып жатқан тәрізді. Біраздан соң «бұл

операцияның да тетігі табылды» дегендей жинақы түрде орнынан тұрып, аяғын шымыр басып, екінші бір ағаштың түбінде бірдеңе жазып отыр­ған Петр Васильевичтің қасына келді. Ол мен де болдым дегендей қа­ғазын төрт бүктеп планшеткасына салып, орнынан көтерілді. – Кешегі жау самолеттері партизандарға деген «сәлемдемесін» осы өңірге де әкеліп тастауы керек еді, бүгінгі күннің жайсыздығы көрге­ні­­нен жазбайтын оларға бөгет болды білем. Туған жердің ауа райы да бізге қол ұшын бергендей... – деп жымиды Тимофей Михайлович. – Иә, солай, – деді де, Петр Васильевич көзін Тимофей Михайло­вичке қадап: – Алдағы операцияның жоспарын ойластырамыз ба? – Таң атқалы не істеді дейсіз. Жоспар даяр. – Менің ойымша, неміс командованиесінің кешегі тастаған листов­ касындағы шылғи өтірік жергілікті халыққа дереу түсіндірілуі қажет, – деп, планшеткадан манағы өзі жа­зып отырған қағазды алып, Петр Василье­вич бюро мүшелеріне листовканың мазмұнын таныстырып шықты. ...Ершичи қаласы. Таң бозарып атып қалған кез. Темекісінің түтінін бұрқыратып, көшені бойлап келе жатқан подпол­ковник Ранке­нау­дың көзі телеграф бағанына жапсырылған қағазға түсті. Жақындап келіп қағазды жылдамдата оқып шықты. Өзіне-өзі сенбеді білем, қалтасынан орамалын алып, көз әйнегін ысқылай сүртіп, листовканы қайта оқи бастады. Партизандардың листовкасы екендігіне енді ғана көзі жет­кен­ дей шекесінен суық тер шып ете түсті. Листовканы жұлып алып, қал­ тасына тыға салған ол асыға басып ілгері жүріп кетті. Листовканың көп жерге-ақ жапсырылғанын көзі шалып келеді. Осының өзі-ақ подполков­ никтің үрейін қашырды. Ол өзін қала ортасында емес, орман арасында жалғыз қалғандай сезінді. Подполковник. «Бұл маңайды бақылау маған тапсырылған. Партизандар қалаға орнығып алған болды. Егер бұлардың жазғаны рас болса, жоғары мәртебелі бастықтарыма не айтамын? Әлгі Хитров қу мені алдап, пар­тизан қыз бен әйелдің орнына басқа біреуді әкеліп жүр ме? Онда, оларды жойдым деп, жоғары штабқа хабарлаған менің жайым не болмақ? Жоқ, мұны алдымен, біздің тыңшылар арқылы тексеруім керек...» Ол кеңсесіне келісімен, қала коменданты майор фон Диттерді өзіне шақыртты да, шинелінің қалтасына умаждай са­ла салған листовканы столдың үстіне тастады. Сырт киімін шешкенмен, орнына отыр­май, кең бөлменің ауданын өлшегендей ерсілі-қарсылы жүрді де қойды. Оның бұл жүрісін есіктің ашылған тықыры ғана бөлді. Қапсағай бойлы, ұзындау келген, ат жақты, қыр мұрын, шашын майлап, тараған Диттер келді. Гестапо төңірегінде әскери форманы үстіне ілмейтін тек осы ғана болатын. Мансабы да, шені де төмен болғанмен, одан Ранкенаудың өзі де қаймығатын. Өйткені майордың сиынғанынан сүйенгені зор екенін іштей сезетін. Сондықтан да басында майордың сәлеміне амал­сыздан ғана салқын жауап қайтарды да, қолымен стол үстіндегі қағазды нұсқап, «ал» дегендей ишарат жасады.. Диттер листовканы жазып жіберіп іштей оқып болған соң, Ранкенау:

– Бұған не дейсіз, майор? – деді. – Партизандардың жай сандырағы... – Сандырақ бола қояр ма екен, – деді подполковник, – бандиттердің бірде-бір листовкасы жалған болып көрген емес, өзіңіз талай куә болған едіңіз ғой, Диттер мырза? – Ендеше, бұған подполковник сіз кінәлісіз, – деген сөзіне Ранкенау аузын арандай ашып, қарқылдай күлді де, кенет зілді дауыспен: – Тапсырма берген кім? – деді. – Хитровқа тапсырған сіз емес пе? – деп майор да іле жауап қайтарды. Оның бұл сөзі гестапо бастығына батып кетті білем, онсыз да түтігіп тұрған ол кекештене сөйлеп: – Хитров... сазайын алады. Ал, тым болмаса қол астындағы кемпірдің суретін алдын ала тексере алмаған сізге де жауап беру керек болар, бұл масқаралық үшін жоғарғы жақ маңдайдан сипап, крест тақпас, – деп Диттердің соңғы кезде алған наградасына меңзегендей болды. Майор үндемей қалды. Подполковник оны мүдірткеніне көңілі толғандай, жас балаға ақыл айтатын үнмен сөзін әрі жалғастырды: – Бұл жай дивизия генералына жеткен жоқ. Өйтсе, сізге де, маған да тиімді емес, майданға ауыстырудан құтыла алмаспыз. Сондықтан дереу листовкалардың көзін құрту ке­рек, екіншіден, мұншама листовканы партизандардың өздері келіп жапсырды деу қиын, олардың қалада жәрдемшілері бар болуға тиіс. Соларды іздестіру керек. Үшіншіден, Хитровты және онымен келген бес полицайды, қызылдарға жәрдем етті деп тұтқындап, көзін құрту қажет. Олардан жауап алуды, тиісті протокол жасауды тіке өзіңіз жүргізесіз. Артық куә болмауы керек. Төртіншіден, партизандар листовкаларының бірсыпырасын қазірде қала жұртының өзі-ақ қағып кеткен болар. Қалғандарын жинауға бес-алты солдат бөліңіз. Сосын бүгін қарауылда болған кейбір солдаттарды дереу әртүрлі сылтаулармен майданға жөнелту жағын іздестіріңіз. Листовка жинауға қатысқан солдаттардың аузына да сіз жауаптысыз, – деп қорытты. Подполковник ұзақ сөйлегендіктен бе, маңдайынан шып-шып шыққан суық терді сүртіп, сөзінің аяғын салғырт қана: – Барыңыз, орындаңыз, майор, мырза, іске сәт! – деп бітірді. Майор шығып кетті. Үш күннен кейін партизандар қаладағы өз барлаушыларынан Хитров пен бірнеше полицайды гестапоның атып тастағанын естіді. Бұл хабарды партизандар естігенде бәрі бір ауыздан: «Итке ит өлімі керек», – деді. XXVІІ Арада бірнеше күн өтті. Түс болып қалған кез. Жауын сабалап тұр. Барлаушылар осы өңірге жаудың қалың қолы лек-лек болып келе жатқанын жан-жақтан штабқа жеткізіп жатты. Тимофей Михайлович партизан бөлімдерін әрбір ыңғайлы жерге тосқауылға жіберуде. Жау құзғындары маңайды алыстан айналып, партизан базасына бір шүйіліп

кетеді де, қайта айналады. Жау самолетінің астынан асықтай ғана болып үзіліп түскен бірдеңелер жерге жақындаған сайын зорая түсіп, гүрс-гүрс жарылады. Ащы дауыстар жан түршіктіреді. Бұл көрініс қас қарайғанша жоғалмады. Жау самолеттері аспанда әдейі асып қойғандай бірінен соң бірі партизандарға әдейілеп әкелген «сәлемдемесін» тастап, әлемді күңірентіп жатты. Аспан әлемін басына көтере зілдене ұшқан самолет үнін естісімен, базаны айнала қазылған окоптарға паналаған жұрт жерді сілкіндіре зіркілдетіп жарылған бомбаның ащы дүрсілі толастасымен, штаб маңына жинала бастаған-ды. Орман жым-жырт, сұлап жатқан өліктей үнсіз. Сыртын қалың шаң басқан ақ қайыңдар әлденені азалағандай дірілдейді. Тек тамырымен қопарылып, омырыла құлаған немесе морт үзіліп, айқыш-ұйқыш сұлаған теректердің жапырақтары өзін-өзі өлімге қимағандай кешкі соққан самал желмен дірдек қағады. Олардың сыбдыры біртүрлі аянышты дыбыс шығарғандай. Тоқтаусыз гүрс-гүрс жарылған бомбадан жер қыртысы қорасан шыққандай шұрық-шұрық болыпты. Тимофей Михайлович жиналған партизан бөлімдерінің коман­дир­ леріне жаралыларды Мамаевка хуторының маңындағы алаңды қоршай өскен ағашқа алып жүруді бұйырды. Сағат түнгі жиырма екі кезінде партизан аэродромына қонған самолетпен ауыр жаралыларды «Үлкен жерге» жөнелтіп үлгерген жұрт ағаш шетіне жетер-жетпестен-ақ алыстан атылған зеңбіректің гүрсілі естілді. Атылған зілді снарядтар қаздай тізіліп, тұнық әуені күңіренте қатты күрсініп келіп, әлгі алаңды сілкіндіре соғып, үсті-үстіне жарылып жатты. Дүние жүзіндегі үн біткеннің бәрі дәл осы өңірге топталып жиналғандай, бірден күңірентіп әкетті. Түн қараңғылығын жамылған партизандар жау снарядтары ышқына жарылып астан-кестен болып жатқан алаңнан алыстап барды да «қойныма тығыл, бауырыма панала» дегендей, қойнауы кең, ағашы қалың терең сайға тоқтады. Коротченко бір шіріген томарға тізесін бүгіп отырды да, ішінен «күндізгі жау самолетінің толассыз бомбалауы, күн күркірегендей жарылып жатқан снарядтар бізге қарсы шабуылдың бастамасы болды-ау. Араны ашылған жау тірі жұтқысы келеді. Күшіне сенеді. Бізде оларға қарсы табан тірейтін, соққы беретін күш аз. Жау бізді бүтіндей жойып жіберудің алуан амалын іздеп бағады. Не істеу керек? Пар­тизан бөлімдеріне тосқауыл құру, тұтқиылдан соққы беру ғана қалады. Оның үстіне әрбір оқты есеппен жұмсайтын боламыз», – деп, ойға шомып кетті. Ойдан арылып, қолындағы автоматына сүйеніп тұра берген Тимофейге жетіп келген Павлик: – Біз барлаудан жаңа ғана қайттық. Маяны самолет ұшқанша алаңға жеткізуге қанша тырыссақ та, жолымыз бұрысырақ болып, кешігіп қалдық, – деп кінәлі адамдай жабырқап жай сөйлеп тұр. – Мен бүгінгі самолетпен тым болмаса Маяны «Үлкен жерге» ұшы­ рамыз-ақ қой деп үміттеніп едім, – деді Тимо­фей Михайлович, – жөні болмады. Кеше оларды деревняға жібермесе де болады екен. Енді самолет

көп уақытқа дейін бола қояр ма екен! Амал жоқ, жас сәби өзімізбен бірге болады. Барлау қорытындысын айтшы. Жағдайды түсінісіп алайық, – деді ол оған. – Мен басқа бағытқа кеткен барлаушыларға да жолықтым, жау күшін аямай осы өңірге төгіпті. Қалың орманды қапсыра қоршауға алмақ. Бүгін кешке таман Коменец деревнясының түбінде тосқауылда жатқан Ақәділовтың ротасы жаудың барлаушы бөлімімен айқасыпты. Тосын­нан жауған партизан оғына ұшқан бірнеше солдаттарын тастап, кейін ығыс­ қан гитлершілдер тез есін жиып, Жылбектің ротасына қарсы соғыса жүріп барлау жасамақ болған екен, партизандар өз позициясына жолатпапты. Кешқұрымғы атыс кезінде оққа ұшқан жау солдаттарының маңына екіүш жігіт жақындап барса, біреуі оң қол, оң аяғынан ауыр жараланыпты да, тірі қалыпты. Партизандар оны бірге ала келіпті. – Солдат ештеңені біле ме екен? Жауап алып па? – Жаралының айтуынша, майданға кетіп бара жатқан бірнеше дивизияны партизандарға қарсы салған көрінеді. Біздің тосқауылдағы басқа бөлімдеріміз әзір жау күшімен кездеспеген. – Ақәділовтың ротасы қазір қайда? – Ол ротаға жау қосымша күшін салып, біраз ығыстырған көрі­неді. Ақәділовке көмекке жеткен біздің автоматшылар да жауды қыспаққа алып жатыр. – Жағдай түсінікті. Енді мәселе былай болсын, – деді Тимофей Ми­ хайлович. – Сендер тез аттаныңдар. Ақәділов соғыса отырып шегінсін. Олар Словяновка деревнясының күншығысындағы төрт жүзінші квадратта бізбен кездессін. Барлаушылар жүріп кетті. Таң ағарып келеді. Аспандағы қою қара бұлт соғыстың азабынан бір жері тесіліп кеткендей, жаңбыр да сабалап тұр. Толастар түрі жоқ. Партизандардың бас киімінен аққан су желкесіне құйылып, мойнына сіңіп кетіп жатыр. Осылардың ішінде суға малшынған Мая да қой көздерін жаутаңжаутаң еткізіп, салт атқа мінген жеңіл жаралы бір жігіттің алдында үнсіз келе жатыр. Қыңқ етіп жыламайды да. Ол да аласапыран жағдайға көніп алған сияқты. Анда-санда қалғып кетеді де, мойнынан құйылған жаңбыр суынан селк етіп көзін ашып алады. Түні бойы жаумен арбасқан Жылбек ротасы таң бозара көрсетілген нысанаға келіп, негізгі бөлімге кездесті. Тимо­фей Михайлович колонна­ ны ну қарағайдың оңтүстік шетіне тоқтатып: – Павлик, сен Словяновка деревнясындағы Зарецкийге барып, олардың халін біл. Егер жау шабуылға шығатын болса, біз де барып соқтығатынымызды айт. Қаймықпай тіресетін болсын. Қаптаған жауға бірнеше рет тойтарыс беріп, бетін қайтару керек, – деген тапсырма беріп жатыр. Барлаушылардың қарасы үзілісімен Словяновка деревнясының маңында пулемет пен автоматтың «та-та-та-лап» шыққан үні тынық орманды жаңғырықтыра шығып жатты.

Тимофей Михайлович шайқастың басталғанын білісімен, парти­ зандардың негізгі бөлімдерін Словяновка деревнясына жақындата түсуді мақұлдады да: – Атыс басталған жерге қарай қозғалу керек, – деп әмір берді. Зарецкий батальоны Словяновка деревнясына келетін жолдың жаға­ лауына төніп бітетін орман жиегіндегі ағашты төбешікті бекініс жаса­ғанды. Жолдың арғы бетіндегі сиректеу өскен шілікті жиектеп, басқан ізін аңдып, жақындап қалған жауларға партизандар сыр білдірмей үнсіз жата берді. Әлден уақытта жау дозорларын ілгері өткізіп жіберді де, негізгі бөлімдері таяу келісімен барлық қарудан оқ атты. Екі жақтан да бораған оқ жалаң қағып, зулап өтеді. Шайқас қыза түсті. Гитлершілер таңдаулы СС дивизиясының бөлімдері болып шықты. Шамасы екі ротадай. Жаудың бүйірінде қорғаныста жатқан Әлім бастаған автоматшылар әлі бұл шайқасқа кіріспей, кідіріңкіреп, қолайлы жағдайды аңдып жат­ қан-ды. Бір кезде қалың шырмауықты жамылып жатқан Әлім қасын­дағы Батырханға: – Біздің дәл алдымыздағы пулеметті көріп жатырсың ғой. Құртуға оңтайлы екен өзі, – деп сыбырлайды. Әлім бастаған үш партизан орман жиегіндегі өскен талдың ішімен жер бауырлап пулеметтің дәл өкпе тұсына жа­қындап келді де, жау пулеметшісі мен оның көмекшісіне туралап автоматтың шаппасын тартып-тартып жіберіп еді, пулемет үні өше қалды. Саудаң біткені осы деп, нөсердей құйып тұрған оққа қарамастан Әлім жау пулеметіне жетті. Енді жаудың өз оғын өзіне сеуіп жатыр. Оқыс шабуылдан жиырма шақты солдаттарын жоғалтқан жау бөлімдері барлық күшін бұларға аударды. Әлімдердің жатқан позициясы қолайлы болғандықтан, олардың оңайшылықпен жоюға болмайтынын сезген жау екі жақ бүйірден қоршамақ болды. Бірақ алдарынан Жылбек ротасы киліге кетті. Ұрыс өрті өрши түсті. Жау да шайқас болып жатқан жерге басқа тың күштерін төге бастады. Жаудың қалың күшінің келіп үлгергенін сезген Тимофей Михайлович Жылбек пен Әлімге негізгі позицияға шегінуді бұйырды. Жау пулеметін сүйреп шегіне бергенде Әлім кеудесін ба­са ұшып түсті. Партизандар жау оғының құрбаны болған Әлімнің еңгезердей денесін жау қолына қалдырғысы келмей, еңбектеген бойы орманға қарай сүйрей жөнелді. Сүйікті досының жаңа ғана жаудан тартып алып, безілдеп жат­қан пулеметін алып шыққысы келген Павлик те ауыр шойынды итермелеп төбенің екінші бетіне әрең түсірді де, тездеп өз бөлімдері жатқан жиекке еңбектей жөнелді. Ол орман шетіне жетісімен, жуан теректі қалқан етіп, станокты пулеметті қайтадан «сөйлетті». Сәлден соң қазір ғана өздері тастап кеткен төбешікке тырмысып бара жатқан жаудың екі-үш автоматшысын байқап қалған Павлик «дәу де болса, Әлімді оққа ұшырған сенің бірің шығар» – дегендей пулеметін соларға бұрды. Межелі көз, ызалы жүрек оларды да жайпап тастады.

Айқас күн батқанша толастамады. Жау үсті-үстіне тың әскерлерін төге бастады. Партизандарды алақандай жерге ығыстырып, темір торға тірідей түсіргісі келеді. Жан-жақтан қыса бастады. Күн еңкейіп, бесін болып қалған кезде жаудың бір бөлегі парти­ зандардың кейін шегінетін жолын кесіп тастауға тырысып, Словяновка деревнясының оңтүстігіндегі сирек қайыңды қоршауға жөнелді. Сұмдардың бұл қылығын сезе қалған Тимофей Михайлович: – Ақәділов ротасы ана кеткен жаудың жолына тосқауыл құратын болсын, – деп әмір берді. Командир бұйрығын бұлжытпай орындайтын Жылбек ротасын бас­ тап, жылғаны бойлай жөнелді. Ол үш километр шамасы жүргеннен кейін: – Осы жерге бекініңдер! – деп бұйрық берді. Бір партизанды биік қарағайдың басына қарауылға қойды. Тосу көпке созылмады, қанаттарын жая келе жатқан жау тақалып қалыпты. Жылбек күтіп жатыр. Тисе терекке, тимесе бұтаққа деп автоматтарын қарнына тіреп алған жау солдаттары оқты себелеп келеді. Жақын келуін тосқан партизандар сыр білдірмей бұғып жатыр. Офицер оңтайлау жерге келе бергенде партизан пулеметі мен автомат­тары безілдей жөнелісті. Жау әскері де ағаш-ағашты тасалай жата қалысты. Екі жақ та қоян-қолтық күрескен балуандай аңдысып берісер емес. Кесілген ағаш түбін қалқан қып жатқан Жамал бірден атуды тоқтата қойды. Қарсы алдында шоқ теректі қалқалап жатқан фрицті байқап, бұға түсті. Оқ төгіп, бас көтертпей жатқан автомат үнін өшірдім деп ойлаған болу керек, бір кезде әлгі фрицтің бейнесі қылаң ете қалуы-ақ мұң екен, Жамалдың оғы жұлып түсті оны. Қас карайған кезде жау Жылбек ротасына қарсы екінші бір тың бөлі­ мін әкеп салды. Дәл осы уақытта немістің қалың күші партизан бригада­ сы­ның екі батальонын тықсырып, шегіндіре бастаған еді. Жау әскерінің күші бірнеше есе артық екенін білген Ти­мофей Михайлович штабтағы байланысшыларға: – Барлық партизан бөлімдері атыса отырып, шаруашылық ротасын қалдырған жерге шегінетін болсын, – деп бұйрық берді. Сылбыр жауған жаңбыр астында толарсақтан саз кешіп, үсті-басы малшынған, оның үстіне күні бойы нәр татпаған партизандар атыса отырып, айтылған жерге қарай шегіне бастады. Тосыннан соқ­тыққан партизандармен қас қарайып, түн қараңғысы әбден қоюланғанға дейін алысқан фрицтер де өкшелеп қууға бата қоймады. Өз позицияла­рында қала берді. Партизан бөлімдерінің алды-артын жинап алған Тимо­фей Михайло­ вич барлық командирлерге: – Жау әскері осы маңайды кеңінен қоршап алған көрінеді. Қоршау­дан шыққанша азық-түлік табатын жер жоқ. Кім білсін, жау шеңберінде не­ше күн болатынымызды. Қолда бар азық-түлікті шақтап жұмсау керек. Әрбір жанға бел­гілі норма берілетін болсын. Бір аттың етін әр рота екі күнге жеткізсін, – деді.

Айқас күннен-күнге күшейіп, жау әскері қапсыра қоршаған шең­ берін қыса берді. Бел шешпей гитлершілермен арпалысқандарына он күннен асып барады. Күндіз-түні шайқасу. Кек алушылардың онсыз да тозығы жеткен киімдері борша-борша болып жыртылған. Аяқ киімдері неше күнгі жүрістен істен шыққан. Көбінің ұлтаны түсіп, ұрттары тесілгендіктен бақайлары жылтыңдайды. Жалаң аяқ соғысып жүрген­дер де бар. Сақалдары өскен жандарға қарасаң, тіпті орман ішінде өскен тағы адам тәрізді. Партизандар осы жағдайларына қарамастан жау әскер­ле­ріне кездескенде қалай қайраттанып кететініне таң қаласың! Түн қараңғылығына орман күңгірттігі қосылып аттам жерді көрсет­ пейді. Арпалыс тоқталмай, тымық түнді сілкіндіріп тұр. Жауға қарсы шабуыл күшейе түседі. Жылбек ротасындағы Тамара да талай фрицтер­дің сазайын беріп жа­тыр. Оған таяу оқ атып жатқан Павлик. Толған ай толықсыған күйінде дәл төбеңде тұрған сияқты. Оның жарығы көзге түрткісіз қараңғылыққа аз да болса сәуле бергендей болды. Павлик оң жағындағы ағаш түбінде жатқан автоматшыны байқа­ғысы келді ме, әлде өзінің еңсесін көтертпей, жерге жабыстыра түскен фрицтер оғынан жасырынғысы келді ме, әйтеуір оң жаққа қарай бір-екі аунап түсті де автоматын тағы безектетті. Дәл жанында есепсіз оқ атып, «тата-та-латып» жатқан Павликті байқап қалған Тамара оқты мөлшермен ат дегендей иығынан түртіп қалды. Ойда жоқта Тамараға тап болғанына шексіз қуанған Павликтің айтарға сөзі болмады. Кенет атуды кідіртті де: – О, Тома, сенбісің? Дәл жаныңа жеткенімді де білмеппін ғой, – деп қысыла шыққан сөзін, қиыла әрең айтты. – Иә, мен, немене, танымай қалдың ба? – деп Тамара да күліп жіберді. Көп сөйлесер уақыт жоқ. Бұлардың ендігі ойын автоматтар оғы жалғастыра жөнелді. Павликтің екі көзі жауда, жүрегі Тамарада. Көптен бері ойын ақтарғысы келеді. Бірақ... Павликтің келуі Тамараға да таусылмас күш бергендей. Оны қайрат­ тандырып жіберді. Қылт еткенін құр жібермей жатыр. Тамараның мергендігіне Павлик те риза. Ішінен: «Ішің де, сыртың да сұлу жансың-ау, әттең соғыс...» – деп күрсініп қояды... Фрицтердің тауы шағылып, екі жақ та аңдыса атуға кірісті. Бір кезде фрицтер оқыс шабуылға көтерілді. Жаудың сепкен оғы­нан ашық жер қалмаған тәрізді. Осы кезге дейінгі ішкен қаны аз болған­дай, кесе-көлденең кездескеннің бәрін кесек жұтатындай жалаңдайды. Жаудың әр әрекетін көңілге тоқып, аңдып отырған Ти­мофей Михай­ лович бірінші батальонды оң жақ бүйірінен тұтқиыл шабуылға шығарды. Ормандағы жаумен айқастың тактикасын жете білетін парти­зандар құмайт жермен кеңінен айналды да, сай қабағына шыға жаудың бүйі­рінен соқтықты. Қапелімде соқтыққан қалың қолға төтеп бере алмаған фриц­тер кейін кетуге мәжбүр болды. Жаудың тойтарыс алғанын сезген ер жүрек партизандар оларды біраз жерге кейін ысырып тастады. Қаһарлы партизандардың ерлігіне әбден риза болған Тимофей Михайлович: «Ойран болғанына бірнеше күн бол­ды. Осы жауыздардан

жырақ жетуге әрекеттенгенімізге де біраз күн өтті. Қайда барсақ та өкшелеп қуып жетіп келеді және үнемі тың күшін бізбен шайқастырады. Талай жазалаушы отрядтың қыспағында болып көріп едік. Бірақ олардан оп-оңай құтылушы едік. Осы жолы оның сәті түспей тұр. Бәрін айнадан көріп тұрғандай жау дәл үстімізден шығады. Мұнда бізге белгісіз бір жұмбақ бар тәрізді», – деп ұзақ ойлап отырды да, сол жағындағы Петр Васильевичке бет бұрды. Шешіле сырласпақ, ақылына ақыл қоспақ. – Осы біздің ішімізде қанішерлердің тыңшысы тон жамылып жүр ме деген ой келе береді. Кім де болса, өте тәжірибелі, мұндайдың талайын басынан кешірген адам. Болмаса, мына қан төгістен қарамызды үзіп, құтылып кететін мезгіл алдақашан жеткен еді. Біздің аяқ басқан ізімізді жау қалай біле қояды? – деп, жауап күткендей үнсіз отырып қалды. – Меніңше де ішімізде арам ниетті біреу бар сияқты. – Олай болса, анада келген полицайлардың біреуі бол­ғаны. Бүгін кешке мына Маяны көріп кетемін деп Жамал келген еді. Солардың взводындағы әлгі бір гармонь тартып жүретін аласа бойлы, бұйра шаш­ ты сары жігіт жөнінде күдік айтады. Кеше қас қарая бергенде сол жігіт жалғыз өзі взводтан бөлініп жарты сағат шамасындай уақытқа жоғалып кетіпті. Соған қарағанда сонда бір пәле бар ма деймін... – Онда Жамалдың сезігін аяқсыз қалдырмай, бақылауға алайық. Тез екі-үш жігітке ол «полицайды» аңдытып қойғызармыз, – деді Петр Васильевич. – Не де болса Батырхан, Павлик, Мәжит – үшеуін аңдуға қояйық, – деп келісті де, Петр Васильевич оларды шақыртып, гармоньшыны көз­ ден таса қылмауды тапсырды. Елеусіз болсын дегендей, Жамалды да взвод ішінде байқауға қойды. Жау бөлімдерінің бебеу қаққан үнінің бәсеңдеп деревняға шегін­генін білген Тимофей Михайлович партизан қолы­на әрі қарай шабуыл жасау­ дың керегі жоқ, қайтсын деген бұйрық жіберді. Алдыңғы жаққа көз жі­ беріп, тағы да жаудың жазалаушы отрядынан қара үзіп кетуді мақұлдады. Оңтүстіктегі ми батпақты айналып, арғы бетке шығу ке­рек. Тимофей Михайлович бастаған партизандар неше күнгі айқаста арып-шаршаса да жүріп келеді. Бір кезде қалжыраған жігіттердің жүрістері баяулай бас­тады. Осы кезде неше күннен бері толассыз құйған жауын да басылып, күн­ батыс жақтан аспанның көкшіл жиегі көрінді. Тимофей Михайлович екі бүйірден шолғыншыларын, алға барлау­ шыларын салып оңтүстікке қарай колоннаны бастап келеді. Толарсағы­ нан су кешкен, ұйқысы қашқан ерлер жүріп келе жатып қалғып ке­теді. Кейбіреулері мас адамдай теңселіп барып сүрінгенде ғана көзін ашып алады. Колоннаның қақ ортасында – Тамара мен Павлик. Бір-біріне қарап қойып, шаршағандықтарын білдірмеуге тырысады. Тамара ыңырсып өлең айтқан болады. Партизан бөлімдері әлемге нұрын шашып, қыза шыққан күн әжеп­ тәуір көтеріліп қалған кезде өзекті сайдан өтіп, қалың қарағай ішіне тоқ­ тады. Ашыққандығы сондай парти­зандар қайыңдарға жабысып, қойдың

терісін түсіргендей қабықтарды ірей бастады. Содан кейін белбеуіне қыстырылған, күйе басқан қара котелоктеріне салып, қайнатуға кірісті. Маңдайларынан шып-шып шыққан терді жеңімен сүртіп, аса бір дәмді ас пісіріп жатқандай рақаттанып жүр. Қайың қабығын талшық еткен соң, аз да болса көз шырымын алғысы келіп қисая бастады. Павликті қанша ұйқы қысса да, полицайдан келген жанды аңдып жатыр. Бір кезде, елдің бәрі ұйқыға бөленді-ау дегендей, сезікті адам орнынан еппен тұрды да, жан-жағына көз жіберді. Павликтің ояу екенін сезіп қалды ма, болмаса басқа бір ойлағаны бар ма, кім білсін, басын көтере тұра берді де, қайтадан жата кетті. «Онсыз да шаршап-шалдығып жүргенде бұны несіне аңдытып қойды екен? Егер тым сезікті болса, бас салып неге тінтпейді? Жасырып жүрсе рациясы да қолға түсер еді» деп ойлап жатқан Павликтің көзі ілініп, әріберіден соң ұйықтап кетті. Неше күннен бері көз ілмеген ол күн қызуына маужырап тәтті ұйқының құшағына енді. Павликтің ұйықтап кет­кеніне қуанған жау аунап түсіп барып, қалың шырмауық ішіне кірді. Оның сыбдырынан көзін ашып алған Мәжит: – Ей, ел ұйықтап жатқанда немене жорғалап жүргенің, – деп басын көтерді. – Жай, көлеңке іздегенім ғой. Күн ысып кетті емес пе? – Басқалардан жаның артық па? – Тергеуші емессің, жата бер мазаны алмай. – Мазаны мен саған көрсетейін, – деп, Мәжит сезікті жанның жаны­ на жетіп барды. Ол да сом денелі қарулы адам екен, Мәжитпен айқаса кетті. Бірақ Мәжит күс басқан шойындай қатты қолымен нығыздап ұстап жоғары көтеріп алмақ болып еді, бұлт етіп Мәжиттің қолынан босанып кеткенде, екеуі де жығылды. Мәжит үстінде тізерлеп жатыр. Екі адамның шырмауық ішінде тартысып жатқан дыбысын естіген Батырхан тұра беріп, қасындағы Павликті қо­лымен бір нұқып қалды да, көрдің бе дегендей шырмауық жақты көрсетіп, оң қолын көтерген бойы жүгіре жөнелді. Оның соңынан көзін уқалай тұрған Павлик те жүгірді. – Үшеуің бірдей жабылғандарың не? Мені өлтірейін деп жүрген­нен амансыңдар ма? – деп, мыңқылдайды манағы сезікті жан. – Бұларың не? – деді ештеңені түсінбеген Павлик. – Мынауың бір дөрекі екен. Тіл тигізеді адамға. Содан кейін міне... – Бұларың жарамайды, тұрыңдар, – деп Павлик оларды тұрғызғанша, ойынды-шынды алысқан болып, күдікті адамды тінтіп те алды. Бірақ, оның бойында ешқандай рация жоқ екендігіне көзі жеткен Батырхан: «Бұл шпион болса, жауға хабарды қалай жеткізіп жүр? Әлде рациясы болып шырмауықтың арасына лақтырып жіберді ме екен?» – деп ойлап тұр еді, көзі ағаш түбінде жатқан гармоньға түсті. «Осындай аласапыран кезде мынау кімге керек? – деп тұрды да, мүмкін мұның құпия бір сыры бар ма?» – деп қарағанымен, Батырхан гармоннан ешбір күдік таба алмады. Алысқанда үстінің ұйпа-тұйпасы шыққан сезікті жан киімдерінің шаңын шала-пұла қаққан болды да, гармонын қолына алды. Бірақ тартқан жоқ, белдіктерін түймелеп қойды.

Күн әлі ыстық. Ұйқыдан жаңа ғана оянған жұрт асын ішіп бола бергенде, Володя барлаушылары Тимофей Михайловичке: – Неміс жендеттері күні бойы түндегі айқас болған маңды тіміс­кіледі. Әр бұтаның түбін балықшыдай сүзді. Ешкімді кездестірмей, олай бір, бұлай бір жүрді де, айдаланы атқылап, солтүстікке қарап беттеген. Бірақ көп ұзамай барлаушылары қайтып оралды да, осы жаққа... – дей беріп еді Володя, «та-та-та-лаған» автомат даусы тымық орман тыныш­тығын бұзып жіберді. – Естіп отырсың ба? – деді Батырхан кеудесін ыза кернеген жан­дай аузындағы темекісін тісімен қырқып тастап, – гитлершілердің қоян­шы­ғы қайта ұстағанын. Тегінде бізді омырып тастағысы келіп жүр ғой. Оп-оңай кеудесін оққа төсейтін адамдарды тапқан екен есуастар. Жаудың төніп келіп қалғанын білген Тимофей Михай­лович: – Бүгін бұлармен мүмкіндігінше, кездеспеудің амалын ойлайық. Аш адамның табан тіреп қарсыласуы қиын. Тезірек күнбатысқа қарап жүріп кетейік. Реті келсе, Ипут өзенінің арғы бетіне шығайық, – деп Андрей Петровичке қолындағы картаны ұсынды. Партизандар көрсетілген маршрутпен жүріп келеді. Аяқтарын әзер алып келе жатқан жұрт жаралы болғандарды алма-кезек көтеріп, «бойы­ мыздан жан кеткенше сендерді жаудың мазағына тастамаймыз» деген­дей сезім білдіреді. Салт аттың үстінде отыруға Мая да көніп алыпты. Атын атап шақырғандарға талпына түсіп, қолын көтереді. Партизан­­дардың күндізгі дем алған жұртына жақындаған фриц­тер үлкен бір қолмен кездескендей барлық қаруларын безілдетіп жатты. Фрицтердің мүлгіген жансыз қарағаймен алысып жүргенін естіген ел: – Шайқаса түс қарағаймен, жіберме кегіңді, – деп мысқылдайды. Колоннадағы сезікті жанды көзден таса қылмай аңдып келе жат­­қан Батырхан: – Осы біз қайда кетіп барамыз? – деп қасындағы Павликке сөйлеп қояды. Гитлершілерге белгі беретін тыңшы иелерімен байланысуға қо­ лайлы жағдай таппай, сақ партизандардың көреген көзінен жырақтай ал­май, амалы құрып келеді. Байланысы үзіліп, партизандардың бағы­ тын бағдарлай алмаған жау қалың бұтаның түбін қоймай гүрілдетіп оқ жаудырып жүр. Күн еңкейе бергенде ашулы аңдай ырылдап әуені жара ұшқан само­лет даусы басында алыстан естілсе де, артынан аспан әуесін қақ жарып осы өңірді айнала ұшты. Төбеге төніп келген жау құзғынын көріп: – Әуе, әуе, – деп партизандар ағаштың көк жапырағына жасыры­на жата кетісті. Қанды балақ қарақшының барлаушы самолеті «Рамма» тұйғын­дай түйіліп келеді де, тағы алыстап кетеді. Қас қарайғанша осы әдеті­нен танбаған «Рамма» партизандар жолын кідіртіп қойды.

Ымырт жабыла жер бетіне көкшіл тұман түсіп, маңай көрінбей кетті. Сонда да партизандар Ипут өзеніне қарай бағыт алып келе жатыр еді, өзенге жақындай бергенде жазалаушы отрядтың бір бөлегі тап болды да, ұрыс басталып кетті. Жау әскерлерінің жан-жақтан қамалып, партизандарды Ипут өзеніне тоғытқысы келген арам ойын түсіне қойған Тимофей Михайлович: – Өзеннің таяздау жерін барлап, өткел табатын бол. Біз арғы бетке шықпасақ жау тың бөлімдерін төгіп, өзенге тықсырып апармақ, – деді Володяға. Екі жақ та барлық қаруларын қолданып жатыр. Қарама-қарсы атылған оқ аққан жұлдыздай ұшып ысылдайды. Түн тұманды болғанымен, автомат пен пулемет оқтарының қалай кетіп жатқанын отты ізінен-ақ байқауға болады. «Осындай араны ашылған ажал мен өлім үшін емес, өмір үшін алысқан шайқастың нық ортасындағы от ішінде Жамал да кегін жіберер емес. Ішінен: «Мая не болып жатыр екен. Кім білсін мына қаптаған оқтың бірі жас сәбиді жалмап кетер ме екен» дегенде, жүрегі дір ете түседі. «Жоқ, сәбидің жазығы не, өспей жатып өшетін», – деп, өзіне-өзі қайрат беріп қояды. Осылай ой мен өлім арпалысып жатқанда Жамалдың қарсы алдында біреу жорғалап келіп қалыпты. Өз адамдарымыз ба дейін десе, алдыңғы жақтан еңбектеп келеді. Ойлауға да, дыбыстап тоқтатуға да мүмкіндік таппаған Жамал автоматын бұрып қалып еді, жау жатқанынан тұрмады. Атыс үдей түсті. Жазалаушылар жіберген ракета әлсін-әлсін қараңғы түнді жап-жарық қып жібереді. Туған елінің әрбір ағашын бекініске айналдырған партизандар оған да қарар емес, атысса да, алысса да, алған бағытқа жеткісі келеді. Барлаушылардың оралуын тосып, шыдамсызданып отырған Тимофей Михайлович қараңдаған біреулерді көзі шалып қалғанда дауыстап жіберді. – Кімсіңдер? – Біз барлаушылармыз. Сізді іздеп жүрміз. – Иә, өткел таптыңдар ма? – Үш километрдей жерде өткел бар екен. Бергі жағалауы еңістеу көрінеді, арғы жағалауы дөңестеу сияқты. Өзім өтіп көрдім. Тереңдігі тура кеудеден келеді. Байқап тұруға екі адам тастап кеттім, – деді Володя. – Онда баста өзің, атыса отырып, арғы бетке өтудің әрекетін жа­- сайық, – деп Тимофей Михайлович партизандарға бұйрық таратты. Өткелден өту оңай болмады. Жаудың бетін қанша қайырғанмен, қалай атыса жүргеніңмен, олар да партизандар ойын біліп қойып, барлық күшін өзен өткеліне аударды. Бірақ бұған дейін партизандардың көпшілігі арғы бетке өтіп те болған еді. Автомат, пулеметтер оғы жетпейтін болғандықтан жау минометтерге қол салды. Олардың ысқыра ұшқан снарядтары гүрс-гүрс жарыла бастады. Кейбіреулері суға түсіп, шуылдап жатыр.

Оқтың айбатынан ба, әлде өз ағыны ма, су беті қозғалып, баяу жел толқын тұрғызды. Манадан жайдары өзеннің кенет өңін өзгерткенінен секем алған партизандар мен жаралылардың да тілегі – ар жаққа өту. Жаралыларды арқалағандардың алдын бастап келе жатқан бүкіл бригадада қалған екі ат. Оның біріндегі жаралының алдында Мая отыр. Ат суға омыраулай жүзген сайын бойына қорқыныш сезімі пайда болған ол жығылмаудың амалын іздеп, ердің басынан қос қолын алмай жабыса түседі. Таянып қалған жаға мен ағынды суға кезек қарайды. Әне-міне жағаға жетіп қалдық деп келе жатқанда, кенет ат бір шұқырға күмп еткенде, оқыс қимылдан лық етіп, ерден сусып түскен Мая суға шомп етті. Маяны долы өзен бауырына басып, бұйраланып аққан ағынына іліп ала жөнелді. Біресе гитлершілердің жалаңдаған оғына ұшқанша «менің қойнымда қалсын» дегендей батырып әкетіп, біресе «өздерің ала қойыңдар» деп ишарат білдіргендей, бұйра толқын ербеңдеген сәбиді судың бетіне бір шығарып, бір батырады. Су бетінде қалқып бара жатқан Маяны көрген жұрт сырын білмейтін терең суға лап қойысты. Көмек сұрау орнына тұншығып бара жатқан Маяның денесіне қолы бұрын жеткен Павлик бір қолымен малти жүріп, екінші қолымен Маяның нәзік денесін көтеріп алып жағаға қарай жүзді. Қанша малтығыш болса да, Павликке жалғыз қолмен малту қиындық келтірді. Аузы-мұрнына су кеткен шала-жансар баланы жиекке алып шыққан Павлик жуан теректің түбіне жатқыза сала, өзінше дәрігерлік көмек көрсете бастады. Көп ұзамай есін жиған бала көрген азабын шаққандай сұлық жатып қалды. Партизандардың барлығы да өзеннен өтіп, Тимофей Михайловичтің ақылымен жауды бөгеу үшін бір рота сол жерде қалды да, қалың топ күнбатысқа қарай беттеді. Кешікпей партизандар өкшелеп қуған жауыздарға қарасын көрсет­пей орманға енді. Қалың қарағайлы терең сайды бөктерлеп жүрген парти­зан бөлімдері сайдың екінші бетіндегі қабаққа шығып тоқтады. Тимофей Михайлович өз тапқырлығына өзі риза болып ішінен «ертерек өткел тауып қоймасақ қой, біздің көп адам мерт болып, қанды суға кетіп, бостан-босқа өлетін еді. Алдымыз толған талай ауыр айқас. Кек алушылар аш-жалаңаш. Оқ та бітудің қасы. Жау қарасын үзетін емес», – деп ел қамын ойлап, алға біраз көз жіберіп алды да, барлық партизан бөлімдерінің комаидирлерін шақыртты. Жиналған жұртқа Тимофей Михайлович: – Жау екі бүйірден қыспақка алып барады. Елдің жайын бәрің де біліп отырсыңдар. Жаңа ғана «Үлкен жерге» шифровка бердім. Осы жерден он километрдей күнбатыстағы қалың орманның дәл ортасында шағын алаң бар. Сол өңірге қарай ойысқанымыз жөн. Келісім бойынша ертеңгі түні «Үлкен жерден» келетін дәрі-дәрмек сол маңға тасталмақшы, енді бұл жақта аялдаудың қажеті аз сияқты, – деп, өз ойын бұйрықты сөзіндей ортаға сала, салмақпен сөйледі. Жүріс ертеңгі таңға белгіленді.

Жаңа ғана орнынан тұрған Тимофей Михайловичке жүгіре басып барлаушылардың бірі келді. – Тимофей Михайлович, – деді алдына сап айдап әкелген көне тоз сұр көйлекті жігітті нұсқап, – мына кісіні орман ішінде жолықтырдық. Бізден тығылып қалуға тырысты. Сезікті кісі, жөнін айтпайды. Бастықтарыңа жолықтырыңдар деп өтінген соң ғана сізге алып келдік. Тимофей Михайлович барлаушылар тұтқындаған жігітке жайлап көз тастады. Ұзын бойлы, қамыстай қатыңқы, ұзын жирен сақалына қарамастан, жас шамасы отыздарға жаңа ғана келген адам. Күреңіткен жұқалау аққұбаша жүзінен қатты шаршағандықтың нышаны байқа­ лады, көзінде аздаған үрейдің ұшқыны да бар. Бірақ онысын сездіргісі келмегендей, бойын ширақ та жинақы ұстауға тырысып тұр. Тимофей Михайловичке ол да қабағының астынан қадала қарады, сәлден соң бірдеңеге көңілі орныққандай бет әлпеті жылынып, бастапқы сенімсіздік пен қорқыныш салқыны ғайып болды. Сөйтті де, Тимофей Михайлович­ тің сұрағын күтпей-ақ сөйлей жөнелді: – Бағана мен кімдердің қармағына тап болдым деп, әбден сасып едім... Соңғы кезде фриц шолғыншылары да партизанша киініп жүреді дегеннен сақтанған болатынмын. Көңілім сабасына жаңа түсті-ау... Бұрын сізді бір-ақ рет көргенмінді, қалай өзгергенсіз, әрең таныдым, – деген бөгде сөздерді Тимофей Михайлович үзген жоқ. Мұндай көп сөзділік адам тағдыры таразыға түсіп, үрейлі қорқыныш қуанышқа ауысқан шақта орын алатынын талай байқаған. Жігіт сөзін әрі қарай соза түсті: – Мен, – деді ол, – сіздерді іздеп келдім. Осыдан бір күн бұрын түн қараңғылығын жамылып жау шебінен өткен едім. Тығыз шаруам бар. Мен Епишево деревнясының тұрғынымын. Соғысқа дейін ағаш кесетін заводтың жұмыскері едім. Орман жолын жақсы білесің және сенімді адамсың деп мені шіркеуде священник болып істейтін Кузьма қарт жіберді. – Сен өмірбаяныңды әңгімелегенше, хабарыңды тезірек айтсаң­шы, – деді Тимофей Михайлович енді ғана оның сөзін бөліп. – Жуық арада сіздерге өздері келіп қосылған бір топ полицайдың біреуі – гестапоның елуінші нөмерлі тыңшысы. Мұндағы жалған аты белгісіз, шын аты Василий Харитонович Кравчук. Жаумен бірге батыстан келген көрінеді. Партизандар арасына өту үшін соңғы айларда полицай болып орналасыпты. Мынау суреті, – деп шалбарының ышқырына тігілген фотокарточканы алып, Тимофей Михайловичтің қолына ұстата қойды. Тимофей Михайлович фотокарточкаға үңіліп қарады да, жанына келген Петр Васильевичке: – Мынау гармоньшы ғой, Петр Васильевич, гармоньшыны дереу осын­да алып келтіріңіз, – деді. Петр Васильевич Қабышты шақырып алып: – Гармоньшыны тез тауып әкел! – деп әмір етті. Қалғандарына брига­ даны көтеріп, жорыққа дайындалу жөнінде бұйрық берілді.

Түн ортасынан ауа Мәжит Батырханды түртіп оятты. Бірақ екеуінде де ләм-мим үн жоқ. Бұл – белгі. Ендігі күзет Батырхандікі. Батырхан екі аунап түсті – ондағысы ояндым дегені. Батырхан көзін жұмып бірсыпыра жатты. Мәжиттің бірқалыпты тыныс ала бастағанынан оның ұйқы құшағына бөленгенін сезді. Партизандар ұйықтап жатқанда да қорылдамайды. Бұған оларды дегбірсіз өмір, сауысқандай сақтық үйреткен. Ал мына гармоньшының қорылы бір тынбайды... Енді ұйықтап кетермін деп қорыққан Батырхан көзін ашты. Ағаш бұтақтары арасынан қою қара көк аспанға күмісше жалты­ раған жұлдыздарға қарады. Әлім, аспан әлемі шексіз, мынау қолыңды созсаң, үзіп аларлықтай жұлдыздардың ең жақыны пәлен миллиард шақырым, кейбіреулері күннен де жарық, күннен де үлкен дейтін. Мүмкін кейбіреулерінде тіршілік те бар шығар дейтін. Ғажап-ау. Оларда қандай мақұлықтар өмір сүреді екен? Адамға оларды көру жазған ба?.. Бұған талап қылған оқымыстылар да бар деген еді-ау Әлім. Иә, Циолковский­дің ракеталары... Егер соғыс болмаса, Айға ұшып та баратын едік... Таңға жақын көптен бері дұрыс ұйқы көрмей жүрген Батырхан қалжырай бастады... Мұның алдындағы тәтті қиял, тұнық ойдың желісі үзіле берді: кейде өзін орман ішінің сызатты жерінде емес, елде, өз үйінде, қос мамықтың үстінде жатқандай сезінеді. Гармоньшының қорылы оған қазір барлық музыкадан артық тәрізді. Көз кірпіктері желімдей жабысады... Қалғып бара жатыр ма еді, қалай... оны тыныштық сергітіп жіберді. Әуелі неге оянғанын түсіне алмады. Сосын барып қана гармоньшының қорылы басылғанын байқады. Көз шырымын ғана алса керек, таң жаңа ғана сызат беруде. Гармоньшы аяғының ұшынан басып, қарағайды тасалана бастады. Орнын сипап еді, гармоньшы да көрінбейді. Бәтір-ау, таң атпай жатып бұған гармонь неге керек болды екен деген ой келді. Тағы да гармонь, пәле сонда ма екен? Ана жолы тексергенде байқалмап еді ғой... Гармонь клавишалары сыртылдағандай естілді. Батырхан ақы­ рындап Мәжитті оятты да, дыбысыңды шығарма дегендей екі саусағымен оның аузын басып, «тұр, тұр» дегендей екінші қолымен иығынан қақты. Әккі болған екі барлаушы қарағайды тасалап келіп, гармонын тырсылдатып тұрған гармоньшыға шап берді. Енді барлық құпия әрекеті әшкереленетінін сезгендей гармонь­ шы бұлқынып көріп еді, екі батырдың қапсыра ұстаған темірдей қатты қолынан сытылып шыға алмады. Тасыр-тұсырдан оянған жұрт та орындарынан тұрып, бұларды қоршап үлгірген болатын. Мәжит гармоньды жұлып алып, көрігін жарып жіберіп ішіне үңілді, бірақ қанша қарағанмен, сезікті дерлік пәлендей ештеңе көре алмады. – Ана біз алысқан маңайды қараңдаршы, дәу де болса, аппаратын жерге лақтырып жіберді-ау деймін, – деді Мәжит. Бүкіл жұрт болып жоқ іздесіп жатыр. Бір кезде еңкеңдеп жүрген Павлик: – Мен таптым. Мынау рация ғой, – деп, қолындағы жұдырықтай ғана бірдеңені жоғары көтерді.

Апыр-топыр болып жатқандардың үстінен шыққан Қабыш мойны­на су құйылып, сүмірейіп тұрған гармоньшыны көрсетіп Батырханға: – Мына итті командирге шақыртып жатыр, алып жүріңдер, – деді. Бұйрық алысымен қозғалып кеткен колоннаның басына қарай Мәжит пен Павлик екі қолынан, Батырхан артынан итермелеп, гармонь­ шыны желкелей отырып Тимофей Михайловичке жеткізді. Бұл үшеуінің масайраған жүзінен әлденені сезген ол: – Үшеуің бір құпия сырды ашқаннан амансыңдар ма? – деді. – Ашқанда қандай? Гармоньды тастамай арқалап жүргенге, керегінде біздің көңілімізді көтеру үшін алып жүр екен десек, передатчик екен. Мынау рациясы, – деп Павлик қолындағы жұдырықтай бірдеңені Тимофей Михайловичтің қолына ұстатты. – Гармонын да тастамай ала келдік. Ол да бір керекке жарайтын шы­ ғар, – деп Батырхан мойнына асынған гар­моньды иығынан түсіріп, Ти­мо­ фей Михайловичтің оң жағына қойып, тік тұра қалды. Тимофей Михайлович ашулы көзімен жау тыңшысына: – Неше күннен бері біздің аяқ басқанымызды аңдып, іштен жеп, жауға жеткізіп жүрген, талай адамның қанын төгуге себепші болған жау тыңшысы сен екенсің ғой, – деді. – Тимофей Михайлович, мен ешқандай да тыңшы емеспін. Аппарат менікі емес. Павлик бұтаның арасынан тауып алды. Мүмкін, бізден бұ­ рын отырған басқа біреу тастап кеткен болар, – деп, ол мүләйімсіп бұл­ тара бастады. – Өтірік айтпа. Сенің барлық сырың мәлім, елуінші нөмерлі агент. Өзіңді танитын шығарсың, – деп неміс армиясы лейтенанты­ның форма­ сымен түскен суретті тыңшының көзіне тақады. Тыңшы өз суретінен тана алмады, бұған дейінгі жасанды реніштің орнын үрей басты. Басы сылқ етіп, жерге қарады. Салы суға кеткен, оның көз алдынан соғыс алдында күнбатыс Украинадан қашып Германияға баруы, әскери қызметке орналасуы, ондағы зайыбы, соғыс кезінде талай жазықсыз совет азаматын оққа ұшырып, жалмағаны, мүлікке қызығып қатерлі жолға түскен өз халі, енді барлық зұлымдық әрекет­ тері әшкереленіп, кек алушылардың қармағына ілінгені, дәл осы қауіпті жағдайдан құтылудың амалы сияқты алуан түрлі ойлары тасыған судай жылжып өтіп жатты. – Тимофей Михайлович, – деді ол бір кезде басын ке­нет көтеріп алып, – мен неміс офицерлерімен, фашистерге қызмет еткенім де, гес­ тапо көп ақша бермек болған соң сіздерге тыңшылық мақсатпен кел­генім де, партизандар жөнінде хабар беріп тұрғаным да рас. Барлық кінәм­ды мойныма аламын. Жаңылдым, кешіріңдер. Келешекте партизан­дарға таза шын пейіліммен қызмет етуге ант етем. Тек жанымды қиыңдар, – деп кемсеңдей бастады. Тимофей Михайлович сөзді келте қайырды: – Отаныңа опасыздық жасаған сатқын Василий Харитонович Кравчук Ұлы Отан атынан өлім жазасына бұйырылады. Үкімді табанда орындау

үшеуіңе тапсырылады, – деп, Мәжит, Павел, Батырханды нұсқады да, алға қарай жүріп кетті. Түн. Аспанда асықтай да бұлт жоқ. Мөлдір аспанда маржандай тізілген жұлдыздар ғана жылтырайды. Аумағы әудем жердей алаңды екі жақ бірдей аңдып жатыр. Бұған қару-жарақ тасталатыны жайында жау да хабар­лан­ ған тәрізді. Бірақ амал не, жаңадан координат өзгерту жөнінде қайта хабар берілмеді. Бергенде – қоршаудан қалай шықпақшы. Сағат жиырма үшке жақындай бергенде-ақ тықыршық атып жүргендердің құлағына тұнық әуені жара шыққан самолет үні естілді. Сәлден соң-ақ қақ төбеге келген совет қырандары партизандардың жаққан от белгісін байқады білем, алаңды екі-үш рет айналды да, аққан жұлдыздай түйіліп келіп, бірінен соң бірі қанатының астынан «Үлкен жердің» партизандарға жіберген сәлемдемелерін парашютпен тастай бастады. Самал желдің екпінімен толқып келе жатқан парашюттер төбеден аққан жұлдыздай жарқ-жұрқ етіп, сызыла төмендеп келеді. Парашюттердің кейбіреулері жел айдап партизандар жат­қан жерден алыстатып әкетіп, жау шебіне таяу да түсіп жатыр. «Үлкен жерден» күш алған кек алушылар да жауға бар оқты аямай еселей соқты. Күнбатыс жақтағы жаудың қалың қолымен тіресіп жатқан Жылбек ротасы шебінің дәл алдына түскен парашютті басып қалуға тырысқан жау қолы көп шығынын елеместен ашықтан-ашық шабуылға шықты. Пар­тизандар да пулеметтері мен автоматтарын бебеу қақ­тырып кескілесті. Атыс онан арман күшейе түсті. Бұлардың селдете атқан оғына қарағанда, алақандай жерде үлкен бір пар­тизан бөлімі айқасып жатқан тәрізді. Көк шинельділерді буылған теңнің маңайына жолататын емес. Фашистерге екі рет тойтарыс берілгенмен, шабуылды тоқтататын емес. Мұны білген Жылбек екі взводты жаудың екінші бүйірінен апарып салды. Жауып тұрған оқтың астымен жер бауырлап барып теңге әрең жеткен Павлик бастаған төрт партизан ақыры қапты парашютымен қоса жау иегінің астынан алып шықты. Оң жақ бүйірден тұтқиыл шабуыл жасаған кек алушы­лар оқты нөсердей жаудырып, жаудың әскерлерін жерге жабыстырды. Ысырапсыз шығынға душар болған жау қолы кейін шегіне бастады. Айқас таң ала көлеңкелегенге дейін тоқтамады. – Барлық партизан бөлімдері алма-кезек атыса отырып, күншығысқа қарай шегінсін, – деп бұйрық таратты. Кек алушылар таң ата ғана жаудың жартылай құрған шеңберінен шығып үлгерді. ХХVІІІ Кек алушылар әлсін-әлсін дем алып, оңтүстікке қарай жылжыды да, ит тұмсығы батпайтын қалың ағаштың ішіне бекітілді. Коротченко самайынан бетін айғыздай аққан терді жеңімен бір сүртті де, жанындағы Лебедевке:

– Бүгін күні бойы жау шебін барлатып, олардың күшін, ниетін білейік, – деді. – Енді тым сақ болған жөн. Қысылғанда бізге қол ұшын беретін бұл өңірдің тұрғын халқы түгелімен босып кеткен. Жігіттер ашығып, саңырауқұлақты талшық еткеніне бірнеше күн болды. Қиыншылыққа төзімді, қанша мықты болғанымен, әлден бір айырылса, қайтып қалпына келтіру қиын болады. Төңіректі шолып, ең алдымен азық-түлік жинап алу керек. – Жоспарыңыз өте дұрыс, – деді Лебедев, – түнде бюро мүшелері де осы жағын ойластыруды мақұлдады. Ендігі жерде партизандарға жау­дың, еселеген шабуылына тойтарыс беру қиын емес. Тимофей Михайлович қолын қалтасына салып сәл тұрды да: – Енді аялдауға болмайды, – деп, Жылбек ротасын барлауға жіберді. Барлаушыларды жібергеннен кейін жалғыз қалған Тимо­фей Михайлович аздап тынығып алайын деп, ыңғайлы орын іздестірген­дей айналасын бір шолып өтті. Қалың жынысты қарағайдың ішінде жалғыз өскен саялы еменнің астына келді де, плащ-палаткасын жайып, жан­тая кетті. Өткен күндердегі дамылсыз ұрыстың, бүгінгі суыт жүрістің зардабы ғана байқалғандай, тұла бойы дел-сал, шойындай біртұтас дене алқамсалқам тәрізді денесі сырқырайды. Қатты шаршағандықтың белгісі ме, әлде орын жайсыз ба, әрі дөңбекшіп, бері дөңбекшіп, өзінің ұйықтай алмасын білген соң, басын көтеріп, ағаш діңіне сүйеніп отыра кетті. «Иә, Тимофей, сен де мына емен сияқты қартайғансың-ау», – деген ой келді өзіне. Бірақ бұл ойының оғаштығын сезген жоқ. Емен бұл маңда қайдан келді екен... Қалың қарағайдың арасында не бітіріп тұр? Анау ұшар басы аспанмен тілдескен сидан қарағайлар да мұны көлегейлей алмаптыау. Қайта иір де салалы бұтақтарын жая, жақындағы ағаштарды әрі тықсыра, еңсесін биік көтеріп тұр. Өсімдік атаулы күн сәулесіне құштар, орман ағаштары да сол үшін бірімен бірі бой таластыра өседі. Мұны жақсы біле тұрса да, әдетте қарағайдан қатыңқы келетін мына еменнің бұтақ арасынан ұшын көре алмағандығына Тимофей Михайлович қайран қалды. Еменнің тартыста жеңіп шыққан мына тәкаппар бейнесі оны іштей сүйсіндірді. Кенет жаудың сыңсыған қолының қоршауында қалған өздерінің жайы да осы жалғыз еменге ұқсайтыны есіне түсті. Иә, тап қазір емен де, бұлар да жалғыз. Еменге енді өз тектестері тарапынан қауіп жоқ, снаряд пен бомба болмаса, енді мұны табиғат күші игере алмас. Ал біздер ше? Бізге бүгін саясын берген мына орманнан ертең не рақым? Айналасы алақандай жиырма-отыз шақырым жер ертең тарыла түскенде, бұл бізді жасырып қала ала ма? Кеше ғана басқа пана, аш өзекке бүлдірген-жидесі, саңырауқұлағы тылсым болған бұл орманмен қоштаспасқа амал жоқ. Қоштасу жолы қашан да ауыр. Бұл – жай қоштасу емес. Бірінен-бірі еріксіз айырылмақшы. Қатыгез жауды жеңгенше талай жан құрбан болмақ. Иә, азаттық, жолы әрдайым қымбатқа түседі». Тегінде, адам өмірдің ыстығы мен суығына, аштығы мен жала­ңаш­ тығына шыдамды-ақ, бірақ ол нәрсеге мәңгі-бақи көнбек емес. Ол ажалға

ғана өз бетімен мойынсұнбайды. Оған еңбектеген бала да, еңкейген қарт та жайдан-жай беріле салмайды. Сұрапыл соғыс өртінің ішінде жүргенде де еш адам өзін өлімге қимайды. Адам өмір үшін, азаттық үшін жара­ тылған. Сондықтан ол өлім мен құлдыққа туғаннан қас. Сол үшін ажал­ мен белдеседі. Бұл жолы партизандар жазалаушы неміс дивизиясы­ның басым күшінен ғана қаңтарылып отыр. Еріксіз келіп тығылған тығы­­рық­ тан шығудың сонда да амал-айласын ойластыруда. Өйтпесек болмайды; алды да, артты да аңдып ажал тұр. – Әу, Тимофей, неғып тұнжырап отырсың? – деген Петр Васильевич­ тің сұрағы әлгі ауыр ойлардың желісін үзіп жіберді. – Әншейін, өткен-кеткенді қайта бір қазбалап шықтым. Ал бар­лау­ шылардан не хабар? – Әлі жоқ. Түс ауды ғой, көп ұзамас, келіп те қалар. – Петр Васильевич, өзің айтқан жауапты кезең бүгін туды. Мыңның тағдыры осы алдағы ұрыста шешілмек. Менімше, бұл жолғы опера­ция­ ның негізгі мақсатын жұрттың бәрі білгені жөн. Сөзге жүрдексің ғой. Жылы лебізіңмен партизандарды рухтандырып жібергейсің. – Жарайды, бірақ арнайы митингі ашудың реті аз. Одан да мына тынығып жатқан жұртты аралап шығалық. Осы жұрт сөзден гөрі, істің қажеттігін өздері-ақ сезінгендей, – деді Петр Васильевич. Тимофей Михайлович орнынан тұрды. Плащ-палаткасын жинаған болып, жерден еменнің бір жас жаңғағын алып, басқаға байқатпай қалтасына салды. Партизандардың жартысынан көпшілігі әр ағаштың көлеңкесін сая­лап, топ-тобымен ұйықтап жатыр. Қайсы бірі ағаштан мосы жа­ сап бірдеңелерді қайнатуда. Ал енді біреулері өткен-кеткенді айтып, дабырласып отыр. Командир мен аудандық комитеттің секретары осындай сергек топ­­тың біріне бұрылды. Он шақты адам. Ішінде Жамал, Маяны ұстаған Тамара. Павлик, Мәжит, Батырхан, тағы төрт-бес жігіт отыр. Бұларға жақын­­дай бергенде Тамараның сыңқылдаған күлкісі естілді. – Қой, қылжақтамаңдар, Мәжитті мұнда қалдыра алмаспыз, – деді Жамал. – Әңгіме не жайында? – деген тосын дауысқа елең еткен олар, жан­ дарына келіп тұрған екі бастықты көріп, кейбірі орындарынан қозға­ лайын деп еді, Петр Васильевич: – Отыра беріңдер, тек әңгімелеріңе ортақ болайық, неге келісе алмай жатырсыңдар? – деді де, Тамарадан Маяны алып, маңдайынан иіскеді. Жауапты Жамал қайтарды: – Мыналар соғыстан кейін Жора екеумізді осында қалыңдар деп азғырғанымен қоймай, енді Мәжитті қалдыр деп отыр. – Ал қалса ше? Белоруссияның Қазақстаннан ешбір кемдігі жоқ қой. – Кем-артығын айтып отырған жоқпыз. Біз неге қаламыз, бұлар неге бармайды?

– Бәрі өзіміздің ел емес пе, Жамал, біз Қазақстанда тусақ, мына Мая белорус жерінің қызы. Менімше, сендер Маямен осында тұруларың керек. Ал мен болсам ойланып көрем, жақсы қыз кездессе... – деп жы­ миды Мәжит. – Мәжиттің басын осындағы бір сұлу мықтап шырмапты. Енді түсінікті? – деді Жамал күліп. Тимофей Михайлович соғыстан кейін болатын жайды ойын-шыны аралас сөз етіп отырған жастарға қарап, өзінің манағы ауыр ойларын есіне түсірді. Жастық – жарқын, қарттық – қасаң болғаны-ау. Бұл отыр­ған жастардың ойына бейбіт өмірге жететіні-жетпейтіні сөз емес. Қол созса, ойындағысын орындайтындай. Бізді қойшы, мына үлбіреген жастар жеңісті көрсе... Тимофей Михайлович қолын төс қалтасына салып, қағазға оралған бір түйір қантты алып: – Мая, Маечка, мынаны ұмытып кете жаздаппын. Бері кел, – деді, соңғы сөзді Жамалдан естіген, әдейі қазақшалап айтты. Бұл кезде Маяның тілі шығып, өз аяғынан тәй-тәй басып, әр нәрсені біле бастаған кезі. Алдына келген Маяға қантты ұстатты да, жоғары көтеріп: – Менің қызым боласың ба? – деді. – Боламын... – Жаңа Тамараның қызы едің ғой? – Тамараның да қызымын. – Павелдың да қызымысың? – Иә... Жұрт ду күлді. Оған Мая елең еткен де жоқ. Тәтті тілімен былдырбылдыр етеді. Командирлерді көріп жиналып қалған жұрттың бірі: – Менің де қызымбысың? – деп еді. Мая бөгде кісіге не деп жауап берерін білмегендей, сәл мүдіріп қалды да, артынша: – Партизан қызымын! – деді. Жұрт тағы күлді. Бұл оған Павлик пен Жылбектің үйреткені еді. Мұның үстіне Маяның әркім бір «менің қызымбысың» деп мазалай бергеніне қайтаратын дайын жауабы да осы болып кетіп еді. Бүгін де әлдебір сәбилік мақтанышпен: – Мен – партизан қызымын! – деді Мая.

Майдандас достарыма ескерткіш. Автор. ОРМАНДАҒЫ ОТ РЕЛЬС СОҒЫСЫ Жалын шашты соғыс жылы, От боп Отан ой мен қыры, Кек пен оққа құрбан болды Партизандар – ардың құлы. Ел мен жерді сақтап қалды – Ардың құлы – адам ұлы!.. Якуб Колик. І А спан өңірін қалың бұлт торлаған. Жаңбыр толассыз құйып тұр. Бұл жақтың жауыны бір жауса, асықпай, саспай, осылайша, кейде құйындата, кейде толассыз жауады. Бір бастауы қиын, бір бастап алса, тоқтамайды: жерінің жазғы нө­сер жауыны мен қысқы дүлей бораны да, елінің ашуы да... Мидай езіліп кеткен жер беті ілгері басқан аяқты кейін тартады. Әбден су соқты болған киім иығыңды басып, онсыз да шаршаған адамды тартпақтап келеді. Киім малмаң, аяқ ауыр, жүргінші шойын көтергендей, діңкесі құриды. Сөйткенмен, табиғат мінезге бай ғой, екі күннен бері сабалаған жауын түске жақын бәсеңдеді. Нөсер енді жұқа сіркіремеге айналды. Қара бұлт шоғырланып, батысқа қарай теңіз толқынындай өркештеніп баяу көшіп барады. Сөгілген бұлт арасынан жылт етіп шыққан күннің сәулесі төңіректі жылыта жөнелді.

Қалың орман ішінде шұбатылып келе жатқан партизан қауым бұлттан шыққан күнді қуана қарсы алды. Партизан­дар шатқалды бойлай ұзыннанұзақ созылған ирек-ирек жолмен өрлеп барады. Шығысқа қарай сұлап жатқан қою қарағайлы жотаға шыға келгенде, дөңесті қуалай соққан самал лебінен қалың өскен ағаш жапырақтары теңселіп қоя берді. Жүз құбылған алуан түрлі балауса жапырақтан жұпар иіс аңқиды. Кешеден бері әлемді күңірентіп, дірдек қақтырып тұрған күннің күркірі де енді жырақ тылдан естілген гауби­ца үніндей, алыстай түсті. Күркіреу бұлт шоғырланған батыс жақтан құлаққа баяу ғана, еміс-еміс естіледі. Шалбардың балағын тізеге дейін түріп алған мынау жұрт – саз кешіп, түн қатып, бел шешпеген болатын. Міне, енді қалың қол орманды қақ жарып аққан мөлдір сулы бұлақ жағасына келіп тоқтады. Көп ұзамай олар бұлақ жағасында қаздай тізіліп, беті-қолдарын жуып, кейбіреулері тіпті киімін кеудесіне дейін шешіп тастап, жалаңаштанып, мұздай салқын сумен төсін қос қолдап сабалап та жатыр. Адам сараң, табиғат мырза. Жорықта кездескен су қандай! Мынау салқын су жуынған жанның денесін сергітіп, жанын жадырата түскендей. Пар­тизандардың біразы малмаңдай су киімдерін шешіп, сығып-сығып, сорғытып, ағаш бұтағына, томарға жайып кептіруге кірісті. Бригада штабы тотияйындай көк жапырақты, көп бұтақты, саясы да мол, сыбдыры да сұлу, сымбатты әсем қарағайдың түбіне орналасқан-ды. Бір бүйірден, қалың орман арасынан, күтпеген жерден шыға келген салт атты жұрттың назарын бірден аударды. Ол ат үстінде қаққан қазықтай тік отыр. Ауыздығымен алысқан тор бестінің тізгінін тежеп ұстапты. Оны тани қал­ған Әбдіғалидың ойы әр саққа бір кетіп, әйтеуір жақсы­ лыққа жорыды. «Әй, мынау кім десем, өзіміздің Павел екен ғой. Сірә өзі, барлаудан оралған болар. Аты да, шіркін, оқтаудай жараған екен. Жүрісі тым суыт қой... Бет келбеті де көңілді екен. Қуанышты сияқты. Бір жақсы хабар әкелген шығарсың. Әлде, шіркін, біздің әскер шабуылға шығып, осы маңға жақындап қалды ма? Әлде кешегі айқаста адасып қалған бір топ жігіттерді тауып алдың ба екен!..» деп жорамалдады Әбдіғали. Көңілі әрқашан сергек, білгісі келіп тұрады. Міне, бұл жолы да жөн білуге құмартқан ол отырған томарынан тұрды. Үстіндегі киімін қағып, өзінің байырғы әдетінше, шалбарының ышқырын қос қолдап жоғары бір көтеріп қойды. Содан кейін анадай жерде темекісін бұрқыратып, сол қолын мықынына тіpeп, торы бестінің үстіндегі Павелге қарап тұрған Коротченкоға қарай жылжыды. Аттан түсіп, торы бестіні ағашқа байлады да, Коротченконың сұрауын тоспастан, Павел баяндай бастады: – Жолдас командир, тапсырмаңызды толық орындадық! Тимофей Михайлович Коротченко оның сөзін бөліп: – Басқа барлаушылар қайда! – деп сұрады. – Олар да келе жатыр. Мен Сізге хабарды тезірек жеткізейін деп, жылдамырақ тартқан едім. – Оларды қалдырып, жалғыз неге оздың? – деп Тимофей Михайлович жігітке қабақ түйе қарады, – айнала бізді торыған жау екенін білмейсің бе?

– Оныңыз дұрыс, жолдас командир! Біpaқ осы жерге eкі километр­ дей қалғанда ғана озып кеттім, олардың мінген аттары да суыт жүріске шыдамай, болдырыңқырап келеді. – Жарайды, eнді көрген-білгеніңді баянда. – Keшeгі бізгe маза бермей жүрген жау жендеттері зым-зия жоқ болыпты. Жергілікті сенімді адамдардың айтуына қарағанда, жаудың жазалаушы отрядтары кеше, ымырт жамыла, бірден үдере көтеріліп шығысқа қарай топ-топ болып, асығыс аттаныпты... – Eшкімі қалмаған ба? – Қалмапты. Ең соңғы бөлімдері түн ортасы ауа машиналарына қаружарақтарын тиеп, орманды асып жөнелген көрінеді. – Тып-тыныш, жып-жылас кете берген бе? – Е, олардың қолы қан, жолы шаң емес пе? Қайдағы тыныш кете берген, осы маңдағы деревнялардың көпшілігін өртеп жіберіпті. Бейбіт жұрттан өлім-жітім де көп. – Деревняларда халық көрінді ме? – Орманды паналаған жұрттың азық-түліктері бітіпті. Жаудың бұл маңнан тайғандарын білген бойда ел өз мекендеріне қайтып жатыр. – Кім білсін, жау өте сақ, өте қу. Мүмкін, кеттік деп, шығысқа қарай із тастап, орман ішінде бұғып тосқауылда отырған жоқ па? – деді Коротчен­ ко ойлана қарап, – осы жағын аңғардыңдар ма? – Жоқ, жоқ, жолдас командир, әбден көзімізді жеткізу үшін, біз жаудың соңғы колоннасын өкшелей отырып, осыдан елу километр жерге дейін ұзатып қайттық. – Олай болса, сіздердің жақсы хабар әкелгендеріңзге үлкен рақмет, дем алыңыздар, – деді қолындағы трубкасынан ащы түтінді будақтатып тұрған командир. – Совет Одағына қызмет етемін, – деді Павлик. Сол бетінде ат дүбірін ecтіп артына жалт қарады да, күлімсірей қалды, кейінгі барлаушылар да штабқа жетіп үлгергенін көрді. Штаб тіршілігі әр алуан. Штаб іргесінен жүз метрдей жердегі ат төбеліндей ғана алаңда Аркадий радиоқабылдағыштың антенна­сын зәулім қайыңның бұтағына іліп, «Үлкен жермен» ертеңгілік байла­нысу сеансына әзірлік жасап жатыр. Сағат онның кезі. Аркадий радиоқабылдағышты тақылдата баста­ ды. Шырша, аққайың бұтақтары бас иіп, Аркадийдің осы ғажап өнеріне мәз болып, сүйсінгендей. Шифровканы қабылдап болды да, ол лентаны барлық ықыласымен тағы біp қарап шықты. Орнынан тұрып жүгірген бойы штабқа келді. – Жолдас командир, «Үлкен жермен» байланыстым. Ол жақ­тағы Штаб офицерлері сізгe көптен көп сәлем айтты. Коротченко шифр тілін сөзге айналдырып, Аркадий әкелген лентаны оқып шықты. «Бүгін түнгі 23–24 сағат мезгілінде партизандардың Орта­ лық Штабының дербес бұйрығын жеткізуге капитан Шилин сіздің алаң­ға парашютпен түсіріледі… Қабылдауға әзірсіздер ме?..»

Коротченко әзірміз деп жауап қайтаруды Аркадийге тапсырды. Арка­ дий енді құпия аэродромның координатын, алаңның оңтүстік жағында және күнбатыс жағында eкі жерде, үшкіл бұрыш от жанатынын және самолет алаңды айнала ұшқан кезде оның сол жақ бүйірінен тағы біp от белгісі лап eтіп өшіп кететінін сол бойда жеткізді. Сонымен қатар Коротченко Шилинге «әлде қалай күн туса», барып, бой тасалауыңа болатын екінші адресті көрceтті. Отзыв, пропуск де­ген­дер қандай сөздермен басталып, қалай жалғанатынын да радио арқылы шифр тілімен жеткізді. Егер, Шилин бой тасалағандай күйде қалса, парти­­зан­ дар жағының шолғыншысы оны біp шумақ Пушкин өлеңімен қарсы ала­ ды. Өйтпесе, ол – партизан емес. Сонда Шилин соның екінші шу­­ма­­ғын айтуы тиіс. Ал, айта алмаса, басқаша шықса, Шилин емес... Бұдан кейін Коротченко мен комиссар Лебедев өзгедей біp тапсырма жайын да тия­ нақтай түсті. – Петр Васильевич, – деді ол Лебедевке қарап, – Ранкенауды ты­ ныштандыру турасында не істеуді ойласайықшы! – Ол өзі біp сақтығы қорқақтықпен шектескен пәле екен... Ау, Әбді­ ғали жолдас! Сенің тобың не бітіpіп, қайтты? – деп осылардың қасында тұр­ған қазақ жігітіне қарады. – Жолдас командир, жолдас комиссар! – деп манадан сөз кезегін күтіп тұрған Әбдіғали дауысы тығыла шықты, – біткен біpaз жұмыс бар. Оның штабына тоқаш жеткіздік, Ранкенауды сол тоқашпен «тамақтандыратын» сенімді адам да бар... – Ол кім? – Анау, асханадағы сұлу келіншек. Бұлар бір-біріне ойлы көзбен қарап, өзара түсіністі. Әбдіғали­дың «тоқаш» деп тұрғаны мина екенін де, «тамақтандыру» дегені – сол ми­на­ны жау штабының астынан бұрқ еткізу екені де түсінікті әңгіме еді бұларға. Сондықтан қазір енді сол жіберілген тоқаштардың жеміс беру жайы, тапсырманы орындаудың тәсіл, тағдыры жан-жақты сөз болып еді. ІІ Түн. Аспан ашық. Маржандай жайнаған жұлдызды жерде тұрып санауға болады. Сүттей ақ, толған ай дәл төбеде жүзіп барады. Парти­­зан­ дар үшкіл бұрыш от жағылған алаңды жан-жақты қаумалай бағып жатыр. Маңайдағы деревня біткендердің бәріне де барлаушылар жіберілді. Көп жерлерге тосқауыл қойылды. Партизан аэродромына Коротченко мен Лебедев бастаған бірнеше адам келіп, көп уақыт аспанға көздерін тігумен болды. Мотор үні естіл­ меді, самолет көрінбеді. – Келісілген мерзімінен он минут өтті, – деді Тимофей Михайл­о­в­ич Коротченко қалтасындағы шойын қақпақ күміс сағатына қарап. – Иә, келетін уақыты өтіп барады. Кешікті ғой, – дей берген Петр Васильевичтің көзіне аққан жұлдыздай, домаланған жалғыз жарық түсті.

Самолет алаңда тұрғандардың үстінен зу етіп бірнеше рет айналып өтті де, алыстай берді. Күткендері бір адам – бір парашют еді. Олай емес, төмен қарай құлдыраған «доптардың» саны әлденешеу. Сол бір жүктерін жамырата қоя беріп, самолеттің өзі қара орманды асып, шығысқа бет алды, түнгі теңіздей толқыған әуе кеңістігіне еніп жоқ болды. Дауысы да бірте-бірте әлсіреп барып сөнді. Аспанға қадалып тұрған топтың көзінде жаңағы қараңдап, тастай домалап төмен түсіп келе жатқан заттардың үстіңгі жағы бірінен соң бірі жалт-жұлт етіп, ағараңдай бастағаны көрінді. Әуені қақ жарып, баяу қалқып жүзіп келеді. Ағараңдаған парашюттер ай жарығына шағылысып, мың құбылды. – Біреу, екеу, үшеу... Жетеу! – Иә, жетеу, сегізінші жоқ. – Жетеуі де адам ба? – Олай болмас, қару-жарақ бумалары шығар... – Солай болар, – деді Коротченко, – бірақ қайткенмен, осының біреуінде әлгі Шилин болуы сөзсіз... Жел айдап басқа жаққа кетіп қалмаса, парашюттің бәрі де осы біз тұрған алаңға құлдилаған сияқты... – Әне, екеуі ме, әл-де үшеуі ме, жерге түсті ғой! Алғашқы парашют алаңның шетіндегі қарағайдың біреуіне ілінді. Түсіп жатқан парашют атаулыны партизан тобы жан-жағынан қоршай келіп, тілсіз жақындасты. Жерге түскен алты парашюттің бәрі де көп ұзамай, сол маңнан табылды. Олар ылғи буылған тең болып шықты. Әрине, бәрі де күтіп отырған бұйымдар. Бір ғана парашют жоқ. Ол – Шилин. Енді партизандар шұрқырап Шилинді іздеумен болды. Бөлініпбөлініп, үн-түнсіз орманды сүзіп жүр. Ораулы тең – адам емес, ол салмақты. Сондықтан алты теңді де жел әкете алмаған. Ал, аз-кем ойыстап, алаңның оңтүстік жағындағы қалың орманға түскен Шилин болса, ол бірден-ақ теп-тез парашютін жинап, қалың бұтаның астына көме қойып, өзі анадай жердегі ұзын қарағайға шығып, маңдағы адамдар дыбысына құлағын тігіп еді. Олардың дыбысы бірде дәл жанында тұрғандай естілсе, бірде жер түбіндегідей алыстап кетеді. Шилиннің партизан өлкесіне барып түсуі, байқатпай, аяқ астынан, жау тылынан шыға келуі бұл жолы ғана емес. Ол – тәжірибелі шолғыншы. Сондықтан жүрек сезімі қаншама: «Бұл жүргендер өз адамдарымыз, кәдімгі партизандар, Отан намысының, азамат арының құлдары» дегенмен де, бірден сорайып шыға келуді оқыстық деп білді. Партизан пердесін жамылып, эсэстер шыға келсе, не болғаны. Барлап, байқап алу – жау тылындағы ең тиімді тәсіл. Мана парашютті көме салып, ағаштың басына шығып үлгерген Шилин бөтен ортаға келмегенін сезген соң, қайта жерге түспек болған. Бірақ арқасындағы солдат қапшығының бауы ағаш бұтағына ілініп қалып, босата алмай, көп әуре болды. Партизандарды жәрдемге шақы­райын десе, «Өлімнен ұят күшті», – деп, оның ретін таба алмай саса бастады. Өзі моншаға түскендей әбден терлеген. «Үлкен жер­ден» ұшарда етігінің

қонышына тыққан кездік бар-ды. Енді кездігін алайын десе, етігінің қонышына қолы жетпейді. Денесі керіп қойған төстіктей қозғалатын емес. Әрі-бері бұлқынып көріп еді, қарағай жіберетін болмады. Сәл уақыт асылған бойы қозғалмастан тұрды. Аз да болса, соның өзінде әжептәуір тыныс алып қалды. Ол енді ағаш басына қайта шығуға әрекет жасады. Бір кезде оң аяғы бір жуантық бұтаққа ілінді. Бұтаққа тиген аяқ жерге түскендей сезінді. Шилиннің қолы кездік сабына тигенде, оның денесін қуаныш билеп, бір сәт көңілі жай тапқандай болды. Бұтаққа ілініп тұрған дорбасының жібін кесіп жіберген Шилин бірден жерге топ ете түсті. Бір тәуірі, еш жері ауырмады. Көп ұзамай жаңағы Шилин түскен маңды партизандар сүзе бастаған. Олардың жақындап қалған дүрсілін естіген Шилин ыршып, сол жағындағы жас бұтаның ішіне жата қалған. Қайткенмен, осылардың партизан екендігіне көзін жеткізгісі келді. Қалың ағаштың арасынан жалғыз адамды тауып ала қою оңайға түспеді. Сонымен, партизан шолушылар сол маңдағы орманды сүзіп келе жатып, «нақ осынау тұсқа түскен сияқтысың-ау!» деген маңайды қада­ ғалай торуылдады. Түн. Қара орманның түкпірі. Эсэстердің бұл маңда көлеңкесі де жоқ. Сондықтан комиссар Лебедев еркін өлеңдетті: «Амал жоқ қайттім білдірмей, Япырым-ау, қайтіп айтамын! Қоймады дертің күйдірмей, Не салсаң да тартамын...» Аз-кем жым-жырттықтан кейін, тоғайдың бір бүйірінен жуан дауыс осынау шумақтың жалғасын әндетті: «Талайсыз, бақсыз мен сорлы, Еріксіз аттап ұяттан... Қорлыққа көндім бұл құрлы, Байқалар халім бұл хаттан...» Бұлардың партизан екендігіне Татьяна сөздерін екеу ара айтысып алғаннан кейін ғана, әбден көзі жеткен Шилин орнынан тұрған... – Шилин деген фамилияң жіп-жіңішке, бірақ даусың зор екен, – деп Лебедев ілгері қарай күле аяңдап, қарсысынан шыға келген адаммен құшақтаса амандасты. Шилинді тауып алғандарына қуанған партизандардың бірі: – Іздегеніміз табылды, – деп дауыстап та жіберген. Лебедевтің артынша, өзгелері де төркіні көшіп келгендей, Шилинді құшақтап сүйіп жатты. Олардың алдында Совет Армиясының капитан формасын киген орта бойлы, сұңғақ денелі жігіт тұрды. Тимофей Михайлович Коротченко: – «Үлкен жерден» арнаулы хат әкелген Шилин сенсің бе? – деп қонаққа қайталап, шегелей сұрау берді. – Иә, арнаулы хат әкелген Шилин мен боламын...

– Ендеше, танысып қоялық. Осы бригаданың командирі Тимофей Михайлович Коротченко деген менмін. Мынау – бригаданың комиссары Петр Васильевич Лебедев, – деді оң жағында келе жатқан дөңгелек ақ бөрік киген, мана қонақпен бірінші боп құшақтасқан ашаң жүзді сары жігітті көрсетіп. – Қош келдің, жолдас капитан. Дегенмен, алғаш жер­ге түскен бойда бізден сескендің бе, қалай! Еш үн қатпай, сыр бермей, бір сағат бойы бізді әлекке салдың ғой. Оныңыз да дұрыс, кім білсін, маңай толған жау, бұл жерде, әрине, сақтық керек. Онша алысқа түспегеніңізді біз де сезіп едік, бірақ түнде, мынау қараңғы орманда жалғыз адамды тауып ала қою кімге болса да қиын ғой, – деп Тимофей Михайло­вич оң жақ жеңінің ұшына тығып тұрған темекісін екі-үш рет сорып тартты да: – Ал кеттік, штабқа барайық! – деді. Штаб орналасқан ну қарағайдың арасында Тимофей Ми­хайлович, Петр Васильевич, «Үлкен жерден» жаңа ғана келген Петр Иванович үшеуі «Үлкен жердің» де, мынау кішкене «аралдың» да жай-жапсар, жаңалықтарын сөз етісіп, ұзақ отырды. Олардың әңгімесі көбінесе майдан тіршілігі, Совет Армиясының табысы жайында еді. Петр Иванович өзінің көрген-білгендерін, естігендерін «Үлкен жердің» айта бар деген сыры мен жырын жіпке тізгендей етіп айтып отыр. Оның әңгімесін анықтай түскісі келген Тимофей Михайло­вич: – Сталинград түбінде болған ұрысқа өзің қатынастың ба? – деп сұ­ра­ды. – Жуан ортасында болдық қой. – Неміс фельдмаршалы Паульстың армиясы қоршауда қалып, арты­ нан біздің армияның шабуылына шыдамай қолға түскенін де көрдің бе? – Фельдмаршал Паульстың біздің қолымызға қалай түскенін өз басым көре алмадым. Алдыңғы шепте жүрдім. Бірақ неміс әскери бөлім­дерінің аш, жалаңаш топтары шұбыра келіп, қалай қолға түскенін өз көзім­мен көрдім. Көргенім көп. Оның бәрін айтсам, бір күн тұрғай, он күндік жыр болады. Байқауымызша, Сталинград – біздің ұлы жеңісіміздің бас­тамасы сияқты. – Ерінбесең, айта түс, Шилин жолдас! – десті штаб адамдары. – Өздеріңіз естіген де боларсыздар, қоршауда қалған Паульс армиясы көпке дейін берілмей, қоршаудан шығудың амалын іздеп бақты. Бірақ біздің армияның болаттай мықты торына түскен жау қанша әрекет жасағанымен, қоршауды бұзып шыға алмады. Немістің басқа армиялары Паульсқа көмек бере алмай, біздің армияның шабуылына тойтарыс та бере алмай, батысқа қарай шегініп жатты. Гитлер қоршаудағы армиясын сақтап қалуға барлық күшін салды. Ең ақырында қолға түсуден басқа амалы болмаған Паульс, біздің армияның алдында сөзсіз тізе бүгуге мәжбүр болды. – Қолға түсушілерді рет-ретімен қабылдап алу үшін әр жерде пункт болды ма? Шилин өздігінен ұзақ сөйлеп кетуге жоқ адам сияқты. Қайта-қайта әңгімесін үзе береді. Тек партизандардан сұрақ болса ғана жауап береді.

Қараңғыда тыңдаушылар мен айтушы бір-бірінің жүзін көріспегеннен кейін, сөз айтудың да шарты келе бермейді. Сонда да жұрт «Үлкен жердің» қолы жеткен үлкен жеңісінен хабардар болуға құмар. Қонақ сөйлеп отыр. – Қолға түсу – әскердің сорлы болуы ғой. Тура бар ғой, қораға айдал­ ған қой сияқты олар. Неміс солдаттары әскери құралдарын тастап, топтобымен қолдарын көтеріп, біздің әскер бөлімдеріне берілгенде бар ғой, олардан жуас жан жоқ... Ал солар 1941 жылдың июнінде қандай еді, ә?.. Май­дан атаулының барлығында да жау қазір кейін шегінді. Немістің өрісі енді тарыла бастады. Жеңіске деген сенім бізде күшті. – Майдан хабарымен қатар, құрметті қонақ, ел өмірінен де әңгіме шерте отырыңыз. Шилиннің айтуымен Әбдіғалидің ұққан түйіні – халық майданға деген көмегін күннен-күнге молайтып жатса керек. Жиған-терген қаржы­ла­рын самолет, танк колонналарын құруға майданға жіберу кейінгі кезде әбден етек алған патриоттық бастама болған. Шилин Қазақстан майданның бай арсеналы болып отыр. Көмірлі, темірлі, қорғасынды, мысты Қазақстан соның бәрін армияға беріп жатыр. Армияның азық-түлігі де Қазақстаннан келіп жатыр деген пікірін біраз әңгіме етті. Осы орайда Әбдіғали Төлегенов мынау отырған қауымға нақ сол Қазақстанның тұтастай өзі, ел тұлғасы сияқты боп көрінді. Әбдіғали да бір қозғалып қалды: – Әрине, онсыз бола ма! – Қоя тұр, қонақ айтсын... – Жолдас командир, өзіңізге белгілі, бұл жерде электр шамы да, керосин шамы да, май шам да жоқ қой. Бір кезде керегі болар деп қоржыныма тығып жүрген май қарағайдың жаңқалары бар еді, жарық етсем қалай көресіз? – деп тісін ақситып күлді де, командирдің отыр­ған жеріне жақындай түсті. – Жаға ғой. Тым болмаса келген қонақты көріп отырайық, тек мен мұнда дегізбей төмен ұстарсың, – деді Тимофей Михайлович. Капитан Шилин ашаңдау, істік мұрын, шегір көзді, орта бойлы сары жігіт екенін Тимофей Михайлович енді ғана, Әбдіғали шамының сәулесімен ғана көрді. Командир де, комиссар да Әбдіғалиды қатты сыйлайтын. Соңғы бір әңгіме-дүкен осы Әбдіғалидың сұрағы арқылы өріс алса да, оның сұрағы кейде болымсыздау мәселе турасында болса да, мұның бәрі уақытты шығын етсе де, олар партизан сұрауына да, оған қайтарған Шилин­­нің жауабына да бөгесін болмады. Енді тоқтайық, іскер әңгімеге көшейік дей қоймады. «Үлкен жерден» адам көп келе бермейді. Сұрасын, білсін деп ойлаған-ды олар. – Жолдас капитан, майдан шебінен өту қорқынышты ма екен? – деді тамағын кенеп Әбдіғали. – Біз самолетпен ұшып өттік қой. Майдан шебін төменде сумаң­дап қаз-қатар ұшқан оқ пен оқта-текте жарылған минаның жарқыл­даған отынан ғана білдік.

– Өздеріңізді атқылады ма? – Бізді аяйды ғой дейсіз бе? Самолетті атқылап бақты. Әйтеуір, бірдебір оқ дарымады. – Аман-есен келгендеріңізге қуаныштымыз. – Мен де сіздердің орталарыңызға келіп түскеніме шаттанамын. Осылайша, амандық-саулық, жаңалық хабар сөз болып бітісімен: – Сіз әкелген бұйрығыңызды көрсетіңізші. Тапсырманы біле оты­ райық, – деді Петр Васильевич отқа жақындай түсіп. Осы сұрауды күтіп отырған Шилин мойнына асынған планшетін қолына алып ашты да, ішінен аузы сорғышпен желімденген ақ конвертті алып, оң жағында отырған Коротченкоға ұсынды. «Сен де жақын кел» – дегендей, ол Лебедевке қарады. Қолындағы ақ конверттің шетін еппен жыртты да, ортан белінен айқастыра тіккен ақ жіпті үзіп, ішіндегі бүктелген қағазды алды. Бұл маңда ешкім жоқ па дегендей жан-жаққа мойнын бұрып қарады. Жақын жерде жан жоқ екендігіне көзі жеткен соң Лебедевке бір қарап қойды да, оқи бастады: Партизандардың Орталық Штабы бұйрығының қысқаша мазмұны былай болып шықты: Бұзылған темір жолды жөндеуге жау жақта рельсі тапшы болып, жетпей жатыр. Көптеген темір жол жұмыс істемейді. Жау жағында майданға әскер және қару-жарақ жеткізу мәселесі ауырлай түскен. Сондықтан барлық партизан отрядтары жау тылында рельс соғысын кеңінен өрістететін болсын. Ол үшін барлық партизан отряд­тары жарылғыш құралдармен толық қамтамасыз етілетін болады. Рельс соғысының мәні – жау тылында темір жолдарды істен шығару, сөйтіп, оның әскерлеріне қару-жарақ, азық-түлік, тың күш жеткізуін болдырмай тастау, желкеден қию де­ген сөз екені түсінікті еді. «Бізге әрі жауапты, әрі ауыр міндет жүктелген екен. Біздер бүгін­нен бастап ол бұйрықты орындауға кірісеміз. Бірнеше бөлімшелерді дайын­дау керек». – Коротченко қолдың саласындай қаз-қатар самсай өсіп тұр­ған жас қарағайға қа­рай отырып, осындай қорытындыға келді. Петр Васильевич бұйрықты асықпай тағы бір қайталап ішінен оқып шықты. Ол қасындағы Тимофей Михайловичке: – Осы тапсырманы біз қазірдің өзінде-ақ орындап жүргеніміз жоқ па? – деді. – Орындап жүрміз. Бірақ ол енді заңды жүйеге айналған және бұрынғы істегеніміз, демек, жеткіліксіз болған. Былайғы уақытта жау пайда­ланып отырған темір жолға тыныштық бермеуіміз керек. Реті келсе, бүтіндей істен шығарып, әскер, қару-жарақ таси алмайтын күйге түсіргеніміз жөн. Меніңше, партизандардың барлығын да мина мен тол пайдалануға тез арада үйрету дұрыс. Ол үшін әр батальонда бірнеше бұзғыштар бөлімшесін ұйымдастырамыз. – Сіздің айтқаныңыз дұрыс. Әрбір партизан алдымен өзі темір жолға тол қоюды, жарғыш капсюльді пайдалануды, шнур тұтандыруды жетік білетін болсын. Ондай тәсілді білмесе, өзі жазым болуы да мүмкін. Оқытқан жөн.

– Бізде, енді жарылғыш құралдар жеткілікті болды. – Бүгінгі самолеттен түскен алты теңнің бәрі де жарылғыш заттар. Ертең кешке, аманшылық болса, тағы бірнеше самолетпен қару-жарақ жіберетін көрінеді. Меніңше, ертең түс ауа Павлик пен Ақәділовтің бөлімшелерін Кричев – Унеча арасындағы темір жол бойына жібергеніміз жөн болар. Ол бөлімшелер ертең түні бойы жүріп, таң ата темір жолға жақындап, қалың орманға тоқтайды, іңір түскенше бой көрсетпейді. Тек бүрсігүні қас қарая тапсырманы орындауға кірісетін болады. Күндіз барлаушы жіберіп, әрине, темір жол бойын шолып, жағдайды біліп алуына да мүмкіндік бар. – Сіздің жобаңыз маған өте ұнап тұр. Бірақ бірнеше күн ұдайы үдере көшіп, демалмаған олар бір-екі күн дем алмаса, ертеңгі түні бойғы суыт жүріске жарай қояр ма екен? – Жоқ. Неде болса, ертең жорыққа аттанатын болсын. Бұл өте маңыз­ ды тапсырма екенін біліп отырсыз! – деді Ко­ротченко. «Созуға болмас. Кешегі мәліметке қарағанда, дұшпан арттан қосымша күш, қару-жарақ алатын көрінеді. Соларын ала алмайтындай етіп, темір жолды алдын ала бұзып тастау қажет. Жау да қаннен-қаперсіз, жайбарақат жатпайтын бо­лар. Олардың да барлаушылары мен тыңшылары суық қаһарын тігіп отырғанын ескерген жөн. Оның үстіне біздің жігіттердің мұндай қиын жорықтарды көргені осы ғой дейсің бе», – деп ойлады командир. Оның бұл ойын комиссар да жөн тапты. «Бұл да дұрыс. Талай-талай ауыр жорықтарды басынан кешірген, жаудың құрған көптеген торынан аман өткен, фашистермен алуан түрлі айқасты жеңіп шыққан, қиыншылыққа әбден піскен жігіттер ғой. Мен оларға сенемін», – деп топшылады бұл да. – Павликті, Зарецкийді, Ақәділовті, осында шақырып кел, – деді Тимофей Михайлович. Сәл уақыт өткен соң: – Жолдас командир, Сіздің шақыруыңызбен келдік, – деп, үш жігіт жүгіре басып штабқа келді. Тимофей Михайлович шалбарының оң жақ қалтасын аударып бұрышбұрышында қалған, насыбайдай әбден үгілген бір ғана орауға толартолмас темекіні алақанына қағып салды да, бір жапырақ газет қағазына орап, тұтата алмай аз-кем әуреленіп отырды. Бензин құйылған шақпағын екінші рет жағып әзер дегенде тұтатты. Темекінің түтінін ішіне терең тартып, есіне бір нәрсе түскендей сәл ойланып қалды. Сонан соң ұйқыдан жаңа оянған адамдай селк етіп, келген жігіттерге шегір көзін қадай қарады да, мойнына асынған планшетасындағы топографиялық картасын алды: – Мынау – Бони разъезі. Осы араны қарап алыңдар. Шығысқа қарай кететін темір жол тура орманның ішімен өтеді. Барлаушылар­ дың айтуларына қарағанда, жау темір жолдың екі жағалауындағы орман ағаштарын жүз метрге дейін қырқып тастаған көрінеді. Орыстың тоғайы немістердің зәре-құтын алған соң, солай етпей қайтсін! Одан қорықпайақ қойыңдар. Ол темір жолды барлау үшін сендерге де қолайлы. Сендер дәл осы бір жердің рельсіне тол қойып бұзасыңдар, – деп сұқ қолымен бір ноқатты көрсетті.

– Бұл қарайған – үйдің белгісі ме? Болмаса басқа бірдеңе ме? – деді картаға мойын созып үңіле түскен Павел. – Біздің барлаушылардың айтуынша, ол – ағаштан қиып салынған ескі сарай көрінеді. – Онда не бар екен? – Ештеңе де жоқ, бос тұр. Кезінде орманшылардың сарайы болған. Картаға қарап бұлар енді сол маңға баратын жолдарын да белгілесіп алды. Алдын ала бұлардың жүретін жолын сызып беру де қиын. Жолдары толған деревня, онда жау бөлімдері болуы да ықтимал. Қайткенмен де бірде-бір адамның көзіне түспеулері керек. Ол үшін күндіз орманда демалып, түнде ғана жүруге ту­ра келеді. – Партизанның панасы – орман, серігі – түн! – деп қойды Коротченко. – Дұрыс сөз! – Жағдайға қарай жолды өзгертулерің де керек болар... – Дегенмен, шамамен болса да, картадан белгілеп алғанға не жетсін! – Жарайды, – деді командир, – мынау созылып жатқан жасыл белгілерді көрдіңдер ғой. – Көріп отырмыз. – Ол – орман. – Біздің қазіргі орнымыз мына бір жерде. Осыдан оңтүстікке қарай созылған орман арасымен жүріп отырасыңдар... – деп, Тимофей Михайлович карта бетінен, олардың жүретін маршрутын толық көрсетті. Сонан соң орнынан қозғала беріп: – Қалай, жүретін жолдарың енді түсінікті ме? Өздерің ертең түс ауа» жүруге даярсыңдар ма? – деп сұрады. – Біз даяр боламыз. Бүгін түні жақсылап дем аламыз да, таң атысымен жорық әзірлігіне кірісеміз, түс ауа жолға шығамыз. – Ендеше, жолдарың болсын! Табыспен, аман-есен қайтуларыңа тілектеспіз, – деп Коротченко мен Лебедев жарыса сөйлеп әлгі үшеуін шығарып салды. Өздері аналар қалың өскен жас қарағайға еніп әбден көз жазғанша қарап тұрды. Жылбек Ақәділовті партизан қауымы Жора деп атап кеткен. Ертеңінде сол Жораның, оның артынан Павликтің бөлімшесі командованиенің тапсырмасын орындауға аттанып та кетті. Қою түн. Орман іші тастай қараңғы. Жыланша ирелеңдеген жалғыз аяқ соқпақпен Жора бөлімшесі келе жатыр. Бұл топта Әбдіғали да бар еді. Дөңес бетінде жамыраған қалың қайыңды артқа тастасымен, соқпақ шағын ғана алаңқайдан өтіп, тура солға қа­рай бұрылды. Алдағы барлаушыларды кенет тоқтатты да, Жора басқадай бұйрық берді: – Әбдіғали, Тамара екеуің алдыңғы жақты шолып келіңдер. Алды­ мызда шағын деревня болуға тиісті. Біз деревняны орман ішімен алыстан айналып өтуге тиістіміз. Деревняда полицайлар мен жау солдаттары

болуы ықтимал. Сақ болыңдар. Барлаудан тезірек қайтуға тырысыңдар, барлаушы деген барған жолымен қайтпайтынын есте ұстаңдар! – Біз кеттік, – деп екеуі жолдастарымен қоштасып, дорбаларын арқалап көрсеткен жаққа қарай шапшаң басып жүре берді. – Біз барлаушылар келгенше осы жерде боламыз. Бірақ темекі отын жең ұшынан шығармайтын болыңдар. От түн баласында алыстан көрінеді. Абай болыңдар! Арқадағы жүктеріңді шешіңдер, – деді де, Жора иығындағы жүгін ағаш түбіне қойып, жас қарағайға сүйеніп отыра кетті. Денесіне дымқыл жердің сызы өткен кейбір жігіттер орындары­нан тұрып, ағаш бұтағын сындырып астарына төседі. Кейбіреулері өткенкеткен әлденені айтып, күбірлесіп ұзақ сонар әңгімеге енді. Абайла­май дауыстарын шығара сөйлегендеріне: – Ақырын сөйлеңдер, түнде дауыс алыстан естіледі, – деп басып қояды Жора. Баяу ғана соққан самал жел ағаш жапырақтарын сыбдыр қақтырып, сансыз үнге салып тұр. Анда-санда саздағы бақылдаған бақаның даусы тыныш, тұнық түнді қақ жарып құлаққа дөрекі естіледі. Әлден уақытта біреулердің батыс жақтан келе жатқан сыбдыры білінді. Жұрт назары соған ауды. Дыбыс шыққан жаққа құлақ тігіп отырысты. Ағаш бұтағына ілулі тұрған автоматтарын қолдарына алған жігіттер әр томарды қалқан етіп, сыбдыр шыққан жаққа қарай жата қалысты. Олардың күткені тосыннан шыға келетін жау барлаушылары еді. А дегенше болмай ит мұрны өтпейтін ну ағаштың арасынан шыға келген екі адамның көмескі көлеңкесі байқалды. – Пароль, – деген қарауындағы сақшының қатаң даусы естілді. – Москва, – деп жауап берген адамдардың даусын танып, отырған жұрттың көңілдері орнына түсіп, «Өзіміздің барлаушылар екен ғой», – деп орындарынан тұрды. Партизанда ат көп: әуелде ата-анасы қойған ежелгі есіміне қоса, тар кезеңде жолдастары қойып алған жасанды есімдері де қатар жүріп жатады. Кең даланың құсына да ұқсайды партизан. Тарғыл деуге де, қоңыр, буырыл, қара торы деуге де болатын бір құстар кездеседі. Партизанның есімі де сол сияқты, бірде олай, бірде бұлай айтыла береді. Әбдіғали Төлегеновты мұнда біреулер Алеша десе, біреулер Батырхан дейді. Міне қазір: – Батырхан, сен маған жақын кел. Көрген-білгендеріңді баяндаң­- дар, – деді Жора. Тамара баяндады. Олар деревняның солтүстік жағында шеткері, оңашалау орманға таяу тұрған үйдің қасына жақындаған, жалғыз теректің түбінде жатып, ұзақ уақыт деревняны бақылаған. Көпке дейін ештеңе білінбеген. Қарай-қарай әбден көздері, тыңдай-тыңдай құлағы талған. – Бір кезде, – деді Тамара, – енді не болса да қайтайық деп басымды көтере бергенімде, Алеша: «Жат, тұрма», – деп, қос қолдап етегімнен тартып қалды. Алдыма қарасам, көшенің оң жағындағы көк қақпалы

ағаш үйдің бұрышында біреудің қараң еткені бар емес пе? Ұзамай-ақ, әлгі үйден үш адам шығып, бізге қарай жақындап келді де, ойыстай жүріп, сол жақтағы ағаш шатырлы, жұпыны қоңыр үйге кірді. – Сен несіне, осынша созып тұрсың. Тоқ етерін айтпайсың ба? – Ендеше, бұл деревня толған неміс екен. – Деревняға соқпай жүретін жол бар ма? – Бар. – Олай болса, көп сөзді қой. Таң білініп қалады, тезірек жүріп ке- ­тейік, – деп Жора бас жағында жатқан дорбасын иығына ілді де, – Батыр­ хан, Тамара, екеуін әлгі көріп келген жолдарыңды көрсетіңдер, – деді. Жора бөлімшесі қалың орманның ішімен деревняны алыстан орай жүріп келеді Неміс басқыншылары әлде бірдеңені сезді ме, болмаса байбалам сақтығы ма, әлде өз күшін көрсеткісі келді ме, деревняның оңтүстік жағына қарай пулемет пен автоматын безілдетіп, жалын отын сумаң­ датып, шырт ұйқыдағы бейбіт елдің шырқын бұзып жатты. – Сескенбеңдер, бұл – жау жендеттерінің қорыққаны болар. Тек сақ болу керек. Егер осы маңға біздің келгенімізді сезгендей болса, олар шыр көбелек айнала атуға тиіс. Мұнысы – жаралы аюдай қансырап, жаны шығатын мезгілі жеткенінің белгісі. Тұрғын елге күш білдіріп, қыр көрсеткені ғой, – деп Жора қасындағы жолдастарын жігерлендіріп, көңілдерін аулап келеді. Таң аппақ болып атты. Аспан шайдай ашық. Бозторғай әлдебір белгі бергендей, шырылдап әнге басып жүр. Партизандар қалың бұталы орманға тоқтады. Жора алды-артқа, екі бүйірге күзетке тұратындардың кезегін тағайындады, оларға тапсырма берді. Содан кейін: – Енді осы жерде күні бойы дем аламыз. Естеріңде бол­сын, алысқа шықпаңдар, көп жүрмеңдер. Бұл кезде, әсіресе, кешегі жауыннан кейін, орман ішінде жидек, саңырауқұлақ терушілер кездеседі. Біреу-міреудің көзіне түсіп қалмау керек. Деревняның тұрғын адамы болса ештеңе емес. Мұндайда көптің ішінде жаудың әдейілеп жіберген тыңшылары да жүреді. Осы жағын жолдастарына қатты ескертті де Жора дорбасын басына төсеп, ағаш түбіне жантайып көз іліп алғысы келді. Күн төбеге келген мезгілде, ұйқылары қанған жігіттер бір-бірлеп бастарын көтере бастады. – Қалай, жақсы демалдыңдар ма? Тұратын уақыт та болды. Енді, тамақтанып, алға қарай жүргеніміз жөн, – деп орнынан тұрған Жора маңайына көз жіберіп шолып өтті. Көзіне бүк түсіп, қарағай түбінде әлі шырт ұйқыда жатқан Тамара түсті. Дәл осы мезгілде, Жораның көз алдына артта қалған Жамал мен Мая елестеді. Ол бір сәт қиялға еріп, әлгі жерде қозғалмастан тұрып қалды. Тамараның етегіне оралып, бір елі қалмайтын кішкене Мая қазір кімнің қолында жүр екен деп ойлады. Әлде, жау жазалаушылары қайта оралып, елдің тынымын алып жатыр ма екен? Жамал, қайдасың, Мая, қайдасың?

Үйірінен адасқан балалы үйректей, екеуің бір бүйірде қалып кеттіңдер. Тағдырларың не болар! Шырмауықтай шырмалып үсті-үстіне оралған ойдан айығу үшін Жора қасындағы жолдастарына әңгіме айтып, күлдіріп отырған Батырханның қасына келді. – Жолдас командир, жүретін уақыт болды ғой. Сіздің асығатын түріңіз жоқ, – деді Батырхан батыл сөйлеп. – Уақыт болғанда қандай. Енді жарты сағаттан соң жүруіміз керек. Темір жол басына жетуге он бес километр шамасындай жер қалды. Бұлар Бони разъездерінің шығыс жағына баруға тиісті. Ол жер тол қоюға тіпті қолайлы. Жаудың темір жол бойындағы орманның ағашын жүз метр бойы отап тастағаны дұрыс та болып шықты. Араларында әр саққа жүгірген әңгіме болды: – Жау да жайбарақат отырмаған болар. Темір жол бойының әр жеріне күзет қойған шығар. «Фашистердің күзетінен қорықсақ, тапсырманы орындай алмай­ мыз. «Жау жоқ деме, жар астында» дегенді қазакем дұрыс айтқан», – деді ішінен Жора. Жораның ойын оқып қойғандай Әбдіғали алғашқы сөзін сындарлай түсті. – Дұшпаннан осы уақытқа дейін қорықпағанда енді қорқар дейсің бе? Сақтықта қорлық жоқ деген емес пе? Жүретін мезгіл болды білем! – деді. – Ендеше, Тамараны, оятайын, – деп Батырхан ұйықтап жатқан оны жұлқылай бастады. Қатты ұйқыдан көзін ашып алған Тамара: – Саған не болған? Адамға тыныштық бермейтін болдың ғой, – деді. – Тыныштығыңды бұзған мен дейсің бе? – Сен емей, кім? – деді күліп. Ішінен басқа сарында отыр: «Сен қойшы, Алеша! Қалжыңды түсін, Алеша!» – Ендеше, тезірек тұр. Жүретін уақыт болды. Көп ұзамай партизандардың барлығы да жорыққа даяр» болды. Алдында сақадай сайланған жігіттерге көз жіберіп, тағы бір шолып өтті де Жылбек: – Маңай толған жау екендігіне көздерің жеткен болар. Темір жолға жақындаған сайын жүрісіміз қиындай түседі. Кенеттен кездескен жау­мен айқасып, Отан әмірін орындар сәт жақындап келеді, – деп алға қарай ым қақты. Келісілген мезгіл де болып қалды. Қас қарайды. Орманның бір жақ қабырғасын жұрындай жөнелген оқтаудай жұмыр, оқтай түзу темір жол да көрінді. Партизандар орман шетінде, ағаш тасасында отырып, көздері талғанша темір жолды бақылады. Көз жетер жерде ешкімнің жүргені де, сыбдыры да естілмейді. Әлден уақытта Жылбек қасында тұрған Әбдіғалиға: – Сен еңбектеп темір жолға шық. Артыңнан іле-шала біз де шыға­- мыз, – деді. Әбдіғали осындай бұйрық күтіп тұр еді. Ілгері қарай суырыла шығып: – Ал, кеттік. Тоқтауға болмас бұл тұста!.. – деді. – Байқа, бұғып жатқан жау тосқауылына ілініп қалма.

– Тәуекел! – деп Әбдіғали тоқтар емес, жер бауырлап, қарнымен жерді сызып келеді. Бір қолында автомат, арқасында тол, беліне қыстырғаны қол күрек. Көп ұзамай оның қолы темір жолдың рельсіне тиді. Сол-ақ екен, ол күрекпен рельстің астындағы әбден нығыздалып тапталған топырағын қазды да, жанында жатқан толды бір-бірлеп темір жолдың әр жеріне құнттап қоя бастады. Бұл кезде оның жолдастары да темір жолға жетіп үлгерген еді. Олар да ұзыннан-ұзақ көгендеген қозыдай тізіліп, рельске жарылғыш тол қойып жатты. Осылайша, Коротченко мен Лебедев отрядтары жау тылында рельс соғысын бастады. Сәті түсе қалса, бұл өзі өнімі мол әрекет еді. – Шнурға от қойыңдар да, шапшаң кейін шегініңдер, – деп Жылбек бұйрық берді де, өзі еңбектеп, төмен түсті, орманға кірді. Партизандар кейін кетісті. Олардың ізінше толдар жарқ-жұрқ етіп алдан да, оң мен солдан да гүрс-гүрс жарыла бастады. Темір жолға қойылған минаның жарылған дүрсілі біресе ысылдап, біресе зуылдап жер сілкіндіріп, рельс пен шпалды, тас пен топырақты қоса көтеріп жанар таудай аспанға лақтырды, мынау бір жұмбақ, тылсым түнде бүтін әлемді тозаңдатып, күңірентіп жіберді. Ағаш бұтақтары дамыл­ сыз дірдек қағып, басын жерге иіп ебелек қағады. Тарс-тұрс жарылыс жаңғырығы бірде алыстап, бірде жақындап келгендей болады. Қыртысы қақ айрылған жаралы жер ауыр күрсінгендей. Жылбек бөлімі орман ішімен темір жолдың шығысындағы үлкен терең сайға жеткенде ғана, партизандар шабуылын сезген жау да іске кіріс­кенді, зеңбірегі мен минометіне кезек беріп, осы маңды атыс астына алған болатын. Аз күннен бері тыншу тұрған осынау қара орман өңірінде аяқ асты­ нан беймаза жарылыс, гүрсіл, дүрсіл басталды. Ойбайлап, азынап, абжы­ лан­дай апшыны қуыра, снаряд пен мина келіп түсті үсті-үстіне... Сөйтіп, енді манағы жарылысқа екінші жарылыс жалғасты. Лезде жер қыртысы қақырағандай, шұрық-шұрық болды да қалды. Жер мен аспан арасы сатыр-күтір, тарс-тұрс. Тыныштығы бұзылғанын табиғат та сезін­гендей. Жылбек терек түбіндегі астаудай шұқырға бауырын төсеп, жабы­сып қалған. Жау зеңбірегі бас көтертпейді. Біресе алдынан, біресе арты­нан, жарқ-жұрқ етіп жатыр. Жылбектің үсті-басы өрт сөндіргендей. Бет-аузы шаң-шаң, көзі ғана көрінеді. Аранын ашқан қу ажал таяп қалған­дай сезінді Жылбек. «Мынасына қарағанда жау жендеттері біздің темір жол­ды бұзып жатқанымызды білді. Өздері көздеген нысанасын бірте-бірте ұлғайта түскенін қарай көр. Тезірек кейін шегініп, орын ауыстыруымыз керек болар. Бұл маңнан алыс кетпесе болмас деп түйді Жылбек. Ол орнынан тұра бергенде, оң жағындағы терек түбіне жау снаряды келіп жарылды. Теректі жуан тамырымен қоса жұлып, ыңыранта суырып жұмарлапжұмарлап жерге сылқ еткізді. От шалған ағаш жапырақтары қолма-қол бүрісіп, күл басып, реңсіз тартты. Бір тәуірі, Жылбекті құйындай үйріле соққан толқынның ұшқыны ғана соқты. Зеңбірек күркірі толастар емес.

Жылбек бөлімі жедел шегінді, орманды сайдың шығыс қабағына шыға бергенде-ақ жау зеңбірегінің бірнеше сна­ряды бұлардың алдыңғы жағына күрс ете түсті. Тас-топырақ шоғыры бұлттай көтерілді. Жаңа тіптік жайқалып тұрған ағаштар опыр-топыр, ерсілі-қарсылы сұлап, сұлу орманның бұл тұсы қиқы-жиқы болды да қалды. Партизандар снаряд жарылған шұңқырларды паналады. Түн ауа атыс аз да болса, бәсеңдеді. Жылбек бөлімі тағы ілгерілей түсті. Әлден уақытта, анау әлгі темір жол бойында, оқ сеуіп зіркілдеген пулемет пен автоматтардың даусы естілді. Пуле­мет оғы сиырдың тіліндей жалаң қағып, қараңғы түнде сумаң-сумаң етеді. – Жаудың жазалаушылары да келіп жетті, біз бұл маңнан тезірек алыстап кетуіміз керек, – деді жолдастары­на бұқпалай жүгіріп келе жат­ қан Жылбек. Темір жолға тол қойып тапсырманы орындаған Павлик пен Зарецкийдің бөлімдері де екі қанатта шегініп келеді екен. Әуелі олар­дың барлаушылары мен Жылбек барлаушылары бір-бірін танып, тіл табы­сып, енді үш бөлімше қанаттаса жылжыды. Жылбек етек-жеңін түгел түрініп жүгіруге ыңғайлана беріп, артындағы жолдастарына қарады. Олар сәл ілгерілей түсіп, тағы да бөгеліп қалған. Дәл осы кезде жау зеңбірегі гүрсілін тоқтатып, пулемет пен авто­матқа кезек берген. Оқ түтеп тұр. Әйтеуір түн баласында көздеп атып жатқан жау жоқ. Олар тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей, пулеметін безек­ тетіп, маржандай тізілген қызыл оғын сумаңдатып жатыр. Жылбек бөлімі жан ұшырып орман ішіндегі қалың бұталарға жетіп үлгерген еді. Әлден уақытта жау атуын бірте-бірте сиректетіп, демін ішіне тартып, тыныштал­ ғандай болды. Жаздың маужыраған барқыт түні орман үстіне түнере төніп тұр. Енді тыныштықты бұзып тұрған тек қана аспандата атқан жау ракеталары мен анда-санда ара кідік сақылдаған пулеметтері ғана еді. Бірақ бұл баянды болмады. Түн түңлігі көтеріліп, құлан иектеніп, таң ата ажал оғы қайта жауды. Пулемет пен автоматтар үйреншікті әніне бас­ ты. Қояр емес. Нөсердей оқ құсып жатты жау пулеметі. Кәдімгі, дағдылы ұрыс музыкасы. Бұл кезде түн бойғы жорықтан шаршап-шалдыққан, әбден титы­ ғына жеткен партизан бөлімдері түнделетіп темір жол маңынан едәуір алыстап, қалың орманды қақ жарып өтетін шағын ғана өзенге кеп тоқта­ ған болатын. Әбден қаталап келген жұрт мөлдір сулы өзенді көргенде, ен­ телей ұмтылысты. Жата қалып, суды бас көтермей сіміріп жатыр. Суық, мөлдір суды сағынып қалғандары сонша, кетер емес, басын қайта-қайта суға батырып, бетін еселеп жуып жатқандар да көп. – Тезірек болыңдар. Жау пулеметін қайта ойната бастағанын естідің­ дер ғой. Таң бозарып қалды. Ілгері жөнелейік. Жазалаушылар алды­мызды кесіп тастауы да мүмкін. Ал, болыңдар, кеттік, – деп Жылбек су іш­кен жерінен атып тұрды да, қарғып өзеннің арғы жағасына өтті. Бір жас жауынгер жайбарақат сарын білдірді.

– Жолдас командир, бостан-босқа абыржымасақ қайтеді осы? Асығатын не бар? Жау бізді қуып келе жатқан жоқ қой. Аз да болса, көз шырымын алайық, – деді ол. Өзін әбден шаң басқан, үлкен шегір көзі, ақсиған тісі ғана көрінеді, ұзын бойлы, тақыр бас жігіт. Жылбек оған ойлана қарады. «Сенің бізге қосылғаныңа бес күн болған жоқ, жігітім... Білгішсінбе келе салып. Сенің айтқаныңды істеп, осы жерде жатып қалсақ, жау­дың қолына өзімізді байлап береміз ғой». Ал іштей осылайша сөккенімен, айтқан сөзі қысқа болды. – Сөзді тоқтат!.. Шоқша сақалды, күнге күйіп әбден тотыққан, көпті көрген қарт партизан ол жігіттің бетін қайырып тастады: – Сен не білесің? Жау қулығы мен тактикасын мына біз білеміз. Олардың да тыңшылары қарап жатпаған болар, – деді. Басқалар да жасаң сөз айтқан жас жігітке алара қара­ды. Ал Әбдіғали болса, тіпті ішіп-жеп барады. Жігіттің қасына барып: – Партизан болғың келсе, бұйрыққа тіл тигізбе, жігітім! – деп сыбырлады. Жігіт күмілжіңкі тартып, төменшіктеп қалды: – Мені сөкпеңіздер. Мүмкін, ойламай, қате айтқан болармын. Несіне, бәрің маған жабыса кеттіңдер. Сендердің «көп білетіндеріңді» біле­мін. Осынша, сөкпесеңдер де болмай ма? Жай айтсаңдар да түсінемін, – деді орнынан ата тұрып. Таң аппақ болды. Балауса жапырақты ұсақ шіліктің аққан су екпі­ німен баяу ғана тербелген болар-болмас сыбдыры келеді құлаққа. Шілде­ нің маужыраған, әсем таңы. Орман іші тым-тырыс, құлаққа ұрған та­ надай. Тек ағаш жапырақтары алақанын жайып, бозарған таң жары­ ғына шағылысып, баяу сыбдырлап жүрекке жылы, біртүрлі әсем әуенге салғандай. Терең судың иіріміне ұқсап, үйіріле қозғалып, жапырақ­тарын жайып, партизандар алдында құрмет көрсетіп, бас изеп тұрғандай көрі­ неді. Осындай табиғат көркіне көз жіберген Жылбек ойға да кете береді: «Шіркін дүние-ай, осы соғыстан үй ішіміз болып аман-есен елге қайтсақ, өмір бойы бақытты семья болар едік-ау. Елге орнаған бейбіт­ шілікті, сәулетті өмірді, асау Ертісті, туып-өскен, кіндік кескен жерді көрген жанда қандай арман болар екен, шіркін» деп бір қойды. Өзімен-өзі сырласқандай. Оның көңіл күйі бір сәт бүтін шар тарапты, шолып, мынау мама ағаштай, бұтақ жайып кеткендей көрінді. Партизандар қозғала берген мезгілде, жау бөлімдері автоматта­рын безектетіп келіп те қалған еді. Партизан қауым жақындап қалған жауға жауап бере қоймады жымжырт, жұмбақ шегінді. Әр тұстан тосқауыл, бөгесін қалдыра отырды. Оң жақ бүйірдегі Павлик бөлімі де жау оғына қарсы оқ атып, жауап бермеді. Шегіне берді. Тосқауыл топ та, мүмкіндігінше, тырс етіп оқ шығармауға, сыр білдірмеуге тырысты. Жылбек үндемей жүріп, адамның жан сырын осы сергелдең үстінде ұққыш-ақ. Кейде тіпті бір жұпыны ғана кісінің бойынан елде жоқ, өзгеше

бір қызғылықты мінез таба біледі. Қасындағы Тамараның бір жағдайға қынжылып келе жатқанын сезіп қалған ол: – Тамара, сен бір нәрсеге қапа болған сияқтысың. Байқа, ойға беріле­ мін деп, қаптаған жау оғына тап болып жүрме, – деді. – Менің бірдеңені ойлап келе жатқанымды қайдан біліп қойдың? – Білмегенде?.. Көңіл күйлеріңді ұқпасам, командир боламын ба? – Өзің де байқа? Ажал араны алыс емес қой мұндайда. Жаудың автоматын безілдетіп келе жатқаны анау. – Екеуміз де абай болайық. Келістік қой... Қалың топ, орманды паналап негізгі күшке қарай бет алды. Бұл топ Шилин әкелген «Үлкен жер» тапсырмасын орындап, фашистерге қарсы бірінші рет рельс соғысын бастады. Бұл рельс соғысы енді үдей түспек... КҮДІК І Гестапо бөліміне бастық төзбей, бірі – бір, екісі – екі мерт болып кеткендіктен, аса сақ, тәжірибелі деп, Берлин Ранкенауды Н. қаласына жіберген болатын. Сақтығына бағып, ол қызметіне ертерек келген еді бүгін де. Штабқа бас­қа офицерлер келіп үлгермеген мезгіл. Төр жақ­тағы терезе алдына қиғаштай қойылған стол басына келіп отырды. Оның көзі стол бетін қаптаған қызғылт матаға түсті. Гитлершілдер арасында осы бір Ранкенаудың өзі сақ, қырағы деп саналғанымен, шын қасиеті күдік, қорқақтық мінезден аса қоймайтын. Қазірде де оның көңілінде күдік оянды. Қызыл матаға мән бере қарап қапты: «Әлде бұл партизандардың «қайда барсаң да қызыл партизан­дар­ дан құтыла алмайсың, күнің санаулы деген белгісі ме екен?» – деп бір күдіктенді. Тіпті өзінен-өзі сезіктенгені сондай, столдың тартпасын ашып, әлденені іздеп әуреленді. Оң жақ тартпаның астыңғы бөлегін ашып, аузы-мұрнынан шығара салған, әбден уақыты өткендіктен сарғайған қағаздарды көрді. Қағаз бетін бір елі шаң басқан. Дегенмен, тіміскілік шеберлігі де жоқ емес; тартпаны бөгде біреу ашқанын шаңға түскен жалғыз саусақтың болар-болмас таңбасынан байқап қойды. Қағаз шаңындағы саусақ ізі ішкі өзегіне найзадай қадалып маза­ сын әбден кетірді. Ол шытырман күмән бұлтының астында қалды: «Менің тартпамды ашқан кім екен? Оған не керек болды? Әлде, парти­ зан барлаушыларының бірі келді ме? Олар осынша күзеттен өтіп, бұл үйге қалай кірді? Бұл не жұмбақ? – деп өңі бұзыла бастады. Столы­ нан қозғалмастан, қаққан қазықтай мелшиді де қалды. Тартпаны қайта жабудың да, керексіз ескі қағазды алып тастаудың да жөнін таба алмай,

көп ойланды. Столға қойылған мина гүрс етіп жарыла қалса, бүтін үйді аспанға лақтырады. Ранкенау мырзаның күлін де таба алмассың. Ол үрей көзімен отырған бөлмесінің бұрыш-бұрышын тағы бір шолып өтті. Сол жақ бұрыштағы қара сырмен сырланған темір пешті көрді. Пештің бөлме ішіндегі аузы шойын қақпақпен мықтап жабылыпты. Қарсы алдында қабырғаға жақын қойылған диван. Ол жылтыраған қара былғарымен қапталып, сырып тасталыпты. Дәл сол қабырғаға етік киген, қалтасы шығыңқы, тізесі сүйір шалбар киген, қоңыз мұрт, ойнақы көз Гитлердің үлкен суреті ілінген. Бөлме қабырғасы шала-пұла ақталған екен. Төбедегі күңгірт тартқан тақтай бөлме ішін қара көлеңкелеп тұр. Әлден уақытта барып, Ранкенаудың есіне ауыз бөлмеде отырған кезекші офицер мен солдат түсті. Ол оң жағында табақтай дөңгелек столдың үстінде жатқан электр қоңырауының түймесін басып қалды. Есіктен асып-сасып, жүгіре кірген солдат: – Сіздің шақыруыңызбен, подполковник мырза! – деді. – Сен не қылған тәртіпсіз солдатсың! – деп дүрсе қоя берді Ранкенау. Бастығының ышқына қырылдап шыққан даусынан секем алған сол­дат оң қолының екі саусағын маңдайына тақап: – Подполковник мырза, не болды, айтыңызшы? – деді. – Не болғанын қайтесің? Қара, мына менің столымның тартпа­сын­ дағы қағазды. Мұны алып, тастауға да қолың тимеді, ә?! – Мырза, кәне, алып тастайын. Мен столдың тартпасын ашқан жоқ едім. Ғапу етіңіз. – Кел, тез тазала. Сен байқа, кім білсін, оның астында не пәле жатқанын? – О не дегеніңіз, мырза? Бұл үйге ешкімді де жіберген емеспіз. – Сен не қылған түсінбейтін солдатсың. Жау өз ішімізден шықпаға­ нын қайдан білесің? Оған сенің көзің жете ме? – Гестапоға келетін адамдардың бәрі белгілі електен өтіп шық­қан кісілер емес пе? Олардың бәрі де сенімді емес пе? – деп солдат өзінің ұзынсонар әңгімешілдігіне баса берген, – мәселен, мырза, мына мені осы арадағы күзетшілікке қою үшін екі ай тексеріп, електен өткізді емес пе? Бұл өзі... – Доғар, тоқтат! – деді Ранкенау, – тартпадағы қағазды мен қайтып келгенше тез алып таста. Ішін әбден та­зала. – Құп, мырза. – Бол, тазала! – деп Ранкенау солдатқа бұйрық берді де, столдан сақтықпен тұрып, денесін бұйымдарға тигізбей аулақ кетті, сонан соң жіті басып сыртқа қарай ғайып болды. Ол гестапо орналасқан көк шатырлы ұзын сарайдың сыртына барып, жүрегі аузына тығылып, екі иығынан дем алып, біраз тұрды. «Өлсе, әлгі солдат-ақ өлсін» деп ойлады ішінен, қанға бөккендей екі көзі қып-қызыл боп қанталап, әлсін-әлі үйге қарай берді. Көп ұзамай подполковник шаңын бұрқырата қағаз құшақтап, ештеңе болмағандай, қаннен-қаперсіз далаға шыққан солдатты көрді. – Қалай, ештеңе жоқ па екен? – деді даусы дірілдеп.

– Ештеңе де жоқ, тақсыр. Столдың барлық тартпасын тексеріп шықтым. Қағаз біткеннің бәрін шығарып тастадым, – деді солдат, гестапо басшыларының мінез-құлқын білетіндіктен бір сырды бүгіп қалды. Стол тартпасындағы қағаздың астынан табылған минаны подполков­никке айтпады, оның үрейін ұшырғысы келмеді. Білсе, кейін білсін, «өзімді әуре етіп жүрер» деп ойлады солдат. – Енді, кеңсеге кіре беруге бола ма? – Болады. Дегенмен, бір тексергенді қайталап тексеретін әдетім бар еді, сәл тоқтай тұрыңыз. Мен үйдің ішін та­ғы бір қарап шығайын. «Мына солдат Германия империясына әбден берілген екен. Менің сезіктеніп тұрғанымды біле қойғанын қарашы, өзі бір тәртіпті солдат екен», – деп ойлады есін енді жинай бастаған Ранкенау. Іле-шала үйден қайта шыққан солдат: – Подполковник мырза, үйге кіруге болады. Барлық тесікті тексеріп шықтым, ештеңе де жоқ. – Ана есік жақтағы диванның артын тексердің бе? – Диванды орнынан қозғап артын да, астын да қарап шықтым. Еш­теңе көзіме түспеді. Бірақ подполковник күдіктен айығар емес, сұрақ бергенін қоймайды. – Сен диванның үстін көтеріп көрдің бе? – деді. Осы орайда Ранкенаудың есіне қысты күні, өзі түскі тамаққа шығып кеткенінде, диван ішіне қойылған мина жарылып, бүтін кабинетін аспан­ ға лақтырып тастағаны түсе кетті. – Жоқ, қарамадым. – Ендеше, байқа, өзің жеке барма. Анау екі қабат үйде мина ұстай­тын аппараты бар фельдфебель тұрады. Соны маған шақырып кел. Кім біл­сін, диванды көтеріп қалғанда бір жерге байланған шнурды үзіп алып, ішін­де мина болса жарылып кетуі де мүмкін. Бар, тез қайт. Іле-шала әлгі подполковниктің айтқан фельдфебелі де келді. – Міне, фельдфебель мырза да аппаратын алып жетті, – деді солдат. – Фельдфебель, менің кабинетімді... – Құп, подполковник мырза, – деп фельдфебель солдатты ертіп, үйге кіріп кетті. Ранкенау далада көп тұрды. Бұл кезде ол аспан астындағы жанды да, жансыз да заттың бәрін жек көріп тұр. «Сенім жоқ, жердің үсті ғана емес, асты да сенімсіз. Анау аспан да, сонау орман да... Бәрі-бәрі сенімсіз» деп ойлады ол. Үйге кіріп кеткен адамдар кешіккен сайын, оның дегбірі қашты. Қағып қойған қазықтай қозғалмастан, бір жерде тұрып қалды. Қазір енді осынау тұрған жерінің өзіне де күдікпен қарайды. Екі көзін кабинеттің терезесінен алмайды. Кабинетке кіріп кеткен адамдардан ешқан­дай белгі болмады. «Сендерге не болды?» деп үйге кіріп баруға жүрегі дауала­майды. Ашуланып ерсілі-қарсылы жүре бастады. Бірақ сол тұстан ұзап кете алмай, орала берді. Аз уақыттың өзі оған таусылмастай көрінді. Екі қолын қалтасына салып бірдеңені іздегендей болды. Сәлден соң бір темекіні күректей

тісіне қыстырды да, шақпағын бас бармағымен шырт еткізіп, шылымын тұтатты. Қолы дір-дір етеді. Шылым түтінін біресе ішіне тартады, біресе будақтатып аспанға ұшырады. Осы сәтте ту сыртынан: – Подполковник мырза! – деген дауыс шықты. Жалт қараса, есік алдында тұрған күзетші екен. – Не боп қалды? – Мырза, ғапу етіңіз. Диван ішінен бір мина, темір пештің ішінен екі мина, сіздің столдың тартпасындағы қағаз астынан бір мина табылды, – деді өңі-түсі қашып. Ранкенау да тіксіне қалды: «Бәсе, мен босқа сезіктеніп жүр дейсің бе? Мен де талайды көрген адаммын. Қайта құдай сақтады. Стол тартпасындағы жалғыз мина жарылса да, менің сүйегімді жинап алуға болмас еді-ау...» – деп қорқып та, өзінің осынша сақтығына мақтанып та тұр. Дәл осы кезде Ранкенаудың күртиген жирен қасты қабағы қатулана тұнжырап, шодыр маңдайын ерсілі-қарсылы осқылаған әжім іздері тереңдей түскендей болды. Екі ұрты суалып, еті қашқан жағы мен шықшытының сүйектері жықпылдана, шодырая түсті. Жұқа ерні көгілдірлене кезеріп, Ранкенаудың тұла бойы безгегі ұстағандай селкселк етеді. Шыңырау түбіндегі судай жылтыраған шүңірек көзі қанталап, өзі қорқау қасқырға ұқсап кетті. Әлгінде ғана нарттай қызыл өңінде бір тамшы да қан қалмапты, боп-боз. Екі қолын мықынына тіреп, жаңағы хабар берген күзетішінің қасына жақындай түсті. – Фельдфебель жоғалды ғой. Не істеп жатыр? Екі-үш минаны алып тастауға да осынша уақыт керек пе екен? Әлде, тіпті үй толы мина боп, арылта алмай жатыр ма? – Олар басқа көршілес бөлмелерді де тексеріп шығамыз деген. Ранкенау үндеген жоқ. Ішінен: «Онысы дұрыс. Әбден тексеріп шыққандары жөн» деді. Фельдфебельдің мұнысына риза болған көңіл білдірді. Түйіліп келген ашуы тарқап, сабасына түсіп, жымиып күлді де, кейін шегінді. Подполков­ник әр нәрсені ойлап, көп тұрды. «Ех, орыстар, ех, советтіктер! – деді тісін қайрап, – бұларды түгел қыру керек дегенді фю­ рер қалай данышпандықпен айтқан!.. Мынау өткен түннің оқиғасы. Егер, бұрынырақ қойылған мина болса, әнеугіден бері әлдеқашан жарылуға тиісті еді. Бірақ жарылмады. Ендеше, бұл миналарды өткен түні, болма­ са, таңертең, мен келмей тұрып қойған. Кім қойды? Түн баласында бұл үйге ешкімді жібермеуге тиісті. Қалай кірді, кім кірді бұл үйге? Мүмкін, таңертең ерте келіп, үй жинайтын әйелдердің біреуі қойды ма екен? Олар минаны қолына ұстап, күзетшінің алдынан қалай өтті? Тексеру керек? Тексеру... Әлде, осы күзетте жүрген солдаттардың біреуі қойып жүр ме? Бұларға да сенуге болмайды. Биыл Гитлер Германияда жаппай мобили­ зация жүргізгенде, армияға талай қоқыр-соқыр сенімсіз адамдар алынды. Сенімді адам ба, сенімсіз адам ба, оған фю­рер қарады ма? Әйтеуір, таза неміс ұлты болса болды. Бәрін де талғамай ала берді. Сондықтан бұларға да сенуге болмай­ды. Енді кімге сенеміз? Әлде, көше-көшеге полицай­

ларды күзетке қоямыз ба? Олар қаруланып алып, топ-топ болып қашып кетіп жатыр. Мұндай стратегиялық мәні бар станцияларды партизандар­ дың шабуылынан сақтау үшін жоғарғы штабтан «СС» әскер бөлімдерін жібер деп сұрасам ба екен? «СС» әскері... Бұл сұрауымды орындаулары да мүмкін-ау, сірә. Бүгін жоғарғы штабқа шифровка берейін. Басқа лаж табылар ма? Ең дұрыс шешім осы болар. Бермесе өздерінен қалсын. Ертеңгі күні партизандар бұл станцияны жойып жіберсе, оның жауапкер­ лігі менде болатындығы сөзсіз. Менде ғана. Ойлан. Ойлан, Ранкенау», – деп түйді ол. Ранкенаудың да, басқаның да ашу шақырып, қабағын қарс түйгенімен, табиғат әлемінің ісі жоқ. Табиғат әрқашан мейірбан. Оңтүстікке қарай баяу жылжып жүзген жұқалаң, қабыршақ ақша бұлт көрінді. Найза бойы көтеріліп, нұрын шашқан шілденің шуақты күнінің шұғыласы нарттай қызғылт даланың қызғалдағын құлпырта алаулап тұр. Бір кезде Ранкенаудың көзіне біресе әуені қақ жарып, аш күшігендей жерге қарап түйілген, біресе атылған оқтай, ақша бұлтты қақ жарып, аспанға ұмтылған самолет көрінді. Самолет бауырына жазылған фашистік белгі көзіне түсті, бағанадан бері көңілі жабыққан ол енді ғана есін жиғандай, жымиып езу тартты. Самолеттің ұшуы жанын жеген қорқынышты аз да болса, сейілткендей сезінді. Екі күн бұрын көрші қаладағы аэродромда болған оқиға да есіне түсті. Орыс самолеттерінің бір тобы келіп, сол аэродромды бомбалап кеткен-ді. Аңғарға кіріп үлгермеген бірнеше самолеттің быт-шыты шыққаны көзіне елестеді. Осы арада ойдан ой туып, майдан жағдайын өзінше шолып өтті: «Біздің фюрердің жеңімпаз армиясы Батыс майданда шабуылға шығуға тиісті еді. Айтылған мезгілі өтіп кетті-ау, – деді Ранкенау. – Қуана қоярлық та ештеңе жоқ. Қару-жарақ, әскер тиелген поездарға партизандар шабуылы көбейе бастады. Шпал мен рельстің асты толған тол, жарылғыш зат. Өткен түні ғана Брянск, Орел қалаларына қа­рай кетіп бара жатқан үш эшелонды партизандар құлатыпты деген хабар жетті. Шығын күннен-күнге көбейіп барады. Партизандар темір жол рельсін бұзуды тіпті жиілете түсті. Осыдан екі күн бұрын Рославль қаласының батыс жағындағы Зверинки станциясына жақын жердегі темір жол рельсін төрт километр бойы бұзып, талқандап кеткен. Кешегі алған хабарға қарағанда, екі-үш жерде темір жол көпірі қиратылған. Гестапо кеңсесінің алдында тұрған күзетшіні көрді. Әлі ішкі жаққа ешкімді жібермей тұр екен. Бұл кезде Гестапо штабының офицерлері де жиналып қалған еді. Олардың біреуі анандай жерде тұрған подполковниктің қасына келіп: – Хайль Гитлер! – деп сәлем берді. – Подполковник мырза, бұл жерде неге тұрасыз? Кеңсеге кірмейсіз бе? Өзімен тетелес офицерлер болғанымен де, Ранкенау қа­бақ жылыт­пады оларға. Сұрақ қойған офицерге қанталаған көзін тоқтата қарап: – Көрмейсіз бе, күзетшінің кеңсеге ешкімді жібермей тұрғанын? – деді. Даусында ашу сарыны бар.

– Күзетшіге кеңсеге жіберме деп бұйрық берген кім? – Мына, мен! – деді Ранкенау. Даусы тым қатқыл шығып кетті. – Неге, не боп қалған? – десті бәрі де. – Штабқа партизандар мина қойып кетіпті, – дей бергенде миналар­ды еппен көтеріп есіктен шыққан фельдфе­бель мен солдат көрінді. – Подполковник мырза, сіздің кабинеттегі пештің ішінен екі мина, столыңыздың тартпасынан бір мина тауып алдық. Енді болмаса жарылуға қалыпты. Құдай сақтапты сізді. Сіздің сақтығыңыздың бір пайдасы тиді. Құдайым жар болған, су ішеріңіз бар екен! – деп, анау әлгі әңгімешіл солдат ұзақсонар сөзге басты. – Мен мұндайдың талайын көргем ғой. Әр уақытта сақтық керек, – деді Ранкенау өзіне-өзі риза болғандай. – Иә, сақтық керек... – Диванның арасынан да мина шықты дегені қайда? – Иә, диван арасынан да сағатпен жарылатын бір ми­на таптық. – Мұнша минаны бір кісіні өлтіру үшін қойған ба? – Бір кісі үшін қойылмаған. Осы штабты төңкере салу үшін қойылған болар. – Әкет мына қолыңдағыңды. – Енді жарылмайды. Оның жанды жүйесі – запалын алып тастадық. Енді осы кабинет бөтен сияқтанды. Бұрыш-бұрышының бәрі суық тарта қалған. Үрейі қашқан Ранкенау төрдегі столының басына келіп отыруын отырды. Бірақ найза ұшында отырғандай, суық сезім айығар емес. Жан-жағына қарай береді. Кең кабинетті көзімен әбден шолып өтті. Кабинетінің кең болып кездескеніне сүйсінді де. Алдындағы қабырғаға ілінген Гитлердің суретіне қарап біраз уақыт көз алмастан отырды. Өткен түнді кірпік ілместен өткізгені бар, есінеп те қойды. «Аз да болса, мына диванға жантайып алсам қайтер еді... жоқ, болмайды... қызмет уақыты. Жату түгіл, қисаюға да болмайды. Біреу-міреу көріп қалып, жоғарғы жаққа жеткізсе, тіл тартпай кетемін ғой. Онда мені бірден майданға аттандырады», – деп өзіне-өзі тоқтау салды. «Бұл дүние тас-талқан неге болмайды. Ранкенау жалғыз неге қалмайды». Фашистік идея адамды қара ниет аңға айналдырды. Мы­нау да соның құрбаны еді. Подполковник орнынан тұрып, оң жақтағы аулаға қараған терезе алдына барды. Далаға қарап, сәл уақыт өткен-кеткеннің ізін бағумен болды. Оның көзіне асханаға қарай ыдыс-аяқ көтеріп өткен әйел түсті. «Бұл әйел қайдан шыққан? Гестапоның ауласында мұның не шаруасы бар? Қолындағы ыдыс-аяғы несі? Қайда апара жатыр? Әлде, пештің ішіне мина қойып кеткен осы әйел ме екен? – деп Ранкенау бөлменің тере­зесін ашып, мойнын созып, әлгі әйелден көзін алмай қарады. Әйел асханаға кіріп кетті. Подполковникке бұл әйел жұмбақ күйінде қалды. Есі-дерті сол әйелде. Ішінен: «Өзі тіпті өңді де адам екен», – деп нәпсісін де сездіріп қойды.

Оның қазір жанын жеп тұрған жұмбақ – мина қойған адам. Соны қайткен күнде табуды ойлап тұр. Ол терезеден қарап көп тұрды. Көшенің екінші бір бұрышындағы қоңырқай ағаш үйге қарай кетіп бара жатқан екі қызды көрді. «Мүмкін, минаны қойып, енді түк көрмегендей көшеде қыды­рып жүрген солар ма екен?» – деп те ойлады Ранкенау. Бір заматта кабинет­тің есігі ашылды. – Подполковник мырза, сіздің шақыруыңызбен келдім, – деді ұзын бойлы, ашаң жүзді капитан. – Капитан мырза, амансыз ба? Бүгінгі жағдайды естідіңіз бе? – Сіздің кабинетіңізден табылған миналар жайы ғой? – Иә, соны айтамын. Егер, білген болсаң, минаны қойған адамды іздеуге кірісу қажет деп бұйырамын. – Біздің осы қаладағы қарулы күштің бәрі де партизандарды іздеуге кірісті. Бірнеше сезікті деген адамдарды ұстап, залогқа алдық, жауып тастадық. Біздің тергеушілер енді оларды қағыстыра бастайды. – Айнала күзетші тұрған штабқа мина көтеріп кіріп кеткеніне таңым бар. Сен өз ішімізді де байқа. Мүмкін, өз адамдарымыздың ішінде салпанқұлақ болып жүрмесін. – Оларды да тексереміз. Мина қойған адам – штаб офицерлері­ нің жиналатын уақытын да білетін кісі. Қойылған минаның жарылатын мезгілі штаб офицерлерінің жиналған уақытына сәйкес келеді. – Солай ма екен? Жарылатын мезгілі офицерлердің таңертеңгі осы кабинетте болатын жиналысына дәл келтірілгенін қарай көр, ә!.. – Құдайдың өзі сақтаған, әйтеуір... – Иә, құдай біздің жақта. Менің сақтығымның бір пайдасы тиген! – Дұрыс айтасыз. Сіздің сақтығыңыз болмаса, біздің бәріміз осы жерде жайрап жататын едік бүгін. – Сен бұл операцияны өзің басқарасың. Басқа адамға сенуге бол­- майды. Капитан қуанып кетті. Фашистік идеяның желігі бар бойында; оның үстіне соғыстың қызуына еліккен мастығы мен жастығы бар. Бір соқпа құйын. Олар – гитлеризмнің жемісі, қазір бар, ертең жоқ. Өмірлерінің қысқа екенін бұлардың айуандық табиғаты түйсінеді де. Сондықтан бүгінгіні ертеңге қалдырмай, деп қалғысы, барды жоқ етіп бәрін суға жібергісі келеді бұлардың. – Сіз тапсырған соң басқарамын, әрине! – деді капитан қолын тік көтеріп, – хайль Гитлер!.. – Сен ең алдымен осы қаладағы тағы сезікті деген адамдарды ұстай- ­тын бол. – Олардың бәрін ұстап, түрмеге жауып жатырмыз. Қаладан бірде-бір адамды шығармай тұрмыз. – Қалаға маңайдағы деревнялардан келген адамды қайтеміз, жібе­- рейік пе? – Менің ойымша, оларды жіберу керек, бірақ соңына бақылау қойған жөн, ұстау керек, қыру керек!..

– Иә. Қалаға келген адамдардың байланысатын кісілерін де біліп отырғанымыз дұрыс. – Мына асханада істейтін адамдарды да тексеріңіз. Жаңа ғана менің тереземнің алдынан ыдыс-аяқ көтеріп бір жап-жас, өп-өңді әйел асханаға кіріп кетті. Кім білсін, оның қандай адам екенін? Мен орыстардың бірдебіреуіне сенбеймін. Фюрерге адал қызмет етеміз деп, бізді сендіріп, ішінен қастық ойлап жүретіндері толып жатыр. – Әлгі, тамақ тасып жүретін әйелді айтасыз ба? – Иә, соны айтамын. – Кешіріңіз, ол өте жақсы кісі. Бізге қастық істейтін адам емес. Біз осы жерге келгелі, осында таза қызмет етеді. Оның екі ағасын, әкесін, большевиктер «халық жауысың» деп атып жіберіпті. Ол – Совет өкіметіне қарсы кісі. – Ах, солай ма? Оны сен қайдан білесің? – Білемін. Осы гарнизондағы орыстардың бәрін де тексеруден өткіз­ генмін. Сіз айтып отырған әйел әбден тексеруден өткен. Егер, бізге жаулық жасағандай болса, осы уақытқа дейін бір көрініп қалатын еді ғой. Бағанадан бері терезенің алдында түрегеліп тұрған Ран­кенау стол үстіндегі темекісін алып тұтатты да, капитанға қарап үндемей, екі көзін қадап сәл тұрды. Оң аяғын алдын­да тұрған орындыққа қойып, сол қолымен мықынын тіреп аузындағы темекісін бұрқырата бастады. Аузынан будақтаған көк түтін басынан асып, ту сыртындағы ашық терезеден сыртқа шығып жатты. Бір кезде: – Капитан мырза, сізге тапсырманы орындауға кірісуді бұйыра­- мын, – деді подполковник оң қолындағы темекінің қалдығын терезеден атып жіберіп. – Олай болса, мен кеттім, – деп капитан шыға жөнелді. Қалтасындағы күміс сағатына қарап подполковник: «Сағат сегіз бо­ лыпты. Менің де темір жол вокзалына баратын уақытым болған екен», – деп есікке қарап жүрді. Бағанадан оны тосып отырған атқосшысы да бірге кетті. Екеуі ұзын көшені бойлап жүріп келеді. Подполковник бүгінгі естіген-білген оқи­ ғаны сарапқа салып келе жатқандай түрі бар. Тіпті, қасында қатарласып, иық тіресіп қалмай жүрген атқосшысының бетіне де қарамады. Тіл қатпады. Түнеріп, қарсы жолығып амандасқан бірен-саран солдат­тарға жауап беруді де қойды. Ол бір мезет ішінен: «Кең байтақ Россияның осы бір жерінен өзімізге сенімді бір серік таба алмағанымызға таңым бар. Соғыс басталмас бұрын Гитлер мырза­ның бізді жинаған бір мәжілісінде Россияны аз күннің ішінде басып аламыз. Совет өкіметін көпшілік халық қолдамайды дегені қайда? Өзгесі өзге, тіпті полицай, староста болып тағайындалған орыстар тама­ғы­мызды ішіп, киімімізді киіп, қаруымызды алып, партизандарға қосылып, біздің өзімізге қарсы шабуыл жасап жатқаны мынау. Бұл жағдай тек қана біздің

осы қалада ғана емес, басқа қалаларда да солай көрінеді. Сондық­тан қаланы өзіміздің әскери бөлімдеріміз ғана күзеткені жөн...» – деп іштей байлам жасады. Ол вокзалға қалай келіп қалғанын да сезбеді. – Подполковник мырза, қош келдіңіз! Өткен түні белгісіз жау су қоймасына мина қойып, талқандап кетіпті! Демін ішіне тартып тына қалған Ранкенау оң жағынан шыққан дауысқа жалт қарады. Алдында тұрған осы станцияны күзететін әскери бөлімшенің командирі екен. Тосыннан берілген рапортқа үрейленген оның даусы дірілдеп шықты. – Не дейсің? Қайталап айтшы! – Су қоймасын өткен түні жау мина қойып жойып кеткен, енді минут сайын майданға қарай ағылып жатқан поездарды, әскери бөлімше­лерді сумен қамтамасыз ете алмай тұрмыз. – Су қоймасын тез арада қалпына келтіру керек! – Бұл оқиғаны сізге бұрын баяндаған жоқ па еді? – Түнде штабтағы кезекші офицер айтқан еді. Бірақ мен су қоймасы деп ойламаппын. Бүгін таңертең осы оқиғаны кезекші офицерден білмек болған едім, бірде-бір офи­цер дұрыстап айтып бере алмады. Оның үстіне өз астымыздан пәле шығып, таң атқалы бәрімізде де ес-түс қалмады... Енді өзім келдім. – Тіпті жақсы болды. Өз көзіңізбен көріңіз, мырза! – Гестапоның барлық күшін жауды табуға салып жатырмыз. Қазір осы қаланы түгелімен біздің бөлімдеріміз қоршап алды. Ешкімді сыртқа жібермеуді бұйырдым. – Ранкенау мырза, сіз фюрердің сенген адамысыз. Осы жолда сізге барлық жақсылықты тілейміз. – Рақмет сізге, – деп Ранкенау екі өкпесін қолына ұстағандай, екі иығынан дем алып, бұзылған су қоймасына жетті. Ранкенау бастаған топ түнде күлін аспанға шыққан су қоймасы­ның орнын көріп тұр. Бұл жерде адам баласы су қоймасы болды деп ойлай­тын емес. Кіші-гірім төбені ішек-қарнымен аспанға атқанға ұқсайды. Орны лай сулы көлге айналыпты. Қызыл кірпіштің сынығы бір төбе болып өз алдына жатыр. Әр жерде шашылып жатқан кірпіш қалдықтары ғана қопарғыш күші аса күрделі мина жарылғандығын еске салады. Гүрсілдеп жарылған, тегеуріні ысқырып құлақты тұндырған ащы үндер, демін ішіне тартып жаңа ғана тына қалған секілді. Подполковник қасындағы бір офицерге: – Бұл жерге еш жан жібермеу керек. Күзетші қойылсын, – деді. – Күзетшінің керегі не? – Керек болғанда қандай. Біріншіден, су қоймасын қайта тұрғызу ке­ рек. Екіншіден, біз партизандарды іздеуге кірісеміз. Қойманың маңайын­ да мина қойған адамның бір белгісі қалмауы мүмкін емес. Сондықтан біз­ ден рұқсат болмай күзетшіні алмайсың бұл жерден. – Құп болсын, Ранкенау мырза, – деп ол қасындағы екінші бір офицерге күзетші қою жөнінде бұйрық берді.

ІІ Гестапо бастығы Ранкенау өз кабинетінде отыр. Таңертеңгі тамағын жаңа ғана ішіп болған ол ауыз үйге шығып, қолын, жуып, сүртініп қайта оралды. Ауыз бөлмедегі офицердің біреуін шақырып: – Партизандарды іздеу операциясының жайы қандай? Менің бұйры­ ғымды орындау үшін қолданылып жатқан шараларыңды баянда! – деді. – Подполковник мырза, қаладан бірде-бір жанды сыртқа шығармай­ тын еттік. Бірен-саран қашқысы келген адамдарды ұстап жауып қойдық. – Олар қайда? – Осы гестапоның түрмесінде отыр. – Олай болса, олар біздің қолымызда, ешқайда кете алмайды. Сен мина жарылған қойманың маңындағы із біткеннің бәрін тексер. Барған адам із қалдырмай қоймайды. – Сіз де барып келген жоқсыз ба? – Біз қойманың орнына жақын барғанымыз жоқ. Анадай жерде тұ­рып көрдік. – Оны тексереміз. Менің таң қалатыным – қойманың есігінде тұрған күзетші не бітірген? – Күзетшінің өзін өлтіріп кеткен, – дейді. – Оны атып кетіпті. – Қалай атып кетеді? Мылтықтың даусын маңындағы адамдар неғып естімеген? Менің соған таңым бар. – Жарылған минаның дауысын ести сала түнде мен сол жерге барып қайтқанмын. Күзетші минаның жарқшағынан өлмеген. Алдымен оны атып өлтірген. Содан кейін ми­на қойған. Кейінгі кезде партизандар дауысы шықпайтын мылқау мылтықтарды пайдаланып, түн баласында көпірдегі, темір жолдағы тұрған күзет­шілерді дабырасыз атып өлтіреді дегенді осыдан біраз бұрын неміс барлаушылары хабарлаған еді. «Солардың айтқаны дұрыс болды», – деп білді Ранкенау. – Ондай мылтық біздің станцияға қалай келді? Сол ма­ған жұмбақ...» – деп ойлады. – Осы қалада тұратын орыстардың өздері партизан емес екенін қайдан білесің? Күндіз бізге жұмыс істеп, болмаса үйінде бұғып жатып, түнде бізге қарсы зиянкестік жасамайтындығына кім кепіл?» Артынша әрекетке кірісті: – Осы станция басындағы еркек біткеннің бәрін мына кеңсенің алдындағы алаңға жинаттыр, – деп бұйырды. – Сіздің бұйырығыңызды орындауға кірісуге рұқсат етіңіз, Ранкенау мырза! – деп әлгі ұзын бойлы, жирен шашты, көк кительді офицер далаға шығып та кетті.

БҮЛІК І Подполковник Ранкенау есік алдындағы алаңға кабинеттің үлкен терезесінен қарағанында, қосақтаған қойдай тізіп қойған, бас киімдерін қолтықтарына қысып, бастарын төмен иіп тұрған адамдарды көрді. «Е, келген екенсіңдер! Дұ­рыс болған келгендерің! Сендерге фюрер әскеріне қол көтеруді көрсетейін мен», – деп ойлады қанталаған екі көзін сырттағыларға қадаған Ранкенау. Подполковник өз кабинетінің ішінде ерсілі-қарсылы жүріп, үсті-үстіне еселеп шылым тартты. Бір кезде оның көзіне есік жақтағы қабырғаға ілінген Гитлердің суреті түсті. Суретке жақын келіп көзін алмай көп тұрды. Оған фюрер: «Мына есік алдындағы адамдар – сенің жауың, оларды ат, жой, қыр», – деп тұрғандай көрінді. Шынында нақ осындай өсиет сөзді бұл осы адамның «Менің күресім» деген кітабынан оқыған-ды. – Подполковник мырза, осы жердің еркектерін есік алдындағы алаңға жинадық. Енді қандай бұйрығыңыз бар? – деді жаңа ғана осы үйден шыққан ашаң жүзді, аққұба офи­цер. – Бұйрықты кейін айтамын. Жүр, сол алаңға барайық, – деп Ранкенау офицерді ертіп далаға шықты. Подполковник қаз-қатар сапта тұрған жұртты бастан-аяқ бір шолып өтті. Қолына кигені – ақ қағаздай қолғап: Кеудесінде бірнеше орден. Алдында тұрған жандарда зәре жоқ. Саптың шет жағында тұрған ұзын бойлы, жұмыр келген, жалпақ бет, ақ көйлекті жігіт жақын келген мыр­заға: – Ранкенау мырза, менің не жазығым бар? – дей беріп еді, Ранкенау қолындағы ала шыбығымен оны бастан осып-осып жіберді, жігіттің бетаузы лезде қызыл-жоса қан бол­ды да қалды. Үстіндегі ақ көйлек порапора, тілім-тілім бо­лып қызыл қанға боялды. Сапта тұрған жұрттың алдына келген ол көзін тағы әлгі ақ көйлектіге қадады. Ашуына қайта мінді. Кірпіше жиырылып түйіле түсті. Ранкенау­ дың садистік мінез-құлқы лаулап, әбден өршіп кетті. Жақын келді. Көзімен атып тұр. Бір кезде айғайға басты: – Шындарыңды айтыңдар, герман империясына қастық істеп жүрген адамды ұстап беріңдер! Сонда ғана сендерді босатамыз, болмаса, анау тұрғандарды көрдіңдер ғой, сендерді сол дарға асамыз! – деп оң қолын созып, алаңның екінші бетінде арқаны салбырап тұрған дар бағанын көрсетті. Жұртта үн жоқ. Ешкім жауап қайтармады, тура да қарамады. Ранкенау демін ішіне тартып, тұрған жұртты қанталаған қызыл көзімен бастан-аяқ тағы бір қарап шықты. Талай совет азаматтарының қанын ішкен ол алдындағы «қорғансыздарға» қарап, біраз уақыт сілейіп тұрып қалды. Тыныштық көпке созылмады. – Мені өлтіріп, қанымды ішпек болған, кәне, қайсысың? Айтыңдар! Партизанды ұстап берген адамға неміс командова­ниесі ақшалай сыйлық

береді, ол кісінің өмірін сақтайды, – деп Ранкенау енді сайқал қулыққа да салды. Жұртта әлі үн жоқ. Саптың алдында ерсілі-қарсылы тынбастан жүр. Ол біресе сапқа, біресе жерге қарайды. Бір кезде Ранкенаудың көзі бетінің қанын қолымен сүртіп тұрған әлгі ақ көйлекті жігітке тағы түсті. Оны көргенде подполковник қайтадан ашу шақыра бастады. – Сен фюрерге қызмет етіп жүрген жоқсың, сен партизансың, асыңдар ана дарға мынаны. Ол – нағыз жау. Қастық жасап, мина қойып жүрген осы. Кеше ымырт жабылған мезгілде біздің штабқа келіп кетіпті. Бұл маңға екі-үш күннен бері келген жергілікті адам осы ғана көрінеді, – деп Ранкенау ақ көйлегі борша-борша болған, бет-аузы қып-қызыл жосадай әлгі жігітті жендеттеріне көрсетті. Бағанадан бері бұйрық тосып тұрған гестапо солдаттары ақ көйлектіге жабылып кетті. Біреуі тағалы етігімен тепкілеп, енді біреуі мылтық дүмімен ұрып сүйреп, созғылап, саптан алып шықты. Орта бойлы, семізше келген шикі са­ры солдат қолындағы жіңішке сымнан өрілген білеуленген жуан қамшымен онсыз да әзер тұрған ақ көйлектіні құлақ шекеден осыпосып жіберді. Бас терісінен бұрқ ете қалған қан бетін жауып кетті. Қан құйылған көзі қарауытып, ба­сына шойын байлап қойғандай болды. Алдындағы адамдар шыр көбелек айналып кеткендей сезінді ол. Әзер тұр. Алаңға иіріп, қоршап алған адамдардың сұрқы жоқ. Бәрі қайғылы. Жерге қарайды, жаудың ақ көйлекті жігітке жасап жатқан айуандықтарына қарауға дәті шыдайтын емес. «Сен жауыздан өш алатын күн де алыс болмас! – деп ойлайды олар. – Дарға тура қараңдар, болмаса сендердің де көретіндерің осы, – деп Ранкенау айғайлап жіберді. Жаңағы екі солдат ақ көйлектіні екі қолтығынан ұстап сүйреп әкелді де, ең алдымен шикі сары солдат беліндегі қынынан ақ сапты кездік пышақты алды. «Міне, көрдіңдер ғой» дегендей, алаңда иіліп тұрған жұртқа көк көзін тігіп бір қарады да, әбден есі ауып талықсып қалған жігіттің оң құлағын кесіп, тұрғандардың алдына қарай лақтырды. Сәлден соң сол құлағын да кесіп лақтырды. Әбден қансырап естен айрылған ол сылқ етіп бағананың түбіне құлап түсті. Енді, етінен ет кесіп алса да сезетін емес. Ессіз сұлап жатыр. – Арқанды төменірек түсір, іл мойнына, ас дарға тезірек, – деді дегбірі қашып сұрланған Ранкенау. – Мына жендеттің дауысы дірілдеп шыққанын көрдің бе? Ертең мұның сұрауы болатынын сезеді ғой жауыз, – деді алаңның оңтүстік бетін­дегі ағаш үйдің бұрышында тұрған аласа бойлы, егде әйел қасындағы қылт еткенді қылау жібермей, көзін қадап тұрған мосқалдау әйелдің бүйі­ріне түртіп. – Адам өлімі болып жатқанда, сен де қайдағыны айтады екенсің. – Айтпағанда. Ертең партизандар да бұл жауыздардан кегін алатын болар, – деді көйлегінің етегімен көзінің жасын сүртіп жатып семізше әйел.

Дәл осы кезде алаңда тұрған адамдардың «уһ!..» деген дауысы естілді. Жаңағы екі әйел бұл дауысты естіп дарға қарады. Дарда бет-аузын, бүтін денесін қан жапқан ақ көйлекті жігіт салаңдап тұр еді. Бұл екеуінің көзіне дарға асылған адам емес, желпілдеген қызыл жалау сияқты болып көрінді. Бұл көрініс олардың көзіне әне-міне атылғалы тұрған көпшілік кегінің ашулы ұшқыны сияқты болып елестеді. Семізше келген, аласа бойлы әйел басына тартқан ақ орамалын жөндеп жатып: – Жаудың дәл осы ісі, оның мықтылығы емес, әлгіздігінің белгісі, – деді. – Майдан түбінен жуықта менің бір туысым келген еді. Немістің де дымы құруға жақын көрінеді ғой, – деді екіншісі. – Мына тұрған жауыз – гестапоның бұрынғы бастығынан да өткен қан ішер пәле ме деймін? – Осылардың оңғанын көрмедім. Бәрі де Гитлер жауыздың қалыбы­нан шыққандар ғой... Ранкенау өзіне-өзі риза болғандай дарға асылған денеге көз тігіп сәл тұрды да: – Мына иттердің бәрін де тұтқынға алу керек, – деп бұйрық берді, саптың орта шенінде тұрған ұзын бойлы, бұйра шашты жас жігітті өз кабинетіне әкелуді бұйырды. ІІ Ранкенау кабинеті. Кабинетті шыр айналып жүр ол. Әлгі ұзын бойлы жігіт кабинеттің босағасындағы орындықта алдында аласұрып жүрген неміс офицерінің қимылына қарап, ажары сөнуге қалған, тотияйындай көзімен атып отыр. «Бұл жынды неге үндемейді? Неге сұрау қоймайды! Менен жауап алмаса, мұнда не үшін әкелді екен?» – деп ойлайды ол. Көп ұзамай Ранкенау төр алдындағы столдың қасына келіп, электр қоңыраудың түймесін басты. Сол-ақ екен, есік ашылып, сұңғақ денелі, сары шашты неміс солдаты кірді де: – Подполковник мырза, сіздің шақыруыңызбен келдім, – деді, оң қолын маңдайына жақындатып, тәжім етті. – Тілмәш қайда? Неге келмейді? Жаңа ғана сіз шақырып жатыр деп айтқанмын. Қазір келіп қалады. – Жақсы, олай болса бара беріңіз, тез келсін! Көп өтпей, ауыз үйдің есігінің сықырлап ашылғаны естілді. Есікті тақылдатып, рұқсат сұрады. Келіп тұрған тілмаш екенін білген Ранкенау орнынан тұрды. Қолын қалтасына салып: – Рұқсат, кіріңіз! – деді. – Сіздің шақыруыңызбен келдім, Ранкенау мырза, – деді ұзын бойлы, толық денелі еңгезердей фельдфебель. – Қош келдіңіз. Кешегі мина жөнінде мына отырған «мырзадан» жауап алайын деп едім. Сен біздің сөзімізді аударасың, – деп «мырза»

деген сөзді кекесінмен айтып тұрғанын білдіріп, фельдфебельдің бетіне қарап жымиып күлді. – Жақсы, аударайын. – Мына «мырзаға» жақын келіп отыр деңіз. Тұтқын орнынан тұрып, подполковниктің алдындағы орындыққа келіп отырды. Кенеттен бір күш, қуат пайда болған тәрізді. «Сен, жауыз, маған не істесең де көндім. Бәрі бір бұл тұтқыннан қашсам да, құтыла алмай­ мын. Саған беретін жауабым біреу-ақ: ештеңені білмеймін, ешнәрсені көрге­нім жоқ», – деп тұтқын жігіт «көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз» деген қағиданы ұстанбаққа бел байлады. Ранкенау асығатын емес. Шылымды қайта-қайта еселеп тартып, стол басында отыр. Екі көзі қарсы алдындағы тұтқында. Подполковниктің жанын жейтін түйткіл – осы қалада Герман империясына қарсы қастық жасап жүрген адамдарды қайткен күнде анықтау мәселесі. Күні кеше осы қалаға қызметке ауысарда, гестапоның басшыларының өте-мөте тапсырғаны да партизандар тобын табу еді. Олардың ұясын ашып, түп орнымен жою міндеті алдына қойылған. Қызмет бабында ілгерілеуі де осыған байланысты. Ранкенау көп ойланды. Көп оқиғаны таразыға салды. Партизандар басқа соғыс объектісін былай қойып, менің өз кабинетіме мина қойды. Бұл оқиға мен үшін жақсы емес. Ертеңгі күні жоғарғы бастықтар Ранкенау басқа жерді қалай сақтайды, өз кабинетіне ие бола алмады деп айтпай ма? Осы жерге келіп, мина қойып жүрген қандай жүрек жұтқан адам екен? Осы менің алдымда отырған адамның оған қатынасы бар ма? Болмаса, жаңа дарға асылған тұтқынның өзі ме? Бірақ, мен оны тексерусіз-ақ өлім жазасына бұйырдым. Басқа тұтқындардың, қала тұрғындары­ның үрейін ұшыру үшін, бізге қастық жасағандардың бәрінің де көретіні осы екенін көрсету үшін көрнекілей, әдейі істедім. Бұл әдіс гестапоның жоғарғы басшыларының кейінгі бұйрығында айрықша көрсетілген... Подполковник көп отырды. Ранкенау тұтқыннан жауап алатын әдісін өзгерткісі келді ме, әлде жай бір сайқалдык, па, әйтеуір тілмашқа қарап: – Мүмкін, мына тұтқынның қарны ашқан болар, тамақ іше ме екен, сұрашы? – деді. – Подполковник мырза сіз тамақ іше ме екен дейді? – Тамақ ішкім келіп отырған жоқ, рақмет, мырза! Мүмкін болса, бір стақан су беріңіздер! – Су ішуге болады, – деп Ранкенау тілмашқа қарап, құйып бер дегендей, стол үстіндегі графинді нұсқады. Тұтқын жігіт шөлден әбден қаталаған екен, қос қолдап стақанды ұстады да, суық суды бірден жұтып салды. Тағы да ішуге бола ма дегендей тілмашқа қарады. Ол тұтқынға қарап «болады» дегендей ым қақты да, графинді алып, стол шетінде тұрған стақанға толтыра тағы су құйды. Бұл жолы стақандағы суды бірден қылқып қоймай, асықпай бөліп-бөліп ішті. Шөлі әбден қанған ол тыныстап, бағанадан бері үнсіз отырған подполковникке қарап:

– Рақмет, мырза, – деп көйлегінің жеңімен маңдайындағы шып-шып шыққан терін сүртті. – Шөлің қанды ма? – деді Ранкенау орнынан тұрып, тұтқын жігітке жақындай түсіп. – Қанды. Рақмет сізге. – Осынша шөлдегеніңе қарағанда тамаққа әбден тойып шыққансың ғой, – деп күрек тісін ақсита бір күлді. – Жоқ мырза тамақ ішпегеніме бір тәулік болып қалды. – Мейлің іш, мейлің ішпе, онда менің жұмысым жоқ. Іске көшелік: сен осы жердің тұрғын адамысың ба, болмаса басқа бір жерден келдің бе? Тек шыныңды айт. – Мен осы қалада туып-өскен адаммын. Мені қала тұрғындарының көпшілігі біледі. – Армияда болдың ба? – Жоқ, армияда болғаным жоқ. Жасым он сегіз жасқа 1942 жылдың күзінде толды. Ол кезде, өзіңізге мәлім, біздің жеріміз сіздердің қолыңызда болды. – Туысқандарың қайда? – Қарт шешем бар. Ол кісі осы қалада тұрады. – Ағаң, інің, қарындасың, апаң жоқ па? – Жоқ. – Қалада тұратын жолдастарың бар ма? Олардың аты-жөнін айтып бер. – Менің жолдастарым жоқ. – Жолдастарым жоқ дегенің өтірік қой. Шыныңды айт, егер шыныңды айтпасаң, жаңа ғана дарға асылған партизан сияқты дарға асылатын боласың, – деп Ранкенау тұтқынның қасына жақындай түсті. Жақындап келген адам емес, ажал сияқты сезілді. Оның үсті-басынан дымқыл, күлімсі иіс келгендей болды. Жігіттің жүрегі алқынып кетті. Не болса, ол болсын, осы адамды бас салып, мыжып тастағысы келді. Бірақ олай етуді ертерек деп білді. – Өтірік емес, мырза! Олар алдақашан деревнялардағы туыстарына босып кеткен. Қалада азық-түлік жағы қиын екенін, мырза, өзіңіз жақсы білесіз. Мен болсам темір жол станциясында жұмыс істеймін. Сондықтан ешқайда кетпей қалдым. Ал, кейбір жолдастарым Қызыл Армия кейін шегінгенде солармен бірге кеткен, – деп подполковникке тура қа­рап, оның ашуланғанын байқамаған болып, аспай-саспай өте бір салмақтылықпен отыра берді. Ранкенау темекі тартып, екі қолын қалтасына салып ерсіл-қарсылы үй ішінде жүрді де қойды. Оның жанын әр уақытта жеп, денесіне инедей қадалатын нәрсе Гитлер бұйрығының айтқан жерден шықпағаны. «Фюрердің айтуынша, қысқа мерзімнің ішінде Совет Армиясына тізе бүктіріп, алдымен Москваны, содан кейін бүтін Совет жерін басып алмақ едім. Енді олай болмай шықты. Міне, 1943 жылдың жазы келді. Сталинград түбінде мыңдаған неміс солдаты қаза тапты, жаралы болды, тұтқынға түсті. Қоршауда қалған Паульстің армиясы бүтіндей тізе бүгіп, тұтқын болды.

