TELEGEI

Home

Өлеңдер, поэмалар. 1-кітап

Ғафу Қайырбеков

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер, поэмалар. 1-кітап

Поэзия әлеміне өзіндік үн қосқан ақын Ғафу Қайырбеков өзінен кейінгі жастарға сүйіспеншілікпен қарады. Тың туралы жазған дастандары үшін марапатталды. Шығармаларындағы негізгі ерекшелік – ұрандату мен айқайдан алыс болды. Ол дәстүр жалғастығының үзілмегенін қалады.

ӨМІР КҮШІ

Мыңдаған қалам өрнегі түсіп,
Алуан көздің от ізі қалған.
Талайдың басып алақаны ыстық,
Екінші қолға суымай барған,

Маған да жетті сол қағаз қымбат,
Жүректен шықты мызғымас антым.
Қаламның бойын қуалай зырлап,
Құйылды барып қағазға әрпім.

Үндеуден көрді көзім тез шалып,
Інімнің қолын қойылған шапшаң.
Тұрғандай болды тұтасып халық,
Осынау байтақ астында аспан.

Жалауын бейбіт өмірдің ортақ,
Көтеріп қолдан айбарлы үнмен.
Астында тудың тұрды бір шырқап,
Өзімдей ұлан өмірді сүйген.

Толды да кеуде сезіммен күшті,
Өмірдің алып қайратын көріп.
Келешек маған жымия түсті,
Өзінің ғажап ісіне сеніп.

АТТАНАРДА

(Майданда қаза болған ақын досыма)

— Сен екі жол, мен екі жол

Жазушы едік өлеңді.
Жүрегіміз бір деуші едік
Қоштасайық кел енді, -
Дегенімде жайды құшақ,

Уақыт аз бөгелмей.
Құшақтасып тұрдық үнсіз
Дәл бір шумақ өлеңдей.

МЕКТЕБІМ

Қолыма ұстап хат, қалам,
Балалық жүзбен сүйкімді.
Босағаңнан аттағам,
Бөліп тұңғыш ұйқымды.

Алғашқы бір жазуым,
Есімі қамқор көсемнің.
Жанымның тауып азығын,
Жарқырап, күліп өскенмін.

Балалық атты бір досты
Шығарып салдым партаңнан.
Жастығым маған гүл тосты,
Аялап қағып арқамнан.

Көрсем сені осы күн,
Түседі еске жаңарып,
Алғашқы сол жазуым,
Алғашқы дос - балалық!

ЕСКЕ АЛУ

Әке деп жүргенімнің аға екенін
Мен сәби есейгесін білдім кейін.
Қаз тұрып жаңа ғана бассам керек
Кеткенде әкем тастап жер мекенін:

Үйретті ағам маған өмір атын,
Мол сапар, оған барар жолдың сәтін.
Үйретті қуанышын, өлеңін де,
Мен, бәлкім, содан бастап болдым ақын!

Үйретті ол, ол - қадірлі жолдас еді,
Жанының жалғыз бауыры олжасы еді.
Бір ғана үйретпеген нәрсесі оның –
Қасірет, қайғы - уайым, көз жасы еді.

«Қош» деді зор майданға сапар шекті,
Көп нәрсе айтар ма еді, айтпай кетті.
Сендім мен, жеткіншегін жылатпауға
Көңілінде бірге аттанды берген серті.

Оралмай қалды ол елге қайтып содан...
... Аңыз бар жеңді деген ажалды ағам...
Жылауға еш мүмкіндік бермей өткен
Дүниеде содан қымбат кім бар маған?!

ТУҒАН ӨЗЕН ЖАҒАСЫНДА ТҰРДЫ ОЛ..

Үстінде бар солдаттың сұр плащы,
Өзіменен бірге кешкен жорық жол.
Кірпігінде жылт-жылт етіп бір тамшы,
Туған өзен жағасында тұрды ол.

Төрт жыл, бәлкім, көп болар ма одан да
Жорықта өткен күнін айға баласа.
Баяғыдай балғын құрақ бауырында,
Сол күйі әлі - туған өзен тамаша.

Салтанатпен сәлем беріп ол тұрды,
Саптағыдай әсем ұстап тұлғасын.
Көз алдында толқын қуып толқынды,
Жаңғырығып соғып жатыр жар астын.

Ақша бұлттан үзіліп бір түскендей
Шүйіледі көктен төмен шағала.
Туған жерде бақытты еді құс нендей,
Кең бесікте ұқсайды ерке балаға!

Көк өзенге тынып, кейде тулаған
Қарайды ұзақ көзін солдат бір алмай.
Жамыраған жас толқынға, жинаған
Сағынышын үлестіріп тұрғандай.

Ой толқиды құбылып, мың бұралып,
Ой толқынын қайталайды толқындар.
Көз алдынан жатыр өтіп, шұбалып
Қаһармандар, ер жолдастар, сол жылдар.

Қасиеттеп, ойда әлдилеп өткенін,
Келер күнге құшақ ашып тұр солдат.
Туған жердің қарсы ап жарқын көктемін,
Жаны күліп, көкірегінен нұр саулап...

1946 жыл

СОЛДАТ ҰЛЫ

Кездесіп сәлем берді сәби Айтпай
(Адамның бір бақыты бала емес пе?)
Кешегі қанды ұрыстан қалған қайтпай,
Досымды әлсін-әлсін салады еске.

Жанымдай көрем жақын көз жанарын,
Көтеріп жерден қунап, тез аламын.
Шымырлап қозғалғандай болады аузы
Жүрекке соғыс салған бір жараның.

Сүйемін әкесіне тартқан көзін,
Досымның айнымаған тура өзін.
Дәл осы баласына хатта жазған
Еске алам жорық күнгі соңғы сөзін:

«Барады әкең жазып өмір жолын,
Саған да сол кітаптан қалар орын.
Жазарсың жалғастырып жақсы күнді.
Келешек өмірінде қасірет жоғын».

... Өмірін қорғады ол баласының,
Қалдырып жауға деген жан ашуын.
Беріп кеткен секілді жүрегі мен
Сөнбесін деп көзінің қарашығын.

— Қарашы, әне, аға, - деп тамашаны

Жөнеледі асығып бала жаны.
Көз алдымнан бұлаңдап өте шыққан
Секілденіп досымның бала шағы.

ТҰҢҒЫШ

1

Россия өмірін
Жаңа белге шығарған, —
Ұлы Петр көңілін
Ұялады бір арман.

Осы арманды бір сапар,
Қағазға арнап түсірді.
«Волгаға қос,
Донды апар,

Жина барлық күшіңді».
Оқыды ашып бұйрықты,
Астрахань губернаторы.
Болмас іске килікті,

Таусылды ықшам ақылы.
Тас тағыдай сіресіп,
Жатып алды табиғат.
Көп мехнат күн кешіп

Қайта жауап, жазды хат:
«Тақсыр, тәңір жаратты
Өзендерді осылай.
Сол күйінше кері ақты,

Қала берді қосылмай.
Етпейік құр қарсылық
Құдіретіне құдайдың.
Өтініп, қол қусырып,

Қалдыруды сұраймын».
Ұлы Петр жүрегі
Осы арманды аялап.
Тым ұзақ жыл жүреді

Туған елін аралап.
Заман қолын тұсаған
Ол өкініп тоқтапты.
Қайтып бұған еш адам,

Содан бері соқпапты.

2

Шолды көсем бір кезең
Картадан ел ой-қырын.
Волга мен Дон екі өзен,
Тосты алдына тағдырын.

Оның нұрлы қаламы,
Қосты сызып өзенді.
Ұқтық, сол бір даланы
Келді өзгерту кезегі.

Қайрат жиып, белсене,
Кеттік кіріп құрылысқа.
Минутымызды өлшеуге
Болып жатты күн қысқа.

Досымыз да, дұшпан да,
Қақпай кірпік қарады.
Дон жүгіріп түсті алға,
Құшты Волга ананы.

Асырған қашанғы арманын
Ана менен баланың.
Сүйсіне саған қараймын,
Ғажайып менің заманым!

1952 жыл

ЖІГІТ

Кездесуге алғаш бетпе-бет
Жүгірді Дон Еділге,
Орнады теңіз көкпеңбек
Құшақтасқан жерінде.

Атқарып заман ұлы ісін,
Өзгертіп әлем картасын,
Алуға біраз тынысын
Ерлер жатты тарқасып.

Толқынға сүйеп кемерін,
Теплоход тұрды жүздеген.
Айтысып әркім мекенін,
Қоштасты жарқын жүзбенен:

— Сен қайда?..

— Қырым, Ялтаға,

— Шығысқа, сонау Байкалға,

— Фабрика, зауыт, шахтаға,

— Алысқа, алтынды Алтайға.

— Магнит тауға, Оралға,

— Колхозға, совхоз, МТС-қа.

— Тағы да зор каналға,

Каналға - алып құрылысқа!
Бөгеліп тұрған сол бір сәт
Жас жігіт, бастық қасында:

— Қош, достар, - деді қол бұлғап

— Қалатын болдым осында!..

Жылжыды кеме лезде
Алыстай сырғып жағадан.
Дауыстар шықты бір кезде:

— Шабадан қалды, шабадан!..

Жағада тұрған сол жігіт,
Сілтеді қолын жалғыз-ақ.
Кемеде ду-ду жұрт күліп,
Жігітке қарап тұрды ұзақ.

Жымиды жарқын көңілмен:

— Інім, - деп бастық. –

Сүйікті... Еңбекте үздік көрінген
Алып қап тұрып жігітті.

— Ол қалай, батыр, оның не

Кетті ғой бәлкім, керегің.

— Барсын, - деді ол, - еліме

Менің де бір сәлемім!
Онда кеткен бұйымды
Білем: дәптер, күнделік
Оқысын өткен жолымды,

Қуанып, туған ел көріп!

ОРАЛ

Көк астында бір алып,
Көргенімде Оралды.
Көк вагонда ырғалып,
Көкірегімді жыр алды.

Жатты Орал жиһанның,
Мырзасындай береген.
Әр өлкесі Отанның.
Ғажап еді не деген!

Тау жүрегін соқтырып,
Жатыр алуан зауыттар.
Құрыш құйған отты үріп
Онда батыр халық бар.

Бөктерінде көк егін,
Жатыр колхоз қарық боп.
Шіркін, Орал көлемін,
Құшар ма едім алып боп!

Ақты пойыз, найзағай
Тізбегіндей түндегі.
Ай астында айнадай,
Кетті тартып ілгері.

«Жігіт, жырың беріп кет»,
Дегендей бір сөз тастап.
Қапталдасып еріп кеп,
Қалды Орал алыстап.

ДИПЛОМ

Жігіт еді бейтаныс,
Жолықты да ол бірде:

— Ертең ғой күн демалыс,

Келші сағат он бірде! –
Деді, мен де тұрып ем,
Айта қоймай «мақұлды».

— Жазып жүр ем Диплом

Жыл ғой биыл ақырғы.
Дегесін ол, шақырған
Мезгілінде бардым бір.
Үстел үсті толтырған

Карта екен, «ал, үңіл!» —
Деді жігіт жымиып

— Сәл бітуге ертерек...

Сан шомылған тұңғиық, —
Тұрды алдымда Өлкейек.
Сонан әрі тағы да,
Көп жоспарын көрсетті.

Қанша күші барын да
Сол өзеннің өлшепті.

— Мен ол жерге үш бардым,

Басшылармен кездестім.
Талқылап бұл жоспарды
Теріс демеді елде ешкім.

— Онда сол жер бола ма

Орталығы колхоздың?!

— Болғаны сол, жағамыз

Электрдің жұлдызын.

— Таудан суын көп қардың

Қосу керек, ащы екен...
Деді ол, мен де деп қалдым:
«Дипломың жақсы екен».
Сәуір, 1952 жыл

ЖОЛ ҮСТІНДЕ

Жол үстінде екеу тұр,
Ағып келеді машина.

— Таныс шопыр екен бұл,

Дейді бірі досына.
Қол көтерді жақын кеп
Машина да тоқтады.
Екеу мінді бас изеп,

Көп сөйлесіп жатпады.
Бірі — едәуір жастағы
Колхозшы, бірі — агроном.
Қарт кеңесті бастады,

Бір жайланып алған соң.

— Бұл шопыр ма, бұл шопыр,

Тілеуі болғыр, жақсы адам.
Бұл сөйлесе күл де отыр,
Ойынпаз - ақ, жарқын жан!
Бес жыл, бәлкім, одан да

Істегелі көп шығар.
Мұны біздің ауданда
Танымайтын жоқ шығар.
Жазда, күзде, көктемде,

Жүргені ылғи қатынап.
Келсе — шай-қант, кетерде —
Азық, май, жүн артып ап.
Қажығанын білмейсің,

Ылғи жарқын осы күй.
Адал еңбек иесі
Аты өзінің Василий.
Бұған құрмет етеді,

Біздің колхоз адамы, —
Деп қария шертеді...
Машина ағып барады...

ПАРТИЗАНДАР АТЫМЕН

Көктемде жайып көлемін,
Кектей өтіп алапты,
Басып өзен кемерін
Су қаптайтын жан-жақты.

Биыл да сол әдеті
Су бұрқана тасыпты.
Салмақ болып бөгетті,
Халық күрес ашыпты.

«Күш атасын танымас»
Алыпты ел бұғаулап
Көніпті асау бағынбас,
Кете алмапты су аунап.

Бөгет салған сол тұста
Тұратын көп ағашы.
Қаза болған соғыста
Партизандар моласы.

Ел күшімен дөңгелеп
Су тынғанда тартып дем.
Аталыпты сол бөгет
Партизандар атымен.

Жылда толқын шұбалып
Құр пайдасыз кешетін.
Тұр егінді суарып
Ел ырысын шешетін.

ПІШЕНДЕ

Шөп машина қалағы
Күн көзінде жалтылдап,
Түсті пішен орағы
Көк майсада жарқылдап.

Қос машина, қыз, жігіт
Қатар еді арасы:
Қалды жігіт мүдіріп
Ширек сағат шамасы.

Винттің бірі жоқ мүлде
Ал, көгалдан таба алшы!
Үш оралды қыз міне,
Қап, қырсықты қарашы!

Жақындады қыз дағы,
Онан сайын түсті иық:

— Ау, жігітім, жүр, кәні

Нағып жатсың шұқшиып?!
─ Винт жоқ, белдік темірге
Жалғасатын төстегі!

— Ойбой, тәйірі - ай, оның не,

Винтің сенің бос па еді!
─ Жә, менде бар біреуі
Сүйте ме екен ер кісі!..
Алыстады қыз енді,

Құлақта қап күлкісі...
Жетсем бір, деп, - тұсына
Бұл да шапшаң кетті алға.
Ал, қыз кездің ұшында

Бұлдырайды тек қана...

ЕСЕПШІ

— Демей егін, мал қалды-ау

Жаның тыныш жай тауып.
Отырмысың, есен-сау
Көлеңкеде шот қағып.

— Рас, шотты мен қақтым.

Оның, құрбым, жоқ шамы!
Әр тасында сол шоттың
Маңдай терің моншағы.

ӨЛКЕЙЕК

Арқаның бір өзені Өлкейектен
Даланың тентек желі көктей өткен.
Тұратын жағасында жалғыз терек
Тайынбас жас батырдай жекпе-жектен.

Жалықпай күткен жандай бір арманды,
Даланы жалғыз шолып келді ол мәңгі.
Алға ұзақ жыл үстінен аса қарап,
Сол терек шақырғандай нулы орманды.

Жаңа өмір кестесіндей жерге салған,
Келеді өсіп сонда бір жас орман.
Іске асты ұзақ жылдар шөгіп жатқан
Тарихтың өзіменен құрдас арман.

Түрдік те тер шығара біз білекті.
Аударып алып тастап құзды шеткі.
Суартып әр толқынға бір ағашты
Далаға сүйреп кеттік Өлкейекті.

ЕГІНКӨЛ БАСЫНДА

Келген дәнді суарып
Ертеден - ақ Егінкөл,
«Егініме суыңды
Есіркесең тегін бер»

Деп, әрине, жалынып
Ел адамы айтпаған.
Арық қазып жабылып,
Күн жоқ суын тартпаған.

Қазір жалғыз Дүйсембек,
Двигатель басқарып.
Жатыр көлдің мол суын,
Көп егінге ақтарып.

Аспан жасыл, жер жасыл,
Бір бәсеке қылғандай.
Дала күнде бір ғасыр,
Өмір жасап тұрғандай.

ҚЫРМАН

Жағалай жазық. Тау қырман,
Сәске түс, қазір күн ашық.
Машина лек-лек ағылған,
Құшағын қырман тұр ашып.

— Жомарт, Жамал, мырза Әлім,

Аяма жүк, артсаң арт!
Жүк болып па тон жарым!» —

— Дейді шопыр Қапсамат.

— Орындалар бәрі оның,

Біз берейік көп үйіп.
Шиқ етсе ғой балоның,
Жолда қалдың шоңқиып!

— Балон жайы бас бармақ,

Уайымдама жеңешем.
Бір қағыссақ қас-қабақ
Соны да көп демес ем».
Еңбектің сәті бір думан,

Қағады кейде жыр қанат.
Таусылар емес тау қырман,
Аймаққа төне тұр қарап.

МАЙШЫ БАЛА

— Неткен қайсар өзің де,

Бір өлермен баласың!
Сарша тамыз кезінде
Қайда тартып барасың?!

— Сарша тамыз кезінде

Сарымай тартып барамын?
Таң боп келем өзім де
Ыстығына даланың.

— Білмейсің бе пункттің,

Бұл арадан шалғайын?
Не шыдатады ыстық күн
Кетпей ме еріп бар майың?!

— Жүрсе бітер жол деген

Ери қоймас сарымайым.
Ерісе де кел деген
Мезгілінен қалмайын...

ЖЫЛҚЫШЫ – ДЕПУТАТ

Алматыда қарсы алдым
Колхоздағы әкемді.
Көрмегелі қанша күн
Көп жаңалық әкелді.

Келді алдыма жаз жайлау,
Өрістегі қалың мал.
Бауыры майса Қызбел тау,
Желіде құлын жібек жал.

Айтып жатты саралап,
Көп жаңалық елде екен.
Депутат боп ел қалап
Астанаға келді әкем!..

«РАҚМЕТ, КӨЛЕҢКЕМ»

— Мен келгелі пунктке

Үш сауымы биенің.
Қайда жүрдің күндікке,
Бар ма істер бір емің?? —
Деп Әбдікен ақсақал,

Жетектеді құлынды.
Жымиды да жас Сапар,
Екі жеңін түрінді.

— Кеше әлгі Жұманның

Тебеген көк қасқа аты.
Мүлде мұның тұяғын
Екі бөліп тастапты.
Сайлап құрал-жабдығын

Кірісті ол қол сыбап.
Арасында әлгінің
Дайын болды сом тұяқ.

— Міне, жігіт өнері,

Рақмет, көлеңкем!
Күттіруің көп еді,
Бітіруің тез екен!
Көпке дейін көзін сап,

Дәрігер арттан қарады.
Шал соңында құлыншақ
Желе шауып барады.

ТҰРАЛЫ МЕН ӘКЕСІ

Жиылыс ұзап тарады
Қайтты үйіне Тұралы.

— Не мәселе қаралды? —

Деп әкесі сұрады.

— Мәселесі көп екен.

Басым болды сын жағы.
Бір мәселе — мен екем,
Мені қатты сынады.
Жоқ-ау енді шынында,

Өзгенікі бір басқа,
Мені тіпті шуылдап,
Жазғырады құр босқа.
Әсіресе Тұрағұл,

Жандай-ақ бір қасы бар...

— Сонда дағы, шырағым,

Шикілігің бар шығар.
Жазғыруға кім ынтық
Жөні бар ғой айыптың...

— Жазығым кеше ұмытып,

Қой суармай қойыппын.
Жатады олар несіне,
Сөз шығын сондайға!
Ертесі не, кеші не

Қой су ішсе болмай ма? —
Деді ол кейіп, түксие:

— Шөлдеп келдім, шай бар ма?

— Ертесі не, кеші не

Бір шай ішсең болмай ма? —
Деді әйелі Гүлжамал,
«Батыр» басын шайқады!..
Күбір етті: — бар ма амал,

Бұл да есесін қайтарды!..

ЖЫЛҚЫШЫ ӘНІ

Күнде ерке қыз тұрасың таң қарсы алып,
Жылқы өргізем сол кезде мен ән салып.
Таң емес қой оятқан, менің әнім
Жасырсаң да қалдым-ау, тез аңғарып.

Жақсы өмірдің жүзі емей
Жаз да атқан таңым не?
Кел ұялып, бөгелмей
Қосыл, құрбым, әніме.

Сен егіннен қайтқанда түс кезінде,
Шыныңды айтшы, көзіңе түспедім бе?
Қарап ең ғой бір емес, бірнеше рет.
Қара қырдан жылқы айдап түскенімде.

Енбек, ойын-күлкі емей.
Жақсы өмірдің сәні не?
Жүрегіңді бүркемей
Жақындай түс әлі де.

Кешкі сауық клубта қызған шақта,
Қайдан кетсін жігіттен қыз аулаққа.
Қандай қызық теңіздің бетіңдей би,
Қыз бер жақта қалғанда, біз аржақта.

Жақсы отың бар көзіңде,
Кел, жанымыз табыссын!
Манағыдан өзің де
Жақын келіп қалыпсың!

«ҰШАДЫ ҚАРА ТОРҒАЙ ҚАНАТ ҚАҒЫП»

«Ұшады қара торғай қанат қағып»
Жеткенде осы ән бізге көктен талып,
Басына көк майсаның алтын сеуіп
Қалған кез сары белге күн де барып.

Кешкілік жұмыстан соң жұрт жиналып
Жаңалық, әрлі-берлі сөз қозғалып,
Алдында қызыл отау тынығу сәт,
Шарықтап шадыманды отыр халық.

Біреулер «шәу, пәлі» деп елти түсіп,
Қояды қошеметтеп желпінісіп.
Кенеттен тамылжыта құйылған ән
Көкейге қонақтауға кетті түсіп.

Қызыл отау. Радио ән самғатты,
«Анау кім басындағы, бұра қатты!»
Десіп жұрт гуілдесті, «қара торғай»
Қалықтап жұрт үстінде тұра қапты.

— Уа, жігіт, салады екен қоңырлатып!

— Бипаздап бала қаздай мамырлатып.

— Ән шіркін, бабы келсе қандай жақсы

Барады бауыр жібіп, жаным балқып!!
Жақсы әннің әуенімен тыныс алып,
Тыңдасты қаумаласып қалың халық.
Келгендей әнші жаны ел ішіне

Алыстап аңсап ұшып қанат қағып.

КЕЛДІ ОЛ СОЛАЙ КОЛХОЗҒА

1

— Апарып та салайын

Мына қырдың асты екен!

— Жоқ, өзім - ақ барайын.

Дала ауасы жақсы екен!
Бір дүр ете түсті де,
Машина кетті зымырап.
Көк майсаның үстінде

Жапырылған ізі қап.

2

— Сізбен бірге бір шопыр,

Келеді деп естіп ек.
Бөгеп бәлкім шаруасы
Шыққан шығар кешірек?! —
Деді колхоз бастығы

Қарсы ап тұрып қонағын.
Мал дәрігері — жас жігіт
Қақты үстінен жол шаңын.
Сәл аз ғана күлімдеп,

Бастыққа ол тұр қарап:

— Аз дейсіз бе бір күнге

Түпкілікті бір қонақ! —
Жайнап жүзі тұр жігіт,
Қарап қапты басекең...
Бір қозғалып қойды жұрт,

Деп, «әзілі жақсы екен!»

— Шопыр келер, болмаса,

Ол бәлдене бермес тым.
Жолдас, бастық, мен де онша.
Жаман шопыр емеспін!
Ду күлісті тұрған топ:

«Уа, іске сәт, іске» — деп.
Жатыр бастық: «тоқтау жоқ.
«Газик» пе, әлде «Зис» пе? — деп.

— Ал, ендеше тағы да

Қол тұрмасын, батыр, кел!
Алғашқысы дәрігерлік,
Шопырлыққа тағы әкел! —
Ду күлісті тұрған топ

Қошеметті пішінмен.
Көздерінде ойнап от
Бәрі риза ішінен.
Қазан, 1953 жыл

АСТАНАҒА СӘЛЕМ ДЕ

Аттанарда ауылдан
Қарап едім әжеме:
─ Қош тұр, ұлым, бар жылдам,
Астанаға сәлем де! —

Деді ол, күлді кей кісі,

— Үлкен адам бала енді!

Ұлы мұнда, әжесі
Кімге айтып тұр сәлемді!

— Астана да ана ғой,

Сәлем айтпан мен нағып?
Осы біздің балларды
Жатқан жоқ па сол бағып?!

— Дұрыс, дұрыс, — десті жұрт

Күліп тұрған әуелде,
Тұрды қос сөз естіліп:
«Астанаға сәлем де!»

АСТАНА ТАҢЫ

Алатауды көрдің бе, дос, алабүйрек таңдағы,
Бұлт үстіне қонған бүркіт, — деп қаласың Талғарды.
Ақторғын бұлт жел көтеріп желегіндей жеңгенің,
Елестетер жерден ұшқан көк аспанның белбеуін.

Тау астынан көкті көздеп атқан алтын допқа ұқсап,
Күн шығады қас сұлудай ерге жайған от құшақ.
Сонда зауыт гудоктары үнін қосып, жар сала
Деп тұрғандай. «Жаңа іске сәт, қайырлы таң астана

Дүр сілкініп алма бағы таңғы шықты аунатып,
Араласаң, жібермей ме көңіліңді самғатып.
Түндегі өмір тыныстары күндізгімен ұштасып,
Көптің бірі — келе жатам кеңсеге мен нық басып.

Көкірегінде жаңа таңның жадыратқан нұры бар.
Жемісті еңбек етсең солай жаның да бір тынығар.
Көздің жауын алар көркем астананың әр таңы,
Сондай әсем өміріңді алдыңа әкеп тартады.

ЖАМБЫЛ МЕН ДИНА

Отырды олар көңілді көктемінде
Ой жіберіп алыс жыл, еткен күнге.
Тіл ұшына атаның келді бір сөз
Қарт әжеге қарап жалт еткенінде:

— «Алатаудан жас төгіп бұлт көшсе,

Теңейтін кез қызға оны түседі еске.
Күн жасартып болғанда мен бозбала,
Он жақтағы уыз қыз сіз емес пе?
Тіл ұмытып кетіпті сөзді «қартаң».

Жыр айтсам да дәл қазір жігітті айтам.
Көңілімді нұр самал алды желпіп
Оң діземді баса отыр, Дина қалқам».
Әжем сол кез жымиып тыңдап қапты.

Домбырада күй кетті ойнап тәтті.
Қос кеудеден лезде қатар самғап,
Туып жатты жыр мен күй «Жастық» атты.
Отырды олар көңілдің көктемінде

Ой жіберіп алыс жыл, өткен күнге.
Екі оралған жастықтың ең алғашқы
Жыр мен күйі кең тарап кетті өмірге...

ҮЙРЕНСЕҢ ДЕ, ҰҚСАМА!

Сырбайға
Құрдастай ойнап онымен,
Інідей жүрдім именіп.
Жаралы сол қолымен

Жіберсе жақтан бір періп.
Бетіме ыстық нұр теуіп
Көзімнен оттар ұшатын.
Уатып, қолмен көтеріп

Төсіне қайта қысатын.
Тапқасын құрдас, ағаны,
Жанынан қалғым келмейтін.
Кетуші ек кезіп даланы,

Көруге ғажап жер көркін.
Киімді кидім сол құсап,
Сондай ғып қойдым шашымды.
Қызық - ау сол бір сәби шақ.

Айнытпаушы ем даусымды.
Бір күні басын шайқады ол: —
Өз қалпыңа түс, бала!
Өзіңше үнмен айтар бол,

Үйренсең де, ұқсама!
Арада жылдар өтті көп,
Ажырадық біз содан.
Өзіме өзім бердім серт

Деп енді оған ұқсаман.
Ақын екен ол сонда,
Кейін ұғып, болжадым.
Жақсы жырдың соңына

Көрдім қойған қолдарын.
Кездестік кейін екеуміз,
Жыр үйінің ішінен.
Баяғы айтқан сертімді

Қайталай бердім ішімнен.

СЕРГЕЙ ИВАНЫЧ

Бетіңіздің әжімі,
Бірде бар да, бірде жоқ,
Сөзіңіздің әзілі
Бірде аз да, бірде көп.

Өміріңіз бен ісіңіз
Келеді ұзақ айырылмай.
Қайратыңыз, күшіңіз
Тұр қалпында айнымай.

Жаныңыз бар жас тұрған,
Қарттығыңызды ескертпей.
Боз қыраудың астынан
Көктеп шыққан көк шөптей.

Сізбен бірге алдымнан
Жаңа жылды тағы аштым.
Шашыңыздың ағынан,
Жасыңыздың саны ассын!

Сөзім осы әзіргі,
Ал, ұстаңыз бокалдан!
Қайтсем дағы әзілді
Сізден тәуір айта алман.

СӘЛЕМ БАУЫР-ҚҰРДАСТАН

Тарих - кітап. Үңілем мен сан жылға,
Нелер ғажап оқиғалар бар мұнда.
Міне, бір жыл... Батыр Богдан тұр сөйлеп,
Бүкіл байтақ Украина алдында.

... «Тағдыр ортақ, ашылмасын іргеміз,
Бірге аттандық алдағы алыс күнге біз!
Салтанатпен ант етеді Украина
Россия, мәңгі өзіңмен біргеміз!»

Оқыдым мен, жаным нұрмен желпінді,
Көз алдымда екі бауыр ел тұрды.
Қайсар іні аға омырауын аймалап
Аңсап келіп құшып жатқан секілді.

Үш ғасырдың жотасынан кейінге
Көз жіберсең, Украина көгінде
Жарқырайды тұңғыш достық жұлдызы
Ұлы айғақтай жеткен біздің өмірге.

Неткен ғажап қасиетті той бүгін,
Кетті кернеп Отанымның ой-қырын!
Бар баласы мерекенің мүшесі
Россия ана! Сенің ыстық қойныңның!

Украина, сәлем бауыр - құрдастан,
Шаттығыңа қуанышын бір қосқан.
Сарқылмайтын бұлағындай достықтың
Бүгін сендік біздегі өлең, жыр, дастан.

ЖАҚСЫ ӨЛЕҢ

— Қалайын бір тыныстап,

Жазшы, құрбым, жақсы өлең!

— Тұрсың қызыл гүлге ұқсап,

Жыр асып па нақ сенен?!

— Оның жігіт әзіл де,

Нәрсіз гүл де құлпырмас!
Жақсы жырды әзірле,
Жан шөлдесе, сусын бас!

— Жақсы, құрбым, мен жазам,

Тақырыбын айтшы бір!!

— Тақырыбы — жас адам,

Тақырыбы — осы өмір.
Шабыт жиып, әл жиып,
Жаздым өлең, ғажап бұл!
Өлеңімнен жымиып,

Қыздың өзі қарап тұр.
* * *
Кешір, маған, жас сұлу,
Кешір жастық өмірде.

Шын жүрекпен сөйлесу,
Әзіл емес ол мүлде.
Кешір, бәлкім, ол сөзді
Келістіріп айтпауым.

Үміт шын - ақ қол созды,
Тек ретін таппадым.
Кешір, жарқын жүзбенен
Не қалса да есінде.

Бірақ сені өзгеден
Қызғанышымды кешірме!

АСТАНАДА КӨШЕСІ БАР ГОГОЛЬДІҢ

Астанада көшесі бар Гогольдің,
Астанада қызыл гүлдей жарым бар.
Сол көшемен мендік бақытты өмірдің
Сол жарыммен қыдырған бір шағы бар...

Астанада көшесі бар Гогольдің,
Алыс жүрсем келеді көз алдыма.
Сол көшеден жұлдыз болып көріндім,
Кешкі ауада мені тосқан жарыма.

Астанада көшесі бар Гогольдің,
Гүлге толып кететұғын кезі бар.
Дәл езімдей жігіттің, жас өмірдің
Жарына айтып үлгірмеген сөзі бар.

Астанада көшесі бар Гогольдің,
Астанада жақсы құрбыларым бар.
Астанада сол бір жастық өмірдің
Ортасында менің де өткен шағым бар.

БАЯҒЫ ҮЙДІҢ АЛДЫНДА

1

Менің дағы шат күліп,
Өтті студент бір шағым.
Көрдім барып сағынып,
Институт кұшағын.

Мезгіл өтті қаншама...
Кеп жаңалық. не түрлі
Әр терезе аңсаған
Достар көзі секілді.

2

Екі кісі тұр еді,
Институт алдында,
Кенет соның біреуі
Бір жалт қарап қалды да,

Маған қарап ұмтылды,
Мен де күтіп тұрмадым.
Тани кеттім Гүлсімді,
Енді бірі Нұрғаным.

Сағыныштың күші ме,
Кірпігінен қыздардың
Жас жылт ете түсті де,
Сезім тербеп қозғалдым.

Бүккіш - ақ қой қыз, бірақ,
Білдіре ме сырларын!
Күміс күлкі сыңғырлап
Бөліп кетті ар жағын...

... — Келіп тұрмыз біз тағы
Баяғы үйдің алдына... —
Деді қыздар. Сөз әрі
Аяқталмай қалды да

Аз уақыт тым-тырыс,
Біз тұрған үй жан-жағы.
Жатты жарлап үзіліс
Институт қоңырауы.

Сол бір ғажап дағдыдан,
Айнымаған әлі біз
Қалың топқа ағылған
Кенет ере қалыппыз...

ЖАЛҒЫЗ СӨЗ

«Әлденеше жаздым да,
Әлденеше бүктедім.
Жазылған сөз аз мұнда,
Аз болса да көп дедім.

Ауызбен - ақ айтар ем,
Алыс тұрмын өзіңнен.
Қаста болсаң қайтер ем,
Жасқанар ма ем көзіңнен!?

Мұның бәрі кіріспе,
Хат екен деп түсінбе.
Нағыз хаттың сөздері
Келесі бет ішінде»...

«Сүйем» деген сөзді алып,
Жолға шықты көк конверт.
Келе жатты жас үміт
Жермен, кейде көкке өрлеп.

Құрбы хатын сағынған
Қыз ап оқып қарады.
Хат ішінде жазылған
Жалғыз - ақ сөз небәрі.

Жазды жауап қара көз,
Өткеннен соң бір апта.
Айнымаған сол бір сөз,
Кіріспесіз бірақта.

ОЛ ДА ОСЫНДАЙ ТҮН ЕДІ

Ауада аз діріл бар
Жел елшісі секілді.
Ақ жібектей бұлт шетін
Анда-санда желпиді.

Ай жүзеді тым баяу
Бірақ, бұлтқа бөгелмей.
Осындайда кім ояу
Білейінші дегендей.

Көк теректің түбінде
Тұр жігіт қыз қасында
Тек жапырақ күбірге
Үн қосады асыға.

Қыз мойнына құлаған
Жігіттің он білегі.
Бәлкім, сөзі ұнаған,
Қыз сыңғырлап күледі.

Күледі де қыз жерден
Қалады бір сәт көз алмай,
Әлгі күміс күлкісі
Жерге түсіп қалғандай.

Я, — деген бір дыбыс
Жетті желмен маған да,
Жарты яки бүтін сөз
Жұмбақ өзге адамға.

Елең еттім бұл үнге,
Еске түсті жыл арғы.
Болғам терек түбінде
Мен де екеудің сыңары.

Бұл да таныс жай еді,
Екі жастың жүрегі...
О да осындай ай еді,
О да осындай түн еді...

* * *
Қызық - ау өткен сол бір шақ,
Қызына сүйген бата алмай,
Түсінде бәрін жайып сап,

Өңінде бір сөз айта алмай.
Сепкендей аппақ күмісті,
Ай төнеді төбеден.
Сезімде толқын тым күшті,

Тіл ұялшақ не деген?!
* * *
Есімде сол күн, сол қала...
Ішінде тұрдық гүл бақтың.

Сен үнсіз, тек мен ғана
Анда-санда тіл қаттым.
Тіл қаттым, бірақ, сенен мен
Көп айтқаныма өкіндім.

Тыңдағың келіп сен тұрдың,
Тыңдағым келіп мен тұрдым.
Домалап кенет мөп-мөлдір,
Ыршыды жастар көзіңнен.

Аңырып қалдым, бейне бір
Тапқандай кінә сезімнен.
Кейіннен жүрек шақ ұқты,
Оныңда көп сыр бар екен.

Жақындап келген бақытты
Жаныңның сезген шағы екен
Қыдырдық қол ұстасып,
Қаланың гүл бағында.

Мен сөйледім тағы да,
Сен тыңдадың тағы да.
Білмедік қай кез болғанын,
Уақытты байқар біз бар ма!

Келерде алда тұрған күн,
Қайтарда да тұрды алда...
* * *
Өзгеден ерек бір нұр бар,

Мен үшін сәулем, көзіңде.
Кеудемде жүрек бұлқынар,
Жалт ете қалған кезінде.
Алайда, оның мен үшін

Сиқыры жоқ, сыры ашық.
Мендегі сезім пернесін
Сол жанарың тұр басып.
Жаныңмен жаным жалғасты.

Көзіңде тұрған бұл нұрың
Махаббаттың алғашқы
Жарқылы деп ұғындым.

ІНІМE

Сен де, мен де — әкемнің
Өмірінің куәсі.
Сенде тұрған секілді
Менен соңғы бір жасы.

Айнымапсың сен одан.
Күнде көрем жүзіңді.
Әкем келе жатқандай
Қайта басып ізімді...

ҚҰРДАСТАР

«Балалықтың көшінен
Мен қалғалы көгі мезгіл,
Болған жоқ қой», — деп жүрсем
Байқатпапты өткен жыл.

Өмір қандай жомарт ең
Қос қуаныш сыйладың!!
Болды тұңғыш баламмен
Құрдас тұңғыш жинағым

Кәне, қанат қағыңдар,
Құрдас туған балларым!
Өмір - күнім қабыл ал,
Гүлге бөлеп жолдарын.

