Баянғали Әлімжанов 14-том
Баянғали Әлімжанов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ақын, жазушы, драматург, жыршы, манасшы Баянғали Әлімжановтың бұдан бұрын (2015-2016ж.) он екі томдық шығармалар жинағы жарық көрген болатын. Оның сан қырлы еңбегі табиғи жалғасып, енді он алты томға айналып отыр. Шығармаларының он төртінші томына ақынның кейінгі жылдары жазылған, сан алуан тақырыпты қозғайтын, жанға шуақ құйып, ізгі сезімдерді оятатын мейірімді һәм қиянат, қысастыққа қарсылық тан
Баянғали
Әлімжанов
ШЫҒАРМАЛАРЫ
ХІV том
Мейірім шуағы
Өлеңдер, поэмалар
Нұр-Сұлтан 2019
ӘӨЖ 821.512/122
КБЖ 84 Қаз-44
Ә 55
Баянғали Әлімжанов. ШЫҒАРМАЛАРЫ. - Нұр-Сұлтан, 2019
ІSBN 978-601-302-125-6
Т.14: Мейірім шуағы – 2019. – 242 б.
ІSBN 978-601-7804-74-9
Ақын,
жазушы,
драматург,
жыршы,
манасшы
Баянғали
Әлімжановтың бұдан бұрын \ 2015-2016ж.\ он екі томдық шығармалар
жинағы жарық көрген болатын. Оның сан қырлы еңбегі табиғи
жалғасып, енді он алты томға айналып отыр. Шығармаларының он
төртінші томына ақынның кейінгі жылдары жазылған, сан алуан
тақырыпты қозғайтын, жанға шуақ құйып, ізгі сезімдерді оятатын
мейірімді һәм қиянат, қысастыққа қарсылық танытатын өршіл
рухты жаңа өлеңдері, поэмалары мен жыр-толғаулары, балаларға
базарлығы мен қысқа қайырым – қостаған, үштаған, төрттаған,
бестаған жырлары жинақталған. Ақынның жер-жаһан халықтарына
арналған тартымды өлеңдері қазіргі қазақ поэзиясының ғаламға
қанатын кең жайғанын айғақтай түседі.
ӘӨЖ 821.512/122
КБЖ 84 Қаз-44
ІSBN 978-601-7804-74-9
© Б. Әлімжанов, 2019
ӨЛЕҢДЕР
Мейірім шуағы 1. Ізгілікті іздеу.
Қай-қашанда,
Қатігездік,
Жауыздық көп жазылған,
Тексеріліп,
Тереңірек қазылған,
Ойлан, бірақ,
Тек сатқындық
Құрар болса салтанат,
Қалай ғана
Аман қалды
Барша адамзат азудан ?!
Тарих бар ма,
Жамандықты тізбеген?
Адам бірақ,
Мәңгі – бақи
Ізгілікті іздеген.
Жер бетінде болмаса егер,
Қайырым мен мейірім,
Хайуан болып
Кетер ме едік біз деген?!
Адам шіркін
Көктемде де,
Жазында да,
Күзде де,
Қақаған қыс,
Ызғырықта
Ізгілікті іздеген,
Қыл үстінде
Тұрғанда да тағдыры,
Ізгіліктен
Күдер, үміт үзбеген!
Болса дағы, адамзатта,
Мың салт, дәстүр,
Жүз ғұрып,
Көрсетсе де тоң қабақ пен
Мұз қылық,
Өзегі де,
Негізі де өмірдің,
Адамдықтың түп қазығы
Ізгілік!
2. Тас пен жүрек
Қайырсызды
Тасқа теңеп, батырамыз күнәға,
Қатігездік бейнесі деп,
Тасты бекер сынама,
Тасасына
Тығылғанды
Оқтан қорғап қара тас,
Пана болып,
Жатқан жоқ па,
Құрт-құмырсқа, қынаға?!
Тоқта, тоқта,
Адам үшін айтыла ма тасқа сын,
Тілім тасқа,
Тас жарылсын,
Дейміз қойып басқасын,
Қара тастай қайтпас, қайсар
Болса дағы адамзат,
Қара тастан асып кеткен,
Қаталдығын тастасын!
Қанша қатты болса дағы
Ұқсай ма тас жауызға?
Самарқанның
Көк тасы да
Жібиді ғой наурызда!
Тастың қандай жазығы бар,
Белгі болған зиратта,
Адамдар ғой,
Бір-біріне
Төбеден тас жауғызған!
Адамзатқа
Ажал оғын
Тасадан,
Көздеп атып,
Қызыл қанды асаған,
Тарихтағы
Барлық қырғын, қылмысты,
Тастар емес,
Тас жүректер жасаған!
Бұл өмірде
Жеңілуге көнбеген,
Тірі жанға
Басын иіп көрмеген,
Қаһарман да,
Алпауыт та, патша да,
Жан шуағы,
Мейірімге шөлдеген!
Амал бар ма,
Талай тағдыр
Кеткен күйіп арманда,
Қасіреттер,
Қан төгістер
Болмас па еді жалғанда,
Жауыз болмай,
Бір-біріне адамдар,
Бір азырақ
Мейірімді болғанда!
3. Күн мен Жел
Аңыз қылып,
Айтып кеткен білгендер,
Ойланар ма,
Өктемдік пен
Дүлей күшке сенгендер,
Желікті ме,
Ерікті ме, әйтеуір,
Кім күшті деп,
Бәстесіпті Күн мен Жел.
Ұшқалақ жел
Қиғылықты салады,
Арлы-берлі
Кезеді кең даланы,
Көрді бір кез,
Жұпынылау киінген,
Бір жолаушы,
Жалғыз кетіп барады.
Гуледі Жел,
Күнге қарап:
«Күмәнданба маған – деп,
Көрсетемін
Қазір қызық саған көп,
Кім болса да,
Анау атты кісінің,
Бар киімін
Қазір шешіп алам!» – деп.
Соқты кеп жел,
Дауылдатты,
Құйындатты, үскірді,
Үпіледі,
Сүпіледі,
Үшкірді,
Әлгі кісі бермек түгіл
Үстіндегі киімін,
Қымтанып ап,
Теріс қарап түшкірді.
Жолаушыға
Желдің келмей шамасы,
Сап тиылды,
Таусылған соң шарасы,
Күлімдеді,
Күн шуағын мол төгіп,
Мейірімнің
Күшіне бір қарашы!
Бойы жылып,
Жадырады, көсілді:
«Жынды жел жоқ,
Шығаратын есімді!»
Қатал күшке
Қарсы тұрған қайсар жан,
Күн нұрынан рахаттанып,
Шешінді!
Үп ете алмай,
Демін тартып ішіне,
Қайран қалып,
Күннің қылған
Күліп тұрып, ісіне,
Айналаны астаң-кестең
Қылатұғын алапат,
Тентек жел де басын иді,
Мейірімнің күшіне!
Дүниенің,
Не боларын,
Ақыры,
Кім біліпті,
Жетпейді оған,
Адамзаттың ақылы,
Анығы сол,
Күллі ғалам
Күлге айналып,
Кетер еді құрдымға,
Болмағанда
Жаратқанның
Жан біткенге
Мейірім мен рахымы!
Бұл өмірдің өзегі де
Мейірім,
Жан біткеннің
Бір-біріне берері де
Мейірім,
Адамға тән барлық ниет,
Пейілдің,
Тереңі де, керегі де
Мейірім!
Рахман,
Рахим,
Тұнып тұрған мейірім,
Жанымыздың
Аңсайтыны мейірім,
Мейірленген
Ана қандай керемет,
Адамды адам
Қылатын да мейірім!
31.08.2018ж.- 11.06.2019ж.
Өзіңнен сұра...
Өзгені сынау,
Оңай-ау, тіпті, айыптау,
Қиындау бірақ,
Бағалап әділ, байыптау,
Өзгенің бәрін
Күйелей бермей бір мезет,
Өзіңе қарап,
Ойланып қойған лайықты – ау!
Қанеки, кімге
Тиіпті пайда, көмегің,
Өзгелер үшін,
Бар ма екен тіпті керегің?!
Өзіңді сына,
Өзіңнен сұра алдымен,
Алдыңнан шыққан
Әлдебір істің себебін!
Айналып кетіп,
Дүние келсе қырымен,
Қылықтан қандай,
Таптым, әй, деме мұны мен,
Басыңа пәле,
Шақырып алған шығарсың,
Өзіңді сында,
Өзіңді шыңда шынымен.
Біреуді бәлкім,
Кеттің бе кейде басынып,
Сөйледің әлде,
Лепіріп, лықсып, тасынып,
Жаныңда жүрген
Жандарды тіпті көзге ілмей,
Көтеріп кеуде,
Жасадың ба екен асылық?!
Адастың ба екен,
Соңынан еріп күпірдің,
Сойылын соғып,
Қоздырғыш дерттей пікірдің,
Қарақан бастың
Қамын жеп қарын тойдырып,
Ал, айтшы, қане,
Ел үшін немді бітірдің?
Даналар бізге,
Қалдырған мұра – талай кеп,
Қағамыз таңдай,
Шертеміз маңдай, қалай деп,
Оғындай мірдің,
Сөзімен жұртты атамыз,
Осындайларды,
Айтқан ғой ұлы Абай деп!
Апырмай, атам,
Кімдерді айтып кетті екен,
Өзгені емес,
Өзіңді шалар от па екен,
Ананы да емес,
Мынаны да емес, ойланшы,
Дәл мына сені,
Айыптап тұрған жоқ па екен?!
Жылтырақ қуған,
Қарамай алтын, жезіне,
Заманың бұлдыр,
Әйнегін таққан көзіңе,
Дананың сөзін,
Қару ғып жұртқа жұмсамай,
Дәру ғып алшы,
Алдымен, достым, өзіңе!
Аузыңда өлтір,
Ағылған лағын сөзіңді,
Ақылмен биле,
Құбыла соққан сезімді,
Жаныңды салып,
Жақсартам десең әлемді,
Өзгені қойып,
Алдымен жөнде өзіңді!
8.12.2017ж.
Мен қарсымын!
Мен ақынмын,
Үміт артқан ақ таңға,
Қуанатын
Күн қызарып батқанда,
Дүниенің
Қай қиыры болса да,
Мен қарсымын,
Адамды адам атқанға!
Алдап, сулап,
Түсірмек боп қақпанға,
Тасадан кеп,
Тасын сайлап сақпанға,
Бірін бірі
Соққылаумен адамзат,
Бұл жалғаннан
Бақ, мұратын тапқан ба?
Мен қарсымын,
Қол созамын аспанға,
Қара жерім
Қызыл қанға батқанда,
Адам ұлы
Қару-жарақ қаптатып,
Бірін бірі
Қырып жойып жатқанда!
Қулықтарын
Тығып терең қатпарға,
Адалсынып,
Ақтан сөйлеп ақпарда,
Мен қарсымын,
Елімді алдап, жерімді,
Жат жұрттарға
Жалға бермек баптарға,
Мен қарсымын,
Қасиетті жеріме,
Қара құйын
Қаптап келе жатқанға!
Азаматты
Абақтыға жапқанға,
Ақындарды
Беттерінен қаққанға,
Мен қарсымын,
Өтірікке көпірген,
Жағымпаз боп,
Күштілерге жаққанға,
Бөлке нанды
Бөліп жеген бауырлар,
Бірін бірі
Сөлкебайға сатқанға,
Алдап, сулап,
Азу тісін ақситып,
Аузым бар деп
Айдалаға лаққанға,
Жалпақ елдің
Жауыр болған жоқтықтан,
Арқасына
Тұрмыс жүгі батқанға,
Улы жеміс,
Сасық бояу бұйымнан,
Арзан ғой деп,
Айықпас дерт тапқанға,
Мен қарсымын,
Қызықтырып пайдаға,
Ойыншық қып,
Халқымды алдап соққанға!
Азаттығым,
Қазақтығым – ұраным,
Адамзатқа
Арналған бар жыр, әнім,
Өмір бойы жырлап келем,
Даланың,
Арман, мұңын,
Аруағы мен қыранын,
Озбыр, обыр,
Сатқындыққа қитұрқы,
Мен қарсымын...
Қарсы болып тұрамын!
6.02.- 10.02. 2018ж.
Ақыл керек...
Қарамастан адалға да,
Арамға,
Жеп жатырмыз,
Бәрін жауып заманға,
От шашумен,
Артты ашумен алданып,
Құлап бара жатқандаймыз,
Аранға!
Қадалады
Қай жағыңнан,
Қай қаһар,
Кедей кердең,
Бастық астам,
Бай да тар,
Алысам деп
Жүргеніңде аюмен,
Алды-артыңды
Орап алды-ау айдаһар!
Ащы шындық
Өзекті өртеп, ашындым,
Азат елім,
Май табанға басылдың,
Қайғырамын,
Қазағымды ойлаймын,
Құрбаны боп
Кете ме деп ғасырдың?!
Ақылмандар,
Айтса шындық аһ ұрып,
Аузын жауып,
Беттен алма, бақырып,
Атқа мінген,
Үміт күткен бауырлар,
Шырылдаймыз,
Сендерді ойға шақырып !?
Жылтырақпен
Жаулап алып санаңды,
Улап жатыр
Айласымен даламды,
Құртамын деп
Ұрпағыңды келешек,
Улап жатыр,
Тұқымыңды,
Балаңды!
Ойыншығы үйіңде тұр,
Сұрағым:
Бала ойнайды
Аузына сап жыланын,
Барлық заты неге сасық,
Жылтырақ?
Тексердің бе,
Бояуының құрамын?!
Бояуымен
Баяу улап жерімді,
Жоя ма деп,
Қорқам туған елімді,
Арзан, жалған,
Жеміс, жемін жегізіп,
Атпай, шаппай,
Құртса қайттік тегіңді?!
Ерік беріп,
Сатқындарға, жылмыңға,
Алданумен
Ырду-дырду, ырбыңға,
Өзіңді өзің
Қорғай алмай ел болып,
Көріп тұрып,
Кеткенің бе құрдымға?!
Ақыл керек,
Құтқармайды құр уайым,
Үмітім бар,
Табармыз бір ыңғайын,
Мейірбанды,
Момын қазақ баласын,
Арандардан,
Аман сақта, құдайым!
8 – 9. 01.2018ж.
Аллаға сыйын...
Аллаға сыйын,
Шықсаң да тауға,
Түссең де,
Тәуекел етіп,
Кіріссең үлкен істерге,
Күдерді үзбей,
Күбірді тізбей ұмтылсаң,
Жеңерсің бәрін,
Сенімің барда, күш сенде!
Аллаға сыйын,
Байысаң мұртың майланып,
Бақытқа мас боп,
Қуансаң басың айналып,
Ұшпаққа шығып,
Мұратқа жеттім десең де,
Аллаға сыйын,
Шүкірлік қылып, ойланып!
Аллаға сыйын,
Байқамай жерге құласаң,
Жала мен жәбір,
Көргенде іштей жыласаң,
Күндіз де сыйын,
Түнде де сыйын, түңілмей,
Береді құдай,
Талап қып шындап сұрасаң!
Қорықсаң сыйын,
Торықсаң сыйын, тарықсаң,
Ауырсаң сыйын,
Рахымға шөлдеп, зарықсаң,
Жаратқан сені
Тастамай жалғыз жылатып,
Жолыңа сенің
Жағады жар боп, жарық шам!
Әрекет жаса,
Бұтаны бағып, бұққанша,
Құт болар түбі,
Аунаған жерде түк қалса,
Аллаға сыйын,
Алға бас тынбай тырмысып,
Сыйын да самға,
Кеудеңнен жаның шыққанша!
8.12.2017ж.
Хақымыз бар...
Сенің маған өкпелеуге хақың бар,
Менің саған өкпелеуге хақым бар,
Сенің мені кешіруге хақың бар,
Менің сені кешіруге хақым бар!
Өкпелесең, өкпелеші аямай,
Тоқта бірақ, жар шетіне таямай,
Өзің білші, кешірсең де, кессең де,
Хақың бар ғой, ардақтауға аялай!
Өкпелеттің, қарамадың көңілге,
Көрместей боп кетіп едім өмірде,
Кешіруге хақым бар ғой, кешірдім,
Қимайды екем, мен де сені өлімге!
4.02.2018ж.
Қазақ деген Қазақ қой !
Қазақ десе қаның қызып,
Тулай ма осы жас жаның?!
Туламаса,
Туған елге жат боп бара жатқаның,
Өз атаңның атын өзің талқылап,
Не көрінді,
Тіліне еріп басқаның!?
Қазақ атын талқыға сап,
Жүгіртеді сан-саққа,
Айналдырған кім еді оны,
Бұрын қырғыз – қайсаққа?
Анау, мынау,
Андай, мұндай
Қайдағыны теліген,
Нанамыз ба
Қай – қайдағы найсапқа?
Қазақ деген жалғыз-ақ сөз,
Қазақ қой!
Қазақ деген қазақ,
Бітті,
Ескі әуеннің ырғағындай ғажап қой!
Тұнып тұрған жоқ па сонда,
Азаттық та, азапты ой,
Оны әркімдер аннан, мұннан шығарып,
Көкпар қылса, мазақ қой!
Онда бар ғой Күн мен Айдың шуағы,
Найзағайдың жарқылы,
Домбыра мен сарыны бар қобыздың,
Аққу, қаздың қаңқылы,
Тұлпарлардың дүбірі бар,
Ысқырығы алдаспан мен жебенің,
Ақ найза мен айбалтаның сартылы!
Онда қанша қуаныш пен күйік тұр,
Көз алдыңа келеді аспан,
Құлан жортқан құба дүз бен ыйық қыр,
Қалай қарай оқысаң да
Өзгермейтін мәнісі,
Қазақ деген сөзге бәрі сиып тұр,
Мейірім мен иман тұнған бұл сөзге,
Барлық қазақ ұйып тұр,
Ол халқыма қонған атау ғайыптан,
Бәрінен де биік тұр!
Қазақ деген өзгермейтін жалғыз-ақ сөз,
Қазақ қой,
Біздер үшін қасиетті, киелі,
Барлық сөзден ғажап қой!
Ал, киені талқыламас бөлшектеп,
Тиіспеңдер,
Қазақ деген,
Бізге ғана,
Көктен түскен сөз – ақ қой!
Қазақ деген Қазақ қой!
5.01. – 14.01.2018ж.
Көшелі кісі
Көмескі тартып кеткендей сірә,
Көшелі кісі – бұрынғы ұғым,
Көшпелі дәурен сынығы асыл,
Есінде жоқ-ау бүгінгі ұлдың!
Көшелі дейтін, келіскен жанды,
Ақыл, ой, ниет, қалпына қарап,
Байсалды, дарқан, кеңпейіл еді,
Алдымен айтар халқына мадақ.
Сарабдал сана, таразы иман,
Шертетін сырды, танымға лайық,
Көшелі жанмен кездескен сайын,
Қаласың өсіп, жаның да байып.
Өктемдік етіп, өкпеден өтіп,
Өзгеріс желі жетті ме есіп,
Кешегі күнмен көшелі жандар
Келмеске мәңгі кетті ме көшіп!?
Кешегі кісі күрсініп өткен,
Елінің кеткен есесін ойлап,
Бүгінгі кісі көшеге шықты,
Алатын ертең көшесін ойлап!
27.11.2017ж.
Мақтау – жарыс
Қилы-қилы
Күй туатын көңілде,
Бәріміз де
Адамбыз ғой, тегінде,
Әлдеқалай
Бірдемені бітірсек,
Мақтаса ғой,
Дейміз, халқым мені де!
Өмір солай,
Еңбек ет те нәсіп тер,
Асып, таспа,
Бірақ ептеп бөсіп көр,
Деп ойлаушы ем,
Көрдім мақтау көкесін,
Жетпіс жасқа
Толғанда бір кәсіпкер.
Негізінде,
Бір тамаша жан еді,
Жомарттығы,
Мәрттігі де нақ еді,
Өлең жазып,
Домбыра да шертетін,
Жас кезінде
Күрескені бар еді.
Той басталды...
Ал, басталды ардақтау,
Ағамызды
Алақанда салмақтау,
Қыздырманың қызыл сөзі
Дем беріп,
Ағытылды
Ағыл-тегіл мадақтау!
«Елімізге
Арнаған бар еңбекті,
Өмірінде
Салған не бір өрнекті!
Ең көрнекті,
Ең керемет жан осы,
Жалғыз өзі,
Тіреп тұрған жер-көкті!»
Теңеді оны:
«Алтынға да, гәуһарға,
Оған орман, тас пен өзен,
Тау пар ма?
Сұңқар да осы,
Қыран да осы қазіргі,
Ал, қалғаны,
Жай әншейін шау қарға!»
«Тегін емес,
Сегіз қырлы, бір сырлы,
Сегіз сері сияқты!» – деп,
Жыртылды,
Шектен шықса
Мақтау сөз де жаман-ау,
Көрінейін деді көзге
Біртүрлі!
Қыза сөйлеп,
Келген кезде бабына,
Тағы бірі,
Желдей есіп, табына,
Дүниеде
Теңдесі жоқ күйші деп,
Қосты апарып
Алыптардың тобына!
Ақындығы
Асып түсер талайдан,
Кем түспейтін,
Шындап жазса Абайдан!
Қажымұқан атамыздай,
Күресте,
Не бір дәуге
Салған екен қалайман!
Үсті-үстіне төкті сөзді...
Тағы да,
Сүйенгендер
Қызыл тіл мен жағына,
Жанға жағып,
Әспеттеді асырып,
Жаралған деп,
Адамзаттың бағына!
Ойламастан,
Көбік сөзді бекер деп,
Кілең мықты
Белді буған бекемдеп,
Мақтау сөздің
Майданында ойнады,
Бір-бірінен
Қайтсем асып кетем деп!
Еседі кеп,
Бар шындықты білгендей,
Онсыз сірә,
Қалатындай күн көрмей,
Көзге өрескел
Көрінеді бірақ та,
Мақтану мен
Мақтау үшін жүргендей!
Ұялмастан
Құдайдан да, аруақтан,
Өңкей шешен,
Қызыл тілді заулатқан,
Әп-әдемі
Кішіпейіл кісіні,
Мадақ сөзбен
Үрледі кеп жан-жақтан!
Сөздер тәтті,
Ойлар жақсы, тұшымды,
Болса дағы,
Әуелде ағай қымсынды,
Мақтағыштар
Мастандырмай қойсын ба,
Бірте бірте
Кәдімгідей ісінді!
Бірі мақтап,
Теңеді оны теңізге,
Теңеуіңді
Деп, теңізге негізде,
Екіншісі теңізді де
Қомсынып,
Мұхит деді,
Тереңінен кен ізде!
Адамзаттан
Асып туған данышпан,
Тегін емес,
Келген деді ғарыштан!
Бұдан артық
Не айтамыз деп мұңайды,
Майталмандар,
Мақтау сөзбен жарысқан!
Шықты бірі,
Сілтеп олай, бұлай да,
Теңеді кеп жұлдызға да,
Күн, Айға,
Ғарыш емес,
Сол ғарышты жаратқан,
Теңеді әкеп ақыр жарты
Құдайға!
Келесі жан
Бастап кетті ерегес:
«Жарты құдай
Дегеніңіз жөн емес,
Жақсы сөзді
Аяйсың ба көкеңнен,
Құдіреті
Бір құдайдан кем емес!»
Шошып кеттік,
Түсінгендер іш тартып,
Шама қайда,
Тастауға оны қысқартып,
Құшақтасып,
Жатыр мәз боп дөкейлер,
Қазір солай,
Кішіліктен күшті артық!
Ардақтайық,
Десек те ердің ісін ақ,
Мадақтау да
Адам үшін бір сынақ...
Мақтанумен,
Мақтауменен жүргенде,
Асылыққа
Кетпейміз бе ұшырап?!
9.02.2018ж.
Қызғаныш
Тілей бер бір құдайдан өз бағыңды,
Басқаның хақысына көңіл бөлме!
Мәшһүр Жүсіп.
Жүйріктің
Сүйіне алмай жорғасына,
Біреу шықса
Бір сәтке жол басына,
Апырмай,
Анау андай боп кетті-ау деп,
Күйеді кеп ішіміз,
Болмашыға!
Жақсы атты бола қалса,
Жолдас, іні,
Күйінеміз,
Қия алмай болмашыны,
Қимаймыз
Қас жүйрікке қиқуды да,
Шашамыз
Шақырлатып жолға шыны!
Ақылды
Арамдыққа жаратамыз,
Ауызын
Айға теріс қаратамыз,
Өсу үшін өйткен ғой,
Бүйткен ғой деп,
Сыртынан
Қардай өсек боратамыз!
Жақсыны
Жамандаған сыр тыңдаймыз,
Бір тынбай,
Беталбаты былшылдаймыз,
Қалайша,
Кетеді деп, алға шығып.
Қызыл ит,
Қызғаныштан қалшылдаймыз!
Ойлайды доғал тайыз,
Ізгі алыстан,
Сәулелі сыр іздейік
Біз ғарыштан,
Даналар айтып кеткен,
Туады деп,
Біреуді сынап, мінеу
Қызғаныштан!
Тумайды
Таза дүние кір көңілден,
Кірлетпе,
Бәріңе де нұр берілген,
Көре алмай жүргеніңде,
Өзгелерді,
Өтіп кетпе,
Түк көрмей бұл өмірден!
Өмірді
Адамдардың жарысына,
Санау жөн бе,
Бәсеке, шабысуға?
Өзіңді
Өзің қорлау емес пе екен,
Біреудің
Ішің күю табысына?!
Бәз біреу саналса да
Қанша мықты,
Жалғанға,
Мейлі, солай жар салыпты,
Қызғандырып,
Ішіңді күйдірердей,
Кім екен,
Көктен түскен соншалықты?!
Шаруаң не,
Жұрттың қызық көргенінде,
Бәйгеде
Есіп, бөсіп жеңгенінде,
Өз жолыңмен, шүкір деп,
Аяңдай бер,
Жаратқанның
Өзіңе бергеніне!
Жатса да неше түрлі,
Пікір шығып,
Тұтқасы дүниенің
Шүкіршілік,
Өзіңді артық санасаң,
Ол асылық,
Кем тұтсаң,
Барып тұрған күпіршілік!
29.09.2017ж.
Өшпенділік
Күйіндіріп,
Беталды бөскен қылық,
Көкіректі тәкаппар
Тескен күдік,
Кімнің көзін жоям деп,
Тілін кесіп,
Дүниені кезіп жүр
Өшпенділік.
Ілесе алмай
Дүние дүбіріне,
Құлақ асып
Күңкіл мен күбіріне,
Өзге шаруа
Өмірде таусылғандай,
Өшігуде
Адамдар бір-біріне.
Өшігеді,
Еңкейіп анда-санда,
Қол қусырып,
Ләпбайлап тұрмасаң да,
Жұртың үшін шырылдап,
Шындық айтып,
Жаның ашып,
Риясыз сынасаң да!
Өшігіп бір-біріне
Жоққа бола,
Ертең қалар
Дүние боққа бола,
Тақ үшін,
Атақ үшін арпалысып,
Көбелектей
Күйеді отқа қона.
Әдеп шіркін үрпиіп,
Тұр дірілдеп,
Дөрекілік
Қорқаудай жүр гүрілдеп,
Аяусыз,
Арсыздықпен бет жыртысып,
Өлтіргенше асығып,
Бір-бірін жеп!
Бір-біріне кінәсі,
Жоқ тізбеген,
Бөгет болып,
Өткелден өткізбеген,
Бірақ, ойлан,
Ешкімді өшпенділік,
Өмірлік мұратына
Жеткізбеген!
Кердең қағып,
Тәкаппар бөскен сайын,
Шалшық суын
Мастықтың кешкен сайын,
Қаның қайнап,
Ұстай ма қара жының,
Есіңе
Қай-қайдағы түскен сайын!
Заман да,
Адамы да қағынды деп,
Ақ көбік
Ауыздардан ағылды кеп,
Күндіз-түні
Күйініп, ызаланып,
Не мұратқа жетесің
Жаныңды жеп?!
Адам туа өмірге
Өш болмайды,
Өшпенділік
Иманмен дос болмайды,
Өш алу,
Кесіп алу бір кесірлік,
Кешіру
Ешқашан да кеш болмайды!
Басы айналып биіктен,
Есірер ер,
Біреудің
Біреу бір кез сесін көрер.
Қысастыққа
Қысастық – ол қисық жол,
Кешіре бер,
Деп құдай, кешіре гөр!
Құп көрмес,
Ызаменен төс керуді,
Сауап дейді
Кек қумай, кешкеніңді,
Кеудеңнен
Өшпенділік өшкен сайын,
Сезесің
Жан нұрланып, өскеніңді!
19.09. 2016ж.- 28.09.2017ж.
Мінездеме
Сапырып
Қызыл сөзді ай батқанда,
Қатырып
Кірісеміз ғайбаттауға,
Ах ұрып ақыл, ұят,
Былай қалып,
Әдепті
Азғын әдет ойлатпауда!
Лебіз айтып тұрғандай
Лездемеде,
Езбе сөзді негіз ғып,
Лезде, демде,
Лепіріп ат қоямыз,
Айдар тағып,
Мінездеме
Береміз кез келгенге.
Алтынды да қимаймыз,
Өзгелерге,
Жылт еткенге баға жоқ,
Жезден өзге,
Күйкі сөздің күйесін
Жаға салып,
Жаланы да жабамыз
Кез келгенге.
Мұрнын қара ананың,
Мұртын қара,
Деп мәз болған ел аңғал,
Жұртың – бала,
Білмейді ешкім
Жан сырын ешкімнің де,
Көреді
Әрекеттің сыртын ғана!
Көзің сүзіп,
Өзгеден мін іздеме,
Тізіледі
Бұзық сөз іздегенге,
Ұқсағанмен азырақ,
Шын болмайды,
Біреуге біреу берген
Мінездеме!
Сөздің де мәнін байқа,
Жөнін ойла,
Ақылдың да артығын,
Кемін ойла,
Біреуді
Бейнелеуге хақың бар ма,
Қисық болса қайтесің,
Көңіл айна?!
Көңілдің
Нәзік жібін үзе көрме,
Өмірдің
Қазып мінін, тізе берме,
Біреуге
Мінездеме бергеннен де,
Өзіңнің
Мінезіңді түзе, жөнде!
Мінездеме бермейік
Тарландарға,
Армандарға жете алмай
Қалғандарға,
Жөн болмас
Ешқашанда оңды, солды,
Біреуге
Біреу ойдан таңған баға!
Сының да,
Шындығың да санаңдағы,
Өзгеге
Өлшем болмас ғаламдағы,
Абайла,
Бағаларда кімді болсын,
Қағазға сыймайды ғой
Адам жаны!
Ойыңды
Өтірікке негіздеме,
Өсек,аяң шалшығын
Теңіз деме,
Өзгенің
Мінездеме – езбесінен,
Нені іздесең оны ізде,
Мені іздеме!
18.09.2016ж.- 28.09.2017ж.
Мадақнама
Есімде жоқ,
Көктем бе еді, жаз ба еді,
Көңіл көкте,
Уайымның да аз демі,
Жұмыс уағы,
Шақырып ап бастығым,
Бір досыма
Мадақнама жаз деді!
Ойланбадым,
Көр-жер сөзді термекке,
Талаптандым,
Тәуір баға бермекке,
Елге елеулі,
Һәм қалаулы халқына,
Жақсы азамат,
Адал дедім еңбекке!
Қуанар деп,
Көңілімнің хошына,
Мадағымды
Оқып бердім досыма,
Деді маған,
Қарс жабылып қабағы:
- Бар мақтауың,
Сый-құрметің осы ма?!
Досым мұндай емес еді
Ұрысқақ,
Келістірді,
Тұздықтатып, бұрыштап,
Ойда-жоқта
Ұятты боп алдында,
Жазуға оны
Кірістім кеп дұрыстап!
«Азаматы
Алты Алаштың әйгілі,
Тұлпарлармен
Тайталасқан тай күні!»
Теңеуіме
Мұрынын бір шүйіріп:
- Жаттанды сөз!
Деп қарап тұр жай мұны!
– Байқаттың-ау,
Көңіліңнің салқынын,
Қажет емес,
Маған гәуһар, алтының,
Адамзаттың
Ақылманы емес пе ем,
Алаш маған,
Тарлау болар, жарқыным!»
«Орыны да,
Порымы да бөлекше,
Орда бұзып, қамал алған,
Керексе!»
«Қамал – самал...
Кім алмаған кезінде,
Демейсің бе,
Бәрінен де ерекше!
Күндейсің бе,
Пейілге әлде кедейсің,
Қалай ғана,
Басқалармен теңейсің,
Неге мені теңдесі жоқ,
Тарихта
Ең ғажайып,
Ең керемет демейсің?!
- Ең, ең деген жөн емес-ау,
Адамға,
Деп қалып ем,
Тас-талқан боп табанда:
-Көре алмайсың,
Айтуға да қимайсың,
Мендей адам,
Жоқ қой күллі ғаламда!
Қазақ үшін
Қымбат әр кез құрдасы,
Мадақ сөздің
Көрінген соң сұлбасы,
Теңеулерді
Төгіп-төгіп, түйдім кеп:
- Адамзаттың
Ардақты бір тұлғасы!
Досым тағы
Бір бәлені бастады,
Біраз жерге
Мені апарып тастады:
- Бірі деме...
Құдай берген ерекше,
Де, тең қылмай,
Данышпанды, патшаны!
Иттігіңді
Баяғыдан білгенмін,
Ұнамайтын,
Итиіп –ап жүргенің,
Мендей досты,
Мақтауға да жарамай,
Бұл да өзіңше
Балағымнан ілгенің!
Көпіршігі
Көкке ұшты да көпшіктің,
Кетті үзіліп
Нәзік қылы достықтың,
Көңілінің айнасында
Мен оның,
Андай, мұндай,
Сондай, сондай боп шықтым!
Жындандырып,
Оның асып-тасқаны,
Жазғанымды
Жыртып-жыртып тастадым:
- Сені құдай
Ерекшелеп жаратып,
Байғұс қылып
Қойып па екен басқаны?!
Бір қарадым,
Түгі шыққан түріне,
Кеттім шығып,
Көрместей боп түңіле,
Міне, сөйтіп,
Пәлен жылғы достықтың,
Мазақ емес,
Мадақ жетті түбіне!
Еске түсіп,
Кейде таза дос шағым,
Қимасам да,
Қайтіп есік ашпадым,
Содан былай жан адамды
Тойларда,
Көбік сөзбен
Келмей қойды мақтағым!
Айтпа маған
Ойға, қырға желгенін,
Қара басы
Қандай қызық көргенін,
Әділ баға бергің келсе,
Адамға,
Елге сіңген еңбегін айт,
Еңбегін!
Ақ пен қара арасы
Мәңгілік арпалысқан ақ пен қара,
Өмір осы дейміз-ау, қаққа жара,
Анықтап білгің келсе мұның мәнін,
Мен, сенді қой, бейтарап жақтан қара.
Біреуге қап-қара ғой сенің ағың,
Көрдің бе оймен кезіп елдің бағын?
Бағалағың келеді сөйте тұра,
Таразыға тартады тіл мен жағың.
Сыймайды-ау кең дүние қылжағыңа,
Оған өтпес өкімің, мұң, зарың да,
Тағдыр, тарих көнер ме өлшеміңе,
Табақтың өзің тұрсаң бір жағында?!
Жүктелген жұмбақ адам баласына,
Сан ғасыр салмақ салып санасына,
Қайнаған қанбазардай нағыз өмір,
Жатыр – ау ақ пен қара арасында!
Адамға мәңгі жұмбақ мұның мәні,
Қақ жарылу – қайшылық ұғымдағы,
Ақ та емес, қара да емес, бұл дүние,
Құлпырған табиғаттай құбылмалы.
Бояулар алуан түрлі, бәрі сәнді,
Құбылып, араласып, табысады,
Елеусіз екі араның қай тұсында
Қара аққа, ақ қараға ауысады?