Ол ол ма, біздің империяның жеңілмейді деп жүрген армиясы Со­вет елінің қарулы күшіне төтеп бере алмай, Совет елінің оңтүстік жағындағы үлкенді-кішілі қалалар мен селоларды тастап, кейін шегініп келе жатқаны мынау. Большевиктердің қарқыны күшейіп барады. Әлде олардың қарулы күші басым ба? Майданды былай қойғанда, терең тылда отырған біздің өзімізге большевиктер тыныштық бермейді. Күн сайын көптеген километр бойында темір жол рельсін талқандау, темір жол мен тас жолдың көпірін бұзу, майданға жөнелтілген әскер және қару-жарақ тиелген эшелондарды жою, темір жол станцияларын қирату сияқты партизандардың зиянкестігі жиілеп барады. Бұл біздің күштілігіміз бе, әлде әлсіздігіміз бе? Жаңа ғана әлгі ақ көйлекті жігітті дарға астық. Парти­зандар бізге қарсы қимылын бұрынғыдан да күшейте түсетін болды. Енді олар да қарап жатпайды». Осы жағдайлар Ранкенаудың ойына шырмауықтай қайта-қайта оралып, үйріліп келе берді. Фашистік жендетке тән сойқандылығы бар, салқын есептің де адамы. Партизандарға қарсы шабуылға шыққан неміс жазалаушы отрядтары фюрердің бұйырығы бойынша майданға жіберілген көрінеді. Олар кетерде, осы маңайдағы партизан біткендердің бәрін қырдық-жойдық деді. Бұл оған онша сенбеген еді. Өйткені, бұлардың алдында да талай жазалаушы отрядтар келіп, партизандарды біржола жойдық деп кеткен. Бірақ олар кетісімен, партизандар неміс гарнизондарына шабуылды бұрынғыдан да күшейте түсетін. Осы қаладағы бекіністерге, штаб үйіне мина қойып жүргендері партизан­дар шабуылының тек бастамасы болуы да мүмкін. Осындай-осындай ыссылы-суық ойдан кейін, Ранкенау басқаша тәсілге барды: «Мен бұл жігітті ұрып-соқпайын. Тұтқынға да алмайын, босатып қоя берейін. Бірақ өзі залым жігіт сияқты. Партизандармен бай­ ланысы бар болуы да ықтимал. Мұның артынан тыңшы салып, бақылауға алайын», – деп түйді Ранкенау. Стол басындағы орындығына отырып: – Аты-жөнің кім? – деп сұрады жігіттен. – Атым Владимир, фамилиям Хомяков. – Сен, Хомяков мырза, өзіңнің партизан екендігіңді мойныңа ала­- сың ба? – Ранкенау мырза, мен сізге айттым ғой, менің ешкіммен де байланы­ сым жоқ. Менің айтқанымның шын, ақ көңілімнен айтылған сөз екендігін қаланың бала-шағасына дейін біледі. Нанбасаңыз солардан сұраңыз. Менің біреумен байланыс жасамақ түгілі, жұмыстан қолым да босамайды. – Сенің осы айтқаныңның бәріне біз сенейік-ақ. Ал, партизандармен байланысы бар, өзге кісіні білесің бе? – Жоқ, мырза, білмеймін. – Мүмкін, үйіне бөгде адам келіп жүретін адамдарды білетін боларсың? – Мен өз үйімнен басқа үйді білмеймін. Таң сәрісінен жұмысқа кетем де, әбден қас қарайған соң үйге қайтамын. – Неге үйден шықпайсың?

– Сіздің алдыңыздағы болған неміс комендантының бұйрығы бойын­ ша, қас қарайып, қараңғы түскеннен кейін бірде-бір қала тұрғыны көшеге шығуға болмайды. Мен сол бұйрықты бұлжытпай орындаймын. – Тәртіпті адам екенсің, ә? – Өзімнің жаным үшін тәртіпті боламын да! – Сені босатамын. Қызметіңді істей бер. Сен неміс командование­сіне еңбек сіңіріп жүрген адам екенсің. Егер сезікті біреуді көрсең, бізге хабар­ лайтын боласың. – Сізге көп рақмет. Айтқаныңыздың бәрін істеймін, – бостандық алатынына сенерін де, сенбесін де білмей отырған тұтқын жігіттің даусы дірілдеп шықты. Ол стол басында отырған Ранкенауға қарады. Оның көз қарасында сезікті еш нәрсе жоқ сияқты көрінді. Тұтқын жігіттің бойы­ на қуаныш нышаны ойнағандай болды. Бетіне қан жүгіріп, күні бойы көз алдынан кетпей отырған өлім елесі сейілгендей көрінді оған. Дегенмен оның күдікті ойы бұлыңғырланып көңіліне қайта-қайта орала берді. Әлде, бұл мырза «мені қайтер екен» – деп сайқалдыққа салып отыр ма екен? Болмаса, шын босатамын деп отыр ма? – Сен үндемей қалдың ғой, әлде сенбей отырсың ба? – деп Ранкенау мырза орнынан тұрып, тұтқын жігіттің қасына келді. – Сіздердің айтқаныңызға неге сенбейін, сеніп-ақ отырмын, – деп тұтқын абдырап, өңі қашып, бозарып кетті. – Сенсең, жұмысқа бара бер, – деп Ранкенау есікті көрсетті. Бағанадан бері тұтқын жігіттің көз алдында өлім мен өмір таласының ауыр шарпысуы денесін бүріп, бір қуысқа тығып, бойын құрсаудай қысып босатпай торлап отырған. Ол кетерін де, кетпесін де білмей әуелі алдында тұрған подполковникке, одан соң тілмашқа қарап дел-сал болып іштей тартыста отыр. Енді: «Сенсең, жұмысқа бара бер» – деген Ранкенаудың бұйыра сөйлеген дауысы мұны селк еткізіп ұйқыдан оятқандай болды. «Апырай, – деді Владимир ішінен, – бұл сұм да қолына түскен жанға бостандық береді екен!.. Расы ма, өтірігі ме? Жүре бергенімде желкемнен атып тастамас па екен!..» Оның тұла бойын тағы да суық тер басып кетті... Орнынан тұрып есікке жақындап барды да: – Ранкенау мырза, сізге көп рақмет, – деп, алдыңғы бөлмеде әдейі тосып тұрған солдатқа еріп, гестапоның кеңсесінен аулаға шықты. Еріп келе жатқан неміс солдаты қақпаны ашты: «Бара бер» – дегендей ым қақты да, оң қолымен көшені көрсетіп, өзі қақпаны жауып алды. Шыға бере жігіт «уһ» деп тыныс алды. Жау қолынан босап шыққан тұтқынның пышақ қырындай жұқа ерніне қан жүгірді, солғын жүзіне таң сәулесі ұялағандай көрінді. Нұры сөнуге қалған көк көзінде қуаныш нышаны пайда болды. Арық денесіне ерекше бір күш біткендей. Володя ұзыннанұзақ сұлап жатқан оқтай түзу көшені бойлап ілбіп жүріп келеді. «Неміс тұтқынынан босап шыққаным өңім бе, түсім бе?» дейді ішінен... Осы уақытқа дейін гестапоның қолына түскен адам тірі шықпағаны өзіне белгілі. Мұны қалай босатты? Әлде, соңынан тыңшыларын салып, байқайын деді ме екен?: Бұл жауыздардың оны да істейтінін біледі. Көше

бойындағы әрбір сыбдырға сол себепті сезіктене қарайды. Бірен-саран кездескен кісіні көзімен шолып, бас-аяғына дейін тексеріп шығады. Бұрыштағы жұмыр қарағайдан қиып салған қызыл шатырлы ағаш үйдің тасасына тоқтап, ол айналаға көз жіберіп, маңайын шолып өтті. Кейде адам он жылда өтпеген мектебінен бір ғана күнде өтеді. Адамға, айналаға сезіктене, күмәндана қарау әдеті мұнда жоқ еді. Енді, міне, сезікшіл, секемшіл, күдікшіл бо­ла қапты. Екі бүйіріне, алды-артына қарана береді. Бірақ әзірге сезіктенетіндей ешкім кездеспеді. Ол бұл арада көп тоқтамады. «Кім білсін, біреу-міреудің көзі шалып қалар. Қазір сенім жоқ», – деп өз үйіне қарай тура тартты. Оның көзі көше бойындағы астан-кестен болған соғыс ізіне түсті. Әр жерде жанған, құлаған үйдің орны. Күл-талқаны шыққан үй жаралы адамша мұң шағады. Жон арқасы шұрық-шұрық болып тесілген жер жылағандай. Жалын шарпып, ыс басқан қоңырқай, көңілсіз үйлер қаралы тарихтың куәсі сияқты. Көшенің екі бетінде қаз-қатар болып өскен алуан түрлі ағаш. Қатая түскен жел көшенің өн бойымен ұйтқып соғып тұр. Жолдың майда топырағын жанған үйдің күліне араластырып үйіріп аспанға көтереді. Жуықта ғана бүршік атып шыққан жапырақтарын жалын шалған ағаш бұтақтары дірдек қағып, мұңлы күй тартқандай сыбдыр қағады. Осы бір күңгірт көріністер азалы үн қосып, күңіренгендей болды. Володяның онсыз да жаралы жүрегін, осы бір көңілсіз көрініс мүлде құлазытып, жүдетіп жіберді. Күні бойғы қорқыту, ұру-соғу, қорлық, дарға асылған адам, гестапо бастығы Ранкенаудың кабинетіндегі өлім мен өмір таласы Володяны әбден қалжыратқан еді. АНТ І Қас қарайып, ымырт жабылған мезгіл. Кенеттен көтерілген қара бұлт аспанды торлай бастады. Толған ай аспан төріне қарай ығысқан сайын көк аспан күңгірт тартып, бірден бұрқанып, түн аяқ астынан түнере қалды. Жел дауыс айтқандай ызыңдап, алды-арттан ұйтқып соқты. Басы салбырап кеткен Володя серпіле түсіп тезірек жүріп, үйіне жақындай бергенде-ақ алдынан ит шыға келді. Әуелі жуан дауысымен бір екі арсылдады да, бірден құйрығын бұлаңдатып, үстіне қайта-қайта шапшып еркелей бастады. Володя өз үйінің шалқасынан ашық жатқан қақпасынан қораға кірді де, күні бойғы жүйке тартысынан шаршаған денесі дел-сал болып, есік алдындағы ұзын ағаш орындыққа отыра кетті. Сәл ентігін басып демалды. Екі құлағы үй ішінде. Құлаққа ұрған танадай, тым-тырыс, еш сыбдыр естілмейді, тірі жан белгісі жоққа ұқсайды. Володя өзінің соңынан аңдып жүрген біреу көрінбей ме екен деп, жан-жағын тағы бір шолып өтті.

Қою қараңғылық. Адам түгілі көлеңке де көзге ілінбеді. Үйге тура кіріп барайын десе, онда жансыздардың бірі әдейі келіп тосып отыр ма деп тағы сескенеді. Дене шіркіннің түйсік алуы қырық түрлі жолмен келмей ме, табанда бір сұмдық ой сап ете калды. «Әлде, менің шешемді де немістер алып кетті ме?» деп ойлады Володя. Оның осындай ойын күтіп тұрғандай, үй ішінде кемсеңдеп біреудің жылағаны естілді. Ол енді неде болса, үйге кіруге бел байлады. «Мүмкін жау солдаттары ұрып-ұрып сойылға жығып кетті ме бейшараны?» деп есікті ашып, үйге кіріп келді. Үй-іші қараңғы. Түк көрінбейді. Володя қалтасынан шақпағын алып, пештің үстінде тұрған майшамды жақты да, шешесінің қасына келді. «Күні бойғы қайғы, жылау-сықтау әбден шаршатқан ғой, байғұсты», – деп ойлады ол шешесін көріп. Үйге кіріп келген баласын «мама» деген даусынан танып, жатқан орнынан екі қолын жерге тіреп тұруға талпынды да, сылқ етіп қайта құлап түсті. Талып кетті. Володя шамды терезеге қойып, алдында сұлап жатқан шешесін көтеріп апарып, үйдің оң жағындағы төсекке жатқызды. Қалтасындағы орамалын алып, ауыз үйдегі орындықтың үстінде тұрған ағаш шелектегі суық суға малыды да, шешесінің маңдайына апарып басты. Ол сұлық талып жатқан шешесінің қолынан ұстап сілейіп, қимылсыз көп тұрды. Орамалдан аққан су тамшысы шешесінің көзіне тамды, одан кейін мұрнынан, иегінен асып, мойнына ақты. Оның бетіндегі суды сүртуге орамал іздеп еді, таба алмады. Володя үстіндегі көйлегінің бір өңірін түгелдей жыртып алды да, шешесінің бетін сүртті. Кемпір есін жинайтын емес, тамыр соғысы да тым болымсыз, тіпті байқалмайды. Жәрдем бере қоятын жақын жерде дәрігер де жоқ. Жергілікті халыққа дәрігерлік көмек беретін бір ғана адам болатын. Ол осы қаланың екінші шетінде. Оған жібере қоятын кісі қайда! «Енді не істесем екен?». Анасы соңғы уақытта ел басына түскен қайғы-қасіретті көтере алмай, көзінен таса болса, осы Володяның тағдыр-тақсіретін тартып, әбден жүдеп-жадап, денсаулығы да нашарлап кеткен еді. «Мен ұзақ уақыт үйде жоқ болғасын қайғы-қасірет кешіп ауырған екен ғой... Қайран шешем-ай, осындай қысылғаныңда дертіңе шипа болып көмек беруге де жарамадымау!» – деген ой оның жанына батып, жүрегіне қадалып тұр. Осындай бір қарбалас кезде, қорада жатқан овчарканың ырылдағанын естіп, Володя елең ете қалды. Шешесінің ыстық қолын қоя беріп, есікке қарай ұмтылды. Дәл осы кезде сықыр-сықыр етіп сыртқы есік ашылды. – Володя, аман-есен келдің бе? – деп үйге көрші кемпір кірді... – Аман-есен келдім. Бірақ шешем қатты ауырып, ессіз, хал үстінде жатыр. – Қайта, бұл бейшара аман қалған екен? Біз өлтіріп кеткен болар деп ойлаған едік. Бағанадан бері келейік десек қорықтық. Жаңа терезеден сенің келе жатқаныңды көріп, енді ешкім жоқ болар деп келдім. – Біздің үйге кім келген еді?

– Гестапошылар күндіз сені көп ішінен таңдап, тұтқынға алып кеткеннен кейін, осында бес-алты неміс солдаты келді. Олар бұл үйге жан жолатпады. Бізге мына кісінің айғайлаған дауысы ғана естілді. – Немістер мамамды соққыға жықты ма? – Жыққанда қандай, оның зар илеген дауысын осы маңдағы көршілердің бәрі де естіді. – Бұл жазықсыз кемпірді не үшін ұрды? – Мен қайдан білейін, шырағым. Кемпір бейшараға «сен де парти­ зансың» деген бір немістің орысшалап сөйлеген сөзі құлағыма жетті. Володя осы сөзден соң үй ішін шолып өтті. Үйдің іші астан-кестен. Жау ойына келгенді істепті. Володя не істерге білмеді: іште мыс қазандай қайнаған ыза-кек, алдында шүйкедей болып, өлі мен тірі арасында анасы жатыр. Бір әлетте көрші қарияға қарап Володя: – Бері келіңізші. Мамам қысылып жатыр! – деді. Екеуі төсек үстінде талып жатқан кемпірдің басына үңілді. Ол қозғалар емес. Әлгі көрші кемпірдің көзі Володяның үстіндегі тозығы жеткен костюміне түсті. – Шырағым, бері қарашы, осы сен де жаралы болғансың ба? Үстіңдегі костюмің қан-қан сияқты, – деп кемпір алақанымен Володяның костюмінің жеңін сипап еді, алақаны қып-қызыл қан болды. – Мен аманмын. Бағанадан есім шығып, жау мамамды жаралаға­ нын білмеген екем ғой... Тіпті, костюмімнің қан болғанын да байқамап- ­пын-ау!.. – Бетінде ешқандай жара ізі көрінбейді ғой, – деді көрші кемпір. Сұлық талып жатқан жаралы жанды олар енді оң жақ қырынан жатқызды. Қара матадан тіккен көйлек ұзыннан-ұзақ, жауырынынан төмен қарай борша-борша болып жыртылған. Кемпірдің арқасында сау жер жоқ, тілім-тілім. Астына төселген қызыл ала сәтиннен сырып тіккен көрпеге аққан қан әр тұсқа қара ноқат жасап, ұйып қалған. Әбден қансырап, ессіз жатқан шешесінің халі Володяға қатты батты. Көзінен ыстық жас ыршып-ыршып кетті. – Жылама, неге жылайсың? Бұл жылайтын жер емес... Басқа салғанның бәріне де көнген жөн. Үйге келіп, бұл мылқаулар қару-жарақ іздеген. Ештеңе таба алмай, ашумен шешеңді сабап кеткен ғой. – Біздің үйді тінткенде не табады? – Таппағаны жақсы болған, шырағым. Мүмкін, ештеңе таба алмағаннан кейін босатқан болар сені де; – деп кемпір өзінің жорамалын айтты. – Сіз қызыңызды дәрігер шақырып келуге жіберсеңіз қайтеді? – Жақсы, мен қазір оны дәрігерге жіберіп келейін, – деп кемпір үйіне барып, ізінше тез қайта оралды. – Докторға кетті ме? – Кетті. – Мына бір ақ шүберекпен мамамның жарасын байлай тұрсақ қай­- те­ді? – деп, Володя төр алдындағы ағаш сандықты ашып, ішіндегі буды­

раған көйлек-көншекті алып жерге үйді де, сандық түбінде жатқан ақ сәтинді алып шықты. Володя шешесінің қан болған көйлегін желкеден төмен қарай дыр еткізіп жыртып шешті. Әлгі ақ шүберекті тілім-тілім қып ұзыннан-ұзақ қайшымен кесіп бөлшектеді. Кемпірдің жарасын байлауға енді ыңғайлана бергенде, есіктен орта бойлы, толық денелі, үстіне қара плащ киген қарт адам кіріп келді. Қолында төрт бұрышты ақ жәшік. – Міне, дәрігер келді, – деп көрші кемпір аурудың жанынан кейін шегінді. – Не боп қалды бұл кісіге? – Дер кезінде келдіңіз. Мамамды немістер соққыға жығып кетіпті. Өліп қала ма деп қорқамын? – деді Володя дауысы дірілдеп. – Кәне, бері жақын келіңдер. Көмектесіңдер, – деп дәрігер оң қырынан жатқан кісіні етпетінен салып арқасын ашып көрді. Кемпір бейшараны жай ғана ұрып қоймаған екен. Фашистер дәл жонының алақандай жерінен жұлдыз ойып алыпты. Кәдімгі қолға түскен партизанға істейтін дүре түрі осындай болады. Мұны көрген Володяның сөйлеуге шамасы келмей, сұлқ тұрып қалды. Әрі-беріден соң ашу кернеп жұдырығын түйді. Көйлегінің жеңін түріп аңға шүйілер бүркіттей қанатын қомдап, біреуге қона түсетіндей болды. Ызаға булығып біраз тұрды да: «Бәлем тұра тұр, көресеңді көрсетермін сендерге», – деп тістене күбірледі. – Ей, шырағым, сен не деп тұрсың? Сөзді қой. Бері кел, мамаңның кеудесін көтеріңкіре, мен жараны байлайын, – деді дәрігер. Володя өзінің айтқан сөзін қасындағылар естіп қойғанына қын­ жылғандай сыңай білдірді де шешесінің бас жағына барып, екі иығынан ұстап, сүйеп тұрды. – Шамды жақын ұстаңыз, – деді Володя шам ұстап тұрған көрші кемпірге. Дәрігер Володяның шешесінің жарасын алдымен спиртпен тазалады да, дәрілеп, байлап тастады. Кемпірдің тамырын ұстап көрді. Құлағын кеудесіне тосып, жүрек соғуын тыңдады. Дененің тағы басқа жерінде жараның ізі жоқ па екен деп, бар ілтипатымен қарап шықты. Қан тиген жердің бәрін сүртті. Өзінің бетінен де моншақтап тер ақты. Ауыз үйге барып қолын жуып, қалтасынан орамалын алып бетін сүртті. – Қан көп кеткен. Адам болар-болмасы белгісіз. Жарасы ауыр, өздерің де көріп тұрсыңдар, – деді дәрігер. – Шынымен, есін жинай алмай кеткені ме? – деді қамығып, шешесінің маңдайын сипаған Володя. – Қазір дүние астан-кестен болып жатыр ғой. Біреу-міреу менің осы үйге келгенімді көріп қояр. Кетейін. Гестапоға жеткізсе, мені де оңдырмайды. Ранкенау деген гестопаның жаңа бастығы нағыз қан ішер адам көрінеді. «Сен жаралы партизанға көмектестің» деп мені айыптауы мүмкін, – деді дәрігер. Бұл жерде ол жансыздардың біреуі естіп қалмасын деген оймен «Ранкенау, гестапо, партизан» – деген сөздерді сыбырлап, естілер-естілмес

етіп айтты. Кетуге жинала бастады. Дәрігер сыртқы есікке жақындай беріп, көрші кемпірге сыбырлап: – Бұл кісі мал болмайды. Жүрек соғысы әлсіреген, тіпті болар-болмас қана бүлкілдейді. Өмірі ұзаққа бармайды. Сіз осында болыңыз, – деп далаға шықты да, көшені айналып қараңғылық құшағына еніп жоқ болды. Көп ұзамай «мен де үйге барып келейін» деп, көрші кемпір де шығып кетті. ІІ Шырағданның білтесі әбден қысқарған, сығырайып қана, боларболмас жанып тұр. Володя қайта-қайта жалп-жалп сөніп кете берген шаммен алысып, көп әуре болды. Бір кезде білтесі біткен шам лау етіп жапжарық болып жанды да, лып етіп сөніп кетті. Май шүберектің қоңырсыған иісі бұрқ ете қалды. Үйдің іші көзге түрткісіз қараңғы. Володяның көзіне әлсіреп, бірте-бірте сөніп бара жатқан шырағдан білтесінің шоғы ғана көрінді. Дәл осы шақта аяулы шешесінің ауыр халі де өшіп бара жатқан осынау от ұшқынына ұқсас еді. Бұл бір әлсіреп өшкен шырағдан да Володяның жан жарасына тұз сепкендей шеше қайғысы қабырғасына бата түсті. Тастай қараңғы үйде сілейіп ұзақ тұрып қалған. Сәлден соң оның ойына бағана ақ шүберекті бөлшектеп отырғанда жерге түсіп кеткен бір тілім суыртпақ сап ете түсті. Еденге етпетінен жатып, сол шүберектің қалдығын қолымен сипалап іздеді. Төрде тұрған сандықтың маңайын Қанша сипалағанымен, қолына ештеңе ілінбеді. Суыртпақ төсек жанындағы орындықтың астынан табылды. «Мен мұны аяғымның ұшымен әкеліп тастаған болдым-ау» деп ойлады. Білте жасаймын деп, Володя әлгі кішкене шүберектен тілдей қып жыртып алды, жіп ескендей, оны ширатып, бұрап, екі қабаттады. Содан кейін орындықтың үстіндегі май шам жасаған темір тарелканы ала беріп еді, қолынан түсіп кетті. Енді Володя шырағдан жағу дегеннен мүлде күдер үзді. Оның ойына екі-үш күн бұрын пештің үстіне кептіруге қойған қарағайдың жаңқасы түсіп. Сол жаңқаның екеу-үшеуін алып, қалтасындағы шақпақпен біреуін тұтатты да, шешесінің қасына келді. Ауру бұрынғысынан да қалжырап, әлсірепті. Демін әрең-әрең алады, сөніп бара жатқан жаңағы шырағданға ұқсайды. Ол шала-жансар жатқан шешесінің қолын ұстап, маңдайын сипады. Көп ұзамай анасы бір рет терең тыныс алды да, денесі бірден суи бастады. Мұны сезе қалған Володяның денесінен суық тер бұрқ ете қалды. «Мамамның денесі суып кетті. Өлген деген осы екен ғой...» – деп Володя шешесінің бетіне бетін тақап біраз тұрды. Сәлден соң дауыстап жылап жіберді. Кеудесіндегі жүрегін біреу жұлып әкеткендей болды. – Володя, саған не болды, неге жылап жатырсың? Шам сөніп қалыпты ғой? – деп көрші кемпір қайта оралды. – Мамам, мамам!! – дегеннен басқа жауап бере алмады, еденде бүк түсіп, отыра кеткен Володя.

Үйіне кетуін кеткенмен, ол байғұс та ұйқы көрмей, осы үйді сырттан байқап отырған сияқты. Адам бауырмалдығының бір қыры өлім кезінде көрінеді емес пе: қазір енді қарт денесі үгітіліп кеткендей, көрші қария Володядан бетер солқ-солқ етеді. Кемсеңдеп, сөйлеп те жүр; – Шам қайда, шам? – деді дегбірі қашқан кемпір. – Шам жоқ, бітті бәрі! – деген бір ауыз сөзге ғана шамасы келді Володяның. Көрші кемпір өз үйінен шырағданын алып келді. Төсектің үстінде ұзыннан сұлап жатқан кемпірдің жанына келді де, қолын созып, өліктің денесіне тигізіп көрді. Күбірлеп бірдеңе айтып шоқынды. – О, бейшара, жас кезінде де мехнатты көп көрген едің, қартайғанда да саған құдайдың жазымышы осы болды, – деп көрші кемпір көзінің жасын басындағы қара орамалымен сүртті. Володя таңды кірпік айқастырмай ұйқысыз өткізді. Түні бойғы қайғы, жылау-сықтау титығына жетіп, оны әбден қалжыратқан еді. «Енді жылай бергенмен, шешем қайтып келмес», – деп ол жатқан орнынан тұрып, есік алдына шықты. Денесі бейне шойын құйып кеткендей зіл батпан. Жауын басылып, күн ашылыпты. Таң енді-енді құлан иектене бастаған екен. Володяға шешесінің өлімі қатты батты. Қынжылған ол қабағын қарс түйіп, есік алдында таң аппақ болып атқанға дейін отырды. Денесі дел-сал болып қалыпты. Ол қораның түпкірінде жатқан бес-алты ұзынұзын тақтайды алып шықты. Анасын жерлеудің қамына кірісті. Тақтайдан табыт жасады. Өлім, қайғы дегендермен қатарлас тіршілік әңгімесі жүріп жатады. – Өзің ісмер екенсің, лезде табыт жасай қойыпсың, – деді үйден шыққан көршісі. – Бір кезде мені әкем марқұм ағаш ұстасын дайындайтын оқуға бер­ген. Бірақ соғыс басталып кетіп, ол мамандықтың соңына түсе алмай қал­дым ғой. – Рас, ұсталық өте жақсы мамандық. Шырағым, мен үйіме қайтайын. Бізге де жан керек. Үйіміз толған шиеттей бала. Ертең әлгі мылқаулар менің осында болғанымды білсе, бәрімізді де партизансың деуден тайынбайды. – Осы көшеде ат-арбасы бар адамды білесіз бе? – Бұл маңда ат-арбасы бар кісіні көргенім жоқ. Ат біткеннің бәрін өткен жылы жинап алып кетті емес пе. – Мамамды жалғыз өзім-ақ көме аламын, тек моланың басына қалай апаруды ойлап тұрмын. – Мен қолдан келгеннің бәрін істедім. Мола басына ба­ра алмаспын, – деп көрші кемпір күйбеңдеп үйіне қарай жөнелді. – Жақсы, апа, бара беріңіз. Рақмет, өзім-ақ бірдеңе ғып жерлермін, қайтейін. Володя осы қаладағы достарын шешесін жерлеуге көмекке шақы­ райын деп бір ойлады да, кім білсін, оларға да зияным тиіп кетіп жүрер деп, не де болса, жалғыз өзі баруға бел байлады. Қорада сиырдың қиын шығарып жүрген темір дөңгелекті қол арбаны далаға шығарып, үстін әбден тазалады. Сөйтті де, үйге кірді.

Володяның тамақ ішпегеніне көп уақыт болды. Аш. Үйде шешесінің киімін іздеп жүріп, пештің алдында тұрған шөңкенің ішіндегі піскен картопқа көзі түсті. Тек сонда ғана өзінің аш екенін сезді. Бұл кеше, басы аман тұрғанда, мамасы байқұстың осының өзіне арнап пісіріп қойған тамағы еді. Өңешінен тамақ өтпесе де, ол екі-үш картопты зорлап жеді. Оған аз да болса әл кіргендей болды. Енді Володя шешесінің денесіне таза киім кигізді де, табыттады, сонсын табытты көтеріп әкеп, есік алдындағы қос дөңгелекті кішкене арбаға салып, кендір арқанмен екі жерден байлады. Үйдің есігін жауып, молаға қарай қайғылы жүкті жаяу сүйреп жүріп кетті. Ел аман, жұрт тыныш, жайма-шуақ заманда арсалаңдап, жаяу­дың алдын бермейтін тарлан овчарканың да басқан аяғы кейін кетіп, басы салбырап, арбаның соңынан ілбіп келе жатыр. Володя көше-көше­нің арасымен, сең соққан балықтай сенделіп, табыт тиелген арбаны сүйреп, белі қайысып келеді. Өзі аш адамның жүрісі өне ме? Көшеде құдықтан су алып жүрген бірен-саран әйелдерден басқа қала тұрғыны кездеспейді. Әр жерде топ-топ болып, станцияға таяу жердегі асханаға ағылып жат­ қан жау солдаттары көрінеді. «Бүгін осы қалада немістер көбейіп кеткен екен», – деп ойлады Володя. Ол қарсы келіп қалған бір топ немістерге тоқ­тап, жол берді. Әдетте, өлік көшіне тірі адам жол беруші еді, бұл жо­ лы өлік тіріге жол берді. Әдет, дағды, жол-жоба деген ештеңе қалмаған­да, адам айуандана бастағанда осылай болады. Володя көшенің екінші бетіне өтпек болып, енді қозғала бер­генде, машинаның толассыз қоңырауы естілді де орнында мелшиіп тұрып қалды. «Осы оңбаған көк шинельділер өтіп-ақ кетсін. Тағы жол бе­- рейін», – деп ойлады ол. Оң жақтағы көлденең көшеден шыға келген екі жеңіл машинаны көрді. Жүрісі тым суыт. Өрт сөндіруге бара жатқандай ап­шыны қуырып келеді. Адамның зәресін ұшырады. Жүрістерін баяу­лат­ пас­тан кенет солға бұрылды. Көшенің борбас сары топырағын машина ас­панға көтереді. Жоғары қарай будақтап ұшқан шаң бұйрат-бұйрат бо­ лып, әр жерде иірімделіп, көшкен бұлттай есіліп жатты. Көшенің екі қап­ талында тізілген үйлерді шаң басты. Көзден ғайып болды. Жаңа ғана бейбіт, еркін жатқан қала тұрғындарын алға қарай суырылып шыққан осы екі машина аждаһадай жұтып, жалмап келе жатқандай көрінді. Володянын көзі алдыңғы машинаға түсті. Шофердің жанында отырған – қара көзілдірік киген Ранкенаудың өзі екен... Шаң басып қоңырқай тартқан «Виллис» Володяның алдынан өте бере дөңгелегі жолды тіліп, кеудесімен жерді осқылап барып бірден кілт тоқтады. Жер бауырлап тасбақаша жерге жабыса қалды. «Виллистен» қарғып түскен Ранкенау анадай жерге ыршып барып тұрды. Ол сол қолын мықынына тіреп, оң қолымен Володяны көрсетіп, өзінің осында келгеннен бергі шала-пұла үйренген орысшасымен: – Ты есть партизан. То возит скрывать? – деді Володяға. – Ісһ бин ниһт партизан, – деп өзінің шала немісшесімен Володя да оған жауап берді. Ранкенау арбаның үстіндегі табытқа қарап таңданып тұрды. Содан кейін қасындағы солдатқа:

– Ана арбаның үстіндегі жәшікті ашып қара. – Володяға қолындағы тістеуікті лақтырды. Жәшіктің қақпағын ашып, жерге қойды да: – Ал, көріңіздер! – деп Володя немістерге қарады. – Мина есть? – деп табытты нұсқады. – Бұл – менің шешем. Түнде ғана қайтыс болды. Табыт ішінде кемпір мәйітінен басқа ештеңе жоқ екендігіне әбден көзі жеткен немістер кейін шегінді. Екі жеңіл машина көшенің шаңын аспанға көтеріп, темір жол станциясына қарай жүріп кетті. «Бұл жауыз тағы осы қалаға тор құрып, партизан іздеп шапқылап жүрген шығар», – деп ойлаған Володя мәйітті қайтадан жөндеп шүберекке орап, табытқа салды. Шешесінің ашық жатқан аппақ қағаздай қураған бетіне қарап, сілейіп бір сәт тұрып қалды. Бір кезде есін жинап, қалтасынан орамалын алып жасын сүртті. Табытты қайтадан арбасына салып, кендір арқанмен екі жерден мықтап тағы байлады. Күн арқан бойы көтерілген мезгілде ол қаланың сыртындағы молаға әзер жетті. Құйылған терден, күні бойғы жылаудан көзі нарттай қызарған. Дүниеде адамның жанын езіп, көңілін босата беретін еңбек те бар. Өзіңнің анаңа, өзіңнің ет жақының балаңа өз қолың мен көр қазу деген не! Бұдан өткен жанды езер азапты еңбек бола ма? Володя қайта-қайта сүріне берді. Ол қабырды күн төбеге келгенде әзер қазып бітірді. Шешесінің зиратының басында, жаңа ғана томпайған суық топырақтың бір уысын алақанына салып, көзіне жас алды. Володя ол жерде көп тұрды. Ең ардақты жаны – шешеден айрылып, жапандағы жалғыз ағаштай өзі қалғанын енді ғана сезінді. Көзінің а­лдына шешесінің ту сыртынан, екі жауырынның арасынан ойып алған жұл­ дыз елестеді. «Біздің адамдардың қанын телегей теңіз ағызған немістің қара дауылы өмір-бақи ұмытылмас жадымнан, кетпес сірә көңілімнен. Жауға деген мейірімсіздік, өшпенділік, жүрегімнің түкпірінде мәңгі қалар. Бір қасық қаным қалғанша, мама, сен үшін жаудан өш аламын», – деп, Володя ана қабырының басында өзіне-өзі ант берді. «Қанға – қан, жан­ға – жан!» деп дауыстап қайталады. «Күнім туса, сені ме, жалмауыз Ран­ке­нау, сені мына мен өлтіремін әлі!..» Аспанда күлімдеген күн де Володяның денесіне біртүрлі әсер еткендей болды. Оның көзіне бұл көрініс жақсылықтың ұшқынын шашқандай, әсем бір болашаққа мегзеп тұрғандай көрінді. Ана қабырының басында айнымас антын беріп, Володя қалаға қарай бет алды. Арбасын сүйреп келеді. Біраз жерге барған соң, ол артында қалған жас қабырға қарап, аз-кем тоқтап тұрды. Иті көрінбеді. «Тигр! Тигр» деп иттің атын атап бірнеше рет айғайлады, бірақ ит бұл маңда болмай шықты. Володя көз тоқтатып мола жақты шолып өтті. Тигр жаңа ғана көмген кемпір бейітінің басында қалыпты. Мелшиіп қозғалар емес. Қабырдың жас топырағын иіскеп, отырып алған. Ол да әлден уақытта жауға сес көрсеткендей, жуан дауысымен бейітке қарап қыңсылап үрді

де, екі рет аспанға қарап ұлыды. Орнынан тұрып, Володяның соңынан көңілсіз еріп келе жатты... Сонымен, гестапоның бастығы Ранкенаудың бірінші жылы ә деген­нен осындай қанды сойқандылықпен өтті. Ақ көйлекті жігіт дарға асылды, жазығы жоқ кемпір бейнетпен өлтірілді. Көп адам залогпен тұтқынға алынды. Қойылған минаның әшкере болуы осынау қанды қырғынға себеп болды. Ранкенау сөз жоқ сақтық істеді. Ранкенаудың бұл жендеттік қадамын Коротченко мен Лебедевтің штабы барлаушылар арқылы сол бойда-ақ білді. «Жарайды, – деді олардың әрқайсысы, – бұл жолы сен сақтығыңды асырып, аман қал­ дың. Әлде де аз күн арақ ішіп, сүрі май жей тұратын тіршілік мерзімің бар екен!.. Енді мықтал! Сен енді сақтығыңды асыра алмассың! Ендігі кезек – біздікі. Мойныңды арқанға ыңғайлай бер. Ақ көйлектіге туған күн ­өзіңе де туады, соны біл!» Партизан штабы жаңа шабуылға әзірленді. Қойылған миналардың іске аспағанынан партизандар қорытынды жасады. «Атқан оқ нысанаға тисін; қойылған мина жарылсын; ұшқын шашсаң, өрт болсын! Жеміссіз қадам болмасын!» – ендігі қағида осы еді. Алда оларды үлкен айқас күтіп тұр еді... АТТАНЫС І Шырт ұйқыда жатқан Тамара таң алдында бомба даусынан оянды. Жатқан жері дүр сілкінгендей болғанына қарап, «жақын маңда жарылдыау өзі» деп ойлады. Ол ұйқысы шайдай ашылғанымен, тұрып кетпей, азкем ойда жатты: «Осы маңда елсіз, бос қалған деревняны бомбалап, өлім өртін шашып жүрген жау самолеті боларсың...» Таң алдындағы баяу ғана соққан самал желдің нәзік екпінімен ебелек қағып, сыбдырлаған ағаш жапырақтарына қарап ол біраз жатты. Тамараның көзі аспан жүзінде әлсіз күлімдеп, ақ жолақ тартқан жұлдыздарға түсті. Олар қылауланып, сызат берген келер түнге түпсіз аспан айдынынан жол беріп, жымың-жымың етіп көрінді де, әп-сәтте көзден ғайып болып, сө­не қалды. Таң аппақ болып атты. Жел де бірдеңеге асыққандай, суырылып үдей түсті. Алуан түрлі орман ағаштарының мың құбылған жапырақтары біресе көкпеңбек мұхит суына ұқсайды. Бірде Сарыарқаның күзгі бір көрінісіндей, сұрғылт тартып, енді бір кез жайнаған қызыл гүлдей қызылды-жасылды түске құбылып теңіздей толқиды. Атқан таңның ақ сәулесі мүсінді кербез қыздың үлпілдеген ақ денесін нұрландыра түскендей, жапырақтардың мың құбылысы да Тамараның жұмсақ ақ мойнына таққан алуан түрлі әсем асыл тастан тізген алқасы іспеттес болып кетті. Палуан пішіндес жуан қарағайдың

жас ине жапырақтарының сыбдыр-сыбдыры ғажайып бір күйдің жіңіш­ке қайырмасына ұқсап та кетеді. Күн найза бойы көтерілгенде, Тамара орнынан тұрып, Жамал мен Мая аясында жатқан қарағайдың жанына келді. – Жамал, сен әлі ұйықтап жатырсың ба? – Жоқ, мен оянғалы қай заман. Мына дүрсіл ұйқы беруші ме еді? – Бомбаның дүрсілін сен де естіген екенсің ғой? – Естімегенде. Тамараның дауысынан Мая көзін ашып алды. Үндемей біраз жатты. Жан-жағына көз жіберіп шолды да, тұрып жүрген өзгелерді көріп, Мая екі көзін уқалай, орнынан тұрды. Бірден Тамараның қасына жүгіріп келіп, оны бассалды. «Дүрсіл мен гүрсілде жұмысы жоқ, қауіп пен қатер­ден де бейхабар, шіркін, бала қайда болса да, от ішінде де, өлім қасында да балаау! Қарашы, өзін! Күлкісі тіпті алаңсыз, аңқау...» Осындай ойға келген Тамара Маяны қолына алып мейірін қандыра, бетінен шолпыл­датып сүйіп-сүйіп алды да: – Сен неге ерте тұрдың, бүгінгідей аз да болса тыныштық болғанда, ұйқыңды қандырып алмайсың ба? – деді. – Өзің неге тұрып жүрсің? – деді Мая, Тамараның мойнынан мық­тап құшақтап, бетіне бетін тигізіп жатып. – Менің ұйқым әбден қанды. Сондықтан тұрып жүрмін. – Менің де ұйқым қанды. – Жоқ, сен көп ұйықтауың керек. – Анау жүрген кісілер неге тұрып жүр, олардың да ұйқысы қанған ба? – Иә, олардың да ұйқысы қанған. – Тамара, менің қарным ашты. – Жамал, мына Мая қарным ашты дейді? – Бізде ештеңе жоқ. Жаңа ғана өзім де ойлаған едім, Мая көзін ашып алысымен тамақ сұрайды ғой деп. – Менің сөмкемнің түбінде кешеден қалған бір тілім нан бар еді, қазір алып келейін, – деп Тамара Маяны жерге түсірді де, дорбасының түбінде жатқан нанды алып, ізінше қайта оралды. – Мая, мә, же, – деп нанды ұсынды. – Спасибо, – деді Мая нанға сол қолын созып. – Оң қолың қайсы? – деді Тамара нан ұстап тұрған қо­лын тартып ала қойып. – Міне, оң қолым, – деп Мая ойланбай-ақ оң қолының саусағын жыбырлатып жоғары көтерді. – Молодец ты, – деп қолындағы нанын Маяға ұстатты. Күн көтерілді. Түнімен қоңылтақсып, тоңып шыққан Та­мара арқасын күнге беріп, бойы жылынып, рақаттана қалғандай болды. Жібектей жайдары мінезі, күнге шағылысып жалт-жұлт еткен сары селеу шашы Тамараның әдемі ақ жүзіне көрік беріп тұрғандай. – Тамара, жүр, беті-қолымызды жуып келейік, – деп Мая Тамараның оң қолынан сүйреп мазасын алды.

– Ендеше, жүр, – деп Тамара Маяны жетектеп сайдағы бүлкілдеген, ағыны әзер, болар-болмас қана білініп жатқан бұлаққа келді. Екеуі бетіқолын жуып, сайдың үстіңгі жиегіне көтеріле бергенде: – Тамара, сені Тимофей Михайлович шақырып жатыр, – деді жүгіріп алдынан шыққан байланысшы партизан. Тамара асығып-үсігіп, жүгірген бойы штабқа келді. Тимофей Михай­ лович штаб тоқтаған қалың жас қарағай түбіндегі алақандай кіш­кене алаңда, кесілген ағаш үстінде отыр. Оны айнала қоршаған партизан бөлімдерінің командирлері екен. Тамара ағаш арасынан мойнын созып қарады да, «мүмкін, Тимофей Михайлович бұларға құпия бір тапсырма беріп жатқан болар» деп бой көрсетті де, кейін шегінді. Мұны көзінің қиығы шалып қалған Тимофей Михайлович: – Тамара, сен қайда барасың? Бері кел! – деді. – Ғапу етіңіз, сіз шақырып жатыр деген соң келіп едім. – Жамал қайда? – Байланысшы бір жігіт мені ғана шақырды. – Жамалды да тез шақырып кел, – деп Тимофей Михай­лович әлгі партизанды Жамалға қайта жіберді. – Тамара, сен Жамал келгенше отыра тұр, біз қазір бітіреміз, – деп Тимофей Михайлович командирлерімен әңгімесін ары қарай жалғай берді. – Рақмет, – деп Тамара кейінірек кетті де, күншуаққа барып отырды. Тимофей Михайлович жатса да, тұрса да, мойнында ылғи ілулі жүретін, тозығы жетіп, былғарысының қыртысы ақ жиектене мұжылған, сырты ысқаяқ болып жылтырланған планшетасынан төрт бұрыштап оралған топографиялық картаны алып, алдына жазып тастады. Қолында үшкір ұшталған қызыл қарындаш. Отырған жұртқа картаның әр жеріндегі қара ноқатты, ұзыннан ұзақ, ирек-ирек боп сұлап жатқан темір жол сызығын көрсетіп, нүкте қойып отыр. Ол оң қалтасынан қонырқай барқыттан тігілген кисетін алып, газет қағазына сұқ қолдан жуан етіп шылым орады да, шақпағын жағып тұтатты. Шылым түтінін кеудесін кере тартты да, сөз бастады: Петр Иванович Шилин «Үлкен жерден» келген күннен бастап күнітүні біздің жігіттерге темір жол рельсін бұзу әдісін, тол қоюдың, оған от беретін шнурды жағу, адам өзін-өзі сақтау тәсілін үйретіп жатқаны өздеріңе белгілі. Сөзді Петр Ивановичтың өзіне берейік, – деп Тимофей Михайлович еңгезердей жалпақ денесін қонаққа бұрды. – Партизандардың көпшілігі темір жол бұзу әдісін жақсы үйренді. Жауынгерлік тапсырманы орындауға даяр. – Үйренгенге не жетсін, енді бұлар – рельс соғысының мамандары. Жаудың көптеген қару-жарақ, әскер тиелген эшелондарының күлталқанын шығарған да осылар ғой. – Ол рас, Тимофей Михайлович, бірақ диверсиялық жұмысты әлі үйренбеген адамдар да болып отыр. – Әңгіме соларды жатпай-тұрмай үйрету жайында ғой? Ал нақ бүгін бір бөлім Кричев – Унеча темір жолына аттанады. Бұл жолмен жау майданға

қару-жарақ, көптеп әскер төгіп жатыр. Сондықтан стратегиялық жағынан өте маңызды жол, – деп Тимофей Михайлович таусылып, саусағын күйдіруге аз-ақ қалған ащы темекінің түбірін бір-екі тартты да, алаңның ортасына қарай лақтырып жіберді. – Картаңыздан біздің бұзатын темір жол бөлшегімізді көрсетіңіз­- ші, – деп тапсырмаға баратын бөлімнің командирі тізерлеп отырған бойы Коротченконың қолындағы картаға жақындады. – Мынау қарайған ноқатты көріп отырсың ғой. Ол – Кричев қаласы. Сенің баратын жерің – осы қаланың батыс жағы. Қалаға 20–25 километр шамасы болады. Жауынгерлік тапсырманы орындауға баратын бөлім ко­мандирі картаға қарап үнсіз, тым-тырыс ойда отырды. Тимо­фей Михайлович сәлден соң: – Ойланып қалдың ғой. Әлде, тапсырма түсініксіз бе? – деп сұрады. – Тапсырма түсінікті. Мен картадан темір жолға неғұрлым жақын баруға қолайлы жерді байқап отырмын, – деп ол темір жолдың оңтүстігіндегі орман белгісін сұқ қолымен нұсқады. Бөлімше командирі іштей өзімен-өзі сөйлесіп отыр. Мынау көгілдір аралға ұқсаған ойдым-ойдым орман сілемі. Жолдың бергі солтүстік беті тап-тақыр дала екен. Тегі, егістік орны болуға тиіс. Және бұл жақта да жиіжиі, іркес-тіркес, біріне-бірі тиіп тұрған деревнялар. Мина қоюға арғы, оңтүстік жағы қолайлы. Ал анау жаққа өту де оңай болмас. Кейінгі кезде жау қауіпті-қауіпті деген осындай жерге патруль қоятынды шығарған. Бұл командирдің ой желісін жалғағандай-ақ: – Сені тәжірибесі мол командир деп темір жолдың дәл осы бөлігіне жіберіп отырмыз. Сапар тым оңай да болмас, бөлімшеңді шебер алып жүрсең, бәрі де сәтті шығар деген сенімдеміз, – деді Тимофей Михайлович тапсырма орындауға жүретін Павелге. Партизандар басшысы әмір бере салып, соны қайтсең орында дей салудан аулақ. Берілген әмірді іске асырамын деп, орындаушының құлшынып тұрғанын ұнатады. Бұл жолы да Коротченко жан-жағына көз жіберіп, маңындағы жұрттың осы тапсырманы кідіріссіз, қорқыныш­ сыз қабылдағанын байқағысы келді. Оның жүйрік ойы лезде бөлімше адамдарының ішкі сарайын шарлап шықты. Бір-біріне түйіскен Павелмен екеуінің де көзі жымың етті. Қалғаны былай да түсінікті еді. – Кете беруге бола ма? – деді оң қолымен жерді шынтақтап орнынан тұрған бөлім командирі Павел. – Болады. Жолың болсын. Аман-есен көрісетін болайық, – деп Тимофей Михайлович онымен қол алысып қоштасты. Жаңа ғана Тимофей Михайловичті айнала қоршап отырған командирлердің бәрі де жауынгерлік тапсырмаларын алып, өз бөлімдеріне тарап жатты. Алаңда өзі ғана қалған Тимофей Михайлович тағы біреу-міреу көрінбей ме екен деп, айналасын шолып өтті. Оқшау тұрған ешкім көрінбеді. Оның көзіне жас қарағайдың түбінде сөйлесіп, күлісіп отырған Тамара мен Жамал түсті. – Екеуің бері жақын келіңдер, – деді оларға.

– Мая қалай, жақсы ма? – деп Коротченко аман-саулықты былай қойып, алдымен Жамалдан Маяны сұрады. Бұл жерде Жамал үшін Тамара жауап берді: – Мая партизан қызы емес пе, суды да, суықты да, аштықты да елейтін түрі жоқ. Әр партизанның мойнына бір жабысып, шауып жүр. Жаумен айқас кезінде үн-түнсіз жерге жабысып жата қалады. Тіпті басын да көтермейді. – Ол да қатал өмірге үйреніп, шыныға бастаған ғой. – Шыныққанда қандай, кейінгі күндердегі сабалап құйған жауынды да елеген жоқ. – Көп партизанның арасындағы жалғыз бала ғой, суық тигізіп, ауыртып алмайық соны. – Ол ештеңені елейтін түрі жоқ. – Өте жақсы, – деді де, Тимофей Михайлович қалтасынан алған бір парақ қағазды әуелі өзі оқып шықты. Содан кейін: – Мына бір қағазды сен оқып шық, содан кейін сөйлесейік, – деп қасындағы тұрған Тамараға ұсынды. Тамара бір парақ қағазға өте ұсақ, жолына жолын тигізіп, сөзіне сөзін тіркестіріп жазған хатты оқып шықты. Кейбір сөйлемді қайталап оқыды. Хат қаладағы партизан барлаушыларынан кеше ғана келген екен. Аман-саулықтан кейін хат сөзі Ранкенау үйіне қойылған миналардың жарылып үлгірмей, ашылып қалғанын айтады. Ранкенаудың тым сақ, тым қатал екенін де ескерткен. Парти­зан барлаушылары қойған мина­ ның бәрін де Ранкенау адамдары тауып алған деген тұста Тамара ызалана түсті. Станциядағы су қоймасына мина қойып істен шығардық. Енді бірнеше күн бойы су қоймасы жұмыс істемейтін болады деген тұста ғана Тамараның көңілі сергіп қалды. Бұдан соң хатта Ранкенаудың құтырғаны, қала халқын жинап сапқа тұрғызғаны, ақ көйлекті жігіттің азалы өлімі айтылған, сонсоң Володя Хомяков үйінде болған қайғылы жай баяндалады. «Станцияда қызмет ететін Володя Хомяков дейтін жігітті Ранкенау өз кабинетіне апарып тергеп, жауап алған. Ол жігіттің өзі гестапода жауапта отырған кезде, бесалты неміс оның үйін тінтуге барған, Володяның шешесі: «Біздің үйде ештеңе жоқ, несіне тінтесіңдер», – депті. Сол-ақ екен, сен қарсы бол­дың, олай болса, сен де партизансың деп, немістер сол кемпірді ұрып-ұрып, дәл жауырын ортасынан жұлдыз таңбасын ойып алыпты. Байғұс кемпір сол күнгі кеште қайтыс болған». Володяның анасы – қарт адамның қайғылы қазасы тұсына келгенде, Тамараның үлкен көздерінен жас домалап, тұла бойы түршігіп кеткендей болды. Бұдан кейін хат сөзі біраз сергек сарынға басқан. «Воло­дя – өте сақ, сабырлы да өткір жігіт. Ол біздің бір тірегіміз болып алды. Өзім бұрынғы өзіңіз білетін жерде жұмыс істеп жатырмын. Бұлардың сеніміндемін. Кей кезде офицерлермен билеп те қоямын. Біздермен радио арқылы байланыс қиындап барады. Әрбір сеанс соңынан бұлар тінту жасайтын болды. Ендігі жерде көбінде байланысатын адамдарымыздың кездесетін жері – белгілі

қайың түбі. Бұл жағдайды сіздің барлаушыларыңыз жақсы біледі», – деп жазылған хатта. Ранкенау штабындағы барлаушы әйел ештеңесін қалдырмай түгелақ жазыпты. Тіпті жатқан бір кітап. Осыдан екі күн бұрын бізге көрші станцияға келіп тоқтаған, майданға керекті жүк тиеген жаудың төртбес эшелонын Совет самолеттері бомбалап кетті деп те хабарлайды хат. Аспаннан түскен бом­ба соншама дәл тасталғандықтан бірде-бір вагон сау қалмаған. Станцияның қарсы бетіндегі бір сарайдың төбесінен, самолеттерге ракета атып, жол көрсетіп отырған менің өзіме бомбаның жарықшағы тиіп кете жаздады. Әйтеуір аман қалдым. Бірақ ол жерден тез кетіп үлгірдім. Енді мүмкіндігі болғанша, қамауда отырған адамдарды, қайткен күнде, босатудың қамын ойластырып жатырмыз. Бірақ біздің қолымыздағы ең мықты қару мина болса, ол енді бітуге айналып қалды. Сізден көп өтініп сұрайтынымыз, мүмкіндігінше, тезірек бізге сол қаруды жеткізіп берсеңіз. Магнитті минаның сағатпен жарылатыны болса, соны көбірек жіберсеңіз тіпті жақсы болар еді. Тілегін де жақсы сөзбен келтірген. Хат сөздері тиянақты, оның иесі іске де тиянақты, әбден берілген адам екені байқалады. Тіпті хат соңында Петр Васильевичке сәлем жолдауды, аман-есен көріскенше қош-сау болыңыздар деуді де ұмытпаған. «Сәлеммен, 30-барлаушы» деп қол қойған. Бұл хатты Тамараның жанында тұрған Жамал да қатарласа оқып шықты. Тимофей Михайлович хатты қолына қайта алып, төрт бұрыштап бүктеді де, төс қалтасына салды. Ол Тамара мен Жамалға қарап үндемей, сәл уақыт ойда отырды. Қалтасынан шетін сары жібек жіппен торлаған көкшіл орамалын алып, кең маңдайындағы шып-шып шыққан бүршікбүршік терді сүртті. Қолындағы картаны алдына жайып: – Тамара, сен Н. қаласына барасың. Барғандағы негізгі міндетің: жаңа өзің оқыған хаттың иесімен жолығып, оған біздің тапсырманы табыс етесің. Оның өзімен жолығу қиын болады. Қаланың оңтүстігінде бір шақырымдай жерде сирек өскен жас қайың бар. Осы қайың тобының дәл ортасында жалғыз бәйтерек тұр. Сол бәйтеректің түбінде жетісіне бір рет, әр жұма сайын, қас қарайған мезгілде байланысшы отырады. Сен «Земля» деп пароліңді айтасың, ал ол «Мен Аймын» деп саған жауап береді. Одан кейін жасқанбай «Аймен» кездесесің. – Менің онда барғанда не бітіруім керек екенін айтсаңыз, – деді бағанадан бері Қоротченконың айтқан сөздерін шын пейілімен, мұқият тыңдап отырған Тамара. – Сабыр ет! Қазір айтамын. Сенімен кездесетін кісі қарт адам. Шашы аппақ, ұзын бойлы. Ол – сол қаланың теміржолшысы. Қазірде де стан­ цияда қызмет істейді. Сен сол кісінің тегінде немере қарындасының қызы болып есептелесің. Мынау Александра Ивановна Иванова­ның атына жазылған сенің паспортың. Қаланың Пушкин көшесі, 75-нөмерлі үйінде тіркелген. Сен қалада болған күндеріңде ең алдымен Беседь өзеніндегі темір жол көпірін бақылауға тиіссің. Сол көпірді күзететін неміс бөлімшесінің күшін, дот, дзоттарын, мина қойылған жер мөлшерін білесің.

– Тапсырма қиын екен. Беседь өзеніндегі темір жол көпіріне бару оңай болмас. Егер ол маңда деревня болмаса қайтемін? – Темір жол көпірінен 400–500 метрдей жерде жеті-сегіз үйлі хутор бар. Сол хуторға барудың амалын өзің ойластырарсың. – Оны бара көремін, әрине. – Тапсырма түсінікті ме? – Түсінікті. Мен неше күнде қайтып оралуға тиістімін? – Бір апта, әрі кетсе он күн. – Уақыт та тығыз екен. – Қайта, мен уақытты көп бердім бе деп отырмын. Төркініңе бара жатқан жоқсың, онда тапсырманы орындаған соң несіне аялдайсың? – Асығу керек. Бірақ... – деп, Тамара енді болған шығар дегендей кейін шегінді. – Жамал, саған берілетін тапсырма: Беседь өзенінің шығыс бетінде бес километр шамасында Бони деген разъезд бар. Сол разъездегі тұратын жау күшін анықтау керек. Ондағы жау бөлімі де Беседь өзеніндегі көпірді қорғаумен тұр. Егер партизандар көпірге шабуыл жасағандай болса, Бони разъезіндегі немістер көпірге қандай көлікпен жететіндігін анықтайтын бол. Өзеннің көпірге таяған сол жақ жағалауындағы жау бекінісін жете барлау керек. Қалай, тапсырма түсінікті ме? – Түсінікті. – Түсінікті болса, жүруге дайындал, – деп Коротченко қалтасынан алып сағатына қарады. – Сағат қанша болыпты? – Он екіден 15 минут кетіпті. Ал, енді жүруге қамданыңдар. Бүгін кешке таман жолға шығатын болыңдар. Тамара жауынгерлік тапсырманы алып, бір қадам кейін шегінді де, Коротченконың ызғарлы, жүдеу жүзіне көзі түсті. Бұлар, дегенмен, өткен түнде ағаш-ағаштың түбінде ұйқы қандырды, аз уақыт тынықты. Сол түнде күзетте, дзотта, алыс түкпірлерде қарауылда болған партизандар тыныштық көрген жоқ. Олар ұрыстың алдыңғы шебінде болды. Ал Коротченко мен Лебедев те көз ілмей, сол шептердің басы-қасында жүрді. Сол себепті, өткен түнгі айқас, толассыз ұрыс Тимофей Михайловичтің жүзінде із қалдырмай қоймаған еді. Оның қабағы да тым қатулы. Неше күнгі аштықтың, жаумен шайқастың зардабын тартқан бетінен қаһарлы батырға тән қайтпас қайсарлықтың болаттай беріктіктің де нышаны, жауға деген өшпенділіктің де көрінісі байқалады. Онсыз да үлкен көзі қанталап, шарасынан шығып кетейін деп тұрғандай көрінеді. Ол орман ішіндегі жыландай ирелеңдеген жалғыз аяқ жолмен кетіп бара жатқан Тамара мен Жамалдың соңынан қарап тұрды. Олар қалың, жиі шыққан жас қарағайдың ішіне кіріп кеткенше көз алмады. Оның ойына осы орайда партизандардың үлкені де, кішісі де жақсы көріп, біріне-бірі тоқтатпай қолдан қолға жүгіртетін ең кіші «партизан»» Мая түсті. «Өзінің жаны сірі, мықты. Суыққа тоңбайды, жауын суынан сығып алғандай болғанда, су киімінен тітіркенбейді де. Осы қыз алып

жанды ма деп ойлаймын. Ол әбден шынығып, ештеңені елемейтін болды. Осыдан екі-үш күн бұрын Ипут өзенінің қанды суына мүлдем батып та кете жаздады. Онан да аман қалды. Байғұс бала бізбен бірге талай асудан, толып жатқан тордан да құтылып келе жатыр. Егер дәл осындай қиындықты жайма-шуақ бейбіт уақытта көрсе ғой, өкпесіне суық тиіп, сеспей қатар еді. Мына сұрапыл тар заманның ыстық-суығына бала да әбден шынығып алған. Бұл біздің заманның қайтпас қайратты, суға салсаң батпайтын, отқа салсаң жанбайтын болат жамылған батыры болып шығады әлі...» деп түйді ойын Тимофей Михай­лович. Ол шартарапты кезген жүйрік қиялын уысына қайта жиып алды. Көп ұзамай сағатына қарады да: «Тамақ ішетін уақыт та жақындап қалған екен. Бірақ қазір тамақ дейтін тамақ та жоқтың қасы, дегенмен барайын» деп штабқа қарай аяңдады. Тимофей Михайлович штаб тұрған жерге жетер-жетпесте, аспанды қақ жарып, жер қыртысын қақыратып, апшыны қуырған жау зеңбірегінің оғы найзағайдай жарқылдады. Төсін күнге төсеп, бусанып жатқан бейбіт сүйгіш, туған жер де аспан­ нан жай түскендей, ауыр ыңыранып, дірдек қақты да қалды. Зеңбірек оғы орман ішінің лезде ұйқы-тұйқысын шығарды. Жердің тамыр жүйесі үзілгендей безек қағады. Бұл тосын атыс партизандарды да а дегенде абыр-сабыр етті. Көкжиекке қарай баяу құлап бара жатқан күн ұясына таянған мезгіл. Тамара мен Жамал жаудың түтеген зеңбірек оғынан сытыла шығып, орман ішімен жүріп кетті. – Тамара, жаудың әнеу күнгі жазалаушы отряды демін алып қайта оралды ма деймін? – деді Жамал қасында келе жатқан досына қарап. – Кім білсін, нақ сол, анадағы жазалаушы отряд болмауы да мүмкін. – Кім білсін! – Партизандар ту сыртынан маза бермеген соң, жау енді майданға бара төгіп жатқан әскерін бізге қарсы салуы да ықтимал. – Шынында да солай ма деймін. Көрдің ғой, екпіні қандай күшті. – Өздері бірден зеңбірегін ойната бастағанына қараған­да, алдымен алыстан атып қансыратайық та, артынан жаяу әскерді жабайық, сөйтіп жентектейік дегені ғой. – Иә, жаудың жаман ойы сол. Бірақ олардың шашқан жалыны біздің бөлімдерді оңайлықпен жайпай қоймас. – Өткен қысқы жазалаушылардың әдісін қолданса, біздің бөлім­дерді алдымен қоршап алуға тырысады. – Әрине. – Бағанағы зеңбірек атысына қарағанда, алдымен мықтап барлау жұмысын жүргізіп алған. – Кеше, алдыңғы күні таңның атысынан, күннің батысына дейін аспанды торлаған жау самолеттері не бітірді ғой дейсің? – Барлағанда қандай. Суретке де түсіріп алған тәрізді.

– Алдымен суретке түсіріп алады. Жаудың тыңшылары мен барлау­ шылары да қарап жатпайды. – Кеше Павликтің бөлімі біреуді орман ішінен ұстап алыпты. – Ол кім екен? – Кім екенін білген кісі жоқ. Тексеріп жатқан. – Жаудың барлаушыларының бірі болмағанда, кім дейсің? – Дәл солай болар. Біздің адамдар жергілікті адамның шал-кемпіріне, бала-шағасына дейін біледі. Бөтен, білмейтін біреу болса, тегін болмағаны. Осылай деп, тапсырмамен аттанған екі әйел орман ішінде ұзақ сөйлесіп, суыт аяңдап келе жатты. Партизан штабы тапсырмамен аттанғандардың қай-қайсысына да қайтыңдар деген жоқ. Жаудың атысын да, атыс артынан болатын шабуыл сойқанын да штаб айналасындағы негізгі күшпен қарсы алуға бел байлаған. Екі әйел суыт жүрістерін баяулатпай, алыстап кетті. Жау зеңбірегінің уһлеген күрсілі де алыстай түсіп, еміс-еміс қана естіледі. Тамара алды-артын мөлшерлеп, «Біз он бес-жиырма километр шамасындай жер жүрген болармыз» деп ойлады. Орман үстін түн басты. Олар қараңғы түнде, қалғыған қара орман арасында ұзақ-ұзақ сапар шекті... Өкшелері – партизан штабы, беттері – қала. Аяқтары ауырлап, шаршағандай белгі білдірді. Көптен үнсіз келе жат­қан Тамара тіл қатты: – Таң ататын мезгіл де жақындап қалды. – Оны қайдан біліп келесің? – деді Жамал арқасына байлаған дорбасының бауын иығынан жоғары көтеріп жатып. – Оны білу оңай, анау жарқыраған жалғыз жұлдызды көріп келемісің? Оны «Шолпан» деп атайды. Сол жұлдыз таңның хабаршысы. Қырдың қызы Жамал да жұлдыз сырын жақсы біледі. Ол жайнап тұрған Шолпанға көзін тікті де: – Дәл солай, досым, – деді. Ұзақ үнсіздіктің соңында екеуі осылайша біраз уақыт ұзақ әңгімеге жол берді. Орман ішіндегі көз тұнатын ну қарағайлы сайды бойлап, жыландай бұралаңдаған жалғыз аяқ жолмен жүріп келеді. Ағаш іші күп-күңгірт. Көзге түртсе көрінбейтін қараңғы. Аспанды жапқан қарағайдың бұтағы қалыңдап кеткен тұсында жылмыңдаған жарқын мінезді жұлдызды да көрсетпей кетеді. Тамара мен Жамал сайды құлдилап келіп, ұзыннан-ұзақ сұлап жатқан дөңеске шыққанда, бозарып белгі беріп келе жатқан таңды байқады. – Сарғайып таң атып қалыпты, – деді Тамара алдындағы алақандай алаңға көз тігіп. Біздің келе жатқан жолымыз алаңның қақ ортасынан өтеді екен. Айналып жүрейік. «Сақтықта қорлық жоқ», – деді Жамал. – Оның дұрыс, – деп Тамара алаңның оң жағындағы орманмен айналып өтпек болды. – Оң жақтың ағашы сирек екен. Арасынан жүрген адамды барлаушылар алыстан байқап қалады. – Сенің оның да дұрыс. Жүр, кеттік, – деп Тамара енді сол жағындағы қалың ағашты бойлап жүріп кетті.

ІІ Қанша дегеніңмен, орман мен түн – партизан жорықшылардың се­ рігі. Таң атып, алаңқайға шығысымен енді екеуі де сақтыққа мінді. Ал­дыартқа, жан-жаққа көз тіге аяңдайды. Үстері толған көк темір, қару-жарақ қит етсе, бұрқ еткізе қою қол­ дарында. Тамара мен Жамал алаңның терістік жиегіне шыққанда, әлгінде ғана бозарып келе жатқан таң бүтін әлемді өз құшағына еркін алған еді. Екі дос дөңестің үстіндегі қалың өскен қайыңның жиегіне шығып, алдындағы жайқалған орманның сұлу, әдемі тұлғасын көрді. Көз жетпейтін шексіз, көгілдір аспанмен тіресіп, тұтасып кеткенге ұқсайды. Таңғы жібек желдің екпінімен теңіздей толқып мың құбылған ағаш жапырақтары масаты кілемдей құлпырып далада өскен қызғалдақты еске түсіреді. Туып-өскен жердің осы бір әдемі, сұлу көркіне көздері тоймай, Тамара мен Жа­мал ағаш бұтағын жамылып біраз тұрды. Бір кезде Тамара: – Таң атты. Енді орман іші болса да, жүре беруге болмайды. Алдымызда қалың өскен жас қарағай. Сол қарағайдың дәл қасындағы бұталы төбенің бауырында мөлдір сулы бастау бар. Сол жерге тоқтайық, – деді. – Тоқтасақ тоқтайық. Күндіз жүруге болмас. Сақтық та керек. – Дұрыс айтасың. Өткен жылы осы орманда барлауға кетіп бара жатқан біздің екі жігітке сақалы кеудесіне түскен, бұйра шашты біреу жолыққаны есіңде бар ма? Біздің барлаушылар тосыннан байқаусызда кездескен адамнан от­ряд аралық парольды сұрайды. Ол «Үлкен жер», – деп жауап беріп, екеуінің асты-үстіне түсіп сайрап кетеді. Белгісіз адам, әр-берден соң, біздің отрядтың командирін, комиссарын, батальон командирлерін бәрін білетін болып шығады. Тіпті, олардың аты-жөніне дейін шұбыртып айтып беріпті; «Сен өзің қай отрядтансың?» – деген сұрауға да: «Мглин отрядынанмын» деп мүдірмей жауап қайырыпты. «Жалғыз өзің орманда неге қаңғырып жүрсің?» десе, «Барлауға жалғыз барған дұрыс емес пе? Мен отрядтан кеш шыққанмын. Түні бойы темір жолды барлап келе жатқан бетім осы» деген. «Сен бізге Хотимск қаласына қарай баратын жолды көрсетесің бе?» «Көрсеткенде қандай, талай рет барлауға барған жерім емес пе? Жолы жүрегімде сайрап тұр. Жүріңдер» деп біздің екі барлаушының алдына түсіп, жүріп кетеді. Бірақ, біздің жігіттер оны алға жалғыз жібермейді. Екеуі екі жағынан қыспаққа алып, қатар иықтаса жүреді. – Ол екеуінің аты-жөні бар ма? – деді Тамараның сол жақ қолынан ұстап келе жатқан Жамал. – Сен естімеп пе едің бұл оқиғаны? – Бірінші рет естіп келемін. Маған кім айтсын. Отрядта болғанда Маядан қолым тимейді. Оның үстіне біздің Жылбек барлаушы емес, ондай әнгімені тыңдауға да қолы тимейді. Күнде жорық, күнде айқас, оның әбден есін шығарды. Сен болсаң, Павликтен естисің ғой, – деп Жамал жымиып Тамараға қарады.

– Шынында да олардың біреуі – Павлик, екіншісі – Батырхан. Күн ұясына жақындаған мезгіл екен. Сол күні аз да болса сіркіреп жауын жауып тұрыпты. Әлгі жолыққан, жолды білем деген жігіт орман ішімен олай-бұлай бұлаңдатып, оларды айналдырып жүре береді. Тегінде қалың орманның ішінде адам бір жерді қайта-қайта айналып жүргенін бірден сезе қоймайды. Ондайда орман ағашының бәрі кісінің көзіне бірдей көрінетін әдеті де бар. Адам алыстан орағытып жүре береді. Адасқан кісі басы айналып, қайда, қалай жүргенін де сезбейді. Бетім дұрыс деп айнала береді. Адасқанын нағыз барлаушы, көреген, сезімтал, сақ адам ғана біледі. – Ал, – деді Тамара, – біздің Павлик орман ішінде қанша жүрсе де адаспайды. Айтқан жерінен шығады. – Павликті сен асыра мақтап жіберген жоқсың ба? – деді Жамал. – Жоқ, оның бойына біткен қасиетті айтқанның несі бар? – Айта бер әңгімеңді. – Бір мезгілде Павлик өздерінің қалың ағашты өзекті екі рет шыр көбелек айналып шыққандарын біле қояды да, бұл жайды бір бұрылыста белгі беріп, Батырханға сездіреді. Ол да: «түсіндім, мен де сезіп келемін» – дегендей, көзін қысады. Енді екеуі де сақтанады. Бірақ бұл жансыз тағы не істер екен деп екеуі иықтасып жүре береді. Павлик мойнындағы автоматын қолына алып, оң білегіне іледі. «Осы автомат ауыр-ақ, бауы әбден тозып жіңішкеріпті, иығымды қиып жіберді» деп автоматын қолына алғанының себебін де түсіндірген болады. Жансыз мойнын бұрып, Павликке көзін бажырайтып бір қарайды да, ештеңені сезбегендей, жоқтан өзгені әңгіме етіп тарта береді. Бірақ күнге күйіп қоңырқай тартқан беті жыбырлап, ерні дірілдеп, көзі жыпылық­тап, жан-жағына әлсін-әлсін қарап, дегбірі қашып, сасқан адамның ныша­ нын білдіреді. Қашуға шамасы жоқ, бұлардан құтыла қою оңай емес, олар екеу, жансыз біреу. Жансыздың сол жағында иық қағысып келе жатқан Батырхан: «Осы қудын өңі тіпті жас көрінеді. Сақалы несі?» – деп ойлаған. Батырханның ендігі баққаны жансыздың сақалы болды. Бойын қорқыныш билеп алған жансыздың бетінен тер моншақтап ағып келеді. Ол – оның әбден қысылғандығының белгісі. Үшеуі орманды шыр айналып жүре береді. Бір жүріп кеткен жерімен екінші жүреді. Қалың өскен жас қайыңды қақ жарып, өзекті қуалай аққан бұлаққа кез болады. «Дәл осы бір жерден біз жаңа ғана өткен жоқпыз ба?» деп бұлақ жағасындағы шалшыққа ап-айқын болып түскен үшеуінің ізін көрсеткен Павлик. «Орман ішінде жол табу оңай емес. Адасып кет­тікау», – деп жансыз біресе өздерінің жаңа ғана жүріп кеткен ізіне, бі­ресе Павлик пен Батырханға қарап мүләйімсіп жаутаңдай береді. «Адассақ, адасқан болармыз. Енді осы бұлақты құлдилап төмен қарай жүрейік. Баяғыда әкеміз айтушы еді, «су бар жерде, ел бар», – деп. Осы су бізді жырақ алып кетпес. Біреу-міреуді кездестірерміз. Ал кеттік, жүріңдер», – деп, Батырхан бұлақты бойлап бастап жөнеледі. Көп ұзамай олар ат төбеліндей кішілеу ғана алаңға шығады. Үшеуі де суыт қатты жүрістен әбден терлейді. Ащы тер үстіндегі қара көйлектің

сыртына шығады. Жансыз қалтасынан қол орамалын алып, бетін жапқан қалың терді оң қолымен қайта-қайта сүртіп, орамалымен бетін желпіп, терін басқан болып отырады. Өзінде зәре жоқ. Бір қызарады, бір қуарады. Бір кезде Батырханның көзі жансыздың сақалының құлақ түбіне жақын біткен тұсынан шеті қопсып желбіреп тұрғанын көрген. Батырханға алдында отырған адамның жау барлаушысы екендігі енді күмәнсіз болды. «Бұл жылмыңмен көп арбасудың керегі жоқ» деп қорытындыға келген Батырхан әлгі жансыздың ту сыртындағы қарағай бұтағына ілініп тұрған автоматын ыршып барып өз қолына алады да: «Көтер қолыңды, сұмырай, сенің «парти­зан» екеніңді көрсетейін «мен» деген. Жансыздың дәл алдында отырған Павлик те атып тұрып, бүркітше қона түседі. Екеуі жансыздың үстіндегі киімін шешеді, өзін тінтеді. Үстіндегі киімінің қалтасынан документ, болмаса, басқа бір бөгде зат табылмайды. Сол кезде Павлик әлгі жансыздың гимнастерка жеңін қолымен сипап жүрсе, қабаттап қайырып тіккен жең ұшының арасында қағаздың сыбдыры естіледі. Жеңнің тігісін сөгіп жібергенде, Павликтің алдына немісше жазылған документ түсе қалады. Павлик алдында жатқан документті қолына алып, оқи бастайды. Екеуінің ұстап алған адамы немістің тәжірибелі барлаушысы болып шығады. – Павлик неміс тілін де біле ме? – деп Жамал бағанадан Павлик пен Батырханның әңгімесін ерінбей-жалықпай айтып отырған Тамараға қарады. – Білгенде қандай. Соғыс алдында ол, әдейілеп, неміс тілін үйрететін курстан өтті ғой. – Оны мен білмеуші едім. Павликтің өзі өте мәдениетті, білімді адам екен ғой. Сен әлгі әңгімеңді бітір. Содан екеуі немістің барлаушысына не істейді? – Содан кейін Павлик жау барлаушысынан бұл маңға келген мақсатын сұрайды. Ол осы өңірдегі партизан отрядтарының тұрған жерін, сан мөлшерін, қару-жарағын білуге келгенін, жуық арада партизандарға қарсы неміс командованиесі үлкен күш жіберетінін жіпке тізгендей айтып береді. – Бізді орманның бір жеріне айналдыра берген себебіңді айтшы? – деген Павликтің сұрауына: – Сағат кешкі жетіде жаңа ғана өзіміз екі рет айналып өткен бұлақтың бойында біздің неміс командованиесінің Н. қаласындағы әскер бөлімінің адамдарына күн сайын жолығып, көрген-білгенімді айтып отыруға міндеттімін. Соларға сендерді байқаусызда жолықтырып, ұстап беруді ойлаған едім. Енді, міне, сендер мені қолға түсіріп алып отырсыңдар, – деп амалсыз шынын айтқан. – Келетін немістер неше адам? – Әр күні әртүрлі. Бір күні екеу, екінші бір күні үшеу, төртеу болып келеді, – дейді. – Қазір жетіге жиырма минуттей уақыт қалды. Келетін адамдарың дәл айтылған уақытында келуші ме еді, болмаса, не ерте, не кеш келе ме? – деп сұрау берсе:

– Біздің адамдар жолда партизан тосқауылына кездесіп қалмаса, күнде уақытында келетін еді. Сондықтан да сендерді бағанағы түбекті тағы бір рет айналдырсам, байқау­сызда сол біздің адамдардың қолына түсіретін едім. Олар жайма-шуақ жол үстінде тұрмайды. Жаңағы бұлақтың өткелінің екі жағындағы қалың ағаштың арасында тосқауылда жатады. Егер мен жалғыз келе жатсам парольды сұрайды да жолығысады. Ал менің қасымда біреулер еріп келе жатса, олар қасымдағыларды қоршап, қолға түсіреді. – Осының бәрін барлауға шығарда келісіп алған ба едіңдер? – Әрине, келісіп алғанмын. Менің осы маңда барлауда жүргеніме бірнеше күн болды. Өзіміздің адамдармен белгіленген жерде екі-үш рет кездестім. Партизандар туралы көптеген мәлімет бердім. «Мына жансыз қаймықпай барлығын айтып отыр. Бұл жерде көп отыруға болмайды. Бұл қу да бірдеңені үміт етіп отыруы мүмкін деп ойлаған Павлик: – Жүр, кеттік, – дейді. – Кеткенің не? Мына тұтқынды қайтеміз? – дейді Ба­тырхан қолын­ дағы автоматын тұтқын жігітке кезеп. – Мені өлтірмеңдер, сендерге шын жүректен таза қызмет етемін, – дейді әлгі тұтқын жалынып. Батырхан көзін тігіп тұтқынға қарап біраз тұрады. Осының бізге қызмет етемін деп тұрғаны шын көңілінен шыққан сөз бе, болмаса, сайқал­дық­ пен айтып тұр ма деп ойлаған ол. Үшеуі қалың орманды бойлай жүріп келе жатқан. Бір бұрылыста әлгі тұтқын бұлт етіп, тұра жөнелгені бар емес пе. Батырхан қолындағы дайын келе жатқан дауысы шықпайтын мылқау мылтығын қашқынның ту сыртынан дәлдеп шаппасын басып қалады. Тұтқын жалп етіп етпетінен түседі. Екеуі тұтқынның қасына келіп, оның өлгендігіне әбден көздері жеткен соң, суды бойлап кейін қарай жүрген. Павлик Батырханға қарап: – Жаудың барлаушысын тапқанымыз қандай жақсы болды. Ол біздің сырт көрінісімізді көріп, не болса соған се­не салатын бейқам адамдарға кездестім деп ойлаған болу керек. Тапқан екенсің оңай жемді! – деп күледі. Павлик пен Батырхан ит мұрыны өтпейтін қалың ағаштың ара­ сына келіп отырады да, жау келеді деген жолды тосқауылдайды. Көп ұзамай, екі-екіден іркес-тіркес келе жат­қан жау барлаушылары жалғыз аяқ жолмен жүріп келеді де, сирек өскен ағашқа маңдай түзейді. Өздері қаннан-қаперсіз, қауіп күткен адамға тіпті де ұқсамайды. Бір кезде жаудың алдындағы біреуі жан-жағына көз жіберіп, айналасын шолады. Ештеңені сезбей тағы да ілгері жүре береді. Павлик пен Батырхан автоматта­ры­ ның шаппасын ұстап, әне-міне атқалы дайын отырады. Өзара міндет те бөліскен сияқты: «Өздері төртеу-ақ көрінеді. Сен алдыңдағы екеуін көзде, мен артта келе жатқанын көздейін», – деген Павлик қасында жатқан Батырханға. Жау барлаушылары таяқ тастамдай, өте жақын келеді. Олардың бетжүзі, түймелеріне дейін анық көрінеді. Сол сәтте, Павлик пен Батырхан автомат шаппасын қатарласа тартып-тартып қалады. Дәл бір мезгілде

жарыса атылған екі автоматтан тұншықтыра құйылған оқ жау солдат­ тарын бірден кесіп түседі. Жата қалуға да, оқ атуға да мұршалары келмей­ ді. Бірінен соң бірі шалқалап сұлап-сұлап түскен. – Мынау қызық оқиға екен. – Бұл жағдай айтуға ғана қызық. Қолға түскен жансызбен арпа­лысу, қарсы келіп қалған жаумен шайқасу, өзің білесің, өте қиын және қауіпті ғой. – Әрине қиын. Өмір мен өлім беттесуі деген сол. – Біздің осы жүрісіміз де сол өмір мен өлімнің беттесуі емес пе? Соған ұқсас, одан да қауіпті оқиға бізге де кездесуі ықтимал ғой... – Біз ілгерілеген сайын жау бөлімдеріне жақындап келеміз, қауіп д­е­ген де сол. Біз үшін ең алдымен сақтық ке­рек. Жау мына ағаштың кез келген түбінен кездесе кетпесін кім білсін? – Енді біз жүре бермейік. Күн әжептәуір көтеріліп қалды. Мына алды­ мыздағы бастауды маңайлап тоқтайық, – деді Жамал қатарласып келе жатқан Тамараға. – Анау қалың бұталы орманға тоқтайық. Екі дос жүрістерін жеделдете түсті. Бір кезде орман ішіндегі бұраң­ даған жалғыз аяқ жолдан шығып, тура тартты. Қалың орманның ішіне жеткенде, екеуі де түнгі жүрістен әбден шаршағандығын сезінді. Дене ауырлап, көтертпейді. Біреу ұрып-ұрып кеткендей салдырап қалған. Түні бойы ұйықтамаған адам, басына шойын қаптап қойғандай алға басқан аяқ кейін кетеді. Күнге күйіп онсыз да қоңырқай тартқан беттерін шаң басқан, маңдайдан төмен қарай аққан тер айғыз-ұйғыз. Бұл – түн қатқан тоқтаусыз жүрістің, жаумен ұдайы толассыз ұрыстың айғағы еді. – Осы жер дөңестеу, құрғақ екен. Мына бұтағы мол жас қарағайдың түбіне тоқтап дем алайық, – деді Тамара арқасындағы дорбасының бауын ағытып жатып. – Сен отыра тұр. Мен алғы жақты шолып келейін, – деп Жамал ілгері қарай жүре түсті. Көп ұзамай Жамал дөңнің етегінен төмен қарай құлап аққан бастауға кез болды. Бастау жер астынан бүлк-бүлк етіп, қазанда қайнағандай ытқып жатыр. Сұп-суық, мөп-мөлдір. Түні бойы қаталап, шөлдеп келген Жамал беліне байлаған құтысын шешіп алып, толтыра су құйды да, әбден шөлі қанғанша ішті. Су қадірін кім біледі? Біреу білсе, жорықтағы жан біледі. Жорықта шаршап-шалдығып, таңдай кеуіп, бір тамшы суға зар боп келе жатқаныңда көз алдыңнан туған жердегі талай-талай жалтыр көл, мөлдір бұлақ елес береді. Оларға деген ынтығың, сағынышың артады. «Кезін­де сенің қадіріңді білмедім-ау!» деп іштей өкінесің. Қазір Жамал да сондай бір сағыныш құшағында еді. «Шіркіннің суы қандай салқын, қандай таза еді. Шөлім бір қанды ғой», – деп бастау суына бетін жуып, сергіп, есін жиды.

Жамал келген ізімен қайта оралды. Тамара дорбасын басына жастап көзін енді іле беріп, Жамалдың сыбдырынан селк етіп оянып кетті. Оян­ ған бойда автоматына жармасты. – Міне, саған бастау суын алып келдім, – деп, Жамал оң қолына ұстап келе жатқан құтыны Тамараға ұстатты. Тамара орнынан тұрып, қолындағы құтының аузын ашты да, қылқылдатып жұта бастады. Оның шөлдегені сонша, басын көтерместен, құты толған суды бірден жұтып салды. – Сенің бетің айғыз-айғыз кір. Тым болмаса, суға бетіңді жуып ал. Содан кейін ұйықтарсың, – деді Жамал Тамараның шашын сипап. – Ол да дұрыс екен. Беті-қолды жуып, аз да болса сергіп алайын. Жүр, көрсетші, – деп Тамара бастауға барып беті-қолын жуып болды да, әлгі өзі жатқан жас қарағайдың түбіне қайта оралды. – Тамара, сенің не ойлап отырғаныңды білмеймін. Бізге дәл осы жерге аялдауға болмайды. – Неге болмайды? – Мынандай мөлдір сулы бастауы бар жерге адам баласы келгіш болады. Көрмейсің бе, жан-жақтың бәрі тарам-тарам соқпақ. Біздің тоқтаған жеріміз бастауға өте жақын. «Сақтансаң сақтаймын» – деген қазақ мақалы бар. Тым болмаса, бір шақырымдай алыстап барып дем алайық, – деді Жамал қолына су толтырған екі құтыны ұстап тұрып. – Шынында да, сенің айтқаның дұрыс. Суы бар жерге адам да, аң да әуес. Жүр, кеттік. Анау көрінген қалың орманға барып тоқтайық. ІІІ Тамара мен Жамал түс ауа оянды. Денелері ауыр тартып, мең-зең боп қалыпты. Орман іші жым-жырт, мүлгіп, маужырап қалған. Екі дос керіліп-созылып орындарынан тұрып, маңайға көз жіберіп, құлақ салды. Ешбір дыбыс білінбейді. Зеңбірек, мылтық дауысы да естілмейді. Самал желдің екпінімен толқыған орман ағаштары да тынышталыпты. – Мен бастауға барып су алып келейін. Осы жерде бір ыстық шай ішіп алайық. Кім білсін, алдымызда қандай жағдай боларын? – деп Жамал екі құты мен котелогын алып суға кетті. – Бұрыс та болса, бастауды алыстан айналып жүрейік, – деді Жамал, шай ішіп алған соң. – Бастауда кім тұр дейсің? Сен жаңа ғана барып келген жоқсың ба? – Мен суға барғанда ешкім жоқ болатын, қазір біреу-міреу су алуға келмейді деп кім айтады? Бастау маңы жаңа ғана жүріп кеткен тағалы адамның ізі. Бұл жайды Жамал әлгінде айтпаған еді. Өзі ғана білген де қойған. Енді ол арадан кеткен соң ғана айтып келеді. Не болса, соны айтып, досын үрейлендіре бергісі де келмейтін бір әдеті. – Ол не қылған із болды? – деді Тамара елеңдеп.

– Қайдан білейін? Мен көргенімді айтып келемін. Әйтеуір белгісіз, жұмбақ із. Топыраққа түскен немістің тағалы етігінің ізі ме деймін? – Тегіннен тегін із болмас ол... – Енді бастау маңына жолауға болмайды. Әлде, бізді аңдып, соңымызда жүрген жау тыңшысы болып жүрмесін. Барлаушылардың құлағы естігіш, көзі байқағыш, денесі сезгіш. Тамара Жамалды бүйірден түртіп қалды. – Тұра тұр, тұра тұр! Алдымызда бықсып көтерілген анау бір түтінді көрдің бе? – Кәне, кәне? – Алдымыздағы ну қарағайға көз тоқтатып қарашы өзің. Осы жер­ден будақтаған түтін ап-анық болып жұлындай созылып көрініп тұр. – Көрдім, көрдім. – Ендеше, кейін шегінейік. – Кеттік. – Кетсек, кеттік, – деді кейін қарай шегініп бара жат­қан Жамал. Тамара, бірақ сол түтінге қарап. – Адам жоқ болуы да мүмкін, бықсып жатқан біреулердің сөндірмей кеткен отының орны шығар. Жақынырақ барып байқасақ қайтеді? – деді. – Байқасақ, байқайық. Екеуі түтін көтерілген жерді ойыстай айналып екінші жағына шықты. Шырмауықтай жиі өскен жидек ағашының арасымен еңбектеп келеді. Бір кезде екеуі жер бауырлап, Жабысып жата қалды. Жүректері аузына тығылып, аттай тулайды. Дене тітіркеніп, бір нәрсені сезгендей. Екеуі жидек ағашының түтін шыққан жақтағы шетіне жақындады. Жалбыздың жапырағындай жұп-жұмсақ жидек ағашының қалың жапырағын қолымен ептеп қана екі жағына ысырып ашты да, Тамара беліне қыстырылған дүрбісін алып алдыңғы жақты шолды. Будақтаған түтін, лаулап аспанға шапшыған жалын дүрбісіз, жай көздің өзіне де анық көрінеді. От басында екі ғана адам отыр. Тамақ пісіріп жатқан адамдар ма дейін десе, оған ұқсамайды. Маңында ешқандай қазан-ошақ көрінбейді. Тектен-текке лаулатып от жағудың да қисыны жоқ. «Әлде бұлар отқа картоп пісіріп жеп отыр ма екен? Маңында тағы да адам көрінбей ме?» – деген оймен Тамара сол жерді түгелдей шолып өтті. Оң жақтағы жуан, жұмыр қарағайдың түбінде үш-төрт адам шалқасынан жатқаны да көрінді. «Көрдің бе?!» – дегендей Тамара Жамалдың бүйірінен шынтағымен түртті. Бір кезде от басында отырған екеудің бірі қасында жат­қан неміс автоматын қолына ала салып, жидек ағашының оң жағындағы ат төбеліндей шағын ғана алаңға қарай адымдады. Үстіндегі киімі не неміс солдатына, не партизанға ұқсамайды. «Бұл кім, бұл неткен жұмбақ?» деп ойлаған Тамара, жаңағы кетіп бара жатқан солдатқа дүрбісін қадап, оның өне бойын тағы бір шолып өтті. Үстіндегі киімінен сезіктенетіндей ештеңе таба алмады. Дүрбіні енді әлгі адамның аяғындағы етігіне қадады.

Етігі – тар қонышты, тағалы табанды неміс етігі. «Бірақ ондай неміс етігін киіп жүретін партизан аз ба? Екінің біреуі сондай неміс етігін киеді. Олай болса, мына біздің алдымыздағылар кім?» деп қылт еткенді қырағы көзінен оқшау жібермей жатты. «Бұлар екі-үш адам ғана емес сияқты. Тағы да бақылай түсейін» деген Тамара ең алғаш көрінген, анау жатқан адамдарға көзін салды. «Олар шалқасынан жатқаннан қозғалмады. Тегінде, ұйықтап жатқан болар. Бұлар түнгі жорықтан әбден шаршап, жуықта ғана осы жерге дем алуға тоқтаған», – деп ойлады Тамара. «Мына жаққа қара» дегендей Жамал Тамараның иығынан түртті. «Көрдім» деп Тамара оң жақтағы әңгімелесіп келе жат­қан екі кісінің сөзіне құлақ түрді. Не де болса, болары болған. Бұлар бастау суының қызығына тоймай жүріп, солдат табытының арасында қалған секілді. Екеуі де сақ. От басындағылардан да, мынау екеуден де көз алмай, тым-тырыс бақылап жатты. Әлгі екеу Та­мара мен Жамалдың алдынан неміс тілінде сөйлеп бара жатқаны да анық естілді. Жергілікті халыққа ұқсағысы келді ме, болмаса кездескен адамдар партизандар деп айтсын деді ме, неміс солдатының көкшіл кителінің сыртынан жөнтек қана бірдеңені кие салыпты. «Бұлар неміс бөлімдерінің барлаушылары болып шықты» деген оймен екі дос біріне-бірі қарады. Енді бәрі де түсінікті. Тамара мен Жамал көз алдындағы жау бөлімін бақылап, тағы да біраз уақыт жатты. Кейін шегініп кетейін десе, бұлардың жүрген сыбдырын олар сезіп қалады. Онда, әрине, қарап та жатпайды. Бұларды тірідей ұстап алуға әрекет жасайды. Онда олардың іздегендері де иегінің астынан табылған болып шығады. Жамал мен Тамара қимылсыз етпетінен жер бауырлап көп уақыт жатты. Айнала толы жау. Қауіп бұлты түнеріп төніп, ажал өрті жалын шашып, жақындап қалғандай сезінді. Алды да, артты да, оң мен солды да жау торлап алған. Екеуі дәл орта­ сында жатыр. Немістер күзетшісін алма-кезек, әлсін-әлсін ауыстырып, нақ бір бекіністе тұрғандай, тіпті қозғалмайды. – Әне, екі неміс құтыларын құшақтап бастауға қарай жөнелді, көрдің бе? – деген Тамараның үні бастығырылып жәркішек шықты. Қос қолдап ұстаған дүрбісін Жамал суға қарай кетіп ба­ра жатқан екі солдатқа кезеп, «көрдім» дегендей ым қақты. Жаңағы бір бастығырыла шыққан Тамараның дауысы құлағына тиіп қалды ма, әлде өздері бірдеңеге сезіктенді ме, жақын, ұрымтал жерде тұрған сом денелі, жалпақ бет неміс солдаты қасындағы ұзын бойлы, суық жүзді солдаттың жеңінен ұстап «сөйлеме, тұра тұр» дегендей төмен тартты. Қолындағы автоматын Тамара мен Жамал жатқан жидек ағашына кезеп жата қалды да, шаппасын тартып-тартып жіберді. Орман іші азан-қазан болып жаңғырықты да кетті. «Қап!» деп, тістене қалды Тамара. «Әуелі біз атуымыз ке­рек еді, қап!» – деді Жамал да. Екі солдатқа қосылып, анау от басындағы жау бөлімшесі де дүрсе қоя берді. Олар да Жамал мен Тамара жатқан жаққа қарай сап түзесіп алды

да, автоматтарын безілдете жөнелді. Аяқ астынан оқ нөсері құйып кетті. Жалын шалып жаралы болған көк балауса жапырақ бүрісіп, ызыңдап қайғылы күй шертіп безек қағады. Оқ тиген қарағай қыртысы қопары­лып, қақырап, қорасан шыққанға ұқсап, тесіліп-тесіліп қалды. Зуылдаған жау оғы Тамара мен Жамалдың оңынан да, солынан да сып-сып, сумаң-сумаң өтіп жатты. Бірақ бұл екеуінде әлі де үн жоқ. Автоматтарын жауға кезеп тым-тырыс, дайын жатты. Бұлар енді неде болса, жаудың жақын келуін күтті. Жаудың автомат оғын осылай қарай боратуы – көріп ату емес, секем алып, байбалам атыс сияқты да көрінеді. Нақ осындай, қысылған заматта, бастау жақтан авто­мат пен пулемет сақылдап қоя берді. Атыс барған сайын үдей түсті. Неміс бөлімшесінің дәл оң бүйірінен оқ боратты. Енді бұлар екі оттың арасында қалған­дай. Бас көтертпейді. Ерсілі-қарсылы азынаған пулемет тыйылатын емес. Жау бөлімшесінің пулеметтері әлден уақта қақалып-шашалып демін ішіне тартып, бәсеңсігендей болды. Соңғы оқ боратқан партизандар екенін екі әйел түсіне қойды. Бірбіріне жымия қарады. «Бұлардың осы жерге келгенін білген партизандар бірден шабуылға шыққанын көрдің бе? – деді Жамал Тамараға. Тамара: «Жау шегінуге айналды. Пулемет ұяларын басқа жаққа ауыстырып жатыр» деді де, бірі пулеметін, бірі қорабын көтеріп жүгіріп бара жатқан екі солдатты автомат оғымен осып-осып жіберді. Екеуі де шалқалақтап барып ұшып түсті. Олар бұл тұстан оқ күтпеген екен. Бетпе-бет атысу ұзаққа созылмады. Жаудың беті қайтып, шегіне бастады. Жотаны құлдилап, біріндеп ойысып, тоқтамастан тартты. Партизан бөлімдері жау соңынан қумады. Бірнеше партизан жаңа ғана жау бөлімдері жатқан жер­ге келіп, немістің тастап қашқан қару-жарақта­ рын жинап алды. «Партизан бөлімдерінің келіп үлгергені қандай жақсы болды. Олар келмеген күнде, біздің халіміз қандай болар еді?» – деп ойлады Жамал. Тамара да нақ сондай ойда еді. Олар осы тұста Тамара мен Жамал жатқанын, әрине, білген жоқ, әйтпесе, ана тұрған екі-үш жігіт бұларға қарай мана жүгіретін еді. «Тапсырма жолы – әмір күші. Ол – тар жол, тура жол. «Өз кісіміз екен, амандасалық» деп бұрыла кетуге болмайды. Әркім өз міндетін біледі, әркім өз соқпағымен кетеді. Сол себепті бұл жерден кетудің қамын ойлайық. Бұл кісілер өз адамдарымыз болғанымен, біздің жолымыз бөлек. Тап­сырма­ны орындайтын уақытымыз таяп қалды» деген ойға келді екі әйел де. – Кетсек кете берейік. Кездессек, аялдап қалармыз, – деді Тамара. – Біздің жауға қарсы оқ атқанымызды бұлар сезбеген болды, ә! – деді Жамал. – Әрине, сезген жоқ. Онсыз да ерсілі-қарсылы ысылдап жатқан оқ біздікі ме, немістікі ме, қайдан біледі? – Әңгімені қояйық. Сенің құтыңда су қалды ма? Шөлдеп жатқаным, – деді Жамал басын көтере беріп.

– Мен де әбден шөлдедім, – деп белбеуіне қыстырған құтысын алып, Тамара алдымен Жамалға ұсынды. – Осы бастаудың суы қандай мөлдір, қандай суық, ішіп жіберсең сарайыңды бірден ашып, шипа бола кетеді. – Жаңағы немістер мен партизанды түйістірген де осы бастау емес пе? – Екі жағы да суды сағалап келген болар. – Менің байқауымша, осы бастаудан басқа бұл маңда ауыз су жоқ. – Тамара, сен абайламай дауысыңды қатты шығарып жіберге­ніңді білдің бе? Жазым бола жаздадық. Енді сөзді қойып, ептеп кейін шегінейік. Бастау жөнінде біздің елде бір аңыз бар, мен саған былай шыққан соң айтып берейін. – Айтқаның дұрыс. Менен қате кетті. Мойныма аламын, достым. Байқаусызда қаттырақ сөйлеп жібердім. Жақсы, енді қозғалайық, – деп Тамара еңбектеп кейін шегіне бас­тады. Олар орман қуалап, бастау маңынан алыстай берді. Екеуі үш жүз метрдей еңбектеп келді де, қалың қайыңның жынысына кіріп те үлгірді. Тек сол тұста ғана олар еңбектеуді қойып, орындарынан тұрды. Маңай­ дың бәрін әуелі байыппен шолып өтті. Ешқандай жан көрінбеді. Бірде-бір адамның сыбдыры естілмеді. Бұлар қалың орманды жылғалай құлдилап жүріп келеді. Алыстан автоматтың бірен-саран сирек атылған дауысы естіледі. – Мынау неміс автоматының дауысы болар, – деді Жамал. – Олардың орман ішінде жүргенде ауыз жаппайтынын білмейсің бе? – деді Тамара күліп, – қорыққанға қос көрінеді, әйтеуір оңдысолды ата береді. – Бірақ бұл жолы олар сирек атып барады, нақ бір нысанаға көз­ дегендей... – Мейлі, – деді Тамара, – әңгімені қойып, мынау тасада тамақтанып алайық. – Мақұл, сөйтейік! Тамақ ішіп отырғанда Тамара: – Бастаудың суы жөнінде біздің елде бір аңыз бар деп едің ғой... Мынау бастау басында соны айт... – Сен де ұмытпайды екенсің... – Партизан ұмытшақ болса, ол партизан емес, кәне, айтып жібер... Екеуміздің бөлініп кететін кезіміз де жақындап қалды. – Айтсам айтайын, – деп Жамал аяғын көсіліп, ыңғайланып отырып алды да, бастау жайындағы әңгімесін бастады. Аз-кем уақыт Жамал партизан аттанысын да, айналада ұлып жүрген фашистік қорқауларды да, болып жатқан соғысты, от пен өртті де естен шығарып, бір мезет туған жерді еске алды. Туған жердің самал желі­не бетін төсеп, Алтайдың сауырына шықты. Жерді сүю, кіндік кесіп, кір жуған өлкені сүю бұл буынға сонау-сонау арғы ата-бабадан ауысқан дәстүр. Жат жұрттың темір тегеуірініне шыдамай, шегініс жасаған қайғылы тари­ хымыз да болған. «Ақтабан-шұбырынды» атанған ол да бір ел тағды­ры­

ның қайғылы кезеңі еді. Сонда біздің аталарымыз ақ иық Алтай тауымен қалай қоштасып еді? «Қайран да қайран, қайран тау, Көп еді маған пайдаң, тау; Әкем кіндік кескен тау, Анам үзік шешкен тау, Қашқанда қайда барамыз – Алдымыз – жұмбақ, артта – жау...» А, шіркін, сол бір тау, Алтай атты, атақты Алтай! Ол таудың бауырын жер жаннаты деп атауға әбден болады. Алыстан қараған адамға орман ағаштары соншалық сұлу, көз тұндырады. Бірде торғын жағадай қызарып, бірде тотияйындай көгеріп, бірде сары алтындай сарғайып мың құбылады. Жазды күні орман ішіне бара қалсаң, сайраған бұлбұл, алуан түрлі әнге салған құстың үнін естисің. Үйір-үйір боп жайылып тарғыл жүнді жолбарыс, қошқар мүйізді арқар, желғабыз киік, мүйізі қарағайдай бұғы, қара, қызыл түлкі, ақ қоян өріп жүргенін көресің. Орман патшасындай гуілдеп жүрген дәу қара аюды да, бұтақтан-бұтаққа секіріп жүрген тиынды да, алтын жүнді құндызды да көресің. Тауда көкек, орманда бұлбұл сайрайды... Тиіскенге тиісетін аю ғана, егер оған соқтығып ашуландырмасаң, ол да жанға соқтықпайды. Қанша батыр болса да, адам баласын көргенде қашқалақтай береді. Тегінде табиғат та, аң да мейірбан болса керек, соларды қаталдыққа үйреткен де – адам болар!.. Алтай тауын қақ жарып ағатын Бұқтырма дейтін өзеннің жағасында Қотанқарағай деп аталатын үлкен село бар. Сол селодан жүз километр шамасында, қытай шекарасына жақын жерде Рахманов бастауы дейтін бастау бар. Бүгін таңертең сонау бір бастауға су ала барғанда, Жамалдың есіне сол Рахманов бастауы түскен. Міне, сол әдемі елес оның ел-жұртын да есіне түсірді. Міне, енді оның жер туралы әңгімесі ертегі жырдай созылды. Қолындағы құтыдан бір-екі ұрттам су ішті де Та­мара: – Уақыт өтіп барады. Сенің әңгімең таусылар емес және мені қызықтырды да. Бірақ әңгімені жүріп тыңдауға да болады ғой. Жинал, кеттік, – деді. – «Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер» – деген қазақтың мақалы бар. Соның кері болып жүрмесін, – деп Жа­мал да дорбасын иығына іліп жүріп кетті. Әлгі жерден көп ұзамай-ақ Тамара оң жағында келе жат­қан Жамалға көзінің қиығымен бір қарап, жымиып күлді. Жамалдың ынтыға айтып отырған әңгімесін үзіп жібергені көңіліне келіп қалды ма деп ойлаған Тамара: – Иә, әлгі әңгімеңді қайта жалғашы, – деді. – Жарайды, – деп Жамал әңгімесінің жалғасын айтты. – Жаздың күні болса керек. Рахманов деген орта жасқа келіп қалған адам бір күні таң

ата аң аулауға шығады. Күні бойы аңшының көзіне ештеңе көрінбейді. Шытырман тоғайлы тауды кезіп жүре береді. Әбден шаршайды. «Бүгінгі күнім сәтсіз болды» деп үйіне қайтпақ болып, терең сай­ды қиялап төмен түсіп келе жатса, орман ішіндегі үлкен тастың үстінде басын желге беріп, күйсеп тұрған киікті көреді. Рахманов жақындап келіп, енді атуға ыңғайлана бергенде, аңшының сыбдырын сезе қалған киік тастан қарғып түсіп, шаңды бұрқ еткізеді. Сол заматта аңшы да мылтығының шаппасын тартып үлгіреді. Киік орманға кіріп, зым-зия жоқ болады. Мылтық дауысы жер-көкті күңірентеді. Қиядағыны қиып түсетін Рахманов бұл жолы көз алдындағы киіктен айрылып қалғанына қатты намыстанған. Ол бір сәт өз ісіне өзі риза болмай, сілейіп тұрып қалыпты. Аяғын ауыр басып, аңшы жаңа ғана киік кеудесін желге төсеп тұрған тастың жанына барады. Киік оқтай атылып барып түскен жерді қараса, шөп басына шашыраған қанын көреді. Аңшы киіктің жараланғанын енді ғана біледі. Ол: «Не дегенмен жаралаппын, бәсе, менің қолым мүлт кетпесе керек» деп масаттанса, екінші жағынан өзін-өзі іштей сөгеді: «Шіркін, бұл менің олақтығым ғой. Мынау жануарға обал жасадым-ау! Бейшара, көп қиындық көретін болды! Жаралы болғаннан аңның бірден оққа ұшқаны абзал емес пе!» – деп қиналады. Аңшы жаралы киіктің ізіне түсіп, көп іздейді. Таба алмайды. Жаралы жануар тоқтамастан қаша берген. Жарға да, тасқа да соғады. Неше түрлі таудан да, белестерден де өтеді. Қуғыншыдан қашқан байқұс жиегі шалшықтау кішкене ғана өзеннен су ішеді. Аңшы тоқтап оны да байқайды. Өзен жиегіндегі ізін көріп ол: «Оқ киіктің алдыңғы аяғына тиген екен. Су ішіп болғанша ізіне қан құйыла бергенін қара­шы?» – деп түйген. Аңшы «қараңғыда киіктің ізін жоғалтып алармын», – деп ізді ең соңғы көрген жеріне тоқтап түнейді. Алтай түні салқын болады. – Неге салқын болады? Жаздың күні емес пе? – деді бағанадан Жамалдың әңгімесін тыңдап келе жатқан Тамара оның иығынан сипап. – Алтай тауында күндіз қаншама ыстық болса да, түні суық болады. Басында сүрі мұз, мәңгілік қар жатады. – Түсінікті. Әңгіменің жалғасын айта бер. Өте қызықты екен. Жол да қысқарады, – деді Тамара. Жамал аңшы туралы аңызды айта берді. – Күні бойғы толассыз жүрістен аңшы әбден шаршап-шалдыққан. Денеден аққан терден киімі де сығып алғандай су болады. Түнгі салқын аңшы денесін шарпып тоңазытады. Көпті көрген аңшы емес пе, үйден шығарда: «Керек болып қалар» деп дорбасының түбіне сала салған кеудеге ғана жететін қысқы күпісін киіп, жатып қалады. Көп ұзамай дене жылынып ұйқыға кетеді. Түс көреді. Түсінде өңіндегідей күндізгі иегінің астынан құтылып кеткен киікті қуып жетеді. Киік қансыраған. Жүруге шамасы жоқ. Әбден дымы құрыған киік қалың орманның ішінде төрт аяғы төрт жаққа кетіп сұлап жатыр екен. Көзі жаутаң-жаутаң етеді. Адамша жылағандай көрінеді. Аңшы қынындағы кездігін алып, бауыздауға оқталады. Бірақ дәті шыдамайды. Бейшараға жаны ашиды.

Бауыздамайды, кездігін қынына қайта салып, қалтасындағы ақ орамалын алады да, киіктің жаралы аяғын таңып байлайды, сонысын киікті иы­ғына салып көтере бергенде аңшының аяғы тайып, гүрс етіп жығылады. Осы мезгілге шошып оянған аңшы бағанадан бергі көргені түсі екенін біліп «қап» деп санын бір соғады. Таң атып, құлан иектеніп қалған екен. Аңшы орнынан тұрып, тамақтанады. Түндегі көрген түсі Рахмановқа ой салады. Бір ойы: сол ақсақ киікті несіне қуасың, кете берсін, өз күнін өзі көрсін десе, екінші бір ойы жоқ, қуу керек. Жаралы киік қансырап құлайды. Бәрібір құртқұмырсқаға жем бо­лады. Еңбек сенікі. Қуып жетіп алып кет дейді. Аңшы осы екінші ойына жол беріп, киіктің ізіне түседі. Екінші күн дегенде аңшы таудан асып, төмендегі сайға көз жіберсе, ағып жатқан мөлдір бұлақтың басында бастау суына төрт аяғын тығып, мелшиіп тұрған киікті көреді: «Менің атқан киігім бе, болмаса, басқа бір киікке кездестім бе?» – деп, ізден айрылмай биік таудан қия-қияны қуалап төмен түседі. Бірақ жаңа ғана бастау суында жусап тұрған киік көзден ғайып болады. Аңшы қарсы алдындағы ормансыз жалаң жотаға қараса, әлгі киік ақсау дегенді білмейді. Жартастан жартасқа қарғып, безіп-ұрып кетіп бара жатады. «Шіркін, жануардың ыршуын қарашы», – деп таңданады. Рахманов киіктің құтылып кеткеніне де риза болады. Бірақ киіктік жаралы аяғы қалай тез жазыла қалғанына ол аң-таң бола­ды. Көздеуге ұрымтал жерде болса да, аңшы киікті атпайды. Ор қояндай ыршып-ыршып түскеніне таңданып, киік әбден көзден ғайып боп кеткенге дейін қарап тұрады. Аңшы ішінен: «Мына бастаудың суы қасиетті болды. Киіктің жаралы аяғына шипасы тиді» деп ойлайды. Рахманов киіктің қаны тамған ізін қуып жаңағы бастауға қарай жүреді. . – Мүмкін, бастаудан су ішіп тұрып, аңшыны көрген соң қашып кеткен басқа сау киік шығар, – деді бағанадан бері барлық ынтасымен Жамал­дың әңгімесін тыңдап келе жатқан Тамара. – Сабыр ет. Қазір мен әңгімемді аяқтаймын, бәрі саған түсінікті болады, – деді Жамал күні бойғы әңгімесін қорытқысы келіп. – Қуғын­ шы бастау басына келсе, киіктің қаны қып-қызыл болып, судың ағынсыз жеріне тұнып қалғанын көреді. Енді әлгі осы бастауда тұрған сол жаралы киік екендігіне Рахмановтың көзі әбден жетеді. Бастауға беті-қолын жуып, су ішейін десе, жердің астынан шығып жатқан қайнар ып-ыстық, қол тигізбейді. Аңшы бұл бастаудың суы шипалы, қасиетті су екеніне енді күмәнданбайды. Жаралы киікті қуып жүріп, аяқ астынан ауруға шипа болатын су тауып алғанына қуанып, еліне қайтады. Рахма­нов бұл бастауды өзінің жерлестерінің бәріне де көрсетеді. Алдымен өз селосындағы әртүрлі ауруы бар адамдар емделіп жазылады. Оны естіген сол төңіректегі ауру кісілер де келіп емделеді. Сөйтіп, бірте-бірте қасиетті бастаудың атағы бүтін Қазақстанға белгілі болады. Бұл бастауды ең тұңғыш рет ашқан Рахманов болғандықтан халық «Рахманов бастауы» деп атап кетіпті. – Қазір ол бастауда не бар? – деді Тамара.

– Ол жерде «Рахманов бастауы» деп аталатын санато­рий бар. Кім білсін, жаңағы бастауды ашқан сен екеуміздің атымыз да арасан ашушы ретінде елге тарап кетер, – деп күлді Жамал. – Мұның суы тастай суық. Тұщы. Қасиеті мол, шипалы су болмас. Мұндай сулар қайдан болса да табылады. Сондықтан екеуміздің аты­мызда санаторий ашылмай-ақ қоятын шығар. Елімізге басымызды аман-есен алып барсақ, соның өзі олжа емес пе? Ал, мына хикая қызық екен. Ылғи қорқыныш, қауіп күткеннен гөрі, ара-тұра, осындай жақсы әңгімелерді айтып көңіл көтеріп алған да бір ғанибет. Енді Тамара мен Жамалдың басқа-басқа бағыт ұстап, айрылысатын мезгілі де жетті. Біреуден екеу жақсы. Бұл қағиданың дұрыстығын біреу білсе, жау тылындағы жауынгер біледі. Енді әрқайсысы жеке-жеке жалғыздалғалы тұр бұлар. Елжірей көз тастағандарымен, аттаныс жолы әр бас­қа, тапсырма да әр басқа... ОРДАЛЫ ЖЫЛАН ОРТАСЫНДА Сол күні таң ата станцияға неміс әскері тиелген бір эше­лон келіп тоқтаған болатын. Эшелон тоқтасымен-ақ әскери бөлімдер лек-лек болып станция басындағы асханаға келіп жатты. Шені жоғары офицер­ лерді тамақтандыру неміс комендатурасының асханасына тапсырылды. Топ-тобымен олар асханаға келіп, стол-столды жағалай отырып жатыр. Жаңа ғана қаңырап бос тұрған асхана лезде толды да қалды. Асхана іші гу-гу сөз. Ызылдаған араның ұясындай. Апыл-ғұпыл ішіп-жеп жатқан сыртқы сиықтары ордалы жыланның ысылдап ішін тартқан, қорқынышты ортасына да ұқсайды. Официанткалар қабырғалары қайысып тарелка тиелген ауыр подносты көтеріп, зыр жүгіріп тамақ тасып жатты. Офицерлердің аш екені беп-белгілі болып тұр. Стол үстіндегі қара нанның өзін жалмап лезде жоқ қылды. Алдарындағы тарелкаға еселеп бірнеше рет нан салып еді, аш адамдар қойсын ба? Тез босатып тастады. «Нанның өзі өлшеулі екенін білмей ме бұлар?» деп Шура енді нанды қайталай салуды тоқтатты. Алдарына тарелкаға толтыра құйылған тары көжені қойды. Оны да тез-тез ішіп салған жұрт Шураның әкелген екіншісін жеуге кірісті. Ауыздарына ыстық тағам тимегеніне көп болғаны білініп-ақ тұр. Алдарындағы тағам онша дәмді болмаса да: – Мына асхананың ботқасы дәмді екен, – деді мосқалдау келген, қошқар мұрынды офицер. – Көптен ыстық ас ішпеген соң, саған дәмді көрініп отырған болар, – деді жұқа жүзді, аласа бойлы біреуі. – Франциядан шыққалы жөнді ыстық тамақ ішпегенім рас. – Шыққанымызға үш-ақ күн болды ғой. – Соғыс кезінде үш күн адамға үш айдай көрінбей ме? – Оның рас.

– Біз осында біраз уақыт болармыз, осы асхананың ботқасын тағы да тататын түріміз бар. – Бізді еш жерге аялдатпай, асығыс әкетіп бара жатыр еді. Не боп қалды? Бұл не бөгеліс өзі? – Сен естімеп пе едің? Өткен түні партизандар алдымызда он километр бойы темір жол рельсін бұзып кетіпті. – Партизан, партизан! – деді әлгі аласа бойлы жас офи­цер жиыры­- лып, – әйтеуір зәрені алып болды... – Неге қорықтың? – Қорықпағанда қайтейін. Менің әкем Москва түбіндегі майданда болатын. Өткен жылы өз бөлімшесімен аз уақытқа дем алуға майдан тылына келе жатады. Түн болса керек. Олардың поезы минаға ұрынып құлайды. Көп адам шығын болады. Соның ішінде әкем де бар. Енді түсіндің бе? – Бұл жағдай маған тіпті түсінікті. Менің де бір туысым майданға кетіп бара жатып, апатқа ұшыраған. Олардың эшелонынан бірде-бір адам қалмай қырылып қалыпты. Өзі жақсы адам еді. Сол оқиға есіме түссе, осы уақытқа дейін ішім күйеді. – Әрине, менің де осы уақытқа дейін әкем есіме түссе көзіме жас келеді. Біздің қай жаққа кетіп бара жатқанымыздан хабарың бар ма? – Командование Орел қаласының маңына әскер топтастырып жат­қан көрінеді. Жуықта Франциядан кеткен менің жолдасымның бөлімшесі сол Орел қаласының маңына тоқтапты. – Сталинград майданында тойтарыс алып, кейін шегінген біз­дің әскер, енді Орел, Курск қалаларының маңына шоғырланып жатыр десең­ ші. Онда не боларын кім білсін? Басты соққы сол тұстан берілмек, екінші бір Сталинград боп жүрмесе болды да, әйтеуір, – деп істік мұрын жас офи­ цер өз ойындағысын жолдасына ашықтан-ашық лақ еткізе салды. – Сен байқа, сақ бол. Мұндай ойланбай айтқан сөзіңді гестапо естісе, басың кетпей ме? Қазір соғыс жүріп жатқан мезгіл, – деп егде тартқан офицер жан-жағына қарады. Сезікті ешкім көрінбеді. Маңайындағы офицерлердің бәрі де алдына әкеліп қойған тамақты ішіп, ауыздары босамай жатыр. Кейбіреу­лері қайдағы бір әңгімені айтып, басқа жұрттың сөзіне құлақ салатын түрі де жоқ. Біреуі елінде қалған бала-шағасын, туған-туысқанын, олардан алған хат мазмұнын әңгіме қып, енді біреуі майдандар жайын сөз етеді, олардың сөздерінен майдандарда бұлар үшін қырғын бо­лып, неміс әске­рінің жаппай кейін шегінгені байқалады. Ал қайсы бірі белсенді-ақ, фюрердің нағыз тірегі бір өзі сияқтанады, иә, тіпті өз басының жағдайын да айта қоймай, неміс армиясының жеңімпаздығын, оған басшылық етіп отырған фюрерді мақтан етіп гуілдеп отырды. Тамақ тасып, босаған ыдыс-аяқты жинап, стол үстін сүртіп, шай беріп жүрген Шураның құлағы осы екі офицердің әңгімесінде болды. Айтылмай қатпар-қатпар болып ішінде жатқан сырларын, үсті-үстіне айта түссе екен деп те тілейді ол ішінен. Бір кезде жас офицердің көзі Шураға қадалды.

Тосыннан тіккен офицердің көзіне көзі кездескенде, жасөспірім қыздай қызарғанымен, Шура оған оншама қысылмады. Қайта қайсарланып қатая түсті. Таныс адамдай күлімдеп, таза неміс тілінде: – Сіз көзіңізді неге қадай бересіз? – деді сөз тарту үшін әлгі жас офицерге тура қарап. – Неге қадамаймын? Сенімен танысқым келеді. – Танысыңыз, атым Шура, – деді ол. – Шура, Шура, – деп бірнеше рет қайталап айтты. – Сен тыныш отыр. Әрбір тоқтаған сайын орыс қыздарымен таны­сып, атын қайталай берсең, майданға жеткенше бірде-біреуі есіңде қалмай­ тын болар, – деп әлгі жасы үлкен офицер мынаны ажуалап бар даусымен қатты күлді. Жоқтан өзгені сөз етеді, жоқтан барды күлкі етпекші бо­лады, өздерінде зерігу де, желігу де бар. Жалпы, жүндері жығылып, беті қайтқан қорқауларға ұқсайды. «Москва, Москва!» деуді енді қоя бастапты. Шураның да сол бір офицермен танысып, әңгімелесейін деген көңілі жоқ-ты. Тек неміс офицерлерін ішіне тартып, жылыұшырай қарап, олардың көңілдеріне сезік тудырмаудың қамы еді. Бұл екеуінің айтқан сөздерін Шура көңіліне әбден тоқып алды. Бірдебір сөз шашау қалмады. Тақтаға жазылғандай, көңілге тоқыла берді. Іші­ нен әлгі екі офицердің «Франциядан келеміз, неміс армиясы Орел, Курск маңына шоғырланып жатыр, артиллерия бөлімшесі темір жол рельсінің бұзылу салдарынан осы станцияға көбірек тұрып қалу қаупі бар...» – деп айтқан сөздерін өз көңілімен іштей қайталап шықты. Тамағын ішіп болған адамдар далаға шығып жатыр. Кейбір стол басында қалған немістер гуілдеп сөйлеп, аузына келгенді айтып, темекі түтінін будақтатып отыра берді. Бұлардың кетуін Шура асыға күтті. Оларға: «Тамақтарыңды іштіңдер, асхананы босатыңдар» деп айта алмайды. Бір кез­де есіктен асып-сасып кіріп келген офицер: – Сіздерді тез станция басына келсін деп жатыр, – деуі-ақ мұң екен, әлгі ырғалып-жырғалып отырған төрт-бес неміс атып тұрып, ай-шүйге қарамастан, есіктен шығып, станцияға қарай жүгіре жөнелді. Олардың асып-сасып жүгіріп бара жатқан түрлеріне қа­рап Шура: – Сендерге де бір тықыр таянған болар, – деп жымиып күлді де, асхананың есігін жауып, стол біткеннің бәрін тап-тұйнақтай жинап, еденіне дейін жуып, қасындағы серік әйелге: – Сен осында бол. Менің үйге барып келетін бір шаруам болып тұр. Көп болғанда бір сағаттың ішінде қайтып келемін, – деді. – Жарайды, барып келе ғой, мен осында боламын. Бірақ тезірек қайт. Кім білсін, әлгілерге сенім жоқ, тамақ ішеміз деп, тағы сау етіп келіп қалуы да мүмкін. – Қысылма, тез келемін, – деп, Шура асханадан шығып та кетті. Үйіне қарай жүгіре басып келе жатты. Ол қорқу, сасу дегенді білмейтін. Кенет­ тен кездесіп қалған қолайсыз жағдайдан да амалын тез тауып шығып кетуге әбден төселген.

Бір адамға дауысын көтеріп ұрысып, не зекімеген жібек мінезді Шураның аз уақыт ішінде жауға деген қатал, ызалы, ашулы сезімі тұтанып, біртіндеп лаулаған жалындай өрекпи түсті. Әрекет үстінде әбден шынықты да, төзімді де, айлакер де болды. Шура үйіне кіріп келді де төр алдында көйлегін жамап отырған шешесіне: – Мама, сен есік алдына шығып, маңайды байқап тұр, неміс келіп қалып жүрмесін. Егер біздің үйге қарай жүрген адамды көрсең-ақ маған хабарла, – деп шешесін есік алдына шығарып жіберді де, өзі қораға шықты. Сол уақыт жан-жаққа көз жіберіп қарады. Бөгде еш жан көрінбеді. Сыбдыр да естілмеді. Осы маңда қауіп жоқ екендігіне көзі жеткен ол қораның қақ ортасында жатқан басқышты алып, қамбаның қабырға­сына сүйеді. Сөйтті де, басқышпен қамбаның шатырына шығып, оның бір бүйіріндегі кішкентай ғана тесіктен жып етіп, ішіне кіріп те кетті. Ол өзі тыққан қобдидай радиоқабылдағыш станцияны шөптің арасынан теп-тез тауып алды. Антеннаны ұзыннан-ұзақ етіп керіп байлады. Төрт бұрыш­ты кішкене ғана радиостанцияны алдына қойып: – «Орман патшасы», «Орман патшасы», – деп екі-үш рет қоңыр дауыс­ пен партизан радиоқабылдағыш станциясын шақырды. Көп ұзамай: – Мен «Орман патшасы», мен «Орман патшасы», естіп тұрмын, қабыл алуға даярмын, қабыл алуға даярмын, сен кімсің, сен кімсің? – деген сөз тілдей жіңішке лентаға жазылды. – Мен «Отызыншы», мен «Отызыншы», – деп Шура «Орман патшасын» тез тауып алғанына қуанып кетті. Ол бүгінгі көрген-білгенін, естігенін лезде жұмсақ сөзбен баяндап, радиоқабылдағыштың құлағын бұрап, ұршығын тықылдатып ала жөнелді. Шураның екі құлағы сыртта. Әзір дала тыныш. Еш сыбыр естілмейді. Тапа-тал түсте радиостанциямен жұмыс істеу өте қауіпті. Бірақ бұл жаңалықты кейінге қалдыруына еш болмайды: оның аты – дәл иегінің астына өзі келіп, ауға түсейін деп тұрған жаудан айрылып қалу деген сөз. Олар жол ашылса-ақ бұл станцияда бір минут та тұрмайды. Жүріп кетеді. Онда Шураның ойының бәрі босқа кетеді. Осыны сезген Шурада маза жоқ. Жау ордасында, тал түсте радиомен хабар беріп отырғаны мынау. Бұл – өлімге басты тігу, бұл – қауіпті елемеу, отқа түсу. Осыны ойлағанда Шураның жүрегі аттай тулайды, денесі безгек болған адамша дірдек қағады. Көзі қарауытып, талып кеткендей де сезінеді. Бірте-бірте қорқынышты да жеңді, қыздың бойында ке­неттен бір алып күш пайда болғандай, есін лезде жинап алды. Өз күшін өзі мақ­тан еткендей, жан-жағына еркіндеп, тура қарап, терең теңіздің тасқынды айдынында жалғыз өзі қайықпен түскендей болды. Ол радиостанцияның жұмысын тоқтатты да, «орман патшасына» берген хабарын: «Н. станциясына жаудың бірнеше эшелоны келіп тоқ­ тады. Франциядан келе жатқан екі эше­лон әскер, қалғаны әскери техника

(танк, артиллерия). Офицерлердің айтуынша, бара жатқан беті Орел қаласы мен Курск қаласының бағыты. Мүмкіндігінше, алдымыздағы түні самолет келіп бомбалайтын болсын. Біздің самолетке беретін белгіміз – жасыл ракета. Жауабын түнгі ондағы сеансыда хабарлауыңызды сұраймын. Барлық жолдастарға көптен-көп сәлем. 30-нөмір» – деп қайталап оқып шықты. Шура жұдырықтай радиостанциясын ескі-құсқы шүберекпен ұқыпты етіп орады. Содан кейін су өтпейтін арнайы жасалған қобдиға салды. Антеннаны қабаттап-қабаттап жинады. Тек осындай бүктеу, жинау біткен соң, кішкене радиостанцияны далаға алып шықты. Ең алдымен, маңайды тағы бір шолды. Маңда сезікті ешкім жоқ, ешбір сыбыс та естілмейді. Радиоқабылдағышты өз үйінің сыртындағы төбешіктің іргесіне апарып көмді. Қазған жердің тың топырағы сезік тудырмасын деп, үстіне ескі топырақ жайып, шөп-шалаң тастай салды. Жұмыстың бәрін бітіріп, есік алдына шыққан ол шешесіне: – Мен кеттім, сен үйге барып шаруаңды істей бер, – деді де, өзі тым тез асханаға қайта оралды. – Сен бірдеңеден қорыққаннан саусың ба? Өңің бозарып кеткен сияқты? – деді асханада бірге жұмыс істейтін ұзын бойлы, толық әйел. – Ештеңеден де қорыққаным жоқ. Қарадан-қарап жүріп неден қорқамын! Мұнда біреу-міреу іздеп қала ма деп асығып, жүгіріп келіп едім. Ентігіп қалдым. Содан болар. – Қайдан білейін, маған сен бір нәрсеге әбігерленген секілді болып көріндің. Мүмкін, менің көзіме солай көрінген шығар. – Болса болар, – дей салды Шура ештеңені сезбегендей. – Шура, бағанағы зар жақтар бар ғой, аузына келгенді сөйлеп, анау ортадағы столда отырған екі офицерді айтамын, солар сені іздеп, жаңа ғана қайта келіп кетті. Менің де қорыққансың ба деп жатқаным, олар сені бір жерге шақырып, бармағаннан кейін ұрып-соғып кетті ме деп секем алған едім. Бұл дүлейлер не істемейді! Оларда ұят бар ма? Енді осы сөзді тілге тиек еткен Шура өтірікке басты: – Оларға жолығуын жолықтым. Біраз қылжақтап, қасымда тұрды. «Біздің вагонымызға барайық» деп ұсыныс та жасады. Мен «бармаймын, жұмысым көп, осы гарнизонның офицерлерінің тамақ ішетін мезгілі болып қалды» деп сылтауратып әзер құтылдым, – деді. Ол офицерлерге жолықпаса да, осынау әйелдің сезігінен құтылайын деген оймен жалған айтуына тура келді. Мұнысы дұрыс та шыққан сияқты: анау әйел мұның жүзіне қарап күдіктенуін қойды. ІІ Асханаға келген офицерлердің кешкі ауқатын беріп, ыдыс-аяқты жуып, ас пісіретін жердегі сөренің үстіне қаз-қатар ыдысты жинады да, Шура сол күні үйіне ертерек қайтты. Үйінің табалдырығынан аттай бергенненақ шешесі суық хабар айтып қоя берді.

– Сен не білдің? – Мен ештеңені білгенім жоқ. Не болды? – Бағана, күндіз, сен кетісімен, осы маңның бірнеше көшесін немістер айнала қоршап, күні бойы бірдеңе іздеді. Не іздегенін білмедім. Әр үйдің ішін де, сыртын да, шатырын да тінтті. Біздің үйге де келіп еді, «бұл асханада істейтін Шураның үйі», – деп едім, маңайды қарады-қарады да, кетіп қалды. Басқа үйлердің астан-кестеңін шығарған көрінеді. Екі сөзінің бірі «партизан, партизан» дейді. Әйтеуір, құдай сақтап аман қалдық. Әлгі бір тықылдатып отыратын сандығыңның көзін жоғалтпасаң, екеумізді де немістер дарға асады. Өзің қайда тықтың, әкелші бері, балтамен быт-шытын шығарып, күлдей етіп талқандайын. Осылар сол пәлені іздеп жүр. – Сөзінің кейінгі бөлегін кемпір сыбырлап, естілерестілместей айтты. Шура үйге кірді де, сілейіп, дел-сал болып тұрып қалды. «Немістер менің бүгін күндізгі «Орман патшасымен» тілдескенімді сезген екен. Қалай білді? Әлде, біреу менің сарай шатырына шыққанымды көріп қалды ма? Болмаса, немістер менің соңымнан арнайы тыңшысын бақылауға қойды ма? Жоқ, олай болмауға тиіс. Егер ондай болғанда, мені аяды дейсің бе, бірдеңені сезгендей болса, тура менің үйімді тінтпей ме? Басқаның үйінде не жұмысы бар? Әлде, радиохабарларын тосқауылдап ұстайтын аспабымен білді ме? Менің сеансым өте қысқа болған еді ғой. Барды-жоғы екі-үш-ақ минут болатын. Қалай ұстай алды? Сірә, сақтанбасам болмас. Былайғы жерде дәл осы маңнан «Орман патшасымен» тілдесуге болмайтын болды. Енді не істесем екен?» – деп ойланып қалды. Осы ойдың шырмауынан шыға алмай, Шура үйдегі орыс пешінің алдында тұрған орындыққа барып отыра кетті. Түнгі ондағы байланыста манағы хабарға жауап айтыңдар деді бұл. «Орман патшасы» сол онда жауап береді, бұл қабылдайды. Сонда күні бойы тіміскілеп жүрген немістер көлденең кесіп, ұстап алмай ма? Мұның енді не істеуі керек? Сағатына қарады, сағат тілі тоғызға таяп қалыпты. Көп отыруға бол­майтын сияқты. Ол далаға шықты. Жан-жағын шолды. Өзі көмген жерінен қобдиын қазып алды. Үйдің сыртымен жүріп барды да, екінші бір көшеге түсіп, өзі бұрыннан есепке алған иесіз қалған үйдің төбесіне шықты. Тура онда жауап күтті, «Орман патшасымен» екі минуттей ғана байланыс жасады. Түнгі бір шамасында самолеттердің бомбалайтын хабарын алды да, қобдиын көтеріп, өз үйінің жанындағы жарқабаққа келіп, дереу сонда көмді. Сөйтті де, үйіне басқа бір жақпен қайтты. Бұл жолы «мылқаулар» білмей де қалды. Жақсы болды. Түнгі келетін самолетке белгіні қалай берсем екен? Осындайға тағы бір-екі адам керекақ. Әр жерде өзім көріне бермейін, күдік алмасын, күдік алса мені немістер оп-оңай әшкерелейді. Мен қайткен күнде Володямен байланысқаным дұрыс болар. Тимофей Михайлович Коротченконың кешегі жұмбақ телеграммасында: «Бұдан былай шифровканы өзің беруші болма. Сені аңду қаупі бар. Тағы да бірнеше сенімді адам табуды ойлан. Онсыз болмайды. Сенің асханаға

орналасқаның өте жақсы болды. Радист қызметін атқаратын басқа бір адам тап. Меніңше, ең қолайлы кісі – Володя. Ол шешесі өлгеннен бері кімнің жау, кімнің дос екенін әбден түсінді. «Орман патшаларымен» байланысқым келеді. Шешем үшін гитлершілерден өш алмақпын. Осыған көмектесіңдер депті кейінгі рет біздің барлаушымен кездескенде. Сен, кешікпей сол жігітпен байланыс. Ол мектепте оқып жүргенде, радиостанцияның тетігін үйренген көрінеді. Қалғанын өзің біл» – депті. Осының бәрін көңіліне тоқып, екшеп, електен өткізіп отырды да, Шура тағы да сағатына қарады. «Самолет келетін мезгіл болып қа­лып­ ты, – деп үйінен тез шықты да, тура станцияға қарай тартты. Станцияға кіре беріс көшеде өзінің бір-екі жолдастарын кездестірді. Ол жерде көп аял­дап тұрмады. Қоштасып әрі жүріп кетті. Жүрегі өрекпіп, сескене де береді. «Ракета атып, самолетке нысана көрсетіп, жүргенімде, немістер ұстап алса қайтемін?» – деп ойлады. Денесі біресе ысиды, біресе суиды. Болым­сыз бір сыбыс естілсе де дір ете қалады. Минутына мың құбылған ой мұны жарға да, тау мен тасқа да апарып соққандай. Сөйтіп, мың толқып келе жатқанда аспаннан гүріл естілді. Жоқ, жоқ, енді аялдауыңа да, толқуыңа да жол жоқ, енді қимылдау қажет. Ол жүгіре жөнелді. Өзі күн ілгері белгілеп алған ағаш сарайының сыртына келді де, әскер тиелген эшелонды бағыттап екі ракетаны бірінен соң, бірін жарыстыра атты. Ол осыдан кейін бұл маңда аялдамады. Екі өкпесін қолына ұстап, көше-көшені бойлап, аяғы жерге тимей, жүгірген бойы басқа жақпен айналып, үйіне қарай тартты. Ол үйіне келіп жеткенде, гүрілдеген самолет ауыр жүгін тастап, бойын жеңілтіп, аспан әлемін қақырата қайта-қайта бомба тоғытып, айналып жүрді. Жер ыңыранып, дірдек қағады. Үй қабырғасы сықыр-сықыр етіп, шайқалғандай көрінді. Зенит зеңбірегінен атылған снарядтар аспанда сартта-сұрт болып жарылып, жалын шашып, жанар таудай жарқ-жұрқ етеді. Эшелон бомбаланды. Аспан шабуылы толастады. Әлгінде жерге кіріп, бас сауғалаған, өлдім-талдым дегенде аспан шабуылынан аман қалған жау солдаттары енді, орындарынан тұра салып, әлгінде ғана екі ракета атылып, белгі берілген сарайды айнала жүгірісті, тіпті екінші көшеге де шығып жатты. Шураның жүріп кеткен ізінен де бұлар ештеңе қалдырмай тіміскілеп жүр. Аспан шабуылынан кейін орнай қалған тыныштықты неміс солдаттарының тарс-тұрс еткен тағалы етігінің дүрсілі бұзды. Шура екі жасыл ракета атып, самолетке бағыт берген сарайдың алғы бетіне шығып алғаннан кейін үсті-бастарын қағып-соғып, шаңды да бұрқыратып жатты. Көп ұзамай-ақ олардың жанына асып-сасып, гестапоның бес-алты солдаты жетті: – Сендер қайда болдыңдар, үстерің неге шаң? – деді өктем дауыспен. Тегінде жай әскери солдаттарға қарағанда, гестапо солдаттары өздерін «құдаймыз» деп біледі.

– Совет самолеті келе жатқанда біз вагонның алдында тұрған болатынбыз. Содан кейін вагонға қайтпай, көше жаққа қарай жүгірдік. Осы сарайдың сыртына келіп тығылған едік. Нақ осы маңнан көтерілген ракетаны көріп қалдық. – Жасыл ракетаны атқан кім, сендер ме? – Көруін көрдік, бірақ асып-сасып жүргенде қай жер­ден атылғанын да, кім атқанын да білген жоқпыз. – Осы маңнан атылғандай болған жоқ па? – Біз жаттық қой бұл жерде. Меніңше, дәл осы жерден ешқандай ракета атылған жоқ. – Бөгде адамды көрмесеңдер, мүмкін сендердің біреулерің атып жүрген шығарсыңдар? – деді гестапо адамдарының бірі. – Жоқ, жоқ, – деп, шу ете қалды солдаттар. «Сендерге де сену қиын» деген күдікті іштерінде сақтап, гестапо солдаттары сарайды айналып жүгіріп кетті. Бірте-бірте ракета атушыны іздеушілердің саны көбейе бастады. Кө­ ше-көшенің әр жерінен топ-топ болып самолетке белгі берген белгісіз адам­ды іздеді. Сол маңдағы үй, сарай біткеннің бәрін астан-кестеңін шыға­рып тінтіп жүр. Таба алмады. Жол бойында ерсілі-қарсылы іздеу салып, күдікті-күдікті деген жер­дің бәрін қарады. Күдіктенетін ештеңені кездестіре алмаған Ранкенау таң ата жасыл ракета атылды деген қораның маңына өгіздей тарғыл итті жіберді. Ит қора маңайында ерсілі-қарсылы жүгірді-жүгірді де, қыңсылап жерді иіскеледі, қарғыбауға ұзынырақ етіп байлаған шылбырдың ұшын ұстаған кең иықты, еңгезердей, семіз, жалпақ бет солдатты сүйреймүйрей қораны айналып жүгіре жөнелді. Ит біреудің ізіне түсті деп, солдат та желіге жүгіріп келеді. Ит қирап, быт-шыты шыққан қызыл вагон­ның қалдығын тұмсығымен иіскеп-иіскеп тұрды да, оң жаққа қа­рай тартты. Бір кезде вокзалдың арғы бетінде тұрған бір топ солдаттың жанына барды да, аласа бойлы, көк шинельді сол­датты арс етіп бас салды. Мана ит ізге түсті деген хабарды естісімен, Ранкенау да осы маңға асығыс жеткен. Ол енді көздері ойнақшып, жаңағы тәпелтек солдатқа төніп келді: – Партизан өз ішімізден табылды. Сен екенсің ғой ел-жұртыңды сатып, большевиктерге көмектесіп жүрген, – деп Ранкенау қолындағы білеудей жуан қамшымен құлақ-шекеден осып-осып жіберді. Солдаттың басын қан жауып кетті. – Ранкенау мырза, сіз алдымен тексермейсіз бе? Мен ешқандай ракета атқаным жоқ. Менің жазығым жоқ. Мен сол жерге мына тұрған солдаттармен бірге бардым. – Сөзді қой. Біздің ит іздеген адамынан жаңылып көрген жоқ! – деп Ранкенау итті құдайдай көріп, көк шинельді солдаттың беліндегі белбеуін шештіріп, гестапо кеңсесіне апаруды бұйырды.

ІІІ «Ізімді бір тотықтыруға тотықтырған сияқтымын» десе де, Шураның әлі де болса, көңілі орнықпаған, сақ. Ол – жас та болса өте сабырлы, ұстамды, аузынан шыққан әрбір сөзін ойланып айтатын, сырын бірден ақтарып тастамайтын, сыртқы сұлулығына, ішкі сарайы сай, әдепті, байыпты, ақылды қыз. Жас кезінде әкесі өліп, ауру шешесінің бауы­рында қалған, өмір тепкісін көп көрген, сондықтан ба, әйтеуір, кездескен қан­ дай бір қиыншылық болса да төзімді-ақ. Кейбір қыздарға тән, жөні түзу жігіт көрсе, танысам деп тұратын жеңілтектік мінез мұнда болған емес. Бәрін ой таразысына салып, өлшеп отыратын әдеті. Еш уақытта қынжылу, бір нәрсеге ренжу дегенді білмеген. Өзіне жетерлік қулығы да бар. Затында қулық дегеніміздің бір аты – айла, тәсіл; ал бұл қасиет ақылсыз адамнан емес, ақылды адамнан шығатыны белгілі. Бірбеткейлігі және бар. Тіпті жас, оқып жүрген кезінің өзінде-ақ ойына алған мақсатын орындамай тынбайтын. Көрген кемшілікті бетке айтып тастайтын турашылдығы да бар. Бүгін, міне, сол Шура соғыс кезінде бірнеше адамның атқаратын қызметін жалғыз өзі орындап жүр. Ол төр алдындағы ағаш төсегіне сүйеніп, қараңғы үйде маңдайын алақанымен басып ойда отыр. Басы зырқ-зырқ етеді. Шеке тамыры білеуленіп кеткен. Тулаған жүрегі аузына тығылып, тынысын тарылтып барады. Үлкен іс бітірді, тек сіңімді болғай. Айнала толы жау. Маңайдағы тұрғындарды түн ортасында шы­рыл­ датып, көшеге айдап шығып, жалын шашып гестапо жендет­тері жүр. Жазықсыз жандарды ұрып-соғып, шырқын бұзып, ойына келгенді істеді олар. Осының бәрін Шура терезенің түбіндегі ағаш төсегінде көріп те, сезіп те отыр. Оның қырағы көзінен далада болып жатқан бірде-бір оқи­ға қия кетпеді. Түн ортасы ауа, көшені кезіп жүрген неміс солдат­тары бірден көзден ғайып болды. Ендігі әңгіме Шу­ра үшін жұмбақ болды да қалды. Шура қараңғы үйде төсегін салды да, шешінбестен жатып қалды. Таң аппақ болып атқанша ұйықтамады. Көзі іліне берсе гуілдеген самолет, гүрсілдеген зеңбірек, гүрс-гүрс жарылған бомба даусы түсіне кіріп, шошып ояна берді. Шалқасынан жатып өмірде бастан кешкен түйінді оқиға­ ларды көзіне елестетіп, көңіл елегінен өткізіп, шолып өтті. Осыдан төрт жыл бұрын қайтыс болған әкесі түсті есіне. Юрий Сер­геевич Медовкин өмір бойы өндірісте жұмыскер болған. Жалғыз қызынан еш нәрсені аямайтын. Қалаға шығып кетсе болды, қызына арзан да болса бір сыйлық әкеліп беретін. Солай бола тұра, өте қатал, балаға талап қоя білетін адам еді. Шураға жастайынан жасына лайықты жұмыс істететін. Алды­мен оңай орындай алатын жұмыстан бастайтын да, бірте-бірте қиындата түсетін. Кейінгі жылдары Шура жұмыс істеуге шынығып қалған еді. Шура жұмыс талғамайтын. Айтқанның бәрін де бұлжытпай орындайтын. Егер орындауға әлі келмесе, әкесіне келіп «мен мына тапсырмаңызды орын­дай алмаймын. Қолымнан келмеді» деп шынын айтатын.

Юрий Сергеевич киімді жұпыны ғана киетін. Қызын да жұпыны киіндіретін. «Жұрттан асып кетуге болмайды. Ел не кисе, біз де соны киюіміз керек» дейтін ол. Өмірде аузына арақ та алмаған. Бір елес – әке бейнесі осылай көз алдынан өтті. Енді өзге елестер тізілді. Шар тарапқа жетелеген ой Шураны өзі оқып бітірген мектебіне де алып келді. Мұғалімдердің оқушы қауымының алуан түрлі өр мінездеріне, тентектігіне төзіп, жалықпастан талай сотқарларды тәрбиелеп, адам қатарына қосқанына сүйсінді, қазір де оларды іштей мақтан етті. Мектеп коллективі Шура өмірінде үлкен із қалдырды. Алғаш мектепке барғанда, талай рет қасында отырған баланың сиясын төгіп, дәптерін жыртқан­ дығы, оқуға ынта қоймағандығы да түсті Шу­раның ойына. Шіркін, біздің класс жетекшіміз де шын мәнінде адам еді ғой. Ерінбей-жалықпай, күн демей, түн демей, бізбен әуре болатын еді. Бізді адам қатарына қосқан, ел-жұртына берілген, Отанын шын сүйетін, төзімді, қайсар етіп тәрби­е­ леп шыққан – сол мұғалімдер емес пе? Мұны Шура ешуақытта ұмытуға тиісті емес. Мұғалім деген аттың өзі өте бағалы Шураға. Ол мұның есінде мәңгі сақталатын есім. Жылқыда құла көп, адам ішінде ала көп. Мынау бір немістер – ылғи баскесер, қаныпезер; ал, басқа да немістер бар, адамдары, ақ жүректері бар. Шура өзінің неміс мұғалимасын есіне келтірді. Қазірде де оған рақмет жаудырады. Жақсы адам еді, сабақты да жақсы түсіндіруші еді. Менің неміс тілін біліп, осында мына «мылқаулармен» тіл тауып жүргенім де сол мұғалімнің еңбегі, – деді ішінен. Шура көп нәрсені ойлап шаршады. Бір уақытта қабырғада тық-тық етіп тұрған сағатқа қараса, ертеңгі бес болып қалыпты. Шура бойын баураған ойдан бірден сергіп, орнынан тұрып киінді де, қызметіне кетті. Кеше осы асханадан тамақтанған неміс офицерлерінің көбі асха­ наға келмеді, жоқ болып шықты. «Кешегі шабуылда жер жастанған-ау бұлардың көбі», – деп түйді ішінен. Асхананың қақ ортасындағы төрт бұрышты столда отырып, ке­ше кешке тамақ ішкен, Шураға көп мәлімет берген екі офи­цер де бүгін таңғы аста көрінбеді. Шура оларды «келер ме екен?» деп көп тосты. Келмеді. Асханаға жаңа кірген жас офицер: – Отыруға бола ма? – деп кешегі екі офицердің бос тұрған столы­на отыруға ыңғайлана бергенде, төр жақтағы терезеге сүйеніп тұрған Шура бетінен қаққысы келмей: – ...Отырыңыз, – деп жас офицерді сыпайы түрде қарсы алды. – Русь, самолет, бомба, офицер капут, – деп жас офицер орысша­лап шала-пұла бірдеңені түсіндірмек болды. «Екі» деген сөзді орысшалай алмай, екі саусағымен көрсетті. Шура «Орыс самолетінің бомбасынан кешегі екі офицер өлді» деп отырғанын түсінді. Шура «қап, обал-ай!» дегендей рай аңғартып, қабақ түйді. Ол екеуінің оққа ұшып өлгеніне қынжылатындығын білдіргісі келіп, жас офицерге қарап одырайып, көзі аларып, орнынан қозғалмас­ тан тұрып қалды. Бұл жағдайды көріп отырған жас офицер:

– Каждый день много капут. Плакать плохо, – деп Шураға өзінің жаман тілімен жұбату айтқысы келді. «Өлмесеңдер ома қап, – деді Шураның арғы жағы, – құрып кетіңдер маған десе! Сен де құры!..» Шура екі офицердің ауыздарына ие бола алмай, ішіндегі барлық құпия сырын айтып, өздеріне өздері ор қазғанына риза болды. «Олар аман болса, әлі де біраз хабар алуға болатын еді», – деп ойлады. «Ол екеуі жау, жауды кезінде жоймасаң, сені жазым қылады. Сондықтан ол екеуінің оққа ұшқаны дұрыс-ақ болды. Ана мосқалдау офицер – нағыз гитлершіл фашист. Ол тірі жүрсе, талай совет адамын қыратын еді. Өз обалы өзіне. Біраз фашистің саны кеміді», – деді ішінен. Жас офицер алдына қойған таңертеңгі асты ішіп, сөз қатпай, үнсіз сәл ғана отырды да, Шураға қарап, «бері кел!» де­гендей ымдады. Оны түсіне қалған Шура жас офицерге жақын келіп: – Сізге тағы бірдеңе керек пе? – деп сұрады. Ол «ештеңенің керегі жоқ» дегендей басын шайқады, біреу-міреу тыңдап тұрған жоқ па деген болу керек, әйтеуір, есік, терезе жақты көзімен бір шолып өтті де, Шураға: – Біздің барлаушылар қоюшы ма еді, кешегі самолетке белгі берген большевикті түнде-ақ ұстады, – деп жас офицер сыбырлап мақтана сөйледі. – Гитлердің жеңімпаздығы, міне, осында. Хайль Гитлер! Көрдің ғой, жасырын жаудың өзін оп-оңай ұстап алғанын, – деді Шура, неміс офицерінің мақтанышын өсіріп, сезіктену сезімін жоя түсу үшін. – Хайль, Гитлер! – деп әлгі офицер Шураның айтқан сөзін қайталап айтты да, орнынан тұрып, оның арқасынан қақты. – Офицер мырза, ол большевикті қалай ұстады? – деп сұрады Шура. – Гестапоның әбден үйретілген овчаркасы бар. Сол ит көпке жібермейақ тапты. Ол адам өз ішімізде болып шықты. – Өз ішімізде дейсіз бе? – Иә, өз ішімізде. Сол эшелонда бізбен бірге келе жат­қан солдат­тың бірі большевиктердің адамы екен. Тінткенде қалтасынан ракета атқан мылтығы да табылыпты. – Табылғаны абзал болған. – Әрине, табылғаны жақсы болды. Егер оны ұстай алмаса, тағы бір жерде большевиктерге хабар беріп, бізді тағы бомбаның астына алатын еді. – Қалтасынан ракетницасы да табылды дедіңіз бе? – Табылғанда қандай. Шинелінің қалтасынан шығыпты. «Мен атқа­ ным жоқ, ракета мен ракетница сонау Франциядан шыққан күн­нен менің қалтамда» деп мойнына алмайтын көрінеді. Ол большевик енді қайда барар дейсің. Оған бір ғана үкім бар – дарға асу. – Ол қалай сіздердің ішіңізге кіріп кетіп жүр? – деп сұрады Шура, жас офицердің ашық ауыздығын пайдаланып. – Кім білсін? Биыл еркек біткеннің бәрін талғамсыз әскерге алған жоқ па? Мүмкін, көпшіліктің ішінде жаттардың да кетіп қалуы. – Рас, рас! – деп, енді сөзді қысқартқысы келіп, Шура есіктен жаңа ғана кірген егде офицердің жанына жақындады.

– Отырыңыз, – деп шет жақтағы бір столды көрсетті де, өзі тамақ әкелуге кетті. Жас офицер тамағын ішіп болды да: «Жолыққанша сау болыңыз» деп Шурамен қоштасып шығып кетті. Көп ұзамай асханаға топырлап бірінен соң бірі, топ-топ болып офицерлер кірді. Асхана көзді ашып-жұмғанша аузы-мұрнынан шықты. Бос стол қалмады. Шура подносқа екі қабат етіп тиелген тарелкаларды қос қолдап көтеріп, тамақ тасып, зыр жүгірді. Бүгін қасындағы жолдас әйелі де жұмысқа шыға алмай қалыпты. Бірақ Шу­ра жалғыз өзі-ақ асхана толған адамға тамақ тасып беріп үлгерді. Асығыста подносқа қаз-қатар тізілген ыстық шай құйылған стақандар алақанынан жылп етіп, еденге сал­дыргүлдір құлап түсті. Бір жақсысы бірде-бір офицерге шай шашыраған жоқ. Өз денесіне де ыстық шай дарымады. Әйтеуір «құда да, құдағи да тыныш» дегендей, бәрі де тыныш бол­ды. Тарс-тұрс сынған стақандарды қызық көрді ме, отырғандар мәз болып қарқылдап күлді. «Құдай сақтады. «Мылқаулардың» біреуінің үстіне шай құйылса ғой, әдейі істедің деп әурелеуден тайынбайтын еді», – деп ойлады едендегі сынған шыныны жинап жатқан Шура. – Шайды қайталауға бола ма? – деді бағана алдымен келген егде ақ шашты офицер қасынан тарелка көтеріп кетіп бара жатқан Шураға. – Болады, – деп Шура ыстық шайды аузы-мұрнынан шығара құйған стақанды офицердің алдына қойды. «Рақмет» айтудың орнына, көзін Шураға қадап, шайды алдына жақындата беріп: – Шайыңыз тіпті ыстық екен. Өзіңіз де сондай ыстықсыз ба? – деді. – Шайыңызды ішіңіз. Менің ыстық-суығымда не жұмысыңыз бар? – деп Шура оны бірден қайырып тастады. Егде офицер ашуланарын да, ашуланбасын да білмей, көзін алақжұлақ еткізіп, олай-бұлай қарады да, маңында толып отырған басқа офицерлерден қаймыққан болу керек, басқадай ештеңе айта алмады. Бір қызарып, бір қуарып ашу­ға булыққан ол шатақ шығара қоймады. Шура енді байланыспады. Көк костюмнің кеудесіндегі алақандай жалпақ қалтасына қолын сұ­ғып жіберіп, он маркы ақшаны суырып алды. – Міне ақшаңыз, алыңыз тезірек. Менің кететін уақытым болды, – деп бұйыра, булыға сөйледі. – Жоқ, біз ақша алмаймыз. Сіздер үшін ақша күн бұрын төленген. Он маркаңызды қалтаңызға салып қойыңыз, өзіңізге керек болады, – деді Шура әлгі қалжыңы тасып отырған егде офицерге. – Төленсе, төлене берсін! Мен сізге беріп отырмын! Алыңыз! – Жоқ, алмаймын. Маған ақшаның керегі жоқ, – деп Шура теріс айналып, басқа бір столдың үстіндегі ыдыс-аяқты жинай берді. Ашулы офицер алдына қойған шайды ішті де, атып тұрып, асығыпүсігіп далаға шығып артына қарамастан, зытты. Мұны көз қиығымен байқап тұрған Шура: «Ой, шіренген қу шал! Келгеніңнің бәріне кеудемді ашып тұратын мені кім деп тұрсың? Сенен келген пәлені көріп-ақ алдым!

Қаусаған қу шалдың қызшылын қарашы! Шіркін, дүние-ай, заманымыз туса, сен сияқты сұмырайларға көрсетер едім. Іш қазандай қайнайды, амалың жоқ. Барлық, билік әзір осы мылқауларда. Бәлем, асықпа! Біздің де күніміз туар. Әлі-ақ совет әскері алдында тізе бүгетін боларсыңдар. Сол күнге жетіп өлсем арманым болмас еді. Талайынан өшімді мен де алар едім. Біздің жер бір сілкінсе, сендерді домалатып, лақтырып тастар» деп ойлады бір сәт. Бұл оның шын таза, ақ көңілінен шыққан сыры болатын. Аз өмірінің ішінде Шура бірде-бір адамға ұрсып, зекіп, көз алартқан жоқ. Толған, торыған жаудың қақ ортасында жүріп те ол ақылын ашуға жеңдірген жоқ. Тамақтануға келген офицерлердің көпшілігі асын ішіп кетіп жатты. Ең соңында есік жақтағы бұрышта отырған төрт офицер қалды. Олар қайтақайта еселеп шай алдырып ішті. Төртеуінің әңгімесінің бәрі кешегі түндегі совет самолетінің осы станцияда тұрған неміс әскерін бомбалағаны бол­ды. Әр біреуі өзінің білгендерін айтып, көпіріп отырды. Бір кезде төртеуінің бірі: – Алдымызда бұзылған жол жөнделіп, ашылмаған көрінеді. Бізді кейін Кричев қаласының маңындағы бір кіші станцияға апарып тоқтатын түрі бар, – деді. – Неге кейін қайтамыз? – Бұл жерде қалуға болмайды. Көріп отырсыңдар, біздің эшелонымызды станцияға жеткізбей тоқтатқанын. Станцияның өз басын түндегі совет самолеттері астан-кестеңін шығарып соққылап кеткен. Оның үстіне, бүгін түні қайта ай­налып бомбаламауына кім кепіл? – Станция басында су да жоқ. Су қоймасын жуықта ға­на партизандар бұзып кеткен. Жөндеп жатыр. Бірақ әлі іске қосылмаған. – Шіркін, Париж қаласының түбінде тұрған кезіміз қай­та айналып келмейді ғой. Тыныштық. Қауіп жоқтың қасы еді, – деп кең иықты семізше келген, жирен шашты неміс Францияда болған күндерін арман етті, – ол дегенің бір жібек мінез, қыз сияқты ел ғой. Жеңілгенін түсінбейтін мыналар емес... – Оны айта көрмеңіз. Ол бір жақсы өмір еді, – деп күрсініп қойды қалған үшеуі де. – Біздің кететін кезіміз болды. Жүрейік. Штабта тосып отыруы мүм­ кін, – деп әлгі жирен неміс орнынан тұрды. Төрт неміс Шурамен қоштасып, далаға шықты да, тура станцияға қарай тартты. «Бағанағы жас офицердің айтқаны дұрыс екен. Әлгі төртеуі де соның білетінін айтып отырған жоқ па? Ендеше, немістер өз солдатын шпион­ сың деп ұстағаны рас болды», – деп ойлаған Шура тор алдындағы оқшау тұрған столға барып отырды. Бір стақан шай ішті. Түнде ұйқысы қанбай, мең-зең болып ауырлаған денесі аз да болса жадырап, жан шақырды. Шура орнынан тұрып стол біткеннің бәрін су шүберекпен сүртіп айнадай етіп тазалады. Орындықтардың бәрін орын-орнына қойды. Еденді тап-таза етіп сыпырды. Жұмыс үстінде қолы-қолына жұқпайды.

Қайтсе де тапсырылған жұмысқа берілген, немістерге адал қызмет істейтін, сенімді адам болып көріну қамында. Асхана шаруасын тиянақтап та болды. Сыртқы есіктің жуан қара ілмегін салып, мықтап тұ­рып жапты. Ерекше арнайы дайындалған тағамдарды, қып-қызыл кү­рең болып шыққан бір шайнек шайды патносқа салып, бетін ақ орамалмен жапты да, Шура кухня арқылы аулаға шығатын есікпен гестапоның кеңсесіне қарай кетті. Тоқтаусыз екі есіктен өтіп, үшінші есікке барғанда, стол басында отырған жіп-жіңішке арық солдат орнынан ыршып тұрып, есікті ашып: – Кіріңіз. Сізді Ранкенау тосып отыр, – деді. Шура патносқа тізілген әртүрлі тағамды төр алдындағы столдың үстіне апарып қойды да, Ранкенауға қарап: – Тамақ ішіңіз, суып қалады, – деді таза неміс тілінде. Шура есіктен кіріп келе жатқаннан-ақ, Ранкенау мұны күлімдеген өткір шегір көзімен атып, сілейіп отырып қалған. Ранкенаудың осы көзқарасынан-ақ Шура оның теріс ойын түсіне қойды. Ол өзін-өзі іштей кенет кездескен жағдайға даярлады. «Қайтер екен?» деп есік жаққа қарай жүрді. Оның ойы тезірек үйден шығып кету еді. Кейін шегініп есікке қа­ рай екі қадам басуы-ақ мұң екен, Ранкенау кірпікшешенше жиырылып, екі қолын мықынына тіреп, орнынан атып тұрды да, қыздың жанына келді. Шура қып-қызыл болып, шекесінен суық тер бұрқ ете қалды. Оның ойына әртүрлі нәрсе түсті. « Түндегі станцияда болған оқиғаны ұйымдастырған сенсің дегелі тұр ма?» деп бір ойлады Шура. Жүрегі тулап аузына тығылды. Денесі бірде қызып, бірде салқындайды. Көңіліне талай күңгірт оқиғалар түйіліп-түйіліп келеді де, орағытып өте шығады. Оның денесін шырмауықтай оратылған жат бір күш бүре жөнелді. Осы бір кезде Ранкенаудың екі қолы Шураның мойнына ора­ла түсті. – Я и ты танцевать, – деп сөзінің жартысын немісшелеп, жарты­сын орысшалаған болып, Шураны сүюге ыңғайлана берді. Дәл осы кезде есік шалқасынан ашылып ұзын бойлы, арық денелі, қошқар мұрынды бейтаныс полковник кіріп келді. Бұл кезде қыз қос қолдап Ранкенаудың кеудесінен итеріп, маңына дарытпай, анау бауырына тартып, итіс-тартыс болып тұрған бір сәт еді. Келгеннің шені бір саты болса да, Ранкенаудан жоғары болғаны абзал болды. Рұқсат сұрамай кіруі де сондықтан сияқты. Полковниктің сырт пішініне қарағанда ол Гитлердің «СС» деп ата­ латын ерекше іріктеліп алынған құрамынан болса керек-ті. Ол әбден сенімге кіріп, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып алған адам. Сон­дықтан да Ранкенау қапсыра құшақтап алған Шураны асып-сасып қоя берді де: – Хайль Гитлер! – деп жіптіктей созылып, полковниктің алдында қаққан қазықтай екі қолын екі қапталына қысып тұра қалды: – Хайль Гитлер, – деп екі саусағын маңдайына ұстап, жауап берді келген кісі. Бейтаныс адамға душар болған Ранкенау төр алдына қа­рай шегініп, жыны басылып, су сепкендей жуасып қалды. Дәл осы кезде Ранкенау

уытын іріккен сұр жыланға ұқсайтын еді. Немістің екі офицерінің өзара арбасып тұрғанын пайдаланып Шура жып етіп далаға шықты да, асхананың қора жақтағы есігінен кіріп жоқ болды. Шура асханаға кірді де, қолындағы подносын салдыр-гүлдір еткізіп, лақтырып жіберді, өзі екі алақанымен басын ұстап отыра кетті. Қан­ шама ыза қысса да, тістеніп, көзіне жас алған жоқ. Бедірейіп отыр. Стол үстіндегі үлкен ақ құмырадан бір кесе су құйып ішті. Кернеген ашуын, аузына тығылған жүрегінің жиілеп соғуын басып, орнынан тұра бер­генде: – Саған не болған? Әлде, біреу ұрып кетті ме? – деп, кенет сұрақ қойды асхананың бір қызметшісі. – Ештеңе де болған жоқ. Рақмет, абыржымаңыз, кейде бір жүрегім­ нің қысатын, ежелден үйреншікті сырқаты бар. Сол ұстап, осы жерге әзер жеттім, – дей салды. Шура біраз уақыт жаңағы аяқ астынан кездескен оқиғаны таразыға салып, сұрыптап отырды. Оның көңіліне қайта-қайта, айналыпүйіріліп келе берген: «Ранкенау бірден жабыспайды. Ол көптен ойла­ нып-толғанып, аяқ басқанының бәрін есептеп, соқтықты. Өйткені, мен тамақ апарған сайын көзін алмай, серейіп отырып қалатын. Мені көзімен атып есіктен шығарып салатын. Енді не істемекпін? Ашықтан-ашық ақылдасатын адам да жоқ. Мұнысын бұл қу қақпас енді қоймайды. Үдете түседі. Бұлар өздерін ешкімге бағыныштымын деп есептемейді. Күллі елдің бәрі немістің алдын­да қолын қусырып, белін бүгіп тұруға тиісті көреді», – деген ой еді. Есін тез жинады Шура. Отыра беруге болмайды. Үйге барып келу керек. Түскі тамақ ішетін уақыт та болып қал­ды. Ол орнынан тұрып: – Мен түске дейін қайтып келемін, – деп далаға шығып, үйіне қарай бет алды. Сыртта бұл алақ-жұлақ етпей, сезік қалдырмай, кербез жүреді. Үйіне келіп, табалдырығын аттай бергенде-ақ, шешесі тағы бір хабар айтты: – Сені бір қыз іздеп келіп кетті. – Ол кім? –Мен кімді білемін. Әйтеуір келе сені сұрады. Мен сені үйде жоқ дедім. – Басқа ештеңе деген жоқ па? – Бір жапырақ қағазды саған бер деп тастап кетті. Мә, ал. Онан басқа тіл қатқаным жоқ. Ендігі хабарды өзіңнен білгелі отырмын. Оқышы қыздың хатын. – Асықпаңыз, қазір оқимын, – деп Шура бұл хаттың жай хат емес екенін сезгендей, сыртқы есіктің ілгегін салып, үйге қайта оралды. – Бұл хаттың тегінде бір жұмбағы бар-ау. Сен тым сезіктеніп кеттің. – Тұра тұрыңызшы! Не болса соны айтады екенсіз, – деп Шура төрт бұрышты ақ конверттің шетін қайшымен кесіп, іштей оқыса, партизандардан келген байланысшының ха­ты болып шықты. Хатта былай делінген: «30, сен осы хатта көрсетілген адреске бүгін кешкі сегізде «Орман патшасының» өкілімен жолығуға келуің кажет. Көп ұстамаймыз. Сәлеммен, «Орман патшасы». Хатты екінші рет оқып әбден көңіліне

тоқып алған Шура табанда қазандықта жанып жатқан отқа тастап, жағып жіберді. Әуелі, қағаздың күлінің өзін көсеумен ұсатып, араластырып жіберді. Анасы аң-таң, «білемін, айтпасаң да, мен білмейтін ештеңең жоқ!» дегендей, қария қызынан басқадай ештеңе сұраған да жоқ. Ымырт үйрілген шақ. Күн күндіз ыстық болғанымен, түні салқын болатын түрі бар. Далаға шыға келгенінде салқын самал бетін қытық­тап, өбіп тұрғандай сезінді. Аспан да ашық. Жұлдыздар тым жақын, күлім-күлім етеді. Осы бір әдемі, сұлу кеште Шура асықпай, аяғын нығыз басып келе жатыр. Көшеде жарық жоқ. Қоңыр түн. Бірде-бір электр шамы жанбаған. Кейбір тұста көзге түртсе көрінбейтін қараңғы. Шура хатта көрсетілген адресті бұрыннан білетін кісіше маңына қарамастан келеді. Ол кешке таман бұл көшені де, баратын үйін де әбден шолып алған. Айтылған үйдің дәл ту сыртына жеткенде Шура маңайын бір шолып өтті. Көзге ештеңе көрінбеді. Төңірек мүлгіп тұрған тыныштық. Сезіктенетіндей ештеңе жоқ. Ол баратын үйінің көше жағындағы есігіне жоламай, аула жақтағы ішкі есігінен кірді. Үйдің іші тастай қараңғы. Шам жарығы көрінбейді. Адам бар деп ойлауға болмайды. Қыбырлаған жан жоқ. Қонақ келді-ау деп, алдынан қарсы шыққан адам болсашы. Үй іші де мүлгіп қалыпты. Шураның жүрегі қобалжи бастады. Оның ойына: «Жау тыңшыларының бірі әдейі сынау үшін мені осы үйге шақырып жүр ме?» деген күдік сап ете қалды. Келген ізімен кейін қайтқысы келіп еді, оның да есебін таба алмады. Не болса да, болары болды. Бұл көрмегенімен, ол мұны көріп, аңдып тұрған сияқты. Осы қараңғыда өткір көздің өзі ештеңені айыратын емес. Үйдің іргесіне жабысып, жау тыңшылары отырмасына кім кепіл? Шура байыппен, өте бір сақтықпен, ауыз үйдің табалдырығынан аттады да, есіктің жақтауына жабысып тұрып қалды. Үйде әлі де қыбыр еткен жан жоқ. Шура енді жау торына түстім деп ой­ лады. Жүрегін тоқтатып, қайраттана түсті. «Не де болса тәуекел» деп төргі үйдің есігіне жақындай бергенде: – Қорықпаңыз, дәл іздеген үйіңізге келдіңіз, жоғарылатыңыз. Біз осы бөлмедеміз, кіріңіз, – деген бір әйел адамның дауысы шықты. Бірақ қай жерден сөйлеп тұрғанын тосыннан келген кісінің айыруы қиын. Бірақ жау да осылай дей алады ғой. Тегінде шолушы, барлаушы жан, жаудың ортасында қимыл жасап жүрген адам әбден көзі жетпей, түкке де сенбейтін болып дағдыла­нады. Сонда да, дауысы тым жылы, «өзіміздің адам болар» деп Шура төргі бөлменің есігін ашып, кіріп келді. Ол бөлмеде де үн қатқан жан жоқ. Әрі жүрмей есік жақтағы қабырғаға сүйеніп, тұрып қалды Шура. Төр алдынан бір адам орнынан тұрды да, қараңғыда Шураға қа­рай жүрді. Қасына жақын келіп: – Сіз қорықпаңыз. «Орман патшасынан» сізге көптен-көп сәлем. Жол толған жау. Келіп жеткенше осы болды, – деп бір әйел Шураның қолы­нан алып амандасты. – Отызыншы, – деп жауап берді Шура.

Төр үйде қарсы алған әйел Шураның қолынан жетектеп: – Бері келіңіз. Астыңғы қоймаға барып сөйлесейік, – деп пештің алдындағы төрт бұрышты қақпақты ашып, екеуі басқышпен төмен түсті. – Сырттай сізге әбден қанық едім. Міне өзіңді де көрдім, – деп, бұрышта тұрған май шамды қолына алып Шураны бас-аяғына дейін әлгі әйел қарап шықты. – Ғафу етіңіз. Сіздің «Орман патшасынан» келгеніңізді пароліңіз­ден біліп отырмын. Атыңыз кім? – Атым – Тамара. Бізге бұл жерде көп бөгелуге болмайды. Саған Тимофей Михайлович пен Петр Васильевич көптен-көп сәлем айтты. Сенің мұндағы жұмысыңа олар өте риза. Тағы да бір сол кісілердің тапсырмасын алып келдім, – деп Тамара Шураны бұрыннан бірге жүрген адамша «сен» деп сөйледі. – Тапсырмаңызды айтасыз ғой. Майданнан не хабар бар? Біз немістің бірде шын, бірде өтірік хабарын естиміз. Оларға сенім бар ма? – Майданда әзірге үлкен жаңалық жоқ. Жау Орел қаласы мен Курск қаласының маңына күш жинап жатыр. Осыған, мүмкіндігінше, кедергі жасау – біздің міндетіміз. – Осы станция арқылы да күніне талай эшелон шығысқа қарай ағылып жатады. Екі-үш күн бұрын партизандар темір жол рельсін бұзып, неміс әскерінің осы жолдағы сапарын, әйтеуір, екі күнге болса да тоқтатты. Осында тоқтаған жаудың бірнеше эшелонын біздің самолеттер бом­балап, жойып та жіберді, – деп Шура кейінгі сөзін сүйсіне, көтеріле айтты. – Шура, уақыт болып қалды. Менің келген жұмысымды тыңдай отыр. Беседь өзенін білесің ғой. – Білемін. – Білсең, сол өзендегі темір жол көпірінің стратегиялық маңызы күшті. Бізге сол көпірді күзететін әскер санын, сондағы бекіністі, Белико­вичи станциясында тұратын әскер мөлшерін білу керек. Осыны барлай ала­тын қолайлы адам табуымыз керек. – Ең қолайлы адам – Володя. – Ол қай Володя? – Әнеу күні немістер шешесін өлтірген Володяны айтамын. Ол маған бір кездескенде: «Мен анамның моласы үстінде ант бердім, бұл мыл­қау­ ларға көрсетемін, қасық қаным қалғанша шешемнің өшін аламын», – деген еді. – Оны бүгін таба алмаймыз. Ол станцияда жұмыс істейді, кім білсін, мүмкін, жұмыста болуы. Оның үстіне бұл қалада сағат тоғыздан былай жүруге болмайды. – Ертең күндіз хабарлап қойып, кешке жолықса да бо­лады. – Солай еткен дұрыс. – Осындағы гестапоның бастығы Ранкенау тіпті қанішер жауыз көрінеді. Соның көзін жоюдың амалын ойластыруларыңыз керек қой. – Ой, бір сенімді адам керек бұған да... – Мұны да Володя екеумізге тапсырсаңыздар, бір ама­лын табар едік. Бізге ол үшін даусы шықпайтын мылтық жеткізіп беріңіздер. Магнитты мина өзімде де бар.