Жетіп қалған екенбіз,
Уақыт зулап, жер өніп.
Келші, жарым, екеуміз,
Ата-ана боп көрелік!

ЖАЗ

Ақын жырын аялап
Тербетеді, толқыды.
Кеудеде өлең ұялап,
Жазады да, оқиды.

Сондай-ақ күн қалың қып,
Жібергенде нұр құйып.
Көз ашып жер – қалыңдық,
Қарады оған жымиып.

Кезек беріп, бұл жазға
Көшті жерден қар қалмай.
Манағы аппақ қағазға
Жыр жазылып қалғандай.

ДОМБЫРА

Тартсам сені кей күнде,
Боламын рақат тапқандай.
Қосылып сенің шегіңе
Жүрегім тәтті үн қатқандай.

Көңілдің шексіз аспаны
Болады бір жарқ еткендей!
Ақынның албырт жас жаны,
Қалықтап. шырқап кеткендей.

Шақырар болсам шабыттың
Биікте жатқан бұлағын.
Шірей бұрап алып бір
Төгілте тартып, тынамын.

Жауынды бұлттың қанаты
Секілді қаламұш маған,
Домалап түскен сан әріп,
Тамшыға кенет ұқсаған.

Сондай-ақ сен де бір қалам
Сияң жоқ бірақ кепкендей.
Атасы күйдің, ұлы адам
Шегіне жазып кеткендей.

ТОРҒАЙ

Жас шағым өтті жабықпай,
Жағанда сан жыл асыр сап.
Астыңда жүздім балықтай,
Бетімді толқын жасырса - ақ.

Шілдеде қандай момақан,
Толқының майда мақпалдай.
Бірнеше жұмсақ алақан
Көтеріп бара жатқандай.

Менің балғын денемді,
Жүземін мәз боп шалқалап.
Сонда анам еске келеді,
Қыдыртар кейде арқалап.

Ақ көбігін суыңның
Деп жұтушы ем «шекерсің».
Өсе келе ұғындым
Жыр өзені екенсің.

МАХАББАТ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

(Күй)

Үстіңгі шекті басып дірілдетіп,
Бас бармақ үн шығарды күмбірлетіп.
Жөнелді тарап бойға күйдің басы
Бір жайдың алыс күнгі үнін шертіп...

Кіршіксіз ақ жүрегін тат баспаған
Алдымда отырды қарт, ақ шашты адам
Көрініп кәне күннің куәсіндей
Артына талай қилы жыл тастаған.

1

Жеті түн. Жұрт ұйқыда. Ауыл жым-жырт.
Төнеді аспан жерге, қоса мүлгіп.
Ауада жеңіл қанат жел еседі,
(Бас бармақ домбырада баяу жылжып.)

Күн ұзақ жортуылдан түк таба алмай,
Дария да жатыр сұлық ұйықтағандай,
Әр жерде ояу толқын дөңбекшиді
Түнде де тентек қалпын ұмытпағандай.

Шеткі үйден біреу шықты есік ашып,
Беттеді дарияға, белден асып...
(Сол кезде ұрлап басып бас пернені
Жөнелді сұқ саусақ та төмен қашып.)

Лүпілдеп жүрек шіркін, жан асыға
Көк талдың отырды кеп арасына.
О, ғажап, шырақ жағып, қолға ұстады...
(Шынашақ домбыраның сағасында)...

Түн түнек, білінбейді кім екені,
Қолында жаққан шырақ дір етеді.
Алыста манаураған төбеттердің
Ауылдан үріп қойды бір-екеуі.

Аймақтың естілгендей бар тынысы
Елеңдеп отыр мына жалқы кісі.
Сол кезде шалынды кеп құлаққа анық
Пысқырған арғы беттен ат дыбысы.

Сәл биік көтерілді жанған шырақ,
Кенеттен шолп етті су, шөп сылдырап.
Қақ тіліп омырауымен тұнық суды
Қасқиып жүзіп келеді қара арғымақ.

(Жөнелді бір тебіреніп толқынға ұқсап
Саусақтың тұтқынынан дыбыс босап.)
Жағаға шыққаннан соң біреу түсіп
Арқандап, арғымақты қойды тұсап.

Манағы шырақ сөнді, болды ғайып.
Кездесті жағада екеу құшақ жайып.
Айқасты білектері, төс түйісіп
Бірі қыз, бір жігіт болуы анық.

Сол түннің әлсіз бұзып тыныштығын
Шығарды ғашық жандар сүйіс үнін.
(Бұл жерде шал маңдайы қойды жіпсіп
Ол жайдың байқамаған кім ыстығын?)

2

Дарияның екі беті түркпен, қазақ
Ол кезде ел болатын достығы аз-ақ.
Таң атса бір-біріне сәлеміндей
Зуылдап жатушы еді тартқан садақ.

Босамай қолдан найза, аттан тақым,
Жазықсыз қанжығада қан тұратын.
Екі елдің өз заманда ерегісін
Жақсылап жазып өтті алдыңғы ақын1

...Тәнтән қыз ару еді — ауыл бағы,
Көркімен қабат ұнап жалын жаны.
Сан сабаз түсінде оны сүйіп, құшып
Өңінде құшағынан табылмады.

...Жарқ етіп жаңа нұрын жаққанында
Қалт етпей қыздың ізін бақты ауыл да.
Мұндай қыз дәурені ұзақ болмаушы еді
Кетер — деп — қай жігіттің ат жалында?

* * *
Дариға - ай, аз дәуренге қыздай жұмбақ
Жан барма сыр сақтағыш жұрттан ұрлап
Бағады – ау, із білдірмей, шу шығармай

Жатса да жан сезімі іште тулап.
Жағаға Тәнтән еді барып жүрген,
Бос тастап от төсекті жарым түннен.
Жүрген соң ылғи күтіп ай батуын

Бұл сырды дүниеде тек жұлдыз білген.
...Ұмытып дүние дауын, ел егесін,
Қоздырмай қан жортуыл делебесін
Асынбай алтын балдақ ақ қылышты

Серті деп сергу білмес ер егестің.
Жүйткімей алғы шепке атқан оқтай,
Тұлпардың тұяғынан шан боратпай,
Үн қоспай боз көдемен ат құйрығы,

Ұшынан қызыл қамшы көбік ақпай.
Жүріспен жанға тыныс жұмсақ аяң,
Дыбысын төңірекке етпей баян.
Ер еді түрікпен түздің қыранындай

Келеді секілденіп момын қоян.
Тесіліп меңіреу түнге жіті қарап,
Жан-жаққа құлақ тігіп, дыбыс санап,
Қашаннан иесіне сенімді дос

Бағыттан айну білмес қара арғымақ.
Жағаға жеткеннен соң, айыл тартып,
Мінгенде қайта ырғып, шылбыр қамтып.
Жануар дарияға түсе қалып

Тартушы еді, тұрған жерге шырақ шалқып.
Иесі деуші еді оны жаннан есті,
Өзі де жануардың жылқы емес-ті.
Жағадан қыздың жаққан отын танып

Желігіп жеті түнде дария кешті.
Осылай жүрді сұлу жарын қарсы ап,
Әр күні түн болуын тілеп, аңсап,
Батырдың жанын, тәнін мол қаусырған

Кең еді дариядан сол бір құшақ

3

Ырғиды домбырада кәрі саусақ,
Сабылған арғымақтың жүрісін сап.
Тәп-тәтті кейде қыздың шолпылындай
Сағадан үн келеді жылы-жұмсақ.

Қарт көз сап сабырменен отыр маған.
Үн келіп бір мезетте топырлаған,
Жөнелді барлық саусақ қос шекте ойнап
Жер ғой бұл ат шапқанда солқылдаған.

Бір жасап қайтқан сайын ер өмірі,
Желігіп, ұзай бере жел көңілі,
Сүйейтін ауыздыққа арғымақты
Жиырылып қалсын бір деп жер өңірі.

Жөнелді ауылына қыз да қайтып,
Кірді, әне есігінен... қалды жатып:
(Сабылды ерсіл - қарсыл сонда саусақ
Әлдебір өкініштің, үнін айтып).

Серік деп сенгенімен қара түнді,
Ол дағы алдайтұғын кезін білді,
Еңбектеп боз жусанның арасымен
Жүгіріп ең шеткі үйге біреу кірді.

Ойпырым-ай, ол қандай сұм түнді баққан,
Қыз жолын тосып, ұзақ андып жатқан!!
Білмеді байғұс сұлу, кетті ұйықтап
Бұл күні құрылғанын қанды қақпан.

4

Біліп ап өткен түнде қыздың сырын
Жағаға залым дұшпан жетті бұрын.
Бағы ма, я соры ма тосып тұрған
Жігіт те ерте келе қапты бүгін.

Отырды қанішер сұм шырақ жағып,
Ол отты қара арғымақ қалды танып.
Күшті екен күндегіден дария ағыны
Жануар бір пысқырды түсе қалып.

Шалқиып дария жатыр екі ортада.
Жөнелді жүзіп тура, ер қорқа ма!
Жаздырмай ат бауырын ағыс бөгеп
Кешігіп жайдағыдан келді ортаға.

Сол кезде домбырадан ширығып күй,
Дегендей тыңдаушыға осы үнді түй.
Айнымас қоңыр сазы, енді қазір
Азынап ашы бебеу қағады ылғи.

Не болды? Арғы бетке ат өтті ме?
Кез болып сүрінді әлде қапы екпінге?
Толқынның әлде айнығыш мінезі ұстап
Жігітті аттан жұлып әкетті ме?

О, құрсын, жаманат сөз серпіл кейін
Әлі де біраз жер бар шетке дейін.
Барады қара арғымақ жүзіп әлі
Тастар ма, ол иесін — сүйікті ерін?!

Отырған арғы бетте тұрды да адам,
Жағаға онан сайын келіп таман
Еңкейтті қолындағы от - шырағын
Бір сұмдық болмаса игі, сірә, жаман!

Не ғажап болар екен ал, мына сәт!
Шырақты бір тақтайға бекітіп ап
Аяусыз қара қолы қажырамай
Ағыстың қоя берді алдына сап.

Істелді ауыр қылмысын! Оны қайда
Байқайтын жанашыр дос осындайда?!
Жалт етіп қара арғымақ қуып берді,
Ендігі өкініштен бар не пайда?

Қаскүнем жар астына қалды бұғып.
Барады жануар ат әлі қуып.
Бұрылмас бауыздасаң басы қатты,
Талды ма шіркін жігіт мысы құрып?

Алысқа, тым алысқа кетті ұзап,
Жауға да қызмет еткен құрғыр шырақ.
Өрінде дарияның жалғыз сәуле
Армандай елестейді құр бұлдырап.

Амал не, тым тұтқиыл мына сорға,
Жағаға қыз асығып жетті сонда.
Бұлдырап бара жатыр жалғыз шырақ
Қара атты соңындағы көрді зорға.

Қатыгез зілдей тағдыр қара тастан,
Алдында жерге құлап барады аспан.
Төменде сылқ-сылқ күліп дария жатыр
Жап-жаңа қыз бақытын ала қашқан.

Жығылды, төседі қыз жерге басын,
Жібектей жел қозғайды сүмбіл шашын.
Ес-түссіз тұра салып жүгірді алға
Шақырып жар жағалап жалғыз досын.

Меңіреу күш қыздың қайтсын қызғанышын.
Бауырына бүктегендей бір табысын.
Аймаққа жаңғырып үн қатады,
Көк дария қайталаған қыз дауысын.

...Ыңырсып күй кетеді осы жерде,
Аяныш қыз жәйітін тосып елге.
Келеді көз алдыңа қыз бейнесі
Күй бейбақ үздік-үздік өксігенде.

Бір кезек құбылады күй сарыны
Естіліп дарияның шу - сарылы.
Алдыңнан қанат қағып өткендей-ақ
Баянсыз бір махаббат қысқа күні.

Тынбастан ақса дағы күн-түн шұбап,
Дариядай жоғалатын теңіз құлап.
Күй дағы бірте-бірте бітеді екен
Құлақта көпке дейін ызыңы қап...

Тартатын көп құмар күй «Тәнтән қызы»
Домбырада жосылып жатқан ізі.
Осылай күй ішінде көп жасапты
Тағы бір махаббаттың жақсы аңызы.

Қыркүйек, 1951

АЛАТАУ АЯСЫНДА

1

Екен-ау жер әсемі Медеу, Медет!
Шыққанда шоқтығына күн дөңгелеп,
Оятып тауды таңғы ұйқысынан,
Бауырынан күй еседі бір керемет.

Ақша қар — таудың зерлі тақиясы,
Шындары шөккен нардай бұлт ұясы.
Талтүсте қарауытқан қойнаулары
Секілді табиғаттың құпиясы.

Құс сайрап көк аспанның қиырынан,
Тұрғанда тау үстіне құйылып ән,
Қылыштай дірілдейді күн көзінде
Ақ бұлақ шыңның түскен иығынан.

Сыр айтып сыпсың қайың қарағайға,
Бұлбұлдың әні еседі әлдеқайда.
Сығалар әккі барыс жапырақтан
Қойтастың үстіндегі құралайға.

Маралдың сол мезетте дауысы келіп,
Құралай ықшам ырғып, кетер желіп.
Тас шашып табанымен қалар барыс,
Биіктен қылаң етіп өтер елік.

Жарда ұшып жарбаң етіп тас жапалақ.
Сұр бөрі жүгіреді тал тасалап.
Сарыауыз балапандай сарық қойлар
Жусайды бір қойнауда оңаша қап.

Сәл ғана бір биікте бұл арадан,
Қойшы тұр ат суарып құламадан.
Аймақтың сақшысындай жіті жанар
Астынан саусағының сығалаған.

Рауғаш, тал, тораңғы, жалбыз жалпақ,
Қымыздық, қырмызы гүл қызыл қалпақ.
Алуан бедеріне жұпар сіңген
Кілемдей көз тұндырып жатыр алқап.

Он таудың Медеу, Медет ортасында,
Ұқсайды күмбез шыңдар қақпасына.
Тауларды қауыштырған көкжиекпен
Жүйткіген өрге қарай топ машина.

Екен ғой Медеу, Медет жер көркемі,
Бауырынан төмен тоқсан сел кетеді.
Бесігі қуаныштың, рақаттың
Еңбектен тыныс алған ер мекені.

2

Бір жазыққа алты асқақ
Таласып шыңдар шеккендей,
Ортадан ойып жер тастап,
Ашуын соған төккендей.

Көл екен бір ғажайып,
Қарасаң кезің талатын.
Төсінде қалқып сан қайық,
Қарлығаш малған қанатын.

Қып-қызыл жақпар тас шуда
Қолменен қашап өргендей.
Жүрегі тайып шапшуға
Жолбарыс сусап өлгендей.

Бар дейсің мұнда қандай сыр,
Көк шыныдай көл беті.
Аспан жасыл, тау жасыл,
Тартыпты соған перзенті.

Бар ма екен тосын сұлулық,
Есік көлдің көркіндей!
Жанымыз қалды тынығып,
Осынау айдың бетіндей.

3

Көңілін көлдей асқақ тым,
Есуден кім жалыққан!
Қорықпа, досым — жас ақын,
Қалтылдаған қайықтан!

Жанында жатыр жыр тұнып
Толқындай соқпай жар төсін.
Сол өлең бір күн бұлқынып,
Көтеріп кетсе қайтесің?!

4

Құшағынан сытылып
Алқаракөк аспанның,
Алтын табақ ай жатты
Өркешінде қос таудың.

Әр төбеде жиылып
Қараймыз біз көз алмай.
Бар жанарды үйіріп
Ай да тұрды қозғалмай.

Көрді ме екен Алатау
Өзінің мұз - қар басын,
Табиғаттай сұлудың
Ұстап тұрып айнасын?!

5

«Жолығыс тауы» деп мұны
Кім екен қызық атаған?!
Көзіңді тартар көп гүлі
Көргенде құмар тарқаған.

Алқынып шығып басына,
Баса алмай жүрек дүрсілін,
Сүйеніп таудың тасына,
Айтты екен қызға кім сырын?!

Белгісіз бәрі... тым-тырыс,
Жағалай майса көк шалғын.
Қатпайды маңай еш дыбыс
Құпиясын сақтап жастардың.

* * *
Төңірек сәтте тыншықты,
Біртіндеп сөніп кешкі арай.
Атылып тауға қыз шықты

Арғымақ жалын ұстамай.

— Жылқы өрісін бетке алып

Қайын құрық ұстаған,
Осынау кеткен аттанып
Таныс па еді қыз саған? —
Дейді досым жалт қарап,

Мен үңілем тағы да.
Еркін қайрат, бақ, талап
Келді көздің алдына...
Шалып қияқ бастарын

Желге тартты көп асау.
Бұлты қонып аспанның.
Қарауытты Алатау...
* * *

Ақ боз аттың үстінде
Ақын шапты көсілтіп.
Дала аңсаған кісіге
Бәрінен де осы ынтық.

Тауда қалды жаңғырық,
Сатырлаған тұяқтан.
Оң қолында тал құрық,
Қуды асауды құрақтан.

Ауызында бал қияқ
Желге тартты шу асау.
Ақын шапты құлдилап,
Қарай берді Алатау.

Қуамын деп асауды
Қуды ма, әлде, кім білсін —
Қиялдың жүйрік тұлпарын,
Өткір ұйқас жебесін!

* * *
Асқар тауға қыдырсаң,
Аласармас көңілің.
Өрмелесең, жығылсақ —

Елестейді өмірің.
Аспан жақын қаракөк,
Аңырасың сәл тұрып.
«Аялдама, алға!» — деп

Шың тұрады шақырып.
Көңілің тасып беймезгіл,
Сен шақырсаң егесіп.
Алыстайды шың түгіл

Алдындағы төбешік.
Болдырма, көңіл жүйрігі,
Тағы да алға, тағы да.
Осылай мезгіл бұйрығы,

Осылай өмір заңы да!
1955 жыл

ДҮНИЕНІҢ ТӨБЕСІ

Кеудеме толды жұмбақ күш,
Түсті де салмақ сезімге.
Төсіне көктің болат құс
Шаншыла шыққан кезінде.

Бет алдым — сенсің, Москвам,
Келемін аспан ішінде.
Өмірде көру — осы арман,
Көріп ем кеп - ақ түсімде.

Биіктей бердім, биіктеп
Әлде өзім, әлде көңілім.
Астым да үстім тұнық көк,
Көрсетпес жердің өңірін.

Биіктей бердім мен содан,
Көсіле түсті көк заңғар.
Биіктеп кете берсе адам
Әдеті ғой қуанар.

«Москва!» — деді қасымнан
Отырған қатар жолаушы. —
Сәлем саған, Москвам,
Арманымның қаласы!

Биіктен асып кеп жүрдім,
Таусылды көктің белесі —
Сен болып маған көріндің —
Дүниенің төбесі.

Ол — биікте, төменде — оның сынығы.
Аңыздағы дәу - алыптар бұрынғы
Әулетімен түгел келіп байқаса:
«Көрмедік — дер — мұндай ғажап зіліңді»

Өзінде бір алып күшті сезбеген
Шығу қиын мұндай өнер өзгеден.
Көңілің ылғи таңданудан тиылмас,
Ұзақ қарап тоймасаң тек көзбенен.

Нені армандап, нені ойлады сол шебер,
Жылдарды арнап, жұмсағанда сонша өнер?!
Деді ме екен: «жетсін мұның дауысы!»
Россияға жар салар күн болса егер?!

ТАС ҚОРШАУДА КӨКОРАЙ

Қоршай салған сұрғылт тас,
Ортасында діңгегі.
Тарих әсте ұмытпас
Қалған бұл да бір белгі.

Көне ғасыр, жылдарда
Жаза орны — бұл баяғы
Ел басында тұрғанда
Патшалардың таяғы.

Зор еңсесі ерлердің
Қиылыпты қоғадай.
Қазір көрсең сол жерде
Жайқалып тұр көкорай.

ЖЫР ҰЯСЫ

МАЯКОВСКИЙДІҢ ҮЙІНДЕ

Осынау бір көне үйге
Өлеңімді көтеріп,
Ақыл алып, мен ылғи
Жүрген жандай көп келіп.

Кіре бердім еркіндеп,
Ниетім жоқ жасқанбақ,
Еңсемізді біртіндеп
Биіктегі баспалдақ.

Кіп-кішкене қос бөлме
Алып ақын тұрған үй.
Өлең болып өскенде
Көңіл шіркін сыйған үй.

Нелер сабаз отырған
Сол қалпында орындық.
Үйді жырға толтырған
Алуан ақын жолығып.

Қаламы да қалпында
Иек артқан дәуітке.
Соңғы жолдың артында
Қалыпты тек көп нүкте.

Бітпей қалған өлең бе,
Ойында оның тізілген?
Әлде сол бір өмір ме
Аяқталмай, үзілген?

Үйдің іші тым-тырыс,
Ешкім жоқ үн қатқандай.
Ақын алып бір тыныс
Жаңа ғана жатқандай...

ТІРІ ГҮЛДЕР

Қабірінде біз тұрмыз
Қасиетті Зояның.
Қалай әсем қыршын қыз
Жазған өмірбаянын!

Бүлдіршіндей кескінін
Мәрмәр тастан құйыпты.
Батар күндей кешқұрым
Жанған күйі тыныпты.

Өзі тағып тірлікте
Үлгірмеген гүлдері.
Атын жазған биікке,
Желпиді оны қыр желі.

Гүл сыбыры, жел үні,
Шертеді екен сыр қандай!
Сәл қимылдап еріні
Зоя сөйлеп тұрғандай...

«Тірі гүлдер...» - деді де,
Қарады бір ізгі ана.
Тұр еді жұрт көңілінде
Осынау бір сөз ғана.

ВОЛОКАЛАМ ТАС ЖОЛЫ

28 Панфиловшыларға
Жол іздедім алуан жолдын, ішінен,
Неге іздедім, өзім ғана түсінем.
Аппақ шашын күздің желі желпіген,

Жөн сұрадым жалғыз ғана кісіден.
Жөн сілтеді, аялдамай жөнелдім.
Қасымда тек жан серігім өлеңім.
Бір аяулы, сағынышты жақынға

Бейне ыстық сәлем бере келемін.
Келдім міне... кеттім бойлап, жаяулап.
Бірде жедел, бірде барлап, баяулап.
Көлденеңге, бәлкім, ерсі көріндім

Жүрген жандай сезім қуып, ой аулап.
Жата қалып, жан достарым, бұл шыным,
Қара бұйра топырағын бір сүйдім.
Бауырлардың қаны сіңген, қайран жер,

Түсінбедің, әлде мұны түсіндің?!
Ерлік жолы, даңқ жолы мәңгілік,
Жатты алдымда күнге тесі шағылып,
Қиялымда осы жолдың бойымен

Өтті жылдар, батыр ұлдар ағылып.
Кез еді бұл күн жиекке ұласқан,
Атлас шапан астарындай тұрды аспан.
Батырлардың топырағынан жаралған

Көңілімде әкеттім бір жыр-дастан.

ЖАРҚЫРАП, АЙНАЛАЙЫН, ЖАТЫР ВОЛГА

Кейде тау, кейде орман, тақыр жонға,
Жағалай үлестіріп тарту - олжа.
Базарлы анадай бір жомарт көңіл
Жарқырап, айналайын, жатыр Волга.

Жығыла қарадым мен ынтық жардай,
Көп еді төсінде оның жұлдыз қандай!
Қиналдым жерде жатқан мына аспанды
Көзімнің шарасына сыйғыза алмай.

Біресе ол өзен болып тулап, тасып,
Біресе от - сәуле боп құшақ ашып,
Қарады мың көзімен бір өзіме
Әр үйдің әйнегінен нұрын шашып.

Кім көрген судың жанып от болғанын,
Бір Волга енді қазір көп болғанын.
Ұзатып салды мені жеті түнде,
Артымда самаладай аппақ жалын.

Көріп ем Москваның түнгі аспанын,
Күндізге түні айнымай ұласқанын.
Жаңағы еске салды соны Волга,
Қалайша енді риза болмас жаным!

Сол көрген жомарт көңілі, шат мінезі,
Әр уақыт ықласы мол, жақсы кезі,
Соңымнан осынша жер еріп келіп,
Шығарып салғандай - ақ Москва өзі.

1956 жыл
* * *
Қолынан келсе әр ұлға
Берер - ау ана мәңгі өмір!

Баланың азық жанына,
Не жетсін саған, бал көңіл!
Сен қуансаң, баланың
Қуанбас бар ма мұршасы!

Аналық жүрек сал әнін,
Шырқашы, ана, шырқашы!
Мейрамың міне келді, сен
Күлші бір әлем тыңдардай.

Болады маған сен күлсең,
Бар бала күліп тұрғандай.

ТУҒАН ЖЕР

Балалық, жастық шағымды
Алып өттім далаңмен.
Бөледің жырға жанымды,
Борыштымын саған мен!

Аяулым сенсің жер, көкте,
Айтпасаң екен арманым:
«Сол адамның мен текке
Көтердім, — деп — салмағын!»

ҰСТАЗҒА

Профессор - жазушы
Қажығали Жұмалиевке
Мен — шәкірт оған сәби күндерімнен,
Ол — ұстаз сырласатын кіл менімен.

Мыңдаған қара бала біледі оны,
Мектепке соларменен ол бірге кірген.
Білімнің ең алғашқы жүгі маған, —
Қос кітап қойыныма тығып алған.

Сескенбей жүгіргенде мектебіме
Қызыл күн, шұнақ аяз, шыны қардан,
Білдім бе сонда-ақ арнап сый көңілді
Баяндап құрметімді, сүйгенімді.

Балқытып бала жүрек ыстығына
Құшақтап ұстазымды жүргенімді.
Білгем жоқ ол кім еді қымбат маған,
Мен одан өлең көргем, жыр жаттағам,

Кеудемнен күмбір қағып, бірақ онда
Ақындық әлі ешкімге тіл қатпаған.
Үйретті ол ата-баба жыр мұрасын;
Туған жер аспанының шұғыласын

Жаныма жайып берді. Деді бәлкім: —
Бұл сырды ержете кеп ұғынарсың. —
Ержеттім, деді ол: «Інім, тезірек жет»,
Оқыдым енді тура өзіне кеп.

Отырдым талай күндер ойға батып,
Қадалып көз жіберіп жүзіне көп.
Саңқылдап қоңыр дауысы шабыттанып,
Тоқтайды төгіп жырды барып-барып.

Ауылдан ала келген кітабымды
Қараймын әлсін-әлсін ашып қалып.
Дәл өзі! Сол кітаптың шын иесі,
Жадында сан тарауы, жүз жүйесі,

Алдымда профессор тұрды менің,
Өнбойы өлең-жырдың дүниесі.
Үйретті ол, аямады бар білгенін,
Өсірді, аялады жан гүлдерін,

Сол күйі, ұстаз күйі үлгі болып,
Мәңгілік көз алдымда қалды менің!
Қасында шәкірті мол әлі күнге,
Жақыны ол — өз ағасы бәрінің де,

Сағынар алыс жүрген азаматтар
Жалғасып оныменен жаны күнде.
Өткенде институттан қарап қалам,
Баяғы көңілменен сабаққа алаң.

Жарқырап кең маңдайы, терезеден
Тұрғандай профессор қарап маған.

АНА ТІЛІ

Мейлі шарлап теңіз өттім, тау бастым,
Мейлі көктің, ақ бұлтына жармастым,
Сонда дағы сен қалмассың көкейден,
Сонда дағы сені ұмыта алмаспын.

Бар қазақтың, орман, көлі, өзені,
Тау қиясы, жалпақ, жазық, кезеңі.
Сайрап сөйлеп тұрған жоқ па қазақша,
Қалай тозар сендік асыл сөз енді!

Сенде емес пе солардың бар ажары,
Орман үні, бұлағының таза әні.
Гүл, бәйшешек, көкорайдың жұпары,
Жақсы қысы, жомарт көктем, жаз айы.

Ана тілім, күшім менің, қуатым.
Жырым сендік жүрегімнен туатын.
Тауысар ма ырысыңды, қорыңды
Дізелесіп қатар жазса мың ақын!

1956 жыл

ЭТЮДТЕР

Екі қойшы — делегат
Тұр ішінде гүл - бақтың.
Бірі жігіт, бірі қарт,
Шуын тыңдап бұлақтың.

«Ішкен жанда құмар көп,
Көкірекке нұр сіңіп!
Алматының суы - ай!» — деп,
Жігіт тұрды сүйсініп.

Қарт түсті де ойға сәл.
Биікке көз тастады: -
Мықты ғой, — деп - анау шал! —
Алатауды нұсқады...

* * *
Ана бір жыл көктемде,
Мен ауылдан кеткенде,
Сәби інім бар еді,

Жел көтерген бала еді.
Ерік дейтін есімін,
Ерке - ақ еді осы інім.
Астанаға Ерікті

Ән көтеріп келіпті.
Кетпей тұрды ойымнан,
Жас өнері, жас күні,
Қуып жеткен соңымнан,

Таланттың бір тасқыны...
* * *
Ақын шал жыр жазыпты махаббаттан.
Жолаушы ұзақ жолдан келе жатқан,

Түнде бір көруші еді алыс отты
Үстінде қоңыр қырдың діріл қаққан.
Сол отқа жолаушы әуре жетем деумен,
Астында болдырған ат тепеңдеумен,

Сондай-ақ қуса, ұстарын білмесе де,
Қоя ма ұмтылуын, шіркін, кеудең!..

ШОПАН

Таң сәріден оянып,
Көйлектің жеңін түрініп,
Есімде өткен балалық
Қой соңынан жүгіріп.

Есімде жайлау Құлансаз,
Есімде жасыл шұға жаз.
Шағындау шоқша сақалды
Есімде шопан — қарт ұстаз.

Мыңдаған қойдың ішінен
Болған да шашау, жоқ бірі,
Танитын жазбай түсінен
Қозыны, қошқар, тоқтыны.

Мал «тілін» - әр кез өзі ұғар,
Одан жақын болмақ кім?
Уыздан бұрын, қозылар
Бармағын емген сол қарттың.

Иегін сүйеп оған кеп,
Қозының тұрған кездері,
Сүйкімді - ақ еді маған көп
Кішкене мөлдір көздері.

Дәметіп қартқа қараған,
Сүйкімді шөбін жегізген.
Қозыға тұңғыш сол адам
Емшегін жердің емізген.

Қай жерде қандай шөп тәтті,
Қай таудың төсі сыз болмақ?
Саялы жайылым сақтатты
Қара жел, суық күзге арнап.

Малшының небір қыс - жазын,
Өмірдің осы мектебін,
Көрсетті маған ұстазым,
Алдынан соның өткенмін.

Есімде жасыл шұға жаз,
Хош иіс жайлау Құлансаз.
Баулыған асыл өнерге,
Қарызбын саған, қарт ұстаз!

1955 жыл
* * *

(АҚЫНДАР КҮНІНДЕ)

Жүрегімнен тұңғыш ұшқан қарлығаш,
Аспанымда әдемі ізің қалды, рас.
Бір жыл болды, хабарың жоқ, қайдасың,
Басты сені көкірегіне қай құрдас?

Таба алмадым, бірінде жоқ бұл маңның,
Әрі ренжіп, әрі шат боп қуандым.
Ренжимін жатыр ма деп тығылып,
Қуанамын сәт бастым деп бір адым.

Жоқ, әйтеуір, біле алмадым хабарын,
Қадірлісі - ай іштен шыққан баланың!
Кеш, оқушым, айтар ма деп бірер сөз,
Жүздеріне үміттенген қарадым.

Өгей өлең өз жүрегін суытқан
Көзі бар ма көп жүрегін жылытқан?
«Құрдасымның» кемшілігін бүркеме.
Ақынмын деп жыр жазайын шыныққан.

Ақынсың деп сен айтар бол мақтанмен,
Бар ойынды ішке бүкпей, ақтар кең!
Мен сендерсіз бола алмаймын еш ақын
Ақынмын деп өз кеудемді қаққанмен.

Ақындықтың азап, шаттық - бар жүгін,
Көтермек боп шықтым жолға, ал, бүгін.
Өкінбеймін өзім отсыз қалдым деп,
Мың жүрекке тарап жатса жалыным.

1956 жыл

БІР ДӘН

Тұрмын қолға алып мен
Биылғы егін бір дәнін,
Қалдым содан танып мен
Туған дала дидарын.

Дала тұрды бір дән боп
Уысымда мекендеп.
Қалдым сонда бір таң боп:
«Адам үлкен екен!» — деп.

1955 жыл

СӘБИГЕ

Былдырлап тілің шыққалы,
Атадың кенет атыңды.
Қызықтап үйде жұрт бәрі,
Тіледі қайта айтуды.

Сен тұрдың жұртқа аң-таң қап,
Кісідей бұрын көп таныс. ...
Осыдан, бәлкім, басталмақ
Адаммын деген мақтаныш!

Жап-жасыл екен жер мен көк
Шақырым бойы алты жүз.
Алып бір шардың көкпеңбек
Ішінде келе жатырмыз.

Машина жүйткіп келеді,
Жерде жұлдыз аққандай.
Мына бір жасыл кілемді
Бүктеп келе жатқандай.

— Ерлердің еңбек жемісі, —

Дейді қария — биылғы!
Ақ тарының иісі
Барады жарып мұрынды...

ДОСЫМА

Есіңде ме бұдан он бес жыл бұрын,
Құмда сезбей жаздағы өткір күн нұрын,
Жалықпастан жалаңаяқ қуушы ең
Сүйрей қашқан асау тайдың шылбырын.

Сүйкімді боп жұрт атаған атың көп,
Кім ойлады бірақ сені ақын — деп?
Кім ойлады ойынқұмар жанында
Болашақ жыр бастамасы жатыр — деп?

Бір туғасын аялдамай, бөгелмей
Өтті жылдар өзің жазған өлеңдей,
Өтті жылдар, сені кетті марқайтып,
Күнің бар ма жырға отырған бөленбей?

Міне, бүгін сен кәдімгі ақынсың,
Туған халық жүрегіне жақынсың.
Келді жырың жүрексінбей съезге,
Келді бірге достық ақыл, батыл сын.

«Дәл он бес жыл бұрын.
Құмның қасында
Ойнаған ол асау тайдың басында.
Ортақ үлкен жырдың қамын сөз етіп,

Тұрмақ бүгін съезд трибунасында!» —
Деп қуанса менің қазір көңілім,
Сенем анық, көрмейді ешкім оны мін.
Жыр өскені, болашағы сөз болса

Жатыр сонда сенің де ортақ өмірің.
1955 жыл

АБАЙҒА

Жыр жазамын дегенде
Сөзден тыяр лас, бөтен.
Жетімдік көрмей өлеңде
Әкесі болған жақсы екен!

КІТАПХАНАДА

Кітапхана ішінде бір балғын қыз
Сұрап тұрды жыр жинағын досымның.
«Өлеңқұмар, япыр-ау, бұл, қай жұлдыз?!»
Деген сөзін естіп қалдым көршімнің.

Ризалықпен қарай бердім сүйсініп,
Көңілімде сөзім туып бір терең.
«Жыр абыройы, осы екен ғой тіршілік!»
Қыздың ыстық қолтығында тұрды өлең!

Алып әсер сыңғыраған үнінен
Шығарында, тағы бұрдым бетімді:
Бейне, менің ақын досым сұлумен
Қолтықтасып бара жатқан секілді...

* * *
Бала күнде сенімен
Көп ойнадым «тығылмақ».
Ол күн бейне керуен,

Көшті алысқа зуылдап.
Таптырмаушы ең сен ылғи,
Шаршатушы ең, күн ұзақ.
Сенен кіші мен сәби

Тығылғаным қызық - ақ.
Басым шөптің ішінде,
Аяғым ашық жататын.
Сол «тығылғыш кісіге»

Күліп шегің қататын.
Көңілімде өзге өкініш,
Сен сонда шындап ойнапсың.
Өскенде де тығылғыш

Мінезіңді қоймапсың.
* * *
(Қайнекейге)
Теңізде туған толқынның

Татулығы тым ыстық.
Бірінің бірі қолтығын
Сүйеп жатар, сүйісіп.
Сондай-ақ, аға, жалыным,

Сөндірме, сақтай түс мұны!
Қамқорлық алақаныңның
Жанымда жатыр ыстығы!
1954 жыл

ПІКІР

«Өлеңде пікір болмаса,
Жыр емес ол, далбаса!»
Деген сөзді мың айтып,
Жазды сынды молайтып,

Бастырды да баспаға,
Ұқсап шықты басқаға!
Пікірсіз сынның болмағы —
Бәрінен қиын сол дағы!

МЕН БАҚЫТТЫ КӨРДІМ

(Ақындар күнінде)
Бақыт жайлы сан аңыз
Тыңдағаным бар еді.
Айтып жүрген әр ауыз

Ол жар еді, бала еді.
Көрдім соның бәрінен
Үлкен бақыт мен енді.
Көтерді ол жаным мен

Жұдырықтай денемді.
Көтерді ол, мен ыстық
Алақанның астында
Тұрдым, алды туыс қып

Көкірегіне басты да,
Маңдайымнан бір сүйді,
Ғашық едім атына.
Жаным ғажап сүйсінді

Алып махаббатына.
Төбесіне көтерген
Өз ақынын, өз ұлын,
Бақыт деген — ең үлкен

Халқым екен өзімнің.
1956 жыл

ҚАЛПАҚ

Шеткі көше... Тротуар үстінде,
Жалғыз маса жатыр қалпақ ішінде.
Көшедегі кірлі таңба секілді
Сол бір қалпақ жалт қараған кісіге.

Әлде күндіз, әлде түнде, әлде кеш,
Қашан қалды?.. Қалпақ тілсіз ләм демес.
Қанша сыйлы болса дағы бас киім,
Көңілі түсіп көтермейді пәнде де еш!

Иесі тек құлазыған қалпақтың —
Жатыр маса, — қарайды оған жалпақ күн.
Кең көшеде қалған сарқыт секілді.
Қашанғы бір қонағынан қабақтың.

Қайда иесі? Қайда сол жан жалаң бас?
Қалған пенде ар-ұяттан жалаңаш?
Жатыр ма әлде ұқсап мына масаға
Бір түкпірде шаң-топырақ аралас?..