Шалқыған сезім күйі ақыл даусын,
Естіртпей, елірткенде батылдаусың,
Ішінде өмір деген мың бояудың,
Ойлап көр, қай жағына жақындаусың ?!
1.11.2016ж.- 17.07.2017ж.
Түстегі есеп
Мұғалімдерім,
Кіреді кейде түсіме,
Жайнаған тудай,
Баяғы жап-жас пішінде,
Бала боп жүрем,
Құрбыларыммен асыр сап,
Ұядай ыстық,
Мектептің ескі ішінде.
Есепті таппай,
Алдында тұрам тақтаның,
Қып-қызыл болып,
Шымырлап төбе қақпағым...
Оянып кетіп,
Ойланып қалам,
Ойпырмай,
Оқушы ем жақсы,
Шешуін қалай таппадым!?
Бұл неткен есеп,
Көлденең тартқан сұрағын,
Өмірлік сауал
Сияқты көріп тұрамын,
Дәл тауып мәнін,
Беретін жауап түрім жоқ,
Өзіңіз айтып,
Жібермесеңіз мұғалім!
18.04.- 28.06.2018ж.
Арғымақ мен арба
Құлагер тектес,
Қас тұлпар құстай ұшатын,
Төгілсе тері,
Сөгіліп қолтық,
Көктегі бұлтты құшатын,
Бұрқырап көбік,
Жал, құйрық бірдей суылдап,
Темірдей тұяқ,
Дүбірге бөлер,
Тып-тыныш жердің бір сәтін!
«Жүйріктің неге
Құс болып ұшу арманы,
Бұлт құшып көкте,
Ұшқанның қанша бар мәні?
Азығын қамдап,
Қамбаны жазда толтырып,
Сүйреген артық
Жем толы ескі арбаны!»
Егесі бір қу,
Тапқандай ақыл, айланы,
Ойлады мықтап,
Мерейден бұрын пайданы,
Он қап жем артқан
Салдырлақ ескі арбаға,
Жүйрікті жегіп,
Жетегін мықтап байлады.
Киген соң тұлпар
Тұғырдың ноқта, қамытын,
Сұлқ түсіп, сөнді,
Салғандай біреу сабытын,
Есерлеу еге,
Қамшымен тартып жіберді,
Қайда деп, қане,
Бәйгеде қозған шабытың!
Желқанат шіркін,
Шыққанда қиқу,
Құйыннан озған құйғытып,
Тыпырлап бақты,
Тұяғы тасты сырғытып,
Қамытқа қор боп,
Намыстан күйген жануар,
Теңселе басты,
Арбаны әрең жылжытып!
Илеген тасты,
Сом тұяқ болды майтабан,
Жүйрікті жеккен
Есердің ісін,
Көргендер басын шайқаған...
Аламан дүбір,
Шыққанда бейбақ,бәйгеге,
Тағы да қосты,
Қас тұлпар бірақ,
Ұша алмай қалды қайтадан!
Қызғанда бәйге,
Жүйріктің ерек егесі,
Көсілте сілтеп,
Көріп-ақ еді
Кібіртіктей берді,
О несі?!..
Желкеден басып,
Кейінге тартып тұрғандай,
Жем артқан ескі,
Салдырлақ арба елесі!
Атқандай еді,
Алдынан таңы арайлап,
Атақ пен даңқ та
Алғандай еді орайлап,
Жете алмай қалды,
Жүйріктің серті сырт беріп,
Жем артқан ескі
Арбаға қайта қарайлап!
Балтамен ұрып,
Мылтықпен атып
Малмай –ақ қолды қанға да,
Жүйрікке жүген,
Күлікке шідер,
Айламен салып замана,
Тұлпарды талай,
Шобыр ғып жуас жіберген,
Еріксіз жегіп,
Жем артқан ескі арбаға !
\6.08.\ 7.08. – 16.08. 2017ж.
Ереймен тау. Қоянды Қойтас
Қоянды Қойтас,
Қоянды Қойтас,
Қойының,
Көтере қоймас,
Қоян мен қойдың ойынын,
Ойрандап аю,
Айдаһар билеп,
Мойнына елдің жүктеген,
Заманның құнын,
Құтыртып жынын,
Сойыңа сілтеп сойылын!
Құбыжық қорқау
Құрсаған кезде даланы,
Құрыған шақта
Бабаңның айла, амалы,
Айнала таспен
Қоршалған аймақ,
Қазақты аман сақтаған,
Ереймен таудың
Табиғи қорған қамалы!
Ереймен еркін,
Көкжиек түбін көздеген,
Табиғат шебер,
Ерейтіп тегін тізбеген,
Асылдар асқақ,
Басынан бағы тайғанда,
Киелі таудың
Тасынан пана іздеген!
Қатпар да жақпар,
Бұдыр да бұжыр,
Бурадай,
Тастарың қалай
Булығып жатыр туламай,
Бедері бөлек,
Не дері бірақ белгісіз,
Басынан өткен
Аума да төкпе,
Алағай күндер бұлағай!
Үздірмеу үшін,
Күмбезді күннің күмбірін,
Түндігін түнек,
Түргеннің ұғар кім мұңын?
Тар кезең, тайғақ,
Қолтықтан найза сайғанда,
Ұландар кезген,
Саялап тасты,
Ұйлығып, үй ғып үңгірін.
Жастанып тасын,
Төсеніп арша, қынасын,
Сұңқар қияда
Саябыр тапқан,
Жаза алмай еркін құлашын,
Қажыған ерлер
Құзынан қиқу салғанда,
Қысырақ біткен
Шұңғыма түбін,
Шыңғырмай теуіп тұратын!
Батырлар имей,
Боданға басын, от кешкен,
Қызыл мен ақ та,
Кеңес те түгел кектескен,
Бастарын байлап,
Азаттық үшін ажалға,
Алысып өткен
Атаңның жайын
Әйгілер жартас оқ тескен!
Тұнжырап үнсіз,
Қорымдар қожыр тас қорған,
Арыстар жатыр,
Қарулы қолға бас болған,
Келмеске кеткен
Күндерге куә, жоқтаушы
Тас төбедегі
Қазан шұңқырлар...
Ішіне мөлдір жас толған!
13–17.08.2017ж.
Қызыл өлең
Қызыл ғасыр құйыны,
Қызыл ғаскер шығарған,
Қызыл көзді қылышкер,
Қызыл сиса ту алған,
Қызыл гүлін жайнатып,
Қызыл қанмен суарған!
Қыздың қанын бұздырып,
Қызметіне тұрғызған,
Қызыл атқа мінгізіп,
Қызу жолға бұрғызған,
Қызықтырып әрнеге,
Қызбабасты қыздырған...
Қыздырманың қызыл сөз,
Қызырлы ойды бұқтырған,
Қыз-қыз қайнап, ұранын,
Қызылшадай жұқтырған,
Қызыл айға табынып,
Қызыл күнге тік тұрған.
Қызыл етін құланның,
Қызыл отқа қақтаған,
Қызыл заман зұлматы,
Қызыл қырғын ақтабан,
Қызыл қанды қызықтап,
Қызыл ақын мақтаған.
Қызығыңның артына,
Қызыл қазық қақтырған,
Қазыналы қартыңды,
Қызыл үйге жаптырған.
Қызыл қарын, жас бала,
Қызырына жат қылған!
Қымызыңды төктіріп,
Қызыл арақ жын шыққан,
Қызыл заңға бағынып,
Құзырында тұншыққан...
Қызыл уақыт – ол да өтіп,
Қызыл арай күн шыққан!
\5.08.\ 7.08.2017ж. -24.07.2019ж.
Өртенген тағдырлар
Үздіксіз адамдар тізбегі,
Ілбиді, құп-қу боп жүздері,
Кеудеде жаны бар демесең,
Қуарған жапырақ күздегі,
Кешегі дәуреннен белгі жоқ,
Тартады ажалдың мұз лебі,
Түйісті темір пеш аузында,
Сан тарау тағдырдың іздері.
Тірі жан әп сәтте от құшып,
Түтінге айналып кетті ұшып,
Артында кезегін күткен топ,
Амалсыз байланып, кек қысып.
Қуады аяусыз айдауыл,
Желкеден кезеніп отты істік,
Құлайды топырлап амалсыз,
Өртейтін оқпанға дөп түсіп.
Өмірдің жарығы сөнгенше,
Үміті ең соңғы өлгенше,
Жердегі тозақта қор болған,
Бақидың тозағы келгенше,
Көкке ұшып кеткенді жөн көрген,
Жердегі азапқа көнгенше.
Ажалдың жүзіне тік қарап,
Қасқайып тік тұрған ерлерше.
Темір пеш тегіңді талғай ма,
Кім болсын көмірдей жанбай ма,
Күллі әлем көсемін кіргізсең
Күл ғана бір уыс қалмай ма?
Жазығы сұралмай, жойылған,
Жан-жақтан жиылған жан қайда?
Моласыз, баласыз жоқ болды,
Жазғаны сол шығар маңдайға.
Освенцим, Дахау мен Майданек,
Лагерьлер қанатын жайған көп...
Ақыл-ой алыбы адамзат,
Неліктен қанға әлі тойған жоқ?
Сөгеміз қасқырды, қорқауды,
Жазықсыз жәндікті сойған деп,
Бірақ та бір де бір жыртқыш аң,
Бір-бірін дәл бұлай жойған жоқ!
Бомбалап қасірет шегерсің,
Тонналап қаныңды төгерсің,
Өзіңді қыруға, жоюға,
Адамзат, не деген шеберсің?!
Тарихтан түк сабақ алмайтын,
Таскеуде кереңге не дерсің?!
Сұрайды құрбанның қан құнын,
Құдайға не жауап берерсің?!
22.05.2017ж. – 24.07.2019ж.
Сібір сарыны...
Оймякон деген Ой мекен,
Ойылып түскен ой ма екен?
Сақылдап тұрған ойпатты,
Сахалар не деп қойды екен?
Сусуман деген су ма екен,
Сусыған сырма, қу ма екен,
Сырғанақ тағдыр сұмдығы,
Кімдерді мұнда қуды екен?
Колыма деген көл ме екен,
Темірдей шеңгел, қол ма екен,
Зәбірі батқан замана,
Кімдерді мұнда көмді екен?
Аямай түссе қолына,
Аязы қатты Колыма,
Қаншама жанды жұтты екен,
Қалдырмай белгі соңына?
Магадан деген маған ба?
Нөмірлер ілген баған ба?
Тарландар тордан телміріп,
Тағдыры қалған табанда!
Хандыга бәлкім, қан доға?
Алданға қаның тамды ма?
Қаншама нахақ қан ішіп,
Құмарың, заман, қанды ма?
Қол үзіп қиқу, дүбірден,
Күйініп өткен күбірмен,
Сағым боп кеткен сырттанның,
Сарыны келер Сібірден!
3-30. 06.2018ж.
Жер – кеме...
Қара жерді кеме қылып берген құдай адамға,
Жолға салып қоя берген түпсіз ғарыш, ғаламға,
Бір кемеде жаның бірге адамзаттың баласы,
Аман- есен жүзіп жетер шегіңді ойлап амалда!
Бір кемеге міндім неге, кіммен деме, күндеме,
Кіммін деме, көп үндеме, жынның отын үрлеме,
Жазмыш солай, үрейленіп бір –біріңнен бекерге,
Міней берме, ірей көрме, мінгендерің бір кеме!
Кілтін бұрап көрген бар ма өмірдің һәм өлімнің,
Жеңдім деген желігі ғой тым менменшіл көңілдің,
Адамзаттың жер – анаға байлап қойған тағдырын,
Таласпаңдар, бұл кеменің ұстайды деп рөлін кім !?
26 – 27.03.2018ж.
Қадалған сұрақ
Өткір сұрақ,
Тік сұғылған қанжардай,
Себеп болған
Талай дау мен жанжалға,
Өз жолымен
Жүре бермей, өзгеге,
Амалың не,
Сауал қойғыш жандарға?
Тыным бермей,
Жын қайнатқан желікпен,
Егес қуып,
Екіленген, еріккен,
Сұрақ қойып,
Тергейсің кеп сен неге,
Саған жауап беру керек,
Неліктен?
Саяздығы
Сауалынан сезілген,
Мазалағыш
Езбелерден безінгем,
Айтарым сол:
Тексергенше өзгені,
Жауап алып көргенің жөн,
Өзіңнен!
20.04.- 27.06.2018ж.
Зоопарктегі қасқыр
Арса – арса қабырғасы,
Ап-арық тым,
Тәуелді
Тамағына зоопарктың.
Үрпиіп бұрышта тұр,
Үлгісіндей,
Табиғи я тарихи
Қаталықтың!
Қалмаған айбары да,
Салмағы да,
Үйренген
Жайлы жерде жан бағуға.
Көзінде жалыны жоқ,
Көк жалы жоқ,
Даланың ұқсамайды
Аруағына!
Ойрандап,
Дүниені,
Өткен өтті,
Көкбөрі
Жерге сыймай,
Көкке кетті...
Тордағы
Тұнжыраған қасқырдан да,
Көшенің
Қорқынышты көк төбеті.
4.03.-27.06.2018ж.
Үзілмеген тамыр
Талай ақын
Таңдай қаға жырлаған,
Бурабайда
Куә болдым мынаған.
Сұлап жатыр
Қара таста қарағай,
Түбірімен
Опырылып құлаған!
Жығылса да,
Жардан ұшып кетпеген,
Жапырағы
Күнге күйіп, кеппеген,
Бірінші рет көріп тұрмын,
Ағашты,
Жер бауырлап,
Құлап жатып көктеген!
Қайта айналып,
Қонатындай бағы алдан,
Қара жерден
Әу басында жаралған,
Үзілмепті
Шұбатылған бір тамыр,
Жарып шығып қара тасты
Нәр алған.
Көтерсең де жүктің қандай
Ауырын,
Замананың
Көрсең де қай дауылын,
Қай қиырда,
Қандай күйде жүрсең де,
Туған жерден
Үзілмесін тамырың!
20.09.2017ж. – 27.06.2018ж.
Көкшеде көшкен бұлт
Көгінде Көкшетаудың бұлт көшеді,
Көңілде керуен-керуен жұрт кешегі,
Қарағайдың ішінде қарқ-қарқ күліп,
Қорқор тартып, құтырған қырт бөседі!
Жағалай Бурабайды бұлт басады,
Сағалап қарағайды жұрт қашады,
Сығалап,сылқ-сылқ күлер қыз бен жігіт
Тау, тастан тауып алып бір тасаны.
Түріліп көкжиектен түн түнегі.
Көгінде Көкшетаудың күн күледі,
Тазартып өкпе, жүрек, жұпар жұтып,
Тәуба қылар даланың бір түлегі.
Бұлт құшып, көк жүзінде құз қалқиды,
Бұлықсып, бұлтқа қарап қыз балқиды,
Жемісімнің түрін көр, дәмін тат деп,
Сарғайып, толықсыған күз аңқиды.
14.10.2016ж. – 29.09.2017ж.
Өмірді сүйсең...
Өмірді сүйсең,
Өмір де сені сүйеді,
Тегін бе бәрі,
Сезіне білсең, киелі,
Жол ұзақ алда,
Аяңдай басып жүре бер,
Домбыра сөйлер,
Кеткенше тайып тиегі.
Өткен күн болса
Секілді бір сәт, қас-қағым,
Келер күн алыс,
Болжау да қиын қатпарын,
Шуағын төгіп,
Тұрғанда аспан төбеңде,
Бекер деп бәрі,
Жетер деп уақыт саспағын.
30.12.2017ж.
Армандар
Тағдыр-ай, бізді
Тарыдай шашты жан-жаққа,
Жақыннан жырақ,
Ауылдан алыс аулаққа,
Бір құдай өзі
Құлына қуат бермесе,
Мүмкін бе жанның
Шыдауы батпан салмаққа?
Дауылдан ығып,
Ауылдан алыс ауғандар,
Қиядан асып,
Қиял мекенге барғандар,
Қайда ұшып кетті,
Гөй-гөйлер кейде көңілде,
Көкорай белде
Көмулі қалған армандар.
11.01.2017ж.
Ақынның еркін өлеңі
Келмейтін қолға ұстауға,
Көнбейтін темір тұсауға,
Шуағын жанның төгетін,
Тұрса да қандай құрсауда,
Ақынның еркін өлеңі...
Сыймайтын не бір қалыпқа,
Сыйлығы көктің халыққа,
Жеті қат жерге тықса да,
Шарықтап шыққан жарыққа,
Ақынның еркін өлеңі...
Қияға талмай баратын,
Шырақ боп алдан жанатын,
Адамның адам екенін,
Әрдайым еске салатын,
Ақынның еркін өлеңі...
16.06.2017ж. – 27.06.2018ж.
Көзбояу
Ұнап қалса,
Біреудің бір сөзіне.
Құлаймыз кеп,
Қарамай қырт, езіне,
Жақсы болып
Көріне білетіндер,
Жылтырайды, амал не,
Жұрт көзіне.
Еседі,
Бөседі кеп жиындарда,
Ұқсайды
Қызыл, ала құйындарға,
Көзіңді
Арбайды кеп жылтырақпен,
Алтын, жезді айырар
Миың қайда ?!
Қаратып ауызына,
Бар халықты,
Дәріптеп өз керегін,
Жар салыпты...
Неліктен алданамыз
Көз бояуға,
Құмармыз
Сөзге неге соншалықты?
28.01.2017ж.- 30.06.2018ж.
Қиялдағы жұмбақ қыз
Замана жүйрік,
Қалмауға артта ақсап мен,
Интернет кірдім,
Жаңалық іздеп мақсатпен,
Көбейіп достар,
Ақпарат жолдап жатады,
Бір қыздан қызық
Хат келді бір күн,
Ватсаппен!
- Оқимын, аға,
Сүйініп әркез жырыңды,
Әуенді сезем
Бүгінгі және бұрынғы,
Менің ең жақсы көретін
Ақын қазағым,
Түсіндім,толқып,
Тұңғиық тұнық сырыңды!
Көрсеңдер менің
Сондағы шаттық түрімді,
Шарықтап кеттім,
Еске алып жастық күнімді,
Сырымды ұққан
Талғамы нәзік аруға,
Жолдадым мен де,
Қолдағы сурет гүлімді!
Талайды дос қып,
Шертеді сырды фейсбук,
Болса да кейде,
Пенделік өкпе, кейістік,
Кеңейтіп өріс,
Қолыңды біраз ұзартқан,
Фейсбук, ватсап...
Кемсіту оны нойыстық.
Хат жазып тұрды
ФБ-ға жұмбақ аяулым,
Суреті ғажап,
Қажеті бар ма бояудың,
Көкшеден келген
Ақ қанат хаттар дем беріп,
Құс болып ұшып,
Кетуге мен де таяумын!
Көзінен мейір,
Жүзінен шуақ төгілген,
Қоғалы көлде
Сұқсырдай болып көрінген,
Қиыла қарап,
Қиялымдағы бота көз,
Қоғадан маған
Бұлғауға қолын ерінген,
Еркелей басып
Еліктей еркін әлемде,
Көркемі болып,
Көкшеде кербез керілген!
Жағадан өтіп барамын
Жанымнан шуақ төгіліп,
Бұрылып, қимай қарадым,
Қалар деп сені көрініп,
Қоғадан жолға көз салып,
Бұлғар деп қолын керіліп!
Түнде де, таңда сені ойлап
Бір тәтті күйді кештім мен,
Алыстан жеткен әуеннен
Әуезді үнің естілген,
Сезімің қандай отты еді
Жасарып, жанып кеттім мен,
Жаным-ау, қайда болғансың,
Жұлдыздай алыс кеш күлген!..
Қияли бола жаздадым,
Қиялда туған кескіннен!
*** Ақындар Сұлулыққа таңғалатын, Жырлары Жүректерге жалғанатын, Бар ма екен бірақ мендей, Бұл ғаламда Аруға, Көрмей ғашық болған ақын! Қырық жыл, Уақыт жатыр екі арада, Кеңістік Өткізбейтін шекарада, Қиыны Әдеп, ұят аттатпайды Ақыл, ой Шектен шығып кете алар ма?! Есіме Жастық шақты түсіретін, Көңілді Шаттандырып, өсіретін, Қызығы Қыз керемет қиялдағы, Ойымды менің сөзсіз Түсінетін. Елеске Елтимін деп мен несіне, Ұмытсам, Түседі кеп кейде есіме, Қызға ғашық, Болады-ау шыннан ғашық, Сол қыздың Қиялдағы бейнесіне! Керемет Өрімдей жас өмірдегі, Бейнедей Болар ма екен көңілдегі!? Әйтеуір, Таңғажайып күй кештірді, Жұмбақ қыз, Кербез Көкше жеріндегі!
*** Жыл жарым өтті... Демалдым Балқаш бойында, Көңіл-күй жақсы, Керілдім жағажайында... Ғаламтордағы Ғашығым шықты алдымнан, Құм кешіп жүр ем, Тыныштық тауып ойым да!
Жасы бар ғой...
Сұрама жасын,
Он сегіз...
Мөлдіреп тұр,
Өзіңіз-ақ
Ой жүгіртіп, өлшеңіз,
Айдай ару,
Аялы көзі нұр шашқан,
Сәмбі талдай сымбатты,
Сіз де ғашық боп қаласыз
Көрсеңіз!
Шуаққа толып,
Толқыды келіп жүрегім,
- Мен сіздің,- деді,
Ғашықпын өнер, өлеңге,
Көбісін жатқа білемін!..
Ұмытып кеттім
Алпыс екі деген жасымды,
Тіліме келіп,
Таңдайда қалды,
Тіреліп тура тілегім!
Жеткізу қиын,
Сондағы толқын сезімді,
Ақын болсам да,
Айта алмай қалдым
Айтатын нағыз сөзімді,
Ойпырмай, енді, қаншалық қиын,
Былайша:
- Өлеңімді сүйсең,
Сүймейсің бе деу, өзімді!
Ай, хай, дүние,
Жастықта дәурен сүруші ек,
Назарын салса,
Найзағай болып келуші ек,
Ару қыздарды
Ағыла сөйлеп балқытып,
Кей-кейде тіпті,
Айтпай-ақ сүйе беруші ек!
Қиын-ау десе,
Сия түсті көйлек киген сыйлы қыз:
-Жаныма жырмен
Мейірлі шуақ құйдыңыз,
Атамдай болып,
Ақылдан неге адасып,
Ұялмай қалай
Келеді мені сүйгіңіз?!
Қуады келіп
Кейінгі толқын
Алдыңғы толқын ағаны,
Асығыс неге,
Соғуға сонша жағаны?!..
Ақбидай өңді,
Толған ай сынды келбеті,
Қара маржандай
Ұшқын атады,
Аялы,
Ойлы жанары...
Бұйра бұлттардан
Қалғысы келмей бұлқынып,
Балқаштың бұла
Толқыны көшіп барады!..
Желден де ұшқыр,
Жүйрік-ақ еді ой неткен,
Бөлмеге сыймай,
Қараймын үлкен әйнектен...
Еркелей басып,
Сырласып жап-жас жігітпен,
Жағада кетіп барады қалқып,
Мен ғашық болған бойжеткен!
Қырық жыл бұрын қиқулап тұра жүгірер ме ем?
Желкеден алып, жігітін көлге тығып жіберер ме ем?
Ақшағыл құмға аруды аунатып алып, ай-хай...
Сап, сап, қасқа,
Басқамын бүгінде мен!
Жылағым келіп тұрса да, қайтем,
Өзіме-өзім күлемін,
Сол керек саған,
Махаббат толы жүрегім,
Ал, енді қандай,
Амал, арманың бар уақытқа,
Аталар айтқан,
Жас жастың бір деп тілегін,
Көз ұшында желбіреп, көлді жағалап,
Көкжиекке бет алған,
Жастарға бақыт тіледім!..
Фейсбукты қазір,
Сиректеу қарап жүремін!..
26.03.2015ж.-19.07.2017ж.
Тонға оранған балалық
Сары аязда
Сабан иісі бұрқыраған әкеміз,
Сырттан кірсе шұрқырасып,
Біз таласа жетеміз,
Қарағайдай қара тонын
Шешкен бойда шуылдап
Көкпардай ғып
Төрге тартып кетеміз.
Таласамыз,
Тулаймыз кеп кіл қара,
Екі жеңге тығыламыз ұрлана,
Қара шалдар мол еді ғой кеңқолтық,
Бір жеңіне сиып кеткен бір бала.
Қиқуласып,
Оранамыз, аунаймыз,
Қиялдаймыз...
Қарлы орманға заулаймыз,
Қара тонның қолтығынан сығалап,
Көздейміз кеп,
Аю, қасқыр аулаймыз!
Аяз қысқан қысқы кеште,
Терезе де демін тартқан булығып,
Тонға оранып,
Ұядағы балапандай сезінеміз жылылық,
Қайда шіркін қамсыз күндер,
Бақыт кешкен алаңсыз,
Ата-ананың қанатындай
Қара тонға тығылып!
Тоннан шықтық,
Шетелдік сән киім кидік,
Жолыменен жобаның...
Әлі күнге сағынамын ауылдағы
Ақпанның ақ боранын,
Қарағайдай қара тонды
Естен тана аңсаймын,
Иісі аңқыған
Құнан мен тай, қой мен сиыр,
Қораның!
13.02.-18.07.2017ж.
Дүние
Күнәлі болар кім-кім де,
Куәлік етпес күн түнге,
Күлкі мен қызық іздеген,
Не дерсің көңіл шіркінге,
Гулетпей қоймас дүние,
Дүрілдеп дүркін, дүркін де,
Сәби боп келдік өмірге,
Сәби боп өту мүмкін бе?
Сайланып тұлпар баптасаң,
Асудан асу аттасаң,
Өмірдің дәмін білер ме ең,
Ащы мен тұщы татпасаң,
Сүрдім деп дәурен ойлама,
Күнәға кейде батпасаң,
Қадірін жолдың білер ме ең,
Адасып барып таппасаң!?
Өзіңді өзің мықтасаң,
Жолына шындық шықпасаң,
Милау боп мүлде кетерсің,
Бас шұлғып бәрін құптасаң,
Күресте кейде жеңіліп,
Қайқайтып кейде жықпасаң,
Қуанған жанды құттықтап,
Жылаған жанды ұқпасаң.
Түзулікке де жетпес ең,
Қисайып әуел кетпесең,
Телегей теңіз тіршілік,
Қаймықпай кешіп өтпесең,
Шыңылтыр аяз мұздатпай,
Шыңдалып рухың, өспес ең,
Кешірім сұрап біреуден,
Біреуді өзің кешпесең!
Кегіңді қуып тістенсең,
Біреудің мінеп ісін сен,
Биіктей түсем деймісің,
Беделін жұрттың түсірсең,
Кісілік болмас, кімге де,
Ірілік қылып ісінсең,
Қолыңнан сенің келері,
Кешіру ғана, түсінсең!
Көрпеңе қарай көсілсең,
Еркіңе қарай есілсең,
Мейірге бөлер сені де,
Мерейін елдің өсірсең,
Есебін бермей қоймассың,
Еліріп бүгін есірсең,
Кешеді ертең сені де
Біреуді бүгін кешірсең!
Ұғарсың болса зейінің,
Алдыңнан шығар пейілің,
Өмірдің сыры сан алуан,
Кейбірі шаттық, кейі мұң,
Жығылма, алдап кей ағаң,
Аяқтан шалса кей інің,
Не болар еді адамзат,
Болмаса рахым, мейірім!
28. 05. – 16.07. 2017ж.
Батырдың ескерткіші
Сауын айтып алысқа да, жақынға,
Бәйге беріп балуанға да, ақынға,
Ұрпақтары қойды ескерткіш той жасап,
Бір ауылдың атасына,
Батырға!
Шыншылмын деп жұрт сынағыш бір замандас міншілдеу,
Бар міндеті – біткен істі кекеп, мұқап, күңкілдеу:
«Осы күні батыр деген кетті ғой тым көбейіп!
Мен білмейтін мынауың кім ?!» – дегенде,
Мүмкін емес күрсінбеу!
Ойдан құрап, ханнан сұрап алған атақ емес қой ол жасанды,
Ел мен жердің құрбаны боп, аңыз, батыр атанды,
Бір соғыста сен елемей тұрған бүгін белгісіздеу сол батыр,
Аман алып қалған шығар, бәлкім, сенің әулетіңді,
Атаңды!
Керек десең, бабалардың бәрі батыр жанын қиған ел үшін,
Одан асқан арыс та жоқ, арыстан жоқ бұл ғаламда мен үшін,
Арқасында аталардың бүгін ел боп, өсіп өркен, кеңейгені өрісің!
...Мырс-мырс күліп, мынау кім деп шүйірген,
Мұрыныңды бұзар ма еді сол үшін!
12.12.2017ж.
Бар қазақ менің бауырым
Аспанға қолын созатын,
Арқасы дуда қозатын,
Аузымен айды айналып,
Жұлдыздан жыры озатын.
Қиқуы жерді жаратын,
Аты да зулап ағатын,
Бір көрген жанға аңқылдап,
Саңқылдап тілін табатын,
Бар қазақ менің бауырым!
Жеңіл де болса ауырым,
Көңілге ыстық тәуірім,
Жүзінен нұры төгілген,
Бар қазақ менің бауырым!
Алыс та болса ауылым,
Нәр алған бірге тамырым,
Атамыз бірге жаралған,
Өзіңмен көркем дәуірім,
Бар қазақ менің бауырым!
Желгенде желдей ерікті,
Күлгенде күндей көрікті,
Шаттанып кетсе шарықтап,
Атады көкке бөрікті !
Байлығы – байтақ даласы,
Даладай дархан бабасы,
Қазағым барда ғажайып,
Аспан мен жердің арасы,
Бар қазақ менің бауырым!
Мейірбан елдің бәріне,
Айналған өмір мәніне,
Мерейін мұхит асырған,
Мейірге толы әні де !
Киелі жерім, кең мекен,
Аялап сені әндетем,
Қазақтан асқан жалғанда,
Мейірбан халық бар ма екен?!
Бар қазақ менің бауырым!
12 -13. 12. 2017ж.
Сауал мен жауап
Қайнай ма қаның,
Жан – жақтан қаптап,
Жаныңды жесе сауалдар,
Сабырдан басқа,
Сынаптай сынақ,
Сауалға қандай амал бар?
Тұнықты лайлап,
Тіршілік алға
Тартады талай сұрақтар,
Шырмауық уақыт,
Шырқатпай еркін,
Сүрінген жоқ па пырақтар?
Күнәлі болып,
Қалуың оңай
Жасамай ешбір жамандық,
Өкпелеп қалып,
Күйелей салу
Күйкілер үшін – мамандық.
Не деген шексіз,
Бітпейтін өңкей
Қайшылық еді, апырмай...
Құдайға сен де,
Жүре бер алға,
Басыңды онша қатырмай!
\23\ 24.10.2016ж. – 18.07.2017ж.
Игілік
Шынар ағаш шыңға құмар,
Сыршыл ақын сынға жылар,
Міншіл адам күншіл келер,
Мұңшыл адам құмға құлар,
Пәле қуған түп – түбінде,
Қара басын жерге тығар,
Бағы тайса ер жігіттің,
Сары майға тісі сынар,
Кәміл иман, кемел ақыл,
Игілікке алып шығар!
10.02.2018 ж.
Көкжиек алда...
Күйіне берсең,
Күйік боп өмір көрінер,
Көкжиек алда,
Күн нұры көктен төгілер,
Қырларды тербеп,
Аңқылдап соқса ақ самал,
Құрсаған қалың
Іргесі бұлттың сөгілер.
Қайғыны қуып,
Қай жаққа қашып
Құтылам дейсің қиыннан,
Тәубә ғып, қарсы ал,
Тағдырды құдай бұйырған,
Отқа да күймес,
Судан да өтер аман сау,
Күдерін үзбей,
Рахман рахымға сыйынған!
10.02.2018 ж.
Тамшылар
Тереземнің түбінде,
Тырсылдайды тамшылар,
Бізге қиял – ғажайып,
Табиғатқа заң шығар.
Бұлтқа айналып ұшқан бу,
Жел қай жақтан қуды екен?
Алақанға қонған нұр
Қай мұхиттың суы екен?
Қалқып келген әуеден,
Әлде әдемі ән бе екен?
Осы тамшы қолыма
Қалай ғана қонды екен?!
Қалқиды бу бас құрап,
Бұлт боп көкте тізіліп,
Тырс етеді бір сәтте,
Бір тамшы боп үзіліп.
Құдіретке бас идім,
Ғаламға нұр таратқан,
Дәмін көр деп мұхиттың,
Жіберді ме жаратқан?
Татып көрсең тәп-тәтті,
Дәміне дәм жетер ме?
Тазарар ма тамшыдай,
Жан да көкке кетерде?
Тамшы, көздің жасындай,
Мөлдір едің сен неткен,
Осы тамшы құрайды
Жаңбырды да селдеткен.
Тамған судан нәр алып,
Жер де көктеп жайнайды,
Қосылғанда көп тамшы
Найзағай да ойнайды.
Қалқып түскен сол тамшы,
Қайта ұшады бу болып,
Қосылған соң мұхитқа,
Шалқиды айдын су болып.
Тама,тама оятар,
Ойын түртіп адамның...
Мөлдіреген тамшыдай,
Бөлшегіміз ғаламның!
25.06. – 30.06.2018ж.
Жоғалған білім
Білгендер кетіп,
Қаншама білім жоғалған,
Аңызақ – уақыт...
Ақыл-ой кені тоналған,
Бір кезде жұрттың
Бәріне мәлім нәрселер,
Жаңалық болып,
Бір күні қайта оралған.
Тоқтаусыз тарих,
Кейде асау, кейде жай ағыс,
Даналық ойлар,
Адамға жарық, таяныш,
Жоғалған уақыт,
Жоғалған бақыт сияқты,
Жоғалған білім,
Тағдыры қандай...
Аяныш...
Асудан биік,
Біліммен ғана асады ер,
Жоғалған білім,
Оралар тағы,
Тосады ел...
Бір түйір болсын,
Тапқаның болса, қайтып бер,
Бір тамшы болсын,
Айдынға қайта қоса гөр!
6-9.10.2018ж.
Құлақ пен сырға
Ері:
Жаным, саған не боп қалды,
Түйіліп тұр қабағың,
Күндегіден күйің бөлек,
Сұйылып тұр тамағың?
Әйелі:
Құбылмай ма көңіл күйі,
Қызық екен сұрағың?
Ауық, ауық қиялданып,
Ойға батып тұрамын.
Ері:
Ой дегенің жақсы әрине,
Мұңайма тек қарағым,
Айтпаған соң, қиялыңды,
Қайдан қуып табамын?
Әйелі:
Қыз күнімде айтқызбай-ақ,
Білуші едің,шырағым,
Ай сырғаны ауырсынып
Ауырып жүр құлағым!
Ері:
Ойхой, сол ма, күйіндіріп,
Жан қинаған сұрағың,
Ай сырғаны ағыта сал,
Аман болсын құлағың!
Әйелі:
Үңірейіп тұрады ғой
Орны бөлек сырғаның,
Өзі жеңіл, кіп-кішкентай
Гәуһарды ойлап тұрғаным!
Ері:
Гәуһар, жауһар қайтер дейсің,
Тас емес пе жолдағы,
Бас пен құлақ жарасыммен,
Аман болса болғаны!
Әйелі:
Айта берсең табылады,
Ақыл сөздің мәні ғой,
Ойлап көрсең, әсем бұйым,
Әйелдердің сәні ғой!
Ері:
Құмарлығы дүниеге,
Бұл ғасырдың әлегі,
Күн көрінген құлағыңыз
Сырғасыз да әдемі.
Әйелі:
Бір нәрсеге мен қызықсам,
Ақылгөйсіп бөгейсің,
Құрбылардың алды бәрі,
Енді маған не дейсің?