– Сен Володяны бұрын білуші ме едің? Білгенде қандай. Соғыс алдында мектепте бірге оқығанбыз. Бала күнімізде ойынымыз да бір болған. Жуықта менен магнитті екі мина сұрап алды. – Ол минаны қайтеді? – Немістен өзімше бір өшімді алайын дейді. – Өш алғаны жөн, – деді Тамара, – бірақ жеке-жеке ұсақ қимылдан ештеңе өнбейді. Ұйымдасқан іс керек... Осыны Володяға жеткіз. Ал, сапарларың сәтті болсын, Шура! Сіз бұл жөнінде тіс жарып, ештеңе демей-ақ қойыңыз. – Жақсы. Айтпай-ақ қояйын. Өздерің тіл тапсаңдар бол­ды, – деп Тамара сағатына қарады. – Сағат тоғызға жақындап қалыпты. Бүгін әңгімені осымен кестік. Кеткенше, сенімен тағы бір жолығамын. – Менің сізбен ақылдасатын бір ауыз ғана сөзім бар, – деп Шура бүгін күндіз Ранкенаудың кабинетіндегі болған оқиғаны бәрін жіпке тізген­дей айтып шықты. – Айтқаның жақсы болды. Ранкенау өте қауыпты адам. Оған бірден «әрі кет!» деп кеудесінен қақпа, біраз уақыт алдай тұрған жөн... Олай болмаса, саған өшігіп алады. Жүрген ізіңді бақылайды. Тіпті ол кәрі төбет сені жазым етуі де мүмкін. Сөзбұйдаға сала тұр. Өмірі ұзақ болмас... – Сіздің осы ақылыңыз дұрыс болар. Өзім де солай ойлаған едім, – деп Шура орнынан тұрды. – Ал жүр, сені есік алдына шығарып салайын. – Сіз есік алдына шықпаңыз. Өзім ғана шығайын. Әлде біреу байқап қалып жүрер... – Олай болса, көріскенше қош-сау бол, – деп Тамара Шураны құшақтап, бетінен сүйді. Шура Тамарамен қоштасып, келген ізімен қора жақ есіктен далаға шықты да, үйіне қарай кетті. Бірақ үйіне бағыт ұстағанда, манағы келген жолымен емес, басқа жақпен оралды. Келген ізін қайта баспау – барлаушының бойға сіңген дағдысы. КЕК ЖОЛЫ Өмір ағысы бірде баяу, бірде тасқын. Өмірдің адамды азғана уақыт­тың ішінде жаңалап жіберетін үлкен сын кезеңі де болады. Володяның басы­нан да осындай тасқынды кезең өтті. Ол зират басынан басқа адам боп қайт­ ты. Шиыршық атып, тістеніп, намыс отымен суарылып қайтты. Басқан аяғы кейін кетіп шешесін жерлеген күні ол түс ауа үйіне әрең жеткен. Бөлме іші күңгірт, көңілсіз. Құлазыған далада жалғыз өзі қалғандай сезінді. Ағаш төсек үстіндегі қан-қан көрпені есік алдына алып шығып, тазалады да, ауланың күн жақ қабырғасына ілді. Үлкен пештің алдында тұрған қара бақырдағы кешегі пісірілген картопты, ағаш тарелкаға салып,

терезе алдындағы столдың үстіне апарып қойды. Бір тілім қатқан қара нан да тауып алды. Сөйтіп, ол оразасын ашты. Володяның жанындай жақсы көретін иті бар. Аты – Тигр. Тамағының жартысын Тигрге берді. Одан соң төр алдына ба­рып шалқасынан жата кетті. Шырмауықтай торлаған ауыр ой денесін сірестіріп, қозғалтпайды. Екі тәулік бойы көз ілмесе де Володя көпке дейін ұйықтай алмай, дөңбекшіп ұзақ жатты. Кеш батып, үй ішіне қараңғы түсіп, күңгірттене бергенде ғана көзі ілінді. Күні бойы естіген-білгені, көрген көңілсіз оқиғалары айналып-үйіріліп қайта-қайта шырмай берді. Түс көрді. Әлсінәлсін шошып оянды. Денесін суық тер басып, басына шойын байлап қойғандай ауыр әсерде жатты. Володя сол күні әдеттегісінен ерте оянды. Оянғанымен де, орнынан атып тұрып кетпеді, шалқасынан сұлап жатқан күйі, көзі де тас жұмыл­ ған. Қиялы өмірдің жазық даласын да, тау мен тасын да, ой мен қырын да түгел шарлап, тұлпардай шауып барады. Ол басынан кешкен толып жатқан қиян-кескі оқиғаны ой елегінен өткізіп дөңбекшіп көп жат­ты. Әсіресе, оның ойына әлсін-әлсін тығылып орала берген неміс офицерінің кешегі шеше мәйітіне жасаған зорлық-зомбылығы, онан өш алудың жолы. «Қанға – қан» дейді ол. Осы бір адам жүрегіне дақ салған, көңілсіз, бұлыңғыр көріністер, онсыз да мылжа-мылжа болған Володяның денесіне инедей қадалады. Ол ақыры орнынан тұрды, сағатқа қарады. Жұмысқа ба­ратын уақыт та таяп қалған. Жұмысына бармақ болып жиналып жатқанында, есіне Шурадан сұрап алған магнитті екі мина түсті. «Оны елге білдірмей, станцияға қалай жеткіземін?» деп ойланып сәл тұрды да, березент­теп тігілген, әртүрлі сайман салған төрт бұрышты дорбасын қолына алды. Сөйтті де, қораның бұрышына тыққан екі минаны дорбасына салды. Минаның екеуі де дорбаға сиып кеткеніне қуанды. Ертеңгі тамағын апылғұпыл іше сала, аяғы жерге анда-санда бір тиіп, станцияға қарай жөнелді. Мойнындағы дорбасының ауырлап кеткенін жарты жолға барғанда ғана сезді. Кендірден ширатып ескен дорбаның бауы иығын кесіп барады. Володя алып-ұшып жүгіре аяңдап, станция басына жеткенде әскеритехника тиелген іркес-тіркес екі эшелон екінші жолға келіп тоқтады. Вокзал басындағы неміс коменданттары майданға бара жатқан эшелон­ дарды көп аялдатпай, тезірек жіберуді бұйырған. Осы жолы вагон­дарды қарап, тексеріп жіберу де – Володяның жұмысы. Ол қолындағы ұзын сапты балғасымен әр вагонның дөңгелегін бір ұрып, тексеріп, өзінше байыз таппай жүр. Володя эшелонның ең алдындағы снаряд тиелген, ұзыннан ұзақ сұлаған үлкен қызыл вагонға келді. Вагонның вокзалға қараған жақ дөңге­лектерін барлық ылтипатымен жақсылап қарап шықты. Сырттан қараған біреу болса, мынау жігіт ісіне әбден мұқият жан екен деп ойлай­ тындай-ақ. Дөңгелекті майлап та шықты. Содан кейін вагонның астымен екінші бетіне өтті. Ол сәл кідірді, елеусіз ғана жан-жағына көз жіберді. Маңайда бірде-бір жан көрінбейді. Вагонның алдыңғы дөңгелегін ұқып­ тап қарады. Вагонның бауырынан көлденең жапсырылған жалпақ темірді

де көрді. Соны көргенде ішкі бір жасырын ой: «Мынау жері тіпті мина қоюға қолайлы-ақ екен» деп қалды. Ол дорбасындағы магнитты минаны теп-тез алып, әлгі темірге жапсыра қойды. «Жантайып жата бермессің, – деді ол минаға ішінен, – қозғала келе бұрқ етерсің...» Әдейі іздемесе, жан таба алмас...» – деді. Володя басқа вагондарды да тез тексеріп шықты. Содан кейін сол қолындағы жасыл жалауын жоғары көтеріп: «Поездің кете беруіне жол ашық деп екі-үш рет олай-былай сіл­теп белгі берді. Дәл осы бел­гіні тосып тұрғандай, бірден алдыңғы жақтағы жасыл шамды семафор ашылды. Қос паро­воз жүк тиелген ауыр вагондарды арсылдап-күрсілдеп орны­нан әзер қозғап, алға қарай жылжи жөнелді. Володя не дегенмен, дәл осы сәт өзіне өзі риза. Ол ішінен: «Шіркін, әлгі мина жолда кетіп бара жатқанда жарылса тамаша болар еді. Онда бүтін мына эшелон апатқа ұшырар еді» деп ойлады. Володя екінші жолда тұрған басқа бір эшелонды қарап жүрді. Ол эшелон бүтіндей бензин таситын цистерндер екен. Цистерннің бауырында да шұқыр, қуыстар байқалады. «Қалған жалғыз минаны қоятын қо­лайлы орын да табылды» деп Володя дорбасындағы минаны қолына алып, жып еткізіп, цистерннің астыңғы бір қуысына жапсыра салды. Бұл эшелон да көп ұзамай ілгері жүріп кетті. Баяғы бір құнтты мінезіне салып, ол жұмысын әрі қарай істей берді. Түс те жақындады. Бір кезде тағы бір вагон тормозына май құйып тұр­ ған Володя вокзал алдында ерсілі-қарсылы, асып-сасып жүгірісіп жүрген немістерді көрді. Ол ішінен: «Бұларға не болды? Неге өкпесін қолына ала жүгірді бұлар!» деп ойлады. Әлдеқашан ілгері жүріп кетуге тиісті өзге эшелондар осы станцияда аялдай қалды. Бір күн емес, мың күн аялдасын, онда мұның ісі қанша, ол түскі тамақ ішуге асханаға келді. Асхана толы адам. Гу-гу етеді. Шет жақта бос тұрған столға отырды. Отыруын отырса да, өз орынын таппаған сияқты. «Мына толған немістің арасына мен неге келдім? Менен бас­ қа бірде-бір жұмыскер көрінбейді. Әлде, енді біздің асханадан немістер ауқаттанатын болған ба?» деп ойланып қалды. Володяның оң жағында төрт неміс әңгіме соғып отыр: – Сендер не білдіңдер? Осыдан екі сағат бұрын шығысқа қарай кетіп бара жатқан екі эшелон алдағы станцияға жетер-жетпес жерде құлапты ғой... Вагон біткен рельстен шығып, бірінің үстіне бірі үйілген, техника атаулы да түгел быт-шыт болып, істен шығыпты. Оның артынша бензин таситын эшелон да жарылған көрінеді. Екеуінің де себебі белгісіз. Бұл не пәле өзі, ә? – деді біреуі. – Біз де естідік. Ол рас, эшелоннан ештеңе қалмаған дейді. Жол түбіндегі жардан құлапты, – деді екіншісі. – Жардан құласа несі қалады. Бірен-саран күзетшіден басқа адам бола қоймаған шығар. – Себебін білгендерің бар ма?

– Офицерлердің айтуына қарағанда, снаряд тиелген ва­гон өзінен-өзі жарылған көрінеді. Себебі белгісіз. Тексеретін болар. – Оны қалай түсінуге болады? – Қалай түсінгені несі! Жолда өзінен-өзі поезд қатты жүріп баражатқанда цистерна жарылған дейді. – Өзінен-өзі снаряд, не цистерін жарылушы ма еді? Біреу-міреу мина қойған болар... Бұл әңгіменің бірде-бір сөзін шашыратпай тыңдап отырған Володя ішінен: «Сол керек сендерге! Менің де ел-жұртыма пайдам тиетін күнім туды. Шешем үшін бәрі де!» – деді өзіне-өзі. Әлденеге сүйсініп, тістене қалғанын өзі де байқамапты. «Жарамас, – деді ол ішінен, – бет әлпетімнен сыр білініп жүрмесін!» Бұл оқиғадан соң төрт күн өтті. Күні бойғы жұмыстан шаршаған Володя тағы да үйіне кеш қайтты. Шырағданды жағып, төргі бөлменің есік жағында тұрған столдың үстіне қойды. Өзі төр алдындағы уақыты өтіп, тозығы жеткен диванға тізе бүкті. Ойланып-толғанып жалғызданжалғыз дөңбекшіп, көп жатты. Бір кезде ауыз шоланнан Тигр қыңсылап хабар берді. Володя оның қасына келді. Ит: үй маңына келген бөгде біреу бар, сен сақтан дегендей, жан-жағына алақ-жұлақ қа­рап, анық белгі берді. Иттің сезігі дұрыс, сөйткенше болмай, бөлменің көше жақ терезесін естілер-естілмес етіп, ақырын ғана біреу екі-үш рет тықылдатты. Володяның жүрегі бүлк ете қалды. «Қараңғыда терезені тықылдатып жүрген кім? Әлде, күндізгі қираған эшелонға сен жауаптысың, – деп келіп қалған немістер ме?» деп ойлады. «Не де болса, белімді бекем будым, көндім», – деді ішінен Володя. Сәлден соң әлгі адам терезені еміс-еміс естілетіндей етіп, тағы да бір-екі рет тықылдатты. Тигр бұған қарай береді. «Әуелі мені жібер!» дегендей ыңғай білдіреді, өзінің серік екенін түсінеді. Володя аяғын сақ басып, есік алдына шықты. Сыртқы қақпаны ашып, мойнын созып, көшеге қарады. Қақпаның қарама-қарсы жағынан ұзын бойлы біреу көріне кетті. «Во­лодя, қорықпа, бұл менмін», – деп келе жатқан өзімен бірге жұмыс істейтін Яков қарт болып шықты. – Түнделетіп не жүріс? – Жүр үйге кірейік. Сонан соң айтайын, – деді қарт. Екеуі үйге келіп, стол басына отырды. Яков қарт ырғалып, толғанып, маңайын көзімен бір шолып өтті. Осы үйдің ішін де өзінше тексерістен өткізіп отыр. Содан кейін: – Үйіңде ешкім жоқ па? – деді. – Үйде жалғыз өзім, – деді Володя. – Олай болса, келген жұмысымды айта отырайын. Бір уыздай жас қыз сенімен жолыққысы келеді. – Ол кім? – Кім екенін көрген соң білерсің, қазір мен айтпай-ақ қояйын, сен сұрама! – Қашан, қай жерде жолығамыз?

– Сенің үйіңде жолығуға болмайды. Өзің білесің, бұл жер қаланың орталығына жақын, біреу көріп қалуы мүмкін. Оның үстіне осы адрес те, сен өзің де гестапоның есебіндесіңдер. Менің үйімде жолықсақ қайтеді? – Сіздің үйде жолығуға қарсы емеспін. Бірақ қай кез­де? – Ертең кешке, ымырт жабыла, біздің үйде бол. – Сіздің бұл қызыңыз жұмбақ болды ғой. – Жұмбақ ертең шешіледі. Өзің көресің. Танысасың. Қолын ұстай­ сың, – деп Яков қарт өзінің әдеттегі қалжыңбастығына салды, – бұрын жігіт қызды іздеуші еді, енді қыз жігітті іздейтін болды ғой... Махаббат­ты қойсаңшы бұл!.. – Отағасы, менің қалжың көтеретін шамам бар ма! Көріп отыр­ған жоқсыз ба? Шеше болса жоқ. Өзім жалғызбын, – деді Володя қарттың қалжыңына орай. – Шешең қайтыс болғанын мен білемін. – Білсеңіз сол, – деп Володя қамығып отырған жайын аңғартты. – Олай болса, сөзді қысқартайық. Ертеңгі кешке келістік қой? – Келістік. – Жақсы. Көріскенше қош бол, – деп Яков қарт үйден шығып кетті. Қартты далаға шығарып салды да, Володя қақпаның есігін іштен мықтап тұрып жапты. Үйге келіп төр алдына төсек салып жатып қалды. Түні бойғы ойы жаңағы шалдың айтқан қызында болды. О не қылған жұмбақ қыз? Әлде, менің жалғыз қалғаныма жаны ашып, осынау қарт мені шынында да біреумен таныстырғысы келіп жүр ме? Осы ой түн ортасы ауа Володяны ұйқыға алып кетті. Түсіне де қыз кірді. Володя таң ата оянды. Бұл күні жұмысқа бармады. Ол бір тәулік бойы жұмыс істеп, ертеңінде дем алуға тиісті еді. Күні бойы қозғалмастан үйінде болды. Енді сенетін шеше жоқ. Еденді тап-таза етіп жуды. Төсек-орынды жинады. Ыдыс-аяқты да жуып, орын-орнына қалады. Қысқасы, үйдегі барлық шаруаны өзі тындырды. Мұндай жігітті жұрт біртоға, үстінен қой айдаса қозғалмайтын, мінезі ауыр деп санайды. Мұндай жанда жолдас-жора да аз болады. Егер, шын жолдас табылса, ол мұндай жанды қайта тастап кете алмайды. Володя сөзге жоқ, қылтың-сылтыңсыз, байсалды жігіт. Ал, енді деп қалғандай бол­са, онда қадалған жерінен қан алатынның тап өзі. Өткір, ба­тыр, уәдеге берік адам. Жас кезінен тапшылықты көп көргендіктен болар, қиыншылық пен аштыққа да төзімді. Міне, ол ымырт жабылысымен Яков қарттың үйіне келе жатты. Көшенің ортасымен жүрмей, шет-шетін сағалап жүріп келеді. Әрбір орамды өткен сайын жан-жағына көз жіберіп, шолып алады. Кейбір үйдің сыртқы есігі ашық тұрса, көшенің екінші бетіне шығады. Сөйтіп жүріп отырып, Яков қарттың үйіне жақындағанда, маңайдың бәрін қырағы көздің елегінен, өлшемінен өткізіп алады. Дәл Яков қарттың үйіне жақын келді де, еңкейіп бүкшеңдеп, көше жақ есіктен үйге жып беріп кіріп кетті. Үй іші тастай қараңғы. Адам бар деп ойлауға болмайды. Аяқ басысы бір қалыпты болғанымен үйге кіруіне көз ілескен жоқ. Тым-тырыс мүлгіп

қалыпты. Володя қараңғыда аласа есіктің маңдайшасына басын соғып алмас үшін еңкейіп, төргі бөлмеге өтті. Мұнда да еш жан жоққа ұқсайды. Үнсіз. Белгі бермейді. Володя сәл уақыт қараңғы бөлмеде құлақ тігіп тұрды да, есікке қарай кейін айна­лып, келген ізімен қайтуға ыңғайланды. Осы кезде бөлменің сол жағынан «пароль» деген әйелдің дауысы естілді. – Мен – Аймын! Өзің кімсің? – Мен – Жермін! – деген әйел даусы Володяның жанына жақындай түсті. – Үй иесі қайда? Кеше бұл кезде үйде боламын деген еді? Әлде ол кісі мені алдады ма? – Жоқ. Ол кісі сізді алдаған жоқ. Ойламаған жерден бір жұмыс шығып, соны орындауға кетті. Көп ұзамай келеді. – Жақсы! – Бері келіңіз. Төрге шығыңыз. – Рақмет! – деп Володя төрде тұрған орындыққа сипалай барып отырды. – Өзіңіз білесіз, шам жағуға болмайды. Сондықтан қараңғы үйде сөйлескенімізге ғапу етіңіз. – Шамның керегі не? Айта беріңіз. – Айтсам, алдымен істен бастаймын. – Сол жөн болар. «Біз қазір осы үйдің қорасындағы қамбаға барайық» деп, Тамара Володяны оң қолынан ұстап, сенекке алып шықты. Екеуі ауланың дәл төр жағындағы жұмыр қарағайдан қиып салған төрт бұрышты, аласа ғана қамбаның есігін ашып, биік табалдырығын аттап, ішіне кірді. Есігін жуан темірден иіп салған тиекпен мықтап жапты. Қойманың ішінде біреудің бар екендігін Володя бірден сезді. Басқа біреудің тақтай еденге басқан аяқ сыбдыры естілді. Володя қаққан қазықтай бір сәт сілейіп тұрып қалды. Бір кезде төр жақтан біреу: – Шам жағуға бола ма? – деді. – Мына қамбаның саңылауы жоқ па? Сырттан біреу-міреу шам жа­ры­ ғын көріп қалмасын! – Жоқ, жоқ, – деді қалтасынан шақпағын алып тұтатайын деп жатқан әлгі төр жақтағы кісі, – бұл қамбаның қараңғылығы көрдің ішіндей. Володя сөзінін қалжыңшыл сыңайына қарап, мұның қарт екенін де біле қойды. – Яков, сіз екенсіз ғой. Бағанадан бұл кім деп аң-таң болып тұрсам. Даусыңыздан енді таныдым. – Отырыңыз, отырыңыз, – деді шырағданның білтесін жөндеп жат­қан Яков қарт. Әлсіз, болар-болмас жанған шырағданды үшеуі айнала отырды, Володя мен Тамара бұрыннан сырт таныс, талай рет бір-біріне байланысшы арқылы сәлем, тапсырма, тілектестік айтысып жүрген жандар болатын, бірақ, қисыны келмей, бұрын жүз көріспеген еді. Шырағданның нарау, шала-жансар сәулесі жарқын жүзді Тамараның нұрын жасырып, ол көзіне

қазір күңгірт, қаралтқым болып көрінді. Шынында да, Тамараның ақ жүзі бұл кезде күнге күйіп, жел қағып, әбден қоңырқай тартқан бола­тын. Тамара басын көтеріп, тотияйындай әдемі көк көзін қарсы алдын­дағы шөркеде отырған Володяға туралай тігіп: – Ғапу етіңіз, біздің уақытымыз өте аз. Келген жұмысты айта отырайық, – деді. – Ол дұрыс. – Осы қалаға жақын жердегі Белинковичи станциясы мен Бони разъезіндегі жаудың қарулы күшін білуіміз, Бе­седь өзеніндегі темір жол көпірін күзететін әскер мөлшерін, бекініс коммуникациясын барлауымыз керек. Осы жұмысқа көмектесе аласыз ба? – деді Тамара. – Көмектесуге мен даярмын, – деді Володя. – Даяр болсаңыз, барлау жұмысының жоспарын келісіп алайық, оны қалай көресіз? – Келісіп алған жөн. Менің немере қарындасым кеше Бони разъе­ зінен келген еді. Онда сіздің бір адам жүрген көрінеді. Ол жердегі әскер көп те емес. Бір ротаға толар-толмас қана. Бітіріп жатқан жұмысы да шамалы. Кейінгі кезде бойлары әбден үйреніп, қамсыз жатқан жайы бар, көбіне сол арақ ішуді, мас болуды әдет етіп алған сияқты. Солдат­тардың айтуынша, жуықта олар майданға аттануы керек. Орнына басқа бір жаңа бөлім келуге тиіс. «Сіздің бір адам жүрген көрінеді» деп отырғаны, әрине, Жамал. Тамара Володяның айтқан хабарынан Жамалдың да аман-есен Бони разъезі­нің маңына жеткенін біліп қатты қуанды. – Беседь өзеніндегі көпірге жақын жерде, орман түбінде бір хутор бар көрінеді. Оны сіздер білетін боларсыздар? – Білгенде қандай. – Білсеңіздер, онда сенімді адамдарыңыз бар ма? – Онда менімен бірге мектепте оқыған бір қыз тұрады. Өзі өте жақсы, сөзге берік. – Өте жақсы, сөзге берік болуы – бір жағы. Тапсырма орындай ма, немістермен қарым-қатынасы ала ма, қара ма? – Қолынан келсе, бұларды тірідей үйтуге бар. – Олай болса, сен ол қызға хат жазып бер. Мен қызға жолығар едім. Ар жағын өзім білемін. – Жарайды. Қағаз, қарындашыңызды беріңіз, – деді Во­лодя Тамараға. Тамара қалтасынан шеті мыжылған дәптерді алып, бір парағын жыртып, Володяға ұсынды. – Міне, ала қойыңыз, – деп Яков қарт та кеуде қалта­сынан қысқа ғана, қара қарындаш алып берді. Ол хатты өте тез жазды. Қайталап оқып та шықты. Сөйтті де, Тамараға ұсынды. Ол Володяның хатын қолына алып, шырағданға жақындай түсті. Іштей көз жүгіртіп, бұл да оқып шықты. Хаттың мазмұны Тамараны толық қанағаттандырды.

«Құрметті Тоня! Амансың ба? Мен бұрынғыша станцияда жұмыс істеп жатырмын. Істемеуге шара жоқ. Күн көріс керек. Жуықта менің шешемді немістер өлтірді. Үйде жалғыз өзім қалдым. Қалғанын кездескенде айтармын. Қазіргі саған айтайын дегенім: осы хатты берген Тамараның жұмы­сы­ на көмектес. Өз үйіңде жататын болсын. Бұл кісі ол жерде көп болмайды. Сәлеммен саған сенген Володя». Бірге, бір мектепте оқу ғана емес, сол қызбен Володя сырлас та жан сияқты. Тым сенімді, тым батыл. Бұл хатымды неміске беріп қояды деп именер түрі жоқ. Міне, Тамараға көбіне осы жағы ұнады. Тамара хатты әдемілеп, үш бұрыштап бүктеді де, пешпетінің оң қалтасына салып алды. – Белинковичи станциясындағы әскер күшін білуді кімге тапсы­ра­мыз? – Мен ол станцияға екі күнде бір жұмыс бабымен барып тұрамын. Өзім біліп берейін, – деді Володя. Әңгіменің осынау тұсынан бастап, бұлар енді «сіз» деп сыздықта­май, «сен» деуге көшкен болатын. – Онда тіпті жақсы, сенен сенімді ешкім жоқ. Саған ақылдасатын тағы бір жұмыс болып тұр. Партизан штабымен керегінде рациямен байланысып тұру қажет. Біздің естуімізше, сен рациямен жұмыс істей білетін көрінесің, егер бір рация тауып берсек, сен «Орман патшасымен» керегінде байланыс жасап тұруды қалай көресің? – Мұндай сенім білдіргендеріңізге үлкен рақмет. Мен радистпін. Рацияның қандай түрімен болса да жұмыс істей білемін. Бірақ қазіргі кезде менің рациямен жұмыс істеуім өте қауіпті. Әнеу күні, Ранкенаудан босап шыққаннан кейін, менің соңыма тыңшы қойған сияқты. Оларын мен көріп те жүргенім жоқ. Бірақ көрінсе, тыңшы бола ма! Сөйткен­ мен солай екенін сеземін, сақтанбаса болмайды. Мені мүмкіндігі болса, басқа жұмысқа пайдаланыңдар. Мәселен, кешегі күн Шураның берген екі минасын майданға кетіп бара жатқан вагонға қойып, екі эшелон­ның да күл-талқанын шығардым. Мұндай жұмыс менің қолымнан келеді. – Бәсе, біздің адамның ісі деп білген едім. Бұл жолы екі эшелонды талқандаған сен болсаң, нағыз партизан болғаның!.. – Мен өзімді әлдеқашан партизанмын деп есептеймін. Тамара аз-кем ойланды. «Володя тікелей өз қолымен іс бітіруді ұнатады. Радист болуды бұл жемісі көрінбейтін іс санайды. Бірақ лайығы да нақ осы адам». – Қауіпті емес іс жоқ, – деді Тамара кесе сөйлеп, – сен радист боласың! Саған біз партизан радистерінің бірін жібереміз. Бірақ ол қаланың өзінде тұра алмайды. Ана қалалық бейіттің тау сыртындағы жас қайыңның ішінде, жалғыз бәйтеректің түбінде сендердің адамдарыңмен кездеседі. Ал, өзі соның ар жағындағы орманда болады. – Байланысшы адам ылғи жалғыз бәйтеректің түбіне ба­ра берсе, немістер де сезіктенетін болады. Олардың да тыңшылары шым-шытырық

жұмыс істеп жатыр. Сондықтан маған бір ой келіп отыр. Менің Тигр деген тарлан овчаркам бар. Өзі жас кезінен почта тасуға үйретілген. Қарғысы­ ның дәл астыңғы жағына оралған, тілдей жіңішке қағазды салып жіберетін дорба жасау керек те, сол итті радиспен байланысқа жіберсек қайтеді? – Сенің айтқаның-ақ болсын. Бірақ ит қайда, кімге баратынын қалай біледі? – деді Тамара Володяның бұл тапқырлығына көп күмән келтір­мей. Менсіз болмайды, – деді Володя, – ең басында итті өзім ертіп ба­рамын, келген радистке оны үйретемін. Хат таситын жерін көрсетемін. Қал­ғанын содан кейін иттің өзі де бұлжытпай орындайды. Тигр күшік күнінде «Осоавиахим» клубында үйретілген, Володяға келе-келе жауынгер серік боп кеткен хайуан еді. Володя оған сенеді. Оның бұл сеніміне Тамара да сезік келтірмеді. – Олай болса, осыған тоқтайық, – деді Тамара. – Менің бір сұрайтыным: атқанда дыбысы шықпайтын мылқау мылтық бар көрінеді, соның біреуін және сағатпен жарылатын маг­нитті мина шыққан дейді, сол минадан бізге бірнешеуін жеткізіп бер­сеңдер жақсы болар еді. – Бұл өтінішіңді біз орындаймыз. Бір-екі күннің ішінде жеткізіп те береміз. – Өзің ертең кетіп қалатын болып отырған жоқсың ба, онда бұл қаруларды кімнен аламын. – Мен кеткеніммен, басқа жолдастар келіп-кетіп тұрады. Олар сені қалай табуды біледі, – деді Тамара. – Өзіңмен енді қашан жолығамыз? – Екі күннен кейін жолығамыз. Бірақ келесі жолы бұл үйде жолы­ ғуға болмас. Барлаушы бір басқан жерін қайта таптауырын етпейді. Сондықтан, осы қаланың сыртындағы зираттың маңында кездесерміз. – Сағат нешеде? – Кешкі сағат сегізде. – Түсінікті. Енді кете беруге болады ғой, – деді орны­нан тұра беріп Володя. – Кетуге болады. Сау бол! – деді Тамара. Володя Яков қарттың қолын алып қоштасты да, қамбаның есігін ашып, басын созып маңайды шолып өтті. Еш сыбдыр білінбеді. Ешкім көрінбеді. Далада қауіп жоқ екендігіне көзі жеткен Володя көшеге шықты да, үйіне қарай тура кетпей, екі көше жоғары шығып, үш-төрт көшені айналып із тастап, үйіне қарай алыстан оралды. Володя шығып кетісімен, Тамара қамбаға төсек салдырып, сонда жатып қалды. Бірнеше күннен бергі шала ұйқы оны әбден қалжыратқан. Басы жастыққа тиісімен ұйықтап кетті. Партизан жатқан бойы тез ұйықтайды. Бірақ оның ұйқысы – құс ұйқы. Оны болымсыз тықыр оята алады, оянған бойы әуелі қаруға жарма­сады. Қайткенмен де, осылай-ақ ұйқы қандырады, тынығады. Міне, қазірде де қора сыпырған сыбдырдан шошып оянған Тамара көзін ашып алса, қамбаның іші тастай қараңғы. Қыбырлаған жан білін­

бейді. Ол орнынан тұрып, өте бір сақтықпен қамбаның есігін еппен ашып аулаға қараса, қораны сыпырып жүрген Яков қарт екен. Таң жайма-шуақ болып атыпты. Жүретін уақыты жақындап қалға­нын білген Тамара есікті ашып, биік табалдырықты аттап, аулаға шықты. – Таң атпай қораны сыпырып жүргеніңіз не? Ұйықтамайсыз ба? – деді Тамара Яков қартқа. – Ой, шырағым-ай, осы кез – ұйықтап жататын кез бе. Аз ұйықтасам болғаны. Жұмысқа баратын уақытым да бо­лып қалды. Қора сыпыруым – сырт көзге амалым, сыпы­рып жүргенім жоқ, жан-жақты қарап, әрнені байқап дегендей – Мен тезірек жүріп кетейін... – Сен асықпа. Бүгін таңертең мына біздің көршінің қызы сол сен баратын хутордағы апасына барамын деген. Сені ала кет деп тапсыр­дым. Жалғыз жүруге болмайды. Біреу-міреудің көзіне түсесің. Біреу – сезікті, екеу – сайран. – Ол қызға мені кім деп түсіндірдіңіз? – Менің апамның қызы еді, сол хуторда тұратын жекжаттыкіне бара­ды дедім. – Оның қашан жүретінін мен қайдан білемін? – Сабыр ет, әлі ертерек. Біраздан соң мен сол қыздың үйіне барып, қашан жүретінін біліп келемін. Көп ұзамай, Яков қарт мұртын ширатып, қамбаның түбіндегі бөренеде біраз отырды да, көшеге шығып кетті. Ізінше кейін қайтқан Яков қарт үйде таңертеңгі ас ішіп отырған Тамараға: – Сен дайындал! – деді, – әлгі, көрші қыз қазір осында келетін болды. Сен екеуіңді таныстырамын. Бір жақсысы, ол қыз арбамен барады екен. Бұл сен үшін де өте қолайлы. Танымаған, немесе жаңада ғана танысқан адамы болса, Яковтың бұл аялдатқанына Тамара қарамас та еді, және барар бағыт, тиянақ қоны­ сын білдірмеген де болар еді. Ал Яков – сыралғы адам. Яков пен Володя сияқты, анау ержүрек Шура сияқты жандар жау алқымында тұрған партизан штабының жасырын саусақтары, тірек пункттері. Тамара тамағын ішіп бола бергенде, есікті біреудің ақырын-ақырын тықылдатқаны естілді. Яков қарт орнынан тұрып, өзі есік ашты. Ар жағынан: «Әлгі менімен бірге жүретін қызыңызбен танысқалы келдім. Кететін уақыт болды» деп кіріп келе жатқан шикіл сары қыз көрінді. Ол төр алдында отырған Тамараны көре сала Яков қарттың таныстырғанын тоспай-ақ: – Менімен жүретін сенсің бе? Кеттік! Ат жегулі тұр. Жолшыбай таныса жатармыз, – деп, сауысқандай сықылықтап күліп. Тамараға қолын берді. – Сізбен жүретін мен. Кетсек кеттік. Мен даярмын! – деп әлгі тарсылдақ сары қыздың қолын алып, Тамара да миығынан күліп, оның балықтай жұмыр жауырынан қақты. – Оқасы жоқ. Өз сіңілім көрінесің. Жол бойы әңгімелеспегенде, не бітіреміз. Сен үйіңе кете бер, мен қазір барамын, – деді ақыл толы көк көзін төңкеріп.

– Онда сен кешікпей тез шық. Кім білсін, кейде немістер: «қайда барасың, қайдан келесің?» – деп бізді тексеруі де мүмкін, – деп қыз шығып кетті. Шикіл сары қыз буыны босап, қайта-қайта күлкіге баса беретін жан екен. Әрине, өңі келісіп тұрған жоқ. Онысы жақсы, әрлі-берлі өткендер көз салмайды. «Осымен бекер байланыстым ба?» – деп ойлаған Тамара пеш жанын­да кемпірімен бір нәрсені күңкілдесіп отырған Яков қартқа қарап: – Мына қызыңыз тым күле береді екен. Өзіне сенуге бо­ла ма? – деп сұрады. – Ол сенімді бала. Оның ұшқырлығынан қорықпа. Неміске жантәнімен қарсы. Бірақ сен хуторға қандай мақсатпен бара жатқаныңды, әрине, айтпай-ақ қой. – Сенімді болса болды. Басқа жағын өзім білемін, – деп Яков қарт­пен, оның кемпірімен қоштасып, Тамара далаға шықты. Тамара көрші үйдің есігінің алдында арбаға жегілген боз аттың божысын шалқая, мықтап ұстаған әлгі шикіл сары қыздың қасына келіп отырды, олар көшені бойлап жүріп кетті... Тамараға кейінгі жолыққаннан бері төрт тәулік өтті. Ымырт жабылған мезгіл. Володя жалғыз өзі май шамнын түбінде қолына түскен бір кітапты оқып отыр. Оқып отырған сияқты, шынында ойда отыр. Володяның бет құбылысы да күндегідей емес, жадыраңқы, қабағы ашылған, есік жақ­та аузын арандай ашып, сұлап жатқан тарлан итіне анда-санда көз тастап қояды. Бітіріп қайтқан ісі бар. Штабқа баяндауы керек. Қалай? Станциядағы көрген-білгенін Коротченкоға қалай жеткізеді? Шура радиостан­циямен жұмыс істеуді тіпті қойған. Кеше кеште ол радиостанцияны арбаға тиелген шөптің арасына салып, бұған тапсырды, бұл оны апарып қалалық бейіттің арғы жағындағы жалғыз бәйтеректің түбіне көміп кетті. Келісім бойынша оны партизандардан келген радист сол арадан бүгін қазып алуға тиіс. Содан кейін олар бұған байланысшы жіберулері керек еді. Ол кісілері әлі жоқ. Мүмкін, жау сілімтіктерінің бірі байқап тұрып, мұның көміп қойған радиостанциясын алып кетті ме? Тегінде бұл өзі – ойдың адамы. Бейбіт заман болса, ұзап оқыса, мұның ойшылдығы басқадай, аса бір мәуелі жеміс берер ме еді, қайтер еді! Амал жоқ, қазір соғыс, ал соғыстың өз жолы, өз заңы бар. Володя үшін ол қазір – кек жолы. Бір мезгілде сыртқы қақпаның есігі ашылғандай болды. Оны да алдымен сезген Тигр еді. Ол екі құлағын тікірейтіп орнынан атып тұрды. Өзінің міндетін атқаруға есік алдына шықпақ болды. Оған «Тигр! Жат!» – деп үй иесі ақырып еді, ит көзін алартып, иесіне бір қарады да, орнына барып қайта жатты. Өйткенше болмады, әлгі тықыр үйдің есігінің алдына жақындады. Володя орнынан тұрып, ауыз үйдің есігін ашты. Ар жағынан:

– Аман-есенсіз бе? – деп бір қартаңдау, шыбықтай қатқан, жіңішке сары әйел үйге кіріп те үлгірді. Келген адамға ала көзімен қарап, кеудесіне қона түсетіндей болып, жота жүні тікірейіп, қомданып даяр жатқан Тигрге «Тыныш!» деп тастады да, Володя: – Танымадық қой сізді, – деді әйелге. – Сізді мен де танымай отырмын. Қараңғыда басқа бір үйге кіріп кеттім бе деп ойлаймын! – Сізге кім керек еді? – Маған Володя Хомяков деген жігіт керек. – Ол кісі сіздің кіміңіз еді? – Мен Володяның шешесінің сіңлісі едім. Ол кісінің қайтыс болға­ нын естігеніме екі-ақ күн болды. Тым болмаса, бейітін көріп қайтайын деп келдім. – Олай болса, Володя Хомяков – мына менмін, – деді Володя қарсы алдында отырған әйелге. – Мен «Жерден» келдім, – деді әлгі әйел осыдан кейін, – сіздің атыңыз Володядан басқа тағы да қалай аталушы еді? Мен «Жерден» деген сөз құлағына жылы тиген Володяның көзі күлімдеп, күндей жайнады. Бет келбетіне қан жүгіріп, қуаныш нышаны пайда болды. Көңілі жадырап қоя берді. Содан кейін ол: – Мен – «Аймын!» – деп өзінің қосалқы атын айтты. – Сен «Ай» болсаң, ертең анау әлгі жалғыз бәйтеректің түбінде Коротченкодан келген радиспен кездес, оны итіңмен таныстыруың керек болады. – Ертең кешке таман шешемнің басына барғанды сылтау етермін... Соның ар жағында жалғыз бәйтерек алыс емес. Әйел тым күдікшіл. Екі сөзінің бірі – тексеріс. Әуел бас­та мұның шешесін айтып келуі де тым әрі жатыр: – Немістер овчарка біткенді жинап алды деуші еді, се­нің мына итіңді қалай алып кетпей жүргеніне таңым бар? – деді ол. – Бұл ит қорадан шықпайды. Шыққан күнде ешбір жан­ға көрін­бейді. Жасырын жүреді. Солай үйретілген. – Онда бұл бір ақылды ит екен. – Ақылдысы ақылды. Әнеу күні менің шешемді өлтіріп кеткен неміс­ тер келгенде, қорадан атып шығып, бақшаның ішіне тығылып қалыпты. – Менің кететін уақытым болды. Сау-саламат болыңыз. Жұмысыңыз жемісті болсын! – деп байланысшы әйел орны­нан тұрып, далаға шығуға ыңғайланды. – Радистке сәлем айтыңыз. Байламды мезгілде мен бәйтерек түбінде боламын. Өзіңіз түн ішінде қорықпайсыз ба? – Жоқ, қорықпаймын. Мен осы қаланың дәл шетіндегі бір үйде тұрамын. Ал кеттім! – деп келген әйел есік алдына шықты. Әйелдің айтқанын істеп, ертеңінде кешке партизан байланысшы­мен жалғыз терек түбінде табысты. Оған Тигрді көрсетті. Байланысшы итті

сипап, тамақ беріп, онымен «тіл» табысқандай болды. «Баяндамаңды тезірек жібер, – деді бай­ланысшы, – бірақ ең керек деген мәліметті ғана жаз. Артық сөз ұғуды қиындатады. Білдің бе?.. Сөз сайын мәлімет тұрсын!» Володя үйіне келді. Ол жаудың ол станцияда бір батальонға жуық әскері тұрғандығын, олардың қарауында бір бронепоездың бар екендігін жазды. Станциядағы әскердің негізгі міндеті Беседь өзеніндегі көпірді сақтау екендігін де ескертті. Сөйтті де Володя жазған қағазын тілдей жіп-жіңішке етіп орады, Тигрді қасына шақырып, оның басынан, арқасынан сипап еркелетті. Мойынындағы қарғысын шешіп, оның астарындағы қалтасына хабарлау хатты салды. Әдейілеп іздеген қырағы көздің өзіне табыла қою оңай емес. Бір кезде Володя: «Далаға шық, жалғыз бәйтерекке бар!» деп итке белгі берді. Володя әуелі үйдің есігін, сонан соң көшеге шығатын қақпаны ашты. Ит құйрығын тақымына қыстыртып, тікірейген екі құлағын жымитып безіп ұрып, бұқпантайлап, үй-үйдің бақшасының ара-арасын сауғалап жорта жөнелді. Көшеден өтпес бұрын, бір тасаға бұға қалып, жан-жақты шолып, адам жоқта ыршып, көшенің екінші бетіне шығады. Бірде шауып, бірде секіріп, бірде бұға қалып, бірде еңбектеп, бірде бауырымен жерді сызып тартып келеді. Әлден уақытта зират басына жеткен Тигр жерді иіскелеп тұрды да, жалғыз бәйтерекке қарай жүгіре жөнелді. Бәйтерекке жақындай бергенде, ит жата қалып, жер бауырлап сүйретіліп, бұқпантайлап келеді. Тигр бұтаның ішінде бұғып жата қалды. Алдында адам бар екенін тұмсығына келген иістен білді. Ол мойнын жерге жапсырып, тіпті жақындай түсті. Бір уақытта ит сыбдырын естіген радист: – Тигр, Тигр! Мұнда кел! – деді сәл ғана қоңыр дауыспен. Өзіне таныс дауысты естіген Тигр орнынан ыршып тұрып, радистің жанына келді. Радист иттің аузына бір тілім шошқаның піскен етін салды да, мойнындағы қарғысының, астар жағындағы қалтадан қағазды алды. Оның орнына өзінің «Айдың» атына жазған хатын салды. Содан кейін итке: «Үйге қайт!» деген белгі берді. Тигр бұтаның ішімен ата кеп жөнелді. Радист оның бұлаңдаған құйрығын ғана байқап қалды. Тигрдің «Айдан» әкелген барлау қорытындысын ра­дио арқылы «Орман патшасына» хабарлады. Үйдің бақшаға қараған есігінен кіріп келген Тигр Володяның жаны­ на келіп құйрығын бұлғаңдатып, иығына шапшып еркеледі. Қарғы­ның қалтасынан Володя Коротченконың хатын алып, ішінен оқи бастады. Ол хатта: «Қымбатты «Ай», сенің біздің тапсырманы орындайтындығыңа күмәніміз жоқ. Саған әр уақытта амандық, оң сапар тілейміз. Өзің сұраған магнитті мина мен мылқау мылтықты жібергенбіз. Алған боларсың. Сендердің маңайларыңа жіберілген радистке жолыққан боларсың. Ол кісіге сіздің қаладағы барлаушыларды басқару жұмысы тапсырылды. Бұл айтылғанды сіз білетін барлаушылардың бәріне хабарлауды тапсырамыз.

Сізге Тамараның айтқан тапсырмаларын орындауды тездету керектігін ескертеміз. Отызыншы нөмерге көптен-көп сәлем. Сенің бірнеше жау эшелонын жойғаныңды естідік. «Үлкен жерге» де хабарладық. Саған әр уақытта бақытты сапар тілейтін Коротченко». Бұл хатты сол күні кеште-ақ Володя «Отызыншы» нөмерге таныс­ тырды. Содан кейін ол хатты пештің ішіндегі жалақтаған жалынға ұстай қойды. Қағаз көзді ашып, жұмғанша лап етіп жанды да кетті. Осылайша, кек жолы, намыс тасқыны Володяны партизандар қата­ рына әкелді. Ол енді қарап жатпай, үлкен іске қамданды. ҚҰТҚАРУ Шура міне жұмысына күндегісінен ертерек келген. Асхананы ай­надай етіп сыпыру, стол үстін беліне қыстырған ақ орамалмен таза сүрту, жалпақ қалайы табаққа төрт бұрыштап тілінген кесек-кесек қара нанды қалау, стол басы төрт жерден шанышқы, пышақ, қасық әкеліп қою – Шура­ ның әдеттегі көрнекі ісі. Мұндағы өткінші қожаларға Шура осындай таза жұмысымен жаққан, сенімдеріне де кіріп алған. Немісше тілге жетіктігі және бар. Әдеттегідей топ-топ болып, келіп жатқан ешкім жоқ. Бірен-саран ғана кісі келіп, күн-түнсіз алдына қойылған асын ішіп, асханадан кетіп жатты. Офицерлер көңілсіз. Лепіріп гу-гу сөйлеуден қалған. Осы бір реңсіз көріністі байқаған Шура: «Бұларға не болды? Мұнда не сыр бар? Не жұмбақ? Өздері қаралы адамға ұқсайды ғой» деп ойлады. Бұл жұмбақты шешуге қанша талпынса да, шешімін таба алмады. Асхана жабылатын уақыт та өтіп кетті. Шура тамақтан босаған ыдысаяқты жинап, тап-тұйнақтай қылды. Асхана есігінің темір тиегін салып, мықтап жапты. Есік жақтағы бұрышта оқшау тұрған столға тізесін бүгіп отыра бергенде, біреу есікті қақты. Шура жүгіріп барып, есіктің тиегін ағытып жіберді. Сырттан тәпелтек, шымыр денелі бір офицер кірді: «Амансыз ба?» деп өте берді. – Кешегі танертеңгі астан соң тамақ ішуге қол тимеді. Тезірек бірдеме әкелші, – деді келген офицер. Шура офицердің алдына тағам әкеліп қойды. Өзі шет жақтағы бір орындыққа барып отырды. Тіл қатпады. Кел­ген офицердің шынында да қарны ашқан екен. Басын көтермей, қомағайланып, екі ұртын толтыра, шала-пұла шайнап, жұтып жатты. Алдындағы тағамды асығып-үсігіп жеп болған ол тарелканы столдың бір шетіне ысырып қойды. Анадай жерде отырған Шураға қарап: – Капут! Капут! «Құрыдық, құрыдық», – деп екі рет қайталады, қайғылы үнмен қиналып айтты. Айтуын айтса да, өз-өзінен денесі тітіркеніп, селк еткендей болды. Көз қарасында қорқыныш нышаны толы тәрізді. – Кім капут? – деп сұрады Шура офицердің үмітсіз үні не үн қосқандай.

– Капут! – деп тағы қайталады да, ішіндегі шерін тарқатқысы келді ме, Шураға бір қарап алып, суыған шайды қылқылдатып бір-ақ жұтты. Бос стақанды ысыра салды. – Не боп қалды? Айтыңызшы? – деген Шураның дауы­сы өте бір нәзік шықты. – Мадам, өткен түнде көргенім ішіме сыймай отыр. Өте қайғылы іс. Құрысын бұл соғыс. Қанша офицер бостан-босқа қаза болды. Біздің үш вагонды бірден төңкеріп тастады. – Кім төңкеріп тастады? – Кім екенін мен қайдан білейін. Осы, жер мен көк толы партизан білем. Өздері әбден басынып алған көрінеді. Түн ішінде күзетшіні атып түсірген болу керек. Вагонның үшеуіне де мина тыққан. Дәл бір мезгілде жарылып, офицерлер ұйықтап жатқан вагонның үшеуі де аспанға шаншыла құлаған. Бірде-бір сау адам қалмады. – Өзіңіз қайда болған едіңіз? – Біз, бірнеше офицер, арнайы тапсырма орындауға ба­рып, таңертең келдік. Біз күл-талқаны шығып, жайрап жат­қан вагонды ғана көрдік. – Саваофа әулие жар болған екен, сіздер бақытты адамдар екенсіздер. Құдай сақтап, вагонда болмағандарыңыз қан­дай жақсы болған! – деп Шура «жаны ашып», оны мүсіркегендей пейіл білдірді. Ал ішінен Шура Володяның бұл ерлік ісіне қатты риза болды. «Сендерге сол керек!» – деді мынау отырған офицерге. – Бір жолғы апаттан аман қалдық. Келешегіміз не болатынын кім білсін? Алдымыз толы ор, басымыз Россияның қай жерінде қалатынын құдайдың өзі ғана білетін болар. – Жұрттың бәрі өле бермейтін шығар. Ішкі сырын сыртына шығармай бүгіп отырған ол Шураға қарап: – Майданда жұрттың бәрі өле бермейді дегенің дұрыс. Бірақ көптеген адам оған жетпей-ақ қаза болып жатқан жоқ па? – деді. – Вагонға мина қойып кеткен адамды ұстап па? – деді Шура ұзынсонар сөзді басқа жаққа бұрғысы келіп. – Білмеймін. Таба алмаған болуға тиіс. – Қашқынды іздейтін ит бар дегені қайда? – Гестапоның мұндағы иті оқу мерзімін толық өтпеген бұралқы қаншық екен. Тапқанынан гөрі, қате қапқаны көп. Осы жердегі офицерлердің айтуынша, станцияны бомбалаған совет самолетіне белгі берген жат адамды табудың орнына, өзіміздің солдаттың біреуін бас салыпты. Ол итті қайта үйретуге жіберген көрінеді. – Сіз ғафу етіңіз, Ранкенау мырзаға тамақ апаратын уақытым болып қалыпты, – деп, Шура сөзді доғарғысы келіп, орнынан тұрды. Офицер бірдеңесін жоғалтқан адамдай жан-жағына қарап отырды. Сонан соң керіліп-созылып орнынан тұрды. Шураға бұрылып: – Қош-сау болыңыз, – деп есіктен шығып кетті. Шура өзінің ордалы жылан ортасында екенін біледі. Бар асылын ішке бүгіп, арыда сақтап, бергі жағы, сырт ажары ғана жайдары мінез бейнесін

көрсетеді. Жан-жағы – аңдыған көз, найзаның ұшы, оқ пен оттың күші. Сол себепті бір ізбен келіп, сол ізбен қайтып жүретін, жұмысын адал орындайтын жан болып көрінеді. Бұлардың алдында ешкіммен де, ешбір жақпен де хабар-ошары, қарым-қатынасы жоқ адам болып бағады. Шура Хомяковтың шешесі өлгенін естігенде не істеп, не қойғанын білмеді. Бұл Владимир Хомяковты ішінен ұнатушы еді, ертерек кезде Владимирге ілесіп, оның үйіне барғаны да бар. Кемпірді біледі, ол солайынша, қайғылы қазаға ұшырапты дегенді естігенде қабырғасы қайысып, жылап та жіберді. Бірақ сөйте тұра, Володяға көңіл айтып, оның үйіне бара алмады. Қалай барсын? Володяға сыртынан аңдушы қойылғанын сезеді, сондай аңдушы өз желкесінде де жоқ дей алмайды, сол себепті Володяны білмеуге, көрмеуге тырысады. Сөйте тұрып оны ойлайды, аяйды, тіпті кейде сағынады. «Осынау жалғыз қалған кезінде үйіне барсам, жұбатсам» деп армандайды, бірақ арманын орындауға қадам баса алмайды. Володяның мінезі тура, сөздері де тура. Сонау бір кеңшілік кезде бұған: «Шуражан, мен сені сүйемін, сенсіз тіпті тұра алатын емеспін», – деп салғаны да бар. Шура ештеңе дей алмай, ұялып, төмен қарап, үнсіз-түнсіз кетіп қалып еді. Кеңшілік өтті, соғыс жетті. Володя сол сөзін ұмытты ма екен! Ай, ол ұмытпас, ұмытпайтыны – ойланбай еш сөз айтпайды ол. Шураны да оның мінезі, адалдығы өзіне тарта береді. Оған деген осындай көңілін арғы ішінде, жүрек түкпірінде сақтайды, өрт өтер, өмір таңы атар, әлі онымен талай тілдесерміз дегенді үміт етеді. Ой түкпірі осындай, бергі түрі басқа, ол міне неміс офицерлері тамақтанатын асханада қызметші. Кеше солай, бүгін де солай. Бұл екі ұдай өмір қашанға дейін созыла бермек! Бір тоқтамы болар, дүние орнына келер деп ойлайды қыз. Ранкенау шақырса, аждаһаның ысқырығын естігендей болады, апарған тамағын ішіп-жеп отыра берсе жақсы, ол қара жүз бұған көз жібереді, құшақтамақ, сүймек болады. Міне, енді қазірде де Шура Ранкенауға деген тамақты подносқа қойып, бетін ақ шүберекпен жауып, апаруға ыңғайлана бергенде, подполковниктің алдында отыратын ашаң жүзді, жирен солдат келіп: – Тамақты екі адамға апаруың керек, – деді Шураға. Мұнысы жақсы да болды. Шура тағы бір кісіге лайықтап тамақ алды да, ауыр подносты оң алақанына салып, шетін сол қолымен сүйемелдеп, қабырғасын қайыстырып, аула жаққа шығып кетті. Қолы майысып тамақты әзер әкеле жатқан Шураны көрген жирен солдат төргі бөлменің есігін ашып, әбігер болды да қалды. Стол үстіне тамақты қойып жатып, Шура көзінің қиығымен Ранкенаудың қасындағы адамға қарады. Ол кешегі полковник екенін оның бозғылт шашынан, бұлтиған бетінен білді. Полковник Ранкенауға өктем сөйлеп отыр екен: – Түндегі офицерлердің вагонына мина қойып жүрген адамды таба алмасаң, сенің мұнда қызмет істеу-істемеуің неғайбыл, – деді полковник күрек тісін ақситып. – Табамыз, мырза, сабыр етіңіз, – деді көзі жыпылықтап Ранкенау. – Сендер тапқанша қаладан шығып, қашып та кетер.

– Тамақ ішейік, жақын отырыңыз, мырза. Түнімен ұйықтай алма­ дыңыз, оның үстіне аш болсаңыз, жүдеп кетесіз ғой, – деді ығысып тамақ­ қа жақындай түскен Ран­кенау. – Рақмет! Қарным ашып отырғаны рас, – деп полковник та тамаққа жақын отырды. Қып-қызыл күрең боп шыққан бір шайнек шайды алып қайта оралған Шура шайнекті екеуінің алдына қойды да, ізінше бөлмеден шығып кетті. Шура бұл жолы да асханадан кеш оралды. Жолда келе жатып та: «Осы түнде жүгіріп отырып, Володяның үйіне жетіп барсам қайтеді, шеше­ сіне көңіл айтып, аялдамай қайтып кетсем, мені кім көреді?» деп ойлады. Бірақ олай етпеді. Сақтық жасады. Ол көшенің жағалауымен келе жатты. Қала жым-жырт, мүлгіп қапты. Қимылдаған жан көрінбейді. Кей үйлердің терезесінен сығырайып білте шамның көрінер-көрінбес нарау жарығы білінеді. Шура көлденең көшенің бұрышынан айнала бергенде, арт жақтан біреу дыбыс бергендей болды. Ол артына жалт қарады. Тұңғиық қараң­ ғыда біреудің көлеңкесі көлбең еткені байқалды. Шура еш нәрсені көрмеген кісіше, шапшаңырақ жүрді. Өз үйінің дәл өкпе тұсына келгенде жедел бұрылып, көшенің екінші бетіне шықты. Үйдің сыртқы қақпасын ашып, қораға кірді. Қақпаның көлденең ағашын салып, жапты. Сонан соң қақпаның оң жақ босағасына жабысып тұра қалды. Құлағын көше­дегі сыбдырға тікті. Аяқ басқан адамның жүрісі естілмеді. «Әлде, менің көзіме елестеген жай бірдеме болды ма?» – деп ойлаған Шура ішкі үйге қарай жүрді. Есік шалқасынан ашық жатыр. Басын маңдайшаға соғып алмас үшін еңкейіп, табалдырықтан аттап сенекке кірді. Төргі үйден: – Шура сенсің бе, келе жатқан? – деді шешесі. – Иә, мен ғой. – Жаңа ғана біреу төргі терезені тықылдатты, сен емессің бе? – Жоқ, мен емеспін. – Ендеше сен үйге кір. Мен барып даланы байқап келейін, – деп кемпір есік алдына шығып кетті. Шура терезенің алдына жақын келіп, құлағын салып тыңдады. Күбірлеген біреудің дауысы еміс-еміс естілді. Еркек адамға ұқсайды. «Бейуақытта жүрген бұл кім екен?» – деп ойлады. Жүрегі лүпілдеп, аузына тығылды. Тамырдың соғысы жеделдей түсті. Тынышы кетті. «Әлде, Володя келді ме екен» деп ойлаған Шура үйден шығып, қақпаның алды­на жетіп келгенін байқамай да қалды. Қараңғыда қораға кірген Володя екенін Шура дауысынан таныды. «Бұл босқа жүрмеген болар» деп ойлаған Шура: – Үйге кір, сонда сөйлесейік, – деді. Дауысы жәркіштеніп шықты. Жүгіріп кеп тоқтай қалған адамша, қыз жүрегі алқынып, тулап тұр. – Рақмет, өзің баста, – деп Володя Шураны алға жіберді. Екеуі төргі бөлмеге кірді. Есікті мықтап жапты. Терезенің пер­десін түсірді. Шырағданды тұтатты. Ала көлеңкеде Шураның еденге тарағы түсіп кетті. Оны дереу қолына қайта алды. Сонсоң екеуі ұзыннан қойыл­ ған столдың екі шетіне отырды.

– Үйде ешкім жоқ па? – деді Володя. – Ешкім жоқ. Сен жай келген жоқсың, айта бер. – Бүгін түстен кейінгі хабарға қарағанда, түрмеде жат­қан біздің жігіттерді тексерусіз, сотсыз ататын болыпты. Кеше түстен кейін оларды қаланың шетіндегі былтыр жанып кеткен түрменің қарсы алдын­дағы, бұрын астық құятын қамбаға апарып қамаған көрінеді. Ранкенау­дың ондағы ойы – олардың атылғанын қала халқына білдірмеу. – Дәл солай. Өткен жылы, есіңде бар ма, ату жазасына бұйырылған бір топ адамды атылар алдында сол қамбаға апарған еді ғой. – Иә, ол жолғы жауыздықты қала халқы бірнеше күннен кейін білген болатын. Артынан жұрт болып өліктің сүйектерін қазып алып, маңайдағы деревнялардың бейітіне таратып әйтеуір ұрлап жерледі ғой... – Радистке жолыққандарың бар ма? Кешегі біздің үш вагон толы офицерлерді жойып жібергенімізді Коротченкоға хабарлаған ешкім бар ма? –деп сұрады Шура. «Оның бәрін істеген мен едім» деген жоқ Володя. Тек қана: – Ол оқиғаны кеше-ақ хабарлапты. Коротченко біздің бәрімізге алғыс айтыпты. Түрмедегі тұтқындарды азат етуді бұйырыпты. Шифровканы өз көзіммен оқыдым. Міне, саған Отан бұйрығы! – деді ол. – Отан бұйрығы екенін біліп отырмын. Сендер бұл мәселе жөнінде ақылдастыңдар ма, есеп-жоспар екшелген бе? – Ақылдастық. Кейінге қалдыруға болмайды. Кім білсін, Ранкенау ертең-ақ атқызып жіберуі мүмкін. Сол себепті, осы түнде, сағат он екі мен бірдің арасында шабуыл жасайтын болдық. Осыны саған сездіргенім. – Оған сендердің күштерің жете ме? – Жеткенде қандай. Қамбаның төрт бұрышына сақшы тұратын төрт мұнара жасатыпты. Әр біреуінде бір-бірден неміс солдаты тұрған көрінеді. Қамбаның алды-артын бес-бестен он полицай күзетеді. Оның сегізі – біздің жігіттер. Екеуі ғана Отанын сатқан сұмырайлар. – Ал анау сегізінің біздің кісілер екенін қайдан білесіңдер? – Қайдан білгенің не? Өзіміздің әдейілеп қойған адамдарымыз емес пе? – Ана, мұнарадағы төрт фашисты қайтесіңдер? – Оның амалын алдымен табамыз. Егер біздің осы ойымыз шын іске асқандай болса, Яков қарт тұтқындарды бастап, бірден партизандарға тартады. – Ол кісі бізге керек емес пе? – Мұнда керек-ақ. Бірақ оның соңына бірнеше күннен бері жаудың тыңшылары түсіп жүрген көрінеді. Олар да қарап жатқан жоқ әрине. Алуан түрлі айланы қолданып жатқанға ұқсайды. Ендігі жерде сен де сақ бол. Кім білсін, жансыздардың сенің соңыңа бақылау салмай жүргенін. Осы­ны саған айтуды «Орман патшасы» ескертті. – Ескерткені дұрыс-ақ. Өзім де басқан аяғымды есептеп жүрмін. Бұл жауыздарға сенім бар дейсің бе? – деді Шура күрсініп, – сенің мамаңның қазасына көңіл де айта алмадым. Ғафу ет, Володя! – Қайдан келе аласың? Білемін, білемін, Шуражан!

Екеуі аз-кем үнсіз отырды. Володя орнынан қозғала бастады: – Мен кеттім. Қош бол! Бүгін түнгі шабуылдан аман шықсам, ертең осы кезде келіп жолығамын, – деп Володя сыртқа бет алды. Шура онымен қатарласа беріп еді, жігіт оны құшағына алып, бетінен сүйді. Ыссы демдері араласып, бір-бірін балқытып жібергендей болды. – Аман бол, Володя! – Сен де... – Бәріміз де аман болайық!.. Шура Володяны шығарып салған соң, төр алдындағы стол басында біраз отырды. Көңілден жүйрік не бар, жүйрік ой оны бірде жанып тұрған отқа түсірді, бірде аспанмен тірескен асқар тауға шығарды, бірде түпсіз терең шыңырауға салды, бірде асау аттай тулаған мұхит толқынына апарып көмді, енді бірде тау мен тасты қопарып, ышқына соққан табиғаттың қаһарлы, дүлей дауылы оны іліп алып, шақшадай басын шарадай етіп, болаттан берік гранитты жартасқа да соқты. Жаңа ғана көз алдынан ғайып болған Володяны қараңғы түннің түпсіз тұңғиығы қапсыра құшағына алып, жұтып жібергендей сезінді. Шура Володямен бірге кетпегеніне қатты қынжылды. «Нені болса да бірге көретін едік қой», – деп ойлады. Үн-түнсіз сілейіп, төмен қарап отырған Шураға: – Сен бүгін кеште де қызмет істеймін дегенің қайда? Кешігіп қалып жүрме? – деді ауыздағы бөлмеде жатқан шешесі дауыстап. Шура қабырғада ілулі тұрған сағатқа жақын барып қа­рады да: – Рақмет, мама, шынында да кешігіп қала жаздаппын ғой. Сағат сегізден асып бара жатыр екен, – деді. – Қай уақытта барушы едің? – Сегізден отыз минут өткенде сонда болуға тиістімін. – Байқа, шырағым. Сақ бол! Бүгін аспанды бұлт торлап алыпты. Қазір қараңғы, көзге түртсе ештеңе көрінбейді. – Күн бұлт болғандықтан ба, бүгін қараңғы тез түсті ғой, – деп Шура күндегі әдетінше шешесіне бетінен сүйгізіп, қоштасты да, қараңғы түнге қалқып, көшені бойлап жүріп кетті. – Жолың болсын! Қызметің бітісімен үйге қайт. Сен келгенше ұйықтамаймын, тосамын! – деп шешесі сыртқы қақпаны ашып, күндегі әдетінше Шураның маңдайынан сүйіп, көшеге шығарып салды. Қызының соңынан сәл қарап тұрды да, кемпір қақпаны жауып, ішінен сыбырлап бірдеңені айтып шоқынды. Сөйтіп, қарт үйіне кірді. Шура сыртқы есіктен асханаға кіргенде, бірден-екіден келіп жатқан неміс офицерлерін көрді. Бір кезде мейрам күні киетін таза әскери формасын, қолына ақ қолғап киген Ран­кенау келді. Қасында екі күн бұрын келген полковник бар. Асханада отырған жұрт орындарынан тұрып: «Хайль Гитлер!» деп амандық-саулық айтып жатыр. Асханадағы офицерлердің біразы осы қаланың жеңілтек, жексұрын қыз-келіншектерін ала келіпті. Шура мен қасындағы официантка екеуі тамақ тасып зыр жүгіріп жүрді. Асхана іші гу-гу. Араққа қызып алған жұрт бірінің сөзін бірі тыңдайтын емес. Бір кезде сұңғақ бойлы, өңі күнге күйіп қоңырқай тартқан жас офицер

асханадағы столдарды ысырып, бір бүйірді босатты да, күйсандықтың құлағын бұрап, пластинканы қойып, танго күйін ойнатты, Өзі ертіп келген шидей жіңішке қызбен былғалақтап шыр көбелек айналып, билей жөнелді. Мұны мақұл көрген Ран­кенау сызылып орнынан тұрып, аяңдай басып, есік жақта биді қызықтап, жаңа ғана тізе бүккен Шураны биге шақырды. Шура Ранкенаудың қолын қақпады. Онымен билей жөнелді. Шура соғыс алдында ғана батыс Еуропа биін үйрететін арнаулы курстан өткен болатын. Аяқ алысы да, шыр көбелек айналған оралымы да әдемі, үйлесті еді. Отырған жұрт Шураның би ырғағына қарап, таң қалып отыр. Қатар билеп жүрген Ранкенаудың да Шураның үйіріліп жүргені бек қызықтырды. Ранкенау дем алмай, тынымсыз үсті-үстіне биледі. Билеп жүріп Шураның әдемі мүсініне қызықты ма, әйтеуір, сол қолымен мықынынан ұстап басып қойды. «Осы залымға үндемей-ақ қояйыншы! Не де болса шыдайын», – деп Шура ештеңені сезбеген адамдай үнсіз билей берді. Ран­кенау екі көзін Шураға тігіп: – Тебя я люблю, – деді орыс тілінде. – Сіздің өз еліңізде әйеліңіз бен балаларыңыз бар ғой, – деді Шура Ранкенаудың бетіне тура қарап. – Здесь в России хочу любить русскую девушку. – Ол, сіздің Россияда уақытша болған кезіңізді еске түсіру үшін бе? – деген Шура «уақытша» деген сөзді нығыздап, бір зілмен айтқаны дауыс сарынынан белгілі болды. – Как временно! – деп Ранкенау көзін алартып, түсін бұзып, ашуға міне бастады. Бірақ Шура Ранкенаудың ашуланғанын сезбегендей оған тура қарап, көзін төңкеріп, жымыңдап күлді. Әйел күлкісі қандай қуатты десеңізші! Ол қатқан мұзды ерітетін күн нұрымен тең емес пе! Бұл күлкі асау неміс офицерлерінің жүрегін қытықтағандай болды. Оның ашуы су сепкендей басылып, бірден жуаси қалды. Ол қолтығына жабысып билеп жүрген Шураны қысып-қысып қойды. Бір мезгілде музыка баяулап барып тоқтады. Ранкенау өзінің орнына барып отырды. Шура болса, қалған-құтқан тамақты, арақ-шарапты отырған жұртқа тасып беріп жүрді. Жоғарыдан келген полковник те арақты тоя ішіп, қызара бөртіп, дауысын көтере сөйлеп отырды. Түнгі он екіден асып барады. Әлі қозғалатын жан жоқ. Қыза сөйлеп отырған жұрт. Түн ортасынан ауа торлаған сұр бұлт айығып, аспан өңірі ала­ша­ быр тарта бастаған-ды. Толған ай, бұлттан шыға кеп, көзге түрт­кі­сіз қараңғылықты бірте-бірте ысырып тастағандай болды. Қала түнек­ тен айыға қалды. Лақтырған ақ сүйек жай көзге де көрінетіндей бір жарық түн еді. Офицерлер асханасында араның ұясындай ду да ду болып жатқанда, нақ сол сәтте, Володя мен Яков қарт түрменің екі жақ бұрышына жақын жердегі бұзылған дуалды қалқан етіп, бұғып жатты. Бұлар келіп осы жерге орналасқанда, алдарындағы таяқ тастам жер көрінбейтін. Енді ай

сәулесімен мұнарада тұрған күзетшілер бұл екеуіне анық көрінді. Мылқау мылтықпен бұлар нысана атуға әзірленді. Нысана – сол мұнарада отырған күзетшілер. Володя оң жақ бұрыштағы мұнарада тұрған күзетшіні дәлдеп, кеудеден көздеп, мылтықтың шаппасын басып қалды. Жау солдаты апыр-топыр құлап түсті. Енді сол жақ мұнарадағы тұрған немісті көздеді. Ол қарсы мұнарадағы құлаған солдатқа: «Саған не болды?» деп мой­ нын соза беріп еді, сол бойда өзі де жалп ете түсті. Осы кезде Яков қарт та қамбаның арғы бетіндегі екі күзетшіні сұлатып үлгерген еді. Келісім бойынша, партизандардың әдейілеп полицайға жіберген сегіз адамы От­ анын, елін сатқан, жауға қызмет етіп жүрген екі полицайды ту сыртынан пышақ салып, табанда үндерін өшірді. Енді Во­лодя бастаған партизандар түрменің есігін лезде бұзып, шалқасынан тастады, ішіндегі тұтқындарға орманға қарай тез жөңкуге бұйырды. Олардың тосқаны, тілегені – осы. Яков қарттың соңына еріп, тұтқындар бар пәрмендерімен жүгіріп келеді. Аяқтары жерге анда-санда бір тиеді. Көп ұзамай олар орманға кіріп жоқ болды. Солармен бірге сегіз «поли­цай» да кетті. Володя ізінше үйіне қайтты. Мылқау мылтығын өз үйінен жырақтау жерге тықты. Үйінің сыртқы қақпасын ашып кірді де, мықтап жапты. Сөйтті де, үйіне барып, дәл төр алдына төсек салып жатып қалды. Түн ортасы ауған. Асханада би бұрынғысынан да үдей түсті. Ортасында ұршықтай иіріліп Ранкенау жүр. Шураға жұмыс істетуді қойды. Би билеуге шақыруды жиілете түсті. Жоғарыдан келген полковник те бидің қызуына беріліп алған. Ол да тізе бүкпейді. Сондағы офицерлермен келген үрпек бас әйелдерді кезек-кезек биге шақырды. Қысқа ғана үзіліс болды. Шура стол үстіндегі босаған ыдыс-аяқты жинап жүрген болатын. Бір кезде әлгі жас офицер тағы бір пластинка қой­ды. Би музыкасы отырған жұртты тағы да өз ырғағына бөлеп алғандай еді. Жоғарыдан келген әмірші музыка ырғағына мас болып, көзін жұмып отырған, әлден уақытта көзін ашып алды. Алдында көлбеңдеп Ранкенаумен билеп жүрген Шураны көрді. Келесі биді қазір осы Шурамен билеймін деп түйді нәпсісін тоқтата алмаған ол. Пластинка ауыстырылды. Полковник Шураны биге шақырып, енді көлбеңдей бергенде, сыртқы есікті қатты тарсылдатқан дауыс естілді. Жиын жым-жырт болды. Мас болғандардың бәрі де лезде есін жинап алды. Шура есікке жүгіріп барып, тиегін ағытып жіберді. Ар жағынан қасында солдаты бар бір офицер Шураны кеудесімен итере-митере асханаға кірді. – Осында Ранкенау мырза бар ма? – деді келген офицер. – Мен мұнда! – деді дауысы дірілдеп шыққан Ран­кенау. – Ранкенау мырза, осыдан жарты сағат бұрын партизандар түрмеге шабуыл жасап, тұтқындардың бәрін босатып, орманға қашып кетті! – Қашып кетті дейсің бе? – деп Ранкенау қайталап айтты. – Иә, қашып кетіпті деп тұрмын. – Күзет, күзет қайда? – деді шошынған дауыспен Ран­кенау. – Күзетшінің бірде-біреуі қалмаған, бәрін қырып кетіпті. – Он полицайды бүгін күзетшілерге көмекке жібердік дегені қайда?

– Полицайлардың екеуінің ғана өліп жатқанын көрдік. Қалғанда­ры көрінбейді. Қайда кеткендері белгісіз. – Сен не бітіріп жүрдің? – Мен күндегідей кезектегі бөлімшеге бөлінген үйде бол­дым. Күзетшілерді ауыстыруға кезекші солдаттарды алып барсам, түрме­нің есігі шалқасынан ашық жатыр екен. Ішінде бірде-бір тұтқын жоқ болып шықты. Ранкенау бірден сергіп кетті. Кешті дереу тоқтатуды бұйырды. Офицерлердің бәріне өз бөлімдеріне тез баруды бұйырды. Күйсандықтың құлағын бұрап жүрген жас офицерге қарап: – Сен өз бөлімшеңді тезірек дайындайтын бол. Менімен бірге бара­ сың! – деді Ранкенау тамағын қырнап. Біресе шырқай аспанға көтерілген, біресе баяу әуенге басқан музыка бірден қырылдап барып тұншықты. Немістер есіктен ата-ата далаға шықты. Әрқайсысы өзді-өзі бөлім­ шелеріне кетті. Бұлардың сасқалақтап берекесі қашқан, боза­рып, қуаң тартқан өңін көрген Шура ішінен: «Сендерге осы керек!» деп тіс­тене қалды. «Сен мырза, әлде де билей түссең етті!» деді ол ішінен Ранке­науды кекетіп... Володяның бұл ісіне Шура әбден сүйсінді «Жігіт болсаң, Володя сияқты бол!» – деп іштей риза. Тұтқындардың жау бұғауынан босағанына соншалық қуанғанымен, Шураның көңілінде «Володяның өмірі әлде қайтеді?» деген жұмбақ күйде қала берді. «Ол жерде атыс болмауы мүмкін емес» деп ойлады. Шура асхананы тез жинады да, жүгіріп үйіне келді. Бүгін түні көшеде жүру өте қауіпті. Сондықтан Шура таң атқанша ешқайда бармауды ұйғарды. «Володя алдын болжай білетін адам. Маған жұмысыңа бара бер дегенінің өзінде қанша астар жатыр. Менің осы түнгі оқиғаны білетін­дігім жөнінде Ранкенау сезіктенбесін дегені ғой. Өзімен бірге билеп жүрген кісіні тұтқындарды босатуға қатынасты деп кім айтады? Володя айлалы» деп түйді өз ойын Шура. Таң атты. Күн найза бойы көтеріліп те қалды. Түні бо­йы іздеген тұтқындарын да, оларға бостандық әперген партизандарды да таба алмай, салы суға кетіп, ашулы қайтқан Ранкенау екі сағаттай мызғып алды да, ертерек өз кабинетіне келді. Басы мең-зең. Біреу ұрып-ұрып кеткендей денесі дел-сал. Ол қос қолдап басын ұстап отырды. Толып жатқан үлкендікішілі оқиғалар бірі келіп, бірі шығып жатты. Оның жанын жеп отырған ой: тұтқындарды босатып жіберген кім де­ ген сұрақ. Осы қаладағы адамдар ма, болмаса, орманнан келген парти­ зандар ма? Тастай жұмып алған көзін ашып, Ранкенау орнынан тұрды. Оның жанын жеген та­ғы бір бөгесін – сегіз полицайдың тұтқын­дармен бірге кетіп қалғаны. «Күзетшілерді өлтіріп, тұтқындарды босатып, парти­ зандарға қашып кеткен болды» деп түйді ойын ол. Бір мезгілде ауыз

үйде біреудің келе жатқан дүрсілі естілді. Ол есікті тықылдатып, рұқсат сұрамай-ақ, төргі бөлмеге кіріп келді. – Амансыз ба, полковник мырза? – деп Ранкенау полковникке қар­сы жүріп, қолын беріп амандасты. – Қалай, түрмеге шабуыл жасағандарды таптыңдар ма? – Жоқ, полковник мырза! – деді өңі қашқан Ранкенау. – Станцияда істейтін Яков деген қарт та солармен бірге кетіп қалған дейді. Сен оны естідің бе? – Естігенім жоқ. Сіз қайдан білдіңіз? – Қайдан білді дейтіні бар. Әйтеуір, білсем болды да. Ол қарт партизандардың өте тәжірибелі барлаушысы екен. Біздің тыңшылардың соңына түскенін сезіп қалыпты. Содан кейін қашып кеткен. – Қап!.. – Әрине, өкінесіз, кісіні ажырата білмейсіңдер, полицейге алғанда­ рыңның өздері адал емес. – Иә, солай боп тұр... Біздің тыңшылар – тәжірибесіз адамдар. Өзде­ рінің қартты бақылап жүргендерін сездіріп алғанын көрдіңіз бе? Енді ол біздің құрған тордан құтылып-ақ кетті. – Ол большевиктердің суға салса батпайтын, отқа салса жанбай­тын адамы болды, – деп түйді өз ойын пол­ковник. Екі әмірші осылайша сөз жарыстырып жатқанда, дәл сол сәтте Володя селк етіп шошып оянды. Орнынан тұрып ауыз үйдің қабырғасында тықтық етіп соғып тұрған сағатты қараса, сағат жеті жарым болыпты. Өткен түнгі шала ұйқы, күні бойғы ауыр жұмыс Володяны әбден қалжыратқан болатын. Алға басқан аяғы кейін кетіп, қас қарая үйіне әзер жетті. Сыртқы қақпадан қораға кірген Володяға қарғып Тигр жол бермеді. Тапсырмаңды орындап келдім дегені ме, екі артқы аяғымен тік тұрып, көлденеңдей берді. Тигр таласып-тармасып, ауыз үйге кіріп, бөлменің қақ ортасында жатып алды. Көзі алақ-жұлақ етеді, Володя Тигрдің шекесінен сипап еркелетті де, мойнындағы қарғының ішкі жағындағы қалтадан байланысшының қысқа ғана жазған хатын алып оқыды. Ол хатта былай делінген екен: «Қымбатты Володя! Сенің хатыңды алдым. Яков басқарған тұтқындар бізге қарай кеткенін білемін. Оларға мен біздің бригада қазір Могилев облысының Краснополье ауданына қарасты Заводок деревнясының ту сыртындағы орманда тоқтағанын түсіндіріп айттым. Өзің оқыған соң бұл хатты жыртып таста. Көріскенше сау бол», – депті аяғында. «Иә, бәріміз де сау болайық!» деді Володя ішінен. Міне, үлкен бір тапсырманы тиянақтап, Володя «уһ!» деп демін алды. Ол енді өзіне-өзі бұрынғыдан да сақ, әлдеқайда епті, іскер сияқтанып көрінді. Бұдан да гөрі қомақты іске қамданды, жаңа шабуыл күтті.

АЖАЛ ОРДАСЫНДА І Жамал жалғыз. Ол орман ішіндегі бұраңдаған соқпақпен жүріп келеді. Өзінен басқа сенері де, сүйенері де жоқ. Тамарадан бөлініп кеткелі екіүш сағат болған. Орман ішінде саңырау құлақ терген бірен-саран адам кездескенімен, олардың көзіне түспеуге тырысады. Күн шақырайған ыстық. Екі тәулік демалмастан толассыз жүрген жүріс, әлсін-әлсін орманда кездескен жалғыз-жарым жұмбақ бөгесін, қауіп-қатер – соның бәрі Жамалды әбден шаршатты. Оның үстіне жалқы кісінің жүрісі өне ме? Қанша жедел жүрсе де, өзгеріссіз ми мырт, бірыңғай көрініс әбден жалықтырды. Күн еңкейіп қалған мезгіл. Орман іші қоңырқай тартып, күңгірттеніп барады. Тимофей Михайловичтің айтуынша, алда бес-алты үйлі хутор болуға тиісті. Суыт жүрістен аяғы ауырлай түсті. Екі саны, белі ауырды. Орман құстарының адам жүрегін қытықтайтын әсем дауысы тамаша бір күй шертіп тұрғанға ұқсайды. Бұлбұлдың сайрағаны ән шырқаған нәзік әуенді адам дауысын, тоқылдақтың дүбірі оркестрге күш, нәр беріп тұрған барабанның үнін еске түсіреді. Бұлар Жамалға күш, сенім бергендей сергітіп жіберді. Қалың қарағай таусылып, енді ұйыса өскен жас қайыңға кез болды. Алыстан жылтылдаған от көрінді. Ол кілт тоқтады. Қалың қайыңның түбіне бүгесінен отыра кетті. Отты көп бақылады. Қарай-қарай көзі талды. От жалыны біресе жалт етіп бәсеңдейді, біресе лаулап аспанға шапшып, қайта жанды. «Бұл жұмбақ от кімдікі? Әлде жаудың құрған торы ма, болмаса, хутор адамдарының жаққан оты ма?» деп ойлады Жамал. Ол жер бауырлап, еңбектеп келеді. Қалың қайың сиреп, қарағай басталды. Алда аралдай боп ат төбеліндей кішкене алаң көрінді. Сиырдың тіліндей сумаң-сумаң еткен от енді бұл жерден анық көрінді. От басында біреулердің жүргені байқалады. Бірақ түн баласында алыстан олардың кім екенін ажырату қиын. Жамал еңбектеген бойы бұларға тіпті жақын келді. Байқап қараса, отты айналып жүргендер неміске де, партизанға да ұқсамайды. Ол мойнына ілген дүрбісін алып, бақылап көп жатты. Ақыры, әйтеуір, Жамал жұмбақты шешті. Орман тасасын жамылып түнде арақ қайнатып жатқан хутор тұрғындары болды... Бұлардың емінеркін от жағып, арақ қайнатуларына қарағанда, хуторда неміс жоқ екендігі белгілі деп ойлады Жамал. Ол орнынан тұрды да, арақ қайнатып жатқан келіншек пен шалдың жанына келді. Тосыннан ағаш арасынан шыға келген қарулы адамды көргенде тәпелтек сары келіншек шошып кетті. «Құдайым-ай, бұл кім еді?» деп арқан бойы жер­ге ыршып түсті. – Мен жалғыз, сендер екеу, несіне қорқасыңдар? – деп Жамал арақ шелегіне жақын келді.

Шелегіндегі арағының бәрін табанда сіміріп қоятындай-ақ, буы бұрқырап қайнап жатқан бөшкенің астына кесілген май қарағай тастап тұрған қауға сақал үрпек бас қарт Жамалға суық жүзбен, көзін аларта бір қарап қойып: – Сенің жалғыз екеніңе кімнің көзі жетеді? – деді, – біздер талайды көргенбіз. Алдымен мүләйімсіп жалғызбын деп келеді де, артынан жүзде­ ген адам бұрқ ете қалатын... – Сіз қорықпай-ақ қойыңыз. Мен арақ ішпеймін. Мына шелекке тамып жатқан мөлдір судың бәрі өзіңізге қалады, – деп Жамал келін­ шектің қасына барып отырды. Әуелде шошынғанымен, енді келген адамның әйел екенін көрген, және оның жұп-жуас түрі мен жып-жылы сөзін аңғарғаннан соң келіншектің жүрегі орнына түскендей болды. Ол жолаушы әйелді бауыр тартып, қалбалақтап жатыр: – Қарның ашқан шығар. Отқа піскен картоп же, – деді Жамалға қарап. Өзі қайыңнан жасалған жұмыс көсеуімен отты ысырып-ысырып жі­беріп, астындағы қоламтаның ара­сынан сыртын от шалып, қарайған кар­топты Жамалдың ал­дына қарай домалатты. Тамақ қоры таусылуға айналған Жамал: – Сізге көптен-көп рақмет, – деп, алдында қара қожалақ болып жат­қан жұдырықтай ірі картопты алып, қабығын аршып, аузына апарды. Қарт та бұған жылы тіл қатып: – Сен қайдан адасып жүрген адамсың? – деп сұрады. – Менің адасып жүргенімді қайдан білдіңіз? – Қайдан білейін? Түн ішінде, жапа-жалғыз, аяқ астынан орман­нан шыға келгесін айтамын да, түге... – Партизанның жолы тар, ол байқаусызда шықпағанда қайтеді? – Ол қарт адам ғой. Өзінің мінезі сондай... Қарттың сөзіне мән бермей-ақ қой. Партизан болсаң, өз адамымыз екенсің, – деп келіншек шал сөзінің тігісін жатқыза бастады. Жамалдың өн бойы толған көк темір, қару-жарақ. Ол сол күшін де сездіріп қояды. – Мен осы жерде қорықпай-үрікпей отырғаным, сіздерді өзіміздің совет адамдары деп білгендігімнен. Егер жау деп ойласам, тіпті күмән келтірсем ше, онда анау қайыңның түбінде жатып екеуіңе екі оқ жұмсамаймын ба? – Шырағым, жасың кіші көрінеді, артық кеткенім бол­са кешір. Сенің өзіміздің адам екеніңді енді білдім. Осындай түнделетіп қайнатып жатқан арағымызды полицай жауыздар талай рет олжалаған. Жамал қалжыңдап та қояды: – Ал, осы арағыңызды мен олжалап кетсем ше? – Қолымыздан-ақ берейік, шырағым, мә, ала ғой. Өз баламнан ештеңені де аямаймын, – деп қарт та күлімсіреп, арақ тамып жатқан ағаш шелектің құлағынан ұстай бергенде, Жамал қарттың қолын бөгеді. – Жоқ, ол – жай сөз. Маған бұл керек емес. Одан да шындықты айты­ ңыз: хуторда полицай, болмаса, неміс атаулыдан ешкім бар ма?

Жамал сұрағына келіншек жауап беріп отырды. Қарт та соның айт­ қандарын қостап қояды. – Олардың болмағаны ғой, болса, біз арақ қайнатар ма едік? Ешкім де жоқ. – Мүмкін, келген-кеткен адамды есепке алып, неміске білдіріп тұра­ тын тыңшылар болар? – Бізге сенсең, қызым, хуторда ондай ешкім жоқ. Мұндағы тұрғын­ дардың бәрі – байырғы жергілікті адамдар. – Бони разъезі осы арадан қанша? – Алыс емес. Бес-алты километрдей болатын шығар... – Сіздер онда барып тұратын боларсыздар? – Барғанда қандай. Мен бүгін де барып келдім. Бір інішектің іш киімі тозып кеткен еді, бір бөлке нан апарып, кендір жіптен тоқылған іш киімге айырбастадым. – Разъезд толған неміс дегені қайда? Олардан қорықпай, қалай барып жүрсің? – Олар дәл разъездің өзінде емес. Үш жүз метр шамасындай ойыс тұрады екен, әйтеуір сол бір селдір тал арасында жертөледе қара-құра болады да жатады. Төбеден қараған­да адамға көрінбесін деген болар, ағашпен бүркеп қойыпты. Ал разъезд жақтан қараған адамға олардың әрбір аяқ басқаны байқалады. – Қазіргі тұрған немістер ауысады дегені рас па? – Әзірге ауысатын түрлері жоқ. Өздері күніне бір рет Беседь өзенін­дегі көпірге барып қайтатын көрінеді. Онда не істейтінін кім білсін? – Ертең разъезд жаққа бармайсың ба? – Жоқ, мен бармаймын, – деді келіншек. – Мына кісі – менің туған әкем. Осы кісі сонда бір жұмысым бар, разъезге барып қайтамын деп жүр еді, бәлкім баратын болар? – Мен ертең түске дейін бара алмаспын. Түстен кейін барып қайтуы­ма болады, – деді қарт. Сонсоң: – Ол жаққа бару қажет пе еді? – деп Жамалға жанама сұрау берді. Жамал қажет еді деген жоқ. Жағалап енді сөзді басқа жаққа бұрды. Бұл арада бірден мені разъезге ала кет десем, қарт әлденеге сезіктеніп қала ма деп те ойладым. Алдымен осы екеуіне бойын үйретіп, жай-күйлерін әбден біліп, бұлардың сеніміне кіріп алғысы келген Жамал: – Бүгін сіздердің үйлеріңізге түнеп шығуыма бола ма? – деді. – Болғанда қандай. Біздің үйдің ең құрметті қонағы боласың. Арақты да айдап бітіп қалдық. Сабыр ет аз ғана. Қазір мына отты өшіріп, үйге де барамыз, – деді қарт. – Рақмет сізге, ата! Арақ та дайын болды. Екеуі оттың бір шоғын қалдырмай сөн­дірді. Бөшкелерін қол арбаға салды. Үшеуі қарттың үйіне келді. Алда­рынан шыққан ақ шашты, инеліктей қатқан қара кемпір автомат асын­ған Жамалды көріп, көзі бақырайып, асығыс шоқына бастады: – Уа, құдай, бұларды алғанша мені ал, – деп, үрейі ұшып, қаңтардың суығына тоңғандай, екі қолы дір-дір етеді.

– Қорықпаңыз, мен өзіңіздің балаңызбын, партизанмын, – деді Жамал иығындағы автоматын алып жатып. – Біз қорықпағанда, сен несіне қорқасың, – деді есіктен шелек көтеріп кірген шал. Денесін қорқыныш билеген кемпір есін жинай алмай сұлқ тұрып қалды. Үсті-басы қару-жарақ Жамалға қарай береді. Сенерін де, сенбесін де білмейді. Өңі қашып аппақ қудай болыпты. Ақыры, әйтеуір, қос қолдап басын ұстап, пештің түбіндегі ағаш төсекке құлай кетті. Қатты шошынған кемпір айтылып жатқан сөздің де байыбына бармады, мынау адамның зиянсыз жан екені де ақылына сыя қоймады. «Күтпеген жерден кемпірдің осындай халге ұшырауына осы мен себеп болдым-ау. Жүрегі ұшып, өліп кетіп жүрмесін», – деп ойлаған Жамал белін шешіп, кемпірдің жанына келіп отырды. Оң қолымен оның маңдайын ұстады. Тамыр соғысы да жиіленген. Жамал қалтасынан қол орамалын алды да, ауыз үйдегі ағаш бөшкедегі суық суға малып, сығып-сығып жіберіп, кемпірдің дәл мандайына басты. Екі-үш қасық суық су ішкізді. Көп ұзамай, кемпір көзін ашып, есін жинай бастады. Маңдайын қолымен ұстап отырған жаңа өзі қорыққан кісі екенін көріп: – Әй, шырағым, сенен жаман қорыққаным жоқ па? Өзің кімсің, жөніңді айтшы? – деді. – Мен, шеше, партизанмын дедім емес пе әлгінде? Өз балаңмын, – деді Жамал. – Сен мұнда не бітіріп жүрсің? – Бір жұмыспен келген едім. – Шалым мен қызымды атуға әкеткелі келген полицай екен деп қорыққаным-ай! Бұл тұста шал да кемпіріне өзінше түсінік беріп-ақ жа­тыр. – Полицай болса, айғайлап, дүниені бір уыс етіп келмес пе еді? Жамал есік жақ қабырғада ілулі тұрған тозығы жеткен ескі қара тонды төр алдына апарып, астына төседі де, жатып қалды. Ол ұйықтай алмай, аунақшып көп жатты. Алдында ылғи мұнарлы жұмбаққа толы қараңғы күн мен түн. Бірде шайдай ашық желсіз тынық күн көз алдынан өтіп, бірде қаптаған қара бұлт жөңкіліп, бүтін жарық дүниені бір уысына тығып, жеркөкті тұншықтыра қымтап алғандай бо­лып көрінді. Осындай табиғат тылсымы көз алдына әлсін-әлсін оралып Жамал­ дың жанын жеп, ұйқы бермей қойды. Табиғатта түн – әуел бастан ой жәрмеңкесі. Көзі ілініп бара жатса болды, кейін қалған Мая «Мама, мама!» деп жылап, қолын созып тұрғандай болады. Сағынып кетеді. Штабты жау қоршаса, Мая не болды деп ойлайды. Енді бірде, осы үйді жау құр­сауына ап, қапсыра қоршап алғандай көрінеді. Жау Жамалды тірідей ұстап алуға тырысып, кеудесіне мылтық кезеп тұрғандай да болып кетеді. Жамал ұйқылы көзімен автоматын кеудесіне қысып, тісін қайрайды, қа­зірдің өзінде атыс басталғандай болады. «Мен тірідей сендердің қол­дарыңа түспеймін!» – деп автоматын құшақтап, бір мезет орнынан атып тұрды.

Оның ұйқысыраған дыбысынан оянып кеткен қарт тыныштық айтып жатыр: – Әй, шырағым, саған не болды? Үйде ешкім де жоқ. Ұйықта! – деп қарт орнынан тұрып Жамалды қайта жатқызды. Жөнді ұйқы болмай, ол түнді осылай, мазасыз өткізді. Үй иесі қарттың тұрып жүрген тықырын естіген Жамал көзін ашып алса, таң атып, күн де көтеріліп қалыпты. Терезеден көрінген бұлтсыз көк торғын аспан Жамалға бейбітшілік заман орнай қалғандай әсер берді. Жата беруге дәті шыдамады. Тұрып, беті-қолын жуып далаға шықты. Шаңқай түс болды. Жамал разъезге қарусыз баруға бел байлады. Жау жасағын өз көзімен көргісі келді. Автоматын қораның адам көрмейтін бір жеріне тықты. Түскі тамақ ішу­ге үйге кірді. Қарт түске дейін жаяу-жалпы орманнан отын тасыды. Ол кісі де үйге келді. Қолын жуып, стол басына келіп отырды. – Мен кеше қараңғыда сені байқамаппын, өзің не орыс, не белорус сияқты емессің. Ұлтың кім? – деді қарт. – Иә, тіпті, бет-әлпетің қоп-қоңыр. Жел қағып, күнге күйіп беті қоңырқай тартқан шығар деп ойлаған едім. Шынында да ұлтыңды айт­ шы, – деді қарттың қызы да. – Мен бе, – деді Жамал жылы дауыспен, – мен – қазақпын. – Қазақ, қазақ! – деп қарт қайталап айтты да, – Жамбылдың елінен екенсің ғой, – деді. – Жамбылды біледі екенсіз ғой? – Өлеңін оқыған едім. Қарт білетіндігін көрсетіп, жымыңдап, сақалын сипап, мұртын ширатып отырды. Расында, Жамал әйтеуір бір совет адамдары екен деп, бұларға өз жайын өткен түнде айта жөнелген жоқ. Өзінің керек еткен кісілеріне кездескенін сонда-ақ сезген. Бірақ танысып, тексере түскісі келген. – Сіздер Тамара Подгурскаяны білесіздер ме? – Білгенде қандай, ол менің немере қарындасымның қызы, – деді қарт. – Мені Тамара жіберді. Сіздерге көп-көп сәлем айтты. Мына хатты сізге жазған еді, – деп Жамал ішкі қалтасынан үш бұрыштап ора­ған қағазды алып, қарттың қолына ұстатты. Тамараның хатын қолына алып жатып қарт: – Шырағым-ау, кешеден бері неге бермедің бұл хат­ты? – деді. – Менің әдейілеп іздеп келген кісілерім сіздер екенін бүгін ғана, енді ғана біліп отырған жоқпын ба? Қарт қысқа хатты оқып шықты да: – Сізге көмектес депті. Саған қандай көмек керек? Са­ған барлық көмегімді аямаймын. Бірақ, өте сақ бол! Бұл жақ­та жаудың бірен-саран тыңшылары да жоқ емес, – деп қойды. – Мені разъезге ертіп жүрсеңіз қайтеді? Бір көмек – сол. Біреу-міреу бұл кім деп сұрағандай болса, келінім дей салыңыз. – Қалай келінім деп айтамын, сенің не орыс, не белорус емес екендігің өңіңнен-ақ көрініп тұрған жоқ па?

– Менің ұлым Қазақстанда әскерде болғанда қазақ қызына үйлен­ген, балам майданға кеткен еді, қайда жүргені белгісіз. Ал, келінім өзімнің қолымда қалған демейсіз бе? – Е, сондай бірдеңе деуін дер еді-ау. Бірақ оған тексеруші көнсе... Жөн сұраушы неміс бола қалса, онда тіпті тілге келіп жата ма? – Шал осы жайды аз-кем ойлады. Бірақ Жамалға күдіксіз, сенімді жауабын берді.

Өзің тапқыр екенсің. Мұндай сөз менің есіме де келмеген болар еді. Кететін кез болды. Сен үстіңдегі киімінді ауыстырып, басқадай киім ки! – деп қарт қамдана бас­тады. – Менің осы үстімдегі киімімнен басқа ештеңем жоқ. – Мына менің қызымның бір көйлегін кие салсаңшы. Осы маңның әйеліндей киінгенің жөн. – Сіз жаңа мұндай қулық менің есіме келмеген болар еді деген едіңіз. Өзіңіз де тапқыр екенсіз ғой, – деп Жамал күлді. ІІ Жамалдың сырт қалпын енді жергілікті әйелдерден айырып бол­майды. Қарт екеуі қатарласып жүріп келеді. Оның жүрегі қобалжып та қояды. Алды толған қауіп, қаптаған жау. «Жауды еш нәрсе сезбес аңқау деп айтуға болмайды. Ол қарап жатпайды. Белгісіз адамның разъезге келгенінен сезіктенуі мүмкін. Партизансың деп ұстап, жауып қойса қайтемін? Онда тапсырманы орындай алмай кеткенім бе?» – дейді ол өзіне-өзі. Артта қалған сәби Маяның жайы да Жамалдың қабырғасына батып, еңсесін түсіріп келе жатты. Қарт буын адамдардың әу баста бір іске кірісуі қиын. Ал кіріссе тым сергек, тым сенімді боп кетеді олар. Бір бұрылыстан өте бергенде, бағанадан үнсіз, қолын қусырып келе жатқан қарт кілт тоқтап көптен бері жерге сүйретіліп, жүргізбей келе жатқан шәркейінің бауын мықтап байлады да: – Сен, шырағым, үндемей қалдың ғой? Өңің бірде қызарып, бірде қуаң тартып, қобалжып келесің. Тегі қорқып, разъезге бару-бармауды ой­­лап, өзің екі ойлы болып келе жатырсың ба, қалай? Істі қолға алғаның шын екен, онда неде болса, тәуекел деу керек, шырақ! – деді қарт қайратты үнмен. – «Көрмеген жердің шұңқыры көп» – дейді қазақ мақалы. Кім білсін алдымызда не тосып тұрғанын? – деп Жа­мал қарт сұрауына босаң ғана жауап берді. Қобалжуы да бар, қарт жолдасын қағыстырып, қатаңдығы қанша екенін байқап та алмақ ойда. – Қорықпа, шырағым. Мен де сенің жайыңды ойлап келемін. Ондаймұндай бола қалса, жау қолына түспеудің бір амалын табамыз ғой, – деп қарт Жамалды үрейлендірмей, оған қуат бере, сендіре сөйледі. – Рақмет сізге! – Разъезге жақындап қалдық. Алдымызда немістің қарауылы болуға тиіс. Сен ештеңе сездірме. Оны күнде көріп жүрген адам сияқты бол, бетіне тура қара, қайсарлықтың үлгісін көрсет, – деп қарт кеңес берді.

Немістермен талай соғысты... Қолға түскендерін де көрді. Бірақ соның бәрінде қасында өз жолдастары, партизандар болған. Енді ше? Енді бұл өзі ғана, жаудың өз ордасында неміс солдатымен тапа-талтүсте, бетпе-бет кездесейін деп келеді. Аттай тулап тамағына тығылып келе жатқан жүрегі де орнығайын деді. Денесіне күш, жігер келе бастады. Көп ұзамады. Разъезге жетер-жетпес жерде алдынан жасыл китель киген, тағалы етікті неміс шыға келді. Бұларды бірден ақырып тоқтатты. Қарт Жамалдың алдына түсіп, солдатқа таяу келіп: – Мен осы жердің адамымын. Мына кісі менің келінім. Разъезде қызым тұрады, соған келдік, – деп олай түсіндірді, бұлай түсіндірді. Солдат оны ұқпады. Жамал немістің айтқанын түсініп-ақ тұр. Сөйлесіп кеткісі келеді. Бірақ онда сезік туады, неміс тілін білетіндігін сездірмеу керек. Ол үндемеді. Солдат бір кезде мылқау адамша ымдап Жамалды көрсетіп: – Мына, мадам кім? – деді. – Менің келінім, менің келінім! – деп екі рет қайталап айтты қарт. Енді осы жауабым түсінікті болған шығар дегендей, шал немістің бетіне бедірейіп қарап, күлімдеп, шоқша сақалын сипап тұр. Екеуі бірін-бірі түсіне алмады. Неміс көп ойлап тұрмай, қасындағы екінші бір солдатты жіберіп, тілмаш пен унтер-офицерді шақыртып алды да, өзі жөніне кетті. Унтер-офицер мосқалдау келген адам екен. Өңінде шаршау, жүдегендік ізі бар. Қажыған кісі екендігі белгілі болып тұр. Ұнжырғасы түскен. Жүзі сынық, тіпті көңілсіз. Сұрақ қойысы да сылбыр. Қимылы да баяу. Біреу жара түсірмей, әбден таптап, ұрып-ұрып кеткен адамға ұқсайды. Үстіндегі киімі де олпы-солпы. Аузынан сөзі түсіп тұрған біреу. Алдындағы адамға тура қарамайды. Бір нәрсені жоғалтқан кісіше аяғының ұшына қарайды да тұрады. Жамалдың жүзіне көз салған да жоқ. Сол қолының екі саусағы жоқ екен. – Жүре беріңдер, – деді өзі бұрылып кете беріп унтер-офицер. – Рақмет! – деп қарт Жамалды ертіп разъезге қарай жүріп кетті. Екеуі разъездің шет жағындағы оқшаулау тұрған қоңыр ағаш үйге барды. Үйде жалғыз ғана әйел бар екен. Қарт әлгі әйелдің аты-жөнін айтып, амандасып, асты-үстіне түсті. Екеуі қалжыңдасып та алды. Бір кезде шал есік жақтағы орындыққа отырған Жамалға қарап: – Мына бала осында бола тұрсын. Мен аздан соң қайта ораламын, – деп орнынан тұрып, далаға шығуға ыңғайланды. – Бұл баланы танымадық қой? – деді үй иесі әйел. – Танымасаң танысып қой. Бұл бала менің келінім бо­лады, – деді де, қарт шығып кетті. Үй иесі әйел Жамалдың бас-аяғына көз тастады. Оның «келінім» дегеніне сенерін де, сенбесін де білмеді. Ішінен: «Болса болар. Осы күні араласып кеткен дүние ғой», – деп ойлады. Бір кезде: – Мына ыстықта үйде не бітіріп отырамыз, жүр, есік алдындағы орындыққа отырайық, – деп әйел Жамалды ертіп сыртқа шықты.

Еркекке қарағанда бір-бірімен әйел үйірсек және бірі-бірімен тіл тапқыш та солар. Екеуі өткен-кеткенді әңгіме етіп көп отырды. Үй иесі әйел орта жастан асқан, қатқан сары кісі екен. Бетіндегі ерсілі-қарсылы осылған әжім кәріліктің де, бастан өткен қайғының да ізіне ұқсайды. Бір мезгілде «уһ» деп алып, көзін сонау жақтағы неміс бөлімшесіне қадап отырған Жамалға бұрылып, ішіндегі назын айтты: – Жалғыз қалдым, шырағым. Екі ұлдың екеуі де соғыс басталған жылы әскерге кеткен. Әлі күнге дейін хабар-ошар жоқ. Өлісін де, тірісін де білмеймін. Күйеуім фин соғысында қайтыс болған. Күндегі тілегім, күткенім де – мына сұмырайлардың көзінің жойылуы. Біздің өз әскерлеріміз келсе, тым болмаса, екі баламның біреуінен хабар келе ме деп ойлаймын да отырамын... Басына ораған төрт бұрышты ақ орамалының бір шетімен көзінен мөлтілдеп аққан жасын сүртті. – Жыламаңыз. Балаларыңыз майданда аман-есен жүрген болар. Кешікпей майдан шебі осы маңға да жетер, – деді Жамал көз жасын тыя алмай отырған кісіге. – Келсе екен, келсе екен, – деді. – Асықпаңыз! Шыдау керек! – Шыдамағанда не істейміз. Біздің осы разъездегі тұрған немістердің де ұнжырғасы түсіп кеткен. Біз де сеземіз. Бұлардың кетеуі кеткен сайын қуанамыз. Бұрынғыдай емес. Бұларды майданға жібереді деген сөз бар. Әйтеуір, тым көңілсіз ғой өздері. – Өздері көп емес сияқты ғой? Майданда не бітіреді? – Бұл жерде алпыс-жетпістей ғана неміс бар. – Олардың санын қайдан біліп алғансыз? – Көзім көрмей ме? Күнде осы жерде тіміскіленіп жүреді. Түстеріне дейін білетін болдық, Бас-басын түстеп жоқтай аламын. Бұлар мұнда ұзақ тұрды. Алдыңғы жақтағылары тығылып, тоқтап қалған соң сөйтеді де. – Тоқтап қалу ғана ма, бұлар шегініп келеді ғой қазір. – Иә, солай екенін де сеземін. Жамал бағанадан бері өзінің көріп, көңіліне тоқығанын қарттың кеше бұл разъезде бір ғана рота бар дегенін, мынау қасындағы әйелдің айтқан санын біріне-бірін ұштастырып ойланып, біраз отырды. Ол өзі есептей келіп, шынында да, бұл жерде бір ротадай ғана әскер бар екен деп түйді. – Үйге кіріп тамақ ішейік, – деп әйел Жамалды шақырып, үйге бастап еді. Бірақ оған бірден ілесе қоймай, Жамал отырған орнында тағы да сәл отыра түсті. Оның көзі қару-жарақтарын асынып, сапқа тұрып жатқан неміс солдаттарында еді. Бұлар қайда барар екен деп ойлады ол. Көп ұзамай, немістер Беседь өзені жаққа қарай жаяу-жалпы жүріп кетті. Бұларды көрген Жамал ішінен: «Бұл разъездегі әскер саны олардың қару-жарағы белгілі болды», – деді. – Жүр, тамақ құйып қойдым, – деді есік алдына шыққан әйел. – Рақмет! – деп Жамал да үйге кірді. Жамал тарелкаға ернеуінен асыра құйылған капуста көжені ішіп, терлеп-тепшіп отырды.

– Сіздің борщыңыз қандай дәмді! – деді Жамал туралған шошқаның етін табаның түбіне ғана қыздырып, стол үстіне қойып жатқан әйелге. – Көптен ішпеген соң саған дәмді болып көрінген бо­лар, – деді үй иесі әйел. Осылай деп, ол аузын жия бергенше сырттан қарт келіп: – Шырағым, кететін мезгіл болды! Жүрейік! Күн батып барады, – деді. Қарт пен Жамал әйелмен қоштасып, келген ізімен хуторға қайтты. Қайтарда ешкім бұларды тоқтатқан да жоқ, ешкімді бұлар көрген де жоқ. Жамал қарттың үйіне қонып шықты. Таң сарғайып келе жатқанда оянды. Жамал жүруге ыңғайланды. Жүрер алдында автоматын жақсылап сүртті. Кешегі осы үйдің қызының киімін оң жақтағы төсектің басына ілді. Жамалдың осы жүріс-тұрысының бәрін көріп ояу жатқан қарт: – Тым ерте тұрдың ғой, – деді. – Жүрейін деп жатырмын, – деді Жамал. Қарт орнынан тұрып, пештің үстінде жатқан кемпірін оятып: – Тұрып, мына баланы тамақтандыр, – деді. Кемпір орнынан тұрып, Жамалды тамақтандырды. – Рақмет сіздерге, қош болыңыздар, – деп дорбасын арқасына салып, Жамал далаға шығуға ыңғайлана бергенде, кемпір: – Қарағым, тұра тұр! Мына бір бөлкені саған арнап пісіріп қойған едім, ала кет, қарның ашады. Тамараға бізден көптен-көп сәлем айт! – деді. – Сау болыңыздар, – деп Жамал қора жақ есіктен-далаға шығып кетті. Жамал Беседь өзенінің сол жағалауындағы көпір маңын­дағы мина қойылған жерді, шырмауықтай торлаған сым темір қорғанын, жаудың бекіністерін бақылап, бәрі-бәрін көңіліне тоқып алды. Күн төбеге жақындап қалған мезгіл. Бүгін түс ауа Жамал мен Тамара келісім бойынша кездесуге тиісті. «Кететін мезгілім болды. Тамара аман-есен болса, бүгін кез­десуге тиіспіз», – деп ойлаған Жамал келісілген межелі жер­ге қарай тартты. Жамал түс ауа орман ішіндегі алақандай алаңның дәл ортасындағы орманшының иен қалған жалғыз үйіне жетті. Қалың өскен жас қарағайдың түбінде жатып, маңайын көп бақылады. Ешқандай белгі болмады. Мынау жалғыз үй де мүлгіп, қаңырап қалған. Маңайында жан көрінбейді. Күн батуға арқан бойы қалды. Тамарадан әлі хабар да, белгі де жоқ. Жамал­дың көңілі қобалжи бастады. «Ол мерт болмаса игі еді!.. Әлде келіп жеткенше сол болып жатыр ма?» деп ойлады да, орнынан тұрып, басындағы ормалын шешіп алып, тағы да бір-екі рет оң қолына алып, жалау­дай олайбұлай былғады. Әлден соң алаңның екінші бетінен «мен мұнда» ­дегендей, біреудің қызыл шүберекті желпілдеткені көрінді. Жамалдың қуанышы қойнына сыймай: – Тамара, мен мұнда! – деп дауыстап жіберді. Жау ордасы іргесінде кездескен екі дос құшақтасып, бірін-бірі сүйіп, көпке дейін қуаныш желігін баса алмай тұрды. – Енді жүре сөйлесейік. Бұл маңда қалуға болмас, – деп екеуі жүріп кетті.

ІІІ Тамара мен Жамал сол беттерінде түні бойы тоқтамастан жүрді. Суыт жүріс, ауыр жол бұларды мейлінше шаршатты. Таң атып, күн арқан бойы көтеріліп қалды. Түнгі ұйқы бойды басып, еңсені көтертпей келеді. Аялдай қалса, қалғып кетеді. Жүріс те өнбеді. Екеуі ит тұмсығы өтпейтін қалың ағаштың ішіне кірді. Олар етіктерін шешіп, аяққа тыныс берді. Екеуі ағаш түбінде жатып ұйықтап қалды. Жамал күні кеше үйде жатқанында мұндай жайлы ұйықтамап еді. Енді, ашық аспан астында, ағаш түбінде емін-еркін көзін ілді. Жауынгер жолдастың қасында болу деген не, жорықта жалғыз болу деген не? Мұның мағынасы енді ғана түсінікті болғандай. Маңдарында бір метр бос жер көрінбейді. Көкпеңбек көк жапырақ екі досты айнала үйіріп, қоршап алған. Қорғанға ұқсайды. Шаңқай түс болды. Бір өңірден жел көтеріліп, ағаш басын үйіріп, соғып тұр. Сыбдыр көбейді. Сыбдыр болса, партизан құстан бұрын оянады. Екі дос бастарын көтерісіп, маңайға құлақ салды. Бөгде дыбыс естіл­ меді Бәрі де үйреншікті табиғат құбылысы. Ұйқылары қанып, денелері сергіп қалыпты. Екеуінің де жата түскілері келеді. Бірақ уақыт санаулы. – Киін, кететін уақыт болды. Мүмкін, жолдағы бір деревнядан құтыға су құйып алармыз, – деді Тамара етігін киіп жатқан Жамалға. – Тезірек жүрейік, – деп орнынан тұрған Жамал аяғын сылтып басып, бара-бара дұрыс жүріп кетті. – Сен де ақсап қалыпсың ғой, – деді Тамара. – Менің етігім аяққа жайлы-ақ еді. Түнде шалшық кешіп жүр­генде етіктің қонышынан су құйылып, аяғымды су шұлғау қажап тастапты. – Мен бағанадан бетер шөлдеп келемін. – Осыдан сегіз километр шамасында шағын ғана бір де­ревня болуға тиіс. Тезірек жүрейік, – деп Жамал алға суырыла шығып жүріп келеді. Қыза келе аяғы сылтуын қойды. Бірінен-бірі қалыспай, қатарласа жүріп келеді. – Коротченконың тапсырмасын орындадың ба? – деді Тамара. – Меніңше, толық орындаған сияқтымын. Орман ішіндегі адам­ның сөйлеген сөзі алыстан естіледі. Сондықтан ашып айтпай-ақ қояйық, – деп Жамал жымиып Тамараға қарады. – Сенің айтқаның дұрыс. Осы күні орман іші толған адам. Босқын да, қашқын да осында, тыңшы да осында... кімнің жау, кімнің дос екенін адам біліп болмайды. – Өзің ше? – Мен бе? – деді Тамара, – тапсырманы мен де толық орындадым. Штабқа барғасын бір-ақ айтармыз. Қазір әнеу күнгі сенің айтқан Рахман бастауы туралы аңыз сияқты әңгімені айтқаның жөн болар еді. Сол аңыз маған өте ұнады. – Ол аңыз халыққа ұнағандықтан ұмытылмай осы уақытқа дейін жеткен ғой, – деді Жамал.

Осылайша әңгімелесіп келе жатқанда олар кенет иттің үрген дауы­ сын есітіп, кілт тоқтап, жолдың оң жағына ыршып түсіп, бір шоқ ағашты паналап тұра қалысты. Алда әжептәуір үлкен ашық алаңқай көрінді. Оның түстік жағын қуалай орналасқан деревня. Екеуі орманды жағалап, деревняның дәл өкпе тұсына келді. Әлгінде ғана шәуілдеген иттің үрген үні өшті, дүние мүлгіп, тыныштық орнай қалды. Деревня тым-тырыс. Олай-былай жүрген жан көрінбейді. – Бұл несі? Әлде, бірде-бір жан қалдырмай жау қырып кетті ме екен? – деп Тамара дүрбімен көз тамыры ауырғанша деревняның әрбір үйін бірбірлеп қарап шықты. – Жаңағы үрген сонда жұртта қалған бұралқы ит бол­ды ма? – Тұра-тұр, тұра-тұр! Анау шет жақтағы үйден қызыл көйлекті біреу шықты. Әйел болуға тиіс. Көрші үйге кірді. Ортадағы қоңыр шатырлы үйдің қамбасының үстіне біреу шықты. Шөп пе, әйтеуір бірдеңені жайып жүр. Қолында айыры бар сияқты. – Арбалы біреу бізге қарай келе жатыр. Көрдің бе? – Көрдім. Арбада екі адам. – Тасада тығыла тұрайық. Әбден жақындасын, – деді Жамал. Олар орман шетіндегі, дөңестеу жердегі қалың шөптің арасына жата қалысты. Арбаның салдыры, аттың пысқырғаны, аяқ басқан дүбірі жақындап қалды. Божыны ұстаған әйел екендігі «шу-шу» деген дауысынан белгілі болды. Арба үнсіз жатқан бұлардың қарсы тұсына келді. Арбадағының екеуі де әйел болып шықты. – Амансыздар ма? – деп Тамара мен Жамал орындарынан тұра бер­ генде, ауыздығымен алысып, жұлынып келе жатқан қызыл ат бұлардан үркіп сол жаққа қарай жалт берді. Арбаның үстіндегі екі әйел әуелі ауда­ рылып барып, әйтеуір әзер дегенде арбаның қанатынан ұстап, жығылмай қал­ды. Аттың басын ұстаған жалпақ бет, сом денелі әйел екен. Шал­қалай, аттың божысын жуан саусақты қолына орап алып, шәужейлеп-мәу­ жейлеп, аттың қызуын бірден басып, анадай жерге тоқтатты. Мыналарға осқыра қарайды. Екі мұрны адамның жұдырығы сыйғандай делдиіп алған. – Атты үркіткен не қылған жансыңдар? – Біз әдейі үркіткен жоқпыз. Мына жерде демалып жа­тыр едік, сіздер келе жатқан соң, орнымыздан тұрған едік, – деді Тамара. – Бізді өлтіріп кете жаздаған жоқ па? Менен басқа босаңдау біреу болса, бұл ат екеумізді екі жерге лақтырып, арбаны тепкілеп, быт-шытын шығаратын еді, – деп аттың басын ұстап отырған әйел өзінің күшін де білдіріп қойды. – Сіздер қайда бара жатыр едіңіздер? – деді Тамара. – Тойға барады деп пе едіңіздер, тәйірі! Орманнан ағаш алайық деп кетіп бара жатырмыз. – Бізді мына деревняға апарып тастасаңыздар қайтер еді? – Қайткені несі? Отырыңдар, апарып тастайық. Сендер қару асынған адам екенсіңдер. Тегінде, партизан болдыңдар ғой.

– Партизан екенімізді қайдан білдіңдер? Мүмкін, поли­цай шығар­- мыз. – деп Жамал күлді. – Полицайға әйелдерді алмайды. – Олай болса, тезірек арбаға отырыңдар. Апарып тастайық. Деревняда тыныштық. Қазір полицай да, неміс те жоқ. – Ешкім жоқ екенін біз де біліп тұрмыз. – Оны қайдан білдіңдер? – Деревняда не неміс, не полицай бар болса, сендерді орманға жі­ бермейді. – Рас, рас! Тоғайға жіберу түгілі бір үйдің адамын екінші үйге қатынастырмайды, – деді екінші әйел Жамал сөзін қостап. – Бәсе, бәсе партизан болсаңдар болғандарың-ақ! Бәрін көріпбіліп, аңғарып, есептеп алыпсыңдар, соларыңа қатты сүйсінемін, – деді бағанадан бері үндемей келе жатқан қартаң әйел. Отырған отырысына, бет келбетіне, сөйлеген сөзіне қарағанда өзі бір қайырымы мол кісіге ұқсайды – Біз сусындап алғымыз келеді. Қай үйге барсақ екен? – деді Жамал арбаның арт жағында отырған жаңа ға­на сөзге араласқан әйелге. – Біздің үйге жүріңдер. Даяр тұрған тамақ та бар! Ішіп кетіңдер, шы­ рақтарым, – деді тағы әлгі әйел. Соғыс тегінде соғысушы жақтарды бір-біріне жау еткенімен, елдің өзін, ел ішіндегі адамдарды бұрынғысынан да бауырмал, берекелі, меймандос етеді. Мынау әйел де бауырмал, меймандос жандар боп шықты. – Отын әкелуге қашан барамыз сонда? – деді аттың божысын ұстаған әйел. – Мына қыздарымды тамақтандырғасын барамыз. – Олай болса, тезірек жүрейік, – деп аттың божысын қағып жіберіп, онсыз да жұлқынып келе жатқан атын желдірте жөнелді. Деревняның батыс шетінен санағанда екінші үйге келгенде, барлық пәрменімен жортып келе жатқан аттың басын тартып, тоқтатты да артындағыларға қарап: – Түсіңдер, мына кісінің үйі осы. Мен жарты сағаттан кейін ораламын, – деді. Үшеуін түсіріп, өзі аттың божысын қағып қалып, көшені бойлап, тағы да желдірте жөнелді. Тамара мен Жамал үйге кіріп, төр алдындағы әбден тозығы жетіп, бұрышы мүжілген ескі столдың екі жағына отырды. Көп ұзамай, Тамара есік жақтағы орындықтың үстінде тұрған ағаш шелектен толтыра-толтыра екі кружка су ішті. – Құдықтың суы ғой. Әкел, құтыларға су құйып алайын, – деді Тамара Жамалға қарап. Тамақтың даяр тұрғаны рас екен. Әлгі әйел жалпақ орыс пешінің ішінен үлкен қара шөгенді алып шықты. – Ішіңдер, – деп екеуінің алдына үлкен шұңғыл ағаш тарелкаға картоптан істеген қою көженің буын бұрқыратып әкелді. Қара бидайдың ұны­нан пісірген нанды да молырақ кесіп қойды.

Қонақтарының ас ішкеніне үй иесі дән риза боп жатыр. Бұлар алаңсыз ауқаттансын деген оймен есік жақта отырған бүлдіршіндей сары қызды сыртқа жұмсады: – Сен далаға шығып маңайды бақыла. Біреу-міреу келіп қалып жүрмесін. Төңіректегі деревняда неміс бар деген. Біреуді көрсең бізге хабарла! Қыз да сөз айтқан жоқ. Жүгіріп далаға шығып кетті. Та­мара мен Жамалға ырғалып-жырғалып отыруға болмайды. Олар тамақты тез ішті. Екеуі орындарынан тұрып, далаға шығуға енді ыңғайлана бергенде тасыртұсыр есік ашылды. Сырттан асып-сасып күзетке жіберілген қыз кіріп келіп: – Қайдан шыға келгенін білмеймін, біздің үйге қарай екі неміс келе жатыр, – деді дауысы дірілдеп. Тамара мен Жамал автоматтарын ыңғайлап, атысқа әзір бола қалды. Үй иесі әйел көпті керген кісі екен. Сасқан жоқ. Есік жақтағы еденнің жалпақтау бір тақтайын көтеріп: – Келіңдер, еденнің астына түсіңдер. Қозғалып үн шығармаңдар! – деп Тамара мен Жамалды еденнің астына түсіріп жіберіп, тақтайды қайта жаба қойды, шегесін басып, үстінен ұсталған дорожканы тастай салды. Стол үстіндегі ыдыстарды алып, пештің ішіне тыға қойды. Стол үстін сүртті. Сөйтіп, екі партизанның тамақ ішкен ізін жоғалтты. Өзі терезенің алдындағы орындыққа отырды. Қолына ине алып, ескі көйлегін жамауға кірісті. – Сен пештің үстіне шығып көрпе жамыл да, ауырған кісі болып жата қал! – деді кемпір қызына. Көп ұзамай екі неміс үйге айқайласа, кіріп келе жатты: – Матка Яйка, Матка Яйка! – деп бұйыра сөйлейді, дәл бір үй емес, ат қораға кіргендей, емін-еркін. – Пан! Яйка нет, Яйка нет, – деп кемпір екі рет қайталап айтты. Солдаттар жұмыртқа сұрап есік алдында тұрып алды. Біреуі басыпжаншып төрге шығып, үй ішінің бұрыш-бұрышын қарап та шықты. Ауыз үйдегі сөренің үстіндегі заттардың астан-кестеңін шығарды. Айналыпүйіріліп, тіпті сыртқа шығатын түрі жоқ. Екеуі аз болғандай, олардың соңынан тағы екі-үш неміс келді. Олар­ дың да айтатыны: – Матка Яйка! Кейінгі келгендердің ішіндегі орта бойлы, ашаңдау егде неміс аздап орыс тілін біледі екен. Орыс жұмыртқасыз тұрмайды. Әкел жұмыртқаңды, – деді орысшалап. Тауық жоқ болса, жұмыртқаны мен табамын ба? – деді ыза болған кемпір. – Сенің тауығың қайда! Сен өтірік айтып отырсың, дәуде болса, қораң толған тауық болар. Тауығыңның бірде-біреуін қалдырмай, қазір басын кесіп кетеміз. – Жарайды, тапсаңдар алып кете қойыңдар! Неміс келгелі тауық тү­гілі, азанда шақыратын әтеш те қалған жоқ... Алдыңғы күні басқа бір неміс­тер келіп тауық біткеннің бәрін қырып кеткен.

Тамара мен Жамал еденнің астында тізерлеп үнсіз отыр. Үстегі сөздің бәрін естігенімен, амал қанша, үн қата алмайды. Еден астынан шыққан жер иісі дем алыстарын тарылтып, мұрындарын жыбырлатып, түшкіріп жібере жаздап отыр. Қысылшаң жерде оларды тер де булықтырып барады. Жүректері де дүрс-дүрс соғады. «Бұл жауыздар еденнің тақтайын ашу­дан да тайынбайды», – деп ойлаған Тамара қолындағы автоматын кезеп, бүк түсіп отыр. Жамал да сақадай сай. Екеуі өлтірсек те, өлсек те бірге қимыл­ дайық дегендей, біріне-бірі жабысып, тастай қатып қалған. Үстерінен қара түнек басып, аждаһа ысылдап аузын ашып, жұтып қояйын деп төніп келе жатқандай. Олар біріне-бірі «қатай, қорықпа, белді неге болса да бекем байла» дескендей, бір-біріне жүрек сезімін сездіріп тұрғандай еді. Немістердің кететін түрлері жоқ. Үйдің ішінің астан-кестеңін шы­ ғарды. Қорадағы тауық қамайтын қораны бұзып, есік-терезесін быт-шыт қылды. Үйдің шатырына дейін шығып, тіміскілеп қайтысты. Тауық та, жұмыртқа да таба алмады. «Осы жауыздар сырт көзге жұмыртқа іздеген болып, шынында ана екі әйелді іздеп жүр ме деп те» ойлады кемпір. – Жұмыртқаңды өзің тауып бер! – деп орысша білетін неміс үйге қайта кірді. – Мен өзім жұмыртқаламасам, тауығым жоқ деп сендерге айттым ғой, – деді кемпір. Бұл сөзді жүрегіне кек алған ашаң неміс қасындағы сол­датқа немісшелеп дауысын көтере сөйлеп, бірдеңені айтып жатты. Сөйтті де, ол ісініп, қызара-бөртіп, пештің үстінде жат­қан қыздың көрпесін жұлып алды. – Тұр, мұнда кел! – деп ақырды оған. – Ол – менің қызым. Сүзекпен ауырып жатыр. «Сүзек» деген сөзге бұлар өте қанық. Жандары өте тәтті. Өлгілері келмейді. Сүзек жұқса өлетіндерін біледі. – Үйімде сүзек ауру бар деп бағанадан неге айтпадың? – деп дүрсе қоя берісті. – Айтуға шамамды келтірдіңдер ме? Жұмыртқа, жұ­мыртқа деп, ә де­ ген­нен апшымды қуырып әкеттіңдер ғой, – деді кемпір. Осынау «сүзек» деген сөз шипа болды. Қоқан-лоқыны су сепкендей тоқтатты да, немістер далаға шығып кетті. Оба, топалаң, жұт сияқты немістердің тегін кетпес пәле екенін үй иесі әйел жақсы біледі. Бұлар неғып жөнімен кете барды деген сезікті оймен, артынша кемпір сенекке шыққан бойда ащы түтінге бірден қақалды. Түк көрінбейді. Қарағай түтіні көзді ашытып барады. Жан ұшырған кемпір жалма-жан көшеге қарай шығатын есікке жабысты. Есікті мықтап сырттан жауып кетіпті. Аша алмады. Содан соң, қораға шығып қараса, үй шатыры қызыл жалынға оранған. Оттың тілі аспанға шапшып, сумаң-сумаң етеді. Кемпір жан ұшырып, асып-сасып, төргі үйге келіп, еденнің тақтайын жұлып алды да: – Ал, тез шығыңдар, әлгі жауыздар үйге өрт қойып кетіпті! – деді.

Ауа жетпей, тұншығып отырған Тамара мен Жамал есеңгіреп қалыпты. Үстіндегі киімдері сығып алғандай су. Екеуі еш нәрсе түсінбей сілейіп тұр. – Екеуіңе не болған? Үй өртеніп барады. Қораға шығыңдар! – деп кемпір төсек-орнын, киім-кешегін қызы екеуі аулаға шығарып, зыр жүгіріп жүр. Тамара мен Жамал лезде естерін жинап, кемпірдің қалған-құтқан заттарын көтерісіп, қораға шықты. Олар үйдің төбесіне қараса, аспанға шапшыған жалын жалмаң-жалмаң етіп, бүтін үйді бауырына басып алып, жұтып жатқанға ұқсайды. Ызыңдаған жел оң жаққа шығып, үрлеген үстіне үрлеп тұрып алған. Көп ұзамай, жалын қорадағы ағаш дүкенді шарпыды. Төрт әйелдің өрт сөндіруге шамасы жетер емес. Жақын жерден су да табылмайды. Жел ұшырып апарған шоқтан, ық жақтағы көршінің шатыры да лап ете қалды. Өрт пен жау ағайын. Екеуі де көмексіз елге батыр. Аз уақыттың ішінде кемпір үйінің орнында бықсып жатқан қарағайдың бір төбе көмірі ғана қалды. Немістер деревняның басқа да үйлерін осылайша өртеп кеткенін Жамал мен Тамара кейін білді. Іштері оттай қайнайды. Бірақ дәл қазір қарсыласудың амалы жоқ. Панасыз қалған кемпір мен қыз қораның сыртында үйілген заттары­ ның қасында шоқшиып-шоқшиып отыр. Кемпірдің қолынан бар келгені немістерді қарғап-сілеу болды. Өзі бір шымыр, қайсар адам екен. Көзіне жас алған жоқ. Бедірейіп отырып алды. Егіліп жылап отырған қызына: – Жылама! Қайта аман қалғанымызды айтсаңшы! Олар қораға шығатын есікті байқамаған болды. Көрдің бе, көше жақ есікті тастай қып, мықтап бекітіп кеткенін. Бізді отқа жанып өлсін деген екен иттер, – деп қайрат берді. Панасыз кемпір мен қызына жаны ашып, қабырғасы қайысып Тамара мен Жамал біраз тұрды. Оларға енді бұл жерде көп қалуға болмайды. Кету керек. Тамара кемпірдің қасына келіп: – Сіз ғафу етіңіз. Сіздің үйді өртеп жіберуге біз себеп болғандай болдық. Мыналардың бетін қайтарған соң-ақ, Сізге біздің партизандар ең болмағанда бір кішілеу үй са­лып береді. Бұған сеніңіз! – деді. – Сендердің ешқандай жазықтарың жоқ. Үй саламыз деп әуре бол­ май-ақ қойыңдар. Осылардың беті қайтса екен, құдайым біздің Совет әскерінің келуіне жеткізсін. Майданға кеткен күйеуім мен ұлым оралса, өзіміз-ақ үй салып аламыз ғой. Әзірге, осы деревнядағы үлкен қызым­ның үйіне паналаймыз да, – деді кемпір. – Сізге үлкен рақмет. Бізді өлімнен алып қалдыңыз! – деді Жамал кемпірді құшақтап, бетінен сүйіп жатып. – Сендерге де рақмет. Бұл жерден тезірек кетіңдер. Кім білсін, ол жауыздар айналып қайта келуі де мүмкін, – деді кемпір. Тамара мен Жамал олармен қоштасып, ішке уыттарын бүгіп, орманға қарай жүріп кетті.

КӨПІРДЕГІ АЙҚАС І Қанды балақ Ранкенау бір тәулік бойы көз ілмей, тұтқындарды құтқарған адамдарды іздеумен болды. Сезікті ешкім табыла қоймады. Кімдер болса да, әйтеуір, із-түзсіз, суға батқандай ғайып болды. Көп жерге сақшы да қойылды. Көшеде атты күзетшілер де жүрді. Тыңшы біткеннің бәрін аяғынан тік тұрғызды. Көптеген қала тұрғы­ ны тағы да абақтыға жаптырылды. Қат-қабат оқиғаларды бір-бірімен ұштастырып, Ранкенау сарапқа салды. Тыңшы хабарларын да қайталап қарап шықты. Бәрінен де Ранкенау тоқтамға келетін еш түйін таппады. Жұмбақ шешілетін түрі жоқ. «Жоғарғы басшылар не дер екен» деп, мансабынан да қорқады. Енді мына партизандар өзіме шеңгел созбай ма деп, өлімнен де қорқады. Әйтеуір ес-түс жоқ. Қабағы қатыңқы. Көзі қанталаған. Бөлмеде тыным көрмей ерсілі-қарсылы кезіп жүр. Бір кезде есік ашылды. Қолына бір парақ қағаз ұстаған солдат кіріп келіп: – Подполковник мырза! Сіздің атыңызға шифровка келді! – деп Ранкенауға ұсынды. Ол асығып-үсігіп оқып шықты. Мұндай бақыт болар ма; қауіп орнына қуаныш! Бұл – Ранкенауға фюрерге адал берілген қызметі үшін «полковник» атағы берілді деген шиф­ровка болып шықты. Безерген бетіне қан жүгірді. Жымиып күлді. Тәулік бойғы дағдарыс жайма-шуақта­ нып тарады. Көк көзінде қуаныш шамы жанғандай болды. Бөлмеден солдат шығысымен, полковник кірді. – Сәлем бердік! – Хайль Гитлер! – деді Ранкенау. – Іздегенің табылған ба? Көңілді көрінесің. – Табылмады. Бірақ қайда кетер дейсің. Тек, аманшылық болсын! – деп Ранкенау жоғарыдан келген шифровканы полковникке ұсынды. Ол да оқып шығып: – Сені полковник атағыңмен шын жүректен құттықтаймын, – деді. – Фюрерге адал ниетіммен қызмет етемін, – деп жауап берді Ранкенау. ...Ымырт жабылды. Бөлменің ішіне қараңғылық үйіріле бас­тады. Терезені тас қып жапты. Көзге түртсе көрінбейтін қараңғы болды. Сол­ дат столдың үш жеріне май шам әкеліп қойды. Шам сәулесі бөлмеге өмір әкелгендей болды. Екі пол­ковник түнгі құратын тордың жоспарын сызып отыр. Ранкенаудың қарны да ашып, құты қаша бастады. Ол есік көзін­­дегі солдатты шақырды. – Асханаға барып, екі кісіге молырақ етіп тамақ әкелсін деп айт! Нақ осы орайда телефон ұзақ шылдырады.

– Тыңдап тұрған полковник Ранкенау, – деді бұл. «Пол­ковник» деген сөз ең алғаш аузынан шығып тұрғандықтан ба, ол сөзді нығыздап, аузын толтыра, қуанышпен айтты. – Сіз бен қасыңыздағы полковник мырза екеуіңізді сөйлесу пункті­не келуіңізді сұраймын, – деді бас жоқ, аяқ жоқ ар жағынан сөйлеп тұр­ған гүжілдеген еркек дауысы. – Кім шақырып жатқан? Ашып айтпайсыз ба? – деді Ранкенау. – Жоғарғы штабтан! – Кеттік! Екеуі асығыс далаға шығып кетті. Олардың шығуын тосып тұрғанда, іле-шала Шура подносты толтыра, әртүрлі тағам алып келді. Ауыз үйдегі жалғыз солдаттан басқа қыбырлаған жан жоқ. Шура әкелген тамағын бұрыштағы столға апарып қойып: – Суып қалатын болды-ау! Енді бір кісінің тамағын алып келемін, – деді есіктен шыға беріп, ауыз үйде төмен қарап, кітап оқып отырған солдатқа. – Әкеле бер! – деді ол. Бұл кеште асханада Шурадан басқа жан жоқ. Қызметкерлердің бәрі үйлеріне қайтып кеткен. Шура Ранкенаудың келуін тосқан. Өйткені, оның келісімен тамақ сұрайтын әдеті бар. Шура подносқа толтыра тамақ қойды да, оның дәл ортасында төрт бұрышты алақандай-алақандай екі минаны қо­са салып, бетін орамалмен жауып, алып кетті. Өзімде үрей де жоқ. Бірақ қорыққанын сыртқа сездірмеді. Тағам тиелген подносты иығынан жоғары көтеріп, Ранкенаудың кабинетіне алып кірді. Бөлменің оңашалығын пайдаланып, Шура жып еткізіп, минаның біреуін төрдегі Гитлер суретінің артына, ал екіншісін, Гитлер суретінен төменірек тұрған Гимлер суретінің артына тықты. Сөйтті де, есік алдында отырған солдатпен қоштасып, сыртқа шығып кете барды. Шура тура үйіне қайтты. Үйінде өзінен басқа жан жоқ. Шешесін осыдан екі күн бұрын деревняда тұратын туыстарына қонаққа жіберген. Ол сағатына қарады. Володямен байламды уақыты болып та қалды. Шура үйдің қора жақ есігінен шықты да, әуелі жан-жақты айнала қарап алды. Көзге күдікті ештеңе түспеді. Қаланың орманға жақын ұрымтал жеріне жеткен соң жер бауырлап, еңбектей жөнелді. Аяғы орманға ілінісімен, түрегеліп, келісілген жерге қарай жүгірді. Немістер осы кезде біреудің орманға кіргенін байқап қалып, соңынан оқ боратты. Ерсілі-қарсылы, қызылды-жасылды ұшқан оқ сумаңдап, сала-сала болып әуені сойғылап жатты. Шура Володямен күні бұрын кездесетін жерге жақын келді де, жуан қарағайды тасалап тұрып қалды. Бір кезде Шураның сол жағынан үш рет тоқылдақтың дауысы естілді. Шура да ол дауысқа «мен мұнда дегендей» екі рет тоқылдатып жауап берді. Екеуі табыса кетті. Үнсіз құшақтасып, түн қараңғылығын жамылып, қол ұстасып, жүріп кетті. Тоқтаусыз суыт келеді. Екеуі бөгелместен, түн бойы жүрді.

Володя қасында жиі дем алып келе жатқан жіп-жіңішке, сүп-сүйкімді Шураны талай рет құшақтағысы келді. Бетінен де, ернінен де, көзінен сүйгісі келді. Бірақ аялдауға еш болмайды. Жүре берді, жүре берді. – Осы маңда біздің радист жолығуға тиіс, – деді Воло­дя. Қасында аяғын әзер басып келе жатқан Шураға қарап. Бұл кезде таң да атқан еді. – Радист неге қайтады? Ранкенаудың радио үнін ұстап алатын аппараты радистің тұрған жерін сезіп қойыпты. Кеше кеште радистке хат әкетіп бара жатқан менің итімді молада бұғып жатқан немістер атып өлтіріпті. Біз жөнінде Ранкенаудың қолында ешқандай материал жоқ. Бірақ ана жоғарыдан келген полковник: «Володя Хомяков пен Шура Медевкинаны ұстап тексеру керек. Сенімсіз адамдар» деген көрінеді. Бүгінгі түні екеумізді абақтыға жабуға тиісті болған екен. Осының бәрін кеше Ранкенаудың өз штабында істейтін өзіміздің кісіден естідім. Оны сен де білесің. – А, анау офицер ғой ол. Кеше сол офицер айналсоқтап, асханада шайқалып, көп жүрген еді. Бірдеңе айтайын деп жүрген екен ғой.

Екеуі қалың ағаштың ішіне тоқтады. Володя ағаш жапырағының арасынан жан-жақты байқап отырды. Шура Володяның тізесіне басын қойып, мамық төсекте жатқандай, ұйықтап кетті. Күн төбеге жақындағанда, маңайына алақ-жұлақ қарап келе жатқан біреу көрінді. Радиспен хат арқылы сөйлескені болмаса, Володя жүз көріспеген еді. Оны арқасындағы төрт бұрышты сандықтан мөлшерледі. «Бұл бізді іздеп жүр-ау» деді ішінен. Володя бұлбұлша сайрап, екі-үш рет белгі берді. Келе жатқан жігіт те жерге жата қалып, бұлбұл үніне са­лып жауап берді. Бұл кезде ұйықтап жатқан Шура да оянған еді. Володя орнынан тұрып, радистке қарсы жүрді. – Пароль! – деп сұрады ол. – Орман патшасы, – деді анау. – Аймын, – деді Володя. Екеуі бұрын-соңды жүз көрісіп кездеспесе де, бірге ту­ған ағалы-інілі адамдарша құшақтаса амандасты. – Мен сені 30-нөмірлі барлаушымен таныстырайын, – деді Володя. – Ол қайда? – Шура, мұнда кел! Танысып қой, мына кісі біздің ра­дист, – деді қасына келген Шураға қарап. – Амансыз ба? – деп Шура радиспен қол алысты. – Кеше немістер күні бойы моланы күзетті. Мен орман шетіндегі биік қарағайға шығып, олардың жүрген-тұрғанын бақылап отырдым. Тигрдің бірде жүгіріп, бірде жер бауырлап келе жатқанын да көрдім. Алдында қауіп толы екендігін өзі де сезген болу керек. Молаға жақындай беріп, оң жаққа қарай жалт берді. Дәл осы кезде автоматтың атылғанын естідім. Онан кейін Тигр де көрінбеді, – деді радист. – Тигр, Тигр! – деп қайталады да, Володя үндемеді. Тигр өліміне қатты өкінді ол.

– Біздің қаладан кеткеніміз жөнінде Коротченкоға хабарладың ба? – деп сұрады Шура. – Әлі хабарлағаным жоқ, – деп сағатына қарады ол, – байланысатын кезім болып қалған екен, – деп радист қолайлы жер іздей бастады. Үшеуі орманның бір ағашы сиректеу тұсына аялдады. Радист антеннаны ағаш басына іліп, ноқаттарды тықылдата жөнелді. Көп ұзамай-ақ «Орман патшасын» тауып алды. Өздерінің өткен түні аман-есен қаладан шыққанын, партизан штабына келе жатқанын хабарлады. Радист «Орман патша­сымен» байланыс сеансын бітірді де: – Тимофей Михайлович сен екеуіңе көптен-көп сәлем айтты, – деді. – Рақмет. Тағы да қандай хабар бар екен? – деді Володя. – Біздің барлаушылардың бүгін таңертеңгі хабарына қа­рағанда, кеше кеште Ранкенаудың кабинетінде мина жарылған көрінеді. Жоғарыдан келген полковник және тағы бірнеше офицерлер өліпті. Мина жарылған кезде Ранкенау кабинетінде болмаса керек. – Ол жауыз тағы аман қалған екен ғой, – деді жұлып алғандай Шура. – Оның кабинетіне мина қойған кім? – Олар жоқта тамақ апарған едім. Әйтеуір, кабинеттің оңашалығын көрген соң, екі минаны да қойып кеткен мен болатынмын, – деді Шура. Мұнысы үшін екеуі де Шураны құшақтап, құтты болсын айтты. Володя құшағын жаза қоймай, ұзағырақ тұрып қалды. – Бұл жерден тезірек кетейік. Сенің жаңағы «Орман патшасымен» байланысқаныңды немістер біліп қоюы да мүмкін, – деді Володя. – Жүретін уақытымыз да болыпты, – деді радист. Сонымен, үшеуі түске таяған мезгілде ілгері тартып кетті. ІІ Штаб қарбалас жұмыс үстінде. Бірінен соң бірі келіп-кетіп жатқан бөлім командирлері. Арнайы шақырылған командирлер келген бойда Тимофей Михайлович пен Петр Васильевичтің қолын алып амандасып, сонсоң айнала отырысып жатты. Тимофей Михайловичтің үлкен бір шабуылға дайындық үстінде екендігі көзқарасынан белгілі болып отыр. Ол ойлы көзімен алқа-қотан отырған жұртты бір шолып өтті. – Шақырылған адамдардың бәрі де жиналыпты, енді бастаймыз ғой, –деді қасында отырған Петр Васильевичке. – Бастайық! – Командование бізге Белинковичи станциясынан он ки­лометр жердегі Беседь өзенін кесіп өтетін темір жол көпірін бұзуды тапсырған. Ең алдымен, көпір маңындағы бекіністі, Белинковичи станциясы мен Бони разъезіндегі жау күшін барлап алдық, – деп Тимофей Михайлович қарсы алдында отырған Тамара мен Жамалға, Володяға жылы жүзбен қарады.

Бұл барлауды тындырып келген осы екі әйел екенін сезген басқа партизандар да бұларға күлімсірей көз жіберісіп, ризалық рай көрсетісіп жатыр. Тимофей Михайлович сөзін жалғады: – Біз операцияның жоспарын да жасап бітірдік, – деп, отырған жұрттың алдына қолындағы топографиялық картасын жайды, картаға қойылған қызыл нүктені көрсетті: – Мынау Белинковичи станциясы, онда жаудың бір батальонға жуық әскері, бір бронепоезі бар көрінеді. Ал мы­нау, көпірден бес кило­ метр жердегі Бони разъезі. Мұнда жаудың бір ротаға жуық бөлімшесі тұр. Екеуінің де негізгі міндеті – көпірді қорғау. Көпірдің өз басында екі ДЗОТ бар. Бір рота әскер күзетеді. Өзеннің екі жақ жағалауында – мина қойылған алаң, сым темірден тор құрылған. Біздің негізгі міндетіміз – көпірді бұзу. Тапсырма түсінікті ме? – деп, отырған жұртты көзімен тағы бір күн қарап өтті. – Міндет түсінікті. Бірақ әрбір бөлімге берілетін тапсырманы нақты­ лай түссеңіз, – деді Жылбек. – Әр бөлімнің алдына қойылатын нақтылы міндетті шабуыл алдын­ да дәлдесек деген ойым бар. Жағдайға қарай, жаңа міндеттер де туа­тын болар... – Ол да дұрыс! – Жүріс қашан? – деді Павлик Смирнов. – Бүгін кеш бата жүріп кетуге тиістіміз. – Әр командир өз бөлімдерін жауынгерлік тапсырманы орындауға ұқыпты дайындайтын болсын, – деді Петр Ва­сильевич. Жалпы осылайша келісілді. Соның өзінде жеке бөлімдерге қойылатын міндет қазірдің өзінде айқын еді. Тимо­фей Михайлович орнынан тұрды да, Ақәділовке тапсырма берді. – Ақәділов, сен өз бөліміңмен Белинковичи станциясына ұрымтал жердегі темір жол рельсін екі километр бойын талқандап тастайтын боласың. Ол маңайдың ойлы-шұңқырына дейін білетін Володя мен Шура сенімен бірге барады. Ми­на қоятын қолайлы жерді солар көрсетеді, – деді. Ал, Володя, Шура дегендер мұнда жаңа адамдар еді. Сондықтан ол екеуіне отырған жұрт таңданыса қараған болатын. – Оларыңыз кім? – деді отырғандардың біреуі. – Білмесеңдер, таныстырып қояйын. Бұл екеуі – біздің қаладағы қаһарман барлаушыларымыз. Олардың қолынан талай жау солдаты жер жастанды. Бұлар талай-талай істі тындырды. Әскери техника тиелген жаудың талай эшелондары осылардың арқасында апатқа ұшырады, – деп Тимофей Михайлович анадай жерде Маяны орталарына алып, Тамара­ ның жанында сөйлесіп тұрған Володя мен Шураны шақырып, отырған жұртқа таныстырды. – Жұрт жорыққа дайындық жасауы керек. Жиналысты осымен бітірейік, – деді Петр Васильевич.

– Дұрыс, осымен бітірейік. Жақсылап дайындалыңдар, жолдарың болсын! Әр батальон көрсетілген межеге жете бергенде жеке-жеке тапсырма беріледі, – деп Тимофей Ми­хайлович пен Петр Васильевич орындарынан тұрып, штаб орналасқан жуан ағаштың түбіне барып отырды. Орман іші қайнаған адам. Гуілдеген сөз. Тазартылып жатқан автомат, пулемет, мылтық. Аузы буылған семіз-семіз дорбалар, су толтырылған құтылар да жатыр. Қайнап жат­қан қазан. Көптеген партизандар жорық дайындығын бітіріп, әр жерде демалып жатыр. Кейбіреулері алқа-қотан отырып, сөз жарыстырып, бірін-бірі қағып-соғып қалжыңдасып та қояды. Енді біреулер қауіп-қатерден мүлде алаңсыз, қарқ-қарқ күледі. Бір топтың арасында Мая да отыр. Ол да үлкендерге еліктеп, кішкентай алақанымен екі санын соғып, ішек-сілесі қатқанша күледі. Мая қолдан қолға көшеді, бірдің емес, көптің жұбаныш, ермегі де сол. Бейбіт күн белгісі, үй, семья дегеннің белгісі де – сол Мая. Мұндай жайбарақат, жайма-шуақ, көңілді топ, үлкен тартыстың, үрейді қашырып ышқына соғатын дауылдың алдын­да тұғырында қомданған қыранның жорық алдындағы түрін еске салады, кейде сонау, баяғы замандағы Дунайдан арғы запорождықтарды көз алдыңа әкеледі. Кешке таман бригада тревогамен үдере көшіп, түн қатып жүріп кетті. Жалғыз аяқ орман жолмен әр батальон қолдың саласындай жеке-жеке келеді. Түн ортасы ауа бригада шта­бы ну қарағайдың қақ ортасын кесіп өтетін, шағын ғана бұлақтың жағасында дамылдады. Түн тастай қараңғы. Осы бір жерде су бар екендігін, құлаққа еміс-еміс келген ағыс дыбысынан ғана сезгендейсің. Бұл үлкен істің басында Тимофей Михайлович. Ол – көпті көрген, тәжірибелі командир. Аяқ басқанын ойлап, бұл шабуылға ұзақ және тиянақты әзірленді. Оның шартарапқа жіберген барлаушылары жанжаққа көптен бері аттаныс жасап қайтқан. Оның қашанда жаумен шай­қасу алдында қайталап айтатыны – «Партизан бірде-бір адамын жоғалтпай, не өте аз шығынмен жауды жеңуі керек» деген қағида. Ол әрбір шайқасқа мұқият дайындалады. Ол қазірдің өзінде де алдыартын, оң мен солын болжап алуға, жан-жаққа салт атты шолғыншылар жіберді. Көпір басына да күн бұрын бір топ барлаушы жіберді. Ол Беседь өзенінің оң жағасындағы ұрымтал жақын жердегі орман шетінде отырып, көпір басындағы жау әскерін бақылап, жүрген-тұрған қимыл өрісін көңілге тоқып, шапқыншылар келгенше күтіп отырады. Оның үстіне Тимофей Михай­лович көпірді бұзатын Павел Смирнов бастаған бір топ мамандарды тағы жіберді. Олар күні бойы табжылмастан көпірді бақылап, өздерінің мина қоятын, түнде жүретін жолдарын әбден байқап алуы керек. Тимофей Михайлович шым-шытырық ойда отыр. Алда тұрған серпінді дауылдың дүбірін сарапқа салды. Өзі жасаған жоспарын тағы бір сұрыптап

шықты. Шабуылға шығатын партизан күшін де, бекіністе отырып, қорғаныс күресін жүргізетін жау күшін де есепке алды. Сөйтіп отырған ол аз да болса, көз шырымын алмақ болып ағаш түбіне жантайды. Тез селк етіп оянды. Таң сызаттанып қалған екен. Тимофей Михайлович байланысшы партизандарды ба­тальон коман­ дирлеріне жіберіп бәрін өзіне шақырып алды, енді олардың алдына нақты міндет қойды. – Бірінші батальон Белинковичи станциясына шабуыл жасап, онда тұрған жау күшін ұстауы керек. Ал, бұл баталь­онның түстік жағында, темір жол бойында Ақәділов бөлімі болатынын кеше айттым. Петр Иванович Шилин бастаған бөлімше көпірдің оң жағынан жау бекіністеріне шабуыл жасаушыларға жол ашатын болады. Екінші, үшінші батальон көпірдегі жау гарнизонын және Бони разъезіндегі жау бөлімін ұстауы керек. Жаудың барлық бөлімдеріне шабуыл тұтқиылда, күтпеген сәтте, бір мезгілде және жан-жақтан басталады. «Шабу­ыл бастаңдар» деген белгі есебінде көпір жақтан қызыл ра­кета атылады. Ол бірнеше қайтала­нады. Содан соң барлық бөлімдер өздеріне берілген тапсырманы орындауға кірісуге тиіс. Көпір бұзылысымен, «шегініңдер» деп, ақ ракета аты­лады. – Алдарыңа қойылған міндет түсінікті ғой. – Түсінікті, жолдас командир! – деген сенімді үн әр тұстан-ақ естіліп қалды. – Олай болса, енді жарты сағаттан кейін операцияға кірісу кажет! – Кірісеміз! Жұрт белді бекем байлаған, жанып тұрған от. – Петр Васильевич, сен бірінші батальонмен барғаның жөн болар. Жау күшінің басым жағы Белинковичи станциясында болғандықтан, сенің сонда болғаның дұрыс. Ал, мен көпірге шабуылшыларды басқа­ райын. Барлық бөлімдердің өзара байланысын сақтау үшін де менің сонда болғаным дұ­рыс болар деймін. Сен қалай қарайсың? – деді Тимофей Ми­ хайлович. – Сенің айтқаның тіпті мақұл, – деді Петр Васильевич. Суыт жүрген партизан бөлімдері түскі тамаққа тоқтады. Жан-жаққа сақшы қойылды. Бөлім командирінің бәрі де шолғын­ шылардың көрген-білгендерімен танысып, күш салмақтасты. Жау гарни­ зондарының жай-күйі әркімге де түсінікті болды. Күн ұясына еңкейген кез. Партизан бөлімдері ілгері қа­рай жүріп кетті. Кешкі сағат он шамасында бұлар шабуылға шығатын межелі рубежге жетіп тоқтады. Аспанды торлаған қара бұлт батальондармен бірге ілесіп, бірге қатуланғандай. Қараңғылық жан-жақта түнеріп, жерді басып тұр. Қатая түскен жел де ышқынып, күтпеген жер­ден үйіріле соғып кетті. Табиғат­тың бұл құбылысы да жаудың алқымынан алып, оны мынау партизандар­мен қосыла, бірге қылқындырғалы тұрған тәрізді.

– Соға түс! – дейді ішінен көпірдің өкпе тұсында аяқ-қолын жинап, дұшпан желкесіне қырандай қона түсуге дайын отырған Павел бастаған топ. Оның жанында қапқа толтыра тол салып, мойнына асып алған Батырхан отыр. Біріне-бірі жабысып, бір уыс қана болып, жаудың шебін бағып, олар «Ә!» десе, «Мә!» дегелі, тек командирдің белгісін ғана тосып жатыр. Бүгін бұл айқаста Тамара неде болса, Павликпен бірге болуды қалап еді. Қазір енді бұлар жаумен бетпе-бет кездесетін, күш салысатын сын алдында тұр. Осы сын сағатын аман-есен өткерсек деген ақ үміті бар, ішінде шоқтай маздаған махаббат қуанышы да бар: ол Павликтің бауырына тығылып алған. Кеше кеште, штаб сыртындағы сайда отырып, екеуінің көптен айтылмай жүрген сырларын шертіскені де есіне түсті. Павлик сонда бұған айтарын айтып та салған: – Шын жақсы көресің бе? – деген Тамара. – Ту, «жақсы көремін деу» сен үшін тіпті аз. Мен са­ған ғашықпын, – деген Павлик. Ол екеуі біржола сүйісіп табысқан. Екеуі соғыс бітісімен өмірлік дос, мәңгілік бірге болатын адал жар болуға уәде байласқан. Кеше ғана екеуі құшақ айқастырып, ең алғаш рет Павлик Тамараның жібектей үлпіл­деген ақ тамағынан сүйген, тілінен бал алысып, бір мастық буына берілген. Кешегі кеш – сондай бір мағыналы кеш еді. Енді, міне, алда екі талай кезең, мұнарлы күн, жаумен айқас тұр. Олардың бақыты мен махаббаты оттан аман шыға ма? Осындай зор сын, қайқаң асу, қанды жол жатыр алда... ІІІ Жылбек басқарған бөлім де Белинковичи станциясына жақын ұрымтал жерге келіп тоқтады. Бірден-екіден бөлініп-бөлініп, ұзыннан ұзақ темір жол бойында сап түзеді. Жамал арқалаған тонын шешіп, етпетінен жата қалды, күрегін алып, рельстің астына әр жерден тол сыятындай етіп, алақандай-алақандай шұқырлар қаза бастады. Сөйтті де, қопарғыш толды әр шұқырға бөліп, рельстің астына тықты. Толды тұтандыратын шақпақ шұқырды ат жүгендегендей, толға кигізіп, тартып қалғанда бұрқ ететін етіп дайындап қойды, өзі темір жол түбінде, оқшауырақ бұғып жатты. Жамалдың оң жағында, жүз метрдей жерде, Шура, сол жағында, нақ сондай ғана жерде Володя жатқан болатын. Олар да қомандирдің беретін белгісін күтіп, атыла қоюға әзір еді. Дайын емес бір жан жоқ. Бұл өзі қалың нөпір көп адам, ал істері, бағыты, алдағы қимыл-еркі бір ғана адамның тастүйін тұлғасындай. Комиссарда да тыным жоқ, нақ бір сол тастүйін тұлғаның бүкіл денесіне қан таратушы, нәр таратушы тамырдай, әр бөлімге, әр партизанға бір

барады: «Дайынсыңдар ма, туыстар!» деп барады. Сөйтіп, Петр Василье­ вич Лебедев темір жол бойындағы адамдардың даярлығын тексеріп шықты. Шабуыл басталатын уақытқа он-ақ минут қалғанда, ол темір жолды қуалап, сонымен қатарласа жүретін тас жол төңірегіне келді. Сонда окоп қазып, бекіністе жатқан бөлімге барды. Бұлар бекініс құрған дөңестің алды тақтадай жазық екен. Жауды бұл маңайға жолатпауға бо­ лады. Бекініс биікте, жау жазықта. Бұл жақсы-ақ! – деп ой­лады Лебедев. «Жау бөлімдері темір жолмен жүре алмайды. Көпір жоқ. Ол қазір талқандалады. Бронепоезы да қозғала аламайды. Сонда қайтеді?» деп ойлады Лебедев. «Сонда олар тас жол­мен машинамен өтуге әрекет жасауы мүмкін. Ендеше тас жолды да қолда ұстауымыз қажет. Қалай болған күнде жау­ды еш жаққа жібермей ұстау керек. Олар қалада тұрған бөлімдерін де көпір айналасындағы гарнизонға көмектесуге шақыруы ықтимал. Мейлі! Келсін!» Тас жол бойында жатқандарға Лебедев күш бере сөйледі. – Қазір, мына сендерге темір жол рельсін істен шығарысымен, Ақәділовтың бөлімі көмекке келеді, – деді. Жел дауылға айналды. Ышқынып, үйіріліп, ойнақ салып ішін тартып тұр... Жерге етпетінен жабысып жатқан Володя ішінен: «Соқ дауыл! Соға түс! Сен де көмектес бізге» – деп қалды. Сол сәтте, аспанға атылған қызыл ракета көрінді. Сол ракета «шабыңдар жауға, жойыңдар оны!» – деп, жар салып бара жатқандай болды. Дүние азан-қазан, астан-кестен болды да қалды. Бірінен соң бірі жарқ-жұрқ етіп жарылған тол жер қыртысын қақы­ра­тып, әлем біткенді күңірентіп, дірдек қақтырды. Пулемет пен автоматтар да сақылдап, жалын құсып, гүрілдей жөнелді. Екі жақтың да ерсілі-қарсылы ысылдап, сумаңдай ұшқан оғы жер бетін тұс-тұстан осып-осып өтті. Қара жер ыңыранып, өксіп қоя бер­ген сияқтанды. Темір жол гүрс-гүрс етіп, ана жерден де, мына жерден де тас-талқан болды. Бронепоезд өте алмай, өкіріп-бақырып орнында тұрып қалды. Алға қарай бір қадам баса алатын шамасы жоқ. Жау да жандәрмен іске кірісті. Станция бойындағы ба­тальон шабуыл­ ға шығып, партизандар шебін бұзып, көпірдегі бөліміне өтуге көп әрекет жасады. Бірақ бірнеше шабуылы қанға көміліп, көптеген адамының өлімімен тынды. Енді қардай жауған партизан оғы жаудың басын көтертпей қойды. Партизандардың әрбіреуінің бойына осы сапар алып күш біткен сияқты. Бұлардың шебі болат тор құрып қойғандай шыңдала, күшейе түсті. Алыс-жұлыс басталғалы бір сағаттан асып кетті. Екі жақ та күңіренте соғып тұр. Бір мезгілде жау бөлімдеріне жаңа күш қосылғаны да байқалды.. Жау тас жолды қоршап жатқан партизан бөліміне шабуылды еселей түсті. Оқ нөсердей жауып кетті. Бас көтертпейді. Мұны сезген парти­зан

бөлімдерінің оң жақ қапталда жатқандары да тас жолдағы бөлімге көмекке келді. Партизан бөлімдері кенет атуды тоқтатып, қараңғы түнде үні өше қалған пулеметті алдыңғы жаққа кезеп, жым-жырт жата қалды. Енді осы толасты сезінген жау әскерлері станцияны қақ жарып, алдыартына қарамай бірнеше машинаға тиеліп алып, тас жолмен жөңкітіп келе жатқан түрі бар. Алдында жеңіл машинаға мінген, өзінше батырсынған біреуі келе жатты. Қараңғыда жеңіл машинаны тани кеткен Володя: – Мына келе жатқан, жаңылмасам, Ранкенаудың машинасы, – деді. – Онда, сәтінің түскені-ақ! – Мина қойылған жол бөлшегіне, сөйткенше болмай, адам тиелген бірнеше жүк машинасы шыға келді. Сол-ақ екен, Володя Ранкенаудың жеңіл машинасын өткізіп жіберді де, қолындағы қос шнурдың екі басын қоса қойды. Аспан да, жер де гүрс-гүрс етіп, құлақты жарған ащы дауыс шықты. Қара жер дір ете қалды. Жау солдаттары отырған алдыңғы машина әуе екпінінен ас­ панға ұшты. Машиналар аспанға көтеріліп барады да, борша-боршасы шығып, қайтадан жер сүзеді. Істің қиынға айналғанын сезіп, жаудың арт жағындағы машиналары кейін қарай жалт берді. Ранкенаудың машинасын Володя минадан әдейі аман өткізіп жіберген болатын. Енді ол жеңіл машинаны оң бүйірінен бронь тесетін оқпен моторын көздеп басып-басып қалды. Машина пыс-пыс етіп, бірден кілт тоқтады. Өкпе тұста жатқан партизандар бірден жеңіл машинаны қоршап алды. Машинада отырған Ранкенау торға ілінгенін бірден сезіп, ыршып жерге түсіп, бастабында айбар көрсетті. Күні кеше фюрерден атақ алған полковник емес пе, құтылып кетпек болды ма, әлде әбден күші мен еркін жүріп қалғандықтан бұл жұртты менсіне қоймай жатыр ма, әйтеуір, ай­ нала атысуға бел байлап өзінше автоматын ойната жөнелді. Оның ойы аз да болса, партизандарды маңайына дарытпай қарсыласу, тойтарыс бере тұру еді. Соңында қалған неміс бөлімі атакаға шығып, өзін босатып алады деген үміттен де құр алақан емес-ті. Партизандар негізгі күшін осы жолдың маңына салып, неміс бөлімдерін ілгері жібермей ұстап тұрғанын асқақ полковник ескере қоймаған. Володя бұқпантайлап машинаның екінші жағынан келді. Шофер оққа ұшқан екен. Машинаның екінші бетінде Ранке­нау автоматын безіл­детіп отыр. Володя бүркіттей оның үстіне қона түсті. Дәл осы кезде Володяға көмекке Шура мен Жылбек те жеткен-ді. Ранкенаудың автоматын, басқа да қару-жарағын Володя сыпырып алды. – Полковник мырза, – деді ол кекетіп, – атысып әуре болма­ңыз! Солдаттарыңыз да жетіп жатыр ғой!.. Олар бірден Ранкенауды сүйреп шығарды, кейінірек бір тасалау жерге дедек қақтырып ала жөнелді. Қызыл ракета көрінісімен, мана көпірге де шабуыл басталған. Петр Иванович Шилин бастаған бөлім борап тұрған оқтың астымен шабуыл­

даушылардың жолын ашуға кіріскен. Сым темірден құрылған торды ол бірнеше жерден кесті де, мина ұстайтын аппаратпен жолды мина ауы­ нан арши баста­ды. Бұлар жолдың ең соңғы бөлшегін минадан тазартып бола бергенде, Шилин жатқан жерге жау снаряді гүрс ете қалды. Снаряд жарықшағы Шилиннің бір қолының басына тиді. Қан бұрқ ете қалды. Өзінің жараланғанына қарамастан ол алға ілгерілей түсті. Партизандар жан-жақтан андыздай көтеріліп, шабуылды үдете түсіп, алғы бөлімдері жаудың бекінісіне де жетті. Немістер енді бұл жақтағы бекіністерін тастап, темір жолдың екінші бетіне қарай шегінді. Мұны бақылап жатқан Павел Смирнов бөлімшесі ілгері қарай жүгірді. Көпірге жақын, ұрымтал жерге келді де: – Бізге көпірдің оң жақ діңгегіне жету керек. Кеттік! – деп қасын­ дағылардың алдына шығып, еңкейген бойы жүгіре жөнелді. Павел келе көпірдің жуан діңгегіне жабысты. Батырханның арқа­ сындағы тол толтырылған дорбаны Тамара үшеуі жоғары көтеріп, діңгектің бір жағына ұзын сыммен қапсыра байлады. Өзінің арқалап келген толын да діңгектің екінші бетіне ілді. Сөйтті де, жарғыш запалға от алғыш шнурды кигізді. Қалтасынан сіріңкесін алып, Павлик шнурды тұтатты да, «ал кеттік» деп кейін қарай жүгірді. Павлик орман шетіне жете бергенде, кеудесінен бір күш қағып қалғандай, абайсызда ұшып түсті. Қасында қатарласа жүгіріп келе жат­ қан Батырхан Павликтің жаралы болып құлағанын бірден біліп, оны арқасына жатқызып, ілгері қа­рай ала жөнелді. Тамара да бұлардан қалмай жер бауырлай берді. Павликтің бөлімшесі ұбап-шұбап орман шетіне жете бергенде-ақ, діңгекке байланған тол жарылып, дүниені күңіреніп, көпірдің жарты­сын екпінімен жұлып әкетті де, аспандатып жоғары шығарып, өзеннің суына апарып гүрс еткізіп бір-ақ қойды. Көпірдің аспанға ұшқанын көріп отырған Коротченко енді шабуыл­ды тоқтатып, кейін шегінуді бұйырды. Ақ ракета зырылдап аспанға тік ұшты. Темір жолдың әр жеріне ұзыннан-ұзақ қойылған сақшылар ақ раке­таны қайталап атып, лезде Белинковичи түбінде ұрыс жүргізіп жатқан Петр Васильевичке де жеткізді. Бұл белгіні көрген партизан бөлімдері келісілген межелі жерлерге қарай өз беттерімен лек-лек шегініп жатты. Батырхан жаралы Павликті көтерген бойы, оны дәрігерлік көмек көрсететін орынға алып келді. Бұл араға Тамара да жеткен. Бірақ ол тым халсіз күйде екен. Тамара өзінің жаралы болғанын ешкімге айтпаған көрінеді. Оның санына оқ тиіпті. Күн төбеге келіп қалған мезгіл. Межелі жерге партизан топтары жан-жақтан келіп жатыр. Жұрт көңілді. Аспанда бір шөкім де бұлт жоқ. Жайма-шумақ бола қалған. Тынық күн маужырап, көзге тыныштықтың жақындығын елестетеді. Тимофей Михайлович та жымыңдап, мұртынан күледі. Командованиенің тапсырмасын орындағанына ол да разы. Тек қана Павлик пен Тамаранын жараланғаны ғана көңіліне дақ салғандай.

– Жолдас командир, сіздің тапсырмаңыз бойынша Пав­лик пен Тамараның жарасын көріп шықтым. Ешқандай қауіп жоқ, екеуі де тәуір болады, – деді бригада дәрігері. Дәрігердің бұл жақсы хабары Тимофей Михайловичтің онсыз да көтеріңкі көңілін онан арман өсіре түсті. – Бұл жерде көп аялдауға болмайды. Ілгері қарай жүрген жөн, – деген бұйрық болды. Партизандар жүріп кетті. ІV Неміс әскерінің полковник формасында таза киінген Ранкенау­дың қазір басы салбырап кетіпті. Өз-өзінен ісініп, ешбір жанды менсінбей, жұрттың бәрін жұтып қоятындай ысқырып жүретін полковник қазір жүнделген әтешке ұқсайды. Қойын-қонышы толған қарудан да жұрдай болыпты. Оның қылышы мен пистолетін Володя тағып алыпты. Айдардан да, айбардан да айырылған. Оны күні кеше ғана өзі «партизансың» деп қинаған, шешесін өлтірген адамы – Володя алдына салып айдап келеді. – Мені қайтесіңдер? – «Адамгершілік» мінезіңді ескеріп, сені сый-сияпатпен үйіңе қайта­ рамыз!.. Шура күліп жіберді. Шаңқай түс. Күн шайдай ашық. Туған жердің биязы әуесі жанға тыныш, көңілге тоқ, мүлгіп қалыпты. Баяу соққан самал жел күмістей сыңғырлаған орман жапырақтарын ақ бас толқындай теңселтіп, жеңіл, сазды бір күй шертіп тұрғандай көрінді. Жел үні саусақтарынан бал тамған өнерлі күйшіге ұқсайды. Дәл осы бір күн – бейбітшілікті елестеткендей, келешек тыныштық өмірдің нышаны іспеттес еді. Жол әлі ұзақ, шегіне көз жетпейді. Бірі жаяу, бірі атта, енді бірі арбалы партизан лектері тасыған сеңдей, орман-орманды қуалап, шеру тартып келеді. Оларда бүгін сенім күшті, қуаныш та мол. Олар бүгін жауын жеңіп қайтты. Бұл өзі шағын ғана жеңіс. Бірақ осы шағын жеңіс келешек ұлы жеңістің мысалындай. Міне фашистың бір баскесері, Гитлердің бір сілімтігі Шура мен Володяның алдында келеді. Бұл екеуі қазір бір Ранкенауды ғана емес, бүтін фашизмді айдап келе жатқандай сезінді. Бұлар тұтқын жауды қақпалап, қалың орман ішіндегі соқпақпен ілгері қарай тарта берді.

ҚАПАСТАҒЫ ЖҰЛДЫЗДАР І С ол жылы Рославль қаласы ерекше көркейіп кеткен еді. Ұзыннан көсіліп жатқан көшелердің екі қапталы – қуалай өскен қалың ағаш. Жасыл жапырақ арасынан шашырай орналасқан аласа үйлер ағараңдап әзер көрінеді. Қаланың қақ ортасындағы мәдениет паркі «Бурцева тауы» деп аталады. Ондағы масаты кілемдей құлпырған гүл шоқтары адам көзін тұндырады. Алуан түсті қырмызы қы­зыл, ақ, сары гүлдер күн көзіне шағылысып, бой түзеген қыздай жүз құлпырып, қызылды-жасылды көрікке малынып, күлімдеп тұр. Лида сол паркты қақ жарып өтті. Ол иір-иір жар қабақты іргелей созылған терең сайдың дәл ортасындағы жіп-жіңішке «Шайтан көпір­ден» өтіп, аяғын жедел басып, үйіне қуанышты келе жатты. Аспанда ақ ұлпа бұлттар қалықтап жүр. Рославльдің жазғы бұлты – көбіне ақ торғын, ал қыстағы бұлты – көк қорғасын. Лиданың көзіне сол қысты күні қаңтар айындағы көк қорғасын бұлттар елес берді, гуілдеп соққан ызғарлы, суық желдің бетті қарып, көзден жас ағыза жаздағаны ойына түсті. Шіркін, қанша асау, қанша құбылмалы болса да, туған жердің табиғаты бәрібір әсем ғой. Бүгін ол машықты мезгілінен ерте қайтқан. Көңілі де шат. Ұшқын­­ даған тұнық көк көзінде ерекше бір қуаныш бар. Үйдің табалдырығын аттай бере, оның алдынан сіңлісі Зина шыға келген. Ол апасының жай­ дары жүзіне қарап: – Өзің көңілдісің ғой? – деп қалды. – Қалай біле қойдың? – Білмегенде ше, партияға өтіп, мүшелік билетіңді әкелгенде де осындай бір әндетіп, көңілді келген жоқ па едің? – Ендеше, жорамалың дұрыс, тағы бір куәлік әкелдім. – Қандай куәлік, көрсетші!

– Көруге тым ынтық болсаң, міне көре ғой! – деп Лида кітап арасынан алып, өзінің техникум бітіргендігі жөніндегі дипломын Зинаның қолына ұстатты. Сіңлісі дипломды қолына алып қарап: – Өзінің мұқабасы әсем екен, – деді. Мұның да аққұба жүзінде қуаныш бар. – Сыртын айтпа, ішін айт сен! Оның ішіндегі жазуы да әдемі. – Жақсыны көрмекке, – деп Зина дипломның ішін ашып көріп: «Лидия Андреевна Герасимова Рославль қаласындағы жеміс-жидек техникумының толық курсын сырттан оқып бітірді», – деген жазуды сыдыртып оқып шықты да, апасын бетінен сүйіп құттықтады. – Көп еңбектендім, әйтеуір еңбегім зая кетпеді. Ендігі арманым: осылайша сырттан оқып, жоғары білім алсам деймін. Әттең, мамам байқұс менің бұл қуанышымды көре алмай кетті-ау! – Енді қызметің де, еңбек ақың да өсетін болар? – деді Зина дипломды Лидаға қайтып беріп жатып. – Қызметтің жоғары, төмен болғанын қойшы. Әйтеуір, жұртқа пайдам тисе болды да. – Кісіге білім не үшін керек? Меніңше, ең алдымен өз басыңның бақыты үшін оқыдың емес пе? – Зина, сен тым ұшқары ойлайсың, өзгеге пайдаң тимесе, адамдығың қайсы? Сен де оқы. Білімің болса, сенің де халыққа пайдаң тиеді. * * * Нарттай жанған күн ұясына қонған шақ. Лиданың үйіне достары топтоп болып келіп жатыр. Олардың бірі гүл, енді бірі аз да болса, әртүрлі сыйлықтар әкеліп, Лиданың қолына ұстатып, бетінен сүйіп құттықтап жатыр. Қолында алқызыл гүл шоғы бар Владимир Ольхов кіріп келді. Ол вагон жөндеу заводында инженер. Лиданы жақсы көреді. Ольховты қыз да ұнатады. Екеуі сауық кештерінде, жиындарда талай кездесіп бірге болған. Жігіт сөзге де шебер. Қысылған жерде жол тауып кететін де мінезі бар. Сырт түрі бір рет көрген адамның есінде қаларлықтай келбетті, көздері ойлы. Шымыр денелі, күштен де құралақан емес екені байқалады. Лида бұл кешке ертерек қамданған. Арақ-шарабын да, тағам жағын да күн бұрын алып қойған. Жастар бірден сауық кешін бастап кетті. Стол тез дайын болды. Ең алғашқы тосты Володя Лиданың денсаулығы, бақытты болуы үшін көтерді. Біраз отырған соң жастардың бір бөлегі қос-қос болып билеп кетті. Енді бір тобы алқа-қотан тұрып ән шырқады. Күн бата басталған сауық кеші түн ортасы ауа бітті. Жұрт үйді-үйіне тарқап та кетті. Таң ата бір мызғып алғаны болмаса, Лида бұл түнді ұйқысыз өткізді. Бірақ талған жоқ. Денесі сергек. Қызара-бөртіп шыққан

күн шұғыласына қарап, әр нәрсені ойлап біраз жатты. Оның ойлағаны өзінің де, Зинаның да келешегі еді. Өзі арнайы білімі бар маман болды. Бұрын шебердің көмекшісі ғана еді, ал енді ше? Енді өзі цех шебері. Жауапкершілігі де, сүйрейтін жүгі де мол. Оны өз басының жайы емес, Зинаның жайы көп толғандырады. Өмірге көзқарасында өріс жоқ, тым бері ойлайды... Ол қасындағы столда жатқан сағатын алып қараса, жұмысқа ба­ратын уақыты болып қалған екен. Ерте тұру – күндегі әдеті. Бүгін де машықты уақытында жұмысқа кетті. Бұрын кел­ген дос­тары Лиданы алқа-қотан қоршап алып: – Кеше техникумды бітіріп, диплом алды дейді, рас па? – деп сұрауды бастырмалатып қоя бастады. – Қойыңдаршы, диплом алғанда не тұр? – О не дегенің, оқу бітіру үлкен қуаныш емес пе? – Сен сияқты ауыр жұмыста жүріп оқу бітіргендер кемде-кем шығар. – Сені шын жүректен құттықтаймыз! – деп қоршап тұрған жұрт Лиданың қолын алып жатты. Бірдің қуанышы көп­ке ортақ болатын бұл заводта бір әдет бар-ды. Сол әдеттеріне басып, Лиданың кішкене қуанышын көпшілік көтеріп әкетті. Көрші цехта істейтін ұзын бойлы, қатқан сары келіншек қасында тұрған қырма сақал, қызыл шырайлы жігітке бұрылып кеп: – Лида өте инабатты қыз ғой. Диплом алдым деп жұртқа жария да етпейді. Бір тоға, өсек-аяңмен ісі жоқ, өз жұмысын ғана біледі. Былтыр партияға мүше болды. Оған да мақтанып кетпейді. Анау жылы, есіңде бар ма, осы біздің қарсымыздағы көрші цехта әне бір едірейген жас жігіт, аты-жөнін ұмытып та қалыппын, Москваға барып келдім деп, жұмыскер­ лердің басына әңгір таяқ ойнатпады ма. – Иә, есімде, өзі бір есерлеу неме еді ғой. Әуелі, жұмысқа келмей, аяғында завод директоры жұмыстан шығарып жіберген жоқ па? Екеуі сөзден сөз тудырып, Лиданың бір басына жақсылық атаулы­ны үйіп-төкті. – Ол әлгі Андрей Герасимовтың қызы емес пе? – деді жігіт. – Иә, сол кісінің қызы. Өзі шынында да әкесіне тартқан Герасимов­ тың өзі де стахановшы емес пе еді. Қызы әкесінің ізін басайын деп тұр. Әлденеше рет Құрмет тақтаға жазылды, бағалы сыйлықтар да алып жүр. Қысты күні қалалық советке депутат етіп сайладық. ІІ Рославльдің шаһар іші ғана емес, сол жылы оның бүкіл айналасы да құлпырып кетті. Маусым айында қала маңындағы орман ағаштарының сұлу көркі жер жаннатына ұқсайды. Алуан түсті бояуға малынып, жүз құбылады. Сұлулығына көзің де, көңілің де тоймайды. Баяу соққан жел екпініне елбең қаққан жапырақ үні асыл жібек судырындай адам жүрегін қытықтап, бір рақат тыныштыққа бөлейді.