Түс суытар оны көріп жұрт өңге,
Елестейді дәл қасынан өткенде:
Стаканның, түбіне сап, уыстап
Қасиетін жұтып қойған бір пенде.

1955 жыл

ҚАЗАҚСТАН

Өзгеріп құлазыған дала заңы,
Уақыттың намазшамы, таң азаны,
Мың отты жанарымен түнді күн ғып
Қарайды қырларыңнан қала ажары.

Жасы көп адамыңның кәрісінен,
Ер туып жатыр қаптап әр ісіңнен,
Боз кеуде жалпақ орнын дәнге берді,
Туған жер, қуанамын сол үшін мен!

Бусанып жаз шілдеде көк аспаның,
Көремін жасыл жермен ұласқанын.
Оянып от құндақтан күн шыққанда
Қозғайды биік егін жел бастарын.

Сар дала ырыс, бақыт кен мекені,
Сен болдың күн астында жер көркемі.
Аяңда алтын нұрмен тұр тыныстап
Бір кезде ата аңсаған ел көктемі.

Туған жер, бар бақытың жүзінде тұр,
Жырық бар өзеніндей Ертіс, Есіл.
Ғасырдың отыз бесін алар қамтып,
Өмірің бұл жасаған отыз бес жыл.

1955 жыл

ЕКІ МЫСАЛ

1. Қаптесер

Қапшыққа сап үлбіреген мақтаны,
Біреу үйінің ішіне әкеп, сақтады.
Мекен еткен көптен үйдің іргесін,
Бір қаптесер мынау істі көргесін,

Сырлы еденге тайғанақтап аяғы,
Кәсібіне қайта басты баяғы.
Тесті дағы, тосты ауызын дәметіп,
Ұзамай дән құйылар деп сау етіп.

Көрмегесін дайын түскен азығын,
Жұмсақ затқа қалды басып азуын.
Құрғақ мақта көмейіне жақпады,
Шашып тастап кете барды мақтаны.

Не екенін білмесе де қаптағы,
Қаптесерге түбін тесу шарт тағы!

2. Қарға мен бозторғай

Жиі-жиі мазасын ап даланың,
Қарға отырды басында бір бағанның.
Тас төбеден бара жатты күн ауып,
Көкте торғай сайрады да бір ауық,

Нақ қарғаның өте берді қасынан
Селк етті ол бұл туыстың даусынан:

— Не еді, торғай, әлгі әзірде салғаның?

— Айтып едім табиғаттың жаңа әнін.

— Нелер жаңа ән шығарсын ол мейлі,

Менің шырқап салуыма келмейді.
Ылғи нашар ән естимін әрдайым, —
Деді дағы қағып қойды таңдайын...
Өмірде бар қарға білмес ақиқат;

Қарғаға арнап ән шығармас табиғат.
1956 жыл

ҒАЛИҒА

Елуге келер көп кісі
Еленбей елде бар, жоғы.
Секілді дала шоқысы
Иықтан асқан саржолы.

Қазылып жатыр қазақтың,
Жырында сайрап іздерің.
Өлеңнің отын маздаттың,
Жылуды бойдан үзбедің.

Болушы еді талайдан,
Еліне мағлұм бір шебер.
Өнерін қашан аянған,
Мұрасын ұрпақ сүйсе егер?

Сол шебердей өзіңді,
Тұтынып келдік біз — әрең.
Жүрегін, ыстық сезімді,
Ақылың бәрін дүзеген.

Құтты боп жарты ғасыр бұл,
Ағажан, жаса, өрге тарт,
Көбейген сайын жас бұлбұл,
Көбейе берсін бізде қарт!

Кездесер қиын жол тосын,
Көмекке зәру жастар бар.
Арқамызда мол болсын,
Ақала бас асқарлар!

АҚҚУ

(Ф. ТЮТЧЕВТЕН)

Мейлі қыран бұлтты шалып,
Жайдың оғын қарсы алсын.
Мейлі күнге жақын барып,
Нұрына оның көзі қансын.

О, таза құс, сенің, аққу,
Бар сыбағаң қымбат одан.
Тәңірім сені тап өзіндей,
Пәк дүниемен құндақтаған.

Аспан да пәк, теңіз де пәк,
Түспес саған көлеңкесі
Астың жұлдыз, үстің жұлдыз,
Қос тұңғиық сен еркесі.

* * *
(Ф. Тютчевтен)
Қарашы сонау айдынға,
Тірілген судың бетіне,

Иегін артып ағынға,
Ағады сендер жөңкіле.
Күндіз де түнде еріксіз,
Азайып, кеміп, жұқарып,

Барады жылап, еріп мұз,
Бір-бірін соғып, мұқалып.
Үлкені де кішісі,
Бәрі бір болып, енді олар,

Қалмай белгі, еш түсі,
Құрдымға сіңер, жоғалар.
Тірлікте қылған дәсердей
Адамдық аттың «мен - мені»,

Емес пе бейне сол сендей.
Ойнақы тағдыр сендегі?

АНА ТУРАЛЫ ЖЫРЛАРДАН

1

Сенен, ана, сегіз бала жаралған,
Сенен, ана, сегіз сәби нәр алған.
Балалығым ұстағанда, мен сені
Қызғанушы ем кенже туған балаңнан.

Сонда маған сабырменен қараушы ең,
Не бір асыл қымбатым деп санаушы ең.
Алушы едің жанарыңмен тоқтатып,
Кешір мені, кеш ұғынсам, ана сен!

Сақтап сәби жанды қауіп, қатерден,
Сен болғанда мені өмірге әкелген,
Мен екенмін, мейірімің молайтып,
Тұңғыш рет ана атағын әперген.

2

Қуаныш пен қайғының екі арасын
Сен ғана өлшеп, мәніне жете аласың.
Қуанышқа шын ортақ бола біліп,
Жылағанды мәз-мейрам ете аласың.

Ол сенін жұрттан бұрын тыңдағаның,
Адамның тұңғыш даусын, жылағанын
Сәл жымиған сәбидің кескінінен
Ұқтың алғаш шаттықтың нұрлы ажарын.

Қарсы тұрар қайғыға өзіңде ерлік,
Үйренгенсің бақытты көзің көріп.
Қуансам да, қашанда қайғырсам да,
Көз алдыма тұрасың өзің келіп.

(Ф. ТЮТЧЕВТЕН)

Қарашы сонау айдынға,
Тірілген судың бетіне,
Иегін артып ағынға,
Ағады сендер жөңкіле.

Күндіз де түнде еріксіз,
Азайып, кеміп, жұқарып,
Барады жылап, еріп мұз,
Бір-бірін соғып, мұқалып.

Үлкені де кішісі,
Бәрі бір болып, енді олар,
Қалмай белгі, еш түсі,
Құрдымға сіңер, жоғалар.

Тірлікте қылған дәсердей
Адамдық аттың «мен - мені»,
Емес пе бейне сол сендей.
Ойнақы тағдыр сендегі?

* * *
(С. Есениннен)
Батар күннің өшіп қызыл қанаты,
Мүлгіп шарбақ, тұр тұманның ішінде.

Жабықпа сен, үйім, жанның панасы,
Тағы жалғыз қалдық - ау деп күрсінбе.
Төбедегі судырлаған қамысқа,
Ай тұр сүртіп көкшіл жиек мүйізін.

Мен шығарып салмай қалдым алысқа,
Ол сапарға жалғыз кетті жолы ұзын.
Білем, жылдар қам көңілді жұбатар,
Сол жылдардай дерт айығын, тыншығар.

Пәк жаны мен бал ерінің ол сақтар,
Сақтар дағы жат адамға ұсынар.
Әлсіз адам көрінгеннен бақ сұрар,
Мықты кісі күшке сенер жалықпай.

Ол жат адам жаныштар да лақтырар
Жеге - жеге тер шіріткен қамыттай.
Деме маған: тосқаның тек сол тағдыр,
Өшпендікті көп ойлаудан не қиын,

Соғар біздің мекен-жайға тағы бір
Жылытуға қойнындағы сәбиін.
Шешер тонын, шешер тағы шәлісін,
От басына менімен бір мекендеп.

Еркелер де, айтар маған таныс үн:
Менің балам саған тартқан екен — деп.

МЕНІҢ ЖАСТЫҚ ЖЫЛДАРЫМ

ТҮНДЕ, КӨЛДІҢ ҮСТІНДЕ

( Өлең - сурет)

Түсіріп көктен сәулесін
Ай тұрды көлге үңіліп.
Желпіп айдың кеудесін
Самал өтті жүгіріп.

Құлады көлге бір қияқ
Жағадағы қамыстан...
Естілді күлкі сыңғырлап
Әлдеқайда алыстан.

Төңірек жым-жырт тағы да,
Болды әсем үн ғайып.
Көлдің күміс жолына
Шыға келді бір қайық.

Келеді қайық жағалап,
Осынау көлді баққандай.
Қанатын баяу сабалап
Құс ұшып келе жатқандай.

«Сонан соң?» — деді қыз даусы,
Үн тағы да тез сөнді.
Бос қалды ескек тұтқасы,
Қайық та баяу теңселді.

Еліктеген адамдай
Су үстінде, төменде:
Қос құшағын жаза алмай
Тұрысты екі көлеңке...

* * *
Тұңғыш рет аулақта
Жігіт сені күткенде,
Көп қарадың жан - жаққа,

Болмаса да түк пенде.
Еппен жіті қозғалып,
Ай астымен тарттың сен!
Махаббатты қызғанып

Алып бара жаттың сен!
Сол бір түнде жігітке
Жолаушыдай көріндің.
Келіп жеткен үмітке

Тың жолымен өмірдің.
Дедің: «Сезген тұңғыш кім,
Жақсы екен ғой, оңаша!»
Айтты жігіт: «Шығыстың

Түні неткен тамаша!»
* * *
Көтерілді үлкен күн
Көк аспаннан қоныс іздеп.

Асқар таудан гүл тердім
Жарыма сый болсын - деп.
Ақшыл, көкшіл, жасыл гүл —
Толды менің құшағым.

Жақсы сәтте осы бір
Табиғатқа ұқсадым.
Таптырмады қызыл гүл.
Аяқ жетер төменнен.

Әлдеқайда бір бұлбұл
Тамылжытты төбемнен.
Жоқ бір сүрлеу, жоқ соқпақ
Өзім жүрген асуда.

Көп алқынып, көп тоқтап
Жеттім таудың басына.
Неткен қызыл гүл алыс,
Әрең қолмен ұстадым.

Алақанда — қуаныш,
Алатауда — көк сағым.
Алысты алдым мен жиып.
Келді алдыма шартарап.

Сен екенсің ен, биік
Тұңғыш жақсы махаббат.
Жауынды күтер жапырақ,
Аспанның естіп күркірін.

Жаратпайды қыз бірақ
Жігіттің жасық күңкілін.
Аспандікі не күркір
Нөсермен жерді көмбесе!

Қамықпай, қайтсын қыз шіркін
Жігіттен жігер көрмесе!
* * *
Май айындай әсемсің,

Жақсы жеңгем, Балайым,
Жас махаббат есесін,
Қайталай берсін май айың!
1956 жыл

* * *
Қалма, қалқам, өкпелеп
Жоқ нәрсеге жабырқап.
Тоздырармыз көп көйлек, —

Тозбас бірақ махаббат!
1956 жыл

ҚОСБАСАР

Тартшы, дос, «Қосбасарға» қолыңды ойнат,
Секірсін шіркін саусақ перне бойлап.
Көз жұмып, көрейін бір көңілімнен
Жас күнді өтіп кеткен желдей ойнап.

Қосбасар, қос-қос басар, айқай, думан,
Басынан қосшағылдың қоян қуған.
Жете алмай ақ көйлекті қуғыншылар
Кешкісін қайтушы едік жаяу қырдан.

Көрші ата, ақсақал шал, күйші баба,
Сонда бір көкейінен күй шығара,
Осынау «Қосбасарға» шертуші еді,
Тұрғанда түн әлдилеп, тыншып ауа.

«Қосбасар», қашқан қоян, қуған бала,
Қалайша тоғысады бір арнаға?
Дерсің дос, берер оған жауабым жоқ,
Жанымда қалған содан құмар ғана.

Қанымда осы күйге бар туыстық,
Кетеді естігенде жасым ыршып.
Осы күй — менің қимас балалығым,
Ол шіркін көрінбесін қайтып ыстық?

* * *
Тағы майдың таңы атты,
Тағы бұлбұл күй шертті.
Балқытады алапты

Домбырадай мың шекті.
Алатау тұр таңырқап,
Баурайы жасыл бақ.
Аңғармайды аңқау қарт,

Ағар бұлақ тас ұрлап.
Әр үйдің бір бағына
Жасырар су олжасын,
Жаққандай бұл жанына

Иеді оған тал басын...
Май айында қашаннан
Маған таныс бір терек.
Ағатын су қасынан,

Күлген қыздай еркелеп.
Барушы едім мен жиі
Бір күш соған тартатын.
Қандай екен ендігі

Сол терегім тым жақын!..
...Бұлт қанатын нұр жалап
Майдың күні кешкірді.
Өте бердім мен жанап,

Басқа күлкі естілді...

ҚОС ӨЛЕҢ

(ХАМИД ГУЛЯМНАН)

ДОСТЫҚ ГҮЛІ

Зеравшан дария жағасы жасыл,
Көрдім бір жаздай қос қызды асыл,
Агроном Гүлгүн — сол қыздың бірі,
Атақты бағбан — Самарқан гүлі,

Үндінің қызы — жүрегі ән-күй,
Қонағы Гүлгүн — Индира Ганди.
Мекендеп жасыл құлпырған бақты,
Үндіден келген қонақтар жатты.

Диқандар біздің әңгіме шертіп,
Қонақты күтті зор құрмет етіп.
Ашылып дарқан достыққа құшақ,
Жайылды жомарт дастарқан сол шақ.

Гүл бақта осы жалғасып жүрек,
Сөйлесті қос қыз ұстасып білек.
Қолтықтап Гүлгүн Үндінің айын,
Баяндап жүрді бақыты жайын,

Естіген мен жоқ, кеңесін, ісін.
Сонда да шатпын, жылиды ішім.
Екі дос солай қыдырды ұзақ,
Алдында тұрды әсем бір гүл бақ,

Жүрегі Гүлгүн елжіреп, сүйді,
Индира досқа ұсынды гүлді. —
Үндіге мұны еккейсің, — деді,
Көңілмен достық көктесін, — деді.

Гүл басып төске елжіреп жан - күй,
Аттанып кетті еліне Ганди.
Сол гүлді аман жеткізді Ганди,
Бойына бұлақ еккізді Ганди.

Үндінің арай нұрына балқып,
Ашылды сол гүл, жанарды тартып.
Көргенде ұлы Үндінің халқы,
Достықтың гүлі — деп атап кеткен.

Сол гүлдің ғажап нұрына балқып
Үндінің күні күледі көктен,
Секілді биік адал дос көңіл;
Бойлады көкке, құлпырды со гүл.

Ауыздан түспей сонау гүл жалғыз,
Елінде Үнді болыпты аңыз,
Көрмекке соны келеді шеттен,
Тарихы соның өлең боп кеткен,

Солмайтын бұл гүл, мәңгі гүл десіп,
Әр баққа соның тұқымын еккен.

БИ

Қыз тудың, атын Дили деп қойдым,
Ержетті Дили, ұқсады саған.
Дилижан қызым, мерекем, тойым,
Екінші биыл класқа барған.

Көрген жан оны тастамайды естен:
«Жұлдызды қыз боп, туған - ақ шіркін,
Әдебі әсем, көркем боп өскен.
Шешесі бейне тұлғасы бүтін

Келгенде мейман анада бізге, Ойнады Дили,
Биледі биді.
Түсірді еске, әкелді көзге
Алыс бір жырды, таныс бір күйді.

Ішінде біздің шап-шағын үйдің.
Назданып маған дұтарды беріп,
Деуші едің: «тартшы
«Гүлбахар» биін!»

Ойнадым күйді, дірілдеп иық,
Білегіңді иіп, құлпыра түстің.
Сытырлап саусақ нәзік те сүйрік,
Майысып гүлдей, құстай боп ұштың...

Алдында мейман биледі Дили
Толтырып күйге ішін бір үйдің.
Көрінді маған жастық шақ біздің,
Көрінді маған сол гөзәл биің.

Өкінем кейде, өткенге ой тастап:
Дилидей көріп жүрдім бе сені?
Дилидей мәз ғып, төбеме ұстап,
Дилидей ыстық сүйдім бе сені?!

ҚОСТАНАЙ ҚҰШАҒЫНДА

«САЛҚЫН АУА, САМАЛ ЖЕЛ..

Қайран дала, туған жер,
Қасиетің нендей - ді?!
Сағымды сай, мұнар бел
Көз алдымда көлбейді!

Екеу ме еді жүрегім,
Сен сыйлаған кеудеме?
Тұрсын, ба ұстап біреуін,
Ыстық - ақсың сен неге?

Көңіл шіркін құс білем,
Кетті көгіңді аралап.
Мұндай ғажап күшті мен
Ұға алдым ба бағалап?

Сәлем, сауық сайран күн,
Сағынып қалған екенмін,
Иісіңнен сенің айналдым,
Бесігім, туған мекенім.

Шырқа, туыс, сала бер,
Әнің бір ыстық, тамаша - ай!
«Салқын ауа, самал жел —
Қостанайдың даласы - ай!»

ҚАЛА ҚАҚПАСЫ

Қаланың күтіп қақпасын
Тұратын халық шұбалып.
Жадағай көпір тақтасын
Олжалап қашып, су алып.

«Оп-оңай менен өтпес, — деп,
Жолаушы келсе шалғайдан!»
Төменде Тобыл кес-кестеп,
Биікте қала шалқайған.

Сан машина заулаған
Көрем қазір көпірді.
Екі иықты жалғаған
Мойын омыртқа секілді.

Мың тарау жолды қолына ап,
Кеңейтіп пейіл, тынысын.
Қостанай тұр қабылдап
Қойнындағы ырысын.

САРБАЙ

Арасы қырық шақырым,
Алыста Тобыл тулайтын.
Арбамен жүріп ақырын
Жолаушы кеште құлайтын.

Қостанай көгі тарқатпай
Тұрғанда оның түтінін.
Паровоз жолда дем тартпай,
Басады мұнда ентігін.

Қала да жап-жас, қарқын жас,
Қайнатып жатыр өмірді.
Туған жер қоры сарқылмас,
Суырса қанша темірді.

Келеді өсіп бір алып,
Темірдей берік бір қала.
Комбинат даусын шығарып,
Жаңғырығып тұр дала.

Барады Сарбай өркендеп
«Қала едім көне, талайғы,
Қосылып кетер ме екен? — деп
Қостанай жалт-жалт қарайды.

ТҮН ОТТАРЫ

Күндізі ысып, түн мұздап,
Қостанай желі құбыладан.
Қарасу жолы тым ұзақ,
Қарасу жолы бұралаң.

Машина шамы үңгиді
Жеті қат түннің, қойынын.
Көрдім де, үздім, бір күйді
Желісін ұзақ ойымның.

Келемін қарап манадан,
Осылай ма еді бұл дала?
Жана бір өттік қаладан,
Алдымда тағы бір қала!

— Неткен бұл қала, досым - ау,

Көбейіп кеткен қайдағы?

— Шамасы сізге тосын - ау,

Түндегі дала сайраны?
Деді де шопыр, ойланды,
Машина жүрді бәсеңдеп.
Өзі де мендей таң қалды:

— Шынында, неткен әсем! — деп.

О, ғажап, оттар қозғалып,
Жүйткиді ерсіл - қарсылы.
Көрінді содан көзге анық,
Бүгінгі дала бар сыры.

Түнменен талас дән жиған
Комбайн екен жүздеген.
Осылай шықты алдымнан
Мекенім менің іздеген!

Ой салар көрген кісіге,
Отына бөлеп даланы.
Сүйемін. түннің ішінде
Қозғалып тұрған қаланы.

ҚАРАСУ

«Қойбағар» көлден су ұрлап,
Қашады өзен Қарасу.
Тосатын оны құр-құрлап
Арада неше бар асу.

Өзі де суын ұрлатып
Пысық, озбыр сайларға,
Таңдайын шілде құрғатып,
Қалатын шығып қайранға.

Енді, құрбым кеп қара,
Қарасу бойы қалың дән,
Қарасу бойы көп қала,
Бәрі де кеше салынған.

Қарасу үсті қаз-үйрек,
Таңда өзен толы құс.
Көңілде қалсын, көз үйрет,
Осынау ғажап көрініс!

Көкжиекке батып күн,
Қаздар кайтқан шақ қандай!
Өзеннен шығып ақ толқын
Әр үйге кіріп жатқандай.

Қарасу бойы — жақсы өмір.
Күндізі - еңбек, кеші — сайран.
Адамы қандай ақ, көңіл,
Таппайсың, шыным, ешқайдан!

НАЙЗАҒАЙ

Сен едің бір «құдірет»
Зәресін алған талайдың.
Жағасын ұстап, күбірлеп
Қарт әжем бұлтқа қарайтын.

Сағынтқан, көкке қол жетпей
Сен екенсің жарық, нұр.
Монтер інім, селт етпей,
Үй сайын сүйреп барып жүр.

ҚҰТСЫЗ КӨБЕЛЕК

( Сын ретінде)

Көз жеткісіз көк алап,
Келеміз біз аралап.
Жел сабақты шайқаған,
Сабақ желге айтады ән.

Айырылдым деп дәнінен —
Түсіндірер әнімен.
Қайда дәні, алтыны,
Тиді ненің салқыны?

Піскен дәнді, не керек,
Жеп қойыпты көбелек.
Тиген екен қырғидай,
Қалдырмаған бір бидай.

Кеткен еңбек, талай күн,
Қараймын да аяймын.
«Көбелек жауыз екен! — деп,
Айтса оны, бекер — деп,

Бет бақтырмас көп «білгіш»,
Өткенге тек өкінгіш.
Көбелек ұшар, жоғалар,
Тағы да сабақ дән алар.

Сабақ алсын кей «маман» —
Деген келді ой маған.

БАТЫР ДА «АТҚА» ОТЫРДЫ

(Социалистік Еңбек Ері
Аманкелді Исақовқа)
Сағымды түсте күн қызып,
Көзіңе түссе комбайн.

Көрінеді екен, бір қызық,
Шөгеріп қойған нардайын.
Сол «нардың» нақ қасынан
Көрдім нардай кісіні.

Қалпағын алып басынан,
Күректей қолын ұсынды.

— Шырағым, аман жүрсің бе?

Шырайы сонша әдемі.
Алғашқы көрген кісіге —
Түп-түзу екен сәлемі!
Екеумізге орындық

Комбайнның қалағы.
Тұрған жерім жолығып,
Орылған егін балағы.
Әңгіме басы сарабдал,

Аяғы кетті ұласып,
Бар шаруадан хабардар
Сөйлестік ұзақ сыр ашып.
Егіннің жайы, ел қамы,

Мектептің хәлі нендейді?
Есен бе жұрттың ден - қары,
Дәрігерлер қалай емдейді?
Ойының жоқ кем жағы,

Жаны да көңіл толтырды.
Аттана бердім мен дағы,
Батыр да атқа отырды.
Жосылды алып комбайн,

Жотадан астым енді мен.
Жолығу жайлы жыр дайын
Бүгінгі Аманкелдімен!

СОҢҒЫ ЖОРЫҚ

Аттанды соңғы жорыққа,
Алты бірдей комбайн.
Күн шықты көк иыққа
Қызартып аспан таңдайын.

Енді бір сәтте даланың
Дір ете қалып денесі,
Жаңғыртып егін алабын,
Жүйткіді еңбек кемесі.

Шомылған көкшіл сағымға
Егінші қосы — мекені.
Жатыр алда, адырда
Егінші қосы — мекені.

Жүйткиді алты комбайн
Жиырып сары кілемді.
Бұларға тосып маңдайын,
Күн төбеде тұр енді.

Ал, әне қалды бір пұшпақ,
Қырықты... жұтты... таусылды...
Жақсы екен, шіркін, бұл бір шақ,
Құшағын егін қаусырды!

Құттықтап ерлер бір-бірін
Бөріктерін көкке атты.
Аяқтап солай қыр жырын,
Комбайн тыныс тоқтатты.

АУТКОМ АҒАСЫ

(Файзулла
Жақсылықовқа)
Үйінде болдым біраз күн
Жанымен жарқын туысып.

Оңаша оймен жыр жаздым,
Төңірек толы тыныштық.
Қабақта қажу тұрса да,
Көзінде ойнап көңілді от. —

Келтірмей жатыр мұршаға,
Егінде биыл өнім көп.
Бастықтың үйі, есіңе ал,
Ақынға жақсы кабинет.

Жыр туып жатса несі бар? —
Деп қояды әзілдеп.
Сүйеді қалған сағынып,
Домалақ қара баласын.

Елжіреп сен де, жан ұғып,
Сүйсіне қарап қаласың.
Елеңдер сосын далаға,
Сәлемнен кейін сөз қысқа.

Дала да оған бір бала
Дәметіп тұрған жөн, нұсқа.
Жанына ылғи нәр толып,
Жүретін жеміс әперіп.

Көңілі байтақ қамқорлық,
Жақсы ғой мұндай әкелік!

ДАҒЫСТАННЫҢ ГҮЛДЕРІ

Ел ырысын жинасқан
Егінім мол күндері,
Сенің жаның бір дастан,
Дағыстанның гүлдері.

— Дән жинаумен ауылымда

Дос жинадың қаншама!
Біздің жақсы қауымда
Қажыма да шаршама! —
Дедік біздер. Хош алдың,

Кеттің жасап сен ерлік.
Дос құшақтан босандың,
Махаббатқа бөленіп.
Болдық бірге сайрандаса,

Елім тәтті дәмін сап.
Қолымызда қой жамбас,
Дастарқанда бауырсақ.
Жүрген жері қуаныш,

Абырой алған жарыстан,
Гүл өсірген, мың алғыс,
Саған, саған, Дағыстан.

КӨК ИЫҚТАН АСАРДА

(Ертайға)

Шығарып салған, жан досым,
Алғысымды ал да, аялда.
Әрине, маған жол болсын,
Жақсылық болсын саған да!

«Көк иықтан асарда,
Көзіңді жібер маған!» — деп,
Тұрғандай қала қашан да,
Көңілімде менің алаң көп.

Қарайын саған, Қостанай,
Тағы да тағы қарайын!
Өткіздім сенде кеш талай,
Қарсы алып таңның арайын!

Мен тасып барам сен үшін,
Өмірден алар есең мол!
Әзірге сау бол, ел ішім,
Жолдасым, сен де есен бол!

Карло КАЛАДЗЕ

ЕЖЕЛГІ ЕМЕНДЕР

Өткенге іштей салауат айтып,
Жұбатпақ болып өзгені мәз ғып,
Оралдым туған үйіме қайтып,
Жиюға тәтті көңілге азық.

Бәрі де маған бір терең сырдай:
Көмескі сүрлеу жолдардың табы.
Тұрбадан ұшқан ұшқыннан жылай
Еріген ескі шарбақтың қары.

Джигтубан, Рион — жазықтар жалпақ,
Мүлгиді қардың астында бәрі.
Осынау ауа ғажайып рақат,
Мен тұрмын жұтып қана алмай әлі.

Ал одан әрі мәңгіге аппақ
Бастарын созып, аспанды сүзіп,
Өркешті шыңдар жағалай қаптап,
Тұр ашық күнде ауада жүзіп.

Сөйтсе де мына төңірек біткен
Қалпы бар қазір көктемді күткен,
Сықырлар мұз да тек жүрсең аттап,
Бойына үрей, қауіпті сақтап

Аралап аппақ деревня ішін
Келемін, көктем сеземін иісін.
Талайғы кәрі ағаштарменен
Кеңесіп келем, сөйлесіп келем.

Бұтаққа шумақ қарларын асқан,
Қымтанып, иін тіресіп бәрі,
Көктемнің жайын жорамалдасқан
Айнымай қапты шалдардан кәрі.

Бәрі де күту қамында қазір.
Олардың сөзі мүлтіксіз келмек.
Соларды құптап, қағады діріл
Биікте сымдар бұтақты тербеп.

Көктемді тұңғыш сезеді ағаш,
Солар ғой жар сап, беретін хабар.
Мың жылғы қария, көктем де жап-жас
Күйінде бізге күлімдеп қарар.

Алуан бұтақ, көңілді әулет,
Алқасында солардың бірге
Тұрғанда, қайғы, қасірет, бейнет
Сезбеймін түгін жанымнан мүлде.

* * *
Кәдімгі түннің болса да бірі,
Бұл түнді бұрқақ түн қылдым өзім.
Бұрқырап ойда шабыттың жыры,

Құйындап бойда қиял мен сезім.
Махаббат кернеп, қызғана жазып
Отырмын қағаз боратып, бастап.
Үйіме қорған, сарайлар сәнді

Кереметтің бәрін орнатып тастап.
Күңкілдек пешім, бүлкілдеп, аузы,
Жұтады тыққан отынды қылғып.
Қағады жылдам, ол бейне тазы

Кетті бір ағаш тағы да сырғып.
Түнімен жаңбыр,
Терезе сырт-сырт,
Шоқ болған ағаш,

Отпенен ойнап,
Қараңғы түнде етеді жалт-жұлт,
Бейне бір адам көзіндей жайнап.
Көмірге көшер, өтсе егер бір сәт.

Күш пенен отты — бір содан ұғын!
Кесінді болып жаралмас еш зат, —
Жүрегі еді ол еменнің бұрын.
Өскен ол емен тұғырлы күшпен,

Тереңнен үңгіп тамырын алып,
Сол тұғыр қалпы балтаға түскен
Тұруға балқып, от болып жанып
Шоқ болып соңғы қасиетің ғажап,

Жаншы, бір емен жүрегі асыл.
Қағазға түсір сәулеңді, маздап,
Шоқтанып жанған күйінде басыл!
Толқысын алтын сәулелер үйде,

Шашылсын аппақ ұшқындар бір сәт.
Еменнің сонау тіршілік күнде
Қисапсыз кешкен минутына ұқсап!
Өтейік мейлі қанша жыл жасап,

Ал енді жұртқа шындығын айтсақ, —
Емен мен ақын қасиеті бірдей,
Жанады солай бір-біріне ұқсап.

ЖАМБЫЛ АУЫЛЫНДА

Қарсы алып қалыңдықтай таң шапағын,
Таулар тұр төгілдіріп ақ шапанын.
Келеміз етектегі елден шығып,
Ауылына жаяу тартып жақсы атаның.

Бір тоқтап дем аламыз әр асуға,
Жолдасым, осы арадан қара шыңға!
Төменде гүл жауқазын, биікте қар,
Біз тұрмыз қыс пен жаздың арасында.

Күзеткен қарт мекенін күз жағалай,
Именіп біз келеміз қыз баладай.
Басталды осы жерден Жәкең ауылы,
Таулар да аяңдады бізге қарай.

* * *
Ал міне қасиетті орын... кір, бас и де,
Қашаннан халықпенен сырлас үйге.
Кірер ең алып бірге бәрін соның,

Сыртта тау, күн мен аспан сыймас үйге.
Жәкең де соны сендей армандаған,
Арманнан бір оңаша қалған ба адам?
Бұл жерде қарт домбыра шегі үзіліп,

Күй толғап, енді қайтып жалғанбаған.
Тыныштық. Басқан үйді түннің мысы —
Ұшпайды нәзік қанат жырдың құсы.
Үйдегі әр қимылды ұлы жанның

Өзіне бағындырып тұр ұйқысы...
Секілді төңкерілген кішкене аспан,
Күмбез тұр, сырлы есігін іштен ашқан.
Бұл тұста, осы күмбез дәл астында

Туған жер өз перзентін төске басқан.
Жағалай қайың — терек — мың жасарған.
Басында құс баласы ұя салған.
Жаз келсе, жұпар сеуіп жапырақтар,

Жомарт көк ақ маржанын құя салған.
Белгі етіп осыларды енді ол күнге,
Тілдесіп жаңа туған ермен бірге,
Құстардай сонау терек басындағы,

Ұялап Жәкең, қалған ел көңілінде.

КІШІЛІК ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Секілді өлең-жырдың әулиесі,
Тебіренген теңіз болып жан-жүйесі,
Маңдайы жырта қарыс секілді бір
Ақылдың ақ шалқары, ой дүниесі,

Алдымда отыр менің қадірлі қарт,
Дегендей сөзімді күт, жанымды бақ.
Қартайған қалам тербеп қайран шалдар,
Бұлар да бір күн бізді сағындырмақ.

Кездессе шарапаты мол жақсы адам,
Болмай ма бір сөзі оның олжа саған!
Қазынаң көп қой сенің, алашағың
Өмірде ол атқарған, ол жасаған.

Дәметкіш бала әдетін көріп менен,
Жымиды ол бір ғажайып көрікпенен.
Маңдайға қабақтары барып қайтып,
Көзінен көрінді ыңғай «кел, ұқ!» деген.

Байқаймын ойынан бір сөз ақтарды:

— Сен, балам, қалаймысың аз айтқанды?

Әлде сол сәби күнің қаз қалпында,
Сүйе ме хикаяны, ғажаптарды? —
Деді де жымиды кеп, дене қозғап,
Қаншама мәз болса да, міне ғажап,

Күлкісі қарт адамның қалады екен,
Ішінде тек талпынып шыға жаздап!
Мен үнсіз бақылаймын оның бәрін.

— Аз айтам болсын саған ойым мәлім.

Бар еді қадірлі ақын, қазір ол жоқ,
Тауысқан тым ертерек өмір дәмін.
Таланты көбімізден үздік еді,
Қасынан қалмай оның біз бір елі,

Сүйсіндік дүниеде барлығына,
Құрметтің мұхитында ол жүзіп еді!
Жасы оның еді кіші бәрімізден.
Жасырмай жаюшы еді жанын бізден.

Өнердің болса қанша меруерті
Табиғат бойына оның бәрін тізген.
(Бұл жерде ол қабақ түйді ауыр оймен) —
Жүрсе де сонша құрмет, абыроймен.

Кішілік қалпын әсте ұмытпады;
Адамның бар ажары жаны ғой кең!
Сәлемі, кездесуі - бәрі кіші,
Тұратын бар сөзіңе нанып іші.

Бала еді, қалса дағы жасы ұлғайып,
Болғысы келмейтін ол кәрі кісі.
Бойында қасиетті бір балалық
Сақталған адам еді, ұрлап алып

Жер-ана бермей қойды қайтіп бізге,
Ұқпадық, бәлкім, оны құндамадық!
Бірақ ол ешкімге өкпе кетпеді айтып,
Жұлдыздай момын сөнген көкке батып.

Екен ғой кішілігі — кісілігі,
Табиғат бойына дән еккен артық!
Тынды ол. Болдым деген қалыппенен,
Көз алмай көп уақыт қалып менен.

«Үлкендік жарасатын жалғыз мықты —
Ол ана, ол ақсақал — халық! — деген
Ойының бұл жалғасын «бөліспей-ақ
Ұқ!» — деген белгі берді ол іштей-ақ!»

Қиялмен ауырлаған қарт денесін
Көтеріп зорға тұрды күміс таяқ...

ЖАЗЫЛМАҒАН КІТАП

Досым Шәріпке ескерткіш

1

Күн еңкейіп, көлеңке есіп бауырда,
Соңғы сәуле аз қонақтап тау, қырға,
Қандай жақсы, қырауытып алыстан
Кешке жақын келе жатсаң ауылға!

Жақсы ауада жаның сая табады,
Сонау көкте оқшау жұлдыз жанады.
Үйген шөптің иісін сезіп жарау ат
Дөңгелетіп жөнеледі шанаңды.

— Ал, жолдасым, — түсетұғын таныс тап, —

Деген кезде, сөзді алғандай дәл ұстап,
Саған таныс бір есімді шақырып,
Шеткі албардан жатар біреу дауыстап.
Аттың басын соған бұрып қиялап,

Орыныңнан көп отырған ұялап,
Бір қозғалып, жайланады көңілің,
Сонда есіктен қара бала сығалап.

— Кісі келді, кісі келді, кісілер! —

Деген сөзден үй иесі түсінер.
Іштен ала шыққан буы басылмай,
Қалбалақтап дер жалма-жан: «Түсіңдер!»
Хал-жай сұрап, амандасып малшымен,

Етігіңнің қарын қағып қамшымен,
Қорбаң етіп, ілез сүңгіп кетесің
Жомарт үйге дастарқанның басы кең...

2

Отырмыз біз дәл осындай үйде бір,
Жаны жарқын, қария екен сый көңіл,
Өзі жасап, бастан өткен сан жылдың
Көп сырларын көкейіне түйген бұл.

Колхозының кемшілігін, табысын,
Біліп отыр, айтып отыр — бәрі шын.

— Қатты айтқанға шамданатын әдет бар, —

Деп қояды, - кемдеу жатыр әлі сын.
Сын демекші, айталық біз расын,
Сын дегенді білмеуші едім өз басым.
Мен балама, кемпір маған ұрсатын,

Кейде ынтымақ бірліктігін бұзғасын.
Кей мінезі жалғыз ұлдың қырыс кеп,
Мен ұрыссам, «ұрысқаның дұрыс», — деп,
Кемпір байғұс жатып мені қостайтын,

«Балаға әке ең жанашыр туыс», — деп.
Бақсам соның мағынасы — сын екен,
Сын дегенің ұрсу ғой деп жүр екем.
Бәрімізге колхоз ортақ болған соң,

Бір мін болса, ол да ортақ мін екен.
Ұрысқан соң ұрсу керек жақсылап,
Мінің болса, мойында да, бак шыдап
Жаман ұрсу, араз ұрсу болмасын,

Екі ұрсудың айырмасы бар, шырақ!
Біз де бұған риза боп қаламыз,
Бірте-бірте жақындайды арамыз,

— Мана әзірде балам бар деп едіңіз,

Ата, сіздің қайда қазір балаңыз?!