Ері:
Неғылады өзгелермен
Бәсекелес болмасаң,
Удай қымбат гәуһар тасың,
Мені сатып, алмасаң!
Әйелі:
Сүйгеніңе масаттанып
Биледім деп бөстің бе?
Гәуһар түгіл, көк тиынға,
Өтпейсің ғой ешкімге!
Ері:
Бұл сөзіңді естіп қойса,
Біреу соғар құйын боп,
Бай бергенді жұрт айтады,
Жан бергеннен қиын деп!
Әйелі:
Тас тілеуім нелеу екен,
Жас жүрегің тұрғанда,
Бас тілеуім – бақ-береке,
Жеткізетін арманға!
11-13.03.2017ж.
Көңіл
Көңіл шіркін сатулы
Тұғыры жоқ сынаптай,
Бүгін жақсы көрген жан,
Ертең қалар ұнатпай.
Жаны қалмай іш тартып,
Жақсы көріп қалады,
Ішін тартып артынша
Іргені аулақ салады.
Құбылғының қулығына
Қызығым деп қайрылма,
Құбылмалы дүниеде
Құбылаңнан айныма!
10-11.02.2017ж.
Рух Алданып талай Сүрініп кетіп, Жығылдым қатты домалап, Сүйегім сынып, Сырқырап, сыздап, Жаныма батты мазалап, Аяқтан шалған Арзан қол достар Бетіме күліп көлгірсіп, Артымнан шұқып, Аларып атты, Айызы қанып табалап.
Ұмтылдым алға,
Қолда деп алла,
Қайратты рухпен қарысып,
Адаммен ізгі
Алыс та болса
Аңқылдап жаным табысып,
Артымнан үрген
Иттерге ит боп
Қайыра мойын бұрмадым,
Құстармен бірге
Самғадым көкке
Ақ самал желмен жарысып.
Қиялым кезіп
Тап-таза ғалам
Тұп-тұнық ғарыш әлемін,
Кие деп ұғып
Көңілге қонған
Көненің сөз бен әуенін,
Жаңғыртып жаным,
Жыр менен сырдың
Шуағын төгіп адамға,
Қажымай, талмай,
Жеткізіп келем
Ғайыптың ғажап сәлемін!
7.02.2016ж.
Үрей мен үміт
Дүние дүрліккенде дүлейлене,
Буады бойымызды үрей неге?
Жегідей жеп қояды уайым жанды,
Үгіліп өз-өзіңнен жүдей берме!
Бермесе пенде қоғам тілегіңді,
Өкпемен улай берме жүрегіңді,
Қаймықпай қиындықтан қимылдай бер,
Құдайдан үзе көрме күдеріңді!
\30-31.12.2014ж.\ – 11.02.2017ж.
Қыр кезген көңіл
Балалық шағым, бал күнім,
Даланың теріп әр гүлін,
Әуеде әуен тербеліп,
Алаңсыз кездім шалғынын.
Қиялым қырды шарлайды,
Бал күнді іздеп барлайды,
Көгалда доппен ойнадық,
Сүйгізіп күнге маңдайды.
Қымыздық иісі аңқыған,
Қызғалдақ қырда балқыған,
Аппақ нұр толы дүние,
Балалық дәурен шалқыған.
Сайрандап сала- сайменен,
Құйғыттым қырда тайменен,
Аяулы мекен – айдала,
Сырластым алғаш айменен!
Көңілім менің көктемде,
Кетеді кезіп қырларды,
Құмармын неге мұншалық,
Қырларда қандай сыр бар-ды?
\21.\ 22.05.- 17.07.2017ж.
Ешкі мен есті
Қайрат Айдархан ініме
Жемейтіні жоқ деуші едік ешкінің
Кеше ғана емші інімнен естідім...
Шек,шек деген үн шыққанша кешқұрым,
Білдірместен тірі жанға еш бірін,
Дала кезіп, тау мен таста секеңдеп,
Таңдап жейді алты жүздей шөп түрін.
Табиғаттан таңдап тауып қорегін,
Теріп жеген тек өзіне керегін,
Жұқтырмайтын басқа малдай ауруды,
Білеміз бе тазалықтың дерегін?
Кім біледі, бәлкім тосын естілер,
Тек керегін жейді екен ғой ешкілер,
Бәрін, бәрін талғамастан жеп жатқан,
Не дер екен бұл жайында естілер?
6.05.-30.06.2018ж.
Тағдыр мен төрелік
Кім бақытты, кім бақытсыз,
Жан білмейді жалғанда,
Құдай берер төрелігін
Қияметке барғанда.
Билік айтып білгішсініп,
Килігеміз тағдырға,
Күйіндіріп айналаңды,
Күйер отың жандырма.
Өзімізден өзгелерге,
Мінездеме береміз,
Күйе сөзге көзді жұмып,
Лезде, демде сенеміз.
Интернетте итше талап,
Талқылаймыз теледе,
Пенделердің қаңқуына,
Өмір өзен көне ме?
Өз жолыңмен жүре бермей,
Жұмысың не басқада?
Кіре алмайды өзге өмірге,
Сен түгілі, патша да.
Тағдырларға билік айтып,
Тартамыз кеп безбенге,
Өзгелердің жан сезімін,
Не табасың езгенде?!
Жамандығын жан-жағыңның,
Жіпке тізу жөнің бе,
Олай болса, белгілі ғой,
Адамдығың сенің де?!
Жамандығын өзгелердің,
Өзек етпей сөзіңе,
Жақсылығын дүниенің,
Тілесеңші өзіңе!
21.02.2016ж. – 18.2017ж.
*** Адам Аллаға сиынады, Бұрыннан... Қарамай Аздырар арбауға, Құбылған, Жығылып жатса да, Шалшыққа батса да, Бір аллаға талпынып, Шырылдайды шыбын жан! \15.08.\ 13.11.2015ж.-18.07.2017ж.
*** Қазбауыр бұлтқа қол созған, Қазақы сөздің шебері, Даусынан қаздың оянған Қоғалы көлдің кемері. Қазанат ойды қозғаған, Қазақы сөздің жүйрігі, Тұңғиық толқып, сүйінген, Тұп-тұнық айдын сүйрігі! \24.07.\ 16.12.2016ж.
*** Таба алмай жүрген бейбақ өз биігін, Бұйығы белге салған көз қиығын, Өзегі өртенумен өте берген, Ілгенше иығына бөз киімін, Құйындай құтырынған уақыт ұйтқып, Бездірген жеті жұрттың жез киігін, Таскеуде төбедегі қағып қойып, Мысқылы ұялаған кермиығын, Жиыны аузын буып, көзін жұмып, Ұйымның өткізетін без бұйрығын, Тиымын тиынымен бірге үйіріп Тартқызған өзектіге сөз күйігін. 14.12.2016ж.
*** Күн зулайды, Тынымсыз түн зулайды, Түнде-уайым қусаң да, Күндізқайғы, Шыбын жанды Ұмтылған шексіздікке, Пәни жалған шындығы Шынжырлайды, Асықпа деп ұшуға, Басу айтып, Тұңғиық көк төбеңде Тұнжырайды, Айнала қоршай қашып, Алыс кетпей, Неге сырлас қылмайды Жұлдыз айды? Селеу басын бір сипап, Жан сергітіп, Ерке жел де Ерігіп ызғымайды... Іздеуден Жалықпайтын ізгі жайды, Көңіл көзі Бір сәтке мызғымайды. 21.02.2016ж.
*** Өмір бізге артады талай жүгін, Орта жолда қалуды қалайды кім, Алқынып, асығамыз әлденеге Шығардай алдымыздан арайлы күн! Жан-жаққа лақтырады өмір бізді, Жолдардың шаңы басар көңілді ізгі, Кеше ғана көктемде күлімдеп ек, Бүгін кешіп келеміз қоңыр күзді! 10.\ 5.\ 08.2016ж.
Дауыс
Сәулесі күннің
Айдынын судың аймалап,
Сүңгіп бір шықты
Сұқсырдай сұлу айғабақ,
Дірілін жанның
Ақырын ғана аңдатып,
Таратып жатыр
Майда толқындар жаймалап.
Ақтолқын қуған,
Шығыстың қызы ақмаңдай,
Тұрды бір толқып,
Толқыннан бақыт тапқандай,
Күміс тамшылар
Шашырай ұшып шашынан,
Ойнайды ұшқын,
Айдынға маржан шашқандай.
Сыңғырлай күлді...
Сиқырлы шыны үніндей,
Таудағы құстың
Таласқан таңмен әніндей,
Суретші болсам,
Бейнесін тура келтіріп,
Жеткізем қалай
Дауысын,
Нәзік дірілдей?!
Жастық шақ қайран,
Қанатын жайған алысқа,
Алысты қойып,
Созатын қолын ғарышқа,
Ақсәуле күндер...
Ақтолқын күйлі көңіл-ай,
Ғашық боп қалған,
Сыңғыр да сыңғыр,
Дауысқа!
20.10.2010ж.- 24.07.2019ж.
Орынсыз өкпе
Кеше маған өкпе айтады ескі досым,
Көптен бері көрмеген,
Кінәмшілдің көңілінде күй құбылар,
Ойыңа да келмеген,
Осыншама нала, наза найзадай боп
Атылса да сыртымнан,
Аққа құдай жақ деген ғой,
Шүкір, тәуба,
Мен әйтеуір өлмегем!
Сен неліктен кінәлайсың болмашыға
Долбар жасап сыртымнан,
Төңкеріліп әуеніңе би билеуге
Міндеттімін мен неден?
Мен де өзіңдей бір атаның баласымын,
Қайтіп зиян жасайсың,
Кеңістікті кезіп жүрген бір-бір жанбыз,
Ізгілікке шөлдеген...
15.10.2016ж.
Өлең мен ақын
Қуа беріп қу өлеңді не керек?
Өлең бір от, ақын деген көбелек,
Елге қандай көмегі бар өлеңнің,
Құйын соқса, ұшып кетер ебелек,
Баспасөз де басуға онша құлықсыз,
Өлеңнен де керегірек күндерек,
Тиынмен де, сыйыңмен де өлшенбес,
Әлем үшін өлең жөні тым бөлек,
Нағыз ақын дүниенің өртіне,
Қарлығаштай келеді су себелеп!
17.02.2018ж.
*** Айғайшыл болғым келмейді тіпті, Мінбешіл, Мінбеден бастап, Миллетке тиер мың кесір, Тұп-тұнық әлем, Тұңғиық өлең, Дүние-ай, Өн бойың балқып, Шерткенде үнсіз түнге сыр, Ағынын ойдың, Дірілін жанның сезініп, Алыста бір жан, Жырыңды оқып, Алғысқа көмсе көл-көсір! 16.02.2018ж. Бейнет пен зейнет Бір дөкейге ел жайын, Айтып едік онлайн: «Машина емес, әйелдер!» Десек, қақты таңдайын: «Үйдің ойлап жағдайын, Бағып,қаққан жан байын, Қажымайтын әйелдер, Машина емес, комбайн!» Бұрып айтып пікірді, Күліп оңай құтылды, Комбайн да уағымен, Керек қылар күтімді! Бейнет жайын ұға көр, Зейнет көрсін туған ел, Ал өздерің, дөкейлер, Жүзден кейін шыға бер! 11.01.2018ж.
Көктем мерекесіне
Шегініп қыстың ызғары,
Сөгіліп қырдың мұз-қары,
Шуағын төгіп жарық күн,
Шырқалып елдің ізгі әні,
Көркейе берсін көктемдей,
Қазақтың Сіздей қыздары!!!
Құтты болсын, қыздар!
Құтты болсын, қыздар,
Сегізінші наурыз,
Аналар мен әже,
Өнегелі мәңгі із,
Қарындас пен апай,
Жеңгей, келін, балдыз,
Бірің нәзік гүлдей,
Бірің мықты нар қыз,
Жан жарыңмен жаса,
Болмаңыздар жалғыз,
Бақыт құсы қонсын,
Ғаламдағы бар қыз!
6.03.2019ж.
Қыздың сыры
Тұрсынбек Кәкішев пен
Қаскей Өтекиннің рухына
Ескілікке,
Естелікке,
Түрік жүрген құлағы,
Зерделі жас,
Бір көнекөз қариядан,
Құпиялап сұрады:
«Бар екен ғой
Осы өңірде
Сәкен ғашық болған қыз,
Соны айтыңыз,
Керек елге,
Асыл жаққан махабаттың шырағы!»
Шарт түйіліп
Әжім басқан қабағы,
Жалт ете қап,
Мұнарланған жанары:
«Оның қандай
Қажеті бар халыққа?»
Деп қария,
Әуесқойға қарады.
«Не табасың,
Өткендердің
Қопарғанда өсегін,
Мұратыңа жетесің бе,
Аталардың,
Ақтарғанда төсегін,
Айтар болсаң еңбегін айт,
Ерлігін айт ерлердің,
Халық үшін жасап кеткен
Істерінің кесегін!
Айнымаймын
Ерге берген сөзімнен,
Сақтап келген
Сонау балаң кезімнен,
Маған сенген
Жан досымның жан сырын,
Ала кетем
Көрге бірге өзіммен!
Алтыбақан
Шырқай теуіп ай, көкпен,
Ақсүйекті
Іздеп бірге сай кеткен,
Әдемі сәт
Әлі күнге есімде,
Өтті-ау дәурен...
Мұңайтады ой көптен,
Ол бүгінде
Бір әулеттің әжесі...
Жастық сырын
Әйгілеймін қай бетпен!»
Зерттеуші енді
Тоқтап сөзге, бармады ары теріске,
Сыр-аманат,
Қиянатты қостамайды періште...
Қыздың сырын,
Алып кеткен бақиға,
Мәрт қазақтың
Нұры шалқыр пейіште!
25.02.2015ж. – 30.07.2019ж.
Әже мен әжім
Әжеде әжім,
Болғаны ләзім,
Көзінде көктем,
Көңілде жазың!
Әжімді жүзің,
Жемісті күзің,
Өшіре көрме,
Өмірдің ізін!
Жеміс жеп күзден,
Жүзге жет бізбен,
Төгіліп нұрың,
Әжімді жүзден!
23.08.2018ж.
Қайран қариялар
Кемпірдің ұстағанда көк перісі,
Шалының бір уыс боп бет терісі,
Қораны жағалайды жан сауғалап,
Келмейді үйге тіпті беттегісі.
Қабағын кеткен кезде қырау басып,
Қашады балалар да тырауласып,
Сабан мен шөптің иісі бұрқыраған,
Алады шөпқорада бір аунасып.
Кемпірдің емес қой деп ақымағы,
Айырын шөпке шалың батырады,
Бабына келген кезде бір бусанып,
Аталап балдар шайға шақырады.
Қызық қой қариялар қазыналы,
Шалына шалт мінезі, назы бар-ды,
Қаймақтап, қою шаймен жайланғасын,
Жадырап, құрыс-тырыс жазылады.
Ватсапсыз, саппассыз-ақ шүйіркелесіп,
Адам мен қоғам жайлы пікірлесіп,
Иіскейді мейірленіп немерені,
Иа, Алла, бергеніңе шүкір десіп!
Сүйеміз өркен жайған жұп кәріні,
Үзілмей оларға ескі құт дарыды,
Аман – сау жүріңдерші ауылдағы,
Қазақтың қасиеті, түп тамыры!
\9\ 10.03.2017ж. – 14.07.2019ж.
Түн басқан таудың жұмбағы...
Гетенің жырын түн сүйген,
Көкейіне кім түйген?
Үйлесім тапса ізгі жыр,
Туады мың күй бір күйден.
Лермонтов, Гете, Абайдың,
Қараңғы түні, талайды,
Тұңғиық ойға батырып,
Серігі болған сан айдың.
Түнекті жарған жыр-ағын,
Ғаламға төкті шуағын,
Таба алмай, іздеп келеміз,
Түн басқан таудың жұмбағын!
Ақынның бастығы
Өлеңшілердің
Өтірік күлкі, күңкілі,
Шалқытпай қоймас,
Шалағай шенді шіркінді,
Жиында үлкен,
Билікте жүрген біреуді,
Ақындардың да,
Бастығы деді бір күні!
Ақындық деген
Өзгеше әлем, патшалық,
Мұратқа жетпес,
Лауазым қуып, ақша алып.
Беделін ойлап,
Өлеңін исе билікке,
Қалмай ма жасып,
Қадірі қашып,
Ақсап ұлт.
Жүгіртсең ойды,
Ғасырдан ғасыр тереңге,
Бай мен би, ханың,
Ақынға пәлен деген бе?
Қалайша біреу
Бастығы болып ақынның,
Өкімін енді,
Жүргізбек еркін өлеңге?
Аруағын жырлап,
Қарғытқан таудан атын ғұн,
Найзасы – дастан,
Қылышы – толғау батырдың,
Бетінен қақпай,
Арқадан қаққан ақынды
Көшпенділердің
Аттайды ата салтын кім?
Бүгін де, тіпті,
Бауырлар, біліп жүріңдер,
Мастығы болар,
Бастығы бірақ,
Болмайды нағыз ақынның!
Сыймайды өлең,
Зынданыңа да, заңға да,
Тыя алмас оны,
Қаһарманың да, хан, қара,
Адамның рухы
Азаттық алып заманнан,
Самғайтын кезі
Дұға мен өлең, ән ғана!
10.03.2018ж. – 30.07.2019ж.
Кітапханашы
Бір ғажап тыныштық орнаған,
Бұл жерге жиылған бар ғалам,
Киелі мекені кітаптың,
Ғасырды ғасырға жалғаған.
Жүрегі өлеңмен нұрланған,
Ізгілік ізінен үлгі алған,
Қазына иесі қарындас,
Өмірін кітапқа арнаған.
Нұр төгіп аялы көздері,
Ой салған зиялы сөздері,
Оқитын жан болса аяулы,
Кітап қой қыздардың өздері!
Айнымай атаның жолынан,
Ақ тілеу аңқылдап оңынан,
Аяңдап барады арманға,
Кітабын тастамай қолынан!
Қазына қалың ну ормандай,
Әр сөзге даналық тұнғандай,
Сарғайған парағы жылдардың,
Сыбырлап сыр шертіп тұрғандай.
Өткеннің аманат сәлемі,
Өзгеше сәулелі әлемі,
Кітаппен дос болған қыздардың,
Бәрі де керемет әдемі!
5.03.2019ж.
Лақалы
Бақаның атын білсек те,
Білмейтін едік лақаны,
Лақалы деген бір ауыл,
А, құдай – мәтел, мақамы.
Балықтың лақа баласы,
Бармаған, сірә, Арқаға,
Жазылған аты бір кезде,
Қала да түспес картаға.
Қазағын қоштап, қызықтап,
Айтады аңыз Қазалы:
«Балыққа тойған бір орыс,
Разы болғасын жазады!»
Лақаны қойып, жайынға,
Бермейтін жолды бұрын да,
Советтік үлкен картаға,
Кірді екен қалай шынында?!
Лақалы даңқы кем емес,
Одақтық небір қаладан,
Кенттерді жолда қалдырып,
Жарқырап шыққан даладан!
Саудагер санар пайдасын,
Саумалап тиын – шақасын,
Су бойлап терін төккен ел
Нәпақа қылар лақасын!
Қалсаң да қазір картадан,
Орының бөлек Лақалы,
Жақсы атың жұртқа жайылсын,
Ұрпағың өсіп аталы!
26.03.2019ж.
Қайда?
Тойға барсаң жар, жар,
Ойға барсаң, зар, зар,
Экранды ашсаң,
Ессіз күлкі дар, дар.
Еліктегіш ұл-қыз,
Етек, жеңі дал, дал,
Төрт аяғын тең басқан,
Қайда қара нарлар?!
Өтірікпен лақтық,
Көпіріп те бақтық,
Жақынды да саттық,
Жаланы да жаптық,
Іздейміз кеп тағы,
Періштедей пәктік,
Адал,таза жанды,
Қайдан ғана таптық?!
Оңай мен қиын
Оңай боп кетті бүгінде бәрі,
Өлең жазу да,
Өтірік айту да,
Өле салу да
Оп-оңай!..
Өмірдің жүгін көтере білу,
Оңай емес-ау бірақ-та!
Түнеріп жүру де,
Түңіліп кету де,
Түкіре салу да оп-оңай.
Түсіну қиын бірақ та!
Жалған мұңшылдық,
Жасанды сыршылдық,
Кезбе балалық,
Езбе даналық,
Есер күлкімен,
Көз алдап, көріне біліп,
Жарқ-жұрқ жалтырау да,
Оп-оңай!
Шынайы адам боп қалу
Оңай емес-ау бірақ-та!
\22\ 23.10.2018ж. – 24. 07.2019ж.
Жыр мен канон
Ақынға өлең үйретем деп,
Бір қасқа,
Көбік сөзді
Канондарға бұрмас па,
Жан жылуы
Қалыптарға сыймайды,
Шындық басқа,
Шыннан туған жыр басқа!
Өкпе айтпа...
Өкпеңді айтпа,
Айтсаң да өктем айтпа,
Көзге шұқып кісіні,
Беттен қаппа, Қатты сөзің, Қайтып кеп, өзіңді атар, Есеп берер Уақытың жеткен шақта! Тәуелділік Тәуелсіз адам Болмайды-ау тіпті... Болған ба?! Тәуелді қылып, Жапсырып қойған Біріне бірін жалғанда, Тәуелді бәрі, Туысқа, досқа, қоғамға, Азамат ер де, Азаттық таза алған ба? Тәкаппар көңіл, Тәуелділігін білсін бе? Билейді заман, Қарамай сүлей, дүрсің бе, Өзгеге көнбей, Өзеуреп өрлеп кетсең де, Өзіңнен өзің Тәуелсіз болу мүмкін бе?! 29.12.2018ж.- 12.06.2019ж. Із Бабалар бізден алыста, Балбал тастай баяғы, Ағалар қайда кешегі, Алақаны аялы, Замандастарым сол ізбен, Аяңдай басып барады, Келешек – үрпек балапан, Қанатын қалай жаяды?! 26.06.2018ж.
Экспонат Ескі-құсқыны тастауға тысқа, Қимайсың қоқыс қорапқа, Тапсырып мұражайларға, Сыйлайсың оқыс сағатта, Бәрі де өстіп, Айналады-ау түбі, апырмай, ЭксӨмірге, ЭксАдамға, Экспонатқа! 8-9. 12.2017ж. . Лайк пен лайық Досым тақты айып: - Кеттің серттен тайып, Фейсбукта маған, Баспайсың! – деп лайк, Майып қылар миды, Лайк деген кәйіп, Дос болайық нағыз, Лайксыз да лайық!
*** Жағадан жұлқығанда Галбадрах, Балуандар бұлғаң етіп, қалды абдырап, Шалғанда аяғынан, ырғап, ырғап, Талпайтып татамиге салған бұрап, Барын сап, бағын сынап, балпаңдаған, Галбадырах болмақ па бар бадырақ ? Әйтеуір, мәз боламыз медаль алсақ, Команда аннан құрап, мыннан құрап!
Қастасқан достар
«Мен жек көрем,
Сен де жек көр,
Мен безгеннен
Сен де без!
Ер жігітте
Екі сөз жоқ!»
Деп шегелеп көзбе көз.
Айтты маған,
Бір досым кеп,
Бір досыма өшіккен,
Айырып көр,
Кімде алтын,
Кімде жез?!
Екіншісі
Келді артынан алқынып,
Ашу-ыза, ғайбат, өсек
Артынып:
«Ол өйтіпті,
Бұл бүйтіпті,
Қысқасы,
Аш, көзіңді,
Доссымақтың парқын ұқ!»
Адам қызық,
Бір-ақ сәтте достаспақ,
Болмашыдан
Қас-қағымда қастаспақ,
Бір оңбаған
Араз қылған екеуін,
Шағыстырып,
Ортасына от тастап.
Досың жүрсе,
Бір досыңмен қастасып,
Қиын екен,
Көңіліңде
Ақ пен қара астасып,
Жарастырмақ болдым әбден,
Екеуін,
Кетсе дедім татуласып,
Достасып!
Өзімізше
Бір-бір тұтқа, шегеміз,
Бірақ, ортақ,
Еліміз де,
Жер-Анамыз – кемеміз,
Жарасыммен
Өткізетін жалғанда,
Жауласамыз,
Жат боламыз неге біз?!
Тоқтамады,
Қысастыққа
Қысастық қып, қырсығып,
Жүгіртеді
Ет жүрекке кір шыбық,
Бірін-бірі
Жамандаған сөзінен,
Бас айналып,
Кетті жаным түршігіп.
Дұшпандығы
Кетті ұзаққа созылып,
Табысатын
Түрлері жоқ сөз ұғып,
Істерінен,
Тістерінен
Түңілдім де, ақыры,
Бірте-бірте,
Екеуінен
Кеттім бірдей қол үзіп!
Адамбыз ғой,
Артық-кемді түсінем,
Қуанамын,
Кірі болмай,
Нұр төгілсе ішінен,
Дос болудың
Мәні бар ма, бірақ та,
Пендешілік әлсіздігін,
Жеңе алмаған кісімен?!
15.07.2018ж. -13.06.2019ж.
Семсер мен соқа
Салдыр, гүлдір, қиқы, жиқы,
Қисық соқа жерді жыртқан,
Семсер мінсіз, сұлу мүсін,
Сілтеп қалсаң, елді құртқан.
Кие қонған сертті семсер,
Ерге серік ел қорғаған,
Сергелдеңді кер заманда,
Семсері бар қор болмаған.
Әлем кезген семсер тарих,
Төгілген қан, теңіз баян,
Жер қыртысын жыртқан соқа,
Егілген дән, өгіз аяң.
Серке мінез сері ақындар,
Семсер жайлы сермеген жыр,
Қара соқа қасиетті,
Өлең болып көрмеген бір.
Артық болып саналады,
Таң қаласың өлшемдерге,
Дән себетін соқадан да,
Қан төгетін семсер неге?
Шындығында, ойлап көрші,
Соқа жақын дос адамға,
Музейлерде семсер төрде,
Соқа жатыр босағада.
Өткір семсер өлім сепкен,
Қисық соқа өмір сепкен,
Ешкім соқа болам демес,
Бәрі семсер көкірекпен.
Семсер бейім ерегеске,
Жүрген жері сор емес пе?
Өмір дәнін сепкен жерге,
Соқа нағыз ер емес пе?!
\26.\ 29. 04.2018ж. – 18.07.2019 ж.
Орман жыры
Жұпар шашып,
Жұртқа құшақ айқарған,
Жасыл орман
Түгін тартсаң бал тамған,
Бір ағашқа
Ұқсамайды бір ағаш,
Жапырағы
Жер жаһанда жайқалған.
Құрма ағашы
Күрсінді де, ойлады:
«Құр қиялға
Қолым созып қайдағы,
Ербигенмен
Эвкалиптке жетпеспін,
Пальма болам,
Құрмасы көп, пайдалы!»
Болмағанмен
Жері нулы,ауа бап,
Аптап шөлді жарып шыққан,
Дауалап,
Серейгенмен
Болмаспын деп секвойя,
Саваннада
Мол жайылды баобаб!
Құрғақ, қуыс,
Қу қамыс деп бамбукты,
Қор санама,
Табиғатта заң мықты,
Нар қамыстай
Жарасыммен жаралған,
Жасырады
Қанша қамсыз жандықты!
Ағаш өссе жердің көркі,
Мәңгі хал,
Сұлулыққа арна күйді,
Әнді сал,
Тау сағалап,
Қасқаяды самырсын,
Су жағалап
Майысады сәмбі тал!
Иісімен
Мас қылатын баршаны,
Албастыны
Аластайтын аршаны,
Ардақтайды алаш жұрты,
Әрқашан,
Алмұрт, алма,
Шабдалы мен алшаны.
Қажып, талып,
Тұла бойды буса жын,
Құлазумен
Көңіліңе тұнса мұң,
Жаңғырасың,
Қуат алып, ширығып,
Саясынан
Қарағай мен шыршаның.
Жасыл әлем,
Жайнап тұрған жан-жағы,
Ағаштың да бар ғой кие,
Аруағы,
Жапырағы
Желпіп өтсе өкпені,
Бойға қуат,
Жанға шипа жаңғағы!
Қамшыға сап,
Қызыл қабық тобылғы,
Сауырынан
Сипай тартсаң шобырды,
Таралғыдан
Тартқылайды тораңғы,
Жыңғыл – талшық,
Сақтап қалар өмірді.
Талса қанат,
Қонған шымшық, торғай да,
Пана тауып,
Тал,терекке,
Ырғайға,
Табиғаттың
Сырын ұғып ағайлар,
Өз торғайын
Ырғай құрлы қорғай ма?
Ару қыздай
Ақ қайыңмен аралас,
Қарағайды
Кім ер жігіт санамас?
Мың ағашқа ұқсамайды,
Мәжнүн тал,
Қара нардай
Қайыспайды қарағаш!
Ел ерекше әспеттейді
Еменді,
Теңейді оған,
Өр мінезді беренді,
Ешкім әлі естіген жоқ,
Көрген жоқ,
Тірі еменді
Иіліпті дегенді!
Жұпар шашып
Сирек сирень төксе гүл,
Су бойлаған нарқамыстан
Жетсе уіл,
Тақыр шөлге
Тамыр жайып тарбайған,
Құм көшкінге
Тосқауыл боп сексеуіл!
Түскен жерін
Тесіп шығар түйіліп,
Үйеңкіден
Қобыз алған үйіріп,
Канадаға
Қанат жайған қазақтың,
Ай-әлемді
Ұйытатын күйін ұқ!
Жапандағы
Жалғыз ағаш киелі,
Оны кескен
Оңбай отқа күйеді,
Жалғыз өскен
Қарағашқа тимеңдер,
Тағдыр, тарих,
Талай сырды түйеді.
Жанға жайлы жасыл әлем,
Орман бар,
Қиял қуып,
Орман кезер армандар,
Адамзаттың
Игілігін келешек,
Ойласаңдар,
Орманыңды қорғаңдар!
29.03.- 18.07.2019ж.
Күзді кешіп келемін...
Күзді кешіп келемін мен...
Үнсіз.
Сыбдырлайды сарғайған бақ,
Мұңсыз,
Ойға шомып, жай табады,
Жаның,
Табиғатта бәрі заңды,
Мінсіз.
Жапырақтар жерге қонар,
Қалқып,
Қызыл, сары, саф алтындай,
Балқып,
Судырлайды, сыбырлайды...
Сабыр,
Уақыт емес, сайран салар,
Шалқып.
Шарпып бізді күздің ізгі
Демі.
Күрсінердей, іздейсің деп,
Нені?
Күз дегенің іздегенге,
Ғажап,
Жемісі мол, ақыл-ойдың
Кені!
13.08.2019ж.
Ізгілік шуағы
Көп жақсылық көрдім мен адамдардан,
Талқысында тағдырдың тарамдалған,
Түсінбеймін түңілгіш күйгелекті,
Оңды-солды өзгені жамандаған,
Адамдарды сынаған даналар да,
Адамнан артық байлық таба алмаған!
Көп жақсылық көрдім мен ұлы елімнен,
Сүрінгенде сүйеді білегімен,
Тірлігіме тіреу боп қисайғанда,
Күйінгенде күш берді жүрегімен.
Аман-есен өттім мен от пен судан,
Құдай,
Аруақ,
Елімнің тілеуімен!
Өмір – сабақ, игеріп жүз ғылымын,
Кешіп жүрміз жемісті күзді бүгін,
Игіліктер көңілді марқайтады,
Иісіндей аңқыған түз гүлінің,
Жанымның жырыменен қайтарайын,
Адамдардың шуақты ізгілігін!
Сөзімді елге арнадым, сізге арнадым,
Ізінен жаңылмадым ізгі арнаның,
Дүрілдеп дабысына білікті ердің,
Шабысын жүйріктердің қызғанбадым,
Жырладым аңызы мен аңызағын,
Даланың жусаны мен қызғалдағын,
Тамырын жерден үзіп, желге мініп,
Көкжиек көздей ұшқан түз қаңбағын,
Қызы мен қымызына қазағымның,
Жыр жаздым қызылындай күзгі алманың,
Қол созып ай, жұлдызға, көкті шарлап,
Мұхиттың айдынында жүзді арманым!
\4. 04.2017ж. – 24.07. 2019ж.
ЖЫР – ТОЛҒАУЛАР
Қазақ қандай дейсің бе?
Балалардың бекемдесең білімін,
Ұлт жайында түзеу керек ұғымын,
- Қазақ деген қандай халық,бір сөзбен,
Айтып бер деп сұрақ қойды бір інім.
Осы сауал қойылады дүркіндеп,
Ал қайтерсің әуесқойлау шіркінге,
Тұтас ұлтқа, байтақ жұртқа бір сөзбен
Мінездеме беру сірә мүмкін бе?
Қилы-қилы тарих өткен басынан,
Таба алмайсың тау мен сайдың тасынан,
Зұлмат, нәубет зардабынан зар илеп,
Тарыдай боп дүниеге шашылған.
Аранында аждаһаның туралған,
Адыра боп алдаспан мен ту қалған,
Ұрандарын жүрегіне жасырып,
Мәрт көшпенді күштілерге қуланған!
Ажал оғы жан-жағынан қаптаған,
Амалы жоқ заманаға ақтабан,
Мойын сұнған момын батыр шетінен,
Ұрпақтарын аман-есен сақтаған!
Бой ұсынып, бұқса дағы боданда,
Қия алмаймын халқымды мен жаманға,
Аман сақтап қалу үшін ұрпағын
Амал қылған қилы-қилы заманда.
Артықпыз деп кеуде кермей адамға,
Таптамаған еш бір елді табанға,
Және ешкімнен кем көрмеймін елімді,
Әр халықтың өз орны бар ғаламда!
Сындап айтсам, жас жігерді жанимын,
Бата берем, бағын тілеп бар үйдің,
Дүниенің қай шетінде жүрсе де,
Қазағымды иісінен танимын!
Көңіліме қонбаса да кей ісі,
Кең жайылған өркенді елдің өрісі,
Әтірінен әлем – жәлем әлемнің
Артық маған қазағымның иісі!
Тереңіне ой жүгіртіп, танып ал,
Керегіңді талмай іздеп тауып ал,
Бұл қазақта адамзатта болатын
Жақсы, жаман қасиеттің бәрі бар!
Ой салмай ма от пен судан өткені,
Неше өртеніп, неше мәрте көктеді,
Тепкілеме өз еліңді, тентектер,
Аз емес қой тағдырының тепкені!
Тұншықтырса заман талай өкпені,
Он сан ұлтқа дала берді оттегі,
Ай-әлемді алты айналып келсең де,
Дәл қазақтай мейірбан ел жоқ тегі!
Асырам деп бір-бірінен қалайда,
Елді сынау бәйге болды талайға,
Кемшілігін көзге шұқып айтса да,
Бар халықты даттамаған Абай да!
Адамзаттан ақыл, ой мен санасы,
Асып туған аз емес қой данасы,
Соның бәрін біздің қазақ туғызған,
Абылай мен Абай да елдің баласы!
Жақсы атымен жер-жаһанда жарқылдар,
Ақ самалдай аңқылдаған халқым бар,
Аман сақтап қалған талай жұрттарды
Жамандауға оны қандай хақың бар!?
Мейманасы тасқандарды мазақта,
Ащы сөзбен жауапқа тарт, азапта,
Жамандығын кей біреудің көрсең де,
Тіл тигізбе бірақ барлық қазаққа!
Өзге жұрттың көрген кезде жауызын,
Өз елім деп егілерсің бауырым,
Бір қазақтың иттігіне күйінсең
Елді ит деуге қалай бармақ ауызың?!
Қанша жүрек қазағым деп бұлқынды,
Намыс үшін биіктерге ұмтылды,
Ұртын майлап жүр екен деп ұлықтар
Ұры деуге бола ма бар ұлтыңды?!
Күлкіменен алдап-сулап мұңлықты,
Кемеңгерсіп, көзді бояп кіл мықты,
Өріс алып тұрса дағы өтірік,
Біздің халық сүйеді әлі шындықты!