Сол бір маусым күнінде қалалық жеңіл өнеркәсіп орындары озат жұмыскерлердің слетінде орман байлығын адам баласының қажетіне пайдалану мәселесі талқыланып жат­ты. Сол слетке Лидия да қатысқан. Ол тек қатынасып отырушы ғана болған жоқ, өз жұмыс тәжірибесін көпшіліктің алдына тартып, ортаға салды. Сөзі де жатық шықты. Мақалдап, мәтелдей сөйлеп кеткенде залда отырған жұртты таң қалдырды. Ол өз қолымен шебер жасалған көркем кестелерді қабырғаға іліп қойып, әр бұйымның үлгісін көрсетіп те жат­ты. Алуан түсті жемістерді өсіру, сақтау, кептіру тәсілдерін де, оның биологиялық қасиеттерін де, жемістен консерві жасау жолдарын да мүдірместей айтып берді. Оның сөзіне ри­за болған жұрт әлсін-әлсін қол шапалақтап, мақұлдап отыр­ды. Сөзін бітірген Лида мінбеден түсерде тыңдаушыларына бас изеп, ырзалық білдірді. Слет біткен күнгі кеште қаланың жас өнерпаздарының күшімен концерт берілді. Ең алдымен талдырмаш денелі, көк көйлек киген қыз сахнаға шығып, ұяң даусымен гармоньға қосылып ән шырқады. Одан кейін орта бойлы, қызыл шырайлы қыз нақышына келтіре тартылған күй сазымен ырғалып билеп шықты. Талдырмаш жіңішке денесі діріл қағып, мың бұралады. Сол биші қыздың жұпар атқан хош иісіне, майысқақ қимылына, ойнақы қылығына елтіген жұртта үн жоқ, тынып қалыпты. Қыздың тілерсегіне дейін түскен жібектей ақшыл сары шашы электр шамы жарығымен шағылысып, алуан түспен құбылады. Тал шыбық денесі, үлбіреген беті адам көзіне қолдан әдейілеп құйғандай елестейді. Сол мүсінді денесіне көтеріңкі келген кеудесі, жайнаған от­тай тұнық көзі, кіршіксіз ақ жүзі ерекше ажар беріп тұрғандай. Бұл қыз – басқа ешкім де емес, өзімізге таныс Лида Андреевна болатын. Концерттен қайтқан жастар кеш ұйықтап, жай тұрды. Лида мен Зинаны Андрей Иванович оятты: – Жұмысқа бармайсыңдар ма, бұл не жатыс? Екі қыз тез тұрып, әкенің әзірлеп қойған асын ішіп, далаға жүгірісе шықты. Үй мен завод арасында Зина әлсін-әлі Лидаға: – Мынау бір алыстан әкелінген әтір ғой, мұны саған кім әкеп берді? Біздің қалада мұндай әтір жоқ, – деп тыныштық бермеді. – Айтшы, саған мұны кім берді? – Кім әкеп берсе де, екеуімізге ортақ нәрсе ғой... – Әтір ортақ болар, бірақ әкелген иесі сенің ғана меншігің шығар, – деп Зина күлкісімен маңайды басына көтерді. Ойларында бөтен ештеңе жоқ, осылайша күлкілі әңгімемен завод қақпасына таяп қалғанда бір суық сөз Лиданың құлағын жарып жібере жаздады. – Соғыс! Соғыс! Германия бізге қарсы соғыс бастапты... Заводтың іші-сырты опыр-топыр, жүгірінді жұрт. Не істеп не қоятынын өздері де білмейді. Істеп тұрған жұмыстарының да берекесі жоқ. Қиюы қашқан бір тіршілік. Бет-әлпеттері лезде қайғы-қасіретке тола қалған. Қабақтары қатыңқы. Біреуінің әкесін, енді біреуінің ағасын, не інісін

әскерге шақырып қағаз да келіп үлгірген. Жылап-сықтаудан екі көзі қыпқызыл болғандар да бар. Көп ұзамай завод жұмыскерлері есік алдындағы шағын алаңға жиналды да, онда қысқа ғана митинг өтті. Митингіні ашқан завод партия ұйымының хатшысы Андрей Васильевич Беляев орта бойлы, тығыршықтай келген семізше жігіт еді. Ол мінбеге шығып, жиналған жұртты үлкен көк көзімен бір шолып өтті де: – Жолдастар, – деді – бүгін бейбіт жатқан біздің елімізге неміс фашистері кенеттен шабуыл жасады. Бейбітшілік шартты бұзды. Шека­ радағы біздің әскер бөлімдері жауға тойтарыс бере отырып, қарсы атакаға шығып, неміс әскерінің көптеген қару-жарақтарын қолға түсіріпті. Ал бірнеше жерде қызыл әскердің қаһармандық карсылығына қара­мас­ тан жау әскерлері Совет елінің шекарасын бұзып өтіп, баса көктеп келе жатқан көрінеді. Біздің міндетіміз әскерге азық-түлік өндіру ісін жедел қолға алып, заводты соғыс қажетіне лайықтап тез арада қайта құру болып табылады. Біздің көптеген жұмыскерлерімізді қазірдің өзінде әскерге шақырып жа­тыр, олардың ішінде озат жұмыскерлер де бар, – деп атыжөндерін де атап өтті. Сөзінің соңында хатшы әскерге жүретін азаматтарға жеңіспен аманесен келуді тіледі де, қалған жұмыскерлердің жеңіс үшін еселей жұмыс істеуінің қажет екендігіне тоқталды. Андрей Васильевичтен соң бірнеше жұмыскер сөз сөйлеп, опасыз жауға лағнат айтты. Өздерінің жауды жеңу жолында аянбай қажырлы еңбек ететіндігін білдірді. Митингіде Лида алдыңғы қатарда тұрды. Ол сөйлеген жоқ. Ашу-ызасы ішкі өзегінде булыққан қыз өз цехындағы жұмысын бастай беріп еді, ентігіп, жүгіре басып келген біреу: – Лида, сені папаң тез келсін депті, ол кісіні әскерге шақыртып жат­қан көрінеді, – деді. Бұл хабарды ол күткен де еді. Өңі сұрланып, қасындағы көмекшісіне мені жоқтатпай, жұмысты істей бер деп тапсырды да, жүгіре басып үйіне кетті. Лида үйге кіріп келгенде алдыңғы бөлме толы адам екен. Олардың бәрі де Андрей Ивановичті шығарып салуға келгендер. Ішінде Володя Ольхов отыр. Басқалары Андрей Ивановичтің өз достары. Әр нәрсені айтып гу-гу етеді. Стол үстінде әкесінің көптен бері ішілмей тұрған бір литрлік қол­дан ашытқан арағы тұр. Өткен қыста сойылған шошқаның сүр майын кесеккесек турап, жайпақ тарелкеге салыпты. Үн-түнсіз безеріп төмен қа­рап, бір нәрсені ойлап отырған Володя Лиданы көріп ұйқыдан оянған адамша селк етіп орнынан тұрды да, оған қолын созып амандасты. – Саған не болған, басыңа іс түскен кісідей тұнжырап отырсың? – деді Лида, оның қолын ала беріп. – Андрей Ивановичті әскерге... – деп сөзінің соңын жалғастыра ал­ май, жұтып қойды ол. – Ел басына мынадай күн туғанда қайғының өзі бір дұшпан. Ертең сенің өзіңді әскерге шақырғанда қайтесің? Қайғырма, сен тұрғай әйел мен де, қайғыдан қашып, қайратыма мініп тұрмын...

– Жоқ, мен қайғырып тұрғаным жоқ. Мына ауыр жағдайды ойлап отырмын. – Иә, бәсе, – деп, Лида Андреевна төргі бөлмеге кірді де, тез ауыз үйге қайта оралды. Стол үстіне тұздалған капуста, қияр, помидор әкелді және өткен кеште өзі пісірген ақ нанды ортасынан бір бөлді де, отырған кісілердің ал­дына кесегімен қойды. – Жолың болсын, майданнан аман қайтып, осы үйде жұбымыз­ ды бұзбай кездесетін болайық, – деп төрде отырған егде тартқан қауға сақалды кісі орнынан тұрып жұртқа бір қарады да, қолындағы шарабын ішіп жіберді. Және арақ ішкенін ақтап та жатыр: – Бұл шіркіннің осындайда уайымды қуып, көңілге желік беретін, жаяуға көлік беретін күші бар, ішіңдер бәрің де!.. – Айтқаныңыз келсін, аман-есен оралатын болайық. Осы мені шы­ ғаруға келіп отырған жұрттың көпшілігінің қолында шақыру қағаз­дары бар. Бірі бүгін, енді бірі ертең Отан қорғауға аттанады, – деп, Андрей Иванович отырған жұртқа қайрат бере сөйледі, – артымда екі қызым қалып барады, сіздерден сұрайтыным: осы екеуіне бас-көз бола жүріңдер. – Папа, сіз бізді тапсырып жатырсыз, бізді де әскерге алып кетсе қайтесіз? – Қыздарды ала қояр ма екен? – Алғанда қандай, біздің заводта істейтін бірнеше қызды бүгін-ақ шақырды. – Олардың медицинадан хабары бар адамдар болар. – Иә, оныңыздың да жөні бар. Олар қысты күні қызмет істей жүріп, медучилищенің жанындағы курсты бітірген. – Бәсе, солай болу керек. – Папа, сіз бүгін кетесіз бе? – деді бағанадан бері үндемей отырған Зина. – Біздің эшелонымыз ертең жүретін болуға тиіс. Үйден ертеңгі сағат бесте кетемін. – Киім-кешегіңізді дайындадыныз ба? – Дайындап қойдым. – Жолыңызға тамақ салып алыңыз. – Әскер тамағы жолда. Өздеріңе де тамақ керек болып қалады. Он­ ша көп ештеңе алмаймын, – деп, Андрей Ивано­вич екі қызының беті­нен кезек-кезек сүйді. Бағанадан бері үнсіз, үлкендердің сөзін ілтипатпен тыңдап қал­ ған Володя қарсы алдындағы Лидаға отты көзімен тесіле қарап, сәл отырды да: – Мен бір-екі ауыз сөз айтқым келіп тұр, – деді. – Қисыны келмесе, ғафу етіңіздер. Соғыс деген сөзді құлағымыз естігені болмаса, көзбен көрмеген едік. Жау сурапыл сойқанды бастады. Міне, бүгін, халқымыздың

адал, ардагер ұлдары майданға аттанайын деп жатыр. Отан қорғау ісі – осы отырған адамдардың бәр-бәрінің ардақты борышы. Осы тос­ты Отан үшін, майданға жүріп бара жатқан, бәрімізге әкедей болған Андрей Ивановичтің денсаулығы үшін, осы жер­де отырған жұрттың бәрі жеңіспен қайта оралып, осы үйде кездесуі үшін алып қойсақ, – деп ол қолындағы рюмкасын көтеріп, Андрей Ивановичпен соғыстырды. Мұндайда арақ та серік, күй мен ән де серік. Жиналған қонақтар көңілді отырсын деген оймен Володя төргі бөлмеде тұрған гармоньды алып шығып, терезенің түбінде тұрған скамейкаға отырды да, безілдете жөнелді. Біресе гармонь әуенін аспандата шырқатып, біресе бәсеңдете баяу саз төгіп, құйқылжыта құбылтады. Гармонь тартуға шебер-ақ екен. Шалқайып құлаштай тартқан гармонның ащы үні алысқа кетіп безектеп тұр. Гармонь үнінен біреу атқа мініп: «аттан-аттан, ел шетіне жау келді», деп үйді айнала шауып жүргендей елес береді. Соғыс хабары кімге болса да оңай болған жоқ. Ал Володяға тіпті ауыр тиді. Беймаза, шәркез сезім баураған ол тіпті көпке дейін есеңгіреп, не істерін білмей дағдарып қал­ды... Ертеңгі күнін ойлаған жұрттың көңілі ойпыл-тойпыл, кеуделерінде бұлқынған ыза мен кек. Олардың қазір би билеп, ән салуға зауқы да жоқ. Володя гармоньды біраз безілдетіп алды да, баяулатып барып тоқтатты. Күндіз кел­ген жұрт түнге дейін отырып ақыры үй-үйлеріне тарады. Володя да гармонын көтеріп, көзге түрткісіз қара түнді жамылып үйіне қайтты. Ұзын көшені бойлап ілби басып, ойға шомып келе жатты. Жүйрік қиял біресе оны майдан тасқынына апарып көміп жібереді, енді бірде майдан тылында жүйрік машинаға мініп зымырап кетіп бара жатқандай сезінеді, Енді бір заманда сүйген жарын қолтықтап, кешкі ала көлеңкені жамылып, би алаңына кетіп бара жатқандай болады. Ойы қырық құрау болып келе жатқанда қараңдаған біреудің тұлғасы көзіне шалынды. Күтпеген жерде кездескен белгісіз бейне Володяны селк еткізді. Ол жақын келіп қалған екен. Володя бұрылып жол берді. Қатарласа беріп қарап еді, өңін шырамытқандай болды. Түн жамылып жалғыз өзі келе жатқан Нина Чистякова екен. Ол да осы қаладағы май заводында жай қызметкер болып істейтін. Володя оған қол беріп амандасты. – Қараңғы түнде келе жатқан, Нина, сен екенсің ғой. Осынша кеш қайдан келе жатырсың? – Өмір шырқы бұзылды ғой, – деп Нина күрсінді, – қайдан келе жатырсың дерің бар ма? Мен де бір інімді әскерге жөнелткелі жатырмын. Соның қамымен түн қатып жүргенім ғой. Түн баласында бұрын шамы жарқырап, жайнап тұратын қаланың сұрқы да қоп-қоңыр, сүреңсіз. Қараңғы түнді жамылып мүлгіп тұрған далаға ұқсайды. Асыр салып ойнап жүрген жастар да, түнгі жұмыстан оралған адамдар да көзге көрінбейді. Осы шаһар биыл тым көрікті болып кетіп еді. Бой жасаған екен. Нина мен Володя біраз соғыс жайын сөз етті.

– Ал, енді сау бол, асығып тұрмын, – деп Нина Володямен қоштасып, ілгері жүріп кетті. Қонақтарды шығарып салып, төр үйдегі өзінің төсегіне жолаушы жүрер алдында ақырғы рет жатып, аунап-қунап алғысы келген Андрей Иванович түні бойы көз ілген жоқ. Оның көз алдына майдандағы қауіпқасіретке толы күндер елестей берді. Үйінде қалып бара жатқан Зина мен Лиданың келешегі жанына батып, жүрегі аузына тығылып, тұманды күні бұлдырап көрінетін бір күңгірт сәуле көз алдынан кетпей қойды. Аспанды торлаған жау самолеті, жерге қарай сорғалаған бомбалар, аспан өңірін тілгілеген, жер қыртысын қопарған снарядтар елестейді әлсін-әлі. Бір мезгілде сағат қоңырауы безек қағып шырылдай жөнелді. Бұл – тұратын мезгіл болды деген белгі. Орнынан тұрып, шырт ұйқыда жатқан Лиданы иығынан түртіп оятты да, өзі беті-қолын жуып, таңертеңгі асқа отырды. Әкесіне шай құйып отырған Лида сіңлісінің бетіне қараса, оның көзі қып-қызыл боп ісіп кетіпті. Әлі де көз жасын тыяр түрі жоқ. Оған қарап Лиданың өзінің де көңілі босап, екі көзінен ыстық жас бұрқ ете қалды. Андрей Иванович орнынан тұрып: – Жыламаңдар, басқа түскенді көрерміз. Жылаудан ештеңе шықпайды. Өйтіп мені алып қала алмайсыңдар. Уақыт болды, жүр кеттік, – деп қабын арқалап, есік алдына шықты. Станция басы ығы-жығы адам. Жылап-сықтап жүрген жұрт. Гу-гу етіп, бірінің сөзін бірі тыңдамайды. Сол көп адамның ішінде Андрей Ивано­вич та Зина мен Лиданың ортасында тұр. Үшеуі жұбын жазбастан көп тұрды. Бір мезгілде топтың ішінен бұларды іздеп шарқ ұрып жүрген Во­лодя шыға келді. – Мен манадан бері сіздерді іздеп таба алмай жүрдім, сізбен қош­таса алмай қаламын ба деп жаман сасқаным, мына көпшіліктің ішінен тауып алғаным қандай жақсы бол­ды, тым болмаса жүз көрісіп қалатын бол- ­дым, – деп Воло­дя Андрей Ивановичке қарап, көзіндегі іркілген жас там­ шы­сын көйлегінің жеңімен сүртті. Таң атуға жақын. Адамдар бірін-бірі дауысынан ғана таниды. Бір эшелон әскер жаңа ғана аттанған. Батысқа қа­рай ағылып жатқан әскердің санында есеп жоқ. Үсті-үстіне еселей түседі. Осы қазір тағы бір эшелон кетуге тиісті. Қараңғы түнде топты қақ жарып шыққан біреу: – Әскерге алынған жолдастар, вокзал алдындағы алаңға шығып, сапқа тұрыңдар, – деп дауыстады. Көп ұзамай поезға отыру басталды. Әскерлер топ-топ болып қызыл вагонға кіріп жатыр. Андрей Иванович Володямен туған баласындай құшақтасып қоштасты. Онан соң қасында ботадай боздап жылап тұрған Лида мен Зинаның беттерінен сүйіп, кезек-кезек құшақтады да, онан әрі шыдай алмай, вагонға қарғып мінді. Тек бір заматта вагонның ашық терезесінен мойнын созып дауыстап, Лида мен Зинаны, олардың жанындағы Володяны шақырды. Бірақ жарытып ештеңе айтып үлгірмеді. Эшелон ақырын қозғалып, бірте-бірте жүрісін үдетіп, қою қараңғылықтың қойнына батып кетті.

ІІІ Жас шақта жарқын жолдарынан тас кедергі кездесіп, тағдыр ноқтасын киген Лида мен Зина екеуден-екеу станциядан қайтты. Жол бойы бірінебірі тіл қатыспады. Таң бозарып атып келе жатқанда үйге жетті. Ауыз үйдің табалдырығын аттасымен Лида оң жақта тұрған төсекке киімін шешпестен құлай кетті. Бірақ, көзін іле алмады. Ойы шартарапты шарлап, алды-артын орағытып шықты. Әзірге көңілге тиянақ болатындай түйін табылмады. Әке болса, талай қырандар басын өлімге тосып жатқан ашық майданға аттанып кетті. Оның келешегін ең бір білгірмін деген тәуіп те болжап айта алмайды. Сіңлісі екеуінің күні не болады? Тұнық аспанды лайлап, жау шабуылы шығысқа қарай барған сайын жақындап келеді. Бұл қалаға соғыс дүбірі тез жетті. Бомба дүмпуінің естілуі де жиілеп кетті. Мұндай әлем-тапырық кезде өзінің орны қайда болмақ, тағдыры не күйге ұшырайды? Ақыл берер, бағыт сілтер кім бар! Сондай оймен Лида көп жатты. Бір мезгілде қолындағы сағатына қараса, жұмысқа баратын уақыты да болып қалған екен. Ол орнынан тұрып, төсегін жинап, төргі бөлмеде жатқан Зинаны оятты. Апалы-сіңлілі екеуі асығып-үсігіп жұмыстарына кетті. Завод цехының кіре берісіндегі киім ілетін шкафқа Лида таза киімдерін шешіп ілді де, жұмысқа деп мол тігілген қа­ра комбинезонын киді. Солақ екен, ол түні бойы шаршап-шалдыққанын да, реніш-күйінішін де, жылап-сықтағанын да ұмытып кетті. Қайнаған жұмыс толқыны аяғын жерге тигізбей, ойға да жібермей, дедек қаққызып ала жөнелді. Заводтың көптеген жұмыскерін кеше әскерге аттандырыпты. Олардың орнын басатындар – әйелдер. Әр адам екі-үш кісінің міндетін атқарып жатыр. Лида да үш адамның өндіретін өнімін бір өзі беруді көздеп, қасындағы басқа цехтың жұмыскерлеріне көмектесіп жүр. Түскі үзілістен кейін завод парткомы: «Лида, сізді сағат беске қалалық партия комитетіне шақырып жатыр. Бармай қалуға болмайды. Міндетті түрде барасыз» деген хатты қолына ұстатты. «Бармай қалуға болмайды!» Лида хаттың дәл осы бір жерін тағы бір қайтара оқып шықты. «Жұмыс уақытында бұл не шақырыс? Не үшін керек бо­лып қалдым? Аяғымды шалыс басқан жерім жоқ сияқты еді ғой. Әлде, басқа бір жерге жіберейін деген ойлары бар ма? Соғыс болса мынау, көптеген адам туыпөскен мекенін тастап, шығысқа қарай босып жатқанына да талай күн бол­ды. Әлде бізге де тезірек бұл жерден кетіңдер дегісі келіп отыр ма? Жарайды, не де болса бара көрермін», – деп бекінді Лида. Түс ауып, сағат беске таянып қалған кезде Лидия Андре­евна жұмысын көмекшісіне тапсырып, таза киімін киді де, қалалық партия комитетіне кетті. Ол ұзын көшені бойлап жүріп отырып, қаланың қақ ортасындағы алаңның бұрышында жұмыр қарағайдан қиып салған, қызыл шатырлы екі қабат үйге келді. Бұл үйде бір-ақ рет болғаны бар. Онда да партияға мүшелікке алынған жолы келген. Міне, енді екінші рет келе жатыр. Ол

үйдің екінші қабатына көтерілді. Бұл кірген кабинетте кішілеу столдың басында жұпыны ға­на киінген, орта бойлы, сары әйел отыр екен. Ол кісі Лиданы көріп: – Келіңіз, жоғары шығыңыз! – деп жылы шырай білдіріп, танитын адамның аңғарын байқатты. – Сәламатсыз ба? – деп Лида тартынып тұрып қал­ды, – ғафу етіңіз, мен – Герасимовамын. Қалалық партия комитеті шақырып жатыр деген соң келіп едім. Кімге бар­сам екен? – Кім шақырғаны несі? Сізді шақырған – Сергей Павловичтың өзі болатын. Қазір осы жерде кішкене отыра тұрыңыз, мен ол кісіге сіздің келгеніңіз жөнінде айтып шығайын, – деп әлгі әйел оң жақтағы үлкен есікті ашып кіріп кетті де, ізінше қайта шықты. – Сізді шақырып жатыр, кіріңіз! Бұрын-соңды үлкен бастықтардың алдына барып көрмеген Лида есіктің табалдырығынан қалай аттағанын да білмей кабинетке кіріп барды. Оны алдынан сом денелі, ұзын бойлы, жасы қырықтан асқан, қою сары шашын шалқалата қайырып тараған адам қарсы алды. Оның теңіз суындай мөлдір көк көзі парасатты ақыл иесі екендігін бірден байқатқандай. Лида Андреевнаның қысылып тұрғанын сезген Сергей Павлович онымен қол беріп амандасты да, алдында тұрған орындықты нұсқап: – Отырыңыз, қысылмаңыз. Бұл өзіңіздің үйіңіз емес пе? – деп күлімсіреді. Лида отырған соң өзі де қарсыдағы орындыққа жайғасты. Сергей Павлович бірден шақырған жұмысын айтпай, жан-жақты орағытып, әр нәрсені сұрап, көп мәселенің басын шолып өтті. Ол майдан жайын да, қала өндірістерінің жай-жапсарын да өзінің ежелгі әдетімен асықпай-саспай, байыппен айтып шықты. Әңгіменің арасында Лиданың тұрмыс-халін, семья жағдайын, жұмыстағы табыстарын да сұрап отырды. Бір кезде ол біздің әскердің жауға аяусыз тойтарыс бере отырып, кейін шегінгенін де Лидаға жасырмай айтты. Уақытша жеңіске мастанып жау шабуылды еселей түскенін, көп шығынға қарамастан, біздің әскерлердің шебін бұзып, Березина өзенінен өтіп шыққанын да айтты. «Жау бөлімдері біздің қалаға да келіп қалу қаупі бар», деп бір түйді Сергей Павлович, сәл уақыт басын сипап, үнсіз отырып қалды. Орнынан тұрып, терезенің алдына барып, көзімен көшені бір шолып өтті. Содан соң қайта айналып, Лиданың қасына келді. – Лида Андреевна, сізден несіне жасырамыз, егер біздің қаланы жау бөлімдері басып алғандай болса, совет адамдары жау тылында жүріп оған қарсы күрес ұйымдастыруы ке­рек. Ол үшін қалалық партия комитеті сенімді-сенімді деген партия және комсомол мүшелерінің жасақталған бірнеше топты сақадай сай етіп қойғысы келеді. Сол топтың біреуін бастауға сізді қалдырсақ деген ой бар. Мұны сіз партияның тапсырмасы деп түсініңіз. «Жау ішінде қалдырсақ» деген сөзді естігенде Лиданың денесі тіксіне қалды. «Жау ішінде калу» – қандай сұмдық?!

– Ондай жұмысқа мен жарай қояр ма екенмін? Жасым болса жиырмаға жана ғана келді. Партияға мүше болғаныма да аз уақыт. Ондай жауапты жұмысқа тәжірибесі мол коммунистер лайық қой... – Біз, қалалық партия комитетінің бюро мүшелері, бұл мәселені жан-жақты ойластырдық. Мұндай жауапты жұмысқа сізді ең қолайлы коммунист деп таптық. Өзіңіз озат жұмыскерсіз. Завод коллективінің алдында беделіңіз күшті. Жұрт та сізге сенеді. – Егер, қалалық партия комитетінің шешімі солай бол­са, қалада қалуға мен әзірмін. Бірақ сіздерден сұрайтыным – бұл жердегі менің мінде­тімді дұрыстап үйретіңіздер. – Әрине, сізді ол жұмысқа осы бастан дайындаймыз. Үйретуге арнайы бөлінген адамдар бар. – Сізден менің тағы бір өтінішім бар. – Айтыңыз, қолдан келетін жұмыс болса орындаймыз. – Ол онша қиын да емес. Менің қасымда жалғыз сіңлім бар. Әкеміз болса әскерге кетті. Сол сіңліммен бірге болсам деймін. – Сіңліңіз қайда жұмыс істейді? – Вагон жөндейтін заводтың асханасында даяшы. – Жұмысқа қалай? – Жұмысқа өте ұқыпты. Асхана қызметкерлерінің ал­дында беделі де жақсы. – Олай болса, өзің шеш. Туған сіңліңді маңайыңа жолатпа деп айта алмаймыз. Бірақ біз сені ғана білеміз, саған ғана сенеміз. Мұндайда сенбеген адам сүйеніш бола алмайды. Егер сіңліңе өзің сенсең алып қал! – Сіздердің тапсырмаларыңызды орындауға тырысармын. Басқа не айтамын. Секретарь бұған салмақпен ойлана қарады да: – Сіздің өтінішіңіз орындалды. Енді менің де сізден өтінішім бар: осы әңгімемізді екеумізден басқа ешбір жан білуге тиісті емес. Әзірше ана сіңліңізге де айтпай қоя тұрыңыз. Бұл өте құпия тапсырма екенін түсініп отырсыз ғой, – деді. – Әбден түсіндім, Сергей Павлович, сіздің сенім білдіргеніңізге үлкен рақмет! – деп Лидия Андреевна орнынан тұра беріп еді, Сергей Павлович жымиып күлді де: – Сәл сабыр етіңіз, сізден тағы бір нәрсені сұрайын деп отырмын, – деп кабинетінің оң жағында тұрған темір сандықты ашты да, ішінен бір парақ қағазды алып, Лиданың қасына келді. – Сіз вагон жөндейтін заводта инженер болып істейтін Владимир Иванович Ольховты білесіз бе? – дегенде, Лида өте қолайсызданып, екі бетінің ұшы піскен алмадай қып-қызыл болып кетті. Сергей Павлович қағазға үңіліп отырып оның бұл түрін байқамаған тәрізді. Лида тез бойын жинап: – Иә, білем ол кісіні... Жақсы маман. Жұмысты да жақсы істейтін көрінеді, – деді.

– Ол майданға жөнелтілуге тиісті болатын, – деді сек­ретарь. – Бірақ, біз ол жігітті әзірге алып қалып отырмыз. Мүмкін, оған да тапсырма беріп, қаланы жау басып алғандай болса, тастап кетерміз. – Сіз жау басып алады дейсіз... біздің қалаға майдан шебі келмеуі де мүмкін емес пе? – Біздің қала теміржолдың үлкен торабы, ірі-ірі тас жолдардың да түйіскен жері. Сондықтан стратегиялық жағынан өте маңызды орын болып саналады. – Ол түсінікті ғой... Біздің әскер кейін шегінеді дегенге біртүрлі... сенгің келмейді. – Владимир Ольховты өте сенімді адам дедіңіз ғой? – Иә, өте сенімді адам. Бірақ ол партияда жоқ қой? – Партияда жоқ болса да сенуге болады. Сіздердің іштеріңізде біренсаран осындай адамның жүргені дұрыс. Секретарь бұған өзінің бір саптағы майдандасы, жауынгер ағасы сияқты көрініп кетті. Сондықтан Лиданың қазіргі бет ажарында қобалжу жоқ. Өз ойын ашық, жасырмай ай­тып отырды. Бұл жағдай Сергей Павловичқа да ұнады. Лида есікке қарай бұрылып: – Ғафу етіңіз, сіздің бұл сеніміңізге көп-көп рақмет! – деп Сергей Павловичпен қоштасып, шығып кетті. Әкесін майданға аттандырып қайтқан түні осы Лида «бізге ақыл берер, бағыт сілтер енді кім бар?» деп тынышсызданып еді. Қазір секретарьдың алдынан шығып бара жатқанда: «Е, бәсе, осылай болса керек еді!» деді өзіне-өзі. Лида үйіне келіп, қабырғада ілулі тұрған сағатқа қараса, кешкі сегіз болып қалған екен. Дереу керосинканы жағып, шайнекке су толтырып шай қойды. Шай қайнай бергенде есік алдында біреудің келе жатқан тықыры естілді. Іле аржағынан Зинаның дауысы шықты. – Есік ашық тұр, келе бер, – деді Лида керосинканың үстінен қайнап кеткен шәйнекті алып жатып. Кешікпей екеуі столға отырып, шай ішіп, ыстық картоп жеп ауқаттанды. Лида сәл үнсіздіктен кейін, Зинаға ойлана қарап сөз бастады: – Асханада істейсің ғой, келімді-кетімді кісі көп бола­ды. Не естіп, не білдің? Майдан жақтан не хабар бар? – Әркім әртүрлі айтады. Біреулері неміс Оршаға кел­ген дейді, ал енді бірі тіпті Смоленск қаласының түбінде қатты ұрыс жүріп жатыр дейді. Қайсысына сенерсің?! – Оршанды білмеймін, Смоленскінің түбінде ұрыс жүріп жатыр дегені бекер болар. Егер ол рас болғандай болса, Смоленск деген біздің Рославльден 35-ақ шақырым емес пе, онда осы жер әскерге толып кеткен болар еді. Әзірге ондайы білінбейді ғой. – Қайдан білейін, бүгін біздің вокзал әскерге толып кетті. Бірі келіп, бірі кетіп, сапырылысып жатқан жұрт. Тас жолда да ерсілі-қарсылы жүріп жатқан әскер бөлімдері.

Апалы-сіңлілі екеуінің қазіргі кезең жайлы әңгімесі онша ұзаққа созылған жоқ. Ең соңында Лида: «Қайғыра беріп қайтеміз, көпшілікпен бірге көрерміз, жатып дем алайық», деп әңгімені доғарған. Бірақ Лидада маза жоқ. Ол енді тапсырманы орындаудың әр қилы тәсілдерін ойластыра бастады. Оның Зинаға қойған сұрақтары да осы мақсат алдындағы кішкене бір барлау тәрізді. Күні бойғы қырық құрау әңгімені, көрген-білгенін, естіп көңіліне тоқығандарын сарапқа салып Лида көп жатты. Әсіресе оның көбірек ойлап, ақылға салып көргені – күндізгі қалалық партия комитетіндегі болған әңгіме. Алды толы қауіп-қатер, үзіліп кеткелі тұрған қыл көпір, аспанды жауып алған қара түнек тұман. Бәріне ақыл, тапқырлық керек. Ондай қатерлі өткелден өту үшін жалғыз ғана батырлық кемдік етеді. Айлакерлік керек, жағдайды дұрыс түсініп, қатесіз шешім қабылдау, тәжірибені керек етеді, ол Лидада жоқ. Алды толған қазулы ор, абайсызда аяғы тайып, түсіп кету қаупі де бар. Біреумен ақылдасуға да болмайды. Кім білсін, кейін қиын-қыстау заманда, ол ақылдасқан адамың сенімді кісі болып шықса жақсы, егер ұстамы жоқ, қорқақ, аузына сөз тұрмайтын жеңілтек кісі болса, кешегі Сергей Павловичтің айтқанының бәрі зая кеткені ғой. Ондай ұстамсыз адамдар жаумен ең алғаш бетпе-бет кездескен күні-ақ, қыспаққа шыдай алмай, өз басын қорғаймын деп жолдасының бәр-бәрін жіпке тізіп ұстап беретіні де хақ. Сондықтан Лида бағанадан бері жанын жеп, бүйіріне батып бара жатқан ойын еш жанға тіс жарып айтуға болмайды деп түйді. Ол еш нәрсені ойламай көзін жұмып, ұйықтап кеткісі келгенмен, оның ойына тағы бір жай қайта-қайта оралып, көкейіне түйіле берді. Ол күндізгі әңгіме үстінде Сергей Павловичтің мұнан Володя Ольхов жөніндегі сұрауы еді. «Ол кісі менен Воло­дяны неге сұрады? Әлде Володяның біздің үйге келіп жүретінін біле ме екен, болмаса біреу айтты ма екен?» – деген ой тізбегі көз алдынан керуендей жылжып өтіп жатты. «Несі бар, Ольховпен тізе қосып қиын-қыстау шақта қан­дай тапсырманы болса да орындауға болады. Ол өте ұстамды, сөзге берік. Сонда да оған кешегі болған әңгімені білдіре қоймаспын. Кешегі сурауына қарағанда Сергей Павлович Володяны да шақырып сөйлескен-ау өзі. Ал ол қайтер екен, маған болған әңгімені айтар ма екен, болмаса, үндемей жасырып қояр ма екен?» Таң сызаттанып қалған мезгілде Лида әбден талып ұйықтап кетті. Бірақ жайсыз ұйықтады. Қым-қуыт оқиғалар түсіне кіріп, бірнеше рет шошып оянды. Соңғы оянғанында қарсы алдындағы терезеден аспанды қалың қара бұлт құрсаудай торлап алғанын көрді. Таң атыпты. Ол төсектен тұрып, беті-қолын жуып, ертеңгі асын ішіп, жұмысқа кетуге даяр­ланды. Төргі үйдегі айнаға барып шашын тарап, үсті-басын дұрыстады. Бұл тұста Зина да оянды. – Сен бүгін ерте тұрып алыпсың ғой, қай уақыт бол­ды? – деді ол айнаның алдында шашын тарап болып, енді кетуге ыңғайланып тұрған Лидаға.

– Жұмысқа кетіп барамын. Сен бүгін жұмысқа бармаушы ма едің, неге қозғалмай жатырсың? – Бүгін менің бармайтын күнім. Күні бойы үйде боламын, – деп ол екінші жамбасына аунап түсті. ІV Ертеден бері аспанды торлаған қалың қара бұлт түске таман қоюлана түсті. Жауын бірден қатты жаумай, сіркіреп қана тұрған. Түс ауа үйіріле, еселей жауып, ең аяғында қалың нөсерге айналды. Бұл кезде Володя Ольхов өзінің қызмет істейтін вагон жөндеу заводының кеңсесінде өткен онкүндіктегі жоспардың орындалуы жөнінде ақпар жазып отырған. Бір кезде оның қарсы алдындағы есіктен жұпыны киінген бір кісі кіріп: – Завод директоры осында ма? – деп сұрады. – Ол кісі жаңа ғана цехқа шығып кеткен еді, сіз отыра тұрыңыз, мен қазір шақырып келейін деп, – хатшы қыз тез жүгіріп кетті. Бұл келген қалалық партия комитетінің секретеры Сер­гей Павлович Сидоров болатын. Ол директордың кабинетіне бұрыла берді де, оң жақтағы стол басында бірдеңе жазып отырған Володяны көріп: – Сәламатсыз ба? Мен Сидоровпын! – деп қолын беріп өзін та­ныс­ тырды. – Мен инженер Ольхов боламын, – деп ол да қол алысты. – Менің сізде бір шаруам бар еді, қалалық партия комитетіне шақырамын ғой деп ойлаған да едім, енді күтпеген жерде сізбен жақсы кездестік, – деп секретарь күле сөйледі. – Менің нендей керегім болып қалды? Жұмыс жөнінде болса, әр уақытта даярмын, – деп абыржып қалды Володя. – Асықпаңыз, Ольхов жолдас, сіз осы жерде бола тұрыңыз, мен ди­рек­ тормен жұмысымды бітірейін, – деп есіктен кірген завод директоры­мен қол алысып амандасып, кабинетке бірге кіріп кетті. Завод директорының кабинеті ерепейсіз үлкен еді. Төр алдында еменнен жасалған дәу стол тұр. Оның үстін жасыл матамен әдемілеп көмкерген. Бөлменің төрт қабырғасына орындықтар тізілген. Оң жақ­тағы терезенің алдында көкшіл мата жабылған ұзынша стол тағы бар. Бөлме­­нің төргі қабырғасына В.И.Лениннің үлкен суреті ілінген. Сергей Павлович осының бәрін бір шолып өтті де, төр жақта тұрған орындықтың біріне барып отырды. Сосын: – Жаудың шабуыл жасап келе жатқанын, біздің қалаға да жақын­дап қалғанын естіген боларсыз? – деп түні бойғы ұйықтамай қызарып кеткен көзін төңкеріп Федор Дмит­риевич Сизовқа қарады. – Нақты хабарымыз жоқ. Бірақ, жақындап қалғанын снарядтың емісеміс естілген дүмпуінен ептеп сеземіз. – Олай болса, Қорғаныс комитетінің бұйрығы бойынша, қала­дағы өндіріс орындарын Шығысқа көшіру жөнінде жа­ңа ғана нұсқау алдық. Қаладағы ірі заводтардың бәрі де эвакуацияға жатады. Сондықтан біз

ең алдымен сіздің заводты көшіруді ұйғардық. Қазірден бастап заводты эвакуацияға дайындаңыз. Ары кеткенде, ертең кешке дейін завод­ты көшіріп үлгеру керек. – Уақыты тым тығыз екен. Сіз айтқан мерзімде үлгере алар ма екенбіз? – Соғыс уақыты екенін білесіз ғой. Менің айтып отырғаным Отан бұйрығы. Орындауға міндеттісің, – деді бағанадан бері сыпайы «сіз» деп отырған Сергей Павлович бірден «сен» деп бұйыра сөйледі. – Олай болғанда, маған Қорғаныс комитетінің бұйрығын орындауға кірісуге рұқсат етіңіз. Цехқа барып заводтың басшы адамдарын жинап, заводты көшірудің қамына кірісейік. – Жақсы, бара беріңіз. Кешке таман бұйрықтың орындалу барысы жөнінде маған хабарларсыз. – Сау болыңыз, – деп Федор Дмитриевич жүгіре басып кабинеттен шығып кетті. Сергей Павлович отырған орнынан тұрып, есік жаққа қарай жүрді. Ауыздағы бөлмеге шығып, стол басында жұмыс істеп отырған Володяға: – Жолдас Ольхов, мұнда, кабинетке кіріңіз, – деді. Алдындағы жазып отырған қағазын жинап, столдың тартпасына салды да, Володя директордың кабинетіне кірді. Сергей Павлович төр жақтағы оқшаулау тұрған орындықты нұсқады: – Отырыңыз. – Рақмет. Сергей Павловичтың қабағы қатыңқы. Орнынан тұрып, Володяның жанына жақындады: – Жолдас Ольхов, майдан жайын естіп жатқан боларсыз. Жау алғашқы жеңісіне мастанып, шабуылды үдете түсіп, Совет әскерлерінің қарсылығына қарамастан, ілгерілеп келеді. Біздің қаланы да басып алу қаупі туды. Сондықтан, жау тылында жасырын күрес жүргізуге біз осы қаладан сенімді-сенімді деген адамдары қалдырып кетуді ұйғардық. Сол тізімге сізді де қосып отырмыз. Оған қалай қарайсыз? – Мен партияда жоқпын. Сіздің сеніміңізді ақтай алар ма екенмін? – Сен партияда болмасаң да, біз саған сенім білдіріп отырмыз. – Бұл сенімдеріңізге көптен-көп рақмет, бірақ мұндай жұмыс менің қолымнан келмейтін болар. Сондықтан басқа бір, менен көрі пысықтау, тәжірбиесі де мол біреуді тауып алсаңыз қайтеді? – дегенде, Сергей Павлович Володяның қою сары шашынан сипап: – Е, жігітім, біздің таңдауымыз саған түсті. Таңдамас бұрын сенің кім екеніңді біз де ойлағанбыз, қолыңнан не келетінін де өлшеп көргенбіз, – деді күлімдеп. – Айтқаныңыздың бәрі дұрыс, бірақ менің жайымды қалай білдіңіз? Менің бойымда сіз айтқандай қасиеттер жоқ қой деп ойлаймын. – Сенімен кездеспес бұрын, мен сені жақсы білетін өз достарың­мен көп сөйлестім, олардың бәрі де осы менің айтқанымды айтты. Тек олар біздің мұның барлығын не үшін сұрап жүргенімізді ғана білмейді. Олар

сені басқа бір жұмысқа жоғарылатады екен деп түсінді. Сондықтан сен оған қауіптенбей-ақ қой. – Ойланып келуге уақыт берсеңіз қайтеді? – Қазір ойланып ырғалып-жырғалатын уақыт па! Сен егер майданда жүрсің делік, алдыңнан тосын, күтпеген жерден жау кездесе қалды делік, сонда «мұны қайтемін, атайын ба, атпайын ба» деп ойланып тұрасың ба? Ондай жағдайда шапшаңдық, тапқырлық керек емес пе? Әйтпесе жау өзіңді жазым қылады. Сол сияқты қазір де ойланып-толғанып тұратын уақыт жоқ. Жау төбесі көрініп тұр. Бұл – Отан бұйрығы. Келіскенің жөн болар. Әрине, мұндай іске өз келісімі болмаған кісіні қалдыра да алмаймыз. Саған әбден сенетін болған соң айтып отырмын. – Олай болса, сіздің айтқаныңыз болсын. Қалайын! Қо­лымнан келгенше Отанның тапсырмасын орындауға барлық жігерімді саламын. Бірақ, бір күдігім де бар, айтуға болатын шығар? – Айтыңыз. – Мен осы қалада бірден қалып қойсам, жау сезіктенбей ме? Әскер жасындағы жап-жас жігіттің майданға кетпей қалада қалып қойғаны несі, мұның нендей гәбі бар деп ойламай ма? – Міне, сенің айтып отырғаның – білетін адамның аузынан шығатын сөз. Сен қазірден бастап заводпен бірге Шығыс жаққа қарай кетесің. Содан кейін алысқа ұзамай, осы жақын жердегі станцияның бірінде поездан түсіп қаласың да, неміс біздің қаланы алды дегенді естісімен, жаяу осы қалаға қайтасың. Кетіп бара жатқан эшелонды неміс самолеттері бомбалады дейсің. Өзіңнің ойламаған жерде тірі қалғаныңды, жан сақтағың келіп кері қайтқаныңды айтасың. – Сіздің мұныңыз өте дұрыс екен. Дәл солай етемін. – Келістік қой. Сен жау тылында жүргенде байланысқа «Мылтық» деген атпен бір кісі келеді. Оған сен «Автомат» деп жауап бересің. Егер келген кісі «Зеңбірек» – деп екінші бақылаушы поролін айтқан күнде, ол кісімен ашық, тайсалмай, қорықпай сөйлесе беруіңе болады. – Тапсырма түсінікті. Бірақ, сізге тағы бір сұрауым бо­лып отыр. – Сұрай ғой. – Жау тылында менімен бірге қалатын басқа да адамдар болатын шығар? – Болады. Сенен басқа кісілерді де дайындап жатырмыз. Олармен бір байламға келгенде сізбен таныстырамыз да. Мүмкін, олардың ішінде таныс кісілерің де болуы. – Тапсырма өте қауіпті, әйтеуір қасымыздағы адамдар сенімді болса болғаны. – Сенімсіз адамды қалдырмаймыз да ғой. Кейбір керекті адамдарды әрекет үстінде өздерің де тауып алатын боласыңдар. – Әрине, онсыз болмайды. – Менің бұл жерде отыра беруге енді уақытым жоқ. Жұмыс бастан асып жатқан кез. Қош-сау бол, – деп Сергей Павлович орнынан тұрып

ойлы жүзімен Володяға бір қарады да, есікке қарай кілт бұрылып шығып кетті. Володя түс көрген адамдай, сол орнында мелшиіп оты­рып қалды. Ол екеу-ара болған әңгімені таразыға салып, мысқалдап бірде-бір сөзді шашау шығармай талдап шықты. Оның жүйрік қиялы өткенді де, келешекті де болжады. Қауіпке толы не бір қатерлі өткелді де – көзіне елестетті. Оның ойын кабинетіне қайта оралған Федор Дмитриевич бұзды. – Сергей Павлович кетіп қалған ба? – деді ол келе жа­тып. – Жаңа ғана шығып кетті, – деді Володя. V Бұл кезде өзге де салаларда әрекеттер жүріп жатты. Ли­да болса күні бойы жұмыста болып үйіне кеш қайтып еді. Нөсер толастап сіркіремеге айналған. Жер лайсаң. Басына қара шатырды қалқан етіп ұстаған Лида ұзын көшені бойлап келді де, сол жаққа қарай кілт бұрылды. Күні бойы нөсерлеп жауған қалың жауын тас төселмеген тар көшені езіп жіберген. Тобықтан келетін қою батпақ аяғыңа жабысып, ілгері басқан адымың кейін тартпақтап, діңкелетіп келеді. Көшенің бұрышына жете бергенде, дәл алдынан біреу шыға келді. Бұл кім екен деп таңданып та үлгірмеді, кәдімгі Володя Ольхов болып шықты. – Сәламатсыз ба? Мен сіздің үйге барған едім, үйде сіңліңіз ғана отыр екен. Өзіңіз болмаған соң қайтып бара жатыр едім. Жақсы кездестіңіз. Зина сізді бүгін жұмыстан кешірек қайтады деген еді. Күн болса мынау – жауын, ба­ратын жер жоқ, бүгінгі кешті сіздің үйде өткізгім келген еді. – Мен басқа біреу ме деп қалып едім... Олай болса жүр, біздің үйге барайық. Екеуі қолтықтасып Лиданың үйіне келді. Зина тамақ пісіріп, шай қайнатып әпкесін тосып отыр еді. Лиданың соңынан табалдырықты аттай берген Володя­ны көріп, ыңғайсызданып қалды. – Ғафу ет, Володя! Мен саған, әлгінде, Лида кеш қайтады деген едім, кездескендерің жақсы болған екен, – деді. Бұл екеуі келісімен Зина стол жасап, капуста көже, қабығымен пісірген бір табақ ыстық картоп, табаға қыздырған шошқа майы мен нан әкеп қойды. – Тамақ даяр болды, келіңдер, суып қалады, – деді ол төргі бөлмеге өтіп кеткен Володя мен Лидаға. Олар бірден асқа келе қоймай, сәл кідіріп қалды. Екеуі бір ұзын сонар әңгімеге кірісіп кетіпті. Бітер емес. Амалсыздан Зина да төргі үйге барып, сөздерінің шет-жағасын естіп: – Екеуің не деп отырсыңдар, майдан бізге де жақын келіп қалды дейсіңдер ме? – деп сұрады.

– Иә, солай дейді, – деді Лида. – Оны сендерге білетін біреу айтты ма, жоқ өз жорамалдарың ба? – Елдің бәрі айтып жүр. Оның үстіне батыстан қашып, шұбырып жаяужалпы өтіп жатқан ел біздің қаланың үстімен жүреді. Солар да жақсылық айтпайды, «келіп қалды» дегенді ғана айтады. – Кеше мен ештеңені көре алмаған едім, бұл бүгінгі оқиға болды ғой? – Өткен түні басталды. Байғұстар қайтсін, бала-шағасымен, кемпіршалымен жаяу-жалпы, мына жауынға қарамай тоқтаусыз шұбырып барады. Біздің армия кейін шегініп, еліміздің ұшан-теңіз осыншама жерін жау қолына тастап кетеді дегенге Зина еш уақытта сенбейтін. Оның көңі­лінің төрінен мықтап тұрып орын тепкен: «егер жау біздің бейбіт жатқан елімізге шабуыл жасап, шекарамызды бұзғандай болса, біздің әскер жауды өзінің келген жерінде талқандайды» деген бір сөз еді. Енді міне, оның зы­ғыры қайнап тұр. «Жау жақындап қалды» дегенді естіген ол қатты сасып, құп-қу болып, дірілдеп кетті. Бір кезде көзіндегі іркілген жасты сүртіп: – Сендердің айтып отырғандарыңа мен әлі де болса сенбеймін... Біз бір сүйем жерімізді де ешқандай жауға бермейміз, – деп тұрып алды. Сонсоң:–тамақ суып қалды, столға жүріңдер! – деді. – Мүмкін, бұл шегіну келешектегі шешуші үлкен шабуылдың уақыт­ша бір тәсілі шығар, – деп Лида жұбаныш айтты. – Оны сен қайдан білесің? – Мен бүгін, соғыс жайын білетін біреулермен сөйлескен едім, осы менің жорамалымды айтты. Сондықтан, мен біздің әскердің келешекте жауға тойтарыс беретіндігіне әбден сенемін. – Сендер, апалы-сіңлілі екеуің таласпай-ақ қойыңдар. Өмірдің өзі көрсетеді келешекті. Мен де мына Лиданың айтып отырғанын қостай­ мын. Біздің Отанымыз кең-байтақ. Алғашқы жеңісіне мас болған Гитлер шабуылды күшейте түскенімен, бір жерде оның мұрны тасқа тиетіні хақ. Мен бұған толығынан сенемін. Екеуің де тарихтан Наполеон­ ның Москваға кіргенін білетін боларсыңдар, соңынан оның әскер­лері қырылып, қашқанын да білесіңдер. Гитлер де сөйтеді. Біздің ха­лықты жеңіп, осынша жерді басып алу оңай болмас, – деп Володя екі қызды жұбатқан болды. – Сенің айтып отырғаның дұрыс. Жаудың басып алған жеріндегі біздің адамдар да босқа қарап жатпас. Партизан отрядтарын құрып, жауға қарсы күреске шығар. «Құл бо­лып жаудың табанының астында жүрген­ ше, Отанымызды жау қолынан азат ету үшін күресеміз» демей ме біздің бостандық сүйгіш қаһарман халқымыз. – Сенің осы айтқаныңа мен түгел қосыламын. Лида орнынан тұрып, үй ішін көзімен бір шолып өтті. Содан соң төргі қабырғада тұрған әке-шешесінің жас кезінде түскен суретіне қарап қалды. Өз тағдыры да, сіңлісі Зинаның жайы да жанын жеп барады. Жау болса мынау – қылышын сүйретіп келе жатқан, жалғыз ақылшысы, па­

насы әкесі еді, ол майданға кетті. Оған да бір айға толып қалды. Су түбіне батқан адамдай хат-хабарсыз. Кім білсін, әлде, майданға барған бойда, жау қолынан қаза тапты ма? Он­дай болған күнде, қара қағаз келер еді ғой? «Көп ойланған қаша алмайды» – дейді халық. Ойдың қайрат шыңына көтеретін де, шыңырауға құлататын да кезі болады. Он ойдан бір іс артық. Әлде, сондай қағиданы сезді ме, әйтеуір, Володя Лиданың қасына келіп, шашынан сипап, ойын бөліп жіберді: – Сен Лидажан, бірдеңені ойлап тұрсың ғой? Меніңше біздің тағдырымыз ел тағдырымен байланысты. Мен өзім сұранып майданға аттансам да болады. Ал сен екеуің бас амандығын ойласаңдар мына шығысқа қарай жөңкіліп бара жатқан жұртпен бірге жүріп кетулерің керек. Егер халыққа қызмет еткіміз келсе, келешек жеңіске аз да болса, септігімізді тигізгіміз келсе, шыбын жанды шүберекке түйіп, жау тылында қалып, қызыл әскердің жауды жеңуіне көмектесуіміз керек. Володя соңғы сөзін бітірмей-ақ Лиданың көңіліне, Сер­гей Павло­ вичтың осыдан бірнеше күн бұрын айтқан сөзі, бұл жөнінде сұраған сурауы орала қалды. Ол ішінен: Володяның мына айтып тұрған сөзіне қарағанда, жау тылында бізбен бірге қалатын сияқты-ау. Онысын маған ашық айтпаса да, сездіргісі келіп тұрғаны болар. Дегенмен байқайын, енді не дер екен деп түйді. Лида тұрған орнынан бір қадам шегініп: – Мен туып-өскен жерімді, күліп-ойнап жас шақты бірге өткізген жора-жолдастарымды тастап ешқайда кетпеймін, неде болса осында болып, тағдырдың жазғанын көремін, – деп, әдеттегі мінезіндей бірақ қайырды да, «не айтар екен» дегендей Володяға үлкен көк көзін бір төңкерді. – Біздің әңгімеміз жүректегі жараны онан арман тырнап, ұлғайта беретін тәрізді, тақырыпты өзгертсек қайтеді? – Олай болса, сен гармонь тарт. Біз Зина екеуміз билейік, – деді Лида Володяға күлімдей қарап. Володя бірде жеке билейтін, бірде қосарланып билейтін орыс әуендерін тартып көңілді отырды. Билеуден апалы-сіңлілі екі қыз да жалықпады. Ол түн де өтті. Таңертең жауын басылып, аспан ала бұлттанып қана тұр еді. Лида жұмысына кетті. Қала көшесі толы әскер, бірі кейін шегініп, енді бірі батыс жаққа қарай ағылып жатыр. Кенет аспан өңірі гүр ете қалды. Ала бұлтты қақ жарып бір топ самолет шыға келді. Тіпті бір-екеуі төмен шүйіліп, жер­ге жақын ұшты. Самолеттің қанатының астына қарап еді, Лиданың көзіне фашистік белгі шалынды. Қалаға бомба тастауға келген жау самолеті екендігін сезген қыз кілт тоқтап, бір үлкен ағаш­тың түбінде тұрып қалды. Сол, сол-ақ екен, әлгі самолеттер сапын түзеп алды да құйындай түйіліп, вокзал жақ тұсқа ажал отын төгіп, жер қыртысын қақыратып, бүкіл маңды әлем тапырық етті. Лиданың білмегені көп, бұл соғыстың ең алғашқы соққан ызғары ғана еді. Қала тұрғындары тағат таба алмай, жүгірінді күйге түсті. Буыныптүйіне бастады. Көбі үй мүліктерін тастап, қаладан кетіп те жатыр.

Олардың қайда барып, қайда қоятыны белгісіз. Әйтеуір бет алыстары шығыс жақ. Өндіріс орындарының көпшілігін эшелон-эшелонға тиеп шығысқа қарай жөнелтіп үлгерді. Орыстың қарт қалаларының бірі Рославль шаһары да бір күн ішінде соғыс отына шалынды. Самолет шабуылы басылысымен Лида жүгірген бойы өзі жұмыс істейтін за­водқа келіп жетті. Күндегідей жұмыс істеп, жанталасып жүрген бірде-бір жан көрінбейді. Заводтың іші абыр-сабыр, ығы-жығы. Адамдардың өңі қашып дегбірсізденген, біріне-бірі үрейлі көзбен қарап тұр. – Бостан-босқа неге қарап тұрсыңдар? Жұмысқа кірісіңдер, цех бастықтары қайда кеткен? – деді Лида. – Кеңсеге шақырып кеткен еді, әлі келген жоқ, – деп жауап берді топтың ішінде тұрған бір әйел. – Қаланы жау басып алған күннің өзінде де дегбірсіздік жолдас па екен? Біздер совет азаматтарымыз ғой, несіне осынша үрейлерің қашты? Келген жау келе берсін, көреміз оны да, барыңдар, жұмыс орындарыңа барып жұмыс істеңдер, – деп Лида жұмыскерлерге ақыл берді. Лиданың сөзі қамшы болды ма, әйтеуір, әр жерде шашылған тарыдай бытырап-бытырап жүрген жұрт өз орындарына барып жұмысқа кірісті. Түс кезінде Лида қалалық партия комитетіне барды, Сергей Павло­ вичтың қабылдау бөлмесінің есігін ашып қалып еді, алдынан Володяның көзі жарқ ете қалды. Оның қасындағы Аня Петрова Лидаға қолын беріп амандасып жатып: – Біздің бәрімізді неге шақырып жатыр, сен ештеңе білдің бе? – деп сұрады Лидадан. – Неге шақырғандарын өздері айтатын болар, – деп ол сыпайы жауап берді. Шақырылғандары осы тұрған үшеуі ғана болып шықты. Есік алдын­ дағы көмекші әйел: – Сіздерді Сергей Павлович тосып отыр, – деді кабинетке кіріп шығып. Бұл үшеуін Сергей Павлович орнынан тұрып, кабинетінің орта тұсында қарсы алды. Бәрімен де қол алысып амандасты. – Өздеріңіз білесіздер, сіздердің үшеуіңізбен де жеке-жеке сөйлесіп келіскенмін. Бүгін ең алдымен үшеуіңнің бастарыңды қосып, егер бұрын бір-біріңізді танымасаңыздар, таныстырайын деп шақырдым. Екіншіден, сіздер аз уақыттың ішінде астыртын жұмыстың түр-түрімен танысып, барлау дегеннің егжей-тегжейін оқығандарың жөн болады. Сендерді әдейі қалдырып отырғанымызды бірде-бір жан сезбеуі керек, ол үшін жұмыстан тыс уақытта оқисыңдар. Ал, Во­лодя, сен әнеукүнгі келісім бойынша, көп ұзамай шығысқа көшіп жатқан елмен кетуің керек. Енді сендерге бір сұрауым бар? Анадағы кездескеннен кейін айнып қалған жоқсыңдар ма? Шын пейілдеріңмен жау тылында қалатын болдыңдар ма? – Сөзіміз – сөз. Көп ойланып-толғандық. Сіздің тапсырмаңызды біз Отан тапсырмасы деп түсіндік. Бойымыздағы барлық білімімізді, тәжірибемізді жұмсап көреміз. Үшеуінің айтқаны да осы болды.

– Қазір майдан шебі Кричев қаласына жетпеген көрінеді. Ұрыс Днепр өзенінің бойында болып жатыр деп бүгін таңертең хабарлады бізге. Менің бұл айтқанымды сендер ғана білулерің керек. Еш жанға айтуға болмайды, түсінікті ме? – Түсінікті. – Олай болса, мына менің алдымда отырған көмекші әйел сен­дерді жау тылында жұмыс істеудің тәсілімен таныстыратын кісімен кездес­тіреді. Ендігі жерде сол кісінің қол астында боласыңдар, – деп Сергей Павло­вич орнынан тұрды, – менің бір сұрауыма сендер жауап бермедіңдер, сен­дер біріңді-бірің бұрын танушы ма едіңдер? Болмаса, танысты­райын ба? – Біз бұрыннан жақсы таныспыз. Мектепте бірге оқыдық, бала кезімізде бірге ойнадық. Ата-аналарымыз да ерте аралас-құралас адамдар болатын, – деді Лида. – Олай болса тіпті жақсы, – деп жымиып күлді Сергей Павлович, – мен сендер қайтер екен деп сұрап отырмын, сендердің бір мек­тепте оқығандарыңды осында шақырмас бұрын білгенмін. Әңгімені осы­мен доғарайық, ендігі жерде кездесе алмағандай болсақ, жеңіспен аман-есен өзіміздің туып-өскен қаламызда кездесетін болайық, – деп үшеуінің бетінен сүйіп, құшақтасып қоштасты. Ендігі жерде тағдырлары бір, мұңдас үшеуі Лиданың үйіне келді. Үйге кірісімен Лида: – Сендер әңгімелесіп отыра тұрыңдар, мен бір шәй қойып жіберейін, – деді. – Мына Володя екеуің ішпесеңдер, менің шайға қарауға мұршам жоқ. Сен білмеуші ме едің? Менің кішкене ба­лам бар, оны емізетін уақытым болып қалды, шешемнің есін шығарып жатқан болар, – деп кетуге ыңғайланып орнынан тұра бастады Аня. Аня өткен жылы күйеуге шыққан. Оның тойында осы отырған Володя мен Лида да болған. Аняның толықша біткен дөңгелек жүзінде әлі бірдебір әжім жоқ. Қоңырқай қой көзінде нұрлы сәуле ұшқындайды. Ұзын бойлы талдырмаш, әдемі денесі балалы болғаннан бері аздап толып, сұлу­ лана түскен. Аняны шығарып салып қайта оралған Володя табалды­рықтан аттай беріп, ауыз үйдегі столдың үстіне қойылған тағамдарды көріп, бүгін күні бойы оразасын ашпағандығы есіне түсті. – Лида, сен менің ішімдегі сырымды қайдан біле қоясың? – деді күліп Володя. – Біле алмай жүрмін-ау мен соны, егер шын біле алсам, жақсы-ақ, болар еді. – Шын білдің. Менің бүгін күні бойы аузыма тамақ алмағанымды білгенің емес пе – мына столды жасап қойғаның? – деп Володя Лидаға жұғыса барып жайғасты. Екеуі оңаша әнгімелесіп көп отырды. Сол әңгіменің арасында Лида Володяға бір қарап қойып: – Бағана бізбен қоштасарда Сергей Павлович «өзіміздің туып-өскен қаламызда аман-есен кездесетін болайық» деді. Ол кісі осы жердікі ме еді? – деп сұрады.

– Ол – жергілікті адам. Туып-өскен жері осы қала. Жоғары білімді Москва қаласында алды. Партия қызметінде жеті-сегіз жыл істеген болуы керек. Бізге хатшы болғанына да екі жылдан асып еді. Өзі білімді, адамгершілігі мол, парасатты кісі. – Кеш жарық, – деп осы кезде есіктен Зина кіріп келді.

VІ Ертеңінде түс ауа әуелдегі келісім бойынша Герасимовалар тұрған үйін ауыстыратын болды. Үй мүлкін жинастырып, көшуге дайындалды. Маңайындағы көрші-қолаңдар бұларды шығысқа қарай кетуге жина­лып жатыр деп түсінді. Кейбіреулері бұларға жаны ашып, есіркеген болып: «жылы орындарыңды тастап қайда барасыңдар?» – деп көшкендерін жақтырмай тұр. Лида тіс жарып қайда баратынын ешбір жанға айтпады. Қоныс аударудың келешектегі қызметі үшін қолайлы екендігін өз іші ғана сезеді. Қас қарайып, ымырт жабылған кез­де Зина бір таныс шоферіне барып жүк таситын машина алып келді. Кендір арқанмен шандып буылған теңдерді үшеулеп лезде машинаға тиеп, жүріп кетті. Қаланың орталығына жақын жердегі Пролетар көшесіндегі бірінші санды үйге келді. Ең­сесі биік, жарығы мол екі бөлме екен. Үйдің екі қапталынан да суылдап өтіп жатқан машина дабыры естіледі. Үлкен тас жолдардың дәл түйіскен жері болып шықты. Лида бұл үйді таңдап алғанда алда тұрған қауіп-қатерге толы мін­детті орындауға септігі тиер деп ойлаған. Ертеңінде екеуі күні бойы үй ақтап, еден жуумен болды. Кеш бата теңдерін шешіп үй жиһаздарын жинай бастады. Сол күні олар түн ортасы ауа жатып, ертеңінде таң бозарып келе жатқанда терезенің сыртындағы гуілдеген мотордың дауысынан шошып оянды. – Зина, сен ояу жатырсың ба? Терезенің сыртында сөйлеп жүрген немістер емес пе? – деп, Лида терезе пердесінің арасынан сығалап қарады. Оның көзіне фашистердің белгісі бар ауыр, жеңіл машиналар, үлкендікішілі танкілер, жасыл гимнастерка киген солдаттар көрінді. Пердені жаба беріп Лида: – Осы менің көзім алдап тұрған жоқ па екен? Зина, сен қарашы. Тек мұқият бол, біреуі көріп қалып жүрмесін! – деді. – Сенің көзіңе көрінгеннің бәрі дұрыс. Жау біздің қалаға да жеткен екен ғой, – деп Зина денесі дір-дір етіп, көзінен ыстық жас ыршып кетті. – Біздің әскерлер сонда қаланы ұрыссыз тастап кеткені ме? – деді Лида дауысы булығып. – Лида, бүгін осы айдың нешесі? – Бүгін – екінші август. – Міне, енді 1941 жылдың екінші авгусында біздің қала­ны неміс фашистері басып алды.

– Сен кеше далаға шыққанда Володяны көрдің бе? Ол хабарсыз кетті ғой. – Көре алмадым. Осында болса, бізге бір соғып кетсе керек еді? Сен оның тұрған үйін білуші ме едің? – Білуін – білемін. Бірақ мына аумалы-төкпелі шақта көшеде жүруге болмас. Далаға шығу қауіпті. Бүгін-ертең қозғалмастан үйде отырайық, – деді Лида сіңлісіне қарап. Апалы-сіңлілі қыздар, екі күн бойы үйден шықпай жа­тып алды. Үшінші күн дегенде Лида жан-жағы айнала қоршалған қораға шығып, тамақ пісіретін бір шөкім ағаш көтеріп келе жатыр еді, кенет оң жақтағы есіктен бір неміс сол­даты шыға келіп: – Бұл үйде кім тұрады? Қалып қойған орыс солдаты жоқ па? – деді. – Бұл үйде сіңлім екеуміз ғана тұрамыз, сенбесеңіз кіріп қараңыз, – деді Лида таза неміс тілінде. – О, немісше жақсы сөйлейді екенсің, қайдан үйреніп жүрсің? – деді, әлгі солдат ризалық білдіріп. – Жас күнімнен үйрендім, – деп Лида оның сұрауына қысқа жауап берді де, үйге кіріп кетті. Күтпеген жерде тап болған немістен қорыққаны сонша, ол үйге кіреркірместе қолындағы отынын пештің алдына тастай беріп, өңі бозарып алдында тұрған орындыққа отыра кетті. – Саған не болған, бір жерің ауырды ма? Өңің қашып, құп-қу болып кеткені несі? – деді Зина. – Бір неміс кіріп келгені бар емес пе? Қайдан шыға келгенін білмеймін... Әйтеуір, бір жақсысы, бірдеңені сұрады да қайтадан шығып кетті. – Онда өзі бір жібі түзу солдат екен. – Сен, қорытынды жасамай қоя тұр, келешек көрсетер бәрін де. Төртінші күн дегенде Лида завод жаққа барып қайтпақ болып көшеге шығып, жалғыз өзі келе жатты. Бір кезде оның көзі әр жерде үйдің қабырғасына жапсырылған көк қағазды шалды. Бұл не қылған қағаз екен деп, біреуін оқып шықты. Орыс тілінде жазылып, тасқа басылған неміс комендатурасының бұйрығы екен. Ол бұйрықта былай делініпті: «Қала тұрғындары неміс командованиесінің жаңа тәртібіне бағынуға міндетті. Қалада жасырынып қалған коммунистерді, еврейлерді, совет солдат­тарын ұстауға көмектесіңдер! Егер оларды жасырып қалған адамдар болса, неміс комендантына хабарлаңдар. Осы тәртіпті бұзған адамдардың бәрі сотсыз өлім жазасына бұйырылып, дарға асылады». Бұйрықты оқып шыққан Лида: «Гитлердің жаңа тәртібі совет азаматтарын дарға асу екен ғой» – деді ішінен. Төрт бұрышты алақандай жасыл қағазды көше-көшенің өн бойына аямай жапсыра беріпті. Қала ішінде бұрынғыдай ерсілі-қарсылы қайшы­ ласып жүретін адамдар да жоқ. Үркердей әр жерде бытырап жүрген азғана адамдар көрінеді. Лида күні кеше той-думанға толы қаланың үнін өшіріп, сиқын кетірген жауды

көзімен атып келеді. Қаланың үлкен-үлкен көшелерін бойлап, шығысқа қарай төгіліп, жөңкіле тартқан жау әскерлері. Бір-екі көшеден өткен соң солға бұрылды. Қарсы көшеде жау қолына тұтқынға түскен совет солдаттарын айдап келе жатыр екен. Лида олар өтіп кеткенше бір үйдің есігінің ал­дында тұрды. Тұтқындардың дәл қазіргі өңі көмір тиеген кісідей шаң-шаң, нұры өше бастаған көздері ғана жылтырайды. Үстеріндегі киімдері борша-борша жыртылыпты. Ішінде жаралылары да бар. Табандарына тас тиіп тасырқап қалғандай ілгері басқан аяқтары кері кетіп, жүре алмай келеді. Лида шұбатылған тұтқындар әбден өтіп кеткенше қозғалмастан қарап тұрды. Әлде, тұтқындардың ішінен таныс біреу кездесіп қала ма деп те ойлады. Ол тіпті осы топта өз әкесі кетіп бара жатқан болар деп те қауіптенді. Әйтеуір бір заматта ол жылдар бойы өзіне туған үйдей болып кеткен заводына келіп жетті. Мұнда жұмыс істеп жатқан тірі жан жоқ. Цехцехтың бәрі де саудырап бос тұр. Шашылып жатқан әр алуан бұйымдар, бөлшектер. Іші астан-кестен. Станок біткеннің бәрі түп-орнымен қопарылып, күл-талқаны шығып, опырылып майысып әр жерде жатыр. Астан-кестен болған бұл жағдайды көргенде Лида қатты қиналды. Иен қалған заводтың ішінде жападан-жалғыз тұра беру де ыңғайсыз. Кім білсін, айнала толы жау, қазіргі кезде ешбір жанға сенуге болмайды. Әлде біреу байқап қалып көрсетіп жіберсе, тіл тартпай кете барады. Бұйрықтарында жазылғанындай тексерусіз, сотсыз дарға асуы мүмкін. Ақ-қараны тексеріп, өтірік-шынына жететін гитлершіл әкімдер жоқ. Осындай бір көңілсіз, сұрғылт ойлар билеп ол сыртқы есікке қарай жүрді. Ақыры бірде-бір адамды кездестіре ал­май Лида үйіне қайтты. Жолда ол Аняға жолыға кетпек бо­лып, қаланың екінші бір бөлігіндегі жаңадан салынған көк қақпалы үйге келді. Сыртқы қақпасында «қорада қабаған ит бар, байқа» – деген жазуды оқыды да, сыртқы кіре берістегі қақпаны қағып, сәл кідіріп қалды. Бір мезгілде үйдің ішкі есігі ашылғандай болды. Сол-ақ екен: – Кіре беріңіз, қорықпаңыз, – деген Аняның даусы естілді. – Мен ғой, саған жолыға кетейін деп келген едім, – деп қақпаның есігін ашып Лида кіріп келді. – Ой, сен екенсің ғой, басқа біреу келіп тұрған болар деп сасып қалып едім. Кел, үйге кір. Қалай, аманбысың? – деп Аня Петрова Лиданың астыүстіне түсіп, әр нәрсені бастырмалатып сұрастыра бастады. Екеуі ішкі үйге кіріп, сыртқы есікті жапты да, бір нәрседен сезік­ тенгендей сәл ғана үн-түнсіз отырды. Аня орны­нан тұрып терезенің перде­сін жауып жатып: – Көше жақта тереземіз жоқ болғанымен, біреу-міреудің көзіне түсіп қалмайық, терезені жауып қояйық, – деп Лидаға үлкен қой көзін қадап, бір қарап қойды. – Үйіңде өзіңнен басқа адам жоқ па? Шешем бар дегенің қайда? – Шешем кішкене баланы алып мына қасымыздағы үйге кеткен. Қазір сонда отырған болу керек. Күйеуімді үш-төрт күн бұрын майданға алып кетті. Қайда жүргенін кім білсін ол байғұстың? – деп Аня көзіне жас алды.

– Ендігі жерде сіз екеуміз де Отан солдатымыз. Сондық­тан жылау дегенді тоқтату керек. Белді бекем байлап, жасырын майданда жаумен айқасамыз. – Сенің айтқаныңды бұдан былай бұлжытпай орындайтын боламын. Және осыған серт беремін, – деді Аня орны­нан атып тұрып. «Сақтықта қорлық жоқ», – дейді халық. Сол айтқандай мынау заманда әр қадамыңа қырағы, сақ болуың керек. Он­дай болмаған жағдайда жау осындағы бір топ совет азаматтарын оп-оңай әшкерелуі де ықтимал. – Көшеде, болмаса басқа бір жерде кездесіп қалғандай болсақ, бірімізді-біріміз танымайтын адамдай болалық. Егер, жолығатын тығыз жұмысымыз болып қалса, әзірге, қала паркының батысындағы гүл алаңының жанында кездеселік. – Олай болғанда, кездесетін күнімізді де келісейік. – Әзірге, жексембі сайын сағат екі мен үштің арасында келіс­кен жерде боламыз. Кейінірек біздің бас қосып кездесіп отыратын қала­ның әр жерінде бірнеше адресіміз болуы керек. Кездесетін адрес те ылғиын­да жаңарып, өзгеріп отырады. – Сен, өзің кәдімгі барлаушыларға ұқсайды екенсің. – Әлі тұра тұр, сені де өмір үйретеді. Бүгін екі дос біріне-бірі көптен тіс жарып айтпай бүкпеде жүрген сырларын шертісті. Алдыңғы уақыттағы бұлдыр, мұнарлы кезеңдегі жү­ ріс-тұрысты, қарым-қатынасты, жау­мен бетпе-бет кездескен жерде өзінөзі қалай ұстаудың әрқилы тәсілдері жөнінде де ақылдасты. Сергелдең шерлі заманда мінез-құлықтары қандай болатындығы жөнінде әңгіме болды. – Үйге қайтайын. Зина мені тосып, кешіккенге бірдеңеге ұшы­рап қалды ма деп қорқып отырған шығар. Кешеден бері өзінде онсыз да зәре жоқ. Көшеге шығуды қойды. Лида Анямен құшақтасып, сүйісіп қоштасты. Ол көшеге шыққан­ да, бейсауат кетіп бара жатқан бірде-бір жан көрінбеді. Жолда ешбір жерде аялдамай, үйіне келді. Лида ауыз үйге кіріп келсе – төр алдында қаны қашқан, жүзінде қорқыныш ізі бар, буын-буыны қалтырап, жығыла жаздап Зи­на тұр. – О не, немене, Зина? – деп, Лида жүгіріп барып сіңлісін қапсыра құшақтап, сүйемелдеп апарып, артында тұрған орындыққа отырғыз­ды. Лида қорқып кетті. «Өңі қандай жат, әлде бір жері ауырды ма екен?» Ол не де болса қорқынышты күдіктің кілтін ашқысы келіп: – Зина, саған не болды? Айтсаңшы? – деді. – Су, су әкелші! – деген сөзді Зина әзер айтты. Лида есік алдында тұрған шелектен бір стақан су әкеліп: – Міне су, іше ғой, – деп оның ерніне тосты. Ол суды ішті де төсекке жантайып, көзін жұмып көп жатты. Лида оның маңдайына суық суға малынған орамал басып әуре болып жүр. Бір кезде есін жиған Зина көзін ашып, қасында отырған апасына жалынышты көзбен қарап: – Сен осы уақытқа дейін қайда жүрдің? Мені манадан бері неміс солдаттары келіп әурелеп, ұрып-соғып кетті, – деді.

– Не дейсің? Ұрып-соғып кетті дейсің бе? Есіңді жинап, көргеніңді дұрыстап айтшы. – Мен сені тосып терезеден қарап отырғанмын. Осы үйдің бұрышына бір-екі машина келіп тоқтаған болатын. Терезенің дәл алдында гуілдеп бір топ солдат тұрған. Бір кезде олардың бірнешеуі үйді айналып жүгіріп кеткен. Мен қаннен-қаперсіз терезеге қарап отыра бердім, есік ашылғанға артыма жалт қарасам, үш неміс солдаты үйге кіріп келді. Маған қарап немісшілеп бірдеңе деген еді, мен олардың не деп тұрғандарын түсіне алмай басымды шайқадым. Шет жақта тұрған екеуі менің қасыма жақындай түсті. Өздері соншалық озбыр, қатал ниетті жандарға ұқсаған соң, мен сескеніп кейін шегіне берген едім, шетте тұрған біреуі ырғып келіп мені бас салғаны бар емес пе? Мен сасқанымнан «мама» деп бар даусыммен айғайлап жібердім. Екі солдат мені зорламақ болып, әбден әурелегені. Біз үшеуміз алысып жүргенде терезеге қарап тұрған үшінші бір солдат немісшілеп бірдеңе деп, дауысын көтере сөйлеп еді, әлгі екі зұлым оның сөзін тыңдамады. Сөйтсем, ол бейшара бұларға «тоқтатыңдар» – деп тұр екен. Олар қара ниетін тоқтатпай, менімен алыса берді. Әлгі солдат қара жүрек екі серігін екі қойып жіберіп, мені арашалап алғаны. Олар өзді-өзді, жақ-жақ болып ұрысып жатқанда есік алдынан біреулердің айғайлаған дауысы естілді. Сол-ақ екен әлгі үшеуі далаға қарай жүгіре жөнелгені. Мен арашалап алған солдатқа рақмет те айта алмай қалдым. Әлгі екі жауызға жан ұшырып қана қарсыласып жатқан болуым керек, олар кетісімен талықсып кетіппін. – Бәсе, сол жауыздар екен ғой... Көйлегіңнің борша-борша­ сын шығарыпты. Бәлем, жауыздар, тұра тұрыңдар, сен­дер де көресіні көрерсіңдер. Ондай күн де болар, – деп, Ли­да денесіндегі қан біткеннің бәрін ішіне тартып алғандай құп-қу болып кетті. Гитлер солдаттарының істеген жауыздығы Лиданың қабырғасына қатты батты. Өзінің етінен ет кесіп алғандай сезінді. Жауға деген қатал­ дығы, өшпенділігі бұрынғыдан да өршіп кетті. Ол сіңлісін жауыздардың арам қолынан арашалап қалған неміске іштей риза болып, бұл жауыз­ дардың ішінде де жылы сезімді, қайырымды адамдар бар екен деп ойлады. «Осы үйдегі ең кішіміз болған соң Зинаны еркелеттік те, айтқанының бәрін істедік. Алдына шыққан жан жоқ. Әке-шешеміз оны өте жақсы көруші еді. Бірақ, әйтеуір бір тәуірі, бұл оншама шолжақай болған жоқ. Ендігі жерде бұл бейшараның келешегі не болатынын кім білсін» – деп ойлады Лида қабырғасы қайысып. Төсек үстінде жатқан Зинаның жұқалаң қызыл еріндерінен әлі де балалық, кінәсіздік табы көрініп тұр. Бір кезде ол басын көтеріп: – Лида жаным, осы уақытқа дейін ағайынды екеуіміз жұбымызды жазбай-ақ егіз баладай боп өскен едік. Бүгін сені көре алмай қаламын ба деп жаман сасқаным-ай! – деді. – Өмірің ұзақ болады екен. Мына жаудың қаһарынан аман-есен құтылғаныңа менің қуанышым қойныма сыймай отыр. Жаңа шыбын жаның қиналып жатқанға біреу жаралап кеткен екен деп жаман сасқаным.

Қазір ауру адамды емдеуге дәрігер табудың өзі өте қиын. Біреуді-біреу білетін заман емес. Әйтеуір аман қалғаныңа шүкірлік, – деді Зинаның шашынан сипап. Зина осы оқиғадан кейін бір аптадан астам уақыт қозғала алмай жатты. Денесіне түскен қолдың таңбасы да көпке дейін көгеріп кетпеді. Жұдырықпен ұрған оң жақ көзіндегі білеуленген ісік те тарамай тұрып алды. Кісі көзіне көрінуден қалды. Әбден жазылғаннан соң да Зина көшеге шығып жүруге өзінен-өзі жасқанатын болды. Тек күндіз ғана ол оқтын-оқтын қораға шығып, су тасып, ас пісіруге отын әкеліп жүрді. Тапсырма алып, үлкен іске кіріспекке бел байлағанымен, соғыс дегеннің қаншама қатал екенін де, фашист дегеннің қаншама хайуан екенін де Лида жете білмейтін. Рославль жау шеңгелінде қалысы­мен-ақ соғыс та, фашист те «біз мынадаймыз, біз өмір дегеніңді білмейміз, біз өлім себеміз» деген сойқанды, лаңды сиқымен бұған бетпе-бет келді. Әсіресе, өз бауыры Зинаны азаптап кетулері Лидаға ауыр да, ащы сабақ берді. Лида күні-түні өзіне қолайлы жұмыс іздеумен болды. Қала орталы­ ғынан жырақтау жердегі жұмысқа бармады. Орталықтан жұмыс табылмай, біраз уақыт әуре-сарсаң болды. Бір күні дел-сал күйде, әр жерге жапсы­ рылған құлақтандыруларды оқып, өзіне керекті ештеңе таба алмай қа­мы­ ғып келе жатыр еді, алдынан алтын жұлдыздай жарқ етіп Володяға қарсы жолыға кеткені ғой. Оған не дерін білмей сасып қалған Лида қасынан өте берген Володяға «парк, жексембі, сағат екі», – деген үш сөзді айтуға ғана шамасы келді. Володя көзін қысып, ым қағып, түсінгенін білдіріп, кідірместен өтіп кетті. Бұл кездесу қамығып келе жатқан Лидаға қанат бітіргендей болды. Ол жеделдетіп, үйіне қарай тура жүрді. «Мен сенің қасыңдамын, міне келдім ғой, жалғызсырама», деп Володя қайта-қайта қайталап артынан сыбырлап келе жатқандай сезінді. Бұл кездесу оның күні бойғы шаршап-шалдығуын ұмыттырып та жіберді. Жалғыз адам қанаты сынған бүркіттей аспан қиырына шыға алмай, томаға-тұйық жер қауып отырғаны емес пе? Болмаса, айдалада жұмыр денесіне ылғал жетіспей жапырағы бүрісіп шөлдеп тұрған жалғыз ағаш іспеттес емес пе? Сондықтан да Лиданың тамыр-тамырына ыстық қан жүгіргендей және ол үшін шілденің шалғайда жатқан алтын та­ңы ат­ қандай, құбыладан самал жел ескендей болды. Осы бір қысылшаң, тар жол, тайғақ кешу заманда маңайында алаңсыз сеніп, құпия сырларды шертетін адамның болуы қандай бақыт десеңізші. «Менің Володяны көргенім түсім бе, әлде өңім бе?» деп шын қуанған Лида үйіне қалай жеткенін сезбей де қалды. Есікті ішінен тарс жауып алған Зина бүгін еш жерге бармай үйде отырған. Қораға да шықпай, үлкен кебеженің түбіне күн бұрын тығып қойған Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» романын алып, тапжылмастан соны оқумен болды. Біреу есік қаққанға орнынан тұрып: – Бұл кім? – деді. – Мен, аш есікті, – деген Лиданың дауысы шықты.

Үйге кіріп келген Лиданың көңілі өте көтеріңкі еді. Күлімдеген көз жанарынан қуаныш нышанын бірден байқаған Зина: – Бүгін тым көңілді жүрсің ғой, әлде майданнан бір жақсылық хабар естідің бе? Айтсаңшы, – деп жабыса кетті. Лида демін ішіне тартып сіңлісіне қарап сәл тұрды да, қуаныш пен күдік араласқан жүзбен қатты күрсінді. Сөйтті де: – Майданнан ешқандай хабар жоқ. Тек қана бір таныс адамға жолықтым. Соған қуанған болармын, – деді. – Ол кім? – Оның кім екенін қайтесің, сен танымайтын адам... – Ой, сен бір хабар біліп, қуанып келген болар деп едім, әшейін, біреуге жолыққаныңа мәз боп келген екенсің ғой, – деп Зина қамығып қалды. – Тысқа шығайық, жүр, – деді Лида Зинаға қиылып. Ондағысы – бірнеше күннен бері далаға шығып, күн көрмеген сіңлісінің аз да болса көңілін сергіткісі келгені еді. – Сен тамақ ішуші ме едің? Алдымен тамақтанып ал, содан кейін көшеге шығып қыдырып қайтармыз. Ас үстінде Зина нан жағының бітіп қалғанын, одан кейін азықты қайдан табуға болатынын білмей отырғанын айтты. – Ел емес пе? Мына маңайдағы деревнялардағы тамыр-таныстардан бірдеңе алармыз. – Ондай мүмкіншілік болса жақсы екен. Мен қалған-құтқан тамақ біткен соң не істейміз деп қорқып жүр едім, – деп Зина арқасы кеңіп жымиып күлді. Лида далаға шықса болғаны, әр жерге жапсырылған бұйрықтарды, құлақтандыруларды қалдырмай оқитын әдеті. Екеуі теміржол вокзалының тұсынан өте бергенде, есіктің дәл алдына ілінген төрт бұрышты қағазды көзі шалған. Бұрылып келіп оқыса: «Рославль қаласындағы теміржол комендатурасына үй сыпыратын жұмыскер керек», – деп жазылған екен. Екеуі біріне-бірі қарап қапты: – Мына жұмысқа орналассаң, сен үшін тіпті қолайлы. Үйден де алыс емес, – деді Лида. – Мен барып, жолықсам қайтеді! – Қорықпайсың ба? – Жоқ, анадағылар бейбастақ солдаттар болулары ке­рек. Жол-жөнекей орыс қыздарын мазақтап кетейік деген шығар. Мына қалада қалған немістердің жөні түзу сияқты. – Сақ бол, бұларға сенуге болмайды, – деді Лида Зинаның құлағына сыбырлап. – Не де болса, барып сұрап шығайын, – деп, Зина комендатураның кеңсесіне кіріп кетті. – Мен үйдің жанында жүремін, – деп, Лида кейін қарай кетті. Лиданың тағаты таусылып, Зинаны тосып үйінің алдында көп жүрді. Теміржол комендатурасынан шыққан адамның қарасы осы жерден жақсы

көрінеді. Әне, екі неміс офицері шығып, теміржол вокзалына қарай, ал ана бір солдат көшені бойлап әрі қарай кетті. Бірақ, Зина шықпады. Су түбіне батқандай жым-жылас жоқ болды да кетті. Зина кешіккен сайын Лида қысыла бастады. Теміржол комендатурасының үйіне қарай-қарай көзі талды. Бір кезде оның ойына анадағы екі неміс солдатының озбырлығы оралды. «Мүмкін, мұның коменданты да сондай ма екен?» деп ойлады. Сөйтіп дел-сал болып тұрғанда, үйге қарай келе жатқан Зина көрінді. Ол Лидаға көрген-білгенін бастан-аяқ айтып берді. – Ана құлақтандырудағы айтқан адамына барған едім, ол «сен қайдан келдің, осы жердің тұрғынысың ба, жоқ әлде басқа жақтан келіп жүрсің бе, үйіңде кімдерің бар?» деп тексеріп, ақыр-аяғында коменданттың өзіне жолығасың де­гені. Содан соң коменданттың қабылдауын тосып көп оты­ рып қалдым. Шығып кетуге тағы болмайды. Комендантқа кіріп едім, ол тағы қанша тексерді десеңші. Сұрамағаны жоқ, тіпті әуелі «күйеуге тидің бе, тисең күйеуің қазір қайда?» деп те сұрады. Өзі қырыққа толмаған, жөні түзу адам секілді. Маған ертең түске таман кел деді. – Сен немісше тіл білмейсің, мұның бәрін қалай түсіндің? – Қасымда коменданттың тілмәші болды. Сол біздің сөзімізді ауда­рып отырды. – Тілмәші әскерше киінген бе, болмаса, жай халықша киінген бе екен? – Жай киімді. – Е, онда ол жергілікті кісінің бірі болды. Оны жата-жастана білетін болармыз, – деп Лида әрі қарай сұрамады. Айтылған уақытта Зина коменданттың кабинетіне келді. Бұл жолы өзі жалғыз отыр екен. Оның келе жатқанын терезеден көрген комендант ағытылып кеткен жағасының түймесін салып, орнынан тұрып қарсы алды. Бүгін сөз қысқа бол­ды. Өзінің аздап орысша нан сұрап жейтін ша­ масы бар. – Бойжеткен! – деді комендант. – Сен ертеңнен бастап қызметке шығасың. Немістер тазалықты жақсы көреді. Сон­дықтан мына кеңсені таза ұстау сенің мойныңда. Көріп отырсың, біздің бөлмеміз онша көп емес. Сенің шамаң әбден келеді. – Рақмет, мырза! Сіздің айтқаныңызды бұлжытпай орындаймын. – Ал, енді қош болыңыз, ертең көріскенше! – деп комен­дант оралып барып өз орнына отырды. Төрт күн өтіп, бесінші күн дегенде Лида өз үйінің қарсы алдындағы қақпаға жапсырылған көкшіл қағазды көзі шалды. Бұл не нәрсе екен деп Лида жақын келіп құлақтандыруды оқыды. Онда былай делінген: «Өсімдіктен жасалатын май заводына жұмыскер керек. Жұмысқа орналасам деушілер завод кеңсесіне келсін!» Лидия Андреевна құлақтандыруды екі қайталап оқып шықты. Сонан соң «енді мен де қызметке орналасатын болармын» деп үміттенді.

VІІ Күн өткен сайын қалада түнді қойып күндіз жүрудің өзі қауыпты бола бастады. Біреуді коммунист деп, біреуді еврейсің деп, енді біреулерді жаңа үкіметтің жүргізіп жатқан саясатына қарсы болдың деп қырып-жойып, тұтқынға алып, қамауды көбейте бастады. Қаланың халі сұмдық. Магазин дегеннің бірде-бірі қалмай жабылды. Азық-түлік сатылатын орын тіпті болмады. Қала тұрғындары қайғылы еді. Неміс әкімдері көптеген адамды себепсіз атып та жіберді. Сөйтіп, ел тағдырының алды толқыған суға, арты қазылған орға ұқсайды. Қаланы бір түрлі ауыр қайғы, меңіреу қорқыныш басып алғандай болды. Гитлершілер сөзге келмей әркімді-ақ науыт қылып, ұрып-соғып, нәрселерін талан-таражға салып, астан-кестеңін шығарды. Лида өсімдік май заводына келді. Кеңсе алдында жағалай отырған. жұртта да, есік алдында иін тіресіп, телміріп қарап тұрған жұртта да үн жоқ, бәрінің өңдері қу шүберектей. Отырғандардың дені әйелдер. Әр жерде шулаған, жамыраған дауыстар естіледі. Оларды шуламаңдар деп жуан жұмыр қамшымен бас-көз демей салып кетіп жүрген солдаттар мен полицайлар. Осы көріністі көріп, Лиданың тез кетіп қалғысы келді. Бірақ, оған қалай да болса жұмысқа орналасу керек. Біреудің неміс тілінде сөйлегенін естіп сол жаққа жалт бұрылды. Қараса, неміс офицері екен. Ол: «Бүгін кеңсе жабылды, үйді-үйлеріңе тараңдар, ертең сағат он­да келіңдер», – деп тұр екен. Оның сөзін бір ашаң жүзді көне қоңыр костюм киген, уыздай жас жігіт орысшаға аударды. Жиналған жұрт орын­дарынан тұрып, үйді-үйіне тарай бергенде, Лида әлгі неміс офицерінің жанына жақындап келді де: – Офицер мырза, мен сіздерге жұмыс сұрауға келіп едім, ғафу етіңіз, ертең сағат нешеде келу керек, ести алмай қалғаным, – деді таза неміс тілінде. Лиданың бұл сөзіне тарап жатқан қала тұрғындары да, неміс офицерінің өзі де таңырқап қалыпты. – Сіз, олай болса, тоқтай тұрыңыз, – деді офицер. Лида неміс офицеріне еріп кеңсеге кіріп кетті. Оны жиналған жұрт­ тың бәрі де көріп тұр. Ол кеңсеге ене бергенде, алдынан басқа бір үлкен шенді офицер шыға келді. Лида кіріп барғаннан-ақ төрде отырған офицер сұрақты бората бастады. – Сен неміс тілін қайдан үйреніп жүрсің? – деді ең алдымен. – Мен мектепте неміс тілін оқуға көп көңіл бөлдім, ынта салып оқыдым. Кейіннен балалар үйінде тәрбиелендім. Мен тәрбиеленген группада үш-төрт неміс баласы да болды. Менің тіл үйренуіме олардың да септігі тиді. – Тоқта-тоқта, сен өтірікті соқпа! Россияға неміс қайдан келді? – Офицер мырза, сіз ғафу етіңіз, Россияда Волга өзенінің жағалауында неміс Автономиялық Республикасы бар екенін сіз естімеп пе едіңіз? – деген Лиданың жауабына қолайсызданып қалған офицер: – Сен мені үйреткің келіп тұр ма? – деп ашу шақырды. – Мырза, менің сізді үйреткім келіп тұрған жоқ, тек сіздің есіңізге салғаным ғой, – деді Лида үлкен көзін төрде отырған офицерге қадап.

– Жақсы, сен әзірге цех жұмыскері болып істейсің, қалғанын кейін көрерміз, – деді офицер. – Сіздерге көп рақмет, – деді де, Лида офицерлерге жылы жүз білдіріп, қоштасып шығып кетті. Күтпеген жерде жұмыс табылғанына Лида қатты қуанды. Өзінің іздегені де осы болатын. Завод үйлерінде неміс әскери бөлімдері тұрады екен. Оны да ішіне түйіп қойды. Күн батқан, ақшам кезі. Лиданың алдынан қараңдаған біреудің өтіп кеткені де байқалды. «Бұл не қылған адам? Менің соңымда жүрген жау тыңшысы ма?» деп ойлады Лида. Сөйткенше болмады, біреу алдынан шыға келіп: – Лида, сенсің бе? Мен сені бағана завод алдына жиналған адамдардың ішінен танып едім, бірақ ешкімге сыр бергім келмеді. Содан кейін сені бағанадан аңдып тұрып, соңыңнан еріп келемін. Сен мені таныдың ба? – Лида қарсы алдында сайрап тұрған әйелдің бетіне үңіліп бір қарады да: – Танымағанда ше? Сен өзіміздің Нина Чистякова емессің бе? Менің соңымнан неге еріп жүрсің, жай ма? – деп сұрады. – Мен де жұмыс іздеп, бағанағы өзің болған заводқа барған­мын. Хал қиын. Бір тілім нан таба алмайтын күнге душар болған жоқпыз ба? Жұмысқа орналасуға көмектес. Сен неміс тілін біледі екен­сің, мына мылқауларға сөзің жетеді ғой. Жұмысқа орналаса алмасам, неміс солдаттарымен жақындасудан басқа амал қалмады, – деді Нина Лиданың бетіне бедірейе қарап. Нинаның кейінгі сөзін ұнатпай қалған Лида сәл уақыт үнсіз тұрды: – Қолымнан келген көмегімді аямаспын. Кім білсін, бұларға менің сөзім өтер-өтпесін? Ал, кейінгі айтқаның ашынғандықтан ба, болмаса шының сол ма? – Менің немістермен жүріп, тамағымды асыраймын дегенім саған жақпай қалды ғой деймін? – деді анау орынсыз күліп. – Жақтырмай, мен сені қайтемін. Әркімнің өз еркі өзінде емес пе? – деп оны Лида қайырып тастады. – Жарайды, жөнге келейікші, мен жөнінде сөйлесесің бе? – Сен аз уақыт тұра тұр, алдымен мен қызметке орналасып алайын. Сонан соң байқап көрейін. – Жақсы! Сені қайдан тауып аламын? – Мені тауып алу оп-оңай. Кешкі жұмыс аяғында, алдымыздағы дүйсенбі күні дәл осы жерде бол. Уәде ме? – Уәде, осы жерде айтылған уақытта сені тосамын. Екеуі қоштасып үйді-үйіне кетті. Келісім бойынша Лида ертеңінде жұмысқа шықты. Жұ­мыс дейтін жұмыс та жоқ. Май шығаратын шикі зат болмады. Бұрынғы завод үй­ лерінің көпшілігінде неміс әскері тұр. Лида ақыры офицерлер асхана­сына аспаз болып орналасты. Ол техникумда оқып жүргенде екінші ма­мандық есебінде аспаздықты үйреніп шыққан. Міне, ол да қысылшаң кезде керек болды. Алғашында офицерлер Лиданың дәмді тамақ пісіре алатындығына күмәнданған еді. Ақыры шебер аспаз екендігіне көздері жетіп:

– Лида, бүгінгі тамағың кешегіден де дәмді екен! – деп мақтап кететін болды. Жексенбі күні Лида бір сағатқа сұранып, үйіне келіп киімін ауыстырды да, келісілген уақытта қалалық паркке бар­ды. Гүл алаңының шетіндегі бір орындықта Володя тосып отыр екен. Ол Лиданы көрді де, жақындап келіп – Амансың ба, халың қалай? – деп қол қысып амандасты. – Халым жаман емес. Жұмысқа орналастым. Өз халың қалай? – Мен де вагон жөндейтін заводқа баяғы өз мамандығым бойынша қызметке орналастым. Жөндейтін вагоның болса, жөндеп беруге мен даярмын, – деп Лидаға қарап күлді. – Сенің-ақ қалжыңың бітпейді екен. Менің уақытым өте тығыз. Сондықтан қазір, келесі кездесетін жерімізді келіселік. – Меніңше, мына паркте кездесуді тоқтатайық, мұнда адам тым көп жүреді екен. Олардың не қып жүрген адам екенін құдай білсін. Сен Белованы білесің бе? – Білемін. Ольга Тимофеевна емес пе, ол кісінің аты-жөні? – Біледі екенсің. Ол кісі өте сенімді адам. Оның үйі де өте қолайлы жерде. Тоғайдың түкпірінде тұр. – Жақсы, келістік. Жексенбі күні кешкі сағат сегіз бен тоғыздың арасында сол үйде боламыз. Екеуі уағдаласып, келісті де өз жөндеріне кетті. VІІІ Лиданың асханада жұмыс істегеніне екі айдан асып та кетті. Неміс офицерлерінің сеніміне әбден еніп алды. «Сонда да көп қасқырдың арасындағы жалғыз қоймын» деп, ішінен ылғи сескенумен жүрді ол. Бұл жерге орналасқан әскер бөлімдері әлсін-әлсін алмасып отырады екен. Ауыспайтындар тек қана асхананы басқарып жүрген адамдар. Ас үстінде неміс офицерлері жасырмай, майдан жағдайын айтып, дуылдап оты­ратын болды. Оның бәрін Лида көңіліне тоқи берді. Бір күні түскі тамақ ішуге, қасында бірнеше жоғары шенді офицерлері бар, Рославльдегі аэродромды басқаратын неміс генералының өзі келді. Генералға деген тағам күн бұрын дайындалып қойылған. Тамақ ішіп көңілденіп отырып, ол: «Осы асты әлгі сендер мақтап жүрген орыс қызы дайындаған ба? Тамақты дәмді пісіреді екен. Оның өзі қа­лай, сенімді кісі ме?» – деп сұрады асхананы басқарып жүрген қартаң офицерден. – Сенімді адам сияқты. Бейсауат сөйлемейді. Қыдырып босқа жүр­ мейді. Күні-түні осында, асханада болады. Өз ісіне ұқыпты. Әртүрлі тағам­дарды дайындауға өте шебер. Лида бұлардан алыстау, кухня жақта жүрсе де, сөздердің бірде-біреуін шашау шығармай, бәр-бәріне құлақ сала жүрді, есіне сақтауға тыры­сады. Оның ең алдымен түсінгені, осындағы тұрған әскер бөлімі – қала түбін­ дегі аэродромда істейтін ұшқыштар; тамақ ішуге келіп отырған мына ге­ нерал да – осы аэродром басшыларының бірі.

Генерал ұзын бойлы, сырықтай жіңішке, екі жағы семіп қалған, маңдайындағы әжімі алыстан-ақ бадырайып көрініп тұрған кісі екен. Қара көзілдірігі бас сүйегіне шұңғыл біткен көк көзін жауып тұр. Жүзі суық әрбір нәрсеге сенімсіздікпен қарайтын күмәншіл адамға ұқсайды. Тағамды асықпай саспай отырып ішті. Кейде біреудің бетіне бедірейіп, көзін қадап отырып қалады. Қасындағы офицерлер өз алдарында тұрған бөтелкедегі шнапсты ашуға батпады. Оны байқап қалған генерал: – Мына бөтелкені неге ашпайсыңдар? – дегенде ғана қасында­ғы­ лардың бірі бөтелкенің аузын ашты. Арақ ішіп алған генерал әр нәрсені әңгіме етіп, асханада көп отырды. Стол үстіндегі ыдыс-аяқты жинап жүрген Лида генералдың көзіне бірден шалынды. – Мына жүрген орыс қызы сұлу екен өзі, – деп жымиып күліп, қа­сын­ дағы офицерге қарады. – Көзіңіз қыран-ақ екен, сұлуды бірден көрдіңіз-ау! – деп мақтап қойды семізше келген офицер. – Сенің көзің түспей отырған шығар. – Дегенмен сіз менен бұрынырақ көрдіңіз ғой, – деп қалжыңдады офицер. – Айтпақшы, осы тамақты пісірген мына кісі ме? – Иә, осы кісі. Өзінің іші-сырты бірдей адам, – деп қу­лана сөйледі асхана бастығы. – Өзінде біздің сөзімізді түсінетін адамның сыңайы бар ғой деймін? – Неміс тілін жақсы біледі. – Неміс тілін қайдан үйреніп жүр? – Дәл осы сұрауды алғашқы күні мен де қойып едім. Ол кісі былай деп жауап берді. Россияның көптеген мектептерінде пән есебінде неміс тілі оқылатын көрінеді. Оның үстіне бұл кісі бала кезінде неміс балаларымен дос болып, тіл үйреніпті. – Тіл білгені жөн ғой. Өзі сенімді адам болса, мен штабыма аспаз етіп алсам қайтеді? Оған сіздер қалай қарайсыздар? – деді генерал асха­наны басқарып жүрген офицерге қарап. – Генерал мырза, сізге жақсы аспаз керек болса, біз қарсы боламыз ба? – деп анау зыр ете қалды. – Ертең бізге жіберіңдер! – Жақсы, мен өзім алып барамын, – деді асхана бастығы. Сол күні Лида үйіне кеш қайтты, Зина ертерек жатып қалғанымен ояу екен. Ол бірден: – Сен бүгін көңілді екенсің. Майданнан жақсы хабар естіген жоқ­сың ба? – деп сұрады Лидадан. – Майданнан ешқандай хабар жоқ. Мен ертеңнен бастап генералға аспаз болатын болдым. Бұл, сеніңше қуанатын оқиға емес пе? – Қуанбағанда, – деп Зина апасының мойнынан құшақтады, – тым болмаса тамағымыз тоқ жүреді.

Екеуі күндізгі көрген-білгендерін айтып, төсекте жатып ұзақ әңгіме­ лесті. Әңгімелері ұзақ сонарлы, көп сырлы, көп қырлы болды. Бір оқиғадан екіншісі туып, шөлейт жердегі бұраңдап созылып жатқан жалғыз аяқ жол тәрізді бітетін түрі жоқ, ұзаққа созылып, алысқа шапты. Зина өзінің орналасқан жұмысына риза екендігін, көңілі толатындығын, бастығының жөні түзу адам екенін, қала комендантымен танысқанын үлкен бір хикая сияқты етіп, нақышына келтіре, иін қандыра толық айтты. – Сен ана қала комендантымен қалай танысқаныңды дұрыстап айт­ шы, – деді Лида. – Ендеше тыңда. Бір де сөзін қалдырмай айтайын. Мен түс кезінде дәлізде тұрған столдың үстіндегі керексіз бір қағаздарды жинап далаға шығарып тастайын деп, енді есіктен шыға бергенімде, қарсы алдымнан бір ұзын бойлы, бұйра шашты, бейтаныс офицер шыға келді. Ол менің бетіме бедірейіп бір қарады да, төргі үйге кіріп кетті. Мен шошып кеттім де, қолымдағы қағазды бұрышқа тастай беріп, бос тұрған екінші бір бөлмеге ендім. Көп ұзамай кезекші солдат келіп: – Сені комендант шақырып жатыр, – деді. Сол-ақ екен, менің шекемнен суық тер бұрқ етті. Жүрегім аузыма тығылып, сілейіп тұрып қалыппын. Мен сәл кідіріп қалып едім, әлгі солдат қайта келді: – жүріңіз, жүріңіз! – деп ол маған енді бұйыра сөйледі. Амал жоқ, мен аяғымды әзер сүйретіп, теміржол комендантының кабинетіне кірдім. Есікті ашып, табалдырықтан аттамай жатып кабинетте отырған екеудің біріне-бірі қарап жымиып күлгені бар емес пе? Бір пәленің барын жүрегім енді сезді. Екеуі менің көзімше немісшелеп сөйлесіп, сәл отырды. Сөздерін түсінбесем де, әңгіме мен жөнінде екенін сезем. Мен екеуінің алақа­нына қонған үкідей көзім жаутаңдап есік алдында тұра бердім. Бір кезде менің бастығым орнынан тұрып жаныма келіп, қолымнан тартып, төр алдында тұрған неміс офицерінің жанына әкелді: – Мына кісімен таныс, осы қаладағы комендант Фольбер мырза, – деді. Амалым жоқ, мен де оған қол беріп амандастым. Өзі бір озбыр адам екен, мені сүйреп өзіне қарай тартып алып, қолымды сүйіп, әй-шәй жоқ құшақтай бастады. Мен бұлқынып көріп едім, босататын түрі жоқ. Бірден қапсыра құшақтап алды. Өзінің қолы да қарулы екен, денемді мытып, көкпеңбек етті. Өзі орысша сайрап тұр. – Мен сені сүйемін, – дейді маған. – Сіз мені қайдан білесіз? Ал білмеген кісіні қалай сүйесіз? – десем: – Мен мына жолдасыма күнде келемін, мүмкін байқамаған боларсың. Мен сені күнде осы үйде көремін, – дейді өліп-өшіп. – Сенің атың кім? – деді бір кезде. – Менің атым Зина, – деп едім, онан арман құшақтап әкетіп барады. Қысқасын айтқанда, жіберетін түрі жоқ.

– Зина, Зина, сізбен жақын достасуыма бола ма? – деп мәселені тура­ сынан қойды. Мен күтпеген сұрауға жауап бере алмай сасып қалдым. Басым айна­лып, көзім қарауытып тұрып қалыппын. Тұла бойым дір-дір етеді. Ол жерде ақылдасатын сен жоқсың. Өзім ақылға салып көрсем, менің Фольберден құтыла алатын түрім жоқ. Ол қарсы алдымда мені аш қасқырдай бас салайын деп тұр. Қаладағының бәрі қасқыр. Әйтеуір қасқырға жем болады екенмін, онда-сырттанына жем болайын, – деген түйінге келдім. – Мырза, сізбен жақын дос болу – мен үшін үлкен мәртебе, – деп едім. – Сені мен осында келген сайын көріп, тіл қатуға ынтық едім. Бірақ мына сенің бастығыңнан жасқанып кетіп қалушы едім. Жаңа сұрасам, бұл басқасын тауып алыпты. Енді сен менікісің, – деп Фольбер мені құшағына тарта берді. Ол мені сүйіп, аймалап жүргенде бізді оңаша қалдырып әлгі менің бастығым есік алдына шығып кетіпті. Ар жағын сұрамай-ақ қой. Олар бәрін күн бұрын келісіп қойғанға ұқсайды. Мен қобалжып, әртүрлі ойға кеттім: «Мына аумалы-төкпелі заманда сүйенетін мықты біреуің болмаса, жер үстінде жүріп күн көрудің өзі қиын. Көшеде жолыққан солдат атаулы мазақ еткісі келеді. Біреуі көнбедің деп өлтіре салуы да оп-оңай. Енді мен қала комендантының панасындамын. Енді басқалары өйте алмайды». Осы себепті мен Фольбер мырзаның қолын қақпадым. Қаққаныммен бәрібір өз дегеніне жетпей тоқтайтын түрі жоқ. Қалтасындағы тапан­ша­ сымен атып салуы да ықтимал. Сондықтан не де болса көнуге тура келді. Лида у ішкендей болып отыр. Бірақ «у ішсең, тоя іш» де­ген де қағида бар. – Сен оны жылы жүзді, момақан деп сеніп қалма. Бәрін алда көреміз. Тағы да кездесіп тұратын болып уәделестің бе? – Иә, уәделестім. Келесі жолы қала коменданты кеңсесінің жоғарғы жағындағы кішілеу алаңда кездесетін болдық. Ол маған үйімді де көрсетемін деп уәде берді. Зинаның комендантпен танысып, тіпті онымен ашына бо­лып алғанына Лида әрі қайғырып, әрі қуанды. «Бір күні онымен ретін тауып мен де танысайын. Бір керегі болар» деп түйді ішінен. Ол сіңлісіне қарап қадалып отыр. Мөлдіреген көк көздері шара­сынан асып, телміре түсіп, кірпік қақпай қарайды. «Зинаның қала комен­ дантымен танысқаны біз үшін жақсылық па, болмаса біздің қыр­шын жас өмірімізді қырқу үшін құрылған тор ма? Үлбіреген қыршын жас­ тың жауға мазақ болып, өміріне балта шабылғаны ма? Әзірге, Зинаның қолын қақпайым, мүмкін мұның бізге септігі де тиер. Зина менің жау тылында белгілі тапсырмамен қалғанымды білмейді. Оған әзірге айтудың да керегі болмас», – деп қауып, қатерге толы ойын жинақтады да, сіңлі­сін құшақтап, өксіп-өксіп жылап жіберді.

ІX Өткен түні аэродромда тыныштық болмады. Ерсілі-қарсылы жүгірулерінен, үрейлі, асығыс қимылдарынан қалайда бір қарбаластық байқалады. Оның да себебі бар. Москва түбіндегі майданға жіберген бірнеше самолеті өз базасына қайтпай қалды. Майданнан алған хабарға қарағанда, ол самолеттерді орыс зенит зеңбірегі атып түсірген көрінеді. Бұл жағдайға генерал Рихтер мырза қатты ашулы. Ол екі иығын жұлып жеп, апатқа ұшыраған эскадрильяның команди­рін айтпаған сөзді айтып, ұрсып отырды. Генералдың жаны да қыл үстінде, ертең бұл жағдайды естіген Берлиндегілер оның да маңдайынан сипай қоймай­тыны хақ. Орнынан алмаса да, мұны сөккен бұйрық барлық әскер бөлімдеріне таратылады. Тәжірибесі мол, Гитлердің оң қолы болған ге­нерал үшін осының өзі өлім емес пе? Міне, сол генерал Рих­тер бүгін таң әппақ атқан соң, көз шырымын ала қояйын деп, жаңа ғана қисайған еді, кезекші офицер келіп: – Генерал мырза, сізді телефонға шақырып жатыр, – деді. Ол орны­нан атып тұрып, телефонға жармасты. – Сізді тыңдап тұрған генерал Рихтер, – деп қолын алға созып, өзінің дағдылы әдетінше, телефонның құлағына «Хайль Гитлер», – деп алды. Кенет генералдың өңі қашып, құп-қу болып кетті. Жығылғанға жұдырық деп, түн ортасында майдан шебіне кеткен бір топ самолеттің бірнешеуін тағы да совет истребительдері таңға жуық тосқауылда жүріп атып түсіріпті. Қалғандары өз базасына қайтып келе жатса керек. Бұл жәйсіз хабар генералды қатты ренжітті. Ол көзіне түскен офицер­лердің бәр-бәріне ұрсып, өшін солардан алып жүр. Бір мезгілде шайпау­лығын қойып, тынышталды. Жаңағы реніш генералдың маңдайындағы әжімдерін қалыңдата түскенге ұқсайды. Самай шашы аппақ, жүзі сарғыш тартқан. Оның көңіліне реніш аралас қорқыныш кіріп, жоғарғы ұлық­тардан енді жақсылық күтпейтіні айқын бола түсті. Дегенмен, сыр бермей, жаңа ғана штаб қызметкерлерінің біреуі әкеліп ұстатқан алдағы күндердің әуе райы ақпарларына үңіліп қарап отырды. Оның ойын кенеттен сұраусыз ашылған есік тықыры бұзды. Ол – генералға тағам алып келген Лида болатын. Генералдың мүшкіл халін сезе қалған Лида: – Мырза, түнімен шаршаған боларсыз, тамаққа отырыңыз, – деді. Кабинеттің оң жағында тұрған кішілеу шкафты ашып, ішінен бір бөтелке арақ алып үстелге қойды. – Рақмет сізге, мен жұмыспен жүріп кеше түстен бері тамақ ішпе­ генімді де ұмытып кетіппін. Есіме жақсы салдыңыз... – деп генерал үнсіз келіп асқа отырды. Генералдың түс кезінде күтпеген жерден екі-үш күнге командировкаға кетіп қалғанын Лида сол күні кешке естіді. Штабтағы офицерлердің көпшілігі кино көрмек болып тамақ­ты күндегісінен ертерек ішті. Әнеу күні Володямен кездеспек болып уәделескен уақыты бүгін кешкі сегіз бен тоғыздың арасында болатын. Лида асханадағы ыдыс-аяқты жинап, күндегісіндей бәрін орынорнына қойып, қас қарая бергенде үйіне қайтып кетті.

Сағат тоғыздан аса бергенде Лида үйіне соқпастан тура Ольга Тимофеевна Белованың үйіне келді. Володя да сонда екен. Ол төргі бөлмеден шығып, Лиданы қарсы алып: – Аман-есен жүріп жатырсың ба? – деп қолын алып амандасты. Екеуі қолтықтасып оң жақтағы, терезесі қораға шығатын кішілеу бөлмеге кірді. Бөлмеде екі-үш орындық, тозығы жеткен бір дөңгелек стол бар. Басқа ешқандай жиһаз жоқ. – Отырыңыз, бұл үйді өз үйіңіздей көрініз, – деп Воло­дя қолымен төрде тұрған орындықты көрсетті. Екеуі енді отыра бергенде үйдің сыртқы есігі сықыр еткендей болды. Володя орнынан тұрып, есіктің ара­сынан сығалап: – Ольга Тимофеевна келе жатыр. Қорықпай-үрікпей отыра берейік. Әнеу күні өзіңе айттым, бұл өте сенімді адам. Сен екеуіміз үйінде отырған соң біреу-міреу келіп қалмасын деп шыдамы кетіп, далаға шығып жанжақты байқап келген болар, – деді. – Өз халың қалай, қалада нендей жаңалық бар? – деді әңгімені бірден бастап кеткісі келген Лида. – Қалада пәлендей жаңалық жоқ. Тек қана қала комен­данты Фольбер мырза жақында округтік полиция құрды. Полицияның бастығы етіп осындағы бұрынғы кулактың баласы Артемов дегенді тағайындапты. Оның көмекшісіне бірнеше рет сотталған Титоренко дегенді бе­кітіпті. Екеуі де барып тұрған жауыз адамдар. Қазір сол екеуі неміске жағу үшін жазықсыз совет азаматтарын бірін коммуниссің, енді бірін парти­зансың деп ұстап, сотсыз атып жатыр. Бұлар жауыздықты немістен асырып бара жатыр. Халық көресіні осы екеуінен көретін болды. – Олай болса, біз де қатарымызды көбейте түсуіміз қажет. Қатарымызға жаңа адамдарды тартып, қайткен күнде партизандармен байланысқанымыз жөн. – Бұл маңайда партизандардың барын қайдан білесің? – Білмегенде. Осыдан бірнеше күн бұрын генерал тамақ ішіп отырып қасындағы офицерлерге: «осы маңайда парти­зан отрядтары бар көрі­ неді, сақ болуымыз керек. Өздері екеу-үшеу болып жүріп бізге қарсы қимыл жасай бастапты. Жуықта мына Павлинка теміржол станциясы мен Зверинка станциясының арасында майданға кетіп бара жатқан біздің бір эшелонды жолға мина қойып сұлатыпты. Көптеген әскер апатқа ұшырады, – деген сөзін өз құлағыммен естідім. – Мынауыңыз бір жақсы хабар ғой. Мен кеше бір белгісіз кісімен таныстым. Өзі бұл жердің адамы емес. Айтуына қарағанда, соғыс алдында бір сәл ғана қылмыспен екі жылға сотталыпты. Оны мына Белоруссия­ ның бір қаласындағы түрмеге айдап кетіпті. Сотталған мерзімін өтеп жүр­ генде соғыс басталып кетіп, немістер түрмедегі адамдардың бірде-біреуін қалдырмай босатқанда ол да жаяу-жалпы шығысқа қарай босқан елмен бірге жүре беріпті. Содан келіп жеткен жері осы біздің қала көрінеді. Қазір қалалық управаға қызметке орналасыпты. Өзінің ұлты қазақ, аты Алтай, фамилиясы Сырымбетов.

– Ол сатқын біреу болар. Оны несіне айтып отырсың? – Мен кісі танысам, сол жігіт сатқын емес. Осында тапсырмамен келіп жүрген адамға ұқсайды. – Сен елдің бәріне сене берме, жағдайдың қиын екендігін білесің. Ол кісіні алдымен сынап байқайық. – Сен Нинаны көрдің бе? – Көрдім. Ол қазір май заводында тұрған әскер бөліміне қызметке орналасты. Келесі жолы онымен де кездеселік. – Мына Ольга Тимофеевнамен сөйлесейікші. Үйінде бөгде кісі отырғанын білгенімен, ол біз отырған бөлмеге келіп, жүз көріскен жоқ, – деп Лида ауыздағы бөлмеге шығып, үй иесі әйелмен қол алысты. – Жүр, мына бөлмеде отырайық, – деп Володя әлгі әйелдің асты-үстіне түсіп, жалбақтап жатыр. – Сіздер бір-біріңізді көптен танисыздар ма? – деді Лида. – Танығанда қандай, мектепте он жыл бойы бірге оқыдық. Мен Ольганы сонау бірінші кластан бастап білемін. Өзі аузына өте берік, сабырлы адам, – деді Володя. – Сен мені тым асырып мақтап жіберген жоқсың ба? – деп Белова Володяның бетіне қарап жымиып қойды. – Біз сіздің үйге келіп жай әңгімелесіп отырмыз. Мына Володя сізбен бірге оқығанын осында келмес бұрын айтқан болатын. Сондықтан өзімсініп келдік, сіз ғафу етіңіз, мүмкін сізді жұмысыңыздан қалдырған болармыз. – Жоқ-жоқ. Қайта сіздердің келгендеріңізге қуанамын. Мына мылқаулардан сақтасын, – деп, айтуын айтса да Оль­га Тимофеевна «бейсауат сөз айтып қалдым ба?» – деп қысылып, абыржып қалды. – Мылқауыңыз кім? – Неміс тілін түсінбеген соң, осы қала адамдарының бәрі оларды «мылқау» дейді... Егер қателесіп кетсем ғафу етіңіз, – деп қызарып кетті. –Жарайды сіздер үйде отыра беріңіздер, мен ауыз үйге барып, өз шаруаларыммен айналысайын, – деп, Ольга Тимофеевна шығып кетті. – Володя, жаңа сен бір жігітпен таныстым дедің. Келесі жетіге дейін сен сол жігітті әбден сынап көр. Егер, сен айтқандай дұрыс адам болса, мен де жолығайын. Алғашқы жолығу жай танысу үшін болсын. Келесіде тағы осы үйде жексенбі күні сағат сегізде жолығайық. Осыған келістік қой? – Келістік. – Онда бүгінгі әңгіме осымен бітсін. Мен қайтайын, – деп Лида қоштасып шығып кетті. Володя ауыз үйдегі Ольга Тимофеевнаның қасына келіп: – Сен өткен жолы маған совет барлаушыларының пайдасына қызмет етуге даярмын дедің. Сол уәдеңде тұрасың ғой? – деді. – Мен басқа біреулердей екі жүзді адам емеспін. Сол айтқаным – айтқан.

– Олай болса, сен маған тілхат жазып бер. – Тілхат деген не? – «Мен совет барлаушыларына қызмет етемін!» – деп жазасың. – Володя, сен менің ауызша айтқаныма сенбейсің бе? – деп Ольга реніш білдірді. – Сен ренжіме. Қазіргі кез осыны талап етеді. Оған сенің өкпелейтін жөнің жоқ. Егер осындай әңгіме бейбітшілік уақытта болса, сөз басқа. Қазір жазып бер, – деп Володя талап қоя сөйледі. Ольга Тимофеевна ұзын бойлы, талдырмаш әйел. Үлкен көк көздері мөп-мөлдір, жаутаңдап тұр. Күйеуі майданға кетіп, екі баламен жау тылында қалып қойған. Өзі кісі ал­дында бейсауат сөйлемейтін, біртоға, берік адам. Ол бір сәт ойланып отырды да, «жарайды, жазып берейін», – деп қолына қағаз-қарындаш алып, төрдегі стол басына барып отыр­ды да, былай деп жаза бастады: «Мен Отаным үшін бір қасық қаным қалғанша қызмет етемін. Барлаушы қатарында болып, неміс-фашистерінен уақытша басып алған жерді босатып алу жолында барлық күшімді жұмсаймын», деп жазды да, аяғына қол қойып, Володяға берді. X Алтай Сырымбетовтың осы қалаға келгеніне, міне, бақандай бір ай шамасы болып қалды. Бейтаныс қалада жататын жер де, қызмет тауып алу да ол үшін оңайға түскен жоқ. Алғашқы күндері оны біресе неміс коменданты тексерді, біресе гестапоға апарып тексеріп, торға жауып қоя жаздады. Неміс тексеруінен қолындағы түрмеден босап шықты деген документін көрсетіп, енді құтылдым ба деп отырғанда, Арте­мов мырзаның округтық полициясының адамдары келіп тексеруді қайта бастады. Не керек, әзер дегенде, немістің де, жандармерияның да құрған торынан құтылып, қалалық управаға жұмысқа орналасқанына бір аптадай ғана уақыт болған. Алтай соғыс алдында екі-үш жыл бұрын Алматы қаласындағы педагогикалық институттың филология факультетін бітіріп шыққан. Неміс тілін жақсы үйренген. Неміс тілінде сөйлеу тәжірибесі аз болғандықтан ептеп қарайып қалған екен, бірақ қазір мүдірмей сөйлейтін болды. Оны 1940 жылы әскерге алған болатын. Батыс Белоруссиядағы бір қалада орналасқан әскер бөлімінде азаматтық борышын өтеп жүргенде, соғыс басталып кетіп, ол соғыстың алғашқы кезіндегі аласапыранда жау қоршауында қалып қойып, ақыры партизан отрядын ұйымдастыруға кірісіп, партизан бо­лып кеткен. Алтай – талай қыл көпірлерден өткен, талай рет жанын шүберекке түйіп қауіп-қатерден өзінің тапқырлығымен құтылып шыққан адам. Енді міне қаңтардың қақаған заманында арнайы тапсырмамен Рославль қаласына келіп, қалалық управаға тілмаш болып орналасты. Қаладағы жасырын ұйымның кісілерімен қалай жолығудың бабын таба алмай жүргенде, ол теміржол вокзалында бір жібі түзу жігітке жолыққан. Ол жігіт бұның өңі не орысқа, не белорус­қа ұқсамайтынын көріп:

– Сіз қай жерде туып-өскен едіңіз? – деп сұраған бо­латын. – Менің туған жерім Қазақстан, қазақпын, – деп жауап берді бұл. – Жамбылдың жерлесі екенсің ғой? – Иә, Жамбылдың жерлесімін, аты-жөнім Алтай Сырымбетов, осындағы қалалық управада қызмет істеймін. – Бірақ Алтай онда тілмаш болып істейтінін айтпаған. – Сіз өзіңіз осы қаланың тұрғынысыз ба, болмаса, басқа жақтан келіп пе едіңіз? – деп сұрады екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей жігіттен. – Мен осы қаланың тұрғынымын. Вагон жөндейтін заводта инженер болып істеймін. Атым – Володя, – деп фамилиясын айтпай ол да сақтық жасады. – Фамилияңыз кім? – Володя десеңіз болады ғой, менің фамилиямның сізге не керегі бар. – Сен сияқты дені сау, алпамсадай жігітті әскерге алып кетпегеніне таңым бар? – деп Алтай Володяға тесіле қарады. – Мені әскерге алып кетуге үлгере алмай қалды, болма­са, аяды ғой дейсің бе? – деді Володя тура жауап беруден тайсалып. Екеуі аз, бірақ жылы жүзбен сөйлесті. Алтайдың жылы көңілі тәжірибе алып қалған барлаушының жүрегіне жағымды із қалдырды. Тағы да жолығармыз деп екеуі қоштасып өз жөндеріне кетті. Алтай аяғын ақырын басып, әрнені бір ойлап келе жатты. «Жаңағы жолыққан жігіт тегін адам емес. Ол не немістің жалдамалы тыңшысы, не біздің совет елінің барлаушысы, фамилиясын айтпай жасырып кеткенін көрдің бе? Әскерге алуға үлгере алмады дегені де бекер. Сөз тапқанға қолқа жоқ, себеп айтқаннан кейін иланасың, басқа амалың бар ма? Өмір деген осы, біреуді біреу алдаған заман. Абыржып, алаңдаумен, тымырсық қорқынышпен өтіп жатқан күндер». Ақшам болмай Алтай пәтеріне келіп жетті. Үш бөлмелі үйдің бір бөлмесінде тұратын. Ол үйге келгенде бөлменің іші алакөлеңке еді. Бүтін пәтерде алпыстан асқан кемпірден басқа жан жоқ. Жалғыз ұлын соғыс басталысымен майданға алып кеткен екен, кейінірек дәрігер келінін де әскерге алыпты. Екі немересі Кавказ жақтағы бір пионер лагеріне жіберілген. Олардан хабар-ошар жоқ. Қолында қалған жалғыз үлкен қызы жұмыстан әлі қайтпаған. Есіктен кіріп келген Алтайды танып, кемпір: – Жақсы келдің, шырағым, жалғыз өзім осы үйде отыруға қорқып, мына қасымыздағы көршінің үйіне кетіп қалайын деп отыр едім. – Неменеден қорқасыз? – деді Алтай. – Неден дерің бар ма осы күні? Заман болса мынау, адам деген айуан емес пе, біреуі келіп: «сен не қып жалғыз отырсың, атамын» десе не деймін, мені кім арашалап алады? – Адамды айуан дегеніңіз не? – деді Алтай кемпірді түсінбеген болып. – Ой, шырағым, адамның осы күні айуаннан да күні тө­мен, бірін-бірі әне, қойдай бауыздап жатқан жоқ па? Тіпті ең жыртқыш деген аң да бірінбірі өлтірмейді... Бұл заман бұзылды ғой, ұлым.

– Енді мен келдім, еш жерге бармай-ақ қойыңыз, – дей салды Алтай сөзді қысқартқысы келіп. – Әрине, енді қайда барамын? Кел, мына стол басына отырып, кешкі тамағыңды іш. Картоп пісіріп қойдым. Жақын жердегі бір деревнядан сіңлім келген еді, байғұс, екі бөлке нан ала келіпті, сен де ауыз ти, – деп қолда бар дәмін Алтайдың алдына қойды. Алтай мен Мария Павловна екеуі көп уақыт сұхбаттасып отырды. Алтай күні бойғы жүрістен шаршап, өзі жатқан бөлмеге барып дем алғысы келіп еді, Мария Павловна бір ұзын-сонар әңгімеге түсіп алып, оны жіберетін болмады. – Шырағым, осы қалада округтік полиция ұйымдастырылыпты. Оған бастық етіп Артемов деген бір алаяқ қу бар еді, соны бекіткен дейді. Ол дүниенің түзу кезінде көзі қызарып, қасқырға ұқсап, біреуді жеп қоятындай боп жүретін, қолына билік тиген соң, кімді аяйды ғой дейсің. Өзі мына осы жердегі кулактың баласы. Совет өкіметіне нағыз наразы кісінің бірі. Онан сен де байқап жүр. Алдауына түсіп қалма. Сені аямайды, жазым қылады. – Ол ескертпеңізге көп рақмет, – деп, Алтай ішіне әлденені түйіп қойды. – Мен шаршадым, енді жантаяйын. Сен де дем ал, – деп кемпір шойырылған белін екі қолымен басып, ақсаңдап өз бөлмесіне кетті. Алтай – сұлу пішінді, аққұба жігіт. Үлкен қой көзді, қалың шашты, бір кісіге әлі қаптал жететін қайратты адам екендігі бір көргенде-ақ белгілі болып тұр. Тыныштық заманда бірде-бір жанның көңілін қалдырмауға, қолынан келсе жақсылық жасауға шын көңілімен тырысатын жан еді. Сол жолда өз басын құрбан етуге де бар. Міне, сол біреуді маңдайынан шертіп көрмеген Алтай жауға қарсы жасырын күрес жүргізгелі отыр. Бұл жолда талай адам жанын қияды, қырғыншылыққа да ұшырайды. Ертеңінде күн алай-түлей боран болды. Жел ұйтқи соғып, ұлпа қарды үйіріп тұр. Көше-көшені жал-жал болып күртік қар басып қалды. Тыныштық кездегі қар тазалайтын машиналар қазір жоқ. Алтай ерте тұрып, асын тезірек ішіп, жұмысына кетті. Бүгін топан суы қаптағандай, көше толған неміс әскері мен техникалары. Адам аяғын алып жүре алмайды. «Бұл майдан шебіне жақын жер емес, олай болса, май­данның басқа бір бөлегінен Москва түбіне жіберілгелі жат­қан әскерлер болды» деп түйді ол ішінен. «Қаланың қай жеріне барса да ерікті» деген рұқсат қағазы бар Алтай осы маңды жаяу жүріп аралап шықты. Жау әскерінің көбірек топталған жерін көңіліне тоқып алған ол, қаланың оңтүстік шетіндегі оңашалау үйде тұратын, партизан байланысшысын тауып алып, оған сол жерде өз қолымен толтырған жасырын картаны беріп, тез арада партизан штабына жеткізуді бұйырды. Түн ортасы ауған мезгіл. Толған айдың жарығы жердегі ақ қарға шағылысып дүние әлеміне күндізгідей нұрын шашып тұр. Алтай дөңбекшіп ұйықтай алмай жатыр. Өйткені кешегі жіберген сәлемдемесінен әлі күнге дейін хабар жоқ. Ол барып жетті ме, болмаса, орта жолда қолды

болды ма деген ой оның жанын жеп, ұйқы бермей қойды. Алтай әбден талықсып, көзі енді ілініп бара жатқан болатын. Бір заматта гүрілдеген самолет дауысы естілді. Олар ұйытқып, қала маңын екі айналып шықты да, турасынан нысанаға қарай тартты. Бір кезде аспан да, жер де дір ете қалды. Бомбаның бірі осы Алтай жатқан үйдің маңынан түсті білем, ағаш үйдің қабырғасы сықыр-сықыр ете қалды. Батырға да жан керек дегендей, Алтайдың да жүрегі дір ете түсті. Жақын жерде жан тасалайтын жертөле де жоқ. Самолет шабуылы кезінде далаға жүгіріп шығу тағы қауыпты. Соны білген Алтай қозғалмастан төсегінде жата берді. Бір мезгілде күркір бәсең деп, бірте-бірте азайып барып басылды. Алтайдың қуанышы қойнына сыймай жатып ұйықтап кетті. Ертеңінде ол таң бозарып келе жатқан кезде тұрды. Қызметтен бұрын түндегі аласапыранның қорытындысын көруге асық еді. Кешегі көше толы әскер бүгін зым-зия жоқ болыпты. Әр жерде домалап жатқан танкілер мен машиналар, өліктерді жинап жүрген жау солдаттары. Айнала шұрықшұрық, ойран-асыр. Көшеде келе жатқан неміс солдаттарының бұрынғы сәулеті жоқ. Біреу келіп жынын қағып алған секілді. Алтай іштей толқып, ең алғашқы қадамының өте сәтті болғанына қатты қуанды. Қалалық басқарманың кеңсесіне кіріп бір көрінді де: «Мені қала коменданты бір шаруамен шақырып жатыр, сонда кеттім», – деп қасында отыратын бір кісіге айтты да, кетіп қалды. Оның комендант шақырды дегені жәй із тастау болатын. Ол тура өзіне партизан отряды берген адреске тартты. Көк тақтаймен қоршалған қызыл шатырлы үйдің алдына келді де, кідірместен кіші есіктен қораға кіріп кетті. Қораның дәл төрінде байлаулы жатқан үлкен төбет ит бар екен. Ол бір-екі рет жұлқынып, арсылдап үріп, қарғы бауын үзіп кете жаздады. Сол кезде үйден бір әйел шығып: – Сіз кімді іздеп жүрсіз? – деді. – Үйге кіруге бола ма? Шаруамды содан соң айтайын, – деді Алтай. – Кіріңіз. – Әлгі әйел есікті ашып Алтайға жол берді. Үйге ол кіріп келгенде, төргі үйден осыдан екі күн бұрын өзі вокзалда жолыққан жігіті шыға келді. Онымен бір жа­қын туысқанымен кездескендей амандасып: – Мылтық, – деді. – Автомат, – деп жауап берді анау. – Зеңбірек, – деп Алтай жымиып күлді. – Менің атым «Володя», – деп қолын берді, – Мен бір бөгде кісі келіп қалды ма деп едім. Өзіміздің адам екенсіз ғой, жоғары шығыңыз, отырыңыз, – деп Володя Алтайдың асты-үстіне түсіп, төрде тұрған орындықты нұсқады. – Мені Сидоров сіздермен байланысқа жіберді, – деді Алтай. – Бұдан былайғы уақытта осында боламын. Кеше айттым ғой, осындағы қалалық басқармаға қызметке орналастым деп, сол рас. Өзі өте қолайлы қызмет болып шықты. Бастан асып жатқан көп жұмысы да жоқ, қаланы аралап жүруге берілген рұқсаты да бар.

– Мен сіздің сондай тапсырмамен келген адам екеніңізді аздап сезген де едім, бірақ анық білмеген соң, ашылып сөйлесуге қорқып, үндемей кеткенмін. Егер, керегіміз болса, өзі де келер деп ойлағанмын. Түнде біздің самолеттер мына мылқаулардың сыбағасын берді-ау, естідің бе? – деп Володя қуанышын жасырмай, сүйсіне айтты. – Естімегенде, – деп қана қойды Алтай. – Сізді мен алдымыздағы жексенбі күні қаладағы біздің кейбір адам­ дармен таныстырайын, жарай ма? Ал сіз әзірше мынаны айтыңыз­шы: майдан жайынан қандай хабар бар? – Майдан Москва түбінде көрінеді. Жау қанша шабуыл жасағаны­мен Москваны ала алатын түрі жоқ. Жуықта біздің армия жауға қарсы ша­буыл жасап, оның тауын қайырыпты. Жау әскері кейін шегініп, көп шы­ғынға ұшыраған деседі. – Оны біз немістің өздерінен де естіп жатырмыз. Анада осындағы бір неміс офицерінен: «Москва капут?» – деп әдейі сұрап едім, ол «Москва капут» емес, «біз капут» боламыз деп жауап берді. Соған қарағанда неміс әскерінің халі онша емес-ау деп жүргенімде, майданнан эшелон-эшелон жаралыларды, үсіп қалған адамдарды батысқа қарай күнде-күнде жөнелтіп жатты. Алғаш кездескен күні екеуі Алтайдың келген шаруасының ұзынырғасын ғана әңгіме етті де, келесі жексенбі күні кездесетін жерін келісті. Сөйтіп екеуі әңгімені доғарып, қоштасты да, өз жұмыстарына кетті. * * * Генерал Рихтер командировкадан түн ортасы ауа қайтты. Лида ол бүгін қайтады деген соң, тамағын пісіріп, үйіне кетпестен тосып отырды. Генерал жатқан жеріне кіріп, киімін шешер-шешпестен-ақ Лиданы көріп: – Лида бикеш, кеткелі жөндеп тамақ іше алмадым, дайын тамағың бар ма? – деп сұрады. – Генерал мырза, сіз келеді деген соң тамақ дайындап, тосып отырмын, қазір ысытып жіберейін. Сіз киіміңізді шешкенше даяр болады. – О, саған көптен-көп рақмет, – деп, генерал Лидаға риза болып қалды. Кешегі түнгі совет самолетінің бір бомбасы қаладағы электр станциясына дөп түсіпті. Генерал да сығырайған май шаммен отыр. Онысы әлсін-әлі жалп етіп сөніп қалады. Онсыз да у мен зәрін шашып келген ол мына жағдайға қатты ашуланды. Оның мұнысын бірден түсінген Лида май шамның білтесін молынан шығарып, майды көбірек салып қайта жақты. Бөлме ішіндегі жарық молайып, көңілді біраз сергіткендей болды. Бірақ ашулы генерал оған місе тұтқан жоқ. Тамағын ішіп болған ол есік алдында отырған көмекшісін шақырып алды да: – Штабты электр движогіне қоссын, жарық берсін! – деп бұйрық берді.

Рихтер бүгін қатты қаһарлы. Маңына жолап кеткен адамды көзімен
жеп қояйын деп отыр. Оның бір ұрты қан, бір ұрты май. Соншалық

тоңмойын, әділетсіз, қыңыр зорлық иесі екендігі оның бет келбетінен сезіліп тұр. Содырлы, қиянатшыл құбыжық түсі осы болатын. Өткен түнгі совет самолетінің шабуылы Рихтер мырзаға да оңай тимесе керек. Ол өшін қарамағындағы адамдардан алудың есебін іздеп отыр. Рихтер құрған зенит артиллериясы нақты нысананы көздеп атудың орнына, тисе терекке, тиме­се бұтаққа дегендей, аспан кеңістігін текке атқылап, бірде-бір самолетті атып түсіре алмай әбден зығыры қайнаған бо­латын. Бұл жағдай генералды қатты ойландырып тастады. Ол, міне, аэродромдағы офицерлердің апшысын қуырып отыр. Кей біреуін «майданның алғы шебіне жіберемін» деп, «бұл жер сенің жүретін жерің емес» деп қорқытады. Әбден ішкі уытын шығарып, жұртты таратып жіберді де, енді бүтін бір бөлмеде өзі жалғыз қалды. Рихтер іштей тынып, түнеріп үнсіз отыр. Біресе кабинетінің оң жақ қабырғасына ілулі тұрған картаға үңіледі, біресе, үстелдің үстінде жатқан қағазға қарап терең бір ойға шомып кетеді. Ол алдағы түні совет әскерінің шебіне шабуыл жасау жоспарын ойлап отыр. Бір мезгілде шешімін тапқандай, қолындағы қарындашын столға қойып, өзіне-өзі разы болғандай жымия күлді. Ертеңінде таң сызаттанып келе жатқанда кеткен Рихтер күні бойы оразасын ашпастан самолеттердің ұшуын басқаратын жерде отырып алды. Лида генералдың тамағын дайындап күні бойы тосты. Ол түскі асқа да, кешкі асқа да келмеді. Аспан ашық. Күн суытып шаңыттанып, аяз күшейе түскен, бетті жалап тұр. Лида бұрын аэродромның самолет ұшып, қонып жатқан жолына жақын барып көрген жоқ еді. Бүгін сәті түсіп тұрғандай. Оған кеш батып, қас қараймай баруды ұйғарды. Суып қалған тамақты тез ысытып алып, Лида Рихтердің көмекшісіне барды: – Сіз генералмен байланысып, мына тамақты апарып беруге ұлықсат алып беріңіз. Ол кісі күні бойы аш жүр, – деді. – Генерал мырза, сізге тамақты сол қызмет істеп отырған жеріңізге апарып берсе қайтеді? – деп анау телефонмен сөйлесті. Телефонның құлағын орнына қойған ол Лидамен қосарланып есік алдына шықты да: – Мына кісіні генералға апарыңыз, – деп далада тұрған жеңіл ма­ши­ наның шоферына бұйрық берді.

Жеңіл машина зуылдатып, қақаған аязды қақ жарып ке­ле жатты. Лиданың екі көзі аэродромды жағалай тігілген, бірақ ұқыпты түрде жасырылған зениткаларда болды. Бірде-бірін көзден шашау шығармай, көңілге әбден тоқып келеді. Іштей ол картаға түсірудің тәсілдерін де ойластырды. Ма­шина келіп, бір ұзыншақ жертөленің алдына тоқтай қалды. Орамалға қалың етіп ораған тамағын әкеліп, генералдың алдына қойып, әртүрлі тағамдарды табаққа сала бастады. Лиданың мұнысына қатты ризалық білдірген Рихтер: – Бүгін тамақты білгендей тіпті мол пісірген екенсіз. Мына менің қасымдағы кісілер де күні бойы ас ішкен жоқ. Бұларға да бөліп салыңыз.

Келіңдер, мырзалар, тамақтаныңдар, – деді. – Лиданың қолайсызда­нып тұрғанын сезген Рихтер: – Саспай-ақ қой, ана әкелген шнапсыңды да осы отырғандарға бөліп құй, – деді. Лиданың күтіп тұрғанының өзі осы болатын. Сөмкесінің түбінде жатқан тағы бір бөтелке арақты генералдың алдына апарып қойды. Аузы ашылмаған бөтелкені көріп: – Мен шнапсың басталған бөтелкедегі ғана екен десем, мынауың бәрімізге толық жетеді, – деп, алдында тұрған стақанға арақ құйып жа­ тып, Лидаға көзінің қиығымен бір қа­рап қойды. Олар тамақтанып болғанша Лида монтиып төмен қарап отырды. Сырттай қараған кісіге ол жұп-жуас, қой аузынан шөп алмайтын, бірдебір адамға зияны жоқ кісіге ұқсайды. Ал, дәл осы отырысының өзінде, оның жауға деген өшпенділігі қазандай қайнап жатқан. Лида оларға ызамен түйіліп, жирене көз тастап, теріс айналып кетті. Тамағын ішіп болған Рихтер көңілденіп: – Лида ханым, саған үлкен рақмет, тамақ ішіп аз да болса жан шақырдық. Кеш болды. Енді бар да дем ал. Ертең ертерек келерсің, жұмыс көп, – деді. – Рақмет, мырза. – Лида ыдыс-аяғын жинап, әлгі өзін әкелген машинамен кері қайтты. Лида айсыз қараңғы түнді жамылып үйіне қайтып келе жатты. Алдынан ойламаған жерде бір неміс офицері жолыға кетті. Ол кес-кестеп жол бермей, Лиданың қарсы алдына келіп тұра қалды. – Ханым, қайда барасыз, документіңізді көрсетіңіз? – деп, бұйыра сөйледі. Онан Лида да сескенген жоқ. – Иә немене сезікті адам болып көріндім бе сізге? – деді тайынбай. – Сіз көп сөзді қойыңыз, – деп әлгі офицер ысқырып жіберді. Солақ екен, көшенің екінші бетінен екі-үш неміс сол­даты мен екі полицай жетіп келді. «Осы жауыздардан тезірек құтылайыншы» деп ойлаған Лида қалтасына қолын са­лып, документін әлгі қаһарлы офицердің қолына ұстатты. Ол қол фонарын жағып, Лиданың генералдың аспазшысы болып істейтін документін оқып шықты. Сөйтті де, дауысы бірден жұмсарып: – Ғафу етіңіз, бикеш, біздің іздегеніміз сіз емес екенсіз, – деп Лиданың документін қайырып берді де, жөніне кетті. Лида жолда еш жерде аялдамастан үйіне тартты. «Әлгі немістер жай жүрген жоқ. Олар біздің адамдардың бірін іздеп жүр», деген ой келді Лиданың басына. Бұл жұмбақты шешпейінше, жұмысты әрі қарай жүргізуге болмайды. Лида үйіне кіріп келсе, Зина өте көңілді отыр. Қасында бір неміс офицері бар. Ол шала-пұла орысша сөйлейді екен. Есіктен кіріп келген Лиданы көріп алдынан шығып, қолын беріп амандасты да, оның пальтосын шешіндіріп қызмет көрсетті. Тосыннан көрген немістің кім екенін біле қоймаған ол Зинаға сұраулы көзімен қарап: «Мынауың кім? – дегендей ым қақты. Лиданың көзқарасынан-ақ түсіне қалған Зина:

– Мына кісі менің апам, танысып қойыңыз, ал мына кісі осы қаланың коменданты Фольбер мырза, – деп екеуін біріне-бірін таныстырды. – Сыртыңыздан естуші едім, Фольбер мырза сіз екенсіз ғой, келіңіз танысып қояйық, – деп Лида өзін жоғары санап осқыра қарап тұрған Фольбер мырзаға қолын қайта ұсынды. «Осы жаңа ғана менің пальтомды шешіндіріп елпілдеп жүрген жоқ па еді, енді неге кекірейе қалды?» – деген ой келді қызға. Оның алғашқысы мәдениетті Еуропаның қонақ күту әдетін көрсеткен кейпі болатын, ал қазіргісі – Совет елін ба­сып алған жеңімпаз елдің офицері екендігін аңғартқысы келгендігі еді. Лида қызметке баруды сылтау етіп, олармен ұзақ отырмады. Ол Фольбер мырзаға қарап, сұлу жүзіне қан ойнап: – Сіз, мырза, ғафу етіңіз, мен үйге соғып қана кетемін ғой деп келген едім. Менің жұмысыма баратын уақытым бо­лып қалды. Сіздер отыра беріңіздер, – деп екеуін оңаша тас­тап, анадағы уәде бойынша Ольга Тимофеевнаның үйіне кетті. Өзінің сүйікті сіңлісі Зинаның жаудың тоңмойын офицерімен жақындасып жүргеніне Лиданың зығыры қайнап, қабырғасы қайысып келе жатты. Сіңлісіне онымен жақындасуды тоқтат деп үзілді-кесілді айтайын десе, ертең ол жауыз қыршын жасты жазым етуі мүмкін. Айтпайын десе, ар-ұят арқалау жүрегін шымшып, кеудесіне батып барады. Осы бір ойлар денесіне ұялаған Лиданың сүлдері құрып, Ольганың үйіне әзер жетті. Оны Ольга Тимофеевна сыртқы есіктің алдында қарсы алды. – Амансыз ба, халіңіз жақсы ма? – деп Ольга Тимо­феевна Лиданың асты-үстіне түсіп амандасып жатыр. Пальтосын босағадағы шегеге іліп жатып Лида: – Өз халің қалай, қандай жаңалық бар? – деп сұрады. – Менің өз халімді сұрасаң жаман емес, аман-есен жүріп жатырмын. Әзірге ешқандай жаңалық та жоқ. Сіз отыра тұрыңыз, біреу келді-ау деймін, – деп ол есік алдына шығып кетті. Көп ұзамай, қасында бір қараторы жігіт бар, Володя келді. – Лида, сен осында екенсің ғой, мен сенен біз бұрын келген шы­ғармыз деп ойлаған едім. Мына, қасымдағы жігітпен таныстырып қояйын, бұл Алтай Сырымбетов деген азамат. Партизан отрядының тапсыр­ма­сымен келген кісі. Бұл жігітке менің адресімді берген екен, өзі тауып алды. Танысып қойыңыздар: мына кісі – Лидия Андреевна Герасимова, біздің бастығымыз. – Мен ешкімнің бастығы емеспін, Володя қалжыңдап тұр, осы тұр­ған адамдардың бәрі де бастық, – деп күлді Лида. – Ал, мына кісі бәріміздің басымызды қосып, паналатып отырған Ольга Тимофеевна Белова, осы үйдің иесі, – деп Во­лодя, кейінгі үш сөзді ерекше бір леппен айтты. Көп ұзамай Аня Петрова мен Нина Чистякова келіп кірді. Келген қонақтардың бәрі төргі үйге жиналды. Біреу-міреу келіп, «Сендер неге жиналып отырсыңдар?» деп сұрап қалғандай болса, «ойнап-күліп, би

билеп, көңіл көтеру үшін жи­налып отырмыз», – деп айту үшін, Володя гармонын да ала келген болатын. Әңгіменің ара-арасында ол гармонын безілдетіп-безілдетіп алады. Қыздар билеп қарық болып қалады. Лида жолдастарының әңгімесін тыңдап сәл отырды да: – Нина, ал сен айтшы көрген-білгеніңді, – деді. – Мен не айтам, әлі ештеңенің байыбына барғам жоқ. Жұмыс істеп жүрген жерімде ылғи немістерді көремін. – Міне, сол көрген немісің не қылған немістер, қайдан келген, қандай бөлім екендігін айтсаң болғаны ғой, – деді Лида салмақты үн қатып. – Немістер ұшқыштар ма деймін, өйткені киген киімдері жай әскерге ұқсамайды. Өздері түн баласында жоғалып кетеді. Міне, менің бар білетінім, – деп Нина сықылықтап күлді. Нина жұмысқа араласа салысымен неміс солдаттарына қолжаулық болып жүргенін Лида естіген болатын. Өзінің де ашаң денесі омсырайып аппақ боп әбден жүдеген. Оның осы жүдеу өңін көріп Лида оған әрі іштей қатты ренжіп, әрі жаны ашып, аяп та отыр. Дегенмен бұған көңілім­дегінің бәрін ашып айтайын деген бір ой келді. Нинаның жанына жақындай түсіп: – Сен маған өкпелеме, өзіңе ғана өкпеле. Сен қызметке тұрартұрмаста немістермен қалай болса солай жүріп, жеңіл мінез көрсетті деп, біздің адамдар айтып жүр. Сенің бұның адамгершілікке жатпайтын нәрсе. Әрі-беріден соң неміс командованиесі сенің бұл жеңілтек ісіңді сезіп қалса, қызметтен шығарып жіберуі де ықтимал. Тіпті әскер ішінде іріткі салуға тырысты деп, атып жіберуден де тартынбайды. Өзің алдыартыңа қарайсың ба, болмаса, осы күйіңде жүре бересің бе? Соны айтшы, – деп Лида қатқыл үнмен, кесек томырылған қалып танытты. Оның бұл сөзінде апалық қамқоршылық та, аяушылық та, соғыс кезіндегі қаталдық та бар еді. Нинаның көзіне жас келіп, қаны қашқан жүзінен аспаннан тағдыр жұлдызын күткендей жат ажар байқалды. «Менің жүріс-тұрысымды Лида қалай біліп қалды» дегендей, аңырған дағдарыс бар. Бір сәт үнсіз отырды да, ол өзінің ұшқалақ, долы мінезіне басты. – Мен ешуақытта көп алдында солдатпен ашық жүргенім жоқ. Сізге жеткізіп жүрген адам дұрысын айтпаған. Ал егер жүргім келсе, ерік өзімде емес пе? Тақ бір ұяты соған келгендей менде несі бар екен? – деп буырқана бастады. – Шырағым, менің айтып отырғаным – апалық ақыл. Байқа, маңай толы жау, қолға түсіп қаласың деген сөз. Егер бұлайша шаптығып сөйлейтін болсаң, мұны Отан бұйрығы деуге де болады. Орындамай көр сен, – деп Лида қатал ескертті. – Сіздің берген кеңесіңізді бұдан былай орындауға тырысамын, – деп Нина ыңғайға тез көніп қалды. – Міне, осылай тәртіпке келгенің жөн, – деп Лида Нинаның арқасы­ нан қақты, – сен қамықпа, біздің айтып отырғанымыз жолдастық ақыл. Сенің келешектегі міндетің: сол өзің жұмыс істеп жүрген әскер бөлі­міндегі барлық өзгерістерді, жаңа келген бөлімдер болса, оның қандай се­беп­пен

мұнда келгенін біліп, соғыс кұралдары түрін бізге хабарлап отырас­ың. Ал, қазір мына пакетті Мглин жолы жақ шеттегі өзің білетін «Мырыш» дейтін барлаушыға апар. Өте тығыз деп айтарсың, бүгін Сидоровқа жеткізсін. Ал енді жүгір. Өзің байқа, жолда сақтанып жүр, біреу-міреу ұстап алып, мы­на пакет жау қолына түсіп, бәріміз масқара боп жүрмейік. Ал, қош сау бол! – деп, Лида Нинаның бетінен сүйіп қош­тасты. Нина тысқа шығып кетісімен, Лида өте жауапты тапсыр­маны оған беруін берсе де, әлгі әңгімеден кейін, әлдеқалай деп, көңіліне қауіп кірді. Ол дереу Аняны шақырып алды: – Сен жаңағы Нинаның соңынан бар, көрінбей жүріп отыр, «Мырышқа» апарып берер ме екен, болмаса басқа жаққа әкетер ме екен? – Онан да менің өзімді неге жібермедің, мен апарып беріп, тез қайтып келетін едім, – деді Аня. – Себебін сұрап қайтесің, оны дәл қазір сынау керек болды. Нинаның соңынан кеткен Аня көп ұзамай қайта оралды. Нина ешқайда бұрылмай пакетті өз адресіне тапсырыпты. Бұған Лида қуанып қалды. Володя да гармонын алып, орыс биін тарта жөнелді. Отырғандар бірден билеп кетті. Лида өте әсем билеп, өлеңді нақышына келтіре айтып, отырғандардың көңілін көтерді. Әсіресе, бірінші көрген Алтай Лиданың билеген өнеріне қа­рап, аузын ашып отырып қалыпты. Ол ішінен: «Мына қыздың іші-сырты бірдей әсем екен. Өң деген анау, қыр мұрынды, қызыл шырайлының өзі. Ақылына көркі сай деген осы ғой», – деп ойлады. Сөйтті де, ол да Лидаға еріп билей жөнелді. Оның да өнерлі жігіт екеніне отырған жұрт бірден көңіл аударды. Бар ынтасын би ырғағына беріп жүрген жігіт, қарсы алдында ұршықтай иірілген қыздың жүзіне есі ауғандай қадалып қалыпты. Лида мөлдір, нәзік үнмен ақырын жымиып күлді. Алтайдың бүгінгі жүріс-тұрысы оған да ұнап қалғандай. Би біткесін, Лида сонша бір әдеппен Алтайдың жанына келіп: – Сіз жақсы билейді екенсіз, ән де айтатын болуыңыз керек. Бір ән салып жіберсеңіз қайтеді? – деп өтінді. – Ән салайын, бірақ қазақша ма, орысша ма? – Орысша әнді өзіміз де айтамыз, қазақша айтыңыз, тым болмаса әуенін байқайық, – деді Володя мен Лида жарыса сөйлеп. Алтай нені айтсам екен деп сәл ойланып отырып қалды. Бір кезде отырған жұртқа «қазақтың халық әні «Жиырма бесті» айтайын», – деді. Ол әнді айтпас бұрын отырғандарға әннің қысқаша мазмұнын түсіндіріп берді. Бұл ән қыз бен жігіттің махаббаты жайлы деген соң, бәрі аса бір ынтықпен Алтайдың аузына қарап отыр. Ол өзінің қоңыр дауысымен толқындата, шырқай жөнелді. Беріп кет сақинаңды мыс та болса, Жүрейік күліп-ойнап қыс та болса. Шеш-тағы етігіңді байпақшаң кел, Көрейін өз сорымнан ұстап алса... –

дегенде мөлдіреген қара көзін Лидаға қадап, дауысын құйқылжытып, толқындатып барып, майда қоңыр сазымен, тыңдаушыларға ерекше әсер бере, бірте-бірте бәсеңдетіп әкеліп тоқтатты. Қыбыр етпей ұйып тыңдап отырғандар Алтайдың нақы­шына келтіріп айтқан әніне қатты риза болып сүйсінген рай білдірді. – Әннің сөзіне түсінбегенімізбен, әуені тамаша екен. Бөгде кісінің өзін балқытып, әуеніне бөлеп алып кететін ән ғой, – деді сұлу жүзімен Алтайға қарап наздана күлген Лида. – Ойын-сауық деген жақсы ғой, бірақ уақыт болып қал­ды. Енді мына Аняның әңгімесін тыңдайық, – деді Володя. Жұрттың бәрі Аняға қарап қалды. – Сен ана торф өндірісіндегі оқиғаны айт, – деді Лида Аняның аузына сөз салып. – Мен мына Лидия Андреевнаның тапсырмасымен осы қалаға жақын жердегі торф өндірісінде болдым. Оның бастығы Рудольф деген неміс екен. Қасында бір поляк, бір чех жігіті бар. Сонда жұмыс істеп жүрген адамдардың айтуына қарағанда, Рудольф жөні түзу кісі көрінеді. Соғысқа жанымен қарсы, тіпті әуелі фашизмге қарсы адам дейді. Қасындағы поляк пен чех жігіті оның Гитлерге қарсы күресте орыстарға көмек­тесетін ниеті бар деген сөзді айтады. Біз ең алғашында сол екеуі арқылы сөйлесіп көреміз бе деп едік, тағы да байқайық деген қорытындыға тоқтадық. Кім білсін, осы күні кісіге сенуден қалған заман емес пе, мүмкін ол біз­ді қолға түсіру үшін, әдейі қулық жасап жүрген фашист болар деп жас­қандық. Қасындағы поляк пен чехтің сөзіне де сену қиын. Кім біледі, олар да сатылған біреу боп жүре ме? – Онда оларды байқап жүретін ешкім бар ма? – Бар, өзіміздің осы қаланың бір-екі жігіті сонда қыз­мет істейді, сенімді кісілер, соларға тапсырдым, – деді Аня. – Енді осы отырғандарыңның бәріңнің есіңде болатын бір әңгіме бар. Осы қаладағы гестапоның тыңшылары біздің құпия ұйымның жұмысы жөнінде хабардар көрінеді. Әнеу күні совет самолеттерінің Гитлер әскерін бомбалауы – сол жасырын партизандардың жұмысы деп, геста­поның тыңшылары күні-түні сабылып іздеуде дейді. Түн мезетінде көше-көшеде тосқауылда жүретін күзет те көбейтілді. Бұдан былай өте сақ жүру керек, – деп Лида алдында отырған достарын қырағы көзімен бір шолып өтті. – Рудольфтың кім екенін, меніңше, тез арада анықтаған жөн. Егер шынында бізге қызмет істеймін дейтін неміс бол­са, оның көмегі көп болар еді, – деді Володя. – Бұл міндетті мына Аняға тапсырайық, жуық арада осының бәрін тексеріп, қорытындысын бізге айтатын болсын, – деді Лида. – Сағат он болып қалды. Тарайтын мезгіл жетті, – деді қалтасындағы сағатын алып қараған Алтай. – Шынында да енді бөгелуге болмайды, осымен бітірейік. Келесі сенбі күні Огнев дегеннің үйінде кездесетін боламыз. Достоевский көшесі, 50үй. Түсінікті ме?

Лида өзінің достарымен қол алысып қоштасты да, қасында тұрған Алтайға жақын келіп: – Сіз қай жаққа барасыз? – деді. – Қаланың ортасына қарай барамын. – Олай болса, жолымыз бір екен, әрине, сіз қарсы болмасаңыз? – Неге қарсы болайын, сіз сияқты кісімен қатар жүрудің өзі бақыт емес пе, – деп, Алтай Лиданы қолтықтап есік алдына шықты. Алтай мен Лида аязды түнді жамылып, қала паркының шығы­сын­дағы бір көшемен келе жатты. Бір кезде алдарынан белгісіз біреу кес-кестеп өте шықты да, сол жақ бұрыштағы жалғыз қабат ағаш үйдің жа­нына тұра қалды. Ал, енді біреу бұларға қарсы жүрді. – Мыналар бізді аңдып жүрген адамдар болды, не де болса қаймықпай, өздеріне қарсы жүрейік, – деді Алтай Лидаға бұрылып. Екеуі қарсы аяңдап жанынан өтіп бара жатқанда: – Мырзалар, мұнда келіңдер, қайда кетіп бара жатырсыңдар? – деді үстіне жай адамның пальтосын киген біреу. – Бізде не шаруаңыз бар? – Кел деген соң, келіңдер! – деп, енді әлгі екеуі қатарласа бұйыра сөйледі. – Біздің сіздерге не керегіміз бар? – Алтай мен Лида белгісіз екеудің жанына келді. – Документтеріңді көрсетіңдер. Қайдан келе жатырсыңдар? – деп біреуі тіпті өктем сөйлеп тұрды. – Мырза, байқап сөйлеңіз, сіз неге дауысыңызды көтересіз? – деді Лида, қалтасынан документін алып жатып. Біреуі Лида мен Алтайдың документтерін алып, қол фонарьдің жарығымен оқып шықты. – Өзіміздің адамдар екен, – деді қолындағы документті иелеріне қайырып беріп жатып. – Бара беріңіздер, – деп әлгілер бұрылып өз беттерімен кетті. Алтай мен Лида тік көшемен тура жүріп келді де, паркты айналып өтті. – Сіз байқадыңыз ба, әлгі екеуі орысша сөйлеп тұрған немістер ме, әлде орыс па? – деді Лида Алтайға бұрылып. – Меніңше полицай болу керек. Бұл қалада орысша сөйлей білетін немістер бірен-саран ғана. Оларды мен жақсы танимын. – Біз, әлі, осындай сатқындардан көреміз. Бұлар гитлершіл фашистерден де жаман. Бүгін алғаш рет кездесіп танысқан екі жас бірін-бірі ұнатып қалған тәрізді. Бірақ екеуі де ішкі сырларын тірі жанға сездірмеуге тырысты. Екеуі де әдептілікті сақтады. Алтай Лиданы үйіне дейін шығарып салып, қоштасты да, өз жөніне кетті. Қыры мен сыры бірдей қыз мінезі Алтайға үлкен әсер еткен. Ол қатты соққан жүрек дүбірін естіп келеді... Мына аумалы-төкпелі заманда көңіліңе келген тілекті табан астында айтып алмасаң, ертең кеш болуы да мүмкін-ау. Алғашқы кездесуде сыр ұшығын сездірмей кеткеніне өкінеді. «Сіз маған ұнайсыз» дегенді неге айта

салмадым. Тонымды шешіп алмайтын еді ғой, тым құрса аужайын түйетін едім. Көзқарасына, жылы ілтифатына қарағанда теріс көрмейтін секілді, – деп жігіт ойы әр саққа бір кетті. Бірақ кездесуіміздің алды-арты бұл емес қой, әлі талай жолығып, іштегі сырды ақтаратын болармыз деп жұбатты ол өзін-өзі. XІ Бұрынғы қалалық партия комитетінің кеңсесіне қазір округтік поли­ ция орналасқан. Артемов – толық денелі, жалпақ бет, шикі сары, елуді еңсеріп қалған адам. Ол талайдан осы кеңсе менің қолыма бір тисе деп, іштей кіжініп жүретін. Қалаға неміс келгеннен бері жауға жарамсақ­танып, талай совет азаматтарын көрсетіп, айдағанын айдатып, атқанын атты­рып қызмет істеп жүретін ол, қолына билік тигенде барынша қуанды. Енді міне округтік полицияның бастығы. Стол басында шіреніп отыр. Артемов өзінің қарсы алдындағы қабырғаға Гитлердің суретін іліп қойды. Мұнысы неміс-фашистеріне еліктегені. Екі сөзінің бірі – фюрер. Неміс офицерлеріне жолыға қалса, Артемов «Хайль Гитлер» деп олардан бұрын айтады. Ол қазір бір нәрсені ойлап төмен қарап отырған, кенет телефон шылдыр ете қалды. Бүкіл денесімен бұрылып, оң қолына телефонның құлағын алды. – Артемов тыңдап тұр, – деді дүниені өз уысына қысып отырған кісі­ дей сызданған жуан дауысымен. – Артемов мырза, сіз маған келіп кетіңіз, – деді ар жағынан. – Жарайды, Фольбер мырза, қазір жетемін, тілмашты ала барайын ба? – Тілмаш бірге келсін. Менің орысшам аздық етер. Артемов столының үстінде тұрған электр түймесін басып қалды. Кіріп келген көмекшісіне: – Алтай Сырымбетов мырза қайда? Шақырыңыз! – деді. Көп ұзамай кабинетке Алтай кірді. – Сіздің шақыруыңызбен келдім, мәртебелім. Бір керегім болып қал­ ды ма? – Керегің болғанда қандай, жүр, қала коменданты шақырып жатыр, кеттік, – деп алға түсіп алып Артемов елпеңдей жөнелді. Жаңа ғана өз кеңсесінде салмағын ат тарта алмай отырған Артемов коменданттың алдында бетегеден биік, жусаннан аласа болып, жуаси қалыпты. Қолы дірілдеп, аузынан сөзі түсіп, көзі жаутаң-жаутаң етеді. Оның қазіргі кейіпіне қарап Алтай «бәлем, қожаңның алдында қалай билер екенсің», – деп іштей күліп тұр. Орнынан сыздана тұрған қала коменданты Фольбер: – Осы қала Германияға адам жібермей жатыр, мұны қалай түсі­ нуге болады? Бұл Гитлердің бұйрығын орындамау емес пе, сіз қалай ойлайсыз? – деді. – Комендант мырза, біз қазір жедел шара қолданып жатырмыз, орындаймыз.

– Сенің шара қолданып жатырмын дегеніңе қанша уа­қыт өтті? Әлі орындайтын түрің жоқ. Сен ит осы фюрердің бұйрығын орындауға ат үсті қарап жүрсің-ау деймін... Егер олай болса, өзіңді жауапқа тартуға тура келеді. Түсінікті ме? – деді комендант терісіне сыймай. Алтай «сен ит» деген сөзге көңіл бөле, дауысына біртүрлі кекесін мән бере аударды. «Ит» деген сөз Артемовтың жанына қатты батты. «Сен өзің ит» деп тайталаса кетуге шама жоқ. Сондықтан сәл кейін шегініп кетті де, ар жағында тұрған Алтайға: – Біз жуық арада орындаймыз, түсіндірші, мына мырзаға, – деп жалынышты көзімен мөлие қарады. – Түсіндіріп-ақ тұрмын. Бірақ, ол кісі сізге қатты ашулы. – Артемов мырза, біз сізді округтік полицияның бастығы етіп тағайындағанда, коменданттың бұйрығын бұлжытпай орындайды деп сенгенбіз. Ал, қазір не болып шықты? – деп комендант қуырып барады. – Бізге тағы бір үш күн уақыт беріңіз. Айтқаныңызды сөзсіз орын­ даймын. Кеңсесіне келісімен Артемов қайтадан қаһарына мініп, округ поли­ циясының адамдарын жинап, өзінің өшін бұлардан алуға кірісті. «Сен­ дер менің бұйрығымды орындамадыңдар!» – деп бәрінің зәресін алып, қылышынан қан тамып тұр. – Мен жаңа ғана қала комендантына үш күннің ішінде бұй­ры­ғы­ңыз­ды орындаймын деп сөз беріп келдім. Ал, сендерге мен екі-ақ күн бе­ре­мін. Еркек-әйел демей, қолдарыңа т­үскен адамның бәрін Герма­нияға жі­беруге дайындаңдар. Егер, осы бұйры­қты орындамасаңдар, менен жақ­сы­лық күтпеңдер. Бұйрықтың орындал­уының барысы жөнінде күніне екі рет маған хабарлап тұрасыңдар. Тү­сінікті ме? – Түсінікті, – деп полицайлардың бәрі бір ауыздан жауап берді. – Түсінікті болса, орындаңдар! – деп Артемов сөзін бітірді. Қала тұрғындары үшін бұл өте ауыр сергелдең болды. Полицайлар көрінген жасты кез келген жерде ұстап алып, округтік полицияның қорасына жинап жатты. Қайда барып, қайда қоятынын да айтпады. Қала көшесі сеңдей соғылысқан адам. Жиналған жұрт өздерін Германияға жөнелтейін деп жатқанын біліп қаша бастады. Көптеген жастар маңайдағы деревняларға барып паналады. Бірақ онда да бұларға күн көрсетпеді. Ірі-ірі деревняларда полиция тобы құрылған болатын. Олар қаладан қашқандарды ұстап, қайта жіберіп жатты. Кейбіреулері қашып орманға кетті. Қала мен деревняларда сеңдей соғылысқан жұрт. Жылау-сықтау. Бірінің қызы, бірінің ұлы Германняға жөнелтілейін деп жатыр. Ең ауыры, нақақтан-нақақ жаза шегіп көп кісі атылды, асылды. Көше толы шулаған, жамыраған дауыстар. Қала халқын қорқыныш билеп алды. «Жастарды Германияға жіберуге жинап жатыр», – деген хабар лезде тарады. Бұларды жасырын түрде ұйымдастырып жүрген – Володя. Әр он кісіге біреуін бастық етіп, қалай қарай баратынына бағыт сілтеп жүр.

Бесін ауған кез. Ақпанның аязы күшейіп, қыса түсті. Станция басында ұзыннан-ұзақ тізіліп тұрған қызыл вагондар. Үрейі қашқан жастарды қызыл вагонға айдап әкеліп қойша қамап жатыр. Ішіне адам толды деген вагондардың есігін тастай қып сыммен бекітіп жүр неміс солдаттары. Кө­ ше толы азан-қазан жылаған халық. Оларды вокзал маңына жолатпай қуалап жүрген полицайларға бой беретін түрі жоқ. Кенет қоршалған торды үзіп шыққандай, бір топ адам вагонға қарай лап қойды. Айғайсүрең бұрынғысынан да күшейе түсті. Сол-ақ екен, адам тиелген поезд орнынан ақырын қозғалып, батысқа қарай жылжып кетті... Рославль қаласының жанындағы торф шығаратын Павлинка өндірісі қайта жұмыс істей бастаған. Оны басқарып, іс жүргізуге неміс офицері Рудольф тағайындалған болатын. Ол жасы қырыққа таяп қалған, ұзын бойлы, жылы жүзді жігіт. Сондықтан ба, әлде бір басқа себебі болды ма, әйтеуір Рудольфты фашизмге қарсы адам екен деседі жергілікті адамдар. Осы әңгіменің ұшығына жету үшін, міне Анна Петровна да ертемен Рославльден шығып, түске таман Павлинкаға келіп жетті. Ойы – осында жұмысқа орналасу. Сон­дықтан Аня Рудольф мырзаның өзіне жолықпақ болып, ту­ра оның жұмыс істейтін жеріне келді. Есіктен сұраусыз кіріп барған ол: – Амансыз ба? – деп төрдегі кісіге жақындай беріп еді, Рудольф орнынан тұрып, қол беріп амандасты: – Сіз кімді іздеп жүрсіз? – Мен осы өндірістің бастығы Рудольф мырзаға келіп едім, сол кісіге қалай жолығуға болар екен? – Рудольф мырза мына мен боламын, – деп ол Аняның бетіне қарап жымиып күлді. Аня қалтасына қолын салып, неміс тілінде жазылғаң төрт бұрышты бір қағазды алып, Рудольф мырзаға ұсынды. Ол қалалық еңбек биржасының А.Г.Петрованы фельдшерлік қызметке алыңыз деген қағазы болатын. Қолындағы қағазды оқып шығып, ол сәл үнсіз отырды. Аняның бетіне қарап: – Сіздің фельдшерлік мамандығыңыз бар ма еді? – деп сұрады. – Мамандығы болмаған кісі фельдшер бола алмайды ғой. Маман болған соң сізден жұмыс сұрап келіп отырмын. – Қаланың тұрғыны болсаңыз, қалада неге істемейсіз? – Өзіңіз білесіз, осы күні қалада азық-түлік тапшы, та­уып алу оңай емес. Бұл жер деревняға жақын, тамағыңды асырауға болады, – деп Аня бұл сұрауға сүрінбей жауап берді. – Бізге фельдшер керек, – деді Рудольф, – жарайды, мен сізді қызметке алу жөнінде бұйрыққа қол қояйын. Сіз ертеңнен бастап жұмысқа шыға­ тын болыңыз. Қызмет орныңызды менің көмекшім көрсетеді. Аня ішінен: «Мына неміс шынында да жөні түзу кісіге ұқсайды. Біздің адамдардың айтып жүргені рас болуы да мүмкін», – деп ойлады. Аняның фельдшер болып істегеніне де, міне, он күннен асып кетті. Өз жұмысына ұқыпты, берік адам. Мамандығын да жақсы білетін, тәжірибелі

кісі. Бір күні осындағы чех жігіті Антон ауырып, фельдшерге көрінуге келді. Орта бойлы, тығыршықтай кісі екен. Алтын сары шашын қарсы қайырып тараған. Өзі аздап орысша біледі. Орындыққа отырып жа­тып, ол: – Фельдшер ханум, кеше жатарда сап-сау едім, таңертең басым ауырып тұрдым. Маған бір дәрі берсеңіз, – деді Аняға қарап. Аня Антонның өкпесін тыңдады, тамағын көрді. Содан соң: – Сізге аздап суық тиген екен, – деп, дәрі берді. – Рақмет сізге. Менің тағы бір бұйымтайым бар еді, мүмкін болса, айтайын. – Айтыңыз! – Қорықпаңыз. Мен мына фашистерге қарсы адаммын. Орыстардың Гитлерге қарсы күресіне қолымнан келгенше көмек көрсеткім келеді. Бірақ соның ретін таба алмай жүрмін. Мүмкін, сіз бір жолын тауып берерсіз? Есіңізде болсын, осындағы поляк жігітінің де ойы осындай. Тіпті Рудольфтың өзі де бізге тілектес, – деп үлкен көк көзін Анядан алмай қадалып қарап қалыпты.

