TELEGEI

Home

Сатиралық ертегілер

Бабалар сөзі

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Сатиралық ертегілер

Мемлекеттің «Мәдени мұра» бағдарламасының «Бабалар сөзі» сериясымен жарық көріп отырған «Сатиралық ертегілер» осы жанр бойынша тұңғыш жинақ. Жинақ екі бөлімді — мәтіндер мен ғылыми қосымшаларды қамтиды. Мәтіндердің негізін қолжазбалық түпнұсқалар мен XX ғасырдың бірінші ширегіне дейін жарық көрге...

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

І. СЫНШЫЛ ЕРТЕГІЛЕР

1. АЛДАР КӨСЕНІҢ ӘКЕСІНЕН БАТА АЛУЫ.

АЛДАРДЫҢ БІЛГІР ҚҰС ТАПҚАНЫ

Баяғыда өткен заманда, хан Жәнібек тұсында Қожыр деген бір кедей шал болыпты. Үш баласы болыпты. Күндерден күн өтеді, шалға кәрілік жетеді. Кәсіп етуден қалады. Ақырында, шал балаларын жинап алып:

– Жасым келді, кәрілік жетті. Сендер болсаңдар ержеттіңдер. Мал тауып, тамақ асырайтын менен әл кетті. Мал табу, тамақ іздеу енді сендерге жетті. Ай, балалар! Кәсіп етіңдер, мал табыңдар. Мені асыраңдар. Кәні, қайсың қандай кәсіппен мені асырайсыңдар, айта беріңдер, – дейді.

Сонда әрі-бері ойланып тұрып, балалары мынаны айтады:
Үлкені:

– Дұрыс айттың, ей, ата!

Егінді сүйер көңілім.
Мұнымда жоқ еш қата.
Егінмен өтсін өмірім.
Ортаншы:

– Егіннен басқа тағы да:

Көңілімде қой бақсам.
Маған берген бағы да –
Мал дегенде зар қақсам.
Кенжесі:

– Ей, ата, мен алдасам,

Болса да, шын арбасам.
Жұрт істейтін кәсіп көп,
Алдауды мен қаласам.
Шал балаларының берген жауаптарына ырза болады.

– Олай болса, Алла беттеріңнен жарылқасын, тұңғышым, сен жер кәсібін істе, егін сал. Ортаншым – қой бақ, малшы бол, кенжем – сенің қалағаның алдау болса, басқа кәсіпті көптің бәрі істейді, бұл бір ерекше кәсіп екен. Сенің де Алла алдыңнан жарылқасын. Алдар бол, – дейді. Қол жайып, батасын береді.

Содан үлкен баласы егіншілікке түседі, ортаншысы мал бағуға кіріседі, кенжесі алдау жолына түседі. Алдаушының тұрақты жері бар ма? Ел кезіп, жер шарлап, кете береді.

Шалдың кенже баласы қолына таяқ ұстап, белін белбеумен қыстап, күн-түн жүріп, айлар-жылдар жүріп, бір заңғар тауға келеді. Нардай шөккен заңғар тау алдын бөгейді. Таудың басы бұлттан асқан екен. Басына дейін жалтыр тас екен. Адамның аяғы баса алмас, басына шыға алмас мұндай тау кездескенге Алдар қайғыланады.

– Ебін тауып, адамды да, Алланы да, жын-шайтанды да алдауға кетіп бара жатырмын. Сондай таудай талапты арқалап келе жатқанда, бұл тау маған бұйым бола ма? Қалай да болса, осы таудың басына шығып асамын, – дейді.

Қона жатып, қыстап, таудың тасын қашап, саты жасайды. Өлдім–талдым дегенде, дымым құрыды дегенде, күндер де бір күн азар деп, таудың басына шығады. Басына шығады да, талып, құлайды. Бір уақыттарда есін жиып, көзін ашса – бір байғұз құс шоқиып, жатқан кісіні тас деп біліп, кеудесіне мініп отыр екен. Шап беріп, ұстай алады. Аяғына жіп байлап, қолына қондырып алады.

Жарар дейді керекке,
Әуелгі байғұз олжа ғой.
Жарамаса керекке
Жіберермін қолда ғой, – деп, жүре береді.

Жүріп келе жатса, таудың арғы етегінде жұмыртқадан да ақ бір үй отыр.
Таң-тамаша жайлары,
Ойлы-қырлы сайлары.
Тас бастаулы маңайы,

Гүлденіпті баурайы.

Алдар таң-тамаша қалады, «не де болса, осы үйге барайын», – деп, таудан түседі. «Достың үйі ме, дұшпанның үйі ме, адамның үйі ме, диюдың үйі ме? Әуелі байқайын», – деп, ептеп келіп, үйдің жабығынан сығалайды. Сығаласа:

Бір жігіт пен бір әйел
Сүйіседі жақындап.
Күйіседі сақылдап,
Текешіктей бақылдап.

– Қызық та, той да, кәсіп те мұнда екен, – деп, Алдар ойланып тұрып-тұрып, «аптышау» деп, қатты бір түшкіреді. Жігіт пен келіншек шошып кетеді. Жігіт бір секіріп, төр алдындағы тұрған сары сандыққа кіріп кетеді. Келіншек шашбауындағы ашқышпен сандықты екі бұрап, кілттеп қояды. Алдекең мән-жайды біле қояды.

– Ассалаумағалайкум! – деп, Алдакең жылт етіп, үйге кіріп келеді.

«Қайдан келдің, пері?» дегендей, келіншек қабағын түйіп, бір қарап, үндеместен отыра береді.

Алдар ішінен:

– Үндемесең, үндеме, келіншек, сенің де, сары сандық, сенің де сазайыңды берермін, – деп, күлімдеп, отыра береді. Біраз отырғасын келіншек күлімдеп отырған Алдарға бір қарап:

– Неге күлімдеп отырсың? – дейді.

– Ана сабадағы қымызды көріп, күлімдеп отырғаным ғой, – дейді Алдар.

– Көрсең, іш,– дейді келіншек.

«Іштің» хабары келгесін Алдакең қарай ма, қара сабаның басына мінеді. Тойғанша қымыз ішеді. Сабаның қасында тураулы тұрған, пісірулі сары қазыны да бірге аттандырады. Қазы мен қымызға тойып алып, төр алдына барып, жантая кетеді. Алдардың күлімдеуінен қорқып, бірдеңені біліп қойды ма? – деп, қипақ қағып отырған келіншек жібек кілемнің үстіне сұлаған Алдарға ештеңе айта алмайды. Алдекең қазыны жегенге, қымызды ішкенге, төрге аунағанға місе тұтпай, келіншекпен қалжыңдасуға кіріседі. Қалжыңдасып отырып, бұл бір сасық байдың үйі екенін, байдың баласы жоқ екенін, келіншек қырық бірінші қатыны екенін біліп алады. Сандықта жатқан жігіттің келіншек шаңырағына мініп келген «енші» екенін де сезеді.

Сиырларын өк-өк деп,
Түйелерін шөк-шөк деп,
Жылқыларын құраулап,
Ешкі мен қойды құрайлап.

Кешке таман бай келеді, келеді де, төрде жатқан Алдарды көріп:

– Торғайын құшақтап, төрімде жатқан бұл қай Құдайың! – деп ақырады.

– Ол – мен Құдайың! – дейді Алдар.

– Мен Құдайың қай Құдай?

– Мен Құдайың – бәлгер Құдай. Мынауым – көріпкел, біліпкел байғұз Құдай.

Байдың өмір бойы тілегені бір бала екен. Бала таптырам деп, алмаған қатыны, қаратпаған бақсысы жоқ екен. «Балгермін» дегенге райдан қайтып қалады. «Құдай шипа берсе…» деген ойына келеді.

– Кім болсаң да, бір қу боларсың, – дейді де, ала көзімен бір қарап, қазан жаққа барып, орнына отыра кетеді.

Ас ішіп, біраз отырғаннан кейін бай мән-жайын айтады:

– Төрт түлігім сай бай едім, мал дегенің есепсіз болып еді. Бірақ, соның бәрі бір балаға тұрмады. Алладан бала тілеп, қырық қатын алдым. Қырқынан да пайда болмады. Ақырында, мал–мүлкімді төгіп, осы қатынды алдым. Бірақ, одан да ештеңе болмай отыр. Жасым да келіп қалды. Сонда да Алладан үмітім бар. Балгермін дейсің. Байғұзым көріпкел дейсің. Көріпкелің не айтар екен? Балыңды аша көр, жаным, – дейді.

– Жарайды, – деп, Алдар бал ашуға, бақсы болып, ойнауға кіріседі. Жынын шақырып, «ақ сөйле» деп, құсына ақырып, сарнайды.

– Мынау нағыз балгер екен, – деп, бай қуана түседі.

Алдар сарнап жүріп, баяғы сары сандықты айналдыра береді.

– Япырым-ай, байым қалай-ды?

Қиын екен бұл өзі.

Көріп едім талайды, – деп, сандықты ұрады, құлағын салып тыңдайды, шертіп қарайды.

– Е, байым, іс жаман екен, – дей береді. Ақырында, ашқан балын айтады:

– Сары сандық ішінде

Қара пәле жатыпты.
Жібек көрпе үстінде
Қызық іске батыпты…
Қылмайды екен қарекет

Ішеді екен, жейді екен
Арғы затын сұрасаң,
Екі аяқты дию дейді екен

Осы қара пәле әйеліңе бала бітірмейді екен. Осы пәлені көшірмесе, болмайды екен, – дейді. Бай мұнысына нана қоймайды. Алдап-сулап, мал тапқысы келіп жүрген бір қу болды ғой, сонда да:

Бақыр-мақыр берермін,
Көп сұраса, көнермін.
Көшірсе, көшіре қойсыншы», – деп, ішінен ойлайды да:

– Жарайды, көшіре қой, – дейді.

– Мұны көшіру үшін ыстық су керек, – деп, Алдар су қайнаттырады. Бақсы ойнап жатыр дегенге «мұндайдың талайын көргенбіз», – деп, мысқыл етіп, келіншек те сырттан үйге кіріп тұрады.

Келіншек тұр күлімдеп,
Күлім-күлім жасарып.
Жігіт жатыр селкілдеп,
Қайда барсын қаша алып.

Келіншек тұр қуанып,
«Дию» деген жөнінен.
Жігіт жатыр қуарып,
«Құю» деген жөнінен.

Алдар үй ішін айналып жүріп, келіншектің шашбауындағы кілтін кесіп алады. Сүйтеді де, бір бақыраш ыстық суды қолына алып, сары сандыққа жүгіріп барып, аузын ашып:

– Көш, пері, көш! – деп, ыстық суды жігіттің басына құя салады.

Атып кетті бір адам,
Бір адымы он қадам.
Пәле кетті үйінен
Асқан сұлу жігіт боп,

Түсі кетті келіннің
Көңілі мұздай суық боп.
Сиқыры құрсын, масқара!
Өле алмайды ұяттан,

Бар ма лажы, жоқ шара
Әбден болды дүзқара.

Сонымен басы күйіп, жігіт кетті. Іші күйіп, келіншек кетті. Жүрегі ұшып, талып, бай жатыр. Күлкісін жия алмай, Алдар жатыр.

Біраздан кейін бай есін жиып, орнынан тұрады.

– Мың рахмет, шырағым. Бәлені үйімнен қудың. Әйтпесе, өлген екенбіз. Енді Алладан үмітім күшейді… әрі садақа болсын, әрі еңбегің болсын. Аю ат дейтін атым бар. Соны ал. Сонымен бірге ол пәлеңнің қайтып келмесін кім біліпті. Осы балгер құсыңды маған сат. Бағасын айт, – дейді.

– Өмірлік жолдасым еді, мұнсыз күйім қараң еді. Байғызымды сатпаймын, – деп, Алдар біраз шалқаяды. Бай жалынып болмайды. Ақырында:

– Сіз үшін ғана құсымның көзін қиямын, – деп, сатпақ болады.

– Бір өтірігі жоқ, осы құсымды мен иесінен қырық жылқыға сатып алғанымда иесі екі күн өкінген. Мен де өкінермін, елу жылқы беріңіз, – дейді.

– Мұның көп. Жылқының құны да аз емес қой. Амал жоқ, сол берген жылқыңды мен де берейін, – дейді бай.

– Жоқ, болмайды. Оллаһи тегін, қырыққа берсем, өмірімде есімнен кетпейді, – деп, Алдар көнбейді.

– Оллаһи, бағасы, – деп, бай көнбейді.

Екі қу бірін-бірі тездікпен жеңіскен бе? Азайтып айтқанда, бір жұма, көбейтіп айтқанда, бір жыл екеуі саудаласып, алақан ұрумен болады. Ақырында, Алдардың қулығы асып, елу жылқы алып, байғызын сатып:

– Қаңғып қалды бұл басым,

Іс болмаса құсыма.
Қош айтысып жылайын.
Жыламай, не амал қылайын, – деп, бір жұма құсымен

қоштасқан боп, тағы жатып, қазы-қарта жеп, қымыз ішіп, тойынып алып, жөніне кетіпті.

2. АЛДАРДЫҢ ҚАЛЫҢДЫҚ АЙТТЫРУЫ. ҚУДАН АЛДАНУЫ

Алдар жаман торғайды байға елу атқа сатқанына мәз болып, «осы құрғыр артымнан қуып келіп жүрмесін» деп, тездетіп жүріп, тағы бір тауға келеді. Таудың бауырында тағы бір ел көреді. Елге қарап тұрса:

Қойлар жатыр жусанда
Түйе жатыр сортаңда.
Жылқы жатыр беткейде
Ешкі тастан кетпейді.

Алдекең ағып жатқан малды көріп:

– Енді қандай несіп болар екен, – деп, езу тартып, қарап тұрса, жылқы шетінде жүрген жылқышыны көреді. – Елге бару үшін алдымен осыдан жай–мәнісін сұрап білу керек болар, – деп, жылқышыға келеді. Жылқышыға келіп амандасып, ол–пұлды айтып, қалжыңдап тұрып:

– Бұл кімнің малы, мынау кімнің ауылы? Үлкені кім, ханы кім? Жақсысы кім, жаманы кім? Байы кім, жарлысы кім? – деп, сұрау қойып, жылқышыдан елдің барлық сырын біліп алады.

– Ау, жаным! Тәптештеп, жайын біліп алдың. Өзің кімсің? – деген жылқышының сұрауына:

– Мағлұмбай деген атақты байдың мырзасы едім. Елімнен қыз таба алмай, елу атты қалыңмалға жетектеп, жиһан кезіп, қыз іздеп жүр едім. Еш сұлуды кездестіре алмай келемін, – деп, жауап береді.

– Қыз іздеген, қыз жақтырмаған жігіт болсаң, біздің ауылдың пәлен байында бір қора қыз бар.

Түріне ұқсар түрі бар,
Нұрына ұқсар нұры бар.
Түрлі-түрлі қызы бар,
Әр қызының сыры бар.

Әсіресе, соның ішінде
Жиһаннан асқан бірі бар,
Жаудыраған көзі бар,
Таң қалғандай сөзі бар.

Сағымданып құбылып,
Көз қарасы сүзіліп.
Қарағанда тұрарсың –
Есің ауып бұзылып.

Сен жиһан кезіп, қыз жаратпасаң да, осы қызға тоқталасың.
Бұл – хордың қызы, – дейді жылқышы.

Алдар «қыз іздеп жүрмін» деп, өтірік айтса да, жылқышы қызды тым мақтап жібергенсін «Осы қызды көрсем қайтеді, жаратпаса, қалармын. Менің нем кетіпті. Соған барайын», – деп, байдың жөнін сұрап алып, көрінген елге тартады. Ішкі көңілінде өзінің алдауға шыққанын ұмытып, шынында да, қыз іздеп шыққан адам сияқты болады.

Қызы бар байдың ауылының сыртына келіп:

– Жолық! – деп, айқай салады.

Байдың ауылы қараса, тарамыс сияқты, қатып қалған бір шикі сары, елу атты жетелеп, аю аттың үстінде өзі қайқайып отыр.

– Мынауың кім екен, барып білші!– деп, бай кісі жібереді. Кісі келіп: «Жол болсын», – деп айтады.

– Әлей болсын! Мен қонақпын, қонамын. Жер жүзін шарлап, көздеп жүрген бір нәрсем бар.

Қалған-құтқан сөзімді
Қыз іздеген сырымды.
Атамыз қазақ мұрасы
Қонғаннан соң сұрашы, –

деп, «Лұқсат жоққа» келтірмей, түсе қалады. Байдың жіберген кісісі жүгіріп, байға келеді:

– Жер жүзін шарлап жүрген адаммын. Қонамын, – дейді. Аузында қыз бар…. сірә, – дей бергенде, бай түсіне қалып:

– Әй, қонақ келеді, үйге көрпе салыңдар! – деп, айқай салады. Бір қора қылып, қызын өткізе алмай отырған байғұс жүгіріп жүріп, Алдарды қарсы алып, қонақ қылады. «Қалағаның білсін» дегендей, қыздарын да үйге иіріп қояды.

«Қазақ есіктен қарады дегенше, төрге шықты де» дегендей, «ләмға келді» дегенше, Алдар қойын–қонышқа кірді де, өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай қылып соғып, бүкіл ауылды иіріп, аузына қаратып алады.

– Мынауың елден озған жүйрік, шешен, жұрттан озған көсем ғой!– деген қорытындыға келтіреді. «Атақты Мағлұмбай байдың мырзасы екен» деген атақ таққызады. «Мағлұмбайың қай бай?» деулеріне жол қалдырмайды.

Сонымен Алдекең алдап–алдап, байдың ең кенже қызына құда түспек болады. «Қайда кетпеген жылқысың» деп, елу атты сол жерде қалыңдыққа тартады.

– Қалған-құтқан кемісін толтыра жатарсың, – деп, бай қалыңдыққа ырза болады.

Бірақ менің қызым қашып жатқан жоқ қой. Менің үш балам бар еді. Сол үш балам жылқы бағып, отарға кеткеніне жыл болды. Әлі жоқ. Қайда жүргенінен де хабар жоқ. Іздететін адамым болмай отыр. Менің сенен сұрайтыным – сол балаларымды іздеп, тауып келсең. Сосын балаларым келгесін, күзге қарай қызымның тойын істеп, қосамын, – дейді.

– Жарайды, – деп, Алдар атқа мінеді. «Осы күзге кенже сұлуды аламын» деп, көңілі тасиды.

Күндеп жүріп, айлап жүріп, ақырында, Алдар жайылып жатқан бір көп жылқыға келеді. Келіп, адамдармен сөйлесіп қарағанда, атасының балалары екенін біледі. Өзінің жай–мәнісін айтып, сол жерде танысып, құшақтасып көріседі. Байдың балалары бос немелер болса керек. Мыңдаған жылқының басын қайырып, жөнге сала алмай, елге айдай алмай, жатып қалған екен. Алдар келіп болысып, жылқыны жөнге салып, елге айдап келеді. Жылқысы, балалары келгеніне бай қуанып, ат шаптырып, той қылады.

Күндерде бір күні бай Алдарды оңаша шығарып алып:

– Кенже қызыма елу жылқы бердің. Жылқы деген өзімде де көп. Оныңа қанағат етпеймін. Қалыңмалыңның кемін толтыр. Ат басындай алтын тап. Әйтпеген күнде қызымды ала алмайсың, – дейді.

Қулық қылып, байды алдадым деп жүрсе, бай Алдарды алдаған екен. Алдар: «алдыма бір келтірді–ау», – деп, санын бір соғады. Сонда да:

– Алдаудан жеңілгенім бе? – дейді.

– Жарайды, ат басындай алтынды табамын, – дейді.

– Тапсаң, жарайды. Келер жылы осы уақытқа дейін күтемін. Келер жылы дәл осы уақытқа алтынды алып келмесең, күдеріңді үзе бер, – дейді.

Алдар түнімен дөңбекшіді. Қанша дөңбекшісе де, алтынды қайдан аларын білмейді. Анау-мынау алдауға ат басындай алтынның таптырмайтынын біледі. Сөйтіп жатып, ұйқыға кетеді. Алдар таңертең оянып, көзін ашса, далада жатыр. Айналада ел дегеніңнен еш нәрсе жоқ. Сөйтсе, бай ауылы түннен тұрып, Алдарды жұртқа тастап, көшіп кеткен екен. Алдар ыза болады. Ызасына шыдамай, қазылған жерошаққа түсіп, күлге аунап жатып, жылайды. Ыза болғанда, қыздан айрылып қалғанына емес, байдан алданып қалғанына ыза болады.

«Ұрыны қарақшы ұрлайды» дегендей, қуды қу ұрып кетеді.

3. АЛДАР КӨСЕ

(І – нұсқа)

Алдар көсе бір күні келе жатса, бір жерден қу жауырын тауып алып, сүйек қайнатып отырған бір-екі қатындарға жолығып, амандасып болып, Алдар көсе: «мен бір айла қылайын», – деді. Сөйтіп, қатындарға қарап:

– Құдағай, менің бір шикі етім бар еді, соны қазандарыңызға салып, пісіріп алуға мүмкін бе? – деп сұрайды. Қатындар:

– Мақұл, салып, пісіріп ала ғой, – дейді.

Алдар көсе:

– Сүйектерің етімді жеп қоймаса, – дейді.

– Ойбай, құрысын, ол не сұмдық? Етті сүйек жейді дегенің. Сал, жесе, біздер бір тоқты төлейміз, – дейді.

Сонсын Алдар көсе жеңін көлегейлеп тұрып, қазанға қу жауырынды алдап, салып жібереді. Біраздан соң барып, «піскен шығар» деп, алып қараса, қу жауырынның өзі дейді. Алдар көсе қатындарға қарап:

– Міні, жаңа айтып едім ғой, осындай қылат деп, бер енді тоқтымды, – дейді.

– Құдай–ай, тоба, – деп, сөздерінен тана алмай, қатындар Алдар көсеге бір тоқты беріп жібереді. Алдар көсе өзі:

– Қатындарды құп алдадым-ау, – деп, тоқтысын жетелеп келе жатса, бір байдың ауылына келеді. Байға жолығып:

– Е, бай-еке, асалаума-алейкум, қалай, аман-есен, бала-шағаңыз аман ба? – деп сұрайды. Бай:

– Құдаға шүкір, – деп, қарнын тыр-тыр қасып отырып:

– Е, Алдар көсе, жол болсын! Бұл тоқтың не? – деп сұрайды.

– Е, алай болсын, байеке, несін сұрайсыз, кедей болған соң осыда, пәленше бай былтыр бір тоқтымды алып еді. Соны бүгін алып келе жатырмын, – дейді. Сөйтіп болып, байға айтады:

– Менің тоқтымды қойыңызға қосуға бола ма? – дейді.

– Мақұл, қоса ғой, – дейді.

Алдар көсе тұрып:

– Қойларыңыз тоқтымды жеп қоймаса, – дейді.

– Ой, Алдар көсе-ай, қойды қой жейді дегенің не сұмдық. Қой, сандалмай жібер, жесе, сол жеген қойдың бәрін саған беремін, – деді.

Алдар көсе қойларға тоқтысын жіберіп, байдың үйіне қонақ болып, жата берді. Түнде бір ұйықтап тұрып, байға білдірместен көп қойға барып, өзінің тоқтысын ұстап, сойып, он семіз бойдақ қойдың аузына жағады. Жағып болып, сойған тоқтысының етін иттерге тастап, үйге келіп, жатып қалды. Таң атып, күн шыққасын тұрып, шай ішіп болып, байды ертіп, қойға барса, Алдар көсенің тоқтысы жоқ. Бай олай, бұлай қараса, бірталай қойдың аузы – қан. Алдар көсе тұрып:

– Ай, байеке, мен сорлының айтқаным әр уақытта да келеді. Кеше-ақ айтып едім ғой, сонда осыны біліп айтып едім, – дейді. Бай тұрып, жағасын ұстап:

– Ой, Құдай-ай, – деп, «бұл не сұмдық», – деп, аузы қан болған қойларды ұстап, қосақтап алып, Алдар көсеге он қой қылып берді. Алдар көсе байды да тағы алдадым-ау деп, қойларын айдап, қуанып кетіп бара жатса, біреудің сұлу қызы өлген екен, соны көмеміз деп, апаратқан адамдарға Алдар көсе айтады:

– Бұл қызды сендер не қыласыңдар, бірталай бейнет қылып, онан да менің он қойымды ал-дағы, осы қызды беріңдер, – деп. Адамдарды алдап, он қойын беріп, қызды алып кетіп, бір бөтен ауылдың қырының астына апарып, екі қосағаштың астына екі айыр ағаш қойып, түрегелдіріп қояды да, ауылға барып, ауылының қыздарына, әйелдеріне айтып:

– Мен бір елден сұлу қыз әкеліп, мына ойдың астына қойдым, – дейді. Қыздар, қатындар жүгіріп бара жатса, Алдар көсе әйелдерге қарап:

– Менің әйелім өзі жас, тағы да басым ауырып келе жатыр деп еді. Оны сендер түртіп, итеріп, ойнамаңдар, – дейді. Қыз, қатындарды жібереді. Қыздар барса, жаңағы қыз қимылдамайды, сонсын бір қыз өлген қызды итеріп жіберіпті де, қашып, Алдар көсеге барып айтады:

– Қатының өліп қалыпты, – дейді. Алдар көсе ішіп отырған тамағын тастай салып, өтіріктен қызға:

– Сен өлтірдің, – деп, ойбайлап, бауырымдап, қасына барып көрісіп, жылап, қайтып келеді. Сөйтіп, ауылының адамдарына айтады:

– Қатынымды төлеп беріңдер, сендердің қыздарың өлтірді, – дейді. Олар төлемейміз деп, ұрысып, екеуі шығысалмай, қазыға барады. Қазы екі жағын тергеп-тергеп кесіп, жаңағы итеріп жіберген қызды Алдар көсеге бермекші болып, қарар қылады. Сосын Алдар көсені қыздың ағасы ауылына ертіп әкеліп, жаңағы қызды беріп жібереді.

Сонда Алдар көсенің көңілі тасып, қыз алып кетіп бара жатқандағы айтқан өлеңі:

– Ой, қу жауырыным – бір тоқты,

Бір тоқтым – он бойдақ.
Он бойдағым – өлі қатын,

Өлі қатын – тірі қатын-ай, ау, – деп, өлең айтып, бір қызды ауылына апарып, өлең айттырып, той қылдырып, мұратына жеткен дейді бұрынғылардың айтуынша.

4. АЛДАР КӨСЕ

(ІІ – нұсқа)

Бұрынғы уақытта бір Алдар көсе қойдың қу жауырынымен бал ашып жүреді екен. Бір күні қоналқаға бір ауылға келіп қонады, қонған үйінің қазанына бал ашып жүрген жауырынын адамға көрсетпей, апарып, салып жібереді. Сол қонып отырған үйдің әйеліне айтады:

– Қазаныңызға мен ет салдым. Піскен соң өзіме көбігімен берерсіз, – дейді.

Ет піскеннен кейін Алдар көсенің еті жоқ, жауырыны бар. Алдар көсе дауласып, қонған үйінен бір құйымшақ алады. Құйымшақты алып, тағы бір елге келіп, бір үйге қонады. Алдар көсенің қабы бар, қабына орап, құйымшағын қонған үйінің етіне қосады. Сөйтіп, өзі жатып қалады. Таңертең тұра сала:

– Қаптағы етім жоқ, бір қап етім бар еді, жалғыз–ақ құйымшақ қалыпты. Кеше жұрттың бәрі көрген, әзер көтеріп әкеліп едім. Не етімді тауып бер, болмаса, төлеп бер, сенің өзің алмасаң да, жұмысшың алған шығар, – деп, отырып алады. Қонған үйі байшікем үй екен, бір кішкене тоқты беріп құтылады.

Енді Алдар көсе тоқтысын алып, тағы бір елге келеді. Тағы да бір үйге қонады. Тоқтысын үйдің қой қорасына қойларымен бірге қамайды. Сонсын өзі жатып қалады. Біраз уақыт өткен соң орнынан тұрып, өз тоқтысын өзі жоқ қылады. Таңертең үй иесімен тоқтысын көрейін деп, қой ішіне келеді. Келсе, тоқты жоқ. Сонан жатып, үй иесімен дауласады.

– Өз қойың түгел, менің жалғыз тоқты ма келді ме ұры? – деп дауласып, айыбымен бір тоқтысына тоғыз қой алады.

Тоғыз қойды айдап келе жатқанда алдына үш кісі кез келеді. Бір кедейдің қызы өліп, соны қояйын деп келе жатқан кісі екен. Сол жерде өлген қызды Алдар көсе тоғыз қойын беріп алады. Өлген қызды беріп, тоғыз қойды айдап, үш кісі кете барады. Өлген қызды Алдар көсе тірі адамдай киіндіріп, түйесіне өңгеріп, бір ауылға келе жатқанда сол ауылдың қыз-қырқын, бала-шаға шулап, «келіншек келе жатыр» деп, алдынан шығады. Қызарып қыз-қырқын келе жатқанда түйесінің өркешіне біз тығып алады, түйесі тулап, жығылып кетеді.

– Сендердің қырсықтарыңнан түйем үркіп жығылып, келіншегім өліп қалды, – деп, дауласып, ауыл болып бір пәлеге қалдық, мұнан құтылайық, – деп, бір кедейдің қызын беріп, қоя береді. Алдар көсе қызды алып келіп отырады. Кешке қонатын жерге келіп отырып, Алдар көсенің қызға айтқан сөзі:

Қу жауырыным – құйымшақ,
Құйымшағым – тоқтышақ,
Тоқтышағым – тоғыз қой,
Тоғыз қойым – өлі қыз,

Өлі қызым – тірі қыз.
Айналайын, сары қыз.
Арқамды қасы, дәрі қыз, – деген екен Алдар көсе.

5. АЛДАР КӨСЕ МЕН БАЙ

(І – нұсқа )

Алдар көсе байдың қойын жайыпты. Жайып жүріп, бір күні шықпақ болыпты. Байдың баласы жоқ екен. Қойнына ыстық нанды тығып, қойына кетіп бара жатса, Алдар көсе келіп:

– Бай, сенімен құшақтасып кетейін, – деп, байға келіпті. Байға «қош» деп, құшақтасып көрісіпті. Қойнындағы ыстық нан қойнын күйгізсе, бай нанды:

– Ит жегір-ай, – деп, лақтырып жіберсе, Алдар көсе:

– Ит жегенше, мен жейін, – деп, сол арада нанды жеп алыпты.

Байдың үш қызы бар екен. Үлкенінің аты – Жуанбіз, ортаншысының аты – Ортаншыбіз, кішісінің аты – Жіңішкебіз екен. Әсіресе, кіші қызы сұлу екен. Алдар көсе байға айтыпты.

– Байеке, байеке, жіңішке бізіңізді бере тұрсаңыз. Етігімді тігіп алайын, – дейді.

Бай:

– Үйге барсаң, қатын береді, – дейді. Алдар көсе үйіне келіп:

– Бай Жіңішкебізді маған ал деді, – деп, қатынына айтыпты. Қатыны «бермеймін» десе, Алдар көсе байға айқай салыпты. Сөйтсе, бай ашуланып, қатынына:

– Бер, – депті. Қатыны Жіңішкебізді Алдар көсеге беріп жіберіпті. Алдар көсе Жіңішкебізді алып келе жатса, бір таз қой бағып жүр екен. Алдар көсе тазға айтыпты.

– Тазым, тазым, басыңды жазып берейін бе? – депті. Таз:

– Мақұл, – депті.

– Көк серкеңді әкел, – деп, серкені сойып, қарнын-жынын таздың басына қаптап:

– Сен енді осы құдыққа түсіп, жылын. Қасыңа бір ешкі байлап қоясың. Сол ешкі маңырағанда, тазың кетеді, – деп, ешкіні байлап кетіпті. Сөйтсе, қой кетіп қалыпты. Алдар көсе Жіңішкебізбен келе жатса, бір қарт қос айдап жүрсе, сартқа келіп, Алдар көсе қартқа айтыпты.

– Сарт, мен сенің үйіңнен тамақ ішіп шықтым. Қатының тамағыңды даярлап тұр, маған «сен айдай тұр» деді, – депті. Сарт сеніп, үйіне кетіп қалса, өгізінің құйрығын кесіп, жерге қадап, екі өгізді Жіңішкебізбен бір белдің астына апарып қойып, сартқа айқайлапты.

– Сартақ сарт, өгізің жерге кіріп кетті, – деп айқайлайды. Сарт келіп, құйрықты тартса, Алдар көсе «жұлынады, тартпа» десе, сарт болмай, жұлып алыпты.

– Әне, жұлма десем де жұлды.

Сарт жерді қазып-қазып, таба алмай, сарт үйіне кетіпті.
Алдар көсе Жіңішкебізді, екі өгізді алып, жолына түсіпті.

6. АЛДАР КӨСЕ МЕН БАЙ

(ІІ – нұсқа)

Бір күні Алдар көсе байларға ашуланып, оларды мұқату үшін бір байдың аулына келеді. Күн батып кеткен мезгіл болса керек, бай қозыларды қойдан бөлгелі жатыр екен дейді. Бай күржіңдеп, бір семіз қойды қозысын ертіп, шеткерек көгенге көгендеуге апара жатыр екен. Көсекең артынан барып, қойдың қозысын алып, қала береді. Бай көген басына барса, қойдың қозысы жоқ, оны іздеп, кері жүгіріп кетеді. Осы кезде қаны қайнап тұрған Көсекең семіз қойды көгеннен босатып жіберіп, жетектей, тасамен тайып тұрған екен дейді. Бай қайта оралып келсе, қойы орнында жоқ, кімнен көрерін білмей, сақалын жұлады. Алдар көсе қойды үйіне әкеліп сойып, етін жеп, екі-үш күн өткен соң әлгі байдың аулына тағы барады. Кеште барған соң кете алмай, көсе байдың үйіне түнейді. Түн ортасы ауғанда бай шырт ұйқыда жатқанда Алдар көсе айқайлап, өкіріп:

– Ойбай, алтынды ұрылар әкетті, – деп, тұра келеді. Бай жалма-жан жарық жағып жіберіп, жастығының астындағы қоржындағы алтындарын түгендейді де:

– Бәрі түгел ғой, – деп, қайта төсегіне жатады.

Алтынның қай жерде жасырулы тұрғанын сезген көсе таң атуға жақын байдың есі кетіп ұйықтап жатқан кезінде байдың алтынын жастығы астынан қоржынымен суырып алып, сыртқа шығады да, бай үйінің сықырлауық есігін сыртынан байлап кетеді. Бай таң атқан соң алтынын жоқтап, жан-жаққа іздеу салады. Ешкім білмейді. Ал байдың өзі де түнде келіп қонған қонақтың кім екенін білмейді. Көсекең бұл алтынды орналастырып, екінші байдың аулына барған екен дейді. Бай базарға барып, мал сойып, етін сатып жатыр екен дейді. Алдар көсе қасапшы байдан ет саудалап, үш қадақ ет алмақ болады. Бай етті шегіп, ұстата бергенде, көсе өткір алмас пышақпен байдың қолын кесіп алады. Бай табанда есі ауып, құлап түседі. Ал, Алдар көсе бір тасалау жермен тайып кетеді. Алдар көсе байдың қолын қапшығына салып, сол күні түнде ұйықтамастан кесілген қолды алып, алтынын алған байдың үйіне келеді. Алтыны ұрланған бай тағы да алтын ұрлауға ұрылар келер деп, қызын киіз үйінің кіре беріс босағасына күзетші етіп қойған екен дейді. Алдар көсе де ішінен күзетші болар деп сезіктеніп, киіз үйдің сықырлауық есігін аз ашып, кесіп әкелген байдың қолын үйдің ішіне ұсынады. Қыз өткір қылышымен қолды «кесіп» түседі. Алдар көсе:

– Ойбай, бикеш, қолымды кестің ғой, – деп, бақырады да, сырттағы атына міне, қаша жөнеледі.

Байдың қызы жарық жағып, үйдің кіре берісінде қан-қан болып, кесіліп қалған қолды тауып, әкесін оятып көрсетеді. Бай ертең еліне жар шашып, қолы кесілгенді тауып әкелгенге бәйге жариялайды. Байдың шабармандары қолы кесілген ет сатқан байды тауып алып, әкеледі. Ол бай:

– Ойбай, ет сатып тұрған жерімнен біреу қолымды кесіп әкетті, өзім өлермен халінде жүрмін, ханға апар, шешсін, – дейді. Алтын иесі:

– Ұры сенсің, қызым өтірік кескен жоқ және де сенікі, ханға жауапты өзім берем, –деп, қасапшы байды өлтірген екен дейді.

Алдар көсе күндерде бір күні алыстағы бөтен бір ханның еліне барады. Ханның ордасының айналасы кілең күзетші, бағушылар екен. Көсе өтірік домбырашы болып, ханның ордасына кіріп, байқатпай жүреді. Түн болған соң Алдар көсе ханның алтынын алып, оны қапшыққа салып, ханның ат қорасына апарып, жасырынады. Ат қорадан ханның қара арғымағын тауып, оның бір жағын ақ балшықпен бояп, ағартады. Одан кейін арғымаққа міне шабады. Күзетшілер тоқтата алмайды. Хан алтынының алынғанын сезіп, күзетшілерді шақырып, қандай ат мінген адам кеткенін сұрайды. Хан ордасының қақпасының оң жағында тұрғандар:

– Қара ат мінген кісі кетті, – дейді.

Қақпаның сол жағындағы күзетшілер:

– Ақ ат мінген кісі кетті, – дейді.

Хан қатты кейіп, уәзірлеріне:

– Мына күзетшілерді өлтіріңдер, бір жағы қара, бір жағы ақ ат болмайды, мені мазақ етіп тұр. Өздері ұрлап жүр, – дейді.

Көсекең:

– Алтын да олжа, ат та олжа, – деп, еліне барып, қара арғымақты сойып, етіне тойып, алтынға керегін алған екен дейді.

7. АЛДАР КӨСЕ МЕН ДОСЫ

Бір сапар Алдар көсеге бір сараң бай келіп, дос болыпты. Сол уақыттағы ханның өте сұлу қызы бар екен, көрем деген адам әрбір көргеніне мың тіллә беріп, көреді екен. Әлгі сараң бай сол ханның қызын көруге көңілі кетіп, досына айтыпты:

– Мені ертіп барып, маған ханның қызын көрсет, – деп. Алдар көсе досына:

– Жақсы, көрсетейін, ол қызды көрген адам әрбір көргеніне мың тіллә беріп көруші еді, мен сізге бір тиынсыз көрсетейін, – депті. Досынан сұрапты:

– Сен маған кәзір екі теңге бер, мен кейін берейін, – депті. Бай:

– Мақұл, кейін берсең, берейін, – деп, екі теңгені беріп, екеуі ханның қызы жаққа келе жатып, жолда бір қой жайып жүрген қойшыға жолығады. Алдар көсе қойшыға айтты:

– Мен екі теңге берейін, сен маған бір жаман лақ бер, – деп, қойшы бала «мақұл» деп, бір лақ әкеп беріпті. Сонан соң Алдар көсе айтады:

– Шырағым, қойшы, сен мына екі теңгені де, лақты да алып, маған бір арықтау тоқты бер, – деді.

Ол байғұс қойшы ойлайды: теңге де, лақ та менікі болса, пайда ғой деп, оны алып, бір тоқты әкеп береді. Көсе тағы айтты:

– Қарағым, енді былай болсын, сен, міне, теңгені де, лақты да һәм тоқтыны да ал, маған бір ешкі бер, – деп. Мұны естіп, ақымақ қойшы бәрін алсам, байып кетемін ғой деп, анасынан туғандай қуанып, бір ешкі алып келіп берді. Ақыры, осы алдаумен бір үлкен қойын алып, кетіп қалды. Екеуі қойды алып, қыздың ауылының алдында бір өзен бар еді, соған барып, қос салып отырған екен. Хан қызының күңі суға келсе, екі адам отыр.

– Қайдан жүрсіңдер, не қылып отырсыңдар? – деп сұрады.

Алдар көсе айтты:

– Біз көктен түскен адамбыз, – деп. Күң қайтып барып, ханның қызына айтады:

– Сондай адамдар отыр, – деп. Ханның қызы бұларды көрмек болып, малайларымен келіп, жақындағанда Алдар көсе досына айтады:

– Жақсылап көріп ал, – деп, ол біраз тұрып, кетіп қалды.

Баяғы күң тағы бір суға келгенде бұлардың бір қойды балталап жатқанын көреді. Ол күңі бұлардан «Не қылып жатырсыңдар?» – деп сұрады. Бұлар «соямыз» деді. Күң жүгіріп барып, хан қызына айтты.

– Баяғы адамдар қой союды білмейді екен, бір қойды соямыз деп, балталап жатыр, – деді. Сонда ханның қызы тағы келіп, тамаша қылып тұрғанда, бұлар тағы көріп алды. Хан қызы күңіне айтып, оларға барып, союды үйрет деп, күңді жіберіп, үйретеді. Бұлар үйіне барған соң, хан қызы күңді тағы жіберді.

«Біліп кел, не қылып жатыр екен» деп. Ол күң келсе, ошақ қазып, етті ошаққа салып, үстіне су құйып, бетіне қазан төңкеріп, от жағып жатыр екен, күң келіп, тағы сұрады:

– Не қылып жатырсыздар? Бұлар:

– Пісірейік деп жатырмыз, – депті. Күң қайтып барып, хан қызына айтып, оларды ертіп келіп, астына от жағып, етті қазанға салып, пісіруді үйретті. Бұл келгенде, тіпті, анықтап көріп алыпты.

Біраздан кейін күң тағы қайтып айналып келсе, бұлар қазаннан етті алып, ол жағына бір тигізіп, бұл жағына бір тигізіп отыр екен. Күң «Не қылып отырсыздар?» десе, «Жегеніміз де осындай», – депті. Хан қызын ертіп әкеліп, енді бұларға тамақ жеуді үйретті. Енді кеш болған соң, «Бұлар алыс жерден келген мейман екен», – деп, хан қызы сарайына алып келіп, қонақ қылып, қондырыпты. Түнде екеуіне бір оңаша тамға төсек салып жатқызса, бұлар аяғынан өздерін жоғары асып, бастарын төмен салбыратып, асылып тұр. Хан қызы мен күң келіп, бұларға «Неғып асылып жатырсыңдар?» десе, «Өзіміздің жатысымыз осындай», – депті. Сонан соң бұларға қыздардың жаны ашып, күң Алдар көсені, хан қызы бай-патшаны қойындарына алып жатыпты. Түнімен қыздың қойнында жатып, көңілі бітіп, ертеңіне ауылына қайтыпты. Жолда келе жатып, бай Алдар көсеге: «Екі теңгемді бер», – деп сұрапты. Алдар көсе:

– Мақұл, берейін, тұра тұр. Әзір жанымда пұл жоқ, – депті. Сонан соң бай-патша екі–үш күнде пұлымды бер деп, келе берген соң, бір күні тағы келе жатқанда қатынына айтыпты:

– Анау менің досым келе жатыр пұлын сұрап, мен өтірік ауырайын, ол келіп, мені сұраса, «Ауырып жатыр» [деп айт] – депті. Ол келіп, «Досым қайда?» десе, қатыны: «Ауырып жатыр», – депті. Бай ауруының өтірік екенін біліп, «досымды көріп, өлсе, қолымнан жуып, көміп қайтайын», – деп, үйге кіріп отырыпты. Сонда Алдар көсе қатты ауру адамға ұқсап, біраздан кейін өлген адамдай болып, көзін жұмып жатыпты. Сонан соң досы бір қазанға суды қайнатып, әбден ысытып, «сүйегін өзім жуамын» деп, жуғанда көсенің бір қабат терісі сыпырылып, көлдіреп қалыпты. Астына шеңгел салған екен, оның тікені етіне кіріп кетіпті. Сөйтіп, ақыретке орап, апарып, көміп қойған жерінен көсе «тіріліп», үйіне қайтып келіпті.

8. БАЙДЫ АЛДАҒАН ШАЛ

Бұрынғы өткен заманда бір шал, кемпір және бір қызы болыпты. Бұлардың мал дегенде бес-алты ешкісі болған. Әр күні шал ешкісін бағып жүріп, ұйықтап қалып, қасқыр шалдың ешкілерін жатақ жеріне қуып кетеді. Шал ұйқыдан тұрып қараса, ешкілері жоқ. Сонан ізіне түсіп отырып, бір інге келеді. Шал қасқырдың інге әкеліп кіргізгенін білетін, қасқырды ұстап алмақшы болып, іннің аузында қапты қолына алып, аңдып тұрады. Біраздан соң қасқыр іннен шыға берген уақытта қасқырды қапқа салып алып, аулына қайтады. Өз үйіне жете алмай, жолда бір байдың үйіне келіп, қонады, үйге кіргеннен арқасындағы қапты керегенің басына ілдіріп қояды. Бір уақыттан кейін бай сұрайды шалдан «қабыңыздағы не?» – деп.

Шал айтады:

– Қаптағы тұқымы асыл бір көк қошқар еді, – дейді.

Бай:

– Қошқарыңды маған сат, – дейді.

Шал:

– Жақсы, сатайын. Бәленше тілдә берсең, – дейді. Бай сұрағанын беріп, алады.

– Мұны енді қаптан шығарып, қойға жіберейік, – десе,

– Жоқ, қазір жіберуге болмайды. Адам тегіс жатқаннан кейін жіберу керек, – дейді.

– Мақұл, – деп, ел тегіс жатқаннан кейін қораға жібереді. Әлгі қораға жіберген «көк қошқар» тоқты менен қойлардың бәрін тамақтап кетеді. Сонымен қатар бәленше тілдәні алып, шал да жоқ болады. Ертеңгісін бай тұрып, қораны қараса, қойларының көбі теңкиіп-теңкиіп, өліп жатқан. Енді бай ойласа, түндегі көк қошқар емес, ол көк қасқыр екен. Бай, сөйтіп, шалдан алданып қалған.

9. АЛДАРДЫҢ ӨГІЗ СЕМІРТКЕНІ.

КЕРУЕНБАСЫН ЕКІ АЛДАУЫ

Бір күні Алдар үлкен қара жолмен сапар жүріп келе жатып, мал айдаған үлкен бір керуенге кездеседі. Алдар жанынан жортып, өтіп бара жатқанда керуенбасы:

– Әй, жігітім, босқа жүргенше, мал таппайсың ба? – дейді.

– Табайын, – дейді Алдар.

– Олай болса, біз саған жүз өгіз берелік. Соны қасымызда жайып, айдап отыр. Осыған көнесің бе? – дейді.

– Жақсы, көнейін. Өгіздеріңді айтқандарыңдай семіртіп берейін, – дейді Алдар.

Сөйтіп, керуеннің жүз өгізін жаюға алады. Өгіздерін керуенді жанамалап айдап, бірнеше күн жүріп отырады.

– Бұл жануарларды азырақ қатты айдап, ішін босатпаса болмас, ауырлап жүре алмай келеді, – деп, бір күн өгіздерді тышқақтата айдап, қуа жөнеледі. Сол қуумен отырып, керуеннен бірнеше күндік жерге озып кетеді.

Бір жерге келеді де:

– Жырымдап берген малды алған Алдарды көрген екенсіңдер,– дейді де, өгіздерді маң даладағы бір қораға қамап тастап, барлығының да құйрықтарын керуеннің жүретін жолындағы бір үлкен батпаққа әкеліп, әрқайсысын әр жерге шаншады. Өзі батпақтың бір шетін қазуға кіріседі. Бірнеше күннен кейін керуеншілер келеді. Келсе, өгіздері жоқ. Алдардың өзі батпақты айналдырып қазып жатыр.

– Ау, неғып жатырсың? Өгіздер қайда? – дейді керуенбасы.

– Ой, не қыласың? Өгіздер тойынып, жүндері түлеп, шөлдегеннен бой бермей, мына батпаққа келіп, түсіп кеткені. Батпақтың асты су емес пе? Сол суға тұмсықтары жетіп, су ішіп, шықпай жатқаны! Қандары кеуіп қалған екен, тіпті, шығара алмай қойдым,– дейді.

– Қані, батпақта өгіз түгіл сайтан да жоқ қой, – дейді керуенбасы.

– Ана құйрықтарын көрмейсің бе, шошайып шығып тұрған. Өгіз болмаса, ол не? – дейді Алдар.

– Ал, өгіз ол болсын, өзің жерді неге қазып жатырсың?

– Өгізді айдап шыға алмағасын мына батпақты қазып, бір–бірлеп айдап шықпақшы едім.

– Қой, мынауың еріккеннің ермегі! Сол батпақты қазып болғанша біз жолдан қалып жатамыз ба? – деп түсе қалып, күшіне сенген бір неме екен, жүгіріп барып, бір құйрықты ұстай алады.

– Ойбай, тоқта! – деп, Алдар жүгіріп барып, жібермейді.

– Ал, немене?

– Ойбай, құйрығынан тарта көрме! Сиырдың құйрығы осал болады. Үзіліп кетеді. Сиырдың көбі шолақ болатынын білмейсің бе? Құйрығын тартып, үзіп алсаң, бірі қалмастан суға кетеді. Олар жалғыз ғана құйрығына ілігіп тұр. Әйтпесе, суға кетіп қалады, – дейді.

– Боқ жеп тұрғаның не өзі? – деп, керуенбасы жүгіріп барып, бір құйрықты тартып қалып, суырып алады.

– Мынауың қалай бос еді, – деп, екінші біреуін тағы суырып алады.

– Апырай, күшің қалай еді, жарықтығым! Өгізден де күшті екенсің. Күшті балуан адамды өмірімде бірінші көруім – күшің де байлығыңа сай келген екен. Ойбай, енді тарта көрме! Мына күшіңмен бір өгіз де қалмайды. Бәрінің де құйрығы үзіліп, батып кетеді. Онан да базардан тез кетпен сатып әкеліп, жабыла қазсақ, бәрін де аршып аламыз. Апырай, күшіңнен қорқайын дедім. Енді тартуыңды қой, – дейді Алдар, жүгіріп келіп, керуенбасшыны ұстап.

Керуенбасы мақтаншақ бір мырза екен. «Өгіздей күшің бар» дегенге кеудесін көтере түседі. Мақтанып, тағы бірнеше құйрықты жұлып алады.

Ақырында, малға құмарлығы мақтаншылығын жеңеді. Тартуын қояды.

– Тез күрек әкеліп, аршыған жөн болар, – деп, құйрықты тартуын қояды.

– Міне, жүз сом ақша. Біреуің тез барып, күрек сатып әкеліңдер, –дейді керуенбасы жігіттеріне қарап.

Жүз сомды көріп, Алдардың көзі жайнап кетеді.

– Күрек әкелгенде бір мән бар. Құйрықтың үшіне ілініп тұрған өгіздер көпке төзбейді. Осал құйрық емес пе? Екі-үш күннен кейін үзіліп кетеді. Тез қазып алу керек болады. Кетпенді қалайда кешке дейін жеткізу керек. Бұған бір жүйрік жігіт баруы керек, – дейді.

Жігіттердің ішінен «Мен барам» деуші табылмайды. Бәрі де «Бүгін күрек жеткізу қайда! Базарға да жете алмаймыз», – дейді.

– Болмас-болмас! Мен өзім-ақ жүгірейін, – дейді Алдар.

– Олай болса, жарайды. Мә, ақша! Қалай да бүгін жет! – деп, керуенбасы жүз сомды Алдарға береді.

Жүз сом қолға түскесін Алдардың аяғы аяғына жұқпайды. Құйындай ұшып жөнеледі.

– Шайтанның жүйрігі-ай! Лезде көз үшіне жетіп, жоқ болды, – деп, керуендегілер мақтасады.

Алдекең жүгіріп отырып, қамаған өгіздерге келіп, алдына салып айдап, тайып отырады.

10. АЛДАРДЫҢ ТАЗШАНЫ ЕМДЕУІ, ТӘУБАҒА КЕЛУІ

Өгіздерді айдап келе жатса, қой баққан бір тазшаға жолығады. Амандасып, ол-пұл деп отырып, торсығындағы айраннан ішіп, шөлін қандырады.

– Осыны алдап, қойын айдап кетсем, – дейді ішінен Алдар. «Қалай алдаймын?» деп отырып, қойшының самайына көзі түседі. Үрпиіп самайынан шығып тұрған шашын көріп, таз екенін біледі. «Енді жайыңды таптым», – дейді ішінен.

– Қой баққан деген азап қой. Мен де талай қой баққанмын, – деп, Алдекең үлкен кеңеске түседі – қой бағудан көрген бір азабым сол, шаңырақта, азапта жүріп, сар қотыр таз болғанмын. Тазша деген ат қандай жаман! Құтыла алмай жүргенде, тәңір жарылғағыр, бір емшінің емдеп жазғаны, – дейді.

– Ол қандай ем істеп еді, – деп, қойшы шап ете түседі.

«Енді қармаққа іліндің бе?» – дейді де ішінен, қалай емдегенін айтады.

– Бір күні қойымды жайып отыр едім. Мойнында дорбасы бар бір адам келді. Келіп отырып, басымның таз екенін көріп: «сорлы, өлесің ғой, емдетпейсің бе?» – дейді. Мен ем таба алмай жүргенімді айттым.

– Ем таба алмады деген не? Мен-ақ емдеп берейін, – деді. «Емдеңіз», – деп, жабыса кеттім.

– Бірақ, байдың көп қойын аяйсың ба, қасқыр жеді дерсің. Біреуін сой. Әрі етіне тоялық, әрі басыңды жазалық. «Басыңды жазу үшін құйрығы мен іш майы керек», – деді. Бір қойдың несін аяйын, сол жерде сойдым да, әрі етін асып, етке тойдық, әрі құйрығы мен ішкі майын басыма тартып, тазымды жазып алдым. Сол емшіден үйреніп, бастары таз ауылдас балалар бар еді, солардың бәрін емдеп жаздым… Қой, ойбай, әңгіме айтам деп, жолымнан қалдым. Енді жүрейін, – деп, Алдар тұра келеді.

– Ойбай, ағатай, менің басымды да емдеп кет, – деп, тазша жабыса кетеді.

– Ойбай-ау, сен де таз ба едің? Манадан бері айтсайшы! Онда емдейін, – дейді.

Тазша қойдан таңдап жүріп, бір семіз қойды ұстап, алып келіп, ұрып, сояды. Етін асады. Етке тойып алып:

– Ал, еміңді істе, – дейді.

– Емімді істейін, бірақ, сен шартымды орында, әйтпесе, жаза алмайсың,–дейді Алдар.

– Орындаймын, – дейді тазша.

– Орындасаң, құйрық пен шарбы майды басыңа ораймын. Сен ықтау жерде бір күн, бір түн қимылдамастан, көзіңді ашпастан жатасың. Содан кейін тазыңнан түк те қалмайды. Оған дейін қойыңды мен жая тұрамын, – дейді.

– Жарайды, – дейді тазша.

Алдар қойшының басына құйрық пен шарбы майды орап, бір апандау жерге апарып, жатқызады.

– Ал, қыбыр етпе. Май әбден сорып алсын, – деп, жатқызып тастайды. Сөйтеді де, жүз өгізге қосып алып, қойды да айдап жүре береді.

Қойшы басының тазын майға сорғызып жата тұрсын, енді кетпен күтіп қалған керуенге келелік. «Алдарды кетпен әкеледі» деп, керуеншілер әні жатады, міні жатады. Бір күн өтеді, екі күн өтеді, үш күн өтеді.

– Әй, осы қу алдаған болар, – дейді.

Біреуі барып қараса, өгіз түгел дәнеңе жоқ, бәрі де әшейін шаншылған құйрық, «Ұрған екен!» – дейді. Енді бәрі жиналып, күшіне мақтанған керуенбасын жатып келіп мазақтайды.

– Апыр-ау, бұл не деген күш! Құйрықты нағып көтерген?! – дейді біреуі.

– Апыр-ай дейсің! Батпақ қалай бірге қопарылмағаны! – дейді екінші біреуі.

– Оны айтасың-ау! Жер нағып дірілдемеген десейші! – дейді үшіншісі.

– Дірілдемегені несі! «Әуп» деп, құйрықты тартып келіп кеткенде, жер теңселіп, көктегі Күн домалап барып, азар қалған жоқ па? – дейді енді біреуі.

– Әжүз-Мәжүз шығады дейтін еді. Тауды тауға соғады дейтін еді. Осы сол Мәжүзің…. – деп, енді біреуі келекелеп келе жатқанда, керуенбасы ұшып тұрып:

– Тоқтатыңдар енді, бірдеңе көрейін демесеңдер! Сол қуды тауып алып, құйрығына таңба басып, құл қылмасам, жер үстінде жүрмейін, – деп, тұра көліктерін жектіреді.

– Айтамыз ғой! Осыда бір күш бар, – деп, керуеншілер сықақтайды.

Керуеншілер күн жүріп, түн жүріп, Алдарды іздейді. Алдардың кеткен жолымен келе жатса, басына шарбы орап, апанда жатқан біреуге кездеседі. «Дәу де болса, осы болар», – деседі.

– Тұр! – деп айқайлайды. Қойшы тұрмайды. Біреуі келіп, теуіп қалады, оған да тұрмайды.

«Мынау өлген адам екен», – деп, басындағы майын жұлып алса, бір тазша. Өлуі былай тұрсын, бетіне май сіңіп, нарттай болып алған.

– Не ғылып жатырсың?

– Емделіп жатырмын.

– Неден?

– Тазымнан.

– Құйрық пен шарбыдан емделуге болады деп кім айтты?

– Ар жақтарыңдағы қой жайып жүрген адам айтты.

– Қайдағы қой жайып жүрген адам?

– Ар жақтарыңдағы.

– Ар жағың қайсы?

– Е, ар жақтарыңда қой жатқан жоқ па?

– Қой, түге, шайтан да жоқ.

– Қойшы, әй! – деп, тазша ұшып тұрады. «Өзің қойшы», – деп, керуеншілер күліседі.

Тазша қараса, қой түгіл, дәнеңе де жоқ. Алдардың алдап кеткенін енді біледі. «Енді бай өлтіреді» деп, еңіреп, отыра кетеді.

– Сен жылауыңды қой. Біреу алдап, жүз өгізімізді айдап кетті. Соны қуып, іздеп келеміз. Бізге ер, сен де табарсың, – дейді керуенбасы.

– Ойбай, жүз өгіз айдаған тап – сол, – дейді таз.

– Е, олай болса, бізді алдаған қу сені де алдаған екен. Жоғымыз бір жерде екен. Жүр, ізделік, – дейді.

– Жарайды, – деп, тазша бұларға қосылып, Алдарды бірлесіп іздейді.

Керуеншілер мен тазша Алдарды айлап, жылдап іздейді. Бармаған, сұрастырмаған жерлері қалмайды. Ақырында, Алдардың ауылы қайда екенін біледі. Керуеншілер мен тазшаның тынбастан іздеп жүргенін бір күні Алдар да есітеді. «Енді не амал қылдым?» деп, ойлап-ойлап, ақыры, амалын табады. Бір күні еліндегі қарияларын жиып, Алдар садақа беріп:

– Ал, елдің жақсылары, кәриелері! Бармаған жерім жоқ, баспаған тауым жоқ. Соншама ел кезіп жүріп, істеген жақсылығым да болар, жамандығым да болар. Енді бүгінгі күн тәубаға келіп, өткендегіден безіп отырмын. Өмірімнің ұзақ еместігі өзіме аян болып жүр. Сол себептен сіздерден патиқа алу үшін, сонымен бірге көзімнің тірісінде қабірімді тұрғызу үшін шақырып отырмын, –дейді.

Көпшілік «әумин» деп, патиқа қылып, садақа етін жеп, Алдардың қабірін тұрғызысуға кіріседі.

– Алдардың тірі отырып, моласын салғызғаны – тәубаға шын келгені екен, – деседі.

11. АЛДАР КӨСЕ МЕН АЛАША ХАН

Баяғы Алаш алаш болғанда, сол уақыттарда Алаша деген кісі хан болып тұрғанда, Алдар көсе деген адам алдайтын біреу болған екен. Бір күні сол Алдар көсе Алаша ханға келіп айтыпты:

– О, тақсыр, менім бір өнерім бар, сізге айтайын деп келдім, – депті.

Сонда хан:

– Рұқсат, айта бер, қандай өнерің бар? – деді.

Көсе айтады:

– Тақсыр, мен алтынды егіп шығаратын өнерім бар. Егерде бір батпан алтын берсеңіз, мен сол алтынды егіп, сізге бір қызмет қылсам, – деді.

Хан көріп, айтады:

– Егер де алтынды алып, егіп шығара алмасаң, не қыламын? – деді.

Көсе:

– Тақсыр, өлтіріңіз, – деді.

Хан мақұл көріп, мың тілләлік алтын береді. Алдар көсе алтынын үйіне алып келеді. Хан Алдар көседен күнде хабар алдырып тұрды, не қылып жатыр екен, – деп. Ханның хабаршылары келгенде қос өгіз алып, бір таудың бөктерін айдап, егін егіп жатқан кісі болып егіп жүріп, «бір мың бол!» – деп, хан жасауылдарына естіріп айтады. Сөйтіп, өтіріктен көсе алтынды егіп болды. Енді жұрт күзгі егінін орып болған соң хан көсеге жасауыл жібереді:

– Алтынды алып келсін, – деп. Жасауылдар көсенің үйіне келіп, сөйлес қылды. Үйінің ішінен бір әйелдің даусы шығады, «Үйде жоқ», – деген. Сонан соң жасауылдар аттан түсіп, көсенің үйіне келіп қараса, үйінде бір сұлу қыз отыр. Жасауылдар бұл қыздан көсе қайда кетті деп сұраса, қыз айтады:

– Биыл жауын жоқ болған соң ағамның еккен алтынының мәнісі болмай, ханнан қорыққанынан алтын іздеп кетіп, тапсам – келемін, таппасам келмеймін деп кетті, – деді. Сонда жасауыл:

– Сіз кім боласыз? – деп сұрады.

Сонда қыз тұрып:

– Мен сол көсенің қарындасы боламын, – деді. Сондағы «қыз» болып отырған көсенің өзі еді. Жасауылдар бұл сөздерді айтып, жасауыл ханға барып, көрген-білгендерінің бәрін ханға сөйледі. Хан бір адамға бұйырып, дереу барып, көсенің үйіндегі қарындасын алып келіңдер, – деп, бұйрық қылды. Ханның жарлығын екі қылмады, жасауылдар барып, көсенің қарындасын алып келеді. Алып келген соң хан өзінің қыздарының қасына қосып қойды. Ханның екі қызы бар еді.

Көсенің өтірік қарындасымен үшеу болды. Үшеуі тату болып, күліп-ойнап, бір табақтан ас ішіп, бірінің төсегіне бірі жатып, сырласатын болды. Бір күндері түнде ханның қызының біреуі тұрып айтады:

– Осы Құдайдың құдіретіменен үшеуміздің біреуімізді еркек қылса, көп жақсы болар еді, – деді. Сонда көсенің «қарындасы» тұрып айтады:

– Мен бір дауа білемін, соны қылып қарайық, қандай болар екен, – деді.

Ханның қыздары «қыла гөріңіз» деп, өтініп қоймаған соң сонда тұрып көсенің қарындасы ханның қыздарына айтты:

– Үш аяқ су алып келіңіздер, – деді.

Ханның қыздары үш аяқ суды алып келді. Көсе үш аяқ суды қатар қойып, ханның қыздарын бастарына орамалдарын жапқызып, отырғызып қойды. Өзі аяқтарды алдына алып, бірдеме оқып отырған болып, аузын күбірлетіп, дем салып, ханның қыздарына айтады.

– Береді Құдай, бере гөр, Құдай. Бере гөр, Құдай, – деп, тілей беріңіздер, – деді.

Ханның қыздары айтқанына еріп, «Бере гөр, Құдай, бере гөр», – деп, тілеп отыра берді. Сонан соң әлгі суды үшеуі де ішті.

– Енді жатып ұйықтайық, – деп, үшеуі де жатты. Біраз уақыттан соң көсенің «қарындасы» шыр етіп, оянған болып:

– Айналайын, Құдай! Маған берді, – деп, бұтындағы «аспабын» ханның қыздарына көрсетіп, Құдай тілекті берген соң тоқтау бар ма, – деп, қасындағы ханның екі қызын көсе батыр күні-түні көтеретін болды.

Бір күні ханның бір жақсы көретін уәзірі ханға жаушы жіберді.

– Хан екі қызының бірін маған берсін, – деп. Жаушылар бұл сөздерді естіген соң хан ойланып, өз қыздарын қойып, Көсенің «қарындасын» бермек болды. Отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, жорға бие сойдырып, елдің бәрін шақырып, тойындырып, үлкен атақты тойыменен көсенің қарындасын уәзірге ұзатып беретұғын болды. Сол уақыттарда Көсенің «қарындасы» ханға келіп:

– Тақсыр, менің алдыма екі күң қосып беріңдер. Біреуінің құлағы сөз естімейтін керең болсын, біреуі тілі жоқ мылқау болсын, – деді.

Хан бұл сөзін мақұл көріп, халқына хабар салып, айтылғандай екеуді тауып, Көсенің «қарындасының» алдына қосып, ұзатып жібереді. Уәзірдің үйіне жеткенше үш-төрт күншілік жол екен. Жолда келе жатып, қонған жеріне қасындағы жолдастары ұйықтаған мезгілде көсенің «қарындасы» баяғы ханның қыздарына қылатын өнерін тілі жоқ күңге қылады. Әбден тыныштық бермейді. Күң сорлы ертеменен тұрғанда қасындағы кереңге өз қолының саусағын жұмалақтап, білегін саптап, шынашағын бір қолымен ұстап, Көсенің «қарындасының» «аспабындай» қылып, онан өзіне істеген қимылын «Мені осындай қылды» деп көрсетсе, керең білмей, қорқады.

– Маған барған, үстіп ұрғызасың, – деді. Осылай етіп жүріп, уәзірдің үйіне келіп жетті. Уәзір үйіне кіргізіп, ойын ойнамаққа қасына жақындық қылмаққа ойланды. Сонда көсенің «қарындасы» уәзірден үзір тіледі.

– Неше күннен бері жол жүріп, шаң, топырақ ұрып, үсті-басымызға кірменен тозаң жабысқан. Бір аптаға сүрек берсеңіз, кір-қоңымды жуып, тазаланайын. Және тағы екі ат жақсылап ерттетіп қойсаңыз, мініп, далаға шығып, көңіл көтеріп келсек, онан соң мейліңіз, – деді.

Уәзір бұл сөздерін мақұл алып, екі ат ерттетіп қойды. Көсенің «қарындасы» уәзірге: – Тағы арақ-шарап келтірсеңіз екен, ішіп, көңілімізді хан қылып отырсақ, – деді. Уәзір дереу бір адамына арақ-шарап алып келуге бұйырды. Арақты алып келген соң екеуі әбден ішіп, уәзірді әбден мас қылып тастап, уәзірдің үйіндегі барлық қазына-мүліктерін алып, екі атқа артып, уәзірдің сорын қайнатып, кетіп қалды. Біраздан соң уәзір мастығы тарқап, ұйқыдан тұрса, қатыны, екі ат, қазына-мүлкі жоқ. Бұларды өз дұшпандарым қылғанды деп, халқына қатты қысым қылып, еш бірін таба алмай, әуре бола тұрсын. Ендігі сөзді көсенің «қарындасынан» естіңіздер. Көсенің «қарындасы» банағы екі атқа артқан зерді алып, қыз болған киімін тастап, кәдімгі көсенің өзі болып, ханға келіп, екі аттағы артқан зерін көрсетіп, ханға айтады:

– О, тақсыр, биыл жауын болмай, берген алтындарыңызды егіп едім, бітпей қалған соң сізден қорқып, алтын іздеп, тауып келтірсем деп жүргенде үйімді талап һәм қарындасымды алып келіп, уәзіріңізге беріпсіз. Тақсыр, бұл қандай зорлық, қандай қорлық, – деп, ханның ордасында айқайлап жаңғыртып, ханның әбден есін кетіреді. Сонда хан тұрып айтады:

– Қарындасың болса, қор қылғаным жоқ, жерін тауып бердім. Алтының бітпей қалғаны Құдайдың ісі, айып емес. Мойныңыздағы алтындарымды кештім. Алып келген зеріңді өзің алып, бай бол, – деді.

Бұл арада уәзірдің кісілері келіп, ханға айтады:

– Көсенің қарындасы мен қазынамыз, ерттеулі екі жарамды атымыз жоғалды. Қайдағы қуға бізді кез қылдыңыз, – деп, көп сөздер айтыпты. Мұны Алдар көсе естіп, бұрынғыдан да бетер айқайлап, қарындасымды ұрып өлтірген, соны сылтауратып, өтіріктен жоғалды деп, қарсы дау қылып тұрғаны деп, ханның мазасын алды. Хан, тіпті, болмаған соң біраз ойланып отырып:

– Ау, көсе, көп сандырамай, менім бір қызымды ал! Өзің менім алдымда уәзір бол, – деді. Көсе «құлдық» деп, ханның бір қызын алып, алдында уәзір болды. Екінші қызын хан қатыны қашқан уәзіріне ұзатып береді. Сөйтіп, көсе де, уәзір де мұраттарына жетіпті.

12. ЖИРЕНШЕ

Бір күні Жиренше ханның үйінде отырғанда бір адам ханға сыйға бір піскен қаздың етін алып келген екен. Сонда хан Жиреншеге: − Сен сөзге де шеберсің және әр нәрсенің бәріне де шебер шығарсың, мына қаздың етін мен, ханым, екі ханзада, екі қаныкей, өзіңмен жеті адамға бірдей қылып бөлші, − депті. Сонда Жиренше ойланбай, пышағын қынынан суырып алып, әуелі қаздың басын кесіп алып: − Міне, сіз әрі хансыз, әрі халықтың басысыз, бұл басты сіз тұрғанда кім жейді? –деп, басты ханға беріпті. Екі аяғын кесіп алып, екі ханзадаға: − Сіздер атаңыздың ізін басып, хан боларсыздар,− деп, екі ханзадаға береді. Екі қанатын кесіп алып: − Сіздер жатжұртқа барсаңыздар, осы екі қанатпен ұшып барарсыздар, − деп, екі қанатын екі қаныкейге береді. Қаздың көт жағын кесіп, бәйбішеге: − Сіз әрі ханымсыз, әрі бәйбішесіз, бұл – қаздың жаясы. Бұл жаяны сіз тұрғанда, кім жейді? −деп, көтін ханымға береді. − Мен бас жейтін хан емеспін, жая жейтін ханым емеспін, аяқ жейтін ханзада емеспін, қанат алатын қаныкей емеспін, маған қаздың ортасы да жарайды, − деп, қаздың бар етін алып, үйіне жүріп кетіпті.

13. ЖИРЕНШЕ МЕН АЛДАР

(І – нұсқа )

Ел аузындағы Шығайбай, Алдар көсе әз-Жәнібек кезінде болды /10 ғасыр/. Жәнібек қарауында болды. Алдар өте қиялшыл, сөзге ұста адам болды. Бір кезде хан мен бидің қата істеген билігін тауып, ел алдында бір ойын ашатын болды. Жәнібек көсені елден жоюға билерге ақылдасты. Тапқан амалдары: ауыр сұрақ қоялық, сұрақты тапса, ат басындай алтын [берейік], таппаса, елден қуалық [деп, уәделесіпті]. Жәнібек : − Сонда оған қандай сұрақ қоясыздар? − дейді. Көсенің қасында екі шал серігі бар еді, бірінің сақалы – ақ, шашы қара, бірінің сақалы – қара, шашы ақ екен. Алдардың өзі көсе екен, − дейді. Билері:

– Бірінші: көсе не үшін көсе болды? Мұны тапсын. Екінші:

көсенің бір серігінің сақалы ақ, шашы қара, не үшін бұлай болды? Соны тапсын. Үшінші: бір серігінің сақалы қара, шашы ақ, не үшін бұлай болды? Мұны тапсын, − десіпті. [Мұны тапқан Жиренше еді].

Жәнібек Жиреншеге бұйрық қылды:
− Осы үш адам ертең менің алдымда жауап берсін, соны жеткіз, − деді.

Жиренше әлгі екі шалды тауып, көсеге қосып, үшеуін жаяу айдап, ханның ордасына әкеледі. Ордаға жақындағанда Жиренше: − Анау ханның ордасы, ханға барып, жауап бересіңдер, − деп, өзі: «Анау ауылда жұмысым бар», − деп, жүріп кетті.

Көсе шалдардан:
− Хан бізді неге шақырды, білдіңіздер ме? – деп сұрайды. Шалдар:
− Білмедік, − деп, жауап береді. Сонда көсе:

− Білмесеңіздер, мен үйретейін. Хан бізден ауыр сұрақ сұрайды, тапсақ, бір дорба алтын береді; таппасақ, дарға асады, болмаса, елден айдайды.

Шалдар көседен: − Жәнібектің сұрайтын сұрағын бізге үйрет, алтынды сен ал, − деп жалынады. Көсе:

− Мақұл, − деді.
Көсе бірінші шалға үйретеді:

− Менің сақалым ағарғаны, қайғым көп. Сақалым қайғының қарсы алдында тұрды. Шашым бөркіммен қапталғандықтан, ешнәрсе байқамай, қара күйінде тұрады. Жәнібек: «Не қайғы көрдің?» − десе, мынадай де:

− Қатын шайпы, ұл тентек, екеуледі, ей, ханым.
Өтпес пышақ, жүрмес ат, төртеуледі, ей, ханым.
Ер қартайды, мал тайды, алтаулады, ей, ханым, дерсің,− депті.

Көсе екінші шалға үйретеді: − Менің шашым анамнан туғанда бірге шыға туған емес пе, бұл сақалым жиырма жасқа келген соң шықты емес пе? Жасы үлкен шашым бұрын ағармай, қайтеді? Егер шашым жиырма жастан бастап шыққаны қате болса, елімнен сұра дерсің.

Бұл үш жауапкер Жиреншенің шақыруы бойынша ханға келді. Жәнібек: − Үшеуіңнен сұрақ сұраймын: сұрақты дұрыс тапсаң, үш дорба алтын берем, таппасаң, елден шығасыңдар, − деді. Жәнібек:

− Көсе, бет алдыңда ерлердің сақалы не мұрты жоқ, бұған не себеп? – деді. Көсе: − Бөксем әкеме, кеудем шешеме ұсаған, − деді. Жәнібек: − Сенің сақалың қара, шашың неге бұрын ағарған, бұған қандай себеп болды? – деді. Бұлар көсенің үйреткен сөзін айтып, отыра берді. Жәнібек үшеуіне үш дорба алтын тастады. Көсе алтынды хан алдында өз дорбасына салып, көтеріліп, кете берді.

Бір кезде ордаға Жиренше келіп:
− Жауапкерлер келді ме? – деп сұрапты.

Жәнібек: − Келіп, жауап беріп, құтылып кетті. Шалдарға тиісті алтынды көсе менің алдымда өз дорбасына салып, алып кетті. Сондықтан көсенің үйреткені білінді, − дейді. Жиренше: − Қу көсе, шалдарға обал қылған екен. Ең болмаса, сол жарым алтынды сөзбен жеңіп алайын, − деп, Жиренше көсені қуады. Үйлеріне жеткізбей қуып жетіп, тоқтап, көседен сұрақ сұрады: − Жер ортасы қайсы, ел ортасы қайсы? Құдайдың хақ бұйрығы қайсы? – дейді Жиренше. Көсе:

− Жап-жақын еді ғой, − деп, мойнын соза беріп, қарап: − Байеке, атыңызға мініп, қарап айтайын, бойым жетпей тұр, − деді. Жиренше атын берді. Көсе атқа мініп, аулағырақ бір төбеге шығып, жауап берді. Көсе айтады: − Жер ортасы осы екен. Ел ортасы да осы екен. Бізді айдағанда сен атты, біз жаяу едік, енді мен атты, сен жаяу, Құдайдың хақ бұйрығы дегенің осы екен, − деп, атын бір ұрып, жүре беріпті. Жиренше жаяу қалды. Жиренше:

– Жығылған жерім де, ұялған жерім де осы, − деп, ханға келді.

14. ЖИРЕНШЕ МЕН АЛДАР

(ІІ – нұсқа)

Жиренше ханның заманында Алдар көсе деген бір пысық болған екен. Ел күндеп, Алдар көсе деген бір қу шықты деп, ханға жамандапты. Бір күні Жиренше хан Алдар көсені шақыртыпты. Алдар көсе жаяу ханға келіпті. Тегінде, Алдар көсенің жаяу жүретін әдеті екен. Алдар көсе үйге кіріп келсе, сәлем берген, хан сәлем алып, қолын басына қойыпты. Сонда Алдар көсе тілін жалаңдатыпты. Ол өйткенде, хан өз құлағын ұстапты, онда Алдар көсе қарнын түртіпті де, қолдарын қусырады. Сонда хан оған басын изеп, их па қылып еді. Алдар көсе керегенің басындағы бір баспақ ділдәсін алып, жүріп кете береді. Сонда жиылып отырған әлеумет:

– Тақсыр-ай, әлгінің алып кеткені не? – депті. Хан:

– Ділдә, – деді.

– Тақсыр! Пендесің деп, өйтіп ділде алған соң сізді, тіпті, құртады, оны қайтып алыңыз, біз алып келіп берелік, – деді де, артынан бір адам қуып келіпті де:

– Мені хан жіберді, «Алдар көсе жер ортасын көрсетіп болмаса, алған ділдәмді қайтарамын» дейді, – депті. Сонда Алдар көсе:

– Жарайды, мен жаяумын, атыңды бере тұр. Атыңа мініп көрсетейін, – деп, атқа мініп алып, жан-жағына қоқырайып қарапты да, жердегі баспағымды әперіңізші, – деп, баспағын алып, астына қойып, жер ортасы – осы сенің атыңнан айрылған жерің болады, – деп, жүріп кетіпті. Бұл қайтып ханға барғанда ел ханнан:

– Хан, сен Алдар көсенің қылысқан іспарларының мәнісін [айт, – деп] сұрағанда хан:

– Мен басымды көрсеткенім – басқа бәле қайдан дегенім еді. Ол «Басқа пәле – қызыл тілден», – деп, тілін жалаңдатты. Құлағымды ұстағанымда, ол құрсағын көрсетіп, құлаққа тиген суық сөз құрсаққа барып, мұз болар, – деп, жауап қайтарды. Қолын қусырғаны тілегім бар дегені еді. Оның тілегін бердім. Алтын алып кетті, – депті хан.

15. ЖИРЕНШЕНІҢ ТАҒЫ БІР АЙТҚАН СӨЗІ

Хан бір күні: − Осы Жиреншені неғылсақ та, жеңе алмадық, енді осыны бір жеңуге әдіс жасайық, − деп, бір жігітке: − Сен ертең ертерек біздің үйге келіп отырып, Жиренше үйге кіріп келгенде қатты қылып бір осыр-дағы үйден шыға жөнел. Сонда мен Жиреншеге «ұста» дейін, сонда не дер екен? – депті. Ертеңіне жігіт ханның айтқанын істеп, Жиренше үйге кіріп келгенде осырып, тұра жөнеле бергенде хан Жиреншеге «ұста», − депті. Жиренше жігітпен жарыса далаға шығып, біраз кідіріп, есіктен қайта келіпті.

Хан: − Ұстадың ба? – дегенде Жиренше:

– Баласы қашып кетті, әкесін ұстап әкелдім, − деп, бір адамның кепкен қу боғын ханның алдына тастай беріпті.

Сонда хан ұялғанынан:

– Мынаған дауа болмас! – деп, күліп жіберіпті.

16. ӘЗ-ЖӘНІБЕК, ЖИРЕНШЕ, КӨСЕ

Әз-Жәнібек хан Сырдың оң жағында отырады екен, бір күні Сырдың сол жағындағы елге жарлық қылады: − Байталдарым құлын тастап жатыр, айғырларының даусы маза бермейді, айғырларын қырсын! − дейді. Ел хан жарлығынан қорқып, сасады, жыйылыс қылып, ақылдасады. Жиналған жұрттың ішінен бір көсе шығып: − Сендер саспаңдар, ханның жауабын мен берейін, маған бір түйе, бір кебеже, шашы қара, сақалы ақ бір шал, сақалы қара, шашы ақ бір шал және бір серке беріңдер! – деді. Жұрт осы айтқандарын тауып береді. Содан кейін көсе ханға жөнеледі. Ханның ауылының шетіне келіп: − Ханға жолыққан кісі қалай жолығады? – деп сұрайды. – Мініп келген көлігін кейін тастап, дауыс еститін жерден «сәлеумәлейкім, алдияр!» деп, қол қусырып барады, − дейді. Көсе ол айтқанды істемей, түйесіне мінген бойымен қасындағыларын алып, ханның үйінің тұсына барып, үшке дейін:

− Сөйлес-ау, − деп дауыстады. Ішкім үндемеді. − Мына шіркінге көк түндік келіп қалған екен, − деп, кейін барып түсіп, екі шалды екі жағына отырғызып, өзі ортасында шынтақтап, қисайып жатады. Серкені түсіріп, байлап, түйесін шөктіріп қояды. Хан көсенің бұл ісіне ашуланып: − Ана шалдың басын алыңдар! – деп, кісі жұмсайды. Ханның жұмсаған кісісі көсенің отырған түрін көріп, ханға қайта келеді. − Отырған түрі бір түрлі қызық. Өзі қу көсе екен, екі жағында екі қарты бар, бір серке байлаулы тұр. Түйесі шөгерілген, ортасында өзі шынтақтап жатыр, басын шабуды лайық көрмедім, − деді. Мұны естіген соң хан көсенің жатқан жеріне келді. Хан жақындап келгенде көсе шынтақтап жатқан күйінде:

− Сәлеу-мәлейкім, алдияр хан! – деді.
Хан: − Уа, көсем, түйе мінгенің қалай?

Көсе: − Түйе мінсем, Қырымдағыны көріп, қауіп-қатерден аман қалуға себеп бола ма деп ойлаймын.

Хан: − Түйеге кебеже неге теңдейсің?
− Түйеге кебеже жараспай ма?
− Уа, көсем, серке алып жүргенің қалай?
− Е, ханым, білмейсің бе?

− Білмеймін.
− Бала екенсің ғой, мал жақсысы – серке, адам жақсысы ерке деген.
− Уа, көсем, шашы ақ, сақалы қара қартың не?
− Шаш сақалдан жиырма бес жас үлкен емес пе? Сондықтан ол ағарған ғой.

− Шашы қара, сақалы ақ қартың не? − Мұның аты шабан, қатыны жаман, атқа мінсе, тебінген, үйде отырса, кейіген, сондықтан мұның сақалы ағарған.

Хан өзінің кісілеріне сыбырлап: − Мұның қолтығында тесігі бар шығар, сөз кеулеп, шыға береді ғой, бұны суға түсіріп, қолтығын қарайық, − деді.

− Уа, көсе, суға түсесің бе?
− Түсейік.
Өзге жұрт суға түскенде көсе мен хан кейінірек қалды. Сонда хан көсеге:
− Түспейсің бе, көсе? – деді.

− Жолыңды берсең, түсейін. − Берейін, түс! – деп, хан өзі суға түсті. Көсе көйлектің жеңін, дамбалының балағын буып, түйіп жатты. Сонда хан: − Уа, көсе, неге буынып, түйініп жатырсың? − деді. – Білмеймін. – Ә, ханым, бала екенсің ғой! Осы судың бойында алпыс пышағын таптап, біздерін сақтап отырып сырласқан, сырласып отырғанда су тасып, алпысы да суға кеткен, сол уақта алпыс пышақ пен біз саптары төмен қарап, жүздері, үштері жоғары қарап, су түбіне орнап қалған. Мен сол пышақ пен бізден қорқып, буынып, түйініп жатырмын, − деді. Хан судан шығып: − Мынаны қызылауызға апарып, қондырыңдар, − деді. Ханның кісілері көсені қызыл иттердің ортасына апарып, тастады. Таң атқанша қырық қызыл итті қойнына салып барған сапысымен қырып, өлтіріп тастады. Таңертең ханға келіп, сәлем берді. Сонда хан: − Аман-есен келдің бе, көсем? – деді. Ханның бір кісісі тұрып: − Аман-есені құрысын, қызылауыздарды қырып келіпті, − деді.

− Уа, көсем, қайтамысың? – деді хан.
− Қайтпаймын. Жиреншеге жолығып, қайтамын.
− Жоқ, көсе, Жиреншеге қарама, мен оны жіберейін, − деді.
− Қой, жібермейсің!

− Жіберейін, уа, көсем, қызылауыздарды қырып тастағаның қалай? − Біздің ауылдың қойларын күнде қасқыр қырып жатыр, соған пайдасы тимеген соң қызылауыздың керегі қанша, қырмай, қайтейін?! Хан: − Біздің ауыл Сырдың бер жағында, сіздің ауыл ар жағында. Қасқырға не айла қылсын, қалай қорғасын? – деді. Көсе: − Ендеше біздің ауылдың айғырларының даусы сенің байталдарыңа қайдан естіледі? – деді. Хан үндей алмады. Көсе жүріп кетті. Артынан ханға Жиренше келеді. Көсенің келгенін, айтқан сөздерін хан Жиреншеге бастан-аяқ айтып өтті. Жиренше: «Мен оған барайын», − деп еді, хан: − Ойбай, барма! Кісіден тосылатын емес, қу көсе көрінді, − деді. Жиренше шыдамай, көсенің артынан кетіп қалды. Жиренше көсені қуып жетіп, артынан келіп, сәлем беріп еді, көсе сәлем алмады. Сонан соң көлденеңнен келіп, сәлем беріп еді және қарамады. Қарсы алдынан шығып, сәлем беріп еді, сәлемін алды. Сөйлесіп, амандыққа келген соң Жиренше айтты:

− Артыңнан сәлем бердім, алмадың, мәнісі не?
− Артымнан ит үруші еді.
− Көлденеңнен бергенде неге алмадың?

− Көлденеңнен қатын сөйлеуші еді, сабаз ердің мінезі қарсы келіп сәлем беру, сондықтан алдымнан берген сәлемді алдым, – деді.

Жиренше: – Уа, көсе, жер ортасы қайда?

Көсе: – Уа, мен түйеге мініп, жер ортасын болжай алмай келемін, астыңдағы атыңды бере тұрсаң, жер ортасын біліп берейін, – деді. Жиренше аттан түсіп, атын берді. Көсе атқа мініп алып, түйені жетелеп, олай бір, бұлай бір, жортып-жортып келіп:

– Жер ортасы – төбе, ел ортасы кере деген, болжап келіп қарасаң, сенің тұрған жерің жер ортасы екен, – дейді де, атты сауырға бір салып, Жиреншеге қарамастан тартып, жүріп кетті.

Көсе сол жолында еліне қайтып келе жатыр, бір ауылдың шетінде бие сауып тұрған бір қызға келіп:

– Сауар көбейсін, сөдегей бикеш, –– деді. Сонда қыз:

– Тұрсам, түзелер, сенің аузың емес, –– деді.

– Тіліңді Құдай кессін! – деп, атты сауырға бір салып, көсе тартып отырыпты.

17. ХАН МЕН КЕДЕЙ ЖОЛАУШЫ

Алыс жерден иесіз даламен Бұхар шаһарына бір кедей жолаушы келіпті. Қалаға келген соң ол тұп-тура барып, ханның үйіне кіріпті. Ханның ауыз үйі салқын болған соң бұл жолаушы киімін шешіп, жайланып, демін алып, азығын жей бастапты. Ханның ауыз үйінде отырған жендеттер жолаушыны көріп, мұның ханның үйіне барып, кіргеніне қайран қалып, сасқанынан не қыларын білмей тұрып, ақырында, жолаушыны қуа бастапты. «Қумаңдар, дем алған соң өзім кетемін», − деп, жолаушы бұларға айтқанда, жендеттер жолаушыға ашу шақырып айтыпты: «Сен бұл арада неғып отырсың?», − деп. Жолаушы айтыпты: «Тамақ жеп алған соң, екі сағаттай дем алып, ұйықтап алып жөнелем», − деп айтыпты. − Ей, әдепсіз кедей, көрмей тұрсың ба, бұл қонақ үй емес, менің сарайым! – деп, бұған хан айғай салыпты. − Бұл үй сенің сарайың ба, Бұхардың ханы, айтшы, бұл сарайда бұрын кім тұрды? – деп, асықпай, ханға жолаушы сөз қайтарыпты.

− Менің әкем тұрды, − деп хан айтқанда:
− Бұрын, сенің әкеңнен бұрын кім тұрды? − деп, жолаушы айтыпты.
− Бұл үйде менің үлкен әкем тұрды, − деп хан айтыпты.

– Үлкен әкеңнен бұрын кім тұрды? − дегенде:

− Ол әкемнің әкесі тұрды, − депті.
− Сенен соң бұл сарайда кім тұрады? – дегенде:
− Менің балам тұрады.
− Сенің балаңнан кейін кім тұрады? − дегенде:

− Менің немерем тұрады, − дейді. − Менің баламнан соң немерем, мұның балалары һәм, Құдай бұйырса, менің тұқымымнан біреу тұрады, − деп, хан жауап беріпті. − Мінекей, байқап қарашы, бұл сарайда бір адамнан соң бір адам тұрады. Сіздердің бәрің де бұл сарайда тұрған қонақсыздар. Бұл сарайда қонақ үйінде тұрғандай болып тұрасыздар.

Ашуланшақ хан ойланып тұрып, әмір қылыпты: − Жолаушыға тамақ, сый бер! – деп. Жолаушы тамағын жеп, дем алып, берген сыйды алмапты.

– Мен жолаушымын, маған берген сыйларың керек емес, − деп. Мұның сөзін ханға айтқанда, хан тағы да таң қалыпты.

18. ТАЗШАНЫҢ ХАН БОЛУЫ

Ерте кезде хан болыпты. Ханның қырық уәзірі болған. Бұл қырық уәзір хан не айтса, соны орындап отыратын еді. Бір күні хан шалқасынан жатып, өзінің ордасында өз-өзінен «тап» деді. Қырық уәзір тегіс жиналған болатын. Бұлар да жаман састы. «Не деп?» сұрай да алмады, ханнан қорыққанынан «қазір, қазір», – дей беріпті.

Хан:

– Егер таппаған күнде жарық көрейін деп, үміт етпеңдер, тез табу жағын көздеңдер, – деп, әмір берді.

Қырық уәзір жиналып: «Қой, қарап өлмейік, іздеп көрейік», – деп, атқа мініп, тұс-тұс жақтан іздеуге әрекетке кірісті. Барлық түсінгені сол – хан шалқасынан жатқанда айтты, ат жетер жерді тегіс аралады, ешбір «білемін» деген адам шықпады. Қырық уәзірдің салы суға кетіп, өлді деген осы ғой деп, еліне қайтқан. Ханның ордасына таянған кезде алдында бір қора қой бар бір қойшы жүр екен. Бұ да адам баласы ғой, бұған да айтып көрейік деп, қойшыға таяу таяна келіп айтады. Заржақ тазша екен, бұл бірдеме біледі деп үміттеніп, қуанып, осындай жол жүріп жүргенде ханның тапсырмасын орындай алмағандығын баяндайды.

Тазша да құлақ қойып, тыңдап тұрады.

– Хан қайда отырып айтты, ордасында ма, жоқ далада ма? – деп сұрады.

– Ордасында отырып, бізді жинап алып, аспанға қарап отырып айтты, – деді уәзір.

– Ондай болса, ханның ордасының күлдіреуіші шығып кеткен екен, соны жөндейтін ұста тап, тез уақытта жөндемесе, бүлінеді деп, соған асыққан екен, тез барып, ханның ордасының күлдіреуішін жөндеп берсеңдер, ешқандай пәле жоқ, құтыласыңдар, – деді.

Қырық уәзір қуанып, не істерін білмей, естері шығып, алақайлап, атқа қамшыны баса беріп, бір мезгілде тулаған жүректерін басып, тазшадан ақыл сұрайды, ханның алдына қалай қылып бару жөнінде. Өйткені, ханның берген мерзімінен асып кеткен еді, осы жөнінде ханның алдына бару да қиын еді. Сол үшін тазшадан ақыл сұрады қырық уәзір.

– Алдымен күлдіреуіш жөндейтін ұстаны тауып алу керек. Сонан соң тегіс уәзір біткен бастарын қосып, ханның алдына барыңдар. Ханнан кешірім сұрап, өтініңдер. Кешіккен себебіміз – ұстаны таба алмадық. Таяу жерде ұста болмады, жаңа таптық. Ордаңыздың күлдіреуішін салып берсін, ұлықсат етіңіз деп, ханнан сұраңдар. Сонан соң сіздерге ұлықсат етеді, – деді тазша.

Қырық уәзір тоқтамастан келіп, ханның ордасына түседі. Бағанағы тазшаның айтқан сөздерінің бәрін қалдырмай, жылап-еңіреп ханға айтады. Хан тауып келген соң ешқандай сөз айтпайды, тілеген сұрақтарын беріп, күлдіреуіштің сынған жерін жөндетуге ұлықсат етті.

Қырық уәзір дереу ұстаға әмір берді:

– Тез уақыт ішінде жөндеп, тігіп бер, ақысына қалағаныңды аласың, – деді.

Бағанағы қой бағып отырған тазша ол орнында тұрған жоқ. Қырық уәзірден алған арзан алғысты арқалап, кешке таман ауылға қайтты, уәзірлерге қайсы ауылдың қойшысы екенін айтқан. Бұл қырық уәзірдің қаттылығы сондай өздерін өлім жазасынан құтқарса да, ең болмаса, етіне бір бүтін көйлек бермеді. Құр «рақмет, бақытты бол!» – деп, сөзбен алғыс айтқан. Бұл тазша өз жайынша тұра тұрсын. Бір тайпа елді бір тарының қауызына сыйғызып отырған қаһарлы ханға келейік. Ұста сорлыда дәрмен бар ма, елді жусатып, өргізіп жүрген қырық уәзірдің айтқанын істемекке, тез-ақ бітіріп, орданы қайтадан тігіп, ханның отыруына тілек қылып, қырық уәзір ханның алдына барды. Хан орданың шаңырағының күлдіреуіші бұрынғыдай болды ма деп, жатып та, тұрып та қарады. Ханның өзінің көңіліндегідей болып шықты. Ұста қырық уәзірден алатынын алып, өзінің жайына жүріп кетті. Қырық уәзір біз де босаймыз ғой деп үміттеніп тұр, бірақ хан қандай жауап береді, соны күтіп, сілесі қатып, бұлар да жүр. Бір мезгілде хан:

– Бәрің де кел бері, – деп, әмір берді.

Хан айтқан соң қалай шыдап тұрсын, тез бастарын иіп, ханға таяу келді.

– Осыны өздерің тапқан жоқсыңдар, онан да кім айтты, бір ауыз да өтірік қоспай айтыңдар, – деді хан.

– Қой жайып отырған қойшы айтты, – деді уәзірлер.

– Олай болса, сол қойшыны алып келіңдер осында, – деп, тағы әмір берді хан.

Бас уәзір аяққы уәзірге баруға әмір берді. Кіші уәзір жарлықты алған соң кешіккен жоқ, бағанағы айтылған ауылға қарай қадам басты. Ауыл арасы онша қашық емес еді. Бара сала тазшаны артына мінгізді де, ала жөнелді.

– Мені қайда алып барасыз? Менің жазығым не? – деп сұрайды тазша.

– Мен де білмеймін, ханға керек болдық.

Тазша ханның қасына барды. Нендей сұрақ сұрайтынын кім біледі? Хан қырық уәзіріне қарап:

– Осы айтты ма? – деді.

– Осы! – деді қырық уәзір.

– Тазша, сен мына қырық уәзірге ханның күлдіреуіші сынған екен деп айттың ба бүгін? – деді хан.

– Айтқаным рас, – деді тазша.

Қырық уәзірге ұлықсат берді тарауға. Қырық уәзір ұлықсатына қуанып, үйлеріне барып, құдайын айтып, боз қасқасын шалды. Тазшадан: – Сен қайдан білдің күлдіреуіштің сынғанын, – деді, – әлде бұрын осы ордаға келдің бе, жоқ болмаса, біреу айтты ма, ханның күлдіреуіші сынып тұр екен деп. Осы жөнінде бір ауыз өтірік қоспай айт, – деді хан.

– Тақсыр, бұрын бұл ордаға қайдан келейін? Өзімнің тұрпатым болса – мынау. Бірақ менде аздаған тәжірибе бар. Соған сүйеніп айттым. Сіз шалқаңыздан жатып айтты деген соң мен ойладым: өзі хан, қолдан келмейтін жұмысқа адамды қинамайды ғой, не де болса, қолдан келетін жұмысқа жұмсайды ғой. Олай болса, «тап» деп, ұстаны айтатын еді бұрынғы кезде. Сол ойыма түсіп, осы ханның күлдіреуіші сынған шығар, одан басқа басқаша айтқан болар еді деп, ойлап айттым, – деді тазша.

– Сен ондай болса, жұмбақты шешкіш екенсің ғой, саған мен жұмбақ айтайын, шешу тәжірибең мол екен. Осыны шешетін болсаң, саған мен жақсы жағдай туғызайын, өзіңді уәзір де қояйын. Егер таба алмасаң, бұл дүниеден көшіремін. Соны есіңнен шығарма, – деді хан.

Хан бұл жерде өзінің әлі келетінін білдіріп, нашарды қорқытып қойды. Амал қанша, ханға қарап:

– Айтыңыз, әлім келетін болса, шешіп көрейін, – деді тазша. «Әлі келген алып та, шалып та жығады» деген ғой, тазшаны мазақ етіп, біраз келемеж қылып, өлтіргісі келді.

– «Жаудыға да жабысқан, жауызға да жабысқан» – осыны шеш, – деді хан.

Әр нәрсені бір айтты шеше алмағансып. Ханның бетіне қарады. Хан түсін өзгертіп, қанын ішіне тартып, түсін бұзған кезде:

– Бұл бір затқа берілген есімді айтады, – деді тазша. Зәредейден қарғайды, зәредейден жарылқайды деген ғой, хан көңілі жақтырмаған уәзірді шығарып, соның орнына тазшаны қойды. Бұрынғы жаман киімдерді тастатып, қатардағы уәзірге қосты. Бұл ханның істеген жақсылығын ақтады, тазша болса да, ақыл жағы кем болған жоқ. Ханның «суын тауып», хан не айтса, соны орындап отырды.

Тазшаның атын өзгертіп, «Сүйкімді» қойды. Хан өте риза болды. Хан болған соң не істемейді, бастан асып бара жатқан жұмыс жоқ, қарын тоқ. Хан ерігіп отырып, қырық уәзірді жинап алды.