Көзін алдап, көңіл арбап қу сағым,
Уайым басып, жан-жүрегін буса мұң,
Біздің қазақ сүйеді әлі даласын,
Сүйеді әлі қымызы мен жусанын!
Қамын ойлап, елдің мұңын мұңдайды ер,
Қандайсың деп сына мейлің, шыңдай бер,
Сондайсың деп айтпа бірақ төрелік,
Әділін айт, сонда ғана тыңдайды ел!
Шындық айтып, елді сынау күнә емес,
Байқа бірақ, оның соңы мың егес,
Андай-мұндай бар ғой барлық елдерде,
Жекеменшік тек қазақтың міні емес!
Кемшіліктер әлемдегі елде бар,
Бізде бар ғой, менде де бар, сенде бар,
Қазақ андай, қазақ мұндай дегенше,
Алдыменен өзіңді өзің жөндеп ал!
Батыр да бар, қорқақ та бар, ез де бар,
Алтын да бар, күміс те бар, жез де бар,
Қазақ дейтін байтақ әлем, бай әлем,
Айта берсең таусылмайтын сөз болар!
27.02.- 17.04. 2017ж.
Қаһарман мен қыз
Бала күнде естіп едім апамнан:
Ғазіреті Ғали батыр қаһарман,
Жекпе-жекте шақ келтірмей жауларын,
Бір алланың арыстаны атанған.
Тірі пенде ұстай алмай белінен,
Орын алды батырлықтың төрінен,
Сол уақытта даңқы шықты жер жарып,
Балуан қыздың кәпірлердің елінен.
Дариға қыз жігіттерді алысқан,
Жапырақтай жерге бүктеп жанышқан,
«Ғали бізбен күрессін! – деп жар салды,
Шын болса егер бір аллаға арыстан!»
Раббым алла оң қылсын деп сапарды,
Пайғамбардан ықыласты бата алды,
Тәуекелге белін байлап хазірет,
Дариғамен күресуге аттанды.
Аталардан бізге жеткен сөз екен,
Алтын сөзді мен қалайша жез етем?
Дариға қыз екі есе дәу Ғалидан,
Бойы сексен, иығы сексен кез екен,
Жиды жұртты, аймағына жар салып,
Қарақұрым келген халық қаншалық,
Ғалиды онша ілмей көзге, шуласты,
Дариғаның тұлғасына тамсанып.
Таудай болып келді майдан төріне,
Ойылардай балпаң басқан жері де,
Оттай қаулап, арқыраған талай ер,
Үрейі ұшып, қайтқан тыныш еліне.
Келбетінде батпан – батпан зіл жатты,
Сұсы, мысы талай ерге тым батты,
Бірақ Ғали айбатынан ықпады,
Қайраттанып, қыз Дариға тіл қатты:
- Қалай ғана дейді сені арыстан,
Даңқың зор боп жетуші еді алыстан,
Күресемін деп тұрмысың менімен,
Баладай боп, балағыма жабысқан!
Қарасаңшы әуел өзің түріңе,
Бүгін жетем, Ғали, сенің түбіңе,
Мытып, мытып жібергенде зытарсың
Мысық көрген тышқандай боп ініңе!
Көрген ерге талай майдан, қиырды,
Сын сағатта табан тайса, қиын – ды,
Таудай жаудан тайсалмаған қаһарман,
Жаббар хаққа медет тілеп, сиынды.
Қиқуласты, шамырқанып, күш тасты,
Екі палуан бір-бірімен ұстасты,
Жұлқыласты жеңісе алмай жеті күн,
Тарс ұмытып таңғы, кешкі, түскі асты!
Жұлқысудан талып әбден білегі,
Аштан қатып, дәу Дариға жүдеді:
– Мұрсат берсең, асымды ішіп келейін!
Деп қиылып, қаһарманнан тіледі.
Орындаған кезде тілек, талабын,
Қыз жөнелді, қағып қалып қабағын...
Ғали батыр ықыласпен өтеді,
Қаза болған жеті күндік намазын.
Балуан қызға аспаздары тамақты,
Үйіп-төгіп, тартты түрлі табақты,
Түк қоймастан соқты бәрін сыпыра,
Жайындайын, жұта салған шабақты!
Қазан, қазан астың бәрін жалмаған,
Жағаласқан адам аман қалмаған,
Қор қылма деп мына кәпір алыпқа,
Ғали батыр тіледі бір алладан.
Күресті кеп, жауға сырын аңдатпай,
Тау тұлғаны, жерді оятын салмақтай,
Иа – а, ханнан, иа маннан деп, қаһармен,
Жұлып алды бір-ақ ырғап қаңбақтай!
Мұсылмандар қуанды ерге сүйініп,
Кәпірлер тұр, бармақ шайнап күйініп,
Бұлқынса да, Дариғаны ер Ғали,
Тік көтерді, көкпардай ғып үйіріп.
Үйіргесін, қарап оған тұрмақ па?
Ыңғайланды қара жерге ұрмаққа,
«Тоқта, батыр, – деп тіл қатты сонда қыз-,
Затым әйел болса дағы, сорлатпа.
Намысымды табаныңа таптама,
Батыр болсаң әз басымнан аттама,
Топыраққа домалатып торпақтай,
Таба қылма жақынға да, жатқа да!
Енді қайтер екен десіп ел тұрды,
Десті бірі, Ғали қызды өлтірді,
Уысында тұрған күйі батырдың
Дариға қыз аллаға иман келтірді.
Тәуба қылып адамның өр, асқағы,
Мұсылмандық жаңа ғұмыр бастады,
Шеңгелінен босатты оны қаһарман,
Қыз намысын табанына баспады!
Мәрттік құрмет көрсеткен соң өзіне,
Ер қадірін жан-тәнімен сезіне,
Тебіреніп шын жүректен батыр қыз,
Бір тамшы жас келіп қалды көзіне.
Тебірентті мына жағдай жиынды,
Имандылық хақтың жолы бұйырды,
Кеше ғана өлердей өш жандардың,
Осы сәтте ақ некесі қиылды!
Аңыз қылған күллі ғалам Ғалиды,
Дін қорғаны, қаһарман деп таниды,
Құбыжықтан құтқарар деп күтеді,
Дариғадан туған ұлы Мәдиді !
3-23. 06.2017ж.
Сал Біржанның соңғы әні
Ғайыптан
Құйылып кеп,
Ғұмыр жайлы,
Бір әуен...
Маза бермей...
Ыңылдайды...
Сал Біржан,
Сайраған ән,
Байлаулы күй,
Ой – арман,
Жанында – мұң,
Мұңы – қайғы.
Дүние,
Ылайланды,
Шыр айналды,
Шашылып
Шартарапқа
Шырайлы әні,
Шаттығы
Сал дәуреннің
Бұл-бұл ұшып,
Мәңгілік
Сауал жауап
Сұрай қалды.
Саналдың
Жақсылардың
Санатында,
Самғадың
Аққу әннің
Қанатында,
Не таптың,
Нені іздедің,
Не бітірдің?
Қас-қағым
Екі дүние
Арасында?!
Жыршысы
Кең даланың
Жүйрігі еді,
Есебін
Түйіндер кез
Бүгін келді,
Дариға,
Ал, дүние,
Арпалысып...
Күрсінді,
Тебіренді,
Күңіренді.
Көңілін
Алай-дүлей
Орай берді,
Ағылып,
Ақтық әні
Борай берді,
Әлемге
Керегеден
Көз жүгіртіп,
Сал Біржан
Соңғы жырын
Толғай берді.
Шын өнер
Тебірентер
Жаны барды,
Тым биік,
Тұңғиығы
Танылады,
Сал Біржан
Салып кеткен
Сарын мен сөз,
Халықтық
Қазына боп
Табылады.
Өмір – жол,
Өнер – өріс,
Шексіз ғайып...
Мәңгілік
Біз білмейтін
Мәні бар-ды!
29.11.2018ж. – 12.06.2019ж.
Мәшһүр Атаның Месі
Қалдырған бабаларым бұрынғы өткен,
Дүние жұмбағына кім бар жеткен?
Айдала...
Жалпақ жатқан жалғыз төбе,
Атамыз Мәшһүр Жүсіп мекен еткен.
Даланың кеуде төсеп самалына,
Құдайдың ой жүгірткен ғаламына,
Дананың санадағы толқындарын
Жазуға үлгермейді қаламы да.
Сыбырлап ғайып пірі құлағына,
Айналған білім, ғылым шырағына,
Самғайтын қалам алса, қанатты жан,
Ілесіп өлең, аңыз пырағына.
Ерінбей ел аңызын жия берген,
Сонша сөз қай жеріне сия берген,
Жарық қып қараңғыны нұрлы жүзі,
Жаза берген, «Месіне» құя берген.
Ол кезде тұнып тұрған аңыз дала,
Тарих деп оған берген маңыз дана,
Жоқ оның көшірмесі, басылымы,
Қолжазба қалың қағаз, жалғыз дана,
Заманы алай-дүлей құйын еді,
Жоғалып кетуі де қиын ба еді?
Сарқағаз, сандық толы, сардаланың,
Киелі, керегі мол бұйымы еді.
Әйтеуір аман жеткен құдай сақтап,
Толған жыр, толған тарих, толған аруақ.
Елесін өткен күннің іздегендер,
Керегін, көз талдырып, содан таппақ!
Ғылымға түп негіз боп жатыр «Месі»,
Қазақтың қазынасы, ақыл, есі.
Қажымас не деген рух, неткен еңбек,
Сақталған, хатқа түсіп, дәуір көші!
Ойлап көр, сесің қандай, есің қандай,
Етесің елтең-селтең, өшің бардай,
Шөлмегін шошаңдатқан серкелерім,
Еліңе ертең тартар месің қандай?!
Ұрпағым аталардың ізін басып,
Жүрсін деп, кетпей теріс, қырын басып,
Тұрады жол көрсетіп Мәшһүр Жүсіп,
Ғасырлар қойнауынан нұрын шашып!
26.09.2017ж.- 21.03.2018ж.
Татьянаның қырдағы зары
Татьяна Невадовскаяның рухына
Татьяна!
Сенің төккен көз жасың,
Қатал тарих,
Тас жүрегін қозғасын,
Тамшысынан,
Ащы тағдыр тұзындай,
Ауыр емес,
Ажал оғы қорғасын!
Тар үңгірдің
Түбіндегі
Дірілдеген шырақ бұл,
Қыр астында
Күңіренген
Қыз зарына құлақ түр,
Қалай?
Неге?
Мұнша қазақ
Қырылды деп бір сәтте,
Орыс қызы Татьяна,
Орыстардан сұрап тұр!
Ен далада,
Көшпендінің
Көшін теріс бұрған кім?
Етігімен қанды кешіп,
Шылым тартып тұрған кім?
Тығырыққа тіреп түгел,
Сыпырып ап бар малын,
Қазақтарды,
Өз жерінде,
Миллиондап қырған кім?!
Бұл сұрақтың берілген жоқ,
Әлі түгел жауабы,
Кімге, қане,
Қыршындардың,
Құрбандардың обалы?
Момын елдің,
Таусылғанда амалы,
Темір заман,
Озбыр күштің
Тапап өткен табаны.
Қалай,
Неге,
Не үшін мұның барлығы ?
Орталықтың,
Комитеттің,
Өкіметтің жарлығы ?..
Міне, солай,
Бар қазақты
Бір уысқа сыйдырған,
Атаң айтқан,
Сұм заман деп,
Дүниенің тарлығы!
Шырылдаған,
Қырылған жұрт,
Шыға алмаған тұйықтан,
Мәскеудегі,
Мас кеуделер,
Мұртын сипап,
Күліп қойған миықтан,
Дүрілдете берді ғалам,
Түк болмаған сияқты,
Күңіренген кең даланың,
Күйінішін кім ұққан?!
Татьяна...
Пушкин...
Абай...
Бұрын қырда ән салған,
Орыс әнін
Қалың қазақ
Өз әніндей тамашалап,
Тамсанған,
Мың тоғыз жүз
Отыз екі...
Заманында советтің,
Татьяна зар еңіреп,
Жапан түзден
Жер жаһанға жар салған!
Сұрқиялық,
Сұм саясат,
Судай төгіп қаныңды,
Қатігездік,
Құлағына,
Қыстырды ма зарыңды?
Өзіңе сен,
Есіңді жи,
Беліңді бу, аңғал ел,
Қара құйын қайта соқса,
Біреу сенің
Алып қалмас жаныңды!
Қыр астынан уілдейді,
Өзекті өртеп жыр –дастан,
Күрсінгендей, бұлтқа оранып,
Тұнжыраған мұңды аспан...
Орыс қызы Татьяна,
Орамалы желбіреп,
Орман кезіп жүргендей,
Даладағы қазағымның,
Қайғысына үн қосқан!
12.09.2016ж.- 21.07.2019ж.
Шал мен сағат
Сағаттың шықылдағы емес ермек...
Абай
Аямай тағдыр, тарих сынап еді,
От кешіп, аман көрген құба белді,
Соғыстың ардагері біздің әкей,
Жөндеуге ескі сағат құмар еді.
Оқ тескен білезігін тура түптен,
Сол қолдың бас бармағы молақ біткен,
Ұстаған айыр, күрек саусақтары,
Добалдай, сағатшыға олақ тіптен.
Ол кездің бөтен еді сара заңы,
Бірақ-та оған шалдар қарамады,
Қосылып үлкендерге жастайынан,
Намаз оқып, ұстады оразаны.
Жұмыстан ертелі-кеш бір тынбайтын,
Сағаттан біз ұқпайтын сыр тыңдайтын...
Уақыт та бала күнгі өзгеше еді,
Сағаты да басқаша сыртылдайтын.
Шынжырын тартып қойсаң бір үшінен,
Жаңылмай сырт-сырт еткен жүрісінен,
Адамның серігіндей жалғыздықта,
Тықылдап тіл қататын түн ішінен.
Ол кезде қалта жұқа, нәрсе тапшы,
Аудандағы шебердің бәсі қатты,
Дұрысы бәрінен де біздің шалға,
Алғыс айтып, жөндетіп алған жақсы.
Жүргендей қолдарына тағып алтын,
Ауылдас біздің үйге ағылатын,
Сағаттар алыс, жақын елден шыққан,
Ескілеу қобдишадан табылатын.
Сағаттар тына қалса тықылдаған,
Көрінер тоқтағандай бүкіл ғалам,
Уақыттың өлшеуіші болса дағы,
Уақыттың шешімінен құтылмаған.
Қол сағат, қалта сағат, шынжыр балақ,
Қақпағы қабырғадай, тұнжыр қабақ,
Бәрінің өлшейтіні бір-ақ уақыт,
Мәңгілік қас-қағымын жылжыр санап.
Уақыттың құлақ түріп дүбіріне,
Бой алдырмай күбір мен күдігіне,
Ұп-ұсақ темір- терсек, көзге ілінбес,
Ауыстырып салатын бір-біріне.
Кім көрген құйттай темір мұндай құнды,
Волосок дейтін еді қылдай сымды,
Шерткендей жүрек қылын рахаттанып,
Құлағын тақап тұрып тыңдайтын-ды.
Үстөлге көлдей гәзет жайылатын,
Бөлшектер тәртібімен қойылатын,
Сағаттың соғып тұрған қолындағы,
Сырқатын сыртылынан айыратын.
Келтіріп бір-біріне бұрамасын,
Үш сағаттан бір сағат шығаратын,
Қырық жылғы көненің бір тетігі
Кәдеге асып кетсе қуанатын.
Көк тиын және ешкімнен ақы алмайтын,
Тағып ап көзге лупа, мақамдайтын,
Қолына түскен сағат жөнделгенше,
Жарықтық тыныш ұйқтап жата алмайтын.
Шетелдік қымбат сағат бой бермесе,
Сарылып отыратын, шөлдегенше,
Қалатын кәдімгідей жүдеңкіреп,
Секөнті секөнтіне сай келмесе.
Сараптап, сағаттарды салыстырып,
Сапырып, темір-терсек ауыстырып,
Шетелдікке сәбеттік деталь салып,
Қанттай ғып жіберетін қабыстырып!
«Зауыттың қитұрқысын аңдадым деп,
Біріне бірін иіп жалғадым деп, –
Шаттанып, көрсететін бізге әкеліп, –
Мінеки! Мұны да ақыр оңдадым!» – деп.
Қуаныш ұялайтын қабағына,
Ол кезде кім үңілген сабағына,
Сағатты істен шыққан жүргізуі,
Уақытты тоқтатпаудың амалы ма?
Сау келген жауған оқтан жаңбырлатып,
Әкемді уақыт жықты қалжыратып,
Бір кезде Берлинді алған берен жігіт,
Ауырып, төсек тартып, қалды жатып.
Парызы төккен қанмен өтеліпті,
Адамның момыны еді өте мықты...
Көңілін сұрай келген бір ауылдас,
Сағатын сынып қалған әкеліпті.
Көтерген мойынымен бар салықты,
Сабырлы ер әрең оны қарсы алыпты,
Алайда, тұрып кеткен төсегінен,
Сағатқа құмарлығы соншалықты!
Солдаттай селт етпестен тұрған сапта,
Сөйлетпей, дегендей күт, інім, тоқта...
Бір сағатты жүргізіп кетті ақыры,
Өз уақыты сызыққа жеткен шақта!
Өз сағаты тоқтарын біліп тұрды,
Көңілінде иман мен үміт тұрды,
Шал өмірден озғанда, сырт-сырт етіп,
Жөндеген сағаттары жүріп тұрды!
\ 27\. 28.05. – 2.06. 2017ж.
Жусаным, саған жылаймын...
Жусаным, ащы жусаным,
Құбылса қырда қу сағым,
Исінен емін табатын
Қазақтың жанын буса мұң!
Түменнен қалдың тапталып,
Түреннен қалдың қиылып,
Жусанға жетпес жұпары,
Жаһанның шөбі жиылып.
Түбірін түгел қопарып,
Талайлар жұлқып байқаған,
Тамырын турап кетсе де,
Тұқымы көктер қайтадан.
Қыз- ғұмыр сынды жырдағы
Қымыздық қандай қырдағы,
Даланың шөбі бұла күш,
Тасты да жарып шығады.
Жұлғызбай өскен дауылға,
Даланың сәні расымен,
Байсалды бабам жусанды
Суарған көздің жасымен!
Көшпенді көкке қол созған,
Көз жасы – тамған жаңбыры,
Жусандай мықты тұқымы,
Жусандай ащы тағдыры!
Жиһанкез жазған, жайлауы,
Жусан мен қымыз аңқыған,
Жусанның исі мың артық
Жасанды жұпар даңқынан.
Қамалға хандар симаған,
Жусанды жерін қимаған,
Өкпелеп көшкен күнде де,
Исінен есін жинаған!
Жусанды дала жұмыр жер,
Жүгінер саған түбінде ел,
Жусанын сүйген бабалар,
Табанға басты бүгінгі ер!
Өзгеріп исің кетті ме,
Аңқыған құба белдерде,
Иірім есін иіріп,
Иісалмас болған ерлер ме?
Амалың бар ма ылаңға,
Бұрыла қашты бұлан да,
Құланың қайдан сау қалмақ,
Желініп жатса жылан да!
Жете ме ақыр түбіне,
Жегі құрт жайлап жерімді
Өсе ме қаулап улы дән,
Улай ма момын елімді!?
Әлдебір үрей, елес тұр,
Төнгендей болып желкеде,
Өлең сөз қайтып көктер ме,
Өлең шөп өлген өлкеде!
Жусанды дала құт мекен,
Жайылып жылқы жусаған,
Жұқпалы жегі құрттарды,
Қаптатып қойды кім саған?
Қоғалы көлде қоңыр қаз,
Айдынның шетін жағалап,
Қанатын керіп қаға алмай
Қаңқылдар суды сабалап.
Көліңе біткен қоғаның
Қадірін білмес қоғамың,
Артамыз кімнің мойнына,
Даланың зауал, обалын?
Топаннан өткен Нұх қайда?
Тобырға тұтқа пұт қайда?
Жалмауыз аран жерімді
Жусанмен қоса жұтпай ма?!
Қырылып жатыр киік те,
Қырыңнан қашты елік те,
Шөбіңнің тегін құртпай ма,
Қаптаған бұлттай шегіртке.
Алдырмас деуші ем шеңгелді,
Оған да салды-ау шеңгелді,
Байқатпай жалмап жатқандай,
Бұйығы құба белдерді.
Жеті жұрт көшкен жапанда,
Жыр болып едің жыңғылды,
Жыңғылдың жыртып жағасын,
Жігерді кімдер құм қылды?
Ақселеу, аппақ селеуім
Толқыны мұңды даланың,
Саған да құрттар түсті ме,
Сақалы әзиз бабаның!
Күтіп тұр тағдыр бұйрығын,
Боз қаудан үнсіз бозарып,
Сөз өтпей, тіпті селт етпей
Сабаздар отыр сазарып.
Төбеде қалқып наза бұлт,
Табады қайдан тазалық?
Даланың бұла шөбіндей
Налаға батты-ау қазақ ұлт!
Өсірген адал жемісті,
Қорғаштап ата қонысты,
Аластап, қушы жусаным,
Мүңкіген иіс-қоңысты!
Жаныма батты зіл уайым,
Жұртыма жар бол, құдайым,
Жерімнің шерін тарқатып,
Жусаным, саған жылаймын!
Смағұл ішкен у
Поэма
Сократ, Моцарт және Смағұл
Тоқталмайтын ықылымнан
Тағдыр, тарих,
Тартыс, талқы тұр есте,
Аяулы Айса пайғамбар да
Отыз үшке шыққан екен
Керілгенде кіреске,
Отыз үште қаза тапты Смағұл,
Алаш ұлы,
Ақиқаттың жолында,
Ұлт азаттық күресте!
Құрбан болды
Жасына кеп Айсаның,
Кетті ішінде
Қаншама арман, қанша мұң!
Жазығы не,
Қыршынынан қиярдай?
Көкейінде тұрған сұрақ баршаның,
Кім айтады
Кім жойғанын халықты,
Қыр астында
Қырылғанның дәл санын?
Жұлдыз еді,
Жарқ етті де ағып кетті Смағұл,
Намыс туын жауға бермей
Алып кетті Смағұл,
Қара орманды қаптай шалған қалың өрттің ішінде
Алты Алаштың алауы боп жанып кетті Смағұл !
Қара дажал құрсауында қазақтығын армандап,
Азаттықтың
Түп қазығын
Қағып кетті Смағұл!
Бүгінгі жас сондай іске барар ма?
Тым болмаса есіне алып, ой назарын салар ма?
Көктен түсе қалды дейтін көк қошқар,
Байырғыда Ыбырайым пайғамбар
Жалғыз ұлы Смағұлды
Құрбандыққа шаларда,
Барлық малын садақаға берсе де Алаш баласы,
Арыстарын
Аман алып қалар ма?
Сайыпқыран
Сейіт ұлды шейіт қылған неткен у?
Жауыздықтың тамырынан жеткен у,
Қаһар атып, заһар шашқан замана,
Жан түршігер зұлымдықпен
Жас жүрекке төккен у!
Асыра алмай амал, айла қу жұрттан,
Сұмдық жала ақ жүзіне шын жұққан,
Қазағы үшін отқа күйіп қылшылдаған қыршын жас,
Оққа барып, у жұтқан!
Арқасына ел арманы, нар көтермес қос артқан,
Жат түгілі есімінен жақыны да бас тартқан,
Ажал уын біліп тұрып, күліп ішкен Сократ,
Дос ұсынған бал шарапты білмей ішкен Моцарттан,
Смағұлдың тағдырының қасіреті кем бе еді,
Қас батыр боп қасқа туған қас-сақтан!
Зұлымдықтың улы ұңғысы ежелден,
Ізгілікке қилы-қилы кезеңдерде кезелген,
Қанша жұмбақ, құпияны айта алмай,
Жасырып тұр күнге күйген балбал тас,
Еріндері кезерген.
Жер астында қурап жатқан сүйектер,
Қолжазбалар,
Жұлым-жұлым, сап-сары боп қоймаларда көнерген,
Қырып-жойып, езіп-жаншып,
Қантөгіске тоймайтын,
Тарих неге өлермен?
Бәрінен де аман қалып, шүкірінен танбаған,
Халық неткен төзермен,
Селт етпестен біріне де баяу жылжи беретін,
Уақыт қандай көнтерілі көрермен!
Кіші Октябрь. Қарсылық
Қимылы да, бұйрығы да ұқсар ала құйынға
Сандырақ ой сағат сайын құбылатын миында,
Қазақстан Крайкомын қолына алған таяуда,
Голощекин жаңа жоспар ұсынып,
Талап қойды баршаға үлкен жиында:
– Жаңа дәуір кең далада,
Кезі келді басталар,
Жөні бар ма кедей таптың
Бай-бағланнан жасқанар,
Қарап тұрсақ,
Түк өзгеріс болмағандай далада,
Мыңғырған мал,
Талтаңдап бай мастанар,
Кіші Октябрь төңкерісін жасау керек далада,
Тайталасқан табан асты тасталар!
Қаһарынан қара боран соқтырды,
Қаталдықпен аты шыққан қасқалар,
Әулетімен тізіп қойып подвалда
Патырлатып патшаны атқан пәтшағар,
Қиын емес қырып – жою халықты,
Бұйым емес олар үшін басқалар!
- Байдың бәрін кәмпескелеп,
Жер аудара саламыз,
Малдың бәрін ортақ іске
Аша тұяқ қалдырмастан аламыз,
Ортақ жұмыс – жаңа қоғам құрамыз,
Ортақ қазан,
Қолымызды маламыз,
Барша халық бақытты боп,
Қарық болып қаламыз!
Бағытынан бәлшебектің шошыған,
Қалай ғана көнеміз деп осыған,
Малы кетсе айналмай ма молаға
Байтақ дала арғымақтар жосыған ?
Ашып берді крайкомның пердесін,
Арам ойын ар жағына жасырған,
Жарқылдады жау алдында жасындай,
Өткір ойлы, жаны жалын жас ұлан.
- Ой жүгіртіп, зер салайық тереңге,
Шолақ шешім, зорлық істен
Дұрыс өнім өнер ме?
Бұл- қателік,
Зор қатерге соқтырар,
Мен қарсымын,
Ел де қарсы,
Кіші Октябрь дегенге!
Көкпеңбек боп,
Қанын тартып ішіне,
Зымияндық
Ызғарменен ісіне,
Голощекин
Ызбарлана тіл қатты:
- Не деп тұрсыз?
Жастықпенен адасып,
Сенбейсіз бе Октябрьдің төңкерісшіл күшіне?
Я болмаса қасақана шалмақсыз ба аяқтан,
Қарсымысыз
Сталинге...
Орталықтың ісіне?!
Сіз –жассыз ғой,
Тереңірек саясатты біліңіз,
Партиялық ту астында
Тыныш қана жүріңіз! –
Садуақасов ақ сұңқардай саңқ етті:
- Ен даланың еркін өскен ұлымыз,
Күн көрісі жер мен малға байланған,
Қазақ жолы – ерекше жол,
Шындап ойлап, ұғыңыз!
Голощекин күлді сонда мұртынан:
- Садуақасов – щина!
Бізге қарсы, қастандық қой мұныңыз!
Садуақасов қадап айтты: – Мұның несі қастандық,
Бұрын біздер бодан едік,
Ақ патшадан жасқандық,
Заң бойынша қабылдаған советтер,
Барлық ұлтқа берілген ғой бостандық,
Нағыз сұмдық сол болады күні ертең,
Жағдайымен жұртымыздың санаспай,
Жасар болсаң асығыстық, астамдық!
Голощекин даңғырлады,
Секілді бір дәу шелек:
- Барлық ұлтты тұтас халық, бауыр деп,
Жариялап, жарылқайды бәлшебек,
Билік біреу, бағыт біреу, біліп қой,
Оны кімдер өз бетінше өлшемек?
Ерік беріп қоя алмаймыз әркімге,
Бүтіндігін советтердің бөлсе кеп!
Не болады одақтағы әрбір ұлт,
Өз бетінше жолын таңдай берсе кеп!
Қаһар сөзден қаймықпады Смағұл:
- Бәлшебекке сенбеуге де бар себеп!
Отаршылдың қызылы не, ағы не,
Озбыр болып қала бермек бәрі де,
Азатсың деп алдап-сулап, ақыры,
Оралады үстемдіктің әніне,
Біздің қазақ құтылған жоқ азаптан,
Азаттығын алған жоқ қой әлі де!
Барлық ұлттар тапсын деген жарасым,
Жалған ұран, бар онымен таласым,
Қазақ байын туған жерден қудалап,
Құлақтарға қамқорсына қаласың,
Коммунистік идеялар әдемі-ақ,
Іс жүзінде қайда әкетіп барасың?!
Шовинистік саясатын жүргізген,
Коммунист колонизаторлармен,
Құрсап алған даласын,
Азаттығын туған елдің аңсаған,
Бір қазанға сыймайды ғой Алашым!
Голощекин ақырды кеп аюдай,
Қып-қызыл жын, қаһар еді бұ да бір,
Көкбөрінің өлмес рухы дем беріп,
Айбаттанып, жанып тұрды Смағұл,
Ащы тілін безегенде,
Темір найза кезегенде крайком,
Ақыл-ойын қалқан қылып,
Қайраттанып қағып тұрды Смағұл!
Арыстандай атылды кеп ажалға,
Кең далаға төніп келген дажалға,
Біліп тұрып, тартынбады ұлт үшін,
Ілінгенін суық ұңғы назарға,
Голощекин сұмдық ойлап ішінен,
Ләм деген жоқ, жиналысы тарарда,
Орталыққа арқа сүйеп, жоспарын,
Кіргізіп ап, қаулы менен қарарға,
Арыз айтып Смағұлдың үстінен,
Біржолата шығарды оны жаманға,
Даласынан аластады арысты,
Ауыстырып сылтау – қызмет бабымен,
Алынбайтын Мәскеудей тас қамалға!
– Су табылар сөндіретін жалынды,
У табылар күйдіретін жаныңды,
Темір тәртіп тырп еткізбес торында,
Болсаң дағы неше жерден дарынды!-
Миығынан күлді мыстан, араққа,
Тойып алып, сипап қойып қарынды!
Қаскөйлікпен қанды қақпан құрылды,
Қас тұлпардың қос өкпесі сығылды,
Кең далаға сыймай жүрген тастүлек,
Тар бөлмеге Мәскеудегі тығылды,
Құтқара ма қорқылдаған қорқаулар,
Қоршауына бір түскен соң құлынды,
Темір заман табанына таптаған
Әділеттік, ұят-аят ұғымды,
Тағдыр жолы тар ұйыққа тірелді,
Бабалардың ізіменен бұрынғы,
Ебін тауып у ішкізді бекзатқа,
Ымы-жымын білдірмейтін жырынды,
Бір тамыры Алашымның қиылып,
Бір ағашы түбірімен жұлынды,
Жан азабын боздақтардың кешегі
Қыз-бозбала ұғар ма екен бүгінгі!
Жалғыз арба соңында
Әлиханы,
Алты Алаштың,
Ақыл-оймен алға бастар асылы,
Тегін емес,
Хан тұқымы, асылзада нәсілі,
Жан-дүние арпалысын шығармайтын сыртына,
Тәкаппарлық қанында бар, әсілі,
Сталиндік темір билік Мәскеуде,
Тар қапаста тырп еткізбей тұсады,
Астаң-кестең өтіп жатты ғасыры!
Бөкейханов тас қаланың тас төселген жолында,
Жолдас та жоқ қаумалаған оңы менен солында,
Қызы Лиза
Жан жарына жоқтауын да айта алмай,
Үнсіз өксіп, тұншығады қасіреттің торында,
Қазақ көшін келешекке бастайтұғын кемеңгер,
Келе жатыр Смағұлды ұзынынан сұлатқан,
Сықырлаған жалғыз арба соңында,
Табасынан тығылғандай тобырдың,
Оранып ап түлкі жаға, ұзын қалың тонына,
Құп-қу болып, рухтас күйеу баласын,
Ақиқаттың ақиығын
Аттандырмақ ең ақырғы жолына,
Тапсыруға туған жердің қойнына,
Мәйітін де бермейді екен қолына,
Крематорий...
Қазір оның өртемекші сүйегін,
Күлі ғана қалады екен
Күн сәулелі күрескердің соңында!
Алтыбақан әуелеткен
Арулармен айлы жаздың кешінде,
Кең далаға қайраткер боп
Келген уақыт көшінде,
Кім ойлаған,
Жасын ғұмыр осылайша бітерін,
Таскеуденің
Мәскеудегі
Кісі өртейтін пешінде!..
Қарсы тұрған озбырлықтың заржақ, қужақ
қыртына,
Қалтқысыз зор қызмет жасап ұлы дала ұлтына,
Қиянаттан қаймықпаған,
Қияларға қанат жайған қаһарман,
Қалай ғана сыйып кетпек,
Құйттай ғана құтыға!?
Туған елге сәуле шашқан нұрлы адам,
Қара бастың қарекетін қумаған,
Көзі қиып жайнап тұрған өренді,
Ебін тауып кім, қалайша улаған?
Осы сауал үлкен-кіші қазаққа,
Маза бермей, ауық-ауық тулаған.
Кім тексермек
Бұл қылмысқа кімнің қандай қатысын,
Майдан бөлек,
Көресің ғой дұшпанның оқ атысын,
Тағдырыңды,
Тарихыңды таразылап көрші бір,
Амалың не,
Тапқан жаулар қашанда ердің қапысын.
Атамызды аты аңызға айналған,
Алдап-сулап,
Уландыру Аттиладан басталған,
Адал ниет аңғал дала баласы
Ақиқат сыр,
Ағын жырды іздейді ғой аспаннан,
Биік ойлы ізгі жандар бейхабар,
Қақпанынан сұм ажалдың аяғына тасталған,
Ақыл-ойы теңескенмен, амал не,
Асыруды білмеген ғой айла, қулық қастардан!
Сабақ алмай келеміз ғой, қайтерсің,
Оқысақ та неше әпсана, дастаннан!
Күрсінеді, күңіреніп, күдер үзіп кемеңгер,
Күтсе де үміт келешектен, жастардан!
Хан тұқымы әрең тежеп көз жасты,
Лизажанын қолтықтады,
Қолдасты:
- Сабыр,қызым...
Амалың не, адам адам болғалы,
Бірін бірі билеп, төстеп, табанына қан басты,
Көнбегенді қырып-жойып,
Алдамшыға таласты,
Тату-тәтті, тең халық боп бар елмен,
Тұрсам деген Смағұлдың жазығы не?
Жазығы не Алаштың?
Ойлағаны – қазағының елдігі,
Болмасын деп ешкімнен де кемдігі,
Бар болғаны азаттығын армандап,
Аңсағаны – өзгелермен теңдігі!
Жоқ дейді оған, жол бермейді,
Неліктен?
Жетпегендей дүниенің кеңдігі,
Еркіндік пен теңдігі елдің болмаса,
Мән қалды ма тірліктегі ендігі?!
Кең әлемге сыйдырмайтын адамды,
Күштілердің әділетсіз жарлығы,
Ниетінің зұлымдығы – дүниенің тарлығы,
Жау атанып,
Қудаланып,
Қырылады неліктен,
Теңдік іздеп,
Елін сүйген арыстардың барлығы?!
Күмән болып үмітпенен күткені,
Тұман болып күн шуақты құт көгі,
Түбірімен құртып жатыр түк қоймай,
Асылдардың қопарылды түп-тегі...
Тұншықтырып сызды ауасы Мәскеудің,
Күрсінеді Әлиханы Алаштың,
Сықырлаған жалғыз арба соңында...
Құла дүзден жетпегесін оттегі!