Аняда зәре жоқ. Мына адамның айтқанына сенерін де, сенбесін де білмейді, құп-қу болып дірілдеп кетті. «Мүмкін мені торға түсіру үшін жорта айтып тұрған гестапоның тыңшысы ма?» деп те ойлады. Олай дейін десе, Антонның өзінің жүзінен де бір қорқыныш нышаны білінгендей болды. – Меніңше, сіз өз сырыңызды айтарын айтып қалсаңыз да, енді өкініп тұрсыз ба, деймін? Сіз өкінбеңіз, мен естігенімді ешкімге айта қоймаспын. Мен – ауызым берік адаммын, – деді Аня Антонның айтқанына бірден құлап түспей, ол жөніндегі өз пікірін әлі де ішіне бүгіп. – Мен шын сырымды айтып тұрмын. Мен де ептеп кісі танитын адаммын. Сіздің көзқарасыңыздан, жүріс-тұрысыңыздан жай адам емес екеніңізді байқап барып айттым. Сондықтан неге айттым деп өкінер жайым жоқ. Егер алда-жалда сіз жауларға қызмет істеп жүрген сенімсіз кісі болсаңыз, мен бәрібір мойындамаймын. Себебі екеуіміздің жанымызда тұрған куә жоқ, – деп жігіт жымиып күлді. Аня екі ұштылау қып жауап берді: – Айтқаныңыз шын болса, бұл әңгімеге тағы бірде оралайық. Әзірше осы арада қалсын. Екеуіміздің сөйлескеніміз жөнінде әрқайсымыз ешкімге тіс жара қоймаспыз. Осы уәде ме? – Уәде, мен сізден дәрі ғана алып қайттым, – деді Антон Аняға сон­ шалық бір жылы көзқараспен аялай қарап. Қала аппақ буға оранып алыпты. Сорып алмалысы мол шалшықтан шыққан түн буы, дөңесті бауырлай ішекше созылып жатқан үйлерді орай қымтап, көзден тасалап көрсетпейді. Деревня үйлерінің бәрі де жатқан. Оттар сөніп, шам жарығы көрінбейді. Тіпті әуелі иттер де үрмейді. Мүлгіп қалыпты. Тек қана бір терезеден болар-болмас шам сәулесі көрінеді. Ол – Аняның терезесі. Оның орналасқан бөлмесі қызмет істейтін жерінің дәл

қатарында болатын. Басы ауырып, балтыры сыздағанның бәрі түн демей, күн демей Анна Гавриловнаға келіп көрініп, дәрі-дәрмек алып жүреді. Міне, бүгін де деревня тұрғындарының бірі келіп, дәрі алып кеткен болатын. Сол күні түнде Аня әр нәрсені ойлап, көпке дейін ұйықтай алмады. Оның ойына әлсін-әлсін келе берген күндізгі Антонмен әңгімесі. «Өзі бір мейлінше кісіге сенгіш, ақ көңіл, ар жағында арамдығы жоқ адам секілді. Әйтпесе, бір көрген адамға ішіндегі сырын лақ еткізіп ақтара сала ма мына заманда? Кім білсін, мен жөнінде ол да бір нәрсе сезіп келді ме? Дегенмен, менің өзім де әжептеуір сескеніп қалдым-ау. Ішкі сы­рымды бірден аша салмағаным дұрыс болды. Әлі та­лай тебірентіп, толғантып барып бұның жұмбағын шешетін де күн туар». Бірақ Антонның өз сырын шын көңілмен айтқанына Аняның күмәні қалмады. Сөйтіп жатып таң енді сызаттанып келе жатқанда көзі ілініп кетіпті. Арада тағы бір күн өтті. Бүгін аяздың беті қайтып, күн көзі сәл жылымық тартқан. Аня ертеңгі тамағын ішіп, қызметіне күндегі дағдылы уақытынан бұрын келді. Дәрігер бөлмесіне мол етіп от жағып, жылытып қойған болатын. Бөлме ішіндегі заттарға түскен шаңды сүртіп, Аня енді орнына отыра бергенде, есікті біреу тықылдатты: – Кіруге бола ма? – Аняның «болады» деген жауабын күтпестен, үстіне қара тон киген, күжірейген біреу кіріп келе жатты. Жалт қараса, келе жатқан Рудольф мырзаның өзі екен. Ол табалдырықтан аттай беріп: – Түні бойы тісім ауырып ұйықтатпай шыққаны. Тіс ауруының дәрісі бар ма сізде? – деп оң қолымен жағын басып, киімін шешпестен отыра кетті. – Бірдеме табылар, әуелі тісіңізді көрейін, тоныңызды шешіңіз, – деді Аня. Рудольф тонын есік жақтағы шегеге ілді де, Аняның алдындағы орындыққа отырды. Ол фельдшердің алдында, тісінің ауырғанын да ұмытып кетті білем, күлімдеген үлкен көзін Аняға қадап: – Қалай, біздің қалада сізді ешкім ренжітпей ме? – деді. – Жоқ, мырза, менің өзім біреуді ренжітпесем, маған ешкім тиіс­- пейді. – Екеуі қосыла күлді. – Айтпақшы, сіздің тісіңіз ауырады ғой? Кәне, көрейін, – деп Аня Рудольфқа жақын келді, – аузыңызды ашыңыз. Оң жақтағы азу тісіңіздің еті ісіп кеткен екен. Суықтан болу керек, – Аня түрлі-түрлі дәрімен емдеп: – Бүгін осы да болар, ертең келіңіз, – деді. Тісін емдеуге Рудольф бір жеті бойы үзбей келіп жүрді. Күн өткен сайын екеуінің әңгімелері түзеле бастады. Бірін-бірі көптен бері білетін жандар іспеттес, сөз арасында қалжыңдасып күлісіп те алатын болды. Бір күні Рудольф «жұмысым көп болып уақытында келе алмадым» деп ақшам үйіріле келді. Аня оның сол күні кеш те болса, соқпай кетпейтінін біліп, тосып отырған.

– Сіздің дәріңіз шипалы болды. Тісім жазылды. Тамақ ішкен сайын сізді алғыспен еске түсіріп отыратын болдым, – деп ол бірден көңілді кірді. – Ауруға шарапатымыз тимесе, несіне дәрігер боламыз? – деп Аня да әзілдеп жатыр. Жаңа ғана қалжыңдасып, көңілді отырған Рудольф сәлден кейін қайта томсарып тұңғиық мазасыз қалыпқа түсті. Қанталаған көзімен Аняға ұрлана қарап, өзінен-өзі әбігерлене бастады. Әлде ішін жегідей жеп, тыным таптырмай отырғаны көрініп тұр. Бір заматта ол асықпай орнынан тұрып, кіре берістегі есікті тастай қып жапты. Сөйтті де түлкіге аспаннан түйіліп төніп келе жатқан қыран бүркіттей, алпамса денесімен Аняға жақындай түсіп, күлімдеген өткір көзін айырмай сәл тұрды. Аня оның бұл мінезіне таң қалып, бұл не істер екен деп, көз алмай қарап отыр. «Әлде, бұл немістің басқа бір арам ойы бар ма? Болмаса, мені алдап бір нәрсені сұрағысы келіп жүр ме?» – деп аздап сескене бастады. Екеуі арбасып біраз отырды. Бір мезгілде Рудольф тамағын қырнап қойып: – Мен өмірімде қорқып, үркіп көрмеген жан едім. Бүгін сізден қатты қорықтым. Сіз сырт қараған кісіге мүләйім ғана, ешбір нәрседе жұмысы жоқ адам тәрізді көрінесіз, ал шынында сіз сауысқандай сақ, қулығыңа құрық бойламайтын қыз екенсіз, – деді. – Менің ондай қасиеттерімді қайдан біле қойдыңыз, әлде солай деп маңдайымда жазулы тұр ма? – Аня сықылықтап күліп жіберді. – Жоқ-жоқ, Аня ханум, сіздің ешбір жеріңізде жазу жоқ. – Бірақ мен де талай қуғын көрген қу түлкімін, сондықтан біреудің өңіне қарап, оның не ойлап тұрғанын ептеп-ептеп жорамалдаймын. – Сіз қалай қуғын көріп жүрсіз? – Мен сізге ешбір жанға ашпаған кейбір ішкі сырымды ашқым келіп отыр. Біреуге айтып қойып жүрмейсіз бе? – Маған айтылған әңгімені құлыпқа салдым деп есептеңіз. Ешкімге айтпайтындығыма уәде беремін. Рудольф бағанадан бері көмейге келіп-қайтып, маза бермей тұрған ішкі сырын жайланып отырып алып, ақтара бас­тады. – Осыдан бірнеше күн бұрын сізбен ана Антон деген жігіт сөйлесіпті ғой. Біраз уақыт соның нәтижесін күттік. Байқаймыз, гестапоға жүгі­ ретін түріңіз жоқ... Бүгінгі әңгіме соның жалғасы. Мен өз халқымды, өз Отанымды шын таза жүректен сүйетін азаматпын. Бостандық сүйгіш неміс халқының фашизмнен құтылатындығына мен кәміл сенемін. Сол жолда барлық күш-жігерімді сарп етуге бармын. Мен осы өмірімде талай қуғын көрген кісімін. Біздің елімізді Гитлер басқарғалы фашизмге қарсы шыққан көптеген адамдар қуғынға ұшырады. Толып жатқан комму­нистер атылды, асылды. Біздің сүйікті досымыз Тельман түрмеге жабылды. Қазір, оның өмірі қауыпты жағдайда деп естимін. Мына, менің өзім де фашизмге қарсы күрес сапындамын. Ендігі қалған өмірімді гитлершілерге қарсы күреске сарп етемін деген сертім бар. Сондықтан сізден мені Гитлер

басқыншыларына қарсы жабық күрестеріңізге қорықпай қосулары­ ңызды сұраймын. Барлау жұмыстарыңыздың қандайын болса да атқаруға дайынмын. Менімен бірге жұмыс істеп жүрген чех жігіті мен поляк жігітін де қатарға алуға болады. Міне, күні бойы толғанып айта алмай отырған сырым осы. Бұған сіз қалай қарайсыз? – Рудольф мырза, сіз шынында батыр адам екенсіз. Мынандай өз өміріңізге қауыпты әңгімені қорықпай айтуыңызға қарағанда, жүрегіңіз­ дің түгі бар шығар. Енді шыныңызды айтыңызшы, маған осы сырыңызды сеніп айтуға не себеп болды? Әлде, мен бірдемеден сездіріп алдым ба? – Жоқ, сіз ешқандай қате жіберген жоқсыз. Адамның ойындағысын сезе білу, адалды арамнан айыра білу, досты жаудан даралай білу біздің қырағылық қасиетіміздің бірі бо­лып есептеледі. Сіз таза жансыз. Оны сіздің жылы жүзіңіз де, көз қарасыңыз да, мінез-құлқыңыз да, жүрістұрысыңыз да білдіріп тұр. – Олай болса сіз бізге, ашық айтқанда, «совет барлаушыларының пайдасына қызмет етемін», деп қолхат бересіз ғой? – деп Аня мәселені турасынан қойды. – Мен Тельманшыл адаммын, сондықтан сіздер маған қолхатсыз да сенбейсіздер ме? – Әрине, сенуге болады ғой. Бірақ Тельманшыл комму­нист екеніңізді біз қайдан білеміз? Жазып бергеніңіз жөн сияқты. – Жарайды. Уақыт солай ғой... Жазып-ақ берейін. Қағазыңыз бар ма? – Рудольф сол арада отырып қолхат жазып берді. – Сіз бізге қандай көмек көрсете аласыз? – Ең алдымен, гитлершіл бөлімдердің қайда, қай жерде орналасқан­ дығы жөнінде толық мәлімет бере аламын. – Мен үшін сіздің осы айтқаныңыз жеткілікті. Қасыңыздағы поляк жігіті мен чех жігітіне біздің осы әңгімені сіз өзіңіз айтасыз ба, әлде мен айтайын ба? – Ол екеуіне мен өзім айтып түсіндірейін. – Онда іске сәт. Бүгінгі әңгіме осымен тәмәм. Айтпақшы, сіз орыс тілін қашан үйреніп жүрсіз? Жақсы сөйлейсіз. – Мен бала кезімнен орыс тілін білуге құмар едім. Есейе келе, өз бетіммен орыс тілін үзбей үйрендім. Бертінгі кезде, орыс тілін жақсы білетін кісілермен жиі кездесіп сөйлесетін халге жеттім. Міне, менің орыс тілін білуге себеп болған жағдайлар осылар, – деп жауап берді Рудольф. Әңгіме аяқталды. Жаңа ғана бір-бірінен сезіктенген екі адам, көптен бірге жүрген қимас дос адамдарша қоштасты. XІ Өткен түні Лиданың ұйқысы шала болды. Оның ұйқысын бұзған – аспан әлемін тілгілеп жүрген самолет гүрілі болатын. Совет самолеттері қала маңындағы аэропортты бомбалап жүрді. Оларға қарсы атылып жатқан зенит зеңбірегінің дауысы естіліп жатты. Лиданың қуанышында

шек жоқ. Ол аз да болса, неміс фашистерін жеңу жолында өзінің септігі тигеніне масаттанды. Таң сызаттанып келе жатқан кез. Лидия Андреевна ұйқылы-ояу жатыр. Үй алдына бір машина келіп тоқтады. Қыз ұйқысы бірден ашылып, жүрегі дір ете қалды. «Совет барлаушыларына аэропорттағы зенит зеңбі­ регінің ұясы түсірілген картаны менің жеткізгенімді сезіп қалып, тұт­ қындауға келген болар?» – деген ой оның жүрегіне инедей қадалды. Бірақ текке қорқыпты: генерал бір жаққа ерте кетпек болып, таңертеңгі асын ертерек ішпек екен, сол үшін Лидаға арнайы машина жіберген болып шықты. Осының бәрін, жап-жас неміс шофері түсіндіргенше, Лиданың бейберекесі қашып, сұп-сұр болып тұрған еді. Біраздан соң барып, оның бетіне қан жүгіре бастады. Шинелін желбегей жамылып, бас киімін оқшырайта киген генерал Рихтердің сопайған жағы анық көрініп тұр. Өзі бір түнде қабағат жүдеген. Асығып-үсігіп тамағын ішіп жа­тыр. Бір кезде оң жағына бұрылған генералдың көзі ашық есіктен қарап тұрған Лиданы шалып қалды. Лида оған ешқандай да сасқан жоқ, генералдың алдына басқа бір тағамды әкеліп қойды. Генерал тамағын ішіп отырып: «Осы түндегі біздің аэродром­ ды бомбалаған совет самолеттері зенит зеңбірегінің ұяларын қалай дәл тапты, мұны қалай біліп жүр?» – дегенді ойлаумен болды. Сосын іле-шала «соғыс болған соң, қайдан білді деуге бола ма? Мүмкін, осыдан екі күн бұрын аэродром үстінен бір-екі рет айналып ұшып, біздің истребительдер аспанға көтерілгенше, жоқ болып кеткен барлаушы самолет суретке түсіріп алды ма?» деп өзін жұбатқан болды. Рихтер қайда кеткені белгісіз, бүгін күні бойы өз орнында болмады. Таңертең кетер алдында: «Түскі тамақты қай уа­қытта дайындайын?» – деген Лиданың сұрауына: «Өзім де білмеймін, қашан келетінімді, әйтеуір тамақ даярлап тосып отырарсыз. Ол жақта тамақ ішетін уақыт та болмас», – деп жауап берген. Онан «Сіз қайда барасыз?» – деп сұрауға болмайды. Лида тек күлімдеген сүйкімді көзімен ғана, оны есіктен шығарып салған. Бүгін Лида күні бойы аэродром басында болды. Есік алдында кетіп бара жатқан бір-екі офицердің біріне-бірі: «Гитлер капут», – деп бара жатқан сөздері естілді. «Бұнысы несі?» – деп Лида құлағын әлгі екі кісінің әңгімесіне түре түсті. Олардың «Гитлер капут» – деп жүргені түндегі бомбалау кезінде аэродром қызметкерлерінің бірнешеуі өліп кеткен екен. Зенит зеңбіректерінің де көбі істен шығыпты. «Түсте келе ме?» деген генерал кешке де келмеді. Лида қозғал­мастан оны тосып тамағын қайта-қайта ысытып отыра берді. Бір кезде есік алдынан аязда басқан аяқтың сықы­ры естілді. Көп ұзамай есіктен Рихтер кірді. Қасында төрт-бес жоғарғы шенді офицер бар. Есік алдындағы ілгішке киімін іліп жатып Рихтер: – Лида, сен осындасың ба? – деп дауыстады. – Иә, мен сізді тосып отырмын. – Қасымда қонақтар бар екенін көріп тұрсың ғой? Бұларға ішетін бірдеңең бар ма? – деді Рихтер Лидаға көзінің астымен қарап.

– Табылады мырза. Қазір, әкелемін, – деп, Лида бүгін білгендей та­ мақты молырақ дайындағанына қуанып қалды. Кейінгі кезде генерал бір жерге кетсе, топырлап қасында нөкерлері еріп жүретінін ол білуші еді. Лида қонақтардың алдына түрлі түсті тағамдарды әкеліп қойып жатты. Столдың қақ ортасында өзі кетерде бастап ішкен шнапстың бөтелкесін генералға жақындатып қойды. Бұл аз болады дегендей, Рихтер Лидаға: «Тағы әкел», – деп ым қақты. Ол тағы бір бөтелке шнапсты столға әкеліп қойды да, өзінің бөлмесінде отыра берді. Енді, мына отырған адамдар кетпей, ол ешқайда кетуге тиісті емес. Арақ ішіп, аз да болса қызып алған олар күндіз көрген оқиғаларын қорытып, әр нені айта бастады. Рихтер орнынан қозғалып маңайына бір қарап алды да: – Қазіргі кезде, майдан шебі жылжымай тұрып алды. Не алға, не артқа шегінбей теке тіреспен тұр. Фюрер Москва түбінде шабуылды қайта бастаймыз деген еді, әзірге ол шабуылдан да хабар болмай кетті. Сендер не білесіңдер? Әскердің Бас штабында отырған офицерлерсіңдер, сендер білмегенде кім біледі? Осы арада бөтен ешкім жоқ, майданда болып жатқан жаңалықты жасырмай айтсаңдаршы. – Сізге майдан жайы жөніндегі бюллетень келіп тұрмаушы ма еді? – деді төр жақта отырған ұзын бойлы, қызылшырайлы офицер. – Әрине, апта сайын алып тұрамын. Бірақ онда барлық шындық жазыла бермейді ғой. Мен бюллетеньдегі ақпардан басқа қандай жаңалық бар деп сұрап отырмын. – Өзіңіз білесіз, биыл қыста қар қалың болды. Қар еріп алай-түлей болып жатқанда, әрине, ешқандай шабуыл болмайды. Бірақ қазірден бастап біздің Бас командование оңтүстіктен шабуыл жасап Еділ өзеніне шығып, орыстың үлкен өндірісті Сталинград қаласын алудың жоспарын жасап жа­тыр. Бұл әлі толғағы жеткен жоспар емес, менің сізге айтып отырғаным әлі піспеген әңгіме. – Сенің мына айтып отырғаның – үлкен жаңалық біз үшін.

Генерал Рихтердің алдында болып жатқан осы әңгімені Лида бірдебір сөзін шашау шығармай бар зейінімен тыңдап отыр. Араққа бөгіп алған неміс офицерлерінің әңгімесі жуық арада бітпейтін болды. Батыстағы екінші майдан жуық арада ашылмай­тындығын, сондықтан Батыс майданындағы әскер бөлімдерін Шығыс май­данына әкеліп жатқаны жөнінде көп сөйлесті. Бұл мәселе туралы өз пікірлерін бірінен-бірі жасырмай ашық айтып отырды. Бір сәт үнсіз қалған Рихтер: «Осы біздің аэропортымызға да жаңадан бір топ самолет келеді. Жау самолеттерінен қорғайтын көптеген зенит зеңбірегін де бе­ретін болды. Оларды, сірә, аэропорттан жырақтау жерге орналастырармын», – дегенді айтты. Түні бойы көз ілмеген Лида генерал мен қонақтардың таңертеңгі асын ертерек беріп, үйіне қайтты. Ол жол бойы Алтайдың «біздің кездесуіміз осымен аяқталмас, тағы да та­лай рет кездесерміз» деген сөзін есіне түсірді. Не үшін екен, Лиданың Алтайға деген сенімі, ынтық көңілі күннен-күнге арта берді. Оған Алтайдың байсалды, маңғаз түрінен

білімнің, ойдың, сезімнің, сұлулықтың аңқыған лебі ескендей көрінген Лида ішінен: «Алтайдың бет ажарынан асып-сасудың, бұғып қалудың, не бір бойкүйезденудің сілемі байқалмайды. Оның жайдары жүзінен адамгершілік нұры төгілген сабырлы кісінің бейнесін көресің», – деп ойлады. Лида ертемен қаннен-қаперсіз үйінің есігін ашып кіріп келсе, үйінде қала коменданты Фольбер мырза отыр екен. Лида қапелімде не істерін білмей сасып қалды. Фольбер мырзаның қолтығында отырған Зина апасының қорқып қалғанын байқап: – Неге қорықтың, бұл әнеукүні өзің көрген Фольбер мырза емес пе? – деп, Лиданың қасына келіп құшақтай алды. – Мен қорқып тұрғаным жоқ, саған солай көрінген шығар, – деп Лида, енді офицерге бұрылды. – Халыңыз қалай, қызметіңіз жемісті жүріп жатыр ма? – деп жылы шырай білдірді. – Өзіңіз де аман-есен жүрсіз бе? – деп ол да Лиданың достық шырай көрсеткеніне ризашылық айтты. – Сіз ғафу етіңіз, мен асығыс едім, генералдың түскі асын дайындайтын уақытым да болып қалды. Мына есік алдында тұрған велосипед сіздікі ме? Егер, мүмкін болса, бес минут­ке бір жерге барып келсем қайтеді? – Аз уақытқа болса, барып қайтыңыз. Лида Фольбер мырзаның велосипедіне мініп алып жорта жөнелді. Жолда еш жерде аялдамастан Аняның үйіне келді. Мінген велосипедін қабырғаға сүйеп қойды да, есік алдында тұрған Аняның шешесіне еріп үйге кіріп кетті. – Аман жүріп жатырсыз ба? Аня қайда, бүгін осы уа­қытта үйде боламын деген еді ғой? – Сен отыра тұр, мен Аняны шақырып келейін, – деп кемпір шығып кетті. Көп ұзамай Аня да келді. Екі дос құшақтасып көрісті: – Менің уақытым жоқ. Бес минутқа деп Фольбер мырзаның велосипедін мініп кетіп едім, асығып тұрмын, – деді Лида. – Фольбермен қайдан танысып жүрсің? – Оны кейін айтармын, – деп Лида, – түндегі генерал мен офи­ цер­лердің әңгімесін түгін қалдырмай Сидоровке жеткіз, – деп Аняға толығынан айтты да, – келесі кездескенімізше қош бол, – деп шығып бара жатыр еді, Аня күлімдеп: – Сен менің не бітіргенімді тым болмаса, бір минут тыңдамайсың ба? – деді. – Ендеше қысқа ғана айта ғой, – деп Лида қайта отыр­ды: – Торф шығаратын өндірістегі Рудольфпен де, чех Антонмен де ашық сөйлестім. Екеуі де фашистерге қарсы бізбен бірге күресетін болды. Қолхат берді. Рудольфтың өзі антифа­шист екен. Поляк жігіті де бізге қызмет етеді. – Сені бұл табысыңмен шын жүректен құттықтаймын. Ол кісілерің бұдан былай біздің барлаушыларымызға көмектесетін болсын. Осының

жолдарын ойланыңдар. Өздерімен ақылдассаң, олар өз шама-шарқын біледі. Қалай көмектесудің жолдарын да айтады. Осы жөнінде сен келесі кездескенде толық баяндарсың. Енді мен кетейін, – деп Лида Анямен сүйісіп қоштасты да, велосипедке мініп кетіп қалды. Неміс-фашистері тергеусіз, байыбына жетпей-ақ, көзіне көрінген қала тұрғындарын бала демей, шал-кемпір демей топ-тобымен ұстап әкеліп түрмеге жауып жатты. Оның үстіне қоршауда қалып, осы маңайдағы деревняларды паналап, тамағын тауып жүрген совет солдаттарын ұстап қамады. «Қашқындарды» ұстап тұтқындаған жабық машиналар күніне таңның атысы, күннің батысы демей ерсілі-қарсылы жосып жүрді де қойды. Оларды қала сыртындағы темір шарбақтың ішіне әкеліп тоғытып жатты. Ішінде ауру да, өлім де көп. Киімдері жыртық, қарындары аш. Соғыс алдында ғана дәрігерлік инситутты бітіріп келген Татьяна Алексеевна Карпова түрлі себептермен әскерге шақырылмай осы қалада қалып қойған болатын. Бір күні Та­тьяна Алексеевна қала паркінің жанынан өтіп бара жатқанда Лидия Андреевнаға күтпеген жерде жолығып қалды. Екеуі бірін-бірі бұрыннан жақсы танитын. Олар туыс кісілердей құшақтасып амандасты. Лида тілдесіп қалғысы келіп: – Не істеп жүрсің, жұмысқа орналастың ба? – деп сұрады. – Әзір еш жерде жұмыс істемеймін, боспын. Мына қала маңындағы деревняларда туысқандарым бар еді, солар азық-түлік әкеліп тұрады. – Қалада да, деревняларда да әртүрлі ауру көбейіп, өлім-жітім болып жатқанда, сенің қол қусырып үйіңде отырғаның қалай? – Сенен несіне жасырайын, мына жауыздарға қызмет еткім келмейді. Ал өз халқыма қызмет істеуден мен еш уақытта бас тартқан кісі емеспін. – Таня, сенің шынымен қызмет істегің келе ме? – деді. – Егер өзіміздің совет адамдарына дәрігерлік көмек беретін жер болса, қызмет істеуге даярмын. – Әрине, өзіміздің адамдарға көмектесетін жерге орналастырамын. – Олай болса мені сол қызметке орналастыр. Одан кейін сенен бір сұрайтыным, осы қалада жастардың жасырын ұйымы бар деседі, мүмкін болса, мені сол ұйымның адамдарымен байланыстырсаңшы. Менің де мына фашистерге қарсы күреске өз үлесімді қосқым келеді. – Сен алдымен жұмысқа орналас. Жаумен күресемін де­ген ойың жақсы екен. Қолымнан келсе, осы қаладағы жасы­рын ұйым басшыларымен байланыстыруға тырысайын. Олар­ды әзірге өзім де білмеймін. – Мен естігенімді жасырмай айтайын ба? – Айта ғой. – Сол жасырын ұйымда сені де бар, деді маған білетін адам. – Қой, сен қайдағыны айтпа, – деп Лида бұл жерге келгенде сөзді басқаға бұрып, Татьяна қайтер екен деп, ыршып түсті. – Екеуіміз бұрын да сырлас құрбы едік, енді мынадай қиын заманда сырымызды жасырғанымыз қалай?

– Жарайды, қоймадың ғой, сені солармен байланыстыруға барлық күшімді салайын, – деп Лида Таняға қарап күлді. – Бүгін саған кездесіп қалғаным қандай жақсы болды. Біздің үйге кел. Адрес бұрынғы, өзің білетін үй. – Менің қызметіме баратын мезгілім таяп қалды. Уәде осы болсын, тағы кездесеміз, – деп екеуі қоштасып өз жөндеріне кетісті. Татьяна Алексеевна Лидия Андреевнамен кездескен соң көп кешікпей қалалық денсаулық бөліміне дәрігерлік қыз­метке орналасты. Оның аудан көлемінде жүріп тұруға мүмкіншілігі молайды. Ауруларды емдеуге қала ішіне де, маңайдағы деревняларға да шақыратын болды. Өзі қызметті беріле істейтін кісі. Уақытым жоқ деп, еш уақытта бұлданбайды. Күн демей, түн демей сабылып жүргені. Таня ендігі жерде көкірегіне бір жарық сәуле құйылғандай сезінетін болды. Кейінгі бір кездескенінде Лида Татьяна Алексеевнаға қаладағы жасырын ұйым атынан тапсырма беріп, алдағы басты міндеттерді түсіндірді. Күн батқан, ақшам уақыты. Татьяна Алексеевна үйіне келіп, кешкі асын ішіп жатқан-ды. Бір уақытта қасында он екі – он үш жасар бала бар Лида келіп кірді. – Кеш жарық, біздің ойламаған жерде келгенімізге таңданбай-ақ қой. Мына бала Павлинкадан келіпті. Сонда тұратын атасы ауырып жатқан көрінеді. Сені әдейілеп шақырып келді. Жақын жер ғой, екеуміз барып қайтайық. – Отыр, менімен бірге тамақ іш. – Рақмет, мен жаңа ғана тамақ ішіп шықтым, – деп Ли­да орындыққа барып отырды. – Онда Аня бар емес пе, ол неге көмектеспейді? – Ол фельдшер ғой, дәрігер шақыр деп атасы болмай жіберіпті. Қайтсын, жалғыз танитыны мен болған соң, маған келіпті, – сосын балаға бұрылып, – сен шанаңды қораға кіргізе тұр. Біреу-міреу мініп кетпесін, – деді Лида. Бала далаға шығып кетісімен Лида Таняға жақындай түсіп: – Тамағыңды тезірек іш. Барып қайтайық, сен ауруды қарап болғанша. Анямен жолығуым керек, – деді. Түн. Көзге түртсе көргісіз қараңғы. Павлинканың көшесінде бұрын да түн баласында жарық болмаушы еді, бүгін де ешқандай сәуле көрін­ бейді. Өзі онсыз да қаракөлеңке май шамның жарығы көрінбесін деп, деревня тұрғындары терезелерін тұмшалап жауып тастайды. Жанына жақындағанша деревня үйлері көрінбейді. Атқосшы бала бір үйдің жанына келіп тоқтады – Міне, біздің үй, – деп бала қақпасын ашып, шанасымен қораға кірді. – Сен осында бола бер, мен Аняға жолығып келе қояйын, – деп Лида далаға шығып кетті. Бұрынғы келісім бойынша Аня өзінің қызмет бөлмесінде отырған. Лида әдеп сақтап есікті қағып, сәл тосты да, ар жағынан: «Кіре беріңіз»

деген дауысты естіп, кіріп келді. Ақ халат киген Аня орнынан тұрып, Лидамен сызылып келіп амандасты. – Мына кісі өзің сырттай қанық болған Рудольф мыр­за, – деп Аня оң жақтағы столдың жанында отырған, бетін жел қағып қоңырқай тартқан, ұзын бойлы, арық жігітпен таныстырды. – Сізбен бір жолығуға құмар едім, бүгін сәті түсіп жолыққаныма өте қуаныштымын, – деді Лида Рудольфтың қолын алып. – Мен де сізбен танысуға құштар едім, жақсы келдіңіз. – Менің уақытым өте тығыз, сондықтан, Рудольф мыр­за, сіз әңгімеңізді айта беріңіз. Рудольф көп сөйлемейтін, ал сөйлей қалса, маңызданып, баптанып, әр сөзіне мағына бере сөйлейтін кісі екен. – Сіз асығыс болсаңыз, білгенімізді айта берейік, – деп Аняға сұраулы көзімен бір қарап қойды. – Қазір бәріміздің басымызды қосып, басқарып жүрген осы кісі. Қысылмай айта беріңіз, – деді Аня. – Мен бүгін қалада болдым. Өткен түні Рославльға Франциядан келген бір дивизия тоқтаған көрінеді. Оларды ел білмесін деп қаланың шет жағындағы, бұрын әскер тоқтайтын казармаларға орналастырыпты. Өзі танкілі дивизия. Танкілерін бұрын базар болған алаңға қойып, үстін ағаш бұтақтарымен бүркеп жасырған. Қалаға барғанда тағы бір естігенім, кезінде қоршауда қалып, ал қазір деревняларда тұрып жатқан совет солдаттары бар көрінеді. Соларды ұстап, бірін қалдырмай тұтқынға алу керек деген жоғарыдан тағы бұйрық келіпті. Міне, осы – менің естіпбілгенім. – Осы айтқаныңыздың өзі де біз үшін аз көмек емес. Сізге көп рақмет! Осындай ақпарлар беріп тұрсаңыз, біздің әскердің жеңісін жақындатуға септігіңіз тигені емес пе? Осында келгендегі менің тағы бір жұмысым – осы біздің қаладан өтіп жатқан әскер бөлімдері қайда барады екен? Соны бір біліп берсеңіз. Оның неге қажет екенін сіз түсінесіз ғой деп ойлаймын. – Бұл тапсырмаңызды орындауға тырысайын. Мені «ертең қала комендантына шақырып жатқан көрінеді. Бұл өте қолайлы жағдай. Оны пайдалануға тиістіміз. – Білген хабарыңызды Аня арқылы бізге хабарлаңыз. Қош-сау болыңыз, – деп, Лида Рудольфпен қол алысып қош­тасты. Аня Лиданы сыртқы есікке дейін шығарып салды. Екі дос қараңғы түнде сүйісіп қоштасты. Лидия Андреевна мана Таня қалған үйге барғанда қара түннің шырқын бұзып, қораның түпкір жағынан үрген иттің даусы шықты. Ол бірден қораға кіріп баруға сескенді де жұмыр ағаштан салған кішілеу үйдің терезесіне барып, ақырын ғана тықылдатты. Ар жағынан біреу келіп есік ашты: – Қош келдіңіз, кіріңіз!

Екі бөлмелі үй екен. Ауру қарт төргі бөлменің сол жақ қабырғасына жабыстыра қойған ағаш төсекте жатыр. Таня кәрияның тамырын ұстап отыр. Денесінің қызуын өлшеп көрді де, ол: – Суық тиген екен. Мына бір дәрілерді ішіңіз, – деп сөмкесін ашып, әртүрлі дәрі-дәрмек берді. – Сізге, шырағым, үлкен рақмет, – деп қарт қатты риза болды. Сол-ақ екен: – Жаңағы, осы қалаға келген, мына екі сұлу екен ғой, – деп мылтық асынған үш жігіт сау етіп үйге кіріп келді. Түстері суық. Амандық-саулық жоқ, есіктен кірген бойы «Екеуің мұнда не қып жүрсіңдер? Қайдан келдіңдер? Документтеріңді көрсетіңдер» деп әкіреңдей бастады. Келгендердің біреуі полицайға ұқсайды, қалған екеуі – неміс жандармериясының адамдары. Тергеп, жөн сұрап жүрген поли­ цай, ал ана қасындағы екі неміс ауызын буған өгіздей үнсіз тұр. Өздерінің сырт көріністері шауып кетуге келген ұрыға ұқсайды. Шет жақта бұлардың әрбір қимылдарын бағып тұрған Лида: – Мырзалар, сіздер тым ызғарлы екенсіздер, жайырақ сөйлеуге болмай ма осы? – деп қалтасынан документін алып немістің біріне ұсынды. Сосын неміс тілінде: – Мен генерал Рихтердің аспазы болып істеймін, ал мына қасымдағы құрбы қызым ауданда дәрігер. Мына ауру кісіні көруге келді. Мен ол кісінің туысымын. Атамыз ауырып жатыр деген соң, дәрігер алып келдім, – деді. Лиданың неміс тілінде мүлтіксіз сөйлегеніне таң қалып екі неміс аузын ашып қарап қалыпты. Олардың беттеріне ыстық тасқын қан ойнап, жүздеріне жылу нышаны, күлкінің ізі пайда болды. Еңкіштеу келген неміс: – Сіз неміс тілінде жақсы сөйлейді екенсіз, – деп Лидаға жылы жүз білдіріп жатыр. Тексеруге келгендер Лида мен Таняның документтерін қайтарып берді. – Енді кете берулеріңе болады, – деді семізше келген зор денелі, балуан неміс. Манадан қожаларының аузына қарап тұрған полицай өзіне енді ғана жан біткендей Лиданың қасына келді: – Бағанадан бері немісше айтқандарыңның тым болмаса, бір-екі ауызын орысшылап берші. Ештеңе түсінбедім. – Жетекке алған тазыдай жүре бергенше, бір-екі ауыз неміс тілін үйренбейсіз бе? – деді Лида полицайдың бетіне жирене қарап. – Қайда кетер дейсің, үйренеміз де, – деп анау жауап қайтара алмай жасып қалды. – Біздің қалаға кететін уақытымыз болды. Онда да мені науқастар тосып отыр, – деп Таня есік жаққа бет алды. Үш тыңшы бұлармен бірге шықты. Жаңа ғана қырып салатындай, айбар шегіп тұрған үшеуі жуасып, тіпті бұларды қаланың шетіне дейін шығарып салды.

ХІІІ Бүгін де Артемовты қала комендантына шақырып әуреледі. Әңгіме Гитлер әскеріне жылы киім, азық-түлік дайындау туралы болды. Фольбер мырза қадалған жерінен екі мың тон табасың» деп Артемовтың жаға­ сынан алып тұр. «Жарайды, айтқаныңызды орындаймын» деп шығып кетсе ертеңгі күні анадағы Германияға жөнелтілген жастардың жоспарын мезгілінде орындамадың деп тағы бейберекетін алады. Бұл маңайдан сонша астық, тон табылмайтынын Ар­темов жақсы біледі. Ол комендантқа осыны түсіндіремін деп күнде қара терге түседі. Артемов пен Фольбердің сөзін аударып Алтай да әбден шаршады. Комендант өз айтқанынан қайтпайтын қайсар адам екен: – Артемов мырза, сен жерлестеріңді осынша неге қорғайсың, тегі сен де біздің бұйрықты орындағың келмей отырсың ғой? Айтқанға көнбейтін болсаң, сенің өзіңді абақтыға қамап қоямын! – деп күш көрсете бастады. – Мырза, мырза, әміріңізге құлдық, – деп тілі күрмеліп көзі шарасынан шыққан Артемов дір-дір етеді. – Айтқаным айтқан! – деп Фольбер қолын қалтасына салып, кабинетінде ерсілі-қарсылы жүрді де қойды. Фольбердің қаһарынан әбден сасқан Артемовтың бетінен айғыз-айғыз тер ағып «жүрегім қысылып барады» деп, қасында тұрған Алтайға сүйеніп, Артемов бөлменің қабырғасында тұрған орындыққа әзер барып отырды. Сәлден соң есін жинап, төрдегі стол басында отырған Фольбер мырзаға нұры өшіп бара жатқан жалынышты көзімен қарады. – Комендант мырза, сіз осынша көп астық табылмайды дегенге сенбедіңіз, қайтейін, сіздің айтқаныңыз болсын. Іздестіріп көрейін, ел іші ғой, мүмкін бірдеңе табылып қалар, – деп созалаңдап орнынан тұрды. – Осыған бағанадан бері тырыспай-ақ көне салсаң да болатын еді ғой. Барыңыз, айтқанды орындаңыз. Бұл – фюрердің бұйрығы. Сендердің қай өтіріктеріңе сенеміз? – деп Фольбер теріс айналып кетті. Біреу ұрып-ұрып сілейтіп кеткендей Артемов аяғын әзер басып келе жатты. Үйінің табалдырығынан зорға аттаған ол ауыз үйдегі бір төсекке киімін шешпестен қисая кетті. Артемовтың әйелі Вера Владимировна: – Саған не болды? Өңің қашып кетіпті ғой, бір жерің ауырды ма? – деп күйеуінің қасына келіп, оның шекесін алақанымен, басып көрді. – Еш нәрсе болған жоқ, ана коменданты құрғыр тағы да астық, тон табасың деп, қыспаққа алғаны. – Сорлы, сенің-ақ көзің ашылмайтын болды ғой. Совет тұсында кулактың баласысың деп күн көрсетпеді, енді мына жаңа үкіметтің тұсында тағы тыныштық жоқ. Қайда барып оңамыз, осы біз? – деп әйелі тұлан тұтты. – Сен оттай берме? Мен жаңа үкіметке әлі де қызмет етемін. Қазір соғыс болып жатқан мезгіл, сондықтан мұнда ақыру-жекіру бола береді, көніп, айтқанын істеуіміз керек, – деп әйеліне жекіріп тастады. Артемовтың ауруы ұзаққа бармады. Бірер сағаттан кейін ол күндегі әдетіне басты. Стол үсті толы шошқаның майы қабығын аршымай

пісірілген картоп, жұмсақ қып буға пісірілген тауықтың жас еті. Қолдан ашытылған арақ. Ең алдымен ол қырлы стақанға арақ толтырып алып, дем алмастан тартып жіберіп, алдындағы тарелкадан бір тілім ыстық нан алып, мұрнына тосты. Әйелі де бұдан қалыспай қатарласа ішіп отырды. Екеуі де қып-қызыл бөртіп отыр. Дөкір жуан дауысымен адам түсін­ бейтін бір өлеңді айта бастады. Әбден араққа бөккен Артемовтың есіне бағана коменданттың кабинетінде мүдірмей мұның сөзін аударып тұрған Алтай Сырымбетов түсті. Бір нәрсесін жоғалтқан адам тәрізді жан-жағына қарап: – Осы бағана, менімен бірге Алтай Сырымбетов мырза келген жоқ па еді, ол қайда кетті? – деп әйелінің бетіне қарады. – Сен мас болған екенсің, ол кісі мана сені үйге қолтықтап әкеліп кіргізді де, ізінше қайтып кеткен. Ол өзі орысқа ұқсамайды. Ұлты кім, қайдан келген жігіт? – Ұлты қазақ, абақтыдан босап шыққан көрінеді, – деді Павел Николаевич тілін шайнап. – Қазақ деген халықты естігенім бар, өзі бір жібі түзу кісі екен, сені қолтықтап енгізіп, төсекке жатқызып кетті. – Вера Владимировна қызулау болса да, Алтайдың келгенін ұмытпапты. Артемовтың үйінен шыққан Алтай әбден шаршап, пәтеріне қайтып келе жатқан. Ол жаңағы коменданттың алдында Артемовтың дегбірі қашып, қалш-қалш еткеніне іштей күліп қояды. «Сен сияқты сатылғандарға сол керек, өзінің Фольбердің алдында құрша жорғалағанын көрдің бе?» деп қояды анда-санда. Алтай жолда Лидия Андреевнаға соқты. Лида жұмыстан жаңа ғана келген екен. Зина әлі қайтпапты. Ал­тай қыздың қолын алып: – Біздің қазақта «Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығады» деген мақал бар. Сол сияқты сені кездестірем бе, жоқ па деп келіп едім, тілеуіміз болады екен, жарқ етіп алдымнан шыға келгеніңді қарашы, – деді, қуанышын жасырмай. – Мен де сен не істеп жүр екен деп жаңа ғана еске алып едім. Жақсы болды келгенің. Телепатия дегеніміз осы шығар, – деп күлді қыз. – Біреу-міреу келіп қалмай тұрғанда айтатыным, бүгін кешке таман Артемовты қаланың коменданты шақырып алып, сазайын әбден берді. Оған мың тонна астық, екі мың жылы тон жинап неміс комендантына өткізесің деп тапсырды. Артемов басында мұнша астық табылмайды деп көріп еді, оған Фольбер болмады. Ең аяғында «амал жоқ, мырза, сіздің айтқаныңызды орындаймын» деп шығып кетті. Әбден қорқып есеңгіреген Артемовты үйіне қолтықтап әзер ертіп бардым. Жолда ма­ған: «Осы қалаға жақын жерде. Г. деген деревняда мемлекетке қарасты астық қоймасы бар. Астық әлі ешқайда жіберілген жоқ. Ертең барам да, сол астықты қалаға тасытамын», деп айтып қалды. Сөзінің арасында: «Менің мұнымды немістер қайдан біледі» деп қояды. Осыны сізге хабарламақ болып келген едім. Бұл жағдайды партизандарға тез жеткізу керек. Артемов полицайларымен барып жеткенше, астықтың бәрін тып-типыл қылып, алып кету керек.

– Сіздің мына хабарыңызды бүгін түнде жеткіземіз, – деп Лида Алтайға алғыс айтты. Алтай орнынан тұрып, Лиданың дәл жанындағы орындыққа келіп отырды. Оның көзіне көзін қадап, күлімсіреп сәл отырды да: – Лида, мен сені бір көргеннен-ақ жақсы көріп қалдым. Мезгіл болса мынау, өмір мен өлім тартысып жатқан күндер өтіп барады. Кім білсін, алдымызда не тұрғанын? Алдың да, артың да жұмбаққа толы. Оғаш көрмесең, екеуміз көңілдес боп жүрсек деген ойым бар. Оған қалай қарайсың? Өз ойымды ашық айтқаныма ғапу ет! – деп, Алтай ішінде көптен сақтап жүрген сырын ақтара салды. – Мен де сені жақсы көремін, Алтай. Бірақ, амал не, екеуміз кеш қалып қойдық. Оған сен де, мен де кінәлі емеспіз. Уақыт кінәлі. Менің сенен де бұрын сөз байласып қойған жігітім бар. Ол қазір осында. Сондықтан екеуміз жолдас, дос есебінде сыйласып жүре берейік, – деді Лида, баяу күрсініп. – Ол жігітің кім? – Оны қайтесің, ол өзімізбен бірге жүр, – деп күлді Лида. – Мен білсем, ол – Володя шығар. Айтшы, үстінен түскен жоқпын ба? – Дәл түстің. Өзің де сезген екенсің. Жаман жігіт емес. – Сөйтіп мен кешігіп қалған екенмін ғой, – деп Алтай үлкен қой көзімен Лидаға қарап, күрсініп қойды. – Сен қапаланба, саған әлі менен де тәуір бір қызды таныстырамын. – Біздің елде «сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» деген мақал бар. Сіздің қызыңызды да көрерміз. Ендеше әңгімені осымен доғарайық, менің үйге қайтатын уақытым болып қалды, – деп Алтай Лидамен қоштасып далаға шықты. Ол үйіне келіп, бүгінгі Лидамен әңгімесін еске түсіріп, ұзақ уақыт ұйықтамай жатты. Бірде қызға өз ойымды несіне айттым деп өкінсе, енді бірде, не де болса, ойдағыны айтып, әңгіменің тетігіне жеткенім дұрыс болды деп тағы ойлады! Сөйтіп жатып, таң алдында көзі ілініп кетті. Сол күні Артемов қасына он шақты полицай ертіп Г. деревнясына жүріп кетті. Сұлыға тойып, ерігіп тұрған аттар, қаладан шыға беріп, тақтайдай тегіс жолмен желе жортып келеді. Алда келе жатқан Артемовтың жеккен аттары көшірге бой бермей, ауыздықпен алысып, кейде тіпті шаба жөнеледі. Алтай Артемовтың шанасында. Алдарынан үйлері қараңдап, үлкен бір деревня көрінді. Бұрын бұл жаққа шығып көрмеген Алтай: – Павел Николаевич, мына алдымыздағы қандай дерев­ня? – деді. – Біз келе жатқан Г. деревнясы осы. Құдай қосса, бүгін кешегі коменданттың көмейіне құм құямыз, – деді Артемов. Бұлар еш жерге бұрылмастан тура старостаның үйіне тартты. Жанжағын қоршаған үлкен ағаш үйдің алдына келіп, ошарылып тоқтай қалды. Артемовтың осынша жасақпен келген себебін білмеген староста алдарынан шығып:

– О, мырза, қош келдіңіз, тоңып қалған шығарсыздар, үйге кіріңіздер, – деп бұлардың асты-үстіне түсті. – Рақмет, көп аялдауға уақытымыз жоқ, егер үйіңде да­яр тамақ болса, дәм татып кетуге болады, – деді түндегі арақтан басы ауырып тұрған Артемов. – Тамақ даяр, мырза, кіріңіздер, – деп староста қалбалақтап үйіне қарай бастап жөнелді. Қонақтар киімдерін шешіп, төрдегі стол басына отырып жатты. Дастарқан да жайылды, тамақ та әкелінді, арақ та келді. Суықтан келген жұрт бір-бір саптыаяқ арақты ішіп, гуілдесіп отыр. Үй иесі қонақтарға қайталап арақ құйып жа­тып: – Дәл уақытында келгендеріңізді қарашы. Өткен түні мені парти­ зандар өлтіріп кете жаздады. Көрші үйдің қорасына тығылып әзер жаным қалды, – деді. – Олар мұнда не қып жүр екен? Бірдеңе алып кетті ме? – Ой, мырза, алғанда қандай, әнеукүні өзіңіз көрген ана үлкен қамбадағы астықты... – Құдай әбден ұрған екен ғой. Бидайдан айрылған екеміз ғой, – деп Артемов орнынан атып тұрды. Старостаны ұрайын деп жүр. Ашудан аузымұрны қисайып, беті жыбырлап, ерні сөйлеуге келмей дір-дір етеді. – Иә-ау, осынша астықты партизандарға беріп қоя беріп, өзің неге тірі отырсың?! Астық толтырылған қамбаны күзетпегенде, айға бата қылып жүрсің бе?! – деп далаға шығып, тура астық төгілген қамбаға қарай ұшты. Қамбаның есігі шалқасынан ашық жатыр. Онда бір дән де астық жоқ. Бәрін түк қоймай сыпырып, алып кетіпті. Ар­темов қамбаны екіүш рет айналып шықты. Маңайында ұйқы-тұйқы шананың ізі. Төгіліпшашылып жатқан бидай. – Сенің бүйтіп староста болғаныңды ұрайын! Анада келгенімде айттым ғой, «деревня үлкен, полиция участогін құр» – деп. Сен оны да орындамағансың ба?! – Сіздің ол айтқаныңызды бұлжытпай орындағанмын. Жүзден астам полицай бар еді. Олардың көпшілігі партизандарға шығып кетті. Қарсылық көрсеткендерін партизан­дар атып кетті. Өздері тіпті көп екен. Сірә, осы біздің жанымыздағы орман толы партизан болу керек. Түн ортасы кезінде деревняны қоршап алды да, қаптады да кетті. Полицайлардың түрі анау, өзімізге қарсы шықты. – Бәрібір сен оңбаған адамсың, полицияға адамдарды дұрыс іріктеп алмағансың. Ылғи орманға қарап ұлыған қасқырларды қаруландырғансың ғой. Мүмкін өзің де партизан шығарсың, алдымен сені ату керек! – дегенде, староста: – Кешіріңіз, мен партизан емеспін, фюрерге адал қыз­мет істейтін адаммын, – деп Артемовтың аяғына жығылып, еңкілдеп жылап жіберді. Осы көріністің бәрін көріп, көңіліне тоқып тұрған Алтай қарулы достарының түндегі қимылына қатты сүйсінді.

Не істерін білмей дағдарыста қалған Артемов, аз уақыт терісіне сыймай, үнсіз тұрды да: – Бес күннің ішінде өз қарамағыңдағы деревнялардан екі жүз тонна астық, үш жүз жылы тон жинап өткізесің. Ал, енді осы айтқанымды орындамасаң, сен итті өз қолыммен атамын! – деп шанасына отырып жүріп кетті. XІV Биыл қыс қатты болса да, жаз ерте шықты. Көк жетіліп, күн жадырып тұр. Жазғы сәскенің хош иісі ашық тұрған терезеден Рудольф жатқан бөлмеге мол келіп тұр. Бүгін ол ерте оянды. Асханаға барып, бір-екі шыны шай ішті де, жегулі тұрған арбаға отырып, Рославльға жүріп кетті. Жол ұсақ талдың арасынан өтеді. Өте қауіпті. Сондықтан «сақтықта қорлық жоқ» дегендей, ол қасына жеті-сегіз қарулы полицай ертіп алды. Осы дүбірлі тынымсыз күндерде бірде-бір жанға сеніп болмайды. Рудольфтың қандай адам екенін орман толған партизандардың бәрі біле бере ме. Үстіне кигені неміс офицерінің формасы болғаннан соң, көрінген партизан фашист деп тасада отырып атып жіберуі мүмкін. Павлинкадан Рославльға дейін жол алыс емес. Бірақ партизандар тіпті қаланың дәл түбіне барып немістерге тосқауыл жасап, күтпеген жерге тор құрады, буалдырық тастайды. Осы қатерлі жағдайларды ескеріп, Рудольф ат айдап келе жатқан аласа бой­лы, сары жігітке: – Жұмыс тығыз, тезірек жүр, – деп қойды, деревнядан шыға бергенде. Ат айдаушы бишігін үйіріп, божыны қаттырақ қағып, бірде желдіртіп, бірде шауып аттарды безек қақтырып келе жатты. Арбаның қатты жүрісі Рудольфты тербеткендей шайқайды. Баяу соққан самал жел оның бетін өбіп, бойына әдемі бір сезім құйғандай болады. Оның есіне елінде қалған екі баласы, сүйген жары түсті. Бір жыл бұрын үйінен аттанарда әйеліне: «Мен қалай да фашистерге қызмет істемеймін, қолымнан келсе, орыстарға қашып шығамын» дегенде, әйелі: «Өзің бірдеңеге ұшырап кетіп жүрме! Сақтан, сақтан!..» – деп бірнеше рет қайталаған еді. Майдан болса, анау, күні-түні толассыз жүріп жатқан. Екі жақтан да ажал құшып, жарадар боп, мерт болып жатқан адамдар. Екі елдің басына да ылаң туғызған – Гитлер. Рудольф бейбіт жатқан Совет еліне тосыннан шабуыл жасаған фашизмге әр уақытта лағынат айтады. Қала дүбірі Рудольфтың шым-шытырық ойын бөліп жіберді. Ол атқосшының иығынан қағып: – Аттың басын тарт, тоқта осы жерге, – деді. Артта қалыспай, үзеңгілесіп келе жатқан полицайларға: – Сендер қалада жүре тұрыңдар, түс кезінде, округтік жандармерияда болыңдар, өзім сол жерден сағат үштің кезінде тауып аламын, – деді. – Мені теміржол вокзалына апар, – деді Рудольф атқосшы жігітке. Көп ұзамай үн-түнсіз ойға батып отырған Рудольфқа:

– Келдік, мырза, теміржол вокзалы мына бір үй, – деп қолын созып, қызыл кірпіштен салынған жалғыз қабатты үйді көрсетті. Рудольф вокзалға кірді. Іші толы ығы-жығы болып жүрген неміс әскері. Біреуді-біреу біліп болмайды. Гу-гу әңгіме. Үлкен залдың перронға шыға берісіндегі үлкен есіктің оң жақ қабырғасына сүйеніп, төрт-бес офицер бір нәрсені қызу әңгімелесіп тұр. Қалың көпшілік бірінің сөзін – бірі тыңдап тұрған жоқ. Рудольф қызу әңгімелесіп тұрған офицерлердің жанына жақын келіп, ол да қабырғаға сүйеніп тұра берді. Қасындағылар сезіктенбесін деп ол шетте тұрған бір солдатпен қайдағы бірдеңені әңгімелескен болады. Бірақ өзінің екі құлағы ана офицерлердің әңгімесінде. Арықтау келген, орта бойлы полковник қасындағыларға: «Біздің танкалы дивизиямыз оңтүстік майданға бара­ тын болды. Фюрердің бұйрығы бойынша осы жазда күш жинап, күзге таман Сталинградқа шабуыл жасаймыз. Сөйтіп, орыстың астанасын оң бүйірінен барып аламыз...» – деп көпіріп тұрды. Енді біреулері Харь­ков жаққа баратындығын айтып жатыр. Шүйіркелесіп тұрған солдатқа жақындай түсіп, Рудольф: – Әлгі, қазір жүреді деген эшелон кетті ме екен, білдің бе? – деп сұрады. – Лейтенант мырза, сіз қызық екенсіз, түні бойы, бірнеше рет кетейін деп жатыр деген поезд, әлі қозғалмай осын­да тұр. – Онысы несі? – Алдымызда теміржолдың рельсін партизандар бұзып кеткен дейді. Сол жерді әлі жөндеп бітіре алмай жатқан көрінеді. Сіз естімеп пе едіңіз? – Менің мұнда келгенім жаңа ғана, ештеме естігенім жоқ. Солдат бұрылып, оң жағында тұрған басқа бір солдатпен әңгіме­ лесіп, есік алдына қарай кетті. Рудольф төмен қарап, терезеге сүйеніп сол жерде тұра берді. Вокзалға тағы бір топ солдат кіріп келді. Қасын­ дағы офицерлер сығылысып Рудольфқа жақындай түсті. Полковник сөзін бөліп, Рудольфқа: – Сіз қай жаққа барасыз? – деді. – Мен Харьков жаққа баратын эшелонмен кетуім керек, бірақ дәл қай жерге баратынымды өзім де білмеймін. – Біз де оңтүстік жаққа барамыз. – Қайдан келе жатырсыздар? – Франциядан. – Ел жақтан келе жатыр екенсіздер ғой. – Иә, елден келеміз. – Халықтың тұрмысы қалай? – Ой, соғыс кезінде тұрмыс қандай болушы еді, елдің халі жақсы емес. Жұмыс күші жетпейді, еркек біткеннің бәрі майданға кетті, қазір жұмыс істеп жүргендер – әйелдер мен шалдар, бала-шағалар, майданнан қайт­ қан ақсақ-тоқсақтар. Олар мандытып жұмыс істей алушы ма еді. Біздің командование, білетін боларсың, Россиядан қыздарды жи­нап, жұмыс

істеуге Германияға жіберіп жатыр. Бірақ, олар барып алып, мандытып жұмыс істеп жүрген жоқ, әйтеуір, өлместің күні. – Олай болған күнде, елдің халі онша болмады ғой. Менің де екі балам мен әйелім қалған еді, не күн көріп жатқандарын білмеймін, көптен хатхабар да жоқ, – деп Рудо­льф күрсініп қойды. – Бәріміздің де халіміз сондай ғой, несіне күрсінесің, – деді полковник. Рудольф жанындағы офицерлерге еріп, перронға шықты. Бұлар шылым тартып ерсілі-қарсылы жүрді. Теміржол бойы толы қаз-қатар тізілген эшелондар. Арасында ине шаншар жер жоқ. Ылғи әскери техника тиелген эшелондар ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. Әскер тиелген эше­лондар да көп-ақ. Әбден есіріп, жүгенсіз кеткен Гитлер солдаттары жайданжай кетіп бара жатқан қала тұрғындарына соқтығысып, пәле іздеп, сеңдей соғылысып жүр. Осының бәр-бәрін өз көзімен көрген Рудольф енді көп тұра беруді қолайлы көрмей, вокзалдан шыға бергенде, толған солдаттардың аяғының астында жатқан конвертті көзі шалды. Еңкейіп конвертті алды да, қалтасына сала қойды. Сөйтті де тура өзінің арбасына келді. Іштей: «Шіркін, мына быжынаған әскер жөнінде дер кезінде, партизандарға хабар берсе қандай жақсы болар еді. Фашистер жақсылап тұрып жазасын алар еді-ау», – деп арбасына отырып жүріп кетті. Аттың божысын тартып, ілгері қарай қозғала беріп, атқосшы: – Қалай, туысыңызды кездестірдіңіз бе? – деп сұрады Рудольфтен. – Кездестірдім. Бірақ шығарып сала алмадым. Қашан жүретіні бел­ гісіз. Дәл уақытында келген екенбіз. Сенің аттарыңның жүрісі тіпті та­ маша екен. Дер кезінде жеткізді ғой бізді. Өзің аттарыңды әбден бап­тап ұстайды екенсің, – деп ат иесін мақтап қойды. – Баққанымыз осы екі ат болғаннан соң, басқа не бітіреміз, – деп анау аттарын мақтағанға өркені өсіп, қуанып қалды. Рудольф жол бойы еш жерде тоқтамай, қаланың қақ ортасындағы неміс комендатурасына келді. Фольбер орнында отыр екен. Рудольф қабы­л­дау бөлмеде отырған көмекші сол­датқа келіп: – Сіз мені танитын боларсыз, комендант мырзада бір шаруам бар еді, кіріп шығуға ұлықсат етсеңіз, – деді. – Қазір жалғыз отыр, кіре беріңіз, – деп солдат иегін көтерді. Фольбердің кабинетіне кіріп барғанда Рудольфтың көңілін аударған – дәл төрде ілулі тұрған Гитлердің үлкен суреті еді. Ол табалдырықты аттай беріп: – Хайль Гитлер! – деп сіресіп тұра қалды. Оның бұл сәлеміне: – Зиг Хайль! – деп жауап беріп, Фольбер де орнынан атып тұрды. Фольбер қызмет столын сол жақтағы бұрышқа қиғаштай қойған екен. – Халдарың қалай, жертезек шығаруды көбейтетін түрлерің бар ма? Әлде отынсыз отырамыз ба? – деді ол Рудольфтың қолын алып жатып. – Жертезек өндіру ісін енді-енді жолға қойып келеміз, мырза. Кешікпей өндірісті толық іске қосамыз деген ой бар, – деп, Рудольф өзінің келешек жоспарын қысқаша баяндап берді.

– Жертезек шығаруды жеделдету керек, жұмыс күші қажет болса, осы қаладағы абақтыда жатқан тұтқындардан бір жүздей адам беруге болады. Өзіңе қанша адам керек, соны айтшы? – Комендант мырза, өзіңіздің айтқаныңыз қандай жақсы болды... Мен айтуға, сіз ренжи ме деп, жасқанып отыр едім. Бізге жүз емес, екі жүздей жұмыс күші қажет болып отыр, – деді Рудольф: – Екі жүз керек болса, сол айтқаның болсын, – деп столының үстінде жатқан электр қоңыраудың түймесін басып қалып еді, көп ұзамай бір еңгезердей унтер-офицер есіктен кіріп келді: – Мына Рудольф мырзаның қарамағына осындағы абақтыдан екі жүз тұтқынды жіберу жөнінде бұйрық дайындаңыз, – деді. – Құп болады! – деп, әлгі унтер-офицер ізінше қайта шығып кетті. Коменданттың бұйрығын алып далаға шыққан Рудольф іштей ойланып: «Қазір ізімше Павлинкаға қайтқаным жөн болар. Уақыт болса өтіп бара жатыр. Вокзал басындағы көрген-білгенімді тезірек хабарлауым керек шығар. Ал тұтқындарды әкелуге, осы қағазды беріп, түстен кейін Антонды жіберсем де болар», деген қортындыға келді. Рудольф жандармерияның жанында іштері пысып, арбаларында карта ойнап отырған өз қарамағындағы полицайларды ертіп, тура Павлинкаға жүріп кетті. Қаладан шыға берісте: – Бағанағы жүрісіңе сал, тезірек Павлинкаға жетейік. Сені білмеймін, менің қарным ашып келеді, – деді атқосшыға. Рудольф жатқан үйіне кіріп шықты да, тісінің ауруын сылтау етіп Аняға келді. Онда дәрігерге көрінуге келген бірнеше адам отыр екен. Ол дәрігердің кабинетіне баса көктеп кіріп барды. Рудольфтың бір хабар әкелгенін бірден сезген Аня есікті ашып, тосып отырғандарға: – Сіздер ғафу етіңіздер, мына Рудольф мырзаны қарап болғанша тоса тұрыңыздар, – деп есікті тастай қып жауып қойды. – Енді айта беріңіз. – Мен жаңа ғана қаладан келдім. Станция толы әскер және техника тиелген эшелондар. Брянскіге баратын жолдың бірнеше километр рельсін партизандар қиратып кеткен көрінеді. Ілгері қарай жүре алмай қаптап тұрған поездан көп неме жоқ, – деп ол бүгінгі көргенінің бәрін қалдырмай айтты. Рудольф қалтасынан бағана вокзал басында тауып алған конвертті алып, Аняның көзінше ашып оқи бастады. Ол бір неміс офицерінің үйіне жазған хаты екен. Хатта былай делінген: «Құрметті ана, сізге осыдан бірнеше күн бұрын Москва түбінде тұрғанымызда бір хат жіберген едім, алған боларсыз. Қазір біздің бөлімімізді Харьков жаққа жіберді. Осы хатты жолда кетіп бара жатып жазып отырмын. Алдымыздағы бір станциядан почтаға салып жіберем. Осы күндері совет самолеттері шабуылды күшейте бастады. Кім білсін, жолда кетіп бара жатқан біздің эшелондарды да бомбалап жүре ме. Алдымыз да, артымыз да қауыпқа толы. Сүйегіміздің

қай жерде қалатынын өзіміз де білмейміз. Талай достарымыз жан берді. Басқа не жазамын. Қош бол, ана. Сенің сүйікті ұлың Фриц». – Аня, сен естіп отырсың ғой, осы хаттың өзінен талай мағлұмат алуға болады. Хатты да, жаңағы айтқандарымды да сен тез партизандарға жеткіз, – деп Рудольф кетуге ыңғайланды. – Жақсы, Рудольф мырза, сіздің айтқаныңызды бұлжытпай жеткізе­ мін, – деп Аня уәде берді. XV Алтай бүгін күндіз бір солдаттан алған немістің ұлы жазушысы Генрих Гейненің өлеңдер жинағын оқып отырған болатын. Сығырайған шамның майы бітіп, білтесі титтей бо­лып қысқарып, қайта-қайта жалп-жалп сөне берді. Оның жүйкесіне тиіп, әбден ашуландырды. Бір кезде шам сәулесі сығырайып барып, жалп етіп, сөнді де қалды. Алтай шамды қайта жағамын деп қанша әуре болса да, жаға алмады. Сосын қолындағы кітабын жастықтың астына қойды да, шешініп жатып қалды. Ол әр нәрсені ойлап түн ортасы ауғанша жатты. Ойына елде жүргенде өзі сүйіп оқитын бір ақынның «Сырдария» деген өлеңі түсті. Бұл өлеңді өзі мұғалім болып жүрген кезінде оқушылардың алдында талай рет жатқа ай­тып берген болатын. Міне, Алтайдың көз алдынан қызметтес болған мұғалімдер, өзінен дәріс алған бүлдіршіндей балалар өтіп жатыр. Ол шалқасынан жатып, өзі жатқа білетін осы бір өлеңді, сол балалардың алдында тұрғандай, қоңыр дауыспен күбірлеп айтып шықты. Білем сені, сүйем сені, Сырдың суы – қарт анам. Сенсің мені әлдилеген, Туған сенен мен балаң. Сүйсе Гейне, анам десе, Сүйген суы Рейнесін. Сырдың суы туған ол да Өз ақынын – Гейнесін. Жазса Тарас Днепрді, Жазса Пушкин Еділді, Неге маған жырламасқа, Сырда туған елімді. Ел анасы менің анам, Сырдың сұлу өзені. Қуан, ана, ақыныңның Келді жырлар кезегі...

Қарт Днепр – ескі достың
Көремісің айбатын.
Электрлі мың моторлы,
Асқан алып қайратын.

Сен де маған, жаным ана,
Днепрдей жарық бер.
Қол жетпеген көк жұлдызын
Құшағыма алып бер.

Сол кезде де, жаным ана,
Өзіңменен тең болам.
Сырда туған сырдың ұлы,
Жаңа Гейне мен болам.

«Өз жеріңді, өз суыңды, өз еліңді, міне, біздің Әбділдадай сүйе біл», деді Алтай ішінен жырдың соңғы шумағын айтып болып. Бұл өлеңнің аяғы қиялға айналып, Алтайды еріксіз өзінің туып-өскен Ертіс баурайына, Алтай тауына алып кетті. Бір сәт Алтай бір биік шоқының үстіне шығып алып, маңайды көзімен шолып тұрғандай болады. Оның көз алдынан сүйген жары Бикеші, оның мөлдіреген қарақаттай қара көзі, қыр мұрыны, қиылған қасы, жылы жүзі, сұлу мүсіні бір тұтас болып, жүрегін елжірете өтіп жатты. Онан соң таудан құлап, өркештене аққан бұйра толқынды Ертіс, теңіздей жұлқынған Алтай орманы, жазылып жатқан дала, қырмызы кілемдей шалқыған көк орай шалғын бұлаңдап өтеді, сәлден кейін ойы әрі созыла түсті. Оның көз алдынан Алтай тауының қойнауы толы кең байлығы, біресе тау тоғайының ішіне кіріп жоғалып кетіп, біресе баурайды белдеудей тартылған бұраңдаған күре жол, сонау тау шыңындағы төңкерілген бұлт та бәр-бәрін қиял көзімен көріп тұрғандай сезінді. Алтай кенет селк ете қалды. Ел-жұртын есіне түсіріп, тебіреніп жатқан оның көз алдынан жазиралы, жаннатты жерінің жарқын бейнесі жалп етіп сөніп қалғандай болды. Қатты шыққан гүріл бір сәт ұмытылған соғыс өртін қайта еске салды. Үстіндегі аспан жарылып, жерге түсердей, әуе толқып, күрсініп тұр. Аспан әлемін тілгілеп жүрген самолет, гүрс-гүрс жарылған бомба. Әуе кеңістігіне қарай атылып жатқан зенит зеңбірегінің снаряды. Жарық сәулесімен аспан­ды қайшылап жүрген прожектор. Совет әскерінің сәлемдемесін әкеліп жүрген өз елінің самолеті екендігіне Алтай күманданбады. Ол ішінен: «Бұл самолеттер теміржол вокзалын іздеп жүрау» деп ойлады. «Бер бәлемнің жазасын!». Төсекте дәті шыдап жата алмады. Төсегінен тұрып, терезесінің пердесін көтеріп, аспан әлеміне көз салған. Тым болмаса, туған елден келген самолеттің сырт пішінін, қанатының астындағы қызыл жұлдызын көріп, мауқын басқысы келеді. Совет қырандарының осы қаланың үстінде ұшып

жүргенінің өзі оған қанат бітіргендей болды. Жауды жеңуге деген оның сенімі бұрынғысынан да арта түсті. Бірте-бірте гүрсіл азайып, оқта-текте ғана бір дір етіп ба­рып, аспан төрі тыныш алды. Алтайдың тулаған жүрегі де басылды. Ол кейінгі күндері Лидамен кездеспеген болатын. Бүгінгі түндегі арпалысу да осындағы өз достарының қолы екендігін ол сезді. Бірақ анық кім екендігін біле қоймады. «Кімнің ісі болса да, ерім-ақ екен» деді ішінен. Ол ертерек тұрып қызметіне келсе, Артемов одан да ерте келген екен. Өңі түнімен арақ ішкен адамға келіңкірейді. Қанталаған қып-қызыл көзі дүрдиіп ісіп кетіпті. Дудыраған шашы да таралмапты. Өзінде үрей жоқ. Қырылдаған дауысымен айқайлап: – Ауыз үйде қайсысың барсың, кім де болсаң мұнда кел, – деп бұйырды. – Мұнда әзірше менен басқа ешкім жоқ, – деп, кабинетке Алтай кіріп келді. – Е, жақсы болды. Кел, отыр. Сен түнде не білдің? Осы қаланы совет самолеті оңдырмай бомбалап кетті. Мен жаңа жол-жөнекей вокзал жаққа соғып едім, немістер маңайын қоршап алып, бір жанды жібермей жатыр екен. Машина-ма­шина жаралыларды, қаза болған адамдардың денесін алып кетіп жатыр. Бүлінген әскери техникада есеп жоқ. Түнде бомбалау тоқталысымен мені Фольбер кеңсесіне шақырып, «Жаңағы самолет шабуылы – осындағы диверсанттардың ісі, соларға қарсы пәрменді шара қолдана алмай отырсың?» деп, жан алқымымнан алып, әбден бейберекетімді алғаны», – деді маңдайының терін сүртіп. – Иә, самолеттердің гүрілін мен де естідім. Бірақ ол кімнің самолеті екенін білгенім жоқ. Тек, танертең үй иесі әйел: «Сен естідің бе, түнде совет самолеті осы қаланы бомбалап кеткенін?» деп сұрағанда барып, істің байыбына барғандай болдым, – деп Алтай аңқаусырап жауап берді. Сол күнгі кешті Алтай тағатсыздана күтті. Аспан ашық. Самсаған жұлдызды жай көзбен санап шығуға болардай. Өткен түндегі самолет шабуылынан соң, қаланы онан арман қараңғылық баса түсті. Қалаға аз да болса, тоқ беріп тұрған электр станциясына бомба дәл түсіп, бүкіл түпорнымен жоқ қып жіберіпті. Бүгін Лидамен кездесуге сөз байласқан күн. Огневтің үйінде жастар бас қосып, сауық кешін өткізу керек. Қас қарая жұрт жинала бастады. Ең алдымен осы үйге, «Шабан үйрек бұрын ұшар» деп жырақтау тұратын Володя жетіпті. Одан кейін, көп ұзамай, Алтай кіріп келді. Айналасы он бес минуттің ішінде бәрі де келіп үлгерді. Бұлар бірімен-бірі көптен көріспеген кісілердей құшақтасып, сүйісіп амандасты. Лида мен Володяның амандасулары басқалардан гөрі өзгешелеу көрінді Алтайға. Мейірленіп, құшақтарын жазбай ұзақ сүйісті. Бұлардың елдің көзінше аймаласып жатқаны ерсі көрінді ме: – Сендерге не болған, біріңді-бірің жаңа көргендей? – деп Нина Лидадан өткен жолғы өшін алғысы келіп, мысқылдай күлді. – Біздей сағынып көріссең көрер едім, – деді Володя оның сөзін қалжыңға айналдырып.

Лида сәл қызарып, төргі бөлменің ортасындағы дөңгелек столды ай­на­ ла отырған жастарға қарады. Осы отырған жұрт бірін-бірі көрген бойын­ да, көзқарастан-ақ көңіл күйлерін ұғысқандай болды. Қауіп-қатерге толы өмірлеріне қарамастан, бұлар өз әрекеттеріне өздері риза, керек болса, жеңіс жолында қыршын жас өмірлерін қиюға бел байлаған жас өрімдер. Осы ойлар Лиданың қарулас достарына деген сүйіспеншілігін арттыра түсті. – Әңгімеге кіріспес бұрын Володя аздап баян тартсын. Кім білсін, біздің осында жиналғанымызды байқап қалған біреу-міреу болса, сауық кешіне келгендер екен деп ойласын, – деді ол құрбыларына қызыға қарап. Володя қара қобдишаның қақпағын ашып, баянын қолына алды. Аз уақыт әр нәрсенің басын шалып ойнап отырды да, бір кезде орындыққа оңтайлырақ жайғасып алып, орыстың алуан түрлі халық әнін құйқылжыта жөнелді. Баян тартуында мін жоқ. Достарының бәрі таң қалып, қызыға қарап қалыпты. – Па, шіркін, мынауың қалай безілдетеді баянды? Әттең менің қолыма, тым болмаса бес минутқа қазақтың қара домбырасын ұстатар ма еді? – деді Алтай, Володяның баян тартысына қатты риза болып. – Сенің домбыра дегенің не? – деді Алтайға жалт қараған Аня. – Домбыра – қазақтың музыка аспабы. Орыста гармонь болса, бізде домбыра. Жиналған жастар көптен баян әуенін естімегендіктен бе, бәрі де әнге қосылып шырқай жөнелді. Лида мен Алтай да бүкіл ынталарымен ән шырқап отыр. Бұлардың дауыс әуендері басқаларына қарағанда өзгеше. Бір кезде, Володя фокстротты тарта жөнелді. Отырған жұрттың бәрі соғыс ал­дында осы биді қолдан-қолға тигізбей, үйреніп алған. Бәрі де тайлы-таяғы қалмай билей жөнелді. Оның арасында орыстың жеке билері де, цыған биі де тартылды. Алтай мен Ли­да осы билердің бірде-бірінен қалыспай билеп жүр. – Ойын-сауықты осымен доғарайық, біздің өзара әңгімелесуімізге де уақыт қалсын, – деді Лида. Бүгінгі кездесуге Нина Чистякова да, Аня Петрова да, Ольга Белова да келген болатын. Лида өз достарына кезек қарап отырды да. – Аня, алдымен көрген-білгеніңді сен айтшы, – деді. – Мен не айтамын, орманда бізге басшылық етіп отырған Сидоров жолдасқа сіздердің айтқан сәлемдеріңізді шашау шығармай жеткізіп жатырмын. Оның қорытындысын өздеріңіз естіп те, көріп де отырсыздар. Атын өткенде өзіңіз қойған «Атқыш» тапсырманы бұлжытпай орындап жүр. Кешегі вокзалдағы ойранды салдырып жүрген сол «Атқыш». Басқа мен не айтамын, – деді Аня. Рудольфтің аты-жөнін елге әйгі етпей, жасырын атпен әдейі атаған болатын. Мына отырған адамдардың көбі, оны білмейді. Сирек сөйлесе де тегін сөйлемейтін Аня өз ісін қысқаша тұжырымды баяндады. – «Атқыш» шын өжет, батыр кісі екен. Қорықпай өз адамдарының ішіне кіріп кетіп, біздерге осыншама пайда тигізіп жүргені, оның шын

мағынасында, фашистерге қарсы адам екенін дәлелдеді, – деді Лида шын пейілімен оған риза болғандығын білдіріп. Бұл жолы Нина Чистякова да өз жұмысы жөнінде баян­дады. Жаудың әскерлерінің үйіне, майдандағы жолдастарына жазған хаттарын қолға түсіріп партизандарға жібергенін, жау әскерінің кетіп бара жатқан бағытын кезінде хабарлап тұрғанын айтты. – Осы қазір айтайын дегенім, кеше біздің қалаға көптеген әскер бөлімдері келді. Солдаттардың, офицерлердің айтуына қарағанда, олар партизандарға қарсы жазалау жорығына шығатын көрінеді, – деді Нина аяғында. – Сенің мына айтқаның дұрыс та болу керек. Кеше ма­ған да осыны бір кісі айтқан еді. Сен олардың қаладан қашан жүретінін міндетті түрде білуің керек. Аня, сен, – деді Лида Аняға қарап, – мына айтылған әңгімені партизандарға бүгін жеткіз. – Қаладан қашан жүретінін білу қиын болар. Осыны басқа... – дей беріп еді Нина, оған Лида қабақ түйіп, бір сәт қатты ашуланып: – Тоқта, Нина, – деп зілмен оны тыйып тастады да: – Басқа адам қазіргі қысыл-таяң кезде ол гарнизонға қалай барады деп отырсың? Осыны ойланбайсың ба? Бұл тек саған ғана берілген тапсырма, сен орындайсың. Түсінікті ме? – деп бұйыра сөйлеп, өзінің Нинаға берген тапсырмасын онан арман шегелей түсті. Лида батыра сөйлейтін жерінде, шылбырын босатпай, тежеп ұстап, бұйрық беруге де шебер кісі. Өз бұйрығын орындамаған адамға өте қатал, тіпті әуелі оған ақырып та жібереді. Ал кісіге қайрат беретін, рухани жағынан сүйеу бо­латын жерінде қарамағындағыларды қолдап отырады. Мақтайтын реті болса, онан да қашпайды. – Осымен бүгінгі мәжілісімізді бітірсек қайтеді? – деді Лида көпшілікке назар аударып. Алтай оған: – Менің де айтатыным бар... – деп келе жатыр еді. – Сенің істеген ісің бізге белгілі, сондықтан босқа уақыт кетірмесек қайтеді? – деді Лида. – Олай болса, жарайды, мен ұсынысымды қайтып алдым, – деді Алтай. Есіктен аласа бойлы, жасы алпысты қусырып тастаған, шашы аппақ қудай үй иесі кіріп келді. Күні бойы далада күзетте тұрған шал Лиданың жанына келіп: – Байқаңдар, қора арқылы шығып кетіңдер. Ол үй-үйдің арасымен барып көшеге шығады, – деп сақтандырды. – Тура осы есіктен шығып кетсе, немене, күнә бола ма? – деді бағанадан бері ешбір әңгімеге араласпай отырған Ольга Белова. – Неге болмасын, болады. Сақтық та керек болар. Осы маңайды бір белгісіз адамдар торлап жүр. Олардың не қып жүрген адамдар екенін кім білсін? – деді қарт. – Үлкен кісінің тілін алған жөн. Шынында да қора жақпен кетелік, – деді Лида. – Ақсақалдың айтқаны дұрыс, – деді Алтай, «ақсақал» деген сөзге жұрттың көңілін аудара сөйлеп.

Нинадан ертеңінде түс ауа хабар келді. Оның айтуынша, жаудың жазалаушы тобы ертең таң сәрісінен Ворга поселкасын басып, түс кезінде Ершичи қаласына барып жетпек. Кешке таман Артемовка, ТрасноИсаево деревнялары арқылы Сукромля деревнясына бармақ. Онан әрі қарай баратын жолы белгісіз. Еш жан білмейтін көрінеді. Бұл хабардың бірде-бірі шашау қалдырылмай, сол күні-ақ, партизан командирлеріне жеткізілді. Оның ертеңінде, дәл Нинаның хабарлаған мезгілінде, сол көрсетілген маршрутпен орманға қарай жаудың жазалаушы тобы жүріп кетті деген хабар бүтін қала тұрғындарына белгілі болды. Осы жаманат біліне салысымен Лида мен Алтай кездесіп, күні бойы естіп, білгендерін біpінe-біpі мәлімдеп, өзара дамыл алмай хабарласып тұрды. Лида сол күні-ақ, барлық барлаушыларды өте сақ болуға шақырды. Ол өз маңайындағы жұрттың үнін қас қақпай тыңдаумен, байқаумен бол­ ды. Жау қаланың өзінде де ойранды бастады. Kөpінгeн кіcіні ұстап алып, ату-асуды көбейтті. Қолына түскен адамдардан жөн сұрамай, жабық машинаға бүктеп апарып тығып жіберетін болды. Өз адамдарынан осы дүбірлі күндерде жүріп-тұруды азайтуды талап етті. Бұл ылаң басталғалы Алтайдың да жұмысы бастан асып жатты. Кейінгі күндері Алтайды гитлершіл бөлімдердің біpіне тілмаш етіп алған. Ол түн демей, күн демей жұмыс істейтін болды. Сұмдық енді басталды. Жазықсыз адамдардың қаны бұрынғысынан да көбірек төгіле бастады. Еврей­лерді тексерусіз, ұстап алған бойында неміс фашистері атып, дарға асып өлтіре берді. Өз отандастарына көрсеткен жаудың қиянатына Алтайдың зығыры қайнайды. Оған іштей кіжініп, кектенгеннен басқа, әзірге қолдан келер ешқандай шара жоқ. Ол ішінен: «Бәлем, тұра тұр, сенің де халыққа істеген жауыздығың үшін жауап беретін күнің туар, өз жазаларыңды сендер де алатын боларсыңдар» деп тісін баса түседі. Жазалаушы топ партизан отрядтарына қарсы ұрысты он күннен аса жүргізіп, көп шығынға ұшырап, арып-шаршап қайта оралды. Гитлершілер ормандағы партизан біткеннің бәрін жойдық деп көкіді. Олар күнделікті радио хабарларында ылғи жазалау жорығы мыңдаған бандиттерді қолға түсірді, басқарып жүрген командирлерін жойып жіберді деп лақап та­ ратты. Біpaқ, фашистердің бұл лақабына керісінше партизан отрядтары жауға қарсы шабуылын бұрынғысынан да еселей түсті. Теміржол рельсін бұзып кетіпті деген хабар жиі-жиі естілетін болды. Біp күні Предгорья стан­циясын және тоқтап тұрған бірнеше нeміc эшелондарын партизан­ дар жойып жіберіпті деген хабар дүңк ете қалды. Бұл хабар жауға қарсы күресуші күшті жігерлендіре, өзіне-өзінің сенімін күшейте түсті. Гитлердің жазалаушы тобының бөлімдері біp түнде үдере кө­шіп, көзден ғайып болды. Аз да болса, қала тұрғындарының арқасы кеңи бастады. Ал біpімeн-біpі араласатын күн туды. Көше-көшеде толып жү­ретін күзетшілердің жүрісі де толастады. Осындай қараңғы түндердің бірінде Володя қызметі бітіcімeн өз үйіне бармай, тура Лиданың үйіне келді. Үйдің сыртқы қақпасы жабық

екен. Ол жүгіріп, үйді айналып, төргі бөлменің терезесінің алдына келіп, қыздарды қорқытып алмайын деп, ақырын ғана қақты. Ар жағынан біp неміс терезенің пердесін көтepіп, «неге қағасың» дегендей ала көзімен біp қарап қойды. Өзінің сұры жаман-ақ. Көзі бақырайып, сасқан кі­сі­ нің түріне ұқсады. Володя да кенеттен кездескен неміс офицерінен са­ сып қалды. Біpақ оған қашып кетуге болмайды. Онда тіпті қayіпті. Heміc «мені өлтіpyгe келіп жүрген біpey екен» деп, ар жағынан атып жібepyдeн де ­тайынбайды. «Мен қараңғыда танымаған болармын, бұл Зинаға келіп жүрген Фоль­ бер шығар», деген ой келді оған. Аялдап тұруға уақыт жоқ, Володя үйді айналып қайта есікке келді. Бірде-біp жанның қыбыры естілмеді. Ecік ашылмады. Ол ішінен: «Лида үйіне әлі қайтпаған ғой, ал үйдегі Зинаның жігіті болып шықты. Зина терезеден мені танып, ecікті ашпай-ақ қояйын деген шығар» деп қорытты да, келген ізімен кейін кетіп бара жатыр еді, алдынан Лида шыға келді. – Мен саған келіп едім, жұмыстан жаңа келе жатыр екенсің ғой, – деді Володя. – Сен ғафу ет, мен сәл кешігіп қалдым. Жұмыстың жайын білесің ғой. Біздің үйде Фольбер мырза бар шығар. Он­да бармай-ақ қояйық. Өзі біp ашушаң, есерсоқтау адам, біpeyімізді жазым қылуы да мүмкін. Көшеде қыдырып жүре тұрайық, – деді Лида жігіттің бетіне ып-ыстық бeтін ба­ сып. – Көшеде несіне жүреміз, жүр менің үйіме барайық. Бүгін ешкім де жоқ, – деді Володя қыздың шашынан сипап. – Барсақ барайық. Көптен оңаша кездеспеген екі жас біpін-біpі сағынып қалған екен. Қолтықтасып көше бойлап, ақырын келе жатты. Түн мүлгіп қапты. Осы екеуінің тыныштығын бұзбайық дегендей, ешбір көлденең ды­ быс естілмейді. Екеуі бұйығып біpінің қолтығына біpі кіpe түседі. Қала паркінің ішіндегі гүл шоқтары сөніп, бұрын жайқалып тұратын көк орай шалғын аяқ астына басылып, жапырылып солып қалған. Олар көшені бойлап келді де, үлкен көк қақпаның алды­на келіп тоқтады. – Мына орындықты анау жылдары өз қолыммен орнатып едім, тегі екеуміздің келіп отыратынымызды сол кездің өзінде білген екем, – деп Володя Лидаға қарап күлді. Лида орындыққа отырды. Толған ай төбеге келді. Ай астында сұлу сәулеге оранып Лида мен Во­ лодя ұзақ отырды. Лида кінәсіз көңілмен Володяның қолтығына жабы­ сып, наздана еркелейді. Жігіт те Лиданың жұп-жұмыр тамағынан иіскеп, тіпті жіберетін түpі жоқ. Түн ортасы болып қалған мезгіл. – Үйге кіpeйік... енді далада отыра беруге болмайды, – деді біp кезде есін жиған Володя. – Meні үйіме апарып салсаң қайтеді?

– Апарып салуға ерінбес едім. Қaзіp тым кеш қой. Біреу ұстап әкетсе, жұртқа не бетімізбен көрінеміз. Одан да біздің үйге жата кетейік. Оның үстіне, ceнің үйіңнен Фольбер мырзаның кеткен-кетпегенін кім біледі. Eкeyі ойнап-күліп үйге кірді. Володяның кухнясы бөлек eкі бөлмелі үйі бар. Әке-шешсі, қарындасы соғыс басталысымен Омбы қаласындағы үлкен қызына кеткен. Володя жалғыз өзі тұрады. Бөлмелерінің ішкі са­ райы кең. Төбесі көтеріңкі. Ауыз үйге кіpіп барғанда оң жақта тамақ ішетін үлкен стол, оны айнала орындықтар қойылған. Терезенің бәpі жаңа шағи пердемен жабылған, Tөpгі үйде біp ғана ағаш төсек бар, оң жақ қабырғаға жапсыра ілінген үлкен айна, оның маңайына мол ілінген алуан түрлі су­ реттер. Үй іші өте таза, еденін жақсылап жуыпты. – Үйіңді өзің тазалайсың ба? – деп сұрады Лида, біpaқ соған өзі қысылып қалды. – Әрине, өзім жуамын, менің үйімді басқа кім тазалап бepeді? – Со­ сын Лидаға күле қарап: – Мына төpгі үйдегі төсекке сен жат, мен жерге жатайын, – деді. – Жоқ, өзің жат, мен жерге-ақ жата саламын, – деді Лида. – Екеуміз саудаласпайық. Олай болса кезек жатармыз. – Қалай кезек жатамыз? – Таң атқанша сен, атқан соң мен жатамын, – деп күлді Володя. Біpaқ eкeyінe біp төсек молынан жетті. Терезенің көзінен түсіп тұрған ай жарығы Лиданың жалаңаш денесіне түcіп үйдің ішін нұрландырып, жап-жарық қып жібергендей болды. Сол түні eкі жас таң атқанша көз ілген жоқ. Алайда төсектен eкeyі де көңілді тұрды. Біpінің бетіне біpі қарап күле береді. Біpгe өткізген осы түн оларға өмірінде ұмытылмайтындай із қалдырып еді. Володя күндегі әдетіндей пешке от жағып, шай қайнатты. Лида стақанға құйылған шайды ұрттап дәмін татып көрді де: – Шай қайнатуға шебер екенсің, – деп Володяға күлімдеген сүйкімді көзімен қарады. – Шай қайнатуды үйрендік қой, – деді Володя. – Жалғыз адам зepігeтін болар? – Жұмыстан кеш келемін, ерте кетемін, зepігyгe уақыт та қалмайды. – Әрине, солай ғой. Нанды да өзің піcіpecің бе? – Жоқ, өзіме нан піcіpy қайда. Қалада ұн да жоқ, мына қаланың түбіндегі деревняда менің немере апам бар. Сол бейшара өз аузынан жы­ рып, маған нан әкеліп тұрады. – Ондай жан ашыр адамның жақын жерде тұрғаны қандай жақсы, – деп Лида орнынан тұрып киіне бастады. – Әлі ерте емес пе, неге асығасың? – Генералдың тамақтанатын уақыты болып қалды, – деп Лида Володяның бетінен сүйіп, қоштасып шығып кетті. Бүгін Володя Лиданы сыртқы есікке дейін ғана шығарып салды. Өйткені көше бойы танитын адамдар, біpeyі болмаса, біpeyі мына eкeyі не қып жүр деп айтпай ма?

Лида жұмысына мезгілінде келіп үлгерді. Генералдың таңертеңгі асын дайындап тосып отырғанда: – Лида, тамағың бар ма? – деген күндегі үйреншікті дауыс естілді. – Саламатсыз ба? – деп иіліп амандасты да, Рихтердің алдына дәмдідәмді тағамдарды әкеліп қойды. Тамаққа тойып алған генерал ыңыранып орнынан тұрып, кухняда жүрген Лидаға: – Мен бүгін түскі асқа келе алмаймын, түскі тамақты жұмыс басына алып келіңіз, – деді. – Жарайды, мырза, машина табылса... – Машинаға айтып кетемін, – деп генерал ecік алдындағы шегеде ілулі тұрған шинелін киіп, далаға шығып кетті. Түс мезгілі. Рихтердің тамақтанатын кезі де болып қалды. Лида бүгін генералды көңілдендіру үшін тағамды бар өнерін салып дайындады. Тұздалған саңырауқұлақ та табылды, жас капуста тауып орыстың бор­ щын да дайындады, жас сиырдың етінен бифштекс пісірді. Онан басқа да тағамдардың түрлі-түрлісін тауып әзірлеген. Қасындағы офицерлерге де жететін eтіп, мол дайындаған. Генералдың қарамағындағы кісілерге бөспелігі де бар. Ол мінезін Лида біліп алған. Орамалға орап, суытпай әкелді тағамды. Генералдың алдындағы столдың үстіне қойып, бетін ашып жібергенде, астың буы бұрқ ете қалды. Ол қасында отырған офицерлерге қарап, көрдің бе дегендей, иегін көтеріп қойды. Бұл оның ризалық белгісі болатын. – Сіздің қасыңызда кіcі бар шығар деп асты көбірек дайындаған едім, – деді Лида генералға. – Е, мінe, сіздерге айттым ғой, бұл кіcі біздің жайды біледі деп. Айт­ қанымдай болған жоқ па? – Иә, айтқаныңыздай болды. Өзі де әдемі, келіскен адам екен, – деді Лидаға қарап біp офицер. – Тамағыңызды ішіңіз, мeні қайтесіз, – деді Лида таза нeміc тілінде. – О-о, өзі немісше де сөйлей біледі... – Сіздерге қызмет іcтeп жүргеннен кeйін тіл білу керек. – Оныңыз дұрыс, тауып айттыңыз. Лида бұларды тамақтандырып, ыдыс-аяғын ормалына түйіп алып, командование пунктының алдында өзін тосып тұрған машинаға мініп, кейін қайтып келеді. Ол босқа келе жатқан жоқ, анада өзі келіп кеткеннен кейін қандай өзгеріс болды екен деп, аэродромдағының бәріне зер сала қарап келеді. Самолет саны көбейген сияқты. Қаз-қатар тізіліп тұр. Танымайтын адамдар да пайда болыпты. Зенит, зеңбіректерін аэродромды айнала орнатқан. Бұрынғыдан өзгешелігі – тек жерге кіргізе, батыра орнатыпты. Сорайған стволы ғана көрінеді. Оның бәрін іштей санап шықты Лида.

XVІ Майдан шебінің түбіндегі совет әскери бөлімінің аэрод­ромы. Жау тылына ұшуға дайындалып жатқан барлаушылардың ең соңғы дайын­ дықтары тексеріліп жатыр. Н. әскер бөлімінің барлаушыларын басқаратын полковник өз бөлмесінде мазасызданып ерсілі-қарсылы жүрді. Бөлменің дәл төрінде көлденең қойылған жалаңаш стол тұр. Үйдің қабырғасына сүйеп қоя салған бір-екі орындық бар. Кабинетте басқа ешқандай жиһаз жоқ. Бір нәрсені көп ойлап, толғанып жүрген полковник бір заматта төр алдындағы столының басына барып отырды. Біреу есікті ашып: – Жолдас полковник, сізге кіруге бола ма? – деп, бірақ оның жауабын тоспай, баса-көктеп кіріп келді. – Александра Васильевна екенсің ғой. Мен басқа біреу ме деп, ұлықсатсыз кіргені үшін ұрысқалы тұр едім. Қош келдіңіз. Бірге ұшатын адамдарыңыз даяр болды ма? – Бәрі де ұшуға даяр. Жаңа ғана олардың даярлығын өзім тексеріп шықтым. Радиоқабылдағыштың батареясы аздық етпей ме? Радистке айтсам, «осы болады, бітіп қалса, самолетпен тағы әкеліп тас­тайды» деп, бет бақтырмайды. Меніңше, тағы бір-екі комплектісін алған жөн болар деймін. Өткен жолы, есіңізде бар ма, кейін жібереміз деп, аз беріп, самолет уақытында келмей, сіздермен біздің байланысымыздың үзіліп қал­ғаны, – деді Шура, өзінің мұндай жорыққа бұрын да талай шығып жүр­генін еске салып. – Иә, иә есімде. Сенің айтқаның дұрыс, қазір, – деп пол­ковник алдында тұрған телефонның құлағын қолына алып, барлаушыларға тағы екі комплект батарея беру жөнінде әмір берді. – Сізге рақмет, – деді Александра Васильевна. – Басқа тағы қандай өтінішіңіз бар? – деді полковник. – Басқа не өтініш болсын. Енді тек самолеттің ұшуын тосамыз. Александра Васильевна Гарбузова соғыстың алдында Мо­сква қаласындағы бір заводта қатардағы жұмыскер болатын. Алдағы өмірге зор үмітпен қарайтын қыз. Өзінің жастарға тән ептеген албырттығы да бар. Жасы жиырмаға жаңа ғана жеткен. Бала шағында батырлық жөніндегі кітаптарды көп оқыған көрінеді. Өзі асып кеткен сұлу болмағанымен, өте сүйкімді, өңді адам. Қой көзді, қыр мұрынды, қиғаш қасты, қоңырқай жүзді, желкесінен қырқып тастаған күрең шашын артына қарай қайыра тараған. Александра Васильевна жау Москва түбіне келіп, кіжініп тұрған кезде өз еркімен әскерге аттанған болатын. Ойлы-шұңқырлы, бұралаңы көп өмір жолы енді оны осы барлаушылар қатарына қосты. Полковниктің ең соңғы айтқан ақылын тыңдап, қоштасты да, ол өзімен бірге жау тылына ұшатын жолдастарына қайтып келе жатты. Александра Васильевнаның үстінде әскери гимнастерка, басында пилотка. Шинелін шиырып байлап, мойнына киіп алған. Белінде жалпақ белбеу. Белбеуге

жеңіл тапанша қыстырылған. Ол үй-үйдің арасымен жүріп, жолды қысқартып, өзінің жолдастары орналасқан қызыл шатырлы үйге келіп жетті. Үй иесі семізше келген әйел: – Қарныңыз ашқан болар, отырып тамақ ішіңіз, – деді. – Рақмет, шынында қарным ашып келіп еді, – деп Шу­ра қуанып қалды. Александра Васильевна тамағын ішіп стол басынан көтеріле бергенде, үйге кірген жас солдат: – Сіздер жүретін самолет ұшуға әзір. Тезірек келсін деп жатыр, жүріңіздер. Жаздың таңы тез атып кетеді, – деді асықтырып. Ұшуға хабар күтіп отырған Александра Васильевнаның тобы үдере көтеріліп, әлгі келген солдатқа еріп жүріп кетті. Арқаларына таңылған жүктері, беліне байланған парашюттерімен оралып зорға жүріп келеді. Ауыр жүк денелерін тө­мен тартып тұр. Самолеттің жанына келіп, есігін ашқан капитан: – Самолетке отырыңыздар, – деп әр біреуінің қолын алып қоштасып, басқышқа шығуға көмектесіп жатыр. Ең соңында қалған Александра Васильевна капитанның қолын алып: – Аман-сау кездесетін болайық, бізді ұмытып кетіп жүрмеңдер, қиыншылық, қауіпті заман болса, қолдарыңның ұшын беріңдер, – деп самолетке отырды. Көп ұзамай самолет аспанға көтеріліп алды да, тура батысқа қарай тартты. Парашютистер тізерлесе тығыз отыр. Үшеуі де іштей шиыршық атады. Ойларына әр нәрсе келіп, жүрек дүбірі еселей түседі. Тіпті тықыршып отырғаны соншалық, денелері тітіркеніп те кетеді. Александра соны сезіп алдында қарсы отырған Алексейге: – Сен тоңып отырғаннан амансың ба? – деді. – Оны неге сұрадың? – Сенің тізең дірілдегендей көрінді маған. – Тоңған жоқпын. Көңілде аз да болса қобалжу бар, соның дірілі болар, – деді алда отырған радист жігіт. – Қорықпау керек. Бұл – үшеуіміздің бірінші ұшуымыз емес қой, – деп Шура қасындағы жолдастарына қайрат беріп қояды. «Межелі жерге жақындап қалдық. Дайын болыңдар!» деген белгі берді ұшқыш. Орманды жерді бірнеше айналып, жан-жағын бағдарлап алды да, самолеттің люгін ашты: – Жолдарың болсын, ал секіріңдер! Үшеуі де жерге қарай құлдилап келеді. Шура төменге көз жіберіп көріп еді, қап-қара болып түнеріп тұр. Дәл орманның үстіне тастаған екен, деп ойлады. Бірақ аяғы әлі жерге тиген жоқ. Қалқып бірте-бірте төмендеп келе жатқанын ға­на сезеді. Шура тура орман алаңынан түсіпті. Аяғы жерге тиген ол жалма-жан парашютін жинап, тез тоғай ішіне апарды да, қарағай бұтағын сындырып, тығып тастады. Өздерінің үлкен жерден шығарда келісілген белгісі бойынша, Шура орман ішінде тоқылдауық болып дыбыс берді.

Бұлар бірін-бірі іздеп жүргенде таң да сызат беріп, қылаңдап келе жатты. Біреудің орман ішінде жүрген тысыры естілді. Шура көзін алмай, маңайын бақылап отыр. Арқасында жүгі бар біреу дәл алдындағы дәу қарағайдың түбіне келіп отырғандай болды. Шура тоқылдатуын қайта бастады. Әлгі кісі орнынан тұрып, тура Шураға қарай жүрді. Ол радист Петька екен. Қалың орманның ішінен Алексейді күні бойы екеулеп іздеді. Ол ұштыкүйлі жоқ, не сыбыс бермейді, орман ішінде ізі де байқалмайды. Кеш батып, қас қарайып барады. «Әлде ол ми батпаққа түсіп, сорып әкетті ме екен?» – деп ойлайды Шура. Бұлар әбден шаршап, қалың қарағайдың ішіне келіп, түнемек болды. Түнде от жағуға болмайды. Оттың жалыны алыстан көрінеді. Арқасындағы жүктерін шешіп, қарағай түбіне сүйеп қойды да Шура: – Біздің үлкен жермен байланысқа шығатын уақытымыз болып қалды. Қабыңды шешіп, радиоқабылдағышты тезірек ал, – деді. Петька қабын шешіп, кішкене төбенің бауырындағы алақандай алаңның жиегіне радиоқабылдағыштың антеннасын құра бастады. Үлкен жермен байланысқа шығуға жиырма минуттай уақыт қалды. Қабылдағышты әбден дайындап, байланысқа шығатын толқынға дәлдеп қойды. – Әлі уақытымыз бар, тамақтанып алайық, – деді Шура. Петька қасында жатқан қаптың ішінен әртүрлі тағамды алып, жылтыр қағаздың үстіне жайып, турады да, Александ­ра Васильевнаны ас ішуге шақырды. Екеуі астарын ішіп отырғанда оң жақтарынан бір нәрсенің сыб­ дыры естілгендей болды. Жата қалып сыбдырға құлақ салды. Біреу келе жатқанға ұқсайды, бірақ ештеңе көрінбейді. Әлгі сыбдыр бір жоғалып, бір пайда болады. – Үлкен жермен байланысатын мезгіл болды, – деп Петька радиоқабылдағышты батареяға қосып байланысты бастады. Олар да көрсетілген толқыннан Петьканы іздеп, «Орман, орман...» деп отыр екен. Петька аспан кеңістігінен оларды лезде тауып алды. Ол үлкен жерге көрсетілген межеге аман-есен түскендіктері жөнінде хабарлады. Шура екеуі бірін-бірі тез тауып алғандығын, ал Алексей әлі табылмай хабарсыз кеткенін мәлімдеді. «Жолдастардың баршасына көптен-көп сәлем» деп ең соңғы шифровкасын бітірді. Петька антеннасын жинап алып жатып Шураға: «Саған үлкен жердегі достардан көптен-көп сәлем» деді. Бағанағы сыбдыр әлі бар. Жақын да келмейді, алыс та кетпейді. Біресе оң жақтан, біресе сол жақтан естіледі. «Бұл кім деуге бо­лады, әлде осы маңға түскенімізді байқап қалып, бізді іздеп жүрген жаудың жансыздарының біреуі ме? Әлде бізді таба алмай, жан ұшырып жүрген Алексей ме?» – деп бастары қатты. – Мен осы жерде отыра тұрайын, сен еңбектеп ана сыб­дыр шыққан жаққа барып, байқап келші, – деді Шура Петькаға.

– Кішкене сабыр етіңіз, ай жаңа туып келеді, сәл жоғары көтерілсін. Қазір ештеңе көрінбейді. Қарағай түбінде жантайып үн-түнсіз ұзақ жатты. Сыбдыр әлі басыл­ ған жоқ, бір алыстап кетеді, бір жақындап келеді. Ай төбеге келді. Сүттей жарық. Жерде жатқан ине көрінгендей. Петька аяңдап, сақ басып сыбдыр шыққан жаққа кетті. Тегі бір сағат мөлшеріндей жүрген болу керек. Бір мезгілде қасында біреу бар, тік басып, тұп-тура Шура жатқан жерге қа­рай келе жатыр. Мұның қасындағысы кім? – Александра Васильевна, қорықпа, өзіміздің адамдарды таптым, – дейді Петька. Күні бойғы жұмбақ сыбдыр шынында да осы ормандағы партизан барлаушыларының күзетшісінің ерсілі-қарсылы жүрген сыбдыры болып шықты. Алексей түске таман өзіміздің партизандардың барлаушы­ларына жолығып, соларда күні бойы дем алып жатыпты. Шура мен Петь­каны барлаушылар кеш бата іздеп шыққан көрінеді. Петьканың жанындағы сол барлаушылардың біреуі екен. – Сендердің барлаушы екендеріңді біз қайдан білеміз? Парольдеріңді айт, – деді Шура келген жігітке. – Мен қазір парольді айта алмаймын. Біздің бастығымыз бар, сол кісіні шақырып әкелейін, – деді әлгі жігіт. – Петька, саған не болған, алдымен парольді неге сұрамадың? Үлкен жерде, сені осылай үйретіп пе еді? Мұндай адамды «ашық ауыз» дейді, – деп Шура Петьканың жер-жебіріне жетті. – Сен ғафу ет, қазір мына баламен барып, бұлардың бастықтарын ертіп келейін. – Алексей неге келмеді? Оны да ала кел. Көп ұзамай Алексей келді. Оның қасында барлаушылар­дың бас­тығы деген жігіт бар. Артында аяғын ілбіп басып, Петька келе жатыр. – Амансыз ба? Сіз анау-мынауға сене қоймайтын сақ адам екенсіз, пароль «Майдан», – деді барлаушылардың бастығы. «Катюша» деп жауап берді Шура. – Енді сендіңіз бе? – Әрине, сендім, – деді Шура. – Олай болса біз жатқан жерге жүріңіздер, – деді барлаушылар. Шура Алексейді жеке шығарып алып: – Сен немене, енеңе қонаққа келіп пе едің? Күні бойы қозғал­ май жатып алып... сенің ойыңша біз шаршамады ғой дейсің бе, біз де шаршадық. Соған қарамастан, екеуміз күні бойы сені іздедік. Әлі күнге дейін көз ілгеніміз жоқ, – деп жерден алып, жерге салды. Алексейде үн жоқ, тек қана «ғафу етіңіз, білместік болды» дей береді. Ол «бұдан былай мұндай шалалық болмайды» деп уәде берді. Үш парашютист партизан-барлаушылардың жатқан жеріне барды. Олар бір үлкен бәйтеректің түбіне тоқтаған екен. Барлаушы­лардың бастығы Вася, сөзіне қарағанда, өжет жігітке ұқсайды. Осы маңдағы оқиға­ лардың бәрін біліп, қолымен қойғандай айтып отыр. Қай деревняларда жау тыңшылары бар екенін біліп, сайрап тұр.

– Сіздер Рославль қаласы жаққа барасыздар ма, болмаса, Шумячьеге барасыздар ма? – деді ол. – Біз әзірге осы орманда боламыз, маңайдағы жағдайды жақсы түсі­ нуге тиістіміз. Қайда баратынымызды содан кейін барып шешеміз, – деп Шура сұраққа екі ұшты жауап берді. – Онда тіпті жақсы. Бұл жерде, әзірге, ешқандай қауып жоқ. Партизан барлаушылары бұларға осы маңайдағы деревнялар­дағы барлық жағдайды толық түсіндірді. Қай жерде қауіпті, қай жерде қауіпсіз екенін дәлелмен айтты. – Сіздер қай отрядтың барлаушыларысыздар? – деді Шура. – Біз Сергей Лазо атындағы партизан бригадасының барлаушыларымыз. Бұл маңайда бізден басқа да бірнеше бригада бар. – Олар қандай бригадалар? – Бірінші, екінші, үшінші Клетня партизан бригадалары. Олар бірінебірі жақын орналасқан. – Қысқасын айтқанда, бұл жер партизан ауданы десеңізші – деді Шура. – Майданда қандай жаңалықтар бар? – деді Василий. – Майданда әзірге ешқандай өзгеріс жоқ. Біздің әскер оңтүстік жақта жау бөлімдерінің еселей түскен шабуылдарына тойтарыс беріп жатыр. Үлкен жерден келген адамнан әр нәрсені қызыға сұрау – парти­ зандардың әдеті. Түнгі әңгіме ұзаққа созылды. Бұлар тіпті кеш жатты. Соған қарамастан олар таң бозарып келе жатқанда тұрды. Ерте жолға шығу керек. Жол әрі алыс, әрі қиын, әрі қауіпті. Шура Алексей мен Петькаға: – Ертерек тамақтанып алып жүріп кетелік, – деді. – Үшеуі күн шықпай жүріп кетті. Бұлар барлаушыларға баратын жерін, жүретін маршрутын анықтап айтпады. Бағыты Рославль қаласы. Бүгін жақындап барып, тоғай жағалауының бір қолайлы жеріне тоқтайтын ойлары бар. Бұлар жолсыз орман ішімен жүріп отырып, Ворга поселкасының солтүстік жағындағы қалың өскен қайыңның арасына барып тоқтады. Түс мезгілі. Тоғай мүлгіп қалыпты. Ворга поселкасы жақта иттің шәуілдеп үргені ғана естіледі. Дегенмен бұл тыныштық ұзаққа созылмады. Алыстан атылған пулемет пен тәртіпсіз атылып жатқан автомат дауысы естілді. Атыс бірде жақындайды, бірде алыстап кетеді. Мглинге баратын күре жолдан өткен машина гүрілі де еміс-еміс құлаққа келеді. – Байқадыңдар ғой, өткен түні біздің самолеттен түскенімізді не біреу көрген, не жау тыңшылары сезіп хабарлаған. Меніңше, бұлар бізді іздеуге шыққандар. Біз қалай да маршрутымызды өзгертіп кешегі түскен жерден жырақ кетуіміз керек, қалаға барудың өзін кейінге қалдырған жөн болар, – деді Александра Васильевна бір жағы ақылдасқан болып, екінші жағынан бұйыра сөйлеп. Александра Васильевна планшеткасынан осы өңірдің картасын алып, әр жеріне көз жіберіп, отырды да, қарындашпен жүретін жолдарын сызды. Батпақ жерлерді қызыл қарын­дашпен дөңгелетіп сызып қойды. Мұ­

нысы, бұл қорғаннан әрі жүруге болмайды, батып кетесің дегені. Картаға бұраңдаған ұзын сызық жүргізді. – Біздің жүретін жолымыз осы сызық болу керек. Ор­ман ішімен, бірдебір деревняға соқпастан жүріп отырамыз да, Мухин орманына барамыз. Онда фашистердің аяғы басылғанша бола тұрамыз. Ол жерде де барлау жұмысын жүргіземіз, – деді Шура қасындағы жолдастарына. – Бұл ойымызды үлкен жерге хабарласақ қайтеді? – деді Петька. – Әрине, үлкен жерге кешкі сеансы кезінде міндетті түрде хабар­ лаймыз, оған дейін осы маңдағы жағдайды толығырақ анықтай түсеміз. Мүмкін менің айтып отырғаным ағат болар, немістер өз бетімен жүргендей болса, онда қалаға баратын ең алғашқы жоспарымыз өзгермейді. Алеша, сен қазір барып, Мглин жолын барлап кел. Машиналардың қалай кетіп жатқанын зер сала анықта. Көзге түсіп қалма. Біз осы жерде тосамыз сені. Жолың, болсын, жөнел! – деді Шура Алешаға. – Олай болса, мен кеттім, меже мына үлкен бәйтерек, – деп Алеша жүгіре басып кете беріп еді, Шура: – Арқаңдағы қабыңды салпылдатпай тастап кет, бұл жерде біз бармыз ғой, – деді. – Александра Васильевна, сіз қызықсыз, қапты тастауға болмайды. Кім білсін, не сендерді, не мені жау байқап қалып, шабуыл жасаса, екі бөлініп қалғандай болсақ, тамақсыз қаламыз. Ауыр болса, бола берсін. Қапты тастап кете алмаймын, – деп Алеша кесіп айтты. – Сенікі жөн екен, жақсы бара бер, – деді Шура өз қатесін тез мойындап. Шаңқай түс. Күн көзіне бұлт іліне бастады. Түс ауа бұлт қоюланып, себелеп жаңбыр жауды. Шура мен Петька үлкен теректің түбінде отыра берді. Алексей әлі жоқ. Суға батып кеткендей хабар-ошарсыз. – Алеша қайда кетті, әлде қолды болды ма? – деп Петь­ка қауіп ойлай бастады. – Қой, сен де заманақырды жақындатып қояды екенсің. Әлі де жол бойын бақылап жүрген болар, қайда кетер дейсің, келіп қалар, – деп Александра Васильевна сабыр сақтауға тырысты. Алексей таңертең жолдастарынан бөлініп шығысымен қалың тоғайдың ішіндегі жалғыз аяқ жолмен жүріп кеткен. Үйеңкілер бүтін баурайды алып ұйысып жатыр. Жолдаста­рынан жырақ шыққан соң алдынан үйілген бөренелер кез болды. Бөренелердің жуандығы жарты құлаш, бірақ өзін келістіріп қиюлаған, тап қолдың саласындай. Осы бөренелердің қалқасына бұғып, жолды шолып жатуға қолайлы екен. Алеша үйілген бөрененің қалқасында күні бойы жолды бақты да жатты. Тізіліп бірінің соңынан бірі кетіп бара жатқан машиналар. Ішін-ара мотоциклге мінгендер де бар. Олар құйқылжытып біресе колон­наның алдына шығады, біресе соңында қалып қояды. Беті – Ворга поселкасы. Бір кезде үлкен бір машинаға тиелген автоматшы солдаттар ма­шинадан қарғып түсіп, Алексей жатқан бөренені көздеп, автоматтарын безектете бастады. Зуылдаған оқ Алексейді айнала түсіп жатыр.

Ол өзіне-өзі «Мына жауыздар, менің бұл жерде жатқанымды сезіп қалды ма, болмаса, өздері үрейленіп, босқа атып жүр ме» деп ойлады да, еңбектеп қалың үйеңкіге қарай шегінді. Жау атуды үдете түсті. Автоматшылар бір секіріп, бөренені қоршап алды. Ағашты мылтықтың дүмімен ұрғылап ұрды да, машиналарына мініп ілгері қарай жүріп кетті. Үйірілген үйеңкінің тасасында тұрып, Алексей осының бәрін шашау шығармай бақылаумен болды. Автоматшылар мінген машина ең соңғысы екен. Ол оқтай түзу жолға жақындап келіп, дүрбісін алып қарап шықты. Жаңағы автоматтан атқылап жүргендер ілгері қарай алыстап кетіпті, олардың соңынан келе жатқан ешкім көрінбеді. Алексей Ворга поселкасының сыртынан барып бақыламақ болды да, орман ішімен оңтүстікке қарай бет алды. Поселканың сыртындағы қалың қайыңның арасына келіп, жалғыз өскен үлкен кәрі бәйтерекке шығып, поселканың көшелеріндегі қимыл біткеннің бәрін бақылап отыра берді. Поселканың ең шетіндегі орманға жақын тұрған ағаш үйден бір адам далаға шықты да, лып етіп тоғайға кіріп кетті. «Бұл не қылған адам екен?» деп, Алексей бәйтеректен түсіп, тура әлгі жалғыз кісінің кеткен жағына қарай екі өкпесін қолына алып тұра жүгірді. Сол адамның өкпе тұсына келдім-ау деген кезде бұқпантайлап келіп, қарағайдың түбіне тығылды. Көп ұзамай біреудің жүргені білінді. Алексей сол жағына жалт қараса, бір жас әйел екі иығынан дем алып, қасына келіп қалыпты. Ол қарағай түбінде жабысып тұрған мұны байқамады. Қасынан өте бергенде: – Неге осынша ентіктіңіз, не болды сізге? – деді Алексей. Алексейдің даусын естісімен, әйел жалп етіп құлап түсті. Өліп қалған адамдай серейіп жатыр. Алексей еңбектеп әйелдің қасына келсе, жап-жас қыз екен. Күтпеген дыбыстан қорқып кеткен секілді. Бір ауыз сөзге тілі әзер келіп: – Сіз кімсіз? – деді. – Мен партизанмын. – Қыз онан әрі сөзге келмей жылай берді. Алексей беліндегі құтысын шешіп алып, қақпағына су құйып, қыздың ерніне апарды. Ол аз ғана су жұтып, таңдай жібіткен соң есін жия бастады. Ақшам үйіріліп қалған. Поселка жақтан анда-санда безектеп жатқан автомат дауысы естіледі. Қыз поселкаға келген фашистерден қорқып орманға қашып шы­ ғыпты. Жау тырнағынан енді құтылдым ба деп, асып-сасып ентігін баса алмай келе жатқанда, тосыннан шыққан дауыс байғұстың жүрегін ұшыра жаздаса керек. Қас қарайып түн болып кетті. Қыз есін жинап орны­нан тұрды. – Поселкаға келген фашистер көп пе? – деп сұрады Алексей тіл қатысуға жараған қызға. – Менің көргенім – жүк таситын он бір машинаға мініп келді, қал­ ғандары – мотоциклге мінгендер. – Қайда бара жатқанын білдің бе? – Қасында бірнеше полицайлар бар екен, солардың айтуынша өткен түнде осы маңайға бір парашютистер түсіпті. Соларды іздеп жүрсе керек.

Ертең таңертең осы маңайдың ормандарын сүзіп қараймыз, одан таба алмасақ, осы жердің деревняларын тінтеміз дейді. – Өзің неге орманға қаштың? – Фашистер қыздарды жинап, Германияға жіберіп жа­тыр. Мына біздің поселкаға келген немістер де қыздарды мектеп үйіне жина деп әмір беріпті. Соны естідім де, орманға, партизандарға барайын деп қа­шып шықтым, – деді қыз. – Туған-туысқандарың қайда? – Әкем партизанда, шешем осы поселкада тұрады. Бас­қа ешкімім жоқ. – Әкеңе барайын деп шыққан екенсің ғой. Ол кісі қай отрядта еді? – деді Алексей қыздың бет алысын тағы да анықтай түскісі кеп. – Лазо бригадасында. – Түн болып кетті. Менімен бірге жүресің бе әлде өз бетіңмен жүре бересің бе? – Сіз қасыңызға ертсеңіз, сізбен-ақ жүре берейін. Ертпесеңіз өз бетіммен де жүре аламын. Мен бұл маңайдағы ор­ман жолын жақсы білемін. Адаспаймын. – Жолды жақсы білсең, жүр менімен бірге, – деді Алексей. Қыз бен жігіт орман ішіндегі жалғыз аяқ жолмен жүрмей, жолсыз тың жермен кетті. Әлі жүріп келеді, әлі жүріп келеді. Шура мен Петька қалған жер жеткізетін емес. Ор­ман ішіндегі бір түп бәйтерек алыстап кет­кенге ұқсайды. Алексей өзінің таңертеңгі шыққан жерін сұрайын десе, қыздан ұялады. Екеуі жүре-жүре шаршады. – Біз қайда бара жатырмыз? – деп сұрады қыз Алексейден. – Ворга поселкасының солтүстік жағында бір бәйтерек бар екен, сонда менің жолдастарым қалған, еді, сонда баруымыз керек. – Оны бағанадан неге айтпайсыз, мен баяғыда тауып беретін едім ғой. Біз қазір Ворганың оңтүстігіне қарай кетіп барамыз. Біздің баратын жеріміз артыңызда қалды. Кейін жүрейік, – деді қыз. Қыздың қалың орман ішіндегі жершілдігіне адам таң қалады. Нелер ну қарағайдың арасынан шыға келіп, «алдымызда жол бар, байқаңыз» деп ескертпе жасайды. Әншейін айтып келе жатқан болар десең, шынында да алдың бұраңдаған жол болып шығады. Өзі жұпыны ғана киінген. Үкінің балапанындай жап-жас, өңді қыз. Күмістей сыңғырлаған дауысы құлаққа жылы тиеді. Жол білгенге не жетсін, бір түп бәйтерекке лезде бастап әкелді. Алексейге қарай-қарай көздері талған Шура мен Петька әбден шаршап, сілесі қатып отырған. Қақ алдарынан біреудің жүрген сыбдыры естілді. Екеуі етпетінен жата қап, баспалап қарады. – Біреу емес, екі адам келе жатыр, көрдің бе? – деді Петька Шураның құлағына сыбырлап. – Қайдан көріп жатырсың? – Алдыңғы жағыңа тура қарасаң көрінеді. – Жаңа көрдім, бізге қарай өздері келе жатыр. Автоматыңды даярла, кім білсін, қандай адамдар екенін.

– Мен Алексеймін, қорықпаңдар, – деген дауыс естілді. – Үрейімізді алдың ғой. Қасыңдағың кім? – деді Шура. – Қаладағы немістерден қашып, партизандарға кетіп ба­ра жатқан бір қарындас қой. Бұл болмаса, мен бүгін сендерді таба алмайтын едім. Өзі осы орманды біледі-ақ екен. Сендердің қалған жерлеріңді айтып едім, төбелеріңнен дөп түсірді. – Ал өзің осы уақытқа дейін не істеп жүрдің, хабарсыз кеткенің қалай? – деп Шура реніш білдірді. Алексей бүгін күні бойғы көрген-білгендерінің бәрін мұрнынан тізіп, түгел баяндады. Бұл жерден тезірек кету керектігін баса айтты. – Айтарыңды айтып болдың ғой? – Бәрі осы, – деді Алеша. – Жүресінен отырған қызға қарап Шура: – Сенін атың кім, шырағым? – деді. – Галина. – Фамилияң қалай? – Михайловна. – Өзің осы Ворганың байырғы тұрғынысың ба, әлде бас­қа бір жерден келіп пе едіңдер? – Соғыс алдында Рославль қаласынан әкемді мұғалімдік қызметке осында ауыстырған болатын. Бірақ соғыс басталып кетіп, бұл жерде жұмыс істей алған жоқ. Қазір партизан отрядында жүр. – Өзің оқисың ба, жоқ бір жерде қызмет істеуші ме едің? – Смоленск қаласындағы педагогикалық институтта студент бола­ тынмын. Соғыс басталған соң, үйіме қайтып келдім. – Өзің орман жолын жақсы білетін көрінесің, бізге жол көрсе­тіп, бізбен бірге болсаң қайтеді? Егер, кейін әкеңе барғың келсе, біз еш­уақыт­ та тоқтатпаймыз, жібереміз. – Воргадағы немістер бір парашютистерді іздеп жүр, солар сіздер емессіздер ме? – деді Галина. – Сен алдымен менің сұрауыма жауап бер... – Әзірге сіздермен бірге болайын. Жол керсетейін. Бірақ жау әскері­нің аяғы басылған соң папама барамын. – Мынау дұрыс болды. Енді сенің сұрауыңа жауап. Фашистердің іздеп жүрген парашютистері біз емеспіз. Тіпті ондайды естіген де жоқпыз, – деп, Шура әлі де сақтық жасады. – Мен «Үлкен жермен» байланысты бітірдім. Сіздерге ондағы жолдастар сәлем айтты, – деді Петька сыбырлап. – Онда, тезірек жиналыңдар, жүріп кетелік. Әр нәрсені бағдарлап, қауіпті жерлерден айналып өтіп, қатерсіз жерден тура жүріп отыратын Шура сызған маршрутты бәрі де мақұлдаған. Жолы алыс, елі бейтаныс, белгісіз сапар Шураны онша қызықтырып тартпайды. Күндізгі қалың жауыннан жер әбден езіліп кетіпті. Толарсаққа дейін батпаққа батып, ілгері басқан аяғы кейін кетіп келеді. Қасындағы екі жігіттің екеуі де алыс жүріске қажымайтын қажырлы азаматтар. Жол

бастаған Галя да жол жүргенге тарамыс, берік көрінеді. Сыр бермейді. Шура не де болса шыдауға бел байлады. Бәрінің де арқаларына таңған жүктері бар. Иліктірмей, қабырғаларын майыстырып келеді. Сәлден соң жол қалың қарағайдың ішіне кірді. Жыл сайын қарағай бұтағы түсіп, бұл маңай құйқалы күпсек екен. Аяққа аз да болса жеңіл болды. Жолды жаңылмай бастап ке­ле жатқан Галя қай жерде қандай ағаш өсетініне дейін мүдірмей айтып береді. «Сен мұның бәрін қайдан біле бересің?» деген сұрауға: «Мен студент болып жүргенде ботаника сабағынан осында келіп тәжірибе өткізгенбіз. Мен бір көргенімді жуықта ұмытпаймын», – деп жауап берді. Қатпарлы қалың орман, ойдым-ойдым алаң, бұралаңдаған жол бітетін түрі жоқ. Ылғи бір түрлі көріністе. Шура Петька мен Алешаның ортасында үнсіз келеді. Айналадағы дүниеге жүдеу көңілмен салқын қарайды. Оның есіне үй-іші, туған-туысқандары түсіп, қиялы әр саққа бір кетеді. Бұларға буалдырық тастамақ болып қаптап жүрген жау болса мы­нау. Соны ойлайды. Мына қасындағы адамдардың өміріне бұл жауап береді. Аяғын байқамай сәл шалыс басса болды, бәрі де су түбіне кетеді. Таң ата аз да болса бұлт сейіліп, күн ашыла бастады. Қазбауыр сұрғылт бұлттар өркеш-өркеш болып терістікке қа­рай көшіп барады. Күн де арқан бойы көтеріліп қалды. Парашютистер әлі тоқтайтын түрі жоқ. Суыт жүріп келеді. «Әлде болса фашистердің жүрген жерінен алыстай түсейік» деген ой тыным берер емес. Петька жас күнінен сөзге құмар жан емес. Біреулер қалжыңдап: «Сен нағыз жансыз боп жұмыс істеуге лайықсың» десе, ол жымиып күліп қана қоя салатын. Қазір де сол мінезі – мінез. Көп мәселеден үндемей құтылады. Оның қазіргі міндеті, мойнына асып жүрген радиоқабылдағышқа су тигізбей, баптап ұстау, «Үлкен жермен» үзбей байланыс жасау. Өзі жүріске де, аштыққа да шыдамды, берік жігіт. Петьканың өскен жері Сібірдегі Рубцовка қаласы, сонда орта мектепті бітірді, әскерге де сол Рубцовка қаласындағы бір заводта жұмыс істеп жүргенде алынды. Оны бірден радистер дайындайтын курстен өткізіп, парашютистер бөліміне жіберген болатын. Жау тылына ең алғаш келген беті. Алексейдің де өмір тарихы өте қысқа. Жиырма жасқа жаңа ғана шықты. Ол Тула қаласында орта мектепті бітіріп, Москвадағы бір институтке түскен болатын. Бірақ бірінші курсті бітіре салысымен әскерге алып кетті. Ол да алғашқы күннен бастап десант бөліміне алынған. Ол да төзімді, суыт жүріске сыр білдірмейтін, мысқылшыл, өзіне жететін қулыға да бар жігіт. Жайдары, ақ көңіл, адамның іші-бауырына еніп тез танысып кетеді. Алғашқы күні танымайтын барлаушыларға барып, ұйықтап жатуы да осы мінезінен болатын. Александра Васильевна қасындағы осы екі жігіттің екеуіне де сенеді. Көп солдаттардың ішінен тылға алып кетуге таңдап алған да өзі болатын. Әзір бұл жігіттер Шураның ойлаған жерінен шығып келеді. Қалың қарағайдың арасындағы бұраңдаған сүрлеу жолмен бастап келді де, Галя Александра Васильевнаға:

– Енді ілгері қарай жүре беруге болмайды. Осыдан он-он бес шақырым жерде Москва – Варшава тас жолы жатыр. Ол жолдан тек түнде ғана кесіп өтуге болады. Күндіз толассыз ағылып жатқан машиналар, – деді. – Олай болса, бір қолайлы жер тауып, аялдайық. – Алдымызда үлкен батпақ кездеседі. Соның қақ ортасында алақандай ғана құрғақ алаң бар. Жолын жақсы білемін. Сол жерге барсақ қайтеді? – Сен қыз ол жолды қайдан біліп жүрсің? – деді Алек­сей қуланып.

Қайдан білгені несі, мен ботаника сабағының тәжірибесін өткенде, сол аралдың өсімдіктерін зерттегенмін. – Біздің ізімізбен жау тауып алса қайтеміз? Жолы біреу ғана болса, тұзаққа түскеніміз сол емес пе? – деді тағы Алексей. – Әрі қарай шығып кететін тағы бір жіңішке жолы бар. – Жүр, не де болса сол жерге алып бар, көрейік, тым қауіпті болса, қайтып кетерміз. Галя алға түсіп жүріп кетті. Маңай толы ми батпақ. Ұзыннан-ұзақ созылып жатқан қыр жалдың үстімен қыл көпірден өткендей келе жатыр. Білмейтін адамның аяғы сәл шалыс басылса, батпақ сорып әкететін­дей қауыпты. Арал қалың ағаш екен. Жау самолеті аспаннан шолу жасап іздесе де, таба алатын түрі жоқ. Галя өзі білетін қосалқы жолды да қасындағыларға көрсетіп шықты. – Мына қыздың өзінің білмейтін бәлесі жоқ па деймін, – деп, Алек­ сей, Галяны тағы бір шағып алды. – Білмегенде ше, сен сияқты түк білмейтін келімсек дейсің бе? – деп Алексейге ол да есесін жіберетін емес. – Өзің қалжыңға да шебер екенсің. – Сөзді доғарыңдар, тезірек тамақ ішіп, дем алайық, – деді Александра Васильевна. Арқалаған жүктерін шешіп, тамақтанды, да, жолаушылар жатып қалды. Кезектесіп күзетке тұратын болып келісті. Алғашқы кезек Алешаға тиді. Шаңқай түс мезгілі. Аспанның әр жерінде ұлпа қар тектес ағараң­даған бұлт көрінеді. Алексейді алмастырып Петь­ка күзетте тұрған болатын. Басқаларының бәрі шырт ұйқыда жатыр. Орман іші мүлгіп қалған тыныштық. Петька шашағы мол бір қарағайдың түбінде әр нәрсені ойлап отырған. Жүйрік ой Петьканың туған жерін шарлап шықты. Оның көз алдынан сүйген жары, әке-шешесі, туған-туысқаны, туып өскен жері елес беріп өтіп жатты. Кенет алыстан атылған автомат үні естілді. Атыс бірте-бірте молая түсті. Жақындап та келеді. Бір мезгілде автомат дәл өкпе тұстан безек қаға жөнелді. Атыс үні ұйқыда жатқандардың бәрін оятты. Фашистердің бұл әрекетіне үш күннен бері бойлары үйренген совет барлаушылары қозғалмастан жата берді. Жау сезіктенетін сөлекет қадам жасамады. Галяның айтқаны дұрыс болып шықты – бұл аралды жергілікті кісілердің өзі біле бермейді екен. Төртеуінің аралда жатқанына, міне, бақандай төрт күн өтті. Маңай­ дағы атыс әлі толық басылған жоқ. Тек бесінші күн дегенде түске таман атыс та, орманды жаңғырықтырып сөйлеп жүрген неміс сөзі де пышақ

кескендей тоқтады. Бірақ бұлар ертеңге дейін тағы шыдап, осы жерде бола тұратын боп шешті. Бесінші күні таң бозарып келе жатқанда. Алек­сей мен Галя тағы барлауға жүріп кетті. Олар аралдан қосалқы жолмен шықты. Қалың орманның ішімен жүріп отырып, екеуі күн найза бойы көтерілген кезде Ворга поселкасының қасына келіп, зираттың жанындағы төбе­ден баспалап қарауыл қарады. Сезіктенетін ештеңе көрінбейді. Топ-топ болып тізіліп тұратын ма­ши­ налар да жоқ. – Галя, сен әне бір орманға таяу тұрған үйге барып, жағдайды біліп келсең қайтеді? – деді Алексей. – Ол үйдің иесі жауға жанын жалдаған сенімсіз адам, онан да поселканың анау екінші жағындағы оқшау тұрған көк шатырлы үйге барып білейін, – деп, Галя, тезірек басып, орман жиегін айналып кетті. Көп ұзамай қыз қайта оралды. Өзі көңілді, қолында бір бөлке наны бар. – Өзің қуанып келесің ғой? – Мұндағы әскер бөлімдерінің бәрін Рославль қаласына шақы­рып әкетіпті. Қазір поселкада полицайлар ғана бар көрінеді. Бірақ олар­дың ішінде немістен де өткен оңбағандар бар. Енді не істейміз? – Олай болса біз бұл жерден тезірек кетейік. Өзіміздің кісілерге барайық, – деп, Алексей орнынан тұрып, аралда қалған жолдастарына қарай бет алды. Жағдайға әбден қанық болған Шура қолындағы картаға қарап көп отырды. Ақыры бір тәуекелге бел байлады. Олар қараңғы түспей ми батпақтың қоршауынан шығып алмақ болып, ең алғашқы жүрген ізімен кері жүрді. Қолдарында бір-бір ұзын сыр­ғауыл. Аяқ тайып кеткенде, ол да әжептеуір сүйеніш. Құрғаққа аяқтары тиісімен арқалаған жүктерінің бауын тартып бай­ лап, жүруге ыңғайланды. – Шура, мен әкеме баруым керек. Сіздер басқа жаққа ке­тетін сияқ­ тысыздар. Осы жерде қоштасып қалсам деген ойым бар. Оған қалай қарайсыз? – Сені біз жібермейміз және біз де сол сен баратын пар­тизан отрядына барамыз. Әзірше, сонда паналай тұруымыз керек. Кейінгісін бара көреміз. – Онда тіпті жақсы. Кәне, не тұрыс бар? Жүріңдер, кеттік. Түні бойғы толассыз жүріс бұларды әбден қалжыратты. Таң атып, күн арқан бойы көтерілген мезгілде партизан барлаушыларына кез болды. Мұнда олар он күндей аялдады. Шура мен Алексей күні-түні теміржол торабын бақылаумен болды. Майданға кетіп жатқан әскер бөлімдерін зерттеді. Көрген-білгендерін «Үлкен жерге» хабарлап отырды. Он бірінші күн дегенде Шура бастаған топ Рославль қаласына жүріп кетті. Қолдарында «Минск қаласында оқитын студенттер» деген қағаздары бар. Оқуға түспес бұрын Рославль қаласының тұрғындары деген документтері тағы бар. Қастарына қаланы жақсы білетін бір жігітті ала шыққан. Қалаға жақын келіп, Петьканың арқалап жүрген қобдишасын бір белгілі жерге тығып кетті.

Төртеуінің арбаға жеккен аты шабандау екен, ілбіген жүрісі өнбей қойды. Бұлар қалаға тал түсте бармақ. Өйткені, дәл осы кезде келімдікетімді адамдарды онша зер салып тексермейді. Күрең аттың жүрісімен қыбырлап отырып түс кезінде қалаға келді. Бұларды тоқтатып ешкім тексере қойған жоқ. Қаланың ортасына жақындаған кезде бір полицай «сендер қайдан келе жатырсыңдар» деп қана сұраған. Оған «Павлинкадан келеміз» деп жауап берді. Шура осы жердегі де­ревня тұрғындарынша бүрме көйлек, келте шапан киген, басына орамал байлап алған болатын. Оңашалау көшеге шыққан соң ат айдаушыдан басқасының бәрі арбадан түсіп, жаяу жүрді. Көп ұзамай бұлар жол бастаушы жігіттің апасының үйіне келген. Үйі кішілеу үш бөлме. Жеке кухнясы бар. Еденнің асты терең қойма екен. Еден астына түсетін есік кухняда көрінеді. Бөлмелерде онша көп жиһаз жоқ. Бәрі де жұпыны ғана. Төргі бөлмеде бір ғана темір төсек бар. Төр алдында тозығы жеткен айна тұр. Ауыз үйде тамақ ішетін жалаңаш стол қойылыпты. Үйдің қабырғасына сүйеп қойылған бес-алты орындық. Үшінші бөлмеде бір ескі диваннан басқа ештеңе көрінбейді. Бұлар келгенде көршілердің он төрт-он бес жастағы ұлы отырған болатын. Қонақтар кірісімен бала далаға шығып кетті. Қонақтар төргі бөлмеге кіріп, әр нәрсені көріп тұрғанда ауыз үйге кекселеу келген, жалпақ бет, толық әйел келіп кірді. – Амансың ба, халің қалай? – деп әлгі бастап келген жігіт жалбырақтап жатыр. Үй иесі осы кісі болар деп түсінген қонақтар да жалпылдап амандасып жатты. Апасына «менің жолдастарыммен таныс» деп, Сергей қасындағы адамдарын жеке-жеке аты-жөнін айтып, таныстырып шықты. Үй иесі әйел кең пейілді, қонақжай, бір тілім нанын бөліп жейтін жайсаң кісіге ұқсайды. Қонақтардың асты-үстіне түсіп, қошеметтеп: – Өз үйлеріңдей көріңдер. Қазір, ішім-жем тапшы кез ғой, бәрін бөліп жерміз, – деп те қояды. – Біздің маңайдағы деревнялардан жинап алған тамағымыз бар, сіз қысылмаңыз, бізге жатар орын берсеңіз болды, – деді Александра Васильевна. Бұлар бүгін күні бойы көшеге шықпады. Осында жата берді. Дем алды, киім-кешектерін жуды. Өздерінің жатуына бөлінген бөлмені тазалады. Үйдің айналасы дуалмен қоршалған екен. Кіре берісте, үлкен көк қақпасы бар. Қораның төргі жағында отын сақтайтын сарай тұр. Үйдің астындағы қабатында терезе жоқ болғанымен, еңсесі биік. Үстіңгі қабатына басқышпен шығады екен. Мұның бәрін үйге бір кіріп, бір шығып байқап жүрген Петька: «Аманшылық болса, ор­ман шетіне тастап кеткен қоймамды алып келіп, осында орнатып алайын», – деп ойлады. Күн бұлыңғырланып тұр. Жаңбыр жауатын да түрі бар. Қонақтар көсіліп жатып алмай, бүгін ерте тұрды. Қалаға шығып келуге дайындалып жатыр. Үшеуі үш жаққа, жеке-жеке кетті. Шура қаланың шет жағындағы базарға барып Ольга Тимофеевна Беловаға жолықпақ. Келісім бойынша сол арқылы Лидия Андреевна Герасимовамен байланыспақ.

Александра Васильевна қаланың көшелерінің бәрін күн бұрын жаттап алған. Қаланың картасына қарап, қай көше қалай қарай кететініне дейін есіне сақтауға тырысады. Бірде-бір жаннан жөн сұрамай, тура базарға қарай тартып келеді. Жолшыбай із тастап кетіп отырды. Ол қалалық паркке де барып, әр нәрсені көрген болып жүрді, орталыққа қарай өтетін жіңішке көпірден де өтті. Оның өз есебі өзінде. Ақыры базарды адаспай дәл тапты. Базар дейтін үлкен базар да жоқ екен. Жиырма-отыз адам ұсақ-түйек сатып, дуылдасып жүр. Біреулері Шураны көріп, «мына ескі пальтоны сатып ал, арзанға сатамын», деп біраз әуреледі. Шура базардың арғы шетіндегі кішілеу қоңырқай үйге кіріп кетті. Бұл базардың кеңсесі екен. Бір ғана бөлме, тақтайдан жонып, нобайлай салған стол, екі орындық. Стол басында толық келген, сары шашын келте қиып тастаған сары әйел отыр. Иығына тозығы жеткен тоқыма қоңыр шәліні айқара жаба салған. – Саламатсыз ба? Базарыңызда әйелдердің тоны сатыла ма? – деді Шура оған тіке қарап. Әйел Шураға қарап сәл ойланып отырды да: – Әйелдің тоны сатылмайды, етігі сатылады, – деді. – Олай болса, сіз «Мырышты» білесіз бе? – Білем. – Мен сол, «Мырышты» іздеп келген едім. – Бүгін кешке тауып берейін. – Сіз Ольга Тимофеевна Беловасыз ба? – деді Шура іздеген кісісі осы әйел екендігіне көзі жеткен соң. – Иә, Белова боламын, – деп Ольга Тимофеевна орнынан тұрып, Шураның қолын алып амандасты. – Бәсе, жаза баспаған болармын... Мен Лидия Андреев­на Гераси­ мовамен кездесуім керек. Қашан жолықтыра аласыз? – Қала паркіндегі жіңішке, көпірді білесіз ғой? – Білем. – Білсеңіз сол көпірдің ар жағында сағат тура сегізде тосыңыз. Содан кейін екеуміз Лидаға барамыз, – деді Бе­лова. – Көріскенше сау болыңыз. Басқа әңгімені сонда сөйлесерміз, – деп Александра Васильевна шығып кетті. Ол іздеген адамын тез тауып алғанына қуанды. Көп мәселе оның Лидамен кездесуіне байланысты шешілмек. Ол күні бойы қаланың бірталай жерін аралап шықты. Жуықта ғана совет самолеттері бомбалаған теміржол вокзалында болды. Маңайының бәр-бәрі шұрық-шұрық шұңқыр. Астан-кестен. Қираған вагондарды, әскери техникаларды әлі әкетпепті. Үйіліп жатыр. Түс ауа Александра Васильевна өзінің жатқан үйіне келді. Таңер­тең қалаға шығып кеткен жолдастары әлі қайтпапты. Үй иесінен басқа жан жоқ. – Шайға отырыңыз, – деді әйел. Шура стол басына келіп отырды. Сәлден соң ол:

– Антонина Ивановна, сіздің үйде Петька мен Алеша тұра берсін. Мен кешке басқа бір үйге барамын. Сізге көп-көп рақмет, – деді. – Сіз маған өкпеледіңіз бе, неге кетесіз? – Жоқ, жоқ, сізге неге өкпелеймін. Тек бәріміз бір үйде топырламайық дегенім ғой. – Ондайларың болса, өзің біл, шырағым, жақын отырып тамақ іш, деді Антонина Ивановна. Шура үндемей алдындағы Антонина Ивановнаға қарап қойып отыра берді. Оның көзқарасын, кірпік қағысын, тамақ жеу мәнеріне дейін қарап отырды. Отрядтан кетерде барлаушылардың айтуына қара­ғанда, бұл кісі сенімді адам. Жүріс-тұрысында күдіктенерлік ештеңе білін­бейді. Былайша қайырымды, адал адам екендігі көрініп тұр. – Үндемей қалдың ғой, шырағым, – деді Антонина Ива­новна, Шураның өзіне қарап отырғанын сезіп. Қораға біреулердің келгені білінді. Шай ішіп болған екеуі орындары­ нан тұрып, есікке қарай жүрді, Антонина Ива­новна артына бұрылып: – Сен, шырағым, далаға шықпай-ақ қой. Кім білсін, осында қаңғып жүрген фашистерден көп неме жоқ. Сен оты­ра бер, – деп есік алдына өзі шығып кетті. Көп ұзамай қайта оралды. Алдымен Петька, содан соң Алексей кіріп келді. – Шура, сен қашан келдің? – деді Петька. – Менің келгеніме екі сағатттай уақыт болып қалды. – Ерте қайтқан екенсің. – Иә, ерте қайттым. Жұмысым біткен соң, ол жерден не іздеймін? – Сен екеуіңнің де қарындарың ашқан болар, столға келіңдер, – деді Антонина Ивановна стол үстіндегі самауырдан стақанға шай құйып жатып. – Айтпақшы, бізбен бірге келген Сергей қайда осы! Таңертең «Мен кетемін, қош болыңдар», деп қоштасып қалған еді, шынымен-ақ кетті ме ол? – деп сұрады Алексей. – Сіздер кеткен соң, көп ұзамай кетіп қалған. «Мен қалада тұра алмаймын, деревняда тұрамын» дейді. Бұлар сұхбаттасып отырып шай ішті. Александра Ва­сильевна Петька мен Алешаны төргі бөлмеге шақырып алып, өзінің іздеген адамын тауып алғанын айтты. Петька мен Алеша да өздерінің күні бойғы көрген-білгендерін баяндады. Петька қалтасынан бір парақ қағазды алып, «мынау бір немістің Гамбург қаласында тұратын туыстарына жазған хаты көрінеді. Мә, оқышы», деп Шураға берді. Александра Васильевна неміс тілінде жазылған хатты оқып шықты. Хатта былай делінген: «Қымбатты достарым, орыс жерін екі-үш айдың ішінде басып аламыз деген соғыс әлі бітетін түрі жоқ. Алдымыз қазылған ор, артымыз бұлдыр тұман. Майдан ілгері жылжуды қойды. Орыстардың самолеті біздің шебімізге толассыз шабуыл жасайды. Өлім де, жаралы да көбейді. Аз уақыт тыныс алуға тылға келсек, мұнда да толып жүрген бандиттер. Тыныштық беретін түрі жоқ. Қаланың өзінде жер басып жүру,

біздер үшін қиындап барады. Орыс жерін жаулап аламыз деп жүріп, сүйегіміз далада қалып қоя ма деген ой қазір әр солдаттың басына ұялаған. Мен талай солдатпен әңгімелестім, көбінің айтатыны осы. Менің бұл хатым цензураның қолына түссе, сендердің қолдарыңа тимеуі де мүмкін, бірақ сіздерге барып жете ме деген үмітім зор. Мен адресімді де, атыжөнімді де жазбай отырмын. Кім жазғанын сіздер білетін боларсыздар. Қош-сау болыңдар. Құдай аман-есен кездесуге бұйырсын». – Өзі сауатты, көзі ашық неміс екен. Бұл хат гестапоның қолына түссе, «большевиктердің үгітшісі» деп оны атып тастаудан тайынбас. Адресі мен аты-жөнін сол үшін жазбай отыр ғой, – деді Шура. – «Үлкен жермен де» байланысу керек еді, – деді Алеша оң жағында отырған Петькаға қарап. – Ол дұрыс. Мен ертең қала сыртына отын әкелуге барғалы отыр­мын. Осы үйдің отыны да бітіп қалыпты. «Үлкен жерге» айтатын сәлем­дерің болса айтыңдар, ауырсынбаймын, – деді Петька. – Сен жалғыз бармайсың, сенімен бірге Алеша да бара­ды. Мен болсам, бүгін кешке басқа бір үйге кететін болдым. Бәріміздің бір үйде жүргеніміз ағаттық болады. Ертең осында жолығармыз. Кешке қарай үйде болыңдар, – деді Алек­сандра Васильевна. – Екеуіміз барсақ, тіпті жақсы. Ат-арбамыз бар, – деді Петька қалтасынан кесетін алып, темекі орап жатып. Кеш батып, көз байланатын уақыт болды. Көкжиек қа­лың күңгірт бояуға айналған. Тек батыс жақ әлі де болса кешкі қызыл арай шапа­ғы­нан арыла қойған жоқ. Сол маңда өркештенген қара бұлттан найзағай жалт етіп, лезде сөніп қалады. Міне, бірте-бірте жұлдыздар да туа бастады. Сөз байласқан уақыт жақындап қалды. Александра Васильевна Лидамен бірінші рет кездесуге дайындалып: – Келесі жолыққанша, сау болыңдар, – деп Петька мен Алешаға қоштасты да шығып кетті. Түн жамылып Шура байламды жерге келсе, Ольга Тимо­феевна тосып тұр екен. Екеуі қол алысып амандасты. – Жүр, кеттік, – деді Белова. – Лидия Андреевна сіздің үйде ме? – Иә, біздің үйде кездесетін болып келіскенбіз, – деп Ольга өзіне таныс таса жолдармен бастай жөнелді. Белованың үйі ауланың тура төрінде екен. Қызыл кірпіштен салын­ ған, темір шатырлы бір қабат үй. Бұл екеуі сыртқы есіктен кірер-кірместе, шағын коридорда бір жас қыз алдарынан шығып: – Александра Васильевна, қош келдіңіз, саламатсыз ба? – деп бұрын таныс болмаса да, көптен көрмеген туысымен кездескендей Лидия Андреевна Шурамен құшақтасып көрісті. Шура да жатырқамай Лида­ның бетінен сүйді. – Жоғары шығыңыз, отырыңыз, – деп, Лида бәйек бо­лып жатыр. Үшеуі төр алдына емін-еркін отырып, көп сөйлесті. Шура май­дан жайын, «Үлкен жердегі» жаңалықтардың бірде-бірін қалдырмай толық айтты. Лида қала жайын түсіндіріп жатыр.

– Сендерге Сидоров жолдас көптен-көп сәлем айтты. Табыста­рыңа қатты қуануда ол кісі. Осыдан үш күн бұрын бізді шығарып салып тұрып: «Біз Лидия Андреевна бастаған барлаушыларға разымыз. Олар жағ­дай­ дың қиындығына қарамастан адам сүйсінерлік жұмыс істеп жатыр» деп айрықша атап айтты. – Рақмет! – деді Лида.

Қазір жау барлық күшін оңтүстік майданға салып жа­тыр. Сон­ дықтан біз оңтүстікке кетіп жатқан әскер бөлімдеріне назарымызды көбірек аударуымыз керек. Үлкенді-кішілі теміржол станцияларында тоқтаған эшелондар жөнінде де хабарлап отыруға тиістіміз. Қазір біздің самолеттердің теміржол торабынан басқа, кіші-гірім станцияларды бомбалауға да мүмкіндігі бар. Партизан бөлімдеріне теміржол рельстерін, көпірлерді бұзуға бұйрық берілді. Ендігі жерде сендердің міндеттерің – жау әскерінің бара жатқан бағытын дәлірек біліп, «Үлкен жерге» хабарлап отыру, – деді Шура. – Ертең кешке, біздің барлаушылардың қаладағы бір тобын жина­сақ, сіздің солармен кездесіп, дидарласқаныңыз жөн болар деп ойлаймын, – деді Лидия Андреевна. – Жолығу қажет десеңдер, мен даярмын. Александра Васильевна кетер-кеткенше осы Белованың үйінде жататын болды. Лида Шураға бір сәт көзін тігіп отырды да: – Сіз мұнда көп боласыз ба? – деп сұрады. – Ары кетсе бес-алты күн. Менің басқа да баратын жерім бар. – Сіздер әңгімелесіп отыра тұрыңыздар, мен тамақ дайындап жіберейін, – деп Ольга Тимофеевна ауыз үйге шығып кетті. – Сенің өзіңе жеке айтатын бір шаруам болып отыр, – деді Шура Лидаға қарап. – Айтыңыз. Александра Васильевна орнынан тұрып төргі бөлменің есігін жапты. Сөйтті де ақырын ғана сөйлеп, осы қалаға «Үлкен жерден» екі барлау­ шы келгенін, бұдан былай «Үлкен жерге» жеткізетін хабардың бәрі солар арқылы берілуге тиісті екенін айтты. – Оларды біз қайдан табамыз? – деді Лидия. – Оның біреуімен сені таныстырамын. Оларды сенен бас­қа бірде-бір жан білуге тиісті емес. Ертеңінде түс мезгілінде Лида, Алтай, Володя үшеуі жеке-жеке Белованың үйіне келді. Лидия Андреевна: – Мына кісімен танысып қойыңдар, бұл кісі Александра Васильевна, – деп, өз жолдастарын да Шураға жеке-жеке таныстырып өтті. Әңгіме бірден майдан жаңалықтарынан басталды. Шура тағы да жау тылындағы барлаушылар Гитлер әскерінің бір майданынан екінші майданға жөнелтіліп жатқанына назар аударуы қажет екенін баса айтты. Кеше Лидаға айтқан мәселелерді кеңейтіңкіреп түсіндірді. Сосын: – Өздеріңнің халдерің қалай? – деді жігіттерге қарап.

– Біздің халды несіне сұрайсыз, айнала жаудың ішінде жүрген жұрт­ пыз. Бірен-саран, Артемов сияқтылар болмаса, жергілікті халық­тың көп­ шілігі бізді қолдайды? – деді Во­лодя. – Сендерді сонда кім деп қолдайды? – деді Александра Васильевна жымиып. – Әрине, жергілікті халық бізді анық білмейді. Мен «біз» деп совет азаматтарын айтып отырмын, – деді Володя сасқалақтап. – Артемов деген қандай адам? – Артемов фашистердің оң қолы, нағыз зымиян адам. Осы қала­ның коменданты Фольберге жағу үшін күні-түні шапқылап жүріп, маңай­ дағы деревняларды тал түсте тонап, астық пен киім жинап берді. Совет адамдарын көрсе жыны ұстайды, талайын атты, түрмеге жаптырды. – Ондай адамның көзін жойып жіберуге болмай ма? – деді Александра Васильевна. – Болғанда қандай! – Залымнан құтылу керек. – Ондай істі жымын білдірмей істеген жөн, – деп, отырғандар дуыл­ дасып кетті. – Неміс бөлімдеріне тәржімеші боп жүрген Павел Соло­моно­вич Михайлов деген қандай адам? Соны, Алтай, сіз білесіз бе? – Ол совет азаматы. Жақсы барлаушы. Оның көрген-білгендері әр уақытта шындық болып жүр. Оған екінші бір адамдар арқылы байланысып жүрміз. Ол өз адамымыз екен. – Сіздер ғафу етіңіздер, мені іздеп қалуы мүмкін. Алек­сандра Васильевна, маған кетуге ұрықсат етсеңіз, – деді бағанадан бері сөзге ара­ ласпай үнсіз отырған Алтай. – Олай болса сіз жүре беріңіз, – деді Шура. Алтай қоштасып, өз үйіне кетіп қалды. Басқа жолдастары да кешік­ пей үйді-үйіне тарады. Тек Лидия Андреевна басқаларынан көрі кеш кетті. Александра Васильевна оның аэродром бастығы неміс генералына тамақ пісіріп беретін аспаз екенін жақсы білетін. «Үлкен жерден» шығарда Рославль қаласындағы аэродромның картасын қайткен күнде қолға түсіру жөнінде нұсқау алған. Бұрын аэродром картасын алуға көп әрекет жасалғанымен, қолға түскен карталар онша дәл болмады. Ал батыс майданындағы неміс авиациясының ең үлкен де, ең ұрымтал орта­лығы – Рославль маңындағы аэродром. Сондықтан әр екі жақ бұл аэродромға стратегиялық жағынан өте зор мән береді. Александра Васильевна қасындағы Лидия Андреевнаға жылы жүзбен, күлімдеп қарап отырды да: – Мен саған қиын тапсырма берейін деп отырмын. Бұл бір келсе сенің қолыңнан ғана келетін жұмыс. Басқа кісіге тапсыруға болмайды. Сен қалай да үш-төрт күннің ішінде осы жердегі неміс аэродромы­ның картасын қолға түсіріп маған беретін бол! – деді. – Бұл өте қиын ғой. Ойланып көрейін, – деді Лида.

– Тапсырма оңай болса, саған тапсырамыз ба? Қиыны қиын. Ертең, не арғы күні ойланып жауабын берерсің. Келесі жолы қай жерде жолығамыз? – Бүрсікүні кешкі сағат тоғыз кезінде Огневтың үйінде кездесеміз. Ол үйге сізді Ольга Тимофеевна бастап барады. – Келістік, ал, көріскенше сау бол! XVІІ Лидия Андреевна жол бойы жаңағы Александра Васильевнамен арада болған әңгімені таразыға салып, ойланумен болды. Картаны қалай қолға түсіру керек? Генерал Рихтер Лиданы өзінің сенімді адамдарының бірін­ дей көріп кеткені рас. Бірақ оның дәл иегінің астынан күнделікті жұмы­ сына пайдаланып жүрген картасын қалай ұрлап алуға болады? Сезіп қалса, Лидия Андреевнаны тергеусіз, сотсыз, табанда атып тастайды. Лидия әрі картаны қолға түсіруі керек, әрі Рихтердің сенімінен шықпаудың жолын табу керек. Ол тұйыққа тірелгендей ойы әр саққа бір жүгірді. Үйіне келсе, Зина жалғыз елегізіп отыр екен. Ол апасының келге­ніне қатты қуанды. – Бейуақта жалғыз отырған қиын екен. Ішім пысып кетіп еді, келге­нің қандай жақсы болды. – Бүгін тамақ ішуге де қолым тимеді. Даяр бірдеңең бар ма? – деді Лидия Андреевна Зинаға. – Піскен картоптан басқа үйде ештеңе қалмады. Тіпті нанның өзі жоқ. Енді не күн көретінімізді де білмеймін. Мүмкін, сен бір есебін табарсың? Зина стол үстіне қабығы аршылмаған төрт-бес картоп әкеліп қойды. Барымен базар дегендей, Лида соны қанағат тұтты. Ол Зинаға бұрылып: – Аштан өлмеспіз. Өз халқымыздың арасында жүрміз ғой, бір себебі табылар. Сен ертең коменданттың велосипедін үш-төрт сағатқа сұрап ал. Азық әкелеміз дерсің. Және деревняларға барып келуге менің атыма пропуск ала кел. Ертең түске дейін менің қолым бос. Барып келе қояйын. – Велосипедпен әкелген азық-түлік қаншаға жетеді? – деді Зина. – Ел емес пе, ат-арбамен әкеліп тастар. Велосипед барғанша ғана керек. – Онда мен таңертең бәрін де дайын етемін. Апалы-сіңлілі екеуі төсектерін қатар салып, көпке дейін әңгімелесіп жатты. Зина қала коменданты Фольбердің адамгершіліктен жұрдай кісі екендігін әңгіме етті. Қарамағындағы солдаттарды аз ғана қылмысы үшін абақтыға жабатындығын, ал қолына түскен совет адамдарын атуасу ол үшін тауық бауыздағандай екенін айтып көзіне жас алды. Қазір комендатура маңайдағы деревняларды паналап жүрген со­вет солдаттарын жинап, тұтқынға алуға тағы қамданып жатыр. – Сен оны қалай білдің? – деп, Лида соңғы сөзіне жабыса түсті. – Кеше сен жоқта Фольбер бір неміс офицері екеуі келіп, сол жайлы біріне-бірі айтып отырғанын өз құлағыммен естідім. Лидия Андреевна ішінен: «Бұл хабарды тезірек барлаушыларға жеткізу керек екен» деп ойлады.

Ол ертеңіне таң атар-атпастан ерте тұрып, дәрігер Карповаға жөнелді. Татьяна Алексеевна да ерте тұрған екен. Лидаға есікті өзі ашты. – Осынша ерте не қып жүрсің? – Оның өңі сұрланып, қаны қашып кетті. – Қорықпа, қауіпті ештеңе жоқ... Комендатура осы маңайдағы деревняларды паналап жүрген совет солдаттарын ұстап, тұтқынға алуға қамданып жатқан көрінеді. Осы ха­барды сенен басқа тез жеткізетін адам табылмай тұр. Біздің солдаттар орманға барып партизандарға қосыл­ сын. Соған қазір кетуің керек. Өйткені немістер бұл операцияны бүгін бастайтын көрінеді. – Ондай тығыз шаруа болса, қазір жүрейін, – деді Та­тьяна Алексеевна. – Көлігің бар ма? – Қазір деревняларда ауырған кісі көп. Соны сылтау қып, бургомистрден ат-арба алғамын. Атты өз қорамда ұстаймын. – Онда тіпті жақсы, мен кетейін. Қорытындысын хабарларсың. Қошсау бол! – Лидия Андреевна шығып кетті. Сол күні Лидия Андреевна азық-түлік алу үшін Липовка дерев­ня­ сына барып қайтты. «Көп түкірсе, көл болады», де­гендей, ел іші емес пе, жергілікті адамдар оған азық-түлік жинап, Рославль қаласына жеткізіп те берді. Қызметіне кешке таман бармақ болып, Лида өз шаруасымен шұғыл­ данып жатқан. Кір жуды, ағаш жарды, түскі тамақ пісірді, екі бөлменің еденін жуды. Күн еңкейіп қалған мезгіл. Үйге сұраусыз бір неміс солдаты асығып-үсігіп кіріп келді. Өзі әбден алқынған, сөйлеуге шамасы келмейді. Екі иығынан дем алып тұр. Бір кезде: – Мадам Герасимова осында тұра ма? – деді. – Ол кісіні қайтесіз? – деді Лида. – Генерал келе жатыр дейді, шақырып, жатыр. – Қазір барамын, – деді Лида. XVІІІ

Петька мен Алексей орманға барып, пешке жағатындай етіп ұсақ­ тап жарылған ағашты арбаларына тиеп алып, әнеукүні орман жиегіне көміп кеткен радиоқабылдағышты ағаштың қуысына тығып, үстін жауып тастады. Аттың делбесін ұстап келе жатқан Петька болатын. Қалаға кіре беріс екі-үш полицай, бір-екі неміс солдаты аттың алдына шығып кескестеп тұра қалды. – Отын әкеле жатырмыз, көрмейсіздер ме? – деді Петька өктем сөйлеп. – Отын әкеле жатқаныңды көріп тұрмыз, арбаңда басқа не бар? – деді полицайдың біреуі. – Алтын әкеле жатыр ғой дейсің бе? Ештеңе де жоқ, мырза, – деді Петька, күлкіге айналдырып. – Өзің тіл-жағыңа сүйенген біреу екенсің сенен ештеңе шықпас, кете бер, – деді екінші полицай. Түс ауа бұлар да жатқан үйінің қорасына кірді.

Петька ақшам үйіріле, үйдің астын асықпай жүріп тексеріп, радио­ қабылдағышты орнататын жерді де тапты. Үй иелері жарық кезде радиоқабылдағышты ас пісіретін үйдің еденінің астына әкеліп орнатып та қойған болатын. Үлкен жермен байланысқа шығатын уақыты келген кезде Петька жып беріп еденнің астына түсіп кетті. Алексей есік ал­дында қарауылдап жүрген еді. Ауланың сыртқы қақпасынан біреу кіргендей болды. Ол үй бұрышында тұрып, ала көлеңкеде біреудің келе жатқанын анық көрді. Келген үй иесі Антонина Ивановна екен. Алеша бұрыштан шыға келіп: – Келе жатқан кім екен десем, сіз екенсіз ғой, – деп Ан­тонина Ивановнаға еріп үйге кірді. Ас пісіретін үйден Петька келгенше Антонина Ивановнаны сөзге айналдыра тұрмақ болып, Алеша еріксіз неше алуан әңгіме айтуға мәжбүр болды. Бір уақытта: – Шырағым, сенің өңің біртүрлі боп тұр ғой, жайсыз бірдеңе болған жоқ па? – деді Антонина Ивановна. – Жоқ, ештеңе де болған жоқ. Жәй, басым ауырып тұрғаны, – деген болды Алеша. Үй иесі екеуі әр нені айтысып көп отырды. Бір мезгілде, есіктен кіріп келе жатқан біреудің тықыры естілді. Алеша сыр бермей тура есікке қарай жүрді. Ауыз үйдің есігі ашылып, Петьканың жүзі жарқ ете қалғанда Алеша: – Бауырым-ау, аман барып келдің бе? – деп күліп жіберді. – Аман-есен келдім ғой, – деді Петька да Алешаның жұм­бақтап тұрғанын түсіне қалып. – Шырақтарым, мен даяр тұрған тамақты ысытып жіберейін, екеуің осы үйде отыра тұрыңдар? – деп Антонина Ивановна ауырған белін оң қолымен басып, есік алдына шығып кетті. – Бағанадан шыдамым кетіп отырған еді, байланыса алдың ба, кәне, айтшы, – деді Алеша орындығын Петькаға таман жақындатып. – Ең алдымен «Үлкен жер» бәріңе сәлем айтты. Саулық тіледі. Қазір жау барлық күшін оңтүстік жаққа жинап жат­қан көрінеді. Шабуылды сол жақтан бастап, Москваға оң жақ бүйірден тиісетін ойы бар. Бізге берілген тапсырма: оңтүстік жаққа кетіп жатқан әскер бөлімдеріне ерекше назар аударып, олардың тоқтаған жерлерін тезірек хабарлап отыруды бұйырды. Және бізге сақ болуды, байланысқа байқап-байқап шығуды тапсырды. Қаланың ішінен сөйлеп тұрғанымды біліп, біраз ұрсып та алды. – Біздің армияның штабы сол бұрынғы жерінде ме екен, әлде басқа жаққа көшіп кетіп пе? – Оны уақыт кетіріп сұрамадым. Маған штабты шақыратын белгісі өзгермесе болғаны. Оның қай жерде тұрғаны мен үшін бәрі бір емес пе? Ертеңінде Петька мен Алеша көшеге сыймай толып кеткен машина мен танк дауысынан оянды. Аспан да, жер де мотор үнімен дүр сілкініп гуілдеп тұр. Екеуі біріне-бірі қарап аңырып отырып қалды. «Бұл не? Біздің әскер фашистерді қуып келіп қалды ма, не болмаса, қашып бара жатқан жау әскері қалаға толып кетті ме? Әлде, майданнан осы қалаға дем алуға келген жаудың әскер бөлімдері ме» деп ойлады олар.

– Қой, тұрайық! – деп Петька төсектен атып тұрып, асығыс киіне бастады. – Екеуі баспалап барып төргі үйдің терезесінің пердесін сәл көтеріп, сыртқа көз жіберді. Көше толған жау әскері. Өңдеріне қарағанда майданнан қайтып келе жатқан бөлімдерге ұқсайды. Солдаттардың үстеріндегі киімдері өрт өшіргендей кір, үсті-бастары шаң-тозаң, өздері де өте жүдеу, иықтары салбырап, арып-шаршаған күйлері көрініп тұр. Терезенің пердесін қоя берген екі жігіт біріне-бірі қарап, үнсіз тұрып қалыпты. – Біз не істеуіміз керек? – деді Алеша сасыңқырап. – Бұл біз үшін оңай болмады. Бірақ мұндай жағдайда шыдамды­лық керек адамға. Әлі де болса, байқай тұрайық, – деді Петька. Түс мезгілінде Антонина Ивановнаның үйіне қасында бір топ сол­ даты бар бір неміс офицері кіріп келді. Үйдегі адамдармен сәлемдескен де жоқ, неге келгенін де айтпады. Тарамыстай қатқан офицер қасындағы солдаттарға қарап: – Сендер осы үйде жатасыңдар. Үй иелері ас пісіретін үйде жатса да болады, – деді. Солдаттың біреуі аздап орысша біледі екен. Офицердің айтқанын дөкір тілімен Антонина Ивановнаға түсіндірді. Ол кезде басқа солдат­тар қарап тұрмай үйдің азын-аулақ жиһаздарын қопарып ауыз үйге лақты­рып жатты. Петька мен Але­ша да өз заттарын ас пісіретін кішкене бөлмеге шы­ғарды. Фашистердің қайырымсыз қаталдығына ызасы келіп, қаны қайнаған Антонина Ивановна оларды көзімен атып тұр. Қолдан келер еш­ теңе жоқ. Бөлменің ортасында сілейіп тұрып қалыпты. «Бұл фашистерде ар да, ұят та жоқ деуші еді, рас екен ғой» деп ойлады ол ішінен. Жаңа ғана тап-тұйнақтай боп, жиналып тұрған үйдің іші астан-кестен болды да қалды. Төсегі бір жерде, көрпесі бір жерде, ыдыс-аяғы тағы бір жерде шашылып жатты. Ас пісіретін бөлмеге үй заттарын тасып жүрген Петьканың жанына келіп, Антонина Ивановна: – Менің төсек-орнымды, киім-кешегімді еден астына түсіріп, под­ валға қойыңдар, ыдыс-аяқ өздеріңе тамақ ішуге ке­рек болар, оларды тамақ пісіретін бөлмедегі сөреге қоясыңдар, – деді. – Өзіңіз қайда барасыз? – деді төргі үйден көрпе-жастық көтеріп келе жатқан Алеша. – Мен, мына арсыздармен бірге тұра алмаймын. Қаланың шет жағын­ да сіңілім бар еді, сонда барамын, – деді Ан­тонина Ивановна. – Бізді жаудың қолына тастап кетесіз бе? – деді Петька күлімсіреп. – Сендер еркек емессіңдер ме? – деді де Антонина Ивановна көзіне іркілген жасты сүртіп, теріс айналып кетті. Петька мен Алеша үй бұйымдарын орын-орнына қойып, немістерге екі бөлмені босатып берді. Фашистер алыс жолдан шаршап келген болу­ лары керек, әкелген төсеніштерін төр алдына жайып жатып қалды. Аздап орысша білетін неміс солдатымен тілдескенде, ол: «Біз Москва түбінен келдік. Осында дем аламыз, жаңадан күш жинаймыз, содан соң май­данға қайта барамыз» деген Петькаға.

Алексей кешке таман есік алдына шығып, өздерінің жегіп келген атына шөп салып жүрген болатын. Кенет біреудің ысқырғаны естілді. Аты үркіп бір бүйірге жалт беріп еді, Алеша шылбырынан тартып жібермеді. Айнала мүлгіп тұр. Тып-тыныш. Атына шөп салып болып, үйге қарай жүре бергенде ысқырық тағы естілді. Алеша тоқтап, жан-жағын байқап, біраз тұрды. Сонан соң: «Біздің адамдар болса, ысқырып белгі бермесе керек еді ғой», – деп ілгері қарай жүре беріп еді. Дуалдан топ етіп жерге түскен біреудің сыбдыры естілді. Алексей сасып қалды. Біреу орысшалап «тоқтай тұр» дегендей болды. Жалт қараса, еңгезердей біреу дәл қасында тұр. – Сен не қылған адамсың? Кім керек? – деді Алеша. – Сендер жатқан үйге неміс солдаттары түсіпті дейді. Сен екеуіңе жанымыз ашып, басқа бір үйге орналастырсақ деген оймен келіп едім, – деді әлгі жігіт. – Олай болғанда «мен келе жатырмын» дегендей неге ысқырасың, кімге ысқырдың? – Көшенің екінші бетіне бір жолдасымды тастап, өзім дуалға шығып, біреу қораға шығатын болар деп күтіп отырғам. Ысқырғаным – «шықты» деп жолдасыма белгі бергенім ғой. – Екінші рет неге ысқырдың? – Екінші рет жолдасыма «кете бер» деп хабарладым. – Сонда саған түн ішінде ысқыр деп пе біреу? Өзіңді немістерге айтып, қазір абақтыға жаптырып қояйын ба? Түнделетіп жүрген жансыз шығарсың сен? – деп Алеша әдейі бұра сөйледі. – Мен тыңшы емеспін, сен екеуіңе шын жаным ашып келіп тұрған адаммын. Сенбесеңіз... – деп анау сөзінің ар жағын жұтып қойды. – Жарайды, сөзді доғар. Мен сені көргенім жоқ, сен мені көргенің жоқ. Есіктен шық та тайып тұр, – деді Алеша жігіттің сөзіне онша сене қой­май. Белгісіз кісіні есіктен шығарып жіберді де, Алеша үйге кірді. Солдат­тар әлі шырт ұйқыда жатыр. Оянатын түрі жоқ. Алеша сыбдырын білдір­мей еппен басып өз бөлмесіне кірсе, Петька мұны тосып отыр екен. Екеуі жерге төсек салып жатып қалды. Үй-іші тым-тырыс. Неміс солдаттары да ешқандай дыбыс білдірмейді. Алеша Петькаға жақындай түсіп, сыбырлап: – Мен саған бір қызық айтайын, – деп, есік алдында жолыққан белгісіз адамның хикаясының бәрін қалдырмастан айтып берді. – Сенің оған сенбегенің дұрыс болды. Қазіргі кезде қалаға белгісіз бір жандар толып кеткен, олардың ішінде жауға жалданып арын сатып жүрген сұмырайлар да жоқ емес. Ондайлардан әр уақытта сақ­танып, бойыңды аулақ салып жүргеннен артығы жоқ, – деп Петька Алешаны қатты сақтандырды. Екеуі таң бозарып келе жатқанда оянды. Көрші бөлмедегі неміс солдаттары да оянған сияқты. Күбір-күбір сөйлеген сөздері естіледі. Есікті ашып, бір солдат кіріп келді. – Ішетін суды қайдан алуға болады? – дейді шала-пұла сөйлейтін орысшасымен.

– Жүріңіз, мен көрсетейін, – деп Алеша солдатты ертіп, далаға шығып кетті. Қораның төрінде тұрған су құбырының шүмегін көрсетті. Солдат қолындағы шелегіне су толтырып алды да: – Сізге рақмет, – деді Алешаға бұрылып. Солдаттар беті-қолдарын жуып, вокзал маңындағы бір асханадан тамақ ішуге кетті. Жатқан үйлерінің есігіне құлып салып бекітті де, жапжас жирен солдат Петькаға: – Сендер осында боласыңдар ғой, біз бір-екі сағаттан соң қайтып келеміз, – деді. – Иә, біз ешқайда бармаймыз, үйде боламыз, – деді Петька. Неміс солдаттары қақпадан шығысымен Петька Алешаға: – Мен осында болайын. Сен көшеге шығып маңайды байқап кел. Неміс әскерлерінің шоғырланған жері қандай, техникалары қай жерде тұр екен? Егер уақытың болса, Белованың үйіне барып, Александра Васильев­наға жолығып қайтарсың. Ол кісінің халы нешік, Москваға айтатын қандай сәлемі бар екен, біле келсең. Алеша көшеге шығып, алдымен паркке барды. Онда тізіліп тұрған машиналарды анадайдан көрді, сосын вокзал жанынан өтті, онда тұрған бірнеше танкілерді көзі шалды. Сөйтіп айналып, Белованың үйіне жетті. Алдынан жайраңдаған Александра Васильевна шыға келді. – О, қош келдің, Алеша. Өзім де ойлаған едім, біреуі қалай да бүгін келетін шығар деп. Ойым дәл шықты. Кел, жоғары шық. Отыр мына жерге, – деп, Шура Алешаның келгеніне қатты қуанды. Шураның осынша көңілді жүргеніне Алеша таң қалды. «Бұл неге қуанып жүр екен?» деді ішінен. Шура сол жайдары қалпында сөйлейді. – Мен кеше осы үйде Лидия Андреевна, Алтай, Володя сияқты тамаша адамдармен кездестім. Қаланың жайын өте жақсы білетін кісілер екен. Көп жаңа мағлұмат алдым. Сен Петькаға айт, бүгін «Үлкен жермен» байланысқа шығатын болсын. Осы қаланың ортасындағы паркте көптеген ма­шиналар тұрған көрінеді, Теміржол вокзалының шығыс жағындағы мүйісте тұрған үш қабат үйде неміс офицерлері үшін қонақ үйі ұйымдасқан. Қазір көп офицер сол үйде тұрады. Естіп отырсың ба? Ұмытпай көкейіңе тоқып ал. – Жарайды ендеше. Мен сізді көріп қана кетейін деп келген едім. Бізге келмей-ақ қойыңыздар. Біздің үйде қазір неміс солдаттары жатыр. Үй иесі Антонина Ивановна «мен бұлармен тұра алмаймын» деп, осы қала­ның бір жерінде тұратын сіңлісіне кетті. Біз екеуміз асханада тұрып жатырмыз. Бір жақсысы тыныш кісілер сияқты. – Мүләйімсіп жүрген біреулер болып, қолға түсіп қалып жүрмеңдер. Олардың ішінде де гестапоның агенттері жүреді. Байқаңдар! Алеша қалтасындағы сағатын алып қарады да: – Менің қайтатын уақытым болып қалыпты. Қош-сау болыңыз, – деп үйден шығып кетті. Көше толы топ-топ болып жүрген жау солдаты. Ерсілі-қарсылы жүріп жатқан адамдар. Осыларға қарап келе жат­қан Алеша өзіне қарсы келіп

қалған патрульді байқамай қалды. Ол екеуі бірдемені сезгендей, Алешаны тоқтатты. Ор­та бойлы семізше келген фельдфебель: – Мырза, документіңізді көрсетіңіз, – деді сызданып. Алеша жалма-жан қалтасына қол салып, бір документті фельдфебельге ұсынды. Орыс тілінде жазылған «Осы қаланың байырғы тұрғыны» деген қағазды қолына ұстап, тани алмай тұрған фельдфебель Алешаны комендатураға ертіп алып кетті. Комендатура алыс емес екен, үшеуі тез жетті. Аулаға кіріп барғанда қарсы алдынан қасында бір неміс офи­цері бар Алтай шыға келді. Фельдфебель қарсы келіп қалған Алтайды тоқтатып: – Сырымбетов мырза, мына жігіттің документін оқып, аударып жіберші, – деді Алтайдың қолына Алешаның документін ұстатып. – Бұл кісі осы қаланың адамы көрінеді, әурелемей қоя беріңіз, – деді фельдфебельге көзілдіріктің үстінен сұстана қарап. – Олай болса, мырза, үйіңізге бара беріңіз. Немістердің тырнағынан әрең құтылған Алеша: «Жаңағы жігіт жөні түзу, қайырымды кісі екен. Өзі орыс та, неміс те емес, осы біздің елдің күншығыс ұлттарының бірі болуға тиіс. Мені бір қатерден алып қалды. Шураның жолықтым де­ген жігіті осы ма, әлде?» деп ойлап келе жатты. Ол жүгіре басып келді де, сыртқы қақпасы ашық тұрған өз үйінің ауласына кіріп, аттай тулаған жүрегін әзер басты. Қорада байлаулы тұрған торы ат мұны көріп кісінеп жіберді. «Шөлдеп тұрған болар, кешеден бері суғарылған жоқ еді» деп Алеша аттың шылбырын шешіп, құдықтың басына апарып суғарды да, қайта орнына байлады. Неміс солдаттары да әлі қайтпапты. Алеша Петькаға көшеде көргені­ нің бәрін қалдырмай баяндады, Шураға жолыққанын, онан немістің аудармашысы бір қара торы жігіттің арашалап алып қалғанына дейін айтты. Тілмаш жігітке Петька да қайран қалды. – Жарайды, өзіңнің аман-есен келгенің де біз үшін олжа, – деді ол қасында отырған досының мойнынан құшақтап. Екі дос күні бойы өздерінің бөлмесінен шықпады. Түс ауа неміс солдаттары да қайтып келіп, күні бойы тағы тынығып жатты. Бір солдат бұл екеуіне келіп, сия сұрап алып кетті. Түс ауа әлгі аз да болса орысша білетін солдат дәлізде Петькаға жолығып қап: – Нан керек болса, айтыңдар, нан берейін, – деді. – Егер өздеріңнен артылғандай болса, бізге біраз нан берсеңіз, тіпті жақсы болар еді, – деді Петя, шынына көшіп. Көп күттірмей әлгі солдат екеуіне жарты бөлке қара нан әкеліп берді. Қас қарайып, ымырт үйіріліп кеткен кез. Петька кешкі асын ішіп болып, есік алдына шығып темекі тартты да, көп аялдамай бөлмеге қайта оралды. Алеша ыдыс-аяқты жинап жатқан. Қасына келді де ақырын: – Сен осы жерде бол. Мен асқа түсіп «Үлкен жермен» сөйлесуге кеттім, – деді. Ол байланыста көп отырмады. Тез қайта шықты да, естіген-білгенін сыбырлап қана Алешаға айтты.