– Бәріміз сейілге шығып, аң аулаймыз, – деді. Ойлайтыны – жұрттың қамы емес, өзінің қара басының қамы. Өзінен басқа елдің «бүйірі шықсын» деп отырған хан жұрттың бәрі аузына қарайды, ешкім ханның сөзін қисық демейді. Оң болса да, теріс болса да, оң болады. Қырық бір ауыздан «мақұл» деп, қабыл алды.

– Осы бүгіннен бастап, аңға шығып, бой көтерейік, – деді хан. Қырық уәзір бірі қалмай шығып, аң аулады. Таңертең қуған адам күн батқанша қуды, аңның қызығына түскендіктен күннің батқанын білмей қалған, екі жарылып қуған еді. Хан күн батып, көз байланған кезде айғай салды. Барлығы тегіс келді.

– Қайтайық, елге жете аламыз ба? – деді хан.

– Қайдам, қашық қой. Ел жатып қалғанда барамыз ғой, – деді уәзірлер.

– Ондай болса, таяудағы елге қонып, ертең бір-ақ барайық, – деді хан.

Қырға шығып, жан-жаққа көз жіберді. Осы тұрған жерден қашық емес бір ауылды көрді. Солай қарай аяңдап жүрді. Хан бастаған бір топ қол – алда, оның артынан Сүйкімді бастаған қол жүріп отырды. Көп ұзамай-ақ, әлгі көрініп тұрған ауылға келді. Хан шеткі үлкен бір қоңыр үйге аттың басын тіреді.

– Бұл үйде кім бар? – деді хан.

– Өзіміз! – деді осы үйдің иесі – шал.

– Біз – қонақпыз, – деді хан.

– Қонақ болсаң, қоныңыз, – деді шал.

– Біреуің шығып кетіңіздер, – деді хан. Осы үйдің бойжетіп отырған қызы бар, аты – Бикеш, далаға жүгіріп шықты. Өйткені, ханның дауысын танып, ондағы мақсаты – сол ханды қондырмау. Бұл үй ханның қонақ жайын көтере алмайтын орташа шаруа болса керек. Қаншама сойыс жейді, оның үстіне ханға ат, шапан жабу керек, бір қонып кеткенінің өзі. Қыз ханның жұмбақшыл екенін бұрыннан білетін.

– Біздің ауылда қонып, жұмбағын шешетін болсаңыз, бір ауыз жұмбақты шешеді. Шешкен соң қонады, егер шеше алмаса, қонбайды, – дейді Бикеш.

– Қандай жұмбақ айт, шешейін, – дейді хан.

– Жасымнан асыраған егіз қозым бар, соның еті көп пе, майы көп пе? – деді Бикеш.

Хан олай ойланды, бұлай ойланды, шеше алмады. Қыз өзінің денесін жұмбақ қылып айтты деген ойына да келмеген. Ақыры, шеше алмай, хан атқа қамшыны басып, шауып жөнеледі. Ауылдан шығып, өзінің жанындағы жолдастарымен ақылдасып, бұны шешетін Сүйкімді, соған әдейі бір уәзірді тастап, осыны шешіп келсін, – деп тапсырды хан.

– Егер шеше алмаса, жақсылық күтпесін Сүйкімді, – деп қатты бұйырды, өзі шеше алмағанымен жұмысы жоқ.

Бір уәзір қалды, Сүйкімдіге айтпақ болып, күтіп отырды. Бір мезгілде Сүйкімді де келді. Ханның тапсырған тапсырмасын Бикешке кездеспей тұрып, ауылдың сыртында бірін қалдырмай айтты уәзір. Сүйкімді тыңдап болып:

– Жарайды, қазір орындалады. Мен оны шешемін, – деді.

Сүйкімді бастаған бір топ қол қыздың аулына қарай аяңдады. Тап қыздың үйіне бастап алып келді жаңағы көрген уәзір. Үйдің сыртында тұрып дауыс берді:

– Біз – қонақпыз! – деп Сүйкімді.

Қыз тысқа шығып, жаңағы ханға айтқанын бұған да айтты.

– Осы жұмбақты шешсеңіз, қонасыз, шеше алмасаңыз, қона алмайсыз. Ханнан әулие емессіз, – деп, сөзін қысқарта айтты.

Сүйкімді қыздың сөзін тыңдап, тамағын кернеп, қызға:

– Жасың қаншада? – деп сұрады. Қыздың бұл жұмбақты айтатын себебі – ауылдары ер жетті, күйеуге береміз дейді екен. Қыз өзін жаспын деп санайды екен. Сондықтан менің ер жеткенімді сырттан келген адам біледі деп, қыздың өзінің ойлап шығарған жұмбағы болса керек.

Сүйкімдінің сұраған сөзіне жауап берді қыз:

– Жасым он сегізге жетті.

– Ондай болса, ет болып кеткен екен, – деді Сүйкімді. Мұның бұлай айтқаны: жасы он сегізге жеткенде майынан еті көп болады, сіңір пайда болады. Бұл қыздың «егіз қозы» деп отырғаны өзінің екі емшегі еді, оны Сүйкімді білді. Сүйкімдінің бұлай айтқаны – қызға ер жеттің, тұрмысқа шығуға болады, балалық шақтан кетіпсің, – дегені еді. Қыз бұған жақсы түсінді, бұдан бұлай жаспын деп шалқақтамай, ел де біліп айтқан екен, бір көрген адамдар да айтып отыр ғой деген сана пайда болды.

Қыз түсінді де:

– Түсіңіз! – деп, ұлықсат берді. Аттарын байлап, үй–үйге таратты. Көп болғандықтан Сүйкімдіні бөлек үйге қондырды. Қадірлеп күтті. Ол кездегі тамақтың барып тұрған жақсысы – қуырылған қуырдақ, отқа көмген күлше болатын еді. Міне, Сүйкімдіге осыны қыз өз қолымен істемек болды. Тез–ақ пісіріп, жеңгесін шақырды. – Мынау тағамды кіші отаудағы мейманға алып барып, бер және беріп алдына қойғанда «жұлдыз жиі, ай бүтін» деп айт, – деді. Тағы жұмбақ айтты. Бұл өзінің ешқандай еркекпен жақындаспай, аман жүргенін жеңгесі арқылы білдірмек болғаны еді. Және өзінің басының бос екенін білдірмек болды. Сол үшін дастарқанға салып орап, мына заттарды жеңгесіне берді: бір тәрелке қуырдақ, бір бүтін күлше, бір алма берді. Осыларды жеңгесі алып бара жатқанда, байына бергісіз жақсы көретін «қайнысы» бар еді, сол кез келді.

«Әйеліне бергісіз» жеңгесіне кездесіп:

– Қайда барасың? – деп, бетінен жақсы көргендіктен «шөп» еткізіп, бір сүйіп алды. Қолындағы затын көріп:

– Мынауың не? – деп сұрады қайнысы.

– Осындай мынау отауға келген қонақтарға алып бара жатқан тағам, – деді жеңгесі.

Алып көріп, тамаққа қызығып:

– Сенің істеген тамағың маған бал татады, – деп, қуырдақтың біразын жеп, күлшенің жарымын үзіп жеді. Алманың қақ жартысын жеді. Қалғанын орап, қолына берді. Кетерде тағы бір сүйіп алды.

Сонымен суыған қуырдақты, жарты күлшені, жарым алманы Сүйкімдінің алдына қойды. Бикештің айтқан сөздерін айтты.

– Жұлдыз жиі, ай бүтін, алмада дақ жоқ, – деді жеңгесі.

– Бикеш өтірік алдамасын: жұлдыз сирек, ай жарты, алма жарулы. Үйтіп мені алдамасын, – деді Сүйкімді.

Қайтып отырып Бикешке келді. Өзінің есі шығып жүргенімен және жел соқты қылып берген тағамды жегізгенімен ісі жоқ.

– Бикеш–ау, әлгі қонақ ашуланып жатыр. Сені өтірік айтады, алдамасын: жұлдызы сирек, айы жарты, алма жарулы дейді, – деп Бикешке баяндады, бұл жұмбаққа түсінбепті не айтқанын.

– Алда, Тәңір–ай, сойғызған екенсің ғой, мені көрінеу масқаралаған екенсің ғой, кім кездесті жолда? – деп сұрай бастады Бикеш.

– Қайнысы тетелеске шапты, сол кездесіп, біразын жеп еді, бәлем–ай, – деп, өзінің заңсыз байының жегенін жасырды. Айтуға ұят та өзі. Бұл заңсыз байы ғой, жақыннан болса да, заңсыздық істеді. Тамағы болсын және басқа жағы да қулықтың үстінде болған сияқты.

Бикеш жеңгесіне ашуланды, не істерін білмей, сандалып, ақыл іздеді.

– Сол жатқан үйге өзім барайын, Сүйкімді келмеді маған дейді. Таңертең ерте оған тағы айып тарту керек қой, болмайды, өзім барып жайғастырам, болмайды, – деп, Бикеш өзі бармақ болды.

Ел ұйқыға кіріскенде Сүйкімді жатқан отауға қарай Бикеш те қадам басты. Адамға көрінбей келіп, отаудың есігін ашты. Төрдің алдында жатқан Сүйкімдінің қойнына кірді Бикеш.

– Кімсің? – деді Сүйкімді.

– Мен ғой, – деді Бикеш.

– Менің кім? – деп, қайтара сұрады Сүйкімді.

– Мен Бикеш боламын, ғафу етіңіз, сізден кешірім сұрай келдім, – деді Бикеш.

– Қандай кешірім? – деді Сүйкімді, білді ұятын жойғалы келгенін.

– Арада жүрген жеңгемнің шалалығынан бұтыңды жарты қылып, сауда бұзылды қылып айтып келді – наныңыз, саумын, келе ме деп едім – келмедіңіз. Өзім келдім, айыбымды тартқалы, – деді Бикеш. Әртүрлі асыл сөздер сөйленді. Сонымен қабат келешектің қамын да айтты. Ұзын сөздің қысқасы, біреуі алмақ болды, біреуі тимек болды. Жастықтың махаббатын құрды. Мұндайда таң қандай қысқа болады, керекті-керекті сөзді сөйлесіп, бірақ та көп сөздері бітпей қалды. Таң да бозарып, жарық бере бастады. Таңның сәулесінен ұялды ма, болмаса, халық көріп қалады деп, содан именді ме, әйтеуір, екі жас амалсыздан екеуі қош айтысып, бөлінді. Бұлардың істеген жұмысын бір жан көрген жоқ, Бикеш мысықша басып, үйіне еніп, өзінің төсегіне жатарда ғана білді өзінің қандай жағдайда болғанын.

– Уһ! – деп, демін алып, жастықтың артын басып, көңілі бір жайланғандай болып, ұйқыға еніп, ұйықтап кетті.

Таң атты, қонақтар да тұрды. Бұлар да аттарын ерттеп, жүруге қам істеді. Бикеш те біліп, Сүйкімдімен келешек тұрмыстың жағдайын сөйлесті. Бұл екі жас сөз байлады, біреуі тимек болды, біреуі алмақ болды. Уәде сондай қатты болды, қиямет-қайымдық деп, бір-біріне ант берді.

Тез кідірмей–ақ хан жатқан ауылға келді. Хан:

– Қалай, жұмбақты шештің бе? – деп, амандықтан соң сұрай бастайды.

– Оңай–ақ жұмбақ екен, ат үстінде тұрып шештім, – деді Сүйкімді.

– Ол не деген сөз екен? Және өзі ақылды қыз ба екен? – деп, көрсеқызарлығына салынды хан.

– Өзінің төсіндегі емшегі екен, «егіз қозы» деп отырғаны және өзімді ауыл ер жетті деді, сол рас па деп сұрады қыз менен, – деді.

– Мен ер жеткенің рас, жасың он сегізге келіпті, еті көп болып кетіпті, – дедім. Өзі ақымақ емес екен, бізді жақсы сыйлады, жеңілген соң, – деді Сүйкімді. Ол шынын айтты. Хан қызығатынын білгенде басқа амал айтқан болар ма еді, қайтер еді. Сүйкімді барлық шынын айтты.

Хан аз ойланып:

– Ол қыздың маған зары өтті, соны әйелдікке маған алып бер, қалағаныңды ал, – деді.

Шараң болса, істе, дүниеде бұдан қиын не бар, өзінің алайын деп отырған некесін өзінен айырып, маған бер, мен аламын дегеннен артық қорлық жоқ шығар деймін. Көп ойланып:

– Қайдан білейін, тиетін болса, сөйлесіп көрейін, – деді Сүйкімді.

Хан өктем–өктем сөз сөйледі.

– Менің қазынамды аяма, барлық мал–мүлкімді сол қыздың жолына сөйлесіп кел, – деп, әмір берді. Сүйкімдіге:

– Тез хабарын алып кел, – деп, бұйрық берді хан.

Амал бар ма? Аяңдап отырып, Бикештің ауылына қайтып келді Сүйкімді. Ханның айтқан сөздерін Бикешке аузы батып айта алмай, қағазға жазып берді Бикешке. Жазған хатты оқыды, барлық оқиғаның қалай болғанын білді, ол – өкім, оған қарсы тұруға бола ма, болмайды. Сондықтан оның айтқанын «құп» деп, тыңдап, қарсы алу керек деген ойға келді Бикеш. Ары ойлады, бері ойлады.

– Не істеу керек, қайтіп құтылу керек жауыздың тырнағынан? – деп, ақыры, мынандай ақылға келді.

– Оны құрту керек, өйтпейінше, бізге жарық – рахат жоқ, – деген қорытындыға келді. Сүйкімдіні шақырды. – Бұдан ұялуға болмайды, енді мұны құртудың амалын іздеу керек, сен болып, мен болып, – деді Бикеш.

– Қандай ақыл болады, оны қалай құртамыз? – деді Сүйкімді.

– Оның амалы сол – өлтіру! – деді Бикеш.

– Біліп қалса, ел бізді бұл төңірекке қоя ма? – деді Сүйкімді.

– Амалмен елдің көзінше өлтіру керек, сонда олар бізден көрмейді, – деді Бикеш.

Ақылға қосылмаймын деп айтқан жоқ, «қосылайын», – деді.

– Бірақ оған амал тап өзің, – деді Сүйкімді.

– Ондай болса, мен оған тиемін деп айтайын, бірақ мынандай тілек қоямын, соны істейтін болса, тиемін. Бірақ ол көп жасамайды, – деді Бикеш.

– Қандай тілек? – деді Сүйкімді.

–Аспан мен жердің арасынан үй соғып берсін, жерде тірегі жоқ, аспаннан ілгегі жоқ, сонда тиемін, – деді.

– Осыны істей алмайды, істейтін болса, бәрібір, өледі. Бұдан басқа амал жоқ, осыны айт. Хан не дейді? Соны маған айтқыз. Онан арғысын өзім білемін, – деді Бикеш.

Қыз бен ханның арасында жүрген елшісі Сүйкімді болды. Қайтып хан жатқан ауылға келді. Бикештің қойған тілегін түрлендіріп айтып шықты, ханға оңай тиген жоқ. Көп ойланды. Соғуға болар еді, бірақ ондай ұстаны мен қайдан табамын, өзі ұста тауып беретін болса, соғып берсін, оған күшім жетеді, – деді хан.

– Сізден мал сұрап отырған жоқ. Осы тілегі орындалса, сізден артық кімге тисін, – деп, ханға дем берді. Ұста жағына қиналмаңыз. Сол қыздың өзіне барайық, ұста тауып берсін, соғамыз дейік. Ұста табатын түрі бар, – деді Сүйкімді.

– Жарайды, бар, жайды айт. Осыдан осы қызды маған қатындыққа алып берсең, сенен жақсы досым болмас, – дейді де, – өзіңді бас уәзір қоямын, ақылшы боласың. Бұрын да қысылғанда, саған ақылдасушы едім ғой, – деп, беріліп шын жан-тәнімен айтты хан.

Ханның шын пікірімен айтқанын Бикешке келіп айтты. Осындай ұстасын тапсын. Жер үстінде болса, деп айтты хан, – деді Сүйкімді.

– Ондай болса, осы жерден он күндік жерде менің дос қызым бар, ол осыған арнап өсірген қойлары бар, соның бірін береді. Ол келген соң, хан қайтсе де өледі, ол бірнеше аңға, қойға тіл үйретіп отыр. Соған хат жазайын, соны алып, өзің бар, – деді Бикеш.

– Жарайды, барайын, – деді Сүйкімді.

– Басқа адам бармасын, өзім барамын де. Азық–түлігіңді мықтап алып, маған соқпай–ақ, жарамды қасқа ат алып, жүріп кет! – деді Бикеш.

Хан елге бармай, осы ауылда жұмысым бар деп, жоқты–барды сөз қылып жатқан ханға не десін? Күнде ойын-қызықпен жатқан бір адам бұлардың мұндай сөзінің барын ешкім білмеуші еді, екеуі біледі, басқасы білмейді. «Жеңге» болып жүрген Сүйкімді келді. Бикештің сөзін тегіс айтты оған мен барайын деп, өзінің ырзалығын білдірді Сүйкімді. Сүйкімдіге ырза болып, осы ауылда бас уәзір деген атақ берді.

– Бұл менің жан досым, менің артымда қалған мұраға осы ие болады, – деді хан.

– Сүйкімді, қарағым, сен бүгіннен бастап жүр, ертерек осы жұмысты аяқта. Азық-түлікті азық қыл, атты дайындап алып кел, – деп, кіші уәзірді жұмсады. Уәзір келгенше осы ауылда қыз ойнақ болды Сүйкімдінің бас уәзір болғанына арнап. Арақ-шарап – бәрі дайын болды, не түрлі ойындар болып өтті.

Кешегі атқа, азыққа кеткен уәзір де келді. Тапсырған тапсырманы орындап, Сүйкімді кешіккен жоқ, келесі күні ұзақ сапарға шығып, жүріп кетті. Хан да еліне барып, үй салатын жерге балшық құйғызып, керекті материалдарын сол жайға келтірді. Елге күні бұрын хабарлап қойды. Аспаннан ілгегі жоқ, жерден тірегі жоқ үй салады екен деген лақап тарап кетті. Елсіз–күнсіз жапан даламен он төрт күн жүріп, он бесінші күні жаңағы ел шетіне ілікті. Бикештің айтқан сөзінің бәрін көрді. Бір мезгілде көп түйемен тағанақ артқан бір шалға жолықты.

– Уәлейкүмессалам, – деді Сүйкімді.

– Уағалейкүмассалам, – деді шал.

Осыдан кейін сөзге келмей, бір–бірімен сөйлеспей жүрді де отырды. Көп жол бойы бір жүрді, ақыры, не керек, Сүйкімді сөйлескісі келді.

– Ата, ағаш қазан қайнатайық, – деді шалға Сүйкімді.

Бұл сөзге түсінбей, Сүйкімдінің бетіне қарады шал. Тағы біраз жерге келген соң:

– Ата, жол қысқартайық, – деді шалға Сүйкімді. «Осы, шіркін, не айтып келеді, ұзын жолды қалай қысқартамын деп келеді, мұнша не деген ақымақ адам», – деп, шал қарап қойды.

Жолда келе жатып, бір түп көдені көріп: – Мынау шөптің осыншаға келгенше, мал жемей қурап қалғанын қарашы, – деді Сүйкімді. Тағы Сүйкімдінің бетіне қарады, «өзі қандай мылжың болды екен» деді шал. Сүйкімді онымен қойған жоқ, тағы біраз жерге келгенде, көшіп кеткен бір жұртқа келді. Бұл осында бір бай бар еді, соның үш баласы бар еді, соның жұрты еді.

– Мынау үшеуі бір туысқан екен, бірақ үш рулы адамға бергісіз екен, – деді Сүйкімді.

Шынында, бұл үшеуі бір туысқан, бірақ қатындары ашуқор, соның салдарынан бір–бірінің арақатынасы жоқ, сөйлесетін болса, ағайын үшеуі ауылдың сыртына шығып, сөйлеседі екен. Үшеуінің балалары бірігіп ойнамайды екен және қатынас жоқ үй арасында, соған қарап айтқан екен. Үй арасындағы жапырылмаған шөптен білген екен Сүйкімді. Осы жұрттан көп ұзамай-ақ, тағы бір жұртқа кездесті. Осылармен қатар отырған көрші бай болатын, бұлар үш рудан құралған, соның жұртын көрді. Мынау үшеуі үш рулы елдің адамы екен, бірақ ынтымағы бірге туған адамнан артық, – деді Сүйкімді. Бұлардың үй арасындағы шөптері жапырылған екен, балалар және басқа адамдар қатынасқан ізді көріп, айтқан еді. Бұлар ауылдың сыртында сөйлеспеген, құр малдың алдынан шығып жүргенде сөйлескен. Сол тәжірибеге қарап айтқан еді. Бірақ бұған шал түсінбеді. «Мынау–ит, өзі өте мылжың екен. Бұдан қалай құтыламын», – деген ойға кірді. Көп ұзамай–ақ жол екіге бөлінді: бірі – жақын жол, бірақ батпақ, жүру қиын еді. Екінші жол – құрғақ, алыс еді. Мұны Бикеш айтқан еді. Және де құрғақ жолмен жүрген жолаушы қонбай, ілгері ұзап, қонған. Ал батпақтан шыққан жолаушы жолдың қосылған жеріне кеп қонған шаршап келіп. Соны көріп Сүйкімді шалға былай деді: – Батпақ жолды көріп, «мына жол жақын да болса, алыс», – деді. Құрғақ жолды көрсетіп, «мынау жол – алыс, алыс та болса, жақын», – деді. Шал ешқайсын да түсінген жоқ. – Жақын жолмен жүремін, – деп, батпақ жолға түсті. Сүйкімді қашық жолмен жүрді. Шал мылжыңнан құтыламын деп, әдейі біле тұра, осы қиыншылыққа қарай жүрді. Сүйкімді тез жетудің қамын ойлады. Сүйкімді шалдан айрылған соң көп кешіккен жоқ. Кіші бесінде ауылға келді ешқандай қиыншылық көрмей, Сүйкімді сұрастырып отырып, қыздың үйіне келді, қыз қабылдап, күтіп алды, шалдан әлі хабар жоқ. Шал батпаққа батып, әр түйені бір шығарамын деп, кешке ұрынды. Ел жата бергенде, түйе бақырды. Қыз түйесінің бақырған даусын естіп, әкесі екенін біліп, далаға шықты. Мұның білетіні келген жігіттен ел-жұртының жайы және жолда қандай әңгімелер есіттің деп сұраған болатын. – Ешқандай әңгіме білмеймін, жалғыз-ақ жолда келе жатып тоғанақ артып келе жатқан шалға жолықтым. Шіркін-ай, соншалықты жасап, бір ауыз әңгіме білмегені-ай, оны айттым, мұны айттым, ешқайсысына түсінбеді, – деген болатын. Ол осы қыздың әкесі екен. Түс-таңбасын айтқаннан-ақ білген болатын. Сондықтан жатпай отырды, әкесін қарап.

Әкесінің алдынан шығып:

– Неғып кешіктің? – деп сұрады қыз.

– Жол қиын болды, батпақ-ақ жол.

– Неге ол жолмен жүрдің? – деді қыз.

– Онымен жүрмейтін едім, осындай жолда бір қасқа ат жетектеген адам кез келді. Өзі мылжың екен, әр нәрсені бір айтып, басымды қатырды. Сонан ол құрғақ жолмен жүрмек болды, батпақ жолмен мен жүрейін, – деді шал.

– Қандай сөз? – деп сұрады қыз.

– Маған ағаш қазан қайнатайық, – деді. Бұл не қылған ақымақ, ағаш қазан қайтіп қайнатады? – деді шал.

– Ой, әке-ай, сізге насыбай атасың ба дегені ғой, – деді қыз.

– Онан бір жерге келіп, жол қысқартайық деді. Не қылған ақымақ, қайтіп кесіп тастайды ұзыннан ұзақ жолды? – деді шал.

– Ата, ол жігіттің айтқаны дұрыс. Жолды кесу емес, әңгімелессе, жол қысқарады. Соны айтады, жол қысқартайық деп, – деді қыз.

– Онан бір жерге келгенде, бір топ көдені көріп, мыналар шөптің осыншалық шыққаны-ай, оны мал жемей, қурап қалғанын қарашы деді. Айналадағы шөппен ұрысты, осы да дұрыс па? – деді шал.

– Ол адамның айтқаны шөп емес, сіз ғой. Осыншаға келгенше, бір ауыз әңгіме білмей, қурап қалды дегені сізді, сақал–шашыңды айтып, өкінгені, – деді қыз.

Онан біраз жүріп, өзіміздің ел мен ауыл балаларының көшіп кеткен жұртын көріп, ағайынды үшеуі бір туысқан екен. Бірақ үш рулы елдей екен деді, оның несі туысқанды өзі үш рулы елдей болған болса, – деді шал.

– Онысы рас емес пе, өздерінің қатындары жаман жанжалшыл болады, сондықтан бір отырғанда, бірінің баласы біріне қатынаспайды, бір ойнамайды. Сондықтан үй арасындағы шөптер жапырылмай қалады. Қатынасқан болса, ондай болмайды. Соны көріп айтқан ғой. Ал, ағайынды үшеу ауылдан шығып, үйге кірмей, далада сөйлесіп отырады. Сондағы жапырылған шөпті көріп, үш рудан бас қосқан адамша сөйлеседі, соған қарап айтқаны ғой, – деді қыз.

– Жайлауға қонған үш ауылдың жұртын көріп, үш рулы ел екен. Бірақ ынтымағы осындай жақсы, ағайынды адамдай екен, – деді.

– Онысы рас емес пе, ауылдың арасы ерсілі–қарсылы шұбырып жатқан адам, соны көреді. Бұл ауылдардың қатындары бірімен бірі өте байланысты. Соны көріп айтқан ғой, ата, – деді қыз.

– Онан жол екі айырылды. Мынау жол – жақын, жақын да болса, алыс; мынау жол – алыс, алыс та болса, жақын деп, өзі басында миы жоқ адам ғой деймін, әлгі алыс деген жолмен өзі кетті. Сол мылжыңнан айрылып жүрейін деп, жақын жолмен жүріп кеттім. Сол бүгін далаға түнейді, – деді шал.

– Ол жігіт кіші бесінде келді. Сіз сияқты су болып келген жоқ, – деді. – Ол дұрысын айтқан екен, өзіңіз болмай, батпақ жолмен жүріпсіз, әуре болдыңыз, онан да қашық, бірақ әуре болмай баратын мына айналмас жолмен жүр дегені еді, оған өзіңіз болмай кеткен екенсіз. Еш оқасы жоқ, ол сондай ақылды адам. Ханның бас уәзірі, оны сыйлайық, – деді қыз.

Қызын сыйлайтын еді, оның үстіне бас уәзір деген соң мүлдем зәресі ұшып кетті. Тік тұрып, Сүйкімдіні күтті шал. Сүйкімді бірнеше күндей жатты. Өзі де, аты да тынығып қалды. Хан «көп жатпа» деген болатын, сол ойына түсіп, «қайтамын», – деді қызға Сүйкімді.

Бикештің хатын келісімен берген еді, «соған жауап бер», – деді Сүйкімді.

– Барлығы да дайын, хатта жазулы қай күні жүрсеңіз, – деді қыз.

– Ертеңнен бастап жүреміз, – деді Сүйкімді. Бұл қыз екеуі де көңіл қосты. Сүйкімді алмақ болды, Бикештің тапсырған сөзі бойынша қыз да тимек болды. Ертемен қолына бір бозторғайды алып келіп:

– Мынау – ұста, – деді қыз. – Бұл торғай – тіл үйреткен торғай.

Соны барған соң қалай жіберудің жолын айтты. «Ол қоя берген соң айтатынын өзі айтады, соның қызығына хан қарап тұрып, кеңірдегі үзіліп өледі», – деді осынау хат.

– Бикешке беріңіз, мен бұл жолы бара алмаймын, келесіде барайын, – деп, қош айтысып, Сүйкімді аттанады.

Сол келген ізімен бір бозторғайды алып, Сүйкімді де келді. Келгенде алдымен Бикешке жолықты. Хатты берді, алып келген торғайын көрсетті. Ендігі ақылды өздері кеңесіп: – Ертеңнен бастап, ханға бар, «Ұстаны алып келдім, елді жина де». Әбден жиналған кезде мен барайын, мынау торғайды қоя береміз. Сонан кейін ханның шаруасы тәмәм болады, – деді Бикеш. Ертеңмен ханның үй саламын деген жеріне келді. Хан да қашан келеді деп, асыға жүрген адам ғой, о да келіп тұр екен. Амандасып болмай-ақ:

– Ұстаны алып келдің бе? – деді хан.

– Алып келдім, ол кісі шаршаған соң ел шетіне қонып қалды, – деді Сүйкімді.

Ханға айтты:

– Еліңізді жинатыңыз, ол кісі келісімен жұмысқа кіріседі, – деді Сүйкімді.

Дереу жан-жаққа уәзірлерді шапқызып, тездеп елін жинады. Халық тегіс жиналғанда, хан шығып сөйледі:

– Мен өлгенде артымда хан болатын мынау – Сүйкімді, бұл халықтың қамын ойлайтын адам. Осыны қою керек, – деп, хан сөзін бітірген кезде, ұста да шыңға шығып барады. Хан:

– Болыңдар, тез кірпішті-кесекті дайындап беріңдер, – деді. Сүйкімді сүйтті де, қойнындағы бозторғайды қоя берді.

Көзкөрім жерге барып, торғай шырылдады. «Бір қыш, бір кесек», – деп, ол ұста айғайлап жатыр деп, жердегі қыш пен кесекті аспанға лақтырды. Бірақ ұстаның қайда тұрғанын білмейді. Бірінің атқан кесегі екіншісін өлтіріп, ырғын-қырғын тапты. Осылардың қызығына қарап, жаңа аспанда торғайдың шырылдаған дауысын естіп, хан онан жаман ақырды.

– Тез қышты жеткіз, – деп, қойшы, ұзын сөздің қысқасы, өз халқын өзіне атыстырып, күн батқанша халқын өзіне атыстырып, күн батқанша хан да аспанға қараумен болды. Ақыры, не керек, бір жағы айқаймен, бір жағы, қараумен ханның кеңірдегі үзіліп, өліпті.

Үй салусыз қалды. Ол ханды қоюдың әлегіне түсті. Хан өз ажалына өзі жетіп, марқұмның жамбасы жерге тиеді. Хан өлген соң кешікпей орнына хан сайлады. Ол хан – Сүйкімді. Бұл басында тазша еді, екі қыздың ақылымен хан болды. Халқына сондай жайлы. Сүйкімді деген атақты ақтай алды. Бикешті және шалдың қызын әйелдікке алды. Осы екеуінің ақылымен бірнеше жыл бай-хандық өмір құрып, мал малданып, жан-жанданып өтіпті.

19. ТАҒЫ БІР ТАЗША

Өткен заманда бір тазша болыпты. Оның бір сұлу қатыны болыпты. Заманында ханның баласы сол тазшаның қатынына ғашық болып жүр екен, бір күн түнде келіп, қол салыпты. Қатын қойнына алмағанымен тұрмай, тазшаға айтыпты:

– Ханның баласы маған қол салды, – деп. Тазша айтыпты:

– Олай болса, мен бір жаққа жолаушы болып кетейін де, түнде қайтып келіп аңдып, егер қайтып келе қойса, ұстап, өлтірейін, – деп, түнде аңдаса, ханның баласы үміткер болып және келіпті. Тазша ұстап алып, буындырып өлтіре салып, өлімтігін түнде арқалап, бір байдың үйіне кіріп, қызына қол салыпты. Қыз:

– Кімсің? – деп сұраса, ханның баласы «пәленшемін, қойныңа ал», – депті.

Қыз:

– Ханның баласы болсаң қайтейін, шапшаң жоғала қой, болмаса, әкеме айтармын, – депті. Сонда тазша қызға:

– Әкеңнің аузын пәлен қылайын, әкең маған не қылушы еді, – десе, қыз долдыққа шыдай алмай, пышақты сұғып алыпты. Қу таз о бастан-ақ осы сұмдықты ойлап, ханның баласының өлігін қарсы алдына қолыменен сүйеп, ұстап отыр екен. Қыздың пышағы өлімтікке тиіп, кіріп кетіпті. Өлікті со жерге тастап, өзі білдірмей ғана ептеп, үйден шығып кетіпті.

Таң атқан соң бай түре келсе, үйінде бір өлген жігіт жатыр, бетіне үңіліп қараса, ханның баласы екенін танып, зәресі қалмай қорқып, не қыларын біле алмай, сасқанынан манағы тазшаны:

– Осындай бір мүшкіл іске ұшырап тұрмын, амалың көп тазша едің, осы пәледен есебін тауып құтқарсаң, ат басындай алтын берейін, – депті. Тазша:

– Жарайды, – деп, өлікті қапқа салып арқалап, түн ішінде ханның қазынасына кіріпті. Күзетшілер сезіп, тұс-тұсынан айқай салып, «ұста-ұста» деп жүгіріскенде, тазша өлікті бір амалменен тірі адамдай түрегелдіріп қойған екен. Өзі ебін тауып құтылып кетіпті. Күзетшілер қазынаның ішіне кірсе, тұрған адамды көріп, өлік екенін қараңғыда қайдан білсін, ұры осы екен деп, біреуі шойын шоқпарменен салып қалса, құлай кетіпті. Күзетшілер жарық алып келіп қараса, тани кетіпті, ханның өзінің баласы екен. Күзетші бишараларда не жан қалсын, жаны алқымға келіп, қорқып, түн ішінде манағы тазшаға барып:

– Айналайын, шырағым, осындай бір атпас таңға қалдық, амалың көп деуші еді. Осы бәледен бізді есебін тауып құтқарсаң, пәлендей дүние берер едік, – деп, зар жыласыпты. Тазша:

– Жарайды, құтқарармын, – деп, уәде беріп, таң атысымен екі көзіне пияздың суын жағып, жас ағызып, қызартып, еңіреумен ханға келіп:

– Айналайын, тақсыр хан, күзетші құлдарың қаталықпенен зор күнәкәр болыпты, солардың бір қасық қанын тілей келдім.

– Кешесіз бе, тақсыр хан,

Кешпейсіз бе, тақсыр хан,
Түсінерсіз айтқанды,
Һешкім де жоқ қас қылған.
Қашанда ерке тазшаңмын,

Алдыңа жылап бас ұрған.
Сонда хан біраз ойланып тұрып айтыпты:

– Азар болса, күзетшілер ұйықтап қалып, қазынаны ұрлатқан шығар, не де болса, тазша, сенің үшін күзетшілердің күнәсін кештім, – депті.

– Бірақ түсіндіріп айтшы, олар қандай күнә қылған екен, білейін, – депті. Тазша былайша баяндапты:

– Тақсыр ханым, түнде қазынаңызға бір ұры кіріпті, күзетші бишаралар сергектігіменен біле сала жүгіріп, қамалап, қараңғыда қайдан білсін, қазынаның ішіне кіріп тұрған адамды көрген заман біреуі шоқпарменен, біреуі пышақпенен ұрып, біреулері мойнына арқан салып, буындырып өлтіріпті. Артынан жарық әкеліп қараса, ол өлтірген адамы, тақсыр, сіздің балаңыз болып шығыпты, Құдайдың қосуы осылай болса, не шара бар, бірақ балаңыздың түн ішінде жападан-жалғыз қазынаңызға неге кіргенін бір Алланың өзі біледі, – депті.

Сонда хан бұйрық қылыпты:

– Баламның өлігін алдыма алып келіңдер, көрейін, – деп. Тазша жасауылдармен барып, өлігін қымбат бағалы кілемге, атлас бұйымға орап, көтеріп алып келіп, ханның алдына қойыпты. Хан баласының өлігіне қарап отырып айтыпты:

– Менің балам түн ішінде қазынаға кіріп, күзетшілер өлтірді дегеніңе көңілім онша иланбайды. Пәлен жерде бір бақсы кемпір бар, адам жіберіп алдырыңыз, бал аштырамын, егер баламды қазынаға кірген күзетшілер ұрып өлтірген болса, күнәсін кешкенім кешкен, егер басқа түрлі уақиғадан болса, оны білемін, – деп. Бір жасауыл барып, кемпірді қобызымен алып келіпті.

Кемпір қобызды тартып, жындарын шақырып, ойнап жатқан кезде тазша да оның тапқышын біледі екен, дереу бір асау жылқының құйрығына бір қатқан тулақты байлап, қоя беріпті. Соның салдарынан жылқылар түн ішінде тас-талқан болып, үркіп жүргенде, тазша бір атқа міне шауып, айқай салыпты:

– Жылқыға жау тиді, – деп. «Жау тиді» деген айқайды есіткен заман хан – бастығы, барлық адам атқа міне қаруларын алып, жылқыға қарай шаба беріпті. Манағы тазша шайтандай бір жағымен жылт етіп, үйге кіріп келіп, қараса, баяғы бақсы кемпір айдай нұр беріп, ойнап жүргендегі сөзі мынау:

– Һай-һай, тазша, һай, тазша,

Атаңа нәлет, қу тазша,
Басыңды қудай кесермін,
Қаныңды судай шашармын, –

деп жүр екен, қу тазша аңғарыпты, бәленің бәрі өзінен болғандығын кемпір құрғырың білгенін, жалма–жан кемпірдің сирағынан көтеріп апарып, ханның толып тұрған қымыз сабасының ішіне басын төмен қаратып, аяғын жоғары қаратып салып жіберіп, тұншықтырып өлтіріп, өзі ешкімге көрінбестен үйден шығып жоғалыпты. Таң атқанда хан қасындағы адамдарыменен жау көре алмай, аманшылықпен үйіне қайтып келіпті. Сонда хан түндегі бақсы кемпір қайда деп, іздетсе, сабаның ішінен өлімтігі табылыпты. Енді хан қорқыпты. Өйткені, кемпірдің балалары өңшең дәу екен. Ашуланса, бір жұртты солайымен науыт қылуға қолдарынан келетінін хан біледі екен. Сонда хан тазшаны шақырып алып айтыпты:

– Мынау кемпірдің өлігінен құтқар, балалары бізден көріп, бір бәле қылмай қоймас. Осыған не амал тауып, бізден көрмейтін қыласың, егер осы бәледен бізді аман–есен құтқарсаң, саған ат басындай алтын берейін, – деген соң тазша:

– Жарайды, – деп, бас-аяғына дейін әдемі киіндіріп, бір асауырақ түйеге мініп, кемпірді алдына алып, құшақтап отырып, жөнеліпті. Кемпірдің үйіне жақындаған уақытта жас немерелері алдынан жүгіріп шығып, «шешеке, ханның үйінен алып қайтқан мейіз, өрігіңнен бер» деп, түйеге жармаса берген уақытта тазша қолына ұстап келе жатқан бізіменен түйенің санына сұғып алыпты. Түйе тулап барып, кемпірменен тазшаны жығып кетіпті. Кемпір баста шын өлген, тазша да біразға дейін өтірік талған болып жатыпты. Кемпірдің дәу балалары үйінен шығып қарап тұр екен, қасына жүгіріп келіп қараса, екеуі де өліп жатыр.

– Бәрекелді-ай, шешеміз асарын асап, жасарын жасаған адам еді. Өлсе, бәрібір, иманы жолдас болсын, бірақ ханның адамының өлгені ұят болды-ау, – деп тұрғанда, қу тазша ыңқылдап, ыңыранып, жаны бар адамдай қозғала–қозғала жатып, «Құдайға шүкір» деп, басын көтеріп, «тіріліпті». Кемпірдің балалары жақсы сыйлап, қайтарыпты.

Осындай амалменен әуелі ханның баласын өлтіргені турада өзі құтылып, екінші – байды, үшінші – күзетшілерді, төртінші – кемпірдің өлгені тақырыпты һәм өзін, һәм ханды құтқарып, дүниеден осындай өтіпті деп, үлкендер әңгіме қылушы еді.

20. [ТАПҚЫР ТАЗША]

Бұрын бір өткен заманда бір тазшаның әке-шешесі өліп, жетім қалыпты. Бір күндері ол тазша базарға барып, аралап жүрсе, бір жерде мұңайып отырған бір шалды көріп, қасына келіп отырыпты. Шал сұрайды:

– Не қылып жүрген баласың? – деп, сонда тазша жауап беріпті:

– Баласы жоққа бала болайын деп жүрмін, – деп.

– Ендеше балам жоқ еді, маған бала бола ғой, – деп, тазшаны ертіп, үйіне алып келіпті. Бір күн шал тазшаға айтыпты:

– Анау көрінген дарақтың басында ақсары деген құстың ұясы бар, сол ұяда құстың жұмыртқасы да бар, сен барып, құсқа білдірмей, астынан бір жұмыртқасын алып келші, – дейді.

Тазша «жарайды» деп жүгіріп барып, ағаштың бұтақтарын сылдыратпастан басына шығып, құсқа білдірместен бір жұмыртқасын ұрлап алып келіп, шал әкесіне беріпті. Сонда шал және айтыпты:

– Енді жұмыртқаны апарып, құсқа білдірместен ұясына салып келе қойшы, – деп. Тазша «жарайды» деп, апарып, құсқа білдірместен жұмыртқаны ұяға салып келіпті. Сонда шал:

– Жарайсың, балам, қолыңнан келеді екен, – депті.

Бір күні тазшаға өгей әке–шешесі былай депті:

– Анау көрінген үйде бізге ұқсаған бір шал мен кемпір бар, солардың бір қарын сары майы бар. Өздері де жемейді, кісіге де татырмайды және ұрыдан қорқып, түнде жатқанда, екеуі сары майын ортасына алып жатады. Балам, бүгін сонда барып, солардың сары майын ұрлап алып келші, – дейді.

Тазша «жарайды» деп, түнде жұрт ұйықтаған уақытта барып, кемпірменен шалдың үйіне кіріп, екеуінің аралығына кіріп, жата қалып, кемпір дауысына салып:

– Әрі жат, – деп, шалды шынтағыменен бір түртіп, бір уақытта шалдың дауысына салып, «әрі жат» деп, кемпірді шынтағымен бір түртіп, ақырында, сары майын алып жөнеліпті. Артынша ұзамай-ақ майды жоқтап, шал шығыпты. Шалдың өзі де жасында құдай ұрған бір қу тазша екен.

– Анау пәленше шалдың асырап алған бір таз баласы бар деп еді. Сол алып кеткен шығар деп, орнынан тұра сала жүгіріп, тазшаға көрінбей, бір жағыменен үйіне бұрын жетіп, қолына бір шелек алып, тазша үйіне кіре бергенде кемпірдің дауысына салып, шелекті тазшаның қолына ұстата беріп:

– Шырағым, майды маған бер де, мынау шелекпен бір шелек су әкеле қой, – десе, аңқау тазша бөтен адам екенін аңғармай, майды беріп, шелекті ала-сала суға жүгіріп кете беріпті. Шелекпен суды алып келіп, шешесіне «мә, су» деп берсе, шешесі:

– Мен саған су әкел дегенім жоқ қой, май әкел демедім бе? – дегенде бишара тазша алданғанын біліп, майдың иесі де заманында мен сияқты бір қу тазша деп еді, майын өзі алып кеткен екен, мен де жетіп барғанша, қайсымыз басым келер екенбіз деп, жүгіріп кете берді. Шалдың көзіне түспей, төтелеп жүгіріп, бұрын жетіп, басына бір ақ жаулықты орай салып, шалдың алдынан айқай салды:

– Тілеуі құрғыр, шал, қайда кетіп едің, ешкілеріңді қасқыр қуып кетті, жүгіріп жетіп, жылдамырақ қайырып, айдап кел, болмаса, қасқыр қырып кетеді ғой, – деп. Тазша кемпірдің дауысына салып сөйлеген сөзіне шал нанып, қолындағы сары майды, «ал, міне» деп, лақтырып тастап, ешкілерін іздеп жүре беріпті. Қу тазша шалды айдап жіберіп, майды алып, үйіне келіпті. Манағы шал о жақ, бұ жаққа жүгіріп, ешкіден дерек таба алмай, шаршап, сандалып қайтып, үйіне келіп қараса, ешкілері ап-аман үйінде жатыр. Шал байғұс алданғанын енді біліп, «қап» деп айтыпты.

– Өзім де жас уағымда осындай қулықты істеп едім, қартайғанда алдыма келгені ғой, – деп, ерте тұра сала тазшаның әкесіне айтыпты.

– Сенің тазшаң менің бір қарын сары майымды ұрлады, майымды қайтарып бер, болмаса, тазшаңды тоқтаусыз өлтіремін, – депті. Сонда тазшаның әкесі бұ шалға:

– Мен майыңды көргенім жоқ, егер анық тазшаның ұрлағанын білген болсаң, не қылсаң, о қыл, мен ара түспеймін, – депті.

Майын ұрлатқан шал қолына бір өткір балта алып, қалқандап жасырынып, көп қорымның ішіне барып, бір тесілген қабірдің ішіне кіріп, жасырынып жатыпты. Бұл шалдың қатыны еш нәрсе сезбеген кісі болып, манағы тазшаны шақырып алып:

– Шырағым, көп қорымда әкемнің моласы бар еді. Соған мына пісірген нанды апарып, жұмалық деп Құран оқып, басында отырып, жеп келе ғой. Сенен басқа балаларға сенбеймін, – депті.

Тазшаның қапелімде ойында еш нәрсе жоқ, «мақұл» деп, нанды алып, кете беріпті. Молаға барып, Құран оқып, нанды жеп отырғанда, бір көрдің тесігінен бір шал ербеңдеп шығып келеді. Қолында балтасы бар. Тазша таниды, кәдімгі ойнасып жүрген шалы екенін. Тазша оңайлықпен өле қойсын ба, шалдан бұрын қам қып, қолындағы балтасын жұлып алып, шалды қақ басқа бір салып, өлтіре салыпты. Сөйтіп, шалдың өлігін бір моланың тесігіне тығып, көме салып, ауылға қайтып келіп, манағы өлген шалдың кемпіріне айтыпты:

– Әкеңіздің көріне Құран оқып, нанды жедім. Әкең байғұс ұшпағы екен, жаны рахатта жатыр екен, – депті.

Бір күндерде бұл тазша ханның қазынасына кіріп, бір құмыра ділдәсін ұрлапты. Ертеңіне хан ділдә ұрланғанын біліп, барлық уәзірін, данышпандарын жинап ақылдасыпты, ұрыны қалайша тауып ұстауға болады деп. Сонда бір уәзір айтыпты:

– Қазынаның алдына белуардан бататын шырыш, желім толтырып қоялық, қараңғыда білмеген адам түсіп кетсе, шығып кете алмайтын қылып, осындай амалмен ұсталық, – депті.

Хан мен бәрі осы амалды мақұл көріп, айтқанындай қылып, даярлата беріпті. Қу тазша, қалайша білсе де, бұл кеңесті біліп алып, кешке таман әкесіне айтыпты:

– Кеше жалғыз барғандығымнан ділдәні мол ала алмадым, бүгін сіз де жүріңіз, екеуміз барсақ, молырақ аламыз, – деп, шалды ертіп ала кетіпті. Мұның себебі: түнеугі май ұрлатқан шалға: «мен ара түспеймін», – деп еді ғой, сол көңілінде дық болып қалған екен. Сөйтіп, әкесін алдына салып барып, шырыш желім толтырған шұңқырға түсіріп, өзі қашып, үйіне келіпті.

Таң атқанда ханның адамдары қараса, бір адам жығылып, шірішке жабысып қалыпты. Ханға хабар тигізсе, хан жұртына жар шақырыпты:

– Қазынамды ұрлаған ұрыны ұстадым, ертең дарға астырамын, халық біреуі қалмай, жиналып келіп, тамашасына қарап тұрсын, – деп.

Ханның бұл ойлаған амалы: дарға асылған адамды көргенде, кімнің көзінен жас шықса, сол адам мұның иә серігі, иә туысқаны болса керек, оны да дарға тарттырайын деген, мұны біліп, тазша шешесіне айтыпты:

– Ертең дар түбіне барғаныңда қолыңа бір шелек қатық ала бар, бәлкім, шалды көргеніңде көңілің босап, көзіңнен жас шығар, дарға жақындап барғаныңда өп–өтірік сүрініп–жығылған болып, көзіңнің жасын көргенде жасауылдар неге жылайсың деп, тергеп, сұрар. Сонда сен айт:

– Асырап алған жалғыз балам бар еді, соған берейін деп, базардан сатып алған қатығым[а] сүрініп кетіп, төгіліп қалды. Соған жылаймын деп айт, – депті.

Айтқанындай, ертең кемпір жұрт жиылғанда тазшаның айтқан қалпымен барып, әлгідей тергелгенде тазшаның үйреткен жауабын айтып құтылыпты. Хан мұнымен де ұрының кім екенін анықтап біле алмаған соң ойлап-ойлап, екінші амалды істепті. Ханның бір бақырауық нары бар екен. Біреуі ұстамақ түгіл, маңына жақын барғанда дауысының барынша бақырады екен. Сол нарды далаға қойдырып, бірнеше аңдушы қойыпты. Егер нар бақырса, атпен ұмтылып, ұрыны ұстамаққа. Тазша мұны да біліп, түнде қолына бір бау жоңышқаны жемекке ойланып, орнынан тұра келіп, жоңышқаға қарай жүрсе, тазша ақырындап, алыстай беріп, нар соңынан ере беріп, дауысы естілмейтін жерге барған соң, нарды ұстап апарып, бір тоғайдың қалың жеріне байлап тастапты. Ертеңіне ханның жасауылдары нарды таба алмай дағдарысып, ханға келіп, хабар беріпті. Хан бұл амалы да бұйымға аспаған соң ойлап-ойлап, үшінші амалды тауыпты. Далаға бір отау тіккізіп, ішіне жақсы төсектер жайдырып, ішіне өзінің қызын жатқызып, жұртқа жар шақырыпты:

– Қызымменен кім сөйлесіп, махаббаты келсе, соған беремін, – деп. Сондағы амалы: егер сол ұры амалы көптігіне сүйеніп, қызыма келіп, қол салса, қыз қолына беріп қойған алмас қылышпенен қолын кесіп алып қалсын. Ертең шаһар адамдарының қолын тегіс көрдіремін, кімнің қолы кесілген болса, соны ұстатып, дарға астырамын, – деген.

Қу тазша бұл амалды да сезіп, түн ішінде жатып қалған бір қасапшыға барып, терезесінен дауыстапты:

– Ханға бір қойдың қарыны керек еді. Терезеден бере ғой, – деп.

Қасапшы ханға керек деген соң ұйқысын қимағанмен, лажы бар ма, бір қарынды алып, терезеден қолын шығарып, «мә, ал» дегенде тазша қолындағы алмас қылышпенен қасапшының қолын қарынан шауып түсіріпті. Қарынменен екеуін ала жөнеледі. Әлгі қарынды суға толтырып, аузын байлап, оңаша отауда жатқан ханның қызына келіп, қасына жатып, көңілі бітіп болған соң «мен дәрет сындырайын» десе, қыз жібермейді.

– Сені тәуір көрем, жата тұр, – деп.

Тазша:

– Кетіп қалады десеңіз, менің қолымды ұстай тұр, – деп, қасапшының кесілген қолын қызға ұстатып қойып, қарынның бір жерін тесіп, суды шырылдатып ағызып, өзі кетіп қалыпты. Бір уақытта қыз «осы әлі сиіп болған жоқ па?» – деп, байқап қараса, ұстап жатқаны бір кесілген қол екен. Ертең тұра әкесіне айтыпты:

– Ұрыны ұстап едім, өз қолын өзі кесіп, қашып кетіпті, – деп. Хан жарлық қылып, шаһар адамдарының қолын түгендетсе, қолы кесілген қасапшы табылып, хан алдына алып келіп тергелгенде, көрген–білгенін айтса, хан мұның күнәсіздігіне сеніп, қоя беріпті.

Хан бұл амалы да бұйымға аспаған соң ойлап-ойлап, төртінші амалды тауыпты. Бір күн оңаша отауда өзі жатыпты. Егер ұры келе қойса, өзім ұстап алайын деп. Тазша мұны да біліп, түн ішінде тапқанынша әйелдің әдемі киімдерін киініп, бір сұлу «келіншек» болып, ханның қасына кіріп отырыпты. Сонда хан сұрапты:

– Не қылып жүрген әйелсің? – деп. «Келіншек» жауап беріпті:

– Ерім өліп еді, қайын інілеріме тигім келмейді. Со себепті, тақсыр, сізге арызға келдім. Сүйгеніме тиюге басымды ашықтап берсеңіз.

Хан «келіншектің» сұлулығына қызығып:

– Олай болса, маған ти, – депті.

«Қатын» түрегеліп:

– Құлдық, тақсыр, олай десеңіз, арманым жоқ, сізге тиемін, – депті. Сөйтіп отырғанда, отау алдында тұрған дар ағаштарын көріп, «келіншек» сұрапты:

– Тақсыр, мынау қайқайып тұрған ағаштар не? – деп. Хан айтыпты:

– Күнәлі адамдарды асып өлтіретін дар деген осы, – депті.

Сонда «келіншек» бұрындары есітпеген, көрмеген кісідей болып таңырқап:

– Япырмау, мұныңменен кісіні қалай асып өлтіреді екен? Мені асып көрсетіңізші, – депті.

Хан «келіншекті» дарға асуды ыңғайсыз көріп, дардың арқан тұзағын өз мойнына кигізіп, «келіншекті» түсіндірмек үшін айтыпты:

– Арқанның анау ұшын сен бар күшіңмен тарт, бірақ, менім аяғым жерден көтеріліп, өзім буынып бара жатқан кезде арқанды босатып қоя бер, болмаса, мен өліп қаламын, – депті. «Келіншек» арқанның ұшын қолына алып, тартыңқырап, өкшесі жерден көтеріле берген кезде аяғының ұшы жерге тиер-тиместен арқанның ұшын бір ағашқа мықтап байлап қойып, өзі ханның қазынасына кіріп, тағы бір құмыра ділдәсін ұрлап кетіпті.

Ертең ханның адамдары дарда асулы өлі мен тірінің арасында тұрған ханды көріп, босатып алып, ордасына кіргізіп, тәуіптер жиналып, емдеп, тірілтіп алыпты. Бұл хабарлар ұзын елдің үйіріне, қысқа елдің қиырына жайылып болыпты. Бұл ханның еліменен шекаралас бір елдің ханы да мынау ханға бірталай күліпті. – Болымсыздығынан рет қазынасын, екі рет нарын ұрлатып, үшінші ретте қызын базарға салып, оныменен тұрмай, өзін дарға тартқызып, жұртқа масқара болып, бүйтіп, хан болғанынша, біреудің қойын бақса, болмай ма екен, – деп. Ол ханның сықағын естіп, бұл хан әбден ыза болып, жұртына жар шақырыпты:

– Құдай, пайғамбарды ортаға қойып, ант ішемін, осы істерді істеген ұры кім болса да, кінәсін кешемін. Маған келіп, мәлім болсын, бірақ, бір тапсыратын ісім бар, соны орнына келтірсе, бұрынғы күнәларын салауат қылып, қызымды беріп, күйеу қыламын, – деп.

Мұны естіп, баяғы тазша, қайыр, алдаса, Құдай, пайғамбарға өзін-өзі ұрдырар, не де болса, тәуекел қылып көрінейін, – деп келіп, ханға мәлім болыпты.

Сонда хан:

– Барлық күнәңді кешемін, бірақ пәлен ханды амалын тауып, пәнде қылып маған әкеліп берсең, қызымды да саған беремін, – депті.

Тазша бұл айтқан қызметін қиынсынбай, «жарайды», – деп, бұйрық қылыпты. Шәһердегі бар ұсталарды жиып бер деп, әуелі ұсталарға бір биіктеу арба соқтырыпты. Оның ішіне-сыртына толтыра қоңырау байлапты. Және жұп-жұқа түнікеден әйдік бір шоқпар қылдырып, оны қолына алыпты. Және бір көк серкенің терісін сойдырып, жүн жағын сыртына қаратып, үстіне киіп, терінің жүніне бірнеше қоңырауды тағы байлатып, бір көрім секілді болып, әлгі арбаға мініп, түнікеден қалқан, шоқпарды иініне салып, манағы ханның шәрісіне кіріп, теке болып бақылдап, қоңырауларын даңғырлатып, айқай салыпты:

– Мен – Құдайдың періштесімін, бұл шәрінің ханы зәлім болыпты, Құдай тағала сендерге бұйрық қылды, зәлім ханыңды өз қолдарыңмен ұстап байлап, менің бітеу арбама салып бер, сонда Құдай тағала сендерге разы болады, егер оны қылмай, ханыңа болыссаңдар, маған бұйрық қылды: біреуіңді тірі қалдырмай, қолымдағы жүз мың пұт шоқпарыммен шәһәріңнің кірпішін, кесегін ұрып уатып, топырақ-шаң қылып, ұшырып жіберемін, – депті.

Сонда шәһәрдің халқы мұның айбатынан қорқып, «қой, өз басымыздың амандығы керек, мынау Құдайдың жіберген пәлесіне қарсы тұрып болмас», – деп, ханын ұстап, байлап, бітеу арбаға салып беріп, жалынып, жалпайып, жөнелтіпті.

Тазша ханды пенде қылған бойыменен алып келіп, өз ханына тапсырыпты.
Сонда бұл хан тұрып, ханға сөйлейді:

– Ие, маған күле беруші едің. Өзің не ғып мұндай күйге жолықтың? Мұнан былай күлме, менің жұртымда осындай өнерлі адамдар бар, – депті.

Ақырында, екі ханның екеуі де тазшаның өнеріне разы болып, екеуі де қыздарын беріп, тазшаны өздеріне әрі күйеу, әрі ақылгөй қылып, мұратына жетіпті.

21. КӨКТЕЛПЕК, ЖАМАНТЕЛПЕК

Ол бір заманда Көктелпек, Жамантелпек дейтін ұрылар болыпты. Көктелпек – әкесі, оның баласы – Жамантелпек.

– Әке, сенің ұрлыққа шеберлігің қандай? – депті Жамантелпек.

– Не қандайын сұрайсың, балам, мен ұя басқан сауысқанның астынан жұмыртқасын сездірмей аламын, – депті Көктелпек.

Көктелпек тау басындағы ұя басып жатқан сауысқанның жұмыртқасын ұрлауға өрмелегенде, баласы әкесінің станын ұрлап алып қалады.

Қайтып келіп, Көктелпек баласына:

– Қалай, ұшырмастан сауысқанның астындағы жұмыртқасын ала алдым, – деп, мақтана сөйлейді. Баласы да:

– Я, сіз өте шебер екеніңіз рас, ал мен сіздің станыңызды қалай білдірмей алдым, – дегенде, Көктелпек өз бойына қарап, киімінің жоқ екенін көріп, ұялып:

– Я, балам, сенің ептілігің артық екеніне көзім жаңа жетті, – депті әкесі.

*** Ханның атақты арғымақ аты болады. Атты тас сарайға аузына кілт салып, бағады. Ұрылар ханның атын ұрлап әкетуге қанша аңдыса да, шығарып әкете алмайды. Бір күні Көктелпек баласы Жамантелпекті қыр астына қалдырып, өзі ат тұрған сарайға келіп, қақпасын ашып, ішке кіре бергенде, қақпаның ішкі жағына ор қазып, ішіне желім құйып қойған екен. Көктелпек орға түсіп кеткенде, желімге тұтылып, шыға алмайды. Әкесі кешіккесін Жамантелпек сарайға келсе, әкесі әбден желімге оралып, қалжаураған екен. Жамантелпек шығарып әкете алмайтынына көзі жеткесін, атты ордан секіртіп алып шығады да, әкесінің басын кесіп, алып кетеді. Жамантелпек қара торы түсті аттың бір жағын бормен бояп және өзінің де бір жағын басынан аяғына дейін ақ бормен ағартады да, күні-түні жүріп, бір шетке асып кетеді. Ертемен ханға атының жоғалғаны хабар етіледі. Барса, басы жоқ адамның өлігі жатады. Бірақ оны ешкім тануға да болмайтын еді. Елден ізшілерді жинап алып, жүз қаралы адам мен хан ұрыны ізімен қуып келеді. Алдарынан бір топ ел адамдары ұшырайды. Олардан сұрағанда:

– Көрдік, бірақ сіздердің жоқтарыңа ұқсамайды. Біз көрген ақмоншақ аты бар ақ киімді адам, – депті.

Екінші көрушілер:

– Қара торы атты, қара киімі бар, – дейді.

Үшінші көргендер:

– Ақ атты, ақ киімді, – дейді.

Төртіншісі де соны айтады.

– Сонымен біздің жоғымыз ол емес, бізге қара торы ат мінген адам керек, – дейді де, еліне кері қайтады.

Жамантелпек сол кеткеннен кетіп отырып, басқа ханның қол астына өтіп кетеді. *** Ханның күйеуге берілмеген асқан сұлу қызы бар екен. Хан бір күні сауын айтып, үлкен той қылып, тойға жүйрік аты бар, күресетін палуаны бар, атқыш мергендер келсін деп, жарлық етеді хан. Жиынға Жамантелпек те келеді. Кімде-кімнің бәйгеден аты келсе, күресте жықса, байланған алтын қабақтың ақшасын атып түсіргенге қызымды беремін, бәйге – сол, – депті хан. Хан ордасының маңында белгіленген орынға халық жиналады. Ханның сұлу қызын алуға кімнің көңілі аумас, талай ханның, байдың балалары да, басқа елдің саңлақтары жүйрік аттарын, палуан жігіттерін, атқыш мергендерін әкеледі. Алдымен ат бәйге болады. Жамантелпектің қара торы аты бірінші болып келеді. Күресте бірінші болып, Жамантелпек жығады. Ақшаны да бірінші болып, Жамантелпек атып түсіреді.

Отырған топтың ішінен күңкіл көбейе бастайды.

– Сонда осы ханның қызын жалғыз атты жолаушы қаңғып, әкете ме? – дейді олар.

Хан да белгісіз атағы жоқ біреуге қыз беруді қош көрмейді. Хан ойлады ішінен «мен қызыма отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаймын. Содан кейін ғана қыздың отауына кіруіне болады дейін, одан бұрын шыдамай барса, күйеуді дарға астырып, өлтірейік», – дейді де, қыз тұрған отауға ойын тойы бітпей, күйеуге кіруге болмайтынын, тәртіпті бұзса, ауыр жазаға бұйырылатынын жариялайды.

Хан шанымды келіндеріне:

– Егер, – дейді, – менің кесімді күнімнен бұрын қыздың отауына кірсе, білдірмей, Жамантелпектің айдарын кесіп алып, маған хабар беріңдер, – деп тапсырады.

Ханның қызына арнаған тойы болып жатты. Жамантелпектің срокті күнді күте-күте шыдамы таусылды.

Жамантелпек қыз жеңгесін шақыртып алып, былай деді:

– Мен қалыңдығыма көрініп, өз аузымнан тілдесуді арман етемін. Сондықтан саған көп алтын берейін, сен қыздың ризашылығын алып кел, – дейді.

– Мақұл, – дейді жеңгесі. Бірақ манағы ханның тапсырма беретін келіні де осы болатын.

Жеңгесі қызға барып, күйеудің сәлемін айтты. Қыз ризалық етті. Сол күні Жамантелпек қыздың отауына барып, хан қызымен бірге болды. Жамантелпек отауда қалғып кеткенде оның айдарын кесіп те әкетті. Оны Жамантелпек те оянысымен-ақ сезді. Енді хан алдында жазаланатынына көзі жеткенсін Жамантелпек ханның өз үйіне ұрланып кіріп, ханның айдарын да кесіп алады. Хан оны білмейді. Ертеңгісін бүтін елдің ер адамының бірін қалдырмастан хан ордасына жиналуға уәзірлеріне бұйрық етті. Халық жиналып болғаннан кейін хан сөз сөйлеп, былай деді:

– Осы тұрған ер азаматтар біреуі қалмай, түгел бас киімін алсын, кімнің айдары кесілген болса, сол адам дарға асылсын.

Түгел бас киімін алады. Айдары кесілген Жамантелпекті жендеттер дарға алып та келіпті.

– Дат, – депті Жамантелпек.

– Датың болса, айт, – депті хан.

– Тақсыр, айдары кесілген адам дарға асылатын болса, өзіңіз де асылуға тиісті екенсіз, – депті.

Хан қолымен басын сипап қалып, өз айдарының да кесік екенін біліп, «болмады, босатыңыз Жамантелпекті», – деп, жарлығын екі етіп, қызын Жамантелпекке қосыпты. Жамантелпек ханның қызына үйленіп, қызын алған соң ханның елінен көшіп, басқа хандыққа барып, орын тебеді. Күн өтеді, ай өтеді, жыл өтеді. Үйрене келе, сол ханның баласы Жамантелпектің әйелімен ашына болады. Оны Жамантелпек те сезеді де, әйеліне Жамантелпек:

– Мен сапар шығуға ойлап отырмын. Маған бір аптаға жеткендей азық пісіріп бер, – дейді.

Жалма-жан әйелі де азығын пісіріп беріп:

– Құдай сапарыңды оңдағай, аман барып, қайта гөр, – деп, жылап қала барады.

Сол күні ел тегіс жатқан мезгілде Жамантелпек айналып, үйіне келіп, білдірмей, кіріп қараса, әйелінің қасында ханның баласы, екеуі де ұйықтап қалған. Жігітті буындырып өлтіреді де, өзі шығып кетіп, терезе қағады. Әйелі оянып, қасындағы жігітті қолымен қозғап:

– Тез тұр да кет, біреу терезе қағады, – дейді.

Қозғалмайды.

– Саған не болды? Бол, тұрсайшы, – деп жұлқылайды, тұратын жігіт жоқ.

– Аш есікті, – деп ақырады Жамантелпек. Амалсыздан есік ашады әйелі.

Жамантелпек кіріп:

– Мынауың кім? – деп, шошыған пішінмен өліп жатқан жігітті нұсқайды. Үн жоқ әйелде, тек жылай береді.

– Мынаны жоймасаң, сені де, мені де хан құртады. Қалайда жой, – дейді.

– Енді не істеймін, ақылын сен айт, мен енді құрыдым, – [деп], еңірей береді әйел.

– Әй, сен босқа жылағаныңмен түк шықпайды. Одан да осынау арада ханның жылқы суаратын терең құдығы бар, арқалап алып бар да, салып жібер, – дейді Жамантелпек.

Әйел жігітті арқалап, құдыққа жөнелгенде, Жамантелпек атын мініп, құдық басында алдынан шығады.

Әйел өлікті арқалап, үйіне жүгіреді. Үйіне барса, Жамантелпек:

– Неге алып келдің, тез арада салып кел, – деп, қайта жұмсайды. Алдынан тағы шығады. Сонымен әйелі өлексені арқалап, он барып, он қайтып әкеледі. Әйелдің есі шығып, дымы құриды. Әйеліне:

– Осы құтылмас азапқа не үшін кез болғаныңды ұғамысың өзің? – деп сұрайды.

– Еріккендіктің ермегі, опасыздықтың оры болады. Жамантелпек, ұрпағың өссін, үмітің гүлдесін. Құтқар мені осыдан, – деп, өтініш етеді.

– Жарайды, ендігісін өзім реттеймін, – дейді Жамантелпек.

Өлген ханның баласын әбден киіндіреді де, басына ақ сәлдесін орап, таң алдында ханның үйінің сыртына жайнамаз жайып, асатаяғын қасына шаншып, құбылаға қаратып, сарта жүгіндіріп отырғызып кетеді Жамантелпек. Ертемен тұрған хан үй сыртында отырған баласын көріп, намаз оқып, Құдайға құлшылық етіп отыр ғой дейді де, үйіне қайта кіріп кетеді.

Ертеңгі шай әзірленгеннен кейін бір баланы:

– Бар, ағаңды шайға шақыр, – дейді хан.

Бала:

– Ағам шайға шақырсам, үндемейді. Көзін жұмып отыр, – деп, қайтып келеді.

Екінші барған бала:

– Аға, жүр деп, иығынан ұстап, қозғап едім, жатып қалды, тіл қатпайды, – деп келеді.

– Осы оңбағандар не деп сандырақтайды, – деп, хан өзі барса, баласының өліп жатқан түрін көріп, шошып кеткен хан айқайлап жібереді.

Хан жалғыз ұлының қазаға ұшырағанына қатты қайғырады. Ат жетер жерге хабар салып, ел-жұртты жинап алып, бақсы, балгерлерді жинап, баласының қазасының неден болғанын біліп, айтып беріңдер, – деп, жарлық етеді.

Бірақ ешбіреуі де таба алмайды. Жиналған көп:

– Оны табатын көршілес елдің ханының шешесі табады, – дейді біреу.

Хан қос атпен кісі жіберіп, соны алдырады. Көпшілік арасында әңгіме бола бастады, «ол – көріпкел, табады», – дейді. Бұлардың ішінде Жамантелпек те болады. Бақсы қобызын алып, сарнай бастайды. Сол мезетте сыртта «жау, жау» деген дауыстар, аттың шапқан дүбірі естіледі. Үйдегі отырған көп дүрліге шығады. Үйде жалғыз кемпір қалады. Жамантелпек кемпірді қымыз құйылған сабаға салады да жібереді, өзі сырттағы көпке араласып кетеді. Сырттағы аттың дүбірі Жамантелпектің жолдастары екен, күні бұрын сөйлесіп қойған. Үйдің үстінен көп жылқыны қуып өткен жылқышылар болып шығады. Хан үйге келсе, бақсы кемпір жоқ, одан-бұдан іздейді. Бірақ кемпір жоқ. Жау деген хабардан қорқып, үйіне қашқан болар деп жориды жұрт. Хан әйелдеріне, қызметшілеріне, отырғандарға қымыз әкелуге қосады. Сабадағы қымызды құйып қалғанда, сабадан кемпірдің екі аяғы шығады. Суырып алса, бақсы кемпірдің өзі. Хан сасады. Өзінен де күшті ханның шешесі, не істерін білмейді. Ақырында хан:

– Осы кемпірдің пәлесінен мені ақыл тауып, құтқарар болса, мен сол адамға не тілесе де, берер едім, – дейді.

– Олай болса, мен құтқарамын, – дейді Жамантелпек.

– Маған күймелі арба, екі асау ат алдырып бер, – дейді.

Бәрін де сұрағанының дайын етеді хан.

Жамантелпек күймеге екі асау атты жегеді де, қасына өлген кемпірді отырғызып, қолына ұшы біздей етіп, өткір темір үскі алады да, кемпірдің ауылына жүріп кетеді. Ауылға жақындағанда ауылдың балалары, «әжем келеді» деп, жүгіреді. Оған қоса иттер де шабады. Жамантелпек те екі аттың санына үскіні қадап-қадап қояды. Асау аттар үркіп ала жөнеледі. Кемпір – бір жаққа, Жамантелпек екінші жаққа ұшып кетеді. Ханның ауылының адамдары да жиналып, келіп үлгереді. Келсе, кемпір өліп қалған, Жамантелпек өлім халінде жатқанын көріп, алып барады. Құдай қазасы, амалы қанша, хан шешесін жерлеуге бұйырады. Жамантелпек «жазылып», ауылға барады.

22. ҰРЫ

Баяғыда бір кедей өмір сүріпті. Оның үш баласы болыпты. Бір күні кедей балаларын шақырып алып:

– Осы уақытқа дейін мен сендерді асырадым, енді қартайдым, әлім бітті. Сендер болсаңдар, әлі жассыңдар, қалай күн көрер екенсіңдер, – дейді.

– Байдың малын бағамыз, – дейді үлкен ұлы мен ортаншы ұлы.

– Сен ше? – дейді кедей кіші ұлына.

Сонда кіші ұлы тұрып:

– Мен байдың малын ұрлап, күн көрем, – деген екен.

Оның бұл сөзіне әкесі ашуланып:

– Ұры болсаң, менен кет, – деп, үйден қуып жібереді.

Бала үйінен кеткен соң жолмен жүріп келе жатса, бір ауыл көшіп келеді екен. Ол көштің артынан қалмай, жүріп отырады.

Кеш бата көш бір тоғайдың жанына қонады. Баланы ешкім елемейді. Бір кезде байдың үйі ет асады. Әйелдер үйге кіріп кеткенде қарны ашқан бала қазандағы етті қотарып алып, жегенін жеп, жемегенін тастап кетіп қалады. Ол тоғайда түнеп, таңертең тұрса, жұрт ұйықтап жатыр екен. Бала оншақты қойды айдап, жүре береді. Бір кезде артынан шаң көрінеді. Бұл келе жатқан қуғыншы шығар деп, ол қойды тоғайға айдап жібереді де, өзі маңайдағы ескі тамның дуалына сүйеніп, тұра қалады.

Қуып келе жатқан байдың өзі екен.

– Бала, былай қарай қой айдап өткен ешкімді көрмедің бе? – дейді ол.

Сонда бала тұрып:

– Көрдім, бірақ сіз оны таба алмайсыз. Мен тауып әкелер едім, мына дуал құлап кете ме деп қорқып тұрмын, – дейді.

– Дуалда тұрған не бар еді? – дейді бай ашуланып.

– Бұл дуал құлап кетсе, жер дүниені топан су қаптап, ақырзаман болады, – дейді бала.

– Онда тұра тұр, мен үйден тіреу алып келейін, – деп, бай қайта шапқанда, бала қойын айдап, құтылып кетеді.

Бала айласымен күн көре береді, келе-келе бір ұрының бар екенін ел-жұрт түгел біледі. Ол туралы хан естіп, егер ұры шынымен ұры болса, менің шақырғаныма келер деп ойлап:

– Кімде-кім ұры болса, маған келсін! – деген жар салады.

Бала ойлап-ойлап, ақырында, ханға барады. Есіктен кірген балаға хан ақырып:

– Сен ұры ма едің? – дейді.

– Иә, – дейді бала.

Хан айтады:

– Ендеше бүгін түннен қалдырмай, менің арғымағымды ұрла, ұрлай алмасаң, басыңды алам, – дейді.

– Құп, тақсыр, – деп, бала шығып кетеді.

Қас қарая бұйрықты орындауға бала келсе, ханның арғымағын қырық күзетші күзетіп отыр екен. Ұры түн ортасына дейін жасырынып жүреді, бірақ қырық күзетші көз ілмейді. Ақымақ күзетшілер бір кезде арғымақты суатқа апарып суарады да, онан кейін қалған жылқыларды айдап кетеді. Күзетсіз қалған арғымақты бала мініп алып, жүре береді. Ертеңіне бала арғымақты әкеп, ханға тапсырғанда, хан екінші тапсырма береді.

– Бір сандық алтыным бар, соны ұрла, – дейді.

Кешке жақын бала бұйрықты орындауға келсе, хан сандығын қолына ұстап алып, алаңда әрлі-берлі жүр екен. Ұрының ойына бір айла келе қалады. Мойнын қызыл бояумен бояйды да, ханның алдын айналып барып, алдына шалқасынан жата қалады. Жанынан өтіп бара жатқан хан оны көреді де:

– Қап, бишара-ай, біреу өлтіріп кеткен екен ғой, – деп үйіне қайтады.

Ұры ханның алдын екінші орап келіп, тағы да шалқасынан жата қалады.
Хан ұрыны екінші рет көргенде таңданып:

– Апыр-ай, осы ма екен, жаңағы ма екен? – деп, сандығын қоя салып, манағы жерге кетеді.

Ұры сандықты ала жөнеледі. Ертеңіне хан ұрыға үшінші тапсырма береді:

– Енді менің өзімді ұрла, – дейді.

Ұры келсе, хан ұрлайды екен деп ордаға тығылмаймын деп, үлкен сандықтың ішіне түсіп, күзетшілеріне күзеттіріп қойыпты. Күзетшілер бірінен соң бірі келіп, күзетіп тұрады екен. Ұрыға білдірмейміз деп, еңбектеп барып, еңбектеп қайтады екен. Мұның бәрін байқап алып, ұры бір уақытта көп күзетшінің бірі болып, еңбектеп, сандықтың қасына келеді.

Келісімен хан оны күзетшілерінің бірі екен деп:

– Әлгі ұры келетін бе? – дейді.

– Тақсыр, келіп тұрмын, бірақ ханды сандыққа салып көтерген ұят шығар, арқама мініңіз, – дейді.

Бұл жолы да жығылып қалған хан баланың мұндай өнеріне риза болып, оны өзіне уәзір етіп алған екен.

23. ТОҒЫЗ ТОҢҚЫЛДАҚ, БІР ШЫҢҚЫЛДАҚ

Ертеде тоғыз Тоңқылдақ, бір Шыңқылдақ болыпты. Тоғыз Тоңқылдақ бір күнде тоғыз арба істейді, бір Шыңқылдақ бір күнде тоғыз арба істейді.

– Япырмай, біз тоғызымыз бір тоғыз арба істейміз, жалғыз Шыңқылдақ бір тоғыз арба істейді, осы Шыңқылдақтың арбасын қиратайық, – деп, арбасын балталап, сындырып тастады. Шыңқылдақ арбасын жағып, қапқа салып алып келіп, бір ауылға келді. Сонсын әлгі ауыл қаптағыңды көрсет, – дейді.

– Жоқ, көрсетпеймін, көрсеңдер, көмір болып кетеді, – дейді. – Бірақ көрсетейін, көмір болып кетсе, алтын менен күміс берсеңдер, – дейді.

– Жарайды, береміз, – деп, көреді. Көрсе, көмір, сонсұн бір қап алтын менен күміс алады. Оны үйіне алып келді. Тоғыз Тоңқылдақ айтты:

– Бұны қайдан әкелдің? – деді.

– Жалғанда көмір бұл екен, мына жақтағы ел бір қап көмірге бір қап алтын береді екен дейді. Сонсұн тоғыз Тоңқылдақ арбаларын қиратып, жағып, қапқа салып әкеледі. Алтын менен күміс беріп, көмір алатындарың бар ма? – дейді.

– Өзің не оттап жүрсің? – деп, ұрып қоя береді.

– Әй, бәлем, Шыңқылдақтың бұзауын өлтірейік, – деп, үйіне келіп, Шыңқылдақтың бұзауын балталап өлтірді. Тағы да Шыңқылдақ бұзауын сойып жатыр еді, алты ақ бас атан келді. Алты ақ бас атанның басына қанды жағып жіберді. Сонсұн бір кісі келді.

– Әй, адам, алты ақ бас атанды көрдің бе?

– Жоқ, көргем жоқ. Менің бір алты қызыл бас атаным көрінсе, айдап жібере сал, – дейді. Әлгі кісі алты қызыл бас атанды көрдік [деп], Шыңқылдаққа айдап кеп берді. Шыңқылдақ түйені үйге айдап келді. Тағы да тоғыз Тоңқылдақ:

– Түйені кім берді? – дейді.

– Жалғанда өлген бұзау бұл екен. Мына жақтағы ел өлген бұзауға түйе береді екен, – дейді. Тоғыз Тоңқылдақ бұзауларын балталап, арбаға салып, бір ауылға алып келеді.

– Әй, өлген бұзауға түйе беретіндерің бар ма? – дейді.

– Не сандалып жүрсің? Өлген бұзауға кісі түйе бере ме екен? – дейді.

Қайтып тағы үйіне келді.

Әй, Шыңқылдақтың шешесін өлтіріпті. Тағы Шыңқылдақ өлген шешесін киіндіріп, түйеге мініп, шешесін алдына алып келе жатыр еді бір ауылға, әлгі ауылдың қыздары «келіншек келеді» деп, жүгіріп келе жатыр еді.

– Ой, қыздар, әрі жүр, түйем жығып кетеді, – депті. Ол қыздар тыңдамай келе жатыр еді, түйенің шабынан бізін пісіп алды, түйе тулап, әлгі «келіншек» жығылып қалды.

– Айтса, болмайсың, – деп, ауылының ақсақалдарына келіп айтады.

– Ауылдың қыздары келіп, түйемді үркітіп, келіншегім өліп қалды. Маған қатын беріңдер, – дейді. Сонсұн ақсақалдар орнына бір қыз беріпті. Ол қызды үйіне алып келеді.

Сонсұн тоғыз Тоңқылдақ сұрайды.

– Сен қатынды қайдан әкелдің? – дейді.

– Жалғанда өлген кемпір бұл екен, – деп айтыпты, тоғыз Тоңқылдақ барып, шешесін өлтіріп, арбаға салып алып:

– Әй, өлген кемпірге қыз беретіндерің бар ма? – депті.

– Не сандалып жүрсің? Өлген кемпірге кісі қыз бере ме екен? – депті.

Ұрып жіберіпті. Сонсұн үйіне келіп, бәрі – тоғыз Тоңқылдақ келіп, Шыңқылдақты бір бәйтерекке әкеп, таңып тастайды. Енді өртейміз деп, отқа кетіпті. Сонсұн Шыңқылдақ жан-жағына қараса, бір кісі қой айдап келе жатыр екен, әлгі кісіні шақырды. Ол кісі келді.

– Әй, жылдам шешіп жібер, екеуміз жолдас болайық, – дейді. Шыңқылдақты шешіп жіберді. Екеуі келіп, судың жағасына келіп отыр еді, тоғыз Тоңқылдақ іздеп келе жатыр екен, Шыңқылдақ қашып кетті. Тоғыз Тоңқылдақ келіп сұрады.

– Бір кісі көрдің бе? – деді.

– Көрдім, – деді. – Осы судың ішіне түсіп кетті, – деді. Бағана біреуі суға секіріп, төбесі ғана көрініп кетіп бара жатыр еді.

– Ойбай, анау өстіп ұстай алмай жүр, – деп, біреуі түсті. – Ортасына бармай жүр, деп, бәрі де түсіп, өлді. Сөйтіп, Шыңқылдақ қулығын өткізген дейім.

24. ТОҒЫЗ ТОҢҚЫЛДАҚ, БІР ҚИҚЫЛДАҚ

Бұрынғы уақытта тоғыз Тоңқылдақ, бір Қиқылдақ болыпты. Тоңқылдақтың тоғызының тоғыз танасы, тоғыз шешесі бар екен. Бір Қиқылдақтың бір танасы, бір шешесі бар екен де, Тоңқылдақтар (Қиқылдаққа) һәрқайсысы өзінің бір-бір танасын бақтырып жүреді екен. Бір күні Қиқылдақтың етігі жыртылып қалыпты. Қиқылдақ танасын Тоңқылдақтарға қосып жіберіпті. Тоңқылдақтар бір күн бағады, екі күн бағады. Бір күні Тоңқылдақтар ақылдасып, Қиқылдақты құртамыз деп, бірігіп алып, Қиқылдақтың танасын бәрі жабылып, батпаққа тығып кетеді. Кешкітұрым ауылына барса, нашар Қиқылдақ сорлының танасы жоқ. Қиқылдақ жүгіріп келіп, Тоңқылдақтардан сұраса, Тоңқылдақтар:

– Сенің танаңды бағып, біз саған малай ма едік? Бақпағаннан кейін батпаққа тығып кеттік, – дейді.

Қиқылдақ[тың] Тоңқылдаққа күші жетпейді. Олар дәу һәм үлкен, Қиқылдақтың күші жетпейді. Қиқылдақ оларға күші жетпегеннен кейін барып, танасын сойып жатса, бес ақ бас атан келе жатыр екен. Бес ақ бас атанды. Қиқылдақ ұстап алып, тананың қанын басына жағып, етін артып, ауылына келіп:

– Е, қор жаралған Тоңқылдақтар-ау, таналарыңды өстірмейді екенсіңдер. Таналарыңды өлтірсең, бес ақ бас атан болады екен, – деп, ақымақ қылса, Тоңқылдақтар бәрі жабылып, танасын батпаққа тығып өлтірсе, тана түгіл, атанның басы да жоқ. Тоңқылдақтар ыза болып, Қиқылдақты өлтірейін деп келсе, үйінде шешесі отыр екен. Шешесін өлтіріп кетті, бәрі жабылып. Қиқылдақ тағы құн даулайын десе, әлі жетпейді. Өлген шешесін өгізге мінгізіп, біреудің қызылдаған қырманына апарып қояды.

Бір уақта қырманның иесі ашуланып, қызылды жеп тұрған өгіздің үстіндегі өлген кемпірді тырмаменен бір салса, жығылып қалады. Қиқылдақ жүгіріп келіп, шешесіне құн даулап, бірталай мал алып, ауылына барып, Тоңқылдақтарға айтады.

– Сендер шешелеріңді өлтірмейді екенсіңдер. Өлтірсең, мал болады екен, – депті.

Тоңқылдақтар бәрі де шешесін өлтіреді. Мал түгіл дәнеме жоқ. Тоңқылдақтар:

– Қап, мына Қиқылдақтың қорлығын–ай, – деп, Қиқылдақты ұстап алып, бір үлкен меске салып, аузын байлап, бір үлкен дарияға салып жібереді. Ағып барып, бір көпірге барып, местің аузы шешіліп, сол жерде көпірге шығып, өлең айтып отырады. Осында өлең айтып отырса, бір жігіт қайнына мал айдап бара жатыр екен, әлгі қайнына бара жатырған жігіт өлең білмейді екен. Қиқылдаққа:

– Маған да өлең үйретші, – депті. Сонда Қиқылдақ:

– Мынау жатқан сары мес мес емес, іші толған өлең екен, – депті. Сонда күйеу тұрып:

– Мені біраз жатқызып шығарғын, – депті. Қиқылдақ күйеуді меске салып, аузын байлап, дарияға тастап жіберіпті, күйеудің малын айдап, аулына барып:

– Ей, Тоңқылдақтар-ау, судың түбіне түспейді екенсіңдер. Түссеңдер, толып жатқан мал екен, менім ағашым жоқ болып, көп айдай алмадым, сендер бір-бір бақан алып барсаңдар, малды көп айдап шығарсыңдар, – депті. Тоңқылдақтар бәрі дарияға барып, алдыменен біреуі түсіп, бақаны серең-серең етсе, әлі айдай алмай келеді десіп, бәрі суға түсіп, өліпті. Қиқылдақ әлгі малмен байыпты.

25. ЕЖІГЕЛДІ

Ертеде бір бай болыпты, байдың бір жалғыз баласы болыпты, аты – Ежігелді екен. Әкесі баласына қалың беріпті, баласын қайнына жіберіпті. Баласы барып, қалыңдық ойнапты. Ежігелді үйіне қайтты. Келе жатқанда ұры тонапты, жанында екі күміс теңге қалыпты. Үйіне жаяу келді, келсе, елін жау шауып кетіпті. Ежігелді кім екенін білмейді. Жұртында бір қотыр торы тай қалыпты, тайды алдына салып айдапты. Алдынан үш кісі көрініпті. Со кісі жақындапты. Ежігелді екі күміс теңгесін манағы қотыр тайдың құйрығының астына тығыпты. Бағанағы үш кісі келді, келіп сөйлесті. Үшеуі байлардың балалары екен. Олар келген соң Ежігелді тайды қамшыменен салды, соққан соң тай тышты, бағанағы теңгені Ежігелді алды. Бағанағы үш кісі айтты: «Е, сен тайды сат!» – деді. Ежігелді: «Сатпаймын», – дейді. «Неге сатпайсың?» – деді. Күнінде тайым теңге тышат», – деді. «Біз екі дүз сом берейік!» – деді. «Сатпаймын», – деді. «Байлық қылсаң, үш дүз теңге берсең, сатамын», – деді. Үш дүз теңге берді, тайды алды. «Мынаны қайтеміз?», – деді. Ежігелді айтты: – Үйіңе апар, – деді. – Жоңышқа, пішенге байла! Түн ортасында суғар, таң атып келе жатқанда соны бір суғар! Күн шыға келгенде үйіңнің ішіне ақ кигіз жай! Тайды алып келіп, ішіне қоя бер. Құйрығынан ұстап, қамшыменен сабасаң, үйіңнің ішін күміс теңгеге толтыра тышар, – деді. Үйінің ішіне торы тай теңге тышпады, боқ тышады. Үш қарындастың ағасы інілерін шақырды, олар келді. «Ежігелді алдапты», – деді. «Тай теңге тышпады, боқ тышты. Ежігелдіні іздейік», – деді. Олар барды, іздеді, тапты. Байдың балалары келе жатыр, сөйлесті. Ежігелдінің қасында қазан ет асулы тұрды. Байдың балалары:

– Қазанды сат, – деді. Ежігелді:

– Сатпаймын, – деді.

– Несі бар? – деді. «Мұны сатсам, өзім өліп қаламын», – деді. – Бұл қазаным өзі асылады, су өзі құйылады, ет өзі салынады, отын өзі жағылады, өзі піседі. Балалар айтты:

– Сат! Үш дүз теңге береміз, – деді. Сатты қазанды, олар айттылар:

– Ежігелді, мынаны қайтеміз?

– Менің өзім алысқа кетпей, асылмайды, менің өзім алысқа кеткен соң асылады, – деді.

Ежігелді қашты. Қазан асылмайды, от жағылмады, ет салынбады, су құйылмады.

– Алдады бізді, – деді.

– Қуалық, – деді. Қуды, қуып кетті, ұстап алды, әпкелді, бір судың басына әпкелді, қолын, аяғын байлады, «суға тастаймыз», – деді. «Бізді алып, суға түсіп кетер», – деп қорықты. Үшеуі қалаға кетті.

– Ағашыменен итеріп жібереміз, – деді, – ағашты әпкелеміз, сен жат, – деді.

Бір кісі Ежігелдінің қасына келді. Ежігелді жылады, ойбай, ойбай салды. Келген кісі: «Не қылған жансың?» – деді. Оны сұраған кісінің астында қара жорға аты бар болған, басында қара түлкі бөрігі бар болған, үстінде қара мақпал шапаны бар болған. Ежігелді оны көріп айтты: «Бері жақын кел! Мен саған айтайын!» – деді. Кісі жақын келді. Ежігелді айтты: «Мына шәрдің патшасы өлген екен, маған «сен соған патша бол!» – деді. Мен болмадым. Сонан соң қол-аяғымды буды, «суға итереміз», – деді. Қара жорға атты кісі айтты: «Ақылың жоқ екен, – деді, – патша болсаң, не қылады?», – деді.

Ежігелді айтты:

– Патша болуға жарамаймын, – деді.

Қара жорға атты кісі айтты:

– Мен патша болайын, – деді.

Ежігелді айтты:

– Патша болайын десең, шеш мені! – деді. Шешті. Қара жорға атты кісі киімін шешіп, оған берді. Ежігелді оны буды, айтты:

– Қаладан кісі келеді, келген соң сені ағашпенен суға итергенде, сен патша боламын десең, олар сені шешеді, – деді. Ежігелді қара жорға атқа мінді, қара мақпал шапанды киді, қара түлкі бөрікті киді. Ежігелді кетті, кеткен соң манағы үшеу қаладан ағаш алып келді, «Ежігелдіні суға итереміз», – дейді. Үшеуі аттан түсіп, байлаған кісіні итерді. Байлаған кісі айтты:

– Мені итерме, патша боламын!

Үшеу айтты:

– Сен мені алдадың: қанша ақшамызды алдап алдың. Сен патша боламын десең, сені суға жіберейін, онда патша бол! – деді. Оны суға итеріп жіберді, енді үшеуі қалаға қайтты.

Келді қалаға, келсе, алдынан Ежігелді келді. Үшеуі айтты:

– Е, Ежігелді, біз сені суға жібердік.

Ежігелді айтты:

– Е, ағалар, суға жібергенің маған жақсы болды, судың түбінде осындай қара жорға ат екен, – деді.

– Жалғыз ат, мен ұстадым.

Үшеу Ежігелдіге айтты:

– Е, ағам, – деді, – бізге көрсет! – деді. Ежігелді:

– Жүр! – деді. Бағанағы өзін суға итерген жерге әкелді. Біреуінің қойнын тасқа толтырды, қонышын тасқа толтырды, беліне бір шыбық байлады, «суға түс!» – деді. Біреуі түсіп кетті. Онан соң үшеуінің екеуін шыбыққа байлап, «суға түс», – деді. Екеуі суға түсіп кетті.

Өзі Ежігелді атқа мінді, суға түсті, арғы жаққа кетті, атты қайтарды судан өткізіп, өзі жаяу кетті. Қазақтың үйіне келді, со үйде алты қыз бар екен, алты басты бір жалмауыз кемпір бар екен. Ежігелді келе кемпірді қамшыменен сабады, алты қызды сабады, үйінен кемпірменен бес қыз қашып кетті. Бір қызды үйінде Ежігелді алып қалды, қатын қылды. Ежігелді далаға кетті. Бір күні үйіне кемпір келді. Кемпір сұрады:

– Ежігелді келгенде қайтесің? – деді.

Қыз айтты:

– Есік ашып, Ежігелдіні кіргіземін, – деді. Кемпір айтты:

– Түнде жатқанда қайтесің?

Қыз:

– Құшақтасып жатамын, – деді. Кемпір айтты:

– Бүгін есікті ашып кіргізбе, түнде жатқанда, теріс қарап жат.

Ежігелді үйіне келді, есікті ашпады, түнде жатып еді, теріс қарап жатты. Ежігелді айтты:

– Қатын, неге теріс қарап жатасың? Қатыны айтты:

– Өзің далаға кетесің, мен үйде жалғыз отырамын, бала менде жоқ, – деді. Ежігелді айтты:

– Баланы бермесе, Құдай бермейді. Қатыны айтты:

– Менде сәукеле жоқ, – деді.

– Бір Дауғар алып маржан сатады, сонан маған маржан сатып алып келіп бер! – деді. Ежігелді айтты:

– Жаяу бармаймын, – деді. Қатын айтты:

– Шешемде ала өгіз бар, соны әкеп берейін, соған мін, – деді. Ежігелді «әкпел!» – деді. Әпкелді өгізін, өгізін мінді, кетті маржан сатуға.

Дауғар алып түстік жерден көреді екен, күндік жерден естиді екен. Дауғар алып сейілге шықты, бағанағы Ежігелдіні көрді. Қырық нөкер шақырды:

– Анау ала өгізді бала келеді, екі теңгеге өгізін сатар ма, сатса, өгізін алып кел. Сатпаймын десе, өгізін де, өзін де алып кел, – деді.

– Өгізін сойып алайын, өзін қақтап, пісіріп жеймін, – деді.

Ежігелді де түстік жерден көреді екен, күндік жерден естиді екен. Ежігелді Дауғар алыптың сөзін есітті. Ежігелдіге екі кісі келді.

– Өгізіңді сат, – деді.

– Неге? – деді.

– Екі теңгеге, – деді.

– Сатамын, – деді. Екі кісі өгізін алды. Екі теңгеге Ежігелді жаяу қалды.

Бір кемпірге келді, кемпірге айтты:

– Саған бала боламын! – деді. Бала қылды кемпір, қойын жайды, кешке қойын айдап, үйге келді, түн болды, бір келіншектің сәукелесін ұрлап алды, қайтып үйіне келді, жатты, ертең тұрды, қойын жайды, сәукелені басына киді. Дауғар алыптың аулына келе жатыр.

Оны алып келе жатқанын көрді, қырық нөкерді шақырды.

– Анау бір келіншек келе жатыр, мен: «Ет ас», – деп айтайын, сендер аспаңдар, мен «Пісті ме?» дегенде, «Жоқ» деп айтыңдар, түнде соның қойнында жатамын, зорлық қыламын, сол қатын түнде ойбайласа, сендер келмеңдер, – деді.

Ежігелді «қатын» болып, Дауғар алыптың үйіне келді, алып оны білмеді, ұрғашы екен дейді. Есендесті, сөйлесті. Алып айтты:

– Ет асыңдар! – деді. Нөкері асқалы кетті, ет аспадылар. Күн кеш болды, «Енді қайтсем екен?» – деді келіншек. Алып сұрады: «Ас пісті ме?» – деп. Нөкері: «Жоқ», – деді.

Күн батты, етті әкпелді, жеді. Ежігелді айтты:

– Түн болды, – деді. Алып:

– Қон, – деді. Ежігелді:

– Қонсам, қонайын! – деді. Қонды, тысқары шықты, тысқары шыққан соң бір қылмыстыны асып өлтіретұғын аспа бар екен. Дауғар алып оны келіншекке көрсетті. Келіншек оны көріп айтты:

– Бұған қайтып ойнайсың? – деді. Дауғар алып айтты:

– Мына темір таяқпенен түртіп жіберсем, асылып кетеді, – деді. Сонан соң асылып қойған кісіні өлтіремін, – деді.

Келіншек айтты:

– Жүрші! – деді, – мен көрейін! Темір таяқпенен түртейін, – деді. Алып жүрді, түртіп жіберді келіншек. Дауғар алып асылып кетті. Келіншектің қолында қамшы бар екен, келіншек жуан алыптың аяғынан, қолынан ұстады, қамшыменен сабады, сабады. Дауғар алып, ойбай, ойбай салды. Келіншек сұрады:

– Ала өгізімнің еті тати ме екен? – деп, сабап жатыр. Алып ойбайлады, келіншек алыпты боқтады.

Дауғар алыптың ойбай салғанын қырық нөкері есітті, алып келіншекке зорлық қылып жатыр екен деп ойлады. Енді Ежігелді үйіне қайтты, қонды, ерте тұрды, қойын жайды, жайып тұрса, бір-екі кісі келе жатыр, амандасты.

– Ассалаумағалайкум, – деді.

– Уаликамасалам, – деді. Сөйлесті Ежігелдіге, Ежігелді екенін білмеді. Ежігелді:

– Қайда барасыңдар? – деді. Кісі айтты:

– Бір баладан өгіз сатып алып едік, сол келіншек болып келіп, Дауғар алыпты аспаға асып кетті, қамшыменен сабап кетіпті, – деді.

– Енді алып қатты ауру болып жатыр. Бір дәрігер мында бар ма? – деп сұрады. Ежігелді айтты:

– Мен өзім дәрігермін, мен өзім тамыр ұстаушы едім.

Екі кісі айтты:

– Жүр! – деді, – алыпқа! Ежігелді алыпқа жүрді, алыпқа келді, тамырын ұстап көрді. Ұстаған соң айтты:

– Қырық құлаш жібек арқан маған алып кел, төрт темір қазық алып кел, бір табақ қара тікен тұз алып кел, өткір пышақ алып кел! – деді.

Қырық құлаш жібек, төрт темір қазық әкелді, бір табақ тұз әкпелді, өткір пышақ әкпелді. «Төрт темір қазықты жерге қақ», – деді. Жерге қазықты қақты, «Алыпты кер», – деді, керді алыпты, байлады алыпты, төрт қазыққа байлады. Ежігелді жалшыларына айтты:

– Алып ойбайласа да, келмеңдер, – деді.

– Менің қылған еміме шыдамас.

Жалшылары кетті. Ежігелді пышақ алды, пышақпенен Дауғар алыптың терісін тілді, тұзды құйды, қамшыменен сабады, сабады, сұрады:

– Ала өгізімнің еті тәтті ме екен? – деп боқтады, боқтады, Дауғар алып ойбай, ойбай салды. Қырық нөкер ойбай салғанын естіді. Ежігелдінің айтқан сөзіменен келмеді.