Ескендір
Тұншықтырған темір құрсау түнекке
Төгілмейді ешқашан да көктен нұр,
Көктің сырын қайдан ұқсын миғұла,
Тас қалада өсіп өнген тас жүрек,
Түп-тамырын тектілердің кескен құл,
\ Қарабеттер...
Қарғыс айтып, келешек жұрт кектенгір!\
Тепкісінен көп теперіш көрсе де,
Өз атасын ұмытар ма үлгі көріп өскен дүр,
Көзден бұл-бұл ұшты дала, туған жер,
Көкжиегі күнге асылған Көксеңгір,
Қол бұлғайды қызғалдағы қызықтырып түсінде
Қырда күлген көктем гүл.
Жастайынан жау баласы атанып,
Қиянаттың қасіретін кешкен дүр,
Улы Сталин уысында өлгеннен де уланып
Оққа ұшқанды Отан үшін жөн көріп,
Майдан барған жасына жас қостырып,
Қыршынынан қиылып,
Отқа оранып өшкен дүр,
Екі бірдей текті атаның тұқымы,
Әлиханның жиені
Смағұлдың жалғыз ұлы Ескендір!
Ессіздікті селт еткізген ескерткіш
Өтті уақыт,
Куә боп үнсіз өзгеріс пен дүбірге...
Тәуелсіз елдің
Қалықтап туы көгінде...
Солтүстікте,
Ақжарда,алыс ауданда,
Күндерде бір күн,
Ел іші толды күбірге:
- Келе жатыр тексеріске көп кісі!
Жөпшенділер жөткірінді дірілдеп,
Әкім жігіт дөкейлерді қарсы алды,
Смағұлға өз қолынан қойдырған,
Ескерткіштің түбінде.
Осы жердің азаматы,
Әкім жігіт істің ретін білетін,
Өз елімде еріктімін,
Еркінмін деп күлетін,
Кеше кеңес кезінде де
Смағұлдың кім екенін түсініп,
Жерлесім деп мақтан тұтып,
Іштен тынып жүретін.
Үзілгелі темір тәртіп алаш елін құрсаған,
Қаһарманға назар салды-ау тұңғыш рет мұнша
адам,
Үнсіз тұрған топты өзіне қаратып,
Сұрқы басқа үлкен бастық түс суытты әкімге:
- Смағұлдың тас мүсінін осы жерге қоюға,
Рұқсат берді кім саған?
Әкім айтты: Сәдуақасов осы жердің түлегі,
Бар қайратын Алаш үшін жұмсаған!
Бұрын мына тас тұғырда тым берік,
Ленин тұрған...Оны бір кез Күн дедік,
Заман, уақыт өзгерген, соң ақырын,
Ап тастадық...Жатыр оны кім көріп?
Орынына бір барыстың тас мүсінін құйдырып,
Қойған екен... Ретсіз екен бұл дедік.
- Мысық құрлы болмады ма Смағұлдай арысым!
Деп қайнады қариялар, кеңсемізге мың келіп:
- Ескерткішін көтерейік ел болып,
Намыстанып, жүргенше біз күнде өліп!
Ел айтқан соң, алдық қолға осыны,
Қаулы да бар,
Рұқсат та бар,
Емес істің тосыны,
Ол қазақтың қаһарманы,
Жанып кеткен ел үшін,
Жоғалмаған қасиетті есімі!
Туған жерде ардақ тұту Смағұлдың тұлғасын,
Көпшіліктің, мәслихаттың шешімі!
Әкім сөзін жүре тыңдап,
Есінеді дөкей бастық кесірлі,
Жиналған жұрт ұсқынынан шошыды!
Өмірінде халық үшін бір көрмеген у ішіп,
Ауызында бұрқыраған арақ құр,
Кердең басып, салықшыға сұқ саусағын сілтеді:
- Ескерткіштің бар шығынын санаттыр!
Сол мезетте мұздап кетті өн-бойы,
Смағұлдың ішкен уын алғандай боп жалап бір,
Бас көтеріп, көзін салса,
Тас тұғырда – қыран тектес қаһарман,
Суық көзбен мұны сынай қарап тұр!
Менмен бастық,
Мұртын жүрген май қылып,
Еміс-еміс жүрген ерлер жайлы ұғып,
Отты сауал осып өтті санасын,
Шыдай алмай,
Кетті көзін тайдырып,
- Мен кіммін, ей, арыстардың жанында,
Көрсеттім бе асылдарға сай қылық?!
Күлі көкке кетсе де ұшып, неліктен,
Әлі күнге жоқтайды жұрт қайғырып,
Күллі халық ұмтылады нұрына,
Күндіз Күн ғып, ал түнінде Ай қылып !
Не болғанын түсінбеді өзі де,
Есі кетіп, мағынасыз жай күліп,
Кете беріп,
Қолын қысты әкімнің,
Дегендейін: Ісің дұрыс,
Осы бетпен қанатыңды жай жігіт!
Ауыр оймен әкім шолды өткенін,
Түсінеді, ол күндердің оралмасқа кеткенін,
Тілдескендей сезіледі тұғырдағы Смағұл:
– Өкінбеймін! Уақыт солай...
Отты кешіп, өрттей лаулап өткенім,
Қызғалдақтар тербелгенде қырларда,
Қарлығаш боп менің де елге жеткенім,
Мәңгі бірге жастарымен Алаштың,
Менің ерте үзілген гүл көктемім!
Әттең, дүние!
Ұлтымызды уландырар зұлымдықтың заһарын,
Сарқып ішіп, таусып неге кетпедім?!
Сақ болыңдар...
Ол у қалды...
Мың құбылып, уламасын даламды,
Жүрегіңді,
Ой санаңды,
Балаңды,
Менің көкке ұшып кеткен жас жаным,
Соған ғана алаң-ды!
Соған ғана алаң-ды!
Әкім жігіт бас изеді еріксіз,
Есіне алып уға толған ғаламды,
Тағзым етті тұғырдағы қыранға,
Бүгінгі ұрпақ біледі деп бағаңды!
Бейнетінің еш рахатын көрмей кеткен арыстар,
Ақиқаттың ақ семсерін
Озбырлықтың өзегіне сермей кеткен арыстар,
Ауызында тұрғанда да ажалдың,
Қарыс жерін жат жұрттарға бермей кеткен
арыстар!
Отан үшін опат болған өртеніп,
Мәңгілікке ел қазақтың аспанына өрлей кеткен
арыстар!
Сорға батып,
Қырылғанда ел бағына туған ұл,
Ердің ері сынбай шыдар сынға бұл,
Ел шындығын, сор мен бағын саралап,
Мәскеуден де, таскеудеден тайсалмай,
Саңқылдаған ақ сұңқардай Смағұл,
Асып туған асыл ері Алаштың,
Маңдайында жұлдыз болып тұрған ұл,
Смағұлдың құрметіне жас ұрпақ
Қойса деймін шын ниетпен шыңға гүл!
7.02.2017ж.- 15.04.2017ж.
Эпилог, немесе
Аруақ қайта оралғанда
Өзгерген соң уақыт, заман кесімі,
Оралғанмен арыстардың есімі,
Қатпар-қатпар қойнауында тарихтың,
Сыр көп еді, табылмаған шешімі.
Ұлы дала дүр сілкінді, бұлқынды,
Темір құрсау дал-дал болып жыртылды,
Бұрынғының зерделейтін үлгісін,
Зерек, сергек жас буынға күн туды.
Қызмет қылсам деген ғалым халқына,
Ақтаңдақты келтірем деп қалпына,
Смағұлдың зерделеді тағдырын,
Қыршынынан түскен темір талқыға.
Ер қадірін жастайынан білгесін,
Бұзып-жарып түнек ойдың түрмесін,
Туған жердің тапсырам деп қойнына,
Іздеп шықты арысының мүрдесін.
Іздегені бір-ақ құты күл ғана,
Іске барды, бара алмаған мың дана,
Ізгіліктің болсам деген диханы,
Білім қуған, ұлтын сүйген ұл бала!
Өтті талай шырғалаң мен өткелден,
Кешіп көрді ердің жолын өртелген,
Өктемдіктің, өрен ұлды улаған,
Көрді көзін, ізбасарын жек көрген!
Азамат та аз болмады қолдаған,
Қуат беріп, ақ тілеумен жолдаған...
Заңдастырып, зиратқа кеп, толқыды,
Бұл бір жұмыс, бұрын-соңды болмаған!
Сайыпқыран сыймай кеткен Арқаға,
Жатыр екен мүлде бөтен ортада,
Міне, ақыры, тиді қолға мүрдесі,
Бір құты күл...
Сыйып кетер қалтаға!
Бір уыс күл...
Таудан ауыр салмағы,
Арыстандай Смағұлдың аруағы,
Надандар мен нақұрысқа бәрібір,
Сезеді оны азаматтың ардағы.
Керілгенде темір қанат аспанға,
Азаматтар ауыр ойға батқанда,
Қалтырады қуыс кеуде, тас маңдай,
Алдаспан рух
Ұшып келе жатқанда!
Топастарға мұндай тарих тосын-ды,
Күбіріне жыбыры кеп қосылды,
Алаш ері өз төріне келгенде,
Бір бәлесі жұғатындай шошынды.
Жалтаң қаққан батыс пенен шығысқа,
Жаны ашымас қаны бірге туысқа,
Дүбәралар дабырасыз құтыны,
Тыға салмақ елеусіз бір қуысқа.
Оянбаған ар жағында ой, сана,
Қиратқаны – даңғаза мен той – шара,
Шу мен шоуға масаттанған бауырлар,
Неге сонша болдыңдар, ей, бейшара!?
Тамырыңнан ажырасаң – бекерсің,
Қаңбақ болып не мұратқа жетерсің?
Өткеніңнің күлін сыйлай білмесең,
Ертең өзің күл боп ұшып кетерсің!
Жер мен көкті тебірентті Смағұл,
Саналы ұрпақ, Смағұлға дұға қыл,
Ұл боп туып,
Гүл боп көктер жеріне,
Күл боп келіп, күңірентті Смағұл!
Бұрынғы өткен бабалардың жалғасы,
Жерледі оны намысы бар қандасы,
Жарықтық- ай, түскен шығар бір аунап,
Туған жерге тиген күні жамбасы!
Не деп кеттік?
Тіл жазықты, аллам-ай,
Жамбасы жоқ,
Аунамақшы күл қалай?!..
Күндіз көкте күннің өзі күрсініп,
Мұңаяды түнде жаңа туған ай!
Азаттықты тілеп өткен еліне,
Төгілгені жас қанының тегін бе?
Қайта оралып Смағұлдың аруағы
Алашының қалықтап тұр көгінде!
Биіктерге қанат қаққан қырандар,
Жете алмасын сендерге улы жыландар,
Ер қадірін, ел қадірін білетін,
Бар екенсің...
Көп жасаңдар, ұландар!
17.06.2017ж.
Әкімнің әкесі
Гулетіп, кең даланы гуілдетіп,
Шаңдатып, күре жолды дүрілдетіп,
Әкімі обылыстың келді ауылға,
Шатырын ескі үйлердің дірілдетіп.
Кіргенде қара Джип көшесіне,
Дүрлігіп, ауыл тұрды тікесінен,
Бұрылмай ешкімге де тартты тура,
Сағынған аяулы әке-шешесіне.
Алдынан шықты анасы қалбалақтап,
Баласын сүйді құшып жаннан аппақ,
Ақсақал көрінбеді, әкім ұлын
Сөйлеуден жалықпайтын таңға мақтап!
Әкеге келді бала, алып ұшпай,
Сабырмен сәлем берді, қолын ұстай,
Шоқиып, малдас құрып отыр екен,
Шыңдалған, шақар, шымыр, сары құстай,
Шал сөйлей жөнелгенде әр бір сөзі,
Атылды жүрегінен жарылыстай!
- Қашанғы күтеді-ау деп өлерімді,
Білгенмін, түбінде бір келеріңді,
Малданып неғыламын, құр алданып,
Жер сатып, тапқан тиын-тебеніңді!
Ерлерді, ел дегенде, мұң құшатын,
Болды ғой арбап ақша, жын қысатын,
Тарихта арғы-бергі хан болмаған,
Жер сатып, мазақ еткен Шыңғыс атын,
Амал не, атандың-ау, тірі өлтіріп,
Жат елге жерін сатқан тұңғыш әкім!
Құйтырқы қулық сырын ұғынып көп,
Ызаға булығып тұр, түңіліп көп,
Алар ем жағасынан жерді сатса,
Дәл қазір көрден әкем тіріліп кеп!
Шынымен туған жерді сатасың ба,
Күнәға қияметтік батасың ба?!
Ақша ма, атақ, даңқ па, қорқыныш па
Не нәрсе сені итерген шатасуға?
- Әке! Тоқта! Сатпаймын! Жалға берем!
Жер қалады жайылым, малға деген,
Құр босқа жатқан жоқ па мидай дала,
Жусан басып, қаулаған қаудан, өлең.
Жалдайтын тапсақ мықты, жақсы байды,
Ен дала елімізді асырайды,
Көтеріп әкетпейді ешкім жерді,
Алмайды меншік қылып басыбайлы,
Табылып жұмыссызға еңбек майдан,
Болмайды ауыл бізге масыл, қайғы!
- Жетістіреді екенсің жалға берсең,
Жалдануды әркімге арман көрсең,
Құр жатқан жоқ, иесін күтіп жатыр,
Иесі- келер ұрпақ, маған сенсең!
Сенің даңқың алғыспен шығар болса,
Шаттанып, мың жасаймын, анаң да есен,
Жеріңді жатқа беріп, жаның жалдап,
Өзің біл, елден қарғыс алам десең!
Басып кірсе бос жерге бұралқы ауып,
Құйтырқы амал, айла, құрал тауып,
Жалған атпен жеріңді жалдап алып
Жалмап,жұтса қайтесің бір алпауыт ?!
Қаптап кетсе жат елдік қара бұлттай,
Төбеңнен мәңгі төніп тұрар қауіп!
Мың жыл бұрын жасаған атамдыкі,
Мың жылдан соң жасайтын ботамдыкі,
Киелі құт мекені халқымыздың,
Емес қой көкпар қылар жаһан мүлкі!
- Әке! Тоқтат! Білгейсіз жөніңізді,
Көркейтіп, сәнмен отыр төрімізді,
Қай бетіңмен осынша даттайсың кеп,
Барша жұрт сыйлағанда елімізді,
Кетірмей кәдіріңді кәртайғанда,
Кіретін ойласаңшы көріңізді!
Көзіңді шел басқан ба көрмейтіндей
Күн-түні төккен маңдай терімізді!
Жай жатқанша пайдаға асады ғой,
Жайласа жаһан жұрты жерімізді!
- Көреміз! Көзіміз бар! Мақтанамыз!
Сүйініп, жақсы істерге шаттанамыз,
Әсіре мақтан, бірақ, асылық қой,
Мадаққа мастанудан мат боламыз,
Тілі тәтті келгеннің түбі қатты,
Саясат сиқырынан сақтанамыз!
Тұра тұр... Бетке қағып жанашырды,
Неліктен бастық біткен аласұрды?
Ақшамен алдап, арбап әкімдерді,
Амалын айлалы жұрт тағы асырды,
Өз билігі өзгенің сөзін сөйлеп
Тірелді тығырыққа Алаш ұлы!
Шыңғырған шындық сөзді жек көретін,
Сын айтқан саналыға кектенетін,
Саясат – елдің соры, зор қателік,
Кімің бар, мұны ойланып, ескеретін!?
Шырқырап шыбын жаны шындық қашты,
Даланы неше түрлі сұмдық басты,
Мақтаумен майлап-майлап мықтыларды,
Жемқорлық, жағымпаздық қолтықтасты,
Қазаққа қара жұмыс кәсіп болып,
Жат елдік билеп, төстеп, шылқып, тасты!
Мен сенің тілеп едім тілеуіңді,
Ерім деп, өрге сүйрер ұлы елімді,
Сүйініп, сүйеу болып, бір сен үшін
Суырып берер едім жүрегімді!
Ботқа жедім қалайы тәлеңкеден,
Жанға күтім іздемей көлеңкеден,
Түспедім күні-түні гүр-гүр еткен
Темір ыс, май сасыған кәбеңкеден!
Әнімен тербетілген трәктірдің,
Қара жер тынысына құлақ түрдім,
Дән егіп, сар далада сағым қуып,
Маңдай тер, көз жасымды бұлақ қылдым,
Өз балам тамырыма балта сілтеп,
Құлайтын бәйтеректей жылап тұрмын!
Мен саған алғыс айтам, бәрін білдің,
Сен бізді нұр-шуаққа малындырдың,
Өмірі көрмей жүрген көрөртке де,
Жылына екі-үш мәрте сабылдырдың,
Ем-домның неше түрін жасаттырып,
Бейнеттің ұмыттырдың бәрін бүгін,
Бар жеңіс, табысыңды бір-ақ сызып,
Неліктен тәубамыздан жаңылдырдың?!
Шындықпен бетің бар ма таласуға,
Болмай ма шыншыл елмен жарасуға?
Азамат атқа мінсе, кейде амалсыз
Тура келіп қалар – ау адасуға,
Бірақ та басқа, басқа, күн туғанда
Сатқындық жасай ма екен даласына,
Көз жасын көл ғып отыр, жайшылықта
Саған шаң жуытпайтын анашың да!
Алшаңдап алты алаштың зоры болдың,
Маңдайда жарқыраған ері болдың,
Атанған ел қорғаны, жер қорғаны,
Бағы едің, енді жұрттың соры болдың,
Өзгеге өз жеріңді өзің сатып,
Неге сонша әкімнің қоры болдың!?
Жерімді шүберектей үлестірдің,
Еліңді егестіріп, тірестірдің,
Бар еңбекті белінен бір-ақ сызып,
Жақсы атыңды біржола крес қылдың!
Қоярын білмегенде жанын қайда,
Ер жігіт тәубасынан жаңылмай ма?
Пайданың ар жағында айласы бар,
Бастайды сорың қайда, бағың қайда?!
Басқа жұрт қаптап кетсе қара бұлттай,
Тынысы туған елдің тарылмай ма?!
Ел үні күңіреніп күн түбінде
Жер шайқап, көл толқытып, шағылды айға,
Жанымды қиям деуші ең Отан үшін,
Жан қайда, антың қайда, арың қайда?!
Қай бетіңмен қарайсың жамағатқа,
Сатқынды айыптайды адамзат та,
Еліне опасыздық жасаған деп,
Қаласың мәңгі бақи жаманатқа!
Ұл деуші ем жаратылған ту ұстауға,
Көкірегің болды ма қуыс, қауға,
Қарабет қылғаның ба кәрі әкеңді
Ауыл, ел, дос, дұшпан мен туысқанға,
Мен өлгенде топырақ салма маған,
Хақың жоқ туған жерді уыстауға!
Көрмеймін! Бетің құрсын! Енді келме!
Тік қарап, не демексің келгенде елге?!
Әкең саған разы боп өтсін десең,
Шетелге, ешкімге де жерді берме!
Тәрк етпей бүкіл тарих, бар ғұмырды,
Шығар,қане, көрсетіп нарлығыңды,
Жер сату, жалға беру турасында
Сөз қозғау- сатқындық деп жарлығыңды,
Жерді ешкім жұта алмайды, есте сақта,
Түбінде жер жұтады барлығыңды!
Қисайды шал жастыққа іргедегі,
Дегендей, елім қайтіп күн көреді,
«Елім-ай! Елім-ай!»- деп ыңылдады,
Әкімнің естіп өскен мұңды өлеңі,
Сазайын берер еді басқа болса,
Әкеге, амалы жоқ, үндемеді,
Бірақ та бір күрсінді, аяғында,
Шалдар да біледі-ау деп бірдемені!
Аттанды әкім бала енді жайлап,
Анасы бір иіскеді «құлным-айлап!»
Безеріп балбал тастай, қала берді,
Шақар шал шақұр-шұқыр тісін қайрап...
Аяғы не болар деп ел күтуде,
Сиынып, сабыр қылып, а,құдайлап!!!
2016ж.
ӘЛЕМ ӘУЕНДЕРІ
Түгел түрік баласы
Түрікпіз, түгелімен түбіміз бір,
Түріміз, діліміз де, тіліміз бір,
Сырымыз, мұңымыз да бірге біздің,
Жалғанға жар салатын жырымыз бір!
Өтүкен, отты жерді еткен мекен,
Алтайдан аса көктеп өткен екен,
Ешкімге тізе бүкпей тік тұрған соң,
Тұр,тұрық,түрік атап кеткен екен.
Қарсы алған ақын халық күнді күліп,
Жау тисе, қыран құстай ілді бүріп,
Түрік деп түп атамды атағандай,
Жарқырап шыққаннан соң түнді түріп!
Әйгілі адамзаттың сырттанымыз,
Киелі көк бөрінің ұрпағымыз,
Баласы түгел түрік басын қосып,
Оралсын ортамызға сырттағымыз!
Түрік
Батаны алып абыз бабасынан,
Аттанып Өр Алтайдың даласынан,
Ақ – қара алысқанда, орын алған,
Ақ теңіз, Қара теңіз арасынан!
Қақ жарып жер ортасын сара жолы,
Жабылып, жеңе алмаған қара долы,
Жұртына исі түрік қорған болған,
Аруақты Анкара мен Анадолы.
Бағдарын болашақтың нұсқа қылған,
Елдігін ұрпағына ұстам қылған,
Жалғанға жар салады біз бармыз деп,
Түріктің байтақ елі Ыстамбұлдан!
Әзірбайжан
Каспиийді кең жайлаған әзірбайжан,
ЖаҺанға жалпағынан тамыр жайған,
Оғыздың өркендеген оғландары,
Бауырдың бары – баян, бағы – байрам!
Бізге ортақ дәдәм Қорқыт – бабам Қорқыт,
Ұйыған қобызына ғалам толқып,
Алпамыс – Бамсы Бәйрек елін қорғап,
Бір өзі жер түбіне барған жортып!
Таудай ел тау бөктерлеп күн кешеді,
Низами мұра қылған жыр еседі,
Тілеулес, тіреу болып бір-біріне,
Баласы бар түріктің бірге өседі!
Өзбек
Өзбегім, өз ағамыз, туған бауыр,
Бөтен бе сіздің қышлақ, біздің ауыл,
Ұрпағым, бөлінбе деп жатқан шығар,
Тәшкенде Төле би мен Шайхантауыр!
Пайымдап, көзді арбайтын сөз көптігін,
Түсінген, әрбір істің көздеп түбін,
Отаршыл озбырды да алдап-сулап,
Ешқашан өзгертпеген өзбектігін!
Самарқан, Бұхар, Тәшкен – сөз келелі,
Айтатын оны баптап кез келеді,
Тұғыры Тұранымның шайқалмайды,
Тұрғанда қара ормандай өзбек елі!
Қырғыз
Қырғызым, жан бауырым, бір туғаным,
Қуанса, жүрегінен нұр туғаным,
Қазақпен қатар тұра қалған кезде,
Байқалмас айырмасы түр-тұлғаның.
Жомықшы жорға жырмен жосылғанда,
Қомызшы сырлы күймен қосылғанда,
Ескінің Енесайдан ескен лебі,
Жеткендей үзілместен ғасырларға.
Қырғызым, жұлдызым деп аспандағы,
Айтылған асыл сөздің дастан бәрі,
Асырып Алатаудан Манасты айтқан,
Аумасын ақ қалпақты бастан бағы!
Түркімен
Оғыздың от жүректі түркімені.
Ежелден бар түрікпен бір тілегі.
Трухмен, туркоман да аттас екен,
Олар да, бөтен емес, қыр түлегі.
Ел үшін жастық көрмей жар құлағы,
Аталар мұра қылған барлық әнін,
Тарихтың қамалынан аман өткен,
Қарғытып Ақалтеке арғымағын!
Туған жер, туған тілді сүйіп келсең,
Айбының аса түсер, киіп сеңсең,
Жайнаған Қарақұмда қаһарман ел,
Өрлей бер, төмендемей биік еңсең!
Татар
Татардың атақ-даңқы жер жаратын,
Жаятын дүниеге кең қанатын,
Хандығы салтанатын құрған шақта,
Түріктің бір тірегі сол болатын!
Қашанда күдер үзбей қазағымнан,
Өмірдің олжа тапқан базарынан,
Алаштың ең алғашқы кітаптары,
Татардың қайнап шыққан Қазанынан!
Қосылса, қазақ-татар – ғажап қатар,
Қызыққа айналады ұзақ сапар,
Ең алғаш Берлинде де, рейхстагқа,
Тіккен ғой жеңіс туын қазақ-татар!
Еділді елім дейді, жерім дейді,
Туғанмен қашан да бір көңіл дейді,
Тұрғанда тас қамалдай қалың татар,
Іргесі түгел түрік бөлінбейді!
Башқұрт
Түгендеп, түгел түрік халқы жайлы,
Жырласам, көңіл қалай толқымайды,
Басқы жұрт, басты қасқыр деген сөз деп,
Ғалымдар башқұрт сөзін талқылайды.
Бас шығар, айдар шығар, арай шығар,
Бауыр ел шаттанғанда күн, ай шығар,
Назындай сұлу қыздың сызылтқанда,
Сазымен баурап алар қурайшылар.
Уфаны өзімсініп Үпі деймін,
Еріксіз Үпі десем үһілеймін,
Күптіні жазады деп келер күнім,
Үзілмес үмітімді үкілеймін!
Баяндар баба жолын башқұрт толғай,
Ғасырлар қойнауынан мақсұт жолдай,
Елдігін ерлігімен сақтап қалған,
Башқұртым жасай берсін, басқа ұлт болмай!
Қарақалпақ
Қандасым, қарындасым қарақалпақ,
Ішінде мың қалпақтың дара қалпақ,
Ілесіп, бұлтпен бірге көшкен жұрттың,
Бәріне мекен болған дала жалпақ.
Әмудің толқынымен өмір аққан,
Өңірден, орда құрып, орын тапқан,
Келеді көне күмбез күмбіріндей
Қоңыр үн қоңыраулы Қоңыраттан!
Ұйғыр
Ұйғырдың рухы бар ғой ұрпағында,
Атадан мұра болған дутарында,
Қағанат тарихының ізі қалған,
Көненің Қашқария, Тұрпанында!
Мажар
Мажарды талай заман ел білмеген,
Жайлаған Будапешті венгр деген,
Аттылы аталардың тұяғы екен,
От кешіп өткен су мен сеңгірлерден.
Мадияр- қыпшақты іздеп мың келіпті,
Аумайды, кисе бізден, бір бөрікті,
Бұрын да көзге жылы ұшырайтын,
Айрықша түр – тұлғасы тым көрікті!
Ілінген бар әлемнің назарына,
Мажардың ай қонғандай ажарына,
Тартады сыбағаны түрік-тойда,
Қайнатып қазағымның қазанында!
Қарашай
Қияға ұялаған қарашайым,
Түсіңе кірер ме екен дала сайын?
Қашанда қарашайды сөз қылғанда,
Қытымыр еске аламын қараша айын.
Даладан тауға тартты жолың бұрын,
Жетеді құшақтауға қолым бүгін,
Сарыны бабалардың шалынғанда,
Сала жүр сардалаға көздің қырын.
Балқар
Шалқардан уақыт өте жылдап шеттеп,
Балқарлар батыл басқан, шыңға беттеп,
Ішінде Европа елдерінің
Ел екен ең биікте тұрған көктеп!
Қырандай зау биіктен қараған ел,
Таулық боп, туын шыңға қадаған ел,
Өз тілін, салт-дәстүрін сақтап қалған,
Далалық ер түріктен тараған ел!
Ноғай
Бауырым, сен де ноғай, мен де ноғай,
Ешкім де кетпейді ғой елден оңай,
Орғытқан ортекені домбырада,
Ноғаймен қазақ болған орман,тоғай!
Даланы қазақ жайлап, ноғай мақтар,
Тіл – ортақ, құлақ – ұзын, тарайды ақпар,
Ноғайдың бір тармағы сияқтанған,
Тағы бір бауыр ел бар – ноғайбақтар!
Заманда басындағы бағы айныған,
Айрылған ноғай – қазақ ноғайлыдан,
Күн туды қайырылар, аспаныңда,
Ақ таңы азаттықтың арайлаған.
Құмық
Қап тауын қаптай көшкен құмықтарым,
Көтерген бір шаңырақ уықтарым,
Тығылып жүрген кеше тар қоғамда,
Құмығып, құмығымды ұмытпадым.
Қырымлы
Қардашым, татарларым Қырымдағы,
Қырық батыр ойға түсер бұрындағы,
Ұрымға ұрын барған мырзаларың,
Құлжадай орғушы еді қырыңдағы.
Қырымлы, қараманлы, қырымшақтар,
Тел емген бір енені құлыншақтар,
Тектілер қай қиырда, қай-қашанда,
Өзінің түбін біліп, тілін сақтар.
Құманды
Адасып, алыс кетсе құмандылар,
Замана ашық күнді тұман қылар,
Бәрі бір табысады түп-түбінде,
Түбі бір, тілегі бір ұрандылар!
Қарайым
Жүрсе де қиыр жайлап қарайымдар,
Олар да өзіміздің ағайындар,
Қараймын десең келіп ата жұртқа,
Арнайы саған көңіл сарайым бар!
Ғағауыз
Жырақтап, шетке кеткен ғағауызым,
Түрікше сөйлеп тұрған бал ауызың,
Ғағауыз – қазағымдай қазбен үндес,
Сағынып жүр ме екенсің дала уызын?!
Қашқай
Қаладжа, қарапапах, қашқайларым,
Түрікше түн тербетіп, бастайды әнін,
Юрюктер жүрек болсын, жүйрік болсын,
Бір шеттен жалпы түрік қостайды әнін!
Шуаш
Шеңгелін батырса да зор мен зұлым,
Ешқашан үйлеспейді тор мен тұлым,
Шашырап кетсе дағы, шашылмаған,
Шағатай, шуаш, шалқан , шор мен шұлым!
Орыстың ортасында шуаштарым,
Орда боп, жуан шаққан жуастарым,
Ата салт, ана тілді қадір тұтып,
Шарықтап, кең жайылсын құлаштарың!
Долған
Қиырда қалған туыс долғаным-ай,
Көңілім, сені тауып, толғанын-ай,
Тұтасып тұрушы едік бір заманда,
Сібірдің қалың қара орманындай.
Саха
Жақыным, жақұт елі сахаларым,
Шыныққан сары аязда сақаларым.
Алмас пен алтын жатса аяғында,
Адамды алдамаған аталарың!
Саханың Сахарадай жері байтақ,
Киіп ап бұлғын тон мен тері байпақ,
Көсілтіп кесіп өтер, қармен ойнап,
Керілген кербұғымен, мүйіз шайқап.
Сахалар Сібірдегі ірі халық,
Жасаған сан сынақтан тірі қалып,
Жырладым, өркен жайған жас түріктер,
Жүрсін деп, бірін – бірі біліп, танып!
Хакас
Келбеті бізге тартқан хакасым – ай,
Кеудесін желге тосқан жар тасындай,
Сан тарих иіргенде алшы түстің,
Асықтың қорғасынды сақасындай.
Шырқалса хакас әні Абақаннан,
Байырғы үн келгендей баба тамнан,
Бақ қонсын ұрпағына, бекер болмай,
Хакастың қан мен тері қарға тамған!
Тыва
Тывалар, тофаларым, тубаларым,
Бәрі де туғандарым, тумаларым,
Телеуіт, төлеңгіт пен әпшар, салар,
Аман, сау жүргеніңе қуанамын!
Тываның қаласы бар Тұран деген,
Қызылды қыздырады жыр-әнменен,
Атауы Самағалтай үндесіп тұр,
Жоғалтпас ата сөзін ұранменен!
Алтай мен шор
Алтайдың әйгілеген ай шырағын,
Әуенмен әлдилеген ой, сұрағын,
Үңгірдің күңгірлеген үніндей боп,
Жаңғыртқан жер-жаһанды қайшыларың.
Бір туған алтай мен шор қосылғанда,
Катуньның ағын суы тасығанда,
Жалғасты жалпы түрік әлеміне,
Атадан қалған кеше асыл арна!
Алтай, шор атқа қонып, аң қуады,
Тұтасып, табиғатпен таң қылады,
Тамсанып таңғы шыққа, тау-тас кезген,
Тап-таза жан сарайы, нәр бұлағы!
Қазақ
Танысаң, мен халықпын, атым – қазақ,
Тарихта талай ауыр тарттым азап,
Көтердім көк байрақты азат ел боп,
Жалғанда қазақ болу қандай ғажап!
Мен қазақпын, мейірбан мұсылманмын,
Мейман келсе төрімді ұсынғанмын,
Мың сан жұртты сыйғызып құшағыма,
Маңдайынан сипадым қысылғанның!
Кең дала, атамекен, шаңырағым,
Салт жүрген, сал-серілер салып әнін,
Тұраннан түлеп ұшқан түлектердің,
Тілекпен табысқанын сағынамын!
Жоғалмай, ерлік намыс, елдік есің,
Мыңдаған жылдан өтіп, келді көшің,
Үйлесіп адамзатпен түрік жыры,
Азаттық туы мәңгі желбіресін!
11 – 16. 08. 2018ж.
ФРАНЦУЗ ӘУЕНІ
Лувр
Бұлдыр, бұлдыр,
Бұрынғыдан,
Бұдырдан,
Бар байлығын,
Бұйра бұлтқа будырған,
Ғұмыр, уақыт,
Алды-артына қаратпай,
Белгісіздік
Құрдымына қудырған,
Ғаламдағы
Адам ұлы тудырған,
Сан ғасырлық асыл мұра,
Табылады Луврдан!
Лувр,
Лувр,
Дуылдаған
Атың мәлім бұрыннан,
Дулығалы
Қырдың ұлы,
Қадіріңді ұғынған,
Қанша мұра
Қорыңда тұр сақталып,
Шын Машыннан,
Мысыр, Шамнан
Ұрымнан да, Қырымнан,
Асылзада
Әспеттеген асыл зат,
Замананың
Дауылында
Луврға кеп тығылған!
Асығамыз
Танысқанша Луврмен,
Бонжур,
Пардон...
Кулуарлар ду күлген,
Араласаң,
Ай жетер ме, асықпай,
Қаншалықты Бай екенін кім білген!? Балбал тасым, Бармысыңдар, Бабаларым қалдырған, Төбесінде Жұлдыз жайнап, Ай мұңайып, Күн күлген, Күлдір, күлдір кісінеген, Күреңімді іздеймін, Күмбезіңді Кернеген күй күмбірден! Мен ақынмын, Ізгілікті ту қылдым, Есті жырмен Көңіл дағын жудырдым, Естелігін Ескіліктің Сақтап қалған жоғалтпай, Орны бөлек, Даңқы биік Луврдың! Бой алдырма, Даңғазаға, судырға, Мағыналы, Үлкен өнер тудыр да, Елдің туын, Ердің туын көтеріп, Қос апарып, Адамзаттық Луврға! 7-8.10.2017ж. Жан Эйфель көрсем, Әуелеймін әнменен, Сена бойлап, Серуендеуді сән көрем, Бала кезде Оқығанда таң қалғам, Француздың Есіміне Жан деген!
Жанна д Арк жалын құшып,
Жанғанда,
Жан-Жак Руссо
Жан – жақты сөз жазғанда,
Жан Вальжанның
Жанталасқан тағдыры,
Жаңғырығып,
Ой салған ғой жалғанға!
Виктор Гюго
Жазып кеткен Жан Вальжан,
Бізде де бар
Жан деген сөз, бар Балжан,
Болса керек
Француз бен қазақта
Өмір сүйгіш,
Ғаламдағы ең бай жан!
Адамзаттық комедия –
Ай затты,
Әлем білер
Жазған жайсаң Бальзакты,
Бір романды
Бір-ақ түнде жырлаған,
Білер ме еді
Біздің Иса Байзақты?!
Байзақ болса
Өлең-жырдың Бальзагы,
Бальзак болар
Қара сөздің Байзағы,
Барлығы да
Ұлы өмірдің ағыны
Сана,Сена!