Түн ортасы болып қалған. Жұрт шырт ұйқыда жатыр. Неміс солдат­ тарының да тұяқ серпетін түрі жоқ. Жаздың айлы түні тып-тыныш мүлгіп тұр. Мойындарына автомат асынған күзетші солдаттардан басқа тыныштықты бұзып, елең еткізер бір дыбыс жоқ. Осы бір тылсым тыныштыққа бөленген түнді кенет аспан әлемін тілгілеген самолеттер бұзды. Олар біресе зуылдап тө­мен құйылады, біресе зу етіп аспанға шығады. Енді бірде түйіліп жау әскерінің үстіне оқ жаудырып өтеді. Алеша мен Петька түк сезбегенсіп бір сәт үнсіз жатты. Солдаттардың бірде-бірі қалмай тыпырлап далаға шыққан дыбысы естілді. Петька қасында жатқан Алешаны түрткілеп: – Жүр, біз де далаға шығайық. Самолет шабуылы кезінде еш уақытта үйде отырмау керек. Оның бомбасы сенің кім екеніңді қайдан білсін, күмп етіп төбемізге түссе, екеуміз де жаумен бірге жан тапсырамыз, – деп есік жаққа бет алды. Самолеттердің бір тобы аэродром жақты төмпештеп жүргенге ұқ­ сайды. Қаланы бауырына басып алған ауыр самолет­тер ыңқылдап-күр­ сілдеп, демін ішіне тартып, әкелген сәлемдемесін емін-еркін тастап жүр. Қаланың әр жерінде өрт шыға бастады. Қала паркі жақтан бетті шар­пып, жанып жатқан бензин бактары гүрс-гүрс жарылады. Басып тұрған жерің төңкеріліп кеткендей сезіледі. Самолеттер қаланың ойран-ботқасын шығарып, лезде ғайып болды. Далада үрейі ұшып жандарын шүберекке түйіп жүрген жау солдат­тары естерін енді жинап, қимылдай баста­ды. Кейбіреулері ауланың сыр­ тына шығып, қураған қамыстай лаулап жанып жатқан өртке қарап тұр. Көпшілігі майдан сойқанына еті үйреніп кеткендер. Олардың ойында ештеңе де жоқ, түк болмағандай бөлмелеріне қайтып келіп жатты. Петька мен Алеша да көршілеріне еріп үйге кірді. Көп ұзамай жарқырап таң да атты. Солдаттар түнгі само­лет шабуылынан соң тыным тапқан жоқ, таң білінісімен бәрі дүр көтеріліп, бір жаққа кетіп қалды. Бүтін бір үйде екеуі ғана қалды. Олар да тамақтарын ішіп, өз жұмыстарына кірісті. Алеша «көрген жерде ауыл бар» деп Шураға жолығуға кетті. Не үшін екен, бүгін көшеде бейсауат жүрген жау солдаттары көрінбейді. Қаладағы мектеп үйлерінің бірін госпитальға, енді бірін солдаттар жатағына айналдырған. Түнгі шабуыл кезінде жараланған адамдарды ауруханаға әлі тасып жүргенге ұқсайды. Алеша бірнеше көшені артқа тастап, кеңінен орағытып Белованың үйіне қора жақ есігінен келіп кірді. Бүгін де Шу­ра ешқайда кетпеген екен. Ол Алешаның алдынан шығып: – Халдарың қалай, түнгі шабуыл кезінде қайда болдыңдар? – деді. – Неміс солдаттарымен бірге аулаға шығып аспанға қарадық та тұр­ дық. Біздің самолет біразын жайратты-ау деймін, – деді Алеша қуанышын жасырмай. – Есінен тандырды ғой.

– Біз қайткен күнде қасымыздағы солдаттардың сеніміне кіріп алсақ дейміз. Ол үшін бізге бір гармоньшы керек боп тұрғаны. Ал, өзіңіз білесіз; мен жаман билемеймін, – деді Алеша Шураға күлімдей қарап. – Сенің жақсы билейтініңді анада «Үлкен жерден» кететін күні көрдім ғой... Гармонь тартатын кісіні алыстан іздеп жатудың керегі жоқ. Володя Ольхов деген өзіміздің бір жігіт гармоньды өте жақсы тартады. Өзі өте сенімді адам. Сол жігіт кешке таман гармонын алып сендерге барсын. Келістік қой. – Келістік. «Үлкен жер» сізге тағы көп-көп сәлем айтыпты. Берген ақпарларыңызға өте риза болыпты. Оның нәтижесін түнде өзіңіз де көрдіңіз ғой, – деді Алеша қоштасып тұрып. Кешке таман гармонын көтеріп Володя келді. Және жалғыз емес, төрт-бес қызды бірге ерте келді. Кешкі тамақтарын ішіп қайтып келген солдаттар гармоньшыны, әсіресе келген қыздарды көріп, көздері жайнап кетті. Орысша білетін жирен солдат бірден жүгіріп Петька мен Алешаның бөлмесіне келіп: – Сен факстрот, танго күйін тарта білесің бе? – деп сұрады Володяға қарап. – Бәрін де тарта білем. – Жақсы, жақсы, – деп анау мәз болып Володяның арқасынан қақты. – Өзің билей білесің бе? – деді Алеша. – Білгенде қандай! Бүгін бір сауық кешін ұйымдастырайықшы. Тек, мына бөлме тарлау екен. Біздің бөлмеге барып билейік, – деді солдат. Володя бүгін би әуендерін нақышына келтіре, құтырта құйқылжыта тартты. Алеша билегенде алқа-қотан тұрған солдаттардың бәрі аузын ашып қарап қалды. Ол жалғыз да, қыздармен де биледі. Кеште болғандардың бәрі оның билеу мәнеріне, аяқ тастасына қарап, таң қалды. Бүгінгі сауық кеш Петька мен Алешаның ойлаған жерінен шықты. Солдаттардың бұл екеуіне деген қабағы жылынып, аз да болса, Петька мен Алешаға жылы шырай болды. Кездесіп қалғанда амандасып, жөн сұрасатын дәрежеге келіп қалды. Бір күні кеште «Ганспын» деп өзін таныстырған әлгі жи­рен шашты солдат Алеша мен Петьканы өз бөлмелеріне шақырды. Бұлар әр нәрсені әңгімелеп отырды. Төрде қисайып жатқан ашаң жүзді, шикі сары солдат Алешаның жанына келіп: – Мырза, сіз жақсы билейтін көрінесіз. Сонда, батыс биін жақсы көресіз бе, әлде орыс биін жақсы көресіз бе? – деді. – Мен биді ұлтына бөлмеймін, жақсы би кезіксе кімдікі болса да, үйренуге тырысамын. Немісше би үйретіңдерші, қазір-ақ қағып алайын, – деді Алеша. – Ән де сала білесің бе? – Білгенде қандай, мен әр елдің әнін айтамын, – деп Алеша қыза сөйлеп тұрып, асырыңқырап жіберді. Петька оң жағында тұрған Алешаға «байқап сөйле» дегендей белгі берді.

– Соғыс бітіп, елімізге қайтқандай болсақ, біздің Германияға қонақ­қа келер ме едің, әлде кешегі соғысқан елге бармаймын деп келмей қоя­сың ба?–деп сұрады Ганс. – Шіркін, соғыс бітсе екен. Онда, мен сенің еліңе қорықпай-ақ барар едім. – Соғыс бітсе, мен де Россияға келіп, осы елді емін-еркін аралар едім, – деді үшінші бір солдат. – Соғыстың тезірек біткенін кім жек көрсін... Ал, жігіттер, дем алыңдар. Біз қайтайық, – дейді Петька. – Келіп, араласып тұрыңдар. – Ықыластарыңызға көп рақмет, – деп Алеша мен Петь­ка шығып кетті. XІX Кешегі әуе шабуылы кезінде немістер бір совет самолетін атып түсірген көрінеді. Ұшқыш парашютпен қала маңындағы бір деревняның жанына түскен екен. Сол деревнядағы бір оңбаған ұшқышты ұстап алып, неміс комендантының қолына әкеліп беріпті. Ұшқышты комендатурада тоқтатпастан түнделетіп аэро­дром шта­ бына тапсырды. Генералдың орнында қалған пол­ковник тілмәш керек деп Алтайды алдырыпты. Таң атқанша неміс полковнигі совет ұшқы­ шынан жауап алды. Мейлінше қайсар жігіт екен. «Өз самолетімнен басқа ештеңені білмеймін, ал самолетімді өздеріңіз көрдіңіздер, жанып кетті» деп міз бақпастан отырып алды. Ол бір мезгілде екеуінің әңгімесін тәржімелеп отырған Алтайға қарап: «Оңбаған сатқын, сен мұнда не қып жүрген адамсың?» деп бетіне түкіріп жіберді. – Сізге не болған? Өзіңізді ұстаңыз, – деп Алтай оның ашулы жүзіне салқынқандылықпен қарап қойды. – Білемін, сенің кімге қызмет етіп, жарамсақтанып жүргеніңді! Алтай оған ренжіген жоқ. Жауап та қайырмады. Тек ішінен: «өзі нағыз батыр жігіт екен» деп сүйсінді. Тұтқынға түскен ұшқыштан берекелі ақпар ала алмаған полковник тамақтануға кетті. Тұтқынды күзетіп жүрген бірекі солдат есік алдына шығарып әкетті. Кетерінде полковник Алтайға: – Сен бір жаққа кетіп қалушы болма, осында тамақтанарсың. Мен біраздан соң қайтып ораламын, – деді. – Айтқаныңыз болады, мырза. Полковник шығысымен Алтай отырған бөлмеге Лидия Андреевна келіп: – Міне жерде екінші бір кішілеу бөлме бар. Сен сонда кір, мен тамақ алып барайын, – деді жымиып. Алтай Лидия Андреевна айтқан бөлмеге барып отырды. Сәлден соң ол тамақ алып келді. – Асқа келіңіз, – деді Лида есік жақта отырған Алтайға. – Рақмет, бүгін күні бойы жұмыста болып, тамақ іше алғаным жоқ еді, сізге кездескенім қандай жақсы болды.

– Мен сізге бір пакет берейін, бүгін қалай да Александ­ра Васильев­на­ ға тапсырыңыз. Өзі өте тығыз, – деп Лида үлкен төрт бұрышты кон­вертті ұстата берді. – Бұл не нәрсе? – деді Алтай пакетті қалтасына салып жатып. – Осы аэродромның картасы. Кешегі самолет шабуылы кезінде елдің бәрі асығып подвалға жүгіргенде, сейфтен алып қалтама салдым да, мен де офицерлермен бірге бомбадан қорғанатын жерге кеттім. Бұлар әлі картаның жоғалғанын білген жоқ. Генерал бүгін кеште ғана келеді. Сол кезде іздеуі мүмкін. Енді мен кетейін, жолың болсын, – деп Лидия Андреевна шығып кетті. Тамаққа тойып ырс-ырс еткен семіз полковник кабинетке келіп кірді. Есік алдында отырған Алтайды шақырып алды. Күзетшілер тұтқын ұшқышты қайта алып кірді. – Мынау шынын айта ма, жоқ, айтпай ма? Сұраңызшы, – деді пол­ ковник Алтайға қарап. – Полковник мырзаға айтыңыз, мен айтарымды бағана айтқанмын. Одан басқа қосарым жоқ, – деді ұшқыш. Ұшқыштың полковникке берген жауабына қатты риза бол­ған Алтай бір сөзді шашау шығармай аударып жүр. Тексеру көпке созылды, бірақ совет ұшқышы бір айтқанынан қайтпады. Өзі жиырманың бесеуіне жаңа ғана келген, бұйра шашты, төртбақ, сары жігіт екен. Оның қайсарлығына шексіз риза болған Алтай: «Ұл болсаң осындай болып ту» деді ішінен. Тексеруден әбден шаршаған полковник қалтасынан шылым алып тартты да: – Тұтқынды алып кетіңдер. Ертең сазайын тарттырармын, – деді. – Мырза, маған енді кете беруге бола ма? – деді Алтай. – Сіз де бара беріңіз. Ертең орныңызда болыңыз. Бір жаққа кетіп қалып, сізді іздеп жүрмейік. – Рақмет, сау болыңыз. Ертең сіздің бұйрығыңызды күтеміз, – деп Алтай шығып кетті. Алтай аэродромнан шығысымен, еш жерге бұрылмастан Татьяна Алексеевна Карпованың үйіне келді. Ол үйінде екен. – Саламатсыз ба? Жақсы кездескенімізді қарашы. Мына бір конвертті Александра Васильевнаға өзіңіз сұраған карта деп тез жеткізіп беріңіз. Кеште генерал Рихтер Берлиннен қайтатын көрінеді. Ол, сөз жоқ, келе картасын іздеттіреді, ондай жағдайда қала патрульге толып кетеді, сыртқа ешкімді шығармайтын болады. – Мен осы қазір апарып беремін. Маған «Үйіңде бол. Біреу сені іздеп келіп қалуы мүмкін» деген еді. Сол келетін кісі сіз екенсіз ғой, – деді Татьяна Алексеевна. – Маған мұнда көп аялдауға болмайды. Қош болыңыз, Александра Васильевнаға менен көп сәлем, – деп Алтай келген ізімен қайта шығып кетті. Татьяна Алексеевна тез киініп, дәрігерлік сумкасын мойнына салды да, тура Белованың үйіне барды. Конвертті тосып даяр отырған Александра

Васильевна кідірместен қора жақтағы есіктен шығып кетіп қалды. Оның кеткеніне бес ми­нут өтпей ауыз үйден: «жандармерияның адамдары келе жатыр» деген Ольга Тимофеевнаның дауысы естілді. Татьяна Алексеев­на өте сабырлы, ойда жоқ жерден жол тауып кететін кісі болатын. Бұл жолы да аяқ астынан ақыл тауып кетті. Жерде ойнап жүрген екі жасар ба­ланы қолға алып, оның жүрек соғысын тыңдап отыра қалды. Жандар­мның адам­дары: – Сен бұл жерде не қып отырған адамсың? – деп зекіріп қоя берді. – Мырзалар, көрмейсіңдер ме, ауру баланы қарап отырғанымды, – деп жауап берді. – Сенен басқа бұл үйге кім келді? – Мен ешкімді көргенім жоқ. Өзім жаңа ғана кірдім, – деді Татьяна Алексеевна. – Сен де ешкімді көрген жоқсың ба? – деп енді олар Ольга Тимофеевнаға бұрылды. – Мен де ешбір жанды көргенім жоқ. Өзім мынау ауру баламен әуре болып отырмын, – деді ол. Өздері төртеу екен. Біреуі дәрігердің жанында қалды да, қалған үшеуі үйдің ішін тінтуге кірісті. Қарамаған түкпірі жоқ. Тіпті әуелі от лаулап жатқан жалпақ орыс пешінің ішіне дейін ашып қарады. Біреуі шатырға шығып, үйдің төбесінде жатқан ескі-құсқы заттардың бәрін қопарыстырды. Одан жерге түсіп, сенектің ішін тінтті. Қарамаған жер қалдырмады. Ақыры еш нәрсе таба алмай, маңдайлары тасқа тиіп, жөнімен кетті. Жау тыңшыларына қулығын асырған Татьяна Алексеевна баланы қоя берді де, Ольга Тимофеевнаға: – Сен байқайсың ба? Мына жауыздар, сенің үйіңе тыңшылар қойған секілді. Мен осы үйге келгенімде ешкім байқамаған еді, мен кірісімен жетіп келгендерін көрдің бе? Сен бұдан былай байқа, біздің кісілер­дің бәріне ескерту керек, – деді. – Бәрінен де Александра Васильевнаның кетіп үлгергені қандай жақ­ сы болды. – Шураның өзі де тым сезімтал екен. Қағазды қолына ұстата салы­сы­ мен зытқанын көрдің бе? – Ол тәжірибелі барлаушы ғой. Мұнда не істеу керек екенін біледі. – Ал өзің сақ бол, – деп екі-үш рет қайталап айтты да, дәрігер көшеге шығып кетті. Татьяна Алексеевна өзі білетін үйлердің бәр-бәріне сол кеште хабарлап шықты... Генерал Рихтер Берлиннен бүгін кеш қайтты. Дәл қазір, ол кетер алдындағы Рихтерге ұқсамайды, қабағы қатулы. Сіркесі су көтермейді. Берлиндегілер сыбағасын беріп, әбден сілкілеген сияқты. Само­леттен түскен бойда, штаб офицерлерін жинап алып, шетінен қуырып шық­ ты. Өзіне тиген таяқтың өшін осы отырғандардан алып отыр. «Совет самолетінің толассыз еселей түскен шабуылына тойтарыс бере алмадың»

деп, генерал мырзаны оңдырмай қысқан көрінеді. Ұрсуын ұрысқанмен Берлин тағы көмек көрсетпек болыпты. Бұрынғыға қосымша тағы зенит зеңбіректері берілмек. Истребительдің саны да көбейтілмек. Ас пісіретін үйде жүріп Лидия Андреевна генералдың айтқандарына құлақ тігіп, бәрін есіне сақтауға тырысты. Генерал Рихтер жаңадан келетін зенит зеңбіректерін аэро­дромның қай жеріне қою жөнінде әңгімелеп отырды да, қасында отырған полков­никке: – Сейфтің кілті сенде ғой, картаны алып келе қойшы, – деді. Полковник көп іздеді картаны. Темір жәшіктің ішінің астан-кестеңін шығарды. Карта табылмады. Ол ішінен: «мен асып-сасып жүріп, бір жерге алып барып тастап кеттім бе?» деп те ойлады. Бір кезде полковник қайтып келіп: – Сейфте ешқандай карта жоқ. Өзіңіз алып кеткен жоқ па едіңіз? Мен сіздің картаны пайдаланбадым, – деді. – Қалай пайдаланбадыңыз? Онда аэродромды қалай басқардыңыз? Мүмкін біреу ұрлап әкеткен болар! – деп ақырды генерал. Картаның жоғалуы бұлар үшін шешілмейтін жұмбақ бол­ды. Қашан, қай күні, қандай жағдайда жоғалғаны қараңғы. Генерал өзі кетерде сейфтің кілтін полковникке беріп жатып, картаны да қолына ұстатқан. Бірақ полковник оның бәрін ұмытып мойындамай тұр. Бергені генералдың көз алдында сайрап тұр. – Полковник мырза, – деді генерал ашулы көзімен үй ішін бір шолып өтіп, – арамызда тамақ пісіретін аспаз Герасимовадан басқа бөтен адам жоқ. Ол самолет шабуылы кезінде қайда болған еді? Мүмкін біреулердің тапсырмасымен сол ұрлап алған болар. – Ол кісі ұрлады деп айта алмаймын. Себебі ол шабуыл кезінде бізбен бірге болды. Басқа уақытта есік алдында күзетші тұрды. – Онда, полковник мырза, сіз өзіңіз бір жерге ұмытып тастап кеткен болдыңыз. – Мен қолыма ұстағаным жоқ, – деп полковник ант ішті. – Сен қолыңа алмасаң, картаға жан бітіп, өзі кетіп қал­ды ма? – деп Рихтер мысқылмен күлді. Полковниктің денесі дір ете қалды. Көңіліне қорқыныш ұялады. «Генерал маған шынымен сенбей отыр-ау» деп ойлады. Ол бір сәт сөйлеуге шамасы келмей, тілі күрмеліп, үнсіз отырып қалды. – Генерал мырза, сіз менің қолыма ұстаттым деп, жаңылыс айтып отырсыз, – деді сәлден соң, есін жинап. – Карта жөніндегі әңгімені осымен доғарайық. Бұл мәселені гестапоның тексеруіне берелік, – деп Рихтер орнынан тұрды.

Қала коменданты Фольберді бүгін жын ұрып кеткенге ұқсайды. Алдына келген жанның бәріне құтырған бурадай жынын шашып отыр. Өңін өрт сөндіргендей қарауытып алған. Дүниедегі апат біткеннің бәрі дәл бүгін осы Фольбердің басына төніп тұрғандай. Оны мұндай күйге түсірген қала ішіндегі бүліншіліктің күннен-күнге өсіп бара жатқаны еді. Кейінгі кезде ол қаланы «бандиттерден тазалаймын» деп көптеген

қала тұрғындарын абақтыға жауып, атып, асқан. «Бандылардың бәрін ұстадым» деп, жоғарғы бастықтарына есеп те берген. Оған қарамастан совет барлаушыларының басқыншыларға қарсы күресі бұрынғысынан да үдей түсті. Кеше генералдың картасы ұрланды, оның алдында совет самолеттері қаладағы әскери объектілерге шабуыл жасады. Офицерлер жат­қан қонақ үйді тура түскен бомба қиратып, түп-орнымен жойып жіберді. Осындай жағдайлар Фольбер мырзаның жүрегіне инедей қадалып отыр. – Міне, оның шақырған адамдары да келіп кірді. Олардың ішінде гестапоның, жандармерияның адамдары, округтік полицияның бастығы Артемов бар. Фольбер кейінгі бір аптаның ішінде болған қолайсыз оқиғалардың мән-жәйін қысқаша сипаттап өтті. Оның айтуына қарағанда, қала төбесіне қара бұлт қаптап, қанатын кең жайып келе жатқанға ұқсайды. Артемовқа келгенде ол: «Сен, тағы да неміс командова­ниесіне көмек беруден бас тартып отырсың!» деді. Артемовтың қорыққаны сонша, көзі шарасынан шығып, қып-қызыл болып, бет-әлпеті пісірген шаянға ұқсап кетті. Екі самайынан айғыз-айғыз тер ағып, тым құрса ақталып, жауап беруге шамасы келмеді. Фольбер мырза қаланы Совет Армиясына көмектесіп жүрген бандалардан арылту жөнінде барлық бөлімдерге бұйрық берді. Неміс әкімшілік орындарының шақырғанына келмей, бас тартқандарды, немесе тығылып жүргендерді табанда ату керектігін айтты. Лидия Андреевна да қол қусырып босқа жатпады. Ол Алтайдан неміс командованиесінің жазалау әрекеттерін білісімен, өз адамдарын жи­ нап, сақ болуды, қауіпті жағдай туғандай болса, қайда, қалай тығылуды түсіндірді. Қала көлеміндегі жазалау шараларының негізгі толқыны өткенше кездеспей қоя тұрамыз деп ескертті. Әзірге күш сақтап, барлау, жау коммуникациясын бүлдіру ісін еселей түсудің тиімді екенін қатты тапсырды. Петька мен Алеша да қала кезулерін тоқтатты. «Үлкен жермен» байланысты да әзірше сиретті. Қаланы Фольбердің жазалау тобы қамап алып, қара түнекті төндіріп тұр. Дәл осы кезде барлау жұмысын күн демей, түн демей тоқтаусыз жүргізген Рудольф болды. Ол жұмысты сылтау қып, қаладағы әскери бөлімдер жөнінде партизандарға ақпар беріп тұрды. Түске таяп қалған мезгіл болатын. Рудольф теміржол комендатурасына келді. Ол есік алдында тосып отырмай тура комендантқа кіріп барып: – «Хайль Гитлер», – деп амандасты да, – комендант мырза, қалаға жертезекті жіберуге үш-төрт вагон бөлсеңіз, – деді. – Қазір, өзің білесің, вагон бөлу өте қиын болып жатыр, дегенмен әдейілеп келген екенсің, әзірге, екі ашық платформа берейін, – деді комендант. – Рақмет, ол платформаларды қайдан аламын? – Павлинкадағы торф заводының директорының қарамағына екі платформа жібер, – деп комендант телефонмен біреуге бұйрық берді. Вагондарды анда-мұнда жіберіп отыратын жасы елуден асқан, қатқан сары лейтенантқа келіп Рудольф:

– Сізге комендант телефон соққан еді, екі платформаны қашан жіберетіндігіңді білейін деп келдім, – деді. – Бүгін түске Кричевке қарай бір жүкті эшелон келу ке­рек, соған екі платформаны тіркеп жіберейін, өзің көріп тұрсың, станцияда эшелон тоқтайтын жер жоқ. Сығылысып сыймай тұрған техника, әскер тиелген эшелондар. Батыс жақтың бір жерінде партизандар теміржол көпірін бұзып кетіпті, соны жөндеп бітіре алмай жатыр. Сондықтан ол платформалар барып жетпеуі де мүмкін. Ол есіңде болсын, – деді лейтенант. – Жіберсең бір келер, – деп Рудольф қоштасып шығып кетті. Рудольф ұзыннан-ұзақ созылып жатқан перронмен жүріп келеді. Бірде-бір бос тұрған теміржол тармағы жоқ. ЬІғы-жығы болып сыйыспай тұрған эшелондар. Анадағы бір көргеніндей вокзал толы әскер. Ол вокзал­ дан шығып, тура қала коменданты Фольбер мырзаға келді. Комен­дант кабинетінен шығып бір жерге барайын деп жиналып жатыр екен. Есіктен кіріп келген Рудольфті көріп, сәл аялдап: – Сен қалаға торфты қашан жібересің? Бұйрықты неге орындамайсың? – деп ашу шақыра сөйледі. – Өзім де сол жөнінде келген едім. Біздің өндірісте торф бар. Бірақ теміржол вагон бермей жатыр. Жаңа ғана теміржол комендантын­ да болдым, екі ғана платформа береміз дейді. Оның өзі бізге қашан жеткізілетіні белгісіз. – Теміржол жағдайы маған түсінікті. Оны айтып уақытымды алма. Торфты қалаға тезірек жібер, – деді комендант. Сөйтті де Рудольфпен қоштасып шығып кетті. Рудольф Аняның сұрауы бойынша Алтайға жолыға кетуі керек. Сондықтан да ол әр нәрсені сылтау ғып, комендатурада біраз уақыт жүрді. Фольбердің алдында отыратын солдатпен әңгімелесіп тұрды да, сағатына қарап: – Менің жүретін уақытым болып қалған екен. Қош, сау бол, – деп есік алдына шығып кетті. «Қап! Жолыға алмадым-ау» деп өкініп келе жатыр еді, алдынан Алтай жолыға кеткені. – Жақсы кездескеніңізді қарашы, бағанадан сізді тосып жүр едім. Аняға айтатын қандай сәлемің бар? – деді Рудольф. – Анадағы кездескен соң қаладағы жағдайды өзіңіз менен де жақсы білесіз. Бүгін Володяға жолығып едім, вагон ремонттайтын заводқа толып жатқан станоктар әкелінген көрінеді. Ол станоктар заводтың негізгі корпусының оңтүстік жағына үйілген. Осы жөнінде «Үлкен жерге» хабарлаған жоқ. Екеуіміздің келе жатқанымызды біреу-міреу байқап қалар, қазір гитлершілер әр адамның кездескеніне мән беретін болыпты. Қош болыңыз, – деп Алтай комендатураға қарай кетті. Рудольф қалада көп аялдамай Павлинкаға жүріп кетті. Жолда оның өзін де талай тоқтатып тексерді. Ол поселкаға келісімен тіс ауруын сылтау қып, фельдшерге көрінуге кетті. Аняда ешкім жоқ екен. – Тағы тісім ауырып, сізге келдім, – деп Аняға қарап күлді. – Тісіңіз ауырса қазір емдейміз, – деп Аня да жымиып қойды.

– Сен үндемей тыңдай бер, мен саған қаланың әңгімесін айтайын, – деп Рудольф қалада көрген-білгенінің бәрін тізіп баяндап шықты. Алтайдың да сәлемін жеткізді. – Осы айтқанымның бәрін тез партизандарға хабарлау керек, – деді соңында. Рудольфті есік алдына дейін шығарып салды да, Аня өз бөлмесінің есігін тас қып жауып, далаға шығып кетті. Бүгінгі әңгімені ол сол сағатында партизан барлаушыларына жеткізді. Сол күні кеште-ақ совет самолеттері Рудольф хабарлаған объекті­ лерге шабуыл жасады. Теміржол станциясында тұрған эшелондардың көбі-ақ жермен-жексен болды. Володя хабарлаған станоктардан да ештеңе қалмады. Рудольфтың бір әдеті, ол өзінің ақпары бойынша ша­ буыл жасалған жерге ертеңінде барып, қорытындысын өз көзімен көрмей тынбайтын. Бұл жолы да торф тиейтін вагонды сылтау қып, вокзалға қайта барған. Кешегі толып тұрған эшелондардың бәрінің күл-талқанын шығарыпты. Ол тағы теміржол комендантына кірді. – Комендант мырза, кешегі сіз жіберемін деген ашық платформалар әлі келмей жатыр, енді не істеймін. Фольбер мырза «торф жібермедің» деп мені қысып барады. – Станцияға барып көрмейсің бе? Мен саған жоқ плат­форманы қай­ дан табамын? Кеше саған жіберемін деген екі платформаны эшелонға тір­кеп енді жібереміз деп жатқанымызда, түнде совет самолеті бомбалап жойып жіберді. – Не дейді, – деп Рудольф өкінген болды. – Бізді көп қыстай бермеңіз. Станция бойын тазалап болсын. Содан кейін жіберуге уәде берейін, – деді ко­мендант. Көптен бері бас қоспаған барлаушылар бүгін түні кездесіп отыр. Жұрт топталмай бірінен соң бірі келіп жатты. Үй иесі Ольга Тимофеевна Белова аяғынан тік тұрып қонақтарды қарсы алып жүр. Елден бұрын келген Нина Чистя­кова: – Қалай, жау қолына түспей аман қалдың ба? Сен өзің ғажап адамсың. Әр уақытта көңілді жүресің, – деп бұрқыратып сөйлей келді. – Сенің әлі балалығың қалмаған екен, көп сөйлеп кетесің, – деді Оля. Татьяна Алексеевна Карпова – көп сөзге зауқы жоқ адам. Ол Ольганы құшақтап, бетінен сүйіп амандасты да, бөлменің оң жағында тұрған орындыққа барып отырды. Лидия мен Володя бірінен соң бірі келіп кірді. Екеуі далада жолығыспаған кісіге ұқсайды. Үйге кірісімен құшақтасып амандасты. Алтай бүгін келуге тиісті емес. Онымен байланыс бұдан былайғы уақытта жасырын, ешбір жанға белгісіз болуға тиісті. Немістердің жуан ішінде жүргеннен Алтай мен Рудольф қана кездесіп тұратын болды. Лидия Андреевна өз достарын көзімен бір шолып өтті де: – Кейінгі кезде қалада болған ауыр жағдайға қарамастан, көптеген жұмыс істегендерің үшін, қалалық партия комитетінің секретары Сидоров жолдас сіздерге алғыс айтты. Ол кісінің партизан отрядында жүріп біздің барлық жұмысымызға басшылық етіп тұрғаны баршаға мәлім, – деді.

– Бізден де ол кісіге сәлем айтыңыз, – деп отырған жұрт дуылдасып қалды. – Біздің совет әскерінің Сталинград түбінде үлкен жеңіске ие болға­ нын бәріңіз білесіздер. Паулюстің армиясының қолға түскенін өткен жолы сіздерге айтқанбыз. Қазіргі хабар бойынша неміс командо­ва­ниесі барлық күшін Орлов-Курск бағытына жинап жатқан көрінеді. Біздің міндетіміз бұрынғыша осы қаланың үстін басып жүрген неміс әскерінің қай бағытқа қарай кетіп бара жатқанын бақылап, совет командо­ваниесіне хабарлап отыру. – Майдан шебі бізден онша алыс емес екен ғой, – деді Нина. – Иә, онша алыс емес! – Біздің қаланың неміс басқыншыларынан босайтын кезі де таяп қалған екен, – деді Володя. Бұдан соң Лида әркімнің нақты не істейтінін түсіндірді де, «Ал іске сәт» деп жолдастарымен қоштасты. Ай сүттей жарық. Көше мүлгіп қалыпты. Алеша маужырап қалғып кетіп отыр. Көрші бөлмедегі жау солдаттары шырт ұйқыда. Жер астында Петька ғана «Үлкен жермен» байланысып, әнеу күннен бері жинаған ақпарларын беріп жа­тыр. Радиоқабылдағышын әбден сағынып қалған адамдай, түймесінен айрылмай, бауырына басып алыпты. Көп отырды. Байланысты тоқтатып, радиоқабылдағышты құпия қуысқа тықты да, бер жағынан қараған кісіге білінбейтін етіп тесікті жапты. Сөйтті де, бөл­ месіне келіп, мұны тосып отырған Алешаны құшақтай алды. – Сүйінші! Қуанышты хабарым бар. Атқарған қызметіміз үшін Александра Васильевна үшеуімізді «Қызыл Жұлдыз» орденімен на­ градтапты. – Екі дос бірін-бірі құшақтап құттықтады. Таң сызаттанып келе жатқан. Біреулер үйдің сыртқы есігін тарсыл­ датып сындырып жібере жаздады. Оны Алеша мен Петя естімегендей жата берді. Есікті солдаттардың бірі барып ашты. Сыртқы есіктен кірген жандармерияның адамдары әлгі есік ашқан солдаттан: – Мұнда сендерден басқа тағы кім тұрады? – деп сұрады. – Мұнда бізден басқа тағы екі жас жігіт бар. Сол-ақ екен, жандармерияның адамдары Петька мен Алеша­н­ың бөлмесіне кіріп ойран сала бастады. Еңгезердей біреуі Алешаны шапа­ лақпен салып та жіберді. Екінші біреуі Петьканы жуан қамшысымен жауы­рынының қақ ортасынан тартып-тартып қалды. – Сендер бандитсіңдер. Бір жерге радиоқабылдағышты тығып, байланысқа шығып жүрсіңдер. Қамшының өрімі арқасын тіліп кеткен Петьканың дауысын естіп көрші үйдегі солдаттар келді. Олар бір сәт ештемеге түсінбей аңыра қарап тұрды да, еңгезердей иықты бір солдат Петьканы қамшының асты­на алып жүрген біреуінің үстіне бүркітше қона түсті. – Сендер бұл екеуіне соқтықпаңдар. Бұлар үшін біз жауап бе­р­еміз. Екеуі­нің ешқандай аппараты да жоқ. Ешқайда бармайды да. Бізбен бірге жатады. Екеуі де тәртіпті, бізге қызмет істеп жүрген жігіттер, – деп солдат­ тар жандармерияның адамдарын есіктен итеріп шығарып жіберді.

Олар төніп келген қатерден әзірше құтылғандай болды. Жандарм­ дардың қамшысы көбірек тиген Петьканың жоны сіресіп қозғалт­пайды. Арқасы тілім-тілім, қып-қызыл ала болған. Алешаның оң жақ көзінің үсті күлкілдеп көгеріп тұр. Екеуі бұл оқиғаға талдау жасап көп отырды. Дүниені белуарынан басып, көңілді жүрген жігіттердің өрістері аяқ астынан тарылды да қалды. Аяқтары тағы да тұсалды. Солдаттар бір жаққа кеткен. Бүгін үйде екеуінен бас­қа қыбырлаған жан жоқ. Түскі тамақтарын ішіп, ыдыс-аяқтарын жинап жатып, Петя қасында тұрған Алешаға бұрылып: – Бұл жерде енді біз істейтін ештеңе қалмады, осы бүгін орманға кетуіміз керек, – деді. – Онда Лидия Андреевнаға барып ақылдассақ қайтеді? – Иә, ол кісіге айтып кеткеніміз жөн. Алеша күндіз Лидаға жолығып қайтты. Болған оқиғаны жасырмай түгел баяндаған. Ол да тез арада орманға кетуді мақұл көріпті. Орманға жетіп алған соң «Үлкен жерге» хабарлаңдар депті. Ендігі екеуінің әңгімесі қаладан қалай кету болды. Өз бастарының қаладан шығып кетуі қиын емес. Радиоқабылдағышты қалай алып шығуға болады? Петьканың әрбір сөзін електен өткізіп сұрыптап айтқанша да біраз уақыт керек. Алеша болса, істің тез шешілгенін жақсы көретін ұшқыр жігіт. – Сен ойланып болғанша, екеуіміз су түбіне кетіп те қалармыз, – деді ол шыдамы кетіп. – Асықпа сен. «Елгезек – елге мазақ» дейді халық мақалы. – Жақсы, мен асықтырмай-ақ қояйын. Сен толғатып болғанша тостым, – деді Алеша қуланып. Петька есік алдына шығып ат суғарды, шөп салды. Қорада ілулі тұрған қамытты, доғаны қолына алып қарады, біраз уақыт арбаны төңіректеп жүрді. Сөйтті де қайтып келіп: – Алеша, – деді ауыр дем алып, – меніңше, радиоқабылдағышты арбамен шөп әкелуді сылтау қып қаладан Анто­нина Ивановна алып шықсын. Арбаның дәл астында қобдиша сыятын кішкене ғана жәшік жасап қойдым. Соған саламыз да үстіне көң-қоңыр тастай саламыз. Біз екеуіміз қаладан ертерек шығып, Мглинге баратын күре жолдың орманға жақындаған жерінде тосамыз. Сосын әрі қарай қобдишамызды алып кете береміз. Бұған қалай қарайсың? – деді. – Мынауың табылған ақыл! – деп Алеша қуанып қалды. – Бірақ оған Антонина Ивановна көнетінін қайдан білдің? – Көнеді. Кеше келгенде «ертең түс кезінде бір соғып кетемін» деген. – Онда тіпті жақсы. Сол кісіні тосайық, – деді Алеша. Көп кешікпей терезеге жақын отырған Петька: – Әне, Антонина Ивановна келе жатыр, – деді айқайлап. – Өзі бір тиянақты адам екен. Сөзінде тұрып келгені қандай жақсы болды, – деп Алеша балаша қуанды.

– Амансыздар ма? – деді кіріп келген Антонина Ива­новна. – Ойбайау, Алеша, саған не болды? Бет-аузың көкпеңбек, көкала ғой. – Құрысын, сұрамаңыз... – Не болып қалды, кеше ғана екеуің көңілді сияқты едіңдер? Бүгін жандармерияның адамдары келіп, екеумізді ұрып-соғып, бейберекетімізді шығарды, – деді Петька түсіндіріп, – менің де арқамда сау жер жоқ. – Жау әбден қаһарына мінген екен... Не қылмайсың деп ұрады­ екеуің­ді? – Мына, қасымыздағы солдаттар болмаса бізді атып кететін бе еді, кім білсін? «Үлкен жермен» байланыс жасадыңдар дейді бізге жала жауып, – деп Петька, не айтар екен деп Антонина Ивановнаға қарап тұрып қалды. – Сендер мені ештеңе білмейді деп ойладыңдар, мен анада екеуіңнің қобдишаларыңды көргенмін, бірақ өздерің тіс жарып айтпаған соң, білмеген кісі боп қоя салғанмын. Байқау керек еді... – Білсеңіз тіпті жақсы болды, сіз сол қобдишаны қаладан шығарып берсеңіз. Жақсылығыңызды өле-өлгенше ұмытпас едік. – Ойбай-ау, ол бәлені қалай алып жүремін? – Оның есебін таптық. Арбаның астына кішкене ғана жәшік жасап қойдық, соған сала қоямыз да, үстін бір нәрсемен жаба саламыз, – деп баяғы ойын Петька қайталап түсіндірді. – Мглин тас жолымен орманға қарай жүре берсеңіз, біз, алдыңыздан тосып аламыз. Үшеуі аулаға шығып арбаны көрді. Солдаттар әлі қайтпаған. Бұлар не де болса, солар жоқ кезде қобдишаны арбаға орналастырмақ болып асықты. Бәрі де ойдағыдай өтті. Алеша атты әкеліп арбаға жекті. Бір­неше күннен бері шөпте тұрып тынығып қалған ат тықыршып жер тарпып тұр. Арбаға отырған Антонина Ивановна: – Мен кете берейін, екеуің төте жолмен келерсіңдер. Егер мен келісілген жерге сендерден бұрын барсам, атты доғарып отқа қоямын да, өзім жолдың шетінен шөп шаба беремін. Ал кеттім, – деп аттың божысын қағып қалып еді, ерігіп тұрған жануар желе жөнелді. Антонина Ивановна қала шетіне шыға бергенде алдынан екі солдат қарсы шығып: – Мадам, қайда барасыз, документіңізді көрсетіңіз? – деді. Ол аспай-саспай қалтасындағы Рославль қаласының тұрғыны деген документін алып, шеттегі солдаттың қолына ұстатты. Ол документті ашып оқып, қайырып берді. Екінші солдат «ештеңе жоқ па» дегендей көзімен арбаны бір шолып өтті де: – Қайда бара жатырсың? – деді. – Атыма шөп шауып әкелейін деп, қала сыртына кетіп бара жатыр­ мын. – Олай болса, бара беріңіз. Келіскен жерге Антонина Ивановна тез жетті. Барысымен атты доғарып, арбаның үстіне шөп салып, байлап қойды. Өзі шалғысын қолына алып, қалың шалғынды шаба баста­ды. Өзі шөп шабуды ұмытпапты. Көсіле сілтеп жүр. Әп-сәтте едәуір шауып тастады.

«Осы шапқаным да жетер» деп ол шабылған шөпті жинай бастады. Көп ұзамай-ақ Петька мен Алеша да жетті. – Міне, біз де шөп шабуға келдік, – деді Алеша арбаға шөп тиеп жатқан Антонина Ивановнаның жанына келіп. Ол дереу қобдишаға салған радиоқабылдағышын шөптің астынан алды да: – Антонина Ивановна, сізге көп рақмет! Біз «Үлкен жер­ден» келген совет барлаушылары болатынбыз. Қоштасар алдында шынымызды айтпасақ болмас. Бізге жасаған жақсылығыңызды, мына топалаңнан аман қалсақ, бір қайтарармыз. Ал егер ол күнді көре алмай кеткендей болсақ, сізге амандық, бақыт тілейміз, – деп Алеша қасында үн-түнсіз төмен қарап тұрған Петькаға бұрылды. – Ал кеттік. Бұл маңда көп аялдауға болмайды. Біреу-міреу келіп қалуы мүмкін. Антонина Ивановнамен қимай қоштасып Алеша мен Петь­ка да Ворга поселкасының солтүстік жағындағы ну қарағайға сіңіп, жоқ болды. Антонина Ивановна да ол екеуі кетісімен шөбін тиеп, ортан белінен кендір арқанмен шандып байлады да, қалаға қарай жүріп кетті. Ол өз үйіне қайта оралмады. Шөп тиеген арбаны қалаға кіре берісте тұратын бір танысына тастап кетті. XX Вагон жөндейтін заводтың іші кең, еңсесі биік. Володя күн бұрын бірден-екіден портфеліне салып әкеп, осы цехтың жан көрмейтін бір жеріне бес-алты магнитті минаны тығып қойған. Бүгін екі цехтан бесалты вагон, бір паровоз күрделі жөндеуден шықты. Қызмет аяқталысымен темір жол коменданты жөндеуден шыққан вагондарды қабылдап алуға тиіс. Володя маңайды тағы бір шолып шықты. Қыбырлаған бірде-бір жан көрінбеді. Вагондар ұзыннан-ұзақ тізіліп тұр. Бомбаның астында бір жатып шыққан вагондардың төсі шұрық-шұрық тесік. Володя әр вагонның дәл ортан беліндегі көлденең темірдің іш жағына магнитты миналарды жапсырды. Жарылған бомбаның ұсақ жарықшақтары қабырғасын осыпосып кеткен паровоздың қойнына да миналарды тығып-тығып жіберді. Миналар он сағаттай ғана шыдап жатады. Одан соң күңіреніп кеудесін жарып шығады. Завод қорасында біреулердің дабырлап сөйлеген дауысы шықты. Тағалы аттың жүрісіне ұқсайды. Теміржол комендантының адамдары вагонды алып кетуге келе жатқан беті. Оларды қарсы алған Володя Ольхов. – «Хайль Гитлер», – деп оң қолын ілгері тастап амандасты. Келген немістер де Володяның айтқанын қайталады. – Даяр болған вагондарды көрсет, – деді мыртықтау кел­ген аласа неміс. Володя даяр тұрған вагондарды көрсетті. Қасындағылары паровоз бригадасы екен. Олар паровозды әрі-бері жылжытып қозғады да, вагондарды тіркеп вокзалға алып кетті.

Жексенбі. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ, шайдай ашық. Жаздың жазиралы күні маужырап тұр. Фольбер мырза көңіл көтергісі келіп, өз пәтеріне қонақтар шақырған болатын. Өзінің ескі досы Рудольф келі­ сілген мерзімде келіп жетті. Ол ауыз үйдің есігін ашып кіріп келгенде, алдынан: «қош келдіңіз» деп бір жас қыз шыға келді. Ол амандасты да: «Осы қызды мен қайдан көрдім?» деп тұрып қалды. Зина да Рудольфқа қарап бір сәт аңырып тұрды. – Мен сізді қайдан көрдім деп, таба алмай тұр едім, есіме енді түсті, – деді қыз. – Соғыс басталған жылы, біздің қа­ланы неміс әскері ең алғаш басып алған күні, есіңізде бар ма, терезеден қарап отырған мені көріп үш неміс, біздің үйге келіп ойран салғаны. Сіз сонда мені қорғап қалған болатынсыз, – деп Зина Рудольфтың мойнынан құшақтап, сүйді. – Ол оқиға менің есіме енді түсті. Онан бері талай оқиғалар бастан кешті. Мен ол кезде солдат қана едім. Енді офи­цер болдым. Осыдан бір жарым жыл бұрын Москва түбінде алдыңғы шепте жүргенімде ауыр жараландым. Осы қаладағы госпитальда емделдім. Тәуір болы­сымен осы қала түбіндегі Павлинка поселкасындағы торф өндірісінде қызмет істеп жатырмын. Майданға баруға денсаулығым жарамайтын бол­ды, – деп Рудольф қысқаша өз тарихын айтып, Зинамен күтпеген жерде кездескеніне ол да қуанып қалды. Оның артынша іле-шала тілмаш Алтай Сырымбетов, Лида келді. Бұлардың бәрін күндізгі сағат екіге шақырған болатын. Жиналған қонақтар Фольбер мырзаны тосты. Бәрін басқарып жүрген Зина: – Сіздер ғафу етіңіздер, Фольбер мырза бір жұмыспен кешігіп жатқан болар. Тоса тұрайық. Фольбер мырза сағат төртке жақындағанда келді. Өңі қашқан. Сұпсұр. Кіші-гірім нәрсеге ұнжарғасы түсе қоймайтын Фольбердің бүгін­гі жүзі өрт сөндіргендей. Қасына келген Рудольф: – Фольбер, саған не болды? Бір жерің ауырды ма? – деді. – Денім сау, бірақ өткен түндегі самолет шабуылын естіген болар­ сыңдар? – Естідік, бірақ анығын білген кісі жоқ. Айтыңызшы не болғанын? – деді Рудольф. – Анада генерал Рихтердің картасы жоғалыпты деп естіген бола­тын­ быз. Сол карта совет ұшқыштарының қолына тиген болу керек. Кешегі совет самолеттері зенит зеңбірегінің ұясына бомбаны өте дәл таста­ ғандықтан аэродромның қорғаныс пункттерінің бірде-бірін қалдырмай жойып жіберіпті. Оның үстіне теміржол комендатурасы кеше вагон жөндейтін заводтан жөндеуден шыққан бірнеше вагонды қабыл­дап алғанды. Сол вагондарға майданға баратын солдаттар мен тех­ника тиеп Брянск жаққа жіберген болатынбыз. Сол вагондар таңға жуық жолда кетіп бара жатқанда мина жарылып, құлаған көрінеді. Бірде-бір солдат қалмай опат болыпты. Бағанадан бері соның әлегімен жүрдім, – деді Фольбер мырза. – Бұл тіпті аянышты, қайғылы жағдай екен. – Рудольф үнсіз тұрып қалды.

– Қайғыра бергенмен, өлгендер қайтып келмейді, қираған орнына түспейді, тіріміз ойнап-күліп қалайық, – деп Фольбер мырза Зинаның қасына келіп, оның сары шашынан сипады, – мен саған кеше айтайын деп ұмытып кетіппін, осында бір гармоньшы жігіт бар деп едің, соны неге шақырмадың? Музыкасыз бірімізге-біріміз қарап отырсақ, көңілсіз болар, сол жігітті тезірек тауып әкелсең қайтер еді? – деді Алтайға. – Ондай болса, шақыру керек, – деді Алтай Володяны бұрын білмейтін кісідей. – Ол кісіні біз Алтай екеуміз шақырып келейік, – деді Лида. Лида мен Алтай Володяны ертіп тез оралды. Володя гармонын көк мауытымен көмкерген сандықшаға салып, аузын кілттеп қойған екен. Ол гармоньды қолына алып, сәл уақыт бабына келтіріп дыңғырлатып отыр­ ды да, күй тартып безілдете жөнелді. Көптен сауық кеші болмай би сағынып қалған Алтай жалғыз өзі гоппакты билей жөнелді. Отырған жұрт оның аяқ алысына таңда­нып қалыпты. Алтайдың ұшқыр билейтінін білетін Володя гармоньды бар­ лық пәрменімен безек қақтырып, шапшаң тартты. Алтай да екі иығын жұлып жеп серіппедей ыршып түсіп, қолды-аяққа тұрмай жүр. Күй әуені жоғарылап барып тоқтады. Жұрт гармонь тартып отырған Володяға да, билеген Алтайға да құрмет көрсетіп қол шапалақтады. Ендігі жерде қыз бен жігіттер қосарланып, бірде фокстротты, бірде тангоны билеп жүрді. Жаз айының тамаша бір тұнық күні тартылған осы бір күй адамның сезімін баурап, әуеніне бағындырып алғандай. Жау­дың да, достың да көптен бері тосқан бейбітшілік күні дәл бүгін, осы жерде орнағандай сезіледі. Зинамен билеп жүрген Фольбер бір мезгілде шеттеп барып тоқтады. – Мырзалар, – деді ол, қонақтарына қарап, – біздің кешіміз мұнан да көңілді болу үшін енді стол басына келіңіздер. Музыка әуеніне мастанып жүрген жұрт үй иесінің айтқанын құр­меттеп стол басына жиналды. Столда бір бөтелке шнапс тұр, әртүрлі консер­ві­ден жасалған неміс тағамдары бар. Фольбер алдында рюмкаға құюлы тұрған арағын көтеріп, көзімен елді бір шолып өтті де: – Мырзалар, – деді ол, – мына алғашқы рюмканы ұлы Германиян­ың жеңісі үшін алып қояйық. Елдің бәрі де қолындағы рюмкаларын тақырлай ішті. Стол үстіндегі тағамдардан ауыз тиіп жатты. Бір бөтелке шнапс бір құйғаннан қалмады. Фольбер ас үйдегі шкафты ашып, та­ғы бір бөтелке шнапс алып келді. Гармонь қайта тартылды. Лидия Андреевна жалғыз өзі күншығыс елінің бір биін билей жөнелді. Музыканың ырғағына еріп билегенде тұрған жұртты ол өзінің шебер билеуімен таң қалдырды. Ол біресе екі иығын дірдек қақтырып, біресе мойнын бұраңдатып, көзін ойнатып тым әсем биледі. Бүгінгі Фольбер мырзаның шақыруымен ұйымдасқан сауық кеші көптен болмаған, есте қалатындай кеш болды. Ойын-сауық бітіп, жұрт үйді-үйіне тарап жатты. Қас қарайып, ымырт жабылған мезгіл. Фольбер мен Зина қонақтарды есік алдында тұрып шығарып салды. Келесі бір көшенің бұрышына барғанша, олар екі-екіден

қол ұстасып келді де, Лиданы ертіп Володя тура көшемен кетті. Рудольф пен Алтай екеуі сол жақтарындағы тар көшеге қарай бұрылды. Былай шыға беріп Рудольф маңайды көзімен бір шолып өтті де: – Сен неміс бөлімдеріне тәржімеші болып жүрген Павел Соломо­нович Михайловты білесің бе? – деді Алтайға қарап. – Білгенде қандай. Жақсы білемін. Бірнеше рет кездескенім де бар. – Білсең болды. Бүгін күндіз мен қала гестапосының бір қызмет­ керіне жолығып едім. Ол менімен дос кісі. «Қандай жаңалығың бар?» деп сұрағынымда, «Павел Соломонович де­ген тәржімеші большевик көрінеді. Оны біз алдақашан абақтыға жауып қоятын едік, тағы да анықтай түсетін бір мәселесі болса да ұстамаған болатынбыз. Анықтайтыны­мызды анықтадық, енді бүгін-ертең абақтыға жабамыз», – деді. – Сіздің мына айтқаныңыз мен үшін үлкен жаңалық, – деді Алтай. – Мен бұл әңгімені сізге сеніп айтып келемін. Маған сіз жөнінде Аня толық түсіндірген болатын, – деді Рудольф. – Сенім білдіргеніңіз үшін көп рақмет. Рудольф комендатураның жанында оны тосып тұрған жеңіл машинаға мінді де, Алтаймен қоштасып жүріп кетті. Ал­тай: «Павел Соломо­нович жөнінде Лидия Андреевна және Володя Ольховпен ақылдасқан жөн» деп Володяның үйіне кетті. Алтай ауланың есігін ашып қораға кіргенде, ол екеуі де жаңа ғана келіп, май шамды жағып жатыр екен. Шам жарығының ала көлеңкесінде Алтайды Лида әзер танып: – Сен жаңа ғана Рудольфпен бірге кеткенің қайда? Ойда жоқта келіп, қорқытып жібердің ғой. – Мен мұнда келемін деген ойым жоқ еді. Аяқ астынан бір жұмыс болып қалды. – Қандай жұмыс? – деп екеуі аңырып Алтайға қарап қалыпты. – Павел Соломоновичты коммунист деп гестапо абақтыға жабайын деп жатқан көрінеді. Рудольф оған «бүгін түні ескерту керек» дейді. – Павел Соломонович соғыстың алғашқы күндерінен бас­тап біздің әскердің барлаушысы болды. Ол көптеген бағалы хабарларды бізге айтып отырды. Оған жай ескертіп қана қою емес, құтқару керек. Дәл бүгін түні қаладан шығарып әкете алмаспыз. Сондықтан, әзірге оны Нина Чистякованың үйіне паналату керек. Ол үшін, Алтай, сен Павел Соломоновичқа барып, қазір Чистякованың үйіне тығылатын бол деп тапсыр. Володя барып Чистякованың үйі ішіне ескертсін, – деді Ли­дия Андреевна. Түн ортасы ауып бара жатқан мезгіл. Павел Соломонович Алтайға жолығып жағдайды білісімен, үстіне бір қабат киімін іле салып тура Чистякованың үйіне келді. Ол үйді өзі бұрыннан жақсы біледі екен. Көше жақтағы есіктен кірмей, қора жақтағы есікпен келіп кірді де, есікті ашты. Ар жағынан: – Бұл кім? – деген біреудің жуан дауысы естілді. – Бұл мен ғой, қорықпай-ақ қойыңыз, – деп Павел Соло­монович үйге кірді. – Е, сіз екенсіз ғой, қош келдіңіз, – деді үй иесі қарт адам.

– Шырағым, – деді қарт, – саған бұл жерге көп отыруға бол­майды. Кім білсін, жансыздардың бірі келіп қалып, сені де, бізді де ұстап әке­тіп жүрмесін. Сен мына біздің еденнің астында боласың. Қазір қаладан шығу өте қиын. Күзет күшті. Партизандарға шығып кеткеніңше еден ас­тын­да бола тұрасың. Тамақты беріп тұрамыз. Сен үшін әдейілеп төсек са­лып та қойдық. Павел Соломоновичты ертеңінде таң атысымен-ақ гестапоның қызметкерлері іздей бастады. Жатқан үйінің астан-кестеңін шығарды. Іздемеген жер қалмады. Сезікті деген үйлердің маңайына жансыздарын тығындай берді. Қаладан шыға беріс көшелерді атты қарауылға тол­тырды. Жақын жердегі деревняларға да жансыздар тіміскілеп барып жатты. Бірақ қанша сабылып іздегенімен оны таба алмады. Жердің асты­на түсіп кеткендей, ұшты-күйлі жоқ болды. Павел Соломонович Чистяковтың еденінің астында тығылып жатқанына бақандай бір апта болды. Жау іздеуді сирете бастады. Көшекөшеде жүрген атты патрульдер тоқтатылды. Сұрау салу да қойыл­ ды. Осыны білген Лидия Андреевна сенбі күні түні Павел Соломоно­ вичты партизандарға жеткізіп тастауды ұйғарды. Кісі көп жүрмейтін тар көшелермен бастап отырып Володя Ольхов оны қаланың оңтүстік жақ шетіне шығарды. Содан әрі Павлинка поселкасына қарай жолды жағалап жүріп отырса, қаладан бес километр жерде, келісім бойынша, Аня мен Рудольф ат-арбамен тосып алмақ бола­тын. Келісілген тал шыбыққа жақындап келіп, олар қалың шөп ара­сында бұғып жатып маңайын байқап, сыбдыр еткеннің бәріне құлақ тікті. Павел Соломоновичтың аз күннің ішінде арса-арса боп сүйегі ғана қалған. Маңайда ит те үрмейді, жүріп жатқан кісі де көрінбейді. Айсыз қа­раң­ ғы түн. Туған жердің алақандай бөлшегіне бауырын басып жат­қан­ның өзіне де Павелдің әлсіреген денесі сергігендей болды. Көп ұзамай-ақ атарбаның дүбірі естілді. – Рудольф пен Аня болу керек, – деді Володя қасында бүк түсіп жат­қан Павелға. Сықыр-сықыр етіп ақырын ілбіп келе жатқан арбада екі кісі отыр­ға­ны анық болды. Аттың басын ұстаған адам божыны тежей тартып: – Олар осы маңда болуға тиіс. Әрі қарай жүруге болмайды, – деп тоқтады. Күн бұрын келісілген белгі – бақаның дауысына салып бақылдау болатын. Володя жас кезінде бақаның дауысын бұлжытпай салатын. Сол өнері бүгін пайдаға асты. – Әне, естіп келесің бе, бақылдап жатқанын? – деп олар атының ба­ сын бұл екеуі жатқан жаққа қарай бұрды. Амандасып болған соң: – Володя, сен келген жолыңмен қайта бер. Біз кері жүрейік, уақыты­ мыз тығыз, – деді Рудольф. Арбаға жеккен аттары лыпылдап тұрған жүрдек жануар екен. Делбе қақтырмайды. Жыланша бұраңдаған қара жолға түсіп алып есіп келеді. Екеуінің арасында отырған Павел Аняға қарап:

– Менің тамақ ішпегеніме бір тәуліктен асып кетті. Қалай тамақтанып алсам екен, – деді талмаусыраған дауыспен. – Бүгін шыдаңыз, Павел Соломонович, қазірше ешбір деревняға соқпаймыз, – деді Аня. – Біздің баратын деревнямыз алыс па? – Жоқ, алыс емес. Бірақ деревняға көрінуге болмайды. Немістер сені іздеген кезде, ол деревняға тыңшыларын толтырған болар. Таңертеңге дейін не болса да шыдайтын бол, – деді Рудольф. Олар таңға жақын Горохово деревнясының ең шетінде оқшау тұрған егін басатын сарайға таяу келіп тоқтады. Сарай­дың іші-сыртын өзі барып қарап шықты да: – Сен осы сарайдың ішінде сабанға тығылып жатасың. Ертең ерте осы сарайдың жанына партизандар келіп, бағанағы Володя құсап бақаша бақылдайды. Сонда ғана шығып, көрініс бересің. Қарным ашты деп деревняға барушы болма, – деді Рудольф. – Жақсы, айтқандарыңның бәрін бұлжытпай орындаймын, – деп Павел қоштасып сарайға кіріп кетті. Аня мен Рудольф Павлинка поселкесіне тура жолмен тартты. Рославль қаласынан келе жатқан адамдарша бұлар жолдың жел жағына шығып алып, аттың пәрменді желісімен есіп келе жатты. Поселкаға кіре берісте күзетте жүрген бес-алты полицай бұларды басында танымай қалды да, артынан «өзіміздің Рудольф мырза екен» деп екеуін тоқтатпай қоя берді. Павел Соломонович түні бойы тоңып, ұйықтай алмады. Бір тәуліктен астам дәм татпаған оны аштық та қысып, ішін қуырып барады. Таң бозарып атып қалды. Аспанда жыпырлаған жұлдыздар бір-бірлеп сөніп жатты. Деревня тұрғындарының кейбіреулері сиырын сауып болып, өріске қарай айдап салып жүр. Осының бәрін сарайдың тесігінен Павел көріп тұр. Бір мезгілде сиырын өріске айдап салып, бір әйел тура сарай­ дың есік алдынан өтіп бара жатты. Павелдің шыдамы кетіп: «Не де болса, осы әйелге жолығып, бір тілім нан сұрайын» деп ойлады, сабан үстінен ырғып жерге түсті де, сарайдың есігін ашып: – Азаматша, үйің алыс болмаса, бір тілім нан әкеліп берсең қайтеді. Қарным ашып тұрғаны, – деді. – Сен мұнда не қып жүрген адамсың? – деді тоқ балтырлы семіз әйел. – Өз адамдарыңмын ғой, – деді Павел. – Олай болса, отыра тұр, қазір әкеп берейін, деп әйел жүгіре басып үйіне кетті. Әйел кетісімен, ізінше, біреулер жақындап келіп қалды. Сарайды айнала қоршап алғандай болды. Бір-екеуі сарайдың төбесіне шыққа­ ны байқалды. Жолдастарының айтқан шартын орындамай бұзғаны үшін Павел бармағын шайнады. Қоршап алғандардың төртеу-бесеуі сарайдың есігін ашып: – Ей, бандит, сыртқа шық, енді қарсыласқаннан пайда жоқ, – деп айқайлады. Біреуі дереу сабанның үстіне шығып, бұғып жатқан Па­вел Соло­мо­ новичты суырып алды да, желкелеп далаға сүйреп шығарды.

Сарай алдында оқшаулау тұрған сары мұртты, орта бойлы біреу осылардың бастықтары болу керек: – Маған таман әкел, мен бұл бандитке нан жегізейін. Әй, мынау әнеу күнгі қашып кетті деген большевик емес пе? – деп қалтасынан бірде­ңені алып шығып, – ой, қараңдар, дәл өзі, мына суреттен аумайды. Ол осы сөзді айтты да қамшысын үйіріп, Павелды жоннан тартыптартып жіберді. Өзі онсыз да жығылайын деп тұрған Павел бірден құлап түсті. – Көп ұра бермеңдер, өліп қалып пәлесіне қаласыңдар. Естеріңде бар ма, ұстап алсаңдар, өлтірмей, тірідей әкеліңдер дегені, – деді біреу басу айтып. – Онда қазір қалаға апарып, Фольбер мырзаның қо­лына тапсырайық, – деді әлгі бастық мұртын ширатып. Жерден алтын тапқандай төрт арбаға дуылдаса тиелген полицайлар зуылдатып қалаға лезде жетті. Манағы мұртты арбадан секіріп түсіп, аялдамастан, тура Фольбердің бөлмесіне барып кірді. – Фольбер мырза, бүгін таңертең анада қашып кеткен коммунисті біздің деревнядан ұстадық, – деп, қалай ұстағанын мақтанышпен айтып шықты. – Мінеки, фюрерге осылай қызмет істеу керек, – деді Фольбер орнынан тұрып. – «Хайль Гитлер», – деп әлгі сатқын оң қолын ілгері сілтеп, мәз болып қалды. Павел Соломоновичты сол күні-ақ гестапоның қарамағына берді. Олар тексеру жұмысын бірден бастады. Ол екі күн бойы ұрған-соқ­қанына қарамастан гестапоның тергеушісіне жауап бермей жатып алды. Тергеуші оған бір ғана сұрақ қойды: «Осы қалада бір ай бойы сені тығып асы­ раған кім? Осыны айтсаң, өміріңді сақтаймыз», – дейді неміс тер­геушісі сайқалданып. Ол «ештеңе білмеймін» деген сөзден таймайды. Тергеу көпке созылды. Фашистер бірнеше күн бойы ұтылап тергеу жүргізді. Павел ұйқыдан қалды. Сандырақтап сөйлей беретін болды. Олардың күткені де осы еді. Бір түні тергеуші сандырақтап жатқан Павелдің аузынан «Чистякова» дегендей сөзді естіді. Сонан соң осы бір жалғыз сөзді мықтап ұстап ал­ды. Ертеңіне гестапоның сенімсіз адамдар тізімін қарап отырып, «Чистяков» деген фамилияны тауып алады. Сол тізімде ол кісінің адресі де бар екен. Тергеуші аялдамастан қасына бірнеше солдат ертіп, тура Чистяковтың үйіне келді. Шалды да, кемпірін де, қызы Нина­ны да абақтыға қамап, тергеуге алды. Ұзаққа созылған тергеу кезінде кемпір мен шал міз бақпай, «ештеңені білмейміз, ешкімді тыққан жоқпыз» деген сөзді қайталай берді. Ал, Нина Чистякованы бірде ұрып-соғып, бірде алдап, «шыныңды айтсаң өміріңді сақтаймыз» деп, талмастан тергеу жүргізді. Бір күні түнде шырт ұйқыда жатқан жерінен оятып әкеліп: – Сендердің бастықтарың кім? Фамилиясын айт, – деп басында адам құсап сұрап отырады да, аяғында Нина ешкімнің фамилиясын айта

қоймаған соң, күн бұрын дайындап қойған қырлы қамшымен жонынан шықпыртып-шықпыртып жіберді. Көзден жас, беттен қан бұрқ ете қалады. Қамшыдан бетін қорғап, бүк түсіп жатып алды. Бір мезгілде алақанына қараса, қып-қызыл ұйыған қан, арқасы удай ашып, қозғалтпай қалыпты. Қамшымен ұрып жүрген тергеушінің өзі емес. Басқа бір солдаттар. Өздері екеу-үшеу. Кезек-кезек жемтікке жабылған аш қасқырша мұны осқылап жүр. Нина бұлардың осынша айуандығына шыдай алмай, тергеудің бір ауыр түнінде: – Бізді басқарып жүрген бас барлаушы – Лидия Андре­евна Герасимова, – деп айтып салды. Оның басқа жолдастарын атауға шамасы да келмеді. Тиген таяқ уытына шыдай алмай талып, сұлық жатып алды. Герасимова деген сөзді берік ұстаған тергеушілер ар жағына көңіл де қоймады. Нина да одан әрі есін жинай алмады. Одан шыбын жанына пайда ти­ген жоқ. Ол бәрібір гестапо қолынан қаза болды. Лидия Андреевна ерте тұрып есік алдына шыққанда жаңбыр шелектеп құйып тұр екен. Аспанды қара бұлт торлап алыпты. Ол көшені бойлап жұмысына кетіп бара жатқанда, соңынан салдыр-гүлдір етіп шапшаң келе жатқан жабық ма­шина онымен қатарласып келіп, кілт тоқтай қалды. Машинадан секіріп-секіріп түскен қорқау қасқырға ұқсас біреулер, сөзге келместен, Лидия Андреевнаны қапсыра құшақтап алып, машинаның арт жағындағы есіктен лақтырды да жіберді. Лидияның «сендер не қылған адамсыңдар» деуге де шамасы келмеді. Машина тура гестапоның үйіне алып келді. Лидия өзінің жау қолына түскенін анық сезді. Күні-түні қатал тергеу жүргізілді. Ұрусоғу, тырнағының астына ине сұғу, жалаң-аяқ суық суға тұрғызып қою сияқты, толып жатқан адам айтқысыз қаталдықпен азаптап қинады. Осының бәріне шыдап бақты. Өзінің нағыз қайсарлығын Лидия осы бір айуандық тексеру үстінде әбден танытты. Жолдастарының бірде-бірінің атын атамады, гестапо тексеру жұмысын әрі созбайтын бол­ды. Өйткені Совет Армиясының шабуылы жақындаған сайын жаудың зәресі кетіп, сасқалақтай бастаған. Лиданың ұсталғаны жөніндегі хабарды Алтай сол сағатында естіді. Ол көп ойланып тұрмады. Жұмыс әредігін пайдаланып ұшқан құстай жүгі­ріп Володяға келді. Ол ештеңені білмейді. Аңырып тұрып қалды. – Сен мезгілсіз уақытта неге келдің? – деді ол. – Лиданы гестапо абақтыға жауыпты, ендігі кезек біздікі. Жүр, кеттік. Аня мен Рудольфты алып орманға кетейік, – деді Алтай. Екеуі одан әрі сөзге келмеді. Кіші-гірім көшелермен жүріп қа­ладан шықты да тура Павлинка поселкасына барды. Аня қызметінде екен. Алтай Аняға сұраусыз кіріп барды. – Алтай, өңің қашып кетіпті ғой, не болды саған? – деп орнынан тұрып есікке қарай жүрді. – Лиданы гестапо абықтыға жапты. Рудольфқа хабарла. Тезірек орманға кету керек.

– Олай болса сендер жүре беріңдер. Біз кешікпей посел­ке сыртын­дағы қалың қайың ішінде боламыз, – деп Аня Алтайды тез шығарып салды. Володя мен Алтай жолдастарын орман ішінде көп тосты. Алтай жұмыр қайыңға сүйеніп әр нәрсені ойлап отыр. Тіпті қасын­дағы Володяны да ұмытып кетті. Оның ой-қиялы сан-саққа жүгіріп, ақыры мынадай түйінге келді. «Адамзат – өмір перзенті. Шырылдап жерге түскен күннен-ақ адам баласы жарық дүниеге ғашық. Шіркін, өмір, сен қандай тамашасың?! Сен адамды нұрға да бөлейсің, шыңға да шығарасың. Тіпті бағзы бір мезетте теңіздің долы толқынындай жарға да соғасың! Жұтам деп жұлқына ұмтылған долы толқынның аранынан алып та қалатын – өзіңсің! Өмір, сен кейде әділсің, кейде қайырымсыз, қаталсың да... Біреуге қанат бітіріп, аспандата көтеріп әкететін де, біреуді аспан әлемінен доптай домалатып, жерге лақтырып тастайтын да – өзіңсің. Не деген құдірет едің, сен, өмір...» – Алтай, сен үндемей қалдың ғой. Рудольф пен Аня ке­ле жатыр. Жүр, кеттік, – деді Володя ұшып тұрып. – Адам кейде қызық қой. Сәл оңаша қалсаң қайдағы бір ойлар торлап, мазаңды алады... – деп олар да орынынан тұра келді. 1943 жылдың август айының бір күнінде фашистер Лида Андреевна Герасимованы қала зиратының басына алып бар­ды. Қос бәйтеректің арасына арқан байлап, дар дайындаған екен. Лиданы жабық маши­на­дан алып шықты да, жиналған адамдардың көзінше мойнына кендір арқан салды, гестапоның бастығы: – Қандай тілегің бар, – деп сұрады. – Жасасын коммунизм!.. Сендердің де дарға тартылар кезде­рің жақын қалды, жауыздар, күресті жа... – дей бергенде соңғы сөзінің аяғын айттырмай, кендір арқан Лидия Андреевнаның денесін жоғары қарай созып, тартып бара жатты... – Бір күн өткен соң достары ұрланып барып, оның денесін сол зират­қа жерледі. Жау қолында қалып қансыраған, қайғысы кекке айналып, кегі от боп жанған, бірақ қанша азап тартса да, белін бүгіп жауға берілмеген орыстың осы бір көне қаласын Совет Армиясы Лидия Андреевна Герасимова жау қолынан қаза тапқаннан кейін тура қырық күн өткенде фашистердің улы тырнағынан азат етті. Алтай Сырымбетов пен Владимир Ольхов, антифашист Рудольф және басқа достары қаланы басқыншы­лардан босату шабуылына қатынасып, одан совет әскеріне қосылып, батысқа қарай жауды қуысып кетті. 1969–1970 ж.

Осы еңбегімді сүйікті қызым Әлияға арнаймын. Автор. АРБАСУ 941 жылдың маусым айы. Аспанда шөкімдей де бұлт жоқ. Маужыраған тымық күн. Ақылбай Сабырбаев �������������� Батыс Белорус­ сия жеріндегі бір қалада танк дивизиясының штабында қызмет атқарып жүрген. Ол күні бойы штабта қызметте болды да, кешкі тамағын ішіп, жатақханаға келді. Жуықта ғана кіші лейтенант атағын алған. Кішілеу бір бөлмеде жалғыз өзі жататын. Бөлмесінде темір төсектен басқа дүние жоқ. Төр алдындағы қабырғаға Лениннің суреті ілінген. Ол аяқ киімін шешіп, төсекке шалқасынан жата кетті. Өткен түнде штабта кезекші болған. Сәл уақыт көз шырымын алмақ болды. Есіне Алматы қаласында оқыған кезі, мұғалім болған жылдары түсті. «Ол заман менің өмірімдегі ұмытылмас, көңіліме өшпес із қалдырған кез еді-ау» деген ой көңілін толқытып, алуан түрлі қиял құшағында көз іле алмады. Ақылбай төсектен тұрып, етігін киіп, далаға шықты. Батып бара жатқан күн көрікке қыздырған үлкен табақтай қызарып, ақша бұлтты төсеніп жамбастай қалқып бара жатыр. Күннің дәл қазіргі көрінісі жұмсақ бесікке бөленген жас баладай көрінді. Соққан самал желдің жұпар иісі жанға шипа болғандай. Ақылбай тар көшені бойлап, орталықтағы клубқа қа­рай жай басып келе жатты. Әр жерде топ-топ болып жүрген қызыл әскер­лер. Біреулері гармоньға қосылып, ән шырқап отыр. Клубта күйсан­дықты тартып, жұртты музыка әуеніне бөлеп отырған жас жігіт жиналған­дарға: – Билеңдер! – деді. Қызыл әскерлер кезек күтпей-ақ билей жөнелді. Клуб іші көңіл күйін қозғайтындай музыка әуеніне толды. Ақылбай да көптің арасында ұршықтай иіріліп жүр. Ойын-сауық ұзаққа созылды. Түн ортасында жұрт жапа-тармағай далаға шықты. Ақылбай бастаған топ ақырын басып келе

жатты. Ұйқыға кеткен ну орманның үстінен көтеріліп, қалқи жүзіп келе жатқан толық ай айналаны сүттей жарық етіп тұр. Аспандағы самсаған жұлдыздар ұялшақ қыздай жымыңдайды. Ақылбайлар жатақха­наға жақындай бергенде, кенеттен соққан жел тынық әуені алай-түлей етті. Өркештенген қою қара бұлт аспанды тұмшалап алды. Күн күр­кіреп, найзағай жарқылдап, нөсер жауын құйып кетті. Ақылбай жоғары білімі бар жігіт. Жастар арасын­да қажымай-тал­ май үгіт-насихат жұмысын жүргізеді. Жаңа шыққан кітаптардың бірін жібермей, ерінбей-жалықпай оқиды. Өзі жиырманың үшеуіне жаңа келген жас, орта бойлы, инеліктей қатқан арық, үлкенге де, кішіге де иіліп сәлем беріп жүретін инабатты. Маңдайынан қарсы таралған қара ша­шы оның қоңырқай бетіне жарасымды өң бергендей. Ол өз бөлмесіне келіп, жатып қалды. Басы жастыққа тиісімен қатты ұйқтап кетті. Түннің бір мезгілінде штаб кезекшісі оятты. – Сені тығыз жұмыспен полк комиссары шақырып жатыр. Ақылбай тез киініп жатып: «Полк комиссары түн ортасынан ауған кезде, мені қайтеді» деп ойлады. Қолындағы сағатына қарап еді, үш жарым екен. Ол аң-таң болып, комиссардың бөлмесіне лезде жетіп барды. Есіктен сасқалақтап кірген Ақылбайға үлкен көкшіл көздерімен бажы­­рая қараған ұзын бойлы, толықша сары кісінің кескінінде абыржудың ізі бар. Сәлден соң: – Герман фашистері бейбіт жатқан елімізге шабуыл бастады. Ота­ны­ мыздың көптеген қалаларына бомба тастап, ойран салып жатыр. Штаб командирлерінің бәрін тез штабқа шақыр, – деді. «Соғыс басталды» деген бір ауыз сөзден Ақылбайдың жүрегі дір ете қалды. Мелшиіп үнсіз тұр. Комис­сар орнынан тұрып, Ақылбай­дың жа­ нына жақындай түсіп: – Тез, тез хабарла! – деді. Ақылбай ауыз үйге шықты да, қара телефонның құлағын бұрап, сұм­ дық хабарды командирлердің бәріне жеткізді. Таң бозамықтанып атып келеді. Ақылбай ақырын басып есік ал­ дына шықты. Аспан күреңітіп тұр. Алдыңғы шепке жедел кетіп жатқан батальондар орман жиегіне сіңіп барады. Олар фашистердің шабуылға шыққан алдыңғы бөлімдерімен айқасқа түсті. Сөйтіп алапат ұрыс басталды да кетті. Бір күні түн ортасы ауа, неше күн бойы ұйқтамаған Ақылбай оңаша­лау тұрған жуан қарағайдың түбіне арқасын сүйеп қалғып кетті. Оны жа­қын жерде гүрс етіп жарылған бомба күркірі оятты, Таң сарғайып атып қалыпты. Ақылбай орнынан тұрып, штабқа барды. Бір ғажабы бірнеше күнге созылған, гитлершілердің шабуылы кенет­ тен бәсеңдей бастады. Жау бөлімдерімен табан тіресе алысып жатқан Ақылбайға, оның қасындағы жолдастарына бұл жағдай күмән тудырды. Басқа бір жерден жау шепті бұзып кетті ме деген ойға келді. Күн дәл төбеге келгенде, жау зеңбірегі де, танкілері де атуды тоқтатып, жым-жырт болды.

Дивизияның радио торабындағы радист Сергей деген жігіт мойнына рациясын асып, Ақылбай тобына келді. Ол Сібірден келген уыздай жас жігіт. Әскер қатарына алынбас бұрын радио мамандарын дайындай­ тын техникумды бітірген. Әскерде де ра­дист болып жүрген. Ол Ақылбай отырған траншеяға қарғып түсті де: – Сендер не білдіңдер? – деді өңі қашып, дегбірсізденген күйде. – Жоқ, еш нәрсені білгеніміз жоқ, – деді Ақылбай аңтарыла қарап. – Мен жаңа ғана Москвадан берілген соңғы хабарды тыңдадым. Жау әскері Минск қаласын жаулап алып, Березина өзенінен өтіп, Борисов қаласын басып алыпты. Біз жаудың қоршауында қалған түріміз бар, – дегенде Ақылбайдың жүрегі зырқ ете қалды, төбесіне жай түскендей сезінді. Ақылбай траншеядан шығып, ұзын қарағайдың түбіне сылқ етіп отыра кетті. «Қоршауда қалдық» деген сөзге сенерін де, сенбесін де білмеді. «Енді не істеуіміз керек?» – деген сұрау оның алқымына тығы­ лып, жүрегін тырналай берді. Ұшқыр қиял қанатын қағып, оны бірде ілгері кеткен совет әскері бөлімдеріне апарды, енді бірде жау қо­лына түсіріп, тұтқынға отырғызады. Маңдайынан сұп-суық тер шығып, көз алды қара түнек болды да кетті. Көп ұзамай төбеден дүр етіп жаудың айыр құй­рықты самолеті ұшып өтті. Бомбаның орнына буда-буда ақ қағазды тастап барады. Жел айдаған сол қағаздардың бірнешеуі Ақылбайлар отырған жерге түсіп кетті. Ол «бұл не қылған қағаз екен?» деген оймен біреуін қо­лына алып оқи бастады. Сөйтсе, гитлершілердің қызыл әскерге жазған үндеуі екен. «Сендер неміс әскерінің болат құрсауындасыңдар. Ендігі жердегі қарсыласуларыңнан ештеңе шықпайды. Қандарыңды босқа төкпеңдер. Өз еріктеріңмен неміс командованиесіне беріліңдер», – деп ескертіпті де, әрі қарай неміс әскери өкілдерінің қай жерде қабылдайтынын жазыпты. Жаудың қанды қолымен жазған үндеуін оқып шыққан Ақыл­бай­ дың денесін суық аяз шымшып өткендей, мұздай бастап еді. Маңын­ дағы жұрттың бәрі де үнсіз дағдарып қалды. Күннің көзін қызыл қан шарпығандай қызарып батып бара жатқан мезгіл. Көгілдір аспан­да бірнеше самолет ерсілі-қарсылы ұшып жүрді. Ақылбай орман саңы­ лауынан үңіліп аспанға көз жіберді де: «Біздің самолеттер!» – деп дауыстап жіберді. Аспаннан тағы да қағаздар шағаладай қалықтап, жерге түсе бас­ тады. «Правда» газеті екен. Жұрт жапа-тармағай оқи бастады. Ақылбай да оқып отыр. Газетке басылған И.В.Сталиннің 3 июльде радиодан сөйле­ген сөзі екен. Онда жау тылында партизан отрядтарын ұйымдасты­­ рың­дар, бейбіт жатқан елімізге шабуыл жасаған гитлершілерге қарсы аяусыз күрес жүргізіңдер деген сөзі Ақылбайға да, басқаларға да үлкен әсер етті. Ақылбай есін тез жинап алды. Сталиннің сөзі бұларға жол аш­ қандай болды. Ақылбай көп ойланды, толғанды. Ол алыспай-жұлыс­пай жау қолына түспеймін деген қорытындыға келді. Дәл осы бір топтың ішінде Ақылбайдан басқа командир жоқ еді. Уыздай жастарды бастап, қоршаудан алып шығу жауапкершілігі Ақылбайдың мойнында болды. Енді қайда баратынын жоспарлады. Кенеттен есіне күншығыс жақ­тағы ну қарағайдың ішіндегі шалшық батпақтың ортасындағы арал түсті. Аралды

алғаш, әскерге келген жылы орманға ағаш дайындауға барғанда жалғыз үйлі орманшының көрсеткені бар. Жау әскері ілгері қарай кеткенше, қасына осы топты алып, сол жерге паналай тұрамыз деген ойға келді. Дағдара топталған жігіттерге: – Совет самолеті тастаған «Правда» газетін бәрің де оқыған болар­ сыңдар. Мен партизан болып, жауға қарсы бір қасық қаным қалған­ша күресемін деген байламға келдім. Сендердің қандай ойларың бар? – деді. – Азамат соғысы кезінде де біздің ағаларымыз, аталарымыз жауға қарсы партизан қатарында күрескен. Біз де сол ойға келдік, – деді қапса­ ғай денелі, ер жүрек Михаил деген жігіт. – Біз де қосыламыз, – деп бірнеше жігіт қуаттады. – Олай болса, тезірек жиналайық. Оқ-дәріні көбірек алыңдар. Азықтүлікті де ұмытпаңдар, – деді Ақылбай саңқылдай сөйлеп. Үркердей үйірілген солдаттар орындарынан тұрды. Қасында жатқан дорбаларын арқаларына салып, қолдарына автоматтарын алды. Таптұйнақтай боп тез жиналған жауынгерлердің көпшілігін Ақылбай жақсы біледі. Сайдың тасындай сайланған өткір жігіттер. Бұлар кең бай­тақ еліміздің әр жерінен әскерге келген жігіттер. Олардың ішінде Әбдіғали Төлегенов деген қазақтан басқасының бәрі орыс, украин, белорус, тағы басқа ұлттардың өкілдері. Он бес жігіт бір топ құрды. Дорбаларына бір аптаға жететіндей нан салып алды. Радист Сергей кішкене қобди­ша­ дай рациясын алып, осы топпен бірге кетті. Оның қалтасында Онын­шы Армия штабының барлау бөлімінің паролі, шифрі жазылған қағазы бар. – Бұл жерде қалуға болмайды, – деп Ақылбай ілгері қарай жүріп кетті. Ақылбай бастаған топ қалың орманның арасына сіңіп барады. Құлаққа дүркін-дүркін атылып жатқан жау автоматтарының үні еміс-еміс естіледі. Олар түс ауа орманшының жалғыз үйін тапты. Үй қаңырап бос қалған. Бірде-бір жан жоқ. Еденде шашылып жатқан әртүрлі заттар. Бөлме­нің қақ ортасында тозығы жеткен ескі стол, бір-екі орындық қалған. Ақыл­ бай столдың тартпасын ашып, бір жапырақ қағаз тауып алды. Ол қағаз­ ды қолына алып оқыса: «Тоня! Біз Зверинка селосындағы өзің білетін туыстарымызға кеттік. Сен сонда кел, бұл жерде қалуға болмайды» – депті. Қағазды қайта орнына қойды. Тартпаны бұрынғысындай жапты. Бірнеше аптаға созылған шайқастан, ұзақ жорықтан, ұйқысыз күндерден шаршаған жұрт отырған жерлерінде қалғып кетіпті. Олардың бірде-бірінің қозғалатын түрі жоқ. – Жолдастар, тұрыңдар, бұл жерде көп аялдауға болмайды. Кеттік, – деп Ақылбай жолдастарының бәрін оятып алды. Ну қарағайлы жыныс төскейге қарай созылып жатыр. Жұрт үнсіз келеді. Орман ішінде адам дауысы жаңғырығып алыстан естіледі. Сондық­ тан дауыстап сөйлеуге де болмайды. Әбдіғали Ақылбайға жақындап келіп: – Сен бізді қайда әкетіп барасың? – деді оның құлағына сыбырлап. – Жау әскері таба алмайтын панасы мол жер іздеп келеміз. Жақындап қалдық. – Е, солай десеңші, деп Әбдіғали жымиып күлді.

Бұлар саз балшықты жерге жетті. Аралға баратын соқпақты іздеді. Жалғыз аяқ сүрлеудің дәл басталар жерінде бұтағын кең жайған зәулім үйеңкі басқа ағаштардан оқшаулау тұратыны Ақылбайдың есінде қалған. Үйеңкіні іздеп бұлар шыр айналды. Аяқтарына шойын байлап қой­ған­ дай ілбіп зорға аттайды. Жол таба алмағанына Ақылбай саса бастады. «Аралдан шығатын жасырын соқпақты таба алмасам, қайда барамыз?» – деген сұрау Ақылбайдың алқымына тығыла берді. Қасындағы жолдас­тары да: «Апаратын жер­ге қашан жетеміз?» – дегендей қарайды. Жолда мөлдір сулы бұлақ кездесті. Шөл қысып, қаталап келе жатқан жұрт бұ­лақ­тың жағасына жата қалып, шөлдері қанғанша мұздай суды бас көтер­ме­стен сіміріп жатты. Шаң басып, айғыз-айғыз тер аққан беті-қолдарын жуды. Ақылбай маңындағыларды көзімен шолып өтті де: – Құтыларыңа су толтырып алыңдар. Ол жерде ішетін су да болмауы мүмкін, – деп өзі сылқ етіп отыра кетті, бойынан күш кетіп бара жат­қан­ дай сезінді. Талып кеткендей, көзін жұмып, шалқасынан жатты. Қасын­ дағы жолдастары үйіріліп Ақылбайдың қасында тұр. Михаил Ақыл­бай­ дың басын көтеріп, аузына су тамызды. Сергей оның қол-аяғын уқалап жатты. Екеулеп көтеріп: – Саған не болды? Тұр, жүрейік, – деді. – Тып-тың келе жатыр едім. Аяқ астынан көзім қарауытып, басым айналып кеткені, – деп Ақылбай орнынан тәлтіректеп әзер тұрды. Аз да болса, есін жинаған жауынгерлер ілгері қа­рай жүрді. Алдарынан тауда өскен жалғыз аршадай оқшау тұрған үйеңкінің кездескеніне, Ақылбай өзі туып-өскен еліне жеткендей қуанып, «таптық» – деп айғайлап жібергенін сезбей қалды. Қасындағы жолдастары да Ақылбайдың қуанышына үн қосқандай, шаттыққа бөленгендей дүр ете қалды. Бәріне де алып күш пайда болғандай, бір сәт көрген қиындықтарын ұмытқан­дай сезінді. Үйеңкінің түбіне отыра кетісті. Тізеден саз кешіп, қыл көпірдей ирелеңдеген соқпақты қуалап келді. Ақылбай қолындағы ұзын таяқпен ізді барлап, алдында жүрді. Арт жақ­ тағы біреудің «Ойбай, баттым!» деген ащы үні естілді. Ол артына жалт қарады. Бір жігіт аяғы тайып, ми батпаққа құлап кетіпті. – Сырғауылдан ұста, айғайлама! – деп қасындағылар жабы­лып соқпаққа шығарды. Ол байғұста зәре жоқ. Үсті-басы батпақ. Селк-селк етеді. Оны сүйемелдеп ілгері қарай ілбіді. Айнала тұнып жатқан ми бат­ пақтан құрғаққа шыққанда, естері қалмай қуанды. * * * Аралға келгендеріне бірнеше күн. Қорек еткендері – қатқан қара нан. Оның өзін үш мезгіл бір жапырақтан бөліп жейді. Аз-мұз сулары да тәмәм болды. Еріндері кезеріп, тілдері ауыздарына сыймайды. Шалшық суды ішуге мәжбүр болды. Көрікке қызған темірдей ыстық күн нұрын жер анаға аямай мол төгіп тұр. Ақылбай жас қарағайдың түбіне сылқ етіп жантая кетті. «Өзім сияқты

қасыма ерген жолдастарымның да көргенінен көрмегені көп. Ертең соғыс алапатынан қыршынымыз қиылса, өмірден қандай ләззәт алдық дейміз. Алдымыз толы жау қазған терең ор. Ол орға түспей, аман қалу оңай болмас. Мына уыздай жастарды қысылтаяң кезеңнен аман-есен алып шығуым керек» – деп ойлаған ойын жақын жерден жау автома­ты­ның көмейінен қақалып-шашалып шыққан гүрсіл бұзды. Бәрі бір адамдай өткел аузына жүгірді. Автоматтарын кезеп, жата-жата қалды. Немістер оларды байқамаса керек, көп ұзамай жау топалаңы бірте-бірте алыстай берді. Үркердей аз адамдар қозғалмай жатты. Мылқау адамдай ым­дасып қана сөйлеседі. Жау да ақылсыз емес, бұғып жатуы ықтимал. Орман ішіндегі кісінің сыбдыры алыстан дыбыс береді. Күн ала бұлтты, бұлттар аспанды аралап күнбатысқа қарай жам­бас­ тай жүзіп барады. Бұл топ алқа-қотан отырды. Кешке қарай да от жағуға болмайды. От жарығы, «мен мұнда» дегендей, орман арасында алыстан көрініп тұрады. Әбдіғали қозғала түсіп радистке жақындап, тізер­лесе отырды. Шырт-шырт түкірді. Бұл оның ежелгі әдеті. Онысын Ақылбай аз күннің ішінде байқаған. Сергейге күле қарап: – Сенің Армия штабымен сөйлесемін, хабар аламын, майдан­ның қай жерде екенін біліп отырамыз дегенің қайда? Сөйлесе алмасаң, бұл қобдишаны жүк қып, несіне арқалап жүрсің? – деді. – Мұндай тар жерде сөйлесуге болмайды. – Неге болмайды? Ол үшін Қазақстанның кең даласын қайдан табамыз. Әттең, алыс жатыр, болмаса, сенің алдыңа жая салар едім, – деп мысқылдады Әбдіғали. – Жақын жерде жаудың пеленгаторы тұрса, бізді оп-оңай тауып ала­ды. Кең жерге шыққан соң байланысамын. – Кең жерде ғана байланыса аламын десеңші. – Иә, кең жерде байланыс біткен соң басқа бір жаққа қоныс аударуға болады. Алақандай аралдың қай жеріне тығыласың? – Е, мен енді түсіндім. – Әй, Әбдіғали, – деді Ақылбай, – сен «Бөрі жоқ деме бөрік астында, жау жоқ деме жар астында» – деген қазақ мақалын білесің ғой. Мұн­дай жағдайда сақтық керек. «Сақтықта қорлық жоқ» – деп дұрыс айтқан. Осындай жағдайдан шығарып айтқан. Өзінің сіркесі су көтермей отыр­ ған Сергейдің қытығына тие берме. Тыныш отыр. Кең жерге шығатын күн туады. Өрісіміз кеңейеді. Тығырыққа тығылғандай ми батпақтың ортасында, барар жер, басар тау болмай отырғанымыз мынау, – деп Әбдіғалидың буынсыз жерге пышақ салғанын жақтырмады. – Жаудың тыңдайтын машинасының барын мен қайдан білейін. – Олар біздің осы жерде екенімізді білсе-ақ болды, аядай құр­ғаққа бомба мен зеңбірек оғын төгіп, бізді ми батпақпен араластырып жі­ береді. Бүгін кештен бастап, өткелдің бергі бетін жағалай траншея қазып қоюымыз керек, – деп Ақылбай жолдастарына қарады. Михаил бас­таған жастар белдеріне байлаған кішкене күректерін қолына алып, тран­шея қазуға дайындалды.

* * * Күн төбеге таяған мезгіл. Орман іші құлаққа ұрған танадай. Тыныш­ тық. Бір топ құс жоғалтқанын іздегендей биікке көтеріліп, қалықтап тұрып алды. Талмай ән шырқайды. Сан құбылған аспан мен теңіздей тол­ қыған алуан түсті ағаштар тылсым дүниесіндей көз тұндырады. Ақылбай алқа-қотан отырған жігіттерге: – Біз бір апта бойы қос құрсаудың ішінде болдық. Осы маңда жау оғы атылмағанына екі тәуліктей уақыт өтті. Бізді қоршаған жау ілгері кеткен бе деп ойлаймын. Тамақтанып алысымен екі-екіден батпақтан шыға бастайық. Алдымен Михаил мен Әбдіғали шықсын. Маңайды бай­қасын. Шын тыныштық болса, Миша тоты құс болып, бізге хабар берсін, – деді. – Тоты құстай сайрай ала ма ол? – деді рацияны сөмкесіне салып жатқан Сергей. – Сенбесең тыңда, – деп Миша тоты құстай сай­рай жөнелді. – Миша мен Әбдіғали түскі асын ішіп, батпақ кешіп жүріп кетті. Олар арғы бетке шықты, Маңайдың бәрін сүзіп шықты. Тым-тырыс тыныштық. – Миша, әніңді баста, қалған адамдар да бері шықсын, – деді Әбдіғали. Миша батпақтың жиегінде тұрып, тоты әнін шырқады. Қалжыраған адамдар батпақ кешіп, аяқтарын әзер басып келеді. Алдында келе жатқан Сергей құрғақ жерге аяғы ілінісімен отыра кетті. Аяқ киімін шешіп, шұлғауын ағаш бұтағына ілді. Етігін күннің көзіне қойды. Қалған адамдардың бәрі де бергі бетке аман-есен шықты. Күн бата жұрт қозғала бастады. Жалпақ орманды қақ жарып, күре жолдан өтті. Ну қарағай шетіндегі мөлдір сулы бұлақтың жағасына келіп, бел шешті. Қараңғы тымық түн. Әлі құрып шаршаған жұрт жантайып жатып, ұйқтап кетті. – Сергей, – деді Ақылбай. – Армия штабымен байланысатын мезгілің жақындаған болар. Ай көтеріліп келеді. Екеуміз бұлақтың арғы бетіндегі алаңға барайық. Байланысқа сол жер лайықты шығар. – Сағат жиырма үште байланысатын едік. Олар менің беретін белгімді күн сайын күтетін болған. Сағатыңыз қанша болды? – Сағат он жарым, – деді Ақылбай қолындағы сағатына қарап. — Олай болса, жүріңіз. Біз антеннаны құрғанша, байланысатын кез де болады, – деп Сергей рацияны мойнына асып, ілгері жүрді. Ай сәулесі алақандай алаңды жап-жарық етіп тұр. Антеннаның бір ұшын зәулім қайыңның бұтағына ілді. Сергей рацияны электр тогын беретін батареяға қосып еді, қызыл-күрең, көгілдір шамдар пайда болды. Сергей қолындағы наушникті оң құлағына жақын ұстап, қобдишаның бүйіріндегі түймені үзбей тықылдата берді. Сәлден соң Сергей жымың етті. Ақылбайдың екі көзі Сергейде болды. Ол тілдей жіңішке қағазға түскен таңбаға бар ынтасымен қарады. Ақылбай да қағаз лентаға төне түсті, бірақ ондағы таңбаны түсінбеді. Байланыс он шақты минутқа созылды. Сер­гей алған хабарын бірден айырып айта алмады. Қанша үңіліп қағазға қараса да, лентаға ұсақ жазылған жазуды ай жарығында айыра қоймады. Ол тез рация­ны жинап, қабына қайта салды.

– – Тезірек қозғалайық. Орын ауыстырайық, – деді Сергей. – – Жігіттерді оятайық та, басқа бір жерге барайық, – деп Ақылбай сөмкедегі картаға үңіле қарады. Қараңғыда, әзер дегенде, келесі тоқтайтын қолайлы жерді тапты. Жолдастарын оятып, түн қатып жүріп кетті. Күн арқан бойы көтерілгенде, ну қарағайдан өтіп, борпылдаған шаң-топырақты күре жолға түсті. Түні бойы көз шырымын алмаған Ақылбайды ұйқы қысып келеді. Ол артына қараса, барбиып-барбиып етік ізі жолға түсіп жатыр. — Бізді жау ізімізден табады. Жолдан шығып, орман ішімен жүрелік, – деп жолдан бұрылып, қалың ағашқа қарай жүрді. Күн төбеден ауып барады. Оныншы Армия штабымен байланыс­ қан жерлерінен он шақырым шамасы алыстады. Тоқтаусыз үрдіс жүріс бұларды әбден шаршатты. Жүріс өнбеді. Тынығуға отырды. — Сергей, түндегі хабарды бізге тезірек айт, – деп Ақылбай апыл-ғұ­ пыл қалтасынан қол орамалын алып, бетіндегі ащы терді сүртті. Жұрт белдерін шешіп, жайланып отырды. Сәлден соң Сергей: — Жақын келіңдер. Алған хабарымды оқып берейін, – деді. Жұрт құлақтарын тігіп Сергейге қарады. Тілдей жіңішке қағазды қолына алып оқи бастады. Оныншы Армия штабының барлау бөлі­ мінің шифровкасында былай депті: «Сендер Столбцы қаласының күн шығысындағы орманға орналасыңдар. Темір жол бойындағы жау эшелондарын бақылаңдар. Қалған нұсқауды сол жерге барғаннан кейін аласыңдар. Қазір біздің әскер Орша қаласының түбінде ауыр ұрыс жүргізуде. Жау әскерінің күші басымдығына қарамастан, совет әскері тегеурінді қарсылық жасап, жаудың қарулы күшін әлсіретіп жатыр. Жау тылында қалған жерлестеріміз, партизан отрядын құрып, гитлершілерге қарсы аянбай күресіңдер! Отанымыздың тыныштығын бұзған жендет­ терге қарсы күрес күшейетініне біз әбден сенеміз...». Осы сәтте «Соғыс басталғаннан бері жау қолынан жазықсыз қаза тапқан әке-шеше, әйел, бала-шағаның өшін мың есе етіп қайта­рамыз. Совет халқы алдындағы құрметті борышымызды абыроймен ақтаймыз. Біздің қасиетті Отанымызда бірде-бір жау солдаты аяқ басып жүрмейді. Көп ұлтты бүкіл совет адамдарының алдында осылай ант береміз», – деген ой әрқайсысының көңілінде тұрды. * * * Бұлардың ендігі нысанасы Столбцы қаласының маңы. Орманнан орманға өтіп, түн демей, күн демей суыт жүріп келеді. Бір кезде алда­ ры­нан оймақтай кішкене алаң көрінді. Қалың шалғын ішінде жалғыз ат тұр­ға­нын байқады. Әбдіғали қуанғанынан секіре берді. «Мен ана жалғыз атты ұстап әкелейін. Ауыр жүкті атқа артатын боламыз. Аяғымыз талғанда кезек-кезек мінеміз» – деп ол ілгері қарай жүгірді. Ақылбай: – Тоқта, сабыр ет, – деді.

– Неге тоқтаймын, жайылып жүрген атты қазір-ақ ұстап әкелемін, – деп көне қоймады. – Мүмкін, жау атты әдейі қоя беріп, өздері тосқауылда жатқан болар. Алдымен барлап, алды-артын шолып алайық, – деп оны жолдас­тары жібермеді. Оның бұл сәтте қауіпті ұмытқанына жұрт таң қалды. «Ат көргенде, отқа қарсы шабатын қазағым-ай» – дейді іштей Ақылбай. Алаңды айнала шолып шықты. Сезіктенетіндей бұл маңда еш нәрсе байқалмады. Қауіп жоқтығына әбден көзі жеткен соң: – Әбдіғали, енді бара ғой. Ол жануарды осында алып кел, – деді. Әбдіғали қалың өскен шөптің ішіне кіріп, жүгіріп кетті. Бір кезде ол бос қайтып келді. — Ат қайда? – Жаралы екен. Жүре алмайды, байғұс. Артқы аяқтан бомба­ның жарықшағы тиген болу керек. Саннан төменгі жері салбырап терісіне ғана ілініп тұр, – деп Әбдіғалидың атқа жаны ашып, көзіне жас алды. Дауысы дірілдеп шықты. – Жылағаны несі, өзіңнің есің дұрыс па, – деп Ақылбай оған зекіп тастады. – Хайуан болғанымен ата-бабамыздан қалған мирас, жылқы тұқымы ғой. Мені көргенде көмек сұрағандай, шұрқырап кісінеп жіберді. Обал, жаным ашыды. – Үш-төрт адам барыңдар ������������������������������������������� да, осы жерге ����������������������������� жеткізіңдер. Ол енді �������� мал бол­ майды, қансырап өледі. Онан да сойып алайық. Бізге кездескен ырыс шығар, – деді Ақылбай. Атты бұлақ жағасына сүйреп әкелді. Жемге жараған әсем жануар екен. Союға қимайсың. Жау сепкен азап лаңы жылқыға да келіпті. Екі көзі жәудіреп, мөлт-мөлт етеді. Салбыраған артқы аяғынан қан сорғалап тұр. Жамбастан төменгі сүйегі бос жатыр. Жануардың ауыр халіне жаның ашиды, Шіркін, салт мінетін-ақ ат. Амал жоқ, союға тура келді. Әбдіғали атты жығып үш аяғын байлады. Қалтасындағы кездік пышағын алып, беліндегі белбеуіне қайрады. Екі жігіт басын басып тұрды. Әбдіғали жануардың қолқасынан өткір пышақпен екі-ақ тартты. Терісін де тез сыпырып үлгерді. Семіз мал екен. Қазысы екі елідей. Әбдіғали жылқының семіз қазысын, жал-жаясын сыпырып алды. Жылы-жұмсағын бөлек қойды. Ол жылқыны сойып болып, бұлақ жағасына тастаған ішек-қарынды іздеді. Маңайына көз жіберді де, таңдана қарады. Көрінбеді. – Әй, Сергей, ішек-қарынды қайда жібердің? – деп ызғарлана қарады. – Іші толған боқты қайтесің? Иісі шықпасын деп, ана бір жаққа апарып тастадым. – Сен жылқы етінің дәмді жерін білмейді екенсің, – деп Әбдіғали ішекқарынды бұлақ суына тазалап жуды. Карта мен қарынды котелоктарға толтыра салып отқа қойды. Әбдіғали ақ жарқын, кең пейілді дала ұлы. Ол анадағы иен қалған үйден ала шыққан шелекке де еттің жылы-жұмсағын толтыра асты.

Жас малдың еті тез пісті. Әбдіғали қазы-қартаны кертіп-кертіп турады. Туралған қартаның бір-екі жапырағын аузына са­лып жеді. «Өте дәмді екен, отырыңдар» – деп маңайындағы жұртқа күле қарап бәрін шақырды. Бірнеше тәулік бойы ас ішпеген адамдар жақсы пісірілген етті тоя жеді. Ет жеп, сорпа-су ішкен кісілер бір жасап қалды. Әбдіғали аттың піскен етін «Дорбаларыңа салып алыңдар» – деп жолдастарына таратты. «Шикі етті осы жерде пісіріңдер» – деп қолындағы пышағымен әр жерінен осыпосып бөліп берді. Жігіттер лаулап жанған от басына жиналды. Әртүрлі әңгіме айтылып жатыр. Әбдіғали: – Біздің ата-бабаларымыз жылқыны көлік еткен, сауып қымызын ішкен. Қазір де қымызды сусын етеді. Шіркін, бір торсық қымызды дәл қазір біздің алдымызға әкеле қойса, шөлімізді қандырар едік, – деп жұтынып алды. – Мен жылқы етінің дәмін бірінші рет таттым. Шынында да еті өте дәмді екен. Оны кім білген, – деді Сергей. Күн ұясына қарай еңкейіп бара жатқан кез. От басында әңгімелесіп отырған бұлардың сөзін жақын жерден шыққан біреулердің дауысы бөлді. Жігіттер дауыс шыққан жаққа жақындады. Орман арасында �������� дабырла­ сып сөйлесіп тұрған екі-үш әйел көрінді. Олар сәл кідіріп, әйелдердің сөз саптасына құлақ түрді. Сақалы белуарына түскен ақсақал кісі сөйлеп тұрды: — Сендердің-ақ әңгімелерің бітпейді екен. Жүріңдер тезірек, ілгері кетейік. Кешегі жау солдаттары бұл маңға да келіп қалуы ықтимал. Олардың астында машина, біз жаяу. Пәлелерден аулақ жүрелік, – деді. Олар қозғала бергенде, Ақылбай бастаған топ ағаш арасымен кескестеп алдарынан шықты. Деревня тұрғындары екен, автомат асынған кісілерді көргенде, олар сасып қалды. – Қорықпаңдар, біз совет адамдарымыз, – деді Ақылбай. – Әй, шырақтарым-ай, қорықпағанда қайтеміз. Кеше түнде деревняға сау етіп гитлершілер келді. Келген бойы үйлерге от қойып, өртей бастады. Қурап тұрған ағаш үйлердің жалыны аспанға шапшып, қараңғы түнді күндізгідей жарқ еткізді. Екі қызым көрші деревнядағы бір үйде сауық кеші болады деп кеткен еді. Олар біздің бағымызға қарай қолға түспей қашып құтылыпты. Немістер «Осы деревняда рация бар, тауып беріңдер, болмаса бәріңді қырып, атып тастаймыз» – дейтін көрінеді. Екі жас баланы деревня ортасындағы алаңға апарып дарға асқан. Мұндай мейірімсіздікті өмірімде көрген жоқпын. Не қылған хайуандық? Сендердің өз адам­ дарымыз екендеріңді көріп тұрмыз. Тосыннан кездескен соң қорқып қалғанымыз рас, – деді қарт. «Түсінікті. Біздің кешегі штабпен байланысқанымызды білген бол­- ды» – деп Ақылбай іштей ойланып қалды. – Сіздер қайда бара жатырсыздар? – деді ақсақалға қарап. – Осы деревняда тұратын қарындасымның үйіне қыздарымды ертіп келгеніме жиырма шақты күн бол­ды. Енді қайталық деп жиналып жатқан кезімізде мына алапат соғыс басталып кетті.

Үш әйелдің екеуі әрі кетсе он алты, он жетіге жаңа толған уыздай жас. Ақылбай шалмен сөйлесіп тұрғанда, аяқтарына шойын байлағандай әзер басып келе жатқан Миша мен Сергейге кенеттен алып күш біткендей, шаршағандарын ұмытып, қыздармен қалжыңдаса бастады. Жайнаған көздеріне, жүздеріне күлкі құсы қонғандай сезінді. – Біздің ішімізде тым болмаса, тамақ дайындап беретін бірде-бір әйел жоқ. Инабатты, нұрлы көзді жандар екенсіңдер. Бізге еріңдер. Әттең соғыс басталып кетті, болмаса, сенің біреуіңе үйленіп алар едім, – деп Сергей керіліп-созылып тұрып алды. – Біздің саған тие қоятынымызды қайдан білдің! – деді қыздардың бірі. – Тимегенде қайда кетермін дейсің? – Қалжыңдарың келісіп-ақ тұр. Қазір аласапыран болған заман. Ондай жақсылықты көре алмаспыз. Мен осы екі қыздың шешесімін. Сендер өз адамдары­мыз екенсіңдер. Жауды жеңіп, аман қалыңдар деген батамды бергеннен басқа сендерге не айтамын, – деп жасы алпыс шамасындағы арық кемпір жігіттерге батасын берді. – Тым болмаса, аты-жөндеріңді айта кетіңдерші. Мүмкін, кездесіп қалармыз, – деді Михаил қыздарға күлімдеген көзімен тесіле қарап. – Шынында да кездесіп қалуымыз ықтимал. Тірі болайық. Таныс болайық дегенің дұрыс. Менің атым Людмила, сіңлімнің аты Наташа, – деп орта бойлы, алтындай сары шашты қыз күлімдеген көгілдір көзін төңкеріп Сергей мен Мишаға қарады. Төртеуінің қалжыңын тыңдап тұрған Ақылбай іштей: «Ішің түтін, сыртың бүтін» – дегендей, сендердің іштерің толы қайғы-қасірет, сырттарың бүтін – жастықтың албырттығыау» деп ойлады. – Олай болса, сіздер бізді де ұмытпаңыздар. Менің атым Михаил, мына жігіт Сергей, – деді Михаил. – Қол алысайық, – деп төртеуі қол алысты. – Бізде адрес жоқ. Сіздер адрестеріңізді айтыңыздар. Қазақта «Ат баспаймын деген жерін екі басады, адам көрмеймін деген жерін екі көреді» деген ма­қал бар. Кім білсін, біздің сол маңға барып қалуымыз ғажап емес. Адам баласын қаңбақтай ұшырған, аласапыран заман ғой, – деді бағанадан үндемей тұрған Ақылбай. – �������������������������������������������������������� Брянск ������������������������������������������������� облысының ��������������������������������������� Дубровка ауданында �������������������� Сещинск ������������ деген посел­ ке бар. Сол жерге келе қалғандай болсаңыздар, «Сеншилина Людмила қайда тұрады?» – деп сұрасаңыздар болғаны. Кез келген адам біздің үйді көрсетіп жібереді. Ойламаған жерде кездескен жандармен қоштасып, партизандар ілгері қарай жүріп кетті. Ақылбай іштей: «Людмиланың көгілдір көзінде, сөйлеген сөзінде ақылдылық, ашық мінезділік, жайсаң адамгершілік ізі айтпаса да көрініп тұр-ау. Орыс халқына тән бүкпесіз мінезі, ойлағанын жасырмай ашық айтатын жанға ұқсайды» деп ойлап келе жатты. Кенет: – Байқаңдар, алдымызда окоптар, траншеялар көрінеді, – деген дірілдеп, қырылдап шыққан дауыс естілді.

– Тоқтаңдар, алдымызды барлайық, – деп бәрі жолдан шығып, зәулім қарағай түбіне тоқтады. Барлауға кеткен Михаил мен Әбдіғали шапшаң оралды. – Майдан шебі болған жерге ұқсайды. Қарама-қарсы тіресе созылып жатқан траншеяларда қалып қойған қару-жарақтар, оқ дәрілер бар, – деді Михаил аптығын басып. – Маңайын зер сала қарадыңдар ма? Бұғып жатқан жау солдаттары шыға келмесін, – деп Ақылбай картаға үңіле берді. – Маңайын қарап шықтық. Бірде-бір жан көрінбейді. Жүріңдер, – деді Михаил жолдастарына. Партизандар бірден, екіден траншеяға қарай байқап басып жүріп келеді. Бұлар екі жақтың да бекінісін тексеріп шықты. Баяу соққан желдің сыбдыры еміс-еміс құлаққа естіледі. Окоптар мен траншеяда қалған оқдәрілерді, бірен-саран автоматтарды, бір-екі пулеметті тауып алды. Олар бұл жерде көп аялдамай орманға кіріп кете берді. Аяқтарын ауыр басып келеді. Төңірек тым-тырыс. Мұндай бей-жай тыныштықтың жұмбағы да мол болады. Партизандар аяқтарын байқап басып, үнсіз келеді. Ақылбай картаға қарады. Столбцы қаласына жиырма шақырымдай жер қалғанға ұқсайды. Бұлар темір жолдың қолайлы жерін тауып, мина қойып кетейік деген ойға келді. Бесін болған мезгіл. Партизандар темір жолдан қозыкөш жерге тоқтады. Үш адамды барлауға жіберді. Олар қас қарая оралды. Тынымсыз тірлік, суыт жүріс бәрінің де титығын құрытты. — Темір жолдың биік жерін таптық. Күншығысқа қарай толассыз жосып жатқан жау эшелондары. Оның ішінде әскер, техника тиелгендері көп-ақ, – деді Ми­хаил. Түн ортасы жақындап қалған мезгіл. Бәрі дүркірей орындарынан тұрды. Дорбаларын арқаларына асынды. Темір жолға қоятын екі минаны, оның запалын, шнурын алды. Аяқтарының сыбдырын білдірмей, байқап басып келеді. Межеге жақындады. Тымық түн мүлгіп тұр. Минаның тілін білетін екі жігітті сақадай сайлаған. Оларды ілгері жіберді. Аяқтарының ұшымен басып кетіп барады. Қалған жігіттер автоматтарын кезеп даяр жатты. Алдағы екеуі еңбектеп, көтеріңкі салынған теміржол рельсіне шықты. Белдеріне байлаған кішкене күректерін қолдарына алып, рельстің астын қуыстады. Екі минаны рельстің астына дәлдеп қойды. Бетін топырақпен жапты. Тапсырманы орындасымен екеуі кейін шегінді. Партизандар асығыс ілгері жүріп кетті. Біраздан кейін жарылған минаның үні бүкіл орманды дүр сілкіндірді. Аяқ басқан жер дір ете қалды. Жаудың оқ-дәрі, техника тиеген поезының күлі көкке ұшты. Осылайша ұзақ жүріп келіп, олар Столбцы қаласының күншығыс жағындағы ол шеті мен бұл шетіне көз жетпейтін қалың орманға күн арқан бойы көтерілген кезде жеткен еді.

ІІ Аспан ала бұлттанып тұр. Таң бозамықтанып атып келе жатқанда, сіркіреп жауын жауа бастады. Кеше кешке кеткен барлаушылар да келіп үлгерді. Олар Стотбцы станциясынан күншығысқа қарай сағат сайын онон бес әскер, техника тиеген поездардың тоқтаусыз жосылып жатқанын хабарлады. Барлаушылардың әкелген мәліметтерін Сергей Оныншы армияның штабына рация арқылы берді. Бұл партизандардың күндегі кәсібіне айналды. Жол бойына кеткен Михаил тобын жаудың бір топ барлаушылары байқап қалып, оларды қоршап алуға тырысқан. Михаил бастаған жігіттер жаумен айқаса түскен. Бұл шайқаста бір партизан жеңіл жараланып, жаудың екі-үш солдаты жер жастанған. Жаудың ойын түсіне қалған Михаил торға түспей кейін шегініп кеткен. Кеше ғана орналасқан қонысты ауыстыруға тура келді. Партизандар он бес шақырым жердегі қалың қарағайлы орманға тоқтады. Күн ұясына қарай еңкейіп бара жатқан кезде жұрт жорыққа дайындалды. Қара түнек тұман басқандай белгісіз ұзақ жүріс. Бұларға да жаудың құрған торы қай жерде кездесетіні белгісіз. Жұмыр үйеңкінің түбінде жатқан Ақылбайдың қасына Сергей, Әбдіғали, Михаил үшеуі қисая кетті. Михаил аспанға көз жіберіп терең ойға шомды. «Анадан туып, көзімізді ашпай жатып, мынандай алапат соғысқа кездестік. Алдымыз толы жаудың құрған то­ры. Бізді қандай жағдай тосып тұрғанын кім білсін! Адамның өмірі қысқа, көргенімізден көрмегеніміз көп. Қысқа өміріміз қыршынынан қиылса, біз бұл дүниеде не көрдік дейміз? Мен осыдан екі жыл бұрын орта мектепті бітірісімен әскер қатарына алындым. Оқу бітіретін жылы өзіммен бірге он жыл бойы бір партада отырып оқыған Галя деген қызға ғашық болдым. Ол да мені жақсы көрді. Ертемен оқуға келгенімізде, көптен бері кездеспеген адамдай қуанатын едік. Мен әскерге аттанатын күні біздің үйге келгенде, әке-шешеммен де таныстырдым. Екеуміз сол түнді таң атқанша Москва өзеніндегі көпірде тұрып өткізген едік-ау...». Мәскеуден аттанар алдындағы Галямен бірге өткізген түн, оның ерке назды қылығымен жанын өртеп, мәз еткені, ертеңінде вагонға мінер алдында ең алғаш қызбен ерін түйістіре сүйіскені Мишаның есінен кетпей, көз алдында әрдайым сағымдай бұлдырап кететін. Соғыс басталардан екі-үш күн бұрын Галядан адам жүрегін қытықтайтын ғашықтық сезімге толы хат алған. Сол күні-ақ Миша өз жүрегіндегі ғашықтық сезімін, оны сағынып, түн ұйқысын төрт бөлетінін айтып жауап жазып үлгерген. «Менің соңғы хатымды Галя алып үлгерді ме екен?» – деген ой оны мазалай берді. – Әй, Миша! Сен үнсіз, мелшиіп, мылқау адамша жатып алдың ғой? – деді Әбдіғали. – Келешекке үміт артып жатырмын. Үмітсіз өмір жоқ. Адам қиын­ шылықта, екі бүйірден қысқан өмірде жүрсе де келешектен үміт­тенеді. Менің де сондай бір ойға кеткен жайым бар. – Сен қай қаладан келген едің?

– Москвадан. Биыл күзде, мен Отаным алдындағы міндетімді атқа­ рып, елге қайтатын едім, енді міне, Москваға бару түгіл бас қайғы болған заман болды. Әкем «Москва» мейманханасының ресторанында бас ас­ пазшы болып қызмет істейтін. Жасы алпыстан асқан кісі. Шешем үй шаруа­сында. Пенсия алады. Мен сол байғұстардың жалғыз ұлы едім. – Е, москвалық екенсің ғой. Мен Москваны, Ле­нин мавзолейін бір көруге құштар едім. Атын естігенім болмаса, көрген емеспін. Әскерден Москва арқылы қайтсам көремін деген ойым болған. Енді мына заманға кездестім. Фашистерді жеңген соң... – Әбдіғали қатты күрсінді. – Көрмесең көретін боласың. Ертең соғыс жеңіспен бітеді. Сен маған қонаққа келесің, Москваның тарихи жерлерін саған өзім ертіп жүріп көрсетемін. – Екеуміздікі де қиял ғой. Қазақта «Сұмырай келсе, су құриды» — де­ ген мақал бар. Дүниенің бәрін тарылтып, бір қауызға тығып бара жатқан жоқ па? – Фашистер қаншама даурықса да Москваны жаулап ала алмайды. Біздің әскер жаудың екпінін басып тоқтатады. Наполеонның әскері де сазайын тартқан. – Сен әскерге қай жерден келдің? – деді Михаил. – Мен өткен жылы Қазақстанның Ақтөбе облысынан келдім. Өзім Шалқардың кең даласында түйе бағатынмын. Ол жер құмдауыт, сек­сеуілі мол, түйе, қой өсіруге қолайлы, табылмайтын-ақ жер. Шіркін, жақсы еді, – деп Әбдіғали кеудесін кере күрсінді. – Сен тұра тұршы. Түйенің қандай қасиеті бар жануар? Мен кітап­тан оқығаным болмаса, өмірімде көрген емеспін. – Көрмесең түсіндірейін. Түйе шөлге өте шыдамды. Құмның ара­ сында, шөлейтте су ішпестен бірнеше күн бойы жүре береді. Аштыққа да төзімді жануар. Түйенің шұбаты шөлдегенде сусын, қарның ашса – азық ауруға шипа болады. Әсіресе, өкпе және қышқылы азайған ауруға жақсы ем. Жүні киім, еті тамақ, – деді Әбдіғали тамсанып. – Шұбат деген не? – Түйенің ашытқан сүтін шұбат дейді. Екі жігіт осылайша шүйіркелесе әңгімелесіп кетті. Толассыз жорық, өлермен жаумен айқас Ақылбайды да әбден шаршатты. Аз да болса көз шырымын алайын деп еді, қайдағы-жай­ дағы есіне түсіп, ұйқтай алмады. «Мен бұл өмірде, не көрдім? Жоғары білім алдым. Бар болғаны екі жылдай ғана мұғалім болдым. Мінеки, соғыс басталғалы бірнеше ай, дамыл таппай жаумен айқасудамыз. Теңіз толқынындай бітпейтін жүріс, арбасу, аңдысу... Адамның ажары тозады, өмірі озады. Соғыс алдындағы тыныштық, ойын-сауық, күлкіге толы жастық шақ сағымдай бұлдырап барып, ғайып болдың ба? Шіркін өмір, бұраңдаған қисық жолдай бірде жотасын, енді бірде жазығын көрсетедіау. Міне, мына біз жүрген белоруссияның да әсем қалалары мен дерев­ ня­лары жермен-жексен болып, орындарында төбе-төбе күл қалды. Жер қанға бөкті...» – деген ауыр ойдың құрсауынан арылмай ұзақ жатты.

Ақылбайдың құлағына еміс-еміс сыбдыр естілді. Селк етіп, жанжағына сезіктене көз салды. Бұрын оянған Михаил тозығы жеткен етігімен жерде жатқан қурайды сытыр-сытыр басып, ерсілі-қарсылы жүр. Ақылбай сағатына қарады. Жолға шығатын мезгіл болып қалыпты. Сұлап-сұлап жығылып жатқан ұзын-ұзын қарағайларды көрді. Төбесіне түскен бомба түбірімен жұлып тастаған, бүр-бұтақтарын жалын шарпыған ағаштар бүрісіп жатыр. Оның ар жағында оқшау өскен зәулім үйең­ кінің басында жалғыз аққұтан отыр. Ақылбай оған жақындай түсті. Ол адамнан жасқанып ұшып кетпеді. Көзі жасаурап көмек сұрағандай жалтақ-жалтақ қарай берді. Аққұтанның балапандары шыр-шыр етеді. Тамақ сұрап жатқанға ұқсайды. Ұшайын десе, шама жоқ. Аппақ қардай ақ қанатының бірі қып-қызыл қан. «Гитлершілердің әкелген алапатының зардабы саған да келген екен», – деп Ақылбай өрмелеп бұтақтан бұтаққа шығып, үйеңкінің басына жетті. Жаралы аққұтанды көтеріп төмен түсті. Қанатынан жеңіл жараланған екен. Ақылбай қалтасынан шүберек алып, аққұтанның жарасына дәрі жақты да ұшып кетер ме екен деп, жерге қоя берді. Ол қанатын бір-екі қақты да ауырсынып ұша алмады. Ақылбай сөмкесіндегі қара нанның үлкен бір кесегін суға салып жібітті де, аққұтанды көтеріп, үйеңкіге қайта шықты. Оны ұяда тамақ сұрап, аузын аша шырылдаған балапандарының үстіне отырғызды. Ұсатылған нанды ұяның шетіне қойып жерге түсті. – Сіз не істеп жүрсіз? – деп Михаил Ақылбайдың жанына келді. – Не істегенімді көріп тұрсың ғой. Мына байғұсты да жау бомбасының жарықшағы жаралапты. Тамақ сұрап, шырылдап жатқан балапанда­рына жаным ашып кетті. – Құс екеш құсқа да фашистердің кесепаты тиген екен, – деп Михаил күрсініп қойды. – Жүруге дайындалыңдар, сәлден соң қозғалайық – деді Ақылбай шырылдаған балапандардан көз алмай қарап тұрып. Көп ұзамай жұрт жапа-тармағай орындарынан тез-тез тұрып, жолға аттанды. Аспанды түн қараңғылығы көмкеріп алды. Көгілдір аспан жүзінде шашыраған тарыдай әр жерде жұлдыздар көрінеді. Маңайда дүркіндүркін атылып жатқан жау пулеметтері мен автоматтарының үні емісеміс естіледі. Анда-санда күмпілдеп жарылған миналардың ащы дауысы да жетіп жатты. Аспандай ұшқан ракета жарығы да жиілей бастады. Күні бойы демалып, тынығып қалған партизандар түні бойы тізе бүкпестен, бел шешпестен, тынымсыз жүрді. Таң бозара оң жақтан шәуілдеп ты­нымсыз үрген иттердің даусы анық естілді. Алдыңғы жақ егістік, көсіліп жатқан кең дала. Оның арғы бетінен қараңдаған екінші бір орман қа­рауытады. Ол орманға жету үшін бес-алты шақырымдай алаңды кесіп өту керек. – Жігіттер, – деді Ақылбай, – әрі қарай жүруге дәл қазір бол­ майды. Жүктеріңді шешіп, дем алыңдар. «Көрмеген жердің ой-шұң­ қыры көп болады» деп қазақ босқа айтпаған, бұл маңай біз үшін бей­ мәлім ғой. Бәріміз бірдей ұйқтап қалып жүрмелік, – деп бірнеше пар­ти­занды күзетке қойды. Қалғандары бел шешпестен ағаш түбіне қи­

сайып жатып қалды. Бұлардың торғайдың ұйқысындай ұйқысы бар. Қал­ғып кеткен Ақылбай селк етіп оянды. Ол жайлап орнынан тұрды. Үстіне жабыс­қан жапырақтарды қолымен қағып, тазалады. Басына қал­ пағын киіп, сұр шинелін желбегей жамылып орман жиегіне қарай жүрді. Алдынан қапсағай денелі, еңгезердей біреу шыға келді. Ол байқаусызда шошып кетті. Анықтаңқырап қараса, қарсы келе жатқан Михаил екен. – Сен қайдан келе жатырсың? – Маңайды шолып шықтым. – Не көрдің? – Жақын жерде үлкен деревня бар екен. – Жүр, екеуміз байқап келейік. Мүмкін, оразамызды сол деревня­дан ашатын болармыз. – Көрсек, көрелік. – Деревняның дәл түбіне тоқтаған екенбіз. Картада бұл деревня жырақтау көрінген еді. Мен байқамаған болдым, – деді Ақылбай. Ақылбай дүрбіні қолына алып, деревня адамдарының әрбір қимы­ лын бақылады. Сиырларын сауып, өріске жіберіп жатқан әйелдер, мұржаларынан аспанға шапшып шығып жатқан түтін, есік алдындағы күншуақта ойнап жүрген балалар көрінеді. Бейсуат жүрген бірде-бір жан байқалмайды. – Деревняда жау солдаттары көрінбейді. Сен де қарашы, – деп Ақыл­ бай қолындағы дүрбіні Михаилға ұсынды. – Меніңше де сезікті кісі білінбейді. Деревняда жау әскері жоқ екеніне екеуінің де көзі әбден жетті. Деревняның екі жағынан созылып жатқан жолды да жіті бақылады. Некенсаяқ жүрген кісі көзге түспеді. Өріске қарай маң-маң басып, жайылып бара жатқан сиырлар көрінді. Ақылбай жігіттерді ертіп, деревняға жақын­ дай түсті. Алдымен Михаил бастаған екі адамды жіберді. Олар сирек өскен қайыңнан өтіп, шеткі үйдің қора жақ есігінен бір-бірлеп кіріп кетті. Көп ұзамай Михаил қораның бұрышына шығып, жолдастарына жол ашық, мұнда келіңдер деген белгі берді. Олар екі-екіден бөлініп, шеткі үй­дің қорасына кірді. Үй алдында жүрген кемпір-шалға жолықты. Ақылбай олармен амандасты да, бірден: – Деревняда жау солдаттары жоқ па? – деп екі егде адамның бетіне тура қарады. – Байғұс балалар-ай, жүдеп-жадап жүр екенсіңдер. Фашистер кеше түсте келіп кеткен. Қазір жоқ. Бірақ сақ болыңдар. Олар сау етіп келе қалудан да тайынбайды. Осында баяғы патша заманында билептөстеген алпауыттың баласы тұрады. Ол жауыз Совет өкіметіне қарсы екенін жасырмай айтады. Соғысқа дейін мысықтай боп үнсіз жүруші еді. Мыналар келгеннен бері құтырып кетті. Қит етсе «қырам-жоям» дейді. Ол қазір осы деревняның әкімі болды. Кеше келген жау офицері деревня­ ның адамдарын жинап, ол оңбағанды староста тағайындапты. Осы маңайға партизандар келгендей болса, хабар беріп тұрасың деген көрінеді.

Өздерің тамақ ішуге кіріп кеткенде, үйін біреуге бақылатып қойыңдар. Ол оңбағанға сенім жоқ, – деді ақ сақалы кеудесіне түскен кісі. – Жау гарнизоны жақын ба? – Төрт-бес шақырым. – Старостаның үйін көрсетіңізші. – Анау, көк қақпалы, қызыл шатырлы үй сонікі, – деп шал оң қолын созып көрсетті. Жігіттер үштен-төрттен бөлініп үйді-үйге кіріп кетті. Ақылбай мен Михаил екеуі қызыл шатырлы үйге барды. Олар кіріп келгенде төр алдындағы терезе түбінде жасы алпысқа таяп қалған, жалпақ бет, семізше келген біреу тосыннан кірген екеуіне ызғарлы ала көзімен қарады. – Бізге тезірек тамақ беріңіз, – деді Ақылбай. – Кетіңдер, иттер, бұл үйден сендер үшін тамақ табылмайды. Совет өкіметі тамақтандыратын болар, – деп шал күркірей, бұрқырай сөйлеп, орнынан тұрды. – Қайталап айтшы, – деді екеуі жарыса сөйлеп. – Айтқаным айтқан, айтқанымнан қайтпан. Сендердің күндерің санаулы, – деп ол сыздана қарады. – Михаил, – деді Ақылбай, – сен пештің ішіндегі шөгенді әкел де, тамақтанып ал. Мен артынан ішейін. – Сендер сияқты бандылардың жайын ертең-ақ көрермін, – деп шал тілін тартпады. Михаил ауыз үйге шығып, жалпақ пештен буы бұрқыраған шөгенді алып, төргі бөлмедегі столдың үстіне қойды. Есік жақтағы қоңырқай шкафтан қалайы ыдыстарды алып, капуста көже құйды. Нан турады. Екеуі тамақтанды. Ауыз үйдің терезесінің алдында тұрған төрт бөлке нанды сөмкелеріне салды. Михаил ашуланып, бүкіл тамыр-тамырындағы қаны бетіне іркілген­ дей қып-қызыл боп кетті. Ол кейін бұрылып: — Мен бұл қақпасты тірі қалдырмаймын. Дарға асқанын содан кейін көрейін, – деп автоматтың шүріппесін басып қалды. Екеуі есік алдына шықты. Басқа жолдастары да тамақтанып, орман жиегіне жиналыпты. Деревняның күнбатыс жағындағы жыландай ирелеңдеген күре жолда аяғын аңдып басып келе жатқан екі-үш кісіні байқады. Ақылбай дүрбісін қолына алып, оларды шолып шықты. Жау келе жатыр, әнеубір жерде тосқауыл жасалық, жүріңдер, – деп жүгіре жөнелді. Көп ұзамай қырық-елудей фашист көрінді. Тұспа-тұс келгенде-ақ аңдып жатқан партизандар автоматтан оқ жаудырды. Жұбын жазбай келе жатқан жаудың бірнешеуі жер жастанды. Қалғандары қанатын жайып, қарсыластарына қарай оқ ата бастады. Шөптің шет жағында жатқан Ақылбай: — Жау күші басым. Тезірек кейін шегініңдер, – деп бұйырды да, өзі орнынан тұрып қалың орманға қарай кейін шегінді.

Орман жиегінен алысырақ шықты. Ақылбай жолдастарын түгендеді. Бәрі аман екен. — Жаңағы мен атып кеткен шал нағыз жау. Әне бір шеткі үйдің есік алдында тұрған әйелдің айтуынша, алғаш деревняға барған біздің адамдарды көріп, кіші баласын атқа мінгізіп, жақын жердегі фашистерге хабарлауға жіберіпті, – деді Миша. Партизандар орманның күншығыс жақ жиегіне келгенде, арттарынан дүркін-дүркін атылған автомат, пулемет үні естіліп жатты. Суыт жүріп келеді. «Біздің беталысымызды жау байқап қалды. Бағытымызды өзгертелік», – деп ойлаған Ақылбай картаға мұқият қарады. Әр жердің ойқыратын байқады. Жүретін басқа бір жол тапты. Күндізгі шайқас болған деревнядан жиырма шақырымдай алыстап кетті. Қас қарайып, қараңғы түсуін тосқан олар көз шырымын алды. Түн тұнжырай түсті. Нөсер жауын құйып тұр. Жүретін жолды компаспен туралап алды. Ну қарағайлы орманнан шығып, қалың өскен егіндікті басып жүрді. Түн ортасы ауа, тізеден су кешіп, күндіз сілемі қараңдап көрінген орман шетіне жетті. Әр біреуінің лүпілдеген жүрегі орнына түскендей болды. Тілек-арманы, үміті орындалғандай сезінді. Үркердей аз топтың жеңіске деген сенімі бұрынғысынан да болаттай шымырлана, түсті. Жағасы батпақ сулы өзенге жақын тоқтады. Жау машиналары жүріп жатқан көпірдің екі жақ діңгегінің түбіне мина қойылды. Батыс жақтан тас жолмен ызғытып келе жатқан төрт-бес машина көрінді. Олар көпірдің үстіне шыға бергенде тұнық ауаны қақ жарған, минаның гүрсілдеген ащы дауысы естілді. Фашистердің жүк тиеген машиналарының бөлшектері аспанға ұшты. Сол маңдағы бірнеше шақырымға созылған телеграф бағаналарын бұзды. Тамыз айының аяқ кезі. Отрядқа жаңа күш косыла бастады. Олар жау қоршауында қалғандар және жергілікті тұрғындар. Жау уақытша басып алған жердегі фашистерге қарсы күрес күшейе түсті. Фашистердің көптеген машиналары, солдат, офицерлері майданға кетіп бара жатқан техника тиелген эшелондары істен шықты. Ақылбай басқарған партизандар Могилев пен Бабруйск қаласының арасындағы тас жолдан өтіп, Днепр өзенінің батыс жиегіндегі қалың орманға жетті. Күні-түні тынымсыз жүріп, өткел іздеді. Жалғыз ескекті бір ғана қайық табылды. Осынша адамды жалғыз қайықпен өткізу үшін бірнеше түн керек болды. Басқадай амалын іздеді. Ақылбай бастаған партизандар деревняға келді. Көшенің шет жағын­ да оқшаулау тұрған тақтай шатырлы үйге кірді. Сәлден соң ауыз үйге он екі-он үш жас шамасындағы бала кірді. Ол киімін шешіп, есік алдындағы ілгішке ілді. Ақырын басып, Ақылбайлар; отырған төргі бөлмеге келді. Ол партизандармен күле, қуана амандасты. – Атың кім? – Толя. – Нешінші класта оқыған едің?

– Бесінші класта оқыдым. Биыл алтыншы класта оқуға тиіс едім. Осыдан бірнеше күн бұрын келген немістер мектептің үйін өртеп кетті. Бізге сабақ берген математика мұғалімін «партизансың», – деп, жанып жатқан отқа тастап жіберді, – деп бала көзіне жас алды. – Сен бізбен бірге жүресің бе? – деді Ақылбай Толяның шешесі ауыз үйге шығып кеткен кезде. — Жақында көрші деревняның менің жасымдағы балаларының бәрін фашистер атып кетті. Үйде қарап отырып, от басында өлгенше, сіздермен жүріп, тым болмаса, жаудың бір солдатын жастана өлсем арманым болмас еді, – деп Толя үлкен адамша өз ойын ашық айтты. Партизандар тамақтанып болды. Төргі бөлмеге Толяның шешесі келіп, оң жақтағы бос орындыққа отырды. Ақылбай мен Мишаға ақ көңілімен, дарқан мінезімен күле қарап: – Дүние астан-кестен болды ғой. Қазір үйде де, түзде де тыныштық жоқ. Маңайымыздағы деревнялардың көбін өртеп жіберді. Енді бізге де кезек келетін болар. Олардың жауыздығында шек жоқ. Әне бір терезенің алдында тұрған нандарды ала кетіңдер. Қарындарың ашып жүрген болар. Біз үйдеміз ғой, бірдеңе ғып күн көрерміз, – деп қатты-қатты күрсінді. Көзінен жас бұрқ ете қалды. – Рақмет сізге, өзіңіз кең пейілді жан екенсіз. Ашығып қалып жүрмеңіз. Мына Толя бізбен бірге кетемін деп отыр. Оған қалай қарайсыз? – Алсаңдар ала кетіңдер. Үйде қалған тағы екі-үш бөбегім бар. Соларды ермек етермін. Бәрібір жау қаһары жаман. Баланы да, үлкенді де аяйтын түрі жоқ. Тірідей кісіні жанған отқа тастап өртеп жатыр. Осыдан басқа бас көтерер еркек жоқ. Әкесі соғыс басталған күндері майданға кеткен. Ол байғұстан еш хабар болмады. Балаға абай болсаңыздар болғаны. Толя, сен жинал. Өз бағыңнан көрерсің, – деді. Толя жолға шапшаң жиналды. Шешесі Толяға партизандармен кетуге рұқсат берсе де, іштен шыққан баласына көкірегі қарс айрылып, жылай берді. Ол Толяны құшақтап, бетінен сүйіп, аймалады. — Ұлыма бас-көз болыңдар. Әлі жас қой, бір нәрсеге ұрынып қалмасын, – деп Толяның шешесі басындағы орамалының ұшымен көзіне ұялаған жасын сүртті. Партизандар ұзын көшені бойлап келе жатты. Толяның қуанышында шек жоқ. Әбдіғалидың мойнына асынған артық автоматты сұрады. – Сенің бізбен кеткеніңді жұрт көрсе, ертең ана үйде қалған інілерің мен шешеңе қауіп туады. Жау оларды аямайды. Сен қазір деревняда қала тұр да, кешке таман бір себеп тауып бізге келерсің, – деп Михаил жолығатын жерін айтты. – Осыдан жиырма шақырым жердегі деревняда әжем тұрады. Мен сонда барамын деп кетемін. Бірақ сіздер алдап кетіп жүрмеңіздер, – деп Толя мұңайып қалды. – Сен қапа болма. Біз сені алдамаймыз, Шешең айнып қалып, сені жібермей қояр деген оймен сені үйіңнен алып кеткен едік, – деді Ақылбай.

Мен үйге қайтпаймын. Қазір ана деревня сыртында жүрген балалармен ойнаймын да, оларға әжеме барамын деп кете беремін, – деп Толя кілт бұрылып жүріп кетті. Михаил Толяны келісілген жерде қарсы алды. Ол Михаилға жолық­ қанына қуанып кетті. – Біз алысқа кетеміз бе? – деді Толя. – Иә, алысқа кетеміз. – Олай болса, менің де септігім тиетін болды. Маған мылтық бере­ сіздер ме? – Береміз. Алдымен саған мылтықты қалай атуды үйретеміз. – О, жақсы болды. – Сен Днепр өзенінің маңайын жақсы білесің бе? – Білемін. Бергі жағасында талай рет қармақ салып, балық аулаған­ мын. – Бұл маңайда қайығы бар адамды білесің бе? – Білем. Бірақ олардың қайықтарының бәрі кішкене, бір-екі кісілік қана. – Онда Днепр өзенінен қалай өтеміз? – деді Ақылбай. – Менің әжем тұратын деревняда екі жүздей ат бар. ���������������� Соларды ала кет­ сек, атпен өтуге болатын шығар! Анада сол деревняға барғанымда бала­лар атпен Днепрден өтіп жүргенін көргенім бар. – Ол аттар қайдан келген? Әлде, колхоздың малы ма? – Әскери аттар болу керек. – Әнеукүні бес-алты бала болып, көптеген ер-тоқымды орман ара­сына тыққанбыз. Сол жерде жатқан шығар. Күндіз балалар аттарды жайып әкеледі де, түнде орман жиегіндегі сиыр қораға байлап қояды. Партизандар ат қораның есігін ашып, қора толы аттарды көрді. Кісі­ неп, шұрқырап жатты. Шылбырын шешіп, аттарды жетектеп далаға шы­ ғарды. Басымен алысып тұрған жануарлар. Қалың өскен жас қарағайдың арасынан көптеген ер-тоқым тауып алды. Жігіттер аттарды ерттеп жатты. Толя Ақылбайдың қасына келіп: – Мына жирен ат өте жақсы. Өзі жүйрік, аяңшыл, аздаған жаяу жорғасы бар. Сіз осы атқа мініңіз, – деп көп аттың ішінен тауып алды да, Ақылбайға жетектеп әкелді. – Жақсы екенін қайдан білесің? – Біз аттардың бәрін мініп байқап көргенбіз. Менің атам азамат соғысы кезінде атты әскерде болған. Ол кісі де осы торыны жақсы ат деген еді, – деп Толя Ақылбайға ат жайын білетінін қуанышты көңілімен айтты. — Олай болса, сенің айтқаның болсын, – деп жирен атқа мініп көрсе, лыпылдап тұрған жануарға тақымы толатындай көрінді. Жүрістері өнбей, жаяу-жалпы келе жатқан жұрт ат­қа салт мініп жүріп кетті. Артық аттарды қосарға алды. Днепр өзеніне лезде жетті. Қаружарақты қайықпен өткізді. Өздері аттың жалынан, ердің қасынан ұстап өзенге күп беріп түсіп кетті. Суға жүзуге дағдыланған аттар арғы бетке тез шықты. Кейбір аттарды ағызып, төменгі бір жерден шықты. Бұлардың

бәрі де судан аман-есен өтті. Жирен аттың аяңшыл, аздаған жорғасы бар екені рас болды. Қатты желісі мінген адамның көзінен жас ағызады. Алыс жолға қажымайтын, бір жүрісінен таймайтын мықты жылқы. Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ. Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды, Ой желке, үңірейген болса сағақ, — деп Абай суреттегендей сұлу денелі, қызып алған соң, басын изеп аяңдайды, жүрісі кісінің айызын қандыратын жануар. Партизандар Проня, Сож өзендерінен де атпен өтті. Олар Пропойск қаласының шығыс жағындағы орман жолымен бірде желіп, бірде аяңмен жүріп келеді. Алдыңғы жақты шолуға кеткен барлаушылар көрінбеді. Бұлар орманды кесіп өтетін тас жолдан өтіп, шығысқа бет алды. Тепектеп қарсы шауып келе жатқан екі салт атты көрінді. Ақылбай мойнына асынған дүрбісін қолына алып, тесіле қарады. — Өзіміздің барлаушылар екен, – деді қасындағы жолдастарына. Михаил ілгерілей түсіп, Ақылбайдың жанына келді. — Қандай хабарың бар? – – Шамасы бір ротадай жау әскері күре жолмен кетіп барады. Ныса­ насы тас жолға бұрылу болар. Олар біздің тас жолдан күндіз өтетінімізді сезіп, оңтайлы бір жерде тосқауыл жасауға келе жатқан болды. – – Ол жендеттерге торды біз құралық, – деп Ақылбай мен Михаил картаны алдарына жайып, олардың бара жатқан жолын тапты. Жолдың орманды иектей жақын өтетін жерін белгіледі. – Сен ізіңмен қайта бар да, қалған жігіттерге хабарла. Жау байқап қалмасын, сақ болсын. Олардың барар бетін бақыласын. Көз жазып қалмаңдар. Біз картада көрсетілген жерде жау бөлімшесін тосып аламыз, деп Ақылбай Михаилды қайта жіберді. Партизандар жау бөлімшесіне тосқауыл жасап жата берді. Пулемет, автоматты әрбір қолайлы деген тұсқа орналастырды. Жау жүреді деген жолдың ашық жерін жаяу әскерге арналған миналарды қойды. Үстін сезіктенбейтін етіп, ұсақ топырақпен жапты. Дөңнен асып, жұбын жазбай келе жатқан жау тобы көрінді. Бұл жерде партизандарды тоспаған фашистер сезіктенбей жайбарақат топтанып келе жатты. Дабыр-дұбыр сөйлегендері еміс-еміс естіледі. – Өз ата-бабасының туған жерінде жүргендей нығыз басып келе жатқанын көрдің бе? – деді Әбдіғали Ақылбайға сыбырлап. – Тыныш жат. Жау тақап қалды. Жолдағы миналар жарылысымен оққа жол береміз. Гитлершілер мина қойылған жолға шыққанда, жер қыртысын дірілдете, солқылдата мина жарылды. Іле-шала партизандар оқ жаудыр­ ды. Жау солдаттарының көпшілігі жер жастанды. Қалғандары жол­дың арғы бетіндегі дөңестен асып, кейін шегінді. Партизандар жаудың қаружарақтарын жинап алып, ілгері жүріп кетті.

ІІІ Екінші тәулікте Ақылбай бастаған партизандар Кричев қаласынан Унечаға қарай жүретін темір жолдан өтерде рельс табанына бірнеше мина қойды. Жаудың майданға бара жатқан техника, солдат тиеген бір эшелонын апатқа ұшыратты. Түн қараңғысын жамылған партизандар темір жол бойынан алшақтай түсті. Күн көтеріле бере фашистердің жазалау әскері поезд қираған маңайдың бәрін сүзіп шықты. Орман іші тым-тырыс құлаққа ұрған танадай. Күндегідей саңырауқұлақ теріп жүрген бала-шаға, кемпір-шал, әйелдер, зым-зия болған. Жау әскері екі-үш тәулік бойы іздеген «жоғын» таба алмады. Олардың әбден сілесі құрыды. Темір жолға мина қойған деревня адамдары деп, маңайдағы жазықсыз жергілікті тұрғындарды атып-асып, бүкіл бір деревняны өртеп, түп орнымен жойып жіберді. Ақылбай Оныншы Армия штабынан Кричев темір жол торабын барлау жөнінде бұйрық алды. Ол стан­ция жау эшелондарының түйісетін темір жол торабы. Сол жерден ерсілі-қарсылы жүріп жатқан жау күшінің бет алысын байқауға болады. Ақылбай Кричевте тамыр-танысы, жақын жанашыр туысы бар адам іздеді. Ересек адамды жіберу қауіпті болды. Ең қолайлысы әйел, бірақ ондай қолайлы адам шықпады. Жұрт өзара көп ақылдасты. Бәрі Толяға тоқтады. Өйткені осы маңайда туып-өскен. Жас баланы жау жендеттері байқамауы да мүмкін деген қорытындыға келді. Осы ойын Ақылбай Мишаға айтып еді, ол: — Толя ондай тапсырманы орындауға әлі тым жас қой, жау оны алдап, қолға түсіруі ықтимал. Ол байғұс шынын айтып қойса, босқа мерт болады, – деп өз көңіліндегі күдігін ашық айтты. – Меніңше Толя ондай бала емес. Ол өте ұстамды, аздаған қулығы да бар. Кеше бір сөйлескенімде, Кричевте тұратын нағашы апам бар деген еді. Егер, оның айтқаны рас болса, одан қолайлы кісі табылмайды. — Толяның өзімен сөйлесіп көрелік, шақырыңдаршы, – деді Михаил қасында отырған бір жігітке. Кешікпей көзі күлімдеп, аяғын баяу басып Толя келді. Ол кейінгі күндері өзін есейген, марқайған партизанмын деп есептейтін. Иы­ ғына автомат асынып алған. Беліндегі қорап толы оқ-дәрі, белбеуінен сал­бырата ілінген екі граната бар. Кешегі бір айқаста жаудың бірнеше солдатын жер жастандырды. – Толя, бері таман жақын кел. Сені өте қауіпті тапсырмаға жіберейік деп отырмыз. Оған қалай қарайсың? – Қандай тапсырма? Айтыңыз. Содан соң қолымнан келетінінкелмейтінін ойланайын, – деп кәдімгі ер жеткен адамның сабырлы сөзін айтты: – Кричев қаласын білесің бе? Сонда барып, жаудың әскер, техника таситын эшелондарының кетіп бара жатқан бағытын, күніне қанша эшелон жүретінін, жау әскерінің топталған жерінде қалада қандай жаңалық барын білуіміз қажет болып тұр.

– Кричев қаласында менің нағашы апам тұрады. – Адресін білесің бе? – Білемін. Соғыс басталар алдында барып қайтқанмын. – Поездардың бет алысын білу үшін, станция басына баруға тура келеді. Ол жерге қандай амал тауып жақындар едің? – Оның амалы оп-оңай. Қайыр сұрап жүрген мылқау бала болып барамын. – Сен мылқау емессің ғой, қалай мылқау боласың? – деп отырғандардың бәрі баланың айлакерлігіне сүйсінді. – Біздің деревняда бір мылқау бала бар. Сол баламен ылғи бірге ойнайтынмын. Содан мылқаудың қол бұлғаңдататын, ернін қимылдататын тілін үйренгенмін. – Сонымен, қарсы емессің бе? – Қарсы емеспін, барамын! – Олай болса, тезірек жолға жинал. Үстіңдегі әскери формаңды тастап, басқа бір киім киетін боласың. Жалғыз барсаң, жау сезіктеніп қалуы мүмкін. Қалаға бара жатқан адамдарға ілесіп кеткенің жөн болады, деді Ақылбай. – Жарайды, тапсырмаңызды орындауға тырысамын, – деді Толя. Ертеңінде таң құланиектеніп келе жатқанда, бір де бір жанға сездірместен Толяны атқа салт мінгізіп, қасына сенімді-сенімді екі жігітті ертіп, қалаға баратын тас жолға шығарып салды. Толя орманнан алыстап барып, мойнындағы дорбасынан бір тілім нан алып, кітірлетіп жеп, тас жол жиегіндегі алаңда отыра берді. Қалаға баратын жолаушыларды тосты. Қап арқалаған екі кісінің алдағы дөңестен асып келе жатқанын көрді де, Толя қуанып кетті. «Осыларға еріп, қалаға кіретін болдым», – деп ойлады ол. Толя үстіне шұрық-тесік жыртық бешпент, бұтына май-май қара шалбар, аяғына жұлығы жыртылған кең етік киген. Шашы өскен. Оның дәл қазіргі түрі кәдімгі ел кезіп, қайыр сұрап жүрген панасыз балаға ұқсайды. Екі әйел аяқтарын әрең басып, Толяның жанына әзер жетті. Ол орнынан ыршып тұрып, ымдап сәлем берді. Қолын бұлғаңдатып: «Қайда барасыздар? Қалаға барсаңыздар, мені ерте кетсеңіздер қайтеді. Жол білмеймін», – деген қимыл білдірді. Екі жолаушы әйел мұның ымын да, қиқылдаған дауысын да түсіне алмады. Біреуі мосқал, екіншісі жас әйел екен. – Бейшара, мылқау бала ғой. Қарны ашып, тамақ сұрап тұрған бо- ­лар, – деп арқасындағы дорбасынан өзіне деп үйден алып шыққан азығы­ нан бір тілім нанды алып, Толяға ұсынды. – Рақмет, – деген белгі берді, сіздермен бірге қалаға барайын деген ойын түсіндіре алмай. Толя қос қолын ілгері қарай сілтеді, көзін жымыңдатып, аяғымен жер тепкіледі, ілгері қарай бір-екі қадам басты, кейіні шегінді. – Жүр кеттік, бұл мылқаудың не айтайын дегенін түсінбедім, – деп жас әйел жерге қойған қабын арқасына салып, ілгері қарай жүрді. Екі әйелдің соңынан Толя да құрдай жорғалап жүре берді. Өзі көңілді.

– Е, мына байғұс, қалаға бірге барайын деп тұрған екен, бізге ергеніне көңілденіп, жымың-жымың етіп, қуанып қалғанын қарашы, —деді мосқалдау беті айғыз-айғыз әжім, аяғын сылтып басқан әйел. – Өзі қутың-қутың етеді. Бұл байғұс та біреудің ұлы ғой. Мүмкін, әкешешесін фашистер атып тастаған соң, баратын жер таба алмай, қайыр сұрап жүрген болар. Мұндай жарымжан бала түгіл, тілі сайрап тұрған сау балалардың қаңғып қалғанын өз көзімізбен көрдік қой. Кеше біздің деревняның үстін басып, есепсіз көп машина өтті. Құдықтан су ішіп жатқан фашистердің бірі «Москау капут, Москау капут», – деп көпіре сөйлеп тұрды. «Москау капут болған жоқ, сендер капут боласыңдар», – деп жауап берейік деген едім, жауыздардан сескендім... – Сен неміс тілін білмейсің, олардың не айтқанын қалай түсіндің? – Мектепте бесінші кластан бастап неміс тілін оқыдым ғой. – Ондай өнерің болса, өзің білесің. Мен үшін олар мылқау адамдай көрінеді. Бірде-бір сөзін ұқпаймын. Кеше майдан жақтан көрші дерев­ няға бір әйел туыстарын іздеп келіпті. Оның айтуына қарағанда фашист жауыздардың алғашқы кездегі екпіні басылған көрінеді. Біздің әскер Москваға жетер-жетпес жерде, жер-дүниені жалмап келе жатқан жаудың бетін тойтарып, тоқтатқан дейді. Қызыл әскердің қорғаныстары мен қамалын бұзамыз деп гитлершілер көптеген шығынға ұшырапты. Қи­раған жау танкілерінің есебі жоқ. Москваның әуе қорғанысы да мықты екен. Жау самолеттері Москваға жақындағанда біздің самолеттер қарсы шабуылға шығып, әрі қарай өткізбейтін болыпты. Екі жақтан да шығын бар­шылық дейді. Құдай қосып, жалмауыз жауды жерімізден қуып шығатын күн туса екен, – деп мосқал әйел құдайға сиынып, шоқынып алды. – Соғыс болған соң, шығын болмай қоймайды ғой. Шіркін, менің күйеуім қай жерде жүр екен. Әлде, жау оғына душар болды ма? – Жас әйел күрсініп, көзіне іркілген жасын басындағы орамалының шетімен сүртті. Толя екі әйелдің жанында үнсіз, сөзге араласпай томаға-тұйық келеді. Әңгіменің бәрін бар көңілімен тыңдап, жіпке тізгендей, бір сөзді шашау шығармай іштей тоқып келеді. «Бұл екеуінің де айтып келе жатқан хабарлары біз үшін пайдалы болар», – деп қояды. Олар­дың әңгімесін ұйып тыңдаған Толя қалаға жетіп қалғанын сезбей де қалды. Қала көшелерінде бұрынғыдай ерсілі-қарсылы жосылып жүріп жатқан тұрғындар көрінбейді, иесіз қалғанға ұқсайды. Анда-санда бірен-саран адамның әрең басып, көңілсіз кетіп бара жатқаны байқалады. Екі әйел қаптарын көтеріп станция жаққа бұрылды. Олармен ымдап қоштас­қан Толя көлденең көшеге түсіп жүріп келеді. Толя: «Тетя Валяға да мылқау болып барсам, оған қандай себеп тапсам екен», – деп ойланды. – Бір кезде сайрап жүрген бала едім. Енді мыл­ қау болдым. Таптым, таптым! Әнеу күні Могилевті қорғауға қатысқан Борис мылқау болып қайтқан еді. Ол құлақтан да, сөз­ден де айрылған. Бізбен қағазға жазып сөйлесетін. «Бір топ бала далада ойнап жүргенде жау самолеті бомба тастады. Жарылған бомбаның құйындай соққан желі ұрып, есімнен айрылып қалыппын. Кеш бата өзіме-өзім келіп, есімді

жинап алсам, құлағым естімейді, тілден айрылыппын. Содан бері мылқау болып қалыппын», – деген ой түйді. Нағашы апасының үйіне қарай ол жай басып келе жатты. Ол кісінің үйі темір жол вокзалынан алыс емес еді. Толя сыртқы қақпаны ашып, қораға кірді. Сыртқы есіктің тиегін салды. Бақтың орта шеніндегі ағаш үйдің алдына барғанда нағашы апасы алдынан қарсы шыға келді. — Сен Толямысың, қайдан жүрсің? – деп баланы құшақтай алып, бетінен сүйді. Толя ол кісіге жауап қайыра алмады. Қос қолын шошаңдатып, адам түсінбейтін үн шығара берді. Ол шиқылдайды, гүжілдейді. Екеуі қосарланып үйге кірді. Ауыз үйдегі орындыққа отырды. Толяда үн жоқ. Валяның бірде-бір сұрауына жауап қайырмады. Бедірейіп бетіне қарай берді. — Ойбай-ау, Толя, саған не болған? Әнеукүні келгенде сап-сау емес пе едің? – деп, Валя жылап жіберді. Толя орнынан тұрып терезенің алдында жатқан қарындашты, қобдишаның үстінен бір жапырақ қағаз тауып алды. Өзі стол басына жайланып отырды. Қағаз бетіне бір нәрсені жаза бастады. Жазғанын Валяға ұсынды. Ол оқып шығып: — Қарағым-ай, мүгедек болған екенсің ғой, – деп Толяны құшақтап дауыстап жылады. Әбден сілесі құрыған әйел Толядан бір нәрсе сұрайын десе, ол естімейді. Екеуі қағаз арқылы сөйлесетін болды, Валя да қолына қарындаш алып, қағаз бетіне: «Сен қайда бара жатырсың? Шешең, балалар аман ба? Әкең қайда? Әскерде ме, болмаса, үйде ме? Деревняда қандай жаңалық бар?» – деп жазды да Толяға ұстатты. Ол тез оқып шықты да Валяға жауап жазды. «Мен сізге екі-үш күнге ғана келдім. Шешем сіздің хал-жағдайыңызды біліп кел деп жіберді. Үй-ішіміз аман. Әкем әскерге кеткен. Ол кісіден хабар жоқ. Деревня бұрынғыдай. Өзгеріс жоқ» – деп қысқа жауап жазды. Валя өте балажан, ақ пейілді кісі. «Бейшара болып қалған екенсің» – деп үйдегі бар тамақты Толяның алдына қойып, бәйек болып жүр. Толя Валяны алдағанына іштей мәз болды. Ол кісіге шынын айтайын десе, ертең станция басына барып мылқау болып жүргенін көрсе, ол ұрсады. Егер сол маңда жүрген біреуміреу естіп қалса, менің әдейі келген ісім орындалмай қалады. Ақылбай бұл тапсырманы Отанның тапсырмасы деген, сондықтан шынын айтпауға бел байлады. Ертеңінде Валя ұсақ-түйек киім-кешектерін деревняға апарып, азықтүлікке айырбастап әкелуге дорбасын арқалап жаяу кетті. Ол кісі үйден шығысымен, қасына көрші үйдің таныс екі баласын ертіп, Толя станцияға аттанды. Олар ойынға айналып, ұзын көшені бойлап жүре берді. Балаларға да өз жайын қағазға жазып түсіндірген. Олар да сенді. Толяға жандары ашыды. Үш бала күні бойы вокзал маңында жасырынбақ ойнап жүрді. Екі баламен ойынның қызығына белшесіне бата ойнаса да Толяның екі көзі әлсін-әлсін келіп-кетіп жатқан жау эшелондарында болды. Техника, әскер, әкетіп бара жатқан вагон есебін, оның қай жолмен кеткенін, іштей

көңіліне тоқи берді. Үйге ертерек қайтқан Валя Толяның кешіккеніне күдіктеніп, қорқа бастады. Толя қас қарайып, ымырт жабыла үйге кіріп келгенде, Валя қуанғанынан жылап жіберді. – Аман келдің бе? Күні бойы қайда жүрдің? Қазір қалада кешкілік жүруге болмайды, өте қауіпті, – деп стол үстіндегі қағазға жазып Толяның қолына берді. Ол: «Ойынға айналып көбірек жүріп қалдым» деп жазды. – Бұдан былай кеш жүрме. Қарның ашқан болар, тамақ іш. Деревняға барып, болар-болмас азық әкелдім, – деп Толяның бетіне бажырая қарады. Валя шөгендегі пісіп тұрған көжені қалайы тегешке құйып, ауыз үйдегі стол басында отырған Толяның алдына қойды. Пышақ сыртындай жұқа туралған екі тілім нанды стол ортасына қойып, өзі де тамақ ішуге отырды. Валяның күйеуі соғыс басталған күннің ертеңінде-ақ майданға аттанған. Одан да хабар-ошар жоқ. Екі баласы маусым айының бас кезінде бастауыш кластардың сабағы бітіп, демалысқа шыққан. Оларды Москва түбінде тұратын күйеуінің әке-шешесіне, деревняға жіберген. Олар да хабар-ошарсыз кетті. Күтпеген жерден мылқау болса да, Толяның келгеніне өз балалары келгендей ағынан жарыла қуанды. Бір күні Валя ерте тұрып, Толяны оятып тамақтандырды да, өзі тағы қала маңайындағы деревнялардың бірінде тұратын жамағайындарына кетті. Толя өз достарымен станция басына ойнауға барды. Үш баланың күн сайын вокзал басында ойнап жүргенін байқаған жау тыңшыларының бірі түс кезінде оларды ұстап, гестапоға айдап апарды. Гестапо жалғыз қабат ақ үйге орналасқан. Балалардың алдынан шыққан тарамыстай қатқан арық сары оларды дәліздің оң жағындағы бөлмеге ертіп әкелді. Төрдегі стол басында отырған семізше келген, ұзын бойлы офицер орнынан тұрып, үш баланың үсті-басын жіті шолып шықты. Ол Толяға қаһарын тіге түсті. «Сен қайдан қаңғып жүрген баласың?» – деп құлағын қос қолдап бұрады. Толяның көзінен жас бұрқ ете қалды. Шыңғырып жылады. Қасындағы екі бала жарыса сөйлеп: «Бұл осы қаланың тұрғыны. Құлағы естімейді, мылқау. Сіздің айтқаныңызды ол естіген жоқ», – деп ұқтырғысы келді. Офицер балалардың айтқанын түсінбей аудармашы сары жігітке: – Мыналар не айтып тұр? – деп көзін тіге қарады. Ол балалардың айтқанын немісше қайталады. – Сендер не істеп жүрсіңдер? – Ойнап жүрген едік. Мына кісі осында айдап әкелді, – деді бала­ның бірі. – Сендерге басқа жер табылмады ма? – Станция басында ойнауға болмайтынын біз білмедік, – деп түсін­дір­ се де гестапоның адамдары сене қоймады. — Мектепте оқыдыңдар ма? – Жоқ, мектепке баруға жасымыз әлі жеткен жоқ... – Мына бала ше? – Ол да бармайды. Біздің қалада мылқаулар оқитын мектеп жоқ. Гестапоның офицері балалардың жауабына сезіктене қарады. Үш баланы тырдай жалаңаштап, цемент еденге тізерлетіп отырғызды. Екі-

үш сағат бойы «шындарыңды айтыңдар» деп ұрып-соғып денелерін көкала қойдай етті. Бірақ үшеуінен де «Еш нәрсе білмейміз» дегеннен басқа жауап ала алмады. Екі қолдарына жіп байлап, үйдің қабырғасына асып қойды. Одан да түк шықпады. Күн бата үшеуін тергеушіге қайта әкелді. Аяқтарын басып тұра алмайды. Ұрып-соғып әбден есеңгіретіп тастапты. – Шындарыңды айтпасаңдар, сендерді дарға асамыз, – деп қорқытты. – Біз осы қаланың балаларымыз, сенбесеңдер шешелерімізді шақыр­ тыңыздар, – деп қасарып тұрып алды. Бір кезде: «Бұдан былай станция маңына жоламайтын болыңдар» – деп екі кішкене баланы босатты. Толяны алып қалды. Оны ертеңінде, таң бозарып келе жатқанда, жауап алуға қайта әкелді. Толя тергеушіге мыл­қау даусымен шырылдағаннан басқа жауап бермеді. Оны жалаңаштап қойып тағы сабады. Ол талықсып, еденге құлап түсті. Дәл сол кезде, есіктен кірген гестапоның қызметкерінің бірі: — Сізге жолығамын деп бір әйел келді, – деді. Валя тергеуші офицердің бөлмесіне кіріп келгенде, еденде талып жатқан Толяны көріп, шошып кетті. – Шаруаңды айт, менің сенімен сөйлесіп отыратын уақытым жоқ. – Мына бала менің балам еді. Өзі жарымжан, мылқау. – Сен қайда тұрасың? – Мен осы қаланың байырғы тұрғынымын. – Қай жерде жұмыс істеп едің? – Соғыс басталғанша шаштараз болып істеген едім, қазір үйде жұ­ мыссыз отырмын. – Егер қала бастықтары шаштаразды қайта ашса, жұмыс істейсің бе? – Маған күн көріс керек, егер шаштаразды қайта ашса, жұмыс істеуге даярмын. – Кеше майданға кетіп бара жатқан эшелон паравозының бір жеріне белгісіз адам мина қойыпты. Ол поезд қаладан шыға берген жерде апатқа ұшырады. Көптеген шығын болды. Басында біз осы балалар мина қойды ма деген ойда болған едік. Үш баланы аңдып жүрген біздің бақылау­ шының айтуынша, бұлар эшелон­ның маңына жоламаған көрінеді. Вокзал басындағы сезікті адамдарды қолға түсірдік, – деді тергеуші қасындағы біреуіне. Тергеуші қолына қаламын алып, ақ қағазға неміс тілінде бір сөз­ дерді жазды. Валяның екі көзі еденде сұлап жатқан Толяда болды. Көз жанарынан саулаған жасын басындағы орамалының ұшымен сүртті. Тергеуші бір кезде Валяға қарап: — Мына қағазға қол қой, – деді. Валя қағазды қолына алды. Неміс тілінде жазылған жазуды тани алмады. Оң жақта тұрған аудармашы неміс, оның түсінбей тұрға­нын байқап, қағазды оқи бастады: «Толя менің балам, осы қалада тұра­мыз. Балам туғаннан бері мылқау. Бұдан былай бейсауат жүрмейді», – деп жазылғанын түсіндірді. – Мен қол қояйын ба? – деді Валя. – Иә, қол қой.