Ежігелді қашты, алдынан бір түйелі кісі келе жатыр, келіп амандасты, сөйлесті. Ежігелді сұрады:

– Қайда барасың?

– Дауғар алыптың аулына барамын, – деді. Ежігелді айтты:

– Түйеңді маған бер! – деді.

– Неге? – деді.

– Дауғар алыптан ақша ап берейін.

– Не деп ақша ап бересің? – деді. Ежігелді айтты:

– Аулының тұсынан өте беріп, ала өгіздің иесі менмін десем, ақша маған береді, – деді. Бағанағы кісі айтты:

– Оны мен өзім айтып аламын, – деді.

Түйелі кісі ауылдың тұсына келді, айтты:

– Ала өгіздің иесі менмін! – деді.

– Аспаға асқан менмін! – деді.

– Жоныңа тіліп, тұзды салған менмін.

– Қамшыменен соққан менмін. Дауғар алып айтты:

– Со кісіні ұстаңыз. Ұстады со кісіні, ұстап алса, сұрадылар.

– Ол сөзге сені кім үйретті? – деділар. Түйелі кісі айтты:

– Бір қашып баратұғын бала үйретті. Алып сұрады:

– Со бала қайда кетті? – деді.

– Қалаға таман кетіп барады, – деді.

Енді екі кісі Ежігелдіні қуды, қуып жетті балаға, бала қалаға жеткен екен. Бала қуған кісіні көрді, бір жаман үйге кіріп кетті. Кіріп келсе, бір таз бала бар екен, диірмен тартып тұрады екен. Ежігелді айтты:

– Ой, тазым! – деді. – Ештеме білдің бе? – деді.

– Жоқ! – деді.

– Дауғар алыптың қаршығасының торы жыртылып қалып, таздың басы керек деп, екі кісі келеді, – деді. Таз қашты. Екі кісі келді де, жаман үйге кірді. Бағанағы Ежігелді бетіне ұнды жағып, диірмен тартып отырды. Әлгі екі кісі сұрады:

– Бала қайда кетті? – деді. Ежігелді «Сөйлесем, даусымнан таныр», – деп, «м! м!» – деді, сақау болды, екі кісі кеткен екен деді, шықты, шығып бір үйге келсе, бір таз бала тақтайға басын соғып отыр, қызыл ала қылыпты қанатып, кісі келді де сұрады:

– Не қылдың? – деді. Бала айтты:

– Басым торға жарамайды, – деді. Кісі айтты:

– Оны кім үйретті? – деді.

– Әлгі бір бала, соны үйретті, – деді.

– Ол бала қайда? – деді. Бала айтты:

– Диірмен тартып қалған, мен қашып кеттім, – деді. Екі кісі айтты:

– Сол кісі Ежігелді екен.

Бағанағы үйге қайтты, қайтып келсе, Ежігелді қашып, кетіп қалыпты. Дауғар алыптың үйіне кісі қайтыпты. Алыпқа айтты:

– Ұстай алмадық, – деді.

Дауғар алып қағаз сызды:

– Қала-қалаға Ежігелді атты кісі болса, ұстасын, – деді. Ежігелді хат жетпеген бір қалаға барып, тұрды. Бір кемпірдің үйінде тұрды, бала боламын деп тұрды. Кемпірдің баласы жоқ екен, кемпір Ежігелдіні бала қылып алды.

Ертең Ежігелді қойын жайып кетті. Сол қалаға тағы да хат келді. Сол қаланың билері, хандары кеңес қылды.

– Көшеге ақша төгелік, – деді, – кісінің бәрін де жүргізелік, – деді. – Сол ақшаны кім алса, сол – Ежігелді, соны ұсталық, – деді.

Көшеге ақша салды, кісінің бәрін жүргізді. Ежігелді жүрді, табанына желім жағып алып, көшедегі ақшаның бәрін түгесті, бір теректің түбіне апарып, ақшасын тастады. Ежігелді көп кісінің ішінде жүр екен.

Қаланың билері, хандары кеңес қылды.

– Бізге көрінбеді. Бір түйеге қазына артып, жүргізелік, соны алғанда, ұстап алалық, – деді. Жетелетті. Кешке таман бір үш топ арақ алып, Ежігелді түйе жетектеген балаға алып келді.

– Іш, – деді, – шөлдедің, – деді.

Ішті, ішіп мас болып, жығылып қалды. Түйені алып, Ежігелді кетіп қалды. Үйіне әкелді түйені. Сойды, сойып шешесіне берді. Түн болған соң теректің түбіне келді, ақшасын алып отыр еді. Ханның уәзірі келіп, Ежігелдіні көріп, ұстап алды, терекке байлап тастады. Уәзірдің өзі ханға кетті. Ханға барып айтты:

– Ежігелдіні ұстап, терекке байлап қойдым, – деді.

Ежігелді таңулы тұр. Бір қатын суға келе жатыр, екі шелегі бар.

– Ай, қатын! – деді, – бері кел! – деді. Қатын келді.

– Нағылған жансың? – қатын сұрады, – таңулы тұрған, – деді.

– Қатынымның ойнасы бар екен, соны ұстап алып едім, – дейді.

– Ол кім екен? – дейді.

– Уәзір екен, – дейді. –Ұстап алып едім, алған соң уәзір «Мен қатыныңды аламын», – деп, мені терекке таңып қойды.

– Ханға айтып, басыңды алдырамын, сен Ежігелді екенсің, өтірік айтып, менің үстіме қатын алайын деп жүр екен, – дейді.

Ол қатын Ежігелдіні шешіп қоя берген. Шелегін тастап, қатын ханға барды.

– Бұған нанбаңыз, – деді. – О кісіні шешіп қоя бердім, – деді. – Бір бейшара екен, қатынымен мына жүзі қара ойнас екен, өлтіріп, қатынын алайын деп, сізге шағыстырып, өтірік айтып отыр. Мен қоя бердім.

Ежігелді үйіне барды, шешесіне:

– Бір қырық құлаш арқан есіп бер, – деді. Ертең қойын жайып кетті. Хан кеңес қылды, елін жиды, кісіге айтты:

– Түйенің етін тауып әкелген кісіге басынан төмен ақша құямын.

Бір кемпір:

– Мен тауып әкелемін, – деді.

Ежігелдінің үйіне кемпір келді.

– Бір түйенің майы бар ма? – деді.

– Баламның басының қотыры бар, соған керек, – деді. Ежігелді алдынан шықты.

– Кемпір, қайдан келесің? – деді.

– Шешеңнен түйенің майын әкелемін, баламның басының қотыры бар еді, – деді. Ежігелді айтты:

– Түйенің басын саған берейін, – деді.

– Үйге жүр.

Кемпірді үйіне әкелді, өлтірді, бір қолын кесіп алды, түн болды.

– Ханның жалғыз қызы бар екен, соған барамын, – деді. Түйенің қуығын алды, толтырып су алды, бір біз алды, кемпірдің қолын алды, келді ханның қызының үйіне. Жеті қабат үйі болды, жеті қабат арқанмен үйдің төбесінен түсті. Қызының қасына келді, қыз ұстап алды. «Сен Ежігелді екенсің», – деді. «Мен –Ежігелді», – деді. «Әкеме айтып, басыңды алдырамын», – деді.

– Әкеңе айтып, басымды алдыр, бүгін маған қойныңа жатқыз.

Қыз:

– Жат, – деді.

Ежігелді қыздың қойнына жатты, таң атып келеді. «Сигім келді», – деді. Қыз айтты: «Сен қашып кетесің», – деді. Ежігелді деді: «Қашады десең, қолымнан ұстап тұр!». Кемпірдің қолын ұстатты, қуықты бізбен шаншып алды, қашып кетті. «Бурташ болған» қыз айтты, тартып қалды қолынан, тартып қалса, құр қол келді. Тұрды, беті-қолын жуды, әкесіне барды, айтты әкесіне: «Ежігелді келіп, менімен ойнап кетті». Әкесі ашуланды. Хан құса болды. Түйесін ұрлатқанын, ақшасын ұрлатқанын, қызымен ойнап-күлгенін бір басқа хан естіді. Қағаз сызды, жіберді: «Ақшасын ұрлатқанша, түйесін ұрлатқанша, қызын ойнатқанша, дамбал бауына буынып өлсін», – деп. Дамбал бау жіберді. Хан ашуланды, елін жиып алып, айтты:

– Бір хан маған зорлық қылды, сол ханды өзімдей қылып келген кісіге кім де болса, қызымды беремін, – деді. Ежігелді ханға келді.

– Мен – Ежігелдімін, – деді, – сол ханды саған әкелемін, – деді – қызыңды беремісің? – деді. «Беремін», – хан айтты. Айтқаннан соң Ежігелді айтты:

– Маған алпыс ала сауысқан атып бер, – деді. Атып берді, Ежігелді бір абдыра алды, арқалап кетті. Барды, хандікіне барды. Хан қатынымен шай ішіп отыр екен. Ежігелді алпыс сауысқанның терісін тайтері қылып киген екен, үйге кірсе, хан менен қатыны шошып тұрған. Ежігелді абдыраның аузын ашты, «Жалаңаш түс», – деді. Қатыны мен хан қорқып, түсті. Ежігелді абдыраның аузын жапты, арқалап қайтты, ханның үйіне әкпелді.

– Әкелдің бе? – хан айтты:

– Әкелдім, – деді. Абдыраның аузын ашты, жалаңаш қатын мен хан түрегелді. Екеуі жылады:

– Не болды? – деді.

– Білмеймін, Әзірейіл екенін, не екенін білмейміз деді, абдыраға түс дегенін білеміз, – деді.

Хан айтты:

– Буынып өлсін!

Дамбалдың бауын өзіне қайта берді. Хан қайтты үйіне, үш күннен соң өлді. Ежігелді ханның қызын алды.

26. МОМЫНБАЙ МЕНЕН ЖЕТІ ҚАРАҚШЫЛАРДЫҢ ХИКАЯСЫ

Ертеде бір Момынбай деген кісі бар екен. Бұл Момынбай асқан жуас, өтірік сөйлемейтін, қаріп-қасыр, жетім-жесірге рақымды, жақсы адам екен. Сол себепті Құдай тағала бұл Момынбайға аямай үлкен дәулет беріп, мұның төрт түлік малының, алтын-күміс қазынасының қисабы жоқ үлкен бай екен. Ол заманда бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін алып, дүнияны құртқан һәм ұрлық-қарлық, залымдықпенен жеті қарақшы атанған бір жеті қу бар екен. Күндерде бір күн бұ қарақшылар өзді-өзі сөйлеседі. Момынбай һешбір кәсіп қылмайды, құр малын баққаннан басқа. Сөйтсе де, оның дәулеті күннен күнге арта береді. Біз қанша азаптанып, тырыссақ та, Құдайым біздің дәулетімізді арттырмайды.

– Қой, не қылсақ та, амалдап, осы Момынбайды құртып, дәулетін олжа қылайық, – деседі.

Осылайша уағда қылысып, жөні келсе, алдап, жөні келмесе, ұрлап, екі-үш жылдың ішінде-ақ қарақшылар Момынбайдың қисапсыз дәулетін қор қып, тәмам қылады. Момынбай дәулеттен айрылған соң бұрынғы дос-жарлары, ағайындары һәм мұның малын бағып, қызметін қылып, күнін көріп отырған көршілері мұның қылған жақсылығын ұмытып, алды-алдына бытырап кетеді. Сөйтіп, Момынбай мырза деп дүнияға даңқы шыққан, дүнияға малы сыймаған бай жеті қарақшының арқасында қисапсыз дәулеттен айрылып, ағайын-туғаннан, дос-жардан айрылып, қара лашық тігіп, жалғыз үй қалады. Лашықтың іші толған жас бала, кемпірі болса, ауру, төрт түлік малдан қалған жалғыз-ақ – көк есек. Күндерде бір күн Момынбай бұрынғы дәулетін ойлап, жұрттың қылған қошеметін ойлап, һәм өзінің бұ күндегі халін ойлап:

– Ай, дүние, шіркін-ай, пендеге бірде бетін, бірде көтін көрсетеді екенсің ғой, – деп, бек қапа болып отырады да, ойлайды:

– Мен бұ халға жеті қарақшылардың арқасында жеттім. Қылғанға қылғанның айыбы жоқ деген қазақтың сөзі бар еді, мен де бұ қарақшыларға бір іс көрсетсем қайтеді?

Момынбай осылайша ой қылады да, сандығында жатқан үш-төрт күміс теңгені қалтасына салып, көк есегіне мініп, жеті қарақшылардың аулына қарап жүреді. Ауылға жақындап келгенде қалтасындағы баяғы күміс теңгелерді есегінің көтеніне тығады. Сонан соң ауылдың желкесінде, төбенің басында тамаша қылып отырған қарақшыларға келіп:

– Асаламмағалейкум, – деп, сәлем береді. Қарақшылар:

– Уағалайкім ассалам, Момынбай, мал-басың аман ба? Жол болсын, қай жаққа барасың? – деді.

Момынбай айтты:

– Шүкір Құдайға, басымыз аман, малың аман ба деп, несін сұрайсыңдар, малдың бәрін өздерің жиып алдыңдар ғой. Міне, енді бала-шағам қорек қылатын да һеш ауқатым болмаған соң баяғы дос-жарлардан бір нәрсе болар ма деп анау ауылға бара жатырмын, – деді.

Бұ сөздерді айтты да: «Қош болыңдар!» – деп, Момынбай жөніне жүре берді. Һәм үйден ала шыққан қолындағы бізбенен қарақшыларға байқатпай, есегін сауырына шаншып алды. Біздің жанына батқанынан есек құйрығын жиып қалып еді, баяғы күміс теңгелердің біразы көтінен түсіп қалды. Тағы бір шаншып қалып еді, тағы бір теңге түсті. Сөйтіп, есектің көтіндегі үш-төрт күміс теңге – бәрі де түсіп қалды. Момынбай байқамаған болып, артына қарамай, жүре береді. Қарақшылар есектің көтінен күміс теңге аққанын көріп, бұны керемет деп, таң қалысып тұрды да, қарақшының біреуі айтады, «Бұны ғажап іс, мұның мәнісін білуге керек», – деді. Бүтіндері мақұл деп, ертеңіне бәрі аттанып, Момынбайдың үйіне келеді һәм сұрайды.

– Момынбай, кеше сен бізбенен қош айтысып кете бергенде есегіңнің көтінен қанша күміс теңге құлап қалды. Мұның мәнісі қалай, жасырмай, расын айтшы, – деді.

Момынбай айтты:

– Баяғы қисапсыз көп малымнан қалғаны осы – жалғыз көк есек, әйтеуір, осы есектің арқасында кемпір, балам аш-жалаңаш болмай тұрады. Бұл есектің өнері сол – сұлы жеген күні күміс теңге тышады, арпа жеген [күні] тіллә тышады.

Қарақшылар мұны естіп, таң қалысып, шетке шығып, мәслихат қылады. Бұл жалғыз есегін ұрлап алғанымыз енді Құдайға да мақұл болмас. Қанша болса да, ақша беріп, бұл есекті сатып алалық, берген ақшамызды тез-ақ өндіріп аламыз ғой, – деп, Момынбайға келіп:

– Бай, бұл есегіңді бізге сат, – дейді. Момынбай:

– Бала-шағам ауқат қылып тұрған жалғыз есегімді сатпаймын, – десе де, қоймай, көп тіллә беріп, есекті алып, қарақшылар аулына қайтады. Ертесіне есекті арпаға әбден тойғызып, мұның өнерін көрелік деп, қарақшылар бәрі жиылып, есекті жығады, төрт аяғын қатты қылып байлайды. Бір-екеуі есектің көтінен шыққан алтын шашылмасын деп, қап төсеп тұрады да, қалғандары қолдарына бірер ағаш тоқпақ алып, есектің ішін тоқпақтай бастайды. Арпаға тойған есек тоқпақтан барт-барт тышады. Қарақшылар алтын шығып жатыр деп, онан сайын қатты тоқпақтайды. Миллионша есекті тоқпақтап, енді біраз алтын шыққан шығар деп, қапты алып, ішіне қарап, қап толған боқ, боқты қолдарыменен аралап қараса, жалғыз да тіллә жоқ. «Бұ қалай?» – деп, қарақшы таң қалысып, тұрып-тұрып, есектің аяғын шешіп, тұрғызайық десе, есек өліп қалыпты. Мұны көріп, Момынбайдың алдағанын біліп, «Қап, Момынбай, бізді ақымақ қылған екен. Орынды жазасын берсе болады», – десіп, қатты ашуланып, ыза болады. Ертеңіне қарақшылар бәрі де атқа мініп, Момынбайдың үйіне қарап жүреді. Момынбай бұлардың келе жатқанын көреді де, жүгіріп, үйге кіріп, алдыңғы күні есек сатып алған көп тілләнің қуанышымен сойған қойдың ішегіне [қан] толтырады да, кемпірінің мойнының айналасына байлап, айтады:

– Қарақшылар үйге кіре бергенде сен есіктің бір жағынан шыға қаш. Мен қолыма пышақ алып, боқтап, балағаттап, сені қуармын. Сен қашып, барып-барып, жығылған бол, мен сені пышақпенен бауыздаған болармын. Мойныңдағы ішектен қан ағар, сен қорылдап, өлген бол да қал. Біраздан соң мен ішек қаптаған қарт сырнайымды тартып-тартып, сені келіп: «Не қылып жатырсың, тұр», – деп, басыңа тебермін, сен «Ойбай, қатты ұйықтап қалыппын ғой», – [деп], ұшып тұра кел, – дейді.

Ол екі арада қарақшылар келіп, аттарын байлап, үйге кіре бергенде кемпір есіктің екінші жағынан шыға қашады. Момынбай ашуланған болып, боқтап-балағаттап, кемпірді артынан қуа шығады. Кемпір қашып барып-барып, жығылады. Момынбай артынан жетіп барып, қолындағы пышағыменен жығылып жатқан кемпірді «бауыздап» жібереді. Кемпірдің тамағынан қан ағып, қорылдап, «өліп қалады». Момынбай үйге қайтып келіп, ашуланған болып отырады. Қарақшылар мұны көріп, Момынбаймен сөйлесуге бата алмай, отырады. Біраздан соң Момынбай ашуы тарқағандай болып, керегенің басында тұрған қарт сыбызғыны алып, тартып-тартып, «өліп жатқан» кемпірді «Не қылып жатырсың, тұр?», – деп, басына тебеді. Кемпір «тіріліп», «Ойбай-ай, қатты ұйықтап кеткен екенмін ғой», – деп, ұшып тұра келеді.

Қарақшылар мұны көріп, таң қалысып:

– Момынбай, бұ не ғажап іс? – деп сұрайды. Момынбай айтты:

– Мұнда һеш ғажап іс жоқ, бәрі мынау қара сыбызғының қасиеті, һәр түрлі күйді ойнап-ойнап, өлген кісіні басына тепсең, ұшып тұра келеді, – дейді.

Қарақшылар бұған таң қалысып:

– Бай, осы сыбызғыңды бізге сатшы, – деп, жабысады. Момынбай:

– Ата-бабамнан мирас қалған жалғыз сыбызғыны да маған көпсіндіңдер ме? Қанша берсеңдер де, сыбызғымды сатпаймын, – десе де, қарақшылар жабысып қоймай, ақырында, есепсіз көп тіллә беріп, қара сыбызғыны сатып алып, ауылдарына қайтады.

Ауылдарына келсе, бәрінің де қатындары ауыл қыдырып кеткен екен. Бұлар қатындарына қатты ашуланып, барған жерлерінде тауып алып, бәрі де қатынын бауыздап тастайды, сосын сыбызғыны тартып, тірілтіп аламыз деп. Біраздан соң біреуі сыбызғыны тартып-тартып келіп, өліп жатқан қатынын басқа тебеді. Қатын тұрмайды. Екіншісі келіп, қатынын басқа тебеді, тұрмайды. Үшіншісі келіп, тебеді, о да тұрмайды. Сөйтіп, жетеуі де қатынын өлтіріп алады. Мұны көріп, Момынбайдың тағы алдағанына көзі жетіп, қарақшылар жаман қатты ашуланып, ыза болып, «Бұл Момынбайды тірі қоймайық», – деп, уағда қылысады.

Бұл екі арада Момынбай кемпіріне айтады:

– Жеті қарақшыларға мен қолымнан келгенімді қылдым, енді олар маған мейлінше өшікті. Өшін алмай қоймас. Мен азық-түлігімді, төсек орнымды алып, анау үлкен жолдың үстіндегі қара молаға барып, жатайын. Кеш сайын үйге келіп жүрермін. Агар қарақшылар мені сұрап келсе, сен жылаған болып, «Үш-төрт күн болды, Құдайдан қаза жетіп, дүниядан қайтты, моласы анау тұрған дегейсің», – деп, кемпірге үйретіп, Момынбай азық-түлігін, төсек орнын алып, баяғы жол үстіндегі қара моланың ішіне кіріп, жатып алды. Мұнан соң бірнеше күн өткеннен кейін қарақшылар Момынбайдың үйіне келсе, қара киіп, шашын жайып, бетін жыртып, жылап, дауыс қылып отырған кемпірді көреді.

– Ай, бәйбіше, не болды? – деп сұрайды. Бәйбіше айтады:

– Құдайым, әуелі сансыз малымды, сансыз қазынамды алды. Ақырында, қойнымдағы байымды алды. Үш-төрт күн болды Құдайдан қаза жетіп, Момынбай дүниядан қайтты. Моласы – анау, үлкен жолдың үстіндегі қара мола, – дейді.

Мұны естіп қарақшылар:

– Әй, бәрекелді-ай, тірісінде өшімізді ала алмай қалдық-ау, – десіп, көп өкініп, ауылдарына қайтады.

Күндерде бір күн жеті қарақшылар бір керуен талап, көп алтын-күміс олжа алып, үйлеріне қайтып келе жатып, нақ Момынбайдың моласына келеді. Қарақшының біреуі айтады:

– Мынау Момынбайдың моласына кіріп, олжамызды бөліп алсақ, қайтеді? – дейді. Бүтіндері мұны мақұл көріп, бәрі де аттарынан түсіп, қап-қап алтын-күмісті алып, молаға кірсе, Момынбай тірі адамдай төсегін жайып жатыр, бас жағында бір саба қымыз, табақ-табақ піскен ет тұр. Мұны көріп, қарақшылар ойлайды:

– Япырмай, мынау Момынбай иманды болып, ұшпаққа кірген екен. Қарашы, көрінен шығып, тірі кісідей төсекте жатқанын, ет, қымыз дегенің мынау, – деп, таң қалысып тұрып, ақырында, отырып, олжаларын бөліседі. Алтын-күмісті жетіге бөліп, үйіп қойып, мына бөлімді мен аламын деп, біреуі айтып, жоқ, мұны сен алмайсың, мен аламын деп, өзді-өзі олжаға таласып, у-шу аямай шығады. Сол уақытта жатқан Момынбай:

– Һешқайсысың да алмайсың, мұның бәрі де менікі, – деп, орнынан ұшып тұра келеді.

Мұны көріп қарақшылардың есі шығып кетіп, моладан жүгіре-жүгіре шығып, аттарына мініп, алды-артына қарамай, ауылдарына қарай қашады. Бұлар кеткен соң Момынбай алтын-күмісті жиып алып, үйіне апарып береді.

Қарақшылар аулына келіп, естерін жиып алған соң өзді-өзі сөйлеседі.

– Бұ Момынбай тірісінде бізге қанша қорлықты көрсетіп еді, енді өлгенде де тек жатпай, қанша олжамызды алып қалды. Мұнан не қылып өшімізді аламыз? – деседі. Сонда біреуі тұрып айтады:

– Һеш болмаса моласының басына тышайық, – деді. Бәрі де мұны мақұл көріп, аттарына мініп, Момынбайдың моласына қарай жүреді. Момынбай бұлардың келе жатқанын көріп, һәм не ойменен келе жатқанын сезіп, моланың ішінде жанып тұрған отқа бір істік темірді салып қыздырады. Ол екі арада қарақшының біреуі моланың басына шығып, төбесіндегі тесікке көтін қойып, «Мә, бәлем, саған» деп, тыша бергенде, моланың ішінен Момынбай қызарған істік темірді көтіне тығып алады.

Қарақшы:

– Ойбай-ай, иттің аруағы ұрды, – деп, көтін қолымен басып, моладан түсе қашады.

Екінші қарақшы батырсынып келіп еді, Момынбай оның да көтіне ыстық темір тықты. Сөйтіп, батырсынып, өшімізді аламыз деп, жеті қарақшының жетеуі де көтіне істік темір кіргізіп алды. Сонан соң бұлар жаман ыза болып, не қыларын білмей, ақымақ болып, аулына қайтады. Бұлар кеткен соң Момынбай нәрселерін жиып алып, үйіне келіп, баяғыдай шаруасын қылып тұра береді. Момынбай өліп, тіріліпті деген хабар тез-ақ елге жайылып, ақырында, ханның құлағына тиіпті. Хан мұны естіп, қайран қалып, Момынбайды шақыртып алады.

– Ай, Момынбай, сені өлді деп естіп едім, сен қалайша тірілдің? – дейді.

Момынбай айтады:

– Тақсыр, ханым, менім өлгенім рас еді, артымда жесір қатын, жетім балаларым, қанша малым, қазынам, жеті құлым қалып еді. Сол құлдарым жетімдердің сөзін тыңдамай, зорлық-зомбылық көрсетіп, малдарын бөлісіп алып, қашып кетіпті. Жетімдер мұндай қорлық көріп, Құдайға шын ықыласымен жылаған соң Жасаған ием сол жетімдерге рақымы түсіп, мені тірілтті, – деді.

Хан мұны естіп, таң қалып һәм құлдардың қылған ісіне қатты ашуланып:

– Момынбайым, сен ол құлдарыңның осы күнде қайда екенін білесің бе? – деді. Момынбай:

– Білемін, тақсыр, – деп, баяғы жеті қарақшыны көрсетеді. Хан дереу жасауыл жіберіп, жеті қарақшыны алғызып:

– Сіз неге жетімдерге зорлық қылдыңдар? – деп, жаман ұрысты.

Қарақшылар айтады:

– Тақсыр, біз һешкімге зорлық қылғанымыз жоқ. Һәм һешқашан құл болған емеспіз, – деді.

Сонда Момынбай айтады:

– Мен, тақсыр, жаңылсам, жаңылып тұрған шығармын, менің құлдарымның таңбасы бар еді. Агар да бұларда таңба жоқ болса, менің жаңылғаным рас болғаны, – деді. Хан сұрады:

– Сенің құлдарыңның қандай белгісі бар еді? – деді. Момынбай айтты:

– Менің құлдарымның істік темірменен салған көттерінде таңбасы бар еді, – деді. Хан дереу қарақшыларды шешіндіріп қараса, көттерінде Момынбай айтқан таңбасы бар екен. Мұнан соң хан Момынбайдың сөзі рас екен деп, жеті қарақшыны малы-жаныменен Момынбайға бұйырып береді.

Сөйтіп, Момынбай дұшпандарын құл қылып алып, баяғыдан артық дәулетті, қадырман болып, дүниядан өтті.

«Ұрлықтың түбі – қорлық» деген мақал осыдан қалған екен.

27. ҰР, ТОҚПАҚ

Бұрынғы өткен заманда бір шал мен кемпір болыпты. Шал мен кемпір кедей болыпты. Шал мен кемпір тұзақ қойып, күнін көреді екен. Бір күні шал келіп, тұзағына қараса, тұзағына бір қаз түсіп қалыпты. Шал келіп, қазды тұзақтан босатып алып, бауыздайын десе, қаз шалға айтыпты.

– Мені сен босат, менен не сұрасаң, соны бір жылдан кейін ал, – дейді.

Шал:

– Мақұл, – деп, қазды жібереді. Үйіне келіп, жаңағыны айтса, қатыны шалды ұрсады. Шал:

– Қой, сен нені білесің? – деп, сөзін тыңдамай, жүре береді. Бір жыл өтеді. Шал қазға бармақшы болады. Шал қаздың үйіне қарап жүреді. Бір жерге келсе, өңкей түйе жайылып жүр екен. Келіп, түйешіден:

– Бұл кімнің түйесі? – десе,

– Бұл – Қазы байдың түйесі, – дейді.

Шал ойланып, жүріп кетеді. Бір жерге келсе, көп қой жайылып жүр екен. Шал келіп:

– Бұл кімнің қойы? – деп, қойшыдан сұрайды. Қойшы:

– Бұл – Қазы байдың қойы, – деді.

Шал жаңағы баладан:

– Шырағым, Қазы байдың бұдан басқа несі бар? – дейді.

Бала шалға айтады:

– Қазы байдың үш жақсы нәрсесі бар, – дейді.

– Біреуі – қазан, «Піс, қазаным» десе, әртүрлі тамақ пісіп шығады. Тағы біреуі – есек, «Ық, есегім, алтын тыш» десе, алтын тышады, енді біреуі – тоқпақ, «Ұр, тоқпағым, ұр, тоқпақ» десе, адамдарды ұра береді, – дейді.

Шал:

– Мақұл, – деп, жүріп кетеді. Қазы бай күтіп алады. Шал Қазы байдан Піс қазанын сұрайды. Қазы бай береді. Шал алып, үйіне келе жатса, бір жерде асық ойнап жатыр екен балдар шалға:

– Ата, асқа түс, – дейді. Шал асқа түседі. Үйге кіріп бара жатып, балдарға:

– Шырағым, «Піс, қазаным, піс» демеңдер! – дейді. Шал кіріп кеткеннен соң «Піс, қазаным», – десе, әртүрлі тамақ пісіп қалыпты. Балдар қазанды айырбастап алып қояды. Шал шығып, қазанды үйіне алып барып, «Піс, қазаным» десе, ешнәрсе шықпайды. Шал қазанды алып, Қазы байдың үйіне келеді:

– Қазы бай, бұдан ешнәрсе шықпайды, – дейді. Қазы бай қазанды алып, «Піс, қазаным» десе, ешнәрсе шықпайды.

Қазы бай қазанды алып қалып, есекті беріп жібереді. Шал есекті алып, үйіне қайтады. Жолда келе жатса, балдар шалға:

– Ата, асқа түсіңіз, – дейді. Шал асқа түспекші болып, есектен түседі. Шал үйге кіріп бара жатып:

– Шырағым, «Ық, есегім, алтын тыш» деме, – дейді.

Балдар:

– Мақұл, – дейді. Шал үйге кіріп кеткен соң балдар:

– «Ық, есегім, алтын тыш», – десе, есек алтын тышты. Балдар есекті айырбастап, орнына басқа есек қояды. Шал есекті алып, үйіне қайтады. Кемпір:

– Қазға барып, алып келгенің осы ма? – дейді. Шал:

– Бұл есек алтын тышады, – дейді. Кемпір қуанып қалады. Шал есекке:

– Ық, есегім, алтын тыш, – десе, есек еш нәрсе тышпайды. Шал есекті алып, Қазы байға келеді.

– Есектен еш нәрсе түспейді, – дейді.

Қазы бай есекті алып, «Ық, есегім, алтын тыш» десе, еш нәрсе тышпайды. Бай шалға «Ұр, тоқпақты» береді. Шал «Ұр, тоқпақты» алып келе жатса, жаңағы жерде тағы да балдар асық ойнап жатыр екен.

Балдар шалға:

– Ата, асқа түс, – дейді. Шал асқа түседі. Үйге кіріп бара жатып:

– Шырағым, «Ұр, тоқпақ» демеңдер, – дейді. Шал үйге кіріп кеткен соң балдар:

– Ұр, тоқпағым, сор тоқпақ, – дейді.

Тоқпақ балдардың әрқайсысын бір ұрады. Балдар тоқпаққа жалынады.

– Ойбай, «Піс, қазаныңды», «Ық, есегіңді» берейін, – дейді. Шал шығып келе жатып, естіп қояды, шал келіп:

– «Піс, қазанды», «Ық, есекті» бересің бе? – дейді. Балдар:

– Мақұл, – деп, – әкеліп береміз, – дейді. Шал «Ұр, тоқпақты» қойғызады. Балдар «Піс, қазанды», «Ық, есекті» әкеліп береді. Шал «Піс, қазанды», «Ық, есекті», «Ұр, тоқпақты» алып, үйіне келеді. Сөйтіп, мұрат–мақсатына жетеді.

28. ЖАРҒАҚ ЖАЛШЫ

Дудабай деген бай пішен шабатын уақыт таянған соң, маусымды күнге жалшы іздестіре Түшпара қыстағына барады. Жарғақ жалшы оған кездіге кетеді. Дудабай:

– Шырағым, атың кім? – дейді.

– Атым – Жарғақ, – дейді.

Дудабай ішінен «Жарғақ деген аты жаман екен, жарытып, ештеңе тындырмас» деп, жүре береді. Екінші көшеде Жарғақ басқа кейіппен тағы кезігеді. Дудабай атын сұрап біледі де, тағы тарта береді. Үшінші көшеде басқа пішінді боп, Жарғақ тағы кездеседі. Дудабай:

– Үш кездескен жалшының аты үшеуі де Жарғақ бола берді ғой, жарыту-жарылқау Құдайдан шығар, осыны алайыншы, – деп келіседі де, үйіне алып келеді.

Пішенге шыққанша бірер жеті өтеді. Одан байдың кеп-келісімді жасы жетіп қалған Қаламқас деген бір қызы бар екен. Жарғақ жалшыға болса-болмаса да, ол ұнайды ғой. Қаламқас та Жарғақ жалшының еті тірі жігіт екенін танып, байласпаса да, тілдеседі. Ебі табылса, алып қашумен тағдыры шешілетін болады. Дудабай төс қақтаттырады. Сүйретпеге айран құйдырады. Пішен басына кетеді. Пішен басына айранды алып барыпты да, қақтаған төсті үйінде ұмытып, қалдырыпты. Дудекең Жарғақ жалшыны қақтаған төске жұмсап жібереді. Жарғақ үйді сырттап келіп, ақырын тыңдаса, Дудекеңнің қатыны тамыр сартымен ауыз жаласып отыр екен. Қызы бір жаққа (отын-суға) кеткен болса керек, сарт қатынды кешке қосына шақырады. Қосы Дудекең пішенімен қанаттас болады.

– Сіздің қосты қайдан табам? – дейді қатын.

– Мен жүрген ізіме жоңқаны шұбата салып кетем. Сонымен барып, табасың, – дейді. Сарт кетеді. Жарғақ шұба қылған жоңқаны өз қосына қарай салады да, қайта келеді. Күн еңкейгесін қатын піскен ет, тәтті ұйытқан айран алып, жаңағы жолмен жүре береді. Байдың қосына келеді. Бай азық әкелген екен деп қалса, қатын екі көзі шарасынан шығып, сасады. Сарт көріп, «Сұмдығымды сезді бай» деп, қаша жөнеледі.

Жарғақ қызды жүйрік атына мінгізіп, өзі шабан атқа міне жөнеледі. Қызды оздырып жіберіп:

– Байеке, байеке, Қаламқасты біреу алып қашып барады, – дейді.

– Қусаңшы! – дейді бай.

– Атым шабан, – дейді Жарғақ.

– Менің атыма мін, – дейді бай.

– Жарайды, – деп, міне сала құйын боп шауып, қызды қуып жетіп, сонан әрі тарта береді.

29. ШАЙТАНДАРДЫҢ АЛДАРҒА КЕЗ КЕЛУІ. ШАЙТАНМЕН СОҒЫСУ

Алдар жерошаққа аунап, ұйықтап қалған екен, бір уақытта оянып, көзін ашса:
Елбектейді ақырын,
Елестейді ақырын
Дәл өзінің үстінде

Дәл көргендей түсінде…

Бірдеңелердің жүргенін сезеді. «Шайтан дегендерің осы екен» деп, көзін қайта жұма қояды.

Түлен түртпек түленбек,
Біздің қазақ тілінде.
Бәле үстіне бәле өнбек
Бір бәлеге ілінбе.

Ескілердің айтуынша, Түлен, Құлан дейтін екі шайтан бар.
Осы шайтандар Ебілістен бата алып, әдейі қазақты алдауға шығыпты.
«Түлен түртті» дегендегі Түлен осы Түлен болса керек.
Секектесіп желісіп,

Қап тауынан қадаңдап.
Түрлеріне келісіп,
Жетіп кепті жалаңдап.

Қазақтың ол уақытта надан уақыты ғой, Түлен-Құлан пісулі дәмге тап келіп, қарқ болып қалыпты. Содан бері «алдау-арбау, түлен түрту» дегенді қазақ жақсы білетін болса керек. «Қалған–құтқан азық қайдан кездесер екен», – деп, жортып жүріп, Түлен мен Құлан жерошақта аунап жатқан Алдардың үстінен шығады.

– Жатысы жаман екен. Осы қазақ болар, – деп, Түлен мен Құлан тұра қалады.

– Қазақ өлмесе, жерошаққа түспейтін еді ғой. Бұл өлген адам болу керек, – деседі.

«Өлі–тірісін білейік», – деп,
Сағым болып күлтілдеп,
Көлеңкесі бүлкілдеп
Алдекеңнің үстінде

Елестейді ойнақтап,
Жас ботадай тайрақтап...

Алдекең шайтандарға жолыққанын біліп, өлген кісі болып, тырп етпестен жата береді. «Басқа не салса да, осылай жатып көрейін», – деп, шайтандар айқайласа да, қытықтаса да, үстінде ойнақтаса да, былқ етпейді.

– Бұл өлген қазақ екен, – дейді. Ақырында, шайтандар шаршап, отыра қалып, екеуі кеңеседі.

– Мұны не істейміз? – дейді.

– Кебіні жоқ, көрі жоқ бір қазақ екен. Мұны тірілтіп алсақ, бізге дәл жолдас болады екен, – дейді біреуі.

Осыған екеуі де қол қойысады. Бірақ, Алдарды немен тірілтетінін білмей, біраз отырысады. Ақырында, біреуі айтады:

– Қазақ екен қазы әкел,

Қазы әкелсең, таза әкел.
Сусынсыз тағы тұрмайды,
Қымызы болса, қоса әкел.

– Бұлардың қулықтарын! Мені қымызбен, қазымен жеңіл ала қоймақ қой! Аларсың! – дейді Алдар ішінен. Бірақ, қазыны әкеліп иіскеткенде, бұл уәдесінде тұра алмайды. Аузы қазыға қарап, ашыла береді. «Тез тіріліп кетсем, бермей қоя ма», – деп, Алдар қазыға, қымызға тойып болғанша орнынан тұрмай, көзін жұмып жата береді. Әбден тойып алғасын ғана «тірілген» болып, көзін ашып, орнынан тұрады. Шайтандар Алдардың «тірілгеніне» қуанып, тұра сала биледі.

«Ай, қазақ, қазақ», – деп, «Тамағы бір азап деп», – жатып тұрып мазақтайды. Алдар білмегенсіп, шайтандардың жөнін сұрайды, «Кімсіңдер?» дейді. Шайтандар жөнін айтады. Алдар жатып-тұрып, бәле салады:

– Сендер тыныш жатқан мені неге тірілттіңдер? Бұл дүниенің азабынан жаңа ғана құтылып, жаным рақат тауып жатқанда. Мен бұл дүниеден азар құтылып едім. Жоқ, сендердің бұларыңа көнбеймін. Мен бұл дүниеде көрініп жүре алмаймын, тірілткен сендер, айып сендерде. Мені өздеріңнің пішіндеріңе енгізесің, әйтпесе, бүлік саламын, – дейді.

Шайтандар бір-бірімен ақылдасып:

– Біздің істейтініміз аздыру ғана еді. Енді амал жоқ. Айып өзімізден. Бізге жолдас боларсың, пішінімізді берелік, – дейді. Сөйтеді де, тіл астына салатын теңгелері болады екен. Біреуін Алдарға береді. Алдар оны тілінің астына салып, о да шайтан кейіпіне кіреді. Өтірік болса, жаны шықсын! Шайтанның тілі астында теңге болады екен; оны қолға түсіріп, үш күнге дейін бермеген адам байиды екен деген қазақ әңгімесі, осы Алдардың тәжірибесінен алынған нәрсе болса керек.

Сонымен Алдар шайтан болып алады. Үшеуі бірігіп, жүріп кетеді. Ай жүреді, жыл жүреді. Бір жерлерге келгенде үшеуі де шаршайды. Дем алып отырып, Құлан айтады:

– Жүре-жүре шаршайтын болдық. Бәріміз бірге шаршағанша бірімізді біріміз кезек-кезек мойнымызға мінгізсек, – дейді.

Алдар мен Түлен мақұл көреді.

– Алдымен қайсымыз мінеміз? – дейді Құлан.

– Мен жаңа ғана шайтан болдым ғой. Сондықтан болу керек, аяғымның алға басатын қалы қалған жоқ. Алдымен мен мінейін, – дейді Алдар отырып.

– Жарайды, – дейді ана екеуі.

– Қанша уақыт мінгізуіміз керек мұны, уақыт белгілеу керек, – дейді Түлен отырып.

– Уақыт белгілеудің керегі не? Мен өлең айтайын, сол біткенше мінгізсеңдер болғаны. Сендер де өлеңдерің таусылғанша мінерсіңдер, – дейді Алдар.

Түлен мен Құлан мұны да мақұл дейді. Сонымен Алдар екі шайтанның мойнына мінеді. Ыңырсып:

– Әләләй, әләләй екен әли әйдім… – деген өлеңін айтуға кіріседі.

Шайтандар «Алдардың өлеңі бір таусылар» деп, әрі жүреді, бері жүреді. Бірақ, Алдардың «әләләйі» таусылмайды. Тақи шаршағасын:

– Осы сенің әләләйің қашан бітеді? –деп сұрайды.

– Әләләйім бітсе, әри әйдім дегенім тағы бар. Жүре беріңдер, – дейді.

Өтірік айтса, жұрттың жаны шықсын, осы «әләләй» мен «әри әйдәйді» айтып, Алдар екі шайтанға бір жыл мінеді деген сөз бар. Жүріп-жүріп, екі шайтан өлер болғасын, бір ағаштың түбіне келіп, «Уһ» деп, сүйене кетеді. Ағаштың іші қуыс екен. Шайтандардың салмағына шыдай алмай, ағаш бір жағына құлай кетеді. Ағаштың қуысына тығылған ат басындай алтын бар екен.

Ағаш құлағанда, сол көрініп қалады.

– Мынау бір олжа болды, – деп, Түлен алтынды астына басып алады.

Ат басындай алтынды көргенде Алдардың есіне баяғы қалыңдығы түседі. «Осы алтынды қалай алам?» деген ойға келеді.

– Осы бір жалтылдағаның немене өзі? Қане, көрейінші, – деп, алтынды өзіне тартады. Бірақ, шәйтекең оған бере қоймайды:

– Бұл алтын деген болады. Қазақтың: «жол – жасы үлкендікі» деген салты бар ғой. Бұл алтынды үшеуміздің қайсымыз үлкен болсақ, сол алу керек. Әйтпесе, бере алмаймын! – деп, астына тыға түседі.

Шайтанның қулыққа шапқанын Алдар біліп қояды. Жасқа кеткенде Түленнен (Түлен түртуден) бұрын жаралған ешкім жоқ. «Қулығыңа қулық, бәлем!» – дейді ішінен.

– Жарайды, мұның дұрыс екен. Ал, жас санаса қоялық, – дейді Алдар.

Түлен тұрып:

– Менен үлкендерің бола қоймас. Алтын менікі болар.

– Жаңа туып жатқанда,

Қарап едім аспанға:
Артық-кем емес білемін,
Жер-алақандай көлемі.
Бір-ақ қана бел еді.

Тоқымдай ғана жер еді, – дейді.
Құлан тұрып:

– Ойбой, сен менен көп кіші болдың. Сенің кіші екеніңді кім білген?

– Мен туғанда ырасы:

Бейнеленіп арасы,
Жаралмаған жер мен көк,
Шайтан, адам мүлдем жоқ, – дейді.

Осы сөзді Құлан айтып бола бергенде, Алдар өкіріп қоя береді. Екі шайтан аң-таң болып, бір-біріне қарайды.

– Оның не? – десе, онан жаман өкіреді. Тіпті, әрі–беріден соң, «Ой, бауырымдап», басын жерге соғып, жылайды. Шайтандар:

– Бұл алтынды ала алмайтын болғасын, жас болғасын жылап отыр, – деседі.

– Жоқ, олай емес. Алтының құрысын! – дейді Алдар кемсеңдеп. – Құлан, сен туған уақытыңды айтқанда, іштегі күйіктің аузы ашылып кетті.

– Дәл сен туғанда,

Үлкен бір той болып еді.
Атқа шауып жүргенде
Кенже балам өліп еді.

Көптен көмескіленіп жүрген үлкен қайғым еді. Еске түсірдіңдер, – деп, тағы өкіріп қоя береді. Түлен мен Құлан Алдарға көңіл айтып, азар жұбатады. Жұбатқанда, әрине, құр көңіл айтып емес, алтын беріп, жұбатады. Құр көңіл айтқанға жұбанып, Алдар құтырынып кетті дейсің бе? Шын көңілімен жылап отырғасын шайтандар «Айтқаны рас екен» деп ойлайды. Алдар шайтан жолдастарын ертіп, баяғы өзіне қызын бермей кеткен байдың аулына тартады: «Жамбасыма бір келсең» дегенді ойына алады. Күн жүреді, түн жүреді. Бәрі де шаршайды. Бір қыстауға келіп, дем алып отырып, Түлен әңгіме бастайды:

– Анау күні шаршағанда, Алдарды мойнымызға мінгіздік. Ол «әри әйдімін» тауыспай, сорымызды қайнатты. Он күн, он түн арқаласақ та, әри әйдімін бітіре алмадық. Бізді арқалайтын жол енді Алдардікі, – дейді.

– Жоқ, қалайша менікі болады? Сондағы қойған шартымыз өлеңді айтып бітіргенше міну болатын. Менің онда өлеңім бітпеген болатын. Шынын айтқанда, мінетін кезек әлі де менікі, – деп, ұшып тұра келеді Алдар.

– Қой, ойбай, қой! Бұрынғы шартты да, сенің бір рет мінгеніңді де ұмыталық. Қайтадан шарт қойысалық. Сол шартты орындағанымыз мінелік, – дейді Түлен.

Түленнің бір қулыққа түрткісі келіп тұрғанын Алдардың іші сезе қалады. «Бұл қу нені шарт қылар екен», – деп күдіктеніп, азырақ ойланып:

– Жарайды, – дейді.

– Ал, не шарт қоямыз?

– Қоятын шартымыз мынау болсын: кәдімгідей төбелеселік. Сол төбелесте жеңгеніміз мінелік, – дейді Түлен.

– Мына Түлен менен өшін алғысы келген екен, – деп ойлайды Алдар ішінен. Сонда да біраз ойлағаннан кейін:

– Мұның әділдік екен. Бұл шартыңа көндім, – дейді.

Түлен қуанғаннан секіріп–секіріп түседі. «Менің мойныма алдап мінетін неме ғой! Бұл қазаққа көрімді көрсетейін», – дейді ішінен.

– Ал, қандай қарумен соғысамыз? – дейді Алдар.

– Таңдауын өзіңе бердім. Қалағаныңды айт,– дейді Түлен.

– Олай болса, қаруымыз қамшы мен құрық болсын. Оған қалай қарайсың? – дейді Алдар.

– Бек мақұл.

– Сенің менен гөрі шайтандығың мол. Сенің жолың үлкен. Құрықты саған бердім. Қамшыны өзім алдым. Бұған көндің бе? – дейді Алдар.

– Өте жақсы, – дейді Түлен қуанып, «Мынау нағыз қазақтың ең жындысы екен өзі», – дейді ішінен.

– Олай болса, жарайды. Ана құрығыңды ал, мен мына қамшыны алдым. Сыртқа шықпай-ақ, осы қыстаудың ішінде соғысалық. Біреу-міреу көріп қалып жүрер, – дейді Алдар.

– Мақұл, – дейді Түлен бұған да.

– Олай болса, кел, – дейді Алдар қамшыны үйіріп.

Қыстаудың ішінде ұзын құрықпен Түлен қайрат қыла ала ма? Алдарды ең болмаса, бір де ұра алмайды. Алдар он екі таспа дойырмен Түленді қып–қызыл шиедей қылып, сойып салады. Түлен дойырдың зардабына шыдай алмай, өлім халіне жеткен уақытта айқай салады.

– Ойбай, тұра тұр… Енді екеуіміз қаруды айырбасталық. Құрықты сен ал, қамшыны мен алайын, – дейді.

– Оның да мақұл екен. Құрығың ұзын болып, зығырымды қайнатып едің. Енді маған берші, әкеңді танытайын! – дейді Алдар.

– Егер қамшыны берсең, есеңді бір берер едім! – дейді Түлен ішінен ызаланып.

Алдар қамшыны Түленге береді де, құрықты өзі алады.

– Осы үйдің шаңдағы бұрқырап кетті. Тіпті, дем алуға болатын емес. Енді таза ауаға шығып, соғыссақ, жақсы болар еді, – дейді Түленге.

– Өте жақсы, – дейді Түлен.

– Жаңа қыстаудың іші тарлық қылып, тіпті, ұра алмап едім. Енді көрерсің қызығымды, өзіңе–өзің сор тілеп алдың ғой, – деп ойлайды тағы да ішінен.

Екеуі кең аулаға шығып, соғысады. Ұзын құрықпен Алдар Түленді бұрынғыдан жаман сойып салады. Шолақ қамшыны маңына да жолатпайды. Алдардан бір емес, екі рет алданғанын Түлен жақсы түсінеді.

– Жұртты құртқан қу екенсің, енді қойдым, – деп, құлай кетеді. Алдарға міну былай тұрсын, жарақатты болғанын дәлел қылып, Алдардан өзі азар құтылады.

– Бұл сұм бір мініп алса, енді ғұмыр бақиға мойыннан түспес. Осыдан аулақ болайын, – деп, Алдарға бұдан былай міну мәселесін қозғамайтын болады.

Біраз күн тынығып жатып, тағы да жолға шығады. Бірнеше күн жол жүргеннен кейін баяғы байдың аулына келеді. Байдың аулына келіп, байдың ақ боз үйіне кірсе, қыздың шешесі, қыз, тағы бір жігіт жатыр екен. Жігіт қыздың қойнында жатыр.

Жігіт жатыр қорылдап,
Бай қызының қойнында.
Дәнеме жоқ ойында
Екі қолы мойнында.

– Әй, бәлем, саған бір қызықты көрсетейін, – деп, Алдар жігіттің үстіне мініп алып, ойнақтайды. Құлан мен Түлен екі жағында отырып алып, жігітті бүйірінен қытықтайды. Шайтандардың қытықтауына, Алдардың ойнақтауына жігіттің халы шыдамай, өліп кетеді.

Жігіт көршілес бір ханның баласы екен. Біраздан кейін қыз оянып қараса, жігіт өліп қалған. Қыз шошып кетіп, шешесін оятады. «Бір бәлеге қалдық», – дейді.

– Білсең, жалғыз өзің біл,

Шашылмасын далаға.
Не қылсаң да, өзің қыл,
олықпайық бәлеге, –

деп, кемпір мен қыз жігітті қараңғы түнде далаға сүйреп, алыстағы бір қырдың үстіне апарып тастайды.

– Басқа біреу өлтіріп кетті десін, бәлесі бізден аулақ болсын, – дейді.

Ертеңіне ханның жылқышысы жылқы айдап келе жатып, қырдың басында өліп жатқан адамды көреді.

– Бәлесі маған қалар, біреу бәле жапса, мені кім ажыратып алар, онан да аулақ болайын, – деп, аулына хабар етуге тұра шабады. Өліп жатқан адамның қандай екеніне көз салуға да қорқады. Елге келіп, хабар еткесін, хан бұйрық етеді:

– Барып біліңдер, менің аулымның төңірегінде өліп жүрген кім екен? Өлтіріп жүрген кім екен? – дейді. Ханның қазылары, шабармандары шауып келсе, өліп жатқан – ханның баласы. Келгендер ханға қайта шабады. Ханға естіртуге қорқады. Бірақ, хан қысқасын айтпасқа амалдары болмайды.

Хан естігесін өкіріп жылап, бетін дал-дал қылады. Жер бауырлап жатып алады. «Есіл малым, қазына мүлкім, байтақ хандығым енді кімге қалады?» –деп, зар қылады. Қазы-билер көңіл айтады, жұбатады. Жыршыны сөйлетеді.

Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,
Қанаты бүтін сұңқар жоқ,
Жапырағы бүтін ағаш жоқ,
Бауыры бүтін Алаш жоқ,

Адам бар ма шарасыз,
Бір алдаға талассыз.
Балаңыздың қазасы.
Адамзаттың мұрасы.

Өлмей кеткен бар ма екен
Бұрынғыдан сұрашы.
Қарағай ексе, тал шықпас
Ормағанда қан шықпас

Ажалсыздан жан шықпас
Ұстамаса мал шықпас
Тимегенде жан шықпас,
Не көрмейді осы бас;

Ақылыңызға ақылдас
Осылай дейді кәрі – жас.

Біраздан соң хан жылауын қойып: «Кім өлтірдіге» түседі. Қазы билерге, билер қазыларға қарайды. Бірақ, еш нәрсе айта алмайды.

– Жерден қаз, көктен қаз – ертеңге дейін өлтірген адамды тауып беріңдер! Әйтпесе, бәріңді дарға асамын, – деп ақырады хан. Хан қаһарына мінгесін қазы-билер сасады. Бірақ, табары болмайды. Ақырында, қулау біреуі:

– Тақсыр! Ел ішінде көріпкел, біліпкел бақсы-бәлгер көп. Соларды жинап, бал аштырсақ, сонда тезірек табар едік. Осы қалай болар? – дейді.

– Бұған да көнуге болады. Бірақ сол балгерлеріңді тез табыңдар, – дейді.

Қазы мен билер елдің астан-кестеңін шығарып, бақсы-балгер іздейді. Бақсысын да, балгерін де, құмалақшысын да ханға айдайды. Хан ордасы жын ордасына айналады. Бақсылардың сандырақ сарынына толады.

Ұрып-соғып қылышты
Бойлатады ішіне.
Жыры, сірә, тым күшті,
Қан жұқпайды үшіне.

Тесілмейді терісі
Суырып алса, бітеді.
Ауырмай іштен өтеді,
Өзгеден артық бұл ісі.

Селк етеді күбірлеп,
Міне, жын деп міңгірлеп.
Аусарланып бір-бірлеп.
Еліктірер шеберлеп.

Батпан дейді инені,
Жындарының әлі жоқ.
Бақсы жынды біледі
Білмесіне халы жоқ.

Қара қоңыр көрінсе,
Бұқа дейді зорлығы.
Жынын жібер үйренсе,
Әдей қылған зорлығы

Қобыз, домбыра, асамен
Бақсы бірге сарнайды.
Ойын-күлкі тамашамен
Қыз бен жігіт жинайды.

Темір жалап қызартып.
Түкситіп өзін сазартып.
Қолдарын сілтер ұзартып
Жындарын мақтап, тазартып.

Құмалақшы, жауырыншы,
Жайшы менен тамыршы.
Бақсылар көп әлінше
Бәрі жеңге әмірші.

Қара тасты қақ жарар,
Дүз-өй дейді тас қират.
Жер мен көктен бір қарар
Бұған тұрмас жын шыдап.

Жындар қашып жоғалар,
Дүз-өй дейді жарғышы
Бақсының тілін құп алар
Жындарды қағып алғышы.

Отқа көсіп құр қолын
Сілтесе, қолы тіледі.
Таң қалғандай бір порым
Жалғыз бақсы біледі.

Жабықты қолы тыңдамас.
Сілтесе қолын жеңге мас.
Түрлі-түрлі жыны бар
Түрлі-түрлі аты бар.

Түрлі-түрлі заты бар.
Жындыдан жынды жын қуар
Зіркілдейді бура жын
Кісінейді айғыр жын.

Күжілдейді бұқа жын.
Бақылдайды теке жын.
Соғып кетер пері жын.
Құяң дейді кәрі жын.

Падиша жын, кемпір жын.
Айта берсем, бәрі – жын.
Жұрт бұзылар өтірік үшін
Өтірікшінің өтірігі шын

Әлі шайтан, әлі жын,
Әлі өтірік, әлі шын
Бірі өтірік, бірі шын
Шыны өтірік, өтірігі шын.

Бірінен бірі өткен, әртүрлі нәрсені қару еткен бақсылар жындарын шақырып, үйді басына көтеріп, ойнап жөнеледі.

– Бұларға да бір тамаша көрсету керек, – деп, бұларға Алдар мен шайтандар да араласады. Қызған темірді жалайтын бақсылар темірді тілдеріне жақындата бергенде, бұлар темірді шындап басып жібереді. Тілдерін күйдіріп, ойбай салып, қобызын лақтырып, олар жөнеледі. Қарнына пышақ тығатын бақсылар қарындарына пышақ тыққанда, пышақты шындап басып қалып, қарны жарылып, олар жөнеледі. Жұртқа көрсететін тамаша өнері жоқ құр секектің бақсылары болса, оларды бір-біріне қағыстырып, бастарын жарып, оларды қуады. Құр сарнаудың бақсысы болса, жын шақырып, сарнап отырғанда, қарауға болмайтын пішінмен олардың көздеріне көрініп, жүректерін ұшырып, оларды тайдырады. Ақыр аяғында, бақсы атаулыдан жан қалмайды. Әр жерде домалаған қобыз, саймандары ғана қалады.

Бақсы біткеннің бәрі қашып кеткенде, қара көсеуді қобыз қылған бір кемпір қашпайды. Хан ордасында көп бақсыдан жалғыз сол-ақ қалады. Алдар мен шайтандар мұны да қууға әртүрлі әрекет істейді. Бірақ оларына кемпір қайғырмайды.

Ұзын емес арбаңдар,
Шабан емес борбаңдар.
Жүгіре басып, жорғаңдар.
Тайпала басып, шойнаңдар.

Дым пішіні сұп-суық.
Жалмауызға жұп-жуық.
Қарға тұмсық мұрыны,
Келе алмайтын жан жуық, –

деген, Құдай атқан, кенеп шалбары бұтына қатқан, бір қу мыстан екен. Аузынан көбігі бұрқылдап, «Сөйле», – деп, көсеуін жұлқылап, көзінен от шашып:

– Әй, Алдар! Ай, Түлен мен Құлан! – деп, сарнап қоймайды.

Мыстан кемпірдің сырды ашқанын Алдар сезеді. Сезеді де, кемпірдің көзін жоғалтудың амалын істейді. Түлен–Құланмен ақылдасып жіберіп, дию–перінің пішініне ене қалады. Диюды көрген қазақ бір жерде отыра ала ма – айнала қоршап отырған жұрт, «байтал түге бас садақа», үрейлері ұшып, қаша жөнеледі. Кемпір үйде жалғыз қалады. Айналасына қараса, үйде бір адам жоқ. Ойнақтаймын деп, қаны кепкен кемпір жүгіріп, ханның қара сабасына барады. Иінінен келіп, ашып тұрған сабаны пісіп–пісіп жіберіп, ішем деп жатқанда, арт жағынан Алдар келіп, екі аяғынан көтеріп, сабаға басын тыға қояды. Кемпір тұншығып, «қор-р-р-қ» деп, жанын жәннемге тапсырады. Сырларын ашып қоятын кемпірді сабаға тығып өлтіріп, Алдар, Түлен–Құлан шат болып, жөндеріне кетеді. Көп уақыт өткесін баяғы қашып кеткен жұрт арттарынан ешкім қуа қоймағасын көңілдерін тоқтатып, біртіндеп ордаға жақындап, ақырында, үйге кіреді. Үйге кірсе, кемпір жоқ.

– Ойбай, ол сиқыршы қайда кетті? – деседі. Іздеп, кемпірді таба алмайды.

– Бақсы ойнатсақ та, өлтірушіні біле алмадық. Енді не істейміз? – десіп, хан ордасына жиналысып отырады. Біраздан кейін хан қымыз сұрайды.

Қымыз құюға барған келіншек сабаны ұстай беріп:

– Көтек! – деп, үйден қаша жөнеледі.

Жұрт бұған таң қалысады. Келіншектің көтегіне, қаша жөнелу себебіне түсінбей, бір-біріне қарайды. Ақырында, ханның бір қазысының сабадан шығып тұрған екі аяққа көзі түсіп:

– Пері-пері! – деп, бұ да тұра жөнеледі.

Жұрттың бәрі елеуреп, сабаға қарайды. Сабадан шығып тұрған екі аяқты көріп, бір қатары қаша жөнеледі, бір қатары қашу-қашпасын білмей, тұрып қалады. Батырлау біреуі жүгіріп барып, кемпірді суырып алады.

– Ойбай, сиқыршы кемпір! – дейді тұрған жұрт.

Хан бұрын баласына қайғырса, енді баласының күйігін ұмытып кетіп, кемпірдің қайғысына түседі. Бетін басып, еңіреп, отыра кетеді. Кемпірдің дәудей-дәудей жеті баласының қылышы көз алдында ойнайды. Басының енді кеткенін біледі.

– Еу, жұртым! Менің басым енді жұтылды ғой. Кемпірді шақырып әкеліп, өлтіріп алдым. Кемпір өзі өлді дегенге мұның жеті дәу баласы тіріде нанбайды. Менің басымды кеспей, олар тынбайды. Енді не істеймін? Қазыларым, не ақыл айтасыңдар? – дейді.

Қазылар ақыл ойласады. Ісінің қиын екенін біліп, бастарын шайқасады. Әртүрлі амал-айланы ойластырып, бәрі мүлгуге кетеді.

30. ШАЙТАН МЕН АЛДАРДЫҢ АЙТЫСҚАН СЫРЫ

Түлен, Құлан, Алдар – үшеуі жортып жүріп, бір жерге келіп, дем алады. Дем алып отырып, әңгімелеседі.

– Дүниеде біздей жан болсайшы! Еш нәрседен қорықпаймыз, дегенімізді істейміз, – дейді Алдар шайтандардан сыр ұрлағысы кеп.

– Айта көрме. Еш нәрседен қорықпаймызың не? Біріншіден, Құдай қазақтың қамшысынан сақтасын. Екіншіден, инедей жердің тікенінен сақтасын. Бұларды көрсек, көрінім жерден қашып жүреміз. Кәпірдің бетін аулақ қылсын! – дейді Түлен мен Құлан отырып.

– Жарайды, сабаздарым, – дейді ішінен Алдар.

– Әлде сен еш нәрседен де қорықпайсың ба? – дейді шайтандар отырып Алдарға.

– Айта көрме, ойбай! Қорықпайдың не? – деп, Алдар ыршып түседі.

– Неден қорқасың?

– Ойбай, айтуға да қорқамын.

– Қой, айтудан қорыққаны несі?

– Иреңдеген қазы дегеннен, кірпі сияқты қарындаған май дегеннен, одан кейін қара торсықтағы қымыз дегеннен жаман қорқамын. Кәпірдің беттерін аулақ қыл деп, солар бар деген жерден күндік жер аулақ жүремін.

– Жарайсың, сенің де сырыңды білдік, – дейді шайтандар ішінен.

Біраз отырып, дем алғаннан кейін шайтандар тұрып, жүрейік десе, Алдар тұрмайды.

– Мен жүрмеймін, – дейді.

– Неге?

– Ортамызда бір ала қап бар. Екеуің кезек–кезек арқалайсыңдар. Мені өздеріңдей санамайсыңдар. Әлі қазақ қой дейсіңдер. Бұларың мені қорлағандарың. Сондықтан сендерге жолдас болмаймын, – дейді Алдар теріс қарап.

Шайтандар біріне–бірі қарасады. Сыбырласып сөйлеседі.

– Ала қапты оған беріп қою да қатер.

– Е, не қылар дейсің? Бір аумаесер ғой.

– Дегенмен сырын біліп қойса!

– Е, қайдан білетін еді. Берелік. Сорлы өзіне–өзі тілеп алды ғой. Арқаласын да жүрсін, – деседі.

– Сорлы, тілеп алған өзің. Біз сені аясып едік. Өкпелегенің осы ала қап болса, мә! Арқалай ғой, – деп, ала қапты Алдарға береді.

Ала қапты арқалағасын Алдар «Құдай берді» деп, қапты ауырсынған болып, ептеп артта қала береді. Ала қаптың ішіне дүниенің жиязы сиятынын Алдар біледі. Бір байдың бүкіл жиязын сол қаптың ішіне салып жібергенін Алдар бірде көзі шалып қалған. Алдар қапты ауырлағансып артта келе жатып, көп тікеннің ішіне кіріп кетеді. Тікеннің ең қалың деген жеріне келіп: «Жатар болсаң, жан Алдар», – деп, жатып алады. Біраз жер жүріп барып, шайтандар артына қараса, Алдар жоқ. Адасып қалды ма деп, айқайлайды. «Алдар!» – деп, шақырады. Бірақ, оған жауап берер Алдар жоқ. «Тапқан екенсің, қап арқалайтын ақымақты»,– деп, ол жата береді. Шайтандар олай–бұлай кезіп жүріп, қапты астына басып жатқан Алдарды көреді. Қасына келейін десе, айналасының бәрі – тікен. Жоларлық емес.

– Ау, Алдар! Шаршап қалғаның ба? Мықтысынғаның қайда? – деп айқайлайды. Алдар үндемейді.

– Бұл ұйықтап қалған болар, – деседі. Дауыстары жер жарып, айқайласады. Бірақ, Алдар үндемейді, Алдардың алдағанын, алдап, ала қапты алғанын шайтандар енді сезеді. Алдарды алдауға әртүрлі қайла жасайды. Бірақ, Алдар оған болмайды.

– Енді не істейміз? – дейді Құлан.

– Мұны Түлен түрткен екен. Енді қазы мен майды әкеліп, айдап шығамыз, – дейді Түлен.

Сөйтеді де, екеуі бір ауылдың майын, қазысын, қымызын жинап келіп, Алдарға лақтырады.

– Алла, сақтай гөр, – деп, Алдар секіріп түсіп, лақтырған май, қазы, қымызды қасына үйіп алады.

– Лақтыра түс, орнынан қозғалды, – дейді екі шайтан біріне-бірі Алдардың секіргенін көріп. Сөйтеді де, лақтыра түседі. Лақтырған сайын Алдар секіріп түсіп, айналасына жинай береді. Сөйтіп, Алдар екі жылдық азық жинап алады.

– Әй, бәлем! Осы жерден сені өлтірмей кетсек, – деп, шайтандар жатып алады.

– Жатыңдар, бәлем, жатыңдар, – деп, майды, қазыны күйсеп, қымызды ішіп, Алдар да жатып алады. Өтірік болса, жаны шықсын, жұрттың айтуына қарағанда, Алдарды аңдып, шайтандар екі жыл жатыпты. Мойындары ырғайдай, биттері торғайдай болып, азып-тозып бітіпті. Алдар болса, күн санап семіріп, күбідей болыпты. Ақырында, екі шайтан:

– Алдар деп бұл қазақ мұның атын білмей қоймаған болар. Алдар десе алдар екен, тағы да алданбастан енді жөнімізге кетелік, – деп, жүріп кетеді.

31. БЫЛТЫР ҰРДЫ

Баяғы өткен заманда Талқанбай дейтін жұмыскер басқа қиын істе кәсібі жоқ болған соң тоғайдан бөрене кесіп алып барып, сатып, күн көреді екен. Ол елде тоғай дегенде екі-ақ тоғай бар екен. Бір тоғайына кешке таман адам кіре қойса, жындар қытықтап, өлтіріп кететін әдеті бар екен. Көп жұмыскерлер ол тоғайға бармай, екінші тоғайынан отын алатын болды. Бір күні Талқанбай түстен кейін бөрене кесуге күндегі отын алатын тоғайына келіп, бөрене кесіп жүріп, жыны бар тоғайға да кіріп кетеді. Талқанбай бұл тоғайда жын барын білсе де, күндіз тимейтіндігіне сеніп, отынын ала береді. Әбден отынның қызығына түскен Талқанбай күннің кеш болғанын да білмей қалады. Бір уақытта қараса, кеш болып та қалғанын көреді. Тездеп отынын арбаға салып жатқан кезде тоғайдың ішінен тырнағы ұп-ұзын, тісі ақсиған бір адам Талқанбайға келе жатып, ақақалап келіп:

– Кел, қытықтасайық, – дейді. Талқанбай:

– Жарайды, мен қытықтасармын, сен менің мынау бөренелерімді арбаға салысып жіберсең, – дейді. Жын:

– Жарайды, – дейді.

Талқанбай бір бөрененің бір жағын жынға көтертіп, бір жағын өзі көтереді. Жынға берген жағы жарық болады, жарық емес өзі ұстап тұрған жағынан қысса, жынның қолы бөрененің арасында қалып қойып, бақырып жатады. Бақырып жатқан уақытта бөрене арқанын алып барып, екі қолын байлап, әбден мейірі қанғанша ұрып, ап келіп, бір үлкен терекке байлап қояды. Өзі бөренесін арбасына салып, кетіп бара жатқан кезде жын айқайлап, жалынып:

– Ағажан-ай, мені босат, мен мұсылман баласына тиюші болмайын. Ағаларыма да, туған-туысқандарыма да айтып қояйын, тиме деп, – айқайлайды. Талқанбай үндеместен кете береді. Жын жалынып, «Тым болмаса, ағатай, атыңды айтып кет», – дейді. Талқанбай атын жасырып, «Атым – Былтыр», – дейді де, кете береді. Жын жылай-жылай, қала береді. Жынның дауысын естіп, ағалары келіп:

– Ей, сені кім байлады? Кім ұрып кетті? – дейді. Жын:

– Ойбай, Былтыр ұрып кетті, Былтыр, – деп, жылай түседі. Ағалары:

– Былтыр ұрғанды биыл айта ма екен, сен есіңнен адасқан екенсің, – деп, жығылған үстіне жұдырық қылып, онан жаман ұрып, шешіп, алып кетеді. Сөйтіп, бір жұмыскер өзінің қулығыменен бір өлімнен құтылған екен.

32. ҚОЙШЫ МЕН ШАЙТАН

Ерте-ерте, ерте заманда, ешкі құйрығы келте заманда бір қойшы байға көп жылдар бойы қой бағып, ешбір ақы ала алмаған соң байдың қорлығынан өлетін болған соң бір күні түнде қойдың ішінде қорып жатып, еліне қашып кетеді. Оны ешкім білмейді. Ертеңіне оны тек жоқтап қояды. Артынан аз уақыт іздейді, бірақ, таба алмайды. Қойшы сол кеткеннен бір айлық жердегі еліне бет алып, жүріп отырады. Бірнеше күндер жүрген соң бір ауылдың шетіне келіп, түн болған соң шеттегі бір кішкене үйге қонайын деп, кіреді. Үйге кірсе, үйде қарт пен кемпір тұрады екен дейді. Үйі әрі тар, әрі кішкентай болады.

– Ата, өте алыстан келемін, қонуға бола ма? – деп, қойшы ұлықсат сұрайды. Шал күрсініп:

– Үйіміз тар, өзіміз шақ отырмыз. Бұдан басқа бір кең үйім бар еді, онда кәзір шайтандар бар. Қысы-жазы содан шықпайды, жазда пішенімізді тауып береді, қызметімді бітіреді, ал, қыста қарымды күрейді. Күнде «Қызмет тауып бер», – деп, мазамды алады. Енді басқа бір үйге қонасың ғой, шырағым, – дейді.

Қойшы бір қызығын көргісі келіп:

– Ата-еке, ол үйіңе мен жатайын, талай рет шайтанмен жолдас болғанмын, – дейді. Қарт шайтан бар деген үйіне қойшыны кіргізеді.

Қойшы кіріп, үйдің төріне орналасып жата бергенде шайтандар жан-жағынан қойшыны кидірмелеп:

– Қызмет бер, қызмет бер, – деп, маза бермейді. Қойшы барлығына бұйрық беріп:

– Таң атқанша терезенің алдынан бір үлкен үй тұрғызыңдар, үйдің алды көл, онда жүзген қаздар, айнала ағаш өсіп тұрсын, – дейді.

Шайтандар түн ортасы болмай-ақ, қойшының тапсырмасын орындап тастап, маза бермейді. Қойшы мазасын ала берген соң барлық шайтандарды жинап:

– Кәне, барлығың қой болып, мына пештің ішіне қой болып кіріңдер де, үндемей жата қалыңдар, – дейді. Шайтандар пештің ішіне кірген соң пештің аузын да, тұрбасын да үлкен таспен қойшы бітеп қояды. Шайтандар шыға алмай:

– Тоқта, сен қашан қой баққаныңда бір кездесерміз, – деп, ұйқыға кіріседі.

Таң атқан соң қойшы шалмен қоштасып, жолға шығады.

Қойшы бірнеше күндер жол жүріп, туған еліне келеді. Әке-шешесі қуанып, той жасайды. Бірақ кедейлік, қойшы сол жердегі бір байдың қойын қыста далаға бағып шығуға екі қозылы қой, бір қайыс етік, бір шекпен киімге жалданады. Күндерде бір күні қойшы қойларды қар астындағы тебінде жайып жүрсе, баяғы бекітіп кеткен шайтандары келіп, қойшымен амандаса бастайды. Қойшы бір құшақ қамысты алып жіберіп, өртей бастайды. Шайтандар қорқып кетіп:

– Ойбай, не істеп жатырсың? – дейді. Қойшы:

– Сендерді алтындарыңды тауып бермейді деп, өртейін деп жатырмын, – дейді.

Зәресі кеткен шайтандар:

– Ойбай, өлтірме, қазір алтындарыңызды әкеліп берейік, – деп жалынған екен дейді.

Қойшы отты сөндіре қояды. Көп кешікпей, шайтандар да алтынды алып келіп, қойшыға табыс етеді. Қойшы алтынды алып, шайтандарға қош айтысып, қала береді. Қойшы алтынды даладағы бір иесіз үйге сақтап, байға жұдырықтайын әкеліп көрсетеді. Өмірінде алтын көрмеген бай қойшыға:

– Маған алтыныңды сат, – дейді. Қойшы:

– Төрт жүз қойға ал, – дейді. Бай қойын беріп, алтынды алады. Екінші күні әуелгіден көбірек алтын әкеліп, байға тағы көрсетеді. Бай оны да қойшымен келісіп, жалғыз арғымағына алады. Үшінші күні қойшы бір торсық алтын әкеліп, байға көрсетеді.

Бай ол алтынды жалғыз қызына сатып алып, қойшыны өз алдына отау етеді. Күндерде бір күні қыс өтіп, жаз да шығады. Қойшы байдан тиесілі қойларын, заттарын алып, қалған алтыны, алтынға алған қойларын алып, өз алдына үй болып, шаруашылық құрады. Үрейі ұшқан бай қойшыдан қорқып, іргесін аулақтай береді.

33. ШАЛ ШИЯЗ

Бұрынғы заманда бір үлкен теңіздің жағасында кемпір мен шал тұрыпты. Бұлардың мал дегенде бір сауулы ешкісі һәм бір балық ұстайтын ауы болыпты. Шалдың аты Шияз екен. Шал аумен балық ұстап жүргенде, кемпір ешкіні бағып жүріпті. Ешкінің сүті мен балық бұлардың бар қорегі болған екен. Кемпір, шал әр уақытта бір түлкіден қорлық көріп жүріпті. Шал Шияз қалай теңізден ау салып, балықты суырып алса, судың жағасына түлкі келіп, мұның балығын тартып жеуші еді. Түлкі өзінен күштірек болған соң шал Шияз мұны жеңе алмай жүріпті. Түлкіден басқа кемпір-шалдың, бір өзге Ботакөз деген бек күшті, мінезі жаман алып дұшпаны болыпты. Ботакөз алып шал Шияздың үйінің қасындағы бір үңгірде тұрып, кісінің етін жеп тұрушы еді. Сақтап қойған кісінің еті таусылғанда, Ботакөз алып қасындағы аймақтан балаларды һәм кемпір, шалдарды жиып әкетеді екен.

Бұл алыптан бір айламен құтылуға шал Шияз өзінің кемпіріне айтады:

– Кемпірім, Ботакөз алыпты қонаққа шақырайын деп едім, ешкіні союға маған болыс. Әрдайым Ботакөзден қорқа бергенше, мен мұнымен соғыс салайын деп тұрмын. Жалғыз ешкісін қимаса да, кемпір байғұс шалдың айтқанынан шықпапты. Кемпір, шал үш күнде ешкісін әрең-пәрен жығып сойыпты. Шал ешкінің ішек-қарнын һәм миын саз балшыққа көміп, үстіне кебу топырақ жауып қойыпты. Мұнан соң шал Шияз Ботакөзді қонаққа шақырған екен. Ол мұның үйіне келіпті. Үйдің тұсында Ботакөзді ешкінің етімен сыйлап болған соң шал Шияз:

– Күш салыстырмақ үшін әуелі жердің ішек-қарнын, одан соң миын шығарайық, – депті.

Ботакөз ашу шақырып, бар мейлінше жерді тепкенде, белуарына шейін жерге кіріпті. Сүйтсе де, жердің ішек-қарнын шығара алмапты.

– Қанеки, мен қимылдап көрейін, – деп, шал Шияз саз балшықтың үстінде тұрып, жерді теуіп, белуарына шейін балшыққа еніп, ешкінің ішек-қарнын суырып алғанда, мұның күшіне алып аң-таң қалыпты.

– Енді жердің миын шығарайық, – деп, Шияз айтқанда, Ботакөз бұрынғысынан да жаман ашуланып, жерді тепкенде, жерге белуарынан жоғары еніпті. Сүйтсе де, жердің миын шығара алмапты. Сонда шал Шияз жерді теуіп, алыптай болып жерге еніп, саз балшықтан ешкінің миын суырып алыпты.

– Мінеки, жердің миы. Ботакөз, менің күшіме разысың ба? – деп.

– Рас, сен күштісің. Кел, ағаш жұлысайық, – деп, бұған алып айтты.

– Жарайды, – деп, шал Шияз жауап қайтарды. Ботакөз жүгіріп барып, бір емен ағашты тамырымен қопарып, жеті таудан асырып, лақтырып жіберді. Шал Шияз бір үлкен еменді құшақтап тұрып айтты:

– Бүгін мен күшімді көрсетемін. Ал, Ай, аузың бұзылмасын, Күн, көзің шықпасын, – деп. Мұндай сөздерден қорқып, Ботакөз жүгіріп келіп, шалдың аяғына жығылып, сұрайды.

– Еменді лақтырма, Ай мен Күнді жаралайсың, – деп. Ботакөз алып «Шал Шияз бір күшті адам ғой», – деп ойлап, «Кел, екеуміз өле-өлгенше дос болайық», – депті. Шияз:

– Жарайды, дос болсақ, болайық. Сен тағы да жақын арада маған қонаққа кел, – дейді.

Ботакөз үйіне кеткенде шал Шияз қылған айласына қуанып, қатынына айтады:

– Кемпірім, алыпты тағы да қонаққа шақырдым. Бұл жолы бұған мұндай қорлық істемеймін. Алып келе жатқанда, мен өтірік ұйықтап жатайын, ол үйге енгенде мені оята баста, – дейді.

Не қадар уақыт өткен соң Ботакөз қонаққа келіп, кемпір-шалдың үйіне әрең-пәрең сыйып, басы шаңырақтан шығып отырды. Кемпір шалды оятты:

– Шалым, саған достың қонаққа келді. Мұны немен сыйлаймыз? – деп. Шал айтты:

– Басқы алыптан бас қалған, соңғы алыптан төс қалған. Соны жиып, ас. Егерде бұл аз десек, осы отырған алыптың өзін ас, – деп. Мұндай сөзден Ботакөз қорқып, шал мен кемпірдің үйін көтере қашыпты.

Ботакөз алып көзі қараған жаққа қашып бара жатқанда бұған жолда бір түлкі кез келді:

– Сен қайдан, қай жаққа барасың, Ботакөз? Сен де біреуден қорқады екенсің. Маған айтшы, басыңа не күн туды? Мен саған бір қызмет қылайын, – деп.

– Ой, қарағым, түлкі, менен де күшті адамдар бар екен. Айтшы, қарағым, қалайша, қайда барып, шал Шияздан құтылам? Мені ол өлтіреді ғой, – деп, Ботакөз айтты.

– Шал Шияздың күші жоқ, мен оның әр уақытта балығын тартып, жеп тұрған едім. Мен оны жеңіп берейін, – деп, бұған түлкі айтты.

– Қой, түлкішім, қой, сен оған пар болмассың, – деп, алып айтты.

– Бекер айтпаймын, егерде маған нанбай тұрсаң, менің құйрығымнан мықтап ұста, мен алдап бара жатқандай болсам, маған не қылсаң да, ықтияр сенікі, – деп, түлкі айтты. Ботакөз алып түлкімен еріп, кемпір мен шалға баруға қайтадан қайтты. Кемпір мен шал сынып қалған үйінің оны-мұнысын жиып жүріп, бұларды көрді. Шал айтты:

– Тәңір жарылқасын сені, қарағым, түлкішегім, Ботакөзді алдап әкелдің бе? Ұста, мен оны отқа салайын, – дегенде, Ботакөз бек жаман қорқып:

– Түлкі мені шалдың қолына ұстап бергелі жүр ғой, – деп, мұны құйрығынан алып, жерге бір қойғанда, түлкі өліп кетті, Ботакөз жеті жылда қос атпен бара алмайтын жерге қашып кетті.

Осылайша кемпір мен шал Ботакөз алыптан һәм түлкіден құтылыпты.

34. ҮШ АҒАЙЫНДЫ ЖІГІТ

Бір Келдібай Оразбайұлы деген байдың үш ұлы бар екен. Үлкен ұлының аты Үш вершок деген, ортаншы ұлының аты Екі вершок деген, үшінші ұлының аты – Бір вершок деген екен. Қашан, кім бұлардың атасы, тіпті-ақ, кәрілікке жетіп, өлер халге келгеннен кейін бүтіл өзіне қараған малдарын, сатып алған пұлдарын далаға, бір көлдің қасына көміп қойып, өзінің балаларын шақырып алып айтады:

– Балаларым, тез уақыт ішінде мен өлемін, менің байлығым сендердің біреуіңе тиеді, со мезгілде, егер де өлейін деп жатқан аталарыңның ең соңғы насихатын алғандарыңа ғана. Менім насихатым мынау: «Қасымызда көршілес болып отырған мырза Түлкінбай ұлыменен үш жылға шейін еш бір қатынаспаңдар. Бұ адамның өзі ғұмырынша жаман адам. Маған залалынан басқа нәрсесі болған жоқ», – деп айтып, шал өліп кеткен. Әкесі өлген соң балалары қалған пұлдарын қарасып, іздеп, қарамаған жер қоймай, ешбір таба алмай, ақыры, нашарлықпенен күндерін өткізе бастаған екен. Сонда бір күні олардың үйіне мырза Түлкінбай ұлы кіріп, үлкен ұлы Үш вершокке айтады:

– Маған мал бағуға келіп тұр, ақы беремін, бәлкім, сөйтіп барып, оны-мұны жиыстырып алып, шаруаңды түзетіп аларсың, – дейді. Сонда үлкен ұлы айтады: «Жоқ, саған қызметкер болмаймын, әкемнің айтып кеткен өсиеті бар, сен оныменен жаман тұрған екенсің, оған әрдайым жамандықтан басқа нәрсе қылмапсың», – дейді. Мырза кетіп қалып, келесі күні тағы келіп, Үш вершоктан сұрайды: «Қалай ойландың ба, маған қызметкер болып тұруды?» – деп. Сонда үлкен ұлы айтады: «Жоқ, мырза, жүре беріңіз, мен саған қызметкер болмаймын», – дейді. Сонда мырза қабағын түйіп, үйіне қайтып кеткен соң үлкен ұлы ойланады, «Кім біледі, әкемнің байлығы маған тие ме, тимей ме, онан бері аштан өліп қалармын», – деп. Келесі күні Үш вершок жүгіре басып, мырза Түлкінбай ұлының үйіне келіп, айтады: «Мені ал, сенің малыңды бағайын, ақыма не бересің?» – деп, Үш вершок сұрайды. Сонда мырза күлімсіреп айтады: «Енді маған қызметкердің, тіпті, керегі жоқ, біреуді алып қойдым», – дейді. Сонда Үш вершок көршісінен сұрайды: «Маған да бір орын бер», – деп. Сонда мырза Түлкінбай ұлы айтады: «Жарайды, мен сені қызметкерлікке алайын, бірақ уәдемен, не бұйырсам, соны қыласын, маған ашуланбастан. Егер де үш мәртебе ашулансаң, мен сені ұрып өлтіремін, бұған көнемісің?» – дейді. Мұнысына Үш вершок көніп, жүргеніне бір жұма да болмай, жүрген иесіне үш мәртебе ашуланады. Жүрген байы бұйырады: «Бар, сиыр сау», – деп, сонда Үш вершок жауап қайтарып айтады:

– Сиыр саумақ қатын ісі, қатындар қыла берсін, мен малыңды бағуға жалданғанмын, сиыр саууға кіргенім жоқ, – дейді. Сонда бай тағы да бұйырады:

– Бар, тезек жи отқа жағуға, – дейді. Сонда Үш вершок айтады:

– Тезек жию менің ісім емес, қатындар ісі, қатын жисын өздеріне тиісті жұмыс болған соң, – дейді. Сонда жүрген иесі тағы да айтады: «Бар, менің бешметімнің түймесін қада», – дейді. Үш вершок жауап береді: «Мырза әлденені табады, қашан, кім мен қатын болған мезгілімде қатын ісін қылсам керек, еркек жұмысы емес», – дегеннен кейін, мырза Келдібай Оразбай ұлының үлкен баласын ұрып өлтіреді. Мұнан кейін оның ортаншы баласы мырза Түлкінбай ұлына қызметкерлікке жалданғалы келді.

Екі вершок айтады: «Менің ағам сенде қызметкер болып жүр ғой, сондай қызметкерлікке мені де ал», – дегенде мырза күлімсіреп айтады: «Бірақ маған ешбір қарсы келме. Егер де екі мәртебе маған ашулансаң, сені ұрып өлтіремін, осындай уәдеге көнемісің?» – дейді. Сонда Екі вершок айтқан уәдесіне көніп, жүргеніне бір жұма болмай, жүргізген байыменен жатады да, ұрысып-керісіп ашуланысады: «Не үшін қатындардың қылатын жұмыстары – жіп иіру менен киізге әртүрлі ою оюды қыл дейді», – деп. Қарсы келгеннен кейін оны да ұрып өлтіреді, мұндай болған оқиғалардың бірде–бірін білмей, ең кіші інісі – Бір вершок өзі аш болған соң ойлайды: «Менің ағаларым осы күнде тойып жүрген шығар, мырзада жүріп, қымыз ішіп, қой еттерін жесіп, мырза бай адам ғой, мен де оған қызметкерлікке жалданайын» деп ойлай салып, барып, мырзадан орын сұрайды. Сонда айтады: «Жарайды, мен сені алайын, бірақ не қыл десем, соны қыласың. Егер де бір мәртебе маған ашулансаң, сені ұрып өлтіремін, осыған көнесің бе, Бір вершок?» – дейді. Сонда Бір вершок айтады: «Не жұмысың болса да, қыламын, бірақ сен маған ашуланбасаң, егер де сен өзің бір мәртебе ашулансаң, мен сенің өзіңді ұрып өлтіремін», – дейді. Сонда жалдап тұрған мырза күлімсіреп айтады: «Мен неге ашуланамын, мен қызметкер емес, менің ісім бұйыра беру», – деп, – «Жарайды», – дейді. Сонда Бір вершок бір күні қойларын жайғалы айдап барып, күні бойы ыстыққа жайып жүріп, суармастан кешке таман үйіне айдап келеді, сонда мырза қойларының суарылмағанын көре салып айтады: «Вершок, сен қойларыңды суарсаң болмай ма, айдап барып, қойларыңды суарып кел», – дейді. Мұнан кейін Вершок қойларды суға айдап барып, судың ең терең биік жары бар жерін таңдап алып, қойларын суға қоя береді, қойлар суды көре салып, суға түсе-түсе қалып, бірінің үстіне бірі түсіп, суға кетіп бара жатқанда пысқырғандары әлдеқайда жаңғырығып естіледі. Ақыры, бес жүз қойдан он-ақ қойды үйіне айдап келген соң, қызметкері Вершокке мырза ашуланады. Сонда уәдесі бойынша байдың басын алып, қызын қатындыққа алып, жақсы тұра бастаған мезгілде келесі жылы малдары өліп қалып, Вершок мүлде кедей болып қалды. Міне, Келдібай Оразбайұлының байлығы ешкімге қалмады, балалары әкесінің өсиетін тұтпағандары себепті.

35. ҮШ СЫЛҚЫМ

Серкебай деген байдың тіршілігінің арқасында үш ұл бірдей шырпы басын сындырмай, өмірді ылғи сылқым-серілікпен біркелкі өткеріп бара жатады. Күндердің күнінде Серкебай жасы жетіп, өмірі бітуге таянғандығын төңіректеп келген сырқаулықтан сезеді. Ес-ақылы бүтін, тіл-көмейі сау уағында үш баласын қасына шақырып алып, қоштасады. Балаларына мынандай өсиет айтады: бірінші өсиетім: мал-мүлкімді үшеуің бөліп алыңдар, таласпаңдар, тартыспаңдар; екінші өсиетім – осы үйімнің үш бұрышына үш кесек алтын тықтым, бөліп алған мал-мүліктеріңді ішіп-жеп тауысқан соң сол алтынды тауып алып, қоректеніңдер. Үшінші өсиетім – ол алтынды тауысып алып, күн көру үшін кісі есігін іздестірсеңдер, үшеуіңе де айтқаным – зор мұрынды, қау сақалдау келген бір кісіге жалдана көрмеңдер, – дейді. Серкебай өледі, мал-мүлкі бөлінеді, ол ішіп-желінеді. Алтын қазылып алынады, ол да ішіп болынды. Ең алдымен, үлкеннің қорегі таусылады, ол кәсіп іздеп, қаңғып кетеді. Адырақ көз, қау сақал адам жолығады.

– Е, не еткен жігітсің?

– Кәсіп іздеп жүрген жігітпін.

– Маған жалдан.

– Жұмысыңыздың түрі не?

– Жалғыз есегімнің боғын тазалайсың.

– Онан басқа?

– Онан басқа дәнеңе де істемейсің.

– Мақұл.

– Бірақ, есегімді ренжітсең, басыңды аламын. Егер есекке мен ренжісем, өзім басымды алдырам.

– Болады, – деп тоқтасады.

Қау сақалдың есегі, әмір жоқ, тыша береді. Әбден зықысын шығарған соң кейіген екен, қау сақал әлгінің басын алып тастайды. Онан ортаншы сылқым кезігіп, ол да осыған жалданып, есекке ол да қынжылып, оның да басы алынады. Үшінші сылқым тағы жалданады. Ол есек зықысын ала берген соң артқы сирағын шауып алып, көтенін тығындап қояды. Қау сақал көріп, сасып қап:

– Бұл не? – дегенде, үшінші сылқым:

– Есегіңіз құлындап жатыр, – дейді. Қау сақал бұрылып жүріп кетеді. Кешке оның үйіне бір қонақ келеді. Жалшысына:

– Мына қонаққа қой сой, бақай–сирағына дейін үйітіп сал, тойындырып аттандырайық, – дейді қау сақал.

– Мақұл, – деп шығып кетеді де, сол Қау сақалдың Қой, Бақай, Сирақ деген үш баласын өлтіріп, қазанға сап, аса береді. Қау сақал қонағымен көп әңгімелесіп отырып, қазы кешеулеген соң сыртқа шығып, жерошақ басына барса, қазанның іші толы адам еті.

– Мұның не? – дейді.

– Сол өзіңіз айтқан әміріңізді екі қылмай, орындағаным ғой, – дейді. Шал оларға қынжылмағансып кенеттен:

– Сен түнде қалай ұйықтайсың? – дейді.

– Көзімді ашып ұйықтайым, – дейді жалшы. Қау сақал қатынына бара сала үлкен бір сандыққа бауырсақ, азық-түлік салдырып, түнде қашуға айналады. Жалшы олардың мұнысын сезеді де, сол сандық ішіне түсіп жатады. Шал мен кемпір сандықты көтеріп, ала түнде қашады. Жалшы дәреті қысып кетіп, сиіп жібереді. Кемпір мен шал «Мына азықтың майы ағып барады» деп, түзу тамшыға ауыздарын тосып, жаласады. Су жағасына келіп, тыншып, тамақтануға сандықты ашып жіберсе, жалшы шыға келеді.

Шал үндемейді, тамақтанады. Кеш батады, жатуға айланады, төсекті тақ жар басына салады. Су жаққа – жалшы, ортасына – қау сақал, оның мына жағына кемпір жатады. Көзі ұйқыға кеткенде жалшы өз орнына кемпірді сала қояды. Түн ортасы, ала түнде бай кемпірін жардан құлатып, суға батырып жібереді. Таңертең қатынын оятса, жалшы болып шығады.

– Амалын айтшы, шырағым, алсаң, міне, бас, – деп, жалшының аяғына қау сақал жығылыпты.

36. БАҚСЫ ШАЛ

Бір шаһарда бір кедей шал болыпты. Шалдың әйелі сондай сұлу болады екен. Бір күні бір байдың қыз ұзатқан тойы болып, соған барады. Әлгі шалдың әйелі барса, өзінен басқа әйелдің бәрі де жоғары отыр. Жалғыз төмен отырған осы – шалдың әйелі. Әйел ішінен итқұса болып отырып, той тарқаған соң үйіне келіп, шалға «Мен сенен кетемін», – дейді. Сорлы шал сасып:

– Ей... өзің не деп тұрсың? Кеткенің не? – деп сұрайды.

Сонда қатыны тұрып:

– Сен кедейсің, менен елдің қатынының бәрі жоғары, байлардың да әйелі, бақсының қатыны да артық, сенің түрің мынау, өзіңнің қолыңнан һеш нәрсе келмейді. Мен сенен басқа адамға тиемін, – дейді.

Сонда шал тұрып:

– Ей, қатын, сен кетпе, мен бір амал табайын, – деп, сол жерде ойланып, өтірік бақсы болмақшы болады. Бақсы болып, елдің тамырын ұстап, ойнап, сөйтіп жүріп, айла тауып, елге бақсы атанады.

Бір күні шал бір ауылдан бақсы болып, суды үрлеп, келе жатса, қаланың іші–тысы жиналған адам. Келіп, бір кісіден:

– Бұл не? – деп, сұраса, «Ханның бүгін екі есекпен артқан күмісі жоғалды, соған сұрау салып, бақсы-балгерді жинап жатыр», – дейді.

Шал:

– Ойбай, мені шақырар. Шақырса, түк білмеймін, – деп, қашып кетіп отырады.

Хан елдің бәрін жинап, ешкім таба алмаған соң сұрау етті. «Кім қалды?» дегенде осында бір бақсы шал қалды деп, қаланың билері, адамдары «Шалды таптық», – деп мақтайды. Хан жарлық етеді.

– Қайда болса да, табыңдар, – деп, іздеп, үйіне келсе, шал жоқ, қайда кетті деп қатынынан сұраса, қатыны «Білмеймін» дейді. Шал бақсы бағанағы қашқаннан шәрден шығып бара жатса, бір судың жағасындағы көп ағаш бар екен, соған қарай жүреді. Келе жатса, бір үш адам алдынан келе жатады. Бақсы шалды көреді. Ол үшеуі ұры екен, әлгі есекті алтынмен солар алып ұрлаған екен.

Мына шал солай бара жатқан соң үшеуі қорқып, ақылдасады. Мына бақсы біліп келе жатыр бізді. Қазір табады да, ханға алып барады. Онан соң хан басымызды алады, онан да өзіне жалынып, есекпен бұлды беріп, бізді айтпа деп, нәрсе беріп қайырайық, – дейді де, шалдың алдынан үшеуі шығады. Шал қорқып, бұлар өзі мені ұстап, тонар, неге қарсы жүреді деп, қисайып бұрылып, қашады. Онда үшінші ұры «Әне, қайтсем де, бізді ханға апарамын деп, біздің жаңағы сөзімізді естіп, кетіп барады, аяғына жығылып, алып келейік», – деп, жүгіріп барып, шалды ұстап алып, апарып:

– Міні, ханның есегі, жүгі, өзің не алсаң да, қолыңды қақпайық біз, ал, – деп, – ханға айта көрме, апарып бер, – деп, жалынады. Шал:

– Олай болса, бұл жерде тұрсын, ханға сендер алды деп айтпайын. Өздеріңмен ақылдасайын деп, келіп едім, өздерің жүре беріңдер. Жүгін аударып кетіңдер. Жүгі ауып, жатып қалыпты дейін мен, – деп, шал білдірмей, қайта тартып, қалаға барса, алдынан іздеп жүрген адамдар танып келіп, ханға алып барады. Барып, «бақсы» сарнап отырып, өкіріп, бір мезгілде айтады:

– Осындай ағаштың ішінде жүгі ауып жатыр, – деп, екі кісі жіберсе, айтқан жерінде жатыр. Хан разы болып, бақсыны ел адамының бәрінен артық көреді.

Бір күні ханның сарайынан алтын жоғалады. Бұны ханның қырық уәзірі алады. Хан тағы шалды шақыртып алады.

– Ал, бақсым, тап, – дейді.

Шал не дерін білмей, отырып қалады.
Хан:

– Егер таппасаң, басыңды алам, – дейді.

Қорқып, «Өлсем, ең болмаса, қырық күн өмір өткізіп қалайын», – деп, қырық күн мұрсат сұрайды.

– Соған шейін тауып әкеліп берейін, – дейді. Мұны қырық уәзір естіп, сасады. Шал үйіне қайтқан соң кісі жіберіседі. Шал үйіне келіп, қайтерін білмей, қырық күнді осы жаңылып қалармыз деп, бишара өзі есеп те білмейді, бір ағашты қырық кертіп алады. Мұны әлгі уәзірлердің жолығып келуге жіберген адамы көріп тұрады. Барып, аналарға айтады.

– Осылай ағашты қырық кертіп алды, қырқыңды осылай керттіріп, өлтіртермін дегені, – [деп ойлап,] бұлар ертең бір уәзірді жібереді. Келіп, шалдың терезесінен қарап тұрса, шал әлгі ағаштың бір керткенін жонып тастайды.

Мұны көріп, уәзір есі кетіп, қорқып, аналарға келіп айтады:

– Ойбай, ең аяғы менің барғанымды да біліп, сендерден айрылып, бір кісі жоқ болды деп, әлгі ағаштың бірін жонып қойды, – дейді.

Ертең екі уәзір келіп қарайды. Келсе, шал тағы ағашты ұстап отыр екен. Шал отырып қатынына:

– Қатын, – деп, айғай салады.