Үйлеспейді қай жағы?!
Сән киініп,
Қазақ атқа мінгенде,
Құмар енді,
Көзге түсіп жүргенге,
Бұл жағынан
Француздар сияқты,
Деген жазу
Маржан болар білгенге!
Топ алдында табиғатын
Атамның,
Тура танып, ойға қалдым,
От алдым,
Жазған орыс,
Оқымысты Потанин,
Досы болған
Ұлы қазақ Шоқанның!
Ғалым адам
Білгендіктен жазады,
Жазғанының
Жанға жағар ғажабы:
Азияның французы
Қазақтар,
Француздар
Европаның қазағы!
9-10.10.2017ж.
Селяви – Солай
Өмірді ешкім,
Айтпайды сірә оңай деп,
Қайда да ылғи
Оңынан келер орай жоқ,
Селяви дейді
Қиналған сәтте француз,
Сабырға келер,
Даланың ұлы солай деп!
Селяви – солай,
Селяви – солай,
Осылай,
Өмірдің жолы
Сан тарау, сынақ, досым-ай,
Француз, қазақ,
Ұйқаса қалған қалайша,
Селяви – солай,
Өмірлік ұғым қосып- ай!
Е, өмір солай,
Дегені қазақ – селяви,
Даланың сөзі
Даналық тұнған, тола күй,
Селяви – солай,
Қонақжай болса бұл қазақ,
Дүние шіркін,
Адамдар үшін қонақ үй!
Керемет Париж,
Көңілде өлең, тола күй,
Эйфельді бойлап,
Тұрғандай билеп қала би,
Сіздермен, достар,
Бір ғана сәтте кездесіп,
Қоштасып жатсақ,
Солай ғой, өмір,
Селяви!
8.10.2017ж.
ЖАПОН ӘУЕНІ
Саори мен Каори
Еркін күрестен үш дүркін олимпиада,
он үш дүркін әлем чемпионы Саори Иошида мен
төрт дүркін олимпиада,
он бір дүркін әлем чемпионы Каори Ичоға
Самурайдың семсеріндей
Саори,
Арулардың көркеміндей
Каори,
Таңдай қағып,
Қол соғады бар әлем,
Жер мен мұхит,
Мұхиттағы маори!
Ягуардай
Сарт еткізіп Саори,
Кугуардай
Қағып түсер Каори,
Көз ілеспей қимылына,
Қайран боп,
Басын шайқар,
Баға берген дара би!
Асқақтатқан
Дүниеге өз жұртын,
Еліктейді,
Оларға сан қыз – қырқын,
Әлем тұрып,
Чемпионы Олимптің,
Біреуі төрт,
Ал біреуі үш дүркін!
Мықтылары
Бар әлемнің тірескен,
Мұнша алтынды
Кім алыпты күрестен?
Чемпионы
Алты бірдей олимптің,
Кротондық Милон ғана
Тұр есте!
Тірі жаннан жеңілуді
Білмеген,
Ширек ғасыр
Олимп төрін бермеген,
Көтеріп ап
Бір бұқаны күн сайын,
Жүгіргенде
Ойдан қырға өрлеген!
Ол еркек қой...
Ал нәзік қыз екеуі,
Атақ-даңқы,
Ай әлемге жетеді,
Жер жаһанға
Жақсы атты ғып жапонды,
Елдің туын
Ерлігімен көтерді!
Қыздар қандай,
Сыннан қайтпай, беттеген,
Ата жолы
Ерлік рухпен көктеген,
Екеуінің
Жетістігі айрықша,
Ешбір палуан
Бұл әлемде жетпеген!
Жұлқысқанын
Жұлып алса Саори,
Бұлқысқанын
Бұрап тастар Каори,
Арулары
Алысқанда әлемнің,
Боз кілемде
Тудырғандай жаңа би!
Сара жолдан
Жаңылмаған Саори,
Ата заңын
Қабылдаған Каори,
Қол ұстасқан
Қос аруы жапонның,
Тарту сізге
Дархан өлең, дала күй!
Саоридің
Әдістері бөлекше,
Каоридің
Күші қандай ерекше,
Сүйіндірген
Сымбаты мен келбеті,
Баян сұлу,
Құртқа мен Ай – Шөрекше!
Өмір мәнін
Тапқан күрес – сапардан,
Өз ісінің
Данышпаны атанған,
Жақсы көріп
Палуан жапон қыздарын,
Сәлем жолдап,
Жырға қостым жапаннан!
\5.\ 6.09.2016ж. – 7.10.2017ж
КАВКАЗ ӘУЕНІ
Тайғақта табысқан вайнах
Досым, ақын Ғабиден Құлахметовтың рухына.
Қан майданда
Азаматтың
Адам атын сақтауын,
Оңай деме,
Ізге түсіп таптаурын,
Темір тәртіп,
Қатал заман қайшылығы тереңде,
Біреу ақтап,
Енді біреу келістірген даттауын,
Гитлердің танктері
Еділ бойлап,
Елді жайлап алғанда,
Сталиннің бұйрығымен бір түнде,
Түп қопарып,
Көшірген ғой Қап тауын!
Ләм дегенге
Қазылады лақат тар,
Оқ аузында
Кімде қандай,
Амал, айла, тақат бар,
Топ-тобымен топырлатып,
Қауқылдаған вайнахтарды
Вагондарға артқанда,
Толқын қуған түбіртектей,
Қалтылдады,
Көк тіреген папахтар,
Қаһарынан
Кәрі Кавказ күңіренген бастықтан:
«Не себепті
Қор болады нахақтар!?»
Деп сұрады қаба сақал бір ингуш,
Тау сияқты тәкаппар!
Қатал майор ұрды бастан білгішті,
Қарулы қол сақадай-сай,
Тым күшті,
Ойға келген
Көрсетуде қорлығын,
Кім есептеп,
Біліп жатыр түнгі істі,
Қаһарлана бұйрық берді,
Қазаққа:
«Былай қарай алып бар да,
Атып таста ингушты!»
Жауынгерге үнсіз қарап,
Зәрлі күлкі төкті майор миықтан:
«Бір – біріңді атып бітір...
Батыр болсаң,
Бас тартып көр бұйрықтан,
Көрмей, білмей,
Тіпті, сезбей қаларсың,
Қайырымсыз қорғасын оқ,
Қадалғанын милықтан!»
Амалсыздан
Тау қыранын ер қазақ,
Алдына сап айдап кетіп барады,
Топты жарып,
Тар ұйықта булыққан!
Мейірбанды жан иесі,
Дархан ерді жын қысты,
Қысқанда да, темір құрсау
Құтқармастай шын қысты,
Амал қанша,
Ұңғысымен от қарудың итеріп,
Оңашалау қалтарысқа
Алып шықты үңгішті,
Оқып еді бала кезде
Бір орысша кітаптан,
Дәл осылай
Отаршылдар
Өлтіргенін үндісті!
Сар далада қажетінсіз,
Қой бауыздап көрмеген,
Күйін тартып, ән шырқаған,
Кір жуытпай атағына ер деген,
Қазақ ұлы,
Қара терге малшынды кеп,
Қалтырады өн-бойы:
«Қаруы жоқ тұтқынды атып,
Атанбақпын жауыз жендет
Мен неден?!»
Қаптың ұлы,
Қыран тұмсық,
Өткір көзі шұңғыма,
Кірпік қақпай
Тік қарайды
Түсі суық ұңғыға...
Кезікті өстіп жүзінде өткір
Тағдыр атты қылыштың,
Кең даланың еркін ұлы,
Тау мен таста
Тарпаң өскен мұңдыға!
Бұйрық сол деп,
Бұрқ еткізіп нахақ қанын,
Атармын да кетермін,
Жеткен жері осы болса жетемнің?
Жазықсыздың қанын жүктеп мойныма,
Өмір бойы
Жан азабын тартуменен өтермін,
Бірақ, бірақ амалым жоқ,
Көк желкемнен
Қатал бұйрық төніп тұр,
Орындамай нетермін?!
Тырп етуге шама қайда,
Темір зәкөн, тас тәртіп,
Шаш ал десе,
Бас алатын жындыларға
Қойған жұртты басқартып,
Қас-қағымда қағып тастар басыңды,
Бұйрығынан бұлтарып көр,
Бас тартып.
Бір дажалмен
Алысқанда бір дажал,
Темір табан тапап өтіп,
Шалажансар қалды адамдық жыр ғазал,
Қой боғындай қорғасынға байланып,
Тар ұңғыдан
Суық қарап тұр ажал!
Адам қаны
Қисабы жоқ, көл боп тұр,
Бір-біріңді қырып,жойып,
Тағдырыңды ермек қыл,
Атар болсаң бөгелмей ат,
Дәл көздеп,
Сен атпасаң,
Сені біреу атады деп,
Жүйкесін жеп,
Желкесінде,
Жеті басты жендет тұр,
Нысанаға ілінгенде тағдыры,
Тіл қатты ингуш,
Оңай ма екен өлмек құр!
«Амал қанша,
Ат дегесін бауырды да атасың,
Аз халықпыз сіз де, біз де,
Ақ патшадан
Шеккен жәбір-жапасын,
Қияметте
Таразыға тартпай қоймас құдайым,
Адамзаттың
Қиянат пен қатасын,
Жазығымыз қанша біздің
Өкіметке отаршыл,
Ол арасы көп әңгіме,
Кейін біле жатарсың!
Қорқақ кісің мен емеспін,
Жалбарынып, ая дер,
Бірақ,ойлан,
Мұсылманға
Мұсылмандық сая бер,
Мылтығыңды
Дұшпан көз ғып көкке ат та,
Нахақ қанды төкпей аман қоя бер!
Арамызда қара түндей құпия сыр,
Жасырын,
Сабасына түсер әлі,
Астаң-кестең ғасырым,
Аты-жөнің жүрегімде сақталады
Мәңгілік,
Сал қалтаңа,
Бір белгі боп
Қалсын алтын қасығым,
Хақ бұйырып, күн туғанда
Осы қасық дәнекер,
Іздеп сені тауып алам, асылым!»
«Тоқта,-деді, өзіне-өзі,-
Тағдырыңмен дүлейлерді ойнатпа,
Кез боп тұрмыз,
Біз екеуміз
Ер сыналар тайғақта,
Арыстары
Айтып кеткен Алаштың,
Ар алдында
Адамдықты айғақта!»
Гүрс еткізіп
Қиырға атты мылтығын...
Қараңғыға сіңіп кетті,
Семсер мінез вайнах та!
Өтті соғыс,
Жер жүзінде
Адам қанын селдетті,
Гитлердің соңын ала
Өлмесхандай көрінген
Сталин де мол кетті,
Қыран қазақ елге келіп,
Көп жылдан соң
Қайтыс болды сырқаттан,
Өсіп-өнді,
Ұрпақтары ер жетті...
Ауылдағы бейбіт үйге,
Кешке таман бір күні,
Папах киген ингуш келді,
Қаба сақал, тау сияқты келбетті!
Досын жоқтап,
Құран оқып,
Татқаннан соң дәм үйден,
Өткен істің
Шертті сырын жан күйген,
Ескі сандық ақтарылып,
Алтын қасық табылды,
Табысты ақыр,
Дос ұрпағы
Өр мінезді дадимен...
Содан бері бір туғандай
Болып кеттік, деп маған,
Айтып еді жас күнімде
Ақын досым Ғабиден!
2016ж.
АМЕРИКА ӘУЕНІ
Токиодағы жекпе жек
Бастер Дуглас
Бокста көп байқалмай,
Жүруші еді,
Шешуші сөз айта алмай,
Токионың төріндегі рингте,
Төбелесті
Тайсонменен тайсалмай!
Қыран құстай
Жая алмаған қанатын,
Оза шаппай,
Көлеңкеде қалатын,
Дәу болғанмен,
Жұмсақ еді жігерсіз,
Жеңісті де
Қолдан бере салатын!
Не бір мықты жеңе алмаған
Майкты,
Жеймін десе,
Джеймісің айыпты,
Тәртіп солай,
Шықты Тайсон амалсыз,
Қарсыласы
Қалмаған соң лайықты!
Тірі жанға
Жібермеген есесін,
Бір ұрғанда
Қабырғаны тесетін,
Жиырма жаста
Чемпион боп әлемге,
Бәрін жеңген,
Кездессе де неше сын.
Жолбарыстай
Жылдам ұра салатын,
Дауыл күнгі
Өрттей лаулап жанатын,
Сарт еткенде
Найзағайдай апперкот,
Атан түйе
Аударылып қалатын!
Қақырата
Соққан кезде оқыстан,
Талай тұмсық
Еденменен шоқысқан,
Арқанынан
Ұшып кетіп рингтің
Біржолата кеткен де бар,
Бокстан!
Атақ-даңқы
Жапонда да шыңға асты,
Жанкүйерін
Джеймстің мұң басты,
Қай раундта
Тастар екен талдырып,
Темір Тайсон
Байғұс Бастер Дугласты!
Жиырма төртте
Жанып тұрған жас пері,
Бұйым көрмес
Отыздағы Бастерді,
Бас терісін
Сыпырамыз оның деп,
Қиқулайды
Жанындағы әскері!
«Бұл айқаста
Іздегенім табам ба?
Қапы кетіп,
Қалам ба әлде табанда?!»
Деп толғанды
Тау тұлғалы Джеймс,
Енді қайтсін...
Жан керек қой оған да!
«Қорқынышқа
Бой алдырып, құр тоңба!»
Айтуға оңай,
Жеңбес пе еді жұрт онда,
Батыр болсаң
Шайқасып көр Тайсонмен,
Тура қарап
Соққысына бір тонна!
Жекпе-жекке
Келсін дүлей, келсін дөй,
Бір де бірін
Өзіменен теңсінбей,
Араздасып
Ұстазбен де ақылгөй,
Ат құйрығын кесіп еді
Менсінбей.
Жарқ-жұрқ етіп,
Көзді жасқап жасындай,
Сарт-сұрт соғып,
Аққан селдің тасындай,
Кім болса да
Шығаратын быт-шытын,
Ары кетсе
Бес раундтан асырмай!
А дегеннен
Қуырмақ боп апшысын,
Жұмсап бақты
Соққылардың қаттысын,
Бірақ Бастер ығар емес,
О ғажап,
Беріп жатыр
Жауаптың дәл, нақтысын!
Елестетіп
Арқыраған айғырды,
Сақылдатып,
Соққыларын сай қылды,
Пергілесіп
Сегіз раунд қаймықпай,
Тайсоныңды
Көрер емес тай ғұрлы!
Тайсон қайнап,
Есіне алып бапкерді,
Төкті бүгін
Көк терді де, ақ терді,
Сарт еткізіп
Сегізінші раундта,
Бүк түсірді
Апперкотпен Бастерді!
Құлап барып,
Жерді тіреп бөгелді,
Күйінгеннен
Салып қалды еденді,
Түтігіп тұр
Демін алып дауылдай,
Темір Тайсон,
Деп: «Түрегел, бол енді!»
Тұрды Бастер
Сүйретіліп орнынан,
Бірақ үрей
Байқалмайды пормынан,
Қорғанды кеп,
Біржолата құртпақ боп,
Ұрса Тайсон
Оңынан да солынан!
Төгілсе де тұла бойдан
Тер деген,
Есін жиып,
Бастер тағы өрлеген,
Шаршағаны байқалады
Тайсонның,
Тоғыз раунд
Төбелесіп көрмеген!
Оныншыда
Бітетіндей жекпе-жек,
Тым асқақтап,
Бетіңменен кетпе деп.
Сартылдатып
Соғады кеп Тайсонды,
Арқаланып,
Үсті-үстіне төкпелеп!
«Текке кетпен,
Жекпе-жекке текке кеп,
Жерге бір түс,
Қарай бермей көкке көп!»
Періп- періп жібергенде
Иектен,
Еденменен
Келді Тайсон бетпе-бет!
Ай әлемнің
Айран асыр ақылы,
Бас шайқады
Алысы да жақыны,
Дүниені
Дірілдеткен дүлейді,
Момын Дуглас
Ұрып жықты ақыры!
Құрбандары
Бір елестеп көзіне,
Жұдырықтың
Қаталдығын сезіне,
Дойман қара,
Допша қаққан талайды,
Ойран болып,
Домалады өзі де!
Түсіне алмас
Жай адамның санасы,
Мұның сырын
Ашты кейін сарашы,
Дәл осынау
Жекпе-жектің алдында,
Қайтқан екен
Джеймстің анасы!
Қайтарында
Айтқан екен ұлына:
-Жақын тұрсың,
Атақ –даңқтың шыңына,
Тарт, тікелей,
Тайқып кетпей Тайсоннан,
Мақсат осы,
Басқа жаққа бұрылма!
Қалып келдің
Қалқасында талайдың,
Бірақ алға
Зор үмітпен қараймын,
Арман болған
Чемпиондық атақты
Сенің жеңіп
Алғаныңды қалаймын!
Маған сонша
Керек осы жеңісің,
Бәлкім, соңғы,
Сенен көрер жемісім,
Сүйетінің
Рас болса анаңды,
Балам, ертең,
Жеңіп шықшы мен үшін!
Өмір, өлім,
Ойлап көрсең, тегін бе,
Өліп кетсем,
Бұл айқастан шегінбе,
Менің рухым
Бірге болар сенімен,
Желеп-жебеп,
Қолдап тұрам көгіңде!..
Амал таппай
Тура келген өлімге,
Көзінде жас,
Ана сөзі көңілде,
Қырқы да өтпей,
Намыс қайрап, ширығып,
Шықты Бастер
Сұмдық жекпе-жегіне!
Жылдамдығы
Кем болмады жай тастан,
Оның жайын
Сұңғылалар байқасқан,
Жан алысып,
Жан беріскен сәттерде,
Ұлын қолдап,
Ана рухы шайқасқан!
Әркімнің де,
Болады бір самғауы,
Күдер үзбе
Күндерден деп, алдағы,
Момын ұлды
Жеңімпаздық биікке
Алып шыққан
Анасының аруағы!
Шыңға шыққан Шилдс
Бокстан екі дүркін олимпиада чемпионы,
Әлем чемпионы, Американың ардақты қызы
Кларесса Шилдсқа.
Кларесса!
Тағдыр сені жастайыңнан сынаған,
Сонда сенің
Жұдырықтай жүрегіңе жылаған,
Селт етпеген тастай қатал дүние,
Енді, міне,
Жұдырығың жырлағанда тыңдаған!
Соққысынан
Сұмдықтардың сынбаған,
Батыр қызсың,
Өзін-өзі шыңдаған,
Өмір үшін
Төбелеске бел буып,
Үлгі болдың
Ұл мен қызға мыңдаған!
Кларесса!
Сәби едің,
Мына жарық дүниеге сүйінген,
Зәбір көріп,
Озбырлықтың зорлығына күйінген,
Жан адамға
Жаттығы жоқ жұдырықтай жүрегің,
Жылап жүріп,
Жұдырық боп түйілген!
Қатал тірлік
Заңдылығын қаршадай қыз түйді ішке,
Өзін өзі қиынға сап,
Нар көтерер қиды іске,
Енді бүгін
Қол соғып тұр бар әлем,
Шыңға шыққан
Кларесса Шилдске!
Сендей жандар
Күш береді елге тың,
Жігер, қайрат танытады
Көз сүйінген келбетің,
Замананың
Заңдылығын аңғарып,
Жұдырықпен
Жаулап алдың жер бетін!
Ерлігіңмен,
Аштың өмір жолыңды,
Тауға шықтың,
Табысың да толымды,
Кең даладан
Арнап өлең ұшырып,
Ақ пейілмен
Қыстым сенің қолыңды!
\5.\ 6.09.2016ж. – 13.01.2018ж.
БРАЗИЛИЯ ӘУЕНІ
Пәле мен Пеле
Бразилия!
Жерің байтақ, кең елің,
Кім білмейді
Амазонка өзенін,
Ес білгенде
Естіп едік алыстан,
Есімдерін
Гарринча мен Пеленің!
Теңбіл допты
Өнер көрген өрен көп,
Бала күнім,
Ертелі, кеш тебем кеп,
Ағаларым
Мақтаушы еді мені де,
Пәлі! Пәлі!
Мынау пәле!
Пеле деп!
Не бір патша
Арманына жетпеген,
Ала алмаған
Жердің жүзін отпенен,
Пәлі !
Пәлі!
Пеле қандай пәле еді,
Жұмыр жерді
Шыр айналған доппенен!
Ала допты аялаған
Алақан,
Маракана,
Мадақнама,
Дара, паң,
Теңбіл доптың
Сиқырына арбалып,
Мұратына
Талаптанған балақан.
Жас талаптың
Көзінен от көремін,
Жоқтан емес,
Доптан тапқан керегін,
Жерге түспей,
Шыр айналып жүр әлі,
Әуелетіп
Тепкен добы Пеленің!
19 – 29.05.2018ж.
Карнавал
Талғамдарды
Таң қалдырған карнавал,
Толғандырар
Сан ғасырлық арна бар,
Қызыл, жасыл,
Таңғажайып дүние,
Карнавалдан
Орныңды дәл таңдап ал!
Карнавалда былқылдаса
Ламбада,
Сылқылдайды
Сәмбі талдай самба да,
Жорғасынан
Бір жаңылмай ырғалған,
Пайдасы көп
Сымбатқа да, санға да!
Өмірінің базары да
Карнавал,
Өнерінің ғажабы да
Карнавал,
Дүниенің қызығынан
Құр қалмай,
Билеп бар да,
Керегіңді қармап ал!
Біраз елді
Құмар қылған карнавал,
Қасиеті
Жанында бар, қанда бар,
Ұлы мұхит
Бимен толқып тұрғанда,
Рио, сенде
Айтшы, қандай арман бар!?
19 – 29.05.2018ж.
НЕМІС ӘУЕНІ
Қабдөш пен Мәриям
Құдайдың кең жаратқан ғаламында,
Туса да жердің қилы тарабында,
Табысқан тағдыр айдап талай адам,
Аңыз көп олар жайлы даламызда.
Кім білсін, тері ащы ма, сор басты ма,
Фашистер жеткен кезде бел астына,
Сталин жер аударып, Еділ жақтан,
Келіпті бір топ неміс «Кеңащыға».
Ерлері жүрген соғыс алабында,
Батса да елмен бірге дала мұңға,
Немісті ауып келген дұшпан демей,
Қарасқан жағдайына, қабағына.
Бір сұлу, төзген тағдыр азабына,
Сонда да сенген өмір ғажабына,
Жылқышы Қабдөш оның болды ғашық,
Мөп-мөлдір, көк аспандай жанарына.
Жас дәурен, думан, дүбір, қызық күнде,
Қалады қыз дегенде ырық кімде?
Ілінді неміс қыздың кірпігіне,
Тізгіні тұлпарының тұнық түнде.
Неміс қыз, найзадай тік, ұзын бойлы,
Саналы, жарқын мінез, түзу ойлы,
Даланың батыр ұлын ол да сүйіп,
Сертіне жүрегімен қолды қойды!
Екеуі сөз байласты қосылмаққа,
Аттанып жаңа өмірге, жасыл баққа,
Әкесі Ермағамбет естігенде,
Тулады, көнбеймін деп тосын затқа!
Ерекең, ақкөңіл жан, алаңғасар,
Жері жоқ тірі жанмен жамандасар,
Кезеңге келді тағы тағдыр жазып,
Белгісіз жаңа жолға қадам басар.
Шалдардың хикаясы теңіз, дастан,
Ерекең өткізбеді нені бастан,
Намаздың есебінен жаңылып қап,
Оқитын орта есеппен сегіз бастан!
Көңілде сұм соғыстың даты бар-ды,
Денеде – жарақаттың таты қанды,
Қабдөш пен Полинаға рұқсат бермей,
Ақсақал көлденеңдеп жатып алды:
«Таптаған табанына жемісімді,
Тарылтқан тыныш жатқан өрісімді,
Тұқымын туысқанның тұздай құртқан
Көрмеймін ата жауым немісіңді!
Атаңның ақыл сөзін тыңда, балам
Күні ертең қаңқу сөзбен сынға қалам,
Кешегі қас дұшпанмен қан төгіскен?!
Мен қайтіп төс қағысып, құда болам?!
Қой деді, неміс қызды, тиыл,- деді,
Әйтпесе, арғы жағы қиын!»- деді,
Әкенің әр сөзінің астарынан,
Заманның соғып тұрды құйын демі.
Көрінбей әкесі мен шешесіне,
Аңсаған аяулының көшесіне,
Тартады көз байлана Қабдөш батыр,
Махаббат қарата ма пәшесіңе?!
Бәрінен неміс қызын тәуір көрді,
Дүрілдеп, дәурен сүрді, дәуірледі,
Аялап бірін бірі ала жаздай,
Аяғы Полинаның ауыр болды.
Халыққа барлық жағдай жария боп,
Жиылып апалар мен қария көп,
Полина иман айтып, дінге кіріп,
Ат берді қазақ оған Мәриям деп.
Некесін екі жастың қиды қажы,
Ерекең тырп ете алмай, болды разы,
Бастады жаңа тарих жас өркендер,
Қаһарлы қыс артынан келді жазы!
Мәрия жан жарымен жылқы бақты,
Еңбек пен махаббаттан бағын тапты,
Көкшетау аймағының барлық халқы,
Қолынан бал қымыздың дәмін татты!
Атанды еңбегімен ер Мәрия,
Қымызы ағыл-тегіл көл дария,
Аяулы ана болған он балаға,
Келінге берді бата ел, қария.
Далада сайрап жатқан өрісті ізі,
Өсірген махаббатпен жемісті ізгі,
Қазаққа келін болған, ана болған,
Мәриям Полина деген неміс қызы!
Дүбірлі мекен болған асылдарға,,
Бұйығып, бүгін үнсіз жатыр дала,
Атанып еңбек ері Қабдөш ағам,
Мәриям болды нағыз Батыр ана!
Аянбай,терін төгіп даласына,
Толтырған сары қымыз сабасына,
Мәриям неміс қызын ардақтайды ел,
Айналған бір әулеттің анасына!
30.04. – 29.05.2018ж.
Берлинде: Адасу мен жол табу
Ұмтылыңдар,
Көп тіл білсең, қор қылмас,
Біреу езіп,
Миларыңа бор құймас,
Деп оқытқан
Неміс тілін мектепте,
Әлі есімде,
Хенде хох пен дер, ди, дас!
Қыс қыраулы,
Қызығына батып көп,
Қардан бомбы жасап алып,
Атып кеп,
Құрбыларды
Қуып тықсақ қуысқа,
Қуанушы ек,
Бітті Гитлер,
Капут деп!
Алалық жоқ балалықта,
Бір айым,
Неміс қызға әзілдеуші ек,
Фрөйләйн,
Фраулар кеп,
Нәйн дейтін, әй, бала,
Зер гут, шөйн...
Естен шықпай жүр дәйім.
Біз ғана емес,
Бүкіл ғалам сенген іс,
Сол сенімнен
Туған үлкен сенделіс,
Капиталдың
Капитаны секілді,
Комманифест
Жазған Маркс, Энгельс.
Абай атам
Дәл аударған бейнелі,
Өлең тұнған меңзейді екен
Ой нені,
Кемісі жоқ жыр жемісі
Немістің,
Сүйіп өстік,
Гете менен Гейнені.
Тағдыр жолы
Апармайды қай тұсқа,
Оған өлшем бола алмайды
Ой қысқа,
Әкем барған
Бір заманда қарумен,
Мен де бардым
Кітап ұстап Дойтышқа!
Болса егерде ниет түзу,
Ойың шат,
Бар адаммен
Болатындай бойың шақ,
Боздақтарға
Дұға қылып Берлинде,
Өлең оқып,
Достық дедік,
Фройндшафт!
Берлин байтақ,
Кеттім бір сәт адасып,
Бір топ неміс
Келе жатыр жарасып,
Жөн сұрадым,
Заген, битте,
Ферлауфен...
Күлді бір қыз,
Жылы жүзбен, жаны ашып:
«Қазақсыз ба?
Сағындық қой сіздерді,
Арқа-жарқа,
Аңқылдаған күндерді,
Қимасақ та кең даланы,
Отанға,
Уақыт желі
Әкелді айдап біздерді!»
Қас-қағым сәт,
Талай сырды бөлістік,
Жерлестерім,
Жан сияқты ең ыстық,
Қанша заман
Жат саналған Берлинде,
Қазақ, неміс,
Құшақтасып көрістік!
Көңілінің
Шуағымен бөлісті,
Адастырмай,
Жолымды айтып берісті...
Арғы жағы тұңғиық ой,
Толғаныс,
Тағдыр солай,
Қосқан қазақ, немісті!
\1.\ 4.02. – 9.03.2019ж.
ТҮРІК ӘУЕНІ
Ақтеңіздің айдыны
Көкжиек кернеп,
Керіліп жатқан көк теңіз,
Қиялға мініп,
Шегіне жүзіп жетсеңіз,
Көңілдің күйі,
Өмірлік түйін табар ма,
Теңізді кешіп,
Тереңін сүзіп өтсеңіз.
Жерорта теңіз
Кіндігі жердің дегенде,
Қазығын меңзер,
Қағылған мықтап тереңге,
Жер-көкке сыймай
Шалқыған шалқар дүние,
Сыярсың қайтіп,
Бір тамшы сия – өлеңге?!
Түріктің әні
Түн түріп мұнда шырқаған,
Түреді құлақ,
Жаһаннан келген жұрт оған,
Жағаны соғып,
Ақ көбік атқан көк толқын,
Шегінен асып,
Кетпесін біліп бұрқаған!
Құбылып теңіз,
Нұрымен күннің мың ірет,
Тербейді көңіл,
Ғажайып шексіз сүгірет...
Дүниеге сыймас
Телегей-теңіз жойқынды,
Ыдысын тауып,
Сыйғызып қойған құдірет!
Тұзды су неткен
Тап-таза, мөлдір...
Қолға алам,
Теңізден қуат,
Іздеген жандар толғаған,
Адамға қуат,
Сыйлай бер, аман Ақтеңіз,
Ортасы жердің
Ойылмай тұрса, жер де аман!
Белектің жасыл желегі
Жамылған жасыл желегін,
Белгілі мекен Белегім,
Белестен өткен берендер,
Белектен табар керегін,
Береді екен бір күнде,
Бір жылға жетер қорегін,
Тамашалайды, таңданып,
Тамырлы түрік терегін,
Бір көрген адам ұмытпас,
Белектің жасыл желегін,
Жағада жүзер, қиялмен,
Теңіздің сүзіп тереңін,
Көк теңіздің түбінен,
Өткеннің іздеп дерегін,
Сағымы бұлтпен ойнаған,
Сары даладай көремін,
Шалқыған байтақ Ақ теңіз,
Сағынып тағы келермін!
Түнгі теңіз тынысы
Қараңғы түнде Ақ теңіз,
Тыныштық таппай,тыныстап,
Күрсініп қойса тереңнен,
Керілсе, бойы құрыстап.
Тұңғиық қуат қозғалып,
Көк теңіз көкке талпынып,
Атады толқын, толғанып
Толған айға тартылып.
Қорғасын ырғақ дүрілдеп,
Жер мен көк түгел дірілдеп...
Теңіздің түнгі тынысын,
Еске алып жүрер күнім көп!
Теңіз тастары
Теңізден шыққан майда тас,
Мекенің сенің қайда тас?
Асыр салып айдында,
Толқынмен болған майдандас,
Жасаймын десең әдейі,
Қолдан да бұлай қайралмас.
Не деген әсем,
Қайранмын!
Түбінен сүздім қайраңның,
Сан бояу сәнмен үйлескен,
Табиғат – шебер,
Ойландым,
Сырыңды айтшы, майда тас,
Қай жерде, қалай қайралдың?
31.07.- 6.08. 2018ж.
Түркия, Жерорта теңізі.
Анталия. Белек. Папиллон. Зюгма демалыс үйі. -
29.10.2018ж. Астана.
ВЕНГР ӘУЕНІ
Будапешт
Бірі – Буда, бірі – Пешт,
Тура қонған ұлы көш,
Екі жаға жайлаған,
Бір – біріне көңлі хош!
Тұңғиығын мөлдірдің,
Шын биігін сеңгірдің,
Қиындығын құйынның
Көргені көп венгрдің!
Тарихта бір ғажабым,
Ғұн тағдырлы мажарым,
Дунай бойлап дулатқан,
Дүниенің базарын!
Жағасында Дунайдың,
Жарығына күн, айдың,
Жарқын жүзбен қуанса,
Жазғаны да құдайдың!
23.08.- 30.10.2018ж.
Қоңыр
Иштван Қоңыр Мандокидың рухына
Дәуренін сүріп,
Береке тауып Дунайдан,
Жүрсе де қыпшақ,
Далаға қарап мұңайған,
Мажардың сырын,
Бабаның жырын іздеген,
Мадиярлардан,
Мыңжылдықтардан, мың айдан.
Даладан ескен,
Самалмен жеткен Дунайға,
Жусанның иісі,
Батырып терең мың ойға.
Сыздатқан жанын
Сауалдың іздеп жауабын,
Қол созып өсті,
Арманшыл Қоңыр Күн, Айға.
Әуен де қоңыр,
Әулие Қоңыр,
Қоңыр күй,
Қоңырау емес,
Қоңырлау неге көңіл күй?
Бабадан қалған
Сабырлы сарын, сазыңды
Басады неге,
Даңғаза даңғыр тобыр би!?
Қол созған бала,
Тізбегін көздеп шыңдардың,
Ойына бойлап,
Мән беріп оны тыңдар кім,
Қоңырдың жанын,
Жасынан буған қоңыр мұң,
Аруағы шығар,
Айналып қонған ғұндардың!
Қиялы жүйрік,
Ғаламды кезіп, құс қуған,
Заманнан бәлкім,
Ертерек, әлде, кеш туған,
Іш тарта берді
Кешегі көшкен жұртына,
Іштуан Қоңыр,
Ішімнен шыққан,
Іш туған!
Қанына тартып,
Қазақтың тілін үйренді,
Жанына тартып,
Оңайша қызға үйленді,
Қобыздың үнін,
Абыздың мұңын сағынып,
Қырларды кезіп,
Даладай қоңыр күйге енді.
Сан ғасыр тұнған,
Сағыныш қандай, құштарлық,
Шығармай сыртқа,
Шыдаған ата ұстам ғып,
Аманат алған,
Қоңырды келсе түсінгің,
Туған жер үшін
Таулардан асқан құстарды ұқ!
Өтсе де жылжып,
Қаншама жылдар, қаншама ай,
Ақыры жетті,
Даланы қыпшақ аңсап-ай,
Жусан мен қымыз...
Тынысын ашып киіз үй,
Домбыра тыңдап,
Тыныштық тапты жан сарай!
Даладан ұшқан,
Қоңыр қаз дауыл шайқаған,
Айналып келіп,
Далаға қонды қайтадан,
Жусанын іздеп,
Жылаған жанды ұғар ма,
Жусанды таптап,
Жосыннан аттар майтабан.
Жер-көкке сыймай,
Жөргегін жүрек іздеді,
Ақтарып кітап,
Сарғайған көне тізбені,
Мәңгілік мәнге
Жеткендей мұңды Мандоки,
Атамекенін,
Тамырын тауып түздегі!
12.02.—27.02. 2019ж.
Дунай
Дунай,
Дунай,
Дүние-ай!
Қара орманнан басталған,
Қарғып тау мен тастардан,
Кең жазықта сабырлы,
Алғандай сабақ аспаннан!
Бауырласып он елмен,
Тоқтаусыз алға жөнелген,
Су бойлаған құр болмай,
Ен байлыққа кенелген.
Күндіз күнді, түн – айды,
Серік қылған Дунайды,
Ойға батып ой мен қыр,
Дүние мүлгіп тыңдайды.
Дөңге біткен тоғайды,
Дөңгелеп Дунай орайды.
Жайылып аққан жойқын су,
Жанға жайлы, ыңғайлы,
Жағадан ескен еркін жел
Жігеріңді шыңдайды,
Айдынның серпіп айбыны,
Ұмыт болар мұң-қайғы,
Орай аққан он елді,
Кім көріпті мұндайды!?
Дунайдың даңқы – көгілдір,
Өркенін жайған өмір – гүл,
Өзегі бірге он елдің,
Өзенді сүйген көңіл бір!
Дунай,
Дунай,
Дүние-ай!
4.11.2018ж. – 1.03.2019ж.
ИСПАН ӘУЕНІ
Сервантес. Дон Кихот.
Сервантестің
Естігенде
Алғаш рет есімін,
Оның испан екендігін,
Түсінгем жоқ,
Кешірім...
Серісі ме,
Серкесі ме,
Сестісі ме ескінің?
Сұрағам жоқ,
Ешкім маған,
Айтқан да жоқ шешімін.
Батыр деген бәрін жеңіп,
Әдетте,
Атақ-даңққа бөленетін мәзетте,
Дон Кихотты сондай шығар,
Деп оқысақ,
Қайдағы?!
Алпамыстан кейін бізге,
Ондай батыр қажет пе?
Батыр деген
Жерін қорғап,
Қуған жауды ел шапқан,
Қаймықпаған,
Отан үшін,
Дажалдан да, көрқаптан,
Ондай емес,
Делқұлылау Дон Кихот,
Жауыр мініп,
Желік қуып,
Жел қапқан.
Арындатып,
Алға бастап,
Арман төс,
Тау қопарып,
Қамал бұзып, қорған тес,
Дүниенің диірменін,
Жеңе алмайтын бірақ та,
Дон Кихотсың сен де бір деп,
Күлетіндей Сервантес!
Данасынған
Даңғойлардың
Қарс жабылар қабағы,
Тарих деген,
Диірменнің тоқтаусыз,
Уақыт желі айналдырған
Сықыр, сықыр қалағы.
Тағдырларды турап жатыр,
Илеп жатыр бір тынбай,
Қайталау ғой...
Баяғы!
Диірменнің
Қалағы тұр айналып,
Адамзат тұр
Сол қалаққа байланып,
Құтқармақ боп,
Дон Кихоттар алысып,
Аяғында кетіп жатыр,
Өздері де
Бір бидайға айналып!
Алдымызда
Бір-бір үлкен диірмен.
Қалақтарын
Жел мен дауыл үйірген,
Тыным таппай,
Айналады дырылдап,
Бір кезі жоқ,
Тойынған не түйілген!
Ол аздай-ақ,
Құйтырқылық,
Жаһандағы,
Жиылып кеп, қайдағы,
Құрып қойған неше түрлі
Диірменін айлалы,
Қиянатпен
Ақ көбік боп алысқан,
Қиялы көп,
Зияны жоқ Дон Кихотқа,
Ашып қойған майданы!
Майдандасып,
Бақ таласып,
Көрсетеді мың қылық,
Қолдан жасап,
Қай-қайдағы құндылық,
Құндылық пен мұңдылықтар,
Қойған жоқ па жынды ғып,
Мұңдысың ба,
Жындысың ба бәрібір,
Тоқталмайтын диірмені тағдырдың,
Тартып жатыр
Түгін қоймай ұн қылып!
Белгісіз ғой,
Диірменде,
Кімде қанша дән бары,
Сезді ме екен Дон Сервантес,
Қашан, кімдер толтырарын қамбаны?
Ал, біз үшін мәңгі жұмбақ, құпия,
Қайта-қайта зырылдаған тынымсыз,
Айналмада қаншалықты мән бары?
Бірақ, тіпті, бас қатырмай,
Бұл өмірдің мәніне,
Дүниені Дон Кихоттар
Кезіп жүр ғой әлі де,
Байлық, билік,
Даңққұмарлық,
Жалт-жұлт еткен даңғаза,
Бір қарасаң,
Дон Кихоттық бәрі де!
Елдің бәрі
Санчо Пансо
Болып кетсе – далбаса,
Үйлесер ме,
Бір-біріне жалғаса?...
Азаярдай,
Дүниенің
Қозғалыс пен қызығы,
Желге мініп,
Қиял қуған,
Ақ көңілді
Дон Кихоттар болмаса!
16.08.- 2.11.2018ж.
АВСТРАЛИЯ ӘУЕНІ
Кенгуру
Капитан Кук
Жиһан кезген жасынан,
Жерге келді,
Желек киген жасылдан...
Қалтасына
Салып алған баласын,
Бір қосаяқ
Қарғып өтті қасынан.
Туземдіктен,
Сырға жапқан құлағын,
Капитан Кук
Мұның атын сұрады,
Кенгуру деп,
Кеңірдегін бір сипап,
Абориген
Аң-таң болып тұрады.
Қосаяққа ат қойылды,
Кенгуру,
Көрді халық,
Көңіл қойды,
Көнді ру,
Кенгуруың
Түсінбедім деген сөз,
Кетті солай,
Енді қайда оң бұру!
Неше түрлі
Жан-жануар жаралған,
Дүниені
Еркін жайлап таралған,
Арасында
Бір керемет кенгуру,
Австралия
Символы боп саналған!
Оңай болмас,
Ақыл-ойға қондыру,
Табиғатты мүмкін емес,
Жасандыға жеңдіру,
Қалтасына толтырып ап,
Баласын,
Кең аралдан
Кең әлемге
Қарғып өтті кенгуру!
25.11.2018ж.- 1.03.2019ж.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫМДАР
Қостаған
\1.03.2017ж.\
Екі жол өлең жазуды бір кез бастағам, Ат қойдым енді қысқа да нұсқа – қостаған! *** Сияқты толы тостаған, Артық сөз жырға қоспаған. *** Жанын ұқсаң, адамның бәрі жақсы, Жынына тисең, айналады жаманға!
*** Бой алдырма қисық ойға қаңғыбас, Жарға жығар, жұмысың да мандымас! *** Күнә дейді көмескі ойды күмәнді, Күмәнді оймен көрген күнің тұманды! 6.11.2017ж. *** Көркемдік қашар көңілден, Керілген кезде көкірек! 21. 02. 2018 ж.
Үштаған
20.02.2017ж.
Ошақта үш бұт құлатпай қазан ұстаған, Үш найза шаншып шатыр да құрған үш бабам, Үлгінің бірі ескіден қалған үштаған! *** Үштаған жырдың үйрегі бейуақ ұшпаған, Бүйірін түрткен ұшқырын ойдың қыспаған, Күркеден бастап, пирамидаға да ұқсаған! *** Көз майын таусып үштаған сызған күшті адам, Жаңалық ашып, жалпыға жолды нұсқаған, Ойланып көрсең, шынында ғажап үштаған! *** Үштаған жырмен мен де бір қызық бастадым, Сызды екен алғаш үштаған бейне тасқа кім? Ұшында жұмбақ түйіскен мәңгі қас – қағым?! *** Адамзат кейде секілді үлкен жанды ауыз, Жан-жағын жайпап, опырып жұтқан жалмауыз, Жемейтін ауыз болса да, демейтін сірә бар ма ауыз?! *** Ей, жолаушы, қайда асықтың, нені іздеп ? Өткендердің айтқаны бар негіздеп, Сабырмен кеш, өмір түпсіз теңіз деп! *** Тобыр бөлек, шоқ жұлдыз, шоғыр бөлек, Жолы да ерек, ұғынсаң жөні бөлек, Қилы-қилы сыр шертер өмір дерек. 15.02.2017ж.
*** Өтеді-ау деп күн артынан күн жылжып, Өзіңді өзің мүжи берме, тым жүнжіп, Ешкімге өмір берілмеген мың жылдық! 16.11.2017ж. *** Ауыз деген бір жалмауыз, Ашынғанда не демейді, Ашыққанда не жемейді? 16.06.2018ж.
Төрттаған
\ 1.01.2017жыл.\
Тағдыр бізге тартады неше түрлі табағын, Қабыл алмай қайтерсің, бар ма басқа амалың? Ертең күлкі ұялайды, бүгін түссе қабағың, Кім бар екен түбін бойлап, ұққан өмір сабағын? *** Өткен өмір өзгермейді, өкін мейлің, өкінбе, Бұрынғыға қайтып барған бар ма жердің бетінде? Өткендегі қателікті келешекте түзейсің, Ешқашан да күдер үзбе, тұрсаң да жар шетінде. *** Шалықтама, шықтым-ау деп төбеге, Қиын емес түсіп қалу оқыста, Жаңа ғана жалт-жұлт етіп сөреде, Тұрған шөлмек жатыр міне, қоқыста! 12.07.2017ж. *** Тыныш түнде жүйрік еді ой неткен Айна алдында қиял қуар бойжеткен, Ару қыздың жан сырына қызығып Ай сығалап, жымың етер әйнектен!
*** Қуады біреу қылжақты, Біреулер қамал бұзбақшы, Бәрі де заңды өмірде, Ойлаймыз неге бір жақты?! 9.04.2016ж. *** Аруларға ғашық болдым ашылып, Сақтай білдім, сұлу сырды жасырып, Махаббаттың шуағына бөленсем, Жаратушым, санай көрме асылық! 6.11.2015ж. *** Жаңылмайды жақсылықтың жолынан, Келгенінің бәрін жасап қолынан, Соны бұлдап өмір бойы сөз қылып, Қалмайтыны тағы да бар соңынан. 15.02.2017ж.
*** Ескі сөздің өршітсең кеп өсегін, Күңіреніп, күрсінбей ме кешегің, Құмар болсаң қопаруға қоқысты, Келешегің саған да атар кесегін! 20.11.2017ж. *** Керемет деп мақтайын ба мен сені? Кісіліктің сол болып па өлшемі, Керегі не күпілдеген көбіктің, Еңбегіңмен бағалайды ел сені! 18-19. 11.2017ж.
*** Тамаша деп қағайын ба таңдайды? Тойынғандар мадақ, мақтау таңдайды, Көпшілікке күнкөріс пен жан қайғы... Ей, бауырлар, қойсақ қайтер мұндайды!? 18-19. 11.2017ж.
*** Лөктір айтса, жемейтінді жеме деп, Кемпір айтса, желмен бірге желме деп, Зейнет керек, мезгіл жетпей өлме деп... Өкінбейік, тіл алмадық неге деп! 20.11.2017ж.
Біліп тұрып қылығының жаманын, Қорғайсың кеп, бар ма басқа амалың, Ағайынға қайырылмай бола ма, Бытыстырып қойғаннан соң заманың! *** Адам – пенде, көктемде де, күзде де, Көк айдынға сүйресе де жүз кеме, Пендешілік қоғамынан перделі, Періштелік іздейміз кеп біз неге?! *** Ананы да, мынаны да сынаумен, Не табасың, жамандаумен, жылаумен, Көрінгеннің мінін қазып, кір іздеп, Кәкүр – шүкір, көр-жерден сөз құраумен! *** Бір ісінен сорақылау бір ісі, Бұл заманның неткен күңгірт, кір іші, Мән үйретіп кімге дәрі болмақсың, Өз жолыңмен жүре берген дұрысы! 20.11.2017ж. *** Бақытты болып көрінер падишаһ тахыт қызығымен, Күреске бірақ, амалсыз, жеткенде уақыт сызығымен, Байғұспын деме, байбатша болмасаң, айға атылмасаң, Бәрінен бәлкім, бақытты шығарсың...бақытсыздығыңмен!? 24.11. 2017ж.
*** Иттің орны күркеде, Құстың орны зеңгірде, Көкке самғар қыранды, Итқорада сөндірме! 25.12.2017ж. *** Көңілімде келешекке алаң көп, Сабыр керек, аптыққанмен амал жоқ, Сен өзгерсең, өзгере бер, дүние, Мен өзгермей қала берем адам боп! 19.06.2018ж. *** Өмірдің мәнін жастай іздеп едік, Көктем өтіп, жаз бітіп, күзге де ендік, Әйттім, бүйттім дейтіндей іс қылсақ та, Қазағым, адамзатқа біз не бердік? 26.06.2018ж. *** Өмірден нені іздейсің, Өзіңді кім деп санайсың? Қай қисығын түзетіп, Қай жыртығын жамайсың?! 6.06.2018ж. *** Адамның ізгілік сезімін ояту – Мәңгілік парызы ақынның, Әлемді құтқарса құтқарар тек қана, Шуағы мейірім, рахымның 27.03.2018ж. *** Әуелі Алла ризалығы үшін еңбегім, Адамзат одан игілік көрсе өрледім, Алашым, сенің мерейің үшін бәрі де, Өлең мен өнер жолында жасап келгенім! 14.03.2018ж.
*** Жүз тоқсанға толғанда асыл Толстой, Ұлан-асыр жасайтындай орыс той, Ғасырларды жалғастырған арыстан, Алға асырып данышпандық өрісті ой! *** Зеңгір көкте қалқып тұрған тым биік, Айдың сырын кім ұғыпты тұңғиық, Ай нұрынан толқимыз кеп, ойламай, Оған сәуле тұрғандығын Күн құйып! \19\ 20.07.2018ж. *** Мақталғың келсе – өзің де мақта, Датталғың келсе – өзің де датта. Сатулы көңіл, керегі бар ма? Жолыңнан тайма, жөніңді сақта! 9.09.2018ж. *** Жеңемін деме, Жеңілмейін де, Төгемін деме, Төгілмейін де. *** Арман болса жақсы үй, Алды-артыңа ақша үй, Бұл заманғы мамандық, Тамады мен такси.
БЕС ТАҒАН
Бес таған жыр
Қазына, қазы, қарта, қақтаған сүр,
Сияқты, сөз ырғағын сақтаған дүр,
Жөн болмас, жанға қонбас қақсаған құр,
Жорғағынан жаңылып ақсаған жыр...
Бастайын бесті қымыз – бес таған жыр!
Жан мен жалған
Жармасып жүйрік уақыт жалына біз,
Жалған деп, жанталастан жалығамыз,
Жан қызығар түк жоқ деп жабығамыз,
Жан алқымға келгенде, неге бірақ,
Жанымды сақтай көр деп жалынамыз?!
Өмір кілті
Өтеді өмір, қайғырсаң да, күйсең де,
Тоқтамайды, қуансаң да, күлсең де,
Тұлпарға да, тұғырға да мінсең де,
Алда, артта, тіпті, жаяу жүрсең де...
Сырын ұғар кілт те сенде, күй сенде!
Өзің сүйкенбе
Өмірді сен қаншалықты сүйсең де,
Сұлулыққа сүйініп бас исең де,
Өлім қуып жетпей қоймас түбінде,
Ол жеткенше мағналы өмір сүр сен де...
Уайым қуып, өзің барып сүйкенбе!
13.02.2018ж.
Қара квадрат
Малевич сызған атақты қара квадрат,
Қап-қара бояу, тесіліп нені ұғады «брат»?
Қатырып басты, керегі қанша жаныңды қинап,
Түк те жоқ онда, шықпайды шауып құла бір ат...
Жақын ғой бізге табиғи бояу, құба қырат!
14.02. 2018ж.
Адамзатқа ауыр сұрақ алғашқы,
Бұрынғыда, бүгінде де ең басты,
Құдай бар ма? Жан мәңгі ме? Жоқ па? –деп,
Ақырында талай дана алжасты...
Бір құдайға кәміл сенсең – сол жақсы!
30.10.- 16.11.2017 – 30.06.2018ж.
Қайырлы болу қиын ба, досым, шынында?
Ерінесің бе, жоқтауға жоғын әркімнің?
Жарайды, онда, жасама жанға жамандық,
Жаман сөз айтпа...
Сонда, бәлкім, шуақты болар әр күнің!
19.05.2019г.
Ну,что же, друг мой, трудно быть добрым?
Делать что-то для кого-то лень?
Так не делай, не говори...
Ничего плохого,
И будет светлым каждый твой день!
\ Написано на русском языке!\
19.05.2019г.
ІЗГІЛІК ІЗІМЕН
\Жастарға насихат – нақыл сөздер \
3.12.2017ж.-
Рахым
Иманың кәміл болсын, ақылың мол,
Кәлимаң – жаратқанға жақындық жол,
Алланың әуелгі аты рахман, рахим,
Жандыға, жансызға да рахымды бол!
Жақсылық
Қашан да рахымдылық құпталады,
Өмірде нұрлы жанның нық қадамы,
Адам жоқ мейірімге сүйінбейтін,
Әлемді тек жақсылық құтқарады!
Даналық
Десеңіз: «Түренімді тыңға салам,
Шырқаймын, арман қуып, шыңға барам!»
Сөзіне даналардың маңыз беріп,
Аңызын аталардың тыңда, балам!
Тамыр
Қаймықпа, ойдың қиын, ауырынан,
Аулақ жүр жайдақтардың жауырынан,
Ағаш та көкке бойлап көктеп өсер,
Нәр алып тереңдегі тамырынан!
Ізгілердің ізімен
Даналар айтқан бізге дейін мұны,
Бағыттап ізгі жолға зейіндіні,
Солардың ізіменен еске салып,
Айтамыз, ойлантпаққа кейінгіні!
Ізгілік
Замана күшейтсе де ызғырықты,
Көрсетпе сен ешкімге мұз қылықты,
Ізінен адаспайсың аталардың,
Өмірге өзек қылсаң ізгілікті!
Сәлем мен әдеп
Үйрендің сәлем беріп бала күннен,
Таниды тәрбиеңді сәлеміңнен,
Кердеңдеп, кеуде соқпа, секеңдеме,
Жағарсың көпшілікке әдебіңмен!
Көру мен тыңдау
Талайлар керауызын өтті керіп,
Адамдар көбік сөзден кетті жеріп,
Көз екеу, құлақ екеу, ауыз біреу,
Аз сөйлеп, көп тыңдай бер, көпті көріп!
Ұрыс, керіс
Араға от салады ұрыс, керіс,
Болмайды ұрысқанда дұрыс, теріс,
Аулақ жүр дау-дамайдан, айқай-шудан,
Ынтымақ, сабырменен теріп жеміс!
Теңесу
Пенделер керілдесіп, егеседі,
Боқтасып, бет жыртысып, мә деседі,
Ұрысса жақсы кісі ашу билеп,
Жаманмен жаман болып теңеседі!
Тәкаппар
Тәкаппар өзін-өзі санайды артық,
Кемсітіп өзгелерді сөйлер тантып,
Кердеңдеп, кеуде соғу – көргенсіздік,
Аулақ жүр ондайлардан, ішің тартып.
Көргенсіз
Бір-бірін адам сыйлап, келген сіз деп,
Кетпеңдер үлгі бұзып, жүгенсіз боп,
Тәрбие, әдеп, үрдіс көрмегенді
Сөгеді біздің халық көргенсіз деп!
Ұрыншақ
Өзінен басқа жанды жек көретін,
Соқтығып, әркімге бір кектенетін,
Ұрыншақ, бұзық мінез жарға жығар,
Зардабын асау жастық көп көретін!
Қуат
Бастаушы иман болса жан қуатын,
Шыңдайды қимыл, спорт тән қуатын,
Болмаса жанда – иман, тәнде – қайрат,
Әлжуаз пенде бойын жын буатын!
Дүлей күш
Бәрін де әл жеткеннің баудай көріп,
Басынған, бағынышты жандай көріп,
Имансыз қара күште ұят болмас,
Көз тартып тұрғанымен таудай болып!
Қайрат пен мұң
Адамсың, дара туған, бір данасың,
Өмірге неге өкпелеп, бұлданасың?
Қасқайып, қайрат қылып, ұмтыл алға,
Несіне босқа езіліп, мұңданасың?
Шүкірлік
Шүкір де, бұл өмірге келгеніңе,
Асықпа түбі аманат бермегіңе,
Қайтер ең, келмей кетсең мүлде мұнда,
Жан болып, жарық көрдің жер-көгіңде.
Өмір сыры
Дүние жалған десең, мұңданарсың,
Имансыз шайтанға еріп, жынданарсың,
Адам боп жүріп өтсең өмір жолын,
Ар жағын құдай білер, құп аларсың!
Қайыр
Біреуге қайыр қылсаң, бұлдамай қыл,
Қарымы қайтпады-ау деп жыламай қыл,
Жақсылықты бұлдау да күнә деген,
Бар екен ғақлият сөз мынадай, біл!
Долбар
Сөйлесіп тұрса бір топ жолда, бала,
Бұрылма, құлақ түріп, оған бола,
Үй деп тұр, я болмаса бүй деп тұр деп,
Естімеген нәрсеңді долбарлама!
Тіл Адамдар араздасса, кім жазықты, Айтылмай қоймайтұғын шын жазықты, Қызыл тіл шындық іздеп, мінді қозғап, Татулық төбесінен ін қазыпты!
Сөз – ине
Жанжалға кім жазықты, тіл жазықты,
Түртпектеп,тыныш жатпай мін қазыпты,
Аузыңа ие болсаң, түк пәле жоқ,
Сөз- ине, адам жаны тым нәзік – ті!
Сенім
Қайдағы күмәнді ойды көп құрама,
Тұманды ой жанды тыныш, тоқ қыла ма?
Қалтқысыз сену керек бір аллаға,
Тексерме, бар ма, жоқ па деп сұрама!
Жан тыныштығы
Жүйкеңді ширатса да жұмыс қырын,
Жазмыштың ойла бұрыс, дұрыстығын,
Бәрі де бір құдайдан деп түсінсең,
Табарсың сонда жанның тыныштығын!
4.12.2017ж.
Дау Сөз қуып, үйір болма дауласуға, Дауласу соқтырады жауласуға, Өнбес дау өмір бойы аяғыңа, Оралып, бөгеу болар алға асуға!
Мұң мен жын
Себепсіз құмар болма мұңдылыққа,
Мұңдылық апарады жындылыққа,
Мұңайсаң, езе бермей, жарқырап шық,
Тәуелді болмайды ғой күн бұлытқа!
Еңбек
Қайғыланба, ерем деп мұңшылдарға,
Сайда қалма, сенем деп шыншылдарға,
Өз жолыңнан жаңылма, озады еңбек,
Бұлбұл болмас, түскенмен шымшық алға!
7.12.2017ж.
Ащы сөз
Тіл тигізбе біреуге тектен текке,
Тіл себепкер өштесіп, кектенбекке,
Адамға ащы сөйлеп, ғайбаттасаң,
Ұяларсың күні ертең бетпе бетте!
Әзіл
Тең құрбы дәміменен қылжақтасын,
Әзілдің ар жағында зіл жатпасын,
Көп әзіл аяғында әзәзіл боп,
Аздырып, көңілдерді былғатпасын!
Дәмімен
Ешқашан ешнәрседе шықпа шектен,
Дәмімен бәрі жақсы, татсаң еппен,
Дәрі де у болады мөлшерден тыс,
Өмірде ұтыласың, ұқпай кетсең!
9.12.2017ж.
Байыптау
Біреу жұмыс бітіріп, лайық хабар,
Жайып салса, сынама, налып қалар,
Адамды да, сөзді де, қарекетті,
Айыптауға асықпа, байыптап ал!
Байбалам
Абайлап, оймен байқа айналаңды,
Ақылмен албырт көңіл жайланады,
Болады абыройсыз, байыбына,
Бармастан салған адам байбаламды!
Шағыстыру
Естігенді айтуға жарыс қылма,
Тіліңді тый, жағыңды қарыстыр да,
Араға артық-ауыс сөзді тасып,
Адамды бір-бірімен шағыстырма!
Бейпіл сөз
У қосып, зәр құятын бұлағыңа,
Қоқыс, қалдық төгетін құрағыңа,
Бейпіл ауыз ақтарған бәдік сөзді
Қыстырмау керек мүлде құлағыңа!
Қоқыс қопару
Тексердік деп тарихтың ақпаратын,
Өткендердің өсегін ақтаратын,
Ескі сезім егесін қозғайтындар
Ессіз ғой, қоқыс жәшік қопаратын!
Ескі дау
Өмір солай, екі адам егеседі,
Кешіреді, тату боп, кеңеседі,
Соны қайта қопарма, ескі дауды,
Өршіткен оңбағанмен теңеседі!
Ақыл – ой
Сырласпа ойы бұзық жамандармен,
Не табасың дауласып надандармен,
Ақыл, ойың толысып, өссін десең,
Жиі сөйлес ақылды адамдармен.
Аулақ жүр
Бойың тарт арақ пенен темекіден,
Дарақыдан, беталды өрекпіген,
Аулақ жүр, бейпіл ауыз ғайбатшылдан,
Дүлейден, харам пиғыл, дөрекіден.
Өмір мен өлшем
Қалып жоқ, сай өмірдің мөлшеріне,
Барады ағып, тоқтамай жер шегіне,
Бәріне баға берем деп күшенбе,
Өмір сенің сыймайды өлшеміңе!
Өмір жолы
Өмірді жеңіл көрме, ойын қылма,
Бойыңды биікке соз, ойың нұрла,
Әуелі мақсатыңды айқындап ал,
Жүре бер, жолдан тайма, мойын бұрма!
16.12.2017ж.
Керуен мен ит
Артыңнан ит үрді деп, үркесің бе,
Керуен көшер, ит қалар күркесінде,
Өзің таңда, итсің бе, керуенсің бе,
Кім боп ертең қалмақсың жұрт есінде?!
17.12.2017ж.
Асықпа
Сұрасаң да қай маман дәрігерден,
Сақтан дейді жанталас, әбігерден,
Асығыстық жүйкеңді жеп қояды,
Жұмыстың алма қолға бәрін бірден!
Реніш
Іренжітпей қоймайды өмір сені,
Жеп қоймасын бірақ та көңіл шері,
Түн артынан ұмытпа күн шығарын,
Үміт барда ауыр жүк жеңіл тегі!
Мақсат
Алдымен мақсатыңды айқындап ал,
Айқындасаң, аяңдап, алқынбай бар,
Үздіксіз бір адымнан баса берсең,
Жетерсің, келер күнің жарқын болар!
19.12.2017ж.
АРНАУ ӨЛЕҢДЕР
Мүлтіксіз мүсінші
Хакімжан Наурызбаев рухына.
Талқысынан тағдырдың
Тайсалмаған нар адам,
Өмірге де, өнерге,
Оң көзімен қараған.
Құдай сүйген құлына,
Кемел дарын беретін,
Қаратастың ішінен,
Қаһарманын көретін.
Тілін тауып тірілтіп,
Тастан мүсін қашаған,
Жарастырып дастандай,
Тұтас қауым жасаған.
Тұлғаларын даланың
Айналдырған мүсінге,
Іздегенде бейнесін,
Абай кірген түсіне.
Тегін емес, әрине,
Нұр елеске ергені,
Ақын жанды Хакімжан,
Мүсіншінің мергені.
Өнеріне қазақтың,
Бар ғұмырын арнады,
Сомдап елдің ерлерін,
Орындалды арманы.
Қыран құстай самғады,
Туған жердің көгінде,
Тұғырына қонды кеп,
Тұлға болып өзі де !
27.07.2019ж.
Сайын
Сайын Мұратбековтың 80 жылдығына
Сайын хан, Сайын батыр, Сайын дала,
Кім білген сөздің түпкі жайын дана,
Ерлерден еңіреген ежелгіде,
Енші боп елге қалған уайым ғана.
Саялы, Сайын десе, Сайын еді,
Жүрегін бар қазаққа жайып еді,
Секілді сайдың тасы іріктелген,
Санатқа сайыпқыран лайық еді.
Заманның таразылап талай ісін,
Темірін, жез бен алтын, қалайысын,
Жусанның иісіне құмар болып,
Алманың неге аңсады жабайысын?!
Сайынның бойы биік, сойы бөлек,
Тап-таза сезім күйі, ойы да ерек,
Тұп-тұнық табиғаттың тынысындай
Тұңғиық әлем сондай болу керек!
Көңілі көлеңкесіз кең дүр еді,
Жаны да, жазуы да мөлдір еді,
Көшкелі көкке беттеп Сайын ағам,
Мөлдірлік көркем сөзде өлді ме енді?!
Адамнан аямаған мейірімін,
Бөленген алғысына кейінгінің,
Айдынын ай сәулелі сайлы сөздің,
Зерделеу бір парызы зейіндінің.
«Қанатың жеткен жерге ұш қарағым!»
Өсиет, өнегесі күшті ағаның,
Жастықтың жан аңсарын жырға қосып,
Басында отырғандай Үшқараның!
\22\ 23.11.2016ж.
Сан ғасырдың сәулесі
Әбсаттар Дербісәлі – 70.
Әбсаттар, Әбдісаттар, Ғабдісаттар,
Арайлы, алға бастап, таңғы шақтар,
Екенін кімнің құлы, кімнің ұлы,
Аттанған ер есінде мәңгі сақтар.
Тарихқа тіл бітірген тоқыраған,
Ордалы оқымысты Отырардан,
Шоқ болып сар баланың жүрегінде,
Атаның Әбунасыр оты қалған.
Кішкентай құйма құлақ құтты үйдегі,
Көкейге имандылық нық түйгені,
Көп оқып арабшаны кер кезеңде,
Ақыры қажы атанып, мүфти болды.
Қылымның сырын іздеп қиырлардан
Шаршамай шет- шалғайды шиырлаған.
Ғылымның тұңғиығын бойлап тану,
Бақыт қой, әр ғалымға бұйырмаған.
Қазына қатпар, қатпар, ал да зертте,
Сарылып сар қағазға барған бетте,
Мысырдың тылсымына тұнған сайын,
Өзі де барады ұқсап пергаментке.
Жоғалтып оғландарын дана милы,
Отына талай заман дала күйді,
Мұраны мұңға батқан талмай іздеп,
Әбекең тапты қанша Фарабиді!
Аялап ару қызды ән шығарған,
Ой қуып, ай, жұлдыздан мән шығарған,
Фарабтың тарап кеткен даналарын,
Арабтың архивінен аршып алған.
Сары құм сахарада суылдаған,
Сарыны замананың зуылдаған,
Жүк артып сандық, сандық сан ғасырдан,
Құм кешіп көш келеді қылымдардан.
Түскен із жалпақ табан буралардан,
Арабтың жазуындай бұйраланған,
Сәлдесі шуда бұлттай сәулелі жан
Керуенін туған елге туралаған.
Тоқтаусыз ой керуені алға асуда,
Ұрпаққа ұлағат боп жалғасуда,
Саналы сара жолың үзілмесін
Ілімнен шуақ шашып сан ғасырға!
27-30.10.2016ж.
Көрші
Қыдырғали аға мен Алтынай тәтеге
Көршің жақсы
Болса кетпес тынышың,
Кеудең қысып,
Тарылмайды тынысың,
Жаман көрші
Жаныңды улар жалғанда,
Көшіп кетпей,
Қиын бірге тұрысың!
Көршілер бар,
Бір-біріне кірмейтін,
Кірмек түгіл,
Аты-жөнін білмейтін,
Кездескенде
Ернін жыбыр еткізіп,
Ту сыртынан
Сұғын қадап, тілдейтін.
Жақсы көрші
Тәуіріндей жақынның,
Ескермейді
Тәңірідей хақын кім,
Өмір қызық,
Ойда жоқта жаңа үйде,
Көрші болдым,
Әкесімен әкімнің!
Үлкен кісі,
Көпті көрген, жан-жақты,
Жылы жүзді,
Кішіпейіл, салмақты,
Қыдекеңнің
Құдай қосқан қосағы,
Алтын тәте,
Аяулы ана, ардақты.
Өмір серік
Қосағымен жарасып,
Қатарласып,
Қабағына қарасып,
Арасында
Қояды ептеп әзілдеп,
Пікірлерін
Талқыласып, таласып.
Әңгіменің
Шағады екен жілігін,
Сөз танытар,
Кім-кімнің де білігін,
Желтоқсанның
Ызғырығын еске алып,
Айыптайтын
Күштілердің қылығын.
Қаһарлы кез,
Қазағымды қыстаған,
Қолдарына
Темір таяқ ұстаған,
Қалың топқа
Тоқтам айтқан Қыдекең,
Болат жігер,
От намысты күшті адам!
Тағдыр жүгі
Кімге жеңіл, кімге артық,
Қазағымды,
Кеткен шақты, тым қарпып,
Еске алады
Қаны қызып тәтеміз,
Кіші жүздің
Қызы екенін аңғартып.
Ата-ананың
Еңбегі көп тер сіңген,
Баба жолын
Шығармаған есінен,
Орысшаға
Бейімделген балдарды,
Оңға бастап,
Қазақшалап өсірген!
Ойнайды екен
Және де ептеп шахматты,
Мен де білем,
Біразырақ ат – матты,
«Лениншіл жас»
Чемпионы болғанмын,
Ойнамақшы
Болдық талай жап-жақсы!
Сөйлеп кетсе,
Кеңге жайып қанатын,
Әңгіменің
Тереңіне баратын,
Көрген, баққан,
Өмір тарих ойға алып,
Шахматымыз
Ойналынбай қалатын.
Бұл өмірдің
Шүкір дейміз дәміне,
Бір партия
Шахмат бар әлі де...
Әкім бала
Сәлем берсе, ризамыз,
Ата-анамның
Көршісі деп қадірлеп!
Көршілерім
Жұбын жазбай сәнімен,
Келе жатыр
Махаббаттың әнімен,
Жан-жағында
Шүпірлеген балапан,
Жарасымды
Өмірінің мәнімен.
Алтын әже,
Әнге бөлен,
Тыңда күй,
Аман болып
Ойдағы мен қырдағы үй.
Шаттандырып
Немере мен шөбере,
Қолдай берсін
Қыдырғали,
Күнғали!
Өркеніңіз
Өсе берсін жарқырай,
Оларға айтар
Нақыл сөзің сарқылмай,
Төбеңізде
Күнің күліп, Қыдеке,
Жаныңызда
Нұрын төксін Алтынай!
17-19.2018ж.
Роман Роллан
Роллан Сейсенбаев – 70
Арманшыл ұлды
Атаның рухы алқалап,
Қиялын қостап,
Қияға бастап нар талап,
Асылдар жазған,
Ғасырдан озған қазақтың
Қазанат жырын,
Аманат жүгін арқалап,
Ұрымға жаққан
Ұлтының үміт шырағын,
Ұзанның атын
Ұзақтан білген шартарап.
Роменнен кейін
Роллан боп туып, романды,
Ағынан жарған,
Алмадым демей бағамды,
Сайтанның тағын,
Сайқалдың сәнін тәрк етіп,
Ғақлият оймен
Құтқармақ болған ғаламды,
Аңызақ желден
Аңыздың іздеп әуезін,
Аңқасы кеуіп,
Күйдірген құмға табанды.
Марғасқа жанның
Бітімі бөлек өзгеше,
Жанарын сулап,
Жанымен жанған сөз десе,
Ізгілік іздеп,
Тізгінге көнбес ой кешкен,
Ежелгі сырдан
Ертеңге керек із кесе,
Келешек елге
Кемелге келу мүмкін бе,
Кемеңгер салған
Көнермес жолды кезбесе.
Балуанға түсіп,
Бұлқысып көрген күшті адам,
Сауғалап басын,
Жалтарып жардан ұшпаған,
Астамшыл билік
Алқымнан алып тұрғанда,
Астарлы сөзбен
Адамдық жолды нұсқаған,
Тоғанды бұзып
Тобығын жуып,
Теңізде,
Тобаға келіп,
Тобылғы қамшы ұстаған.
Өнерге келген
Өрімдей өрен жасында,
Өзі де ұқсап,
Сөзі де ұқсап жасынға,
Жүрсе де қайда,
Сан ұлттың жақсы –жайсаңы,
Табыса кетіп,
Толғайтын ойды қасында,
Жетпіске келіп,
Тарихты бойға тұндырып,
Толғанып отыр,
Жеке бір таудың басында!
30-31.12.2016 ж
Ұлағатты жол
Серік Негимов – 70
Ұялы көзі,
Ұяңдау өзі, биязы,
Қияға кеткен,
Ғалымдық ой мен қиялы,
Зияны тимей,
Жияды бойға жақсылық,
Құяды нұрын
Риясыз елге зиялы!