Аз да болса есін жинаған Толя көзін ашты. Күп боп іскен, қан-қан болған көзін оң алақанымен сипалады. Ол қасында тұрған Валяны көргенде, селк етіп шошып кетті. «Бұл бейшараны мен үшін, жазықсыздан-жа­зықсыз қинайтын болды-ау. Адамгершіліктен жұрдай болған малғұндардан ол да шығады. Қарадан-қарап тыныш жатқан Валяға зияным тиетін болдыау...» – деп ойлады. Ол тағы да талықсып кетті. Қозғалмастан сұлық жатты, Валя қолына қалам алып, столға жақындай түсіп, қағазға қол қойды. — Енді балаңды алып кете бер. Бұдан былай менің қолыма түсетін болмасын, – деп тергеуші офицер нығыздай, дауысын көтере, орнынан тұрды. Толя өз аяғымен жүре алмады. Кірпігін әзер қыбырлатады. Валя оны көтеріп, есік алдына шықты. Екі көше жүріп барды да белі талды ма, әлде дем алғысы келді ме, көшенің оң жақ қапталындағы орындыққа отыр­ды. Толя есін жинап, өзіне-өзі келді. Бұлар түс ауа үйіне әзер жетті. Толяны төр үйдегі төсекке жатқыз­ ды. Ауыз үйдегі шелектен бір стақан су әкеліп, аузына су тамызды. «Өзі жарымжан баланы өлтіріп тастай жаздады-ау. Мен бармасам байғұс баланың түбіне жететін еді. Жауыздардың хайуандығы осы емес пе? Көрші үйдегі қарт дәрігерді шақырып, көрсетпесе болмас», – деп Валя көз жасын тыя алмай жылады. Ол Толяның үстіне көрпе жапты да есік алдына шығып кетті. Валя көп ұзамай дәрігерді ертіп үйге кірді. Дәрігер кемпір төсекте жатқан Толяның көрпесін ашып, көйлегін көтеріп, денесіне түскен жараның табын көрді. Бүкіл денесін тексеріп қарады. Үйден ала келген дәрімен жараны мұқият тазалады. — Әйтеуір, сүйегі аман. Жас бала ғой, екі-үш күнде тәуір болады, – деді дәрігер. Толяның денесіндегі жара жазыла бастады. Күн сайын Толяның қасы­ на келіп отыратын екі бала жау поезының тағы біреуі жол бойында апатқа ұшырағанын айтып, мәз болды. Толя Валядан ол жағдайдың егжейтегжейін білді. Тәуір болысымен жолға шығуға дайындалды. Жолға керек болар деп бір-екі тілім қара нанды сөмкесіне тығып, есік жақ қабыр­ғадағы шегеге ілді. Баланың жол жүруге осыншама ұқыпты дайындалғ­анына Валя таң қалды. Валя күн шықпай тұрды. Пеш жағып, тамақ дайындалды. Толя көзін ашып, сәл уақыт төсекте аунап жатты да үстіне киімін киіп, аспай-саспай орнынан тұрды. Есік алдына шығып, беті-қолын жуды. Екеуі тамаққа отырды. Валя қолына қағаз, қарындаш алып; «Сен қаладан шығарда тас жолмен жүрме. Ол жерде қалаға келіп-кетіп жүретін кісілерді тексеріп тұратын солдаттар бар. Кеше көрдім. Сиырларды өріске айдайтын соқпақпен жүр. Әрі шыққан соң, жүретін жолыңды өзің білесің. Қош, сау бол. Сақтан, шешеңе балаларға менен сәлем айтарсың...» – деп жазды да Толяның қолына ұстатты. Толя қағазды оқып шықты да, үнсіз отырды. «Осы кісіге шынымды айтсам ба екен» деген ой тамағына тығыла берді. «Жоқ, айтпа, ол әскери құпия» – деп біреу бүйірінен түрткілеп тұрғандай сезінді. Бір кезде

«Партизандарға қала өмірін, жау ішіндегі жаңалықтарды хабарлап тұра­ тын қолайлы бір адам да керек-ау. Тегінде, Валя ондай жұмысқа қолай­ лы да сенімді адам. Өзімнің келген жұмысымды айтпай-ақ қояйын, бірақ өз халқы үшін жұмыс істеуге келісіп кетуім керек» – деп Толя алдында жатқан қағазға: «Сіз қала жағдайы жөнінде партизандарға хабарлап тұруға қалайсыз?» – деп жаз­ды да Валяға ұсынды. Өзі бұл не айтар екен дегендей оған екі көзін тігіп, қорқыныш сезіммен қарай берді. «Мен қолымнан келген көмегімді аямаймын. Бірақ көрген-білгенім­ ді оларға қалай хабарлаймын?» – деп Валя бірден бұлданбастан келісе кетті. Толяның қуанышы қойнына сыймай, мырс етіп күліп жіберді. «Жақын жердегі Круглый деревнясындағы Адамовичтің қызы Аняны білесіз бе?» – деп жазып берді. Ол: — Білемін. Аня өте байыпты қыз. Оған сенуге болады. Сенің келген жұмысыңды енді ғана түсіне бастадым. – Мен жолда деревняға соғып, тапсырманы айтып кетемін. Оны тек жексенбі күні түс кезінде ғана орталық базардың маңайында тосарсыз. – Жақсы келістік, – деп Валя Толяның үлкен адамдай тапсырма орындап жүргеніне риза болып, орнынан тез тұрып, көзіне іркілген жасты алақанымен ысырып тастады. Валя ауыз үйге барып орындыққа отырды. «Партизандардың тап­сыр­ масын орындау мен үшін өте ауыр. Бірақ олар маған үлкен сенім біл­дір­ді. Сенімді ақтау Отан алдындағы борышым. Әрине барлаушы болу өте қиын да, қауіпті. Қасық қаным қалғанша ел-жұртыма қызмет етуге даярмын» – деп ойын түйді. Толя үшінші тәулікте ормандағы партизандарға келіп жетті. Қалада көрген-білгенін жіпке тізгендей баяндады. Керекті деген бірдебір деректі қалдырмай айтып берді. Бұл жолы Толя өзінің білгірлігін, тапқырлығын, жақсы барлаушы екенін көрсетті. Партизандарға Валяның бар­лаушы болуға келісім бергеніне дейін баяндады. Валя­ның алдында, станция басындағы балаларға да, жау офицеріне де мылқау бол­ғанын жыр ғып айтып, жұрттың ішек-сілесін қатырды. Партизан отряды­ның коман­дирі Ақылбай жұрттың алдында Толяға қиын тапсыр­маны ойда­ ғыдай орындағаны үшін алғыс жариялады. Сол кеште Толяның әкелген деректерін штабқа хабарлады. Күз түсіп, қар аралас жаңбыр жауа бастағанда партизандар қоныс аударды. Екі тәулік бойы тоқтаусыз жауған қар жол біткеннің бәрін басып қалды. Қар жаууы тоқтасымен күн суытып, бет қаратпайтын аязға айналды. Етін талшық етіп жүрген аттардың да саны сирей бастады. Ауыр зат­тарды артып жүретін аттарды соя беруге болмады. Азық-түлік тапшы болды. Маңайдағы деревняларда фашистер полиция бөлімшелерін құра бастады. Үлкен-үлкен елді пункттерде сатқындардан староста та­ғайын­ далды. Әртүрлі қылмыс жасап сотталған, ата-бабалары осы өңірді билептөстеген помещиктің балалары, әскерден қашқан сілімтіктер полицай

болып, қолдарына қару алып, өз Отанына қол көтерді. Жауға сатылды. Бірақ мұндайлар азшылық. Деревня халықтарының көпшілігі партизан бөлімдеріне қолынан келген көмегін аяған жоқ. Барлаушылардың бір бөлегі Корсико деревнясына бармақ болды. Олар деревняға жақындай бергенде, полицайлар атқылап маңайына жолатпады. Бір жақсысы партизандардан шығын болмады, Бір апта өткен соң, полицайлардың санын, қару-жарақтарының түрлерін білу үшін Толяны қайыр сұраған бала етіп жалғыз өзін жіберді. Ол Рославльден Мглин қаласына қарай кететін тас жолға түсіп Корсико деревнясына келді. Үйді-үйге кіріп қайыр сұрады. Сөйтіп жүріп, деревня ортасындағы көк шатырлы ақ үйге кірді. Бұл полицай бөлімшесі бастығының үйі екенін Толя білген де, сезген де жоқ. Ол сыртқы қақпаны ашып кіріп барғанда алдынан жи­рен сақалды, алмапсадай, орта бойлы біреу шыға келді. Толя бір тілім нан беріңіз деп, қолын жайды. – Сен кімнің үйіне келіп тұрғаныңды білдің бе? Қайдан қаңғып жүр­ ген баласың. Сені әдейілеп ормандағы бандылар жіберген шығар? — деп зекіре сөйледі үй иесі. – Әке-шешем қайтыс болды. Сосын деревняларды аралап, қайыр сұрап жүрмін. Дәл сол кезде аулаға мылтық асынған екі полицай келіп кірді. – Көрші деревнядағы полицай бөлімшесіне партизандар өткен түні шабуыл жасап, бәрін қырып кетіпті, – деді полиция бастығына кел­ гендердің бірі. – Сақ болу керек. Мына қайыршы бала да солардың тыңшысы емес екенін кім білсін? – деп полицай бастығы Толяға алара қарады. Полиция бөлімшесінің бастығы Соловьев колхоздың шөбін ұрлап сатып, сотталған адам. Өзінің түрмеден қайтқанына бес-алты ай ғана болған. Әкесі осы өңірді билеп-төстеген помещик. Ол ерте кезде конфискацияға ілініп жер аударылған. Трофим Соловьев әкесі қайтыс болған соң осы деревняда тұратын туыстарына қайтып келген. Гитлершілер бұл маңды уақытша жаулап алысымен ол жау комендатурасына барып, өзінің жаңа өкіметке адал қызмет ететінін айтып, полиция бөлімшесінің бастығы болып тағайындалған. Өзі білетін коммунистердің біразын көрсетіп, аттырып жіберген қан ішер кісі. Толяға да сезіктеніп тұрғаны өзінше жасаған сақтығы. Қанталаған көзімен Толяға қарап, тірідей жеп қойғысы келіп: — Жүр, ауыз үйге кірейік. Сенің кім екеніңді мен саған көрсетейін, – деп үшеуі қаршадай баланы сүйреп кірді. Толя алдында отырған үш полицайға қарап сілейіп қалды. Стол басында отырған Трофим ашулы көзімен арбап, балаға қаһарын тігіп, қалай соқтығудың амалын ойлады. «Бұны бірден ұрып-соғып, жауап алсақ шынын айтпайды. Егер партизандардың барлаушысы болса, қолға түсіп жауап алғандай жағдайда шыныңды айтпа, қайыр сұрап жүрмін дегеннен тайма» деп түсіндірген болар. Сондықтан алдымен тамақтанып алайық та, мұны әртүрлі амалмен қорқытып көрейік. Жас бала ғой, қорыққанынан

шынын айтуы мүмкін. Күн аяз, далаға біраз жалаңаш ұстасақ, өзі де келген жұмысын білдіріп қалар», – деп ойлап отырды да: – Шыныңды айт, өтірік айтсаң қатаң шара қолданамыз, – деді өктем сөйлеп. – Қайыр сұрап жүрмін дедім ғой. – Қара мұның қайсарын, – деп Соловьев орнынан тұрып, Толяның бетінен шапалақпен тартып-тартып жіберді. Толяның беті ду ете қалды. Ол қанын ішіне тартып, мылқау адамша үндемеді. «Шыныңды айтасың ба, жоқ па?» – деп екінші бір полицай баланы іштен тепті. Бала қиылған шөптей орындықтан ұшып түсті. Көтеріп қайта отырғызды, Толяда үн жоқ. Бұлардың сұрауының бірдебіріне жауап қайырмады. Ұрсаңдар ұрыңдар дегендей үн қатпады. Әзірейілдей төніп келе жатқан ажалға тура қарады. Толяны «Сен қайыр сұрап, ел кезіп жүрмейтін боласың. Ішетін тамағыңды, киетін киіміңді, жататын орныңды өзіміз тауып береміз. Бізге шыныңды айтсаң болады» деп алдап, арбап та көрді. Бірақ ол «білмеймін, көргенім жоқ» —дегеннен басқа жауап қайырмай, қасара түсті. Үш полицай Толяның екі қолына жіп байлап, қабырғаға асып та, тырнағының кебесіне ине шаншып та, құйрығына дүре де соғып көрді. Мұрнынан ұрып, қан-жоса етті. Әбден қасарысқан Толяны екі полицай түн ішінде полиция бөлімшесіне айдап әкелді. «Ертеңге дейін ойлан, шыныңды айтпасаң дарға асамыз», – деп баланы суық бөлмеге қамап, алдына қарауыл қойды. Полицайлар Толяны айдап келе жатқанын құдықтан су алып жатқан бір әйел байқап қалды. «Ертең дарға асамыз» деген үкім сөздерін де естіді. Ертеңінде таң бозара орманнан отын әкелуді сылтау етіп, ша­ насына атын жекті де, орманға жүріп кетті. Толяның кешіккені жұртты қатты қинады. Партизандар бір топ адамды деревняны аңдуға түн ортасы ауа жіберген. Бұлар деревняға жақын келіп, дәл өкпе тұсында дүрбімен бақылап отырған. Жүрдек атпен құйғытып қатты желіспен орманға қарай шыққан шана көрінді. Шанадағы жалғыз кісі екенін байқады. Қас­тары­на жақын келгенше шанадағы әйел адам екенін сезбеді. Жиектегі қа­раң­да­ ған адамдарды ол қырағы көзімен көрді. Жүрісті бәсеңдетіп, шолақ аяңға салды. – Орманға ерте келе жатқан бұл не қылған жан? Өзі әйел, басына ора­ ған қара шәлісін байқадыңдар ма? – деді Миша қасындағы жолдастарына. – Таң бозара орманға босқа келе жатқан жан емес, – деді қа­ сындағылардың бірі. Әйел барлаушылардың дәл өкпе тұсына келгенде божыны тартып, шананы тоқтатты. Орман адамдарын байқаса да, аңдамаған адамдай аттың шылбырын шешіп, жуан ақ қайыңға байлады. Қатты жүріске қызып алған жануар тыпырши берді. Жаз айларында дайындаған бөренені шанасына тиеп жатыр. Белуардан келетін қалың қарды кешіп, төрт жігіт төрт жағынан шыға келді. Ол саспады. Іштей партизандардың тез кездескеніне қуанды. Миша әйелдің жанына жақындап: – Сәлеметсіз бе? Таң атпай мұнда не ғып жүрсіз? – деді.

– Кеше кешке таман біздің деревняға қайыр сұрап жүрген бір бала келген еді. Байғұс білмей полиция бөлімшесінің үйіне кіріп бара жатқанын көрген едім. Түнде құдықтан су алып жатсам, сол баланы екі полицай айдап бара жатқанын байқап қалдым. Ертеңге дейін шыныңды айтпасаң дарға асамыз деген сөздерін естігенімде, балаға жаным ашып кетті. Ол оңбағандарда ар-ұжданнан, адамгершіліктен ныспы жоқ. Талай адамның қанын ішті... Орманда біреу-міреу кездесіп қалса, хабар берейін деп... Өзімнің де сондай балаларым бар. Ендігісін өздерің білесіңдер. Ағаш тиесіп жіберіңдер. Тезірек қайтайын. Мен олардан жасырынып келдім. Деревня адамдары тұрмай үйіме барайын. – Келіңдер, көтеріңдер ағашты, – деп Миша, қасындағы жолдас­ тарымен хабар әкелген әйелдің шанасын толтыра ағаш тиеді. – Мен кеттім, – деп ағашты қақ ортасынан жуан кендір арқанмен мықтап байлады. Аттың шылбырын шешіп, жүруге бет бұрды. – Тым болмаса, аты-жөніңізді айтып кетіңіз, – деді Миша. – Таисия Ивановна. Мен жөнінде бірде-бір жанға айта көрмеңдер. Бала-шағам бар. Полицайлар сезіп қалса, үй ішіммен көзімізді жояды. – Өз басын оққа байлаған сіз сияқты кісі бізге де керек. Айтпаймыз да, сездірмейміз. Қош болыңыз, – деді Миша. Аяз бұрынғысынан да күшейе түсті. Ауа райы бұлыңғырлана бастады. Қалың қарды кешіп, күн арқан бойы көтеріле партизандар деревня­ ның оңтүстік жағындағы қалың орманның жиегіне жетті. Бірнеше топқа бөлініп, деревняның төрт жағынан тиіспек болды. Тарам-тарам боп деревняға жасырын жақындай түсті. Полицайлар тапа-тал түсте партизандар шабуыл жасайды деп ойламаған. Партизандардың бір тобы деревнядан сәл оқшаулау тұрған сиыр қораның сыртына келді. Екі жігіт пулеметтерін сүйреп, қораның үстіне орнатты. Полиция бөлімшесінің дәл өкпе тұсынан атқылауға дайын жатты. Қалғандары да жақындай түсті. Таисия Ивановнаның айтуынша, Толяны бұрынғы сельсоветтің кеңсесіне әкелген. Алдында күзетте екі полицай жүр. Жасыл ракета атылды. Шабуылды бастаңдар деген белгі. Пулемет безілдей жөнелді. Оның көмейінен балқып шыққан, жаңбырдай жауған оқ ажалды пендені іздей жөнелді. Пулеметтің қарауылына ілініп, екі поли­ цай шалқалап құлады. Партизандар қоршауды қыса түсті. Полицайлар да алыспай, жұлыспай жан беретін түрі жоқ. Сатқындар қырық-елудей адам екен. Тартыс ұзаққа созылмады. Олар деревняның екінші бетіне шегіне соғысты. Миша полицай бөлімшесінің кеңсесіне қарай жүгірді. Есікте қара құлып тұр. Есікті мылтықтың дүбімен ұрып көрді. Қалың тақтай сына қоймады. Терезенің түбіне келіп, қос терезені сындырып ішіне кірді. Есік жақта қан-қан боп жатқан Толяны көрді. Азап шеккен баланы көтеріп, сырттағы жігіттердің біріне берді. Терезеден қарғып түскен Миша кейін шегініп бара жатқан полицайлардың өкпе тұсынан қолындағы автоматтың шүріппесін тартып-тартып қалды. Еңгезердей біреуі шалқалап барып құлағанын көрді. Бұл арпалыста екі-үш қана сатқындар партизан жазасынан қашып құтылды. Басқаларының бәрі жер жастанды. Миша оғына ұшқан полицай бөлімшесінің бастығы Со­ловьев екен.

Партизандар полицайлар фашистерге арнап дайындаған астықты, бір қора сиырды, шанаға жегілген аттарды алып кетті. Толяны деревня шетінде оқшаулау тұрған біреудің үйіне апарып қараса, байғұстың арқасында сау жер жоқ. Жараланған беті күп боп ісіп кеткен. Көзі көрінбейді. Өзі суық үйде тоңып, бүкіл денесі дір-дір етеді. Тісі тісіне тимей сақылдайды. Дәрігер Па­вел Демидович Костенко Толяны шешіндіріп, арақпен сүртіп қанын кетірді. Дәрі жағып, ақ шүберекпен байлап тастады. Екі тәулік бойы нәр татпаған Толяны тамақтандырып, жылы киім кигізді. Сәлден соң, жанын шақырған Толя есін жинап тілге әзер келді. Қолға түскен он шақты полицайлар да жазасын тартты. Толя бір жеті бойы қозғалмастан жатты. Полицайлардан көрген азабын еске алса, төбе шашы тік тұрады. Өзінің аман қалғанына шүкіршілік етеді. Партизандарға хабар берген Таисия Ивановнаға, өзінің жанын қорғап қалған жолдастарына мың да бір рақметін айтады. Көп ұзамай денесіндегі жара жазылды. ������������������������������������������������� Отаны үшін басын бәйгеге тіккен ����������������� Толя ������������ қолына ����� авто­ мат алып, жауға қарсы үлкен адамдай шайқасты. Дыбыссыз атылатын мылтықтың тәсілін үйренді. Мерген болды. Май айының аяқ кезі. Күннің қысқы ызғары бәсеңдей бастады. Қар­ дың беті қабыршықтанып еріп жатты. Тас жолмен жосылып жүріп жатқан жау әскері. Партизандар орман жиегіндегі алаң түбінде тосқауыл жасады. Жау әскері тиелген бес-алты машина көрінді. Олар жүрістері өнбей ілбіп келеді. Машина айдаушының жанында отырған неміс офицері әр нәрсені әңгіме етіп, сөйлеп келе жатыр. Машиналар тосқауылға қатарласа бергенде, Толя алдағы машинадағы офицерді нысанаға алды. Қатқан сіңірдей арық офицердің кеуде тұсындағы сары ала түймені іздеп, көздеп, мылтықтың шүріппесін тартып қалды. Ол қиылған теректей ��� ма­ шина айдаушының оң жақ иығына қисая кетті. Үнсіз мылтықтың оғы дәл кеудесіне тиді. Сәлден соң офицердің денесі сырғып, айдаушының аяғына қарай құлады. Айдаушы машинаны тоқтатып, аң-таң болды. Ол офицердің сол жақ төсінен қызарған қанды көріп, барлық пәрменімен айғайлап жіберді. Толя алдыңғы машинаның айдаушысын да атып түсірді. Артта келе жатқан машиналар да тоқтады. Машиналардан қарғып түсіп жатқан гитлершілерге қарсы партизандардың автоматтары мен пулеметтері дүрілдей-гүрілдей жөнелді. Машиналардың бензин бактарына отты оқтар тиіп, лапылдап жана бастады. Бұлар алда келе жатқан барлаушылар ғана екен. Арт жақтан қара құрттай қаптаған жау машиналары келді. Олар қанатын кең жайып, партизандарды қоршап алмақ болды Жау әскерінің үлкен бір тобы партизандардың оң жақ бүйірінен қыса бастады. Екінші біреулері партизандардың кейін шегінетін жолын кесіп тастамақ болды. Жаудың бұл қулығын сезіп қалған Ақылбай: — Бір-бірлеп кейін шегініңдер, – деп бұйырды. Партизандар жау әскерімен атыса отырып, кейін шегінді. Қалың орманға кіріп, ізін адастырды. Жаумен бірінші рет бетпе-бет кездескен Толя:

– Оптика орнатылған мылтық көздеген жерден таймай дәл тиеді екен, – деді масаттанып. – Мергеншіге де байланысты ғой, – деді Миша. – Бұл мылтық қайдан келген? – Сен білмейді екенсің ғой, анада біздің самолет парашютпен жүк тастағанда, осындай төрт-бес мылтық жіберіпті. Біреуін саған берді, – деді Миша. – Әнеукүні жаудың саған көрсеткен азабы үшін олардан өшіңді ал­- дың ба? – Аз да болса, алдым ғой деймін. Офицердің өзін атып түсірдім, — деп Толя көңілденіп қалды. – Жау әлі де бізбен талай рет бетпе-бет кездеседі. Байқа, шырағым. Сақтық керек. Сен бұрын атпасаң, жау сені атып түсіреді. Сондықтан мұндайда шапшаңдық керек. Осыны әр уақытта есіңде сақтайтын бол. — Фашистер бізді аямайды. Олардың жауыздығын мен көрдім ғой. Валя апай болмаса, мүмкін мені атып жіберетін бе еді? – Сен неше класс бітірдің? – Алтыншыға көшкенімде соғыс басталып кетті. – Шіркін, жеңіс күніне жетсек, бізден бақытты адам болмас еді. Сен оқуыңды жалғастырар едің, біз бейбіт жұмысқа кірісер едік. — Мына соғыстан аман қалу оңай болмас... Ақылбай үнсіз келеді. Әртүрлі ойлар бойын шырмап, темір сауыт кигендей қысып келеді. «Басқа түссе— баспақшыл» дегендей, өмірде ештеңе көрмеген, ернінен шешесінің сүті кеппеген Толя соғыс ойранына араласып, балалық дәуренін өткізіп жатыр. «Әлпештеп, алақаныма салып өсіріп жатқан балам еді, сіздерге сендім. Бір керектеріңізге жараса болғаны. Аман сақтаңыздар», – деген ананың баласының бетінен сүйіп, көзіне жас алғаны әлі есінде. Бұл баланы жау оғынан сақтап қалса, ана алдындағы борыштың ақталғаны. Өзі судан да, оттан да тайынбайтын ер бала. Сөйлеген сөзі, ойлаған ойы ерте піскен, ер жеткен кісіге ұқсайды. Қауіпті жерге елпілдеп, елден бұрын барғысы келеді де тұрады. Өзіндік қулығы бар. Қысылған жерде амалын тапқыш екенін анадағы оқиғадан соң жұрттың бәрі сезіне де, түсіне де білді. Уыздай жас баланы өміріне қылыш шаншылатын жерге жібермеу керек. Байқаусызда қыршыны қиылғандай болған күнде, еңіреп үйінде қалған шешесіне не айтады?.. Осы бір ой Ақылбайдың жанын жеп, жүрегіне қадала берді. Қолға түскен жаудың екі атының бірін сойып, жігіттер қазан-қазан ет асып жатты. Нан көрмегелі бір аптадай болды. Маңайдағы елдің қалғанқұтқан астығын сатқындар жинап, фашистерге беріпті. Өздері қалтқұлт етіп, бала-шағасына нан тауып бере алмай отырған жұрт. Кейде деревняларға бара қалғандай болса, бір тілім нанды партизандармен бөлісіп жейді. «Қолы ашық, мейрімді халқым-ай! – дейді Ақылбай. – Неткен жайсаңсың. Жеріңді, елдігіңді қорғаған адамдарға барын аямайтын, дарқан мінезді халық, сен аман тұрғанда жау бізді жеңе алмайды деген сенім, әр кезде партизандардың ойынан кетпек емес».

Жердің қары еріп, лайсаң болып жатқан мезгіл. Күн демей, түн демей жаумен айқас, ұйқысыз түн, дамылсыз жорық жұртты әбден қалжыратты. Күн төбеге келгенде орман жолымен тепеңдеп шауып келе жатқан салт атты көрінді. – Мынау қайдан жүр? Әлде бізге керекті хабар әкелді ме? – деп, жұрт аттан түсіп жатқан қоңыр шәлілі әйелдің қасына жақындай берді. – Сіздер мені танымадыңыздар-ау. Таисия Иванов­на деген әнеукүні барлауға келген бала жөнінде хабарлаған кісімін. Қазір де сіздерге керекті өте тығыз хабар әкелдім. – Айтыңыз, – деп жұрт ду ете қалды. – Гитлершілер сіздерге қарсы жазалау отрядын шығарды. Өздері екі бүйірден қаптап келеді. Қанша адам екенін біле алмадым. Бір бөлігі Рославль қаласынан, екінші бір бөлігі Клетня жақтан шықты. Бүгін кешке таман жетіп те қалады. Сақтаныңдар. Ар жағын өздеріңіз білесіздер. Келе жатқандардың ішінде жол көрсетіп жүрген, анадағы біздің деревнядан қашып кеткен полицай бар көрінеді. – Бұл хабарды сіз қайдан білдіңіз? – Осы қалаларда қара жұмыста жүрген таныс жігіттер бар. Солар екі әйелді жіберіпті. Олар сіздерді таба алмайтын болған соң, «Партизан­ дарды білсе, Таисия Ивановна біледі» деп маған сілтеген. – Мен тезірек кетейін. Сіздерге келгенімді сезіп қалса, олар мені жазым етеді. – Өте қажет хабар әкелдіңіз. Сізге рақмет. Үйде болыңыз. Керегіңіз болса, өзіміз хабарлаймыз. – Мен міндетімнен құтылдым. Қалғанын өздеріңіз білесіздер, – деп Таисия Ивановна кейін қайтты. Партизандар екіге бөлініп, жиырма шақырым жердегі күре жол бойын­ да жаудың жазалаушы отрядын қарсы алатын болып шешті. Бір бөлім­ше­ні басқарып, Ақылбай кетті. Күн бұлыңғырланып, аспанды шойын­дай қа­ лың тұман басты. Кеш батып, орман ішін қараңғылық торлады. От жарығы алыстан көрінетін болғандықтан оны өшіріп тастады. Түн салқы­ны денені қалтыратады. Аяқтары тоңған жұрт жер тепкілеп, секіріп-секіріп қояды. Жылуы шамалы жұқа киім лыпа болар емес. Адамдар иықтары­мен бірінбірі сүзіп, жылынған болады. Қарағай түбіне жатып, қалғып кет­кен­дерді әлсін-әлсін оятып жүрген Михаил: — Үсіп қаласыңдар, тұрыңдар, жүгіріп алыңдар, – деп бәйек бо­лып жүр. Таң бозамықтана бастады. Кешегі албастыдай басқан қара тұман әлі айықпаған. Қалың тұман астындағы орман тұнжырап тұр. Партизан­ дар ағаш жиегіндегі қалың талдың әр жерінде орналасты. Жау жолын тосып көп жатты. Ілгері кеткен барлаушылар тез оралды. Жау әскері топтопқа бөлініп, күре жолмен келе жатқанын хабарлады. Жаудың екі бөлігі партизандармен қатарласа бергенде: — Атыңдар! – деген дауыс естілді.

Қос пулемет, автоматтар боздай жөнелді. Тамылжыған өлке, қалың орман – бәрі-бәрі шаңқ еткен дауыстан селк ете қалды. Лек-лек сапқа тізіліп, жау ілгері қарай ентелей түсті. Алдыңғы легінің көпшілігі жер жастанса да, екінші бір бөлігі келіп тайталасып жатыр. Айқас үш-төрт сағатқа созылды. Бір мезгілде аспан жарылғандай шарт еткен кез дауыс шықты. Ысылдап, зуылдаған жау снарядтары бірде алдыңа, бірде артыңа ажал боп, төбеңе төніп келе жатқандай сезінесің. Төбе құйқаң шымырлап қоя береді. Жарқ-жұрқ, арс-ұрс жарылған снарядтар топырақ қауып, жерді сілкіндіре солқылдатқанда жүрегің аузыңа тығылып, жерге жабыстыра түседі. Жау самолеттері аспанға асылып алып, төбеңнен келі түйген­дей түйгіштегенде өзіңе сүйеніш боп жатқан жер қақ жарылып кеткен­ дей болады. Бұрын мұндай түйгіштеуді көрмеген Толя абыржып, жүгіре жөнелді. Оны көрген Ақылбай: — Жат, ақымақ, жазым боласың, – деп бар дауысымен айғайлап жіберді. Жау апшыны қуырып барады. Жаныңды қояр жер таппайсың. Снаряд пен бомбалар жарылған дүрсілден жер сілкінгендей дір-дір етеді. Жаумен алысу қас қарайып, қараңғы түскенше тоқтамады. Қаптаған кара құрым жау әскері қорғасын оқты қарсы алдыңнан бұршақтай жаудырғанда бас көтертпейді. Беті семіп, иегінің еті қашқан, шүңірейген көзі ішіне кірген Әбдіғали еңбектеп кеп, Ақылбайдың етегінен тартып: – Жау әскері бізді қоршауға алып, қыспаққа салуға әрекет жасап жатқаны жөнінде барлаушылар жаңа ғана хабарлады, – деп даусы дірілдеп, жарқыншақтап, әзер шықты. – Сен қорқып кеткеннен амансың ба? – Қорықпағанда қайтемін. Жау оғы, жарқыншақ тиіп, жанымда серік боп жүрген Николай көз алдымда жан тәсілім етті. – Өзің жараланудан амансың ба? – Әзір аманмын. Аспанда қызыл ракета найзадай шаншылып, тұрып алды. Көп ұзамай екі жақтың да оғы сирей бастады. Жазалаушылар қанатын жан-жаққа жайып, орманның әр жеріне қарай көсіле жылжыды. Михаил бастаған барлаушылар жаудың барлық қулық тәсілін көздерімен көріп келді. Олардың ойы түн қараңғылығын жамылып, таң атқанша партизан­дардың кейін шегінетін жолын жауып, қоршап алу екен. Күні бойғы ұрыста екі жақтан да шығын көп болды. Партизан­дар­ дың бірнеше адамдары ауыр жараланыпты. Оларды майдан шебі­нен алып шығып, дәрігер емдеуге кіріскен. Алғы шептегілердің бәріне кейін шегіну жөнінде бұйрық берілді. Түнгі қараңғылықты жамылып, қор­ шаудан шығуды мақұл көрді. Партизандардың жазалаушы жау бөлім­дері­ мен табан тіресіп, ұзақ арбасуына оқ-дәрі тапшылау болды. Сондық­тан партизан бөлімдері шепті тастап жүріп кетті. Апшыны қуырып, жан қоярға жер таба алмай тұрған кезде, партизан­ дар түн ортасында сытылып шығып, аттылы-жаяу, орманды қақ жарып

келеді. Құрсауды жауып, тығыршыққа тығып үлгермеген жерден, жау әскерінің ту сыртына шықты. Таң ата партизандар екінші бір орманға шығып та үлгерді. Жазалаушылар таң атысымен бос орманға шабуыл жасап, күңіренте жөнелді. Бұл жолы олардың күш қосып, екпінді күшейте түсті. ІV Ақылбайдың жүрегін шеңгелдей қысып, аямай мытып тұрған ажал өрті артта қалды. Оның денесі құрсаудан босағандай сезінді. Ол жапырағын кең жайған жуан қарағайдың түбінде отыр. Есіне бала кезінде көрген бір оқиға түсіп, көз алдынан айналып-үйіріліп кетпеді. Ол терең ойда отыр. Көк майсалы, мол сулы, Қалба тауы көз алдына елестей берді. Жаздың тымық күні. Көк майса шалғынға көмкерілген төбенің басында үйездеп тұрған ақ боз ат, ор қояндай жүйрік жануар. Оның шабысы ақ найза ұшып бара жатқандай әсер береді. Жануар бір көрген кісіге момын, жуас, «кел, мін» деп тұрғандай оқыранып қоя беретін. Оған мінген адам арғы­ маққа мінгендей сезінетін. Тақымыңды қысып қалсаң, құстай ұшатын, елгезек жануар еді. Ақылбайдың есіне ақ боз аттың шідерін ағытып, шылбырынан жетектеп, үй сыртындағы сөреге байлағаны, үй іргесінде жатқан ер-тоқымды көтеріп әкетіп ерттегені, аяғына дәлдеп, үзеңгі бауын қысқартып, тізгінін тежеп қысқа ұстап мінгені түсті. Боз ат тықыршық атып, қаққан қазықтай шірене аспанға шапшып, бір орында тұрмайды. Тізгінді қысқа ұстап, аттың еркіне жібермей біраз тұрды да, бөкен желіске адуын шоқыраққа салып, тауды бөктерлеп кете берді. Ақылбайдың ақ боз атқа мініп кеткенін кешірек байқаған үлкен адамдар, артынан: — Апыр-ай, ол мерт болмаса игі еді. Қайт ауылға, ол сен мінетін ат емес. Бір жаққа алып қашып кетеді, – деп айғайлап қала берді. Ақылбай сол кеткеннен Қара шоқыдан асып, жүре берді. Ақ боз ат елдің айтқанындай ырыққа көнбейтін емес. Боздатып-боздатып, екпінін басып алған соң, ол ыңғайға көніп, ілгері қарай қатты желіспен келе жатты. Желісі екі көзден жас ағызады. Аттың басын тартып, жорға аяңға салды. Басын көлбете шұлғып келе жатты. Кейде ызғытып, ызғытып алады. Аспанмен таласқан биік таудың беті ну қарағай. Көз тұндырады. Тау түбінде шыныдай тұнық сулы көл. Жосылып жүрген құстан көл беті көрінбейді. Оның ішінде жабайы қаздар, үйректер, шағалалар қиқу салып, бірде аспандай ұшып, енді бірде қарқылдап көл бетіне қонып, суға сүңгіп кетеді. Тау етегінің екінші жағы кең жазық. Тотияйындай көк майса шөп аттың бауырынан келеді. Қызылды-жасылды гүл көз тұндырады. Шөп арасындағы бармақтай-бармақтай қызыл бүлдіргенді көргенде аузыңнан су ағызады. Ақылбай аттан түсейін десе атқа қайта міне алмайды. Үзеңгіге аяғы жетпейді. «Әттең, қасымда кісі болса ғой, мына бүлдіргенді тойғанша жер едім», – дейді. Амал жоқ, жәннат жер жұмағына көзін суғарып қана қойды. Соған әлі күнге дейін өкінеді.

Ол күндері Ақылбайдың шешесі Қазиза шөпшілерге тамақ пісіріп, Қарамырза өзенінің бойында болатын. Он шақты күннен бері туған анасын көре алмай сағынып қалыпты. Ол сол кісіге тура тартты. Күн ұясына кірмей шөпшілерге жетті. Кешкі салқынмен он шақты жігіт өзен бойындағы қалың шалғынды шалғы орақпен көсіле шауып жүр. Олар дөңестен асып, жақындап қалған оны көріп, шалғыларын қайрап, Ақылбайға қарап тұр. Бала дейін десе, ақ боз ат баланы маңына жолатпайды дейтін, үлкен адам ба десе, салт мінген кісі ат құлағынан әзер көрінеді. Ақылбай жақын тұспа-тұс келгенде, шөпшілердің бірі: — Әй, мынау Ақылбай ғой. Байғұс бала шешесін сағынып, қолына ақ боз ат түскен соң, осы жаққа тартқан болар, – деп жұртқа естірте айғай­лап жіберді. Ақылбайда зәре жоқ. Көптен шешесін көрмей, сағынып келе жатса да, бала-шағаға мінгізбейтін ақ боз атқа мініп келе жатқанын көрісімен, оған ұрсатыны анық. Амал жоқ, келіп қалды. Көрінбей кетуге бол­майды. Ол шөпшілермен амандасты да, өзен жағасындағы қосқа бұрылды. Ақылбайдың қысылғаны: «Үлкенді сыйла, ананы құрметте, бұл атабабаңнан мирас болып келе жатқан дәстүр», – дейтін шешесі. Ол ауылдың үлкендерінің айтқанына құлақ аспай, оның үстіне көзін ашып, ес білгеннен бері шешесінің құлағына құйып келе жатқан өсиетін бұзғанына ұялады. Шешесіне түсіндіретін амалдың бәрін суыртпақтап, әр нәрсені ойланып келеді. Шешесі шөпшілердің кешкі тамағын дайындап, жер ошаққа маздатып от жағып жатыр екен. Ту сыртынан жақындап қалған Ақылбайды байқамады. Шешесінің жанына жақын келгенде, аттан түсіп, шылбырын көлеңкелі қайыңның жуан бұтағына байлап ол: – Апа, мен сізді сағынып келдім. Кешіріңізші, – деп мойнынан құшақтай алды. – Сен екенсің ғой. Амансың ба? Мен де сені сағынып жүр едім. Ертең жайлауға барып қайтамын ба деген ойым бар еді, жақсы келдің. – Ақылбайдың бетінен сүйіп, бәйек болды да қалды. – Маған ұрыспайсыз ба? – Е, неге ұрсамын, күнім? Ұрыспаймын. – Ақ боз атқа мініп келдім. Басқа жылқының бәрі жайылымда жүрген соң, үйдің қасындағы көк төбеде шідерлеулі жүрген ақ бозды ұстап, ерттедім де осылай қарай тартып кеттім. – Ұят болған. Бұл жолы ұрыспаймын. Бірақ, келешекте байқа, – шешесі Ақылбайды айналып-үйіріліп, ризалық ойын білдірді. Ақылбай шешесінің әлгі сөзінен кейін қуанып кетті. Ананың кең пейілді асыл қасиетіне сүйсініп, бауырына кіріп, еркелей берді. Ол кісі де үнсіз Ақылбайдың басынан иіскелеп, бетінен сүйіп жатты. — Қарның ашып қалған болар, – деп буы бұрқырап жатқан қазан­ның қақпағын ашып, ағаш ожауды қолына алып, қайнап тұрған көжеден сапты аяққа толтыра құйып, қолына ұстатты. Қарны ашқаны рас еді. Қолдан пісірген бәтерді көжеге араласты­рып ішіп алды. Қас қарая шалғышылар да жетті. Олар тамақтанып алған соң

шайға отырды. Аспан айналып жерге түскендей ыстық күнде шөп шапқан кісілер әбден шөлдеп қалыпты. Шайды жантайып жатып, сораптап ұзақ ішті. Қаймақ қосқан күрең шай балдай тәтті. Оларға еріп Ақылбай да шайды көп ішті. Алыс жол, салт мінген ат жүрісі оның денесін шөп шапқан адамдай салдыратып тастаған екен. Қарақуыс тауының дәл төбесінен асып, аспан өңірінде қалықтай жүзіп шыққан күміс табақтай жарық ай көрінді. Тынық түн, сүттей жарық ай адам көңіліне қуаныш ұшқынын еккендей тамылжи қалыпты. Шөпшілердің бәрі де уыздай жас жігіттер. Күні бойы шөп шапқан олар кешкі тамағын ішкен соң, қисайып ұйқыға кететін болар деп ойлаған. Жоқ, олай болмады. Алпамсадай денелі жігіт қолына домбыра ұстап, көк шөптің үстіне малдасын құрып жайланып отырды. Домбыраның тиегін бұрап, бабына келтірді. Күмбірлеген шешен дом­быра сарнай жөнелді. Құрманғазының, Тәттімбеттің күйлерін тартып, сай-сала, тау-төбе – бәрі-бәрі күй әуенімен күңгірлей жөнелді. Шөпшілердің бірі: – Ақ боз ат сүмектеп, терлеп тұр. Жайлаудан қатты жүріспен келіпсің. Таң асырмасаң болмайды. Ат қызыл май болады, – деп өңештеп болмады. – Мен келгелі біраз болды. Суыған да болар, – деді Ақылбай. – Жоқ. Сен ат жайын білмейсің. Қызыл ���������������������������� май болса, ����������������� ертең ����������� ат ауру бо­ лады. Таң ағарып қылауланып келе жатқанда Ақылбай ақ бозды шідерлеп қоя берді. Жануар ашығып қалған екен. Басын жерден алмай көп жайылды. Күн арқан бойы көтерілген кезде атты суғарды. Тау басында ұлпа бұлт көрінді. Жаздың мөлдіреген ашық күні. Ақылбай өзен бойына барып, бүлдіргеннің қалың шыққан жерін тауып алды. Қолында кішілеу шелек. Қосқа қайтып келгенде шешесі оған күле қарап: – Тым тез қайттың ғой. Бүлдірген тере алдың ба? – деді. – Бүлдірген көп екен. Шелекті лезде толтырдым. Сізге де алып келдім. Шешесі бүлдіргенді тазалап, сүт құйылған үлкен шараға салды да: — Бүлдіргенді езіп, сүтке араластырып жеп көрші, – деді. Ақылбай оны түгел тауысып жеп қойды. Сондағы бүлдіргеннің дәмі Ақылбайдың таңдайында әлі тұрғандай еріксіз тамсанып қойды. Анасының айналып-толғанған мейірімді жүзі көз алдынан кетер емес. Тәтті қиял құшағында отырған Ақылбайдың ойын Михаилдың сөзі бөліп жіберді. — Кеше жіберілген барлаушылар келді. Арпалыс кезінде бөлініп қал­ ған бөлімшелерді таба алмапты, – деді ол. Найза бойламайтын терең ойда отырған Ақылбай мең-зең боп Михаилға көз жіберді. Маңайын шолып шықты. Ұзақ жорықтан құр сүлдесі қалған адамдар кез келген жерде қисайып ұйықтап жатыр. Құлағына дүрсілдеп атылған зеңбірек үні еміс-еміс естіледі. Ақылбай орнынан тұрып, Михаилға:

– Қайда кетуі мүмкін? Әлде, фашистер оларды бүтіндей жойып жіберді ме? Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Жол білетін адамдарды қосып, тағы бір топ барлаушыларды жіберу керек, – деді. – Қай жақтан іздейміз. Із-түзсіз кеткендерді іздеу оңайға түспес, – деді Михаил иығына асынған автоматын қолына алып, ағашқа сүйеп жатып. Ақылбай ішкі қалтасынан топография картасын алып, үңіле берді. Осы өңірді тез тауып алды. Маңай ұзыннан-ұзақ көсіліп жатқан көгілдір орман. — Олар Ершичи селосының күншығыс жағындағы қалың орманға шығып кетуі мүмкін, – деп Ақылбай сұқ саусағын шошайтып, карта бетіндегі орманды көрсетті. Сәл ойланып, сөзін әрі жалғастырды. – Баратын басқадай жол көрмей отырмын. Оларды іздейтін барлаушыларды тамақтандыр да тезірек жөнелт. Аспанда зуылдап, ерсілі-қарсылы ұшып жүрген жаудың барлаушы айыр құйрық самолеті. Партизандардың тоқтаған қонысын іздеп жүр. Оларды ну қарағайдан тауып ала қою оңай емес. Бесін кезінде өзеннен су алуға барған бірнеше жігіттерді жау самолеті байқап қалады. Оны сезген партизандар бірден орын ауыстырды. Сөйтіп бомбалауға келген жау самолеттері тағы көз жазып қалды. Барлаушылар екі күн өтіп, үшінші күні ымырт жабыла оралды. Жазалаушы отрядпен жан аямай шайқасқан партизандардың бір бөлігін күші бірнеше есе басым жау қоршап алмақ болады. Фашистердің бұл ойын бірден сезген партизандар түн қараңғылығын жамылып екінші бір орманға шығып, тағы да ұстатпай кетті. * * * Май айы. Көгілдір аспан ашық. Мүлгіген тыныш орман. Жер анаға дарқан нұрын төгіп тұрған күн дәл төбеге келген мезгіл. Бұл кезде әр жерден шағын-шағын партизан отряды құрыла бастаған. Көктемдегі алапат шайқаста ауыр жараланған Сергей қайтыс болды. Үлкен жермен байланыс үзілді. Рацияның тілін білетін бірде-бір адам шықпады. Оның үстіне рацияның батареясының майы да бітті. Клетня орманындағы майор Рощин отрядына қосылуға тура келді. Рощин соғыстың алғашқы бір айларында жау басып алған темір жол торабын бомбалап жүргенде, самолетіне зеңбірек оғы тиіп, парашютпен түсіп, партизан отрядын ұйымдастырған. Ол отыздан жаңа асқан, орта бойлы, тарамыстай арық жігіт. Шыңдалған коммунист. Жас та болса, көпті көрген, байсалды адам. Оның отрядында Аркадий Виницкий деген радист бар. Үлкен жерден әдейі жіберілген. Орталық партизан штабының бұйрығы бойынша, сол маңдағы партизан отрядтарының басын қосып Бірінші, Екінші, Үшінші тағы басқа бірнеше партизан бригадалары құрылды. Ақылбай Тимофей Михайлович Коротченко басқаратын екінші Клетня партизан бригадасы

комиссарының орынбасары болып тағайындалды. Маңайдағы қалалар мен аэродромда жергілікті адамдардан барлаушылар ұйымдастырылды. Бұл кезде Толя бұрынғыдан ер жетіп, ысылып қалған-ды. Алғашқы кездегідей емес, өте сақ қимылдайды. Жаумен бетпе-бет келген жерде қапылыста атуды, жасырына білуді әбден түсінді. Бір күні бес жігіт түн қараңғысын жамылып, ерекше тапсырмамен Эверинка станциясы маңына жүріп кетті. Түн ортасынан ауа күн бұзылды. Аспанды қою қара бұлт басты. Сіркіреп басталған жауын шелекпен құйғандай сабалап тұр. Апшыны қуырып барады. Мойнынан құйылған су денеден төмен қарай ағып келеді. Аяқ басқан жердің бәрі шылқылдаған су. Суға толған етік аяққа жабысып жүргізбейді. Таң бозара бастады. Ақылбай тобы Ворга поселкесінің желке жағындағы қалың орманға кірді. Жауын толастайтын түрі жоқ. Ақ жауынға айналды. Олар көздеген ныса­насына жақындап, дәл өкпе тұсына келіп, қалың өскен ну қарағайды пана­лады. Қарағайдың қабығын сиырдың терісіндей сыпырып, күрке жасады. Күні бойы қозғалмастан жатты. Түс ауа екі жігітті темір жол бойын бақылауға жөнелтті. Олар бесін кезінде қайтты. Михаил аяғын сылбыр басып, Ақылбайдың жанына келіп: – Біз үш сағаттай темір жолды бақыладық. Күншығысқа қарай ағы­ лып жатқан жау эшелондары. Бірі әскер тиеген, екіншісі техника тиеген. Мина қоятын қолайлы жерді де таптық. Осы арадан алыс емес. Қас қарая қозғалайық. Жақын барайық, – деді. – Минаны тексеріп алыңдар. Шақпағына су тимеп пе? Еңбектеніп қойып, жарылмай қалса, масқара боламыз. Минаны әбден тексеріп шықты. Бүлінген жері көрінбеді. Шақпағы құрғақ. Бірақ кім білсін, кейде жарыл­май қалатыны болады. Сондықтан екінші минаны дайындады. Қас карайған мезгіл. Олар түн қараңғы­л­ығын жамылып жүріп кетті. Мина қойылатын жер көтеріңкі екен. Темір жол жиегі жауын суы жиналып көл-көсір боп кетіпті. Жіптің бір ұшын орман шетіне тастап, екінші ұшын қолға ұстап, су кешіп келе жатты. Бұлар жақындай бергенде, жау эшелоны баяу жүріспен күншығысқа қарай өтіп кетті. Партизандар жүрісін жеделдете түсті. Темір жолдың үстіне шығып, рельстің түбін қол күрекпен шұңқырлап, екі минаның екеуін де қойды. Үстін майда топырақпен жапты, Олар тез кейін шегінді. Қайыңға байланған жіптің ұшын тауып алып, жолды күзетіп отырды. Бір мезгілде, Эверинка станциясынан шыққан екінші поезд ысылдап пысылдап ауыр күрсініп келе жатты. Қараңдаған екі паровоз орман арасынан шыға келді. Эшелон тым ������������������������������������������������������ ұзын. Алдыңғы ���������������������������������������� паровоз �������������������������������� өтті. Жарылады деген ����������� мина жарыл­ мады. Кезек екінші минаға келді. Ақылбай қолындағы жіпті дереу тартып қалды. Жарылған минаның ащы үні жер қыртысын дір еткізді. Қос ����� паро­ воз аспаннан құлағандай екпіндете суға тасыр-тұсыр ұшып кетті. Артына тіркелген вагондар бірінің соңынан бірі таудан көшкін жүргендей су бетіне құлап жатты. Сатыр-сұтыр сынған техника, күңіренген адам даусы шығады. Жол бетінде бірде-бір вагон қалмай құлады.

Партизандар асығыс орман өңіріне қарай кейін шегінді. Түні бойы тоқтамастан жүріп кетті. Аяғын етік қажаған Толя Ақылбайға қатар­- ла­сып: – «Москау, Москау» деп келе жатқан сұмырайлар жер жастанды. Қаншама техникасы қиратылды. Оларға сол керек, – деп қуанған нышан білдірді. – Москва қайда оларға, – деді Ақылбай. – Өткен жылдың аяқ кезінде совет әскері шабуылға шығып, оларды Москва түбінен қуып тастаған жоқ па? Жаудың таңдамалы деген әскер бөлімдері Москва түбінде жер жастанды. Ресейдің қысында үсіп өлген мыңдаған солдатының табытын Германияға поезбен алып кетіп жатқанын өзіміз көрдік қой. Біз сөзсіз жеңеміз. V Партизандар Задня деревнясының оңтүстігіндегі ба­заға түс болмай жетті. Күн жылы нұрын төгіп, ормандағы барша жанды рақатқа батырды. Кішкене ғана алаңда арқасын күнге беріп жатқан адамдар. Алыс жолдан әлі құрып шаршаған Толя сәл уақыт аунап-аунап алды да сылтып басып, әңгіме-дүкен құрып, сылқ-сылқ күліп отырған бір топ партизан­ның жанына келді. Олардың әңгімесіне кіріспей, құлағын түре, үнсіз тыңдады. Толя Ақылбайдың жанына жақындай түсті. Оған екі көзін тігіп, жымың етіп күлді. Оның бір хабар айтқысы келгенін сезген Ақылбай: – Қандай жаңалық естідің? – деді. – Бүгін біздің барлаушылар екі шпион ұстапты. – Оны қайдан естідің? – Әне бір жігіт айтты, – деп Толя жұмыр қарағайға сүйене, қалғып отырған жігітті көрсетті. Ақылбай «Олар қандай шпиондар екен?» дегендей, маңайына таңдана қарады. Ол бұрын-соңды шпион көрмеген. Бригаданың ерекше бөлімінің бастығы Осин шинелін желбегей жамылып, аяғын сылти басып, Ақылбай тобына келе жатты. Жымың-жымың күледі. Оның көңілді екені бет әлпетінен анық көрініп тұр. Ол Ақылбайдың жанына келді де жерге қисая кетті. Қол беріп амандасты. – Төтенше тапсырманы орындап, аман-есен қайттыңдар ма? – деді Ақылбайға көгілдір көзін қадап. – Тапсырма орындалды. Барлаушылар екі шпион ұстап алыпты дейді. Рас па? – Рас. Жертөледе қамаулы жатыр. Жауға сатылып кеткен жансыз­дар секілді... – Оларды көруге болар ма екен? – Болады. Толя сен екі тұтқынды осында айдап келсін деп айта қойшы, – деді Осин. Екі тұтқынды төрт автоматшы айдап әкелді. Оларда зәре жоқ. Аязға тоңған адамдай аяқтарын әрең басып, теңселіп келеді. Түстері бұзылып,

беттері қушиып, жақтары семіп, шүңірейген көздерінде корқыныш­тың ізі бар. Күдікті жүректері алқымдарына тығылып, тыныстары тары­лып, кібіртіктеп келіп те жетті. — Отырыңдар. Тұтқындар буынсыз адамдай бүктеле жалп етіп тізе бүкті. Орта бойлы, қой көзді, қоңырқай жігітке: – Сен қайдан келген адамсың? – деді Ақылбай. – Қазақстаннан. – Сен жауға сатылған тыңшы болсаң, бүкпей, дұрысын айт. Өтірік айтсаң жазаң ауыр болады. – Ағатай, – деді тұтқын, – біз мына қасыңыздағы жігітке шынымыз­ ды бүкпелемей айтқан едік, ол сенімсіздік білдірді. «Сен екеуің жаудың арнайы жіберген тыңшысыңдар, – деп біздің берген жауабымызға құлақ қоятын түрі жоқ. Біз жау ��������������������������������������������� да, ����������������������������������������� тыңшы ����������������������������������� да �������������������������������� емеспіз. Майданда қан төккен ��� со­ вет азаматтарымыз. – Қазіргі аласапыран кезде біреудің айтқанына сену қиын. Сендер бар шындарыңды осы жерде ашық айтыңдар. – Олай болса, мен сізге көрген-білгенімді жіпке тізгендей айтып берейін. Осыдан үш айдай бұрын біздің әскер қорғаныста жатқан болатын. Бір күні таң бозарып қалған мезгіл еді. Жау қалың күшпен біздің шебімізге шабуыл жасады. Олардың күші бізден әлдеқайда басым болды. Алдымен жау зеңбіректен бас көтертпестен атқылады да, содан кейін қаптаған танкілерімен шабуылға шықты. Жаяу әскерді үсті-үстіне төкті. Айқас кезінде ауыр жараландым. Біздің әскер кейін шегінгенде есімнен айрылып окопта қалып қойыппын. Мені жау солдаттары алып кетіпті. Бірнеше сағаттан соң, есімді жинасам, маңайымда жау солдат­тары жүр. Тұтқында қалғанымды сонда бір-ақ білдім. Жаралы кісіде әл бола ма, қансырап қалыппын. Мені тұтқындар лагеріне әкелді. Тәуір болып, өзімеөзім келісімен қара жұмысқа салды. Онда көрмеген қиыншылығымыз жоқ. Бір күні таң атып қалған мезгілде, бізді далаға шығарып, жабық машинаға отырғызып алып кетті. Қайда баратынымызды білгеніміз жоқ. Ертеңінде аэродромға әкелді. Ол жерде бізге бекініс қаздырды. – Аэродромның басына бардыңдар ма? – Бір-екі рет машинадан бомба түсіруге барғанымыз бар. – Самолеттер көп пе? – Аз-көбін білгеніміз жоқ. Бізді самолет орналасқан маңайға жолат­ пайды. – Сендерге бомба тиеткен жоқ па? – Жоқ. Бомба тиейтіндер поляк жігіттері. – Олар ештеңе айтты ма? – Айтып мәз қылғаны шамалы. Бір күні біздің жанымызға келген поляктардың бірі «орман толы партизандар көрінеді» дегені бар. Оны қандай оймен айтқанын біз түсіне қоймадық. – Поляктармен орысша сөйлестіңдер ме?

– Олардың ішінде Ян деген жігіт орыс тілін әжептәуір біледі. Оның сөзін түсінуге әбден болады. – Жау ұшқыштарының қайда тұратынын білгендерің бар ма? – Янның айтуынша, олар Сергеевка деревнясындағы мектеп үйінде тұратын көрінеді. – Кейінгі рет совет ұшқыштары аэродромды бомбалағанда сендер қайда едіңдер? – Біз поселкедегі тұтқын лагерінде болғанбыз. Ой, ол күні біздің самолеттер ойранды салды ғой. Елдің айтуынша, ол күні жаудың көп­теген самолеттері апатқа ұшыраған дейді. Ұшқыштардың арасында өлім-жітім, жараланып істен шыққандары көп болыпты. Өлгендерінің денесін жұрт­қа көрсетпей еліне жіберсе керек. – Сенің аты-жөнің кім? – Құсанов Әлмай. Орыстар Алеша дейді. Туып-өскен жерім Көкшетау облысы, Зеренді ауданы. – Мына қасыңдағы жігітпен қайда жолығып, жолдас болдың? – Тұтқында таныстым, Мен жаралы боп жатқанымда бағып-қағып аяғымнан тұрғызды. Жолдастыққа берік жан екен. Петька әскерге Сібірден алынған көрінеді. – Бізге қалай келгеніңді жасырмай түгел айт! – Қара жұмыста жүрген біздерге жартымды тамақ бермеді. Аш болдық. Сондықтан күніне екі адамды қасына бір солдат қосып, маңай­ дағы деревняларға тамақ жинауға жіберетін болды. Кеше кезек Петька екеумізге тиді. Түстен кейін қасымызға солдат қосып Будвинец де­рев­ нясына жіберді. Қашамыз деп бұрыннан келісіп жүргенбіз. Аэро­дром­ нан бес-алты шақырымдай шықтық. Орман сілемі қалың талдың ішін­дегі күре жолмен келе жатқан едік. Келісім бойынша екеуміз солдаттың екі жағында жайбарақат жүре бердік. Ол сезіктенген жоқ. – Қоршап алдық десеңші. – Иә, қоршап алдық. Ол орысша білмейді, біз немісше білмейміз. Үнсіз жан-жағымызға көз жіберіп келе жаттық. Бір мезгілде, қозғала­ тын кез келді-ау деп, мен Петькаға көзімді қыстым. Ол кіріселік деген белгім еді. Петьканы көріп отырсыз, алпамсадай денелі, мықты жігіт. Ол ортадағы солдатты бас салды да алып соқты. Өзі қатқан арық неміс еді. Бірден мойнына асынған автоматын тартып алдық. Атып кетуге бол­мады. Мылтық дауысы алысқа естілетінін өзіңіз білесіз. Тамағынан мытып талдырып тастадық та, біз орманға қарай қашып кеттік. Автоматтың дүмі қып-қызыл қан. Сенбесеңіз көріңіз. – Бұл маңда партизан барын қайдан білдіңдер? Біздің тұрған жерді адаспай дәл тауыпсыңдар. – Біз бұл жерге тура келгеніміз жоқ. Біз Алешинка деревнясына жете бергенде сіздердің барлаушыларыңыз жолықты. Олар біздің екеу ара жалғыз автоматымызды тартып алды да осында айдап келді. Ағатай, көмектесе көріңіз. Біз адал адамдармыз. Сізге шын ақиқатты айттым. Біздің өміріміз сіздердің қолдарыңызда. Елімізде біздің әке-шешеміз,

туған-туыстарымыз бар. Олар бізді сатқын болыпты деп естісе, онан артық масқаралық болмас. – Ал, сен не айтасың? – деді Ақылбай екінші тұтқынға. – Алешаның сізге не айтқанын түсінгенім жоқ. Бірақ, екеуміз жау да, тыңшы да емеспіз. Жау солдатын өлтіріп, сіздерді паналап, жаудан кегімізді аламыз ба деп келдік. Мен сонау Сібірдің орысымын. Мен де жау қолына жараланып түстім. Егерде біз сіздерге сенбесек бұл жерге кел­меген болар едік. Сіздерден ең соңғы сұрайтынымыз жергілікті адам­ дардан сұрап, егжей-тегжейін тексеріңіздер. – Тағы да қандай сұрауларың бар? – Біз әкелген автоматтың дүмін қараңыз, – деді Әлмай тағы да қай­ талап Ақылбайға жалынышты үнмен. – Жоқ, автомат бұл екеуін ақтап қалмайды, – деді Осин қабағын түйіп. – Дегенмен анығына жету біздің міндетіміз. Толя, сен автоматты әкеле қойшы, көрелік,— деді Ақылбай. Толя тез оралды. Қолындағы жау автоматын Ақылбайға ұсынып жа­тып: — Шынында да автоматтың дүміне қан қатып қалыпты, – деп Толя сұқ саусағымен көрсетті. Ақылбай автоматты қолына алып, жіті қарап шықты. Мылтық дүмінен қатып қалған қанды көрді. Ақылбай алдында көздері шүңірейіп, бет сүйектің еті қашып, арсаарса болған екі жігітке қарайды. Екі тұтқынның өмірі қыл үстінде тұр. Қыл үзіліп кетсе, екеуі де қазылған орға құлап кететіндей. Самал желге сыбдырлаған қайың жапырақтары мына қиын-қыстау заманда әділ болыңдар деп үн шығарғандай елес береді. Бұл екі жігіттің де келешектен күткен үміті, көретін қызығы бар. Жазықсыз болса, обалына қалмайық. Анығына, ақиқатына жетелік. Өздері ақ-қараны айыра білетін жандарға ұқсайды. Осындай ойға келген Ақылбай қасында жантайып жатқан Осинге: — Осы әңгімені бригада командирі Тимофей Михайлович Корот­ ченкоға баяндалық. Ең соңғы сөзді де, тиянақты шешімді де сол кісі айт­ сын. Меніңше әлі де тексере, анықтай түсу керек, – деген ұсыныс айтты. Тұтқын жандар қаққан қазықтай қақшиып тұрып қалды. Денелері дір ете түскендей, қабақтары жауар күндей түнеріп кетті. Екеуі авто­ матшылардың ортасында кете берді. Ақылбай Коротченкоға тұтқындармен сөйлескен әңгіменің бәр-бәрін аспай-саспай баяндады. Командир ынта қоя тыңдады. Тимофей Михайлович құшақ жетпейтін жуан үйеңкінің түбінде Осин мен Ақылбайдың айтқанын ой елегінен өткізіп, ләм-мим демей үнсіз ойланды. Бұл байғұстардың көзіне көк шыбынды үймелету қиын емес, оңай. Ұзын құлақ хабарға қарағанда аэродромдағы жау тұтқынынан ебін тауып қашып жатқан совет азаматтары кейінгі екі-үш айдың ішінде етек алып бара жатқан көрінеді. Бұл екеуінің партизанға қосылып, басқыншыларға қарсы күресеміз деген ыстық сезімін суытсақ, тұтқындағы

басқалары бізден сескеніп, қашып кетуді сиретуі ықтимал. Жау тұт­ қынындағы адамдардың халі мүшкіл көрінеді. Үстерінде киім, ішетін тамақ жоқ. Жатқан жерлері ашық-тесік қора, жауын жауса паналайтын да жері жоқ. Адам баласын мал қораға қамау деген барып тұрған айуан­дық емес пе? Басқыншылар қолында қаншама совет азаматтары азап шегуде? Тұтқыннан қашып, қолына қайта түскен жандарды жау жендеттері итке талататын көрінеді. Жалаңаштап қойып, қыстың аязында, үстіне мұздай су құятын көрінеді. «Жоқ, тексеріп байыбына жету керек» деген пайымға келді. Коротченко биік қасқа маңдайын оң алақанымен сипап, Осин мен Ақылбайға бұрылды. – Аэродромдағы біздің барлаушыларға тапсырайық, – деді ол. – Олар бір-екі күнде бізге болған оқиғаның шындығын хабарлайды. Егер, бұл екеуінің айтқандары жалған болса, тиісті жазасын алады. Ал жазық­сыз болса, оны анықтайық. Мен осы шешімге келдім. Уақыт өткізбей, екі-үш партизанды аттандыру керек. – Орындауға кірісейін, кетуге рұқсат етіңіз, пол­ковник жолдас, – деп Осин орнынан тұрды. Тимофей Михайлович Коротченко жаумен айқасудың түрлі тәсілдерін жете білетін, арнайы әскери білім алған адам. Туып-өскен жері Смоленск облысы. Жергілікті село тұрғындарын өте жақсы біледі. Халық арасында беделі мол. Өзінің білгірлігімен, әділдігімен, тапқырлығымен партизандар арасында өте абыройлы адам. Қатерлі, қиыншылық кезде қатардағы партизандарды жауға қарсы шабуылға шығуға шақырып, оларға әр уақытта дем беріп, жылы сөзін айтады. Тығырыққа тығылғалы тұрған адамдарды қоршаудан алып шығуға шебер-ақ. Ойламаған жерде жол тауып кетеді. Жау әскері партизандардың қалың орманның қай жеріне сіңіп кеткенін білмей, әуре-сарсаңға түседі. Байсалды, ақылды мінезімен жұртқа жаққан командир. Осы жолы да қыл арқанды қақ бөліп, әділ шешімге ойысты. Коротченко шинелін желбегей жамылып, жай басып жаңа ғана жауапты тапсырманы орындап келген бір топ партизандар орналасқан қалың қарағайға қарай келе жатты. Ол ұзын бойлы кісі. Бет келбетінде ұзақ өмір жолының, толассыз шайқастың ізі бар, жағы солған, қайырма жағалы сұр көйлек киген, сарғыш матадан тігілген шалбарының тізесі жамау-жамау. Омырауы ашық. Аяғында көнетоз саптама етік. Қасқайып тік біткен маңдайындағы шимай-шимай әжімдері ұйқысыз жорықтардың ауыр ізін анық көрсетіп тұр. Ол партизандардың қасына келіп: – Аман-есен келдіңдер ме? Тапсырма орындалды ма? – деді. – Жолдас командир, – деді талдырмаш жігіт, – адамнан шығын жоқ. Бәрі де аман-есен қайтты. Тапсырмаңызды орындадық. Жаудың бесалты шақырымдай темір жол рельсін қираттық. Оларға екі-үш тәулік жұмыс тауып бердік. Бірақ бұл жолғы жорық өте қиын болды, жаумен бетпе-бет жағаласуға тура келді. Дәл біз барып, мина қоямыз деген жерде басқыншылар тығылып жатқан екен. Бір тәуірі, біз ертерек сезіп қалдық. Ол жерден кейін шегініп, екінші бір қолайлы жерге қойдық.

Біздің бақытымызға, темір жолдың табанына қойған миналар дер кезін­де жарылды. Темір жол рельстері аспанға ұшты. – Тапсырманы орындағандарыңа рақмет. Өздеріңнен шығын бол­май аман келгендерің жақсы болған. Бүгін осы жерде дем алыңдар. Ертең тағы жаңа тап­сырма орындауға аттанасыңдар, – деп Коротченко жастардың тапсырманы бұлжытпай орындап келгендеріне риза болды. Шаңқай түс болған мезгіл. Орман іші құлаққа ұрған танадай жымжырт. Тамылжыта әнге салатын алуан түсті құстардың әдемі үні құлаққа сондай жағымды естіледі. Торы атқа мінген Михаил адуын шоқыраққа салып күнбатыс жақтағы орман жолынан шыға келді. Алқа-қотан әр әңгіменің басын шалып, күмпілдесіп отырған жұрт Михаилға қарап: «Бұл қандай хабар әкеле жатыр екен?» – дегендей көз тікті. Суыт жүрістен тор бестінің жонынан төмен сорғалаған тер ақ көбік болып, бауырына қарай тамшылап тұр. Екі иығынан дем алады. Михаил аттан қарғып түсіп, Коротченко отырған қарағайдың түбіне қарай жүгіре басып келді. – Командир жолдас, сіздің тапсырмаңызды толық орындадық. Қолға түскен екі жігіттің жау солдатын өлтіріп, қашып кеткені рас болды. Олар­ ды іздеп, әуре-сарсаң болған фашистер маңайдағы деревня халықтары­ ның апшысын қуырып жатқан көрінеді. – Бұл хабарды айтқан кім? – Мен Будвинец деревнясының оңтүстігіндегі қалың орманға жеткенде ымырт жабылып, кеш батып қалған мезгіл еді. Мен таң атқанша қалың өскен жас қарағайдың ішін паналадым. Таң бозара бергенде, Буд­ винец деревнясындағы біздің барлаушы қызға бардым да оны оятып, аэродромдағы өзіңіз білетін барлаушылардың біріне жібердім. Түс болмай, ат-арбамен бір жас қыз отын алуға дәл мен жатқан маңайға келді. Байқап қарасам, соғыс басталған жылы орманда жолыққан қызға ұқсайды. Ол орманның қақ ортасындағы кесілген ағашты тиеп жатып, жан-жағына көз жіберіп қарай берді. Дәу де болса маған хабар әкелген адам осы болды-ау деп қасына жетіп бардым. Басында ол, қорқып қалған еді, бірақ мені тани кетті. «Сіз соғыс басталған жылы орманда кездескен жігітсіз ғой. Аты­ңыз, жаңылмасам, Миша. Мен Людамын. Есіңізде болар, сіз менің аты-жөнімді жазып алған болатынсыз. Аманшылық болса, тағы да кездесерміз деген едім, айтқаным келді» – деп маған жолыққанына қуанғанын айтсаңыз. – Сен, маған ертегі айтпай, барған жұмысыңның түйінін айт, – деді Коротченко күлімсіреп. – Түйінін айтсам, екеуі де адал адамдар көрінеді. – Болған оқиғаны анығырақ айтпайсың ба? Михаил естіген деректерінің бәрін егжей-тегжейлі айтып берді. Тұтқындар туралы күдік сейілгендей болды. Сонда да Коротченко олар­ды іс жүзінде сыннан өткізіп, әбден көз жеткізу керек деп түйді. Мұңайып аспанға қарап отырған екі жігітке сенім білдіре сөйлеп: – Екеуіңнің айтқандарыңа біз сенеміз. Бұдан былай қолдарыңа қару алып, бізбен бірге боласыңдар, – деді.

Салы суға кетіп отырған екі жігіттің көздерінен ыстық жас бұрқ ете қалды. Бұл қуаныш жасы еді. – Құсанов, сен майданда жаяу әскерде болдың ба? – деді Коротчен­ко. – Станковой пулеметтің бірінші нөмірі болдым. – Олай болса, сен мұнда сол пулеметті қолыңа аласың, пулеметші­лер ротасына баратын боласың. – Ал сен ше? – деп Коротченко енді Петькаға бұрылды. – Автоматшы болдым. – Ендеше мұнда да автоматшы бол. Екеуің де фашистер тепкісінің дәмін татқан адамдарсыңдар. Жауға қарсы жан аямай күресетін боласыңдар. Біздің арамызда қорқу, имену болмауға тиіс. Жауды жоймасаң, жау сені жояды. Осыны естеріңнен шығармаңдар, – деді Тимофей Михайлович. – Біз Отан тапсырмасын бұлжытпай орындауға сіздерге серт бере­міз. Бір қасық қанымыз қалғанша жаумен арпалысамыз, – деп екі жігіт жай­ лап орнынан тұрды. Сол күннің ертеңінде-ақ мылқау тыныштықты гитлершілер­дің жазалаушы отрядының шабуылы бұзды. Петька мен Әлмай да соғыс алапатына еніп, жаумен арпалысқа түсті. VІ Үлкен жерден самолет, қару-жарақ, оқ-дәрі, дәрі-дәрмек жіберілетіні жөнінде хабар келді. Самолет Бочари деревнясының сыртындағы орман ортасындағы ашық алаңға қонбақ. Күні бойы жұрт тайлы-таяғы қалмай алаңды тазалаумен болды. Қырқылған ағаш түбірлерін қазып, түбірімен қопарып тастады, шұңқырларды тегістеді, тебіндеп шыққан шыбықтарды отады. Алаңның қақ ортасына бес жерге шөмшек, қураған ағаш бұтағы шөмеле-шөмеле етіліп жиналды. Кеш бата партизан аэродромы таптұйнақтай боп, даяр болды. Кеш батты. Ай сүттей жарық, жамбастай келіп, дәл төбеден шаншыла сәуле шашып тұр. Сағат жиырма төрт болғанда, үйілген шөмшекке от қойылды. Лаулаған жалын аспандай шапшып жанып жатты. Әр жерге қойылған тосқауыл, жау келер деген маңайдың бәріне партизан бөлімшелері күзетке тұрды. Алаң жиегінде Коротченко бастаған штаб офицерлері тұрды. Бәрі де күншығыс өңірге құлақ түруде. Осы жиектен төңірекке көз жіберсең табиғаттың сұлу көрінісі көз тұндырады. Толған ай сәулесі ағаштардың көгілдір жапырағына қиғаштай түседі. Баяу соққан самал жел өбіп сүйгендей әсер етеді. Лапылдап жанып жатқан алаудың жалыны айналаны жап-жарық етіп тұр. Еміс-еміс самолеттің гүрілі құлаққа естілді. Бірте-бірте жақындай түсті. Алаңның солтүстік жиегінен жалғыз жұлдыздай құйылып, төмендеп келе жатқан от ұшқыны көрінді. Осы өңірді екі айналып шықты. Үшінші айналымында қонуға ыңғайланды. Партизандардың қуанышында шек жоқ. Бәрі жапа-тармағай самолет қонған жерге екі өкпесін қолына ала жүгіріп келеді. Бүкіл ел-жұрты көшіп келгендей қуанышқа бөленді. Миша

мен Толя от басында жүріп, тіпті лепіріп, алақандарына түкірісіп жүр. Ол екеуінің елден ерекше қуанатыны – өткен жолы Миша сүйген жарына хат жазып, ұшқыштан Москваға беріп жіберген. Хаттың жауабы келетін мезгілі баяғыда болды. Миша іштегі сырын, әлгінде ғана от басында жүргенде, сыбырлап Толяға айтқан. Толя Мишаның күткен қуанышына ортақ болып жүр. Самолет жерге қонып, зырылдап-гүрілдеп барды да алаң жиегіне тоқтады. Коротченко бастаған топ самолеттің жанына жеткенде есігін ашып, ұшқыш шықты. Алпамсадай денелі, ұзын бойлы жас жігіт жерге түсіп, бұрыннан таныс адамдай елдің қолын алып амандасып: – Бұл жерде бізге көп аялдауға болмайды. Түн қысқа, таң атып қалады. Майдан шебінен қараңғылықты жамылып өтіп кетуіміз керек. Әкелген жүкті тезірек түсірелік, келіңіздер, көмектесіңіздер, – деп самолеттің артқы есігін ашты. Өзі партизандарға арнайы әкелген жүкті жердегі адамдарға бере бастады. – Мына бір қапты ұстаңыздар, сіздерге келген хат, – деп сұрғылт қапты Мишаның қолына ұстатты. – Хат келді, хат келді, – деп Толя қуанғанынан айғайлап жіберді. – Тымық түндегі адам дауысы алыстан естіледі, айғайлама, – деп Коротченко Толяға ала көзімен қарады. Тең-тең жүкті самолеттен түсіріп, алаң жиегіне үйіп жатты. Шоғы сөнуге айналған алауға құшақ-құ­шақ шөп салынды. Ол бірден лаулап қайта жанды. Ұшқыштар қалып бара жатқан адамдармен құшақтасып қоштасты. Самолеттің есігін жабысымен ол терезеден қалған жұртқа соңғы рет қолын бұлғап, «Сау болыңдар!» дегендей белгі берді. Моторы от алған самолет бір сәт дірілдеп-сілкініп алды да, ілгері қарай барлық пәрменімен жұлқына тартып, бәйге аттай шаба жөнелді. Самолет алаңды бір-екі рет шыр-көбелек айналды да солтүстікке қарай бет алып, аспан өңіріне еніп, көзден ғайып болды. Түн тыныштығын бұзған жау зеңбірегінің, атылған пулемет пен автоматтың даусы алыстан естілді. Коротченко және басқалар сілтідей тынып құлақ түрді. Коротченко көп ойланбай, маңайындағы жолдас­ тарың көзбен шолып өтті де: – Жау бізге самолет келгенін сезіп, шабуылға кірісті. Екі батальон жаудың дәл бүйірінен ойран салу үшін тез аттансын. Шайқас алыс емес, – деп бұйрық берді. Партизан бөлімдері шабуыл жасап келе жатқан жау бөлімдерін таң бозарып атқан кезде, кейін шегінуге мәжбүр етті. Фашистер көптеген солдаттары мен офицерлерінен айрылып өз базасына қарай жапатармағай кете бастады. Партизандар олардың соңына түсіп қумады. Өйткені олардың тылында шабуыл жасауға даяр тұрған тағы да бірнеше бөлімше бар екенін барлаушылар хабарлаған болатын. Партизандар­дың ішінен шығын болғаны жөнінде, батальон командирлері Коротченкоға баяндап жатты.

Аспан көкжиектеніп келеді. Ағаш түбінде бүрісіп-бүрісіп ұйықтап жатқан жұрт бүгін ерте оянды. Әр жерде шаншылған тарыдай топталған адамдар гу-гу әңгімеге кіріскен. Бәрі де көңілді. Миша сүйген жары Галяға жазған хатына жауап алған. Галя Мишаға былай деп жазыпты: «Қымбатты, сүйікті Мишам! Сен әскерге жүретін күнгі екеуміздің бірге болған кешіміз менің есімнен әлі кетпейді. Көз алдымда өшіп бара жатқан сағымдай елестейді де тұрады. Ол күнгі жүрегімнің соғысын өмір бойы ұмытпаспын. Сені әбден сағындым. Күні-түні ойлайтыным сен. Ұшатын қанатым болса, са­ған бүгін-ақ барар едім. Өлсек те бірге өлетін болар едік. Шешем екеуміз соғыс өрті басталысымен Москвадан Қазақстанға көшіп кеткенбіз. Жеті тәулік бойы жол жүріп, Алматы облысының бір селосына келіп тоқтадық. Бұл жердің адамдары елгезек, қонақжайлы, бауырмал екен. Бізді жақсы қарсы алды. Кең пейілді халық бізге баспана берді. Колхозда жұмыс істейміз. Москвадан кетерде, егер біреу-міреуден біздің атымызға хат келе қалса, жинай беріңіз деп қалада қалған көрші кемпірге тапсырып кеткен едім. Бұл жерге келісімен адресімді жіберген болатынмын. Сол кісі сенің хатыңды маған жіберіпті. Көптен сенен хабар-ошар болмаған соң, мен күн сайын жылайтын болдым. Бұл жердің байырғы тұрғындары майданнан хат, кейде қара қағаз алып жатады. Сенің қайда жүргеніңді білмей, мамаңнан сұрап хат та жаздым. Бірақ ол кісіден жауап ала алмадым. Біз тұрған деревняда бірде-бір еркек жоқ. Бәрі де майданға кетіпті. Колхозда жұмыс істейтіндер де әйелдер мен бала-шағалар. Жұмысқа ерте барып, кеш қайтамыз. Бүтін бір селода еркек атаулыдан – сексенге келген қаусаған жалғыз шал бар. Мұның бәрін жазып отырғаным, сен, мен жөнінде ешқандай жаман пиғылда болмасын дегенім. Сенің аман-есен келуіңді асыға күтемін. Сағындым. Күн сайын көз жасымды төгіп, сені ойлағаннан басқа, қолдан келетін ешқандай дәрмен жоқ. Сені құшақтап, бетіңнен сүйемін. Жеңіспен оралуыңа тілектеспін. Соғыс басталғалы хабар-ошарсыз кеткен едің, кеше кешке таман хат таситын әйел қолыма сенің хатыңды ұстатқанда, қуанғанымнан көзімнен ыстық жас бұрқ ете қалды. Түні бойы ұйқтамастан сенің хатыңды қайтақайта оқи бердім, кеудеме қыстым. Өзің аман-есен қайтқандай сезіндім. Бетіңнен сүйемін. Сенің ғашық жарың Галя». Елдің таң атпай тұрып, ішек-сілесі қатқанша күліп жүргені «еркек атаулыдан сексенге келген қаусаған жалғыз шал бар» деген бір ауыз сөз екен. Әзіл-күлкіге көміліп жүрген жастар. Бала-шағасы бар жігіттер үй іші есіне түсіп, лүпілдеген жүрегін, өтіп бара жатқан күнін армандайды. Аласапыран айқаста оққа ұшып кетсек балаларымыз жетім, әйелдеріміз жесір қалады деп уайымдайды. Түс әлетінде орман жолының қос қапталына жарыса өскен балапан тоғай арасынан тор бестіге мінген жас барлаушы Толя шықты. Ол ызғыта шауып, атының басын Коротченко тобына жақындай беріп тоқтатты. Оның соңынан бір топ салт атты жігіттер суыт жүріспен желдіртіп келеді. Бәрі де штабқа қарай ұйтқыды. Түні бойы барлауда болып, көз ілмеген

олардың қабағы қатыңқы. Ат үстіндегі денелері ағаш түбіріндей боп сіресіп, қатып қалғанға ұқсайды. Барлаушылардың суық хабар әкеле жатқанын сезген Коротченко орнынан асықпай, саспай тұрып: — Аттарыңды ағашқа байлаңдар да мұнда келіп, көрген-білгендеріңді баяндаңдар, – деді. — Алешинка, Борковичи деревняларына бір топ жау әскері, бүгін күн шыға ел тұрмай келіпті. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Смоленск қаласында орман соғысының алуан түрлі тәсілін арнайы үйренген әскери бөлімдері көрінеді. Басқарып келе жатқан пол­ковник өте тәжірибелі офицер дейді. Коротченко ағаш түбіне жайланып отырды. Қолына топографиялық картаны алды. Жау келген деревнялардың маңайын, ол жерге баратын орман соқпағын жіті шүйіле қарады. Ол іштей: «Басқыншыларға сездірмей жүретін жолымыз осы бір соқпақ болуға тиіс» – деп ойлады. Онда лайсаң жауын кезіндегі жүрген арбаның дөңгелегінен қалған іздер жататын еді. Дөңгелек іздерінің ара-арасында жал-жал болып қалған жер бөренедей сіресіп қалған. Қару-жарақ көтерген жаяу адамға мұндай кедір-бұдыр жолмен жүру азап. Жауыннан соң, соқпақтың өзі де лайсаң батпақ болар. Басқа амал жоқ. Деревняға баратын жолымыз осы». Коротченко, барлаушылардың жіберген, жазалаушы бөлімдердің шабуылға шығатын жоспарын зер қоя, жіті қарап шықты. Қолындағы картаның әр жеріне қалтасынан қара қарындаш алып, түрлі-түрлі белгі қойды. Ол басқыншылардың қай бүйірінен шығатынын, қалай әрекет ететінін анықтап ширата түсті. Картаға үңіле қарап, шиыршық атып отырған штаб офицерлеріне өзінің түйіндеген жоспарын, жүретін жолын айтып, тағы да пысықтады. Бөлімшелердің командирлерін шақырып, олардың міндеттерін түсіндіріп, шабуылға шығатын жерлерін анықтады. Көп ұзамай бригада тас түйін боп, тез жиналды да, жорыққа шықты. Коротченко оң жағынан көз айырмай қарап келеді. Орман арасы ерсіліқарсылы, шимай-шимай көмескі жол. Көмескі саңылау көрінсе-ақ болды, деревняға бұрылатын сүрлеу осы шығар деп ойлайды. Бірақ онысы сүрлеу болмай шығады. Коротченко картаға тағы бір үңіле қарады да: — Жас қарағайдың арасындағы соқпақпен абайлап жүре беріңдер, – деді. Барковичи деревнясы қалың орманның арасындағы үлкен алаңның дөңестеу жеріне орналасқан. Оңтүстік шеті орман сілеміне тіреліп жатыр. Деревняға келген жазалаушы бөлімдерді төрт қапталынан қоршап алмақ болды. Орман жиегіндегі қолайлы жерде отырып, Коротченко мойнына асынған дүрбісін алып, деревняны жіті қарады. Жау жүз қаралы. Бұл алғашқы барлауға келген бөлімдері екенін Коротченко барлаушылардан күні бұрын білген. Ұзыннан-ұзақ көсіліп жатқан көшені «матка, яйка» – деп кезіп жүрген жау солдаттарының дауысы анық естіледі. «Маткалар» әлдеқашан, олар келмес бұрын, орманға кетіп қалғанын олар сезген жоқ.

Әр үйдің есігін ашып, кіріп барады да, қаңырап бос қалған үйді көрген жау солдаттары мал қораның қақпасын шалқасынан ашып, қамаулы тұрған шошқаны, тауықты дүркіретіп қорадан айдап шығып жатты. Көше бойында қаңқылдатып тауықты, шыңғыртып шошқаны қуып, мәре-сәре болып жүрген жау солдаттары. Бір мезгілде деревня жым-жырт болды да қалды. Үйлердің мұржаларынан тынық күні аспандай ұшқан қою түтін көрінді. — Бұлар қаннен-қаперсіз тамақ ішіп жатқанға ұқсайды. Ойран салатын мезгіл жетті, бөлімдерге хабар беріңдер, шабуылға шықсын, – деді Тимофей Михайлович Коротченко. Көп ұзамай жасыл ракета атылды. Тасада бұйрық күтіп жатқан партизандар шабуыл жасай бастады. Шабуылшыларға қарсы деревнядан оқшаулау тұрған сиыр қораның шатырының үстінде жатқан қарауыл­ дағы жау автоматшылары оқ сеуіп, кедергі жасады. Оларды байқап қалған Коротченко: – Толя, сен әне бір шет жақтағы қораның төбесінде жатқан адамдар­ды көрдің бе? – деді. – Көрдім. – Көрсең, дәл көздеп атып түсір. Толя автоматын қолына алып, өрмелеп, ұзын зәулім қарағайдың басына шығып, дәл көздеп автоматтың шүріппесін сұқ саусағымен тартып-тартып қалды. Жау автоматшысының біреуі шатыр үстінен сусып домалап түсті. Сөйтіп, табан астында үш автоматшы жер жастанды. Ең соңғысы жылжып жерге түсе бергенде оққа ұшты. Партизан бөлім­дері жау әскерінің негізгі бөлімдерін жапыра бастады. Олар деревнядан ығыса жүріп қарсыласты. Фашистер түс мезгілінде тың күшін төкті. Білеудей жуан еменнің түбінде, Әлмай пулемет ұясында жатқан. Ол пулеметтің шүріппесінен сұқ саусағын айырмай, жау бөлімдерінің бірінші тобын оқ астына алды. Көптеген жау солдаттары тосыннан атылған Әлмай пулеметінің оғынан жер жастанды. Қалған әскер бөлімдері қанатын кең жайып, пулемет ұясын жоюға бар өнерін салып бақты. Көп ұзамай Әлмай ауыр жараланды. Емен қыртысынан тайып келген оқ, оның сол көзіне тиді. Әлсіреп келген автомат оғы көздің қарашығына барып тоқтапты. Әлмай жау жүрек жігіт еді. Жаралы болғанына қарамастан ол пулеметтің шүріппесін босатпай жауға қарсы ата берді. Тек көмекшісі Сайкадзе келгенде ба­рып, оны маңайдағы жігіттер кейін алып кетіп, дәрігерлік көмек көрсетті. Кеш бата гитлершілер қапталын кең жайып, ілгері қа­рай ентелей түсті. Қара құрттай қаптап келеді. Парти­зан бөлімдері кейін шегінуге мәжбүр болды. Жау зеңбірегі толассыз гүрс-гүрс ажал оғын сеуіп, жер қыр­тысын қақыратып жатты. Бірнеше жау самолеті аспан өңіріне іліп қой­ған­дай, тынымсыз бомба тастай бастады. Мұндай алапатты көп көрмеген Толя азынаған үскіріктің құшағына, болмаса апшыны қуырған аптаптың

аңызағына кездескендей бірде қызарып, бірде сұрланып селк ете қала­ды. Оның аппақ қудай болған өңін байқаған Ақылбай: – Жат, тұрма! – деп бомба түсіп, ойып кеткен шұңқырды көрсетті. Аспан ала бұлт. Қас қарайып, орман іші күңгірттене бастады. Күні бойы толассыз айқас, тобықтан келген батпақ, нәр татпаған аштық партизандарды жұқартпады. Сақаның тасындай сайланған жастар мұқалмады. Ақылбай мен Толик шабуыл жасап келе жатқан жау тобына бас көтертпей оқ сеуіп жатты. Екі жақтан да шығын көп болды. Күші бірнеше есе артық жаумен партизандар тіресе бермеді. Кеш бата олар кейін шегінді. Партизандарды темір құрсауға алмақ болған гитлершілердің қанды торынан сытылып шығып, бригада түн жамылып, оңтүстік орман арқылы таң ата Каменец деревнясына келіп тоқтады. Ақылбай еденге киімшең жантайып, ұйқтап кетті. Ояна келсе таң ағарып атыпты. Кешегі айқаста бірнеше адам қаза болды. Опат болған сол бір жандар менен де жас еді-ау деген ой Ақылбайдың алқымына ты­ғылып, тәнін тілгілегендей, оны ауыр ойға тартты. «Ұйқы – дұшпан» деген қазақ мақалы есіне түсті. Жұрт қалың ұйқыда еді. Ақылбай ақырын орнынан тұрып, аяғын ұшынан басып, қабырғада ілулі тұрған айнаға қарады. Ол өз өңінен өзі шошыды. Көптен айна көрмеген ол, инеліктей қат­қан бетін, шүңірейіп кеткен көзін, ұстара көрмей өсіп кеткен сақалын көрді. Еденде бүрісіп-бүрісіп рақаттанып ұйқтап жатқан жолдастарына қарады. Қыстың бет-қаратпайтын аязына, жаздың күні соққан ыстық желге бет­т­ері күйіп, еріндері кезеріп қоңырқай тартқан. Уыздай жас беттерін айғыз-айғыз әжім шимайлаған. Жақтары семіп, жасына жетпей қартайған жандарға ұқсайды. Мұның бәрі шым-шытырық, алапат соғыстың салған ізі. Біздің ең қызықты кезіміздің үлкен бір бөлшегін өмір мен өлім май­дандасқан заман қайта оралмайтындай етіп алып кететін болды-ау деп ойлады Ақылбай. Аспанның көгілдір айдынында жаудың айыр құйрық самолетінің гүрілі естілді. Дәл сол мезгілде Ақылбай құлағының түбінен ысқырып-ысыл­дап бомба жарылып жатқандай жүрегі дір ете қалды. – Тұрыңдар, жау самолеті! – деп Ақылбай бар дауысымен айғай­лап жіберді. Шырт ұйқыда жатқан жұрт шошып оянды. Орындарынан тұра, қабырғада сүйелген қаруларына жабысты. Жапа-тармағай есік жаққа қарай жүгірді. Ақылбай: «Бекер ояттым-ау, ұйқыларын бұзды-ау!» – деп, қимылсыз терезе алдында тұр. Оның зығырданы қайнап кетті. Қолына автоматын алып, есік алдына шықты. Айыр құйрық самолет шыр көбелек айналып, тұнық аспанды тілгілеп жүр. — Мұның артынан бомба сүйретіп басқалары келеді. Жұрттың бәрін оятыңдар, – деді Коротченко. Ақылбай бастаған топ деревняның ұзын көшесін бойлап жүгіре басып келе жатты. Ол бөренеден қиып салынған қоңырқай үйге кірді. Тым-

тырыс, тыныштық замандағыдай төр алдында сұлап-сұлап ұйқтап жатқан жігіттерге: – Аспанда жаудың барлаушы самолеті, – деп дауысын шығара айғай­ лады. Ұйқыдан кенет оянған жұрт топ-топ болып есік ал­дына шықты. Айыр құйрық самолетті көрген партизандар қорғаныс іздеп жүгіре жөнелді. Ақылбай көшенің арғы бетіне шыққанда, аспанда жаудың бірнеше само­ леті көрінді. Олардың деревнядағы партизандарды бомбалауға келгенін ол бірден байқады. Ол көше жиегіндегі тереңдеу қазылған шұңқырға жата қалды. Жау самолеттері деревнядан асып, күнбатыс жақтан ізінше қайта оралды. Гүрілдеп-ысылдап, әкелген «сәлемдемесін» бұрқыратып тастай бастады. Жаңа ғана Ақылбайлар шыққан ағаш үйдің бір бөксе­ сін, шатырының қақ жартысын ұшырып түсірді. Штаб маңына жары­ лып жатқан бомбалар да байқалды. Күн найза бойы көтерілгенде бастал­ ған бомбалау күні бойы бас көтертпеді. Қас қарая сиректей бастады. Зыр жүгіріп жаралы адамдарға көмектесіп жүрген дәрігерлер. Ақылбай орнынан тұрып, штабқа қарай келе жатты. Қорадағы жер­ төледен шыққан Толя: – Амансыз ба? – деп Ақылбайдың оң қолынан ұстай алды. – Өзің аманбысың? – Көріп тұрсыз ғой. Аман қалдым ғой. Сізді күні бойы көре алмаға­ныма қатты абыржып қалдым. Сізді жазым болып қалды ма деп қорықтым. Жақсы болды, – деп ентігін баса алмай, екі иығынан дем алып, жымың етіп күліп жіберді. Бұл оның қуанған кездегі үйреншікті әдеті. – Осынша несіне састың? Әлде, қорқып кеттің бе? – Сізді жазым боп қалды ма деп қорыққаным рас еді. – Аман болайық, шырағым, – деп Ақылбай Толяның арқасынан қақты. – Жақсы, болды, – деп Толя көңілденіп қалды. Баланың бар ақ көңілімен, адал жүрегімен өзіне жаны ашығанына Ақылбай іштей қатты риза болды. Оның бетінен өзінің туған баласындай мейірін төге сүйді. Екеуі штабқа қарай жүрді. Штаб орналасқан үйдің де есік жақ бөксесін жұлып әкетіпті. Таудан құлаған жартастай шұрықшұрық тесілген бөренелер сұлап жерде жатыр. Үйдің алдыңғы жағы кетіліп қалыпты. Бұл жерде де екі адам жараланыпты. Ымырт жабыла бри­гада үдере көшіп, ормандағы күні бұрын дайындалған жертөлеге орналасты. Темір пешті маздатып жаға бас­тады. Жертөленің төбесін қырау басқан. Іші жылынған сайын төбеден тамшылап ағып жатқан су. Ақылбай шыдамы кетіп, жаралы жандар орналасқан жертөлеге аяғын ақырын басып кірді. Ол ыңқылдап тағат таба ал­май жатқан Әлмайдың жанына келді. Көзіне тоқпақтай ақ шүберек байлапты. Қос қолымен басын ұстап, шы­бын жанын қоярға жер таба алмай шыдамсызданып жатыр. Ол Ақылбайды дауысынан танып, оң жақ жамбасына аунап түсіп: – Ағатай-ай, көзімнің жазылатын түрі жоқ. Жанымды шығарып барады. Көзіме ине қадалғандай шаншып тұр. Дәрігерлер әлсін-әлсін шүберегін ауыстырып қайта байлағаннан басқа ешқандай көмек жасай

алмады. «Біз көз маманы емеспіз, операция жасай алмаймыз», – деді олар. Әлмай талықсып кетті. – Мынадай жағдайда операция жасауға да болмас, – деп Ақылбай Әлмайға жаны ашып, күрсініп қозғалмай тұр. Бір кезде сәл есін жиған Әлмайға Ақылбай: – ����������������������������������������������������������������� Сен қапа болма, ������������������������������������������������� бір реті келер. Мүмкін, бірер күнде Москвадан ��� са­ молет келіп қалар... – деп сөзін әрі қарай созбады. – Шыдап-ақ жатырмын. Бірақ тезірек операция жасамаса, өміріңе өте қауіпті деп бүгін дәрігердің бірі айтты. – Мен қолымнан келетін көмегімді аямаймын, – деп Ақылбай қош­ тасып шығып кетті. Жолдасының қиналып, қатты қысылып жатқанына Ақылбай өз денесіне найза қадалғандай сезінді. Оның көзіне аш бөрідей ұлыған ащы ажал үні елестеді. Налыған, назаланған шерлі дауыс құлағына ызың­дай берді. Көз алдында көлбеңдеген қайдағы бір күдік жүрегін шең­гелдей қысып, аяусыз мытиды. Адам өмірі қысқа ғой. Әрбір тірі адам жарық дүние қызығын қимайды. Ауыр жаралы болған Әлмай да сол өмір ырзы­ ғын көру үшін бойындағы бар күшін салып, күресіп жатыр. Ақылбай өзі жатқан жертөлеге жақындай бергенде, алдынан Толя шықты. Ол Ақылбайға: – Әлмай, қалай, тәуір ме? – деді. – Оның халі онша емес. Көздің қарашығында оқ бар көрінеді. Опера­ ция жасайтын көз маманы бізде жоқ. – Осындағы дәрігерлердің қолынан келмей ме? – Келмейді. Жаңа ғана күліп-ойнап тұрған Толяның көңілі бұзылып, абыржып тұр. Әлмайға жаны ашып, көзіне жас алды. – Сен неге жылап тұрсың? Жаралы болған кісіні күнде көріп жү­рген жоқсың ба? – Көріп жүрмін ғой. Бірақ көмек бере алмай жолдасымызды қолдан өлтіргеніміз жаман ғой. – Бас дәрігерді көрдің бе? – деді Ақылбай. – Мына бір жертөледегі жеңіл жаралыларды көріп жатыр. – Жүр, сонда баралық, – деп екеуі жертөлеге кіріп кетті. Бас дәрігер елуден асқан, көгілдір көзді, орта бойлы Кузнецов деген профессор. Ол Ұлы Отан соғысы алдын­да Москва қаласында үлкен аурухананың бас дәрігері болған. Соғыстың алғашқы күндерінде-ақ әскерге алынған. Майдан алапатында жүргенде жау қоршауында қалып, жау қолына түспей, амалын тауып, партизан отрядын іздеген. Өткен қыста осы бригадаға қосылды. Адамгершілігі мол, шебер білгір хирург. Жаралы кісілерге бар жан-тәнімен көмектеседі. Көптеген жаралылар осы кісінің қолынан сауығып, қатарға қосылды. Партизандар Кузнецовтың қолы­нан Әлмайды емдеу келмейді деп ойлаған жоқ. Ақылбай жаралы жігітті қарап жатқан ол кісінің қасына барып:

– Сізден Құсановтың хал-жайын білейік деп келген едік. Адам бола­ тын түрі бар ма? – Сол көзінде оқ бар. Дымы құрып, әлсіреп тиген оқ көздің қара­ шығына кіріп тоқтапты. Оны операция жасап алып тастауға бізде аспап жоқ. Көз маманы да емеспін. – Қандай амал істеу керек? Соны айтыңызшы. – Бұл жерде оған ешқандай амал жоқ. Самолет келгендей болса, оны Москваға жіберу керек. – Хал қиын десеңізші, – деп Ақылбай далаға шықты. Ақылбай аяғын баяу басып штабқа барды. Әлмайдың жайын Коротченкоға айтты. Ол сұстана тыңдады. Ауруға жаны ашыды. Ойланыптолғанып ұзақ отырды. Бір мезгілде ол Ақылбайға: – Бүгін-ертең жаралы адамдарды алып кетуге са­молет шақыртқалы отырмыз. Өзің білесің, бізге келетін самолетке екі-ақ кісі сыяды. Кешегі жау самолеттерінің салған ойранынан екі кісі ауыр жараланды. Оларды да жіберу керек. – Екі самолет шақыруға болмай ма? – Болады. Жіберсе тіпті жақсы болар еді. – Шифровка жібергенде, ауыр жаралыларды алып кетіңіздер, оларға ауыр операция жасау қажет деп айтсақ, жіберіп те қалады, – деп Ақылбай қадалған жер­ден қан алатындай тұрып алды. – Жақсы, кешкі Үлкен Жермен байланыс кезінде, жарақаттан­ ған бірнеше кісіні алып кетуді сұрап, екі самолетті қатарынан жіб­е­руді өтінеміз. Оның үстіне дәрі-дәрмек те, оқ-дәрі де тапшы болып жатыр дерміз. Коротченконың көне қалғанына Ақылбай қуанып кетті. Кешкі байланыста Үлкен Жермен екі самолетті қатарынан жіберуді сұрап шифровка жіберілді. Ақылбай бұл хабарды Әлмайға айтпақ болып, жаралы адамдар жатқан жертөлеге барды. Әлмай «көзім, көзім» деп шыр айналып, тағат таппай, екі иығынан дем алып жатыр. Ақылбай оның қасына келіп: – Халің қалай? – деді. – Халімді несіне сұрайсың? Шыбын жаным шықпаған соң, әуресарсаң боп жатырмын да. Бүгінгі түннен қалмаспын. Мен олай-бұлай боп кеткендей болсам, адресім өзіңде бар. Ел-жұртыма, туған-туысқандарыма менің Отан үшін жау қолынан қаза болғанымды хабарларсың, – деп үні әзер шығып сөйлеп жатты. Ақылбай оның қасында ұзақ отырды. Оның жүрегі алқымына тығылып, өз денесін қылыш тілгілегендей сезінді. Дәрігер Әлмайға укол жасады. Бір мезгілде ол сау көзін ашып, Ақылбайға кірпік қақпастан ұзақ уақыт қарады. Ол қолын созып, Ақылбайдың қолын ұстап сұлық жатты. – Сен әлі отыр екенсің ғой. – Шыдай тұр. Сені бірінші келген самолетпен Москваға жіберетін болды. – Егер сол күнге жеткендей болсам, менен бақытты адам болмас. Мұндай қиыншылықта, өмір мен өлім арпалысқан кезде көмектескен

сені ұмытпаспын. Еліме аман-есен жетсем, бүкіл туған-туысқаныма, сен сияқты мейірімді адал перзентті айтып жүретін болармын, – деп ол тағы да талып кетті. – Аурудың жанында ұзақ отыруға болмайды. Ертең тағы келерсіз. Қайта беріңіз,— деді кезекші дәрігердің бірі. Аспанды көмкерген сұр тұман жерге жабысып жатып алды. Екі тәулік бойы самолет қабылдауға болмады. Үшінші күн дегенде тұманның қабырғасы сөгілді, бірте-бірте сейіліп, күн ашыла бастады. Күннің екінші жартысында аспан шайдай ашылды. Түнгі сағат он бірде самолет келеді деген хабар да жетті. Әлмайдың сырқаты ауырлай түсті. Иегінің еті қашып, жағы семіп, беті солып, жүдеген денесінің сүйегі ырсиып-ырсиып қалған. Алдағы үміт көңіліне қуаныш ұшқынын әкелгендей, көңілі жадыра­ғандай болды. Самолетке асқар таудай сенім артты. Тәнін тілгілеген қауіп-қасірет иненің жасуындай болса да серпілгендей сезінді. Сәл көзін ашып, күңгірт дауыспен: – Самолет бүгін кешке келеді дедің бе? – деді. – Иә, – деді Ақылбай. – Менің де келешекте өмір сүретін несібем бар шығар. Көзіме қа­ далған оқ, бүкіл денемді солқылдатып барады. Неше күннен бері өлім­мен алысып жатырмын. Мүмкін, келешекте көретін қызығым бар шығар, – деп Әлмай әзер қозғалып, жүресінен отырды. Бұдан әрі сөйлеуге оның мысы құрып, шамасы келмеді. Ақылбай Әлмайдың шыдамдылығына сүйсінді. Өмірден күдер үзбеді. Қаншама ауырып жатса да халқына деген сүйіспеншілігі, ыстық сезімі суымады. Ақылбай оны аяды. Жаны ашыды. Ол іштей күңіренді. Жаралы жан­дарды көргенде, оның құр сүлдері қалғандай болады. «Сабыр түбі сары алтын» деп қазақ халқы айтқандай, келешектен үміттенді. Жаңа бір айшық бұлдырап көрінгендей болды. Ымырт жабылды. Орманды қою қараңғылық нық басты. Көп ұзамайақ аспан өңірінде күмістей жарқ-жұрқ етіп, күлімдеген жұлдыздар пайда бола бастады. Толған ай ашық аспанды жамбастай жүзіп келеді. Орман ішіне ала-көлеңкелене жарық түсті. Самолет қонатын алаң жиырма шақырымдай жерде. Партизандар са­молет қонатын алаңға барды. – Қалайсың, арба соғып тастаған жоқ па? – деп сұрады Ақылбай. – Соғуын соқты. Жаныма қатты батса да шыдап бақтым. Шығайын деген алдағы күн маған дем берген болар. Аманшылықпен жеңіс күніне жетсеңіз Көкшетауға келіңіз. Еншалла, аман-есен соғысты бітіресіз. Бірге тойлайық. Ол жерде Әлмай деген інім бар деп жүргейсіз. Сіздің маған істеген жақсылығыңызды да, сезімге толы ақылыңызды да мен өмір бойы ұмытпаймын. – Сен бүгін түні аманшылық болса Москваға жетесің. Ертең-ақ ол жердегі дәрігерлер операция жасап, көзіңе қадалған оқты алып тастайды. Тез айығып кетесің. Сен үшін бүгіннен бастап соғыс бітті дей бер. Еліңе тәуір боп қайтасың. Менің үйімнің адресі сенде бар. Үйге жазған хатымды

почтаға салдырып жіберерсің. Аман болайық. Соғыс жеңіспен біткен соң Алматыда да, Көкшетауда да кездесуге жазсын.. Олардың әңгімесін желсіз тынық түнді қақ жарып, алаңды айнала ұшқан самолеттің гүрілдеген даусы бұзды. Жұрт аспанға көз тікті. Бірінен соң бірі құйылып, қалықтап келе жатқан екі самолет қонып жатты. Арнайы әкелінген тең-тең жүктер тез түсірілді. Зембілде жатқан жаралы жандарды самолетке отырғызып, жауынгер достарымен қоштасты. Кетер алдында ең соңғы күшін жинап, Әлмай «Қош болыңдар» деп үлкен жерге кете барды. Самолет есігі жабылды. Зыр-зыр етіп орнынан қозғалған самолеттер лезде аспан өңіріне еніп, солтүстік жаққа бет түзеді. Ертеңінде самолеттің екеуі де өз базаларына аман жеткені жөнінде хабар келді. Күн найза бойы көтерілген мезгіл. Аспанда шөкімдей де бұлт жоқ. Таңертеңгі асын жаңа ғана ішкен Ақылбайды Коротченко шақырып: – Сен қасыңа екі-үш адам алып, Сещинск аэробазасын барлап келесің, – деді. – Бүгін жүріп кетелік пе? – Осы қазір. Қасыңа Михаил, Әбдіғали, Толя үшеуін алсаң болғаны. – Тапсырмаңызды орындауға рұқсат етіңіз, – деді Ақылбай. – Жолдарың болсын. Ақылбай қасына Миша мен Толикті, Әбдіғалиды ертіп, Сещинск аэробазасының күнбатысындағы Будвинец деревнясына жүріп кетті. Түс болған мезгіл. Орман арасындағы жыландай ирелеңдеген соқ­пақ­ пен асықпай аяңдап келе жатты. Алдарынан қараңдаған белгісіз жан­ дар көрінді. Ақылбай жолдан шығып, қалың тоғайға кірді де дүрбімен алдын шолды. Белгісіз топ бұларды байқамады. Көлбең-көлбең етіп, ерсілі-қарсылы жүре берді. Ақылбай ағаш тасасында тұрып, алдын бар­ лай түсті. Алты-жеті адамның ортасында бір әйел тұр. Ақылбайлар үшін бұл адамдар жұмбақ көрінді. Олар қалың тоғайдың ішімен алдағы топқа жақындай берді. Әлсін-әлсін тоқтап, олардың әңгімесіне құлақ салды. Орталарындағы әйелден партизандардың паролін сұрап, әурелеп жатты. Ол отряд аралық ескі парольді қайталай берді. Пароль әлдеқашан өзгеріп кеткен болатын. Бұл топтың партизандар екеніне Ақылбайлардың көзі жетті. Қастарына жетіп барды. Олар абыржып сасып қалды. Ортасын­дағы әйел бұрын бірнеше рет кездескен Сещинск аэробазасындағы бар­лаушы Люся Сенчилина екенін Ақылбай бірден таныды. Ақылбай тобының іздеп келе жатқан адамы осы қыз. Келісілген мерзімнен Ақылбайлар жарты сағаттай уақыт кешігіп қалған. Люсяның басында ақ орамал, үстінде жеңіл шолақ пальто, аяғында ұзын қонышты саптама етік. Қоршап тұрған топтың ішіндегі орта бойлы, сары жігіт: – Біз – «Арбуз», – деп отряд аралық жаңа парольды айтты. Ақылбай олардан қосымша парольді сұрады. – «Сатып аламыз», – деп сары жігіт жауап қайырды. – Қай отрядтың адамысыңдар? – деді Ақылбай. – Лазо атындағы бригададан, – деп жауап берді. – Олай болса бұл қыз біздің адам.

– Отряд аралық парольды білмейді. Фашистердің шпионы шығар деп ойлап едік, – деді сары жігіт. Люся кез келген адамға шынын айтпайды. Жазалау отряды келген­нен бері олар Люсяға жолыға алмай, байланыс үзіліп қалған. Сондықтан да ол байғұс жаңа парольді білмейді. Ақылбайлар Люсяның арбасына ағаш тиеп берді. Люсяны жеке шығарып, аэробазадағы жаңалықты сұрады. – Аня Морозова кейінгі кезде аэробазаның ақша бөлімінде қызмет істейтін чех жігіті Ванделин Робличкамен байланысқан, – деді Люся. – Ол өз еркімен фашистерге қарсы жұмыс істеймін деп бізге уәде берген. Мына бір қағазды сол жіберді, Ол аэродромның жоспарын қағаз бетіне түсіру үшін бірнеше күн еңбектенді. Кейінгі кезде, гестапо тыңшыларының санын көбейткен. Олар қарап жатқан жоқ. – Ванделин сенімді адам ба? – Ол өте сенімді кісі. – Әнеукүні өзің айтқан Ян Маньковский көмектесе алды ма? – Ян жас болса да жаудың ойлағанын айтпай-ақ ішіне тоқып отыра­тын шебер жігіт. Аэробазадағы жаңалықтарды білуге көп көмегін тигізіп жүр. Оған сенуге болады. – Сені Ян Маньковскиймен өте жақын деп естідік. Рас па? – Рас, ол кісімен танысқаным, жұмыс бабымен байланысты болды. Төрт-бес поляк жігіті біздің үйдің жанындағы ағаш үйде тұрады. Күн сайын біздің үйдің жанынан өтіп, менімен жылы жүзбен амандасып жүрді. Кеш батса, есік алдына шығып, өздері әлденені әңгімелеп отыратын болды. Оның бәрін біз байқап жүрдік. Бізді басқарып жүрген Аня Морозова бір күні: «Сен поляктармен таныс. Сөз тартып байқа. Бізге көмектесулері мүмкін», – деді. Күн сайын, олардың есігінің алдындағы құдықтан су алып жүрдім. Бір күні Ян менің қасыма келіп, екі шелек суды көтерісіп біздің үйге әкелді. Үйге кіріңіз деп едім, жасқанды ма, кірмеді. «Сен бізге кел. Билейік, әңгімелесейік», – деп жабысып болмады. Менің іздегенім сол болатын. Шелекті үйге кіргіздім де Янмен бірге кеттім. Барсақ, қалған поляк жігіттері де менің келгеніме қуанып қалды. «Ян бұл қызды ертіп әкелмей қоймайды дегенім рас болды», – деп поляк жігіттерінің бірі қалжыңдап жатты. Олар музыка қойды. Биледік. Өлең айттық. Әңгімелестік. Ол кеште мен үйге ерте қайттым. Осыдан кейін Ян біздің үйге жиі-жиі келетін болды. Екеуміздің жолығуымыз жиіледі... – Оны қалай барлаушылар қатарына тарттыңдар? – Алғашында болымсыз дүниелерді сұрап жүрдік. Кейін әскери мәні бар кейбір мәселелерді білетін болдық. Артынан Аня Морозова: «Сендердің Отандарыңды да фашистер жаулап алды. Олар біздің ортақ жауымыз», – дегенде, Ян: «Біз өзіміз де сіздерге жақындасып көмек­ теселік деп жүргенбіз. Ойымызды ашық айтуға қорықтық. Бірақ сіз­дердің совет барлаушылары екендеріңізді бізден сұраған мәліметтеріңізден сезіп қалдық», – деді. Ол барлық поляк жігіттерінің атынан біздің пайда­мызға жұмыс істеуге сөз берді. – Поляк жігіттері қай жерде жұмыс істейді?

– Олар самолеттерге бомба тиейді. Одан басқа әртүрлі қара жұмыс істейді. – Сенімді адамдар ма? – Сенімді адамдар. Олардың көмегінсіз біз өз бетімізбен аэробаза­ның жоспарын біле алмаған болар едік. – Сен менің алғашқы бір сұрауыма жауап бермедің. – Ол қандай сұрау? – Ян мен сенің араңдағы қарым-қатынасты сұрап тұрмын. – Шынымды айтсам, біз үйленетін түріміз бар. Бірақ сіздерден рұқсатсыз Янға сөз бергенім жоқ. Екеуміз бірімізді біріміз жақсы көріп кеттік. – Сенің әңгімеңнің бәрін Аня Морозова Аркадийге айтқан көрінеді. Дәл қазіргі кезде, сенің Янға күйеуге шығуыңды Коротченко да мақұлдады. Осыны саған ашық айт деді. – Менің күткенім де осы еді. Сіздерден жауап күтіп жүрген едім, – деп күлімдеп, қуанып кетті. Қыздың өне бойын адуын күш билегендей ширыға түсті. Оның Янға деген көңіліндегі ыстық лебізі аласұрып, жаңара, асқақтай түскендей болды. Ақылбай іштей: «Бұл екеуі шын ғашық екен» – деген қорытынды жасады. Ол ойын Люсяға сездірмеді. Екеуі шын, адал көңілдерімен қосылатын болса, партизандарға тиетін көмегі бұрынғыдан да мол болады. – Сенің кететін мезгілің болды. Көп аялдауға болмайды. Біреу-міреу бізбен кездескеніңді байқап қалса, сезік туғызады, – деп партизандар Люсямен қоштасып жүріп кетті. Люсяның берген хабары Үлкен жерге сол күні түнде келген самолетпен жіберілді. Екінші күні күн ашық болды. Кеш батып қас қарайған мезгіл. Жау самолеттері кезекті операцияға кетіп үлгерген жоқ. Жаңа ға­на бомбаларын тиеп, ұшуға дайындалып жатқан. Бір топ совет самолеті орман жақ жиектен жер бауырлап, төмен ұшып шықты да, аэробазаның апыр-топырын шығарды. Көптеген жау самолеттері апатқа ұшырады. Ұшқыштардың да біразы қаза тапты, жараланды. Жаудың бірнеше истребитель самолеттері базадан ұшып шығып, совет бомбардировщиктерін қорғап жүрген истребительдермен айқаса түсті. Аспанда айқасып жатқан екі жақтың самолеттері. Бомбаларын тастап болған совет самолеттері солтүстікке қарай шегіне алысып, көзден ғайып болды. Майдан шебіне баратын жау самолеттері ол күні ұшпады. Екі күн бойы аэробаза жұмыс істемеді. Самолет ұшып-қонатын жол істен шыққан еді, соны жөндеуге тура келді. Аман қалған самолеттерді қосымша аэродромдарға апаруға мәжбүр болды. Аэробазаны оннан астам «массерлер», «фоккерлер» аспанда айнала ұшып күзететін болды. Бірақ көп ұзамай совет самолеттері жаудың қосымша аэродромын да бомбалап кетті. Аэродромды әлсін-әлсін бомбалай берген соң, жау оны көзден жасырудың амалын ойластыра бастады. Поляк жігіттеріне, самолеттерді жасыратын аңғарларының шатырын жаңа отырғызылған жас қарағайдың өңіне, самолет ұшып-қонатын жолды көкорай шалғынның түсіне ұқсатып

көгілдір бояумен боятты. Екі шетіне жас қарағай мен қайың орнаттырды. Қақ ортасына иреңдеп жатқан жолдың ізін түсіртті. Әртүрлі белгілерді де, барлық цифрларды да сырлатты. Аэробазадағы үйлердің, сарайлардың төбесін сырлатты. Аэробазаның бастығы Дюба Сеща селосының жиегіне жақын ағатын өзеннің арнасын өзгерту жөнінде бұйрық беріпті деген қауесет тарады. Қосымша аэродромнан қайтқан самолеттерді әр жерге шашыратып, сирек қоятын болды. Олардың шатырына көгілдір жапырақты ағаш бұтақтарын орнатты. Рославльден, Брянскіден мыңнан астам тұтқынға түскен совет азаматтарын алып келді. Оларға офицерлер мен солдаттар жататын жөртеле қаздырды. Бірақ дұшпанның бұл айласы іске аспай қалды. Совет самолеттері бомбалайтын болды. Бұршақтай жауған бомбалар жаудың ең қажетті деген жерлерін қиратты. Поляктар фашистердің шығыны, аэробазадағы өзгерістер жөнінде Люсяға хабарлап тұрды. Аэробаза командирі полковник Дюба Сергеевка деревнясындағы мектеп, балалар бақшасы үйлеріне ұшқыштар түнеп шығатын «сана­ торий» ұйымдастырды. Оларды автобуспен таситын болды. Дюбаның бұл қылығы да барлаушылардың көзінен таса қалмады. Партизандар түн қараңғылығын жамылып, Дюбаның «санаторийына» шабуыл жасап, көптеген тәжірибелі ұшқыштарын жойды. Ертеңінде деревняға бірдебір жанды жібермей, қаза болған ұшқыштардың денесін қалайы табытқа салып Берлинге жіберетін болды. Аня Морозова соғыс басталар алдында пединсти­тут бітіріп, Сеща поселкесіндегі орта мектепке мұғалім болып келген. Өзі осы жерде туып-өскен. Аз уақыттың ішінде деревня тұрғындарының, оқушылар­ дың, мұғалім коллективінің арасында беделге ие болды. Гитлер­ шілер Сещаны басып алар алдында аудандық партия комитеті осы жерге арнайы қалдырған болатын. Ол аэробазадағы барлаушылардын, ұйымдастырушысы, ұйтқысы болды. Аэродромды фашистер жаулап алысымен ол жау солдаттары­ның киімін, төсек орнын жуатын болып қызметке орналасты. Көп ұзамай Люся Сенчилина, тағы басқа бірнеше орыс қыздары да сол жерге орналасты. Оларға еңбек ақыға күніне екі жүз грамм қара нан берді. Бұлардың бәрі де жұмысты жанын аямай істейтін болды. Сөйтіп, жау адамдарының сеніміне кірді. Бір күні жұмысынан босаған Венделин Робличка Аня Морозова­ның үйіне қыдырып келді. Оның бейуақытта шақырмай, ескертпей өз бетімен келгеніне Аня бір жағынан қуанды, екінші жағынан сезіктене қа­рады. Ұзаққа созылған әңгіменің соңында Аня: – Сіз бізге жақсы қызмет істедіңіз. Аэробазаның жоспарын бер­ геніңізге рақмет. Бірақ өз қолыңызбен жазып, совет барлаушыларына таза қызмет істеймін, құпия сырды ешбір жанға білдірмеймін деп, қолы­ңызды қойып берсеңіз. – Жоқ, мен ешқандай қолхат бермеймін, бірақ совет барлаушы­ларына адал қызмет етемін. Өйткені мен бала кезімнен фашистердің қолынан

талай азап шеккенмін. Бір кезде, біздің елімізді жаулап алған соң, мені соттатып та жібере жаздаған. – Біздің заңымыз бойынша қолхат беруге міндеттісіз. – Менің елімде қалған тоғыз інім, карындасым бар. Ертең менің қолхатым гестапоның қолына тисе, олардың бәрінің өміріне қауіп туады. Қолхатсыз-ақ сіздерге адал қызмет етемін. – Уәдең, уәде ме? – Уәде, – деп Робличка Анямен қоштасып шығып кетті. VІІ Сталинград түбіндегі совет әскерлерінің жеңісі туралы хабар Клетня орманындағы партизан бригадаларына да жетті. Немістер февральдың төртінен алтысына дейін Сещадағы екі кинотеатрды үш күнге жапты. Геббельстің бұйрығы бойынша барлық жерде үш күн қаралы күн деп жарияланыпты. Берлин радиосы үзбей қаралы марш беретін болды. Волгадағы шайқастың жаңғырығы Сещадағы аэробазаның да астан-кестеңін шығарды. Полковник Дюба және басқа офицерлер өздеріне берілетін тамақ мөлшерін кемітті. Екінші бронетанкі армиясының әскерлері Клетня орманындағы партизандарды жоюға дайындалды. «Орлық» деп аталатын армия бөлі­ мінің қолбасшысы фельд­маршал фон Клюге, 2-танкі армия­сының қолбасшысы генерал-полковник Рудольф Шмиттен Клетня орма­нын­дағы партизандарды жою жөнінде бірнеше рет радоиограмма арқылы, талап еткен. Партизан бригадалары жаудың стратегиялық маңызы үлкен бір­ неше темір жол станцияларын, тағы да толып жатқан басқа объектілерін жойып жіберген. Партизандар қимылы күшейе түсуімен байла­нысты генерал-полковник Ру­дольф Шмит өз армиясына қосымша әскер, оның үстіне власовшылардың бірнеше бөлімдерін сұрап алған болатын. Полиция бөлімдері де жазалау отрядына көмектесетін болды. Қалың түскен қар белуардан келеді. Қақаған аяз бет қаратпайды. Партизан бригадалары да, жазалау экспедициясын қарсы алуға сақадай сайланып дайындалды. Шмит «Клетня» деп аталған операцияны бастау жөнінде 16 декабрьде бұйрық берді. Клетня орманын темір құрсауға алу үшін жау әскерлері әр жердегі темір жол станцияларынан батальонбатальон боп төгіліп жатты. Партизандарды айнала қоршап алған жаза­ лаушылар тоқтаусыз шабуыл жасады. Авиацияның, танктердің, зеңбіректердің көмегімен жазалаушы әскер бөлімдері партизандарды қысқы жертөлені тастап кетуге мәжбүр етті. Партизандар азық-түлік базасынан айрылды. Бет қаратпайтын аязда, аш адамдар жау отрядтарымен күні-түні айқасуына тура келді. Ұзақ уақыт от жағуға болмады. Маңайдағы деревняларды жау өртеп жіберді. Паналайтын жер қалмады. Толассыз соғыс тоқтамады. Екі ай бойына созылған жазалау операциясының қорытындысында, неміс қолбасшылары Клетня

орманындағы пар­тизандар түгелімен жойылды деп хабарлады. Ол кезде партизандар бір түнде жау қоршауын бұзып, солтүстік орманға бет алған. Бетіңді темірдей жалап тұрған қаңтардың аязы. Жаздың жылы күнінде әр жерде дайындалып қойылған жертөлелерді жазалау­шылар бұзып кеткен. Тізе бүгіп жылынатын жер жоқ. Ұзаққа созылған тартыстан, аш адамдардың ілгері басқан аяқтары кейін кетіп, әзер ілбіп келеді. Жаралы болған адамдарды зембілге салып, жаяу көтеріп келеді. Ағаш түбіне отыра кеткің де келеді. Бірақ ұйқы адамның жауы ғой, қалғып кетіп, үсіп қаламыз ба деген оймен онан да сақтанады. Аяқ-қолы үсіп кеткен жандар да болды. Екінші күн дегенде солтүстік орманға шаршап-шалдығып, әзер жетті. Ол жерде де даяр тұрған жылынатын жер жоқ. Күндіз ғана аздап алау жағуға болады. Түн баласында от жалыны алыстан «мен мұндалап» көрініп қалады. Бірі мен бірі иығымен соғысып жүрген жұрт. Әлі құрып, шаршап тұрса да, жүгіріп-жүгіріп алады. Көп күндік соғыс қалжыратып тастағандай. Көптеген жауынгерлер опат болды. Жазалаушы әскер кетісімен деревня-деревнядан адамдар партизан отрядына құйыла бастады. Бұл кісілердің бірінің әкесін, енді бірінің бүкіл семьясын фашистер «партизансың» деп атып кеткен кекті жан­дар. Жаудан кегін алу, туған жерінен жауды тез қуу бұлардың негізгі мақсаты болды. Сөйтіп партизан отрядтарының қатары бұрынғыдан да көбейе түсті. Жазалау экспедициясы кезінде Сещадағы астыртын ұйыммен ара­дағы үзіліп қалған байланысты жалғастыру үшін Ақылбай бастаған бір топ адам түн ортасы кезінде Сещаға жүріп кетті. Кесепат күндердің шешілмес түйіні шиеленісе берді. Шыққан күні олар жау құрған тұзаққа түсе жаздады. Қаннен-қаперсіз орман шетімен келе жатты да шағын бір алаңға шыға келді. Бір сәт тоқтап, жан-жағын байқап шықты. Аспан бұлтты еді. Көзге түртсе көрінбейтін қараңғылық еңсені көтертпей тұр. Алаңның екінші бетінде иненің көзіндей от көрінді. Ол біресе жарқ етіп көрінеді де, аяқ астынан сөніп қалғандай болады. Енді бірде алғашқы оттың оң жағынан көрінгендей болады. Түн қараң­ғысында, шіріген кейбір ағаштың ұнтағы ботаның көзіндей жарқ етіп көрі­нетіні естерінде бар. Бұл оған ұқсамайды, Ақылбай қасындағыларға сы­бырлап: – Жатыңдар! Үн шығармаңдар, — деп өзі әлгі шоқтан көз алмай бақылады. Алаңның екінші бір жағынан дәл сондай жылтыраған тағы бір шоқ көрінді. Ақылбайдың күдігі күшейді. Біреулердің тартқан темекісінің шоғы екеніне көзі әбден жетті. «Алақандай алаңда кімді тосып жатқан, не қылған жандар болды? Әлде, біздің осы маңға бет алғанымызды сезген жау ма? Сещаға кеткенімізді Коротченкодан басқа бірде-бір жан білген жоқ еді», – деген ой келді оған. Партизандар бір-бірлеп кейін шегінді. Таң атып қалған. Бүкіл денесін балбырата ұйытып ұйқы басты. Орманның екінші бетіне шыққанда, түндегі жерде партизандарға тұзақ құрған жау солдаттары кейін қайтып бара жатқаны көрінді. – Байқадыңдар ма, әне бір кетіп бара жатқан жау солдаттарын? Егер біз сақтанбай, түндегі алаңға шыға келсек қой, көзімізді жойып жіберетін

еді. Қазақта мақал бар: «Сақтықта – қорлық жоқ» – деген. Халық осындай өмірден алып айтқан ғой, – деді Ақылбай. – Темекі отын сен қалай көрдің? – деді Михаил. – Маңайдың бәрін байқап жүретін уақытымыз жеткен болар. Жау солай үйретті ғой. Партизандар жүріп кетті. Қалың қарағайлы өзекке қарай ойысып, сүрлеу жолмен әр нәрсені әңгімелеп келеді. Бұлт ашылып, күннің көзі шықты. Сәске түс болған мезгіл. Өзектің екінші бетіндегі дөңеске көтерілді. – Сеща осы жерден алыс болмауға тиісті, – деп Ақылбай қалтасы­н­ дағы картаны алып, жіті қарап шықты. – Картаңды маған бере тұршы. Мен де қарап шығайын, – деп Михаил картаны алып, үңіле қарап шықты. – Не көрдің? – Дәл осы жерден алты-жеті шақырымдай жер қалыпты. Бәріміз сау етіп, Сеща поселкесіне бара алмаймыз. Ішімізден бір ғана адамды жібергеніміз жөн болар, – деп Миша үлкен көгілдір көзімен Ақылбайға қарады. – Мен де солай ойлап отырмын. Меніңше, қайыр сұрап жүрген мылқау бала боп Толик барғаны жөн. Люсяны ол жақсы таниды. Сен, Толя оны ұмытып қалған жоқсың ба? – Ұмытқаным жоқ. Үйінің адресін берсеңіз болды. Тауып аламын, – деп Толя ойланбай-ақ көне кетті. – Сен асықпа. Бірден Люсяның үйіне бармайсың. Алдымен қайыр сұрап, бірнеше үйді қыдырып шығасың да, соңынан Люсяның үйіне кіресің. Ол үйден шыққан соң да, бірден кетіп қалмайсың. Тағы да бірнеше үйге барасың. Содан кейін бірден орманға қайтпа, Рославльға қарай жүретін тас жолмен келесің де, үш-төрт шақырым жердегі дерев­няға бұрыласың. Жар­ты шақырым жердегі сирек ағашқа кіресің де деревняға бармай тура орманға ораласың. Біз сол жерден сені тосып аламыз, – деп Ақылбай Толяға қарап, сәл үнсіз отырды. – Ескі парольді айтамын ба? – деді Толя. – Жаңа парольді Люся білмейді. Ескі парольді айтасың. Сен ескі парольді ұмытқан жоқсың ба? – Білемін. «Қарбыз сатып аламыз» – деп Толя жаңылмай айтты. – Дұрыс, ұмытпапсың. Жаңа парольді білесің бе? – Білемін: «Дубровкадан келдім», – деп Толя өзінің парольді білеті­ні­не масаттанып жігіттерге қарап күлімсіреді. – Олай болса, сен тамақтанып ал да, жүріп кет. Ақылбай Толиктің үстіндегі киімін жіті тексеріп шықты. Қалтасын ақтарды. Гестапоның адамдары қалтасынан оқ тауып алғандай болса өзін өзі жауға ұстап бергені. Толиктің үстінде деревня балалары киетін тозығы жеткен кендір көйлек, шалбар-пешпеті жамау-жамау, етек-жеңі жамал­ған шапан, басында ескі малақай, аяғында жұлығы тесілген етік.

– Жолың болсын, жүретін мезгілің келді. Кешігіп қаласың, – деп, Ақылбай асықтыра бастады. – Кеттім, жолыққанша, қош болыңыздар. Амандықпен кездеселік, – деп, Толя үлкен кісідей, қолын бұлғап, жүріп кетті. Байғұс баланың көңілінде шіміркену, жасқанып қорқу нышаны білінбеді. Күлімдеген бойы кете бар­ды. Аузын кере қарыс ашқан аждаһа­ дай зұлым жаудың қақ ортасына кетті. Толя кеткелі екі-үш сағаттай уақыт өтті. – Толяның келетін мезгілі болып қалды. Келісілген жерге қарай аяңдайық, – деп Ақылбай орнынан тұрды. – Әлі ерте емес пе? Ол әлі жетпеген де болар, – деп Әбдіғали көкірек­ теп, өңмеңдей берді. – Сен-ақ шегіншектей береді екенсің, жүр кеттік, – деп Михаил дорбасын арқасына салып, жүре бастады. Әбдіғалидың жүрмеске шарасы болмады. Орнынан әзер ұмсына тұрып, жолдастарының соңына ерді. Бұлар ну қарағайлы орман жиегінде Толяны тосумен болды. Дүрбімен көз көретін жердің бәр-бәрін шолып шықты. Қарай-қарай көз талды. Оның кеткеніне төрт сағаттай мезгіл өтті. Қайтатын мезгілі әлдеқашан бол­ды. Қолды болды ма деген ой олардың жүрегіне найзадай қадала берді. Қарындары ашты. Дорбадағы аз-мұз азықтарын жейік десе, қызған темірдей тамақтарынан өтпеді. Күн еңкейіп ұясына кіретін мезгіл жақындап қалды. Жұрт онан арман қорқа бастады. Ақылбайдың тұла бойы шымырлап, денесі қызған­дай сезінді. Мойнына асынған дүрбісін қолына алып, сирек ағашты көзбен шолып өтті. Қараңдаған екі адам көрінді. Жүрістері тым жедел. Орманға қарай тура келеді. Жалба-жұлба боп, екі езуі екі құлағына жеткенше күліп жүгіре басып келе жатқан Толяны таныды. Сол кезде Ақылбай қуанғанынан: – Әне, келе жатыр, – деп дауысын шығара айғайлап жіберді. – Дауыстама, маңайда жау тыңшысының біреуі жүріп, естіп қалма­- сын, – деді Михаил. – Толяның амандығын көріп, өз балам келе жатқандай қуанып кеттім. Қасындағы әйелге ұқсайды. Люся өте маңызды мәлімет әкеле жатқан болды, – деп Ақылбай орнынан тұрып, үстіне жабысқан ағаш жапы­ рақтарын оң алақанымен қағып тазалады. Толяның қуанышында шек жоқ. Жақындап келді де Ақылбайдың мойнынан құшақтай алды. Бала қашан да бала ғой. Алқа-қотан отырған ағаларының бәрін құшақтап, беттерінен сүйіп шықты. Люся амандықтан соң: – Қағазға жазылған хабарды баламен жіберуді қолайсыз көрдім, – деді. – Кім білсін, біреу-міреудің қолына түссе, өте қауіпті. Қазір келген-кеткен кісілердің бәрін тінтетін болды. Балаға сенбедім. Оным да, дұрыс болыпты. Сіздердің байланысқа келетіндеріңізді сезген­ дей, өзіміздің тыңшы полицайға Будвинецтегі туысқаныма барамын деп рұқсат қағаз жаздырып, дайындалып отырғанымда, мына бала

келе қалды. Екі-үш күн бойы Венделин ұшқыштарға арналып, әдейі ашыл­ған асханаға барып жүретін. Неміс ұшқыштары арақ-шарап ішіп алған соң, іштеріндегі барлық сырларын ашқан көрінеді. Сеща аэробазасына алтыншы әуе армиясы келді. Олардың «Орел», «Курск» шайқасына дайындалып жатырмыз, Сталинградтағы және Кавказдағы жеңілісі үшін Курск бағытында шабуыл жасап, өшімізді аламыз деп көпіріп жатқан көрінеді. Сеща аэробазасы жау самолеттеріне толып кетті. Люся аэробазаның картасын Ақылбайдың қолына ұстатты. Ақылбай картаны қолына алып, қарап отырса, аэ­родром бөлім­ дері орналасқан жерлердің бәрі өзгеріп кетіпті. Полковник Дюба само­ лет тұратын жердің бәрін ауыстырыпты. Зенит зеңбіректері де, бензин сақтайтын базасы да, бомба қоймасы да басқа жерге орналасқан. Люсяға өте қажетті кәліми мәлімет әкелгені үшін рақмет айтты да Ақылбай: – Әкелген хабарың өте маңызды екен, саған бұл жерде аялдауға болмайды, енді ізіңше қайта бер, – деді. Ақылбай Толяның бетіне қарап еді, көзі ісіп кетіпті. – Көзіңе не болды? – деді жұлып алғандай. – Сіздерден шыққан соң, орман жиегімен бір шақырымдай жер жүрдім де, Будвинеціден Сещаға баратын жолға түстім. Бір кезде, артымда келе жатқан арбакеш мені қуып жетті. Қарасам отын әкеле жатқан әйел. «Арбаңызға отыруға бола ма?» – деп, ымдаған едім, «отыр» – деп қолын созып арбасын көрсетті. Менен әр нәрсені сұрамақ болды. Бірақ мен түсінбеген боп отыра бердім. «Ой, байғұс бала, мылқау екенсің ғой. Қазір тілі бар жанның өзі тамақ таба алмай жүргенде, қалай күн көріп жүр екен, поселкеден не алайын деп бара жатыр? Сеща толы мылқау немістер. Олар сау адамның өзін қырып-жойып жатыр», – деп күрсініп қойды. Поселкеге жақындап қалдық. Мен түсіп қалайын деп ымдап едім, қолымен кеудемнен нұқып, «түспе» дегендей сыңай көрсетті. Ол кісі Сеща поселкесінің тұрғыны екен. Қалашықтың қақ ортасына келгенде мені түсіріп кетті. Мен арбадан түсе сала дорбамды мойныма іліп алдым да, қайыр сұрап, үйді-үйді қыдырып кете бардым. Ең алғашқы кірген үйім – мен барғанда тамақ ішіп отыр екен. Хал-жайымды түсінген үй иесі қартаң әйел: «Мылқау бала екен. Бұған еш нәрсені түсіндіре алмаспын. Тамақ іздеп жүрген болар» – деп, маған капуста көже құйып, өзі жеп отырған бір жапырақ нанның жартысын берді. Мен тамақ ішіп болған соң, тағы да үйді-үйді қыдырып жүре бердім. Бір кезде Люсяның үйіне келдім. Жаңағы арбасына мінгізіп келген әйел Люсяның шешесі Анна Афанасьевна екен. Ол кісі алдымнан шыға келіп: – Байғұс, сен екенсің ғой, – деді. – Кім келді? – деп, төргі бөлмеден Люся шыға келгенде қуанып кеттім. – Сен Люсяны бір-ақ рет көрдің. Қалай тани кеттің? – Мен бір көрген адамымды ұмыта қоймаймын. – Шешесінің аты-жөнін қайдан білдің? – Люся айтты.

– Әңгімеңді әрі қарай жалғастыра бер, – деп Ақылбай Толяға қарап, жымиып күлді. – Люсямен сау адамдай сөйлесіп кеткенімде Анна Афанасьевна күліп жіберді. «Сен бала қу екенсің. Ба­ғана маған сөйлей білетініңді сездір­ме­ дің. Мылқау болдың да қалдың. Мен бейшара сенің алдағаныңа сендім», – деп, аң-таң болды да қалды. Оның дұрыс, әрбіреуге сырыңды аша беруге болмайды дегендей бетіме қарап риза болғандай ілтипат біл­дірді. Содан кейін мен Люсяға келген жұмысымды айттым. Ол кісі: «Мен өзім де, Будвинеціге баруды сылтау ғып, жүруге жиналып жатқан едім. Басқа әңгімені барған соң айтармын. Сен отырып, тамақ іш. Мен поселкеден үш-төрт шақырым шыққан соң, сені жолда тосайын. Екеуміз бірге шықсақ, көзге түсіп қаламыз да, сезік туғызамыз. Мама, мына баланы тамақтандырыңыз. Жаңа парольді әкелдің бе?» – деді. «Әкелдім», – деп ескі парольді де, жаңасын да айттым. – Ол сені таныды ма? – Танығанда қандай, бірден мені бас салды. Танығаны сол емес пе, басында, парольді сұрауды да ұмытып кетті. Мен де, айтпадым. – Сен көп сөзге айналып, көзіңнің қалай іскенін айтпадың ғой. – Мен тамақ ішіп, Люсянің үйінен шықтым да, қайыр сұрап, басқа үйлерді аралап жүргенмін. Люся кетіп қалған болатын. Бір үйден шығып, көшені айнала бергенімде екі неміс жолыға кеткені. Олар мені тоқта­тып, бірдеңе сұрады. Мен түсінбедім. Еңгезердей қапсағай денелі неміс шап беріп менің қолымнан ұстай алды. Екіншісі жұдырықпен мені көзден қойып қалды. Сөйтті де дедектетіп сүйрей жөнелді. Мылқау адам­дай шыңғырып келемін. Олар немісше бір-біріне әлденені айтып, желкем­ нен түйіп-түйіп қояды, Екінші бір көшеден өте бергенде, алдымыздан тағы бір неміс кездесті. Жүзі жылы көрінді. Ол неміс орысша білетін боп шықты. Маған сәл қарап тұрды да: «Сен қайдан келе жатқан баласың?» – деп сұрады. Мен оған мылқауларша, қолымды бұлғай бердім. Олар өздіөзі сөйлесті де, маған кете бер дегендей қолын сермеді. Олардан босап шығып, тағы бірер үйге кірдім де, өз бетіммен тартып отырдым. – Саған қарсы жолыққан неміс емес, чех Венделин болады. – Болм­а­са, ана екеуі сені босата қоймайтын еді. – Қайдан білейін, әйтеуір, орысша сөйлеп тұрған соң маған жаны ашыған болар деп ойладым. – Өлім мен өмір арпалысқан жерде, жол тауып кеткенің ақылды­­лық­ тың белгісі. Сен кәдімгі, тәжірибелі барлаушыға айналдың. Ол жауыз­ дардан аман-есен құтылғаның жақсы болған. Әйтпесе, көзіңді жойып жіберуден де тайынбайды. Осы жорыққа кетер алдында астыртын Клетня аудандық партия комитетіне партияға кандидаттыққа алу жөнінде Ақылбай арыз беріп кеткен еді. Ол бригадаға оралған күннің ертеңінде аудандық партия комитеті шақырып жатыр деген хабар алды. Күннің көзі көтеріл­ген мезгіл. Партизан лагерінің дәл түбіндегі бұлаққа барып бетін жуды. Таңертеңгі тамағын ішіп, Ақылбай жүріп кетті. Түске таман үшінші

Клетня бригадасындағы аудандық партия комитетінің бірінші секре­ тары Семенов жолдасты тауып алды. Толассыз арпалыс оның да жанына батқанға ұқсайды. Иек еті жұқарып, жағы солып, өңі құп-қу боп бозарған Семе­нов Ақылбайға: – Қош келдің, сенің партияға алу жөніндегі арызыңды қарауға ша­ қыртқан едік. Отыра тұр, қазір бю­ро мүшелері жиналады. Сені көп ұста­ маймыз, – деп оны қасына отырғызды. Үшінші бригаданың да бұл жерге келіп тоқтағаны бүгін ғана екен. Осы орман жолын жақсы білгендіктен Ақылбай бұларды адаспай тапқан еді. Семенов нұрлы көк көзімен Ақылбайдың өн бойын шолып өтті де: – Бізді қалай таптың? Кешегі бір жау отрядымен шайқастан соң кейін шегініп қоныс аударған едік, – деді. – Жолда келе жатып, сіздердің барлаушыларыңызға жолықтым. Со­лар айтты. Бюро мүшелері тез жиналды. Мәжілісте бір ғана мәселе екен. Семе­нов Ақылбайдың арызын оқып шықты. Партияға өтуіне берілген үш адам­ның рекомендациясымен толық таныстырды. Ол өз өмірбаянын айтты. – Сұрауларыңыз бар ма? – деді Семенов. Біз бұл жігітті жақсы білеміз. Соғыстың алғашқы күндері ������ парти­ зан отрядын ұйымдастырушылардың бірі. Жаумен соғыста өжетті­лік көрсетіп жүр. Оның үстіне, жуықта ғана жаудың екі эшелонын құлат­ты. Жазалаушы отрядпен соғыста да жан аямай күресіп, талайын жайрат­­қан, – деп отырғандардың бірі сөйледі. Бюро мүшелерінен басқалары да бірнеше сұрау қойды. Сұрау­лары майдан хабары жөнінде болды. Ол сұрауларға Ақылбай жауап беріп бола бергенде, екі иығынан дем алған біреу келіп: – Жау бөлімдері орман жиегіне жақындап қалды, – деп Семенов­қа баяндады. – Ақылбай Сабырбаевты партияға кандидат болып алынсын деген­ дерің қол көтеріңдер, – деді Семенов. Бюро мүшелері бір ауыздан оны партия мүшелігіне кандидат етіп алу жөнінде қаулы алып, Ақылбайды құттықтады. Қызыл билетті қалтасына салып шыққан адамдай сезінген Ақылбай сол күні өз бригадасына қайта оралды. VІІІ Май айы. Тебіндеп көк шығып қалған кез. Күн шапағы орманды да, дала төсін де қыздырып тұр. Партизандардың арқасы кеңіп, өрісі кеңи бастады. 1943 жылдың алтыншы-жетінші май күндері совет самолеттері Сеща аэродромына шабуыл жасады, Күнбатыс майданының ������������� партизан шта­ бы бірінші әуе армиясының қолбасшысы генерал-лейтенант Громовқа мынандай хабар жіберді: «Партизандардың мәліметіне қарағанда, алтыншы-жетінші майдағы біздің авиацияның шабуылының нәтиже­

сінде Сеща азродромында жаудың тоғыз самолеті жойылды да, он алты са­молеті �������������������������������������������������������������� істен шығарылды. ��������������������������������������������� Он ������������������������������������������ жеті ������������������������������������� зенит ������������������������������� зеңбірегі, �������������������� төрт прожекторы, са­ молет ұшып-қонатын жолы істен шығарылып, екі жүз солдаты өлді және жараланды». Совет елінің әскери – әуе күші июннің сегізінен онына дейін екінші рет Сеща аэродромына шабуыл жасады. Сеща аэродромына 111 совет самолеті шабуылға қатысты. Бұл бірінші әуе армиясының ұшқыштары еді. Самолеттердің көпшілігі жаудың зенит бөлімдері мен истребительдеріне қарсы күресті. Осынша қомақты да күшті шабуылға төтеп бере алмаған жау аэродромда және әуе қақтығысында отыз бес самоле­тін жоғалтты. Екі күн өтер-өтпесте совет самолеттері тағы да Сеща аэродромына шабуыл жасады. Ұрысқа бұл жолы жүз алпыс совет самолеті қатынасты. Кейінгі шабуылда жау аэродромда 76, әуе шайқасында 14 самолетін жоғалтты. Он екінші май күні француз эскадрильясы мен со­вет ұшқыштары Сеща аэродромына тағы да қырғидай тиді. Француз эскадрильясы «Нормандияның» орыс майданына бірінші рет араласуы болатын. Олар өздерінің алдына қойылған міндетті өте жауапкершілікпен орындап шықты. Жаудың елу шамалы самолетін жоюға көмектесті. Бұл шабуыл орыс, чех, поляк барлаушыларының жоспары бойынша болғанын полковник Дюба да, ка­питан Арвайлер де білген жоқ. Партизандар Кричев-Унеча, Кричев-Брянск-Орел темір жолындағы көпірлерді қирата бастады. Жүздеген шақырым темір жол рельстері аспанға ұшты. Майданға бара жатқан әскер және техника тиеген эшелондары қиратылды. Жау тылы екінші майданға айналды. Сондықтан да, Гитлердің бұйрығымен май айында партизандарға қарсы жүз мыңдай әскері бар он бір дивизия, қосымша басқа да жау бөлімдері Сеща, Дубровка, Жуковка сияқты станцияларға құйылып жатты. Неміс әскерінің қимылына власовшылардың бірнеше бөлімдері қатынасатын болды. Олардың алдына қойған мақсаты Клетня орманындағы партизандарды жойып, тылын босату еді. Он тоғызыншы май күні жау әскерлері Клетня орманын темір құрсауға алды. Сеща аэродромындағы самолеттер парти­зан базаларын бомбалауға кірісті. Танкалар орман жолдарын қапсыра құшақтап, қатаң бақылауға алды. Зеңбіректері қақалып-шашалып, гүрілдей бастады. Майданнан әдейі жіберген генерал партизандарды қысқа мерзімнің ішінде жоямыз деп көкіді. Бірақ жау генералының ойын ертерек білген партизан бригадалары маневр жасап, уақытында тас-түйнектей жиналып, гитлершілерге қарсы бірнеше рет соққы берді. Алдыңғы бөлімдері көптеген апатқа ұшыраған жау шабуылды күшейте түсті. Қоршауды тарылта отырып, партизандарды темір құрсауға алып жою тәсілін қолданды. Бірақ генералдың ол тактикасынан еш нәрсе шықпады. Екінші Клетня бригадасы жаумен ұрыс жүргізе отырып, бір түнде жау қоршауын бұзып шықты, таң біліне бергенде, Ипут өзенінен өтіп, Белоруссия жеріне өтіп кетті. Кейінгі арпалысу кезінде, партизандардан да көптеген шығын болды. Соғыс басталғаннан бері бірге жүрген, соғыстың ыстық-суығын бірге көрген Ақылбай сенімді досы Мишаның апатқа ұшырағанына қатты қайғырды. Жүрегінің қақ жартысын жұлып әкеткендей сезінді.

Екінші күн дегенде, 2-бригада түнгі қараңғылықты жамылып КричевУнеча темір жолының оңтүстік қапталына шықты. Он шақты шақырым бойы темір жол рельсіне мина қойып, бұзып кетті. Үшінші тәулікте партизандар Краснополье қаласының күнбатысындағы орманға тоқтады. Екі апта өткен соң, Ақылбай бастаған үш адам ��������������������� Клетня орманына бара­ тын болды. Олардың алдына қойылған міндет: жау әскерінің қайда кетіп, қайда тұрғанын білу, Сеща аэродромындағы барлаушылармен бай­ланысу. Бұл жолы да, Ақылбай Толикті тастамай өзімен бірге ала кетті. Бес күн өтіп, алтыншы күні Клетня орманының оңтүстігіне жетті. Сол күні кеш бата орманда жүрген жергілікті адамдарға жолықты. Олар Соло­вьяновка деревнясының адамдары болып шықты. – Жау әскері кетті ме, болмаса, әлі орманды сүзіп жүр ме? – деді Ақылбай сақалы кеудесіне түскен, қас­қа маңдайлы шалға. – Ой, шырақтарым, несін сұрайсыңдар. Олар жауыз ғой. Бала-шаға, үлкен-кіші демей көп адамды жанған отқа тастап өртеп кетті. Маңай­дағы бірде-бір деревня сау қалмады. Өздері осыдан үш күн бұрын бір кеште жоқ болды. Қайда кеткенін білмедік. Екі немерем мен келінімді тірідей отқа тастап, жағып жіберді, – деп шал кемсеңдеп жылап жіберді. Байғұстың көзінен жас та шықпайды. – Өздеріңіз қалай аман қалдыңыздар? – Олардың орнына бізді жақса да болатын еді. Асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Екі не­мерем жас кетті-ау. Біз Ипут өзенінің арғы бетіндегі деревняда тұратын қызымызға кетіп қалған едік. Қайтып келсек мынандай алапатқа ұшырадық. – Мүмкін немерелеріңіз бен келініңіз тірі шығар. Оларды жағып жібергенін қайдан білдіңіздер? – Аман қалған жергілікті адамдар айтты. – Жау әскерінің кетіп қалғанын қайдан білдіңіздер? – Біз деревнядан жаңа ғана шықтық. Деревняда жылап-сықтаған адам. Көрген адамдар айтты. – Өздеріңіз күн батқанда қайда бара жатырсыздар? – Әй, шырақтарым-ай, сендер де, сұрамайтынды сұрайды екен­сіңдер. Кешеден бері нәр татқан жоқпыз. Ашпыз. Деревнядағы азын-аулақ азықтүлікті жау солдаттары алып кетіпті. Түн қатып қызымызға қай­тып баруға кетіп барамыз. – Жолдарыңыз болсын, – деп партизандар Соловьяновка деревня­сы­ на бет алды. Өртенген үйлердің орны әлі бықсып жанып жатыр. Жанған үйлердің орнына зарлаған адам. Орман да, аспан да тұнжырап тұр. Желсіз аспанда жер бауырлай ұшқан ащы түтін батып бара жатқан күннің көзін көлеңкелеп торлап алған. Көше бойындағы ағаштарды жалын шарпып, көлбеңдеген жапырақтары бүрісіп-бүрісіп қалған. Табиғат-екеш, табиғат та демін ішіне тартып, сүмірейіп, жылап тұрғанға ұқсайды. Ақылбай іштей: «Сұмырай келсе, су құриды» деген қазақ мақалы осындайдан шығарып айтылғанау», – деп ойлады. Бұлар деревняның орта тұсында топталып тұрған

адамдарға келді. Бәрі үрейлі. Партизандардың өзінен зым-зия боп, қашып кете жаздады. Өз адамдарыңызбыз деп әзер тоқтатты. Өңдері қуарып, құр сүлдесі қалған жандар. Жылай-жылай көздері қанталап, домбығып кеткен. Ішіндегі жап-жас қыздың шашы ағарып кетіпті. Бет әлпеттері өрт өшірген адамдай қара ала-торы ала. – Жөн сұрасайық, – деді Ақылбай. – Біз сіздерді танып тұрмыз, – деді мосқалдау келген әйел. – Біздер де сіздерді шырамытамыз. – Шырамытқаны несі, сіз біздің деревняға талай келген едіңіз ғой, – деді ақ шашты қыз. – Сені даусыңнан ғана таныдым. Болмаса, өңіңнен танып алуға болмайды. – Фашистер менің шешемді көз алдымда жанып жатқан отқа лақты­ рып жіберді. Шырқыраған дауысын естігенімде, жанымды қоярға жер таба алмадым. Мен де, шешеммен бірге отқа түсейін деп, жұлқынып көріп едім, жауыздар қапсыра құшақтап жібермеді. Мен жалғыз қалдым. Ендігі жерде сіздерге еріп, қолыма қару алып, шешемнің өшін аламын, – деп қыз екі көзден сорғалап аққан жасын көйлегінің жеңімен сүртті. – Шашыңның ағарып кеткені шешеңнің күйігі-ау, – деді Ақылбай қызға. – Бір күннің ішінде осындай болды. Ішімді өртеген қайғы, кек, оттай жанған денем қасіретке толды. – Жау қашан кетті? – Екі күн болды. Үдере қашқандай тып-типыл болды ғой. – Жау қолынан өзің қалай аман қалдың? – Түн ортасы кезінде, байқасам, күзетте тұрған солдат ұйықтап кетіпті. Дәл сол кезде, мына орманға кіріп, қаша бердім. Бірнеше күн бойы бесалты кісі өзіміз білетін қалың орманның адам жүрмейтін жыңғыл жерінде тығылып жаттық, – деді қыз. Деревня толы қайғы-қасірет шеккен жан. Көндей сірі көңілінің көбесін қақыратып сөккен кемпір-шалдар мен әйелдердің зарлап жылағанын естігенде, төбе құйқаңды шымырлатады. Көз алдарында ең жақын адамдарын жоғалтқан жандардың жан азабын көріп, сарнаған үніне шыдап тұру қиын-ақ. Көңілдеріндегі шырағы өшкендей сезінген жұрт қара көмір боп, орны ғана қалған үйлерінің жанында отыр. Дәл осы отырыстарының фашистерден ешқандай жақсылық күтпегендері, қиналып ой түйгендері көрініп-ақ тұр. Кеуде толы ызалы кек. Төрт партизан шеткі бір үйдің орнына келсе, төрт-бес әйел көшеде сұлап жатқан қарағайдың жанында отыр екен. Партизандарды көріп байғұстар, орындарынан тұрып, өлгендері тірілгендей қуанды. Ішіндегі кексе әйел: – Әлгі, жауыздар сендердің бәріңді қырып тастадық деп даурығып жүр еді. Аман қалдыңдар ма? – Міне, көріп тұрсыздар ғой. Аманбыз. – Сендердің аман екендеріңді көріп тұрмыз, Басқаларың қайда?

– Бәрі де аман-есен. Соғыс, әрине, шығынсыз болмайды. Бірнеше адамымыз апатқа ұшырады. Қалғандарымыз түгел Ипут өзенінен өтіп кеткенбіз. – Өлген адам өлді, қайтып келмейді. Енді қалғандарыңыз аман болсын. – Сіздерге де соны тілейміз. Қиян-кескі ұрыстан кейін жау қоршауын жарып шығып, басқа орманға кеткенбіз. – Оларың жақсы болған. Сендердің қарындарың ашып жүргенін білеміз. Өзімізге деген аз-мұз азығымыз бар. Бөлісіп жейік, – деп әлгі әйел дорбасындағы бір-екі тілім нанын ұсынды. – Жоқ, өздеріңіз мынандай қайғылы жағдайда отырғанда, жемейміз, «жүргенге жөргем ілінеді» дегендей, біз ілгері қарай кетіп барамыз. Алдымызда тағы да ел бар, – деді Ақылбай. – Мені ала кетіңдер, – деп әлгі ақ шашты қыз қалмайтын нышан білдірді. – Біз бес-алты күнде осы жерге қайта ораламыз. Сонда сені ала кете­ міз, – деп уәделесті. – Оған дейін тосайын. Бірақ алдап кетпеңдер. – Алдамаймыз. Жазалаушылар Каменец деревнясын да өртеп кетіпті. Деревняда бірде-бір жан жоқ. Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Тұрғындарды аждаһадай жайпап кеткен сияқты. Көшенің аяғына шыға бергенде құйрығын бұлғаңдатып, жалғыз қара күшік қыңсылап, партизандардың қасына жетіп келді. Ол байғұс та иесінен айрылып, әбден ашық­қанға ұқсайды. Адамның аяғына оралып жүргізбейді. Күшікті көрген Толя­ның көзі жайнап кетті. Өз аяғын әзер алып келе жатқан ол күшікті қо­лына алып, бетіне жабыстыра құшақтап, жіберетін түрі жоқ. – «Өзіміз тамақ таба алмай жүргенде ол күшікті қайтесің, қоя бер», – дегенге көнбей: – Бұл да, мен сияқты бала ғой. Соғыс мұны да шарпыған екен. Иен қалған деревняда аштан өліп қалады, – деді Толя. – Алсаң алып жүр. Бірақ, жолдағы деревнялардың бірінде тастап кетерміз, – деді Ақылбай. Партизан өмірінің қыры мен сыры мол болады. Бірде аш, бірде тоқ. Үстіндегі киім-кешегі жыртылып, жалаңаш-жалпы қалатын күндері де кездесе береді. Бұлардың нәр татпағанына екі тәулік. Аш кісі сүйретіліп аяғын әрең басады. Мойындарына су кеткен адамдай бастары салбырап, ілгері қарай жүре берді. Орман ішінде он шақты әйел тосыннан кездесе кетті. Дәл сол кезде, бәрі де бүкіл ел-жұрты көшіп қастарына келіп қонғандай қуанды. Ақылбай әйелдердің бәрін қырағы көзімен бір шолып өтті. Ішіндегі екі-үш әйел оған таныс адамдай көрінді. – Сіз Борковичи деревнясындағы Лена емессіз бе? – деп ол жастау келген сары келіншекке қарай берді. – Иә, мен Ленамын. Сізді де мен шырамытып тұрмын, – деп Ақылбайға қарап күлімсірей берді. – Қайдан білейін танымай қалдым.

– Қазір біреуді-біреу танитын заман ба. Үш жеті бойы деревняны тастап, орман ішінде босқын болып жүрміз. Жауыздар кеткелі екі күндей болған көрінеді. Фашистер келе жатыр деген хабар жетісімен әркім, әр жаққа тоз-тоз болып қашқан едік. Кім тірі, кім өлі екенін де білмейміз. Алып шыққан азын-аулақ азық-түлік те азайып қалды. – Біздің нәр татпағанымызға екі тәулік болды, – деді Ақылбай. – Барымызды бөлісіп ішейік, жүріңдер, – деді мосқалдау әйел. Әйелдер партизандарды өздерінің паналаған қонысына ертіп әкелді. Ол жерде де бірталай жан бар екен. Партизандарды көріп олар да қуанып қалды. Олардың бәрі де партизандардың танитын адамдары болып шықты. Мосқалдау әйел орманды бес саусағындай жетік білетін кісі екен. Соғыс басталар алдында осы орманда орманшы боп істеген. Шал-кемпірлерді, қатын-қалашты, бала-шағаны осы жерге паналатқан да сол кісі. – Осы жерге күн сайын қоймаға қойған ұн, картобымыз болатын. Екі сиырды ала келгенбіз. Соны қорек етіп, жанымызды сақтап қалдық, – деді әлгі әйел. – Сіздер жаман тұрмаған екенсіздер. – Көріп отырсыздар, осынша жанға ол не болсын? Мына балаларды тезірек тамақтандырыңдар, – деп ол екінші бір әйелге бұйыра сөйлеп жатты. Толя аш күшікті қыңсылатып, қойнына тығып алыпты. Ол аш баладай шыңғырып, жанын қоярға жер таба алмай, Толяның қолтығына тығыла береді. Кісі басы бір-бір жапырақ нан, шұңғыл аяққа толтыра құйыл­ған көже әкелді, Толя күшікпен алысып, тамақ ішуге де шамасы келмеді. Ақылбай орманшы әйелге: – Мына бір күшікті жолдағы деревнядан алып шыққан еді. Бала емес пе, тастамай қойнына салып әкеле жатыр. Ыдысқа тамақ құйып беруге бола ма? – деді. – Өзің ашығып жүргенде бұл күшікті қайтетін едің. Тастап кетпей­сің бе? – деп тозығы жеткен қалайы ыдысқа көже құйып, күшіктің ал­дына қойды. – Толя, бері кел, тамағыңды іш. – Күшік тамақтанып болған соң, ішермін, – деп қайсарланып отырып алды ол. – Әне жерде қазан түбінде көже бар. Өздерің іше беріңдер. – Деревняларыңызда фашистер жоқ болар. Қайтпайсыздар ма? – Асығатын не бар. Үйіміздің бәрін жауыздар өртеп кетіпті. Ертең бара жатармыз. Майданнан хабар бар ма? – Майдан Курск, Орел маңында көрінеді. Жуық арада осы жерге де келіп қалатын болар, – деп Ақылбай қысқа ғана жауап берді. – Тезірек келсе екен. Көзіміз ашылар еді. Жұрттың арқасы кеңіп, бейбіт еңбекке кіріседі ғой. Көптеген адам қаза болды. Өздерің көріп жүрсіңдер, үй-күйден жұрдай болдық. Мал дейтін мал да, егін егетін тұқым да жоқ. Бәрін жауыздар алып кетті емес пе? Халықтың бәрі жүдеп-жадап бітті. Күзге дейін біздің әскер келмесе, мына адамдардың бәрі аштан, суықтан

қырылып қалатын түрі бар. Өз жеріңде оты­рып, арам өлген деген сол болады. – Ертең-ақ біздің әскерлер бұл жерді босатады. Қол-аяқтарыңыз кеңиді. Жаудан босаған жерлердегі халыққа күншығыстағы одақтас республикалар азық-түлік, мал жіберіп жатқан көрінеді. Сіздерге де жібереді. Азаптың көбіне шыдадыңыздар, азына шыдаңыздар. – Сталинградтан, Кавказдан жауды қуып шыққан деп естіген едік. Шын ба? – Шын. Сталинградта жаудың фельдмаршалы басқарған бүкіл бір армиясын қоршап алып, тұтқынға алған. – Мұның жақсы хабар ғой, – деп әңгімеге бар көңілімен құлағын тосып тұрған жұрт бір серпіліп, қуанып қалды. – Біздерде радио жоқ. Мылқау кісі сияқтымыз. Көңілімізді көтеріп тастадың ғой. Жолдарың болсын. Аман-есен қайтыңдар. Тағы да бір қауіпті сапарға кетіп бара жатқан боларсыңдар. Жүрістеріңнен байқап тұрмын, – деп орманшы партизандарға бата бергендей, қуаныш сезімін білдірді. Партизандар да оларға жақсы тілек тілеп, өз жолымен жүріп кетті. Қара күшік ішіне аз да болса нәр барған соң Толяның соңынан қалмай жүретін болды. Өзі жуас, біресе алға шығып, біресе соңдарынан еріп келе жатты. Орман жым-жырт. Лүп еткен майда самал желдің лебі де білінбейді. Партизандар кең ауқымды орманды алыстан шолып келеді. Алдарынан жер астынан шыға келгендей жалғыз қой көрінді. Көп айлар бойы жалғыз жүріп, тағы боп кеткенге ұқсайды. Маңайына жолатпайды. Жақын­дай берсең, орғып шытырман қалың тоғайға кіріп, көзден ғайып болады да кетеді. Бір рет жылт етіп көріне бергенде күшіктен үркіп ор қояндай аспанға шапшып, қаша жөнелді. Қарап отырып, иек астына өзі ілінген қойдан айрылып қала жаздадық. Ақылбай Толикке: «Бойың сорайып, дырдай жігіт болып қалдың. Әлі балалығың қалмайды. Күшікте не шаруаң бар еді. Болмаса, жаңағы қойды ұстап алатын едік», – деп ұрысып жүр. Толя – мойнына асынған оптикалық дыбыссыз мылтығын қолына алып: – Сіздер осы жерде күшікті ұстай тұрыңыздар. Қойды атып әкелейін. Болмаса, ұстататын жануар емес, – деп қой кеткен жаққа көз жіберді. – Қалтаңда қой бауыздайтын бәкің бар ма? – деді Әбдіғали. – Бар, алдымен атып алайын. – Бауыздауды білесің бе? – Оған қам жемеңіздер. Үйде жүргенде қой бауыздап үйренген­мін, – деп қойды іздеуге кетті. Көп ұзамай Толик қайтып келді. – Қойды атып түсірдім. Бауыздап та үлгердім. Біреуіңіз көмектеспе­ сеңіз жалғыз өзім сүйретіп әкеле алмадым, – деді ол. – Бұл жерге әкелудің не керегі бар. Жүр сол жерге баралық, – деп бәрі орындарынан қозғалды. Қойдың етін жеп, сорпасын ішкен кісілердің көңілі көтеріңкі. Аяқ­тарын алшысынан басып келе жатты. Баратын меже алыс емес.

Аэродромда істейтін поляк жігігі кіші Янмен кездесуі керек. Күні бұрынғы келісім бойынша Будвинец деревнясында тұратын Люсяның ��� не­ мере апасы арқылы бұлардың келетін мезгілін, кездесуге тиісті жерін Янға хабарлап қоюға келіскен. Ақылбай бастаған топ Денгубовка деревня­ сынан өтіп, аралықтағы қалың орманға жете бергенде Люсяны күтпеген жерде кездестірді. – Амансыңдар ма? — деп ол жігіттердің мойнынан құшақтап, беттері­ нен сүйіп, қуаныш сезіммен қарсы алды. – Аздаған, шығын бар, қалғанымыз аманбыз. Біздің шыққанымызға да алты-жеті күн болды. – Партизандарды жойдық, орманды бандылардан арылттық деп жау радиосы, газеттері шуласып жатыр. Сендерден хабар болмағанға біз қорыққан едік. Бас­қа бригадалар аман ба? – Бәрі де аман. Бізден де, фашистерден де аз шығын болған жоқ. Ян келетіні қайда? – Ян мені ілгері жіберіп, өзі орманның жиегінде тосатын болды. Оған алысқа жүруге болмайды. Жүріңіздер, Янға баралық, – деп Люся ілгері қарай жүрді. Ян бұларды күтіп тұр екен. – Ян, сен бізге аэробазадағы жағдайды, өз халдеріңді қысқаша айт, – деді Ақылбай. – Үлкен Ян екеуміз Аркадий Виницкий арқылы магнитті мина алып тұратынбыз. Самолетке бомба тиеген кезде астына сол минаны жапсырып қоятынбыз. Самолеттердің бомбалауға баратын жерінің алыс-жақындығына қарай мөлшерлеп, бір сағат, елу минут шамасында жарылатындай етіп, құлағын бұрап қоямыз. Жаудың бірнеше самолеті аспанда жарылған минаның күшімен апатқа ұшырады. Полковник Дюба зиянкестік Германиядағы бомба шығаратын заводтан болды ма деп, Берлинге шифровка жіберген. Одан қандай жауап алғанынан хабарым жоқ. Жуықта ұшуға дайындалып жатқан үш самолетке мина қойған едік. Ол самолеттерді ойламаған жерде елу минут уақытқа ұшырмай ұстап қалды. Минаның жарылуына он минуттай мезгіл қалғанда самолеттердің ұшуына рұқсат берді. Ол самолеттердің бәрі де аспанға көтеріле беріп, жарылған минадан күл-талқаны шықты. Осыдан кейін гестапо адамдары самолеттердің аспанда жарылған себебі аэродромның өзінде деген қорытынды жасаған көрінеді. Қазір себебін іздеуде. Күнітүні тыңшыларында ұйқы жоқ. Самолет маңындағы кісілерді аңдып жүретін болды. Қатер-қаупі мол болса да, үлкен Ян екеуміз әлі де, бомба тиеп жүрміз. – Венделин не істеп жүр? – Венделиннің айтуы бойынша, қазір Курск-Орлов бағытында өте ауыр ұрыс жүріп жатқан көрінеді, Гитлершілер ілгері басуға барлық күшін салып жатыпты. Бірақ совет әскерлері гитлершілердің техникасын да, әскерін де қансыратып жатқанға ұқсайды. Күні-түні ұшқан самолеттің де көпшілігі Сещаға қайта оралмай жатыр. Әуедегі күресте совет самолеттері

басым көрінеді. Ұшқыштардың арасында өз күшіне сенбеушілік етек алып бара жатыр. Арақ ішіп, мас болған ұшқыштардың «Гитлер капут» дейтіндері де бар. Совет самолеттерінің жау аэродромына шабуылы жиілеп кетті. Жерде тұрған жау самолеттерінің біразын жойып та жіберді. – Тағы да қандай хабарың бар? – Бізбен байланыс жасап, көмектесіп жүрген бірнеше қыздар мен жігіттерді гестапо ұстап әкетті. Келешекте біздің халіміздың қандай болатыны белгісіз. – Сіздердің қайтатын мезгілдеріңіз болды ма деймін? – Біздің сіздерге әкелген хабарымыз осы ғана. – Сіздерді орман шетіне дейін шығарып салайық, – деп бұлар кіші Ян мен Люсяны шығарып салды. Барлаушылар Ян мен Люсядан естіген хабарларын Тимофей Михайлович Коротченкоға баяндау үшін, кідірместен, келген іздерімен кері қайтты. ІX Үлкен жерден келген самолет үлкенді-кішілі миналар, қару-жарақ әкелді. Жау Курск маңындағы майданға әскері мен техникасын төгіп жатты. Кричев-Унеча темір жолының стратегиялық маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Бүкіл бригада адамдарын жинап Коротченко мәжіліс өткізді. Ол кісі ең алдымен Орталық партизан штабынан арнайы келген бұйрықты оқып шықты. Майдан өңіріне гитлершілер темір жол арқылы жаңа күш төгіп жатқанын, темір жол рельсінің тапшы болға­ нын, бригада партизандарының алдында тұрған үлкен міндет темір жол рельсін қирату екенін талдап-талдап айтты. Әр батальонның алдына үлкен-үлкен міндет қойды. Гитлершілерге деген түйілген кек үдей түсті. Күндіз күлкі, түнде ұйқы бұзылды. Толарсақтан саз кешіп, партизандар жау басып алған жерлердегі темір жол бойына шабуыл жасап, дүрбелең салды. Коротченко бас­қарған партизан бригадасы түн ортасы кезінде Кричев-Унеча темір жолына мина қойып, бес шақырымдай рельсті бұзды. Гитлершілердің Унечаға қарай баратын жолын қиып тастады. Бұдан бұрын күші басым боп, дәуірлеп тұрған жаудың белі сынуға айналды. Күші әлсірей бастады. Бір түні гитлершілердің үш бірдей эшелоны жер жастанды. Сол күндері жарыл­ ған минаның күшімен рельстен шығып, жарға құлаған паровоз­дың үстіне тайып жығылып жатқан вагондардағы жау әскерлерінің шың­ғыр­ғаны көпке дейін партизандардың құлағынан кетпеді. Партизандар «қанға – қан» деп кейін кетті. Бұдан екі ай бұрын екінші бригада осы жолдың бойындағы Белынковичи-Бон станцияларының аралы­ғындағы Беседь өзеніндегі темір жол көпірін бұзған болатын. Осыған байла­нысты жау поезы 27 тәулік бойы жүруін тоқтатқан еді. Темір жолға еселей түскен шабуыл толастамады. Гитлершілер темір жол бойына кейінгі күндері қарауыл қоятынды шығарды. Партизан­

дарға жаудың қарауылы да бөгет бола алмады. Атқыштар бөлімдері үнсіз мылтықпен жар түбінде аңдып жатып, оларды жойып жіберетін болды. Түн. Аспанды басқан қара бұлт қоюлана түскен. Жаңбыр шелекпен құйғандай сабалап тұр. Желкеден өткен су жауырынның астына қарай ағып партизандардың тозығы жеткен киімінен өтіп жүргізбей келеді. Етік­тің қонышынан құйылған су аяқты құрсаулап қойғандай басқыз­ байды. Табан тиген жер былқ-былқ еткен қою батпақ. Басқын­шылар жақын жердегі станцияға орнатқан жалғыз зеңбіректен темір жолдың екі қап­талын ала атқылап жатты. Зәрені ұшырған снаряд ысылдап, гуілдеп кеп, гүрс-гүрс жарыла берді. Партизандар кейін шегіне түсіп, зеңбірек снаряды жетпейтін, алшақтау жерге барып темір жолға ша­буыл жасады. Бұл жолы күзет болмады. Жапа тармағай рельстің астын қуыстап жағалай тол қойды. Жау зеңбірегінің дүрсіліне жарылған тол мен минаның гүрсілі қосыл­ғанда жер сілкінгендей болады. Темір жолдың он шақты шақырым жердегі рельсі істен шығарылды. Ақылбай мен Толя келе жатыр. – Сенің жүрісің баяулап барады. Шаршап келе жатқан жоқсың ба? – деп Ақылбай қасында мойны салбырап, төмен қарап келе жатқан Толяға қарады. – Екі тәулік бойы ұйқы жоқ. Қалғып келемін, – деді Толик. – Басқыншылар біздің бірінші жауымыз болса, ұйқы екінші жауымыз. Ұйқтама. Таң бозарып қалды. Бір жерде дем алатын болармыз, – деп Ақылбай Толикті қолтығынан ұстап демей берді. Таң атты. Жауын сіркіреп жауып тұр. Алдыңғы жақта келе жатқан Коротченко жүрісті тоқтатып, шетке сытылып шықты да: – Алдымызда бір рота шамасы жау солдаттары кетіп бара жатқан көрінеді. Соларға оңтайлы бір жерден тосқауыл жасалық. Адал жері­мізді арам табанымен баспайтын болсын. Оларды жер жастандыратын бо­ лайық, – деп екі көзі түлкі көрген бүркіттің көзіндей жайнап кетті. – Жаудың кетіп бара жатқанын қалай біле қалды? Бұл маңда еш нәрсе көрініп тұрған жоқ, – деді Толя Ақылбайға мойнын бұрып. – Сен байқамаған екенсің. Жаңа алдымыздан жи­рен атпен ызғытып келе жатқан барлаушылар көрінген. Солар айтқан болар. Бригада тас түйін боп жиналды да жау бөлімдерімен айқасуға бет алды. Бұлардың жүрісі айғай шыққанда еселей шабатын бәйге аттай екіленіп, шапшаңдай түсті. Гитлершілер басып өтетін жас қарағайлы орманға барып, олардың жолына тосқауыл қойды. Алдында ауыр жүк тиелген төртбес арба. Нар түйедей шабдар аттарының құйрығы шолақ. Арба соңында шойын байлап қойғандай ауыр етігін әзер көтеріп ілбіп келе жатқан жау солдаттары. Олар партизандарға таяқ тастам жерге келді. Қаннен-қаперсіз аяғын ыңырана басып, ортан белінде жау офицері келеді. Ол қасындағы кісілерге кезек-кезек қарап қайдағы бір әңгіме айтып, күліп келеді. Олар дәл осы жерден партизандардың құрған торын тоспаған. Екі бүйірден тосыннан жауған қардай бораған оқ гитлершілерді жайпап жатты. – Аттарды атпаңдар, – деп Коротченко бұйрық берді.