3

— Балам менің бұл дүниеден аттанған,

Содан қалқам, жүрегімде дақ қалған,
Бұл қайғының басқа түсер салмағын
Біледі тек бала асырап, баққан жан.
Мен жыламан, шешең қайтіп шыдасын,

Егіледі ол айтса болды баласын.
Шерлі жүрек серги ме, әлде, қайтеді,
Есіл көздің жасын сығып алғасын.
Мұны айтқанда, өзінің де кірпігі

Сәл шыланып, сараң моншақ іркілді.

— Берік болу жақсы-ау, бірақ, бала ғой,

Сағынасың, аңсайсың ғой шіркінді!
Өздеріндей өрім еді ол да бір,
Жас адамды оқытты ғой бұл дәуір.
Оқуы оның болды да үлкен қалада

Мәз қылушы еді келіп-кетіп жылда бір.
Нән қалада балам оқып жүр деппіз,
Жас өкпесін дерт жайлапты, білмеппіз.
Кеш қамдаған емі дәру болмапты.

Тұрған кезі қара желін үрлеп күз.
Барған екен жуықтағы курортқа,
Амалың не — сепкендей боп суды отқа,
Қайран қыршын сөніп кеткен, босатпас

Ілінген соң ажал деген бір ноқта.
Деді де қарт, қалды тоқтап, үн, тілсіз,
Тебіреніп, іштен ілез тындық біз.

— Дәрігерлерге кінә бар ма, — деді ол.

Сағатында жұлып кеткен суық күз.
Қой, балалар, сендер мұңға батпаңдар,
Қайдан шықты іште тұнып жатқан зар!
Күнде ақтарып баламыздың кітабын,

Иіскейміз, күткендейміз хат-хабар.
Алып берші, кемпір, әлгі сандықты.
Жазғаны деп айтушы еді қай мықты,
Әйтеуір сол түспеуші еді қолынан,

Соңғы жолда сонысы үйде қалыпты.
Қария ана шағын сандық ақтарып,
Қолымен бір қалың кітап шықты алып.
Краснодон батырлары екен ол

Жатқан ана сандығында сақталып.

— Жазған мұны шебер кісі — дейтұғын.

Жастар екен жықпай өткен ел туын,
Көп қыршынның ерлік ісі осында
Сақта мұны, жақсы сақта, кемпірім!..
Изей бердік басты біз де мақұлдап,

Қариялар жүрегіне жақындап.
Кітап жайлы осы аяулы пікірді
Көңіл сүйіп, ой оралып, жан тыңдап.

4

Ұқыпты ана кітапты орап қойды алып,
Жүрген қария шаруа күтіп, қой бағып,
Осынау сәт отыр жалғыз ұлымен
Жақсы кітап жайында көп ойланып.

Кітап, кітап! Сенің сырың көп, тегі,
Сен адамзат өмірінің мектебі.
Бұл қарияның сонау жалғыз ұлының
Қалды артында аша алмаған беттері.

Қария өзі тіпті ашқан жоқ бір бетін,
Әріптердің танымайды суретін.
Алайда сол адам қазір кітаптың
Қадірін де бір кісідей білетін.

Алуан жолды өмірі оның ғасырлық,
Білуіңе асыл сыры асығып,
Мен көрмеген, жазылмаған, жазатын
Жатты алдымда кітап болып ашылып.

ОН ЖЕТІ

Әжемің әңгімесі

Поэма

(Аманкелдінің серіктері,

революция жолында қаза

болған он жеті capдарға ескерткіш)

1

Туған Торғай, қала Торғай, қарт Торғай,
Көкірегің көне сырға неткен бай.
Мен де аналық құшағында ерке өстім,
Сенің жомарт пейіліңнен шет қалмай.

Әлі күнге маған ыстық әр үйің,
Әр үйіңнің адамдарын танимын.
Әр аулаға ізін тастап кетіпті
Кешегі бір жалаңаяқ сәби күн.

Ол күндердің, бал күндердің құрдасы,
Кімі ғалым, кімі ақын, кімі малшы –
Енді қазір ержеткенде солардың
Естіледі әр тараптан үн - даусы.

Тағы да аңсап, сені еске алдым мен бүгін
Көз алдыма сонау бала келді күн.
Көз алдыма келді әжем, көп жасап
Арқалаған жеткілікті жер жүгін...

Сенің көшең жұмбақ еді жасымнан, —
Қайда көрсем қорғасын оқ шашылған.
Теруші едік етек-жеңді толтырып,
Ұқтым бір күн сол сырыңды жасырған...

..Күндегідей теріп келіп қорғасын,
Жатыр едім алып асық дорбасын,
Ұршығына тамып кеткен мөлдіреп,
Қарт әжемнің қалдым көріп көз жасын.

Қарт әжемнің қалдық көріп көз жасын,
«Сол жұтты ғой, сол жұтты ғой ер басын!»
Деді де әжем, маған қарап күрсініп,
Отыруға нұсқады тек өз қасын.

«Нені ұғасың, не білесің, жаманым,
Қазір мына тыныштық қой заманың.
Құлындарым, сүйіп қана сендерді
Жазылды ғой жандағы ізі жараның.

Көп қой менің естігенім, көргенім,
Арманым жоқ, қайта жанды сөнгенім.
Сен естіші, көкең жайлы айтайын,
Есіме алып өткен күннің ерлерін.

2

Сол жылғы жаз аспанында бұлты кеп,
Бірде қырға, бірде ойға дүркіреп
Біздің ауыл дамыл таппай көшеді,
Шаң боратып жердің қоңын сілкілеп.

Өйткені оның көшетұғын жеңі бар,
Дәл үстінде Қостанайдың жолы бар,
Сол жолменен шұбыратын әскерлер
Қалың елге қаптай келіп жолығар.

Сол жылғы бір отрядтың көбін - ай,
Шаңдады да жатты қара жол ұдай.
Бірін-бірі қуған, шапқан, дүрлігіс
Алғашында біз қаламыз танымай.

Бүгін ақтар, ертең, қызыл алмасып,
Соңғы топқа келесі топ жалғасып,
Торғай менен біздің ауыл арасы
Өліктерге толып кетті, қан басып.

Қызыл келсе ауыл үсті тыныштық,
Асын ішіп аттанады бір ыстық.
Ақтар жаман, атып - шауып, шулатып
Жылқымызды кетеді айдап, қуысып.

Әсіресе, ақтан бізге күн қараң,
Демеді олар «бұл — сәбиің, бұл — балаң»
«Осы ма, — деп, — большевиктер ауылы?»
Қырды, кетті — қаңырады Шұбалаң2

Ауылдың бар азаматы, расында
Атқа мінген, соғыстың жүр басында!
Жыл тәулікте үй ішін бір көрмеген
Көкең сонда Аманкелді қасында.

Осы түнде деді: «Торғай алынды!»
Қала үстінде қаптаған өрт жалыны,
Көкендердің көксегені болды, — деп,
Ақсуатқа көшірді әкеп ауылды.

Көкең келді: «Енді үкімет қолда! — деп,
Көп жыл сарсаң айналды ғой оңға!» — деп
Аманкелді таратыпты әскерін,
Айырылыпты қайран ерлер зорға деп.

Ойнақтаған қаракөк ат астында,
Қызыл жұлдыз шошаймасы басында,
Қаз-қалпында қаршығадай денесі,
Ақ тал енген қою қара шашына.

«Көп болды ғой көрмегелі, құлыным!» —
Дей беріппін, құшағымда тұр ұлым.
Бар дүние қызығына берер ме
Байғұс ана бала жүрек жылуын.

Жүрді - ау талай ат қажытып, ер соғып,
Қоңыр жүзі тотығыпты жел сорып.
Өткір көзі онан сайын тереңдеп
Кеткендей ме, дағдыланып жер шолып.

Орақ мұрны сәл үлкейіп көрінді,
«Жүдегендік өзгерткен ғой өңіңді».
Деп қоямын, жүз айналып, толғанып,
Осы сапар өзі ерекше көңілді.

Алды жинап азаматын ауылдың,
Деді: «Аяғы басылған жоқ дауылдың».
Одан әрі жұртты ұйытып сөйледі
Сабырлы еді, саналы еді жан ұлым!

Түсінем бе көп сөзіне мен байғұс!
Дөсердеймін «ұшырдым, — деп — сондай құс
Байқағаным — балам өсіп келіпті,
Демеді оны қолтығынан қандай күш?

Сұрамадым, сазбен алдын тоспадым,
Білдім бірақ әлі де ұзақ іс барын.
Ұғындырып ол жұртына көп айтты,
Сол кезеңде достары кім, дұшпан кім!

Көкең алған Әлібиден тапсырма,
Депті оған: «Елден ерен жас жина!
Біз құрамыз еңбекші тап әскерін,
Жау кеп әлі жатқан жардың астында!»

Ойладым ба содан жылап қалам, деп?
Мен бір ана бауырымда балам көп.
Арыстаным көрінгесін көзіме,
Мен сорлыда — деп ойладым — алаң жоқ.

Енді көзім ашылды деп қырсықтан,
Енді даусым шығады — деп тұншыққан,
Мың қуаныш айырбастар деген ем,
Кешегі күн көздің жасын бір сыққан.

Кенет бастан соқты келіп бір дауыл,
Аяғынан қайта шошып тұрды ауыл.
(Бұл жерде әжем кетті қатты егіліп) —
Айта алмаймын содан соңғы күнді ауыр

3

Естиді адам кей-кейде бір сұмдықты,
Аза бойы қаза болар шындықты.
Сол күні өзім түс көріп ем тым жаман,
Үстімдегі үйді дауыл жығыпты.

Содан қайтып көз ілікпей шықтым да
Үлкен үйге барып едім тұп-тура.
Бір суық сез алған екен ел ішін
«Аманкелді түсті — деген — тұтқынға!»

Кеп екен ғой көңілдің де сенері!
Сан қырғыннан аман өткен ел ері.
Қапияда кетті-ау деген өкініш
Қан қақсатып, қалтыратты денені.

Ұзақ жылғы қуған арман, мұраттың
Тек ғұмыры болғаны ма аз-ақ күн?
Қан төксе де жыламайын — деп еді,
О, жасаған, елді неге боздаттың?

Деп үлкендер сақалдарын жас жуып,
Қатуланып алды ашулы жас жігіт.
Сенің кекең сапарынан қайтқан жоқ,
Әлде біреуі кетті өлтіріп қас қылып?

Ойым онға, қиял мыңға жүгірді.
Қала жақтан мылтық даусы білінді.
Тілсіз түнде әлсін-әлсін гүрсілдеп
Әлдеқайда жаңғыртады қиырды.

Ит ұлиды, жас балалар шырылдап,
Қариялар құлақтарын тығындап.
Ай астында бұға түсер жарлы ауыл,
Оқ өткенде төбесінен зуылдап.

Ертеңгісін келді хабар әртүрлі:
Деді бірі: «Аманкелді атылды!»
Ыршып түсті ел жүрегі сұмдықтан,
Еңсемізді тұңғиыққа батырды.

Әрбір үйдің түндіктері желпілдеп,
Жел тартады қаралы күй еңкілдеп.
Бұлты қалың басындағы сорының
Ел көзінде тұрды жасы мөлтілдеп.

Қала жақта дүрсілдеген күнде атыс,
Қызыл алау өрт шомылған күнбатыс, —
Жаманаттан жұрт құлағы шулайды,
Деп тұрғандай бір қырсық жау «тыңдай түс!»

Көкең әлі оралмады дүз кетіп,
Қала жақтың хабарына біз жетік.
«Қанды көйлек серіктерін батырдың
Жатыр — деді — шартараптан іздетіп!»

Болды сұмдық! Ұрды құдай төбеден!
Сынды — дедім — арқамдағы зор емен.
Күткен адам ұлы апаттың боларын
Дүниеде бақытсыз жан не дегені

Ес, ақыл жоқ, жаутаң-жаутаң қараймын,
Көрінгеннің бәрі үрей, бәрі айбын.
Адам өзін бейшара деп түсіну
Қандай қиын! Өтті-ау, қалқам, солай күн!

Тағы арада кештер түсіп, таң атты,
Ондай халде мезгілді кім санапты?
Келді хабар: кешегі күн кешкісін
Қайран ердің он сегізін қамапты.

Үрейленіп, жаманаттан жатыр кеп,
Қарамадым жұрт көзіне дәтім кеп.
Дауыстады. естіп тұрмын алыстан
«Он сегіздің ішінде жоқ Хакімбек!»

«Сақта, құдай, сақта, құдай!» дей бердім,
Бәрі түгел өзім білген ерлердің,
Тек бір ғана құлыным жоқ ішінде,
Қайда екенін енді таппай сенделдім.

Өкінішім қалмайды әлі ішімде,
Ертеңгі күн ұлы сәске түсінде,
Жетіп келді көкең сорлы сап етіп,
Жазып тұр ма жау қолына түсуге!

Жиналысты жанашырлар жасырын,
Айтып жатыр көңілдегі бар сырын.
«Қашып үлгір қара шалмай тұрғанда,
Кесіп қойды бар үкімін басыңның». —

Деді жылап, жалбарынып ағайын.
(Менің сорым болып тұр ғой тағайын) –
Жалғыз қашып жан сауғалар жайым жоқ,
Өкінбеңдер тәуекел ғып барайын!

Батыр өлді, қапыл өлді, боздағым,
Осындайда кім ойлайды өз бағын.
Бөлінбеймін еңіреген ерлерден,
Бөлек жерде төгілсін деп өз қаным!

Деді, бітті. Мінезі оның, сондай - ды,
Басын алсаң бір қарысса болмайды.
Ауыл тұрды артта қалып қол бұлғап,
Тағы үстіне жамылып ап мол қайғы.

4

Адам өзі бастан кешсе ауыр күн,
Жан-жүрегін өртеп кеткен жалынның
Оңай болмас ізін ойда тірілту,
Кәрі адамға қатты соғар кәрі мұң,

Сол себепті қайта өзіңе оралдым,
Жақсы оқушым, азды-көпті жоралғым.
Осы жерде әңгіменің кезегін
Ауызынан қарт әжемнің мен алдым.

* * *
Жоғарыда, ұзын көше басында,
Тас түрме тұр, казарманың қасында.
Қала қойны оқ-дәрінің иісі.

Түксиеді ол толып жұмбақ ашуға.
Мына шақта, ұлы қылмыс үстінде,
Тұрғандай ол тісін жармай ешкімге.
Ел білмейді, не сұмдықтың болғанын

Бұл дуанда өткен соңғы үш күнде.
Қанды айқасқа ерді қарсы шақырмай,
Еркек болып, ер есімі айтылмай.
Тек қана елдің қырсығына туатын

Опасыздан жаман жау жоқ, япырым-ай
Өлді батыр, зұлым жауы қор етті,
Білмейді ешкім ақтық рет не депті?
Жаудан өзге жан болмады қасында,

Тастамады тарих бұдан деректі...
... Енді міне серіктері қорғансыз,
Қапияда қалған басып жау арсыз.
Тас түрмеде көздері оттай жайнайды,

Кешегі ерлер, бүгін сорлы, талайсыз.
Қанша бейнет, қанша күрес, жақсы арман
Бейне жастық бастарына жастанған
Жарылды да, кете берді желге ұшып,

Жерден безіп, мекен іздеп аспаннан.
Қарады да ең соңғы ердің түсіне,
Кіріп келген өздерінің үстіне,
Күңіреніп қоя берді сабаздар,

Тапсырды ісін енді қандай кісіге?
Жатты ұласып өкінішке өкініш
Енді өртеніп кек, ызадан отырып.
Дауыл еді өмірлері бұрқаған.

Болды мына қырсық сәтте тым-тырыс.
Жанашыры табылған соң ортадан?
Кетті босап он тоғыздан екі адам,
Хакімбектің ауылынан біреуі.

«Қош!» — деді ер — беріп жатып — хат оған

5

Ұясына қан үйіріп күн батты,
Өтті мезгіл арқалаған жұмбақты.
Бірте-бірте түн қабағы қалыңдап,
Төңіректі қара қанат мұң жапты.

Өзен жақтан әупілдейді әупілдек,
Көтере алмай, үстіне бір зар тиеп,
Жатыр ма әлде естір жерде елге айтып,
«Осы түннен бар ғой менің қаупім?!» —деп

Құралайдың соңғы салқын бұл түні,
Селкілдейді жусан басы, ши түбі.
Кигендері жалаң етке жүн шекпен.
Желкесінде төнген ажал мылтығы.

Келе жатты, келе жатты он жеті,
Алдарында қысқа өмірдің жол шеті,
Арттарында он жеті әскер — әзірейіл,
Түн жамылған опасыз жау жендеті.

Он бес қазақ, ортасында екі орыс,
Енді аяқсыз қалғаны ма үлкен іс?
Қайда, қайда олар қуған азаттық,
Бір ажалға айырбас па бір жеңіс??

«Күрес қиын, өлім оңай, түбінде,
Күрестік пе күрес қызу күнінде?
Жаудан сауға сұрап жату жөні жоқ,
Уақыт солай, біз құрбанбыз бүгінге.

Біз құрбанбыз, азат күннің құрбаны,
Төгілешек ердің бүгін бұл қаны
Көп айқасты жеңіспенен аяқтап,
Соңғыларға бақыт берсе болғаны!» —

Деді ортада келе жатып Хакімбек,
Александр қасындағы мақұл — деп,
Сөйлеп кетті: «Тек бір ғана өкініш —
Өлгеніміз жақсы күнге жақын кеп.

Опасыз жау одан-бұдан құралған,
Бұл күндері бәріндегі бір арман, —
Жас үкімет жағасына жармасып,
Тозғын дұшпан талай бүлік шығарған.

Бізді аңдыды: жар астында жатып ап,
Осы оңаша қапы кезді бақылап.
Қамықпа ерлер, ел сенгендер қалды артта,
Біз кетсек те күрес жолын жартылап!»

Ортадағы келе жатқан үш ердің
Аяқ-қолда салдырлаған кісенін,
Серіктері жүдеу қарап шолады,
Құтқарудан жоғалтпаған бір сенім.

Нарымбайдың, үш баласы, үш нары,
Тірлігінде қарсы келмес дұшпаны.
Үш мылтықтың қояны боп келеді
Жантәсілім жар басынан ұшқалы.

Қайран туыс, тәтті туыс, бал туыс,
Шаршағанда, шаң жұтқанда әл, тыныс,
«Ажал қойны ажыратар, суытар,
Сол балыңды, сусыныңды сарқып іш!»

Деп тұрғандай суық үкім сыбырлап,
Онсыз дағы жара жанды жырымдап.
Бірге туу — қуаныш, ал бірге өлу
Аяныш қой, тұрар бойын шымырлап.

Құтқарар ма төніп тұрған әр мылтық,
Қару ғой ол жау қолында қанға ынтық
Бас айналар шыңырау сайдың басына
Тоқтады ерлер, жүріп келіп, шаң жұтып.

Әзірленді әзірейіл жау мына,
Бәрі үңілді енді мылтық аузына.
Айқасты ерлер құшақтарын жайысып,
Ажырасу алғашқы да, соңғы да.

Қоштасудың өмірде бар сан түрі,
Осы болар ең үрейлі салқыны.
Осынша адам бір мезгілде жоқ болып,
Ұшар болса кеудесінен жан тірі!

Қайталанбас дауысы да «қош!» деген
Қылмас тілек еш адамға «тос!» деген,
Естілер тек ажал - мылтық үкімі,
«Қол көтеріп, жер бетінен көш!» деген.

Сөйледі Омар — ең үлкені, ағасы: —
Тығыз қалды өмір. өлім арасы.
Боса да өлдік, талапкерлер, қашыңдар.
Ұмтыларлық болсақ кімнің шамасы?!»

Сөйдегенше «аллалаған» дауыстан,
Жер жаңғырды, дәмін ерлер тауысқан.
Шырын өмір айқайына ақырғы
Сатыр-сұтыр жауап берді жау - дұшпан.

Көк түтіннен түн кеудесі жөтелді,
Жердің төсі зор қылмысты көтерді.
Он жетіден жағада ешкім қалмады,
Қанды құздың құшағына күмп берді.

Сонда да әлі мылтық даусы тынбады,
Сай қолтығын тінтіп атып тұр бәрі,
Бір мезетте ұрандасып топ солдат
Бері қарай жардың бойын құлады.

Жанталаста, табылатын себеп көп,
Кім ойлаған жаза басса керек — деп?
Әр соқпаққа денелерін бір соғып,
Келеді екеуі сай ішінде дедектеп.

«Қанғышы оқ, жетпеші оқ, жетпеші!
Соңғы үмітін жанның зая етпеші!»
Деп тұрғандай азынайды қара жел,
Алқынады түн жүрегі, өкпесі.

Әттеген-ай, жетті қуып бірін оқ,
Шықты даусы соңғы іштегі мұңы боп,
Туған Торғай алды жылы құшаққа
Қалды мекен мәңгі судың түбі боп.

Енді бірі тағы суға қарғыды,
Арғы бетте жасырды да жар мұңы,
Шымырлаған ізін атып армансыз,
Кете барды, таусылғандай жау құны...

6

— Үш күннен соң — деді әжем, — естідік,

Мезгіл еді мал жайлаған кешкілік.
Бас көтерер әулеттегі кәрі-жас
Жиналғаннан ертеңді өзек, іш біліп.
Қандай қиын қаза естірту төтеңнен,

Сөз дәрменсіз көңіліңді көтерген!
Іші жылап отыр бәрі, сеземін,

— Хат бар, — деді бірі тұрып, — көкемнен!

Сөйдеді де бастап оқып жөнелді,
Бір суық мұз қарығандай денемді.
Енді қазір бәрің жатқа білетін
Жазған екен сондағы сол өлеңді:

«Достың жатыр кәззаптардың, қолында,
Ауыр жаза бар секілді мойнында,
Он жеті адам атылуға бұйырылды
Жүргені үшін азаттықтың жолында.

Алған жарым, бұл дүниеден дүзу өт,
Мені ойласаң, Шаһизада, дұға ет,
Бұл дүниеден қол көтерді жолдасың,
Жолығармыз күні болса қиямет!» —

Деген жерге келген кезде келінім
Еңіреді, жанын өртеп жегі мұң, —
Екі бала қарай берді жаутаңдап,
Тірлігінен жоғалтқандай сенімін.

«Қош, әжеке, қолыңды бер есен бол,
Бұзылмайтын тас болаттай біздің тор.
Құрып сапар еткен мендей қозыңа
Ақ сүтіңді мойныңа артып разы бол!»

Одан әрі не болғаным білмедім,
Қайғы соғып, қалса керек сүлдерім.
Есім жисам, елдің кезін жас шайып,
Манағыдан қалыңдапты үйде мұң.

Сонда білдім, сонда сендім сорыма,
Көкең байғұс бұл дүниеде жоғына.
Жүрегімнің жұбанышы құлыным
Байланыпты зәнталақтың оғына!

Жаншылды ғой жетім жүрек, тұл жаным,
Айта ала ма өткен істің, тіл бәрін,
Менің өмірім сонда біткен — деп едім,
Мезгіл жетпей тауысады кім дәмін?

... Ертеңгісін елден қалмай жиылып,
Көздің жасы омырауға құйылып,
Атқан сайға, қанды сайға терең құз, —
Жатқан жерге бардық ерлер жығылып,

— Ел боздағы, ел ісінің құрбаны, —

Десті халық, — қош, әлеумет ұлдары!
Кетпес зая, ант етеміз басында,
Бауырлардың қасиетті бұл қаны.
Жау - дұшпанның күлін көкке ұшырып,

Қадірлейміз ертең еске түсіріп!
Шаһит болған бостандықтың ерлері
Алдарында біз етеміз кішілік!
Деді сөйлеп, ызалы бір азамат,

— Ақ жуыңдар, арулаңдар, тазалап!

Он бесі де, қойылады бір жерге,
Біз соғамыз қасиетті мазарат. —
Ер борышы, елге парыз өтелді,
Алдарынан басыңды иіп өт енді! —

Деді дағы жасын тиіп, қайран жұрт
Перзенттерін иығына көтерді.
Тынды сол сәт соғып тұрған жел үдеп,
Бір тыныштық құрмет тұтып төңірек.

Ел үстінде, күн астында он бес ер
Жер бетімен жүріп өтті соңғы рет.
... Батырларды жерлеп болып жатқанда,
Көз тікті ел қыр астындағы ақ шаңға.

Қалың аттың тұяғынан жер сөйлеп,
Алды келіп асылды иек артпаға.
Халық тұрды күтіп көзін ала алмай,
Көк тіреген өңшең алтын бағандай.

Шаңы қою бұл не дүрмек, япырым-ау,
Алаң көңіл жұрт та шыдам таба алмай.
Ұлы дүбір бірде жақын, бірде алыс,
Жүрек тілеп деп тұрғандай: «Жылдам ұш!»

Келе жатты, келе жатты бір бақыт,
Келе жатты, айналайын, қуаныш!
Көп созбайын әңгімені арғыға,
Қош дегізіп өткен қайғы, бар мұңға,

Қырдан ойнап шыға келген қызыл ту
Әлі де тұр кәрі көзім алдында!..»

ЭПИЛОГ

Көкшіл толқын Торғай өзен жағасы,
Ту сыртында соның ескі қаласы,
Бергі дөңде тұр ескерткіш ағарып —
Туысқандар, партизандар моласы.

Алтын әріп есімдері олардың,
Өшпек емес — соғар дауыл, жауар күн.
Жүрегіне берер сезім бір ыстық
Тұстан өткен әр жолаушы адамның.

Соғады оған әлсін-әлсін қарттар бір,
Соғып оған ұрпақтары баптап жүр,
Жас, кәріге жалын жалау көтертіп,
Жылда оған төгіледі Хақтан нұр.

Бала кезім... Әр мереке соңынан
Тұрып халық ыдырамай тобынан,
Бір ғажайып ықласты құрметпен
Ескі жорық жырын жырлап, салып ән,

Барушы еді ескерткішке тізіліп,
Қарт партизан сөйлеуші еді қызынып,
Кіл пионер, галстугі желбіреп,
Тыңдаушы едік ойлы жүзбен біз ұғып.

Еске түсіп әжем айтқан әңгіме,
«Сол күндердің куәлары бар міне!»
Деп сүйсініп, ой толқынып тұрушы ем,
Тағы не сыр, тағы айтылмай қалды не?

Іздеп соны, болушы едім мен де айтпақ,
Сондағы ойым әжем сөзін елге айтпақ,
Онда топтың шыға алмадым ішінен,
Ұяң едім, жас едім мен жасқаншақ.

Енді бүгін айтып соны мен бердім,
Халық өзі толықтырар кем жерін.
Менің жақсы өмірімді жасаушы
Алдарында бас иемін ерлердің!

Қараша, 1957

ҚЫЗБЕЛ СУРЕТТЕРІ

1

Арқада жер еркесі Қызбел деген,
Аралап алуан жүрдім Қызгерменен.
Табар жан қайда барып жерұйықты
Қызбелден, сірә, күдер үзгенменен!

Арқаның қысы қатты ызғарлы ма?
Ызғардан ақ бетінде із қалды ма?
Салдыртып саржорғамен қашан барсаң,
Қызығын Қызбел сенен қызғанды ма?

«Арқаның жер сұлуы жалғыз мен! — деп,
Өзгенің салтанаты менен кем!» — деп
Жамылып жер-дүниеде бар асылды
Тәкаппар Қызбел тауы жатыр көлбеп.

Қиылған аруға ұқсап қыпша белі
Шақырып тұрғандай - ақ: «мұнда кел!» деп.
Тамаша төсіндегі Қыземшек тау,
Болмаса жүрегің тас, әсер бермек.

Амантай, Құттыбайдың қос бұлағы
Қандырар мейіріңді барсаң шөлдеп.
Теп-тегіс Қызбел төсі асыл жаннат,
Айырмас: «мынау есік, мынау тер!» — деп.

Атылған тау төсінен тоқсан бұлақ
Жатады көбік шашып, бұлтқа өрлеп,
Сан жүз тау Қызбел төсін мекендеген
Баладай анасынан өрген төлдеп.

2

Анау тұр Қара тауы Мырзабектің,
Бір маңғаз құдасындай бұл да көктің.
Шығыста шұғыла көміп Шұбартау тұр,
Астасқан аржағымен көкжиектің.

Текенің теңбіл шыңы мұнартады.
Жайыққа батыстағы бұрып бетін.
Теңкиген терістікте Ақша таулар.
Арудай аппақ нұрмен жуған етін.

Алтын жал арыстандай шөгіп жатқан,
Алапты денесімен көміп жатқан,
Ортада омыраулы Шарабас тұр
Қызбелдің батырындай жауға шапқан.

Сен барып Ақ отауды көрсең көзбен,
Халыққа жеткізбес ең айтып сөзбен.
Кәдімгі ақбоз үйдей тігіп қойған,
Сақталған әлі күнге ерте кезден.

Үңілсең есігінен тас қараңғы,
Айтады «өшірер — деп — жаққан шамды!»
Білмейді кәрі құлақ қария да,
Сұрасаң: «бұл, ата, — деп — кімнен қалды?»

Тасмола тау Қызбелдің ортасында,
Жатады ұқсап үйген қорғасынға.
Бір кезде аласапыран соғыс болып,
«Құрбан — дейді, — сонан қалған тау басында».

Үңгірі айдаһардың Абат жұтқан,
Бес қару, аста тұлпар қабат жұтқан.
Баласын абайсызда жылан жалмап,
«Жері — дейді — Асанқайғы аза тұтқан»

Сонау бір Қарт қабағы ел кешкендей,
Нар шөгіп, сексен қабат тең шешкендей.
Басына әлдеқалай шыға қалсаң,
Боласың Ұлытаумен сөйлескендей.

3

Тоғайы солтүстікте Тілеуберген,
Мұнартып көрінеді күндік жерден.
Жалғасып қашқан құлан, арқар, киік.
Алапты қайыстырып қойдай өрген.

Соркөл мен Андағұлдай жер сұлуы,
Талайлар даңқын естіп іздеп келген.
Саркөлдің айналасы ат шаптырым,
Көз тұнып көрінбейді қонған елден.

Секілді жиған қаздың жұмыртқасы, —
Назар сап, қарап тұрсақ биік белден.
Сұңқылдап сан музыка жатыр ойнап,
Құлақ сап, тыңдап қалсаң айдын көлден.

Сыбырлап сыр шертеді құрақтары
Секілді жанашыр бір жақын жеңгең.
Алыста атлас жібек секілденіп
Даланы шымылдықтай сағым көрген.

4

Өткізем бұлақтарды алдыңыздан
Бұрқырап тулап аққан тағы құздан.
«Шідерлі», «Шелек кеткен», «Шолпы батқан»,
Арылмас алты ай жазда асты мұздан.

«Арманда», «Ел той қылған», «Құлан ішкен»,
«Тасқұдық», «Теректі» мен «Қатын қазған»
Солардың бәрі Қызбел кеудесінде,
Кек тасқа кәрі тарих атын жазған.

5

«Қоңыраулы», «Саға» өзені жатыр тасып,
Өлкенің өрлеп бойын кетер басып
Себебін «Қоңыраулы» деген аттың,
Әркімдер әртүрлі айтар алып қашып.

«Шілдеде ағады — дейді — әсем үнмен
Қоңыраудай бір әсерлі әуез шашып».
Немесе «Баяғыда бір бай татар
Қоңыраулы пәуескемен кеткен батып»

Осындай әңгіме бар ел тілінде,
Рас, — деп ала алмаймын кепіліме.
Кім білсін, су ап қайтқан бір жас ару,
Шолпысын шашындағы кетірді ме?!

6

Сары қопа суреттеуге тіл жетпеген,
Қойнынан он екі айда ел кетпеген.
Балауса бал құрағы жұпар шашып,
Қалады бір иіскесең сергіп денең.

Көзіне кек күмбездей көрінеді,
Жағалап жүре қалсаң жел бетпенен.
Арудың айнасындай айдындары
Тұрады таң-тамаша келбетпенен.

Суынан жаз шілдеде жалғыз жұтсаң
Жүрсең де ұзақ жолда шөлдетпеген.
Қопаның ортасында шексіз теңіз
Өмірде ар жағына пенде өтпеген.

Шу асау, қапы тентек балығы бар
Жар қауып, топырақты жентектеген.
Шіркіннің қолға түссе дөкейлері
Атанға анау-мынау теңдетпеген.

Қарулы қасқа шалдар өңгереді
Жүрмеген «найсабыңды» жер-көкпенен.
Алдынан алуан бала шығар сонда
Судырлап өңшең аппақ көйлекпенен,

Па, шіркін, мәз балалық кетеді өтіп,
Арқаның сағымындай көлбектеген?
Суреттеп көркін Қызбел тауыса алмас,
Қаншама жазса да ақын өрнекпенен.

1947 жыл

«ТАУЛАР СӨЙЛЕЙДІ» кітабынан

1960 ЖЫЛ

ТАУЛАР СӨЙЛЕЙДІ

(Поэма)

Бірінші тарау

«Қинады - ау мына Дина қыз,
Тездетші, — дейді тойыңды.
Өзі де әсем күй нағыз
Барады баурап бойыңды.

Той дейтін не бар асығып,
Той жасар әке-шеше жоқ.
Үй бола қалса қосылып,
Шай ішер кетік кесе жоқ.

Қорғауы жақын диплом
Тұра тұр — десең көнер ме,
Бірінші курсты ұйқымен
Өткізген дәурен келер ме?

Шіркін-ай, ол кез — кез ғой бір,
Іздейміз қазір — ол қайда?
Қалалық өмір — өзге өмір,
Ауылың қалып шалғайда!

Сағынып сан хат жазылған
Бауырмал кезің сол еді-ау!
Посылка жиі салынған
Қазысы, сүрі мол еді-ау!

Терезе көзі жатақтың
Самсаған ет пен май - құртқа.
Студент қыста бататын
Береке - ырыс байлыққа.

Содан соң қалған курста
Ақша да, етте там-тұмдап,
Хатың да сиреп бұл тұста,
Дүкеннен азық сатып ап,

Жұпыны болып қаласың,
«Жұтаған қазақ байындай».
Қарыз көп — аз-ақ аласың,
Күй таңдар сенде қай бір жай.

Содан соң соңғы курста
Қайтадан күйің оңалмақ,
Өйткені қу ғой туыс та,
Мезгілің біліп оралмақ,

Ауылға тура келсін деп,
Аянбай қалар шабылып.
Кемпір мен шал да кемсеңдеп,
Кетеді жиі сағынып.

Ал бірақ менде ол да жоқ,
Бітірем биыл дегенмен.
Келемін оқып зорға деп,
Аздаған тиын-тебенмен.

Жатақтан шығып, үй жалдап
Тұрғаным осы бір-екі ай.
Балаңа кетпей күй қамдап,
Өліпсің ерте әкем - ай!

Алыста жатыр ағай бір
Міндет қып наны - тұзына,
Көнуі оның неғайбыл
Қаладан алған қызына!

Стипендия пұшпағын
Созғылап жүріп бес жылдай,
Білімнің жалын ұстадым,
Еңбегімді еш қылмай.

Енді кеп сонау екінің
Шотаяқ басын сүйретсем.
Кешірмес мені жетімдік,
Тасына талай тиді өкшем!».

Дейді де Мәжит, Динаға
Қояды іштей қош айтып.
«Қарындас, мені қинама,
Емеспін кісі басы артық!

Басқа да болар кісің!» деп,
Хат жазып оған бұл тағы.
«Жынды боп кеткенбісің!» деп,
Өзіне өзі ұрсады...

Екінші тарау

Алатау басы кәп бұлақ,
Шұбырып жатқан төменге,
Ағаштан шықсаң ақ шуақ,
Күн айналған төбеңде.

Алатау төсі мол жұпар,
Алатау төсі гүл қалың.
Көңілің соған боп іңкәр,
Жаныңды баурар бір жалын.

Тыным жоқ халық дегенде
Қозғалған бейне мың нүкте.
Биіктен құлап төменге,
Төменнен зулап биікке.

Жатады қаулап, жөңкіліп,
Әсте бір тыным таппайды.
Машина талай ентігіп,
Бұлақты сүзе тоқтайды.

Бүгін де осы тіршілік,
Бүгін де осы көрініс,
Биікке қарай құлшынып,
Төменге қарай төгіліп.

Бұрқанып жатқан бір бұлақ,
Төбеде аппақ жүзді бұлт,
Сыбырлап тұрған жапырақ.
Сырласып жатқан қыз, жігіт.

— Саған ғой әлі бір жыл бар,

Қалыпты маған бір апта.
Келіп тұр кезек қынжылар,
Кетемін ертең жыраққа.

— Табамын қайда кетсең де,

Өзіңді өзің қыспа, жан!
Жүрегім, ойым тек сенде,
Бақытым сенсің ұстаған.
Той жасау деген сен үшін

Немене сонша ап - алыс,
Өткізбек пе едің ел үшін
Балуан күрес, ат шабыс.
Күдіксіз үміт, бекем ой,

Ырымы болса болғаны,
Жалғанда қиын екен ғой
Еркектің, сірә, толғағы! —
Деді де күлді сыңғырлап,

Шашылған күміс секілді.
Жапырақ баяу сыбдырлап,
Ұшында талдың жел тынды.

— Қыздың да қиын ашығы

Еркінді сұрап қоймайтын.
Баяғылардың ғашығы
Ішінен ғана ойлайтын!
Кездесе қалса, сөз таппай,

Бата алмай көңіл тынатын.
Салғаннан жүрек маздатпай,
Арман боп біраз тұратын...

— Үндемей жүріп сіз мұнда,

Уақыт қайран өтетін.
Жігітін яки қызын да
Қағып ап біреу кететін.
Жоқ, досым, оған көнетін

Жайымды іздеп таппайсың.
Өзінде менің бар еркім,
Қадірлеп соны сақтайсың,
Нәзіктік, жалған үлбіреу

Келмей-ақ қойды қолымнан.
Әсемпаз майда кейбіреу
Сескенді, бәлкім, сонымнан!»
Дегенде әлгі қыз жарқын

Мұнда қалды бір ауық.
Ұнатып жігіт бұл қалпын
Сүйсіне көңілі тұр ауып...
«Жарайды!» деген бір сөзден

Өңінде қыздың жүзді арай,
Сәбидейсің - ау бір сенсең,
Жұбанғыш қайран, қыздар - ай!
...Енді бір сәтте наз ұқ! — деп

Жігітке жайнап қарады.
Шақырып: «Мәжит, Мәжит!» — деп,
Қалыңға сіңіп барады.

Үшінші тарау

Көшесінде Лениннің,
Бас арықтан сәл төмен,
Институты Тау-кеннің
Келеді сол үй ертеден.

Келеді сол үй ертеден
Мәпелеп, баулып сан адам,
Осынау жазық өлкеден,
Осынау жалпақ даладан,

Келмеген оған кемде-кем,
Сүймесін оны ел неғып,
Инженер қазақ — мен деген
Кісіден сұра сен барып.

Алады еске осы үйді,
Елестеп білім қиясы.
Бәрінің ұстаз досы игі,
Бәрінің ыстық ұясы...

...Залында соның бүгін де
Білімнің үлкен сынағы.
Құшағы толып тұр гүлге
Талайдың келіп сыңары,

Талайдың келіп ғашығы
Ботакөз ару, бұраң бел.
Қиын - ау қиын жар сыны,
Сүрінбей содан шығар ма ер

Бұрышта сонау қара көз
Шашының ұшын өреді,
Бақытқа жақын барар кез
Не деген асу, өр еді!

Алқына күту, қобалжу
Дірілдеп ерін, қос иық.
Демінде ыстық қалар бу,
Кірпікте дымқыл жас ұйып.

Біз сынақта отырсақ,
Тілегің тілеп қыз тұрған,
Қадірлі қайран сол бір шақ,
Кеттің - ау қарап сыртымнан!

Оқушым, кешір, көзбе-көз
Күрсініп қалдым байқамай.
Сенен де жылжып сол бір кез
Өтеді күн мен ай талай!

Ақ құба өңге қан ойнап,
Дуылдап беті тұр жанып.
Қарар ма, шіркін, абайлап,
Есіктен сонау бір барып.

Ашылса есік, ұмтылып,
Қарақат көзі жалтылдап,
Арқадан бұрым бұлқынып
Құлайды төске сәл тулап.

Қайтадан оны ақ білек
Кейінге серпіп қалғанда,
Күрсініп қойды, шеткерек
Тұрған бір жігіт сол маңда.

Сатырлап іште алақан
Дуылдап барып басылды.
Елегізіп халық бір жақтан,
Есік те жайлап ашылды.

Келеді содан бер қарай
Сыртымен шығып бір жігіт.
Сөз айтты сыртқа қарамай,
Іштегі жұртты күлдіріп.

Қарады мұнда, құшаққа
Қалыпты бір шоқ гүл барып.
Ұмтылды қыз да бұл шақта
Иықта бұрым дір қағып.

Гүлімен барып қол қысты.
Жігіт те сүйіп алды оны.
Айтып та жатыр алғысты,
Уыста ыстық жар қолы.

«Ал бірақ мына бір гүлді
Кім беріп, қашан үлгірді?»
Деген сәл күдік мазалап,
Әкелді алып бір мұңды!

Ойлаған оны жоқ жігіт
Келеді тасып көшемен.
«Қалыппын қажып — болдырып,
Қорықтым қандай кеше мен!»

Дейді де Мәжит мәз өзі,
Тауысар емес сүйіп те,
Қарайды қимай жар көзі
Әлгі бір салқын күдікке.

Төбеде аспан жалтырап,
Тасиды көңіл — ой да ояу.
Қағады сыбдыр жапырақ
Еседі қалқып ән баяу.

«Динашым, қалқам, Динаш - ай,
Мінезің кейбір қиғаш - ай,
Шаймен де болса сыйлашы - ай,
Тәтті ғой жарың құйған шай!»

Төртінші тарау

...Маңдайын беріп шығысқа
Пойыз тұр әне жүргелі,
Уақыт шіркін тым қысқа
Осы бір соңғы күндері,

Айтылмай қалған сөз көптей,
Аялдай берді қыз-жігіт,
Тұра тұр, пойыз, тез кетпей,
Паровозды аздап қыздырып!

Кетеді қазір қыз қанша,
Кетеді жігіт қаншама.
Күтпекші үміт тозғанша,
Қайсысы кейін қалса да!

Вокзалдың басы ант пен серт,
Вокзалдың басы махаббат.
Сағат та мезгіл жатты өлшеп,
Ұзамай пойыз аттанбақ.

Қайда екен әлгі Дина қыз,
Қайда екен әлгі бойжеткен?!
Өзі де әсем күй нағыз,
Келіпті - ау аппақ көйлекпен.

Талай бір жігіт созды өңеш,
Ризамын осы келіске!
Қалғалы тұрған қыз емес,
Ұшқалы тұрған періште!

Қоңырша менің Мәжитім,
Осы қыз саған жалынды - ау!
Болды ма бүгін аз ұйқың,
Қабақтың асты қалыңдау!

Қыз байғұс қатты сүйгесін,
Айы да өзің, күні өзің.
Сен неге жанып, күймейсің,
Қатал - ау сәл - сәл мінезің.

— Сәләматсыздар, мырзалар,

Сәләматсыз ба, бикештер!
Кім кетіп, кәне, кім қалар,
Жүректі солай бір тексер! —
Деген бір дауыс шыққанға,

Жалт ете қалды тұрған көп,
Дода бас жігіт шықты алға,
Есімі мұның Қыздарбек.
Курстас еді ол Динамен,

Болатын Мәжит сырт таныс.
─ Жеттім - ау ақыр мен де әрең,
Қайырлы болсын аттаныс! —
Қызық - ау біздің жігіттер,

Аямас жанын қыздардың.
Қалады қайран үміттер
Басында ылғи вокзалдың! —
Деді де күлді, қол алып,

Кезекпе-кезек көз тастап.
Бұлардың жайын сәл бағып,
Жөнелді жігіт ойқастап,

— Біздің бұл жігіт — жеңілдеу,

Мінезі аздап ұшқалақ.
Ақ көңіл бірақ, тегінде,
Толған бір бойы күш - талап!»
Кім еді бұл? — деп қараған

Мәжиттің көзін ұққандай,
Дина да айтты жалма-жан,
Жарқ етіп күнге ақ маңдай.
Әшейін күнде әзілдеп,

Еркелеп «әлек» салатын,
«Батыл жар» неге қазірде
Тұр екен ұстап тағатын.
Деген ой бар ма, Мәжит те

Қарайды оған үңіліп.
«Осының жаны нәзік пе?» —
Дейтұғын ескі бір күдік,
Оралып тағы келгендей, —

Әйтсе де оны сынар нық.
Сабырға сыртта бой бермей,
Іштегі асау құмарлық,
Алды кеп сүйіп ол жарын,

«Е, бәсе! Соның бар жөні!»
Дегендей, іркіп маржанын,
Қыз, шіркін, сүйіп алды оны!

— Той болмай қалды деме, жан,

Той емес бізді қосатын.
Келеді бір жыл алдыңнан,
Сабыр мен ақыл тосатын!
«Сұлусың, қорқам, тым аса!» —

Дегенім қате бір кезде.
Адамды адам сынаса,
Сынамас қарап құр көзге!
Ашықсың өте деуші едім, —

Жаныңа қатты тиіппін.
Жүрегіңменен мен сенің,
Қайратың үшін сүйіппін!
Деді де, қыздың көзіне

Тұрды сәл тоқтап ол қарап,
Болмады, бәлкім, төзуге,
Түсті қыз жасы домалап.
Артынша жайнап жанары,

Изеді үнсіз қыз басын. ...
Пойыз да жылжып барады,
Жамылып таңның шұғыласын.
Пойызға дереу мінген ол,

Шалып қап сұлу кескінді:
Деген бір сөзі «есен бол!»
Алыстан талып естілді.
Бұрылып алып паровоз,

Тасаға қарай асқан шақ,
Ұзатып тұрды қара көз,
Ауадан түспей ақ саусақ.

Бесінші тарау

Өтті ғой күндер ол ауыр,
Өтті ғой соғыс бораны,
Тыныстап халық жаңа бір,
Бүтіндеп бойда жараны.

Қираған әлде бүлінген
Қалалар қайта жанданып.
Зауыттар шапшаң тірілген,
Бойына ыстық қан барып.

Окоптар гүлге оранып,
Берілді қайтып жер бізге,
Өзендер ыстан тазарып,
Мөлдіреп құйды теңізге.

Қырында қаптап мал өріп,
Жаңғыртты қайран даланы.
Түстікте пісіп алма, өрік
Жаңартты жайсаң ауаны.

Өртеңге шыққан көк шөптей
Қаулады біздің жақсы өмір,
Еңбегі ерлер еш кетпей
Қоймасын кеннің ашты өңір.

Отанның көмір алыбы —
Шығыста қайрат шыңдаған,
Қадірлі Қарағандының
Жүрегі әсте тынбаған.

Сонау бір жылдың өзінде,
Соғысқа керек сом болат
Балқыту үшін тез күнде,
Атты ғой көмір тонналап!

Бойдағы отты қуатын
Жөнелтіп жатты майданға,
Күнде бір ерлік туатын,
Артық боп минут айдан да.

Бүгін де сол жер, сол қала
Өмірі жалын, жас мәңгі.
Қап-қара таулар айнала,
Жылытқан демі аспанды.

Әр таудың асты бір сарай,
Шомылған нұрға жап-жарық.
Салынған дейсің бұл қалай
Қара жер төсін қақ жарып?

Осынау сарай ішінде
Жатады қайнап өмір кең,
Ортаға сол бір түсуге,
Оқушым, бастап келдім мен.

Кел, кәне, досым, аралас,
Мұнда да киім жап-жаңа,
Етігің болсын шамалас,
Өзгесін әсте таңдама.

Шұлғауды ора қалыңдау,
Белбеуді шіреп нық буын.
Каскасы сәл - сәл ауырлау,
Оқасы бірақ жоқ мұның.

Шекеңе қада шамыңды,
Шамсыз онда күн қараң.
Аккумулятор тағылды,
Сонымен болсын бұл тамам.

Ал түстік міне клетьке,
Клетің — астау мінетін.
Зулаймыз енді, дір етпе,
Тынышы жақсы жүректің.

Қайратты жина, белсеніп,
Баратын жерің талай жер,
Болайын үнсіз мен серік,
Қалғанын өзің қарай бер.

Соғады қатты ызғырық,
Созылған мынау штрек.
Ауада шамын жүздіріп,
Тұр жарын темір күш тіреп.

Деседі кеннің сарайы,
Шахтерлер сүйіп қойған ат.
Суланар аздап маңдайың,
Бұлтсыз бір жауын сорғалап.

Шахтаның, күре тамыры,
Штрек осы негізгі,
Осында шахта тағдыры,
Тасыған көмір теңізі...

Бұдан соң ауа жолымен
Еңкеймей біраз жүресің,.
Жан-жағың тұтас толы кен,
Қолыңмен сипап білесің.

Тарылды қуыс ал міне,
Түнерген қою түн-түнек
Алдыңғы жақта әлдене,
Қояды қатты күркіреп.

Енді бір қайрап жаныңды,
Бауырлап алға жылжисың,
Түзетіп алып шамыңды
Құлшына сүзіп, сүңгисің.

Тап-тапал шойын бағандар,
Қат-қабат көмір астында
Мызғымай тұр ғой, соны аңғар,
Қамқоры сол-ау бастың да.

Аяқты тіреп соларға,
Салдыр да гүлдір домалап,
Ағасың жүйткіп сен алға,
Табанның астын шамалап.

«Осынау отпен, шіркін-ай,
Тозар ма ақыл, ар кірлеп,
Түнекті тіліп мен талай
Өтуге қазір бармын!» — деп.

Шамыңа сонда ырзасың,
Не деген қымбат сол жарық
Қиялға толып бір басың,
Аласың аздап толғанып.

Алдында лава — іздеген,
Атақты лава өзі енді!
Алады басын бұл жерден
Көмірдің тасқын өзені.

Қимылдап ерлер, құлшынып,
Күресіп жатқан өмірлер.
«Ғажап - ау десең тіршілік,
Тіршілік үшін көмір бер!».

Осынау сертті дәл ұстап,
Арпалыс кешкен адам бар.
Соларды көріп, дұрыстап
Білесің қанша шамаң бар.

Бітеді бойға күш-жігер,
Өзіңе өзің нық сеніп.
Бағалар сені, іс білер,
Қиынға сен де түс келіп!

Табиғат келген жасырып,
Осынша қуат тереңге.
Дәл солай жатқан басылып,
Табылар қуат сенен де!

Шақылдап жатқан қайланың
Даусына құлақ түресің.
Адам мен көмір майданын
Алдыңнан ашып, кіресің.

Қаншама қайрат жұтылып,
Қаншама білек талды онда!
Ащы тер суы іркіліп,
Қаншама сіңді әр жонға!

Адамды батыр деу үшін
Осында түсіп, көр көзбен,
Жеңіліс яки жеңісін
Содан соң айтып бер сөзбен.

Алады қайрап жаныңды,
Арада мезгіл тұра ма өтпей?
Суырып жатқан жалынды
Жер асты өңшең Прометей!

Тіреуші дамыл көрмейді,
Үлгіріп тіреп, шап етіп,
Қисайса, дереу жөндейді,
Сом болат балға шаңқ етіп.

Лаваның іші арпалыс,
Ағарып шашың кеткендей,
Жасаса минут қалтарыс,
Төбеңнен көмір шөккендей.

Осының бәрін басқарып,
Команда беріп мүлтіксіз,
Сан рет көмір жастанып,
Өткізіп күндер ұйқысыз.

Участок үлкен, жол қиын,
Үлгіру, көру бас - басын,
Лаваның байқап жан күйін,
Бункерге көмір тастасын.

Дәрігердей тамыр ұстаған,
Жүгіре басып жүр жігіт.
Осы түс — таныс түс маған,
Көзінен көңілім тұр біліп.

Тістері ғана жарқырап,
Естілді әне сәлемі.
Мәжитің осы, ал бірақ
Ескілеу тартқан сәл өңі,

Болар-ау, бәлкім, күйеден,
Несі бар әжім тез түсіп,
Біздің де кескін бұл күйде
Тұрмаған шығар жетісіп.

Манадан бері бес сағат,
Оқушым, жердің астында,
Жүріппіз, енді қайтайық
Ілесіп көмір тасқынға.

Ал енді бар ғой мұндайда,
Шылымшы болсаң — қиын-ақ:
Шалқия тартар күн қайда,
Қалды ғой бәрін жиып ап,

Жер асты толған газ метан
Сүймейді жанған оттегін.
Сіріңке жақсаң, өзге де,
Өзің де мүлдем кеткенің.

Ол түгіл, тамақ дорбаңда
Қиярың болса тұздаған,
Айтқызбай білер сол маңда
Қимылдап жатқан жүз адам.

Орыс та қазақ — жас, кәрі,
Атады бәрі насыбай.
«Таста, - деп, - бері шақшаңды
Тұрады келіп қасыңа!

Сондықтан енді біржола
Шыққасын шылым шегерміз.
Шомылсақ сосын суға да
Қалады сергіп денеміз.

Бұдан соң ыстық дәмменен,
Зияны болмас егер сен,
Шахтерлік стақанменен
Шалқая тартып жіберсең.

Алтыншы тарау

«Үй салып жатыр бұл шахта
Ортадан, жаңа қаладан,
Өзімдей жігіт он шақты
Әзірше жатақханадан,

Алғанбыз орын. Күй жақсы,
Өзіңнің жоғың болмаса,
Берілген маған участка,
Мақтаулы емес тым аса.

Келе сап бастық болды — деп,
Қүңкіл бір сөз де жүр шығып.
Қалады қашан сол бір дерт,
Қалады қашан күншілдік!

Түгіңді білмей жатып-ақ,
Үлгірер жолға тас қалап.
Екінші біреу мақұлдап,
Үшінші біреу қостамақ.

Жә, ол бір сыр ғой, әшейін,
Күреске әсте мен ғашық,
Мұхитың қайда кешейін,
Толқыныңды айда, алға шық!»

Деген бір хаттан соң әлі,
Келмей де қойды енді хат.
Сабырсыз жүрек соғады,
Күтеді алдан не жұмбақ?!

Поштадағы әйел, жас сылқым,
Қадала мұның көзіне,
Ұсынған әлгі паспортың,
Қайтарар дереу өзіңе,

Тым құрса біраз кешігіп,
Іздеген болса нетеді?
«Жоқ», «Жоқ» — деп, өзі тепсініп,
Орнынан тұрып кетеді.

Бүгін де солай қамығып,
Сулана қалды қыз кірпік,
Астана тұман жамылып,
Асланы тұрды мұз бүркіп.

Төгіліп жерге жапырақ
Көшеді күздің желімен.
Кім еді мынау жақындап
Ұстаған қыздың жеңінен?

— Ә, сен бе едің Қыздарбек? —

Деді тек Дина жалт қарап.

— Күніңіз мұнша мұздар, — деп,

Ойлаған кім бар? — Сәт, сағат!
Жабырқау көңіл әзілді
Қабылдар жайы бар қанша?
Айтылар сөздер не зілді

Ашуды ақыл алғанша:

— Желімше бүйтіп жабысқақ

Мінезді қайдан тапқансың?

— Арманың, шіркін, алыстап,

Уайымға, сұлу, батқасын,
Ашиды жаным, жерлес ек,
Біле ме қыздар қадірді,
Артыңнан бүгін ерді өсек,

Табалар дұшпан табылды!

— Ол қай өсек? Кім дұшпан?

Жігітім, сен де солай ма ең?!

— Азғаны - ау, шіркін, тұрмыстан

Ойламап едім олай мен.

— Кімді ойламап едің сен?

— Анадағы... әлгі... жігітті.

Маскүнем болған, күнде ішкен,
Шахтадан қуып шығыпты!

— Айтарсың, айтқыш екенсің!

Сырыңды бұрын кім білген?

— Не керек босқа кекесін,

Намысқа шауып жүрмін мен!
Диплом қорғар күнінде-ақ,
Шошып ем соның ісінен.
Құшақтап, өсем бір гүлді ап,

Шықты ғой бөлме ішінен?
Мен сырттай қарап тұрғанмын,
Көріп-ақ сен де жүгірдің.
Біле алмай сырын таң қалдым,

Құшақта кеткен бір гүлдің.
Бақсам - ау кейін іс кейпін,
Беріпті жігіт тегін серт.
Ассистент болып істейтін

Ақ құба сол бір келіншек...
Жүріпті ісін тындырып...
Шын адал сүйген мен едім.
Сағымды менің сындырып,

Бір жылы сөз демедің.

— Қыз қолы майда — сыйласа,

Ал ұрса — болмақ тым қатты?
Әзілің ерсі шықты аса,
Құлағым бекер тыңдалды! —
Деді де күлді Дина қыз,

— Іліктім дерсіз жауға осал.

Күлкіңізді тыймаңыз,
Жасыңызға жалғасар!
─ Не дедің?

— Жә, жә, әшейін,

Бір келіп қалған ашу ғой.

— Шіркін-ай, сен де жас едім,

Дейсің - ау — болса басында ой
Сен айтар осы сөз бе еді,
Келуші болма енді аттап!
Ер дегенім ез бе еді,

Жүріппін сені мен мақтап.
Деді де бетке қан ойнап,

— Рақмет саған, бәріне!

Қарады және абайлап:

— Сол екенсің, әрине!

«Кім екенмін?» деуге де,
Келмеді оның шамасы,
Оқ болып тиді кеудеге
Сонау бір көздің қарасы...

Жетінші тарау

Салады хаттар дамылсыз,
Хаттарды күндер жұтқандай,
Жайлады жігіт жанын сыз,
Жайсыз бір істі ұққандай.

«Қиын - ау, киын, тегінде,
Берекең қашар күтіп сен,
Сүйгенің қалып кейінде,
Оқуды бұрын бітірсең.

Қалада тұрып қыз алаң,
Ауылда жүріп сен алаң.
Осындай кезде тап болмақ,
Аздырғыш не бір оңбаған.

Жұмыстан мақтау алып тұр,
Участок өрлеп келеді.
Жетеді аяқ талып бір,
Лаваның, әттең, тереңі!

Әйткенмен болар ол да ұмыт,
Шаршау да мұнда рақат.
Жер астын үңгіп, жол қылып,
От іздеп жату — мархабат.

Шахта да ғажап ұқсайды
Осынау біздің өмірге.
Жеңілін әсте тоспайды,
Жасамай тұрып семірме.

Сан тарау қиын жолы бар,
Күрделі тамыр, жүйкесі.
Жүрегі, қаны, жаны бар
Дүрсілдеп соғып тұр төсі.

Кей кезде қауіп, қатер бар,
Жолығу оған өзіңнен.
Жеңесің соны қайткенде ал
Адаммын деген сезіммен.

Онда да болмақ горизонт,
Горизонт деген — өріс қой.
Өріссіз өмір сәні жоқ,
Өріне шықсаң жеңіс - той,

Мұнда да шамның, мәні зор
Адаспау үшін жолыңнан.
Маңдайда тұрмақ жанып ол,
Қимылдау үшін қол жылдам.

Осынау біздің өмірде
Ұқсастық соған бар әлгі.
Болмаса отың көңілде,
Көкірек шіркін қараңғы.

Жалғыз-ақ бар бір айырма,
Мұндағы адам бәрі адал.
Жүректің кірін шаюға
Еңбектен үзбей нәр алар.

Болғанмен беті күйе, күс,
Жандарын күйе баспайды,
Біз сүйсек адал сүйеміз,
Мұндағы адам таспайды.

Күн санап жетсең жеңіске,
Жанығып жаның түлейді.
Өйткені ылғи сол істе
Жеңуді жүрек тілейді!»

Осындай ойда жігітім,
Салады хатын тағы да,
Өкпесін, назын, үмітін
Жазады сүйген жарына...

Амал не бірақ тағы үнсіз,
Меңіреу жұмбақ тыныштық.
Қалды тез неге жалынсыз,
Еді ғой сүю тым ыстық.

Бермейді бұған демалыс,
Демалыс сұрау ұят та.
Қолына жаңа алған іс,
Жүргені әзір сынақта.

Шахтерлік пенен махаббат
Келуін қара қат-қабат,
Біреуі кейін келер ме
Тым құрса бір жыл, бір сағат...

Сонымен жүріп жыл өтті,
Тағы да келді май айы.
Жылытады қайран жүректі
Үмітті таңның арайы.

Жатыр-ау бұл кез былтырдай
Диплом жазып сан өрен.
Барар ма соған, шіркін-ай,
Тұтады сабыр ол өрең.

Жақында алған кең бөлме,
Пәтері жаңа әдемі - ақ.
Дүние деген әйдемде,
Екен ғой өзі жиналмақ.

Құттықтап келіп достары,
Өзімен істеп бір жүрген,
Толтырып үйді тастады
Орындық, диван — кер - жермен.

Суретін ілді Динаның
Үлкендеу етіп түсірген.
«Емес қой кісі беймәлім,
Сырыңды, балам, түсінем!»

Деп қойып жүрді көргенде
Үйдегі кемпір ішінен:
«Қалада әлде елде ме,
Ұқсатам көрген кісіммен!

Ал бірақ кеше жиналды,
Келіншек, қыздар көп тегі.
Жақында болса, «Мәжжанды»
Құттықтап неге кетпеді?

«Инженер орынбасары»
Деді ме, жаңа міндеті?
Әйтеуір бір той жасады,
Түнімен жастар гулетті.

Той болып жатыр кіргелі,
Құдайым қылса құт мекен.
Жұмбақтау әзір бұл жері,
Қандай қыз сертке жықты екен?»

Кемпірдің ойы күн ұзақ
Болады әуре осымен.
Үміті серік жалғыз-ақ
Бір соған көңіл көншіген.

Мәжиттің нағашы апасы —
Соғыста кетіп жалғызы,
Таусылып бүтін от басы,
Бір үйден тұғыр қалды өзі.

Жиенін келген сағалап,
Пәнде ғой тірлік күнді ойлар,
Қалдырған соғыс жаралап
Аз емес бізде мұндайлар.

Сегізінші тарау

Болған соң үлкен өндіріс,
Өндіріс тумақ жаңалық.
Дамиды солай әрбір іс,
Жаңалық елге таралып.

Үйреніп қалған ескілік
Үйінен шыға қашпайды,
Айқасып, үрей, сес қылып,
Созғылап біраз тастайды.

Әке боп яки шеше боп,
Ақырып саған ұрсады ол.
Өмірі озған есте жоқ,
Өкімі қолда тұрса мол.

Ежелден мәлім бұл тартыс,
Өмірдің өзі туғызған.
Өмірде талай тозар іс,
Тозбайды бірақ бұл бір заң.

Сондықтан менің, геройым
Жаңалық үшін күрессе,
Стандарт екен демеңіз,
Сақтайтын нәрсе бұл есте.

Шахтаға бастық Жүсекең,
Жүсекең елге сыйлы адам,
Жүсекең зерек кісі екен
Шахтаның сырын жинаған.

Шахтердің сырын жинаған,
Кеудесі бейне штрек.
Ескіні бірақ қимаған,
Ескілік жағы күштірек.

Айбынды және сыртынан,
Тостаған көзді, дөң маңдай,
Көмірдей қара мұртынан
Ұшқындап оттар тұрғандай.

Балуан қолмен сипаса,
Ширата бұрап бармақпен.
Сыйлайды өзін жұрт аса,
Жасаған бірге сол қартпен.

...Кабинет іші кең, жарық,
Қағазда күннің сәулесі.
Есік пен төрге сан барып,
Терең бір ойда сол кісі.

Қояды мұрттан жымиып,
Әлдебір жайға ой кетіп,
Жымию сыры — тұңғиық,
Тұңғиық бетін тербетіп,

Тұрғандай мына кескіні,
Мызғымас мықты еркімен,
Қалпы бар ұқпас ешкімді,
Берік бір сертке бекінген.

Орнықты бір кез столға
Тұғырға қонған бүркіттей,
Сәл еңкейе түсті алға,
Нүктені басып бір титтей.

Есіктен енді сып етіп,
Тығыршық дене, сылаң қыз.
Көйлекті төсі тұр шертіп,
Қылмия қалып қылаң жүз.

Қылмия қалу сірә оған
Әдет боп кеткен түрі бар,
Әйтпесе, қария мына адам
Жайы жоқ оны ұғынар.

«Шақыр!» деп белгі беру мұң,
Қайтадан қызды жұтты есік.
Ғажап - ау күші сенімнің,
Құдіреті қарттың кетті өсіп.

Есіктен кірген адамның
Сәлемін естіп, үндемей,
Қаттырақ түйіп қабағын,
«Берірек жақын кел», — демей,

Асырып бастан қарады,
Есіктің оң жақ шетіне,
Төмендеп әрең жанары,
Тоқтады жігіт бетіне.

Таппады бірақ ештеме
Осынау жігіт жүзінен.
Талдырмаш балғын жас дене
Бітімі сұлу түзілген.

Қарайды бұған сеніммен
Мойылдай көзі тым сергек,
Маңдайдан шашы шегінген,
Тұрады ерні күлсем — деп.

Ақжарқын мінез, өр қайрат.
Барсың - ау осы жанда бір, —
Дегендей қария мол қарап,
Қалды да ойға сонда бұл,

Сүйсіне жаздап, тез сергіп,
Айығып ойдан отырды.

— Шақырдым тағы мен сеніп,

Шығардың қандай қорытынды?

— Жаңадан қорытқан ойым аз,

Сол ойды қолдап тұр ішім.
Байқайық оны біз біраз,
Білейік дұрыс - бұрысын!

— Шырағым, әсте, үйренбе

Қадалған жерден қан алып!

— Жүсеке - ау, жалғыз бір мен бе?

Қолдайды бәрі жаңалық!

— Жаңалық! Нендей жаңалық?

Белсенді сөзді табуын!
Тұрмын ба сонда мен алып
Ескілік күннің бар уын?!
Сақалды, мұртты жан болса,

Сендерге бәрі ескілік!
Баладан елге хан қойса,
Құртады басты кестіріп!
Әйтпесе, өзі құрымақ! —

Естіп пе ең сондай нақылды?!
Дейсің ғой «өзім тудым - ақ
Әуелден жинап ақылды!»
Бар, бар!! Тағы, тағы ойлан,

Мұрындық болу ерте әлі.
Мен қайтпаймын райдан,
Сен кұрттың ғой! Е, тәңірі!
Егінді шабар болар еді,

Комбайн деген немеңді,
Кім ұғады мұнда кеп
Көмірді шабады дегенді?
Әлде бір қоқыс, сандырақ

Айта салған әлдекім.
Көтеріп соны, даңғырлап,
Қара тапқан ермегін!
Сол... Инженер Досанов,

Зор таныма өзіңді.
Кет, төзбесең, босанып,
Тыңда, әйтпесе, сөзімді!

— Қатты айтасыз соншалық,

Хақыңыз ғой әкелік!
Сіз көрсеңіз ой салып,
Бұл сөзіңіз қателік! —
Деді де тұрды орнынан,

Жауабын сөздің күтпестен.
Кетпесе сөйтіп ол жылдам,
Шалында сабыр шықты естен!
«Жабылған есік, шыққан жан!»

Деген бір бастық серт түйді.
Жаңа бір жалын шықты алдан,
Кім білсін қалай ұйтқиды?

Тоғызыншы тарау

— Дәл осы шахта бастамақ

Комбайн сынау жұмысын.
Ең қалың жаңа пластан ап,
Көреміз оның тынысын.
Жүсекең отыр қарысып,

Бас инженер оған жақ.
Мінезі қатал, қаны ыстық
Кісі екен — қырсық со болмақ.
Талайдан келген абырой,

Таусылар жолы осы — деп,
Басына кірген ауыр ой
Көретін емес көнші — деп.

— Сөйтпей де қайтсын ол енді,

Шахта ғой оның ұл-қызы.
Жиырма жыл жанып келеді
Сөнбестен жеңіс жұлдызы3
Ескінің көзі — ол бір қарт,

Ырымшыл жайы тағы бар.
Бір сөнсе жұлдыз — жарқырап
Демейді қайта жағылар. —
Қозғамай әзір қояйық,

Қиын ғой қалса қарт көңіл.
Адамның жайын қарайық,
Қашады қайда тас көмір?! —
Деді трест бастығы,

«Алексей Иваныч — ол да қарт,
Бірге өткен достық жас күні,
Әрине, оны қолдамақ!»
Ойлады солай ол іштен,

Бұл жолы Мәжит қамығып.
Осынау мәні зор істен
Безе ме тауы шағылып?

— Алексей Иваныч, оны ұғам

Ренжіту қартты қиын іс.
Мен білсем, бірақ ал оған
Сөзіңіз сіздің ірі күш.
Досыңыз ескі, қайлалас,

Тыңдайды сізді қартыңыз,
Сізді қас деп ойламас,
Өтінем, бір сөз айтыңыз.
Жымиды трест бастығы,

— Мен айтқам, бірақ көнбеген.

Төгіліп қайта ашуы,
Пәленің басы сен! — деген.
Табайық бірақ ойласып,
Екеуміз болып бір амал.

Істей бер әзір жайғасып,
Ұмытқан кісі бола қал! —
Деді де тұрып орнынан
Әйнектен сыртқа қарады.

— Көктемің мынау жып-жылдам,

Зымырап өтіп барады.
Содан соң ыстық жаз келмек,
Шуағы күннің көп пе, аз ба?
Жүсекең жазда емделмек

Алыста, сонау Кавказда.
Содан соң... де де, оны қой.
Амал жоқ табар өңге біз.
Бас инженер қолда ғой,

Айтармыз, оған көн — дерміз!
Уәде солай! — деді де,
Ұсынды қолын күліп қарт.
Изеді басын, сол сөзді

Бұл - дағы ойға түйіп қап.

Оныншы тарау

Келесі жылдың күзі бұл...
Енді біз солай аттаймыз.
Қайда екен әлгі қызыл гүл,
Жүр екен не қып соқпай қыз?

Оқушым, қайсы қыз дейсің,
Жақынды ма, әлде, алысты?
Әрине, аңсап іздейсің,
Сонау бір ескі танысты.

Танысың қазір жоқ бірақ,
Жоқ деймін - ол да бар мұнда.
Өзім де кенет қаттырақ
Жаныңды сілкіп алдым ба?

Амал не солай демеске,
Дегізіп қойса ол ерке.
Кейде бір аппақ белеске
Түседі бұлттан көлеңке.

Көлеңке демей не дерсің
Көңілді жауып өткесін.
Қолында баққан көгершін
Көгіңнен ұшып кеткесін.

Басынан жаздым жаратпай
Қыздарбек есте бар шығар.
Сондаймен кейде таң атпай,
Сондаймен дүние тар шығар.

Бітірген олар... Кім олар
Білесің айтпай жатып-ақ.
Келді олар қазір мұнда бар,
Асықпа, досым, артын бақ.

Айтпай да болмас ол істі,
Тыңдау да керек сөзді ескі.
Жағдайдың өзі болысты,
Кесірлі кезең кездесті.

Жанашыр болып жанасып,
Қарайта берді көңілді.
Қайта да қайта жалғасып,
Азайта берді сенімді.

Хабар да келмей қырсығып,
«Суыған жүрек» дегізді.
Әзәзіл күнде құлшынып,
Жақын боп алды ең ізгі.

Әуелі жалғыз жанашыр
Досыңмын деуге көндірді.
Сандаған той мен сан асыр
Серік боп қаста көп жүрді.

«Апыр-ай, неткен тас жүрек»,
Дегенді талай ол айтқан.
Тауысар су да тасты жеп,
Адам ғой мынау оқ атқан.

Келгенде Қарағандыға
Шықпады алдан, сескенді.
Бір үміт лаулап жанды да,
Ұзаққа бармай тез сөнді.

Жанымен кіріп түнекке,
Көңілге ауыр қонды бұлт,
Әлі де тұрды - ау жүректе
Үзілмей сәл - сәл соңғы жіп.

Оқушым, тағат тауыспай,
Кезеңі келді, созбайын.
Геройымен әзір табыспай,
Өзіңмен сырды қозғайын.

Хаттар - ау, хаттар, қайдасың
Жоғалтты сені кім жұтып?
Күн тауысты ай басын
Сендерді жолдан мың күтіп!

Оқушым, сонау есте ме,
Поштадағы әйел — өр мінез.
Ерте де деме — кеш деме
Әшкере қылар келді кез.

Қыздарбек соның қайнысы,
Бар хатты содан ұрлатып,
Арманы, кегі, тынды ісі
Жүргенде жортып түн қатып.

Жесір боп қалған жас әйел
Екінші жүрек дәметіп,
Қолынан келер болса өнер,
Алмақшы оны жар етіп.

— Осыларға өшпін, жеңеше,

Кегімді қайтар! — дегесін.
Өнерін жұмсап өзінше,
Қолдады қайны егесін.
Соншама хаттың біреуі

Шықпады шыны тесіктен.
Сұлудың аппақ білегі
Сол жердің шаңын кеп сүрткен.
Соғайын десе телефон,

Берейін десе телеграмма.
Көңілді күдік жеген соң,
Намысы келді ол бұған.
Қиын ғой келсе қыз намыс,

Ақылды кейін ысырып,
Ұмыт боп сүю, қызғаныш,
Өзгеше бойға күш кіріп,
Қалады қатып тас түйін

Қайратын қолға жиып ап,
Жалбарып, жанның тос сыйын,
Илігу болар қиын-ақ...
Келерден бұрын ол мұнда,

Үлгірді келіп Қыздарбек.
Қыз демалды аулында,
Көңілде өкпе, ызғар көп.
Баяғы түйдек көп хатты

Жоғалтпай бірін сақтапты.
Таныс бір жанға жалынып,
Жәшікке хатты салдырып,
Үйінде жатты алаңсыз,

Көргенде Мәжит бұл істі,
Не күйде тұрды, ойларсыз,
Болса да сабыр тым күшті.
Баяндап оны не керек,

Тіл дәрменсіз бұл жерде.
Шығамын деуші еді өрмелеп,
Күшіне сеніп күнде өрге,
Соққылар тиіп қат-қабат

Қайратын ала бастады.
Қайырсыз болған махаббат
Қайырып тағы тастады.
Төмендеп және қалған кез,

Берілді тағы участок.
Асырмай бастан мұнда сөз
Егесіп алып тұр бастық.
Курортқа бармай қалған ол

Бұл ойды сезіп, құрыстап,
Есепке келіп қолма - қол
Берді ғой сыйын дұрыстап.
Оқа жоқ... талай алыс көп,

Тағдыр да ертең сөз ұғар.
Кейде бір сенбей жалғыз шоқ,
Қайтадан қаулар кезі бар.

Он бірінші тарау

Жыл өтті, күнді күн қуып,
Туған ел алға заулады.
Шаншылып көкке тұр биік,
Көмірдің қара таулары.

Жүздеген әлде мыңдаған
Составтың белі қайысып,
Көмірді тиеп тұрды адам,
Мезгілден озып жарысып.

Осынау қала шарқ ұрып,
Ақтады берсе елге серт,
Алдынан тұрды шақырып,
Ғажайып жарқын келешек...

Шығыстағы осы алыптың
Қайратын көріп сыймаған.
Өкілі мұнда сан ұлттың,
Өмірдің өзі жинаған.

Соғыстан соңғы үшінші
Жайдары көктем бұл келген.
Қаланың жасыл сырты, іші,
Безенген әсем гүлдермен.

Салынып жатқан жас қала,
Самсаған үйлер сан қатар.
Жайнаған көше, кешкі ауа
Көңілді биік самғатар.

Қыдырған халық — серуен,
Кәрісі, жасы еркіндеп.
Алдағы күнге сеніммен
Жандары түлеп, серпілмек.

Ал мынау екеу - мен кімге,
Ұқсатып тұрмын жүз таныс?
Япыр-ау, неге көңілімде
Ояна қалды қызғаныш!

Баяғы күйі - тұлғасы,
Баяғы сол бір дидары,
Есте ме, досым, жыр басы,
Сағынсаң, көрдің Динаны!

Қолтықтап алған Қыздарбек,
Қызына сөйлеп келеді;

— Мен айтсам сені қолда деп,

Қол ұшын кәміл береді.
Қозғалма, жайлы осы орын,
Жалақы жағы аз бірақ.
Бір жылдан кейін өсерің

Болып тұр айқын қазір-ақ.
Маркшейдер деген сөз бе екен,
Қыздарға әсте қол емес.
Солай деп айтқан жездекем,

Білгенге көнбеу жөн емес.

— Жоқ, сонда да келе сап,

Кеңседе қалу қолайсыз...

— Шахтада жүру емес шарт,

Жазым боп кетсең абайсыз...
Случайность көп онда...
Взрыв болған жақында...
И вообще әйел адамға,

Тазалау жүрген мақұл да.
Қарады оймен қыз оған,
Не деген жұмбақ сол қарас!
Жеңіл ғой қатты сөз одан,

Ал мынау оны болжамас!

— Гипрошахта деген бір

Болашақ толы мекеме,
Ғылымға шомып кір де жүр,
Боласың кеш пе, ерте ме,
Әлі өзің ғалым, әр күнің

Жаңалық беріп өсірмек.
Сен тапқан істің барлығын
Өзгелер көріп, көшірмек.
Трестке тұрдым жап-жаңа,

Менің де бос бір кезім жоқ.
Түспедім деп шахтаға
Өкініп жүрген өзім жоқ.

— Әкімдік әзір ерте ғой,

Инженер жолдас, меніңше.
Әрине, әркім еркі ғой,
Қалайша нанын жеп жүрсе!

— Менің де бір тілімді ал,

Қисая беру өнер ме ол?
Тәрбие бар, білім бар,
Таза жерге көнер бол!
Қыз үндемей қалды ұзақ,

Көнген түрін білдіріп.
Күрсінді де жалғыз-ақ,
Талпынып бір тынды үміт.

— Ал содан соң... мен күттім,

Жыл не сөйлер, күн не дер,
Білеміз ғой... тірліктің
Сәтті шағы бір келер...
Жымиды қыз, ерінін,

Ақ тісімен сәл қысып.
Серігінің көңілін
Танығандай дәл түсіп.

— Айтпақшы әлгі Досанов,

Қуып шығып трест бүгін,
Кетті үйіне босанып,
«Белгілі жауы ескінің».
Бір тәуірі, әйтеуір

Партияда қалыпты.
Тентектікпен текке құр
Таба ма адам даңқты?

— Не тентектік істепті?

— Цикл деген әуремен

Басы айналып, еш тіпті
Адамға ырық бермеген.
Содан барып участок
Жоспарынан айырылған.

Ол бәлеге ұштасып,
Нормадан да тайдырған.
Бастық бір жақ, ол бір жақ
Тыңдамаған ешкімді.

Өз айтқанын орындап,
«Ойбай мынау ескірді,
Жаңартамыз, жаңа әдіс
Тауып келдім», — дей берген.

Ол жаңасы — жай бір іс,
Ашу шыққан кей жерден.
Жұмысшылар көнбесе,
Балағаттап, үркітіп,

Бір есе емес, мың есе
Жұмсап келген жүгінтіп.
Бәрін айтып не керек,
Көп әйтеуір бәлесі...

— Көрдім оны мен де жек,

Рас болса дәл осы. —
Деп әзілдеп қыз бұған,
Күлмек еді, күлмеді.
Яки рас, я жалған

Оны өзі де білмеді.
Өйткені ондай бір өсек
Құлағына шалынған.
Ойында жоқ түк есеп

Өзге жан бір сөз қылған.

— Мейлі, әркімнің өз ісі

Жақсы-жаман болмағы,

— Я, солай ғой, тек кісі

Болмаған соң қорғаны.
Байқау керек еді ғой,
Өңмендемей, тегінде. —
Деген сезім, деген ой

Тұрады да көңілде...
Әр жерінен қаланың
Шамдар сөніп бұл шақта
Көп адамның жанарын

Ұйқы баурап құшаққа,
Сәлден кейін қалың шу
Сиреп, дыбыс толастап,
Басталды да тыншығу,

Қызды әкелді ол бастап,
Есігінің алдына.
Қош айтысты қыз оған.
Естілді аяқ дыбысы

Бірте-бірте ұзаған...

Он екінші тарау

«Жақсы бір бастап әкеттім
Деп едім өмір сапарын.
Күнде бір қаңқу әкеп күн,
Шатасып дауға жатамын.

Қырсығым неге жиілеп,
Қызығым алыс тартады?
Тірліктің ащы сыйы деп
Әкелер несі бар тағы?

Жазығым қайсы, жан салып
Жақсылық үшін ұмтылсам?
Кінә бар менде қаншалық
Мезгілден қалмай бір тұрсам?

Жоқ әлде жазық менде ме,
Жан едім сертке беп - бекем.
Жазығын білмеу пендеге
Жабысқан жұмбақ дерт пе екен?

Қаталсың дейді, қамшымен
Жұмсайсың дейді жұртты сен.
Қиын ғой кілең заңшылмен
Қимылға қатар бір түссең.

Қаталдық емес, шапшаңдық
Мінезде, істе бар шығар.
Қаралай бермей бас салып,
Кірімді көрсең, - аршып ал!».

Деген бір өкпем, назымды
Көпшілікке айтсам несі айып?
Қаңтар ғып жақсы жазымды
Алды ғой бастық қисайып.

Еңбегі артық жақсы қарт
Өзгеге қалай сенді екен?
Сүрінсе яки жас құлап,
Желкелей беру жөн бе екен?

«Облсовет — мен» дейтін
Мұздыбай деген бір бастық.
Қозғауыңа көнбейтін
Жаратыпты зіл тас қып.

Қараптан-қарап өшігіп,
Салып отыр шалды айдап.
Кәрі дерт — шіркін, ескілік
Қалмайсың - ау шалғайлап!

Қаттырақ кетті алайда,
Алатын сөгіс жоқ рет.
Мұншалық түсу жоқ ойда,
Соққаны қапы соңы кеп.

Взрыв... адам шығыны...
Зиянкес деді - ау мені әлі...
Естуге құмар кім мұны,
Болса да сонша кінәлі!

Трестен келді деді ме,
Жылмақай сары бір «білгіш»,
Шолу сап ата-тегіме,
Мұқатып ол да тындырды іс.

«Шығару керек» деді - ау ол,
«Шығарғыш» екен сабазың,
Умаштар еді мына қол
Өзін де, жиған қағазын.

Кей кезде сондай бір маса,
Тып-тыныш үйге кіріп ап,
Көріп қап, дереу қумаса
Мазаны алар ызыңдап.

Не болды деймін Динаға,
Не болды менің жарыма?
Осы ма күткен сый - баға?
Соққанда өмір жарына,

Толқын боп қайта құшаққа,
Құшаққа тартса нетеді.
Сарсаңы сансыз бұл шақта
Биледі кімнің жетегі?

Жауа ма, мейлі құя ма,
Бәрібір... бұлтым бір сирер,
Мен сендім сонау ұяма,
Бір емес, мені мың сүйрер.

Өмірге, жарқын қияға!»
Көтеріп алып ол басын,
Қарады сыртқа әйнектен.
Көре сап таңның шұғыласын

Алысқа ұзап ай кеткен.
Ұйқысыз өткен бұл түнін
Шығарды Мәжит есептен,
Уқалап жазып кірпігін,

Тұрды да дереу төсектен.
Есігін ашты балконның,
Ысыған аздап үй іші.
Құйыла берді нұр толқын,

Тамаша таңның, тынысы...
Қап-қара таулар жағалай
Шаншылып көкке тұр үнсіз.
Келеді жылжып таң арай,

Қала тұр әлі қимылсыз.
Енді бір сәл - сәл, сәл күтсең
Тағы да таулар сөйлейді...
Кешікпе, киін, Мәжит, сен,

Шақырады олар, кел, — дейді!

Он үшінші тарау

Тағы бір жылды жыл қуып
Зымырап басып озды енді.
Мәжитке әуре қым-қуыт
Қырсықты күндер кез келді.

Ойда жоқ пәле жамалып,
Қоқсыды өсек өртке ұқсап.
Тергеуде ісі қаралып,
Сергелдең күнде жоқ қисап.

«Бұл да бір тартыс, бұл да сын
Заңды ғой мұның бәрі», — деп,
Әуелде қапы қалғасын,
Жол ала берді бәле үдеп.

Мұншама үрлеп жандырар
Не болды менде осы? — деп,
Ойласа басы қаңғырар,
Болыспас ешбір досы кеп.

Соқпайды бірі телефон,
Таныстың ойда саны бар,
Амал не кезі келген соң
Телефон даусын сағынар.

Сағыну, қайран сағыныш,
Адамдағы асыл бір сезім.
Қапаға кейде толып іш,
Жалғыз, — деп кісі білсе өзін,

Ойынмен іздеп жақынды
Елжіреп көңіл, келіп жас.
Атаса дейсің, атыңды
Аға мен іні, қарындас,

Яки жарың нақ сүйген
Шақырса дейсің «кел, кел!» деп.
Ол жүрсе шығып басқа үйден
Көрмеген болып, көлбеңдеп,

Сорлы бір кезің сол шығар!
Не керек оны еске алып.
Алда да келер мол шығар
«Қайырлы таң мен кеш жарық!

Деген бір демеу ой оған.
Тірлікте бірақ басқаша.
Бұзылмақ оңай кейде адам,
Ақылды ашу басқарса!

Бар еді сабыр бірталай,
Жатыр ол соны шығындап.
Қала ма ешкім құптамай,
Айыпты бұл ма шынында - ақ?

Арыз да жазған пенде емес,
Арызбен қиын ақталу.
Сөйтсе де үнсіз жөн емес
Құруға көзі шақ қалу!

Оңаша үйде отырып,
Өткен бір жолын еске алды.
Ақ қағаз бетін толтырып,
Ұзақты күн мен кешті алды.

«Инженер болу — қиын ба?»
Қиын, — деп жауап бердім мен
Өнерің болса тыйылма,
Құйыл! — деп іске келдім мен.

«Жоғарғы жақтан бір ақыл
Нұрымен бізді жарылқар,
Дегенше қалма сен қапыл,
Өзінде болса барың сал.

Қауым боп ізде жоғыңды,
Адамның қолын жеңілдет,
Ақылмен аршы жолыңды,
Аттасаң — қылмыс шегінбек.

Инженер болу — деген сөз,
Өнерпаз болу деп ұқтым.
Қиынға салды не бір кез,
Бәрібір жеңіп мен шықтым.

Мақтану ойда жоқ мүлде,
Мақтану десе шарам не?
Ықласы түзу көптің де,
Көпсіз де доссыз адам не?

Істеген жерім үш шахта,
Болмады онда жеңіл күй.
Бастықтың қолы — күш қатты
Ауната берді мені ылғи.

Аунатса, болмай тік тұрып,
Атқардым сүйген ісімді.
Көрмедім, айтсын жұртшылық,
Жәбірлеп ешбір кісімді.

Сен неге жақсы істейсің, —
Дегеннен жаман жазықты,
Көрмедім, сірә, өз басым,
Ол кінәні аз ұқты.

Тексеру болса, өтінем,
Әділет саған жүгініп!
Қашанда сен деп бекіген
Жанымда жатыр ұлы үміт!»

Көшіріп жазып қос дана,
Обкомға жолдап тұрып та,
Тіреді бірін: Москва,
Еңбекші газет «Трудқа».

Он төртінші тарау

Екінші хатшы обкомда
Алексей Иваныч Добрый. —
Аз тыңда яки көп тыңда,
Осындай біздің болды күй! –

Дейсің ғой, жолдас инженер?
Шынында қиын іс болған.
Жігіттер бар ғой кем көрер
Шахтаны әкім столдан.

Столды әркім меңгерер,
Істерді білу бір басқа.
Инженер керек, инженер
Тұрмысқа, біздің құрылысқа!

Әйтсе де сенде көп кінә,
Ойласу жағын білмейсің.
Бір іске көңілің соқты ма,
Ығымда ылғи жүр дейсің.

Басыңа келген бір ойды
Ұқтырып алмай өзгеге,
Болмасын, болсын қолайлы
Асырам дейсің жүзеге.

Ізденгіш жансың, көргенмін,
Көңілің аппақ күшің мол.
Табасың ойдың кем жерін
Қорытылса ұзақ ішінде ол.

Арындап қатты жүгіріп,
Алысқа рас барасың.
Солғұрлы жиі сүрініп,
Көбірек опық табасың.

Жалғанда, сірә, шын бір іс
Шахтадан өзге жоқ дейсің.
Сырттағы адам кіл қуыс,
Жер асты толған от дейсің.

— Ақсақал, ондай ойым жоқ,

— Тыңда, тыңда, тыңдап ал!

Дейді ғой сенде сойыл көп,
Сойылмен елді кім бағар?

— Естігем ондай лақабын,

Өш кісіден сөз қалмас.

— Есіңе ал қазақ мақалын:

«Шөп басы желсіз қозғалмас
Сол мінезді тастасаң!..
Ақылым, шырақ, бұл менің.

— Облисполком ешқашан

Мұздыбай — деп білмедім.
Басшы деген қашанда
Болатын еді кең көңіл.
Бар жазығым: жегжаты

Істейді екен менде бір.
«Соған пәтер бересің», —
Бере алмаймын дедім мен.

— Бере алмасаң — өлесің,

Сөйлесесің сен кіммен?
Сен жай ғана инженер,
Жүздің бірі — шахтысын.
Тыңдама да, бермей көр,

Бір облыс басшысын!»
Деген кезде, телефон
Іле салдым құлағын.
Бар жабысқан бәле сол,

Ашқызбады бір адым.
Хатшы басын шайқады:

— Иба, ізет, құрмет, — деп,

Күнде неге айтады?
Бітіріпсің бір мектеп!
Бітіру керек мың мектеп.
Жөні жоқ жәбір-жапаның,

Адам мен адам арасы —
Мәңгі зерттер ғылымың,
Мәңгі шегер сапарың!
Осы айтарым, ал мына

Ісіңе зер сап көрелік.
«Қорғаусыз, сірә, қалдым ба?!»
Дегенге жүрме сен еріп.
Партия сені сақтайды,

Керексің әбден сен оған!
Ақылды ешкім сатпайды,
Өзің де іштей жаңалан!»
Ол тұрып қолын алғанда,

Көзіне жасы іркілді.
«Береді - ау мол қып адамға
Жақсылық деген шіркінді!»
Деген ойын алқыммен

Тіреп, айтпай сәл тұрды.
Осынау қарттың отымен
Бар денесі балқыды.
Сүйіп айтар өзінің

Үйреншікті сөзінің
Бір реті кеп қалды:
«Осылай таулар сөйлейді,
Сөйлейді таулар!» деп қалды.

Он бесінші тарау

«Япыр-ау, қайда сол жылдар,
Рақат, қызық мол жылдар,
Ақырын-ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар!»

Оңаша бөлме... Сәске түс...
Асылып алған күн көкке.
Үй іші әсем — іш те тыс
Оранған барқыт, жібекке.

Үстінде жазу столдың
Ашулы жатыр бір кітап.
Өлеңнің мына төрт жолын
Белгілеп қойған кім құнттап?

Данышпан қайран, Абай - ай,
Асыл - ау сенің сөздерің.
Біліпсің жырлап, бағалай
«Адамның кейбір кездерін».

«Япыр-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар,
Ақырын-ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар!»

«Я, бәсе, қайда сол жылдар,
Сол сағат, сол сәт, сол күндер?
Жүректе қандай орным бар
Болдым дер яки толдым дер?

Не бітірдім сонда мен?
Қызметке бару, келу ме?
Ғылымда болды мол дәмем
Қиынын қайтпай жеңуге.

Ал соған қолым тиді ме?
Өткіздім күнді босқа мен,
Ғылымда жүрер күйім не,
Болмаса қаста дос жәрдем?

Қошемет, құрмет қуыппын
Болды — деп биік шашбауым,
Сондағы медеу — бір мықтым
Арымды бекер шашпауым.

Өзгелер шашып жүр ме екен,
Адалдық деген міндет пе?
Қызмет болды құр мекен,
Ол үшін айтам кімге өкпе?

Жұмысың жақсы — дейді құр,
Бір тегіс істе кім озбақ?
Ондайды сүймес бұл өмір
Жануың керек шын маздап.

Япыр-ау, қайда сол серік,
Япыр-ау, қайда сол ғашық.
Сол үшін тірлік жол шегіп,
Жанымен жаным жалғасып,

Жүрмін ғой деумен күн өтті,
Тілекті қашан жеткізем?
Жалынсыз қалса, жүректі
Жалынып кімге өткізем?

Ол есіркей, кірлемей
Сүйердей мен не істедім?
Жатты дедім үндемей,
Үндемеуін кешпедім!

Ол өмірдің отына
Шомылыпты күнде бір.
Тағдыр деген талқыға
Жиі түсіп жүрген ұл,

Мен көрмесін деді ме,
Сол күресін, кейісін?
Кейін жерсің деді ме
Сүйген жүрек жемісін?

Кейін татсын деді ме
Бал көңілдің сусынын?
Деді ме екен не мүлде
Білмесін - ақ бұл сырын?

Неге түстім кезіне,
Неге қаштым көргесін?
Суынды ма өзі де
Мен қашқақтай бергесін?

«Бір күн тозар ажарға
Мың күн ермек іздеген,
Көркін салар базарға
Сол - ay сұлу қыз деген!»

Деп ойлауға енді оның
Еркі, хақы толық бар.
Мен туралы пенденің
Небір сөзін ол құптар!

Неткен суық сөз еді,
Айттым мұны не біліп?
Ол ойыңнан без енді
Пәк көңілім серпіліп!»

...Ойдан соң ойлар дізіліп,
Өңінде жарын көргендей.
Өшіп те жанып қыз үміт
Таусылмай сөйлей бергендей.

Шайы да көрпе, ақ төсек,
Жастыққа сүйеп бетін ол,
Жатқаны ойда жоққа есеп,
Паркте жүрген секілді ол,

Мәжитпен білек ұстасып,
Қыз сыры неткен көп еді.
Біріне бірі ұштасып,
Кезектеп келе береді:

«Бар аяныш алдымда,
Таза сүйдім, ақ сүйдім.
Аттағам жоқ — ар куә,
Мен есігін басқа үйдің.

Міне отауың, бар мүлкің,
Бір өзің деп жинаған!
Сені күттім, жар күттім,
Сол кінәмді қи маған!

Мен бәлденіп жүрем — деп,
Өткізем деп назымды,
Азайтыппын біріндеп
Жақсы күнім, жазымды!

Қошеметшіл көп жігіт
Алданғанын қызықтап,
Соған жалған семіріп,
Сол күндерді жүз құптап,

Алыс тартып мен сенен
Кеткенімді білмеппін.
Ерте де мен, кеште мен
Сен қасымда жүр — деппін!

Шеккен кезде сен жәбір,
Дұшпандарың күн бермей,
Болды менің сонда бір
Есім қайта кіргендей.

Жан-жағыма қарасам,
Ұсынғандар маған гүл,
Қара көңіл, қара жан
Жауыққандар саған кіл.

Сонда білдім мен байғұс,
Өз жарымды жаралап
Мен болдым деп мұндай құс
Жүргенімді табалап.

Бар пәленің басы мен,
Ұйықтап жүрген құс екем.
Сенің ащы даусыңмен
Ояныппын — түс екен!

Енді өзің біл — мен сендік,
Аян күн мен айым бар.
Сол кінәмнен теңселіп
Құлап түсер жайым бар!

Сен сүйесең жан ашып,
Қайта жиям денемді.
Ықтиярға жол ашық,
Болдым айтып мен енді!»

Қара кірпік жас іркіп
Қалтырады шыдатпай,
Су тербетіп, жел сілкіп
Тұрған майса құрақтай.

Сүйір саусақ жоғары
Көтеріліп келді де,
Түсті қағып ол әрі
Жеткен жасты ерніне.

Енді бірде тыныстап,
Алды мазаң ой дамыл.
Түн ауған кез... тыныш шақ...
Саялы сәт жанға бір...

Талған дене ауырлап,
Тұңғиыққа батты да,
Қара бұрым бір аунап,
Аршын төсті жапты да,

Маңдайынан сипаған
Мәжитіне ұсап та,
Ұйқы — әлди, ұйқы - анаң
Тартты қызды құшаққа...

Он алтыншы тарау

«Кіріңіз!» деген есітті үн,
Әйел даусы! Кім болмақ?
Әлде мен оған кешіктім?
Құлағым әлде тұр ма алдап?

Тәуекел! Болды болары...
Шегіну енді жөн емес!»
Жөнелді аттап ол әрі,
Кезінде бұлдыр көп елес!

Адам жоқ ешбір... Бұ қалай?
Жанағы қатқан кім дыбыс?
Құлаққа ұрған танадай
Үй іші бейбіт — тым-тырыс.

Кіргенде түпкі бөлмеге,
Дыбыссыз басып, абайлап,
Дір ете қалды ол неге,
Бетінде ыстық қаны ойнап?

Жанары түсті суретке
Ілулі тұрған төрдегі.
Үйіріп алды сол бетте
Дегендей «тез кел, көр мені!»

Дәл өзі... Бұдан аз бұрын,
Сонау бір жылда сыйлаған.
Ұсынып тұрып жаз гүлін,
Деп еді-ау «мұны қи маған!»

Үлкейтіп алған тым тәуір,
Шыныға салып сақтаған.
Қызықты күндер, сол дәуір
Есіңе түсті қайтадан.

«Өзіңді түгіл, суретті,
Осынша құндап ұстаған.
Айнымас асыл жүректі,
Сабыры неткен күшті адам!

Адамбыз дейміз біз дағы
Өткізіп күнді құйынша!
Сонау сөздің жүз мәнді
Бір мәні бізге бұйырса!»

Ішкі бір сезім тулады,
Әкелді көзге жасты айдап.
Осынау ыстық сезімнен
Кетердей балқып тас қайнап.

«Келуге хақым бар ма еді,
Қасиетті мына мекенге.
Қазіргі жүрек дәрмені
Құндауға мұны жетер ме?!

Кетейін, ол шақ жоқ тәтті,
Кешірім болмас еш маған!» —
Дегенде, бір хат тоқтатты
Конвертін ешкім ашпаған.

«Алматы, Киров көшесі...»
Кездесті нендей күй жаңа?
Адрес айқын... бұл несі?
«Мәжитке және Динаға!».

«Ашайын» деген бір ойды,
«Ашпа» деп бір ой бөгеді.
«Япыр-ау, бұл жан кім болды,
Танысы мұндай жоқ еді?

Келгелі бес күн, ашпаған,
Желімі, бәрі сол күйде.
Кім еді зілін тастаған,
Онсыз да мұңы мол күнде?

Ашусыз қалсын ол солай,
Япыр-ау, енді не істедім?
Өтті күн мен соншама ай,
Еңбегім де еш менің.

Мен де ашусыз қалайын,
Ашылар күнім жоқ, сірә!
Тағдыр, тағдыр, талайым
Сына мені, көп сына!»

Жалт қараса, тұр аң-таң,
Шашы ағарған бір әйел!
Мана іштен үн қатқан
Деген бұл ма «Кіре бер!»

— «Амансың ба, қарағым!»

Деді кемпір, күбірлеп.
Кетті билеп бір ағын
Бар денесі дірілдеп.
Есін танған күйінде

Маңдайынан кемпірдің
Жылдам - жылдам сүйді де,
«Адалыма кепілмін!»
Деген сөзді айтты әрең

Сыртқы есікке барғанда.
Қолын жайып қапты әжең
Тоқтата алмай арманда.
Дереу бойын жиып ап,

Қарады кеп әйнектен.
Жоқ болыпты құйын нақ
Жаңағы бір бойжеткен!

Он жетінші тарау

Облсовет кеңсесі...
Орынбасар Мұзбаев:

— Комиссия бес кісі,

Я онда, я бізде айып!
Онда болар тегінде,
Кетер судың түбіне.
Енді құлар жерінде,

Көзге түсіп, жүгірме!

— Құп болады, жездекем,

Мен өзім де ол жағын
Байқамайтын ез бе екем?
Күні бұрын болжадым.
Материал түп-түгел,

Жатыр бәрі шатысып.
Берсе болды күш-жігер
Обкомнан біреу қатысып.
Бар кінәсі терілді —

Ата-тегі, бұл күні.
Анықтама берілді,
Тарс жабылды түндігі.
Тек бір ғана кәдік жай... —

Деп Қыздарбек мүдірді.

— Айтсайшы енді, ол не ойбай!

— Қызы құрғыр бүлдірді!

— Нені? Не деп кеттің сен?

— Көнбей қойды айтқанға,

Арыз жазып үстінен
Бер деп едім обкомға!

— Қайта сенің үстіңнен

Жаздым, — деді арызды.
Қолдап жүрген кісіңмен
Таптым, — деді, — бар ізді!
Кісі көзін көрместен,

Адам ісін білместен,
Қара жылан жол кескен,
Тікенексіңдер уда өскен! —
Деді - ау және, сол батты.

— Қап, тәңірі - ай, не дедің?

Қызға тіпті болмапты
Көк тиындық беделің!
Әлдеқашан әйел қып
Алып ал сен, демеп пе ем?

Жоқ қылмысты дәлел қып,
Қамыңды сенің жемеп пе ем?
Алда, сорлы-ай, нақ сорлы,
Сен екенсің жалғанда!

Қайда қазір, тап соны,
Алдыма әкел, алданба!

— Қазір онда! — деп шапшаң

Тұра берді Қыздарбек.

— Әй, тұра тұр, от бассаң,

Қиын болар, қызба дерт.
Сен жағадан сүйретіп,
Ол шегінсе сор дағы.
Кетер істі күйретіп

Сендей жігіт орданы.
Бармай-ақ қой. Добрый
Болысып жүр ол қызға.
Барар болса, жолын қи,

Кабинетте болғызба?!
Енді шара сол ғана,
Ей, бейшара, құрттың - ау!
Ессіз туған бір бала,

Кеудемдегі құрт тымау!
Қайыс алсам жотаңнан
Хақым менің бар әлі!
Қорқамын деп апаңнан

Қор болмасам жарады.
Әлің жетпей бір қызға
Әлі күнге жүріпсің.
Қай қызметке тұрғызба,

Қайтара алмас шіріксің!
Не қылайын мен саған,
Бар, бар енді, тұрма көп!
Айтпақшы әлгі жақсы адам,

Жүсекеңнен бір дәмет!

— Пенсияда ол кісі!

— Ойбай, солай екен ғой!

Бастықтардың ірісі
Бәрі қазір бөтен ғой!
Бәз-баяғы жалғыз мен.
Қайда жолдас сан кісім?

Сорға біткен балдыз ең,
Сорлатпасаң не қылсың!

— Бар, бар енді, өзің біл!

Есің барда қызға жет! —
Етті де ерні аз күбір
Кетті шығып Қыздарбек.
Ойға шомды ал мынау:

— Кеш қалыппын ай кейін!

Шалудай-ақ шалдым - ау,
Жығылмаса, қайтейін!
Қырым түскен кісімді
Қырғи болып жеуші едім.

Тоздырыппын тісімді,
Қылғи берем деуші едім.
Қан қарайып, қас болсам,
Қайыр етпес кісі ем мен.

Қандай мықты тас болса
Үгетуші ем діземмен.
Мынау бала бұлтыңдап
Шыға берді тақымнан.

Қатын сөзін бір тыңдап.
Таптым ақыр жақыннан.
Маңайыма өзгені
Үйіруім кем соқты.

Жығылмауы сөз бе еді,
Қатар тисе он соққы?
Неге егестім онымен?
Есеп берер жоқ шама!

Бастаған іс қолыңмен,
Жеңбей, көңіл, тоқтама!»

Он сегізінші тарау

Тексеру өтті... Көп күндер
Салмағын салған иыққа.
Қамалды ойлар таппай жер,
Нелер бір қиын тұйыққа!

Сандаған айып, мол кінә
Әр күнді алып әр жақтан,
Сарсаңға салып болды да,
Сартылдап тынды сан қақпан.

Тісіне түк те ілікпей,
Азуын шауып ал босқа.
Түсірген жерге сүліктей
Инемен шаншып дәл басқа,

Әділет — найза пәлені
Түйреді солай біріндеп.
Сырқаттың болмақ бір емі
Жүректің келген түбін жеп.

Дәл солай бұлт та сейіліп,
Көрсетер көктің айнасын.
Шығады алып сені үміт
Дегізіп: «күнім қайдасың?»

Өзі де Мәжит тап басын
Ойламап еді ешқашан?
Жатыр деп бұлай баттасып,
Жағылған оған күс пен шаң.

Осы бір күндер жетелеп
Өткізді оны не сақтан.
Шығарды уақыт желкелеп
Талайды бұғып тас атқан.

Жас маман десе қол сілкіп.
Сенімсіз қарар «жазғандар»,
Қолында болмай еш мүлтік
Қадалтып арыз жазғандар,

Күңшілдер, ескі дерттілер,
Жағымпаз қулар, қорқақтар,
Жалғанға ерні ептілер,
Жалқаулар, іске шорқақтар.

Бәрі де қалмай көрінді
Бір уыс арам шөп құсап.
Әділет, сүйем қолыңды
Өртедің соны от құсап!

«Трудта» шықты жарқырап,
Мәжиттің шыны, аяны,
Жеткізген бәрін айтып-ақ,
Еңбегі, өмірбаяны!

Мақала басы: «Инженер
Досанов, неге жазықты?»
Сұрақты әділ берген ел,
Жауабын да өзі жазыпты.

«Талантты, іскер, инженер,
Кеңестік біздің жаңа адам,
Іздеген өзі күнде өнер,
Сарсылған ақыл, санадан!

Бәрін де, жақсы не тапса,
Еліне арнап ұсынған.
Қиынға көнбей жалтақша,
Күреске жаны құлшынған!

Жігерге толы, күшке бай —
Бойында қайрат, мол жастық,
Ретін тауып ұстамай,
Қудалай берген кей бастық.

Қай жерге барса іс тосып,
Қайтемін енді демеген.
Арттағы қалған участок
Алдағыға әкеп теңеген.

Тоңмойын кейбір бассымақ,
Сол істі жорып өзінше.
Жамаған өсек бас құрап,
Кейде бір сыбыс сезілсе!»

Осылай газет нық талдап,
Жазыпты бірін қалдырмай.
Күйреді солай жұққан дақ,
Жуып бір өтті жаңбырдай.

Обкомның болмақ бюросы,
Соңғы бір асу ендігі. —
Мәжитім жайраң күйде осы,
Көптен соң бойы сергіді.

Есіктен кірген кемпірге:
─ Хал қалай, апа? — деп күлді.
Талайдан осы кеп тілге,
Күлгені жаңа секілді.

─ Жақсы ғой, қалқам! — Қос қолдап
Бетінен сүйді. Тамды жас.
─ Хәліміз енді жақсармақ!
Жақсармақ, апа! Ол рас!

─ Ашылшы, бәсе, бір солай,
Не болып кетті күн өзі?
─ Бар екен тұрар жұмсармай,
Өмірдің кейбір мінезі.

Өттік пе деймін бір сонан,
Жасай бер, апа, тойыңды.
Аурудан аман болса ағам,
Ауылдан алдыр қойыңды.

Жасашы тойды, шіркін той,
Күн болды сені сағынар!
Жазылар солай бір күн бой,
Жайраңдар көңіл шағы бар!

Диплом алдым деп жүрсем,
Бір диплом неткен аз!
Мектебің көп, өмір, сен,
Екенсің ғалым бір сабаз!

Оқытып алдың тағы да,
Сынағың болды тым қатал!
Билетім серік арыма
Кеудемде солар бір жатар!

Алып та қоям деп еді-ау.
Қайтемін соны еске алып.
Алдағы күнге денім сау
Ұмтылам, тұрмай жасқанып!

Осындай ойда, бұрылды ол:

— Мәзжан - ау! — деген дауысқа

— Ана бір күнде мұңың мол,

Қаптаған бәле сол тұста,
Бір адам келді осы үйге,
Уылжып тұрған бойжеткен.
Болғанмен нұрлы, түсі игі

Өзі бір ауыр ойда екен.
Жаңылмасам, әлбетте,
Кәрілік кейде жеңеді - ау!
Мына бір тұрған суретке

Келбеті соның келеді-ау!

— Не дедің, апа! Келді ме,

Келді ме, сонда не деді?

— Сасып та қалдым мен мүлде,

Көре сап мені, жөнеді!

— Әй, апа - ай, неге отыр, — деп,

Күтші, — деп, — мені айтпадың

— Үлгірмей қалдым, соңғы рет

Естідім есік жапқанын!
Жоқ еді үйде ешкім де,
Сыртынан қарап тұрдым мен,
Үстелдің анау үстіне

Байқадым түрін үңілген.
Өзі де Мәжит байқамай
Жүгіріп барды столға.
Отырмады онда ай талай

Басында қауырт іс барда.
Қараса, жатыр бір конверт
Ауызын ешкім ашпаған.
Менде де қызық сыр бар деп,

Тұрғандай сонау хат саған!
Ашып кеп қалды: «Ардақты
Мәжит пен Дина — кешіңдер
Кінәм бар менің салмақты,

Амал жоқ, соны естіңдер!
Сөзіне ердім бір қудың,
Түсірді алдап бір залым,
Жандарыңа у құйдым,

Хаттарыңды ұрладым.
Араларың көп суып
Кетсе — кінә тек менен.
Жар жүрегі — жас үміт

Қадіріне жетпеген.
Өмірімде ең үлкен
Қатты қылмыс болды бұл.
Неге жаным ерді екен,

Қалай батты қол құрғыр,
Өзімді өзім жегідей
Үңгіп жеумен күн өтті.
Тоздыруға мен бірдей

Екі аппақ жүректі
Ұмтылыппын, масқара,
Мен сонымды кеш білдім.
Жол таба алмай басқаға,

Алаяқты дос қылдым!
Ол опасыз оп-оңай
Өмірімді жер қылды.
Отқа түстім байқамай,

Жаза таптым сол құрлы!
Өзім бақыт дегенге
Оп-оңай-ақ жетем — деп,
Ол алдаған кезеңде,

Сендім ісім бекер, — деп.
Кешер қуат болса егер,
Тату болса жандарың!»
Енді мені кешіңдер,

Өз ісімді қарғадым.
Отыра кетті ол диванға
Өкініш, қайғы қат-қабат
Жүрекке келіп құйғанда,

Аяқсыз сонау махаббат,
Есіне түсті қайтадан
Қайырсыз күндер сілтісі.
Тұнығын бұзып шайқаған

Адамда залым бір кісі.
Көзінің келді алдына
Түлкідей жылмаң сол адам.
Жылатып талай жанды да,

Жүрегін жастың тонаған.
Өз жүрегін тот басқан
Махаббаттың ұрысы...
Жіптері әбден шатасқан

Түйіннің шықты бір ұшы!..

Он тоғызыншы тарау

Күндер - ай, күндер тізбегі,
Бөлеміз «кеш» деп, «ерте» деп,
Алысқа сүйреп біздерді,
Келесің алға жетелеп.

Осынша күндер, өмірде
Үлесің үлкен бар шығар.
Кетпесе керек тегінде
Маңдайдан аққан тамшылар.

Сонда да күн бар ерекше,
Жаным бір сүймек, ұнатпақ.
Ол күнді қазір газетте
Шешуші күн — деп жүр атап.

Тынымы болмақ бар істің,
Қай кезде, кімде, қайда да.
Күттірген осы алыс күн
Сырғып бір жетті жай ғана!

Обкомның үлкен бюросын
Суреттеп шығу болар күш.
Аз сөзді маған қи, досым,
Әлі де біздің жол алыс.

Жол алыс десем, шошыма,
Дастаны ұзап кетер — деп.
Ұзамас енді ол, сірә,
Бітірдік ақыр екеулеп.

Сонау бір мықты жиылыстан
Үзінді берсек болар да:

— Ұядан тұңғыш бірге ұшқан,

Ұяға қайтып соғар да.
Сондай - ақ бүгін мені ешкім
Шақырмай мұнда келіппін.
Жиылысқа құмар емеспін,

Келген жоқ және желіккім.
Жетелеп келді ар мені,
Коммунист деген атым бар.
Жетпесе сөздің дәрмені,

Адалдық үшін антымды ал! —
Деді де тоқтап, Жүсекең,
Толқыған көңілін бір басты.

— Адам да көппен кісі екен,

Сағынар серік, жолдасты.
Алексей Иваныч, мен сені
Сағынам қазір — неліктен?
Көріп те жүріп сағыну —

Дегенді естіп, біліп пе ең?
Сағынам сені — сенімен
Істес боп жүрген күндерді.
Серіксіз жалғыз серуен,

Салтанат құрып кім көрді?
Пенсия дедің, ол дедің,
Бұл дедің де — құтылдың.
Шаршадың — деміңді ал дедің,

Ағыздың майын бір тілдің.
Демалғыш болсаң сен неге
Деміңді мендей алмайсың?
Қарамай кәрі кеудеңе

Жасарып тұрған жандайсың? —
Дегенде жұрт ду күлді,
Бюрода күлу әбес пе?
Жүсекең солай күлдірді,

Күлдірем — деген жоқ есте.
─ Жолдастар, сізден кешірім,
Арызымды айтсам көлденең.
Қаралып жатқан мәселе

Басқа ғой — десең, — мен көнем.
Алайда соған арыздың
Тікелей бар бір қатысы.
Соны да айту парызым,

Өкінді деме қарт кісі.
Алексей Иваныч, құрбым ең,
Мендегі саған жай мәлім.
Баяғы біздің бұрғы мен

Қалғанын ескі қайланың
Ұғынсам жаңа, шарам не?
Кетті ғой бізден кемшілік
Комбайн десе — маған не?

Қарамай жүрдім менсініп.
Қазірде қолға таяқ ап,
(Әлі де бар ғой бойда күш!)
Шахтаға барсам аяңдап,

Жағалай бәрі жаңа әдіс!
Түсіндім бәрін кеш қалып,
Күшейте бердім күдікті,
Бауырға тартып, басқарып

Жүрмедім мына жігітті.
Жазығы мұның: «Жүсекем,
Қолдайық соны біз!» — деген.
Мұзбаев залым кісі екен

Арадан пәле іздеген.
Ақ көңіл, аңқау басымды —
«Кәрілерміз» деп соқты қу.
Қылығы қазір ашылды,

Кәсібі — жұртты өрт қылу.
Өзгені әсте көре алмау,
Өн бойы толы күншілдік.
Құлатпай соны дем алмау

Өзгеге тұрса күн шығып!?
«Кәрілер ғана дұп-дұрыс»
Деген бір пікір алдапты.
Айтылған сөздер — шындық іс,

Қозғаман енді ол жақты.
Арттағы нашар шахтыны
Таңдап-ақ маған беріңдер.
Әшейін айтты қарт мұны

Демеңдер, сөзге сеніңдер.
Кадрды білмей кеткен бір
Кінәмді солай жуайын.
Мен қазбаған жоқ көмір

Тағы да аңсап шығайын.
Бұл Досанов қайтадан
Келсін маған - кел деймін.
Бір сүрініп байқағам,

Ендігіге көнбеймін!» —
Осылай қартың сөйледі,
Тыңдады бюро түп-түгел.
Мәжиттің жаңа кірді өңі,

Құйылып бойға күш-жігер.
Көзінде ойнап бір жалын
Көрсетті жарқын бейнені:
«Әділет, саған ырзамын,

Ырзамын саған!» дей берді.
Қуылды барлық зұлымдық,
Жабысқан лас, сызды лай,
Өмірдің дерті — жұлынқұрт,

Қыздарбек, сонау Мұздыбай
Мәжитке таныс ой келді
Жадырап шыққан шағында:
«Осылай таулар сөйлейді,

Сөйлейді таулар тағы да!»

Жиырмасыншы тарау

Штрек бойлап келеді.
Келеді біреу асығып.
Түнекке қазір енеді,
Тұлғасын дереу жасырып.

Лаваға міне жол жатыр
Тұтқиыл, қисық, бұралаң.
Шамыңды қолға ал, батыр.
Мекенің осы сұраған.

Сүңги бер енді кімсің, сен?
Әйтпесе мейлі кім болсаң.
Әлде бір таныс кісімнен
Айнымай тұрсың — сен нансаң.

Мейлі ғой, бірақ, көрерміз
Ал кәне алға баса бер.
Алда бар шыңырау, нелер құз,
Аңырма тоқтап, аса бер.

Еңкею, бұғу, бауырлау,
Сусыған аста тайғақ тас.
Құласаң, болар ауырлау,
Кім болсаң да байқап бас!

Алдағы тарсыл немене?
Көрінді әне бір топ от.
Тиеді бұл жер төбеңе,
Тізеңді аз-маз бүктеп өт!

Қалдың сен неге іркіліп?
Жасқанба деймін, тарт алға!
Енді бір кетсең жұлқынып,
Жетесің мына жалтаңға!

Мына бір шойын тап-тапал,
Шығарар көмір жәукемін,
Сүйегін жердің қақсатар,
Осы ғой нағыз дәу - перін!

Болат бір арқан зуылдап
Астында жатыр нақ соның.
Қабатты қиып, қырындап,
Шашады қалай от шоғын!

Шақырлап тісі жөнелсе,
Қап-қара тозаң қап-қалың.
Күйеге қосып күйе сен,
Көзіңді майлап жатқаның.

Оң жақта астау зыр қағып,
Қақшиды көмір қабатын.
Бункерге ілез мың барып,
Қағады талмай қанатын.

Төменнен, сонау етектен
Өрмелеп шапқан комбайн,
Алдағы шығып бір шеттен
Қайтадан түссе, дап-дайын.

Оюлы орны тұрар сай,
Жата қап тағы, сілтейді.
Қап-қара тозаң құрымдай
Бетіңді ілез бүркейді.

Цикл деп соны атаған,
Жоқ мұнда тыным қол байлау.
Баяғы Мәжит мақтаған
Жаңашыл әдіс сол мынау.

Айтпақшы, менің серігім,
Жаңағы кісім қайда екен?
Көрді ме ерлер ерлігін,
Келгені мұнда жай ма екен?

Сірә, бір жазым болмасын,
Осында өзі шақ келді? —
Дегенше әлгі жолдасым
Құшақтап жатыр шахтерді!

Кім болды бұлар соншама,
Құшағын ашқан мол жайып.
Жер астын кезіп ол сонда
Туысын тапса бар ма айып?

Оқушым, кешір, егер мен
Танымай қалсам мұндайда.
Шахтерша бәрі киінген,
Көзіңді алдап тұрмай ма?

От қазып жатқан мекенде
Кездесті оттай махаббат!
Дариға, соған жетер ме
Жайдағы уәде, айтқан ант!

Манағы серік — Дина екен,
Жүз таныс жансың — деп едім.
Ендігі сөз бен күй бөтен,
Шахтаның ең бір тереңін,

Тапқандай болдым өзім де
Адамнан — адам жанынан.
Көрінді достар көзіме
Талайдан іздеп сағынған.

Дәл қазір үн де, тіл де жоқ
Тұр әлі құшақ жазылмай.
Кешігіп жолдан, бүгін кеп
Оралған өмір жазыңдай,

Арада тасқа соқтығып,
Қосылған кайта толқындай,
Өкініш деген дерт буып,
Босанған үміт отындай.

Арасын түнек қақ бөліп,
Табысқан таңда күн, айдай.
Денесін жалын от сөгіп,
Біріккен егіз шынардай.

Тұр әлі олар қозғалмай,
Құрыштан жаңа құйғандай,
Айтылса, бітпес сөз бардай,
Шертілсе, шексіз сыр бардай.

Сонау бір өткен жылдардың
Қызығын қайтып бер — деген,
Жүрекке біткен құмардың
Қызуын қайтып бер — деген,

Өмірге бардай бір асыл
Өтініш, қолқа, тілегі.
Жақыны, жары, жаны ашыр
Айнымай қалған жүрегі.

Қайта да - қайта елжіреп
Ырзалық етіп қос көңіл.
Екі де бірдей ер жүрек
Қызығын алдан тосты өмір.

Сәлден соң әне екеулеп
Еңкейіп лава жолымен,
Бір-бірін алға жетелеп,
Жабысып қолы қолымен

Жарыққа кетіп барады,
Жарқырап маңдай жұлдызы.
Алда да талай бар әлі;
Өмірдің өрі, шың, құзы...

Оқушым, көрсең ал міне
Шықты олар жердің бетіне!
Жуылды жаңа шаң, күйе,
Қарай бер енді көркіне!

Баяғы балғын Динаңыз,
Жанады - ау жүзі балбырап,
Өзі де әсем күй нағыз
Тыңдай бер енді, сал құлақ!

Құшақтап алған Мәжитін
Табылған қайта жоғалып,
Хош иіс бұрым — қою түн
Білекте жатыр оралып.

— Үйге ме? — деді, қыз сонда,

Жарына көптен тіл қатып.

— Әрине, үйге! Баста алға!

Үйіміз болу — бір бақыт!
Деді де Мәжит білектен
Құлшына ұстап, кетті алға.
Сонау бір найза кірпіктен

Жас құлай жаздап жатқанда.
Барады білек ұстасып,
Жазылмас енді сол білек,
Аспаны мөлдір, үсті ашық,

Табаны тегіс жол жүрдек!
Жетеле, солай, Жетеле
Жарыққа жеткіз жарыңды!
Еркеле, сұлу, еркеле,

Тәтті сөз жаның сағынды!
Табыстың жердің астында
Самсаған оттың ішінде.
Ілесіп көмір тасқынға

Шықтың ғой жердің үстіне,
Ілесіп өмір тасқынға
Ақ толқын болып ағарсың.
Бақыт құс ұшып басында

Талусыз қанат қағарсың.
Өткен бір күнге салауат,
Өмірдің таптың өз кілтін.
Алғы күн саған аманат

Аяулы досым, Мәжитім!
Өзің де ылғи айтқандай;
«Әділет күні сөнбейді!
Көмірдің тауы сөйлейді,

Өмірдің тауы сөйлейді!»
Сермеші құлаш, серпіліп,
Дәуірдің ұлы — жаңа адам.
Мен де бір тағы желпініп

Бастайын дастан жаңадан.
Наурыз — шілде,1960 жыл, Қарағанды —Алматы

ОРМАН СЫРЫ

(Поэма)

КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ұлы Отан соғысының
батыры, комиссар Хаби Хабибуллинге ескерткіш

1

Орман, орман!! Ұлы орманы орыстың,
Сан өртеніп, сан көктедің, толыстың.
Бақытты екен Байтақ Русь сенімен,
Оның талай тағдырына болыстың.

Оның талай болдың қорған, панасы,
Кетсе қызып өмір - өлім таласы,
Жығылмады саған сүйеп маңдайын,
Қансыраса қайран елдің баласы.

Тостың үнсіз өрт - түтінге денеңді,
Оқ мүжіді ерке қайын, еменді,
Таусылмадың, тамырыңды нық сақтап,
Сүйдің біздей махаббатпен сен елді.

Сүйдің асыл топырағың — Русьті,
Сенен бұрын оқтың уын кім ішті?
Сұрқия жау табиғатты тонады,
Көрді ме жер одан еткен қылмысты?

Сонда елімнің шарт түйілген сертіңдей,
Сен де берік сенім жинап, серпілмей,
Жанып келіп құшақтаса бір ұлын,
Бірге өртеніп кете бардың өкінбей.

О, дариға, ойшыл қария, орманым,
Ол күніңнің ойға батып шөл бәрін,
Тұрдың - ау бір селдір шашың желбіреп,
Жара-жара оң қарың да, сол карың!

Еске түссе тебіреніп кетем мен,
Сондай болар ұлы борыш өтелген.
Елестейді мықты шалы орыстың
Қайыспастан қасіретін көтерген.

Орман, орман!! Болмас, сірә, ол ұмыт.
Көңілімде толы қиял, толы үміт,
Сол денеңе, сом денеңе сүйеніп,
Тұрмын тағы мен сенімен жолығып.

... Ауа мөлдір, бір тыныштық айнала.
Сыбдырлайсың, сыңғырлайсың жай ғана
Тұр төгіліп мейіріміңдей жемісің,
Сыртта сонау көсіледі бай дала.

Бала ағаштар бауырыңа жарасқан,
Тас төбеңде кірбіңі жоқ ақ аспан.
Бәрі түгел — емен жігіт, қыз қайын,
Бой түзеген, бойлап көкпен таласқан.

Кенет тағы неге шулап жөнедің,
Тебіренер болды қандай себебің??
Не деп кеттің, сөйлемек пе бір өмір,
Орман, орман!! Қайталашы, не дедің?!

2

Шулайды орман. Естімейді төңірек.
Өз ішінде дауыл соғып, жел үдеп,
Ол осылай өксігін бір шығарып,
Дүр сілкініп, ауыр ойдан серілмек.

Естіпті оны жалғыз-ақ бір шал адам.
Ол орманның шулар кезін санаған.
Айнытпастан айы, күнін, сағатын
Айтар еді, аян еді бәрі оған.

Орман шуын бастағалы не замат!
Бүгін сонша кешікті екен неге қарт?
Енді аздан соң, тиылмақ па мына күй,
Естілусіз қалғаны ма бұл ғажап!

Келе жатыр! Естілді, әне, шеттен үн,
Қария адам бермес, сірә серт тегін!
Келе жатыр оқымысы орманның,
Сол оқиды оның қалың беттерін!

Бар өзінің үйреншікті соқпағы.
Естілді, әне, емен таяқ «тақтағы».
Ер еңсесін еңкейтпеген әлі де,
Өмірінің боран, аяз, аптабы.

Кең жауырыны, ер қапсағай денесі,
Миығында екі мұрттың жебесі,
Сап құрыштан құйылғандай тұлғасы,
Қарт буынның босамаған шегесі.

Ұзын қабақ астында көз қырағы,
Азбай қарап, өткір күйі тұр әлі.
Омырауға төгілген ақ сақалы
Желмен аунап, қайта толқып, тынады.

Кірген бойда кетті бойлап әрі асып,
Қарт орманға қарт мейманы жарасып,
Алдында оның кәрі терек шоқтары,
Содан әрі кішкене алаң бар ашық.

Келді соған, шешті белін, жайланды,
Орман шулап, шал тебіреніп ойланды.
Бірте-бірте кішірейіп, иді бас,
Еңкеймеген ер тұлғасы қайда әлгі?!

Бір уақытта бас көтерді асығып,
Қойған жандай қазынасын жасырып,
Тізесімен жылжып шөптің үстімен
Сипады жер, саусақтары шаншылып.

Неге үңілді, ақтарды ағаш жаңқасын,
Неге және ұзақ тінтті қалтасын?
Жоғалтты ма жалғыз ұлдың хатын ол,
Әлде ұмытып қалдырды ма балтасын?

Тағы тұрды, тағы кезді сол маңды,
Жаттырылған жасыл шөпте жол қалды.
Енді бір сәт, тұр көзін сап қалыңға,
Іздегендей ескі таныс «шалдарды».

Аңтарылып қарағанша бұл бірақ,
Қарт қайындар қалды үнсіз тұнжырап.
Талып орман көмейінен келеді үн
Көне құлақ естуіне тым жырақ!

Қайтты ол кері, іздегені табылмай,
Тағы да орман алдады ма, танылмай,
Тыңдап, іздеп, тыңдап, іздеп — күн өтті,
Арман алыс — бұлдырайды сағымдай...

3

Екі балта жаңғыртып тұр орманды,
Әлде біреу қоса айтады ойлы әнді.
Жорық әні, елге мәлім сонау ән
Көк орманның төбесінде айналды.

Қатты шықпай, қалқып қана еседі,
Ел тағдырын елестетіп кешегі,
«Қумашы, жел, ән тыңдайын» дегендей
Көкте ақша бұлт баяу ғана көшеді...

Анау шетте аңтарылып бір жігіт,
Жолдасының жақсы әніне тұр жібіп...
Неге кенет қақпай қалды ән қанат,
Неге бітпей, үзілді тез тұншығып?!

Қара ағашқа қатты қадап балтасын,
Жүгірді анау, күнге тосып арқасын
Кетті кіріп көңіліне бір күдік:
«Ойда жоқта бейнет - жазым таппасын!»

Келсе, жігіт отыр жерге үңіліп,
Қаза көрген қарындастай бүгіліп.
Алақанда жарқырайды бір нәрсе,
Бетінде оның күн сәулесі жүгіріп.

Кенет досы оянғандай ұйқыдан,
Секілді бір есіп жаңа күй тынған,
Соза берді жарқыраған оң қолын,
Жаңа өркендей жарық күнге ұмтылған.

Әлгі затқа қалды көздер жабысып,
Теуіп жүрек, өне бойда қаны ысып,
Тұрды сол зат ішті нұрға толтырып,
Әрі қымбат, қасиетті, әрі ыстық.

О, ғажайып, қателеспей жанары
Таныды оны, сол емес пе жанары,
От боп жанып, жалын күйін сақтаған
Туған елдің кіп-кішкене жалауы.

Өзі қызыл, ақ болаттан құйылған,
Келді қайдан, жақыннан ба, қиырдан?
Жатты қанша күн астында жарқырап,
Болып артық тозғыш не бір бұйымнан?

Қалдырды екен омыраудан кім үзіп?
Ұрлады ма әкесінен «бір бұзық?»
Төрт әріпті туған отан есімі
Бетінде оның күн нұрына тұр жүзіп.

Кім Жоғарғы Кеңеске бұл депутат?
Аударды олар, баспапты арғы бетін тат,
Тұр жарқырап, сайрап айтып нөмірі,
Естілгендей болды бұйрық: «Иесін тап!»

Зерттеді олар сол орынды, сол маңды,
Куә қылып мына жасыл орманды.
Значок табылған шөп астында
Иесі де жатқандығын аңғарды.

Туған дала жібек шөппен ораған,
Үстен орман қарауылдап қараған,
Кім болды екен, кім болды екен сонау ер,
Кім болды екен, о, дариға. сол адам??

Қалды балта, қалды ағаш кесілген,
Бірде жиып, бірде ажырап есінен,
Екі жігіт тұра ұмтылды селоға,
Мынау тосын істі бастан кешірген.

Білді ме олар тірілткенін бір ерді
Келді - дағы, елге жар сап жіберді.
Қолдан-қолға көшті жалау кішкене,
Тасытқандай әр көңілде жігерді.

Ұстады жұрт, мәпеледі құр қалмай,
Мұнда ғажап ашылмаған сыр бардай,
Бейне мейрам күндеріндей кәдімгі
Болды бәрі ту көтеріп тұрғандай.

Кетті сол ту биіктен соң биікке,
Қарады жұрт құрметтеп те, сүйіп те.
Кейбір көздің құлап түсіп моншағы,
Ауыр оймен алды қабақ түйіп те.

Осынау ел тұрды бір сәт тым-тырыс,
Шығармастан, ішке бүгіп үн - дыбыс.
Алды басып құдіретті тыныштық,
Артынан бір болатындай бұлқыныс.

Құрмет еді, қадір еді бұл тұтқан,
Сөз айтқызбай түгел құлап, жұрт ұққан.
Кім еді ол, кім де болса ер еді,
Ел көңілінің төбесіне бір шыққан!

Бас киімдер енді ғана киілді,
Тағы, тағы, тағы да жұрт жиылды...
Ел ішіне бір қадірмен келгендей,
Кетті хабар кезіп шалғай қиырды...

Елеңдейді, елегзиді жұрт мынау,
Бәрі осында бурыл сақал, мұрт қырау.
Тұрды айналып төбесінде елімнің —
Тез біл — деген, бұл кім? — деген бір сұрау.

Алғы топтың ішінде анау шалдың да
Көзінде жас, не жұмбақ сыр бар мұнда:
«Іздеп едім, іздеп едім?..» дей берді,
Кінәлідей бір мықтының алдында,

Жалт қарады үнсіз тұрған жұрт оған,
Шал жоқ бұл сәт ол назарды байқаған.
Көз жұмулы... бір оқиға дізбегін
Көңілінде көріп шықты қайтадан...

4

Село жым-жырт. Аспан алыс. Жау жақын.
Мазасыз түн. Ортасынан ауған түн.
Үңірейген үрейлі бір тыныштық,
Білгізбеген, сездірмеген алды-артын.

Өтті күндер, өтті түндер бейне зіл,
Ажалменен арпалыстық беймезгіл,
Әрбір минут ерлік тосып, тұрды өтпей,
Ондай күннен тез өтеді кейде жыл.

Батальон, батальон, шаршадың,
Сен айқасып жаттың мұнда қанша күн!
Маңдайыңның ысын сүртіп, бір сағат
Мызғып алар тыныштықты аңсадың!

Байқашы өзің, жағдайыңмен таныс сәл,
Сен азайдың, көбейді кек, намыс, ар.
Бір-ақ уыс, бір-ақ уыс болатсың,
Отыз солдат, командир мен комиссар...

Келе жатыр әшкередей таң атып,
Бұл селоның бетін жауға қаратып.
Алқына кеп, «аһ» деді бір гаубица,
Сол соғысты алды шапшаң оятып.

Әне келді... Мотоцикл дүр етті,
Қаптады жау... қардай оқты үдетті.
Бір мезгілде тоқтату ма ойы оның
Отпен орап отыз екі жүректі?

— Баста, ерлер! — деді сонда командир.—

Ерлік ортақ, елің үшін ажал бір!
Біз ақтадық, ақтаймыз біз борышты,
Қапта жауым, тастан туған тажал тіл!

— Деді де ол, алдыңғы бір шоғырға

Қалды сілтеп гранатын. —
Шомыл да Жат жалынға, иттер өңшең! —
Қап, әттең, Жорғалап қан жүре берді жонында!
Туған жердің топырағына бет басып,

Ол келместің сапарына кетті асып.
Команданы алды қолға комиссар, —

— Батальон! Атыс салып, сыртқа шық!

Шеп, бұзылма! Шегініңдер орманға!
Қатар атыс, тағы шегін, соң қалма! ...
Жау — бір тасқын, тойтарумен толқынын
Кірді орманға күн сәске түс болғанда.

Қалған бесеу... Оның бірі жаралы,
Алға ұмтылып, ашылды жау араны.
Батальон, батальон... бес адам,
Батальон әлі атысып барады.

Орман, орман, туған жердің орманы
Болды олардың ең ақырғы қорғаны.
Осыншама оқ жаудырды, бітпеді,
Қырсықты жау, ала алмады, болмады...

Жаңғырады, қаңғырады мың сан оқ,
Жау ентігіп, әлгі орынға барса — жоқ.
Елеңдейді, елегзиді жұрт мынау,
Бәрі осында бурыл сақал, мұрт қырау.

Тұрды айналып төбесінде елімнің —
Тез біл — деген, бұл кім? — деген бір сұрау.
Алғы топтың ішінде анау шалдың да
Кезінде жас, не жұмбақ сыр бар мұнда:

«Іздеп едім, іздеп едім?..» дей берді,
Кінәлідей бір мықтының алдында,
Жалт қарады үнсіз тұрған жұрт оған,
Шал жоқ бұл сәт ол назарды байқаған.

Көз жұмулы... бір оқиға дізбегін
Көңілінде көріп шықты қайтадан...

5

...Шал кеңесі жұрт ынтасын суырды,
Жиналыста салтанат бар бүгінгі.
Шал сөйлеп тұр, еске алып тұр өткенін,
Тағы, тағы соған құлақ түрілді.

— Сол бір түнде қатты ұйықтадым неге мен,

Әлі өкінем, бейбақ едім не деген,
Шошып тұрсам, қасымда жоқ зым-зия
Қойнымдағы жатқан жалғыз немерем!
Көше у-шу, шығыста тұр қызыл күн,

Ішім құйын, бұлтты аспандай бұзылдым.
Шаң мен түтін, көктің жүзі қара ала,
Шырлап қайда кеттің ұшып қызығым? —
Дедім дағы тұра ұмтылып, жүгірдім,

Әл азайып, әлденеше сүріндім,
Әзер жетіп шет жағына селоның,
Сәл ес жиып, орман жаққа үңілдім.
О, ғаламат, кетті денем түршігіп,

Өрт - топанға бірде батып, бір шығып,
Басы жалын, аяғы шоқ ажалмен
Арпалысып бара жатты тіршілік.
Батальон, қорғанышым, талай күн,

Айқасына ақтық рет қараймын,
Шығып алып сорлы село шетіне
Деп пе едім мен тынысыңды санаймын.
Сол баяғы екпінің де соғысың,

Сен бе ерліктің әлсіретер соңғысын!
Білер ме еді, білер ме еді Россия
Іздеп келіп сүйер еді-ау сол үшін.
Командир жоқ, комиссарды таныдым,

Жарқ ете қап өзіңдей - ақ жалынның
Қол сермеді, ұшып келіп от үсті
Ортасына бергі мынау қалыңның.
Орман шаң-шұң, көк жаңғырды жеті қат,

Арт жағында алау-жалау өрті қап,
Қалың орман қабырғасын қақ жарып,
Ұмар-жұмар кірді барып екі жақ...
«Немерең де кетті бірге!» — деген бір

Құлағыма шалынғандай сөл күбір,
Ұмтыла кеп, аттай беріп, құладым,
Болды сонда таусылғандай бар ғұмыр.
Содан қайтып мен есімді білмедім...

Зор табағы төңкеріліп дүниенің
Кетті үстімнен... Миым айтты «біттің!» деп,
О, құдірет, көзімді ашсам — үйдемін!
Жаттым содан өмір - өлім алмасып,

Түс аяғы сандырақпен жалғасып,
Жан-жағымда толған елес - мың сурет,
Тірлігімді танымадым дәл басып.
Шыңғырамын, жан даусым сол ма еді,

Тағы, тағы көзімде елес көлбеді.
Бір жағымда шақырды өмір: кел! — деді,
Бір жағымда қырсық жауым ол! — деді.
Өшем десе өмір - шырақ жанып сәл,

Уа, құдірет, өшірмейтін не күш бар? —
Дегенімше қасымнан кеп шығады
Немерем мен әлгі сабаз комиссар.
Мен солайша өз-өзіме келгенше,

Өтті арада қанша мерзім, күн неше,
Біле ал малым. білуге хал жетпеді! —
Ашылды ғой құлақ пенен тіл кеше! —
Деді дағы, қалды біраз шал үнсіз,

Көзінен жас тама берді дамылсыз.
Сол жас болып сарқылғалы жатқандай
Ұзақ жылдар жайлап келген жаныңсыз.

— Көп іздедім. Көп іздедім содан мен,

Сырластым да, сөйлестім де орманмен.
Осында деп айтып еді ол маған,
Табар менде қалып еді қай дәрмен?!
Оқасы жоқ, табылды ғой... табылды.

Табар Отан дәл осындай сан ұлды.
Жақсы болды-ау, Россия білгені,
Мен сонымен құттықтаймын бәріңді!
Құттықтаймын қазақ атты халықты,

Ол — ана ғой. Аналығын танытты.
Көңіл айтар жол біздікі, айтыңдар,
Айт, Отаны тапты ұлы даңқты!
Деді қария. Белгі берді тынғандай.

Алақанда тудан көзін тұрды алмай.
Туған Отан алақанға көтеріп
Сонау ерін өзі аялап тұрғандай...
Болды сол кез. Шал бұйрығын қабыл ап,

Жерледі ерді халық әкеп, арулап,
Алтын аптап атын жазды.
Биікте Депутаттық белгі тұрды жалындап.
Гүл егілді, гүл көктеді не түрлі,

Дәл осылай орман сыры шертілді..
Ел көңілінде сонау мәңгі депутат
Әлі тірі, бірге жүрген секілді...

Соңғы сөз

Орман, орман!! Ұлы орыстың орманы,
Халық болып құшақтайын, кел, кәні!
Аяладың, жоғалтпадың, сақтадың,
Ер даңқымен табысты әне, ел жаны!

Бір қаһарман, зор қаһарман сен едің,
Сені балғын жыр жолыма бөледім.
Сен құшақтап, қамқорыңа сен алсаң,
Мен ерлердің өлмесіне сенемін!

Сені құшсам, орыс шалын құшқаным.
Ол саған да, сен де оған ұқсадың.
Екеуіңнің ажырамас, жаныңды
Мен көтеріп, мен биікке ұстадым!

Орман, орман!! Ұлы орыстың орманы!
Халық болып құшақтайын кел, кәні!
Сол құшақтан мейірбанды қазақтың
Алғысы мен арын тапсаң болғаны!

Ақпан, 1960 жыл

АЙ ТІЛ ҚАТТЫ

(Поэма)

Ұлы Қазан төңкерісінің
42 жылдығына арнаймын

Аспан тарихынан

Қара аспан, көкшіл аспан, сұрғылт аспан,
Ақ аспан, күрең аспан, күңгірт аспан.
Осынша құбылса да, құлпырса да,
Көп уақыт келіп еді жым-жырт аспан.

Тек қана бұлтты күні бұрқ-сарқ етіп,
Көзінен сонда бір кез от жарқ етіп,
Саңқ етер ақ мылтықтай өзі атылған
Әлдекім абайсызда оқтап кетіп.

Әйтпесе үнсіз аспан тас тұңғиық,
Жатса да жер төсіне жасын құйып,
Жұмбақ көк, тәкаппар көк өмірінде
Демеді «табынармын басымды иіп».

Ай тарихынан

Осынау тұңғиықтың алыстағы
Түбінде жарқыраған алып шамы,
Не айна сынбайтын да бүлінбейтін,
Баспаған сонша ғасыр, тарих шаңы.

Келеміз ай деп атап оның атын,
Күннен соң бар тіршілік соны ұғатын.
Жер-ана сіңлісі, серігі сол
Кең аспан кеудесінде жолығатын.

Әйтсе де олар сірә жолықпаған,
Шақырған жер дауысын ол ұқпаған.
Сақау ай сахарасында заңғар көктің
Бейтарап құр жымиып, шалықтаған.

Көп заман құрығандай Жер амалы,
Тек қана ғалымдардың жорамалы
Жұбатып тұрды оның үлкен көңілін
«Бір күні — деген — адам соны алады!».

Жер толғанды

«Ол сұлу қадірімді бір күн білер!»
Соны айтып, ашу қайнап, сілкінді Жер.
Қызарып шыға келді бір жақ беті,
Дегендей: «Саған тиер сілтімді көр!».

Сенің - ақ жасың кіші, зілің өтті,
Сен ғана билегендей күллі көкті,
Арқама босқа салып жүрмін бе мен,
Туғызып адам деген Құдіретті?!

Ал, кәне бақытты адам елі қайда?
Тіл қаттым, саған ғана сеніп, айға!
Қидым мен ез денемнің бір бөлшегін
Ат көздеп, ай тесіне желі байла!

Шырқатып даңқымды бір шығарып көр,
Тартайын, айдан шалып, бұғалық бер,
Сан ғасыр үндемейтін, мен не жаздым
Тез жетіп, маған содан сыр алып кел!

Дегенде жүйткіп жұлдыз атылды тік,
Ғажайып бір жылдамдық қарқын бітіп
Созылды күміс арқан айға тура,
Жібермей ми жаңылыс, ақыл мүлтік.

Жүйткіді, жүйткіп жұлдыз емес тоқтар,
Жаралған денесінде ерекше от бар,
Үңілді жердің мың сан түкпірінен
Бір соған шаңырақ көз телескоптар.

Барады ол, барған сайын кетеді ағып,
«Япырым-ай, мынау соған жетер анық!»
Деп әлем аузын жиып болған да жоқ,
Топ етіп түсті айға жеке барып.

Ай кербез күші келсе не қылмасын,
Көтеріп көктен толғап алды басын,
Іздеген аспан кезіп, аласұрып,
Алқасы бүгін ғана табылғасын,

Талайдан енді тауып тыныс - тағат
Ай ару күлді қатты дыбыстап-ақ.
Бейне бір көк көлемі кең дастарқан
Үстінде сыңғыраған күміс табақ.

Ол өзі сол күлкіден ұялғандай,
Ғайыптан үн шығарып, тіл алғандай
«Не болды-ау осы маған» — деп қарады,
Шіркін-ай, ай мінезі ұяң қандай!

Тағы да өзін-өзі сынап күлді
Үні де енді бұған ұнап тұрды.
Сол кезде ернін тістеп, дір ете қап,
Жерменен жалғанарын бір-ақ білді...

Жер

Ә, Бикеш, сен де мына кең мекенде
Тілдесіп келер болдың теңбе - теңге,
Қаншама бұртисаң да, тілің тістеп,
Қанаттас қарындастан мен кетем бе!

Келіп ең баяғыдан енші даулап,
Күндіз сен қаша қонып, көшіп аулақ,
Түндерде бір орында жата алмадың,
Булы аспан төсегінде тершіп аунап.

Сондағы жалғыз дауың — баяғы алқаң,
Сол шолақ мінезіңе қалам аң-таң,
Сен үшін күндейтұғын себеп болды
Жүзімді алқызылға бояған таң.

Ал аттым, білегімді сермеп қалып,
Өз апам — жанашырым — Жер деп танып,
Қабыл ал саған берген жұлдызымды,
Сыйладым оны өзіңе жүр — деп тағып,

Сыйлады мендегі бір дана халық,
Сол мені жақсы күнге барады алып,
Есімін оқы соның жұлдызыңнан
Абайлап кеудеңе бір қарап алып.

Сұлу Ай, тәкаппар Ай тыңдады ұйып,
Шығып ап Заңғар аспан — шыңға биік.
Жарқырап ақ маңдайы айна көкте
Әлі де үндер емес, құр жымиып.

Тек қана қызықтайды олжасын қыз,
Жасырып қуаныштан көз жасын қыз.
Айқасып алтын кірпік бірте-бірте,
Шалқалап ойға шомды аздасын қыз.

Есіне өткен өмір бәрі түсті,
Жатқандай ұйқылы-ояу көріп түсті.
Барады керемет күш кернеп бойын
Әйтсе де үндер емес жарып тісті.

Әлгінде естіді алғаш жер дауысын,
Деді - ау ол: мен күштімін — сен тәуірсің.
«Шынымен» үндемеске төзім қалмай,
Басыма төнгені ме енді ауыр сын?!

Жоқ менің үндемеуім — қасиетім,
Келмейді оны аяққа басып өткім.
Әлі де еркелеуге еркім әзір,
Кенжесі мен емес пе осы көктің!

Бергені бір-ақ жұлдыз — жалғыз алқа,
Болғанда маңдайдағы маңғаз апа, —
Мен оған үндерім жоқ, алғыс айтып,
Қайтемін, қайтып алсын болса қапа!»

Деп ойлап, елегзімей еркін жатты,
Серідей серпілмейтін серті қатты.
Күркіреп ала бұлттың ар жағынан
Тағы да мықты туыс — жер тіл қатты.

Жер — бізге:

Қап, мына асқақ сұлу салды - ау бүлік,
Қалмақ қой үнсіз мені олжа қылып,
Қайдасың жомарт халық, атшы тағы,
Көрмесін ой мүдіріп, қол жаңылып.

Бұл жолы ту сыртынан шықсын барып,
Арқасын бір көрсетпей тылсым бағып,
Несі бар жалғыз жақпен аунайтұғын,
Біл соны, мендегі бар білсін халық!

Ол, бәлкім бұрымына шолпы іздеген,
Қоймайды дәметуін ол қыз менен.
Болсын - ақ тілегі оның, жібер кәне,
Ойнасын мен ұсынған жұлдызбенен.

Бірақ ол ауыр соғар бұрымына,
Күмәнмін ұзақ ұстап тұруына,
Қарап ол алдарқатып арғы бетін,
Мәлім бон қалсын жұмбақ сыры мына!

* * *
Тағы да бір күміс жол тартты көкке
Иегін телескоптар артты көкке,
Адамзат арманының ақ жұлдызы,

Аңырмай, анық жүйткіп ақты көкте.

Жер — айға:

Ал, әне, қалағаның, тағы бердім,
Жөнелткен бұл да сыйы алып елдің.
Тек соны ұстай алсаң — жарағаның,
Көбірек салмағымды салып едім.

Алмайды ол ту сыртыңнан шықпай тыным,
Жеткізер өз елінің жықпай туын
Аркаңнан өткір көзін қадағанда,
Көрейін тілінді енді шықпайтұғын.

Ай келе жатыр...

Бұл кезде алыс аспан шеңберінде
Түймедей бұлт жоқ еді емге мүлде.
Тып-тыныш, алқаракөк әлем жүзі
Қанатын қағып тынды жел де міне!

Жарқ етіп шыға келді жарық жұлдыз,
Ол дағы көк еркесі — ару бір қыз.
Оятты ол тұрды да бар жұлдызды,
Ұйықтатып тастағандай бәрін күндіз.

Топырлап көктің ерке балалары,
Жамырап жатыр шығып жаңа бәрі,
Тізілді көген көздер құс жолына
Бір ғажап тамашаға қарағалы.

Сол сәтте, қас пен көздің арасында,
Осынау көктің алып шарасына,
Жатқандай біреу сүтті созып құйып,
Қайтсем де толтырам — деп қанасына.

Ақ сәуле керіп кетті көк маңдайын.
Өзі де шомылуға жатқан дайын,
Қарсы алды көп жұлдыздар көзі тұнып,
Әлемнің әйгілі ару— аппақ Айын.

Шықты ол күндегіден ерек бүгін,
Баса алмай жүрегінің өрекпуін,
Дірілдеп Тас төбеде тұра қалды,
Жүгірген әрең билеп өз екпінін.

Соңынан келді жұлдыз қалмай еріп,
«Бұл қайдан, біз білмеген қандай Серік?»
Дегендей бүкіл жұлдыз қарап қапты,
Ай орнын ортасынан қамдай беріп.

Оларға сәлемдесіп Ай қарады,
Арылмай өзі тәтті ойдан әлі.
Ал анау Тосын жұлдыз тоқтамастан
Әлі де Айдың сыртын айналады...

Иеді Айға солар бәрі басын,
Кім білген Жұлдыздардың Кәрі - Жасын.
О, ғажап, бәрін соның таңдандырып
Ай шешіп алды беттен шадырасын!

Толғанып, сәл теңселіп кетті де өзі,
Албыртқан бұрын мұндай жоқ мінезі,
Сонымды ұғып өзің, кеш! — дегендей
Бір шолып әлем жүзін өтті көзі.

«Жұмғанмын сонша ернімді неге қатты?!»
Деген ой көңіліне төне қапты.
Аздан соң алтын ерін сәл ашылып,
Күмбірлеп Құдіретті Үн келе жатты.

Ай — тіл қатты

Мен де бір шығардым ба азат Үнді,
Па, шіркін ауа қандай таза түнгі!
Жер! Жер! Жер! Мен сөйледім:
Есті кәне, Ашылмас Ай аузынан өз атыңды!

Кеш менен ұзақ өкпе, ұзын кекті,
Сенімен егесуге жүзім жетті.
Жеңілдім құшағыңды аш, Үлкендік ет,
Алыстан алқамды алып, қызың кепті.

Білдім мен, рас екен туыстығың!
Бағалап көрген оның кім ыстығын!
Бір сенің ықласың, назарыңмен
Өзіме қайта бітті дыбыс - Үнім!

Лұқсат, түсір мені сүгіретіңе!
Ежелден ынтық едің бір бетіме,
Жасырар енді сырым қалмас менің,
Мен көндім, сен баса бер құдіретіңе!

Білмеген Қадіріңді мен кінәлі,
Сендегі сол ғажайып елдің әлі
Жетіпті қол созуға маған еркін,
Егеспен, сертім осы — ендігәрі.

Бағынбай қалар дейсің қайсы әлемің,
Адамзат бұдан да әлі жайса өнерін.
КСРО — деген жазу кеудемде тұр,
Сол елге жеткізе гөр Ай сәлемін!

Келмейді көп сөйлеуге ернім епке,
Жан апа, жалғыз туыс, — мені сөкпе.
«Жер! Жер! Жер!» — деді дағы үш қайталап,
Ай сұлу аунап түсті көкжиекке!

...Сөйтіп Ай алып Жердің көнді ырқына,
Бергенде әлгі ғажап мол күй тына,
Арманын көзі көріп, құлағы естіп,
Жер дағы Ұлы рахат шомды ұйқыға.

Түнде Айға сөз сөйлеуге кезек берген
Күн міне бірге оянды өжет Жермен.
Өзінің жұмбақ бетін бізге тосып,
Ай қарап тұрды бүгін газеттерден.

1-8 қараша, 1959 жыл

ҚАРАҒАНДЫ ЖЫРЛАРЫНАН

ҚАРАҒАНДЫНЫ КӨРГЕНДЕ

Атыңмен арбаушы едің бар адамды,
Қадірлі, қасиетті Қарағанды,
Мен ыстық құшағыңа кеттім сүңгіп,
Өзің де ана екенсің балажанды!

Жап-жарық, жалпақ отың самаладай,
Кім шыдар құдіретіңді шамаламай,
Көзімен көктің жүзін жарқыратып,
Жүзеді жер бетінде қала қалай!

Келдім де көңіл аштым, көмір бастым,
Өңінен артық екен өңің жастың,
Арындап астында да, үстінде де
Аялсыз жатыр тулап өмір - тасқын.

Қаз-қатар қара таулар түтін атқан,
Аспанға ащы буын бұрқыратқан.
Сезем мен жұмысшының алақанын
Жүрегін жер-ананың жылытып жатқан!

Таң қандай шолақ түнді асықтырған,
Күн шығар күлім қағып асып қырдан.
Төбеңнен жомартсынып қарайды аспан,
Жұлдызын омырауыңа шашып тынған.

Күн дереу көкжиектен шыға қашып,
Кетеді қойынына араласып.
Шахтер күн, жұмысшы күн қарапайым
Қақпасын дәулетіңнің алады ашып.

Бұл жерде жұмысшы өзі табиғаттың,
Осында шахтер болған тұңғыш қарттың
Кепкен жоқ маңдайынан ащы тері,
Бәрі де соған орай тұрмыс-салттың.

Бар десең, бұл қалада өз үлесім,
Еңбектің ақтар, досым, шежіресін.
Мойныңа бір жауапты міндет артып,
Өзіңді тәртіптірек сезінесің.

Шыққанда көшесіне шалқып арман,
Бейне бір сырласуға шақырған жан,
Көп қарап, көңіл қалап, көз алмайсың,
Қасыңнан етіп жатқан батырлардан.

Сүйем мен қасиетті Қарағандым,
Сүйері сен болған соң бар адамның!
Сен тосып қазынаңды тұрған шақта,
Еңбегін бір өзіңнен аяған кім?

Сен — жомарт, менің сенен сұрарым көп,
Жүк артсаң — еркің, мені сынайын — деп,
Жалғадым мың отыңа бір отымды
Сенімен мәңгі жанып тұрайын! — деп.

ШАХТА АСТЫНДА

(Өлең - очерк)

№37 шахтаның
ұжымына арнаймын.

Автор

1

— Көрмедік оның бос күнін,

Жүз келіп мұнда, жүз кетпек.
Десе де шахта бастығын
Жолықтық, бүгін іздеп кеп.
Қасында неше аппарат,

Жағалай тетік қоршаған.
Жымия бізге бір қарап,
Апарды қолын ол соған.
Дуылдап сонда үн келді,

Адамдар даусы сампылдап.
Толтырып үйді жіберді
Қайнаған өмір, қарқындап.
Кезектеп шыққан мың дауыс,

Шартылдап жатқан шарболат,
Тұрғандай сонау жерде алыс,
Ысқырып құйын, қар борап...
Біз сұрамай, ол айтпай,

Түсіндік «түстік» дегенге.
Бейне бір қара болаттай,
Төгіле бердік төменге.

2

Жаңағы сәнді киінген
Оқшау бір топтан із қалмай,
Біз тұрмыз тастай түйілген,
Бұйрықты күтіп қозғалмай.

Талайдың жазық маңдайын
Көміп тұр темір дулыға.
Демейсің киім таңдайын,
Сыймады әлде сыйды ма,

Дәл қазір онда жұмыс жоқ,
Елемес көңіл бұл жайды.
Төбеңде жанып жұлдыз шоқ,
Денеңде қаның тулайды...

3

Биікке талай ұшсаң да,
Төменге қарай кім ұшқан?
Қорықпа, жұрттан ұстанба,
Аманжол досым, тыныштан.

Ғажап қой мына зымырау,
Білмейсің жердің шамасын,
Жан-жағың тастай шыңырау
Сен ағып кетіп барасың.

Сонау бір қара аспаннан
Тобымен аққан жұлдыздай.
Есікті әне ашты алдан,
Суық жел есті бір мұздай...

4

Бейне бір ұзын найзағай
Қараңғы көкті қақ тілген,
Әлде бір күміс найзадай
Шақылдап тасқа шақ кірген,

Келеміз жүріп, тез басып,
Созыла жатқан штрек.
Үңгірден үңгір жалғасып,
Соғады жел де күштірек.

Мыңдаған шойын рельс —
Уықтай шебер иілген.
Қалайша жеткен жігер, күш!
Тұр бәрі тіреп бүйірден.

Сүйсіне бастық мақтайды,
Өзі өскен осы өмірден.
Әбекең ептеп аттайды
Табанда жатқан көмірден.

Келеді айтып қалдырмай,
Сөзге де шебер сол бастық.
Аяғын жұрттың талдырмай
Кетеді кейде тез басып.

Үлкенге жасы ол ерке,
Қояды жеңіл әзілдеп, —
Ойлаңыз, — дейді, — Әбеке,
Паркте жүрмін қазір, — деп.

Барады үңгір тарылып
Еңкею болды бір машық.
Қалмайды жолдан жаңылып,
Алдыңғы жақта жүр бастық.

Бетіңді алсаң сәл бұрып,
Сүзісер бастар дүрсілдеп.
Әбекең алар күлдіріп:
«Ешкі боп кеткенбісің», — деп.

Қиын да қиын сан кезең,
Еңкею, бұғу, бауырлау.
Осы тұс артта Әбекең,
Болды ма, бәлкім, ауырлау.

Бүгіліп талай мойындар,
Желкелер қалды сіресіп,
Баған да баған, шойындар
Тұр алда иін тіресіп.

Жасы да бұға, шал бұға,
Кейсіміз қорқып қылпылдап,
Жеттік-ау ақыр лаваға,
Күйелі көздер жылтылдап.

5

Оттарға оттар қосылды,
Адам да емес онша көп.
Сәлемдік сөздер шашылды,
Қол алып жатар мұрша жоқ.

Толтырып ауыз атаған
Комбайн қайда? — деп қалдық,
Жатыр бір дене жатаған,
Секілді шойын көк сандық.

Иесі бұйрық беру мұң,
Жөнелді дейсің арқырап,
Қабырға тұтас көмірдің
Сөгілді жоны қақырап.

Қуыстың ішін шаң басты,
Кемірдің шаңы - құрым шаң,
Жұрт тіреуге жармасты,
Жер табылмас тығылсаң.

Ғажап - ау үнсіз арпалыс,
Ағарып шашың кеткендей.
Жасасаң минут қалтарыс,
Төбеңнен көмір шөккендей.

Тіреуді шапшаң шап етіп,
Қалады қойып үлгеріп.
Сом болат балға шаңқ етіп,
Сылқ етер ісін тындырып.

Комбайн тісі қаршылдап,
Ұшқындап оты көк болат,
Күртілдеп көмей жаншып-ақ,
Атады көмір ноқталап.

Ұп-ұзын астау тұр жүйткіп,
Шыңылдап күрек тынбайды.
Шықпайды ерлер үні түк,
Қимылың құлақ тыңдайды.

Қаласың қатып сен де бір,
Тамырда қаның құлшынып.
Жаныңды баурап ер өмір,
Осынау ғажап тіршілік...

6

Отырмыз жердің бетінде,
Отырмыз жаңа тыныстап...
Бұдан соң енді еркінде
Шылым да шегу дұрыстап.

Құрыстап қалған денеңді
Құлшына билеп, жазасың.
Жуындың, шықтың сен енді
Баяғы күйің, тазасың.

Әйтсе де әлгі шулы өмір
Алыстап асыл армандай,
Болады сезім сенде бір
Құлазып жалғыз қалғандай.

Алайда жанды жұбатып,
Көңілде күдік, кір қалмай,
Талайдан ауыр жүк артып,
Құтылып содан тұрғандай,

Қаласың сергіп, жеңілдеп,
Кеңесіп енді шахтермен,
«Атың кім сенің, ерім?» — деп,
Бересің орын дәптерден.

Содан соң ыстық қанменен,
Үмітті күнге артасың.
Шахтерлік стаканменен
Шалқая тұрып тартасың.

ЖЫЛДАР ЖҮЗДЕСКЕНДЕ

І. Шолу

Түн болды міне, қара аспан
Жұлдызын жақты төбеден,
Төңірек аппақ, қар басқан
Жаздағы шырша, көк емен,

Басына киіп ақ бөрік,
Боз шапаны жарасқан.
Қанаты кекте дір қақпай,
Ауада жырлар жыр таппай,

Қыраулы қақпа түбінде
Шоқаңдайды сауысқан.
Ауыздан шыққан ақ буды
Сорады аспан көмейі,

Қыдыртқан төсте аққуды,
Жаздағы жоқ мерейі.
Аяздың тілін алам, — деп,
Көңілі кектің жалықты,

Өзі де көзін қар басқан
Терезеге ұқсап қалыпты.
Ал бірақ мейірлі анамыз, —
Жер суыр емес ешқашан,

От жағып, көкке қараймыз,
Үйде де шам, тыста шам.
Қыста да болат балқытып,
Зауыттың үсті ақ жалын,

Соқса да боран — ақ мылтық,
Сұқса да мұздай қанжарын,
Бәрі де еріп, су болып,
Сусынын зауыт қандырған,

Аязға үкім айтқандай
Гудогі кекте жаңғырған.
Әйтсе де боран дәмелі
Әлі де қырда малшыдан,

Әйгілі елші әлегі —
Соғады желі қарсыдан.
Боран бір долы ақ қаншық,
Бауыры толы көп күшік.

Іңірде бейбіт жатқансып,
Кеудесін кенет кек қысып,
Шабынып ұлып күшіктер.
Жолаушы болса аңдиды,

Дегендей «алға түсіп көр!»
Қорасы мықты қой жатыр,
Ұлыса боран — бүлк етпей.
Жер қабады аш қасқыр,

Қарауыл кезі мүлт кетпей.
Жеті түн боран ұйтқыса,
Жылқысы желге ықпаған,
Айында бір-ақ ұйықтаса,

Атынан дауыл жықпаған,
Боранмен жеке сөйлескен,
Аптада жалғыз бел шешкен,
Аязда туып, желде өскен

Жылқышы деген мықты адам.
Құрбанын таппай ол солай.
Ақ боран кезді даланы.
Өкпесі соғып, тыншымай,

Зарлы бір әнге салады.
Өрісі оның тарылған,
Жүретін жолын жаңылған,
«Жүйткірмін» деген жерінде

Қалалар тұр салынған.
Шұлғып қарлы ақ басын,
Білгеннен соң батпасын,
Ыңырсып кеп сүзеді

Әр үйдің бір қақпасын.
...Осылай еді қыс бабы,
Осынау мезгіл тұстағы,
Жаңа жыл — жарқын жас жігіт.

Ескі жыл қолын ұстады.
Айтары бардай Ескі жыл,
Отыруға орын нұсқады.
Жағасын серпіп ішіктің,

Қамшысын ерге қыстырды:
Ескі жыл:
Кетуге аздап кешіктім
Айтуға саған бір сырды,

Талай жылдар өтіпті менен бұрын,
Жолға шықтым оралмас мен де бүгін.
Бірталайын кетпекпін саған айтып,
Өткен өмір, істеген еңбегімнің.

Жасын кіші, мен саған бермен есеп,
Мен — өткен қарт болғанда, сен — келешек
Өткен тарих істерін қарттан сұрап,
Отырмай ма жас өркен, кейде інішек?!

Сол дағдымен сен тыңда бұл кеңесті,
Өз тұсымда болған жоқ күн көмескі,
Әр күнімнің жемісін татып адам,
Менің жүрген жолыма гүлдер өсті.

Сөзіме сен, алаңсыз тыңда, бала,
Тыңдамаса кеңесте күн бола ма,
Социализм елінен сөз бастаймын,
Миллиард астық бітірген тың далаға.

Таныстырып жатпаймын саған оны,
Кеудесінен тараған заман үні,
Басталады осы елден, алып елден
Бар әлемнің қуаныш - жаңалығы.

Әрбір жылдың абырой, бақ таланын,
Сол ашады, сол үшін мақтанамын.
Алып елдің істеген алып ісі,
Саған айтпақ сыр етіп сақтағаным.

Жоспары бар бұл елдің енді тыңда,
Біздей - біздей жасаған жеті жылға,
Ақсақалың бәріңнің өзім болып,
Бірінші рет отырдым мен тұғырда.

Мен бастадым, қол салып талай тыңға,
Ел ырысын, бақытын молайтуға.
Мақтанды — деп асығыс пікір түйме,
«Мен» дегенді хақым бар көп айтуға.

Жаңа жыл
Қарт сабырлы болғанмен, жас шыдамсыз,
Татпас менен ол ел де ащы дәм-тұз,
Мен де еңбегім сіңгелі келген жылмын,

Сырыңызды айтуға асығарсыз.
Ескі жыл
Мінезіңнің ыстығы - ай, қайран жастық.
Ол жастықпен біз біраз сайрандастық.

Таңдайыңды қаға бер, тамашалап,
Айға бардық біз ұшып, айдан да астық.
Жаңа жыл
Қалай дейсіз?

Айға бардық дейсіз бе?
Сенбеуіме болар ма екен мен сізге?!
Ескі жыл
Оны өзің біл.

Сену - сенбеу еркіңде,
Жазуды оқы.
Тұрған Айдың бетінде!
Оны айтасың,

Айдың сыртын айналып,
Бұрын-сонды көріп еді қай халық?!
Соны істеген
Сол алып ел — СССР,

Саған айтам дегенім де осы сыр.
Жаңа жыл
Ғажап екен,
Ғажап екен мына сыр!

Аспан жайлап тынбақ екен бұл ғасыр!
Ескі жыл
Айдың жұмбақ бетін көрдік біз енді,
Көрдік мұхит, кратерді, өзенді!

Москва — тау, қиял теңіз аттарын,
Жаттады әлем, мен де жақсы жаттадым.
«Жер бетінде мәңгі бейбіт күн болсын, —
Деген де осы ел, бейбітшілік шын досын

Таныды да, таста, — деді — қаруды,
Бұдан артық жанашыр жан кім болсын!
«Соғыс» деген сөз бар жерде тыныш жоқ,
«Жауым» деген сөз бар жерде туыс жоқ.

Көк семсерден соқ соқаның түренін,
Деп жар салды Ел басшысы — Хрущев.
Осы сөзге жігер жұмсап, серт етіп,
Батыл сөйлеп, қарап айтып бетке тік,

Ел тілегі, ең ақылды ұғымға
Алып келді ол Эйзенхауэрды — еңкейтіп.
Жаңа жыл
Уа, қуаныш!

Бұл керемет іс екен!
Бұл да адамның ақылының күші екен!
Адам! Адам! Туамыз біз сен үшін,
Көру үшін ақылыңның жемісін!

Ескі жыл
«Адам! Адам! Туамыз біз сен үшін,
Көру үшін ақылыңның жемісін!»
Жақсы айтылған!

Осы сөзді ту етіп,
Бізден бұрын кетті талай жыл өтіп.
Сөз жоқ оған — менен де сен жақсысың,
Тұр ғой тасып тұла бойда жас күшің.

Менен де сен биік аттап өрлейсің
Адамзаттың арманының басқышын.
Араларсың алып аспан денесін,
Марстан да хабар алып келерсің,

Атомыңнан сомдан соғып жасадым,
Ленин атты Мұзды мұхит кемесін.
Бұл да саған естілмеген жаңалық,
Кең даладан орын тепті сан алып.

Теміртауда бір керемет зауыттың
Жатыр шойын қабырғасы қаланып.
Жаңа жыл Жақсы ағаның сыйы неткен көп еді,
Сіздей ешкім сырын шерткен жоқ еді,

Ең үлкені жеті ағайын жігіттің
Іс істепті шексіз-шетсіз көлемі.
Сізге қарап, тұрмын болжап өзімді,
Болашаққа мол жіберсем көзімді,

Мен атқарар міндет деген зор екен,
Алдағының ісі үлгі де, сөзі үлгі.
Ескі жыл
Я, саған жатыр алда жетіп іс,

Ең үлкені — сүрсін өмір ел тыныш.
Ертегінің «жеті жұрты» жоғалған,
Біз боламыз жеті бақыт, жеті ырыс!
Жаңа жыл

Кеттіңіз - ау осы сөзді жақсы айтып,
Балқымасын мынау тілге тас қайтіп?!
Шын қызығып өзіңізге қарасын
Кеткен жылдар еш жаңалық ашпай түк.

Ескі жыл
Қадір білдің, сыр тыңдадың, жарадың,
Сен әлемге жаңа ғана қарадың,
Бар міндетті саған артып салмақпен,

Нығыз басып өзім кетіп барамын.
Тыныштықты, еркіндікті қамсыз ет,
Аспан жайла, жолың болсын, қарағым
Жаңа жыл

Жақсы ағаның жақсы тілек, қалауын
Жақсы орындау менің өмір талабым.
Ал кәнекей ұсын маған қолыңды.
Еттім қабыл эстафета жалауын!

Ескі жыл, Жаңа жыл
(Екеуі қосылып)
Адам! Адам! Біз туғанбыз сен үшін,
Көру үшін ақылыңның жемісін!

Өмір сүрмек әлем тыныш, Ел тыныш,
Біз боламыз жеті бақыт, жеті ырыс!!

ТАБРИДА ТАМАШАЛАРЫ

ҚЫРЫМ

Қырмызы Қырым, тау Қырым,
Қызығың неткен көп еді.
Жұпарға толы бауырын,
Қай жомарт күнде себеді?!

Табиғат ана қойнында,
Ерекше туған қай қызсың?!
Неге сен, әттең, көп емес,
Неге сен, әттең, жалғызсың?!

Атақты Қырым, бай Қырым,
Төбеңе сенің жақын күн.
Қалдың - ау алып сан жырын
Қызыққан саған ақынның.

Деуші едік мақтар сондайлық
Соншама құнды жер ме екен.
Денсаулық деген зор байлық
Түп-түгел өзі сенде екен.

Толы бір тарих әр тасың
Оқимын оймен, жүгінем.
Сиқырмен ғажап тартасың
Кісіні жердің түбінен.

Мен сайрандап сауықтым,
Сен кідірмей бар, жолдас!
Қырымы бар халықтың
Дені қалай сау болмас!

ҚАРА ТЕҢІЗ

Асылған асау теңіз шыңға басы,
Жағаңа келді міне қыр баласы.
Басынды тасты сүзген бір көтеріп,
Қаракөк жанарыңмен бір қарашы!

Не деген байтақ едің, алып ең сен,
Далама қалай ұқсап қалып ең сен,
Шіркін-ай балалығым қайта оралып,
Үстіңнен тайға мініп шауып өтсем.

Дедім мен, кешір еркін қиялымды,
Кеудемнен сені көріп күй ағылды.
Кей кезде далама да симаушы едім,
Білмедім саған қалай сиярымды.

Кемсітті деме мені даласынан,
Еркесің ерте күннен бақ асырған.
Желді күн желкем қиған толқынындай
Оның да бораны бар аласұрған.

Ұқсайсың, ұқсаман деп алма сенім,
Тентегім, текке өкпелеп, қалма, серім.
Сол үшін жаныма сен кеттің ұнап,
Ұқсайсың, ұлылығың сонда сенің.

Ал, кәне, толқыныңда аунат мені,
Алыстан тартып едің арбап мені.
Балықтай ұзыныңда үйіріліп,
Көрейін көлденеңнен жалдап сені.

Шарлайын бер жағыңды, ар жағыңды,
Сергітіп, бір сілкілеп ал жанымды.
Үйренген жіті қарап қыр ұлымын,
Кезімнен жасырып көр маржаныңды.

Ол әзіл, шыны екен деп ұқпа, теңіз,
Балаңмын, маңдайымнан сипа, теңіз
Елімнің мақтанышы — сенсің, білем,
Ауаңнан айналайын шипа — теңіз!

* * *
Көргің келсе теңізді
Желді күні жарға шық.
Табиғаттың егізі

Жер менен су арбасы.
Күңіренеді төңірек.
Дүние шуға батқандай.
Мың арыстан күркіреп

Айға шауып жатқандай.
Олар содан мертігіп,
Ұлығандай қан қақсап.
Қария теңіз ентігіп,

Шегінеді зәр тастап.
Қайта келіп ұрғанда
Жердің жағы жаңғырған.
Жұрт суланар бұл маңда

Бұлтсыз жауған жаңбырдан.
Сөйтсе де осы жойқынның
Көрінісі тым қызық.
Ар жағынан толқынның

Келе жатар күн жүзіп.
Ол бір алтын кемедей
Келе жатқан бітімге.
Тынар асау телегей

Қақалғандай түтінге.
Бәрі жым-жырт әлгі өңір,
Күн шығады қақ жарып.
Басталады бал көңіл,

Дүние тыныш жап-жарық.

ТЕҢІЗДЕГІ КЕШ

Қара торғын түн еді,
Біз кемеге мінгенде.
Жар шашының жібегі
Мөлдір еді түннен де.

Палубада көп адам,
Палубада екеуміз.
Ұзай бердік жағадан,
Тербей берді көк теңіз.

Теңіз де бір момақан
Қалғып жатқан шақ еді.
Болды лезде бұл талқан,
Неткен сергек, сақ еді.

Жал-жал толқын жапырлап,
Мінбек болды кемеге.
Теңіз көзі жалтылдап,
Зәр шашады денеге.

Жарымды үрей қамаған
Тау толқындар соқса үдеп.
Ұқтырамын мен оған
«Теңіз көркі — осы!» деп.

«Сәулем - айға» шырқадық,
Қарт көңілін жұбатып.
Басылды сәл бұрқанып,
Қалды ма екен ұнатып.

Кетпес естен ғажап түн,
«Сәулем - айға» қосылған.
Әнін тыңдап қазақтың
Долы теңіз басылған.

ШАТЫРТАУ

Шатыртау, көрінесің көзге қандай!
Көп уақыт кірпігімді қозғай алмай,
Қарадым аңтарылып, сәл шегініп,
Алдымнан бір биік от маздағандай.

Шынында сен бір алып шатырдайсың,
Сұстысың, қасыңа ешкім шақырмайсың.
Бұлтсың ба тас нөсерден қалып қойған,
Бұлт болсаң, енді қашан шатырлайсың?

Аспанның жазығына жалғыз шығып,
Қарайсың қабағыңа қар қыстырып.
Төменде күмбір қағып теңіз жатыр,
Толқыны тас кеміріп, жарда ышқынып.

Сен болсаң, тәкаппарсың, біртүрлісің,
Жатырсың өзге таудың құртып мысын.
Бойында білгізбеген не күшің бар,
Жоқ жай бір көз арбаған сиқырмысың.

Дегенше сағым жұтқан бұлдыр алап
Үстінен қыран ұшты мұзды балақ.
Өңірін өзге таудың сипап өтіп,
Төбеңе бара жатты күн домалап.

Шалқайып жата бердің, өзің кел — деп,
Сұлудай жас жігітке сөзін бермек,
Күн ерке құлай берді, құлай берді
Бар кінә, ыстық мінез өзімнен — деп.

Шашылған омырауыңа саф күмістей
Күн дәті шыдамады қатты түспей.
Әлдене сыңғыр еткен секілденді...
Мен сенен құдірет тауып қайттым іштей.

«ҚАРЛЫҒАШ ҰЯСЫ»

Осылай деп атаған
Шың үстінде тұр сарай.
Сонда нұрын сақтаған
Таңнан тұңғыш туса арай.

Оның жиһаз, жасауы
Ақ жібегі аспанның.
Табиғаттың асауы —
Сөзін ұқпас басқаның.

Шыңға қалай шықты екен,
Шырқап барған шебер кім?
Кім де болса мықты екен
Сол баласы өнердің!

Нажағай да, түн келсе
Жарық қылар сол үйді,
Топ-топ жұлдыз үйге енсе,
Ай есігін қориды.

ҒАЖАЙЫП БАҚ

(Қырымдағы ботаника бағы)
Осында бәрі жиылған
Әлемдегі ағаш әулеті.
Әкелген не бір қиырдан

Анамыз жердің дәулеті.
Өрнегін оның оюлап,
Қайталап шықпас еш шебер.
Осындай әсем қою бақ

Бәрінде жердің өссе егер, —
Деген бір іште тәтті арман
Кетеді соны көргенде
Қия алмай кісі аттанған

Қарайлап ылғи сол жерге.
Бірінің атын атасаң,
Соқпайсың қалай біріне.
Бәрін де атап ешқашан

Үлгірмес кісі тіріде.
Қара да қара тағы да,
Қара да іштей тыншы құр.
Маңдайда көзің барына

Етесің сонда мың шүкір.
Бәрі де достық қойнында,
Жарастық неткен мұнша көп.
Оралар тілек ойыңа

Адамзат солай тұрса деп!

КИПАРИС

Ертеде ескі грек заманында,
Көктегі кеп құдайдың аманында,
Болыпты патшаның бір жалғыз ұлы
От байлап, аң ататын садағына.

Жез тұяқ жер баспаған қыр жүйрігі,
Бар екен асыранды бір киігі,
Жандының сұлуы екен сол жануар
Әлемнің айнасындай көз қиығы.

Өлердей сүйеді екен бала мерген,
Ажалға амал қайсы ала келген,
Танымай өз киігін атып қалып,
Аңырап айдалада қала берген.

Сормаңдай қызығынан тірі айырылған,
Жылаумен ада болған шырай - нұрдан,
Тілепті жалғыз тілек жалбарынып,
Қайғының, қасіреттің құдайынан.

«Ендігі бар ғұмырым қаңғып өтпек.
Ол киік тірі жүрсем зарды үдетпек.
Болайын сол жануардың ескерткіші,
Ағаш қыл тұратұғын мәңгі көктеп!»

Тілекті періштелер қабыл еткен
Өзі ағаш көкке ұшып жаны кеткен.
Гректер «қасіреттің ағашы» атап,
Құрметті бейіттердің жанына еккен.

«Кипарис» есімі екен сол баланың,
Одан соң етіпті жыл ондаған мың.
Ауада аз қозғалыс етсе болды
Сұлудай көресің бой толғағанын.

Ол оның нәзіктігі сонша боймен,
Көп жайға әкетеді шолсаң оймен
Адамның өмірі сондай ұзақ көктеп,
Адамның жаны сондай болса ғой кең!

ЯЛТАДАҒЫ БІР ШЫНАР

А. П. Чеховқа
Ялтада бар бір шынар,
Серік еткен тау, күнді.
Көңіл көкке құлшынар

Көргенде сол зәулімді.
Сом денесі созылып,
Бұтағының өзі нық
Бұлтқа барып шаншылған.

Осы жерде көк бойлап,
Осы нұрға шомылып,
Тұрдың сен де көпті ойлап,
Бар Русьқа көрініп.

Мүмкін шынар мол шығар,
Елдер баптап өсірген,
Жақсы-ау бірақ, сол шынар
Өзіңді еске түсірген!

«АЛТЫН БЕСІК» кітабынан

1969 ЖЫЛ

ТУҒАН ЖЕРГЕ АРНАП

Туған жер — алтын бесік, асыл анам,
Ауаңмен, ақ сүтіңмен асыраған,
Мен - дағы ұлың едім өзің тектес,
Алысқа несібесі шашыраған.

Қырық жыл жер басқалы көріп жарық,
Маған да өзгелердей өмір дарып,
Көк дауыл, қара нөсер, ақ нажағай
Үйрендім алма-кезек бөліп алып.

Шашымда жалтылдаған күміс шыбық,
Азапты рахатпен туыстырып,
Алысқан өмірімнің жазуындай,
Дос күндер қас күндерді қуып шығып.

Мен соның бәрінде де саған сеніп,
Әлі де келем жүйткіп сапар шегіп,
Құшақтап жатам сені, қалғанда да
Айым мен Аппақ күнім қатар сөніп.

Сен деген, саған деген мол қазынам —
Жүрегім, сан ізденіп, сан қазылам,
Ақтық кен, ақырғы сый болса сонда,
Сенікі — ол. Сол еркелік, сол базынам!

Мен шығар бірден артық, бірден кейін,
Бар шығар жетіп жүрген бір деңгейім,
Алдында еңбегіммен күнде ағарып,
Ақ сөйлеп, адал күліп жүргендеймін.

Жанымның осы күйін саған деген,
Әр таңда бір тексерем санамменен,
Содан соң жегілемін қызметіңе
Жаңғырып барлық өлең, бар әнменен.

Туған жер, маған таныс бар алабың,
Алаңсыз аңсадым да араладым.
Қатесіз түсіре алсам суретіңді
Арман не, ал үңіл де қара, бәрін!

Әр өлкем тым болмаса атыңды тап,
Әр шоқың мәртебелі алтын бір тақ,
Солардың соңғысында тамам болды
Осынау сапар кітап, ақын кітап!

ТУҒАН ЖЕР - АЛТЫН БЕСІК

Атқан таң, арайлы күн, аманбысың?
Самғайды сахарадан саған құсым.
Қымыздай тәтті тірлік, көрмек тірлік,
Сүйем мен сені осынау далам үшін.

Боз дала, бозша торғай, бозғыл жусан,
Көремін көңілімде көзім жұмсам.
Сен маған дүйім қазына, дүние сарай
Барым мен бақытым сол — өзің болсаң.

Жармасып, жанталасып мінбен атқа,
Жаяулап және қор боп жүрмен артта,
Жаныма өзің берген жас қанатпен
Жетермін мың бір арман, жүз мұратқа.

* * *
Төгілді күннің шуағы
Төңірек алтын зер кілем.
Кеппеген жердің буы әлі

Өбіседі аппақ желменен.
Ауады бұлттар асығыс,
Ауаның балқып күшіне.
Айқай да, шіркін, жас иіс

Арман боп кірер ішіне!
Апырым-ау, сол бір сәт қандай,
Қасыңа келер сырғып күн!
Таңдайың жаңа татқандай

Алғашқы дәмін тірліктің!
Өмірдің сол-ау бар мәні, —
Қия алмай кеткен небір ер.
Сонау бір соңғы дәм - дағы

Алғашқы дәмдей көрінер.
Арман - ай атты қыз еді ол,
Емес ем онда тап мұндай.
Түсімде күнде жүзеді ол

Алаңдап жүрген аққудай.
Түстер - ай, неткен дүние ең,
Ұйқыда жатып ой алаң.
Саусағым созған күйімде

Сағыныса, шаршап оянам.
Арман - ай атты қыз еді ол,
Жүрегі күннен түскендей.
Келетін мені іздеп ол

Жалғанда жаннан сескенбей.
Өңімде өлең жазып мен,
Түсімде көрем құс Аққу.
Үркітпес оны жан біткен,

Жаманат, өсек, ұсақ шу.
Шабытым менің, жүз қонып
Жүз рет жуған сел күшім,
Арман - ай атты қыз болып,

Айырылмай жүрген сенбісің?
* * *
Туған жер, ақ туырлық, алтын аңғар
Өзінде менен қалған жарты жан бар.

Мен соны не ала алмай, не қоя алмай
Өтермін сүйкімді дау, айтып жанжал.
Құба бел, құла жота, құмың сағыз,
Бала күн бізге айтып ең бірінші аңыз,

Табанға ақ түкірік, құлық жағып,
Шабушы ек шаңқай түсте құлынша біз.
Ат мініп, сүйретуші ек емен құрық,
Етеді есер көңіл неден күдік?

Гулеген ат желімен, ақ самалмен
Кеудеме кеткен екен өлең кірін.
Жыр жазбан салтанатқа думан құрып,
Не даңқ, не мәртебе қуман жүріп.

Жазамын жүгірісті аңсағанда
Алуға айызымды бір қандырып.
Тарқатып көмей бұлтын тағы да әнмен,
Саңқылдап сахараны сағынам мен.

Көтермес көп тұруды ақ алмастай
Шаңқ етіп, өз-өзімнен шабылам мен.
Құба бел, құла жота, құмың сағыз,
Сен едің бізге үйреткен бірінші аңыз.

Бар болшы, қой демейтін қоңыр анам,
Бауырында шаба берсек құлынша біз.
* * *
Төменге көз жіберіп тұрсаң ойлап

Өзіңнің тірліктегі ісіңдей нақ:
Жүк алып алыс жолға құмырсқалар,
Сабырсыз көбелектер үстінде ойнап.
Томпаңдап қара қоңыз қимен әлек,

Жатады төмпешікке құрт үймелеп.
Шегіртке әр шөпке бір нәлет айтып,
Онысын биік жусан бүркемелеп.
Қайнайды тіршілікпен аядай жер,

Содан - ақ дүние заңын шамалай бер.
Асылсып, биіксініп, артықсынып,
Көбінше аяқ астын қарамайды ел.
Амал не қарамаумен көз ағарттық,

Сол ма еді көрегендік, азаматтық?!
Біріне мың баспалдақ бұл тірліктің
Мақсатсыз шығам деудің өзі ағаттық.
* * *

Әсет Тілеукеевке
Пойызда қымыз шайқалып
Өзендей сөйлеп, бүлкілдеп,
Даладай жырлап, қайтарып,

Жаңбырдай бетке сіркіреп.
Бұлақтай сылқ-сылқ күледі ол,
Құлындай даусы шырқырап,
Кеңсірік атып келеді ол

Жарықтық исі бұрқырап.
Серігім, досым секілді - ақ,
Жерімнің туған көзіндей,
Көмейге келген лықылдап

Көңілдің тәтті сөзіндей.
Аяулы бейне бір тілек,
Аялап жандай күттім мен,
Көзімнен жасым сіркіреп,

Көтеріп тұрып жұттым мен.
Қаныма кіріп қасиет,
Уылжып таңдай, тіл жатты.
«Туған жер шіркін — осы!» — деп,

Миымда біреу үн қатты.
Бала еді мың, қарадан біреу шыққан,
Ат керме, асау еді тіреу жыққан.
Көзіне көзі түссе көркі қашып,

Жабылар жамандайды кілең сырттан.
* * *
Көп тасты теңіз - өмір жағаға айдар,
Бәрін де асыл маржан болмақ ой бар.

Талайын мазақ үшін шығарғандай,
Қайта атып көк толқынға тағдыр ойнар.
* * *
Тәйірі - ай, бақыты жоқ күш деген не?

Ішкен не, тірлік уын ішпеген не?
Арыстан тақтан құлау таң болмайды,
Кей-кейде ит көптігін істегенде.
Күндізгі айдай бозарып,

Күттің бе мені, қалқашым?!
Сағыныш сені өзі алып,
Бермесе маған, не айтасың?
Күткенің жақсы, күткенің —

Шеккенде сапар сағыммен.
Жақсы емес өмір біткені
Күтіммен, сыймен, бағыммен.
Сау жолаушы жатар ма,

Ылғи күн бар жақтан күт!
«Ер шықсын да сапарға,
Жар тоссын!» — деп айтқан жұрт.
Кеудеге туған жердің нәрін жинап,

Жыр құйған ақындардың бәрі қымбат.
Солардың бірі өмірден кеткен сайын
Қалады қаным құрғап, тауым қирап.
Кең өлкем, сенің көркің жақсы-ақ шығар,

Солар ғой одан сайын мақтап шығар.
Солармен сен қымбатсың, сен асылсың
Өсірген өңшең өрім аппақ шынар.
Бір солар сені мұнша әулие еткен,

Шыға алмай қалғанында қалып өрттен,
Солардың, құлын даусы шырқыраған
Ажалдың апатынан алып өткен.
Тиме сен, сүй оларды, қорға оларды,

Баққанша басқа масыл қарғаларды,
Қолдағы бар тұйғынның қадірін біл,
Қорлама, қолтықта да қолда мәңгі!
Көпсінбе, солар қаптап кетсін мейлі,

Бәрі де сенің қолың жетсін — дейді.
Олардың ең байғұсы сен — деп өлер,
Көпсінбе, аспан кұсын көпсінбейді...
* * *

Көктемгі дала кеңдігі - ай,
Шабысы - ай аттың бұрқанып,
Жазылушы еді-ау жануар
Жалынан жасыл шық тамып.

Танадай көзден жас парлап,
анадай қырдан асқанда - ақ
Нажағай сынды сабазын
Ағатын еді-ау аспандап.

Жап-жарық әлем мәз болып,
құлақтан есіп жел - дауыл,
Топылдап түскен тұяққа
тосатын еді жер бауыр,

Жүрегің қоса жүйткиді
алғандай байлап қос қанат,
Бүркіттей ұрып кеудеңді
кетердей бейне тастап-ақ.

Пай-пай, пай, аттың тұяғы - ай,
секілді жердің тамыры,
Дүрсілдеп соққан сонда бір
Бардай - ау асау қан үні.

Әлде бір әсем ән бе екен,
ЬІрғағы шебер қиысқан,
Жүрегім содан өртеніп,
Он екі мүшем құрысқан?

Өмірім сондай кіл менің,
Өлеңім сондай кіл менің,
Ылғи бір шауып, немесе,
Шабысты аңсап жүргенім.

* * *
Жұпар дала көк толқынын
Тарғыл тауға сүйреген,
Қызығамын желді күнгі

Осы қимыл, күйге мен.
Әлі әдемі белдің үсті,
Сайдың іші самал - жай,
Әлі сүт шөп, бал балауса,

Күнге қурап күймеген.
Қос қарлығаш бері ұшады
Жасыл қияқ тістеген,
Қайран ана сол-ау дейсің

Көңілі жерге түспеген.
Бейбіт тірлік, қимас өмір
Бірге сөйлеп тұрғандай
Осынау бір қамқор - шаруа

Мейірбанды құспенен.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