Қатыны:

– Немене осы, кеше нешеу еді, бүгінмен екеу екен, – деп, екі сызықты жонады. Мұны көріп, әлгі уәзірлер қайтып барып:

– Қой, ол шал табады, онан да барып, жалынып, басымызды аман алып қалуға тырысайық, – деп, шалға келіп, барлығын – өзімізді аман қалдыр, өлтіртпе, мына ханның алтынын өзіне бер. Анау көп бейітке тығып, көміп едік, – деп, апарып көрсетеді. Жалынады. Уәзірлерді қайтарып, ханға келіп:

– Таптым, тақсыр, екі кісі жібер де, алғыз, ана көп бейіттің ішіне тығып кетті, – деді. Сонда хан кісі жіберіп, сұрайды.

– Кім алыпты, білдің бе? – дейді. Сонда шал тұрып:

– Тілегімді берсең, айтам, – дейді. Хан екі сөйлемей, «Жарайды», – дейді. Шал:

– Қырық уәзіріңіз, – дейді.

Хан:

– Жарайды, енді өлтірмей-ақ қояйын, сенің сұрағаныңды бердім, – деп, қояды.

Бір күні шал ханның үйіне келіп, сөйлесіп отырғанда, хан далаға шығып кетеді. Хан шығып дәретте отырса, бір шолақ қанатының жартысы сынық шегіртке ханның алдына келіп қонады. Хан қолымен екі рет басып қалып, екеуін де ұстай алмай, үшіншіде ұстап алып, қолына қысып, ұстап келіп, үйге кіріп, шалға келіп:

– Осы қолымда не бар, тапқыш болсаң, осыны тапшы, – дейді. Шал сасады, не дерін білмей, қорқып, уайымға түсіп, былай дейді:

– Бір секіргенде құтылдым, екі секіргенімде құтылдым, үшіншіде сорың сол-ақ – тұтылдым, – дейді.

Сонда хан:

– Пай, шіркін, қалай тапқыш едің, – деп, шегірткені тастай береді. Шалдың айтқаны шегіртке емес, өзі еді, өзінің алдыңғы екі жоқты тауып, кейінгі мынаны қалай табарын білмей айтқан сөзі шегірткеге тура келіп, қосылып қалғаны. Сөйтіп, шал аман құтылыпты. Содан қанша сый алып, өлімнен құтылған екен.

37. ЕРІКСІЗ БАЛГЕР

Ілгергі заманда бір шал бар еді. Оның бір жас қатыны бар еді. Ол қатынның ойы шалдан шығып, бір жас жігітке тимекші еді. Бір күндері шал қатыныменен моншаға барады. Моншада өздерінің үстіне қатық жағып, жалаңаштанып отырған уақытта бір жігіт келіп, «Патшаның бәлгерінің қатыны келеді, моншада адам болса, шықсын», – дейді. Сөйтіп, бұларды қатық сүрткен бойынша жуындырмастан моншадан айдап шығады. Үйге келген соң ыза болғаннан қатын шалға айтады:

– Дүниеде патшаның балгері зор екен, сен бал үйреніп, патшаға балгер бол. Болмаса, сенен шығып, патшаның балгеріне тиемін, – дейді. Бұ қарт бал ашуды бұрын еш білмейді екен. Қатынының бұл сөзіне қайран болып, амалсыз бір ағашты жонып, бір жағын – қызыл, бір жағын – қара, бір жағын ақ қылып, бір қоржынға ескі жазуы бар қағаздарды салып, базарға келіп, «Мен – балгермін», – деп, һәркімнің жоғалған нәрсесін әлгі төрт қырлы ағашты тастап, соған қарап, көңіліне келген сөздерді айта салса, әлгінің нәрсесі табылатұн болады. Бірнеше күн осы әдетпенен базар басындағы адамдарға «Пәлендей қарт адам балгер екен» деген сөз жұртқа жайылады. Сол уақытта патшаның бір жерге жіберген адамдары ол жерден көп пұл алып келе жатып, бір қашырға артқан алтынды қашырыменен жоғалтып келді. Қай жерде қалғанын білмейді. Бұл іске патша барша балгерді жиып, бал аштырады. Бұлардың ешқайсысы таба алмайды. Сол уақытта бір адам келіп, патшаға айтыпты.

– Жақында бір шал балгер шығыпты, айтқаны ешбір қате кетпейді дейді, – деп. Патша жасауыл жіберіп, әлгі шалды алдырып, шалға айтыпты:

– Менің бір қашырым жүгімен жоғалды, соған бал ашып, тапқын. Таппасаң, басыңды аламын.

Шал байғұс қорыққаннан төрт қырлы ағашын алып, ақ киіздің үстіне домалатып тастап, ағашқа қарап, біраз отырып, басын көтеріп, жасауылдардан сұрайды:

– Шаһарға жететін күні жолда тоқтап па едіңдер?

Жасауыл айтады:

– Жол үстінде жоңышқалы шарбаққа қашырды жайып, оттатып, біраз отырып едік, – дейді. Онда бұл шал ойлайды, ол жоғалған қашыр оттап, бөтен шарбаққа өтіп кеткен шығар, кешеден бері аунап, жүгі ауып қалған шығар, соны көңіліне демеу қылып, шал патшаға айтады:

– Сол күнгі жайылған шарбақтың ар жағында бір шарбаққа жүгі бауырына түсіп тұр, адам жіберіңіз, алып келсін, – деп. Патша адам жіберсе, айтқан жерде жүгі бауырына түсіп тұрған екен, тауып алып келді.

Патша әлгі шалға көп нәрсе беріп, қырық балгерінің ішіне қосып қояды. Бір уақытта патшаның қазынасына ұрылар кіріп, бір қап тілләсін алып кетіпті. Патша қырық балгерлерінің бәрін шақырып, «Бал ашып, тілләні табыңдар», – деп, жарлық қылады.

– Агар таппасаңдар, бәріңді қырамын, – дейді. Олардың ортасынан баяғы балгер шал патшадан қырық күн рұқсат сұрайды.

– Қырық күннің ішінде таба алмасақ, бәрімізді қыр, – дейді. Әлгі шал базардан қырық күндік ауқатын сатып алады және қырық өрік сатып алып, үйіне келді. Қатынына айтады:

– Сенің көңіліңде мен өлсем, бір жас жігітке тисем деген ойың бар еді. Енді тілегіңе жеттің. Патша қырық күннің ішінде тіллә табылмаса, өлтіретін болды. Мен бірауыз бал ашуды білмеймін, сенің зорлығыңнан болып еді, енді мен саған разы болайын, қырық күнге шейін менім көңілімді көп ойнап–күліп, жұбат, – депті.

Бұл патшаның қазынасын ұрлаған қырық қарақшы еді. Бастығы бір шолақ адам еді. Есітті «Жаңадан бір балгер шығыпты, қырық күннің ішінде ұрыларды таппақ болыпты», – деп. Кеш болған соң қырық қарақшының бастығы бір адамын жіберіпті.

– Барып, балгер молда[ны] байқап кел, не іс қылып отыр екен?

Ол адам сырттан келіп, тыңдап отырғанда шал орнынан тұра келіп, өріктің біреуін қолына алып, жемек болып, қатынына айтады:

– Ей, қатын, қырық еді, бірі келді, – дейді. Сонда тұрып тыңдаушы өзімнің келгенімді, біздің қырық екенімізді білген екен, – деп, қашып, жолдастарына барып айтады.

– Мен барысыменен қырық ұрының бірі келді деді. Өзіне барып жалынбасақ, мұнан құтылып болмас, – деп. Бастығы айтады:

– Сен қорқақ едің, ол басқаны айтқанын сен өзіңе жорыған шығарсың. Ертең саған біреу қосылып барсын, – дейді. Ертеңіне екеу болып барып, тыңдап отырғанында шал орнынан тұрып, өріктің және біреуін алып, қатынына қарап айтады:

– Ай, қатын, қырық еді, екеуі келді, – дейді. Мұны естіп, екі ұры «Бізді айтты» деп және қашып барып, жолдастарына айтады.

Үшінші күні шолақ бастығы екі адам ертіп, өзі келіп байқаса, бұ шал және бір өрікті қолына алса, ол өріктің жартысын құрт жеген екен. Қатынына айтты:

– Ей, қатын, бүгін қырықтың үшеуі келді. Және майыбы келді, – деп, өріктің құрт жегенін айтады. Мұны ұрылар естіп:

– Нақ өзімізді айтты, шолағымызға дейін тапты, – деп, со жерден шолақ бастығы қосына бір адам жіберіп, бір қалта тіллә алдырып, шалдың есігіне келіп, сөйлес қылды. Шал есіктен қарап:

– Кімсіңдер? – дейді.

Бұлар айтады:

– Тақсыр, өзіңіз біліп тұрсыз ғой, біздер қырық қарақшы едік патшаның тілләсін ұрлаған, тілләдан бір теңге шыққан жоқ. Бәлен жерге моланың ішіне қойдық. Мынау – бір қалта тартуымыз, алып, өздерімізге кеңшілік беріп, патшаға айтпаңыз деп өтінеміз.

Шал бұлардың сөзін естіп, мақтанып, оларға айтады:

– Мен сол күні сендердің қазынаны алғандарыңды біліп едім, өздерің жарамды жігіт болған соң аяп, өздері келіп айтар деп, қырық күн мәулет алғанымның мәнісі сол еді. Қалтадағы тілләларыңды қойып, өздерің кете беріңдер, – дейді.

Ертеңгі күн шал тұрып, ұрылар айтқан молаға барып, тілләні көріп, онан патшаға барып, мәлім қылады.

– Тақсыр, тілләңізді таптым, ұрылар ұзақ жерге кеткен екен, табылмады, тіллә пәлен жерде моланың ішінде тұр, сенішті адамыңызды жіберіп, алдырыңыз, – дейді.

Патша кісі жіберіп еді, айтқанындай, моланың ішінен тілләні тауып алып келді. Енді патша баяғы қырық балгердің бастығын шақырып келіп, қырық таяқ ұрып, қуып жіберді. Шалға жарлық беріп, қырық балгерге бастық қылады. Онан соң шал үйіне барып, қатынына айтады:

– Енді сенің көңіліңдегі болды. Мені патша балгер басы қылып, жарлық берді. Мұнан былай өлерімізді Құдай білсін, әзір біз үлкен болдық, енді моншаға бара бер, – дейді.

Күндерде бір күнде балгер шал моншаға барып, тұла бойына қатық сүртіп, жуынып отырып, ойлайды. Қандай қылсам, патшадан құтылар екенмін.

– Тұра тұр, өзімді жынды қылып, осы қалыбымменен барып, патшаның жағасына жабысып, сүйресем, мені жынды болыпты деп, айдап жіберсе керек. Солай қылып, құтылмасам, амал жоқ, – деп, шал моншадан тырдай жалаңаш патшаның ордасына жүгіреді. Жалаңаш балгер басы шалдың келе жатқанын көріп, патшаның ордасындағы жасауылдар аң-таң болып тұрғанда есіктің алдындағы көлеңкеде отырған патшаның жағасынан алып, сүйрей береді. Патша қорқып, сасып, шалдан құтыла алмай, сүйретіле береді. Балгер шал патшаны ашық жерге алып шыққан кезде патша отырған ашық көлеңке бірден құлапты. Әлгі жындылық қылып, патшадан құтыламын ба деген шал мұны көріп, көңіліне мақтау кіріп, жындылықты қойып, ай–жай болып, тыншыған соң шал балгерден патша сұрапты:

– Мұны қайдан білдің? – деп, шал айтыпты.

– Мен моншада отырғанда сіз патша турасында бал ашып көрсем, сіздің отырған төбеңіз құлайын деп тұр екен. Сонан киімімді кигенше кешігіп қалады екенмін деп, тырдай жалаңаш, ұятымды ұмытып жүгіріп, сізді орныңыздан сүйреп жүргенімнің мәнісі сол еді.

Енді патша бұ шалға бұрынғыдан да ықылас қылып, көп нәрселер беріп, һәр уақыт өз алдынан шығармайтұн болыпты.

– Мен сендей балгерді өмірі көргенім жоқ, – деп. Күндерде бір күн патша түзге отырғалы далаға шықса, бір ақсақ шегірткені көреді. Шегірткені ұстаймын деп, қолымен басса, шегіртке секіріп түседі. Және ұстаймын десе және секіріп түседі. Үшінші мартаба шегірткені ұстап алады да, ойлайды: тұра тұр, балгерден сұрайын, қолда не бар екенін білер ме екен, – дейді де, шалдан келіп сұрайды.

Шал аң-таң болып, не айтарын білмей, енді патшаға тұтылдым деп, өз турасында айтады. Өзін ақсаған шегіртке қылып, бір секірдің құтылдың, екі секірдің – құтылдың, үшіншіде тұтылдың дегенде, «Бәлі, шалым, білдің», – деп, алақанын ашып, шегірткені көрсетеді. Мұнан соң патшаға айтады:

– Тақсыр, өзіңізге оңашада айтатұн бір арызым бар, – деді.

Патша адамдардың барлығын шығарып жіберіп, шалға айтады.

– Не арызың бар, айтыңыз, – дейді.

Сонда шал айтады:

– Тақсыр, мен балгер емес едім, басыма іс түскен соң балгермін, – деп, бастан–аяқ өткеннің бәрін айтып, патшаның көңілін нандырады. Патшаға:

– Тақсыр, мен қызметкер шалыңызды не қылсаңыз да, өзіңіз біліңіз, – деген соң патша «аққа – Құдай жақ» деген Құдайдың өзі сізді жақсы жолға бастаған екен. Сізді өлгенше бағамын деп, бір елдің беретін қаржы[сы]н беріпті де, «Соны жеп, байғұс, ақ пейіл шалым, жата бер», – дейді.

38. БАҚА

Баяғыда Бақа деген қой аузынан шөп алмайтын бір шал болыпты. Ол шал еш уақытта да бір адамға «Сені ме» деген сөз айтпапты. Оның үстіне қыдыру дегенді, көпке қосылу дегенді білмепті. Осы мінезіне қарай Бақаны жұрт келемеждеп, «әулие» деп атапты. Осыдан былай қарай Бақа деген ат ұмытылып, «әулие» деген ат тағылыпты. Бақа бір күні көптің артына еріп, қала шығып, қаладан қайтып келе жатқанда, нөсер жаңбыр жауып, көппен бірге жолдағы бір үйге қонуға мұқтажды болыпты. Солардың қонған үйіне ел қыдырып, қазақтың қатын-қалашын алдап, сауда істеп, мал тауып жүрген бір бақалшы саудагер ноғай қонады. Қонған үйлері бір даукес байдың үйі болса керек. Қасындағы жолдастары Бақаны мазақтап, әулие деп атап отырғанда, есік жақта отырған бір шалға үйдің иесі де көңіл аудара қоймайды.

Таң атады. Шәй ішіп, жұрт аттанайын деп жатқанда, бақалшы ноғай:

– Бір тай матам ұрланды, – деп, әлек салады. – Ұры емес. Мата табылғанша осында боласыңдар, табылмаса, төлейсіңдер. Сендерден басқа алар адамның жөні жоқ, – деп, бұларды жібермейді.

Әрі керісіп, бері керісіп келгенде, қасындағы жолдастары Бақаны куәлікке ұстап беріп, кеткісі келеді. Сөйтеді де:

– Мынау отырған біздің жолдасымыз, көріпкел әулие, кім алса да, ұры кісіні тауып береді. Таба алмаса, ұрыны жасырғаны. Осы кісінің түп етегінен ұстап, айрылмаңыздар, – дейді.

Бақа ыршып түседі.

– Бай-еке, бұлар қалжыңға айтады. «Әулие» деп, мені мазақ қылады. Менің ондайлық ешбір өнерім жоқ, – дейді.

Бай отырып:

– Жарайды, әулие болса, ұрымды тауып берер, тауып бермесе, астындағы аты – біздікі. Басқаларыңа ұлықсат, – дейді.

Бақа әрі ойбайлайды, бері ойбайлайды. Қисайған бай болмайды. Ақырында:

– Матаны алған – сен, – деп, жанжал салады.

– Әй, Құдай-ай! Жасымнан-ақ осы заманның із аңдыған адамдарына жолдас болмасам деп ем, бір түн жолдас болғанда, көрген пайдам – мынау, – деп, Бақа тұтқын болып, жолдастарынан айрылып, жолынан бөгеліп, қала береді.

Бай кешке дейін Бақаны әурелейді.

– Жоқты табасың, таппасаң, төлейсің, – дейді. Бақа қарғанып-сіленіп, өлердегі сөзін айтады:

– Әулие де емеспін, матаны да көргенім жоқ, – десе де, болмайды. Тінтіп, әрі-беріден соң:

– Сөзге түсінбейтін, кезерген неме екенсің, – деп, бай қамшылап та алады.

Бақа өкінішпен, сөздің жай-мәнісін айтумен құтылмайтынын біліп, құтылудың басқа жолын ойластырады.

Ақырында:

– Жарайды. Мен ұрланған матаны табайын. Кешке бір бөлек үйді маған оңаша беріңдер. Таң атқанша соған түнеймін. Атымды үйдің артына байлап қойыңдар. Таң атқасын жоқтың ізінен хабар етем, – дейді.

Бай:

– Жарайды, – деп, бір үйді оңашалап, кешке Бақаны ішіне салады.

Бақа олай бір, бұлай бір төңбекшіп жатып, түнімен өзін әлекке салған халықты да, Құдайды да қарғаумен болады. Таң қараңғысы болды-ау деген кезде сыртқа шығады. Шықса, аты байлаулы тұр екен. Бірақ байда Бақаның қулығындай қулық жоқ па, ер-тоқымын тығып қойған екен. Кедей сорлыда дұрыс ер-тоқым болған ба, ер-тоқым біреудікі екен.

– Тастап кетсем, ұят болар, – деп, ер-тоқымды іздей бастайды.

Ана жерді бір, мына жерді бір қарап жүріп, үйдің жыртығынан шамның сәулесі келіп тұрған бір үйдің желкесіне келеді. Келсе, ішінен күбір-күбір дауыс шығады. Тыңдап тұрса, сөйлесіп жатқан әйел мен еркек екен.

– Құдай, ұрым-ау, ана әулие дегені шын әулие болып, ашылып қалса, не бетімізді айтамыз? – дейді еркегі тұрып.

– Әй, қойшы әрі! Ол қайбір әулие дейсің, жоқты айтқаны несі? Мына қарашы, шетінен бір сүйемдей жыртып алып едім, өзі сәтен бе, қалай? – дейді әйел.

– Қанша дейсің?

– Бірталай, бұзылмаған.

– Оны тыққан жеріңнен біреу-міреу тауып алмай ма?

– Ай, Құдай-ай, кім табар дейсің? Шұқыр тастың түбіндегі ағаштың түбін кім қазар дейсің...

Ер-тоқым іздеген Бақа қуанып кетіп:

– Жарайды, – деп, үйге қайта келеді.

– Бір сапарға бәледен аман құтылдым, – деп, тыныш ұйқыға кетеді.

Ертеңіне бай Бақаның бетіне қараса, кешегі Бақа емес. Бақаның көңілі жай, мінезі салмақты болып қалыпты.

– Осы Құдай атқанның, шынында да, бірдеңесі болып жүрмегей еді, – деп ойлайды ішінен.

Шәй ішіп, жайланып болғаннан кейін:

– Ал, әулием! Көрген-білгеніңнен сөйле! – дейді.

Бақа назданып, азырақ отырып:

– Осы ауылдың қатын-қалаштарына дейін қалдырмай жина, – дейді.

Ауыл адамдары жиналып болғаннан кейін:

– Мата алысқа кете қоймаған болар. Қатын-қалаштардың істеп жүрген істері болар. Отырған адамдардан сұрастырып көріңіз, бәлкім, өздері де мойнына алар, – дейді Бақа салмақты.

Жұрт біріне–бірі қарасады. Бай отырып:

– Естіп отырсыңдар ғой әулие сөзін, ойнап алғандарың болса, өздерің-ақ айтыңдар, – дейді.

Жұрт бірінен соң бірі:

– Құдай сақтасын. Бес-онды қарамыздың игілігін көрсетсін, – дегенді айтады. Соның ішінде бір жастау қатын қызарақтап, Бақаға алақтай береді. Бақа: Әй, сен қатынсың-ау, – деп ойлайды ішінен.

– Әулие, көріп отырсың ғой! Мына жұрт қарғанып отыр. Енді не айтасың? – дейді бай Бақаға.

Бақа азырақ үндемей отырып:

– Жарайды, олай болса, матаның жатқан жерін өзім-ақ айтайын... Осы ауыл маңында бір шұқыр тас болу керек. Сол тас жанында жалғыз ағаш болу керек. Соның түбін қазса, мата табылар. Бірақ бір сүйемдейі жыртылып алынған болар, – дейді.

Мұндай хабарды естіген жұрт отыра ма, шуласып, тұра жүгіріседі. Барып, қазса, айтқанындай, мата шыға келеді. Оның үстіне бір сүйемдей жері жыртылған болады.

Жұрт жағасын ұстап, таң қалысады.

– Мынау нағыз көріпкелдің өзі екен, – деседі.

Матаны алып, жұрт бай үйіне келеді. Әулиенің айтқаны дәл болғанын айтысады. Баяғы жас қатынның жүзі қуарып кеткенін Бақа көз жіберіп байқайды:

– Әй, осы сенсің-ау, – деп ойлайды тағы да ішінен.

Жұрт біраз шуласқаннан кейін манадан бері мата өз ауылының ішінен шыққанға тұнжырап отырған бай:

– Жарайды, әулием! Жоқтың үстінен дәл түстің, мұның жақсы. Енді ұрлаған кісіні айтып бер, – дейді.

Бақа біраз кідіріп отырып:

– Жоқ табылды ғой. Бала–шағалардың істеген ісі болар. Ар жағын қазбалап, біреу-міреуді ұялтып қайтеміз, – дейді.

– Әлде өзің тығып қойып, әулиелік қылып отырсың ба? – дейді бай кекетіп. Осы байдың өзінің қай жағынан шығып кетем деп мүдіріп отырған Бақа бұл сөзге кейіп кетеді.

– Олай болса, жарайды. Бірақ... өзіңізге ұят келіп қалып жүрмесін... – деп, Бақа ептеп басын көтеріп, манағы дүдәмалды әйелге қарайды. Әйелдің көзі тайсалып, жерге қарайды.

– Дәл өзі екен, – дейді ішінен Бақа.

– Матаны алған... – деп келе жатқанда Бақаның сөзін бөліп, жігіт ағасы болған бір кісі:

– Біздің үйдегі келініңіз екен, мына ноғайға ерегесіп, тығып қойып жүрген, – деп, күңк ете түседі.

Байдың беті көлдей болып, төмен қарайды. Манадан бері алақтап отырған жұрт біріне-бірі пыш-пыштап, теріс қарап, күле бастайды.

Матаны ұрлаған байдың інісінің әйелі екен.

ІІ

– Бақа көріпкел әулие екен, жұрт ойнап айтам деп, ойлап айтып жүр екен. «Сөйтіпті, сөйтіпті; солай болыпты», – деген лақап осыдан былай жұрттың бәріне жайылады. Өтірігін қосып, көпірте біреуден біреуге айтылып, Бақаны нағыз Құдайға қол тапсырып келген қылып, шығарады. «Әулие» деген ат шындап тағылады. Қой ұрланса да, бұзау бас жібі ұрланса да, біреу-міреу ұрласа да, жұрт Бақаға шабатын болады. Жұрттың лақабын, нанымын пайдаланып, күнін ойлайтын Бақа сияқты адамдар ма, Бақа бәріне де ұрсып, жауап беріп, қуып жіберіп жүреді. Кей адамдар әулие деген атаққа құштар болса, Бақа тосыннан тағылған атақтан қашып құтыла алмайды.

Күндерде бір күні азуы алты қарыс ел билеген бір бидің жанынан артық көретін, өзі бір түлікке бағалайтын жақсы нары жоғалады. Нарды күні-түні іздеп, таба алмайды.

– Нарды алған кісі бір күн ішінде әкеліп, үйімнің маңына тастап кетпесе, түбіне жетем. Ауыл-мауылымен шабамын. Еркегін құл қылып, қатынын күң қылып, Қоқанға айдатам заннам түбіне жіберсе де, бәрібір, ол нарды таппай қоймаймын, – деп, жарлық таратса да, нардың із-түзі білінбейді.

Ақырында, нардың өз бетімен табылуынан күдер үзгесін бақсы-балгер іздестіреді. Ақырында:

Нағыз көріпкел бір әулие бар дегенмен Бақаға қос ат шаптырады.

– Келсе, алып кел. Келмесе, сабап, айдап кел, – деп, бұйрық береді.

Бидің жіберген кісілеріне «бәлен-әлен» деп, Бақа ергісі келмеген екен, ту сырттан тиген екі қамшының зардабынан:

– Барсам, барайын, – дейді.

Бақа бидің үйіне келеді. Келісімен аттан түсер–түспестен би:

– Солай да солай! Түйемді табасың, таппасаң, басыңды алам, – дейді.

– Би-еке-ай! Елдің келемеж етіп, шашып жүрген лақабы ғой, әулиелік менде қайдан болсын? Мені босқа қыспаңыз, – дейді.

– Қаңғырған шақша бас бақалшыдан менің ауырлығым кем болғаны ма? Би тұра қамшының астына алады.

Бақа қорыққанынан:

– Құлдық, тақсыр, құлдық. Түйеңізді табайын, – дейді.

– Е, бәсе! Оттағаныңша манадан бері соны айтсайшы, – деп, би ашуын басады.

Бақа баяғысындай түнеуге оңаша үй сұрайды. Аттың үй артына байлануын тілейді.

– Жарайды, – деп, би үйін тігіп, бәрін әзірлеп, Бақаны оңаша үйге салады.

– Бүйтіп болған әулиелігің құрысын! Әулиелікті шығарған адамдар құрысын! – деп, Бақа түнімен әулие-әнбиелерді қарғап:

– Енді өлген жерім осы болар! Мазақтың түбі – азап! Азабым осы емес пе? Ел мазағынан өлді деген осы емес пе? – деп, қорланып, жылап шығады.

Таң қараңғысы болды-ау деген кезде ептеп үйден шығады. Аңдып тұрған адам жоққа ұқсайды.

– Жолым болған-ау, – деп, үй артына келсе, байлаудағы аты жоқ.

– Баратқанның балтасын, келеатқанның кетпенін қоймаған жалмауыз енді менің жалғыз атыма ауыз салдың ба? Жарлының жалғыз атын төлеуге алдың ба? – деп, жылап жібереді.

Бірақ, амал қайсы, аттан айырылса да, «бас – садаға» деп, Бақакең тайып отырады. Қуған болар ма екен деп, тұрып-жығылып, қашып келе жатып, қалың қамыс арасына кеп, адасып кетеді. Жол қарастырып жүріп, қамыстың ортасындағы балшыққа кездеседі. Балшыққа теңкиіп, батып жатқан бір нәрсені көреді. Жақындап келіп қараса, балшыққа батып өлген бір қара нар екен.

– Әй, дәу де болса, осы соның нары-ау, – деп, біраз ойланып тұрып, қуанышы қойнына сыймай, бидің ауылына қайта қайтады. Қайтып келіп, білдірместен есікті бұрынғыша жауып, ұйықтап қалады.

Ертеңіне сәске уақытта тұрып, көңілдене, ешбір уайым жоқ, бидің алдына келеді.

– Ал, таптың ба? – дейді би.

– Нарыңыздың табылуы қиын екен. Алыс сапарға кеткен екен, – дейді Бақа.

– Өліп пе? – деп сұрайды би.

– Өліпті, – дейді.

Би сол жерде отырып, боздап тұрып жылайды.

– Түлікке балаған малым еді, – дейді.

– Мал деп құныққан, ай, ит-ай, – дейді ішінен Бақа.

– Өлтірген кім екенін айт. Аспанға ұшса да, жерге батса да, жоқ қылам, – деп, ақырады би.

Бақа тұрып:

– Нарыңыздың ажалы ешкімнен болмапты. Алладан болыпты. Алланың ісіне шара бар ма? – деп, Бақа көңіл айтып, нардың жатқан жерін айтыпты.

Би ат шаптырып, айтқан жеріне барып қараса, айтқанындай, балшыққа батып өлген, сол нар екен. Сөйтіп, Бақа бұл бәледен де құтылыпты.

– Бүйтіп болған әулиелігің құрысын! Бұған нанған елің құрысын! – деп, Бақа еліне қайтыпты. Басың аманында енді әулиелік құрмасқа ант етті.

ІІІ

Мұндай хабар елде жатқан бай Қырым мен Қытайға жетіпті. Әулие деген атақ жұрттың бәріне жетіпті.

– Солай да солай болыпты. Жарықтық нағыз көріпкел екен. Бұлжытпастан айтып беріпті, – деп, бұрынғы бұрынғы ма, Бақаның әулиелігін көкке жеткізіпті. Елдегі өтірікші қулар ойдан қиыстырып, Бақаның басқа түрлі де істеген керемет әулиеліктерін айтып, қиыстыра беріпті.

«Көріпкел әулие» деген хабарды ханның бір әумесер баласы естіпті.

– Әулиелік ондай адамға қайдан келіп жүр? Мен оның әулиелігін көрсетейін, – деп, жеті жендетін:

– Тірі болса, өзін алып кел. Өлі болса, сүйегін алып кел, – деп, бұйрық беріп, Бақаға шаптырыпты.

Жеті жендетке Бақа:

– Әулие емеспін. Елдің өсегі, мазағы. Бармаймын, – деп, дәлел айтқысы келген екен.

– Сен оныңды бізге айтпа. Хан баласына айт. Біздің міндет – сені өлі болсаң да, тірі болсаң да, алып бару, – деп, ары-бері жондап-жондап, ат құйрығына байлап, алып кетеді.

Еріккен хан баласы әулиені алып келе жатқанын көріп, атқа мініп, алдынан шығады. Жолда келе жатып, тырбаңдап, көлге қашып бара жатқан бір бақаға кездесіп, аттан түсе қалып, қамшының астына ала бастайды. Бақаны бір ұрады, қамшы тимейді, екі ұрады – тимейді. Үшіншіде барып тиіп, тыраң асады. Өлген бақаны тұмағымен бүркейді де, әулиенің келуін күтеді.

Аттың құйрығында жетектеліп келген әулиені келісімен жағасынан алып:

– Сен әулиемін деп жұртты алдап, әулиенің атын қорлап-ақ болдың. Өлетін жерің енді келді. Алдайтын кісің мен емеспін. Тез айт! Мына тұмақтың астында не бар? Тапсаң, жаныңның қалғаны, таппасаң – әулиелігіңмен бірге өңешіңді жұламын, – дейді.

– Дұрыс, шырағым! Менде әулиелік дегеннен түк те жоқ. Әшейін жұрттың келемежі. Мені қинама, шырағым, – дейді, Бақа көзінен жас егіліп.

– Сөзіңді қой! Мынаның астында не барын айт! Айтпасаң да, өлесің. Астында не барын таба алмасаң да, өлесің, – деп, ханның баласы тартып-тартып жібереді.

Соққы батқасын амал бар ма?

– Әй, Бақа-ай! Бұлай бардың – өлмедің, былай бардың – өлмедің, ақырында, енді ажалыңның жеткені ме? – деп, жүрелеп, жылап отыра кетеді. Бақа өзі жөнінде айтса, мұны хан баласы тұмақ астындағы бақаны айтып отыр екен деп:

– Апырай, нағыз әулие екенсің. Мен сізге шек келтіріп едім, онымды кешіріңіз. Тұмақ астындағы бақа екенін білгеніңіз білген болсын, менің екі ұрғанымда өлтіре алмай, үшінші ұрғанымда өлтіргенімді қалай біліп қойдыңыз? – депті.

Бақа жоқ жерден ажалдан құтылып, аман қалғанына қуанып:

– Шырағым, бірін білгесін екіншісі өзі білінеді ғой, – деп, жауап береді.

Сөйтіп, мұны естіген ел тағы да «көріпкел, әулие» деп, жағасын ұстапты.

– Мұндай әулиелігіңнің тұқымы құрысын! – деп, Бақа үйіне қайтыпты.

39. БІЛГІШ

Баяғыда үш ағайынды болыпты. Үлкен екеуі – бай, кішісі – кедей, жалғыз арық аты бар екен. Оны ағаларының жылқысына қосып қойса, ағалары өз малдарын аяйды, сол байғұстың жалғыз шолағын мінгіздіреді екен. Бұ байғұс ағаларының бұ қылығын біледі екен. Ағалары оны біліп, [үндемейтіндігінің] інішегіне ашуланады екен. Бір күні ханның қазынасынан алтыны жоғалыпты. Сонда хан жасауылдарын шаптырып, елінен білгіш іздетіпті. Сонда әлгінің екі ағасы жасауылға:

– Біздің осында бір білгіш ініміз бар, бізге қосқан жылқысы, аты бар, соны мініп қойсақ, біле қояды. Соны алып бар, – депті. Жасауыл әлгі сорлыны «Білмеймін» десе де, болмай, су еңіретіп, ханға айдап барады.

Сонда хан:

– Ай, білгіш, менім алтынымды кім алды, тап, – депті.

Бұ бишара күні-түні жылап жүрсе, бір кісі келіп:

– Әй, бишара, білгіш сен екенсің. Алтын алған мен едім. Ханға мені айтпайсың. Алтынды сен айтасың, алтын анау сайда, – депті.

Бұл ханға келіп айтса, хан:

– Маған ұрының керегі жоқ. Алтыным табылса, болды, – дейді.

Бұл алтынын алып келіп береді. Бұ байғұс үйіне келіп жатса, сол түні ханның арғымағы жоғалыпты. Хан тағы білгішке шаптырады. Ол жылап–сықтай тағы ханға келеді.

Хан:

– Ай, білгішім, арғымағым жоғалды, тап, – дейді.

Бұ бишара «Енді өлгенім осы ғой», – деп отырса, бір адам келіп:

– Ай, білгішім сен екенсің, атты алған мен едім, – деп, – ханға айтпасаң, арғымақтан көп пұл берейін, – деп, – арғымақ анау қорада тұр, – дейді.

Бұ арғымақты алып келіп, беріп, хан бұ шын әулие екен деп, мұны жанына отырғызып қояды. Патшаның жанында отырып, бұ ұйықтап кетеді. Сол мезгілде ханға бір шегіртке қонып еді. Оны хан ұстайын деп, екі рет оқталып, ала алмай, үшінші ұмтылғанда ұстады. Жанындағы білгішті оятып:

– Ай, балым, бір іс болды, тап, – дейді.

Бұл «Енді өлдім» деп отырып, ханға:

– Екі тауып құтылдым, үшіншісін тұтылдым. Енді өзіңіз біліңіз, тақсыр, – десе, хан «екі рет оқталып, ұстай алмадың, үшіншісінде шегірткені ұстадыңыз»дегені екен. «Бұл шын кемеңгер, білгіш екен», – деп, өзіне уәзір қылып алыпты.

40. БАТПАН ШАЛ

Ертеде кемпір-шал болған екен. Ол кемпір-шалдың үш сиыры, бір тарғыл өгізі болған. Шал күн сайын тарғыл өгізбен сиырды бағып жүреді. Бір күн бағып отырып, жер шұқыса, жер астынан жеті тышқанның баласы шығып, соны өлтіріп, тарғыл өгізге мініп, кемпірге келіп, мен енді көшеге қағаз жапсырамын, мен – Батпан батыр.

«Бір-біріне соққан батырмын» деп, көшеге қағаз жапсырады.

Күндерден күн өткенде бір патшаның ат басындай алтыны жоғалып, соны бәрілері таба алмаған соң, Батпанды алдыртады.

Батпан батыр келген соң айтады:

– Маған мынау арадан үй салып бер, ішінде әртүрлі тағамдар болсын, – депті.

Айтқанының бәрін хан жасады. Батпан батыр, бір-біріне соққан батыр барып, әйтеуір, «Мен таба алмаймын, мен[і] хан өлтіреді. Одан да мына тұрған тағамға тойып алайын», – деп, жеп-жеп, іші ауырады. Түні бойы шал «Ішім-ай» деп, бақырып шығады. Бұл алтынды алушылардың аты Ішімай болады екен.

– Бұл біздің атымызды тапты, – деп, қорқып, аяғына жығылып айтады:

– Ханның алтынын ұрлаған біз едік. Бізді ханнан құтқара көр, алтыны есігінің алдындағы теректің арасында, – деп айтты да, кетті.

Батпан таңертең ерте тұрып, ханға келіп, алтынын тауып беріп, қайтпақшы болды. Хан бұған қырық сиыр, отыз қой берді. Бұл оны алмастан, тарғыл өгізге мініп қайтты. Жылдардан жыл өткенде жыл[ы] мекеніне жеткенде, ханның қызы жоғалады. Тағы үйренген Батпанға келеді. Батпан барады. Бара жатқанда кемпірге айтады:

– Алғашқыда құтылдым, енді тұтылдым, – дейді.

Тағы баяғысындай жеке үйге кірді. Түн ортасынан тұрып ап, алғашқыда құтылдым, енді тұтылдым деп қақсайды. Манағы ханның қызын қалмаққа шығарып беруші үш адамның біреуінің аты Тұтылдым екен.

– Қой, болмас, – [деп], аяғына жығылып айтады:

– Пәлендей жерде қалмақтар әкеткен, – деп.

Ертеңінде шал ханға келіп айтады:

– Маған бір қара арғымақ бер, – деп. – Және қырық жігіт, қырық кез жібек арқан бер. Сондай алыста қалмақ әкеткен екен қызыңды, – дейді.

Хан әлгі айтқанның бәрін беріп, жөнелтеді. Атқа мінбеген сорлы арғымақтан құлап қала жаздап, қырық жігітті шақырып, өзін-өзі «Күшім тасыды» деп, байлатып жөнелді. Батпанның қарасы да көрінбей кетті. Қырық жігіт қорыққанынан жүгіріп келеді. Батпан қалмаққа жақындап қалды. Алдында бір әуеден жерге тірелген бәйтерек тұр. Бұл соған атының басын тіреп, қайтуға ойлаған. Ат бәйтеректі қағып жібергенде, бәйтерек түбімен қопарыла құлады. Бірақ бір жағы үзеңгіге ілініп, сонымен қалмақтарды қырды. Қырық жігіт келді. Екі жігіттің біреуін сүйіншіге жіберді. Біреуін қырық сиыр, отыз қойын бергенде, алған жоқпын, енді хан маған қызын берейін деп, [жатыр деп оны] жіберген. Ақырында, хан қызын беріп, шал алып, отыз күн ойын, қырық күн тойын істеп, Батпан батыр жеті ебелі соққан мұратына жеткен.

41. БАРЫС, ТАРЫС

Бұрын бір заманда бір Бардам адам болады, малы көп, баласы жоқ болады. Сол кезде ол кісінің ағасының баласы көп болады. Ағасының бір баласын асырап алады. Оған Жалау деп ат қояды. Көңіліме Жалау болсын деп, сөйтіп жүргенде, өз қатыны бір ұл табады. Бай қуанып, өз баласының атын Демеу қояды. Сонымен екі бала ержетіп, жігіт болады. Байды Құдай атып, бұрынғы баланы қойып, өз баласына біреуге құда болады. Бір жылы құдасы жер ауып, көшіп кетті. Алыс жерге кетеді. Сол заманда баласы он екі жасқа келеді. Асырап алған баласы он бесте болады. Бай үлкен баласын кіші баласына жолдас қып, қайнына жібереді. Арада жыл жүріп, бірнеше күнде қайын жұртын іздеп табады. Сыртынан сұрап, ауылға жақын қалғанда, үлкен ағасы інісіне айтады:

– Күйеулік жол – менікі. Жолдастық жол – сенікі. Сенің әкең өзінен туғандығын істеп, саған қатын әпермек болды. Мен енді оған көнбеймін. Сен маған жолдас бол. Басыңдағы үкіні маған бер. Сен барып, күйеу келді деп хабар бер, – дейді.

– Тіл алсаң, көнесің. Тіл алмасаң, өлесің, – дейді. Бала қорқып, басындағы үкіні береді.

– Ешкімге айтпаймын, – деп, қасам береді. Сонымен «Күйеу келді» деп, шауып, ауылға келеді.

– Пәлен байдың баласы келді, – деп, аты-жөнін айтып береді. Ауылдың бәрі жиылып, күйеуді құрметтеп, кеш болған соң қызбен ойнап, қызық көреді. Ағаны Құдай атты, келінмен бірге жатты. Сол уақта сол ауылға:

– Мына менің жолдас болған баламмен жақсы сөйлеп, жақын болма, – деп, бір сұмдықты айтты.

– Бұл баламен сырлас болсаңдар, қатын ерден, ері елден ажырайды, – деп, жамандайды. Бұл сөзді естіп, ешкім қасына бармайды. Бұл бала «Қарап жүріп болмас» деп, ауылдағы барлық бұзауды жиып беріп, баяғы Демеу деген балаға бақтырады. Жас бұзау айдаса, жөнге жүрмейді. Жайылып, шөп жемейді. Жусап, дамыл көрмейді. Демеу баланың адам сипаты қалмады.

Бір күні бала жылап отырса, қалың жамғыр жауады. Демеу бала қайда барарын білмей, бір борсықтың ініне кіреді. Жауын өткен соң іннен шығып, бұзауға келеді. Бұл жерде бір сәлдесі бар адамды көреді. Сәлделі адам балаға жауап береді.

– Шырағым, күн жауып, жердің бәрі су болғанда сен нағып су болмадың, себебін айт. Не тілегіңді берейін, – дегенде, бала айтады:

– Мал да, жан да сұрамаймын. Көрген қорлығым ойымнан кетпейді. Осы бұзауды жат десем, жатып, тұр десем, тұратын ғып беріңіз, – дейді. Ол сәлделі адам өте оқымысты, қайлакер адам екен, балаға дұға үйретті.

– Балам, бұзауға Барыс десең, жатып қалады. Тарыс десең, түрекеледі, – деп үйретті.

Бала айтты:

– Жауын жаумаған себебін айтайын – ана бір жерде бір ін бар. Қыстап жатсаң, қырау түспейді, – деп, кетіп қалады.

Бала қуанып, ертесіне бұзауды айдап келеді. Бір шұқыр жерге «Барыс» деп қойып еді, барлық бұзау қимылдамай, жатып қалды. Бала жатып, ұйқысы қанып, кешке таман «Тарыс» деп, тұрғызып алып, үйге барды. Қатын да бұзауды байлап алды. Күндіз бала қориды, түнде қатын байлайды. (Сенің пәлеңнен бұзау қалды.) Демеу бала бір күні ой ойлайды:

– Бұл бұзаудың маған жазығы не? Өзім сияқты жас жанын қинамайын, онан да бұл өнерімді өзіме зорлық қылған ағама істейін, – деп, соған қайтер екен деп, түнде келіп, аңдып тұрып, қыз, күйеу жақындасқан уақытта «Барыс» деп қойып еді, қыз, күйеу ажырамай қалады. Түнімен жатып, қайғыға батып, сонымен таң атады. Таң атқан соң қыз шешесі қызы келмеген соң кіші келініне айтады:

– Ау, келін, баршы, қыз әлі жоқ, ұйықтап қалды ма, оятып кел, – деген соң келін келіп, отауға кіреді. Ойнап жатқан қыз, күйеуді көреді. Келін кеп, күйеудің иығынан тартады. Сонда сыртында тұрып, Демеу бала «Барысты» тағы айтады. Келіннің қолы күйеуге жабысады. Қыз-жеңге бір-бірін танысады.

Сонымен кіші келін кешігіп келмеген. Кемпір үлкен келінін шақырып алып:

– Ай, келін, түнде кеткен қыз жоқ. Бағана кіші келінді жіберіп едім, одан да хабар жоқ. Сен баршы, бұларға бір бәле болған болар, – деген соң үлкен келін келіп, отауға кіреді. Қараса, қыз, күйеу опар-топар, кіші келін иықтан ұстап отыр. Мұны көріп, үлкен келін ұрысты:

– Ұялмаған не деген кісісің, не деген бетсіздік, бетің тіліңгірлер, – деп, өз бетін шымшып, тісімен ернін қымыртып, кіші келінді жағадан алып, жұлқып жүргенде Демеу бала тағы кеп, «Барыс» деп қойып еді, қатынның бір қолы бетіне жабысты. Бір қолы кіші келіннің жағасына жабысты, сөйтіп, төрт адам болып, күйеу батыр бірін мініп, екеуін жетелеп, жата берген екен. Сонымен бірден-бірден хабарланып, барлық ауыл жиылып, бір керемет болған екен деп, бір молда бар екен, өзі өте оқымысты, соны шақырып кел деп, банағы Демеу баланы жібереді. Демеу бала жүгіріп, молданың аулына келіп:

– Пәлен байдың балалары науқастанып қалған екен, қатты сасып, түсі қашып, сізге жіберді. Жөні келсе, барасыз, жақсылап демді саласыз. Таң ұшығын тарқыратып, күн ұшығын күркіретіп, сәті келсе, жазасыз. Балалары жазылса, бір тоғыз бүгін аласыз, – деп, молданы күлдіріп, бір ұрғашы есегі бар екен, молданы соған мінгізіп, келе жатыр екен.

Молдекем жолда келе жатып, бір ағын суды көреді. Молда:

– Мен Сырдың суын көрейін, сайтаны бар ғой, түсіп, дәрет алам, – деп, жауап береді. Бұл сөзді бала да мақұл көреді. Молда шапанын жамылып, дәретпенен танып, бала тұрады есекпен алысып. Демеу бала бір сұмдық ойлап, «Барыс» деп қойған екен, молданың қолы қалды насыбайына жабысып. Молданың мұны көріп, сұры кетті. Қаншалық құтылмаққа қайла етті. Бір бәле ғазиз басқа болғаннан соң. Балаға сонда тұрып жауап етті.

Молда айтады:

– Қарағым, бала, мына сұмдық қара. Дем салсам да, болмайды. Бұған тапқын дауа.

Сонда бала айтады:

– Ай, молдеке, ғылымың көп болса да, ақылың жоқ екен ғой. Мұның дауасын алыстан іздемей-ақ, мен табамын. Мұндай іс біздің елде көп болады. Мына өзіңіздің есегіңіздің көтіне аузыңызды тигізіп тұрып, қатты үрлеп жіберсеңіз, бұл қолыңыз демде-ақ босанып кетеді, – дейді.

Молда мұны қабыл көрді. Бала есекті тарта береді. Молдекем «Ем бола көр» деп, аузын тигізіп, үрлеп көреді. Демеу бала баяғы «Барыс» деген дұғасын айтып (таны, таны), Сәт молданың аузы есектің көтіне жабысады. Мұны көріп, молдадан сұр кетті. Молда мен есекті жетелеп, ауылға бала жетті. Мұны көріп, барлық жұрт тамаша етті. Мұндайлық сұмдықты көріп, елінің тапқан ақылы – бұл бәлекеттің бәрі де баладан, – деп, балаға жабылып, балаға жалынып, сырын сұрап, бала бастан-аяқ өткен сырдың бәрін айтып, ақыры, жұртты қимай, «Тарыс, Тарыс» деп, бәрін де босатып қоя беріп, өз қатынын өзі алып, енді қайтып алыпты.

42. ЗЫП

Бұрынғы өткен заманда, дін мұсылман аманда қоқандық саудагер саудагершілік істеп, Ташкентке келеді. Әрине, ол уақыттарда саудагерлердің саудагершілік істеп, бірнеше күндер, бірнеше айлар жол жүретіні әркімге болса да, белгілі шығар. «Ердің сырын ер білер, кімнің сырын кім білер» демекші, Ташкенттен өзі сияқты ірі саудагермен танысып, сырлас болады. Бірнеше күндер бірге жол жүріп, бірінің сырына бірі әбден таныс болады. Ақырында, бірімен бірі сүйектес құда-жекжат болмақшы болады. Тәшкендік саудагердің қызы, қоқандық саудагердің баласы бар. Тәшкендік саудагер қоқандық саудагерге қызын әйелдікке бермекші болады. Осындай мейірмандықпен еліне қайтады. Айлардан айлар, жылдардан жылдар өтеді. Тәшкенттік саудагердің қызы бой жетеді. Ол уақытта қызы баладан ерте ержететін құсайды. Сондықтан тәшкенттік саудагер қоқандық саудагерге хабар жіберді: «Келіні ержетті, келіп әкетсін, болмаса, біреумен кетіп қалады», − дейді. Хабаршы келіп, хабарын айтқанда, «егесі ұзамай барады, жіберемін», − дейді. Хабаршы өз сөзімен қайтып кетеді. Қоқандық елін жияды, ойласады, кеңеседі. Күйеуді қалыңдығын алып келуіне аттандырмақшы болады. Күйеу жастау және [жалғыз] жіберуге қорқып, қасына мықты жігіт қосып, екеуін аттандырады. Екеуі жолға шықты. Жолмен жүріп келеді, баратын жол қашық. Күн ыстық, жолаушылар ат үстінде күннің ыстығына балқып келеді. Кенеттен күйеу жолдастың ойына мынадай бір қиял елестейді: «Мен болсам, бұдан мықтымын. Ал, бұл – бала. Сонда да бұның аты да, киімі де жақсы. Менің ше? Менің болса, атым да, киімім де жаман. Не істеу керек? Не ету керек?» дегендей бірнеше сұрақтармен қиялдарды көзінің алдынан елестетеді. Қайткенмен, бұған амал табу керек... − Таптым! Таптым! Мен бұған мынандай амал істейін, − деп, дәрет ұштағалы күйеуден кейін қалады. Атының басын бұрып, жылға, сайға қарай тартады. Жыңғылмен өрлеп отырып, күйеудің алдынан орап өтіп, көрінбей, оза жөнеледі. Кенеттен жол жағасынан ескі молаға кездеседі. Күйеу жолдас аты мен киімін көрінбейтін тасада қалдырып, өзі жалаңаш ескі моланың аузын ашып, кіріп жатады. Күйеуде ешқандай бөтен ой жоқ. Келе жатыр. Күйеу ескі моланың маңайынан өте бергенде, ескі моланың ішінен бір жалаңаш шығып: − Ей, патшазада! Ей, мырза! Сен мынаны тыңда! Сен астыңдағы атың мен киіміңді жолдасыңа бер. Сен оның атын мініп, киімін ки. Сөйткін де, сен оған күйеу жолдас бол, ол күйеу болсын. Барғанда да солай айт. Егер де мұны орындамасаң, қайтарда, бәрібір, бүйерден сені аман өткізбеймін, − деп, қайтадан молаға кіріп, жоқ болады. Жас күйеу қорқады, ылаж жоқ, жүріп келе жатқан жолымен жүре береді. Бұл өтіп кеткеннен кейін жалаңаш күйеу жолдас қайтып барып, атына мініп, киімін киеді. Жолдасының соңынан қуып жетеді. − Күйеу, мен ғажайып іс көрдім. Жол жағасындағы ескі моладан жалаңаш адам шығып, былай деді: «Сен атыңды, киіміңді қасыңдағы жолдасыңа бер. Сен күйеу жолдас бол, ол күйеу болсын деп, жоқ болды», − дейді. − Сен менің атымды мін, киімімді ки. Мен күйеу жолдас болайын, сен күйеу болғын (саудагер бұрын күйеуін көрмеген).

− Жоқ, мен күйеу болмаймын. − Күйеу болыңыз, − деп, жас бала қорыққанынан қайта-қайта айтады. Өзінің пікірінен өзі қайтсын ба, ат пен киімдерін ауыстырады. Кеулі орындалған «күйеу» (бұрынғы күйеу жолдас) қашан жеткенше асығады. Күндерден күндер өткенде, бірнеше күн жол жүріп, азғана емес, мол жүріп, Ташкент шаһарына жетеді. Құтты қонақты қуанышпен қарсы алады. Күйеудің өзіне арнап, ақ отау тігеді. Күйеу мен қызды отауға шығарады. Қос жас тамашасын істеп, қызыққа батып, жата береді. Күйеу жолдастан әңгіме естиік: ол елдің ескі салты күйеу жолдасқа тоқсан сиырды үш күн бақтырады екен. /Сол тоқсан сиырды/ бірінші күні тоқсан сиырды азанғы уақытта босатқанша, түс уақты, кешке байлағанша, түн жарымы болады. Бала жылайды, сықтайды. Ылаж жоқ, екінші күні тағы да осындай халмен босатып, кең алқапқа жатып келеді. Қолында таяқ, жалаң аяқ, бұттарын шеңгел жыртқан. Көзі жылаудан бұлау болып, іскен. Сиырларын өріске айдап, жылай-жылай жол үстінде отырады. Құдайға, аруаққа жалбарынады, жалынады. Құдай оның тілеуін қош көргендей, /жолаушы/ ақ атты, ақ сақалды, ақ сәлделі, ақ киімді жолаушыны кезіктіреді.

− Һе, балам, нағып жылап отырсың? − Һе, ата, тіпті, сұрама, менің басыма түскен істі адам баласының басына Құдай бермесін.

− Жоқ, шырағым, жөніңді айтқын. − Жарайды, атажан, айтайын, басымнан өткен оқиғаны, − деп, басынан өткен оқиғаны, аулынан шыққаннан бастап, дәл осы мәментке дейін айтып, түсіндіреді. − Олай болса, жарайды, шырағым. Сиырың «Зып» десең, байланып, «Тақ» десең, шешілетін болсын, бұдан былай ісіңді Құдай оңғарсын, Алла, − деп, ақ сақалын бір сипап, жүріп кетеді (бұл ата-бабаның аруағы еді). Баланың кеулі бұрынғыдан гөрі дұрыс, бір дем алғандай болып қалады. Кеш жақындайды. Сиырын айдап қайтады. Ауылға келеді. «Зып» дегенде тоқсан сиыр орны-орнына барып, байланады. Артынан тыныш ұйқыға кіріседі. Таң атады. «Тақ» дегенде тоқсан сиыр шешіліп, өріске қарай жайылып, жүре береді. Сиырды айдап тастап, қайтып келіп, ақ отаудың жапсарына жасырынады. Таң атқан мезгілінде күйеу мен қыз шомылуға кіріседі. Қыз жалаңаш тұрып барып, құмғанның тұтқасынан ұстап, көтере берейін дегенде «Зып» дейді. Қыздың қолы құмғанның тұтқасына, құмған жерге жабысады. «Сені не Құдай ұрды, қалжыңдамай, тез алып келсей», − дейді [күйеу].

− Уйбай-ай, жабысып қалдым, − дейді.
− Кәне, − деп, барып, ұстай бергенде тағы да «Зып» дейді. Бұ да жабысады.

Күн шыға бай қараса, ақ отаудың түндігі ашылмаған. «Бар, аналар ұйықтап қалған құсайды, түндігін ашып кел», − деп, саудагер тоқалын жібереді. Тоқал келіп, жапсарынан қарап, «Құдай ұрды» деп барып, түндіктің бауын қазықтан шеше берейін дегенде «Зып» дейді. Бұ да жабысады. Бай (саудагер) дәрет алғалы құмған алып, тысқа шығады. Қолына су құйып, астын жуа берейін дегенде «Зып» дейді. Бір қолы астына, бір қолы құмғанды қойған жерге жабысады. Бір бәленің болғанын біледі. Бәйбішесін шақырады. Бәйбішесіне түсіндіреді.

– Бәйбіше, бұл бәлені бір білсе, пәлен жерде басы мүйіз, көті киіз кемпір бар, сол білер, соны барып, шақырып кел, − деп, жібереді. Бәйбіше кетеді, бала соңынан бақылап тұрады. Бәйбішенің алдынан терең су кездеседі. Өтуге қиын. Мүмкіндік болмағандықтан, шешініп, киімдерін төбесіне қойып, өте бергенде «Зып» дейді. Қолы киіміне, киімі төбесіне жабысып қалады. Енді баруға мүмкін емес, қайтып келеді. Оны алып келу үшін ешкім болмай, сиыршы баланы шақырып алып, соны жібермекші болады.

Шақыртқан соң бала келеді. − Шырағым, пәлендей жерде көті киіз, басы мүйіз кемпір бар, соны шақырып келгін.

− Барсам, барайын. Астыма ұрғашы есек тауып бер, мініп барайын. Амал қанша, тауып береді. Бала мініп алып, жұмсаған жағына кетеді. Барып, басы мүйіз, көті киіз кемпірге саудагердің айтқан сәлемін айтады. Кемпір: − Мақұл, барайын, − деп, екеуі есекке мінгесіп, жол тартады. Жолда келатып, кемпірдің дәрет ұштағысы келеді. Есектен түсіп, дәрет ұстайды. Балаға таза кесек тауып беруін тапсырады. Бала: − Кесек табылмады, − деп, бас сүйек тауып, − соның тегіс жерімен сүрте қойыңыз,− дейді. Кемпір алып, сүрте бергенде «Зып» дейді. Бас сүйегі кемпірдің көтіне жабысады. Кемпір жалынады.

– Айтқаныңды берейін, мына бәлеңнен құтқар, − дейді.

– Құтқарайын, мына есектің көтін бір жала, − дейді. Ылаж жоқ, амал қанша, кемпір есектің көтін жалай бергенде «Зып» дейді. Кемпірдің тілі есектің көтіне жабысады.

Мына картинаны қараңыз: есектің көтіне кемпірдің тілі, кемпірдің көтіне сүйек жабысқан. Бала есектің үстіне мініп, жол тартады. Жолмен кетіп бара жатқанда кемпірдің көтіндегі сүйектің қызарған жерін көріп, [сауысқан] шықлық-шықлық етеді. Ары үрледі, бері үрледі. Ақыры, шыдай алмай, сүйекке келіп, қонып, қызарған жерді шоқи бергенде «Зып» дейді. Ендігі қызықты қараңыз: есектің үстінде бала, есектің көтіне кемпірдің тілі жабысқан, кемпірдің көтіне сүйек жабысқан, сүйекке сауысқан жабысқан. Осындай картинамен бала ауылмен ауылды аралап жүреді. Мұны көрген халық әбден қызыққа батады. Ақырында, саудагердің алдына келеді. Саудагер мұндай ызаға шыдай алмай, іші жарылып, өледі. Зып осымен аяқтайды.

43. ЕКІ ДОС СОҚЫРДЫҢ ЖАЙЫНАН

Бұрынғы замандарда екі соқыр жолдас болып, бір-бірінен айрылмай, күннен күн екеуі дос болыпты. Һәр адам тең теңімен, тезек қабымен, екеуміз бір-бірімізге теңдеспіз ғой деп. Сол бейшаралардың достығы біреуісіз бірі тамақ жеместей болып, жанын да, тәнін де ортаға салып, қол ұстасып, ауқат қылып жүріпті. Біздің бұрынғы ең үлкен атамыз Адамға дұшпан болған бір шайтан атты біреу бар дейді ғой, сол осы екі соқырдың ұйымдасып, ауқат қылғанын да күндеп, екеуін ажыратудың шарасына кірісіпті. Бұған ажырату айласын таба алмай, не қыларын білмей тұрғанда бір адам:

– Нағып тұрсың сілейіп? – деп сұрапты.

– Ойбай, мен жетісіп тұрғам жоқ. Осы екі соқырдың достығын бұзудың кепілін алып едім. Енді сорым құрып, соны бұзудың ақылын таба алмай тұрмын, – дейді.

– Ой, сол ма? Мен оны боқтан оңай ажыратып берем, – деп, екі соқырдың біреуін «Мә, жолдасыңа!» – деп, бір ұрады.

– Мә, Құдай, уф, – деп, бір ұрды.

– Мә, өзіңе, – деп, бір ұрып, өте берді. Содан соң әлгі екі соқырдың біреуі:

– Достым-ай, жақсы болды-ау, бір құдайкөр адам екен ғой, Тәңір жарылқағыр, көп нәрсе берді-ау, – деп, – достым, бергені ақша ма, жоқ, басқа нәрсе ме? – деп сұрайды. Достасы:

– Ойбай, түк те берген жоқ. Бермек тұрмақ, әуелі өзімді ұрып, өлтіріп кете жаздады ғой, – дейді.

– Қойшы, рас па? Жоқ, қалжыңдап айтасың ба?

– Ойбай, өзім қалжыңдамақ тұрмақ өлейін деп қалдым. Екі қолыма екі, басыма бір қойып кетіп еді, қолым сырқырап, басым қаңғып айналып, жаным кейіп тұрғанда сен де онан арман кейітпеші, – дейді. Енді бір соқыр:

– Ойбұй, мен көзқарашығым, көңіл қуанышым, бар алданышым деп жүрсем, сен де үстейсің бе? Көзім көрмесе де, құлағым естіп тұрғанда, қайтіп бетің шыдап, аузың барып айтып отырсың? Керек болса, бәрін де сен ал. Бірақ шынын айт, – дейді.

– Ойпырмай, шынымен-ақ, сенбей тұрсың ба? Түк берген жоқ, берген жоқ. «Ойбай, құлақ естіп, құлақ естідімен» екеуі жанжалдасып, ажырасып кетеді. Ынтымақтай заман жоқ, күншіліктен жаман жоқ.

44. ЕКІ ЕРІНШЕК

Бір уақытта Итаяқ деген кәрі шал болған екен һәм мұның Шүйке деген кемпірі болыпты. Бұлардың бір жалғыз сиыры бар екен. Бұл сиырдың кәрілігі иелерінің кәрілігіндей екен.

Қаңтардың шақырлап тұрған аяз күні:

– Сиырға шөп сал, – деп, шал кемпіріне бұйрық қылды. Кемпір бұған бұлайша деп жауап берді:

– Кет арман, егер де тілесең, өзің бер. Мұндай суық күні шөптің үстінен қар күреп, сиырға шөп салып, азаптанбаймын, сен білмейсің бе. Сенің бұйрығыңды орнына бажай келтіруге үлпілдеп тұрған жас емеспін ғой, – дейді. Шал айтты:

– Сен бармағанда, мен барам ба? Алла тағала менен Мұхамед пайғамбарымның бұйырғаны бойынша өле-өлгеніңше мен неге бұйырсам, соған көнсең керек, – дейді. Шығуға аяздан қорқып, екеуі көп таласты. Ақырында, екеуі бұлайша деп, уағда қылды:

– Егерде қай бұрын сөйлегеніміз сиырға шөп салайық, – дейді. Кемпір шалды амалменен сөйлетуге ойлады. Бұл себептен кемпір бір күлдіргіш қу адамға барып:

– Менің шалымды сөйлетіп бер, – дейді. Бұл күлдіргіш адам шалға келіп:

– Асаламалейкүм, Итеке, – дейді. Үндемейді.

– Сен неге үндемейсің, науқассың ба? – дейді. Тағы да үндемеді.

– Сенің тілің бар ма, жоқ па? – дейді. Үн жоқ. Күлдіргіш тұрды да, «Бүйтіп дәнеңе қыла алмайды екенмін, өзге бір нәрсе ойлайын» дейді.

Күлдіргіш Итаяқты шымшылап, аяғынан сүйреп, шашынан тартып, құлағынан жұлқи бастады. Бұл қылған амалы да түкке жарамаған соң ұстараны алып, шалдың құрғақ шашын күшінің пәрменінше қыра бастады. Шалдың жанына батса да, мықтанып, тымсырайып отыра берді. Күлдіргіштің көңілі бұған да көншімей, сақалы мен қасын алып тастап, бет-аузының бәріне қара сатпақ қылып, күйе жағып қойды. Итаяқ сонда да үндемей, жалпиып отыра берді.

Күлдіргіш көршісінің үйінде жасырынып отырған кемпірге жүгіріп барып айтты:

– Ей, Шүйке, жұмыстың бәрі бітті. Енді барсаң да болады, шалың күтіп отыр, – дейді.

Шүйке қуанғаннан:

– Сиырға шөпті мен бермеймін, шалым береді ғой, – деп, үйіне қарата байпаңдап жүгірді. Үйіне кіргенде, шалының жексұрынданып отырған пішінін көріп, шошып кетті. Шүйке таңқалғаннан біраз ғана қозғалмастан тұрып, аяғында әрең-мәрең қатты сөйлеп жіберіп айтты:

– Сүйікті, шалым, Итекем, қарағым, шырағым, көзім тоймайтұғын көзімнің нұры, саған не болған? – дейді.

Итеке орнынан ұшып тұрып, қуанғаннан қатты айғай салып:

– Шүйкешім, енді сиырға шөпті сен саласың, – дейді.

45. ҚАЛТАҚБАСТЫҢ ҚИЯЛЫ

Бір Қалтақбас адам жалғыз жұмыртқа тауып алыпты. Алып, алақанында аялап отырып ойлапты.

– Бұл жұмыртқаны байдың бикешіне тартсам. Ол тоқты берсе, тоқтымды байдың қойына қоссам. Тоқтым қашып, жаз қоздаса, қоз[ыл]ы қойға тайынша алсам, тайыншам қашып, бұзауласа. Бұзаулы сиырға байтал алсам. Байталым айғырға шығып, құлындаса. Құлынды биеге тайлақ алсам. Тайлағым қайып, боталаса. Ботам тағы тайлақ болса. Тайлағымды Тайболатқа берсем. Тайболат Танакөз қызын берсе. Қалыңдық ойнап, қайныма барсам. Желекті жеңгелерім:

– Жүріңіз, жездекелеп, отауына енгізсе. Емешегі енді түйін сап келе жатқан балдыздарым мойныма асылса. Қыруар қыздар қиқуын салса, оның біріне де қарамасам.

Түнде төстің қасқасын жеп, төсек салынса. Түндік жабылса. Кәріс көрпе, шәйі шымылдықтың ішінде шалбарды да, шарықты да шешіп тастасам. Жеңгетайдан жерігі қанған жеңешелерім жетелеп, қалыңдығымды әкелсе. Оны:

– Ап! – деп, ұстай алсам... – дегенде, басы қалтақ ете түсіп, алақандағы жұмыртқа жерге түсіп, бырс етіп жарылып қапты.

46. РАХЫМНЫҢ БАЙ БОЛМАҒАНЫ

Бұрынғы заманда үш сарт болыпты. Бұлар әпиін тартып, боза ішкеннен басқа түк білмейді екен. Бір уақытта бұлардың әпиіні де, бозасы да, һәм жарты тиын ақшасы да қалмапты. Бұлар қалайша ақша табамыз, – деп ойланды. Қанша амал ойласа да, ешбір ойының қисыны келмеді.

– Уай, ақша, уай, әпиін, боза! – деп, сарттар анда-санда күрсініп қойып, тағы да үндемей отырар еді. Бұлар бүйтіп отырғанда жандарынан бір қатын басына үлкен шелек қатықты қойып, өтіп барады екен. Сол арада тұрып қатын айтты:

– Біреуің мына қатықты үйге жеткізіп берсеңдер, жиырма бес тиын ақша берейін, – дейді. Бұлардың арасынан бір Рахым деген сарт:

– Мен жеткізіп берейін, – дейді.

Шелектегі қатықты алып, Рахым басына қойып, қатынның артынан бірге жүріп отырды. Бұлар қымбат бағалы әртүрлі пұлдары жайнап тұрған лапкенің алдынан өтті.

Рахым лапке менен пұлды көріп, өзіне-өзі айтты:

– Адамдар қалайша лапке тұрғызып, мұнша пұлдарды қайдан табады екен? Не қылса да, осылардың сандығы толған ақша шығар, мен де һәм сауда қылсам жаман болмас еді. Енді ақшаны қайдан тауып аламын?

Жолда келе жатқанда бұған бір Нұрғали деген жолдасы жолықты. Бұл жолдасы сауда қылып байыған екен.

– Достым, Нұреке, қалайша сен байыдың? – деп, Рахым мұнан сұрады.

– Бәлкім, сен ақшаны табатұғын жақсы амалын білесің бе, егер сен білсең, маған айтқын, – дейді.

– Солай, байымақтың дұрысырағы сауда-дүр. Сенің есіңде бар ма, бұрын мен кедей едім, енді ауқатты болдым.

– Жиырма бес тиынға сауда қылуға мүмкін бе?

– Неге мүмкін болмасын, мүмкіндүр. Бірақ өзің ақылды болсаң, болғаны.

–Тәңір жарылқасын, достым, Алла разы болсын. Сүйіктім, мұндай өсиет айтып, ақыл бергеніңе.

Рахым не болса да, енді бір сауда қылайын деп ойланды.

– Мініки, жақсы ақыл. Енді мен көпес боламын ғой. Бүгін мен жиырма бес тиын алып, базарға барамын, бір жәшік әпиін, бір құмыра боза сатып аламын, һәм өзім бөлек сауда қыламын.

– Уай, әпиін менен бозаның керегі жоқ, жүзі құрысын. Онан да бірнеше қадақ өрік сатып алып, қырдағы қазақтарға алып барып, сатамын. Өрікті сатқаннан кейін бір пұт жүн аламын, бір пұт жүнді жиырма бес теңгеге сатамын. Жиырма бес теңгеге әртүрлі бақал бұйымды сатып аламын. Бұларды тері-терсек, өлі малға сатамын, пұлдарды жүз жиырма бес теңгеге сатамын. Бұл ақшаны әртүрлі пұл сатып алып, сауда қыламын, Һәм бір жыл өтпестен-ақ атақты бай боламын. Қаланың баршасына магазин, лапке тұрғызамын. Пұлдарымды арзан сатқан соң барша пұл алатұғын адамдар маған келеді. Мінеки, сондай арзандық болады. Қайыршылардың һәм баршалары жібек киіп жүреді. Барша халайықтар мені құрмет етіп, «Алдияр, Рахым, баршамызды асыраушымыз», – деп, құлдық айтып тұрады. Мұнан соң мен дүние жаратылғаннан бермен қарай болмағандай қылып, патшаның үйіндей үй тұрғызамын. Үйдің керегесін қоладан, төбе тақтайларын асыл тастан, үстіңгі тақтайларын саф алтыннан, шатырын таза күмістен тұрғызамын. Үйімнің алдына жақұттан діңгек орнатамын. Діңгектің басына неше түрлі құбылып, жарқыраған өгіздің басындай алмас тас қоямын. Үйдің ішіндегі бөлмелерді сондай қымбат бағалы нәрселер һәм гүлдерменен бояп қоярмын. Келген кісілер біздер жұмақтамыз ба, жердеміз бе деп айтарлар. Мен өзіме сондай әдемі қыздарды таңдап алармын. Көрген адамдар «Хор қыздары екен» деп, бихул болып қалар. Мұнан соң парсының патшасына қонаққа барармын. Егер де парсының патшасы:

– Не жұмысқа келдің? – деп сауал сұраса,

– Тақсыр, падишағым, сіздің қызыңызды айттырғалы келдім, – дермін.

Мұндай деген соң патшаның ашуы келер.

– Уай, не болса, со болсын, кідірместен құда түсуге барайын. Не болар, ұлы патша болса, мен дүниедегі асқан баймын.

Рахым осылай деп, сөйлеп келе жатып, өз-өзінен ашуланып, қызуланып кетті.

– Егер де патша ашуланып, қылышын көтерсе, мен айтармын:

– Менің басым ағаштан жұлып алатұғын алма емес, – деп һәм мен басымды жалтартып кеткенде, патша менің басымды шаба алмай қалар. Мен мұндай қылармын, – деп, Рахым басын төмен қарай еңкейтіп секіргенде, басындағы шелегі қатығымен жерге түсіп, күл-паршасы шықты.

47. АЛДА ӘКПАР

Бұрынғы заманда бір Алда әкпар деген жаңылысқыш адам болған екен. Оның бір қатынынан басқа еш нәрсесі жоқ екен. Бір күні қатыны Алда әкпарға:

– Базардан ет алып кел, – депті. Алда әкпар қанша алып келейін десе, қатыны:

– Дансер-Пансер ет алып кел, – депті.

Алда әкпар қалтасын қолына ұстап алып, дансер-пансер есімнен шықпасын деп, «Дансер-пансер, дансер, пансер», – деп, кетіп бара жатып, қырманын көтерейін деп жатқан бір байдың адамдарының үстінен шығыпты. Байдың адамдарының қасына барып та, «Дансер-пансерін» қоймапты. Сонда байдың адамдары ұстап алып, өлгенше ұрыпты.

– Енді не дейін? – десе, «Шашқа береке», – депті. «Шашқа береке, шашқа береке», – деп, кетіп бара жатса, бір таз басының шашын іскекпен жұлып, азаптанып отыр екен. Жанынан өтіп бара жатып, «Шашқа береке» деп, кетіп бара жатса, таз ұстап алып, өлгенше ұрыпты.

– Енді не дейін? – деп сұраса, таз:

– Бірің қалмай қырыл, – депті.

– Мақұл, болмаса, – деп, «Бірің қалмай, бәрің қырыл, бірің қалмай, бәрің қырыл», – деп, жүріп кетіпті.

– Бірің қалмай, бәрің қырыл, – деп кетіп бара жатса, бір жерде бір байдың баласы өліп, жұрт көміп жатыр екен. Қасына барып, көмгенін көре тұрып, «Бірің қалмай, бәрің қырыл», – дей беріпті. Сонда жаңағы адамдар «Мына атаңның ауызы... баласы не дейді?» – деп, бәрі жабылып, ұстап алып, әбден ұрыпты.

– Енді не дейін? – деп, Алда әкпар сұраса:

– Бауырым-ай, бауырым-ай де, – депті.

Алда әкпар «бауырым-ай» деп бара жатса, бір бай жаңғыз баласының тойын қылып жатқан екен. Бір жанынан Алда әкпар де барып, «Бауырым-ай, бауырым-ай» дей беріпті. Бай:

– Мынау атаңа нәлет не дейді? Жаңғыз баламның қызығын көремін деп қуанышты той қылып жатсам, бауырым-айлап келеді, – деп, жігіттеріне өлгенше ұрғызыпты.

– Енді не дейін? – деп, Алда әкпар соны сұрапты. Бай айтты:

– Бір қолыңды сырнай, бір қолыңды керней қылып жүріңдер, – депті.

– Мақұл, болмаса, – деп, Алда әкпар бір қолын сырнай, бір қолын керней қылып, кетіп бара жатса, алдынан бір қаз пыр етіп, ұшты да кетіпті.

Бір байғұс мерген неше күннен бері аңдып жүріп, жаңа атайын деп тұрған жерінен қазды ұшырып жібергеніне мергеннің ашуы келіп, сопыны өлгенше ұрыпты.

– Енді не қылайын? – деп сопы сұраса,

– Бұғып жүрмейсің бе? – депті.

– Мақұл, болмаса, – деп, бұқпалап кетіп бара жатып, бір егіншінің қауынына кіріп кетіпті. Егінші байғұс неше күннен бері қауындарын ұрлатып, бүгін аңдып отыр екен. Ұстап алып, өлгенше ұрыпты.

– Енді қайдан жүрейін? – деп сопы сұраса,

– Ұры болмасаң, басыңды көтеріп жүрмейсің бе? – депті.

– Мақұл, болмаса, – деп, басын аспанға көтеріп бара жатып, бөз тоқып отырған бөзшінің бөзін көкірегіне салып алып, үзіп кетіпті. Бөзші ұстап алып, өлгенше ұрыпты.

– Енді қандай қылып жүрейін? – деп сопы сұрапты. Бөзші:

– Жерге қарап жүр, – депті.

– Мақұл, – деп, жерге қарап жүріп отырып, қасаптың қасына барып, әйелдің айтқан дансер-пансер есінен шығып, жерге қарай беріпті. Сол жердегі адамдар:

– Бұл байғұс ақшасын жоғалтып қойған шығар, – деп, олар да жерді аяғымен шұқылап қарап жүріп, біреуінің аяғы балшыққа кіріп кетіпті.

– Ақшасының да атасына нәлет, өзінің де атасына нәлет, кебісімнің ішіне дансер-пансер балшық кіріп кетті, – дегенде Алда әкпар сопы «Таптың, таптың» деп, қасапқа барып, дансер-пансер ет алып, үйіне қарай жүріп кетіпті. Сопы үйіне барғанша кеш болып, түн жарымнан ауып қалыпты. Қатыны бір жас жігітпен ойнас екен. Ойнас байымен екеуі ойнап жатқан екен. Сопы екенін танып, таныса да, есікті ашқысы келмей, «Кімсің?» – депті. Сопы:

– Мен ғой, – депті. Қатыны:

– Менің кім? Атыңды айт, – депті. Сопы атын айтайын десе, аты есінен шығып, не дерін білмей, «Менмін, менмін», – дей беріпті.

– Атыңды айтпасаң, ашпаймын, – деп, есікті ашпапты.

Сопы ақыр ашпайтынын біліп, қасында бір мешіт бар екен, соған кіріп жатыпты, таң атқан кезде мешіттің молдасы азан айтқалы келеді. Дәрет алып, басына сәлдесін орап алып, ертеңгі намазға «Алда әкпар, алда әкпар» деген кезде молданы ұстап, «Сен әулие екенсің, менім атымды білдің», – деп, молданы ертіп алып, үйіне барады. Үйіне барып, қатынына:

– Етті ас, молда жеп кетсін, – дейді. Қатыны «Мақұл» деп, етті асады. Қатыны сопыға айтады:

– Әзір ет піседі, сіз барып, таудан арша алып келіңіз, – дейді.

– Жақсы, – деп, сопы тауға кетеді. Сопы кеткесін сопының қатыны бір үлкен тас қайрақты майлай береді. Мешіттің молдасы сұрайды:

– Мұны не қыласың? – деп. Қатын айтады:

– Сопыңыздың әдеті құрысын, үйге келген адамның көтіне тығады, – дейді. Молда тұра қашады. Қатын үндемей қала береді. Бір уақытта сопы келеді.

– Ет пісті ме? – деп сұрайды. Қатыны айтады:

– Жаңағы ертіп келген адамың сорпасына дейін қоймастан алып кетті, – дейді. Сопы қатынына айтады:

– Бір нан бер, тым болмаса, сорпасына бір батырып жеп қалайын, – деп. Қатыны бір нан береді. Сопы жүгіріп келе жатып, қараса, мешіттің молдасы бара жатыр. Сопы арқасынан айқайлайды.

– Тым болмаса, бір батырып алайын, – деп, мешіттің молдасы онан бетер қашады, менің көтіме тас қайрақ тығамын дейді, – деп. Сол бойымен екеуі бірін-бірі қуып кетеді. Үйінде қатынымен ойнас байы екеуі етті жеп қояды.

Сөйтіп, аңқау сопыны қатыны бір алдаған екен дейді.

48. МЫТБАЙДЫҢ ҚЫЛЫҒЫ

Аты Мытбай деген бір ұмытшақ кісі болыпты. Өзі барғанша момын болса керек, қатта бір уақыттарда өзінің де атын ұмытып қалады екен. Және оның үстіне Құдай қосқан қосағы қулау болып, байы момын болған себепті әйелінің көңілі момынға толмағандықтан, оңды-солды жүріп, көңілі сүйген жігіттерімен ойнап-күледі екен. Күндерде бір күн әйелдің жақсы көрер адамы ойнауға кезегі кеп, байын бір жаққа жіберуге амал жасап, байын төркініне жұмсайды. Жіберген жұмысы:

– Көженің тұзын қанша салуды білмедім, бір рет көп болып кетті. Бір рет тұзы татымады, шешемде тұздың өлшеуі бар, барып, сен алып кел, – деп жіберіпті.

Бишара Мытбай еш нәрседен хабары жоқ аңқаулықпен салып отырып, қайнына келеді, қайтарында қайындары:

– Күйеужан, не жұмысқа келген едің? – деп, қызметін сұрағанда, Мытбай келген жұмысын айтады.

– Осындай қызыңыз «Тұздың өлшеуішін алып кел» деп жіберген еді, – деп. Қайындары бұған мазақтап күліп, біраз келемеж қылып, жолға шығарып, қайын енесі айтады:

– Шырағым, тұздың өлшеуіші болмайды. Қазанның суына қарай тұз салынады. Қазан толық болса, бір уыс, қазан жарты болса, жарты уыс тұз салынуы керек, – деп, қызына сәлем айтып, күйеуін қайтарып жібереді.

Мытбайдың ұмытшағы – қайғы, өзіне мәлім, біреудің сөзін біреуге жеткізу қиын еді. Себебі, ұмытып қалар еді. «Бір уыс, жарты уыс» деген сөзді ұмытып қаламын деп, аузында «Бір уыс, жарты уыс» дегенді қайта-қайта айтып келе жатқанда, бір қырман алып жатқандардың үстінен шығады. Қазақ ғұрпынша қырман сүзіп жатқан жерге келгенде, «Қырман тасысын» дегенді айтушы еді. Мытбай сорлы ерніне «Бір уыс, жарты уыс» деп келген соң Мытбайдың бұл сөзіне ашуланып, Мытбайды ұстап алып:

– Бәтшағар, біз қырман сүзіп жатсақ, сен «Бір уыс шықсын» дейсің, – деп, әбден мықтап сабап, ұрып-соғып, көрмегенін көрсетіп жібереді. Ауыр таяқ жеген басы-көзі ісіп, баяғы «Бір уыс, жарты уыс» деген сөзді де ұмытып қалып, түнде ел жатқанда үйіне келеді.

Үйіне келсе, қатыны жақсы көрер кісісімен есікті мықтап бекітіп, бір төсекте жатқан еді. Мытбай айқайлап:

– Қатын, есік аш, мен келдім, – деп, қатынын оятыпты. Қатыны бұл келген өзінің байы екенін айқайынан білсе де, аярлықпен:

– Кімсің өзің? – деп сұрағанда, Мытбай сорлы өзінің атын ұмытып қалып:

– Мен, мен, мен, – дегеннен басқа еш нәрсе айта алмайды.

Қайта дауысын танымаған болып:

– Мен, мен дейсің, кім біледі, сен ұры шығарсың. Танымаған адамды кіргізбеймін. Мен, мен деген қонақ мешітке барып жататын, ана жерде мешіт бар, соған барып, жат, – деп, мешіттің жөнін сілтеп, есікті ашпайды.

Мытбай не қыларын білмей, салы суға кеткендей болып, ақырын-ақырын жүріп, мешітке келеді. Келсе, молда да:

– Кімсің? – деп, атын сұраса, атын айта алмай,

– Мен, мен, мен, мен, – деп, атын ұмытқан бойынша айта алмайды.

Молда да дауысынан танып:

– Сен Мытбайсың ба? – дегенде,

– Ей, молдекежан-ай, – деп қуанып, үйіне қайтадан жүгіріп барып, қатынына атын айтып, есікті аштырып, үйіне кіріп, төсегіне жатады. Мытбай мешітке кетісімен-ақ қатыны жолдасын жөнелтіп, жіберіп қойған еді.

Ертеңіне таң атқан соң Мытбай молданың түнде атын айтып бергені есіне түсіп, мұны бір жақсылықтан санап, үйіндегі жалғыз асым етін асып, молданы үйіне қонаққа шақырады. Молда келгеннен кейін ет шала піскен, әйеліне:

– Бұл сорпаның майына батырып жеуге күлше пісіріп қой, – деп бұйырып, өзі ауылда бір-екі Қалыншы, Толыншы деген ақсақалдарды шақырып келейін, олар да молдаменен табақтас болып, дәм татып кетсін, – деп, үйден шығып кетті.

Мытбай үйден шығысымен қатын сорпаның бетін қалқып алып, бір үлкен қайрақты майлай беріпті. Молда бұл жұмысқа аң-таң қалып, не үшін қайрақты майлап отырғанына ақылы жетпей, ақырын қатыннан:

– Не қылайын деп отырсыз? – деп сұрайды. Сонда қатын айтады:

– Молдеке, бүгін сорыңыз қайнаған күн екен, Мытбай маған осы қайрақты майлап қой деп бұйырып кетті, бәрі жиналып келіп, осы қайрақты сенің көтіңе тықпақшы, – дейді. Молда мұны есіткен соң үрейі қалмай қорқып, тез үйден шығып, мешітке қарай қаша береді. Молда ет жеп, сорпа ішкен рақаттан безеді. Қатын молда кеткен соң сорпаны төгіп, етті түсіріп, сандыққа салып қояды.

Біраз уақыттан кейін Мытбай манағы айтқан кісілерін ертіп келсе, отта қазан тұр, молда жоқ. Мытбай қатынынан сұраса, қатыны айтады:

– Сені қанша күтіп отырды, келмеген соң молда асығып, етті жеп, сорпасын ішіп, сорпаның майын пышаққа жағамын деп алып кетті, – дейді.

Мытбай «Ет бұйырмады» деп, «әттеген-айға» душар болып, баяғы көміп қой деген күлше есіне түсіп, күлшесін сұрайды. Әйелі пісіріп қойған екен, күлшесін Мытбайдың қолына берді. Мытбай күлшені, ең болмаса, молда алып кеткен сорпасына, майына бір батырып, жеп қалайын, – [деп], қолында күлше наны, кетіп қалған молданы қуады. Шығып қараса, көздің ұшында молда кетіп бара жатыр екен, жақындап келіп, молдаға Мытбай айқайлайды:

– Молдекесі, молдеке, азғана майына нанымды бір батырып алып қалайын, – деп. Молдаға Мытбайдың айқайы бір түрлі болып естіледі.

– Молдеке, аз ғана кідір, күлше нанымды бір батырып алып қалайын. Молда асыққан сайын асқынып, қашып бара жатыр. Бір сүрлеу жерге ат сиген екен, соған жығылады. Мытбай молда жығылған аттың сідігіне келіп, молда жығылғанда алып бара жатқан майы осы араға төгілген екен деп, қолындағы нанын сордағы сідікке батырып, жеп, үйіне қайтады. Нанын сордағы сідікке батырып, жеп отырып:

– Қатын піскен еттің тұзын тағы ащы қылыпты, – деп кейіпті.

49. [САУДАГЕР]

Бір күні сарттар шайтанды қалай ұстап аламыз деп кеңес қылыпты. Бұлардың арасынан Ақымет деген бір сарт жақын арада шайтанды өз көзіммен көрдім деп, мәлім қылады. Сонда тыңдап отырған сарттар орындарынан секіріп тұра келіп айтты:

– Рақым етуші Алла, біздерге шайтанды тұтып, зынданға салуға жәрдем қыла көр, – депті.

– Ақымет, агар да сен бізге шайтанды тұтуға жәрдем қылсаң, саған біз көп алтын, инғам сый қылармыз. Тағы да мұның үшін Алла тағала саған жаннаттан бір иақшы орын уарар, – дейді.

Сонда Ақымет айтты:

– Уай, мұсылмандар, уай жолдасларым, менің сөзімді құп тыңлаңыздар, аз бір ай хұдамен бір де жалған кәфті сөйлемеспін, – деді.

– Ағаларым, сабыр қылыңыздар, мен сіздерге тәмам баян қылайын, – деді.

– Бір күні мен өзімнің көк ешегіме мініп келе жатқан едім. Сол ешегімнің құйрығын кесіп тастаған едім, көршім Рақымның бақшасын таптап тастағаны үшін.

– Білеміз, білеміз, – деп, өзге саудагерлер айқай салды.

– Ешегіме мініп келе жатып, қалғып кетіппін. Бір уақытта ақылды жануар ешегім құлағын салпайтып тұрып, тікірейіп тұра қалды. Әрине, мұнан соң мен ешегімнің жанын қинап, соға бастадым. Андақ өлсе де, ілгері бір қадам баспастан алдыға бағып, тұрып алды.

Ақылды жануардың бір бәлені бағып тұрғанын, сезгенін, аңлап білдім. Мұнан соң көзімді жұмып, үш мәртебе дұға оқып, үш мәртебе «Жын, шайтан лағын қашсын» деп, дем салып, алдыма қарадым.

– Уа, Алла сақтасын, зәрем ұшып кетті.

Отырған сарттар:

– Һәм біздерді де Алла сақтасын, – деді.

– Қайдан пайда болғанын білмеймін, алдыма қарасам, алдымда бір үлкен терек тұрыпты.

– Уай, баршамызды жаратушы Алла! Терек дегенім терек емес, шайтанның өзі екен.

– Рас па?

– Рас, ағаларым, рас. Шайтан онша зор емес екен, мұрны қайқы, көздері үлкен һәм дөңгелек екен, – деді.

– Алла, Алла, құтқара көр бізді шайтан-лағының уәсуасынан.

– Уай, жар жолдастарым, мұнан соң мен Әлхамның сүресін оқи бастадым. Андақ болса да, шайтан қозғалмастан маған қарап, бағып отыра берді. Бұ шайтан лағын дұғадан һәм қорықпайды екен. Сол шайтан лағынан ажалым жеткен екен деп ойладым. Шұндақ болса да, рақымы көп Алла тағала біздей ғаси күнәһар құлына ғапу ойлады.

Бір уақытта ешегім қатты бақырып қойған еді, шайтан қорыққанынан шыдай алмай, ағаштың басынан құлап түсіп, әрең-әрең барып, теректің анадай жанында тұрған тастың үңгіріне тығылды. Мен, әрине, қуанғанымнан ешегімнен түсіп, дем алмастан үйге қашып келдім. Ешек һәм хайуан болса да, ақылды жануардан еді. Оның ақылды екеніне һеш талас жоқ. Ешегімнің өзі үйді танып келді.

– Мінекей, қардашларым, енді шайтанның қайда жасырынғанын аңдадыңыз ба?

Саудагер шайтанның жасырынды деген орнына бармақшы болды. Бұлар Ақыметті басшы қылып, мұның көк есегін де бірге ала жүрді. Саудагерлер:

– Шайтанды қайтып алып шығамыз? – деп, көп ақылдасты.

– Уай, ағалар! – деп, сол арада бір саудагер айқай салды.

– Шайтан алтыннан қорқады. Шайтанды шықсын десеңдер, үңгірге алтын ділдә ташларға керек, – деді. Мұның айтқан сөзін мақұл көріп, бірнеше алтын, келіп, үңгірдің ішіне тастады. Шайтан сонда үңгірден шықпады. Сонда тұрып біреуі айқай салды:

– Уай, қардашлар, шайтан алтыннан қорықпайды. Қайнаған судан қорқады, – деді. Мұның айтқанын да мақұл көрді. Үңгірге ыстық су құя бастады. Шайтан сонда да көрінбеді. Сонда тұрып үшінші біреуі айқай салды.

– Ақыметтің өзі түсіп, үңгірден шайтанды алып шықсын, – деді.

– Мұның беліне мықты арқан байлап, арқанның бір ұшын өзіміз ұстап тұрып, үңгірге ақырындап түсірейік, – деді. Ақымет айтты:

– Уай, қардашларым, уай, ағаларым, шайтан лағының қолына жындарыңменен мені тірідей тұтып берейін деп тұрмысыңдар? Мені аяңыздар, менің артымда қатын-балаларымды аяңыздар, – деді.

– Жоқ, Ақымет, сені шайтан малғұн қолына тұтып, варға ойламаймыз. Агар да сенімен бірге сенің ақылды ешегіңді һәм бірге түсірелік. Ешегің сені шайтанға кіріптар қылмайды. Сенің ешегің шайтанды көргенде бақырып, тағы да бақырып қойса, қорыққанынан баһуаш болар. Баһуаш болған уақытта сен бекер қарап тұрма, шайтанның шашынан мехкар тұтып алып, күшіңнің барынша айғай салғын. Сонда сені шығарып аламыз, – деді. Байғұс Ақымет қанша жалынса да, қанша тырысса да, саудагер/дің/лер болмастан Ақыметті есек пен үңгірге салды.

Есек үңгірдің ішіндегі тасқа соғылып, бар күшімен қатты бақырды. Ақыметтің басы екі тастың арасында қысылып қалды. Байғұс Ақымет басын шығарып алуға қаншама тырысса да, шығарып ала алмады. Жәрдем сұрап, аңғармастан айқай салды. Саудагерлер шайтанды ұстаған ғой деп ойлап, арқанды тарта бастады. Есекке байлаған арқан үзіліп кетті. Ақыметке байлаған арқан мықты еді. Ақыметтің денесін үңгірден алып шықты, басы тастың арасында қысылып қалды. Есек пен Ақыметтің басының жоқ болғанына саудагерлер таң қалды.

– Есекті шайтан жұтқан шығар, – деді.

– Ақыметтің басы қайда кеткен? – деп, аң-таң болды.

Саудагерлердің жартысы айтты:

– Оның басы бұрыннан жоқ, – деді. Жартысы айтты:

– Басын шайтан жұлып алған шығар, – деді.

Ақырында, саудагерлер Ақыметтің басының бар-жоғын оның балаларынан сұрамақшы болды.

Саудагерлер Ақыметтің денесін Ақыметтің үйіне алып кетіп:

– Дәдаңның кәлләсы бар ма? – деді.

Балалары:

– Білмейміз, – деп, жауап берді.

– Анамыз біледі, анамыздан сұраңыз, – деді.

– Еріңнің кәлласы бар ма еді? – деп, Ақыметтің қатынынан сұрады.

– Басының бар-жоқ екенін мен білмеймін, – деп, қатыны жауап берді.

– Бірақ ертеменен төсектен тұрғанда сақалын көрген едім, – деді.

50. САРТТАРДЫҢ ТУРАСЫНАН АЙТЫЛҒАН ХИКАЯ

Шүршітпай деген кедей қазақ бір Мансұр деген сартқа ашуланып, бұдан өш алмақшы болып жүріпті. Шүршітпай байғыз деген құсты ұстап алып, бұған әрең-мәрең дегенде «Білемін», «Солай» деген екі сөзді үйретті. Агар да Шүршітпай байғыздың қанатынан тартса, байғыз «Білемін» дейтін болып, агар да құйрығынан тартса, «Солай» деп сөйлейтін болды. Шүршітпай байғызды алып, пайдакүнем сарт тұратын шаһарға келді. Сарттың үйіне жақындағанда терезесіне қараса, еркектері отыратын үйінде ешкім жоқ екен. Ұрғашылары отыратын үйінде Мансұрдың жас қатыны бір жас жігітпен ойнап отыр екен.

– Мансұр келе жатыр! – деп, Шүршітпай айқай салды.

Мансұрдың қатыны мен жігіт орындарынан секіріп түрекеліп, не қыларын білмей, сасқанынан қорқып, Шүршітпайға:

– Бізді құтқар, – деп жалынып, қос уыс ділдә берді. Шүршітпай бергенін алып, жігітке: «Тырдай жалаңаш шешініп, сандықтың артына жасырын», – деп, бұйрық қылды. Жігіт бір сөз айтпастан, Шүршітпайдың бұйрығынша қылды.

Біраз уақыт өткен соң лапкеден Мансұрдың өзі келді. Қатынының үйінде отырғанын көріп, Шүршітпайды ұра жаздады.

– Үйден шық, кет! – деп, бұйрық қылды.

– Тоқтай тұр! – деп, [Шүршітпай] айқай салды.

– Сенің үйіңді өртегелі үйіңде жасырынып жатқан шайтаннан сені құтқарғалы келдім, – деді.

– Жалған айтасың, жексұрын қазақ, – деп, Мансұр айқай салды.

– Қалайша мен білмеймін, мен сондай адам. Менің қолымда бір білгіш құс бар. Бұл құс өтіп кеткен, болатын нәрсенің бәрін біледі. Бұл құс сарттардың бәрінен де ақылды, – деді.

– Қалайша сен, әдепсіз қазақ, біздің тұқымымызды жамандайсың? – деді.

– Агар де байғыз ондай болмаса да, мен сарттардан да ақылдымын ғой, – деді. – Неге десең, мен өз еркіммен жүрген қазақпын, сендер кімсіңдер, сары итке сатылған құлдың тұқымысыңдар, – деді.

Мансұр Шүршітпайды қуалайын деп ұмтылғанда, Шүршітпай байғыздың құйрығынан тартып қалып еді, байғыз «Солай» деп, қатты айқай салды.

– Құдауанда, бұ не деген керемет, құс та адамша сөйлейді екен. Қанша жыл қырда қазақты аямастан тонап жүріп, құстың адамша сөйлегенін естімедім һәм көрмедім, – деп, Мансұр айтты. – Мұның мәнісін, Шүршітпай, маған баян еткіл, – деді.

– Мұның мәнісі сол – бұл байғыз деген құс, өзінің ақылы көп, зеректігімен тәмам патша Сүлеймен пайғамбарымыз патша болғанда қатынына құстардың сүйегінен [үй] тұрғызамын дегенде барша мақұлықтан данышпан байғыз рас екенін айтқан. Біздің ата-бабамыз сары итке сатылған құл дейсің бе?

Шүршітпай байғыздың құйрығынан тартып қойып еді, байғыз «Солай», – деп, айқай салды.

– – Енді қалайсың, рас па? – деді Шүршітпай.

– Сен бұрынғы Шүршітпай емес екенсің, байғыздан көп ақыл үйреніпсің, – деді.

– Сен көтерілме. Сенің үйіңде қонақта данышпан құс пен иесі отырғанына қуансаң, жарайды, – деді.

– Байғыз, саған айыпты болдым. Менің айыбымды кешіргін, – деп, Мансұр өтініш қылды.

– Һәм сен, Шүршітпай, біздің арамызда болған қатамызды кек қылмалық, енді екеуміз дос болалық, – деді. Шүршітпай байғызды құйрығынан тартып қойғанда, байғыз «Солай» деді. Мансұр байғызға разы болып, байғызды жоғары диуанның үстіне шығарып қойды.

Шүршітпай айтты:

– Ей, Мансұр, Алла тағала мақұлықтың баршасын жаратты, сонда да байғыздан көрі ақылдысын жаратқан жоқ. Мұның рас екені оның Сүлеймен пайғамбарды ақылмен жеңгенінен білінеді, – деді.

– Байғыз көктегі, жердегінің бәрін біледі. Біздей кінәлі пенделердің ойлағанын да біледі, – деді.

– Менің үйімде шайтанның жасырынып жатқанын білесің бе? – деп, Мансұр байғыздан сұрады. Шүршітпай байғыздың қанатынан тартып қойып еді, «Білемін» деп, жауап берді. Мансұр Шүршітпайдан сұрады.

– Агар де құсыңмен екеуің шайтанын қуаласаң, бірнеше жүз ділдә берейін, – деді.

Шүршітпай бұған ықтияр болып, алыпсатарға:

– Бір шелек ыстық су алып кел, – деп, бұйрық қылды. Айтқанындай суды алып келді. Шүршітпай байғыздың қанатынан тартып қойып:

– Бұл үйде шайтан бар ма екен, білесің бе? – деді. Байғыз:

– Білемін, – деп, жауап берді.

– Шайтан сандықтың артында жатыр ма? – деп сұрап, Шүршітпай байғыздың құйрығынан тартып қойды. Байғыз:

– Солай, – деп, жауап берді.

– Уай, Шүршітпай, мені шайтаннан құтқара көр! – деп, Мансұр ойбай салды.

Шүршітпай сандықтың артына жасырынып жатқан жігіттің үстіне ыстық су құйып жіберді. Жігіт сандықтың артынан секіріп шығып, тұра қашты. Мансұр қашқан жігітті шайтан екен деп, Шүршітпайға көп Тәңірі жарылқасын айтты.

– Бәлкім, сенің құсың сауда жайын жақсы білетін шығар, – деп сұрады.

– Солай, байғыз есеп-қисапты артықша жақсы біледі. Өсімді қалайша көбірек алатын амалын да жақсы біледі, – деді. Мансұр Шүршітпайдан:

– Байғызыңды бес мың ділдәға сат, – деп сұрады. Шүршітпай бес мың ділдәға сатты.

– Данышпан байғызды арзанға сатып алдым ғой, – деп, саудагер енді Қарынбайдан да бай боламын ғой деп қуанды.

Байғызды алып барып, лапкесіне отырғызып қойып:

– Бұлдың бәрін сат, – деп, бұйрық қылды. Түскен ақшасын қазақтарға көп өсімге беремін ғой деп ойлады. Лапкесіне жалғыз байғызды отырғызып, өзі кетіп қалды. Бұл сатып аламыз деп лапкеге келген адамдар лапкеде ешкім де жоқ болған соң саудагердің бар бұлын алып, ақшасын ұрлап, алып кетті. Кешке жақын Мансұр лапкесіне келіп, бұлдарының жоқ болғанына қатты қуанды. Бұлдардан түскен ақшалардың қаншасын қазаққа өсімге бердің? – деп, Мансұр қанша сұраса да, байғыз үндеместен, мелшиіп отырып алыпты.

51. ШАЛ МЕН ӨЛІМ

Бишара шал ормандағы ағаштан бір арқа шөпшек отын алып, үйіне қайтты. Шал шаршады, отынды үйіне алып баруға шамасы келмей, шал арқасындағы отынды жерге тастап, айтты:

– Е, Құдайым, мұндай өмір бергенше, маған өлім берсейші, – деді.

Өлім шалға келіп, сөйледі:

– Не үшін мені шақырдың, шал?

Шал өлімнен қорқып айтты:

– Маған мынау отынды көтеруге жәрдем берер ме деп, шақырып едім…

52. [ХАЛЫҚТЫҢ КӨЗ ЖАСЫ]

Бір хан өте қатты ауырып, ауруына ем сұрау үшін елін жинайды. Жиналған жұрт сырқатының не екенін сұрайды. Хан:

– Ішкен асым тоқтамайды, күндіз де, түнде де тиышым жоқ, ұйықтай алмаймын, – депті.

Ханның өзі еліне тізесі батқан, қатал, мейірімсіз, елдің тапқан–таянғанын барымталап, жай жатып алған жуан қарын мес екен.

Жиналған көптің ішінен біреу:

– Сырқатыңның емін таптым, мен айтқандай орындасаң, жазыласың, орындамасаң, сырқатыңның беті жаман, өлесің, – дейді.

Хан орындайтындығын айтқан соң әлгі адам:

– Көздің жасымен денеңді сүрт, көзінен жас ағып тұрған адамның көз жасын ал және ол адамның көзінен жас неге төгіледі екен, оны сұрап, жазып алып отыр, – дейді.

Ханша:

– Сонша көп жас табылар ма екен? – дегенде бір шал:

– Ханеке, көз жасы денеңе жай сүрту тұрсын, шомылуыңа да жетерлік табылар, – депті.

Содан кейін хан көзінен жас ағып тұрған бір шалды шақыртып, көз жасын алады да, неліктен көзінен жас ағатынын сұрайды. Шал:

– Еңбегімді хан қанады, тапқанымды һәм талады. Жылай-жылай екі көзім қан тамады. Жасым сел боп ағады, оны тағы хан алады, енді өзіме не қалады? – дейді.

Хан үндемей, жазып алып, тағы бірнеше адамнан жас алады. Соның ішінде бір әйел:

– Ханнан зиян тапқан соң жасым қалай ақпасын? Күйеуім – құлы, өзім – күңі, дамыл таппай, күн мен түн жылаудан бас көтере алмай, соқыр болдық енді, міне, – депті.

Хан тағы жылап жүрген бір балаға кездеседі. Көзінің жасын [алып] және неге жылағанын сұрайды.

Бала:

– Әділетті хан бола ма, зар тарттырса жас балаға? Көзім жасын тағы алмақсың, дертіңе ем таба алмақсың. Елді жеуден тоймасаң, жебірлігің қоймасаң, дертіңе ем табылмас, өзіңе ел бағынбас, көздің жасын жетерлік көрдің, әділеттілікті ойласаң, – депті.

Сөйтіп, хан бірнеше жүздеген адамдардың көз жасын сұрап алады, қайсысынан сұраса да, көз жасының көл болу себебі ханның өзінің жауыздығынан екенін көреді де, «Көздің жасымен денеңді сүрт» деген адамның айтқаны «Өз жауыздығын өз құлағымен естісін» деп айтылған ем екендігін түсініп, хан өз ісіне өзі өте ұялды дейді.

53. КӨЗІН ӨЗІ ЖЕСІН

Бір шалдың соңғы алған жас әйелі болыпты. Шал мен жас әйел қанағаттанып қалай жүрсін, оның да бір жігіті болады екен. Жігіті келіп-кетіп жүретін сияқты. Шалдың ешкілері болады екен, ешкілерін бағып, түске жақын үйіне келсе, баяғы жігіт жүк арасында жасырынып жатыр екен. Әйел шалға келген соң түннен қалған бір ешкінің басын бере қойыпты. Шал басты айналдырып жеп, мүжіп отырса керек, шалдың үш жасар баласы жүк арасында отырған жігіттің көзін көріп қалып:

– Ата! Ата! Көзін-ай, көзін-ай, – деп, қатын баланы «Үндеме, жағың қарысқыр, атаң көзін өзі жесін», – деп, баланы қағып келіп жіберіпті. Қарт баланы қолындағы бастың көзін айтады ғой, – деп, үндемей қалулы. «Қапияда қатын табар» деген осындайдан шыққан әңгіме болуы керек деген.

54. ҚАТЫНДАРДЫҢ АМАЛЫ

Баяғында екі қатын отырып, сырымызды айтыссақ, сен осы ...мен не қылдым деседі. Сонда біреуі тұрып:

– Менім алғаш түскенде келіншек кезім еді. Күйеуім домбырашы болатын. Бір жігіт маған сөз айтып жүрді. Бір күні күйеуім жылқыға кетіп, әлгі жігіт кіріп жатқанда, түн ортасы мезгілі байым келіп қалып, жатпақшы болды. Өзі ат жарыс қылып жатыр екен. Енді қайтерімді білмей, сасып қалдым да, домбыраны жұлып алып, күйеуіме беріп:

– Осы домбыраны сіз көңіліңізбен шертесіз бе, жоқ, көзіңізбен тартасыз ба? – дедім.

Күйеуім:

– Ой, ақымақтарым, домбыраны кісі көзбен шерте ме екен, көңілмен шертеді, – деді.

Мен:

– Ие, көңілмен-ай тартқаның қане? Көңіліңмен шертіп қарашы, – деп, көзін баса қойдым. Сонда ана жігіт шығып кетті. Менің қылғаным осы, – деді.

Сонда екінші біреуі айтады:

– Менім де келіншек күнім, бір байдың баласы сөз айтты, «беріп» жүруші еді. Бір күні күйеуім жолаушы кетті. Сол түні байдың баласы келіп, төсегімде жатыр еді, күйеуім келді де, әлгі жігітті буындырып, өзі кетіп қалды. Мен қайтерімді білмей, сасып тұрдым да, өлген жігітті арқалап алып, түн ішінде өзінің үйіне алып барып, өзінің дауысына салып, қатынына «Әрі жат, жатамын», – дедім. Қатыны:

– Ие, менен жақсы жар тауып алдың ғой. Мені не қыласың, соныңа барсаңшы, – деді.

– Мен өкпелеген жанмын, өйтсең, ...қылайын, – деп, жігітті далаға алып шығып, арқанмен ағашқа асып, өзім үйге қайтып келіп, енемді (күйеуімнің шешесін) буындырып өлтірдім де, қойныма салып қойып, өзім жата бердім.

– Ертесіне күйеуім өз шешесін өлтіріп қойдым деп жылап, ана қатын өз байыма бір ауыз жаман сөзіммен ренжітіп, өлтірдім деп, жыласып жатты. Менің қылғаным осы, – депті.

55. ҮШ КЕЛІНШЕКТІҢ СЫР АЙТЫСҚАНЫ

Бір күні үш келіншек су алуға шелек алып, суға барады. Судың басында үшеуі бір-бірінен сыр сұрасыпты. Сонда бірінші келіншек айтыпты:

– Мен осы күнгі күйеуіме тигенде менен мынандай жақпастық қылық өтті, келіншек-ау... Осы бар ғой, бір күні тигеннен кейін бірнеше ай өткен соң күйеуімнің бір жақсы, жақын құрдасы болушы еді. Сол күнде-күнде келіп, «бер» деп, мазамды ала берді. Сонан бір күні қара басып, «беріп» едім. Бірақ та түннің іші масахана құрулы еді. Сондай тар жерде тамашалап жатқанда, күйеуім есік қақты. Жаңағы құрдасы, түспегір, қайда тығыларын білмей, сасқанынан ол маған:

– Енді қайттім? – деді. Сол кезде мен айттым: «Тырп етпе, жата бер», – дедім де, есікті аштым.

Қолына домбырасын алып, күйеуім де келді. Ол кірместен тұрып, көрпеше салып, жерге жата қойдым. Шамды жақтым да, көрпешеге отырғызып:

– Осы жұрт сені асқан ақын, жорғадай күйші дейді. Сен сол күйіңді тартшы, – дедім.

– Соны естуге құмартып отырмын, – деп, асыла түстім. Ол домбыраны алып, күйді күйлетіп отырды. Сонда мен:

– Осы сен күйші болсаң, көзіңді жұмып тартшы, домбыраның пернесіне қарамай, – дедім. Ол, байғұс, еш нәрсемен ісі болмай, көзін жұмып, тарта бастады. Ептеп еліктетіп, «Ой, сенің көзің ашық отыр», – дедім. Ол онан сайын көзін қатты жұмды. Сол кезде баяғы масаханадағы құрдас жігітті шығарып жіберіп, өзім қасына қайта келіп отырдым да:

– Ой, ақыным-ай, рақмет! Жұрт мақтарлықтай екенсің, – деп, көтеріп қойдым.

Сонан кейін:

– Енді жетер, жатайық, – деп, сөйтіп, жаттық. Сонан бері жасырын жаман жұмыс істемейтін болдым. Сондағы күйеуім осы еді. Енді сен айт, – деді екінші келіншекке.

Екінші келіншек:

– Енді кезек маған келсе, мен де айтайын. Баста менің осы күйеуім алғанда әкемнің алдына шарт қойған еді. Егер қызың «ұрлық» істейтін болса, онда өзіңе қайтып беріп, өзіңнің басыңды алам деген болатын. Сонан кейін әкем әлгі байдың баласына берген болатын. Бірақ та менің қалап жүрген кісім ол емес еді. Басқа еді. Күйеуге тигеннен кейін сол жігітім күнде келіп, «бер, бер» деп, қоймаған соң бір күні қойныма ала қойдым. Сол заматында күйеуім де келіп қалып, қапыда жаңағы жігітті пышақтап өлтіріп, әкеме білдіруге мініп кетті. Мен қорқайын дедім. Көп ұзамай атама барып, арыз айттым.

– Ата, балаң түсте кеткенінен келген жоқ, жатайын десем, қорқып отырмын. Кіші енемді жіберсең кәйтет, – дедім. (Бұның алдында өлген жігітті көміп қойғанмын).

– Әй, қатын-ай, сен бара ғой, – деді. Үйге келіп, екеуміз бірге жаттық. Ұлы ұйқыға кете бергенде, баяғы күйеуімнің пышағын осыған салдым да, өлтіріп, жата бердім. Ұйықтап кеткен екем.

– Нанбасаң, мінікей, мынау не ұрлық емей? – деп, көрпені жұлып алды. Қарасам, күйеуім және әкем мен шешем. Келіп тұрып, қарап тұр.

Сол кезде мен де үндемей тұрдым да:

– Жындымысың, ақымақпысың, немене? Түнде келіп, енеме пышақ салғаның не? Қарап жүріп қаталастың ба? – дегенде күйеуім сасып қалып, нанбады.

– Нанбасаң, атамнан сұрайық, – дедім.

– Иә, мақұл-ақ, – деді.

Сұрастыра қарағанда, менікі дұрыс болып, әкемді айыпты қылмай, өзінің айыпты екенін мойнына алып, ат-тонымен шапан жапты. Сонан бері мен де қойдым. Ал енді әңгімеңді сен баста, – деді үшінші келіншекке.

– Ал, ендеше, мен де басымнан өткен оқиғамды айтайын.

– Мені қыз кезімде осы күйеуіме айттырып қойған екен. Бұл өзі көп малды шығын еткен болатын. Сонан күйеуге енді тиейін деп тұрғанда, адам қимас, сүйіскенде мейірі қанбайтын бір құрдасым адамгершілігімді алып қойған болатын.

Сонан үш-төрт күн өткен соң қалыңдық ойнауға келіп, қасыма жатып байқағанда «адамгершілігің жоқ екен» деп, тастаған болатын. Сөйтіп, ол күдер үзіп кеткен. Сонан ойланып-ойланып, енді қайткенмен осыған тиюім керек қой деп, мынадай ой таптым.

Баяғы ойнап-күлген жігітіме айттым:

– Сен үшін жолымнан қалдым. Сондықтан сен маған батырдың барлық киімімен құрал-сайманымен, атымен тауып бер дедім. Ол, байғұс, көп кешікпей, тауып берді. Сонан мен батырша киініп, қалқанды, найзаны, садақты дайындап, атқа мініп, күйеуімнің үйінің сыртында тұрып айқайлап:

– Кім бар-ау? – дедім.

Сол кезде бәйбішесі шығып: «Өзіміз бар», – деді.

– Бай қайда? – дегенде, «Аттан түсе ғой, қарағым», – деп, атымнан көтеріп алды да, үйіне кіргізді. Сонан соң бай:

– Уа, қарағым, қай ру, кімнің баласы, қай елдің батыры боласың? – деді.

– Ие, ақсақал, пәлен деген ру, пәленше деген байдың баласымын, сол елден кеше аң аулауға шығып едім. Бұл ел қайсысы болады?

– Ие, пәленше деген байдың елі, – деді.

Сол уақытта тамақ та пісіп қапты, баяғы мені тастаған күйеуім қолыма су құйды. Тамақты жеп болып отырғанда:

– Иа, қарағым, мынау – менің балам. Жол жүретін болсаң, шығарып салсын, – деді. Мен:

– Мақұл, – дедім. Сонан соң атқа мініп, біраз жер жүріп, ауылдан қашықтап кеттік. Сонда жігіт айтты:

– Енді маған ұлықсат па, батыр? – деді.

– Жоқ, қазір атыңнан түс, – дедім найзамды тақап.

– Түспесең, өлесің, – дедім. Ол аттан түсті.

– Енді шешін. Ол шешінді, бірақ көйлек, станын шешпей тұрды.

– Көйлекті де, станды да шеш, – дедім. Не керек, тырдай жалаңаштап болып, «Енді өлтірем», – дедім.

– Аға-ғам-ай, не жазығым бар еді? Бұл дүниеде қызық өмір сүре алмадым-ау, әйел де алғаным жоқ еді. Енді қыршын кетемін-ау. Не сұрасаң, соны берер едім. Шыбындай жанымды қалдырсаң. Не тілейсің, не сұрайсың? – деді.

– Сенің маған малың да керек емес. Соны берсең болғаны.

– Не сұрайсың, бәрін берейін, жалғыз-ақ – жанымды қалдыр.

– Мақұл, олай болса, «артыңды» бер, – дедім.

– Ойбай, аға, мә, – деп, еңкейе бастады.

Сол уақытта сауытты шешіп, қалқанды тастап, қыз болып киініп алып:

– Әй, ақымақ, түрегел. Мен кіммін, білесің бе? Сені еркек дейді, әрі байдың баласы дейді. Мен болсам, әйелмін. «Әйел» деп, қорлап тастап едің. Жалынбай-ақ, сен неме «артыңды» бердің ғой.

Ал, менің де жан қимас адамым болған соң, «беріп» едім. Сенікі не? Сен ерсымақсың, – дедім.

– Иә, сенікі дұрыс екен. Қателік менен екен. Енді сен елге жаймай–ақ қой. Әкең не тілесе, соны берейін. Сөйтіп, екеуміз өмірлік жолдас болайық, – деді.

Сонан бері мен де ұрлық істемейтін болдым. Сондағы күйеуім осы еді, – деп, сөзін аяқтап болып, үшеуі суын алып, үйлеріне тарасты.

56. ҮШ ӘЙЕЛДІҢ ӘҢГІМЕСІ

Үш әйел суға барып кеңескенде не десіпті? Бірінші әйел айтады:

– Мен ер жеткен кезде әкем мені бір жігітке берді. Өзі әлді шаруаның баласы еді. Өзі сері жігіт еді. Домбырашы еді. Ол кезде қазақ пен қалмақ бірін–бірі шауып, әкетер еді. Елін, жерін қорғаймыз деп, азамат тегіс ат үстінде болушы еді. Осының бірі менің ерім еді. Бұл жастықты қойсаңшы, мен басқа жігітпен әуейі болдым. Ол кісім келіп, қойнымда жатып, ұйықтап қалыпты. Мен де ұйықтаған екем. Мырзамның атынан түсіп, атын белдеуге байлаған дыбыстан ояндым да, жатсам, төсегіне жатуға келер деп, атып тұра кеп, есік ашып, түндікті сырдым. Жігітті қымтап, жауып тастағанмын. Мырза үйге кіріп келіп, жүктің үстіндегі домбырасын алып, шертіп-шертіп жіберді. Мен айттым:

– Мырза, осы домбыраны адам көзімен тарта ма, көңілмен тарта ма? – дедім. Мырзам отырып:

– Көңілмен тартады, – деді.

– Мен көзбен тартар, – дедім.

– Егер көңілмен тартатын болса, мен көзіңді байлайын, тартшы, – дедім. Ер аңғал келеді ғой, «Қанекей, байла», – деп, қасқайып отырды. Мен көзді байладым да, домбырасын қолына бердім. Сонда күйшім «Бозайғыр» деп, күй тартты. Мен соның мәнісін сұрап, алдандыра бердім. Жігіт шығып кетті. Осындай сасқаным жоқ шығар. Амалдап, жігіттен зорға құтылғанмын, – деді.

Екінші әйел:

– Мен-дағы әлді шаруаның қызы едім. Әкем мені өзіңе тең деп, бір азаматқа әйелдікке берді. Аса жақсы ғұмыр сүрдік, күйеуім адамнан асқан мерген еді. Бір күні мені қасына ертіп, саяхатқа шықты. Бір киіктің текесі тұр екен. Ату жеріне келді де:

– Осының қай жерінен атайын, айтшы, – деді.

Мен тұрдым да «Машұғың білсін», – дедім. Үш рет атты, мен де үш рет «Машұғың білсін», – дедім.

– Сен мені сыйламадың, сөзімді қайырдың, – деп, маған өкпелеп, мал–мүлкіммен мені тастап кетті. Сол күннен бастап мен бір әлді жігітті қолыма ұстап, бір жаңа туған бұзауым бар еді, осыны аяғын байлап, мойнына салып жіберіп, таудың басына күніне үш рет шығартушы ем. Басқа жұмысқа қоспаймын, толық еңбегін беріп отырдым. Бұзауым тайынша болды, одан өрлеп, бес жасқа жетті. Жігітім бұрынғы ғадетінше арқалап, күніне үш рет тау басына апарып, қайтып келер еді.

Бір күні шаһарда ұлық мейрам болып, бәйге ат шауып, балуан күресін жамбы атып, ат үстінен сайысып, аударысуда әркім өз білгенін майданға көрсетіп жатты. Сонда мен тұрып:

– Менің мына жігітім бес жастағы өгізімді мына тұрған тау басына арқалап шығарып, қайтадан топқа әкеледі. Менің ерім жамбы атып, бәйге алушының бірі еді.

– Өйтіп мақтанба, – деп, маған келіп, сап ете түсті.

Мен еркекше киінгем, мені танымайды, сол жерде тұрып екеуміз серттестік. Сертіміз былай еді. Ол кісі маған бір міндет бермек, соны орындаймын. Ол менікін орындамақ болды. Халық алдында уағдаға кірісіп, жігітіме ишара еткенде, өгізді алып ұрып, аяғын байлап, жонына салып жіберіп, таудың басына арқалап барып, қайтадан алып келді. Өгізді босатты, халық шуылдады мергенші ұтылды деп, тілегіңді айт дегенде:

– Киіктің қай жерінен атамын дегенде «машығыңыз білсін», – дедім. «Мені сыйламадың», – деп, сіз тастадыңыз, машық деген осы. Мен сонан бері сұрасаң, күніне үш рет арқалаттым. Биыл бес жыл болады. Маған қойған кінәңізді кешіріп, қайтадан қосылуыңызды сұраймын, – дедім. Жиылған көп бір ауыздан шу ете түсті. Мырзам қабыл етіп, қайтадан алды. Осы уақытқа дейін жолдасым, – деді.

Үшінші қатын:

– Мен де бір байдың қызы едім. Өзім жас күнімде сасулы едім. Мені бір мырза айттырды. Сол кезде өз елімізде бір жағынан асқан ұста болды, қара темірге жан салады деуге болар еді. Және күміске де сондайлық еді. Ол жігіт менен көңіл ететін. Осының шеберлігіне қызығып, дос болып қалдым. Сол кездерде күйеуім есік көре келді, жеңгелерім мені апарды. Күйеумен ойнап, күлдік. Күйеу үйіне барған соң менің әкеме кісі жіберді. Баласын басқа адамға бере берсін деп, себебі менің жұмысым – халыққа басшы болғандығы сондайлық еді. Мен сасып, ұстаға келдім де:

– Маған қарала капказдап алтын-күміспен жүргізіп, бір белдік істе, –

[дедім].
Неше түрлі нақышпен бір пышақ істеді. Оны капказдады, бұлардың

сұлулығы адам таңырқағандай еді. Астыма сұлу қара ат мініп, үстіме қара құлын жарғақ киіп, басыма түлкі тымақ киіп, жаныма жолдас ертіп, әлгі мырзаның аулына жақын жерге келіп қондым. Астыртын мырза үйде ме деп сұрасам, ертең батысқа атқа мінеді екен, одан гөрі бұрынырақ мініп, тау басынан қарап отырдым. Бір кезде мырза да шықты. Мырзаны өткізіп, көлденеңдеп келе, амандасып тұрыстық. Жөн сұрасып болған соң баратын бетіміз бір еді. Жүріп келеміз, жол бойында мырза тұрып, кездікті сұрады тырнақ кесу үшін. Суырып ұстата бердім. Тырнағын алып болып, өзіме берді. Мырза:

– Осы белдігіңді бер, құшақтасып, қияметтік дос болдық, дүниеліктен не алам десеңіз де, қолыңызды қақпаймын, – деді.

Мен тұрып:

– Шіркін, дүние ғой. Алам десең ал, бірақ бұл туралы менің сізден алатын қолқам берсеңіз – арзан, бермесеңіз, қымбат, – дедім. Сонда жігіт тұрып:

– Ей, сенен еш нәрсе аямаспын, – деді. Ендеше мырза осыны істеген адам баласы ғой, осындай өнеріне мен де алдандым, мінекей, алсаңыз, – деп, шешіп тастап едім, жігіт буынып, «Ал, енді менен сұрайтын қолқаңды айт», – деді. Сол жерде мен аттан түсіп, еркек киімдерімді өзгертіп, әйел бала киімдерімді кидім, өзінің қалыңдығы екенімді танып, тоқтап қалды да:

– Бердім, – деді.

– Қатеңді кешірем, – деп, қатамды кешіріп, мені қайтадан жарасып алды. Осы күнгі жолдасым сол ерім еді. Бала-шағам да бар, – деді.

57. АЛСА – БЕРМЕС ПЕН БЕРСЕ – ҚОЙМАС

Баяғы өткен заманда Алса–бермес, Берсе–қоймас деген екі қу болыпты. Оның аты айтылу себебі олай деп, бір кісіден алған затын түк бермейді екен, сол үшін оны Алса–бермес қойған. Берсе–қоймас ол біреуге бір зат берсе, алмай қоймайды екен. Сол үшін аты солай болыпты. Екеуінің де дабысы жер жүзіне жайылыпты. Бір күні Бағадат шәрінде Алса–берместі естіп, соған Берсе-қоймас бармақ болып, көз жанарын тартарлық етіп, түрлі алтын сапты кездік соқтырады.

– Барып, үйіне қонғанда, көрсетейін, сұраса, берейін, – деп, соны алып, бірнеше күн жол жүріп, Алса–берместің үйіне іздеп келіп, қонады. Тамақ ішіп-жеп болған соң түрлі кездікті жайып салып, көрсете бастайды. Көріп-көріп, сұрамай қойды. Ертеңіне таң атты. Шай ішіп отырып, әйеліне айтыпты:

– Әй, мен бүгін базарға барып, жөні келсе, бір сиыр сатып әкелейін, – деді.

Сонымен базарға барды, әлгі қонағы да барды. Барып, базардан бір сиырды сатып алатын болды. Сонда он тиыны жетпей қалды. Жан-жағына қараса, түнде үйіне қонған қонағы тұр екен.

– Әй, он тиының бар ма? – деді.

– Бар, бар, – деп, әкеп бере салды. Сонымен сиырды алып, үйіне келді. Кешке тамақты ішейін деп отырғанда Берсе–қоймас:

– Асалаумалейкім, – [деп], кіріп келді.

– Кел, кел, – деп, орын берді.

– Ал, мен жүремін, әлгі алған он тиының бар ма? – деді.

– Ойбай-ай, қазір жоқ еді, – деді.

– О, қиналмаңыз, табылғанда алам, – деп, шығып кетті.

Ертеңгісін шайды алдына ала бергенде:

– Асалаумалейкім, – деп, кіріп келді.

– Кел, кел, жоғары шық, – деді. Шайды ішіп болғанда ол:

– Бұйымыңды айт, – деді.

– О-бой-ау, бұйым – өзің алған он тиының бар ма? – деді.

– О-бай-ай, жоқ еді, – деді.

– О, онша сіз қиналмаңыз, табылған күні алармын, – деді де, кетіп қалды. Түс болды, әйелі шайды әкеле жатып қараса, жүгіріп келеді екен. Оны көріп, әйелі күйеуіне ашуланды.

– Не болды саған, осы бір ай өте он тиын түгел жүз сомның тамағын ішті, – деп.

– Әй, олай болса, мен өтірік өлейін. Сен шашыңды жайып, қара киіп, бетіңді қанатып, жылай бер, – деп, төсекке құлап, серейіп, «өліп» қалды.

– Асалаумалейкім, – деп, үйге кіріп келді. Қатыны жылап отыр.

– Ой, не болды? – деп сұрады.

– Көріп тұрсың ғой, күйеуім дүниеден кеткенін...

– О, олай болса, өзім-ақ тазалап, жуайын да, – деп, киімін шешіп, бір шәугім суды өзі от жағып, қайнатып әкелді де, шешіндіріп, «бесмылда, оң жақ иығынан бастайын», – деп, қайнаған суды құйып жібергенде, тыржың ете қалды. Сонда ақырын:

– Әй, он тиын бар ма? – деп, құлағына сыбыр ете қалды.

Тағы құйса, тағы да тыржың ете қалды.

– Әй, он тиын бар ма? – деп, сыбыр етті құлағына. Жуып та болды. Несін айтасың, бар денесі күйіп те болды. Ақ шүберекке орап, ел жинап, ауылдан молаға көтеріп те барды. Апарып, ақымға қояйын деп көтеріп қойып жатып:

– Әй, – деді құлағына, – ал, жан керек пе, саған он тиын керек пе? Он тиынды бересің бе, жоқ па? Бермесең, ал енді көмеміз. Өлсең де өлдің, өлмесең де өлдің, – деді.

– Әй, ағатай, өлгенше жақсылық еткеніңді ұмытпайын. Мені көмбе, – деді.

– Қатын келсін, он тиыныңды берейін, – деді.

Онан соң көрден шығып:

– Ал, сіздер қайта беріңіздер, көмуін өзім-ақ көмем, – деді. Ел қайтып кетті.

Қатыны келді, сонда он тиынды алды:

– Қош, аман сау бол, – деп, Берсе-қоймас қайтты.

Осы хабар елге жайылып, елден алған қарызын түгелдей қайырып беріпті дейді. Сонан бастап Береген атқа ие болды.

58. ҚАҢБАҚ ШАЛ

Қаңбақ шалдың жеңілдігі сондай, жел болған күні ұшарын жел, қонарын сай біледі екен. Бір сайға келіп, қонып жатса, бір батыр кеңеседі, екеуі достаспақ болу үшін ең әуелі күштерін сынасады.

– Мен тепкенде, жердің миын шығарам, – дейді шал.

– Қане, тепші, – дейді батыр.

– Мақұл, – деп, бұрыннан жерге көміп қойған құстың үш жұмыртқасын басып қалып, бырс еткізеді.

– Міне, жердің миын шығардым ба? – дейді.

– Сен, қане, тас лақтыршы, – дейді батырға шал. Батыр лақтырса, көзкөрім жерге барып түседі.

– Мен лақтырсам, ертең осы уақыт әрең түседі, – дейді шал. Тасты лақтырып жібереді. Кеш болып, ұйқыға кетеді. Түн ортасы алдында шал тұрып, малта таспен батырды маңдайға дәлдеп тұрып, қойып кеп кетіп, өзі жата қалады. Батыр шошып оянса, шал жатып:

– Кешегі менің тасым ғой, жаңа кеп түскен, – дейді.

Батыр шалды қонаққа шақырады.

– Мен жүз қой сойсаң, тоямын, – дейді шал.

– Менде жүз қой жоқ. Тойдыру үшін емес, дәм тату үшін ғана шақырам, – дейді. Бірер қойын сойып, тамақтанып алып, жатарға таянғанда:

– Мен сыртқа жатам, – дейді шал. Батыр онысын мақұл көріп, төсекті сыртқа салдырып береді.

Шал ел жатқасын орнына тас қойып, өзі тың тыңдайды. Батыр:

– Түбіме осы шал жетпей қоймас. Онан да өлтірейін, – деп, қылышын қайрап алып барып, кергітіп отырып, бір салғанда, қылышы сынып кетеді. Батыр жайғап салған болармын деп, үйіне жайланып жеткен кезде шал тасты лақтырып тастап, өзі орнына жата қалады.

Ертеңінде таңертең асты ішуге батырмен дастарқанда болады.

– Қонағым, қалай түнеп шықтың? – дейді.

– Арқамды маса шаға бергендей болды, – дейді.

Ертеңінде тағы да өз орнына томар қоя қояды. Қайнаған сумен бырыстырдым деп, батыр жайланып орнынан тұрса, шал ап-аман.

– Қонағым, жақсы ұйықтадың ба? – деп [сұрайды батыр.]

– Жаңбыр себелеңкіреді, – дейді шал. Батыр ат басындай алтын береді. Шалдың оны көтеріп апаруға шамасы жоқ. Онысын сездірмей:

– Сіз де біздің үйден дәм татыңыз, оныңызды сол барғаныңызда ала келерсіз, – дейді.

Өзі үйіне бұрын келіп, қатынына ақылын үйретіп-үйретіп қояды. Батыр келеді. Амандасады. Бәрі жым–жырт отырады. Шал отырып:

– Қатын, қонағыңа қазан ас, – дейді.

– Ет жоқ, немді асайын? – дейді қатын.

– Қара қойдың санын ас, қызыл қойдың басын ас, ол екеуі болмаса, мына батырдың өзін ас! – деуі-ақ мұң екен, батыр қаша кеп жөнеледі.

59. СӘЛІМ БАЙБАТША МЕН РАХЫМ БАЙБАТШАЛАРДЫҢ ҚАЛАЙ ШҮРЕГЕЙ ЕТІНЕН ҚҰР ҚАЛҒАНЫ

Бір күні Сәлім байбатша менен Рахым байбатша аң аулауға шығыпты. Бұлардың қасында құсшы болған бір Боқбасар деген қазағы бар екен. Бұлар құстың етін жейміз ғой деп, жол азық алмапты. Аң аулап жүргенде, бұларға ешнәрсе кез келмепті. Ертеден бері намазына шейін аулап жүріп, бір жалғыз шүрегей атып алыпты. Бұлар көп жүріп шаршаған соң бір жерге келіп, дем алмаққа тоқтапты. Әсіресе, қарны ашқан соң атып алған үйректің етін асып жемекке ойланып, Боқбасарға үйректің етін істікке шаншып, «отқа қақта», – деп, бұйрық қылыпты. Байбатшалар дем алуға жатыпты. Боқбасар онша көңілі қош болмай, мешкей байбатшалар, тым болмаса, маған үйректің бір жапырағын тастамас деп, үйректі жайғастыра бастапты. Қашан Боқбасар үйректің жүнін жұлып болғанда, байбатшалар қынжылып, бұлайша депті: «Үйрек бек кішкене екен, екеумізді тойғызбас», [– депті]. «[Ал] Боқбасарға да береміз», – деп, бір сөз айтпайды. Боқбасар қазақ болса да, қу қазақ еді. Байбатшалардың не ойлағанын күні бұрын біліп, оларға айтты:

– Шүрегей бек кішкентай, байбатшалар, сіз екеуіңіз тоймайсыздар. Мұны жегендеріңмен қарындарың тоймай, ауыздарыңның дәмін алып, бекер тамсанып, сілекейлерің ағар. Менің ойымша, екеулерің бірдей аш болғанша, онан да шүрегейді біреулерің жеп, біреулерің аш болыңдар, – дейді. Байбатшалар Боқбасардың айтқанын мақұл көрсе де, шүрегейдің етін біріне-бірі қимай, екеулері де аш қалуға көнбеді. Сонда Боқбасар тұрып, былай дейді:

– Байбатшалар, сіз екеулерің бекер таласпаңдар. Әуелі жатып ұйықтаңыздар. Қашан үйректі мен қақтап, пісіргенге шейін қай жақсы түс көргендерің үйректі жерсіңдер, – дейді. Байбатшалар Боқбасардың айтқанын мақұл көріп:

– Мұндай әділеттікпенен билік қылғаныңа бәлі, рақмет, – деп, Боқбасарды мақтайды да, өздері шапандарын айқара жамылып, ұйықтауға жатты. Бұлар жатқанменен ұйықтамады. (Қайтып ұйықтасын, бір жағынан, қарны ашып бара жатса, бір жағынан, істікке қақтаған шүрегейдің иісі қызықтырып тұрса.) Өтірік ұйықтаған болып, «Қандай жақсы түсті ойлап айтсақ екен», – деп жатты. Сол арада Боқбасар байбатшаларға білдірместен істіктен шүрегейді алып, жайыменен отырып, жеп қойды. Мұнан соң ескі шекпенін басына бүркеніп, ұйықтап қалды. Біраздан соң байбатшалардың екеуі де қатар оянды. (Себебі – сол, екеуі бірінің артынан бірі аңдып жатқан еді.) Боқбасарды оятып, бұған көрген түстерін айта бастады (істіктің сорайып босқа жатқанын аңғармады). Сәлім айтты:

– Мен үстіме ақ шапан киіппін, ақ шалманы басыма ораппын, ақбоз атқа мініп, аспанға ұшыппын. Аспанда періштелерді көріп, Мұхаммед-Расулменен сөйлесіппін. Маған онда сондай қызық, сондай тамаша болған еді. Не қылып жылдам оянғаныма өкінемін, – дейді. Рахым айтты:

– Мен де һәм ақ киімдер киіп, ұжмақта болыппын, ұжмақтардың жемістерін асаппын, кәусар шарап ішіппін, ұжмақтардың бақтарында хор қыздарыменен бірге серуен етіп жүріппін. Ақырында, Рахым айтты:

– Мен де һәм өкінемін сондай тез оянғаныма, – дейді. Сәлім менен Рахымның айтқан түстерін тыңдап отырып, Боқбасар айтты:

– Солай, байбатшаларым, сіздердің айтқандарыңыз бәрі рас, – дейді.

– Жаңа мен ұйықтап кетсем, түсімде сіздерді көрдім. Біреуің Мұхаммет пайғамбарменен сөйлесіп, уа, біреуің хор қыздарыменен сөйлесіп тұр екенсіңдер. Бұл себептен мен ойладым, бұлар көктегі тамашаларды тастап, қайтып келмес деп, мен шүрегейді жеп қойдым, – дейді.

Мұнан соң байбатшалар сорайып тұрған істікке қарап, көріп, Боқбасардың көрген түсінің дұрыс екеніне таңғалысты. Рахым шүрегейдің не себепті жоқ болғанына көңіліне күдік алған еді. Қанша айтқаныменен, Сәлім көпті көрген ақылды емес пе, түсте көрген өңде болуға да мүмкін деп, Боқбасардың айтқанын мақұл көрді. Сәлім өзінің сөзін расқа шығармақ үшін бір күні түнде өзінің есегін күзеткенде көрген хикаясын сөйледі.

– Мен қалғып кетіп, түсімде есегімді ұрлайын деп келе жатқан ұрыны қолынан тұттым. Қашан оянып кеткен едім, екі қолымменен есегімнің құйрығын тұтып отырғанымды көрдім. Мұнан соң байбатшалар:

– Боқбасар үйректі қас қылып, әдейі жеген жоқ шығар. Түсінде жеген шығар, – деп сеніп, қолдарын бір сілтеп, аңдарын аулап, жүре беріпті.

60. ЖАҚСЫЛЫҚ, ЖАМАНДЫҚ ЖОЛДАС БОЛҒАН

(І – нұсқа)

Бұрынғы заманда Жақсылық пен Жамандық жолдас болыпты. Екеуінің де ат, тоны, азығы болыпты. Екеуі Жақсылықтың азығымен жүріпті. Жол жүргенде, Жақсылықтың азығы таусылыпты. Жамандық айтыпты:

– Жақсылығым, азығың таусылды, енді қайтесің? – депті.

– Жамандығым, өзің біл! – депті.

– Өзім білсем, атыңды сояйық, – дейді. Жақсылықтың атын сойып, етін екеуі бөліп жепті, азық тағы таусылыпты.

– Жақсылығым, енді қайтесің, атыңның еті таусылды, – деді.

– Жамандығым, әлі де болса, өзіңіз біліңіз, – депті.

– Өзім білсем, Жақсылығым, бір құлағыңды пісіріп, өзіңе берейін, жеймісің?

– Жеймін, Жамандығым, – депті. Бір құлағын кесті, бір күнге азық болды. Жамандық айтты:

– Бір құлағыңды бір күнге тағы да асып берейін, – депті.

– Тағы да азық таусылды, Жақсылығым, енді қайтейін? – депті.

– Әлі де болса, Жамандығым, өзің біл, – депті.

– Жақсылығым, өзім білсем, бір көзіңді ойып, бір күнге азық қылып берейін, – депті. Бір көзін тағы да ойып, бір күнге азық қылып берді.

Жақсылықтың ат, тоны, азығы, құлағы, көзі бітті. Жамандық Жақсылықтың азығын бірге жеп, түгесіп, түгесті. Жақсылықтың азығы таусылған соң, Жамандық азығын бермеді.

– Жақсылығым, – деді, – атыңды сойып жедік, – деді, – екі көзіңді ойып, құлағыңды кесіп, төрт күн азық бердім, – деді.

– Жақсылығым, енді қайтесің? Енді құлағың жоқ, көзің жоқ, Жақсылық, сені тастап кетемін, – деді.

– Жамандығым, тастап кетсең, бір қалың қара тоғайдың ішіне таста, – деді. Жамандық қалың қара тоғайдың ішіне Жақсылықты әкеліп, тастап кетті.

Тоғайдың ішінде Жақсылық отырса, бір жолбарыс, бір түлкі, бір қасқыр – үшеуі кеңеседі.

Қасқыр айтады:

– Жолбарысым, сен осы тоғайдан шықпайсың, тоғайда не істеп жүресің? – деді.

– Бұ тоғайда екі бәйтерек бар, – деді, – көзсізге көз береді, құлақсызға құлақ береді. Мен соны аңдып жүремін, – деді, – қасқырым!

Жолбарыс айтты:

– Сен, қасқырым, осы жерден шықпайсың, неғылып жүресің? – деді.

– Мына жерде бір мың қойлы бай бар, ол байдың бір қара төбеті бар, осы қара төбеттің сүйегі өлген кісіге жан береді, – деді. – Мен, – деді, – соны алайын деп жүрмін.

Қасқыр айтты:

– Сен, түлкім, сен қара обаның түбінен шықпайсың, не қылып жүрсің? – деді.

– Қара обаның түбінде ат басындай алтын бар, – деді, – соны аңдып жүрмін, – деді.

Бағанағы Жақсылық үшеуінің сөзін естіді, тоғайдың ішін аралады, аралап жүргенде, екі бәйтерек қолына түсті. Көзін үйкеді, көзі бітті, құлағын үйкеп, екі құлақ бітті. Тоғайдан Жақсылық шықты, бағанағы қара обаның түбіне келді, түлкінің қарап жүрген ат басындай алтынды алды. Ат басындай алтынды алып, мың қойлы байдікіне келді.

– Бай, – деді, – қара төбетіңді сатамысың? – деді.

– Не бересің? – деді.

– Ат басындай алтын берейін, – деді.

– Ат басындай алтын берсең, ал! – деді. Қара төбетті ат басындай алтын беріп алды, қара төбетті жетелеп, далаға алып шықты. Қара төбетті бір жерге келіп, ұрып өлтірді. Шақпағын Жақсылық шақты, от жақты, қара төбетті өртеді, құр қара төбеттің сүйегі қалды, сүйегін Жақсылық алды, сүйегін алып, түйді. Сүйегін ап, ақ қылып түйді, түйіп, екі шонтайға салып алды, жүріп, бір хандікіне келді.

– Неғып жүрген адамсың? – деді.

– Ұлсызға ұл болайын деп жүрмін, қызсызға қыз болайын деп жүрмін, – деді.

Ханның ханшасы айтты:

– Ұлсызға ұл болсаң, – деді, – маған ұл бол! Менің ұлым жоқ, хан ауырып жатыр, – деді.

– Ұл болайын саған, – деді.

Ұл болды, ұл болып, жылқыға кетті. Кешке Жақсылық жылқыдан келсе, хан өліп калыпты. Ханша жылап отыр екен. Жақсылық жылқыдан кеп, «Жылама», – деді.

– Тірілер, – деді. Бағанағы қара төбеттің сүйегі өлген кісіге жан береді. Қара төбеттің сүйегінен Жақсылық ханшаға кішкене берді, «Апарып, ханның аузына сал!» – деп. Ханша барып, ханның аузына салып еді, хан «Қатты ұйықтап кеткенмін», – деп түрегелді.

Ертең хан елі-жұртын жиды. Жақсылық ханшаға айтты. Хан елі-жұртын алып, «Маған жақсылық қылған кісі бар ма?» – деп сұраса, «Мені айтпа», – деп, Жақсылық жылқыға кетті.

Ертең хан елі-жұртынан:

– Маған жақсылық қылған кісі бар ма? – деп сұрады.

– Ешкім жақсылық қылған жоқ, – деді. Елі-жұрты тарқап кетті.

– Енді кім қалды? – деді. Ханша айтты:

– Ханым, – деді, – сен ауырып жатқанда, мен бір жігітті бала қылып алып едім. Жылқыда бір-ақ сол қалды, шақыр соны, – деді.

Хан Жақсылықты шақыртып алды.

– Сен маған жақсылық қылдың ба? – деді.

– Мен сізге көп жақсылық қылғаным жоқ, – деді.

– Бір кішкене ханшаға ақ дәрі беріп едім, ханша апарып, сіздің аузыңызға салды. Сіз «Қатты ұйықтап кеткен екенмін», – деп түрегелдіңіз. Мен сонан басқа жақсылық қылғаным жоқ, – деді.

– Ханша, дәрі бергені шын ба? – хан сұрады. Ханша айтты:

– Шын. Хан алтын тағынан түсті, алтын тағын Жақсылыққа берді. Ай десе аузы жоқ, күн десе көзі жоқ, бір сұлу қызы бар екен.

– Маған жақсылық қылсаң, қызымды саған берейін, – деді. Жалғыз қызын берді, қара қылдан қақ жарып, малын берді, күйеу қылып алды. Жақсылық байып жүрді.

Жақсылық бір күнде жылқыда жүрсе, баяғы жолдас болған Жамандық жолдасы кез келеді.

– Жақсылық, сен не қылып адам болдың? – деді.

– Мен сөйтіп, сөйтіп, жүрдім, – деп, Жақсылық шынын айтты.

Жамандық айтты:

– Жақсылығым, мені қалың қара тоғайдың ішіне апарып тасташы, мен де сендей адам болар ма екенмін, – деді.

– Мен сенің екі көзіңді, екі құлағыңды алып, сені тоғайдың ішіне тастап кетейін. Сен де адам боласың, – деді.

– Менің екі көзімді ойып, екі құлағымды кесіп тастап, өзің адам болған тоғайға мені де апарып тасташы, – деді.

Жақсылық апарып, тоғайдың ішіне Жамандықты тастады.

Түлкі менен қасқыр, жолбарыс – үшеуі тоғайдың ішін қарады, қарап жүріп, бір жерде Жамандықты тауып алды, жеп қойды үшеуі.

– «Жақсылыққа – жақсылық, жамандыққа – жамандық» деген осы екен, – деп, үшеуі оны жеп қойды.

61. ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ЖАМАНДЫҚ

(ІІ – нұсқа)

Бұрынғы өткен заманда Жақсылық, Жамандық деген кісілер болыпты. Бір күні Жамандық жол жүріп келе жатса, артынан бір атты кісі жетіпті. Екеуі сұрасып, қайда бара жатқанын білісіпті. Сонда Жамандық тұрып:

– Жақсылық, сен мені артыңа мінгестіре кет, – депті.

Жақсылық:

– Олай болса, сен қазір мына атқа мін де, біраз жерге барып, атты байлап, жаяу кете берерсің. Мен жетіп, атпен біраз жер жүріп, саған тағы байлап кетермін. Сөйтіп, баратын жерімізге жетейік. Екеуіміз мінгессек, атқа қиын соғар, – депті.

Сонсын Жамандық:

– Жарар, – деп, атқа мініп, кете беріпті. Жақсылық жолда әбден шаршапты. Жамандық атына мініп алып, Жақсылықты есіне алмастан кете беріпті. Жақсылық шаршап, талып, кешке жақын бір күркеге келеді. Ішіне кірсе, жан жоқ. Бірақ ортада үлкен қазан асулы тұр екен.

– Айдалада қайнап тұрған не қылған тамақ, дәм татайын, – деп, шынтағының ұшын батырып, дәм татады да, күркенің төбесіне шығып жатады.

Бір уақытта қасқыр, түлкі, арыстан – үшеуі келіп, күркеге кіріпті. Түлкі тамақты көре салып:

– Ойбай, мына тамақтан біреу ішіпті, – деп, ойбай салады. Қасқыр мен арыстан екеуі:

– Кім жеуші еді, адам келетін жер ме бұл жер? – деп кейігесін үшеуі отырып, тамақ ішіп, әңгімеге кіріседі. Арыстан, қасқыр, түлкі көрген-білгендерін айтысады.

– Түлкі, сен не көрдің, не естіп білдің? – дейді арыстан мен қасқыр түлкіге. Сонда түлкі тұрып:

– Мен бір жерден бір алтын көрдім. Бәленше байдың қыстауының қасындағы жаман қыстаудың ортасында бір сүйем жердің астында бір құмыра алтынды күнде қарауылдап қарап келемін, – дейді.

Сонда қасқыр тұрып:

– Мен күнде пәленше байдың қойының арасында үлкен ала тоқтыны қарауылдап келемін. Себебі – сол байдың ауырып жатқан бойжеткен қызы бар, ем қылса да, жазылмайды және де оның емін ешкім білмейді. Бірақ мен білемін, ол қызды жазатын – ала тоқты. Ала тоқтыны сойып, өкпесімен қақса, жазылады. Тағы ол бай жар салдырған «кімде-кім осы қызымды жазса, соған осы қызымды беремін», – деп. Оның емін әлі ешкім тауып айтқан жоқ. Тауып айта алмайды да, – дейді.

Арыстанға кезек келгесін арыстан тұрып:

– Мен де түнде барып, түгенше байдың жылқысының біреуін жеп келемін. Ол бай мені ешуақытта ұстай алмайды. Және мені оның ешбір жылқысы қуып жете алмайды. Жететін бір ақ тай бар. Ол тай пәлен тоғайдағы жылқының ішінде, со тайдан басқасынан мен құтылып кете беремін. Және ол байдың жар салғаны бар, кімде-кім менің жылқымды жеп жүрген арыстанды ұстап берсе, соған бір үйір жылқымды беремін деген, – деп, әңгімелерін тауысып, ұйықтап, азаннан тұрып, жұмыстарына кетеді.

Жақсылық барлық әңгімені естіп алып, дуана құсап, байдікіне кіреді. Бай қалендер адам болғансын құрметтеп, «Жоғары шығыңыз», – деп, Жақсылық науқас қызға қарап:

– Баланы емдетпей, қинапсыңдар ғой, неғып осы уақытқа шейін ала тоқтыны соймадың? – дейді. Бай:

– Тақсырым, лажын сіз таптыңыз, біз састық, – дейді. Жақсылық:

– Олай болса, әкел анау үлкен ала тоқтыны, соның өкпесінде мұның ауруы, – дейді. Бай дереу қойшыларды жіберіп, тоқтыны алдырады. Жақсылық тоқтының өкпесімен қағып, қызды жазып, өзі алады. Сөйтіп, бағанағы жаман қыстауға келеді.

Қораның ортасынан бір сүйемдей қазса, бір құмыра алтын шығады, оны алып, арыстанның айтқан жеріне барады. Барса, бай әлі арыстанды ұстаған жоқ екен. Сонда байға Жақсылық айтыпты:

– Мен сол арыстанды ұстап берсем, сен маған не бересің? – деп.

Бай айтады:

– Егер ұстап берсең, саған бір үйір жылқы беремін, – деп.

Жақсылық:

– Жарар, – деп, тоғайдағы жылқыларының ішіндегі ала тайды ұстап алып, арыстанды күтіп тұрыпты. Арыстан келіп, бір жылқыны алып, қаша бергенде, Жақсылық әлгі ала таймен қуып жетіп, арыстанды ұрып жығып, байдың бір үйір жылқысын алып, үлкен бай бопты.

Неше ай, неше жылдар өткенде бір күні Жамандық келіпті. Қараса, үсті-басында дым жоқ, қайыршы, дуана секілді болып келіп, Жақсылықты көріп:

– Ойбай! Жақсылық, мен саған жамандық қыламын деп, мұндай күйге ұшырадым. Енді сен мені адам қыл. Сен бұл мал-мүліктерді қайақтан таптың? – дейді.

Сонда Жақсылық:

– Не де болса, адамзатсың ғой, сен жамандық қылғанмен, мен саған жақсылық қылайын, – деп, өзінің көрген уақиғасын айтыпты.

– Сөйтіп, сен қазір барғасын пәлен төбедегі күрке бар, оның ішінде асулы қазан бар, оның ішіндегі еттен жеме, тек шынтағыңды батырып, дәмін көр де, күркенің үстіне шығып, жат. Сонда түлкі, қасқыр, арыстан келеді. Сөйтіп, олар әңгіме қылады, солардан есіткен сөздеріңді істесең, сен де осындай бай боласың, – депті.

Сосын Жамандық:

– Жарайды, – деп, баяғы күркеге барыпты. Қараса, қазан тола ет, көзі қызығып кетіп, шыдай алмай:

– Мынау жілігін жейінші, омыртқасын жейінші, – деп, ақырында, сорпасынан да бес-алты ұрттап алыпты. Сөйтіп, күркенің төбесіне шығып жатыпты.

Бір уақытта түлкі, арыстан, қасқыр – үшеуі кіріп кепті. Түлкі тамақты көре салып:

– Ойбай, мына еттің тоқпақ жілігі жоқ... омыртқасы жоқ... сорпасы жоқ. Біреу ішіпті, – депті. Сонсын арыстан, қасқыр тұрып:

– Кім жеуші еді соны, бұл жерге адам келуші ме еді? – депті. Сонда түлкі:

– Жоқ, бір бәле бар, мен осы түсті [тұсты дегені] көрейінші, – деп, жата қалыпты. Біраздан соң тұрып:

– Осы тамның басына шығайықшы. Сонда бір бәле барға ұқсайды, – депті.

Бұл сөзін аналар да мақұл көріп, шықса, Жамандық жатыр. Үшеуі ортаға алып тұрып, Жамандықты жеп, ыңқайып тойып алады. Сөйтіп, Жақсылық жақсылығымен бай болып, мұрат-мақсатына жетіпті. Жамандық жамандығымен ит-құсқа жем болып қалыпты.

62. РАС ҺӘМ ҚИСЫҚ

Баяғы заманда қанша уақыт өткенін білмейміз, қазақ жерінде апалы-сіңлілі екі қыз болыпты. Үлкенінің есімі − Рас, Кішісінің есімі – Қисық. Бұл қыздар бек кедей екен. Күн көруге қаражаты болмай, бір ауылдан бір ауылға қайыр сұрап жүріпті. Қазақтар шамасы келгенше бұларға қайыр беруші еді. Рас көркем, салмақты еді һәм адал жүріп, тыныш жүруші еді. Сонысына қарай қазақтар мұны жақсы көруші еді. Растың сіңлісі Қисық тынышсыз, ұрысқақ, қу болыпты. Һәм оңай жатқан нәрсе болса, ұрлап әкетуші еді. Мұндай мінезіне қарай қазақтар мұны жек көруші еді. Бұл екеуі көп зәрушілік көрісті. Ғұмырларында шаттық етіп, бақ көре алмады. Ғұмырлары мұндайменен өтті, арты қандай болары белгісіз. Күндерде бір күн бұл екеуі ауылдан алысырақ барып, кеңес құрысты. Ақырында, ойласып-ойласып, өзге тарапқа барысып, бағын сынаспақшы болды. Әр ауылдан ірімшік, құрт жиып алып, екеуі де ақырындап, жолға түсті. Бұлар дамыл алмай, көп жүрді. Жел жоқ, салқын соқпай, ауа айналып, жерге түскендей ыстық болды. Жан-жаққа қараған, ешнәрсе көрінбеді. Мұндай ыстық уақытта жан-жануар қамысқа қорғалаушы еді. Осыған қарағанда бұл екі міскіннің сапары бек қиын болды. Күн батып бара жатқанда, бұл жолаушылар Түркістан жерінде Темір деген өзеннің жағасына келді. Бұл уақытта алқызыл болып батқан күннің сәулесі жердің жүзінен шыққандай болып көгерген аспанмен шашырап, бір нұрлы жұлдызға ұқсады. Бұл жұлдыздың алқызыл нұры жердің бетіне жайыла жатып, күмістей жарқыратты даланың сарғайған шөбін, қамыстарды, өзеннің жағаларын һәм көрініп тұрған аймақтың бәрін. Түс уақытында ыстық басылды. Ауа бұрынғысындай емес, жел де басылды. Өзеннің бойынан жан-жаққа қарай шу көтерілді. Күн ысығанда қалғығандай болған дала салқын түскен соң у-шуға тола бастады. Алысырақ балықшы деген құс шақырды. Жылқыдан адасқан құлын кісінеді. Әртүрлі дыбыс шықты. Сиырлар мөңіреп, қой маңырап, бұлардан жоғары аспанда бүркіт айналып жүрді. Ымырт бата бастады. Жақын арадағы ауылдан от шықты. Қазақтардың ұрғашылары салма деген тамағын пісіре бастады. Екі қыз жерге отырысып, тамақтарын жесе бастады. Міскін Рас бек жаман шаршап, ұйықтағысы келіп отыр еді сіңлісі Қисық жаны ашығандай болып айтты: «Азық салған дорбаң ауыр шығар, саған жеңіл болуға әуелі сенің азығыңды жейік, одан соң менің азығымды жерміз». Растың көңілінде дәнеме жоқ, сіңлісі Қисықтың айтқанына көнді. Бір-екі күн өткен соң Растың азығы бітті. Бұлар қонатын жерге келді. Азығы таусылған соң Рас сіңлісінен азық сұрап еді, Қисық мұны мазақ қылып, күлді. «Сен ақымақсың ба, өз азығыңды жеп қойып, енді саған не керек?» − дейді. Рас бұл сөзге аң-таң болып, Қисықтың неге күлгенін білмей, оған айтты: «Менің азығымды бірге жеп, түгесіп едің. Егер де менің азығым таусылса, сен маған қарасамын деп, уәде беріп едің», − дейді. «Олай емес, мен мұндай іс істемен, азығым таусылған соң мен қайтемін?», − деп, Қисық жауап берді. Рас қанша сұраса да, Қисықтан бір үзім нан ала алмай, қарны ашып, жылап, ұйықтап қалды. Келер күні екеуі жолға түсіп, Рас аштықтан әрең аяғын басты және күн бек ыстық еді. Аш бейшара мұндай ыстықта қалайша жүрсін? Мидай далада ыстықтан қызған пештей болды. Сарғайған қыр қоншы шөптер сабағын имитіп, бастарын жерге салбыратып тұр. Жерден салқын һәм дым сорғаннан, күннің қызғанынан құм да қарайып кетті. Аппақ болған қақтар әртүрлі түске түсті. Бұл қақтар мұндай болып жалтыраған, көз жұмбай, тік қарауға лаж жоқ болды. Осы уақытта дала тып-тыныш еді. Жанды нәрселер күйіп тұрған күннен қашып, әр жерге кетті. Көшкен ел жоқ, жүрген керуен жоқ, жалғыз-ақ екі міскін әйелден басқа, құм басқан жол. Бір қимылдаған Рас бишара күші кетіп, дәрменсіз болып, жерге жығылды. Жан-жаққа қараса, ешнәрсе жоқ, мидай даладан басқа. Бұл бек сусап еді. Сусын ішейін десе, жақын арада құдық та һәм бұлақ та жоқ. Пақырлар, Рас бек қабағат шөлдеді. Аузы кеуіп, Рас сіңлісінен жалынып, жалпайып, бір кесек құрт сұрады. Құдай сақтасын, Қисық мұның сөзін естімей, еш қайрылыспады. Бірақ айтты: «Егер маған екі көзіңді ойдырсаң, сонда саған құрт беремін», − деп, Қисық айтты. Рас, пақыр мұндай сөзден бек сескенді һәм зарланып, сіңлісінен құрт сұрады. «Мен көзсіз қайтып күн көремін?» − деп. «Сен көзсіз болсаң, мен сені орыстарға апарамын, олар бізге көп қайыр береді. Бұл жерден біз бай болып кетеміз», − дейді. Рас уһлеп, күрсініп, Құдай тағалаға мінәжат айтып, Қисықтың айтқанына көнді. Қисық мұның екі көзін ойып алып һәм бұған қараспай, далаға жапа-жалғыз тастады өз жөніне жүре беріп. Екі көзінің орнынан қан кетіп, Рас қансырап, талып қалды. Бірқадар уақытта тұрды, пақыр көп қиналды көзінің жарасынан. Көзсіз болған бейшараға жер дүниенің бәрі қараңғы болды, сөзіме нанар болсаң. Бәрі еске түсіп, Рас бек қатты жылады зар тұтып. «Мидай далаға тастама!», − деп, сіңлісін шақырды. Мұның даусын кім естиді? Қисық әлдеқашан безіп кеткен. Мұндай басқа түскен пәледен құтылмасын біліп, Рас Аллаға дұға қылды «Маған өлім бер», − деп. Құдай тағала мұның дұғасын естіп, бүркіт сүгіретінде қып бұған періштені жіберді. Періште мұның қасына келіп айтты: «Әй, мұсылман, саған не болды? Маған бәрін айт, мені саған Мұхаммет пайғамбар жіберді». Періштенің мұндай айтқан жылы сөзін естіп, Рас өз ахуалын мағлұм етті. «Көп жылама, жылауды Құдай сүймейді. Сен бақытты боларсың», − деп, бүркіт бұған бір торсық өлгенді тірілтетін су берді көзін жууға. Рас мұның айтқанының баршасын істеп еді, көзі бұрынғыдай сау саламат болды. Бүркіт ұшып кетіп, недәуір заманда бір торсық қымыз, шелпек һәм құрт әкеліп берді. Рас әкелген тамақты асап, қымызды ішіп, қатты ұйықтап қалды. Келер күні ұйқысынан оянса, күн шыққан екен. Кешегі жолсыз жерде айнадай жалтырап бұлақ аққан, жағалары сексеуіл һәм қамысқа толып жатқан. Бұл ұйықтап жатқан қызға қалың қамыстың һәм сексеуілдің көлеңкесі түскен екен. Мұның жанында бір шұңқырдың қасында бүркіт отыр еді. Рас мұның жанына келіп, шұңқырға қарады. Мінеки, бұған дәулет орнады. Шұңқыр толған алтын екен. Шұңқырға қарап, өз көзіне сенбей тұрды. «Мұның баршасы сенікі», − деп, Расқа бүркіт айтты. Рас бек шаттықпен көп ойламай, алтынды қапшығына сала бастады һәм азығынан азырақ жеп, жолға түсті. Мұның алдында бүркіт ұшып отырды бұған жол көрсетіп. Бүркітпенен жолдас болып, Рас бір орыстың қаласына келді. Көшеде келе жатып, бетпе-бет Қисық екеуі жолығыса кетті. Қисық Расты көріп бек қайран қалды. Бұны, ғажайып, көзі жоқ еді, көзі сау һәм тірі. «Мені танымай тұрмысың?», − деп, Рас бұған айтты. «Сені танып тұрмын. Қалайша сен мидай даладан жол тауып, мұнда келдің?», − деп, Қисық сұрады тілін шолжаңдатып, аузы арақ сасып. Рас жауап берді ешнәрсені тастамай, бәрін айтты және алтын тауып алғанын да жасырмай. «Сенің ақшаң бар екен, маған бөліп бер», − деп, Қисық Расқа айтты. Жуас, ақкөңілді Рас арам ойламайтын, ешкімге зиян ойламайтын. Қисық ақша сұраған соң тауып алған алтынның жартысын бөліп берді. Өз тиесін алып, Қисық барша ақшасын араққа ұстады. Рас бұдан былай мұны көре алмады. Қисық қолындағы һәм үстіндегі нәрсесін араққа салып, кабактан шықпады. Мұндай былапыт жүріс-тұрыс Қисықты ауруға шалындырды һәм ол кабактан кабакка қаңғырып жүріп, бір кабактың астында опат болды. Рас көп тарапқа барып, әртүрлі қалаларды көрді. Бұлардың бірі жақпады мұның көңіліне. Ақырында, өзінің туып-өскен жеріне келді. Бұл өз жерінде көп ғұмыр кешті. Кедей міскіндерге қарасты. Барша қазақтар Расты қадірлеп, құрметтеп, жақсы көрісті. Адал тұрған соң мұның ісі Аллаға жақты. Ол табарік мұны құдіретіменен аспанға шығарды. Бұл Рас аспанда осы уақытқа шейін адал болған, әділшілік тұтқан кісілерге өзінің мархабатын көрсетеді.

63. АЛДАР КӨСЕ МЕН МОЛДА

Күндерде бір күн Алдар көсе молдаларды мұқатуға шығады. Ол өз үйінен кетерде әйеліне:

– Үйді жақсылап жина, мен молданы шақырып келермін.

Келісімен: «Шай қайнат, әйел», – дермін, сен төсектен қозғалмай жата бер, екінші рет айтармын, онда да тіл алма, мен сені өткір пышақпен бауыздармын, сен тауықтың қанын толтырып, қуықты тамағың астына байлап, жат. Мен одан соң:

– «Молдеке, әйелім өліп кетті. Оқуыңды оқы», – дермін. Молда бірдеме оқыса, тірілме! Содан соң мен өзім келіп, құлағыңа түтікпен сыбырлармын, сен «Қатты ұйықтап кеткен екенмін», – деп, ұшып тұра кел, – дейді.

Әйелі мақұлдап:

– Жарайды, – деп, қалған екен.

Көсекең түтігін жанына салып, бір қу молданың үйіне келеді. Молда келсе, зулатып дін кітаптарын оқып жатыр екен дейді. Алдар көсені көріп, молда:

– Опырым, мына зұлым қайдан келді? – деп, шоши түседі. Алдар көсе сәлемдесіп, молданың қасына отыра кетеді.

Алдар көсе біраз отырған соң:

– Молда-еке, көңіл көтеріп, біздің үйге барып, қонақасы жеп қайтыңыз, – дейді. Молда разы болып, «Құп» деп, бұған еріп, Көсенің үйіне келеді.

Алдар көсе үйіне қонақ келген соң құстай ұшып, көрпе тастап, молда[ны] төрге шығарады. Одан кейін ол әйеліне:

– Бәйбіше, тұр, қонақ келді, ас әзірле, шай қайнат, ет ас, – дейді.

Әйелі жауап қайырмай, жата береді. Алдар көсе екінші рет бұл сөзін тағы қайталап айтады. Әйелі тыңдамастан [жата] берген екен дейді. Алдар көсе қатты ашуланып, пышақпен әйелін «бауыздап» жіберді. Әйелі тамағынан «қан» ағып, «өледі».

Алдар көсе молдаға қарап, жыламсырап:

– Молда-еке, әйелімді өлтіріп алдым ашу үстінде, бірдеме оқып, тірілтіп қара, – дейді.

Молда кітабын алып жіберіп, әрі оқиды, бері оқиды. Бірақ әйел «тірілмейді». Молда:

– Жаны шығып, жұмаққа кетіп қалған екен, енді тірілту қиын, жерлеу керек, – дейді.

Көсе кейіп кетіп, жанынан түтігін алып жіберіп, әйелінің құлағына сыбырлаған болады. Әйелі табанда «тіріліп», ұшып тұрып:

– Қатты ұйықтап кеткен екенмін, – деп көзін ашады, жан-жағына қаранады. Молданың зәресі ұшып, түсі өзгеріп кетеді.

Содан кейін үй ішін қайта ретке келтіріп, көсенің әйелі тамақ әзірлеп, молданы қонақ етеді. Молда бұлардың қонақасына разы болып, үйіне кетуге жиналады да, көсеге қарап:

– Көсеке, сіз не алсаңыз да, мына түтігіңізді маған сат, – дейді.

Көсе күлімдеп:

– Бұның өзі өте қымбат зат қой, болмас, жұдырықтай алтынға берейін, – дейді.

Молда:

– Жарайды, дегенің болсын, – деп, жұдырықтай алтын бережақ болып, түтікті алады.

Алдар көсе молдаға еріп барып, алтынын алып, өз жайына кетеді. Күндерде бір күні молда бұл түтігінің қасиетін көрейін, әрі ханға жағынышты болайын деп, әйеліне:

– Мен ханды шақырып келейін, саған «Ас әзірле» дермін, сен қозғалмастан төсегіңде жата бер, мен сені пышақпен шалып жіберейін де, мына қасиетті кісі тірілткіш түтікпен тірілтіп алайын, ал, ханнан соңынан сансыз сыйлық аламыз ғой, – дейді.

Әйелі шошып кетіп:

– Опырмай, өліп кетем ғой, – дейді. Молда өзерлетіп:

– Мен өтірік айтам ба? Мына түтікпен тірілтем, – дейді.

Әйелі шарасыз көнеді.

Молда ханды шақырып келеді. Хан үйге кіріп отырған соң үй ішінде төсекте жатқан әйелді көріп:

– Бұл не, бәйбішең ауыра ма? – дейді.

Молда әйеліне:

– Тез тұр, мына ханды қонақ ет, – дейді. Әйелі табандап жатып алады. Молда ашу үстінде әйелін өлтіріп, түтігімен әурелейді. Өлген әйел тірілмейді. Хан кейін уәзірлеріне молданы әйелін өлтіргені үшін, әрі ханды алдағаны үшін өлтіруді бұйырады. Уәзірлері хан жарлығын орындайды.

Алдар көсе молдадан солай өш алыпты.

64. НАМАЗ

Ертеде қазақ намазды, намаз оқуды білмейді екен. Тек намаз деген болады деп есітеді екен, соны үйренсек деп, аңыз қылысады екен. Күндерде бір күн ауылға бір татар саудагер келеді. Ол ауылдың ақсақалы Айжарықтың үйіне қонады. Қонақ жатарда «Құтпа» намазын оқиды. Қонақ намазын оқып болған соң Айжарық:

– Құтты қонағым, мұның не ырым? – деп сұрайды.

Татар Айжарықтың намазды білмейтінін сезіп, мұны бір қызық етейін деп ойлайды. Сүйтеді де:

– Ақсақал, бұл – намаз, – дейді.

– Әп, бәрекелді, біздің іздегеніміз осы намаз еді. Құтты қонағым, осы намазыңнан құрттай бер, болмаса, қайдан алуға болады, жөнін айт, – деп, Айжарық шап ете түседі.

– Менің намазым шамалы еді, жолыма жетпей қалатын сияқты. Базарда намаздан көп нәрсе жоқ, сонан сатып алуыңызға болады, – деп, қонақ жайын айтады.

Ертеңіне саудагер ерте тұрып, сапар шегеді. Ауылға Айжарық намаз тауыпты–мыс деген хабар жайылады. Жұрт жиналып келіп, Айжарық оларға қонақтың айтқанын айтады. Сонан кейін жұрт ақылдасып, мал жинап, ортадан Айжарықты базарға аттандырады:

– Малды сатып, соның ақшасына намаз сатып әкел, – дейді.

Айжарық базарға келіп, малын бұлдап, намаз іздейді. Іздеп жүріп, құмыраға қамап, бал арасын уыстап тұрған бір татарға кездеседі:

– Мұның не?

– Намаз.

– Сатасың ба?

– Сатам.

Айжарық намазды сатып алады. Сүйтеді де, татардан:

– Мұны қалай үйренеміз? – деп сұрайды. Татар түсіндіреді.

– Намаз үйренемін дегендерді бір үйге жина, үйді мықтап тұмшала, талаптыларды тырдай жалаңашта, сонан кейін құмыраның аузын аш. Сонда намаз дуылдап шығып, бойларыңа дариды, – дейді.

Айжарық ауылға келіп, татардың айтқанын істейді: ауылдың барлық игі-жақсы адамдарын бір үйге жинайды, үйді әбден тұмшалайды, жиналған жұртты тыр жалаңаш етіп шешіндіреді, сонан кейін аузын ашып, бал арасын қозғап, үркітіп жібереді.

Бал арасы быжылдап ұшып, жұртты шағады. Денесі дуылдаған жұрт әуелде:

– Жарықтық, бойға дуылдатып, ашытып дариды екен, – деседі. Кейін шыдай алмай, құлындай шыңғырып, тулап, опыр-топыр жүгіріседі. Ақырында, үйді бұзып, бет-бетімен қашады. Сонда Айжарық үйдің ергенегін мойнына іліп, қашады. Бал арасы қашқан жұртты қуып, әр жаққа тарап кетеді.

Әлдене уақытта ел есін жинап, кім, қайда деп, бір-бірін іздейді. Сонда біреу көрші ауылдан келген біреуден Айжарықты сұрайды. Ол:

– Ергенегі мойнында,

Екі намаз соңында,
Өзі хақтың жолында
Анау қырдан асып кетіп бара жатыр, –
дейді. Айжарықтың аулы намазды осылай үйреніпті.

65. МОЛДАНЫҢ ТОБАСЫ

Ертеде бір молда есегімен келе жатып, ескі қыстауға кез болыпты. Келсе, ешбір қыбырлаған жан жоқ. Тек ұшып-қонып, шықылық қаққан құстарды көреді. Жағалай қораның ара-арасымен өтіп, көгалдау жерге келіп, түседі. Түсіп, есегінің ауыздығын алады. Есегі оттап жатады, өзі судың басына келіп, дәрет алып отырады. Бұл молданың бет алысы Топар бойында біреу шақырған екен, шақырған себебі – шақырған кісінің бір баласының сұлу әйелі болады, ол баласын менсінбейді екен. Содан молдаға:

– Дуа оқып, басын айналдырып бер, – деп, шақырған екен. Сонымен молда шақыруын қабыл етіп, жол шегіп, келе жатқан екен. Дәретін алып болып, молда бесін оқуға кіріседі. Есегі оттап тұрады, содан төскейге қарай бетін түзеп, намазын оқуға кіріседі, әуелі азан айтып алады, екі құлағын ұстап, азанын айтып болған соң «Аллау әкбар», – [деп], қолын жайып, бата қылады. Сәждеге басын қойып, бір-екі еңкейе бергенде, артынан біреу келіп, түртіп қалады. Бірақ молла пісмілләсін айтумен намазын оқып, тұра береді. Әлгі түрткі қайта-қайта молданың арқасынан жыбырлата түседі. Молда қарайын десе, намазы бұзылатын, қарамайын десе, тиыштық бермей барады. Бір мезгілде:

– Аһ-һ, бісміллә, – деп секіріп, анадай жерге түседі. Қараса, шашы дудыраған, жалаңаш бір адамзат пиғылы бар біреу екен. Молда жиырма шақты қадамдай жерге барып, ақырады:

– Кімсің, жөніңді айт. Шайтанбысың, адамсың ба, кімсің, айт жөніңді, – деп.

Тобылғы сап қамшысын бүктеп тұрады:

– Айтасың ба, жоқ па? – дейді. Жалаңаш адам бетін басып, жүресінен отырып:

– Сен кімсің? – дейді.

– Менің кім екенімді қайтесің, ал, қушы, – дей бергенде, жалаңаш адам есекке қарғып мініп, тұра қашады. Молда тұра қуады, бірақ жете алмай, еңкілдеп, жыламсырап, шаршап, өкпесі өшіп, бір тасқа келіп отырады. Әлгі жалаңаш адам тау асып, кете береді.

Молда тегі бұрқырап, қатты ойлай бастады:

– Япырмай, мені осы жерге айдап келген кім екен? Итке қайдан барамын деп едім, ажалым ба, бейнетім бе, мені осы жерге бір қатер айдап келді-ау... Бұл қалай болады, қайда барамын, ел болса, алыста, о жерден бір түстік жер, – деп, біраз уақыт ойланып отырады. Көз алдына түрлі керемет нәрселер елестейді. Молда қорқады.

– Япырмай, мен бүгін өледі екем, бұл айқын іс болды, енді қайтем, – деп, өзінен-өзі қыңсылайды. Осы тұңғиық ортасында отырғанда молда шөлдейді, әлгі қатты жүгіргені өзін өте қатты шаршатып тастайды. «Ауып» деп, ұшып түрекеле бергенде, басы айналып, көзі қарауытып, құлауға айналады. Сол мезгілде аузынан пісмілдасын қап-қап қылып шығарады.

Молда су ішпек түгіл, жанымен қайғы болады. Көз алдына үй-іші, елі-жұрты, байдың үйінде шариғат айтып, қымыз ішетіні, есегіне мініп алып, ауыл-ауылды қыдыратыны – бәрі молданың көзіне елестейді.

– Иа, дүниа ...иа, дүниа, өткенің бе? – деп, молда екі қолымен жүрегін басады. Жүрегі лүпілдеп, ұшып, біртүрлі қорқақтықта отырады. Әлі құрып, басын тасқа сүйеумен біраз отырып, есін жияды. Күннің ыстықтығы әуе айналып жерге түскендей, содан молда қораға қарай өн бойынан тер ағып, келе жатады. Аузы кезеріп, шөлдегеннен сөз айтуға шамасы келмей, қораның көлеңкесіне келе жығылады. Сол жерде шаршағандығынан молда ұйқыға кіріседі.

Ұйықтап жатса, түсінде есегі бір теңіздің ішінде жүзіп, теңіздің ар жағына өтіп бара жатады. Ал молданың өзі жаман қалың тікеннің ішінде жалаңаш тұрды, содан әлгі түсті көріп жатып, шошып оянады, оянса, түн болған, ай көзге түртсе, көргісіз, жан-жағына қарайды, ештеңе тықыр білінбейді. Күн ептеп сіркіреп жауып тұрады, күн күркіреп тұрады, молда анда-санда, «Астапыралла», – деп айтып, шапанын бүркеніп, жата береді. Бір мезгілде көзін ашып қараса, күн ашылған, айнала жап-жарық, қып-қызыл тәрізді. Басын көтеріп қараса, қораның күнбатыс жағында дауылдатып жанған от көзіне түседі. Басын көтеріп, отқа көзін тігіп отырады. Екі қолымен бет-аузын сипалап, есінеп отырады. Мәсінің қайысын тартып, алақанымен сылап-сипап қояды. Содан орнынан тұра келіп қараса, таң да бозарып, ақ жиектеп қалған екен, кішкене жүрегіне қуаныш енгендей болады. Содан біраз қайыра жатып, таң атқанша көзі ілініп кетеді. Ұйықтап жатса, тағы түс көреді. Түсінде есегіне мініп, үйіне келіп, отыр екен. Бірақ шекесін біреу жарып кетеді. Сөйтіп жатып, шошынып оянады, оянса, күн сәске болып қалған екен.

– У-у, – деп керіліп:

– Ойбай-ау, намаз өтіп кеткен екен ғой, – деп, жалма-жан демімен дәрет алады. Сөйтіп, намаз оқиды. Намазын оқып болған соң қораның бұрышын айналып, тау жаққа қарай жүрсе, өзінің кешегі келген жағында есегі жайылған жерге қалың малы бар бір үй, қырық-елу адамы бар, қонып жатады. Сол жерде молда бір жаман ойға батады. Әлгі үйдің артында оңашалау жерде бір ат ер-тоқыммен жайылып тұрады.

– Не болса да, осыны мініп, қашайын, – деп, молда үйдің сырт жағымен айналып барып, атты міне қашады. Үй-ішінен «Аттан» деген шу шыға қалады. Тарсылдата молда шауып кетіп бара жатыр. Аты сүрініп, молда атымен құлап, сол жерде қаза табады. Өлер алдында:

– Өзі жалаңаш, шайтан тоба, – деп, ол дүниеге сапар шегеді.

66. АЛПЫС СИЫРЛЫ МОЛДА

Бір молданың алпыс сиыры болыпты. Қасындағы көрші жігіттің бір керемет, тұқымы жақсы бір сиыры болыпты. Молда бұл сиырға өте қызығады да жүреді екен. Молда ойлайды: осы жігіттің сиырын нендей әдіспен түсіріп алсам екен деп, ойлай-ойлай, мынау әдісті табады. Қолына кітабын алып, айғайлап, жігітке естіріп мынау сөзді айтып, зарланып отырады.

– Егер де бір кім ерсе,

Молдаға бір сиыр берсе, Алла тағала ол кімсанаға алпыс сиыр нәсіп етер, – деп, бүгін де, ертең де жігітке естіріп соғады да қояды. Жігіт ойлайды: осы молда шын айтатын болар, бұған бұл бір сиырды берейін, Алла маған алпыс сиыр берсе, бір күнде байып кетпеймін бе? – деп ойлап кетіп, әйеліне ақылдасса, әйелі:

– Ойбай, салып берме, – десе де, жігіт әйелінің тілін алмай, сиырға жіп тағып әкеліп, молдаға береді. Молда дұға қылып, бетін сипап:

– Алла тағала саған менің сиырымдай алпыс сиыр береді, –дейді. Молда дегені болған соң әлгі жақсы сиырды бітеу қораға қойып, көркейтемін деп жемдейді. Сиыр бірнеше күн жемде тұрып, өте көркейіп семіреді. Бір күндерде сиыр қателікпен есігі ашық қалғандықтан, қорадан шығып, ойнап-секіріп, молданың алпыс сиырына қосылып, іші пысып қалған сиыр ана сиырмен бір, мына сиырмен бір сүзісіп жүріп, қорадан шығып, басқа сиырлардың бәрі де бұл сиырға ілесіп, барлығы жігіттің үйіне келеді. Жігіт барлық сиырдың барлығын қорасына қамап, сұрай келген молдаға да бермейді. Молда:

– Ендеше қазыға барып, арызымызды тыңдатайық, – дейді. Жігіт бармақ болып, екеуі қазыға барады.

– Арамызда бір кішкене әңгімеміз бар еді, – дейді молда. Сонда қазы айтады:

– Бүгін кеш болды, екеуің де ертең ерте менің өз үйіме келіңіз. Сонан екеуіңді диуанханаға барып, әңгімелеріңді тыңдармын, – дейді. Бұлар «Жақсы, болады» деп, үйлеріне қайтып келіп, жатады. Ертең жігіт «Ерте тұрып, кетіп қалған болар» деп, асығып, қазының үйіне келсе, қазының есігі ашық, үйінде адам жоқ. Кіріп қалғасын, шығып кетуді орынсыз көріп, иесіз үйде нағып жүрген адамсыз деп айтады ғой дейді де, сәкінің астына кіріп жатады.

Іс былай екен: қазы ерте тұрып, кетіп қалыпты. Қазының әйелі қолына құманын алып, дәретке шығып кеткен екен. Әйел үйіне келіп, шылапшын алып, дәрет алуға әзірленгенде молда да келіп жетеді. Молдамен қазының әйелі әңгімелесіп, амандасып отырған соң, молда қазының әйеліне айтады:

– Сіздің көйлегіңіздің астынан көрініп тұрған не нәрсе? – дейді.

Әйел төмен қарап күледі де:

– Білмейсіз бе, жаһаннам шұңқырларының бір кішкентай іні ғой, – дейді. Молда тұрып:

– Олай болса, бізде бір жаһаннамның асыранды түлкісі бар еді. Соны сол інге кіргізуге болар ма екен? – десе, әйел: «Неге болмас?» дейді. Сөйтіп, бұлар сол жерде бұл бұзық амалдарын бітіріп алады. Жігіт сәкі астында жатып, мұның бәрін көзден кешіріп жатады. Молда қажының әйелін кәужімдеп болып, қазының артынан кетеді. Әйел тазарып келуге басқа үйіне кеткен соң жігіт те сәкі астынан адамға көрінбей шығады да, бұ да молданың артынан кетеді. Бұл келсе, молда жаңа ғана диуанхананың ауласына кірген екен. Жігіт те жетеді. Жігіт молдаға:

– Молдеке! Құдайдың берген алпыс сиырын менен неге даулайсың? Құдайдан қорықпайсың ба? Айтысты қой, егер дау қуам десең, мен қазының үйіндегі жаһаннам шұңқырының ініне асыранды түлкіңді жібергеніңді айтармын, – дейді.

Молда:

– Қой, шырағым, қой. Жә, алпыс сиыр да, бір сиыр да өзіңдікі болсын, – деп, сиырлардан баз кешіп, «Біз өзді өзіміз жарастық, – деп айтайын», деп, молда диуанханаға кіріп кеткенде, жігіт те:

– Иә, Құдай, бергеніңе шүкір, – деп, үйіне қарай қайтып кетіпті.

67. МОЛДА МЕН СЕРКЕ

Бір күні Айжарықтың үйіне қаба сақалды бір молда келіп қоныпты. Ас жеп болған соң молда әндетіп, Құран оқи бастапты. Құран оқып отырғанда молданың бетіне қарап отырып, кеңкілдеп, жылап қоя беріпті. Құран оқып болған соң молда Айжарықтан сұрапты:

– Айеке, Құран әуезіне бойыңыз балқып, жылаған шығарсыз? – депті.

Айжарық көзінің жасын сүртіп отырып, айтыпты:

– Жоқ, молдеке. Анау күні бір серкем өлді. Жануар сақалы селк-селк етіп, ылғи қойды бастап жүруші еді. Сіздің желкілдеген қаба сақалыңызды көрген соң сол серкем есіме түсті, соған жыладым, – депті.

68. ТӨРТ ҰРЫ

Ертеде бір төрт ұры адам мал, жылқы ұрлап алуға жолаушы болып шығыпты. Біреуінің аты – Қағанақбас екен және біреуінікі – Шибұт, тағы біреуінікі – Қылкеңірдек, төртіншісінің аты Тұз екен. Қолдарына ештеңе түспеген соң, ақыры, жүріп, біреудің бір ешкісін ұстап алып, бір бұлақтың бойына келіп, сол жерде түстеніп, әлгіні сойып, тамақ қылуға асыпты. Шибұт түрегеліп, Қағанақбасқа айтады:

– Сен мына майлы тоқ шектерін қарныменен суға апарып, жуып келе ғой, – деп. Қағанақбас барып, шектерді жуып отырса, оның басына, бетіне шыбын, маса қонып, қаптап, тынышын алған соң, Қағанақбас ыза болып, қолыменен масаларды қуамын деп, басына салып қалған екен де, басы жарылып, өліп қалады. Сонан соң Қылкеңірдек Шибұтқа айтады:

– Әлгі, шіркін, неғып кешігіп қалды, сен барып, оған болысып, жылдам оны әкел! – дейді. Шибұт барып қараса, Қағанақбастың басы жарылып, өліп жатқанын көріп, таң қалып:

– Апырай, бұл неғып өлген? – деп, екі санын екі қолымен салып қалған екен, екі аяғы үзіліп кетіп, жығылып, ол да өледі. Біраздан соң Тұз Қылкеңірдекке айтады:

– Әлгілер не болып кешікті, сен барып, шақырып, алып келе ғой, – дейді. Қылкеңірдек барып, олардың өліп жатқандарын көріп, таң-тамаша қалып, «Ойбай, бұлар неғып өлген?» деп, өңешін қатты «Еһ» деп тартқан екен, кеңірдегі үзіліп кетіп, ол да сол жерде өледі. Бұл уақытта жолдастары келмеген соң:

– Бұларға не болды? – деп, Тұз өзі барады. Не бетімен қарасын, жолдастарының өліп жатқандарын көріп, не деп айтарын білмей, таң қалып, қимылдай алмай, қарап тұрса, сол мезгілде қатты жаңбыр жауып кетіп, Тұз сол жерде еріп кетеді. Сөйтіп, асқан тамақтары біреуіне де бұйырмапты.

Ақыр біреудің адал ақысы арамзаларға бұйырмақ па еді?

69. ҚАҒАНАҚБАС, ҚЫЛКЕҢІРДЕК, ШИБОРБАЙ

Қағанақбас, Қылкеңірдек, Шиборбай – үшеуі жолдас екен. Бір күні бұлар бір тоқты ұрлап, сатыпты. Тоқтыны бұтарлап, етін қазанға салайын деп жатып, Қағанақбасқа қарынды тысқа ап шыққанда қара шыбындар қарынға да, Қағанақбастың басына да қаптай үймелепті. Басындағы шыбынды қағамын деп, Қағанақбас қақас қолын сілтеп, басын ұрып алыпты. Пиала төбесі ойылып, шарана шекесі шарт кетіпті. Жұмыртқадай жұқа бас жарылып, жан беріпті. Қағанақбас қалайша кешікті деп, Шиборбай шыға келсе, өліп жатқан Қағанақбасты көре салып: − Ай, әттеген-ай!− деп, екі қолымен санын салып қалғанда, шидей борбайы шырт етіп, ол да мүрдем кетіпті. Мұның даусымен Қылкеңірдек жүгіре шығып, өліп жатқан екі жолдасын көріп:

− Ойбай! Бауырым-ай! – дегенде қыл кеңірдегі қылғына алмай, үзіліп кетіпті.

70. ЕКІ ҚАРАҚШЫНЫҢ БАС ҚОСУЫ

Өткен алып қашты, жұлып кетті заманда екі қарақшы болыпты. Бұл екеуінің істейтін «кәсібі» момын шаруалардың малын ұрлап, сонымен күн көрген. Ауыл арасының мазасын алып бітеді. Біле қалғандай болса, бұларға өздерінше жазаның ауырын беріп, тырнақтап жинағанды етектеп төгетін болды. Дереу сезсе болғаны, қырдағы малын талап алады, қойшы, алғанда атап-атап алатын болды. «Айып» дейді, «шығуым» дейді, «сойысымызға» дейді, осы сияқты етіп, барлық мал да жүдә болды.

Бір күні бұл екеуі кеңесіп:

– Бұдан бұлай мұндай ауыл арасын ұрламайық. Қууды көбейтпейік, кесіп алып қалған соң қосу да қиын ғой. Мұның орнына алыстан ұрлайық. Көз көрмес, құлақ естімес жерден, – деді екі қарақшы.

– Оған ағайындар да қарсы болмас, өздері аман болған соң олар басқаны ұрлап жатса да, үндемейді, – деп, осы ақылды қорытып, қолдағы бар қалған бір-екі қараны оншақты ешкіге сатты. Ұзақ сапарға шықты. Ауыл бұл екеуінен құтылдық деп, қуанысып, олар қалыпты.

Оншақты ешкі бұл екеуінің жол азығы еді, ауылдан бір күндік жерге шыққан соң бір ешкі сойды, біразын жеп, қалған ешкілердің үстіне таңып қояды, өздері бес ешкінің маңымен жүріп отырады. Өздері елсізбен жүріп отырып, бір жарым ай жол жүреді. Ешкі де таусылды. Әйтеуір, ел шетіне келіп қалды. Жапан далада қалмай, осы елді көргеніне өздері де қуанысты. Бұл екеуі аздап кеңеседі, осы елден түсіп, мал-дүние алып қайталық, солай болған соң бірімізге біріміз дыбыстау үшін бұрынғы атымызды атамайық, жаңадан ат қойып алайық, – дейді.

– Ал сенің атың – Майқап, менің атым – Жолдым болсын, – деп, өздеріне өздері ат қояды. Сонымен қатар келешекте өздерінің істейтін жұмыстарын бөліп алды. Майқап қораға кіріп, мал алып шығатын болды. Жолдым үйге кіріп, дүние, алтын алып шығатын болды.

Екеуі аралап жүріп, елдің көзіне көрінбейтін таса жер тауып алып, осы жерге дем алмақ болды. Және малды да осы жерге жинамақ болып, бір жардың қуысын үй қылып алды. Түнде от жақпайды. Күндіз жағып, күнелтетін болды. Кешке таман ауылдың сыртына келді. Ел ұйықтаған мезгілде Майқап қораға кіріп, бір семіз қойды алып шықты. Басқа ештеңе алмай, өздерінің бекінетін жерлеріне келді. Алып келген қойды көп ұзатпай-ақ, ертемен сойып жайғастырып, ашығып қалған екен, күлді көмеш қылып, пісіріп жеді. Бір қойдың еті не болсын екеуіне? Екі-ақ күнге жетті. Кешегідей емес, тынығып қалған екен, екеуі ертеңімен ауылды торуға келді. Бұл елде ұры болмаса керек. Мал иесіз жатады, жаңғыз-ақ мал күзеткен қыз-келіншектер ойнап жүр. Басқа малға қарап жүрген ешбір адамды көре алмады. Бұл күні қорадан таңдап жүріп, екі қойды алып шықты Майқап. Жолдым да қарап жатқан жоқ қой, біраз құрт пен май, екі шапан, төрт көйлек, қойшы қыздың білезігіне дейін алып шығыпты. Бұл сапар осымен қайтып, мекенге келді. «Бір-екі күн тағы тынайық» деген ақылға тоқтады. Осы мекенде табандаған бес күн жатты, алтыншы күні қатты жаңбыр жауып, естері шығып, қайда паналарға жер таба алмады, өте қиын болды, күн бір күн, бір түн жауды. Далада ешқандай нәрсе су болмай қалмады, бәрі су болды. Осы жауынның салдарынан от та сөнді, жауындағы оттық та су тиіп, от алмай қалды. Екі күн, екі түн аш отырды. Ел де бұлардың ұры екенін айтпай танып тұр, ұстап алады, онан соң құтылу қиын болады. Бармайын десе, аштан өлетін болды, «Қой, бүйтіп өлмейік, сен барып, от алып шық үйден», – деді Майқап.

– Жарайды, екеуміз барайық, қайтарда мал да алып келейік, – деді Жолдым.

Елдің бәрі жатып қалған, бір-ақ үйден от шығады. Ол үйде күлкі ойнаған қыздардың даусы естіледі. Бұл екеуі ойлайды – бұл үйде қыз ойыны, не болмаса, шілдехана бар ғой, қалай болады деп. Екеуі әңгімеге кіріседі.

– Қой, не де болса, барайық ауылға, – дейді.

Ауылдың төріне кіріп, Майқап қойдан қой таңдады, тап өзінің әкесінің еншіге берген қойдай топ қойды қосақтап айдап, шығып кетті. Жолдым да от шыққан үйге таянып, ол жерінен, бұл жерінен сығалап жүр. Әбден анықтап қараса, қыз ойнақ та жоқ, құр қыздардың бастаңғы істеп отырған отау үйі екен. Жал бақырмен біреуі қуырдақты қуырып отыр. Жолдым осы қуырдақты және от алып шықсам деген ойға кірді. Қуырдақты көргенде шыдап тұра алмады. Екі күннен бері қарны ашқан сабаз үйге кірсем деген ойды мықты сақтады.

– Ой, түсімді өзгертіп барайын, ешқандай бетіме қарай алмайды, – деп, есіктің алдындағы зор балшықты бетіне жағып, бөркін айналдырып киіп, үйге кіріп барды. Төрдің алдындағы отырған қыздар көріп: «Ойбай, көтек», – деп, жабырлап, қисая кетіпті. Қуырдақ қуырып отырған келіншек артына бұрылып қарап:

– Ойбай, Тәңір-ай, – деп, қолындағы бақырды тастай беріпті.

Жолдым бақырды алып, үстіне екі–үш шаланы салып, қисайып жатқан қыздардың екі бөркін қолтығына қысып, отты өшіріп, үйден аман-есен шығып, өзінің су бөркін отқа жауып, қыздардың бөркін басына киіп, қатты аяңға салып, жүріп кетті. Ай сондай қараңғы, көзге түртсе, білмейді. Ауылдан көп жерге шығып, аздап дем алып, қуырдақты жеп, ауыл жаққа құлақ салды – «Қуғыншы бар ма немене», – деп. Ештеңе жоқ, қыздар жылқышы деп, өздерінің ауылының жігіттерін атын атап, айғайлап:

– Бөркімді бер, сен-ақ же, қуырдағы құрысын! – деп, өздерінен көріп жатқан еді.

Жолдым қуырдаққа тойып, енді отты сөндірмей, алып барайын деген ойға кірді. Іздеп барып, өзі мекендеген жеріне келді.

– Майқап! – деп, дабыл қылды.

– Мен өзім, – деп, жауап берді Майқап.

Қойды сойып, ашқан қарынды таң атқан соң тойдырды. Жолдым отты қалай алып қашқанын баяндады. Тойып болған соң: «Қой, енді жата бермейік», – деп, екі күн төзіп, жал-қоны бар жылқы мен түйені алып, бір сыпыра жасады, тауып алып, он күннен кейін еліне қайтты. Бұл алып қайтқан малдары өздерінің ұстауына екі жылға толық жетерлік еді. Жиырма күн дегенде өзінің шыққан еліне қайтып оралды. Бұл жаздың айы еді. Ұры сорлыда береке бар ма? Осы малды тез-ақ азайтып алды. Бұрыннан өтей алмай жүрген борышын өтеді және ел жақсыларына ат мінгізді. Кейіннен шыға қалса, сөзімді сөйлесін деп. Ешкім келген де жоқ, осы малдар тастай батып, судай сіңді. Бұлар айлалы – ендігі әкелген малды өзіміз пайдаланамыз, мынау – алды, ауыз бастырыққа берейік, – деген ой кірген еді. Ақыры, ойынан шықты, екі айда мал да ада болды. Екі ат қалды, осыны ешкіге сатып, тағы ешкі айдамақ болды. Жиырма шамалы ешкіні айдап, баяғы нан жеген жағына аяңдады. Жайлауға келген ел, бұл екі қарақшы келуін тоспай-ақ, өздері күздігүні қайтып көшіп кеткен болатын, оны бұл екі «мырза» есепке алмай, көрген жерде ауыл бар деп, азығын шамалап алып шығыпты. Алып шыққан ешкі таусылып қалыпты. Ешбір ел таба алмады. Олай ойлап, былай ойлап, ақыры, елдің көшкен ізімен жүрді. Жолдың қиыншылығын көрді. Бұл екеуі жемеген құрт, құмырсқа қалмады. Аштық, бір жағынан, жаяулық тағы бар, өте жол азабын көрді. Өлдім, талдым дегенде ел қарасын көрді. Мұның өзіне бұл екі «мырза» қатты қуанды. Ауылға баратын бұл жазғандарда бет бар ма? Көрініп тұрған ауылға бара алмады. Алыстан көріп, соған қарындары тойып, мәз болды. Күн де бұларға ерегескендей жуырда батпай қойды. Асыққанда қандай бір күннің өзі бір жылдан кем тимеді. Бұлар асыққан екен деп, күн де тез бата қоймады, уағында барып батты. Күннің батысы-ақ мұң екен, екеуі бүлкілдеп ауылдың сыртына келді. Олай-бұлай торуылдап еді, ешқандай нәрсені қолға түсіре алмады. Өздері сондайлық бай да ауыл болмай шықты. Егін салып отырған жатақ болса керек. Сауымдық сиырдан басқа ешқандай мал көрінбеді. Оны олар алғыза қоятын емес. Күзетші бар. Ешқандай көз ілмей, төрт күзетші отырды. Онымен бірге ауыл біткеннің иттері жатпай, біз қай жаққа шапсақ, солай қарап үрді де тұрды. Не амал істеу керек? Олай жүгірдік, былай жүгірдік. Қолына сынық мал да түсіре алмады Майқап. Діңкесі құрып, екеуі бір тасаға келді. Таң атқан соң мұны күндіз аңдиық деген ақылға келді. Ауылдың сыртынан баспалап, қарап отырды. Ешқандай шашау мал шықпады. Сиырды жұмысшылар ортасына айдап барып, сауып отырды. Бұзау ауылдың маңайынан шықпады. Бұрынғы аштық аштық па? Қарын енді жаман ашты. Мынау ауылды көрген соң және жайылып жатқан сиырды көрген соң, қарындары өте шұрылдады.

– Сен амалын таппасаң, менен қалған жоқ, – деді Майқап.

– Күн батпай, мен не істей аламын? Күн батсын, сонан соң ауылға тағы барып көреміз, – деді Жолдым.

Ауылдың сыртынан баспалап, көріп отыр. Қай жағынан кіру керек екен? Бір жалғыз үй тұр. Онда мал да жоқ, өзі анау ауылдан бірталай жер. Сол үйге бару керек кешке, – деп, Майқап ақыл берді Жолдымға. Жолдым:

– Жарайды, уағында көрерміз, – деп, жауап берді.

Күн батып, ел жатқан мезгілде бұлар да ауылдың сыртына келді. Түндегі қалпы, төрт күзетші отыр.

– Қой, бұл ауылдан ештеңе ала алмаймыз. Өзіміз отырып қалармыз, – деп, жағалап отырып, жалғыз үйге келді. Келсе, бұл үй тым-тырыс, ит те үрмейді, сөйлеген адамның даусы да шықпады. Құлағын олай салып, бұлай салып:

– Ұйықтаған екен, енді кіру керек, – деді Майқап.

– Жарайды, кірейін, – деп, жан-жаққа қарап, үйге қадам басып жөнелді. Сол қалпында Майқап тұрып қалды. Жолдымға тапсырғаны сол – «Көжесін күбісімен алып шық, өзің кешігіп қалма», – деді Майқап.

– Жарайды, кешікпейін, – деді Жолдым.

Есігі де сондайлық оңай екен. Кідірместен үйді аралап байқап еді, бір–ақ әйел жатыр. Басқа ешкім жоқ екенін біліп, аспай-саспай, өзі үйді аралап, керекті заттарды қапқа салып, енді ши жақты жағалады. Тамақ дегеннен болғаны сол – ертең жұмысшыларға деп істеп қойған бір күбі көжеден басқа ештеме таба алмады. Күбісімен алып шығуға күбіні көтере алмай, шелекке құйып алайын деп, шелек іздеп жүргенде есік ашылды. Кірпікшешендей жиырылып жатып, жан-жаққа бақылау жіберді. Келген адам жан-жағына қарамастан, тақтайда ұйықтап жатқан әйелдің жанына жатты. Ойлапты өзінің байы екен ғой, ұстап алар ма екен деп қауіптеніп, құлағын тақтай жаққа салып, қарай-қарай Жолдым да отырыпты.

– Екі күннен бері неғып келмедің, жалғыз өзім алаңдап, жата алмадым, – деді әйел.

– Қайдан білейін, үйде ғой деп, қорқып келе алмадым, – деді жігіт.

– Ол кеткелі екі күн болды. Сол барған жағында бір ай шамасындай болмақ, бұдан былай келіп жүр, жаным, – деді әйел.

– Жарайды, келіп жүремін, сен ойыма түскенде не болғанымды өзім де білмей қаламын. Менің жаным сенде ғой, шыбын, – деп, әйелдің бетінен шөп етіп, бір сүйіп алды жігіт.

Осындай ғашық болып жүрген екі азамат өздерінше ғашықтық-махаббаттық жұмыстарын жүргізе бастады. Мұны көріп отырған Жолдымның ойынан аштық шығып, не істерін білмей, аузынан сілекейі ағып, тамсана беріпті. Бұл екеуі құмарлық жұмысы біткеннен кейін ұзақ сонар алдағы күнді қалай өткізетінін айтып, ұйықтамай жатыпты. Үйде қандай қызықтың болып жатқанынан шаруасы жоқ, әлгі барлық тамақтың тәттісін өзі ішіп, рақаттанып жатыр ғой деп, қарны ашып, мазасы кетіп, Майқап тұрды.

– Қой, мен де үйге таянайын, әлде көтере алмай жатыр ма? – деп, Майқап үйге қарай аяңдады.

Бұлардың барлық әңгімесін естіп:

– Мынау мынаның заңсыз байы екен ғой, бұл таң атқанша осында бола ма, жоқ, қайта ма? – деп, ойланып отырды Жолдым.

– Егер бұл таң атқанша болса, біздің қарнымыз ашып, өлеміз ғой ертеңге шейін, – деп, ұзақ ойға кетті. Осы кезде мынадай сұрақ қойды әйел өзінің заңсыз байына:

– Сен мені шын жақсы көресің бе? – деді әйел.

– Жанымнан да жақсы көремін сені, – деді еркек.

– Ондай болса, менің дүзге отырғым келді. Далаға көтеріп барып, дүзге отырғызшы, – деді әйел.

Тап осы кезде Майқап та жеткен еді. Бұл сорлы үйдегі қызықты білмейді. Көңілі көжеде отырған, көтере алмай келе жатқан күбі екен деп: «Жолдым, Жолдым, төкпе, күбіні мен алып келейін бе?» – деп, сарылдаған суды естіп, көже екен деп қалып. Әйелді табалдырықтың үстіне тастап жіберіп, жігіт тұра қашты. Ойбайды салуға шамасы келмей, ыңқылдап, әйел де құйымшағы сынып, қозғала алмай қалыпты. Әйелдің мұндай болып қалғаны екеуіне жаман болмапты. Қарны тойғанша көжені ішіп, үйдегі барлы-жоқты дүниені алып, екі бақыр өз жайынша қайтып кетіпті. Бұл екеуінің «кәсібін» ел естіген болса керек. Аман-есен мал алып, еліне қайтыпты. Енді құйымшағы сынып жатқан әйелге келейік. Ертеңмен сусын алайын деп, жігіттер келсе, енеден тумай жалаңаш есіктің алдында жылап отырған әйелді көреді. Қашықтан тұрып:

– Саған не болды? – деп, айғай салыпты жігіттер.

– Денім сау, бірақ қозғала алмаймын, сендер келмесеңдер, үйде киімімді алып беретін бір әйел келсін, – деп, әйел ауылға хабар беріп, ауылдың бала-шағасы тегіс жиналады. «Не болды?» деп, сұрақтың үстіне сұрақ қояды.

Үйден көйлегін алып келіп береді. Өзін әйелдер киіндіреді. Тағы сұрай бастайды:

– Не болды саған? – дейді жиналған халық.

– Ұйықтап қалған екенмін, екі періште мені көтеріп алып, жоғары алып ұшты. Оянып, бұлқынып қалып едім, қолынан түсіп кеттім. Маңдайымнан сипап, екеуі өкінді. Даусым қалай шыққанын білмей қалдым, – деді.

Жиналған халық таң қалды. Бұл тегін адам емес, Құдайдың қалаған, сүйген құлы деп, бағынды. Түндегі істеген «жұмысын» жұрт қайдан білсін, бұлардың әулиесі түн болғанда, жаңғыз ойнас істейтін әулие болса керек. Сол отырған ауыл қошемет қылып бағыпты, оны естіп, жан-жақтан халық келіп, осы әйелдің үйіне түнейтінді шығарды. Бала таппай жүрген әйелдер көбірек түнейтінді шығарды. Мұнда жатқанда түс көреді, ойлап жүргені түнде түсіне енеді, осы әулиенің қасиетінен болды деп, онан жаман мадақтайтынды шығарды. Осы айтылған әулиені ауылдан бөлек алып бағыпты, алдына дәретсіз адам кірмейтін болды. Сол төңіректегі ел болып жиналып, осы адамды күтетін адам қояйық, – депті. Кім лайықты деген сұрақтар туыпты. Өзінің заңсыз байы мынау еді, соны шақырып:

– Сен мына әйелді күт, – депті. Ол жазған қашсын ба?

– Мақұл, болады, – деп, өзінің ризалығын беріпті. Қойын сойып, қолдарын қусырып, намаздарын оқып, дәреттерін алып, әулиеге келді.

– Сізді біз пір тұтып, сізді бағып-күтушіге мынау бір пырадар адамды алып келдік, – деп, өзінің жасырын байын көрсетіпті.

– Дұрыс болар, Құдай деген адам екен, бағуға жарайды, – деп, ризалығын білдіреді.

– Маған бұдан бұлай еркекпен бір ұйықтауды қоспайды, сондықтан менің еріме әйел алып беріңдер, мен ризамын, – деді әйел.

Халық не болса, соған табынып, мақұл деп, қабыл алыпты. Құдайдың айтуы бойынша істейді ғой, таза «әулие» екен деп, бұрынғының үстіне онан жаман табынатынды шығарды. Сорлы бейшара, халықтың айтқанынан шыға алмай, амалсыздан әйелінен айрылды. Жаңадан жөндеу әйел алды, онысына аса көңілі толмайды, қалған өмірді осымен өткізді аңқау сорлы. Әйел өзінің қалаған байына қосылды, құйымшақтың сынғаны да жазылды, ойда жоқ жерден «әулие» болған соң жаңағы жігіт күндіз күтуші, түнде байы болып үйленіп, қойнында жатып, қызметін атқарды. Бұл екі бақыр көп уақыт өмір сүрді, амалмен ойдағы мұратқа жетті.

71. [ҰРЫНЫҢ ҚОЛЫ]

Бір ханның қолы ауырып, дәрігерлер:

– Енді қолың жазылмайды, кесу керек. Ал, қолсыз қалғың келмесе, жұртыңды жинап, бір оң қол сұра. Егер оң қолын беруші болса, онда ауру оң қолыңды кесіп, орнына сала қоярмыз, – дейді. Хан жұртын жинап, дәрігерлердің айтқанын айтып:

– Біреуің жәрдем етіп, оң қолыңды бер, – дейді.

Хан еліне қадірлі, елін жақсы ұстаған адам екен, жиналған халық қол тауып бермек боп таралады.

Хан:

– Қол берушіге жарты дүниемді берер едім, – дейді. Сол елде бір ұры адам бар екен. Ол өмірі еңбек етпей, жалқаулыққа салынып, тек ұрлықпен күнелтеді екен. Ханға уәде берген халық әлгі ұрыны шақыртып алып:

– Ханымыздың қолы ауырып, қолсыз қалғалы отыр. Елімізге жақсы хан еді. Оның кемтар болуы хандығына кемістік келтірер. Дәрігерлердің айтуы бойынша, оның ауру оң қолын кесіп тастап, беруші болса, басқа біреудің оң қолы да жарайды екен. Ал, сен болса да, қолыңды еңбекке пайдаланып жүрген жоқсың, құр ұрлықпен елге жексұрын болдың. Сен ол қолыңды ханға бер, хан саған жатып ішуіңе өміріңе жетер мүлік береді, – дейді. Ұры жатып ішер малға қызығып:

– Бірақ, менің қолымның түрі қара, оның қолы ақ қой, менің қолымды алмас, алса, берер ем, – дейді.

Бұл туралы ханға хабарлаған соң хан:

– Терінің ақ-қарасына қарамаймын, сұрағанын беремін, – деп, көп мал беріп, ұрының қолын алады. Сөйтіп, хан қолды болады.

Бір кездері хан қонаққа барып келсе, әйелі оның шешкен киімінің қалтасынан әлгі шақырған үйдің үстелінде көрген ұсақ-түйек заттарды тауып алатын болады. Ханға «Қайдан алдың?» десе, хан: «Алғам жоқ, сол үйдің балалары салған шығар», – дейді. Күндерде бір күндері, «Хан ұрлық қылатын болды» деген өсек дүңк ете түседі. Хан да, ханым да намыстанады. Сонсоң ханша ойлайды: «Әлде хан шын ұрлайтын болды ма, шынында, жұрттың жоғалтқаны осының қалтасынан шығып жүр ғой», – деп, хан қайда барса, бірге барып, бақылап отыратын болады. Сол уақытта барған жерде де, өз үйінде де оң қолының тыныш тұрмай, ылғи бірдеңені алып, оң қалтасына салып жүргенін көреді. Алғашқыда ханша тауып алған заттарды [да] ханның оң қалтасынан алған болатын. Сонсоң ханша ханға айтты:

– Е, жаным, ханзада, жұрттың өсегі рас екен. Өз көзіммен көрдім. Мен оң жағыңда отыр ем, оң қолыңмен жан-жағыңнан нәрсе ұрлап, қалтаңа салдың. Тіпті, менің сол қалтамдағы қол орамалымды да ұрлап, қалтаңа салдың. Мұның не, тегі, қияли шығарсың. Ел ішіндегі дәрежеңнен айырылдың.

Хан бұған таң қалды.

– Есің ауысқан шығар. Осынша дәулетіммен неге ұры қылайын? – деді.

Бірақ ханша нандырып айтқаннан кейін ойланып отырып, оң қолының өз қолы емес екендігі есіне түсіп, халықты жинап:

– Е, менің құрметті халқым, сендердің ұлы құрметтеріңді қырық жыл көріп ем, енді төрт-бес жылдан бері «хан – ұры» дегендеріңді де естідім. Бұл сөзді әйелім де айтты. Енді сендерден тілегім сол – мына менің екі қолымды қараңдар, не айырмашылық бар? – дейді.

Жұрт қарап:

– Бірі – ұзын, бірі – қысқа. Оң қолың – қара, сол қолың – ақ, – деген сияқты сөздер айтады.

Хан:

– Жоқ, сендер қолдың ақ-қарасын, ұзын-қысқасын айттыңдар. Бұл дұрыс емес, әуелі осы екі қол екеуі де менікі ме, осыны айтыңдар және оң қолды қандай адамнан алдыңдар, соны жасырмай айтыңдар, – деді. Сол жерде жұрт:

– Ойбай, ол оң қолыңыз біреуден алған қол еді-ау!

– Ойбай, оны берген аты шулы Қарақ ұры еді ғой!

– Бәсе, хан ұрлық қылушы ма еді, сол ұрының қолы сізге ұят келтірген екен ғой, – дейді.

Бұдан кейін хан өзінің оң қолын сол қолымен жұлып алады да, «Ұрыдан қол сұрама, бұғыдан жол сұрама» деген осы деп, лақтырып тастайды. «Ұры қол бір бас тұрсын, екі басқа сыйымсыз» деген мақал осыдан қалған екен.

72. ҚЫРЫҚ АҚЫМАҚ

Бізден бұрынғы өткен заманда бір бай болыпты. Бай өте сараң екен. Бір малы өлсе, иә жоғалса, тамақ ішпей, жер бауырлап, жылаумен болады екен. Байдың қырық баласы болыпты. Бай сараңдығынан балаларының алды қырықтан асқанша қатын әпермепті. Төңірегіндегі ел байды да, қырыққа келгенше қатынсыз жүрген балаларын да мазақ қылысыпты. Байдың қырық ұлы бұл мазаққа шыдай алмай:

– Қалада жүріп, қоңыз теріп жегеніміз жақсы,– деп, қаңғырып кетіпті. Көздеріне көрінгенді жепті. Ең кішісі бір тасбақа тауып алып, ағаларына бермей, жепті. Ағалары оны біліп қойып, кіші інісін сабап-сабап, қуып жіберіпті. Кіші інісі жалғыз өзі келе жатып, бір тастың үстінде қонып отырған үлкен құсты көріпті. Құсты көрген соң ақырын бұғып барып, құстың сирағынан ұстай алыпты.

Құс оны алып ұшып таудың ең басына, бір үңгірге апарып тастапты. Әлгі үңгірдің ішінде үлкен сандық бар екен. Сандықтың іші толған алтын екен. Бала қалтасына ептеп салып алыпты да, сандықты қайта жауып, мақтану үшін баяғы отыз тоғыз ағаларын іздепті. Бірнеше күн жүріп, ағаларын тауып, алтынды көрсетіпті. Ағалары:

– Мұны қайдан алдың? – депті.

– Мұны сонау үлкен таудың басында бір үңгір бар екен. Үңгірде бір сандық бар екен. Соның іші толған алтын екен. Содан алдым, – депті.

– Сен оған қалай бардың? – деп сұрапты екінші ағасы таңдана.

– Сендерден бөлінген соң бір құс тастың басында отыр екен, соның сирағынан ұстап едім, сол апарып тастады.

– Ойбай, сол құсты табасың ба? – депті үшінші бір ағасы.

– Табамын, – депті інісі масаттанып.

Қырқы да бірдей баяғы құс отырған тасқа келген екен, құс орнында отыр. Баяғы әдетінше кіші бала құстың сирағынан ұстапты. Қалғандары бірінің сирағынан бірі ұстапты. Құс бәрін алып ұшып, тауға жақындап қалғанда ең төмендегі үлкені тұрып, айқай салыпты:

– Ей, сандықтың аузы қандай екен?

– Сандықтың аузы мынадай екен, – деп, кіші бала екі қолын жайып, көрсе[те] берем деп, құстың аяғынан айырылыпты. Сөйтіп, қырқы да құлап өліпті.

73. БАҚСЫ

Бір күні бір адамның ақшасы жоғалыпты. Табылмағасын не қыларын біле алмай, бал аштыруға бақсыны шақырыпты. Бақсы келіп, төңірегіндегі қоңсыларын жиып алып, былай деп сөз айтады.

– Аяқ киіміңізді шешіп, жалаң аяқ отырыңыздар. Мен жынымды шақырып, ойнаймын, сол уақытта ақшаны кім ұрласа, менің жыным жылан болып келіп, сол кісінің аяғын шағады, \Бақсы әрлі-берлі сарнап, жынын шақырып отырып, «Ал, аяғыңды шақты» дегенде бір жігіт секіріп түскен екен. Жұрт жабыла барып, әлгі жігітті ұстап, ұрлығын мойнына қойыпты.

Сезікті секіреді деген осыдан қалған екен.

74. САРАҢНЫҢ САЗАЙЫ

Ілгері өткен заманда Ташкент пен Қоқан аралығындағы шатқал тау бөктерінде Паркент, Заркент деген қыстақта Ішіқара деген бай болыпты. Ол өте сараң болыпты. Сараңдықта Шыршық пен Сыр бойында алдына ешкімді салмапты. Күндердің күнінде бір қойшысының құрып қойған тұзағына жалғыз бала түлкі түскен екен.

– Түлкі менің жерімнің түлкісі, – деп, қойшыдан Ішіқара бай тартып алыпты. Бай түлкіні алып, Алтынбелдегі тымақ тігетін азғана үй қырғыздарға барыпты. Ішіқара бай қолындағы бала түлкінің терісін көрсетіп:

– Осыдан маған бір тымақ тігіп бер, – депті. Тымақшы таңырқай бір қарапты да:

– Мақұл, – деп, келісім беріпті.

– Тігінші шебердің тымақ тігіп беруге бірден келісе қойғанына күмәнданған Ішіқара бай:

– Түлкім бір тымақ емес, екі тымақ шығар ма екен? – деп ойлапты да, бала түлкінің терісін қайтып алып, Соқақ аулындағы шеберге апарыпты. Тымақ тігетін шеберге түлкінің терісін көрсетіп:

– Мына түлкінің терісін өзіме лайықтап, тымақ тігіп бер, – депті. Бұл тігінші де таңырқай қарап:

– Болады, тастап кетіңіз, – дей салыпты. Бұған да күмәнданған Ішіқара «Бірден келісімге кеп, тымақ тігіп бергісі келді, екі тымаққа жететін болар», – депті де, – бала түлкінің терісін одан да қайтарып алыпты. Бай қазақтар көпшілік боп қоныстанған Сәмсерек ауылына қарай жол тартыпты. Ауыл аралап, қона жатып, екінші күн әрең дегенде Сәмсерекке жетіпті.

Сәмсеректегі қалың қазақ арасында бармағынан жез оймақ түспеген, иненің көзінен қыл өткізген, қайшысы тері түгіл қаңылтыр кескен атақты бір тігінші шебер ұстаға келіп:

– Мына түлкінің терісі талай шебердің алақанын жалап, саусағының арасынан сусып өтті. Бұрап, сілкіп илеуін де көрді. Өзіңдей шебердің қолына түссе игі еді деп, мен де тілеуін тілеумен болдым. Бүгін ауылымнан аттанғалы алты күн болды. Шеберлердің біразын ұнатпай, екі күн жүріп, үш күн дегенде саған жеттім. Мына түлкі терісінен үш тымақ етіп тігіп бер, – депті. Бай абайлап, өз қолымен түлкі баласының терісін шебердің қолына салыпты.

Сәмсеректің шебері: «Сараңның сараңы, қудың сұмы, сұмның сұмпайысы сен боларсың», – деп, ішінен ойлапты да:

– Сенің сазайыңды тарттырып, жылаған, сықтаған, зарлаған, зорлық көрген бейшаралардың кегін сенен қайтармасам, тігінші атым құрысын, – деп, қарғаныпты.

– Мақұл, үшеуін үш күнде бітірейін, – деп, алып қалыпты.

– Арада үш күн өткеннен кейін Ішіқара бай тігінші шебердің үйіне келіп, пішіліп тігілген тымақтарды көріп, есі ауып қала жаздапты. Өз басына молжалдап [болжап дегені] тіктірген тымақтары жас қыздардың қуыршағына лайық өлшеп тігілгендей болыпты да қалыпты. Сараң Ішіқара бай іс-міс жоқ, өз заманының биіне барып, жүгініпті. Билер шабарман, жасауылдарын жіберіп, Сәмсеректің шебер тігіншісін айдап әкеліпті. Билер ақты-қарасын тексеріп отырмай-ақ:

– Мына бәйекеңнің үш тымағының ақшасын төлейсің, – депті. Шебер:

– Тақсыр, биеке! Былай болған істің мән-жайын сұрасаңызшы, – деп өтініпті.

– Ия, болған істің мән-жайын айта ғой!

– Ішіқара байекең бір бала түлкінің терісін әкеліп, үш тымақ тігіп бер деді. Бала түлкінің терісінен үш тымақ шықпайтынын көзіңіз жетіп тұрған тұрған болар. Мен өлшеп, піше келіп, бай ұзатылатын қыздарының болашақ ұлдары мен қыздарына қуыршақты да кәзірден дайындап беретін шығар, – деп, үш күн бойы отырып, қуыршаққа шақ тымақ тіктім. Менің сізден өтінішім, мына байдан үш күндік еңбек ақымды өндіріп берсеңіз.

Билер лажсыз бітімге келіп, тігінші шебердің үш күндік еңбек ақысын өндіріп беріпті. Сөйтіп, Ішіқара сараң бай сазайын тартқан екен.

75. АҚЫЛСЫЗДЫҢ САЗАЙЫ

Бұрынғы өткен заманда еңбекті сүймейтін, еріншек бір жалқау жігіт болыпты. Ол жалқау күні-түні «Қалай етсем бай боламын?» деп, армандайды екен. Күндердің бірінде ол бір данышпан адамға жолығып, арманын, ойын айтыпты. Әлгі данышпан оңай олжа іздеген еріншек жігітке былай деп кеңес беріпті.

– Бай болу үшін көп еңбек етуі керек. Береке деген тауға барасың, ол жерде мол байлық бар, керегінше аласың. Тек қана ақылыңды істете біл, ақыл болмаған жерде байлық та жоқ. Еңбек етпеген жігітке есе де болмайды.

Данышпанның осы кеңесінің байыбына жетпеген жігіт «Ал, жолын таптым ғой, енді бай болып кетсем керек» деп, Береке тауын іздеп, сапарға шығыпты. Мидай дала, шөліркеген сусыз шөл даланы кезіп жүріп, дала сойқаны бір қасқырға жолығыпты.

– Ал, жігітім, жолың болсын! Қайда барасың? – деп сұрапты Қасекең.

– Береке тауына бара жатырмын. Байлық, дәулет алып қайтам, – деп жауап беріпті. Мұны естіген қасқыр көк ми жігітке мейірбаншылық еткендей сүзіле қарап, өтініш етіпті. Күні-түні желе жортып, сандалмамен жүргенім мынау. Анау-мынау кездеспей, ауым болмай қалса, апта, он күндеп түк таппай, жортамын. Сол Береке тауына менің тілегімді айтып көрші. Менің де несібеме лайықты иелері бар ма екен?

Жігіт:

– Мақұл, – депті де, жолынан қалмапты. Күнге күйіп, беті-жүзі қарауытқан, шөл далада жүрген сақал-шашы ағарған бір шалға кездесіпті. Ол жігіттен:

– Жол болсын! – деп, жөн сұрапты.

Еріншек жігіт арманы мен мақсатын айтып, тышқан аңдыған мысықтай тыңдап тұр. Сол кезде әлгі кәрие шал:

– Балам, ана жақта біраз жүзім бауым бар еді, күтімі жетпегендей жөнді өнім бермейді. Соның мән-жайын сұрап, біле келші, Береке тауынан, – депті.

– Жігіт қартқа өз қолынан беретіндей уәде жасап, бет алған жағына қарай тарта беріпті. Енді біраз жүріп, екі-үш қыр асқан соң аң аулап жүрген патша мен уәзірлерге кездейсоқ тап болады.

Патша ол жігіттің шама-шарқын танып, Береке тауына беттеп бара жатқанын байқап, шамалағанынан кейін оған қарсы тұра қап:

– Жігітім, тыңда, мына сөзімді. Менің аңда жүріп атқан әрбір он оқтың тоғызы босқа, зая кетіп жүр. Соның себебін біле келші, – депті. Жігіт оған да ойланбастан «Мақұл» деп, жауап беріпті. Ол алыс-алыс жол жүріп, ұзақ-ұзақ күн мен түн кешіп, арып аш боп, шаршап, шалдығып, әбден болдырдым дегенде Береке тауына жетіп барыпты. Бірақ ол тауда үміт еткен байлықты да, дәулетті де таба алмапты. Адасқан жас балаша еңіреп тұрып, тағы да ілгерілей түсіпті.

– Береке тауының бөктерінде төңкеріліп жатқан үлкен бір қара тастың қуысында белі мертіккен қояндай бүкшиіп отырған бір қартты көріпті. «Енді табатын шығармын», – деп, аузынан сілекейі ағып, шапшаңдай басып, шалдың қасына барып, сәлем-әлек те жоқ:

– Ата, мен бұл тауға байлық іздеп келіп едім, байлық түгіл күн көрісім де қиын болып бара жатыр, – дей келіп, – жолда жолыққан бағбан мен қасқырдың және патшаның сөздерін айтып беріпті. Ол бір данышпан, көреген қарт екен. «Еріншектің етегі толмас, жалқаудың жан рақаты болмас» дегендей, қаңғыбас, еріншек жігіттің сұрауларына байсалды түрде анықтап жауап беріпті. Қасқырға дайын тұрған несібе жоқ, сен құсап қаңғырып жүргенге кез келіп, күші жеткенін бас салып, ұстап, жей берсін деген көрінеді. Бағбан қарияның жүзім бауының ішіне төрт құмыра алтын көмілген екен. Соған менменсіген бағбан соңғы кезде жүзімдерін жөндеп күтпеген соң жүзім бұтақтары беталды бойлап өсіп кетіпті де, өнім бермей қойыпты. Оған соны айт. Ақылға жүгінсін, мастанбай, менменсінбей, еңбекке жүгінсін. Ал, патшаға келсек, оның еркек киімінде жүрген бойжеткен қыз баласы бар екен. Ол ертерек күйеуге тисе, тұрмыс құрса, көз жарып, босанса, ұл болады. Қызынан туған бала ауы жүргіш, тамаша мерген, атқан оғы айнымай, қатесіз дәл тиетін мерген болады. Енді түсінген шығарсың! Бұл Береке тауындағы байлықты еңбек пен ақыл арқылы табасың. Сенің байлық пен бақытың алдыңда, – депті шал.

Жігіт:

– Еңбек пен бақыт, байлық алдымда болса, ол табылады екен, оны қайтсем де іздеп табамын, – деп, жүре беріпті. Ақыл парасатпен сөздің мәнін шешкен ол жоқ. Қайтып келе жатып, патшаға данышпан шалдың сөзін айтқан екен, патшаның өзі қыз екен. Ол:

– Бұл сырды сені мен екеуміз ғана білейік, басқалар сезбесін. Сен мені әйелдікке ал, жұптасайық, – депті. Жігіт оған да болмай, құры алақан [жайып] «Жоқ, менің іздеген бақытым, үлкен арманым алдымда екен», – деп, қаңғырып жүре беріпті. Онан соң бағбанға кездесіп, есіткен әңгімесін бұлжытпай, түгел айтыпты. Оған бағбан:

– Бәрекелде, балам! Жөн екен! Жүр, алтындарды қазып алайық, менің ұлым болып, қала ғой. Бойжеткен бір қызым бар, соны саған қосайын, – депті.

– Жоқ, байлық алдымда екен, – деп, дүниеге көңілі ауған сорлы жігіт тағы да жол тартып, ілгерілей түсіпті. Ең соңында қасқырға тап болыпты. Жігіт аңқылдап, ашық ауыздық жасап, данышпанның сөзін айта бастаған екен, ашығып отырған Қасекең жауаптаспай-ақ:

– Кез келіп, күшім жететін әзірше сен екенсің, – деп, ақылсыз, аңқау, еріншек, жалқау жігітті бас салып, жұлма-жұлма етіп, қызыл қанға бояп, мал сойған қасапша боршалап, жей бастапты.

Ақылсыздың ажалы осымен тыныпты.

76. ШЫҚБЕРМЕС ШЫҒАЙБАЙ МЕН АЛДАР КӨСЕ

Баяғыда бір Шықбермес Шығайбай деген бай болыпты. Аты өзінің сараңдығынан «Шық бермес» деп аталған екен. Сол заманда Жиренше деген шешен болады екен. Және де Алдар көсе деген қу болады екен. Сол Алдар көсе мен Жиренше екеуі бәстеседі. Жиренше айтады:

– Сен, Алдар көсе, сол Шығайбайдың үйінен тамақ ішсең, қалағаныңды берейін, – деді.

Сол Шықбермес байға Алдар көсе жөнеледі. Бір күні үйіне жақындап келіп қараса, үйді айналдыра қамыс төсеп қойған екен. Агар біреу келе жатса, біліп, сылдырлағанынан қылып отырғаны, жеп отырғанын, тамағын жиып қояды екен. Есік алдындағы қамысты ақырын-ақырын жиып, үйге, сөйтіп, амалдап жетіп, тесіктен қарап тұра қалса, бәйбішесі Шығайбайдың қаз жұлып отырады екен, күңі – сирақ, қызы қамыр илеп, байдың өзі бас үйітіп отыр екен дейді. Соны көріп алып, Алдар көсе үйге кіріп келсе, бәрі қолындағыларды астарына тығып қоя қойыпты.

Сөйтіп, бай Алдар көседен жөн сұрайды.

– Жол болсын, Алдар көсем, қайдан келесің? Не көрдің, не білдің? – дейді.

Онда Алдар көсе айтады:

– Бұ күні осы жаққа келе жатқанымда бір жылан көріп, қуып жете алмадым, – деді. Оған бай нанбайды. Сонда Алдар көсе ант ішеді.

Растығына:

– Осы бәйбішенің астындағы қаздай, жуандығы өзіңнің астыңдағы бастай. Қазыққа жаншылады қызыңның астындағы қамырдай, жыланның ені күңнің астындағы сирақтай, ой, тулайын, – деп, ант бергеннен соң бұл бәрін көрген екен деп, әлгілердің бәрін де қазанға салып жатып, байдың айтқаны:

– Піс, қазаным, бес ай, – деді. Сонда Алдар көсе екі етігін шешіп тастап, екі босағаға екеуін жіберіп, айтқаны:

– Отыр, көтім, он ай. Кер шабанның терісін келер жылы киейін, – деді.

Сонан соң үй иелері де, Алдар көсе де бірін-бірі аңдып, өтірік ұйықтаған болып, жатып, үй иелері шын ұйықтап қалады. Оны біліп, Алдар көсе қазанның ішіндегі етін тойғанынша жеп, қалғанын тығып, қазанға күңнің ескі тері белдемшесін турап-турап салып қойып, мұны білсе, маған қастық қылар деп, байдың қорасына барып, байдың қасқа атына боқ жағып, жоғалтып, өз атын маңдайына бор жағып, қасқа қылып, сөйтіп, ұйықтап қалады. Онан соң бай оянып, қорбаң-қорбаң етіп, үйінің ішін оятып, қазанын түсіріп, жеп қараса, ет емес, белдемше екенін біліп, бек ашуланып, мұның кем болмаса, атын жарып, ит қылып алайын деп ойлап, далаға шығып, барып, өз атын жарып тастап, таңертең Алдар көсені оятып:

– Атыңның ішіне қазық кіріп, өліп қалыпты, – деді.

Сонда Алдар көсе айтады:

– Агар боқ қасқа болса, сенікі шығар. Агар бор қасқа болса, менікі болар, – деген соң далаға шығып қараса, өз атын өлтірген екен.

– Япырмай, мұнан қайтып құтыламын, – деп, қойға кететін болды. Сөйтіп тұрып:

– Тым болмаса, нанымды алып барып, далаға жейін деп, қатыны[на]: «Пеш нан шығарып, бер», – деп, сыбырлайды. Оны Алдар көсе біліп, нанын қойнына тыққан уақытта жүгіріп келіп, құшақтап, көріскен болады.

Ыстық нан байдың төсін күйдіргеннен соң:

– Ай, ант ұрған, осы нанды сен жеші, – деп, лақтырып тастап, жүре береді қойдың артынан. Оның артынан Алдар көсе келіп:

– Бізіңді алып, етігімді тігіп алайын, – деді.

– Жарайды, – деп, бай жүре береді. Бай дауыс жетер-жетпес жерге барғанда «Бізбелдікті маған берді», – деді. Байдың қызының аты – Бізбелдік екен. Оған бәйбіше болмаса, байға айғайлап айтады:

– Бізбелдікті бермейді, – деп, бай жөндеп есітпей, «Беріп, беріп, жібер құрғырға», – депті. Сөйтіп, Алдар көсе қызды артына мінгізіп, жүріп кете береді.

Сөйтіп, бәстескен Жиренше шешенге келді. Жиренше айтты:

– Сен мені алдасаң, не сұрағаныңды аямаймын, – деді.

– Мені арманыма жеткіз, – деді.

– Жарайды, – деп, екеуі жүріп кете берді. Жиреншенің аты бар, Алдар көсе – жаяу. Бір жерге келгенде Алдар көсе тұра қалып, өкініп айтады:

– Ой, әттеген-ай, менің кісі алдайтұғын ала қабым үйде қалыпты. Енді қайтейін? – деді. Онда Жиренше ойында һешнәрсе жоқ:

– Мінекей, менің қара арғымағым, мініп барып, қабыңды алып келе қой, – деп, атын береді.

Жиреншенің атына Алдекең мініп алып:

– Алдаған осы, – деп, айдалада Жиреншені жаяу тастап, «Қалағаным – осы» деп, жүре береді. Жиренше жүгіріп, аулына барып, қатынына айтады, өзін сөйтіп алдап кеткенін Алдар көсенің.

Қатыны бір бос бесікті қолына ала салып, жүгіріп, Алдар көсенің алдынан шығады. Сөйтіп, екеуі бір өзен суға келе жатып, жаяу өтпекші болған соң Алдар көсе:

– Ап кел бесігіңді, мен өткізейін, – деді. Қатын айтады:

– Жоқ, мен өзім өткіземін. Әйтпесе, бала оянып, жылап, жолда ығыр қылады, – деді.

Соған Алдар көсе иланады да, атынан түсіп, қатынға береді. Қатын атқа мініп, бесікті алдына алып, суға түсіп кетеді. Судың ортасына барған соң бесікті суға тастап жіберіп тұрып айтады:

– Бір асқанға бір тосқан осы деген, бәлем, әлі жас екенсің, мұрт-сақалың шыққанда мені алдарсың, – деп, жүре беріпті.

77. АЙШАНЫҢ АЛДАР КӨСЕМЕН КЕЗДЕСУІ

Алдардың аты шыққан алдаушы еді,
Алдауға Алдар жанын жалдаушы еді.
Алдармен бір-екі ауыз сөзге келсе,
Алданбай ешбір адам қалмаушы еді.

Келсе де, жасы елуге сақал-мұрт жоқ,
Жасы үлкен дегенге ешкім нанбаушы еді.
Көрмеге мүләйімдей бір жас жігіт
Сөйлесе, алдына жан салмаушы еді.

Иегі жас баланың өкшесіндей,
Әжімсіз бетін кіршік шалмаушы еді.
Сол үшін атанып ед «Алдар көсе»
Әркімді алдауменен әлденеше.

Жүзбе-жүз таныстығы болмағанмен,
Адам жоқ білмейтұғын Алдар десе.
Алғалы Алдар бір күн жолға шықты,
Әркімді-ақ алармын деп, Алла берсе,

Жұлқынып жын қаққандай жаяу келед,
Қарсылап қашыр мінген шал келеді.
Жарқылдап алтын тоны түрі өзгеше
Патшалық белгісі жоқ тоннан басқа.

Немене Шәудір шалды алдамасқа
Шәудір ханнан алтын тон алды деп,
Естіген әлдеқашан Алдар қасқа
Көтеріп, екі қолын көкке сермеп,

Толтырып тұра қалды көзін жасқа.

– Ей, ата, атың сенің Шәудір екен,

Айша атты қызың бар ма, тілім тасқа.
Үстіңе бір пәлекет төніп тұр ғой,
Болмады сендерді аяп жыламасқа.
«Пош-пош», – деп, екі қолын сермей берді

Аңқау шал бұл айтқанға қатты сенді.

– Мен едім бала бақсы, жаңа пері

Мінеки, аруақтарым соны көрді.
Пәлекет үстіңдегі тоныңда екен,
Тезірек тоныңды, ата, шешкін, – деді.
Басыңнан айналдырып, аластайын,

Пәлекет әні келді, міні келді.
Шәудір шал тонды шешіп тастады да,
Қарамай алды-артына тез жөнелді.
Алдар қу алтын тонды киіп алды,

Мәз болып, алдадым деп Шәудір шалды.
Алдарды жол сорабы тура бастап,
Аулына Шәудір шалдың алып барды.
Көргендер Шәудір шалдың тонын танып,

– Япырмау, бұл қалай? – деп, аң-таң қалды.

Бұрылды қараша үйге Алдар көсе,
Сұлу қыз шығып тұр ед бір жарамды.
Алдекең үйге кіріп отырған соң
Ақ Айша бастан-аяқ көзін салды.

Алдар: – Амансың ба, қыз бала?
Айша: – Есенбісің, бозбала?
Алдар: – Әкең қайда, қыз бала?
Айша: – Әкем тонын киіп, тойға кетті.

Алдар: – Қарным ашып келеді, тамағың болса, бер.
Айша: – Бір тамағым бар, тәтті, тәтті де болса, ащы.
Бір тамағым бар, ащы, ащы да болса, тәтті.
Қайсысын берейін?

Алдар: – Тәтті тамағыңды бер.

Айша бір табақ ұн әкеліп, алдына қояды. Алдар ұнды қызға қайтып беріп: «Ащы тамағыңды берші», – деді.

Айша бір табақ тұз алып кеп, алдына қояды.

Алдар түсінді, қыз ақылды қыз екен, тұзсыз тамақ тәтті болғанымен, дәмсіз, тұзды тамақ ащы болғанымен, дәмді дегені ғой деп ұғынды.

Айшаға тамсана қарап:

– Қыз бала, шашың әдемі екен, оны қалай өсірдің? – деді.

Айша:

– Әкемнің қаладан әкеліп берген алты мысқал ақ дәрісі бар, ыстық суға езіп, бір жаққанымда бір қарыс өседі.

Алдар қибыжықтап, сұрағысы келіп отырғанын Айша сезді де, паңдана түсті, сыр бермеді.

Алдар:

– Ол қандай дәрі екен, көрсетші?

Айша:

– Ол тамыр дәрінің майы, оны көрінген кісіге көрсетуге болмайды. Мен оны жаққанда тоты құстың қауырсынымен ғана ептеп жағам, байқаусызда алақаныма тиіп кетсе, тиген жеріне қап-қара шаш өсіреді.

Өмірі алдаумен өткен Алдар көсе тап осы жерде өзі де бір алданды. Айшаға қиылып:

– Қарағым, қарындасым, осы дәрің маған бір керекті дәрі екен. Бір мысқалын маған өлшеп бер, тиісті хақын төлейін, – деп, қиылып, өтініш салды.

Айша:

– Бір мысқалы елу ділдә тұрады, бұл өте қымбат дәрі, табылмайды. Әкем ауған жұртынан келген бір ғұлама тәуіптен ғана алыпты.

Алдар:

– Қарағым, мен бір сорлап жүрген адаммын, жасым елуге келді, бет-аузымда еркек нышанынан ырымға қылтанақ жоқ, нан салған шанаштай жалтырайды да тұрады. Я әйел, я еркек сыйпатым жоқ. Бір арманым-ақ сақал, мұрт болып жүр, – деп, басындағы кемшілігін қалдырмай айтып, өтіне берді.

Айша:

– Болмас, бір мысқалын берейін, ділдәң санап бере ғой, – дейді.

Алдар:

– Менде ділдә жоқ, елу ділдәң үшін мына үстімдегі алтын тонымды берейін.

Айша:

– Ол аздық етеді, – деп, теріс қарап, миық тартты (жымиып күлді).

Алдар:

– Ендеше мына белімдегі күміс кемерімді қоса берейін.

Айша саудаға келісіп, жүн бояйтын ашудасты сандықшасының түбінен іздеп тауып, алып, еппен ұстап, бір мысқал шамасын қағазға орап берді. Алдар ризашылықпен алтын тон мен күміс кемерді (белбеу) шешіп беріп, қош айтып кетті. Айша Алдардан амалын асырып, әкесінен алдап алған алтын тонға Алдардың күміс белбеуін қосып алып қалды.

78. АЛДАР КӨСЕ МЕН ҚУ БАЛА

Күндерде бір күні Алдар көсе деген алдауыш бар, ешкім оны жеңе алмайды деген хабарды естіп, сол кезде аты шыққан Қу бала деген бала іздеп шығады. Қу бала, ақырында, Алдар көсені іздеп табады. Екеуі амандасып, көріседі. Алдар көсе баланың жөнін сұрайды. Қу бала:

– Алдар көсе деген сіз боласыз ба, мен жолдас болайын деп келдім, – дейді.

Алдар көсе:

– Маған жолдас болсаң, әуелі бастан бір сомға бір қой алып кел, – деп, Қу балаға бір сом береді. Бала бір сомды алып, жүгірумен қыр астындағы қойшы қартқа келеді. Қартқа амандасқан соң, қарт баланың жұмысын сұрайды. Қу бала:

– Ата, маған бір лағыңды сат, – дейді. Қарт:

– Бір сомға ал, – дейді. Қу бала лақты алып шығып, аз жүреді де, кері барып, қартқа:

– Ата, лағым да саған кетсін, бір сомым да саған кетсін, маған бір тоқты бер, – дейді.

Қарт:

– Ала ғой, шырағым, – дейді. Бала тоқтыны алып шығып, аз жүреді де, кері барып, қартқа:

– Ата, лағым да саған кетсін, бір сомым да саған кетсін, тоқтым да саған кетсін, маған бір қой бере ғой, – дейді. Оқымаған, сан білмейтін шал өзінше бұның бәрі көп сықылды көрінген соң:

– Жарайды, бір қой ала ғой, – дейді.

Қу бала бір қойды алып, Алдар көсеге келеді. Алдар көсе:

– Жарайсың, маған жолдас болсаң, бола аларсың, – дейді.

Бұл екеуі көп уақыт жолдас болып, түрлі қызықтарды бастарынан кешірген екен дейді. Күндерде бір күні Қу бала еліне қайтпақ болып айырылысады. Бірақ Қу баланың азғана заты (ақшасы) Алдар көсеге ауысып кетеді. Біраз уақыттан кейін Қу бала келіп, алып кететін болады. Күндер артынан күндер, айлар артынан айлар өткен соң Қу баланың да келетін келісімді күні болып қалады. Бүгін Қу бала келеді деген күні Алдар көсе «ауырып», «өледі». Қу бала да келісімді күні Алдардың үйіне келіп жетеді. Қу бала Алдардың үйіне кірсе, бұрышта бүркеніп, бұғып отырған Алдардың әйелін көреді.

Қу бала:

– Жеңешеке, есен-амансыңдар ма? Көсекем сау ма, үйде ме? – деп сұрайды. Алдар көсенің әйелі жыламсырап:

– Көсекем, бүгін дүниеден қайтты, молаға апарылған жоқ, – дейді.

Қу бала Көсекемді өз қолыммен қоямын, менің жан жолдасым еді деп, өтірік жылай түседі де, сол маңдағы елден төрт-бес қарттарды жинап, Алдар көсені арулауға кіріседі. Қу бала Алдардың денесіне ыссы суды батыра құйып та жібереді. Тәбітке Алдар көсені салып, бетін ақ шүберекпен жауып, бірнеше кісі болып көтеріп, молаға әкеледі. Ол кезде мола үй сияқты салынған, төбесі жабылған, есігі, терезелері [бар] екен дейді. Өліктерді тәбітімен апарып, жарға қатарластыра сүйеп қояды екен дейді. Қу бала, оның қасындағылар Алдар көсені де тәбітімен жарға сүйеп қояды. Келгендер «өлікті» қойып, үйлеріне қайтып жатқанда, Қу бала:

– Өзім Көсекемді жайғастырып барам, – деп, мола ішінде қалады.

Қу бала Алдардың өтірік өлгенін біліп, бір басқа табыттың артына жасырынып отырады. Сол кезде моланың ішіне түстері қашқан алты адам дүниелерді арқалап кіреді. Олар ұрылар екен, алған ұрлық заттарын өзара бөлісе бастайды. Бөлісте ұрылардың орталарында бір қылыш артық қалады. Алтауы «Бұны қалай бөлісеміз?» – деп кеңеседі. Біреуі ортасына шығып:

– Кімде-кім қылышпен мына өліктердің біреуін шауып түсіреді, қылышты сол алсын, – дейді. Шетте отырған батырсынған біреуі қылышты қолына алып, бір өлікке жақындап барады. Қалғандары:

– Жас өлікті тап, қылыш өтеді, ескі өлікке қылыш өтпес, – дейді. Қолындағы қылышы бар ұры өліктерді байқай келгенде, жас өлік – Алдар көсенің тәбітіне (гроб) келеді. Енді қылышын көтеріп, шабайын деп жатқанда, Алдар көсе қысылып кетіп:

– Оһ.., аһ... аһ... – деп, бақырып жібереді. Үрейі ұшып жүрген ұрылар зәресі ұшып, ұрлық заттарының бәрін тастай, моладан шыға қашады.

Алдар көсе де жалма-жан бетіне жапқан ақ шүберекті алып тастап, ұрылардан қалған заттардың шетінен ұстай бергенде:

– Көсеке, тіріліп те үлгердің бе? – деп, Қу бала да заттардың бір шетінен ұстай кетеді.

Кеткен ұрылар қарасын да көрсетпестен кетеді. Алдар көсе мен Қу бала ұрылар қалдырған заттарды бөліседі. Бөлісте Қу бала да Алдар көседен алажағын алып, қош айтысып, еліне келеді.

Сүйтіп, Алдар көсе де Қу баланы алдай алмаған екен дейді.

ІІ. КҮЛДІРГІ ЕРТЕГІЛЕР

79. ТАЗШАНЫҢ ҚЫРЫҚ ӨТІРІГІ

Ілгеріде бір патша өтіпті. Сол патшаның бас уәзірі өліп, соның орнына уалаятынан бас уәзірлікке ылайықты адам іздеп, һешбір адам таба алмапты. Ақыры, патша бір ойға түсіпті.

– Кімде–кім маған қырық ауыз өтірік әңгіме айтып берсе, ішіне бір ауыз ырас сөз қоспай, ал, сол адам ақымақ емес, ебін тауып, өтірік айтқан кісі жараса керек, – деп, осы пейілді түйіп, жұртына жар шақыртып айтыпты:

– Кімде–кім маған ішіне бір ауыз ырас сөз қоспай, қырық ауыз өтірік әңгіме айтып берсе, соны бас уәзір қылып һәм қызымды беремін. Егер де алдыма келіп, дұрыстап айта алмаса, басын аламын, – депті. Ханға кім уәзір болғысы келмейді? Кім ханның қызын алғысы келмейді? Көп адамдар келіп, өтірікті дұрыстап айта алмағандықтан басынан айырылды. Сол кезде ол уалаятта таз бала бар екен, ханның бұл жарлығын естіп, ханға уәзір болып, қызын алмақшы болып, қырық ауыз өтірік айтуға ханның қызына келіп, ханнан рұқсат сұрайды.

Хан балаға көңілі толмай:

– Қой, балам, жасың жас екен, басыңнан айырылып қаларсың, – деп, көп уақыт баланың өтірігін тыңдауға хош болмай тұрыпты. Ақыры, бала «Айтамын» деп, белсеніп қоймаған соң хан балаға «Айта бер» деп, рұқсат береді. Сондағы баланың айтқан өтірік әңгімесі мынау:

– Тақсыр! Атамның белінде екенмін де, анамның қарнында екенімде жасым он бестен он алтыға қарағанда атамның атасының атасының жылқысын бағып едім. Күндерде бір күн ыстық болған соң жылқымды суғарайын деп, көлге айдап барсам, тақсыр–ай, күннің ыстықтығы сонша қатты еді. Көлдің бетіне кісі бойы, қол сыйым мұз қатқан екен. Сонан жылқы сусап, шөлдеген соң суат оймақшы болып едім. Балталасам да, үймендесем де мұз ойылмады. Ақыры, кеңірдегімді үзіп жіберіп, басымды жұлып алып, мұзды қойып қалып едім, он мың жылқы су ішетін суат ойылды. Жылқымды суғарып болып, сол көлдегі мұзға шыққан көкорай шалғынға жылқымды жайып, жусатып тұрып, астымда бір асау байталым бар, құрығыма сүйеніп тұрып, түстеп түгімен емес, санап, санымен емес, жылқының ішінен бір ала биені жоқтадым. Әрі қарап, бері қарап, көп жылқының ішінде жоқтығына көңілім сынды. Һәм сол ала биені қарау харекетіне түстім. Құрығымды мұзға шаншып жіберіп, үстіне шығып, қарап едім, ала бие көрінбеді. Құрыққа пышағымды жалғап, шығып қарадым, онда да көрінбеді. Құрық пен пышаққа шылбырымды жалғап, оның үстіне шығып, қарап едім, онда да көрінбеді. Тілімнің астында бір тебен ине жүруші еді, шылбырымның үшіне сол инені шаншып, қарап едім, бие сонда да көрінбеді. Сөйтіп, дағдарып тұрғанымда шығып тұрған нәрселердің ең астында тұрған құрығым айтты:

– Ай, ақымақ! Төңірекке қарай бергенше, көзіңді жұмып, аспан жаққа да бір қарасайшы, – деді. Құрығымның айтуы бойынша, екі көзімді жұмып жіберіп, аспанға қарасам, Үркер жұлдыздың ар жағында, Шолпан жұлдыздың бер жағында ала бием оттап тұр екен. Соған баруға аяғымның астындағы көлге қынымды қайық қылып, пышағымды ескек қылып мініп, түсіп едім, зыр етіп, ала бие тұрған жайға бардым. Барсам, бием бір ағаштың бұтағына шығып, құлындап тұр екен. Алдыма ұстап алып, құлынын өңгеріп, суға түсіп едім, суға шым батып кеттім. Құлынға мініп, ала биені өңгеріп, суға түсіп едім, зыр етіп, баяғы жылқым жатқан жерге шыға келдім. Келсем, жылқым жусап жатыр екен, ішіне ала биемді де қосып, қоя бердім. Астымда атым, құрыққа сүйеніп, жылқының бір шетінде тұрғанда бір қоян қашып еді, азғана сөйлесейік деп, қоянды қасыма шақырып алып, алдап, ұстап алдым. Бауыздап, ер еңбегіне бір тояйын деп, қоянды сойып, асып жемекші болдым. Атымды бір қазыққа байлай салып, отқа жағуға тезек тердім. Терген тезегім бір етек болған уақытта қарасам, баяғы байлап қойған атым бір нәрседен үркіп бара жатыр екен. Тезекті жалма–жан төге салып, атыма барсам, атым бір аққу деген құсты сүйретіп, үркіп, тулап жүр екен. Банағы қазық деп, атымды байлағаным аққудың мойны екен. Сонан атым үркіп, тулаған екен. Атымды ажыратып, қайтып келіп, терген тезегімді алайын десем, пыр–пыр етіп, ұшып кетті. Тезек деп тергенім ылғи бөдене екен. Онан кейін алдап ұстап алған қоянымды сойып, етін бір бөлек, майын бір бөлек қылып, майын күйдірмекші болдым. Майын күйдірейін десем, тақсыр-ай, адамның соры қайнап кетсе, бүтін қазанға май тұрмайды екен ғой. Бүтін қазаннан май ағып кететін болған соң бір жыртық қазан тауып алып, соған қоянның бар майын ерітіп алдым. Қоянның семіздігі сонша екен, бір түйенің қарны, бір қойдың қарны, бір тышқан қарны лық толды. Онан кейін ер еңбегіне бір тойсын дегендей, қоянның аяғын асып жемек болғанымда, денемде басым жоқ екендігін жылқы суғарғанда [білдім], суат ойған жерде басым ұмыт қала берген екен. Дереу барып, басымды тауып алып, қоянның етін тойғанымша жеп, баяғы үш қарын маймен етігімді майлайын десем, бар майым бір етігімнің бір жұлығына ғана жетті. Екінші етігіме май жетпей қалды. Мұнан кейін біраз ұйықтап, дем алмақшы болдым. Мұздан төсек, қардан көрпе қылып, ыстық күнде жатып, ұйықтап кеткен екенмін, бір нәрселердің тарсылынан оянып кетсем, екі етігім ал кеп төбелесіп жатқан екен, май жетпей қалғаны майланғаныменен қызғаншақтық қылып, ұрыс–керіс болып, екеуі қанша жаман сөздерге барып, ақыры, төбелеске айналған екеуін екі етігіме арашашы болып, жанжалдарын басып, екеуін екі жағыма қойып, тағы да ұйықтап қалдым. Біраз мезгілден кейін ұйқым қанып, түрегелсем, май жақпаған етігім өкпелеп, мені тастап, араздасып, қашып кеткен екен. Онан екі аяғымды қалған жалғыз етігіме тығып алып, қашып кеткен етігімнің ізіне түсіп, іздеп, жүріп кеттім. Бірнеше күндер жол жүріп, өгіздің жаурынына қауын егіп отырған бір қарт кісінің үстінен шықтым. Ол кісіге сұрау салып жоғымды сұрап, біраз ғана дем алдым. Қауын еккен қария:

– Балам, арып–ашып шаршап келе жатыр екенсің, міне, бір қауынды сойып же, – деп, бір қауын кептіріп берді. «Бісмілдә» деп, қауынға жанымдағы кездігімді салып жібергенде кездігімнің басы қауынның ішіне түсіп кетіп, сабы қолымда қалды. Бұл пышақ жеті атамнан қалып келе жатқан пышақ еді, мұнан айрылғаным болмайды деп, пышақтың түскен жерінен қауынның ішіне өзім де түсіп кеттім. Бұрын жоғым – жалғыз етік еді, енді пышақпен екеу болды. Бірнеше күн қауынның [ішінде] кезіп жүріп, ішін[д]е неше сулардан өтіп, неше тауларға кез болып жүргенде қолында бір құрығы бар атты адам жолықты. Бір–бірімізден жол сұрасып тұрғанда мәлім болды, әлгі атты адам бір үйір қысырақ жоғалтып, соны іздеп жүрген екен. Біріміздің жоғымызды біріміз білмедік, ол адамнан айырылып келе жатсам, бір жерде ұлы жиын ас болып жатқан екен. Сол жиыннан жоқтарымды сұрайын деп келсем, баяғы өкпелеп, қашып кеткен етігім табақ тартқан бозбалалардың ішінде келген көпке табақ тартып жүрген екен. Бір уақытта маған көзі түсіп кетіп, екі қолындағы екі табақ май алып келіп, менің алдыма қоя салды да:

– Менен қызғанып, жақсы көрген етігіңе жаққан майың осы ма, же, – дегенде, тақсыр–ай, ұялғаннан жаман болады екен. Сондағы ұялғаным есімнен кетпейді, – дегенге, хан:

– Жарайды, балам, – деп, тазшаны бас уәзірлікке алып, қызын берген екен.

Өтірік пайда да емес, һәм зиян да,
Һеш сөз жоқ өтіріксіз бұл заманда
Өтірік ылғи айту жарамайды,
Болады айтса егер анда–санда.

80. ЖҮЗ АУЫЗ ӨТІРІК АЙТҚАН ТАЗША

Баяғыда бір хан болыпты. Ханның сұлу қызы бар екен. «Кімде-кім жүз ауыз өтірік айтса, қызымды беремін», – деп, хан жар салыпты. Талаптының бәрі де өтірік айтамын деп, одан-бұдан құрап айтса, не дәмін келтіре алмай, не жүзге толтыра алмай, ханға басын алдырта беріпті. Сонда бір сиыр баққан тазша бала ханға: «Мен жүз ауыз өтірік айтамын», – деп мәлімдепті. Хан:

– Айт, – деп лұқсат қылған соң тазша бастап кетіпті.

– Болмаған бозбала күнімде, тумаған ту атамның жылқысын бақтым. Атам арнап, ұрғашы ала тайға ен сап берді. Ала тайым ай жасап, жыл жүріп ала байтал болды. Байталымды айғырға қостым, буаз болды.

Бір күні желіні жетіп жүрген, ала бием бошалап кетіпті. Әкемнің Сары биігіне шығып, көздесем, көрінбейді. Көк дөненіме мініп, төбеге шықсам, көрінбейді. Атым үстіне құрығымды шаншып, шығып қарасам, көрінбейді. Құрығыма қамшымды шаншып, шығып қарасам, көрінбейді. Қамшыма пышағымды шаншып, шығып қарасам, көрінбейді. Бізіме тебенімді шаншып, шығып қарасам, алты дарияның ары жағында, бес дарияның бері жағында айға қарап, құлындап, күнге қарап, оттап тұр екен. Құлын биенің белінен бұлай бір аттап, бұлай бір аттап түседі. Құрығымды қайық қылып, әлгі дариялардан, «а» дегенше сыр етіп өте шығып, қасына жетіп бардым. Енесіне мініп, құлынды өңгеріп едім, көтере алмай, омақаса жығылды. Құлынды мініп, енесін өңгеріп алып, алты дарияны аттатып, бес дарияның бері жағына өте шықтым, – дегенде, хан:

– Ой, ол дария деп, дардай қып отырғаның шұқанаққа жаңбырдан іркілген шалшық-малшық-дағы, – депті.

Тазша:

– Шалшық-малшық емес екенін содан байқаңыз, бері жағынан ертемен ұшқан тұрымтай кешке аржағына әзер шығып қонды.

Хан:

– Ой, оның тұрымтай емес, қанаты жетілмеген балапан-салапан-дағы, – [депті].

Тазша:

– Балапан-салапан емес екенін содан біліңіз, тұғырға байлағанымызда, томағасы тоғыз қанат үйдің шаңырағынан асып тұрды.

Хан:

– Ой, оның үй емес, балалардың ойын-күркешігі де, – [депті].

Тазша:

– Күркешік-мүркешік емес екенін содан байқаңыз, есігінен өкірген өгіздің дауысы төріне естілмеді.

Хан:

– Ой, оның бір тайынша қашқанның бұзау-мұзауы да.

Тазша:

– Оның бұзау-мұзау емес екенін сонан біліңіз, бір сонарда алпыс кісі мінгесіп жүріп, кісі басы алпыс алтыдан қоян соғып алдық.

Сонда хан:

– Ой, өгізің құрысын, бағанағы биені өңгеріп, құлынмен қайда кеттің? – депті.

Тазша:

– Дариядан өтіп келе жатсам, өспеген қоян өре қашты. Тебеніммен түйреп ұрып, инеммен екі салып, біреуін соғып қалдым. Пісіріп жейін деп, бір етек тезек теріп әкелсем, барлығы да бөдене екен. Ұйықтап ши түбінде жатқанда, теріп ала беріппін, теріп ала беріппін. Әкеліп төге салғанда, ұшты [да] кетті, ұшты [да] кетті. Қайта барып, шын тезек теріп әкеліп, қоянымды қақтап жеп, майын етігіме жағып, биемді бір қазыққа байлап жатсам, ұйықтап қалыппын. Бір мезетте жау шапқандай тарс-тұрс төбелес шығады. Шошып ояна келсем, аяқ жағыма тыққан екі етігім қызыл шеке болып, төбелесіп жатыр. Бір етігім біріне маған су жақты, саған май жақты, – дейді. Жанжалы – осы. Ұрыстың басының былжырамадан шыққанын білдім де, екеуін екі қойып, орны-орнына тығып қойдым. Тағы ұйықтап қалыппын. Таң қылаңда тұре келсем, май жаққан етігім жатыр, су жаққан етігім өкпелеп, қашып кетіпті.

Шіркін, қанша ұзады дейсің деген оймен сыңар аяқ аяқтап, ізімен қуып кеттім. Бием қазыққа байлаулы қала берді. Желе-жортып жеті күн қуыппын. Ең аяғында, етігімнің ізі шармайақ шырдың үлкеніне соғып, адастырды да кетті. Не болса да, осы елден жөнін сұрайын деп, жақын жердегі бір ауылға келсем, шыбын-шіркейдің ұрулы ел[і] екен. Атақты бір адамы қаза болып, қасқа шыбын сойып, ас беріп жатқан екен. Сұрастырсам, қашқан етігім сол аста табақшы болып, табақ тартып жүр екен. Көрінген жерден көзімді алартып едім, қорыққанынан қос табақ, сасқанынан сан табақ әкеп, тартты. Етті жеп, етігімді екі құлағынан тартып, тебіне киіп, қайтып келе жатсам, бағанағы еттің тұзы ащы болып, қатты шөлдеп кеткенім. Күн ми қайнаған ыстық. Су ішейін деп, құдыққа барсам, құдықтың суы қатып қалыпты. Балталасам, ойылмайды. Теселесем, ойылмайды. Тепкілесем, болмайды. Шекеммен ақырын ғана нұқып қалып едім, мұз ойылып кетіп, мөлдір суы көріне кетті. Ішіп, жұтып, қанып алып, қайтып, ауылға келе жатсам, жолдағылар:

– Жаным-ау, жарты бас қашан болғансың, шекең жартысы қайда? – деп күліседі.

Бұлар не айтады деп, сипап қарасам, шекемнің жартысы бағанағы мұз ойған құдықта қалып қойған екен. Қайта жүгіріп келсем, шекемнің шарасына алпыс үйрек ұялап, қырық қаз жұмыртқалап қалған екен. Барлығын үркітіп жіберіп, шекемді орнына орнатып, биеме қайтып келе жатсам, алдымнан алпыс құмырсқа: «Ауылға жүріп, түстеніп кетіңіз», – деп, жік-жапар болып, болмағаны. Қабырғама кеңесіп едім, үйі-түзін көре кетейік дегендей қылған соң, құмырсқаның аулына келдім. Төмендегі үйдің төрінен, тоғыз бөлмелі үйдің көрінен орын беріп отырғызды. Үй иесі: «Мына кісіге бураның санын бұзып, қазанға сал!» – дегеніне, – бұл шіркіндердің бурасы қайсы деп отырсам, шегірткенің сүрлеген саны екен. Алдыма әкеліп қойғанда, қара кездікпен жамбасты қайшылай турағанымда, қайқайма табақ ет шықты. Артылғанын асатып, қалғанын қатын-баласына беріп, қайтып келе жатсам, жанбасымнан жанжал шықты.

– Бұл не? – деп, құлағымды салсам, қыным мен пышағым күңкілдесіп, ұрысып келеді екен. Қын пышаққа:

– Ішіп-жеп аласың да, ішіме жатып аласың, – дейді. Пышақ:

– Тұмсығымды томағалап, танауымды пышылдатып, ішкен-жегенімді мұрнымнан шығарып келесің ғой, – дейді. Ұрысы – осы. Мұртымнан мырс етіп күліп, жүре бердім. Бияда – бес күн, жаяу жалғыз баяғы бие байлаған жерге келсем, бие байлаған қазығым шоңқайған қасқырдың мойыны екен, құлынымен қоса бір жапырағын қалдырмай, жеп кетіпті.

Осымен тамам, жүз ауыз болды, хан-еке, – депті тазша.
Хан сонда тазшаны арқаға қағып, қызын қосыпты.

81. ҚЫРЫҚ БІР ӨТІРІК

Патшаның қызы он жетіге келген соң патша жұртқа былайша жариялайды:

– Менің өзіме құрастырып, қырық бір өтірік айтқан адамға қызымды текке берем, егер өтірікті айтқан адам қырық бірге жеткізе алмаса, басын кесем, – деді.

Ауыл-ауылдан сөзге шешенсініп жүрген жігіттердің талайы келіп, қырық бір өтірікке жеткізе алмай, біразының басы босқа кесіліп кетті. Патшаның сиырларын бағып жүретін Айдар деген киқуат бар еді. Айдардың басынан күн өтіп, шыбынмен арпалысып жүрген кезі еді. Жазғы шілденің шыжылдаған кезі еді. Айдар мына шілденің шыбынына таланып жүріп өлгенімше патшаның барып, айт деген өтірігін айтып берейін, қызын уәдесінде тұрса, берер, бермеген күнде осы мал бағудан құтқарар, өтірікті айта алмасам, бұл сықылды қорлықтан көрі өлгенімнің өзі де артық қой, – дейді де, таяқты лақтырып жіберіп, ордаға қарай жүре берді. Салып ұрып, патшаның ордасына келді. Патшаның есігіндегі жігіттерінен рұқсат сұрап, Нарунның алдына енді.

– Ассалаймағалейкум, ханым, тақсыр, сіз қырық бір өтірікті айтқан адамға қызымды берем деген екенсіз, сол сөзді есітіп, мен де тақымым тырысқасын келген едім, – депті.

– Бірақ шартты білесің ғой, қырық бірге жеткізе алмасаң, өлтірем, – деді.

– Жеткізе алмасам, өлтіруіңе құлмын, – деді.

– Е, жарайды, айт.

– Жалғыз буаз бием бар еді. Буаз болғанына биыл жеті жыл болған еді, толғатқанына тоғыз ай болды, құлынының басы шығып жүргеніне алты ай толды, сол бием осы бүгін түнде босанып кетіпті. Ары-бері жүгіріп, түнде таба алмадым. Таңертеңмен тұрып, биені іздедім. Іздей-іздей, аяғым сарсылып ауырды, кеш болған соң бір жартастың баурайына жабысқан дарақтың тамырына /ындысына/ сегіз қанат ақ отауға жолықтым. Отаудың ішінде бойы бір қарыс, сақалы мың қарыс бір шал мен бойы елу кез, ені де елу кез бір қыз отыр екен. Биемді солардан сұрадым. Шал айтты:

– Мына судың ар жағына өтіп кеткен шығар, осы үйдің төбесіне шығып, қарай ғой, – деді.

– Үйдің сыртына шығып, шаңыраққа қарай секіріп едім, шаңырақтың дәл төбесіне дік етіп түстім. Былай-былай төңірекке қарап едім, бие көрінбейді, шаңырақтың тесігінен өтіп тұрған уықтың қаламынан ақырын ұстап, тартып едім, уық бауын салаңдатып, шаңырақтың тесігінен сопаң еткізіп, суырып алдым. Шаңырақтың төбесіне уықты қойып, уықтың басына қалпағымды алшысынан қойып, қалпақтың үстіне ырғып шығып, қарасам, бием судың ар жағына өтіп, туған екен. Құлыны екеуі жайылып жүрген екен. Тағы уықтан шаңырақтың үстіне секіріп түстім. Шаңырақтың төбесінде тұрып, қаламынан ұстап, шаңырақтың тесігінен уықты тығып жіберіп едім, бұрынғы орнына сарт етіп, тұра қалды. Сол жерде тұрып, уық бауды керегенің басына байлап, қайтып жерге түстім. Сол күні кешкеқұрым сол үйге қонақ болдым. Ертеңіне таңертеңмен тұрдым да, манағы көрген судың қасына барып, саныма асулы пышағымды алдым да, пышаққа мініп, қынымды есіп-есіп жіберіп едім, атасы /заты/ темір емес пе, суға батып кеттім. Қайтып шығып, қынға мініп, пышағымды есіп-есіп жіберіп едім, атасы /заты/ көн емес пе, судың ар жағына сыр етіп, өте шықтым.

– Биемнің қасына барып қарасам, көзі шегір, өзі қасқа (төбел) ала аяқ еркек құлын туған екен. Жануардың маңдайына тәу етіп, биемді жетелеп, манағы суға келіп, биені мініп, құлынды өңгеріп, суға биені «Шу» деп едім, заты әйел емес пе, суға батып кеттім. Қайтып шығып, құлыныма мініп, биені өңгеріп, «Шу» деп едім, заты еркек емес пе, судан сыр етіп, ар жағына өте шықтым.

Судан өтіп келе жатсам, қанатына оқ тиген қаз даусын есіттім. Биені міне салып, бүйрегінен жанасып, Ора төбенің баурайына қабаттаса келіп, қолымда ешқандай құрал болмаған соң аяғымның біреуін жұлып алып, лақтырып жіберіп едім, қаздың тірсегіне сарт етіп тиді де, аяғым Ора төбеден асып кетті. Биемен жорта түсіп, теңкиіп жатқан қазға келіп едім, артта келе жатқан құлыным кісіней келіп, омақаса құлап жатқан қазды көлденең тістеп алды да, ердің қасына әкеліп берді. Сосын мен қанжығама тірсегінен тесіп, байлап алдым. Қазды салаңдатып, Ора төбеден асып кеткен аяғымды іздей бастадым. Ора төбенің төскейіндегі құм арықтың ернеуінде жатыр екен. Аяғымды алып, орнына қондырып алдым. Сосын қарным ашты. Төңірекке қарасам, көз үшінде туырлығы желпілдеп, маңдайшасы селкілдеп тұрған ақ отауды көзім шалды. Отауға келіп:

– Сөйлес, – деп едім, қарны қабақтай, беті табақтай, өмірінде жарық көрмеген адам сияқты өзі қара, көзі көк, орта бойлы, аш жүзді, зеңірейген қара кемпір:

– Сөйлей тұр, – деп, шыға келді.

– Армаңыз, малы-басың аман ба? – деп менен сұрады.

– Өзіңіздің деніңіз сау ма? – деп амандастым. Амандасып болғасын сіздің қазан-аяқтарыңызбен осы арада кішкентай тамақ істеп алуға бола ма? – деп сұрап едім.

– Не болмасын, болады, – деп, он екі құлақты қара қазанның қасына барып, «Иә, пірім» деп, көтеріп еді, екі құлағы жұлынып кетті. Көтеремінмен он екі құлағынан да айрылды. Соның ернеуінен өзіне икемдеп тартып, зордан босағаға әкелді. Өзім биеден секіріп түсіп, қазанның ішіне екі аяқпен екі қасық, бірнеше шелек су құйып, үйден оңашалау жерге барып, манағы ұрып алған қазды пісіру әрекетіне түстім. Қазанға салып қайнатып, шамалыдан соң пісіп, даяр болды. Бір өзім қарлығып, жей алмадым. Төңірекке қарасам, төскейді қаптап келе жатқан топ адамды көзім шалды.

Адамдар жақындаған соң қалпағымды қолыма алып, бұлғалақтап едім, барлығы маған қарай қайрылды. Қасыма келген соң аттан түсіріп алдым да, жай-түрін сұрап едім, тойға бара жатқан адамдар екен. Тамақтағы қаздың етін алдарына қойдым. Барлығы жеп, тауыса алмады. Олардан он екі шелек май артылып қалды. Меймандар көп рақмет айтып, тойға қарай жүріп кетті. Қалған екі шелек маймен етігімді майлап едім, етігімнің біреуінің жұлығына дейін майладым-ау, екіншісіне жетпей қалды. Сол уақытта намаз әсір болған екен, сол күні далада түнедім. Түнімен аяғымдағы екі етігім бір-бірімен ұрысып жатты. Ұрыса берген соң май жетпеген етігімді шешіп алдым да, басыма жастанып жатсам, ұйықтап қалыппын. Таң алагеуімнен тұрып, бас жағыма қарасам, етігім бір жаққа лағып кетіп қалыпты. Төңірегімде боз қалың еді, ары-бері қарап, таба алмадым. Аңқам кеуіп, сусап барамын, сосын төңірегіме көз салсам, ешқандай су табылатын түрі жоқ. Басымды қолыма алып, жерге бір ұрып едім, бұрқ етіп, су шыға келді. Өзім де, құлын мен бием де суға әбден қанып алдым. Биені мініп, аяңдап, бір жотаның басына шықтым, төңірекке көз салып едім, көз ұшында құжырлаған адамдарды көзім шалды. Жорта түсіп, сол жерге бардым. Жиынның түрі – той болып жатқан сияқты, бір малшыны шақырып алып, бұл қандай жиын деп сұрап едім:

– Бұл жерде Қасымқажы ұлын сүндеттетіп еді, соған жұртқа той беріп жатыр, – деп, жай-күйін түсіндіріп айтты.

– Тойханаға барсам, жұрттың барлығы маған қарап, «Мына басы жоқ адамды қара», – деп, бір-біріне мені көрсетіп жатыр. Басымды ұстап қарасам, басым жоқ. Манағы су ішкен жерде қалып кетіпті. Су ішкен жерге қарай тұра шаптым, барып қарасам, басым теңкиіп жатыр екен. Алып, басымды жалғастырып алдым.

Қайтып тойханаға барсам, етігім тойға келген адамдарға табақ тартып жүр. Көрдім де, биеден секіріп түсіп, байладым да, бір үйге барып, отыра кеттім. Етігім мені көріп, сасқанынан сан табақ, қорыққанынан қос табақ әкеліп, алдыма қойды. Әкелген асты жеп алып, жұрт көкпарға бара жатыр екен, мен де солармен ілесіп, аяңдап көкбарға бардым. Жұрт шуласып:

– Асыр тақымға! Аш белінен бас! Қолың бар ма? А, тарт! Тарт! – деп, шулап жатыр екен.

– Мен де жалма-жан биенің ер-әбзелін құлынға ұрып, додаға құлынды омыраулатып, дода болып жатқан көкбардың тірсегіне қолым тиді. Ұмтыла түсіп, жақындап едім, көкбар маған көлденең келіп, аш белінен тақымға басып алдым. Айқайлап, аттың сауырынына сегіз өрмек қамшыны екі ұрып едім, доданы қақ жарып, ауылға қарай ала қаштым. Артымнан шабандоздар жабыла қуды, жеткізбей-ақ келе жатыр едім, астымдағы жануар омақаса құлап, артымдағы адамдар келіп қалды да, мені біраз қамшының астына алып, сабап, басымның быт-шытын шығарып еді, сонан әлі басым жазылмай келеді.

Міні, тақсыр, осымен елу алты өтірік болды.

82. ҚАЙНЫМА ҚАРҒА МІНІП, ҰРЫН БАРДЫМ

Қайныма қарға мініп, ұрын бардым,
Күйеуден өзім қатар бұрын бардым.
Айғырын шегірткенің ұстап мініп,
Алдында қайын атамның қырындадым.

Жүк артып инелікке ерте көштім,
Шүйкелеп сары майдан арқан естім.
Мұртына шегірткенің ат арқандап,
Дегенде өлдім-талдым әрең шештім.

Міндім де осырақ қоңыз аяңдадым,
Бүлдіртіп аяңымен қоян алдым.
Япырым, сол қоянның семізін-ай,
Көтеріп қоңызыма қоя алмадым.

Міндім де жасыл қоңыз сона қудым,
Басынан мұнар төбе сағым будым.
Дәулеттің Құдай берген арқасында,
Қанменен көйлегімнің кірін жудым.

Үш жаста мергеншілік кесіп қылдым,
Ши оқпен мың құланды атып, қырдым,
Ауынан өрмекшінің кілем тоқып,
Ұялмай, жүз тұсақтан сатып тұрдым.

Балықтың қабыршағын отқа жақтым,
Өтірік өлең айтып, жұртқа жақтым.
Бір сонам асыранды қашып кетіп,
Мекеден он жыл іздеп, азар таптым.

Ақылдан ержеткен соң болдым жарым,
Бір суыр мал дегенде қолда барым.
Қатыным тел қоянды жаздай сауып,
Түйреді сары майды екі қарын.

Беріпті бақа қызын көбелекке,
Жүріпті қара шыбын жеңгелікке.
Бір туын құмырсқаның ұстап сойып,
Той қылып, ат шаптырып төңірекке.

Міндім де осырақ қоңыз сона қудым,
Үш жұма, үш ай жүріп, қона қудым.
Қумасқа белді байлап тұрып едім,
Дегенге жеңгем жерік бола қудым.

Бай болдым, төрт түлікке тумай жатып,
Бабама қалың бердім бәрін сатып.
Білімін мал жиюдың ерте біліп,
Сондықтан кедейлікке қалдым батып.

Байлықтан ыза шектім ақырында,
Бір түйір мал болмады жақынымда.
Малымның бәрін жинап отқа жағып,
Отырмын кедейліктің тақырында.

Қамыстан жылқы ұстауға құрақ қылдым,
Жусаннан үйге тіреу сырық қылдым.
Бір талын сақалымның кесіп алып,
Көшкенде мал айдайтын шыбық қылдым.

Жиынға салтанатқа кидім құрым,
Қытықтап, зорға айтқыздым ханның сырын.
Келгенде қалыңдығым сексен төртке
Қайныма бес жасымда бардым ұрын.

Жүз салған қорғасыннан қара балтам,
Шықпады он матадан сыңар қалтам.
Дәулеттің Құдай берген арқасында,
Көшкенде жүз түлкіге жүгімді артам.

Айдадым жылқы қылып отыз түлкі,
Борсықты ұстап мінсең, аттың мүлкі.
Ішінде топ адамның тулап жығып,
Қылдың-ау, ойбай, қарсақ, жұртқа күлкі!

Арасын жырып қостым, Сыр, Қуаңның,
Мақсұтым елін билеу бес дуанның.
Екі жүз құнан қойым егіз туып,
Осыған нанар болсаң, көп қуандым.

Мен көрдім қара шіркей бала қаздай,
Жүк арттым бес қарсаққа ала жаздай.
Түлкісін қырдың қызыл жайлаймын деп,
Қан түсіп, аяғына өле жаздай.

Тамырға өтірікті қап-қап бердім,
Найзасын нар қамысқа саптап бердім.
Жүйрігін тасбақаның ұстап мініп,
Түлкіге төсте қашқан тап-тап бердім.

Басынан Қап тауының қора қылдым,
Бітер деп бес мың жылқы жора қылдым.
Топан суы тау басына дамыл бермей,
Қылмасқа енді қора тоба қылдым.

Баласы қасқа айғырдың бөлтірікті,
Айтпаймын өлтірсең де өтірікті.
Мың кісі бір тышқанға мінгескенде,
Апырмай, бәрін тулап өлтіріпті.

Мен өзім кішкенеден қарға бақтым,
Қашырмай, сол қарғаны зорға бақтым.
Біреуі жануардың үздік шығып,
Мойнына ақ киізден тұмар тақтым.

Басында керегенің үрген қарын
Көтердім балуандықпен соның бәрін.
Түйеге түстеп барып қойғанымда,
Мертікті көтере алмай қара нарым.

Мизамның сілемейін желі қылдым,
Шымшықтың жұмыртқасын келі қылдым.
Қамыстан сегіз қанат үй істедім,
Жонынан кесірткенің көгін тілдім.

Шымшықтың шылым шектім бақайынан,
Қоянның атым үрікті топайынан
Тазыңның ақыл артық, ойы жетік
Көртышқан етік қылдым шоқайынан.

Басына бәйтеректің тіктім орда,
Көкорай шалғын екен қорда-қорда.
Қос атпен күні-түні бірдей қуып,
Қашаған бір битімді тұттым зорға.

Мен өзім өтіріктен пайда еткенмін,
Биялай, бит терісін қалта еткенмін.
Етіне бір шіркейдің қазан толмай,
Соймасқа қайтып шіркей ант еткенмін.

Мыс егіп, көбік қарға алтын ордым,
Ізіне ап жыланның қақпан құрдым.
Шегірткем мініп жүрген тулап еді,
Жалғыз тал, қыл қамшыммен өлгенше ұрдым.

Түгестім саптыаяқпен Сырдың суын,
Он нарға артып жүрмін қыздың буын.
Еншіге әкем берген мың қоянның
Соғымға қырып алдым барлық туын.

Тілімнің келмейді ебі өтірікке,
Тақсыр-ау! Осыным да өтірік пе?
Қырық байтал қалың малға санап алып,
Қыз бердім отау тігіп кекілікке.

Биені қымыз іштім, мұзға байлап,
Тышқанды жауыр қылдым үш жыл жайлап.
Қырық тоғыз мүшелімде әкем туып,
Жүгірдім қуанғаннан алақайлап.

Отыным жазғы жаққан мұздан болды,
Салымым сексендегі қыздан болды.
Былтырғы жерошаққа жаққан отым,
Тұтанып, зорға биыл қызған болды.

Сауысқан алып ұшты бөлтірікті
Айтпаймын қыз берсең де өтірікті.
Шіркіннің тепкісінің қаттысын-ай,
Бір қызды шыбын теуіп өлтіріпті.

Шаянның шаңырақтай омыртқасы
Көнектей көлбақаның жұмыртқасы
Болмаған енді өтірік несі қалды?
Түбінен жау қияқтың ердің қасы.

Жонынан атжалманның айыл алдым
Үш жөргем ішін жарып, майын алдым.
Ізіне аттың басқан қақ тұрыпты,
Қырық құлаш қармақ салып, жайын алдым.

Қошқардың қағанақтан күйегі бар,
Шідердің мұздан жонған тиегі бар.
Тақсыр-ау, осыған да нанбаймысың?
Қырық арба бір қаншырдың сүйегі бар.

Шымшықтың шылым шектім қу басынан
Атжалман арқан естім шудасынан
Қырық қарға, отыз сона құда түсіп,
Инелік киіт киді құдасынан.

Серік болып құрқылтаймен қылдым сауда
Айналды серіктіктің арты дауға.
Борсыққа жарап жүрген міне шауып,
Ұрандап бір бүйірден тидім жауға.

Дарияға тоған бастым ебелектен
Жаратып қасқыр қудым көбелекпен.
Жығылып, жас кенеден мойны үзіліп
Бір кемпір «а» дегенше өле кеткен.

Аспанға алты жерден тіреу қойдым
Бұрышына қатынымды кіреу қойдым.
Жүрегін құрқылтайдың төрт бөліп жеп,
Нансаңыз, өмірімде бір-ақ тойдым.

Сауысқан әбден асты аққуды іліп,
Елімді қызғыш шауып салды бүлік.
Қақалып кеше кешке жеген етке
Қолқамда бес жыл тұрды кәрі жілік.

Күмістен ақ тышқанға таға қылдым
Құйрығын көр тышқанның жаға қылдым.
Терісін сар масаның теспей сорып,
Жиынға он бес қарын саба қылдым.

Жабылып, тоғыз жігіт көтере алмай,
Қылмасқа ондай саба тәуба қылдым.

83. ӨТІРІК ӨЛЕҢ АЙТТЫМ ДА,

ЖҰРТҚА ЖАҚТЫМ

Өтірік өлең айттым да, жұртқа жақтым,
Құмырсқаны қайырып, қойдай бақтым.
Ел қыдырған кешегі есер кезде
Бөгелектің басына тана тақтым.

Бір қоянды міндім де, аспанға ұштым,
Екпініне шыдамай жерге түстім.
Алты күндей ақ боран соғып еді,
Жалғыз қурай ығына ас қылып іштім.

Дүниенің ауыры үрген қарын,
Жалғыз өзім көтердім соның бәрін.
Атандарға үш төстен артып едім,
Көтере алмай жығылды атандарым.

Дүниенің ауыры үрген қуық
Жалғыз өзім көтердім аузым буып.
Үлкеніне сіркенің арба салдым
Ондай мықты көрмедім өзім туып.

Бес қарсақты күнінде баса міндім,
Жүргізе алмай шіркінді азар міндім.
Екі сымбал үстіне теңдеп алып,
Қара жолдың үстінде борт-борт желдім.

Үлкеніне сіркенің арба салдым,
Басқа-көзге төпелеп, зорға салдым.
Мені мықты дегенге жұрт нанбайды
Қойдай битті көтеріп, отқа салдым.

Өтірік өлең айтамын өр басынан
Арқан естім бозторғай шудасынан.
Алты инелік, бес торғай той қылыпты,
Киіт кидік солардың құдасынан.

Өтірік өлең айтамын өр басынан
Шылым қылдым шыбыштың қу басынан
Қара шіркей етіне қазан толып,
Астау-астау ет жедік ер басынан.

Маса деген бірталай бақыр екен,
Сона деген имансыз кәпір екен.
Бөгелектің үйіне еніп барсам,
Әкесіне ас беріп жатыр екен.

Бөгелектің терісі – ер-тұрманым,
Қоян мініп, мен өзім жау қуамын.
Шегірткенің айғырын ұстап, мініп,
Тұра қашқан түлкіні бұлтартпаймын.

Көлбақаның көнектей сүйегі бар
Көртышқанның қырық құлаш үйегі бар.
Өзім барып, жерінен алып келдім,
Бір түлкінің қырық арба сүйегі бар.

Өтірік өлең айтайын өрдің басы
Жау қияқтың түбінен ердің қасы.
Өзім барып, жұлмалап алып келдім,
Бір түлкінің қырық арба омыртқасы.

84. ӨТІРІК ӨЛЕҢДЕР

Айттым да, өтірік өлең жұртқа жақтым,
Қой қылып құмырсқаны жаздай бақтым.
Айғырын шегірткенің ұстап мініп,
Қой тастан адыр-адыр түлкі қақтым.

Мен өзім жас күнімде тырна бақтым,
Тырнамды семірсін деп қырға бақтым.
Балықтың бас-аяғын түгендеуге,
Іледе итке мініп, үш жыл ақтым.

Мен өзім жас күнімде қарға бақтым,
Қарғаны семірсін деп жарға бақтым.
Мешін жылы ақсүйек үлкен жұт боп,
Арығына қарғаның жабу жаптым.

Мен өзім жас күнімде қарға бақтым,
Арықтап әр қарғама жабу жаптым.
Желді күні жетеуі желдеп кетіп,
Бақанастың түбінен әрең таптым.

Қарға жеріп, ішпеді суын қақтың,
Суы қылды қашықтық Белбұлақтың.
Ақ өзектен инемен құдық қазып,
Күнде үш уақ қарғамды суға жаптым.

Шымшықтың шылым қылдым қу басынан,
Бозторғай шылбыр қылдым шудасынан.
Көбелектің қанатын көпір қылып,
Теңіздің өте шықтым турасынан.

Көбелек тумай жатып, үйін көрдім,
Балықтың соймай жатып миын көрдім.
Өзгем өтірік болса да, осыным шын,
Астыма тышқан мініп, түйе өңгердім.

Келемін өзен құлдап, масаны айдап,
Үркіттім инелікті «Адағайлап».
Болғанда Құрбан айты қыз қуамын,
Асауын бөгелектің жемге байлап.

Айттым да, өтірік өлең желдей естім,
Ұстап ап, қос құланның мұрнын тестім.
Болса да, өзгем өтірік, осыным шын,
Жүк артып, бес қоңызға түнде көштім.

Айттым да, өтірік өлең желдеп кеттім,
Соңымнан: – Көбелекті кел, – деп кеттім.
Асауын бөгелектің ұстап мініп,
Астыма бес қап бидай теңдеп кеттім.

Бөгелек ертең ерте пысқырып жүр,
Тақымға таман тауды қыстырып жүр.
Өзгем өтірік болса да, осыным шын,
Мойнында бөгелектің бес құрық жүр.

Үлкені бұ дүниенің маса батыр,
Маса батыр бір тауды қашап жатыр.
Бір масаның семізін сонда көрдік,
Алпыс екі табаққа жасап жатыр.

Ауыры бұ дүниенің үрген қарын,
Жалғыз өзім көтердім соның бәрін.
Көтеріп, түстеп барып қойғанымда,
Көтере алмай жығылды атандарым.

Жыланды жолда жатқан таяқ қылдым,
Тасбақаның сүйегін аяқ қылдым.
Шегірткенің айғырын шертіп мініп,
Қоспастан үйіріне саяқ қылдым.

Айттым да, өтірік өлең елге жақтым,
Қайырып көбелекті көлге жаптым.
Инелік пен масаны құда қылып,
Үстіне инеліктің шекпен жаптым.

Айыл қылдым жыланның жонын илеп,
Көбелекке жүр екен сона күйлеп.
Сол сонаның айғырын іздеп жүрсем,
Бір тоғайда жүр екен түйе сүйреп.

Инелікке міндім де, сона қудым,
Үш күн түнеп, сонаны қона қудым.
Енді жеттім дегенде ине сынып,
Енді инелік мінбеске тоба қылдым.

Төскі тартпам жыланның үйегінен,
Тіс шұқышым шіркейдің сүйегінен.
Ар жақтағы араны алты-ай қуып,
Жаңа қайтып келемін түнеу күннен.

Әр тышқанның тісінен балта еткенмін,
Бас терісін басбақша қалта еткенмін.
Көбелектің қанатын көпір қылып,
Адам өтпес дариядан алты өткенмін.

Әтейі сона деген кәпір екен,
Құмырсқа бір талай жан батыр екен.
Үйіне көбелектің кіріп келсем,
Ас беріп, әкесіне жатыр екен.

Асына тамам сона тойған екен,
Қырық өгіз, алпыс бие сойған екен.
Асынан кеше барып, бүгін келдім,
Бейіт қып Алатауды ойған екен.

Келеді мына жақтан топты маса,
Біреуінің тұмсығы темір аса.
Жегенге ептеп-септеп тамақ жоқ ба?
Ет шықты елу табақ бір тоңаша.

Кенеге кежім жауып, бесті ат қылдым,
Бетегені бес жарып, келсап қылдым.
Бозторғайдың шудасын күзеп алып,
Күндіз-түні иіріп, бес қап қылдым.

Көбелектің көнектей майын алдым,
Төрт елі үйегінен айыл алдым.
Атым сиген жерінен көл тұрғызып,
Көлденеңі қырық кез жайын алдым.

Жібердім бес сауысқан Үріжарға,
Жануар бірі – жүйрік, бірі – жорға.
Өзгем өтірік болса да, осыным шын,
Жүк қылдым кекілікті бес жүз нарға.

Бөденемен қайтардым бөлтірікті,
Басына қарағайдың көл тұрыпты.
Өзгем өтірік болса да, осыным шын,
Бір шалды шіркей теуіп өлтіріпті.

Айдадым жылқы қылып отыз түлкі,
Борсықты ұстап мінсең, аттың мүлкі,
Ішінде топ кісінің жығып кетіп,
Қылдың ғой, ойбай, қарсақ, мені күлкі.

Күмістен ақ тышқанға таға қылдым,
Терісін көртышқанның жаға қылдым.
Терісін сармасаның жыртпай сойып,
Жиындық он бес қарыс саба қылдым.

Жиылып тоғыз жігіт көтере алмай,
Қылмасқа енді саба тоба қылдым.
Жоғартыннан келемін құлан атып,
Құла шолақ тышқанды бұлаңдатып.

Құла айғырмен әкелген құланыма,
Ауыл-аймақ – барлығы қалды батып.
Арамен Алатауды алты ай шаптым,
Көртышқанның жүнінен айыл тақтым.

Күзгі қарда Көбеңдей жемдеп «мініп»,
Жеті өзеннің бойынан түлкі қақтым.
Айттым да, өтірік өлең қызық қылдым,
Алты құлаш жыланнан шұжық қылдым.

Шаңыраққа шаңқита іліп тастап,
Қыздың көзін шұжыққа қызықтырдым.
Маса қызын беріп көбелекке,
Күйеу жолдас болыпты бөгелек те.

Шаранадан қарық қылып жыртыс жыртып,
Той қылып, ат шаптырды төңірекке.
Маса қызын беріпті көбелекке,
Қара шыбын жүріпті жеңгелікке.

Тоғыз сона той малға айдап сойып,
Ақ киізін артыпты инелікке.
Төментіннен келемін жоғары өрлей,
Төрт қап өлең теңдедім аузын түйрей.

Төрт қабының бірінің аузын ашсам,
Анау-мынау қашады тонын сүйрей.
Шымшықтың шылым қылдым қу басынан,
Бозторғай шідер түйдім шудасынан.

Бір өзіме қарайтын мың торғай бар,
Ешкім менің бай емес, бір басымнан.
Бозторғайдың жүзі жүр жұлмасынан,
Тоқитұғын қап, шекпен шудасынан.

Торғай тұрып, қатыным түйе іздейді,
Болады екен олағы ұрғашыдан.
Бит айтады: – Сіркені қатыным, – деп,
Сірке айтады жейдені шатырым деп.

Бит өлгенде, бұл сірке не деп жоқтар,
Ақ тырнақпен алысқан батырым деп.
Алтыннан ақ қоянға қақтым таға,
Бір тышқаннан үш тонға піштім жаға.

Суық сайын кигенде күйдіреді,
Кешке оранып жатады бала-шаға.

85. ЖОЛБАРЫСПЕН ОЙНАҒАН БӨЛТІРІК-ТІ

Жолбарыспен ойнаған бөлтірік-ті
Аттың басқан артынан бұл тұрыпты.
Қиыстырып айтқанға өлең жоқ па,
Сен айтсаң, мен де айтайын өтірікті.

Шылым қылдым шымшықтың қу басынан.
Шылбыр естім тышқанның шудасынан.
Шегірткенің айғырын ұстап мініп,
Өте шықса, өлеңің турасынан.

Көбелектің көнектей майын алдым,
Көртышқаннан қырық құлаш айыл алдым.
Аттың басқан жеріне көл тұрыпты,
Қармақ салып, қырық құлаш жайын алдым.

Өтірік өлең айттым да, елге жақтым.
Құмырсқаны қой қылып, құмға бақтым.
Көбелектің айғырын ұстап мініп,
Матай тауын қырқалап, түлкі қақтым.

Өтірік өлең айттым да, бесті ат қылдым.
Бетегенің түбінен келсап қылдым.
Ұрығымды ап кетті қу құмырсқа
Он арқанды ширатып, ұстап міндім.

Сонда Алматыға барып, келдім.
Мың қоян, бес жүз түлкі алып келдім.
Көзім көрген айтамын расымды
Мен бекер жалған айтар кәріп пе едім?

Көбелекке он арба салып тарттым
Жүз тері, жүз пұт түбіт үстіне арттым.
Бір сапар көбелекпен барған жүкке
Он лапкесін тауысты ғой сартың

Кірекеш келді биыл қоянға артқан
Тұз салып тағарына он бес батпан
Сол тұзды көтеріп ап он бес батпан
Қоянның жүрісі артық шапқан аттан

Міндім де, бір қоянға шықтым жұлып,
Он құлан атып алдым, он бес елік.
Шығармай шып-шырғасын артып алып,
Қоянды таң асырдым үйге келіп,

Бастырып сол қоянға арттым майын
Шарбысын былай алдым, шажырқайын.
Қарынын қатпар жағын тегіс алдым
Бүйенін тастап кеттім, не қылайын,

Бұл сөзге нанбағандар қылады өсек.
Май құйдым үйге келіп неше кесек.
Мінсе де, жан жабылып шаршамайды
Май апты он бес қарын келін-кепшек.

Бір кісіге миллион пайда бопты,
Жүз сомнан майдың пұтын есептесең,
Қояндар жүк астында түрленеді
Көрмеген бір аң тағы бірге келді,

Дүбірі жер жарады секіргенде,
Мұның не деп сұрап ем, «бүрге», – деді.

– Агар тисе сүйегің талқан болар,

Жақындап сен бүргеге жүрме, – деді,
Шіркіннің дыбысының қаттысын-ай,
Жақын келе береді екен жат кісіні
Бауырынан жүгіріп өтіп кетті.

Үйренгеннен өнерінің ептісін-ай
Бара алмай маңайына біз қашамыз
Қайтелік, шыбын жанның тәттісін-ай!
Үшеуін үш бүргеге жектім арба

Біз-дағы қуанамыз қолда барға
Бүргенің қайраты бұл емес пе,
Қызғанда бөгелмейді пілден қарға.

86. ӘДЕЙІ САРЫ ШЫМШЫҚТЫ МІНДІМ ҰСТАП

Әдейі сары шымшықты міндім ұстап,
Қолыма ұзын шыбық мықтап ұстап,
Сайланып ауыл жақтан аң аулауға,
Қусырып, екі жақты қайшы ұстап.

Алдымнан қызыл түлкі қыран қашты
Шырылдап, сары шымшығым сырын шашты.
Білді де аңға түлкі қуғанымды,
Құйрығын бұлаңдатып, жалт-жалт қашты.

Жетем деп сары шымшықты санға ұрдым,
Қызығып, түлкі, қызыл қанға қыздым.
Тепкілеп екі бүйір, шана толып
Жорта алмай жол шаңынан қалған едім.

Шымшығым астымдағы қорқау болды.
Жұлынып мойын омыртқа жалқау болды.
Көтеріп ел жағыма жеткізе алмай,
Соғымға бір қыстыққа толған болды.

Бір күні Андижанға бармақ болдым,
Киініп, ат-тонымды жимақ болдым.
Алдырып құмырсқа мен жолбарысты
Шақырып қарға, құзғын бұзбақ болдым.

Келемін ыңырсытып жердің жүзін,
Алуға өз қолыма үрдің қызын.
Ұрысып бір мың бес күн Андижанмен
Көре алмай, ақырында, ханның қызын.

87. БІР ТОРҒАЙДЫ ҰСТАП МІНДІМ ЖҮГЕНДЕП

Бір торғайды ұстап міндім жүгендеп
Бір бұтын мен қыстап шықтым үнемдеп.
Торғайыма тамақ бермей жүруші ем,
Ашуланып, «Қарным ашты, кетемін», – деп.

Торғайыммен алып қаштым көкбарды,
Тақымыма басып алдым шоқпарды.
Мұқтар келіп жармасады көкбарға
Шоқпарыммен ұрып жықтым Мұқтарды.

Шынтағыммен алып ұрдым түйені,
Бармағыммен ұрып жықтым биені.
Күшті екенмін сонда білдім мен өзім
Таба алмадым түйемен аңға сені.

88. ӘЛІМЖАННЫҢ ӨТІРІГІ

Әлімжан бір үйге келіп отырып:

– Астымдағы ала айғырды жаңа келе жатып өлшеп едім, ұзындығы сүйемменен отыз екі сүйем болды. Және бүгінгі күннің суықтығы керемет болды, бір бозторғай жалғыз шыбық басына қонып отыр екен, мұрнынан шыққан демнен тұрған сүңгі мұз үш сүйем екен, – депті.

Және Әлімжан Қоянды жәрмеңкесіне барып, Сәрсембай деген қу жігітке жолығады. Әлімжан базарға барып келейін [деп], кетіп қалып, қайтып келеді.

– Ал, Сәрсембай, бір қызық айтайын дейді. Бір қойдың піскен басын сатып алып, жеп едім, екі құлағы, Алла әмір–ай, үш тарақ болды, – депті. Сонда Сәрсембай:

– Әттеген-ай, еркін үшін ала кескен екенсің, түбін ала кессең, бес тарақ та шығатын екен, – дегенде Әлімжан жеңіліпті.

89. СҰРАУБАЙДЫҢ ӨТІРІГІ

Сұраубай деген адам Жайлаубай байдың үйіне сасып, кіріп келіп:

– Ойбай, малдарыңа сақ болыңдар, жаңа жолда отыз қасқыр кетіп барады, – депті. Бай абыржып, малға кісі жіберіпті.

– Ей, Сұраубай, жаным, анық айтшы қорқытпай, тіпті, отыз қасқыр сұмдық қой, мал түгіл адамды да жер, – деген. Сұраубай:

– Бай-еке, шынымды айтайын, көргенім – оны артық айтып едім, анығы, жиырма қасқыр еді, – депті.

Бай:

– Мұның да артықтау, тағы кесші, – деген сайын оннан, бестен кеміте келіп, «Атан түйедей бір қасқыр еді», – депті.

Бай: – Тіпті, қасқыр көргенің өтірік, – дегенде, «Енді бар шыным – тайлақ түйенің табанындай бір қасқырды көзіммен көрдім, – депті.

90. ӨТІРІК ЕРТЕГІ

Өз әкемнен тумай тұрып, тумаған ту атамның жылқысын бақтым. Бір күні жылқымның соңынан келе жатсам, шықпаған шидің түбінде, тумаған ту қоянның көжегі жатыр екен. Өзегі өрілмеген, сабы қиылмаған, тоғыз орайлы тобылғы сапты қамшым бар еді, үзеңгіге шіреніп, керіле беріп, тигізбей, салып-салып жібергенімде, миы жындай бұрқырап, шашырап, жерге түсті. Одан өтіп келе жатсам, тумаған ту түлкінің көрінбеген күшігі шықпаған шығанақта жүр екен. Сабағы салынбаған, қорғасыны құйылмаған, дәрісі дарымайтын мыртық-мерген мылтығым бар еді. Жылғамен зытып бара жатқанда, қарсы алдынан отыра қалып, қақ тұмсықтың тұсы деп атқанымда, оқ мұрнынан тиіп, жұлынмен жүріп отырып, құйрығының ұшына барып тоқтаған екен.

91. БҰҚАБАЙ МЕРГЕННІҢ ӨТІРІГІ

Лепсі уезіне қарайтын Матайдың аталығы Шоқпар Бұқабай деген кісі де өтірікке келгенде, ешкімге есесін жібермейтін желдіртпе кісі екен. Елді аузына қаратып, сол соғады дейді.

– Қаңтар туысымен қарсақ тонымды бастыра киіп, қара шолақ өгізіме мініп, тобылғыдан түлкі түртіп, қасқыр қағып келе жатып, арыстанның алты жұмыртқасын омбы қардан ұрып алдым да, ойдан қашқан отыз түлкіні алты жұмыртқамен жіберіп ұрып, жіберіп ұрып, түлкінің бәрін жау жапырақтай түсіріп, сайды әкеме ас бергендей қан сасыттым.

Шыбық садағым, ши оғыммен құралайды көзге атамын. Сеңгірде селтиіп тұрған кер құланды тартып қалғанымда, оғым атқан құланның оң танауынан кіріп, сол құлағынан шығып, алдыңғы оң аяқтың турасын жұлып, артқы сол аяқтың түяғын түсіріп, сан етті аралап, өрлей шығып, құйрықты қуып отырып, үстінен шығып кетіпті. Аңғал сайдың алшасына салып тастаған қақпаныма күнде отыз арлан, тоқсан түлкі түсетін болды. Күнде бір қақпаннан бір ауыр көген аң аламын. Біреуінің кірпігінен, біреуінің мұртынан, біреуінің мүйізінен, бірінің құлағынан, көбі аяғынан, азы тұяғынан түседі де жатады, түседі де жатады дейіт дейді.

92. ЫҒАЙ МЕН СЫҒАЙДЫҢ ӨТІРІК САЛЫСТЫРҒАНЫ

Ығай, Сығай деген екі ағайынды туысқан суайт, өтірікші болыпты. Осы екеуін өтірік айтыстыруға ел екі ен-жар болып, жиында өтірік бәсекесіне түсіпті.

Сөзді Ығайға беріпті. Ығай:

– Қой жылы қостап, жылқымен отарға шықтық. Айына алты саптыаяқ тары, алпыс мысқал талқан азық, көже қатыққа екі сүбе қабырға, бір миқы омыртқа, бір құрт, екі малта беруші еді. Бұл азықты ай сайын алты атан түйемен түсіріп тұрушы еді. Бір күні ауылдан келген азығымды түсіріп алып жатсам, айғыр шаппай, шығып кеткен алты бием желіндеп жүруші еді, бәрі де бошалап кетісіпті.

Тоқпақ жалды торы айғырды жайдақ күйінде жүгенсіз, қақпалап мініп, жүгіртіп келе жатсам, шықпаған шыларжында қорықпайтын қоян жатыр екен. Торы айғырдың үзеңгісіне шіреніп тұрып, тұмағымды алып жіберіп, ұрып ем, күл-топырақ болып, аспанға ұшып кетті. Ұрған жеріме келсем, тұмағымның милығынан келіп, отыз үйрек балапандап, қырық қаз жұмыртқалап қалыпты. Сол күйі басыма кие салдым да, биелерімнің ізімен соғып келе жатсам, тумаған ту серкенің терісінен істеген местегі қымыз көштен түсіп қалыпты. Биелерім аман-түгел табылады екен деп ырым қылдым да, торы айғыр үзеңгі баулап алып, тағы соғып, келе жатырмын. Бір айдын шалқар дарияның жағасына келсем, үрлей, от жанып, сор май шығып, топырақ жанып жатыр екен. Торы айғырды суытып, қаңтара байлап тастап, тұмағымдағы толып жатқан құсты үстіне су құйып, асып отырсам, қырдан қызыл түлкі мені бас бағыпты да тұрыпты. Мақтадан оғы бар, балдырдан дәрісі бар, әкемнен қалған ақшолақ мылтығым бар еді. Тұмсықты тұстай, мұрынды нұсқай атып едім, тұмсықтан тиген оқ құйрығының үстінен шығып кетті. Тұмақтағы түстікке тояттап алып, қымызыма қанып алып, қанжығамды қаз толтырып, түлкімді бөктеріп, алты дарияның ар жағында, жеті дарияның жел жағында, Барсакелмес аралда алты бием құлындап, құлындарын аймалап тұр екен. Дария торы айғырдың тобығынан да келген жоқ. Бір айғыр үйір жылқы айдап, қайтып келемін. Жолда келе жатып, кеш батқан соң бір жерге түнейін деп, қамшымның бүлдіргесімен барлық жылқымды матастырдым да, ыстық қылып ішейін деп айнала – төңіректен бір етек жапа теріп әкелсем, бәрі шіл екен, пырылдап ұшты [да] кетті, ұшты [да] кетті, – депті.

Сөзді Сығайға беріпті. Сығай:

– Мен кішкене күнімде бір сарттың сиырын бақтым. Сарттың бір күні бір сиыры ауырды. Есек пен ауру сиырды бір қораға қамадым да, арам өлмесін деп, мені күзеттіріп қойды. Қолыма бір өткір қожаныт сапысын қайрап берді. Бір мезетте қалғып кеткен екем, қараңғы қорада бірдеңе қорқырап барады екен. Бағанағы ауру сиыр өліп барады екен деп қорқырағанды бауыздап жіберсем, сарттың ұйықтаған есегін бауыздап тастаппын. Жаным жағамнан шықты. Таң сарғая, қорыққанымнан сартты көрмей, елге қашып, шығып кетейін деген оймен қораның бір тесігінен шығып, ар жағына қарғып түссем, сарттың ас үйіндегі қазанына түсіп кеттім. Жалма-жан тұрдым да, үш жұмыртқаны бөркіме салып киіп, сары майдан белбеуіме түйіп алып, о күні ұзай алмайтын болып, сарттың ұн салған үлкен сандығына кірдім де, жатып алдым. Сарт ертемен диірменге кетті де, кешке қайтып келіп, әкелген ұнды менің үстіме төгетін болды. Мен енді не болса да, болды дедім – дағы, сарт ұнды құя бергенде:

– Ойбай! – деп, өзін құшақтай алып едім, сарт қорықпастан шап беріп, ұстап алды. Ұрды, соқты, отырғызып қойды. Есекпен бірге бауыздаймын деп, пышақ қайрайды, ішімнен буынған белбеудегі сарымай еріп, астыма төгіліп отыр еді, сарт:

– Анаңды... қазақ, шыжыңбысың, – деп, төбеме түйіп қалып еді, бағанағы

жұмыртқа бырс етіп жарылып кетті. Сарт:

– Батшағар, таз екен, – деп, күбі шелекке салды да, айдалаға апарып

тастады.
Айдала, адам жоқ. Бір күн, бір түн елсіз далада жаттым, қарным ашты. Не

қыларымды білмедім. Аяғында амал қылдым да, қасқыр болып ұлыдым. Ұлып едім, айналама қасқыр қаптап кетті. Ұлуды қойып, үндемей жаттым. Майдың исі мұрындарын жаратын шығар деймін, айнала тұрып, иіскелейді. Бәрі келіп, бір-бір сарып кетіп жатыр. Бір төбеті бұтын көтеріп сари бергенде, бөшке шелектің аузынан аңдып тұрып, құйрығынан шап беріп, ұстай алдым. Қасқыр күбіні салдырлатып алды да жөнелді. Тауға да, тасқа да соқты. Күбі күйреп, күл-күл болды. Болдырған қасқырды қақпалап мініп, үйге келдім. Өсіп, ержеткен соң арыстан асқан, қасқыр алатын қақпаншы, бөрі алатын бүркітші болдым. Бөріге түсетін бөрте қара бүркітім болды. Өрелі қасқырды он күн қуып соғатын бурыл жүйрік атым болды. Алатауға аңға шықтым. Адыр-адыр тауларды арылтып, қиын-қиын тауларды қыдырып келе жатсам, бір қапталында бір айғыр үйірлі түлкі жүр екен. Биікте тұрып туралап, бүркітімнің томағасын тартқанда, құйрығымен қуалап, қанатымен қайырып, екі аяқпен елуді, тұмсықпен тоғызды ұстады, – депті.

93. ӨТІРІКТІ АЙТҚАН ЖАҚСЫ, ҚОСТАУШЫСЫ ТАБЫЛСА

Екі өтірікші бірі бастап, бірі қостап, ел аралап, өтірік айтпақшы болыпты. Біреуі бір күн ілгері жүріп, ел аралап, қонған, түстенген жеріне, жолыққан адамына өтірік айта бермекші болыпты. Екіншісі бір күн кейін жүріп, сол жөнмен алдыңғы өтірікшінің айтқанын қостап, растап отырмақшы болыпты.

Өтірікті бастаушы бір ауылға келіп, қоныпты. Ауыл адамдары:

– Жарқыным, жақсы-жаманнан не тіл бар? – десе, өтірікші: «Ел аман, жұрт тыныш, жалғыз-ақ көкті көбелей, аспанды аралай, көшіп бара жатқан елді көрдім», – депті. Ел нанбапты.

Енді келесі кешке сол ауылға қостаушы өтірікші келіп, қоныпты. Ауыл адамдары тағы да:

– Жарқыным, жақсы-жаманнан не тіл бар, кеше бір қонақ көкті көбелей, аспанды аралай, ел көшіп бара жатыр екен деді, онан не білесің? – десе, қостаушы:

– Болса болар, өйткені, аспаннан анда-санда керегенің сағанағы түсіп бара жатқанын көрдім, – депті. Бұл өтірік сонан кейін өріс алып, елге таралып кетіпті.

Келесі күні өтірікті бастаушы енді бір қоналқадағы елге келгенде, тағы естіген-білгендерін сұрағанда:

– Бөтен айтарлық сөз жоқ. Жалғыз-ақ жолда бір үлкен көл өртеніп жатыр екен, – депті. Ел нанбапты.

Келесі кешке сол ауылға қостаушы өтірікші келіп, қоныпты. Ауыл адамдары тағы да: «Жарқыным, жаңғырыққан не тіл бар? Кеше бір жолаушы: «Жолда бір көл өртеніп жатыр екен деп кетті, онан не білесің?» – дегенде қостаушы:

– Болса, болар, өйткені, сол деңгейден басы күйік, көті күйік балықтарды әркім алып бара жатқанын көргенім рас, – депті. Бұл өтірік содан кейін әуезе боп, елге тарап кетіпті.

«Өтірікті айтқан жақсы, қостаушысы табылса» деген мақал осыдан қалған екен дейді халық.

94. АҢШЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Декабрь айының іші еді, аңшылықпен қона түнеп, бұйырған аңдарды атып алып, кешке таман шаршап, бір сайдың саласына келіп, ылдиға түстім. Маужырап ұйықтап қалармын деп, желдің өтіне түсіп, отымды жағып, киіктің қоң етінен ыстық істеп ішейін деп, мосыға бақырымды іліп қойдым. Қоржынымдағы піскен тамағымды жеп отырып, қалғып кетіп, шошынғандай көзімді ашып жіберсем, жағып қойған отым шашылған, бақырым төмен қарай жылжып бара жатыр. Таңырқап, кішкене отырдым да, тұра кеп, шелекке барып қарасам, бақырымды бір тасбақа мойнына іліп, жылжып барады. Ғажаптанып ойлап қарасам, манағы от жаққан жерім, тасбақаның үйі екен. Отты бақаның үстіне жағыппын. От мазданып жанғанда, бақаның сүйегі қызып, оянып, қимылдап, отты шашып тулағанда, бақырым мойнына киіліп қалыпты. Бақа содан құтыла алмай, жанталас қылып, кетіп барады екен. Сөйтіп, тасбақа отымды шашып, бақырымды төгіп, бос бақырымды мойнына іліп, әкетіп бара жатыр екен ғой.

– Қыстың күнінде мазаңды алып, ұйқыңды бұздым-ау, сен де бір момын мақұлықсың ғой, – деп, жерге көміп тастадым да, тыңдадым. Бақам қор ете түсті.

95. ЖЕЛМАЯМЕН ЖЕЛГЕНДЕ

Үйшіктен шығып, Қарақұмды басып, Түрікпен елін асып, Шевченко-Маңқыстақты аралап, Астраханға келіп, қонып жүрген күнде болып еді. Бір күні Қара бұғаздың сорына түсіп, бір бала жоғалып, ел-жұрт болып іздеп, таба алмай, сабылып жүр екен деп естідім. «Ағайынның жоғын жоқтас, табылса иесіне, табылмаса, көңіліне жақсы» деген бар ғой, бармай болмас деп, Ақтайдың Сары үлегін сұрап мініп, жолға шықтым. Күн өте суық еді, әдепкіде бет қаратпай отырды. Тайпақтан шыққанымда күн сәскенің кезі еді. Сары үлектің еті қызды. «Енді шыдап бақ, мен тарттым!» – дегендей, екі жағына кезек-кезек жалтақтап, желдей есіп, судай тасып, бұлттай көшіп, шығысқа бетті қойып, жұлдыздай ағып келеді. Бұл кезде Сары үлекті тоқтатып, не басқа жаққа басын бұруға болмайтынын білем, жүрісіне мәз болып, масайрап келем, бір кезде маужырап қалғып кетсем керек, сескеніп кетіп, жан-жағыма қарасам, бір зор дарияның жағасы, қалың орман, зеңгір таудың арасында келемін. Сары үлектің жүрісінің, үстінің жұмсақтығына, өнімділігіне масаттанып отырғанымда, мына бір көрмеген-жүрмеген жерді аралап келе жатырмын. Бұл не ғажап? Мұндай жерді бұрын көрген жоқ едім деп, таңырқанам да, толғанып, ойланам. Сүйтіп келе жатып, шіркін-ай, мына дарияның суына шомылып, тауына шығып, орманын аралап, көк шөпке аунар ма еді деп ойладым. Сол кезде ойыма мына қауіптер сап ете түскені! Тауда бөрі болса, шөп арасында, суда шаян болса, қайтесің дегендей болды. Сонымен бұл қай жер деп ойлаймын, таңданып тұрғанымда ойыма сап ете түсті; бұл жер баяғы «Шаһнамадағы» Рүстем Зорабтың аралаған таулары екен. Ал менің астымдағы, баяғы қазақ еліне қоныс іздеп, жер жүзін аралаған Асанқайғының желмаясының баласы екен ғой. Жүрісіме енді түсініп келе жатсам:

– Тоқтаңыз! – деген дауыс естілді. Тұра қалсам, баяғы Адайда жоғалған бала екен. Бұл бала Қара бұғаздан шығып, Қарақұмды басып, Тянь-Шяньнің тауын аралап, Памирге таман өтіп барады екен.

Екеуміз жөн сұрасып, амандасып, қуанысып, күллі таудың халқын жиып, той жасап, енді еліме келсем, осы екі арада дәл бір сөткеге жетер-жетпес мерзім өткен екен. Көп жүрген екем деп қатты ренжідім, – депті сөзі селді, аузы желді айтушы.

96. БАЙСАРЫНЫҢ ӨТІРІГІ

– Ақжал, Шабдар атым бар. Ақшамға азан айтып, алдау акбар дегенде Алматыдан шығып, Лайдолда дегенде Қарғалыны қақ жарып, Ұзынағашқа бардым. Сол жерден бір нан ауыз тиіп, аттанып, бұлаңқұйрықпен қазан қайнап жатқанда Қазан қаласына бардым. Қазан қаласында бір жомарт адам бар еді, баяғы қонақ тағы келді деп, атым шаужайынан ұстай алды, – депті.

97. ЕКІ СУАЙТ

Баяғы заманда заманы бір замандас, қатары бір құрбылас үш адам болыпты. Бұлардың екеуі өтірікші болыпты да, біреуі оларға үнемі төреші болыпты. Төреші дегеніміз әділі мен расын, өнері мен өтірігін көзбе-көз, бетпе-бет айтып беретін адам екен. Сол екі өтірікші мен бір төреші қартайып, тұғырдан түсіп, тоқсанға келіп, тоқтасып қалған шағында бір үйде бастары қосыла қалыпты. Осы екі өтірікшінің екеуінің де құрыққа сырық жалғап, бір сөзге екі сөзді қосақтап, көпіртіп, лепіртіп сөйлеуді өздеріне үлкен өнер санайды екен.

Бұлардың ол сырына ежелден қанық, өзінің үзеңгілес жолдасы төреші Тайжан:

– Үшеуіміз де кәрі буын, көпті көрген көне екенбіз. Келешектің гүлі – жас буын, мынау отырған балбөбек балалар да ести отырсын. Мал сойылып, ас түскенше сары қымызды сіміре отырып, әңгіме дүкенін құрайық. Кәне, Түсіпбек пен Бейсенбек, өткен-кеткеннен әңгіме шертіңдер, – депті, оларды тым қолтықтай түсіп.

– Жөн айтасың, Тайжан! Мұндай бас қосыла бермейді, бас қосылғанда көңілді отырған бір ғанибет. Бірақ төрешіміз өзің бол, кәне, қайсымыз бұрын сөйлейік, – депті Түсіпбек, желпіне отырып.

– Онда бастапқы сөзді Түсекем бастап, соңғы сөзді Бейсекем жалғап кетіп отырсын, – депті төреші Тайжекем.

– Әне бір жылы қатал бір жұт болды. Ақпан айы ақырып, қаңтар айы қақырып келді. «Ту» деген түкірік жерге түскенше қатып қалып, жағаңа жабысып жатқан бір үскірік күн еді. Бір айғыр үйірімен ықтап кетіп, соны іздеп, ат сабылтып келе жатқан бетім еді.

Шоқ болып өскен қызыл тобылғының түбінен бір қоянның көжегі кездесе кетті. Ойда жоқ жерден, көбек үстінен шыға келгенімде қоянның қашуға да мұршасы келмеді. Көзін бақырайтып, құлағын жымитып, етпетінен шөге түсіп, жата қалды. Жалма-жан атымнан түсе қалып, көбегінен көтеріп алсам, көжектеп жатқан бір еркек қоян екен. Уай, то-б-ай, баға келсем, өз өмірінде еркек қоян да бір көжек табады екен ғой. Міне, саған тамаша! Соны мына мен өз көзіммен көрдім! – депті Түсіпбек тапжылмастан.

Сонда миығынан күліп отырған түлкі көзді Тайжан төреші:

– Онда өз өмірінде ер адам да бір бала табатын болғаны ғой. Дәуде болса, сол ақпанның қақаған аязында сенің сақал-мұртыңа да қырау қатып қалған шығар, – дегенінде, өтірікші де болса, адамның аңғалы екен, өмір-бақи сақал-мұртына бір тал қылтанақ бітіп көрмеген көсе Түсіпбек:

– Рас айтасың, Тайжан! Ол күні сақал-мұртыма қырау біткен қатып бақты, – деп, қара шыбын тайғанап жығылардай қызыл күрең иегін бір сипап қалыпты. Тыңдап отырған үлкен аға, кіші іні ду күліпті.

– Бір жылы қыс аяғы ұзап, қар кеш кеткен қара дауылды көктем еді. Үлкен ұлым Жұман екеуміз есік алдындағы күресінге шығып тұр едік. Аспанға қарасам, нақ үстімізден қаңқылдап ұшып, жалғыз қоңыр қаз кетіп барады екен.

– Әй, Жұман! Ана бір жануардың жұмыртқалайтын тоқымдай құрғақ жер таба алмай, қанатын зорға қағып, әзер-әзер ұшып, үрпін шашып бара жатқанын қарашы! – дедім.

– Әке, үрпін шашып бара жатқаны рас екен. Өйткені, жаңа үстімізден ұшып бара жатқанда бір тамшы уызы менің бетіме тамып та кетті, – деді балам.

– Уау, Бейсенбек! Жылқыда өт, төрешіде бауыр, құста сүт болушы ма еді? Ағама жеңгем, апама жездем сай демекші, өзіңе балаң да сайма-сай екен ғой! – депті төреші Тайжан.

– Қысты күні айдалада қоста жатып жылқы бағушы едік. Қара құрық қалың жылқыдан қалай аңдысақ та, күнара бір жылқыны қасқыр жеп кететін болды. Бір күні барлық жылқышы ыза болып, қару алып, жортуылға шықтық. Сол күні жеті қасқыр тобымен келіп, жылқыға шапты. Көзді ашып-жұмғандай болмады, бір желіндеп жүрген топ басы биені жарып тастады. Екі жылқышы жарау қос атпен тұра қудық.

Жылқыны құйрығынан тартып тұрып, тоқтатып, мұрттай ұшырып, басқа қасқырларға жығып беретін бір қызыл шолақ, көкжал арлан қасқыр екен. Қос атпен ұтылап қуып, таянып қалғанымызда, жаны қысылған алты қасқыр ортасындағы арлан қасқырды тастай қашты. Сөйтсек, бағанағы көкжал арланның екі алдыңғы аяғын ертеде қақпан қиған, нақ тізеден шолақ екен. Жаңағы алты қасқыр көкжалды кеудесіне көлденең ағаш салып, кезекпе-кезек аузымен тістеп отырып, алып қашады екен. Біз арланға алданып тұрғанымызда, басқасы ұзап шығып, бізден құтылып кетті. Көкжалды соғып алып, біз кері қайттық. Содан кейін, көзіңіз жамандық көрмесін, қасқыр атаулы маңымызға да жоламай кетті, –деді Түсіпбек.

Көзі күлімдей түсіп, көңілі түйткілденген Тайжан:

– Түсекем, шылғи өтірігіңе беп-береке, бірақ, ұятыңа дәл он серке! – деді.

– Ана жылы қыс ортасында, бір атан өгізім зым–зия жоғалып кетті. Бармаған жерім де, іздемеген ой-шұқырым да қалмады. Көктемнің бір көксоқта күні еді. Көнек тауының беткейіне қой жайып тұр едім. Сол таудың қойнауындағы Қойтастан көзіме бір қуыс шалынды. Жалма-жан әлгі қуысқа шауып барып, белімдегі қол күректі ала салып, үш-төрт күрек кесек қарды ойып-ойып тастап едім. Сізге өтірік, маған шын, ар жағы ұзын өзек сияқты үңірейіп, төбесі жабық қора сипатты көше болып кетті.

Сол төбем тимес өзекпен кетіп бара жатсам, жолымда тоқ сиырдың жас тезегі мен жаңа жүрген ізі жатыр. Ізбен індетіп, жарты шақырым жерге барсам, бұдан жарты жыл бұрын жоғалтқан атан өгізім, өркеші жоқ түйедей болып, басын бір бүйіріне қайырып салып, жануарым бырт-бырт күйсеп жатыр екен. Жатқан жерінің шөбі мен көгі тура тізеден келеді. Асыл шөп пен тұнық судың неше алуаны сол жерде екен. Ат пен өгізім жонынан жарылардай нән семіз екен. Қыстай қалың қардың астында қалған көкорай шалғынға әбден бордақыланып алған екен. Қуыстан шығарып алып, қойыммен қосып, үйге айдап қайтып, атам марқұмды әкесі базардан келгендей етіп, бір қуанттым, – деді Бейсенбек.

– Онда, айыр тұяқ сиыр малын бағып әуре болмай-ақ, қыс болса-ақ, Көнек тауының етегіне айдап салу керек болды ғой, – деп, жымың-жымың етті Тайжан төреші.

– Қалың керуен Қырғыз ағайынның Тоқпақ, Пішпегіне кіре салдық. Сол сапардан қайтып келе жатқанымызда, үш күн, үш түн нөсер жауын болды. Енді ұзап жүре алмайтын болған соң, бір өзеннің қырқа тұсына келіп, еру болдық. Түн қараңғы, көзге түртсе, көргісіз. Қара нөсер жаңбыр төгіп тұр. Ат арқандайтын бір бұта да таба алмадым. Сонан соң жалғыз тал бозды қазық етіп, бір түп бетегенің түбін қазып алып, оны қолағаш етіп, шу асау атымды әзер дегенде арқандадым. Ол жақтың бетегесі қалақтай, бозы таяқтай болады екен, – деді Түсіпбек.

– Иә, ол жақтың елі мен жерін, бетегесі мен бозын біз де көрген едік. Әйтсе де, дәл осың көзге шыққан сүйелдей сөлекет болды, – деді төреші Тайжан.

– Жас кезімде тоғыз шақырым жерде кетіп бара жатқан қызыл алтайы түлкіні көрдім. Ол түлкіге қасымда ертіп келе жатқан құмай қара тазымды қостым… Ал енді, бертін келгенде, бір көлден жалғыз ауыз бытыра мылтығыммен бір атқанда отыз бес дар қоңыр үйректі бір-ақ жықтым. Сөйтіп, атқан үйрегімді әзер дегенде жинап, бір қайық етіп, алып шықтым,–деді Бейсенбек.

– Әй, Бейсенбек! Тіпті, түйтігің де жоқ екен. Ең болмаса, сол атқан үйрегіңнің санын үш есе азайтсаң, қайтер еді, – деді Тайжан төреші.

– Жасымда, адам айтып болмас, адамның қырағысын көрдім. Ол заманда жауласқан екі ел, екі қырағысын таудың басына шығарып қойып, қарауыл қаратады екен. Қарауыл қарайтын сол екі тауының арасы жеті күндік жер болады екен.

Сонда қазақтың қарауыл жігіті:

– Таудың басында бір зат отыр. Бірақ адам екенін де, құс екенін де анық айыра алмай отырмын, – депті.

Сонда қалмақтың қарауыл қызы:

– Мені осы жерден ол көріп отыр. Бірақ не адам, не құс екенімді айырып біле алмай, дал болып отыр. Қазақ қарауылы мені «Құс екен» деп, қапыда қалсын. Бұлғары қара тоқымды біреуің менің үстіме лақтырып жібер де, екіншің тоқымның соңынан іле бір тостаған ақ ұнды шашып жіберіңдер. Мен сол мезгілде қара тоқымның тасасымен домалап, ойға түсейін.

Сонда қазақ қарауылы өз адамдарына:

– Жоқ, бұл қарауылда тұрған адам болмады. Саңғып ұшқан Оралдың ақ иық қара бүркіті болды дер, – депті.

Ақырында, сол жауласқан екі елдің әкімдері екеуі де қырағы-ақ екен. Осы екеуінен дүниеде теңдесі жоқ адам қырағысы туады деп, екеуін ерлі-зайыпты етіп, қосыпты. Сол екеуінен қырағы бала тумай, түк көрмейтін суқараңғы бала туыпты, – деді Түсіпбек.

– Көпті көрген көнелер айтқан. «Екі қырағыдан бір су қараңғы туады» деген мәтел осыдан қалған ғой! – деді талғампаз Тайжан.

Екі өтірікшінің сөзін алма кезек тыңдап отырған үлкен-кішісі аралас барлық қауым:

– Тайжеке! Осы Түсекең мен Бейсекеңнің қайсысының өтірігі шынға бергісіз? Қайсысының өтірігі қисындырақ, нанымдырақ, қызығырақ? – депті.

Сонда төреші Тайжан ойланбай, тайсалмай:

– Иә, кәзіргі біздің заманға қарағанда, осының екеуін де өтірікші деуге болады және бірінен-бірі басым жатыр.

Ағама жеңгем сай,
Апама жездем сай,

Бірін-бірі аялаған, әлди-ай, – дегендей, Түсіпбек пен Бейсенбек те біріне-бірі сайма-сай. Анығын айтқанда:

– Өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен деген рас-ақ. Сіздер мен біздер осы өтіріктің өзіне емес, қиыстыра, қызықтыра айтқан қисынына сенейік, –депті төреші қарт Тайжан.

98. КӨЛДІҢ КҮЙГЕНІН КӨРГЕН АДАМ

Бір күні бір жаққа барам деп, атқа мініп, ен далада жалғыз өзім келе жатыр едім, бір мезгілде бір нәрсе, «Бақ» еткендей дыбыс естілді. Жан-жағыма қарадым, еш нәрсе көрінбеді. Тағы жүріп келем, тағы «Бақ» етті. Қарадым, дәнеме жоқ. Және жүріп келем, тағы «Бақ» етті. Тоқтап тұрып, бұл немене, анықтап байқайын деп, жан-жағыма айнала қарадым. Еш нәрсе көрінбеді, сонан соң ойладым – құстың дауысы ма деп жоғары, аспанға қарасам, жүк артып, тізілген түйе көшкен ел, үй, Алла-ай, аспанмен ел көшеді екен-ау, – деп ойлап, ауған жүкті әлді өңкей бозбалалар түзетем деп, басқанына «Бақ» еткен түйенің дауысы екен. Сонда білдім – тағы ойладым: әкем айтып отырушы еді-ау, әуеде өзіміздей ел болады деп. Сонда әкеме осы кәрі кісі не боса, соны айтады, басып жүретін жері жоқ, қалай жүре алады деп, нанбаушы едім. Ел болатыны шын екен ғой деп келемін.

Алдымда бір белге шықсам, ар жағында бу ма, түтін бе, будақталған бірнеме көрінеді. Жақындап келсем, бу мен түтін аралас шықты, қасына жақын келсем, бір көл қамысы, суы аралас жанып жатыр. Соның буы мен түтіні екен. Бір сыпыра қарап, байқап жүрдім. Сумен қамыс аралас біткен көл екен. Қамыс жанып, суы қайнап, бұрқылдап жатыр. Ары-бері аралап жүріп, көріп болдым ғой деп кеттім.

Баратын жеріме барып, қайтып келе жатып, суы жоқ бұрынғы көлдің орны құр тақырға кез болып, тақырдың үстімен жүріп келе жатсам, тақырдың әрбір ойдым-ойдым жерінде жылқының бір жерде тұрып тышқан, кепкен тезегіндей үйіліп, өліп жатқан бақа. Аттан түсіп көрсем, бәрінің де артқы аяғы мен көттері күйген. Атыма мініп, жүріп келе жатып ойладым. Тағы әкемнің сөзі есіме түсті: балық пен бақа сусыз жерде жан сақтай алмайды дейтіні осы екен. Балығы жоқ, бақасы көп көл өртенген соң қамыс қалың, шетінің жалынының күшті қызуынан қашып, суға тығылып, көзі көретін бас жағы оттан қашып, теріс қарап жатып өліп, судағы тығылып жатқан аяғы, көті күйіп, пысылдап, су бітіп, бақа үйіліп қалған. Сөйтіп, көлдің өртенгенін көзбен көрдім.

99. ҚҰТАЙБА ӨТІРІКШІ

Бұрынғы заманда Бағдад шаһарында Перімәлік деген бір үлкен бай болыпты. Өзі алтын, күміс, асыл тастарын сауда етеді екен. Әйелі перзент көрмегендіктен, ұлы да, қызы да болмапты. Соншалық сауда жұмыстарын басқарып, реттеп жүргізетін, барлық шаруашылығын билеп, құл-құтандарын жұмсайтын билеуші бір адамы бар екен. Бай әлгі адамына сондайын сеніп кеткен. Барлық байлығын, қылған пайда, залалдарын жоғарғы айтылған адамнан жылында бір мәрте есеп алады екен. Тіпті, өзінен туған баласы сықылданып, байдың шаруашылықпен жұмысы болмайды екен. Бір күні сол адамы ауырып, келтесінен өліп қалыпты. Әлгі адамы өлген соң барлық жұмысы тоқтап, қараң қалған сияқтанғандықтан Перімәлік бай тұрмастан төсегіне жатып алыпты. Тамақ ішпей, бір жұма қайғырып, есінен тануға жуықтапты. Байдың мұншалық есеңгірегенін көріп, көршілері, туған-туысқан, дос-жарлары жиылып келіп, байға ақыл айта бастапты.

– Байеке, мұныңыз Құдайға қарсылық емес пе? Жақсы жалшыңды өзі берген Құдай өзі алды. О баста сатып алған құлың емес пе еді?! Ақылдылығымен сіздің ырысыңызға қарап, құл болса да, ұлыңыздай болып, барлық мүлкіңізді өзі билеп, төстеуші еді. Орныңыздан тұрыңыз да, тағы бір құл сатып алыңыз. Бағыңыз қалың, ырысыңыз мол кісісіз ғой. Бәлкім, одан да артық адам кез келіп қалар, – десіпті.

Тегі, анау адам да бала кезінде сатып алған құл болуы керек. Жатуға бола ма, бай тұрады да, қасына бір ер адам ертіп, құл алуға базарға шығады. Құл базарына барып, бір құл жаратпайды. Түгел Бағдад шаһарын аралап болып, басқа қалаға жол шегеді. Қала-қаланы кезіп жүріп, Милләтиа шаһарына келсе, бір мыңға таяу сатылатын қауым құлға кездеседі. Құлдарды сататын бастығына сөйлескен екен, қожайыны басқа құлдың бағасы үш жүз алтын, ана бір жастау құлдың басы бір мың алтын, жүз алтындығы да бар деген соң, барлық құлдарға сөйлесіп, ұнатыңқырамай, қымбат құлға сөйлесейінші деп, қасына кеп:

– Шырағым, сен сатылатын адамсың ғой, жақсы болсаң, ұл қыламын, жаман болсаң, құл бойыңмен жүре берерсің. Өзің тым қымбат екенсің, кәні, қандайлық өнерің бар, қолыңнан нендейлік іс келеді? Нағыз шыныңды айтшы. Сен жақсы құл болсаң, сатып алайын, – деп, – Ешбір құлды жаратпай, қала-қаланы аралап жүрген пәндемін, – деді. Байлығын, мырзалығын, абыройын, баласы жоқтығын, құл жұмысы емес, сауда өнері бар, шаруашылыққа лайықты, қолынан іс келетін құл болса ғана алатындығын айтады.

Әлгі құл тұрады да:

– Бай, сіз мені ала алмайсыз. Менің нарқым қымбат, арзандарын ала беріңіз. Мен сіз сияқты байларға сатылып, өтірікшілігімнен қайта қайтарылып жүрген адаммын. Тәңірдің берген, сүйегіме сіңген өтірікшілігім орнықтырмай қойды. Әйтпесе, бір адамның істеген ісін атқарамын. Қолымнан келмейтіні жоқ. Сауда дейсіз бе, мал бағу, ұсталық дейсіз бе – барлығы да қолымнан келеді. Есепке қандай жүйрікпін! Асыл тастардың қай сортты екенін түгел білемін. Гауһар, жақұт, меруерт, інжу-маржандар – барлығы да маған түгел мәлім, – дейді.

Бай құлдың сөзіне сеніңкіремей, асыл тастардың түр-тұрпатын, қай сорттысы қаншалық бағада болатындығын, есеп-қисап жөнінен, асыл тас шығатын жерлерді, сауда жайынан сұрастырып көріп еді, нағыз бір білгіш адам болып көрінді. Байдың өзін жаңылтады, білмегенін біледі. Несін сұрайсың, бай қызығып кетті. Он мың алтын десе де, алуға бейілі құлады. Сыртына шығармаса да, әлдекім қағып кете ме дегендей, бастығын шақырып алды да, алмақшы болды.

– Бүгін алып, ертең қайтып тастамайтын болып ал. Құлдың өзіне сөйлесіп, әбден ыраздасып, келісіп ал. Осы құл сегіз сатылып, сегіз қайтарылды. Үлкен бір айыбы болуы керек, – дейді бастық. Сонда құл тұрып:

– Жоқ, одан да көп сатылып, қайтарылдым. Алған кісі менің айтқан өтірігіме нанбайтын болып, өзіне өзі сеніп алады, – дейді.

– Ойбай-ау, саған сауда істетеді екем, мал баққызады екем, тәуір болсаң, мүмкін құлдарға қожа етеді екем, ал айтқан сөзіңе нанбайды екем, бұлай болғанда, мен де алалмаспын. Ағып тұрған өтірікші болсаң, қалай үйлесе аламыз? – дейді бай.

– Иә, байеке-ау, сіз қалай ойлайсыз? Мен өтірік айтқанда, қисынсызды қиыстырып айтам. Адам нанбастай істі шын ғып айтам, менің өтірігімді естіген соң, сәл ойланып, ақылға салсаңыз, өтірік екені айқындалады. Ақылыңыз тапшы болмай, мол болса, өзіңізге өзіңіз сенсеңіз, менің бағамды беріп, аласыз да, пайдаланасыз. Мүмкін бір мың емес, жүз мың сом пайда оралтатын шығармын. Егер алсаңыз, көрер едіңіз. Өтірігімнен қорықпауыңызға болады. Менің өтірігім бұл жүрген адамдардікіндей болмайды. Қоқыр-сұқыр ұсақ өтірік айтпаймын. Атым – Құтайба. Құдай солай жаратты, өтірікті ысқыртпасам, ішім шертіп, жарылып кете жаздаймын, – дейді құл.

– Шырағым, саған бейілім түсіп кетті. Осы өтірігіңді тастауға ант ет. Тіпті, азат етіп жіберуге де қолымнан келеді. Атым – Перімәлік. Құдайға шүкір, Бағдат шаһаріндегі байлардың ең байымын. Қабылқазы патша да үйіме қонаққа келіп тұрады. Арап халқындағы патшадай кісімін, – дейді бай. Құл тұрып:

– Өмір бойына ешкім алмай, қаладан қалаға кезіп, өтпей жүрсем де, өтірігімді тастай алмаймын. Айып етпеңіз, жарылып кетем, – деді.

– Жаным, мен сатып алайын. Тым болмаса, он жыл өтірік айтпасқа ант ет, мешітке жүр, – деді бай.

– Қой, байеке, бір жыл өтірік айтпайын. Менің сізге ықыласым түсіп кетті, көңіліңіз қалмасын, – деді құл.

Сонымен саудаласа-саудаласа, құл бес жыл өтірік айтпасқа, бес жылдан кейін қисынсыз өтірігіне бай нанбасқа, мешітке барып, иман алдында ант етті. Бес жылға дейін өтірік айтып, антын бұзса, құл жауапты. Бес жылдан кейін қисынсыз өтірігіне сенсе, бай жауапты. Осылайша, сол шаһардың билеуші уәлиінің алдында екі қағазға жазылып, бірін құл алады, бірін бай алады. Бір мың сомды санап беріп, бай құлды үйіне (Бағдадқа) әкелді. Келгеннен кейін бай бір қартаң сатушысына көмекші есебінде қызмет істете бастатып еді, байқап қарап тұрса, Құтайба құлдың атқарған жұмысы адам таңырқарлық. Бұрыннан әбден ысылған кісі сықылды. Жүріс-тұрысы өте жағымды болды, өйтіп-бүйтіп, байдың өзі һәм басқа орын тепкен сатушылары сын ретінде шамалы жердегі алық-берік саудаларына жіберіп еді, барған ісін тындырды. Өтпей жатқан әйбірлерін өткізді. Тым тиянақты, тындырымды болды. Одан кейін бай көп мал беріп, асыл тас, алтын, күміс жиғыза бір айлық жерге жіберіп еді, алып барғанын артылта сатып, әкелгенін Бағдад халқы бір күнде он есе артық бағамен талап әкетті. Қысқасы, Құтайба келгеннен кейін, азғана мезгілде-ақ байдың қазынасы молайып, пайданы шаш-етегіне дейін сыйғыза алмайтындай болды. Сөйте–сөйте, байдың өзінен кейінгі ең үлкен басқарушысы болды. Құл аты мүлде ұмытылды. Күннен күн, айдан ай асқан сайын «Құтайба-Құтайба» болып, мырза да десетін болды. Сауда ретінде Құтайбаның ақылынсыз байдың өзі де түк істемейтін болып кетті. Күн өтті, ай өтті, жыл өтті, киген киімі, ат-тұрманы, абырұйлы байдың өзіне теңелді. Жай-жапсарын білетін жақын көршілері болмаса, басқа даладан келген саудагерлер, байбатшалар, Бағдаттың шеткергі жағында тұратын жете таныс емес адамдар Құтайбаны байдың баласы деп те ойлайтын.

– Осы бала байдың баласы ма? – деп біреу сұраса, «құл» деп, еш пенде айта алмайтын еді. «Қызметтен шығарып жібере ме?» деп, қауіптенетін еді.

Осылайша Құтайба жүріп жатты. Құтайбаның суайттығын бай мүлде ұмытты. Бір күні Құтайба сырқаттанып, елеурегендей халге келіп, күнделік қызметіне араласа алмай, төсек тартты. Бай келіп:

– Қарағым, бір жерің ауыра ма? – деп сұрап еді, «Жоқ, әншейін былайша» деп, аузын ашып есінеп, денесі тітіркеніп, «Аһ-уһ» деп, тұра келіп, жұмысына кетті. Әйтсе де, Құтайба бұрынғысындай емес, жаңылшақ, бір нәрсені кем есептеп, кейде оқшау сөздерді де айтып алатын болып жүрді.

Бір күні Перімәлік байды қонаққа шақырған бір үлкен байдан хабар келді.

– Ертең ерте жеті шақырымдағы бақшаға шақырыпты. Патша да, уәзірлер де сол бақшада болмақ.

Хабар келгеннен кейін бай Құтайбаны шақырып алып, ертең ертеменен қонаққа бақшаға баратынын, қасына Құтайбаны бірге апаратынын айтты. Патша, уәзірлер, үлкен байлар – барлығы да баратын жерде ат-тұрман, киімдері Айт күндеріндегідей толық болып, Құтайба мен байдың ер-тұрманын тазалатып, атты да сылап-сипап, жуып, құйрық-жалын тараттырып, қойшыға қосты. Ертеңінде ерте Перімәлік бай мен Құтайба қақпадан шығып, асыл киімдерін киіп, ер-тұрмандары жарқырап, Бағдаттың батыс жағындағы шақырылған бақшаға жөнеп те берді. Бай мен Құтайба бақшаға барды. Бай байлармен, патша, уәзірлермен амандасып, қонақта отырысты. Құтайба бай балалары, байбатшалармен әзілдесіп, ойнап-күліп, шығыр айтысты, ішті, жеді. Түскі тамақтан кейін жұрттың барлығы қонаққа шақырылған байдан ұлықсат сұрап, рақмет айтып, тарамақшы болып еді, әлгі бай:

– Мен сіздерді түстікке шақырғаным жоқ. Бүгін осында қонасыздар да, ертеңгі түстіктен кейін қайтыңыздар, – деп өтінді.

Жұрттың барлығы да қайтпай, қонатын болды. Перімәлік бай да қонатын болды. Қонатын болған соң Перімәлік бай Құтайбасын шақырып алып:

– Қайтам десең, қайта ғой, қарағым. Мүмкін шаруаң бар шығар. Егер қонам десең, менің атымды үйге апарып тастап, кешке келерсің, – деді.

Құтайба құнжыңдап, «Құп болады, бай» деп, байдың атын жетелеп, қалаға қарай келе жатты. Байдың қорасына жуықтап келе бере, ойбайды сала қоя берді. Есік алдында жүрген малайлар қақпаны ашып еді, қақпадан кіре бере атының теріс жағынан секіріп түсіп, өкіріп, жер бауырлап, жатып кеп жылайды.

– Ойбай-ау, не болдым, Перімәлік байдан айырылдым. Қап-қазандай қара бұлт... – деп, ойбайдан басқа түк айтпайды. Байдың бәйбішесі де егіліп қоя береді. Малайлар да тамсанды. Аң-таң, сұраса:

– «Байдан айырылдым. Қап-қазандай қара бұлт» дегеннен басқа ләм-мен демей, ботадай боздап, өз басын өзі төпелейді. Маңындағы көршілері шулаған дауысқа қарай жүгіріп келумен қора лық толды.

– Жарқыным, немене? – деп сұраса, «байдан айырылдымнан» басқа дым айтпай, еңіреген бойымен адамның сай-сүйегін сырқыратады. Тоқтаулы адамдар келіп:

– Шырағым, мауқыңды басып, бізге жөнін айтшы, не ғажап іс болды? – деп, қазып сұрап еді:

– Ойбай-ау, бай екеуміз қонақтан қайтып келе жатыр едік бар ғой, аспаннан қазандай бір қара бұлт сияқты бір нәрсе көрінгендей болып еді, бірдеме әп-сәтте жарқ еткендей болды. Жұлдыз ақты ма, жай атты ма, тақ төбемізден пәрменіменен тарс етіп еді, байды атынан жұлып алды да кетті. Мен сау екенімді біліп, түсе жүгіріп едім, байдың қол, аяғы, басы быж–тыж болып, быт-шыты шығып қалыпты.

Содан есім шығып кетіпті, әлім екі көзіме келіп, жылаумен шапқан бойыммен осында келдім. Енді қайттік, қайран әкемдей болған бай, – деп, еңіреп, үсті-басын, киімін жыртып, басын жұдырықтап, жылап еді, жиылғандар да жылады. Бәйбіше бетін жыртып, қақпадан шыға ойбайды салып, бай қаза тапқан жерге жүгіре жөнеліпті. Түгел қорадағы көп малай, қызметкер, сатушылар, барлық көрші еркек, әйелдер шұбап, бәйбішемен бірге жөнеледі.

Бір кәрия келіп Құтайбаға:

– Әкең өлген жерге бастап, алып жүр. Бәйбіше жылаумен теріс кетер, «Болмас іске болат бол» деген, шырағым, әкең иманды болсын, – дегенді айтты. Сонда Құтайба бауырын басып, лып етіп, атына міне сала, жүгіріп келіп, шулап, жылап келе жатқан халықтың алдын орағытып:

– Мінекей, осы жолмен келе беріңдер, – деп, өзі тайпалтқан бойымен қонақта отырған бақшадағы адамдарға жақындағанда ойбайды сала қоя берді. Ат-жалын құшып, өз басын өзі төпелеп, ботадай боздап, еңіреп «Қайран, үй-сайман, қайран жиһаз, қайран бәйбіше, айрылдым, ойбай», – деуге әреңге шамасы келді. Өксіген бойымен аттан ұшып түсіп, жерге аунап, жылаумен болды. Мәз-мейрам болып отырған уәзір, бай, патшалар үрпейісіп, не екенін біле алмай, аңырайды да қалды. Жылап жатқан Құтайбадан қандай іске душар болды деп, қайсы біреулері сұрап еді, Құтайба жылаудан босамағандықтан, ешқайсысына жауап бермеді. Үлкен адамдары орнынан тұрып келіп:

– Ой, шырағым, тоқта енді. Не болды, айтшы, ә? – деп, қадала сұрай жабырласып еді, Құтайба өксіген бойымен жылай отырып, сөйлей бастады.

– Мен осы жерден шығып, байекемнің атын жетелеп, қалаға барып, өзіміздің үйге жаңа ғана жете бергенімде бар ғой, кішкентай ғана бір нәрсе жарқ еткендей болып еді, әлден уақытта дақ төбеден бірдеме пәрменімен дүрс етіп кеп кетті. Есім ауып, атымды құшақтап, сілейіп қалыппын. Қаншалық есеңгірегенімді білмеймін. Әлден заматта ұйқыдан оянғандай болып, есім енген екен, өзім жығылып, жерде жатыр екенмін, есімді жиып, түрекеліп, жалма-жан атыма мініп, үйге қарай жүрейін деп, үйге келсем, үй түгелімен жанып кетіпті. Зауазнай, магазин, қора-сайман, ішіндегі адамдар – барлығы да жанған-ау деймін. Құр орны қор болып жатыр. Өзім қорқып кетіп, үрейім ұшып, бері қарай байекеме шауып келгенім, – деп, қайта еңірей бастады. Отырған адамдар жағаларын ұстап:

– Япырмай, Құдай әмірі, ақыры, – десіп, Перімәлік байға көңіл айтысып жатыр. Үлкен патша Перімәлік байға өзі келіп, көңіл айтты.

– Ренжімеңіз, басқа Бағдад халқы, түгел арап жұрты аман болса, дәулетіңіз орнына келтіреді. Өзім қазынадан пәленбай сана беремін, – деп, қасындағы қазынашысына:

– Ертең Перімәлік байға пәлендей алтын бер, – деп, бұйрық қағазды жазып та берді.

Басқа байлар да бір мыңнан, он-он бес мыңнан – барлығы да қызу адамдар ауызша мырзалық жылуларын беріп жатыр. Перімәлік бай жылай қоймаса да, еліткендей, есеңгірегендей өте қатты қайғырып, орнынан тұрып, киімдерін киіп, қалаға қарай жаяу қайтпақ болып жүре берді. Ана игі жақсылар да байдан қалмай, жаяу шұбырып, баймен бірге аяңдады. Бұлар келе жатса, қаладан бұларға қарай құмырсқадай құжынаған, ағылып келе жатқан көп адам шулап, жылап келеді екен. Келе жатырған адамдар бір-біріне таяу келіп қалыпты. Ең алдында Перімәлік байдың бәйбішесі, бетін жыртқан, қып-қызыл ала, үсті-басында сау тамтық жоқ. Шашы жайылып кеткен. Көзінен аққан жасы көл болып, алдындағысын көрерлік емес, көрсе, танырлық емес. Ойбайдан ойбайды салып келеді екен. Бәйбіше Перімәлік байға қарама-қарсы келе кетісті. Екі топтың алдында екеуі үздік ілгері болғандықтан, оқшау жолыға кеткенде бәйбіше байды танымай, ілгері жүре бермекші болып еді, Перімәлік бай бәйбішесін тани кетіп, шап беріп, құшақтай алып, сонда ғана жылап қоя берді.

– Құдай қосқан қосағым, үй-сайман, жиһаз-малдың керегі жоқ. Тірі қалған екенсің, – деп, бетінен сүйіп, иіскелеп жатыр.

Бәйбіше есін жинап алып, қараса, Перімәлік бай өзін құшақтап, жылап тұр.

– Ойбай, Құдай қосқан қосағым-ай, тірі қалдың ба? – деп, бәйбіше байды құшақтап, бай-бәйбіше құшақтасып, жабысты да қалды.

Сол мезгілде қарама-қарсы келген екі топ қалың кісі айқасып:

– Бұл не, бұл не? – десіп, бір-бірінен сұраса бастап еді, ақырында, Құтайбаның бай өлді деп, қорадағы байдың бәйбіше, малайларына ойбайлағаны, одан үй, мал, жан өртеніп кетті деп, бақшада отырған адамдарға айтқаны, қысқасы, жоғарғы айтылған өтірік түгел жұртқа мәлім болды. Сол уақта Қабдылқазы хан қатты ашуланды. Жиылып тұрған адамдарды орын-орындарында, сөз сөйлеп, дабырламай, тыныш тұруға бұйырды. Хазырхана деген бас қазысын алдырып, соғыс уағындағы тәртіппен Құтайбаны жауапқа тартуға қойды. Дара ағашын әкелдіріп, әлгі жерге орнаттырып та қойды. Жұмысын сол сағатта бітіртпек болды. Үлкен қазы дереу тексеруге Перімәлік байды алдына отырғызған соң Құтайбаны шақыртты. Құтайба ат үстінде нарттай болып алған екен.

– Құтайба, ей, қайда, тез, жылдам мұнда кел, – деп, ақырған айқайды ести сала атынан қарғып түсіп, қойқаңдап, балуан жүріспен кердеңдеп барып, жазалылар отыратын үстелге барып отырды.

Перімәлік бай шыдамай, Құтайбаны көрген соң:

– Ту, шіркін, ақымақ, мұндайлық ақымақ болармысың, – деп, Құтайбаның бетіне түкіріп еді, Құтайба:

– Мен ақымақ емес, сен ақымақ. Мұндайлық ақымақ болармысың? Байдың барлығы надан болса керек. Бір ойланбай, өтірікке нанған осы Перімәлік бай не деген ит, – деп, жұртқа қарай сөйлей бастап еді:

– Үндемей отыр, – деп, Құтайбаны қазы жекіріп тастады.

Іс тексерілді. Заң бойынша әуелі Перімәлік байдан жауап алынды. Анығында, іс патшаның өз алдында болған. Құтайбаның айтқан өтірігіне куәнің, тіпті, керегі де жоқ. Заң бойынша Перімәлік байдан бір-екі ауыз жауап алды да, Құтайбадан жауап сұрады. Құтайбаның жауабы: сотқа тесіле қарап, жанындағы Перімәлік байға қырын отырып, сұқ қолын шошайтып:

– Мен пәлен жасымда құл болып, сатылып жүргенімде, мынау ақылсыз, мисыз шал сатып алған еді. Мені Құдай жаратқанда өтірікші ғып жаратқан. Бұл ақымақ жалынып-жалпайған соң бес жыл өтірік айтпасқа Муллатиа шаһарының уәлиінің алдында ант-суын ішіп едім. Бес жыл ішінде өтірік айтсам, жауапты болмақ едім. Құдай атымен берген антыма кір жұққызып, керексіз өтірік айтып, антымды бұзсам, өз обалым өзіме еді.

Ал, бес жылдан кейін менің өтірігіме нанса, мына кәрі ит жауапты еді. Көрмейсіңдер ме, қисынсыз өтірікке нанып, жұртты бүлдіріп, әбігерлеп отырғанын, – деп, міз бақпады.

– Қайтейін, тақсыр, патша, өтірік айтпасам, жарылып өлем. Мұншалық жұрт қорқып кетерлік өтірікті қалай қиыстырып, қисынын тапты дейсіздер ғой, анау отырған Хабдылқазы ханды, арап елін, Бағдад халқын жанымдай жақсы көргендігімнен ептеп қана айттым. Өзім өліп кетпес үшін түймедей-ақ қып айттым. Берген сертім толып, ішім шертіп бара жатқан соң жан құрғырымды қорғадым. Егерде бұдан бұлай бүгін-ертең деп, өтірігімді кешіктірсем, өліп кетер едім, не болмаса, тау қаңбақтай, тас бұршақтай ұшарлық етіп айтатын едім. Болмаса, ең кемі Бағдад халқы қырылысатындай қып айтатын едім, – деді де, қойнындағы қағазды алып, қазыға ұсынды. Қазы оқып көріп, тамсанып, айтқанының барлығы да шын, ант еткен бес жылдан бес күн асқан екен. Әлгі қағазды уәзірлер, патша бастатқан барлығы да кезекпе–кезек оқып көрді. Онан кейін оңаша барып, қазы мен уәзірлер кеңесіп, Құтайбаны жазадан босатты.

Перімәлік байға:

– Бұл Құтайбаның өтірігіне бекер нанғансыз ғой, бізге айтуыңыз керек еді, – дегендей иек сүйкей салды. Патша Құтайбаны қасына шақырып алып, өз қолымен маңдайынан сипап, жиырма жыл өтірік айтпауға уәде беруін сұрады. Ең ақырында, Құтайба:

– Патша-еке, мен жиырма жылға шыдамаспын. Иә дүниені, иә өзімді бүлдіріп алармын. Сіздің көңіліңіз үшін он жыл өтірік айтпайын, – деп, уәдесін берді. Он жыл өтірік айтпасқа иман алдында ант еткізіп, патша Құтайбаны өз сарайын сақтаушы уәзір етіп алды. Перімәлік байдан түгел есебін әперді.

100. [ЖАНТӨЛІ]

Жантөлі деген қыз болыпты. Бойына ешбір жанды теңгермепті. Бір күні жігіттер ақылдасып:

– Осы қызды асқақтатып қоймай, біреуіміз алатын болайық. Елден кетірген ерге өлім емес пе, осыны елден кетірмейік, – десіпті.

Сол ақылмен ішіндегі біреуі айтыпты:

– Әуелі жеребе ұстайық, басқа шыққанымыз қызды алайық, өзгелеріміз оған көмектесейік, – депті.

Бұлар жеребе ұстайды. Ішіндегі денелі бір жігіттің қолы басқа шығады, бірақ таяқтың екі елі жері артық қалады, оны көрсетпеу үшін бұл жігіт қолын басып ұстайды. Оны сезген жігіттер таласады, ақыры, олай керісіп, былай керісіп, алғашқы жігітті бас етіп қояды. Бұдан кейін бас жігіт қызға келіп, өзінің көңілін білдірмек болады. Жантөлі үйінің сыртындағы Талғар деген төбені көрсетіп:

– Мына төбені бұлтпен бүркемей, толық ассаң, тиген болар ем, – дейді.

Жігіт жолдастарына қыздың сөзін айтып, олардың ақылы бойынша төбені асып келеді, бірақ қыз «түсінбедің» деп, тимейді. Жігіттер тағы ақылдасып, екінші таяқ ұстайды. Ішінде бір тапал жігіт бас шығады. Өзгелері қостап, о да Жантөліге барады.

Жантөлі:

– Осы үйдің тайы бір түлкіні теуіпті, сол тайдың қай жеріне тигенін білген болсаң, тиер ем, – депті.

Тапал жігіт жолдастарына айтады, жігіттер ақылдасқалы жонға шығып отырса, шекесін таяқ жарған суыр жатыр екен, мұны жігіттер: «Қыздың тай тепкен түлкі дегені суыр болып шықты ғой,» – деп күлісіп, тапалды қызға жібереді. Ол барып:

– Тайдың тепкені түлкі емес, суыр екен, таяғы шекесін жарыпты, – дейді.

Қыз:

– Түлкі емес, суыр екен дегенің білгендік, ал тұяқ оның шекесіне тигенін көре тұра, маған айтып келгенің білмегендік, тимеймін, – дейді.

Сол Жантөлі басқа бір арғыннан келген таз әрі жалақ біреуге тиіпті. Ойынында отырғанда ауылдың жігіттері мазақ етіп күліпті. Жездеміз көңіл тоярлық болмаса да, қара шыбынның қарнын қампитуға жарайды, – деп. Сонда қыз отырып:

– Талғардың төбесіне түлкі боп, асамын деген суыр күлкі боп түсті. Тайдың тұяғы шекесін жарған. Суырды көре тұра, тұяқ ізін қуған тышқанның үні өшті. Тазқара келіп еді (алғыр құстың аты), жан-жануардың мерейі өсті. Осыны шешіңдер, – депті.

Сонда Жантөлінің таз күйеуі:

– Тел емген тайдай сұлуға таласқан екен талайлар. Түлкідей айламен алам деп келген жіңішке ұзын жігіт суырдай сумаң қағып қалған екен. Соны көре тұрса да, сары майдан дәме еткен тышқандай тапал тиесі сыйын алған екен. Тазқарадай шүйгіген мен болдым. Тазымның іріңіне қара, маса қамписа, адамгершілік порымыма қарғам да қанған екен, – депті.

Қыз да, жұрт та бұл шешуге разы болады. Әлгі жігіттер өздеріне айтылған қыздың алғашқы сөздерін де түсініп, өте ұялып, айыбың деп, бір-бір шапан жапқан екен. Қыздың ұзын жіңішке жігітке айтқан жұмбағы – жеребеде таяқтың артық қалған жерін қолыңмен тарбита ұстап, айлаламай келсең, тиген болар ем, – дегені. Тапал жігітке айтқаны – сенен артықпын деген жігіттің көңілін қайтарғанымды көре тұра, сенің келуің – білмегендік. Ал түлкі емес, суыр дегенің білгендігің, айламен алам деген жігіт суырдай сумаңдағанын біліппін, – дегені.

101. ТАЗ, ЖАЛАҚ, СУЛЫ КӨЗ – ҮШЕУІ ЖОЛДАС БОЛАДЫ

«Қу да қу түстен кейін жолдас-ты» деген емес пе? Бір күні түс ауа берген мезгілде табиғаттың гүлденіп, нұр беріп тұрған шақта оңаша ат шаптырғандай ашық даласында таз, жалақ, сулы көз – үшеуі кездесіпті. Біраз отырып, басынан өткен қызықты әңгімелерін қыздыра отырып, таз жолдастарымен: «бір нәрсе ойлап отырмын», – деді.

– Айт, айт! Біз үшеуміз жолымыз түсіп, қосыла қалған екенбіз. Күнде мұндай бас қосылып, көңіл көтеру табыла бермес. Сондықтан қыз күнімізге дейін ескерткіш болу үшін мен ойлағанымды орталарыңа салайын.

Менің жолым алыс, сендерді білмеймін, егер де мақұл көрсеңдер, маған біраз жерге серік болыңдар, бұл – бір. Екінші, сонау мұнарланған төбеге жеткенше мен басымды қасымаймын, сулы көз көзін сүртпесін, жалақ ернін жаламасын. Міні, осыны орындаған күнде біздердің қай жерде жүргенде де қулығымыз тірі жаннан кем болмайды, – деді. Сулы көз жалақ екеуі ақылдасады. «Мұның да айтқанын істеп көрейік. Осы бізден бұрын өткендер «өнерді үйрен де жирен» деп, неге айтты дейсің? О да осындай жастарына үйрене бер деген ақыл ғой, екеуміз де болады дейік, – деп, тазға келді.

Таз:

– Не ойладыңдар, мырзалар!

– Сулы көз, жалақ екеуміз сіздің айтқаныңызды істейтін болдық, – деді.

Таз:

– Жарайды, ендеше, жүріңдер, – деп, үшеуі жолға түсті. Шамалы жүрген соң бір төбені белгі жасады да, осы жерден бастап жаңағы айтқанды орындауға кірісеміз, – деді таз.

Үшеуі мақұлдап, ұлы жолға түсті. Ет пісірімдей уақыт өтті. Сулы көздің көзі жасаурап, жалақтың ерні, таздың басы қыши бастады... Көзді сүртуге, ерінді жалауға, басты қасуға болмайды. Оны біреуі бұзса, шартты уәде бұзғанмен бірдей, енді бұларға белгілі төбеге жету қиын болды, аяқтарын басқан сайын біреуі тілін, біреуі қолын, біреуі көзін алғысы келіп, бүлініп келеді. Біраз мезгіл өтті. Сулы көз көзін аша алмай, жүруден қалды. Жалақ еріні ашып отырды, біресе таздың самайынан сорасы аққандай қышып, бір жерге торғай, сұр көбелек айналып ұшып барады. Таз ойлана тұрып:

– Ай, жолдастарым, менің ойыма бір қызық нәрсе келді. Сендер тыңдаңдар, мен айтайын, – деп сөйледі.

– Менің жас кезімде, жиырма бес шамасында бір ағам бар, мал баршылық, «аузы қисық болса да, бай ұлы сөйлесін» деген бар емес пе еді, сондай оның да апайы ақсақ болса да, өзі көркем екен. Кешке таман қызды ауылдың желкесінен шаппайтын жорғаны мініп алып, қолына тобылғы сапты қамшы, басына сусар бөрік [киіп] өте бергенде, тамағын кернеп, жорғаны бір-екі нұқып жіберіп, бөрікті шекесіне былай бір, былай бір қойғанда, қыздар қарап қалады екен, – деп, басын қасып алыпты.

Сұлу көз:

– Мұның рас, ой, шіркін, әр нәрсе өз уақытында өнімді болады екен ғой. Жаңа сен айтқандай, менің бір жиенім мерген екен. Құдайдың құдіреті – көзіне көрінген аңды «Пу» деп, жайлап атқанда да түсіреді. «Пу» деп, былай атқанда да түсіреді екен, – деп, екі қолымен кезек-кезек көздеген болып, көзін сүртіп алады.

Жалақ екеуіне қарап тұрып:

– Бәлду-батпақ бәрі өтірік, бәлду-батпақ бай өтірік, – деп, тілімен біресе астыңғы ернін, біресе үстіңгі ернін сулап алады. Қоштасып, осы жерде бірінен бірі мінін таба алмай, әрқайсысы өз бетіне кеткен екен деседі.

102. СОҚЫР, ТАЗ ЖӘНЕ ЖАЛАҚ

Бір соқыр, бір таз және жалақ – үшеуі жолдас болыпты. Бұлар жолаушылап бір жат елге келе жатқанда үшеуі соқыр, таз, жалақ екенімізді білдірмей, жай отырысалық; соқыр көзін сүртпесін, таз басын қасымасын, жалақ ернін жаламасын деп, серт қылысыпты. Бір үйге қонып отырса, таздың басы қышып, жыбыршып, отыра алмапты. Сонда таз әңгімеге кірісіп: − Әкеміз асқан ат үстіне мықты болған кісі еді. Қамшыдай қатқан жүйрікке мініп, қайың сатылды қолға алып, бөрікті біресе мына шекеге, біресе мына шекеге киіп алып, араласқанда... – деп, басын әбден үйкелеп, қасып алыпты. Мұны соқыр біліп, менің де әкем құралайды көзге ататұғын мерген еді, сары құлаш садақты бетке осылай ұстап, сығалап тұрып, былай бір тартып, бұлай бір тартып жібергенде аң жау жапырақтай түсуші еді, − деп, көзін қасып алыпты. Мұны көріп отырған ерні тырысқан жалақ:

− Бәлду-бәлду бәріңдікін де білдім, − деп, ернін екі жалап алыпты.

103. АМАЛШЫЛ БЕКЖАН

Бұрынғы уақытта бір хан болыпты. Ол ханның ақшасын Бекжан деген ұрлапты. Оны кім ұрлағанын ешкім біле алмайды. Кім ұрлағанын білуге хан үй тігіп, той қылып, барша халықтарын шақыртты.

– Әр қонақтардың алдарына он тиын күмістен қой, – деді.

Ханның бұйрығын орнына келтірді.

– Кімде-кім ол он тиын күмісті алса, сол ханның ақшасын алған, – деді.

Амалшыл Бекжан мұны білді. Етігінің өкшесіне желім жақты. Тамақ жегеннен кейін қонақтардың қолына су құя бастады. Барлық қонақтардың алдындағы күмістер Бекжанның өкшесіне жабысты. Онан кейін далаға шығып кетті. Оның мұндай істегенін ешкім білген жоқ.

* * * Ханның бір түйесі бар еді, түйені іздетуге хан ойланды. Хан түйені бос қоя берді. Түйе барды да, Бекжанның үйінің қасына барып жатты. Бекжан оны білген соң түйені сойып алды. Мұны хан білген жоқ. Бір уақытта Бекжанның үйіне бір қатын келді де, Бекжаннан бір жапырақ түйенің етін сұрады. Ол бір жапырақ етті алды да, көрсетуге ханға қарай жүрді. Қатын ханға келе жатқанда Бекжан жолықты.

– Қайдан келесің? – деп, қатыннан сұрады. Қатын айтты:

– Сіздікінен бір жапырақ ет сұрап әкелемін, – деді. Бекжан бұл қатынды үйіне ертіп келіп, өлтірді. Мұны хан білген жоқ.

Хан тағы да бұйырып:

– Жер қазып, ағаш орнат. Оның үстіне бір қап ақша қой, – деді.

Ол ағашты орнатты. Жан-жағына елу кісіден күзетші қойды.

Бекжан тағы да алуға ойланды. Бір боз ат тауып алды да, өзінің және аттың сол жағын балшыққа былғады. Атқа мінді де, жылдам қапты алып, қашып кетті көзге көрінбей.

Ол ағаштың орта жағында тұрған күзетшілер айтты:

– Ұрының астында қара аты, қара киімі бар, – деді. Сол жағында тұрғандар:

– Ол ұрының астында боз аты, ақ киімі бар, – деді.

Сондай талас сөздер болған соң ұрыны іздей алмады. Хан ұрының күшін білді де, мұндай кісіні таба алмайтын болған соң тағы да той қылып, барша халықтарын шақырып:

– Кімде-кім маған шын айтса, соған қызымды беремін, – деді.

Бекжан мұны білген соң келді де, ханға айтты. Хан өзінің айтқанынан тая алмай, қызын Бекжанға береді. Жаңағы тойды онан да үлкейтіп, тойға ұластырып, ақырында, Бекжан дегеніне жетіпті.

104. ЖАЗАСЫН ТАРТҚАН АЙЛАКЕР

Бір ханның бас уәзірі бар екен бек сенімді ханға. Не түрлі үлкен жұмыс болса да, бәрін сол уәзірі бітіреді екен. Хан өлімге бұйырған жазалыларды өлтіріп, ханның бұйрығын орнына келтіруін де ол тексеретін. Өзге уәзірлер оны көре алмай, әсіресе, екінші уәзірі бас уәзір өзі болғысы келіп, бас уәзірді қайтсе де өлтірмек болды. Әр қайда ханға жамандайды екен бас уәзірін. Бірақ нанбаған көпке шейін. Бір күні екінші уәзір ханға келіп айтқан: «Бас уәзірдің бір дерті бар жұқпалы, қасына жанасқан кісіге де, һәм сізге де жұқса керек, уәзіріңіз дертін жасырып, сізге келіп жүреді, сізге дертін жұқтырар сөйтіп жүріп», – деді. Және де айтты: «Сізге келгенде дертін жасырмақ үшін аузын қолымен басып тұрады, дертінің жаман иісі сіздің мұрныңызға келмесін деп», – деді. Мұны естіген соң хан қорықты. Сонда да бұрын еш жамандық қылмаған еді. «Егерде дертті болса, мені де былғар, һәм жұмыс та бітірмес» деген ханның ойына келді. «Егерде бас уәзірі ханның сенімін оған пайдаланып, ханның ғұмырына қастық қылса, оны аяп та керегі жоқ. Үлкен жазаға бұйыру керек». Хан сонда да ойланды: «рас па екен, жоқ, өтірік пе екен» деп, осындай қылғаны. Бірінші уәзірді тексерейін деді. Екінші уәзір хандікінен шығып кетіп, бірінші уәзірді қонаққа шақырды қанша әртүрлі тамақтар даярлап. Ол берген тамақтарына сарымсақ көп қосқан екен, тамақ жеп болғаннан кейін әрі-беріден соң ханнан кісі келді: «бірінші уәзірді хан шақырады», – деп. Бірінші уәзір ойланды: «Бұған қалайша барамын, бұл аузымдағы сарымсақ иісімен», – деп. Сонда да амал жоқ бармауға болмады. Барды. Ханға келгеннен кейін, қасына тақау тұрмады. Қолымен аузын басып тұрды. Хан қасына қатар келіп: «қолыңды аузыңнан тарт» деді. Аузынан қолын тартып еді, жаман иісі шықты. Онан соң хан екінші уәзірдің айтқанына сенді де, рас екен деп, жазаға кіріптар қылатын жерге бұйрық жаза бастады «бірінші уәзірді өлтір» деп. «Ұшбу бұйрықты апарғанды өлтір» – деді. Мұндай өлтір деп жазғанын бірінші уәзір білмеді. Неге десеңіз, бұрынғы уақытта ондай ханның бұйрығын жазаға кіріптар қылатын жерге бірінші уәзір апарады екен. «Сондай ғой» деп алып кетті. Келе жатқан уақытта екінші уәзір жолығып: «Қайда барасың?» – деді. Сонда бірінші уәзір қолындағы конверттеген қағазды көрсетті. Екінші уәзір ойлады: «Мен апарайыншы ұшбу қағазды», – деп, һәм сұрады бірінші уәзірден маған бер, мен апарайын» – деп. Бұл ойлады да, «Мені де сыйлап, қонаққа шақырып еді ғой» деп, беріп жіберді. Қағазды жазаға көрсететін жерге әкелгеннен кейін бағанағы хан «Ұшбу хатты апарған кісіні тез өлтір» деген сөзімен оны өлтірді де тастады ешбір сөзіне қарамай. Екінші күні бірінші уәзір ханға келді. Хан көрді де таң қалды: «Бұл қалай келді?» дегендей қылып, һәм ойлады: «Менің бұйрығымды орнына келтірмеген», – деп. Артынан екінші уәзірдің өтірік айтқанын біліп, Құдайға тәубә қылды өзінің сенімді адамы қалып, ғайбатшыл уәзірдің өлгеніне.

«Біреуге ор қазба, өзің түсерсің».

105. АЙДАРБЕК ҚУ

Айдарбек қу ел аралап жүріп, Шаншардың бір ауылына келіпті. Әлгі ауылдың бір адамы өліп, соны қойып жатыр екен. Айдарбек жаназаға келген Шаншарларға «майлансын-ақ», – депті. Елеңдеген бір жігіт:

– Ой, мынау қалай, қалай сөйлейді? Кісіміз өліп жатқанда, көңіл айтудың орнына майлансын-ақ дегені несі? Өзіне дүре соғып, қып-қызыл қылып жіберсе қайтеді? – дейді.

Айдарбек:

– Иә, қып-қызыл қылсаң, қыларсыңдар. Қолдарың қанданып тұр екен, – деп, жүріп кетіпті.

* * * Айдарбек сол бетінде Шаншардың бір бай ауылына келеді. Келсе, әлгі ауылдың байы үйде жоқ, бәйбішесінен рұқсат сұрап, қонады. Түнде бәйбіше етті көп асып, күтеді. Сорпа ішерде Айдарбектің сорпасына үпілмәлік деген дәрі қосып береді. Ол дәріні ішкен адамның іші өтеді екен. Әлден уақытта Айдарбектің іші ауырады, тысқа шығайын десе, есікті мықтап жауып қойыпты. Шаншардың қуларының әдейі істеп жүргенін біледі де, төсекте жатқан бәйбішенің көрпесін ептеп алып, соған дәреттеп, көрпені қайта жауып қойыпты. Сонымен ұйықтап қалады. Таңертең бәйбішеден басқалар тұрып, шәйға отырады. Бәйбіше үндемейді, жата береді. Айдарбек:

– Апыр-ай, бәйбіше неге тұрмады, «ас иесімен – тәтті» деуші еді, бәйбішені оятшы, – деп, болмайды.

– Бәйбіше аурумын дейді, – деп, келіні қайтып келеді.

– Апыр-ай, ауруы жоқ сияқты еді-ау, – деп, Айдарбек тағы тамсанады. Сол кезде бәйбіше ыңқылдай бастайды...

* * * Екі адам дос болыпты. Бірімізден ұл, бірімізден қыз туса, қалыңсыз қосалық десіпті. Күндердің бір күнінде әлгінің бірінен ұл, бірінен қыз туып, өсіпті. Қыз ел аузына ілінген мақтаулы, ақылды адам болыпты. Ал анау жігіт жарымес-жынды, шұбар болыпты. Ер жетіп, ел аузына ілінген сұлу қыз жынды күйеуге бармаймын деп, наразылық білдіріпті. Қыздың әкесі ренжітіп, бере алмапты. Сонымен екі арада алакөңілдік туыпты. Қыз әкесі кедей, нашар ата екен де, күйеу аталы жуан ауыл, бай баласы екен. Ағайын, туған, әке-шеше жігітті аптап, «сен ынжықсың, барып, тартып әкел, пәленнің жесірі кетті деген не сұмдық», – деп, қызды тартып әкелуге жасақ жинайды. Бұл хабарды қыздың ауылы естиді де, қорқады. Өйткені, қыздың ауылы елден ерекше жеке жайлауда екен. Және қыз әкесі үйінде жоқ, алысқа кеткен екен. Және қыздың әкесінің екі әйелі бар екен. Қыз соның үлкенінен туған екен. Әйелдер үрейленіп, қысылып отырғанда, ауылына Айдарбек қонаққа келеді. Қыз шешесі Айдарбекті танымайды, бірақ «түсі жылыдан – түңілме» деген еді деп, жайын айтады.

Айдарбек «Қорықпаңдар, саспаңдар», – деп, ақыл айтады да:

– Мен не істесем, соған «мақұл» деп, қосыла беріңдер. Ал мен жұмысқа кірістім, сұрағанымды дайында, – дейді.

Сонымен таң ата қыздың ауылына көп адам келіп, қызды тартып әкетеді. Қызды алып келіп, той қылады. Тойға ел жиналады. Әлден уақытта келіннің бетін ашамыз деп, жыршылар жиналып, ақсақалдардың, бәйбішелердің алдына әкеліп, бетін ашады. Бетін ашса, әкелгені қыз емес, қыздың кіші шешесі болып шығады. Әкелген жігіттер де, ақсақалдар да масқара болып қайтады. Екі арада бітім болып, құдағиды қайтарады. Артынан сұраса, оқиға былай екен дейді-ау! Айдарбек асықпай-үсікпей, қыздың бар киімін кіші шешесіне киіндіріп, сырға тағып, білезік кигізіп, жүзік салғызып, шашын майлап, тарап, шекен тақия кигізеді. Өзін бәйбішенің ірге жағына жатқызады. Қызға нашарлау киім кигізіп, тоқалдың төсегіне жатқызып, ыңқылдатып, ауыртып қояды. Қызды алуға келген бозбалалар асығып жүріп, бетіне қарамай, кемпірінің ірге жағында жатқан абысынын ала жөнеледі. Мұны жасаған Айдарбек қу еді дейді.

* * * Сүйіндік ішінде Тынды дейтін бай болыпты. Кесіп алса, қан шықпайтын сараң болыпты. Күндердің бір күнінде Тындының үйіне келіп, бір аттың майын сұрайды. Тынды бермейді. Айдарбек ішінен ыза болып кетеді. Есебін тауып, «Тындыға бір қылайын» деп, кектенеді. Тындының жалғыз қызы бар екен, оны Арғын Тамаға ұзатқан екен. Сол қыздың төркіндеп келетін мезгілі болады. Айдарбек бойжеткен қыз болып киініп, қасына бір жолдас ертіп, Тындының ауылына келеді. Кешке таман таудың басында отырған Тынды анадай оқшау келе жатқан бір әйел, бір еркекті көріп, дәу де болса, осы ұзатылған қызым ғой деп ойлайды. Келе жатқан жолаушылар да ауыл адамдарын көрген соң әдеттегідей төркіндеген қыздың салты бойынша дауысын шығарады. Тынды қалбалақтап, алдынан қарсы жүреді. Сол кезде жолаушы әйел де аттан түсіп, сыңсып келіп, ауыл адамдарына шетінен көрісе бастайды. Көріскен адамы аздан соң талықсып, отыра-отыра қалады. Өйткені: көріскен қыз елді екі бүйірінен, өкпесінен қысып, әлсіретіп жібереді. Тындының өзі де көксау екен, көріскен соң талықсып, отырып қалады. Сол кезде Айдарбек атына міне сала қашады. Ауылдағы бірер арық-тұрақ атпен қуады, бірақ жете алмайды. Мұның Айдарбек екенін біліп, басы Тындының өзі болып, бармақты тістеп қалады. Арада бес-алты күн өтеді. Тағы да кешке таман күнбатыс жақтан бір әйел, бір еркек солаң етіп, шыға келеді. Тынды көріп:

– Е, бәлем, Айдарбек, анау күні күншығыс жақтан келіп едің, енді күнбатыс жақтан шықтың ба, тағы көрісетін шығарсың, – деп, жеңінің ішіне кішкене қолтоқпақ тығып алып, жолаушылардың алдынан қарсы шығады. Келе жатқан жолаушы әйел дауысын шығарып, кеңкілдеп жылап, аттан түседі. Тындыны көріп, құшағын жайып, сыңсып жылап, жүгіреді.

– Ә, Айдарбек, тағы да бүйірімнен қысқалы келесің ғой, сен қысқанша, мен сені жайлайын, – деп, көрісе беріп, қолтоқпақпен шекеден періп жібереді. Әйел мұрттай ұшады. Әлден уақытта бетін ашып қараса, Айдарбек емес, Қаншайым деген өзінің ұзатқан қызы.

Міне, осымен Айдарбек Тындыны екі рет масқара қылады.
* * *

Айдарбек кешкі уақытта қонамын деп Қашқынбектің үйіне келеді. Келсе, «күздік сойып жатырмыз, мал-соғым сойған күні қондырмайтын әдетіміз», – деп, қондырмай жібереді. Айдарбек атына мініп, аяңдап, басқа бір ауылға барады да, қонып, түнде атқа мініп кетеді. Қашқынбектің інісі Қореке деген сақау бар екен. Айдарбек Қореке сақау болып, түні бойы өлкелі елді аралап, үйдің сыртынан:

– Қашқынбек бай жығылып қаза болды, таңертең жаназасы, – деп, өлкелі елге сауын айтады. Елдің алды күн шыға Қашқынбектің ауылына топ-топ болып, «ой, бауырымдап», ат қояды. Қашқынбектің өзі де, ауылы да шошып кетеді. Қашқынбектің Оспан дегендегі қызы да келеді. Келіп, тыста тұрған әкесін бас салып, көріседі. Әкесі шошып:

– Қарағым-ау, не болды, кім өлді? – десе, «Өзің-ау, өзің» деп, өкіріп, жылай береді. Әп-сап басылады, жылаған ел солығын басады. Сол кезде бай «сөз қайдан шықты?» десе, ел «қайдан шыққаны бола ма, кәдімгі Қореке келіп, түн ортасында сізді аттан жығылып, мойыны үзілді деп хабарлады. Содан хабар естідік», – дейді.

Қорекеден сұраса, ол «үйімнен шыққам жоқ, Құдай сақтасын», – деп, ант суын ішеді де, «егер мен болып жүрсе, бұл Айдарбек болды. Сол ит кешке келген. Содан бай қондырмай жіберген. Сол ит екен ғой», – дейді. Қашқынбек келгендерге тай сойып, қой сойып, қонақ қылып қайтарады.

106. ҚҰЛАҚАЙ

Құлақайдың әкесі елге беделді адам болса керек. Мекені – Тарбағатай тауының алқымы, «Саршоқы», «Аршалы» деген жерлер. Сол уақыттағы дәстүр бойынша Құлақайдың әкесі күз болып, мал семірген уақытта маңындағы елдерге жата-жастана қонақтайтын әдеті екен. Құлақайдың сегіз-тоғыз жастағы кезі. Әкесінің алты ұлының ең кішісі де осы – Құлақай. Сондықтан да оны жасынан-ақ еркелетіп, бетін қақпай өсіріпті. Әкесі қайда барса да, өз қасынан қалдырмапты. Ел ішінің беделді адамы, атақты рудың баласы болғандықтан, Құлақайдың әкесін елі құрметтейтін. Өзі жоққа нанғыш, байлығы болмаса, момын адам еді. Сүйтіп, жас Құлақай әкесімен қонақтап жүріп, барған үйінен үнемі құлақ (малдың) жеп, оның тәттілігі жас баланы кәніктендіреді. Жасы жеткен адам болғандықтан да, қай үйге барса да, бас Құлақайдың әкесінікі де, құлағы – баласынікі. Көбінесе, ағайын ішіндегі бір ауылдың, қалса, бір елдің ақсақалы болғандықтан, бір үйден екінші үй өздері–ақ құрметтеп әкететін. Оған деген бір малдары ертеден арнаулы. Құлақай жасынан-ақ бір бетті, көңілге алған ісіне тиянақты, көпшіл болды. Өзімен замандас балалардың ортасында әр нәрсеге ыңғайлы, қолынан іс келетін қабілеті күшті еді. Ең аяғы, ауыл балаларын әртүрлі ойынға ұйымдастыратын да осы Құлақай болды. Онсыз ойындарының беделі болмайтын, қызықсыз өтетін. Әкесі бертін келе қартейеді. Жасы өсіп, ақылы кіре бастаған Құлақай да әкесімен ілесіп, әр үйде қонақтауды мінәжіп етпеді. Өзінше ұят көрді. Оның орнына ауыл балаларымен бірге қозы-лақ бағу қызық көрінеді. Бір күні әкесімен құрбылас [адамдардың] бес-алты балалар[ы]мен асық ойнап отырғанда, қозы–лақтарына қасқыр шауып, сол ауылдағы атақты бай Мүрсәлімнің бес қозысын жаралап, үш қозысын қасқыр алып кетеді. Мүрсәлімнің бәйбішесі Қанымжан қозыға шапқан қасқырдың әрекетін естуі-ақ мұң екен, Құлақай мен Серік деген жетім баланы таяқтың астына алып, қозыға қасқырдың шабуын бұлардан көреді. Мүрсәлімнің қозышысы – Серік. Қанымжан бәйбіше қарғап-сілеп, жатарда беретін бір тостаған ащы іркітін де бермеді. Ұйқыда жатқан Серікті таң сәріден жабу арасынан тауып алып, үстіне бір шелек суық су құйып, қаперсіз жатқан баланың зәресін ұшыра оятып, қой артынан қозыны да өргіздіріпті. Қозы бір белді асқанша, бәйбіше де екі көзін сол жақтан аудармады. Құлақай Серікті өте ұнататын. Жетімдігінен басқа міні жоқ деп есептейтін. Балалар ішінде екеуі өте сырлас, тату еді. Құлақай ауылға беттеген қозы алдына шықты. Серік оған күндегідей емес, жүзі баяу. Кейістің көлеңкесі бар бетінде. Құлақай оның мәнісін сұрап еді, қозы-лақтың өткен күнгі жамырауы, кешегі қасқырдың қозыға шабуы, сол үшін бәйбішенің шекесін жарып, бір сөтке тамақ таттырмауын айтып, мұңын жолдасына шаққандай болып, көзінің жасын іркіп-іркіп алды. Құлақайдың бәйбішеге деген ыза кегі қайнады. Бірақ ол жерде Құлақай да, Серік те ешнәрсе демеді. Құлақай үйіне келді. Киіз үйдің ішіндегі шидің есігін ашты. Екі қалтасына құрт пен ірімшікті толтырып алып, суатқа қарай суға кеткен Серіктің артынан барып, қалтасындағы тағамдарын берді. Арада бірнеше күн өтті. Құлақай балалардың ақсүйек тастау ойынынан келе жатып, кілт тоқтай қалды да, қайта ілгері аттады. Оның ой түйіні шешілгендей болды. Ел тегіс ұйқыда. Сол бетінше қора ортасындағы көген басына келді. Көгендегі қозы-лақтарды ағыта бастады. Желідегі бұзауларды да босатты. Сүйтіп, Мүрсәлімге қарасты алты-жеті ауылдың төлін түгел босатты. Ауыл адамдары бұл істі көпке дейін сезбей жүрді. Бұл іс күн санап, шиеленісе берді. Малшыларға бәйбішелер нанбай, өз көздерімен қозы-лақтарды көгендетіп, түгендейтін болды. Бірақ та қозы-лақ, бұзаулардың таңертең енелерімен бір жүруі әдетке айналды. Құлақай бұл істі өз үйіне де істеп қояды. Үйткені, оқиғаның мәнісін басқаларға сездірмеу. Міне, бұл іс күн санап, өріс алып, мал төлдерінің түн ішінде қосылып кетуі ақсақалдардың айтуы бойынша, Құдайдың құдіретімен істеліп тұрған болып шықты. Үйткені, үлкен-кіші Құдайға құлшылық ету дегенді міндетім демейді. Малға (закат) садақа беруді, Құдайға құлшылық етуді халық ұмытты деп, молдалар шықты. Сайып келгендегі істің түйіні құдайға құлшылық етіп, тасаттық садақа беруді ұйғарды. Ауыл болып, үй басы мал шығарып, оны сойып, садақа берісті. Ауыл болып, сойылған малдың етін жесті. Құлақай да бірнеше малдың құлағын жеп, Серік сияқты балалар етпен бірге сорпа-су ішіп, оларға кішігірім тойдай болды. Құлақайдың іш пікірі ішінде. Бірақ мұнымен іс бітпеді. Төлдер бірге жатуын қоймады. Құлақай да күнделікті байырғы әдетін қоймады. Күндерде бір күн ауыл әбден ұйқыға кеткен мезгіл еді. Желідегі қозылардың арасына келіп жатқан Құлақайды ауыл жігіттерінің бірі көріп қалады. Бірақ Құлақай оны аңғармайды. Ептеп қозы-лақтарды ағыта береді. Осы мезгілде бір қозы мойнынан көгені босауы-ақ мұң екен, маңыраған бетімен енесіне қосылады. Оның дауысымен мойнынан көгені босанған барлық қозылар шулап, енелері маңырап, у да шу болып, Құлақайдың көген арасынан тұра жөнелгенін әлгі жігіт әбден аңғарып, таниды. Оны қорқытпақ болған жігіт:

– Әкеңе айтайын ба, не істеп жүргеніңді? – дейді.

Оған Құлақай ешнәрсе деп жауап та қатпады. Үйіне келеді де, жатып қалады. Таңертең ерте тұрады да, кебежедегі асықтарын алып, жолдас–ауылдас балаларын ертіп, асық ойнауға кетеді. Жігіт түндегі көрген-білгендерін ауыл адамдарына, ауыл адамдары Құлақайдың әкесіне айтады. Әкесі бұл сөзді естісімен баласының ісіне ашуланып, қолына таяғын алып, ауылдың сырт жағындағы бір топ асық ойнап жүрген балаларға келіп, Құлақайды жуан қара таяқтың астына алмай ма кеп. Өз ісі өзіне аян Құлақай топ баладан жырыла қашқан беті ауыл малдарының су ішетін таққай атқысы (суаты) деген қорыққа таман қашпасын ба? Әкесі соңынан қалар емес. Қуып келеді, сол-ақ екен Құлақай су жағасына барлық киімдерін шешіп, әкесі келе бергенде:

– Ал, әке, хош, сорлы шешеме сәлем айт, – дейді де, қара суға күмп беріп, сүңгиді де кетеді. Әкесі аң-таң. Ешбір дыбыс жоқ. Су бетіне шығар, бір дыбыс берер деп үміттеніп еді, бірақ Құлақай шықпады. Ары-бері күтті, дыбыс жоқ. Әбден күдерін үзгендей болған кезде екі көзінен аққан жас сақалынан сорғалап, баласының киімдерін алып, үйіне қайтады. Ауыл адамдары суға ошақ салады, Құлақайды су астынан іздейді, таба алмайды. Әкесі «ой, бауырым» салады.

Ал, Құлақай ше? Суға алғаш күп беріп түскен бетінде су астымен малтып, судың ортасындағы жағадан жетпіс метрдей қашық шоқ қамыстың ортасына еніп, судың ар жақ жағасына қамыс қалқасымен шығады. Оны әкесі аңғармай қалады. Келген бетте-ақ оның екі көзі баласының суға сүңгіген жері болды. Сол жерден шығар деп, көпке дейін үміттенді. Түн ортасы, ел аяғы басылды-ау деген кезде Құлақай су жағасындағы ұзын қамыстан бір қамыс жұлып алып, ұзын түтік жасады. Ішіндегі өзегін түсірді. Содан үйіне таман аяңдап, бет бұрды. Өз үйінің қасына келді. Киіз үй жабығынан сығалады. Көрші үйлердің үш-төрт әйелі отыр. Бәрінің жүздері баяу, өте жабыраңқы. Әкесі таяғын маңдайына тіреп, қалғып кетіп, қалғып кетіп отыр екен. Шешесі оң қолын жағына тіреп, анда-санда бір күрсінеді, өксіп алады. Құлақай киіз үйдің жабығынан түтігін сұқты. Әкесінің құлағына таяды да: «ей, шал!» – депті. Дыбыстың қайдан шыққанын еркін аңғармады да, жан-жағына қарады. Болмаса, құлағы құрғырға әлде не жаңғырығады деді ішінен.

– Балаңды өзіңе берейін, бұдан былай ұрмайсың ба? Әкесі қайта елеңдеді, үйдегілерге білдіртпей, сыртқа шығып, үйдің артын қараған болды. Сонда да дыбыс жоқ. Ешнәрсе көре алмады. Құлақай осы уақытта екінші бір үйдің қалқасын тасалап тұр.

Әкесі үһлеп, не екенін түсінбей, қайта келеді. Оның артынша Құлақай да іле-шала үй жабығынан сығалады да, шешесінің құлағына қамыс түтігін таяп тұрып:

– Ей, кемпір, балаңды әкеп берсем, әкесіне ұрғызбас па ең?

Бұл сөзді естіген Құлақайдың шешесі таяғына сүйеніп, әлденелерді айтып, ернін жыбырлатып отырған шалына:

– Құдай тағаланың өзінің құдіреті, өзі берген баласын өзі алып, көз жасымызға қайта берейін деп тұрған ғой. Барлық кесел өзіңнен. Құдайдың ен даласы құрығандай, су ішімен қуып, су иесі Сүлеймен қамқорлығына алмасын ба жас нәрестені?

Шал-кемпір өзді-өзі осылай дауласып отырғанда әкесінің құлағына екінші рет:

– Балаңды әдейі өзім әкеп тұрмын, бұдан әрі ұрмайсың ба, өз еркіне жібересің бе? – дейді.

Бұл сөзді естіген шал сыртқа жүгіре шығып, аспанға қарап, алақанын жаяды.

– А, Құдай! Рақым ет құлыңа, егер баламды көзіме көрсетсең, бетіне қарап, сөйлеп, етіне таяқ тигізбес ем, – деп, өзінен-өзі жатып қалған елдің түн тыныштығын бұзып, айқай салды. Бұл айқайға ауыл оянып, «баласының күйігі ғой, жынданған ғой» деп, екі жігіт қолтығынан сүйеп, үйіне әкелді.

Дәл осы уақытта денесін қамыспен сызып-сызып, өн бойына батпақ жағып, үйіне кіріп келеді. Үй ішіндегі бөгде адамдар да үрпиісіп, таңғажайып бұл адамзат баласынан жөн сұрайды.

– Суға күп беріп, түскенімді ғана білемін. Одан соңғы не болғанымды түсінбеймін. Бір шал бұта-бұтаның арасымен жүрмес еркіме қоймай, «әкең шақырады, шешең сағынды» деп, осы есіктің алдына әкелгенін ғана білем. «Бармаймын үйге, әкемді көрсем, денем түршігеді, тағы ұрады ғой» – деп ем, «әкеңе сөйлестім, бетіңе қарап сөйлемеуге, етіңе таяқ тигізбеуге серт етті» [деп], осыны айтты да, әлгі ақсақалдан айрылып қалдым, – депті.

Үй ішіндегілердің барлығы да жағасын ұстады. Сорлы шешесі баласының үстіне кеп, құлап түсті. *** Құлақай Есеналы деген рудың Қасқырбай деген байымен бір жиында сөзге келісіп қалса керек. Сөз аяғы шиеленісе келе, жесір дауы, барымта алуға дейін барған. Арада бірнеше күн өткеннен кейін қасына оншақты жігіт ертіп, Қасқырбай аулынан жылқы алмақ және келемеж, ақымақ ету ниетімен аттанады. Одан алған жылқыларды ауыл кедейлеріне үлестірмек болады. Бірақ күзет өте қатты екен, жылқы ала алмайды. Содан жолдастарымен ауылға таяп келіп, таң да атуға таянып, шығыс жақ түріліп келе жатқан уақыт болса керек, бай ауылына жалғыз өзі келіпті. Ауыл ақсақалдары таң намазына тұрып, кейбір малжанды бәйбішелердің тұра бастаған мезгілі еді. Құлақай келген бетте сәлемдескен соң:

– Найман елінен келе жатқан көптеген адам едік, мына Тарбағатай тауы құлағалы тұр дегенді естіп, соған тіреу тірейік деп, шығып едік, жолдастарымның аттары болдырып, азықтары таусылып, далада қалды. Соған не көмек көрсетесіздер? – депті ғой.

Сонда ауыл ақсақалдарының ішінен бір кәрия:

– Е, ол Тарбағатай болғалы қашан, мүмкін құлауға?.. Астының шіритін уағы жеткен шығар, – депті.

Ауыл адамдары бастығы Қасқырбай болып, Құлақайға оншақты ат жинап беріпті. Ішінде Қасқырбайдың қос күреңі де бар. Он атты айдаған Құлақай:

– Дайындала беріңдер, біраздан соң біз де келіп қалармыз, – деп, жүре беріпті.

Құлақай бір күні келе жатса, ауыл арасынан садақа жинап жүрген бір қарт адамға жолығады. Қарттың ішерге асы, киерге киімі жоқ, мүсәпір адам екен. Оны үйіне ертіп келе жатқан Құлақайға ол:

– Қарным ашты, – десе керек. Оған Құлақай:

– Біздің ауыл әлі талай жер, сіз қолыңыздағы дорбаңызды маған беріңіз, мені осы арадан күте тұрыңыз. Сізге мына ауылдан тамақ әкеп берейін, – дейді. Құлақай таяудағы бір ауылға келді. Бірақ ыңғайлы ешнәрсе кездеспеді. Шеткерірек отырған бір үйдің жер ошағынан от жылтырайды. Жылтыраған отқа таяп келсе, бір кемпірдің қазан ішінен ет алып көріп, аударыстырып отырғанын көреді. Бір уақытта кемпір үйіне ене бергенде, аңдып тұрған Құлақай етімен қазанды көтере жөнеледі. Демін алып, пісіп тұрған ет екен, сорпасын жерге төге салады. Кемпірдің жер ошақтағы қазанға қайта оралуы да, оны іздеуі де өте тез болса керек. Ай жарық, қазан көтеріп бара жатқан адам да тез көзге шалынады. Құлақай қатты жүгіре, аяңдай басып, мойнына ілген дорбаға етті салып келеді.

Әйелдің дауысымен қой күзетшілерінен екі-үш адам кемпір нұсқаған жаққа қарай тоқталмастан жүгіріп келеді. Құлақайға қуғыншылар өкпе тұсынан келе айқасады. Оларға Құлақай:

– Сендердің ойнайтын кісілерің мен емес, қазан сынады, жаман болады, – дейді. Тыңдамаған қуғыншылар айқаса келіп түскенде, Құлақай:

– Әкелеріңнің құны кеткендей жүгірмесеңдер де болады ғой, қазан сынады десе де, болмайсыңдар ғой, – деп, үлкен бір қара тасқа қазанды періп кетіпті ғой.

Қуғыншылар аң-таң. Құлақай өз бетінше жүріп кетіпті. Содан айтулы уағдалы жерге келіп, шалға тамақ беріп, үйіне апарып, киім-кешек, әртүрлі сый, құрметтер көрсетіп жіберсе керек.

Бір күні Құлақай қой ұрламақшы болып, қораның ортасында жатқан қойға кіреді. Ел түгел жатпағандықтан, көгендегі қозылардың арасына келіп жатса, қой күзетшісі ұстап алыпты. Ұрады. Ел де жиналып қалады. Құлақайдың қолын байлап, жөнін сұрайды.

– Кімсің? Не ұрламақсың? Жолдасың бар ма? – десе, оларға Құлақай «Әринеден» басқа ешнәрсе айтпайды.

– Атың кім? – десе де, «Әрине», – дейді.

Содан ауыл адамдары:

– Дені сау адам емес қой, қоя берейік, – деп, Құлақайды қоя беріпті.

Былай шыға салып, Құлақай:

– Қойға келген ұры едім, әринемен құтылдым, – деп, айқай салыпты.

*** Құлақай көршілес ауылдағы қыз ұзату тойынан таң ата қайтып келе жатса, өз үйінің сары атанын Масалы сайынан жетектеп, бездіртіп бара жатқан бір кісіні көреді. Түйе жетектеушінің ұры екеніне түсіне қалған ол ұрының алдын ала бірнеше қырқаларды асып, осынау жерден жүреді-ау деген мөлшермен оның жолын тосады. Тау ішінің жалғыз аяқ жолы өзіне белгілі. Қайтсе де, ұрының Масалы сайымен жүретіні күмәнсіз. Басқа жерде ол кете қоятын дағдылы жол жоқ. Сондықтан ол Масалы сайының бір белесінің астына атын байлап, киімдерін түгел шешіп, денесінің әр жеріне батпақ жағып, ұрының алдын тосып, тұра қалады. Сары атанның сыры өзіне мәлім. Мыңқ етіп, дыбыс шығаруды білмейді. Ұры да белгілі жерден өте бергенде жанасалап, қосыла кетеді. Ұрының беті – «Қызыл тас», «Өкпеті» жақта. Таңның салқын самал желі. Күншығыс жақ түріліп, таң белгісін беруде. Даланың жыршы құстары атар таңды қошеметтеуде. Түйемен бір-екі минуттай қатарласа желіп отырып, оның ұзын қара бұйдасын қиды. Бұйданың бір ұшы – ұры қолында. Екінші ұшын Құлақай аузынан тістейді. Түйе бұйдасы қиылған жерде қалды. Құлақай да ұры артынан жетектеліп, желіп келеді. Әлден уақытта түйе қарасын үзіп, бір белесті асып түскеннен кейін аузына тістеген бұйдасын тісімен тартып, табандап тұра қалады. Түйе жетектеуші артына қарауы-ақ мұң екен, атты борбайға салып қалып, безбесін бе? Құлақай да бір бел асқанша артынан шамасынша жүгіріп бақты.

Қарасын үзген ұры үйіне жетер-жетпесте-ақ аттан құлады.

– Не болды? – деген адамдарға даланың «кісі киігі» қуып, ат құйрығынан әне ұстап, міне ұстап жүргенде, Алла тағаланың жар болуы. Зорға құтылдым, – депті.

Содан шошынған ұры екі ай төсек тартып, жатып алыпты.

Ал, Құлақай ше? Ұрының зәресін ұшырып, қайта келіп, атына мініп, киімін киіп, түйесін алып, үйіне келіпті.

107. ҮСЕН ҚУ

Үсен осы әңгімесін бастап айтқанда былай дейді екен.

– Көктем уақ жұрт оразасын көкек айында ұстайтын болған. Сол жылда қыста Үсеннің жалғыз көк шолақ аты болады екен. Қыс қаталаң болып, Үсеннің көк аты қыршаңқыға ұрынып, көк шолақ ат болыпты. Бір ауылға мініп барса, қышынып, үйге сүйкеніп, маза бермейтін бопты. Елден қыдырып, ет жеуге, тіпті, ыңғайсыз болған соң көк шолақ атты мінбей, қоя беріп, үйінде жататын бопты. Бір күні қатыны Зарауқа даладан үйге жұлынып, бір нәрсеге тырысқандай түсі бұзылып кіреді.

– Біздің көк атты үлкен атамның ауылындағы кіші енем қолына бақан алып, қуалап ұрып жүр. Дәрісі, үйіне сүйкенді білем. Арам қатқыр, ішің сұйылғыр, – дейді. Зарауқа жылап жібереді.

– Зарауқа, сен оған намыстанбай-ақ қой. Оны мұнда ұстап алып келші. Бір жаққа мініп кетейін, – дейді.

Зарауқа көк шолақ атты ұстап әкеліп, ерттеп береді. Үсен домбырасын ішінен байланып, Асы деген жерде Албан деген елге бармақшы болып, жүріп кетеді.

Жылы жағалай қонып, үш күнде Асыдағы Албанға барады.

Күн батып кеткен кезде бір түйе жинап келе жатқан ақсақалды шалға жолыға кетеді. Ақсақалды шал Үсенге:

– О, батырым, кімсің? – дейді.

– Шапырашты боламыз, Шапырашты ішінде Айқым. Айқым ішінде Қалқаман деген ел боламыз, – дейді.

– Қалқаман болсаң, сенің түбің Тобықты болды ғой, – дейді.

– Тобықтыңыз не? Мен Қалқаман деп тұрмын ғой, – дейді.

– Сенің атаң Қалқаманға Мамыр сұлуды қоспаймыз деп, Тобықты деген ел Қалқаманды мылтықпен атқан екен ғой. Сонда Қалқаман батырдың санынан оқ тиіп, жарадар болып, қашып келген екен. Мұнда келген соң оқ тиген жерінен үзіліп түсіп, Қалқаман батыр балдақпен жүретін ақсақ кісі болды деуші еді. Айқым деген елден бір қыз алып, үйлі-баранды болып, сонан туған тұқымдар жиырма шақты үй болып қалды деп, шөпшек сен Қалқаман болсаң, сол Қалқаман батырдың тұқымы боласың. Мұнан былай атаңды біреу сұраса, ұмытып қалып жүрме, – дейді.

– Сіз айтқан соң ұмытуға бола ма? Қалқаманға батыр деген жерін қосып айта алсам, ұмытпаспын, – дейді.

– Батырым, сөзіңнің кермегі бар екен. Енді кімнің үйіне барасың? – депті.

– Отағасы, еліңіздің мырза-шорасына жарапазан айтқалы келдім. Бір тәуірін көздеп жіберсеңіз, сонда барайын, – депті.

– Бәсе, сондайыңның бар екенін сөзіңнің кермегінен сезіп едім. Ендеше сен бүгін Қосбасар батырдың үйіне бар. Өзі бай, өзі батыр кісі. Ақбөпе деген тоқалымен жылқының отарына шыққан үлкен үйімен екі бәйбішесі қой-түйе, сиырларымен елге бұрын қыстаған, өзінің баласы жоқ. Әйтеуір, Ақбөпені мақтай бер, сорлы болса, саған бір ат берер, – депті. Үсенге Қосбасардың үйіне баратұн жолды тура көрсетіп жібереді. Біреуді біреу танымайтын іңір уақта Үсен бір белеске шыға келсе, белестен аса берген жерде бір жыртық-жыртық үйдің оты жарқ-жарқ етеді. Бұл Қосбасардың үйі болмады ғой, не де болса, бара кетейінші деп үйдің жанынан оты жарқылдаған туырлықтың тесігінен қарап тұрып, төрдің алдында тері тулақтың үстінде үйелбедей үлкен қара кісі тырдай жалаңаш отқа қыздырынып жатыр екен. Бір үлбіреген жап-жас қана ақ бөрте келіншек әлгі кісінің арқасының отқа қызған жерін қолымен сипап отыр екен. Сондағы Үсеннің айтып жіберген жарапазаны мынау дейді:

– Қосбасардың үйі емес

Туырлығы шұрық тесік.
Қу кедейдің үйі екен
Қызыл киік қышыма
Қотыр болып отырған

Үйдің шалы би екен.
Үлбіреген келіншек,
Атасынан өнеге
Үйренгелі жүр екен.

Келінің бе, қызың ба?
Тоқалың ба білмедім.
Жас келіншек кім екен?
Кімде болсаң, келіншек,

Именбедің ұялып.
Бетіңе жаққан күйе екен,
Ізетіңді, келіншек.
Ұятына керінің

Бәрекелді сақтаған
Келсаптай болып иманы,
Бұтына қысса, сыймады.
Қыздырып отқа таптаған

Әкеңіз бе, келіншек,
Атаңыз ба, келіншек.
Бұтын отқа таптаған

– Қосбасар мен Ақбөпе

Ет берер, – деп, ит қақбас
Мұның несін мақтаған?
Мұқамет айтып өткен
Жарапазан, – дей бергенде,

– Қылышымды әпере бер,

– деген дауыс шығып қалады. Үсен атының басын бұрып ала, қашпақшы болғанда, көк шолақ үйге құйрығын тығып алады. Қосбасар батыр қылышын алып, есіктен қарғып шыққанда Үсеннің көк шолағы бақан алып, қуалап ұратын қатындар екен деп қалса керек, безіп ұра жөнеледі. Қосбасар қолындағы қылышын жарқылдатып, еңіске қарай қуалап келеді. Үсен аттың басын жетіп қалғанда бұра қашады. Қосбасар екпінімен еңіске қарай ағып кетеді. Үсен аттың басын өрге тарта қашып, Қосбасардан құтылып, ұзаңқырап кетеді.

Қосбасар:

– Сені ме, бәлем, көк шолақ атты жарапазаншы ертең атымды мініп, жердің жарығына кірсең де, қоймаспын. Тап сенің қаныңды ұрттамасам, Қосбасар атым құрысын, – дейді.

Үсен оның Қосбасар батыр екенін сонда біледі. Үсен ойлайды:

Қосбасар енді мені көрсе, тірі қоймайтын болды, не де болса, бұл маңнан басқа жерге кетейін деп, сол күні далаға қонды. Түннен тұрып, Дулат деген момын елге өтіп кетейін деп, жүре береді. Сол күні суыт жүріп, кешке жақын бір үлкен өзен суға келеді. Судың ар жағында бір жалғыз атты кісі атының аяғын тұсап, тізгінін еріне қаңтарып қойып, өзі намаз оқуға азан айтайын деп, қамданып тұр екен. Сол кісінің айтатын азаны дейді екен Үсен.

– Айдап аям

Айдап аям
Ашадан иіп аям
Ашадан иіп аям
Ашадан мініп аям

Ашадан сойып аям
Аяғынан сайда, аяғынан пайдасы айда,

– дегенде, Үсен:

– Ой, мұның не шүлдіретіп жатқаның? – дейді.

Сақау:

– Түк көймеген надан сүйдемісің? Құдайдың кешпейтін отыз күн ойаза, бес уақты намазы бойады, – дейді.

Үсен:

– Ондай болса, маған да намаз үйретіңізші, – дейді.

Сақау:

– Ана судан дейет алып кей, сауабыңды айайын, – дейді.

Үсен судан дәрет алып, сақаудың қасына келіп:

– Қалай оқимыз, молдеке? – дейді.

– Бүйтүйіт иеке ғат екінді намазы бойады. Екеуін маған ұйып оқы, екеуін өзің бөйек оқисың, – деп, шапанын жайнамаз қылып оқыған.

–Алда момын-ау, – дейді екен Үсен.

– Айқамды дидайын иа,

Беп айамын иа
Құмғаным, құмғаным
Иа кане сүйдетіп сайам
Үйретіп айам ойазайым,

– деп, екі рет жығылып, азырақ отырып, аузы күбірлеп, бата қылып, Үсеннен декбір күтеді. Үсен жайнамаз шапанды жұлып ала жөнеледі. Сақау шапанды ұстай алып:

– Кеңкебас неме, қайда апайасың? – дейді.

Үсен:

– Өзің екі намазыңды бөлек оқы дедің ғой. Ана төбенің астына оқып келейін, – дейді. Сақау:

– Бөйек оқы дегенде ішіңнен құпия оқы дедім ғой, – деп, шапанды қайта жайып, қалған намаздарын оқып болған соң сақау Үсенге:

– Ана менің атымды бейі тайт, – дейді. Үсен сақаудың атын тартып, қолтығынан аттандырып, өзі де атына мініп, бірге жүреді. Сақау Үсенге:

– Бүгін менімен биге қонсаң, ақ майға би дүздиейін, – дейді. Үсен:

– Мақұл, етке тойғызсаңыз, сізбен бірге болайын, – дейді.

– Ендеше анау бетте отырған үш үйді көйдің бе, сол менің жездемнің ауыйы бойады. Бүгін сонда қонамыз. Менің сыбағам енді бүгін сайайа тұздық бойады ғой. Сен айдыңа кейген тамақты соғып, жей-жей, тек сөйдемесеңде ығысып қоясың. Қыз-келіншек, бозбайа да қағынған сені күйкі қиады, бидің бе? – дейді. Үсен:

– Мақұл, бүгінше жағымды қарыстырып отырайын, – дейді. Сонымен әңгімелесіп жүріп, алдындағы үлкен ақ боз үйге жете бергенде үйден бір бойжеткен сұлу қыз шыға келіп:

– Нағашым, нағашым келді, – деп, аттарын байлап, үйіне кіргізе бергенде үйдегі адамдар сақауға жік-жапар болып қалады. Үсен домбырасын көрсетпей, жүктің артына тыға салып, отыра береді. Дереу ауызашардан қалған бір табақ тураған етті екеуінің алдына қоя береді. Сұғынып жеп, бірақ Үсен тойыңқырамай қалады. Сақаудың жездесі:

– Әйел, мына кісілерге тамақ асыңдар, – десе, қатыны:

– Су жоқ, бәрібір, ет тамаққа тойды ғой, – депті. Сақау:

– Мес байданып кейді дейсіз бе? Су жоқ бойса, үйіне бомайақ қой кенет бойды, – дейді. Қысқасы, бақанда жабулы тұрған жал-жая майын шешіп, самсап тұрған сары ала қазыдан асылмайтын болды. Бір түйе қарап кеткен әйелдің қойшысының мінгені көк бурыл құнан шұбар тай екен. Тайды терлетіп, қинап келді. Екі үйдің шаңырағынан арқан тастап, таза суытып, ертең үйіріне қоспақ болып, кермеге байлап қойды. Тай жұлынып, кісінеп-кісінеп қояды. Әйелдің үйіне қыздар, келіншектер жинала бастаған соң Үсен өтірік ұйықтаған кісі болып жамбастап жата кетеді. Ауылдың бозбалалары сақауға намазыңды қашан оқисың десіп, тіліне қызығып, мазақтап отырғанда, жамбастап жатып, Үсен осырып қояды.

– Жұпар сасыған кімнің иісі? – деп, ду күледі.

Сақау:

– Айбасты басқый, айбасты басып жати ма? – деп, Үсенді түртіп жібереді. Үсен шошынып оянған кісідей селк етіп оянып, сақау:

– Бағана не айтып едім, мына қатындар сені күйкі қып отыр. Басыңды көтеріп отыр, айбасты басқый, – депті. Үсен оқты көзімен сақауға бір қарап, отыра беріпті. Отырған адамдар азырақ күлісіп, өзді-өзінің үйіне тарап кетеді. Артынан Үсен, сақау, үйдің іші түгел далаға шығады. Үсен елден бұрын түзге отырып, үйге келсе, төрдің алдында екі төсек салулы жатыр. Қыздың төсегі жаққа сақауға салған жастық жастап, көрпе төсеп. Үсенге деген төсек – бір ескі текемет жая салған. Үсен киімін шешініп жіберіп, сақауға деген төсекке жатып алады. Төсек салып, далаға шығып кеткен қыз әке-шешесімен, сақау – төртеуі де үйге кіреді.

– Нағашыма салған төсекке мынау осырақ кісі жатып қалғаны несі? – дейді.

– Қыз-балам, жатқан кісіні тұрғызғаның болмас, қырықтың бірі Қыдыр деген, жатсын. Нағашыңа жаңалап, төсек салып бер, – депті. Қыз қайтадан сақауға төсек салып береді. Үйдің іші тегіс жатқан соң қыз түндігін жауып, өзі де жатады. Аздан соң елдің көзі ұйқыға іліне бергенде есіктен біреу кіріп келеді. Үлкен қара шапанды желбегей жамылып, ақырын келіп, қыздың қолынан ұстап, ірге жағына аттап өтіп, шапанын шай көрпенің үстіне жауып, қыздың қойнына құшақтасып жатады.

Үсен ыңыранып, қыздың қойнына екі аяғын тығып жібереді. Жігіт қызға:

– Мынауың кім? – дейді. Қыз:

– Осында бір жаман қонақ қонған, соның аяғы ғой, – деп, Үсеннің аяғын от жаққа итере бергенде, шай көрпе мен шапанның етегін Үсен екі аяғының ұшыменен қысып, оттың қозына жеткізіп қояды. Жігіт қыздың кеудесіне аттай мініп алып:

– Осы сенің үстіңе шықсам, бейішке шыққандай боламын-ау, – дейді.

Қыз:

– Сенің астыңда жатқанда өлсем, Құдайға ырзамын ғой, – дегенде көрпенің шеті тұтанып, қоңырсып, иіс шығады. Жігіт:

– Бұл ненің иісі қоңырсыған, бірдеме күйді ме? – дейді. Қыз:

– Қонақтың шылғауы шығар отқа күйіп жатқан, күйсе, күйсін, жата бер, – дейді. Сонда кермеде тұрған тай кісінеп-кісінеп жібереді. Үсен:

– Пай, пай, пай, маза бермеді-ау тай, қызыңды ұрайын.

Су тұрып, аспады-ау бай, қызыңды ұрайын.
Оттың қызылы сөнбестен
Қыздың үстінде жатқан,
Қай қызыңды ұрайын.

Шай көрпе мен ламшық шапанның етегі өртеніп кетті-ау, Қай, қызыңды ұрайын, – деп, жігітті басқа теуіп кеп жібереді. Жігіт шапанын ала жөнеледі. Үйдің екі қара төбеті қосылып береді. Лапылдап жанған шапанның етегінен қорадағы қойлар тас-талқан болады. Қыздың әкесі де далаға айғай сала атып шықса, жігітті иттер қуып, безіп барады. Қораның төріне шыға бергенде шапан жағасына дейін өртеніп, жігіт тастай жөнеледі. Қыздың шешесі де оянып, түтеп жатқан көрпеге жүгіріп келіп:

– Жалмауыз, қатын, көрпең өртеніп кетті ғой, – деп, қызын жұмырықпен қуалай береді. Үсен:

– Бәйбіше, әлемнің бәрі алдында өтіп кетті. Ашулансаң, көрпеге ашулан, қызыңа ашуланба, – дейді.

– Аламың не, адыра қалғыр, кеңкелес. Неме-неме, не сандырақтап жатқаның? – дейді.

– Қорадағы қойға қасқыр шауып жатыр, үйді жау шауып жатыр, сені албасты басып жатыр ма? – деп, жатқан сақауды басқа теуіп кеп жібереді Үсен мына кеңкебас немені.

– Бидеме ойып кетті ме? – деп, сақау тұрып отырады. Үсен:

– Мен саған осындай ит басты, сиыр аяқты жерге қондыр деп пе едім, ит, сақау. Басыңды кесіп алайын ба? – дейді.

Әйел үйге кіріп:

– Ойбай, от жақ, от жақ, – дейді. Қатын дереу от тамызып жібереді. Жарық болған соң әйел Үсенге:

– Сен кім едің, шырағым? – дейді.

– Қалқаман Үсен қу деген мен едім, – дейді.

– Үсен, шырағым, өзіңді көрмесек те, атыңды естуші ек, естідік, біздің өзімізден болды, бір жолғы ашуыңды байла. Атым – тарту, шапаным – жабу, – деп, судай жаңа қоңыр ала шапанды үстіме жаба береді. Қатыны қазанды асып жіберіп:

– Бақандағы еттің қайсысын жейсің, қарағым? – дейді. Үсен:

– Майлы майлысынан пісірсең, жей берем, – дейді. Шешесі еттің майлы-майлы жерінен кесіп, аса берді. Бірақ қызы ұялып, төсектен тұра алмай, қайтадан асқан қазы-қарта, жал-жая пісіп, ішіп жегенше, жазғы таң неме атып кетті, – дейді екен Үсен. Үсен ертең ерте жүктің артындағы домбырасын алып, ілмегін қайта тағып, құлағын бұрап, бір-екі ауыз өлең айтайын деп отырса:

– Шырағым, Үсен, өлеңіңді айтпай-ақ қой, айтқаным айтқан, түндегі атыңды алдырып берейін, – деп, бетте тұсаулы тұрған бурыл жорғаны алдырып берді. Сақау көк шолақтың ер-тоқымын бурыл жорғаға ерттеп, лыпың қағады. Үсен көк шолақ атын әйелге аманат қойып, қош-қош айтып аттанады. Сақау да бірге аттанып, қалғысы келмейді. Ауылдан былай шыққан соң сақау Үсенге:

– Сен кеңкебас екен десем, би байекет екенсің ғой, – дейді. Үсен:

– Өзің бәлекет болғыр, бір әңгіме айтшы, – дейді.

Сақау:

– Мен әңгіме бимеймін, айтсаң, өзің айт, – дейді.

– Мен айтсам, сенің жынысың кім болады?

Сақау:

– Біз Айбан деген ей бойамыз, – дейді.

– Сен Албан болсаң, Қосбасар батырды білесің бе? – дейді.

– О не дегеніңіз, Қосбасай батыйды бимейтін кісі боя ма, биақ осы күнде кейтейіп кетті ғой. Жігіт күнінде қиғыз-қазақ шабысқанда тайай иді қиады екен. Ейде бетіне туйа қайаған кісінің басын шауып тастайды, мінезі жаман кісі Қосбасайдың, – дейді. Үсен:

– Бұл Қосбасар өмірінде ешкімнен қорқып көрді ме екен? – дейді.

Сақау:

– Бұй Қосбасай адамның байасынан қойқып көйген жоқ, биақ жианнан қойқады, би жейден жиан көйсе, екінші сой жейге баспайды, – дейді.

Үсен:

– Бүгін ендеше сол Қосбасардың үйіне барайық, – дейді.

Сақау:

– Сен онда байсаң, мен баймаймын, түндегі ойжаңнан не бейесің? – дейді. Үсен ескі шапанын бөктеріп алған екен, сақауға шешіп береді. Үсенге ыразы болып, ізінше қайтады. Үсен Қосбасар батырға бет алып, келе жатса, алдынан құлаштай оқжылан көлденең кесіп өте берді. Үсен атынан түсе қалып, жыланның желкесінен ұстай алса, жылан аузын арандай ашады. Қамшының сабын жыланның аузына тығып, тілін, тісін сындырып, мұқалтып, ешкімді шақпайтын қылып, жейдесінің ішіне, жалаңаш етіне салып, белін сыртынан буынып, атына мініп, жүре береді. Сонан жүре-жүре шаңқай түсте Қосбасардың үйіне келеді. Үйдің жанына ақырын түсіп, атын белбеуіне байлап, үйге кіріп келсе, төрдің алдында манағы тері тулақтың үстінде Қосбасар батыр желкесіне жастық қойып, шалқасынан түсіп, сақалын иіскетіп жатыр. Отының басында тарамыс ширатып отырған Ақбөпе Үсенге «Жоғары шығыңыз», – депті. Үсен Қосбасардың қасына барып, отырып, «Мал-шаруаңыз аман ба?» деген болып, белін шешіп жібереді. Үсеннің етегінің үстінен шыққан жылан шалқасынан жатқан Қосбасардың көзіне жарқ ете түскенде барлық дауысы бір-ақ шығып, үйінен атып, ұра жөнеледі. Жылан төсегінің бас жағына барып, жатып алады. Ақбөпе де қорқып, Үсеннің арт жағына тұра береді. Қосбасар үркіп барып-барып, жүрегін басып, артына қарап:

– Жылан қайда кетті? – дейді. Ақбөпе:

– Жылан төсектің бас жағына барып, жатып алды, – дейді. Қосбасар Үсенге:

– Ей, садағаң болайын, сен біздің үйді басқа бір жерге көшіріп, қондырып бер, жыланның басына бір ақ құйып көрші, шығар мекен? – дейді. Үсен бір аяқта тұрған сүтті алып, жыланның басына тамызған болады. Жылан тырп етпейді. Үсен Қосбасарға айқайлап:

– Жыланның басына ақ құйсам да, ышқырып, жатып алды, үйіңде ордасы бар ма, қалай? – дейді.

Қосбасар:

– Мен қырдан түйе айдап келейін, үйімді көшіріп бер, қарағым, мақұл ма? – дейді. Үсен:

– Мақұл, мақұл, – дейді. Қосбасар қырға шығып кетеді. Ақбөпе:

– Мұндай сұмдық жоқ еді, сіздің бір жеріңізге ілесіп келді ме, қайдан шыққанын білмедім, – дейді. Үсен:

– Мен жыланды жетелеп келді ғой дейсің бе, қайдан шыққанын мен де білмей қалдым, – дейді. Ақбөпе:

– Ағатай, енді не қыламыз, ағатай? – дейді. Үсен:

– Жыланды ма, жыланды сен көріп тұр, – деп, [таяқтың] ұшымен ұстай алып, керегенің басында тұрған қап дорбаға салып, уықтың бауымен ауызын мықтап буып қояды. Ақбөпе:

– Ойпырмай, не ғылған жүрек жұтқан батыр кісі едіңіз, – дейді. Үсен:

– Бір жылан ұстады деп, Қосекеңнен бетер деп тұрғаныңыз ба? – дейді. Ақбөпе ернін шығарып, «Қосекеңнің батырлығының жолы бүлінді», – деп, Үсенге қарап, жымиып күледі. Үсен де күліп, Ақбөпенің мойнынан құшақтап, бетінен сүйе бергенде қолымен ауызын қақпалап, «Қойыңызшы, батыр, батыр дегенге батырлығыңызды батырып жіберейін деп бедіңіз», – дейді. Үсен:

– Батырлықтың жасығын алып, асылын жібересіз бе? – дейді.

Ақбөпе:

– Бәрінен де қулығыңды асырып жібереді екенсіз, – деп, күрсініп тұрып, бір жалынды арманын айттырғанша айтқанмен, керінің аты кері, жастың аты жас қой, – сіздің әзілің менің мейірімді қандырып барады, – дейді. Үсен:

– Неге, күйеуің кедей болса да, еліңде әзілдесерлік жастар бар емес пе? – дейді.

Ақбөпе:

– Шалымның мінезі жаман, ауылға жастарды жолатпаушы еді. Сіздің ығыңыз қалай келді, маған ғажап, – дейді. Үсен:

– Мен ығымды әрқашан осылай келтіретін кісімін, – дейді. Ақбөпе:

– Кім біледі, үйін көшіртіп алған соң сізді бүйтіп отырғызбайды ғой деймін, – деді.

Үсен:

– Ендеше сен тезірек Қосбасардың артынан бар. Үйдегі кісі жыланды тірідей ұстап алып, «бұл үйге неге келгенсің?» – деп, жыланға қысым көрсетіп жатыр де. Жылан да жыланның бір үлкені білем, екінші бұл үйге жылан атаулы кірмейтіндей сертін беріпті де. Осы сертіңді Қосбасар батырдың өзіне бер, – деп, жыланды дорбаға салып, керегеге байлап қойды да, әрқашан мен келгенде байпаң болып тұратын қылып кетейін, – дейді. Ақбөпе:

– Мақұл, ендеше мен шақырып келе қояйын, – деп, қырға шықса, Қосбасар түйесін айдап келеді екен.

– Ойбай, жүр, үйдегі кісі көшіңдер деп жатыр, жыланды арбасып, дорбаға салып алды, – деп, Ақбөпе Қосбасарды итеріп келе жатқанда Үсен керегенің басындағы жыланды шешіп алып, Қосбасардың алдынан шығады. Қосбасар Үсеннің қолындағы дорбаны көріп, одырайып, жоламайды.

– Қорықпай келе беріңіз, бұл жылан сізге тимейтін болды, – дейді. Дорбаңдағы жыланың не дейді, шырағым, айтқан сөзі болса, бізге айта көр, зәремізді алғызбай, – дейді.

Үсен дорбаның ішіне қолын тығып жіберіп, жыланды ұстап, дорбадан шығарып, былдырлап сөйлескен болады да, түймесін ағытып, жалаңаш етіне кіргізіп жібереді. Қосбасардың көзі бақырайып, көткеншектей береді. Үсен Қосбасарға:

– Көк шолақ атты жарапазаншы қашан келген үйге, сонда босағада бір жылан жатыпты. Сен өңге сөзін тыңдап, Мұқамет жарапазан дегенде қылышыңды ала қуып ең ғой, кәпір екен, сол жылан мына жыланға жамандап барыпты.

– Қосбасар батыр, тура сені өлтіруге жеті күндік жолдан іздеп келіп ем дейді.

– Мені көріп, тайсалып кетті. Сонысына қапаланып, менімен сөйлеспей, әлек қылған жоқ па? Әйтеуір, жылан тілін көріп-білетінімнен әке-үке деп жатып, бағанадан жаңа ғана сөйлестім, – дейді.

Қосбасар:

– Ырас, ырас, екінші жарапазаншыға тимеске сіздің алдыңызда сертімді бердім. Кәпір емес, мұсылман кісі деп, жыланға мәнісін айтып қайтарыңыз, – дейді. Үсен:

– Мен айттым сізді мұсылман кісі деп, жылан қайтады, өзінің жеріне барады, – деп, қойнындағы жыланды көк шөптің ішіне тастай салады. Қосбасар «құлдық, құлдық, сіздің шарапатыңызға құлдық, ажалыма себеп болдыңыз», – деп, үйіне ертіп барып, қондырып, бір ат, бір түйе беріп шығарады.

Үсен осындай қулығын пайдаланып жүреді екен.

108. ИСА ҚУ

Бұрын Иса деген бір қу сарт ел аралап келе жатып, кешке жақын қонайын деп, қонақпын деп барса, ешбір адам қондырмапты. Біреулер «үйде кісі жоқ», біреулер «үйіміз тар», біреулер «үйімізде қонақ бар», – деп, ешбір адам қондырмапты. Ылажы жоқ, күн батып кеткенде елден көңілі қалып, енді кімге қонамын деп, бір бел жотаға шығып, қарап тұрса, бір-екі адам бір ауылға ат қойып, «бауырым-бауырым» деп, ат қойып беріпті. Иса қу:

– Не болса, болсын, – деп, бұл екі адамға қосылып, «бауырым, бауырым» деп, Иса да қосылып шауып, бір үйге келіп, ол үйдің ер-әйелдеріне әлгі екі кісімен бірге көрісіп, жыласып, отыра беріпті. Ат қойып келген екі кісі ойлапты, осы үйдің бұ да бір жекжаты шығар деп.

Үй иесі:

– Бұл ат қойып келген екі жекжаттың бұ да бір жолдасы шығар, – деп, үй иесі де сұрамапты. Түнімен бұлармен бірге әбден асқа, тамаққа тойып, жатып, ертеңіне кеткен екен.

* * * Және бір күн Иса тағы келе жатса, бір үйге «әке-көке» деп қоныпты. Иса қонған соң үйдің иесі – бәйбіше Исадан қызғанып, шаңырақта тұрған санды дереу бір орамалмен орап, іліп қойыпты. Иса үйге кірген соң сүт қатпаған қара шай мен талқан беріп:

– Қонағым, жайың болмағанға ренжіме, – депті.

– Болмады, асып беруге мал сояйық десек, мал көктеуге кеткен еді, қолымызда мал жоқ. Ыразы болып, осымен жатарсыз да, – деді бәйбіше.

Иса сонда:

– Бәйбіше, рақмет, осы сіздің үйіңіздің уығы қанша болды екен? Осындай бір үй сатып алайын деп ойлайым. Мына үйіңіздің уығын санап көрсем, қалай болар екен?

Бәйбіше, екеулеп әрі-бері санап жіберелік. Анау ілулі тұрған саннан былайғысын сіз санаңыз, саннан бергісін мен санайын, – депті.

Бәйбіше бұл қудың санды сезіп қалғанын біліп:

– Ай, қонағым, қу екенсің. Бір жекжатқа сақтаған едім. Ол ұрлығым білініп қалды. Енді асып бермесем, болмас, – деп, бақанды қолына алып, шаңырақтағы санды түсіріп, Исаға асып берген екен.

Тамаққа тойып, Иса қу ертеңіне атына мініп, аттанып жүріп кетіпті.

109. ҚАНАПИЯНЫҢ ӘЗІЛІ

Ертеде Қанапия Басығара баласы өзі бір кездерде Аманқарағай болысына ауылнай болған. Сонда бір орыс қазақтан ат сатып алады. Сонда Қанапия аттың түс-таңбасына мынадай деп жазған екен:

– Ауылнайымыз – Лаңіскі,

Болысымыз – Сергелдескі.
Әкем аты – Шала,
Өзім атым – Көмір, –
деп, орысқа осы қағазды атпен бірге беріп жібереді.

Бір күндері болғанда орыс осы атын жоғалтады. Содан бас судияға орыс арыз беріп, аттың жөнінде жоғарыдағы мәліметті хабарлайды. Сонда бас судия мұндай «Сергелдең болысы, әкем аты – Шала, өзім атым – Көмір» деген кісі бізде жоқ. Ай, бұл Қанапия қудың ісі ғой, – деп күлген екен. Атын жоғалтқан орыс, сөйтіп, атын таба алмаған екен.

* * * Ертеде Басығараның ауылындағы бір қақпаншы, аң аулайтын аңшы көрші шал болған екен. Бұл кісі бір күні ағаштың ішіне қақпан құрады. Қақпанын қарауға барса, бір тырдай жалаңаш адам қақпанды сүйретіп, еңбектеп, қақпаншы шалды қорқыту үшін осы қалың ағаштың ішінде жүрген екен. Шал ертемен таң ата қақпаныма не түсті екен деп барса, бір тырдай жалаңаш адамның қақпанға түсіп, оны сылдырлатып, еңбектеп жүргенін көріп, үрейі ұшып, қорқып, қашып келе жатып:

– Құдай, мына пәледен құтқар. Егер осы пәледен құтқарсаң, жалғыз бұзауымды садақа қылып шалып, етін халыққа жегіземін, – деп, жалғыз бұзауын сойып, етін асып, халыққа етін жегізеді.

Сонда көпшіліктің ішінде отырған Қанапияның әкесі Басығара шалға:

– Не көрінді саған жалғыз бұзауыңды сойып, түс көрдің бе әлде? – деп сұрағанда, шал:

– Ағаштың ішіне құрған қақпанымды көрейін деп барсам, қақпаныма адам суретті бір нәрсе түсіп жатыр екен. Содан шошып, қорықтым. Сосын бұзауымды осыдан құтылсам, құдайы қыламын деп, айтқан едім. Соның үшін сойдым, – дейді. Сонда «құдайың қабыл болсын», – деп, күледі де айтады:

– Біздің әлгі андат ауылда ме еді? – деп, көпшіліктен сұрап, «ай, осыны істеп жүрген біздің қу болар-ау», – деп, Басығара өзі күледі де қояды. Сөйтіп, жұрт, халық жалғыз бұзаудың етін жеп, тараған екен.

110. ҚҰЛЖАТАЙ СӨЗІ

Бұл кәдімгі Тобықты деген рудың, оның ішінде Қарамырза деген топтан атақты Тәуке батырдың туысқаны Құлжатай Қорыға баласы деген азамат, осының әңгімесі шығыс әңгімесінен де қызығырақ. Осылар екі атаның баласы, бір жағы – Жақып баласы Байғали, Нұрғали, Қали, екінші жағы – Қорыға баласы Мұсатай, Жолдатай, Құлжатай болып, Ақшоқы деген жерде жерге таласып, екі жақ болып, төбелеске шығады. Бір жағының батыры атақты Тәуке, екінші жағынан қашқын Әділқан деген Байтен деген рудан апрель айының аяқ кезінде талтүсте сарт та сұрт, ал соғыс. Бұл соғыста Қорыға жағы мегдетіп, Жақып баладарының көбі қашып, түсіп қалады. Басты орамалмен мықтап тартып алған, қолда Ақтабаннан нән бір-бір сойыл шоқпар еді. Жерге талас түс мезгілінде Құлжатай мырза тоқтап, Ақшоқының басына шығып, желпініп, насыбайын атайын деп, қалтадан шақшаны суырып ап, ердің қасына тық-тық еткізіп қақса, ері тілге келеді.

– Кенже-ау, басымды жардың ғой, – дейді.

Құлжатай мырза сасып, тап ерінің қасына қараса, тақымынан бір бас қылтиып шығып тұр, қараса, алғашқы кездескенде сасып жүріп, жауырынынан жұлып алып, Әділқан батырды тақымына қысып ап кеткен екен. Оны ұмытып кетіпті. Әлгі ердің қайысы деп, шақша қаққаны осы Әділқан батырдың басы екен. Ыржиып күледі.

– Ай, ант ұрған-ай, ұмытып кеткен екем ғой, – деп, тақымын босатып, сылқ еткізіп, жерге тастай беріпті, – дейді. Міне, әңгіменің төресі.

Осы Құлжатай мырзаның атақты сары құсы болатын-ды. Шағыр деген биіктің басына шығып, құсының томағасын тартып қалса, қолдан атып кетіпті дейді. Сары құс осы ұшқанда ерекше болып ұшты, себебі – жоғары бұлтқа өрлеп ұшып, бір кездерде бұлттың ішіне кіріп, ғайып болды. Құлжатайдың екі көзі аспанда тұрды да қалды. Қазақ есебі сүт пісірім мөлшер болғанда торғайдай бұлт ішінен бір қарайған көрінеді, әлгі бірте-бірте төмендеп келеді. Байқаса, аяғында бір нәрсе салбыраған сықылды. Қараса, бір қара үйек орман түлкі. Осы биік тау басына бұлт шөгерді де, енді көтеріліп ұшқанда, осы жортып жүрген түлкі бұлтқа мініп кетіпті. Сары құс бағана тілеп ұшқанда осы түлкіні бұлт ішінен көріп, ұшқанын оқушылар өздері де аңғарған болар.

Түлкіні айырып алып:

– Алда, жануарым-ай, жерді қойып, көктен де алдың, – деді Құлжатай.

Құлжатай айтады:

– Бір жылы май айында биені алғаш байлап, сүр, қымыз әбден ашыған. Үлкен ағайдың әйелі Кенже қымыз істеп, шақырған болатын-ды. Қараса, былқ толып тұрған қымызды сары тегешке құйып, сапырып беріп отыр. Мен ішіп отырмын. Бір кезде бірдеңе сарт-сырт етеді.

– Бұл қалай? – деп қарасам, бешпетімнің төрт күміс түймесі болатын-ды, менің ішім қымызға әбден созылып, үлкейіп кетіп, бешпетті кернеген соң үзіліп, түсіп қалған түйме. Бірақ көргенім бар емес пе, жеңгемнің аты Айымқан еді, өзіміз Бопай дейтұғын осы кісі көрмесе, өзім білмей де қалдым.

Өз құлағымнан естігенім. Қасымда Шәбден деген жігіт бар осы Құлжатайдікіне келдік. Май айының аяқ кезі еді, қымыз ішіп, әртүрлі сөз айтысып отырыстық.

Сонда Құлжатай мырза отырып айтты:

– Осы күнде мына отырған сары құсты мына бір тарғыл мысық асырап отыр. Қалайша десеңіз, Қарашоқының көліне барады, сонда көп қаздар бар, соларды арбайды. Екі қанатын салбыратып, мысықтың артынан еріп, ауылға келеді. Қолмен ұстап аламыз да, бауыздап, құсқа беріп, осымен күнелтіп отырмын, – деді.

Қасымдағы жігітім сырын біледі екен, мені бір тартып қалды.

Жарайды, мысығыңыздың мұнысы өнер-ақ екен, – деп, қайырлы болсын айтыстық. Тыңдаушы, осы айтылып отырған сөзде мін бар ма, қалауын тапса, қар жанады емес пе?!

111. ЕСМАҒАМБЕТ

Жағалбайлы елінің сұлтаны болған Дербісәлі Беркінбаев патшадан шен алып, сұлтандық (ХІХ ғасырдың аяғында) лауазым алып келген соң, қақпадан кісі кіргізбейтін әдет шығарып, күзетші солдат қойыпты. Қашан түс болып, Дербісәлінің ұйқысы қанып, кісі қабылдайтын кезін күтіп, жұрт сарылатын болыпты. Осыны есіткен Есмағамбет бір күні Дербісәлінің аулына әдейі ерте келеді. Солдаттар кіргізбейді, ол кірмекші болады. Бағынбаған соң солдаттар мылтық атып, қорқытпақ болады. Мылтық дауысы шыққан кезде:

– Ойбай, өлдім, оқ тиді! – деп, айқайлаған күйі қақпаға кіріп кетеді.

– Күзетшілерің біреуді атып алды білем, – деп, Дербісәліні оятады.

Дербісәлі далаға шықса, қақпа ішінде шанадан түсіп жатыр екен.

– Атылып қалған кім екен десем, сен екенсің ғой, өлетін жеріңнен тиген шығар, – деп күледі өзімен амандасып тұрған Есмағамбетке.

Есмағамбет үйге кіруге ыңғайланған кезде:

– Осы тұрған күйіңше, ойланбастан бір ауыз айтпасаң, үйге кірмейсің, – дейді Дербісәлі.

Сонда Есмағамбет ойланбастан:

– Баласы Бер-екемнің болдың дүрдей,

Қыстадың өлең айт деп, үйге кірмей.
Айсадай аспанға ұшсаң, сөз – сенікі,
Жерде өлсең, сен де бірдей, мен де бірдей, – депті.

Жағалбайлы Отарбай қажы Қондыбаев соңғы кезде бидай саудасының қызығына түсіп, келген қонақпен ісі болмайды екен. Қонақ мейманханада отыра береді де, байдың өзі далада біреуден бидай алып, біреуге бидай сатып, сапырылысып жататын әдет шығарыпты. Бұл әдет елге ерсі көріне бастапты. Бір күні Есмағамбет келіп қонса, Отарбай өзінің ескі әдетін істеп, далада сабылып жүреді.

– Маған сарайдан таңдап, үш бидай әкеп бер, бірінен бірі үлкен болсын, – дейді байдың інісі Сейітжанға Есмағамбет.

Сейітжан айтқанындай үш бидай әкеп береді. Тамақ піскен кезде Отарбай үйге келеді. Сол кезде Есмағамбет:

– Атаңа рақмет, ақ бидай, Адам атаны бейіштен шығардың, – деп, төс қалтасына салады.

– Қасиетіңді... қызыл бидай, Отарбайды әлі күнге үйінде отырғызып қойдың, – деп, бидайды сөгіп, лақтырып жібереді.

Осыдан кейін Отарбай ұялып, өз әдетін түзепті.

Жағалбайлының бір сараң байының үйіне Есмағамбет қонады. Үстіндегі киімі жұпыны екен, бай қонақасын жұпыны береді. Есмағамбет бұл ретте үндемей, кете береді. Бір күні пар ат жегіп, иық ішігін киіп, алдына көшір отырғызып, әлгі байдың үйіне қайта кеп, қонады. Бұл жолы бай танымайтын кісі бола тұрса да, жалпылдап, асты-үстіне түседі. Үлкен табақты толтыра қазы-қарта, жал-жаяны түрілтіп қояды Есмағамбеттің алдына.

Есмағамбет үстінде жамылып отырған ішігінің жеңін табаққа малып: −Же, ішігім, же. Мына тамақты бай саған беріп отыр, маған беріп отырған жоқ. Мен анада сенсіз келгенімде мұндай тамақ берген жоқ, бай сені сыйлап отыр, − деп, етті жемей, жүріп кетіпті.

112. ҚУ ДҮЙСЕН

Қу Дүйсеннің әкесі кедей болған. Қу Дүйсеннің билік құрып, сөзге араласып жүрген кезінде осы кедейлігі бетіне көп басылатын болған. Елдің айтуына қарағанда, Дүйсен бұл кедейлігіне намыстанбақ түгіл, мақтаныш ететін болған. Қу Дүйсен бір жол жүріп бара жатқанда Етекбайдың Бекмағамбетінің үйіне түседі. Бекмағамбет мысқылшыл адам екен, қу Дүйсенді сыртынан білсе де:

– Қай ел боласыз? – дейді. Сонда Дүйсен:

– Керей, керей ішінде сықыл, сықыл ішінде кепек, әкем – Тілеулі, – дейді. Сонда Бекмағамбет тағы да:

– Сіздің елде шегір Дүйсен, сары Дүйсен, ұры Дүйсен дегендер бар, соның қайсысы боласыз? – депті.

Дүйсен:

– Біз қу Дүйсен деген боламыз, – депті.

Бекмағамбет:

– Атаң – Кепек, шөккен түйеге міне алмайтын еді.

Әкең – Тілеулі, қой бағуға жарамайтын еді,
Боққа шыққан сүйріктей
Сен қайдан пысық болып тудың? –
депті. Сонда Дүйсен:

– Жаманнан жақсы туса, нұр боп туады. Жақсыдан жаман туса, жын боп туады деген. Біз нұр боп туған шығармыз, – депті.

Бекмағамбеттің бір баласы жынданып, Омбының ауруханасында жатыр екен. Дүйсеннен жеңіліп, жер шұқып, отырып қалыпты.

113. ӘБСӘТ

Әбсәт (Алтай-Сайдәлі) деген қу жігіт болыпты. Әбсәт жүрген жер ойын күлкі, қызықтан босамайды екен. Жаз айының ішінде Әбсәт ел арасында келе жатса, екі жолаушы кездесіпті. Жөн сұрасса, Тамадағы ұзатылған қызына бара жатқан адам екен. Әбсәт те бірге жүріп, Тамаға кетіпті. Түні бойы түн қатып жүріп отырып, күн шыға бір биікке келіп, аттарын шалдырып, жан-жағына қараса, алдыңғы алқаптан қалың көш келеді екен. Көшті көріп, Әбсәт жолдасын көшбасшыға жіберіп, өзі қасындағы қарт адамның қоржынындағы әйелдің киімін алып, әйел болып киініп, ауыл қонатын көгалға келіп, екі аттың үзеңгісінен шылбырын керіп байлап, толғатқан әйел болып, жырлап тұрыпты. Келе жатқан көш Тама ішіндегі Отыншы дейтін үлкен байдың көші екен. Қасында бес кісісі бар. Отыншы бай көштен озып, қоныс қарап келіп, ауыл қонатын жұртта толғатып тұрған әйелдің қасындағы екі кісіге келеді. «Арғын боламыз, ұзатқан қызымызға бара жатыр едік. Жол үстінде келінім толғатып, қиын болып тұрғаны», – дейді қарт жолаушы. Ол кезде Әбсәт, тіпті, бебеулеп, шыдамсызданады. Отыншының көші де келеді. Көштің алдынан пәуеске арбаға мінген бәйбіше де келеді. Бәйбішеге қарап: «Мынау – жолаушы әйел, қысылып тұр екен, бейбақтың ішін ұсташы», – дейді Отыншы бай. Бәйбіше тақап келгенде, Әбсәт бөксесін кейін жіберіп, еңкейе береді. Бәйбіше келіп, ішін ұстап:

– Апырай, бала жоғары өрлеп тұр ма, қалай, кіндігі беліне жабысып кетіпті, – дейді.

Ауылдың әйелдері де жиналып қалады. Аңқаулау ұзын бойлы сары әйел келіп, «бісмілла» деп, ішін ұстай бергенде, Әбсәт шалқая береді. Әйел бала төмендеп шатқа тірелген бе деп, қолын төмен жүгірткенде, қолымен Әбсәттің астын ұстай алып, ұялғаннан кейін барып, отыра қалады. Екінші бір пысықтау әйел келіп, белінен тарттырады. Бала қайда екен деп, тағы қолын жүгірткенде, о да ұстай алады да, «көтек, еркек қой» деп, қаша жөнеледі. Сол кезде Әбсәт шәлісін сыпырып тастап, «рас айттыңыз, еркек едік», – деп, түрегеледі. Отыншы бай бетіне қарап, «ой, антұрған, сен Әбсәт қу емеспісің?» – дейді. Үйіне апарып, сыйлап, бір бесті ат мінгізіпті, Әбсәт бір қатар ойын көрсетіпті.

114. ТІЛЕМІС

Тілеміс деген қу кісі екен, жолаушы келе жатып, қазақтың бір сасық байының үйіне қоныпты. Жаздың күні қой сауып, қатын, бала-шағасы қозы алып жүреді, бай малшыларына ұрсып, боқтап, малдың қасына келмеді. Тілеміс қасындағы жолдасымен үйде отыр, дәу тай қазанға сүтті құйып, қатындар келіп-кетіп жүр. Сонда Тілеміс жолдасына айтты:

– Осы байдың түрі жаман екен. Сонау баспақтағы тұздан үлкен бір қос уыс тұзды алып кел, осы бізге мал соймайды, алдын ала бір шара істелік, – деп, жолдасына үй оңаша қалғанда айтыпты. Керегедегі екі тұздан тұз алып келді, Тілеміс айтты:

– Қазанның астындағы күлге шоқырлап көм, – деп, көмдіріп тастады.

Бір уақытта малдарын жайлап, бай үйге келді, жөн–жайды сұраған жоқ, қабағын қарс жауып, сүтті от жағып, пісіре бастады. Шайды қайнатып, басқа тамақ қылды. Бай айтты:

– Қонақтар, бүгін мал союға күн жайсыз, басқа бұйырған тамақты ішерсіздер, – дейді. Тілеміс мақұл деген адамдай басын изеп, ұйықтап жатқан болып жатты. Тезек жанды, сүт көбіктеніп, балалары тостаған, қасығын алып, үлкен тай қазанды төңіректеп, жүгіріп жүр. Бір уақытта тұздар қызып, бытырап қазанның астындағы шоқты аспанға ұшырды. Жүк те от, кереге де от, қатын-балалары быт-шыт болып, жау шапқандай шу болып қалды. Тілеміс ұйқыдан басын көтерген адамдай шошып оянды, «ой, бұл қалай?» – деп, түрегеледі. Сонда:

– О, қонақтар, бұ не деген сұмдық? – деп, шошып тұрды. Жан-жақтағы көршілер де жиналып, келіп қалды. Сонда Тілеміс:

– Ойпырмай, «отының басынан үйден шықсын» деген мақал бар, «Құдай мүйізді Өтегеннің тұқымы қылып жаратып едің, бәлеңді тоқтат!» – деп, солай дегенде бытырлаған тұздың дауысы басыла бастады.

Сонда бай:

– О, құдай, боз қасқа қойды алып кел, – деп, қатындары қорадан бір үлкен боз қасқа қой алып келіп, бата сұрады. Шикі шегін қалдырмай асып, ауыл да қарқ, қонақ та қарқ болған екен.

115. ӨТІРІК САҢЫРАУ

Бұрынғы уақытта Шаған елінің бір саудагері Киптанға келіп, сауда істеп жүреді екен, ақ қашқан жылы, қызылдың қолына түсіп, бар істеп жүрген күрегінен айырылып, кісі жатты. Ішінде бір Жүніс деген ақсақалы бар екен. Бір күні түнде отырып, саудагер Жүніске айтты:

– Көңіліміз бір көтерілсін, күлдірші, – деді. Сонсоң Жүніс айтты:

– Шынымды айтып күлдірейін бе, өтірігімді айтып күлдірейін бе? – деді.

Сонсоң:

– Өтірікпен күлдірмей-ақ қой, шыныңмен күлдір, – деді.

– Шыныммен күлдірсем, – деді, – бір көк атым бар еді. Соны жазды күні семіз күйінде ұрлап қойды. Өзі бәйге ат еді, зар ғып жүр едім, бір күні біреу бәленше жерде тұр деп айтты деген соң құлағымды тігіп, бақылай келсем, Керекудің аржағында тұр деген дейді естілді, бұрын сол Кіптанға келіп жүретін бір керекулік жігіт бар-ды. Талай «Тамыр болайық», – деп, – үйге жүр, қалағаныңды алып кет деп жүретін. Мен қолым тиіп, бара алмайтынмын-ды. Сонан соң жолдас та ерткенім жоқ, жүріп кеттім. Қуанышым қойныма сыймай, ойым сол тамырыма барсам деп, келе жатырмын. Үстімде киген киімім жақсы, сағаты бар күміс, бір күннен кейін тағы да жүріп келе жатырмын. Артыма қарасам, бір боз жорға атты келе жатыр. Сонсоң бөгелгенім жоқ, аттың екпінімен соғып келіп, өтті. Оң жақ тізем сынып қала жаздады.

– Япырмай, бұған не қайла істеймін, – деп, келе жатыр едім, бір мезгілде артына қарап тұрды. Енді бұған мен саңырау болайын деп, саңырау болдым. Қасына келіп едім:

– Кімсің? – деді.

– Алдымда қонатын ауыл бар ма? – дедім. Сонсоң құлағыма таман жақындап келіп:

– Қайда бара жатқан адамсың? – деді.

– Атыма шөп беретін үй бар ма? – дедім.

– Ой, мынау бір саңырау екен ғой, – деп, «Жүр», – деп, басын изеді. Көтінен ердім. Жақын көшеге келді, есігінің алдында бір қыз, бір келіншек тұр екен. Жігіт келіп, тәжікелесе кетті, мен тұрмын саңырау болып ішімнен.

– Атыңды байла, – деп, анау ағашқа нұсқайды, атымды байлап келіп, отырдым. Шай, бәрі даяр тұрған, әкеліп құйды. Менің алдыма сары май қойды да, жігіттің алдына қоспа қойды. Байқасам, тәрізі үйде басты кісі жоқ. Қыз самаурынның жігіт жағына отырды да, келіншек мен жағына отырды, өзім ашығып келген кісі, майды екі айналдыруға келтіргенім жоқ, жеп қойдым. Жігіт қоспаны менің алдыма таман тартты. Оны және жеп алдым. Келіншек анда-санда жігітке айтып қояды:

– Бұл жалмауызды қайдан тауып әкелгенсің? – дейді. Онан сайын терлеп-тепшіп соғамын. Не қылсам [да], сол дастархандағыны тауыстым. Жатар мезгіл болды. Әлі саңыраумын. Домбыра әкелді.

– Өлең айт, – деп, домбыраның шегін қатты бұрап, үзіп алды. Сонсоң домбыраны былай алып қойды. Ет әкелді, тағы да өлер-тірілеріме қарамай, пысылдап жеп жатырмын. Түгел жеп қойдым. Жатарда:

– Атымды қайда қоямын? – дедім.

Келіншек айтты:

– Енді өзі тойып алған соң атты ойлауын, – деді.

Бәрін тыңдап отырмын, атты апарып, шөпке кіргізіп жіберді. Жаттық, жігіттің астына қос төсек салды да, менің астыма екі қабат көрпе салды. Қыз біз жатқан үйге жатты да, келіншек төменгі үйге жатты. Елдің көзі ұйқыға бара бергенде жігіт басын көтеріп алды. Мен ояу жатырмын. Өтірік етімді қасып, дырылдатып жаттым. Қайта жатты. Жігіт әрі-беріден кейін тағы басын көтеріп алып, ыңылдады. Тағы да етімді тырнадым. Қайта жатты. Жігіт қор ете түсті. Жүгіріп, қыздың қойнына кіріп бардым. Мойнымнан құшақтап алды. Мен де құшақтай алдым, бөгелгенім жоқ, мініп келіп алдым, қайдан білгенін білмейім, қос аяқтап келіп теуіп жіберді. Шалқамнан түскенде төсағаштың артындағы шкабқа сақ ете түсті басым. Қайта келіп, орныма жаттым. Жігіт мен салдырлатып жүргенде оянған жоқ. Әлі ұйықтап жатыр. Төсегіме жатып әбден жайланып, ұйықтап жатқан жігітті ауыздан қойып келіп жібердім. Жігіт басын жұлып алды.

– Япырмай, қыз жіберді ме, – деп, жан-жағын сипалап қарады да, тұрып, қызға таман жүре бергенде, аяғымды алдына сала қойдым. Қағып кетті, басымды көтеріп алып, ойбайды сала ішімді жарып кетті. Шамды жағып алып, ана жақтан келіншек келді.

– Ай, байғұсым-ай, өзің бүлдіріп алдың. Менен жарық жоқ еді. Қайдағы бір жексұрынды әкеп келіп, – деді. Жігіт киімін киіп алып, іштен және бір теуіп жіберді. Бағанағы бағанағы ма, онан жаман ойбайды салды. Жігіт киініп қалды, біз қайта жаттық. Таң атып келе жатқанда, «есік аш», – деп, біреу айқай салды. Шам жағып, есік ашты. Ептеп қараса, бағанағы тамыры төргі үйге келіп:

– Мынау кім? – деді. Келіншек:

– Бір саңырау, – деді.

116. АЛАША ШОРАНЫҢ БІР ӘҢГІМЕСІ

Алаша Шора қуақылығы күшті болса керек. Жаз күні екен, мал қарай шығып келе жатса, екі аттылы жас жігіттерге кездесіпті. Жігіттер Шораны танымайды, бірақ қарт кісі болған соң қазақ әдетінше сәлем береді. Шора сәлем алып, амандасып болған соң:

– А, балалар, шырағым, келе жатқан жолыңызда бір үйір жылқы көзіңізге түспеді ме? – дейді. Жігіттер:

– Жоқ, ата, көре алмадық, – дейді. Шораны қуақылығы қысып кетіп, өтірік саңырау бола қалады да:

– Е, шырағым, сол екен біздің жылқы, – дейді.

Жігіттер:

– Жоқ, ата, көргеніміз жоқ дейміз, – деп, қаттырақ айтады. Сонда:

– Шырағым, е, е, балалар, сол тап біздің жылқы айғыры торы болса, тап сол, тап сол, – дейді. Жігіттер енді сескенбейді. Біріне-бірі:

– Нағыз тас құлақ екен, – дейді. Шора да:

– Балалар, шошақтың ар жағында біздің үй бар, келіп-кетіп, қымыз ішіп жүріңіз, менің атым – Шора, – дейді. Жігіттер тағы сескенбей, бір-біріне:

– Ой, бұл Шора болса, мұның үйінде екі бойжеткен қара к...т қызы бар, барайық, – дейді. Шораның құлағының естімейтініне нақ сенген. Ертесіне Шора түсте іргені түріп жатса, кешегі екі жас жігіт келе жатыр. Жігіттер сәлем беріп, кірген соң Шора екі қызына:

– Шырақтарым, мына балаларға қымыз құйыңдар, – дейді. Қыздар дастарқан жасап, қымыз қояды. Жігіттер бір-бір аяқ қымыз ішіп, екінші аяқты қойып, алдарында тұрған мезгілде төрде жатқан Шора:

– Балаларым, қымызды ішіңдер, келіп-кетіп жүріңдер, кешегі айтқан нағыз тас құлақ Шора дегендеріңіз – менмін. Үйінде екі қара кө... қызы бар дегендеріңіз ана екі құрбыларың, шырақтарым, ойнап-күліңдер. Қымыз ішіп, келіп-кетіп жүріңдер, шырақтарым, – дегенде жігіттер алдындағы қымыздарын ішуге жарамай, белбеулерін байлауға әлі келмей, үйден шыға жөнелген ғой. Шора кейде осындай қуақылықты қолданатын кісі көрінеді.

117. СӘМЕН ҚУ

Сәмен мен Бақтияр дейтін замандасы кеңесіп отырып, әңгіменің арасында Бақтияр өзінің әйелін мақтайды. «Әйелім өзіме сенеді, мен арамдық істемейім, о да аман, кісі сөзіне ермейді», – дейді. Сәмен:

– Ол бекер, ол ашуланады да, сөзге де ерер, – дейді. Ақыры, екеуі сөз байласады. Сәмен азғырмақшы болады.

Бір кезде Сәмен Бақтиярдың үйіне келіп, ешнәрсе күтпестен Құран оқиды. Артынан көңіл айтады. Сонда отырған 4-5 адамға:

– Е, Бақтияр анаугі ана елден әйел алмай, басқа елден әйел алған ба? – дейді. Отырғандар аң-таң болып, «жоқ, ондай, мұнда [й] өзгеріс болған жоқ», – дейді.

Сәмен:

– Неге Бақтияр... ана қалхоздан бір әйелге сөйлесіп жүр еді, –– дейді. Сол кезде Бақтияр келеді. Бақтияр кірісімен әйелі алдынан тұра жүгіріп:

– Е, мені тірідей өлді деп, Құран оқытып, әйел алмақшы болып жүр екенсің ғой, әйеліңді барып ал, – деп, ұрысады.

Бақтияр басында түсінбей, аң-таң болып отырады. Сәменге қарайды, жан-жаққа қарайды. Аң-таң. Сонда Сәмен:

– Ә, Бақтияр, сенің әйелің ашуланбайды екен, – дейді. Сонда Бақтияр:

– А, Құдай ұрған екен! – деп, сонда түсінеді.

118. ХАНДЫ ЖЕҢГЕН ҚОЖА

Бұрынғы заманда бір адам жол үстіне егін салыпты. Сол егін піскен уақта бір адам көшіп келе жатып, жеп қойыпты. Егінші мен жеген адам ханға келіп, егінші:

– Мынау егінімді жеп жеп қойды, – дейді. Анау:

– Ырас, жолмен көшіп келе жатып, қараңғыда жолдан бұрылмай, жол үстіне қондым. Енді қайда қонам? Көргенім жоқ, малым жеп қойды, – дейді.

Хан:

– Жындысың ба? Елдің жолына неге егін салдың, жолмен жүрерін білмедің бе? – дейді.

Егінші:

– Сен өзің қатыныңмен бірге жатып, бала туып, оның өлерін білмедің бе? – деп, жүріп кетіпті.

Ханның жалғыз баласы сол арада ғана өлген екен дейді.Сонан соң хан баласының өлгеніне ренжігенін қойып, тәуба қылыпты.

119. ДУАНА ҚОЖАНАСЫР

Тіпті, бұрынғы заманда бір дуана Қожанасыр деген болыпты. Әйтеуір, бір адам, не ақылды емес, не ақымақ емес, не тентек емес, не момын емес. Оған таныс болған емесдүр қайғы да, машақат та, өш алу да, һәм күншілдік те. Ол өзі Құдай деген кісі еді, һәм әрқашан өзінде не бар болса, соныменен қанағат қылар еді, ілгергі уақытта қайтемін деп, қам жемейінше. Ол турада айтылған қазақ арасында көп сөздер бар. Бұларды санауға мүмкін емес. Біз бұлардың ішінен бағзы біреулерін алып, жазуға жаһат етеміз. Бір күні Қожанасыр көк есегіне мініп алып, отын алғалы ағаш ішіне барды. Ағаш ішіне келіп, бір ағаштың бұтағына шығып алып, бұтақты түбінен кесе бастады. Дәл со уақытта бір жолаушы адам қасынан өте беріп, бұған айғайлап айтады:

– Ағаш құласа, астында калып өлесің ғой, – деп. Дуана айтады:

– Ей, әулие, тоқта, сен маған айт, мен қашан, қалайша өлсем керек? – дейді. Жолаушы тоқтамастан жүре беріп, бірақ оған айтты:

– Сен ақымақ екенсің, – деп. Сонда Қожанасыр жіберместен сұрайды: «Қашан өлетұғынымды айт», – деп. Жолаушы әбден мазасын ала берген соң ашуланып:

– Ақымақ, сен қашан есегің үш мәртебе сүрінсе, сонда өлесің, – дейді.

– Тәңір жарылқасын, әулие! – деп, дуана айтады, – Тәңір жарылқасын, жасырмай, маған шыныңды айтқаныңа, енді жүре бер, жолың болсын, бірақ менің үшін дұға қыл, Алла тағала мені өлімнен сақтап, есегіме қуат беріп, мені отынымменен үйіме аман жеткізуге, – дейді.

Қожанасыр отынын алып, есегіне артып, һәм үстіне өзі мініп алды. Ауыр жүкті көтеріп жүруге есегінің күші келмеді. Отыз қадам шықпай жатып, сүрініп кеткен еді, Қожанасыр қорыққанынан «я, Алла» – деп зарланып, –«шыныменен өлемін бе?» – дейді. Біраз уақыттан кейін есегі тағы да сүрініп кетіп еді, дуана: «мен өлемін», – деп айғай салып, «Апырмай, бала-шаға, қатынымды көре алмай қаламын ба?» – деді. Бейшара есегі әрең-мәрең ағашқа жақын тұрған көпірге келіп жетіп, дәл көпірдің ортасына келгенде сүрінгеніменен тұрмай, жығылып та қалды. Қожанасыр есегіменен бірге жатып, айғайлады: «Міне, өлдім, қош бол, қатыным, сүйікті балаларым», – деді. Есекпенен дуана көпір үстінде жатып алды. Есек ауыр жүкпенен тұра алмай жатса, дуана: «Өлдім», – деп жатыр. Қожанасыр жатып ойлайды: «Мен өлдім, қайда Мүңкір-Нәңкір, не себепті келіп маған азабын салмайды», – деп. Дәл сол уақытта көпірге қарай жақындап, бір-екі керуенбасы келе жатыр еді, арттарында көп керуендері бар. Керуенбасылардың аттары Қожанасыр менен есегінен үрке бастады және көпірдің тарлығы сондай еді, дәл Қожанасыр менен есегінің ортасынан өтсе керек. Сонда керуенбасылар айғай салып айтады:

– Ей, кісі, тұр, бізге жол бер, біз өтіп кетелік, – дейді.

Қожанасыр жауап сұрайтұғын періште деп біліп, бұларға айтады:

– Ай, Алла тағаланың періштелері, мен өз ғұмырымда ешбір жамандық қылғаным жоқ, әлсіздерді ренжіткенім жоқ, күнінде бес уақыт намазды бұлжытпастан, орнына келтіріп тұрдым, ықыласыммен ораза тұттым. Ей, жақсы періште, мені қинамаңыздар, – деді.

Керуенбасы оны ақылынан адасқан ғой деп біліп, олар Қожанасырға «Орныңнан тұр», – деп еді, ол тыңдамай, жатып алды:

– Мен жақсы кісімін, мені аяңыздар. Сендер мені тамұққа жіберейін деп тұрсыңдар ғой. Онан да мен осы орнымда жатып қалайын да, жанған оттың ішінде күйгенімше, – деді.

Сонда керуенбасылар мұны қамшының астына алып, сабай бастады. Бейшара Қожанасыр барлық күшін салып, қашып жөнелді. Қожанасыр үйіне қарай демалмастан қашып келе жатыр, жақсы адамдардың оны тірілтіп жібергеніне ғана қуаныпты. *** Жолда өлген адамды арулап көмгелі апара жатқандарға жолықты. Олар бұған айтты өлген бір байдың қызын көмгелі апара жатырмыз деп. Қожанасыр ойлайды: мені керуенбасылар ұрып еді, мен тірілдім, һәм мен де бұл өлген қызды тірілтіп қарайын. Тірілтсем, мұның үшін мен көп сый алармын деп.

– Ей, жақсы мұсылмандар, естіңіздер, – деп айғай салып, – сіздер маған не бересіздер, егерде мен бұ қызды тірілтсем, – деді.

– Жомарттық қылып көп сый беремін, тек менің қызымды тірілт. Мен сенің төбеңнен төмен қарай алтын құямын, һәм мың жылқы беремін, – деді.

Қожанасыр қолына сойыл алып, ай-жайға қарамай, өлген кызды ұра бастады. Қожанасыр қалай ұрса да, қызды орнынан тұрғыза алмады. Дуана ешнәрсе қыла алмағанын көріп, һәм оны ақылынан адасқан ғой деп біліп, жаназаға жиылған адамдар оны мейлінше ұрды. *** Қожанасыр базардан бір қой сатып алып, жетектеп, үйіне алып келе жатса, алдынан көп шәкірттер жолығады. Бұлар топтанып, медреседен шығып бара жатыр еді. Олар мұны хұп білуші еді, һәм мұның қылығына әр уақытта күлуші еді. Содыр балалар Қожанасырға әрбір қалжың, күлкі сөздер айтып, сөз сұрады. Бұлардың сөздеріне Қожанасыр да тиісті, күлкілі жауап қайтарды.

Шәкірттер айтты:

– Рас-ақ, Қожеке, сіз білмейсіз бе, ертең заманақыр болатұғынын? Молда бізге айтты: «барыңдар, ойнап-күліңдер, сендерге ғұмыр сүруге көп қалған жоқ» деп, – дейді.

– Қожеке, сізге қойдың не керегі бар, ертең бәріміз де өлеміз ғой, – дейді.

– Сен онан да мұны сойып, етіменен бізді тойғыз, – дейді.

– Жарайды, балалар, – дейді Қожанасыр.

– Өзеннің жағасына барайық та, менің қойымды тасаттық қылайық, – дейді.

Қожанасыр һәм шәкірттер судың жағасына келіп, қойды сойды, дуана қойдың етін аса бастайды. Әмме шәкірттер киімдерін Қожанасырға қалдырып, өздері шомылуға кетісті. Олар шомылып жүрген уақытта Қожанасыр олардың киімдерін жиып алып, отқа жағып жіберді.

Шәкірттер қайтып келіп, Қожадан сұрады:

– Біздің киімдеріміз қайда? – деп.

– Шырағым, балаларым, – деп, Қожанасыр жауап берді, – ертең заманақыр болады, киімнің сіздерге не керегі бар, мен оларды отқа жағып жібердім, – дейді.

120. ҚОЖАНАСЫР

Қожанасыр бір ағаштың басына шығып, қолына балта алып, өзінің тұрған ағашының астынан қырқа беріпті. Жолдан бір жолаушы өтіп бара жатып:

– Әй, Қожанасыр, жығыласың ғой, – деп айтып, кете беріпті. Оның сөзін тыңдамай, Қожанасыр қырқа беріпті.

Біраз қырыққан соң ағашы сынып, Қожанасыр жығылыпты. Қожанасыр ойлапты:

– Әлгі адам әулие екен, жығыласың деп еді, жығылдым. Енді мен қашан өлемін екенмін, соны сұрап қалайын, – деп, әлгі адамның артынан қуып барып:

– Жаңа сен жығыласың деп едің, мен жығылдым. Енді қашан өлемін, соны айтып бер, – деп, Қожанасыр сұрады. Ол жолаушы айтты:

– Есегің үш осырса, өлесің, – деді.

Бір күні Қожанасыр ұзақ жолға шығыпты. Біраз жерге келгенде есегі осырып қойыпты. Заман қандай болады екен деп ойлап қойыпты. Тағы біраз жерге келгенде тарқ етіп осырып қойыпты. Сонда Қожанасыр: «Байғұсым ауырды ғой», – деп, өкпелей бастапты. Есек әдетінше шаршаған соң осыра бастайды. Көп жерге келгенде бір көпірдің қасына келген заманда есек әдетін қылып, осырып қойыпты. «Өлді деген осы ғой», – деп, есектен жығыла кетіпті. Сол уақытта бір топ керуен келіп, жақындап келгенде түйелер әлгі сұлап жатқан бір нәрсені көріп, үркіп, үстіндегі артқан мейіз, тағы басқа жемістер екен, қабы жарылып, [ол] төгіліп, абыржып жатқанда, өліп қалған Қожанасыр түрегеп: «Ол дүниеде осындай миуалар бар деп еді. Сол осы екен ғой, – деп [жеп қойыпты].

– Бәрін жеп жүрмісің? – [деп], керуендер Қожанасырды ұстап алып, әбден сабапты.

*** Қожанасырдың бір сиыры болыпты. Бір күні көйлек-станы тозған соң сиырды базарға апарып сатып, көйлек-стан алып келейін деп, базарға сиырын апарып жүрсе, ешкім сұрамайды. Бір үлкен сары итке: «Сен менің сиырымды аласың ба?», – деп, иттен сұраса, ит «ыр-р», – етеді.

– Е, осы аламын дейді екен ғой, – деп, сол итке сиырын сойып береді.

Ит етті жеп жатқанда:

– Сен менің бұлымды жеті күнге дейін тауып қой, – деп, қолын сілтеп, айта бергенде, ит «ыр-р» етеді.

– Е, беремін, – дейді екен ғой, – деп, үйіне қайтып кетеді. Үйіне барса, қатыны:

– Сиырды қайттің, саттың ба? – деп сұрайды.

Қожанасыр:

– Е, сиырды бір үлкен сары итке саттым, пұлын жеті күннен соң барып алмақшы болдым, – деп, қатынына жауап қайтарады.

Қатыны Қожанасырдың сырын біледі екен, қатыны біліпті не қылғанын. Қожанасыр жеті күні біткен соң сиырдың пұлын алайын деп, баяғы итке барады. Итке барса, сол жерде сандалып жүр екен. Қожанасыр барып, итке айтады:

– Пұлымды бер, айтқан уадаңа келдім, – дейді. Итке жақындап, айта берсе, ит қасына береді, артынан қуа береді. Ит әбден шөлдеген соң, бір ағаштың түбін қазып-қазып, анандай жерге барып, ит жатады.

– Е, осы жерде ақша бар екен ғой, – деп, қазып қараса, бір көзе алтын тауып алады.

Өзінің ақшасын түгел санап алып, артығын сол жерге көміп кетеді. Үйіне барып, қатынына мақтанады.

– Мен сиырды сатып, алтын алдым, – дейді. Қатыны сұрайды:

– Ақшаны сол ит берді ме? – деп Қожанасырдан сұрайды:

– Осындай жерде бір көзе алтын бар екен. Содан сиырым сатқан ақшамды санап алып, артығын көміп кеттім, – деп. Қатыны айтады, Қожанасырдың қатыны қу екен. Сол алтынды алмақшы болып, біраз бауырсақ пісіріп алып, Қожанасырды бір есекке мінгізіп алып, басын жетектеп, біраз жерге барған соң қатыны:

– Мен мінейін, сен жетекте, шаршадым, – деп есекке мініп, Қожанасырға басын жетектетіп бара жатып, баяғы бауырсақты Қожанасыр ........

*** Қожанасыр таң қалады, ауадан да бауырсақ жауады екен ғой деп, кете береді. Сөйтіп, көріп, алтынды көмген жерге келеді.

Қожанасырдың қатыны алтынды алады. Қожанасыр қатынына айтады:

– Сен алтынды алма, алсаң, мен патшаға айтамын, – десе де, қатыны алтынды алыпты. Қожанасыр барып, патшаға барып айтады.

– Осындай менім қатыным алтын тауып алды, – депті.

Бір күні патша қатынымен екеуін сұрапты. Қожанасырға қай күні алтынды тауып алдың десе, әнеукүнгі ауадан бауырсақ жауған күні тауып алдым, – деп, Қожанасыр соғып тұр.

Қатыны айтады:

– Ойбай, тақсыр, ауадан да бауырсақ жауады екен ғой, – деп, патшадан сұралмай, құтылып кеткен екен.

*** Бір күні Қожанасыр бір кесесін алып, жермай алғалы базарға барыпты. Бір дүкенге келіп, бір қадақ майын тартқызып, кесесіне құйса, біразырағы сыймай қапты. Май егесі:

– Мынау қалған майыңды қайтесің? – десе,

– Мына жағында да құятын жағы бар, – деп, төңкеріп ұстайды.

Май егесі оның төгілгенімен несі бар, ақшасын алған соң қалған майын ана жағына құйып жібереді. Қожанасыр кесені сол ұстаған бойынша үйіне барады.

– Қатын, май алып келдім, – дейді. Қатыны әкелген майын көріп:

– Әдейі барып, алып келгенің осы ма? – дейді. Сонда Қожанасыр:

– Е, көбі мына жағында бар, – деп, кесесін шалқайта ұстайды. Сөйтіп, майының бәрі төгілген екен.

121. ҚОЖАНАСЫР ӘҢГІМЕЛЕРІ

Бір күні Қожа Насредден ас пісіруге көршісінен қазан сұрап алыпты да, ас пісіріп болған соң ішіне өзінің темір шөмішін салып, көршісіне апарып беріпті:

– Қазаның аман-сау туды, – деп. Көршісі:

– Бір темір шөміш пайда қылдым, – деп ішінен ойлап, қала беріпті.

Екінші – Қожа Насредден тағы көршісінің қазанын сұрай барады. Көршісі тағы сөз айтпай, беріп жібереді. Қожа Насредден асын пісіріп болған соң қазанды ортасынан қақ жарады да, көршісіне апарып тұрып, айтады:

– Алла қайырын берсін, қазаның пәни дүниеден бақи дүниеге көшті, – деп. Көршісі шошып кетіп:

– Пәни дүниеден қазан көшетін бе еді? – дейді.

Сонда Қожа Насредден айтыпты:

– Қазан туды дегенде нанып, менің темір шөмішімді алып қалып едің, енді қазаның өлді дегенде неге нанбайсың? – деп, үйден шығып кетті.

*** Бір күндері Қожа Насредденнің бұзауы жамырап кетіпті. Артынан қуып, ұстай алмаған соң үйдің қасындағы көлеңкеде жатқан өгізді сабапты.

– Неге сабайсың? – деп сұраған кісіге айтқан сөзі:

– Үлкен өгіз үйретпеген соң кішкене бұзау ненің мәнісін білсін? – депті.

*** Бір күні Қожа Насредден түн ішінде ұйықтап жатқан қатынын «тұр-тұрлап» оятып алыпты:

– Көңіліме бәйіт келді, – деп.

Қатыны сөзін қайырмай, тұрып, шамын жағып беріпті. Сонда қолына алып жазған бәйіті мынау екен.

– Ақ қағаз, қара сия,

Көк жапырақ, қызыл алма, – деп жазыпты да, қайта жатыпты.

122. ҚОЖАНАСЫРДАН СӨЗ

Қожанасыр өте қиял әпенді кісі болған екен. Қожанасыр бір күні үйде жатса, патша шақырыпты.

– Менің тісім ауырып қалды, Қожанасыр келіп, тісіме ем қылсын, – депті. Жігіттер келіп:

– Қожеке, жүр, сізді патша шақырады, – депті. Қожа айтыпты:

– Бармаймын, патша өзі келсін және маған керосин май беріп жіберсін, – деп, жігіттерге айтыпты. Жігіттер барып, патшаға айтқан екен Қожа келмеймін дейді, маған май берсін деп, айтып жібереді, – деді. Патша айтты:

– Бір бөтелкеге сиіп, толтырып, Қожаға алып бара беріңдер. Оның май емес

екенін білген соң Қожа ашуланып, өзі келеді, онан соң тісімді қаратып алайын, – деді. Жігіттер бөтелкеге сиіп, Қожаға алып барып, беріпті. Алып барған жерінен танып, Қожа біліп, сыр бермей, қала беріпті. Екінші күн:

– Қожаны шақырып кел, келмеді ғой, келмесе, байлап алып келіңдер, – деп,

патша жігіт жұмсады. Қожа адамның кепкен бір тезегін бір шүберекке таңып алып, дайын болып отыр екен. Жігіттер келіп, Қожаны ертіп, патшаға барыпты. Патша қол қусырып:

– Қожеке, неге кеше келмедіңіз? Кешелі бері тісім ауырып, көрмеген қорлық көрдім. Маған бір дәрі-барыңыз болса, берсеңіз екен. Не дүние болса, мен сізге берер едім, – деді.

Қожа сонда бағанағы тезекті бір шүберекке орап, патшаға береді.

– Мынаны аузыңызға салып, әрі жұтпай, тісіңізге басыңыз, – деді. Патша тісіне басып:

– Иә, Қожа, бұл не деген сасық дәрі, мұны қайдан алдыңыз? – деп, Қожа жауап береді:

– Патша кеше маған бір бөтелке май беріпсіз ғой, сол майдың күнжарысы ғой, – деді.

Патша орнынан қарғып тұрып, ауыздарын шайып:

– Қожа саған амал жоқ, бірақ жұртқа жайып, мені масқара қылма. Мен саған бір кебіс берейін, – деп, артық бағалы бір кебіс Қожаға беріп, үйден шығарыпты. Кебісті аяғына киіп алып, көшеде келе жатса, алдынан екі қарақшы шығып, екеуі ақылдасып, «Қожаның аяғындағы кебісті қолға қайтіп түсіреміз? Біздің қолға тисе, бірталай дүниеге сатып, қарық болып қалар едік-ау», – деп, бұлар арман қылды. Қожаның артына түсіп, бірнеше күн әуре болды. Кебісті ыңғайын тауып, ала алмады. Ақыры, шаршап, екі жігіт бір биік ағаштың түбіне Қожаны алып, ертіп келіп, Қожаны алдамақ болып:

– Қожеке, сіз мына бақтың басындағы құстың балапанын алып түссеңіз, біз сізге ақша берер едік, – деп алдап, кебісті тастап, баққа шыққанда кебісті алып қашалық, – деген ақылмен мұны ойлапты.

Қожа сонда:

– Мақұл, құстың балапанын алып берейін, – деп, баққа жармасты. Кебісті тастамады.

– Қожеке, кебісті тастап, қайта түскенде киесіз ғой, тастаңыз, – деді.

Қожа жауап беріп:

– Неге тастаймын, осы жерге келіп жүремін бе? Бұл шықса, содан әрі кете бермеймін бе? – деді. Жігіттер дымы құрып: –Мұны қалай қыламыз, бұл кебісті кәйтіп қолға түсіреміз, – деп, бұлар көп кеңесіп, ақырында, «Мұның үйіне түнде ұрлыққа баралық. Ұйықтап жатқан жерінен мұның кебісін және үй дүниесін алып кетейік», – деп ақылдасып, түнде Қожа ұйықтап жатқан жерінен екі жігіт ұрлыққа кірді. Қожа сезіп, тыныш жатты. Кебісті және үй дүниесін алып, екі жігіт жүріп кетті.

Артынан Қожа өзінің төсек-орнын, қазан-ошағын алып, жігіттердің артынан жүріп береді. Жігіттер бір үйге келіп, кіріп, жаңа отырғанда Қожа да кіріп келді. Жігіттер есі шығып:

– Қожеке, бұл қалай? – депті. Қожа жауап беріп:

– Біз осында көшіп келмедік пе? – деді. Жігіттер сасып, не қыларын біле алмай:

– Қожеке, бізден айып өтті, кеш. Дүниеңізді үйіңізге алып барып берейік, – деді. Қайта көшіп, үйіне алып келіп, қойды.

*** Қожа бір күні базардан екі келі ет алып, қолына ұстап келе жатса, бір қарақұс құйылып келіп, Қожаның қолындағы етті іліп, алып кетіпті. Қожа не қыларын білмей сасып, бір қалқа жерге барып отырыпты. Және басқа адам ет алып келе жатса, Қожа бағанағы құс құсап, әлгі адамның қолындағы етті жұлып алып, қаша береді. Кісі артынан қуып:

– Қожеке, бұл қалай, мұныңыз зорлық па? Етті беріңіз, – десе, Қожа:

– Бұл жердің ырымы осындай екен. Қарақұстан менің етімді алып бер, мен де саған беремін, болмаса, жолыңнан қалма, – дейді.

*** Қожа бір күн мешітте намаз оқып, көп кісілермен қатарға тұрып, еңкейе бергенде, Қожаның артындағы бір жігіт қалжың қылып, құйрығына түртіп қойыпты. Қожа мұны көріп, алдындағы имамның Қожа құйрығына түртіп жіберіпті. Қожа қайратты кісі болса керек, молда сүрініп-жығылып, намаз бұзылып, Қожаға қарап:

– Мұның қалай? Мұныңыз кісілік пе? – депті.

Қожа жауап беріп:

– Молдеке, маған айтпаңыз, менің артымдағы жігіттен сұраңыз, мені бұл түрткен соң мен де сізді түртіп едім. Бұл жердің рәсімі осындай екен деп ойлап қалдым, – деп Қожа жауап берді.

Қожа бір күні бір мешітке кіріп келіп:

– Жасаған Құдай маған мың алтын беріп, мың алтыннан бір алтын кем болса, алмаймын. Беретін болсаң, мың алтын бер, – деп, мінәжат қылып, зарлай береді.

Бір үлкен бай мұның зарлап тұрғанын көріп:

– Анық әулие ме екен, жоқ, кәйтер екен, бұған мың алтыннан үш алтынын кем қылып, сынап көрейін, есіктен шығарда қайтып алармын, мұны бір сынайын, – деп, тоғыз дүз тоқсан жеті алтынды тастап жіберіп, қарап тұрды. Қожа жан-жағына қарап, ешкім көрінбеген соң дереу алтынды алып, санап тұрып еді, қараса, үш алтын кем. Қожа алтынды жерге қойып:

– Ай, Құдай, мен саған мың алтын деп едім ғой, енді не, үш алтынға ақшаң жетпей қалды ма, алмаймын мұныңды, берсең, түгел бер, – деп өкпелеп отырды, әрі-бері отырыпты, үш алтын келетін болмады, сонда Қожа:

– Ойбай, мен есімнен жаңылған екенмін, мен мұны ойламаппын ғой, Құдай мұның үш алтынды кем қылмақ себебін мына сыртындағы дорбаны үш алтынға бағалаған екен ғой, бұл дұрыс екен, мұны алайын, – деп, жанқалтаға салып алып, жүріп кетті. Есіктен шыға бергенде бай жармасып:

– Қожа, алтынды тастаңыз, бұл – алтын менікі, сізді сынамаққа сіз жылап жатқасын, сынайын деп тастап едім. Алтынды беріп кетіңіз, – деді.

Қожа қайырылып қарап:

– Неткен ақымақсың, мен сенен бұл алғаным жоқ. Мен Құдайдан сұрап едім, – деді. Бай артынан қалмай, жабыса берді. Байды итеріп тастап, жүріп кетті. Қараса, байға теңдік беретін емес. Жағаласайын десе, әлі келетін емес. Бай сасқанынан қазыға барып, арыз қылды.

– Менің мың алтынымды Қожа алып кетті. Қалжың қылып, ойнап тастап едім. Ол Құдайдан алдым деп, маған теңдік беретін емес. Сол пұлды сіз бірдеме қылып, өндірмесеңіз, болмас болды, – деді.

Қазы айтты:

– Қожаны шабар жібергенмен келмейді, ол бір тентек кісі, өзің амалдап, Қожаны ертіп кел, онан соң сұрармыз, – деді. Бай сонда Қожаға келді.

– Қожа, сіз қазының алдына барып, жауап беріңіз, екеуміздің дауымызды қазы шешеді. Соған жүріңіз, – деді. Қожа жауап беріп:

– Мақұл, қазыға барайын, бірақ менің киімім жыртық, астымда ат жоқ. Қазыға барғанда маған ұят болады, бір ат, бір тон тап, соны киіп барайын. Дауымыз біткен соң ат, киіміңді аларсың. Уақытша маған аусын, – деді. Бай сонда жүретін болмаған соң Қожаға бір ат мінгізіп, бір тон кигізіп, алдап, қазыға ертіп барды. Барған соң қазы жауап сұрап:

– Қожеке, сіз мына кісінің алтынына зорлық қылмаңыз, алтын мұныкі екен, қайтарып беріңіз, – деді.

Қожа жауап беріп:

– Тақсыр, қазы, мен мұның қолынан алтын алғаным жоқ. Бұл бір жалагөр адам екен. Бұл бай әуелі аздан соң астыңдағы ат та, үстіңдегі тон да мендік деп жала қылар. Бұл зорлықшы адам екен, – деді.

Бай ойбай салып, астыңдағы ат пен үстіңдегі тон мендік емей, кімдік? Нағылған Қожасың? – дейді. Қожа сонда қазыға қарап:

– Көрдің бе, мынаның жалақорын, тон мен атты мендік деп отырғанын қарашы, – деп, орнынан қарғып тұрып, есіктен шығып, жүре берді. Қазы сонда байға қарап:

– Ақымақ адам екенсің, алдыңғы бұлыңды алмай жатып, оған ат-тон бермегің де бар екен алтынменен.

Қожадан кеткен дүниең болды.

– Бұл дүние түгіл ақыретте де саған Қожа теңдік бермейді, – деді.

*** Бір күні Қожа бір мешіттің мұнарасына шығып отырыпты. Мешіт алдында бес-алты молда шариғат сөйлеп отырып, бір адам бір молдадан сұрапты.

– Тақсыр, бұл арықтағы суды біреу былғаса, аяқ жағындағы ел ішуге бола ма? – депті.

Молда жауап беріп:

– Басында біреу былғаса, ол су жеті домаласа, шариғат үкімі де адал болады, – депті.

Қожа мұнараның басында отырып, төмен молдаларға қарай шаптырып жіберіпті. Қараса, бір адам мұнараның басында тұр, көк жауды ма деп қараса, ашық.

– Мына қызталақ шаптырып жіберген екен, – деп, мұнарадан қуып, жерге түсіріпті. Қожаны молдалар танымайды. Қожаға қарап:

– Қызталақ, жындымысың? Біз сенің қол-аяғыңды байлап, өзіңе таяқ береміз, – деп қуып, Қожаны жабылып, ұстап алады.

– Атың кім? Сен қайдан келдің? – деп, Қожаны ортаға алып, ұрып, «Атың кім?» – деп сұрапты. Қожа молдаларға айтыпты:

– Атым – Құдай, – депті. Молдалар бұл сөзге шамданып: – Бұл анық дінсіз екен, мұны ұрыңдар, қол-аяғын байлаңдар, – деп, қол-аяғын байлап алып, патшасының алдына алып барып:

– Тақсыр, патша, мына қызталақ біздің кітабымызға сиіп жіберді. Оның бер жағында «Атым – Құдай», – дейді. Бұл шариғат үкімінде мұндай адамды шауып, өлтіріп тастау керек, – дейді.

Патша сұрап: – Неге бүйттің, неге кітабына сиесің, неге «атым – Құдай» дейсің, неткен адамсың, жауап бер, – деді.

Сонда Қожа:

– Тақсыр, тоқтаңыз. Мен мұнараның басында отырғаным рас. Бірақ молдалар су арам болса, жеті домаласа, адал болады десті. Өздерінің айтуы жалған болмаса, мен сиіп жібердім, сигім келіп, бірақ менің сідігім жеті түгіл, жетпіс домалап түсті ғой. Шариғат дұрыс болса, менің сідігім адал болғаны ғой.

Екінші, бұл молдалардың бәрі бұзық екен. Мені ұстап алып, жан-жағымнан талаған иттей есімді шығарды. «Атым менің Құдайберген», – деп, «Құдайын» айтып, «бергенін» айтқанша қол-аяғымды байлап, сіздің алдыңызға алып келді, – деді.

Патша күліп, молдалардан босатып жіберді. *** Қожанасыр бір күні базарға келсе, бір үлкен адам бойы айна тұр екен. Қасына келсе, айнаның ішінен өзі көрініпті. Дереу әйеліне келіп:

– Ай, жолдасым, Қожанасыр біреу емес екен, екеу екен. Кәдімгі мен сияқты тағы біреу бар екен. Мен бір жаққа кеткенде, мұнда сен қойныңа мен екен деп, алып қойма, – депті.

Әйел айтыпты:

– Не сөйлеп тұрсың? Менің көзім жоқ па? – депті. Қожанасыр айтыпты:

– Ойбай, жүрші, екеумізді салыстырып көр, – деп, әйелін ертіп келсе, әйел айтыпты ғой:

– Бұл айна ғой. Міне, мен де тұрмын ар жағында, – депті.

Қожа ойлапты:

– Ойбай, ананы мен сияқты екен десем, сен сияқты оның да әйелі бар екен ғой, ол сені құртса, оның әйелін мен құртармын, – депті.

*** Қожанасыр бір күні жас баласын алдына алып отырса, Қожанасырдың алдына сиіп қойыпты. Дереу Қожанасыр баласын жерге отырғызып, баланың алдына Қожанасыр сиіп жіберіпті. Әйелі айтыпты:

– Қожанасыр, мұның қалай? Бұл – бала, сіздікі не, ұят емес пе? – десе, Қожанасыр айтыпты.

– Бұл маған сигенде, мен осыдан жеңілемін бе, мен де сидім. Бұл неге ұялмайды, мен неге ұяламын? – депті.

*** Қожанасыр бір күні есекке мініп, қоржын артып келе жатса, есек бүлдіріпті. Дереу есектен түсіп, киім-кешегін шешіп, есектің үстіндегі қоржын жібін алып, барлығын бір тең қылып, өзі жотасына көтеріліп, есектің үстіне мініп алыпты.

Есек тағы жүрмепті.

– Қызталақ, киім-кешек, қоржын – барлық ауыр жүкті мен көтергенде, мені сен көтере алмайсың ба? – депті.

*** Қожанасыр бір күні базарға барса, ел мал сатып жатыр. Сатқан малдарын өте мақтап жатқанын көріп, ойлапты. Қожаның үш қызы бар екен, үшеуі де бойжеткен екен. Ешкім Қожадан батып, қызын айттырмаған екен. Қожа «менің қызымды ешкім алмады. Мұнысы несі?» – деп жүреді екен. Жаңағы базарда сатқан малдарды көріп, әр нәрсені мақтамаса, алатын емес екен ғой деп, Қожанасыр жиылған елге қарап:

– Ай, жұрт, мен де үш қыз бар, үшеуі де сұлу, үшеуі де семіз, өздері сүтті, кең қолтық әдемі қыздар алатындарың болса, алыңдар, – депті. Жұрт батпай жүр екен, үшеуін үш адам алыпты да қойыпты.

*** Бір күні Қожанасырға әйелі базардан бір сиыр сатып алып кел десе, базардан бір бұқа сатып алып келіпті. Әйелі айтыпты:

– Мұныңыз бұқа ғой, – десе,

– Бұқа болса да, балаға сүт болсын, – депті.

123. ҚОЖАНЫҢ АЙДЫ АСПАНҒА ШЫҒАРУЫ

Бір күні түнде Қожа шөлдейді. Құдықтан су алып, ішпек болады. Құдыққа қауға салады. Қауғасы құдықтың шегіне ілініп қалады. Әрі-бері тартып, шығара алмайды.

Сонан кейін Қожа:

– Бұған не болды екен? – деп, еңкейіп, құдықтың түбіне үңіледі. Онда айдың сәулесін көреді. Сонан соң:

– Е, қауғам, Айға ілініп қалған екен ғой, – деп ойлайды.

Сөйтеді де, құдықтың шеңберіне табанын тіреп, қауғаны бар пәрменімен тартып қалады. Қауғасы кілт шығып кетеді. Қожа шалқасынан құлайды. Құлап жатып, Қожа аспанда тұрған Айды көреді. Сонда ол:

– Уһ, не болсын, ол болсын, әйтеуір, Айды аспанға бір шығардым-ау, – дейді.

124. ҚОЖАНЫҢ САУДАГЕРДІ ҰТУЫ

Қожанасыр бала-шағаларын киіндірейін деп, базарға сатуға үйдегі жалғыз сиырын жетелеп, жолға шығыпты. Жолға бір қонып, Қожекең базарға да жетіпті. Базарда Қожекеңнің арық сиырын ешкім саудаламайды. Бір кезде базарда Қожанасырдың жанына бір шапан қолтықтаған адам келеді. Қожекең оған:

– Мына шапаның не тұрады? – дейді.

Шапан иесі:

– Шапанымды мына сиырыңа ауыстырайын, – дейді.

Қожанасыр ішінен бала-шағамызбен жамылуға жетер, бұл арзан дүние екен деп:

– Ал, онда ауыстырайық, – деп, сиырын шапанға ауыстырып жібереді. Одан кейін Қожанасыр шапанды қолтықтап, базарды аралайды. Базарда біреу малақай сатып жүр екен дейді.

Қожанасыр оған:

– Мына малақайың не тұрады? – дейді.

Малақай иесі:

– Арзан, мына шапаныңа ауыстырайын, – дейді.

Қожанасыр ішінен бұны балаларым киеді екен, арзан дүние шығар деп:

– Ал, онда ауыстырайық, – деп, шапанын малақайға ауыстырады.

Қожанасыр малақайды басына киіп алып, қуанып, үйіне қайтып келе жатады. Күн ыссы болып, шөлдеп, бұлаққа су ішуге келеді. Терең бұлақтан еңкейіп, су ішіп жатқанда, Қожанасырдың басындағы малақайын жел үріп, суға түсіріп әкетеді. Ол оны терең судан ала алмайды. Қожанасыр судағы малақайға қарап:

– Е... суда қалғың келген екен, теріңді басқан соң өзің үйге келерсің, – деп, әрі қарай үйіне жүреді.

Біраз жүрген соң Қожанасырдың артынан үш түйе жүгі бар бір ноғай саудагер қуып жетеді. Ол Қожанасырға сәлемдесіп, қайдан келе жатқанын сұрайды. Қожекең оған базарға сиыр апарғанын, оны шапанға ауыстырғанын, шапанын малақайға ауыстырғанын, малақайын су ішіп жатқанда жел үрлеп, бұлаққа түсіргенін айтады. Саудагер таң қалып:

– Енді әйеліңе не айтасың, жалғыз сиырыңды, ақырында малақай жасап, оны да суға ағызып, жоқ етіп келе жатырсың, – дейді.

Қожанасыр күлімдеп:

– Ой, тақсыр-ай! Менің әйелім адал сүт емген, бір ауыз да сөз айтпайды, – дейді.

Саудагер өзерленіп:

– Ол мүмкін емес, осыдан әйелің бір ауыз сөз айтпаса, мына үш түйе жүгімді берем, егер әйелің сиырыңды неге жойдың деп, сөз айтса, өміріңе маған түйеге жүк тиеуші боласың, – дейді.

Қожанасыр қарқылдап:

– Я, бір ауыз қарсылық сөз айтса, мені өміріңе түйеңе арт та жүр, – деп, қолын саудагерге ұсынып, келісім жасайды.

Бір кезде бұлар Қожанасырдың үйіне жақындайды. Түйелерді бір сайға шөгеріп тастап, екеуі Қожанасырдың үйіне келеді. Қожа үйіне кіріп кетеді де, саудагер сыртта киіз үйдің белдеуінен тыңдап тұрады. Қожанасырдың әйелі Қожаға сәлемдеседі. Біраздан соң ол Қожанасырға:

– Я, малыңызды базарладыңыз ба? – деп сұрайды. Қожа:

– Сиырымды бір шапанға ауыстырдым, – дейді.

Әйелі:

– Қайырлы болсын, шапанда бір үс киім ғой, – дейді.

Қожа:

– Шапанымды бір малақайға ауыстырдым, – дейді.

Әйелі:

– Е, қайырлы болсын, малақай да бас киім ғой, – дейді. Одан әлгі Қожа күлімдеп:

– Малақайды киіп келе жатыр едім, су ішейін деп, бұлаққа еңкейе бергенде жел үріп, басымнан суға ағызып әкетті, – дейді.

Әйелі:

– Е, Қоже-екем, басқа келген пәледен «бастан құлақ – садақа», өзің аман келсең, болды, – деп, сабадан қымызды құя бастапты дейді.

Сол кезде сыртта тыңдап тұрған саудагер үйге кіріп келіп:

– Қожанасыр, үш түйе жүгіңді ал, әйелің адал сүт емген екен, адал екен, – дейді.

Қожанасыр саудагердің үш түйе жүгін алып, бала-шағаларын, көрші-көлемдерін киіндіріп, өзі дүниеге молайып қалған екен дейді.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