Басында тосыннан атылған оқтан сескеніңкіреп қалған жау, есін тез жинады. Бытырай жатып, қарсы күш жұмсап, автоматтарынан оқ бората бастады. Ақылбайға таяу жерде мылтығын кезеп, оқ атып жатқан Толя зым-зия боп көзден ғайып болды. Қайда кетіп қалғаны белгісіз. «Бейшара бала, жазым болмаса игі еді», – деп маңайына көз жіберсе, оң жақтағы қалың бұтақты қарағайдың басына шығып жауға қарсы оқ сеуіп жатыр. «Төмен түс», – деген Ақылбайдың дауысын даңғаза болған гүріл естіртпеді. Ол еңбектеп барып, қарағай түбіне жатты да: – Жазым боласың, түс жерге, – деп бұйырды. Ақылбай сөзін аяқта­ май-ақ Толик қарағай басынан ұшып түсті. Толиктің үсті-басы қан-қан. Оқ оң қолына тиген. Көйлегінің жеңін жыртып, жараны байлады. Өзі ауыр жараланып жатып Толя Ақылбайға: – Байқаңыз, оқ тиіп кетпесін. Әне бір көрініп тұрған жалғыз үйең­кінің түбінде жау снайпері жатыр. Менің мылтығымды алып, байқатпай көз­деп атыңызшы, – деді. – Сен қозғалмай жат, басыңды көтерме, – деді де, Ақылбай Толяның снайпер мылтығын алып, оң жаққа қарай еңбектеп барды. Толя көрсеткен үйеңкінің түбінен көз алмады. Жау снайпері екінші жақты көздеп атып жатқаны байқалды. Дәл сол мезгілде Ақылбай да көздеп мылтықтың шүріппесін саусағымен басып қалды. Солдаттың қолындағы мылтығы сусып жерге түсті. Өзі сұлық жатып қалды. – Толя, – деді Ақылбай, – сені атқан солдаттың жазасын бердім. Оқ басына тиді ме деймін, қылжиып, қозғалмастан жатыр. – Өшімді әперген екенсіз. Мені атқан сол. Мен көздей бергенде, ол менен бұрын атып жіберді, – деп Толик талықсып кетті. Қиян-кескі ұрыс бітті. Басқыншылардың бірде-бірі құтылып кете алмады. Елу шақты кісі екен. Он шақтысы жараланыпты да, қалғаны жер жастаныпты. Арбаға тиегендері азық-түлік болып шықты. Ақылбай Толяны көтеріп әкеп, арбаның үстіне жатқызды. Оқ қолының иыққа жақындаған жеріне тиген де, сүйегін күл-талқан еткен. Оның үстіне қан көп кетті. Ақылбай үн-түнсіз, қаққан қазықтай мелшиіп тұр. Талай-талай қиян-кескі ұрыстан аман алып шыққан Толик, міне ауыр жараланып жатыр. Қиналып жанын қоярға жер таппады. Оған көзі түссеақ ине шаншып алғандай Ақылбайдың жүрегі аузына тығыла береді. Талай рет әп жыландай төніп келе жатқан қауіп-қатерден аман келе жатқан Толик қас пен көздің арасында өлім мен өмір арпалысында жатыр. Ақылбайдың ішін жегідей өртеген өкініш бүкіл сүйек-сүйегін сырқыратып барады. Толиктің иығына байлаған ақ шүберектің сыртынан шып-шып аққан қызыл қанды көрген сайын зәресі ұшты. Жүрегі дір-дір ете береді. Ақылбайдың көзі қарауытып, Толиктің жарасын байлап жатқан дәрігерден көз алмай сілейіп тұр. Сәлден соң, белбеуіне қыстырған қалайы құтыны алып, Толиктің аузына жақындатып, су тамызды. Қан көп кетіп, байғұс, шөлдеп жатыр екен. Тағы да су тамыз дегендей сау қолын көтеріп белгі берді. Ақылбай қуанып кетті. Оның аузына тағы да су тамызды. Дәл сол кезде, оң жақта тұрған біреудің:

– Жаралы болған фашистерді көтеріп жүреміз бе? Найзалап өлтіріп кетуге ұрықсат етіңіз, – деген ашулы, кекке толы ащы дауысы шықты. – Жоқ, өлтіруге болмайды. Жау да болса, олар да адам емес пе? Бұлар үшін соғыс бітті. Бұдан былай, олар бізге қарсы қол көтере алмайды. Шақыр дәрігерлерді, олардың да жарасын байласын, – деп Тимофей Михайлович Коротченко әлгі жігітке ала көзімен, алпамсадай үлкен денесімен бұрылып қарады. – Жау солдаттарын да алып кетеміз бе? – деді езуін тартып күлген Әбдіғали. – Алып кетеміз. Оларды да біздің дәрігерлер емдейді. – Біздің біреуміз олардың қолына тірідей түссек, біздің көзімізді жау бірден жоғалтады, – оларды біз неге аяймыз? Біз де адамбыз. – Олар фашистер, біз гуманист-коммунистерміз. Түсіндің бе? – Найза шаншуға аясаңыз, әр біреуіне бір-бір оқ жалынсын, – деп әлгі жігіт өңештеп тұрып алды. – Оғың көп болса, жаудың қалғандарына сақта, жаралы адамдардың бәрін арбаға салыңдар, – деп Коротченко бұйрық берді. Жаңағы жаралы солдатарды «найзалайын» – деп тұрған Әбдіғали екен. – Әбдіғали, – деді Ақылбай, Коротченконың бұл айтқанына риза болмай тұрған жолдасына. – Бұлар да қанша бір соғысайын деп жүр ғой дейсің. Оларды соғысқа жіберіп отырған Гитлер. Мықты болсаң, соның қолқасына пышақ сал. Қансырап жатқан жауға ерліктің керегі жоқ. Мұндай жерде үлкен жүрек керек болар, қой Толиктің жанына барайын. – Толик, Толик, – деді оның жанына қайта оралды. Ол жымиып күлгендей болды. Толик өзін-өзі зорлап көзін ашты. Жүрегі алқымына тығылған ол әрең-әрең тілге келді. «Қолымның сынған сүйектерін орнына салды ма?» – деген бір ауыз сөзді кібіртіктеп, бөлшектеп әзер айтты. Ақылбайға қасымнан кетпе дегендей ишарат білдірді. Ақылбайдың зәресі ұшып, қыбыр етпестен, қимылсыз тұр. Ба­сы зырқ-зырқ етіп, миын шеңгел­деп жатқандай болды. Бір ай бір күндей де болған жоқ, зымырап тез өтті. Аркадий Виницкий көп сөйлемейтін, салмақты, сабырлы, ойлы жігіт. Коротченконың қасына келіп, тізерлей отырды. Оның қабағы қатыңқы, іші ренішке, қайғықасіретке толы кісінің нышанын білдіргендей. Жұрт аңырып қарап қалды. Оның асығатын түрі жоқ. Біресе маңайындағы кісілерге, бірде жерге қарап, бетін сипап, ыңыранып отыра берді. Жігіттер онан сайын айтайын деген әңгімесіне ынтыға түсті. – Елді зарықтыра бермей, естіген хабарың болса, тезірек айтсаңшы, – деп оны қоршаған жұрт ду ете қалды. Ол ұйқысыздықтан қанталаған көзімен маңайындағыларды тағы бір шолып өтті де Сещадан әкелген хабарын шашыратпай шашпай қысқа баяндады. – Мен сіздерге қуанышты хабар әкелгенім жоқ. Кіші Ян партизан­ дардың тапсырмасы бойынша, Сеща аэробазасының қару-жарақ қойма­

сын кілт тауып ашыпты да бірнеше автомат алыпты. Оны гестапоның агентінің бірі аңдып жүріп байқап қалған көрінеді. Ян ол автоматтарды партизандарға қыбын тауып берген де көрінеді. Бірақ сол күннің ертеңінде оны қамауға алыпты. Байғұстың тырнағының көбесіне ине де тыққан, қабырғаға керіп қойып, алақандарына шеге де қаққан, электр орындыққа да отырғызған, дүре де соққан, неше күн бойы ұйқтатпаған да көрінеді. Бірақ Ян бірде-бір адамның атын айтпапты. Өзі өте қайсар жігіт екен. – Люся аман ба, болмаса, ол байғұсты да абақтыға қамап па? – Жоқ, ол үйінде ауырып жатыр. Гестапоның тергеушісі кіші Янды үйдің қабырғасына екі алақанынан шеге қағып, асып қойып, Люсяны шақырған көрінеді. Өзі қиналып, жанын қоярға жер таба алмай тұрса да, мен бірде-бір адамның атын атамадым, сен де сөйт дегендей, көзімен Люсяға ишара берген көрінеді. Лю­ся тергеушіден шыққан соң, сегіз айлық баласы өлі туыпты. Содан бері төсек тартып жатыпты. Коротченко сәл үнсіз түсін суытып, тұнжырап отырда да: – Аня қайда? – деді. – Аня сол жердің өзінде жүріп жатыпты. Әзірге гестапоның тың­ шылары оның ізіне түсе алмаған сияқты. Абақтыға жабылған адамдардың бірде-біреуі ол жөнінде ләм-мим демепті. – Шетінен уыздай жас. Жауыздар оларды қинап өлтірген болар. Гестапоның қолынан қаншама азап көрсе де жолдастарын жаудың қо­лына ұстап бермеген екен. Олар рухани күшті жандар болды, – деп Корот­­ченко мұңайып, алдындағы отырғандарға бір қарап қойды. – Бәрі де жүректі, батыр мінезді жандар, олардың қолдарына шеге қағып қабырғаға іліп те қойған, электр тогына да ұстаған, тырнақта­ рының көбесіне ине де қадаған, бірақ гестапо тергеушілеріне шын­дарын айтпаған. Қандай шыдамды, қандай берік мінезді жандар, – деп Ақылбай түсін суытып, бір қызарып, бір бозарып маңындағыларға бажырайып қарап қойды. Мұртын оң қолымен сипап, терең ойда отырған Ко­ротченко басын көтеріп: – Аркадий, сен осы айтқандарыңның бәрін үлкен жерге хабарла, – деді. Орман жапырақтары сарғайып қалды. Соққан желмен жерге ұшып түсіп жатқан жапырақтар. Сұрғылт бұлт басқан аспан әлемі қабағын түйіп, күңгірттеніп тұр. Әлсін-әлсін жауын құйып кетіп, толастайды. Пар­ти­ зандар әйелдері ұл тапқандай қуаныштары қойындарына сыймайды. Совет әскері гитлершілердің Орлов-Курск бағытындағы шабуылын тойтарып, өздері жаппай шабуылуға шыққан. Партизандар Белоруссияның Могилев облысындағы Краснополье ауданында фашистердің кейін шегініп бара жатқан әскери бөлімдерімен шайқасып жатты. Жау бөлімдері Сож өзе­ нінің арғы бетінде дайындалған бекіністеріне шығу үшін бар күшін салып, жанталасты. Уақытша басып алған деревнялардың көптеген сиыр­ларын айдап бара жатқан жау солдаттары партизандар құрған тордың дәл үстінен

шықты. Шайқас ұзаққа созылмады. Жау солдаттарының бірде-бірі аман қалмады. Малдың бәрін партизандар сол маңдағы жергілікті тұрғындарға таратып берді. Азықсыз жүрген өздері де қарық болып қалды. Өкшелей қуған совет әскерінен үрейі ұшқан жау әскері жанын қоярға жер таба алмай, Сож өзенінен өткел іздеді. Олардың салған көпірлерін совет самолеттері бомба тастап бұзып кеткен. Жалғыз ғана көпір аман қалған. Одан қаптап келген жаудың әскер бөлімдері өтіп үлгере алмады. Түні бойы жау солдаттары пантон көпір салып әуреленді. Партизан­дар түн жамылып жау салған көпірді қиратып тастады. Аспандағы қара бұлт күнбатысқа қарай ығыса берді. Күн шайдай боп ашылды. Күздің ызғарлы түні. Күлімдеген жарық жұлдыздар аспан әлемінде шашылған күмістей жарқ-жұрқ етеді. Түн ортасы болған кез. Жаудың қаптаған әскері жаяу-жалпы үрдіс жүріп келеді. Орман шетінде тосқауылда жатқан партизан­дар өкпе тұстан жау бөлімдеріне бүйідей тиісті. Шайқас таң атқанға дейін тоқтамады. Гитлерші­лер парти­зан бөлімдерін жапырып өтпек болып, қарсы шабуыл жасады. Жаудың өкшесін баса қуған совет әскерлері де келіп жетті. Олар жау бөлімдерінің ту сыртынан шабуыл жасады. Жартылай қоршауда қалған жау бөлімдері Сож өзеніне қарай ойыса берді. Екінші Клетня партизан бригадасы совет әскерімен қосылып, гитлершілерді Сож өзеніндегі өткелден өткенше қуды. Партизандардың қуанышында шек жоқ. Қызыл әскерлермен құшақтасып амандасты. Орман іші «ура», «ура деген дауысқа тола жаңғырықты. Гитлершілер таптаған жер де, жаралы болған орман ағаштары да, неше жыл бойы дем алыссыз жаумен шайқасқан пар­тизан­ дар да қуаныш толқынына кірді де кетті.

ӘКЕ ҚАБІРІ БАСЫНДА К өкек айының жайма-шуақ ашық күндерінің бірі еді. Алматы көшелерінің екі қапталын қуалай өскен ағаштар бүршік атып, жапырақ жая бастаған. Ертерек тұрып, есік алдына серуен­деуге шыққан бетім. Көше бойында ерсілі-қарсылы ағылған қала тұрғын­дары. Үйді айнала бергенімде қарсы алдымнан почта таситын әйел шыға келді. Мені көріп: – Сәлеметсіз бе? Сізге екі бірдей хат бар, – деді. – Е, жолым болады екен онда, бере қойыңыз, – дедім. – Мінекейіңіз, – деп келіншек қолыма қос конвертті ұстата салды. – Рақмет, шырағым, – деп көшені бойлап жүріп кеттім. Екі хатты ашып көз жүгіртіп келем. Бірі Могилев облысының Костюковичи ауданынан Ұлы Отан соғысы партизандарының кез­ десуіне шақырған қағазы екен. Екіншісін Белоруссия Республикалық теледидарынан Леванович дейтін жазушы жазыпты: «Жуық арада үш адам Алматыға барамыз, сізді көгілдір экранға түсіреміз, бір жаққа кетіп қалмаңыз». Мен екі хатты да қалтама салдым. Ұлы Отан соғысы жылдары 27 ай бойы жау тылында Белоруссия жерінде басқыншы жаумен күрескен күндерім көз алдыма үйіріле берді. Қайтадан елестеп, қалың ой құшағына кірдім де кеттім. Жас кезімдегі қиыншылықты бірге көрген, бір тілім қара нанды бөліп жеген партизан достарыммен кездесу менің көптен бергі арманым еді. Сондықтан көп ойланып жатпай-ақ, үй іші болып ақылдасып, жол жүруге жиналдым. Көкек айының жиырмасы күні Москва арқылы Белоруссияға жүріп кеттім. Сол күні кешкі сағат сегіз шамасында Могилев қаласына барып жеттім. Аэропортта тұрып темір жол вокзалына телефон соқ­ тым. Костюковичиге баратын поезд таңертеңгі сегізде кетіп қалыпты. Мен ертеңгі поезбен жүретін болдым. Таксиге отырып, «Могилев» мейманханасына бардым. Жылы жүзді, ашаңдау келген әйелге жөнімді айтып едім, меймандос адам екен, мені сөзге келместен мейманханаға

орналастыра қойғаны. Он алты қабат мейманхананың жоғары қаба­ тындағы кең бөлмеге шамаданымды апарып қойдым да далаға шық­тым. Қаланы серуендеп көп жүрдім. Могилев бүтіндей жаңарып кетіпті. Көп қабатты әсем үйлер көз тұндырады. Еңсесін көтеріп, жан-жаққа қа­ натын кең жайған, бүтіндей жаңарған қаланы таксимен аралап шықтым. Көптеген ірі-ірі өндіріс орындары орналасқан. Іштей қуанышымды жасыра алмай, машина жүргізушіге бұрылып: – Қала өзгеріп кеткен екен, – дедім. – Соғыс біткен кездегі Могилевті көрсеңіз ғой, ығы-жығы құлап жатқан үйлердің орнын ғана көрген болар едіңіз. Қырық жыл ішінде біздің қаламыз жаңадан салынған қала деуге әбден болады. – Сіз осы қалада туып-өстіңіз бе? – дедім. – Ұлы Отан соғысы жеңіспен біткенде, мен он жасар бала едім. Біздің тұрған үйімізге жау бомбасы түсіп, жермен-жексен етіп құлатып кеткен. Мен сол үйде туған едім. Қазір үйдің орнына тоғыз қабат үй салынды. Менің әкем соғыстан аман-есен қайтқан соң сарайда тұрдық. Қазір үш бөлмелі үйіміз бар. – Әкеңіз тірі болар? – Жоқ, ол кісі соғыстан ауыр жараланып қайтқан болатын. Елуінші жылы қайтыс болған. Шешем тірі. Бізбен бірге тұрады. Ымырт үйірілді. Қараңғы түсе бастады. Такси мені мейманханаға әкеліп тастады. Өз бөлмеме келіп, ванна қабылдадым да, төсекке жата кеттім. Күні бойы самолетпен ұшып, шаршағанымды енді білдім. Ертеңінде ерте тұрып, темір жол вокзалына бардым да, поездың орта тұсындағы бір вагонға барып отырдым. Жолаушы көп емес екен. Менің дәл қарсы алдымдағы орындыққа келіп, екі кісі орналасты. Көп ұзамай поезд жүріп кетті. Қаладан шығып, Днепр өзеніндегі көпірден өттік. Өзіме таныс орман басталды. Жолдың қос қапталын қуалай өскен алуан түрлі ағаштар көз тұндырады. Бір кезде орманның қара қақпасындай зәулім қарағайлар арасына сүңгіп кеттік. Одан әрі шетсіз-шексіз теңіз суындай теңселген орман мұхиты тербеліп жатыр. Күн сәулесі терезеден бірде қиғаштана көрініп, енді бірде күңгірттеніп кетеді. Соғыс кезінде партизандардан сескенген жау жолдың екі қапталындағы жүз метрдей жердің орман ағаштарын отап тастап еді. Қазір осы жерде қайтадан ағаш бой көтеріпті. Олардың арасынан күпшектей-күпшектей ағаш түбірлері кездеседі. Ол баяғы кездегі жау ізі болар деген ой өне бойымды шымыр еткізді. Жол бұралаң, жасыл нудың ішімен бұлтыңдап бірде солға, бірде оңға бұрылып тартып келеді. Соғыс кезінде шыбын жанымызды шүберекке түйіп, сан рет осы орманды қалқан етіп, темір жол рельсін бұзған едік. Сондықтан, бұл көк орман маған көркем ғана емес, туып-өскен жерімдей ыстық. Ну қарағай күн нұрына бөленіп, маған қуана қарайды, мен де шаттанып, көз алмаймын. Поезд ілгері қарай ұзай түсті. Нұрға малынған орман ағаштары мені қимай қатарласа жарысып келе жатқанға ұқсайды. Орман сілемі бірте-бірте жолдан алыстай берді. Үлкен алаң басталды. Күздік егін күн нұрына бөленіп, баяу соққан самал желге теңіздей

шайқалып жатыр. Өзіме көптен таныс табиғат сұлулығына емірене қарап «Жеңістен кейінгі бейбітшілік жылдары орман да бой көтеріп, қайта туғандай көріктене, әсемдене бастаған екен», – деймін. Терезеге қарайқарай көзім талғандай болды. Мойнымды бұрып, төңірегіме байыптай қарадым. Бір-екі адам жол дорбасын басына жастанып, рақаттанып ұйқтап жатыр. Жол бойы поезд тоқтағанда бірнеше жолаушы отырыпты да, кейбір жолаушылар түсіп қалыпты. Вагон іші тым-тырыс. Поездің бірде тарсылдаған, бірде баяулаған даусы ға­на құлағыма келеді. Мен бір сәт үнсіз отырдым. Табаныммен жерін басып, суын ішіп, мейірімсіз жаумен айқасып жүрген кезімде, кең пейілді, бауырмал ����� бело­ рус халқы мені өз баласындай көріп, қиыншылық заманда құшағын кең жайып қарсы алушы еді. Жаралы болып, қансырап жатқан кезімде де кеудемнен итермей, бауырына басып, сапқа қайта қосқан осы халықтың мейірімділігін мен өмір бойы есімнен шығармайтынымды сол қиын кездің өзінде ойлаушы едім. Қазір де сол ой есіме түсіп, жүрек сырын қозғап келеді. Мінеки, жеңістен кейінгі ���������������������������� жылдары басқа �������������� туысқан ������ респу­ бликалармен қатар көш түзеп, ілгері қарай қарыштап аяқ басқаны мені қуандырады. Бір станцияда поезд тоқтай бергенде, адам дабырлай сөйлеп, есікке қарай жүгірген сыбдыры менің ойымды бөліп жіберді. Көп ұзамай ��� по­ езд ілгері қарай жүріп кетті. Мен қарсы алдымда үнсіз отырған екі жігітке қарадым. Әдепті жандарға ұқсайды. Біреуі арықтау келген, көгілдір көз, орта бойлы жігіт, ал екіншісі, семізше келген, кең иықты, еңгезердей палуан тұлғалы. Мен олардан көз алмай караймын. Арықтау келген сары жігіттің дене бітімі, көз қарасы, кең маңдайы маған біреуді елестетеді. Бірақ кімге ұқсайтынын таба алмай іштей әуре болдым. Бір мезгілде, менің олардан көз алмай қарап отырғанымды байқап, әлгі жігіт көз жанарын басқа жаққа бұрып әкетті. «Мына кісі маған неге қарай береді? Әлде, танитын бір адамына ұқсатып отыр ма?..» – дегендей, әлсін-әлсін маған қарап та қояды. Олардан жөн сұрағым келіп: – Сіздер осы маңайдың адамы боларсыздар? – дедім мен бір кезде. – Жоқ, – деп арықтау жігіт қысқа жауап берді. – Сіз қайдан келе жатырсыз? – Алматыдан келемін, – дедім мен. Поезд заулап, ілгері қарай есіп келеді. Мен қарсы алдымда отырған жас жігітті кімге ұқсатарымды білмей далмын. Менің тесіле қарағаным­ды қолайсыз көрген жігіт күлімсірегендей болды. Дәл осы кезде мен де: – Сіздер қай жерден келе жатырсыздар? – деп төтесінен қойып қалдым. – Горький облысынан. – Қайда бара жатырсыздар? – Костюковичи ауданына. – Онда туыстарыңыз бар ма? – Ешқандай туысымыз жоқ. – Серуендеп, жер көруге шыққансыздар ғой, – дедім мен. – Біздің әкеміз Ұлы Отан соғысы кезінде Вязьма қаласының маңынан ең соңғы рет хат жазған еді. Содан кейін хабарсыз кетті. Сол кездегі

командованиенің жазған хатында, хабар-ошарсыз жоғалды депті. Соғыс жеңіспен біткеннен бастап, шешеміз іздеу салды, ер жеткен соң іздеп жүрміз. Қырық жылдан бері ізіне түсе алмадық. Соғыста қаза болса, қабірін тауып, жатқан жерін көрсек дейміз. – Осы маңайға кетіпті деген хабар алып па едіңдер? – Жоқ, Костюковичи, Краснополье, Чериков аудандарында партизан отрядтары көп болған деп біреулер айтқан еді. Мүмкін, әкеміз қоршауда қалып, партизанға қосылған болар деген оймен осы аудандардың жергілікті тұрғындарынан сұрау салалық, көрген-білген біреу-міреу табылып қала ма, – деп арықтау жігіт, жүрегіндегі ұялаған ойын жасырмай айтты. – Бұл маңда партизан отрядтары көп болғаны рас. Бірақ олар бір жерде қонақтап тұрмаған. Осы аудандармен шектес Смоленск, Брянск облыстарының жерінде де жау әскерлерімен соғысты. Ол жерлерде де көптеген адам қаза болған, – дедім мен. – Сіз де партизан болып па едіңіз? – Соғыстың алғашқы айларынан бастап, партизан болдым. – Мүмкін, сіз кездестірген боларсыз? – екеуі қосарлана сөйлеп, жүз­ деріне қуаныш нышаны ойнағандай болды. – Егер біздің бригадада болса, білуім де ғажап емес, – деп, мен тағы да білетін адамдарымды көз алдыма келтіріп шықтым. Аласапыран соғыста жүргенде біз қасымыздағы жолдастардың атыжөнін толық біле бермейтін едік. Оларды «Петя, Вася, Витя...» деп атай беретінбіз. Мен тағы да ойланып, екі жігітке қарай бердім. Осының біреуі Петькаға ұқсай ма деген ой келді. Бірақ, оған да ұқсайтын бет-кел­бетінде ешқандай белгі таба алмадым. Дәл сол кезде, Петьканың ерлік істері көңіліме орала берді. Екі жігітке, жол қысқарту үшін әңгімелеп бергім келді де: – Біздің отрядта Петька деген партизан болды. Ол көп сөйлемейтін, өз айтқанынан қайтпайтын қайсар жігіт еді. Алпамсадай денесіне жау жүректігі сай. Құмырсқадай қаптап келе жатқан жаудан тайсал­майтын. Өте шыдамды жігіт еді. Бірнеше тәулік бойы дәм татпай, аш жүрсе де, қабағын шытпайтын. Оның күй таңдамайтындығы жолдастарын таң қалдыратын. – Ол Петьканың фамилиясы есіңізде ме? – Есіме түсіре алмай отырмын. Екі жігіт жымың еткендей болды. Мен білетін Петяның сақал-мұрты өскен, бет-жүзі қуаң, жағы семген, көзі шүңірейген, өңі әлде­қандай ауыр дерттен жаңа жазылған жанға ұқсайтын еді. «Мына жігіттің көз қарасы, бет сүйегі мен білетін Петяға ұқсай ма, қалай?» – деймін өзімеөзім. Петьканың әкесінің атын, фамилиясын есіме түсіре алмай, ұзақ ойландым. «Андреев, Апанасенко, Афонов, Афанасьев...» деп іштей бірнеше фамилияны айтып шықтым. Петькамен болған кезімді сарапқа салдым. Бір кезде арықтау жігіт қалтасына қолын салып, ақ қағазға оралған газетті қолына алды. – Мына газеттегі сурет біздің әкеміздің суреті, қараңызшы, сіздің айтып отырған Петька емес пе? – деді.

– Көрейін, – деп газеттегі суретті қолыма алдым, ұзақ қарадым. Мына суреттегі адам толықша келген, көз қарасы да көңілді. Шашын маңдайынан қарсы қайырған. Қалтамнан көзілдірігімді алып, тесіле қарай түстім. Бірақ өзім білетін Петькаға ұқсата алар емеспін. «Көзі, кең маңдайы ұқсай ма, қалай?» – деп іштей түйдім. – Сіз білетін Петька қызыл әскерге қосылды ма, болмаса?.. – деді арық жігіт көп ойланып қалған маған. – Мен білетін Петька 1943 жылы, сентябрь айында Борейка деревнясында жау әскерімен болған айқаста қайшылана атылған пулемет оғы тиіп қайтыс болғанын, оның денесін бес жігіт Велики Бор деревнясының моласына жерлегенімізді айттым. Осы бір қайғылы әуен мені торықтырып жібергендей сезіндім. Соғыс кезіндегі Петькамен кейбір кезде сырласқан жайларды ойлай отырып, соғысқа дейін шофер болдым, майданға кетерде сүйген жарым, екі балам қалды дегені емісеміс есіме түсті. Мен білетін Петька, осылардың әкесі болғай деген игі тілек бүкіл ойымды шырмап алды. «Өзі өмірге құштар, батыр келбетті, маңындағы достарына өте мейірімді еді» деймін екі жігітке. Суретке қарап, маңдайындағы нүктені байқадым. Ау, тұра тұр, Петькамен бірге темір жол бойына келіп, алты-жеті партизан бір шақырымға жуық жолдың рельсін бұзғанымыз ойыма сақ ете қалды. Соның ертеңінде ғой, біз анау алыстап бара жатқан орманның ортасындағы кішілеу деревняның ең шеткі үйіне барып тамақ іштік. Ол жерде көп аялдамай, он бес шақырым жер жүріп, сәл уақыт дем алдық. Сол жерде, мен оған қалжыңдап: «Сенің маңдайыңа мүйіз шығып келе жатқаннан аман ба?» дегенімде ол: «Анадан туғаннан бері маңдайыма біткен мең. Ол менің паспортым іспеттес, сен соны айыра алмай тұрғаннан амансың ба?» — дегені есіме түсті. Петька біздің бригадаға таяуда ғана келіп қосылған еді. Автоматшы болатын... Бірақ аз уақыттың ішінде-ақ, батылдығымен көзге түсті. Оның ұмыт бола бастаған бейнесі менің көз алдымда бірте-бірте қайта­дан айқындала берді. Мен қасымдағы жас көршілерімді мүлдем ұмытқан­дай, ұзақ ойға шомдым. Иә, естен кетпес кездер еді ғой ол: Бір күні бригада командирі Тимофей Михайлович Коротченко барлаудан жаңа ғана оралған Витя деген партизанға: – Бөлімшелердің бәріне хабарла. Тезірек тамақтарын ішіп, жорыққа дайындалсын, – деп әмір берді. Ымырт жабыла бергенде Коротченко партизандарды сапқа тұрғызып, Павленки станциясының су қоймасын бұзуға баратынымызды айтып, оны күзетіп тұрған солдаттарды дыбыссыз мылтықпен атып түсіруді Витяға тапсырды. Жау күзетшіні көбейткендей жағдайда автоматшы­лар­ дың шабуылға сақадай сай тұруын, барлаушылар байқай алмаған бекініс болса, оны алудың амалын, су қоймасына қойылатын тол көтерген бұз­ ғыш­тардың даяр болуын түсіндіріп шықты. Партизандар тобы станцияға үнсіз келіп жетті. Түн ортасы. Аспанды қою бұлт көмкеріп алған. Алдағы барлаушылар станцияны бақылап, бейсауат жүрген жан көре алмадым. Тек бірнеше адам қару-жарақ тиеген поезды жүргізіп жіберді.

Коротченко орнынан тұрып, шабуылға шығатын мезгіл жеткенін білдірді. Барлаушылар көрген-білгендерін баяндасымен партизандар топтопқа бөлініп ілгері қа­рай жүрді. Бір тобы вокзалға шабуыл жасайтын болды. Екінші тобы солдаттардың жатақханасына, ал үшінші топ су қоймасына шабуылға шықпақ. Орман жиегіне келгенде Коротченко сәл уақыт өз көзімен тағы бір қарап, Станция басындағы жау адамдары қаннен-қаперсіз жүргеніне көзі жетті. Шабуылға шығуды бұйырды. Партизандар су қоймасына жақындай түсті. Петька да, үнсіз еңбектеп келеді. Оның екі көзі су қоймасының жанында жүрген жау солдаттарына түсті. Екі солдаттың екеуі де жалп етіп, жерге құлап түсті. Бұларға не болды дегендей, су қоймасының оң жағынан біреу жедел басып, сұлап жатқан екеуінің қасына бара бергенде, ол да етпетінен құлады. Су қоймасының арғы жақ түбінде дзот болды деген ойға келген Витя автоматшылардың шабуылға шығуына белгі берді, «Біз бұл жерде дзот барын қалай байқамадық» деген ойға келді де, бірден алға қарай жүгіре жөнелді. Онымен қатарласып, Петька да құстай зымырап келеді. Пулеметтің уілдеген даусына автоматтың жиі-жиі атылған үні қосылып, тұнық түнді қақ жарған ащы дауыс алысқа естіліп жатты. Дұшпанның дзотына граната жетер жерге келгенде, Петя белбеуіне ілінген қос гранатаны бар пәрменімен лақтырды. Граната дзоттың оқ атып жатқан өңешіне барып жарылды. Бас көтертпей жатқан пулеметтің қолқасы жыртылғандай болды. Петя асықпай-саспай автоматынан оқ атып жатты. Дәл осы кезде, екінші партизан тобы оң жақ қанаттан шабуылға шықты. Бір кезде, дзоттың көмекейінен пулемет оғы тағы жауа бастады. «Жаңа ғана үні өшкен сияқты еді, мынау қайта тірілді ме?» Петя ілгері қарай еңбектей берді. Автоматының шүріппесін босатпай атты. Осы кезде су қоймасының түбіне қойылған тол жарылып, маңайдың бәрі азан-қа­зан болды. Бір жақсысы су қоймасының бүкіл құрылысы аспанға көтеріліп барып, дзоттың дәл үстіне құлады. Коротченко көгілдір ракета атқызып, партизандарды кейін шегінуге шақырды. Автоматшылар ротасының екі адамы жаралы болған еді. Біреуін жау оғының астынан Петька, екіншісін тағы бір батыр тұлғалы парти­зан алып шықты. Жатақхана жаққа шабуыл жасап кеткен топтан басқасы орман жиегіне жиналды. Дәрігерлер жаралы адамдарға көмек көрсетіп жатты. Көп ұзамай вокзалдың оң жа­ғынан гүрс-гүрс жарылған ащы дауыс естілді. Вокзалдың электр шамы да өшіп үлгерді. Сол кезде партизандардың бұл тобына дәл бүйірден үсті-үстіне оқ жаудырған пулемет дауысы құлақ тұндырды. Оны көрген Коротченко жаудың ойын түсіне қойды да: – Біздің жігіттердің кейін шегінетін жолын үзіп тастамақ. Жендеттер енді-енді есін жиған ғой. Біздің жігіттерге бас көтертпейтін түрі бар. Витя, сен автоматшыларыңды ал да, тез жаудың оң жағынан шабуыл жаса. Біздің жігіттер жау оғының қоршауынан шыққанда, сендерге хабар береміз. Ал, барыңдар, абай болыңдар, – деп бұйрық берді. Витя басқарған автоматшылар пулеметшінің оң жақ бүйірінен барып тиісті. Петька қасындағы бір жігіттен қос граната сұрап алып, еңбектеп

жау пулеметінің ұясына жақын барып гранатаны қос қолдап лақтырды. Жаңа ғана қолқасынан оқты бұршақтай жаудырып жатқан пулемет­тің кеңірдегі үзілді. Жер бауырлап атысып жатқан жігіттер еңкейе жүгіріп, орманға қарай кейін шегініп келеді. Көгілдір ракета атып, Коротченко автоматшыларды шақырды. – Алғашқы ракета жібергенде, шегінбей, не ғып найқалып жүрдің­- дер? – деді Коротченко олар келіп жеткен кезде. – Біз жатақханаға шабуыл жасап бара жатқанда алдымыздан электр шамын беретін двигатель көрінді. Соның бір бұрышына мина қойып жарып кеттік. Енді кейін шегіне бергенде, жау пулеметінің үсті-үстіне оқ жаудырып, алдымызды кесіп тастағаны, – деді ол топты басқарып барған Павлик. Ну қарағайдың ішіне кірісімен Коротченко адамдарыңды түгендеп шығыңдар деген әмір берді. Бөлім бастықтары бірінен соң бірі адамдарының бәрі аман-есен қайтқаны жөнінде баяндап жатты. Бұл жолғы жаумен бетпе-бет ұрыстың ұйытқысы Петька болды. Ертеңінде Витяның айтуымен сапта тұрған партизандардың алдында оған: – Түнгі соғыста ерлік көрсеткен, жуықта ғана пар­тизанға қосыл­ған Петр Иванович Афанасьевқа алғыс айтамын, – деді Коротченко. – Совет Одағына қызмет етемін, – деп Петя жауап берді. Ворга поселкасының оң жағындағы ну қарағайға аялдаған парт­и­ зандар, әр ағаштың түбінде автоматтарын құшақтап жатып қалды. Петя ­түн қатып жүрген жорықтан, түндегі жаумен ұрыстан шаршап-шалдық­қа­ нын анық сезінді. Сөзге сараң, байсалды Петяның жүрегі өте нәзік, кішіпейіл, бала іспеттес жігіт еді. Өзі туып-өскен ұясын жаудан қорғай алмаған адамда қандай қасиет болады? Өлімнің де өлімі бар емес пе? Біреу қорқып, бас сауғалаймын деп, ошақ басында өледі, біреу қасарысқан дұшпанмен аянбай күресіп айқаста ерлікпен өледі Коротченко бастаған топ түні бойы белуардан қар кешіп, таң белгі бере өз қонысына келді. Тыныштық ұзаққа созылмады. Күні-түні жаумен соғыста партизандар бел шешпейтін болды. Қар төсеніп, мұз жас­танып жаумен шайқасуды үдете түсті. Осы соғыстардың бірінде қаза болған рота командирінің орнына қоятын кісіні ойластыра келіп: – Петр Иванович Афанасьев өте өжет, қиын жағдайда дұрыс ше­ шім қабылдайтын жігіт, – деді Коротченко қасында отырған Бахтинға бұрылып. – Кейінгі екі айдың ішінде өзін әбден көрсетті. Бұған мен қосыла­- мын, – деді Бахтин. Коротченко Петр Иванович Афанасьевті шақырып, осы шешімді айтты. – Сіздер не айтсаңыздар, сол болады. Сенімдеріңізге рақмет, – деді ол. Ақпан айының бас кезі еді. Аспанды торлаған сұрғылт бұлттың аяғы қалың қарға айналды. Түс ауа барлауға кеткен төрт-бес жігіт оралды. Олар

бірден штаб орналасқан жертөлеге кірді. Коротченко қолындағы әр жерге нүкте қойылған картаны жанына қойып: – Аман-есен келдіңдер ме? Әкелген хабарларыңды айтыңдар, – деді. – Клетня, Костюковичи, Ершичи қалалары толған жау бөлім­ше­лері көрінеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жазалаушы отряд­тар­дың бөлімдері дейді. Олар шабуылды бүрсігүні бастайды деген хабар алдық. Солдаттардың айтуынша, партизандардың бірін қалдырмай жоямыз деп бөсетін сияқты. Бірнеше танк және зеңбіректері бар. Солдат­тары пулеметпен, автоматтармен қаруланған. – Кеше маңайдағы деревняларға барғанымда жергілікті адамдар да осыны біліп, алыстағы туған-туыстарына кетуге дайындалып жатыр еді. Сендердің айтқандарыңның бәрі дұрыс болды. Біз оларды осыдан отызқырық шақырымдай жерден қарсы алуға тиістіміз, – деп Коротченко жанындағы картаны қолына алып, үңіле қарады. Ымырт жабыла Коротченко барлық батальондардың, роталардың командирлерін жинап, жаудың жазалау отрядын қай жерде қарсы алатынын, қорғаныс шебінің қай жерден басталатынын айтып, әрбіреуінің алдына жеке-жеке міндет қойды. Жиналған командирлердің бәрі де өз ойларын алға салып, бір шешімге келді. Ертеңінде таңертеңгі тамақ­ тарын ішті де, бүкіл бри­гада тік көтеріліп, жорыққа аттанды. Көрсетілген нысанаға кеш бата жетті. Бригада ол күні Мостицкое дерев­нясына қонып шықты. Таң бозара бергенде, партизандар өздеріне көрсетілген бекіністерге орналасты. Жазалау отряды күн көтеріле келіп жетті. Зәулім үйеңкінің басында бақылауда отырған партизанның бірі: – Жаудың танкісі де, зеңбірегі де көрінбейді. Көпшілігі шанаға мінген. Ішінде жаяу-жалпы келе жатқандары да бар. Машиналары қарға батып жүре алмаған болу керек. Қимылсыз тұр. Жау солдатының қарасы көп. Жолда тұрып қалған машиналардың ар жағынан тағы да топ-топ болып шығып жатыр, – деп хабарлады. Коротченко: – Танкілері мен зеңбіректері соңында келе жатуы да мүмкін. Сақ болыңдар, – деді. Жау тізбектеліп келе жатты. Партизандар үн шығармай бұғып, қаруларын кезеп даяр отыр. Бір кезде кескілескен бетпе-бет ұрыс басталды. Мұндай шайқаста өз өміріңді ойламайсың. Жер сілкінгендей пулеметтер мен автоматтар айқұш-ұйқыш оқ атып, гүр-гүр етеді. Петя­ ның автоматшылары жаудың дәл өкпе тұсынан келіп тиісті. �������� Жау сол­ даттары шашылған құмалақтай, әр жерге жата кетіп, Петька ротасының автоматшыларына қарай, қалай болса солай бастарынан асыра атты. – Жау саса бастады. Оқтарыңды үнемдеп, көздеп атыңдар, – деп Петя жуан қарағайдың түбінде жатып, қолындағы дүрбісімен жау шабуыл жасаған жақты шолып шықты. Артта келе жатқан солдаттарының қарасы көбейе берді. Бір жақсысы танкі мен зеңбірек көрінбейді. Сірә, орман ішінде танкі мен зеңбі­ректің ес қатпайтынын білген болар. Зеңбіректің де, танкінің де снарядтары өз әскеріне тиіп кете ме деп қорыққан болуы керек. Өйткені, екі жақтың

арасы біріне-бірі жақын. Петьканың бөлімі екінші бір топты қарсы алды. Олар өте сақтықпен абайлап келе жатса да, өз адамдарына орын ауыстыртып, жауды кенеттен атпақ болды. Партизандар пулеметтері мен автоматтарының дискілерін ауыс­ты­рып, үнсіз жатыр. Жазалаушылардың алдындағы жол көрсетуші полицай­лар­ды байқаған Петя: – Алдымен ана сатқындарды құртыңдар, – деп қасында жатқан бір партизанға сыбыр етті. – Оны дыбыссыз мылтықпен атайын, – деді Сер­гей. Ол өте мерген жігіт, көздеген жерінен тигізеді. – Шанада отырған полицайдың бастығы. Оны танитын едім. Оң қолынан көздеп атып, жаралайтын болды, ол атқосшыны сеспей қатыр, – деді Петя. Сергей жазалаушы жау отрядына жол көрсетіп келе жатқан полицайлардың бастығын шананың үстіне бірден сылқита салды. Екінші жегілген қос ат кейін қарай жалт берді де, Петькалар жатқан ормандағы шананың ізіне түсіп, шаба жөнелді. – Қос аттан айрылып қалмалық, тез екі жігіт жүгіріңдер, – деп Сергей мен тағы бір жігітті жіберді. Атылған оқтан орман іші күн күркірегендей гүр-гүр етіп жатты. Жау солдаттары қанатын жайып, ымырт әбден жабылғанша оқ жаудырып бас көтерткен жоқ. Қас қарайғанда күн суыта түсті. Жау әскері арғы беттегі деревняға паналауға топ-топқа бөлініп кейін шегінді. Петя штаб орналасқан қалың қарағайға жылжыды. Сергей мен Вася қос ат жегілген полицайдың бастығын штабқа алып келіпті. Оқ дәл оң қолынан тиген екен. Мысықтай бүрісіп отырған полицайдың қасына жақын келіп, Петя: – Жолдас командир, мынау полицайлардың бастығы. Оң қолынан әдейі атқыздым. Осыдан үш ай бұрын, мен партизан отрядын іздеп жүріп, ойламаған жерден қолға түсіп мына мырзаның алдына барғам. Бұл маған не істемеді? Жалаңаштап қойып дүре де соққызды, қыстың азын­ аған аязында суық сарайға да қамады. Есік алдында екі полицай кү­зет­ші қойды. Бір жақсысы сарайдың төбесіндегі тесікті байқап қалдым да, әзер дегенде, сол тесіктен түн ортасында қашып шықтым. Артынан бі­летін біреуден сұрастырсам, мынау адам патша тұсындағы помещиктің ба­л­асы екен, – деп Петя полицайға ала көзімен ата қарады. Коротченко полиция бастығының шанасына отырды. Жаудан қолға түскен жеті шананың екеуіне азық-түлік тиелген екен. Петька жаудан түсірген олжа тамақты жұртқа таратып беріп жатты. Ашығып қалған партизандар белуардан қар кешіп, жүре тамақтанып келеді. Коротченко аттың басын ұстаған жігітке: – Атыңды жеделдетіп айда, күн суытып келеді. Күні бойы айқаста болған адамдар да тезірек жүріп жылынатындай болсын, – деді. Содан соң қасында отырған полиция бастығына бұрылды. – Сен барлық шын­ дықты айтатын боласың. Жазалаушы отряд қандай бағыттан шабуыл жасап келеді?

– Менің білетінім бір ғана бағыт, басқа жақты білмеймін, – деп міңгірледі полиция бастығы. – Өзің білетін бағытта қанша солдат бар? – Үш жүздей адам. – Танкілері мен зеңбіректері қайда? – Танкімен орман ішінде соғыса алмайтын болғандықтан біздің село­ға тастап кеткен. – Саны қанша? – Он шақты. – Зеңбіректері қайда? – Зеңбіректері келе жатқан, артта болар. – Басқа жақтан шабуылға шыққан жауды да білесің. Шыныңды айт. – Мен білмеймін, – деп, анау қасарысып отырып алды. – Егер айтпасаң, сені мына ағаштардың біріне мойныңнан асып кетеміз. – Білмеймін, – деп полицай айғайлап жіберді. – Аты-жөніңді айт. – Петухов Иван Иванович. – Өзің осы селода туып-өстің бе? – Туған жерім – осы село. Әкем менің бала кезімде Украинаға көшіп кетіпті. Содан үй ішіммен көшіп келгеніме төрт-бес ай болды. – Сені келе салысымен полиция бөлімшесіне бастық етіп тағайын­ дады ма? – Үш айдан асып барады. – Помещиктің баласы екенсің ғой? Петухов үнсіз. Күрең сақалын қырау басып кеткен. Оқ тиген оң қолының жарасын ауырсынып ыңқылдап қояды. – Үндемей қалдың ғой. Әкеңнің кім болғанын не­ге айтпайсың? – деді Коротченко. – Қан көп кетіп әлсіреп қалған болуым керек, – деп сөзді басқа жақ­қа бұрғысы келді. – Сен менің сұрауыма жауап бер. – Әкем осы жерде помещик болған, – деп, амалсыз мойындады. Тимофей Михайлович екі қапталға барлаушылардың кеші­ккеніне қатты қиналды. Олар қайда жүр? Әлде, жау қолынан қаза болды ма? Екі топты басқарып кеткен жігіттің екеуі де граниттей берік, ер жүрек жігіттер еді. Бірі болмаса, бірі келетін мезгіл әлдеқашан болды. Олардың бәрін жау мерт қылуы мүмкін емес. Кенет жыландай бұралаңдаған орман жолы­ның бір қайырылысынан суыт келе жатқан салт аттылар шыға келді. Олар­ды көрген Коротченко қуанып кетті. Барлаушылар ат тізгінін тартып, аттарынан қарғып түсіп жатыр. – Жолдас командир, бүгінгі бізбен қақтығысқандар тек күш сынауға шыққан бөлімше ғана екен. Гитлершілер төрт қапталдан шабуылға шығуға әскерін дайындап жатыпты. Партизандарды төрт бүйірдеп қысып, бірін қалдырмай жоятын болсын деген Гитлердің бұйрығы болыпты. Жаудың

күші бізден бірнеше есе артық көрінеді. Бізге жақын жердегі кіші-гірім қалаларда қаптап жүрген фашистер екен. Олар тек жазалаушы отряд қана емес, майданда біздің әскермен шайқасқан тәжірибелі әскери бөлімдері көрінеді. Ертең ерте қалалардан шығып, түске таман шабуылға шықпақ. Біздің сол қалалардағы өзіңіз білетін барлаушылар хабарлады, – деп барлауға барған Николай тез-тез баяндады. Николай осы отрядтың көптен бергі сақа барлаушысы. Оның бұл маңайда білмейтін, танымайтын адамы кемде-кем. Өз ісіне өте ұқыпты, көреген жігіт. Аласа бойына қарамай, ол шаршап-шалдығу дегенді білмейді. Коротченко оның бұл қасиеттерін жақсы біледі. – Жүрелік. Тезірек қысқы қонысымызға барып, сәл тынығып алайық та, Хотимск қаласы жақтағы орман жиегінде жауды қарсы алатын болайық, – деп Коротченко ат айдаушыға қарады. Қос ат орман жолымен ілгері қарай ��������������������������������� желе жортып ��������������������� келеді. ������������� Петя торы ат­ пен қалың қарды кешіп келіп, Ко­ротченко отырған шанаға қатарласты да: – Жолдас командир, мына сатқынды менің қолыма беріңіздер, саудасын бітіре салайын, – деді Петуховты көрсетіп. – Сен полицай мырза, біздің барлаушы жігіттің айтқанын естідің ғой. Бәрін біліп тұрып, еш нәрсе айтпадың бізге. Фашистерге қызмет істегенің үшін қандай шара қолданатынды білесің ғой. Бағанадан бері гитлершілдердің ойлаған, жауыздығын өзің айтып, аз да болса, кінәңді жуар ма екен деген едім. Сен нағыз сатқын болып шықтың, – деп Коротченко Петуховқа көзін қадады. – Бұл жауызды менің қолыма беріңізші, – деп Петя қатарласты. – Кешіріңіздер, ендігі жерде сіздерге қызмет етіп, өз күнәмді өз қаныммен ақтайын – деп, Петухов ботадай боздап, шыңғырып жіберді. Бір кезде: – Сен жауыз қаншама жазықсыз адамды жауға ұстап бердің? Көптеген коммунистерді, тіпті әуелі кемпір-шал, қатын-бала демей отқа тірідей лақтырып, өртеп жібергеніңді білесің бе? – деп, оны тақымдай түсті. – Кешірім жасаңыздар, – деді Петухов жалбарынып. – Саған ешқандай кешірім болмақ емес. Жарық дүниедегі тірші­лігің қазір бітеді, – деп Петя қаһарына мініп, қолындағы тапаншасын кезепкезеп қойды. Петяның айтқаны шындық еді. Әрі бұл сатқынмен тәжікелесіп отыратын уақыт та жоқ. Коротченко Петяның өтінішіне қарсы болған жоқ. Петя Петуховтың денесін жолдан алысырақ апарып, қарға көміп тастады. Коротченко бастаған отряд өз қонысына көп аялдамады. Түн ортасында жұртты тұрғызып, жорыққа шықты. Бұлардын бет алысы – Хотимск ауданының солтүстігіндегі қара орман. Петя бастаған автоматшылар ілгері кетті. Олардың алдына қойылған міндет – алдыңғы жақта бөгет қор­ған жау бөлімдері болса, соны бұзып өтіп негізгі бөлімдерге жол ашу. Көп кешікпей айналасын орман көмкерген ат төбеліндей алаң кезікті. Жол сол алаңның қақ ортасынан кесіп өтеді. Петька орман жиегіне тоқтап,

түн қараңғысында алаңның арғы бетіндегі орманның ара-арасына көз жіберді. Ағаш арасынан жанып жатқан отты оның айналасында тұрған адамдардың білемін анық байқады. – Бұлар осы жерде түнеп, бізге тосқауыл жасауға қалған жау солдаттары. Аязға шыдамай от жағып жылынып тұрған болды, – деп Петя автоматшыларға сақ болуды ескертті. Бұлар жаудың қос қапталынан тиіспек болып, екіге бөлініп, ағаштың ара-арасымен белуарынан қар кешіп жүріп кетті. Петя бастаған бөлім қаннен-қаперсіз тұрған жауға оң жақ бүйірінен келіп тиісті. Алғашқы ав­ томат оғымен-ақ от басындағы солдаттарды бірден жайратып тастады. Бірақ оның арғы жағындағы жау бөлімдері пулеметтен оқ жаудырып, бұлардың аяғын ілгері бастырмады. Петя жауынгерлерінің басын қосып алды да, жаудың екінші бөлігіне шабуыл жасады. Сол кезде бригаданың негізгі бөлімі де келіп жетті. Таң алды. Орман үстін бұлыңғыр тұман басты. Маңайдың бәрі қарауытып көрінеді. Коротченко жаумен арпалысып жатқан Петя бөлімін бірінші, екінші батальонға көмекке жіберді. Көмекке барған партизан­дар бірден ұрысқа кірісті. Тимофей Михайлович: – Жау бізді қоршап алуды жоспарлаған болды. Біз дәл осы жерден жаудың қоршауын бұзып шығуға тиіспіз, – деді. – Витя, сен арттағы бөлімшелерді осы жерге алып кел. Жаралы адамдар отырған ат-шананың бірі адасып қалмасын. Кәне, тез! Алғы шепте жау солдаттарымен шайқасып жүрген Петя автомат­ шылары киіп-жарып, олардың шебін бұзып шықты. Екі қапталдан келіп соқтыққан партизандар жау бөлімшесін екі жарып бөліп тастады. Бұлар арттағы бөлімдер жау шебінен өтіп, Хотимск орманына жеткенше жау солдаттарына бас көтертпей, шайқасты. Осы ұрыс болып жатқан орманнан он шақырым жердегі деревняда түнеп жатқан дұшпан бөлімдері қалың қарды кешіп, өз бөлімшесіне көмекке келіп жеткенше, бригадасы жау құрған торды бұзып, ілгері қарай жүріп кетті. Петька бастаған автоматшылар жараланған, оқ тиіп қаза болған партизандарын арқалап, алға кеткен бригада адамдарының ең соңында жаудың екі офи­це­рін, бес солдатын тұтқынға алып, айдап келеді. Фрицтердің көз қара­сынан үрей ұшқыны анық байқалады. Коротченко түнгі айқасты басқарған офицерден партизандарға шабуыл жасаған бөлімдердің Смоленск, Брянск, Могилев қалаларынан шығып, осы орманды бүтіндей қоршап, партизандарды жою мақса­ тымен келгенін анықтады. Сөйтіп Витяның кешегі барлау хабары анық болды. Коротченко жаудың көкейіндегі негізгі мақсатын жіті аңдап, қоршаудан шығып үлгергенше іштей қуанып келеді. «Егер біз дер кезінде жау торынан шығып үлгермесек, бізді бүтіндей жойып жібермегенімен, сорымызды әбден қайнатады екен. Оқ-дәрі тапшыланып қалды, үлкен жерден парашютпен қару-жарақ, оқ-дәрі, басқа да керекті зат­тарды тастатпайды. Жаралы адамдардың көптігі де біздің аяғымызды бай­лайды. Біз Костюковичи ауданының оңтүстігіндегі қалың орманға барып паналау

үшін, Кричев-Унеча темір жолынан өтуге тиіспіз. Бүгін күні бойы бел шешпей жүріп, ымырт жабыла сол орманға жетуге тиіспіз» – деген ойға келді ол. Бригада ертеңінде орман жолымен жүріп келіп, күзді күні арнайы дайындалған жертөлелеріне орналасты. Коротченко жан-жаққа барлаушылар құрамын аттандырды. Сол күнгі қалың жауған қардан соқпақ жолдар бітеліп қалды. Коротченко штаб орналасқан жер­ төленің алдындағы бұтағын кең жайған қарағайдың түбінде, мұздақ шалған мұртын сипалап тұрып, үстеріне жабысқан қарды қағып түсіріп жатқан партизандарға ризашылықпен көз жіберді. «Мұз жамылған меңіреу қарағай арасында жау қамалын бұзған ерлерім, қаншама қиыншылық көрсеңдер де, әлі мұқалмаған екенсіңдер!» деген ой оны жігер­лендіре түсті. Бір күні Коротченко Петяны шақырып, Краснополье қаласына Унечаға баратын тас жолдағы көпірді бұзуды тапсырды. Ол жердегі өзеннің ені онша жалпақ болмағанымен, екі жиегі шалшық батпақ. Көпірдің ұзындығы жүз елу метрдей. Ерсілі-қарсылы ағылып жатқан жүк тиелген машиналары, жау солдаттары түнде ғана сиректейтін. Көпірдің екі қапталында бекініске айналдырған. Петя өз ротасымен ымырт жабыла жорыққа аттанды. Қараңғыны қармалап түн ортасына дейін дем алмастан тоқтаусыз жүрді. Көп ұзамай олар табан астының был­қылдап, саздана бастайтынын байқады. Көштің алдында келе жатқан Петька артындағыларға: – Батпаққа жеттік. Байқаңдар, менің ізіммен жүріңдер. Батпаққа батып жазым болып кетпеңдер, – деп соңында өкшелеп келе жатқан жолдасына ескертті, – арттағыларға хабарлаңдар. Батпақ баяғыда артта қалған. Орман ішіндегі тастай боп даңғырап жатқан соқпақпен жүріп келеді. Бір кездегі лайсаңда арбаның дөңгелегінен қалған айқұш-ұйқыш іздер көрінеді. Дөңгелектердің іздерінің ара­сында жал-жал болып қалған батпақ жолағы бөренедей сіресіп жатыр. Мұндай кедір-бұдыры көп жолмен жүру азап шеккендей еді. Бірақ, амал жоқ, басқадай бұл маңда жол жоқ. Болған күнде, ол жолдар деревня-деревняны басып жүреді. Біреу болмаса біреу бұлардың бет алысын біліп қалады. Түні бойы бел шешпестен жүрген партзиандар самсаған ағаш арасы­ нан, көмескі аспан аясында қарайған бірдеңенің нобайын көргендей болды. Олар қанатын кең жайып, бірде жүгіріп, бірде еңбектеп жақындай түсті. Үшеуі ілгері қарай еңбектеп келеді. Алдында жазды күні орманшы­ лардың дем алатын жұмыр бөренеден салып, төбесіне тақтайдан шатыр орнатылған жалғыз бөлмелі үйі бар екен. Еденіне құрғақ шөп төселген. Петя сәл ойланып, қалтасындағы осы ауданның картасына қарады. – Біз орман шетіне жақындап қалдық. Таң атып, бозамықтанып келеді. Осы жерде аялдап, дем алайық. Алдымызда бес-алты үй хутор бар. Бүгін көпірді барлатып, жау бекіністерін білейік. Қаннен-қаперсіз отырмас. Күзет те күшті болар. Түнгі жүрістен шаршаған боларсыңдар. Бел шешіп дем алыңдар, – деп Петя күзетке тұратындардың кезегін атап-атап айтты да, автоматын жанына қойып жатып қалды.

Бұлар оянғанда, күн арқан бойы көтеріліп қалған еді. Петя жақын бұлаққа барып, бетін-қолын жуып келді де: – Витя, сен қасыңа екі адам алып, көпірді барлауға барасың. Өте сақ болыңдар, байқап жүріңдер. Көпірдің арғы бетіндегі деревняда полицай бөлімшесі бар, – деді. Витя тез жиналып қоштасып кетті. Петя зәулім қарағайдың түбінде ойға шомып отыр. Елді айнала қоршаған дүлей жау астан-кестен қылып, бәрін бұзып, өртеп кетті. Маңайдағы деревнялардан сау қалғаны жоқ. Деревня тұрғындарын баспанасынан да, паналайтын жерден де айырды, бала-шағасы, кемпір-шалы өртенген үйінің орнына күрке тігіп, сонда тұрып жатыр. Тіпті, екі деревняны тұрғындарымен қоса өртепті. Бұл не қылған айуандық! Күн сайын ажал құрсауында жүрген Петяның өмірге құштарлығы арта түсті. Петя сол тыныштық өмір мәңгі жеңу үшін бұрқанған жауды жеңуді мақсат етеді. Артта қалған бүлдіршіндей екі ұлының, сүйген жарының аман болуын тілеп, Петя өзі әскерге алынғанда әйелі мен балаларының, туған-туыстарының жылап қоштасқан даусын есіне түсіріп, көз алдына келтірді. Ол: «Менің аман-есен еліме қайтуым белгісіз. Қасарысқан жау оғы тиіп, өліп кеткендей болсам, ана екі ұлым менің жасамаған өмірімді жалғастырар. Солар аман болсын. Фашист әскері қансырауға айналды. Ста­линград түбінде біздің әскер фашистердің бір армиясын тұтқынға алды. Жеңіс алыс емес, жау қалтаңдады», – деп ойын түйді. Аспан да бұлтсыз. Маңайда қыбыр еткен жан жоқ. Партизандар әр ағаштың түбінде рақаттанып ұйқтап жа­тыр. Петя басын көтеріп, төңірегіне көз жіберді де, орнынан тұрып, автоматын иығына салып, күзеттегі екі жігіттің жанына барды. – Қалай, маңай тыныш па? – деді ол. – Тыныш сияқты, олай-бұлай жүрген жан көрінбейді. – Барлауға кеткен адамдардың қайта оралатын мезгілі жақындап қалған болар. Екеуің аз да болса мызғып алыңдар. – Командирді күзетке қоятын біз кімбіз? Естіген құлақтан ұят, – деп екеуі теріс айнала берді. – Бұйрықты орындаңдар, – деп Петя кесіп-пішіп бұйыра айтты. Үп еткен леп сезілмейді, ауа тымырсық. Күн дәл төбеге келген мезгіл. Орманның дымқыл әуесі де жылына бастады. Көп ұзамай бұраңдаған соқпақтың бір бұрылысынан сытырлаған дыбыс естілгендей болды. Петя үйеңкінің түбіне жата қалып, автоматын кезей түсіп, көз алмай қарады. Жолдың бұрылысынан күліп келе жатқан Витяның келбетін анық көрді. Петя іштей: «Е, жолымыз болады екен. Витя көңілді ғой, – деп орнынан тұрды. – Иә, жігіттер, не хабар әкелдіңдер? Баяндаңдар. – Біздің білген хабарымыз жақсылыққа бастауға тиіс. Біз көпірге жақындап, орман шетіндегі зәулім қарағайға шығып, дүрбімен көпірдің екі қапталындағы жау бекінісін, күзетшілердің жүрген-тұрғанын ұзақ уақыт бақыладық. Көпірдің екі жағында да дзот бар. Оны анық көрдік. Шамамен

жиырма-отыз солдат күзететін сияқты. Орман сілемі көпірге жақындап барып бітеді екен. Орманның жиегіндегі ағаштарды жалпақтығы жүз метрдей етіп, отап тастапты. Ағаш басынан түсіп, сол маңайды байқап шықтық. Орманда саңырауқұлақ теріп жүрген екі қыз кездесті. – Олардың аты-жөнін білесің бе? – Біреуі Ася, екіншісі Нина. Ол екі қызды сіз де білесіз. Өткен жолы біз темір жолға шабуыл жасағанда, жол керсетіп бірге барғаны қайда? – Е, ана бір екі жас қыз екен ғой, – деп Петя есіне түсірді. Витя көпір маңындағы көрген-білгендерін толық айтты. Ася мен Нина ол көпірден талай рет өткен екен, бұлардың көргендерінің бәрін анық­тап, айтып бергенін де Петяға баяндады. – Ымырт жабыла жүреміз. Сендер тамақтаныңдар да, дем алыңдар, – деп Петя әр ағаштың түбінде бытырап, ұйқтап жатқан адамдарды оятты. Партизандар Петяны алқа-қотан қоршай отырды. Әр біреуінің алдына жеке-жеке міндет қойды. Көпірге тол қойып, от жағатын Сергейге жарылғыш заттарын әбден тексеріп шығуды тапсырды. Көпірге от қойысымен кейін шегінуге белгі берілетінін түсіндірді. Арқалап жүрген артық заттары болса, белгілі бір жерге тығып кетуді тапсырды. Тапсырманы орындаған соң жиналатын жеріміз де осы жер деп түсін­дірді. Соғыстың аты соғыс, кім білсін, біреу-міреу шашау шыққандай болса, ол жақтан біздің ізімізді іздеп шарқ ұрғанша, осы жерге келетін жолды бағдарлап алыңдар деп, партизандарға түсіндірді. – Енді тамақтарыңды ішіп, жолға шығуға дайындалыңдар, – деп Петя қалтасындағы картаны алып, жүретін жолды, орманның бітетін жерін тағы бір байыпты түрде қарап шықты. Партизанда жүрген кез, әсіресе, алғашқы жылдары партизандар­дың қай-қайсысына болмасын ауыр тиді. Қызыл Армияның жеңістерін күн сайын радиодан естіп, партизандардың тынысы кеңіп, денесі жады­рап сала бе­ретін. Бүгін Петяның да көңілі көтеріңкі. Ол: «Бүгінгі шайқаста да жеңіске жететініміз көңілімде сайрап-ақ тұр. Кім білсін, қарсыласымыз оңай қолға түсетін жау емес. Тапсырманы орындап, мына бүлдіршіндей жас жігіттердің бірін де шығынға ұшыратпай алып шықсам, менің де арма­ным орындалған болар еді», – деп ойлады. Петя етпетінен түсіп қатты ұйқыда жатқан Витяны оятып: – Ымырт жабылуға айналды. Жолға шығатын мезгіл жетті. Оят жігіттерді, Тезірек жиналып жүретін болайық. – Қазір, – деп Витя жүгіре басып, әр жерде шашылып қатты ұйқыда жатқан жігіттердің бір бөлігін оятып жаны қалмай жүр. Витя жиырманың үстіне енді ғана шыққан, уыздай жас. Тапсырма орындауға келгенде ұршықтай үйірілетін пысық, шымыр, ер жүрек жігіт. Оның мұңайып, ренжіп жүргенін көрмейсің. Әр уақытта көңілді, елді де күлдіріп, үлкенмен де, құрбыларымен де қалжыңдасып жүре береді. Рота үш топқа бөлінді. Бір топ көпірдің оң жақ қанатынан, екінші топ сол жақ қанатынан шабуыл жасайтын болды. Ортадан тол қойып, көпірді бұзатын топты Сергей басқарады.

Петя басқарған бөлімше соқпақ жолға түсіп, түн қараңғысын жамы­ лып жүріп кетті. Суыт жүріспен, олар орман жиегіне шықты. Қас қарайысымен ашық аспанды өркеш-өркеш шұбатылған қара бұлт басты. Сіркіреп жаңбыр жауа бастады. Байтақ қалың орман қарауы­ тып, қараңғылыққа бөленді. «Көзге түртсе көрінбейтін қараңғы түн партизандарға жан жолдасындай болады. Жауға жақындай түсуге жақсыақ» деп Петя іштей қуанды. Рота орман жиегін жағалап, көпірдің өкпе тұсына жетті. Ағаш бұтақтарымен астасқан, жер бауырлаған қара бұлт енді нөсерлете құйды. Партизандар көпірге таяқ тастам жерге кел­генде Витя орнынан тұрып, қолындағы бір топ гранатаны лақтырып, дзот­ тың алдыңғы жағындағы тесігін жауып тастағаны басқа партизан­дардың шабуылға шығуына жол ашты. Жан-жақтан оқ атылып, көпір маңы азан-қазан болды да кетті. Көп ұзамай Сергей басқарған бөлімше кө­ пірдің астыңғы тіреуіне бір қап тол байлап, шнурға от қойды. Көпір дің­ге­ гіндегі тол жарылғанда, жер қыртысы дір ете қалды. Көпір ортан белінен опырылып түсті. Осы кезде жау солдаттары кейін шегінуге мәжбүр болды. Қараңғы түнді жамылып, алыстан атып жатты. «Қайтыңдар!» деген белгі берілді. Жұрт жалма-жан кейін қайтты. Тапсырманы толық орындаған партизандар орман ішіндегі ағаш үйге оралды. Сыртта тұрып Петя адамдарды бір-бірлеп түгендей бастады. Үш кісі жоқ болып шықты. – Витя, сен қасыңа екі-үш адам ал да, іздеп кел. Витя батпақ кешіп, орман шетіне жете бергенде, ыңқылдаған адам дауысы естілгендей болды. «Жаралы кісінің ыңқылы» деп Витя жөнелді. Жараланған Николай екен. Оқ оның сол аяғына тиіпті. Жүре ал­май­ды. Оны көтереміз деп екі жігіт әбден мысы құрып, шаршаған. Витя үс­тіндегі плащ-палаткасын шешіп, жерге жайды да, төрт кісі төрт бұры­шынан көтеріп Николайды алып келіп, үйдің ортасына жатқызды. Дәрігер Николайдың киімін шешіп жарасын байлады. Петя бұдан кейін де талай қатерлі де жауапты тапсырмаларды орын­ дап, партизандар арасында аты кеңінен тарап кетті. Несін айтасың, ер жігіт еді ғой ол. Поезд алдыға қарай тоқтаусыз зымырап келеді. Менің терең ойға шомғанымды көрген екі жігіт те үнсіз қалыпты. Бір кезде Петяның фамилиясы менің ойыма орала кетті. Афанасьев! Мен енді бағанадан бері бойымды баураған ойды ысырып тастап, екі жігітке бұрылдым. – Мен Петькамен бірге болған кездерімді есіме түсірдім. Соғысқа дейін ол кім болып қызмет еткен еді? – Шофер болған. – Фамилиясын тағы қайталап айтыңыздаршы. – Афанасьев Петр Иванович. – Ол партия мүшесі ме еді? – Иә, қалтасында қызыл билеті болатын. Оны біз анық білеміз. – Петька өмірге өте құштар, ер жігіт еді. – Сіздің білетін Петькаңыз біздің әкеміз болуы мүмкін, – деп екі жігіттің бетіне қан жүгіріп, күлімсірегендей болды. Бірақ екеуінің де,

көз қарастарынан іштей күдіктенген нышан байқалады. Әрине, олардың күдігі маған түсінікті. Әкелерін қырық жыл іздеп, кездейсоқ, кенеттен кездес­кен адамның Петька деген партизан болды дегеніне сеніп, сол біздің әкеміз деу қиын ғой. Дегенмен маған жылы шыраймен, үлкен үмітпен қара­ған бет келбеттері әлі өзгерген жоқ сияқты. – Жаңағы мен көрген суреттегі әкелеріңнің дәл маңдайында қарай­­ған нүкте бар сияқты ма қалай? – Маңдайында бармақтай меңі болатын, – деді екеуі жарыса сөйлеп. – Бағанадан бері мен білетін Петьканың аты-жөнін ойлап таптым. Ол да, Петр Иванович Афанасьев бола­тын. Бірге жүргенде айтқан, сырлас­ қан кездерімді көз алдыма келтірдім. Партизандарда жүргендегі ерлігін де есіме түсірдім, – деп есімдегі оқиғалардың бәр-бәрін екі жігітке бір де бірін қалдырмастан айтып бердім. – Сіздің білетін Петька біздің әкеміз, – деп екеуі менің мойнымнан құшақтап, бетімнен сүйіп, қуаныш сезіміне бөленіп, ризалығын білдірді. – Аты-жөндеріңді айтыңдаршы, мен оны сұрамаппын ғой. – Мен, Павел Петрович Афанасьев, мынау Алексей Петрович Афанасьев,— деп арық жігіт аты-жөнін айтты. – Қайда қызмет істейсіздер? – Екеуміз де әкеміздің жолын қуып, шофер болып істейміз. Бала кезімізде әкеміз машинаның кабинасына отырғызып көп серуендетуші еді, содан болу керек, ма­шина айдауды жақсы көреміз. – Қызметтерің жақсы екен, – дедім де, мен екі жігітке ризалық сезімімді білдірдім. – Әкеміздің қабірін таба аламыз ба? – Әрине, ол деревня Костюковичиден 35–40 шақырым шамасы болуға тиіс. Басында маған сенерін де, сенбесін де білмей аңырып отырған екі жігіттің иланғанына мен де қуандым. Соғыста қаза болған досымның екі ұлын көріп, оның өзін көргендей қуаныш сезімі көңілімді көтеріп тастады. Біз ұзын сонар әңгіменің қызығына түсіп, поездың Костюко­вичи қаласына жеткенін де байқамай қалыппыз. – Костюковичиге келдік, – деп вагондағы адамдардың бірсыпы­расы есікке қарай ұмтылды. Қасымдағы екі жігітке еріп мен де вагонның есігіне қарай жүрдім. Поезд баяу жүріспен келіп, ыңырана түсіп тоқтады. Біз далаға шықтық. Күн шайдай ашық. Күннің көзі бізді ақ пейілімен қарсы алғандай жылы нұрын төгіп тұр. «Бүгін күн жылы екен» деймін өзіме-өзім. Біз вокзалға қарай жүрдік. Алдымыздан көзілдірік киген инабатты жас жігіт қарсы жолықты: – Сіз Шәріповсіз бе? – Иә, – деп қол беріп амандастым. – Мен аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің мең­геру­ шісімін. Сізді қарсы алуға келдім, – деп, менің қолымдағы шамада­ным­ды

алып, вокзалдың оң жақ өңіріндегі жолмен көшеге қарай бастады. Әлгі екі жігітті таныстырдым. Вокзал алдында ��������������������������������������������������� тұрған жеңіл машинаға мініп, мейманханаға қарай ��� ас­ фальт төселген жолмен жүріп келеміз. Әлгі жас жігіт бізге көше бойын­ дағы жалғыз қабат партизан музейін, қалалық универмагты, байла­ныс үйін, аудандық партия комитетінің кеңсесін, тұрғын үйлерді көрсетіп, таныстырып келеді. Көп ұзамай-ақ жеңіл машина екі қабат үйдің ал­дына тоқтады. – Мейманхана осы үй, – деді бізді қарсы алған жігіт. Маған жеке бөлме дайындаған екен. Шамаданым­ды қойып, есік алдына шығып, аз уақыт болса �������������������������������������� да, ауа ������������������������������ жұтқым келді. Оның үстіне ���� бай­ ланыс үйіне барып, Алматыдағы үй ішіме аман-есен жеткенім жөнінде теле­грамма бергім келді. Жолдың шетімен келе жаттым. Аласапы­ран соғыс кезінде бірге соғысқан, қанды көйлек жолдастарымның осын­да келгендерімен кездесу мен үшін өте бір көңілді шақ болуға тиіс деген ой бойымды баурап, ұзақ үнсіз жүрдім, Мейманханаға кірсем кешегі Отан соғысы кезінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір тілім нанды бөліп жеген жолдас­ тарымның бірнешеуі алдымнан шыға келді. Кемероводан Обросимов Василий Николаевич, Витевскіден Коротченко Капиталина Петров­ на, Смоленскіден Лиховцов Алексей Михайлович, Добровольский Владимир Павлович, оның бізбен бірге партизанда болған әйелі Шура, Белоруссияның Темный орман станциясынан ерлі-зайыпты Набебина Лидия Ва­сильевна, Никитенко Илья Фролович, Москвадан Вол­ ков Анатолий Афанасьевич, Куйбышевтен Селезнев, тағы да басқа жолдастарым келген екен. Әрине, бұлармен тосыннан кездессем танымай қалуым да ғажап емес. Өйткені олардың бәрі де, мен сияқты жасы біразға келген, бүтіндей өзгеріп кеткен. Тек қана партизан кезіндегі жалған аттарын айтқанда ғана тани кетесің. Олармен жолығып, бірімізді-біріміз құшақтап, у-шу болдық та қалдық. Біздің кездеспегенімізге қырық жыл шамасы мезгіл болған екен. Онан бері қаншама уақыт өтті. Қаншама су ағып кетті. Соғыстың сұрапыл дауылында, күркіреген зеңбірек зілзаласында, оқ пен оттың ішінде өткен қайран біздің жастық шақ! Соғысқа аттанған жүздеген мың жігіттер бүлдіршіндей жайнаған жас еді-ау. Олардың көбі сол мәңгі жас қалпында қара жердің астында қалды. Қан майданда қыршынынан қиылды. Иә, тірі қалған біздер оларды еш уақытта да ұмытпақ емеспіз. Міне, біз тірі қалғандар бүгін кездесіп тұрмыз. Екі мыңнан астам партизан Қызыл әскерге қосылған едік, солардан қазір жер басып, тірі жүргені не бәрі 70–80 ғана адам екен. Тірі жүрген біздер, олар­ ды өмір бойы ұмытуға тиіс емеспіз, Жол соқты болып, шаршап келсек те, түні бойы партизан кезіміздегі көрген азабымызды, жаумен бетпе-бет шайқасқан кездерімізді, кейінгі жылдары бастан өткерген оқиғаларды еске алып, жақсының жақсы­ лығын, ердің ерлігін, аузынан суы құрып суреттеп жатқан жұртты көрсеңіз көңілің толып, жолдастарыңа дән риза боласың. Біздің әңгіме­міздің

көбі жау дзотының оқ боратқан өңешін өз кеудесімен жауып, Отан үшін құрбан болған батыр жандарды, фашистердің алыс тылында ғажайып жанқиярлық ерлік көрсеткен жандарды құрмет тұтып, еске алу болды. Елімізді қорғап қалғандардардың қаһармандығы мен шексіз батырлығын, керек жерінде Отан үшін, Петр Иванович Афанасьев сияқты, өз өмірін қиған ерлігін мақтаныш етіп әңгімеледік. Бейбіт жатқан елімізге кенеттен шабуыл жасаған жат ел әскерінің жергілікті тұрғындарға жасаған айуандығы мен зұлымдығын айтқанда бойымызды ыза мен кек кернеді. – Фашист әскері мейірімсіз жауыз жыртқыш еді ғой. Деревня тұрғын­ дарын жанып жатқан отқа тастап, өртегенін де көрдік. Жас бөбек­ тердің қандай жазығы бар еді. Бір деревняда жиырма шақты бөбек­терді шешелерімен сарайға қамап өртегені есіме түссе, менің жүрегім осы күнге дейін найза шанышқандай дір ете қалады, – деп, белорус халқының батыр қызы, партизан-автоматшы, қазір жас жеткіншектерді тәрбиелеп жүрген мектеп мұғалімі Лидия Набебина көзіне іркілген жасын қол ора­ма­лымен сүртті де, сөзін жалғастырды, – сол күнгі жас балалардың «Мама» деп шыңғырып жылаған ащы үні құлағыма әлі күнге дейін естіліп тұр­ғандай сезінемін. Лидия осыны айтып, жүрегі қан жұтқан жаралы адамша дір ете түскендей болды. Қабағы жауар күндей түнеріп кетті. – Ондай жауыздықтың талайын көрдік қой, – дейді менің жаным­ да отырған бұрынғы барлаушылар тобының бастығы Алеша анда-санда көзін сүртіп қойып. – Таң сызып келеді. Ертең де уақыт бар ғой. Жа­тып дем алайық, – де­ дім мен. Жұрт тарай бастады. Мен ертерек тұрып, терезеге қарадым. Күн нұрланып көтеріліп келеді. Беті-қолымды жуып, киімімді кидім де, таңертеңгі салқын ауаға шықтым. Мейманхананың алдындағы алақандай алаңды айналып жүрдім. Таңғы шапақ жан-дүниеңді жадыратып, арай шуағын төгіп тұр. Мен соғыста апатқа ұшыраған Петьканы та­ғы да көз алдыма келтіріп, автоматын иығына асынып, ерсілі-қарсылы жүрген кездерін, жауға қарсы атылған оқтай жүгіріп бара жатқанын, қайтыс болған күнгі, оның рота партизандарын шабуылға шақырғанын, қолындағы ������� автома­ тын ������������������������������������������������������������� кезеніп, бірнеше жау жендеттерін жер жастандырғанын, �������� атой са­ лып, жау бекі­нісіне бетпе-бет келген шағын дәл сол кезде оқ тиіп құлап түскенін есіме алдым. Бір кезде мейманхананың есігі сықырлай ашылды. Мен жалт қара­дым. Афанасьевтің екі ұлы екен. Олар мені көріп, аяқтарын тез басып, қасыма келді. – Сіз ерте тұрған екенсіз. Бөлмеңізге барған едік. Есігі жабулы, ар жағынан ешқандай жауап дыбыс болмаған соң, сізді әлі ұйықтап жатқан болар десек, мұнда жүр екенсіз ғой. Таңертеңгі тамақ ішетін мезгіл болды. Жүріңіз, асханаға баралық. – Сағат сегіз болыпты, – дедім мен сағатыма қарап.

Біз тамақ ішіп болысымен аудандық партия комитетінің кеңесіне бардық. Великий Бор деревнясына апаратын машинаны тосып көшенің оң жағындағы шағын алаңдағы орындыққа барып отырдық. Афанасьевтің ұлдары жерге қарап, терең ойға сүңгіп кеткенге ұқсайды. Олардың екі ойлы жағдайда отырғаны көз қарастарынан белгілі болып тұр. Әке қабірін таба аламыз ба, жоқ па? Тым болмаса, жатқан жерін көріп, �������� басы���� мыз­ ды иіп, тәжім етсек арманымыз болмас еді. Сонау Горький қаласында жүріп, қырық жыл бойы іздеген әкеміздің басына белгі қойып қайтсақ қой шіркін! Мына кісі әкемді жерлеген деревняны, жатқан жерін анық білемін, деп сендіріп отыр. Босқа сандалмасақ жарар еді. Ел-жұртымызға әкеміздің қабірін таптық, басына белгі қойдық деп барсақ, ондағы туғантуыстарымыз, жора-жолдастарымыз да қуанар еді. Деревнядағы өсек-аяң да су сепкендей тыйылар. Үмітіміз орындалар», – дегендей екеуі бірінебірі қарайды. Қалың ойды серпіп тастаған олар орындарынан тұрып, қалталарынан шылым алып тартты. Мен екеуінің отырған-тұрғанын байқап, олардың күдігін сезгендей болдым. – Күдіктенбеңіздер, әкелеріңнің қабірін табамыз, – дедім мен. – Оныңызға біз сенеміз, – деп екеуі қатарласа жауап берді. Екеуінің жүрек дүрсілі маған естіліп тұрғандай сезілді. Бұлардың екі ойлы болып тұрғаны да түсінікті. Жасы елуді еңсерген, арықша келген, жауырыны еңкіш Петяның кіші ұлы Павел Петрович тұнық көзімен самарқау сүзіле қарайды. – Машина келді. Жүріңіздер. Осы көшенің бойында тұратын Елисенко Анастасия Максимовнаны ала кетелік. Ол кісі соғыс кезінде сол деревняда тұрып, партизандарды дәрі-дәрмекпен, жара байлайтын аспаптармен қамтамасыз еткен. Петр Ивановичпен бірнеше рет кездескен көрінеді. Оны жақсы білетін сияқты, – деді Костюковичидегі партизан музейінің директоры, запастағы майор Владимир Романович Ламинский. – Сіз де бізбен барасыз ба? – дедім. – Иә, сіздерге жол көрсететін біреу керек болар, – деп ол жымың етіп, бізге қарады. – Әрине, сіздің барғаныңыз біз үшін өте қажет. Жеңіл машина оқтай түзу асфальт жолмен ағызып келеді: Жолдың екі қапталы қалың орманмен көмкерілген. Анда-санда теңіз айдынындағы шағын аралдай егін егілген алаң кездеседі. Біріне-бірі іргелес орналасқан деревнялардың үстін басып өтіп, көп ұзамай Белынковичи станциясына жақындап қалдық. – Анау, сол жақтағы көрінген соғыс кезінде сіздер бұзған темір жол көпірі, – деп Владимир Романович қолын сілтеп қалды. – Е, ол көпір бізге таныс, – дедім мен. – Беседь өзені осы, – деді тас жол көпірінен өтіп бара жатқанда. Біздің алдымызда төрт-бес күн бұрын, үш тәулік бойы қар араласқан нөсер жаңбыр жауып, Беседь өзенінің суы арнасынан шығып, шабын­ дыққа жайылып кеткен екен. Қазір өзен сабасына түсіп, шабындық­ тың арасында иірім-иірім көлшіктер жылтырап көрінеді. Біз Белынко­

вичи стан­циясының қақ ортасына келіп, оң жаққа қарай бұрылдық. Стан­циядан шығысымен ну қарағайлы орман басталады. Жыландай ирелеңдеген жолды машинаның табаны жаңбырлы күндері қазып-қазып кеткен. Асфальттағыдай екпін жоқ. Шоқырақтаған машинаның жүрісі өнер емес. Жолдың кейбір жерлерінде, шалшық су жылтырап жатыр. Ол аралдардан машинамыз ыңыранып әзер өтеді. Бір мезгілде көлбең­деген орман арасынан суырылып жалпақ алаңға шықтық. Жолдың екі жиегіне егілген қара бидай әжептәуір бой көтеріп, самал желмен теңіздей толқып тұр. Егістіктің жан-жағы қоршаулы. Тегінде, мал түспесін де­гені болуға тиіс. Деревняға жақындап қалғанымызды осыдан сездім. Алаңнан өтіп, орманға тағы сүңгіп кеттік. Бір мезгілде, ойлы-шұңқырлы жолда машина шоқырақтап тағы бір үлкен алаңға шықты. Жолдың оң жағында қайқиғанқайқиған мүйізді сиырлар жайылып жүр. Алдымызда ығы-жығы деревня үйлері көрінді. – Великий Борға ұқсайтын сияқты, – деп мен Ламинскийге қарадым. – Сіз ұмытпаған екенсіз. Дәл осы деревня. Деревняға жақындаған сайын, машина жүрісін жеделдете түсті. Біз деревняның күншығыс шетіне келгенде, сол жағымыздан зират көрінді. – Тоқтаңыз, – дедім машина айдаушыға. Бәріміз жапа-тармағай машинадан түстік. Мен маңайды көзбен шолып өттім. Деревняның арғы бетінен қалың орман басталады. Көше­ нің оң жағы тұрғын үйлер. Сол жағы кереге тақтаймен қоршалған зират. Көшеде қыбыр еткен жан байқалмайды. Тек бір үйдің жанында әлде­кім ағаш жарып жатыр. Ұзын көшенің бойы ығы-жығы үйлер. Баяғы соғыс кезіндегі өзіміз білетін үйлерге ұқсайды. Ақырын басып зиратқа бардық. Петр Иванович Афанасьевтің қабірі сыртқы қоршаудың ең бұрышында болатын. Сол жерді тез тауып алдық. – Мына қабір – Петянің қабірі, – деп екі жігітке қарадым. – Әрине, қабір басында ешқандай жазу жоқ, бірақ осы жерге қойғанымызды жақсы білемін, – дедім. Афанасьевтің екі ұлы қабірдің жанында сілейіп тұрып қалды. Қабір­ ден көз айырмайды. Екі жігіт көздерінде іркілген жасты қол орамалымен әлсін-әлсін сүртіп қойып, безгек тиген адамша еріндері дір-дір етеді. Ішбауыры үзіліп кететіндей мүлгіп қалыпты. Біз үнсіз тұрмыз. Көшенің арғы бетіндегі бір үйдің есігі сықырлап ашылып, іштен бір әйел шықты. Қорымның арасындағы топталған адамдарды көріп, қолындағы күрегін үйдің іргесіне сүйей салып, ол маңмаң басып, бізге қарай жүрді. Қасымызға жақын келіп, жылы шырай­мен амандасты. – Сіздер не іздеп жүрсіздер? – Афанасьев Петр Ивановичтің қабірін іздеп жүрміз, – деді кіші ұлы Павел Петрович дірілдеген үнмен. – Мына алдыңыздағы Петяның қабірі, – деді. – Оны сіз қайдан білесіз?

– Қырық жыл бойы үй ішімізбен, осы қабірді бағып-күтіп жүрміз. Байғұстың бала-шағасы, туған-туысқаны, оның қаза болғанын білмейтін болар. Егер білсе баяғыда біреу-міреу іздеп келер еді, – деп әйел көзіне іркілген жасын көйлегінің жеңімен сүртті. Екі жігіт абыржи бастады. Езу тартып, қуаныш сезімін білдіргілері келсе де, ішкі күдік жібермейтін тәрізді. Екеуі де сенер-сенбес күйде қолдарын қусырып, жансыз адамдай серейіп-серейіп тұр. «Бұларды қалай сендіреміз, әлде, Петьканы білетін осы деревняда тағы да біреулер кездеспес пе?» деген ойға келдім. Дел-сал болып тұрғанымызда тағы бір әйел келді. Бізбен асты-үстімізге түсіп амандасты да: – Мен осындағы мектептің директорымын. Аудандық партия комитетінен телефон соққан еді. Сізбен кездесуге, мектеп балалары тосып отыр, – деді. – Кездесеміз. Мына қабірдің кімдікі екенін, мүмкін, сіз білесіз бе? – Білмеймін, менің осы деревняға қызметке келгеніме үш-төрт-ақ жыл болды. Мен қабір басында мұңайып тұрған екі жігітке қарадым. Олардың жүзінен иланған нышан сезілер емес. Мектепке барып, оқушылармен кездесіп, бейітке қайта соғуды мақұл көрдім. – Жүріңіздер, мектепке баралық, – деп бәріміз жапа-тармағай машинаға мініп жүріп кеттік. Мектеп алдындағы алаңға жоғары кластың оқушылары түгел жиналған екен. Олардың ішінде деревня тұрғындары, мектеп мұғалімдері де отыр. Соғыс кезіндегі партизандардың ерлік істерін қысқа-қысқа айттым да, Афанасьев туралы білетінімді, оның екі ұлының әке қабірін іздеп келгенін айтып бердім. Байқаймын, жас жеткіншектердің көздеріне жас іркіліп қалыпты. Әрине, бұлай болуы заңды да. Соғыс кезінде көбінің атаәжелерінің жау қолынан қаза тапқанын біз жақсы білеміз. Мен сөзімді бітірген соң, жоғарғы кластың бір баласы сөйледі. – Соғыс кезінде гитлершілер біздің деревняның бір үйін қалдырмай өртеп кеткенін үлкендердің айтуынан біз жақсы білеміз. Менің атам мен әжемді жанған отқа тастап, өртеп жіберіпті. Әкем мен шешем ол кезде жас бала екен. Орманға тығылып, аман қалыпты. Жеріміз жаудан босасымен деревня тұрғындарының өздері салып алған үйлерді көріп тұрсыздар. Партизандардың ерлік істерін бізге баяндап бергеніңізге үлкен рақметімізді айтамыз. Біз, жас жеткіншектер, оқуды жақсы оқып, келешекте Отанымызға адал қызмет етеміз деп, сіздерге уәде береміз, – деп сөзін бітірді. Отырған адамдардың ортасынан қолын көтеріп бір әйел бері шығып: – Мен бір-екі ауыз сөз айтайын, – деп біз отырған жерге келді. – Бағанадан бері мен сізге қарап, біреуге ұқсатып отырмын. Сіз партизан Саша болуыңыз керек. Біз көргенде арық жігіт едіңіз, – деді ол. – Иә, мен сол Сашамын. Ол менімен құшақтасып амандасып. Мен оны қайдан көрдім деп көп ойландым, бірақ есіме түсіре алмадым. «Босқа ойлап басымды

қатырғанша, өзінен сұрайын», – деп, балалар тарқап жатқанда, қасына жақын келіп: – Сізді қайдан көрдім деп, есіме түсіре алмай тұрмын, – дедім. – Мен соғыстан бір жыл бұрын педтехникумды бітіріп, Белынковичи станциясындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет істедім. Сол поселкенің ең шетіндегі бір үйде тұрғанмын. Соғыс басталысымен осы деревнядағы әке-шешемнің үйіне қайтып келгенмін. Бір күні қасыңызда төрт-бес жігіт бар, біздің үйге келдіңіз. Тамақтанып отырғанда сіз маған: «Станцияға қайтыңыз. Бізге станциядағы жаудың аяқ басқанын хабарлап тұрасыз. Пароліңіз «қарлығаш, ал қосымшасы орман қожасы» – дегеніңізді ұмыттыңыз ба? Тапсырма өте қауіпті болғандықтан ойланып отырып, келіскен едім ғой. Жолығатын уақытымыз әр аптадағы сәрсенбі болатын. Мен сол күннен бастап, станцияға қайтып кеткенмін. Оны сіз жақсы білесіз. Апрель айы болу керек. Сәрсенбі күніне қараған түнде, менің жатқан бөлмемнің терезесін біреу ақырын тықылдатты. Артынша «Қораға шық» деген дауысын естідім. «Сен кімсің?» дегенімде, парольді анық айтты. Есік алдына шықсам, екі-үш партизан тұр екен. Біреуі Витя деген жас жігіт. Алғаш көрген кісіме сенімсіз көзбен қарадым да, парольді анық айтып тұрған соң, мен оларға сендім. – Тапсырмаларыңды айта беріңдер. Далада ұзақ тұруға болмайды. Осыдан үш көше жердегі бұрынғы мүгедек қарттардың жатақханасында гитлершілердің бір ротасы тұрады, – дедім. Витя менің құлағыма сыбырлап: «Беседь өзеніндегі темір жол көпіріндегі бекіністерді, күзетші жау солдаттарының санын, мина қойылған жер мен сым тартылған аумақты жеті күннің ішінде біліп бересің», – деп тапсырма берді де, олар үйдің жанындағы орманға кіріп кетті. Жау күзетшілері бірде-бір жергілікті тұрғындарды көпірдің маңайына жолатпайтын. Мен екі тәулік бойы көпірге барудың амалын ойладым. Есіме солдаттардың «яйка, яйка» – деп бүкіл поселкені қыдырып жүретіні түсті. Өзіміздің деревняға барып, бір шелек жұмыртқа алып келдім де, шелегімді көтеріп, тас жолдың көпірінен өтіп, темір жол көпіріне жақындап бардым. Алдымнан ерігіп отырған екі-үш солдат қарсы шықты. Шелек толы жұмыртқаны көріп, олар қуанып қалды. «Яйка, яйка» – деді, көпір басындағы жолдастарына айғайлап. Олар келсін деген болу керек. Менің қолымдағы шелекті көтеріп, өзімді қолтықтап көпірдің оң жақ шетіне шығарды. Біреуі аздап орыс тілін біледі екен. «Сатуға әкелдің бе? Жоқ болмаса, ақшасыз бересің бе?» — деп сұрады. Мен ұрланып, маңайдың бәрін шолып шықтым. Менің көзімнен таса қалған жау бекінісі де, адам саны да болмады. Шелектегі жұмыртқаны алып кеткен екеуүшеуі бос шелекті ұстап, тез оралды. Семізшелеу, жалпақ бет неміс: «Саған беретін бізде ақша жоқ. Тез кейін кет» – деп станция жақты нұсқады. Маған керегінің өзі сол еді. «Қазір келетін поезд жоқ», – деп мені бұ­рын станция басында көріп жүрген бір-екі солдат темір жол көпірінен өзеннің сол жақ жағалауына шығарып салды. Келесі сәрсенбі күні Витяға еріп сіз келдіңіз. Мен көпірде көргенімді сіздерге қағаз бетіне түсіріп, кейбіреуін ауызша айтып түсіндірген

едім. Одан соң бірнеше рет сізбен осы деревнядағы әкемнің үйінде жолыққанбыз. Енді есіңізге түскен болар. Атым Флора Петряк. – Сенгенде қандай. Сіздің ол кездегі жүзіңізді есіме енді түсірдім. Сіз Петьканы білетін бе едіңіз? – Жоқ, ол кісіні көрген емеспін. Бірақ осы деревняның тұрғын­да­ рының айтуына қарағанда, оның денесі осы араның қорымына жерлен­ ген көрінеді. Біздің Флорамен әңгімемізді тыңдап тұрған бір шал: – Бейіттің қарсы алдында тұратын Аня жақсы білетін еді. Сонан неге сұрамадыңыздар? – деді. – Сұрадық. Бірақ, Афанасьевтің қабірі сол ма, ол емес пе? Күдіктеніп тұрмыз, – деді Павел Петрович. Біз машинаға мініп, зиратқа қайта бардық. Машинаның соңынан жаяу-жалпы бір топ адамдар келді. Ішінде Флора бар. Бағанағы бір әйел әлі зираттан кетпей, айналсоқтап жүр. Біз қабірдің басына қайта бардық. Мен сәл ойланып тұрдым да: – Мен Петьканың қабірін қазысып, жерлегендердің бірімін. Сендер күдіктенуді қойыңдар. Оның қабірі осы, – деп кесіп-пішіп сендіре айттым. Екі ұлының сенбесіне шарасы болмады. Павел мен Алексей тізерлеп отыра кетті. Үнсіз жатқан қабірді құшақтап: «Біз сіздің ұлыңызбыз, әке сіздің осы жерде жатқаныңызды енді ғана білдік. Шешем байғұс тым болмаса, қабіріңізді көре алмай арманда кетті-ау», деп қабірдің топырағын қос қолдап уыстап жылады. Айнала қоршап тұрған адамдардың сай-сүйегі сырқырады. Ең алғаш келген әйел көз жасын көйлегінің жеңімен сүртіп, менен көз алмай қарады да: – Сен Саша емессің бе? Көзің соған келеді, – деді. – Иә, партизан Саша мен боламын, – дедім. Әйел бас салып, мойнымнан құшақтап, бетімнен сүйіп жатып: – Есіңде бар ма? Сендер төрт-бес жігіт таң бозында борап тұрған жау оғына қарамастан жер бауырлап, қабір қазып жатқандарыңда қаста­рыңа келіп, Петьканың қаза болғанын көріп еңіреп жыламап па едім? Мен ол кезде он бесте болатынмын. Енді есіңе түсті ме? Петяның қабірін осы уақытқа дейін ұмытпай жүргеніңе таң қаламын. Мынау сол Петяның қабірі ғой, – деп ол менің сөзімді тағы қостады. – Сенің атыңды ұмытып қалыппын, өзің айтып жіберші. – Сендер Аня дейтінсіңдер. Менің шын атым Анна Федоровна Мелихова. Соғыс бітісімен осы колхозда жұмыс істедім. Қазір пенсияға шықтым. Алты балам бар: үшеуі ұл, үшеуі қыз. Петьканың екі ұлы естерін жинап, қабірдің маңайын жинас­ тырды. Көгілдір шөпті шым қазып әкеліп сыртын көмкерді. Көрші үй­ дегі ағаш шеберін шақырып, қабірдің айналасын торлаған шарбақпен қоршатты. Басына уақытша ескерткіш қойды. Аты-жөнін жазды. Павел Петрович бізге:

– Горькийдегі бір заводқа ескерткіш құйдырып, келесі жылы, ал егер үлгерсек биыл күзде әкеліп орнатамыз, – деді. – Әкелеріңнің алдындағы ең соңғы борыштарың ғой. Оларың әбден дұрыс болады, – деді тұрған жұрт. – Әкеміздің қабірі табылғандай болса деп, туған жерінің топырағын ала келген едік, – деп Павел мен Алексей орамалға түйілген бір уыс қара топырақты әкесінің қабірінің үстіне септі. Петьканың қабірінің басындағы жылау-сықтау, со­ғыс кезіндегі жаумен шайқас қайта-қайта тамағына тығылып айналып-үйіріліп есіме орала берді. Белорус қызы Флора Петряктің бүгін ғана есіме түсірген Беседь өзеніндегі темір жол көпірінде болған айқас көз алдыма келді. Көкек айының оны шамасы еді. Кеш батып, ымырт жабыла бастаған. Бригаданың радисі Аркадий өз жұмысына өте ұқыпты, оның радио қабылдағышы үзбей жұмыс істейтін. Ол Коротченконың қолына қолмен жазылған бір парақ қағаз ұстатып жатып: – Орталық партизан штабынан келген бұйрық, – деді. Коротченко тез оқып шығып, батальон командирлерін шақыртып алып, қолындағы шифровканы оқыды. Онда былай делінген екен: «Коричев-Унеча темір жолымен Гитлер командованиесі Курск қаласына қарай әскер төгіп жатыр. Ол темір жолдың стратегиялық жағынан маңызы өте үлкен болғандықтан Беседь өзеніндегі темір жол көпірін апрель айының жиырма екісінен қалдырмай бұзуды бұйырамын». Коротченко шифров­каны оқып шықты да, сәл ойланып отырды. Сөйтті де: «Бұл шабуылға дайындалуды ақылдасып шешкеніміз жөн болады. Көпірдің маңызы зор болғандықтан, оның бекінісі де күшті болуға тиіс. Ең алдымен Витя Эхлаков бастаған барлаушылар бөлімшесін жіберіп, көпір басындағы жаудың бекінісін анықтап алуымыз керек», – деп, Коротченко сол ауданның топографиялық картасын қолына алып, үңіле қарай түсті де: – Темір жол көпірінің оңтүстігінде екі-үш шақырым жерде Белынковичи станциясы, солтүстік жағында шамасы бес шақырым жерде Бони разъезі бар екен. Осы жерлерде тұрған жау бөлімдерінің күш-қуатын анықтау да керек. Оған дейін партизан бөлімдерінің адамдарын дайындауға тиіспіз. Бір апта өтіп, екінші аптаның алғашқы тәулігінде Витя бастаған барлаушылар келіп жетті. Ол Флораның қағаз бетіне түсіріп берген бекініс жоспарын көрсетіп, Белынковичи станциясында бір батальонға жуық әскер тұрғанын, бір бронепоездың станция басында күні-түні даяр тұратынын, Бони разъезінде бір ротаға жуық жау әскері бар екенін баяндады. Сол айдың жиырма бірі күнінің екінші жартысында жорыққа аттанатын болдық. Партизан бөлімдері сол айтылған күні жолға шығып, ертеңінде түс ауа көрсетілген нысанаға жетті. Партизандардың бір бөлімшесі Белынковичи станциясына, екінші бөлігі Бони разъезіне шабуыл жасайтын болды. Станциядағы бронепоезді көпірге жібермеу

үшін, жолын бөгеп, темір жолдың рельсін бұзатын адамдар анықталды. Партизандардың негізгі күші көпірдің екі жағынан шабуыл жасаған кезде, Павел Смирнов бастаған мина қоюшылар көпірді бұзуға тиіс болатын. Шабуыл түнгі жиырма екіде басталды. Петя бастаған автомат­шылар көпірдің сол жақ қанатындағы жау бекінісінің үнін өшіріп, көпірдің үстіне бірінші шықты. Екінші қапталдағы үлкен топтың алдында Никитен­коның ротасы жаудың қарсылығын тойтарып, жаудың дзоттарының қолқасын үзді. Партизандардың шабуылына төтеп бере алмай, жау солдат­тарының бір бөлімшесі кейін шегінуге мәжбүр болды. Дәл сол кезде, Смир­новтың минашылары екі қап толды көпірдің оң жақ тіреуіне байлап, білтеге от жағып үлгерді. Көп ұзамай тасыр-тұсыр жарылған жарылғыш толдың даусы бомба түскендей жер қыртысын дір еткізді. Аспанға ұшып бара жат­қан көпірдің қақ жартысы Беседь өзеніне жалп етіп құлады. Парти­ зан­дардың кейін шегінуіне белгі берілді. Орман жиегіне жиналған парти­ зандардың ішінде бірнеше адамның оқ тиіп қаза болғаны, жара­ланғаны белгілі болды. Бір тәуірі, олардың бәрін де, қасындағы жолдастары жау қолына тастамай алып шығыпты. Бекіністе жатқан қасарысқан жауды тойтару бізге де оңайға соқпады, тапсырма орындалды. Жаудың жүкі таситын поезінің жиырма жеті тәулік бойы жүрісі үзілгені әлі есімде. Осы оймен отырғанымда, Костюковичиге қалай жеткенімізді байқа­ май да қалыппын. Кешке аудандық клубта қала тұрғындарымен кездесу басталды. Жиналған жұрт бізді қол шапалақтап, жылы жүзбен қарсы алды. Жи­ налыста 2-батальонның командирі Боровичев, 3-батальонның коман­ дирі Добро­вольский, олардан кейін мен сөйледім. Ұлы Отан соғысы ке­ зіндегі партизандардың қиямет-қиын жағдайдағы ерліктерін баяндадық. Жиналыс соңынан қала жастары дайындаған концерт болды. Кездесу бітісімен біз мейманханаға келдік. Күндізгі ұзақ жүріс­тен, алыс жолдан шаршап қалыппын. Төсек салып, жатуға ыңғайлана берге­ німде есікті тықылдатқан дыбыс естілді. – Кіріңіздер, – дедім. Петяның екі ұлы, Павел мен Алексей кіріп келді. Олардың жүзінде қуаныш ізі бар. Павел күлімдей сөйлеп: – Сізге үлкен рақмет. Әкеміздің досы – сізбен кездейсоқ кездесіп, әкеміздің тағдырын білдік, қабірін таптық. Осының бәрін туғантуысқандарымызға айтамыз. Біздің адресімізді жазып алыңыз. Сіздің жасыңыз үлкен болса да, хат жазысып хабарласып тұралық. Әкеміздің көзін көрген сізді, кешеден бері әкеміздің өзін көргендей қуандық, – деп екеуі ризалық пиғылын білдірді. – Енді шын сендіңдер ме? – Шын сенгендігімізді сізге білдірейік деп келдік, – деді екеуі жары­са сөйлеп.

– Егер мен Петяның адресін білсем, сендерге баяғыда хабарлайтын едім. Соғыс өртінде жүріп бірімізден-біріміз адрес сұрауға да мұршамыз келмеді ғой. Онымыз ағаттық екен, – деп мен Павелге қарадым. – Ол кез, әрине, солай ғой, – деді Алексей. Әнеукүні поезда келе жатқанда, саған көз алмай қарағаным да сенің өңің, мен білетін бір адамға ұқсайтынын байқадым да, көп ойланып, Петяға ұқсайтыныңды көріп, іштей қуанған едім. Қазір де саған қарап Петяны көргендей болып отырмын. Біздің қазақтар артында өмірін жалғастыратын ұлдары қалса, өлген адам тіріледі дейді. Петьканың сегіз немересі бар екен. Олар да оның ұрпағын жалғастырады. Отан соғысында өлгендер ұмытылмайды деген осы болады, – деп Петьканың екі ұлына зор денсаулық тілейтінімді айттым. Ертеңінде Белынковичи станциясында жүздеген адам қатысқан митингі болды. Митингіні Костюковичи аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Петр Петро­вич Мхиунов ашты. Ол Беседь өзеніндегі көпірді бұзуға қатысқан партизандардың аттарын атап, олардың ерлік істерін баяндады. Одан кейін шығып сөйлеген партизандар Селезнев, Набебина, Петр Иванович Афанасьевтің, тағы басқа партизандардың ерлік істерін еске түсірді. Олардан кейін сөз алған мектеп директоры Воронцов, жергілікті совхоздың комсомол комитетінің хат­шысы Сарецкий, орта мектептің оқушысы Наташа Ма­сальская Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен партизан­дардың қаһармандық ісіне ризашылығын білдірді. Біз еңбек майданында, білім алу жолында әкелер ісін ілгері жалғастырамыз. Отанымыздың гүлдене беруі үшін жан аямай қызмет етеміз. Алыс жерден кездесуге келгендеріңізге адал жүрегімізден алғысымызды айтамыз десті олар. Біздің арамыздан шығып сөйлеген жолдастар да, жиналған адамдарға ақ пейілмен, адал ниетімен, құшағын жайып қарсы алғаны үшін алғысын айтты. Біз Костюковичиге кеш бата қайта оралдық. Павел Петрович пен Алексей Петрович үшеуіміз көшеге серуенге шықтық. Көшені бойлап жүре бердік. Көшенің оң жақ бүйірінде жас қарағай өскен алаңға бұрылдық. Үшеуміз зәулім қарағайдың түбіндегі орындыққа барып отырдық. Екеуі қабаттаса: – Ертең елге қайтамыз. Біздің әкеміз жөнінде тағы да білетін әңгімелеріңіз болса, бізге айтып берсеңіз, – деді. – Әңгіме көп қой. Оның бәрін айта берсем, таусылмайды. Дегенмен бағана машинада отырғанымда бір оқиға есіме түскен еді. Соны айтып берейін. – Айтыңыз, айтыңыз, – екеуі көңілденіп қалды. – ������������������������������������������������������������������ 1942 ������������������������������������������������������������� жылдың ������������������������������������������������������ октябрь ���������������������������������������������� айы еді. Түс ауып ���������������������������� бара ����������������������� жатқан кез. Біздің ���� бри­ гада Задня хуторының күншығысындағы қалың орманда тұрған. Соқпақ жолмен алақандай кішкене алаңның арғы бетінен шоқырақтап шауып келе жатқан екі салт атты көрінді. Петьканың ротасы бригада штабынан он-он бес метр ������������������������������������������������������� жердегі қарағайдың түбіне орналасқан ������������������ болатын. Петя мой­ нына асынған дүрбісін қолына алып, салт аттыларға қарап:

– Келе жатқандардың біреуі әйелге ұқсайды. Басына қоңыр орамал байлаған, ал екіншісі біздің Заднядағы күзетте тұрғандардың біреуі, — деп Коротченкоға мойнын бұрды. Әлгі екеуі штабтың алдына тоқтады. Аттарын ағашқа байлап, келіп, сәлем берді. Шынында да, біреуі әйел болды. Күзеттен келген жігіт: – Жолдас командир, мына бір қыз өте тығыз шаруамен сізге келіпті. Шаруасын өзі айтады, – деп кейін шегіне берді. – Мен Корсико деревнясынан келдім. Атым – Нина, фамилиям – Коровина. Сізге айтатын тығыз хабарым бар, – деді ентігін баса алмай, екі иығынан дем алып. Коротченко көпшіліктен алшақтау барып, кесілген ағаштың түбіріне жайланып отырды. Қыздың жүзінде қорқыныштың ізі сайрап тұр. Аязға тоңған адамдай селк-селк етеді. – Айта бер, шырағым, – деді ол. – Кеше біздің деревнядағы бургомистер Сорокин мен поли­ция бө­ лім­шесінің бастығы Филимоновты қаладағы неміс коменданты шақы­ рып, Германияға жіберуге елу-алпыс қызды бүрсігүні қалаға әкелің­дер деп бұйрық беріпті. Оны менен басқа бірде-бір жан білмейді. «Ертең түсте клубта жастардың ойын-сауық кеші болады» деп, әр жерге хабарлан­ дыру іліпті, Сол кезде қыздарды ұстап, мектеп үйіне қамай­тын көрінеді. Мұнысы қыздар ерте біліп қалса, қашып кетеді деген амалы болу ке­рек, – деп Нина көз жасын төгіп жіберді. – Мұның бәрін сен қайдан білдің? – Маған Борис дейтін жас полицай сыр етіп айтты. – Ол сенімді кісі ме? – деп Коротченко Бористің партизан штабының тапсырмасымен жүргенін біле тұра, әдейі сұрады. – Сенімді жігіт. Оны біз жақсы білеміз. – Ол жерде шамасы қанша полицай бар? – Елудей болады. – Сенің бізге кеткеніңді біреу-міреу біліп қалған жоқ па? – Жоқ, көрші деревнядағы апамның үйіне барамын деп кеттім. – Сен қайта бер. Ертең ойын-сауыққа жиналатын болсын, – деп Коротченко көңіліндегі ойын әрі қарай ашпады. – Ағатай, бізге қол ұшын беріңіз. Германияға ба­рып, олардың поме­ щиктеріне күң бола алмаймыз. – Жарайды, бір амалы табылар. – Рақмет, – деді Нина. – Бізге кездескеніңді аузыңнан шығарма. Енді аялдама, тез қайт. Қызда үрей жоқ, көңілсіз. Көз жанары сөніп бара жатқандай көрінеді. Атына әзер мінді. Коротченко Бахтинді, Петяны, тағы басқа командирлерді жинап, қыздың келген жұмысын айтты. Қыздарды жау торынан босатудың амалын ойлап, Коротченко сәл ойланып-толға­нып отырды да: – Жүз адамға жау әскерінің киімін кигізіп, деревняға кіргізсек. Реті келсе, қан төкпей полицайларды қоршап алып, қарусыздандырсақ, тұт­

қыннан босатылған қыздардың бәрін осында ала келген жөн болар. Біздің ішімізде неміс тілін білетін үш адам бар. Поляк жігіті Псарецкий неміс офицері болып барады. Ол неміс тілінде мүлтіксіз сөйлейді. Екеуі тәржімеші болсын. Сіздер осы жоспарға қалай қарайсыздар? – Соғысып, босатып алсақ қайтеді? – деді бір жігіт. – Соғыстың аты соғыс, бізден де шығын болуы ықтимал. Өз автоматшыларыңмен, Петька, сен де барасың. Полицайлар карсылас­ қандай болса, атыңдар. Басқасын сол жердегі жағдайға қарап, өздерің шешесіңдер. Кешке таман жорыққа аттаныңдар. Ертең түсте Корсикоға жететін болыңдар, – деп Коротченко кесіп айтты. Ымырт жабыла Петька бастаған бөлім жолға шықты. Олар түн қатып жүріп келді де, Корсиконың солтүстігіндегі қалың орманға тоқтады. Түске таман атты-жаяу партизандар Корсикоға жетті. Толып келе жат­қан «немісті» көрген полицайлар кеңсенің алдына тез жиналды. Кеңсе­сінің терезелері шалқасынан ашық. Олардың бәрі сапқа тұрып, «немістерге» бас иіп, «Хайль гитлер!» деп айғай салды. Даладағы «немістерді» көрген Филимонов пен Сорокин қосарланып, есік алдына жүгіріп шықты. Псарецкийге бас иіп, жалынышты жүзбен амандасты. Полицайлардың бәрі қаннен-қаперсіз, мылтықтарын иығына асынып тұр. Псарецкий екі бастыққа жақындай түсіп: – Сендер фюрерге адал қызмет істеп жүрген жоқсыңдар, партизан­ дарды қолдайтын көрінесіңдер. Мылтықтарыңды тастаңдар, – деп бұйрық беруі-ақ мұң екен, даяр тұрған партизандар автоматтың шүріп­ песін басып-басып қалды. Үшеуі де жалп етіп құлап түсті. Оларға үш партизанды жіберіп өлі-тірісін тексертіп алды. Олар сеспей қатыпты. – Офицер мырза, біз фюрерге адал қызмет істейміз. Сіздерге сатқындардың біреуі, әдейі жалған хабар берген болар, – деп мырза Псарецкийдің асты-үстіне түсті. Петя оларға ашулы көзімен қарап, мылтықтың дүмімен ұрып, екеуін де екпетінен жығып салды. Белде­ріне байлаған алтыатарларын қабынан алып, өздеріне кезеді. – Тез тұр да, сапқа бар, қара, бұл сатқындардың Гитлерге табынуын, – деп Петя орысша сөйлеп кетті. Саптағы полицайлар, бұлардың неміс емес, партизандар екенін сонда ғана білді. Болаттай темір торға түскен сатқындарда зәре жоқ. Үрейі ұшып, жүректері дір ете қалды. Ұнжұрғасы түсіп, жерге қарай береді. Он жігіт деревняның екі шетіне қойған күзетшілерді айдап әкелді. Олар да қарусыз, сапқа тұрды. Мектептің үлкен бөлмесіне қамалған қыз­­дарды күзеткен жалғыз полицай өз еркімен мылтығын тастап, саптың шетіне сүмірейіп келіп тұрды. Қыздарды қамаған бөлменің терезесінде темір тор, есігіне жұдырықтай қара құлып салынған. Петя бірнеше партизан­ды ертіп барды да, есіктегі қара құлыпты сындырып, қыздарды алып шықты. Олар әлі де қайғыға толы жүректерін баса алмай, кімнің қолына түс­кендерін айыра алмай тұр. Топтың ішінен дара шыққан Нина: – Қорықпаңдар, бізді босатқан партизандар, өзіміздің достарымыз, – деп айғайлап жіберді.

Партизандар полицайлардың жау әскеріне арнайы жинаған азықтүліктерін, олардың мылтықтарын, оқтарын полицайлардың елден тартып алған көліктеріне тиеп, жүріп кетті. Петька сол деревняда аял­дап, дерев­ня тұрғындарының тез басқа жаққа кетуін бұйырды. «Біз жау әскері емеспіз» – деп шынын айтты да, өзі орманға қарай шұбап бара жатқан партизандарға қарай шаба жөнелді. Күн бата партизандар өз мекеніне оралды. Осин, Бахтин, Петя үшеуі полицайлардың бәрін жеке-жеке тексе­ріп шықты. Деревня қыздарының және Бористың айтуларынша, жиырма бес жас жігітті зорлап полицай еткендері анықталды. Оларды парти­ занға қалдыратын болды. Қалғандарын ату жазасына бұйырды. Бұрынғы помещиктің балалары ауыр жаза алды. Уыздай жас қыздарды Германияға жібермей, жаудың жез тырнағы­нан босатып әкелген жігіттерді сапқа тұрғызып Коротченко: – Адамның қуанатын да, торығатын да кезі болады. Әсіресе, біздің партизандық жағдайда жиі кездеседі. Оны өздерің жақсы білесіңдер. Бүгін біздер үшін өте қуанышты күн. Петя мен Псарецкий бастаған пар­ ти­зандар жас қыздарды жаудың қорлауынан арашалап қалды. Өздері де шы­ғын­сыз аман-есен қайтты. Петя мен Псарецкийге, жорыққа қатыс­қан бар­лық адамдарға алғыс айтамын, – деді. Сөйтіп партизандар келесі жо­ рыққа дайындалды. – Мен осымен әңгімемді тәмәм еттім, – дедім Па­вел мен Алексейге күле қарап. – Қыздар қайда кетті? – Қыздар партизан қатарына алынды. Олар қолына қару алып, жау­мен соғысты. Олардың кейбіреуі кешегі кездесуге қатынасты. Елге қайтатын мезгіл болды. Мен Могилев қаласына баратын автобуспен жолға шықтым. Автобус Краснополье, Чериков, Чаусы қалаларын басып жүреді екен. Автобус Краснопольеде сәл ғана аялдады да, Чериковке баратын асфальт жолға түсті. Қаладан бес-алты шақырым шыққан соң Заводок деревнясына жеттік. Автобус жүргізуші бұйра шашты, кішіпейіл, орта бойлы жас жігіт деревняға кіре берістегі жалғыз үйдің жанына тоқтап: – 1943 жылдың жазында, осы жерде, партизандар жаудың жаза­лаушы отрядымен соғысқан. Сол шайқаста жаудың көптеген солдаттары­ның көзін жойыпты. Бірнеше партизандар да қаза болған көрінеді. Мына төбенің басына деревня адамдары оларға ескерткіш қойған. Сол шайқасқа сіз де қатынастық деп кеше кездесу­ге сөйлеген жолдастар айтты емес пе? – деп маған күле ризалық пейілмен қарады. – Иә, қатынасқан едім. Мүмкін болса, ескерткішті көрсем қайтеді? – Жүріңіз, – деп автобус жүргізуші жас жігіт мені ертіп төбеге шық­ты. Ескерткіштің жанына барып, жаумен шайқаста қаза бол­ған жол­ дастарымның ерлігіне бас иіп, тәжім еттім. Жол бойы осы дерев­няның шыға берісіндегі арпалыс есіме түсіп, көз алдыма келе берді. Көп жайларды ой елегінен өткіздім. Сол кезде көз алдымнан өткен, өзім

куәсі болған оқиға мынандай еді. Азынаған қыстың аязы бүйірден бүріп барады. Тамақ та таусылып, жұрт ашыға бастаған. Осы маңда ат жетер жердегі деревнялардың бірін қалдырмай дұшпан әскері өртеп кеткен. Жергілікті адамдар бала-шағасымен орманды паналаған. Олардың да азық-түлігі тапшы болған. Бүгін партизандар ерте тұрды. Петька штаб орналасқан қалың қарағайдың арасындағы жертөлеге кірді. Төр алдын­да терең ойға батып, үнсіз отырған Коротченко селк етіп, есіктен көрінген Петяға көзін тікті. – Бір ротаны маңайдан тамақ іздеуге аттандыру керек, – деді ол Петяға. – Менің ротамды жіберіңіз. – Өзім де осыны айтайын деп отыр едім. Тезірек жолға жинал. – Жақсы, – деп Петя жертөледен тез шықты. Көп ұзамай жүз шамалы партизан аттанып кетті. Ходимск қаласына баратын тас жолды торуға бел байлаған. Петя бастаған партизандар қайысқан қалың орманды көктей өтіп, кеш бата үлкен алаңның жиегіне жетті. Сол жерде біраз аялдады. – Осы жерде қараңғы түскенше аялдай тұралық, – деп Петя еңгезер­ дей денесімен жуан қарағайдың кесілген түбіріне отыра кетті. Қасын­дағы адамдар да топ-топ болып, әр қарағайдың түбіне орналасты. Петя аштыққа да, алыс жолға жүруге де төзімді жігіт еді. Томағасын алған, сайды қуалай қашып бара жатқан аңды көрген аш бүркіттей қомданып, екі қолын мықынына тіреп, қасындағы жігіттерге елінен майданға аттанар алдында болған бір оқиғаны әңгімелеп бергісі келді. Ол батыр бейнелі денесін қозғап қойып, қасындағы суыққа тоңып отырған адамдарға бұрылып: – Отан соғысына дейін өз елімде машина жүргізуші болып қызмет етуші едім. Ерінбей-жалықпай, күні-түні жүк таситын едім. Стахановшы деген атаққа да ие болдым. Бір күні Горький қаласынан үш тонналық ма­ ши­наға жүк тиеп, түс ауа елге қарай жүріп кеттім. Мен қаладан шыққа­ нымда күн шайдай ашық болатын. Жол шаңы бұрқыраған, тас төсел­меген бұ­рынғы арбамен қатынасатын жол болатын. Қаладан отыз-қырық шақы­ рымдай шыққанымда аспан өңіріне қою қара бұлт үйіріле берді. Алды­мен құйындай соққан жел жолдың топырағын аспанға ұшырып, алдым­дағы бір қадам жер көрінбей кетті. Көп ұзамай жел бәсеңдеді де, ше­лек­­пен құйғандай нөсер жаңбыр құйып берді. Машинаның табаны тай­ғанақтай берді. Жауынның толастайтын кезі болмады. Үдей түсті. Жартастың құлай аққан өзен суындай сабалап тұр. Ымырт жабыла ыңыранып, әзер жүріп келе жатқан машинаның табаны шұңқырға түсіп, күпшегіне дейін батып кетті. Балшықты илеп, бір жерде тұрып алдық. Артқы екі дөң­ге­легі де батпаққа батып кетіпті. Машинадан түсіп, күрегімді алдым да, артқы екі дөңгелектің алдын тіреп, жібермей тұрған балшықты алып тастап, қайта машинаға отырдым. Артқы екі дөңгелек орнынан қозғалатын түрі жоқ. Жердің балшығын жүндей түтіп, онан әрмен бата берді. Жауын бір тәулік бойы толастамай жауған еді. Қаладан шыққанда екі-үш сағатта дерев­ няға жетемін деген оймен тамақ алмаған едім. Бір жарым тәулік бойы

нәр татпай ашыққаным әлі күнге дейін есімнен шықпайды. Екінші тәулік дегенде жолдан бір-екі шақырым жердегі қостың жанында тұрған трак­тор көрінді. Қасында екі-үш адам жүр. Мен машинадан түсіп соларға бар­дым. Трактордың рулінде отырған жігітке: – Екі тәулік бойы машинам батпаққа батып, шығара алмай тұр­мын. Көмектесіп жіберіңдерші, – деп сұрадым. – Көмектеселік, бірақ бізге... – деп сөзінің артын айтпады. – Әй, сен не айтып тұрсың, бар көмектес, – деп қостан арықша келген бір жігіт шыға келді. Тракторшы машинаны сүйреп, бес шақырымдай жерге дейін әкеліп, қиыршық тас төселген жолға шығарып салған. Сөйтіп аман-есен деревняға келгенім бар. Мен бұл әңгімені уақыт өткізу үшін айтып отырмын. – Витя, сен қасыңа төрт-бес жігітті ал да, жол бойын барлауға барып кел, – деді де Петя орнынан тұрды. Әңгімеге айналып, денесінің тоңазып қалғанын байқамапты. Орманды қалың тұман басты. Орман арасы көзге түрткісіз қараңғы. Аяз үдей түсті. Екі бүйірден қысып барады. Петя қасына екі жігітті алып, орман қойнауынан тасалау жер іздеді. Көп ұзамай белуардан қар кешіп жүріп, қалың қарағайдың арасынан терең сайға тап болды. Сайдың екі сағасы биіктеу жеріне келіп: – Қалған жолдастарды осында ертіп әкеліңдер. Осы жерге алау жағып, аз да болса жылыналық, – деп екі жігітті жіберді. Сай жиегіне үйілген, қурап тұрған қарағай лезде от алып, лаулай жөнелді. Екі-үш жерден жанған алауды айнала тұрып, қыздырынып жатқан адамдар. Түн ортасына таянған кезде, барлауға кеткен жігіттерді қарсы алуға үш-төрт адамды жіберді. Таңға жуық барлаушылардың бір тобы келді. Олар жол бойында жүріп жатқан жүргіншілердің көрін­бей­ тінін хабарлады. Петя сәл ойланып отырды да: – Таң ататын мезгіл жақын. Дұшпан ақымақ емес. Түн қатып жүр­ мейді. Олардың керуендері Хотимскіден таң бозара жолға шығады. Отты өшіріңдер. Тезірек барып, тас жолдың бергі бетіндегі ұсақ талдың ара­сына орналасып, тосқауыл жасалық. Петя бастаған партизандар екі топқа бөлініп жүріп кетті. Олар келе жол бойына тосқауыл жасап, жата берді. Петя бірнеше адамды қарауылға жіберді. – Сендер, дұшпан адамдарын байқасымен бізге хабарлаңдар. Өздерің сол жерде тасаланып жатыңдар. Жаудың кейін шегінгендері болса, шетінен жаһанамға жөнелтіңдер. Түсінікті ме? – Түсінікті, – деп Витя мен Сережа бастаған екі топ, жолдың екі жақ сағасына жедел басып жүріп кетті. Петя бірнеше адаммен дұшпан келеді-ау деген шет жақта қарды үңгіп, алдыңғы жағына қардан қалқан жасап жатты. Оның екі көзі Хотимск жақтан келетін жолда болды. Автоматының қырау басқан шүріппесін, бүкіл өне бойын зер сала қарап шықты. Қалтасынан қара май басқан шүберекті алып, сүртіп, тазалады. Күн арқан бойы көтерілген мезгіл. Жол бойында әлі қыбырлаған жан көрінбейді. Бір жерде қыбырламай жата

берген жандардың астынан қар ызғары өтіп, шыдатпай барады. Бекіністе жатқан Алеша зәре-құты қалмай орнынан атып тұрды да: – Жолдас командир, суық шыдатпай барады, – деп безгек ұстаған адамдай екі ерні біріне-бірі тимей дір-дір етеді. – Сенен басқамыз жылы үйде жатыр ғой дейсің бе? Бәріміз де сен сияқты тоңып жатырмыз. Тез орныңа бар. Жат. Сорайып тұрғаныңды жау байқап қалса, алдымызда тұрған тапсырманы орындай алмай, бостанбосқа кейін қайтамыз. Алеша амалсыздан өз орнына жатты. Петка қарамағындағы адамдарға өте мейірімді. Олармен күліп-ойнап жүре береді. Сондықтан оны пар­тизандар жанындай жақсы көреді. Ал жау әскерімен айқаста ол қатал мінезді, қадалған жерінен қан алатын ер командир. Партизандарды қауіпті жерге жібергенде, жау оғынан аман сақтап қалудың амалын ойлайтын адамгершілігі мол адам. Дәл қазір де ол қарамағындағы кісілердің жай-күйін ойлап жатыр. Дұшпанды жеңіп, аман-есен еліне оралу, оның әр уақыттағы ой-арманы еді. Елімізді басып алып, қаны мен сөлін сорғысы келген фашистер оның қас жауы. Сондықтан да ол дұшпан әскерін көрсе, жан-тәнін аямай айқаса кетеді. Өз ротасының адамдарын да батырлыққа, ерлікке, қайсарлыққа баулиды. Алапат соғыс үстінде де әр жауынгердің жай-күйін, соғыс тәсілін өз көзімен көріп, байқап жүреді. Ол Алешаның жан-жағына үрке қарап жатқанын байқап қалды да: – Сенің маңайыңа ұрлана қарап жатқаныңды көріп жатырмын. Тоңдым дегенің үрейленген қалпыңды сездірмеудің амалы ғой. Жаудан қорықсаң, өзің жазым боласың. Қарама-қарсы келген жауды жайратып салсаң, ел-жұртың, туған ошағыңды жаудан қорғап қалғаның, ал одан қорқып кейін қалсаң дұшпан оғы сені өлтіреді. Сонда сен арам өлген боласың да шығасың. Қорықпа... – дей бергенде, Хотимск жақтан тас жолмен келе жатқан жау тобы көрінді. Петя мойнындағы дүрбісін қолына алып, жіті қарап жатты. Отыз шамалы шанаға қос-қостан ат жеккен солдаттарды шолып өтті. Шанадағы жүктің үстін айқара жауып, арқанмен байлап тастағанға ұқсайды. Аттардың денесін қырау басқанына, аспандап ұшқан буына, суыт жүрі­ сіне қарағанда шанаға тиелген жүк өте қажетті дүниеге ұқсайды. Шана үстінде ат айдаған бір-бір солдат отыр. Аяз соқты болған дұшпан айна­ ласына үрке қарап, мойнына асынған автоматтарын суыққа тоңып, қиюы кеткен қолдарымен сипай берді. – Жол жиегіндегі талдың арасында бұғып жатқан партизандар болуы да мүмкін деп, автоматтарын қолына алудың амалын ойлап келе жат­қа­ нын көріп жатырсыңдар ма? Ол пәлелердің қипақ­тауы жаман. Сендер бұғып жата беріңдер. Жауды кенеттен, ойламаған жерде алқымы­нан аламыз, – деді Петя, қасында жатқан мерген жігіт­ттерге. – Алдың­ғы шанаға жегілген аттың тым болмаса біреуінің дәл саны­нан көздеп ата­ тын болыңдар. Жаралы ат шоңқиып, құлап түседі де, соңын­дағылар­дың жолын бөгеп тастайды. Қалғаның ең алдымен шананың соңын­да бүр­сең­ деп келе жатқан дұшпандарды ататын болыңдар.

Жау керуені жақындап қалды. Партизандар тістеніп, қандарын ішіне тартып, бәрі де Петя «ат» деп белгі бергенше үнсіз жатыр. Жау жүргіншілері жан-жағына ұрлана қарап келеді. Бірақ әлі сезіктенген түрі сезілмейді. Алда келе жатқан қос боз ат жеккен жүкші тосқауылдың шетіне жете бергенде, Петя бастаңдар дегендей ым қақты. Атыс басталып кетті. Дұшпанның бірен-сараны болмаса, қалғандары мойнына асынған автоматтарын қолына алып үлгермей сілесі қатты. Алдыңғы шанада екі ақ боз ат жеккен төрт-бес полицай келеді. Олар жол көрсетуші сатқындар. Мылтық атылысымен, олар ілгері қарай қашып, құтылып кетпек болды. Бірақ, мергендердің бірі бергі шеттегі ақ бозды көздеп атып жіберді. Ат шоңқайып барып, тұмсығымен қарға көміле құлады. Арт жақтағы шаналарға жегілген аттар ерсілі-қарсылы атылған мылтық дауысынан үркіп, ор қояндай аспанға шапшып, ілгері жүрмей тұрып қалды. Петя найқалмай тезірек қимылдап шабуылға шығуды бұйырды. Жұрттың бәрі оқ жаудырып ілгері қарай жүгірді. Дұшпан қарсыласып бақты. Оларға да жан беру оңай ма. Бірақ көп ұзамай тірі қалғандары қолдарын көтеріп, тұтқынға түсті. Ең алғаш атылған ақ боз жануар әлі тірі екен. Екі иығынан дем алып, қасына жақындаған адамдардан көмек сұрағандай басын көтере берді. Тұруға шама жоқ. Қансырап қалыпты. Оны бірден бауыздап алдыңғы шанаға тиеді. Ат басын асығыс орманға қарай бұрды. Шанаға тиелген жүкті асығыста тексере де алмаған. Қолға түскен тұтқындарды айдап, бұлар орман жолымен жедел жүріп кетті. Жұрт суық өтіп тоңғанын да ұмытқан сияқты. Аяқтарын сергек басады. Партизандардан бес адам жараланыпты. Оларды алдыңғы бір шанаға жатқызды. Жол үстінде жараларын байлап, көмек көрсетіп жүрген дәрігер Павел Демидович: – Екеуі ауыр, үшеуі жеңіл жараланыпты, – деп Петяға баяндады. Петя бастаған партизандар суыт жүріп, қалың қарағайдың тасалау жеріне аялдады. Қолға түскен полицайдың бірі соңғы шанаға отыра кеткен еді, оны Витя тонының жағасынан алып аудара салды. Қарды сүзе құлаған ол, бет-ауызын қарға көміп, орнынан кіржиіп әзер тұрды. Оны көрген Петя: – Қолға түскен тұтқындардың бәрін мұнда әкеліңдер. Олардан алды­ мен жауап алайық. Тағдырын содан соң шешетін боламыз, – деді. Шанаға тиелген жүктің бәрін зерттеп, қарап шықты. Он шанада ұн, он екі шанада сиырдың еті, ірі-ірі бес шошқаның еті мен кере қарыс сүбе майы бар екен. Тұтқынға алынған кісілердің үрейі ұшқан. Бір жапырақ болып сүмірейіп тұр. Шын қысылшаң заман таянғанын енді түсінді. Петя ең алдымен ел-жұртын сатқан, жаудың қолжаулығы болған полицайларға жақындап келді. Ол ашулы көзімен атып, сәл уақыт үндемей тұрды да: – Ал, мырзалар, сендерге не жоқ? Еліңді, Отаныңды саттыңдар. Дұшпанның қолжаулығы болып, көмектесеміз деп жүріп, біздің қолы­ мызға түстіңдер. Сендерге қандай жаза қолдануымыз керек? Халық­тың малын жинап, жауға апара жатқан сендер нағыз сатқынсыңдар.

Үнсіз тұрған полицайларда зәре жоқ. Олар қаз-қатар сапта тұр. Партизандарға тура қарай алмайды. Жерге қарап, мөлиген қалпында тұра берді. Бағанадан бері жаралы партизандардың маңында жүрген бір жігіт Петяның жанына жақындай түсіп: – Мына шетте тұрған осы ауданның полиция бөлімінің бастығы. Оның жазасын мен берейін. Маған беріңіз. Менің қарт әке-шешемді, жа­л­ғыз қарындасымды осыдан екі ай бұрын дарға асқан. Ол ол ма, осы маңда­ ғы көптеген адамдардың ажалына қалған. Біразын дұшпанға ұстап берген. Оларды тірідей жерге көмдірген. Бұл нағыз жауыз, – деп кіжініп, іштегі ашуы басылмай, безгек соққандай селк-селк етеді. – Бұл жауыздардың тағдырын біз шешпейміз. Коротченконың қо­ лына апарып тапсырамыз. Кімді атады, кімді қалдырады – сол кісі шешеді. Бұлардан майдан штабына қажетті мәлімет алу да ғажап емес. Оны да Коротченконың шешіміне қалдырамыз. Бірақ жол бойы өте сақ болыңдар, бұл оңбағандар қашудан да тайынбайды. Бәрінің де қолдарын артына байлаңдар да, біріне-бірін матап тастаңдар. Алды-артына, екі қапталына үш-үштен автоматшылар жүретін болсын. Оққа ұшқан ақ боз аттың етіне тойып алған жұрт көңілді. Орман ішін­ дегі тың жолмен жүріп келіп, ымырт жабыла орман ішіндегі бір төбенің үстіне тоқтады. Аттар да қалжырай бастағанға ұқсайды. Ат шалдыратын жемі жоқ. Аттарды доғармай, қарағай бұтағына байлады. Ашығып қалған жануарлар қарағай бұтағының тікенек жапырағын жалмай бастады. Петька қос торы ат жеккен шанада жатқан жаралы жолдастары­ның жанына барды. Өзі көңілді. Күлімсірей сөйлеп: – Халдарың қалай? Уайымдамаңдар. Әлі жассыңдар. Ертең-ақ жа­ раларың жазылып, сапқа қосыласыңдар. Сендердің қолдарыңнан әлі талай жау жендеттері жазасын алады. Бекем болыңдар. Шыдаңдар. Ымырт жабыла өз мекенімізге жетеміз. Тым ауыр жаралыны Үлкен жерден ����� само­ лет шақырып елге қайырамыз. Қайта аман қалғандарыңа қуаныңдар, – деді де, Петя жолға шығуға әмір етті. Петя кеудесін көріктей керіп, қыстың аязындағы жас қарағайдың иісін ішіне тарта дем алды. Бағанағы айқас кезінде тынысы тарылып, тұн­ шығып бара жатқандай сезінген еді. Жауды жеңіп, қарағай ішіне жеткелі сарайы ашылып, өне бойы тыным тапқандай денесі жеңілденіп қал­ғанға ұқсайды. Петяның өңі жүдеу. Ақ шүберектей бозарып кеткен. Сақалы өскен. Үскірік соққан беті қожалақ-қожалақ. Бүгінгі аласапыранда бірде-бір жігіт шейіт болмай, аман қалғанына ол көңілді. Өмір шіркін, тым қысқасың-ау. Әр адам сол өмірге құмартады. Бүгінгі айқастан аман қалғанына партизандардың бәрі де қуанышты. Шанаға жегілген қос аттың екеуі де оқтаудай боп жараған. Ауыздығын қарш-қарш шайнап, бастарын шұлғып тастап, тізеден келетін қар­ды кешіп, есіп келеді. Ортаға жегілген торы ат қамшы салдыратын емес. Божы ұстаған Володя: – Ортаға жегілген торы біреудің баптап мінген жануары сияқты. Өзі­нің түр-тұлғасы келісімді-ақ. Божымен алысып, қолымды әбден талдырды.

Шіркін, бейбіт күндері қысты күні жегетін-ақ ат екен. Қызып, терлеп алса болғаны, анау-мынау адамға бой бермей шаба жөнелетін дүлдүлдің өзі. Будақ-будақ болып аспанға атылып жатқан тердің буын қарашы, – деп торы атты мақтай жөнелді. Бұйығып төмен қарап жатқан Петя басын көтеріп алып: – Ортадағы атты мақтай бересің. Шеттегі атты көрмейсің бе? Алыпұшып тұрған жоқ па? – деді оған. – Ол да жақсы атқа ұқсайды. Бірақ, оның шапшаңдығы алысқа бармауға тиіс. Ортадағы ат сом денелі, алысқа шапса мойымайтын, төзімді сияқты. – Тым мақтай бермей-ақ қой. Біз бұл екі атты бәйгеге қосар деймісің. Соғыстың аты соғыс. Талай жүйрік тұлпарлар оққа ұшып тырайыптырайып жатқанын көрдік қой. – Петя қапқа басын сүйеп үнсіз жатты. Өзі пәтуасыз жігіт емес сияқты. Петя ішкі қалтасынан кір-кір орамалын алып, қасына жабысқан қырауды сүртті. Жол бойында болған қақты­ ғыстан кейін Алешаны көре алмағанын есіне алды. Қайда кетті екен? Ол басын көтеріп, аяз шарпып қырылдаған даусымен: – Әй, Витя, айқастан кейін Алешаны көрдің бе? – деді – Ана бір соңғы шанада жатыр. – Жатқаны несі? – Санынан оқ тиіпті. – Сүйегі аман ба екен? – Аман болу керек. Өз аяғымен ақсаңдап келіп, шанаға отырғанын көрдім. Петя шананың үстінде жатып, көзі ілініп кеткенін де сезбей қалды. Аязды күні ұйқының жау екенін ол жақсы білетін. Бірақ бірнеше тәулік бойы ұйқтамаған Петя ол қағиданы ұмытып кеткен. Бір кезде әлдебіреудің айғайлаған ���������������������������������������������������� даусынан шошып оянды. Ол орнынан атып �������������� тұрды �������� да шана­ дан қарғып түсті. Өне бойын суық шарпыған. Екі ерні дір-дір етеді. Айғай шыққан жаққа көз жіберді. Ауыр жараланған партизанның бірі кедірбұдыр жердегі шананың қимылынан оқ тиген жерін ауырсынып, айғайлап жіберген екен. Петя жаралы адамдар жатқан шанаға қатарласып келіп: – Айғайлама, аяздағы дауыс алысқа естіледі. Маңайда жүрген дұш­ пандар естіп қалады, – деп жаралыларды қайратты болуға шақырды. Екінші бір шанада жатқан Алешаны көрді. Ол шалқасынан ұн тиел­ген шананың үстінде жатыр екен. Петя Алешаның жанына жантая кетіп: – Сүйегің аман ба? – деп сұрады. – Сүйек аман сияқты. Петя Алешаның жарасын көріп шықты да: «Ештеме етпейді, тез жазылып кетесің» – деп жігерлендіріп қойды. Бұлар ымырт жабыла өз базасына жетті. Ондағы партизандардың бәрі абыр-сабыр болып жатыр екен. Қару-жарақтарын асынып сапта тұрған жұрт. Кейбір бөлімшелер орман ішіндегі шытырман соқпаққа түсіп кетіп жатты. Петя жаудың жазалаушы бөлімдері жақын келіп қалған екен деп ойлады. Петя штаб орналасқан жертөлеге кіріп барды. Коротченко ас­пайсаспай орны­нан тұрып: – Қалай, тапсырманы орындадыңдар ма? – деді.

Петя әкелген азық-түлікті, ат-көлікті саусағымен санап тұрып баян­ дады. – Жақсы болды. Партизандардың тамақ ішпегеніне үш тәулік болды. Тез барлық батальонға бірдей ғып бөліп бер. Штабқа арналған азықты шаруашылық бөліміне тапсыр. – Партизандар неге абыр-сабыр болып жатыр? – Мына жердегі Мормозовка деревнясына полиция бөлімшесі келіп, деревня тұрғындарының сиырларын жинап әкетпекші көрінеді. Сонан бірінші батальонды жіберіп жатырмыз – Тағы жаудың жазалау отряды келді ме деп қалған едім. Сізге берген уәдемді орындадым. Салт мінуге әскери ат болу керек, арғымақ то­рыны әкелдім. Дұшпанның офицері салт мініп, қаннен-қаперсіз келе жатыр екен. Жау офицері атылған оқтан жараланып, қалың қардың үстіне шалқая құлаған еді. Соғысқа әбден үйренген ат болу керек, үстіндегі иесі жерге құласымен шанаға жегілген аттардың қасына осқырып барып тұра қалғаны. – Жаралы офицерді алып келдіңдер ме, болмаса атып кеттіңдер ме? – Осында алып келдік. Тағы бірнеше жау солдатта­ры мен полицай­ ларды айдап әкелдік. – Оның майдан жөнінде білетін мәліметтерін тез сұрап, кешкі Үлкен жермен байланысатын кезге дейін бітіру керек, – деп Коротченко қасына жантайып жатқан Осинге тапсырды. – Полицайларды не істейміз? – Оларды да жақсылап тексеру керек. Ішінде еріксіз жүргендері болса, маңайдағы ел-жұрттан сұрап, әбден анықтаған �������������������������� жөн, – деп Корот­ченко ор­ нынан аспай-саспай тұрып, үстіне төр жақта жатқан шолақ тонын алып, кие бастады. – Есік алдына шығалық. Тұтқынға түскен адамдарың қайда? – деп Петяға жылы жүзбен қарады. – Ана бір шет жақтағы жертөледе отыр. Өздерінде зәре жоқ. Қашып кетпесін деп бес жігітті күзетке қойғанмын. Бұлар шет жақтағы жертөлеге қарай жүрді. Асықпай-саспай аяғын басып келе жатқан Коротченко күзет тұрған жертөленің дәл оң жақ сағасындағы екінші ба­тальон штабының жертөлесіне кірді. – Тұтқынға түскен неміс офицерін осында алып келіңдер, – деді со­нан соң. – Жарайды, – деп Петя есік алдына шығып кетті. Жақын жерде күйбеңдеп, енді-енді тұтанып келе жатқан отқа ұсақ ағаш салып жүрген Витяны көріп: – Әй, Витя, мұнда кел, – деді. Екеуі жертөлеге кіріп, екі қолынан сүйемелдеп жау офицерін есік алдына алып шықты. Оның оң жақ қолына жарылғыш оқ тиіп, тоқпақ жілігін борша-борша ғып сындырып кетіпті. – Бұл жендетті сүйемелдеудің керегі не, екі аяғы аман, өзі-ақ жүреді, – деп екеуі офицерді алдына салып айдап, Коротченко отырған жер­төлеге әкелді.

Офицер жарасын ауырсынып, жертөлеге әзер кірді. Офицер Корот­ ченкоға жаутаң-жаутаң қарай берді. Өзі денелі адам екен. Екі ұрты семіп, бет сүйегі сорайған, ақ шүберектей бозарып, үрейі ұшып, селк-селкі етеді. Аязға тоңған саусақтары бадырайып-бадырайып, бүйендей ісіп кетіпті. Екі құлағы үрген қуықтай боп үсіген. Коротченко офицердің осы келбетіне үнсіз барлай қарады. – Тілмаш қайда? – деді Осинге қарап. – Қазір келеді, – дей бергенде, есік алдында тыңдап тұрған адам сияқты, Тима кіріп келді. – Е, міне келді ғой, – деп Коротченко Тимаға өзінің оң жағындағы орынды көрсетті. – Офицер мырза, сіз менің қойған сұрауыма өтірік араластырмай шыныңызды айтатын болыңыз. Егер өтірік айтып, бізді алдасаң, жазаңды ауырлата түсесің. Түсіндің бе? – Түсіндім, – деді офицер. – Жолдас командир, жауды «сіз» демеңіз, – деп Осин күлді. – Жақсы. Сен қай майданнан оралдың? – деп Коротченко офицерге алғашқы сұрауын қойды. – Мен Сталинград майданында болдым. Паулюс армиясы орыс әске­рінің қоршауында қалар алдында, Сталинград түбінде ауыр жара­ ланғам. Мені содан ����������������������������������������������� Мо­гилев �������������������������������������� қаласындағы �������������������������� ауруханада ��������������� емделіп ������� жазылы­ сымен Кричев қаласында құралып жатқан дивизияға рота командирі етіп тағайындады. Оған екі айдай уақыт өтті. Ол қалада және Костю­ковичи қаласында бірнеше диви­зия жаңадан құрылып, Харьков маңына екі-үш күн ішінде жіберілмек. – Дивизияның санын, нөмірлерін, қандай құралдармен қаруланған әскери бөлімдер екенін айт. – Ол жағын біле қоймаймын. Мен өз ротамнан бас­қа бөлімдерді ара­ лап көргенім жоқ, – деп, жау офицері сұрауға анық жауап берудің орны­на, жалт бергісі келді. – Майданға қатынасқан тәжірибелі офицердің білмеймін деуіне кім сенеді. Сен бұлтақтамай шыныңды айт. – Шыным сол. – Жоқ шының ол емес. – Сен бізді алдаусыратпай, тезірек, дұрыс жауабыңды беретін бол. – Егер менің айтқаныма сеніп, тірі қалдырсаңыздар өзімнің көр­генбілгенімді айтып беремін. – Оған уәде берем, – деп Коротченко сәл жымиды. – Менің жасым отыздың үшеуіне шықты. Екі ба­лам, әйелім бар. Соғыстың бірінші күнінен бастап шығыс майданында соғыстым. Осымен екінші рет жараландым. Қазір мұндағы біздің командованиеміз батыс майданнан көптеген әскери бөлімдерін әкеліп жатыр. Оның үстіне, майданда соққы жеп, күші азайған бөлімдерді осы маңайға әкеліп, Германияда тоталдық шақырумен жасына қарамай сыпыта әскерге алған жастар мен қарттарды да майданға жіберуге даярлап жатыр. – Ол қандай бөлімдер?

– Кричев қаласында, оның маңындағы елді пункттерде бірнеше танк және зеңбірекпен қаруланған дивизиялар бар. – Сен картаға жақын келіп, қандай елді пункт екенін, Кричевтің қай жерінде орналасқанын көрсетіп бер. – Кричевтегі дивизиялар мектеп үйінде, клубта содан кейін қала сыртындағы орман ішінде тұрады. – Танкілері мен зеңбіректері қай жерде тұр? – Қаланың оңтүстік жағында мына бір орманда тұрады, – деп офицер сұқ қолымен орман жиегін көрсетті. – Әскери бөлімдердің нөмірін айт, – деді Коротчен­ко тұтқын офицерге көзін қадай түсіп. – Өзімнің дивизиямның нөмірі 1975, ал басқаларының нөмірін білмеймін, – деп офицер тағы да бұлтаққа салғысы келді. – Мұның айтып отырғандарының кейбірі шындыққа жанасады. Басқа бөлімді білмеймін дегені шылғи өтірік. Мұны тағы да қорқыта түсейік, – деп Коротченко офицерге түксие қарап, зекіре сөйледі. – Сен әлі шыныңды айтпай отырсың. Бір жерде тұрған бөлімдердің атын білмеймін дегенің шылғи өтірік. Сен жасырып отырсың. Егер, бұдан басқа айтатының болмаса, онда сені атуға бұйырамын. – Бізді әскерде осылай үйреткен... – деп офицер күмілжіп, дірілдеген үнімен кейінгі сөзді әзер айтты. – Сен енді Гитлер әскерінің офицері емессің. Сен біздің қолға түскен тұтқынсың. Егер өмірімді сақтаймын десең, білетініңнің бәрін мүдірмей айтатын бол, – деп Коротченко дауысын көтере, өз күшін сездіре айтты. Офицер сәл толғанып, бірде жертөленің төбесіне, бірде Коротченкоға жаутаң-жаутаң қарай берді. Шынында да ол үшін соғыс бітті. Өтірікті сықпырта берсе, жаны қалмайтынын ол анық түсінді. Бұлардың қолынан қашып кетудің амалы жоқ. Тағдырдың жазғанын не де болса шынын айтып барып, көргісі келеді. Бірақ оның ар жағынан «Сен Гитлер әскерінің офицерісің, өміріңнің ақырғы минутына дейін адал боламын, деп берген сертің қайда?» – деген ой тамағына тығылып бой бермейді. Офицер осы бір қарама-қарсы ойдың таласына түсіп, маңайына үнсіз жалтаңдап қарай берді. Өлсем де шынымды айтайын дегендей ол, Коротченкоға: – Командир мырза, сіз шыныңды айтсаң өміріңді сақтаймыз дедіңіз. Мен сіздің айтқаныңызға сенемін. Сондықтан өзім білетін жағдайдың бәрін бүгіп қалмай, шынымды айтайын. – Е, солай жөніңе кел. Айта бер. Біз тыңдалық. – Гитлердің таңдаулы генералы Гудерианның танк армиясы Кричев, Костюковичи, Рослави тағы басқа қалаларда жаңадан күш, қаружарақ жинап жатыр. Батыс Европадан да жаңа әскери бөлімдері келіп, топталып, үлкен шабуылға шығуға дайындалу үстінде. Сещинск тағы басқа аэродромдарға жаңадан әуе бөлімдері келді. Танкі әскерлері жаңадан шыққан танкілермен қарулануда. Кеше кеште біздің дивизияның командирі генерал барлық офицерлерді жинап: «Жаз шығысымен біздің әскер совет әскеріне қарсы шабуылға шығады. Біздің шабуыл совет әскерін

жеңіп шығатын ең соңғы және шешуші аттаныс. Сондықтан әскери бөлімдерде, солдаттар мен офицерлердің арасында фюрердің бұйрығын түсіндіру сендердің аса қадірлі борыштарың. Қай жерден, қай уақытта шабуылға шығатынымыздың кезі келгенде айтамыз», – деген деп, офицер маңайындағы партизандарға қарады. Ол іркілместен әскери бөлімдердің нөмірін де, басшы командирлерінің аты-жөнін де ашық айтты. – Өміріңіз жөнінде қам жемеңіз. Біз айтқанымыздан қайтпаймыз. Сені алдамаймыз, – деді де, Коротченко ендігі сөзін Петяға арнап айтты: – Офицерді тамақтандырыңдар. Өзіне өте сақ болыңдар. Оның айтқан мәліметтері біздің әскери командо­вание үшін өте қажет. Олар жертөледен шығысымен Коротченко ұзақ толғанды. Оның шешімі бойынша, партизан бөлімдері бүгін қоныс аударуға тиісті еді. Әзірше ешқайда кетпейтін болды. Дұшпан офицерін осы арадан Үлкен жерге аттандыруды мақұл көрді. Сталинградтағы қырғын соғыста оқ пен оттан аман қалған офицерге жан сақтау да керек болар, әскери жағдайдан бізге айтылмай қалған мәліметтері болса, Үлкен жерге барған соң толығырақ айтып берер. Түс ауа полицай бөлімдеріне шабуылға кеткен пар­тизан бөлімдері де қайтты. Олар да олжалы болып келді. Он шақты полицайларды қолға түсіріпті. Қалғандары айқас үстінде оққа ұшыпты. Елден тартып алған малдарды деревнядағы иелеріне қайтарыпты. Бірақ оларға алшақ жердегі туыстарына көшіп кетуді ескертіпті. Коротченко штаб орналасқан жертөлеге келді. Үлкен жермен байланыс түн ортасында ғана болады. Ымырт жабыла ол төр жақтағы шөп төселген еденге қисая кетті. Үлкен жермен байланысқа дейін дем алғысы келді. Көпке дейін көзі ілінбей, дөңбекши берді, ойы сан-саққа жүгірді. Жау тылында талай-талай айқасқа түсіп, қыл үстінде жүріп, өзін де қасындағы адамдарын да аман-есен алып шыққаны есіне түсті. Қауіпті сапарларды басынан өткізген Тимофей Михайлович Коротченко Отан үшін басты бәйгеге тіккен байсалды да қайсар командир. Дұшпанмен жағаласта төгілген партизан достарының қанын жүз есе, мың есе етіп қайтаруды әр уақытта өз алдындағы азаматтық борышы деп есептейді. Азуы алты қарыс, техниканың алуан түрімен қаруланған жау әскерімен бетпе-бет соғысып, орман алқасында қырандай қалықтап, бас көтертпейтіндей соққы бергеніне іштей риза. Гитлершілер жаулап алған жерлердегі халықтарды құл етіп, бас игізгісі келеді. Жоқ, біздің совет халықтары ешкімнің табанын жалап өмір сүрмейді. Жаумен бесіктегі баласы, жасы келіп, қартайған кемпір-шалына дейін көрсетеді. Уақытша жау табанында қалған елжұртты күреске баулып, талай жорықты басқарып, қолына ту ұстап, топ басқарып жүргеніне Коротченко де көңілді. Өткен жылы Коротченконың деревняда тұрған әйелін сатқын біреудің айтуымен гитлершілер дарға асып өлтірген. Сүйген жарының өлімі сүйегіне балта шапқандай болды. Ол сол кездің өзінде әйелінің өлімі үшін бірнеше есе етіп дұшпаннан өшін алуды өзіне-өзі серт еткен. Содан бері жаудың көптеген солдаттары мен офицерлері жер жастанды. Темір жол бойында қаншама техникасы күлталқан болды.

Түн ортасы болған мезгіл. Үй іші тым-тырыс. Қасындағы ���������� штаб адам­ дары тәтті ұйқының құшағына еніп, тыныс алып жатыр. Жертөле­нің алдынан келе жатқан адамның жүрген сыбдыры естілді. Коротченко тез басын көтеріп алды. Жертөленің есігі сықырлап ашылды. Үйдің іші көзге түртсе көрінбейтін қараңғы. Кірген адамның жүрген ����������������� сыбдыры кенет ба­ сылды. Тимофей Михай­лович Коротченко: – Кімсің, әй? – деді. – Мен, Петькамын. Үлкен жермен байланысатын мезгіл болды. Радист соны сізге хабарла деді. Оның үстіне, Могилев қаласынан осы жаққа қарап көп әскер шығыпты деген хабар келді. – Сен штаб адамдарын оят та, мен келгенше ба­тальон командир­ле­ рін осында шақыр, – деп үстіне шолақ тонын киді де, Коротченко орман алаңының жиегіне орнатылған рацияға қарай жүрді. Үлкен жермен байланысты бітіріп, штабқа қайта оралған Коротченко жертөлеге көңілді келді. Жертөленің ішінде бөлім командирлері толып отыр екен. Ол өзінің орнына отырды. Сәл үнсіз ойланды да: – Могилев қаласынан жаудың қалың күші біздің жаққа қарай шыққан көрінеді. Оларды осы арадан отыз-қырық шақырым жерде қарсы алуға дайындалуымыз қажет. Бүгін түні партизандарды табаны­ нан тік тұрғызып жүріп кетіңдер. Мен ертең кешке келетін само­ летті тосып алып, жаралыларды және тұтқын офицерді Үлкен жерге жөнелтем де, қалған бөлімдермен соңдарыңнан жетемін. Жау бөлім­дерін Чечерск орманының жағалауында тосыннан қарсы алатын бола­мыз. Сендердің бекіністе жататын жерлерің дәл мына жер, – деп сұқ қолы­мен орман жиегіндегі картада анық көрінген ну қарағайды көрсетті. Батальон командирлері тез жиналып, жорыққа жүріп кетті. Петямын ротасы екінші лекпен жүрмек болып, Коротченконың жанында қалған. Петька мен Тимофей Михайлович әр ������������������������������� нәрсені әңгіме етіп, ұзақ ����� отыр­ ды. Жертөленің төбесіндегі саңылаудан болар-болмас ай жарығы түсіп тұр. Аспанда күлімдеген жұлдыздар байқалады. Петя Алешаның санына тиген оқты еске алды, Ол байғұстың айқас басталған кезде, тәлтіректеп орнынан атып тұрғанын қасындағы жігіт көріпті. Сол мезгілде сылқ етіп, орнына құлап түскенін, жаралы болғанын партизандар байқапты. Осыны Петя Коротченкоға әңгімелеп отырды, Жау оғының астында талай рет болған Коротченко: «Ол жас бала ғой, әлі еш нәрсені көрген жоқ, жаумен екінші рет қана кездескені болу керек. Сондықтан оны айыптама, жүрежүре үйреніп кетеді. Қорқақты жаумен айқастыра берсең үйреніп алады да батыр болады. Ондай жастарды соғыс өнеріне бойын үйрету керек. Жатып, аз да болса, мызғып алайық. Әңгімені осымен бітірелік», – деді де, қисайып жатуға ыңғайланды. Петя Коротченкомен қоштасып, далаға шықты. Ол аяғын нық басып, өз ротасының жанына жете бергенде, күзетте тұрған партизан: – Түн ішінде не ғып жүрсің? Жатып дем алмайсың ба? – деді. – Не ғып жүргені несі? Бригада командирінде болдым, – деп Петя нығыздана айтты да жертөлеге кіріп кетті.

Петя өзінің күндегі орнына жатты. Оның есіне әртүрлі оқиғалар түсіп, ұзақ уақыт көз іле алмай жатты. Майданға аттанарда көздерінен жас ағып, еңіреп, ботадай боздап қалған екі ұлы қараңғы жертөленің ішінде электр шамының жүзіндей көз алдына ап-анық елестей берді. Алдымыздағы айқас та біз үшін оңайға түспейді. Жау әлі де күшті, азуы алты қарыс. Қыстың суық зәрі бәсеңдемей, аяз екі бүйірден қысып тұрғаны мынау. Жау тым қатал, олардың жолын тосқауылдаған бізді таптап өте шығуға бар күшін салады. Бірақ Коротченко жаумен айқасудың алуан түрлі әдісін білетін командир екенін Петька да, басқа да жақсы біледі. Петя аяғына киген тозығы жеткен, табаны жамау-жамау қара пимасын шешіп, шұлғауын дұрыстап орады да пимасын қайта киді. Үстіндегі шолақ тонын шешіп, айқара жамылды да жантайып ұйықтап кетті. Таң бозарып атқан кезде оянған Петя орнынан тұрып, тонын киді. Маңайындағы адамдарға жүрген сыбдырын білдірмей, аяғының ұшымен басып, есікті ашты да далаға шықты. Ол солтүстіктен соққан үскірік желге қарсы адымдай басып, штабқа қарай жүрді. Аяз бетті жалап, тура қаратпайды. Соққан ызғарлы үскірік жел маңдайдан өтіп барады. Петя тезірек жүріп, штаб орналасқан жертөленің есігін ашып кіріп барды. Онымен ��������������������������������������������������������������� қоса қап-қап �������������������������������������������������� аязды бу қоса ������������������������������������ кірді. ����������������������������� Коротченко да ерте оянып, ор­ тада маздап жанған темір пештің түбінде жылынып отыр екен. – Бүгін тым ерте тұрыпсың ғой? – деді Коротченко. – Ұйқтап жататын уақыт емес қой. Сіздің ерте оянатыныңызды біліп, қасыңызда болайын деп келдім. – Оның дұрыс. Сен адамдарыңды оят. Тезірек тамақтарыңды ішіңдер де самолет қонатын алаңның ортасына үш жерден алау жағатын орын дайындаңдар. Оны білемін. Талай рет алау жақтым ғой, – деп Петя орнынан тұрып, аяғын тезірек басып, есіктен шықты. Қас қарая, Коротченко бастаған бөлімшелер самолет қонатын алаңға жетті. Коротченко шөмелеге от қоятын адамдарды сайлады да, өзі қолындағы сағатына әлсін-әлсін қарай берді. Бір мезгілде ол: – Самолет келетін мезгіліне он-ақ минут қалды. От жағыңдар, – деді. Петя бастаған бөлімнің адамдары үшке бөлініп, алауды тамызуға кірісті. Алау жалыны аспандай жанды. Аспан әуесін қақ жарып, күннің күркіріндей гүрілдеген самолет дауысы естілді. Ол бірден алаңда жанған алауды үш айналды да біртін-біртін төмендеп кеп қонуға беттеді. Түннің суығында бастарындағы малақайларын аспанға лақтырып, қуаныш сезімін білдірген партизандар мәз-мейрам болып қалды. Көп ұзамай самолет аспанға қайта көтеріліп күншығысқа қарай беталды. Қалған адамдар алаудың үстіне қар күреп бірде-бір шоғын қалдырмай өшірді. Таң жақындап қалды. Ышқына соғатын дауыл алдындағы алдамшы тұп-тұнық әуе сияқты орман іші мөлдіреген тыныштық. Атылған оқ, жарылған бомбаның гүрілі естілмейді. Ертеңінде самолеттің аман-есен өз базасына жеткендігі жөнінде хабар алған. ��������������������������� Коротченко ���������������� басқарған ������ парти­ зандар ат-көліктерін сақадай сайлап, түс болмай жүріп те кетті. Олар суыт жүріп, жаумен шайқасатын Чечерск орманына келіп жетті. Жау бөлімдері әлі бұл жерге келмепті. Коротченко жан-жаққа барлаушылар жіберді.

Петька басқарған бөлімді Заводок деревнясына жұмсап ол жердегі жағдайды білгісі келді. Петька орман ішін сүзіп, он шақты шанамен қар кешіп келе жатты. Ол ортадағы шанада қисайып, қолындағы автоматын қолтығына қысып жатқан. Баратын нысанасы жиырма шақырымдай жер. Оппа қар кешіп, жолсыз соқпақпен жүрген аттардың жүрісі өнбейді. Петяның ой-қиялы шар тарапты шарлап, біресе ойға, біресе қырға соғып келеді. Оның үйлену тойында жора-жолдастарының келгені, олардың қызу құттықтағаны, гармонь үніне қосылып, аққудай ақ көйлек киген қалыңдығымен шыр-көбелек айналып билегені, бейбіт күндегі бақытты өмірі есіне түсті. Жаумен айқасу көз алдына келсе, жүрегі дір ете қалады. Жүргіншілер Заводок деревнясының күнбатысындағы қалың орман жиегіне келгенде, алдынан бытырлап, әлсін-әлсін атылған мылтық дауысы анық естілді. Петя орнынан атып тұрып, алдағы шанадағыларға: – Тоқтаңдар! Алдымен осы жерде аялдап, деревняны бақылап алайық. Атылған оқ жау мінезіне ұқсайды, – деп өзі қасына бес-алты кісіні ертіп, орман жиегіне өскен жас қарағайдың арасына барып, дүрбімен деревняны бақылай бастады. Петя деревняның көшесінде топырлап жүрген жау солдаттарын байқады. Бір кезде деревняның арғы бетінен аспанға өрлеген жалын көрінді. «Мына жауыздар деревняны өртеуге кірісті-ау», – деп ойлады Петя. Тапа-тал түсте әр үйге кіріп, әртүрлі бұйымдарды алып шығып, машинасына тиеп жатқан солдаттар көрінді. Емін-еркін қимылдайды. Петя қарауылдап отырған жиектен жүз метрге жуық алшақтағы ең шеткі ағаш үйге жетіп екі-үш солдат кіріп кетті де көп ұзамай үйден бір әйел мен бес-алты жасар баланы жұлқылап алып шықты. Соңынан келген бір солдат үйдің қабырғасына сүйеп үйілген шөпке от қойды. «Байқұс әйел мен баланы отқа тастайын деп тұр-ау!» деген ой Петяның маңдайына шақ ете түскендей болды. Ол көп ойланбай, қолына мерген мылтықты алып, алдымен әйел мен баланы ұстап тұрған екі солдатты көздеп, мылтықтың шүріппесін басып-басып қалды. Бір жақсысы мылтықтың атылған үні шықпайтын еді. Әйел балаларын көтеріп, орманға қарай омбы қарды кешіп жүгіріп келеді. Ол кезде, Петя қалған екі солдаттың да көзін жойған еді. Арғы бір үйден шыққан бір топ солдат серейіп жатқан солдаттарға қарай жүгірді. Біреуі жетектеген овчарка итін орманға қашып бара жатқан әйелдің соңынан жіберді. Оның артынан бірнеше солдат автомат оғын жаудырып, қуып келеді. Ит бала көтерген әйелге жақындай бергенде Петя итті көздеп атып қалды. Ит қыңсылап, омақаса жығылды. Алда келе жатқан бір-екі солдат та Петя оғынан шалқалай құлап жатты. Қалған бірнеше солдат кейін қайтуға мәжбүр болды. Бала көтерген әйел орман жиегіне ілінісімен қарға жалп етіп құлап түсті. Петя әйелдің жанына жақын келіп: – Қорықпа, сендерді жаудан қорғап қалған біз, – деп жалаң аяқ, жалаң бас бес жасар баланы қолына алды. Әйелдің қорыққаны сонша, құлаған жерінен тұра алмай талып жатты.

Петя баланы тонының түймесін ағытып, қойнына тығып шанаға алып келді. Серейіп жатқан әйелді шанаға жатқызды. Дәрігер Павел Демидович әйелге ем жасай бастады. Бір мезгілде әйел көзін ашып, еңіреп жылап қоя берді. Суыққа тоңған, тісі-тісіне тимей дірілдей берді. Жүрегі аттай тулап, екі иығынан әзер дем алады, Сәл есін жинаған әйел жан-жағына ұрлана шолды. Ұлы көрінбеді. Ол жүрегіне қанжар тигендей селк ете қалды. Басындағы орамалымен көзден аққан жасын сүртті. Орнынан тұрып, маңайын көзбен шолды. Бала көрінбеді. – Ваня, Ваня, сен қайдасың, барсың ба? – деп дауыстады. – Ұлың алыста емес. Біз өз адамдарыңызбыз. Партизанбыз, – деді қасындағы шанада тізе бүгіп отырған Павел Демидович. – Сіздер партизандар екенсіздер ғой, мен әлгі бір деревнялардың бейберекетін алып жүрген жауыз полицайлардың қолына тап болған екен­мін деп қорыққан едім, – деп әйел тағы да жылап жіберді. Адам баласы қуанса да жылайды. Әйел есін әбден жиып, баласы­ның жанына келіп, шананың оң жақ қанатына отырды. – Сіз жыламаңыз. Жаудан аман қалдыңыз. Сіздерді сақтап қала­мыз деп бес-алты гитлершілердің көзін жойдық. Өштеріңді алып берді деген сол емес пе? Енді дауыс шығармаңыз. Гитлершілер әлі сіздің деревняда сойқандық жасап жүр. Естіп қалса, бізге қарсы шабуылға шығудан ������� да тай­ салмайды. Онан да балаңызды жылы орап, шанаға отырыңыз, – деп Петя жылы сөйлеп, ақыл айтты... Бір заматта орман арасынан аязда сықырлаған адам аяғының жүрісі, дабырлап сөйлеген сөз естілгендей болды. Петя айнала қорғанысқа жатуды бұйырды. Жегілген шаналарды зәулім қарағайға қарай әкетуді мақұл көрді. Сөйткенше болмады, қарағайдың арасынан бес-алты адам шыға келді. Олар да сасқалақтап, не ілгері жүруді, не кейін қаша жөнелуді білмей, аңырып тұрып қалды. Бәрі де деревня тұрғындарына ұқсайды. Басына тозығы жеткен малақай киген, жирен мұртты, үстіндегі шапанының етегі жырым-жырым, белін кендір жіппен шандып бай­лаған, орта бойлы, мосқал еркек: – Ей, сендер кімсіңдер? – деді. Осы сөзді айтуын айтса да, абдырап үрейі қашқаны беп-белгілі. – Қорықпаңдар, мұнда келіңдер. Біз де сендер сияқты совет адамдарымыз, – деді Петька. Тосыннан кездескен адамдарға сенерін де, сенбесін де білмей тұрған мосқал кісі Петьканың жанына келді де: – Ой, құдай-ай, сендерді полицайлар болар деп қорқып тұрсақ, сен өзіміз талай рет көрген Петька екенсің ғой. Амансың ба? Әй, мұнда келіңдер, бұлар өз адамдарымыз екен,— деп қарағай арасында жалт беріп қашып кетуге даяр тұрған адамдарды шақырды. – Мен сізді де танып тұрмын. Осы деревняның тұрғыны Василий Федорович Коротков емессіз бе? – деп Петька күліп жіберді. – Иә, иә, дәл таныдың.

– Жау бөлімдерінің қай жақтан шабуыл жасап келе жатқанынан хаба­ рыңыз бар ма? – Олар Костюковичиден шыға бере тарам-тарам боп, үш жаққа бөлін­ ген көрінеді. Аз бөлігі біздің деревняға, екінші бірі – Чечерск орма­нына, үшінші бөлігі Корсико деревнясына қарай кетіпті. – Сіздердің орман ішінде жертөлелеріңіз бар ма? – Паналайтын жерді күзді күні-ақ дайындап қойғанбыз. Фросяны баласымен аман сақтап қалдыңдар. Байғұстың күйеуі соғыс басталы­ сымен әскерге алынған. Оны біз «солдатқа» дейміз. Жау солдаттары­ның деревняға жақындап қалғанын білгендердің бәрі орманға қашып кеткен. Ол байғұс, білмей қалған болар. – Ендеше, сіз бізге жол көрсетіңіз. Азық-түліктеріңіз бар ма? – Күзде қамбаға тығып тастағанбыз. Әлгі Фрося қайда дедіңіз? – Ол әйелдің атын сұраған жоқпыз. Баласымен әне бір шанада отыр. – Сендер естіп тұрған боларсыңдар. Бәрің базаға бара беріңдер. Мен кейінірек барармын, – деп Василий Федорович Фрося отырған шанаға барды. – Балаға киім табылар ма екен? – деді Петя. – Табылады, – деп бір әйел қасында жүрген кішкене баласына керек болар деп алып шыққан сырт киім мен аяқ киімді балаға ұсынды. – Баратын жерлерің осы жерден алыс па? – деп сұрады Петя. – Он-он бес шақырымдай. – Мына суықта балаларың үсіп қалады. Біздің жігіттер тез апарып тастап қайтсын. Егер базаларыңызда үйілген шөп болса, аттары­мыз ашығып келеді. Көмектессеңіздер жақсы болар еді, – деді Петя жиналған жұртқа қарап. – Шөп бар. Сендерге көмектеспегенде, кімге көмектесеміз? – деді бетаузын жылы орамалымен қымтап алған мосқалдау бір әйел. Петя жаудан қорғап қалған баланы қолына алып, бетінен сүйді. Мойнына асынған қоржынынан жарты бөлке нанды екіге бөліп, бір бөлегін баланың қолына ұстатқанда, бала қуанғанынан Петяның мойнынан құшақтап: – Дядя, сізге көп рақмет... – деп былдырлап сөйлеп жатты. – Ал, аман болыңыздар. Көп сөйлесіп тұруға біздің уақытымыз жоқ. Әй, Витя, мына кісілерді сен басқарып, базаларына апарып таста да, қайтарыңда шанаға шөп тиеп ала кел, – деп Петя жергілікті тұрғындармен қоштасты. Түс болмай аттанған деревня жолаушылары орман жолына түсіп, аттың бұлаң құйрық жүрісімен кете бар­ды. Петя бес партизанды гитлерші­ лердің үшке бөлініп шабуылға шықпақ болған жаман ойын Корот­ченкоға хабарлауға жіберді. Өзі деревняны айнала қоршаған орманды ай­налып, жаудың екінші бүйірінен тиіспек боп, жүріп кетті. Күні бойы сексен шамалы үйі бар деревняны өртеп, тып-типыл қылды. Оң жақтан Петя­ның танауына өрттің қоңырсыған иісі келді.

– Ой, жалмауыздар-ай, қаз-қатар тұрған әсем үйлердің бәрін жалмап кетті-ау, – деді ол. Қыстың сары шұнақ аязы денесін шымырлатып келе жатқан Петяның ойын бірнеше дүркін атылған жау автоматының дауысы бөліп жіберді. Жасы жетпістен асқан Василий Федорович етек-жеңін түріп, белуардан қар кешіп алда келеді. Бұлар жаяулап Заводок деревнясының екінші бетіндегі орман жиегіне келді. Петя автоматшыларын сақадай сайлап, жаудың шығатын жолына тосқауылға қойды. Өзі деревнядағы фашистердің жүрісін бақылап жатты. Олар лаулап жанған оттан шығып, екінші бір деревняға баратын жолға жиналып, оққа ұшқан адамдарының денесін машинаға тиеп, қозғала бастады. Петя басын көтеріп, анықтап көрейінші дегендей, алдыңғы машинаның соңындағы жеңіл машинаға мініп жатқан офицерге тесіле ұзақ қарады. Күн ұясына кіріп бара жатқан мезгіл еді. Бірақ ор­ман іші күңгірт тарта бастаса да фашистердің қимылдаған жүрісінің бәрі анық көрінетін. Дұшпан бөлімшесі аспай-саспай жолға қарай жүрді. – Келе жатыр, абай болыңдар. Менің командамды күтіңдер, – деп Петя өзі автоматшылардың қасына барып, жуан қарағайдың түбіне жатты. Василий Федорович те автоматын қолына алып, «бәлем тұра тұр, сендердің ызаларың өтті ғой, мен де екі-үш немісті жайратайын», – деп жол бойынан көз алмай, ұмсына қарай берді. Жау бөлімі бір ғана рота екен. Шұбатылып автоматтарын даярлап оқтап, маңайды көзбен шолып келеді. Жолдың екі қапталы жыпырлаған орман ағаштары. Жау солдаттары әр тұстан дабыр-дұбыр сөйлесіп келеді. Петя жау тобы тосқауылдың дәл түбіне келе бергенде: – Айқасты бастаңдар, – деп бұйрық берді. Шайқас бірден басталып кетті. Гүрс-гүрс атылған автомат, пулемет үнінен дүние төңкеріліп түскендей, орман іші солқ ете қалды. Жаңа ғана мүлгіп тұрған орман ағаштары теңіз толқынындай теңселіп, билеп кеткенге ұқсайды. Жаңғырыққан мылтық дауысы күңіреніп, барған сайын күшейе түсті. Сапта келе жатқан жау солдаттарының қайбіріне оқ тиіп, алға таман сәл ғана ұмсынады да, тірсектері бүгіліп, шалқалап құлап түседі. Көп ұзамай партизандардың арасынан оққа ұш­қан, жаралы болған адамдар да шыға бастады. Жау командирі шайқас басталысымен-ақ көздеп атылған оқ тиіп, жансыз денесі қардың үстінде қан-қан боп серейіп жатыр. Жау бөлімі міз бақпай қарсыласып, барлық қарудан төпелеп оқ жаудыруда. Василий Федорович соғыстың алғашқы күндерінен бастап, партизандардың барлаушысы еді. Дұшпанның аяқ басқанын аңдып, көрген-білгенінің бәрін партизандарға хабарлап тұратын. Туған жерін, елжұртын басып алған құзғын жаудың көзін құртпай жұртқа маза жоқ екенін ол жақсы түсінеді. Қоян тәрізді орманда қашып-пысып, бой тасалап жүргеннен де, қайрымсыз қатал жаумен бетпе-бет айқасуға белін бекем байлаған ол, қолындағы автоматтың шүріппесін сұқ саусағын босатпай,

жазалаушы құзғындарды көздеп ата берді. Жас кезінде аңшы болған, мерген адам екен. Көздегенін қия жібермей, шалғы орақтай отап, бірне­ ше жау солдатын жер жастандырды. Қасында жатқан Петя: – Сіз өте мерген екенсіз, әне бір машинаның астында жатқан солдат­ты көздеңізші, – деді. – Жас кезімде ондай өнерім болған, – деп Василий Федорович Петя көрсеткен солдатты автоматтың нысанасына алып, автоматтың шүріппесін тартып қалды. Солдаттың қолындағы бас көтертпей жатқан автоматы қолынан сусып қар бетіне түсті. – Е, міне, автоматтың үні өшті, – деп Петя риза болды. – Бұларға тың күш көмекке келген сияқты. Біздің шегінетін жолы­ мызды қиып, қоршауға алудың амалын ойлап жатқанға ұқсайды, – деді Петя Василий Федоро­вичке жақындай түсіп. – Петя, жау оң жақтан шабуылға шығып, қаптап келеді, – деген Сережаның дірілдеп шыққан даусы естілді. – Қорықпаңдар, орманның сырын менен артық білмес. Жол таба­- мыз, – деді Василий Федорович. Қас қарайып, ымырт жабылған мезгіл. Орман іші қараңғы тартты. – Дегенмен, бөлімше боп біртіндеп кейін шегінелік. Жау күші бізден әлдеқайда көбірек, – деп Петя қарлыққан дауысымен бұйрық берді. Аяз күшейе түсті. Петя партизандарды кейін шегіндіріп, даяр тұрған шаналарға отырып, Чечерск орманындағы Коротченко басқарып, ұрыс жүргізіп жатқан партизандарға суыт жүріп кетті... Оларды бастап жол көрсетіп келе жатқан – Василий Федорович. Түн ішінде жау бұлардың соңына түсіп, қууға жараған жоқ. * * * Мен үйге оралысымен Отан соғысы кезінде жазған күнделігімді өз архивімнен тауып алдым. Ақтарып оты­рып, дәптерге қара қарын­дашпен жазылған мына бір мәліметтерді таптым: «1943 жылы, қыркүйек айы­ ның 21 Борейка деревнясында гитлершілерге қарсы шабуыл жасап келе жатқанда, жаудың айқыш-ұйқыш атылған пулемет оғынан Петр Ива­ нович Афанасьев қаза болды. Оның сүйегін алып шығамын деп жүргенде, жау оғынан ротаның партия ұйымының хатшысы Богушев қайтыс болды. Жаудың оң жақ қанатынан шабуыл жасап келе жатқан бірінші батальон екі пулеметтің де үнін өшірді. Сөйтіп бригада алдына қойған мін­детін орындады. Қаза болған екі кісінің сүйегін Великий Бор деревнясының зиратына жерледік» делініпті. Осы күнделіктегі Петр Иванович Афанасьев туралы жазылған жолдарды екі ұлына жібердім. Олардан алғыс ай­тылған хат алдым.

Бас редакторы Кәдірбек Құныпияұлы Редакторы Саттар Ерназаров Көркемдеуші редакторы Кенжеғазы Айтжұманұлы Суретші Нұрмұхамбет Наурызбаев Басуға 22.08.2012 ж. қол қойылды. Қалыбы 60х901/16. Басылымы офсеттік. Қаріп түрі «DS Tіmes». Шартты баспа табағы 35,0 б.т. Таралымы 2000 дана. Тапсырыс № «Ан Арыс» ЖШС, 050000, Алматы қаласы, Абылайхан даңғылы, 105. Тел.: +7 (727) 272-51-84, 261-60-67, факс: +7 (727) 261-62-13. МАЗМҰНЫ ПАРТИЗАН ҚЫЗЫ............................................................................................................. 5 ОРМАНДАҒЫ ОТ............................................................................................................174 ҚАПАСТАҒЫ ЖҰЛДЫЗДАР..........................................................................................305 АРБАСУ............................................................................................................................432 ӘКЕ ҚАБІРІ БАСЫНДА..................................................................................................513 Әди Шәріповтың 100 жылдық мерейтойына арналады

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