Байлығың қанша,
Тағдырлы тарих жолдағы,
Зерделеп, зерттеп,
Қауырсын қалам толғады,
Қазына болып,
Сөреге бүгін тізілді,
Бұрынғы, соңғы
Ғұламалардың томдары.
Қайтармақ болып,
Өткенде кеткен есені,
Көсіліп кетсе,
Кестелі сөздің көсемі,
Тыңдаған топтың
Кернейді толқын кеудесін,
Өрісі кеңіп,
Өресі өрлеп өседі.
Негимов айтса,
Егіліп айтар, төгіліп,
Көрікті сөзге,
Кетеді көңіл бөлініп,
Еркіне көніп,
Көктейді гүлдей көктемгі,
Сере боп қатқан
Көбесі мұздың сөгіліп.
Асылдың алыс,
Бүгінге жеткен сынығы,
Көргенін түйіп,
Түгендеп білгір білігі,
Аяңдай басып,
Биікке беттеп барады,
Ғұламалардың
Үрдісін жалғар бір ұлы!
Ақтарып қағаз,
Атырып талай таңдарды,
Алдында шәкірт,
Ақылман ұстаз толғанды,
Ағыл да тегіл,
Көл-көсір ойлар сілкінтіп,
Оянып сана,
Жас жүрек оты жанған-ды.
Ғылымның орнын
Баса алмас дақпырт, даңғыра,
Жапанның сыры
Жаһанға жетер жаңғыра,
Білімнің нұрын
Төге бер елге қажымай,
Жол ұзақ болып,
Майлана берсін қанжыға!
20-21.03. 2018ж.
Сынықшының сырттаны
Нұрлан Батпенов -70
Тұлғасы таудай,
Мінезі батпан салмақты,
Батпенов батыр,
Бітірген шаруа жан-жақты,
Арманға биік,
Қырандай қаққан қанатын ,
Қасиет қонған,
Аталы жерден аруақты.
Сынықшы – өнер,
Қазақта болған бұрын да,
Атағы жеткен,
Атпенен бірге Ұрымға,
Атаның ісін
Көтерген жаңа биікке,
Апарған алға,
Негіздеп бәрін ғылымға.
Шипалы қолмен
Бір сипап өтсе жазылған.
Қисайған аяқ,
Сынған қол қайта созылған.
Бүлдіру оңай,
Бүтіндеу қиын қашанда,
Байқамай, бірақ,
Адамдар аз ба,
Емханаңыздан табылған!
Қолбасшы, батыр,
Ғаламға бүлік сала ма?
Қиратып, жойып,
Сындырып бақыт таба ма?
Адамның даңқын
Бүлдіргенімен емес, бірақ та,
Бітіргенімен ,
Бүтіндегенімен бағала.
Саралап көрсең,
Атақты сындырғыштардың ,
Жетпейді бірі,
Сынықшы сырттан данаға!
Сүйегі сынып,
Қаншама қор боп қалды адам,
Сүйеніш іздеп,
Келгенді қарсы алды ағам,
Жігері құм боп,
Күдерін үзген жандардың,
Жілігін майлап,
Үмітін қайта жалғаған,
Баса алмай аяқ,
Қадам жер арман болғандар
Шипасын берсе,
Құстай боп ұшып заулаған,
Нұрлы жан Нұрлан,
Сынықшылардың сырттаны,
Өмірін еңбек,
Ізгілік жолға арнаған!
Еңбегің үлкен,
Есептеп, көңіл бөлсеңіз,
Жетпіс – жемісің,
Өмірді оймен өлшеңіз,
Қисық аяқты
Түзету қолдан келгенмен,
Теріс пиғылды,
Түзету қиын, сенсеңіз.
Болардай ғажап,
Жаңалық үлкен ғылымда,
Бір қызық сынақ,
Сыныққа жасап көрсеңіз,
Қыңыр мойынды,
Бір бұрап жөнге келтіріп,
Ұрының қолын
Ұрламайтын ғып берсеңіз!
Бабаның жолын жалғасын балдар,
Ата боп бата беріңіз,
Өркендеп, өсіп,
Өмірдің гүлін теріңіз,
Көктемдей күлген,
Гүл мен нәр берген,
Гүлнәрмен бірге нұрланып,
Аман-сау жасап,
Аяңдап жүзге келіңіз!
27.08.2019ж.
Ақ сұңқар
Серік Ақсұңқарұлына
Күлгенде күндей,
Күйгенде күлдей ақын жан,
Жыр-кеуде гүлдей,
Нәр алған алыс, жақыннан,
Найзағай ойнап,
Нөсердей құйған заматта,
Тақылдан аулақ,
Тақыр мен пақыр мақұлдан!
Сәуле іздеп көпке
Әуелеп көкке ақ сұңқар,
Жылытып жырмен,
Ызғарлы жерді, жақтың қар,
Бәлелі бетке,
Әуре боп текке кектенбей,
Алаштың жоғын,
Тынымсыз жоқтап, тарттың зар!
Балбалдай ғайып,
Бабалар өткен бұрын деп,
Күмілжіп жүрген,
Имене басып, күбірлеп,
Сарғайған ердің,
Сілкінтіп еді санасын,
Ипподромдағы
Тұлпарлар жыры дүбірлеп.
Тұлпарын түздің
Тізгіндеп, тізіп шетінен,
Шапқызып қойған,
Шеңбермен шектеп, ретімен,
Режимді көздеп,
Кежірлі сөзді жалындап,
Кезей бір тартып,
Кезеңді белден өтіп ең!
Зауалға батқан
Заманға қайнап зығырдан,
Ойыңның нәрін,
Уақытқа байлап зымыран,
Шырағын жақтың,
Жолына жұрттың шыр-пыр боп,
Шынжырын үзіп,
Шыға алмай жүрген шығырдан.
Өмірде бала,
Өлеңде дана, қанатын,
Қиындар өткен
Қияға ғана қағатын,
Ғасырдың ащы
Шындығы жайлы ашынып,
Өртене жырлап,
Өзінен өзі жанатын.
Ардақтап,ақын,
Ақ тілек сізге арнайды ел,
Тоқсанға дейін
Топшыңыз сынбай, талмай бел,
Алаштың арлы,
Өлеңі үшін аман-сау,
Ақ сұңқар ақын,
Аспанда қалқып, самғай бер!
19.03.2018ж.
Шұбаттан шыққан...
Әбубәкір Қайранға
Шеңгелмен ойнап,
Жантақта жатқан жантайып,
Уызға тойған
Ботадай бұла балпайып,
Тәртіпті топта
Түседі көзге тұлғасы,
Тарбағатайдың
Тасындай қожыр талпайып.
Айналған өлең,
Байырғы балбал қайда дер,
Ақ боран соғып,
Айтқандай сәлем айға жер,
Қайран ел жоғын
Уайымдап жырмен іздеген,
Қайнары мөлдір,
Қайрағы қатты қайран ер!
Қолқаны қауып,
Жұлдызсыз түні қаланың,
Ақынның бейуақ
Тауыспай қоймас амалын,
Тойотадан да
Тай-атан артық көрініп,
Тротуар теуіп,
Іздеген түйе табанын.
Түйеші шалдың
Түгесіп ішкен шұбатын,
Даладай ақын
Далада ғана туатын,
Қазақы сөздің
Мәйегі сіңген майталман,
Қымыздан, яки,
Шұбаттан ғана шығатын!
Табиғи қалпын
Бұзбаған бүлде жамылып,
Көлеңке түсіп
Көрмеген іші тарылып,
Түйенің сүті,
Киелі құты дем беріп,
Ағарған ішіп,
Ағынан жүрген жарылып,
Қабағы түсіп,
Қабаржып кейде құлазып,
Қабырға – қамал,
Бұзғысы келіп қағынып,
Бұрқырап буы,
Шудасы тудай жалбырап,
Қаңтарда қайнап,
Бурадай бұлтқа шабынып,
Азуы қақсап,
Аяғы ақсап қақпаннан,
Шықса да асқақ,
Қасқырдай көкке табынып,
Асығып қуып
Адасып қалса сағымнан,
Асыра жырлап,
Аспанын жүрген сағынып,
Жол ұзақ, әлі,
Өрлей бер, ақын, алдыңда,
Өмірдің бәрі
Ағын боп... өлең ағылып!
19.11.2016ж.
Ауру мен дәрігер
Бақытжан Бимбетовке
Асылық қып, ұмытқанда құдайын,
Құдай жанға жібермей ме бір уайым?!
Шалдыққанда алуан түрлі ауруға
Таппай қалар пенде шіркін күн, айын!
Өкінгенде, арман қылып сау басын,
Қабыл етсе шын ниетін, тәубасын,
Дәрігерді жіберген ғой жаратқан,
Адамдарға мейірімі болғасын!
Алаштың Арыстаны
Арыстан Ғазалиевке
Армандап,
Айға ұмтылған таза, биік,
Аталы сөзін тыңдар
Қазақ ұйып,
Алпыс алты жасыңыз
Құтты болсын,
Ғаламдағы
Ғажайып Ғазалиев!
Арыстанның іщінде
Данышпаны,
Данышпанның ішінде
Арыстаны
Арыстарын
Алаштың жалғастырған,
Асылдардың сынығы
Алыстағы!
Ғалымдардың ішінде,
Академик, докторы,
Докторлардың ішінде,
Көш бастаған ректоры,
Ректорлардың ішінде,
Биік тұрған шоқтығы,
Тура жолмен нық басқан,
Қисаймаған векторы,
Ата болған шағында,
Жарқыраған от түрі.
Ректор жүрсе ғылым деп,
Биік мақсат білінбек,
Ұстаз төксе шуағын,
Шәкірт іздер білім көп,
Бетін ғана қалқымай,
Терең қазып, түбірлеп,
КарГТУ-ды қарғытып,
Қырдан қырға дүбірлеп,
Оңға бастап Арыстан,
Даңқы шықты дүрілдеп!
Жемісті көктемде егіп,
Күзде жеймін,
Деген ғой аталарың,
Сөзге бейім,
Жеміс пісіп,
Өрісің кеңіген кез,
Құдайым
Ғұмыр берсін, сізге деймін,
Бағыңыз баянды боп,
Бағланыңмен,
Балдардың
Қызығын көр жүзге дейін!
3.10.2017ж.- 7.10.2017ж.
Алпыс асқар
Қайырбай Төреғожинға
Жасыңнан сүйдің
Атадан қалған
Аңыз бен өлең,
Ән, күйді,
Сен жүрген жол да,
Бір бөлек тарих сан қилы,
Ұядай жылы,
Ұяңдау, мұңлы,
Табиғи жырдан сен жазған,
Жауынның иісі,
Бауырдың иісі,
Ауылдың иісі аңқиды!
Қайырбай інім,
Атың да қайыр,
Зайырлы затың, шайырсың,
Туған жер үшін
Қиынға қандай дайынсың,
Байырғы заман
Байлары құсап
Балпаң да балпаң баса бер,
Бәйтерек болып,
Өркенің өсіп,
Тамырың терең жайылсын!
26.07.- 6.08. 2017ж.
Әуелеген ән
Сүндет Байғожинге
Сахараның серісі,
Операның перісі,
Әуенімен әуелеп,
Әлемге кеткен өрісі,
Кернеген үні күмбезді,
Көңілдің көркем жемісі,
Кернеуі кетсе күшейіп,
Күйгендей тоқтың желісі,
Осындай ұлды өсірген,
Еліміз өнер кеніші!
3.03.2018ж.
Қайран, дүние!
Өмір бізді сындыруда,
Сынауда,
Шама да жоқ
Шыңғыруға,
Жылауға,
Боз қыраулы белден асқан
Құландар,
Белгісіздік
Құрдымына құлауда!
Қайран досым,
Қара нардай Рақымжан,
Айнымайтын
Аңыздағы батырдан,
Қасиетті
Қазақ сөзін танытып,
Жарты әлемге
Жол тартып ең жасыңнан,
Қиындықтан
Қаймықпадың, қайтпадың,
Өтті соғып,
Не бір құйын басыңнан,
Қалды артыңда,
Алатау мен Алтайың,
Атырауың,
Ақ толқыны аһ ұрған,
Енді өзіңе,
Нұр иман боп құйылсын,
Жан шуағың,
Туған елге шашылған!
Актер
Архивімнен жаңа тауып алдым. Белгілі театр қайраткері, ұстаз Айжан Бәдірқызы Оспанова марқұм маған актерлерге өнеге боларлықтай бір өлең жазып беріңізші деп қолқа салған. Сонау 2000 жылдың 14 қарашасында жазылған өлеңді сол күйінде ұсынып отырмын. Оңай деме актерді, Әркім әртіс болмайды, Құбылтумен беттерді. Жүрек керек, жан керек, Толғандырар көптерді. Әуез керек, ән керек, Жер мен көкті жаңғыртып, Келтірер қыста көктемді. Сана керек, ой керек, Сан тағдырды саралап, Тірілтетін өткенді. Шаба алмассың ұзаққа, Қолтықтап ап әр жерден, Көшіріп алған дәптерді. Сахнада жұлдыздай Жану үшін жарқырап, Төгу керек бірталай, Ақ тер менен көк терді! \ 14.11.2000ж.- 26.03.2019 ж.\
ӘН ӨЛЕҢДЕРІ
Қоштасу
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Бір өзіңді сүюменен өтем деп,
Жүрегімді алып едің мекендеп,
Жылдар бойы өзім болып жүрдің де,
Бір-ақ сәтте кете бардың бөтен боп!
Бөтен болып шыға келдік бір күнде,
Өзек болып қаңқу менен күңкілге,
Өткен күнді қанша ұмытқың келсе де,
Өміріңді сызып тастау мүмкін бе?!
Қайырмасы:
Амалым не, өтті бәрі өзгерді,
Көктем бітіп, қоңыр салқын күз келді,
Адам болып қосылып ек әуелде
Адам болып қоштасайық біз енді!
Көп алдында күлімдеген күн қайда,
Екеуіне не болды деп жұрт ойда,
Енді бірге көше бойлап жүрмейміз,
Енді бірге билемейміз бір тойда!
Сенен артық жан жоқ деуші ем өмірде,
Бейнең қалды, өшпей мәңгі көңілде,
Сен де маған назалысың, білемін,
Саған деген өкпем аз ба менің де!
Қ-сы:
Сүймесең сүйме...
Өлеңі Баянғали Әлімжанов
Әні Нұрлан Әлімжанов
Сүйемін дедім өзіңді,
Жасырмай мөлдір сезімді,
Сөзімді керек қылмадың,
Салмадың тіпті көзіңді!
Қайырмасы:
Сүймесең сүйме, қайтейін,
Сүйетін адам табылар,
Жүрекке жүрек үйлесіп
Шын сүйген жанның бағы бар,
Ал енді сен де жер, көктен,
Менен де жақсы тауып ал,
Сүймесең сүйме қайтейін
Сүйетін адам табылар!
Көркіңе сенің сүйіндім,
Биледім бірге ән салып,
Сонда да көңіл бөлмедің,
Не жаздым саған соншалық!?
Қ-сы:
Өзіңмен түскен фотканы,
Соткада мәңгі сақтайын,
Ал енді сау бол... дегенмен
Тоқташы десең...тоқтайын!
Қ-сы:
27.02. 2017ж.
Балапандарым
Өлеңі Баянғали Әлімжанов
Әні Ғабит Нәдірбеков
Балаларым, бақытым, балдырғаным,
Мейірімді иіскеп қандырғаным,
Күн нұрындай күлімдеп көңілімде,
Жұлдызымды көгімде жандырғандарым!
Қайырмасы:
Балдай тәтті қылығы балақандарым,
Қандай жұмсақ кішкентай алақандарың,
Биігіне өмірдің талпынғанда,
Қанаттарың талмасын балапандарым!
Шат күлкіңмен басылып шаршаганым,
Қуанғаннан жаныммен ән саламын,
Аман-сау боп, алдыңнан шыға берсін,
Армандарың, өмірде аңсағандарың!
Қ-сы: 2. 03.2017ж.
Көктем көңіл
Өлеңі Баянғали Әлімжанов
Әні Назымбек Дүкембай
Нұр шашып жүруші едің жан-жағыңа,
Апырмай, қатулана қалғаның ба?
Қабағың түйілгені жараспайды,
Не болған демей ме жұрт жан жарыңа?
Қайырмасы:
Ғайыптан,табиғаттан бірге жеткен,
Егіз күй, егіз ұғым қыз бен көктем,
Құлпырып, қуанғанда шын жүректен
Жалғанда сұлулық жоқ сізден өткен!
Ақынның ұнап кетсе күшті өлеңі,
Арулар аққу қанат түс көреді,
Екі қыз өкпелесе жаңбыр жауып,
Үш әйел ашуланса қыс келеді!
Қ-сы:
Әйелдер ызаланбай, назданады,
Әй-әй деп, алдап қойсаң мәз болады,
Қыз күлсе қызғалдақтар қыста гүлдеп,
Қар басқан мұзды көлге қаз қонады!
Қ-сы:
7-10 наурыз, 2017ж.
Өмірлік менің серігім
Өлеңі Баянғали Әлімжанов
Әні Нұрлан Әлімжанов
Аяңдай басып келеміз,
Қалауын тауып көңілдің,
Көтере білдік қосылып,
Өмірдің ауыр, жеңілін.
Қайырмасы:
Өзіңмен бірге өрледім,
Шыңдала түсті сенімім,
Мейірлі болдың сен маған,
Өмірлік менің серігім!
Біріміз кетсек сүрініп,
Сүйеніш болдық біріміз,
Жарасып жүре берейік,
Жазылмай мәңгі жұбымыз.
Қиындық көрсек, жасқанбай,
Қуаныш, тойға мастанбай,
Екеуміз сүрген бұл өмір
Екеуміз жазған дастандай.
Қ-сы:
Немере сүйген шағымыз,
Баянды болсын бағымыз,
Сәбилер өсіп-жеткенше,
Керекпіз жаным, әлі біз!
3-4.06.2017ж.
Жастар жыры
Жастық жалын бойымызда,
Асқақ арман ойымызда,
Біз келеміз...Жаңа дәуір!
Алаш туы қолымызда.
Қайырмасы:
Көкке самғап қыранымыз,
Көпке жеткен ұранымыз,
Көкжиекке көз жүгірткен
Біз қазақтың ұланымыз!
Жас толқынбыз, айдыны кең,
Жер – жаһанмен айбыны тең,
Жұлдыздарға құшақ жайып,
Ой бөліскен ай, күніңмен.
Қайырмасы:
Біз жастармыз, жүзі жарқын,
Ардақтаған туған халқын,
Үндестірген бар әлеммен,
Еліміздің ізгі салтын.
19.07.2017ж.
Қарағанды
Ен даланың кең өлкесі кенге бай,
Жерге де бай, көлге де бай, жөнге бай,
Сен бар болсаң, әнім де бар, сәнім бар,
Сен бай болсаң, елім де бай, мен де бай!
Қайырмасы:
Қарағанды, Қарағанды, Қараған,
Көмірінен өмір оты тараған,
Көңілінен небір әнді тудырып,
Жүректерді жылытуға жараған,
Қалың арғын барлығына қуанып,
Қаймағым деп бағалаған бар адам,
Қазағымның қазынасы киелі,
Қарағанды, Қарағанды, Қараған !
Қазақылық, кісіліктің төрісің,
Кеңпейілсің, көз жетпейтін өрісің,
Сары аязды сабырменен көтерген,
Сарыарқаның қайыспайтын белісің!
Қайырмасы:
Қара нардай, қарағайдай ұлдарың,
Қарқаралы, ән самалы қыздарың,
Сенің арқаң айдарынан жел есіп,
Қазағымның қара орман боп тұрғаны!
Қайырмасы:
7.10.2017ж.- 29.10.2017ж.
Досым – ай
Есіңде ме досым – ау,
Бірге өткізген шат күнің,
Бірге ұмтылып арманға,
Бірге іздеген бақ гүлін!
Таңғажайып әлемде,
Таңғалумен ән салдық,
Арман жолын таңдаумен
Ақ таңдарды қарсы алдық!
Қайырмасы:
Қандай едік бір кезде,
Қайран менің досым-ай,
Баяғыдай өзіңе,
Менің көңіл хошым-ай,
Қол бұлғаймыз алыстан,
Басымыз бір қосылмай,
Амалың не, досым-ай,
Шіркін өмір осылай!
Өкінуге бола ма,
Өмір зулап өттің деп,
Өкпелейміз кейде біз,
Хабарласпай кеттің деп!
Сенің айтқан сырларың,
Жүректе тұр жаңғырып,
Өзгермейді шын көңіл,
Нағыз достық мәңгілік!
Қайырмасы:
12.10.2017ж.
Өмір шіркін-ай!
Таңғажайып дүние,
Таңғалдырып келесің.
Дүниеге кім ие,
Ойландырып келесің.
Қайырмасы:
Күн қадірін білейік,
Түн қадірін білейік,
Ойнап –күліп жүрейік,
Ойлап өмір сүрейік!
Ән қадірін білейік,
Сән қадірін білейік,
Дәм мен демнің барында,
Жанға бақыт тілейік!
Өткінші деп өмірді,
Өкінуге асықпа,
Өткен күнің – қас-қағым,
Келешегің қашықта!
Қайырмасы:
Көңілімнің күйі деп,
Өткен күнді қимадым,
Тәңірімнің сыйы деп,
Келер күнді сыйладым!
Қайырмасы:
10.10.2017ж.
Келші, қасыма
Кейде оттай лаулайсың,
Кейде суық қардайсың,
Ашып айтпай сырыңды,
Жұмбақтаудан танбайсың,
Кетем десем, көзіңнің,
Қиығымен арбайсың,
Мың құбылып түлкідей,
Айтшы, кімді алдайсың?!
Қайырмасы:
Қойшы құбылмай,
Келші, қасыма,
Әнін өмірдің,
Шырқа қосыла,
Қолым бір тисе,
Толқын шашыңа,
Бәлкім, бақ құсы,
Қонар басыңа?!
Нар жігітке паң сұлу,
Еркелеуін қоймайды,
Ерсілігін байқамай,
Өртеймін деп ойлайды,
Кім біледі, қолдағы,
Бақытымен ойнайды,
Қарға аунаған түлкіні
Қыран ілмей қоймайды!
Қайырмасы:
\27\ 28.10.2017ж. – 30.10.2017ж.
Дәрігер
Өлеңі Баянғали Әлімжанов
Әні Нұрлан Әлімжанов
1.Тауға да ұрып, тасқа да ұрып сау басын,
Пенде шіркін кеш ойлайды тәубасын,
Дәрігерді жаратқан ғой тәңірім,
Адамдарға рахымы мол болғасын!
Айнымаған адал ант пен сертінен,
Адам үшін еңбек еткен еркімен,
Дәрігерге құтқар дейміз бір сәтте,
Жылдар бойы жиған өмір дертінен!
Қайырмасы:
Ертең қандай болар екен күнім деп
Емханаға кірген кезде дірілдеп,
Қарсы алады салауатты сабырмен
Ай сәулелі аппақ адам күлімдеп.
Бір өзіңе аударғанда зейінін
Сезінесің періштедей пейілін,
Дертке шипа, жанға қуат болғандай
Дәрігердің көзіндегі мейірім!
2.Жан қуантып жанардағы жылылық,
Оянады үзілмеген бір үміт,
Дәрігердің инесінің ұшында,
Қанша жанның тағдыры тұр ілініп.
Мың аурудың табамын деп бір емін,
Аямаған адамдардан тілегін,
Өмір отын сақтап қалған, өшірмей,
Дәрігердің аялаңдар жүрегін!
24.11.2017ж.
Кездеспей кеткен бір бейне...
Ғабит Мүсіреповтың ізімен
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов.
Әні: Нұрлан Әлімжанов.
Іздедім сені,
Жер менен көктен,
Іздедім сені,
Күндерден өткен,
Аңсаймын сені
Келгенде көктем,
Аяулы бейне,
Кездеспей кеткен!
Қайырмасы:
Кездеспей кеткен,
Бір бейнем менің,
Іздеймін сені,
Көңілде сенім,
Жеткендей үнің,
Кей-кейде сенің,
Кездеспей кеткен
Бір бейнем менің!
Қайда екен, қайда,
Сол жұмбақ бейне,
Түсімде ғана,
Көремін кейде.
Күлімдеп күндей,
Өңімде, шіркін,
Күтпеген жерден,
Келер ме бір күн!
16.- 19.04.2018ж.
Бал балалық шағым
1.Өмір қандай ағын,
Ғайып болған сағым,
Сағындым ғой сені,
Бал балалық шағым!
Бұрқыраған саумал,
Аңқылдаған самал,
Алтын ұям ауыл,
Сағындым ғой сені!
Қайырмасы:
Қырмызы қырлар,
Қызғалдақ жылдар,
Жұлдызды түндер,
Бұрымды қыздар,
Сағындым сені!
Құйғытқан құлын,
Құлпырған қырым,
Өзіңнен алдым,
Өмірдің нұрын,
Сағындым сені!
2. Ағынды күндер,
Арынды түндер,
Армандай шағым,
Жайнаған гүлдер!
Өмірді сүйіп,
Ұмтылдық алға,
Келеміз жүріп,
Бір ұзақ жолда!
1. Сағынып жүрмін,
Балалық шағым,
Балдәурен күнім,
Тербеген самал,
Жусан мен гүлін,
Таңдайға балдай,
Бұлақтың суын,
Өзіңнен алдым,
Өмірдің нұрын.
Қ-сы:
Сағындым сені,
Көбелек қуып,
Қырларды кезген,
Құрбыммен бірге,
Қызғалдақ терген,
Құлынға мініп,
Құйғытып жүрген,
Сағымдай жылдар,
Сағындым сені!
14.- 15. 04.2018ж.
Астана – Көкшетау
Өлеңі: Баянғали Әлімжанов
Әні: Нұрлан Әлімжанов
Көкшетау Ақмоламен егіз еді,
Жарасқан қос аққудай теңіздегі,
Сән түзеп Сарыарқада Астанамыз,
Тамырын тереңдетіп негіздеді.
Қайырмасы:
Көкшетау жердің көркемі,
Астана елдің өркені,
Еркін жел есіп Есілден,
Ертегі болсын ертеңі.
Ғаламда ғажап қала көп,
Айрықша бөлек тұрысы,
Астана, бірақ, біз үшін,
Астаналардың ұлысы!
Көкшетау жер шоқтығы, ән ордасы,
Аяулы Астананың жан жолдасы,
Жұпарын бұрқыратып қарағайдың,
Қол бұлғар Бурабайдан шыңның басы.
Қайырмасы:
Сан ұлтпен тауып сәнді жарасымын,
Танытқан дүниеге алаш ұлын,
Өзіңнің Астанаңды аялай біл,
Көзіңнің сақтағандай қарашығын!
Қайырмасы:
20-21. 05.2018г.
Сарыбел
Өлеңі Баянғали Әлімжанов.
Әні Нұрлан Әлімжанов
Сарыбел, салқын самал ескен желің,
Қол созып асқар тауға өскен елің,
Қабаққа шыққан кезде тебіреніп,
Шарлайсың көз, көңілдің жеткен жерін.
Сазды әуен Сарыбелден шырқалса бір,
Тыңдайды таңдай қағып Тұрпан, Садыр,
Сайында сарқыраған Тышқан суы,
Арқырап, тас қопарар бұрқанса бір.
Қайырмасы:
Көңілдің сазындай Сарыбел,
Көріндің сағымдай Сарыбел,
Барыңды бағалай білейік,
Бауырмал ағайын, қалың ел,
Қол бұлғап, қимайды кетерде,
Дегендей сағынып тағы кел,
Сарыбел, Сарыбел, Сарыбел!
Табиғат сірә тарлық көрсетпеген,
Бәрін де үйіп берген, өлшеп берген,
Көңілің көлдей болып, көкке өрлейді,
Нарынды көрген кезде Көлтекшемен.
Сарысай, Байғатын мен Қызылкеріш.
Байғазы құт дарыған бұрынғы өріс.
Байсалды Байсуанның балалары,
Тереді терін төгіп, бүгін жеміс.
Қайырмасы:
\7-8.\ 12.07. – 15.07. 2018ж.
Мұнайшы әні
Өлеңі Баянғали Әлімжанов.
Әні Нұрлан Әлімжанов.
Мұнай жерден құдай берген нәсібім,
Мұнайшылық мәртебелі кәсібім,
Жасырынған жер астында жеті қат,
Қазынаның біз аламыз асылын!
Мұнаралар маң далада мұнартқан,
Көк теңіздің түбін тесіп, тулатқан,
Бұрқыратып от-жалын мен көбігін,
Бұлтты қуып, көк пен жерді шулатқан!
Қайырмасы:
Адал еңбек болмасын деп қиын сын,
Ел тілегі бір арнаға жиылсын,
Қара алтыны қазағымның құт болып,
Берекелі ұрпағына бұйырсын!
Халқымызды қарық қылған мұнайға,
Мың рахмет жаратушы құдайға,
Байлығың мен бағың болып баянды,
Мұнайшы мен мұнай барда мұңайма!
Апта бойы тыным таппай вахтада,
Қайыстаймын, күн қақтаған қап-қара,
Ел байлығын алып берем қайыспай,
Ішің білсін, мақта, мейлі мақтама.
Мен де қара, мұнай қара, жер қара,
Қара қазақ мекендеген кең дала,
Марапаттап мұнайшы мен мұнайды,
Қара алтын деп атап кеткен ел дана!
Қайырмасы:
\10.\ 17.07. – 19. 2018ж
БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ
Ана тілім
Ата жырды ана тілде жаттадым,
Анашымды ана тілде мақтадым,
Арқасында дана тілдің, бай тілдің
Қазақ деген атымды мен сақтадым.
Ата-бабам аманаты – тілімсің,
Аялаған жазирада гүлімсің,
Туған ел мен туған жерге ғашық қып,
Өміріме жарық берген күнімсің!
Ана тілім, қандай ғажап ырғағың,
Жүрісіндей су төгілмес жорғаның,
Дүниемен ана тілде сырласып,
Ана тілмен бірге жасау арманым!
7.09.2017ж.
Санамақ
Бір дегенім біреу,
Жеке дара тіреу,
Жалғыз тұрған таяқ,
Жұпсыз қандай жүдеу!
Екі бірлік мықты,
Екеу дейді жұпты,
Екіліктен басқа,
Барлық екі құтты!
Үш дегенім үштік,
Үш саусақты қыстық,
Біреу,екеу, үшеу,
Үшке тура түстік!
Төртті тура сана,
Төрт қабырға – пана,
Дөңгелегі төртеу,
Машинаның, қара!
Бес саусақ тұр бөлек,
Бесеуі де зерек,
Жұдырықтай жұмып,
Бестік алу керек!
Ал санайық, алты,
Алтау дейді жалпы,
Алты жаста ат міну
Ата – бабам салты!
Жеті қабат жерім,
Жеті қабат көгім,
Қазына да жетеу,
Жеті ата – тегім!
Сегіз деген семіз,
Екі шеңбер егіз,
Бірін бірі байлап,
Ұстап тұрған негіз!
Тоғыз жалғыз өзі,
Бірлік санның шегі,
Одан үлкен сан жоқ,
Бәрінен де көбі!
Нөлді байқап таңда,
Мән болмайды онда,
Қоссаң дұрыс санға,
Көбейеді сонда!
Бірге тіркеп нөлді,
Табасың тез онды,
Барлық санға солай,
Тіркей берсең болды!
Жазыңдар деп жүзді,
Үйреткенде бізді,
Бір санынан кейін
Екі нөлді тізді!
Табыңдар деп мыңды,
Апай сұрап тұрды,
Үш нөл тіркеп бірге,
Балдар қызық қылды!
11.06.2017ж.
Жолда
Көшеде көп көлік,
Байқа бәрін көріп,
Өтем деме жолдан
Бөгелместен желіп.
Қызыл жанса – тоқта,
Түспе тура отқа,
Сары жанса, саспа,
Сабырыңды сақта.
Жүгір жасыл жанса,
Жұртпен бірге барша,
Жасыл жанбай, жүрме,
Асықсаң да қанша!
Өткен кезде жолдан,
Қара әуелі солға,
Ортасына жетіп,
Бір қарап ал оңға!
9.07.2017ж.
Қырдағы ойын
Көктем келіп, қырда,
Құлпырады шалғын,
Қозы, лақпен бірге,
Ойнап, асыр салдым.
Секеңдейді лағым,
Секіреді добым,
Кекеңдейді бұзау,
Еркелейді қозым.
Лақтырдым кеп допты,
Қуамын деп лақты,
Бұзау орғып кетіп,
Қозыны кеп қақты.
Қозы қашты зулап,
Бұзау шапты тулап,
Құлынға тез мініп,
Қиқу салдым шулап.
Қуып жетіп бәрін,
Қайырады құлын,
Дүрілдеттік сөйтіп,
Біз ауылдың қырын!
4.12.2017ж.
Жолжолтай
Ақ пен қара аралас,
Терісі де көңілді,
Қане, қалай атаймыз,
Жолақ, жолақ зебрді?
Жол, жол болған терісі,
Зебр деген Жол – жол – тай!
Сипар едім жалынан,
Жолықсаң ғой, Жолжолтай!
Жолжолтайым, жол тайым,
Желіп жүрген зор тайым,
Жолға жортып шыққанда,
Желдей жүйрік бол, тайым!
20.02.2018ж.
Қарындас пен қарындаш
Қызыл, жасыл қарындаш,
Қызықтырар баланы,
Қарындасым Қарлығаш,
Қызық сурет салады.
Бояғанда батырып,
Сынып қалды қарындаш,
Оған қатты өкініп,
Жылап қалды қарындас.
Айттым оған : «Жылама,
Қазір қайта ұштаймыз,
Қағазға көп батырмай,
Еппен ғана ұстаймыз!»
Ұшталғасын қарындаш,
Көңілі жай табады,
Сурет салып Қарлығаш,
Алды бестік бағаны.
8.05.2018ж.
Ақыр мен тақыр
Асық ойнап тақырда,
Ат байлаған ақырға,
Асыр салған балалар
Айналады батырға.
Оқу мен мұрат
Кітап оқып тұратын,
Оқығанын ұғатын,
Білім қуған балалар
Табады өмір мұратын.
Мақсат пен жақсы ат
Жастай ұмтыл жақсы атқа,
Жетемін деп мақсатқа,
Оқуыңды ақсатпа,
Ата-анаңды қақсатпа.
Доп ойна
Достарыңмен доп ойна,
Доп ойнасаң, көп ойна,
Допқа бола дауласпай,
Тату, тәтті боп ойна!
Жарыс
Жүгіріңдер жарысып,
Күресіңдер алысып,
Жата бермей диванда,
Телефонға жабысып!
Егіз лақ
Ақ ешкіміз лақтап,
Егіз тапты аппақ,
Егіз деген нешеу,
Кім қанеки таппақ?
Бақбақ
Қыр басында бақбақ,
Гүлдеп өсті қаптап,
Кел айтайық мақтап,
Бақбақ жайлы тақпақ!
Жусан
Қырға шығып тұрсаң,
Бұрқырайды жусан,
Жусаныңды сыйла,
Ата жолын қусаң.
\11\ 12.07.2018ж.
Редакторы С. Досымбекова
Корректоры Ш. Бекболатов
Техникалық редакторы Л.Маашева
Басып шығаруға 03.09.2019ж. қол қойылды
Пішіні 60х84 1\16. Қағазы офсеттік.
Офсеттік басылыс. Шартты баспа табағы 15.1
Таралымы келісім бойынша.
«Сотниченко Е.В.» ЖК баспаханасында басылып шықты
Нұр-Сұлтан қ, М.Әуезов көш., 46/1, 105. Тел. +7 /7172/ 46 71 29
Баянғали
Әлімжанов
ШЫҒАРМАЛАРЫ
ХІV том
Мейірім шуағы
Өлеңдер, поэмалар
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру