Өлеңдер жинағы. I кітап (Сырбай Мәуленов)
Сырбай Мәуленов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Сыршыл сезімді, шынайы, көркем бейнелі өлең жазу үлгісін дамытқан Сырбай Мәуленовтің шығармашылығы қазақ поэзиясының алтын қорына қосылған зор үлес болып саналады. Әр жайтқа, құбылысқа өз қатынасын, көзқарасын, сезімін, ойын лирикалық кейіпкер арқылы, көбіне өз атынан сөйлеп білдіретін ақын шығар...
(1938-1958)
ӨМІР ЖОЛЫ — ӨЛЕҢ ӨРІСІ
Қара бұлттардың көз жасындай қара жаңбыр құйып тұрған күз таңында дүниеге келіппін. Әкем өлең құмар, өз бетінше ескіше хат танитын адам еді. Сол мен туған күнді «1922 жыл, 17 сентябрь» деп көкірегіне түйіпті. Сол жылы жоқшылық айдап, біздің үй Торғайдан толқындай төңкеріліп, Қызылжыңғыл құлаған екен. Атымды: Сыр бойында туды деп Сырбай қойыпты. Шілдеханамда Торғайдан Сарысу өзеніне жекжаттарын сағалап келген Тосынбайдың Әлиі деген ауыл ақыны батырлар жырын толғапты. Сөйтіп, менің құлағым өлеңнің азанымен ашылыпты. Келесі жылы жазғытұрым біздің үй қайтадан Торғайға көшіп кетіпті. Мені жұрттың біресе Сырдікі, біресе Қырдікі деп айтуына осындай жағдайлардың салдары себеп болса керек. Сократ айтқандай, адамға қайда туса да бүкіл әлемнің азаматы болу мұрат. Менің кіндік қаным тамып, кең дүниеге көзімді ашып, қараған жерім Қызылжыңғыл да, нәресте ойымды, бала қиялымды тербеген бесігім, табиғаттың таза ауасын, жазық даласын, өзен суын алдыма тосқан, алғаш маған өмір есігін ашқан, білім босағасын аттатқан, бүкіл жаратылысымен қаныма құйылып, жанымда ойнаған қасиетті шаңырағым — Торғай бойы, Тосын тоғайы. Осы ортада мен табиғаттың сан түрлі құстарынан бастап жергілікті ақын әншілердің жырларын тыңдап өстім. Жасымнан дастандарды жаттадым. Біздің үйге менің дастан оқығанымды қызық көріп, жанымыздағы ағайын-туғандар, көрші-көлемдер жиі жиналатын. Солардың қошеметі мені қолтығымнан демеп, қиял аспанына шырқатып, сонау бұлттардың арғы жағына алып кететіндей көрінетін. 1932 жылы Торғайдан тағы да Сырға келдім. Балалық балғын кезім, жасөспірім өрімтал шағым — Қызылорда құшағында өтті. Алғашқы өлең жолдары да Сырбойында пайда бола бастады. Қызылорда педагогтік институтында оқып жүрген кезімде жас жырларым облыстық газет беттерінде жарияланды. Бірақ мен жорық жолдарында, майдан үстінде ақындық дүниесінің есігін аштым деп есептеймін. Соғыста ұзақ жазуға уақыт жоқ. Оқтың тілі қысқа деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, майдан алаңында туған өлеңдер де барынша қысқа, жинақы еді. Мен он сегіз жасымда армияға алынып, Дондағы Ростовта болдым да, көп ұзамай аурулығыма байланысты әскери қызметтен босатылдым. Соғыс басталғаннан кейін бір жыл өткен соң, денсаулығым түзелгесін өз өтінішіммен майданға аттандым. Әскери өмір менің өлеңімнің де мектебі болды. Соғыс мені күйретті де, көп нәрсеге үйретті. Тәніме мәңгі өшпейтін таңбасын түсірді. Әкемнің жақын інілерін де жалмап, жаныма жазылуы қиын жара да салды. Соғыс тақырыбына менің айналып соға беретінім де сондықтан. Соғыс тақырыбы маған әр кезде, әр түрлі жағдайда оралып отырады. Соның бір мысалы, «Соғыстан қайтқан солдаттар» деген өлең. Мен 1943 жылдың жазында ауыр жарадар болып, Жаркөл станциясына қайтып оралдым. Осы станциядан көп жігіт майданға бірге аттанған еді. Мені майданнан келді деп естіп төңіректегі ауыл-аймақ түгел жиналыпты. Біреу менімен бір кеткен ағасын, біреу баласын, біреу сүйген жарын сұрап жатыр. Сірә, олар армияға алынған барлық адам бір жерде соғысады деп ойлайтын болуы керек. Мен оларға не деп жауап бере аламын. Міне, бұл өлеңнің тақырыбы сол кезде менің ойыма түскен болатын. Он бес жылдан кейін қиял дүкенінде соғылып, өлең болып өрілді. «Құлын» деген өлең де өмірдің өзінен туған еді. Волхов майданында қалың орманның ішінде бір буаз бие толғатып жатқанда жанына пугас бомбасы түсіп, жарылды. Айнала қыпқызыл өрт. Орман отқа оранды. Қасымда қазір Есіл станциясында тұратын Сабыр Сарықожаев деген солдат бар еді. Оның ар жағында дала госпиталінде істейтін Эла деген санитар қыз тұрған. Құлақ тұндырған бомба даусынан бәріміз де есеңгіріп қалғандаймыз. Шартылдап жанған орман үстінде көк ала түтін көлбейді. Сол бір сұрапылдың ішінен кісінеген кішкене құлын дауысы естіледі. Со бір дауыс өлімнің арасынан арпалыса айқайлаған өмір дауысындай естілді маған. Мен Қаскелеңде Бағман деген ақсақалдың үйінде осы өлеңімді оқығанымда Қажым Жұмалиев:
– Бұл бір философиялық өлең екен,— деді. Қасында отырған Тайыр Жароков:
— Ырғағы бір түрлі қызық екен. Сырттай қарапай-ым керінгенімен іші сұлу секілді ме қалай?— деп жылы жүзбен жымиып қойды.
Тегінде шындықтың өзі бояусыз қарапайым болады екен-ау, деген ой келді маған сонда. «Түбірлер» деген өлеңімнің тууы да қызық. Бұл бас-аяғы он бес жолға жетер-жетпес өлең. Мұның жазылуына да бір уақиға себеп болды. Мен көп жылдан соң, үй-ішіммен, бір кезде қан төккен Волхов орманына бардым. Назия өзенінің мөлдір суына бетімді жуып, жар жағасында ойға шомып, көп тұрдым. Өткен күндер есіме түсіп, көз алдым тұманданып кетті. Айнала баяғы батпақ, сол батпақты бір кезде белуардан кештік, сол батпақты терең етіп қазып, сол батпақтың ішіне түнедік. Сол батпақты жау оғына қалқан ғып тосып, қорған еттік. Енді сол батпақтан соғыс кезіндегі соқпағымды іздеп, ерсілі-қарсылы біраз жүрдім. Әр жерде бір кесіліп қалған түбірлер кездеседі. Маған олар қол-аяқтан айрылып, мүгедек болып қалған солдаттар секілді елестеді. Осыдан барып «Түбірлер» деген өлең кеудемде күбірледі.Міне, осылардың барлығы өмірдің өзінен туған өлеңдер еді. Ал өмірдің өзінен туған өлеңдер барлық болмыс шындығы. Мен ұзақ уақыт жасайтын сияқты. Асылы ақынға өмірдің өткелдерін көп кешіп, оның құбылыстарын көп зерттеп, біраз жайларды басынан кешіру ауадай қажет. Отызыншы жылдардың ауыртпалығы қаршадай мені қаңбақтай үйіріп, бір қырдан бір қырға, бір сайдан бір сайға көшірді. Бірақ ол да мені шымыр аязымен шынықтырып өткендей. Бірде тоқ, бірде аш, жаяу-жалпы жүрген кездердің өзі ерте бастан еңбекке жаттықтырып, күреске үйреткендей. Қырқыншы жылдар мені майдан шебіне алып барып, сұрапыл соғыстың сынына салды. Менің жүрегіме көп уақиғаның ізін қалдырды. Көп ойлардың теңізіне жүзгізді. Енді сол ойлардың толқынымен ағып, өткен күндерді өлең тілімен сөйлетуге тиісті болдым. Өткен жолдарды қайта шарлап, ішкі дүниемнің ой-қырына, иірім толқындарына оқырмандарды да ортақтастырып, солармен жан қозғалысынан туған жүрек сырларын жақынымдай бөлісуге бой ұрып, құштарлық құндағына бөлендім. Сол өткен үлкен асулы қия кезеңдер көкіректі қайтадан тебірентіп, сезім пернелерін қайта басып, қайтадан қалың ойдың тұңғиығында толқытып, жырға шақырады. Әрине, көрінгеннің бәрі өлең бола бермейді. Солардың ішінде ерекше бір жанды қозғайтын, сезімді шертетін жайлар болады. Ол әзі ақын көңілін алаңдатып, әр уақытта ойда болып, іштей түлеп, түрленіп, пісіп-толып, сыртқы бір жарық нұрлы дүниеге шығуға талпынады. Жазбасқа болмайтын жағдайға алып барады. Ақын әбден кемеліне келгенде барып, «шиыршықатып» қағазға төнеді. Іштей өсіп жетілмеген өлең, ақын қанша қара терболып қиналып жазғанымен қансыз, ойсыз, нәрсіз болып шығады. Ол өлеңнің жұртты нұрландырар сәулесі, еліктірер сұлулығы, әсерлендірер әсемдігі болмайды. От ұшқындары жарқырап көрінбейді. Ақын өлеңге өзінің қан-сөлін, ой-сезім, ақыл-парасатын, жүрек қанын, бойындағы бар куатын беруге тиіс. Ел аралап, жер көріп өмірмен тығыз байланысты болу — ақын үшін басты шарт. Творчестволық сапарлар тақырып шеңберін кеңейтеді, ой дүниесін, сезім өрісін байытады, жаңа бір тақырыптардың жағалауына алып барады. Мен соңғы жылдары одақтас республикаларды, Қазақстанның оңтүстік, солтүстік аймақтарын араладым. Өзінен-өзі өлеңдей сайрап тұрған көп жер көрдім. Еңбекте — ер, өмірде — шат жарқын жүзді, мейірімді көп адамдармен таныстым. Әрине, оның бәрін ат үсті аралағанда тереңдеп ұғына алмайсың. Қайта айналып, асықпай аңғарсаң жаңағы дүние екінші бір қырынан көзге шалына кетеді. Тіпті алғашқы алған әсерің алдамшы болып шығуы да мүмкін. Қейде тіпті бір жазып тастаған өлеңіңе үш-төрт жылдан соң қайта оралып, қайта өңдеп, содан кейін барып оқушы қауымға ұсынатын кезің де болады. Ертеде Целиноград қаласында поэзия кеші өткізілді. Оған Москвадан 14 ақын қатынасты. Поэзия кешінен кейін біз бір топ ақын Қорғалжын қырларын кездік. Әрине, Қорғалжында өлең боларлық, көңілге қонарлық көп нәрселер бар. Жаңа совхоздар. Нұра өзені, теңіздей толқып жатқан аумақты Қорғалжың көлі. Тың қырларын жапқан егіндік. Осының әрқайсысы бір өлең. Бірақ соның философиясын, кілтін, жолын таба білу керек. Мен сол сапарда небәрі екі-үш шумақ өлең жаздым. Соның өзінде де аз уақыттық әсерді асығыс қағаз бетіне түсіре салған секілдімін. Менің көзіме Қорғалжында жайқалған егін бейне бір жерден аспанға созылған саусақтардай болып көрінді. Екінші бір «Шын өнердің иесі» деген өлеңді мен Қызылорда сапарында көңілге түйдім. Қараөзек стан-циясының маңындағы қалың тоғай. Май айы. Бұтақта бұлбұл құстар сайрайды. Бұлбұлды көргіміз келіп, тоғайды тінтеміз. Бірақ ол көзге көрінбейді. Іздесек тап-тырмайды. Құдды жасырынбақ ойнағандай. Сонда менің көңіліме нағыз өнердің иесі алыстан мен мұндалап, атой салып айқайламай, кеуде қағып көзге түсуге құмартпай, кішіпейіл, қарапайым болып тұратын сияқты көрінді. Және бұл ойымды жүйрік аттың денесін жасырып, жай көзге қораш көрінетін сипаттары да бекіте түсті. Бұл ой анда-санда көңілге бір оралып, соғып кетіп, көп ойлардан кейін қағаз бетіне түсті. Үшінші бір өлең суретші туралы жазылды. Менің үйімнің қасында республикаға белгілі үш-төрт суретші тұратын. Соның бірі үнемі «ағалап» маған әрқашан жақын тартып жүретін. Бір күні ол Алатау суретін салып жатты. Шебер суретшіге көз алдындағы тауды салу, орманды түсіру онша қиын нәрсе емес. Ол бірақ осыған көп уақыт жұмсады. Күнде ой үстінде, күнде бір нәрсесі жетпегендей күйгелектеніп жүрді.
– Әлі салып болған жоқсың ба, сәл нәрсеге осынша көп уақыт жұмсадың ғой,— дедім мен.
– Бәрін салып болдым. Бірақ әлі де бір жетіспей тұрған жері бар секілді. Соны таба алмай тұрмын. Қиял жетпей жатқан секілді,— деді ол.
Мен бұл сөздерден ұшқыр қиял араласпай, сұлулық жасалмайтынын сезіндім. Осы көрініс менің көңілімде біраз уақыт жүрді. Әуелде оны жазамын деп те ойлаған жоқпын. Қейін келе-келе осы көрініс қара сөз болып ойда жүрді де бір күндері өзінен-өзі туып, өлең жолдары болып құрала кетті. Ақындық компоненттердің ең күшті құралы – ұшқыр қиял екеніне сонда менің көзім айқын жеткендей болды. Қиялы жарлы ақын сырсыз гүл, үнсіз бұлбұл секілді. Жай көзге жадағай жалаң көрінетін жұпыны ғана нәрселерді шын ақынның алғыр қиялы сұлулық тұғырына алып барып қондырып, әлгіге жұртты қайран қалдырады. Жалпы өмірде адам айтпаған сөздер, адам салмаған суреттер, адам шырқамаған әндер жоқ. Барлығын адам шарлап өткен, барлығына ой жіберген, барлығын бізден бұрын талай рет шиырлап айтып өткен. Бірақ шын әнердің қасиеті соның бәрін жаңа ғана айтылғандай, бұрын көзге шалынбағандай етіп, жаңғырықтырып, жасартып бере білуінде. Осыдан көп жылдар бұрын ақындарымыз күнді сөйлетсе, жердің жеті қабат астында қалалар жатыр деп қиялданса жұрт тосырқай қарап қалушы еді. Бірақ солардың бәрі бүгін жүзеге асып отырғанын көріп отырмыз. Әрине, мұның бәрі шындық топырағынан күнге көтерілген өмірлі қиялдар. Қиялдың өзін өмірдің шындығы тудырады да, оны келешек күндерге қанаттандырып ұшырады. Енді бүгін ракета заманында одан да ұшқыр, одан да жылдам қиял керек болып отыр. Егер бүгінгі күннің қарқынынан болашақ күннің босағасына аттап түспеген қиялдың қиял болып атануының қажеті қанша? Ақын өмір шындығын қиял бояуымен сырлап сұлулап берсе, оқушыны алғы күндерге жетелей түсері де сөзсіз. Ақынды әр уақыт ой теңізіне шомылдырып, жүрегіне жыр, жанына нұр құйып отыратын дүниелердің бірі — табиғат. Сұлу да сырлы табиғат қанша адам жырласа да қазынасы ортаймай, әрбір жан иесі жаңа көргендей қартаймай жас қалпында жасап келеді. Қай ақын-жазушы болмасын өзін табиғаттың перзентімін деп санаған. Табиғаттын бояуларынан нәр алған, күркіреген күнінен үн алған, сылдырап аққан өзендерінен сыр алған. Табиғат ақынның жүрегін оятатын, сұлу сезімге бөлейтін, қиял құсын қияға ұшыратын шабыттың шақпак оттарының бірі. Бірақ адамсыз жалаң табиғат жансыз дене секілді. Жақында біздің үйге өлеңді жаңа жаза бастаған бір ақын келді. Сәл дамылдап отырғаннан кейін демалыс алып ауылында болып келгенін, жарты айдай ағасына болысып, жапан түзде жалғыз өзі қой бағып, құм бұйраттарының шоқысында отырып, жиырма өлең жазғанын айтты.
– Жарты айда жиырма өлең көп емес пе?– деп едім:
– Қалада жүріп күніне төрт-бес өлең жазатындар бар.
– Далада, ауада жүріп, маған не бопты?— деп ренжіп қалғандай болды.
Содан кейін ол маған:
— Сізге сол өлеңдерімді оқып берсем қайтеді?—деді.
Жастың көңілін жыққан жаман.
— Бір-екеуін оқи ғой,—дедім.
Әуелі бір-екеуін оқып қызынып алған ақын жыр дәптерін түгелдей оқып шықты. Ақынның адымы алымды екен. Көз алдымнан бейтаныс даланың жусанды, шалғынды қырлары, алуан түсті бояулармен сырланған, шашырап шығып келе жатқан күннің шапағымен сәулеленген таңғы аспаны, жағасында жиде-тал жайқалған жасыл өзендері өтіп жатты. Ақын әр өлеңін оқыған сайын менің жүзімде қандай құбылыс болар екен дегендей қадала бір қарап отырды. Мен келесісін оқы дегендей иек қағамын. Ол бір ұйыт-қыған дауылдай дауысымен өлең жолдарын созып күңі-реніп, дәптерінің үстіне құлап түсетіндей қомданып қояды. Барлығын оқып болғаннан кейін ол солығын басқан тұлпардай сәл ентігіп, менен жауап күтті.
– Шынында да табиғат сенің өлеңдеріңе көп бояуын ерген екен. Жаның бір жаңаланып, жырың бір жаңғырып қалғандай. Сонау сен өскен қырларды, сенің өлеңіңе еріп, бірге кезіп шыққандай әсер алдым. Бірақ осы табиғаттың аясында адамдар көрініп отырса, табиғат бүдан да гөрі тамаша көрікке бөленіп, жанданып сала берер еді. Дәл қазір өлеңдерің қанша сұлу болғанымен қабырғаға ілініп қойған жансыз суреттер секілді. Соған қан құятын, жан беретін адамдар емес пе?— дедім. Ол менің сезімді я құптаған, я құптамаған пішінін білдірген жоқ.
– Ақын үшін оқу керек пе?— деп сұрады.
– Ақын үшін оқу әбден керек. Қолынан келсе ақын барлық ғылымнан хабардар болу керек. Оның әрбір өлеңінен биік мәдениеті, рухани бай жаны көрініп жатуға тиіс,— дедім мен.
– Онда көп оқыған адамдардың кейбіреулерінің өлеңдері неге нашар шығады?— деп сұрады ақын.
Мен бұл сұраққа бірден жауап бермей сәл мүдіріп қалдым да:
– Табиғи талант жетіспейтін шығар,— дедім.
– Ә, солай деңіз, — деп ақын бір желпініп қалды. Мүмкін менің бұл сөзімді өзінің оқуды тастап кеткеніне желеу қылғысы келді ме, кім білсін.
Әрине, ақын үшін әлгі жігіт ойлағандай емес, көп білім керек, көп білу керек, өзіңше көп оқуың керек. Ал-дыңғыдан үйренбей, алыптардан тағылым алмай аспаннан түсе қалатын ақын жоқ. Ақындық жолы — өте ауыр жол. Ол жолдың биік белестері де, ой-шұқырлары да, өткелі қиын өзендері де толып жатыр. Сонау бір жылы Ленинградқа барғанымда көген түбіндегі көне көздердей орыстың қарт жазу-шыларының бірі — Александр Лебеденкомен кездестім. Екеуміз бір кеште әдебиет жөнінде сөйлестік. Сөз соңынан ол маған жазушымысыз, әлде ақынбысыз деп сұрады.
– Ақынмын,— деп жауап бердім мен.
– Онда сіздің жүгіңіз ауыр, жауапкершілігіңіз күшті екен,— деді ол.
– Жауапкершілік жазушының бәріне бірдей емес пе?— деп сұрағанымда ол:
Меніңше олай емес. Нашар жазушы болып та өмір сүре беруге болады. Ал, нашар ақын болып тіршілік ету мүмкін емес. Нашар жазушының шығармасынан оқушы бір ұмыт қалған деректермен ұшырасып, ойда жоқ бір цифрлармен, фактілермен кездесіп, аз да болса мағлұмат алуы мумкін. Ал, нашар ақынның өлеңін оқығаннан оқушыға келетін пайда қанша?—деді ол. Қадірмен қарттың осы сөзі менің көңілімде қалып қойды. Жақсы ақын болуға талпыну керек. Шынында жаман ақынның нашар бұйымы кімнің кәдесіне жарамақ. Менің бұл айтып отырғандарым азды-көпті өз тәжірибемнен туған ойлар. Әркімнің ақындық, өмірлік тәжірибесі, творчестволық тағдыры әр бөлек. Сондықтан бұл айтқандардың барлығы заң емес. Теориямен өлең жазылмайды, қайта шығармаларды талқылап, талдау арқылы теория жасалады. Сіздерге ұсынылып отырған үш томдық өлеңдер жинағы 55 жылдық ақындық егінімнің өнімдері. Әр-қайсысы әр түрлі ауа райында жазылғандықтан бәрі бірдей шығымды бола бермеуі мүмкін. Бірақ әйтеуір бұл менің маңдай терім, жүрек дүрсілім, сезім-тебіренісім, ой-толқындарым. Мен сіздерге жиған-тергендерімнің біраз дәнін тапсырып отырмын. Оны қалай қабылдап, бағалау сіздердің ықтиярларыңызда!
Сырбай МӘУЛЕНОВ
ӨЛЕҢДЕР
КОМСОМОЛКА ҚҰРБЫМА
Қазанында еңбектің,
Шынығып өскен бір жансың.
Советтік біздің өмірде
Бақытты боп туғансың.
Сандуғаштай саңқылдап,
Өмір жырын жырлайсың,
Балаусалы бақшада,
Бақыт күйін тыңдайсың.
Маркс, Ленин томдарын
Шыңына бақыт санайсың.
Пушкин, Байрон жырларын
Ақтарасың, қарайсың.
Қомсомолка құрбымсың,
Құрдасымсың өзімнің.
Жанарыңнан өзіңнің
Бақытымды сезіндім.
1938
ШОМЫЛДЫМ СЫРДЫҢ СУЫНА
Шомылдым Сырдың суына,
Аунадым қызыл құмына.
Балқыдым күннің нұрына
Шыныға бердім, шыныға.
Жетіп мен бәйге жасына
Жабыстым ердің қасына.
Алдынан топтың келгенше
Асыға бердім, асыға.
ҚАРАУЫЛ ТӨБЕ
Шыққан ерлер бұл төбеге
Батырлықтың жалауын ап,
Шыққан ерлер бұл төбеге
Төңіректі қарауылдап.
Биігінен көрінеді
Сыр бойының әр адыры.
Сондықтан да осы төбе
Атанған жер қарауылы.
* * *
Сүйдім сені, сүйдім сені беріліп,
Сүйдім сені көз жасыммен егіліп.
Сүйдім сені таңғы самал жел болып,
Сүйдім сені тамшы болып төгіліп.
Сүйдім үнсіз қап-қараңғы аспандай,
Сүйдім тілсіз, қатып қалған тастардай.
Сүйдім бұлттай мең-зең болып сіресіп,
Тұрып қалған көздерінен жас тамбай.
Сүйдім сені жаңбыр күткен даладай,
Сүйдім сені ұлын күткен анадай.
Ертелі-кеш көк теңізге телміріп,
Сүйдім сені толқын күткен жағадай.
ШАҢҚАЙ ТҮС
Мұз боп қатқан алты ай қыс
Көл құшағын қазға ашқан.
Шағаладай шаңқай түс
Жатыр еріп жазғы аспан.
Көзге әсте шалынбай
Сиқырлы бір жаңбыр боп,
Қыстың қалған қарындай
Ериді аспан ақ нұр боп.
Жер мен көкке жағалай
Шұғыласын құйып тең,
Мархабатты анадай
Күн қарайды биіктен.
Балқытып от сезімге
Бұл дүниенің ой-қырын,
Шаңқай түстің кезінде
Сөйлейді үнсіз ойлы күн.
* * *
Он сегізде әскермін,
Ростовта келемін.
Күздің желі ұшырған
Жаздың жасыл желегін.
Көзден ұшты кешегі,
Аққу-сынды айқай жаз.
Донда толқын көшеді,
Сол толқынға айтам наз.
Дабыл жиі қағылып,
Оятады ұйқымнан.
Тек түсіме енеді,
Алыстағы үй-туған.
Аптада бір келеміз,
Қазармаға қонақтай.
Шығармақшы бізді Отан,
Шынықтырып болаттай.
* * *
Жақында жайылып жүр
Дон казагының аты.
Алыста Сыр қазағының аты,
Алыста махаббаты.
Қасымда Дон толқиды,
Алыста Сыр толқиды,
Жүректе күй әрқилы.
Жүректе жыр толқиды.
Жүземін Донға барып,
Қол созам жұлдызына.
Қазақтың сұлулары
Ұқсайды Сыр қызына.
* * *
Окоп қазып жүрдім талай,
Тынық Донның боз дөңінде.
Таңғы шапақ — нұрлы арай,
Ойнады жас көздерімде.
Алыстым жел құйынымен,
Бойда әскер бес қаруы,
Ауладым ой иірімнен,
Қөңілде Дон көшті ағыны.
Қалған сонау жайлауында,
Жас шалғынды жасыл қырдың.
Жаз желі ескен айдарынан
Түсті есіме асыл құрбым.
Жастық дәурен алдандырып,
Жүрме алаңсыз, көңілі жай.
Күтер ме екен алдан шығып,
Келем деп ем көп ұзамай.
* * *
Өзгертті соғыс өрті ауа райын,
Қарт тұрсын, шекті жылап бала уайым.
Күрсініп күнбатысқа шеру тартты,
Қалдырып қазақ жігіт Қамажайын.
Сұлудың желбіреген орамалы
Секілді жақсылықтың жорамалы.
Қамажай, қара көзден жасыңды тый,
Жан жарың жеңіспенен оралады!
ҚАЛА БЕРДІ ҚАРА КӨЗ
Күлімкөзді Күнсұлу,
Көк көйлегі судырлап.
Бейне біздің қызыл ту,
Орамалын тұр бұлғап.
Жары үшін қам жейді,
Ойламайды өз басын.
Көңіліне келер деп,
Көрсетпейді көз жасын.
Жөней берді эшелон,
Сағым құсап бұлдырап.
Қала берді қара көз,
Орамалын бір бұлғап.
ДӘМ
І
Қыпша бел сұлу келіншек,
Деді ме елді аңсады.
Жорықтағы жарына
Үйінен арнап дәм салды.
Елдің дәмін келіншек
Сағынар деп ойлады.
Май менен құрт, ірімшік
Қан майданға жолдады.
ІІ
Өжет, өткір, жас жігіт
Жар қолынан дәм татып.
Көкала түтін майданда,
Шапты жауға шаңдатып.
1941
БҮРКІТ
І
Мұзды балақ қыран бүркіт
Жайлаған тау қиясын.
Бұзса дұшпан долданатын,
Бауыр басқан ұясын.
Қос қанаты қара дауыл,
Соқтыратын ашулы.
Қаныпезер қастарына,
Түсіретін жасынды.
ІІ
Ұмтылды жау ұямызды
Бұзамын деп ойланып.
Шықтық жауға, қыран бүркіт
Тәрізденіп, долданып.
Күнге ұласқан қиямызға
Жаулар жетіп бара алмас.
Бауыр басқан ұямызға
Қанды шеңгел сала алмас.
1941
ТЫҢДА, ЖОЛДАС КОМИССАР!
Тыңда, жолдас комиссар,
Жібер мені майданға.
Қан жорықта жүрейін,
Қайырламай қайраңда.
Тыңда, жолдас комиссар,
Қолыма тез қару бер
Аттанайын екеу боп,
Өлеңім мен жауынгер.
Тыңда, жолдас комиссар,
Тілегімді қабылда.
Томағамды сыпырып,
Ұшыр мені дауылда.
ПАРТИЗАН
Қара түнді жамылып
Қалың нуды қақ жарған.
Қапысын тауып дұшпанды
Қайыра соққан қапталдан.
Төбесі түпсіз көк аспан
Қонысы орман, қалың қар.
Кеудесінде ұласқан
Жауына кек пен жалын бар.
Жай оғындай партизан
Жауға тыным бермеген.
Кездессем сені құшар ем
Өмірде бұрын көрмеген.
1942
* * *
Сіздің жақта осы күні жаз екен,
Біздің жақта қыс болып тұр, жанеркем.
Сәлем жолдап көшкен бұлттан отырмын,
Бұлт жолына қарашы өзің таңертең.
Майдан деген сапырылған қан екен,
Қиын-қиын қилы жолы бар екен.
Шың қияда, шыңырауда келемін,
Шын күтсең тек, оралармын, жанеркем.
1942
* * *
Жауынгермін құшағымда
Керілген көк, кең дала.
Дауылды ермін, құшағымда,
Еркін ескен жел ғана.
Жайнаған от, шарлаған оқ,
Қаулаған өрт айналам.
Көкірегімде лаулаған кек,
Бұрқ-сарқ етіп қайнаған.
Жерге болмас шек десе де,
Жерге сыймас бұл кегім.
Аспанда шек жоқ десе де,
Сыймас оған жүрегім. 1941. Волхов майданы
КӨРІНСЕЙШІ КҮН БОЛЫП
Көк бұлттың кемерінен
Көрінсейші күн болып!
Ауыр күнді атқарсайшы,
Өзімменен бір болып!
Күннің көзін тасалайды
Кесек-кесек бұлт бүркеп.
Қара ормандар теңселеді
Әлденеге тітіркеп.
Қанды майдан күркірейді
Шабуылға шақырып.
Елім үшін, сенің үшін
Жатыр оқтар атылып.
Көк бұлттың кемерінен
Көрінсейші күн болып!
Ауыр күнді атқарсайшы
Өзімменен бір болып!
1942
САҒЫНДЫМ
Жазық дала жасыл нулы,
Белдеріңді сағындым.
Жәрменкедей жазғытұрғы,
Көлдеріңді сағындым.
Аралайтын емін-еркін
Үйлерімді сағындым.
Қазақ шалы, тартқан сенің
Күйлеріңді сағындым.
1942. Волхов майданы
* * *
Соғыста бір-ақ заң бар мен білетін,
Я өліп, я болмаса өлтіретін.
Жүректе жұлдызыңды жанып тұрған,
Жандыратын, болмаса сөндіретін.
Соғыста бір-ақ заң бар мен білетін,
Кеудеңмен қорғап қалу жердің бетін.
Жас қаның туған жерде босқа ақпасын,
Онсыз сен көре алмайсың елдің бетін. 1942. Волхов майданы
АҚ ҚАЙЫҢ
Жапырағын күн сүйіп,
Бұтағын жел тербеткен.
Даласында Волховтың,
Дарқан өсіп ер жеткен.
Туған жерде тербелген,
Көк желекті ақ қайың,
Көк теңселген майданда,
Көз нұрындай сақтайын.
1942
* * *
Депсің мені есіңе ал,
Күнбатыста жүргенде.
Депсің мені есіңе ал,
Қиын-қыстау күндерде.
Сен де мені есіңе ал,
Басқалардан қызғана.
Есіне алса несі бар,
Сүйген жарын қыз бала. 1942. Волхов майданы
* * *
Шіркін қыздар шырт ұйқыда
Жатыр ма екен бұл түні.
Оята ма әлде оларды,
Зеңбіректің күркірі.
Аттанарда керек десе,
Жүзігіңді алмаппын.
Су басында кездесуге
Уақытым жоқ солдатпын.
Ешкімге мен айтқаным жоқ,
Деп сені: «Мен сүйемін».
Шынымды айтсам, ұстағам жоқ
Ешбір қыздың білегін.
Шіркін, қыздар, хат жазсайшы,
Тым болмаса біреуің.
Суретімді хатқа салып,
Дер ем: «Сені сүйемін». 1942. Волхов майданы
МАЙДАН ЖОЛЫНДА
Жүре бердік түк үнсіз,
Үзіліссіз, тынымсыз.
Кірпік ілмей ұйқысыз,
Жүре бердік шылымсыз.
Жүре берді ормандар
Танкілерді бүркеген.
Байқамады жау оны,
Тіміскілеп тінтіген.
Самолеттің барлаған
Аспанда тек гүрілі.
Жоқ болады жарқ етіп,
Алыста оттың дірілі.
Көп түн жаяу жүреміз,
Жатыр алда жол қанша.
Шіркін соғыс, соғыс па,
Жаяу әскер болмаса!
1942. Волхов майданы
МАЙДАНДАҒЫ ЖІГІТТІҢ ЖЫРЫ
Жаздың түні жас жарыммен,
Келіп қайың қасына,
Бұтақтарға тұрушы едік
Шынтақ қойып, асыла.
Жапырақтың арасынан,
Ай сәулесі қалтырап,
Ақ бетіне аруымның,
Түсуші еді жарқырап.
Түніменен түс көремін,
Тербеледі көк терек.
Жарым өзен жағасында
Тіл қатады еркелеп.
Түніменен түс көремін,
Ұзақ жатыр жол әлі.
Түсіңде емес, өңіңде сен
Есіңе алсаң болғаны.
1942. Волхов майданы
ВОЛХОВ
Долы ағын иіріліп, шұбатылып,
Толқыны тоқсан тоғыз бұратылып.
Шашылған зеңбіректің оттарындай,
Ақ көбік айдынында тұр атылып.
Орыстың қарт өзені көпті көрген,
Қол беріп қоса аттанған кектілермен.
Майданда жапырағын жалын шалып,
Солдатша киініп ап өтті өрден.
Шұбалаң көш тәрізді шұбатылған,
Жыл өтер жылжып ылғи жыл артынан.
Достардың қабырлары тұрар сонда,
Жас торқа топырақпен тыңайтылған.
Арқырап өр толқыны жарын ұра,
Бой бермес жаудың Волхов арынына.
Ертең күн қызғалдақты гүл өсірер,
Қалаулы ұлдарының қабырына.
1942. Волхов майданы
КӨК АСПАНҒА КӨЗ ТІГІП
Қөк аспанға көз тігіп,
Ай нұрына малынып.
Жапырағын қайыңның
Жатырмын мен жамылып.
Жарқырайды жұлдыздар,
Жамырайды жас орман.
Күрсінеді көк өзен
Жанарынан жас тамған.
Жарығында жанған от,
Көзін алмай бір хаттан,
Отыр жалғыз оңаша,
Ойға шомып солдат жан.
Туған елдің сәлемін
Кім жіберген хатқа орап.
Солдат ойы алыста,
Солдат ойы шартарап.
Көк аспанға көз тігіп,
Жапырақты жамылып.
Сол солдатқа қараймын,
Мен де сәлем сағынып.
1942. Волхов майданы
ҚАЙТАРМЫЗ ҚАЗАҚСТАНҒА
Қайратты күш шыдатпас,
Шығар жаудың талқаны.
Қайтармыз Қазақстанға,
Аралармыз Арқаны.
Құдіретті күшімен,
Құрар жеңіс салтанат.
Қалған бірге жабырқап
Күлер қайта махаббат.
Топырағында туған жер,
Аунап-қунап жатармыз.
Көкорайлы көлдерден,
Кегер үйрек атармыз.
Астымызда жүйрік ат,
Шапқылармыз зымырап.
Асқар тауға шығармыз,
Бұлтымен бір бұлдырап.
Қайратты күш шыдатпас,
Шығар жаудың талқаны,
Қайтармыз Қазақстанға,
Аралармыз Арқаны.
1942. Волхов майданы
НЕВА ЖАҚТАН ЖЕЛ ЕСЕДІ
Отырғанда мен орманда оңаша,
Нева жақтан жел еседі тамаша.
Жұмсақ леппен маңдайымнан сипайды,
Жас жанымды аялаған анаша.
Ол айтады: аярым жоқ сенен,— деп,
Жер айтады: саған жәрдем берем,— деп.
Күн күркіреп, найзағайы ойнайды:
— Сеніменен бірге жауды жеңем,— деп.
Отырғанда мен орманда оңаша,
Нева жақтан жел еседі тамаша.
Сол бір желдің жұпар лебін жұтамын,
Мәз болам да бейне сәби балаша.
1942. Волхов майданы
ОРМАНДАҒЫ МОЛА
Орман үшін ұрыста,
Жауған оққа ұшты ер.
Айбарлы ұлын айналып,
Қойнына алып құшты жер.
Орман қоршап айнала,
Орап нуға құндақтап.
Жауыннан да дауылдан,
Сол қабырды тұр сақтап.
1942. Волхов майданы ***
Автоматты кезеніп,
Адамзаттың жауына.
Полк туы желбіреп,
Жөнелдік біз тағы да.
Келеді жас полковник,
Қияға көз жіберіп.
Кеудесінде кегі бар,
Күзгі аспандай түнеріп.
Желбірейді Қызыл Ту,
Символындай жеңістің.
Майдан маршы ойнайды
Дүрілдетіп жер үстін.
Теңізде де, көкте де,
Алар «сыйын» сұм дұшпан.
Кірді майдан ішіне,
Келген полк шығыстан.
1942. Волхов майданы
САҒЫНЫШ
Адамдық ізгі жүрек ары үшін,
Қорғасам қан майданда ел намысын.
Сарғайып атқан таңдай сәуле беріп,
Сақтаған сары алтындай сағынышың.
Сөнер өрт, түсер әлем қалыбына,
Жарыңның жадырарсың жанын ұға.
Соғыстың ызғарынан арылармын,
Жылынып жүрегіңнің жалынына.
1942. Волхов майданы
МАЙДАН ТҮНІ
Аспаны күн батыстың қызыл шатыр,
Аңғарып от ұялап алып жатыр.
Жан-жақтан ракета жарқылдайды,
Дегендей окобыңда қалма қапыл.
Күрілдеп көкірегі оққа тұнып,
Аспанда алаулаған ай тұтылып,
Өрт шашып, ұшқын атып өтіп жатыр
Үстіңнен доп зуылдап, ажал ұлып.
Сол түнде оқтан ұшқыр, оттан ыссы,
Жүректе бір керемет жатты күшті.
Туған ел тілегінен сауыт кидім,
Айқаста жаудың күлі аспанға ұшты.
1942. Волхов майданы
ҰЙҚЫСЫЗ ӨТКЕН ТҮНДЕ
Құшағына ап дауыл.
Тебіренді ой шіркін.
Ертең ерте шабуыл
Үйықтамадық сол бір түн.
Терістіктен жел тұрды,
Таң сарғайып берді сыз.
Жан жадырап желпінді,
Біткендей бір күш белгісіз.
Кезеулі мылтық ұсынып,
Кезең туды кек алар.
Түлектерін ұшырып,
Тұрды қарап генерал.
1942. Волхов майданы ***
Жау оғынан бораған,
Жасырады жер мені.
Айнала оттан ораған,
Жасырады жер мені.
Өмір отын жандырған,
Сол жер үшін жан құрбан!
Ендігі үйім жер менің,
Ашық аспан астында.
Қарсы жүріп келемін,
Қаптаған сел тасқынға.
Жерде менің жеңісім,
Жауға атылам жер үшін!
АҚЫРЫН КҮТ, АСЫҚПА
Ойға батып, сарылып,
Жігеріңді жасытпа.
Ауыр мұңнан арылып,
Ақырын күт, асықпа.
Қайғы-мұңнан тазарған
Сергіп көңіл серпілер.
Ақ ниетің ажалдан
Сақтап оны, келтірер.
ҚОШ БОЛ, СӘУЛЕМ
Қош бол, сәулем, қан майданға жөнелдім,
Жаным барда жаудың жолын бөгермін.
Я болмаса омырауымнан оқ тиіп,
Жүрегімнің қанын жерге төгермін.
Кейде аспанның аясынан жалт беріп,
Сорғалаған жұлдыздай боп сөнермін.
Жазғы гүлдей жас өмірдің үмітін,
Қойны суық қара жерге көмермін.
Қара түнге көп қадалып тесіле,
Алып мені, қалқатайым, есіңе
Батар күндей бір өртеніп, басарсың
Торқа болған топырағымды төсіңе.
Жылағанмен өлген адам оралмас,
Бұлбұл қайтып бақшасына қона алмас.
Сүйіп-ақ қой басқа жанды, сонда да,
Нақ өзімдей бір сен үшін бола алмас.
Қош бол, сәулем, қан майданға жөнелдім,
Жаным барда жаудың жолын бөгермін.
Бұлт астынан шыққан кундей жарқырап,
Күте бер сен, мен оралып келермін.
ЖАЛҒАС ЖҮРЕК
Жар едің жұмбақ жанды ашып,
Ант беріп қол ұстасқан.
Жүрегіміз жалғасып,
Тілегіміз ұштасқан.
Сол ұштасқан тілегің
Бермес мені өлімге.
Жалғасқан жас жүрегің
Жазбас жұбын өмірде.
ҚОҢЫРАУ ҚАҒЫЛДЫ
Қоңырау қағылып,
Жылжыды эшелон.
Сағымды жамылып,
Қалды артта неше жон.
Қалды артта туған үй,
Қара түн жасырып.
Дауыл боп тула, күй,
Жарқыра, жас үміт,
Мен енді жауынгер,
Қатерге буған бел.
Батысқа жол тарттым,
Сен үшін, туған ел.
ОРАЛ, 1942 ЖЫЛ
Тоқталатын кезі жетті жаңбырдың,
Ашық күнді енді саған қалдырдым.
Эшелондар, эшелондар зулайды,
Күйін шертіп тартыстағы тағдырдың.
Желмен ұшып қайыңдардың көйлегі,
Күркіреген күн мен аспан сөйледі.
Свердлсвск артта қалып барасың,
Үлкен қала, үлкен аға бейнелі.
Пилоткама қадап бірін жұлдыздың,
Ала таңнан айқай салып тұрғыздың.
Шырт ұйқыдан дабыл қағып ояттың,
Кәсібіміз болып кетті бұл біздің.
Талай ауыр жорықтарды шеккіздің,
Орманыңда айларымды өткіздім.
Исетіңді Тобылымдай көрдім мен,
Айдыныңда құлаш ұрып, көп жүздім.
Солдаттайсың, сенде бүгін жоқ тыныс,
Қөкірегіңнен жалын атқан отты күш.
Орал, Орал, жеделдетіп жеңісті
Құясың сен құдіретті көк құрыш.
Бұйырасың сол құрыштай болуға,
Сол құрыштай жауды жайпап соғуға.
Бүкіл елдің ашуындай айбарлы
От жалындар ойнап жатыр жоныңда.
Қан майданға шеру тартты батырлар,
Алыстасақ жеңіс сонша жақындар.
Қалды ізіміз қарағайлар түбінде
Қойыныңда қалды біздің шатырлар.
Жерге күннің күміс нұры шашылып,
Келе жатыр көк аспаны ашылып.
Орал, енді тілеулес бол балаңа,
Кегіңді іздеп кетіп барам асығып.
ЮГ АЯЛДАМАСЫ
Сұрап жұрттан көрінген
Ұзын сонар номерді,
Іздеп жүрмін Пермьнен
Мен әскери бөлімді.
Құлазыған көңіл тұр,
Ұқсап көктің бұлтына.
Жасырынып бөлім тұр,
Цифрлардың сыртына.
Белгісіз ол қай маңда,
Іздеп жүрмін болдырып.
Кетті ме әлде майданға
Шеру тартып жол жүріп.
Ісім оңға баспады,
Кеудем толды күйікке.
Поезд әкеп тастады
Станция Югке.
Жапырып көк шалғынды,
Соғып тұрды жел өкпек.
Ойнады бұлт жаңбырлы,
Құйды аспан шелектеп.
Аты Юг болса да,
Солтүстіктей қаһары,
Қөкке жолақ жол сала,
Найзағайлар атады.
Жаңғырады айнала,
Күн зеңбірек зіркілдеп,
Шүпілдейді сай-сала,
Суға толып іркілдеп.
Жел желігіп белсеніп,
Емес тынып айығар.
Қарағайлар теңселіп,
Қалтырайды қайыңдар.
Ойға батам жол үсті,
Қиялданып бір түрлі.
Алыстағы соғыстың
Кеп жеткендей күркірі.
Осы Орал көгінің
Күркіреген сарыны,
Басқан бұлттың желігін
Найзағайдың жарығы.
Қан майданды бір кешіп,
Жүрді менің жадымда.
Жатты түнде тілдесіп,
Назияның жарында.
НАЖАҒАЙ
Қып-қызыл боп тұтылып,
Бұлтқа кірді азалы ай.
Қара аспанда қанжардай
Жарқылдады нажағай.
Жауынгерлер аттанды
Түнде алуға көпірді.
Жалын шашты зеңбірек
Сол нажағай секілді.
ТҮТІК
Өртейді жарақатты жанды күйік,
Өмірдің тартқандай бір алды тұйық,
Шілдеде семген гүлге су сепкендей
Жалма-жан жатты дәрігер қанды құйып.
Денеме бауырлас қан тарай берді,
Шолыды қиял сонда талай жерді.
Кішкентай сол түтікке өмір сыйып
Білмеймін сол араға қалай келді.
АР
Жарылып жартас қақырап,
Темір мен темір сайысар.
Көк аспан сынып шатынап
Қара жер белі қайысар.
Қайыспай сонда тұрып қал
Қалқан ғып намыс-арыңды.
Оқ дарымас бойыңа
Жау ала алмас жаныңды.
КӨГІМДЕ ЖАЛҒЫЗ СЕН ТҰРСАҢ...
Көрінген жаңа күн көзі
Түтінге батпай тұра тұр.
Өртемес сені өрт топан
Жұта алмас соққан сұрапыл.
Дұшпанды жерден құртқанша
Кегімде менің жоқ арзу.
Көгімде жалғыз сен тұрсаң,
Көңілде болмас қобалжу.
АНА КЕГІ
Шіркін, жеңіс жетті бір шақ,
Көптен күткен жыл құсындай.
Төктік жауға отты бұршақ,
Жүрекке кек тұрды сыймай.
Алдымызда жатыр село,
Сиқы кеткен күлге айналып.
Ыза буып көкіректі,
Сөйлеуге тіл тұр байланып.
Ұшырасты бір қарт ана,
Қар жауғандай қабағынан.
Бастады сөз күңіреніп,
Тақсіреттің тарауынан.
–Қайғы басып қам көңілді,
Қалжыратты қара түнек.
Көз алдымда сұрқиялар,
Сойды жалғыз баламды іреп.
– Ей, сұмырай, азғын жендет,
Жазықсызға жайдың торды.
Босат менің жалғызымды,—
Деп жауызға салдым қолды.
Көміп кетті жұдырықтар,
Жауып кетті қан жүзімді.
Кетті алып, көре алмадым,
Ақтық рет жалғызымды.
Аңғара алмай арғы жағын,
Естен танып ауытқыдым.
Содан бері жоғалттым мен,
Бұл дүниенің жарық күнін.
Тарс жабылды қос жанарым,
Айрылдым күн мезгілінен.
Жалғыз ұлым — жан жұлдызым
Сөнді бірге көз нұрыммен.
Өмірімде аяғымды
Анықтап нық баса алмаспын.
Тақайырсыз тас боп қатқан,
Екі көзді аша алмаспын.
— Ей, жолдастар, ей, жігіттер,
Басынбасын қаралы өлім.
Жібермейік ана кегін,
Жібермейік бала кегін!
Ана көзін ойып алып,
Жалғыз ұлын жаққан отқа.
Жауыздарға рақым жоқ,
Сал оғыңды автоматқа.
Сарқып алып аз күнде сабырымды,
Алыс қалып білдірдің қадіріңді.
Самал желдей сағындым әр үніңді,
Маңмаңкердей сағындым адымыңды.
Бұлдырайсың алыстан сағым болып,
Жүрек шіркін жанады жалын болып,
Сен шығасың күлімдеп күнім болып,
Сен атасың дірілдеп таңым болып.
Сенсің жалғыз күндіз-түн тілегенім,
Мың тіріліп сен десе мың өлемін.
Айқайласам жетпейді даусым менің
Ойлай-ойлай ормандай түнеремін.
БАЛТЫҚ
Отпен бетті қаратпай,
Оқпен ұрып маңдайдан.
Күнбатыста күндіз-түн,
Күркіреп тұрды қан майдан.
Шарқ ұрып жатқан толқынмен,
Жаралған екен егіз жер.
Жазбады жұбын өзендер,
Жазбады жұбын теңіздер.
Өзегі талса өзеннің,
Теңіздер келіп жалғасты.
Күркіреп жалын шашқанда,
Тітіреп кейін жау қашты.
Өзен менен теңіздің,
Жанды сөнбей бір оты.
Қолын созды Волховқа,
Батыр Балтық флоты.
Бозы желбіреген дөңдер
Ауылдастарым секілді.
Көзі мөлдіреген көлдер
Қарындастарым секілді.
Судырлаған құрақтар
Жыр-дастаным секілді.
Сыбырлаған бұлақтар
Сырластарым секілді.
КҮН
Мен сәулелі күн едім,
Жаралған елге құт болып.
Торлап жатыр тұмшалап,
Қабағыма бұлт қонып.
Бірде батып, бір шығып,
Келем көкте желкемдей.
Көк жалынға тұншығып,
Оттан қалған өртеңдей.
Орайды бұлт тұмандай,
Қамайды бұлт жыландай.
Көтерілем тағы да
Қанат жайып қырандай.
Күннен күшті жоқ деген,
Ел үмітін ақтармын,
Бүркей алмас оқпенен
Жарығымды сақтармын.
ЖҰЛДЫЗ
Аясынан аспанның
Неге, жұлдыз, ағасың?
Жүрегі ме ең жас жанның,
Қайда кетіп барасың?
Зурә сұлу сен болсаң,
Жымыңдамай жерге түс.
Күміс қанат құс болсаң,
Суылдамай көлге түс.
Болсаң үміт қазығы
Орыныңда тұр ақпай.
Қара түннің үстінде
Жан алаулап шырақтай.
Кешкенімде соғыстың
Аласапыран дүлейін,
Сен жарқырат жол үстін
Саған қарап жүрейін.
БҰЛТ
Тұрады бұлттар тұлданып,
Бір туғандай соғыспен,
Сол бұлттай түсі сұрланып,
Зулайды тынбай оқ үстен.
Жинаған жұртты намазға
Қаралы сол бір қағазға?
Түсе ме әлде ажал боп
Маңдайы күндей сабазға?
Жерді қойып көктің де,
Қойыны-қонышын толтырған.
Қорғасын ба жердегі,
Қораланып сол тұрған.
Қап бәлем, енді тұра тұр,
Қақ тіліп сені найзадай,—
Соғар бір дауыл сұрапыл,
Ойнар бір жасыл найзағай!
САҒЫНДЫРДЫҢ, САРЫАРҚА
Жалпақ жер — жалғыз ауыл боп,
Күнімді туған тойлап ең.
Сақ-сақ күліп дауыл боп,
Сахараңда ойнап ем.
Самалды өлке, сайран көл,
Аңсаймын енді жарымдай,
Алыс қалған, қайран ел,
Бұлдырайсың сағымдай.
Қайда жүйрік тұлпарым,
Тартып мінген айылын,
Қашағанды қайырған
Қайда құрық қайыңым.
Жылап қалған кетерде
Қарақат көзді қайда қыз...
Бәрін соның ұрлаған
Айтшы, маған, қай жауыз?!
* * *
Уақыт жоқ, кеш, ару,
Күт бізді әнменен.
Саусылдап бес қару
Аттандық таңменен.
Қараңғы түндерде,
Ойнанды от лаулап,
Аяулы гүлдерге,
Түседі оқ саулап.
Майданның алаңы —
Батысқа ағамыз.
Күннен-күн барады
Алшақтап арамыз.
Қарай бер, қара көз,
Күте бер, хат-хабар.
Жазылып жара тез,
Кездесер шақ болар.
Қайғымен егілме,
Өзіңді нық ұста.
Жаздың бір күнінде
Қайтармыз шығысқа.
Нұр жауып ала бұлт,
Гүл өсер жолдарда.
Жасарып, жаңарып,
Тұрармыз орманда. ***
Тұрды таулар көлденең,
Тұрды ормандар көлденең,
Жүрдік ауыр жүк артып,
Жан баспаған жолменен.
Оның несін айтамыз,
Бөгелмедік абыржып,
Мақтанамыз қайта біз
Көтергенге ауыр жүк.
Жеңіс оңай келген жоқ,
Тұтқиылдан тым жедел.
Не пәлені көрген жоқ,
Жұлдыз-бөрік, сұр шинель.
Автоматты асынып,
Құрыш сауыт киді жұрт.
Көк жадырап ашылып,
Көздің жасын тыйды бұлт,
Көкіректей күй шұбап,
Жөнелді мың тармаққа.
Жел гүлдердің исін ап,
Шашып жатыр жан-жаққа.
АТТАРЫ МӘЛІМСІЗ ДОСТАР
Самолеттермен гурілдеп,
Алдымнан тағы шықты ұрыс.
Жөнелді жанып дүрілдеп,
Жататын орман тып-тыныш.
Дұшпан тұр өлім себелеп,
Жаралы жанмын қарусыз,
Өзімдей жатыр мүгедек,
Арыс жігіт, ару қыз.
Кереге көзді ақ оттар,
Аспанға жатыр ау құрып,
Қорғайды бізді солдаттар,
Зениткамен жауды ұрып,
Аяқ-қолым таңулы,
Жатырмын жерде қарусыз.
Қорғайды достар жанымды,
Аттары маған мәлімсіз.
САНИТАРКА
Менімен бір кірпік қақпай,
Түндер бойы көз ілмедің.
Кіп-кішкентай болсаң да өзің,
Шіркін қандай төзімді едің.
Өрт ішінен алып шықтың,
Қансырап мен жатыр едім.
Кіп-кішкентай болсаң да өзің
Шіркін қандай батыр едің.
Сен болмасаң жолда қалып,
Жастанар ем бір төбені.
Кіп-кішкентай болсаң да өзің,
Жаның қандай үлкен еді.
ЕДІЛ ЖАҒАСЫНДА
Ерке өзенін шолып түнде елімнің,
Тұрмын жалғыз жағасында Еділдің.
Сылдыр қағып ағып жатыр ағын су
Толқынындай лепірген жас көңілдің.
Кей кездерде көкке шапшып жоғары,
Күміс көбік биік жарға соғады.
Еділ түннің құшағында күрсініп
Әлденендей қалың ойға шомады.
Жараланған жанымнан қан тыйылар,
Құдіретті күш кеудеме кеп құйылар.
Аттанармын жағасынан Еділдің
Айқастарда жау желкесі қиылар.
ШИНЕЛЬ
Бірге өткізіп майданның ауырлығын,
Жүрдің үсте көл-нөсер жауынды күн.
Әрі жастық, әрі сен болдың төсек,
Қарасуық, ызғарлы дауылды түн.
Көктен түскен қарамай бомбаларға,
Бірге екеуміз күмп еттік омбы қарға.
Жылынарлық, жанымды ұғынарлық,
Сенен артық серігім болды ма онда.
Жаудың оғы кезінде жаралаған,
Астарыңды қан кеулей аралаған.
Онда да сен менімен болдың бірге,
Ауру жанды арудай аялаған.
Сол кездері жеңіне қаным сіңген,
Қанға қоса ақ ниет арым сіңген.
Сол себепті мен үшін жүзің ыстық,
Жақынымсың мәңгілік жаным сүйген.
1943.Госпиталь
ҚАСИЕТІ ХАЛЫҚТЫҢ
Жақын түскен снаряд
Үй ішіне қалды өтпей.
Тұр күмбезі жарқырап,
Секілді жан бір беткей.
Қалаған тасын алыптың,
Талай күндер жалықпай.
Қасиеті халықтың
Қалыпты оқты дарытпай.
1943.Рыбинский
КЛИМ ЕРДІ КӨРГЕНДЕ
Сұсың қара дауылдай,
Қаһарлы туған батырым.
Қазақтың Алатауындай,
Кеудеңе біткен ақылың.
Окоптарды аралап,
Бауырында дөңестің.
Таптың да бір қанағат,
Солдаттармен кеңестің.
Январьдың кешінде,
Тұрдың бізге күлімдей.
Ол күн менің есімде,
Өзімнің туған күнімдей.
АЛМА БАҒЫНДА
Жаймашуақ жазғы күн,
Жасыл гүлге бөленген.
Жардай күліп көз тартып,
Алма бағы көгерген.
Алма бағын аялап,
Есті ақырын жұпар жел.
Билеп кетті көлеңдеп,
Бұтақтары бұраңбел.
Толқы торғын алма бақ,
Сүй аялап жұпар жел.
Жастық әнін шырқайық,
Жас сұлулар, бері кел.
1943.
ЖҰЛЫН КӨК
Толқынды сұлу жалы бар,
Желден жүйрік жұлын көк
Жайылып жүр жануар,
Көк шалғынды жұлып жеп.
Кекілін өрген айырып,
Мүшесі сұлу киіктен.
Қос құлағын қайырып,
Секіретіндей биіктен.
Сарыарқаны сайранда,
Жайыла бер, жұлын көк.
Тачанкада майданда,
Сендей өрен құлын көп.
1943
БОРАНДА
Сұрапыл күш соқты боран,
Қар ұйтқыта жолды көміп.
Болашақтың өр қиялы,
Сол боранда болды серік.
Оқ борандай түтесе де,
Қар астына көмілмедім,
Болашаққа сенгендіктен,
Мен майданда жеңілмедім.
1943.Волхов майданы
1943 ЖЫЛҒЫ 17 ЯНВАРЬ
Жаралы жанды жұтуға,
Аранын ашып жалаңдап.
Қаптады қара бұлттай,
Қарсы алдымнан жау аңдап.
Жараланған сол қолым,
Сүйемелге келмеді.
Найзасы намыс қадалып,
Көкіректі ыза кернеді.
Қонақжай екен дүние,
Төрінде шалқып күн күлген.
Күресте күнің өтпесе,
Қадірін оның кім білген.
Жанталасты жалғыз қол,
Жағаға ажал таянып,
Қалқан етіп қайыңды,
Жаттым бір кез сая ғып.
Тірідей көміп топырақ,
Толқыны ауа соқты кеп.
Темір қарып тәнімді
Өзекке тиді отты леп.
Иілмедім емендей,
Долдана қызып кетті ұрыс.
Жәрдемге жетті достарым,
Торлады жауды кекті күш.
Жау ығысты қайтадан,
Жан сауғалап жалтарып.
Әлсіредім жарамнан,
Қара қошқыл қан тамып.
Сиқы кетіп сұрланып,
Қансыз қатып қалды өң.
Туған жерде тыныстап,
Көзімді аштым, алып дем.
1943.Госпиталь
ЖАРТАСТАҒЫ ҚАН
Көк теңіздің шетінде,
Кәрі жартас тік өскен.
Қаны жатыр бетінде,
Тамған ұлы күрестен.
Жағалай соғып жартасты,
Туласа да көк теңіз.
Өшер емес бетінен,
Қанмен салып кеткен із.
1943.Волхов майданы
СЕНБІСІҢ
Кезімде әлім кетіп қансыраған,
Сенбісің қасыма кеп хал сұраған.
Мен үшін қайғы шегіп өңің қашып,
Көзіңнен ыстық жастар тамшылаған.
Сенбісің қолыңды сап маңдайыма,
Бір жұтым су тамызған таңдайыма,
Басыма жастық қойып, бәйек болып
Қараған күндіз-түні хал-жайыма.
Сенбісің ұзақ түнде серік болған,
Жүрегің мейірбанды нұрға толған.
Өзіңе он есе етіп қайтарар ем,
Дариға, жақсылығың келсе, қолдан.
1943.Госпиталь
ТЕҢІЗДЕ
Айналамыз асқар тау,
Қарайды төніп көктен күз,
Алқаракөк бір асау
Алдымызда Көк теңіз.
Ортада оқшау шың жартас,
Шық моншақтап тер жапқан.
Асуынан жол бермей,
Аспанның бұлтын кері атқан.
Алысып көк толқынмен,
Астымызда кемеміз.
Сол шыңдай қарап әлемге.
Теңізді жарып келеміз.
1943
ЕСІҢЕ АЛ
Болдың ба сен Волховта,
Көрдің бе оның орманын
Сол орманның әр талын
Өз жанымдай қорғадым.
Январьда, майданда
Ақ денемнен тамды қан.
Алып соқтым ажалды
Алдымды орап аңдыған.
Қара елтірі бөріктей
Қалың нулы орманда.
Есіңе ал мені, уа достым,
Жолың түсіп қонғанда.
1943
ОРАЛ ОРМАНЫ
Ажал төніп анталап,
Аспанды бұлт торлады.
Аттандық біз батысқа
Қалды Орал орманы.
Қалды орыстың жас қызы
Орамалы желпілдеп.
Өзеніндей Исеттің
Қөзде жасы мөлтілдеп.
Аттандық біз батысқа
Аялдамай аптығып.
Қас қарайып, күн батып
Айналаны жапты ымырт.
Буырқана түйілдік
Бұзылды жау қорғаны.
Болды солдат сапында
Байтақ Орал орманы.
1943
КИСЕТ
Қарайлап менің жолыма
Қамқоршым болдың бір менің.
Қисетті беріп қолыма
Есіңе алып жүр, дедің.
Білмеймін сенің арқаң ба,
Жүргенім әлі оққа ұшпай,
Кисетің жүрді қалтамда
Көк жібек баулы ақ құстай.
Кеудеден отым бір сөнбей
Қелемін әлі түтіндеп.
Болмаса досым бір сендей
Қояр ед оқтар түтіп жеп.
Қан майданнан хат салып ем,
Қайта келді оралып.
Жаным үсіп, жапырағым түсіп,
Қалды жүрек тоналып.
Ешкім ашып оқымапты,
Жазып ем сыр он бетке.
«Жоқ» деп сені әлде біреу
Қол қойыпты конвертке.
Бар шығарсың бұл дүниеде
Жоқ шығарсың мен үшін.
Олай болса құтты болсын
Жаңа тапқан өрісің.
Келем майдан қақ терінде
Кеуде тосып мың оққа.
Мың бірінші оқ аттың сен
Жығылмаспын бір оққа.
ТҰЛПАР
Көп ай бойы дағдыланған,
Қан жорыққа тұлпарым.
Кесе келген қарғып жалдан,
Шықты үстіне қырқаның.
Қара жолға қан төгіліп,
Күреңденіп қалды із.
Жалт бұрылып, жау шегініп,
Жатты ашық алдымыз.
Шіркін, тұлпар көсіле алман,
Тұрып еді байлауда.
Бүгін тұңғыш ерік тиіп,
Шыққандай бір сайранға.
Туды еркін шат күндері,
Қонды жеңіс құсы кеп.
Құйындатып тартты ілгері,
Желге қарап кісінеп.
ҰЛЫ ЖОЛДА
Отан үшін өлімге
Белді байлап бас тігіп,
Жапанда жанын тапсырды
Жалындап жанып жас жігіт.
Толқын шашын от шалып,
Ақша беттен нұр кетті.
Жас шағының жазынан
Айрылатын күн жетті.
Қимай байтақ әлемді,
Көктің шолып көлемін.
Жер қойнына кірерде
Айтты ақтық өлеңін.
— Алпыстан асқан анашым
Қабырғасы сөгіліп.
Көре алмай жалғыз баласын
Артымда қалды-ау егіліп.
Деді де өксіп жас жігіт
Талықсып кетті есі ауып,
Алмадай бетін бүркеді
Шапағымен кеш жауып.
ТОБЫЛ
Аймалатып төсімді
Айдынына Тобылдың,
Аунап түсіп ағынға
Аққу құстай шомылдым.
Өзенін, елін қорғаған
Қарасындай көзінің.
Арқадан қағып ардақтап
Сүйді Тобыл өз үлын.
1944
НАЗИЯ
Станция, Назия,
Кішкене өзен Назия,
Қырық екінші жылдың біз
Болдық онда жазында.
Ізі де жоқ үйлердің,
Белгісі жоқ тіршілік,
Кішкене өзен Назия
Уһілейді күрсініп.
Көрген кезде жиылды,
Тұла бойға бар ашу.
Станция Назия,—
Тұрды алда қанды асу.
Қайта кеуде көтерді,
Бүгілген бел жазыла.
Станция Назия,
Кішкене өзен Назия.
1944
ТОСЫН
Құмдарының шоқысы,
Көк торғынды жамылған.
Қеліншектей сән түзеп,
Сәукеле бұлттан салынған.
Қаршыға ұшып шыңында,
Қарсақ жортқан қалыңнан
Таулар көкке төркіндеп,
Оранған жібек сағымнан.
Аш қойныңды, Тосыным,
Келді ұлың сағынған.
Шыққан жоқсың, Тосыным,
Жалын күні жадымнан.
Көк аспанға өрлеген,
Шыңдарыңды сағындым.
Көлеңкесі көлбеген,
Нуларыңды сағындым.
Көктемде ұшқан деміңдей,
Буларыңды сағындым.
Бұлағыңмен суарып,
Қандыр шөлін жанымның.
1944
* * *
Сар дала сан ғасырдан келе жатқан,
Аялап алақанға алдың мені.
Жазында жаңа дүние қанат қаққан,
Көгінде ұшсыншы бір жанның лебі.
Қойныңда қоңыраулы өзендерің,
Ақкөңіл адал жанның пейіліндей.
Асқар тау — ақсақалды әкем менің,
Алтын күн — ардақты ана мейіріндей.
Бал күнім, сенде өтті балалығым,
Әлемнің рақатты көктеміндей.
Құшақтап қызыл барқыт дала гүлін,
Өмірде жүзіп барам көкте күндей.
Туған жер сіңіп кеткен тоғайыңа,
Балалық күндерімді алыс қалған
Естіп мен шаттанамын әрдайым да,
Жамыраған көшедегі дауыстардан.
1944
ҚАЗАЛЫ ХАТ
Ақсақалды қария
Оқышы деп берді хат.
Қандай қызыл сиямен
Жазылыпты жаманат.
Оқталсам да неше рет
Өлдіге аузым бармады,
Қара көзім жасаурап
Қайғы оты лаулады.
Нарттай жүзім құбылып,
Жүрегім кетті дірілдеп.
Үн шығармай ішімнен
Оқи бердім күбірлеп.
Хатта нендей хабар бар
Қояды төзбей шал сүрап.
«Ұлың аман, ақсақал!»—
Дедім даусым қалтырап.
Жалғыз өзім жүргенде
Қиял болып серігім.
Айтатындай бір сөзді
Күбірлейді ерінім.
1944
КЕМПІРҚОСАҚ
Жердің жүзі дірілдеп
Жел дауылды сапырса.
Төсін бұлттың тілімдеп,
Қөк жалындар атылса.
Көкте жасақ құрғандай
Кемпірқосақ тартылар.
Жақсылық күн туғандай,
Жайнап аспан жарқырар.
1944. Қостанай
ҚОШ БОЛ, ТОБЫЛ АРУЫ
Менмін адал ар ұлы,
Қазғаным жоқ саған ор.
Қош бол, Тобыл аруы,
Қош бол енді, аман бол!
Сөніп қалған жалыны
Саған деген күз ішім.
Қош бол, Тобыл аруы,
Ай да тумас біз үшін.
Кірлеп босқа жанымды
Таға алмассың маған мін.
Таптағам жоқ арыңды
Алдағам жоқ, адалмын.
Қалдым аман жалыннан
Жауынсыз жаз өртенбей.
Қалдым аман ағыннан
Құшағында ерте өлмей.
Сен кездестің болып у,
Қайдан табам дәріні...
Қиын енді жолығу
Қош бол, Тобыл аруы.
ГИТАРЫҢДЫ ОЙНАШЫ
Гитарыңның шектерінен
Ғажайыпты үн келер.
Жастық шақтың көктемінен
Жазғы тасқын жыр келер.
Гитарыңның шектерінен
Сиқырлы үндер сыңғырлар.
Көзін қадап, өткен күннен,
Күлімдер бір сүйген жар.
Гитарыңның шектерінде,
Жатыр алыс өткен күн.
Көңіліме ұялаған
Көлеңкесі кептердің.
Туған елге келдік міне,
Бізбен бірге тойлашы.
Қонды әнің көкірегіме,
Гитарыңды ойнашы!
1945
* * *
Жорықтан қайтқан жас жігіт
Қақты ақырын қақпаны.
Сұрап еді келіншек,
Кім екенін айтпады.
Жиі соқты жүрегі,
Әлденеге лүпілдеп.
Әлі сырттан жауап жоқ,
Сұрап еді бұл кім деп.
Жалындады махаббат,
Жаршы болды жас жүрек.
Қақпа ашылып, айқасты
Ай астында қос білек.
1945
ҚЫЗБЕЛ ҚИЯСЫНДА
Қойынынан шығады,
Асыр салып мың бұлақ.
Қыземшекті шыңдары,
Көрінеді бұлдырап.
Жатыр жанды әлдилеп,
Қызбел десе, Қызбелдей.
Бір сұлу қыз би билеп,
Сахарада жүзгендей.
1945
КҮЗЕТШІ
Жалтырап көзге түседі,
Ай астында ақ тақыр.
Ақ тақырдың үстінде,
Ақ алтындай дән жатыр.
Қанды майдан шебінде,
Күзеткендей өмірді.
Тұр күзетші бүгін де,
Қарауылдап егінді.
1945
ЖАҢА ТУҒАН АЙ
Көк аспанның кеудесіне,
Кім орнатқан алып келіп,
Тұр әлемнің төбесінде,
Жалғыз өзі жарық төгіп.
Төңкерілген алтын көзден,
Себілгендей нұр сәулесі,
Жаңа туған жас жүзінен,
Көрінеді жар елесі.
1945
ЛЕРМОНТОВ
Күндей боп қара нөсер төккен күзде,
Саңқылдап ақын үні жеткен бізге.
Жарқылдап толқынмен бір көтерілген,
Жалтылдап жалғыз желкен көк теңізде.
Даусынан алай-дүлей дауыл борап,
Жиһанды от қиялы алған орап.
Жіберіп ойлы көзін дүниеге,
Басынан Қазбектің тұрған қарап.
Шарқ ұрып шалқар ойы шалқып аққан,
Күмбірлеп көкірегі толқын атқан.
Жыршысы махаббаттың жаны жұмбақ,
Жұлдыздан жоғары ұшып қанат қаққан.
Тәңірден дауыл сұрап дарқан өскен,
Өр ақын өртпен ойнап майдан кешкен.
Аспанда бір күн туып, күндей батып,
Ерлікпен бір күн туып, бір күн өшкен.
Тәкаппар аспаннан да бойы биік,
Қасарған қара түнде қабақ түйіп.
Дауыл мен нажағайдан тыныстаған,
Бар әлем құшағына кеткен сыйып.
1945
* * *
Өтер күндер, кетер жылдар,
Бірақ ойдан шықпас еш.
Қараңғы окоп, қалың орман,
Сұрғылт аспан, күзгі кеш.
Енді бүгін біржола
Күрсілдеген тынды атыс.
Күрсінді де, демін алды,
Күркіреген күнбатыс.
Жаңа жылда еліміздің
Еске алып ерлігін.
Бокалдарды көтерейік,
Келші, сәулем, кел күнім!
1945
ТУҒАН ЖЕР
Торғай бойы, Тосын жері
Бұйра құмның бөктері.
Жаз самалы жан тербетті
Қандай әсем көктемі.
Биік шыңның бауырында
Бұйра толқын бал бұлақ.
Бүгін мені қарсы алғандай
Ағып жатыр сылдырап.
Құрбылармен әзілдесіп,
Ойнап-күліп күн ұзын.
Көк шалғында көтеремін
Сырлы аяқтың қымызын.
О, достарым, туған жердің
Жүзі ыстық керемет.
Тұр ма әлде тас төбемнен
Ғажайып нұр себелеп.
1945
ОРМАН
Жар басында жайқалып,
Бүршік жарып терегі.
Қанат жайып ну орман
Қайта қаулап келеді.
Сескенбей қыс бораннан
Жаз дауылдан жеңілмей.
Өсер гүлдеп сол орман
Біздің жастық өмірдей.
1945
ЖАУЫНГЕР ДОСҚА
Жер сілкінтіп, көк тербеп
Шүйілген жауға төбеден.
Карпат тауын бөктерлеп
Берлинге қарай жөнеген.
Жолың болсын, жолдасым,
Алған беттен аңырма.
Ойран етіп ордасың
Жауды бөле жалынға.
Берлин үстін бұлт торлап
Фашистерге болды сын.
Үңгіріне қос қолдап,
Таста ажал бомбасын.
Талқан боп өз жерінде,
Тартсын жауыз жазаны.
Қір орыспен Берлинге
Қостанайдың қазағы.
1945.Қостанай
* * *
Майданға тудай шақырған,
Жанымен жаққан жалынды,
Аманкелді батырдан
Үйренгем атқа шабуды.
Жауына жайдай атылған
Қаны күндей қызулы,
Аманкелді батырдан
Үйренгем қамал бұзуды.
Қөсемдікті үйренгем
Көпті көрген қарттардан.
Шешендікті үйренгем
Өлеңдерден жатталған.
ТҰТҚЫННЫҢ СӨЗІ
Мен еліме оралдым,
Толып жатыр көргенім,
Жаны сірі адаммын,
Өлмедім мен, өлмедім.
Қара құлып күзетті,
Күн жарығын көрмедім.
Қабырғадан сыз өтті,
Өлмедім мен, өлмедім.
Қуқыл тартты ақ жүзім,
Ішінде тас бөлменің,
Таусылмапты дәм-тұзым,
Өлмедім мен, өлмедім.
Атымды да ұмыттым,
Болдым иттей қарғылы.
Оты әлсіреп үміттің
Ажал мені аңдыды.
Ниеті ме ақ пейіл,
Көп тілеген анамның,
Өлмедім мен әйтеуір,
Қайта еліме оралдым.
Сонау соғыс күндері,
Салып кетті таңбасын,
Созып келем ілгері,
Сынық өмір жалғасын.
АЙ ӨЗЕНІ
Ай өзені Оралдың солтүстігі,
Ай секілді жалтырайды қыс күні.
Жай бұрқанып жазда ұрады жағаны
Ақ көбіктер — ақ найзағай ұшқыны.
Кімдер екен өзенге Ай деп ат қойған,
Әлде біреу бақыт күтіп жатты айдан?
Ай секілді Ай өзені сап-салқын,
Жағалауы жалпақ құмайт — ақ қайраң.
Екі ғашық қашқанда ата қоныстан,
Ай ма сонда жол көрсетіп болысқан,
Аясында қосылды ма махаббат
Толқындардай арналарда тоғысқан?
Ел аңызы өзен жайлы көп терсе,
Қиял ұшқан қанат қағып кептерше,
Ай өзені жанымда ағып келеді
Серік болып Челябіге жеткенше.
* * *
Қай жерде гүл боп жайқалдың
Аспанның жұтып жауынын.
Төсінен шықтың қай таудың
Ақ толқын ерке аруым.
Асыр сап таңның нұрында
Ерке жел болып естің бе!
Өзіме ғана сыбырла,
Айтпайын басқа ешкімге.
ОРАЛҒАНДА
Арада өткен күнді есепте,
Көп жыл бойы біз көрмедік.
Көп жыл бойы көрмесек те,
Бұрынғыдан өзгермедік.
Қайта, өткен бұл жылдары
Арта түсті жалынымыз.
Аша алмады арамызды
Боранды қыс, жауынды күз.
Аша алмады арамызды
Жау бомбасы күркіреген;
Қанды дауыл қара үзді,
Қайтаоралдым күлкіменен.
Бұл жылдары шамалады
Сын үстінде әркім өзін.
Қатал едім майдандарда,
Қайта оралды бал мінезім.
Аңсадың ғой, білем мені,
Алыс жүрген кездерімде.
Жасырсаңда, сағынышың
Жазулы тұр көздеріңде.
БІЗ ОЛ КЕЗДЕ ЖАС ЕДІК
Біз ол кезде жас едік
Білмейтұғын майданды.
Сырдария үстінде
Салушы едік сайранды.
Көк буалдыр, жер тұман,
Майдан жолы шартарап.
Шеру тартып жөнелдік
Халық кегін арқалап.
Жеңіс оңай түскен жоқ,
Құрбан болды талай жан.
Талай қимас құрбыны
Қалды алып қан майдан.
Түгел емес тобымыз
Ортамызда жоқ достар.
Құрметі үшін солардың
Тұрыңыздар жолдастар.
1946.Қызылорда
* * *
Қызыл жыңғыл бойында
Күзді гүні туыппын.
Буырқана бұрыпты
Қара жаңбыр құйып күн.
Киіз үйдің ішінде
Желпілдепті жөргегім.
Жел үрлепті даланың
Бетегелі белдерін.
Бал көмейлі әншілер
Ағызыпты ән бұлағын.
Азанымен өлеңнің
Ашылыпты құлағым.
Осынау байтақ далаға,
Өрнек салып өлеңмен —
Содан бері жыр шырқап,
Өмірді өрлеп келем мен.
ҚЫС
Күркілдеп көкірегі тұмауратқан,
Келді қыс қабағына қырау қатқан.
Аспанның белуарлап ақшыл төсін,
Түсіріп боз пердесін тұман жапқан.
Аязда торығатын таппай пана,
Емес бұл ертедегі құба дала.
Мұз қатып иегіне қыс қысылып,
Кіре алмай бүрсең қағып тұр қораға
1946
ТОСЫН ЖАЗЫ
Па, шіркін, құм Тосынның жазы қандай,
Ауру жан сырқатынан жазылғандай.
Көтерген көк орманы қарқарасын,
Жан сүйген жар секілді жазық маңдай.
Бұрқырап бұлақ ойнап құм төсінде,
Ұқсайды табиғаттың еркесіне.
Бұралған қыз беліндей қызыл жыңғыл,
Таласа біткен шоқы өркешіне.
Шыңдары алтын күнмен бірге өскендей,
Бұлттан бойын тартып бір сескенбей.
Басында бала бүркіт шаңқылдайды,
Таулардың бұлағымен тілдескендей.
Салт атпен араласаң көкшіл нуын,
Сапырсаң құлаш ұрып күміс суын,
Қарасаң келбетіне ертеңгілік,
Көзіңнің әкеткендей тартып нұрын.
Көлдерін көкалалы жылқы қаптап,
Төсінде асыр салған төл ойнақтап.
Табиғат құм Тосынды көкірегінде
Келгендей төрт түлікке бола сақтап.
Түн болса малшылардың салған әні,
Күндізгі тіршілікке жалғанады.
Көтерген қырмызы ту қызыл отау,
Тұрғандай күйге малып айналаны.
Ойнаған асау тайға құлдыраңдап,
Келіншек кермиықты жүр «құраулап».
Үніне күңгірлеген үйлессін деп,
Қойыпты құлындарын қоңыраулап.
Қой өрді таң сәріден үдеріле,
Қара отты, түйе мойнақ түбегіне.
Келеді қой соңында Қыстаубай шал,
Ақырын қамшы сипап күреңіне.
Қойнауын отыз мың мал отар алып,
Құм жатыр жолбарыстай жоталанып.
Қарайды келешекке сұлу Тосын,
Алтын таң шапағымен оқаланып.
1946
ҚОСТАНАЙ
Көшелері көп емес,
Көлемі онша кең емес.
Бірақ та сол Қостанай
Еш қалаңнан кем емес.
Көк ну орап көлемін,
Болмаса да безенген.
Үлкен өмір бөлегін,
Бұл қаладан сезем мен.
Жеті орасаң жершарын,
Жете тұғын жібегі;
Завод жатыр қаланың
Секілді от жүрегі.
Жерінің кен қатпары —
Қөмір, темір, тас түбі.
Республика мақтаны —
Қостанайдың астығы.
Жаны жайсаң досқа бай
Жібек желі тұр есіп;
Өзімізбен Қостанай
Келе жатыр бір өсіп.
1946
ДАУЫЛ КҮНГІ ДАРИЯ
Тұнып жатқан көкке атып толқындарын,
Дауыл бұрқап дарияның соқты жарын.
Нажағайдың жарқ еткен сәулесінен,
Айдынында ойнайды отты жалын.
Көбік қайнап сапырып дарияны,
Салып қиқу сақылдап жарға ұрады.
Шұлғи тартқан сулығын шу асаудай,
Арындайды толқынның арғымағы.
Туған жердің толқынын толтыра ішіп,
Құшағыма дауылын кеттім қысып.
Арпалыста атуға дұшпанымды,
Аспанынан нажағай алдым құшып.
Асып толқын жатқанда иегінен,
Тұрмын қарап дарияның жиегінен.
Туған елдің күшіндей толқын атқан,
Дауыл күнгі дарияны сүйемін мен.
1946
ТУҒАН ЕЛ
Туған ел, өскен жер,
Ыстықсың жаныма.
Күн нұры, жаз лебі
Тараған қаныма.
Тамаша тарихтың
Бәріне куәсің.
Ерліктің, даңқтың
Сақтадың мұрасын.
Ғажайып ертегі,
Ертеңгі күндерің.
Арқаң ғой өзіңнің,
Алшаңдап жүргенім.
1946
* * *
Дауысы күзгі күннің күркіріндей,
Аршындап алған беттен бір мүдірмей.
Барады егін орып комбайндар,
Сүңгіген көк теңізге сүңгуірдей.
Тынбайды қызу еңбек түніменен,
Секілді тау өзені гүрілдеген.
Ортада жалтыраған қызыл қырман,
Үстінде ай сәулесі дірілдеген.
1946
СОЛДАТ
І
Майданда сонау жыл
Бізбенен бір жүрді.
Ер жүрек солдат бір
Мінезі күлдіргі.
Сөйлеп шын қызғанда
Сөзді тым тапқыш-ақ,
Қол боста қыздарға
Жазатын хат құшақ.
Ойнайтын еркіндеп,
Гармоньға қолы епті.
Полктың көркі боп,
Ол талай жол өтті.
...От орап даланы
Басталды қатты ұрыс.
Жауынгер жаралы
Болыпты қапылыс...
Қазір ол қай маңда
Білмейміз, хат үздік.
Болады майданда
Кейде ондай сәтсіздік.
ІІ
Аспан жер қабысып,
Шарлады көк түтін.
Оқпенен жарысып,
Зымырап өтті күн.
Елімнің көрінді
Биіктеп иығы.
Зулады Берлинге
Соғыстың. құйыны.
Хат алдық бір күні
Дәл оның өзінен.
Жазыпты күлкілі
Қуақы сөзімен:
«Болса кім шын солдат
Соғыста өлер ме?!
Барамын сым жалғап
Волгадан Одерге».
Жолдастар жабылып,
Оқыдық сол хатты.
Қалыппыз сағынып
Әзілкеш солдатты.
1946
* * *
Иінағашы иығында
Зеравшаннан су алып.
Кетіп барад Гүлханым
Алма ағаштай бұралып.
Кетіп барад Гүлханым
Бойлап өзен кемерін.
Тотықұстай толқыта
Шырқап өзбек өлеңін.
— Мархабаты көсемнің
Жасыл кілем жер беті.
Шарапаты көсемнің
Зеравшанның шербеті.
Кетіп барад Гүлханым
Осылайша жыр шырқап.
Зеравшаннан су ішіп,
Кеттім мен де бір шырқап.
1946
ҚОС ТЕРЕК
Тереземнің алдында
Тербетілген қос терек.
Өсіргем жаз айында,
Өзіме тұр еркелеп.
Жас сұлудай жапырақ,
Көз тартады көркімен.
Жел соқса егер қалтырап,
Бетімді үрлеп желпіген...
Ұрпағыма сая боп,
Қалса артта еккенім.
Дермін сонда өмірге,
Босқа келіп, кетпедім
1947
* * *
Уылжып бесігінде тілсіз бөбек,
Былдырлап үн қатады әлде не деп.
Жырлайды басында оның бесік жырын,
Табиғат — ана сәби жанды әлдилеп
Жүзінен бір майда леп нұр төгіліп,
Көзінен күнәсіз жан тұр көрініп.
Дүниенің жаңа келген жас қонағы,
Он төртте туған айдай төңкеріліп.
Айтарын айтпады-ау деп тілі шығып,
Сөзіне ынтығасың сонда тұрып:
Бірақ та жүрегіңмен қуанасың,
Көзінен жаудыраған жанын ұғып.
1947
* * *
Ояныңдар махаббат, тәтті армандар,
Ояныңдар оба боп жатқан жандар,
Жайылыңдар қайтадан дос құшақтар,
Жалындаңдар қайтадан жастық шақтар!
Ашылыңдар қайтадан қара көздер,
Соғыста өшкен тұр сапқа дана сөздер!
Өшкен өмір аштықта, шөл тамызда,
Тіріліңдер қайта кеп ортамызға!
ЖИЫРМА БЕС
Жиырма бес жанып тұрған жалындайсың,
Теңізде алып қашқан ағындайсың.
Жас өмір жарқыраған жақсы күні,
Жалт етіп өтер болсаң табылмайсың
1947
ТЕКЕ ДІҢІ
Көрінген бір қиырдан Теке діңі,
Шаншылған бұлтқа бойлап асқар шыңы.
Айналған ұшар басын шаңқай түсте,
Қалықтап дүниенің алтын күні.
Жүзі ыстық ерте кезден таныс жандай,
Далада шөгіп жатқан арыстандай.
Қалмайды қапталыннан қатарласып,
Сенімен бәске түсіп жарысқандай.
Аспанға биік екен бойлаған шың,
Бір жүріп осылай деп ойлаған кім.
Қызығып келбетіне қарай бердім,
Басында бала кезде ойнағансын.
1947
КӨҚ СЕҢГІР
Жатырсың сен қарайып,
Жер бетінде бір меңдей.
Тағып маған тау айып,
Тау деп айтсам күлгендей.
Тау шығарсың жасыңда
Бойың көкпен таласқан.
Қар ұялап басыңда
Бұлт шыңында адасқан.
Бір кездегі алып шың
Жаңбыр ойып, жел күреп,
Шөге-шөге қалыпсың
Шынтағыңмен Жер тіреп.
Жасап кейде шет-пұшпақ
Күліп саған басқа тау.
Жастық шағын бетке ұстап,
Айта берсін босқа дау.
Құр бекерге қамығып,
Сен мұңайып жасыма.
Келер әлі кәрілік
Олардың да басына.
КЕҢ ӨЛКЕ
О, сүйікті көз жеткісіз кең өлкем,
Сенсің күнім, сенсің айым, сен еркем.
Артымда сен аман қалсаң болғаны,
Бұл өмірден кеткенімде мен ертең.
Шайы орамал шайқалады нуларың,
Бал шараптай бұйра толқын суларың.
Боз топыраққа боз торғайдай шыр етіп,
Түскенімде тербеді от жырларың.
Бойды жазып талай жылдар құрысқан,
Жаңа шыққан қас батырдай ұрыстан.
Тауларыңды қалқан етіп кеудеңе,
Тұрсың қарап таң нұрындай шығыстан.
Сандық таулы, самал желді құба бел
Мәңгілікке мызғымастан тұра бер.
Ерлікпенен елдігіңді көтерер
Ұлдарың бар, қыздарың бар мұрагер.
АЛАТАУ
Жұлдыздарға тіреп қойып асқарын,
Бұлақтармен жазып өмір дастанын,
Бүкіл қазақ кеудесіндей Алатау —
Күншығыстың көтеріп тұр аспанын.
Күркіреген күні оның ұраны,
Үкілеген қызы оның шынары.
Алатау бір атақты ақын қария
Ғасырларға таусылмайтын жыр әні.
БІР ЖҰТЫМ СУ
(Еске алу)
Жарақат ауыр, жан тәтті,
«Жалтарам,— деді,— жастық шақ».
Айнала орап жан-жақты,
Айқара ашты от құшақ.
Қарайлап едім қасыма,
Қан жауыпты қар үстін.
Қауіп бір төнді басыма,
Қайтадан жерге жабыстым.
Жолдасым келді қайрылып,
Бір жұтым су тамызды.
Көңілді сол су жай қылып,
Көз шырымын алғызды.
Қайта тұрдым әлденіп,
Қасқая кірдім қамалға.
Тамшы судан нәрленіп,
Тайынбай тарттым тағы алға.
Жалауым қолдан түскен жоқ,
Жанымды жүрдім сынға сап.
Сол судай тәтті ішкем жоқ,
Келсем де талай жыл жасап.
АЛТЫН ЖҮЛДЫЗ
Зейнеті болып еңбектің,
Алтын Жұлдыз жаралды.
Сәулеті болып жер,
көктің,
Жарқыратты жаһанды.
Алтын нұры төгіліп,
Жер жұлдызы жанғанда.
Бұлтта қалған көміліп,
Қөк жұлдызы арманда.
* * *
Күнбатыста бар еді бір көк орман,
Ұқсайтұғын алыстан көк күмбезге.
Ақ денемнен сорғалап қаным тамған,
Өр дауылдың ішінде со бір кезде.
Көрдім былтыр, келіпті қалыбына,
Жасыл гүлдер жауыпты атырабын.
Менің қаным сусын боп тамырына
Бұтақ тартып жайыпты жапырағын.
БҰЛАҚ
Сарша тамыз ішінде,
Ыстық еді күн неткен.
Жасыл барқыт пішінде,
Жайқалып тұр ну біткен.
Тосын үстін түр жауып,
Құба талды құлақұм.
Көрдім сонда, көз тауып
Құлай аққан бұлағын.
Құмға төсеп кеудемді,
Еңкейе қап, су іштім.
Көкірегіме дем берді,
Ойнап көзде бір ұшқын.
Тамырыма таралды,
Сол бұлақтан нәр алдым.
Суы шөлді қандырды,
Ақ сүтіндей анамның.
БІРАҚ СОНДА МАХАББАТЫМ
Кім сүртіп ед тамшы қанды,
Жаны ауырып өзіммен.
Елжіреп кім жасы тамды,
Қарақаттай көзінен.
Кім арқалап алып шыққан,
Қалың өлік ішінен.
Білмеймін мен әлдекімді,
Есіме тек түсірем.
Білмеймін мен оның атын,
Таныс емес жүзі де.
Бірақ сонда махаббатым,
Өмірімнің өзі де.
ДӘПТЕР
Ортасынан оқ тескен,
Қанды дәптер көргенмін.
Жолдасымдай от кешкен,
Соған қарай бергенмін.
Ажал уын жайғанда,
Көкірегін қан жапқан.
Қаза тапқан майданда,
Қалыпты ер солдаттан.
Әрбір бетін қаңдапты,
Кеудеден қан төгіліп.
Әр жолынан солдаттың,
Жүрегі тұр көрініп.
1948
ҚАРА ТЕҢІЗ
Қайран Қара теңіздің
Көп кешіп ем толқынын.
Теңіздей терең тебіренем
Есіме түссе сол күнім.
Терістіктен төнген бұлт,
Теңіз беті көк ала.
Қарауылдай мұнартып,
Қалатын жартас жағада.
Тулаған теңіз үстінде
Тітіркенбей денеміз.
Тартатынбыз қасқайып,
Қалтылдамай кемеміз.
Желкемі ойнап желменен
Қан майданға тартқан жол.
Көк болатты крейсер
Үйіміздей еді сол.
Жеңіс туы желпілдеп,
Жорықпен талай өтті күн.
Бурыл ала бұлтпенен
Ұласатын көк түтін.
Асау толқын, ағын су
Анамдай еді емізген.
Он жылдай ойнап төсінде,
Қоштастым Қара теңізбен.
Сұрапыл соғыс, сұр аспан
Сол күндер әлі ойымда.
Қаруымды алып інім тұр
Қара теңіз бойында.
1948
КҮЙ
(Жәрдем Тілековке)
Күй жатыр көк орманда буырқанған,
Күй жатыр найзағайда бұлтты жарған,
Күй жатыр толқынында теңіздердің,
Күй жатыр шертушісін күтіп алдан.
Күй жатыр табиғаттың жанын жайлап,
Бұлбұлдар біткен емес бәрін сайрап.
Әлемнің шертілмеген сырлы күйі
Тұрады алабұртып қанымда ойнап.
* * *
Күлге айналған көк ормандар,
Оққа ұшып өлген жандар,
Жау бомбасы көмген жолдар,
Бейуақытта сөнген шамдар.
Жанған отта жас сәбилер,
Тұтқын болған сұлу қыздар,
Қалған тұнып ән мен күйлер,
Ерте сынған сыбызғылар.
Бәрін білем, бәрін білем,
Бәрі де айқын тұр есімде.
Жалау еттім жанымды мен
Соғыспенен күресуге.
* * *
Бұлтсыз күндей жайып тастап жанымды,
Ту ғып ұстап адамшылық арымды,
Арманым жоқ көкірегімді кең ашып,
Туған елге тарту етсем барымды.
Кең даланың кезіп еспе құмдарын,
Қыран болып қанат қақса жырларым.
Асқар таудың, айдын шалқар көлдердің
Жүрегіме сыйғыза алсам сырларын.
Сахараның сайран салып желіндей,
Жанартаудың жалын атып лебіндей,
Ұшса жырым жазғытұры будақтап
Туған жердің алып жатқан деміндей.
Армансыз боп онда өмірден өтер ем,
Үмітімнің жұлдызына жетер ем.
Туған жердің топырағын шөлдетпес
Өлеңімнен өзен жасап кетер ем.
* * *
Тулар теңіз, көшер толқын
Керуен жыл шұбалар,
Өрши берер өмір заңы,
Соны жерден су ағар.
Жел айдаған бұлт секілді
Кетер талай көш келіп,
Келешек жас жырымызды
Оқыр ма екен ескеріп.
* * *
Көп болды күннің көзін көрмегелі,
Көп болды қаталап мен шөлдегелі.
Көп болды еркін желмен асыр салып,
Көңілдің ұшпағалы көк дөнені.
Қадалған қозғалтпайды ілкіде оқ,
Еріннің ебі кеткен, күлкі де жоқ,
Кеудені көп жыл бойы суытпаған,
Сенді ме, кім біледі бір күнде от.
Бір кезде болды уақыт жарқылдаған,
Қанды асу, қазған ордан тартынбаған.
Бұл кезде ауыр жара жанға батып,
Бүріп ап бүлк еткізбей алқымдаған.
Білмеймін осы арада жоғалам ба,
Кездесіп доспен енді қол алам ба,
Жүрегім жалын атып, қайрат жиып,
Айқастың алаңына оралам ба.
ҚАРА ТҮН, ҚАЛЫҢ ОРМАНДА
Жасыл орман жазғы желге
Жайқалады терегі.
Қару асып жалғыз түнде
Партизан қыз келеді.
Су сылдыры, ну сыбдыры
Ойды онға бөледі.
Күшейеді жел шуылы,
Партизан қыз келеді.
Өлі ұйқыда ешбір заттың
Білінбейді дерегі.
Тасасында табиғаттың
Партизан қыз келеді.
Штаб үйі әлі алдында
Осы еді оған керегі.
Сырттан жайлап қарауылға
Қара бұлттай төнеді.
Қапияда қалды басып,
Қарауылды ауыздан.
Өткір қанжар қанын шашып,
Қорқырады жауыз жан.
Штаб үйін алды мезгеп,
Гранатын байлады.
Атты оны дәлдеп көздеп
Шықты үйдің ойраны.
Жауыз көзден қорып оны,
Жасырды орман терегі.
Қан жорықта болып жолы
Партизан қыз келеді.
НИЖНИЙ ТАГИЛ
Сорғалаған үстінде бүркіт әні,
Қалыпты есте күрең бел Түлкі тауы,
Нижний Тагил қапты есте бар қалпымен
Отпен жазған Оралдың бір кітабы.
Қалыпты есте солдаттай соғыстағы
Нижний Тагил суреті сол тұстағы.
Найзағайлы бұлттардай түтіндері,
Қалыпты есте цехтардың корпустары.
Майдан мен тыл үстіне көпір жасап,
Күндіз-түні ұйықтамай ол тұрды сақ.
Қалыпты есте жалыннан сауыт киген,
Болатшылар секілді кемпірқосақ.
ӨТКЕН КҮНДЕР
Талай бел, талай құба жонды басып,
Келемін алыс жерден мойны қашық.
Қарсы алды қалың орман қарт әжедей,
Елпілдеп дәті қалмай қойнын ашып.
Біз кезде қаным тамған жағдайым бар,
Қараймын бұл өлкеге қанбай құмар.
Елжіреп ескі достай бас шұлғиды,
Қан күрең қарағайлар, сал қайыңдар.
Тұрғанда тағдыр қатып қара тастай,
Мұңымды көп тыңдаған бала жастай,
Ағады арынды өзен аласұрып,
Майданда жарқылдаған ақ алмастай.
О, менің жиырма жасым, шық алдымнан,
Мен сені іздеп келдім шыған қырдан.
О, менің сұр шинельді жиырма жасым,
Жоқсың сен жорықтарда сыр алдырған.
О, менің жиырма жасым, жалын кешкен,
Қасқиып қара емендей дауыл кешкен.
Алдымнан шық қайтадан, шинель киіп,
Алып кел сонау алыс таңымды өшкен.
Күңірентіп соғыс бейбіт жатқан қырды,
Майданға анам мені аттандырды,
Үстімде дел-сал болып аспан тұрды,
Жамылып қызыл өрттей батқан күнді.
Қол бұлғап эшелонға дала қалды,
Даладай қарауытып ана қалды.
Алғашқы айырылысу жанды қинап,
Жүрегім алғаш рет жараланды.
Жасық деп айтпасын деп өз басымды,
Көрсетпей алып кеттім көз жасымды.
Елжіреп ет жүрегім тұрса-дағы,
Қайрадым «осалсың» деп жолдасымды.
Шығарып салды мені дала желі,
Даланың қара орманы, ала көлі.
Бұлғаған орамалын қарындас боп,
Қиылып барлығы да қала берді.
Күте бер жасыл тоғай, жазық дала,
Бауырымды көтеріп ем жазып жаңа,
Оралар соқтауылдай жігіт болып,
Әлжуаз сен жөнелткен нәзік бала.
Қарайлап тоқтай-тоқтай неше жолға,
Ерте күн жегтік келіп кеш Оралға,
Секілді қайран анам қалың орман,
Қарайды қайта-қайта эшелонға.
Дүние жатқанында ғарық болып,
Соғады ер қаруын халық болып.
Майданға кетіп жатыр бүкіл Орал
Зеңбірек, истребитель, танк болып.
Қорғауға өмір көзі — көкте күнді,
Құрсанып кете бардым көк темірді.
Кеш Волхов, көзімнен жас тамып кетсе
Күңірене есіме алдым өткен күнді.
СОНАУ АЛЫС КАРЕЛИЯ
Сонау алыс Карелия
Ну ормандар бұйра бұлттай,
Талай жылдар тербеп жанды
Қоймадыңдар күйді ағытпай.
Құлап сызды топыраққа,
Жатыр сонда ағай біздің,
Жапты талай жапырақтар,
Тамды жасы талай күздің.
Қос қанатын жайып теріс,
Жүгірді жел жағалай жар.
Көмді жуып, шайып теңіз,
Шулады жас қарағайлар.
Тартты жылап мұнарлы көк,
Жанып өлген жан азасын.
Шағалалар шығарды тек
Көкте шулап жаназасын.
Төрімде тұр оның өзі,
Көңілімде ескірген жоқ.
Өкініші — соңғы сөзі
Еш адамға естілген жоқ.
Ауа, күнге жаппай құмар,
Болатын-ды ол өмірде.
Айтыңдаршы, ақ қайыңдар,
Не деді ол өлерінде.
Сонау алыс Карелия,
Ну ормандар, көк толқындар,
Не деп ағай кетті, айтыңдар,
Ну ормандар, көк толқындар.
СОЛДАТ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Үш танкінің көзін жалғыз жоғалтып,
Өлді солдат зеңбірекке қол артып.
Батыс жаққа жүре берді достары,
Ол атпаған жауға оқты боратып.
Қайрат тапты ол, темірге де төзерлік,
Оның жолын әлі талай кезер жұрт.
Ол ерлікті іздеген жоқ ешқашан,
Оны қайта іздеп тапты өзі ерлік.
163 АТҚЫШТАР ПОЛКІ
Уж враг отступает пред вашим полком,
Какое блаженство быть храбрым бойцом!..
Гете.
Құшағында жанып жатқан орманның,
Жаралы боп жарты жолда мен қалдым.
Бұлт астынан сығылайды күміс күн
Бейнесіндей төсімдегі медальдың.
Қорғаныста көңілдері жабығып,
Шабуылды күткен аңсап сағынып,
Қайран достар, қайда кетіп қалдыңдар.
Сан жорықта бірге жүрген сабылып.
Сеңді бұзып, атып жатыр жел күреп,
Күркіреген күн емес ол зеңбірек.
Оқ тессе де барады тік жығылмай
Қызыл тулар шашақтары желбіреп.
Сапер жол сап миналардың ішінен,
Байланысшы сымды жалғап тісімен.
Батареялар от шашады бұрқанып,
Күй айналып түсетіндей күшінен.
Қапта, топан, селебе, сел, қарқындап,
Тұншықтырып, үйір жауды алқымға ап,
Көтерілсін шырақ болып боранда
Винтовканың найзалары жарқылдап.
Күркіре ауыр зеңбірегі Балтықтың,
Жұлдыздарын салют етсін сарқып түн.
Смольныйдың тұрсын туы бүркелмей,
Ленинградта тұрсын ашық шалқып күн.
Жаралымын, менде ұйқы жоқ бұл түні,
Сытырлаған сыртта жаңбыр сіркірі,
Шабуылға шақырады қайтадан,
Катюшаның күндей күшті күркірі.
ЖАУЫЗДЫҚ
Кішкентай ғана көгершін
Далада жатыр далиып.
Қара дақ етіп кеудесін,
Қалыпты қою қан ұйып.
Жұртта қалған кемпірге,
Болатын жалғыз ермек сол.
Жазықсыз құсты өлтірген,
Қатыгез неміс — жендет қол.
О, жауыз, неткен қатал ең,
Не жазды бұл құс сен үшін.
Қолыма түссең атар ем,
Сұрамай соттан келісім.
Япыр-ай, қайта ұшпай ма,
Өмірге еді бұл ынтық.
Дариға, менде күш қайда
Жіберер қайта тірілтіп?!
КӨКТЕ БҰЛТТАР ҚАНСЫРАП ТҰР
Көкте бұлттар қансырап тұр,
Оқтар жыртып қорғасындай.
Тағы жаңбыр тамшылап тұр,
Сорғалаған көз жасындай.
Жатыр ұйықтап барлаушылар,
Разведкадан жаңа оралған.
Тағы да олар жауға шығар,
Тағы ұзатар жаралы орман.
Өтті өмірден байланысшы...
Жалғап сымды тістеп өліп.
Жатыр ма олар сол туралы,
Тірілтердей түстер көріп.
Түсті жайдың оғы келіп,
Балапандай тал шыбыққа.
Өртенеді екен өзен
Кім біліпті жайшылықта.
Кім көріпті судың жанып,
Қып-қызыл боп өртенгенін.
Кім көріпті шуыл қағып,
Емендердің ерте өлгенін.
Көкте бұлттар қансырап тұр,
Оқтар жыртып қорғасындай.
Тағы жаңбыр тамшылап тұр,
Сорғалаған көз жасындай.
БОЛАТ ҚАЛҚАН
Айта аламын әрқашан,
Орал сені мықты деп,
Жүгін, көкке нанбасаң
Тауларың тұр бұлт тіреп.
Айта аламын әрқашан
Жаралған деп сені оттан.
Сұра барып нанбасаң
Өзің қорытқан болаттан.
Айта аламын әрқашан,
Ер деп қорқу білмеген.
Жүгін, желге нанбасаң
Жалыныңды үрлеген.
Айта аламын әрқашан
Деп өзіңді күн ыссы.
Жүгін, маған нанбасаң
Солай дейді жұмысшы.
Ауыр күні соғыстың
Болатыңмен болыстың.
Көк темірді құрсандың
Қалқаны боп орыстың.
СЫР ҰЛЫ
І
Айнымас досым болды ерте күнде,
Өмірдің өріне өрлеп өстік бірге.
Жайқалып жазғытұры шешек жарған
Жайдары жүзі ұқсайтын қызыл гүлге.
Шыңдардың шығып алып төбесіне
Құмар еді қиялымен кеңесуге.
Өлеңнің жатушы еді жалынды оты,
Талдырмаш оның нәзік денесінде.
Өткір көз, өр мінезді, қыран қабақ,
Ақындық әлеміне жайды қанат.
Жүректің сазды күйін саңқылдатып
Жанында райхан жаз жатты ұялап.
Жанды сөз, жалынды ырғақ, жыр иесі,
Қызық қой ақындықтың дүниесі.
Қиялы лашын құстай көкті айналып,
Толқытқан сыр толқынын ой пернесі.
Өмірдің еркетайы ақын ұлан,
Қеудесі ой теңізі сапырылған.
Кейкезде нажағайдан қиялы ұшқыр
Шатырлап түскен аспан шатырынан.
ІІ
Көз салып сұлу Сырдың келбетіне,
Біз тұрмыз толқынымен тербетіле.
Бір топ жас су сабалап ойнап жүрді,
Ғажайып көгілдірдей көл бетінде.
Жатқандай жаратылыс дамыл алып,
Кең алқап керіледі сағымданып.
Ойнайды су бетіне түскен затпен
Иірім ағысы асау қағып алып.
Жатқанда дәл осылай әлем балқып,
Көк дауыл күңіренді ішін тартып.
Аспанға бұлттар ойнап шыға келді,
Көрінді көкжиектен жалын шалқып.
Ұйтқыды жер үстінде дауыл борап,
Көк жүзін майдан бұлты алды орап.
Жағалай жау жазасын беру үшін
Жан-жаққа бөлінісіп кеттік тарап.
ІІІ
Асығыс аялдамай айлар өтті,
Білмедім ақын досым қайда кетті.
Жүгіртіп көңілімді неше саққа
Белгісіз дос тағдыры қайран етті...
Жылдар да жылжып жатты тізбегімен,
Айнала хабар салып іздедім мен.
Келер деп бұлт астынан шыққан күндей,
Сонда да күдерімді үзбедім мен.
Ойладым қанды айқастың дауылында,
Жүрме деп ұрыстың бір ауырында.
Ойладым жау бетінде жатыр ма деп
Бел шешпей Балқан тауы бауырында.
Есіме түсе берді күндер өткен,
Жас өмір жанымызға гүлдер еккен.
Өмірдің өрі биік өткелдерін
Онымен қол ұстаса бірге өткем.
Білмедім хат салмастай не болғанын,
Тек қана жаманатты ойға алмадым.
Келешек кемесінен күте бердім,
Көрсем деп жеңіспенен оралғанын.
ІV
Көп ұзап қан майданнан келді бір хат,
Конвертке қарай бердім мен таңырқап.
Ойлаймын әрлі-берлі таныс емес,
Құпия хат сыртына қойылған ат.
Бейтаныс адамменен амандасып,
Жібердім тағат қылмай ішін ашып.
Көңілге хат мазмүны ойлар салып,
Жаныммен кетті жалын араласып.
Жазылған не барлығы жалғыз парақ,
Оқыдым қайта-қайта неше қабат.
Соғыстың сұрапылы елестеді,
Қиялым майдан жерін кетті аралап.
V
Секілді жауын баққан жас арыстан,
Қасқайып қан майданда қасарысқан.
Бір жігіт бұлт үстінде келе жатты
Бүркіттей асқар таудан аса ұшқан.
Қара жер күрең тартып шалқып жанып,
Көк орман көрінеді жалқынданып.
Соғыстың сойқанынан сұры кеткен
Астында майдан жері жатыр қалып.
Дертіне көк жүзінен дауа күтіп,
Туған жер қарағандай алабұртып.
Келеді жігіт көктің кемесінде,
Салсам деп жауға ойран орағытып.
Құлдырап бір қиырдан бұлтқа бойлап,
Бір кезде Мессершмидт шықты ойнап.
Мотордың гүрілімен жаңғырығып,
Кеткендей көк өлкесі бірге атойлап.
Ақ бұлттан аса ұшып аспанды үңгіп,
Кей кезде жоғалады көкке сүңгіп.
Алыстан зеңбіректен атқылайды
Маңайды түтінімен етіп күңгірт.
Сұңқарым, қалма енді барыңды аяп,
Буырқан бұлтты күнгі дауылдай-ақ.
Қасарып қайратыңның қақ дабылын,
Шалқи бер топанға өшпес жалындай-ақ.
Кеткендей кенері ұшып, көк сөгіліп,
Жан-жақтан ағып жатыр от төгіліп.
Аспанда самолеттер құлдилайды
Минутта тоқсан тоғыз төңкеріліп.
Дарытпай бір-біріне атқан оқты,
Аспанда алаулаған жүзді отты.
Ала алмай ешқайсысы аңдысумен,
Арада он минуттай уақыт өтті.
Бір кезде нажағайдай дәл атыла,
Соқты ол Мессершмидт қанатына.
Білді ол өзінің жас өмірімен
Қалуды туған елге ара-тұра.
Келе алмай Мессершмидт орамына,
Қып-қызыл жалын орап жоғарыда.
Құлады от күйінде омақаса
Өзінің аэродром алаңына.
Сұңқардың лаулаған от үстін алып,
Ну орман ортасына түсті барып.
Туған жер баласына риза боп,
Құшағын аша берді құшырланып.
Осындай тиіссе де жазылған хат
Тұнжырап тұрғаным жоқ мен жабырқап.
Не арман ерлікпенен кешсе өмірін,
Тұтатып туған елге от махаббат.
* * *
Арада жылдар салып Сырға бардым,
Сан тарау көрдім сұлу жылғаларын.
Қыдырып құмдарында құлыншақтай
Жаңғыртып кеттім кезіп ну орманын.
Өзімнің көрдім барып мектебімді,
Көзіме қайта әкелді өткен күнді.
Досыммен осыдан бір аттанып ек,
Құрсанып тұла бойға көк темірді.
Жаңа өмір жазыменен бір жаңарып,
Өсіпті ақ қайың да тұлғаланып.
Түбінде отыратын Роза қыз,
Қанатын жас бұлбұлдай жырға малып.
Есімде әдебиет үйірмесі,
Болатын онда жиі жыр кеңесі.
Оқитын өлеңдерін жас ақындар
Жүйріктей дуда қызып делебесі.
Ақын дос көз алдымда сол кездегі
Қейде ауыр, кейде албырт мінездері.
Шығатын кейде қатты, кейде баяу,
Құйқылжып құлағымда тұр сөздері.
Көрдім мен жағалауда тұрып бәрін,
Даласын, көк мауыты бұлттарын.
Оралмай қалған ақын досым үшін
Толтыра Сыр суынан бір ұрттадым.
1949
Жалқынданып күн батар,
Ай да туар нұрланып.
Біреу сезіп тіл қатар,
Шық үйіңнен ұрланып.
Сыбыр-сыбыр жел мынау,
Сылдыр-сылдыр су мынау.
Дала тоқсан күйімен,
Қағып жатыр қоңырау.
Шық үйіңнен асыға,
Кел бұлақтың қасына,
Қалқалайды қарағай
Жапырақпен жасыра.
* * *
Қанатын қағып қомданып,
Алды да біраз желпініп.
Түстен кейін жайланып,
Қалды кенет жел тынып.
Ашылды аспан бұлтынан
Қөрінді жайнап көк зеңгір.
Қар борамай, жел тынған
Дүние қандай мөп-мөлдір.
БАЙҒАБЫЛ
Баяу аққан Байғабыл,
Бір кішкентай өзенсің.
Ашуыңа кез келсе
Асу бермес кезеңсің.
Қыздың қара көзіндей
Мөлдіреген тұнықсың.
Толқыныңа сүңгімей
Сырларыңды кім ұқсын.
1949
ЕСІЛ
Қең далада көсіле,
Күркіреген Есілім.
Қонған жырдай төсіме
Есіл сенің есімің.
Есіңдеме еді жер балқып,
Ойнаған дауыл сол біршақ.
Теңіздер көктен бұлт тартып,
Төгілген күннен от бұршақ.
Толқыныңнан бір жұтып,—
Толғана сенен жол тарттым.
Сағанда сонда тіл бітіп,
Тілеп ең жолын солдаттың.
Талма түстің шағында,
Төсіңнен соққан майда леп.
Бұрқанған от жалында
Мені іздеген қайда, деп.
Айналып саған келдім мен,
Анамдай болып сен Есіл.
Аймалап қоңыр желіңмен
Қойныңды аштың көл-көсір.
Гәусарыңды сапырып,
Жайдары жаздың кешінде,
Ойнайын жардан атылып,
Толқының болып төсіңде.
1949
АРЫСТАНБАЙ АСУЫ
Әлдекімге төнгендей,
Бетіне шығып ашуы.
Жататұғын жол бермей
Арыстанбай асуы.
Тұйықталып бір жола
Адырын жан баспаған.
Сусыз, нусыз, қу дала
Ұйқыдан көз ашпаған.
Асуы алпыс шақырым
Жоталы адыр, жолы ұзақ.
Жалап жалаң тақырын
Соғатұғын аңызақ.
Жаңа өмір — жаңа адам,
Қолқасына қол салды,
Қан тамырдай тараған,
Тұс-тұсынан жол салды.
Бұлтқа ұласып адырда,
Будақтаған шаң қалды.
Арыстандай арынға —
Арыстанбай таң қалды.
1949
ТАҢ АТҚАНДА
Ақырын күліп таң атқанда,
Көк атылас жамылып.
Кең даланы оятқанда,
Таң дабылы қағылып.
Көрем сонда өз елімнің
Асқар таудай табысын.
Көрем сонда өзенімнің
Алып қашқан ағысын.
Көрем сонда мұнар тартқан
Туған жердің шыңдарын.
Жапырағын жайып жатқан,
Қалың орман нуларын.
Көрем сонда колхоз қызын,
Тал құрығын қолға алған.
Көрем оның нұрлы жүзін,
Ел бақытын ойланған.
Көрем сонда диқан қартты,
Баптап жүрген егінін.
Көрем сонда мархабатты
Бүкіл елдің өмірін.
Ақырын күліп таң атқанда,
Көз жіберем ертемен.
Тамашалап таң кете алмай,
Тұрады екен өлкеден.
1949
* * *
Өлеңім сырласатын серігімсің,
Өзіммен бірге жасар өмірімсің.
Адамзат жүрегіме үңілгенде,
Әр уақыт сен арқылы мені білсін.
МОСКВА КОНСЕРВАТОРИЯСЫНДА
Шалқыды зәулім залда қазақ әні,
Көшіріп әкелгендей жазираны.
Үнінде сыбызғының келе жатты
Сызылып атып сұлу жаздың таңы.
«Сарыарқа» көкке самғап қақты қанат,
Көсіліп кез алдында жатты алап.
Жанында күй жалыны лап еткендей,
Шабытты Чайковский тұрды қарап.
Не деген нәзік еді шіркін жүрек,
Күйменен қоса толқып тұр дірілдеп,
Қазақтың әндеріне бойы балқып,
Қояды Буденный да күлімсіреп.
Айналып астананың омырауын,
Барады толқып, шалқып қоңыраулы үн.
Сазына симфония араласты,
Құйқылжып Қоян-бүркіт, Балбырауын.
Қазақтың алып келген мол мұрасын,
Бір күйден бір күй артып болды басым.
Тоқтатты Топан күйдің басын тартып,
Қарт қазақ қатты серпіп домбырасын.
1949
ЛЕНИН МАВЗОЛЕЙІНДЕ
Төсекте ұйықтап қана жатқан жандай,
Дүние үміті жүзінде сақталғандай.
Келбетінен көзіңе жарқ етеді,
Болашақтың бейнесі атқан таңдай.
Ауыр ойлар ауысып бір басыңнан,
Лениндей өтесің күн қасынан.
Өміріңнің түйінін, тағдырыңды,
Соның ғана табасың тұлғасынан.
Мавзолейге ту етіп ел жүрегін,
Құйылады керуені дүниенің.
Болашаққа қолынан аттандырып,
Нұр құяды кеудеңе ұлы Ленин,
1949
РОССИЯ
Россия, алыпсың жаның байтақ,
Досың түгіл қарайды жау таңырқап.
Түн болғанда Ленин тауларынан,
Жан отындай жатады жалын бұрқап.
Қайта өзгерткен табиғат құбылысын,
Кім сезбейді Россия ұлы күшін.
Сеніменен жатырмын бірге салып,
Коммунизм үйінің құрылысын.
Россия, Россия ұлы жерің,
Аспаннан да кең жатыр көкірегің.
Керемет күш кеудеме құйылды кеп,
Самалыңмен бір сүйіп өтіп едің.
Шат өмірдің қойнында шалқып тасып,
Ұлы жолда келеміз қолтықтасып.
Коммунизм шығамыз шыңдарына,
Қамалдарды бірге алып қол ұстасып.
Бәрі ыстық сүйікті атырабың,
Ормандарың жайқалтқан жапырағын.
Россия, Россия — Сарыарқадай,
Қасиетті мен үшін топырағың.
Россия, Россия ұлы жерің,
Аспаннан да кең жатыр көкірегің.
Қеремет күш кеудеме құйылды кеп,
Самалыңмен бір сүйіп өтіп едің.
1949
МОСКВА
Арнасындай мұхиттың алаңдарың,
Алақанға қондырған жан арманын.
Шыққан күннің шашыраған сәулесіндей,
Жалт-жұлт етіп жүзеді жалауларың.
Кремльге құйылып шар тараптан,
Ұлы өмірдің нұрындай жұлдыз аққан.
Сол жұлдыздар бақыттың жыл құсындай,
Москва аспанында қанат қаққан.
Жер үстінде қозғалса байтақ өмір,
Жер астынан шығады ұлы дүбір,
Адам күші аспанға желі тартьп,
Жер мен көктің қосқандай жүрегін бір.
Кремльдің түсінде таңның нұры,
Жұлдызы оның тәрізді жанның күні.
Тұрғандай Москваның құшағында,
Желкілдеп жер бетінің барлық гүлі.
1949
ЖАСЫЛ ОРМАН
Жазғытұры күн-түн қатып,
Колхозды елім еккен қолдан.
Жапырағыңды судырлатып,
Жайқал, жайқал жасыл орман.
Қөктің жүзін бұлттар орап,
Күзде кетіп, келді қыста.
Күрең тартып тұрсын қарап,
Күзетшідей күншығыста.
Бойын өрлей Тоғызақтың,
Биіктеген берік қорған.
Алдын тосып аңызақтың,
Жайқал, жайқал жасыл орман.
1949
КОМСОМОЛ
Жатыр еді ол анкетін
Жаңа қолға ап толтырып.
Қағылды дабыл. Аттанды,
Шабуылға қол тұрып.
— Тыңда, жолдас комсорг,
Барам билет ала алмай.
Комсомол деп санаңыз,
Қалсам егер оралмай.
Аяқталмай қалды анкет,
Отпен ойнап ол кетті.
Қанды майдан алаңын,
Қара дауыл тербетті.
Қалған жерін анкеттің,
Толтырды ол қанымен,
Жазбаса да арызын,
Айтып кетті арымен.
1949
ЕДІЛДЕН ӨТКЕНДЕ
Рауандап таң да атты,
Мен Еділден өткенімде.
Тұрды алдымда бір салт атты,
Қолын созып көкте күнге.
Қиялымен көкті кезген
Кең дүниені орағандай.
Оның өткір көздерінен,
Шашырап от тарағандай.
Ширатылған қара мұрты,
Қанатындай қыран құстың.
Қан майданғы жүзі айбарлы,
Жалтылдаған ақ қылыштың.
Күлімсіреп күншығыс жақ,
Келеді атып таңғажайып.
Таңды қарсыап бізбен бірге,
Ат үстінде тұр Чапаев.
1949
СТАЛИНГРАД
Айнала жау анталаған,
От ішінде тұрды қала.
Дүние үмітін арқалаған,
Секілді еді бір мұнара.
Көшелердің жалтыр тасын,
Жапты жалын қанатымен.
Зеңбіректер атты жасын,
Қаптатып сел қара түннен.
Сол қалада сол бір күнде,
Таянышын тапты өмір.
Араласып зор дүбірге,
Айбатшеге ақты Еділ.
Ашып тастап от құшағын,
Келгенінде жау жалақтап.
Адамзаттың болашағын
Сол бір қала қалды сақтап.
1949
ЖЫР ЖОЛЫ
Асқақты көңілім басылмай,
Өтеді шалқып уақытым.
Қанатын қағып лашындай,
Қасымда жүр бақытым.
Өмірдің алуан сырларын
Жүргенім жоқ аз ұғып,
Тумаған әлі жырларым,
Жанымд ажатыр жазылып.
Қилы-қилы жыр жолы,
Бірте-бірте өтермін.
Жетпегенмен біржолы
Шыңына өрлеп жетермін.
1949
ЧУСОВОЙ БҰЛАҒЫ
Жатыр жерді жамбастай
Күздің күңгірт тұманы,
Тілген соны алмастай
Чусовойдың бұлағы.
Жерде, аспанда қалғыған
Басылған жел құмары,
Шығады тек алдыңнан
Чусовойдың бұлағы.
Бітеймін деп біржола
Боран да оны сынады,
Келе жатыр сонда да
Чусовойдың бұлағы.
Ақ көбігі шырағы,
Жанары оның қырағы.
Күзеттегі сақшыдай
Чусовойдың бұлағы.
* * *
Дала бір толы қарамық,
Дала бір толы қымыздық.
Даладан әр кез табар жұрт
Тарықса талай ырыздық.
Суырып құмның көсігін,
Сүйріктер тартып түбектен.
Даладан теріп несібін
Балалық шағым күнелткен.
Саңлаудан жұлдыз санаған,
Бұл күнде сарай — қостарым.
Теңіздей ойлы дана адам —
Бір кезгі бала достарым.
ӨЗГЕРГЕН ӨЛКЕ
Шілдеде шарлап аңызақ,
Жонына күзде сыз өтіп,
Қысында боран азынап,
Ала алмай бойын түзетіп,
Жаңбырды бұлттан тіленіп,
Сағымды көзі жаудырап,
Жататын дала түнеріп,
Қаусаған шалдай қаудырап.
Тырнадай көшкен тізіліп,
Талай жаз, талай күз өтті.
Жаңадан карта сызылып,
Жас орман жонды күзетті...
Даланың дастарқанына
Бауырсақтай төгілген.
Күн шымылдық ашқанда
Жер гулейді егінмен.
* * *
Жауып ескі аңызды
Қөрсетпейді қар көміп.
Түсіп жатқан тәрізді
Қар емес сол дән болып.
Қойны-қоншын толтырып,
Қарық болып қалды дүз.
Жер астында қорытылып,
Шығар жазда дән - жұлдыз.
БАЙҚАЛ АҢЫЗЫ
Куәсі сан күндердің,
Байқал сыры тым ұзақ.
Миллион жылдар дүниенің
Өткізген көшін тұнжырап.
Оның мөлдір ағынын,
Тек аспаннан бұлт емген.
Оранып тау сағымын
Басқалардан бүркенген.
Асқаралы шыңдары
Асыға алға қараған.
Кәрі Байқал туралы
Талай аңыз тараған.
Күмбезді тау шайқалып,
Көл қалыпты орнында.
Басқа аңызын айталық,
Қызығы оның соңында.
Байқал деген шал екен,
Құдіреттей қаһарлы.
Үш жүз ұлы бар екен
Қазған терең каналды.
Анкара атты ақ маңдай
Болыпты онда жалғыз қыз.
Секілді екен туған ай
Ортасында көп жұлдыз.
Кең дүниені балқытып,
Күн жатқандай көзінде.
Қара тас та жан бітіп,
Қарағандай жүзіне.
Көк теңіздің төсінде
Толқындай шашы бұралған.
Тұрғандай соның үстінде
Толықсып қана бұл жалған.
Қарақат көз қадалса
Қара қасы қиылып.
Қалдырар таң-тамаша
Кеудеңе нұр құйылып.
Бірақ сұлу жанында,
Бір ауыр дерт жатқандай.
Демі ұқсайды жалынға,
Көгінде күн батқандай.
Әлденелер ойлайды,
Қыз арманы тым алыс.
Көл суымен ойнайды
Іздегендей жұбаныш.
Шың үстінде бүркіттей
Шарықтайды қыз қиял.
Жатыр қашық Енисей
Жан шербеті сұлу жар.
Асау жүрек алқынып,
Баса алмай жан толқынын.
Соған қарай талпынып,
Тартады қыз көл суын.
Қашты ма әлде күш жиып,
Болды бір күн қыз ғайып.
Кәрі Байқал түксиіп
Қалды бұған ғажайып.
— Бет бақтырмас батырмын,
Тәңірідей күшім бар.
Әлемді орап жатырмын
Маған қандай қысым бар.
Көк ала толқын оранып,
Бұлттан қамшы үйіріп.
Аттанды шал долданып,
Көк болатты киініп.
Жыртылғандай жағасы
Көл ағызды көбік жас.
Көрінді шал қарасы
Жан ұшырды толқын шаш.
Таудай тасты қолына,
Жерден алып жіберді.
Бірақ қыздың жолына,
Бола алмады кедергі.
Кім сөндіріп, кім басар
Жас жүректің ұшқынын.
Өмірменен бір жасар
Махаббаттан күшті кім!
Қарсы шығып Енисей
Жарымен қол алысты.
Анкара сұлу күлімдей
Сүйгенімен табысты.
Содан бері қарт Байқал
Қабақ ашпай көп жатқан.
Қөк ала толқын бұйра жал
Жартасқа күй тыңдатқан.
Тұңғиық көл пердесін
Түрді көктен күн ашып,
Біз өмірге келгесін,
Байқал жатыр сырласып.
* * *
Жалғыз бұлақ — мөлдір көз,
Дәуітбай сайы астында.
Сол арада болдың кез
Шөліркеген жас тырна.
Аңызақ соғып талдырып,
Су іздеп келдің қаңғырып.
Тимедік біз де, сусынын
Алсын деп әбден қандырып.
Сен қалдың алғаш кезінде
Жасқанып, бізді жатқа ойлап.
Үшырдық көктің жүзіне
Қанатыңа хат байлап.
Жазылған еді сол хатта
Сол жылдың шуақ күн, айы.
Біздердей жанға әр шақта
Кездессең болар ұдайы.
МЕКТЕП
Көкке бойы өрлеген,
Көк шатырлы мектебім.
Өткізіп ем сенде мен
Өмірімнің көктемін.
Бойды билеп қуаныш
Саған алғаш барып ем.
Дүниеге тым алыс
Жас кезімді салып ем.
Толқыны ойнап сезімнің
Толғана сенен шыққанмын,
Өмірімдей өзімнің
Әліппеңді ұққанмын,
Жылдар озып кетсе де
Жылы көрем жүзіңді.
Отырғанда кеңседе
Ұмытпан сол кезімді.
ДНЕПРДЕ
Дүрілдеп жатты Днепр,
Дірілдеп жары толқыннан.
Айдыныңда ақ көбік,
Қорғасындай қортылған.
Айқасқа шыққан бұл уақыт,
Оранып ажал темірмен.
Жасырын жатып шалуға,
Жағалай мина көмілген.
Көргеміз сонда саперді,
Ажалдың жолын бөгеген.
Жазылып еді сол шақта,
Ол туралы көп өлең.
Білетінбіз тынымсыз,
Түн жамылып жүргенін.
Қара мұртын ширатып,
Көретінбіз күлгенін.
Сүйгенбіз сонда саперді,
Ажалдың жолын бөгеген.
Барлығын айтып қайтейін,
Жазылған сонда көп өлең.
Днепрдің бойында
Кездестік қайта біз бүгін.
Көрсетіп жатыр құрылыстың
Қағазға түскен сызығын.
Болса да үсте сұр шинель,
Сапер емес ол бірақ.
Құрылыстың мықты маманы,
Енді қазір прораб.
Отырдық жайлап жағада,
Кеңесіп доспен сол бір түн.
Қолымен жолын сілтеді,
Жұлдыз боп аққан толқынның.
1950
ӘН
Жан жүйені ұйытқан.
Жалын қанат ән тәтті.
Суық күнде жылытқан
Сұр окопта солдатты.
Солдатпенен бір жүріп,
Берлинге де бір барған.
Дүние жүзін күлдіріп,
Жеңіс әні жырланған.
Қысқы суық іңірде,
Жылқышымен қыр асқан.
Жаздың жайлы түнінде
Қыз жанымен сырласқан.
Жан толқынын өрлетіп
Жарымдайсың сырлассам.
Жүрегімді тербетіп,
Бір қалмайсың жыр жазсам.
1950
ГРЕК ХАТЫ
Жүздері солғын жабырқап,
Ішінде қапас түнектің.
Біздің елге жазып хат
Ұлдары отыр гректің.
Күзетіп тұр күні, түн,
Тас абақты — тар қақпа.
Әрбір жүрек үмітін
Құйып жатыр сол хатқа.
«Бұзып темір торларын,
Осы хатым кетсе» деп,
Ойлайды олар: «Арманым,
СССР-ге жетсе»—деп.
Ел тілегі жол тапты,
Тұншықпады тұманда.
Ертеңіне сол хатты
Басып жатты «Правда».
1950
АНЮТА
Орыс қызы жаны бір,
Кеудемдегі өлеңдей.
Жас Анюта әлі жүр,
Көңілімде көнермей.
Сонау бала күнімде
Жатыппын мен ауырып.
Күрмеліпті тілім де,
Күйзеліппін жабығып.
Жүрегіме балаған,
Ұлыма ажал келдідеп,
Отырыпты жан анам,
Көзінде жас мөлдіреп.
Есітіп жайсыз хабарды,
Ауылдағы әкем де,
Елемепті боранды,
Қарамапты қатерге.
Қызметтен сұранып,
Күнде суыт жүріпті.
Боран арсыз жынданып,
Құтырынып тұрыпты.
Маған көрші селодан
Анюта қыз келіпті.
Жалт қараппын мен оған,
Бір дәріні беріпті.
Жайнап жүзім сазарған,
Ауру бұлты ауыпты.
Анюта қыз ажалдан
Арашалап қалыпты.
Бейнесі оның бір бөлек,
Көптен сақтап келем мен.
Әттең, шіркін, не керек,
Бере алмаймын өлеңмен.
1950
КЕРУЕНШІ КЕЛІНШЕК
Ақша жүзі қоңырқай,
Күйдіргендей күн ептеп.
Арбасына ақ бидай,
Атып жатыр күректеп.
Еңбегімен жүлдені ап,
Ел аузында жүр аты.
Сезілгендей бірден-ақ,
Қимылынан қуаты.
Қоңыраулы қос күрең,
Қояр емес жер тарпып.
Керіледі Қызыл Ту,
Жиектерін жел тартып.
Жазда баптап даланы,
Жүргенін біз көуші ек,
Керуен тартып барады,
Күзде со бір келіншек.
1950
КОРРЕКТОР
Жас баладай жаңа ашқан әліппені,
Оқисың сен ежелеп әріптерді.
Саусағыңның отымен сәулеленіп,
Кітаптарым теріліп, жарық көрді.
Менен бетер мүлт кетсе мазаланып,
Менің үшін сен жүрдің жазаланып,
Қайта-қайта жөнделіп қалыпқа кеп,
Өз жаныңдай шықты өлең тазаланып.
Болсын дедің ой — айқын, сөз — ұғымды,
Елегіңнен өткіздім өз жырымды.
Жанардың да жарығы өлшеулі ғой,
Қалай сақтап қаламын көз нұрыңды.
БАҒЫНҒАН ӨЗЕН
І
Аунақшып жатқан кез еді,
Аспаннан жаңбыр жер тілеп.
Текенің тентек өзені,
Теріске ақты тентіреп.
Жағалауда бір лашық,
Жар басында бір шығыр.
Жалғыз құман, бір қасық,
Жерошақта шымшуыр,
Кебежеде жыртық ау,
Керегеде тон, тымақ.
Төсеніші қырық құрау,
Төр алдында көнтулақ.
Жас Тұралы тұратын,
Долы өзеннен су сұрап.
Шығыр мезі қылатын,
Шиқ-шиқ етіп қыңсылап.
Жағалауда бір лашық,
Жар басында бір шығыр.
Жылды қуып жыл асып,
Қөшті күндер бұлыңғыр.
ІІ
Өмірден жаңа от алып,
Қаптады халық қарқындап,
Маңқиған тасты қопарып,
Машина кетті алқымдап.
Жолбарыстай жон төсеп,
Тұңғиық жатты тың тыңдап
Топырлап құлап тоң кесек,
Тозаңы ұшты бұрқылдап.
Тұрғызды халық тоғанды,
Кете алмады су асып.
Долы өзенді доғарды,
Толқын да тынды жуасып.
Баяғы шығыр орнында,
Жарқырайды бір завод.
Баяғы дала жонында,
Электрлі кіл жаңа от.
Жоқ бұрынғы қосы да,
Жоқ бұрынғы мосы да.
Жұлдыздармен жайнаған,
Әрбір үй тұр осында.
Сол үйлердің бірінде,
Қарт Тұралы тұрағы.
Күндіз, түні үйінде.—
Жұлдыз жанып тұрады.
1950
* * *
Ойлашы тау биік пе, жан биік пе,
Деп едің көз жетпестей әр биікке.
Тау дейтін сол тауыңды тауып берші,
Тап қазір бірге болып Магнитте.
Мен тұрмын мұнараның төбесінде,
Тау бізден төмен қалды сенесің бе.
Күші, түсі — бәрі де өзгеріпті,
Болаты тұр адамның денесінде.
ШЕВЧЕНКО ЖАЙЫҚТА
Жайықта ақын күбірлеп,
Құпия ойға берілді.
Тасыған өзен дүрілдеп,
Днепр боп көрінді.
Көрінді сонда қайран ел,
Өзендей жатқан еңіреп.
Қайысты сонда қара жер,
Қалғыды ауыр төңірек.
Көзіне сонда ұқсады,
Екі өзен бірге аққандай,
Украин,
қазақ құшағы
Айқасып бір жатқандай.
1950
МАГНИТ АСПАНЫ
Ұласып жалын бұлтпенен,
Тау үстіне бекінді.
Комбинат түсі күп-күрең,
Айбынын атқан секілді.
Сол кезде көкпен астасып,
Көкала түтін ойнады.
Күркілдеп кокс от шашып,
Бұрқылдап болат қайнады.
Тау үстіне жалыннан,
Жап-жасыл аспан орнады.
Темірдің отқа қарылған,
Жосылып жатты жолдары.
1950
МАГНИТ КЕШІ
Думан боп күнде жатады,
Магнит таудың кештері.
Жалынын жиі атады,
Жарқылдап мартен пештері.
Магнит таудан сарқырап,
От өзендер құлайды,
Ағады құрыш жарқырап,
Қалады қоқыс ылайлы.
Өмірдің отын маздатқан
Магнит таудың кештері.
Жалыннан жалын қоздатқан,
Мартеннің алып пештері.
Жаңартқан дала картасын,
Магнит таудың ерлері.
Магниттей тартасын,
Өз ортаңа сен мені.
1950
АЙДАРЛЫДА АЙДАРБАЙ
Алғашында Айдарлы,
Тау екен бір айбарлы.
Сай тасындай сансыз қол,
Салды бір күн майданды.
Динамитпен бір атты,
Дүрсілдетіп құлатты.
Дүркірей тасы домалап,
Тау теңселіп тіл қатты.
Айбынды адам қол салды,
Тау тырп етпей қоршалды.
Жолбарыстай жотаның,
Жонын жарып жол салды.
Басында тұр Айдарбай,
Даңқын таудың жайғандай.
Осы өлкенің болатын,
Өлшеп, пішіп қойғандай.
Алуан металл тапқан соң,
Магниттің тауынан.
Табан тіреп Айдарбай
Айрылмай тұр жалынан.
1950
ДОМНАШЫ
Жырлапты ақын ер ісін,
Жортып жалғыз сабылған.
Жолақ-жолақ терісін,
Жолбарыстың жамылған.
Жолбарысты мен бүгін,
Жыр етейін несіне.
Шын батырды көр бүгін,
Бар да магнит пешіне.
Алай-дүлей айнала,
Лапылдаған от-жалын,
Домнаның пеші долдана
Шашады қызыл шоқтарын.
Омырауы толы орденге,
Магнитпен бірге өскен.
Көрдім батыр сол жерде
Темірменен тілдескен.
1950
ЖАЙЫҚ ЖАҒАСЫ
Атақты сұлу Ақ Жайық,
Аташ таудың етегі.
Жағаға суын мол жайып,
Жарқылдап ойнап өтеді.
Жол салады тың жерге,
Болаты берік қалқаны.
Магниттен шығып Никельге,
Жайдары Жайық тартады.
Жалаңаш еді алабы,
Жайнатып өмір берді күш.
Жайраңдап Жайық ағады,
Өн бойы толы өндіріс.
1950
ӘСКЕРИ ӘСЕРЛЕР
1
Түн күндіздей жап-жарық,
Жерді жуған қызыл қан.
Аспанның ішін ақтарып,
От қанжары сызылған.
Жанып орман өртеніп,
Жатыр өліп жолда аттар.
Дүниені тұр көтеріп
Иығымен солдаттар.
2
Әдемі қыздар — ақ гүлдер
Алыстап кетті қияға.
Жұлдызды түндер, шат күндер
Жып-жылы қалды ұяда.
Тотықұс болып тағы үшып,
Түсіме кірді таң алды.
Ұйықтаған арман талықсып,
Қайтадан күліп оянды.
Жалынын оқтар жайды да,
Бүркеді түтін ай төсін.
Қызғанды менен айды да,
Амалың бар ма қайтесің.
3
Түнді көзбен жөнелтіп,
Таңды көзбен атырып,
Сен келесің мені ертіп,
Шаңқай түске шақырып.
Қанды майдан асуда
Келем оққа ілінбей.
Жебеп мені қасымда
Бірге жүрсің білінбей.
4
Ел айықты дертінен,
Жер айықты өртінен.
Көл толқыды көркімен,
Жел шалқыды еркімен.
Жеңіп шықтық біз ақыр,
Бұраң-бұраң жол жатыр.
Көңіл — сергек, көз —
батыр,
Қимылдады қол батыл.
Төсінде айы тұтылып,
Аппақ жүзін қан басқан.
Кіреукесін сыпырып,
Бір сілкініп алды аспан.
Соғыс жайпап таптаған
Келді дала күйіне.
Өзің өрттен сақтаған,
Өзіңе ыстық дүние.
5
Соғыс бір сұмдық өрт,
Тас жанды, жер күйіп.
Кек топан —құдірет,
Өшірді сел құйып.
Солдат тұр шинельді
Арқалап жетімді.
Келешек күндерді
Көтерген секілді.
* * *
Шытымыр аяз шырқын ап,
Бұйығып қатқан мұз дала.
Бу болып демі бұрқырап,
Су алып қайтты қыз бала.
Аспанды жапты қайта бұлт,
Бұрқырап боран келе ме?
Қос шелек қолда шайқалып,
Әрең деп шықты төбеге.
Жаутаңдап қарап жолына,
Жайылып жатыр қой ықта.
Қос шелек алып қолына,
Барады-ау тағы ойыққа.
Асылып әке мойнына
Жүретін кезі еркелеп.
Еркіне соғыс қойды ма,
Есігін қағып ентелеп.
Сол ойлар түнде ұрланып,
Түске енді қыстың бұлтындай.
Ұйтқыды боран жынданып
Ысқырық тартып бір тынбай.
Жүніндей қаздың түтіліп,
Бұрқырап жатты қар ұшып.
Әкесі жүрді түтігіп,
Майданда жаумен алысып.
Талықсып таңның кезінде
Ышқынып боран қашты аулақ.
Мөлтілдеп жасы көзінде
Селкілдеп басы қақшаңдап.
Аспанда бұлттар жөңкіліп,
Боран мен соғыс бір қашты.
Дүниеге жаңа өң кіріп,
Күмістей нұрын күн шашты.
Түрлентіп түсін әрлі етіп,
Әркімге айтып қуанып.
Мәз болып түске әндетіп,
Қыз бала қайтты су алып.
АМАНКЕЛДІ КОЛХОЗЫНДА
Шаңқай түсте мөп-мөлдір,
Шар айнадай су беті.
Сонда жатыр көгілдір
Көк аспанның суреті.
Жаңа жарған бүршігін
Өзен бойы тал ылғи.
Жарға тірей тұмсығын
Қабақта тұр қалың үй.
Көкала егін, кең алқап
Толқын болып көшкендей.
Баурайда мал қаптап
Бара жатыр төске өрлей.
Толы алаңы гүлдерге
Күмбезді үй көк шатыр.
Тартқан Аманкелдіге
Сонда оқиды көп батыр.
Жайқалады ырғалып
Колхозды ауыл баулары.
Жұлдыз болып тұр жанып
Аманкелді арманы.
1950
* * *
Білмеймін аты-жөніңді,
Көрдім сені бір рет.
Толқытып жас көңілді,
Өттің жанап күлімдеп.
Содан бері сенімен
Кездесуге асығам.
Қиялданып өтемін
Күнде үйіңнің қасынан.
Шалынады көлеңкең,
Түскен жібек пердеге.
Қақпа алдынан жарқ етіп,
Қарсы алмайсың сен неге?
1950
* * *
Жайықтың арғы жағында
Жағалай жанған электр.
Жарығын құйып бағына,
Жайнатып нұрға бөлеп тұр.
Күңгірт тартты бір кезде
Кетті ме бір сым қиылып.
Жарқ етті жарық лезде,
Қайтадан сәуле құйылып.
Саусағынан сан сәуле
Самаладай таралған.
Келеді түсіп жас жігіт
Мұнара бойлы бағаннан.
1950
БАҚЫТ ҮШІН ҚИЫП ЖАН
Бақыт үшін қиып жан,
Жығылғанда партизан.
Осы жерге кетіпті,
Жүрегінен тамып-қан.
От жалынды өтті жыл,
Қақ айырып түнекті.
Қан орнында завод тұр,
Жасайтұғын жібекті.
1950
МАЯКОВСКИЙ
Өмір — мұхит кемесі күннің зырлар,
Ойға толы от қанат өтер жылдар.
Келер күндер жарқырар күмбезінде,
Маяковский шабытпен жазған жырлар.
Жаны теңіз, қиялы қыран құстай,
Туды ол поэзия туын ұстай.
Халқына берді соғып өлеңдерді,
Әрбір жолы бір ұлы құрылыстай.
Тасқындай келе жатқан жазғы маусым,
Уақыттың аршындатып жазды маршын.
Өлеңнің өлшемдерін бұзып тастап,
Естіртті заманаға өз дауысын.
Теңіз ойдың сөз толғап тереңінен,
Өмірді өлшеп өткір өлеңімен.
Лениннің дана ойын, зор тұлғасын,
Жалғыз сол өлең сөзде бере білген.
Ақыл-ой қопарылсын тың асқары,
Жойылсын поэзия рвачтары.
Көсем мен жұмысшының тіліндегі
Жасасын Маяковский жыр дастаны.
1950
ВЕНА МУЗЫКАНТЫ
Күй көңілді Венаға
Кімдер келіп кетпеген.
Штраус, Моцартпен
Болған мұнда Ветховен.
Австрия азабын,
Сыйғызып бар күйіне.
Көріп өмір тозағын,
Кеткен олар күйіне.
Сол Венада дәл бүгін,
Аңдап басып аяғын.
Келе жатыр әлдекім,
Безілдетіп баянын.
Тынды асқақ жыр неге
Не боп қалды
Ән-күйге?
Салды апарып түрмеге
Жақпағасын янкиге.
Халыққа сол түрмеден
Келе берді аяулы үн.
Есті жел де мұңменен
Ащы үніндей баянның.
Кейде ұрып жарына,
Кейде баяу сыбырлап.
Халықтың күй қанына
Сіңе берді шымырлап.
ШОПЕННІҢ ЖҮРЕГІ
Халқының барлық арманын
Күйімен Шопен толғапты.
Қара түн салып қармағын,
Қаумалап қаза торлапты.
Жұмарда көзін айтыпты,
Польшаға қой деп жүрегін.
Аптығып кейін қайтыпты,
Арқалап алып сұм өлім.
Жеріне қоймай шетелдің,
Аманатын ақтапты.
Жүрегін алып Шопеннің
Варшава да сақтапты.
Қасиетті қорымда,
Тұрыпты ұзақ шыны ыдыс.
Жатыпты со бір орында,
Жалынды жүрек бір уыс.
Халқына тілеп бақытты,
Күнді күтіп көгінен.
Жұптасып жүрек жатыпты,
Өзінің туған елімен.
Польшаны Гитлер шаң қылып,
Бояды қанға білегін.
Молаларды жандырып,
Іздеді Шопен жүрегін.
Жүректі халық сақтады,
Қарақшының жолынан.
Қаза болса қарттары,
Жастары алды қолынан.
Жүрек бейне жалаудай
Қолдан қолға ауысты.
Іші күйіп алаудай,
Айласын жау тауысты.
Серпілді Польша түнегі,
Гитлер сұм жойылды.
Ұлы Шопен жүрегі
Қайта орнына қойылды.
1951
РУМЫН ШАЛ
Румын шал аттанарда,
Сұрап қазақ жолдасынан.
Алып кетті Алматының
Қызыл апорт алмасынан.
Достық туы желбіреген,
Румынның даласында.
Жайқалады деді сол қарт,
Алматының ағашы да.
1951
НИКОЛАЙ ТИХОНОВҚА
Қан толқып, Нева, Волхов суларында,
Қоршауда Ленинград тұрғанында.
Окопта бірге болып жүретұғын,
Біздермен сенің солдат жырларың да.
Назия жататұғын сылдыр қағып,
Қелгендей қарт Невадан бір жыр алып
Тұрғандай болушы еді тыңдап соны,
Волховтың көк орманы бұйраланып.
Орыстың кең пейілді байтақ жанын,
Қалайша тіл жеткізіп айта алармын.
Алдында шабуылдың жадыма алып,
Өзіңнің жырларыңды қайталадым.
Батырлық қанып ішкен бұлағынан,
Қайратың көк құрыштай суарылған.
Жай күнде жас баладай жан екенсің,
Көргенде шықтым сені құмарымнан.
1951
КҮЗГІ ЕГІС
Кең далаға күз келген
Күрең тартқан дүз тегіс.
Ерек шығып өзгеден,
Көгереді күзгі егіс.
Күздігүні өзгерген,
Көгін көріп даланың.
Бейне адамдай сөз берген,
Жолдасыма қарадым.
— Бізде мәңгі көктемің,
Жауап осы сұраққа.
Өзі қолдан еккенін
Айтпады ол бірақ та,
Білем оның мінезін,
Айтпаса да түсінем.
Көргендеймін мен ізін,
Күзгі егістің ішінен.
1951
НАЗЫМ ХИКМЕТТІҢ СӨЗІ
Будақтайды көкте бұлттар,
Жерде теңіз шудаланған.
Қалтылдайды жағада жар,
Толқын ұрып бұйраланған.
Ар жағында Стамбул тұр,
Кірбің тартқан күңгірттеніп.
Үсті-басы бір буалдыр,
Жатқан жандай бұлт бүркеніп
Туған елдің тұлғасына,
Қарап теңіз кемерінен.
Ақын тұр таң шұғыласында,
От ұшқынды өлеңімен.
Желқайықтар долы ағында,
Келе жатыр сеңдей шұбап.
Балықшылар қолдарында
Лапылдаған бір-бір шырақ.
Балықшылар келе жатыр.
Барлығы да бір тілекте.
Әрі ақын, әрі батыр
Қол созады Хикметке.
Тұрды ақын сол оттардай,
Қолына ұстап ел намысын.
Түріктер тұр солдаттардай,
Тыңдап оның өр дауысын.
Көтеріңдер өмір отын,
Ең биікке бір де іркілмей.
Көтеріңдер,— дейді ақын,
Бостандықтың бүркітіндей.
1951
ОКТЯБРЬ
Төбесінде ту желкілдеп әр үйдің,
Жүздерінде күлкі ойнайды сәбидің.
Партизанның бурыл шалған шашынан,
Октябрьдің өткелдерін танимын.
Ән менен күй жердің шарын ораған,
Ту астында сап түзеген сан адам.
Аспан жердің бақытына құмартып,
Таңертеңнен тамашалап қараған.
Бүгінгі күн ерте тұрып елменен,
Барады Ленин қолын алға сермеген.
Октябрьде осылай қол көтеріп,
«Өкіметті Советтерге бер!» деген.
Октябрьде орнап жаңа өкімет,
Жарлы, жалшы бір көтерген көкірек,
Әр ауылдың ашқан барып есігін,
Ленин өзі қолын қойған декрет.
Бүгінгі күн ерте тұрып елменен,
Барады Ленин қолын алға сермеген.
Социалистік республика жайнайды,
Партияның бастауымен өрлеген.
1951
БАТСАЙЫ
Балалықтың бірге өтті
Жақсы күні, жақсы айы,
Болдың бізге құрметті
Бал мінезді Батсайы.
Қолға алдық қуанып,
Тұңғыш рет әліппе.
Бірге есеп шығарып,
Бірге үйрендік әріпке.
Ой-санамыз тез өсіп,
Арада өтті күн жылдам.
Тұрмыз қайта кездесіп,
Асқанында он жылдан.
Бірге оқыған мектептің
Қайта ашыпсың есігін.
Оқушы емес, бұл жолы —
Оқытушы есімің.
Балалықтың бірге өтті
Жақсы күні, жақсы айы.
Жаздым саған бұл бетті
Бал мінезді Батсайы.
* * *
Ай қарады, ай қарады,
Терезеден телміріп.
Сүюші ең ғой таңғы ауаны,
Біразырақ кел жүріп.
Айдың нұры, таңның нұры
Жас жаныңа тарасын.
Табиғат та ләззат алып,
Өзіңе бір қарасын.
* * *
Жасыл туы көктемнің
Далада тұр желбіреп.
Қалған қарын бөктердің
Лақтырады жел күреп.
Қөзін ашты көк көлдер
Оянғандай түс көріп.
Жаңғырығып көк пен жер
Қиқулайды құс болып.
* * *
Біз табамыз жаңа сөздер
Қайталамай ұйқасты өткен.
Келіңіздер, қара көздер,
Көп сырласқан Шипачевпен.
Күл де ойна, қарсы алдыңда
Жасыл талдар, жазғы таңдар.
Күнде жырмен қарсы алуға
Бізде де бар нәзік жандар.
Кездескенбіз кей кездерде
Колхоздардың орманында.
Қарағанбыз көздеріңе,
Институт залдарында.
Бір тұтасқан бала кезден
Біздердің бір жолдарымыз.
Қандай жақсы, қара көздер,
Әр уақыт бір болғанымыз.
ТҰР ЕКЕН ҒОЙ ТЕРЕКТЕР...
Біз келеміз көз ілмей,
Көрінбейді жол шеті.
Жарық айдың көзіндей
Жарқырайды көл беті.
Сары ала тон, салқын күз
Гуілдейді жел есіп.
Машинада отырмыз
Жолаушылар кеңесіп.
Таң арайы бұқтырды,
Түн жөнелді дөң асып.
Орман бізге тік тұрды
Ортасынан жол ашып.
Жас келіншек жыл жүріп
Келе жатқан оқудан,
Қозғалды алға ұмтылып
Орынынан отырған.
–Тұр екен ғой теректер
Тұр екен ғой жамырап.—
Деді де жас келіншек
Күлді жүзі жадырап.
–Өткен шығар теректе
Талай жастық жазың — деп,
Қойды біздің жігіттер
Келіншекті әзілдеп.
Жас келіншек кідірді,
Ой жіберіп өткенге.
–Бұл теректер егілді Сонау жылы көктемде.
ЖАСТЫҚ
Сырыңды ұғып сұлу терек,
Қалды ізің тас, құзда да.
Сенің бейнең тұр күлімдеп,
Жас жігіт пен жас қыздарда.
Кештің бәрін майдандардың,
Барып түстің сен окопқа.
Жалынменен бір ойнадың
Сонау жылдар Перокопта.
Жағаласта Отаныңның
Жауларына тасқын аттың.
Дауыл менен от жалынын
Көрдім сенен жас қуаттың.
Саған арнап жайып құлаш,
Жұпар исін шашты гүлдер.
Табиғатпен мәңгі құрдас
Жастық сенсің — жақсы күндер.
1952
ЖАРҚЫРАЙДЫ ТҮНДЕ ОТТАР
Жусап жатқан шоқыдан
Жарқырайды түнде оттар.
Күндізгідей жақыннан
Көрінеді курорттар.
Қасында шың жалаңаш
Қоңсы қонған көкпенен.
Бауыры жас алма ағаш
Балаусадай көктеген.
Соғады бір таудан леп,
Желпінеді жаның жас.
Сен сұраған қайда, деп
Сонда жатыр қарындас.
1952
КИРОВ МУЗЕЙІНДЕ
Полицейлер талай іздеп түйлікті,
Әрбір жерге жолдамалар құйғытты.
Томскийдің түрмесінен қашқанда,
Осы бір үй жасырыпты Кировты.
Биік емес, екі бөлме, аласа,
Біздер үшін қымбат қазір ол аса.
Жандармның жасырынып көзінен
Киров мұнда тұрды біраз оңаша.
Шет жақтағы көзге қораш бұл үйде,
Жұмыс істеп жатты астыртын үйірме.
Құс атудан жаңа оралған адамдай
Киров өзі келетұғын іңірде.
Ленинмен жалғасқандай Сибирьден,
Алғы күнге ойы асығып жүгірген,
Отыр Киров сықсима шам жанында,
Лениннің кітабына үңілген.
Күрес үшін күшін жиып кеудеге,
Отыр түнде жалғыз өзі белмеде.
Тарауындай партиялық тарихтың
Тұр Кировтың жақсы өмірі көрмеде.
1952
АДРЕССІЗ ХАТ
Жол жүруге жиналып,
Тұрды біздің факультет...
Көп ішінде ұялып,
Қоштаспадым, ғафу ет...
Кездік талай даланы,
Көрдік талай қаланы.
Талай рет тауда өтті
География сабағы.
Қолда глобус — жер шары,
Араладық жартасты.
Институт кең залы
Табиғатпен жалғасты.
Поезбен де жүрдік біз,
Жер танабын қуырып.
Кемемен де жүздік біз,
Толқындардан сыр ұғып.
Барлық жүрген ізімді
Баяндармын ай кейін.
Көрмеген соң көзіңді
Қызықтырып қайтейін...
Міне отырмыз сүйікті
Жағасында Волганың.
Тынық Дон кеп құйыпты,
Тұр алысып қолдарын.
Жұлдыз болып түскендей
Жағадағы тастарға.
Атылады күш керней
Толқындары аспанға.
Құшақ жая қуанып,
Екі өзенге көріскен.
Атын қатар суарып,
Тұр бір қазақ орыспен.
Адресім белгісіз,
Айта алмаймын деп хат жаз.
Аттанғалы біз тұрмыз
Алда Қырым, қарт Кавказ.
1952
КҮЗ КЕЛДІ
Күз келді тартып шат күйді
Қалаға, ауыл, қыстаққа.
Шалқиды, егін шалқиды,
Комбайндар — стартта.
Қызыл күрең дидары
Көзге жылы ұшырап.
Күз келді қызыл бидайды
Құшағына қысып ап;
Еңбектің жүрген ізіндей
Егіннің десте — баулары.
Ерлердің жарқын жүзіндей
Қырманның қызыл таулары.
Толқиды егін далада
Алтын жалын жел үрлеп,
Жүзеді ашық ауада
Жарыстың туы желбіреп.
Адымдап бізбен келеді
Бұлтармай бұл күз, бұл дала.
Олар да рапорт береді
Москва, Политбюроға.
1952
ОРМАН АРАСЫНДАҒЫ ЕГІН
Күн сәулесі жүгіріп,
Кезді алқапты қыдырып.
Ойнады орман үстінде
Шұғыла мың құбылып.
Барлап байтақ даланы
Күннің көзі қарады.
Орман, орман — ну орман
Ортада егін аралы.
Белдеуіндей оралған,
Күзетші боп көк орман,
Қорғапты егін даласын
Аңызақтан, бораннан.
1952
БАҚЫТЫ ҮШІН БАЛАНЫҢ
(Дүйсенге)
Майданнан алғаш келдім де,
Көйлекті тастап, жуындым.
Жаралы қолды көрді де,
Сұрауы болды ұлымның:
— Папа, сенің сол қолың
Неге тыртық соншама?
Састырды мені бұл жолы,
Тым кіштентай болса да.
Үндемей қалдым түйіліп,
Алдымнан өтті ауыр күн;
Далақтап дауыл жүгіріп,
Жалақтап тілі жалынның.
— Тұрып еді бір зілді
Соғыс бұлты сұрлана.
Қорғағанда өзіңді,
Түскен еді бұл жара.
Әбден ұғып жас жаны,
Тұрғандай:— жоқ дауым,— деп,
Өзі байлай бастады,
Ботинкамның бауын кеп.
Өзі қолдан кигізіп,
Папасының жейдесін.
Бетінен бір сүйгізіп,
Өзі салды түймесін.
Кезек сүйіп көзінен
Қуана қарап мен тұрдым.
Дедім отты сезіммен:
— Бақытыңа кепілмін!
1952
ӨШПЕС ДАҢҚ
Бір үй тұр әсем, биіктен қарап,
Терезе алды шалқыған теңіз.
Сақшыдай көзін алысқа қадап,
Қаз-қатар ағаш қоршаған тегіс.
Бөлейді үйді думанға қызық,
Толқындар әнін толқыта айтып.
Көбігін күміс әйнекке тізіп,
Асылып жарға, кетеді қайтып.
Қарап тұр ана, қарап тұр ана,
Қырымның көркін көзімен шолып.
Ойына келіп оралып Орал,
Кетеді кейде қиялға шомып.
Күз еді.
Сары жапырағын жұлып,
Тастаған сілкіп ормандар тонын.
Қойнына суық қаңжарын тығып,
Аңдыған сұмдар Павликтің жолын.
Несі бар онда, несі бар онда,
Тосатын жолын қанжарын қайрап?
Талайын Павлик түсірді қолға,
Кулактар жүрді ішінен қайнап!
... Келеді екі бүлдіршін бала,
Кешкілік үйге жидектен қайтып.
Ағалы-іні — Павлик пен Федя
Біріне-бірі әңгіме айтып...
Жалт етті орман, жарқ етті қанжар,
Құлады терек, сұлады бала.
Өшігіп жұрген өлтірді жаулар,
Шулады құстар, жылады дала...
Тұр еді ана, тұр еді ана,
Шомылып ойға теңізге төніп.
Галстук таққан келді топ бала,
Қарсы алды ана жағалай өбіп.
Жеткенше мұнда таппастан тағат
Бәрі де қызыл гүл құшақтап кепті.
Тұрды ана бәрін Павликке балап,
Барлығы соған ұқсап та кетті.
1952
КӨҢІЛ БІЛДІРУ
Үзілген көк жиегінен
Жаңбырындай күзгі аспанның,
Домалайды иегіңнен
Мөлдір моншақ көз жастарың.
Жайқалған гүл желегіндей
Ен далада ескен еркін.
Жас бала едің сен ерімдей
Әлі күнге есте сол күн.
Көтеріп көл толқындарын,
Кең жазықта тұрды сағым.
Бұрқыраттың шөл құмдарын
Желмен ойнап тұлымшағың.
Қайта тартып жылдар сыйын,
Жайды әкеліп тағы алдыма.
Елестейді тұрған үйің
Бозшакөлдің табанында.
Қарай, қарай ай бататын
Әкетердей ертіп сені.
Терезеңнен оятатын,
Жаз айының шертіп желі.
Ұқсап байтақ дала туға
Көтергенде қызғалдағын,
Қарлығаштың қанатында
Сенің нәзік жүзді арманың.
Таныс күндер, алыс күндер...
Қайта шолып тұрмын бәрін.
Алма-кезек ауысты үндер —
Дауыстары құрбылардың.
Тәтті үмітті алда тұрған
Қол ұстасып қоса қуған.
Бақытыңа бола туған
Айрылыпсың қосағыңнан.
Жас көңілді шерлі қылып,
Жар қайғысы көпке кетер.
Сонда-дағы белді буып,
Көз жасыңды төкпе бекер.
ҚЫЗҒАЛДАҚ КӨКТЕМ
Суретші екен бұл көктем,
Қойыпты көкті өрнектеп.
Қарсы алды оны құрметпен
Күн шуақтап, жер көктеп.
Құлпырды қырда желкілдеп,
Көктемнің гүлі өрімдей.
Шалқиды желі еркіндеп,
Келешек күннің лебіндей.
Советтік біздің осы елдің
Қуатты жастық шағындай.
Қызғалдық көктем, қош келдің,
Жарқырап жүзің жалындай.
ӘКЕМЕ
Керілген көк жібектей көк әлемі,
Тағы да келді көктем — күн әдемі.
Сен маған бұл көктемде кездеспедің,
Айтатын көңілімде сыр бар еді.
Ұлыңның көп ойладың жалғыздығын,
Бірақ та емес ұлың жалғыз бүгін.
Бақытты достарының ортасында
Келеді көріп өмір бар қызығын.
Көз жұмдың былтырғы өткен апрельде,
Табытың түсірілді тақыр жерге.
Жастықтың жалынымен бір жалғасып,
Ұзарған кәрі өмірің жатыр менде.
1953
ҰЛЫМА
(Бейбітке)
Ақын көңіл өзендей есіп, тасып,
Қойдым үйге серіппелі бесікті асып.
— Төр алдында орыным дайын ба,— деп,
Жас Мәуленов келеді есікті ашып.
Бар мінезім қалайша ауды бұған,
Дәл өзімнен даусы да айнымаған.
Қызғанбашы, жас ана қызғанбашы,
Көздерінде көзің тұр жаудыраған.
1953
БАҚЫТТЫ БІЗДІҢ БАЛАЛЫҚ
Октябрьде өмірге
Жаңадан тың жол алып;
Алғыс айтып Ленинге
Адымдады балалық.
Саусағын жайған сәбиге
Ильичтің нұры құйылды.
Балалық — көктем әр үйде
Балапан құстай жүгірді.
Бауырында ананың
Білмей есті қайғыны.
Құшағында Дананың
Балалық тұрды май күні.
Советтік ұлы заманда
Балалық гүлдей құлпырды.
Күлімдеп Қызыл алаңда
Биыл да бізбен бір тұрды.
Жайнап нұры жүзінде
Бал өмірлі — бала шақ;
Барады коммунизмге,
Бақытты біздің болашақ.
1953
ҚАРТАЛЫ
Солтүстікте бір жер бар
Аты оның Қарталы.
Қайда жүрсем Қарталы
Қиялымды тартады.
Аз ғой онда жазық маң,
Көп қой онда ормандар.
Тастамайды аузынан
Қарталыда болғандар.
Есетұғын қырынан
Қоңыр салқын кеш лебі.
Жүретұғын құрбылар
Көйлектері кестелі.
Жылы жүзді өздері
Және сондай бауырмал.
Шақыратын біздерді
Украин бауырлар.
Судыр-судыр қара орман
Сыбырлайтын кеш әнін.
Тыңдайтынбыз олардан
Өлеңдерін Лесяның.
Қалатынбыз біз білмей,
Өткендігін қалай түн.
Жалғасатын үзілмей,
Жыры Тарас, Абайдың.
Қарталыға құмартып,
Соға кеттім былтыр мен.
Құрбыларым гүл тартып,
Құшақ жайды күлкімен.
1953
ӘКЕ АЛАҚАНЫ
Көп өмірлер үлесінен құр қалып,
Көп жандарды кетті бізден жыл алып.
Әкем менің түсіме кеп енеді,
Түнде жатсам көлеңкедей ұрланып.
Күндіз күлген жолдастарың жоғалып,
Енді саған келмес ешкім оралып,
Әкем менің түсіме көп енеді,
Оныменен бір келеді балалық.
Өмірінің соққан ерте сағаты,
Сүйеді әкем қалмай сабыр тағаты.
Орынымнан қозғала алмай отырам,
Инеліктей сынып қалған қанаты.
Дейді ол маған: «Өміріңді тілегем,
Жалғыз қалған өзің едің бір емен.
Жас төккенде жаралы боп майданда,
Жастығыңа мен ұрланып түнегем».
— Айтпашы, әке, айтпашы, әке, барлығын,
Кең дүниенің көрдім біраз тарлығын.
Бала кезгі ертегіңді сағындым,
Соны естіп келді енді қалғығым.
Кірпігіме тамшы жастар тізіліп,
Маңдайыма түсті әжімдер сызылып.
Жаңбыр жасым қойынына әкемнің
Тама берді талып түсіп, үзіліп.
Көктің күні өрттей сөніп батқанда,
Қара барқыт шапанын түн жапқанда,
Әкем мені әлдилейтін өлеңмен,
Қатты ауырып естен танып жатқанда.
Қөздерінен тамып төске бір бұршақ,
Түнеретін жауатұғын күнге ұсап.
Ысып жатқан маңдайыма тиетін
Қайран әке алақаны жұп-жүмсақ.
Қабағыма суық күннің сызы өтіп,
Жатқанымда жарық таңды күзетіп.
Қайран әкем отыратын басымда,
Ауып қалған жастығымды түзетіп.
Меніменен күтіп таңның арайын,
Айтатұғын әңгіменің талайын.
Соғатұғын қиялымен жаңғыртып,
Ертегінің сұлу,
сырлы сарайын.
Топырақтың толқынына шым батып,
Елу жаста өміріңді ұрлатып.
Қайран әкем қалып едің деймін мен,
Сөйлейді әкем былайша деп тіл қатып:
— Жастай сені жұтпасын деп қу мола,
Сенің үшін мен өліп ем біржола.
Менің жырым ескірген соң өмірде,
Мен жатып ем жазсын деп сен жыр жаңа.
Көздерінен тамды сонда бір бұршақ,
Түнерді ол жауатұғын күнге ұсап.
Тиді келіп маңдайыма тірілтіп,
Тіршіліктің алақаны жұп-жұмсақ.
ГРЕЦИЯ
Сенің ұшқан аймағыңда
Талай қиын жай болды.
Алып бардың майданыңа
Албырт ақын Байронды.
Бостандық пен еркін өмір
Болды сенің арманың —
Оған куә Эгей теңіз,
Оған куә тауларың...
Тауларыңа тұман қонды,
Көре алмадың жарық күн.
Белояннис құрбан болды,
Бақыты үшін халықтың.
Греция, арманыңа —
Жетемін деп тұр елің.
Ту ғып көтер, ал қолыңа
Белояннис жүрегін.
1953
СУЫ ОСЫ НҰРАНЫҢ
Шахтер нұсқап бір үйді
Кетті өзі бастап-ақ.
Көп екен өр, ылдиы,
Шамасы он баспалдақ.
Сатылар да сартылдап,
Өттік асу біз қанша.
Ашты есігін жарқылдап,
Шахтер жары Биғайша.
Алдымыздан ашылды
Бір есіктен бір есік.
Электр шам асулы,
Бөлмеде гүл тұр өсіп.
Батса керек жол қатты
Қалдым бір кез су сұрап.
Салқын суды саулатты
Кранды ағай бір бұрап.
Орнынан тез ол тұрып,
Деді:—«Шырақ, бұл ағаң.
Өз үйінде отырып,
Су ішеді Нұрадан».
1953
СӨЙЛЕП ЕДІ ЖҮРЕГІМ
Бұлбұл қанат
Көк тоғайда,
Тұрдық қарап
Көктегі айға.
Көздеріңдей мөлдіреген
Қарақаттар төнді төмен.
Тұрдың үнсіз,
Тұрдың тілсіз,
Құшағында қиялдың.
Бала кезім,
Қара көзің
Қадалғанда ұялдым.
Айтылмай-ақ сөз де бітті,
Айрылатын кез де жетті.
Бала кезім,
Қара көзім,
Кінәладың, білемін.
Бірақ сонда,
Тіл орнына,
Сөйлеп еді
жүрегім.
1953
ҚАРА КӨЗ
(Әзіл)
Штректе тік жүріп,
Еңкейдік біз лавада.
Әзілімен бұқтырып,
Күлді қыздар, боз бала.
Қасымдағы досымның
Қызметі тілшілік.
Күнделікке қосып үн,
Мақаласы жүр шығып.
Жазып жатыр цифрды
Дәптерінің шетіне.
Келтірді ол күлкімді
Қарағанда бетіне.
Жер астына, тереңге
Түскеніміз жап-жаңа.
Көздері де көмірдей
Бола қапты қап-қара.
Қалжыңға үйір қашаннан
Жігіт еді қағылез.
Көзі шегір болса да
Кетті атанып қара көз.
1953
23 ФЕВРАЛЬ
Февраль ғой белгілі
Түсіп жатыр қар шұбап.
Біз отырмыз бұл күні
Мерекені қарсылап.
Қайда болдық, жазулы
Медальдардың жүзінде,
Атағымыз қазіргі
Тұр әскери тізімде.
Дастарқанға бір дүкен
Қөшіп келіп, көлбеді.
Ортамызда ең үлкен
Жолдас майор сөйледі.
— Еске түсті солдаттық
Мен болдым ғой жол бастар
Ал кәнекей,
бір тарттық,
Лейтенанттар, жолдастар.
Отыздарда жасымыз
Жасықпыз ба, осы біз.
Келіншектер күлгендей,
Ағарыпты шашымыз.
Торлады өлім әр түні
Жасыратын жоқ халім.
Ұрған шығар салқыны
Зуылдаған оқтардың.
Қартаймайтын мәңгілік
Сау болыңдар, солдаттар!..
Рюмкалар қағылып,
Ішімізде жанды оттар.
Майданға әнмен барғандар
Тұра ала ма әнді айтпай?
Қақпа алдында жауған қар,
Февраль тұр солдаттай.
1953
ӨЛМЕС ӨМІР
(Фучик туралы)
І
— Қімсің сен,
кімсің сөйле,
кімсің,— дейді.
Ол үнсіз.
Ешқайсысын менсінбейді.
Ұр кәне,
бір,
екі,
үш,
тағы,
тағы.
Тұралап тіл қатпаса өлсін мейлі!
— Қой тоқта, тағы да мен ерік бердім,
Жан керек болса айтсын серіктерін.
Бос қулық, әкелейік керек болса,
Ұсталған достарының өліктерін.
Ол үнсіз.
Қан түр бетте соқталанып,
Ол үнсіз.
Ұстады оны отқа қарып.
Қанша ұрды,
Қанша тепті...
Қара сызық
Маңдайға түсе қапты ноқталанып.
—Өлді ме?
— Жоқ, өлген жоқ, әлі тірі.
Болады мұндайлардың жаны сірі.
—Орнынан түрғызыңдар сүйемелдеп Жауап ап бір байқайық тағы мұны.
Фучикті көтермелеп екі жендет,
Тұрғызды өктем сөйлеп әкіреңдеп.
Офицер наган алып тап-тап берді,
Табанда тіл қатпаса өлтірем деп.
Түнеріп төбесіне төнді келіп,
Фучиктің кетті жаны тебіреніп.
Ызаның отты ұшқыны көзінде ойнап,
Кеудесін дүбірлетті кегі теуіп.
Маңдайдан офицерді өтті періп,
Фучикті сан жұдырық кетті көміп.
Жаралы жанды жаншып, ажуалап,
Аямай аяққа сап тепті келіп.
Қайтадан халі бітіп танды есін,
Қызыл қан жауып кетті бар денесін.
—Үстіне су құйыңдар шүмектетіп, Қайткенде айтқызамыз әңгімесін.
Сағат төрт.
Білінді ме таң арайы,
Арсылдап көшеде иттер абалайды.
Тұтқынның тарс жұмылған екі көзі,
Дәл қазір бұрынғыдай қарамайды.
Көрмейді ол көктің күңгірт жұлдыздарын,
Сезбейді ол лебі суық түн ызғарын.
Сезбейді ол
жерді,
көкті,
өзенді де.
Сезеді тек күресте ұл-қыз барын.
— Тағы құй, тағы да құй бір аңырма,
Қоймаймын жауап алмай сұрағыма.
«Әйелін әкеліңдер!» деген бір сөз
Фучиктің шалынды еміс құлағына.
Ойпырым-ау, шыны ма осы, арбауы ма,
Әлде о да түсті ме жау қармағына.
Ес жиып Густа деген бір есімнен
Қарады Фучик жайлап жан-жағына.
Көзінің ашты әзер қарашығын
Қан жатыр, үсті толы қара шыбын,
Бұл халде қалай көрмек, қалай көрмек
Өзінің дүниедегі жанашырын.
Ол қазір мұны көріп сөгілер ме?
Көзінен жас бұршақтап төгілер ме?
Құтқар деп жан жарымды қанды азаптан
Жауына жалбарынып егілер ме?
Өкініш онда тағдыр қосқанына
Жоқ, ол көнбес қиындық, тосқауылға.
Густа, сен менің сүйген жарым болсаң,
Кеудеңді маған ұқсап тос дауылға.
Егерде ол көнсе жаудың жарлығына,
Әшкере болмақ істің барлығыда.
Жуытпау Фучик ойы қайткенде де,
Еш қауіп партияның тағдырына.
Қиялмен болжап келер қиындарды
Есін тез жиып алды, жиып алды.
Өз қанын сүйгеніне көрсетпеске
Қайтадан жүрегіне құйып алды.
Секілді еден беті қанды табақ,
Қалдырмай жұғынын да алды жалап.
Сықырлап сол мезетте ашылды есік
Бір таныс суретке қалды қарап.
Густа ғой бұл, Густа ғой, жүдепті ғой.
Бір ауыр қабағына түнепті ой.
Қөрдің бе жау алдында тәкаппар тұр,
Күреске күшін жиып билепті бой.
Жауса да полиция сұрақтары,
Ол басқа «білмейміннен» тіл қатпады.
Сыр ашпай қас дұшпанның қарсы алдында
Тапжылмай бір сөзінде тұрақтады.
— Ризамын, достым, жасып налымадың,
Рақмет, бұл арада танымадың?
Ерлікті өз бойыңнан көргенімде,
Мен қалай жауға еңкейіп, табынамын?!
Соңғы рет бір-біріне қадалды көз,
Сол көздер ұшқынынан таралды сөз.
Ұғысты екі жүрек үнсіз-түнсіз
Болса да қалшылдаған қаһарлы кез.
Жарының өшер ме екен бұл көздері,
Бұл көздер нұрлы еді бір кездері.
Бойына қайта айналып қайрылар ма
Байсалды қарапайым мінездері.
Жалыны жүрегінің тез өшер ме?
Әйтпесе тағы айналып кездесер ме?
Таңында табиғаттың басын қосып
Арманын екеуі бір мезгесер ме?
Көздерден осы сөздер тұрды сайрап,
Густаны гестапошы кетті айдап.
Тіс жарып, тіл қатарлық шамасы жоқ
Қайран ер қала берді көзі жайнап.
ІІ
Міне, осы Гестапоның тас түрмесі,
Адамзат өмірінің қас күндесі.
Жорғалап қанды сорып қандаласы,
Жабылған өздеріндей аш бүргесі.
Ызғары мүмкін емес шешінгендей,
Жері жоқ аяқты да көсілгендей.
Бір жанып, бір сөнеді сықсима шам
Біржола үмітіңді өшіргендей.
Қазылған екі метр төмен жерден,
Темір тор терезесі шегенделген.
Дауысы еш адамның естілмейді
Тірідей көміп қойған терең көрден.
Дүниенің сонда толған бар ласы,
Сұп-сұрғылт тұнжыраған қабырғасы.
Күп-күңгірт ажалдың бұл апанында
Талайдың қу сүйек боп қалды басы.
Келеді құмырадай қу ыдысы,
Жарманың жалт етеді бір уысы.
Берсе егер бұл жарманы екі мезгіл
Болғандай тұтқындардың о да ырысы.
Жұмылып жұдырықтай көзі кеткен,
Ернінің ебі де жоқ, сөзі кеткен.
Тұлыптай тұла бойы жатыр Фучик
Ажалдың осы шығар кезі жеткен?!
Бар еді мұнда екі тұтқын адам,
Жандарын жау қанжары сұққылаған.
Бишара өлді ғой деп басында боп,
Күдерін түнде үзіп шықты мұнан.
Тоқтамай жарасынан қаны тамып,
Таң ата тағы Фучик қалды талып.
Қарт тұтқын қайта-қайта суды бүркіп
Маңдайын орамалмен қойды таңып.
Жас тұтқын басында отыр жаны егіліп,
Күрсініп ауыр дем ап аракідік.
Қолын сап кеудесіне, жүрегіне
Қарайды тағат таппай шал үңіліп.
Жатыр ол
жатыр ессіз қалыбында,
Сезбейді күзетшінің адымын да.
Жатыр ол жолдастарды көрмейді де
Өзі үшін тұрған батып ауыр мұңға.
— Көрінді таңы, әні Праганың,
Тұр, досым, аздан кейін шығады күн!
Ол үнсіз,
ол сезімсіз
әлі жатыр,
Кім білсін төсегінен тұрар мүмкін?
Жас жігіт тұрып қалды ауыр ойда,
Шал айтты:
— Құтқарудың қамын ойла.
Ажалдан арашалап алып қалсақ
Біздердің жеткеніміз абыройға.
ІІІ
Мұнда ол қалай келді, қалай келді,
Қимылсыз тас төбеге қарай берді.
Біртіндеп әлсіреген денесіне
Жалындай өмір қаны тарай берді.
Жендеттер жүр еді ғой жолын аңдып,
Қалайша қолға түсті болып аңғырт.
Қадалды қалай тоғыз револьвер
Түспеді терезеден неге қарғып?
Бойында қайраты бар, күші мықты,
Жасайды ерлікпенен кісілікті.
Барлығы партияның тағдыры үшін,
Барлығы өзіне аян, түсінікті.
Қарады ол төңірекке ақырындап,
Темір тор, тас қабырға жатыр шырмап.
Фучиктің бас жағында екі тұтқын
Қуанып бір-біріне отыр ымдап.
Күлді олар енді өлімді жеңді ғой деп,
Өмірге қайта туып келді ғой деп,
Екі түн ессіз-түссіз жатқан жайын
Екеуі баян етіп берді сөйлеп.
Достарын ол осындай талай көрді,
Көз алмай кезек-кезек қарай берді.
Біртіндеп әлсіреген кеудесіне
Жалындай өмір қаны тарай берді.
ІV
Өрмелеп ұлпа бұлттың етегінен,
Күн көзі көк аспанға көтерілген.
Телміріп темір тордан сығалайды,
Тұтқынның танысқандай мекенімен.
Өлімнің қолдан соққан обасындай,
Мүжілген не заманның моласындай.
Тұр бөлме қабырғада қары еріп,
Тұтқынның көз жасының сорасындай.
Ішінде терең зындан осы абақты,
Адамның жас пен қаны қоса ақты.
Шыңдалған кек оты мен шынжыр торда
Әр жанның кеудесінде құса жатты.
Тұрды оның әлі талай алдында сын,
Көтеріп төсегінен алды басын.
Арманы құлшындырып алға сүйреп,
Ұстады қолға отты қарындашын.
Шақырып күреске бар ызалы елді
Жазды ол,
жазды,
жазды,
жаза берді.
Ұшқыр ой, жүйрік қалам, өмірге өрлеп
Уақыттың кемесінен оза берді.
Жер мен көк қарауытты күйінгендей
Сезгендей тұтқын жанның күйін нендей.
Арманын толғай берді, толғай берді
Түйіліп ойға батып түк үндемей.
Түрменің тастан соққан жарын жарып,
Айбынды үн бара жатты дабыл қағып.
Аттанды келешекке әрбір сөздер
Фучиктің қаламымен қаруланып...
Өтті күн,
өтті айлар, өтті жылдар,
Зымырап атқан оқтай отты жылдар.
«Біткен жоқ күрес әлі,
күрес әлі
Дүние адамдары сақ болыңдар!»
1951-1953
УКРАИНАҒА
Украина майданда
Маған да жігер, күш құйдың,
Көрдім ізін далаңда
Богдан Хмельницкийдің.
Дүбірлеген екпінмен
Тұрды Тарас үні кеп.
Днепрден өттім мен
Көп солдаттың бірі боп.
Қара торқа жеріңді
Жата қалып сүйіп мен,
Іздеп сенің кегіңді
Аттанғанмын Киевтен.
Қызыл тудың астында
Жүрді өзі Щорстың.
Аманкелді басты алға
Қасында ұлы орыстың.
Шақырып елі шаттыққа
Бейбітшілік, бірлікке.
Соңғы снаряд аттық та
Соғысқа қойдық бір нүкте.
Днепрдің жарында
Белгісіндей майданның.
Тұр Тарастың жанында
Ескерткіші Гайдардың.
Қанымыз бір бауырлас
Украина қойныңды аш,
Хуторларың ауылдас,
Құшағымыз айрылмас.
1953
* * *
Бұлтты үйіріп,
Жаңбыр құйып,
Жер гүлдеген, көк шығып.
Жел желпіген,
Желкілдеген
Көшелерде көк шыбық.
Жан-жағына
Сұлу көктем
Суреті тұр түсіп.
Әрбір үйдің
Шарбағында
Көгершіндер жүр ұшып.
Бақытты елдің
Аспанында
Бақытты күн жүзеді.
Шырқап таудың
Асқарына
Қуаныш — жел кезеді.
Кейде көкте
Көкшіл-жасыл
Лента ойнайды тізіліп.
Менің қызым
Қол созады
Ленталарға қызығып.
1953
* * *
Жақын қалды барар жерің
Тұр аяулым, тұр ажарлым.
Таң алдында алакеуім
Таулары тұр Мұғаджардың.
Әрине, сен ойламадың,
Мұғаджарды жас шағыңда,
Өйткені сен ойнамадың,
Оның биік асқарында.
Бері келе дүниенің
Қарадың сен картасына.
Асыға бір ой жібердің
Сыры жұмбақ тау-тасына.
Талай қыс, жаз, күзді өткеріп,
Ешбір затқа елеңдемей.
Таулар тұрды тізбектеліп,
Шумақ-шумақ өлеңдердей.
Тұрды таулар тас түйіле,
Қымтап,
бүркеп құпиясын.
Білем ертең тасқа үңіле
Ойға шомып отырасың.
Поезд келіп жетті енді,
Тұр аяулым, тұр ажарлым!
Сені күтіп көптен бері
Таулары тұр Мұғаджардың.
1953
ШУРАБ
Болса керек ұнаған
Шурабтың бұл аңғары.
Айналдыра ораған
Қырғызстан таулары.
Қойнындағы көмірін
Таулар қанша сақтады;
Айта алмайды қырғыздың
Көп жасаған қарттары.
Демін тартып ішіне
Талай ғасыр тіл қатпай,
Сыр алдырмай кісіге
Таулар тұрған жұмбақтай.
Қоры қанша көмірдің,
Қойнын қашан ашты құз?—
Иесі бұл өңірдің
Береді айтып жас қырғыз.
Жол салып тау шыңынан,
Өзі бастап Сергоның.
Көрсетіпті тығылған
Тас көмірін елге оның.
1953
БАЛҚАШ
Үйір-үйір мың арал
Жағасында көк жартас.
Емес тіпті демалар,
Жарысады көл Балқаш!
Көрсем деп көп ойлаған
Келдім бүгін сені іздеп.
Неге атыңды қоймаған
Түу басында теңіз деп.
Жолаушым тым асықпа,
Көл Балқашқа қарай бер.
Балқаш шеті қашықта,
Балқаш шеті талай жер.
Аттары да әдемі,
Аралдары неткен көп.
Бұлт сияқты мәнері —
Теңіз Балқаш көкпеңбек.
Табиғаттың Балқашы
Бейне ақындай жаны кең,
Сырласады, байқашы,
Дүниенің бәрімен.
ЖЕТІҚАРА МЕН АҚҚАРҒА
(Аңыз)
І
Құлаған жолбарыстай қанға батып,
Екі тау екі жерде қалған жатып.
Көп жылдар жүрді елдің көкейінде
Сырлары тыңдағанда жанға батып.
Тұрды олар айдалада қарауытып,
Көре алмай бірін-бірі алабұртып.
Оятты тауларды тек ұйқысынан,
Талпынған таң алдында бала бүркіт.
Талай жан екі таудың күйін тартқан,
Күй сазы шаң көтеріп құйындатқан.
Есімде осы біреу қалыпты аңыз
Тау сырын баяндайтын тұйық жатқан.
ІІ
Дүрлігіп түн ішінде ауыл үсті,
Бұрқырап аспанға шаң алып ұшты.
Сартылдап ала бақан, ақ сойылдар,
Айменен айбалталар шағылысты.
Білмеді кейбіреулер не екенін,
Әйтеуір кетуі хақ берекенің.
Шайқалды шарасынан асып-тасып,
Тыныштығы тұнып жатқан кең өлкенің.
Аузында қалың қолдың тас түйінген,
Бір сөз бар әлдекімдер қашты деген.
Ың-жың ғып құлағыңды осы сөздер
Ұрғандай естіледі тас төбеден.
Бұл үнге жартастары жаңғырығып,
Еліктер ен далада қалды бұғып.
Ащы айқай көктен жұлып түсіргендей
Тығылып тау қойнына қалғыды бұлт.
Өрттей боп өршеленіп барады ашу,
Тоқтатты өр ағынын баяулап су.
Қанатын оқ тигендей қалды сілкіп,
Шомылған Шортандыда аяулы аққу.
ІІІ
Тұяқтан түйдек-түйдек шаңды ұшырып,
Аттары астарында аласұрып.
Келеді Жетіқара Аққарғамен
Жеткенше бір қараға жан ұшырып.
Қосылмай Аққарға қыз ғашығына
Тағдырдың тап болды ма асуына.
Күйігі кеудедегі жаңбыр болып,
Келеді омырауын жасы жуа.
Бұл — екеу, қуғыншының есебі жоқ,
Ұстаса рақымы, кешері жоқ.
Жас өмір жалт бұрылып қашағандай,
Жата ма жапанның бір кесегі боп?
ІV
Найзасы оңды-солды шыр айналып,
Ұстауға жау төнгенде ыңғайланып.
Екі жас екі жерде жатып қалып,
Кетіпті асу бермес тауға айналып.
Жас қыршын көкіректер шерге толып,
Алтынды жүректерін жерге көміп.
Жатыпты Жетіқара Аққарғамен
Арқаның адырында дөңгеленіп.
Екі жас сүйісе алмай құмар қанып,
Өмірді өткізіпті құр алданып.
Алыстан көрінеді Аққарға тау
Ақ жүзін сағым жуып, мұнарланып.
Бұлқынып кеудесінде талайғы арман
Жете алмай Жетіқара қарайды оған.
Көрсетпей қасақана Аққарғаны
Бұлдырап бұлт шымылдық орайды алдан
V
Өмірдің өксіп өткен ұл-қыздары,
Олардан аңыз болып бір із қалды.
Солардың орындалған арманындай
Жанып тұр Жетіқара жұлдыздары.
ДОСТЫҚ
Демалыстың бірінде,
Ұмыттым мен ай, күнін,
Отырдық біз үйінде
Жұмағали Саинның.
Балконды ашып тастады,
Көрінді шыңдар ең алыс.
Өлеңдер туа бастады,
Өлеңге жоқ демалыс.
Бар табиғат тұрғандай,
Бір өзіңді әлдилеп.
Көкірегіңе құйғандай,
Құздан құлап ән-күй кеп.
Міне аспан әлемі,
Үстінде жоқ түйір бұлт.
Бәрі қандай әдемі,
Кім жасаған сұлу ғып!
Келіспестей менімен
Жұмағали тіл қатты.
Сұлулықтың жөнінен
Көп оқыпты кітапты.
Байқашы, сен ой тастап
Не артық адам жанынан.
Ол шын сұлу, ол асқақ
Табиғаттың тауынан.
Қалды ол бір кез кідіріп,
Есік кенет ашылды.
Кішкене қыз жүгіріп,
Мойнына кеп асылды.
Отырғызды жанына
Маңдайынан бір сүйіп.
Не боп қалды ақынға,
Неге қалды күрсініп?
Тұңғиық ой бар ма, әлде,
Тұрып қалды ол үнсіз.
Жайдары жан әлгінде
Қазір қалай көңілсіз.
—Құшағымда қызы бұл Украиндық досымның. Қабырында қызыл гүл, Қатты ұйқыда осы күн.
...Ауада ауыр доп жүзген
Қатаң айқас, қан майдан.
Жаралы едім... өткізген
Арқалап ол Айдардан.
Былтырғы жыл күзінде
Өмірі оның үзілді.
Соңғы тыныс кезінде:
«Сақта!..»—деді қызымды.
—Оқыт, өсір балаңдай Осы саған өтініш.
Көз жұмды артқа қарайлай
Көңілде арман, өкініш.
Талай сырды қозғаған
Партизанның кезі бұл.
Содан бері өз балам —
Біздің үйдің қызы бұл...»
Жатты майдан сипаты
Әжімінде жүзінің.
Саусағымен сипады
Кекіл шашын қызының.
Тіл қатып, сөз қоспадым,
Енді үнсіз ұғындық...
Достық екен, достарым,
Дүниедегі сұлулық.
* * *
Жас күнімнің серігі
Жамбылдың ақша таулары.
Төсінде бұлақ гүрілі,
Жайқалған бақша-баулары.
Қынатас қия баспалдақ,
Шықтардың таңғы ылғалы.
Әкеткен мені аспанға ап,
Жамбылдың биік шыңдары.
Тауына беріп бір айбын,
Кетпеген жазда қыс қары.
Қиқу салған құстары,
Ойнаған бұлттар ұшпалы.
Қиялым желдей шарлады,
Жолдасым ең жас күнгі.
Жамбылдың биік таулары,
Бұлақтар бұйра тасқынды.
1954
* * *
Бір өмірім жете ме, әлде,
Жетпей ме, әлде, білмеймін.
Түндер бойы тыным алмай,
Ойдың отын үрлеймін.
Бір өмір не, бір өмір не,
Берші маған мың өмір.
Бұл өмірден күндей күлген,
Өтпейінші тым жеңіл.
ЖЕТІҚАРА БЕЛЕСІНДЕ
І. ЖАҢБЫРЛЫ КҮЗДЕ
Қостанайдан, газеттен
Біз тарттық Жетіқараға.
Жаңбырлы күз.
Жаз өткен,
Жол жаман екі арада.
Шоферде де жоқ амал,
Шаршады әбден бітініп.
Судырлайды орамал,
Суық терді сыпырып.
Қара батпақ бар аймақ,
Кедір-бұдыр жол соқпақ.
Алдын жиі абайлап,
Бағдарлайды ол тоқтап.
Не де болса ішінде,
Үндемейді ол бірақ.
Күздің күңгірт кешінде,
Жеткізбейді жол жырақ.
Ауыр жүкті көтеріп,
Алқынғандай машина.
Қайта-қайта жөтеліп,
Қалды қырдың басында.
Жеңілтектеп киініп,
Кеттік енді жаяулап.
Кейде алқынып жүгіріп,
Кейде жалқау аяңдап.
Жел еседі суылдап,
Алда күңгірт тұр адыр.
Шақырды оты жымыңдап,
Жол үстінде бір ауыл.
ІІ. ШАЛ ҮЙІНДЕ
Жан екен бір көңілді,
Біз жолыққан ақсақал.
Көңілі кең көрінді,
Болса да үйі тап-тапал.
Қыж-қыж қайнап үй іші,
Тонған дене жылынды.
Қазандағы ет исі
Қытықтайды мұрынды.
Айтып аман-есендік,
Отырған соң жайласып.
Деді ол:
— Мұнша кешеулеп,
Барасыңдар қайда асып?
Айттық:
— Жетіқараға,
Барамыз,— деп жол жүріп.
Қалыпеді далада
«Көлігіміз» болдырап.
— Саспаңыздар мен саспай,
Орындалар бәрі де.
Арғы жағын сұраспай,
Сөзді бердік кәріге.
Көкірегі — дария,
Жан екен бір шежіре.
— Сөйле,— дедік,— қария!
Құмар болып сөзіне.
ІІІ. ШАЛ ӘҢГІМЕСІ
Сәл шытынып қабағын,
Аз кідіріп аялдап.
Өмірінің тарауын
Кетті бізге баяндап:
—Ертеде алтын кенінде, Жұпыны еді өндіріс... Түспейтұғын жеңілге Қайла, күрек — қол жұмыс.
Құмды тартып диірменге,
Қол балғамен тас үгіп.
Ұйықтамадық түндерде,
Болды бәрі бос үміт.
Тұра берді былқ етпей,
Алып тастар түксиген.
Тас жонына бір өтпей,
Қажытты ғой көк сүймен.
Бір күні тас үгіннен,
Жылтырады бір бүршік.
Алтын ғой деп жүгірдім
Тұра алмай тыпыршып.
Қожайынға алтынды,
Алып бардым: «Сыйым» деп.
Ашуланып ақырды:
—Қара мұның қуын,— деп.
Алдадың деп, антұрған
Сойып салды дүрелеп.
Айрылдым мен алтыннан
Есіркесін кім елеп?
— Қабырғамды сыдыртып,
Құрысын деп мал тапқан.
Үй-ішімді шұбыртып,
Кеттім безіп жатақтан.
Осы отырған әкеңнің,
Өтті осылай жас күні.
Қазір менің үлкенім,
Рудниктің бастығы.
ІV. ЗАБОЙДА
Шал баласын қиналмай,
Тауып алдық қаладан.
Көшірмесі тұрғандай,
Айнымайды дәл одан.
Жаналы!— деп біздерге,
Таныстырды ол өзін.
Байқап қалдық жүзінен
Кішіпейіл мінезін.
Көрсет!— дедік, забойды,
Мақұл,— деп ол бастады.
Жатты ылғи жол бойы,
Таудың қызыл тастары.
Баспай бірде аптығын,
Мұнаралар бу атты.
Ұшқан булар шахтаның,
Алған демі сияқты.
Алып күшті дүбірі,
Электровоздардан.
Солқ-солқ етіп бүйірі,
Жер дүрсілдеп қозғалған.
Тұр еңбектен от алып,
Забойдың әр бұрышы.
Жатыр кенді қопарып,
Бұрқылдатып бұрғышы.
Кеннің әр тас, әр құмы,
Алтын болып аққандай.
Бүкіл жердің тағдыры,
Сол қолдарда жатқандай.
* * *
Айналғандай тасқынға
Біртіндеп бүкіл жер жүзі.
Жатқандай аспан астында
Жалғыз-ақ Каспий теңізі.
Жөңкіліп толқын тоқтайды,
Жартасқа соғып тебіндеп.
Тағы да тағат таппайды,
Сақылдап жалын жел үрлеп.
Жалпақ жон асау жайындай
Толқындар тулап ойнаған.
Балықшы одан тайынбай,
Қайығын қарсы айдаған.
Сұрапыл кезең өткендей,
Қалғандай қатер артында.
Енді ол көкке жеткендей,
Толқыннан мініп толқынға.
* * *
Аттанарда махаббат,
Көзіңде ыстық жас бар-ды.
Кеткем сонда арқалап,
Көз жасындай аспанды.
Қала берген кол бұлғап,
Туған дала орманы.
Тартқан алыс бұлдырап,
Майдан жорык жолдары.
Ол кезде ой ұрыншак,
Шегі жоктай арманнын.
Қалдың жалғыз айға ұксап,
Ар жағында таулардың.
Күн секілді сәулесін,
Кең әлемге түсірген.
Жасырайын мен несін,
Шықпай жүрдің түсімнен.
Сол кезде де махаббат,
Келерімді сезіп ең.
Жұрт көзінен қалқалап,
Сүйейінші көзіңнен.
* * *
Сайын дала сағымды,
Самал таулы Сарыарқа.
Кешіп көлдей шалғынды.
Көп жүгірдік жан қалқа.
Жүгірген де жүрегім,
Құстай ұшты кеудемде.
Көп қарадық гүлдерге,
Көп шомылдық көлдерге,
Екеуімізге кейіннен,
Екі бөлек жол түсіп,
Жақсы көрген пейілмен,
Қош айтыстық қол қысып.
Содан бері көрмедім,
Түсіме де енбедің.
Қайда жүрсің, қалқатай,
Сүйіктім ең сен менің.
ӨЛЕҢ ЖАЗАР АЛДЫНДА
(Әбділдаға)
Жар астында — төменде
Сылдырап ағып Сыр жатты.
Айналмай әлі өлеңге.
Көңілде күй боп жыр жатты.
Кеудені кернеп бір сезім,
Ыңылдай берді ақын жан.
Білемін өлең мінезін
Ұйтқытып ойды сапырған.
Дария жатты долданған,
Көбігін атып бұршақтап.
Тұрғандай болды ол маған,
Дүниені бүкіл құшақтап.
1955
* * *
Жастығым сені жоғалттым,
Қалың орман ішінде.
Жүзіндей сом болаттың
Жарқ етесің түсімде.
Бұрынғыша екеуміз,
Орман кезіп кетеміз.
Тал бүршігін сындырып,
Шапқылаймыз жүгіріп.
Сен кетесің шарқ ұрып,
Мен қаламын алқынып.
Жастығым сені жоғалттым,
Дарияның төсінде.
Жүзіндей сом болаттың
Жарқ етесің түсімде.
Бұрынғыша екеуміз
Сыр жағалап кетеміз.
Су тамаша, су қызық —
Шалқалаймыз бір жүзіп.
Сен кетесің алыстап,
Мен қаламын тал ұстап.
1955
АЛМАТЫНЫҢ АЛМАСЫ
(Әнге лайықталған)
Алматының бағында
Алма ағаштар гүлдеді.
Жаздың сұлу таңында
Жас қыз көзін ілмеді.
Еңбек етіп ерінбей
Көктемде оны суарды.
Өскеніне өрімдей
Жаны толқып қуанды.
Шекараны күзеткен
Қыз сағынып жолдасын,
Тартты сый ғып өзі еккен
Алматының алмасын.
Шекарада әр түрлі
Табылады алма да.
Сүйген жардың тартуы
Қымбаттырақ сонда да.
1955
* * *
Аспан айы, кел маған,
Ажарыңды бер маған.
Жаушы қар, жан баспаған,
Мен ұқсайын тап соған.
Жоғалмайын айға ұқсап,
Ерімейін қарға ұқсап.
Жастық шағым таймасын,
Жүзім айдай жайнасын.
1955
БАЛЫҚШЫ СЫРЫ
Мен осында сырын білем,
Әрбір арал, әр тастың.
Жалаң аяқ зыр жүгіргем,
Жағасында Балқаштың.
Жас кезімде кетіппін мен,
Ерте тұрып үйімнен.
Балқаш мазақ етіп күлген,
Толқынымен үйірген.
Болды менің сырласым да
Теңіз сыры, жел шуы.
Біліп жеңбей тынбасымды
Көнді ақыры көл суы.
ЕСІК КӨЛІ
Жеткізбейді бел-белес
Әлі кетіп барасың.
Сол бір көлді жерде емес,
Көкте ме деп қаласың.
Қөкпеңбек боп ылдидан
Көрінеді ол саған.
Зымырайсың құлдилап,
Ғашығыңа аңсаған.
Қөрінбестей көзге анық,
Тап баспасаң ол саған;
Желден, бұлттан қызғанып,
Орман, таулар қоршаған.
Құлап түскен ертеде
Аспанның бір айындай.
Сол көгілдір еркеге
Қарайсың көз айырмай.
Жеткізбейді бел-белес,
Әлі кетіп барасың,
Со бір көлді жерде емес,
Көкте ме деп қаласың.
ШУ
Таулармен таулар сүйісіп,
Жақындай түсіп күннен күн,
Қалғандай бір кез түйісіп,
Тұмсығы алып пілдердің.
Толқындар тауды сүзеді,
Майданға түскен батырдай.
Қарғиды Шудың өзені,
Манастың ұшқыр атындай.
Қырғыздың жерін кезеді,
Толқындар ойнап алысып.
Қалмайды Шудың өзені
Сенімен бірге жарысып.
Ағады Шудың өзені
Айнала тауға дес бермей.
Толқынынан ежелгі
Қырғыздың күйі ескендей.
КӨКТЕМ ТАСҚЫНЫ
Алғашқы аспан күркірі
Салютіндей көктемнің.
Дүниенің бар түкпірі
Құшағында көктердің.
Қөтеріп дала жасыл гүл
Көктем күнін қарсы алған.
Тек қана таудың басы тұр
Маңдайын мәңгі қар шалған.
Сусындап көктің бұлтына
Бұрқана ағып тас бұлақ.
Басынан таудың шықты ма?
Жарысып, ойнап бас құрап.
Әйтеуір қатты ағыны
Бойында нәрлі бір күш бар.
Сарқылып әбден сабыры
Болады оған гүл құштар.
Сүйесің сен де бұлақты,
Секірген шапшып тасқыны,
Жатқандай сонда қуатты
Өмірдің жалын жастығы.
БОЗ ТОРҒАЙ
Жоғарылап, төмендеп,
Көкте қалқып шырлаған,
Бозала таң елеңдеп,
Боз торғайды тыңдаған.
Кейде қары қарысып,
Қанаттары талғандай.
Жалғыз ноқат жабысып,
Жансыз қатып қалғандай.
Сонау биік қиырдан
Сорғалай кеп құйылған.
Үні қалай десеңші,
Жүрегіңе ұйыған!
Өтті қарлы соңғы ұшқын,
Кетті көлкіп жер көлдей.
Соңына еріп сол құстың
Көктем суыт келгендей.
ҚЫЗ МҰНАРАСЫ
Атылып мұнарадан қыз құлаған.
(Қадалып түйліккен шал — құзғын оған).
Жұтқанда жас аруды кәрі теңіз,
Кеудеге бұлтын жиып күз жылаған.
Түсірген жұрт еңсесін шер-мұңайтып,
Сұлу қыз көре алмаған елді қайтып,
Лақтырып тұңғиыққа тұншықтырып,
Толқындар көңіл айтқан кері қайтып.
Өмірден таусылған дәм-сыбағасы
Сол қызды қабылдаған су анасы.
Бакуде көк теңізден көзін алмай,
Әлі тұр мұңайып қыз мұнарасы.
ГҮЛ ӨМІР
(Ұлым Атығайға)
Көктемде қолға ұстаған гүлім едің,
Кеудемде бір күй болып күбірледің.
Жоқтаймын, жалтақ-жалтақ қарай берем,
Асыр сап ойнағанда інілерің.
Жапырағымдай болдың сен бір үзілген,
Кетпей тұр көз жұмсаң да нұр жүзіңнен,
Барасың қараңғыға шым-шым батып,
Жанымда жарқыраған жұлдызым ең.
* * *
Сонау Сырда бір қыз бар
Сүйеді де сүймейді.
Қөңілімде бір із бар,
Біледі де білмейді.
Табанымнан сыз өтіп,
Ойда талай тұрғаным.
Түндер бойы күзетіп,
Естімедім бір әнін.
Білсем-дағы есігін,
Қаға алмаймын, қақпаймын,
Ойлап, ойлап есімін
Таба алмаймын, таппаймын.
Еркің мені әзілде,
Сырын түйіп айтпаған.
Үндемеймін, әзірге
Қөңіл жақсы қайтпаған.
* * *
Су сыбырлап барады,
Сыбырының сыры бар.
Жұлдыз зулап ағады,
Тоқтамайтын түрі бар.
Жастық дәурен барады,
Алды-артына қарамай.
Жарық жұлдыз ағады,
Қол созамын баладай.
Ағып жұлдыз, зулап жел
Жеткізбесі ол анық.
Бұл ғұмырда, бұраң бел,
Бір жасайтын болалық.
КӨКТЕМ КӨРІНІСІ
Қара бұлт қарақұстай қанат қағып,
Алатау қатпар-қатпар қабаттанып,
Күңіренген күн астында қылт етеді,
От тілін найзағайдың жалап қалып.
Көкжиек ұштасты да көлге келіп,
Кенеттен тына қалды жел бөгеліп.
Шатынап шарт сынды бір ашулы күн
Аспаны аунап жерге дөңгеленіп.
Жасаурап әлденеге тұрды көзі,
Күннің де қызық екен бұл мінезі.
Көз жасын еркелікпен төгіп алып,
Артынан жас баладай күледі өзі.
ШЫНАР
Жаз бұтағын тербетіп,
Жамырасып құс қонып.
Күз маңдайын терлетіп,
Уілдеген қыс тоңып.
Көктемге де келіпті
Көк ерім боп сол шынар,
Шыңнан жиған көрікті,
Сол шынарға жан құмар.
Бойлап алыс бұлтқа,
Ұрынбаған суыққа.
Шынар болып шыныққан
Қызығам сол шыбыққа.
БИДАЙ МОНШАҚТАРЫ
Машинаның оттары шалқып ұдай,
Арай шашқан прожектор жарқылындай,
Тулайды егін Қостанай даласында
Жарына ұрған Тобылдың толқынындай.
Саласындай саусақтың самсап бәрі,
Тербеледі бидайдың моншақтары.
Кең далада керемет күй күркіреп,
Қырмандарға құйылған жол соқпағы.
Қызыл керуен ағылған жол бойында,
Дала толған дүбірлі комбайнға.
Тер маржаны жаңбырдай мөлдірейді,
Күн қарыған диқанның маңдайында.
Отты күнгі Отанның солдатындай,
Барады ерлер аршындап алға тынбай.
Арттарында қалады қырман таулар —
Сапырылған сағыммен сары алтындай.
Атақтары аспандап ел көгіне,
Қуантты олар ересен еңбегіне.
Жер жұлдыздай гүлдерін тағып жатыр
Өңін қайта өзгерткен ерлеріне.
КЕТЕРДЕ
Туған жерден кетерде,
Алдым қызыл аршаны.
Болды оным бекерге,
Бәрібір жан аңсады.
Туған жерден кетерде,
Іштім тұнық көл суын.
Болды оным бекерге,
Қанбай қойды сусыным.
Туған жерден кетерде,
Шықтым биік тауына.
Болды оным бекерге,
Сеп болмады жаныма.
Не дер екен бұған ел:
Сенен артық жоқ десем.
Барлық ойым, туған жер,
Сенен ұзап кетпесем.
* * *
Жер көтерген арқасы ауырсынбай:
Орман, аспан, көлдерді, дала таңын.
Бұлт жүзеді бозамық қауырсындай,
Жайлап желпіп қазақтың Қаратауын.
Жол үстінен ұшады тобыменен,
Дүр сілкініп, пыр етіп бұлдырықтар.
Көтеріліп етектен қобыменен
Өріс беттеп барады мыңғырып мал.
Ұлан дала сыйғандай суреті,
Жарқыраған қойшының жұлдызына,
Сәулесімен көрсетіп сый-құрметті,
Қарағандай биіктен күн қызыға.
* * *
Ағып жатыр сұлу Сыр
Айқай салып арқырап.
Түн қойнында бұлыңғыр
Жалғыз өзі жарқырап.
Амуменен жарысып,
Барады Сыр Аралға.
Көк теңізде табысып,
Құмары бір қанар ма?
Сынып зәрлі қаһары
Қалшылдап қайтқан кәрі ашу.
Сапырыла ағып барады
Сары алтындай сары су.
* * *
Соғыстың сонау кезінде,
Киініп солдат көйлегін.
Досымыз болды біздің де,
Обалы қанша Гейненің.
Германия жерінде,
Құртысып бірге ел жауын.
Майданның алғы шебінде,
Өзі де болды Тельманның.
Жетпедік оңай жеңіске,
Өттік біз өр мен қиядан.
Қол создық туыс неміске,
Тұп-тура Германиядан.
Жау емес енді жақын боп,
Қол алып, басты бір қостық.
Салют боп соңғы атылды оқ,
Бекіді сонда шын достық.
Жайнады жарық жұлдыздар,
Жарқылдап жанның отындай,
Достықты енді кім бұзар,
Құшақтасқан егіз толқындай.
1956
ҚАЙЫҚШЫ ҚЫЗ
Жатыр түнде Ақ Жайық
Көк көрпесін кең жайып.
Толқын сүйген ернеуін,
Жағасында желқайық.
Гурьевті қақ жарып,
Жалпақ Жайық жайласқан.
Күндізгідей жап-жарық,
Айдынында — айлы аспан.
Қолаң шашы толқыған
Ақ Жайықтың желімен.
Туғандай көк толқыннан
Сөйлесті қыз менімен.
— Кештеу қалдым ғапу ет,
Барар жерім арғы бет.
Егер ауыр болмасам,
Қарындасым, алып өт.
— Қайық батып кетердей
Жан екенсіз өте ірі.
Келдіңіз бе көтермей
Ақ Жайықтың көпірі.
— Жаңа келдім бұл маңға
Барлық сырын білем бе?
Тура жолым тұрғанда
Қөпірді іздеп жүрем бе?
Болғандай сәл айыпты,
Қыз орынды ұсынды.
Жағалаудан қайықты
Жайық жайлап ысырды.
Құшағына ап көк ала
Тербей берді майда ағыс.
Жақын екен жаға да
Көрінгенмен жайда алыс.
Қойдым сол кез мен ойлап,
Болмады-ау деп Жайық кең.
Су сыбырлап,
жел ойнап,
Жүзе берсек қайықпен.
1956
МҮГІЛСІН
Жүзің қызыл шырайлы,
Қарындасым Мүгілсін.
Боянбауың ұнайды,
Боянбай-ақ сұлусың.
Ажарың бар аяулы
Бояуға онша өкінбе,
Табиғаттың бояуы
Тұр өзіңнің бетіңде.
1956
АМУДАРИЯ
Жүзі суық Амудың
Суының да сұр түсі.
Айдынында дауылдың
Сақылдаған күлкісі.
— Тегін емес, жора жан,
Қабағының қатуы.—
Деп қозғаған сыр одан
Қарақалпақ ақыны.
Айдап елді Аралға
Айқай, у-шу сүреңмен —
Ертеде Амудария
Бұрқ-сарқ қайнап, шіренген
Асау езен өзеуреп,
Халық босқан жапаннан.
Біздер тұрған бұл өзек,
«Қыз кеткен» деп атанған.
Жағасында Амудың
Қалып қойған орнында,
Тақиятас арудың
Тақиясы болды ма?
Жуылды ма бұл жаға,
Оның мөлдір жасымен.
Қарық боп су олжаға,
Ойнады ма шашымен.
Жаны оның да ақын ғой
Қөңілімді дос ұқты.
Жүзіңізде жатыр ой,
Жазасыз ба қосықты1.
— Жазамын — деп құлшынып
Айта алмаймын күн бұрын.
Кейде ұялып, қымсынып
Келмейді жыр құрғырың.
Алдымызда тұр күтіп,
Шаңқай түстей ақ қала.
Амуды ел сырғытып,
Барады алып мақтаға.
Түсті оған бұғалық,
Енді ол түсін бұзбады.
Мақтаны жүр суарып,
Қарақалпақ қыздары.
Бұл қыздарда жоқ қайғы
Басқа олардың жыры бар.
Толқынменен ақпайды
Толқын шашты сұлулар.
1956
КӨНЕ ҮРГЕНІШ
І
Шығып әбден ығыры
Қиын болып күн көріс.
Керуендермен бір жылы
Кетіпті атам Үргеніш.
Кездеспепті бұл құмда,
Тым болмаса дуадақ.
Әкетіпті қиырға
Құйын соғып қуалап.
Жеткізбепті мұнара,
Жалт-жұлт ойнап қиырдан.
Ұсынбапты бұл дала
Тым болмаса түйір нан.
ІІ
Қоршалмай-ақ қорғанмен
Жатыр көне Үргеніш,
Аты ескі болғанмен
Көп жаңалық, өзгеріс.
Жатыр жайрап күні өткен
Керуен сарай өткелі.
Соны жалдап күнелткен
Үргеніштің бектері.
Ескі дуал, тар аула,
Кеткен үлкен қала боп.
Айдай тақыр алаңға
Қонған топ-топ самолет.
Жаңа үйлерге сән беріп,
Жас теректер тізілген.
Бауларында алма, өрік
Аузыңа кеп үзілген.
Мақта желмен сусылдап,
Гүлін жарып ағарған.
Үргеніш тұр сусындап,
Ленин атты каналдан.
1956
* * *
Түркмения үстінен
Түнеріп талай жыл өтті.
Таяқ жеп момын күштіден,
Тақсіретпенен күнелтті.
Хан мен бектер құтырды,
Құшағында қырық әйел.
Жұлдыз түнде жұтылды,
Қанға бөкті қырқа бел.
Ханның ойнақ жынындай
Өтті-кетті құм дауыл.
Революция туындай
Жайқалады қырда гүл.
ӨЛІМ МҰНАРАСЫ
Бұхарада мұнара
Қаһарлы хан соқтырған.
Елге апат боп бұл ара,
Болған онда кеп құрбан.
Талай ерін кезеріп,
Төккен көздің жастарын.
Өзі тасып, өзі өріп,
Қалаған ел тастарын.
Сөйтіп халық қолымен,
Өз ажалын сайлаған.
Хан шұбыртып тобымен,
Жұртты өлімге айдаған.
Тоймай ажал ындыны,
Кернейлеткен күн ұзақ.
Күнәсі жоқ сорлыны,
Қылғындырған қыл дұзақ.
Қандай қызыл шарапты,
Сіміріп ап толтырып:
Талай оған қарапты
Хан тағында отырып.
Кесіп жолын өмірдің,
Батып қанға — күнәға.
Мұнарасы өлімнің
Атанған бұл мұраға.
Тез кете алмай жанынан,
Аялдайсың кідіріп,
Өтеді көз алдыңнан
Қанды жылдар шұбырып.
1956
ҚЫЗЫЛҚҰМ
Орта Азия көгінде
Оттай ыстық қызу күн.
Түрікпеннің жерінде
Жатыр жалпақ Қызылқұм.
Жауырынын күн қақтап,
Қатып қалған қан-сөлі.
Сұра желден, ойнақтап
Көшірді екен қанша оны?
Адамдарды тас боран
Қаңбақ етіп үйірген.
Жонға көміп тастаған
Түйелерді жүгімен...
Елдің күші біріккен
Құмды жарып, қақ тілген.
Келеді жас түрікпен
Ақалтеке ат мінген.
Келеді алыс күнді ойлап,
Өзі ие өмірге ол.
Өз қолынан құм бойлап,
Кетіп жатыр темір жол.
1956
АРША
(Қайнекейге)
Тосын бойы толы арша,
Тосын бойы қалың ну.
Құздарынан таласа
Құйылады ағын су.
Түк демейді, ол саған
Тоғайынан ал арша.
Шық тауына қоршаған,
Іш бұлағын қанғанша.
Бәрі тегін, ол жомарт
Тілегі бар бір ғана.
Жолаушыдан қолқалап,
Сұрайды тек жыр ғана.
1956
* * *
Аралап алыс бұлттарды,
Жағалап жалпақ даланы.
Таудан төмен сырғанап,
Күн зымырап ағады.
Күн зымырап ағады,
Ұясына қонады.
Бұлт үстінде толқиды,
Күннің қызыл жолағы.
Құз, қияны өрмелеп,
Ай туады дөңгелек.
Сырғанайды дөңгелеп
Көреді өзін көлге кеп.
Бұлдырап барып батады,
Артынша таң атады.
Бұлт үстінде толқиды,
Күннің қызыл шапағы.
Құлпырады шығыс жақ,
Күн тұрады ту ұстап.
1956
НЕГЕ КІНӘ ҚОЯСЫҢ?
— Қалай болып кеткен?— деп,
Сын қоясыз қазір сіз.
Жас ем онда көкпеңбек,
Сақал-мұртсыз, әжімсіз.
Сол бір балғын жүзімде,
Қалған саған ұнамай.
Отыз асқан кезімде
Қойшы мені сынамай.
ПАРТИЗАНДАР МОЛАСЫ
Еш дыбыс маңайында білінбейді,
Жел үрлеп қалың жусан күбірлейді.
Көзіңе өткен күндер елес беріп,
Алыста ат тұяғы дүбірлейді.
Астында күрең қасқа аты ойнаған,
Қасқайып қан майданда атойлаған.
Өтеді көз алдынан Аманкелді —
Ерліктің екі көзде оты ойнаған.
Құйды күн жасын оты шатырлаған,
Сол оттай қылыштар не жарқылдаған?
Қаладан қарақшылар шегінген ғой,
Құлақта мылтық даусы шаңқылдаған.
Бұлар кім, қалжыратқан азап, тұтқын
Партизан — ұлдары ғой азаттықтың.
Олардың омырауына қадалды оқтар,
Егіл жер, еңіре өзен, аза тұт күн!
Ақты қан, көпке дейін тыйылмады,
Қаралы ыңыранды күй ырғағы.
Қан төгіп жеткен осы бостандықтың
Оларға бал жемісі бұйырмады.
Еш дыбыс маңайында білінбейді,
Жел үрлеп қалың жусан күбірлейді.
Көзіңе өткен күндер елес беріп,
Алыста ат тұяғы дүбірлейді.
1956
* * *
Шулады орман кешкілік,
Жел артынан жауды қар.
Теңіз жатты тепсініп,
Сыңсыды жас қайыңдар.
Көк жүзіне біріндеп,
Көтерілді жұлдыздар.
Даусың кетті дірілдеп,
Кірпігіңде бір із бар.
Кетіп қалдың көрсетпей,
Тамшы жасын көзіңнің.
Тал бойындай өзіңнің,
Нәзік еді сезімің.
Сол екен ғой кім білген,
Жолығысу ақырғы.
Өткен күндер гүлдермен,
Түсіме еніп шақырды.
Шулады орман кешкілік,
Жел артынан жауды қар.
Теңіз жатты тепсініп,
Сыңсыды жас қайыңдар.
ҒАЗИЗ АНА
Бір күні дүниеге қарадым мен,
Ну орман жатты өзен алабы кең.
Жайқалды қыз табиғат қызыл гүлмен,
Бәрін де жылытты күн жанарымен.
Ойладым: бесіктегі бөбек едім,
Мен кімге ол кездерде керек едім?
Шырқырап шыбын жаның үстімде боп,
Мен үшін ғазиз ана не көрмедің?!
Алысып алтай қыстың боранымен,
Жылы етіп жөргегімді орадың сен.
Нұр құйдың,
нұрмен бірге жыр да құйдың,
Өзіңнің күн сияқты жанарыңмен.
Бір күні тік басуға жарадым мен,
Сол сол-ақ қияға ерлеп барамын мен.
Ержетіп есейгенім есіңде жоқ,
Көтеріп келесің сен бала күннен.
Қуанып көз алдыңда жүргеніме,
Құмарсың менің келер күндеріме.
О, ана, жетсе екен кәрі өмірің,
Қартайған шағымды да бір көруге.
1956
МАЙДАНДАС ДОСҚА ХАТ
Уа, досым, олпы-солпы сол қалпыммын,
Мен үшін керегі жоқ зор даңқыңның.
Емеспін ефрейтор я сержант,
Өлеңнің қарапайым солдатымын.
Майданның кеткен бір кез оғы жыртып,
Бүгілген саусақтарым, қолым тыртық.
Түндерде тулап соғып тыншымайды,
Жүрегім жыр жолына болып ынтық.
Соғыстың кетсе де еріп суық қары,
Ол күнді жаным әлі үмытпады.
Сырқырап сала берер жаралы қол,
Ойнаса Алатаудың бұлттары.
Бірақ та зырылдаған жүйрік қалам,
Жырымды оятады ұйықтаған.
Кетеді күн еңкейіп бөлмеме кеп,
Қуатты шұғыласын құйып маған.
Демеймін жаралы едім, бітініп ем,
Демеймін барлығын мен бітіріп ем.
Сондықтан түндер бойы ой ұшады,
Бұрқырап темекінің түтінімен.
1956
ТӨЛЕНДІГЕ
Сені тәуір көріп ем,
Бармысың сен Төленді.
Өзім жазып беріп ем,
Бақытыңа өлеңді.
Есіңде ме жүрген кез,
Күндіз ұйықтап, жортып түн.
Дос қадірін білген кез,
Батпағында Волховтың.
Кеудеде кек алаулап,
Тастап ойын-күлкіні.
Бардық біздер жаяулап.
Қан майданға бір күні.
Есіңде ме,
жан жолдас,
Қанды кештік қанша күн.
Оққа ілінді оң жамбас,
Қансырадың, шаршадың.
Көңіліміз жаңарып,
Көшемізде өсті тал,
Болды ауыр жара ұмыт,
Қалды артта госпиталь.
Артық көрген досым ең,
Сағындым да өзіңді.
Жан күйінің жасымен,
Шайып алдым көзімді.
Іздедім мен еске алып,
Бармысың сен, Төленді.
Қайырлы таң, кеш жарық,
Оқы осы өлеңді.
1956
ЛЕНИН КАБИНЕТІНДЕ
Алдымда үлкен үй тұрды,
Аралап бәрін өтіп ем.
Жаңа шыққан сықылды
Ленин кабинетінен.
Столда толы хат-хабар,
Ұштаулы жатыр қаламы.
Осы бір қалам атқарар
Қаншама жұмыс бар әлі!
Күн міндетін тұр сезіп,
Жиналыс бар екіде.
Қалтада қолы, жүр кезіп
Ленин кабинетінде.
Столға қайта үңілді,
Қағазға ойын құй, қалам!
Шинель тұр төрде ілулі
Солдаттар бір кез сыйлаған.
Маңдайын ұстап ол неге
Ойланып қалды кенеттен.
Ойлан, жолдас Ленин,
Ойың ғой елді көгерткен.
Келе жатыр шаруалар
Өзеннің арғы бетінен.
Ленин шығып қабылдар
Өзінің кабинетінен.
Толғантты мені бір түрлі
Аралап бәрін өтіп ем.
Жаңа шыққан сықылды
Ленин кабинетінен.
1956
БИЛЕП, ОЙНАП, КҮЛЕДІ
Алыс жолдан асығып,
Жетті көктем — келіншек.
Бұтақтарға асылып,
Жылайды қар көңілшек.
Келді көктем — келіншек,
Көк көйлегі көлеңдеп.
Салып жатыр көп өрнек,
Жайып жатыр көп өрмек.
Жұрттың бәрін сүйеді,
Қалса керек сағынып.
Билеп, ойнап, күледі,
Жапырақты жамылып.
1956
ЖҰЛДЫЗ ГҮЛ
Араладым ауланы
Келмеген соң күндіз жыр.
Көңілімді аулады,
Көзді тартып жұлдыз гүл.
Бес тармақты қызыл гүл
Қызыл жұлдыз кәдімгі.
Құпия сыр қызық бұл,
Тербеп өтті жанымды.
Көктем өрнек салыпты,
Еңбек етіп күн ұзын.
Жер төсіне тағыпты
Гүлден қызыл жұздызын.
1956
АҚ ҚАЛПАҒЫ БАСЫНДА
Көгінде күн күркіреп,
Алды үйіріп даланы.
Жаңбырлы бұлт сіркіреп,
Шайып өтті ауаны.
Көктем желі шарлаған
Қыс көйлегін сыпырды.
Қызғалдақтар аумаған,
Қызыл тулар сықылды.
Ақты өзен алға ұзап,
Ақ тал қалмай шашында,
Алатау тұр жалғыз-ақ,
Ақ қалпағы басында.
1956
АСПАНДА
Қалып жатыр шөл, ыза...
Шетсіз аспан әлемі.
Көрінді тау Феруза,
Аты қандай әдемі.
Тау екенсің тәп-тәуір,
Тартатұғын ақынды.
Кім де болса әйтеуір,
Тауып қойған атыңды.
Бетіме кеп тигені,
Тау көлінің сызаты.
Менің барлық білгенім,
Феруза тек қыз аты.
Қала берді Феруза
Жырды қозғап көңілден.
Ферузаға мен ырза,
Тарта бердім жөніммен.
Жарып жалпақ ауаны,
Көкте қалқып келем мен.
Теңіз маған қарады,
Төрт мың метр төменнен.
Мүмкін тартып шеруді,
Жатқан шығар толқындап.
Көктен маған көрінді,
Момақан боп ол бірақ.
Талай арал өткенбіз,
Каспий, Каспий баяғы.
Бәрібір сол Көктеңіз,
Жоқ басы мен аяғы.
Жатыр теңіз жас күйде,
Жаз сағымын бүркеніп.
Түстеніп жүр Каспийге
Көкірегін бұлт еміп.
— Барамыз ба күн батпай?
Деп досымнан сұраймын.
Көрсетеді ол тіл қатпай,
Мұнарасын мұнайдың.
Самолет тез айналды,
Желбірейді алда ту.
Азербайжан айналдым,
Сәлем, саған жан Баку.
1956
СӘЛЕМ, БАКУ
Сәлем, Баку, қаламсың
Өмірімде болмаған.
Құшағыңа аларсың,
Көңілімде жоқ алаң,
Низамиден жыр ұққан
Сәлем саған Абайдан.
Тойыңа кеп тыныққан
Сәлем Қасым ағайдан.
Жалындаған жаныммен
Үлгіре алмай жатырмын,
Сәлем, саған алдымен,
Жұмысшысы Бакудың.
Қара түнде атылған
Жиырма алты комиссар,
Қазақстан халқынан
Мен әкелдім, алғысты ал.
Сәлем, Баку түндері,
Ойнап жатқан отпенен.
Сәлем, Баку гүлдері,
Жаз айында көктеген.
Сәлем, Баку ұл-қызы,
Өлеңде жоқ шекара.
Сәлем, Каспий теңізі,
Толқындары көкала.
Ән салғанда тауда су,
Күй шертеді даласы.
Сәлем, саған жан Баку,
Ақындардың қаласы,
1956
САМЕД ВУРГУН
Каспийдің толқынындай күркіреген,
Неліктен тына қалды шіркін өлең.
Жабырқап ауру жеңіп жатыр ақын,
Қоштасып өзінің ел-жұртыменен.
Жерлерін баса алмай кеше жүрген,
Енді ол тұра алмайды төсегінен.
Он күндей нәр татпаған, талықсыған,
Айрылып күн мен айдың есебінен.
Қайдасың, жүйрік аты Қарабақтың,
Сен оған тау мен тасты аралаттың.
Қайдасың ақсақалды жомарт аңшы,
Сен оны адасқанда паналаттың.
Ол өзі көп қыдырған көктемдері,
Қайдасың Азербайжан көк көлдері?
Қайдасың, қайда жүрсің қайран шабыт,
Оралмай өз досыңа көптен бері?
Столда қолға алынбай жатыр қалам,
Секілді ол да қазір жатырқаған.
От шашып көздеріңнен бір сілкінші
Кенеттен не боп қалды, ақын, саған?!
Ажалдың тұра ма ілгелі жез қармағы,
Япыр-ай, айтылмаған сөз қалмады,
Қатыгез қыңыр ауру жібермеді,
Төсектен тырмысса да қозғалғалы.
Өмірдің жазы кетіп, күзі қалды,
Әжім боп өткен күннің ізі қалды.
Ақынға сұм қара жер жатыр тосып,
Құшағын жылуы жоқ тым ызғарлы.
Кітабын құшақтап ап «Баку дастан»,
Тәрізді бүкіл Кавказ бақылдасқан.
Айтуға бармайды ауыз, тіл келмейді,
Айрылып қаламыз ба ақын достан.
Дариға, айта алмаймын, айта алмаймын,
Май айы болып кетті-ау қаңтардайын.
Шынымен жыр жұлдызы сөне ме деп,
Ұрланып көп көздерге жаутаңдаймын.
1956
ТҮНГІ БАКУ
Алыстағы асқардың
Басына түн бекінді.
Алқара көк аспанның
Баку көзі секілді.
Электрлі шам жақты,
Септі жерге жұлдызды.
Баку әкеп орнатты,
Көк теңізге күндізді.
Шолып түнді қиырдан,
Басында ең биіктің.
Тұрды мығым құйылған,
Ескерткіші Кировтың.
Тек қана бір сол ара,
Бұл қалада бар биік.
Мұнара да, мұнара...
Баку жатыр далиып.
Дәл осындай бір түні
Горький дөңге шығыпты.
Көк теңізден күлкілі
Көп сырларды ұғыпты.
Көз алмапты құмартып,
Шұғыладан төгілген.
Көріпті оны тым артық,
Италия көгінен.
Көрем десең қаланы,
Шық дөңеске іңірде.
Жұт теңіздің самалын
Жан Бакудың түнінде.
1956
ҚОШ, БАКУ
Алматыма аттандым,
Ақкөңілмен, дос, тату.
Бар сырыңды ақтардың,
Рақмет, қош, Баку.
Көрмеймін деп мен сені,
Есенинше айта алман.
Ашып тастап кеудемді
Оралармын қайтадан.
Үлгірмедім аралап,
Қалды күтіп өзенің.
Тұлпарымен Қарабақ,
Тауларыңды кеземін.
Қонақтармын бейне аққу,
Бір күні кеп көктемде.
Азербайжан, жан Баку,
Шомылармын көк көлге.
Алматыма аттандым,
Аққөңілмен, дос, тату.
Көп сырыңды ақтардың,
Көріскенше, қош, Баку.
1956
ҚЫСТАУ МАҢЫНДА
Тағы да жаным бір қунап,
Кеземін Торғай даласын.
Көкірегімде жыр тулап,
Жұтамын жұпар ауасын.
Ертемен тұрып Торғайға
Қайта, қайта барамын.
Түседі екен мұндайда,
Есіңе сонау бала күн.
Өзімнің туған ауылым,
Қөзіме сондай бәрі ыстық.
Келіппіз білмей қадірін,
Ағайын, туған таныстық.
Тұсында сонау ақ тамның,
Бозшакөл.
Әкем қыстауы,
Жатты ізі жастық шақтардың
Басылды жанның құштары.
Тұрса-дағы күн қайнап,
Салқын екен құм, жазы.
Келеді бірге құм бойлап,
Ғалым менен Мырзалы.
Өзен бойы тал екен,
Қара суы бал екен.
Таяғына сүйеніп
Қарсы алар ма кәрі әкем.
1956
ӨЗЕН ЖАҒАСЫНДА
Жүзіп өтіп Торғайды
Қорқынышты сезінбей.
Балалар суда ойнайды
Баяғы күнгі өзімдей.
Балақтарын түрініп,
Жапырлай тарап жан-жаққа.
Шегіртке қуып жүгіріп,
Жем іздейді қармаққа.
Балықты қайтса мол алып,
Олжаға батып болар мәз.
Ойқой, шіркін, балалық,
Бұл не деген жомарт жаз!
Тәйірі, оған бәрібір,
Аңызақ күннің қызуы.
Өзенде ойнап әлі жүр,
Өзінде барлық қызығы.
1956
КЕШ
Жаңа емес пе еді жатқаны,
Даланы қалың шаң басып.
Қақпаны дауыл қаққаны
Жұлқимын деп жармасып.
Бәрі де тынған, басылған,
Жаңбыр ғой қуған құйынды.
Күннің от көзі ашылған,
Жайнатып алыс қиырды.
Айдынын жайлап тосады
Өзенде тынған бұл шақта.
Аспанның кемпірқосағы,
Даланы алған құшаққа.
Ақырын семіп барады,
Алаулы күннің қызылы.
Жалауын жерге қадады,
Сол күннің отты сызығы.
Боз көде жайлап қозғалып,
Мұнартып дөңдер қалғыды.
Далаға кеште көз салып,
Сыртта жүр жанның барлығы.
1956
ЗЫРЛАП КЕТІП БАРАДЫ
Жұлдыздар ұйықтап таң алды,
Табиғат — ана мүлгіген.
Құшақтап байтақ даланы
Қарсы алдым шыққан күнді мен.
Дүние көзі дөңгелеп,
Көтерілді жоғары.
Аспанда алтын әңгелек,
Зырлап кетіп барады.
Бұйра, бұйра бұлттардан,
Бара жатыр ол озып.
Сәулетіне сұқтанған,
Жер қарайды қол созып.
1956
ЖЫЛАДЫ АСПАН КҮЗ КҮНІ
Жылады аспан күз күні,
Көзінен жасы моншақтап.
Күтіп ек ерте біз мұны,
Қалды екен неге ол сақтап.
Көктемде күтті сар дала,
Бидайымен сағынып.
Қоршаған бұлттар айнала,
Құйғытып өтті ағылып.
Жаңбырдың бұлты келер деп,
Жаз айында күтті оны.
Төнеді бұлттар төмендеп,
Жұмыста жүрсе жұрт қолы.
Жылады аспан күз күні,
Көзінен жасы моншақтап,
Күтіп ек ерте біз мұны,
Қалды екен неге ол сақтап.
1956
КИІК
Келеді киік тобымен,
Келеді құлап дөнестен.
Келеді дала жонымен,
Қуалай қуып жел ескен.
Бәрібір оған жар, адыр,
Не керек жолдың төтесі.
Бәрі ұйқыда. Қарауыл —
Күзетте жалғыз текесі.
Қалғиды қалқан құлақпен,
Ұйқыда бәрі тым-тырыс.
Түртеді теке тұяқпен,
Шыға қалса бір дыбыс.
Суаттың суы мол емес,
Суылдай берер құрақтар.
Ойыны бейне төбелес
Алысады лақтар.
Сүзісе қалған сол бір кез
Тетелес өскен ұл-қыздай.
Құралай көз, мөлдір көз
Жарқ етер сонда жұлдыздай.
Атылып көкке секірді,
Бойында бір күш сиқырлы.
Өзіңнің балаң секілді,
Ол-дағы саған сүйкімді.
1956
ӘБІҚАЙ
Сөз келсе сыпайы боп сызылмаған,
Әбіқай от жалынды қызулы адам.
Отырған көбінесе өлең жасап,
Ұйқасы балталаса бұзылмаған.
Денесін құрастырып өлең деген,
Үн, тілсіз әр дыбысқа елеңдеген
Үйінде құр сүлдесі, жаны аспанда
Жоғары шырқап бірде төмендеген.
Әбіқай сыншыл адам, сыршыл адам,
Қөз жасын құйып, төгіп жыр шығарған.
Өзінің заманында бәйге бермей,
Бір емес, шаршы топта мың сыналған.
Әбіқай ешбір жырды ұнатпаған,
Ақында тек Абайға тұрақтаған.
Қаламын лақтырғанда кәрі тарлан
Абайға басын иіп құлап қалған.
— Не керек босқа шауып көппен бірге,
Дегенде қарт Әбіқай шөккен мүлде.
Жанында жатыпты өлең жасырынып,
Көгеріп көңілінің көктемінде.
Болса да біраз жылдар өзі өлгелі,
Артында Әбіқайдың сөзі өлмеді.
Айтады ақсақалдар сейлейді деп,
Торғайдың Әбіқайша өзендері.
1956
АСТАНА МЕРЕКЕСІ
Тұрған таңғы ұйқысынан ел ерте,
Бүгінгі күн Алматыда мереке.
Көк көйлекті келіншектей кең өлке.
Әтір суын бүріккендей жел ерке.
Бүгінгі күн Алматыда мереке.
Қазақ тауы сілкіп қарлы қабағын,
Атырапқа тастайды көз жанарын.
Кеудесінен күйдей бұлақ ағады,
Күншығыстан көтерді күн жалауын,
Бүгінгі күн мерекесі даланың.
Құшағына қысып алып бидайды,
Тың даласы тыңнан бір жыр жырлайды,
Шулайды орман,
тулайды өзен тынбайды,
Қазақстан омырауында ұлы орден,
Қуанышым қойыныма сыймайды.
Өздері де кең даладай бейнелі,
Бәрі осында республика ерлері.
Жанды олардың жұлдыз болып еңбегі,
Елдің күшін, ердің ісін мадақтап
Алматымнан Ворошилов сөйледі.
Қыран бүркіт дауысындай саңқылдап,
Алатаудан шалқиды күй аңқылдап.
Бүкіл дала қалды тұнып ән тыңдап,
Жұлдызды түн, айлы аспанның астында
Толқиды ту, орденді ту жалтылдап.
1956
* * *
Сонау Торғай өзендері, көлдері,
Қайтіп қана ұмытармын мен сені.
Өзің бастап келдің мені өлеңге.
Өлең жазбай жарылам ба, өлем бе?
Әркім елге тартар қолда бар сыйын,
Менің тартар өлеңдерім жан күйім.
1956
* * *
«Болмасын,— деп,— түбінде қор»,
Істей қалсаң жақсылық.
Күндердің бір күнінде ол,
Кетеді екен қас қылып.
«Болмасын,— деп,— түбінде қор»,
Есіркесең ескеріп.
Ит сияқты түбінде ол
Кетеді екен көшке еріп.
Ондайларға жүре алмадым,
Бұдан былай дос болып.
Енді ойнап, күле алмадым,
Бара берсін қош болып.
1956
КҮЗ ЕДІ...
Күз еді, тұрып едің жар басында,
Аунақшып жатты өзен арнасында.
Жас едім, жалқы едім, жалынды едім,
Қиырдан қолды создым жалғасуға.
Қолымды қайрылмастан кеттің серпіп,
Зырлапты содан бері көп күн өтіп.
Жауыпты талай жаңбыр қара жерге
Ала бұлт төгіп жасын мөлдіретіп.
Даланың секілді жас қызғалдағы,
Кездесті талай-талай қыздар-дағы.
Басқалар сүйсе сүйсін дегендей-ақ
Жас жүрек қызғанбады, қызғанбады.
Өткен күн сыбдырындай жаңғырығып,
Тек қана өзен жатыр жарын ұрып.
Күз еді... жар басында жапа-жалғыз
Сен жоқсың. Ойға батып қалдым тұрып.
ТЕҢІЗ ЖАҒАСЫНДА
Қыз орамал бұлғайды,
Бара жатыр күн батып.
Қаспий теңіз шулайды
Толқынымен тіл қатып.
Қыз бетінен сүйеді,
Көк теңіздің лебі кеп.
Толқын болып сүюі
Бұрқанады жел үдеп.
Қарап сүйген жарына,
Жас теңізші күледі.
Күлгенменен оның да
Күйсіз шығар жүрегі.
Қызға қайғы жегізбей
Сен күлесің қазірде.
Сағынышың теңіздей
Болар бәлкім аз күнде.
МЕН МОСКВА ҚОЛТЫҒЫНДА
Мен қазір Москваның қолтығында,
Жүземін Москва өзен толқынында.
Жүйткідім көктен түсіп, жер астымен,
Кеудеме кең ауасын толтырдым да.
Қақты да қыран құстай жыр қанатты,
Менімен Лермонтовтар бірге ақты.
Пушкин тұр бұйра шашын ағартуға
Көп жауған көне қарлар қия алмапты.
Москва — қонақтайтын қонысы ойдың,
Москва — отаны ғой Толстойдың.
Солармен табиғат бір туыстырды,
Демеспін мені олардан алыс қойдың.
Қарсы алып Москваның жаңа күнін,
Еркіндеп кең көшеде барады інім,
Сен оның кеудесіне,
зердесіне
Мол құйдың Лениннің даналығын.
Бұрқырап жатса-дағы жалындарың,
Ешкімге басыңды иіп табынбадың,
Білеміз бір кездерде күлкі болып,
Есінен Наполеон жаңылғанын.
Сонау бір қиын соғыс күндерінде,
Шыққанда екі дүние бірме-бірге.
Сыпырып қара түннің кіреукесін
Көтеріп түрдың сонда күнді өмірге.
Өзіңде талай рет болғаныммен,
Москва,
көз тоймайтын арманым ең.
Айналып аспаныңнан бір сүйейін,
Қазақтың аңқылдаған ақ жанымен.
ЕСКЕ АЛУ
«Біздің елдің гүлге толған бағы бар,
Гүлдер жайлы бұлбұлдардың әні бар.
Жиын-тойда, мерекеде айтарсың
Осы әнімді азырқанбай қабыл ал!»
Осынау жыр туып толқын үстінде,
Көкке жетіп, жерге қайтып түсті де,
Қарақалпақ елін бірге аралап,
Біздерменен бірге болды үш күнде.
Махаббаттың сыйып соған мазмүны,
Со бір әнді айта бердік жаз күні.
Аққу құстай төбемізден айналды
Қарақалпақ қыздарының назды үні.
Есіккөлде, Амудария жүзді әні,
Тыңдады оны Алатаудың құз-жары.
Со бір әнді салған сайын тұрады
Көз алдымда қарақалпақ қыздары.
Тұрады есте Құсқананың таулары,
Алыстағы сонау Шымбай ауданы.
Жетеді екен нәзік сырлы назды үндер
Кең болса да бұл дүниенің аумағы.
АЗЕРБАЙЖАН АҒАЙЫН
Жерді, желді, белді, көлді құшақтап,
Азербайжан, жеттің бізге жыр сақтап.
Жеттің бізге дауыл болып, жауын боп,
Низамидің көз жасымен бұршақтап.
Аралайды ерте тұрып жер жүзін,
Бірі көкте, бірі суда егіз күн.
Баку — Бақы — жел қаласы деген сөз,
Желпіп өтер, желі қандай теңіздің!
Сонау Ширван сусымалы құмдары,
Киров үнін бір кездерде тыңдады,
Баку, сенде Персияға бармай-ақ,
Есениннің туды нәзік жырлары.
Мұнаралар теңіз бойлай тігіле,
Күзетшідей тұра қалған іңірде.
Бірін-бірі қуалаған шабақтай,
Миллион жұлдыз жатыр Каспий түбінде.
Онша үлкен болмаса да көлемі,
Азербайжан таудың елі, көл елі.
Азербайжан, Азербайжан, ағайын,
Тағы сені құшып сүйгім келеді.
Араласып толқындардың шуына,
Түскім келді асау Каспий суына.
Азербайжан, Азербайжан, ағайын,
Қосқым келді тағы сені жырыма.
* * *
Ағынды, ақын, сағынсаң,
Каспийге барып ағын ал.
Дауылды, ақын, сағынсаң,
Каспийге барып дауыл ал.
Төңкерілген көк кесе,
Теңіздің тұнық кезінде.
Жырлауға тілің жетпесе,
Обалың, ақын, өзіңде.
Теңізде ойнап көрмесең,
Теңізді сырттан жырлама.
Өлеңге от боп енбесең,
Өзгенің отын ұрлама!
ЕДІ ОНДА КҮН БОРАН...
Еді онда күн боран,
Вокзал басы бір дүлей.
Ажал жақын тұр ма оған...
Қалды әкем үндемей.
Ауру жүрек ұрады
Көкірегінде дүрсілдеп.
«Жалғызым!» деп жылады,
Айтады енді кім «сүй» деп!
«Көремін бе сені енді!»
Көзінен жас тұр ыршып.
Поезд жүйтки жөнелді,
Алып ұшып тыпыршып.
Әкем әбден жүдеген,
Кетіп қалған кескіні.
Сәтті сапар тілеген
Соңғы үні естілді.
Қарап едім мен оған,
Терезеге асылып.
Көрсетпейді күн боран,
Қарлы құйын жасырып...
ПИОНЕР ЛАГЕРІНДЕ
Көркі болып Аққұмның
Жаңа егілген бақ жатыр.
Қанатындай аққудың
Ортасында ақ шатыр.
Ілулі тұр қақпада,
Жазғы лагерь жалауы.
Күн ұяға батқанда
Жалтылдайды алауы.
Сол оттармен бір шалқып,
Ұшады әндер қанатты.
Бұлақ біткен күй тартып,
Жаңғыртады алапты.
Сол бір оттың жанында
Күтер едім таңды ұзақ,
Жібермейді баруға
Сақал-мұртым жалғыз-ақ.
* * *
Келді көктем күндері,
Кетті қыстың ызғары.
Толқиды тау гүлдері
Табиғаттың қыздары.
Жібек шашын жел тарап,
Аялайды күн нұры.
Ән шырқайды гүлге арнап
Таудың ерке бұлбұлы.
Қайнап бұлты құздардың
Суарады кейде оны.
Қызыл-жасыл қыздардың
Құлпырады көйлегі.
Қашан көрсең әмәнда
Қызыл гүлдер мәңгі жас.
Сондай жастық саған да
Тілер едім қарындас.
СЫНҒАН ҚАЙЫҚ
Арғы бетте ол тұрды,
Бергі бетте қыз тұрды.
Күніне он құлпырды,
Киді киім жүз түрлі.
Кешкі көкшіл тұманға
Кеткенінде күн байып.
Қызыметші бұларға
Болып жүрді бір қайық.
Жігіт айтты: ай куә
Күйдім, жандым,
сүйдім деп.
Тіл келмей сөз айтуға
Тұрды сұлу күлімдеп.
Жылдар өтіп кетіпті,
Жатыр быт-шыт сол қайық
Көрдім жүрген жігітті,
Көрінгенге қол жайып.
* * *
Ол кездерде ойын қуған баламын,
Ұғынбаппын, дариялы дала әнін.
Туған жердің жырлапты онда шөптері,
Қырқада күн қалдырыпты жолағын.
Қараша үйде аспан аунап жатыпты,
Жерошақта жұлдыз — шоқтар батыпты.
Жатыппын мен ай сәулесін жамылып,
Болғаннан соң ерке бала бақытты.
Таң алдында шаштан сипап ақырын,
Торғай желі оятыпты ақынын.
Кетіппін мен, кетіппін мен, кетіппін,
Есімде жоқ жүрдім қанша шақырым.
Көп жүргеннен қалсам керек ер жетіп,
Кидім бір күн солдат болып керзо етік.
Сатыр-сұтыр бұлтты аспан жарылды,
От бұршақтап жерді үйіріп желдетіп.
Төбемізде тұнжырады қыс күңгірт,
Ауыр бомба окоптарға түсті үңгіп.
Кете бардық майдан жүгін арқалап,
Запасымыз қапшықтағы үш күндік.
Болды автомат бізге бейне құс жастық,
Талай-талай жас өмірмен қоштастық.
Қара орманда Щорс жырын жырладық,
Голодныйдың өлеңімен достастық.
Солдат жаны берік екен жел, күннен,
Сан тіріліп, талай рет өлдім мен.
Жараланып орта жолда мен қалдым,
Менің досым шықты бірақ Берлиннен,
Бұжыр-бұжыр шұқырындай даланың,
Өн бойымда қалыпты ізі жараның.
Енді бүгін соқпағымен сол күннің,
Оң қолымда ойнақтайды қаламым.
СПАНДИЯР КӨБЕЕВТІҢ ҮЙІНДЕ
Хақымыз жоқ секілді,
Ақсуатты аттауға.
— Көзге ілсін бе кемпірді, Түсетұғын қарт бар ма?—
Деп соғары ол анық,
Кәрі шеше естісе.
Үйге кірдік қол алып,
Күн еңкейіп, кеш түсе.
Теңбіл-теңбіл Алакөл,
Терезенің тұсында.
Түсті еске тағы да ол,
Құмар еді құсына.
—Қалдым шалдан айрылып, Көндім салған әрнеге...
Мен отырмын қаймығып,
Қарап қойып Сәбеңе.
Дейді Сәбең ақырын:
—Арман бар ма шалында. Жылай берме, жарқыным, Ұл-қыздарың алдыңда.
Жан күйігі бек қатты,
Жылама деу обал-ақ.
Барлық жасты тоқтатты,
Соңғы тамшы домалап...
Қайтайық деп желпініп,
Шықтық бір кез далаға.
Жатты Алакөл тұнып,
Жүрдік таза ауада.
Тірлігінде суарып,
Қызыл гүлдей ол еккен.
Шыға келді шұбалып,
Бір топ бала мектептен.
Өмірлері көктемдей,
Ой-өрісі кеңейіп.
Қатар түзеп өткендей,
Көбеевтер көбейіп.
1957
ЖҰЛДЫЗДАР
Бекер жұлдыз көп деген,
Аңыздар ерте кездегі.
Қарайды мың сан отпенен,
Даланың күлімкөздері.
Дірілдеткен күз лебі,
Салқынкөл сары жапырақ.
Жұлдызбен ойнап түздегі,
Жүзеді түнде жарқырап.
Жылжиды кешіп далада,
Жұлдыздарда жоқ ерік.
Кім білсін оны бара ма
Миллион қолдар көтеріп.
1957
АЛТЫН ТАБАҚ ЖЕР БЕТІ
Торғын болып төгілген,
Көкжиекке ең шеті.
Толықсиды егінмен,
Алтын табақ жер беті.
Жас балапан балғындай,
Ашып күнге ауызын.
Бадана бас бал бидай,
Жатыр жарып қауызын.
Байқап көрдік бір талын,
Алақанға үгітіп.
Бойында екен күн табы,
Жүре берді жылытып.
Тұрды менің жанымда,
Украина сұлуы.
Бар ма дедім оның да,
Саусағының жылуы.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру