Дәуір дүлдүлдері
Орынбасар Дөңқабақ
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қолыңыздағы жинаққа баспасөз саласында ұзақ жылдар журналшы, қазақ радиосының ардагері Орынбасар Дөңқабақтың әр жылдары баспа бетін көрген эсселері, көркем очерктері, сыр сұхбаттары еніп отыр. Мұнда драма, опера, балет, кино, күй, ән, би өнерінің бүгіні мен келешегі жайлы ойлар жинақталған.Сондай-ақ Тәуелсіз еліміздің рухани құндылығын байытып, сақтаудың жолдарын нұсқайды. Оның келешек көкжиегі қандай болатынын, ол ү
Орынбасар Дөңқабақ
«Сораба» қоғамдық қоры
Алматы
УДК 070 ББК 76.01 Д 68 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді Дөңқабақ О. Д 68 Дәуір дүлдүлдері / О. Дөңқабақ.– Алматы: «Сораба» қоғамдық қоры.– 2014.– 288 бет. ІSBN 978-601-80289-9-1 Қолыңыздағы жинаққа баспасөз саласында ұзақ жылдар журналшы, қазақ радиосының ардагері Орынбасар Дөңқабақтың әр жылдары баспа бетін көрген эсселері, көркем очерктері, сыр сұхбаттары еніп отыр. Мұнда драма, опера, балет, кино, күй, ән, би өнерінің бүгіні мен келешегі жайлы ойлар жинақталған.Сондай-ақ Тәуелсіз еліміздің рухани құндылығын байтып, сақтаудың жолдарын нұсқайды. Оның келешек көкжиегі қандай болатынын, ол үшін не істеу керектігін, жақандану заманында дәстүрлі ұлттық өнердегі қазақтың қолтаңбасын жоғалтып алмау қақында толғанады. Әлемдік өнерде өзіндік із қалдырған кесек тұлғалар айтқан ой-тұжырымдары ертеңгі мәдениетіміздің тізгінін ұстайтын жастардың санасына сәуле түсіріп, өздері таңдаған кәсіптің мәні мен мағынасын ұғынуға ұлағатты шырақ болары сөзсіз. Өнер академиясының, консерватория, музыкалық оқу орындарының студенттеріне, талантты жеткіншектерге қажетті құрал болмақ. УДК 070 ББК 76.01 © Дөңқабақ О., 2014 ІSBN 978-601-80289-9-1 © ҚҚ «Сораба», 2014
Әзілхан Нұршайықов, Қазақстанның халық жазушысы Қазақ сияқты махаббатқа берік халық жоқ Қазақстанның халық жазушысы, әдебиетіміздің ақиық ардагері Әзекең – Әзілхан Нұршайықов, еліміздің қаламгерлер қауымын толғандырып отырған өзекті мәселелерді тереңнен қозғап, көкейінде жүрген ойларын ортаға салып, ағынан жарылады... – Жалпы бүгінгі қазақ әдебиетінің жай-күйі қандай? Ол сізді қанағаттандыра ма? – Бұл сұраққа жауап беру оңай емес. Өйткені қазір әдебиетке назар аударылмайды. Әдебиетті қадірлеу жоқ, қасиеттеу жоқ. Бұрыңғы кезде әдебиет ең ардақты дүние болатын. Әдебиетке деген құмарлық та күшті еді. Қазір әдебиеттен гөрі халықтың ықыласы, беті ақшаға ауып кеткен. Бүгінде кітап басылмайды. Бұрын кітаптардың барлығы мемлекеттің қаражатымен шығатын. Авторларға қаламақы беретін. Содан кейін қаламгерлер ынталы болушы еді. Жазушылардың шыққан кітабын жұрт сондай ықыласпен, шыға салысымен дүкендердің сөрелерінде тоқтатпай сатып алып кететін. Қазір, біріншіден, жазушыларға не баспа, не газет, не жорнал, не телевидение, не радио бір тиын қаламақы төлемейді. Сондықтан тегін жұмыс істеуге ешкімнің құлқы жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, кітапты шығаруға мемлекет қаржы бөлмейді. Тек демеуші табылса ғана кітабыңды шығара аласың. Қазір көптеген жазушылардың кітаптары қолжазба күйінде үйлерінде үйіліп жатыр. Бірен-саран жазушыларға демеушілер табылуы мүмкін. Ал бәрі бірдей демеуші тауып, кітаптарын шығарып жатқан жоқ. Сол себептен бүгінгі әдебиеттің жай-күйіне пәлендей деп баға беруге келмейді. Тіпті оған менің дәтім бармай отыр. Себебі, қазір әдебиеттің жағдайы жоқ тек
жайсыздық қана бар. Сондықтан әдебиеттің болашағы бұлдырлау.
Біздің халық ғасырлар бойы әдебиетті қадірлеп, қастерлеп өткен
ел. Ал қазіргі мына жаңа заманда әдебиеттің құны түсіп, жұрттың
әдебиетке деген көзқарасы өзгерген. Олардың санасын рухани
құндылықтардан гөрі байлық мәселесі көбірек билеп кеткен. Егер
бір тиын ақшасы болса оны кітап алуға емес, керісінше тиыныма
тиын жалғасам деп ойлайды.
– Елімізде кітап басып шығаруға мемлекет тарапынан
берілетін тапсырыстар көп пе? Оған өзіңіздің көңіліңіз тола ма?
– Мемлекеттік тапсырыстар деген бұрын болатын. Қазір мүлде
азайды, тіпті, жоқ та. Тек қана өзіңнің қаржыңмен шығаруың керек.
Астанадан, онда да кейбіреулердің кеңес кезінде жазылған романда-
ры ғана қайта басылып, шығып жатады. Олар белгілі бір тапсыры-
спен жазылған жаңа шығармалар емес. Ал, он жылдан бері мемлекет
тарапынан менің бірде-бір кітабым жарық көрмеді. Оның есесіне
кітаптарымды шығарып берген көлденең азаматтар болды. Бір күні
үйде отыр едім бір жас жігіт келіп сәлем берді. Амандасып, жайын
сұрадым. «Аға, менің сізге келген себебім, мен сіздің «Махаббат
қызық мол жылдар» деген кітабыңызды басыма жастанып жатып,
ал «Ақиқат пен аңыз» деген кітабыңызды құшақтап жүріп оқып
едім. Мен сол кітаптардың арқасында ержеттім, менің азаматтық
қадір-қасиетім осы кітаптар арқылы қалыптасты деп есептеймін.
Сондықтан мен өзімді сізге қарыздармын деп білемін. Соңғы кездері
сіздің кітаптарыңыз шықпай кетті. Осының себебі не?» – деді.
«Қарағым, оның себебі біреу-ақ. Ана жерде жазылған бірнеше кітап
үюлі тұр. Бірақ, оны маған шығарып беретін демеуші жоқ», – деп
жағдайымды айттым. Ол тұрды да «Аға, менің қаражатым бар. Қазір
бизнесменмін. Мен сол бала күнгі қарызымды, сіздің алдыңыздағы
борышымды өтейін деп келдім. Маған екі кітабыңызды беріңіз,
шығарып берейін», – деді. Қуанғаннан көзімнен жас шығып кетті.
Қалай жас шықпасын. Соңғы кездері жазған дүниелерім баспа бетін
көрмей отырып қалған кісімін ғой. «Қалай, рас айтасың ба? «Рас!»
«Ендеше, мынадай екі кітабым бар», – деп соларды ұсындым. Біреуі
«Өмір өзектері» деген әдеби күнделігім. Бұл әдебиеттің бір жанры.
Екіншісі «Қаламгер және оның достары» деген эписториялық рома-
ным. Ол кеңес үкіметі құлдырар кезде жазылған. Сол екеуін бердім.
Ол үлкен көмек жасап, шығарып берді. Бұл Нұртай Сабильянов де-
ген жаны жомарт азамат. Қазір Қазақстан Парламенті Мәжілісінің
депутаты.
Бір күні қалалық ардагерлер кеңесіне бардым. Кеңестің төрағасы
Еренғайып Шайхудиновтың әйелі қайтыс болған, соған көңіл ай-
тайын деп кірдім. Ішке енсем мен танымайтын төртбақ денелі кел-
ген бір қара торы жігітпен әңгімелесіп отыр екен. Мен құшақтап
көңіл айттым. Егер рұқсат болса енді мен қайтайын деп орнымнан
көтеріле беріп едім жаңағы бейтаныс жігіт «сізге бір сұрағым бар»
– деп орнынан тұрды. «Қандай сұрағыңыз бар?» «Қазір бірсыпыра
ақындар мен жазушылардың көптомдықтары шығып жатыр.
Сіздің көптомдығыңыз неге шықпайды?», – деді. Мен күлдім де
«қарағым, олардың демеушілері бар. Ал менде ол жоқ», – дедім.
«Мен сіздің барлық кітаптарыңызды оқып өскенмін. Мына жер-
де кездесіп қалғаныма қуаныштымын. Жеңістің алпыс жылдығы
келе жатыр. Соның қарсаңында сіздің он томдығыңызды шығарып
берейін», – деді. «Шын айтасың ба, қалқам?» «Шын!», – деді. Аяқ
астынан көктен түскендей болды. «О, рахмет, қалқам, көңіліңізге!»
– деп құшақтап бетінен сүйдім. Ол телефонымды, әдрісімді қойын
кітапшасына жазып алды. Бір көрген адам, әй, қазақтың мақтаншақ
жігіттерінің бірі шығар деп ойладым. Содан кейін бір ай өтті, екі
ай өтті хабар жоқ. Сонан соң ол кісіні өзім де ұмыттым. Бір күні,
жаңа жылдың қарсаңында телефон шылдырайды. Алсам «аға,
мен Шахудиновтың алдында өзіңізбен кездескен ініңізбін ғой», –
дейді. Ұмытып қалыппын. Әйтеуір «иә, иә» деймін. «Менің атым
Бекет Тұрғараев. Петропавлдан телефон соғып тұрмын. Сізге он
томдығыңызды шығарып берейін, – деп уәде беріп едім ғой. Сол
уәде орындалатын болды. «Қазығұрт» баспасының директоры-
мен сөйлесіп, тапсырыс бердім. Оған алдын ала ақша аудардым.
Қалғанын кейін аударамын. Олар мамырдың бесіне дейін шығарып
беруді міндеттеріне алды», – деді. Ойпырмай, төбем көкке жеткен-
дей болды. Сонымен сол кісінің көмегімен шығармаларымның он
томдығы шықты. Бұл мен үшін үлкен бақыт.
– Жаңа ғасыр, жаңа заман тақырыбына жазушыларымыз,
ақындарымыз қалам тартудан жүрексіне ме, қалай? Бүгінгі
өмірді арқау еткен шығармаларды сирек кездестіреміз. Бұның
себебі не?
– Қалам тартпайтыны жазудың заңы бойынша көркем әдебиет
қолма-қол жасалмайды. Заман әбден қалыптасқаннан кейін, бо-
лары болып, бояуы сіңіп деген сияқты жағдайға жеткеннен кейін,
алды артын бәрін болжап болғаннан кейін барып, жазушы өзінің
шығармасын жазады. Ал күнделікті өмірді бұрқыратып жазатын-
дар ол жорналшылар. Жазушылар олар сияқты емес. Бұлар үлкен
қорытынды жасайды, бейнелейді, соған лайықты адам бар ма?
Соны іздейді, оның бәрін табу үшін уақыт керек. Он жыл бойы
бүгінгі заман адамының бейнесі жасалмағаны ол заңдылық деп
ойлаймын. Еліміздің тәуелсіздік алғанына он бес жыл өтті енді
бұдан кейін үлкен шығармалар тууы мүмкін. Онда да егер мемлекет
оны шығаруға көмек берсе. Жазған еңбегің зая кетіп, шаң басып
жатса, онда кім жазады ешкім де жазбайды. Біріншіден, жаңа жас
әдебиеттің тууы үшін оған қамқорлық керек. Жазушыларға жағдай
жасалмаса кесек шығармалардың шыға қоюы екіталай.
– Біздің жазушыларымыз өткенге көбірек үңіледі, сонда та-
рихи тұлғаларды, тарихи оқиғаларды жазу оңай ма?
– Тарихты жазу оңай емес. Қазір халыққа ең керекті болып
отырғаны ол еліміздің өткен өмірі. Бұрын тарихи тақырыпқа
бөгеу салып тастаған. Бұрын халық батырларын дәріптеуге жол
бермейтін. Содан жұрттың көкейінде қалған өкініш, тарихқа деген
ұмтылыс, тарихқа деген көзқарас іште жатқан мұң болатын. Соған
жағдай туғаннан кейін қазір тарихи тақырыпты көп жазып жатыр.
Қазір ең керекті тақырып сол болып тұр. Сол себептен, бірсыпыра
жігіттеріміз тарихи тақырыпқа көсілтіп-көсілтіп жазып тастады. Ал
кеңес кезінде бұл тақырыпқа жазылған шығармалар өте аз болатын.
– Қазір бұл тақырыптан басқа тағы қандай тақырыпты
көтеру керек деп ойлайсыз?
– Бүгінде жазушыға ешкім мына тақырыпты жаза ғой деп айт-
пайды. Себебі, біз капиталистік қоғамға бет бұрдық. Бұл қоғамда
жазушыдан ешкім ештеңе сұрамайтын да, оны назарға алмайтын
да көрінеді. Сондықтан, аштан өлмейін десең онда оның заңына
бойұсынып, капиталистік қоғамның болмысын өзекті тақырып
етіп алуың қажет. Жетістігі мынандай, жемісі мынандай деп
соны сомдауың керек. Оның үстіне жазушылар тосырқап, жаңа
тақырыпты игеріп әкетуге мүмкіндіктері де жетпей жатыр деп ой-
лаймын.
– Ал жас жазушылардың аяқ алысы сізді қанағаттандыра
ма? Кімдерді бөле-жара атап айтар едіңіз?
– Жастардан Нұржан Қуантайұлы деген жігітті айтқым келеді.
Мен оның жаңа повесін өте ризалықпен сүйсіне оқыдым. Одан
басқа, қазір енді үйден ұзап шықпаймын. Кітап дүкендеріне жете
алмаймын. Анда-санда әкеп берген кітаптарды қарауға шамамыз
бар. Баяғыдай дүкендерде кітаптар да үйіліп тұрмайды. Ол кезде
шетінен сатып алып оқи беретінбіз. Жұрт та сыйлап жататын. Бірақ, қазір ондай мүмкіншілік жоқ. Сондықтан жазушылардың газет бетіне шығып жатқандарынан басқа қандай кітаптары бар екенін біліңкірей бермеймін. – Қазақ әдебиеті, қазақ жазушылары он бес жылдан бері нарыққа бейімделе алмай келе ме, қалай? Жоқ, әлде олар үшін бұл жат құбылыс па? – Жазушылар тез бейімделе алмайды-ау деймін. Өйткені олар ойдың адамдары. Ойланып-толғанып, үйде отырып жұмыс істейтін адамдар. Нарыққа бейімделу үшін зыр жүгіріп жүру керек. Ана жаққа барып, мына жаққа барып шапқылап, бірдеңені тауып алып, біреуін екеу жасау керек. Ал біз оған бара бермейміз. Олай істеу қолдан келмейді. Нарықты бастан кешіріп өсіп келе жатқан қазіргі жас қаламгерлер әрине, бұның бәрін меңгеруі мүмкін. – Қазір әдебиеттің өзі де, жазған шығармаңыз да тауарға айналды ғой. Демек тұтынушының яғни оқырманның көңілінен шықпаған дүниеге сұраныс та жоқ. Сіз осымен келісесіз бе? – Тауарға айналғаны рас. Бұрын оны «жасауға» жағдай жасалатын. Оған қаражат бөлінетін. Қазір ондай мүмкіншілік жоқ. «Әдебиет-тауар» деген аты ғана бар. Жалпы әдебиеттің жасап жатқан «тауары» шамалы. Нарыққа бейімделе алмай жатқанымыз да сондықтан. Енді үлкен жазушылар қазіргі заман талабына бірден бейімделіп кете алмайды. Біз осы қалыппен кетеміз. Қазіргі жас жазушылар бірте-бірте өмірдің ыңғайына үйреніп, келешекте нарықтың бар мән-жайын жазатын солар болады. Егер туындының құндылығына келетін болсақ бұл бүгінгі уақыттың басты талабы екені белгілі. Себебі, қазір бәсеке күшейді. Тек сапасы жоғары шығарма ғана өтеді, сол ғана сұранысқа ие болады. Сондықтан халықтың бойындағы асыл қасиеттерді дәріптейтін, халықтың жүрегіндегі отаншылдық рухты оятатын, халықтың еңбек сүйгіш қасиетін жалпақ әлемге жария ететін туындылар ғана оқырман талабынан шықпақ. Қазақ халқының рухани өмірінде махаббат деген ерекше орын алады. Дүниежүзінде махаббатты ерекше ардақтайтын қазақтан басқа халық аз. Келешекте қаламгерлеріміздің басты тақырыптары, міне, осылар болу керек деп ойлаймын. Ал жаңа заманның сан-алуан оқиғаларын да әр қырынан көрсетіп жазып жатыр. Оны болашақ көрсетеді. – Кітап дүкендеріне бас сұға қалсаңыз алдыңыздан сірескен батыстың басылымдары шығады. Ал қазақ жазушыларының
кітаптарын бір бұрышта тұрған «жетім» сөрелерден ғана көреміз. Осындайда «неге бұлай?!» деп айқайлағың келеді. Сіз бұған не дейсіз? – Мен бұған риза емеспін. Бірақ қолдан келетін шара жоқ. Өйткені қазір қазақ кітаптары, біріншіден, аз шығады, екіншіден, оған мән берілмейді. Біздің қазақ тілі өзінің Конституцияда берілген мәртебесіне әлі толық ие бола алмай отыр. Осы тілдің дәрежесі артып, ауқымы кеңейіп, қуаты күшейгеннен кейін қазақ әдебиетінің де беделі өсетініне сенемін. Себебі, қазір қазақша кітап оқитын қазақ азаматтары өте аз, тіпті жоқ деуге де болады. Олардың да көпшілігі қазір кітап сатып алуға жағдайлары келе бермейді. Қазіргі оқырмандардың көбісі кәрі-құртаңдар ғана. – Сонда қазақ қаламгерлерінің кітаптары бүгінгі жас ұрпаққа қажет болмай қалғаны ма? – Біз жазған дүниелердің оларға керек болмай қалған себебі, сенің ана тіліңді керек қылып отырған кім бар қазір? Дәл сол сияқты бұл күйді әдебиетіміз де бастан кешіп отыр. Ана тілің өркендемей, ана тілің өзінің мемлекеттік тіл қызметін толық қанды атқармай әдебиеттің де көсегесі көгермейді. Қазақ тілі өзінің биік шыңына шыққанда ғана әдебиетіміздің мерейі өседі. Оның үстіне қазақ басылымдарын оқудың аса маңызы бар екенін жастардың санасына сіңіретін, соны айтып үгіттеп отыратын адам жоқ. – Әсіресе, бізде батыстың «өнімдері», яғни сол елдердің әр түрлі жеңіл-желпі тақырытарға жазылған кітаптары дүкендеріміздің сөрелерінде сіресіп тұр. Ұлттық мәдениетімізді осы «топан судан» қорғау мақсатында оған неге шектеу қойылмайды? – Әрине, тосқауыл қою керек. Шынында да біздің тіліміздің, мәдениетіміздің өркендеуіне бөгет болып отырған сол шетелден келіп жатқан әдебиеттің тасқыны. Әсіресе, Ресей басылымдары қаптап кетті. Солар біздің өзімізде шығып жатқан саусақпен санарлық азын-аулақ кітаптарымыздың өзін тұншықтырып барады. Сондықтан оның үні өшпеу үшін шетелдерден келетін әдебиеттерге тиым салу қажет. Оларды азайту керек. Өкінішке орай әзірге оқырмандарымыздың көпшілігі орыс тілді болғаннан кейін осыны пайдаланып, олар басынып өздерінің кітаптарын бізге тоғытып жатыр. Қазақстанды Ресейдің кітап саудасы базарына айналдырып барады. Сырттан келіп жатқан кітаптардың көбісі адамды аздыратын кітаптар. Бұл – біздің адамдардың ойын, миын улап, рухани әлемін
жаулап алу мақсатымен жасалып отырған мәдени басқыншылық. Олардың түпкі мақсаты бойымыздағы қазақи қасиетті жою. Сөйтіп, бізді ұлттық құндылықтардан адастыру. Бұл өте қауіпті. Мемлекеттік тәуелсіздігімізге қатер. Бұл қатты ойланатын мәселе. – Жастарды ұлттық патриотизмге, отаншылдыққа тәрбиелеудің басты құралының бірі осы әдебиет емес пе? Демек, сіздер осы шаруаға қаншалықты деңгейде үн қатып жатырсыздар? – Бұл мәселені көтеру үшін том-том болып шығып жатқан кітаптар болуы керек. Ал кітаптар шықпай жатса ол тақырыпты кім насихаттайды. Ол сол өлі қалпында қалып қоя береді. «Сен, патриот бол!» деп қырық жерден айғайлағаныңмен әдебиетті оқымай, әдебиет арқылы патриотизм насихатталмай, әдебиет арқылы жастардың көкейіне сіңбей патриотизм болмайды. Сондықтан отаншылдықты өркендетудің ең күшті құралы әдебиет. Осыған мән берілмейді. Мен Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында бізде әскери әдебиет баспасын ашу керек деп ұсыныс жасадым. Патриоттық тақырыпты қозғайтын осы баспа болуы керек. Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде біз жауды жеңгенде күшіміздің бірі осы әдебиет болды. Патриотизм тек әскери әдебиетте ғана емес кез келген әдеби шығармаларда болуы қажет. Оқырмандардың отансүйгіш рухын көтеретін, соған жетелейтін ойларды, пікірлерді тек әдебиеттен ғана табуға болады. Егер нағыз патриот адамдарды тәрбиелейміз десек, осы тақырыпқа жазылған әдеби кітаптарды көптеп шығарған жөн. Оның тиражын көбейту керек. Қазір кітаптар мың тиражбен шығады. Ол кімге жетеді? Кезінде менің кітаптарымның орысшасы жүз мың, ал қазақшасы елу мың тиражбен шығатын. Оның өзі қолма-қол тез сатылып кететін. Біздің әдеби кітаптарымыздың тиражы сондай дәрежеге жетпей біз патриотизм тақырыбын сөз ете алмаймыз да жастарымызды нағыз отансүйгіш етіп тәрбиелей де алмаймыз. Әдебиет, теледидар және радио міне, осы үш сала үзеңгі қағыстыра отырып, патриоттық тақырыпты қозғап отырса ғана қазақ патриотизмін, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға болады. Өзіңіз білесіз келе жатқан жаһандану деген алпауыттың жұмырына жұтылып кетпеу үшін өзіңнің мәдениетіңді, әдебиетіңді, өнеріңді сақтап қалатын күш-қуатың болу керек. Ол күш, әрине, ұлттық патриотизм болмақ.
Кейіпкермен кездесу Науқастанып қалып ауруханада жатыр едім, телефон соғылды. Трубканы алсам бір әйел Кентау қаласынан сөйлеп тұр. «Аға, мен Тамарамын ғой, Меңтайдың келіні», – дейді. «Қай Меңтайдың, қарағым?» «Сіздің романыңыздағы Меңтайдың. Мамама әдебиет кейіпкері болғандықтан және Кентау қаласында қырық жыл мұғалім болып қызмет істегендіктен Кентау қаласының Құрметті азаматы деген атақ бергелі жатыр. Сол тойға сізді шақырамыз», – деді. Содан кейін трубканы енесіне берді. Ол менімен бірге оқыған, университетті бірге бітірген Нұғамила Нұрбосынова болатын. Оны мен кітапқа Меңтай Ербосынова деп кіргізгенмін. «Әзеке, сіз келіп кетпесеңіз бұл тойдың көркі, сәні болмайды. Себебі, менің жолдасымның қайтыс болғанына төрт-бес жыл болған. Мен енді жалғыз сопиып қалай отырамын. Сіз әрі авторымсыз, әрі бірге оқыған курстасымсыз», – деді. «Мен қазір ауруханада жатырмын. Егер бара қалсам сіздерге үш шарт қоямын». «Қандай?» «Бірінші маған ат мінгізбейсіз, екінші шапан кигізбейсіз, үшінші қолыма конверт ұстатпайсыз», – дедім. Мұндай шарт қойған себебім өзі зейнеткер мұғалім, олардың жалақысы ол кезде төмен болатын. Сондықтан да қарызданып, қауғаланып, бекер босқа зиян шекпесін дегенім ғой. Тарихта көзі тірі кезінде әдеби кейіпкерге ескерткіш орнатылған емес. Ал, мынандай құрмет көрсету, үлкен атақ беру әдебиетте бұрын-соңды болмаған оқиға. Үйге келіп жолға әзірленіп жатыр едім. Біреулер есік қағып кіріп келді. Сөйтсем, Мұхтар Құл-Мұхаммед. Бұл кезде ол Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі болатын. Қолтығында бір бумасы бар екен, оны үстелдің үстіне қойды да, «Ал, аға, – деді. – Мен былтыр сізге «Махаббат қызық мол жылдарды» қайта шығарып берем деп уәде беріп едім. Сол уәдемді орындадым, мінеки сізге бес кітап алып келдім», – деді. «Айналайын, рахмет!», – деп жатырмын. «Бұл кітап дүкендерге түсті ме?», – дедім. «Түсті, аға». «Онда қазір барып жетпіс бес кітап сатып алам», – дедім. «Оны кітаптың бас кейіпкері Меңтай жетпіс беске толып жатыр. Қазір кешкі пойызбен жүремін. Ертең сол Меңтайға тарту етемін және тойына жиналғандарға үлестіремін». «Онда жақсы болды, сізге қазір жетпіс бес кітапты алдырып беремін», – деді де машинасын жіберіп, қолма-қол үйге жетпіс бес кітапты тегін түсіріп берді. Сонымен ертеңінде Кентауға жеттім. Тұраш деген ұлы бар екен, сол
қарсы алды. Соның үйіне барып түстік. Шай ішіп отыр едік. Бір кезде келіні орнынан атып тұрды. «Мамам келе жатыр!» – деп. Оның Меңтай екенін біліп, мен де орнымнан атып тұрдым. Біз құшақтасып амандасатын шығармыз, – деп құшағымды аша ұмтылдым. Жоқ, ол құшағын ашқан жоқ ақырын ғана қолын созды мен қолын алдым. «Келуіңізбен!», – деді бар болғаны. Балалары күліп кеп жіберді. «Неге күлесіңдер, қарақтарым?» – деді. «Неге күлмейміз, романның кейіпкерісіз және бірге оқыған курстасысыз, көріспегендеріңізге жиырма жылдан астам уақыт болды. Сіздер енді құшақтасып көріседі екен десек, қолыңыздың ұшын ғана ұсындыңыз». «Ой, қарақтарым, мен екі шеңбердің ішінде өмір сүріп келе жатқан кісімін. Бір шеңбер мұғалімдік, халықтық дәстүр, екінші шеңбер ол «Махаббат қызық мол жылдар» кітабы. Сондықтан да халықтық дәстүр бойынша, мұғалімдік салт бойынша әйел адам еркекті құшақтап амандаспайды. Ал кітаптың кейіпкері Меңтай да қазақтың қыздарының бойындағы осындай асыл қасиеттерді өз бойына сақтаған қыз. Мен осындай шеңбердің ішінен шыққаннан кейін ағаларыңды құшақтай алмадым, қарақтарым», – деді. Той тарқап, ертеңіне қайтайын деп жатқанда Меңтай келіп менің қолыма өзінің саусағынан суырып бір алтын жүзік салды. «Мына жүзікті мен он бес жасқа толғанда шешем маған сыйлап еді. Мен осы жүзікті алпыс жыл бойы саусағыма салып келдім. Осы жүзікті «Махаббат қызық мол жылдарды» жазған қолыңыз наубез болмасын деп сіздің саусағыңызға кигіземін», – деді. Әбдуәли Қайдар, академик Латын әліпбиі әлемдік білім мен ғылымның алтын кілті Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық патриотизмді дамыту мен мемлекеттік тілді өркендетуге ерекше назар аударғаны белгілі. Себебі, ұлттық тіл отансүйгіштікке тәрбиелеудің бірден-бір қайнар көзі, халықтың рухани әлемінің кілті. Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралуының өзінде үлкен тарихи мән мен мазмұн жатса керек.
Бұл ең алдымен ел тәуелсіздігін баянды етіп қана қоймай, оны тілдік тұрғыдан жаңа сапалық деңгейге көтермек. Оның үстіне латын қарпі коммуникациялық кеңістікке басымдыққа ие. Сондықтан да көптеген елдер, соның ішінде түркі тілдес елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Бізде оны қабылдауға ниет білдіріп және дайындық жұмыстарына бел шеше кірісуіміз уақыт талабынан туындап отырған мәселе. Латын қарпі бізге әуелден-ақ таныс. Міне, осы мәселеге орай көрнекті тіл маманы әрі қазақ тілінің үлкен жанашыры, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының Құрметті директоры, академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдармен әңгімелескен едік. – Латын әліпбиіне көшу мәселесі көтерілгелі де біраз болды. Қазір бізде бұған көшудің қандай алғы шарттары бар? – Ешкім оған шарт қойып отырған жоқ. Шарт дегенді қалай түсінуге болады? Әрбір мемлекеттің өзінің бір ұлттық «өзімнің жазуым» деген, игерген, өзінің тіліне сәйкес келетін жазуы болуы керек. Қазір жер жүзіндегі жазулардың өзі көп. Солардың ішінде латын жазуы – көнеден келе жатқан біздің түркі елі кейінгі уақытта қабылдаған жазу. Енді оның бір ерекшелігі, түркі тілдері бұл – фонетикалық дыбыстық тіл. Бұл біздің бір ерекшелігіміз. Ахмет Байтұрсынов қазақ тілінің ерекшеліктерін ескере отырып, қосымша таңбалармен төтенше жазуды қабылдаған болатын. Оны біраз жылдар пайдаландық. Сондықтан бүгінгі таңдағы кейбір шешендеріміз «ой, біздің араб жазуынан артық жазу жоқ» – дейді. Әрине, ол өз тұсында, өз кезінде араб жазуы керемет жазу болды. Оны кейбір халықтар ғасырлар бойы пайдаланып келді, әлі де пайдалануда. Ал алпыс бес миллион халқы бар түрік елі кешегі Ататүрік заманында араб жазуын өзгертіп латынды қабылдады. Неге? Бұл біріншіден, араб тілінің ерекшеліктерімен жазу керек. Яғни түрік тілдеріне сәйкес келмейді. Екіншіден, кейбіреулер осыны бұзып айтады. Ататүрік «латын жазуын неге қабылдады?» – дегенде көзқарас әртүрлі. Олай емес. Ататүрік «Кеңес одағының төңірегінде отырған барша түркі халықтары латынды қабылдап жатқанда, біз жалғыз ғана түркі елі араб жазуында отырамыз ба? Яғни түркі әлемінен бөлініп қалғымыз келмейді. Бізде сол ел қатарлы латын жазуын қабылдап солармен бірге болуымыз керек», – деген пиғыл болды. Мінеки, осының арқасында латын жазуына 1928 жылы көшті. Қазір
осы күнге дейін сол латын жазуын пайдаланып келеді, ешкімнен кем емес. Түркі халықтарының мәдениеті бұл біртұтас дүние. Осы ортақ қазынаны сақтап қалу үшін әрі бір-бірімен байланысты дамыту үшін бір ортақ жазу қажет. – «Латын әліпбиіне көшсек өткен тарихымыздан адасып қаламыз», – деп даурығып жүргендерге не дер едіңіз? – Бұл түсінбейтін адамдардың айтып отырған сөзі. Бүгінгі таңда әркім өзін алып қарасын. Оқып, оныншы сыныпты бітіріп, жоғары оқуды тәмәмдап, ғалым болып жүрмін ғой. Маған десең он аудартып, жүз өзгертсең де мен өзім осы бүгінгі жазуымды ұмытпаймын да, өле өлгенше сол жазуды оқып кетемін. Менің қолымда 1938 жылы жарық көрген, латынша жазылған Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалау» деген романы бар. Мен соны сегізінші сыныпта оқып жүргенде күні-түні бір тәуліктің ішінде оқып шыққам. Мен оны сол уақытта қалай оқысам, қазір де солай оқимын. Мен оныншы сыныпты осы латын жазуында бітірген адаммын. Сондықтан бүгінгі жазуды ешкім ұмытпайды. Және кітап боп шыққан еңбектің барлығы сол қалпында сақталады. Оны ешкім де отқа жағып, жоғалтып жібермейді. Сондықтан, «ой, бой, біз әлгі рухани мәдениетімізден айырылып қаламыз» дегендері байбалам. Бұл мәнжайды түсінбейтін халыққа «ойпырмай, шынында да зиян шегеді екенбіз-ау» – деген пікір тудыру үшін ғана айтылып отырған әңгіме. Ал, екінші мәселе біз бүгінгі кітаптардың қажеттілерін қазіргі жаңа замандық техникалардың көмегімен латын жазуына қиналмайақ көшіреміз. Себебі, қазір мүмкіндіктер көп, көшіретін де, жазатын да, басатын да, түптейтін де, көбейтетін де құрал-саймандар жеткілікті. – Біз кезінде латын әліпбиін пайдаландық қой. Қазір оны сол қалпында ешқандай өзгерістер енгізбей-ақ пайдалануға бола ма? – Жоқ. Менің бұл жөнінде өзімнің жеке пікірім бар. Оны сол қалпында пайдалануға болмайды. Өйткені ол кезде де пікірталас болды. Мысалы, «ғ» – деген дыбысты біз қалай жаздық. Өзіңіз көз алдыңызға елестете аласыз ба, оны. Сол «ғ» – деген дыбыстың жазылуының өзі ешбір жерде жоқ. Әншейін ойлап тапқан. Енді оның жанында «г» – деген дыбыс бар. Бұл енді бүкіл латында бар да енді осыған қосымша қосып таңба жасап жазуға болады. Басқа бір дыбысты пайдаланбай-ақ, осының өзін пайдалануға болады. Сондықтан бүгінде қаріп таңдап алу мәселесі шешіліп жатыр. Енді
әркім әртүрлі ұсыныстар айтуда. Оны мемлекеттік комиссия қарап
сол ұсыныстардың ішінен ең бір дұрысын, икемдісін таңдап алады.
Бірақ, біздің алдымызға бұрыңғы әліпбиді қайталау деген мақсат
қойылмайды.
– Ал егер көше қалсақ, алғашқы кездері қандай қиындықтар
туындауы мүмкін?
– Жазу ауыстыру деген оңай шаруа емес. Мысалы, басымыздан та-
лай қиындықтарды кешіріп келе жатырмыз ғой. Сол қиындықтардың
ең бір мықтысы демесек те біраз қиындықтар болады. Бірақ, біз
ол қиындықтарды біле отырып бұл істі бастамақшымыз. Біреулер
айтады «ой, қаржы жетпейді, жаңадан тұмысымыз жақсарып келе
жатқанда ақша соған кетеді» – дейді. Үкімет тіл мәселесіне бай-
ланысты пәленбай миллиондаған ақшаны бөліп қойып отыр. Бұл
ақша оған жетеді.
Енді бірінші кезекте жас балаларды бірінші сыныптан ба-
стап оқыту, балабақшадан бастап тәрбиелеу, оқулық шығару,
кітап шығару міне осының бәрі есептеледі. Біздің жасап отырған
бағдарламамызда үлкен бір пункті осыған қажетті қаржыны есептеп
шығару. Ол қаржы үкімет тарапынан есептеліп жатыр. Оған біздің
басымыз ауырмауы керек. Ал енді басқа қиындық ол – халықтың
үйренуі. Біз қолданып жүрген ағылшын, неміс, француз тілдеріндегі
жазулардың бәрі латын жазуы. Осы латын жазуын игеріп, қазір
барлық мектептерде шет тілі пәндері латын қарпімен оқытылып
келеді. Латын жазуымен бүгінгі кириллицаның арасында он сегіз
дыбыс ұқсас. Жазуымыздың жартысының әріптері ұқсас. Таңдап
алғанда кездесетін бұл бір қиындық. Мысалы, сауатсыз адам-
ды оқытумен сауаты бар дыңдай жігіттерді, бәрінің беті батысқа
қарап ағылшынша үйренгісі келетін бүгінгі заманның талабына сай
адамдарды үйрету әлде қайда жеңіл. Оны үйреніп шығу, мәселен,
пәленбай жылдарға созылмайды. Бірақ бір сәтте өзгерте қоюға бол-
майды. Ол үшін өзімізден бұрын латын қарпіне өткен әзірбайжан,
өзбек сияқты халықтардың тәжірибесін пайдалануымыз керек.
Әзірбайжанда он бес жыл он сыныпты бітіргенше күтті. Сонан кейін
сонымен қатар кириллица мен латын жазуын қабаттастырып екеуін
беріп отырды. Елдің көзі үйренеді, жаттығады, жазып үйренеді,
оқып үйренеді. Мінеки, бір күнде болмайтын себебі сол. Сондықтан
бір он, он бес жыл уақыт керек. Кейбіреулер «үш жылдың ішінде
өтіп болу керек» – дейді. Ол кішкене асығыс болады. Өйткені онда
«қап, үйрене алмай қалдым» – дейтіндер болуы мүмкін. Ал, он бес
жыл деген бір өмір.
– Жалпы бұл ана тіліміздің өрісін ашып, оның өркендеп дамуына игі әсерін тигізе ме? – Айтып отырмын ғой, біздің тіліміз фонетикалық дыбыс тілі. Баяғы заманда «осы сендерге жазу болады» – деді де кириллицаны ешкіммен ақылдаспай-ақ, зорлықпен қолданысқа енгізіп жіберді ғой. «Ой, бұларың қалай?» – деп қарсы сөз айта алмайтын тоталитарлық заман ғой ол. Қазіргідей ақылдасып, «мынау не болады?» – деп елмен кеңескен жоқ. «Алдыдағы осы сендердің жазуларың, ал өздерің түзеп, өзгертетін жерлерін өзгертіп пайдалана беріңдер» – деді. Содан кейін әрбір тіл өзінің ерекшеліктеріне сай жаңағы қаріп таңбаларына өздерінің қосымша таңбаларын қосып пайдалана бастады. Мысалы, «қ» – деген дыбысты алу үшін бұл түркі тілінде негізгі дыбыстың бірі ғой, осыған біреу құйрық жасады, біреу кекіл жасады, біреу сабағын ұзартты, қысқасы, осының бес-алты түрін жасады. Сөйтіп ұлттардың жақындасуына емес қайта бір-бірінен алыстауына жағдай жасады. – Қазір тіліміздің айтылуында, жазылуында әлі де болса кемшіліктер аз емес екені белгілі. Ал, латын қарпіне көшсек орын алып отырған осы олқылықтар жойыла ма? – Ал, енді мысалы, «ми» – деген сөздегі «и» – дыбысын біз жіңішке деп түсіндіріп жүрміз «и» – деп. «Кій» – деген сөзді біз «к, і, й», – деп жазамыз ғой. Ал енді «ми» – деген сөзді жазсаң «м, и» сонда ол «мы» болып оқыла ма, жоқ әлде «ми» болып оқылуы керек пе? Ал, есі дұрыс қазақ «мы» – демейді «ми» дейді. Мысалы, осы сөздер сегіз-тоғыз дауысты дыбыстармен кездеседі. Талдап қарасаңыз түбірі орысша айтылып, ал енді табиғаты сөздеріміздің қазақша. Сондықтан біздің дыбыстық жүйемізге бұл жазу үлкен зиян келтіріп отыр. Кешегі өткен ағаларымыз талай айтыс-тартыстар өткізді ғой, осыған байланысты, бірақ оны шеше алған жоқ. Қабылдау, үйрену деген дәстүр бар, үйреніп кеттік. Осы жазудан артық жазу жоқ сияқты. Ал, енді шындап қарасаңыз «у» деген сөзде қанша дыбыс бар? Мұнда «яд» деген мағынада айтылып тұр. Әрине, бір дыбыс. Бір әріппен жазасыз. Ал енді осы дұрыс па? Менімше бұл дұрыс емес. Егер біз латынға көшсек оны екі әріппен жазамыз. Дыбыстық жүйені сақтауымыз керек. Енді жазу емлесі әлі талай-талай талқылауға түседі. Емле мен әріптің арасында табиғи бір психологиялық байланыс болу керек. Халықтың өзінің айтуы мен оқылуының арасында бір-бірімен сәйкестік болуы керек. Ал енді қазіргі жазудың оқылуы мен жазылуының арасында бір-біріне
сәйкестік сақтала бермейді. Сондықтан да тіліміздегі дыбыстардың жазылуын салыстыра қарағанда қазір көп кемшіліктер бар. Ал, латында мұндай кемшіліктер болмайды. – Әлемдік ақпарат алмасу жүйесі де латын қарпіне негізделгендіктен бұның пайдасынан басқа зияны жоқ қой. Солай ма? Сіздің көзқарасыңыз қандай? – Ал, енді технология жағын алатын болсақ, ол қазір жер жүзінде алдыңғы қатарда бірінші тұрған жазу. Егер біз елу елмен бәсекелесіп, ертеңгі күні «жазуыңыз қалай?» – дейтін болса «бізде де жазу латынша» – деп айтуға мүмкіншілігіміз бар. Ол жағынан кемшілігіміз жоқ. Ал, «біз танымайтын жазу» – деп елу ел бізді оқи алмай жүрсе, оларда не болып жатқанын біз біле алмай жүрсек ол да кемшілік. Сондықтан бұл да біздің ел қатарлы артта қалмауымыздың бір жолы ғой. Осы латын қарпі мен жазу технологиясын дамыту, одан кейін біздің тілімізге сәйкестігін ескеріп, осыны қабылдауымыз керек деп ойлаймын. – Дәл қазіргі кез елімізде латын қарпін енгізуге қолайлы сәт пе? – Президент бүгін көш деп отырған жоқ қой. Көшуге дайындық жасалып жатыр. Жарты жыл ма екен сондай уақыт берілді. Осы жұмысқа тікелей қатысы бар компьютермен жұмыс істейтін мыңдаған мамандар бар. Қазір таңдап алған латын қаріптерінің отыздан астам жобасы жарияланып отыр. Қазаққа қатысты дыбысты дәл беретін латын таңбаларын таңдап алып отыр. Осы шаруалардың бәрі бекер істеліп жатқан жоқ, ойлап отыр. Қалай осыны компьютерге дұрыс жазу керек. Әрине, ол бір күнде шешілмейді, біртіндеп шешілетін мәселе. Сондықтан уақытымыз бар ғой деп ойлаймыз. Мысалы, Өзбекстан он бес жылдан кейін жаппай көше бастады. Онда іс-қағаздардың барлығы дерлік латын жазуына көшті. Әзірбайжан көшіп болды. Түркіменстан әуел бастан-ақ өзгертіп алған. Ал, біз көшсек қырғыздар да көшуге дайын. – Енді латын қарпіне көшудің алдында оған қажетті оқу құралдары әзірленуі керек қой. Ол қолға алынды ма? – Әрине, барлығы есептеліп жатыр. Қазір бүкіл осы рухани өмірге қатысты барлық министрліктер тапсырма алып отыр. Мысалы, Каржова қазір қанша ақша керек екенін есептеп отыр. Бірінші кезекте ең алдымен оқу құралдарын шығару. Әрине, әліппеден басталатыны белгілі. Содан кейін әліппеден қиындау оқулық. Мыңдаған мұғалімдеріміз, осы саланың өз мамандары және
авторларымыз бұл іспен шындап айналысуда. Босқа қарап отырған адам жоқ. – Осыған байланысты кадр мәселесі қалай шешіліп жатыр? – Латын әліпбиін дұрыстап түсіндіретін, айтатын, қолданатын адамдар шығады, ел болған соң. Арнайы курстар ашылады. Оған талапты жастар тартылады. Тәжірибелі мұғалімдерді жинап алып, солармен жұмыс істейміз. Бұған біздің елімізде қазір толық жағдай бар. Сондықтан да қол қусырып, қаннен қаперсіз отырған ешкім жоқ. Біз кеше сауатсыз кезімізде де латын әліпбиін енгіздік қой. Ол кезбен қазіргі уақытты салыстыруға мүлде болмайды. Қазір біз өркениетті елміз. – Жалпы латын әліпбиі Қазақстанда бұған дейін де қолданыста болғанын мана сөз арасында айтып кеттік. Сонда ол қанша жыл өмір сүрді? – 1929 жылдан 1939 жылға дейін. Егер осы бетімізбен кете берсек, тіліміздің өзіндік ерекшеліктері сақталар еді. Мүмкіншіліктер де мол болар еді. Сол кездегі Жоғарғы кеңестің жарлығымен тек әліпбиі ғана өзгерген жоқ, содан кейін де тілге байланысты талай қаулылар болды ғой. Оның бәрін ел біле бермейді. Мысалы, орыс тілінен кеңестік дәуірдің өзіндік терминдері еніп жатты. Осылардың барлығы орыс тілінде қалай жазылып, қалай айтылса, қазақ тілінде де солай жазылып, солай айтылды. Өйткені бұл жөнінде арнайы қаулы болды. Біз тіліміз келмесе де бұрап келтіріп, орыс сөздерін айтып, солай жазып үйрендік. Қазіргі таластың біреуі сол. «Ой, мынаған үйреніп қалып едік. Мына жазуымыз жақсы». «Пролетариат», «пр» – деген сөз қазақтың бірде-бір сөзінде жоқ. Енді осындай сөздерді жазып үйрендік қой. Енді бұны кімге айтасың? – Тоқ етерін айтқанда латын қарпіне көшу бұл уақыт талабы ғой. Сіз мұнымен келісесіз бе? – Әрине, келісемін. Бұл бізге өте қажет. Мен бұны осыдан он бес жыл бұрын айтқам. Өйткені оны айтуға бір себеп болды. Жұртта қалмайық, біз де түркі халықтарымен бірге болайық. Жүз жылдық жазу тарихы бар Түркия елі осыған мұрындық болып «сол латын жазуына қайтадан көшіңдер» – деген мәселені көтеріп отырған елдің бірі. Түріктер пәлен мыңдаған ақшасын шығарып, бүкіл жер жүзіндегі түркі халықтарының өкілдерін жинап, Анкара қаласында 1991 жылы үлкен конференция өткізді. Сол конференцияға Қазақстанның қазіргі Тіл комитетінің төрағасы шәкіртім Ерден Қажыбек және Сайлаубек Батырша үшеуміз барып, қатысып,
қазақ тілінің ерекшеліктерін ескере келе, «латын қарпінің отыз төрт таңбасы жеткілікті» – деп қаулыға қол қойдық. Содан кейін екі жылдан кейін бе екен, 1994 жылы Анталья қаласында жер жүзі түріктерінің ІІ Құрылтайы болды. Ол «Іс бірлігі, дін бірлігі, тіл бірлігі» – деген ұранмен өтті. Оған Қазақстаннан елу адам бардық. Ондай делегация бұрын-соңды барып көрген жоқ. Сол басқосуда әр елден келген делегация басшысы қызған темірді төстің үстіне қойып балғамен ұрып тұрып, «Біз түркі халқы латын жазуына көшеміз» – деп ант беріп, қаулы қабылдаған болатын. Бұл түрікше серттесудің белгісі екен. Жиналған жұрт алып залға сыймай кетті. Тұрғұт Өзал, Сүлеймен Демирел бастаған Түркия елінің барлық басшылары қатысты. Ал, енді сондай қаулыдан кейін Қазақстанның бөлініп қалуына болмайды ғой. Жазу – мәдениеттің бір түрі. Мына кириллица бәрімен ұқсас болғанымен біз бір-бірімізді оқи алмай қалдық қой. Жаңағы дыбыстардың бәрі өзгеріп кетті. Ерекше дыбыстарымыздың бәрі бөлек-бөлек айтылатын болды. Ал, енді жазуымыз ортақ болмаса, онда біз тілдік байланысымызды жоғалтып аламыз. Мағжан не деп еді, «түркі халқы өзінің еншісін алып, бөлініп жан-жаққа тарап кеткенде, қара шаңырақты күтіп қалған қазақтар болатын». Біз Тұран өлкесінде тұрған елміз. Сондықтан біз түркі халықтарының негізін қалағанбыз және оны сақтап қалғандардың біріміз. Смағұл Елубай, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлттың рухын көтерген фильмдер аз Әдебиетте де, кинодраматургияда да өзіндік қолтаңбасымен танылған қаламгер. Оның ойы мен ұшқыр қиялынан туындаған «Ақ боз үй», «Мінәжат» және «Жалған дүние» өз оқырмандарын тапқан, халықтың көңілінен шыққан кесек те тартымды романдар екені барша кітапқұмар қауымға белгілі. Смағұлдың басқа шығармаларын былай қойғанда осы романтрилогиясынан-ақ оның азаматтық позициясын, қазақтың өткен өміріне деген өзіндік көзқарасын көруге болады. Міне, осылай қос тізгінді тең ұстаған Смағұл Елубай бүгінде «Қазақфильмнің» бас редакторы. Біз оған жолығып қазақ киносының
бүгіні, келешегі және орын алып отырған мәселелер төңірегінде ой
өрбіткен едік.
– Әңгімені қазақ кинодраматургиясының бүгінгі жай-күйі-
нен бастағанымыз жөн болар. Себебі, кез келген фильмнің ол
мейлі көркем, деректі немесе мультфильм болсын оның негізі
сценарийден бастау алатыны белгілі. Демек тартымды да,
тұщымды, оқиғасы ширақ сапалы жазылған дүниеден көрермен
көңіліне қонақтайтын кинотуынды туатынын екінің бірі біледі.
Осы тұрғыдан алғанда еліміздің кинодраматургиясының биігі
мен жетістігі қандай дәрежеде?
– Көптеген кинодан алыс көрермендер, әрине, бәрі бірдей емес
киноның негізінің не екенін онша көп біле бермейді. Ал киноның
шынын айтқанда толық концепсиясы, сюжеті, кейіпкерлері,
олардың сөйлейтін диалогтары, фильмнің философиясы киноға
түспей тұрып бәрі қағаз бетіне түседі. Оны қағаз бетіне түсіретін
көркем шығарма ретінде, киноповесть ретінде жазып шығатын жа-
зушыларды сценарийстер немесе кинодраматургтер дейміз. Олар-
ды бұрын Мәскеу дайындайтын. Мен сол Мәскеудің екі жылдық
жоғары кинодраматургия курсын бітірдім. Енді қазір өзіміздің
Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясы дайындай бастады.
Бізде ұлттық өнерде бір үлкен тапшылық болса ол мамандардың
тапшылығы. Сол мамандардың тапшылығынан өнердің осы саласы
кейде ақсап жатады. Сөз жоқ, қазақ кинодраматургтері және онда
істейтін мамандар онша көп емес. Тіптен оқып, диплом алғаннан
кейін де сол кинодраматург ретінде қалыптаса алмай, оны тастап
өзге жұмыстың шылауында кеткен азаматтар өте көп.
Ал қазір осы салада оны тастамай еңбек етіп жүрген
кинодраматургтерді алатын болсақ, ол үлкен жазушы ағамыз – Әкім
Тарази. Бір қолымен прозасын жазса, екінші қолымен кинодрама-
тургияны тастамай, оған да қалам тартып келе жатыр. Содан кейін
жас кинодраматургтердің ішінен мен Ермек Тұрсыновты айтар
едім. Қазір ол мықты-мықты сценарийлердің авторы. «Бейбарыс»
деген сценарий жазып жатыр. Ол «Қазақфильмде» емес, тәуелсіз
Шымкент киностудиясында қолға алынып, сонда түсірілуде.
Бұдан басқа Ермектің бір-екі сценарийі бізде өндірісте. Оның
сценарийімен түсірілген «Құрақ көрпе» деген бір фильмі экранға
жолдама алды. Мінеки, осындай жақсы сценарий келсе, ол жақсы
фильмдердің өмірге келуінің ең басты кепілі. Сосын, Зәуреш
Ерғалиеваны атауға болады. Ол әйгілі көп сериялы «Жол айрық»
телефильмінің авторларының бірі. Зәуреш те қазір бірнеше көркем
фильм сценарийлерінің авторы. Және мен де осы бағытта азды-
көпті шаруа істеп жатырмын.
Қазір бізге осы кинодраматургияға жастар көптеп келіп жатыр.
Яғни, шын мәніндегі кәсіби кинодраматургтер қалыптаспай, кәсіби
фильмдер де қалыптаспауы мүмкін. Кино өнері дейтін өңшең кәсіби
мамандардың бас қосуынан тұратын синтетиклық өнер. Ең алды-
мен мықты кәсіби кинодраматургтер болса, сонда ғана мықты сце-
нарийлер өмірге келеді. Ал одан арғы оның тағдыры режиссердің
қолында.
– «Қазақфильм» киностудиясының бас редактор ретінде
жаңадан жазылған киносценарийлер ең алдымен Сіздің қолы-
ңызға келіп түсетіні белгілі. Солардың арасында бүгінде өнді-
ріске жіберілген қандай фильмдер бар?
– Дәл қазір түсіріліп жатқан фильмдерді алатын болсақ, олар
көп. Мысалы, түсіріліп болып, енді экранға шығуға дайында-
лып жатқан көркем фильмдерді атап айтсақ, солардың біреуі сегіз
сериялық «Періште бала» атты фильм. Осы жуық арада «Қазақстан»
телеарнасы арқылы қазақ көрермендеріне жол тартуы ықтимал.
Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Бұл «Қазақфильмнің» өз күшімен
дайындалған тұңғыш ұлттық сериал. Балаларға арналған және
кейіпкерлері де балалар. Солардың көзімен, балалар болғанда да
балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан, шешесі тастап кеткен Шыңғыс
деген баланың көзімен қазіргі Қазақстан және Қазақстан қоғамы,
ауыл, қала, дала көрініс береді. Ол балалар үйінен қашып шығып,
шешесін іздеп бүкіл елді аралап шығады. Авторлары Нұрлан
Сегізбаев, ол кезінде «Менің атым Қожа» фильмінде Қожаның
рөлін ойнаған бала қазір мықты сценарийстеріміздің бірі. Содан
кейін Зәуреш Ерғалиева. Ал режиссері Рымбек Әлпиев. Экранға жол
тартуға дайын тұрған фильмнің тағы біреуі – «Құрақ көрпе». Бұл
өздеріңізге белгілі Рүстем Әбдірашевтің екінші фильмі. Талантты
жас режиссер. Бұл қазіргі ауыл туралы кинокомедия. Менің ойымша
«Тақиялы періштеден» кейінгі халықтық комедия осы болады деп
ойлаймын. Тек ұсақ-түйек жұмыстары қалып, әзір тұрған фильмнің
біреуі – «Шымшық». Режиссері Абай Құлбаев. Бұл бүгінгі Алматы
тірлігі туралы. Қаланың кедейлер ауданында тұратын бақытсыз бір
жанұяда өмірге келген, әке-шешесі ажырасып кеткен он екі жасар
қыз баланың тағдыры. «Қиын бала» деген термин бар ғой. Жаңағы
қыз бала жан ұясы ойран боп жатқанда ол да мектептен алыстап жа-
ман жолға түседі. Төбе шашың тік тұратын оқиғаларға тап болады. Өте тартымды кәсіби деңгейде түсірілген фильм. Бұған бізде қуанып отырмыз. Ендігі бір дайын фильміміздің аты «Шұға». Бұл жалпы қазір кино әлеміне белгілі болған өзін-өзі дәлелдеген мықты кинорежиссерлер қатарында жүрген Өміржан Дәрібаевтың жаңа фильмі. Ол «Анна Каренина» романындағы сюжетті алады да дәл қазіргі Астана мен Алматыдағы өмірге аударады. Сюжетті қазақиландырады. Бүгінгі қазақ зиялыларының өмірі мен махаббаты, сырбаз әйел сезімі, адам сезімі туралы бір ғажайып фильм түсірді. Көбінесе оқиға Астанада өтеді. Әсіресе, бұл фестивальдық фильмдердің қатарын толтыратын туынды болады деп ойлаймыз. Осыдан кейін көп ұзамай, дайын болғалы тұрған фильм Серік Өтепбергеновтың «Волкодав» оқиғалы фильмі. Бұл кәдімгі мына қылмыс әлемі, мафиялар туралы. Олардың бүгінгі Қазақстан өміріндегі жасап жатқан тірліктері жайлы баяндайды. Бұны мафиялар жөнінде түсірілген фильмдерге пародия деуге де болады. Өзінше ерекше қызық жанр. Сондай-ақ, классикалық шығармаларға да көңіл аударып жатырмыз. Мысалы, Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» және осы сияқты бірнеше шығармаларының негізінде жазылған Анатолий Кимнің сценарийі бойынша түсіріліп, дайын болатын фильмдер санатында. Оның режиссері Рымбек Әлпиев. Шыңғыс Айтматовтың «Қош, Гүлсары» шығармасына жаңа көзқараспен келген Ардақ Әмірқұлов өзінің шәкірті Ерлан Нұрмағамбетовпен бірігіп осы фильмді түсіру үстінде. Бұлардан басқа көптен бері өндірісте жатқан екі үлкен фильм бар. Оның бірі «Мұстафа Шоқай». Фильмнің аяқталуы қаржының жетіспеуіне байланысты созылыңқырап кетті. Бүгінде қазақ кинорежиссурасының ақсақалына айналған Сатыбалды Нарымбетовтың осы үлкен жобаны қолға алып, түсіріп жатқаны белгілі. Сценарийін жазғандар Әкім Тарази, Ермек Тұрсынов және Мәскеулік кинодраматург Сергей Бодров. Ұлтымыздың белгілі бір аяулы тұлғасы Мұстафа Шоқай туралы тарихи драма. Бұл фильм осы жылдың аяғында дайын болады. Жұрттың көптен күтіп жүрген тағы бір тарихи фильмі – «Махамбет». Оның сценарийін жазған Олжас Сүлейменов. Қоюшы режиссер Сламбек Тәуекелов. Ол «Батыр Баян» және теледидарға арнап «Бір бала» деген керемет фильм түсірді. Сламбек осындай тартымды туындыларымен танымал. Бұл фильм «Қазақфильмнің» аясында емес «Матек» деген тәуелсіз студияда түсірілді. Оны қаржыландырған демеушілер.
– Бұлардан басқа алда қандай кино жобалар бар? – Мен ең алдымен «Біржан салды» атағым келеді. Не жайлы, не туралы болатыны сценарийді оқымай-ақ түсінікті ғой. Бұл жаңа жобаның авторлары Таласбек Әсемқұлов, Дәмір Манабаев және мен. Бұған Досхан Жолжақсынов көмектесіп жатыр. Оны осы идеяның авторы деуге болады. Режиссураны қолға алып отырған режиссер кеше ғана «Кек» деген фильмі Мәскеуде өткен «Витез» кинофестивалінде үшінші бәйгі алған Дәмір Манабаев. Ал оған екінші режиссер болып Досханның өзі қосылайын деп отыр. Әрі ол Біржан салдың бейнесін жасайды әрі режиссурада өзінің бағын сынап көргелі отыр. Міне, бұл көп ұзамай өндіріске кетейін деп жатыр. Осындай өндіріске кеткелі жатқан сценарийлердің бірі «Гүл өсіруші». Бұл баяғы «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Манжур вариянты» деген картиналардың бас кейіпкері, әйгілі чекист Қасымхан Шадияровтың шал болған кездегі өмірі. Сонау ішкі Азияның бір қаласы Ганконг па, Сингапур ма біреуінде тұрып жатады. Жаңағы ажалдан хабар келген кезде ол өзінің туған жері Қазақстанды көруге келеді. Сөйтіп жаңа Қазақстанды өз көзімен көреді. Шет елде жүргенде ол үлкен мафияны басқарады ал Қазақстанға келгенде өзі дәл сондай мафияның қолына түсіп, өзінің жаңағы чекистік өнерлерін көрсетеді. Шытырман оқиғалы фильм. – Халқымыздың өткен кеткен тарихынан ой қозғайтын, ерлікті дәріптейтін, ұлттық намысты оятатын, елдігімізді көрсететін «Көшпенділер» сынды халықаралық ауқымдағы ірі жобалар болса, солар жайлы да айтсаңыз? – Дәл қазір ондай үлкен жобалар қолға алынған жоқ. Өйткені ондай ірі картиналарды түсіру үшін оны көтере алатын қаржы болу керек. Ондай қаржы киностудияда әзірге болмай отыр. Өздеріңіздер жақсы білесіздер, «Көшпенділер» тікелей Елбасының қолдауымен түсірілді. Сондай-ақ, мемлекет оған миллиондаған қаржы бөлгені белгілі. Осылай үкімет пен киногерлер бірігіп жүзеге асырмаса, ондай ірі көлемді жобаны бұл жерде іске асыру мүмкін емес. Оған мол қаржы керек. Бірақ идеялар бар. Мысалы, «Томирис – Тұмар ханым». Екі сценарий студия қоржынында жатыр. Бұл да үлкен жоба. Ұлтымыздың патриоттық рухын көтеретін тарихтағы ең бір ірі тұлға. Сақтардың әйел патшасы. Немесе қарлұқтар тарихы. Яғни 751 жылғы Тараз-атлақ шайқасы. Орта Азияның гиосаяси тағдырында бетбұрыс жасаған бұл соғысқа қытайлар мен арабтар қатысқан. Олар Талас өзені бойында кездескен. Қытайлардың қол
астында жатқан түркілер өздерінің тәуелсіздігі үшін күресте арабтар жағына шығып кетеді де қытайлар ойсырай жеңіледі. Содан бері он екі ғасыр бойы Орта Азияға қытай әскері кірген емес. Міне, тәуелсіздік үшін болған осы шайқасты да экранға шығару ойымызда бар. Сценарийі дайын. Бірақ бұған тағы да қаржы қолбайлау болып отыр. Сол сияқты бірнеше қазақ эпостары қолға алынып жатыр. Сценарийстер міне осы бағытта жұмыс істеуде. Әрине, қаржы болмай бұлардың бәрі іске аспайды. Киностудияға жыл сайын беріліп отырған жаңағы элимиттің көлемінде ондай үлкен халықаралық деңгейге шығатын жобаларды жүзеге асыру мүмкін емес. – Сіздің сөзіңізге қарағанда, біраз көркем фильмдер түсірілген екен әрі түсіріліп те жатқан көрінеді. Енді сол фильмдер қайда? Олар ел кинотеатрларынан, теледидарларынан неге көрсетілмейді? – Мәселе мынада, еліміздегі барлық кинотеатрлар жеке адамдарға сатылып кетті. Бұрын кино жүйесі мен прокат жүйесі бір иелікте, үкіметтің иелігінде болатын еді. Онда «сенікі тұра тұрсын, менікі жүре тұрсын» деген әрі итеру, бері итеру болмайтын. Бір адамның балаларындай бәрі тең жұмыс істейтін. Қазір киностудия прокатқа бағынбайды, прокат киностудияға бағынбайды. Ал енді жаңағы жекеменшік шынын айтқанда, ол тіптен өкіметке бағынбайды. Өзіне қандай фильм ұнайды, қандай фильм көбірек ақша түсіреді соны жұртқа ұсынады. Бұл жағдайды өзгерту үшін қазіргі жасалып жатқан «Кино туралы» заңды тез арада қабылдау керек. Яғни прокатқа қазақ киносына үлкен жол ашылады. Жеңілдіктер берілуі қажет. Қазақ киносын көрсетуге, насихаттауға прокат иелері солар барлық жағынан мүдделі болуы тиіс. Ең бастысы, қаржы жағынан қамқорлық жасалып, оған қойылатын салықтардың бәрі алып тасталуы керек. Осылай істемесе болмайды. Ал қазір еліміздің экрандарында жүріп жатқан шет елдің өнімдері ғой. Қазақстан жастарын, ел болашағын түгелімен кім тәрбиелеп жатыр? Шет ел фильмдерімен тәрбиеленуде. Күн сайын жүздеген мың адам бәрі жастар экран алдында отырады, көреді. Демек біз бүкіл болашағымызды, жастардың тәрбиесін шет ел идеологиясына басы байлы беріп қойдық. Шет ел идеологиясының қанжығасына жастарымызды байлап жібердік. Міне, осылай прокатқа біз ие бола алмай, әрі оған бақылау орната алмай отырмыз. Уақытында дұрыс заң қабылдамадық. Бұл біздің шенеуліктердің жалпы ұлттық идеологияға деген теріс
көзқарасынан, идеологияны ұқпауынан, оның болашақ салдарын таразыламауынан туындаған нәрсе. Дәл осындай жағдай жалғаса беретін болса, онда біз ұрпағымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан да «Кино туралы» өте қысқа мерзімнің ішінде заң қабылдануы керек те, жалпы елдегі кино прокатты мемлекет өз қолына алуы аса қажет. Қолға алғанда, әрине, біреудің меншігінен тартып алмауы керек. Бірақ соған өз дегенін заң көлемінде жұмыс істеткізетіндей мәртебе берілуі қажет деп ойлаймын. Жат елдік киноларға заң аясында белгілі бір шектеулер қойылып, ұлттық киноға жеңілдіктер жасалса, онда қазақ кино өнерінің бағы ашылар еді. Біз қатарына қосыламыз деп жатқан дамыған елу елдердің бәрінде де шет ел фильмдеріне шектеулер бар. Мысалы, Францияда алдымен француздың фильмі жүреді. Содан кейін белгілі бір пайыз ғана шетелдің киносы көрсетіледі. Бізде бірте-бірте осындай шараларды қолдансақ, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Содан кейінгі бір сорақылық. Біз ешбір кинотеатрда осы мемлекеттің тілінде жүретін киноны көрсете алмаймыз. Себебі, «біздің жастраымыздың бәрі орыс тілді, орыс тілі басым» дейміз де қаланың барлық кинотеатрларында жүретін шетелдік фильмдердің түгелі дерлік орыс тілінде жүреді. Қазақстан шекарасын аттап келген кинолардың бәрін күн сайын жүздеген мың адам көріп отыр. Бұлардың бәрі өзге елдің мемлекеттік тілінде жүреді. Қазақстанның мемлекеттік тілі кинотеатрлардың табалдырығын аттай алмай қалды. Бұл естіген құлақтан, жұрттан ұят. Ең үлкен идеологиялық ошақтарымыз кинотеатрларымызға ие бола алмай отырмыз. «Ұлт боламын десең, экраныңды түзе!» деп ұран көтеріп жүрміз. Шынында да ХХІ ғасыр экранның заманы. Ең үлкен тәрбие құралы экран. Экранына ие болмаған ұлт – ұлт болмайды. Сондықтан да прокат мемлекеттің бақылауында болғаны жөн. Өйткені ол үлкен идеологиялық құрал. Оған қатаң заң шығарылуы қажет. Ол мемлекеттік тілде жүруі керек. Басқа тілдерге суптитрлер арқылы берілуін жолға қойған жөн. Өзін өзі құрметтейтін мемлекет солай істеу керек. Мемлекеттік тілімізді осылай қорғай білуіміз қажет. Онсыз біздің істеп жатқан шаруамыздың бәрі құмға сіңгендей далаға кетуі мүмкін. Себебі, қазіргі заманда адамды кино, телеэкран тәрбиелейді. Бұлардан өтімді құрал әзірге жоқ. Киноға қазіргі беріліп жатқан қаражаттан да он есе көп қаражат берілсе артық болмайды. Сөйтіп біз өз экранымызды өзіміз жаулап алуымыз қажет. Қаражат Құдайға шүкір, елімізде бар. Қазақ теледидарлары
отандық төл телесериалдарды көрсете бастайтын, соларға тапсырыстар беретін, тіпті өздері шығаратын, егер қолдарынан келмей жатса киностудияға тапсырыс беретін, сөйтіп экрандарымызда қазақтың өз өнімдері жүретін мезгіл жетті. – Қазір елімізде мәдениет, өнер саласында да тендрлер өткізіле бастады. Бұл сапалы жазылған заманауи шығармаларды мемлекет тарапынан қаржыландырудың жаңа тәсілі екені белгілі. Міне, осындай тендрлер кино түсірушілер арасында да өтіп тұра ма? – Иә, өтіп жатыр. Қазір кино түсіруші студия жалғыз «Қазақфильм» емес. Біраз жерде пайда болды. Алматының өзінде бірнеше тәуелсіз студия бар. оларды атап айтсам: «Данафильм», «Сатайфильм». Мысалы, жоғарыда айтылған «Махамбетті» сол тәуелсіз студияның бірі түсіріп жатыр. Ал «Бейбарысты» Шымкенттегі тәуелсіз студиялардың бірі түсірмекші. Бұданда басқа тендрге қатысып жүрген киностудиялар баршылық. Олар жыл сайын өздерінің сценарийімен Мәдениет және ақпарат министрлігі жариялаған тендрге қатысып, үздік деп танылғандарды мемлекет тарапынан қаржыландырады. Жалпы өнер саласындағы бұл саясатты мен дұрыс саясат деп ойлаймын. Бірақ тендрді жариялағанда оны өткізушілер, сарапшылар мықты әрі адал мамандар болуы керек. Біздің мәдениет және ақпарат министрлігінде бірде-бір сценарист, бірде-бір кино режиссер яғни киноның мамандары жоқ. Ал енді кино сияқты өте бір шетін, нәзік өнердің тағдырын шешу үшін осы өнердің қазанында қайнаған тәжірибелі адамдар сол тендрдің де тағдырын шешуге араласуы керек. Онсыз жаңағы миллиондаған қаржы желге ұшып кетуі әбден мүмкін. Қыруар қаржыны әлдекімнің қанжығасына байлап жіберетін болсақ, ертең біз күткен нәтиже болмай, опық жеп қалуымыз ғажап емес. – Соңғы жылдары елімізде «Шәкен жұлдыздары» және «Еуразия» халықаралық кинофестивалдері өтіп жүргенін білеміз. Осы шаралар қазақ киносына не береді? Оның ұлттық кино өнеріне тигізетін пайдасы бар ма? Жоқ, әлде шетелдік «киножұлдыздардың» астына көпшік қойып, дәріптеп, тек соларға еліктеп, таңқалу ғана ма? – Менің ойымша бұл екі фестивалдің біз үшін пайдасынан басқа зияны жоқ. Ал өзімізде және шетелдерде өтіп жатқан фестивальдердің қай-қайсысында болсын бәйге алған фильмдер бізде толып жатыр. Мысалы, соңғы жүлделі фильміміз жаңа айт-
тым Әбіш Кекілбайдың «Күй» повесі бойынша жасалған «Кек» фильмі. Қазір бұл фильм АҚШ-та Бостон қаласында «Мен» деген кинофестивальге қатысып жатыр. Өздеріңізге белгілі өткен жылы «Еуроазия» кинофестивалінің аясында Орта Азия бойынша бәйге жарияланды. Оған аталған аймақтың жаңа фильмдері қатысқанын білесіздер. Орта Азия киногерлерінен құрылған қазылар алқасының шешімімен Жәнібек Жетіруовтың «Стрелочник» фильміне бас жүлде берілді. – Қазақ киносы кеңес дәуірінде белгілі бір талапқа бағынды. Ол кеңестік реализм болатын. Түрі ұлттық, мазмұны социалистік деген принципті ұстанды. Міне, осы критерийдің әлі де болса салқыны қазақ киносында сақталып отыр ма деген ойда қаласың. Себебі, біздің кино өнері сол баяғы таптауырын болған сүрлеумен жүріп келе жатқан сияқты ма, қалай? – Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін барлық ұлттық мәдениет саласындағы мәселелер өзінен-өзі шешіле қояды деген бір ұшқары қиялдың жетегінде жүрдік. Елге өзіміз ие болғаннан кейін тіл мәселесі де өзінен өзі шешілетін шығар деп ойладық. Мәдениет те өзінше дами салатын сияқты көрінді. Бірақ, өкінішке орай, іс жүзінде олай болмады. Яғни бәрі де сол жаңағы социализм заманында қалай болса, бүкіл ұлттық құндылықтарымыз сол өзінің жүгі ауған, мықшиған, жарым жан қалпында тірлігін жалғастыра берді. Өзінен өзі ешқайсысы шешіле салған жоқ. Бұл алғашқы жылдары елімізде орын алған идеологиялық жұмыстың жоқтығынан туындаған олқылықтар деп ойлаймын. Біз өтпелі кезең кезінде бір орталыққа бағынған идеологиялық жұмысты тоқтаттық деуге болады. Енді идеологияның қажеті жоқ дегендей тірлік кештік. Бұл үлкен қателік. Кино үлкен идеологиялық құрал болғаннан кейін біздің мақсатымыз – қазақтың ұлттық рухын көтеретін көркем фильмдер жасау. Міне, осы бағытта жұмыс істегіміз келеді. Бірақ біздің ойлағанымыздың бәрі бірден іске асып жатқан жоқ. Ол үшін сенің сценарийсің де, режиссерің де, актерің де, басшылық та бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару керек. Себебі, экономика түзелді енді өнерге бет бұру парыз. Тәуелсіз Қазақстанның тарихы, рух, оның азаттық жолындағы ғасырлар бойғы күресі және оның бүгінгі жасампаздық бейнесі, сондай-ақ әлеуметтік мәселелері бәрі біздің түсіріліп жатқан және түсірілетін көркем фильмдерімізден көрініс табуы қажет. Біз міне, осындай мақсат талапты қазір
сценарийстердің, режиссерлердің, барлық шығармашылық топтың алдына қойып отырмыз. Бұл өз нәтижесін берер деген үміттеміз. – Мәдениетте, әдебиетте, өнерде, кино саласында болып жатқан өзгерістер, жаңарулар Сізді қанағаттандыра ма? Себебі, Сіз біраз жылдар шет елде жұмыс істеп келдіңіз. Олардағы жағдайды бізбен салыстырып көрдіңіз бе? – Әрине, біздің елдің экономикасында шынайы ірі реформалар жүрді. Үлкен өзгерістер болды. Оның нәтижесін көріп, жемісін жей бастадық. Оның әр түрлі жолдары, әдіс-тәсілдері болды. Мен елімізде экономикалық реформалар дұрыс жасалды деп ойлаймын. Ал енді мәдени саладағы біздің тәуелсіз Қазақстанның идеологиясына сай мәдениетіміз оң бағыт алды деп айта алмаймын. Өйткені бұл салада реформа болған жоқ. Меніңше, реформа деу бұл жерде ауырлау. Тек қана оның бағытын өзгерту керек еді. Бұрын социалистік идеологияға жұмыс істеген Қазақстан мәдениеті ендігі жерде тәуелсіз Қазақстанның мүддесіне оның болашағына жұмыс істеу заңдылық болатын. Яғни, мынау он бес миллион халықтың санасына өз Отанына деген сүйіспеншілікті сіңіретіндей, Отанына деген мақтаныш сезімді ұялататындай, демек жаңа Қазақстан азаматын қалыптастыратындай идеология бізге ауадай қажет. Кино сол жүкті арқалауы қажет. Соны жүзеге асыру керек. Бүгінде біз осы жолда жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ бұл бір күнде нәтиже беретін шаруа емес. Біздің ойымызша қазіргі кездегі ұлттық мәдениеттің кез келген саласы қазақ ұлтын қалпына келтіруге қызмет еткені жөн. Біз кеңестік дәуірден ойсырап шыққан әрі халқымыздың тең жартысы орыстанып кеткен, жойылуға бет алған халықпыз. Мінеки, осындай жағдайда идеология бұрынғыдан да екі есе күшті жұмыс істеуі қажет еді. Өйткені кеңестік идеология жетпіс жыл бойы қазақ халқының ұлттық болмысын, ұлттық белгілерін жою үшін, оның ұлттық бет-әлпетін өзгерту үшін жұмыс істеді. Өзгертті де. Ал енді оны қалпына келтіру үшін бізге екі есе артық жұмыс істеу керек. Бірақ, осы идеология саласындағы жұмысымыз өте баяу, жүйесіз, науқаншылықпен жүріп жатыр. Он жеті жыл бойы тіл бір қалыпқа келмеуі әрі бұл мәселенің түбегейлі шешілмеуі соның бір көрсеткіші. Соңғы жылдары идеологияға жете көңіл бөліне бастағаны белгілі. Бұл жүрегімізге оптимистік сезім ұялатады. Егер біз бұлай істемейтін болсақ, онда келешек жас ұрпағымыздан айырылып қаламыз. Сондықтан да мәдениеттің барлық саласы тәуелсіз Қазақстанның рухына сай болу керек.
– Бүгінде еліміздің кино және телеэкрандарын шет елдің атыс-шабыс, кісі өлтіру, секс сияқты біздің менталитетімізге жат көріністерді насихаттайтын арзанқол фильмдер жаулап алды. Бұған неге шектеу қойылмайды? Бұл жөнінде сіз не ойлайсыз? – Қазіргі таңда жыл сайын шет елден біздің елге жүздеген фильм кіреді. Осыншама телефильмдер келуі мүмкін. Күн сайын еліміздің экраны арқылы шетелдік идеология өз насихатын жүргізіп бізді тәрбиелеп жатыр. Оған қарсы тұруға жалғыз «Қазақфильмнің» шамасы келмейді. Мұндай жағдайда олармен бәсекелесе алатын фильмдерді көптеп шығаруымыз керек. Ол үшін елімізде кино түсіретін студияларды көбейтіп, оған мемлекеттік қолдау көрсету қажет. Қазір Шымкентте «Шымкент пикчерс» деген киностудия бар. Ол өнім бере бастады. Осы сияқты тәуелсіз киностудиялар барлық бай компаниялардың көмегімен Қазақстанның өзге аймақтарында да өмірге келіп жатса құба-құп болар еді. Ол ең болмағанда облыстық кино, телеэкрандарды жаулап алады ғой. Бұл аз шаруа емес. Оның ішіндегі сапалылары елімізде және шет елде көрсетілуі мүмкін. Қазақ мұнай, газынан түсіп жатқан миллиардтар енді қазақ халқының санасын шетелдік идеологиядан азат ету жолында, оның шабуылына тойтарыс беру мақсатында жұмыс істеу керек. Ол үшін экранды жаулап алу керек. Ол үшін қаржы жұмсалуы қажет. Мысалы, бір Үндістанның өзінде бір жылда сегіз жүзден астам кинофильм шығады. Ал біз жылына алты-жеті ғана фильм шығарамыз. Сондықтан да елді ел жасау үшін бізге әлі де он есе артық кино өнімін шығарып, сол арқылы ғана өз экранымызға өзіміз ие бола аламыз. – Өтпелі кезең кезінде қазақ өнері әсіресе, кино өнері біраз аумалы-төкпелі кезеңді бастан кешкен сияқты. Қайта құрылу, қайта қосылу деген тәрізді мәселелер орын алғанынан хабардармыз. Осындай тартыстар кино өнімдерін өндіруге кері әсер еткенін байқау қиын емес. Қазір олар толығымен шешілді ме? – Осы «Қазақфильмді» және оның басшылығын сынаушылар өте көп. Бұның бірнеше себебін айтқым келеді. Бірінші себебі: «Қазақфильм» киностудиясында жылына алты-жеті ғана фильм түсіріледі. Ал енді кино түсіргісі келетіндер алпыс-жетпіс адам болуы мүмкін. Мінеки, сол себептен де жаңағылар кезекте тұратын болса, онда олар ондаған жылдар бойы кино түсіруге иүмкіндік ала алмауы мүмкін. Бірақ, енді оның бір шешетін жолдары бар. Көп
жігіттер оны іздемейді. Ол демеушілер тауып, тәуелсіз киностудия
ашып, фильмдер шығара беру. Екінші себебі, жаңағы фильм ала
алмаған азаматтар киностудия басшылығына өкпелеп жатады. Қазір
бәрін мемлекет есебінен жүзеге асыруға болмайды. «Маған ананы
бер, мынаны бер, қаржы бер» деп қол жайып «Қазақфильмге» қарап
отыратын заман өткен. Егер де өндірісті тоқтатып қойып, жан-
жақтан келген әуесқой режиссерлерге есікті ашып қойып отыра
беретін болсақ, онда мына мемлекеттік киностудияның жағдайы да
қиын болады ғой. Ал, енді жұрттың бәрінің көңілінен шығу мүмкін
емес. Өйткені үкіметтің бөлген қаржысы да шектеулі. Басы артық
қаржы бізде жоқ.
Жалпы киностудия соңғы төрт-бес жылда аяғынан тұрды.
Оның алдында бұның мүліктері кім көрінгеннің қанжығасында,
тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен. Қанқиған төрт
қабырға қалған жағдай болатын. Ал, қазір бұл киностудия қалпына
келген. Бүгінде кино түсіруге мүмкіндігі бар кәдімгі заманауи
киностудияға айналған.
– Бүгінде «Қазақфильм» киностудиясының материалдық-
техникалық базасы қандай дәрежеде? Жаңа замандық озық
технологиямен жабдықталған ба?
– Мақтанып айтуға болады, біздің «Қазақфильм» қазір Орта
Азиядағы ең озық техникалық базаға ие. Осы ретте біз ресми
түрде «киностудия көшіріледі» деген сөзді бірінші рет естідік.
Бұрын қауесет деп келсек, енді шын мәнінде киностудия көшірілуі
мүмкін. Бірақ, киностудияны көшіру үшін алдымен киностудия
салу керек. Онсыз Қазақстанның кино өндірісі далада шашылып
қалуы мүмкін. Әрине, бәсекелестік үшін тәуелсіз киностудия-
лар көп болғаны дұрыс. Бірақ, үлкен өндірістік база болуы керек.
Бүкіл кино техникаға, кино мамандарына ие болып отыратын бір
орталық қажет. Мысалы, АҚШ-та жүздеген киностудия бар, бірақ
киноның тағдыры Голливудта шешілетіні белгілі. Сондықтан біз
бұл орталықтан ажырап қалмауымыз керек. Себебі, біз негізінен
ұлттық ауқымдағы, ұлттық көлемдегі жобаларды жүзеге асырамыз.
Мемлекет киносына ие болмай, бұны тәуелсіз киностудияларға та-
ратып жіберетін болса, онда ол біздің ұлт ретінде қалыптасуымызға
үлкен кесапатын тигізуі мүмкін. Әсіресе кино саласында бәрін
жекешелендіру өте қауіпті.
Дулат Исабеков, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Драматургия талантты жас қаламгерлерге зәру Қазақ әдебиетінде өзінің жазу мәнерімен ерекшеленіп, соны соқпағын салған майталман қаламгер драматургияда да өзінің жүйріктігін танытты. Жазушының ойы мен ұшқыр қиялынан туған повестер, романдар, пьесалар ұлттық әдебиетіміздің алтын қазынасын толтырған құнды шығармалар десек артық айтқандық емес. Қазақ және шет ел сахналарында қойылып жатқан пьесалары біздің осы айтқанымыздың дәлелі. Бүгінде әдебиетіміздің ардақты аға буынына айналған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековпен кездесіп, қазақ драматургиясының маңызды мәселелері жайлы сөз қозғаған болатынбыз. – Еліміздің өмірінде, қоғамда орын алған өтпелі кезең рухани дүниемізге де өзінің көлеңкесін түсіргені ешкімге құпия емес. Осындай аумалы төкпелі шақта қолыңыздан қаламыңыз түспей, жаңа шығарма жазуды бір сәтке тоқтатпағаныңызды жақсы білеміз. Осы жылдар ішінде бірнеше пьесаңыз көрермендерге жол тартты. Сіздің осы қайыспас қайсарлығыңызға қайран қаламын. Сонда сіз неге сендіңіз? – Мен өзім жазудан жалықпайтын адаммын. Өз ісіме былайша айтқанда шын мәнінде ғашықпын. Одан ләззат аламын. Сол себептен де жазбай отыра алмаймын. Мен мәселені мынадан бастасам деймін. Өзіңізге белгілі ескі қағидалардың бәрі өзгеріп келмеске кетті. Осындай кезде кешенді түрде, кешенді деген сөздің барлық жерде мағынасы сәйкес келе бермейді. Комплексті түрде ескінің бәрі өзгерген кезде солардың бір компоненті болып, әдебиет те өзінің әдеттегі көшбасшылық рөлінен айырылып қалды. Өйткені күн көрудің қамымен жанталасып жатқан жандарға көркем әдебиетті оқып отыру мүлде қажет болмай қалды. Сондай әсер, сондай көңіл күй бүкіл бұқара халықта болғаннан кейін, ол міндетті түрде жазушыларға да тікелей әсер етеді. Мен басқалар үшін жауап бермейақ қояйын. Өз басым осындай күйді бастан кештім. Ал бірақ соған қарамастан жанталасып жазып жатырмын. Өткен жолы жазушылр құрылтайы алдында Елбасы алты жазушыны қабылдады. Соның
ішінде мен де бармын. Біздің жазушыларымыз жағымпаздыққа дайын тұрады. Мен осыған таң қалам. Сен жыл сайын Елбасымен кездесе бермейсің. Қайта өзіңнің көкейіндегі елдік ойыңды кездесуді пайдаланып айтып қалу керек. Сондағы бір айтқан сөзім. Құрметті, Нұраға, «Қазақстан-2030» бағдарламасын біз стратегиялық мақсат етіп қойып отырмыз. Ал маған бірақ нәрсе анық, Сіз болып, біз болып ұмтылып отырған 2030 жылды біз драматургсіз қарсы аламыз. Не боп қалды? – деді Нұрекең. Қазір отыздағы драматург жоқ. Ең жасы қырықта. Олардың бәрі бір-екі пьесамен шектеліп қалды. Онда не істеу керек? Алдын алу керек. Ұрпақ үшін қызмет етіп жатырмыз. «2030»-ды сол үшін қабылдадыңыз. Амандық болса, жетеміз деген үмітіміз бар. Бірақ осы Сіздің сол үлкен ұлттық стратегиялық жоспарды қабылдап, жүзеге асырып, елу елдің қатарына қосу мақсатында еңбек етіп жатырмыз, аман-есен, елу елдің қатарына емес, он елдің қатарына қосылсақ қандай жақсы болар еді. Ал солардың қатарына сол кезде драматургсіз барамыз ба? «Ол үшін не істеу керек?» – деді. Ойларымды айтып бергендей болдым. – Қазіргі қазақ драматургиясы бүгінгі нарық талабынан шыға алмай, кібіртіктеп қалғаны белгілі. Бұл жаңа дәуір көшіне ілесе алмаудан туған дәрменсіздік пе, жоқ әлде бұның басқа себептері бар ма? Бұған сіз не дейсіз? – Қазір жалпы мемлекетке осы қоғамға әдебиет керек пе? – деген қарсы сұрақ қойғым келіп отыр. Алдымен осыны шешіп алайық. Керек! Драматургия керек пе? Керек! Драматургиясыз өмір сүре алмайтын театр керек пе? Керек! Демек, керек екен. Бұны шешіп алдық. Бұл – бір. Екінші, солардың бәрі өмір сүруі үшін не істеу керек? Диірмен астық құйып тұрмаса, ол ертең тоқтап қалады немесе екі тас бір-біріне егеледі де жарылып кетеді. Біздің елде қазір елу театр бар. соны немен қамтамасыз етеміз. Егер мемлекетке драматургия жанр ретінде керек екен, оған көп ақша қажеті жоқ. Оған көп болса, бірақ миллион доллар керек екен. Бұл көп қаржы ма? Мәселені осылай тікесінен қою қажет. Бұл көп ақша емес. Соны тендер арқылы, конкурс жариялау арқылы, драматургтер ассоциациясын құру арқылы орынды пайдалануға болады. Ал театр арқылы жіберсе, ертең оны басқа мақсатқа жұмсап жібереді де, драматург тағы да қаспақ жалап қалады. Төленетін ақша аз болған сайын драмалық туындының сапасы да төмендей береді. Қазір жүз мың долларға конкурс жарияласыншы, қандай жақсы пьесалар туар еді. Бәрін тастап жазар едік. Соған лайықты болсын дер едік. Мен ақша үшін ұмтылып отырған
жоқпын. Бірақ ынталандыру деген болады ғой. Сол үшін өмір сүріп жатыр жұрттың бәрі. Шетелдің жазушыларының бәрі осылай өмір сүреді. Жігерлендіру керек. Ал азды-көпті теңге алатын болса, онда қалай болса солай жазып бере салады. Құтылады. Шалағай пьеса туады. Ол театрға барады, одан шалағай спектакль туады. Негізі материалы нашар болғаннан кейін мың жерден әрлегенмен, қанша талантты режиссер болғанымен одан дым шығара алмайды. Олар Станиславскийдің сөзін айтып өзін-өзі жұбатқан болады. «Маған телефонның анықтамасын берші, мен содан саған спектакль қойып берейін», – деп ол күйгенінен айтқаны болу керек. Соны біздің кейбір режиссерлер қайталай береді. Жоқ, ондай нәрсе болған емес. Болмайды. Әйтпесе, олар соншалықты мықты болып, кез келген телефон анықтамасынан пьеса жасай беретін болса, жасамай ма? Бізде жақсы спектакль болса, ол режиссердің мықтылығы, ал жаман спектакль болса, ол драматургтың жамандығы болып шыға келеді. Бізде осылай бағаланады. Бізде басқа драматургия жоқ, қайтеміз драматургтеріміздің өрісі осы, биігі осы, шыңы, осы барымызбен базарымыз, пьесалар жоқ, – деп айта береді. Пьесалар бар. Міне, осы, мәселелерді Елбасына жеткіздім. Жаңағы тоқырап қалды, қазақ драматургтері пьеса жазбай кетті, заман ағымына ілесе алмай отыр дегендердің бәрі жел сөз. – Тарихи оқиғаға құрылған, халқымыздың рухын танытатын, соны асқақтататын, елдігімізді көрсететін ұлттық нақышта жазылған пьесаларымыз басқа тілдерге аударылып, шетелді былай қойғанда, еліміздегі орыс, ұйғыр, неміс, корей театрларында неге қойылмайды? Бұл жөнінде сіздің көзқарасыңыз қандай? – Мен оны бар болмысыммен жақтаймын. Ол үшін бізде драматургтер ассоциациясын құру керек. Солар арқылы аудару, жақсы пьесаларымыз неге басқа ұлт театрларында жүрмейді. Егер осы мәселелер өз шешімін тауып жатса мен үшін қуаныш. Бірақ қазақ драматургиясы үшін ол өкініш. Неге жалғыз мен ғана шетелде қойылдым. Қанша уақыттан бері бір шаңырақтың астында бір отбасы болып өмір сүрдік, Мәскеу ортақ астанамыз, өзіміздің отанымыздың жүрегі дедік. Біз өзімізді көрсете алмадық, мәселе сонда. Мен Санкт-Петербургке барғанымда маған қойған сұрақтардың бәрі адамның намысына тиетін сұрақтар болды. Бірақ өте жақсы сұрақтар. Заңды сұрақтар. Осы сияқты шығарма жазатын дәрежеге қазақ драматургтері жетіп қалды ма? – деген сияқты.
Осы сияқты басқа шығармалар бар ма? – деген мағынада. Заңды ма
заңды. Өйткені білмеді ғой. Сен неге білмейсің деп бостан босқа
ренжиміз.
Өйткені жалпы көңіл күй, әдебиетке деген көзқарас көңілдегідей
болмай тұрғаннан кейін жазушының да белсенділігі төмендейтіні
өзінен өзі белгілі.
– Сіздің жаңа шығармаларыңызды күтіп жүрген оқырман,
пьесаларыңызды көруге асығып отырған жүздеген, мыңдаған
көрерменді әсте естен шығарып алмаған жөн ғой. «Битке
өкпелеп тоныңды отқа тастама» демекші, өтпелі кезеңнің
ауыртпалығына бола қаламды доғарып қою жараспас деймін.
Өзіңіз қалай ойлайсыз?
– Мен шамам келгенше жазып жатырмын. Бүгінгі өмірді
көрсеткім келеді де тұрады. Біздің ертеңіміз қандай? Мені көптен
бері осы сұрақ толғандырып жүр. Соған жауап іздеймін, соны сах-
надан көрсеткім келеді. Қазір прозадан гөрі драматургияға көбірек
барғаным бұл оқушымен, көрерменмен бірден сырласу. Ал сенің
романың бітіп, ол жарыққа шығып оны оқушыға жеткізем дегенше
көп уақыт өтіп кетеді. Өмір деген калейдоскоп қой. Өмір өзгеріп
отырады. Бүгінгі құнсыздық, ертең құнды болып бара жатқан за-
манда пьеса бірден адаммен байланысқа түседі, көрерменмен сыр-
ласады, санасына тез ұялау, соларға жету, соларға асығу, соларға
ұмтылу, ойыңды соларға айту.
– Сіздің сөзіңізден мен мынаны аңғарып отырмын. Драма-
тург қолына қалам алып жазу үстеліне отырғанда алдымен
материалдық игілікті көбірек ойлайтын сияқты көрінеді. Сон-
да рухани игілік ұмыт қалғаны ма? Бұған Сіз не дейсіз?
– Жоқ. Ешнәрсе жазушы ойынан тыс қалмайды. Өз басым өмір
шындығын айтып қалуым керек. Өйткені дәл осы шындықты, мен
таңдап алған тақырыпты менен басқа ешкім жаза алмайтынына көзім
жетеді. Бұл басқалардан асып түсу деген емес. Басқа жазушының,
басқа драматургтің айтатын өзінің шындығы бар, оның өзі таңдаған
тақырыбы бар. Соны ол жақсы біледі, соны жаза алады. Ол тарих,
ол саудагер тірлігі, ол коррупция, ол махаббат болуы да мүмкін.
Сондықтан да әр қаламгердің өзінің жанына жақын тақырыбы бар.
Дәл осы күнде, осы таңда керек-ау деп тапқан тақырыбын жазады.
Ал өзім мынау қайнап жатқан өмірден мынадай бір оқиғаны таңдап
алдым. Демек ол маған ғана түсінікті. Ол тақырыпты мың жерден
талантты, дарынды болсын менен басқа драматургке берсеңіз оны
жаза алмайды. Мәселен, ол басқа тақырыпқа керемет жақсы пьеса жазуы әбден мүмкін. Ал сол жазған тақырыпқа «Дулат, сен пьеса жазшы» десе, мен жаза алмаймын. Өйткені мен оны таңдаған жоқпын. Менің тақырыбым емес. Ол менің жүрек қалауымнан шыққан жоқ. Ал мен ол оқиғаны жете сезінгем жоқ. Сөйтіп екеуміз бір-бірімізден тосырқап тұрамыз. Әрине, бұлай болмайды. Тек өзіңнің көңіліңнен шыққан, жүрек елегінен өткен оқиғаны жазғың келеді. Ертең ол халықтікі болып бара жатса онда мен халық үшін жаздым деймін, демек менің жазғанымды халық қажет етіп жатыр екен. Міне, осыны сезіну адамды шабыттандырады. Тіпті керек болатын болса, бұдан кейін тегін болса да жазатын ұрпақ мына бізбіз. Енді осылар кетеді ғой, ешкім мәңгі емес. Драматургиялық шығармалардың сиреуінің басты себебі міне, осы. Лермонтов театры менің пьессамды қойғанда мен Андресиянға режігенім бар. Мен осы жердемін. Сен репетиция жасағаныңа бір айдан асып кетті. Неге мені шақырмайсың? Мен неге көрмеймін? Сен тура бірден премьераға шақырып «дайын асқа тік қасық» дегендей. Пьеса туралы енді мен саған ешуақытта ешқандай ескерту айта алмаймын. Сен соны күтіп отырсың ба? – десем ол айтады «Тыңдашы, маған тірі драматург ылғи да кедергі жасайды». «Онда мені өлтір» – дедім. Содан кейін «неге?» – десем, «сені шақырсам, мына жеріңді былай дейсің, мен олай жазғам жоқ дейсің. Содан кейін менің де, актерлардың да көңіл күйін бұзасың». «Сонда саған тек өлген драматургтер керек пе! Сен тек өлілермен ғана жұмыс істеп үйренгенсің», деп қалжыңдадым. Шындығында жалғыз тірі драматург мен екенмін. Басқа қойған пьесаларының бәрінің де авторлары о дүниелік болып кеткен. Сөйтіп ешнәрсеге үлгеріп, өзгерте алмадым. – Ресейдің солтүстік астанасы Санкт-Петербургте Сіздің Булгаков тақырыбына жазған пьесаңыздың қойылымы табысты өткенінен хабардармыз. Бұл қазақ драматургиясының Шығыс Еуропа сахнасына алғаш шығуы, тұңғыш қарлығашы екені барша өнер сүйер қауымға әрі мақтаныш, әрі драматургиямыздың абыройы мен беделі. Біз сіздің бұл жетістігіңізді осылай сезінеміз. Ал өзіңіз бұл қойылымға қанағаттандыңыз ба? – Ал жаңағы Алматыда қойылған пьеса енді Санкт-Петербургте қалай қойылды? Ондағы мәдениет қандай? Олар алты ай дайындалды. Біздің Андресиянның да өрісі биік. Бірақ бізге қарағанда олардың талғамы жоғары. Пьесада негізінен диалогтар ғой.
Негізгі акцент түсетін образдар. Мына сөзді актер қалай айту керек?Екпінді қай жерге түсіру керек? Қай сөздің мәнін тереңірек ашу қажет? – деген сияқты маңызды мәселелердің бәрін менімен ақылдасты. Тіпті кейіпкерлердің сөйлеу мәнеріне дейін талдадық. Олардың сөзінің әрбір буынына дейін жілігін шағып, сараптағанда мен қайран қалдым. Режиссер болса міне, осындай болсын. Әрине, келіспеушілік те, талас та болды. Міне, осылай талқылағаннан кейін ғана олар репетицияға кірісті. Жақсы ма, жақсы. Ал бізде ар жақ, бер жағы бір айдың ішінде сахнаға шығарады. Актерлер қабілетін аша алмай қалатыны осы. Олар образға кіріп үлгермейді. Ал ресейлік театр өздерінше, басқаша жасады. Менімен күнде сөйлесіп тұрды. «Мына жерде Азияға тән сөйлеу мәнері байқалады, қалдырсақ қайтеді. Онсыз қызық емес. Тақырып орыстық болғанымен әсіресе, әйелдер жағынан қазақ әйелінің рухы айқын сезіледі. Маған, міне осылар қымбат. Кейбір жерлеріне қазақтың салтдәстүрлерін кіргізіп жіберсеңіз де болар еді. Орыс адамдары туралы жазғаныңызбен сіз бәрібір қазақсыз ғой. Егер автор американдық болса оған американдық рухты қосады. Сондықтан да пьесаға әлі де болса сәл-сәл осы айтқандарды қоссаңыз», – деп режиссер Малышевский үнемі талап қойып отырды. Ал осындағы кейбір орыс театрлары керісінше алып тастаңыз. Мынау қазақтанып кетіпті – деп отырады. Ал олардың жоғары мәдениеттілігі міне осында. Сөйтіп бәрімен келісіп отырды. Олар мені премьераға дейін шақырды. Келіп көрсеңіз. Өзгертетін жерін өзгертіп үлгерейік. Мен төрт күн бұрын бала-шағаммен бардым. Күтіп алды. Біздің елшілікке рахмет. Спектакльден кейін елшілікте қабылдау жасады. Олардың автордың ойымен, пікірімен санасу өте жоғары. Спектакль қойылды. Билет деген жоқ. Қазақ диаспорасына үш-ақ билет берілген. Оларға: «үш күн премьера, ал одан кейін спектакльді сатып аламыз десеңіздер қарсы емеспіз», – деді. Санкт-Петербургта он мың қазақ тұрады. Алматыға келгенде ел сұрап жатыр, «қалай өтті?» деп. Қалай өткенін қайдам, мені ең керемет толғандырғаны қазақтардың көзіне жас алып жылап тұрғаны. Осыдан артық маған не керек. Жаңағы көп айтыла беретін «халық үшін» деген жалған, арзан сөздердің осы жерде шындыққа айналатын тұсы. Демек он адам көзіне жас алып тұр ма, онда оларға керек болғаны. Олардың мақтаныш тұтқаны. Сахнаға шыққаннан кейін Жамбылдың сөзін есіме алдымдағы «Қайырлы кеш, құрметті менің ленинградтық өрендерім!» дедім. Жұрт ду қол шапалақтап жатыр. Жәкеңнің бір пайдасы осы жер-
де тиді маған. Жұртты бір көңілдендіру керек болды. Біздің қазақтардың рухы бір көтеріліп қалғанының куәсі болдым. Ел болғаны, ұлт болғаны, олармен теңескені, керек болса олардың өмірін өздерінен артық жазып бере алатындығы. Келесі күнгі қала зиялы қауымымен жүздесу, онда қойылған сұрақтар, бәрі-бәрі тереземіз тең жағдайда әріптестер кездесуі сияқты өтті. Осылардың бәрі маған онда тұратын қазағымызға шабыт бергендей болды. Малышевскийге – неге қазақ авторын қойдыңыз? Бұл орыс тақырыбы, орыс тақырыбы болғанда да анау-мынау деревенский тақырып емес, бұл Булгаков, бұл әлем әдебиетінің классигі, ішкісыртқы қайшылығы өте көп адам, бір махаббатының өзі бір роман, неге сонау алыста жатқан қазақты алдыңыз? Неге, өзімізде жоқ па? – деген де «Біз күттік. Булгаков туралы екі пьеса келді. Біреуі украиналық, екіншісі өзіміздің санкт-петербургтік. Мен ондай пьесаларды өлсем де, қоймаймын. Екеуі де түк таппай қалғандай Елена Сергееваның юбкасының астында айналады да жүреді. Бұл орыс халқын, орыс рухын қорлау. Ал қазақ авторының пьесасында орыстық жоғары рух бар, сол үшін қойдым, – деді. Ал басқалар ол пьесаны қоям десе, қоя берсін қалада алты театр бар ғой. Неге мен қойған кезде сендер қазақ деп бөлдіңдер. Тағы жазса тағы қоям. Өйткені мен үшін бүгінде ең үздік драматург Дулат Исабеков! Осындай да менің төбем көкке қалай жетпейді. Екінші пьесаны оқып жатырмын. Жақсы болса, егер қаржы тапсам қоямын. Қазақстан сәл көмек берсе дұрыс болар еді, – деді. Қазір барлық жерде театрдың жағдайы қиын ғой. «Көмек бермесе қайтеміз, бәрі бір қоюға тура келеді» – деді Малышевский. – Жаңа ғасырдағы қазақ драматургиясы өзінің көкжиегін кеңейтуге талпыныс танытып жатқанын өзіңіздің әңгімеңізден аңғарып отырмыз. Әлемдік сахналарда қойыла бастауы бұл біздің ұлтты, біздің өнерімізді мойындау деген сөзі. Демек, бұл саладағы табыстарымыз әлі өз жалғасын табатынына сенім зор. Ал сіз келісесіз бе? – Жалпы қазақ драматургиясының қазіргі деңгейі кәсіби жағынан өсті. Сандық жағынан кеміді. Өйткені әр түрлі себептер бар. Қазіргі іс үстіндегі жазушыларымыздың, драматургтарымыздың өзі жиырма, отыз жыл болған алма ағашы сияқты анда-санда жеміс береді. Түбіне мың жерден тыңайтқыш төккенмен ол алма ағаштың уақытысы келгеннен кейін жемісі сирейді ғой. Оған өкпелеуге болмайды. Қашанғы ол нәтижелі жеміс бере беруі мүмкін. Сол сияқты
бізде сондай дәрежеге келдік. Баяғыда Ғабиден Мұстафинмен студент кезімізде кездескенімізде айтып еді, «Баяғы қарқын жоқ балалар, анда-санда бір тамшы тамып тұратын болса соған қанағат етіңдер» дейтін. Сол сөзді айтатын кез бізге де келіп қалыпты. Мәселен, Қалихан «Қазақтардан» кейін ештеңе жазбады. Мен өзім Құдайға шүкір, үш пьеса жазып тастадым. Олар театрларда жүріп жатыр. Қазір төртіншісін жазып жатырмын. Сұлтанәлі Балғабаев, ал Баққожа Мұқай қазір денсаулығына байланысты жаза алмай жүр. Содан кейін жергілікті авторларымыз бар. Бізде драматургтер саусақпен санаулы. Ермек Аманшаев жазам деп жүр. Жазып жатқан шығар. Ол да жазатын кезінде шенеунік болып кетті. Төлен Әбдіков бір пьесамен шектеліп қалды. Роза Мұқанова да «Мысықтар патшалығы» және Мұқағали туралы «Музасын» жазды да сол екі пьесамен шектеліп қалды. Бұлардың бәрі көлемі жағынан бір актілі пьесаларды көбірек көзге елестетеді. Бір актілі пьесаға қазір үйретіп жатқан біздің театрлар. Өйткені біздің көрермендеріміз спектакль бір жарым сағаттан асып кетсе шыдай алмайды екен. Себебі, о баста біздің театрлар сондай спектакльдерді қою арқылы көрермендерді өте тез бітетін спектакльдерге үйретіп алды. Ал бұл өте жаман әдет. Ешқашан да бір актілі пьесамен ешуақытта шедевр шығара алмайсың. Одан құнды шығарма тумайды. Одан «ГАМЛЕТ» тумайды. Одан «Қаракөз» тумайды. Одан «Ақан сері – Ақтоқты» тумайды. Мәселен, «Ақан сері – Ақтоқты» үш актілі. Егер соны қысқартпай түгел қоятын болса, ол төрт сағатқа кетеді. Ал біздің көрермендердің оған шыдамы жетпейді. Парижде он екі сағаттық спектакльдерді көріп келген адаммын. Ал төрт-бес сағаттық спектакльдер деген күнде жүріп жатыр. Олар үлкен шындықты айтады. Американың драматургиясына түбегейлі өзгеріс жасаған Тенс Ульимс, одан кейін оның шәкірті Артур Миллер дейтін болсақ, олардың пьесаларын оқып, көрдім әрқайсысы бір-бір том. Американдықтар адамдар аз сөз айтылатын пьессаны жек көреді. Ал өңкей сөзден тұратын пьесалар да бар. Біздегідей қақтығысып кететін оқиғалар оларда болмайды. Олар көрермендерді соған үйретті. Ал қазір жүріп жатқан «Актриса» деген пьесам бір жарым сағаттық. Бұл енді бір адамға арналған моно спектакль болып жазылған дүние. Мұны ары қарай соза беруге болмайды, себебі, жанрының табиғаты сондай. – Әдебиеттің ең ауыр да, күрделі жанры драматургия. Қазір бізде ғана емес бүкіл әлемде жаңа заманға бейімделу,
жаңа құндылықтарды дәріптеу, соны арқау етуге бет бұрғаны байқалады. Яғни, алда үлкен өзгерістер күтіп тұр деген сөз. Біз драматургиядағы осы құбылыстарға дайынбыз ба? – Қазір үлкен бір дабыл қағатындай жағдайда тұрмыз. Жастарды тарту керек. Себебі, қазір қазақ драматургтері саусақпен санарлық. Әкім Тарази, Қалихан, Сұлтанәлі, Баққожа, Тынымбай, Талаптан, Серік, Амантай. Бірақ бұлар өздерін драматургияның кадрымыз деп есептей ме, есептемей ме, мәселе осында. Бұлар жол үстінде келе жатып «мына-ау, үй қай үй екен, осында түсе кетейік» деп драматургияның ауылына бұрылған жолаушы сияқты болып қалады маған. Өйткені бұлардың қанына сіңбеген сияқты. Осылардың пьесасын оқып отырғанда екеуі бір-біріне бөтен екенін байқап қалам. Жанр мен автордың арасында бір алшақтық бар екенін сеземін. Мәселен, пьеса Қалтайдың өмірлік кредосы екені оның кез келген туындысынан байқалып тұрады. «Драматургия менікі» деп барғанмен бұларды ол «менің авторым» деп қарсы ала ма, алмай ма, білмеймін. Ал жастар туралы анау-мынау деп айта алмаймын. Жалт етіп жоқ боп кеткендерге ренжимін. Қырық жастағы бұлқынып келе жатқан драматургтер жоқтың қасы жайсыз болса да мойындауға тура кеп тұр. Бірақ жағдай түзеліп келе жатыр. Экономика жақсарып келеді. Кеше ғана Қазақстан Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төраға болды. Бұл біздің елдің әлем алдындағы абыройы мен беделінің артуы, елімізді мойындау деген сөз емес пе?! Осының бәрі көңіл күйімізге әсер ету керек. Жазушылар одағы, театр қайраткерлері одағы, театрлар, драматургтер және мемлекет болып бұл жұмысты қолға алудың қажеті туды. Мәселен, биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі бірінші рет жаңа туындыларға тендер өткізді. Бұл жақсы бір әрекет болды. Ол біраз драматургтерге грант берді. Мен де «Қар адамы» деген жаңа пьесама грант алдым. Жалпы бес-алты драматург ие болды. Біз өзіміздің таңдаған тақырыбымызды түсіндіріп, министрлікке бердік. «Бізге осы тақырып керек, осыдан жақсы пьеса шығады-ау» деп үміттенген пьесалардың авторларына осылай қаржылай қолдау көрсетті. Бұл алда да жалғасын табар деп ойлаймын.
Марфуға Айтхожа, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері «Өлең – ием, мен оған бір жалшымын» Бір қиыры Қытай, Моңғолия, бір шеті Өзбекстан, Түркменстан, Иран, Пәкстан, Ресей, Түркияны мекендеген халықта – қазаққа таныс бір дүбір бар. Ол – қазақ ақыны Марфуға Айтхожаның жыр тұлпарының дүбірі. Оның шабыттанған жыр-жүрегі: О, тәкаппар тәңір шыңдар, Сал қарағай, самырсындар. Алатаудан ұшып келген Қарлығашын танырсыңдар... Сылаң қаққан сырлы өзендер, Сағым құшқан нұр белеңдер. Сырнай самал, қырмызы гүл Саған қалай құр келем мен, – деп төгілген ақын жанын тек поэзия ғана емес, елінің келешек тағдыры да, ұлттық дәстүр-салты да, тілі де толғандыратынын байқадық. Марфуға өзінің ойларын, пікірлерін іркілмей бізбен бөлісті. – Қазір қазақ қаламгерлері жаңару дәуірін бастан кешіп жатқан тәрізді. Осынау өтпелі кезеңде олар оқырмандарын жоғалтып алған жоқ па? Бұл жөніндегі сіздің ойыңыз қандай? – Бұл қазір ең өзекті мәселе және сұрағыңыз да орынды. Оған ақын-жазушылар кінәлі емес. Өтпелі кезең өзі бір сондай шақ болды ғой. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, жаңару кездерінде біраз қиындықтар орын алды. Ол тек біздің басымызда ғана емес бүкіл еліміз бойынша. Енді бүгін соларды бастан өткеріп, содан шығу үшін қаншама күш, қаншама жігер, қай жағынан болса да тер төге еңбек ету қажет болды. Елбасымыздың табандылығымен, ұстанған саясатының дұрыстылығымен жағдайымыз жақсарды. Елмен қатар қаламгерлердің де, мәдениет пен өнердің де жағдайы, тәубә дейік, біршама жақсарып келе жатыр. Өткен жылғы жазушылардың съезінде көптеген өзгерістер болғаны белгілі. Мұндағы ең бір басты мәселе, Елбасымыздың өзі айтқанындай ақын-жазушылардың жағдайын жақсартып, олардың қаламақыларын қалыптастыру. Бұл бір өзі үлкен шаруа. Олар қай
дәуірде болмасын рухани дүние жасап, халықпен бірге өмір сүретін,
солардың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, жол сілтеп отыратын,
қараңғыда қолға ұстаған жарық шамдай бағыт-бағдар көрсететін
темірқазық сияқты. Қай заманда да ұлы ақындарымыз, ұлы жазушы-
ларымыз елдің тірегі, ақыл-ойының айнасы, көшбасшысы болған.
«Күбісіне қарай піспегі» демекші кеңес заманында да екі қолға
бір жұмыс табылмаған кезде менің әріптестерім қаламақыларын
қанағат қылып, сол арқылы өмір кешті. Сондай ақындардың бірі
менмін. Бірақ, шүкіршілік өлеңдерім, кітаптарым Алматыда жарық
көріп жатса, ал аудармаларым Мәскеуде шығып жатты. Бір кез-
де ескерусіз қалған осы қаламақы қазір қайтадан қолға алынып,
төленейін деп отыр, бұл, әрине, жақсылық. Осы іске жауапты
адамдардың айтқандарына сенсек бір баспа табаққа жүз мың теңге
төленетін көрінеді. Бұл шындық шығар деп үміттеніп отырмыз.
Менің ең соңғы кітабым «Жапырақ сілкінген кеш» «Жазушы» бас-
пасынан 1992 жылы шыққан екен. Одан кейін менің бір жол өлеңім
олардан жарық көрген емес. Бірақ ебін тапқан екі асайды деген-
дей ретін тапқандардың дүниелері шығып жататын көрінеді. Осы
жаңа жылдың алдында өздері ұсыныс жасады: «Мәке, көптен бері
бізден сіздің кітабыңыз шықпаған екен, біз 2008 жылдың жоспары-
на енгізейік деп жатырмыз, қандай жаңа дүние ұсынасыз?», – деді.
Әрине, өлеңнен басқа тірлігім жоқ. Басқа шаруаны кәсіп етпеген
мен сияқты тек бүкіл өмірін, тағдырын өлеңге арнаған ақындар
үшін бұл үлкен қуаныш. Аталған баспаның қалауы бойынша
«Тобылғы бүрлегенде» деген атпен жаңа көлемді дүниені ұсындым.
Ал «Атамұра» баспасы да қолқа салып, биыл «Сырлы саз» атты
жыр жинағымды шығаруға ниет білдірді.
Менің өлеңдерімнің арқауы елге, жерге деген үзілмей келе
жатқан керемет бір сағыныш сазына толы. Көктемде жаныңызды
рахатқа бөлейтін ескек жел еседі. Ал жазда болса даланың бір
үзілмей соғып тұратын майда қоңыр самал желі болады. Менің
де көңілімде сол даланың саумал самалындай болып өлең есіп
тұрады десем артық айтқандық емес. Осы уақытқа шейін қолымнан
қалам тастамай өлең жазып жүргеніме сол себепші шығар. Бұл
тек қана менің ата-анамның, ата-бабамның ғана емес, өзінің туған
елінен, жерінен еріксіз ауып кеткен бүкіл қазақтың тағдыры, бүкіл
халықтың қасіреті. Мен өзіме сондай бір жүк арқалаған адаммын.
Сондықтан бүкіл қазақтың қуанышы – менің қуанышым.
Талқылаудан өткен, екшелеген шығармалар баспалардан шығып
жатса ол жақсы ғой. Кейінгі кездері поэзияға деген талғам мен талап әлсіреді. Қазір ит батпақтап, күшік сүрінетін кітаптар қаптап кетті. Шынайы ақын-жазушылар сыртта қалып қойды. Жалпы қазақ әдебиеті кесек тұлғалардан, озық, құнды туындылардан кенде емес. Міне, осылардың бәрін қазір елеп-ескеріп, естеліктерін, кітаптарын шығарып жатыр. Қиын кезеңде де «Отырар» сериясымен 100 кітап шығарылған. Қазір ақын-жазушылар рухани еркіндік алдық. Бұрын қысылып-қымтырылып айта алмайтын ойларымызды еркін айтып көсілетін жағдайға келдік. Қазақтың керемет тұнығы шайқалмаған, былайша айтқанда жон арқасы жыртылмаған, денесіне жара түспеген «алтын» арқасы ғой. Соның дала-даласын шығарғандардыда жырлаған заман болды. Енді қазір бәрі де еленіп, екшеліп бір арнаға түсіп келе жатыр. Етегімізді жинап, есімізді жиғалы бері жоғымызды жоқтап, не жазып, не қоюымыз керек деп ойланып-толғанатын халге жеттік. Енді сол ойсырап қалған олқылықтардың орнын толтыру үшін әркім жанталасып жатыр. Сондықтан біз кезінде ауыз аша алмай, жаза алмай қалған тың дүниелерді айтуға тиістіміз деген пікірге келіп отырмыз. Кезінде елін, жерін жоқтаған алаштың керемет азаматтарының бәрінің көзі құрып кетті ғой. Енді міне, соларды қайта тірілтіп, саналы ұрпақтар үшін солардың көкейіне қонатын, солардың сезімін тербетіп, ойын оятатын сондай бір салиқалы салмақты дүниелерді жазу қажет. – Бүгінгі оқырмандарға осындай тарихи тақырыптарға жазылған кітаптар керек деп ойлайсыз ба? Олар жаңа заман ұрпақтарының сұранысын қанағаттандыра ала ма? – Жаңа ұрпақ қажет етпеген күннің өзінде де бізге қажет деп ойлаймыз. Егер жастар бірбеткей, бір жақтылы болып тек ақшаның соңында кететін болса, егер адамда сана болмаса, оның мәдениеті, әдебиеті, поэзиясы болмаса жалғыз материалдық байлықпен қайда барады. Егер ол халықтың рухани игілігіне қызмет етпесе ол байлық кімге керек. Әдебиет деген біздің тынысымыз, тіршілігіміз, осы біз ауаны қандай қажет етсек поэзияны да сондай қажет етеміз, ол біздің рухани азығымыз. Табиғатпен етене жақын енжайлап өскен халықпыз. Мен тауларды керемет жақсы көремін. Аспан таудың аясында туып, сонда өскен қазақ қызының бірімін. Бүкіл өлеңдерімнің бәрі табиғатпен астарласып, өріліп жатады. Таудың, даланың ауасын қаланың қапырық ауасымен салыстырып көріңізші. Кез келген қазақ баласы еркін есіліп жатқан желі мен жусан иісі бұрқыраған тауы мен даласын бір сәт аңсамайды деп айтыңызшы.
Адам бұл ортада өзін басқаша сезінеді. Сондықтан да өлең десе, поэзия десе астындағы атын түсіп, үстіндегі шапанын шешіп беріп, ақындарын тәңірдей, құдіреттей сыйлаған қазақ үшін әдебиет өте керек. Әсіресе, қазақ пен поэзия егіз, олар сан ғасырлар бойы бірге өмір сүріп келеді. Сондықтан бізді ешкім олардан айыра алмайды. – Қазір өмір де, наным түсінік те өзгеріске ұшырап, мүлде жаңа қоғамдық қатынастар қалыптаса бастады. Ол әдебиетшілерімізге қалай әсер етіп отыр. Сіздер заман ыңғайына қарай бейімделіп келесіздер ме? – Енді оны кім қалай сезінеді, қалай қабылдайды соған байланысты. Ол әркімнің еркіндегі нәрсе. Қазір демократия деп сандырақтап, тіпті кейде оны артық пайдаланып кеткен де жағдайларымыз бар. Еркіндік деген ауызға не келсе соны айту емес. Ол халыққа салиқалы ой айту. Біздің алдымызда өткен арқалы ақындарды халық неге жақсы көреді? Неге сүйіп оқиды? Демек халықтың көкейінен, көңілінен шығатын, солардың «осы айтса екен-ау» деген тілектерін, қалауларын айтып кеткендіктен. Сол себептен де күні бүгінге шейін халық жыраулары Ақпанбеттер ел аузынан түспей келе жатыр. Өйткені олар халықпен бірге жасайтын өмірлі шығармалар тудырғандар. Ақын да өзінің заманымен бірге өмір сүріп жатқаннан кейін бет алды «ләпәи, тақсыр» деп құлшылық етпей, оның керекті жағын алу керек. Бәрін жүз пайыз бойға сіңіріп алу мүмкін емес нәрсе. Поэзия – бұл өте тұнық, өте терең, өте өміршең дүние. Егер бұлай болмаса біз Абай тағылымдарын баяғыда-ақ ұмытқан болар едік. Ал биылғы жыл – Шәкәрім жылы. Кезінде анау Байрон, Гетелерді аударған Шәкәрім сынды құдіретті ақындар емес пе еді. Бұған ғаламат дарын, ғажап білім, ақыл, парасат, қуатты күш, сол ақындарды аударатындай деңгей, кең көсіліп, төгіліп жатқан поэзиялық тыныс, ақындық шабыт керек. Ақынға талғампаздық өте қажет қасиет. Бүкіл туындысына, жазған дүниесіне сын көзбен қарамаған ақын ақын емес. Жұрттың қалауынан шығатын, рухани қажетін өтейтін, «өзімнің заманыма лайық дүние жазып жатырмын ба, жоқ па?» деп бір мезет ойланса артық болмас. Өкінішке орай жас ақындардың көбі, жанына тиіп жандарын жаралағым да келмейді, бірақ біздің заманымызда біздер ақындардың кітабын жастығымыздың астына жастанып оқитынбыз. Біз поэзияға сусап, шөлдеп тұратынбыз. Қасым Аманжоловтың, Сырбай Мәуленовтың, Жұбан Молдағалиевтің, Хамит Ерғалиевтің, Мағжан Жұмабаевтың,
Әділбек Абайділдановтың өлеңдерін, кітаптарын іздеп жүріп оқитынбыз. Ал қазіргі жастарда осындай құштарлық бар ма десек, керісінше «мен кереметпін» деген көзқарас, «менен асып тұрған ешкім жоқ» деп кеуделерін керіп, ешкімді менсінбей менменсеніп жүретіндер көбейіп бара ма қалай. Менің ойымша олардың бұнысы таяздық. Егер ол өте білімді болса, өте көп оқыса «мен кереметпін» деп кеудесін кермес еді. Талғамсыз дүниелер жазбас еді. – Жазушылар, ақындар арасында бір-бірінің жаңа туындыларына ағынан жарылып әділ баға берушілер азайып кетті дегенге не дер едіңіз? Әйтсе де өзіңіз жайлы ағаларыңыз, құрбықұрдастарыңыз айтқан қандай пікірлер есіңізде қалып қойды? – Әрине, Ғабит Мүсірепов, Әбділдә Тәжібаев, Мұқаметжан Қаратаев сияқты үлкен ғұлама ақындар мен сыншылар сол замандардың өзінде том-том сын кітаптарын жазып кетті. Айтуға тұратын қазақ әдебиетінің ірі сүбелі дүниелері де болды. Солардың жақсысын «жақсы», жаманын «жаман» деп айтатын азулы сыншылар да аз болмады. Ал қазіргі заманда да ондай ағаларымыз жоқ емес бар. Жақсылық Бұрабаев, Тұрсынбек Кәкішев бұл кісілер өз пікірлерін айтып, жазып жүреді. Әдебиет, поэзия қазақ үшін ортақ. Ал осыны жер-жерге, жік-жікке бөлгеннен қорқамын. Осындай көзқарас болған жерде, әрине, ешқандай бірлік, біртұтас әдебиет болмайды. Сондықтан да рухани дүниелер ортақ деп елдік тұрғыдан қарап, ой толғап, қалам тарту керек. Әрине, кімнің кім екенін, қайдан шыққанын халықтың білгені артық емес. «Бөлінгенді бөрі алады, жарылғанды жау алады» дейді атам қазақ, бөлінгеннен сақтасын. Қазір ағын ақ, қарасын қара деп айтатын сын жоқ. Ешкім сынамайды, әншейін сылап, сипап атүсті пікір айтып кете береді. Ал бұрын «мынау еркек, мынау қыз» деп бет-жүзіне қарамай оңдысолды сынай беретін. Мысалы, Мұқаметжан Қаратаевтың «Қыз шыққан қия» деген үлкен сын мақаласы «Жұлдыз» журналында жарияланды. Онда алғашқы ктабым «Балқұрақ» жайлы айтылады. Сәтті сапар тілеп, ақ баталарын берген ағаларым өте көп болды. Олар Қуандық Шаңғытбаев, Ғафу Қайырбеков. – Өзіңізбен қатар ақындардың, жас қаламгерлердің, шетел жазушыларының шығармаларын, өлеңдерін оқисыз ба? – Мен Абай өлеңдерін жаттап өстім. Өзіміздің ақындардан көп оқыдым. Мәскеуде жоғары әдеби курста оқып жүргенде әкемнің айтқан мына бір сөзі есімнен шықпады. «Орыс әдебиеті деген
үлкен дүние. Сен бүкіл әлем әдебиетінен хабардар болуың керек. Екі жылдың ішінде сен көп дүниені игеріп қайтасың. Бұл сенің болашақ өмірің үшін керек», – деп еді. «Бар сенерім – Бір Алла, содан кейін – өзімнің күшім, білімім, талантым». Онда жүргенде Пушкинді беріле оқыдым. Абай аударған «Татьянаның хатымен» бала кезден таныспын. Оның әнін айтып өстік. Сондықтан Пушкин өлеңдері мен үшін бір төбе. Сонымен қатар Есениннің өлеңдерін жақсы көремін. Пастернакты, Тютчевті, Анна Ахматованы көбірек оқыдым. Тұманбай, Ғафу, Жұмекен, Қайрат сынды ақындардың ортасында болдым. Құнарлы жерге дән ексең дүркіреп өседі ғой. Сол сияқты осындай бір қазақ поэзиясының шоғырлы ортасына тап болдым. Маған Мариям апаның «Шашу шаштым халқыма» деген өлеңдері қатты ұнады, ерекше әсер етті. Оны Қытай елінде жүргенде оқыдым. Мариям апа: «Сен екінші Мәкеңсің» дейтін. Қиындықты көп көрсе де қажымаған қайсар, тұла бойы тұтасқан бір ерліктен тұратын сияқты. Тұрсынхан апа ақындықты, әншілікті, ғалымдықты қатар алып келе жатқан адам ғой. Аз болса да саз болып жеткен Шолпан Иманбаева, Зияш Қалауова. Бұлар ертеректе шыққан қазақтың ақын қыздары. Құдайға шүкір, өзім қатарлы ақын қыздар баршылық қой. Фариза, Ақұштап, Күләш, Қанипа, Мағираш.., бәрін атай беру, әрине, шарт емес шығар. Енді бізден кейінгі толқынға келсем Ханбибі Есенғараева, Гүлнәр Салықбаева, Баян Бекетова, Гүлнәр Өмірзақова, Танакөз Толқынқызы, Назира Бердәлі, Жанар Әбсадық. Аталған ақын қыздардың өлеңдерінде өмір, сезім, табиғат, тіршілік бәрі-бәрі бар. – Тақыр жерге шөп шықпайды демекші ақындық та, өнер де тегін адамға қонбайтыны белгілі. Оның арғы төркінін тектілік дейміз. Жалпы осы тектілікті сіз қалай түсінесіз? – Қазақ айтады «мынау текті жерден шыққан немесе мынау бір жеті атасы жарымаған барып тұрған тексіз екен», – дейді. Бұл атабабадан тұқым қуалайтын, қанмен бойға даритын қасиет. Атам қазақ оқымаса да «мына адамның көкірек көзі ояу екен, көкірегінің көзі бар» дейді. Ол білімдарлық, тектілік деген сөз. Ал ештемені көрмей өскен адамнан не шығады. Осыдан мыңдаған жыл бұрын өткен Қытайдың бір ұлы ғалымы Хун Ху 3-дың жазғанын оқып едім, ол жеті жасқа келгенше әкесі бірнеше жерге көшіп, қонысын ауыстыра беріпті. Күндердің күнінде әкесінен: «Сіз неғып осы көше бересіз? Неге бір жерде бір байыз тауып отырмайсыз?», – деп сұрайды. Сонда айтады екен: «Кімнің баласы жақсы, тәрбиелі, көргенді» десе
мен сонымен барып көрші болдым. Өйткені көршінің баласымен араласқан кезде оның бойында бар жақсы қасиетті қабылдасын деп көшіп, қондым. Кімнің баласы жаман болса онымен қоныс қонып көрші отырған жоқпын», – дейді. Бізде «баланы жастан...» деген ұлағатты қағидада зор мән бар. Қазақ керемет философ халық. Бәрін түйіндеп айтып кеткен. Өкінішке орай қазіргі жастарымыз оған көңіл аудара бермейді. Жеті жасқа дейін берген тәрбие, үйренген нәрсесі өсе келе дамып отырады. Бала көзін ашқанда қандай тілмен сөйлейді, сол тіл баланың санасында қалыптасып қалады. Ана тіл деген ананың ақ сүтімен келетін дүние ғой. Тілі қазақша шыққан бала қазақ тілін өмірі ұмытпайды. Сонан соң біздің халық уыз емген балаға ерекше мән берген. Ал уызға тоймаған баланы «уызында жарымаған» дейді. Уызында жарымаған бала өмірі жарымай өтеді дейді екен. Сондықтан бала емшек сүтімен қоректену керек. Қазақ жеті атаға толмай қыз айттырмаған. Ал пәлен жақта пәленнің осындай жақсы қызы бар екен десе соны жеті қырды асып барып айттырып алған. «Анасын көріп қызын ал» дейді екен атам қазақ. Егер шешесі текті жақсы адам болса соның сүтімен ауызданған қыз бала тәрбиелі, көргенді болады дейді екен. Ал көбіне ұл баланың жақсы болмағы жеті атасынан ғой деп жатады. Демек оның әке жағы текті болғаны. Көрдіңіз бе біздің халық әке жағын да, шеше жағын да еске алып баласын жақсы, болған, толған жердің қызын айттырған. Тіпті қарын құда болғадар да бар. Содан барып бұлардан өте жақсы ақылды, елінің, жерінің тағдырын ойлайтын ұлы тұлғалар өмірге келіп, қалыптасуы соған байланысты екен. Ал қазір тегіне қарамай есеппен үйленіп, бай мен бай құда болып жатыр. Оның құдалығы қаншаға барады оны бір Құдай біледі. – Сізді қаламдастарыңыз, еліңіз еркелетіп «жыр аққуы» дейді. Өзіңіз осы теңеу маған тауып қойылған деп ойлайсыз ба? Оның мәнісі неде? Жоқ, әлде құрбыларыңыздың қойған «аты» ма? – Оқырмандарымның өзі мені осылай атап кетті. Жас кезімнен әке-шешем мені әппақ қып киіндірген. Біздің тұқымдарымыздың бәрі өзі бойшаң. Әкем де, шешем де әппақ сүліктей әдемі кісілер болатын. Мен табиғаты керемет сұлу өлкеде дүниеге келдім. «Сайрам» тұп-тұнық, жан-жағын тау қоршаған көл. Аспанда ұшқан аққулар мен ақша бұлттардың бәрі сол көлдің бетінде табысатын. Жел болмаған күні тып-тынық айнадай болып жатады. Сонда аққулар келіп, көлге шомылады. Мен кешке шейін сол аққулармен ойнайды
екенмін. Олардың қанаттарының қаққанын, таранғанын, сыңсып
«ән» салғанын қызықтап, көлден көтеріле ұшып кетпейінше үйге
оралмайды екенмін.
Өзім өте нәзік болдым, күн өтпесін деп ақ киім кигізеді екен. Ақ
киімді жақсы көретінім содан болса керек. Оның үстіне жұрттың
ниеті, тілегі ақ. Екіншіден, 1968 жылы Жазушылар одағына
мүшелікке өттім. Куәлігімізді Мәскеуде Марков өз қолымен тап-
сырды. Сонда «сіздің Бүркеншік атыңыз қандай?» деп сұрады. Мен
ойланбастан «Лебедь» дедім. Осыдан кейін «жыр аққуы» атанып
жүре бердім. Кейінгі шыққан кітабым да «Аққу жүрек» деп ата-
лады. Мен өзі тазалықты, пәктікті, адалдықты өте жақсы көретін
адаммын. Поэзия құдіреті таза нәрсе, оған періштедей қарым-
қатынас керек. Осы уақытқа дейін поэзиямен егіз өмір сүріп, ол
мені, мен оны тастамай жүргенімнің тағы бір себебі «Шыңдағы
жазу» атты жинағымда:
Қара бұлттан түскен жалғыз тамшымын,
Өлең ием мен оған бір жалшымын.
Керек жанға самал желдей жұмсақпын
Керегі жоққа осып түсер қамшымын, – деуімде жатса керек.
Уақыт өзі сыншы, керегін алады керек емесі ұмыт болып қалады.
«Жүйрікті өрге салсаң, өршеленер» дейді ғой атам қазақ. Сол
айтпақшы, мен намысқа тырысып, кейісем де, ашынсам да, көзімнің
жасын ешкімге көрсеткен емеспін. Өз үйімде, төрт керегемнің
ішінде жылап-жылап алатын да кездерім болатын. Бірақ артынан
отыра қалып, өлең жазатынмын. «Өлең – менің тағдырым, өлең
менің жақыным, өлеңнен басқа менің ешкімім жоқ» дейтінім де
содан. Ақынның да ақыны бар. Шынайы ақынды халық қашанда
қастерлеген. Абайдың ұлы ақын болып қалуының өзі елінің
бүкіл жақсы-жаман жақтарын, қым-қуат тағдырын өлеңге арқау
еткендігінен шығар...
– Өмір тақтайдай түзу жол емес екені белгілі. Әсіресе, ақын
қыз үшін кездесетін қиындықтар, кедергілер, аяқтан шалу аз
болмасы ақиқат. Негізінен, олар қандай жағдайларға байланы-
сты орын алады?
– Мен бұған өлеңмен жауап берейінші:
Өмір деген емес ол атты кісі,
Толып жатыр бүкпесі қақтығысы.
Қыз мінезді кейде бір сұлу көктем,
Келеді екен кейде оның қатты қысы, –
өмір деген міне, осындай. Мен өмірдің қиындығын да, жақсылығын
да көп көрдім. Мысалы:
Ойлайды екен осы жұрт мені кім деп,
Сырт қараған адамға желігім жоқ.
Ал ішіме үңілсең ғасырлардың,
Дауылы ойнап жатады, желі гулеп, – көрдіңіз бе мен бүкіл
ғұмырымды өлеңмен баяндап отырамын. Немесе:
О, жас жүрек не тілейсің, бабыңды таппай келем,
Кейде мен кейбіреуден қақпай көрем.
Жанға айтпаған сырымды саған айтып,
Тұңғиық тереңінде сақтай берем, – бұл жүрек неге ауырды
дейсіз. Әсіресе, асқар тауым әкем дүниеден өткенде ерекше қатты
сыздады.
Қаншама артық болса да басқа қала,
Жетер ме, өз туған жер, тас қораңа.
Алыс жүрсең құс болып сағынышың,
Құшақтай ма, жартасын жастана ма.
Әлде одан өрім өмір бастала ма,
Әлде оған сырлы ыстық жас тама ма.
Әлде одан көтере ме, алғаш рет,
Шырылдап жатқаныңда асқақ ана.
Әлде адам сарқып барып бар тірлігін
Бір уыс топырағын жастана ма.
Жат елде қаншама алқып-шалқып жүрседе әкемнің есінен туған
жер мен елі ешуақытта кетпеген. «Елге аман-есен оралып, туған
жердің бір уыс топырағы бұйырып өлсек арман жоқ», – дейтін. Сол
ата-анамның арманы мені осы уақытқа дейін жетелеп келе жатыр.
Ал поэзия Алланың маған берген сыйы.
– Сіз өз қатарластарыңыздан кімдермен дос болдыңыз,
кімдермен араластыңыз?
– Менің дос-жарандарымның көбісі – ер адамдар. Біз жас кү-
німізде Жұмекеңмен өлең-дос болдық. Зейнолла Серікқалиевпен,
Сайын Мұратбековпен сыйлас, сырлас ретінде араластық. Бір жаңа
дүние жазсақ, сиясы кеппей жатып, дереу соны талқылайтын едік.
Ал жалпы алғанда, менің өмірдегі ең жақын, ең үлкен досым –
менің әкем болды. «Қыз» деп маңдайымнан қаққан емес, атымды
тіке атамайтын, ылғи «мәрпетай» дейтін. Не жағдай болсын, ылғи
әкеммен кеңесетінмін. Мәскеуде жүргенде де туған жермен, ағайын-
туыспен жалғастырып жатқан бірден-бір нәрсе – әкемнің маған
жазған хаттары еді. Ол әкемнің қатты ауырып жүрген кезі болатын, енді ойлап отырсам, ол кісінің өмірінің соңғы кезіндегі барлық алданышы, жұбанышы маған хат жазу болған екен... Қазір буын мен буын арасында тап сондай сыйластық, тап сондай қарым-қатынас бар деп айта алмаймын. Бұрындары бірен-саран ақын қыздар келіп тұратын. Бірақ тұрақты бір хабарласып, ақылкеңес сұрап тұратын адам аз. Реті келгенде ақыл-кеңес айтсаң, сыни пікір білдірсең, кейбіреулерінің тіпті сөз көтеретін сыңайларын да байқамайсың. Бірақ мен ондай адамдарда биіктік, тереңдік бола қояды деп ойламаймын. Олардан керемет поэзия да күтпеймін... Мырзатай Жолдасбеков, қоғам қайраткері Бабалар аңсаған арманға жеткен біз – бақыттымыз! Аузы дуалы ғұламалардан бата алған, әлемдік түркологияны елең еткізген жаңалықпен ғылымға келген, қазақ ауыз әдебиетінің бастау көздерін ашқан дарынды ғалымдардың бірі, іскер ұйымдастырушы, парасатты дипломат Мырзатай Жолдасбеков шын мәнінде мемлекетшіл азамат, халықтық тұлға. Ол қайда барса да, қандай қызметте жүрсе де мемлекет мүддесін, ел тарихын бір сәт естен шығарған емес. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ең алдымен халықтың ауызбіршілігін, ынтымағын ойлап, елді үнемі бірлікке, ынтымаққа шақырумен келе жатқан, ел қамы үшін аттан түскен жан емес. Қиын кезеңде елдіктің туын жықпаған, адамгершілік пен кісілікті, ақылмандық пен абыздықты қатар ұстаған, жүрегінен от, көзінен нұры таймаған жампоз, ұлтының дәстүрлеріне берік еңбекқор ізденімпаз ғалым, жас ұрпақтың тәрбиешісі, ұлттық мәдениеттің қара нары Мырзекеңе жолығып, әңгімелескен едік. – Сіз қазақ тарихын бір кісідей білетін еліміздегі биік тұлғалы ғалымдардың бірісіз. Қазақ мемлекеттігінің қалыптасу кезеңдерінде ұлтжанды қайраткер ретінде жауапты қызметтер атқарып, бар қуатыңыз бен біліміңізді, мол тәжірибеңізді елдің
игілігіне арнадыңыз. Яғни, жас мемлекетіміздің бұғанасы бекіп, қабырғасының қатаюына бір азаматтай үлес қосқаныңызды ел біледі десек артық кетпеспіз. Енді осыған байланысты ойыңызды ортаға салсаңыз... – Біз кезінде дербес ел болып, бұрынғы мемлекеттерді айтпағанда қазақтың даласында, қазақтың байтақ жерінде орнаған кемінде жиырма шақты мемлекетті білемін. Әр түрлі аталған, әр түрлі тағдырға ұшыраған. Бірақ шырағы бір сөніп, бір жанған, қайта тұтанып, қайта сөнген осындай мемлекеттер аз болған жоқ. Ол кезде негізгі мәдениет, жалпы біздің мемлекеттігіміздің тұғырлары Шу, Тараз және Оңтүстікте осы өлкелерде ерекше қанат жайған. Одан кейін Түрік қағанаты, оның бер жағында Қазақ хандығы. Қазақ хандығы Абылайдың тұсында бірталай дәуірлеп, дәурендеп, әжептәуір елге танылып, елші жіберіп, сөйтіп кәдімгідей кәнігі қалыптасқан мемлекет дәрежесіне жетті. Бірақ біз қанша мақтағанмен Абылайдың тұсында қазақ Абылайдың туының астына тұтас кірген жоқ. Бұл енді біздің үлкен трагедиямыз еді. Басы біріге қойған жоқ. Соның салдарынан алғашқы Түрік қағанаты кезіндегі, кейінгі қазақ хандығы кезіндегі мәңгілік ел орнату, іргелі мемлекет болу идеясы жүзеге аспай қалды. Кенесарының тағдырының өзі анау болды, ол белгілі. Қазақтың соңғы ханы талапайға түсті. Бұл дүниежүзіндегі, әлем тарихындағы ең тағдыры ауыр басшы ғой деп ойлаймын. Кенесары өмірі ол қазақтарға сабақ болуы керек. Кенесарының тағдыры, Кенесарының тәуелсіздік үшін күресі, оның жолындағы көрген мехнатын қазақ ұмытпауы керек. Сол кездегі алауыздық, басы бірікпегендік, сатқындықтың аяғы неге әкеп соғатын біз жадымыздан шығармауымыз керек. Солардың бәріне басын тікті Абылай. Абылайдың жаны тәтті емес пе еді. Тәтті еді ғой. Әсіресе, ханның жаны ғой ол. Ханның жаны өзінен гөрі халыққа керек қой. Бірақ Абылай тәуелсіздік үшін ел шетіне жау келгенде соған қарсы күреске, жекпе-жекке шыққан жоқ па. Барын тікті ғой халықтың тағдырына. Бұл шындығында сұмдық тарих. Ал енді Құдайға тәубә, сан мың жыл күресіп, азаттық үшін, тәуелсіздік үшін жанын қиып, пида қылған, қаны судай ақын бабалар аз болған жоқ. Бірақ олар мынандай бәлиғатқа, арманға жете алмады. Біз жетіп отырмыз. Аз бақыт емес бұл. Осы бақытты біз ұғына білуіміз керек. Сол бақытқа халықпен бірге ие болу нәсібі әуелден Елбасы Нұсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тиген екен. Бұл оңайдан-оңай болатын нәрсе емес. Тарихтың, Алланың өзінің шақтап берген сыбағасы
бұл. Сондықтан ешкім оны бөліп ала алмайды. Назарбаевтың тәуелсіздік орнатудағы, оны баянды етудегі, қазақ халқының ішкі, сыртқы саясатын, экономикалық реформалау саясатын, нарық саясатын қалыптастырудағы бұл кісінің орасан зор еңбегін ешкім тарихтың еншісінен бөліп ала алмайды. Біз қазір Құдайға тәубә, көп елдермен терезесі тең мемлекетке айналдық. Бас-аяғы он бес жылдың ішінде. Жасы он беске толған бала еркелемей тамақ ішпейді. Ал қазір он бес жылдың ішінде мемлекет болдық. Бұл біздің ғалымдарымыздың ойланып, толғанып отырып жазатын, жан-жағынан жабыла көмкеріп қасиетін ашатын үлкен бір айшықты тақырып, осы ма, деп топшылаймын. Бұған біздің ғалымдарымыз терең бара алған жоқ. Бетінен қалқып жүр әлі. Олар тереңіне сүңги алмай жүр. Елбасы ол тегін адам емес. Осыншама ақылға, осыншама саясатқа қол жеткізу, мәселен, АҚШ сияқты мемлекетпен иығын тірестіріп тұрып, терезесі тең сөйлесуі, мен бұндай бақытты қазақ көрген жоқпын. Мен Құдайдан осы бақытты тартып алма деп тілеймін. Сондықтан қазір біздің саясатымыз қалыптасқан елміз. Өзін-өзі асырау, өз дәулетін өзінің халқына жарату былай тұрсын, қазір Қазақстан көршілес, тіпті бізден алыста жатқан көп мемлекеттерге жәрдем бере бастады. Бұған тәубә дейміз, Құдайға шүкір деуіміз керек. Қазақстанның болашағы өте зор деп ойлаймын. – Бүгінде Елбасы ғылымға ерекше көңіл бөліп отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын шет елде жүрген белгілі ғалымдарымызды жинап, «Отанға қызмет істеңіздер! Елге келіңіздер!» деп шақырғаны белгілі. Сонда жалпы қазақтың ғылымының аяқ алысы қандай? – Қазақ халқы әлемдегі адамзаттың ішіндегі өте бір феномен халық деп ойлаймын. Бұның ойлау кеңістігі, ойлау қабілеті, шешендігі, көсемдігі, бұның философиясы, бұл халықтың тереңдігі, данышпандығы, кемеңгерлігі ерекше халық. Осыншама эпостар тудыру, осылай көсіліп шешен сөйлеу, бір сөзбенен істің тағдырын істің ғана емес, мемлекеттің, елдің, еларалық қатынастың тағдырын шешу көп халықтың еншісіне беріле бермеген бақыт. Ал енді бұның бәрі ақылға келеді ғой. Ғылым қайдан шығады? Ғылым ақылдан шығады. Кеңес дәуірінде де қазақтан шыққан ғалымдар өте көп болды. Мықты ғалымдар. Қазір Құдайға тәубә, кешегі аласапыран заман келген кезде біздің ғалымдарымыз, көптеген өнер қайраткерлері шет елге кетіп қалды. Одан кейбіреулер трагедия жасады. «Мен жасамаңдар» дедім. Олар кәдімгі сейфке
салып қойған сенің асылың сияқты тұра тұрсын. Жәбір көрмесін, жаны қиналмасын, заманы келеді. Ол барып дамыта берсін әлемнің мәдениетін. Оған да үлес қоссын, ғылымға да үлес қоссын. Ал түбінде олар елдің жағдайы жөнделгеннен кейін қайтып келеді. Ғалым деген олар өте бір жаны нәзік, өнердің қайраткерлері де жаны нәзік адамдар. Бұларға үлкен қамқорлық керек. Әлпеш керек, аялап отыру керек оларды. Енді міне Құдайға шүкір ел етегін жапты, есін жиды. Елбасы өткенде сыртта жүрген талантты, дарынды бауырларымызды шақырды. Ал қазір жағдай бар. Тура сол жердегі жағдайды қазір Қазақстан өз елінде жасай алатын мүмкіндік туды. «Келіңдер енді, оралыңдар, халқыңа, отаныңа қызмет етіңдер!» деді. Не деген құдіретті сөз. «Келеміз!» деді олар. Енді Құдай қаласа, мен ойлаймын аяқсыз қалмайды. Сондықтан білімді де, ғылымды да дамытатын осындай дарынды, талантты жастар. Әркім өз баласын әлпештегенде қоярға жер таппайды. Алтын да сол, құлын да сол, қозы да сол, періште де сол – енді теңеу таппай қиналады. Ал сол бала көшеге шыққаннан кейін кімдікі екенін білмейсің. Жалпы болады. Сол баланың бәрі қазақтан туған екенің, қазақ перзенті екенін біз үнемі ескеріп отыруымыз керек. Сондықтан «жастар біздің келешегіміз, жастар біздің болашағымыз!» деген бір ұран бар. Келешегің болса, онда қамқорлықты алдымен жастарға жаса. Соңғы кездері байқасаңыздар, Елбасы өнердің, білімнің, мәдениеттің жас қайраткерлеріне жылда Тәуелсіздік күнінде, жақсылық күндердің бәрінде қамқорлық жасап, пәтер беріп жүр. Бұл үлкен саясат. Қамқорлық деп осыны айтады. Жеңілдікпен, несиемен беретін пәтерлер және бар. Міне, осындай пәтерлерді «ең алдымен жас отбасыларға беріңдер!» деді ғой Елбасы. Мен осы комиссияның мүшесі болдым. Ол жаңа басын құраған, алғашқы жылдары өте бір мехнатпен өтетін жастарға мұндай қамқорлық ауадай қажет емес пе? Қолыңнан келсе, ең алдымен сол жастарға көмектес. Содан кейін Қазақстанның, қазақ халқының келешегі солардың белінде жүргенін біз ұмытпауымыз керек. Оларды жәбірлемеу керек, алақанға салып әлпештеу керек, аялау керек деп ойлаймын. Білім, ғылым туралы да әр түрлі, әр салалы пікірлер, көзқарастар болып жатады қоғамда. Оны ауыр санамау керек. Мен ойлаймын осы білім, ғылым саласын басқаруға келген ешбір министр «мен осыған кедергі жасайын» деп келмейді «дамытам» деп келеді. «Алуан-алуан жүйрік бар әліне қарай шабады» дегендей әрқайсысы өзінің әліне қарай қызмет істейді. Қазір министр болып келген
ініміздің аяқ алысы жаман емес. «Еліміздегі адамға да, білімге
де, ғылымға да керегі жоқ осы қаптаған академиялардан, универ-
ситеттерден құтылыңдар» деді ғой Президент. Саны көп сапасы
жоқ, аты бар заты жоқ. Міне, осылардан құтылсақ онда білімнің де
бағы ашылады. Ғылымның да жолы ашылады. Кезінде, біз оқыған
кезде Қазақстанның маңдайында жалғыз-ақ университет болатын.
Кейін оған екінші болып Қарағанды универститеті қосылды. Одан
кейін жаңа заманның болмай қоймайтын қиын кезеңінде жұрт
бет-бетімен кетті жамырап, ойына келгенді істеді. Мәселен, мына
оңтүстік өлкемізде Сарыағаш жақтарда үш бөлмелі пәтерде универ-
ститет құрылған. «Естімеген елде көп» дегендей, бұл сұмдық екен
дедім. Енді бұдан да құтыла бастадық.
– Мырзатай аға, сіз философия ғылымдарының докторы,
профессор, әлемдік деңгейдегі көрнекті ғалымсыз. Халық
ауыз әдебиетінің арғы-бергі тарихын жеріне жеткізе зерттеген
сіз сияқты ғалым, әрине, елімізде сирек болар. Мысалы, ауыз
әдебиетінің соңғы өкілі Кенен туралы зерттеулеріңіз неге тұрады.
Сұлу сөздің сүлейі Сүйінбай мен Жамбылды айтпағанда. Осы
бағыттағы алдағы жұмыс жоспарларыңыз қандай?
– Мен бұларды әлім жеткенше зерттедім, жаздым. Жетісу өңірі
ақындарының мұраларын қаншама жинадым. Солардың бәрінің
түбіне жеттім деп айтпаймын. Бір адамның өмірі жетпейді оған. Бұл
зерттей беретін шексіз тақырып. Біздің қайнап жатқан, бұрқылдап
жатқан мөлдір бұлағымыздың бір бастауы бұл. Құдай қаласа, әлі
зерттеле береді. Мен де жүрегімнен от сөнгенше қолымнан қаламым
түспейді деп ойлаймын. Құдай қуат берсе, Алла мүмкіндік беріп
жатса, мен қаламсыз өмір сүре алмайтын адаммын.
Одан кейін менің зерттейтін үлкен салам ол ежелгі Ор-
хон ескерткіштері. Сартқожа Қаржаубайұлымен бірігіп жазған
«Орхон ескерткіштерінің толық атласы» дейтін еңбек ол қазақ
емес бүкіл түркология ілімі мақтан тұтатын еңбек. Ол алдымен
өзімізде қазақ тілінде шықты. Содан кейін орыс тілінде жаздық.
Орысшадан ешқандай кемдігіміз жоқ. Орыстың өзін шатастыра-
ды қазір қазақтар. Соның ең алғаш жүзеге асырған біз десек, ол
мақтанғандық емес. Бұл мақтануға тұратын туынды. Осы саладағы
еңбегімді де Алла қуат, медет берсе жалғастырайын деп отырмын.
Енді не істеу керек? Біз шығарған «Орхон ескерткіштерінің толық
атласы», қазір мен есептедім, кемінде он докторлық диссертацияға
тақырып бола алады. Кандидаттығын айтпай-ақ қояйын. Кезінде
өзінің тарихынан, өзінің бағдарынан адасып қалған қазақ халқының ең қажеттерінің бірі осы ескерткіштерде. Онда кісі аттары бар, жер атаулары бар. Солардың бәрін қалпына келтіруіміз керек. Соның бәрін ұғындыруымыз керек халыққа. Дұрыстап түсіндіріп берсек онда кезінде Ленинградта шыққан «Ежелгі түрік сөздігі» деген кітаптан кейінгі екінші «Көне түрік сөздігі» түбінде осы болып шығады деп үміттеніп жүрмін. Жаныма талантты жастарды топтастырып осыны зерттесем деген ойым бар. «Орхон ескерткіштерінің атласы» деп отырғанымыз, ең алдымен қазақтың көне мұраларының атласы деп есептеу керек. «Мәңгілік ел орнатамын» деп аңсаған Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк, Өнгін бәрі біздің бабаларымыз. Қазақ осылардан шыққан, осылардан тараған. Оны көп айтып жататын, дәлелдейтін ештеңке жоқ. Ешкімнің де таласатын қақысы жоқ. Түрік халықтарына ортақ дейміз, бірақ түрік халықтарының ішіндегі ең көсемі, ең шешені, ең ақылманы, ең данышпаны қазақ халқы. «Бөрлі байрақ ұраны» деп Сүйінбай бабамыз неге мақтан тұтып отыр. Біз осындай халықпыз. – Сіз университеттің қатардағы мұғалімінен бастап, филология факультетінің деканы болдыңыз. Талдықорған пединститутын басқардыңыз. Қазақ дипломатиялық академиясының тізгінін ұстадыңыз. Л.Н.Гумилев атындағы «Еуразия» университетінің ірге тасын көтеріп, оны еліміздегі ең бір беделді оқу орындарының біріне айналдырдыңыз. Сіз осы және басқа қызметтерді еліміздің өміріндегі ең қиын кезеңдерде атқардыңыз. Кадрлар дайындаудағы сіздің тәжірибеңіз, әрине, шексіз. Бір сәт өткенге ой жүгіртіп, барлап көрдіңіз бе? Оған өзіңіздің көңіліңіз тола ма? – Неге толмайды көңілім. Бұл ешкімнің тақымына тар келген қызмет емес. Біз сондай аласапыран заманда, қалыптасқан мемлекеттігі жоқ, оның дәстүрі, оның салты, оның идеологиясы қалыптаспаған жаңа мемлекетті құруды бастан кешірдік қой. Соны бәріміз жан-жағынан ұстасып, іргесін қалап, көтеріспедік пе. Соның бел ортасында болу, Президенттің жанында болып, сол саясатты жүргізу, соны орнықтыру, ата салтын, ата тарихымызды қалпына келтіру, біздің бай мұрамыздың бәрін қалпына келтіру, қор болған, тәркіленген, халықтың ұлы қайраткерлерін халқымен қайта табыстыру бұл оңай шару емес еді. Айтуға жеңіл. – Сіз әріптестеріңізбен бірігіп қазақтың біртуар азаматтары жайлы жазған «Елтұтқа» деген еңбегіңіз бүгінде қолдан-қолға
өтетін аса құнды көмекші құралға айналғаны белгілі. Осындай үлкен шығарманың жалғасы бола ма? – Мен Құдай қаласа сол інілерімді Қойшығара Салғараұлын, Ақселеу Сейдімбекті қайтадан қасыма алып, күш біріктіріп, тізе қосып жалғастырайық деп жатырмыз. Бұл біздің шын тарихымыз. Сондағы көрсетілген қайраткерлердің бәрі бүкіл қазақ халқының бабалары. Біз енді «Елтұтқаның» бес томын жазсақ деп отырмыз. Бұлар елге тұтқа болған қайраткерлер. Бір кезде елге сұрау салып, халықтың пікірін білгенмін. Сол кездері ең көп оқылған, көп пайдаланылған, студенттердің қолынан түспейтін оқу құралына айналған осы «Елтұтқа» болатын. – Бұрын-соңды еліміздің тарихында болмаған «Мәдени мұра» деген маңызы зор бағдарлама қабылдадық. Міне, осының басы-қасында өзіңіз болдыңыз. Оның жұмысына белсене ат салыстыңыз. Әлі де осы бағытта тер төгіп, еңбектеніп жүргеніңізді білеміз. Атқарылған істер, әрине, аз емес болар. Мүмкін, болса осыған аз-кем тоқтала кетсеңіз? – Бұл енді адам айтса нанғысыз. Бұрыңғы біздің ағаларымыз, сан ұрпақтарымыз армандап бірақ жете алмай кеткен бір арманы бұл. Бұған біз жеттік. Олар тіріліп қайтып келіп көрсе осыған сенбес еді. «Мынау рас па, өтірік пе?» деп. Ал қиял-ғажайып ертегіге бергісіз шындықты көзімізбен көріп отырмыз. Осыны да, жүзеге асырып жатқан, осының да басында тұрған Елбасы. Осыған тәубә дейсің бе, демейсің бе? Құдайға тәубә? Халқының керегін, ойындағысын тауып беріп отырған, соны істетіп отырған адам бұл. Ал ешбір мемлекеттің бұл жоспарында жоқ нәрсе. Менің бір жазғаным бар «Елді ояту үшін тарихты ояту керек» деп. Елбасы шын мәнінде тарихты оятып жатқан адам. «Мәдени мұраның» екінші мағынасы тарихты ояту. Тарихың ояна бастады қазақ, қуана бер. Бірақ мақтанып, мастанып кетпе. Осыны жалғастыр. Өткенде Нұрекең осының үш жылғы жұмысының нәтижесін шығарып, келесі үш жылға тағы да жоспар бекітті. Бұл да бір Алланың бізге берген бір сыйы ғой деп ойлаймын. – Ел ішіне және шет елге көптеген экспедицияар шықты ғой. Солар ауыз толтырып айтатын қандай жәдігерлер, деректер тапты? – Бұнымен жалғыз мен айналысқан жоқпын. Қазір мұнымен айналыспайтын, тапсырма алмаған ғылыми зерттеу институттары жоқ. Соның ішінде әсіресе, шығыстану, тарих, әдебиет институтының,
жекелеген университеттер ғалымдарының атқарған еңбегі ұшан-
теңіз, орасан зор. Бұл еңбек жалғасып жатыр, жалғаса береді. Та-
рих оянды, халық оянды. Ел өзінің тарихымен табысты. Енді Құдай
осыдан ажыратпасын деп тілейік.
– Бүгінде өзіңіз басқарып отырған Қазақстан Президентінің
мәдени орталығы соңғы кездері қандай жаңа жәдігерлермен
толықты?
– Кейінгі кезде қазақтың асыл мұраларымен толыға баста-
ды. Оның ішіндегі ең аяулы қазақ халқының шекесіне тигізіп
ұстайтын, кие тұтатын дүниесі, мұрасы Абылайдың торқа тоны.
Ешкімнің өңі түгілі түсіне кірмеген дүние осы, Құдайға тәубә
деймін. Қазір қазақтың жерінің асты да бай, үсті де бай. Асты
тарихқа, кенге бай. Қазақтың кең байтақ жерінен қазір төрт алтын
адам шықты. Іздеші әлемнің тарихынан қайда бар? Сол табылған
алтын адамдардың бәрі бізде. Есік қорғанынан табылған алтын
адам да бізде. Қазір біз сақ мәдениетінің залын жасап жатырмыз.
Келешекте түрік қағанатының, қазақ хандығының, қысқасы қазақ
мемлекеті тарихының мұражайын жасасақ дейміз. Бұны Елбасы
да қолдап отыр. Мақсатымыз – Кеңес дәуірінде қалыптасқан
«ұшарын жел, қонарын сай білген халық» деген көзқарасты жоққа
шығару. Хандарымыздың, сұлтандарымыздың, байларымыздың
бәрін ақымақ қылып. Ақымақ адам хан бола ма? Ақымақ адам бай
бола ма?
Астана – тек қана биліктің, әкімшіліктің астанасы болмау ке-
рек. Астана мәдениетіміздің де, тарихымыздың да, өркениетіміздің
де, руханиатымыздың да астанасы болу керек. Соның бір үлкен
орталығы осы Президенттің мәдени орталығы болды деп сенемін.
Ел келіп тарихымен тілдесіп, тарихымен жүздесіп, одан шыққан
кезде рахаттанып, әсіресе, жас ұрпақ «байтақ тарихы бар, мен мы-
нандай ел болғанмын, мен мынандай мемлекет болғанмын» деп
мақтанатындай дәрежеге жеткізуіміз керек.
– Сіз көрнекті мемлекет қайраткерісіз. Вице-премьер-ми-
нистр, Оқу министрі, мемлекеттік кеңесші, Қазақстанның
Ирандағы елшісі сияқты мемлекеттік, дипломатиялық жа-
уапты қызметтерді абыроймен атқарғаныңызды халқыңыз
жақсы біледі. Сіз еліміз енді-енді аяғынан тәй-тәй басып келе
жатқан шақта Елбасының көмекшісі болдыңыз. Ұлттық
идеологиямыздың қалыптасуына атсалыстыңыз. Сондықтан
да сұңғыла саясаткер ретінде дамыған, бәсекеге қабілетті елу
елдің қатарына ену үшін мәдениет, білім, ғылым, саласында қандай жетістіктерге жетуіміз керек деп ойлайсыз? – Біз Нұрекеңнің қасында бірге жүрдік, сапарлас болдық. Сонда бұл кісі ылғи бір тың идея ұсынатын еді. Өте көреген көсем адам. Бұл кісі жеті атасынан батыр ғой. Батырдың тұқымы. Әрі батырлығын, әрі көсемдігін танытып келе жатыр. Осы кісі ұсынған идеялардың біреуі аяқасты қалды ма? Ойланшы өзің. Бәрі жүзеге асып келе жатыр. Елу мемлекеттің қатары түгілі Құдай қаласа алдыңғы қатарлы жиырма бес мемлекеттің де қатарына қосыламыз. Ол үшін еліміздің тек қана мемлекеттік құрылымы, экономикалық, тарихи байлығы ғана болмау керек. Біз төрт құбыламызды да түгелдеп алғанымыз жөн. Біздің тарихымыз да, мәдениетіміз де, біліміміз де, ғылымымыз да, өркениетіміз де, демократиялық институттарымыз да сол мемлекеттердің дәрежесіне тең, талаптарының бәріне сай келу керек. Осыған жақындап тұрған жоқпыз ба? Осының табалдырығын аттап, есігін тықылдатып тұрғанымыз жоқ па? Құдай қаласа «құлақ естігенді көз көреді» дейді осыны да көресіңдер. – Мырзатай аға, қазір елімізде не көп баспа көп. Оларға ақша төлесең болды, нені болса да басып шығара береді. Бұрын тақырыптық жоспарлар деген болушы еді. Бүгінде ол жоқ. Осыны бір реттеуге, оқырманға бағыт-бағдар беретін әдебиетті шығаруды жолға қоюға болмай ма? – Мәселен, менің балаларымның «Күлтегін» деген баспасы бар. Мен оны бабамыздың аруағына сыйынып аштым. Бірақ ол сен айтып отырған санатқа қосылмайды. «Күлтегін» баспасынан түкке тұрмайтын бірдеңке шығыпты дегенді естідің бе? Ондайды жолатпаймыз. Өйткені Күлтегін есімі өте қасиетті. Бұл бір де. Екіншіден, сөзің уәжді. Мен оны жаныммен ұғынып қатты түсініп отырмын. Шынында да қазір не көп баспа көп. Әркім өзінің отырған пәтерінде университет ашып алған сияқты әркім баспа ашып алды. Бұның түбі жақсылыққа апармайды. «Есің барда еліңді тап» деп етек-жеңімізді қымтауымыз керек. Бұны жоғарыда билікте отырған азаматтар ойлауы керек. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігіне де нұқсан келтіретін мәселе. Теріс ұғым тарататын үн парақтар, неше түрлі жағымсыз жарнамалар, анайы бейне суреттер соның бәрі қайдан шығады деп ойлайсың. Сондықтан мемлекеттің саясатын жүргізетін өте іргелі баспалар болу керек. Жалғыз «Ақорда» баспасы ғана емес. Президенттің саясатын жүргізетін, елге, халыққа, мемлекетке, болашаққа қажет кітаптарды іріктеп шығарып отыратын баспа
керек. Бұл цензура емес. Бұны да реттейтін заман туды. Ал демократия – деген көрінгеннің отауы емес. Ойына келгенді істеу емес. Бетімен лағу емес. Тарихпен ойнауға болмайды. – Сіздің өнерден құралақан емес екеніңізді білеміз. Домбырамен ән айтып, күй де тартатын көрінесіз. Ән де шығарып, әріптестеріңіздің арасында сазгер атанып жүрсіз. Бұл, әрине, ұлттық дәстүрлі өнерімізідің сізге қонған қасиеті болар дейміз. Осы өнер бүгінде өз елінде, жетім баланың күйін кешіп отыр. Сүтке тиген күшіктей қазір теледидардан да, сахнадан да сирек көрінетін болды. Сіздің бұл жөніндегі ойыңыз қандай? – Мұндай сарыуайымға салынуға болмайды. Оның бәрі ығысып кеткен жоқ. Қазақтың әні де, күйі де халықтың көкейінде. Олар экраннан көрінбей кетсе де халықтың жүрегінде, айтылып жатыр. Ал бірақ бұл қауіпті нәрсе, шырағым. Бұны біз қатты ойлануымыз керек. Қазақтың әндерінің тереңдігі, философиясы ешбір халықтың әнімен теңестіруге келмейді. Бұның биіктігі, тереңдігі шексіз. Елдің көкейінде жүрген ең бір үлкен түбегейлі мәселенің бірі ұлттық өнердің насихаты ма деп ойлаймын. Сананы улайтын тотиайын сияқты мына батыстың мәдени экспансиясына ақылмен, заңмен қарсы әрекет жасау керек. – Өзіңіз де көріп, куәсі болып жүрген шығарсыз. «Нұр Отан» халықтық – демократиялық партиясы еліміздің мәдениетіне, біліміне, ғылымына ерекше көңіл бөліп отыр. Оның бір дәлелі жақында өткен «Нұр Отан» Қазақстанның бәсекелі ғылыми әлеуеті үшін» деген республикалық форумы. Сондай-ақ, жастарға да қол ұшын беріп, қолдан келген қамқорлықты жасап жатыр. Бұны айтқандағы мақсатым – партияның осындай игі істеріне деген сіздің көзқарасыңыздың қандай екенін білу болатын. – Мен біріншіден осы «Нұр Отан» партиясының мүшесімін. Жұрт бұны қалай түсінсе солай түсінсін. Менің қолдайтын саясатым ол Президенттің саясаты. Бұл партия Президенттің партиясы. Елбасының саясатын қолдайтын, біреу-міреу артық кетіп, жатса, оған да «мынауың дұрыс емес» деп айтатын, елді бүлдірме дейтін, сенен басқа да ел бар, жұрт бар дейтін саяси күш керек. Осы күш «Нұр Отан» партиясы деп ойлаймын. – Әңгімеңізге көп рахмет.
Әлия Бейсенова,
академик
Ұлы далаға жиһанкездер неге құмартты?!
Әлия Бейсенованың есімі елімізден тыс жерлерге де мәшһүр.
Ол – Шоқан Уәлихановтан кейінгі Ресей географиялық қоға-
мының толық мүшесі болған бірінші қазақ қызы. Ол – Ұлттық
ғылым академиясының академигі. Ол – қоғам қайраткері.
Ел Президенті жанындағы Әйелдер және отбасы ісі жөніндегі
ұлттық комиссиясының мүшесі. Абай атындағы Қазақ Ұлттық
Педагогикалық университетінің экология және география
жөніндегі ғылыми-методикалық орталығының жетекшісі.
«Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, шетелдік, сондай-
ақ отандық бірнеше ғылым академияларының академигі.
Әрине, ең алдымен, ол өнегелі ұл, келін, немере тәрбиелеген
ардақты ана. Ұлағатты ұстаз. Әлия апа ата-баба қанымен
дарыған, жылдар керуені сыйлаған даналықты көкірегіне
қаттаған, жастық шаққа тән қажыр-қайратын ғылым жолына
сарп еткен қайсар жан.
Әлия Сәрсенқызының шаңырағын «Академиктер шаңы-
рағы» десе де болады. Ал ағамызды әйгілі әдебиетші ғалым,
академик Серік Қирабаевты иісі қазақ баласы біледі.
Өйткені олардың бәрі де қазақ әдебиетін Серік ағаның
оқулығын оқыған. Бұған қоса Мәскеудегі Халықтар достығы
университетінде қызмет істейтін үлкен ұлдары Нұр да акаде-
мик. Оқырманымыздарды осы жайда қызықтырары анық.
Әйел – қоғамдағы үлкен күш. Еркекті ез ететін де әйел, ер ететін
де әйел. Еркектің басына бақ боп қонатын да әйел, сор боп
жолығатын-да әйел. Әлемді гүлдендіретін де әйел, бүлдіретін де
әйел. Мемлекеттің мемлекет болуы да, ең алдымен әйелдерінің
парасат деңгейіне байланысты. Өйткені әйел – ұрпақ тәрбиешісі.
Менің есіме Жұбан ағамыздың «Мен қазақ қыздарына
қайран қалам» деген өлең жолдары оралады. Бұл осы Әлия
апамыз сияқты қазақтың қайсар қыздарына арналған өлең
сияқты көрінеді.
– Әлия Сәрсенқызы, сізбен кездесер алдында көңілімде жұп-
тап келген сұрағымның бірі мынау еді. Отандық ғылымы-
мыздың көсегесін көгертіп, оның ыстық-суығына тоңып, соның жолында тер төгіп, қызмет істеп жүргендердің қатарында қаншама танымал ғалым қыздарымыз бар. Соның бірі өзіңізсіз. Сіз бұл жолға түскеніңізге өкінбейсіз бе? – Жалпы мен тағдырыма ризамын. Ғылымның «инемен құдық қазғандай» қиын жолында тындырған істерім ел игілігіне жарап жатса онда жылдарым босқа өтпегені. Қазақстан географиясы мен экологиясы саласында біраз шаруаның басын қайырған сияқтымын. Бұл саланың маңызды мәселелерін сөз еткен үш жүз елуден астам ғылыми еңбектерім жарық көрді. Он бестен астам монографиялар мен оқулықтардың авторымын. Оның үстіне өзімді Қазақстанда экологиялық білім берудің негізін қалаған, осы істің бастауында тұрған қайраткерлердің бірімін деп санаймын. Бұл адамнан үлкен қажыр-қайратты, табандылықты, мықты күш-жігерді, терең білімді қажет ететін шаруа. Мен бұл істі жан тәніммен беріле атқардым әлі де осы жолда еңбек етіп, жастарды өз ісіме баулып жүрмін. Мұсылман дінін енгізу мақсатында орта ғасырда қазақ даласына арабтар сұмдық көп келді. Сол кездегі қазақ елінің табиғаты жөнінде араб жиһанкездерінен қалған көп мәліметтер бар. Мен балам Нұр арқылы арабтардың архивінде Қазақстанға қатысты қандай материал бар екенін білгім келді. Алғашында ол мұндай мәліметтердің табыла қоярына шүбә келтірген. Кейін менің сөзімнің дұрыстығына көзі жетті. «Шындығында да сіз айтқандай болып шықты», – деді ол. Х ғасырдағы араб жиһанкездері Ибн Хордадбек, Макдиси, ИбнХаукал, Ибн-Русте, ал-Истахри, ал-Масуди, ал-Идриси еңбектерінен сол кездегі қазақ елі табиғатына қатысты көп жайларға қанықтым. Ибн-Хаукал мен ал-Истахри жасаған «Әлем картасы», Ибн-Хаукалдың «Мавренахр картасы», Махмұд Қашқари жасаған «Орта Азия картасы» бізге жұмбақ талай жайлардың бетін ашты. – Бізді көшпенділер дейді. Оны өзімізде мойындап, жалпақ әлемге жария етіп те қойдық. Сонда сіз осы тұжырыммен келісесіз бе? Шындығында қазақ көшпелі халық болған ба? – Жоқ, біз көшпелі ел емеспіз. Көшпелі халыққа айналғанымыз кейінірек. Мен сол дәуірдегі қазақ жерінің арабтар жасаған картографиясын таптым. Қазақты көшпелі деуге қарсы болатыным қазақта 27 отырықты қала болған. Кейін соның барлығы жерменжексен етілді. Ал сол кездегі қазақ жері түгін тартса, майы шығатын құнарлы өлке еді. Қазір содан не қалды? Жанымды ауыртатын да, мені географиядан экологияға әкелген де осы жағдай.
– Тәуелсіз еліміздің қоғамдық өмірінде болып жатқан өзгерістерге ғалым және қоғам қайраткері ретінде қандай баға берер едіңіз? – Әрине, бір кезде мемлекеті болған бірақ тарих тауқыметімен ғасырлар бойы Ресейдің қарамағында тірлік кешкен біз ылғи да біреудің айтуымен, олар жаса десе сонда ғана жасап, ал өз ойымызды, өз құндылығымызды іске асыра алмаған халықпыз ғой. Міне, осыны халық бүгінде бірте-бірте түсініп келеді. Мен басқа саланың ғалымы болсам да тарихқа көп көз жүгіртемін. Еліміздің тарихындағы өтпелі кезең кезінде ғылымымыздың беделі түсіп кеткені ешкімге құпия емес. Ал жасыратыны жоқ кеңес заманында Қазақстан көптеген ғылым салаларынан жетістікке жетті. Соның біразын кешегі қиын кезенде жоғалтып ала жаздадық. Білім деңгейі де төмендеп кетті. Қазір отандық ғылымға үлкен көңіл бөліне бастады. Қаншама қаражат бөлінетін болды. Талантты әрі білімді балалар шет елде оқып, ғылым мен техниканың және жаңа технологияның қыр-сырын меңгеруде. Бұл келешекте ғылымымыз бен біліміміздің деңгейі өседі деген сөз. Күні кеше орыс тілін білмесең жұмысқа тұру қиын болған кезде де, іс қағаздарының бәрі орыс тілінде болған шақта да, ғылымға да орыс тілінде жеттік деп мақтанышпен айтып жүргенімізде де, тіпті, кім екенімізді білмей жүрген кезімізде де, қазақтың тілінің, сөзінің мәні мен мағынасы жоғала қойған жоқ. Ол кезде тіл, педагогика ғылымдары едәуір өркендеді. Қазақ сөзге тоқтаған, сөз қадірін білген халық. Оған қашанда жауапкершілікпен қараған. Елбасының «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» жолдауында да қазақ тіліне көп көңіл бөлініп отыр. Менің айтайын дегенім, қазір елдің бәрін қазақша сөйлету мәселесі қолға алынып жатыр. Бірақ, біздің елімізде басқа ұлт өкілдері де тұрады емес пе? Оларды қазақша сөйлету, әрине, бір күнде шешілетін мәселе емес екені белгілі нәрсе. Бірақ, жұрттың беті бері қарай бастады. Қазір «Хабар» телеарнасында бір қыз бар. Басқа ұлттың өкілі. Қазақша майын тамызып сөйлейді. Неге, біздің қазақтың орысша тәрбиеленген қыздары солардан үлгі алып, неге, қазақша сөйлемейді. Ата-ана балаларын ана тілінде сөйлеуге неге үйретпейді. Қазақ тілін дамытуға, байырғы қазақ тілін қалпына келтіруге, оны ғылым тіліне айналдыруға неге көңіл бөлмеске. Бүгінде осыған ерекше назар аударылып жатыр. – Сіздің негізгі айналысып жүрген салаңыз экология екенін білеміз. Бұл қазақ ғылымындағы соны жаңа бағыт екені
белгілі. Әрине, бұл мәселені зерттеп, тыңға түрен салып жүрген ғалымдарда жоқ емес. Бірақ сіздің орныңыз бөлек екенін айтқымыз келеді. Сіз біздің ойымызбен келісесіз бе? – Мен өзімді мақтағандай болмайын. Өйткені экология мәселесімен айналысып жатқан жалғыз мен емес. Ондаған ғалымдар, мамандар бар. мен солардың бірімін. Қазір біздегі ең келеңсіз жағдай осы экология болып тұр. Мен экологияның маманы ретінде айтар едім: әсіресе, соңғы жылдары еліміздің экологиясына Елбасы ерекше көңіл бөліп отыр. Бірнеше рет экология министрлігін қайта құрды. Сырттан келген инвесторларға экология мәселесін жақсарту жайлы қатаң талап қойыла бастады. Экология мен демографияны бір-бірінен ажыратуға болмайды. Қазір басқаны қойғанда, міне, осы екі мәселеге мемлекет деңгейінде көңіл бөлініп жатқаны мені қуантады. Біз, аналар үшін бала туудан, бала сүюден, отбасын құрметтеуден артық құрмет бұрын бізде бар ма еді. «Ерін сыйламаған әйелден без, баласын тастап кеткен анадан без» – демейтін бе еді? Қазір бізде ең бір жетпей жатқан тәрбие мәселесі. Отбасында еркектің сөзі басым болу керек. Ер адам әрқашанда табиғат жаратқан тепе-теңдік, табиғат деген сөзге біз көп жағдайда көңіл аудармай келдік. Табиғаттың тепе-теңдігі бұзылып еді, экологиялық проблема шықты. Ал еркек пен әйелдің тепе-теңдігі бұзылса, онда бала туу, отбасының ыдырауы сияқты келеңсіз жағдайлар көп болады. Біз көбінесе байыбына бармай гендерлік саясатты насихаттап, жүргізіп жүрміз. Мен отбасы мәселесімен көп айналыстым. Өйткені Президенттің жанындағы «Ана және Отбасы» комисиясының мүшесімін. Гендерлік саясат қазақтың отбасына келмейтін саясат. Өйткені қазақ әйелі әрқашанда ерін сыйлаған. Ұл туса неге қуанған? Ұл туса елімді қорғайды, жерімді қорғайды, халыққа пана болады деген. Сол ұлттық салтты сақтай отырып, бүгінде қазақ қыздарына деген тәрбиенің нұсқасын осы ұлттық негізге құра отырып, оларды алғырлыққа, білімділікке, ізеттілікке тәрбиелеу қажет. Олардың бойына отан сүйгіш, ұлтжандылық қасиеттерді ұялата білгеніміз жөн. Өйткені жеке ел болу бүкіл ата-бабамыз армандап кеткен, өздері көре алмай кеткен, өзге елмен теңесе алмай кеткен, өзегін өртеген өкініші еді ғой. – Азат елдің санасында да азат ой, азат арман, адал ниет, таза сезім болу керек емес пе. Біз мұрын тесіп, тиек өткізіп, жетектеп алған кешегі өгіз қалпымыздан арылуымыз қажет екенін
сізде сезесіз. Сонда халқымыздың санасына әбден сіңіп қалған құлдық мінезден, әдетке айналып кеткен «кеселден» қалай, қашан құтыламыз? – Иә, өкінішті-ақ. Бұл жаман әдет қазаққа кейін жабысты. Бұрын қазақ даласында, қазақ ауылында мафия деген болып па еді? Оны өңі түгіл түсінде де көрген жоқ. Мұның бәрі қайдан шығады? Демек, әлі де болса біздің санамыздың төмендігінен шығады. Қазақ айтады: «біреудің ала жібін аттама» – дейді. Қазақ ұрпағын адалдыққа үйретеді, азаматтыққа үйретеді. Міне, осы салт қазір елімізде қалыптасып келеді. Бай мен кедей деген сөз тепе-теңдіктен айырылған кезде ғана келеді. Біз қазір капитализмге бет алып барамыз ғой. Біз мына сауда-саттықты игере отырып, біздің құндылығымыздың, әдет-ғұрпымыздың, салт-санамыздың, ұлттың тағдырын ақшамен өлшеуге болмайтынын түсінуіміз қажет. Баяғы ұлдарымызды, қыздарымызды дәріптеген әдетімізді жаңғырта отырып, қазақтың салт-санасын байытқан жағдайда ғана біз өркениетті елдер қатарына қосыла аламыз. – Бүгінде жастарға бірнеше тілді біліңдер деген талап қойылып жатыр. Былай қарасаңыз, әрине, өте жақсы ұсыныс. Ал тереңірек үңіліп, ертеңіне ой жүгіртсеңіз көңіліңе күдік ұялайды. Ол қазақ тілінің тағдыры. Көп тілді меңгереміз деп жүргенде ана тіліміз қаға берісте қалып қоймай ма? – Шет тілін білу керек. Себебі, дүниежүзінде не болып жатқанынан хабардар болу үшін қажет. Ағылшын әлемдік тіл. Ал қазіргі жағдайда бізге орыс тілін де білу міндетті. Өйткені біз негізінен орыспен байланыстымыз. Тек қана қазақ тілін дамытамыз деп орыс тілін лақтырып тастамай қатар алып жүру керек. Сонда қазақ тілі кеңінен дамиды. Ол көлеңкеде қалып қояды деген бос сөз. Қазақ тілінің үстемдігін, қазақ ұлтының үстемдігін бірте-бірте қалыптастыра отырып, байырғы шешендердің, байырғы білімдар адамдардың, кешегі Абайдың, Шоқанның, Сәтбаевтың еңбектерін кеңінен насихаттап, мұны бала бойына ана сүтімен сіңірсе артық болмас еді. – Ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік алшақтық барған сайын ұлғайып келе жатқан сияқты. Жастар туған жерлерін тастап қалаға ағылуда. Сіздің ойыңызша бұл процесті қалай тоқтатуға болады? – Мен айтар едім, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты бірте-бірте жою керек. Ауыл мен қаланың тұрмыс деңгейі бірдей
болған жағдайда ғана халықтың әл-ауқаты жақсарады. Ауылдан қалаға ағылғандар ағыны өзінен–өзі тоқтайды. Біз қаланың ғалымы болғанымызбен негізіміз ауылдан. Қазір ауылды дамытуға қаншама ақша бөлініп жатыр. Ауылдың адамдары қазір кәсіппен айналысуда. Олар балаларын сол өздері білетін кәсіпке баулу керек. Заңгер бол, экономист бол, бизнесмен бол дегеннен гөрі бала неге қабілетті соған баулуы керек. Ауылда бәйбішелер алқасы болу керек. Олар келінді дұрыс тәрбиелеу керек, ол – болашақ бәйбіше, қыз болашақ ана. – Ана деп қалдыңыз, қазір көптеген қыздарымыз «кәрі қыз» атанып отыр. Міне, осы әлеуметтік мәселенің алдын алуға, мұндайды болдырмауға бола ма? Ана ретінде сіз бұған қандай кеңес берер едіңіз? – Бәлендей өлшеп-пішіп ақыл айтудың өзі артық қазір. Иә, бүгінде көптеген қыздарымыз күйеуге шықпай, ұлтымызға жараспайтын жаман әдетпен селкілдеп жүріп, отырып қалды. Бұл ауруға алып келеді. Ал бала туған әйел аурудан арылады. Сондықтан бірінбірі қызғанбай, әйелдер бәсекеге түсе отырып, ердің намысын, ердің беделін көтеру керек. Сонда айтпағым, тоқал алу мәселесіне әйелдер түсінікпен қарауы қажет. Азаматтың абыройы қаншалықты биік болса, ол елдің еңсесі де биік болады. Мысалы, мына батыс елдерінде әйелдердің бала тууы азайып кетті. Ол елдердің көбісі азғындау жолына түсті. Қазір ашық демократия дейді ғой. Демократия ешуақытта ер мен әйелдің теңдігін жоққа шығармайды. Ал қазақ дәстүрінде ер адам отбасына ие болуы керек. Шаңырақтағылар соған бағынуы қажет. – Ғылым саласында қызмет істеп жүргендердің қатарында зерек те ізденімпаз қыздарымыз әрине жоқ емес бар. Бірақ, ғылым қыздардың оң жамбасына келе бермейді дейді. Сіз бұған қалай қарайсыз? – Қазір ғылымда қалып қойған азғантай ғана қыздары бар. Бірақ бүгінде шетелге барып оқып келген ғалым қыздарымыз, әрине, баршылық, ғарышқа ұшуға дайындалып жатқан ғалымғарышкер қыздарымыз да бар. Сондай-ақ, елші болып істеп жүрген қыздарымыз да көп. Әсіресе, ғылымға көңіл аударып, сонымен шұғылданып жатқан қыздардың қатары соңғы жылдары көбейе түсті. Қыздарымыздың ойын оятып, ана мен әке оларға бар қамқорлықтарын жасап жатыр. Ең алдымен қыз саналы болуы керек. Ұлтын ойлаған қыз ғылымға да барады, ел билеуге де бара-
ды. Ол әр қыздың қабілетіне, санасына байланысты. Қазір ғылымда зор мүмкіндіктер ашылып отыр. Білім алуға да жағдай жасалған. Қазақта намыс деген болады. Әрқашанда қыздары намысты болған. Қазақ қыздарына айтарым: сол намысын жоғалтып алмаса екен. Ұлтқа тән жоғары деңгейде жүрсе екен деп ойлаймын. Бір мысал айтайын Чех елінде Жәмила деген министр қыз бар. сонда бүкіл батыс еліне біздің ұлттық тәрбиеміздің өте жоғары екенін осы қыздың өзі-ақ дәлелдеп отырған жоқ па? Оны неге мақтан етпеске? Ол ғалым, әрі қоғам қайраткері. Ғылым деген ол аспаннан түсетін зат емес. Ол қолға қонатын құс немесе тауып алатын алтын емес. Ол ізденумен келетін маңдай тердің жемісі. Оның қоғамдағы, әлеуметтік өмірдегі маңызы мен мәні зор қозғаушы күші, ерекше құбылыс. Қазір медицина саласында да, тіл тану ғылымынан да ғалым қыздарымыз көптеп шығып жатыр. Мен ерекше айтар едім: Рабиға Сыздықова. Ол Абайды, оның тілін күллі қазаққа танытты. Бір өкініштісі қазір экология саласында, оны зерттеп жүрген ғалым қыздарымыз өте аз, тіпті жоқтың қасы. Міне, осындай жаңадан дамып келе жатқан ғылым саласына қазақ қыздары неге көптеп келмейді? Жоғары оқу орындары талапты қыздардың кеудесінен қақпай, олардың білім алуына жол ашуы керек. Ғылымда Шоқан жеткен ғалым дарындығына әлі ешкім жеткен жоқ. Ол – геолог, ол – химик, ол – заңгер, ол – фольклорист, ол – елші. Ол ғылым саласында орыс ғалымдарымен терезесі тең түскен адам. Міне осыдан аңғаратынымыз қазақ дарынды ұлт, қабілетті халық. Қазір мәдени мұраны, тарихымызды қайта қарап жатырмыз. Бұл да тәуелсіздік берген еркіндік емес пе? Біз қай уақытта мәдени мұраны жүзеге асырып едік. Біздің тарихымыз Ресейге қосылғаннан кейін басталған жоқ па? Екі-ақ пайызымыз сауаттымыз деп келген жоқпыз ба? Ал қазір қаншама алаштың арыстары жарыққа шығып жатыр. Мәдени мұраны қайта қарау деген сөз тарихты қайта қопару деген сөз. Сондықтан да қазіргі уақыт алдында бүгінгі зиялы қауым түгілі біздің болашақ жас ұрпақтарымыз қарыздар. – Бір кездері жиһанкездер құмартқан ұлы далада әлі де ашылмай жатқан құпиялар көп болар. Жас ғалымдарымыздың ендігі бет алысы осы дала төсі болатынына күмәнім жоқ. Сіз осы ойыммен келісесіз бе? – Бүгінде ел есін жиып, бір кезде өздері көтеріле көшкен ауылға қайта орала бастады. Бұл мені қуантады. Елбасы да жастарды ауылға шақырып жатыр. Оны күллі ел болып қолдауымыз керек. Себебі,
қазақың кіндігі – ауыл. Біз бәріміз сол топырақтан шықтық. Сол
көзге қораш көрінетін ауылдың түтінін иіскеп өстік. Енді біз оны
қайта түлетіп, жаңа заманға сай ел тұрағына айналдыруымыз қажет.
Ауыл әрленіп, қуаттанса қалада ажарлана түсетіні белгілі. Әрине,
ауылға жас мамандар, ұстаздар, дәрігерлер, агрономдар, инженер-
лер ауадай қажет екенін білеміз. Онда ғылыми-зерттеу жұмыстарын
жүргізу үшін жас ғалымдарға да жұмыс табылады. Қазақтың
байлығы да, бары да дала қойнауында жатыр. Оны ашатын да, ел
игілігіне айналдыратын да ғалымдар. Бір кездегі жиһанкездер қазақ
даласының осы қасиетін, ырыс пен құттың мекені екенін сезсе ке-
рек. Келешек жас ғалымдарға міне осы байлықты бүгінгіден де гөрі
арттырып, еселей түсу міндеті тұр. Жастар қазір ғылымға қызыға
бастады. Зерттеу обьектілері де кеңейді. Жаңа замандық зертха-
налар да пайда бола бастады. Ғылымды қаржыландыру да артып
келеді. Еліміз отандық ғылымды дамытуға білек түре кірісті. Бұған
бір дәлел Елбасының шетелде қызмет істейтін жас ғалымдармен
кездесіп, оларды елге шақыруы. Міне, осының бәрін көріп, байқап
отырған жастар ғылымға атбасын бұратынына өз басым сенемін.
Мақаш Тәтімов,
демограф-ғалым
Елімізде демографиялық дүмпу нышаны байқалады
Ата-бабалар аңсаған тәуелсіздікке қол жеткеніне де көп уақыт
бола қойған жоқ. Бірақ азаттықтың арайлы таңы атқалы бергі
жеткен жетістігіміз бір ғасырдың аясына әрең сиярдай. Оны
халық өзі көріп, өзі мақтан етіп отыр десек артық кетпеспіз.
Ел игілігін еселеп, береке мен ырыстың тайқазанын тасытып
жатқан, әрине, халық. Оның маңдай терімен жасалып жатқан
жақсылықтар сірә, елімізде аз ба!? Иә, жаңа ғасырдың көрігін
басып, шоғын маздатып тұрғандар да солар. Ендеше халық
мемлекеттің негізі мен тірегі, елдіктің берік тұтқасы. Міне, осы
аса маңызды мәселемен қырық жылдан бері беріле айналысып
келе жатқан елімізге танымал демограф-ғалым, ұлтымыздың
жанашыр ұлы Мақаш Байғалиұлы Тәтімовті әңгімеге тар-
тып, халқымыздың өсіп-өнуіндегі игі өзгерістер жайлы ойын
бөліскен едік.
– Халықтың саны, бұл стратегиялық мәселе екені белгілі. Әсіресе, біз үшін оның маңызы өте зор. Сол себептен де халық санына көп көңіл бөлу – бұл біздің басты мақсатымыз. Осы тұрғыдан алғанда қазір еліміздегі демографиялық ахуал қандай деңгейде? – Қазір демографиялық ахуал жақсарып келе жатыр. Туудың деңгейі көтерілді. Ол – бір. Табиғи өсім молайды. Ол – екі. Содан кейін миграция жағдайы да жақсарды. Бұрын Қазақстаннан 1963 жылдан бері қарай 1994 жылға дейін келгендерден кеткендер көп болған. Миграция бізге кері нәтиже берді. Енді олардың бәрі, әрине, қазақтар емес қой, басқа ұлттар. Тарихи Отанына кетіп жатқандардың көбісі орыстар, немістер, украиндер, беларустар. Бұл заңды құбылыс. Ал енді қазір соның бәрі саябырсып, миграция аздап әлсіреді. Оралмандардың көптеп келунен қазір бізде миграция жағдайы да түзелді. Біз осыдан көп нәрсені ұтып отырмыз. Әсіресе, оралмандардың есесінен. Оралмандардың саны өз өсімімен бірге тәуелсіздік алғалы бері миллионға жуықтап отыр. Бұл да аз халық емес. Біздің өсімімізге үлкен әсер етіп отыр. Бірақ жалғыз оралмандардың есебінен ғана емес, өз ішкі өсіміміз де жақсы. Қазір туудың деңгейі көбейіп келе жатыр. Ол жөнінде Қазақстан бойынша мынандай дерек айтайын. Ең баланы аз туған жыл 1999 жыл болды. Ол әлгі күйзелістің әбден күшейген кезі. Қазірге дейін 217 мың бала дүниеге келсе, жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш қорытынды 325 мыңдай бала дүниеге келеді деп күтілуде. Сонда сегіз жылдың ішінде туған балалардың саны екі миллионнан артып отыр. «Бэби-бум» деп айтып жатқанымыз осыдан. Бұл әншейін жай қызыл сөз емес. Біз оның бәрін өлшеп, пішіп, тіптен соған ат қойып, соны халықтың санасына сіңіріп жатырмыз. «Бэби-бум» деген сөз бөбектер буынының тасқыны деген сөз. – Біздің елімізде демографиялық дүмпу нышаны байқала ма? – Иә, демографиялық дәуірлеу кезеңі бізде баяғыда басталған. Қазақ қолдан жасалған ашаршылық кезінде жартысынан айырылып, үштен бірі шетелге көшіп кетіп, Қазақстанның өзі бос қалып қойғаны белгілі. Қазақ сол жылдары қырылмаса қазір Қазақстанның өзінде 25 миллион, ал әлем бойынша 30 миллион болар еді. Бүгінгі күні әлем бойынша 14 миллионға жетіп қалдық. Еліміздегі қазақтардың саны дәлірек айтқанда 9 миллион 350 мыңға жеткенімзді мақтаныш етіп отырмыз. 60 пайызға көтерілгенімізді қуанышпен айтып жатырмыз. Мәселен, тың игеру кезінде біздің елдегі қазақтардың үлесі 27 пайызға дейін төмен түсіп кеткен. Тілдің қазіргі жағдайы оның
мүшкіл күй кешуі тілдік ортаның жоқ боп кетуінен. Ол қазақ тілінің, қазақтардың нашарлығынан емес. Тілдік орта жоқ болды. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысында тың игеру дүрілдеп тұрған кезде, әлі есімде, ондағы қазақтардың үлес саны тоғыз-ақ пайыз болды. Қостанай облысында бұрынғы шекарасымен есептегенде он үш-ақ пайыз еді. Тың өлкесінің басқа облыстарында он тоғыз пайыз ғана қазақтар болған. Қазір ол жақта да санымыз артып, үлес салмағымыз көтерілді. Бұл да үлкен жетістік. – Сіз қалай ойлайсыз, Қазақстан әлемнің халқы аз бір түкпірі болып қала бере ме? – Шынында да Қазақстанда халық сирек қоныстанған. Жер көлемі жағынан тоғызыншы орында болсақ халықтың саны жағынан жетпіс бесінші орындамыз. Тіпті қазір шегеріліп кетіп бара жатырмыз. Өйткені басқа елдердің халықтары тез өсіп жатыр. Енді ғана алға ілгерілеп келеміз. Иракпен қатарлас, ал Сириямен теңбіз. Сирияның жері өзіңіз білесіз алақандай. Ал Қазақстан үлкен мемлекет. Біздің елімізге әлі өркендеп өсу керек. Экономиканы тез дамыту үшін, халықтың күші, саны керек. Жұмысшы қолы қажет. Қазірдің өзінде жұмысшы күші жетіспей жатыр. Қазақстанда жұмыссыздық жоқ. Халқы тығыз орналасқан әлемнің ішінде Қазақстан бір түкпірде халқы аз қуыс болып қалмас үшін өсуіміз керек. Біздің экономикамызға сәйкес халқымыздың саны да болуы керек. Бұл жөнінде біраз мәселелер айтылып жатыр. Президенттің «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасының 10 жылдығын атап өтіп жатырмыз ғой. Сол кездің өзінде Елбасы 2030 жылы 25 миллионға жетеміз деп ашық айтты. Ол кезде миграция кері болатын. Табиғи өсім төмен болатын. Бағдарламаның демографиялық блогын жасауға қатысқан адаммын. Біз көп болып кетпеді ме екен деп оған күдікпен қарағанбыз. Қазір Құдайға шүкір, аманшылық болса 2030 жылы еліміздің халқы 25 миллионға жетпесе де 23–24 миллионға жетеді. Ал егер тіптен демографиялық саясатымызды күшейтіп, оралмандарды молырақ тартатын болсақ, әлі жиырма үш жыл бар, мұның бәрі орындалатын дүние. Қазір Қазақстанның жылдық өсімі 230 мыңға жетіп отыр. Биылғы жылдың өзінде ғана табиғи өсім 165 мың болды. Одан кейін бір жетпіс мыңдай оралмандар келеді. Міне, осының бәрін жинағанда биылдың өзінде 235 мыңдай адамға өсім береді. Бұл өсім әлі 250 мыңға дейін көтеріледі. Қазақстан болашақта төрт жылдың ішінде бір миллион адамға өсіп отырады. Міне, осылай аман болсақ, ақырындап өсеміз.
– «Елді өсіретін де, өшіретін де әйел» деген қағиданы жиі айтасыз. Сонда сіз неге сүйенесіз? – Осы сөзді жиі айтатын себебім, қазақ сөздің құдіретін біледі ғой. Сондықтан қазақтың санасына әсер ету үшін сол жағдайды дәл айта алатын сөздерді тауып айтқан жөн. Әйел адамдар маған өкпелемей-ақ қойсын. Біз қазақ әйелдерін мәпелейміз, ардақтаймыз. Бірақ қазақ әйелдерінің арасында демографиялық мінез-құлықтың қатты өзгеруіне, эмансипацияның қатты күшейюіне, феминизацияға кең жол ашып қоюына байланысты қазір бізде өсіретін әйелдерден гөрі өшіретін әйелдер көп. Бала таппайды. Оның алуан түрлі амалдары бар. соның бәрін қолданады. Бірінші аборт. Біз абортты 377 мыңнан 125 мыңға дейін азайттық. Әр түрлі шаралардың арқасында. Сондай-ақ жасырын аборттар бар. соның өзінде қазір жыл сайын 150 мыңдай аборт жасалады. Организмдегі гармоналдық функциялардың бұзылуынан әйелдер әр түрлі қатерлі ісіктерге, ауруларға ұшырап жатады. Көбісі бір баламен шектеліп қалады. Мен сізге мына бір деректі айтайын. 1958 жылы санақ болды. Оған мен де қатыстым. Сол санақтың мәліметі бойынша қазақ әйелдерінің бала тууы көрсеткіші әр әйелге шаққанда жеті баладан асқан. Сонда ілікті қазақ әйелі кем дегенде сегіз баладан туған. Абортты тағы басқа тәсілдерді білмеген. Ол кезде Тәңірберген, Алдаберген, Құдайбергендер көп туған еді. Ал кейін Болат, Самат, Қайраттар көбейді, бірақ балаларының саны да азайды. Сапасы да өзгере бастады. Сіз сияқты, мен сияқты ауылда өскендер қазір ең денсаулығы жақсы ұрпақ деп есептеледі екен. Әсіресе әйелдер жағы. Ол неден? Өйткені біз ауылда таза тамақ ішіп, жалаң аяқ жүгіріп, ойнап, суға түсіп өстік. Қазір балалар солай істей ме? Елді өсіретін де, өшіретін де әйелдер. Бұл үлкен шындық. Сондықтан біз өсіретін әйелдерді қолдап, өшіретін әйелдердің жолына тежеу салуымыз қажет. Баласы не күйеуі жоқ әйелдерді қызметке көтеріп, Сенатқа, Мәжіліске депутат, министр қылудың ешқандай қажеті жоқ. Бұл гендерлік саясатты бұрмалау деген сөз. Гендерлік саясатқа қарсы емеспін. Ол демографиялық саясаттың ішінде болу керек. Егер ол жеке өмір сүрсе онда оның демографиялық астары қажет. Біз қаншалықты жақсылық жасап жатсақ, оған соншалықты әйел адам жауап беруі керек. Қазіргі нарықтың жағдайында ауылда бес бала өсіргеннен гөрі қалада бір бала өсірген жақсы. Сен бай тұрасың, көйлегің де бүтін, жаның да тыныш, ақшаң да бар. бүгінде әйелдердің санасын осындай өмір билеген. Бұның бәрі түбінде
жақсылыққа алып келмейді. Қазіргі өркениетті халықтар ағылшын, француз, неміс болсын, бәрі құрдымға кетіп бара жатқаны содан. Ресейдің өзі жылына шамамен бір миллион адамға азайып жатыр. Бейне бір империалистік соғыс жүріп жатқандай. Ол байқалмайды. Бір бала дүниеге келсе екі адам өмірден озып жатады. Кемінде әйел адам өмірге екі-үш бала алып келуі керек. Орыс әйелдерінің Ресейде бала туу көрсеткіші 1,34. Бұл дегенің не? Бұл дегенің бір жарым балаға да жетпейді. Демек екінші бала жоқ деген сөз. Ол орыстың әйелдерінің денсаулығының нашарлығынан емес. Бұл гендерлік саясатты дұрыс жүргізбеуде болып отыр. Швецияда да солай. «О, Швецияда гендерлік саясат жақсы. Өйткені парламенттің 33 пайызы әйел депутаттар екен» деп жар салады. Ал халқы құрып бара жатыр. Бізге ондай гендерлік саясат неге керек? Осының бәрін дұрыс түсініп, дұрыс қабылдау қажет. Гендерлік саясатта феминизация болмауы керек. Бұл дегеніңіз әйелдер өзін-өзі көтеріп, ақырында еркектердің көп ісін өздеріне алып қою қаупі бар. – Қазір елімізде «Бэби-бум» деп мақтанып жүргендер, әрине, аз емес. Сонда бөбектер тасқыны таситын шақ туды ма? – Шындығында қазір елімізде «бэби-бум» жүріп жатыр. Осыны біз қолдауымыз қажет. Тіпті үгіт-насихаттың өзі-ақ «бэби-бумды» туғызады. Сөзіміз өтіп жатыр. Бұл сөзде үлкен мағына бар. Бірақ нағыз тасқын әлі алда. Ол көп кешікпей басталады. Өйткені толқын толқынды туғызады. – Өсім беру үшін әр шаңырақта шамамен қанша баладан болуы қажет деп ойлайсыз? – Міне, осы мәселені мен көп айтып жүрмін. Кем дегенде, халықтың саны сақталу үшін отбасында үш бала өсуі керек. Ол неге? – деп, менен сұрайды. Кейбір жастар ойлайды, «ой, бір бала, тіпті екі бала жеткілікті», – деп. «Ағай, менің екі балам бар, қазақтың санын өсіріп жатырмын», – дейді. «Сен қазақтың санын өсірген жоқсың. Әлі қазақтың санына бір сан қосқан жоқсың. Кейбір келіншектер «менің бір нәрестем бар ғой, аға» дейді. «Онда сен қазақтан екі баланы ұрлап қалдың» деп ашық айтам. Неге? Бұның бәрі ғылыми көрсеткіш. Бірінші бала ұл болса әкесінің орнын толтырады. Аспаннан ешкім аяғы салбырап туып жатқан жоқ. Екінші бала қыз болса шешесінің орнын толтырады. Ал енді үшінші бала бедеу қалғандар, белсіздер, үйленбей қалатындар, ажырасып кететіндер, дүдәмілдер болады, солардың да орнын толтыру керек. Кейбіреулері денсаулығына байланысты үйлене алмай-
ды, жасыратыны жоқ, санда бар, санатта жоқ еркектер де бар. қазір біздің қазақта еркек пен әйелдің саны теңесті. Бұл рас. Бірақ бұл сан бойынша теңесті. Ал сапа бойынша еркектер әлі аз. Оның үстіне қазақтар арасында еркектер өлімі көп. Қазақстанда еркектердің орташа өмір жасы алпыс екі қана. Құдайға шүкір, бұның өзі де жаман емес. Ал әйелдер орта есеппен жетпіс үш жыл жасайды. Бұның бәрі ғылыми тұрғыдан есептелінген. Сонда олардың арасында он бір жыл айырмашылық бар. Яғни, әйел адам он бір жыл артық өмір сүреді. Осының нәтижесінде еркектердің жетіспей жатуы кездеседі. Мәселен, күйеуге тиіп, бала табам деген әйелдердің санына қарағанда, отбасын құрам, бала өсірем, ұрпағымды жалғастырам деген еркектердің саны кем болып келеді. Қазір сексенінші жылдардың басында дүниеге келген қыздар тұрмыс құрып жатыр. Бұлардың күйеулері кімдер? олардың күйеулері өздерінен бес жас үлкендер. Жетпіс бесінші жылғылар. Бұл жылы өмірге келген ер балалардың саны сексенінші жылы өмірге келген қыздардың санынан едәуір аз. Бұл елімізде демографиялық ахуал жақсарып, көтеріліп келе жатқан кезде өте күшті байқалатын болады. Әсіресе, саны ең көп сексен сегізінші, сексен тоғызыншы жылдардағы қыздарымыз тұрмыс құра бастағанда ерекше байқалады. Алматының өзінде жүз он үш мыңдай әйелдердің еркектерден саны артық. Бұның өзі бір облыстың, яғни Талдықорған қаласының тұрғындарының санына тең. – Сонда әуел баста еркектер мен әйелдердің саны тепе-тең болса, ал олардың арасындағы тепе-теңсіздік қалай пайда болады? – Бұны өте оңай түсіндіруге болады. Ауылдық жерде әйел адамдар тұрмыс құра алмағаннан кейін «көзге сүйел болмайық» деп қалаға кетіп қалады. Ал қалада оларды ешкім біліп жатқан жоқ. Өзімен-өзі өмір сүреді. Сондықтан да әйел адамдардың саны қалада өсе береді. Ал ер азаматтарды қарт әке-шешесі «бізді асырайсың, үйдің шаруасына қарайсың» деп ауылда қалдырып қояды. Олар келсе де кейіндеу келеді. Міне, осындай миграциялық ерекшеліктер бізде орын алып отыр. Сіздер бұны байқамауларыңыз мүмкін. Ал мен оны маман ретінде байқаймын. Кейде маған «ректор болып автобуспен қалай жүресіз?» деп айтады. Автобуспен жүретінім, мен жаңағы демографиялық өзгерістерді көремін. Қоғамдық транспортта отыратындардың көбісі әйелдер. Қалада 450 мың машина бар, соның 400 мыңын еркектер жүргізеді. Еуропалық диаспораның
қартайып бара жатқанын да байқайсыз. Шығыс халықтарының әсіресе, қазақтардың құрамынын жас екенін де байқауға болады. Біздің қазақ елі қартая қойған жоқ. Біз әлемдегі жас ұлттардың бірінен саналамыз. – Бір кезде елімізде орын алған «кәрі қыз», «сұр бойдақ» мәселесі бүгінде өз шешімін тапты ма? – Бұл елімізде үлкен проблема. Бұлай болатыны мынаған байланысты. Біз қазіргі кезде мынау некелесу жағынан ұлттық дәстүрден алыстап кеттік. Баяғы кезде құда түсіп, қазақтың қыздары ерте ұзатылған. Қазір оның бәрі қалды. Жастар бірін-бірі өздері табатын болды. Некелесудің қазір бізде батыстық түрі кең етек алып барады. Жастар кеш үйленеді. Содан кейін баланы кеш табады. Дәл осындай жағдайда ер адамдардың арасында өлім-жітім көп болғандықтан «кәрі қыздардың» саны да көп болады. Қазіргі кезде 20 мен 30-дың, 30 бен 40-тың арасындағы еркектердің өлімі әйелдерден екі-үш есе артық. Кейбір жерлерде үш-төрт есе көп. Сондай-ақ жігіттердің арасында да «сұр бойдақтар» көбейіп келеді. Кеш үйленеді. Бұл сәнге айналып бара жатыр. Жеке өзін ғана күтеді. Сұр бойдақтардың санына қарағанда кәрі қыздардың саны екі-үш есе көп. Қазақстандағы кәрі қыздардың саны қазір 350 мың деп есептелінеді, ал сұр бойдақтар 150 мыңнан аспайды. Егер осы қыздар тұрмыс құрып, әрқайсысы үш баладан тапса қанша бала дүниеге келер еді. – Мақаш аға, кәрі қыз деп кімді айтамыз? Оның белгілі бір өлшемі бар ма? – «Кәрі қыз» деген демографиялық ұғым. Ол ешуақытта күйеуге тимеген, бірде бір бала таппаған 25 пен 50-дің арасындағы әйел адамдарды айтамыз. Егер некесіз бала туып алса ол кәрі қыз емес жалғыз басты әйел. Бір рет күйеуге тиіп шықса ол да әйелдер қатарына саналады. Қыздарды кәрі қыздар қатарына 25 жастан бастап қосатын болсақ, ал жігіттердің 30 жастан асқандары сұр бойдақтардың қатарына қосылады. Бұл неге? Өйткені әйел адам әр уақытта күйеуге ерте шығу керек. Ол 25-тен асып кетсе демографиялық қақпандарға түсіп қала береді. Ер адамдарды 30 жастан бастаймыз, себебі, отыз жастан кейін үйленсе де ер адамдарға ол кеш емес. Бірақ кәрі қыздар деп біз елу жасқа дейінгілерді санасақ, ал сұр бойдақтар деп алпыс жасқа дейінгілерді санаймыз. Себебі алпыс жаста да күш-қуатыңыз бар, үйленіп балалы болуға жағдайыңыз келеді деп есептелінеді. Бұның бәрі ғылыми тұрғыдан зерттеліп, дәлелденген.
– Оларға ықпал ететін мемлекеттік немесе қоғамдық тетіктер бар ма? – Расында кәрі қыздардың санын қалай азайтуға болады? Азаматтық неке арқылы азайтуға болады. Денсаулығы жақсы берік өзі қалаған адамнан бала туып алса ол кәрі қыз боп қалмайды. Ең болмаса өзі үшін бала өсіреді. Қазір бала туудың көтерілуі неден? Азаматтық некенің көбеюінен болып отыр. Қазіргі кезде баланы қырықтан асқан әйелдер де көп табатын болды. Ол неден? Олар өзінің уақытын өткізіп алды. Содан кейін ойлана бастады. «Менде ертең қартаям. Маған да бала керек», – деп. Содан кейін әйел адамдар өзінің денсаулығына қатты көңіл аударады. Жоғарыда айтылған он бір жас айырмашылықтың өзі денсаулыққа жақсы көңіл бөлгеннің нәтижесі. Әйел әдемі, сұлу болып көріну үшін өзін-өзі күтіп жүрсе ондай әйел жақсы әрі ұзақ өмір сүреді. Кәрі қыздардың ой десе ойы, бой десе бойы, білім десе білімі бар көрікті жандар. Олардың кәрі болып қалып жүргені жігіт таңдағандықтан. Кезінде қара етікті деп қарамай қойып, кейін көк етіктілер қаламай қойғандар. Қазір демография бойынша жиырма бестен кейін күйеуге шығу, отызда балалы болу, отыз бестен кейін жанұя бақытын сезіну өте қиынға түсе бастайды. Сондықтан да әрбір адам қатты ойлануы қажет. – Мемлекеттік әлеуметтік көмек және басқа үкімет тарапынан жүзеге асырылып жатқан шаралар ана мен баланың өсіміне қалай әсер етеді? – Қазіргі кезде мемлекеттік демографиялық саясат күшейіп келе жатыр. Бұрында бар болатын, бірақ бүгінгідей кең көлемде жүргізілген емес. Ал кезінде жас босанған әйелдерге декреттік демалыс бермек тұрмақ, перзентханада жатқаны үшін ақша төлейтін. Қазір декреттік демалыс қалпына келтірілді. Тиісті ақшасын алады. Ал келесі жылдан бастап жас босанған әйелдер декретке дейін екі айлық – 70 мың, босанғаннан кейін тағы да екі айлық – 70 мың, содан кейін баласы бір жасқа толғанға дейін 7500 теңге көмек алады. Соның бәрін қосқанда 215 мың теңге. Бұл аз ақша емес. Бұның бәрін әйелдер жақсы түсініп, бәрін сезініп отыруы керек. – Бала бір жасқа толды. Енді бұдан кейін жас анаға, сәбиге көмек болма ма? – Егер отбасында адам басына шаққанда қаражат мәселесі төмен болса, әрбір балаға бірінші балаға үш жарым мың, екінші балаға төрт жарым мың, үшінші балаға бес жарым мың теңгеден беріледі.
Балалардың саны артқан сайын ақшалай көмектің мөлшері де арта түседі. Бала он сегіз жасқа жеткенге дейін. Бірақ осының бәрін растап отыру үшін жыл сайын анықтама өткізу керек. Біздің қазақ отбасылары бұндайға ыждаһатсыз мемлекет беріп тұрған ақшаның үштен бірі жұмсалмай қалады екен. Бұл көп балалы отбасына үлкен көмек қой. Кейбіреулер ойлайды, Ресейде Путин он мың доллар беріп жатыр, неге бізде олай емес деп. Енді Ресейдің жағдайы мүлде нашар. Ресей құрдымға кетіп бара жатыр. Бұл ғылымның тілімен депоплизация деген сөз. «Де» – деген сөз – кері кету, ал «поплизация» – сана деген сөз. Демек саны кеміп барады. Осыны тоқтату үшін олар осындай шараларға барып жатыр. Он мың доллар бергенде де оны «мә» деп қолына ұстата салмайды. Банкке салады. Оны баланың киіміне, тамағына, дәрі-дәрмегіне шетінен алып жұмсайды. Ал біздің мемлекетіміз солай бірден беріп тастамаса да бөліп-бөліп берген ақшасының өзі алты-жеті мың доллар болады екен. Енді оны да көбейтеміз деп отыр. Біздің жастарымыз осының бәрін білу керек. «Көмек берілмей отыр» деген сөздің бәрі әншейін бекер нәрсе. 215 мың теңге деген бір жылға аз ақша емес. Біздің елімізде де бұл жағына үлкен қамқорлық жасалған. Өзбек әйелдері қазақ әйелдеріне «сендер бала туып-ақ отбасыларыңды асырай алады екенсіңдер ғой» деп қалжыңдайтын көрінеді. Жаңағы қазақ әйелдері алып жатқан көмек Өзбекстанда бір отбасын асырауға жетеді. Ал Қытайдың бір ғалымы «бізде екінші, үшінші бала дүниеге келсе, онда ата-анасына айыппұл салынады, ал сіздер ақша төлейді екенсіздер» деп таңданғаны әлі есімде. Міне, осы жақсылықтың өзін білу керек, осының өзін бағалау керек. Ақсақалдарымыз, абыз аналарымыз осының бәрін балаларына, немерелеріне айтып уағыздап жүру керек. Халықтың күш-қуаты атаның, ананың ақылында, күйеудің күшінде. Содан кейін әженің имандылығы мен келіннің инабаттылығында жатыр. Әсіресе, ислам діні халықтың өсіп-өнуіне ерекше қолдау жасайды. Шариғаттың заны бойынша ішке біткен бала қимылдағаннан кейін оны өлтіруге болмайды. Ол Алланың жіберген тірі пендесі деп саналады. Оны өлтіру үлкен адамды өлтіргеннен күнәсі ауыр болады екен. Неге дейсіз ғой. Себебі, нәрестеде ешқандай күнә жоқ, пәк. Ол – періште. – Еліміздің халқының санын 20 миллионға жеткізу жөнінде Елбасы бастама көтергені белгілі. Міне, осы межеге жету үшін үкімет тарапынан қолға алынып жатқан шараларға көңіліңіз тола ма?
– Жалпы 20 миллион деген сан бұл аспаннан алынған жоқ. Бірақ біз бұл межеге қанша тез өскенмен де 2015 жылы жете алмаймыз. Жиырма миллионға тек жиырмасыншы жылы ғана жетеміз. Егер біз эмиграциялық саясатты күшті қолға алып, оралмандардың елге оралуын арттырсақ, шетте жүрген бес миллион қазақтың жартысын елге қайтарсақ, онда жиырма миллионға тез жете аламыз. Жылына жүз елу, екі жүз мың оралманды бірден қабылдау қиын ғой. Сондықтан да мәселе жылда емес, мәселе соған жетуде. Демек, осыны айтып, халықтың құлағына сіңіре беру керек. Аманшылық болса жиырма миллионға да, жиырма бес миллионға да жетеміз. Жиырма бірінші ғасырда тыныштық болып, еліміздің іргесі шайқалмаса Қазақстан халқы 32 миллионға, ал қазақ халқы 25 миллионға дейін өсе алады екен. Осының өзі де аз емес. Бізде шексіз өсе бермей, бір елу жылдан кейін екі-үш баламен бізде шектелеміз. Біздің де өсіміміз тоқтала бастайды. Бірақ соған дейін біз өсіп алуымыз керек. Біз қазір демографиялық дүмпудің үшінші кезеңін күтіп отырмыз. Ол 2015–2017 жылдарға сәйкес келеді. Ауылда бала туу деңгейі төмен түсіп кетті. Мұнда демографиялық ахуал нашарлады. Мені алаңдатып, көңілімді күпті етіп жүрген жайдың бірі осы. Ол халқымыздың тамыры бойлаған ауылдардағы туу көрсеткішінің тым төмендеп кетуі. Жоғарыда біз айтып өткен қазақ келіншектеріне тиесілі 2,5 бала бұл еліміз бойынша орта көрсеткіш. Жекелей алсақ ауылдардағы көрсеткіш бір әйелге – 2,4 баладан, ал қалаларда – 2,6 баладан келеді. Бұл сан бұрын керісінше болатын. Ауылдың экономикасы өсіп, көркейсе, жақсылық жай қайта қалпына келер деген үміттеміз. Болашақта ауылдарда қаулап өсу мүмкіндігі бар. Бүгінде ауыл мен қала халқының саны теңесті. Енді қала халқын өсіруіміз керек. Ауылда қазақтың жиырма пайызы тұрса да жеткілікті. Өсім жағынан әлемде орта деңгейдеміз. Қала халқы тез өсіп келеді. АҚШта бір шаруа жүз адамды асырайды. Бізде осындай көрсеткішке қол жеткізуіміз қажет. Қазір демографиялық мінез-құлқымыз қатты өзгеріп кете қойған жоқ. Бізде әлі де болса мүмкіндіктер мол. Оның бәрін жоғарыда айттым, тағы да қайталап айтамын, оралмандарды елге көбірек қайтару. Қазір егемендік алғалы бері Қазақстанға алты жүз отыз бес мыңдай өсімімен бір миллиондай оралмандар келіпті. Бұл аз емес. 1989 жылғы санақта қазақтың саны алты жарым миллион болған. Енді 2009 жылы тағы да санақ жүргіземіз. Жиырма жылдан кейін. Осы уақыт ішінде қазақтың саны елу пайызға өседі. Соның он бес пайызын оралмандар береді екен. Оралмандарға
қамқорлықты күшейту керек. Ол үшін бейімдеу орталықтарын
ашуды тездетіп қолға алған жөн. Ондай орталықтарды солтүстік
облыстарда көптеп қоныстандырса жақсы болар еді. Бір-екі жыл
тұрса сол жерге бейімделеді. Бүкіл Қазақстан бойынша елудей
орталықтар салынса жақсы болар еді. Олардың легі әлі алда. Келе-
шекте біздің елге оралмандар жүз мыңдап келетін болады. Әсіресе,
Орталық Азиядан, мұсылман елдерінен келетіндердің бала саны
көп. Ауғанстан, Иран елдерінде бала туудың деңгейі өте жоғары.
Олар дінге, дәстүрге өте берік.
– Көршілес елдерде демографиялық дүмпу байқала ма? Ол
бізге қалай әсер етеді?
– Көрші елдерде демографиялық дүмпу бар. Ресей туралы айт-
тым. Ресей енді бізге демографиялық қысым көрсете алмайды.
Қайта Ресей біздегі орыстарды, татарларды, башқұрттарды өзеріне
тартып алуы мүмкін. Олар «орыстар елге оралыңдар!» деп ұран та-
стап жатыр. Егер олар көтеріле көшіп кетіп қалса, олардың орнын
кім басады? Өзіміздің оралмандар басады. Немесе Орта Азиялық
бауырларымыз келіп басады. Себебі, бұл аймақтағы халықтың өсімі
өте жоғары. Олар туралы болжамдар шындыққа айналуы ғажап
емес. Мәселен, 2050 жылы тәжіктер – 52, қырғыздар – 62, өзбектер
– 84 пайызға өседі деген болжамды мен жоққа шығара алмаймын.
Сондықтан біз осының бәріне дайын болуымыз керек. Ал енді
Қытайдың жағдайы тіптен ерекше. Қытай әзірше демографиялық
қысым көрсете қоймайды. Өйткені олар алдымен Шыңжанды
толық игеріп алуы керек. Сондықтан өз елімізді өзіміз билеп, өз
байлығымызды өзіміз игеріп, өзіміз пайдалануымыз қажет. Қазақ
өз жерінде 70 пайызға жетпей унитарлық мемлекетті билеп оты-
ра алмайды. Өз тілін мемлекеттік тұғырға көтере алмайды. Тіл
мәселесі неден пайда болды? Ол қазақ тілінің нашарлығынан не-
месе қазақтардың өз тіліне деген ыждаһатсыздығынан емес, тілді
орта бұзылған. Қазақ тілінің шет қалғаны содан. Мәселен, кезінде
Қазақстанның астанасы Алматыда жалғыз ғана қазақ мектебі бол-
ды. Соның өзін жауып қоя жаздады. Ал қазір Алматыда қырық
шақты қазақ мектебі бар. Бұл да жетістік. Мен осында алғаш кел-
генде Алматыда қазақтар жеті-сегіз-ақ пайыз болатын. Ал қазір
қазақтар Алматыда елу екі-елу үш пайызға жетті. Аманшылық бол-
са, алпыс пайызға да жетеміз. Қазір Астананың өзінде қазақтардың
үлесі елу жеті пайызға жетті. Шымкентте алпыс жеті пайыз. Міне
осылай біртіндеп түзеліп, тәуелсіздіктің арқасында санымыз да
артып келеді. Бұл нағыз елдіктің белгісі. Бұл дегеніміз қазақтар өз республикасындағы ең басты қалаларға табанын нық тіреп, мығым күшке айналады дегенді білдіреді. Әйтсе де еліміздің кейбір қалаларында орыс тілінің әлі де басым сипат алып тұрғанын жоққа шығара алмайсыз. Алаңдауымыз орынды. Мемлекеттік тіл шын мәнінде мемлекеттік болу үшін оған еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін бәріміздің атсалысуымыз керек. Үйде қазақша сөйлеуіміз, қазақша балабақшаны, мектептерді көбірек ашуымыз және іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуіміз қажет. Және бұған ешкімге жалтақтамай батыл кірісуіміз керек. Себебі, Ата Заңымызда және «Тіл туралы» заңда мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы тайға таңба басқандай етіп анық жазылған. Ал заңды орындау барлық қазақстандықтар үшін міндет әрі парыз. Заң аясында әрекет етсек мәңгүрт бола қоймаспыз. Осы үшін қазаққа дәл қазіргі кезеңде демографиялық дүмпу қажет. «Қара домалақтар қайда, келіншектер?!» деп ұрандататын шақ туып келеді. Санмен қатар сапа жағынан да деңгейімізді көтергеніміз абзал. Өсу-өркендеу біздің дәстүріміз. Өйткені, қазақ әрі балажан, әрі көпшіл халық қой. – Жалпы қазақ жері, оның табиғи байлығы қанша миллион халықты асырай алады? – Егер егін және мал шаруашылығын дамытуды АҚШ-тың, Францияның, Англияның, Германияның сондай-ақ басқа дамыған ірі елдердің дәрежесіне жеткізе алсақ, онда жүз миллион адамды емін-еркін асырай алады. Бұған Қазақстанның экономикалық та, ғылыми да, табиғи да алғы шарттары бар. оған ешқандай күмән жоқ. Тек Алла кездейсоқ кесапаттан сақтасын деп тілейік. Тоқетерін айтқанда, ұлттық мүдде алға шығуы керек. Әсіресе демография саласында өркениет деген осы екен деп Еуропаға, Батысқа еліктеудің ешқандай жөні жоқ. Бізге еш босаңсуға болмайды. Әсіресе өсіп-өну, ұрпақ тәрбиесі саласында. Ащы суға құнығу, ажырасудың молдығы, қыздардың тәнін саудалауының бой көрсетуі жалған демократияға бас шұлғып еліктеуіміздің әсері. Бұған ел болып, жұрт болып қарсы шығуымыз керек. Себебі, өсіп-өнуімізге ең бірінші кедергі жасайтын да осындай жағымсыз жайттар. Оның үстіне ұрпақ өрбітуге қабілетті жастағы аруларымыздың қазіргі таңда қоғамдық жұмысқа көбірек тартылып, ана болудан шеттеп қалатындығын қосыңыз. Мәселеге бұл өркениетті елдердің бәріне тән жағдай, «заман ағымы тудырып отырған заңдылық» деп көз жұма қарасақ қателесеміз. Мұның халқымыздың болашағына тигізетін үлкен зардаптары болуы әбден мүмкін. Бұлай жалғаса берсе екі–үш ұрпақ ауысқаннан
кейін қазақ әйелдері бала туудан мүлдем шектеліп, халқымыздың өсіп-өнуі құрдымға бет алуы мүмкін. Әлемдегі тіршілік иелерінің барлығы, сонымен қатар адамзат баласының бүкіл тірлік-тынысының, тіршілігінің негізі ұрпақ өсіру. Қазақтың баталы, аталы сөздерінде де: «Бала-шағаң, ел-жұртың аман болсын», «Өсіп-өркенде», «Көгеріп-көкте» деген сияқты қанатты сөздерді жиі қолданатыны сондықтан. Уахит Шәлекенов, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері «Көшпенді» – бұл қазаққа күштеп басқан таңба Уахит Шәлекенов – тарих ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің құрметті кафедра меңгерушісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан гуманитарлық академиясының академигі, Ұлы Отан соғысының ардагері. Белгілі тарихшы, археолог және этнолог, төрт жүзден астам құнды еңбектердің, жиырмадан астам ғылыми кітаптардың авторы. Бізге қазақ жерінен ұлтымыздың ұлылығын, елдігін танытатын деректерді аса ыждағаттықпен жинап жүрген көрнекті ғалымға жолығып, онымен әңгімелесудің сәті түскен еді. – Уахит аға, ең алдымен қазір біз өмір сүріп жатқан аймақта, яғни, қазақ жерінде ертеде қандай тайпалар мекендеген? Археологиялық деректер нендей сыр шертеді? – Жалпы Орталық Азия содан кейін Шығыс Еуропаның біраз жерлері түркілердің ежелден кір жуып, кіндік кескен отаны. Бұл Азия материгінің бес бөлігінің біреуі. Осы кең байтақ өлкені біздің түркі бабаларымыз ежелден мекен еткен. Сондықтан да Азия материгі түгелімен соның ішінде Орталық Азия алғашқы адамдардың пайда болған ескі дүниесі деп аталады. Ал Орталық Азия түркілердің жері болатын болса сондағы ескерткіштерге тоқталайық. Бұл жерде жаңағы біздің айтқанымызды дәлелдейтін, адам баласына алғашқы дәуірді сәулелендіретін тас дәуірінің ескерткіштері әсіресе қазақ жерінен көптеп табылды. Бұл археология ғылымында палеолит деп аталады. Біздіңше бұл тас дәуірі деген сөз. Алғашқы адамдардың құралдары тастан істелген.
Сондықтан оны тас дәуір деп атаймыз. Тас дәуірінің ескерткіштері Қазақстанның көп жерінен табылды. Бұл іс өткен ғасырдың ортасынан бастап ерекше қолға алынды. 1960-шы жылдары қазақтың белгілі археологінің бірі Хасан Алпысбаев Оңтүстік Қазақстанның жерінен, атап айтқанда Қаратаудың оңтүстігінің бірнеше жерінен тас дәуірінің ескерткіштерін тапқан болатын. Сонымен қатар бұнымен айналысқан бірнеше ғалымдар бар. Оның ішінде белгілі археолог әрі тас дәуірін өзінің шәкірттерімен бірге зерттеп келе жатқан әрі оны басқарып отырған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов. Сондай-ақ Қаныш Сәтбаев басқарған жағырапия институтының геологтары да таутасты зерттеп жүріп, тас дәуірінің кездескен ескерткіштерін жинай жүрген. Сонымен бәрін қосқанда қазір сол жарты миллионнан астам тас дәуірін сәулендіретін ескеткіштер әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде шоғырланған. Мұнда тас дәуірі деген мұражай бар. Адам баласының бұл дәуірі біраз зерттеледі. Бұл зерттеу жұмыстары қазір жалғасып жатыр. – Сонымен қатар адамзат дамуының дәуірі тек осымен ғана шектелмегені белгілі. Демек біздің ата-бабаларымыз бұдан басқа дәуірді де бастан кешкен емес пе? Енді соған тоқталсаңыз? – Адамзаттың даму тарихындағы бұдан кейінгі дәуір ол – қола дәуірі деп аталады. Қола дәуірі деген сөз біздің эрамыздан бұрынғы екі, үш мыңыншы жылдарды қамтиды. Қола дәуірінің ескерткіштері біздің жерде өте көп сақталған. Оның түрлері бұл – оба. Біздің мына оңтүстік Сырдария, Әмудария бойларында, Сібірде және көпшілік жерлерде обалар бар. Обаны орысша «қорған» дейді. Тас дәуірінен кейінгі қола дәуірінде өмір сүрген түсті металлды бірінші рет иеленген тайпалардың ескерткіштері олар. Бұлар өте көп. Әсіресе, мына Жетісу атыраптарында, өзендердің жағаларында. Міне, осы қола дәуірінің ескерткіштері қазақ жерінің барлық аймағынан ашылды. Қазір біздің археологтарымыз оны екіге бөліп атайды. «Сақ және сармат дәуірінің ескерткіштері» дейді. Мәселен, мына Арал теңізінің солтүстігінен бастап сонау Орал тауларына дейін табылған ескерткіштерді сарматтардікі деп атайды. Ал Орталық Азияның басқа аймақтарындағы жаңағыдай обаларды сақтардікі дейді. Менімше ортасында салынып қойылған Қытай қорғаны жоқ. Оның екеуі де бір тайпа. Тіл жағынан бір-біріне жақын. Қонысы жағынан араласып, құраласып жатыр. Осындай атты қойып оны екіге бөлу
еуроцентристердің әрекеті болу керек. Себебі, сарматтардың да қорғанынан шыққан заттар сақтардың қорғанынан шыққан заттардан онша айырмашылығы жоқ. – Осы қола дәуірінің ескерткіштерін алғаш зерттегендер кімдер? Олардың арасында қазақ ғалымдары бар ма? – Ең алдымен бұл қола дәуірінің ескерткіштерін Кеңес дәуірінде Ленинградтың, Мәскеудің ғалымдары ашты. Кейін өзіміздің ішімізден кадрлар шығып, кең көлемде осы салада жұмыс істеді. Оның басшысы академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан. Ол қазақтың археологиясының атасы. Әлкей «Орталық Қазақстан» деген экспедиция ұйымдастырды. Оны қырық жылдам астам басқарды. Бұрынғы Жезқазған және Қарағанды облыстарында түсті металдардың орнын ашты. Үлкен монографиялар жазды. Енді қазір ол кісінің он бес томдық еңбегі шығып жатыр. Ол бәріміздің ұстазымыз болды ғой. Әлкей Хақанұлының өзі айтып кеткен. «Дүниежүзіне түсті металл осы Қазақстаннан тараған» деп. Оны кейінгі архивтік деректер де дәлелдейді. Мәселен, тоқсаныншы жылдары екі томдық кітап шығарды Түркияның түрігі, тарихшы Бахуадиноғлы деген. Ол «Хұң империясының тарихы»деп аталады.Ол кісі өмір бойы сол Бежінде Қытай архивінде істеген. Хұң империясын зерттеген. Соның тарихын жазып кеткен. Сол еңбегінде архивтік деректерге қарап отырып, «Қытайға ең бірінші түсті металды таныстырған, оны қалай балқытуды үйреткен түркілер» деп жазыпты. «Менің, – дейді Бахуадиноғлы, – осы айтқаным еш уақытта өзгермейді. Ал менен кейін табылған осы жөніндегі деректер оны тек толықтыруы мүмкін. Түркілердің Қытайға түсті металды алып келуін бекер деу мүмкін емес» дейді. Кесіп айтады. Әсіресе бізде қола дәуірінің мұндай ескерткіштері өте көп. Бұлар қазір бізде қалай сақталған? Олар обалар ретінде сақталып бізге жеткен. «Оба»,– деген ол не? Ол сол уақытта өлген адамдардың зираты. «Эвести» деген кітап бар, сол дәуірде ескі иран тілінде жазылған. Сол кітапта сол кездердің дәстүрі бойынша «арисстер өлген адамдарын дүние мүлкімен бірге көмеді» деп жазған. Тап осындай деректер біздің жерімізден көп табылып жатыр. Соның бір мысалы, мына Есіктен шыққан «Алтын адам». Ол да сондай обадан табылды. Ол қазір дүниежүзіне белгілі болды. Қола дәуірін зерттейтін қазақ тарихшылары, археологтары «Қазақстан жеріндегі осындай обалардан қазір үш Алтын адам таптық» деп жүр. Біреуі Арал теңізі өңіріндегі Аралтөбе деген жерден, екіншісі Алтайдан Шекті деген қорғаннан. Соған қарағанда
біздің «сақ» деп жүргеніміз арисстер болуы мүмкін деген жаңа пікір шығып жатыр. Бірақ біздің көпшілік археологтарымыз оған мән беріп, оны әлі мойындай қойған жоқ. Ал мойындататындай деректер қазір жиналып жатыр. Мәселен, Алматының қасынан темір қазан табылды. Сыртқы жиегінде свастиканың суреті бар. Немістердің крес свастикасы бар ғой. Сол свастика ертедегі арисстердің эмблемасы болған. Бұл свастикадан қорқатын ештеңе жоқ. Ол ертедегі арисстер жердің күнді айналатынын белгілеген. Ол дүниені төртке бөліп көрсеткен белгі. Қазір бұл мәселе жаңа ғана көтеріліп жатыр, көтеру керек. Жалпы алғанда қола дәуірі ескерткіштерінің қорғандары жақсы зерттелді. Әлкей Хақанұлы Марғұлан олардың тұрақты орындарын да, мекендерін де тапты. – Табылған археологиялық жәдігерлерді және қорғандарды зерттеу жұмыстарына сіздің көңіліңіз тола ма? Бұған не дейсіз? – Өкінішке орай, бұл мәселе жөнінде үлкен бір кемшілік кетіп жатыр. Біріншіден қола дәуірін зерттеген Мәскеудің, Петербургтің ғалымдары. Олар аспанның астында көтеріліп тұрған қорғандарды келіп қаза берген. Одан ер-тұрман, аттың сүйегі және басқа тұрмыстық заттар табылған. Соған қарап отырып көшпенділердің ескерткіші деп жазған. Ал олар көшпенділер дегеннен кейін олардың тұрақ жайы жоқ деген пікір қалыптасқан. Енді тәуелсіздік алғаннан кейін оған керісінше қарау керек. Зер салып көріңізші, жаңағы обалар ылғи үлкенді-кішілі өзендер бойында салынған. Бұған дәлел Алматының іргесінде Боралдай деген өзен бар. Міне, осы өзеннің бойында бір жерде шоғырланып тұрған көптеген обалар, қорғандар бар. Соны қазір Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, бір жағынан өзі археолог қой, жақсы біледі, ескерткішке айналдырып, сақтайын деп жатыр. Ол оның көрегендігі, бұл өте дұрыс. Бірақ та сол аймақтарға үй салайын деп жатқан көрінеді. Үй салмастан бұрын сол обалардың төңірегінде өзеннің жағасынан қола дәуірінің мекендерін, үйлерінің орындарын іздеу керек. Егер үйлер салынып кетсе онда оның астында өмірі зерттелмей қалып қояды. Осыны солар жақсы ескермей жатыр-ау деп ойлаймын. Қола дәуірінің қонысын іздеу керек. Жаңағы Боралдай, Іле өзендері сияқты көптеген өзендер бар ғой. Қазір Қазақстанда геологтардың айтуы бойынша шамамен үлкенді-кішілі 86 мың өзен бар көрінеді. Бұл өзендердің бойында адамдардың қоныстануына қолайлы тегістік жерлер бар. Міне, осы жерлерден қола дәуіріндегі адамдардың қонысын іздеу керек. Ал, енді Орталық Қазақстаннан Әлкей Хақанұлы Марғұлан тапқан бол-
са, біз неге Жетісу өңірінен таппаймыз. Жетісудың табиғаты керемет қой. Алатаудың бөктері отырықшылыққа қолайлы емес пе?! Ендігі жерде келсін-келмесін обаны, қорғанды қаза бермей сол дәуірдің қонысына көңіл бөлу қажет. Неге десеңіз, зиратта тек дінге байланысты нәрселер ғана көміледі. Ал тұрақты мекендерде оның тұтынған, өмірде пайдаланған заттары сақталынып қалады. Сондықтан зиратты қазып алтын іздеудің бізге қажеті жоқ. Бізге дерек ретінде сол обадан табылған алтын да бір, сол жерден табылған құмыра да бір. Бұл ғылымға қажет. Қазір біздің археологтардың ішінде осы қола дәуірімен айналысатын көп жас археологтар бар. Мен соларға үнемі айтып жүрмін. Олар енді-енді сол қола дәуірінің қоныстарын іздей бастады. Қазір бұл жұмыс басталды. Бірақ та оның кең көлемде жүргізу керек. Обаларды, қорғандарды қазуды бәсеңдетіп, қоныс іздеуді күшейту керек. Себебі бұны халық та біліп отыр. Қазір олар: «ой, археологтар көр қазушы, алтын іздеуші ғой» дейді. Сонымен түйедей сөздің тобықтай түйіні қола дәуірі біршама толық зерттелді деп айта аламыз. Бірақ та әлі де жеткіліксіз-ау деймін. Себебі біздер қоныстарды көп ашқан жоқпыз. Сондықтан да осымен айналысып жүрген археологтардың құлағына алтын сырға, менің осы айтқандарым құлағына жетсе ойланып, осыдан өздері қорытынды шығару керек. Тек көр қазумен кете беруге болмайды. – Қазақ тарихында орта ғасырлық дәуір қандай орын алды? Оның басты ерекше белгілеріне тоқтала кетсеңіз? – Енді бұдан былайғы дәуір ол орта ғасырлық дәуір. Орта ғасырдың ескерткіштері қандай нәрселер? Олар ертедегі тұрақты мекендердің, қалалардың орындары. Сосын сақталып қалған сәулеттік ескерткіштер. Мысалы, олар Айшабибі, Бабажан қатын, Қожа Ахмет Яссауидің мавзолейі, Сайрамдағы Ыбырайым ата мен Қарашаш ана, Домалақ ана және сол сияқтылар. Міне, осы ескерткіштерді қазір зерттеп жатырмыз. Мұны зерттеу тек өткен ғасырдың орталарынан ғана басталды. Бұрын да, қазір де, әлі күнге дейін қазақтың маңдайына жазып қойған сияқты, қазақты көшпенді халық деп қарайды. Жалпы түркі халқы сондай-ақ қазақ халқы еш уақытта шетінен көшпенді болмаған. Тәуелсіздік алғаннан кейін жазылған менің барлық еңбектерім міне осы тақырыпқа арналған. Мен біздің халыққа «көшпенді» деп ат қойып, айдар таққанына қарсымын. Себебі көшпенді халық біздердей болмайды. «Көшпенді халық» деп қиыр солтүстік Сібірдегі ұсақ ұлыстарды, сол халықты айуға болады. Мекен салмай бір жерден екінші жерге
көшіп жүретін. Ал біздің қалаларымыздың тарихы екі мың жылдан
астам деп айқайлаймыз. Екінші жағынан «көшпендіміз» деп тағы
айқайлаймыз. Бүкіл түркі халықтарының ішінде «көшпендіміз»
деп жүрген тек қазақтар ғана. Ол санамызға әбден сіңіп кеткен,
«Көшпенді халық»деген сөз мәдениеті төмен деген сөз ғой. Төрт
түлік малдың артында жиырма төрт сағат бойы қаңғып жүреді
деген ойды білдіреді емес пе. Біздің мәдениетіміз ондай төмен
болмағаннан кейін кейбір біздің түркішілеріміз «көшпенділердің де
мәдениеті жоғары болған екен» деген қияли пікір шығарып жүр.
– Сіздің сөзіңізден бізді көшпенді деу бұл қате тұжырым деген
ойды аңғарамын. Сонда сіз өз пікіріңізді қандай нақты дерек-
термен дәлелдей аласыз?
– Қарашы, осындай цивилизацияға жеткен көшпенділер адам-
зат тарихында жоқ. Ол қияли нәре. Біздің мәдениетіміздің осын-
дай жоғары болуының негізі бұл отырықшылық. Қола, темір
дәуірлеріндегі қолаларды, темірлерді көшпенділер таба ала ма?
Себебі олар кен қазбайды ғой. Оны балқыту үшін пешті түйенің
қомына артып жүре ала ма? Орталық Қазақстан дүниежүзіне
түсті металл таратты дейміз. Екіншіден көшпенділеріміз дейміз.
Ешқандай қисыны жоқ қой. Тіпті ақылға сыймайды. Сөйтіп жүрген
халықтың ішінде кеншілері де болғанды. Қазіргі біздің түсті және
қара металлургия бойынша салынған үлкен-үлкен зауыттар, ком-
бинаттар сол ертедегі қола дәуіріндегі кендердің орындарын-
да тұр. Соны біздің бабаларымыз бұдан үш мың жыл бұрын бар
екенін біліп, соны пайдаланған ғой. Өздерінің құралдарының на-
шар болғанына қарамастан оны өндіріп, балқытып одан алтын,
күміс, қалайы, қорғасын, қола ала білген. Ал оны көшпенділер
істемейді ғой. Сонда бұны қалай түсінеміз. Біздің көшпенді емес
екенімізді дәлелдейтін қазақ жеріндегі орта ғасырлық үлкен-үлкен
қалалар, тұрақты мекендер, астана болған ірі шаһарлар қаншама.
Олар өте көп сақталып қалған. Оны он бірінші ғасырда өмір сүрген
ғұламалардың бірі Махмұт Қашқари өзінің еңбектерінде: «түркілер
ерте бастан қала салған. Оған ат қойған. Атының соңына «кент» де-
ген сөз қосқан» деп жазған. Бұған дәлел Саудакент, Шымкент, Ман-
кент, Ташкент, Жаркент, Құмкент. «Кент» деген сөз иранша қала
деген сөз. Мәселен, Петрбург, Орынбург дегендегі «бург»немісше
қала деген сөз. Сол қалалардың бірі Отырар төбе. Мен отыз
үш жылдан бері қазып жатқан іргесі бесінші ғасырда қаланған
Баласағұн қаласы. Былтыр «V және ХІІІ ғасырлардағы Баласағұн
қаласы» деген монографиям жарық көрді. Ал бұның альбомы былтыр «Баласағұн» деген атпен Анкарадан шықты. Ол дүниежүзінің кітапханаларына тарап кетті. Бұл ертедегі төрт мемлекеттің астанасы болған қала. Сондай-ақ Тараздың екі мың жылдығын мерекеледік. Бүкіл түркі халқының патшасы болған Афрасиап мына Іленің бойына өзінің қызына арнап Қазы деген қала салдырған. Қазының аты Қаз болған. Бұл жайлы Мамұт Қашқари: «оны Қаздар қаласы деп атаған. Ол жерде аққулар, қаздар жүзіп жүреді» деп жазады. Ол осы күнгі Қапшағай су қоймасының астында кетті. Міне, осы жерлерден Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы өткен. Жаркент одан кейін Алматы, Ұзынағаш, Қарақастек, Баласағұн, Мерке, Құлан, Тараз сөйтіп жалғасып кете береді. Жібек жолы бұл жерден біздің эрамыздан бұрынғы ІІІ ғасырдың аяғы ІІ ғасырдың басында жүрген. Сол уақыттан бастап есептегеннің өзінде де бұл қалаларға екі жарым мың жыл болды. Бұрын, әсіресе орыс археологтары тек Қаратаудың күңгей бетінде ғана отырықшылық болған, ал оның теріскейінен бастап сонау Сібір ойпатына дейін көшпенділер мекендеген деп келді. Енді қазір бұл пікір өзгеріп, қазақ жерінің барлық аймақтарынан орта ғасырлық қалалар табылып жатыр. Мысалы, Астананың қасынан Бұзық деген қала табылып, қазір оны ескерткішке айналдыруда. Оны Камал Әкішев деген атақты археолог ашқан. Енді қазір Павлодардан, батыстағы Оралдан табылып жатыр. Бұл нені көрсетеді? Бұл ертеден келе жатқан отырықшылықты дәлелдейді. Үздіксіз эволициялық жолмен дамып отырғанымызды көрсетеді. Сондықтан да жоғарыда айтылған дәлелдерге сүйене отырып отырықшылық деген пікірді күшейтіп көшпенділер деген көзқарасқа балта шабу керек. Біздер көшпенді халық емеспіз. Біз ертеден цивилизацияға, мәдениетке жеткен тарихтың барлық фармацияларын бастан өткерген халықпыз. Түркілерді алғашқы қоғамдық құрылыстан, құлшылық қоғамнан секіріп өтіп феодализмге келді, одан секіріп социализмге келді деп жүргендерінің бәрі бос сөз. Сайып келгенде біздің отырықты халық екенімізді растайтын орта ғасырлық қалалар қазір көп қазылды, көп зерттелді. Олардың қазыла бастағанына қазір алпыс, жетпіс жылдай болды. Бұл археологияға онша көп уақыт емес. Себебі бұл күректің ұшымен, білектің күшімен қазылатын жұмыс. Содан соң табылған затты зерттеп, қағазға түсірілетін ғылым бұл. – Сіз тілге тиек еткен орта ғасырлық қалалардың біразы, тіпті көптеген бөлігі құмды, жазы ыстық шөлейт жерлерге
салынғанын байқау, әрине, қиын емес. Сонда бұл қалалардың тұрғындары ауыз суды және бау-бақша суғаруға қажетті суды қайдан, қалай алған? – Түркілердің өмірі көбіне табиғатқа тәуелді болды. Қараңыз, біздің қазақ жерінің оңтүстігіне суармасаңыз бірде-бір өсімдік өспейді. Өсімдік өсетін кезде аспаннан тамшы жаңбыр жаумайды. Бұл қазіргі жағдай емес. Бұл ежелден келе жатқан жағдай. Сондықтан халықтар үлкен-үлкен каналдар қазған. Әмударияның, Сырдарияның суынан пайдаланған. Сөйтіп егін еккен. Оны «карезный система» дейді. «Карез» деген сөз араб тілінде «жер астындағы су» деген сөз. Жоғарыдан төмен қарап қанша құдық керек болса сонша құдық қазып соның суын ең соңғы құдыққа жинап, оны ылғида апарып сол жиналған сумен егінді суарып, өнім алған ғой. Мен қазірге дейін сақталған осындай карездерді Түркістаннан көрдім. Түркістанның қасындағы Сауран деген қалада қазір де бар. – Ежелгі қалаларды қазу, көне дәуірді зерттеу инемен құдық қазғандай өте бір ыждаһаттықты талап ететін нәзік ғылым сияқты көрінеді маған. Себебі, ата-баба тарихының айнасы солар емес пе? Оны көздің қарашығындай сақтап әрбір жәдігерге ғасырлар қойнауының куәсі, халқымыздың өткен өмірінің дерек көзі деп қарау қаншалықты деңгейде қалыптасқан? – Әрине, орта ғасырлық таихымызды сәулелендіретін ескерткіштерді зерттеуде кемшіліктер өте көп. Қандай кемшіліктер? Бұл қалалардың көпшілігі кеңес заманында қирап кеткен. Үлкен-үлкен жер тегістейтін машиналар шығып көптеген құнды ескерткіштерді жермен жексен етіп жіберген. Орта ғасырлық ғалымдар өз еңбектерінде Отырар туралы «бір шетінен бір шетіне шығу үшін бір күн жүру керек» деп жазған. Қазір жаяу ана шетімен мына шетіне он бес минутта шығасың. Ал біз оны Отырар қаласы деп қыруар ақшаны соған төгіп жатырмыз. Сондықтан не істеу керек? Алдымен барлық қалалардың шекарасын белгілеу керек. Онда қанша халық тұрғанына зер салу керек. Қазір осы мәселе шешілмеген. Мәселен, «Тараз қаласында аз ғана тұрғын болған» деп шамамен айтып жүрдік. Ал мен қазып жатқан Баласағұн қаласында алты мың адам тұрған дейді. Қаланы қоршаған қорғанның жалпы ұзындығы елу екі шақырым, биіктігі он метр, ені он, он екі метр болған. Міне, осыны алты мың халық сала ала ма? Оны ең кемінде миллионға жақын адам салған. Неге олар жаңағыдай азайтып айтады? Оның төркіні аржағында жатыр, «көшпенді» дейді. Көшпенділердің миллионға
жуық тұрғыны бар қалалары болған дегенде күледі олар. Ондай қалалар болуы мүмкін емес дейді. – Енді осынау асыл мұрамызды ел игілігіне айналдырып, оны әлемге таныстыру мақсатында қандай шаруалар жүзеге асырылып жатыр? Оған сіздің көңіліңіз тола ма? – Толады деп айта алмаймын. Оның өзіндік себептері көп. Біз әлі де болса археологиялық ескерткіштерге онша көп мән бермей келеміз. Орта ғасырлық ірі-ірі қалаларлы қазып, ашық аспан астында қалдырып кетпеу керек. Оны туристік орталыққа айналдыру керек. Президентіміз 2003 жылы «Мәдени мұраны» қабылдарда: «Археологтар ойлануы керек, қазып-қазып Отырардай етіп ашық аспан астында тастап кете бермеуі керек» деген. Міне, осы мәселе әлі жақсы шешілмей жатыр. Бірде-бір археологиялық ескерткіш шетел туристеріне көрсететіндей дәрежеде өңделіп, консервация жасалған жоқ. Осыған күш салу керек. Спорт және туризм министрлігі археологиялық ескерткіштерге тіпті көңіл бөлмейді. Егер осы ескерткіштерді дұрыстап басқаларға көрсете білсек, Қазақстанға миллиардтап доллорлар құйылады ғой. Қазақтай ескерткіші көп ел жоқ қой дүниеде. Бізде адамзат тарихының барлық дәуірін сәуелендіретін ескерткіш бар. Мәселен, Алматының іргесіндегі «Алтын адам» табылған Есіктегі қорғанды неге тәртіпке келтірмеске. Ол әлі сол баяғы ашық-шашық күйінде жатыр. – Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы қазақ археологиясының даму қарқыны қандай? Ұлтымыздың өткеніне ендігі жерде басқаша қарап, тарихымызды жаңаша сараптау басталды ма? – Ел тізгіні өз қолымызға тигеннен кейін қазақ археологиясының бағы ашылды. 2003 жылы Президентіміз «Мәдени мұра» деген аса ауқымды бағдарлама жариялады. Мұнда археологиялық ескерткіштерді зерттеп, оларды өңдеп, консервация жасап, реттеп қалпына келтіру тапсырылды. Оған Елбасы үш-үш жылдан мерзім қойды. Бірінші мерзім былтыр бітті. Енді қазір бұл бағдарламаның екінші кезеңі басталды. Оның бағдарламасын бекітті. Қазір сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Мәдени мұраны, оның ішінде археологияны зерттеуге бұрын тіпті кеңес заманында да ешкім, ешуақытта дәл осындай көңіл бөлмеген еді. Бұл үшін Президентімізге мыңда бір рахмет айтуымыз керек. Бәрін сол кісінің айтқанындай етіп істеп, бөлінген қаражатты дұрыс пайдалансақ көп нәсеге қол жеткізуге болады.
– Сонда осы бағытта қазір ел көлемінде қандай нақты істерді қазақ археологтары қолға алып жатыр? Мүмкін болса соларға тоқтала кетсеңіз? – Ендігі жерде шетінен қаза берудің қажеті жоқ. Жеріміздегі көп ескерткіштерді әрбір дәуірге, этаптарға бөліп, бөліп қою керек. Сол бойынша зерттеуді қолға алу керек. Мемлекет ақша берген екен деп шетінен қаза беруді доғару керек. Кейінгі ұрпақтар да қазады оны. Бізге бәрін қазып біту шарт емес. Оны үнемдеп, келешек ұрпақтар да зерттейтін болады. Ұлттық археологиялық ескерткіштерімізді зерттеуде жаңа көзқарас болуы керек. Ол көзқарас ендігі жерде қазақ халқының көзімен қарайтын көзқарас болуы керек. Ең алдымен идеологияның көзқарасы емес, халықтың көзқарасы болуы керек. Мәдени мұраның негізі мақсаты міне осы. Оны дұрыстап жүзеге асыру керек. Әлі көп олқылықтар бар. Ол үшін археологияға жаны ашитын ұлтының патриоты болуы керек. Археологиялық ескерткіштер бұл ғасырлар бойы оқылмай жатқан кітап. Оларды сөйлету керек. Соның сырын ашу керек. – Уахит аға, осыдан бір-екі жыл бұрын Алматы қаласының ірге тасы қаланғанына 150 жыл толды деп бір дүрлігіп барып басылғаны есіңізде болар. Осыған сіздің көзқарасыңыз қандай? Шынымен біздің қалаға осынша жыл болды ма? – Жоқ, Алматының тарихы менің білуімше тереңде жатыр. Бұл ескі қалалардың бірі. Бұл қаланың пайда болуы Ұлы Жібек жолының пайда болуымен байланысты. Осы жолдың солтүстік тармағының үстінде жатқан қала.Оның дамуы осымен тікелей байланысты. Жібек жолы біздің ғасырымыздан бұрынғы екінші ғасырда Шығыс пен Батысты байланыстырып тұрған ұлы сауда жол. Оның жолында үлкенді-кішілі тұрақты мекендер болған. Міне, осындай мекендердің бірі ертеден келе жатқан осы Алматы қаласы. Демек Жібек жолына дейін де бұл жерлерде ауылдар болған ғой. Олар осы сауда жолының арқасында біртіндеп-біртіндеп үлкейе берген. Алматының тұрған жері Іле өзенінің алқабы. Адамдардың өмір сүруіне өте қолайлы жер. Бүгінде халықта «Жер жанаты – Жетісу» деген сөз бар. Сол керемет жердің бір бөлігі бұл. Әсіресе, үлкен шұрайлы бөлігі. Алатаудың бөктерінде орналасқан жақсы жер.Отырықшылыққа өте қолалы өңір. Бұл жерлерде ерте қола дәуірінде-ақ адамдар қоныстанған. Үлкен өндіріс орындары болған. Қол өнеркәсібі дамыған. Оны археологиялық деректер негізінде дәлелдейтін осы Алматының ішінде, Іле өзеніндегі екі қапталындағы ойпаттарда қола
және темір дәуірлерінің ескерткіштері обалар, қорғандар өте көп. Олардың көбі Алматының ішінен ағатын өзендердің жағасында. Олардың көпшілігі қаланың астында қалып қойған. Оның кейбіреулерін біздің археологтар зерттеген. Ертеде салған қоныстарын біздің ата-бабаларымыз өздері жайлаған өзендердің атымен атаған. Алқаптарында алма көп өскен жер болуы мүмкн. Бірақ та өзеннің аты Алматы. Үлкен Алматы, кіші Алматы деп осы күнге дейін атамаймыз ба? Міне, сол атпен аталған қала. Бұл түркі халқына тән нәрсе. Міне, осы күйінде орыстар келгенге дейін үлкен керуен сарайы болып қала берген. Он тоғызыншы ғасырдың ортасында яғни дәлірек айтқанда 1854 жылы орыс отаршыларының әскерлері келіп жеткен. Ең соңғы бекіністі осы арада құрған. Осы күнгі бірінші Алматы деп аталатын жерде әскери бекініс салған. Оны Верный деп атаған. Сол уақыттарда Шоқан Уәлиханов осы жерге бірнеше рет келген. Ол тайға таңба басқандай етіп жазған. Орыстар келгенге дейін ұлы жолдың үстіндегі дүниеге белгілі Алматы қаласының болғаны және бұл қалаға Италияның Генуя қаласынан Қытайға бара жатқан саудагерлерді және қыпшақ елшілерін кездестірген. Бұның өзі Алматының сол кезде-ақ белгілі сауда орталықтарының бірі екенін дәлелдейді. Ғалының бұл жазған мағлұматтары Алматы қаласының ертеден келе жатқан Ұлы Жібек жолындағы қала екенін баяндайды. Яғни, оның тарихы екі мың жылдан астам екендігіне дау жоқ. Әсет Бейсеуов, Қазақстанның халық әртісі Ән – өрлігіміздің өлшемі Қазақ эстрада музыкасының мәйегіне айналған татымды да тартымды лирикалық әндерімен сан мыңдаған жүректерге сезім шуағын сепкен, халқымыздың сүйікті композиторы Әсет Бейсеуовпен қазіргі қазақ әні хақында сыр толғап, сұхбаттасудың сәті түскен еді. – Әсеке, ең алдымен, өнердегі ұлттық қасиет дегенге тоқталсақ. Оның ән жанрындағы түп-төркінін аша кетсеңіз? – Ұлттық қасиет – ол халқымыздың мінез-құлқы. Ал өнер сол мінез-құлықты алуан қырынан көркемдеп, көрсетіп, жақсы жағынан да, жаман жағынан да жалпақ жұртқа жариялайды.
Ұлттық қасиет ол біздің жүрегімізден, ол біздің үнімізден нышан береді. Өзге ұлттардың алдында еңсемізді көтеретін де, бізді танытатын да сол ұлттық қасиет. Ол еліміздің өрлігінің де, ерлігінің де өлшемі ғой. Әрине, бұл өнеріміз де ерекше даралана түседі. Өнер тілі жасығымызды да, асылымызды да айқын танытып, келеді. Жақсылығына жанымыз өссе, жамандығына көңіл пәс. – Сонда, Әсеке, өнердегі олқылықтың орны толмаса, рухани кедейліктің ауылы алыс емес қой? – Мен, осы рухани кедейлікті, ең алдымен, өнер адамдарының өз бойынан, өзімізден іздесек деймін. Мысалы, жас әншілер өзінің не айтып тұрғанын, ақын сөзін қалай жеткізерін білмейді. Әйтеуір әнді жаттап алған күйінде айтады. Ол неге, не үшін бұлай жазылған? Онымен шаруасы жоқ. Егер ол түсінбесе, әнді қор қылмай айтпайақ қойғаны дұрыс қой. Жүректен шықпаған ән жүрекке жетпек емес. Әнші болсын, композитор болсын, ащы да болса ашығын айтайын, біліміміз бір жақты, саяз. Тіл, сөйлеу өнеріне ұлттық әдебиетімізге, тарихымызға ден қоймаймыз. Өнер адамы өзіне қажетті білім нәрінен жеткілікті жан-жақты сусындамаса, ол жағаға шығып қалған балық сияқты демі бітіп, ерте-ақ алқынып қалады. Бойындағы табиғи талантты – біліммен байытпасаң, тұл. – Демек, негізгі берік білім болмаса ұлттық өнеріміздің өмірі қысқа демексіз ғой. – Әрине, қазір жер-жерде қазақ мектептері көптеп есігін айқара ашып жатыр. Бұған өз басым қатты сүйсінемін. Тоқыраудың тозаңына көмілген талай-талай қазақ мектебінің аты ғана емес пе? Енді сөнгеніміз қайта жанып, намысымыз шоқтанып келеді. Бірақ, бұл бізге әлі де аздау. Өйткені орыс мектебінде білім алған балаларымыз шалажансар болып шығады. Қазақи тәрбиеден жұрдай, тоң мінез жастарды көргенде іштей қынжыласың. Алпамыс, Қобыланды, күні кеше 300 жылдығын тойлаған Қабанбай сияқты батырларымыздың ерліктерін жырлайтын жырларды олардың көбісі білмейді. Тіпті мұсылман елдерінің халықтық мерекесі наурыздың не екенін білмейтін адамдардың бар екенін кездестіргенде, өзіңненөзің ұяласың. Намысым келеді. Бірақ, бұған күлмеу керек, жылау лайық, қызаруымыз керек. Ал енді оларға «тек» дейтін біреулер бар ма? Біздің жас айырмашылығына байланысты алған тәрбиеміз де, өскен ортамыз да мүлде бөлек қой. Бүгінгі жастардың көзқарасы мен біздің көзқарасымыз көбіне үйлеспей жататындығы сондықтан.
– Ұлтымыздың табиғатына жат, жаман қылық өнерлі
жастарымыздың бойынан да табылады ғой.
– Ореке, мен кейінгі толқын жастардан мүлде түңіліп отырғам
жоқ. Ізетті де сыпайы, қайырымды жастар көп-ақ. Өз басым
жастарға оның ішінде, әсіресе, өнермен байланысы бар жастарға
үлкен үмітпен қараймын. Оларға үлкен міндет артқым келеді.
Қазақтың жүрегінен шығатын әндерді шіркін-ай, осы жастары-
мыз тудырса екен деп армандаймын. Халқымыздың ән өнерінің
дариясын тасытқан Бақытжан Байқадамов, Әбілахат Еспаев,
Бекен Жамақаев, Садық Кәрімбаев, Евгений Брусиловскийден
үйренетін нәрселер, сірә, аз ба? Ал Шәмші Қалдаяқовтың әндері,
шіркін, ән-ақ қой. Міне, осы ардақты ағалардың өнердегі өзіндік
қолтаңбалары бүгінгі жас композиторларымыз қадіріне жетсе,
бұлар бірін-бірі қайталамайтын, бір-бір мектеп емес пе? Бірақ,
өзімізде барды бағаламайтын қауіпті әдет пайда болды. Мен осы-
дан қорқамын.
– Шындығында, Әсеке, көбіне өзге ұлттың, оның ішінде
орыс және батыс музыка өкілдерінің өнеріне табынып, соған
жүгініп, солардың маман музыканттарынан білім алып, сол
елдердің әнімен сауатын ашқандарын мақтан етіп, ал өзінің
ұлттық музыка мұрасын менсінбейтін әрі қазақ әндеріне шеке-
ден қарайтын, өзін әлемдік жоғары мәдениеттің өкілі санайтын
жалған кеудемсоқтан құдай сақтасын дейсіз ғой?
– Менің де ойым солай. Оған күмәнданбаңыз. Мысалы, Мо-
сквадан, Санкт-Петербургтен, Киевтен композитор, әнші маман-
дықтарын алып келіп жатқан жастар мол-ақ. Олар музыкалық,
теориялық даярлығы жағынан майталман. Әнге келгенде жоқ қой.
Қазақ топырағынан жаралған, ұлттық нақыштағы әндерді туғыза
алмайтын сияқты.
– Не себептен бұлай?
– Ол енді оқыған ортаға байланысты. Мысалы, Санкт-
Петербургта қазақ музыкасының тарихын оқытпайды ғой. Келе-
шек жас маман классикалық музыканың ырғақтарымен танысып,
орыс, батыс композиторларының шығармаларын тыңдап, солардың
әуендерін құлақтарына құйып қайтады емес пе? Сөйтіп, алты-жеті
жылдың ішінде бала кездегі құлағындағы ұлттық әуеннен айрылып
мүлде басқа сазбен елге оралатындар аз ба, сірә? Сонда сұраймын
ғой: Әй, қазақ даласының құдіретті әуені қайда? Қымызының иісі
қайда? Ұлттық ерекшелігіміздің бірі, міне, осылар емес пе? Ол жоқ
қой. Мен соған қайранмын. Біздің ондай «білімдарларды» шетінен
санап беруге болады.
Бірақ, шет жерде оқу бітірген жастардың бәрі солай деп бір
желіге көгендеуден аулақпын. Ұлттық әуеннен қол үзбегендері де
баршылық. Солардың қатарынан мен Москва консерваториясының
түлегі Тілес Қажығалиевті көремін. Оның туындылары негізінен
орысша. Бірақ, сәтті шыққан қазақша жазылған әндері де бар. Ал
менің мақтайтыным – Кеңес Дүйсекеев. Ол Астанадағы нөмірі
екінші қазақ мектеп-интернатының түлегі... Білім десе білімі бар.
Оның үстіне өзіміздің Құрманғазы атындағы консерваторияны
аяқтады. Үнемі қазақша жазады. Енді оның бәрі жүрекке қалай
жетеді, халықтың жанына ұялай ма, ұяламай ма – ол өз алдына бөлек
әңгіме. Бір ғана ақиқаты ол Кеңестің шығармаларында халықтық
музыка, халықтық әуен басым.
Анау Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Мәдидің әндері нағыз халықтың
үні. Шіркін, солардың әндері іспеттес әндер болу керек қой деп
ойлаймын. Әсіресе, Дәнеш Рақышевтің орындауындағы Үкілі
Ыбырайдың «Аңшының әнін» тыңдағанда көз алдыңа сүттей аппақ
қар жапқан дала, тұп-тұнық таза ауа, алма жүздерін аяз сорып
қызара бөрткен сал-серілер елестейді. Үкілі Ыбырай неткен дар-
хан өнер иесі десеңізші. Әні ойымның өрісін кеңейтіп, қиялымды
бір шайқап кетеді. Ал, «Гәккуін» алыңызшы. Екі ән бір-біріне
ұқсамайды. Тарихы да бөлек, бірақ керемет қой. Сондай-ақ, Ақан
серінің «Қараторғайы», «Балқадишасы», «Сырымбеті», Мәдидің
«Қаракесегі» қандай әдемі. Бұл әндер халықтың жан дүниесінің ай-
насы, сезімдерінің дариясы. Табиғаттан нәр алған табиғи дүниелер.
Күні бүгінге дейін шырқап келеміз, қазақ тірі тұрғанда бұл әндер
өлмек емес, өшпек емес.
– Әсеке, ән санымен емес, сапасымен өлшенеді. Бір – ғана
әннің өзі-ақ композитордың атағын шығарады деген ой туын-
дайды ғой осы жерде.
– Рас, оған қарсы айтар дауым жоқ. Көп емес, бір-ақ ән жаз.
Бірақ, ол мықты болсын. Мысалы, мен өзім жақсы көретін
композиторымның бірі – Теміржан Базарбаев. Оның «Ауылым»,
«Қаздар қайтқанда» деген әндері ше? Теміржанның аты осы «Ау-
ылым» әнімен шығып кетті. Ол қазақтың жусаны мен жуасының
иісінен құралған ән ғой енді. Кереметтілігі сол – тыңдаған сайын
рахаттанасың. Анау, Семейде жүріп осындай ән жазғанына мен рах-
мет айтқым келеді. Кез-келген композитордың, кез-келген әншінің
шоқтығын биіктететін бір әні болады. Ал Ермек ағамыздың биіктен көрінуі анау «Сырымбет», «Назқоңыр», «Көзімнің қарасы» тәрізді туындылар ғой. Ермек Абай арияларын қалай орындайды десеңізші. Енді Бибігүлдің орны тіптен басқа. Оның орындауындағы әннің қай-қайсысы болмасын, бағы жанып жатады. Әндерімнің кіндігін өзіме тілектес достарым Зейнеп Қойшыбаева мен Нұрғали Нүсіпжанов кесті. Маған олардың бірі кіндік шеше де, екіншісі кіндік әке. Менің әндеріме алғаш ақ жол тілегендер шындығында солар. Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Ғафиз Есімов, Кенжеғали Мыржақбаев, міне, осыларға деген менің ықыласым өзгеше. Ал нәзік те сүйкімді қарындасымыз Роза Рымбаеваның орны тіпті бөлек. Ақынның сөзін де, композитордың үнін де бұзбай, ұлттық қасиетіміздің мерейін өсіріп жүрген жақсы әншілер. Бұларда ұлттық жүрек бар. – Таланттың тағдырын шешетін диплом ба, жоқ, әлде өнер ме? – Мына сұрағың маған ұнап отыр. Айталық, Әбілахат, Бекен және Шәмші консерватория бітірген жоқ. Бірақ, оларды білімсіз деп айтуға аузың бармайды. Тума талантқа дипломның керегі жоқ екенін солардың әндері-ақ дәлелдеген жоқ па? Бұған өзімнің де көзім жетті. Өнеріңді таныған халыққа сенің дипломыңның баржоғы қажет емес. Екі-үш дипломы бар композиторлар да бар. бірақ солардың бітіріп жүргені шамалы. Ештеңе жазбайды. Әйтеуір Композиторлар одағының мүшесі саналады. «Мүшемін» дейді. Оның жұртқа мүшелігінен пайда жоқ. – Әсеке, сізді «кәсіпқой қазақ музыкасының вальстен эстрадаға ауысқан шақтың сағасында тұрған композитор» дейді. Бұған деген көзқарасыңыз қандай? – Шәмші Қазақ вальсінің құдіреті ғой. Оның дала самалындай жанға жайлы тиетін әуен сазы қайталанбайтын сезімдер әлемі,ол сондай тап-таза әрі мөп-мөлдір. Осы қалпымен әнқұмар қауымды өз ырқына көндіріп-ақ алған. Бірде Шәмші аға: – «Әсет Бейсеуов жеке-дара ұлттық эстрадамыздың көсегесін көгертіп жүр» – деп, ой қорытады «Қазақ әдебиетінде» жарияланған мақаласында. Бұған өз басым ыңғайсызданып қалдым. Өйткені, бір ғана адам бір халықтың музыкасының тұтқасы бола алмайды. Бірақ, бұл Шәкеңнің маған деген ақ адал көңілінен шыққан пікірі екендігіне күмәнім жоқ. – Өзендердің өзі бұлақтан басталады десек, сол «эстрада» бұлағы арналы өзенге айналып кетті деп айта аламыз ба?
– Жауыннан кейінгі қызғалдақтай қазақ музыкасында дүркіреп
шыққан Нұрғиса аға, Базарбай, Мыңжасар, Әшір сынды композитор-
лар қазіргі жастар арасында жоқ. Мен әлі іздеп жүрмін. Әй, артым-
нан біреу-міреу шыға ма деп елеңдеймін. Бірақ жоқ. Ал лирикалық
әндерге келетін болсақ, мен ең алдымен жас композитор Марат
Ілиясовты, Бейбіт Дәлденбаевты, Ақтоты Райымқұлованы айтар
едім. Бұлар өзімнің шәкірттерім. Осылардан бірдеме шыға ма деп
үміттенемін. Мараттың «Мерекем сен», «Мен саған өкпелемеймін»
деген әндерін халық та жақсы сүйіп тыңдайды.
Мен көптеген кездесулерде болып жүрмін. Мысалы, жүз ән жаз,
екі жүз ән жаз, соның ішінде халықтың жүрегіне ұялайтыны екі-
үш ән ғана. Қалған әндер сол әндердің төңірегіне жинала береді.
Бұған дәлел орыстың ұлы композиторы Исаак Дунаевский үш
мыңға жуық ән жазған. Қазір бүкіл орыстар оның он-он бес әнін
ғана шырқап жүр. Ал Соловьев – Седойдың «Подмосковные вече-
расын» алыңызшы. Кез-келген елде шырқалып жүр. «Не слышны в
саду даже шорохи» деген сөздері не деген керемет. Сондай-ақ, оның
«Смуглянка-молдованка» әнін Клавдия Шульженко қандай майын
тамыза орындайды. Бұл қайталанбайтын өзгеше әндер ғой.
Ал Алла Пугачеваның әндері өзінікі ме, халықтікі ме, ұқпай, кей-
де танымай қаласың. Әуенінде орыстың баяғы дәстүрі жоқ. Бізде
болсын, бүкіл дүние жүзінде болсын, баяғы керемет әндер көзден
бұлбұл ұшқан. Қазір ән жанры тоқырау кезеңінде. Бұған менің за-
мандас композиторларым да кінәлі. Сондықтан бізді де «сабайтын»
адам керек.
Шәкеңнің «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым» деген әндерінен
қазақтың иісі аңқып тұрған жоқ па? Міне, осы екі ән үшін Шәмші
Қалдаяқовқа ескерткіш қою керек. Әй, айналайындар-ау, ән
жазсаңдар, Шәкеңдей қазақтың жүрегімен үндесетін ән тудырыңдар,
әйтпесе басқа арам тер болып, өнерді лайламаңдар дегенді та-
лай жерде ашына айтып та жүрмін. Нұрағаң, Шәмші, Теміржан,
Мыңжасар сынды ағаларынан асып түсетін інілерім шықса деп ар-
мандаймын.
Шіркін-ай, іздеп келіп: «Мен мынаны жаздым, мен мынаны
бүйттім», деп жатса, қарсы келмейсің ғой. Өнерде қызғанбау ке-
рек, менің ойымша. Менің әріптестерімнің көбісі қызғаншақ келеді.
Біздің кемшілігіміз, міне, осында жатыр. Бір-бірімізге іштармыз.
Кейбір жас композиторларға ақыл айтсаң, ат-тонын ала қашып,
ер-тоқымы шабына түскен асау аттай тулап: «Мен симфония жа-
замын», – дейді. Әй, симфония әннен құралмай ма? Бірақ, оған құлақ аспайды. Шынайы жанашыр жүректен шыққан тілегің желге ұшқанына жаның күйзеледі. – Жақсы әндер Әсеке, мүлде жоқ емес, баршылық қой. Бірақ сол барды бағалау жағы нашар ма, қалай? Теміржанның да, Базарбайдың да, Мыңжасардың да, Әшірдің де ел таныған әндері бар. Бірақ соны насихаттау керек. Мәселе сонда. Насихатсыз судан шығып қалған балық сияқты ауа жоқ, дем ала алмай қаламыз. Халық сусындап отырған ән өнеріміздің арнасын ашып, бұлағының көзін үнемі тазартып отыратын, әрине, әділ сын, өркенді насихат. Өкініштісі сол, бұл салада өрелі де өткір пікір жан-жақты талдау жасап, жаңа шығармаға өз бағасын беретін бірде-бір музыка зерттеуші елімізде жоқ. Қазақстан Композиторлар одағының тізімінде бар көрінеді. Ал үндері естілмейді, сонда қайда олар? Әнді көп тыңдайтын жастар екенінде сіздің дауыңыз болмас. Осынау миллиондаған көрермендердің көңілін өзіне аударған рокмузыкасы ән жанрын да аяқтан шалып отырған жоқ па? – Мен бұл сұраққа жауапты мынадан бастағым келіп отыр. 1990 жылы қаладағы Ленин атындағы сарайда рок музыкасына арналған жиын өтті. Үш мыңды орынды залға екі жүз ғана адам жиналды. Бұл нені байқатады? Рок музыкасына көп ешкім бара бермейтіндігін тағы бір дәлелдесе керек. Оған тегі алаөкпе жастар ғана құмар. Рок – даңғара музыка. Онда әдептілік, адамгершілік қасиеттер мүлде жоқ. Бәрі де жеңілтек сөзге, ащы айқайға құрылған. Одан ұлттық дәстүрдің жұрнағын да таппайсыз. Рокты демалыс музыкасы дейді. Түк те демалыс музыкасы емес. Жәй кафеде отырып ән салсаң, сөз басқа. Рок жастарды жындандырып сол кафені өртеп жіберуге дейін апарады. Бәрінің де быт-шытын шығарғысы келіп, қаны қайнап, көздері қанталап кетеді. Сонда бұл музыка ма? Жоқ. Рок бізді рухани аштыққа ұрындырады. Рок деген, менің ойымша, ол өнердегі рак сияқты ауру. Сондықтан да өз басым оны жек көремін. – Әсеке, тек сіздің ғана жаныңызда емес, менің де, ұлттық музыкамыздың ертеңін ойлайтын ондаған адамдардың да жанын жаралап көңілін күйзелтетін құбылыс екені рас. Оған адамзаттың ғасырлар бойы өзімен бірге жасап, жаңарып дамып келе жатқан ізгі қасиеттерді ту еткен озық өнері ғана қарсы тұра алар. Соның танымалы ұлттық өкілі ретінде сізге жеміс тілейміз. Әңгімеңізге көп рахмет.
«Жүрек тебірентер ән көп болса екен...» Ұлттық ән өнеріміздің мұзарт шыңдарының бірі, Қазақстанның халық артисі, композитор Әсет Бейсеуовтың туғанына 60 жыл толды. Өмірі өнермен жалғасқан өнер иесін еске алу кеші жуырда Республика сарайында өткені белгілі. Біз бүгін оқырмандарымыздың назарына композитордың өмірінің соңғы кезеңінде журналист Орынбасар Дөңқабақпен болған әңгімесін өнер және өзі, ән және әріптестері туралы толғанысын ұсынамыз. Әсет аға тап бір емтихан тапсыратындай баладай өзін-өзі жинақы ұстап, маған қарап қалыпты. Сондай тұп-тұнық қос жанарын жан дүниесінің алып айнасы ма деп қалдым. – «Гүлдер» эстрадалық ансамблін білесің бе? – деген сұрағы тәтті қиялымды сейілтіп жіберді. – Білемін! – Жерден жеті қоян тапқандай саңқ ете түскеніме өзім ыңғайсызданып қалдым. – Ендеше сол ансамбльдің бойтұмарына айналған «Гүлдер» әні қалай туғанын, әрине, білмейтін боларсың. Ең алдымен, әңгімені осыдан бастайық,– деді де, мойнын төмен салып, көзін жұмып, бір сәт өзімен-өзі болып, отырып қалды. Әлден кейін әңгімесін бастады. 1965 жылдың шілде айы болатын. Күн күйіп тұрған. Нұрсұлтан Әлімқұлов екеуміз қаладағы Ботаника бағын аралап, қонақтан қайтып келе жатқанбыз. Табиғаттың тамаша кезі. Сан алуан түсті гүлдерді көргенде мен таңқалдым. Көзіңнің жауын алады, керемет гүлдер. – Егер мына көріністі жазбасаң, сен ақын, ал ән шығармасам, мен композитор емеспін, – дедім.
Нұрсұлтан: Қазір, қазір, – деді де,
Сарғалдақтар, қызғалдақтар,
Қызғалдақтар қыздар мақтар.
Гүл ұсынған қыз жігітке
Махаббат бар, қызғанбақ бар, – деп қайырмасын айтып
жіберді. Әп-сәтте өлеңнің бірінші шумағы да Нұрекеңнің жүрегінен
төгіліп жүре берді.
– Мұныңыз орайы келген дүние болды. Рахмет! Мынандай тексті
анау-мынау ақындар табан астында жаза бермейді, – дедім ардақты
ағаның арқасынан қағып. Бас-аяғы он-он бес минуттың ішінде
ән тексін жазып тастаған керемет талантына сонда таңқалдым. Ақындығына бас идім. Оспанхан Әубәкіров, Жұбан Молдағалиев, Сағи Жиенбаев композитор жүрегін бірден түсіне қоятын ақындар еді. Ал Мұзағаң, Мұзафар Әлімбаев қазақтың кәдімгі классик ақыны ғой. Шәмшінің «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым» сияқты әндеріне бұрқыратып текст жазды. Ол кісінің халқым деген жүрек соғысы өзгеше. Менің де әндерімнің көбісінің сөзін Мұзағаң жазған. Әбілақат, Шәмші, Садық және музыка өнеріміздің бүгінгі айсбергі Нұрғиса Тілендиевтің әндеріне көбіне-көп тексті Нұрсұлтан Әлімқұлов пен Оспанхан Әубәкіров жазды. Бұлар әнге текст жазудың нағыз хас шеберлері болатын. Өз басым Тұманбай Молдағалиевке өмір бойы ырзамын. Ол кісілер ұлттық әдебиетіміздің классик ақындары болып қалады деп ойлаймын. Ән құлаққа жағымды естілгенімен, жүрекке ұялап, көкейге қонуы сөзіне байланысты. «Алтынның сынығы жерде қалмайды» – дейді ғой. Сөзі жақсы ән ешуақытта өлмейді ғой. Сен мың ән жаз. Соның ішінде халықтың елегінен өтіп, іріктеліп ел аузында қалатыны бір-екі ән ғана. Халқы төрт-бес әнін айтып жүрген композитор – бақытты композитор. Шәмшінің «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», Әбілахаттың «Маржан қыз», Кәрімбаевтың «Жетісу», Сыдық Мұхамеджановтың «Қырманға кел қалқатай» әндері аяулы ағаларды ұлттық музыкамыздың биік тұғырына көтеріп тұр. Олардың қасиеті өздерінің әндерінде жатыр. Барлық шығарма бірдей, бір деңгейде болмайтыны баршаға белгілі. Жұлдызы жанған бір төңірегіне жарыққа ұмтылған көбелектей болып басқа әндерің жиналады. – Кез келген композитордың өзін ерекше танытқан бір туындысы болады дедіңіз. Ал, қалған шығармалары соның төңірегіне топтасады деген ойыңызбен де келісемін. Міне, осы тұрғыдан алғанда сіздің туындыларыңызды өзіне тартып тұрған алтын діңгегі қай әніңіз? – Өзім үшін шоқтығы биік әнімнің бірі – «Сырласу вальсі». Оны жұрт «Жастар вальсі» деп кетті. Бұл – халықтың бағасы. – Әбілахаттың, Шәмшінің әндерімен өзіңіздің әндеріңізді салыстырып көрген сәтіңіз болды ма? – Жоқ! Шын жүрегіммен, шын ниетіммен айтам. Өйткені, Әбілахат та, Шәмші де менің жан досым болған азаматтар. Жүректері әннен жаралған. Мысалы, Әбілахат ағамыздың «Маржан қызы», «Ақ сәулесі», Шәмшінің «Ана туралы жыры», «Қайдасыңы»,
«Қайықтасы», «Бақыт құшағындағысы» қандай керемет әндер.
Нұрғиса ағаның да әндері қандай тамаша. Оның беделді әндері көп.
Оны халқымыз «ерке композитор» деп атап кеткен. Мен оны айтпа-
сам қиянат болады. Шындықты айту керек. Жылдар өтер, бүкіл бір
ұрпақтың азығы болған бұл әндер ұмытылмас.
– Сіздің де біраз әндеріңіз жаңағы әндердің деңгейіне көте-
рілді емес пе?
– Бірақ өзім олай деп айта алмаймын.
– Кәсіби қазақ музыкасындағы вальс әуені эстрада
ырғақтарына ұштаса бастаған тұста сіз сол өзгерістің көшін
бастадыңыз. Ұлттық сахнамызға эстрадалық ойнақы әндерді
алып келдіңіз. Ендігі әңгімені осы кезеңдерге қарай ойыстырсақ
қалай болады?
– Иә. Мені қазақтың жаңа эстрадасының «өкіл әкесі» деп те жүр.
Бәлкім, солай да шығар. Оның өтірігі жоқ болар. Оны өзің білесің.
Өйткені Латиф Хамидидің «Бұлбұл» және «Қазақ вальсінен» кейін
бүкіл елді вальс толқынымен билетіп әкеткен «вальстің королі»
атанған Шәмшінің әндерінің толқынына келіп қосылған «Айна-
шым», «Айшажан», «Мұңайма», «Меңді қыз», «Шақырады көктем»
жаңа эстрадалық әндер еді. Оны халқым кереметтей жақсы қарсы
алды. Рахмет! Жақында Қарағанды облысын аралап қайттым. Үлкен
құрмет көрсетті. Сонда жұрттың алдында
...Қайда сенің жақсы әнің?
Жүрегімді жарып ұшқан
Дауысыңды аңсадым, – деп «Мұңайма» деген әнімді шырқай
жөнелгенімде, отырған халық ән әуеніне елтіп билеп кетті. Осын-
дай әндеімнің «кіндік шешесі» мен «кіндік әкесі» Зейнеп пен
Нұрғали деп есептеймін. Бірақ көп әндерімнің кіндігін кескен
Ерағаң – Ермек Серкебаев, Би-апаң – Бибігүл Төлегенова, Роза
апаң – Роза Бағланова. Ал енді жақында ерлігі аңызға айналған
өзім пір тұтатын Бауыржан Момышұлының қайтпас қайсар мінезін,
жаужүрек батылдығын сөзбен, музыкамен бейнелейтін «Батыр Бау-
ыржан» деген телеопера жазып бітірдім. Осы операны халық көрсе
деп армандаймын. Бүгінгі ең басты мақсатым осы. Кинофильмдер-
ге, спектакльдерге, көптеген мультфильмге музыка жаздым. Мынау
опера соңғысы енді.
– Соңғысы болмай-ақ қойсын, Әсеке. Бұл опера жанрындағы
еңбегіңіздің беташары болсын!
– Менің бұл тілегіме мән бермеді-ау деймін. Бір сәт аясынан
шығып кеткелі тұрған баданадай көздерін ойнақшыта төңкеріп,
өзімен-өзі болып, үнсіз қалды. Ал мен «Алтыным» деп атала-
тын соңғы шыққан әндер жинағын парақтап отырмын. Жастық
шағымның куәсі болған әндердің әуені құлағыма жетті.
– Жаңа жинағыңызды неге «Алтыным» деп қойдыңыз? Әлде
«Алтыным» әніңіздің құрметіне ме?
– Жоқ. Ел жиі айтқан әнімнің атын қояйын деп шығарушыларға
әдейі айттым.
– Халық шырқап, ел тыңдап, мыңдаған көкіректерге
қонақтаған басқа әндеріңіз де бар емес пе?
– Бірінші жинағым «Гүлдер», екіншісі «Армандастар», үшіншісі
«Шақырады көктем», төртіншісі «Қайда да біргесің туған ел», ал
бесіншісі «Алтыным». Барлығы да әндерімнің атымен аталған.
– «Алтыным» әні кімге арналған? Егер құпия болмаса айта
кетсеңіз.
– Әй, қу бала, тарихын білейін деп отырсың ғой, – деді жымия
езу тартып. – Олай болса, тыңда. Менің туған жерім – Алматы.
Бірақ суына шомылып, табиғатын тамашалап өскен жерім Алматы
облысы, Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылы. Ұзынағашта мек-
теп директоры болған Қалыпбай Райысжанов деген бір жақсы адам
бар, өзі баянның сүйемелдеуімен ән салады. Сол кісі үйіне қонаққа
шақырды. Онда Нұрсұлтан Әлімқұлов ағаның көзі тірі. Бірге бардық.
Жеңгейге, ағайға ән салдырдық. Даусы сыңғырлап тұр. Өзіміздің де
көңіл күйіміз көтеріліп отырған кез болатын. Содан жаңағы әннің
әуені өзінен-өзі санама сарт ете қалды. Іштей ыңылдап бір-екі рет
қайталадым да, күй сандыққа отырып ойнап шықтым. Әннің жал-
пы сұлбасын қағазға түсіріп алғаннан кейін Нұрағаңа: «мына әнге
текст жазыңыз», – дедім. Буын өлшемін бердім. Сонымен он-он бес
минуттың ішінде «Алтыным» әні шықты.
– Азаматтық тақырыпта жазған әндеріңіздің бірі – «Қызыл
сұңқарлар» да шабыттың шалқыған сәтінде туған шығарма
ғой.
– Мен мұның кішкене сырын айтайын. Осекең – Оспанхан
екеуміз Қызылордаға бардық. Поезбен түнде жеттік. Қарсы алған
ешкім жоқ. Керемет қонақ үйі бар екен, жаңадан ашылған. Соған
жайғасып демалып жатқанбыз. Таң ағарып ата бастаған шақ бола-
тын. Есік қағылды. Ашсам, облыстың, ауданның бір топ басшыла-
ры ішке кіре алмай именіп тұр екен. «Сіздерді күтіп ала алмадық.
Кешірім сұрайық» деп келіп едік. Айыптымыз».
– Ешқандай айып жоқ. Керісінше айып бізден. Біз кешіктік. Біздің жағдай қиындау, сіздер кешіріңіздер, – деп қауқылдасып, амандасып жатырмыз. Аудандық атқару комитетінің төрағалары, кеңшар директорлары, комсомол хатшылары бар бір уақытта қаптады дейсің. Бөлмеміз толып кетті. Міне, осындай сапарда «Мұңайма», «Аспан қызы», «Қызыл сұңқарлар» бас аяғы он бестей әнім туды. Жаңа ансамбль құрдық. Біраз уақыт Сыр елінде, жыр елінде болып, көп шаруа бітіріп қайтқанбыз. Осы өңірде шыққан бір топ әндеріме Қазақстан комсомолының сыйлығы берілді. Бүкілодақтық әндер байқауының жеңімпазы атандым. Елді аралай жүре, елдің жақсылығын көре жүре, елдің сый-құрметіне бөлене жүре осындай дүниелер өмірге келді. – Ақ Жайық аймағына барғанда да біраз әндер туған болар? – Ол өзі бір бөлек дүние ғой. Балықшы ауданының басшыларының шақыруымен қазағымыздың талантты қыздарының бірі Фариза Оңғарсынова, өлеңдерінен от шыққан ақындар Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов бәріміз бардық. Бұл 1974 жыл болатын. Кемеге отырып теңіздің үстіне шықтық. Қанатымен су сызған шағалалар кемені айнала ұшып, бізді еркелетіп ертіп келеді. Табиғаттың көрінісі де ғажап. Мұхтарға айттым: – Мынау теңіз жай теңіз емес, Жайық қой дедім. Ол бір шумақ өлең жазды. Мен ән жаздым. Шабыт келсе әуен де, өлең де өзі үйіріліп келе береді екен. Басаяғы он – он бес минуттың ішінде әнді нотаға түсіріп, сол жұртқа айтқызып, жазып беріп кеттік. Әнге «Жайықтан қайтқан тырналар» деп ат қойдық. – Әсеке, Қазақстанда жүз он жетіден астам композитор бар көрінеді. Соның ішінде ән жазатындары бес-алтау-ақ. – Соған мен таңқаламын. Солардың өзі қарап жүрмей, бізді менсінбейді. «Біз дипломды композитормыз» деп мұрындарын шүйіреді. Сонда мақсат білімде ме екен? Екі дипломды арқалап түк бітірмей жүрген композиторлар бар. Халыққа диплом емес, ән керек. Кейде қаным қайнағанда «Құрманғазы, Тәттімбет, Ақан сері, Біржан сал, Балуан шолақ, Әсет Найманбайұлы консерватория бітірді ме?» деп ашына айқайлағым келеді. Әлі күнге солардың күйіндей күй, әніндей ән жаза алмай жүрген жоқпыз ба? Бетховен, Моцарт симфонияны ақша үшін жазды ма? Жоқ! Ал біз ақша үшін жазамыз. Бізде өнердің құны ақшамен, атақпен өлшеніп, күнкөрістің құралына айналып кеткені қашан. Бұл құбылыс әннің де, басқа
көркем шығарманың да рухани негізіне көлеңке түсіріп, бірте-бірте
жан азығынан құлқын азығына айналып кетті. Мұндай шығарманың
өмірі бірақ тұтам. Ол сандықта жатып, шаңға «тұншығып өледі».
«Дипломы жоқ» деп Шәмшіні, Бекен Жамақаевты, Садық Кә-
рімбаевты, Әбілахат Еспаевты Композиторлар Одағына мүшелікке
өткізбеді. Бұл қиянат па – қиянат. Тіпті, Нұрғисаның өзін Кеңес
одағының халық артисі болғаннан кейін ғана ұялғандарынан амал-
сыз Композиторлар одағына мүшелікке қабылдады.
– Әсеке, біраз мәселенің басын қайырып тастадыңыз. Әңгі-
меңізге көп рахмет.
– Ағаңның айтқан тілегін орындағаның үшін саған да жақсылық
тілеймін.
– Айтқаныңыз келсін, аға!
Біз көңілді қоштастық. Осыдан кейін көп ұзамай Құдай
қосқан қосағы Зәмзура жеңгеміз дүние салды. Жұбайының
қырқын берген соң Әсекең қатты науқастанып, әл үстінде
ауруханаға жеткізілді. Содан қайтіп ағаның жайраңдаған жүзін
көре алмадық.
Майра Мұхамедқызы,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі
Мақсатым қазақ опера өнерін әлемге таныту
Опера өнерінің шыңына көтерілген Майра Мұхамедқызының
есімі бүгінде әлемге әйгілі. Қазақ мәдениетінің туын көтерген
тума талант иесі көршілес Қытай еліндегі Құлжа қаласында
өнерлі отбасында дүниеге келді. Жастайынан ән әуенін естіп,
оның сазын санасына құйып өскен қазақтың қаршадай қызы
миллиард халықтың ішінен бұзып-жарып ән көгіне құлаш
ұрды. Алтын құрсақ анадан асыл қыздың туғанын мақтан еткен
елі Майраның әрбір табысына масаттанып, мерейлері бір өсіп
қалатыны хақ. Португалия, Испания, Франция, Ресей сынды
операның отаны атанған, дүниені аузына қаратқан дүлділдер
туған елдің сахнасында ән салған қыздың өнеріне табынбаған,
оны мойындамаған жұрт жоқ десек артық айтқандық болмас.
Колоратуралық сопрано дауысына кіреуке түспей, тамсанды-
рып ән сала берсе, әлі де толыққанды опера мектебі қалыптаса қоймаған елімізге өзі арқылы операны жақсы көргізіп, дарындылар қатарының көбеюіне ықпал етсе, әлем сахналарынан қазақ өнеріне ойып орын алып берсе – адамдық та, әншілік те міндетін адал атқарғандығы дер едік. Кәсіби өнерде адамның өзінен де гөрі өнерінің анағұрлым маңыздырақ екенін мойындайықшы. Майра өзінің керемет дауысымен бізге опера өнерінің қасиетін танып, білуге, оны сүюге үйретеді. Оның бізбен болған әңгімесінен осы ойды аңғарғандай едік. – Сіз Қытайда жүргенде опера қандай өнер екеніне көп мән бермеген сияқтысыз. Әуелде Құлжада ән сабағынан дәріс бергеніңізді білеміз. Бірақ кенеттен сіздің өміріңіз өзгеріп сала беріпті. Сонда бұған не себеп болды? – Бәрі өзіңізге мәлім, менің әкем Мұхамед Әбдіқадыр сазгер, профессор, бүкіл өмірін қазақтың халық әндеріне, өнеріне арнаған кісі. Анам Қытайдың бірінші дәрежелі әртісі. Ол жерде халық әртісі дегенді бірінші дәрежелі деп атайды. Өзім өнерлі отбасында туып, өскеннен кейін ән айту сол әкем мен анамның маған деген аманаты деп ойлаймын. Мен дауыс жағынан анама тартқанмын. Бұл әкем мен анамның дарыған әуелде табиғатымда бар тума талант деп есептеймін. Сондықтан әкем мені бала кезден осы операға баулыған, соған тәрбиелеген, осы өнерді сүйіп өсуге үйретті. Себебі, ұлы композиторлар Бетховен, Моцарт, Чайковскийлер опера жазған. Ал анам: опера әннің шыңы, – дейтін. «Балам, біздің өміріміз өте қиын болды. Сондықтан да әлемдегі операның үлкен мекені Италияға, Ла-Скалаға барып ән айту әрбір әншінің үлкен арманы», – деп көп айтатын. Солар бала күнімнен менің санама сіңіп, жүрегіме ұялап қалды. Менде опера деген әннің шыңы, биігі сол екен ғой деген ой қалыптасты. Содан ба екен қайдам, мектеп бітіре сала бірден Бейжіңнің ұлттар университетіне барып ән-би факультетіне оқуға түстім. Ал үйде әкем мені фортепьяноға үйреткен болатын. «Биік шыңға шығу үшін жан-жақтылы болмасаң оған шыға алмайсың. Жақсы әнші болу үшін сен фортепьяноны жақсы үйренбесең келешекте құлағың дұрыс естімейді, әннің ритмін сезіне алмайсың. Әлі сен маған рахмет айтатын боласың. Мен сені пианист қылып тәрбиелемеймін, бірақ ол сенің әншілік өнеріңде әрқашанда өзіңмен бірге жүреді», – деп еді сонда әкем. Ал жаңағы аталған факультетте төрт жыл оқыдым. Оқу кезінде өте
жақсы оқыған болуым керек, қызыл дипломмен бітірдім. Төртінші курста аз ұлттардың бүкіл қытайлық мемлекеттік ән-би байқауына қатынасып екінші орын, күміс медаль алдым. Оқуды алтын медальмен бітіргеннен кейін осы университеттің басшылары «аз ұлттардың талантты жастарын біз мұғалімдікке алып қаламыз. Өйткені бұлардың соңынан келіп жатқан буындарға осындай жақсы оқыған балалар сабақ беруі керек» деді. Сол бойы сонда қалып қойдым. Бірақ менің түпкі ойым сахнаға шыққым келді, ән айтқым келді. Бірақ ондай мүмкіндік болған жоқ, «Егар басқа ән-би ансамбліне баратын болсаңыз онда келген жеріңіз Іле – Қазақ автономиялық облысының орталығы Құлжаға қайтып кетуіңіз керек» деді. Содан амал жоқ алты жыл аз ұлттар университетінде мұғалім болдым. Сол алты жылдың ішінде көптеген талпыныстарды бастан өткердім. Сол кезде Қытайда бір толқын болды. Қытай шет елге есігін аша бастады. Бұл 1980 жылдар еді. Сол жылдары Қытайда әнді эстрадамен айтатын бір ағын өмірге келді. Оның көш басында Қытайдың белгілі эстрада әншісі тұрды. Ол шырқаған әндердің бірінде «Сыртқы әлем ол біздің мынамыздан да әдемі, бұдан да қызықты» деген сөздер бар-ды. Оның бұл әндерін естіген бүкіл жастар, жас әншілер оған еліктей бастады. «Шет ел қандай екен?» – деген ынтызарлық оянды. Себебі, Қытай ұзақ жылдар бойы есігін жауып алды. Сыртта қандай екенін білмедік. Тіпті мына адамның санасы, идеясы бір түрлі жабылып қалғандай көрінді. Сол кезде сырттан ақырын-ақырындап әндер, неше түрлі жаңалықтар келе бастағанда бізде шетелге деген бір әуестік, шетелге шықсақ, көрсек, білсек деген бір талпыныс, көкейде жүрген еркіндікке деген ұмтылыс оянды. Сондай бір ой адамды түрткілеп тұрды. Әрине, көп саяси төңкерістерден кейін адамдарда бір түрлі қорқыныш, бір түрлі үрей пайда бола бастаған. Ал өнер адамдары өзгелерге қарағанда еркіндік дегеннің мағынасын тереңірек сезінеді. Сол еркіндіктің арқасында біртіндеп шетелге шығып кеттім. Бірақ шет елге шығу үшін паспорт беру, паспорт алу деген ол кезде бізде үлкен әңгіме. Шет елге шығу үшін мемлекет ішіндегі байқауларға қатысып көрінуің керек. Өйткені Мәдениет министрлігі шет елге шығатын өнерпаз жастарға үлкен байқау жариялайтын. Сол байқаудан өтсеңіз ғана халықаралық байқауларға жіберетін. Соған талпына-талпына 1988 жылы үш мың адам қатысқан бүкіл мемлекеттік әншілер байқауында мен бірінші орынды жеңіп алдым. Онда үш номинация болды. Біріншісі халық әндері, екіншісі эстрада, үшіншісі опера. Сол операдан мен бірінші
орын – алтын медаль алдым. Содан кейін жолдама алып, 1994 жылы
Чайковский атындағы халықаралық байқауға қатысатын болдым.
Бірақ сонда Қытайдың бір заңы бар-ды. «Шетке шығу үшін, біз
сізді оқыттық, тәрбиеледік соның ақысын төлеу керек» деген. «Егер
қалтаңызда ақшаңыз болса, он мың доллар төлеңіз де бара беріңіз,
ал жоқ болса алты жыл қызмет істеңіз». Ол кезде менің айлығым
он доллар, он мың долларды қайдан табам. Содан алты жыл қызмет
істеп мерзімді күні шет елге шығып кеттім.
– Миллиард халқы бар елдің ішінде, әрине, шашасына шаң
жұқпас өнердің алуан жүйріктері бар екеніне ешкімнің күмәні
жоқ. Солардың арасынан суырылып шығу оңай бола қоймаған бо-
лар. Оларды мойындату тек хас шебердің ғана қолынан келетін
шаруа емес пе?
– Әрине. Әрбір байқаудың өзінің шарты бар. Мәселен, бірінші
турда опералардан, Гайдннің музыкаларынан басталып, одан
кейін ХVІІ, ХVІІІ, ХІХ ғасырлардың және кейінгі ХХ ғасырдың
модерн композиторларының шығармалары және халық әндері бо-
лып бөлінеді. Бірақ мен 1987 жылы өткен аз ұлттар ән жарысын-
да бірінші рет Латиф Хамидидің «Бұлбұлымен» суырылып алға
шықтым. Өйткені, өзіңіз білесіз, бұлбұлша сайрайтын, орындау-
шыдан өте жоғары шеберлікті қажет ететін ән ғой. Олардың бәрі
қазақтың әні қандай керемет деп таңғалды. Бұдан соң қазақтың
халық әні «Алқоңырды» шырқағанымда тіптен қайран қалды.
Одан кейін белгіленген Қытайдың өзінің шығармалары бар. Оны
орындауың керек. Біз оқыған кезде «міндетті түрде өз ұлтыңның
әндерін алып жүр» деген талап болды. Бұл бұлжымас шарт. Сол
талаптардың үрдісінен шығуға тырыстым, соған дайындық жаса-
дым. Өзімнің Жу Ги Ши деген мұғалімім болды, профессор. Осы кісі
маған вокалдан, ән айту техникасынан өте жақсы көмек көрсетті.
Өзі баяғыда итальяндықтардан оқыған екен. Бейжің консервато-
риясын бітірген. Өте жақсы профессордан дәріс алдым. Ол кезде
әлі де қабырғам қатпаған, он алты-он жеті жастамын. Алғашқы
жылдары ән шырқау, оған машықтану маған өте қиын тиді. Сол
мұғалімнің тәрбиесінің арқасында дайындалып, байқауларға қаты-
са бастадым. Ұстазым айтатын: «сенің келешегің зор. Мен сені
әлі де биік шыңдарға жеткізем» деп. Бірақ 1988 жылы қатерлі ісік
ауруынан қайтыс болды. Қайтыс болардан бір жұма бұрын мен
бүкіл мемлекеттік әншілер байқауынан бірінші рет алтын медаль
алып келдім. Соны ауруханаға апарып көрсеттім, көзіне жас алып,
қуанып, «мен көзімді жұмсам да, әйтеуір сені алтын медаль алуға жеткіздім» деп батасын беріп кеткен. – Елге оралудың өзі бақыт емес пе. Ата-бабаның тері мен қаны сіңген қасиетті топырақты басқан шақтағы бойыңызды кернеген сезімдер, алғашқы әсерлер, кездескен қиындықтар жайлы айтсаңыз? – Талай рет айтып жүрмін. Менің аңсағаным еркіндік. Өнер адамына ол ауадай керек. Сондықтан осы атамекенге келген кезде, шекарадан өте бастағанда кең дала, қысты күнгі көрініс әлі есімнен шығар емес. Тып-тыныш, қар деген әппақ, бүкіл талдың басы қарға малынып, мүлгіп тұр. Тыныштық болғанда сондай өзімнің жүрегімнің лүпілін ғана естіп тұрғандаймын. Осы көріністі көргенде еркіндікке жеттім-ау деп ойладым. Әрине, қиыншылықтар болды. Мен ойлаймын ондай қиыншылық болмай, адамның өмірі мағыналы болмайды ғой. Бәрі де соны жеңумен келеді емес пе. Оның да өзіндік ләззаты бар деп ойлаймын. Алдымен жапасын тартпай рахатты болмайды деп түсінемін. Мен осыған дайын боп келдім. Бірақ менталитет дейді ғой, сол шамалы басқашалау екен, соған аздап жүрегім ауырған сәттер де жоқ емес. Көбісі қазақша сөйлемейтін ол кезде. Көлікте келе жатып: «мынау қай аялдама?» деп сұрағанымда, «қашаннан бері қазақ боп кеттің?» деп өзіміздің қазақтардың кейігені бар. Орыс тілін білмегендіктен ойымды жеткізе алмай қиналған кездерім де болды. Осы театрдағы қазақ әншілердің өздері орыс тілінде сөйлейтін. Бірақ бойымды біртүрлі қуаныш билеп тұратын. Ертең осының бәрі жақсы болып кетеді деген сенім бар еді кеудемде. Кең даланың тынысы маған сондай қуат беретін. Бұның бәрі өтпелі шақ қой деп ойлайтынмын. Өйткені Қытайдың өзінде де мәдени төңкерістен кейін адамдар осындай бір қиыншылықтарды бастан өткерді. Одан кейін даму кезеңі басталды. Мен соның бәрін осында келгеннен кейін екінші рет бастан өткізгендей болдым. Қазақстандағы сол кездегі жағдайды соған ұқсаттым. Бірақ әрбір күнім, ертеңім, келешегім жақсы болады деген үмітпен өмір сүрдім, сол сенімнен әлі де арылған жоқпын. Қазір, әрине, өткенді айту, еске алу оңай. Кезінде жүрегім ауырған сәттер де болды. Басымызда баспанамыз болған жоқ. Үй және азаматтық алу мәселесі өз шешімін таппай, талай есікті тоздырдық қой. «Шіркін-ай, қазақ елі, қазақ жері еді ғой», – деп келгенде мен есігін ашқан кісілердің қабақтарын қар жауып, «кім сені шақырып келді, мұнда нең бар еді?»
– деген сөздерін естігенде «неге бүйтіп айтады?» деп ренжитінмін.
Қазір Құдайға шүкір, оның бәрін әңгіме қылып айтамыз, еске ала-
мыз. Сол уақыт 1994 жыл бір маған ғана емес, басқа оралмандарға
да ауыр тиді. Бірақ бәрібір менің бойымды бір мақтаныш кернеп
тұратын. Көбісіне айтам: «әй, сендер, мына тәуелсіздік берген
еркіндіктің қадіріне жете алмай жүрсіңдер. Егер басқа елде, басқа
жерде жүрсеңдер онда оның мәнісін тереңірек түсінер едіңдер ғой»
– деймін. Бұл менің ойымнан шықпайды. Мен үшін еркіндік зор
бақыт сияқты көрінеді.
– Португалиядағы халықаралық байқауға қатысу өз алдына
жеке бір әңгіме арқау болатын оқиғаларға толы екенін білеміз.
Солай болса да сіздің өз аузыңыздан естігенге не жетсін. Мүмкін
болса, сол бір өнер бәсекесін тағы бір еске ала кетсеңіз.
– 1997 жылы мені Португалияға шақырды. 1996 жылғы Ис-
панияда өткен халықаралық байқауда 0,2 балл жетпей қалғанын
ескеріп қазылар алқасы арнайы хат жіберіпті. «Әттеген-ай, сізге,
обал болды. Бірақ, байқау деген сол. Қазылардың бағасы бір-біріне
ұқсамайды. Қойған бағаларын есептей қалған кезде 0,2 балл жет-
пей қалды» депті. Сонымен Португалияға барғанда қаржы да тап-
шы болды. Бір жұма болатын байқауға 250-дей әнші келіп, байқау
он бес күнге созылып кетті. Ол өте қиын болды. Төрт турдан айта-
тын болдық. Ең соңғы үш күнде ақшам таусылып, сахнаға шығып
төрт әнімді айтқаннан кейін,басым айналып, құлап қалғам ғой.
Концертке келген бір-екі португалиялық кемпір, шал үйіне апа-
рып тамақтандырды. Содан қайтадан залға келсем байқаудың
қорытындысын хабарлап жатыр екен. Он екі әнші финалға
қатысқанбыз. Әттеген-ай, сәл кешігіп қалғанымды қарашы деп
өкініп тұрмын. Себебі, тоғызыншы, сегізінші, жетінші деп айтып
жатыр. Мені айтып кетті ме екен, не болдым екен? – деп жүрегім
аузымнан шығып кете жаздап лүпілдеп тұр. Төрт – Испания, үш –
Мексика, бір – Майра Мұхамедқызы, Қазақстан! – дегенде талып
қала жаздадым. Шынымен маған бірінші орын бергені ме? – деп не
сенерімді, не сенбесімді білмей дел-сал болып тұрып қалдым. Жа-
нарымнан қуаныш жасы моншақтай төгілді. Бұл байқауға бірінші
рет Қазақстанның атынан қатыстым. Шамам келгенше дайындал-
дым, төрт үлкен опералардан ариялар айттым. Қазыларға ұнаған
болуы керек.
Ел мені сондай керемет салтанатпен, гүлменен, қызыл кілем
төсеп әуежайдан қарсы алар деп ойладым. Өйткені Қытайда осын-
дай халықаралық байқаудан жеңіспен, лауреат болып оралған әншілерді өкімет өкілдері қарсы алатын. Ал ұшақтан шықсам, жолдасым жалғыз өзі қолында гүлі бар, қарсы алып тұр. – Осы әлемдік ең беделді өнер додасынан кейін сіздің үмітіңіз жанып, өнеріңіздің сәулесі жарқырай түскендей болды емес пе?! Бұл сізге қуат, күш, жігер бергені белгілі. – 1996 жылы Қытайдың басшысы бірінші рет ресми сапармен біздің елге келгенін білесіздер. Сол кезде салтанатты кеште «қытайша ән айтатын адам бар ма?» – деп іздестіргенде таңдау маған түсті. Сонда Қытай еліне өте танымал сапроно дауысқа жазылған әнді айтып бергенімде ол кісі қатты риза болып, мені салтанаттан кейінгі қонақ асына шақырды. Сонда алғаш Елбасымен таныстым. Қонақ сұрады: «Сізге қанша жыл болды? деп. Мен ойладым, біреу мені Қытайдан келген студент деп айтқан шығар деп, екі жыл болды» дедім. Сөйтсем ол кісі: Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің мына қыздарыңыз қандай мықты, екі жылда қытай тілін қандай жақсы меңгеріп алған. Менің Шанхай тіліндегі акцентім бар. Бірақ мына қыз қандай таза қытайша сөйлеп тұр» деді. Сонда Елбасы: – азаматтықты алдың ба деп сұрады. Жоқ, алғам жоқ. Қақпаған есігім жоқ. Қайдан барып алатынын білмеймін, – дедім. Елбасы: «Е, оны мен беремін ғой» деді. Онда жақсы болды ғой деп қуанып кеттім. «Ертең келіңіз», – деді. Сонымен 1996 жылы азаматтықты алдым, екі бөлмелі үй берді. Содан кейін аяғымнан тұра бастадым. 1998 жылдың ақпан айы болуы керек мені Елбасы қабылдады. «Біз жас мемлекетпіз, қазақтын атын шығару керек. Мәскеуде өтетін Чайковский атындағы халықаралық әншілер байқауы олимпиада сияқты біздің елдердің үлкен өнер бәсекесі. Ол бүкіл дүниежүзіне белгілі. Сол байқауда қазақтың бір әншісі немесе музыканты әлі лауреат болған жоқ. Мен сізге сенім артам, барып келіңіз» – деді. «Мен орысша білмеймін ғой» – дедім. «Сен итальянша білмей-ақ бар жерді бағындырып келдің ғой. Ештеңе етпейді», деді. Содан кейін екі ай Мәскеуде өте жақсы дайындық жасадым. Қазақтың пианист азаматы Теміржан Ералиев деген өте шебер музыкант бар. Сол кісі мені сүйемелдеді. Ол да ең үздік деген диплом алды. Бірінші орынды Жапония, екінші орынды айтпаса да түсінікті Ресей, ал мен үшінші орын – қола медальға ие болып, лауреат атандым. Бірақ Ресейдің, шетелдің басылымдары, теледидарлары маған талантты әнші деп жоғары баға беріп жатты. Осыдан кейін Елбасы тағы қабылдады. Сол кезде біздің елге Қытай басшысы екінші рет
келген екен. Ол мені көріп: «Ой, сен біздің қыз екенсің ғой» деді. Сонда Елбасы: – Майра біздің екі мемлекеттің мақтанышы. Екі елдің өнердегі елшісі, екі елдің өнердегі көпірі» – деп жақсы-жақсы сөздер айтты. Екі Елбасы да құттықтап, «екі мемлекеттің ортақ қуанышы», – деп тілектерін білдірді. Мен оларға тағы да әнімді айтып, қуанышымды жеткіздім. – Мұнда сізге қойылатын барлық талаптармен келісесіз бе? Себебі, сіз Шығыс, оның ішінде Қытай опера мектебінің өкілісіз ғой. Осы екі мектептің арасында айырмашылық бар ма? – Былайша айтқанда мен әншілік өнердің негізін Қытайда қалап келдім. Бірақ сахнадағы шыңдалуым осы Қазақстанда болды. Қанша оқығанмен адам сахнаға шығып айтпаса онда талантын дәлелдей алмайды. Өзіңіздің мүмкіндігіңізді әрі қарай дамытпасаңыз өнердегі жолыңызды аша алмайды екенсіз. Осында келгелі мен осыны түсіндім. Ал енді бұрынғымен салыстырғанда мына сахна нағыз әншілерді тәрбиелейтін мектеп екен. Бұл жердің бір жақсы жері әншілердің барлығы консерваторияны бітіргеннен кейін бірден осы сахнаға шығуға мүмкіндіктері бар. Студенттер бітіре бастағаннан ақ оларды консерватория жанындағы студиялар сахнаға баулиды. Көптеген спектакльдер қойылады, оған студенттер тартылады екен. Мұндай студиялар Бейжің консерваториясының жанында да бар. Ал маған мына жерде ұнағаны әншілердің шығармаларды игеруі. Мұнда орыс мектебінің ықпалы өте күшті. Бұлар көбірек орыс шығармаларын меңгерген. Біз Қытайда негізінен неміс композиторларының шығармаларын айтқанбыз. Біз үшін орыс тілі өте ауыр және қиын болды. Бізге Чайковскийдің, Рахманиновтың шығармаларын айту деген үлкен бір жетістік сияқты көрінетін. Мұнда келсем бүкіл әншілер орыс композиторларының шығармаларын өте шебер орындайды екен. Мені осы таң қалдырды. Ал өзіме келсем, алғашқы кездері осы сахнада «Қыз Жібекті», «Абайды» айттым. Содан кейін барып шетелдің классикалық операларын орындауға кірістім. Міне, осы кездері мен операны терең түсіне бастадым. Оған осы Абай атындағы академиялық опера және балет театры көп үлес қосты. Мен өзімді осыннан шыңдалып шықтым деп айта аламын. Әсіресе, Чайковский атындағы байқаудан кейін мені бүкіл ел танып, әріптестерім мойынай бастады, мені халыққа таныстырған ең алдымен журналистер. Содан кейін «Қытайдан келген әнші қандай екен?» – деп мені іздеп, спектакльдерден қалмай келіп көретіндер, тыңдайтындар көбейді. Өнерімді
құрметтейтін өзімнің жанашырларым қалыптасты. Менің әрбір қадамымды журналистер аңдып жаза бастады. Бұл маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Әр айтқан сайын, сахнаға әр шыққан сайын жұрттың көңілінен шығуға, жақсы көрінуге тырыстым. Әрбір шырқаған партияма, әрбір жасаған бейнеме, әрбір рөлге аса жауапкершілікпен қарайтын болдым. – Сіз консерваторияның аспирантурасында оқып жүрген кезіңізде, өміріңізде ұмытылмайтын кездесулер аз болмапты. Олар сіздің өнеріңізге, келешегіңізге қалай әсер етті? – Елге келген алғашқы жылдары маған көмектескен, мені қолдаған азаматтар көп болды. Кейде олар айтады: «Біздің атымызды атап, түрімізді түстемей-ақ қойыңыз», – дейді. «Біздің сізге жасаған көмегіміз айтуға тұрмайды». Олардың осы сөзі жүрегіме бір түрлі жылы тиеді. Әрине, бірінші ретте өзімнің ұстазым Нәдия Шәріповнаның маған берген білімі, өнеріме қанат бітірген тәлімтәрбиесі, ана ретіндегі ақыл-кеңесі өте зор. Ол кісі қазір о дүниелік болып кетті, жаны жәнатта болсын деймін. Жұма сайын жеті шелпек пісірсем алдымен сол кісінің атын атап тұрам. Ал Ермек Серкебаев ағамыз, мен сахнаға шыққан сайын әрқашан гүлін алып келіп, мені демеп, қолдап келеді. Сахнаға шығуыма көмектесіп, көп жерлерде мені мақтап, батасын беріп жүреді. 2000 жылы Республика сарайында берген жеке концертімде менімен бірге сахнаға шығып халықтың алдында ақ тілегін білдірді. Сонда айтқан Ерағаңның әрбір сөзі жаныма өте жақын тиді. Ол кісі мені үнемі жігерлендіріп жүреді. Мен ол кісінің сондай данышпандығын жоғары бағалаймын. Мен шет елде жүргенде Ерағаңды қазақ операсының «королі» деп үнемі айтып жүремін. «Мен король болсам, сен принцесса болуың керек» деп қалжыңдайды. Мен көптеген әншілермен бірге сахнаға шығып жүрмін. Ғафиз Есімов, Шахмардан Әбіловпен бірге шырқадым. Ұлан Кенжебеков, Мұрат Шалабаев өте талантты жас әншілер. Ал Раиса Садықова апамыз қандай шебер дирижер. Көбіне әйел адамдардың өнердегі жолы қиын. Біз қазақтар осы Раиса апаның талантын мойындағымыз келмейді. Бірақ мен сондай тәнтімін ол кісінің еңбегіне. Тамаша дирижер, керемет өнер иесі. Бізде оны әлі бағалап жатқан жоқ. Көбісі «мынау әйел» деп шетке қағады. Бірақ ер кісілердің ішінде де ондай дирижер жоқ. 1995 жылы Қарағандыда алғаш жеке концертімді бергенде бірінші рет Шамғон Қажығалиев ағамыз өзі дирижерлық етіп, қолымнан жетелеп, сахнаға алып шықты. Мен бұған дейін Қытайда ондай жеке концертке шығып
көрмегенмін. Байқауларға қатысып, шағын концерттерге шыққаным болмаса, сахнада жалғыз тұрып, бір жарым сағат ән айту деген оңай шаруа емес. Мен сол Шамғон ағаға үлкен ризашылығымды білдірем. Кейінгі кездері Төлепберген Әбдірашевпен бірге өте өте көп шығармашылық байланыста болдым. Джузеппе Вердидің «Реквиемі» өте күрделі үлкен шығарма. Мені 1994 жылы Қытайдан бір әнші қыз келіпті деп алғаш мені халыққа таныстырып жіберген осы Вердидің «Реквиемі». Сол Төлепберген Әбдірашевтің сиқырлы таяқшасының астында консерваторияның үлкен хорымен, жақсыжақсы әншілермен бірге ән салғанмын. Содан кейін консерваторияда Александр Молодов деген профессор бар, әлі күнге дейін менің жанашырым. – Сіз үнемі елдің алдында жүресіз. Сондықтан да опера әншісіне қандай қасиет, қандай мінез-құлық қажет деп ойлайсыз? – Мен ойлаймын опера әншісі болсаң ең алдымен ол табиғатынан адам болып жаратылуы керек. Оған көп жақсы қасиеттер керек. Үй болу, отбасын құру, кітаптар оқу, өмірді танып, білуге ұмтылу, еңбек ету, сүйікті ісіңмен айналысу – осы қасиеттер адамды арманына жеткізеді деп ойлаймын. Адам болу үшін алдымен адамгершілік болу керек. Бұл болмай тұрып біреуге жақсылық істеу, жақсы сөз айту екінің бірінің қолынан келмейді. Адамдардың ең үлкен жаман қасиеті қызғаншақтық, көре алмаушылық. Бұл бір адамдағы ауру. Ол әрбір адамда болады. Бірақ онымен қаншалықты дәрежеде ауырасыз ол адамның өзінің ерік-жігеріне байланысты. Сондықтанда менің отбасында, мектепте алған тәрбием бірінші ата-ананы өте жақсы сыйлау. Қандай кембағал бол, бай бол өзінің әкесі мен анасына, туған-туыстарына деген қамқорлық, сүйіспеншілік ерекше болу керек. Тағы бір басты қасиет ол еңбекқорлық. Сол себептен де мен ойлаймын, опера әншісі болу үшін де жан-жақтылық керек. Ол тек қана дауыс емес сіздің әншілік техникаңыз, біліміңіз,бой әлпетіңіз, түріңіз келісті болғаны жөн. Кей кездері Еуропаның әншілеріне қызығасыз. Бойы да бар, ойы да бар, адамгершіліктері де бар. Нағыз әншілерге Құдай бәрін үйіп– төгіп беретін сияқты. Ондай әншілер мың жылда бір туылады. Құдай бізге дауыспен бірге жалқаулықты да қосып берген. Көп әншілер сол жалқаулықты жеңе алмай өмірде де, сахнада да өзін таба алмай қалады. Жалқаулық әрқашан сіздің аяғыңыздан щалып отырады. Әнші өзін бір формада ұстауы өте қиын мәселе. Мен
өмірде талай керемет дауысты әншілерді кездестірдім, бірақ өзінөзі баптай алмай, ұстай алмай, дандайсып, асып-төгіліп, ақыры сахнадан жоғалып кетеді. – Шетелдік опера театрларының шақыруымен және келісім шартпен жұмыс істеп жүр. Ендігі әңгімені осы шетелдік гастрольдік сапарларға қарай ойыстырсақ қалай қарайсыз. – 2002 жылы маған Францияның сыртқы істер министрлігінен хат келді. Майра Мұхамедқызы деген әншілеріңіз бар екен. Сол бізге келсе, біздің мамандар тыңдаса деп өтініш білдіріпті. Мен кешігіп бардым. Дайындықсыз бірден сахнаға шықтым. Белгіленген екі үлкен операдан шығармалар айттым. Залдан «тамаша!» деген дауыстар естіліп жатты. Сол Францияның Гранд-Опера театрының бас директоры келіп менімен келісім шартқа отыратындарын айтты. Мен бұлай болады деп ойламадым. Басында екі жылға, үш маусымға келістік. Еуропаның өмірге, өнерге деген көзқарастары да өзгеше. Біз сияқты айлық алып істемейді. Мен қатты толқыдым, қасымда әлемдік деңгейдегі әртістер. Тіл жағынан да, репертуар жағынан да өте қиналдым. Мен ойладым, барғаннан кейін профессорлар менімен жұмыс істеп дайындайды деп. Сөйтсем олай емес, сіз дайын болып баруыңыз керек екен. Қазір Құдайға шүкір француз тілін қайта оқыдым. Сынның бәрінен өттім. Дүние жүзіндегі ең атақты жұлдыздармен бірге сахнаға шықтым. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды. Қазір Францияда көптеген достарым бар. Әлі де келісім шарт жалғасып жатыр. Белгілі бір қалыпқа түстім. Тілді меңгердім. Үлкен өнер ордасына кірдім. Олар айтып жатқан барлық операларды игердім. Мені біледі, театрдың басшылары сенеді. Бүгінде тек Гранд-опера театрында ғана емес, Францияның бесалты қаласындағы опера театрларында келісім-шартпен турнир жасап, айналып ән салып жүрмін. Биыл уақытымның көбісі осы Францияда өтеді. Бұған өзім сондай қуаныштымын. Мыңжасар Маңғытаев, Қазақстанның халық әртісі Мазмұны терең заманауи туындылар неге тапшы? Қазақ музыка әлемінде өзіндік қолтаңбасымен танылған тамаша талант иесі, композитор Мыңжасар Маңғытаев туған халқын жарты ғасырға жуық уақыттан бері мыңдаған жүректерге таңғы самалдай болып құйылған әсем әндерімен
тербетіп келеді. Оның қаламынан өрілген күрделі музыкалық
жанрда жазылған сүбелі-сүбелі туындылар да бүгінде қазақ
мәдениетінің мақтанышы. Ұлттық музыка қорымызды өмір-
шең өнерімен байытқан композитордың еңбегін еліміз жоғары
бағалады. Ол Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты. Біз кемел суреткермен өзінің сүйікті ісі
және музыка өнерінің бүгінгі жай-күйі жайлы әңгімелескен едік.
– Біз қоғамдық құрылыстан екінші қоғамдық құрылысқа
өткенде болмай қоймайтын өтпелі кезеңді бізде бастан өткердік.
Бүгінде бәрі де артта қалды. Мәдениетімізде бір арнаға түсіп
келеді. Көңілге үміт, ертеңге деген сенім ұялады. Осындай сәтте
өткенге де ой жүгіртіп өтсек артық болмас деймін. Сіз бұған
қалай қарайсыз?
– Өздеріңізге белгілі Кеңес өкіметі құлап, барлығы өзгерді.
Сол кезде әлі есімде Өзбекәлі Жәнібеков марқұм үлкен бір жиын
өткізді. Онда «әдебиетті, мәдениетті, өнерді қалай дамытамыз, қай
жолмен жүреміз» деген мәселе көтерілді. Бірақ алдымызда не бола-
ды? Қандай өзгеріс болады? Кесіп айтқан жоқ. Мен сұрақ қойдым:
«Ажыратып айтыңыз, қандай идеология болады?» дедім. Ол кісі
бұған жауап қатпады. Біз аң-таң болып біраз жүрдік.
Жалпы мен өзім тыныш отырмайтын қазақпын. Күніге қаламым
қолымнан түспейді. Жазып, жұмыс істеп отырамын. Күрделі үлкен
шығармалар жаза бердім. Мысалы, ол туындыларымды қазір
Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» және Құрманғазы
атындағы халық аспаптар оркестрлері орындап жүр. Ал, кейінгі
кездері жағдай жалпы түзелді. Енді биыл қаламақы мәселесі
шешілейін деп жатыр.
– Жақында Астанада Халықаралық үлкен музыкалық фо-
рум өткені, онда Қазақстан композиторлары жақсы табысқа
жеткені белгілі. Бұл біздің де мәртебемізді өсіреді. Енді содан
алған әсеріңізді бөліссеңіз.
– Бұл біздің өміріміздегі аса маңызды оқиға болды. Оның
жұмысына Австриядан, Чехиядан, Германиядан, Италиядан,
Монғолиядан, Қытайдан, Ресейден композиторлар қатысты. Екінші
дүниежүзілік музыкалық форумға қазақ композиторларының әртүрлі
буындарының өкілдері қатысты. Олардың жаңа шығармаларын
әлемдік деңгейдегі музыка мамандарының талқысына салдық.
Біздің жігіттердің шығармалары керемет биік деңгейде көрсетілді.
Біздің кәсіби деңгейіміз дүиежүзілік деңгейге жеткенін көрсетті.
Себебі, музыка мамандарының пікірі солай болды. Тыңдармандар да өте жоғары бағалады. Шетел композиторының айтқандары да осыған сайып жатты. Енді біз оған өте қуанып қайттық. Сондайақ онда Мәдениет министрлігінің өкілдері де болды. Олар да сонда айтылған мәселелерді жоғарыдағы басшыларға жеткіземіз деді. Енді бір жақсылық жағдай, симфониялық күрделі шығармаларға тендер жариялау. Мысалы, төрт-бес композитор мемлекеттік тапсырыспен ірі шығарма жазуға атсалысады. Соның ішінен ең жақсы деген біреуін ғана таңдап алады екен. Ән, хор, камералық, опера, балет жанрларында да сондай. Мұнда да бір-бір шығармадан таңдалынады екен. Мен өз басым мынадай пікір айттым: «Мен барлық жанрда жазам. Опера жазып жатырмын. Симфония жазуым мүмкін. Бір жанрмен шектеліп қалмайсың ғой. Егерде кәсіби деңгейің жоғары болса, оны жазуға деген құштарлығың мол болса бір туындымен отырып қалмайсың ғой. Сондықтан бұндай шектеу қою бұл қателік» – дедім. Шектелмей әрбір жанрда жаза берсін, тек жақсысын таңдап ала беру керек. Оны бюджет көтермейді дегендей ыңғай білдірді. Қазір бюджетте миллиардтаған ақша игерілмей қалып жатыр дегенді ақпарат көздерінен естіп, көріп отырмыз. Ақша жоқ емес, бар ғой. Сол игерілмей жатқан ақша мәдениетке неге бөлінбейді. Соның өзі шығармашылыққа жетер еді. Мен осыған таңқалам. Бүгінде менің жеті-сегіз үлкен шығармаларым «Отырар сазы» және Симфониялық оркестрінде, Хор капелласында орындалып жүр. Олардан мен әлі бір тиын ақша алғам жоқ. Шығарма жазып сонымен күнкөріп отырғандар бар. Басқа жұмыс істемейді. Бұрын мен «Сіңірген ерекше еңбегі үшін» деген арнайы пенсия алатынмын. Қазіргі заманда он алты-он жеті мың теңге пенсия неге жетеді. Қай жыртығыңды жамайсың. Біз музыка арқылы ел болашағын, келер ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Ертең ел басқаратын солар. Ұлттық идеологиямызды, қазақи дәстүрімізді, адамгершілік қасиеттерімізді дәріптеуіміз қажет. Оларды Отанды сүюге, елін, жерін қорғауға баулуда музыканың рөлі өте зор. Біз міне осы тақырыптарды көтеріп, солар жайлы ән-күй, аспаптық шығармалар жазуымыз керек қой. Қолдың қысқалығы әзірге бұның бәрін тежеп тұр. Әсіресе, қаламақы мәселесін министрлік шұғыл шешуді қолға алса, біраз жайдың басы ашылар еді. Мен мұны тек қана өз атымнан айтып жатқам жоқ. Бұл барлығымыздың көкейімізде жүрген мәселе.
– Өнердің бүгіні мен өткені арасында сабақтастық байланыс болу керек дейміз. Міне, осы қағида қазір қаншалықты орындалып жатыр. Осы жөніндегі ойыңызды ортаға салсаңыз? – Кенес өкіметін жамандап кейбіреулер жерге тығады. Бірақ, оның да жақсылығы болды. Бізді кәсіби музыкаға тәрбиеледі. Кеңес өкіметіне дейін қазақ халқында кәсіби музыка болды ма? Болған жоқ, оны мойындау керек қой. Өнердің қаншама маңдай алды майталмандарын тәрбиелеп шығарды. Солардың бәріне қазір топырақ шашып, ғайбаттаймыз. Бұл дұрыс емес. Кеңес өкіметінің кейбір озбырлықтарын айтамыз, әрине, бұл дұрыс. Бірақ, әр нәрсенің өзінің реті бар ғой. Жақсы дүниелерді дамытуымыз керек еді. Ғасырлар бойы тырнақтап жинағанымызды қазір өшіруге, құртып жіберуге дайын тұрамыз. Мәдениетті қалыптастыру деген қиын, ал оны жойып жіберу оңай. Қолында билігі бар азаматтар міне осыны ойлауы керек. Бұл мәселеде өте сақ болған жөн. – Бүгінде тасы өрге домалап тұрған ән жанры болып тұр. Елімізде бұрын-соңды дәл осындай композиторлар қауымы көп болмаған болар. Сонда бұл нарық туғызған «тума» таланттар ма, жоқ әлде өтпелі кезеңде болатын заңды құбылыс па? – Қазір көрінгеннің бәрі композитор. Әр қайсысының өзінің студиясы бар. Болмаса синтизаторы бар. Жазады да «біреуді әке, біреуді көке» деп соны теледидардан, радиодан береді де жатады. Әні ән емес. Бір қайырманы он шақты рет қайталайды. Тіпті екі тактыны он бес рет қайталаған әндерді естідім. Бұл дәрменсіздікке жатады. Себебі алған тақырыбын дамытып, жеріне жеткізе алмайды. Бұрынғыдай айызыңды қандырып шырқататын, жүрегіңді тербететін әншілер де көп емес. Енді шындықты біз айтпағанда кім айтады. Жанына батырып, ашындырып айтсаң ғана өнер дамиды. Әншейін көңіл жықпастық танытып сылап-сипап «ойбай, сендер жақсы» дегеннен ештеңе шықпайды. Бұқпантайлап «көлеңкемен» өтіп кетіп, шырқап жатқандарды азайту керек. Соларға жол салып отырғандарды құрту керек. «Теледидар мен радиода көркемдік кеңес құрылды» – дейді. Ұзын құлақтан естуімше бір-екі рет жаңа шығармаларға талқылау өткізіпті. Енді осыны кеңейту керек қой. Онда білімдар музыка мамандары, сауатты, жан-жақты бәрін ойлайтын өте салиқалы адамдар болуы керек қой. Бұл көптің көкейінде жүр. Ермек ағамыз бір кезде теледидардан «не болып барамыз, бауырларым-ау!?» – деп ашынып сөйледі емес пе. Сөз бекер айтылмайды, тыңдау керек. Телерадио арналардың қызметкерлерін де баулып отыру керек.
– «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші жиырма бірінші
ғасыр өзімен бірге өнердің жаңа толқынын алып келген сияқты
ма, қалай?
– Әрине, кәсіби деңгейі өте жоғары композиторларымыз
Құдайға шүкір бар. Серік Еркімбеков, Бейбіт Дәлденбаев,
Төлеген Мұхамеджанов, Әділ Бестібаев. Жақында Астанада
өткен халықаралық музыкалық форумда Төлеген өзінің тамаша
симфониялық шығармасымен жұртты қатты сүйсіндірді. Біз де
осындай талантты композиторлар бар екен ғой деп көңілім толып
қайттым.
Жақында біз Композиторлар Одағының құрылтайын өткіздік.
Қыдырбекқызы Балнұр жаңа басшы болып сайланды. Бұл кісі аға
буын композиторлармен ақылдасып Одақтың жұмысын дұрыс
жолға қояды деген үміттеміз. Бүгінгі күннің талабы бойынша со-
лай да болу керек. Еліміздің егемендігін жырлауымыз керек. Жаңа
ұлттық идеологиямызды қалыптастыруымыз қажет. Өзіміздің ұлт-
тық дәстүрден, ұлттық негізден алшақтамай, даланың жұпар иісі
аңқып тұратын шығармалар жазу міндетіміз. Қазір музыкамыздың
мазмұны көбіне Еуропаша болып барады. Музыканың шыңы
осы екен ғой деп соған еліктеп жазады. Өзінің консерваториядан
алған кәсіби біліміңді қолдана отырып, өзіңнің ұлттық музыкалық
дәстүріңді дамыту керек. Ән жанрынан бастап барлық жанрдағы
шығармаларда қазақи қасиет болу керек. Сол сезіліп тұру керек.
Сонда ол тыңдарманның көкейіне қонады.
– Сіз күрделі жанрда көптеген шығармалар жаздыңыз. Ал,
қазір осы тақырыпта жазылған шығармаларға деген сұраныс
жоқ сияқты. Бұның себебі не деп ойлайсыз?
– Бұл жайында көптеген пікірлер айтылып жүр. «Үлкен
шығармалардың керегі не». «Тіпті операның керегі не» – деген алып
қашпа әңгімелер де пайда болды. Опера болмаса мәдениетіміз ой-
сырап қалмай ма? Халықтың санасын жетілдіретін үлкен туынды-
лар болмаса онда өнердің керегі не. Өсу, даму болмаса онда тірлік
бола ма? Егер симфониялық шығармалар болмаса, негіз болмаса
ән қайдан пайда болады. Ән керемет болса он-он бес жыл бұрын
шырқалады да көбінесе ұмыт болады. Он мыңдаған әндердің ішінде
үш-төртеуі мәңгілік болып қалуы мүмкін. Ол баяғы Ақан серінің,
Жаяу Мұсаның, Біржан салдың, Мұхиттың әндері сияқты. Ал, енді
бұл әндер керегі жоқ деген пікір емес. Әнсіз өмір жоқ. Ең алды-
мен ән жанры халыққа тиімді, халыққа жақын сол. Бірақ, негізгі
ірге тасы берік болмаса үйдің қабырғасы құлайды ғой. Сол сияқты күрделі шығарма бәріне іргетас болады. Салмақты дүниелер көбіне зиялы тыңдармандарға арналады. Суреткер қоғамды алға қарай жетелеп отыруы керек. Оның ойы әлде қайда алда тұруы керек. Қазір ол шығарманы қажет етпегенмен ал, бес-он жылдан кейін жаңағы туындысұранысқа ие болуы мүмкін. Кейбір шығармалардың тағдыры адамның тағдыры сияқты. Бірден қабылданбай жүре-жүре керемет болып кетеді. Бұл өмірдің шындығы. Егер кәсіби музыка керек болмаса онда біздің қоғамның тыңғаны деген сөз. Бізге опера да, балет те керек. Баяғыда операны үш-төрт актіден кеметпей жазған авторлар болды. Қазір үш-төрт актілі операны тыңдап отыратын адам жоқ. Өйткені өмір ырғақты, керемет тездікті қажет етеді. Мысалы, Вагнер деген екі күн көріп, тыңдайтын опералар жазған. Қазір кім екі күн отырып опера тыңдайды. Сондықтан қазіргі опералар көлемі жағынан шағын, жинақы, мазмұнды болуы керек. Сол екі актіден аспағаны жөн. Көрерменді ұзақ–сонарға салмай олардың талғамынан шыққан абзал. Қазіргі заман талабынан шығатын опералар, балеттер керек деп есептеймін. Осыны дамытудың орнына кейбір азаматтар «жоқ, бұның керегі жоқ» деп керітартпалық жасап жатады. Бұл деген біздің мәдениетімізге балта шабу деген сөз. – Бүгінгі көрермендеріміз симфония, кантата тыңдағаннан гөрі жаңа өзіңіз айтқан «ән – сымақтарды» тыңдағанды жақсы көреді. Сонда қалай, біздің тыңдармандарымыздың талғамы өзгеріп кеткені ме? – Жоқ олай емес. Бұл қоғамның талабы да емес. Ол шолақ композиторлардың, шолақ авторлардың істеп жүрген тірлігі деп есептеймін. Өйткені әрі қарай дамыту қолынан келмейді. Шарасыздыққа барады. Ол дұрыс емес. Оған тыңдарманымыз кінәлі емес. Тыңдарманды баули білуіміз керек. Шығармаларды насихаттай білуіміз керек. Оны көрерменнің көкейіне құя білу керек. Кейде шығарманы орынсыз күрделендіріп жіберетініміз бар. Сөйтіп тыңдарманнан алшақтап кетеміз. Шығармамен тыңдарманның арасында байланыс болу керек. Оны сен ішкі дүниеңмен сезінуің керек. Әрі тартымды, қызғылықты болғаны жөн. Музыканың жаны болуы керек. Серпілетін қақпаны болуы керек. Музыка арқылы ойыңды айта білуге тырысу керек. Көтерген тақырыбыңды шегіне дейін жеткізе алуың керек. Міне, сонда ғана тыңдарман сені тыңдайды, саған сенеді. – Жалпы тыңдарманның қабылдау деңгейіне де көңіл бөлу қажет дейсіз ғой.
– Ия, соған көңіл бөлмесең болмайды. Жазып отырған шығармаң сол қабылдау деңгейден сәл ғана жоғары болуы керек. Өйткені сен оны келешекке жетелеуің керек. – Сонда қазіргі тыңдармандардың өнерді сезіну, түсіну мәдениеті төмен бе? – Жоқ. Қазіргі тыңдармандар білімді. Тек оларға не керек екенін білуіміз керек. Осы жағын ойлануымыз керек. Мәселе, міне осында. Ең бір үрейлендіретін нәрсе біз жастарды мазмұнсыз дүниеге тәрбиелеп жатқанымыз. – Сіз ән жанрында да жемісті еңбек етіп жүрсіз. Көптеген әндеріңіз күні бүгінге дейін сахнадан түспей келеді. Олардың осылай ұзақ өмір сүруінің сыры неде? – Әрине, күрделі шығармалармен бірге әндер де жазамын. Қазір соларды әншілерге орындаттырып жарыққа шығару қиын. Ал, бір-екеуін алып клип түсіргендері де бар. Жалпы жаңа әндер көп. Қолжазба күйінде үйде үйіліп жатыр. Студияларға барып жазғызу дегеннен мақұрыммын. Оның үстіне оған қыруар қаржы керек. Ал демеуші үнемі табыла бермейді. Мен мынаны айта кетейін деп отырмын. Қазіргі жастар елге белгілі әндерге өздерінше сөзсіз дыбыстар қосып оны түпнұсқасынан мүлде алшақтатып жібереді. Тіпті танымай қаласың. Жаңа заманға ыңғайлап жасаған осы екен деп әннің түте-түтесін шығаруға ешкімнің қақысы жоқ. Жаңа бояу сол әннің бастапқы табиғатымен қабысып, астасып, тігісі білінбей жарасып жатска ғой. Осыған баса назар аударған жөн. Әсіресе, танымал болып кеткен әндерге өте сақтықпен қарау керек дер едім. – Ел ішінде жақсылық хабар жата ма. Біздің құлағымызға «Отырар шайқасы» деген опера жазып, оны аяқтағаныңыз жайлы сүйінші жаңалық жеткен-ді. Ендігі әңгімені солай қарай бұрсақ қалай болар екен? – Мен онымен екі жыл айналыстым. Либреттосын Қадыр Мырза-Әлі жазды. Оған Хасен Әдібаевтың «Отырар ойраны» деген романы негіз болды. Опера елдің, жердің тағдырын баяндайды. Мұнда Шыңғыс ханмен Қайыр ханның бетпе-бет кездесуі, екі халықтың шайқасы. Елдің тәуелсіздігін сақтап қалу жолындағы жанталас. Сонда көрсетілген ерліктер шырқалады. Себебі біз халқымыздың бостандыққа деген құштар сезімін шыңдай түсуіміз қажет қой. Құдайға шүкір, қазір егемендігімізді алдық. Оны сақтап, нығайтуымыз керек. Міне, осыған уағыздайтын шығарма бұл. Опера тендерге қатысып жатыр. Нәтижесін күтіп отырмын. Көп ұзамай халық игілігіне айналар деп үміттенемін.
Бұған қоса симфония жазып жатырмын. Оны «Сырдария» деп атасам ба деймін. Өйткені Сырдария өзені ғасырлар бойы жүз деген мың халыққа өмір нәрін беріп, асырап келеді. Өзбек еліндегі Қарасу деген өзен мен қырғыз жеріндегі Нарын деген өзен екеуі қосылған жерден Сырдария басталады екен. Ол жаугершілікті де, қырғын соғысты да көрді. Атырабы гүлденді де, күйреді де. Біздің қазақ халқының тағдыры осы Сырдариямен байланысты. Қаратаудың теріскей жағы қазақ халқының атамекен діңгегі ғой. Біздің қазақ халқының басынан кешпегені жоқ қой. Жұбан Молдағалиевтің: «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» демекші, біз мың өліп, мың тірілген қазақпыз ғой. Сөйтіп жүріп халқымызды сақтап қалдық. Осыған байланысты «Замана» деген кантата жазып бітірдім. Онда хор бар, жеке орындаушылар бар. Мінеки, біздің қазақ халқының басынан өткен, патша заманының зорлығы, одан кейін Кеңес өкіметінің зорлық– зомбылығы сипатталып келіп, біздің қазіргі қазақ халқының егемендігіне, бостандығына қол жеткізген еркін ел болғандығын жырлайтын шығарма. – Қазір елімізде эстрадалық жанр ерекше қарқынмен дамып барады. Яғни жиырма бірінші ғасыр жеңіл музыканың дәуірлеу ғасыры болғалы тұр. Сіздің бұл жөніндегі ойыңыз қандай? – Эстраданың жылдам әрі тез қарқын алуы бұл заңдылық. Бұған шошудың қажеті жоқ. Тек ұлттық негізден алшақтамаса болғаны. Бір өкініштісі батысқа еліктеген, сол мәнерде жазылған әндер көбейіп барады. Сөзі қазақша, әуені батыстікі. Оған анау-мынау деп айта алмайсың, демократия. «Ойыма не келеді соны жазамын» дейді. Демократия деген анархия емес қой. Анархияның да өзінің тәртібі бар. Жалпы тәртіп болмаса өмір өмір емес қой. Бұндай пиғыл ән мәдениетімізді бүлдіреді. Мен бәріне бірдей топырақ шашайын деп отырғам жоқ. Әрине, кейбірінің музыкалық білімі бар. Енді біреулері өз беттерінше үйренгендер. Сөйтеді де жаңағы гармония «подбор» жасайды. Бұл дегенің музыкада дыбыстарды құрастыру деген сөз. Ол жүректен шыққан дүние емес. Баяғыда мен бір фильмге тапсырыс бойынша аужар жазып отыр едім, оны Шәмші көрді де: «Олай емес, сен Шәуілдердің аужарын білмейсің бе, біздің ауылдың?» деп, Шәкең күлді әлгі жерде. Сөйтті де «Міне, мынандай» деп маған берді соны. Сонда, білесіз бе? Ол қазақтың өз табиғатынан жаралған, керемет ағып тұр. Шәкең де айтатын: «халықтың өз танымына жақын болмай, ол ешуақытта халықтың композиторы бола алмайды».
– Қоғамымызда болып жатқан осындай құбылыстар жаһан-
данудың алғы шарттары емес пе?
– Жалпы мен жаһандану процесіне қарсымын. Жаһандану эко-
номикада, қарым-қатынаста болар мүмкін. Бірақ мәдениетте болуы
мүмкін емес. Оны керемет деп насихаттап жүргендер қателеседі
деп ойлаймын. Дүниежүзіндегі адамдар бір-біріне ұқсамайды ғой.
Сондықтан ұлт өзінің дәстүрін, өзінің ұлтын сақтап қалмаса бәрі
бір тілде сөйлесе онда оны кім таниды. Бәрі бір әнді айтатын бол-
са, бәрі бір музыканы тыңдайтын болса онда робот боламыз-да. Әр
нәрсенің өзінің бейнесі болуы керек. Сол сияқты ұлттық музыка-
да өзінің ерекшелігін сақтап қалу керек. Дәстүрлі музыканы көздің
қарашығындай сақтап, насихаттау қажет. Халықты танытатын
бірден-бір асыл мұра осы. Одан ажырап қалсақ ұлт боламыз ба?
Жаһандану деген ірі алпауыт елдердің жемсауында кету деген сөз.
– «Өнер құнсызданып кетті. Оны ешкім қажет етпейді. Ол
қалталы байлардың ермегіне айналды» деген сияқты пікірлер
ел ішінде жиі айтылатын болып жүр. Осы қаншалықты
шындыққа жақын?
– Рас. Өнердің ел ішінде бәлендей беделі жоқ. Осы менің жаныма
батады. Өнерді ақшаға айырбастаған заман болды. «Өнердің керегі
не? Ақша тап та шалқып жүре бер» деген көзқарас қалыптасып бара-
ды. Ойы келте адам ғана осылай ойлайды. Егер ақшасын шығарып,
үлкен маштапта ықпал жасап мәдениетті, әдебиетті, өнерді дамыта-
тын болса ол азамат мәңгілік тарихта қалады. Оны жазатын да адам
табылар еді. Соған қалталықтарымыз өресі жетпей жатады. Ал,
кез-келген нәрсеге шашады. Байлығын көрсетіп. Бәленше мың адам
шақырып той жасапты деп айтсын деп. Бұның барлығы надандық.
Мен Ахмет Жұбановтың қолына су құйдым. Міне, осы кісі ұлттың
намысын қорғайтын еді. Ұлттық дүние үшін арыстандай алпары-
сып өтті. Қолыңнан келсе халықтың өнеріне үлкен жанашыр бола
білу керек.
– Қазіргі қазақ әнінің аяқ алысына бір сәт тоқтала кетсеңіз.
Мүмкін көкейіңізде жүрген пікірлер де, «әттеген-айлар» да аз
емес шығар?
– Қазақ теледидары мен радиосынан, обалына не керек, жаңа
әндер жиі беріліп тұрады. Енді солардың мазмұны мен сапасы-
на тоқталсақ, көбісі сын көтермейді. Шырқата айтатын, әрі адам-
ды баурап әкететін мелодиялық иірімдері жоқтың қасы. Оның
үстіне, автордың музыкасын да, сөзін де өзі жазатынын қайтерсің?!
Кейбірде, тіпті қазақшаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын еуропаның стилінде жазылған әндерді де естисің. Бұның барлығы заманның нарықтық экономикаға ауысып «қой» – дейтін қожа, «әй» – дейтін әже жоқтың салдары деп білеміз. Тәуелсіз телеарналар мен радиоларда шығармаларды таңдайтын көркемдік кеңестер жоқ. Кейбір редакторлардың да талғамы төмен. Халық нені естісе соны қабылдайды. Эстетикалық тәрбиені содан алады. Біздің болашағымыз жастар. Ертеңгі күні елді солар басқарады. Олардан халқына жаны ашитын, ұлттық дәстүрлерді жоғалтпай, алға екпіндете дамытатын қайраткерлерді тәрбиелеуіміз керек. Мазмұны терең, ұлттық нышанын жоғалтпаған, жоғары кәсіби деңгейдегі шығармалар сол үшін ауадай қажет. Бұл мәселені шешу үшін мықты ақындар мен композиторларға арнайы шарт жасалынып, тапсырыс берілуі абзал. Әсіресе теледидардан бұрынғы авторлардың үлгілі шығармаларынан әрдайым концерттер ұйымдастыру қажет. Әннің кең тарауына орындаушының рөлі өте үлкен. Әннің мәтініне қарай орындаушыны да таңдай білу керек. Кейбір әншілер даусы тамаша бола тұрып, репертуарын таңдай білмейді. Адамның жүрегі айнитын әндерді айтып тыңдаушының көңілін қалдырады. Ресейдің майталман әншілері тұрғанда тыртаңдап орысша ән айтатынын қайтерсің! 1960–1970 жылдары біздің әндеріміз кеңінен шырқалған. Ол кезде кәсіби композиторларға әншілер «ән жазып берсеңізші» деп қолқа салатын. Әрине, бұл заманда ол жоқ. Қазіргі кейбір «авторлардың» өзі ақын, өзі композитор, өзі әнші. Бір сөзбен айтқанда «вундеркинд». Әрине, әуесқой авторлардың да өте жарқын жақсы шығармалары болады. Менің айтып отырғаным «халтура» дегенің кеңінен етегін жайып кетті. «Соған тыйым салынар ма екен?» – деп ашынып айтып отырғанымды оқырман түсінер деймін. Эфирден батыстың эстрадалық шығармалары, бейне клиптері көп насихатталады. Міне, осының әсері болу керек. Жұртта соларды тыңдауға құмар. Соларды шектеп, қазақ шығармаларын көбірек беру керек. Бұл салада, әсіресе теледидардың ықпалы зор. Жастарымыз мазмұнсыз эстрадаға көп еліктейді. Оған тежеу салу үшін ұлттық музыкамыздан арнайы лекция – концерттер жүргізіп отырса деймін де.
Дәнеш Рақышев,
Қазақстанның халық әртісі
«Елім менің, әнім менің...»
Біздің бүгінгі қонағымыз, Қазақстанның халық әртісі,
Талдықорған облыстық филармониясының солисі – Дәнеш
Рақышев. Ол халқымызға бұлбұл үнді, бұлақ суындай мөлдір,
әрі жанға жылы әуенмен танылған дарынды әнші ғана емес,
«Мақтанышым – елім...» атты әндер жинағының да авторы....
– Дәке, орындаушылық пен ән шығару өнері сіз үшін бір-
бірімен тонның ішкі бауындай жымдасып жатқан егіз дүние
сияқты.
– Әншілік қасиет маған ерте қонды. Бойымда иненің жасуындай
талант болса оның өркені өсуіне ықпал еткен – әкем Рақыш. Ол әрі
домбырашы, әрі биші, ауыз-екі айтысқа, қара өлеңге шебер, той-
томалақта, айтысатын танымал өлеңші, ақын болған адам. Шешем
Тәжіхан да ел арасына аты шыққан ақын, әрі суырып салма айты-
скер еді. Тағдырдың жазмышына амал бар ма? Анам жеті жасым-
да жарық дүниеден қайтты. Мен кейінгі Ақманар деген шешемнің
қолында өстім. Ақманар туған анамдай өзінің ыстық құшағына
басты. Өзі де ойын-сауық десе елеңдеп, елегізіп отыратын. Дүние
мүлікке біздің шаңырақ бай болмаса да, ән-күйге отымыздың басы,
ошағымыздың қасы кеңде болып көрген жоқ. Әке-шешем көпшіл,
қонаққұмар, той думаннан қалмай үнемі көңілді жүретұғын.
Әкемнің байлығы да, бары да қолындағы екі гармоны. Мен алды-
мен гармон тартуға әуестендім. Әнді де гармонға қосылып айтатын-
мын. Жиын-тойда әкем жамағат жұрт көрсін, әнін тыңдасын деп,
мені жиналған жүктің үстіне шығарып қоятын.
Он төрт, он бес жасқа толғанда мені Мәмет Қошқарбайұлы деген
кісі домбырамен ән айтуға машықтандырды. Ол да әнші, ақын, сері
жан еді. Әншілік өнердегі ұстазым, Мәмет аға 50-ден асқан шағында
Семей облысының Мақаншы ауданындағы «Жарбұлақ» совхо-
зында өмірден өтті. Әсеттің «Қаракөз», «Жайқоңыр», «Қоңырқаз»
және «Ардақ» деген әндерін сол кісіден үйрендім. Домбырамен ән
шырқау жан дүниемді жаулап алған еді. Жастық деген қызық қой.
Кейін қалаға Құлжаға келгеннен кейін көшеде гармон көтеріп, біраз
татарша да жырладық...
– Дәке, сіздің бойыңыздағы әнге деген құштарлық сезім ке-
ле-келе арналы бұлаққа айналып, буырқана тасып, жыр болып
төгілді емес пе?
– Ия, ән шығару өнері маған 1949 жылдары қонды-ау деймін.
Сол кезде Құлжа қаласында қазақ, ұйғыр, музыкалы театры жұмыс
істей бастаған. Осында ұйғырдың Әбдінәби Манапов және Шыңжан
Жәмиев деген әуесқой композиторлары бар болатын. Олар ән жазып
жүрді. «Менде ән жазсам» деген әуестік бойымды билеп, еріксіз
елеңдетіп, еліктіріп ала жөнелді. Қызығы сол ән жазу осы екен деп
ұйғырдың әндерін қазақшалап айтады екенмін. Бірде олар ішегі
түйіле күлмесің бе?
– Ой-бой, Дәнеш-ау, мынауың біздің пәлен деген ұйғыр
композиторының әні ғой. Оны сен қазақтың әніне айналдырып
алыпсың. Ән шығару деген олай болмайды, былай болады, – деп
айтқан олардың әзіл-кеңесінің септігі тигені рас.
Жастыққа жарасымды сол бір қызыққа толы күндерді әлі күнге
дейін сағынышпен еске аламын.
Өзімнің тума дүнием – тұңғышым – «Мақтанышым елім бар»
атты әнім. Өлеңі – Құрманбай Толыбаевтікі. Онан кейін «Шалқы
Сайрам», «Шаттық толқыны» сияқты әндер ел ішіне тарап жат-
ты. Бірақ бұл әндерімнің барлығы дерлік көңілдегідей көркем
шығармалар деп айта алмаймын.
Кейбір халық әндерін екінші қайтара орындағанда, әуен сазына,
домбыра қағысына, ішінара соңғы ырғақтар енгізіп, жымдастырып
жіберетін де әуестігім бар. Міне, осыны аңғарып қалған тыңдаушы
«Өткенде айтқан әніңізге мына ән ұқсамайды» немесе «бұл жолы
сол әннің екінші вариантын орындадыңыз ба», – деп таңырқап,
таңданып жатады. Осының өзі сол ән жазу өнерінің әсері ме деп ой-
лаймын. Өйткені, халық әндерінің кейбір иірімдерін толқындатып
құлпыртып, тың ырғақ қосып жаңартып, шамамның келгенінше
халық игілігіне жараса екен, жақсы тыңдалса екен, құлаққа қонып,
жүрекке жетсе екен деген оймен өзімше шырқайтыным бар.
– Дәке, сіздің «Балжан-ай», «Келші, аяулым», «Сәулешім»,
«Гүләйым», «Сағыныш», «Соға кет» және «Сәулем-ау, саған»
сияқты әндеріңіздің көбісі адамның ішкі жан дүниесіне, сезіміне,
мәңгілік тақырып – махаббатқа арналған. Мұнда өзіндік бір сыр
бар-ау деймін?
– Әнші болғандықтан адам бойындағы сезім сұлулығына
ғашықпын. Мәмет Қошқарбайұлының мына бір шумақ өлеңі әлі
есімде.
Ақыны қара керей Мәмет деген,
Мәметтен қыз қалмаған дәметпеген.
Ала алмай алты қызды арпалыспен,
Өмірім босқа өтті-ау, әлекпенен!
Ұстазым Мәмет серілікпен аты шыққан, көкірегінен өлең,
көмейінен ән ағытылған сыр мінез, сұлу жігіт еді. Мен сол ат
тізгінін тартып, мінген шағымнан бастап-ақ серілікпен әуестеніп,
Мәметке еріп жүрдім. Осы кісінің шұрайлы тілі, айтқан әндері ке-
ремет еді. Сондықтан да шығар менің көкірегімнен лирикалық
әндер көп ұшты. Ақиқатын айту керек махаббат жөніндегі әндерді
өзім де сүйсініп рақаттанып айтамын. Өйткені, мұның бәрі жаңағы
Мәметтің тигізген әсерінің жемісі. Соған көп еліктеймін. Мүмкін
жақсы жанның шарапаты маған да қонған шығар. Әйтеуір бәрі-бәрі
де қонақтап қалыпты жүректе.
Сонан соң өзімнің туған жерімді, елімді, мынау алтын бесік
табиғатты жақсы көремін. Жердің сұлулығын, өнер сүйгіш елді
жырлайтын лирикалық әндерді көбірек жазуды дұрыс көремін. Ал
кейінірек ерке де, ер ақынымыз марқұм Мұқағали Мақатаевтың
өрт оранған өршіл өлеңдері маған қатты әсер етіп, соған ән жа-
зып жүрген жайым бар. «Ауырмаңдар, жігіттер!», «Санаулы менің
сағатым», «Аққулар, қош болыңдар», «Сағындым ғой» деген
әндерімді тыңдаған да боларсыздар. Мен Мұқағалидің төсекке
таңған азапты ауруына, орындалмаған мақсатына, өмірге риза
болмаған сәттеріне өкініп, іштей еңіреп жатқан өлеңдеріне үңіле
түсемін. Оның осы өлеңдерінен тірлікке деген асқақ ғашық сезімді,
сұлулыққа деген ынтық жүректі, өлеңнің отына өртенген ақын жа-
нын көремін. Мұқағали өзінің жарық дүниеден ерте кететінін сез-
ген ақын-ау деймін. Оның төл туындыларындағы, міне, осы қасиет
өз басыма қатты ұнайды, ойымды қозғап, сезімімді шайқайды.
Шамамның келгенінше рухы күшті ақынның маржан сөздерінің
мәнін жоғалтып алмайтын әндер жазуға тырысамын.
– Дәке, соңғы жылдары сіз туған өңіріңіз Жетісуға көңілді
көп бөліп жүрсіз. Оның ақиық адамдарын, тұп-тұнық өзендері
мен мөп-мөлдір көлдерін, басын қар шалған ақ басты тауларын
әнмен жырлап, әнмен асқақтатып келесіз. Енді осы тақырыпқа
жазған шығармаларыңызға мойын бұрсаңыз?
– Сұрағыңызға жауап қайтармас бұрын бір нәрсені айтып кету-
ге тура келеді. Әсілі менің әнші, композитор болуыма, осы арнаға
түсуіме Әсет Найманбайұлы өнерінің тигізген әсері ерекше. Ол
мен үшін әншілік, композиторлық өнердің қайталанбас дара әрі
үлкен өзіндік мектебі. Әсет әндерін маған жеткізген Мәмет ақын.
Ол Әсет пен менің арамдағы өнердің берік көпірі.Әсет әндерін шырқағаныма да біраз жылдар өтті. Бірақ оған әлі шөлім қанып, құмарымнан шыққан емеспін. Енді Жетісу жеріне оралсақ, мен айтпасам да жер жаннаты Жетісу өте көркем. Өзі әсем, өзі сұлу, адамдары да сұлу. Өнерқұмар, керемет жақсы жер. Жетісулық Тоқбай Исабековтың өлеңіне жазған «Жетісу» деп аталатын әнімді тыңдаған халқымыздың қаһарман ұлы Рақымжан Қошқарбаев: «Ән – тамаша! Жан жүйеңді бірден-ақ баурап алып кетеді, сөзі де келісті екен. Дегенмен, жастық жайлы бір шумақ қосылып кетсе шіркін, тіптен құлпырып кетер еді» дегенді. Батыр ағаның бұл тілегін орындадық. Жетісу – кең көсіліп жатса түзің, Ну орман қойның толған бақша – жүзім, Бақшаңды сүйгеніммен араласам, Нұрланып кетер ерек ақша жүзім, деген шумақ қосылды. Бұл ән елге кең тарады. Тұңғыш әндер жинағының жарық көріп, ел ішін аралап кеткеніне де біраз жылдың жүзі болды. Енді екінші әндер жинағын ұсынам ба деген үмітім жоқ емес. Қазірдің өзінде алпыс-жетпіс жаңа әннің басы құралып, төбесі көрінді. Әзір оларды реттеп нота кестесіне түсіртіп жатырмын. Орайы келгенде айта кетейін, тағы бір жаңалығым бар. Мен Әсет Найманбайұлының көптеген әндерін ертеректе Қазақ радиосының музыка қорына қабылдаттым. Бүгінде домбыраға қосылып, ән салатын әншілеріміз үйреніп алып, әрқайсысы әртүрлі шырқап жүр. Бұл жерде олар Әсет әнін орындай алмайды деген солақай пікір тумаса керек. – Дәке, өзіңіз есімдерін атаған өнер өкілдерінен басқа және кімдерге, қай композиторларға көңіл қоясыз? – Еліктейтінім бар. Нұрғиса Тілендиевпен көңілім жақын... «Келіннің бетін кім ашса сол ыстық» демекші, алғаш туған Отаным Қазақстанға келгенде 1960 жылдың қараша айында Алматыда, Қазақ ССР Ғылым академиясында Қазақстанның 40 жылдығына байланысты өткен республикалық ақындар айтысында мен жүрегімнен жаңа ғана өріліп шыққан «Саясында алманың» деген әнімді шырқадым. Сонда осы әнді тыңдаған Мұхтар Әуезов: «Маған сен өнеріңмен ұнап тұрсың. Мансап көксеп, байлық көксеп немесе араққа беріліп, өзін жоғалтып, бойындағы бар ізгі қасиетін ыдыратып барлық жақсылықтан адасып қалып жүрген жігіттер көп. Сенің тұрқыңа қараймын, ондай нәрсе бойыңнан көрінбейді. Сен
олай бола да қоймайтын шығарсың», – деп маған желқом қойып,
мақтап, көңілімді бір желпінтіп тастаған-ды. Ғалым, оқыған да-
нышпан адам ғой, әрбір сөзі көкейіме қона кетті.
– «Сенен үлкен үміт күтуге болады. Сен біздің Арқаның стилінде
ән шырқайды екенсің. Мына «Саясында алманың» деген әнің бір
сәтті шыққан ән екен. Сенімен қайта кездесемін: Москвадан оралған
соң сені арнайы шақырып алып, сөйлесемін», – деген-ді. Өкінішке
орай Мұхаң сол сапардан оралмай қалды...
Сонымен қатар ұлттық өнеріміздің талантты өкілдері Ахмет
Жұбанов, Манарбек Ержанов, Қанабек Байсейітов және Гүлжиһан
Ғалиевамен кездесіп, ақыл кеңестерін тыңдадым.
Қалай десек те өнер бір-бірімен сабақтас қой. Бір-бірімен
мазмұндас, біріне-бірі жалғасып, толықтырып, байытып жатады
емес пе?
– Адамның арманында әсте шек болған ба? Ол жасқа қарамай-
ақ буырқана-бұрқанып, алға, ертеңге жетелей береді емес пе?
Бұл өмірдің жібек жібі – үзілмейтін үміттер. Демек, сіздің де
арман, мақсатыңыз шексіз шығар?
– Әрине, қартайды деген осы екен деп тұғырдан таяр жаның
мен емес. Дәл қазір ең маңызды, әрі мағыналы қызмет енді ғана
басталған тәрізді. Ұлттық ән өнерімізді жалғастыратын шәкірттер
тәрбиелеу – арманым. Бұл күндері менің әндерімді айтып жүргендер
өзінше үйренгендер. Олардың орындауларында кемшіліктер аз
емес. Әуенін бұзып, сөзін қате немесе шатастырып айтып жүрген
әншілерді тыңдағанда жаным жүдейді. Белгілі орындаушылық
мектеп болмағандықтан осындай олқылықтар ана әннен де, мына
әннен де қадау-қадау бой көрсетіп қалады. Бұны жоюдың бір-ақ
жолы бар. Кейінгі өнерлі ұрпақты қажетті арнаға салып, олардың
жанына әніміздің ұзақ жасар бәйтерегін егу үшін жер-жерде дарын-
ды әншілеріміздің мектептерін ұйымдастыру. Сондай мектептердің
бірінде сабақ берсем, халқымыздың өміршең әндерін өз әндерімді
жас өркен жеткіншектерге үйретсем, солардың көкірегіне ұялатсам,
сөйтіп артыма мұра қалдырсам деген ниет.
«Дәкеңнің арман-тілегінің орындалатынына кәміл сенеміз.
Бізде күні бүгінге дейін халықтық мәнердегі әндер жеткілікті
дәрежеде насихатталмай келеді. Осы уақытқа дейін бірде-бір му-
зыка зерттеушісі Дәнештің әншілік қабілетіне оның әндеріне
ғылыми тұрғыдан салиқалы да салмақты баға берген жоқ. Осы
тәрізді өзге әншілеріміздің орындаушылық шеберлігі де қаға
беріс қалып келеді. Егер музыкаға, оның ішінде ұлттық ән өнеріне
халықтық жанр, халықтық түр, халықтық рух қажет болатын бол-
са, оны сіз Дәнеш әндерінен іздеңіз. Табатыныңыз хақ. Өйткені,
Дәнеш әндері халқының рухын білдіреді. Халқының жүрегінің
жылылығын сездіреді...» – деген-ді. Дәкеңнің жақсы досы, ақын,
әрі жазушы Құрманбай Толыбаев. Орынды пікір, салмақты ойға біз
де қосыламыз.
Гүлжан Талпақова,
Қазақстанның халық әртісі
«Би академиясын ашсам деген үмітім үзілген жоқ...»
Ұлтымыздың киелі өнерінің қастерлісі – би өнері. Осы
өнердің дәулескер өкілдерінің бірі, бірегейі, қазақ биінің, әлем
халықтары билерінің нәзік қимылдар тілін қапысыз меңгерген
өнер иесі Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақова.
Балғын кезінен ән мен әуен, ырғақ пен үйлесім, қазақы
көркемдік әлем бесігінде тербеліп өскен сезімтал, сұңғыла қыз
Алматыдағы эстрада-цирк өнері студиясының хореография
бөліміне, Шара Жиенқұлованың халық биі класына оқуға
түсті. Өз өнерінде Гүлжан ұлттық киімдерді, көненің көзіндей
ұлттық әшекей, сән бұйымдарын кең де шебер пайдалана білген
жан. Шашбау мен сырға, алқа мен аяқбаудың мыңсайрам үніне
бидің нәзік қимылын үндестіре отырып, үйлесім әлемін жасай
алған өнер иесі. Гүлжан билеген билерде Ұлы Даланың сырлы
жаңғырығы, рухы бар.
– Кез келген халықтың ата-бабасынан жалғасып келе жат-
қан дәстүрлі ұлттық өнері бар. Бұдан бізде кенде емеспіз.
Соның бірі, әрине, би өнері. Қазақтың биі біраз аумалы-төкпелі
кезеңдерді бастан өткергені белгілі. Бір сәт осы өткен жылдарға
ой жүгіртіп өтсеңіз?
– Бастауын сонау ықылым заманнан алатын бұл өнер – бүгінгі
күні өркен жайған елдердің барлығын, одан қалды бүкіл адамзат-
ты бас идірген өнер. Оның ішінде қазақ халқы да бар. Қазақ биі
табиғатында ұлттық музыка, ұлттық ойын, әдет-ғұрып, қолданбалы
өнер түрлерімен тығыз байланыста дамыған. Соның ішінде
халықтың аузынан шыққан «күй» деген сөздің аспаптық музыкаға
тән атау екенін ескерсек, барлық фольклорлық ансамбльдерде бишілер бар. Би өнері – өз табиғатында басқа да өнер түрлері секілді, қолданбалы – эстетикалық құбылыс. Халықтың өмірі, тірлік-тынысының айнасы. Ол елмен бірге өсіп-өніп дамып, шыңына шығар кезі болып, құлдилап түсетін заманы да кездеседі, бірақ өз тамырын әсте үзбейтіні анық. Оны біз дәстүр дейміз. Ал дәстүр – тарихи – философиялық категорияларға жатады. Еліміздегі артта қалған өтпелі кезең барлық дерлік өнер атаулыға өз табын салғаны анық. Өнер секілді биік ұғымға ол нұқсан келтіргені де белгілі. Би де одан оқшау қалған жоқ. Баланың сылдырмақ ойыншығы секілді дүниелер эстрадада кеңінен орын алып, терең ұғымды өнер түрлері шет қалғаны рас. Тұтынушы көрермен басын бағып кеткен шақта, рухани дүниелер, рухани құндылықтар ысырылатыны анық қой. Өз көзімді осы өнермен ашқан мен, бұл құбылыстарды өмірдің заңы деп санамаймын. Өйткені, дәстүр әр заманда әрқилы жолмен жалғасады. Бірде үзілермендей болса, бірде толықанды дамиды, жаңарып жаңғырады. Біздің дәстүрлі қазақ өнері де соны бастан кешіп келеді. Әрине, оның ішінде халық биі де бар. Қазақтың әрі бай, әрі сан қырлы дәстүрлі өнерінде бидің орны бөлек. Ол ерте заманда қалыптасып, өзінің сұлулығымен бірге жасап, түрлене отырып бізге жеткен. Би өнерінің шежіресі халқымыздың тарихымен астасып жатыр. Адам табиғатпен егіз оның көзге көрінетін және көрінбейтін құбылыстарын сезініп, дүниені түйсінуін әртүрлі қимыл қозғалыстармен өзінше жеткізген. Шара апаның пікірінше: «Би өнері мұсылмандықтың ықпалымен толығымен дерлік жойылды. Шариғат заңдары ән айтуға, би билеуге, сурет салуға тыйым салады. Өйткені, мұның барлығы да шайтанның ісі болып саналған. Бірақ қазақ халқының қай дінге де саналы тұрғыда қарағаны белгілі» депті. Осы жолдардан-ақ би өнерінің тарихы тым әріден басталғанына көз жеткіземіз. Яғни, алмағайып аумалы-төкпелі замандардан бері ата-бабамыздан мирас болып келген ұлттық өнерімізге де қауіп төнгенін аңғаруға болады. Алайда, сонау көне дәуірдегі адамдардың сана-сезімін қалыптастыру арқылы бізге жетіп отырған ұлттық құндылықтарды сол қалпында сақтай алдық па? – деген ойға келіп тірелеріңіз сөзсіз. – Басқа ұлттар сияқты біздің халықтың да ғасырлар тезінен өткен бишілік өнері де дамып, жаңару үстінде десем қателесе қоймаспын. Сіз менің осы пікіріммен келісесіз бе?
– Сіздің пікіріңізбен келісуге де келіспеуге де болады. Келісу мәселесін жаңа айтқан сияқтымын. Ал келіспейтінім – бізде халықтың ұлттық биінің іргелі мектебі дұрыс қалыптаспаған қалпында келеді. Бірен-саран ансамбльдер, саусақпен санардай бишілер бар. Нағыз ұлттық нақышта, ұлт демін сездірер қазіргі заманда жалғасын таппаған этно-психологиядан алыстау жүрміз. Ертеректе мен орындаған билерден қазақ иісі аңқып тұратын. Мысалы: «Айжанқыз», «Балбырауын», «Ерке бала», «Бүркітші», «Киіз басу» тағы сондай халқымыздың болмысын, көшпенді өркениетінің маңдай алды көріністерін би суретімен беретін дүниелермен мен Еуропа, Америка, Азия құрлықтарын аралап, елдігімізді өнер арқылы паш еткенімді мақтанышпен айта аламын және оны бағым деп есептеймін. Оларды сол елдердің көрермендері қалай жылы қабылдағанын білсеңіз... Өнер мен спорттың халықтарды таныстырып, табыстырудағы үлкен елшілік рөлі жөнінде талай айтылып жүр. Міне, соның айғағындай, би өнерін шет елге танытып жүрген қарлығаштары елімізде көп болмаса да баршылық. Бір кездерде мені де өз елімнің саңлақ спортшысы секілді, туын көтергендей сезім баурайтын. Бүгінгі таңда төл би өнеріміз өз дәрежесінде белгілі бір биікке көтеріліп, дамып, жетілген деуге, әрине, болады. Уақыт ағымына қарай бұл өнер қазір сан салалы өзгерістерге ұшырап, халық санасына басқаша сіңе бастады. Қашаннан қазақ өзінің ұлттық биіне үлкен қошаметпен қарап келген. Қазір бұл көзқарас сәл өзгеше сияқты. Себебі ұлттық бидің орнын шығыстық билер басып кеткендіктен, қазір халық дүдәмал күйге түскен сыңайлы. – Неге бишілік өнерге, оның ішінде, дәстүрлі биге аса мән берілмей келеді. Мұның қандай себептері бар деп ойлайсыз? – Би өнеріне мән берілмей келеді дейсіз. Қалай мән берілсін? Құдайымыз мұнай болып кеткен заман емес пе? Себеп біреу ғана. Өнер атаулы әзірше жол жиегінде. Ұрпақ өзгерді. Олар – прогматиктер. Қазір асап жеп, қазір тойғысы келген заман. Ал өнер, Адам ата мен Хауа анадан басталған, өрісі кең, қанға сіңген қасиеттің бірі. Ол аласұруды жек көреді, ұрда-жық мінезден ада. Тазалықты, пәктікті, махаббатты аңсаған дүние. Ол рухты көтеретін, жүрегіңді тербететін, адамның барлық жақсы қасиетін аялайтын құдірет. Ондайға, өкінішке орай, бізде қазір уақыт, зейін, құштарлық азайған шақ. Қарапайым халық та, өнерсүйер қауым да шетелдік әуендерге, билерге елтіп кетті. Әрине, ежелден-ақ сөзді құрметтеген халықпыз.
Алайда, би өнері солардың көлеңкесінде қалып жатқан жоқ па? – деп ойлайсың. Жасыратыны жоқ, ақшаң болса әнші болу оңай шаруаға айналды. Бишілерге қарағанда, әншілер жақсы насихатталуда. Қазір кез-келген мәдени ошақтарда және концерттер, мерейтойлық кештер аталып өтіп жатыр. «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» деп Абайдыың өзі айтып кеткендей, ән тыңдағанды кім жек көрсін?! Дегенмен, сол концерттерде де қазақ биі көрінбей, елеусіз қалады. Керісінше, аралас билерді көп ұшырастырамыз. Бірақ, бұның бәрі уақытша ғана көрініс екеніне мен кәміл сенемін. – Ұлттық би өнерін Шара сынды саңлақ көтерген биіктікке қайта көтеруге бүгінде мүмкіндік бар ма? Ол үшін не істеу керек? – Терпсихора би құдайы аузына түкіргендей, Шара апа атақты биші атанып, қазақ би өнерінің көшбасшысы, әрі дамытушы, алға апарушы – жетекшісі ретінде өнер тұғырына көтерілді. Шара десе – би, би десе – Шара деген ұғым халқының санасында берік ұялады. Шәкірттері де жоқ емес-ті, өзім де сол кісінің өнерін жалғастырушы болдым. Сол кезде келген жаңа толқынның алдыңғы легінде болып, қазақ би өнерінің өркендей, биіктей түсуіне аздыкөпті үлес қосқанымды мақтан етемін. Бұның еш жалғандығы жоқ. Қалайда, біз би өнерінің – Шара өнерінің керуен көшін түзеуші, байытушы болдық. «Мен – қазақ биінің негізін қалаушымын» деп көкірек қаққысы келгендердің уақыт сынына төзе алмай сынып кеткендеріне кейінгі ұрпақ куәгер. «Өлеңге әркімнің де бар таласы» демекші, өнер додасына қызықпайтын, делебесі қозбайтын, егер тал бойына «өнер, талант» атты құдірет дарыған болса, бейқам, керенау қалған жан да болмас-ты. Әйткенмен, шын тұлпар ұзақ жарыста шыңдалады, оза шауып, алға омыраулай суырылып шықпақ! Біздің қай-қайсымыз да әйткенмен Шарадан оза алғамыз жоқ. Бұған тарих куә! Ұлттық би өнерінде Шара-апа қайталанбайтын тұлға. Құланның қасуына дөп басылған мылтық сияқты, Шара апа қазақ би өнері дәуірлене көтерілген кезде суырылып шықты. Ол кезде өнердің бәрі де ақбозына мінген уақыт болатын. Объективтік жағдай Шара сынды саңлақ бишіні көтерді, ал Шара сол биікті жықпай, деңгейін одан әрі шарықтата білген біртуар жан. Ол негізін қалаған, дамытқан би мектебі қазір жоқтың қасы десе болады. Би өнерін көтеру керек. Бұл дұрыс сұрақ. Көтеру – мемлекеттік деңгейде қойылатын мәселе. Қысқасы – сол. Әйтпесе, «бөксе биі»
деңгейінде әлі ондаған жылдар бойы қаларымыз анық. Талантты жас жоқ деп кім айтады? Кез келген отбасындағы бүлдіршін қыз биші болғысы келмейді, деп айтып көріңізші... – Дәстүрлі биіміздің қазақи болмыстарын, ұлттық құндылықтарын сол бәз-баяғы қалпында сақтай алдық па? – Би өнері өз бойына тірнектеп жинаған халықтың ерекше болмысының әр-алуан қасиеттері мен табиғатының соны жақтарын еселей көрсетеді. Ол қасиеттерді ансамбль биі, жеке орындаушы нәзік те тылсым қимыл, жүрекжарды сезім арқылы жеткізуі керек. Мысалы, мен билеген бір бидің бір нақышын, секундпен өлшенетін сәтін жүздеген рет қайталап дайындайтын едім. Қан сорпа, ағаш аяқ болғанша дайындық залынан шықпай үйренетін күндер болған. Ұлтымыздың құндылығы – бізге қалдырған тарихи мұрасын тәлкіге салу моральдық құқығын ешкім де маған бермегенін сезіну, бидің сол психологиясын ашуға дәнекер болатын. Ұлттық құндылық ешқашан ескірмейтін, қап түбіндегі саф алатын. Оны тек дер кезінде саңлақ қолына тапсыра білу керек. Қазір қазақ биі еуропаланып, қытайланып кетті. «Би өнері ұлттық дәстүріміздің бірі еді ғой» деп көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Ақша түсетін дүниелер насихатталса болды. Бүгінгі заманда мәдени өмір сахнасынан би өнері кенже қалып жатыр. Одан гөрі, әншілік өнердің асығы алшысынан тұрған секілді. Бірте-бірте дәстүрлі биіміз назардан тыс қалып барады. Қандай қазақтың тойына бармаңыз, шығыстық билерді ауыздарынан суы құрып тамашалаған жұртты көреміз. Бәлкім, оларды би ғана емес, биші қыздың жалаңаш денесі қызықтыратын болуы керек... қандай ұлтты болмасын оның мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне қарап бағалайды, құрметтейді. Ал, бізде оны ойлап жатқан жан жоқ. Өз басым Кеңес дәуірінде Мәскеудің би мектебінен өтіп, атақты «Березканың» жетекшісі Игорь Моисеевтің, Махмуд Эсенбаев, Элеонора Грикунова, Галина Измаиловалардың тәлімін алдым. Шет ел гастрольдерінде жүргенде іздеп жүріп, шебер – класстарына қатыстым. Биге деген жауапкершіліктің қандай деңгейге қойылатынын тер төгіп жүріп көрдім. Бұл тұста мен қазақтың біртуар өнер қайраткері, Халық әртісі Гүлжаһан Ғалиеваны айта кетпесем күпіршілік жасар едім. «Гүлдер» ансамблін құрған кезде ол кісі бір биді қою үшін ондаған саланың мамандарын жұмылдыратын: этнограф, тарихшы, әдебиетші, кастюм маманы, музыкант, спортшы, режиссер,
жарық түсіруші, композитор тағы басқасы бар – қызыл кеңірдек болып таласып жатушы еді. Би өнерінің бір шарықтаған кезеңі Гүлжаһан Ғалиеваның есімімен байланысты болды десем қате айтпағаным болар еді. Қазақтың осынау бір аяулы қызы дүниеден ерте кетіп, есімі көмескі тартып бара жатқаны қынжылтады. Өзі құрған эстрада өнер колледжіне соның атын бере ме, деп едім, ол да жайына қалды. – Сіз қалай ойлайсыз, қазақ биінің болашағы бар ма? Жоқ, әлде жаһандану заманында жұтылып кете ме? Заманымыз түзеліп келеді. Қазақстан ең дамыған елу мемлекеттер қатарына қосылмақ ниетте. Экономикалық әлеуметіміздің оған шамасы жетеді. Енетініне де күмәнім жоқ. Сондықтан, би өнері де жеңіл-желпілікті қойып, салиқалы түрде, биік деңгейінде, халқының ой-санасы, өркениетінің өрісінде әлемдік деңгейге жетеді деген сенім менде бір де басылған емес. Өйткені біз рухани әл-қуатымыз тың халықпыз. Тек еліктегіштігіміз болмаса... Оның үстіне қазақ би өнерінің даму жолында берік теориялық негіз жасалған. Л.Сарынова, Д.Әбіров, О.Голушкевич, Ш.Жиенқұлова теория мен практиканы қатар дамытқан. Оған дәлел – олардың қазақ биін оқып үйренуге арналған кітаптары. Д.Әбіров қойған «Қоштасу», «Алтынай», «Ұтыс биі», «Балбырауын» билері, Шара апаның «Қазақ вальсі», «Айжан қызы» ұлттық би өнерінің классикасына айналды. Фольклорлық би түрлерін сахнаға шығаруда. О.Голушкевичтің де еңбегі ерен. Ол қойған «Жезтырнақ», «Сайыс», «Келіншек», «Киіз басу», «Бақсы ойыны» билері халықтың үлкен қызығушылықпен көретін билері еді. Осы билермен бірнеше буынның бишілері қазақ деген елді шет жерлерге таныстырды. Бұл ансамбльдің репертуарында қазақтың ежелгі билерінен бастап, қазіргі рок музыкаға дейін бар болатын. Олар да қазір аралас билерге көшіп кетті. Мен сахнада жүргенде қазақ биінің таза күйінде сақталуына ерекше көңіл қойдым. Олай болса, «Ұлттық би қалай дамуда?» деген сұрақтан гөрі «Ұлттық би неге насихатталмай жүр?» деген сауалға жауап іздеп, осы мәселенің шешімін тапқан дұрыс болар еді. Сонда ғана би өнері жұтылып кетпес еді. Ал жаһандану – жаным ұнатпайтын дүние. – Ендеше, елімізде би өнерін насихаттауға қаншалықты көңіл бөлініп отыр? Сіз оған қанағаттанасыз ба? – Өнерді насихаттаудың бірден-бір құралы, қазіргі кезде теледидар. Ол жанталасқан бәсекеде жүр. Мәскеудің, шет елдің
бағдарламаларына төтеп беру оңай еместігін сезінген біздің жігіттердің қара тер болатынын жақсы түсінемін. Қай үйге барсаңыз – көретіндері сырт бағдарламалары. Биді насихаттау үшін – жақсы орындалған бағдарламалар қажет, бидің қыр-сырын білетін журналистер, мамандар қажет. Ал олар болса – жоқтың маңында... Қазақ биін насихаттау үшін, оның бір орында тұрмай тұрақты дамып, өркендеуі үшін кезінде біраз адам тер төкті, сол істі жалғастыру үшін Алматы облыстық филармониясы жанынан Мемлекеттік «Алтынай» би ансамблі құрылған еді. Ал бүгінгі күні осы ансамбльді ешбір концерттік бағдарламалардан көре алмай жүрміз. Неге? Фольклорлық «Сазген» ансамблінің бишілері қайда? Өнерді басқарып отырған азаматтар қазақ елінде, қазақ жерінде дамып, өркен жайған қазақ биін насихаттаушы өрендер қайда? Олар неге концерттік бағдарламаларда көрінбейді? Варьете, базар – бизнес, стриптиз деп кеткен небір талантты қыздарымызды әлі де кеш емес қайта жинаса, олар ертең ұлттық мақтанышқа айналар еді. Әрі бізде Моңғолияда, Үндістанда, Бейжіңде оқып, білімдерін ұштап келген қыздарымыз да бар. Біздің өзімізде корей мектебі, орыстың би өнері, ұйғырдың қандай бишілері бар! Олар қазір әр жерде шашқан тарыдай бытырап жүр. Олардың біразын жақында кездестірдім. «Гүлжан, шақырсаң келеміз, шаршадық, ақшасы құрысын, сахнаны сағындық» – дейді. Менің өзім де бұл өнерден әлі күдер үзгем жоқ, ақша құрғыр бәрімізге де керек, бала-шаға, немере бар дегендей. Бірақ, кейде бір сәт сахнаны сағынады екенсің. Әсіресе, би өнері насихатсыз, ескерусіз қалып бара жатқанына алаңдаймын. – Қазір бізде «Горем биі» яғни, кіндігін жалаңаштаған хан сарайының билеріне қызығатындар көбейді. Бұл жақсы ма, жаман ба? – «Бөксе биі», – ең тұрпайы, адамның хайуандық мінез-құлқын оятатын жалаңаш тәннің қимылдары ғана. Оның би өнерінен ауылы алыс. Шет елдерде ондайларды сахнаға тіптен де маңайлатпайды. Оның өрісі орта қолды түнгі суық орындары. Көретіндер – ақшалы маскүнемдер, еріккен еркектер ғана. Оны өнер деп айта көрмеңіз. Өкінішке орай біздің сахна, телеэкран соларға толып барады. Тіпті керемет деп жүрген ансамбльдеріміз де оған әуес. Сұраныс бар шығар. Бір-екі рет айтып ескертіп едім, құлақ аспаған соң, қойдым. Тойларда құтырына берсін, қасиетті сахнада не жұмысы бар... – Бишілерге үкімет тарапынан қандай қамқорлықтар жаса-
лып жатыр? Тұрғын үй, жұмыс, жалақы, зейнеткерлікке шығу мәселелері өз шешімін тапты ма? – Бұл сұрақтың жауабын сіз менен жақсы білесіз. Үй, жалақы, зейнетақы мәселелері өз шешімін әлі тапқан жоқ. Маңдайалды бишілердің не шет елге, не басқа мамандыққа кетуі де содан. Қазір ұлттық биді билейтін бишілер аз. Бұл – бір. Екіншіден,бұрын бишілерді 38-жаста, ер адамдарды 39-жаста зейнетақыға шығаратын. Қазір 58–60 шамасында шығара беретін болыпты. Бұл – мүлде дұрыс емес. Үшіншіден, біздегі жақсы бишілердің кейбіреуі шет мемлекеттерге кетіп жатыр. Кетпес үшін талантты бишілерді мемлекет барлық жағынан қамтамасыз етіп отыруы керек. Мысалы, жақсы бишінің жалақысы да жақсы болғаны дұрыс. Бір қуанарлығы, талантты жастар байқаймын көп шығып жатыр. Олардың дені дерлік қазақтың ұлдары мен қыздары. Бір ғана хореографиялық училищенің өзінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген балалар оқиды. Ендеше, теледидардан танылмайтын әншілердің клиптерін көрсете бергенше, сол балалардың өнерін халыққа жеткізбей ме! Біздің қолымыздан не келеді? Өйткені оларды насихаттау тікелей телеарналардың басшыларына байланысты болып тұр. Теледидарлардан анда-мұнда би өнерін тамашалаушы едік. Қазір ол да жоқ немесе пайдасыз телесериалдарды бере береді. Тым болмаса сол дарынды жастардың қара терге түсіп, меңгеріп жатқан өнерлерін насихаттаса дейсің. Ол – ол ма, тіпті, концерттік бағдарламаларға қосу үшін де ақша сұрайды, менің ойымша бұл мәселелер мәжілісте қаралу керек. – Қытай, үнді, өзбек, орыс би өнерімен салыстырғанда біздің биіміздің шығармашылық деңгейі қандай дәрежеде деп ойлайсыз? – Бір-бірімен салыстыру өте қиын. Әр елдің салты басқа... дегендей, би деңгейі сол елдің рухани көкірек көзінің ашықтығына байланысты. Халықтың ұлылығы да рухани құндылықтарын ұстауына байланысты. Демек, өнер, би елге қажет болса, оның рухы биік, ал өнер қайраткерлері әрқашан сол биіктен көрінуге тырысады, нәтижесінде – өнер дамиды, өркені өседі, кең тарайды, аты шығады, әлем деңгейінде өзіне тиісті орын алады. Кезінде шет елге шыққан кезде әрдайым қазақтың өнерін, мәдениетін би арқылы көрсетуге тырысатынмын. «Қазақтар да билей алады. Қараңдар! Көріңдер! Алдарыңызда билеп жүрген мен – қазақпын» дегенді сонда би арқылы жеткізгім келетін. Би өнерінде, әрине, айқайлай алмайсың,
күле алмайсың, көзіңнен жас сорғалап, жылай да алмайсың.
Бәрін тек ыммен, мимикамен, қимылмен жеткізесің. Қазақ биі
басқа ұлттардың биіне еш ұқсамайды. Біздің салт-дәстүріміздің,
әуеніміздің өзіндік ерекшелігі көп. Қазақ ұлтының биі екені тайға
таңба басқандай білініп тұрады.
– Бір кездері сіз билеген, сіз сахнаға алып шыққан билер жай-
лы да айта кетсеңіз? Қазір сол билер орындалып жүр ме?
– Мен үшін бұл өте ауыр сұрақ. Шынымды айтсам, бірен-сараны
болмаса менде артымнан ерген шәкірт жоқтың қасы. Үйретуге
жағдай жасалмайды, десем арызданған сияқты көрінермін...
Мәдениет министрлігіне, Храпуновтың кезінде, әкімшілікке та-
лай рет ұсыныстар, келелі бағдарламалармен шыққан едім. Бәрі
аяқсыз қалды.
Солардың бір-екі жылда бір рет Алматыда өткізілген «Әлем
билерінің фестивалі» туралы жан-жақты жобам болатын. Алматы
– Еуразия кеңістігінің кіндігі. Өнер орталығы. Аталмыш фестиваль
тура «Азия даусы» сияқты болып өтіп тұрса, қазақтың би өнері
шарықтап дамымас па еді? Әйтеуір, қағаз жүзінде болса да ниетім
түзу, арым таза.
Мен билеген билер аз орындалды. Оның себептері көп... Мен
үшін бұл орны толмас өкініш... «Алмаз қырғауыл» биін бірнеше
рет қайта қоюға талпынды. Әркім билеп көріп еді, алайда нәтиже
болмады. «Шырақ жаққан» бидің де, «Дауылпаз үстіндегі» бидің
де тағдыры солай болды. Өзімнен басқа ешкім игере алмады деуден
аулақпын. Ал қазір жағдай жасаса, күндіз-түні үйретер едім.
Негізі, халық биі – белгілі бір халықтың бет-бейнесін, тұрмыс-
тіршілігін, әл-ауқатын баяндап тұратын болғандықтан, оны
орындағанда өз «қан-сөлінде» орындау керек. Мен бұл ойымды жас
бишілерге үнемі айтып жүремін. Кәсіпқой биші де, кәсіпқой балет-
мейстер де осы қағиданы қатты ұстануы керек. Биші бидің сыртқы
әсерін ғана ойламай, ішкі сұлулық, мінез-құлық ерекшеліктеріне
үлкен мән беріп орындаса дейсің
– Өнер деген қиыншылығы мен қызығы қатар жүретін
ғажайып әлемнің биік шыңдарына көтерілдіңіз. Үйдегі ағаның
көмегінсіз бұл мүмкін бе еді?
– Дұрыс айтасың. Жолдасым Назымбек Боқаев көп көмектесті.
Себебі, өзі де көкірегінде өнері тұнып тұрған адам. Аудармашы,
қазақтың тарихын, этнографиясын өте жақсы біледі. Менің қолым
бос болмаса үйдегі бар шаруаны өз мойнына алады. Домбырада,
қобызда, күйсандықта тамаша ойнайды. Абай мен Манас аузынан
түспейді. Біздің үйіміз кішкентай театр. Отбасымыз үлкен.
– Бұл үлкен мақтаныш қой. Кеңірек, тоқталып айта кетсеңіз.
– Көп балалы болу қазақтың қанындағы нәрсе емес пе? Менің
үйім балаға, дос-жаранға толы болмаса бірдеңе жетіспей тұрады.
Достарымыз күні-түні демей келе береді. Үйде ет болса қазанға са-
лып, болмаса макаронымды қуырып, шәйімді беріп күтіп аламын.
Қазақ айтады ғой: «қонаққа тамағыңды бермей, қабағыңды бер», –
деп. Қалайша мен қуанбаймын. Олар келгенде менің көкірегім әнге
толады. Мен әрбір күнге, әрбір минутке қуанғым келеді. Бұл фәниде
бір-бірімізге қуана білуіміз керек қой.
– Осы өнердің жолында жүргенде кездескен қиындықтар,
кездейсоқ оқиғалар, есте қалған қызықтар аз емес болар. Мүмкін
болса солардың ең тартымдыларын еске ала кетсеңіз?
– Қуанғаным. Әрине, ол қызым Айжанның дүниеге келуі, алдын-
да ылғи ұлдар еді. Содан кейін қырықтан асқанда дүниеге келген
сәбиім, менің Бақтиярым. Кіндік әкесі Олжас Сүлейменов, есімін
де өзі берген. Ал, ең ерекше толғанған қуанышты сәт – 1977 жылы
әкемнің алпыс жасқа толуы қарсаңында соғыста бірге болған май-
дандастарын іздеп тапқаным. Әкемнің майдандас достарымен
Мәскеуде, Севастопольде кездесулері ешқашан ұмытылмайтын,
менің өмірімдегі ең жарқын сәттер!
– Сіз биші болғаныңызға өкінбейсіз бе? Тағдырдың сізге осы
өнерді сыйлағанына ризасыз ба?
– Би – менің ғұмырбаяным, тағдыр-талайым. Биші болғанымды
өмірдің маған берген зор, қайталанбас, арманнан арман туғызған
сыйы, деп білемін. Мен өзімді би өнерімен тағдырымды қосқаныма
өте бақытты санаймын. Би, репетиция десе ішкен асымды жер-
ге қоятынмын, шаршау дегенді ұмытып, денем қызып, тыныштық
таба алмайтынмын. Себебі, биді өте сүйемін. Бір кезде «Әлем
халықтарының ұлттық би академиясын» ашсам деп армандадым. Ол
кезде басым толы идея, әр бидің әуезі, костюмы бәрі санамда сай-
рап тұратын. Бірақ, мен жалғыз ештеңе де бітіре алмадым. Әрине,
бұл тақырыпты сол кезде көтерген халқымыздың адал перзенті
Мырзатай Жолдасбеков аға тарихшы, этнограф, өте білімді адам.
«Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» деген, «сен болмасаң
кім істейді мұны», – деген еді ол сонда. Әңгімелескенде жылап
отырдым, көп сөйлестік. Бибігүл апа, Ермек ағалар да намысымды
қайрап еді. «Саясаткерлер саясат қуып жүр, экономистер экономи-
камен әуре, қол қусырып отыруға хақың жоқ, алар атағыңды алдың, қимылда, барымызбен көмектесеміз», – деп жан-жақтан қолдап еді. Олардың осы сөздері маған сол кезде үлкен демеу болды. Нұрғиса Тілендиевке ауруханаға бардым. Өнер жайында ұзақ әңгіме болды. Аға қолымды қолына алып: «Гүлжан қызым, сен мына мінезіңмен бұл өмірде көп нәрсеге сенбедің ғой, «жынды» мінезіңді әлі қойған жоқсың ба?» – деп еді қалжындап. «Қойған жоқпын» деп едім сонда мен де әзілдеп. «Өй, «жаман» сол, маған тартқансың ғой, көнбе ешкімге. Мен «Ерке баланы» саған арнап не үшін жаздым, өнерге қызмет ет», – деген-ді сол кезде. Ол кісі көп дүние жазды. Бірақ бишілерден жалғыз маған арнап үш би жазды. «Әлия», «Ерке бала» және «Алмас қырғауыл». Менен басқа да біраз бишілер, кейінгі жас толқын бишілер билеп те жүрген болар, бірақ ноталары менде... «Гүлжанға арналған. 1968 жыл Нұрғиса ағаң» деген қолтаңбасымен сақтаулы тұр. Сондай кісілердің батасы мені өнерде үнемі қолдап келеді. Әншілік, күйшілік өнер сияқты би өнерінің де өзіндік ерекшеліктері, тарихы, тағдыры бар. Би тілі – барлық халыққа ортақ тіл, ал халық биі – үлкен мәдениет. Олай болса, сол мәдениеттің бір өкілі болғаныма бақыттымын. Айтпақ болған ойды би қимылқозғалыспен, мың бұралған иірімдермен жеткізеді, сол арқылы көрерменмен тілдеседі, яғни, биші биді орындау барысында өзінің көңіл-күйін, жан-толқынысын білдіреді. Жалпы, қандай өнерді алсақ та, адамның жан дүниесімен үйлесім тауып, сол арқылы да адам ішкі сезімін сыртқа шығарып отырады. Сол себептен де мен үшін ұлттық бидің орны бөлек. Өкінішке қарай, би тіпті, бишілердің өзінің назарынан тыс қалып жата ма қалай? Біз қандай өнерге болсын бай халықпыз ғой. Соны жоғалтпай келер ұрпаққа жеткізуді өзімізге парыз санауымыз керек-ақ. Көңілге медет болатыны қазіргі кезде еліміздің барлық аймақтарында биге қатысты өнер ұжымдары, би мектептері, арнайы үйірмелер көптеп жұмыс істей бастағаны. Бірақ классикалық қазіргі замандық билерге көңіл көп бөлінетіндей. Осыны көріп отырып, қазақтың ұлттық биі өшіп бара жатқан жоқ па деген күдікті ойға тағы бір күдік келіп қосылғандай әсерде қаласың. Расында да, біз билеген қазақ биі қайда, қай сахнада қалды? Өзіндік табиғаты, сәні, үйлесімі өз ұлтының талайлы тағдырын паш ететін болмысы бар ұлттық би неге назардан тыс қалды? Бәрін қойшы, шығыстық билерге қызығып жүріп өз биімізді санамыздан өшіріп алып жүрмесек болғаны. Осы жайлар менің жаныма батады.
Төлеген Мұхамеджанов,
Қазақстанның халық әртісі
Мен композиторлықты мәнсапқа айырбастамаймын
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты, композитор Төлеген Мұхамеджанов
өнерді де, қызметті де қатар алып жүрген азаматтардың бірі.
Бірақ музыка оның өміріндегі ең маңызды мәселе екенінде
күмән жоқ. Ол ес білгелі ұлттық рухты, Отанға деген
сүйіспеншілік сезімді, азаматтықты, әдемілікті, ой сұлулығын,
мәңгілік тақырып махаббатты, үзілмейтін үмітті, өзінің жан
дүниесінің көңіл-күйін сиқырлы сазбен өріп, шебер өрнектеп
келеді. Қос тізгінді қатар ұстаған Төлеген халықтың қалаулысы
болып қана қоймай, олардың мұң-мұқтажын, арман-тілегін
жоғарыға жеткізетін арадағы дәнекерге айналды. Қарапайым
да кішіпейіл, адамгершілік қасиеті зор Төкеңе жолығып, қазақ
музыка мәдениетінің жай-күйі жайлы пікір алысқан едік.
– Соңғы жылдары кәсіби білім алған әрі елге кезінде кеңінен
танылған композиторларымыз көрінбей кетті. Олардың жаңа
шығармалары да теледидар мен радиодан берілмейтін болды.
Бұл кәсіби композиторлардың өнер сахнасынан кеткені ме? Бұл
жайлы не дер едіңіз?
– Олар бар, ешқайда кеткен жоқ. Әрине, бұрын үкімет тарапы-
нан композиторларға жәрдем көрсетілетін. Композиторлар одағына
кезінде бюджеттен ақша бөлінетін. Оған идеологиялық қару ретінде
үлкен мән берілетін. Ірі симфониялық шығармаларға, операларға
қомақты қаламақы төлейтін. Ал енді нарыққа көшкеннен кейін
бұның бәрі өзгерді. Күрделі шығармалар керексіз болып қалды.
Үкімет тарапынан оған ақша бөлінбеді. Себебі, Конституция-
мызда шығармашылық одақтарды қоғамдық ұйымдар қатарына
жатқызып жіберді. Ал қоғамдық ұйымдар мемлекет тарапынан
қаржыландырылмайтын болды. Ендігі жерде басқалар сияқты
композиторлар одағы да өз күнін өзі көре бастады. Бұрынғыдай
қаржылай көмек болмағаннан кейін, әрине, жағдайлары қиындап
кетті. Оның үстіне бұрынғыға әбден үйреніп қалған. Бірден не
болғанын түсіне алмай іркіліп қалды. Бірақ олар жазуын жазды.
Жазып та жатыр. Шығармашылық тоқтаған жоқ. Өйткені, бұл тек
қана кәсіп емес, бұл өнер ғой. Кезінде Астана қаласының әкімінің
орынбасары болып жүргенде әріптестерімді қолдау мақсатында бір
топ композиторлардың шығармаларынан концерт ұйымдастырдық.
Сонда біразымыз басымызды қосып әңгіме өткізгенбіз. Ол кез жалпы қиын кезең болатын. Ал қазір экономикамыз аяғынан тұрды. Мемлекет композиторларымызға көмек көрсете бастады. Былтырдан бастап ірі шығармаларға сұраныстар артып келеді. Бүгінде ірі музыкалық туындыларға үкімет тарапынан ақша бөлініп, көңіл аударыла бастады. Енді бұдан былай жағдай дұрысталады деп ойлаймын. Кәсіби композиторлар тек ән жазуға ғана машықтанбайды. Олар көбіне көңілді күрделі шығармалар жазуға аударады. Бірақ қазір композиторлар ән саласына да көп көңіл аудара бастады. Себебі оған сұраныс бар. Бір өкініштісі, әрине, мағыналы да мәнді әнге емес, жеңіл желпі билейтін әндерге назар көп ауып барады. Сондықтан да кәсіби композиторлар мұндай мәнсіз-мағынасыз дүниелерге бара бермейді. Әрине, ол қолдан келмейтіндіктен емес, керісінше бұл кәсіби композиторға жараспайтын қылық. Қазір ән жазып жүргендердің көбісі әуесқой сазгерлер. Ал «композитор» деген сөздің мазмұны терең, оған атүсті қарауға болмайды. «Композитор» – композиция деген сөзден шыққан. Оның формасы күрделі. Ал бір-екі әуен жазған сазгерлер, әрине, бірден композитор болып кете алмайды. Мен мұны кәсіби композитор болғандықтан айтып отырғаным жоқ. Мысалы, сіз кәсіби журналшысыз сонда сіз бір-екі мақала жазған адамды «журналшы» дейсіз бе? «Әрине, жоқ». Міне, сол сияқты, оларды да мен композитор дей алмаймын. Біздің көбіміз музыкалық мектепті бітірдік, консерваторияда білім алдық. Өміріміздің он алты жылын осы өнерге сарп еттік. Енді бұған аспирантурада оқыған жылдарды қосыңыз. Осыдан кейін барып кәсіби композитор болдық. – Сонда қазір атағы жер жарып жүргендерді өтпелі кезеңнің өткінші сазгерлері дейміз бе? Жоқ, әлде жаңа уақыт өзі тудырған «тума таланттар» ма? – Әрине, әр кезеңнің өзіне тән белгілері болады. Ол сол уақыттың өз қажеттілігінен туындайды. Бұған дәлел қазір бізде щоу-бизнес емес, той-бизнес етек алып барады. Жалпы бұл құбылыс кәсіби өнердің беделін түсіріп, оның рухани құндылығын арзандатып, оны еріккеннің ермегіне айналдырып алдық. Жақсы ән жазу қазір мақсат емес. Өтетін, ақша болатын бір күндік әуен жазсаң болды. Ал халықтың көңілінен шығатын әндер жазуды ұмыттық. Мысалы, Абай атамыздың ХІХ–ХХ ғғ. аралығында жазған әндері қандай керемет, қандай ғажап. Шәмші ағамыздың өлмес әуендері күні
бүгінге дейін жанымызды нұрландырып тұрған жоқ па? Абайдың «құлақтан кіріп бойды алар» деуінің өзі әннің адам сезімін оятатын осы құдіретін танытса керек. Бірақ, жеңіл-желпі тек тойда ғана айтылатын, би ырғақтарына құрылған әндердің көбейіп кеткеніне қарным ашады, әрине, мен өткенді аңсап отырған жоқпын. Бір айтарым ол кезде кез-келген шығармаға сын көзбен қарайтын. Әнге жақсы өлең алуың керек. Бұдан кейін барып көркемдік кеңестің талқысына түседі. Онда он-он бес адам болады. Олардың көбісі тәжірибелі музыканттар, композиторлар, әншілер. Міне, солар «жақсы ма?», «жаман ба?» өз бағаларын береді. Содан кейін барып ол шығарма халыққа жететін. Қазір ол жоқ қой. – Бүгінде азаматтық шығармалар азайып кеткені белгілі. Сонда келешек ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін туындылардың қажеті болмай қалғаны ма? Жоқ, әлде мұның басқа себебі бар ма? – Ия, кезінде музыкаға ұлттық идеологияның бір саласы деп қарады. VІ–VІІ ғасырларда өмір сүрген қытайдың бір ақылгөй адамы: «Егер де басқа мемлекетті құлатып, оны жаулап алғың келсе, ең алдымен, ол елдің музыкалық жүйесін қират» деген екен. Себебі, музыка халықтың рухы, оның жаны. Сондықтан да мұны үкімет қолдан шығарып алмауы қажет. Қазір біз батыс эстрадамен бәсекеге түсе алмай отырмыз. Әсіресе, жас сазгерлердің көбісі соларға еліктейді. Қанша еліктегенмен де дәстүрлі музыкамыздың ұлттық рухынан, қазақтық қасиетінен айырылып қалуға болмайды ғой. Жасыратыны жоқ жас кезімізде өзіміз де әр түрлі жанрға бой алдырып, тіпті басқаға еліктеп кеткенбіз. Сонда үлкен ағаларымыз Сыдық Мұхамеджанов, Кенжебек Күмісбеков: «сендердің мына әндеріңде қазақтың иісі жоқ қой» деп ренжитін. Олар бізді осылай тәрбиелейтін. Қазір ондай тәрбие жоқ. Бірақ мұны осылай бетімен жіберуге болмайды. Қазір үкімет кеш болса да бұған мән бере бастады. Сондықтан да еліміздің ірі телекомпанияларында, радио арналарында шығармаларға баға беретін көркемдік кеңестер болу керек. Әрине, әнші қыруар қаражатқа керемет бір клип түсіріп алып келуі мүмкін. Бірақ оның сапасы қандай, халықтың көңілінен шыға ма? Біз осы жағына мән беруіміз керек, онсыз болмайды. Мен цензураны қалпына келтірейік деп отырған жоқпын. Басқа бір жолын таппасақ болмайды. Өйткені бәрін ақшамен шеше беретін болсақ, онда біз көп нәрседен ұтылып қаламыз. Бұл мәселені заң арқылы шешу қиын. Себебі, өнерді
заң аясында ұстасақ, онда біз оны қысып тастағандай боламыз. Бізде жаңа шығармаларға баға беретін кәсіби сыншылар жоқ. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында ондайлар көп. Олар тіпті Голливудтың керемет жұлдыздарына «ең жаман киім киген», «ең жаман рөлді сомдаған» деп баға беріп жатады. Өнер деген ақша табудың көзі немесе тәсілі емес қой. Ол биік дүние ғой. Адам өзін өнерде емес, өзіндегі өнерді сүюі керек. Сонда ғана белгілі бір нәтижеге жетеді. Мысалы, бір күндік әндер көп бүгін. Айтылады да ұмытылып қалады. Сіз дұрыс айтып отырсыз патриоттық сезімді оятып, халықтың рухани деңгейін көтеретін дүниелер жазуымыз керек. Онсыз болмайды, ол үшін, әрине, іздену, еңбектену қажет. Мен кәсіби композитормын ал жеңіл-желпі әнді екі-үш минутта қолма-қол шығарып беремін. Күнде мен жүз ән жазуым мүмкін. Бірақ мәселе онда емес қой. Жауапкершілік болу керек. – Осы жауапкершіліктің жоқтығынан бүгінде еліміздің теле-радио арналарын батыстың музыкалық өнімдері басып алды. Әсіресе, жекеменшік телеарналар мен радиолар ұлттық өнерімізге пысқырып та қарамайтын болды. Сонда батыстың мәдени экспанациясына кім тосқауыл қояды? Бұл жөнінде сіздің ойыңыз қандай? – Қазір елу пайызы міндетті түрде мемлекеттік тілде болсын деген. Бұл барлық теле-радио арналарға қатысты. Оның ішінде, әрине, музыка саласында да солай болуы қажет қой. Ал, бірақ, батыс музыкасының деңгейі дыбыс жағынан, жазылуы жағынан, әрлеу жағынан ұтымды. Өйткені онда музыкалық индустрия әрі қалыптасқан мектеп бар. Бізде не индустрия не әншілерді үйрететін мектеп жоқ. Мектеп болу үшін керемет бір жақсы ұстаздар болу керек. Енді онсыз болмайды ғой. Бұл бір-бірімен байланысып жатқан дүние. Кеңес үкіметі кезінде біз мына эстрада саласында ән айтуды үйретпедік қой. Біз тек қана классика саласында ән салуды үйреттік. Батыста эстрада өнеріне жастайынан баулиды. Даусын қояды, өзіндік орындаушылық мәнерін іздейді. Сонан сон әнін жазғызады. Ал, бізде құдай-ау, бір әнді бір күнде емес, бір сағатта жазады. Оларда бір әнді айлап жазады. Оған үлкен бизнес деп қарайды. Сондықтан оларда талғам күшті. Содан кейін, әрине, олардың деңгейлері де биік болады. Олардың түсірген клиптері де сапа жағынан жоғары. Бұның бәрі өте жоғары кәсіби талғаммен жасалған дүниелер. Қазір бізде де бірте-бірте музыкалық шоу-бизнес дамып келеді. Ол жоқ
деп жоққа шығаруға болмайды. Батыстың «супер жұлдыздарындай»
болмаса да соған жете – қабыл әншілеріміз бар, бірақ олар аз.
– Қазақтың дәстүрлі өнері ән-күйі, терме-толғаулары
ұмытылып бара ма, қалай? Себебі, дәстүрлі әншілер мен
күйшілерді теледидардан да сирек көретін болдық. Халықтың
ғасырлар бойы тірнектеп жинаған інжу-маржан ән-күйінен
жерігеніміз бе?
– Ұлттық дәстүрлі әндер міндетті түрде насихатталуы, міндетті
түрде дамуы керек. Бұдан басқа ой, бұдан басқа ешқандай пікір
болмау қажет. Бұдан басқа көзқарас жоқ, болмайды да. Әрине,
мемлекет тарапынан бұған қолдау болуы керек. Кезінде Астана
қаласының әкімінің онрынбасары болып жүргенде біз бірінші
рет республикалық жыраулар фестивалін өткіздік. Бұл ұмытылып
бара жатқан дәстүрлі өнеріміздің бір саласы ғой. Оны көріп, өзім
де бір керемет өнердің бұлағынан нәр алып, тамсанып шыққан
едім. Міне, осындай фестивалдерді, байқауларды жиі-жиі өткізіп
тұрсақ артық болмас еді. Өте талантты дәстүрлі әншілеріміз бен
орындаушыларымызды насихаттауымыз керек. Бұл тұрақты түрде
болу керек. Астанада Сапар Ысқақов деген меценат азамат бар. Ол
кісі маған «қобызшылардың дәстүрлі фестивалін өткізейік» деді.
Мен мынандай ұсыныс жасадым. Қорқыт бабамызға арналған
Байқоңырдың жанында үлкен мемориялдық кешен бар. Айдалада,
қаладан бір отыз шақырым жерде. Сонда амфитеатр бар. Акусти-
касы қандай керемет. «Сапар аға, фестивалді сол жерде өткізейік.
Сол жерге мықты қобызшыларды шақырайық. Қобызбен ән
салатын әншілерді шақырайық. Қорқыт бабамыздың, Тілеп
бабамыздың сол сияқты басқа ұлы қобызшыларымыздың рухын
көтерейік» дедім. Ол кісі келіскендей болды. Құдай қаласа, биыл
тамыздың соңы, қыркүйектің басында қобызшылар фестивалін
өткіземіз. Осы бір-екі аптаның ішінде әзірлік жұмысын бастай-
мыз. Біздің әндеріміз ешбір халықтың әндерінен кем емес, артық
болмаса. Сондықтан да халық музыкасы да жаңа қоғамнан, жаңа
заманнан өзінің лайықты орнын алуы керек. Кезінде әкімнің
қолдауымен
қазақ
әндерін
орындаушыларын
халықаралық
«Астана» фестивалін өткіздік. Әр түрлі елдердің әншілері біздің
әндерімізді өзінше өңдеп, бізге алып келіп сыйлап жатыр. Біздің
біраз әндеріміз қазір шетелдік хит-шерулерде бар. Бұл жерде біз
өзіміздің рухани байлығымызды шет елге экспортқа шығарып жа-
тырмыз. Осылай біз өзімізді – өзіміз насихаттауымыз керек. Халық
әуендеріміз қандай ғажап. Олар әсіресе, халық әндеріне ерекше қызығушылық танытып отыр. – Қазақ мәдениетінің бүгінгі жай-күйі, келешегі жайлы Парламент Мәжілісі депутаттарының арасында, жалпы отырыстарда сөз болып тұра ма? Әріптестеріңіздің ұлттық дәстүрлі өнерге деген көзқарастары қандай? – Әрине. Әсіресе, «Мәдениет туралы» заңдар қабылдар кезде қызу пікірталас болды. Ал, қазір «Мәдени мұра туралы» заңды қарастырып жатырмыз. Кез келген заңға толықтырулар, өзгерістер, ұсыныстар енгізіп жатады. Кейде пікірталастар айлап созылады. Мысалы, мен өз пікірімде әлі күнге дейін тұрмын. Маған айтады «Төке, алып тастамайсыз ба?» дейді. Мен «алып тастамаймын» дедім. Өйткені бұған көп нәрсе байланысты. Бұрын қабылдаған заң ғой. Егер өзгерістер енгізбесек сол қалпында қалады. Мұнда принципалық мәселелер бар. Мысалы, тарихи және мәдени мұраларымызға байланысты ескерткіштердің тізімін заң бойынша бекітетұғын әкімшілік. Неге, олай болады? Неге, мәслихат бекітпейді. Мәслихатта халық сайлаған қалаулылар бар. Жиырма бес, отыз адам қаулы қабылдағаннан кейін олар міндетті түрде жауапты болады. Оны өзгертуде оңай емес. Сол себептен де мәслихат шешіп, мәслихат бекітуі керек. Себебі, ол халықтың рухани мұрасы ғой. Сондай-ақ, «Қуыршақтар туралы» заңды қарастырдық. Соның өзінде де көп пікірсайыс болды. Өйткені қуыршақ дегеніміз үлкен саясат, үлкен идеология ғой. Біз балаларымызды немен тәрбиелейміз? Қандай ойыншықтармен олардың санасын қалыптастырамыз? Сол себептен де ойыншықтар қазақтың салт-дәстүріне байланысты жасалуы қажет. Сонда өзіміздің ұлттық рухымыз болады. – Сіз туралы «Депутат Төлеген» ол уақытша, ал «Композитор Төлеген» ол мәңгілік дейді. Өзіңіздің бұл жөніндегі ойыңыз қандай? – Мен композитор ретінде 1992 жылы Мемлекеттік сыйлықты алғанмын. Бірақ жұрт алдында есеп беруді шынын айтқанда ойламаған адаммын. Шығармашылық кешімді өткізу 1993–1994 жылдары менің достарым «сенің шығармашылық кешіңді өткізіп берейік» деп қолқа салғанда мен келіспеген едім. Мен кәсіби композитормын. Бұл менің кәсібім. Құдай берген талант та бар шығар. Сол себептен де мен бұған сын көзбен қарадым. Елден ерекше істеген ештеңкем жоқ. Қолымнан келгенше жаздым. Кейбір
шығармаларым халықтың көңілінен шықты соған риза болдым.
Ал Мұрат Ерғалиев пен Александр Понамарев соңғы жылдары
«сенің кешіңді өткізейік» деп қоймады. Мен енді жас емеспін,
біраз жасқа келіп қалдым. «Сенің де артыңда бірдеңе қалу керек.
Ретке келтірейік. Оны таспаға түсірейік. Телеарнадан көрсетейік.
Ертең ол сенің ізің болып қалады. Ол балаларыңа, немерелеріңе,
шөберелеріңе мұра болып қалады. Осының бәрін ойламайсыз ба?»
дегеннен кейін таспаға түсіру міндет қой. Содан кейін өзімнің
әуендерімді таспаға түсірдім. Олар мені Алматыда тұратын та-
лантты композитор әрі әрлеуші музыкант Ринат Гаисинмен таны-
стырды. Сол екеуміз бірігіп жұмыс істеп, он жеті әуенімді таза
аспаптық шығарма ретінде жазып, таспаға түсірдік. Енді бұны қай
жерден шығарамын. Содан кейін Мәскеуге бір барғанымда, онда
«Монолит» деген бір компания бар, өте танымал, Ресейдің талай
мықты әншілерінің компакт дискілерін шығарған. Соларға барып
көрсеткем. Олар маған телефон соғып «біз шығарайық» деді. Соны-
мен үш жылға менімен шартқа отырып, Ресейде және басқа мемле-
кеттерде насихаттауды мойындарына алды. Осыны көргеннен кейін
сәл рухани демеу алғандай болдым. Содан кейін «жасасақ жасайық»
дедім. Нәтижесін өзіңіз көрдіңіз. Балалық шағымнан бастап бүгінгі
жеткен жетістігіме дейінгі аралықты музыка тілімен баяндауға ты-
рыстым. Таза аспаптық музыканы қабылдау қиын ғой. Сондықтан
да оған қосымша билер, көріністер қойдық.
– Осы уақытқа дейін бірде-бір кешіңізді өткізбегеніңізге
қайран қаламын. Бұған қандай себептер болды?
– Енді оның бәрі талғамға байланысты ғой. Кейбіреулер айта-
ды «сіз тым қарапайымсыз» деп. Мәселе қарапайымдылықта емес.
Мәселе жауапкершілікте. Мен өзіме-өзім үлкен жауапкершілікпен
қараймын. Менің ең басты алдыма қойған мақсатым – сол
шығармаларым өмір сүрсе, олар менің балаларым секілді. Біреу-
міреу оларды тамсанып тыңдаса, солардан жанына ләззат алса онда
мен өзімді бақыттымын деп есептеймін. Сондықтан да бұл кеуде
қағатындай дүние емес.
Мен өзімнің жүрегімдегі өнерді сүйемін. Шынын айтқанда
әндерімді, әуендерімді сатпаймын.
– Сондай-ақ күрделі жанрда жазған туындыларыңызда аз
емес болар. Ендігі әңгіменің ат басын солай қарай бұрсақ деймін.
– Әрине. «Жерұйық» деген рок опера жаздым. Ал одан үзінділер
алып, «Астана – Бәйтерек» кешенінің тұсаукесер салтанатында
«Самұрық» рок балетін қойдық. Мен бұны өзімді көрсетейін деп жасағам жоқ, амалсыздан жасадым. Өйткені бір жас композиторға тапсырыс бергенбіз, ол болмай қалды. Менің басымнан өткен осындай қиын жағдайлар көп. «Әкімнің орынбасары болам» деп армандаған адам емеспін. Сұрау болғаннан кейін бардым. «Депутат болам» деген түсіме кірмейтін. Заман талабы болғаннан кейін депутат болдым. Жасыратыны жоқ. «Шығармашылық кешімді өткізсем» деген де арманым болған жоқ. Мүмкін кезі келген шығар. Мен өзі осы Алматы қаласын өте сүйем. Бала кезімнен бастап Алматыда тұруды армандаған едім. Осында алғаш келген жылым, он бес-он алтыдамын. Осы Абай театрының есігін ашып қана, ішіне сығалап қарадым, ары қарай кіруге қорықтым. Маған сонда бір Құдайдың ғимаратындай болып көрінді. Жылдар өтті, білім алдым, өсіп-өндім. Содан кейін осы Абай атындағы опера және балет театрына директор болып келдім. Мен ойлаймын өмір қандай қызық. Өнерге әкелгендердің бірі Ермек Серкебаев. Сол Ерағаңдар ән салған киелі өнер шаңырағының тізгінін ұстау деген маған зор бақыт еді. Роза Бағланова гастролдік сапармен Семейге бір келгенде, ол кезде мектепте оқитынмын. Құдай-ау, нағыз бір періштенің келгеніндей қабылдадым ғой. Кейін сол кісімен өте жақын танысып, ол кісі менің әндерімді айтты. Роза апайдың арқасында «Іңкәрім-ай» әні дүниеге келді. Сол кісі шығарғандай болды. Бір концертте менің төрт әнімді айтқан кездері де болды. Осындай болады деп ойладым ба? Әрине, жоқ. Қазір ешқашан тұрамын деп армандамаған қалада – Астанада тұрып жатырмын. Қаланы абаттандыруға, еліміздің мәдени орталығына айналуына азды-көпті үлес қосқаныма ризамын. Ол жылдар текке өтпеген сияқты халқыма қызмет еттім. Кешімді Алматыда өткізген себебім. Осында алғаш бата беріп, маған жол сілтеген адамдардың алдынан өткім келді. Соларға есеп бергендей болдым. Концертке дәрігерлерді, мұғалімдерді, мәдениет, ғылым саласында қызмет істейтіндерді шақырдым. Тегін өтті. Соларға сыйладым. Көңілдерінен шықтым ба, шықпадым ба, оны халық өзі айтсын. Енді Астанада 5 маусымда Құдай бұйыртса, осындай кешімді өткіземін. Содан кейін 1 қазанда Мәскеуде өткізгім келеді. Себебі, онда компакт дискім шықты. Олар оған үлкен мән берді. Өзімді ғана емес, жалпы қазақ музыкасының деңгейі бүгінде қандай дәрежеде екенін мәскеуліктерге көрсеткім келеді. – Ал енді өлең жазу, ақындық шабыт сізге тосыннан келіп қонды ма, қалай?
– Әркімнің орынбасары болып жеті жылдай жұмыс істедім. Содан кейін депутатқа өту үшін үлкен электралдық компаниядан өттім. Сайлау деген үлкен емтихан ғой. Одан сәл қолым босағандай болды. Сол кезде Талғат Теменов «Көшпенділер» фильміне музыка жаз» деп ұсыныс жасады. Біраз ойландым. Содан соң Талғатқа телефон соғып, жағдайымды айтып, кешірім сұрап, рахмет! дедім. Адам өзіне-өзі сын көзбен, жауапкершілікпен қарау керек. Өйткені өнерде онсыз болмайды. Содан кейін бір қиналып жүргенімде бір хат алдым. Ол хат маған қатты әсер етті. Оған өлеңмен жауап жаздым. Екінші хат алдым. Оған да өлеңмен жауап бердім. Сөйтіп екі-үш өлең жаздым. «Бұл өзі бір қызық процесс екен ғой» деп ары қарай жаза бастадым. Содан кейін «әй, осыны біреулерге оқиыншы» дедім. Оқыдым. «Әй, мынауың, керемет екен ғой. Берші маған» деп сұрады. Сонымен біраз жиналып қалды. Мәскеуге барғанымда бір ақынбаспагерге көрсеттім. Оқығаннан кейін «мынаны шығарайық, тәптәуір дүние екен» деді. Ақын болмасам да көңілімді жарып шыққан ой толқындары осы қаңтарда кітап болып басылып шықты. Оған да таңқалдым. Өмірімде Мәскеуде оқырмандарыммен кездесемін деп ойладым ба? Міне, бұлардың бәрі мені қанаттандырып, рухымды көтерді. Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі Сені шырқай беремін туған елім Қазақ эстрадасының жұлдызы Роза Рымбаеваны таныстырып жатудың өзі артық болар деймін. Сонау шалғайдағы Жалғызтөбе ауылынан өнер көгіне қанат қаққан еліктің лағындай қаршадай қыз бүгінде әлем таныған ән падишасына, ұлтымыздың мақтанышына айналды. Ол Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Өзбекстанның және Қырғыстанның еңбек сіңірген әртісі. Розаның күміс көмейінен өріліп, інжу-маржандай тізіліп халқының жүрегіне ұялаған әндерде сірә, шек бар ма? Жоқ! Ол ажарын әрлеп, қаншама халық әндерін қайта түлетті. Оларға жаңа бояу, соны рең берді. Жаңа заманға бейімдеп оның төл тума дүниесіне айналдырды. Қазақтың жаны қазақтың әні десек сол жанға Роза өзінің әншілік өнерімен дем беріп, оның өмірін ұзарта түсті. Ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына қосылған асыл әндері бүгінде классикалық шығармаларға айналып музыкалық мұрамызды байыта түсуде. Ыстамбұлда, Со-
фияда, Гаванада, Мәскеуде өткен халықаралық әншілер дода-
сында топ жарған Роза отыз жылдан астам еліміздің және алыс,
жақын шетелдердің сахнасының сәні, сүйікті әншісі, ардақты
қонағы болып келеді. Розаның құдіретті даусының сиқырлы
сазына ұйымаған жан біздің елімізде және шетелдерде жоқ бо-
лар. Оның даусы баяғыдай қуатты және бояуы қанық.
Ол шырқап жүрген «Қазақ елі», «Ертеңіме сенемін»,
«Гүлдене бер, туған ел», «Туған жер», «Атамекен», «Әлия» сын-
ды әндер жас ұрпақтың бойына Отанына, еліне, жеріне деген
сүйіспеншілік сезімді ұялататыны сөзсіз. Қазақ әнінің аңызына
айналған Роза Рымбаеваны бірнеше ұрпақ тыңдап, соның
әнімен өсті десек қателесе қоймаспыз. Оның ән альбомдары,
компакт дискілері қолдан-қолға тимеді. Ғасырларды жалғап
жатқан Розаның әндері көршілес Ресей елінде де компакт дискі
болып шығып жатқаны біз үшін, әрине, мәртебе.
Әншілік өнеріміздің эталоны болған Розаға жолығып, қазіргі
қазақ эстрадасының бағыт-бағдары, бет алысы және оның
келешегі жөнінде ой өрбіткен едік.
– Сіздің талантыңыз, таза күмістей сыңғырлаған даусыңыз
тек еліңізді ғана баурап алған жоқ. Ол әлемнің көптеген елдерін
де өзінің табиғи құдіретімен табындырғанына әрі табындырып
келе жатқанына куәміз. Нағыз өнер елдің мәдени дәстүріне,
тіліне қарамастан халықтарды біріктіретіні белгілі. Өнер
бізді бір-бірімізді жақсы білуге, түсінуге үйретеді. Сондықтан
да бүгінде бейбітшілік, достық және махаббат жұлдызына
айналған Роза өзінің әншілік миссиясын қалай сезінеді?
– Әншілік миссияны толық орындау мүмкін емес шығар. Себебі,
халықтың көңілінен толықтай шықтым деп қалай айта аласың.
Өнер адамы болғаннан кейін өмір бойы сенің шығармашылығың да,
сенің жауапкершілігің де тоқтамайды. Сен өнер адамы ретінде өмір
бойы ізденумен, шыңдалумен, шеберлігіңді жетілдірумен жүресің.
Сондықтан мен ойлаймын, әрқашанда қарыздармын деп. Себебі,
бізді халқымыз, мемлекетіміз еркелетіп үлкен құрметті атақ беріп,
жағдайды жасап, өнерімді жоғары бағалап жатыр.
– Кейінгі толқын оқырмандардың есіне мынаны сала кетсек
артық болмас. Сіздің әншілік өнердегі алғашқы жұлдызыңыз
ұмытпасам 1976 жылы жанды-ау деймін. Сол жылы өткен
бүкілодақтық «С песней по жизни» телевизиялық байқауының
лауреаты атандыңыз. Бұдан кейін халықаралық «Алтын Ор-
фей» байқауындағы тамаша жеңісіңіз – ГранПри. Сіздің орын-
дауыңыздағы «Әлия» әні менің ойымша әлемді шарлап шықты-
ау, сірә?
– «Әлия» – бұл менің өзіндік «визиттік карточкам». Менің
әншілік тағдырыма жол ашқан, халықаралық байқауларды жеңіске
жеткізген, өнерде жоғары биікке көтерген әрине, «Әлия» әні ғой.
Бірақ «Әлиямен» шектеліп қалуға болмайды. Мен осы отыз екі
жылдан бері ең аз дегенде екі жүз, үш жүз ән орындаған шығармын.
Соның ішінде халыққа кең тараған ән, әрине «Әлия». Осы әнмен
өмірдегі алғашқы жүлдені иеленгенім есімнен кетпейді. «Әлия» –
әншілік өнерімнің жұлдызын жаққан ән. Осы әнмен бағым ашы-
лып, жүре берді десем де болады. Бұдан кейін де, әрине, талай
әндер шырқадым, бірақ «Әлияның» орны бөлек. Сондай-ақ 1983
жылы Гаванада өткен халықаралық байқау да есімде мәңгі қалыпты.
Онда Куба әндерін тек испан тілінде шырқау қажет болды. Бұрын
мұндайды көрмегем, сонда қатты қиналдым. Амал жоқ, талап сон-
дай. Айтып шықтым. Өзіме жақсы көрінді. Маған бірінші жүлде
берілгенде қуаныштан басым айналғандай болды. Осындай сезімді
мен бірінші рет «Әлия» әнімен «Алтын Орфейді» алғанда бастан
кешіріп едім.
– Сіз өнердегі өмірім сәтті болды деп ойлайсыз ба? Жалпы
«бала арманыңыз» орындалды ма?
– Әрине! Мектепте оқып жүрген кезден бастап өнерге талпы-
нып, музыка мектебіне де бардым, көркемөнерпаздар үйірмелеріне
да қатыстым. Мектеп қабырғасында жүргенде әр түрлі байқауларға
көп қатысатынмын. Соның арқасында осы Алматыға келіп, осын-
да 1975 жылы Шәмші ағамыз төраға болған, Жеңістің отыз
жылдығына арналған байқауда жеңімпаз болғам. Одан кейін 1976
жылы «Гүлдерге» келдім. Міне, содан бері сахнадамын. Мен
кезінде үздік қазақ-совет композиторларының әндерін шырқадым.
Сол кездегі одаққа әйгілі Паулстың, Пахмутованың, Фельцманның,
Фрадкиннің, Саульскийдің, Тухмановтың жаңа әндерінің тұсауын
кестім.
Әр композитордың өзіне өзіне тән ерекше мәнері, стилі бар
ғой. Сондықтан мынау керемет, мынау артық деп айта алмаймын.
Мәселен, Нұрғисаның «Куә бол», Жанбота Тұяқбаевтың «Ата-
мекен» деген әндерін өте сүйіп орындаймын. Бұл екеуі мүлдем
бөлек, әртүрлі диапозондағы әндер. Біреуі лирикалық болса,
екіншісі патриоттық ән. Сондай-ақ «Әлия» мен Әсет Бейсеуовтың
«Шақырады көктемін» салыстыруға болмайды. Жасаған образының
қайсысы өзіңе жақын, сол көрерменге де жақын болады. Әрбір
образға үлкен шеберлікпен кіруің керек. Ән дегенің де театрдағы
рөл сияқты. Сондықтан да біреуі кем, біреуі артық деп айта ал-
маймын. Әрқайсысының өзінің ерекше менің жүрегімде орны бар.
Сол әндермен бірге қайғырып, бірге қуанам. Оған өзімнің ойымды,
сезімімді, жанымның жылуын қосамын. Бұл менің өмірім деуге бо-
лады. Бұл менің өмірімнің суреттемелері, бейне көрінісі.
Көпшілік ойлағандай менің репертуарымдағы бірінші ән
«Әлия» емес, «Әдемі-ау» болатын. Пианист және композитор Еркін
Ынтықбаевпен мен он бес жыл шығармашылық бірлікте болдым.
Ол менің көптеген әндерімді сүйемелдеді. Өзім айтып жүрген
әндердің бәрі дерлік өзімнің сүйікті ақын-композиторларымның
шығармалары. Олар Е.Ынтықбаев, Т.Сарыбаев, А.Бейсенов, М.Ер-
жанова...
Балалық шақ – менің өмірімдегі ең бір бақытты кезең болды. Сол
кезде «әнші болсам» деп армандадым, менің арманым орындалды.
Әзірге тыңдармандарым барда, мен ән шырқай беремін...
– Өнердегі бақталастық, қызғаныштық дегенге қалай қа-
райсыз? Сіздің «жауларыңыз» бар ма?
– Мен бұның бәрін ұнатпаймын. Өйткені әркімнің өзінің орны
бар ғой. Ешкім ешкімнің орнын тартып алмайды. Бірақ деңгейі
жағынан да жоғары дәрежелі өнер көрсетіп жүрген әншілер
және де сол баяғы бір деңгейде қалып қойған әншілер де бар.
Мен ойлаймын, бақталастық бар болса бар шығар. Бірақ өзімнің
ешкімге қызғанушылығым жоқ. Себебі, өзімнің әндерімді ғана
орындаймын, өзімнің көрерменім бар деп санаймын. Ал өзім
мұндай жаман қасиеттерден аулақ болғанды қалаймын. Өмірде
сіз айтқандардың бәрі бірдей болмаса да, адамбыз ғой, берен-са-
ран кездесіп қалады. Менің достарым көп, жауым жоқ. Мені ашу-
ландыру қиын, мен жеңілтек, тез бұлқан-талқан болатын адам
емеспін. Ал өзіме ұнамайтындармен сирек кездескенді әрі аулақ
жүргенді қалаймын.
– Сіз «советтік» деген сөзді аузыңызға алғанда оған деген
сағыныш нотасы еріксіз байқалып қалатын сияқты. Жоқ әлде
бұл маған солай көріне ме?
– Неге? Өзіме не тілесем, соның бәріне шын мәнінде мен кеңес
дәуірінде қол жеткіздім. Алғашқы жетістік, халықтың және бүкіл
әлемнің тануы. Қай жерде болсам да мен өзімді еркін сезіндім, елдің ыстық ықыласына бөлендім, өнеріме риза болған жұрт құрметтеп қол соқты, құшағым гүлге толды. Бұл дәстүрдің алдағы уақытта да өзінің жалғасын таба беретініне сенемін. Қазір біздің елдерімізде болып жатқан жақсы істердің бәрі сол кеңестік дәуірден бастау алып жатыр. Бізді әлі де болса көп нәрсе байланыстырады. Жалпы мен мынаған сенімдімін: КСРО-ның бұрынғы одақтас республикалары тәуелсіздік алғаны бұл – керемет! Бұл өз тағдырын өзінің қалауынша құруға деген мүмкіндік. Бірақ Құдай басқа бермесін, егер біздің біреуімізбен бірдеңе болса онда біз қайтадан бір-бірімізге көмекке келетінімізге сенемін. – Сіздің кәсіби сахнадағы алғашқы ұстазыңыз әрі сүйікті жарыңыз, марқұм Тасқын Оқаповтың әншілік өнеріңізге сіңірген еңбегін ешнәрсемен өлшеуге, теңеуге болмас деймін. Балаларыңыздың арқасында Тасқынсыз өмір жалғасып жатыр. Осы уақыт ішінде қиындыққа кез болып, қиналған кезіңіз болды ма? – Тасқынсыз өткен өмірім, әрине, оңай деп айта алмаймын. Бірақ маған Тасқын жиырма үш жыл бойы қодаушым, дирижерім, ұстазым болып үйретіп кетті ғой. Сол салған жолменен жүріп келе жатырмын. Ал енді қазір Тасқынсыз да көптеген концерттер беріп жүрмін. Бірақ сол Тасқынның мектебі, Тасқынның сценариі, соның режиссерлік қойылымы, соның репертуар талғамы, соның оркестрмен жұмыс істеу әдісі, соның бәрі маған берілді деп ойлаймын. Менің өмірімде, сондай-ақ өнерімде сүйікті жарым Тасқын Оқапов орны ерекше, рөлі зор, оны бір-екі ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен Тасқынмен танысқанымда он жеті жаста болатынмын. Екі жыл таныстықтан кейін отбасын құрдық. Алматы ресторандарының бірінде Тасқын маған өз көңілін білдірді. Мен ешқандай қалжынсыз, күдіктенбестен сызылып жатпай-ақ нық сеніммен «ия» деп бірден жауап бердім. Тасқын кәсіби сахнадағы алғашқы ұстазым. Ол өмірден өтсе де мені рухымен қорғап, қолдап, жолға салып, шығармашылығыма сын көзбен қарап тұрғандай болып көрінеді. Мен оны үнемі сезініп жүрем. – «Менің тыңдармандарым бар да, мен ән шырқай беремін...» деген сөзіңіздің астарында көп мән жатқандай. Демек өзіңізді қашанда сағына күтетін көрермендерге тартатын тартуыңыз әлі мол екеніне біздің дауымыз жоқ. Ендеше әңгіме төркінін алдағы жоспарларға қарай бұрсақ.
– Биыл мен отыз жылдық есеп беру концертімді өткіздім. Ол республикамыздың көптеген қалаларында Астана, Алматыда өтті. Оны күнделікті теледидардан көрсетіп жатыр. Ал енді келесі жылғы көктемге тағы да жаңа бағдарлама дайындап жатырмын. Ол жаңа оркестрдің сүйемелдеуімен болады. Якв ханның «Про джаз» деген бэкпенд оркестрі бар. Бұл оркестрмен орындалатын әндердің мәндері өзгешелеу джазға жақындау болады. Сондай ерекше жаңа бағдарлама әзірлеу үстіндемін. Сондай-ақ жыл сайын дәстүрлі «Көктем шақырады», «Мен шақырамын» деген жаңа жобалар да бар. Сондай-ақ жақында ғана «Бақыт құсым», «Сенімен біргемін» және Еркін Ынтықбаевтың жаңа әніне клип түсірдім. – «Мен оқудан ешуақытта жалықпаймын» дейсіз, яғни «болдым, толдым, жеттім!» деп тоғышар мінез танытқыңыз келмейтінін білеміз. Ол сіздің болмысыңызға жараспайтын қасиет. Сонда «ізденуден, оқудан, шеберлікті шыңдаудан» әсте жалыққан жоқсыз ба? Бәріне қолыңыз жеткен сияқты ғой. – Мен үйренуден әсте жалықпаймын. Өнер деген өмір бойы іздену. Ол адамның өмірі сияқты. Ол адамның күнделікті өзгеріп тұратын көңіл–күйі, күнделікті айналамызда болып жатқан оқиғаның бәрі біздің репертуарымызда орындалып жатады. Сондықтан адам ізденбесе, қызықпаса, жалпы айналада болып жатқан дүниеге назар аудармаса, ол адам өнер адамы ретінде өспей қалады. Әнші ән айту өнерін ғана меңгеріп қоймай, актер де бола білуі қажет. Өйткені, сахнада ойнай білетін әнші ғана әннің ішкі мазмұнын терең ашып, көрермендерге әннің айтпақ ойын жеткізе алады. Қазақ эстрадасында өзіндік дауыстары бар әншілер де бар, бірақ олар әлі пісіп жетілмеген, кәсіби дамымаған, шикілеу. Жалғыз талант жеткіліксіз, зергердің қолынан шыққан асыл тастай болу үшін қырып өңдеу қажет. Менің жетістікттерімнің басты сыры осында шығар. – Роза, өмірде, өнерде өзіңіз еліктеген, соларға ұқсағыңыз келген адамдар болды ма? Олар сізді қандай қасиетімен еліктірді? – Мен өмірде талай адаммен кездестім. Олардың арасында өзім еліктегендер де болды. Бірақ әр адамның өмірде өз жолы бар, ол сол жолмен өмірінің соңына дейін жүріп өтуі керек. Ал әншілік тұрғыдан алғанда мен еліктегеннен гөрі үлкен әншілерден үйренуге тырыстым. Мәселен, Бибігүл апайдан, Ермек ағайдан, Роза апайдан, Кәукен ағадан алған әсерлерім ерекше.
Біреуге ұқсап ән айту деген өзіңді әнші ретінде жоғалту емес пе? Әр өнер адамының өзіне ғана тән дауысы, мәнері, стиль, қолтаңбасы болуы керек деп түсінемін. Сонда ғана өнеріміз өседі. Ол алуан үнді, сан түрлі бояулы болса онда мұндай өнердің өмірі ұзақ, мәні зор, елге берері мол болатынын айтпасам да білесіз. – 2005 жылы Ресей астанасы Мәскеудегі «Ресей» орталық концерт залының алдындағы гүлзарда сіздің «жұлдызыңыз жанды». Осы бір керемет оқиға сіздің жадыңызда несімен қалды? – Ол Ресей мемлекеті Мәдениет министрлігінің шешімімен және «Ресей» орталық концерт залының қолдауымен болды. Ал мен жағынан соған жауап ретінде концерт бердім. Концертті халық жылы қабылдады. Бұл менің өнеріме берілген жоғары баға деп есептеймін. Тек қана біздің халықтың ғана емес, Ресей мемлекетінің, жалпы ТМД елдерінің атынан қойылған құрметті белгі деп санаймын. Себебі, «Жұлдыздар гүлзарына» жұлдызын қою деген Кеңес одағынан келе жатқан дәстүр. – «Жаңа ғасыр, жаңа бағыт, жаңа көзқарас» дегендерге өзіңіз қалай қарайсыз? Өнердегі олардың көрінісі қандай? Сіздің көңіліңізден шыға ма? – Әрине, көңілімнен шығады, заманға сай. Біздің жастарымыз қазір нені көріп жатыр? Бүгінгі өмірдің мәнері қандай? Олар соны меңгеруге ден қойып, сахнаға жаңа заманға сай стильмен шығуға тырысып жатыр. Әр заманның өзінің әні, өзінің мәнері, өзінің сәні бар ғой. Сол сияқты біздің өнерпаз жастарға сен он жыл, жиырма жыл болған сәнді немесе сол кездегі музыканы мойнына іле алмайсың ғой. Олар бүгінгі өзінің әнін, өзінің музыкасын орындайды. Бүгінгі күннің мәнерімен жазылған әндерді шырқайды. Сондықтан әр заманның өзінің ән өнері бар. Өзіне тән орындаушылық деңгейі бар. Бүгінгі жастар сол мәнерде орындап жатыр. Әрине, ол әрқашанда нанымдырақ жоғары кәсіби деңгейде болмауы мүмкін. Мен өзім әуесқой өнерді әуесқой қабылдаймын. Кәсіби өнерді жоғары өнер деп қабылдаймын. Ол орындаушының өзінің деңгейінен бірден білініп тұрады емес пе? – Қазір кәсіби композиторларымыз неге ән жазбай кетті? Бұның себебі неде? – Неге жазбайды, жазады. Мен Кеңес ағаның, Алтынбектің біраз жаңа әндерін орындаймын. Оларды жазбай кетті деп жазғыруға болмайды. Мүмкін насихаты жоқ шығар. Себебі қазіргі жас
әншілеріміз өздерінің құрбы-құрдастарының әндерін айтады. Ал біз ағаларымыздың әндерін орындап жүрміз. – Сіз өзіңізге және жалпы әншіге қандай талап қоясыз? Жаңа заманауи әншілердің бойында ең алдымен қандай қасиет болу керек деп ойлайсыз? Жалпы өнер адамы қазір қандай болғаны жөн? – Ең алдымен сауаттылық. Жан байлығы. Өнерді жанындай сүю. Көрерменді алдамау, онымен байланыс орната білу. Жасандылыққа жол бермеу. Сахнаны сезіну. Фонограммаға көп әуестенбеу. Табиғи дауыспен ән шырқауға машықтану. Өз басым көптен бері фонограммасыз ән салып жүрмін. Әрине, бұған үлкен дайындық қажет. Қазіргі қазақ эстрадасында даусымен жұртты таңқалдырып жүрген вокалдық дайындықтары да жоғары деңгейде, өзім құрметтейтін, жаныма жақын әншілер де жоқ емес, бар. Әсіресе Медеу Арынбаевты, Жеңіс Ысқақованы ерекше атағым келеді. Мен әншілердің бойындағы жауапкершілікті және кәсібилікті өте ерекше бағалаймын. – «Роза неге продюсерлік орталық құрмайды? Сөйтіп жас таланттарды неге өнерге баулымасқа?» деп сіздің атыңызға наз айтып жүргендер де бар тәрізді. Бұған не дейсіз? – Продюсер болу деген сөз өзіңнің өнеріңді қойып, басқа өнермен айналысу деген сөз. Оған менің уақытым жоқ. Өзімнің гастролімнен қолым босамайды. Ұстаздық жұмысқа да қолым тимейді. Мен өзім үш жыл сабақ бердім де жұмыстан шығып кеттім. Себебі гастроль көп болғаннан кейін студенттер бос қалады. Сондықтан ондай жалған сабақ беруден бас тарттым. Бекер студенттердің обалына қалғым келмеді. Кейін қолым біраз босаған кезде, әрине, сабақ беремін. – Әртіске, әншіге саясатпен айналысу қажет пе? Сіз «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясын неге таңдадыңыз? – Мен «Нұр Отан» партиясына 1999 жылы кірдім. Ол кезде Серік Қонақбаев екеуміз бірінші болып партияға қабылданғанбыз. Қазір партияның құрамында қанша мың халық бар, ол кезде партияның қатарында сол бір бес, алты адам болғанбыз. Патриоттық үлкен бір қозғалыс болсын деген оймен кіргенбіз. Қазір ол жалпы халықтық партия болды. Бүгінде елімізде тек экономикада ғана емес, әлеуметтік өміріміздің барлық саласында болып жатқан жақсы өзгерістерге менде өз үлесімді қосқым келеді. Сауатты жүргізіліп жатқан реформалардың жетістігін халық көріп отыр. Әл-ауқат жақсарды. Жағдай жа-
ман емес. Осы елдің бір қызы болғандықтан осының бәрінен тыс қалғым келмеді. Оның үстіне азаматтық жауапкершілікке, патриотизмге шақыратын бағдарламалары да менің жаныма жақын. Менің ойымша қазір бұл өте маңызды. Қазір біздің еліміздегі бірден-бір ең бұқаралық партия осы. Оның тірегі интеллигенция мен жастар. Ол елдегі реформаның тағдырына шын мәнінде қатты алаңдайды. Біз шығармашылықпен айналысатын интеллигенция оның тұғырнамасын жан-жақты қолдауымыз қажет. Сонымен қатар мен құрметтейтін көптеген белгілі адамдар осы партияның қатарына өтті. – Бүгінде кәсіби өнердің беделі түсіп, тіпті құлдырап кетті. Кешегі мүйізі қарағайдай әншілеріміз, ансамблдеріміз, композиторларымыз қайда кетті? Оларды ел сахнасынан, теледидардан көре алмайтын болдық. Айтыңызшы, бұның себебі неде? – Мұндай жағдай тек бізде ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағының барлық республикаларына тән құбылыс. Мәселен, «Червона рута», «Верасы», «Ялла» ансамблдері қайда кетті? Николай Гнатюк, Як Йолла, қайда жүр? Тухмановтың, Фрадкиннің, Бабаджянның әндері неге естілмейді? Өйткені заман өзгерді. Талғам өзгерді. Енді біз басқа құндылықтарды дәріптеуіміз керек. Қазір алдыңғы орынға ұлттық құндылықтар, ұлттық мүдде шықты. Міне, осыны әлі жақсы түсіне алмай жүрген сияқтымыз. Ең алдымен ол ел басқарған ағаларға қатысты. Мәдениеттің басшылары, әкімшілік, ақпарат құралдарының өкілдері өз ісіне, өзіне жүктелген міндетке сай болса сонда ғана сахнада тек кәсіби шеберлер өнер көрсетеді. Өнерді басқаратын ағалар өнердің жанашыры болса, онда ұлттық өнердің бағы ашылады. Бізге маман менеджерлер керек. Ал қазір сахнаға ақшасы бар ала да, құла да шығып жатыр. Қазір отбасында отырған әйелде клип түсіреді де сахнаға шыға береді. Әрине, бұған халық өзінің бағасын береді ғой. Көрермен өзінің деңгейіне қарай қабылдайды. Мен өзім көбіне классикалық музыканы тыңдаймын, соны жақсы көремін. Ал кейбіреулер керісінше қазіргі заман композиторының шығармаларын жақсы көреді. Бәрі халықтың таңдауына байланысты. Қазір таңдау өте көп. Бірақ кім музыканы түсінеді, әрине, – ол кәсіби музыканы тыңдайды. Біздің эстраданы басқа елдің эстрадасымен салыстыруға болмайды. Себебі біздің өзіміздің ән орындау мәнеріміз бар. Өзіміздің ерекше музыкамыз бар. Біз басқаға ұқсамаймыз ғой. Біздің өзіміздің
басқа елге ұқсамайтын ұлттық нақышымыз, ұлттық әуеніміз бар.
Сол жолмен жүреміз.
Осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын қазақ эстрада-
сында ғажап бір гүл бүршік жарды. Оны мәпелеп өсірген шексіз
жусанды дала. Ол өзінің табиғат берген барлық қасиетімен туған
жеріне, туған еліне қуаныш сыйлады сыйлап та келеді. Оның та-
маша бүршігінен жарып шыққан қазақ эстрадасының Роза атты
гүлі жайлы Еуропа еріксіз тамсанды. Гүл өркенін жая түсті. Ол
қазақ эстрадасының жаңа лебін әлемге таратты. Ол Шолпан
жұлдыздай ән көгіне жарқ етіп көтерілді. Күннің шуағына малын-
ған Роза өзіне тән қайталанбайтын қасиетімен, талантының
құдіретімен өмірді нұрландыра түсті. Ол шырқаған әндер өзінің
өзгеге ұқсамайтын реңімен, ажарымен, әуенділігімен, мәнерімен,
бізді өзіне ынтық етіп келеді. Нәзік те қарапайым Розаның жан
дүниесі өзіндік бір әлем. Оның кілтін әріптестері, жан достары,
өнер адамдары біледі. Роза өзінің әндерінің табиғатынан дархан
даланың болмыс бітімін іздейді. Соны шырқайды, соны халыққа
жеткізеді. Оның әндерінің көбісі сол ұлы далаға арналған. Өмірдің
мәні мен сәні махаббат та Розаның жүрегінен ән болып төгіледі.
Сүйген жар, сүйікті ұлдары Әли мен Мәди өмірінің маңызы мен
мазмұны. Ән соларды өрнектеп, соларды көркемдеп тұрады.
Ән мұхитының айдынында еркін жүзген Розаның қазір нағыз
кемелді шағы. Демек, әлі де елін әсем де тартымды әндерімен тер-
бей бермек.
Жәния Әубәкірова,
Қазақстанның халық әртісі
Біз бүгін әлемді таңқалдырып отырмыз
Жәния Әубәкірова – бүгінгі заман мәдени өміріндегі дара
тұлға. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консервато-
риясының ректоры, профессор. Жәния Қазақстанның көптеген
елдердегі мәдени символына айналған, шебер пианист. Ол өзін
көрнекті мәдени және қоғам қайраткері ретінде ерте танытты.
Міне, ол он жылдан бері еліміздегі жетекші музыкалық оқу оры-
ны – Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын
басқарып келеді. Сүйікті оқу орнының тамыр соғысын дөп баса білетін, жастардың шығармашылығына қанат бітіре алған, білім берудің жүйесін жаңа заман талабына сай құрған іскер ұйымдастырушы, білікті ұстазға жолығып, консерваторияның тыныс-тіршілігімен танысқан едік. – Біздің елде күйсандықта ойнау өнері кенжелеу дамығаны белгілі. Солай болса да қазақтың талантты жастары оны еркін меңгеріп, қарт Батыстың атағы жер жарған дүлдүлдермен терезесі тең өнер көрсетіп, әлемдік аренада топ жарып жүргендері, әрине, аз емес. Олар ел мерейін осылай аспандатып жүр. Солардың көш басында өзіңіз келесіз. Сіздің он саусағыңыздан төгілген әуен жүздеген мың көрерменді өзіне табындырды десем қателесе қоймаспын. Осы аспаптың құлақ күйін келтірген жалғыз шебер болса, біздің елде ол – сіз боларсыз. Ендеше, әңгімені осыдан бастасақ деймін. – Фортопьянода ойнау көптеген елде дәстүрге, сәнге айналған. Күндіз-түні күйсандықты айналдыратын музыканттар да көп. Сондай-ақ олар концерттер ұйымдастырады. Менің ойымша бұл музыкалық аспаптың келешегі зор. Осы музыкалық аспаппен айналысқан өнер адамдарының көбісінде математикаға деген қабілет арта түседі. Адамды ойлануға, байсалдылыққа, өзін қоршаған ортамен түсіністікке, кез келген жанмен тіл табыса алатын жағымды қасиеттерге тәрбиелейді. Бұл адамдар арасындағы қарым-қатынас үшін өте маңызды. Сондықтан да егер біз алдыңғы қатарлы елу елге қосыламыз десек бүкіл облыстың әкімдері өз аймағындағы барлық музыкалық мектептерді, орта және жоғары музыкалық оқу орындарды фортопьяномен толық қамтамасыз ету қажет. Ия, қазір олар фортопьяно сатып алып жатыр. Бұл қуанышты жағдай. Маған телефон шалып, «бізге кеңес беріңізші, қандайын алуымыз керек?» деп жатқан әкімдер де баршылық. Мәселен, жақында Ақмола облысының әкімімен сөйлестім. Облыстық филармонияға пианина сатып алуға қаржы бөліпті. «Сіздің өнерге деген көзқарасыңыз жақсы екенін білемін, біз мұны көптен күткен едік, Сізге көп-көп рахмет!» деп әкімге алғысымды айттым. Сонымен қатар Павлодар облысының филармониясы да қазір ең жақсы жаңа рояль сатып алып жатыр. Мұндай күйсандықтар Қарағандыда, Атырауда, Ақтауда, Ақтөбеде, Шымкент пен Қызылорда да бар және олардың біразы жаңадан сатып
алынды. Қазір елімізде фортопьянолық музыкаға деген көзқарас
жаман емес. Бүгінде біздің консерваторияда жетпіс жаңа рояль
бар. Бұл дегеніңіз, талапты жастардың музыкалық деңгейін күрт
жаңа сатыға көтереді. Өйткені жаңа, сапалы аспаптардың үні де
жақсы. Ол музыканттарды қызықтырып, өзіне тартады. Оның
үстіне үнемі халықаралық шеберлік сабақтарын өткізіп тұруға
да мүмкіндік мол. Біз Парижден, Лондоннан, Берлиннен және
басқа елдерден атақты профессорларды, есімдері әлемге әйгілі
пианистерді жиі шақырып тұрамыз. Олар бізбен тәжірибе алма-
сып, студенттердің сабағына қатысып, өздері де сабақ өткізеді.
Міне, осындай шараларға үкімет қаржы бөледі. Бірақ ол кейде
бәріне бірдей жетпей жатады. Сондықтан да бұған қосымша өзім
демеуші іздеймін.
– Осы өнерге, күйсандықта ойнауға қызығатын талантты
жастар ел ішінде бар ма? Қазір сіздің класыңызда қанша бала
бар?
– Әрине, бар, тіпті олар көп. Жылма-жыл оқуға ағылып келіп
жатады. Ал, менің класыма екі-үш бала түседі. Себебі мен көп
адам қабылдамаймын. Өйткені басшылық жұмыстардан қолым бо-
сай бермейді. Жалпы консерваторияға түсетіндердің ең көбі дом-
бырашылар. Пианист болам деушілерге жиырма мұғалім сабақ
береді. Осыдан-ақ бұл өнерге машықтанып жүргендердің қанша
екенін білуге болады. Пианистер жеке ойнайды және вокалистерді
сүйемелдейді, оркестрге қосылады, басқа музыкалық аспаптармен
де үндеседі. Өйткені фортопьяно әмбебап аспап. Сол себептенде
оны барлық музыканттар білуге тиіс. Міне, осыған байланысты
сабақ та күрделі әрі жауапты. Мәселен, музыка мектептерінде ең
алдымен фортопьянода ойнауды үйретеді. Содан кейін скрипка,
флейтаға баулиды. Фортопьяно әлемдегі ең танымал музыкалық
аспап.
– Өзге елдермен салыстырғанда қазақ өнері оның ішінде
классикалық музыканы меңгеру дәрежесі қандай? Ол сіздің
көңіліңізден шыға ма?
– Өте жоғары. Әлемнің әр түрлі елдерінен, АҚШ-тан, Англия-
дан, Франциядан, Германиядан, Испаниядан, Жапониядан, Ита-
лиядан, Ресейден ағылып келіп жатқан, өнерімен төрткүл дүниені
өзіне табындырған, тарлан таланттар қазақ музыканттарының
жоғары кәсіби шеберліктеріне тәнті болып, біздің бұл саладағы
жетістіктерімізді еріксіз мойындап жүр. Біздің профессорларымыз-
ды шақырып, шеберлік сабақтарын өткізіп, студенттер алмасып, тәжірибе бөлісіп жүрген тек Мәскеу немесе Санкт-Петербург консерваториялары ғана емес. Біздің болмысымыз табиғатпен тығыз байланысты болғаннан кейін болар, балаларымыздың бойында әуен сазын қабылдау қасиеті жоғары. Мұны шетелдік музыканттар жақсы біледі. Сол себептен де олар біздің студенттермен сабақ өткізуге өте ынталы. Мәселен, Германиядан бір жас режиссер келе жатыр. Ары-бергі жол шығынын және осында келгенде тұратын пәтердің ақысын да өзі төлемек. Неміс музыканттарының кәсіби деңгейі жоғары. Бірінші рет бізге екі жылға шет ел маманы жұмыс істеуге ынта білдіріп отыр. – Біздің елде пианинода ойнау өнерінің майталман шеберлері, әрине, аз емес. Солардың ішінде сіздің көңіліңізден шығып жүргендері бар ма? – Өнерімен елімізге және шетелдерге белгілі оқушыларым көп. Осы жақында ғана Бельгиядағы Қазақстан елшілігінен хат келді. «Сіздің консерваторияға көп-көп рахмет. Өйткені қазақстандық пианист Станислав Шин, Елизавета патшайым атындағы ең жоғары дәрежелі халықаралық байқауда жүлделі екінші орынды иеленді. Бұл қазақ елі және оның мәдениеті үшін өте беделді жеңіс, біз ризамыз!» деп қуанып жатыр. Станиславты өзім оқыттым, тәрбиеледім, содан кейін шеберлігін шыңдай түсу үшін Мәскеуге жібердім. Ол біздің елімізде өткен бірнеше байқаулардың лауреаты. Ал тағы бір шәкіртім Лиссабонда өткен халықаралық байқауда нөмірі бірінші пианист деп танылды. Ол жиырма мың доллар жүлдені қанжығасына байлап қайтты. Сондай-ақ, Нью-Йорктегі Карнеги холлда, Лондондағы Барбикан холлда, Париждің атақты концерт залында өнер көрсету құрметіне ие болды. Жақында тағы бір беделді байқаудың жеңімпазы атанды. Ал қазір Германияда. Бірақ бізге жиіжиі келіп, байқауларға қатысып тұрады. Бүгінде біздің түлектеріміз таяу және алыс шет елдердің – Германияның, АҚШ-тың, Англияның, Францияның, Канаданың, Қытайдың, Израильдің, Грекияның, Голландияның, Чехияның, Ресейдің кәсіпқой ұжымдарында табысты еңбек етуде. – Елде қалып, шет ел асып кетпей,осында тұрақты жұмыс істеп, қазақ мәдениетіне өз үлесін қосып, соның жолында тер төгіп жүрген атақты пианистер ше? Егер бар болса, енді солар жайлы айтсаңыз.
– Менің класымды бітірген, қазір консерваторияда жемісті ұстаздық қызмет атқарып жүрген шебер пианистер аз емес. Мен солардың ең үздіктерін айтайын. Әрине, олар жиі концерттер көрсете алмайды. Себебі, продюсерге, залды жалдауға, жарнамаға және ұйымдастыру жұмыстарына көп қаржы керек. Бірақ соған қарамастан олардың кәсіби деңгейі өте жоғары. Мәселен, біз консерваторияда қатарынан үш рет пианистердің халықаралық байқауын өткіздік. Олардың өнеріне баға бергендердің қатарында, яғни, қазылар алқасының құрамында есімдері әлемге танымал музыканттар болды. Келген сайын олар біздің музыканттардың шеберлігіне сүйсініп, өнеріне тамсанып, таңқалып қайтады. Тек біз өз жетістігімізді шетелдіктерге дұрыстап ұсына білуіміз керек. Сонда біздің мәдениетіміздің беделі көтеріледі. Шетелдік продюсерлер көңіл аудара бастайды. Елімізді таниды. Қазақ өнерпаздарын, артистерімізді шетелдіктер жиі гастрольге шақыратын болады. Бізде талантты жастар өте көп. Соларды дұрыстап насихаттай алмай отырмыз. Қазір Қазақстанға жақсы жарнама қажет. Бірақ бұл шаруаны ешкім қолға алмай отыр. Сондықтан да бәрін өзіміз жасауымыз керек. Осыған байланысты арнайы радио арна ашқалы жатырмыз. Сол арқылы ең жоғары деңгейдегі классикалық музыканы насихаттамақпыз. – Сонда ол белгілі бір элиталық топтар тыңдайтын немесе классикалық музыкаға құмарлардың радиосы болмақ қой. Бұл құптарлық шаруа екен. Мүмкін болса осыған жан-жақты тоқтала кетсеңіз? – Барлық дамыған мемлекеттерде классиканы, джазды, танымал музыканы, эстраданы тұрақты беріп тұратын бірнеше теле-радио арналар бар. Сөйтіп қоғамның әртүрлі топтарына өздеріне қажетті, жандарына жақын музыканы тыңдауға жағдай жасалған. Ал бізде тек қана эстрада шырқалады. Ол уақытша, ал классика мәңгілік. Мәселен, бір ток-шоуда қазақтың баласы, «Мен Моцартқа қарағанда Карина Абдуллинаны көбірек жақсы көремін. Неге? – дейсіз ғой. Мен Каринаны тыңдай аламын, ал Моцартты тыңдағым келсе де тыңдай алмаймын. Өйткені оны еш жерден естіген емеспін» дейді. Егер біз сол арнаны іске қоссақ, онда бүкіл университеттерде, барлық кітапханаларда, супермаркеттерде, дүкендерде, кинотетрларда отандық және шетелдік классикалық музыка шырқалып тұратын болады. Қазір теледидарда не болса соны көрсетеді. Келсін келмесін батыстың бейне клиптерін береді де жатады. Біздің қазақтың музыкасының мағынасы терең, мазмұны бай, әуені саз-
ды, көркем де келісті болып келеді. Оның адам жанын тербететін қасиетін, көңілдің күйін шертетін құдіретін өзіміз ғана емес, өзгелер де мойындағаны екібастан белгілі. Міне, осындай бай, әдемі музыканы бұқара халық тыңдай алмай отыр. Себебі ол да классика сияқты сирек беріледі. Мен осы жобаны жүзеге асыру үшін оның соңында алты жыл жүрдім. Біздің мемлекетімізде қазақ және классикалық музыканы насихаттайтын шіркін-ай, теле-радио арна қашан болады, оны кім ұйымдастырады деп көп ойладым. Бірақ оны ешкім қолға алған жоқ. Ал біз қазір оны жасап жатырмыз. Ұлттың рухани «денсаулығын» қандай ақшамен өлшеуге болады? Адамның ойлау қабілетін арттыратын, оны байытатын жан азығы – ол өнер, ол музыка. Оны ешқандай нәрсемен қатар қоюға болмайды. Оның адам баласына беретін пайдасын таразылап өлшеуге келмейді. Ұлттың рухани санасы оянбай, Елбасының алға қойған ауқымды жобаларын жүзеге асыру мүмкін емес. Себебі, өнерде ұлттық өрлеу жоқ, болса да өте баяу. Ол дамудың көшінен қалып бара жатқан тәрізді. Өнерімізде оның ішінде музыкада алуан үнділік жоқ. Тек бір жақты. Еліктіріп, қызықтыратын, адамды өзіне тартатын өнердің әр түрін көре алмай жүрміз. Мен бұл жерде музыкаға қатысты мәселені айтып отырмын. Музыка адамның қиялын ұштайды. Ой дамиды. Өмірге деген сезім құштарлығы оянады. Байқасаңыз музыканттар интелектуалдық тұрғыдан алғанда мәдениеті болып көрінеді. Демек, музыка халықтың санасын, мәдениетін, интелектуалдық қабілетін арттыруға көмектеседі. Осындай ел ғана әлемдік бәсекеге төтеп бере алады. – Сіздің сөзіңізден байқап отырмын, өнерге қол ұшын беруге құлшынып тұрған ірі компаниялар да, қалталы байлар да жоқ көрінеді. Сонда олардың мойнын ұлттық өнердің проблемаларына бұру үшін үкімет не істеу керек? Бұл жөніндегі сіздің ойыңыз қандай? – Әрине, ең алдымен мәдениет туралы жаңа мемлекеттік ірі жобалар жасалуы қажет. Ол ұлттық өнердің әр саласына арналып жеке-жеке дайындалса өте керемет болар еді. Мәселен, былтыр мен Премьер-министрдің сол кездегі орынбасары, қазіргі Премьерминистр Кәрім Мәсімовке арнайы кіріп «Кәрім Қажымқанұлы, консерваторияның материалдық – әлеуметтік мәселесін шешу және оқу процесіне қажетті құрал-жабдықтарды жаңарту үшін қаржы бөлуіңізді сұраймын», – деп өтінішімді айттым. Себебі қазір бізде қолға алынып жатқан біраз жаңа жобалар бар. Оны толығымен
жүзеге асырсақ, онда консерватория бүгінгі заман талабына сай дамып, мүлде жаңа деңгейге көтеріледі. Ол үшін жаңа менеджерлер, кәсіби мамандар тартуымыз керек. Ең қажеті бізге білікті кеңесшілер жетіспейді. Оларды Франциядан, Англиядан, Жапониядан, Германиядан шақырсақ дейміз. Шетелдік тәжірибелі музыканттардың ақыл кеңесі қазақ студенттеріне ауадай қажет. Сонан кейін бір мақтанып айтатын мәселе ол музыкалық білім берудің жобасы мен стратегиясы. Бұкіл ел аумағындағы музыкалық білім берудің аса ірі мемлекеттік жобасын біз, консерватория ұжымы мен профессорлар құрамы жасап жатыр. Бұл реформаны неге біз дайындап жатырмыз? Себебі, Білім және ғылым министрлігі өнердің мәні мен мақсатына тереңдеп бойлай алмайды. Ал, Мәдениет және ақпарат министрлігінің жоба әзірлеуге жағдайы жоқ. Содан кейін амалдың жоғынан өзіміз қолға алып жатырмыз. Осыған сай оқу бағдарламасына жаңа арт менеджмент мамандығын енгіздік және консерваторияның жанынан жаңа эксперименталді мектеп ашқалы отырмыз. Сондай-ақ, радио арна, дыбыс жазатын студия, баспахана ашпақ ойымызда бар. Бұлардың бәрі білім берудегі инновациялық технологияны тиімді пайдалануға әрі оның қайтарымын еселей түсуге ықпал ететіні белгілі. Сондықтан да біз консерваториядан «Музыкалық-инновациялық білім беру технологиясы» дегн үлкен кафедра аштық. Қазір консерваторияның бүкіл құрылымын өзгертіп, жаңартып, жаңғыртып жатырмыз. Еліміздегі музыкалық мектептермен тұрақты байланыстамыз, оқушылармен жиі кездесу өткізіп тұрамыз. Жалпы музыкалық орта білім беруді де қайта қарап, бүкіл бағдарламасын жаңа талапқа сай өзгертуді де күн тәртібіне қойып отырмыз. Міне, осы мәселелерге байланысты жақында министрмен де сөйлестім. Бізде бұған дейін білім алып жатқан студенттер әзірге сол бұрыңғы бағдарламамен оқи береді. Ал жаңадан жаңа мамандықтарға қабылданған студенттер – олар жаңа технологиямен оқытылады. Сөйтіп министрлік біздің екі бағдарламамызды қолдады. – Бұл енді біздің елде музыкалық білім берудің жаңа ұзақ мерзімді бағыттары мен келешек көкжиектері екенінде дауымыз жоқ. Тәуелсіз көзқарас тұрғысынан келсек, ұлттық өнеріміздің ақсап жатқан салалары әлі де болса баршылық. Сіздің бұл жөніндегі ойыңызды білгіміз келеді? – Біз қазір үлкен екі бағдарламаны жүзеге асыруға кірістік. Біріншісі консерватория жанынан ашылғалы жатқан балалар
музыка мектебі. Жан-жақтан ата-аналар телефон соғып, өздері консерваторияға келіп, «мектептерің қашан ашылады, балаларды қанша жастан бастап қабылдайсыздар?» – деп маза бермей жатыр. Осында оқығысы келетіндер өте көп. Бизнес академия және эконоика мектебімен бірігіп арт менеджмент деген бағдарламаны жүзеге асыруды қолға алдық. Жаңа кафедралар ашып жатырмыз. Міне, осының бәрі ұлттық өнерімізде орын алып отырған олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған. Сонымен қатар тәжірибелік, теориялық, талдау – зерттеу жұмыстары да қосымша жүргізілуде. Біздің салада бұрын-сонды болмаған жаңа кәсіптің бірі бұл радионың жұмысын ұйымдастыру болып тұр. Бұл істі қолға алмас бұрын мен Англияға, Францияға, Германияға барып шетелдік мамандармен ақылдастым, кеңестім. Себебі, бұл бізде ғана емес, бүкіл орталық Азия аймағында бірінші рет жүзеге асырылып жатқан жоба. Радиодан тіпті біздің хабарымыз да жоқ. Оған қандай құралжабдықтар керек екенін де білмейміз. Бүгінде бұл мәселенің бәрі өз шешімін тапты. Мемлекеттік тендрге қатысып радио хабарларын тарату мүмкіндігіне ие болдық. Біздің радио толқынымыз жер серігі арқылы бүкіл Қазақстан аймағын, Қытайдың және Ресейдің шекаралас аудандарын, сондай-ақ Монғолияны түгел қамтитын болады. Ол ең соңғы сандық технологиямен жабдықталған. Мұндай радио әзірге біздің елде жоқ десе де болады. – Осындай ауқымды жұмысты мемлекеттің қолдауынсыз жүзеге асыру, әрине, мүмкін емес екені кімге болса да түсінікті. Осы тұрғыдан алғанда үкімет тарапынан сіздерге моральдық және материалдық көмек көрсетіле ме? – Бізді толығымен мемлекет қамтамасыз етеді. Бізде ақылы бөлімдер жоқ. Себебі өнерге ақша төлеп оқып, өнерпаз бола алмайды. Мұнда бірінші орында баланың қабілеті, таланты, белгілі бір музыкалық жанрға бейімділігі тұрады. Оқуға қабылдағанда біз осы жағын ерекше ескереміз. Оныс үстіне бізге көбіне музыка мектептерін, музыкалық училищелерді бітіргендер келеді. Сондықтан да біз мемлекеттің қамқорлығын ауадай қажет етеміз. Ол көрсетіліп те жатыр. Оның бір дәлелі біздің консерваторияның халық аспаптар оркестріне көрсетіп отырған қаржылай көмегі. Биыл олар Ақтөбе, Атырау, Ақтау және Ресейдің Астрахан қаласына бармақ. Құрамында жетпіс адам бар бұл ұжым көршілес елдің аумағында орналасқан Құрманғазының мәдени қорығында, ұлы күйшінің сүйегі жатқан жерде болып, оның рухына тағзым етпек.
Міне, осыған кететін шығынның бәрін үкімет өзі көтеріп отыр. Шілдеде студент жастардың симфониялық оркестрлерінің үлкен халықаралық фестивалі төрт қалада өтті. Флоренция, Рим, Лондон, Берлин. Құрамында елу адамы бар біздің студенттер оркестрі Лондондағы атақты Барбикан-холлдың сахнасында өнер көрсетіп, классикалық музыкадан концерттер берді. Оларға қыруар ақша мемлекеттің қалтасынан төленді. Ал алдыңғы жылы өзім демеуші тауып, жүз адамды Берлинде өткен фестивальға алып бардым. Біздің студенттердің шеберліктеріне сүйсінген неміс және осында болған шетелдік музыка мамандары: «қараңызшы, қандай сапа, керемет қой бұл!» деп таңқалыстарын жасыра алмады. Ал зал толы үш мың көрермен түрегеп тұрып дүркірете қол соқты. Сол біздің шәкірттер ойнаған барлық концерттерді теледидарлар өздерінің бейне таспаларына жазып алды. Қазір Берлин теледидары мен радиосы сол концерттерді тұрақты беріп тұрады. Бұл фестивальға АҚШ-тың, ЕуроОдақ елдерінің, Ресейдің, Қытайдың, Жапонияның, Оңтүстік-Кореяның оркестрлері қатысып өнер көрсетті. Міне, осындай беделді халықаралық фестивальдарда, байқаулардағы жетістігімізді көрген басшылар бізге назар аударып, қаржы бөліп, қол ұшын бере бастады. Ал біздің қолдан келмейтін көптеген күрделі мәселелерді шешуге үкіметтің өзі атсалысып жатыр. Бүгінде Парламент депутаттарының шешімімен бұл мақсаттарға ендігі жерде арнайы қаржы бөлініп, тұрақты қолдау көрсетілетін болды. Сөйтіп бұл мәселе өз шешімін тапты. Келесі жылы да осылай болатынына сенемін. Қазір біздің жағдайымыз көршілес елдердің консерваторияларымен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. – Қазақ музыка өнерінің осы бір қара шаңырағының тізгінін ұстағаныңызға да біраз жылдар болған шығар. Сіз келгенде консерваторияның жай-күйі қандай еді? – Ахаң сынды саңлақтар негізін қалап, алғаш ұстаздық еткен осы бір киелі өнер отауының басшысы болам деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Бірақ бәрі де ойламаған жерден болды. Сонымен міне, он жыл болды, осында ректорлық қызметті атқарып келемін. Мен келгенде, әрине, консерваторияның жағдайы мәз емес еді. Бұл өтпелі кезеңнің ең ауыр жылдары болатын. Консерватория ұзақ ұйқыға кеткен жандай сұлап жатқан. Білікті кадрлардың біразы шет ел асып кеткен. Қаржы жоқ, мұғалімдердің жалақысы төмен. Қысқасы әбден азып-тозған. Жұмыс істеп жүргендердің көңіл-күйі жоқ. Ертеңге деген сенімдеріне де селкеу түсе бастаған.
Аудиториялар, кабинеттер, концерт залдары қыста суық. Сонда менің бір таңқалғаным неге екенін қайдам, сол кезде ұстаздар ештеме сұрамайды. Себебі үміттерін үзген болу керек. Ал қазір маған мұғалімдер «студенттерді Германияға, Америкаға апару керек» деп келеді. Мен «жарайды барыңдар, міне ақша» деп қуана-қуана шығарып саламын. Мәселен, мен өзіммен бірге екі студентті Сеулге алып бардым. Олар менімен бірге шеберлік сабақтарын өткізуге қатысты. Біздің барып қайту жолымызды консерватория төледі, ал онда болған күндеріміздің шығынын сондағы Қазақстан елшілігі өздері көтерді. Қазір бізде қаржы проблемасы жоқ. – Демек, бұл консерватория еңсесін көтеріп, бойын тіктеді деген сөз ғой. Ендігі жерде жаңа жобаларды да қиналмай қолға алып жатқан боларсыздар. Біздің оқырманымызға солар туралы да айта кетсеңіз? – Соңғы он жылдан бері консерватория ерекше ырғақпен өмір сүріп, белсенді жұмыс істеуде. Осы жылдар ішінде біздің жоғары оқу орнында үлкен өзгерістер болды. Консерватория өзінің қызмет көрсету аясын едәуір кеңейтті. Қазір бұл жай оқу орны емес. Мәдени және білім беру саласындағы жаңа жобаларды жүзеге асыратын ірі орталықтардың бірі. Біз ең алдымен аса маңызды проблемаларды шешуден бастадық. Алдымен материалдық-техникалық базаны, аспаптарды жаңарту, білім беруге қажетті техникалық құралдарды жаңалау, ескілерін жөндеу, жаңа оқу корпусын салуды қолға алдық. Екінші біздің қадамымыз халықаралық байланыстарды қалпына келтіру болды. Біз білім берудің халықаралық кеңістігіне енуге ұмтылдық. Осы жылдар ішінде консерватория белгілі бір нәтижелерге жетті. Оқу орынның статусы көтерілді. Беделі артты. Студент жастардың білімге деген көзқарасы өзгерді. Ертеңге деген сенімділік пайда болды. «Қазақ консерваториясы ТМД елдерінде ғана емес, осы типті шетелдік оқу орындары арасындағы музыкалық білім беретін ең үздік әрі тұрақты дамып отырған бірден-бір жоғары оқу орны» деген пікірді мен еуропалық әріптестердің аузынан талай рет естідім. Әрине, олар бюджеттік қаржыландырудың артқанын ғана айтып отырған жоқ. Жаңа шығармашылық идеялардың, инновациялық бастамалардың, халықаралық келісім шарттардың кең етек алуын айтса керек. Бұл баға басқалардың алдында біздің ұстанымымызды берік ете түседі. Біз бұған мастанбаймыз. Белсенділікпен алға
жылжыған сайын біздің қадамымыз бұрынғыдан да гөрі сенімдірек, ал ісіміз әлдеқайда ауқымдырақ бола түсуде. Күні кеше студенттердің құрамында сексен адам бар симфониялық оркестрді шетелдік гастрольге шығару жөніндегі ірі жобаны жүзеге асыру мүмкін бе еді. Ол тіпті түсімізге кірмейтін. Мәселен, қазақтың халық аспаптар оркестрі биыл және келесі жылы Ресейдің біраз қалаларына, сондай-ақ Қытайдың Үрімжі қаласына гастрольдік сапармен бармақ. Ал студенттер хоры келесі жылы көктемде Симфиропольде өтетін халықаралық фестивальға қатысады. Қазіргі кезде біздің симфониялық оркестрдің еуропалық беделді фестивальға қатысуы туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Көп жылдан бері бізде тұрақты халықаралық пианистер байқауы, «Наурыз-21», жаңа заман музыкасы халықаралық фестивалі өтіп тұрады. «Жарқыраған жұлдыздар» атты арнайы оқу бағдарламасы жұмыс істейді. Шетелдік әріптестеріміздің де қатары көбейіп келеді. Үстіміздегі жылдың жазында әлемнің жетекші музыканттары, сондай-ақ Лондонның атақты симфониялық оркестрінің солисттері қатысқан халықаралық «Шеберлер-класы» фестивалін өткіздік. Біз шетелдік дирижерлардан біздің оркестрлермен жұмыс істегісі келетіндерін білдірген өтініш хаттарды жиі алатын болдық. – Қазақтың дәстүрлі өнерін дамытуға қосқан консерваторияның еңбегі ұшан теңіз екенінде ешкімнің дауы болмас. Осы игі іс қазір де өз жалғасын тауып жатқанына менің күмәнім жоқ. Бүгінгі күні қандай өзгерістер бар екенін білгіміз келеді. – Ия, қазақтың дәстүрлі музыкасы бгінде жаңа қарқынмен әрі қуатты серпінмен даму үстінде. Бұған ұлттың өзіндік ақылойының өсе түсуі әрі ұлттық намыстың оянуы ерекше ықпал етіп отыр. Олардың өзіндік тәжірибесі де мол, өзіндік деңгейі де биік. Біз осыны одан әрі өркендетіп, қазақтың бай музыкалық мұрасын сақтау үшін аз жұмыс жасап жатқан жоқпыз. Аса көрнекті халық композиторлары Құрманғазы, Тәттімбет, Дина, Дәулеткерей, әншікомпозиторлар Ақан сері, Біржан сал, Естай, Мәди сынды дүлдүлдер мен бұлбұлдардың асыл мұрасын әрі шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында мемлекеттік «Мәдени мұра» аясында терең зерттеу және қайта зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тек қана консерватория педагогтарының өзі Құрманғазы, Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев сияқты қазақ өнерінің кесек тұлғалары және композиторлар, орындаушылар, зерттеушілер туралы жиырмадан астам ғылыми-зерттеу монографияларын жазды. Соны-
мен қатар жаңа жинақтар, сирек жазбалардың компакт-дискілерін шығара бастадық. Бұл салада халықаралық жетістіктеріміз де жоқ емес. Мәселен, Голливудта өткен әлем чемпионатында қобызшы Л.Тәжібаеваның төрт Алтын медаль жеңіп алғанын айтсақ та жеткілікті. Бізде «Асыл мұра», «Күй-Ұран» сайыстары да жиі өтіп тұрады. – Сіз гастрольдік сапарлармен және қызмет бабымен төрткіл дүниенің төрт бұрышында түгел болдыңыз десек қателесе қоймаспыз. Яғни, шетелдік музыка мамандарымен де жиі кездесіп жүрсіз. Жалпы олармен шығармашылық байланыстарыңыз қандай? – Бізді олар өте жақсы қарсы алады, біледі, бағалайды. Себебі, біздің музыканттардың кәсіби деңгейі басқа көптеген елдерге қарағанда өте жоғары. Бірақ әлі де болса бізге өзімізді-өзіміз таныстыру, насихаттау, жарнамалау жетіспей жатыр. Бірақ бұған қарамастан халықаралық білім саласында болсын, мәдени және тәжірибе алмасуда болсын біздің қарым-қатынастар жақсы дамыған. Қазір біз Франция Сыртқы істер министрлігі қаржыландырып отырған Париждегі музыка мен би ұлттық консерваториясының француз музыкасы бағдарламасында, жоғары мәртебелі Ага Ханның «Жібек Жолы» мәдени қоры және Ио-Ио-Ма американдық вилончелистің жобасына, германиялық DAAD үкіметтік ұйымымен және Гете институтымен бірлескен бағдарламаға, Қазақстандағы АҚШ, ҚХР елшіліктерінің, Ұлыбританияның Британдық кеңесінің мәдени бөлімдерінің жобасына, Италияның, Израильдің, Швейцарияның, Польшаның, Малайзияның, Қытайдың, Жапонияның, Ресейдің елшіліктерінің деңгейінде шеберлік сабақтарын, концерттер өткізіп және гастрольдік сапарларға тұрақты шығып тұру жоспарларына қатысып отырамыз. Бұл айтқандарым жүзден бір ғана. Қазір бізге мүмкіндік мол. Тек соны тиімді пайдалансақ болғаны.
Қайрат Байбосынов, Қазақстанның халық әртісі Қазақ тұрғанда дәстүрлі өнер өлмейді Дәстүрлі әніміздің ажарын ашып, бағын жаққан әрі оны орындаушылықтың биік шыңына көтерген тума талант иесі Қайрат Байбосыновтың әншілік өнеріне сүйсініп, қол соқпаған жан біздің елден табыла қояр ма екен, сірә. Тұлпардай тулап сахна төріне шыққанына қырық жылдан асқан, ән әлемінің дүлдүлі атанған Қайрат әлі де туған халқының жанын жылытып, жүрегін әнмен тербеп келеді. Ол бүгінде Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның профессоры. Біз жаңа жыл қарсаңында әншіге жолығып, дәстүрлі өнеріміздің бүгінгі және келешегі жайлы әңгіме өрбіткен едік. – Қазіргі дәстүрлі өнерге оның ішінде халқымыздың мыңдаған жылдар бойы тірнектеп жинаған асыл мұрасы – халық әндеріне деген көзқарас мүлде өзгерген. Тіпті оған менсінбей қарайтындар да көбейіп келеді. Сонда інжу-маржан әндеріміздің қадірі кеткені ме? Сіз бұл туралы не дейсіз? – Бұны ел де сұраудан жалықпайды, мен де айтудан жалықпаймын. Себебі, бұл өзі бір көкейтесті мәселе. Өйткені өнер деген халықтікі ғой. Қашанда халық өзі қолдаған, өзі жырлаған, өзі әспеттеген, өзі насихаттаған. Сондықтан да дәстүрлі өнерді құрметтейтіндер, тыңдайтындар, жақсы көретіндер, әрине, менсінбейтіндер де бар. Мен бәрі осы ұлттық дәстүрлі әндерге енжар қарайды деп айта алмаймын. Негізінен барша халық өнерге жақсы қарайды. Енді солғын тартып бара жатқан себебі, қазір эстрадалық әншілер көбейіп кетті. Оның өзінде айтулы әншілер емес, жүрген бір қарабайыр әншісымақтар. Қазір екінің бірі жұлдыз. Ол неден? Мәселен, кемпір мен шал немересіне той жасаса әншілерді шақырады. Домбырамен ән айтып, күй тартам деп келген балалардың құны арзан, кедей ауылдың баласы сияқты оны менсінбейді. «Сенің клипің, мини дискің, эстрадалық әнің бар ма?» – дейді. Міне, осындайда жаңағы эстрадамен айтатын әншінің жолы болады да домбырамен айтатын бала сыртта қалып қояды. Керек болмайды. Дәстүрлі өнерді қағаберіс қалдыру міне осыдан басталады. Мәселенің түп-төркіні
менімше осында, өзгеде емес өзімізде. Қарапайым кемпір, шал қарап тұрсаңыз, тіпті эстрадамен егіз туғандай. Осыған қарап қарныңыз ашады. Сондықтан да амалсыз түлектеріміздің көбісі эстрадаға ауысып, ән айтып жүр. Бұл жерде басты кінә өзімізден. Оларды ел болып қолпаштап, көтерудің орнына «эстрадалық әнің жоқ» деп кеудесінен итереміз. Сонда бұл жоғары жақтағы басшылардың нұсқауымен болып жатқан мәселе емес қой. Мен барлық жерде айтып жүрмін Президентімізге ризамын. Өйткені өзі домбыра тартады, өлең айтады. Қай облысқа барса сол облыстың жақсы өнерпаздарын шақырып алады. «Кімдерің бар?» деп. Солардың аттарын ұмытпайды. «Бәлен қайда, түген қайда?» деп сұрап жатады. Соның өзі қалғанға үлгі болу керек қой. Соған назар аударып, сол Елбасынан неге тәлім алмайды. Сонымен қатар әр ауылдың, әр ауданның, әр облыстың әкімі өз еліндегі өнерпаздарға, сол топырақта туған таланттарға қол ұшын беріп, жағдай жасап жатса, көңіл аударып, назардан тыс қалдырмай жатса ол да жақсылық. Халық өзі енжар, әйтпесе ел арасында өнерпаздар көп. Әншілеріміз де, күйшілеріміз де бар. Құдайға шүкіршілік, өнер дамудың үстінде. Ал анау 1994 жылдары қиын кезеңдер де болды. Бірақ сол кездің өзінде де өнерге жастар тоқтаусыз келіп жатты. Мәселен, осы консерваторияда кейбір мамандықтарға ел аралап, қала жағалап адам шақырады. Ал біз шақырмаймыз өздері келеді. Міне, осының өзі дәстүрлі өнерге деген сүйіспеншілік. Бұл біз үшін үлкен бақыт деп ойлаймын. – Сонда біз дәстүрлі өнерді насихаттай алмай отырмыз ба? – Жалпы кез-келген өнердің бағын жағатын, әрине, насихат қой. Радиодан Құдайға шүкір, беріп жатыр. «Қазақстан-1»-де қазір бере бастады. Осы телеарнаның «Дала думан» деген хабарына қатысып, өнер көрсетіп жатқандардың бәрі дерлік біздің шәкірттеріміз. Міне, осындай бағдарламаларды «Хабар» телеарнасы неге құптамасқа. Бұны неге басқа телеарналар жалғастырып әкетпейді. Ал кейбір тәуелсіз телеарналар түнгі сағат екіден бастап береді. Бұл бізді қорлау ма, басыну ма, жоқ әлде мазағы ма, кейде соған күйінеміз. Көршілес отырған өзбектерге, қырғыздарға қараңыз таңның атысы, күннің батысы өздерінің тілдерінде береді, өздерінің әуендері тәулік бойы шырқалып жатады. Біз мәселен, шет елден бір қонақ келіп оның құрметіне концерт жасасақ та шетелдің әнін айтып тыраштанамыз. Олар оны қайтсін күнделікті көріп, естіп жүр. Оларға қазақтың әуені керек. Шетелдіктер үшін сол келген елінің өнерін
көру таңсық қой. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қытайдың бір басшысы келіп осында кездесу жасап, сонда ол «Дудар-айды» қытайша айтып берген. Оған бәріміз қосылдық. Демек ол қазақтың әні екенін біледі. Біз бүкіл дүниежүзін араладық біздің елдің әуеніне, біздің елдің домбырасына, біздің елдің музыкасына деген құмарлық, іңкәрлік, ынтызарлық, ғашықтық өте жоғары. Мысалы, Италия әннің отаны ешкімнен кем емес. Солай бола тұрса да олар өздеріне тосын жаңа әуенді тыңдауға, жаңа музыкалық аспаппен танысуға ынтық. Себебі, қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптары оркестріндей оркестр әлемде жоқ. – Елімізде дәстүрлі өнерді орындаушылардың бірнеше мектептері бар. Міне, осы мектептердің ара-жігі айқындалып, олардың өзіне тән әншілік дәстүрі қалыптасып жетілді ме? Бұл жөнінде не айтасыз? – Бұл мектептердің бәрі қазір дамып жатыр. Мен осы дәстүрлі ән айту кафедрасын басқарамын. Мәселен, Жетісу ән айту мектебін аштық. Оған Ержан Қосбармақов деген талантты әнші жігіт жетекшілік етеді. Ол соны өркендетіп отыр. Төрткен апамыздың көмегімен Кененнің қаншама әндерін дүниеге алып келді. Біздің әндер де, біздің мектептер де Жүсіпбек Елебеков негізін қалаған эстрада-цирк колледжінен бастау алды. Сондай-ақ батыстың ән айту мектебі бар. Мұнда білім алып жатқандар Мұхиттың, Ғарифолла Құрманғалиевтің ән шырқау мәнеріне машықтанады. Және Дәнеш Рақышевтің, Манарбек Ержановтың ән мектептері, Нұрғиса Тілендиевтің күй мектебі ашылып жатыр. Сол сияқты сыр бойының да өздеріне тән орындаушылық мектептері де бар. Қазір шығыстағы Тарбағатай, Алтай, Зайсан өңірлерін түгел қамтитын өз алдына бір мектеп құруды көздеп отырмыз. Осы аталған аймақтарда қандай әншілер болған, олардан қандай әндер қалған, қандай мұралар бар соның бәрін іздестіріп, жинап жатырмыз. Олардың бәрінің өзіне тән қолтаңбасы қалу керек. Құдайға шүкір, бәрін өрістетіп, дамытудамыз. Ел іші өнерге кенде емес. Біздің қолымыз жетпей жатқан әнкүйлер қаншама десеңізші. – Әр өнердің өзіне тән орындаушылық қолтаңбасы бар екені, әрине, белгілі ғой. Солай десек те олардың ән шырқау мәнерін бірбіріне ұқсатпай, даралап тұрған қандай қасиет? – Иә, әр жердің әншілерінің өзіне тән стилі, қасиеті, қолтаңбасы болады. Сол ерекшелікті біз жоғалтпауымыз керек. Дәнеш мектебі ме? Дәнештің әншілік үлгі – өнегесі үзілмеу керек. Манарбек
мектебі ме? Манарбектің стилі сақталу керек. Бірақ әр әнші өзінше айту керек. Әнді өзінше әрлеп, өзінше әсерлеп, құлпыртып, өзіне тән мәнермен жеткізуі керек. Бірақ негізгі іргетас сол әншілер қалдырған қолтаңба болғаны жөн. Біз одан айырылмауымыз керек. – Жастарымыз Батыс музыкасының құлақкесті құлына айнала бастаған заманда сіз айтып отырған дәстүрлі ән айту мектептерінің болашағы бар ма? – Әрине, олардың болашағы сөзсіз бар. Оның айғағы, соңғы жылдары елімізде дәстүрлі әншілердің Дәнеш, Кенен атындағы байқаулары өтті. Міне, осы ән бәйгесінде аталған мектептердің шәкірттері, түлектері қаншама жарыққа шықпаған әндерді жарыққа шығарып, айтып, орындап жатыр. Өткен жылы Дәнеш Рақышевтің елінде болған өнер сайысында бір жапон жігіті бірінші орын алды. Ол осында оқыған бір жылдың ішінде домбыра тартып, ән салуды үйренген. Қазақтың балаларынан кем емес. – Біз сіздің арқа өңірінің ән салу дәстүрін шебер меңгерген дара талант ретінде жақсы білеміз. Сонда сіз осы аймақтың әншілеріне тән әдіс-тәсілді, әншілік мәнерді жете игердім деп ойлайсыз ба? – Шындығында мен Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Естайдың әндерін өзімше, өзіме ыңғайлы мәнерде шырқап, халыққа жеткізуге тырыстым. Қазір дәстүрлі әншілердің ішіндегі ақсақалы менмін. Өнер деген жүзге бөлінбейтін нәрсе. Оны кейбіреулер бөлгісі келеді, ал біз оны ешуақытта бөлмейміз. Кейде сол мектептерді бөліп-бөліп тастағысы келеді. Өйткені өнер деген ортақ бір қазанның ішінде қайнап жатқан дүние ғой. Енді мен осыған бас көз болып кейінгі жастарға ақылымды айтпасам болмайды. Сондықтан музыка саласын зерттеп жүрген біздің зерттеушілеріміз, ғалымдарымыз бар. Оларға да мұның бәрін айтып отырамын. Қай жердің әуені қандай? Ол несімен ерекшелінеді? Оның қандай әуезділігі бар? Музыка тілімен айтқанда олардың арасында қандай айырмашылық бар? Ән деген өзі екі-ақ түрге бөлінеді. Күйді айтамыз ғой шертпе, төкпе деп. Шертпе күйге Жетісу, Арқа, Алтай күйлері жатса, төкпе күйге Орал, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе өңірлерінің күйлері жатады. Ән де солай. Жетісу да, Арқа да, Шығыс та шертіп айтады. Ал Батыс күй тектес төгіп шырқайды. Күй қалай екі түрге бөлінсе, ән солай екі түрге бөлінеді. Мәселен, Арқаның әуені, Жетісудың сарыны, Семейдің мақымы деген тек әнге қатысты қағидалар, әнге қатысты
ерекшеліктер ғана бір. Әннің табиғатына қарай сұлулығы, әдемілігі, наздылығы, әуенділігі болады. Жетісудың әндері табиғатына байланысты ойнақы, әсем, нәрлі, баяу соққан қоңыр желдей жаңға жайлы, гүл сияқты үлпілдеп тұрады. Арқаның әндерінің мінезі жазық далаға ұқсас. Оларға қуатты алты-жеті шақырымға жететін ел шақыратын дауыстар керек. Өйткені далаға сіңіп кетеді. Сол сияқты әр жердің әндерінде өзіне тән осындай ерекшеліктер бар. Ал жалпы алғанда қазақтың әндері өзі біртұтас дүние. Оның кереметтілігі біздің әндеріміз әуендік тұрғыдан шексіз. Мәселен, Италияның әндері ноталық өлшеммен ғана болады. Олар төменгі ноталарды көтеріп, созып, шыңғырып айтады. Ал біз сонау төменнен бастаймыз да қыран сияқты қалықтап, ақырын-ақырын шыңға қарай өрлей береміз. Қазақи әуендердің бір ерекшелігі сол. Оның сазы жорғаның майда желісіндей әсерде қалдырады. Мәселен, жырда сондай, әсіресе Сыр бойы жырлары басқа өңірдің жырларына мүлде ұқсамайды. Сол себептен де студенттер демалысқа шыққанда айтамыз құры қайтпаңдар әрқайссың ауылға барғанда қандай әуен болған, қандай өнерпаз адам болған, қандай әнші болған сендер соларды зерттеңдер, соны шығарыңдар,насихаттаңдар дейміз. Міне, осыдан бастап өнеріміз өркендейді, осылай молаяды ғой. Содан кейін студенттер оқу бітірерде сол тақырыптарға реферат, диплом жұмысын жазады. Сөйтіп біздің қоржынымыз халықтық әуендермен тола түседі. – Әр әншінің өзіне ғана жарасатын, өзінен басқа ешкімнің ән айту мәнерінен табылмайтын дара қасиеті болатынын біз жоққа шығара алмаймыз. Осы тұрғыдан алғанда сіздің Арқаның әншілік мектебіне қосқан үлесіңіз қандай? Оған өз басыңыз қанағаттанасыз ба? – Мен кезінде Арқаның әндерін біраз шырқадым. Қолымнан келгенше жеріне жеткізе алдым-ау деймін. Бірақ бәрінен асыра орындадым деп айтудан аулақпын. Өйткені өнердің бағасын беретін халық екенін ұмытпайық. Мен өзімше орындауға тырыстым. Ешкімге еліктегем жоқ. Еліктемеу деген әнді бұзып айту емес. Әркімнің, әр әншінің өзінің жүрегі, өзінің ойы, өзінің ыңғайы болады. Содан да шығар, мен осыны бөлектейін, даралайын деп арнайы дайындалған жоқпын, ән өзі шықты. – Сіз шырқаған керемет әндер аға буын ұрпақтың санасында, жүрегінде әлі күнге дейін жаңғырып тұр десем қателеспеспін. Анда-санда радиодан естігенде сағынып қауышамыз. Сол әндер
қалай дайындалды, өз тарапыңыздан оған не қостыңыз, не
алдыңыз? Біздің білмегіміз осы еді.
– Қанша дайындалсаңыз да адам өзінің бойында бар, Алла бер-
ген таланттан асып кете алмайды. Бәрі де әншінің табиғатына бай-
ланысты ғой. Екіншіден оны өзіңіздің қиялыңызбен, өз ойыңызбен
шығарасыз. Мен қазақтың бір туар дүлдүл әншісі Жүсіпбек Елебе-
ковтен дәріс алдым, сол кісінің ән айту әдіс-тәсілін үйрендім. Ол
кісі басқаша айтатын. Мен қаншалықты сол кісіге еліктеп айтсам
де менікі басқаша шығады. Неге олай екенін өзім де түсінбеймін.
Сондықтан көп екшейтініміз, әннің сөзіне зор мән береміз. Ол
қандай ән, не жөнінде айтылады, қандай қасірет шегіп жатыр. Сол
себептен де әннің тарихына көз жүгіртеміз, автордың өмір баянын
оқимыз, содан барып ой жүгіртіп, айтпақ болған әніміздің мазмұнын
ашамыз. Мәселен, биыл бір ән жаздырып, ал келесі жылы сол әнді
тыңдасам ұнамай қалады. Өйткені адамның жасы өскен сайын сіздің
де талабыңыз да күшейеді. Сіздің де ойыңыздың деңгейі өзгереді.
Мен қазір ертеректе жазылған әндерімді радиодан тыңдасам, кей-
де тыңдағым келмейді. Кезінде жастық шақтың қызуымен, жігіттік
желіктің буымен ұрып жіберген әндер де бар. Енді ғана оның
олқылықтарын байқап жатырмын. Сонда әр мезгілдің, әр жастың
өзіне сай дауыс мөлшері болады екен. Содан кейін бір қызығы қазір
Жүсекеңдерді алып тыңдасақ олардан артық айтқан адам жоқ. Сол
сияқты қырылдап айтқымыз келеді. Кейбір жас әншілеріміз шал
боп тілдерін шайнап жатады. Баяғыда Жүсекеңнің айтқаны бар «ей,
менде жігіт болғам, отыз екі тісім аузымда бүтін тұрғанда менде
арқыратып салатынмын, қазір асты үсті де алмалы, салмалы а, – де-
сем атып шығып кетеді. Сондықтан аузымды қысып айтам, сендер
өйтіп қыспаңдар, өз уақытында келеді оған асықпаңдар» дейтін. Сол
сияқты тәжірибе жинап-жинап алпысқа келгенде баяғыдай айғайды
басайын десең баяғы жастық дауыс жоқ. Көрдіңіз бе? Бірақ көбіне
жаңағы шеберлікпен алып кетесін. Әннің шыңына жеттім, ойпыр-
май, осылай етіп шырқасам шіркін-ай, деп армандайсың. Сөйтсек
міне,осылай ақырын-ақырын арын басылады екен. Ал мен елу жыл
не жинадым соны бірден жас баланың көкейіне құямын, ол бойын-
да талабы болса қиналмай қағып алып игеріп әкетеді. Ал жоқ болса
көптің бірі болып жүре береді.
– Қазір Жүсекеңнің, Дәнештің, Манарбектің, Ғарифолланың
ән айту стилін жалғастырып, дамытып, солардың мақамында
ән шырқап жүрген жас әншілер бар ма?
– Қазақ ән айту мектебінің кешегі саңлақтарының өнерін өркендетіп, жолын қуып жүрген өнерпаз жастар өте көп. Дүйсенбек Өмірәлиев деген жігіт Манарбектің мектебін жүргізіп жатыр. Еркін Шүкіманов деген әнші жігіт бар, Жүсіпбекше тамаша шырқайды. Олардың ән айту өнері қазақтың талантты жастары тұрғанда өлмек емес деп ойлаймын. – Дәстүрлі әншілерді дайындайтын орта және жоғары оқу орындарына мемлекеттік тұрғыдан қандай қолдау көрсетіліп, нендей жағдай жасалып жатыр? – Әрине, оларға ерекше жағдай жасалып жатыр деп айта алмаймын. Бәрі де оқу бағдарламаларына сай жүргізіледі. Қазір студенттердің бәрі стипендиямен, жатақханамен, оқу құралдарымен, компьютермен толық қамтылған. Жылы да жарық жайлы бөлмелерде дәріс алады. Ұстаздарға үкімет қолдан келген жағдайды жасап жатыр. Жалақылары өсті. Қазір Құдайға шүкір, жаман емеспіз. Шәкірттеріміз той-томалақта ән салып, күй тартып қосымша табыс табады. – Халық – әні халқымыздың жаны дегенді жиі айтамыз. Ал оны сақтау, дәріптеу, насихаттау мақсатында не істеп жатырмыз? Фестивальдар, байқаулар неге сирек өткізіледі? Бұның себебі неде? – Қазір бұл мәселелер қолға алынып, жүргізіліп жатыр. Жыл сайын бірнеше байқаулар болады. Сол өнер бәсекелеріне қатысып жатқандардың барлығы дерлік біздің консерваторияның түлектері, араларында әлі оқып жүрген шәкірттерде бар. Жаман емес, біз жіберген балалардың бәрі олжалы қайтады. Әркім шамасына қарай өнер көрсетіп, бәйгісін алып жатады. Биыл менің бір оқушым Кенен атамыздың атындағы байқауға қатысып, бас жүлде автокөлік мініп қайтты. Сонымен қатар, халықаралық «Шабыт» фестивалі, Әміре Қашаубаев, Майра Уәлиқызы, Мұхит атындағы әншілер байқауы өтіп тұрады. Олардың бір пайдасы жас өнерпаздарға қанат бітіреді, олардың жігерін жаниды. Дәстүрлі әнге деген сезім оянады, оның мәні мен мазмұнына көңіл бөле бастайды. Ұлттық өнерге құрметпен қарап, оған ерекше назар аударады. Қазақтың халық әндерінің беделі көтеріліп, абыройы артады. Бұл біз үшін бүгінде ауадай қажет. Енді неге сирек өтеді десек ол ең алдымен өзімізге байланысты. Насихаттау әлі кемшін, әлі де қолға алатын басқа тұстары бар. – Ел ішіндегі дәстүрлі өнерімізді жинау, оларды жинақ етіп шығару шаралары сіздерде қолға алына ма? Егер алынса бұл мәселе қалай шешімін тауып жатыр?
– Иә, оны қолға алып жатырмыз. Әбуғазы Мұрат деген жігітіміз бар, сол екеуміз бірігіп, біраз халық әндерін өңдеп, нотаға түсіріп, келешекте жинақ етіп шығармақпыз. Сол сияқты басқа әншілеріміз де, мұғалімдеріміз де өздерінің репертуарынан, зерттеулерінен туған, шыққан, жинаған ән-күйлерін кітап етіп шығаруды ойластырып жатыр. Олар барлық аймақтың ән дәстүрін қамтымақ. Біздің алдымызда осындай-осындай мақсаттар бар. Қазір соны жазу үстіндеміз, Құдай қаласа, шығады. Сондай-ақ, дәстүрлі әндердің касеталарын, компакт дискілерін шығарып жатырмыз, халықтың құлағына жете берсін деп. Осының бәрі насихат, бірақ бұл да аз. Барлық жұртқа жете бермейді. Оның үстіне кезінде радиодан әншілердің, күйшілердің, бишілердің, әртістердің, суретшілердің шығармашылық бейнелері жасалып, беріліп жататын. Қазір оның бәрі де жоқ. Қазіргі жастар жазушыны немесе бір ақынды білмейді. Себебі, баяғыда радиодан тыңдап, сусындап отыратын көркем дүниелер бүгінде берілмейді. Елімізде қанша өнер байқаулары өтіп жатыр. Солардың жетістігін талдап, жеңімпаздардың өнерін көрсету деген мүлде ұмыт қалды ғой. «Қалай өтті? Не болып жатыр?» деп не теледидарда, не радиода, не газет-журналда бір ауыз сөз айтылмайды. Қазір бізде дәстүрлі өнерді насихаттауда жариялық жоқ. Біздің не істеп, не қойып жатқанымыздан халық хабарсыз. Таланттарымызды көрсете алмай жүрміз. Бұған Батыс, Америка, Ресей кінәлі деудің қажеті жоқ. Өзіміз мықты болсақ бәрін жеңіп шығамыз. – Дәстүрлі әндерге түсірілген бейне клиптер бар ма? Егер бар болса, оған деген сіздің көзқарасыңыз қандай? Осы қажет пе? – Бәрі де заманына байланысты. Қазіргі уақыт оны қажет етіп отыр. Сондықтан да оның керегі жоқ деп айтуға менің аузым бармайды. Байқап жүрмін біраз халық әндеріне бейне клиптер түсіріліпті. Жаман емес. Кейбіреулері болмаса, көбісі әннің мазмұнын шама шарықтарынша ашып жеткізе алған. Ән табиғатындағы бейнелі көріністер өз шешімін тапқан деп айтуға келеді. Әрине, бұл бәрі тамаша деген сөз емес. Әттеген-ай, – деп өкіндіретін тұстары да баршылық. Бірақ бұл жаман деп жылы жауып қоюға болмайды. Заман көшімен ілесе де білу керек. Ал өзіме келетін болсам кеңес заманында табиғат аясында түсірген бейне концерттер бар. Мәселен, Испанияда түсірген «Домбыра – Испания» содан соң Ақан серінің әндеріне арналған, бүркітті ұстап түскен «Аңшының әні» сынды түсірілімдер бар, оларды бейне клип деп айтуға болады. Олар керемет көріністі дүниелер. Осы
әндердің адамға беретін әсері қандай десеңізші. Бұлардың бәрі қазақи туындылар. Өкінішке орай теледидардан жиі көрсетпейді. Оның есесіне батыстың арзан қол бейне клиптерін көрсетеді. – Бүгінде әншіліктен гөрі бар жиған тергеніңізді шәкірт тәрбиелеуге жұмсап жатқаныңызды жақсы білеміз. Бұл салада да жеткен жетістігіңіз аз емес екенін әңгімеңізден аңғарып отырмын. Сонда қазір сізден қанша бала дәріс алып жатыр? – Жалпы біздің кафедрада бүгінгі таңда қырық шақты студент ән айту өнеріне машықтанып жүр. Олардың арасында таланттылар да жоқ емес. Бәрін бірдей көремін бір-бірінен бөлмеймін. Бірақ Созақ ауданынан келген Кенжебаев Ахат, түркістандық Одамалы Туысқан өздерінің болашағынан көп үміт күттіреді, жап-жақсы айтады. Осы тәрізді әрбір мұғалімнің қарауында үш-төрт баладан бар. Бұлар қазір топтың алдына шығуға дайын әншілер. Осындай әнші жастарды өнерге баулып, жүргендердің қатарында есімдері елге әйгілі әншілер де бар. Мәселен, Ғарекеңнің дәстүрін жалғастырушы әрі шәкірттерін батыс әншілерінің орындаушылық әдіс-тәсіліне үйретіп жүрген «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты Сәуле Жанпейісова, Айгүл Қосанова Сәуленің шәкірті, ол да сол Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе өңірінің әндерін насихаттап, Мұхит әндерінен сабақ береді. Ақан Әбдуәлиев Жетісу өңірінің әндерін дәріптеп, шәкірттеріне осы аймақтың әндерін үйретіп жүр. Бізге негізінен музыкалық колледжді бітіргендер келеді. Бұл жерде олар төрт жыл оқиды. Сонда әнші болу үшін сегіз жыл білім алады. Бұл әжептәуір білім ғой. Ал өзіміз эстрада студиясында Жүсекеңнен екі-ақ жыл білім алып, әнші болып кеттік. – Жалпы қазір халық әніне қызығушы жастардың қатары көп пе? Мен бұл жерде дәстүрлі өнерді итеруге талпыныс білдіріп отырғандар бар ма, – деген ойды білдіріп отырмын. – Бар. Әсіресе, талантты жастардың арасында өте көп. Олардың қазір өресі биік. Жылма-жыл өздері ағылып келіп жатады. Бізге түсуге ниет білдіргендерді таңдау мүмкіндігі өте мол. Оның үстіне қазақтың әншілік мектебінің қара шаңырағы әрі негізі осы Алматыда. Жалпы ұлттық өнеріміздің ордасы, туы осында желбіреп тұр. Сондай-ақ, еліміздің басқа қалаларында да әншілік мектептер бар. Астанадағы музыка академиясында да ашылды. Онда да біздің шәкірттеріміз сабақ беріп жатыр. Семейдің музыкалық колледжінде әншілікке тәрбиелейтін бөлім бар. Қарағандыда, Жезқазғанда өнер колледждері жұмыс істейді. Қызылорда да жыр мектебі бар, онда
Алмас Алматов отыр. Жыршылардың көбісі соны жағалайды да
бізге онша көп келе бермейді. Жалпы өнер колледждері барлық
жерде әлі толық ашылмай жатыр.
– Сіз қалай ойлайсыз, мынау жаһандану заманында дәстүрлі
ұлттық өнеріміз жұтылып кетпей ме?
– Жоқ. Ел аман болса, халық тірі болса жоғалып кетуі мүмкін
емес. Баяғыда қанды қырғыннан, қалмақтың жорығынан, ашар-
шылықтан, репрессиядан, Ұлы Отан соғысынан, тоталитарлық
дәуірден әлпештеп аман алып келген халықтың өзі ғой. Онда тари-
хымызды өшіреміз. Халық әні әрбір қазақтың жүрегінде. Ал оны
насихаттау, елдің ортақ рухани қазынасына айналдыру ол сіз бен
біздің, бүкіл елдің ортақ ісі. Жұрт болып жұмылғанда ғана ұлттық
дәстүрлі өнерімізді сыртқы ықпалдан, батыстың музыкалық шабу-
ылынан қорғай аламыз. Сонда ғана оның енсесі көтеріледі, сонда
ғана әрбір қазақтың үйінде Ақан серінің, Біржан салдың, Кененнің,
Мұхиттың, Әсеттің, Дәнештің әндері айтылып, Құрманғазының,
Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің, Динаның күйлері күмбірлеп тұрады.
Бірақ әлі де болса жете назар аударылмай жатыр. Мәселен, қалада
үлкен бір концерт болса оған біз шақырылмаймыз. Өйткені олардың
шоу бизнестерінің сынын бұзып кетеміз. Сөйтіп домбырамен ән
айтып, күй тартатындарды жақын жолатпайды. Ал мұны істеп
отырғандар бер жағында жүрген шолақ белсенділер. Тек биыл ғана
Тәуелсіздік күніне арналған Астанадағы концертке қатысып ән айт-
тым. Бұрын мүлде жоқ болатын. Мені шақырмай-ақ қойсын. Кезінде
шырқарымды шырқадым. Ал жас әншілерді неге шығармайды.
Менің осыған таңым бар.
Осындай өкпе-назды сыпырып тастап, бар тәжірибемізді шә-
кірттерімізге беріп жатырмыз. Жиі-жиі атақты өнер шеберлерінің
сабақтарын өткізіп тұрамыз. Сондай-ақ, Ғалымдар үйінде студент-
тердің концертін ұйымдастырамыз. Өзім Астанада жеке концер-
тімді бердім. Енді келешекте осы арман қуып келген, туған қалам-
дай болып кеткен Алматыда шәкірттеріммен бірге концертімді
берсем деймін. Өстік, шалқыдық, құтты мекен, қасиетті жер Алма-
тыға да бір ризашылығымды білдіріп, алматылықтардың алдында
азаматтық борышымды өтегім келеді.
– Өтіп бара жатқан жыл несімен есіңізде қалды?
– Мен бұл жылға ризамын. Ал есімде қалғаны еліміздің құрметті
наградаларының бірі – «Парасат» орденімен марапатталуым.
– Ал келер жылдан не күтесіз?
– Жаңа жыл тыныштық, бақыт жылы болса екен деймін.
Халқымыз аман-есен бейбіт өмір кешсін. Тәуелсіздігіміз беки
түссін. Еліміздің абыройы артсын! Сіздердің де басылымдарыңыз
көркейіп, оқырмандарыңыз көбейсін. Олардың саны арта түсуіне
тілектеспіз. Өйткені тіл, өнер жайында сұрап, жазып жатсыздар
осының бәрі біздің жүрегімізге қуаныш ұялатады. Сіздер арқылы
жұрт өнерпаздармен танысып жатса ол нұр үстіне нұр емес пе. Ал
өзім өнерді көрсетіп, халықтың алдына жиі шығып тұрсам деймін.
Жүйрік аттар топқа түспесе, тосырқап қалады сол сияқты әнші де
жұрт алдына шықпаса, тоқырап қалады. Өнер адамына мұнан үлкен
азап жоқ.
Нұрғали Нүсіпжанов,
Қазақстанның халық әртісі
қай әннің өмірі ұзақ болды, оны халық өзі айтсын
Қазақстан халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Нұрғали Нүсіпжанов қазақ ән өнерінің көгінде елу жылдан бері
жарық жұлдыздай жарқырап келеді. Ол әншілік мектептің өзіне
тән негізін қалады. Сөйтіп ұлттық мәдениетімізде «Нұрғали
үлгісі» қалыптасты. Даланың саумал самалындай жанға жай-
лы тиетін қоңыр үні өз алдына дараланып, әуезді естіледі. Раха-
тынан гөрі бейнеті басым әншіліктің ыстығына күйіп, суығына
тоңған Нұрекең әлі де аттан түскен жоқ. Өмірден түйгені көп
әнші өзінің мол тәжірибесін жаңа дәуір өнерінің өркендеп
өсуіне арнап отыр. Себебі ол тәуелсіз еліміздің келешегіне зор
сеніммен әрі үлкен үмітпен қарайды. Ән өнерімізде орын алып
отырған келеңсіздіктерге жаны ауырып, оны шешудің жолда-
рын іздестіріп жүрген әншіге жолығып, өзін мазалайтын осы
мәселелер төңірегінде ой өрбіткен едік.
– Қазіргі қоғамда өнерге деген көзқарас қандай? Өткен дәуір-
мен музыклық сабақтастық бар ма?
– Сырттай қарағанда өнер өзінің бағыт-бағдарымен біркелкі да-
мып жатқан сияқты. Қол жеткен биігімізді, өнердің салаларындағы
жаңалықтарды қайталап айта берудің қажеті жоқ шығар. Талантты
азаматтардың ерен еңбегінің және үкіметтің көмегінің арқасында
болып жатқан нәрсе аз емес. Ал енді бұдан да көп нәтижелерге
жетуге болар ма еді? Өйткені өнердің ешуақытта жоғары деңгейі немесе біреу белгілеп қойған шеңбері болмайды спорттағыдай. Шүкір, өткен ғасырда қабырғасы қаланған, іргесі бекіген бір бастауымыз болды бір жақсы жері. Сол заманда құрылған үлкен салалы, терең білімді, республика музыка мектептеріміз, орта буындағы музыкалық училищелер, консерватория, Астанада академия ашылды. Бүгінде әлемде болып жатқан мүйізі қарағайдай конкурстарда бас жүлделерді жеңіп алып жатқан қазақтың талантты жастары да жетерлік. Бұлар да сол бұрын негізі салынған мектептердің түлектері. Әрине, он бес жылдың ішінде «біз өйтпедік, бүйтпедік» деп өзімізді бекер қамшылаудың қажеті жоқ. Бірақ, бүгін біз сол өткен ғасырдың жемісін көре бастадық. Сол жетістіктің мына егеменді елдің жас өнерпаздарына ықпалы қандай? Оларға қажетті дәрежеде көмек жасап жатырмыз ба? Бұл ойланатын мәселе. Қазір өзімен өзі алға басып келе жатқан бір үрдіс байқалады. Оның бір себебі бәрін бір қолдан, бір жағадан шығарып тұратын ұзақ мерзімдік құзырлы органның жоқтығы. Сондықтан да көркемдік кеңестерді қалпына келтіру қажет. Біз тәуелсіздік алғалы бері күллі әлем алдымызға демократиялық үрдісті көлденең тартып қойды. Оған мойынұсынбасаң, оған бағынбасаң қарағайға қарсы біткен бұтақ сияқты ерсі көрініп тұратындай жағдайға әкелді. Тек сол батыстың айтқанымен ғана арманымызға жететіндей түсінік қалыптасқан. – Бұл әрине батыстың музыкалық экспанциясы ғой? – Батыс өзінің экспанциясын идеологияда әлдеқашан жасап келеді. Қазір оған біз мән бермейтін жағдайға келдік. Өйткені тек сырттан келсе, батыстан келсе шайнамай жұта беретін болдық. Мен осыдан қорқамын. Өйткені талғам, сараптама мәселесі әсіресе өнерде өте қажет. Ал ағылып келіп жатқан шетелдік музыкалық өнімдерге не тоқтау, не шектеу жоқ. Сонда біздің дүниеміздің бәрі тоқтап тұру керек пе? Біз тіршілік істеуіміз керек пе? Соны ойлап қайран қаласың. Онда біздің мәдениетіміз қалай дамиды? Алып мемлекеттердің музыкалық өнімдерінің тасқынының астында қалған ұлттық музыкамыздың тағдыры не болды? Бұны түсіну үшін академик болудың қажеті жоқ. Мысалы, мен өнеріммен күн көріп отырған адаммын. Егер мені әнші ретінде ешкім қажет етпесе, мен айтқан әндер теледидардан, радиодан берілмесе, сахналарда шырқамасам онда күнім не болды? Міне, осыны реттейтін мемлекеттік тетіктер
болу керек. Әйтпесе өнер адамының бағы қалай жанады? Бұл
мәселені шешетін ең алдымен ұлттық өнеріміздің жанашыр азамат-
тары – меценаттар деп ойлаймын. Біз үлкенді-кішілі тұғырлардан
кеудемізді қағып, гуілдеп шуылдадық, бірақ бітірген дымымыз жоқ.
«Осы өнеріміз не болып барады?» – деп бірде ойласақ та бірде ой-
ламаймыз.
«Тек ақша тапсақ болды» деп мәдениетке немқұрайлы қарап
жүрген шенеуніктер арамызда көп қазір. Ұлттық өнердің не екенін
білмейтіндер қатары көбейе түсті. Асфальтта туған бала бірнеше
тіл біліп, екі-үш дипломы болғанымен оның кеудесінде қазақ
мәдениетінің жұрнағы да жоқ. Әндерімізге, күйлерімізге оның
бүйрегі де бұрмайды. Міне, осындай тас бауыр ұрпақ өсіп келеді.
Сонда өнеріміздің ертеңі қандай болады? Осыны ойлайтын аза-
маттар мәдениетіміздің тізгінін ұстаса шіркін. Елімізді ел қылып,
Елбасының қасында жүргендердің біразы ауылдың түтінін иіскеп
өскендер.
– Сіз сөз арасында қазақ өнерінің бірден-бір қолдаушысы да,
қорғаушысы да меценаттар болу керек дегенді айтып қалдыңыз.
Сонда біздің елде бұл үрдіс неге дамымай отыр?
– Сіздің бұл сұрағыңызға мен мысалмен жауап берейін.
Мәселен, он сегізінші, он тоғызыншы ғасырларда артта қалған ру-
хани жағынан жұтауға ұшыраған Ресей елінің абыройын көтерген
Ресейдің ірі байлары болды. Орыс халқы өз үйінде отырып, өз
ана тілінде сөйлеуді намыс көріп, ағылшын, француз тілдерінде
сөйлескен. Енді оларды кезінде сондай болды деп кім айта-
ды. Оған себепкер болған Ресейдің ұлы классикалық өнерін сол
құлдырау қатерінен қорғап қалған Морозов, Демидев, Третьяков
сияқты орыстың бай – патриоттары. Олар ұлттық өнерді дамытуға
байлықтарын үйіп-төкті. Оларға патшалар да елінің ұлттық идео-
логтары ретінде бас иіп, әрдайым өз тараптарынан жағдай жасап
отырған. Бұл жерден нені аңғаруға болады? Шүкір, біздің елде
де мүйізі қарағайдай байлар жетерлік. Олардың осалдығы – таза
өнерді дұрыс танып, дұрыс бағалап, соған қолдау көрсете алмаула-
рында. Сөйтіп, өнерді жай әншейін көңіл көтерудің ермегі ретінде
қарап, қай кездері реті келсе, сайқымазаққа айналдырады. Ал,
шындап өнерімізге көмектесуге олардың әлі сана-сезімі жетпей
жатыр.
– Міне, осындай кем-кетіктерден арылудың, ән өнеріміздің
беделін көтерудің жолдары бар ма?
– Әрине, «Жоқ!» деп айтуға болмайды. Біз қырық, елу жыл жанталасып, аттан түспей қызмет істедік. Әлі де істеп келе жатырмыз. Себебі, өнер үнемі даму үстінде. Ол тақырып, тоқтамауы керек. Оған ілесе алмасаң, шаң қауып қауып қоясың. Алла осыны өзіне нәсіп еткеннен кейін сол жолда өзіңді-өзің жануың қажет. Ал біздің кемшілігіміз неде десек ең алдымен сараптаманың жоқтығы. Аға буын әншілер болсын, кейінгі толқын жастар болсын олардың не істеп, не қойып жатқанында ешкімнің шаруасы жоқ. Еліміздің теледидарларында, радиоларында, сахналарында көрсетіліп, беріліп жатқан дүниелерге көзі қарақты, көкірегі ояу осы саланың мамандары өздерінің тиісті бағаларын беріп, күнделікті қадағалап, дұрыс жолға салып отырса, зиянынан гөрі пайдасы көп болар еді. Сондай-ақ көлеңкеде қалып бара жатқан талантты жастарда бар. Қолы қысқа, шаруасына мүмкіндігі жоқ. Соларды шет қалдырмай, ортаға тартып, көп болып қол ұшын берсек әлгі жастың бағы жанып кетпей ме? «Соқыр өгізге бәрі топан» демекші, әйтеуір бір атағы шыққаннан кейін көлбеңдеп ешкімге жол бермейтін өнер адамдары да бар. Сондықтан соңымызда да келе жатқан өнерлі жандар бар екенін әсте естен шығармай, ешкімнің көңілін қалдырмай, әділеттілікпен реттеп, ақ-қарасын ажыратып отыратын жүйе бізде мүлде босаңсып кеткен. – Иә, қазір тиісті мекемелер тарапынан бақылап отырудың қажеті де жоқ. Себебі, егер біз осындай тәсілді қолдансақ онда кері кетеміз. Біз нарық заманында өмір сүріп отырғанымызды ұмытпайық, Нұр-аға. – Нарық, нарық – дегенмен біз құзырлы мемлекетпіз. Миллиондаған жастарымыз өсіп келе жатыр. Сонда «нарық» деп кім көрінгеннің артына мінгесіп жүруіміз керек пе? Онда идеология туралы заң қабылдаудың қажеті не? Біз өзімізге – өзіміз ие болуымыз керек. Қазақта атамыздан қалған сөз бар, «судың да сұрауы бар» деген. Бізге шетелдің өнер адамы келді ме, ол ең алдымен бізді құрметтесін, туымыздың алдында бас исін. Содан кейін ғана біз төрімізді береміз. Кім болса сол есіктен кіріп «төр менікі» деп тайраңдап, дастарқанымызға түкіріп жүре беру керек пе? Ешқандай саясатты түсінбейтін, тіпті демократияның не екенін білмейтін адамдарға айтатын алдаусырату сөз бұл. Демократия нағыз мықты тәртіптің жемісі. Адамдық қасиетті сыйлау, әр ұлттың ұлттық дәстүрін, мәдениетін құрметтеу деп түсінемін мен. Аузына не кел-
се, соны лағып айту емес әрине. Бұл өнерге де, өнер адамына да қатысты нәрсе. Құрандай аялаған, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан мәдениетіміздің інжу-маржандарын ХХІ ғасырда жоғалтып алмасақ болды. – Бүгінде аға буын өнерпаздар сирек насихатталады. Бұның себебі неде? Жоқ, әлде өткен уақыт әндері қазіргі тыңдармандарға, көрермендерге қажет болмай қалды ма? – Әр заманда өнерді әр түрлі қабылдайтыны белгілі. Айтайын дегенім, көрермен де, тыңдарман да өзгерген жоқ, олар бар, бірақ, талғам өзгерді. Біз қазір халықты қалыптасқан ізгі жақсы қасиеттерден жорта алыстатып барамыз. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқтығынан әркім өз білгенін істеп жатыр. Әрине, өткеннің бәрін «жаман» деп сызып тастауға болмайды. Бұлай болатын болса өнердің сабақтастығы қайда қалды? Елу, жүз жылдан кейін де ол өзінің тарихи жалғасын тауып жатады. Мысалы, Қытай өзінің бес мың жылдық мәдениетімен мақтанады. – Жаңа дәуір композиторларының әндеріне деген көзқарасыңыз қандай? – Менің ойымша олардың әндерін ең алдымен көркемдік кеңеске салып, сараптамадан өткізу керек. Содан кейін ғана «на жақсы», «не жаман» деп айтуға болады. – Жас әншілеріміздің кәсіби деңгейі жайлы не айтар едіңіз? – Оларға да құлаққағыс жасап, кем-кетігін айтып, жақсылығына сүйсініп, бағасын беріп отыратын мемлекеттік немесе қоғамдық сарапшылар қажет. Әсіресе, теледидарда, радиода бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінсе, нұр үстіне нұр болар еді. Әннің тағылымдық қадірқасиеті бар ма? Миллиондаған аудиторияның назарына ұсынуға лайық па? Міне, осы жағына көп мән бере бермейміз. Осыны пайдаланып кейбіреулер күлді-көмеш, шикілі-пісілі әнсымақтарды ұялмай-қызармай айтып жүр. Бұрын «ерінбеген етікші болады» деуші едік, енді «ақшасы бар әнші болады» дейтін болдық қой. Жалпы эстрада деген ауқымы өте кең өнер түрі. Сол себептен де осы бір құдіретті өнердің киесін сақтап, оның күлдібадам өнерсымаққа айналуына жол бермеуіміз керек. Өйткені, ұлттық қадір-қасиетінен айырылған өнер көпшілік көрерменнің ой-санасына әсер етіп, пікірлерін өзгертіп жіберуі де ғажап емес. Талантсыз, дарынсыз әншісымақтарды сахнаға шығаруға тосқауыл қойған жөн. – Әсет марқұм «менің әндерімнің әкесі Нұрғали, шешесі Зейнеп» дегенді жиі айтатын еді. Осы қаншалықты шындыққа жақын?
– Шындығында, көп әндерін негізінен Зейнеп екеуміз орындағанбыз. Оның «Құдалар» деген әнін қосылып айтқанбыз. Біз замандас болдық. Ол «жаман» әндер жазған жоқ. Ел ішіне кең тараған мықты шығармалары аз емес. Мен тұсауын кескен Әсет әндерінің бәрін тізіп айтып жатудың әрине қажеті болмас. Әсіресе, Шәмші мен Әсеттің әндеріне ерекше бүйрегім бұрып тұрады. – Көптеген шығармашылық сапарларда болдыңыз. Сонда бір есте қалған оқиғаны айта кетсеңіз. – Енді оның бәрін айтып жатудың қажеті де жоқ шығар. Өткен жылы Қазақстан темір жолының 100 жылдық мерекесіне байланысты Маңғыстау облысындағы шалғай бір стансада концерт қойдық. Бір әжей концерттен соң екі немересін әкеп қолтаңба алып жатыр: – «Нұреке, мына балаларыма батаңды берші. Талай жылдан кейін өзіңмен жүздесудің сәті түсті. Ой, Нұреке-ай, сенің әндеріңді жақсы көретін едік. Радиодан, теледидардан сіздің әніңізді бере бастағанда отыра қалып тыңдайтынмын. Сонда жолдасым бір шаруаларын айтып, «ананы бүйт, мынаны сөйт» дегенде «тұра тұршы, мына әнді тыңдап алайын» – деп талай рет жолдасымнан сөз естіп едім» – деді. Қарап отырсам біздің әніміз елдің тек ермегі ғана болмаған екен. Біз шырқаған әндер оларға ләззәтті сәттер сыйлапты, балалары, ұрпақтары тағлым алатындай үлгі-өнегенің бастауы болыпты. Бұл біз үшін зор құрмет. – Өзіңіздің жаныңызға жақын әрі жиі орындайтын әндеріңізді атап кетсеңіз? – Шырқап жүрген әндерімнің бәрі де мен үшін қымбат. Халық жақсы қабылдайтын, жүректеріне жылы тиетін әндер менің репертуарымда көп. Қазірде маған арнап әндер жазып жатқан композиторлар баршылық. Бәрімен шығармашылық қарым-қатынастамын. Ал қай әннің өмірі ұзақ болады, оны халық өзі айтсын. – Сіз жүзге таяу автордың әнін айтты – дейді, осы рас па? – Иә, жүзге жетті. Бұл әншілер арасындағы біздің еліміздегі рекордтық көрсеткіш болар. Мұндай нәтижеге жеткен әншіні естігем жоқ. Қаншама сазгердің әнші ретінде мерейін өсірдім. Тіпті олардың бағы ашылуына септігім тиді. Сол үшін мен қуаныштымын. Қазір Қазақ радиосының Алтын қорында менің орындауымда үнтаспаға жазылған 500-ден астам ән бар екен.
Өмірбойы өзін ғана дәріптеп, өзінің әнін өзі айтып жүрген әншілеріміз де жетерлік. Сөйтіп жүріп-ақ атақ, даңққа кенеліп жүргендер де бар. Өзінен басқаны танымайды, танығысы да келмейді. Өзінен басқаны үгіт-насихат жасамайтын әншілер де көп. Сахна ол халықтікі. Сол себептен де тұщымды дүние туғызған, елді елең еткізгендей еңбегі бар сазгерлердің бәрінің қақысы бар өздерінің шығармаларын орындатуға. Соған біз құлықты болуымыз керек. Біреуін өте дәріптеп, біреуін ескермей, енді біреуін аттап өтіп кетсек ол обал болады. Мен қолыма ілінген дүниені өзінің деңгейіне жеткізсем екен. Автордың беті қайтпаса екен деймін. – Сіз әнші болғаныңызға өкінесіз бе? – Әрине, өкінбеймін. Мен бақыттымын. Өйткені Нұрғиса Тілендиевтің жеке әншісі болдым. Себебі, ол кісі көп әндерін маған арнап жазды. Шәмші Қалдаяқовтың әндерінің алпыс, жетпіс пайызын мен орындадым. Олар менің даусыма арналған. Әсет Бейсеуовтың шығармаларының жетпіс, сексен пайызының тұсауын мен кестім. Басқасын былай қойғанда, осы үшеуінің әншісі болғанымның өзі маған мақтаныш. – Сіз өзіңіздің бір сұхбатыңызда әке аманаты дегенді еске алыпсыз. Қалай, сол аманатқа адалсыз ба? – Әкемнің маған айтқан ақылы «елің сені өнер адамы ретінде бағалап, саған зор аманат артса, ол – қуаныш. Егер де сен сол елдің аманатынан шығып, өмірден өз орныңды тапсаң, онда жарағаның», – деген еді. Сол әкемнің аманатына адал болсам деген ой күні бүгінге дейін жадымнан шыққан емес. Ендеше, аманат орындау деген – өзіңді шыңдау деген сөз. Шыңдалудай-ақ шыңдалып келемін деп ойлаймын. – Көрермендеріңіз өзіңізді сағынып қалған сияқты. Себебі көптен бері сіздің жеке концертіңіз болмады. Бұған не дейсіз? – Расында біраз уақыт болып қалыпты. Араға он жыл салып, өнер сүйер қауымға жаңа бағдарламамды ұсынуды жөн көрдім. Құдай қалап, бұл кеш күні кеше ғана тартымды өтті, жұрт көп жиналды. Бұған өзім қатты риза болдым. Онда осы өнер саласындағы елу жылдық еңбегімнің жемісі жинақталған. Жарты ғасыр деген әрине, оңай емес. Сондықтан да қол жеткен жетістіктерімді жанжақты көрсеттім. Оған тек өзім ғана емес Қазақстанға және шетелдерге танымал атақты халық әндерін орындайтын жезтаңдай бұлбұл әншілеріміз де, жастар да қатысты. Менің бұл жолғы ел алдындағы есебім аса салмақты болды. Және қуанарлық бір жай,
ол өзім қызмет атқарып отырған Жамбыл атындағы филармония
басшылары концерттің көңілдегідей өтуіне бір адамдай атсалысуы
маған қанат бітірді.
– Бала өсіріп отырған бақытты шаңырақтың бірісіз. Солар-
дың арасында Сіздің жолыңызды қуған, өнерді өмірлеріне серік
еткендері бар ма?
– Үш қызымды құтты орындарына қондырып, бүгінде қызық-
тарын көрудеміз. Енді қолымдағы екі қызым мектеп жасында. Екеуі
де Күләш Байсейтова атындағы музыка мектебінде білім алып жа-
тыр. Олардың болашақтағы мамандық таңдауын өмір көрсете жатар.
Әйтеуір, солардың еш нәрсеге алаңдамай, білім алуына мүмкіндік
жасап, жол көрсетіп отырсам болғаны.
– Қымбат уақытыңызды қиып, бізбен ой бөліскеніңізге рах-
мет. Біздің «Дала мен Қала» газетінің оқырмандарына игі
тілегіңізді, жылы лебізіңізді білдіре кетсеңіз.
– Жаңа ғасырдың жетінші жылына аяқ бастық. Жеті саны
мұсылман үшін киелі екені белгілі. Сондықтан да босағамызды
аттаған жыл «Дала мен Қала» газетінің барлық оқырмандарына
тек қана жақсы жаңалық, қуаныш пен бақыт әкелсін, барша қауым
аман-сау болсын! Ел іргесі тыныш болып, аспанымызды қара бұлт
шалмасын. Бұл жыл күллі қазақ жұртына шапағаты мол, дархан
жыл болсын!
Әмен Қайдар,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері
анимациялық фильм жасау – инемен құдық қазғандай
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері,
халықаралық фестивальдердің жүлдегері, Темірбек Жүргенов
атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының профессоры.
Қазақ анимациясының өмірге келгеніне биыл 40 жыл то-
лыпты. Сонау 1965 жылдың маусым айында Мәскеудегі
Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының
көркемсурет факультетінің түлегі Әмен Қайдар «Қазақфильм»
киностудиясына жұмысқа тұрады. «Қарлығаштың құйрығы
неге айыр?» атты мультфильмді жасауға кіріседі. Араға екі
жыл салып, яғни 1967 жылдың күзінде қазақтың алғашқы тырнақалды мульттуындысы еліміздің үлкен экранына шығады. Сөйтіп қазақ анимация өнерінің іргетасы қаланады. Қазақ мәдениетіндегі кенже өнердің бірінен саналатын анимацияның келешегіне көпшіліктің сол кезде күмәнмен қарағаны белгілі. Алайда, құштарлық пен қайсарлықтың арқасында Әмен Қайдар бастаған өнерлі қазақ жастары шығармашылық топ құрып, тыңға түрен салған еді. Тұсаукесер көрсетілімі Ленинград қаласында өткен ІІІ Бүкілодақтық кинофестивальде өтті. Кейін әлемнің қырық сегіз елін аралады. Аталған халықаралық мультфильмдер фестивалінде қазылар алқасы қазақтың тұңғыш «Қарлығашына» «Қола Паркиноскоп» жүлдесін берді. Міне, осылай анимация өнерінің қазақ еліндегі жұлдызын жарқыратқан Әмен аға, қазір халқымыздың ардагер, аяулы ұлы. Танымалы суретші, талантты режиссер-аниматтор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, халықаралық фестивальдердің жүлдегері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының профессоры. Демек, Әмен ағаның өзінің сүйікті өнері жайлы, әрине, айтары көп. – Сіз бұл өнерге неге қызықтыңыз? Оған не себеп болды? – 1947 жылы Алматы көркем-сурет училищесінде оқып жүргенімде Уолт Диснейдің «Бемби» деген толықметражды мультфильмін көргендегі алған әсерім осы күнге дейін есімде. Бұл неткен ғажайып өнер! – деп таңқалғаным бар сонда. «Бұл қалай жасалған? Қалайша суретке жан біткен?» – деген сауалдар маған маза бермеді. Егер де өмірлік мамандығым суретшілік болса, мен де неге өзім салған суреттеріме жан бере алмаймын? Осы қызығушылық күн өткен сайын мені еріксіз өзіне тарта берді. Жаңа өнер, ұлтымызда бұрын-соңды болмаған мамандық мені ақыры ноқталап тынды. Анимация қазақ мәдениетіне қажет екені айдан анық еді. ХХ ғасырдың рухани тілі екені жалпақ әлемге мәлім бола бастаған кез. Кино, оның ішінде анимация жер жүзіне тарап, өзге ұлттардың рухани қаруына айналып, үстемдік жасауына көмектесе бастады. Біз сияқты саны аз ұлттар өзін сақтау үшін кино өнерін меңгеруі шарт болды. Әрине, алғашқы фильмдеріміз орыс тілінде сөйлейтін.
Себебі көрермендер осы тілдің құлы болған еді. Ана тіліміз алыстап, жойылуға жақындаған қатерлі шақ төнді. Қазақ тілінің тағдырын ойлағандар «ұлтшыл», «халық жауы» атанды. Неткен әбестік, халық қасиетін қорғағандар «халық жауы» болғаны қалай? Мен басқа тақырыпқа сәл ауытқып кеттім білем. Бірақ оны айтпасқа болмайды. Халық ертегісін естімей өскен сәби анасының ақ сүтін ақтамайды. Сондықтан да қазаққа мультфильм қажет. Ертегі өмірін мультфильм арқылы мәңгілікке айналдыру мүмкіндігін байқадым. Фольклор ұлттық мәдениеттің сарқылмайтын қайнар көзі, сол арқылы ұлт танылды. Мультфильм суретке жан беретін өнер. Осының соңына түскеніме жарты ғасырдай болды. Ал үстіміздегі жылдың 28 қыркүйегінде Алматыдағы Кино үйінде қазақ мультфильмінің дүниеге келгеніне 40 жыл толуына арналған салтанат болады. Бұл «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің аясында өтеді. Осы жылдардың ішінде жүзден астам мультфильм жасалды. Кезінде барлық билік Мәскеудің қолында болғандықтан біз оған бағынышты болдық. Сондықтан олардың бәрі сол Мәскеудегі мультфильмдер сақтайтын қоймада. Ал, қазір өз дүниемізді өзіміз ала алмай отырмыз. – Сонда ол жақта біздің қолымыз жетпей отырған қанша мультфильм бар? Мемлекеттік тетіктер арқылы әрекет етіп көрдіңіздер ме? – Жаңағы айтылған туындылардың бәрі де сол жақта. Бұл өзі бір үлкен ұзақ әңгіме. Мына нарық заманында қазаққа не керек? Біріншіден, экономиканы өркендету керек. Президент «алдымен экономика содан кейін идеология» деді ғой. «Аштан ақыл сұрама» демекші Елбасы кезінде, бұл мәселені дұрыс қойды. Сол кісінің нұсқауымен біраз нәтижеге жеттік. Иншалла, Алматы жаңарып, өсіп келеді. Халықтың еңсесі көтеріліп келеді. Бірақ, рухани байлық жоқ. Рухани жүдеу тереңдеп барады. Біздің байлар елді, халықты ойламайды. Олардың мақсаты – өз қалтасын толтыру. Ал елдің мүддесіне, рухани өнеріне атүсті қарайды. Сіздердің «Дала мен Қаланы» алып, оқып тұрмын. Міне, осы газеттің атының өзі көп нәрсені аңғартады. Біз бәріміз ауылдан шыққанбыз. Біздің тіліміз, тарихымыз, тамырымыз бәрі ауылда. Қазір қазақтың тілінің, мәдениетінің, өнерінің келешегі қандай болады деп ойлап жүрмін. – Осы мультфильм өнері сурет өнеріне жақын ба, жоқ әлде кино өнеріне жақын ба? – Мультфильм барлық өнердің басын қосатын өнер. Бұл синтездік өнердің шыңы. Себебі, мұнда әдебиет те бар, яғни, сценарий жазу,
келешек жаңа туындының идеясын айқындау. Онда драматургия да,
сурет те, музыка да, техника да бар. Мультфильм жасау үшін міне
осылардың бәрі қажет. Сондықтан да мультфильм дамыған елдер-
де ғана бар. Қазір ең мықты дамыған ел АҚШ. Сондықтан оның
мультфильмі қазір бәрінен де озып отыр. Мынау жаһандану зама-
нында киносымен бүкіл елді жаулап, билік айтып отырған солар.
Жалғыз ағылшын тілі арқылы ғана емес, мультфильмі арқылы да
балаларымыздың санасын билеп барады. Кинотеатрларды, теле-
экрандарды солардың кинолары, солардың муьтфильмдері жаулап
алды. Ал біз өз жерімізде, өз киномызды, төл мультфильмімізді
көрсете алмай отырмыз. Сөйтіп өз өсиетімізді, өз тәрбиемізді
ұрпағымызға айтып жеткізе алмай жүрміз.
– Қазір қазақ мультфильмінің даму қарқыны қандай? Өзіңіз
қанағаттанасыз ба?
– Біздің алғашқы мультфильміміз осыдан қырық жыл бұрын
шыққан – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген қазақ ертегісі
бойынша жасалған. Содан кейін біз өсіп, өркендеп он жылдың
ішінде тобымыз көбейді. «Қазақфильм» киностудиясы бізге жағдай
туғызды. Бірақ біз бұған оңай қол жеткізген жоқпыз. Мәскеуден оқу
бітіріп келген соң «мультфильм жасаймын» деп «Қазақфильмге»
келгенде «ондай болмайды, мүмкіншілік жоқ» деді. Сөйтіп сол
кездегі «Қазақфильмнің» директоры, «Госкиноның» бастығы
рұқсат етпеді. Кейінірек директор ауысты да оның орнына отыз
үш жастағы жорналшы Камал Смайылов келді. Сол Камал қазақ
мультфильміне жол ашты. Бұған «сендер істей алмайсыңдар» деп
Мәскеу қарсы болды. Оған қарамай біз жұмысқа кірістік. Камалдың
көмегімен мультфильм дами бастады. Менің және менен кейін кел-
ген мамандардың мультфильмдері фестивальдерде, байқауларда
жүлде алып, «қазақта мультфильм бар» деген ұғым қалыптаса бас-
тады. Сол уақытта біз өркендеп өстік. Ал кешегі өтпелі кезеңде
біз тоқырауға түстік. Мультфильм жасау жалпы тоқтап қалды. Ең
соңғы мультфильм өткен ғасырдың аяғында 1998 жылы түсірілді.
Келешекті ойладым да бұлай болмас деп Темірбек Жүргенов
атындағы Өнер академиясына және Мәдениет министрлігіне барып,
министрдің сол кездегі орынбасары Әшірбек Сығайға кіріп ойымды
айттым. «Қазір «Қазақфильмнің» жағдайын өзіңіз білесіз, сондықтан
мына Өнер академиясының жанынан мультфильм жасайтын студия
ашып, шәкірттер тәрбиелейін» дедім. «Ой, ағай сізге қашан да бол-
са қолдан келгенді істейміз. Бізде қазақ мультфильмінің келешегі
қандай болады деп кеңесіп, жоспар құрып жатқанбыз» деп қолына телефонды алды да, ол уақытта ректоры Есмұқан Обаев болатын, телефон соқты. «Маған Әмен аға келіп отыр. Осы кісіні қабылда, ұсынысын жүзеге асыруға көмек бер. Мультфильмнің мамандарын дайындауды енді өзіміз қолға алуымыз керек» – деді. Есмұқан мені көңілді әрі жылы ілтипатпен қарсы алды. «Болар істің басына, жақсы келер қасына» демекші тура келген екенсіз. Жаңа мамандықтар ашылып, бізде ірі өзгерістер болып жатыр» деді. Сонымен бізді актерлерге жақындау деп соларға қосты. Мультфильмнің үш саласы бойынша білім алуға мүмкіншілік берді. Содан бері он төрт жыл болды. Бүгінде біраз дарынды жастар тәрбиеленіп шықты. Талантты жастарға жағдай туғызудың арқасында қазір Өнер академиясында өз алдына жеке факультет болды. Осы өнеріміз жоғалмасын деп жыл сайын сегіз – он шәкірттен қабылдап отырмыз. Қазір елуден аса шәкірт дайындадық. Соңғы жылдары жаңа технология мультфильм жасауға да ықпал ете бастады. Қазір компьютер арқылы қалай мультфильм жасау керек? Деген мәселе күн тәртібіне қойылды. Біз компьютер сатып алдық. Соған балаларды үйретіп, өзіміз де үйреніп жаңа бағдарламалармен жұмыс істеп жатырмыз. «Кәрі атты жорғаға үйретпейді» демекші, өзімнің немерелеріммен жасты балалармен қатар отырып, сауат ашып жатқан жайым да бар. – Осы өнердің қазақ топырағында кіндігі кесілгеніне өзіңіздің сөзіңізден аңғарып отырмыз қырық жыл болыпты. Бұл қалыптасу үшін, әрине, аз мерзім емес екені рас. Осындайда бір сәт өткенге көз жүгіртіп, «не істедік, неге қолымыз жетті?» деп ой қорытуда артық болмас. – Суретке жан беру деген өнер ол өте қиын өнер. Бұл алғаш АҚШ-та пайда болған өнер. Содан кейін жер жүзіне тарады. Біз оның негіздерін меңгеріп, әдіс-тәсілдерін бір шама үйрендік. Өзіндік мектебіміз қалыптасты. Біз 2002 жылы «Қазақфильмге» барып, оның директоры Сергей Әзімовке жолықтық. «Секе, сіз киноның тізгінін қолға алдыңыз. Енді осыны пайдаланып қайтадан мультфильмді жандандырайық» дедім. Ол да «жарайды» деп жағдай туғызды, Иншалла, бүгінгі күні «Қазақфильмде» қайтадан мультфильм бірлестігі ұйымдастырылып, мені көркемдік жетекші қылып, менің шәкірттерім барып біраз мультфильмдер жасады. Қазір жылына сол төрт-бес мультфильм жасауға жетіп қалдық. Бұл кеңес заманында бізде жыл сайын жасалатын мультфильмдердің
санымен деңгейлес. Қазіргі барлық мамандар өзіміз оқытқан, тәрбиелеген жастар. Олардың еңбектері шетелдерге де танылып, фестивальдерге қатысып жүлде алып жатыр. Мәселен, менің шәкіртім режиссер Қайырғали Қасымов тәуелсіз «Тарлан» жүлдесінің иегері болды. Ол Белорусь еліне «Құйыршық» деген мультфильмін апарды. Сценарийін мен жаздым, суретшісі Әміржан Қазиев. Бұл көп сериялы мультфильм. Халықаралық фестивалде жүлде алып келді. Сөйтіп өзіміз енді қайтадан «тіріле» бастадық. Тәжірибе алмасу мақсатында менің шәкірттерім Қытайға барып келді. Олардың мультфильмдерін көріп, түсірудің әдіс-тәсілдерімен танысып қайтты. Енді олармен де қарым-қатынас жасаймыз. Сондай-ақ, Франциядан мұғалімдер шақырттық. Бұл өзі нәзік тамаша өнер болған соң бұған ешкім қарсы келмейді. Тек қолыңнан келіп еңбек істесең болғаны. Менде қазақ мультфильмі болды деген үміт бар. Бірақ күдік те жоқ емес. – Сіздің емеурініңізден байқап отырмын. Әлі де болса анимацияның, яғни, қазақ мультфильмінің ертеңіне күдікпен сеніңкіремей қарайтын сияқтысыз. Бұған қандай себептер бар? – Өзіңіз білесіз бір жылда үш жүз алпыс бес күн бар. Әр күні он минуттық бір қазақ мультфильмін көрсетсек үш жүз алпыс бес мультфильм керек екен. Егерде біз бүгін жылына бес-алты мультфильм ғана жасасақ сонда қанша уақыт керек. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін, әрине, үлкен фабрика керек. Мәселен, АҚШ-тың атақты «Уолт Дисней» студиясы жылына бір жарым сағаттық толықметражды мультфильм жасайтын болса, олар соған миллиондаған доллар жұмсайды. Оған үш мыңдай адам қатысады. Ал біздің бірлестікте он бес, жиырма адам бар. Әрине, біз олармен жарыса алмаймыз. Сосын олар одан көп табыс түсіреді. Ол бірі. Екіншіден, олардың мақсаты – ақша табу. Ал біз үшін бірінші мақсат – ұлттық мүддені көздеуіміз керек. Ұлт үшін ұлттық өнерді сақтап, ұлттық мультфильмді дамытуымыз қажет. Өзіміздің ғасырлап келе жатқан фольклорымызды, ертегілерді, хисалардың бәрін бүгінгі техниканың көмегімен мультфильмге айналдырып, қазіргі сандық технологияның арқасында оған жан бітіру. Сөйтіп өзіміздің ұрпағымыз үшін еңбек ету, оларға мультфильмді көрсету арқылы қазақша тәрбие беру. Біздің негізгі ойымыздың түп төркіні міне осы. Сондықтан бізді қолдайтын демеуші үкімет болуы керек. Жыл сайын мемлекеттік бюджеттен тұрақты қаржы бөлініп отыруы қажет.
Біз балалар үшін мультфильм жасаймыз. Сондықтан да ұрпақ
тәрбиесін ойлаған ел ең алдымен қамқорлықты балаға жасайды.
Демеуші іздеп, ол ақша береді дегенге мен сенбеймін. Себебі, бер-
генмен де бүгін бар, ертең жоқ. Ал жеке адам өзінің атын шығару
үшін істеуі мүмкін. Ол елдің, халықтың, үкіметтің міндетін өзіне
ала алмайды. Оған алып та қажеті жоқ. Мәселен, мен жеке студия
аштым, отырмын жұмыссыз. Маған демеуші керек. Ал ертең жеке
адамның тапсырмасымен мультфильм жасап шығардық. Ол кімге
керек, не үшін керек.
Жалпы менің өмірге деген негізгі көзқарасым қоғам өзгерсе де
өзгермеді деп ойлаймын. Ол ел, халық үшін қызмет ету. Сондықтан
да өнердің де бірінші мақсаты міне осы. Ол елдің рухани байлығын
сақтау, адалдыққа тәрбиелеу, әсемдікке баулу, сәнді өмір сүруге
үйрету. Ал американдықтарды алсаңыз жұртты қызықтырып,
ақша табу үшін жат пиғылдағы фильмдерді кино, телеэкран-
дардан көрсетіп, балаларымыздың санасын бүлдіріп жатыр. Ал
әлгі әдепті фильмдерге жұрт келмейді. Менің ойымша Америка
фильмдерінің көздеген мақсаты – рухани тонау, адамды азғыру,
оның наным-түсінігін қирату, бүлдіру. Әрине, бәрі жаман деп айт-
паймын, жақсысы да бар. бәрібір олар біздің ұлттық мүддемізді
қорғамайды, олар біздің ұлттық мәдениетімізді жасап бермейді.
Әр ұлт өз мүддесін өзі қорғау керек. Ол өз жүрегінен шығу керек.
Әркім өз өнерін өзі жасауы керек. Мен осылардың бәрін Білім және
ғылым, сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрлігіне талай рет
жолығып айттым, түсіндірдім. Себебі өнер деген ғасырлар бойы
жалғасып, ата-бабадан мұра болып қалған құнсыз асыл қазына ғой.
Сондықтан да оны креслода бір-екі жыл отыратын адамдар шеше
алмайды. Олар ұзақ мерзімді жоспар жасап та үлгермейді. Өнердің
тізгінін маман адамдар ұстау керек. Өнерге жаны ашитын адамдар
отыруы керек.
– Сіздің мультфильм түсіретін студияларыңыз бүгінгі заман
талабына сай қажетті техникалық құрал-саймандармен толық
жарақталған ба?
– Әрине, толық жабдықталған деп айтуға болады. Ондай студия-
лар бізде бар. бірақ бәрін шешетін талантты, дарынды, сауатты ма-
мандар. Әзірге осы жағы қиын. Себебі жалақысы өте аз. Мәселен,
режиссер болған адам айына екі жүз доллар алады. Ал қазір
жекеменшік әртүрлі студиялар ашылып жатыр. Қолынан іс келетін
жақсы жас мамандар сол жарнама түсіретін студияларға кетуде.
Онда олар төрт-бес есе ақша алады. Ал біздің мемлекеттік, халық үшін қызмет ететін студиялардың бәрі кедей. Мәселен, «Көшпенді» фильміне кеткен отыз бес миллион долларды егер бізге жұмсаса, біз жылына толықметражды бір жарым сағаттық мультфильм жасайтын болсақ, онда ол ақша бізге жүз жиырма жылға жетеді екен. Қазір ақша жоқ емес бар, соны дұрыс жұмсау керек. Иншалла, қазір бәрі бар, еліміз бай. Енді біз рухани жүдеуден құтылуымыз керек. Жақында Елбасы еліміздің оқушыларымен интерактивті сабақ жүргізгені белгілі. Бұл дегеніміз – жаңа өмірдің көрінісі. Бізде осы сандық технологияны мультфильм өндірісіне енгізуіміз қажет. Ауылдағы балаларға жетеміз, соларды тәрбиелейміз десек, біздің кім екенімізді айта алатын осы қазақи мультфильм. Біз жылына жүз шақты мультфильм жасасақ сонда ғана ел назарын өзімізге аударып, балаларды өзімізше тәрбиелей аламыз. Сан мен сапа сай болу керек. Біздің төрт-бес фильміміз тек қана қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана дүние. Елу елдің қатарында тереземіз тең болсын десек мультфильмімізді де сол дамыған елдердің мультфильмдерінің деңгейіне көтеруіміз керек. Мультфильм жоқ ел ол төменгі сатыдағы ел деп саналады. Мәдениеттің шыңы, белгісі ол мультфильм деп есептелінеді. – Жалпы біздің елде осы саладағы жұмыс істейтін қанша студия бар? Олардың қызметі сізді қанағаттандырады ма? – Бізде бар, әзірге онша көп емес. Шымкентте «Жебе» деген мультстудия бар. ондағы дарынды балалар біраз мультфильм жасады. Көрдім, олар «Шымкентте халықаралық фестиваль өткіземіз» деп шақырып отыр. Оған Орталық Азия елдері, бұрынғы Кеңес Одағының басқа республикалары да қатыспақ. Сондай-ақ, Америкаға да және басқа алыс шетелдерге де шақыру жіберіпті. Шымкент деген қазақтың мәдени ордасының бірі ғой. Қазір қазақ мультфильміне сұраныс бар. Бізде үш миллиондай оқушы бар. Соның бір миллионы біздің мультфильмдерді көріп, тыңдайтын болса, онда біз өзіміздіөзіміз ақтайтын едік. Нарық, сауда заманында бізге басқа елге өнім шығару басты мақсат емес. Басты мақсат – ең алдымен өзіміздің балалардың жүрегіне жол табу. Солармен қарым-қатынас орнату. Ұлттық мультфильмді ауыл балаларына жеткізетін уақыт келді. Қазір толық техникалық мүмкіншілік бар. Ал оны тиімді пайдалану керек. Кадр дайындау керек. Олар тарап кетпейтіндей жұмыспен қамту керек. Жаңа фильмдер жасауға дәнекер болған жөн. Егер өкімет «мультфильм жасаңдар» деп ақшаны үйіп-төгіп берсе, біз
бірден жасай алмауымыз мүмкін. Өйткені рухани мәдениетті бір-
екі жылдың ішінде істей алмайсыз. Ол ғасырлар міндеті.
– Қазақ ертегілерін, батырлар жырларын арқау еткен және
жаңа заман тудырған ерлердің ерен істерін көрсететін муль-
тфильмдер түсіру жағы қалай?
– Айналайын, он минуттық мультфильмдерді әзер түсіріп
жүргенде, сіз сұрап отырған үлкен ауқымды дүниелерді түсіру
оңай емес. Ол бір сағаттық туынды. Ол үшін үлкен толықметражды
мультфильм болу керек. Оған біз жете алмай отырмыз. Ол
қиял, ол мақсат. Мәселен, менің «Ертөстік» деген сценарийім
«Қазақфильмде» жатыр. Ал қазір «Мүшел» деген толықметражды
бір мультфильм жасауда. Оны түсіріп жатқан режиссер Болат Ома-
ров. Бұл енді екі-үш жыл жасайтын жұмыс. Мұндай ірі мульт-
фильмге кірісу үшін көп дайындық қажет. Мен айтар едім қазақтың
фольклорында ұлтымыздың барлық дәстүрлері, тұрмыс-салттары,
халқымыздың бар болмысы, ерлігі мен өмірі жатыр. Ұлттың рухы,
күші, тарихы сол аңыз әңгімелерімізде, дастан-жырларымызда.
Міне, осыны мультфильм етіп шығаруымыз керек. Осыларды ХХІ
ғасырдың жаңа технологиясының көмегімен сақтап қалсақ, онда
бұл ұлттың мәңгілігінің кепілі. Халқымыздың жадында күні бүгінге
дейін қаймағы бұзылмай, сақталып келген аңыз-әңгімелердегі
кейіпкерлердің іс-әрекетіне жан беріп, олардың өрлігін, ерлігін,
елін, жерін сүйген қасиеттерін мультфильм тілімен баяндай алсақ
онда біздің еңбегіміздің жанғаны.
– Жаңа сөз арасында он минуттық мультфильмдер жайлы
айтып кеттіңіз. Сонда осы он минуттық туындыларыңызға
қандай тақырыптарды арқау етесіздер?
– Әр түрлі. Мәселен, «Құйыршық» деген бірінші көп сериялы
қазақ мультфильмі. Оның әр сериясы сегіз минуттан тұрады. Оның
төртінші сериясын режиссер Қайырғали Қасымов жасап жатыр.
Мұндағы бірінші мәселе қазақтың дәстүрін көрсету, екінші мәселе
тіл үйрету. Қазақи жағдайда әр заттың атын білу. Бұл мультфильмді
бейне таспаға жазып алып, кез келген жерде көріп, қазақ тілін
үйренуге болады. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысының жеңісіне
алпыс жыл толуына арналған он минуттық «Тағдыр» деген бір муль-
тфильм жасалды. Ол менің өмірбаяным сияқты. Оны жасаған жаңағы
Қайырғали. Ол да сәтті шыққан. Музыкасына Шәмші Қалдаяқовтың
«Менің Қазақстаным» деген атақты әнін пайдаландық. Ол кезде ол
әлі Әнұранға айналмаған. Мұнда патриоттық рух бой көрсетеді.
Егер Қорқытты алсақ ол қара қобызды бозінгендей боздатқан киелі тұлға. «Ләйлі – Мәжнүн» де керемет. Ал аңызға арқау болған Ақсақ құлан. Оларды балалар кітаптан оқығаннан гөрі, мультфильмнен көргендері анағұрлым санасына тез әсер ететіні белгілі. Осындай «Ақсақ құландай» дүниелер жасасақ, біз өзімізді ешкімнен кем санамас едік. Қазір бұған бізде толық жағдай бар. Мен үшін өнерде ең алдымен қымбат мазмұн, содан кейін форма. Әрине, сурет салсам да, фильм жасасам да, оның әсемдігі, шеберлігі, тартымдылығы қажет. Бірақ, ең алдымен ой туады. Көрерменге не айтқың келеді, айтарың қаншалықты құнды, ол кімге керек? Қызықты ма? Қоғамдық салмағы қанша? Мен үшін осы сауалдардың маңызы өте зор. Кейін ойыңды іске асыра бастағанда, сол ойға, яғни идеяға сай форма іздейсің. Сондықтан ең маңызды болып табылатын мазмұн. Себебі, мультфильмнің бала санасына тигізетін күшті әсері жайлы сөз арасында айтып кеттім. Қазіргі заманда ата-ана баланы асырау үшін күнделікті тірлікпен ылғи далада жүреді. Ал үйде қалған және балабақшада тәрбиеленіп жатқан балаларға ұлттық мультфильмдер көмекке келсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені мұнда әдебиет те, музыка да, актерлік те, көркем сөздің құдіреті де – қысқасы бәрі де бар. Кинотеатрлардың бәрі жекешеленді. Олар орыс тіліне аударылған америкндық блокбастерлерді көрсетіп ақша табуда. Теледидардан да көбіне көретініміз сол батыстың фильмдері. Жаһанданудың қатеріне қаншалықты бас ие береміз. Ұлттық мәдениеті жоқ ел келешегін жасамақ түгіл болжай алмайды да. Ұлттық өнерді аялауымыз керек. Өзге амал жоқ. Осыны енді түсініп келе жатқандаймыз. Жақсылыққа, ізгілікке тәрбиелейтін, ұлттық қасиетімізді дәріптейтін фильмдерге жол ашу керек. Халық байыған сайын рухани жағынан кедейленіп бара жатқан сияқтанады. – «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді атам қазақ. Демек, сізде шәкіртсіз емес екеніңізді білеміз. Енді солар жайлы да бір-екі ауыз айта кетсеңіз? – Шәкірттерімнің алдыңғы буыны алпыс жасқа тақап қалды. Алайда, біразы ақтық сапарға ертерек аттанды. Солардың ішінде, әсіресе, Ерсайын Әбдірахмановтың мезгілсіз дүниеден өтуі жүрегіме жазылмайтын жара салды. Ерсайын орны бөлек, ерекше дарынды тұлға еді. Мен оған аса зор үміт артқан едім. Режиссер-аниматор ретінде ол оншақты мультфильм жасады. Өнер академиясының ұстазы болды, кино факультетінің деканы ретінде
ізгілікті із қалдырды. Ал көзі тірі, аман-сау жүрген шәкірттерім мен ізбасарларыма ұлы тілек. Сендер сирек тұлғасыңдар, халыққа керек жансыңдар! ХХІ ғасырда қазақ мәдениеті анимациясыз өзге елдермен терезесі тең бола алмайды. ХХІ ғасыр сандық технология, интернет, телевизия заманы. Барлық өнердің басын біріктіріп, ұлт қасиетін қорғайтын – анимация. Осыны естен шығармаңыздар. Халқымның рухани мұрасын ХХІ ғасырда өркендетуі өз шәкірттеріме міндеттеймін. – Осы өнерге қатысты өзіңіз құрмет тұтатын тұлғалар бар ма? – Иә, бар деуге болады. Олар біздің елде де, шет елде де біраз бар. Ал, ерекше бағалайтыным кино тарихының классиктері Уолт Дисней мен Чарли Чаплин. Гүлжан Тұтқыбаева, Қазақстанның халық әртісі қазақ балетінің болашағы: бүгін және ертең... Қазақ балет өнеріндегі танымал тұлғалардың бірі – Қазақстанның халық әртісі, Халықаралық байқаулардың лауреаты, Абай атындағы академиялық Опера және балет театрының балет труппасының көркемдік жетекшісі әрі қоюшы режиссері, әлемдік деңгейдегі прима-балерина Гүлжан Тұтқыбаева қазақ балет өнерінің аса маңызды мәселелері жөнінде өз көзқарасын бізбен бөліскен еді. – Қазір елімізде балет өнері тоқырау кезеңін бастан кешіп жатқан сияқты ма, қалай? Жаңа қойылымдар көптен бері болмай кетті ғой. – Өзіңіз ойланып көріңізші? Бір форманы екінші жаңа формаға ауыстырғанда оның түрі де, мәні де, мазмұны да өзгеріп кетеді ғой. Сол сияқты қазір талғам өзгерді, өнерге деген көзқарас та мүлде басқа. Не жазып, не қойып жатырсың, ешкімнің шаруасы жоқ. Біз көбірек Кеңес тәрбиесін алғандықтан шығарманың сапалық деңгейіне ерекше көңіл бөлеміз. Ақша үшін емес, өнер үшін жазған туындыларды қоюға дағдыланған бізге бірден әсіреқызыл дүние жасау ерсі тәрізді көрініп, не істерімізді білмей, аңырап қалғанымыз рас. Себебі, біз көбіне – көп нұсқаумен, айтумен жұмыс істеп
үйрендік емес пе? Оның үстіне балет сияқты күрделі жанрға жазатын композиторлардың шығармаларына деген сұраныс та азайды. Үйлерінде бала-шаға бар, оларға нан керек. Осыны ойлаған олар содан кейін амалдың жоғынан әзірге өтімді болып тұрған ән жазуға көшті. Мен өзім жаңа балеттің көптен жазылмай жатқаны міне, осыдан деп ойлаймын. Өзім көптеген балеттер қойдым. Сирек қойсам да балеттерім осы өнерді сүйетін жандарға белгілі. Мәселен, 70 жылдардың соңында жазылған Алмас Серкебаевтың «Ақсақ құлан», Олжас Сүлейменовтың «Құм кітабы» негізінде қойылған Тимур Мыңбаевтың «Фреска» сынды балеттері бар. бұған атақты балетмейстер Зәуірбек Райбаевтың сахналаған балеттерін қосыңыз. Жалпы қазақ балетінің тарихы өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан басталады. Соғыстан кейін қазақ балетінің дәуірлеу кезеңі басталды. Тұңғыш қазақ балетмейстері, Қазақстанның халық әртісі Дәурен Әбіров осы жылдары жемісті еңбек етті. Олардың ізін басқан біздер ағалар қалдырған қолтаңбаны қастерлеп келеміз. Қазақ балет өнерінің классикалық туындыларына айналған қойылымдар күні бүгінге дейін театр репертуарынан түспей қойылып жүр. Ал қазір көп композиторлар үшін ән жазу ең оңай ортақ тәсілге айналып кетті. Әрі көп қиналып, тер төгіп жатпайсың, көп уақыт та кетпейді, әнің жақсы шықса, әншілер де қол-аяғын жерге тигізбей, қағып әкетеді. Мұның бір жаманы, бүгінде ән шығаратын шала сауатты «композиторсымақтар» көбейіп кетті. Балет жазбақ тұрмақ, әннің әуенін қағазға түсіре алмайтын, домбырамен «ыңылдап» айтып беріп, ақшасын төлеп, әнін шығарып жүргендерге қарап «композитор» деген қасиетті ұғымның қадірінің кеткені ме деп өкінемін. – Шикілі-пісілі, жеңіл-желпі, жылт етпе дүниелермен жұрттың көңілін ұзақ аулай алмайсың ғой. Әлем-жәлем көріністен, даңғыр-дұңғыр музыкадан жалыққан жұрт күндердің күнінде одан жеріп, теріс айналуы әбден мүмкін емес пе? – Әрине, салмақты, мағынасы терең, мазмұны бай күрделі классикалық музыканың дәуірлеу кезеңі де, құлдилау кезеңі де тарихта болып тұрған. Ал өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап классикалық жанрдың өрісі тарыла бастағаны белгілі. Бүгінде бұл құбылыс бүкіл әлемде байқалып отыр. Қазір рок, поп сынды әр түрлі ағымдағы музыка дүниежүзінің сахнасын, теледидары мен радиосын жаулап алды. Миллиондаған данамен дүниенің төрткүл бұрышында сатылып жатқан компактдискі мен бейнеклиптер солардың еншісіне тиеді. Батыстың, міне,
осы мәдени «тасқыны» бізді басып қалды. Бұл «топанды» тоқтату үшін ұлттық музыкалық идеологиямызды жасауымыз қажет. Күрделі жанрдың беделін көтеретін композиторлар бізде, әрине, аз емес. Еркеғали Рахмадиев, Мыңжасар Маңғытаев, Төлеген Мұхамеджанов, Серік Еркімбеков, Бейбіт Дәлденбаев, Алмас Серкебаев, Тимур Мыңбаев және басқалар ірі-ірі күрделі шығармалар тудыратын, тәжірибелі де дарынды, өнердегі ірі де кесек тұлғалар. Бірақ қазір мемлекет тарапынан операға, балетке, симфониялық шығармаларға онша сұраныс болмай отыр. Мұндай күрделі туындыларды қаржыландырмайынша, оны сахнаға шығару, оркестрмен ойнату екенің бірінің қолынан келе бермейді. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» деген, міне осы. Бірақ композиторларымыз қол қусырып қарап отыр дегеннен аулақпын. Мәселен, Қуат Шілдебаев «Тамыр» деген модерн балет жазды. Францияда көрсетілді. Оны Болат Аюханов қойды. Ал қазір «Алтын адам» дәуіріне саяхат жасау мақсатында архаизмнен сыр тартатын шартты атаумен жаңа балет жазып жатыр. Ол тоқсан пайызға дайын болып қалыпты. Құдай қаласа, көрермендер көп ұзамай көріп қалуы мүмкін. Бұны белгілі балетмейстер В.Гончаровтың бастамасымен қолға алып отыр. Либреттосын ақын Дүйсенбек Нақыпов жазыпты. Модерн балет стилінде жазылған балетке классикалық балеттің де жетістіктерін және бүгінгі замандық еркін балет өнерін де молынан пайдаланып жатқанын айтады. Әрине, ол «Аққу көлі» сияқты классикалық балеттен мүлде бөлек екені белгілі. Мұнда толқыған дала, азынаған жел, солармен астасып жеткен халық мұңы, тыныс-тіршілігі бәрі-бәрі қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары; жетіген, қыл қобыз, шаңқобыз, дауылпаз, сыбызғы, дабыл, домбыра үндерімен беріледі дейді Қуат. Сондай-ақ, мұнда ежелгі заман мақамдары бүгінгі уқыт музыкасымен де үндестік тапқан көрінеді. Жалпы Қуаттың балеттерінің бәрі бір актілі, 45–50 минуттан аспайды. Бұл, әрине, көрерменді жалықтырмайды. Міне, осындай «бүгінгі талғамға сай келеді-ау» деген азды-көпті дайын дүниелер де бар. оның бәрі де қаржыға тіреліп тұр. Әзірге балетке мемлекеттік тапсырыс жоқ. Театр тапсырыс бермейді, оған қаржысы тапшы. Қолдау көрсететін меценаттық, демеушілік жағы елімізде дамымай отыр. Оның үстіне батыстың поп музыкасы басып алып, еңсені көтертпей тастады. – Сонда балет жанрының келешегі бұлыңғыр болғаны ма, әлде бізге оның қажеті жоқ па?
– Балет – қазақ топырағына қондырма өнер. Солай болса да, ол бізге қажет. Өйткені біз өркениетті, зайырлы елміз. Операның да, балеттің де бізге ешбір жаттығы жоқ. Өзіміздің төл өнеріміздей болып кетті. Мәселен, Ғазиза Жұбанованың «Ақ құс туралы аңыз», «Хиросима дабылы», Төлеген Мұхамеджановтың «Самұрық», сондай-ақ Тілес Қажығалиевтің, Бейбіт Дәлденбаевтың балеттері бұл саладағы жетістіктеріміз емес пе?... Балет өнердің бір жанры ретінде өмір сүреді. Оған күмән жоқ. Бірақ қандай формада болады, қандай өзгерістерге ұшырайды, оны келешек көрсетеді. Қазір дүниежүзінде бұл өнердің алуан түрлі формалары өмірге келіп жатыр. Бұл – әрине, заңдылық. – Балет жоғары сананы, түсінікті, сезінуді, мәдениеттілікті талап ететін өнер. Сонда біздің оны қабылдау деңгейіміз төмен бе, неге оған көрермендер аз келеді? – Бұл сұраққа бір жақты жауап беру өте қиын. Бүгінгі көрермендер – жастар. Олар тарихқа қызықпайды. Мәдениет бірінші кезекте өркениеттің адам санасындағы тамаша ескерткіштері болып табылады. Себебі, ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан адам түйсігінің айнасы іспетті. Мәдениетке және өнерге деген мемлекеттік көзқарасты ешқандай экономикалық объективті қиындықтармен ақтап алуға болмайды. Қазақтың ұлттық өнерін еш жерден сатып ала алмайсың. Ол машиналар, технологиялар және мамандар сияқты экспорттауға келмейді. Ол тек Қазақстанда ғана гүлдеп, өркендейді. Оны өткізіп немесе жоғалтып алсақ ешқандай ақшамен қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Ал біз сөз етіп отырған ұлттық балет мәдениетіміздің сөзсіз бір кірпіші болып табылады. Бір кездері бұл өнер біртұтас кеңес елінің өзіндік «визиттік карточкасы» болатын. Басқа көркем өнерге қарағанда, балет өнері бізді әлемдік даңққа бөледі. Бұның бәрі әлемдік балет өнерінің ежелгі озық дәстүрлерін, классикалық биді жете меңгерген шеберлеріміздің арқасында қол жеткен жоғары жетістік. Сондайақ, балет спектакльдеріндегі симфонизм принциптері мен образ жасаудағы жаңа тетіктер де аз рөл ойнаған жоқ. Міне, осы табыстар қазақ балетінің бүгінгі табан тірейтін платформасы болып табылады. Басқа Орталық Азия елдерімен салыстырғанда біздің балет өнері қазір көш ілгері. Дегенмен, ауыз толтырып айтар ерекшелігіміз жоқ. Балет мәңгілік өмір сүреді. Ол сөзсіз. Қазір заман талабына сай көрермендер келетін, қызықтайтын хореографиялық балет қою қажет. Себебі, бұл балеттегі қазіргі әлемдік жаңа бағыт. Оны жасауға
бізде мүмкіндіктер молынан жетеді. Классикалық балет өнері қазір дүниежүзінде өте баяу дамуда. Баяғы ХХ ғасырдың басындағы қарқын қазір жоқ. Бірақ балет қажет сияқты. Сондықтан да батыс оның жаңа түрлерін ойлап тауып жатыр. Олар көбіне бүгінгі заман тақырыбына көп көңіл бөледі. Ол өте қызық әрі тартымды. Жаңа әдіс тәсілдер де кеңінен қолданылады. Мұндай қойылымдарға көрермендер де көп жиналатыны белгілі. Бүгінде бізде де жақсы нышан байқалады. Кейде белгілі әртістердің балеттеріне халық келетін болып жүр. – Әңгімеңізден аңғарып отырмын. Балетке сюжет болатын елдің аңыз әңгімелері, ертегілері, батырлар жырлары болса керек. Қазақ бұдан кенде емес қой. Бірақ ұлттық балетіміз саусақпен санарлық. Мұның сыры неде? – Қазақ балетіне негізі болып отырған ол ұлттық фольклор, қазақ халқына тән өзіндік би өнері. Бірақ бір кездері қазақта би болмаған деген көзқарас орын алды. Қазір ол айтылғандардың бәрі жалған әрі күлкілі болып шықты. Тарихта сезімдерін би иірімдерімен бермеген, ішкі жан дүниелерінің құбылысын би өрнегімен өрмеген бірде-бір халық жоқ. Би халық шығармашылығына қуатты эмоционалды импульс берді. Би өнері гармония мен сұлулықтан тұрады. Қазақ биінің табиғатында халқымыздың тұрмыс-салтының барлық көріністері бар. Оның әрбір қимылынан поэтикалық әуен сазы еседі. Би қазақ өмірімен ғасырлар бойы біте қайнасып келе жатқаны ғылыми тұрғыдан дәлелденген факт. Кәсіби хореография өнері қалыптаса бастаған шақта қазақтың дәстүрлі би өнерінің өзіне тән қасиеттері ескерілмей ұмыт қалған. Әрине, қазақ әнкүйін жинаған А. Затаевичтей би әуендерін, қазақ биін жинайтын жанашырдың болмағаны өкінішті-ақ. Бұл алғашқы кездері ұлттық балет өнеріміздің қарқынды дамуына өзінің кері әсерін тигізді. Оның үстіне кадр да жетіспеді. Балеттің дайын еуропалық үлгісін алған бізге ұлттық кәсіби балет өнерін қысқа мерзімнің ішінде жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік туды. Өзіңізге белгілі қазақ балетінің алғашқы қарлығашы «Қалқаман – Мамыр» балеті. Оның либреттосын атақты жазушы Мұхтар Әуезов жазды. Ал композиторы Василий Великанов, балетмейстрі Жуков, қоюшы – суретші Орал Таңсықбаев. Бұл балеттің сахналық өмірі қысқа болғанына қарамастан 1938 жылдың 24 маусымы қазақ балетінің туған күні болып саналады. Содан бері жетпіс жылға жуық уақыт өтті. Әрине, осы мерзім ішінде қазақ балеті
түпкілікті өзгерістерге ұшырады. Уақыт та өзгерді, заман жаңарды. Талап пен талғам басқаша. Қазір бұл өнерге ден қойып, назар аударушылар да көп емес. Бірақ, оған көңіл бөлмей, өз шаруасын жасап жатқан талантты жас композиторлар бізде жоқ емес, бар. Мәселен, ағайынды Серік пен Әліби Әбдінұровтар қазақтың аңызәңгімелеріне сүйене отырып, жыл мезгілдерінің тарихи атауларына негізделінген философиялық «Жұлдыздар керуені» атты балет жазып жатыр. Бұл туынды біз қайдан шықтық, ата-тегіміз кім, ұлттық құндылықтарымыз не деген сұрақтарға жауап іздейді. Авторлар ескі жәдігерлердің көмегімен, балет тілімен түп тарихымыздың бимен бейнеленген көрінісін жасамақшы... – Сонда балетке бүгінгі өмірдің алуан түрлі қақтығыстары, жаңа өмір болмысы сюжет бола алмай ма? – Балет өте жоғары интелектуалды өнер. Ол адамнан аса зор қабілетті әрі шеберлікті талап етеді. Мұнда оқиға музыка, сюжет, би, қимыл, қозғалыс арқылы көрсетіледі. Қазіргі өмірде де балет шығармаларына желі, сюжет болатын тартымды оқиғалар, әрине, ел тірлігінде, ел ішінде бар. Бірақ, ізденіс аз. Негізінен тарихи дүниеге құрылған балет тартымды, мазмұнды көрінеді. Көбіне ертегіге негізделеді. Ал қазіргі қоғамның көрінісін сөз ететін батыстық «Пәтер» деген балет бар. бұл жаңа заман ағымына батыстың көзқарасымен қарау. Оны олар балет жанрындағы жаңа бағыт деп түсіндіреді. Оған сақтықпен қарау керек. Бүгінгі кейбір лас, адамға жат жағымсыз көріністерді сахнада би арқылы көрсету мүмкін емес. Жұрт оны түсінбеуі де мүмкін. Сондықтан да мұндай балетті сахналаудан сақ болғанымыз жөн. Жаңаша екен деп тұра шаппай, батысқа еліктеп, солардыкін көшіріп ала бермей. Мені бір қуантатыны, жас композиторларда ұлттық балет жазуға деген талпыныс күшті. Сондықтан қазақ балетінің келешегі әлі алда деп ойлаймын. Жалпы, ұлттық хореографиялық балеттер қоюға бізде барлық жағдай бар, оны қою да керек. Себебі, балет – мәңгілік өнер. Ол классикалық дүние болғандықтан, қазір сәл тоқырауға түсіп отыр, бұл әсіресе, біздің елде осыдан бес-алты жыл бұрын ерекше байқалды. Ал батыста балет өзінің жаңару кезеңін бастан кешіп жатыр. Онда көбінесе бүгінгі заман тақырыбына көп көңіл бөле бастады. Тартымды жаңа әдіс-тәсілдер де балет өнеріне көптеп енуде. Біздің өзімізде де талпыныс бар. Ұлттық айшықта жазылған қазіргі өмірімізге құрылған «Дала тойы» атты кәсіби талапқа сай туған жаңа балет қойылмай қалды. Оған белгілі объективтік жағдайлар
кедергі болып отыр. Бірақ, бұл мәселе ашық күйінде қалды. Ал әзірге Мансұр Сағатовтың «Әлия» балетін жаңа замандық ұлттық балет деп айтуға болады. Ол Кеңес Одағының Батыры, шығыстың шынары атанған Әлия Молдағұлованың рухына қойылған балетескерткіш. Оны сахналаған балетмейстер Жанат Байдаралин. Бұдан да басқа біраз шығармалар бар. Ауызды жоқ деп қу шөппен сүртуге болмайды. Бізге бар дүниемізді көрсетуге жарнама жетпей жатқан сияқты. – Театрдың балет труппасының қазіргі жағдайы көңліңізден шыға ма? Жастар туралы не айтар едіңіз. – Бұрын балет өнерінің өкілдері сахнада жиырма жыл билесе болды, зейнеткерлікке шығатын. Қазір ол жойылды. Осы жағын түсіне алмай дал болған әртістеріміз Ресейге кетіп жатыр. Мемлекеттің қаржысына дайындалған мамандардың жемісін өзіміз емес, өзге ел жеп отыр. Себебі, онда бұл сақталған. Тағы бір жанға бататын мәселе – еңбекақы мен тұрғын үй. Міне, осыған мемлекет көбірек көңіл бөлсе екен деймін. Бұдан «біздегі балет труппасының халі мүлде мүшкіл екен» деген ой тумауы керек. Құдайға шүкір, Орталық Азиядағы бірден-бір толыққанды балет труппасы бар театр – біздің театр. Сондай-ақ, келешекте төрт балет труппасын жасақтауға қазір бізде мүмкіндік бар. Бірақ ойландыратын өкініштер де жоқ емес. Өзіңіз көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Елу, алпысқа келген әртістердің билеп жүргенін. Көрермен олардан қандай эстетикалық ләззат алады. Оның үстіне мұндай жаста билеу де қиын. Адамның сүйегі де қатып кетеді. Мұндай да әртіс өзін сахнада ебедейсіз сезінетіні белгілі. Әрі адам организміне де көп салмақ түсіреді. Осының бәрі ескерілмей отыр. Қырғыз елінде де осындай жағдай. Онда қазір тоғыз адам ғана жұмыс істейді. Өзбек, түркімен, тәжік елдерінде бұдан да аз. Ал біз олардан көш ілгеріміз. Бүгінде театрдың балет труппасында алпыс үш адам бар. Жалпы штат кестесі бойынша жетпіс алты адам болуы керек. Толыққанды жұмыс істеу үшін әлі де адамдар қажет. Біздің театрға балет бишілерін негізінен Алматыдағы А.В. Селезнев атындағы хореография училищесі дайындайды. Мәселен, 2005 жылы оны елу адам бітірсе, оның төрт-бесеуі ғана біздің театрға келген. Ал біреуі Кореяға, қалғандарының бәрі дерлік Ресейге кетті. Сонда біз олар үшін мемлекеттің қаржысын жұмсап, балет әртістерін дайындап жатқан сияқтымыз. Небір талантты жастарымыз міне, осылай шетел асып кетіп жатыр. Бұл менің жаныма
батады. Өткен 2006 жылы аталмыш оқу орнын отыз адам бітірді. Оның жиырмасын өзіміздің театрға қабылдадық. Біраз жылдардан бері балет әртістеріне дәл осындай тапсырыс берілмеген еді. Бұған соңғы жылдары қаржы мәселесінің шешіле бастауы себеп болды. Бишілер тек балетте ғана емес, операларға да қатысады. – Бірақ нағыз таланттарды өздеріңіз іріктеп, театрға алып қалатын шығарсыздар. Бұл жағынан ұтылуға әсте болмайтынын жадыларыңызда ұстағандарыңыз абзал ғой. Бұл жағынан мүлт кетпеген боларсыздар? – Әрине. Қазақ балеті шебер бишілерге кенде емес. «Спартак», «Дон Кихот», «Аққу көлі», «Шелкунчик» сынды классикалық балеттерде басты партияларды билеп жүрген халықаралық байқаулардың лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Досжан Табылды біздің ғана емес, еліміздің балет өнерінің мақтанышы. Сондайақ, келешегінен мол үміт күттіретін Ясауи Мерғалиев, Марат Әбдірахманов, Әсел Шайкенова, Гүлнұр Бөриева, Әмір Жексенбек, Гүлвира Құрбанова, Әлия Сыпақова, Наиля Керебаева. Бұлардың балет өнеріндегі аяқ алыстары бізді қуантып отыр. Ал өздерінің шеберлігімен кейінгі жас толқынды тәнті етіп, тәрбиелеп, үлгі-өнеге көрсетіп жүрген аға буын әртістер де бізде Құдайға шүкір, аз емес бар. Қазақ балетінің тарланы, Қазақстанның халық әртісі Раушан Байсейітова еліміздің абыройын талай елдің сахнасында асқақтатып, ұлттық өнеріміздің жұлдызын жарқыратқан өз кәсібінің нағыз хас шебері. Оның қолтаңбасы, оның мектебі теңдесі жоқ бір ғажап дүние. Осындай ортада өнердің көрігін қыздырып жүрген Сарагүл Нұрсұлтанова, Мұрат Такеев, Ұлан Мерзейтов, Эдуард Мәлбеков, Людмила Рудакова өтпелі кезеңнің бар қиындығына төзіп, қазақ балетінің туын жықпаған өнерпаздар. Қазір бұлардың бәрінің еңбегі жанып, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері атанып отыр. Ал өзіндік ерекше әртістік болмысымен, кейіпкерлер партиясын орындаудағы озық өнерімен көрермендер құрметіне бөленіп жүрген Алма Асқарбекованың балеттегі жетістігі ауыз толтырып айтарлық. Алма Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. – Балет өнерін игеру, әрине, оңай емес екенін жақсы білеміз. Бірақ оны таңдап алған адамға қандай қасиет қажет деп ойлайсыз? – Бидегі барлық белгілерді және символдарды оқуды және түсінуді бала кезден бастап игеруі қажет. Күн сайынғы ауыр еңбек балеринаны өзіне талап қойғыштыққа тәрбиелейді. Бәрінен де нәтиже мәнді.
Бір пайызы талант, табиғаттың берген сыйы және сәттілік, ал қалған тоқсан тоғыз пайызы – еңбек. Әрине, талантсыз да табыстарға жетіп жатады, бірақ ол кинода немесе ертегіде ғана болады. Ал өмірде бәрі басқаша. Балет бишісі табиғатында ең алдымен музыканы, оның ішінде симфониялық музыканы сүйетін, түсінетін жан болуы керек. Оқу орындары оның осы қасиетін оятып, байытады. Әуен бойындағы ғажап иірімдерді сезінген адам өзі де билеп кетеді. Балетте барлық оқиғалар бимен беріледі, айтайын деген ой бимен баяндалады. Сондықтан да даңғаза музыкаға құлақтары үйір болып қалған жастарға балет көңілсіз, іш пыстыратын, қызық емес сияқты болып көрінеді. Жастардың балетке бармайтыны осыдан. Ал былай қарасаңыз, нағыз эстетикалық нәзік, биік әрі жоғары өнер. Бұл өнердің жолына түскендер оған жан тәнімен құлай берілгендер немесе фанатиктер. Себебі, бұл белсенді әрі күрделі іс. Осы театрда жиырма жыл жұмыс істесемде әлі мен білмейтін балеттің сырлары көп. Ол адамнан теңдессіз білімді, қабілетті, кәсіби және музыкалық дайындықты талап етеді. Мәселен, әлемдік деңгейдегі балеринаға жалғыз талант немесе сәттілік, әрине, аздық етеді. Үнемі оқу керек. Менің өзім балеттің жілігін шағып, майын ішсем де үйренуден әлі күнге дейін жалыққан емеспін. Мол тәжірибем және Қазақстанның халық әртісі бола тұра мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына «режиссер-хореограф» мамандығын алу үшін оқуға түстім. Қазақ балеті ақсақалдарының бірі атақты Зәуірбек Райбаевтан хореография шеберлігіне машықтандым. Бұны айтып отырған себебім, балет өнері қаншалықты қиын, мехнатты екендігі. – Сіз бір сөзіңізде «Балет – ауыр өнер, ол адамның күш-қуатын ғана әлсіретіп қоймайды, бірте-бірте бишінің рухани тозуына алып келеді» деген едіңіз. Сонда үздіксіз дайындықтардан бишінің шаршайтыны рас шығар, бірақ рухани күш-қуатынан қалайша айырылады? – Адамның да тозығы жеткен шүберекке айналатын шағы болады. Балет тек секіруден, шыр көбелек айналудан ғана тұрмайды ғой, сезім иірімдерне құрылған өнер болғандықтан, жүрекпен ойлайсың. Адам шаршайды, қажиды. Кезекті әзірліктен шыққаннан кейін бір жарым екі сағатқа дейін өзіме-өзім келе алмай, ешнәрсе істеуге құлқым болмай қалатын кездер де кездеседі. Мен билемеймін, тек әр бишінің иығын, кеудесін, арқасын, қолын, қимылын түзеп, қозғалысын бақылап, кейіпкер образына кіруін бақылап жүремін.
Қолдың қимылы образға сай ма, ол өзінің биімен кейіпкер мінезін, оның ішкі жан дүниесін аша алды ма, бидің астарында не сыр жатыр, мұңаю, күлу, шаттану, жалғыздыққа беріліп, көппен бірге қуану балет тілінде көрініс бере алды ма? Міне, осының бәрін бишінің әрбір қимыл-қозғалысы баяндап тұрады. Балетте бүгін жасаған бейнеңді ертең түйіндеуің керек. Биші ешқашан да бір қалыпты, бір деңгейде билей алмайды. Көрермен түсіне ме, түсінбей ме, бірақ сахнада сұлулық патшалық құру керек. Балеринаның қимылы, жүрісі, түрі көрерменге сұлулықтың сыңарындай әсер қалдырып отыруы тиіс. Ал қырықтан асып, еңсесін тіктеп ұстай алмай, еңкіш тартқан әртіс көрерменнің аяушылығын ғана туғызады. Бұл өнер емес – қорлау. Қазір өнерде өте қатал түрде табиғи сұрыптау кезеңі жүріп жатыр. Айталық, балет өнеріне алғашқы кездері ниет білдіргендер көп болғанымен тек солардың бірлі-жарымы ғана осы өнер жолына түседі. Мәселен, жыл сайын аталған оқу орнына алпыс бала қабылданса, солардың көп болса, он алты-он жетісі ғана бітіріп шығады. Біреуінің денесі деформацияға ұшырайды, бірінің бойы өспей қалады, өте үлкен жүктемеге шыдамай, кейбірінің жүрегі сыр береді. Әйтеуір кішкентайынан төккен терінің жемісін татпақ түгілі, қатал сынның тезіне төтеп бере алмай, қатардан шығады. Елдің бәрі балетті ғажайып өнер деп таниды, ал сол ғажайып өнердің құны үшін кейде денсаулығыңмен қоштасуға тура келеді. – Балет жалпы жұртқа арналған өнер ме, жоқ, әлде белгілі бір элиталық немесе зиялы қауымның рухани сұранысын қанағаттандыруға бағышталған ба? – Мәселен, өзіңіз ойлаңызшы, мылқау өнердің тілін түсіне ме, түсінбей ме? Бірақ халық биі сияқты классикалық би де қарапайым адамдардың жанының рахаты, рухани қажеттілігі үшін жасалған. Адам мешітке барғанда, қажып, мүжіле бастаған жанын қуатпен толтыру үшін, жеңлдеу үшін барады. Балет те тап солай, адам бойындағы ауыртпалығынан арылып, кірлеген көңілін тазалайды. Адамға жастық шағын сағындырады, сағынған жастық шағымен қайта табыстырады. – Шет ел асып кетіп жатқандардың қағанағы қарық, сағанағы сарық деп айта аласыз ба? – Иә, біздің әртістер шет елге кетіп жатыр. Себебін түсіндіріп, айтудан шаршай бастадық. Репертуардың жұтаңдығы мен солғындығы әртісті бұдан былай ұстап тұра алмайтын болды. Оның үстіне өтпелі кезеңнің анау-мынау қиындықтарын көтере алмағандар...
Олардың арасында Қазақстанның ғана емес, әлемдік балет өнерінің жұлдыздары да бар. Сондай таланттарды мемлекет қамқорлығына алу керек қой. Бізде керісінше, «жастар ғой, үлгереді» деген көзқараспен қарайды. Биші – мамандықтың иесі емес, қызмет көрсетуші адам сияқты. Ол қартаймайтын мәңгі жас емес. Билеген, елдің өнері мен мәдениетін өркендеткен, мемлекеттің атын, абыройын асқақтатқан жақсы, бірақ қоғам тарапынан оған қайтарым болуы керек қой? Ол да тамақ ішуі керек, шет елдің бишілері сияқты үлде мен бүлдеге оранбаса да, отбасын құрып, балаларын асырауы керек қой? Бұл мәселе соңғы кездері өзінің оң шешімін таба бастаған сияқты. Оған біз қуанып отырмыз. Әсіресе, жалақы мәселесі жақсарып келеді. Мәселен, Түркия бірегей өнердің өкілі ретінде бишілеріне ай сайынғы еңбекақысына қоса отыз пайыз үстеме ақша қосатын көрінеді. Инфляциядан қорғаштап, тоқсан сайын тағы да қосымша қаржы береді екен. Еңбек демалысы екі ай. Түркияда алты бірдей опера және балет театры бар. Ал бізде әзірге екеу-ақ. Келешекте олардың қатары көбейуі де мүмкін. Еліміздің бүгінгі экономикалық қарқыны осылай деуге негіз болып отыр. Біздің елдің сахнасында сұлулық салтанат құру керек. – Ал сіз өзіңіздің театрдың репертурына қанағаттанасыз ба? – Құдайға шүкір, репертуар бай, шағымдануға ешқандай қақым жоқ. Балет театры болғандықтан, классикалық балеттен бастап, модерн де, джаз да, кордебалет те, бәрін де қамтуды ойлаймыз. Өйткені өнер тек репертуармен ғана дамиды. Мәселен, сіздің қолыңызда жұп-жұмыр жақұт тас тұр. Зергерге тапсырыс бергіңіз келеді. Ал одан әдемі жүзік жасап шығару үшін жақұтты арзан темірмен не қалайымен қоспайды. Зергер жақұтты жарқырата түсетін лайықты қымбат материал іздейді. Талант биікке шығып, өз орнын белгілеу үшін лайықты репертуар қажет. Бишілер негізінен жастар ғой. Ал оларға жаңа дүние ауадай қажет. Міне, осы мәселені шешуге, театрдың репертуарын жаңартуға қазір ерекше назар аударылуда. Ізденістер көп. Келешекте театр сахнасынан көрермендер жаңа тың туындыларды көре алатынына сенім зор.
Қаршыға Ахмедияров,
Қазақстанның халық әртісі
Қаршығаның соңғы сұхбаты
Қаршыға Ахмедияров қазақ мәдениеті мен өнерінің көрнекті
тұлғасы, ұлттық домбыра мектебінің асқан шебері еді. Ол са-
налы ғұмырын дәстүрлі күй мұрасының сақталуына, да-
муына бағыштады. Өзіндік күй шығармашылығы мекте-
бін қалыптастырған дүлдүл күйші болатын. Оның орындау-
шылық қыры мәнерлілігімен, шеберлігімен, туынды табиға-
тына терең бойлауымен, стилін дәл тануымен дараланып
тұратын. Қаршығаның концерттік қызметі ұлттық күй
өнерінің құдіретін паш етуге арналып, ұстаз, зерттеуші ретінде
де жоғалуға сәл қалған ондаған күйлерді тауып, бойына қан
жүгіртті. Халық қазынасына деген сүйіспеншілік сезім оны
үнемі өрге жетелейтін-ді. Бұған Қаршығаның жинап, хаттап,
баспадан шығарған «Табыну», «Шынар», «Күй ұран» сынды
оншақты кітабы куә.
Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің тізгінін
ұстаған жылдары Қаршығаның дирижерлік қабілетінің қыры
да айқын көрінді. Оның қабілет-қарымынан, ой түйсігінен туған
жүзден аса күйлері өзі өмір сүрген қоғамның әрі өткеніміздің та-
рихи шежіресі іспеттес. Қазақ күйін Қаршыға көтерген биіктен
көру біз үшін абырой.
Көктемнің шуақты күндерінің бірінде кездескен едік. Бұдан
бұрын да талай рет жүздесіп, ұлттық күй өнеріміздің келешегі,
тағдыры төңірегінде ой бөлісіп, пікір алысып жүрдік. Бұл
жолы да жүзінен жылылық сәулесі төгілген Қаршыға емен-
жарқын шешіле жан дүниесінің есігін айқара ашқын-ды. Әу
баста Қаршығаның адами шығармашылық келбетін жасау
мақсатымыз болатын. Енді міне, «Тағдырдың жазмышынан оз-
мышы жоқ» демекші, үнтаспаға түскен оның соңғы сұхбатын
газет оқырмандарына желісін бұзбай жеткізуді жөн көрдік.
– Нарынқұм... Қазақ күйінің нарқасқалары – Құрманғазы,
Дәулеткерей, Мәмен, Махамбет, Исатай сынды халық ба-
тырларын, қазақ күйінің ұлы анасындай болған Дина әжемізді
құшағында әлдилеген алып өңір. Осы бір құпиясы мол, қызықты
шежіре-сырға бай өлкеде дүниеге келіп, туған табиғаттың сан-
алуан ғажайып бояуын, сиқырлы сазын сезбей қалу әбестік болар еді. Төсін сәйгүлік тұяғы дүбірлеткен Ақжайық атырабы бозбала Қаршығаға ерекше үміт артып, өнердің тізгінін қолыңызға ұстатқан шақты қазір есіңізге аласыз ба? – Мен Құрманғазы күйлерін үш жасымда естідім. Себебі, әкем күй тартатын. Үйде ақ қайыңнан жасалған домбыра болды. Әкем сауықшыл кісі болатын. Көбіне үйімізге әнші-күйшілер жиі бас сұғатын, – деп бастағанды сонда әңгімесін Қаршыға. – Әлі есімде, бірде үш баласын ертіп бір күйші әйел келді. Әкем құрметпен күтіп, оларға дорбаға салып бидай, ұн, құрт берді. Жалпы, біз рухани жетімдік көрген жоқпыз. Нарын құмының қойнауында дүние есігін ашқан маған да талант сол жердің топырағынан дарыған болар. Ә дегенде күй тартқаннан гөрі ән айтқанды ұнатып, соған әуестеніп жүрдім. Бірінші сыныптан бастап, жетінші сыныпқа дейін ән салдым. Ғарифолланың репертуарын түгел айттым десем де болады. 1958 жылы Нұрғиса елге келіп, бес жүз домбырашыны жинап қойған концертіне қатысқаным бар. Көнекөз қариялар «тегіне тартып туған» деп жатады ғой,мен де сондай болсам керек. Туыстарымның айтуынша, оң-солымды танымай жатып-ақ Қырғи ағам құмарлана тартатын Құрманғазының «Кісен ашқанын», «Адайын» өз бетімше домбыраға салып, бауырымның соңынан ілескен көрінемін. Үмбетәлі атам сыйлаған оңтайлы қоңыр домбыра да ырқыма көне кететін-ді. Дана атам сонда маңдайымнан сүйіп, домбыра пернесін басқан нәзік саусақтарыма сүйсіне қарап: «Келешекте осы саусақтардан шалқар күй толқындары төгілер», – деп күбірлегені есімде қалыпты. «Әсте атадан бала озбаса, ұрпақ болып па, тәйірі», – дегенді де жиі айтып отыратын. Бостандыққа ұмтылған қазақтың арман-мақсатын жалғаған құдіретті бабалардың ұранды үнін қарапайым қазақ шаңырағынан шыққан қаршадай қара бала бүгінде әлемге жеткізе алды ма? Мен өзіме-өзім осы сұрақты қоямын. «Өмірдің де, өнердің де есігін ашқан сол бір сәттерім қандай болды екен?» – деп өткенге бір мезет мойын бұра бастағандаймын. Бір кездері, «Па, шіркін! Күй тартсаң аңшы Ахмедиярдың баласындай тарт. Бар бол, балам! Өркен жай!...» – деген аталардың ақ батасы құлағымда жаңғырып тұратын болды. Ол мені тірлікте де, өнерде де дем беріп, қолдп келеді. – Басқа тартса – аяққа, аяққа тартса – басқа жетпейтін сол бір таршылық заманда Сіздің әкеңіз бойында өнердің
ұшқыны бар ауыл балаларының басын қосып, күй жарысын, ән бәйгесін өткізуді дәстүрге айналдырса керек. Осы жағдай табиғатыңыздағы өнердің бұлақ көзін ашуға азды-көпті септігін тигізген болар? – Әрине, бұл ән бәйгесінің өзгелермен жарысып күй тартуыма зор әсері болды. Бірақ, менің адымымды ашқан ауылымыз Таңдайдағы орта мектептің сол жылдары көркемөнерпаздар үйірмесін басқарған Қатимолла Ризуанов еді. Өзі сегіз қырлы, бір сырлы жан болатын. Ол кісіден үйренгенім, үйренерім көп болды. Төңірегіміздегі аты шыққан әні – күйшілердің бәрімен дерлік кездесуге жағдай жасады. Алғаш рет облыстық өнер байқауына қатысып, жүлде алғаным әлі есімде. Атыраудағы музыкалық училищенің мұғалімі Құрманғазы күйлерін шебер орындаушы, сазгер Рысбай Ғабдиев ағайға ертіп барып, күй тартқызып сынатты. Кәнігі домбырашыға ұнаған болуым керек, бірден оқуға түсуге кеңес берді. Бірақ, домбырашылар сыныбына қабылдау сынағы әлдеқашан өтіп кеткендіктен, хормен дирижерлеу сыныбына қабылдандым. Өкінішке орай, оны толық аяқтай алмадым. Денсаулығыма байланысты ауылға қайтып оралдым. Міне, осылай балалық шақ, бозбала дәуреннің ауылынан бірте-бірте алыстай бастағанымды да сезбей қалыппыз. Мен де Қырғи,Алғи көкелерімнің жолын қкып, малдәрігерлік институтқа түсуге бекіндім. 1962 жылдың жазында Атыраудан Алматыға аттандым. Елден аттанарда жылдар бойы жанымды тербетіп, түн ұйқысын төрт бөлген анама, аялы алақанымен маңдайымнан сипап, арқамнан қаққан әкеме, бауырларыма, елге, жерге деген жүрекжарды ыстық қоштасуымды күй тілімен жеткізуге тырыстым. Сондағы күй сәлемім «Жас талап» деп аталған еді. – Нұрғиса Тілендиевке деген көңіліңіз алабөтен болған көрінеді. Ол кісімен қалай, қандай жағдайда танысқан едіңіз? – Жаздың күні болатын. Ағаларға ілесіп Қарқара жайлауына барғанмын. Бұрын-соңды тау табиғатын көрмеген маған ол жердің көрінісі тіпті ғажап әсер етті. Жұмақтың төрінен бір-ақ шыққандай болдым. Тау қойнауына шашырай қонған малшы ауылдарды армансыз аралап жүргенде, бір қуанышты хабар естіп, абдырап қалдым. Малшы ауылға Нұр-аға – кәдімгі Нұрғиса Тілендиев келіпті. Өзім сырттай пір тұтып жүрген сол аға мені арнайы адам жіберіп шақырыпты. «Күні ертең Көктөбеге барамыз... Бойында жаны болса тез жетсін де, қасыма ерсін» деп сәлем айтыпты. Қос өкпемді қолыма алып, Нұр-ағама қарай ұштым ғой.
Бар болмысы тұнған саз, нәзік әуен, тау мінезді Нұрекең... Сахна төрінде дауылдай дүрілдеп, аспандап, асқақтап кететін сол аға күнделікті өмірде қандай қарапайым еді. Соның алдында ғана сахнаға шығып, елге көрінсем деп талпынып жүргенмін. Сол жылдары жаңадан түсіріліп біткен «Шоқ пен Шер» көркем фильмінің музыкалық безендірілуіне көмектесуімді сұрады. Алғашында жүрексініп қалсам да, байқап қарасам, тапсырма онша қиын емес. Экрандағы дыбыссыз кино – жайлау төрінде асыр салып ойнақтаған жас құлын. Жасыл шалғын үстінде шоқтай жанып жүйткіп бір кеткен кезінде қимылына көз ілеспейді. «Әбден көріп, көңіліңе тоқып ал» деді. «Сосын көріп-білгеніңді домбыра тілімен сөйлетіп көр». Домбыраның құлақ күйін келтіріп дайын отырмын, экран төрінен құлын көрінгенде, қос перненің бойымен саусақтарым қалай ойнай жөнелгенін өзім де сезбей қалдым. Жарық дүниеге енді келген құлыншақ құйылып түскен күн сәулесімен қып-қызыл шоқ боп жанғандай көрінді маған. Бәрінен де сонда Нұрағаның қуанғанын айтсаңызшы.... Өзі де тау перзенті, балалық шағы арынды тау өзенінің жағасында өткен Нұрекең көңілді. Мұқағали досы – осы Қарқара, Хантәңірінің түлегі. Екеуі бірігіп керемет дүние жазып жатқандарын айтып, машина ішін басына көтеріп келеді. – Мұқағали досымның, «Қазақтың күпі киген қара өлеңін, шапан жауып өзіне қайтарамын» дейтін сөзі бар. Музыка да сол... Ел мен жер тарихын білмей, халықтың жан дүниесін түсінбей жақсы шығарма тумайды... Осылай ел аралап, жер көріп қойғанның артықшылығы жоқ... Сен өзің бұл жағына қалай едің? – деді назарын маған аударып. – «Өнер адамына үйкүшік болған жараспайды» деген-ді өзіңіз жиі айтасыз емес пе? Біз де осы қағидаға сүйеніп, жылдың он екі айын ел арасында өткізіп жүрміз ғой, аға... – Оның жақсы екен... Қазір бәлендей әсері байқалмағанымен, көре жүріп көңілге түйгендерің күндердің күнінде кәдеге жарайды. Сені жұрт жанынан күй шығарады деп жүр ғой. – Біздікі әшейін ғой, аға, – дедім. Бірақ, Нұрекеңнің сонда айтқан «Ел көру, жер көру қажет» деген сөздерін көкейіме түйіп алғаным соншалықты, күні бүгінге дейін жадымда. Қазір бір сәт артыма қарасам, өткен өмірімнің тең жартысынан астамы жол үстінде, ел ішінде өтіпті.
– Сіздің басы бүтін күй әлеміне оралуыңызға бір нәрсе түрткі
болған шығар. Жоқ әлде, әуел баста бойыңызда бар осы қабілет
Алматыға, үлкен өнер ортасына келгеннен кейін шешек атып
гүлдеп жүре берді ме? Мүмкін болса, сол бір кездерді еске түсіріп
көріңізші?...
– Малдәрігерлік мамандығына машықтанып жүрген кезім.
Алматыға өзімнен бұрынырақ келген Алғи бауырым бірде: «Се-
нен мал дәрігері шыға қоймас. Одан да есің барда еліңді тауып,
біржола өнердің жолына түскенің жөн шығар», – деп кеңес бергені
есімде. Көп ұзамай Шамғон ағаның қолдауымен Құрманғазы
оркестріне жұмысқа тұрдым. Осылай бала кезден армандаған
әртістік өмір жолына біржола түсіп кеткенімді өзім де байқамай
қалдым. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, жүрген
жерінде домбырасымен қоса блокноты мен магнитофонын таста-
майтын Ахаңның – Ахмет Жұбановтың мақсат-ниетін бірте-бірте
ұғына бастадым. Қолым қалт етсе, мұрағаттарды ақтарып, күй та-
рихына қатысты деректерге үңілуді әдетке айналдыра бастадым.
Бұрындары Ілияс ақынның күйші тағдырына құрылған даста-
нын ғана білетін болсам, енді күй мен күйшілік өнерге қатысты
қаншама мұраны шаң басып жатқанын көрдім. Қазір дәстүр
жалғастығы дегенді жиі айтамыз. Мен бұл ұғымның мағынасына
жету үшін, оған терең бойлай түсу үшін аз еңбектенген жоқпын
деп ойлаймын. Тәкен ағаның өнер адамдары жайлы әңгімелерін
оқып, өнер тағдыры мен халық тарихының жұбы жазылмас
жарасымдылығына тәнті болдым. Әбіш ағаның «Күйшісін» оқып,
өзімнің жазушы болмай, домбырашы болғаныма қатты өкінгенім
бар.
Сол уақыттағы әртістер ел арасында дәміл-дәміл шығып тұратын.
«Көшпелі әртістердің» сапары бірде оңтүстік өңіріне түсті. Облыс
орталығынан ілескен жазушы жігітті әңгімеге тарттым: «Қаратау –
кәрі тау ғой. Алатау секілді асқақ емес, жатаған болса да басынан
құс ұшырмас шыңдары бар. Қазір «Таскөмірсайға» кіреміз», – деді
көктемнің көкорай шалғынына бөленіп жатқан үлкен сай аңғарын
нұсқап. «Есімің Қаршыға болса, төбеге қарашы», – деді назарын
көкке аударып. Мен де аспанға көз тіктім. Тізбектеліп алған топ
үйрек сай етегімен жар жағалай төмендей ұшып келеді екен. «Бұлар
да Қаратаудың өткел бермес асулары бар екенін біледі», – деді
серігім. Мұхтар Әуезов «Ұзақ» деп атаған Созақ жері орталықтан
шығанда жатыр ғой. Өздеріңіз секілді қонақтар бұл жаққа жыл
құсы секілді сирек келеді».
Осы кезде манадан бері өзімен – өзі үнсіз отырған Рүстембек Омаров аға әңгімемізге араласты. «Бізді қойшы, теріскейге Құрманғазы бабаның өзі де ат басын бұрғанын білесіңдер ме? Осыдан жүз жыл бұрын Құрманғазы Үркіт жаққа жер аударылғанын білесіңдер ғой. Күрекең «Бозшолақ», «Арба соққан» күйлерін сонда жүріп шығарған». Күй шежіресі Рүстембек ағаның сонда айтқан сөзінен көкейге түйгенім, Құрманғазы бабамыз Сарыарқадан асып, Жетісу жерін басыпты. Сары алтындай сар даланы көргенде «Алатау» күйлерін шығарыпты. Рүстембек, Жаппас, Сәмиғолла, Бақтияр, Ғинолла, Айса сияқты күй тұлпарларымен бірге болған сол бір сапарлар, олар айтқан әңгімелер ой-өрісімді кеңейте түсті. Әсіресе, Төкеңді – Төлеген Момбековты алғаш көріп, күйлерін тыңдаған сәттегі әсерімді әлі күнге дейін сөзбен айтып жеткізе алмай келемін. – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқып жүрген кездің өзінде-ақ Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрімен бірге шетелдік сапарларда болғаныңызды білеміз. Бұл сол кездегі «білсем, үйренсем, көрсем» деген құштарлықтың әсері ме? – Мен осы оркестрде жиырма жеті жылдай еңбек еттім. Оның негізін ұстаған кездерім де болды. Ол мен үшін күйшілік қабілетімді ұштаған, осы биікке көтерген өнер академиясы бар дедім. Себебі, консерваторияда Қали Жантілеуов, Құбыш Мұхитов, Уәли Бекенов, Шамғон Қажығалиевтен күйшіліктің қыр-сырына қанықсам, ал оркестр шеберлігімді шыңдап, әлемге танытты. Ол, бір сөзбен айтқанда, қазақ күйінің қасиетті қара шаңырағы, мәйегі. Оркестр жайлы көп айтуға болар еді, оған уақыт мұрсат бермейді. Одан да кезекті бір сапарда есте қалған жайды айтайын: Кеңес дәуірінде шет елге шығу тәртібі қатаң болғанын өзіңіз де жақсы білесіз. Қазіргідей сапырылысып барып-келіп жатқан жұрт жоқ. Бірақ, біздердің аракідік алыс-жақын елдерге жолымыз түсіп жүрді. Сондай сәттің бірінде Финляндияда естен кетпес бір оқиға болды. Аумалы-төкпелі қысылтаяң заманда Нарын өңірінде батырлығымен, әнші, ақындығымен белгілі болған, ақыры сол наркескен мінезінен опық жеп, тар жол, тайғақ кешкен аяулы азамат, «Банды Аманғали» атанған жерлесімнің немере ағайыны Үмбет қартты шалғайдағы бейтаныс елде жолықтырамын деп кім ойлапты. Фин еліне «Қазақстаннан қазақтар келіпті» деген жалғыз ауыз сөзді естіген Үмбет қарт ақ селеу сақалын желбіретіп, бес жүз
шақырым жерден өзі өңі түгілі, атымызды естімеген бауырларын бір көріп, амандасуға зар болып, біздің соңымыздан үкдей ұшқан екен. Қайран қазақтың қара шалы... Ел аралап жүрген біздің оркестрді ол Оулу деген қалада қуып жеткен. «Үш әріптің» тыңшылары сонда Үмбет ақсақалға бізбен армансыз шерін тарқатуға мүмкіндік бермеді-ау. Арман-ай, «Бауырым, бауырларым...» деп кемсеңдеген қарттың бейнесі әлі күнге дейін көз алдымнан кетер емес. «Мен бәрін де білемін, түсінемін, әттең, әттең», – деген ызалы сезім бойымды шымырлатып бара жатты. Сол күнгі концертте Үмбет қартқа арнап «Бозінген» күйін боздаттым. Ал, өз билігіміз өз қолымызға тиген кезде ата-бабасының туған жеріне ат басын бұрғандар қаншама. Қытай, Монғолия, Иран, Түркия сияқты елдерден ағылған көштің шегі жоқ десем артық айтқандық емес. Қазағым түгенделіп жатыр. Бұл – еркіндіктің, тәуелсіздіктің арқасы. Бізге осы бақытты ұзағынан сүйсіндірсін деп тілеймін. – «Өнер адамына анау-мынау жан жар бола алмайды» дегенді Сіздің әріптестеріңіздің аузынан естіп қалатын кездеріміз болады. Сонда талғамдарыңыз жоғары ма, әлде болашақ жарға қойылатын талап ерекше ме? Біздің білуімізше студент кезіңізде отбасын құрған көрінесіз. Жарыңызды қалай таңдадыңыз? – Одан бері қырық жылдан астам уақыт өтіпті ғой. Жастықтың бас айналдырған албырт сезімінің құшағында жүрген біз ол кезде қыз таңдады дейсіз бе? Көп жастар «жүрек қалауымызбен қосылдық» деп жатады. Солай да шығар. Мен айтар едім, бізді тағдыр қосты. Біз кездейсоқ таныстық. Зайыбым Нұрбике дәрігерлік институттың студенті екен. Екеуміздің де ауылымыз Атырау жақтан боп шықты. Ол Сарайшық ауылындағы орта мектепті бітіріп,жүрек қалауымен дәрігер болсам деп Алматыға келіпті. Кісіге тура қарайтын жанары – жүрегінің айнасы ма деп қалатынмын сонда. Менің өзім де осындай адалдықты, батылдықты аңсағанмын. Жүрегімнің қалауы өзің боларсың... Әкем бізді әнші-күйші, ақынжанды етіп тәрбиеледі. Ол кісінің осы қасиеті маған ауысқан сияқты. Жарым екеуміз Құдай берген балаларымызды көштен қалдырмауға тырыстық. Раушаным Күлаш Байсейтова атындағы музыка мектебінің скрипка сыныбын үздік бітіріп, консерваторияда жоғары білім алды. АҚШ-тың Даллас қаласындағы Халықаралық өнер академиясында білімін одан
әрі жетілдірді. Кенжем Ербол да әпкесі білім алған мектепті үздік аяқтады. Қазір өнерімен елді тәнті етіп жүр. Үлкен ұлым Ерлан политехникалық институтты тәмәмдап, Америкада, Германияда білімін ұштады. Осыларға қарап отырып, тіршілікте ұрпақ өсіріп, туған-туыстың қадіріне жетіп, сыйласқаннан артық не бар деп ойлаймын. Дәмеш апам мен Дина апам екеуі түсіме жиі кіріп, қолдап-қоршап жүреді. Екеуін бөліп-жара алмаймын, бірі мені өмірге әкелген анам болса, екіншісі – қазақ күйінің анасындай, ақтілеулі, киелі өнер иесі. Сол кісілердің аруағы разы болсын деп, концерттерімнің көбісін Дина апамның «Бұлбұлымен» бастаймын. – Өнерде өзіңізбен үзеңгілес замандастарыңыз Сізді «күй жоқтаушысы» деп атайтын көрінеді. Расында қазір бір жоқтаушы керек тәрізді. Бұл жөнінде өзіңіз не дейсіз? – Қазір ұлттық өнерге, оның ішінде дәстүрлі өнерге деген көзқарас мүлде өзгерді. Мәдениетіміз батыстанып барады. Осы тенденциядан қауіптенемін, қорқамын. Осылай кете берсек, ертең қасиетті қара домбырамыз, Қорқыт боздатқан қобызымыз, сыбызғымыз мұражай жәдігерлеріне айналып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан, біздің аға буынның, менің міндетім, күйді жай ғана тартып, халыққа орындаушы ретінде таныстырып қоюмен шектелмесе керек. Бабалар өнерін бүгінгі және келер ұрпаққа сауатты музыка тілімен жеткізу – басты парыз. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина сынды дүлдүлдердің артында қалған мұрасын жалғастырушы мұрагері ретінде енді оны құймақұлақ, зейінді, өнерпаз жастарға аманат етіп табыстау – менің борышым. Осы оймен консерваторияда ұстаздық қызметті атқара жүріп, халық күйшілерінің орындаушылық әдіс-тәсілін бұзбай, мұқият жинап, нотаға түсіріп келемін. Мысалы, Қали Жантілеуовтің орындауындағы күйлерді және ел ішіндегі Құрманғазының белгісіз 25 күйін жинастырып, «Сарыарқа» күй жинағын құрастырдым. Сонымен қатар Махамбет мұрасы да «Шашақты найза – шалқар күй» деген атпен жарық көрсе, Дәулеткерейдің күйлер жинағы «Жігер» деп аталды. Сондайақ, Дина апамның соңында қалған асыл қазынасына да біраз жылдарымды арнадым. Бүгінде «Әсем қоңыр» күй топтамасы күй өнеріне құмар жандардың, студенттердің қолына түспейтін дүниеге айналды. Әсіресе, ұстазым Қали ағаның мұрасына үлкен құрметпен қараймын. Сол кісінің рухына ескерткіш болсын деп «Күйші Қали» жинағын шығардым. Өзіңіз білесіз, еліміздің Батыс аймағы қазақ
күйінің кіндігі ғой. Осы өңірдің есімі ұмытылған күйшілерін, олардың үзік-үзік боп ел есінде қалған күйлерін тарих тозаңынан инемен құдық қазғандай аршып алып, бүгінгі ұрпақтың еншісіне айналдыруға азды-көпті еңбек еткен сияқтымын. Ол зерттеулерім «Атырау» күй топтамасына енді. Аталған жинақтардағы деректерді, күйші мен күй тарихын талдап, тарқатып айтатын болсақ, ол өз алдына ұзақ әңгіме. Замандастарымның мені «Күй жоқтаушысы» деп жүргені осыны меңзейді ғой деймін. P.S. Бұл ондаған шәкірт тәрбиелеген өз ісінің шебер ұстазы Қаршығаның саналы ғұмырында тындырған шаруасының оннан бірі ғана десем, келісерсіз. Оның алдынан қауырсын қанатты қатайып ұшқан Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Айгүл Үлкенбаева, Сәния Ерғалиева, Ғалым Ахмедияров және өзінің атындағы «Күй ұран» республикалық байқауының бас жүлдесін иеленген Салтант Құдайбергенова сынды сандаған түлектері қазіргі таңда қазақ күйінің көсегесін көгертіп, елдің көзайымына айналып жүр. Ол АҚШ, Франция, Жапония, Қытай сынды шет елдерде көрсеткен өнері арқылы қазақ күйінің құдіретін әлемге паш етті. Қаршығаның 500-ден аса күйі радио-теледидар мұрағатында, ал өзінің 85 күйі Қазақ радиосының «Алтын» қорында сақтаулы. «Мәңгілік сарын», «Төремұрат» деп аталатын ондаған күйтабағы, компакт дискілері АҚШ-та және елімізде жарық көрді. Әлі күй сазы тамылжитын шақ келеді Күй өнеріміздің мөлдір бұлағынан қанып ішкен, домбыраның сыршыл пернесінен сезім иірімдерін селдеткен тума талант иесі Қаршыға Ахмедияров киелі күйдің кілтін тапқан, дүлдүл домбырашыларымыздың бірі ғана емес, бірегейі. Күй әлеміндегі ұлылардан ұлағат алған ол осы өнерді өзіндік жаңа сатыға көтерді. Оның он саусағынан өрілген жүзден астам күй өнерінің қазынасын байытты. Домбыраны бұлбұлша сайратқан күйші-композитордың еліміз мәдениетіндегі орны ерекше дара тұлға. Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның ұлағатты да білікті ұстазы. Қаршығадан білім мен тәлім алған күйшілерді кең байтақ отанымыздың түкпіртүкпірінен көптеп кездестіруіңізге болады. Көкірегі ояу, күй өнері-
нің зерделі зергеріне жолығып, күй тағдырының бүгіні мен келешегі жайлы ой қозғаған едік. – Мәдени сабақтастық заман өзгерсе де үзілмес емес. Біз оны ұлттық өнеріміздің бүгінгі тыныс-тіршілігінен де көреміз. Ендеше, жаңа ғасырға аяқ басқан осы шақта күй өнерінің өткеніне көз жүгіртіп, оған бүгінгі көзқарас тұрғысынан баға беру де артық болмас. Сіз бұған қалай қарайсыз? – Күйсіз қазақтың өмірі жоқ. Күйсіз қазақтың өмірі өмір емес. Ол қанына сіңген. Қазақ өзі көшпенді халық әуелден табиғатпен өте байланысты. Сондықтан сол табиғатпен тілдесіп жүрген халық болғандықтан сол табиғатта қандай табиғи әдемілік бар, қандай табиғи бояу бар соның бәрі біздің қазақтың бойына ауадай сіңген. Әрине, әр өңірдің өзінің табиғаты әртүрлі. Соған байланысты әр өңірдің әнінің де, күйінің де өзіндік ерекшелігі бар. Батыстікі, арқанікі, оңтүстіктікі, жетісудікі сол табиғатына қарай, жер жағдайына қарай, жер бедеріне қарай, табиғат жерді қалай жаратқан, соның ауасын, тауын, құмын, сол жерде өмір сүрген адамдардың музыкасы да, күйі де соны суреттейді. Әрине, көрші халықтардың ықпалы да тиеді. Сондай-ақ, сол жерде болған тарихи оқиғаларға да байланысты дамыған. Біз, әсіресе, күйге баймыз. «Сөз біткен жерде музыка басталады» деген мақал осы біз үшін айтылған сияқты. Ақындық, термешілік, жыраулық, әншілік ертеден болған. Басқа халықтарда да бар. Бірақ, күй бізде қатты дамыған. Өзіңіз білесіз, сонау әрідегі ғұлама, классик ақындарымыз Шалкиіз, Сыпыра жырау одан кейінгі Шернияз, Балаораз, Мұрат, Абыл міне, осындай төкпе ақындарымыз Сүйінбай, Жамбыл, Кенен аталарымызбен тоқталды ғой. Әрине, ақындарымыз бар. Олар төрт жолдан, сегіз жолдан айтып, үйлестіріп отырады да ал төгіп тастайтын ақынды, таңды-таңға ұрып айтатын ақынды қазір қайдан табасың. Бұл сирек құбылыс. Бар шығар, туатын шығар. Әрине, болу керек, болмайды деп айта алмаймын. Кешегі кеңес дәуірінде ұлттық дәстүрлі өнерімізді дамытуға шектеу қойылды. Кең көлемде дамытуға жағдай болмады, тіпті оған рұқсат та етпеді. Мысалы, күй өнеріде белгілі бір шеңбердің ішінде болды. «Түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деген қағидамен әйтеуір домбыраны көрсету үшін бір күйді бастанаяқ тартып шықсаң болғаны. Қазақтың домбырасы бар, күйі бар. Бірақ, ол қалай шықты ішкі құрылысы қандай, ол қандай тарихи оқиғаға байланысты шыққаны жөнінде зерттеуге бізге мүмкіншілік
берген де жоқ, болған да жоқ.. Тілден де, күйден де айырылып қалуға аз қалдық қой. Соған қарамай қазақ халқы күйін көздің қарашығындай сақтап жиырма бірінші ғасырға алып келді. Беделін төмен түсірген жоқ. Оны бізге жеткізгендердің бірі Құрманғазының шәкірті Дина шешеміз. Сол кісінің өнерін жалғатырушылар біздер, бізден кейінгілер. Қазір, Құдайға шүкір, консерваторияда кезінде Ахмет Жұбановтың арқасында құрылған домбыра кафедрасы бар. Күйшілік өнермен шұғылданамыз. Осы кафедраны бітіргендер негізінен күйші болып шығады. Бәрі бірдей күйші болмағанмен соның ішінде кәдімгі табиғи күйші болып танылатындар да бар. Сондықтан еліміздің, экономикамыздың, мәдениетіміздің дамуына, жаңаруына байланысты күй өнері де қазір біршама өркендеп келеді. – Ата-бабалардан асыл мұра болып қалған халқымыздың жандүниесінің айнасы іспеттес болған күйлер, әлі де болса шеті ойылмай жатқан құнды қазына екені осы сала мамандарына ғана емес, барша күй сүйер қауымға белгілі. Жалпы күй өнері толық зерттеліп бітті ме? – Біздің күй өнеріміз толық зерттеліп біткен жоқ. Әлі бұл салада атқарылатын жұмыстар қыруар. Оны енді-енді қолға алып жатырмыз. Орындаушы ретінде енді ғана көзіміз ашылып, халық және халық композиторларының күйлерін нотаға түсіріп, кітап етіп шығарып жатырмыз. Ал, кеңес заманында күйді зерттейтін адам ол композиторлар одағының мүшесі болу керек. Ол Мәскеуден бекітілуі керек. Мысалы, Шәмші қанша ән шығарса да «Қазақстанның халық әртісі» атағын өмірден өтерінде ғана алған жоқ па. Ол композиторлық факультетті міндетті түрде бітіруі керек. Қазір, Құдайға шүкір, біз жылына бір-бір том кітап шығарамыз. Жалғыз мен емес, кафедраның ұстаздары Айтжан Тоқтағанов, Карима Сахарбаева, Біләлі Ысқақов сияқты ғалым-зерттеушілер және жас мұғалімдер өздерінің еңбектерін жыл сайын жариялап жатады. Күйлерді нотаға түсіреміз, шығу тарихынан мәлімет береміз. Дерек көздеріне сүйене отырып авторы жайлы толық мағлұмат беруді де ұмытпаймыз. Әрине, тереңірек зерттеп жазу біздің міндетіміз емес. Оны жан-жақты арнайы зерттеп жазатын бізде музыка зерттеушілері бар. Біздер осы оқу жүйесінде орындалу үшін өзіміздің күйлерімізді жүйеге түсіріп, кейбір шығармаларды күйсандықтың сүйемелдеуімен оқу құралы етіп шығарамыз. Оны музыка мектептері, колледждер, консерватория оқу құралы ретінде пайдаланады. Содан кейін кейбір орындаушылардың, күй шығарушылардың өмірбаянын сол өзі өмір
сүрген тарихи кезеңдермен байланыстырып, «кім қандай дәрежеде орындаушы болды?» деген сұраққа азды-көпті жауап береміз. Қазақ күй өнерінің шашасына шаң жұқпас өрен жүйріктері: Лұқпан Мұхитов, Уақап Қабиғожин, Рүстембек Омаров, Қали Жантілеуов, Мағауия Хамзин, Әбікен Хасенов сынды күйшілердің орындап келген күйлерін сол қалпында нотаға түсіреміз, өйткені олар сахнада тартылған дайын дүниелер. Бұлардың бәрі електен өткен күйлер. – «Ел іші – өнер кеніші» деп жатамыз. Бұл қағиданың астарында көп сыр жатқанын өзіңіз де білесіз. Халық арасында әлі де болса ашылмай жатқан қазына көздері жоқ емес, әрине, бар. Бұл күй өнеріне де қатысты екені де белгілі. Сол ел ішінде қалып қойған халық күйлерін іздестіру, жинау мәселесі бүгінде жүргізіле ме? – Ондай күйлерді де, атаусыз қалған күйшілерді де шетінен шығарып жатырмыз. Мұрат Өскенбаев, Төлеген Момбеков, Сағым Жалмышев, Бақыт Басықара, Сержан Шәкіратов бұлар халық арасында, елге белгілі болған күйшілеріміз. Міне, осындай електен өткен халықтың қалаулысы болған күйшілерді біз эталон ретінде, үлгі ретінде ұстап, солардың шығармаларын, солардың орындауындағы күйлерді нотаға түсіреміз. Ал, іздестіру, жинау мәселесі қазіргі кезде тоқырап тұрғаны жасырын емес. Келешекте өз шешімін тауып жатса оны қолға алуға біз дайын. – Өзіңіз де байқап жүрген боларсыз, соңғы жылдары сахналардан, теледидардың экрандарынан күйшілердің көсіліп күй тартқанын көрмейтін болып кеттік. «Көрген түстей сағымдай» демекші көзден бұл-бұл ұшты. «Көзден кетсе көңілден де кетедінің» кері келіп жүрмеске болғаны. Сізде мұндай күдік жоқ па? – Дұрыс айтасыз. Бұл шындық, оны мойындау керек. Бірақ, бұған қарап күй өнері құлдырап бара жатқан жоқ. Күй өнерін дәріптеп оны насихаттайтын құрал әлі аз. Теледидар, радиода отырған адамдардың көбісі күйдің табиғатын білмеуі мүмкін. Себебі, оған көңіл бөлмесе, қазіргі заманға сай басқаға еліктесе, қазақтың күйсіз өмірі жоқ екенін, тілсіз қазақ болмайтынын түсінбейтін адамнан не күтуге болады. Қазір теледидардан тиіп-қашып беріледі. Бірақ, ол күйдің қандай екеніне, құрылымына, мәні мен мазмұнына тереңдеп бойлап жатпайды. Бұрын кез келген шығарманың аққарасын анықтайтын «Көркемдік кеңестер» деген болған. Қазір ол жоқ. Керісінше бүгінде күй тағдырын басқа мамандықтың адам-
дары шешіп отырса оған не дерсің. Мысалы, күй жөнінде жазушылар келіп билік айтады. Өздері тартпайды, «ауыз өзімдікі» деп бәрін сынайды. Осындай ұялмайтын адамдар көбейіп кетті қазір. Қазақтың күйі жөнінде пікір айту үшін ол адам күйдің болмысын аз да болса білу керек қой. Солардың кесірінен күйге деген кереғар көзқарастар туындап жатыр бүгінде. Өзі жақын жүрген күйшілерді дәріптеу көбейіп кетті. Әрине, уақыт бәрін шешеді, жақсы-жаманын анықтайды. Мен бұл жерде – бәрін білем деп көсемсіп отырған жоқпын. Негізі әркім өзінің шамасын білу керек қой. Жасыратыны жоқ, қазір ұлттық өнерге қырын қарайтындар, оны менсінбейтіндер көбейіп келеді. – Өтпелі кезеңде өнеріміз біраз қиындықты бастан кешті. Әнші– күйшілеріміз, музыканттарымыз не істерін білмей аңтарылып қалғаны да рас. Ал, қазір Құдайға шүкір, ес жиып, етек-жеңімізді қымтадық. Елдің еңсесі де көтеріліп келеді. Бірақ, өнердегі тоқырау әлі жаслғасып жатыр ма қалай? Сіздің ойыңызша күйдің дәуірлеу шағы қашан туады? – Өнердің дәуірлеу кезеңі тезірек болу үшін біз ұлт есебінде, мемлекет есебінде толық қалыптасып бітуіміз керек. Сол кезде әніміз де, күйіміз де ауадай қажет. Сол кезде бізді іздейді. Қазір бәрі еліктеушілік қой. Әлі біз ұлт ретінде оянған жоқпыз. Ұлттық музыка жөнінде біз әлі ештеңе білмейміз. Бізге қазір дүние керек, жылтыраған керек. Басқа жаққа, Батысқа, Америкаға табынып, солардың музыкасын тыңдау керек. Біз өзіміздің қадірімізді өзіміз білмей жатырмыз. Өзіміздің музыкамыздың құндыларын білмей жатырмыз. Біздің ұлттық дәстүрдің кәсіби деңгейге көтерілген, дүниежүзіне белгілі болып отырған бір түрі осы күй мәдениеті. Кеңестік дәуірде де осы күй мәдениеті арқылы біздің елімізді шет ел таныды. Құрманғазының бір «Сарыарқасы» неге тұрады, ғажап емес пе! Жетпіс сегіз жасында Дина шешеміз Мәскеуге барып қазақтың кім екенін осы күймен танытты. Дүниежүзілік фестивалға орыстың оркестрі барған жоқ, біздің Құрманғазы оркестрі барды. Осы оркестр арқылы Ахмет Жұбанов қазақтың күйлерін әлем сахнасына шығарды. 1934 жылы бүкіл еліміздің өнер тарландарының бас қосуы болды. Қазақстан бойынша өнердің мықтыларын жинады. Қараңыз, талғам қайда жатыр. Сол кездесуге келгендер Дина, Уақап, Қали, Жаппас сынды тума таланттар, міне, осы жерде көрінді. Енді қазір тәуелсіз ел болдық. Сол Ахаңдар жасағанды енді біз қайталауымыз керек. Енді осыны ұйымдастыру керек. Мен айтып та жүрмін.
Оның басы басталып та жатыр. Осы жақын арада мені министрлік
шақырып алды, елімізде жиырмадан астам оркестр бар соларға ба-
рып барынша көмек көрсетіп, бір тоқсанда бір рет аралап шығуым
керек. Әр аймақтың оркестрлерінің кәсби деңгейі қандай, музы-
канттары талапқа сай ма? Осылардың концерттік бағдарламасы
қандай? Бәрі Құрманғазы оркестрі орындайтын шығармаларды
көшіріп алған. Неге олай болу керек? Мысалы, Дәулеткерейдің
атындағы оркестр ме, Дәулеткерейдің өзінің күйлері бар. Сол
аймақтың өзіндік ерекшелігі бар. Дәулеткерей күйлері сол жерде
түгел нотаға түсіріліп неге орындамасқа. Немесе, Дина оркестрі
бар. Неге Динаның күйлері нотаға түгел түсіріліп, бірінші Динаның
күйлері неге орындалмасқа. Ия, болмаса осы жерде «Отырар сазы»
оркестрі бар. Нұрағаң құрған. Нұрағаның барлық шығармасы қағазға
түскен. Неге Нұрағаның шығармаларын орындамасқа. Неге олар
Құрманғазы оркестрі орындағанды қайталайды. Менің ойымша әр
окестр сол өзінің аймағының әнін, күйін дамыту керек. Сонда ғана
бізді халық таниды. «Менсінбейді» деп жұрттың бәрін кінәлауға
болмайды. «Күй жетімсіреп барады, ешкімге қажеті жоқ» деп тағы
айта алмаймыз. Халық өзінің музыкасын ұмытқан жоқ. Тыңдағысы
келеді. Ал, кейбір уақытта халықтың көкейінен шықпағаннан кейін
ол қала береді. Оған ешкім бармайды.
– Өзіңіз де байқап жүрген боларсыз қазір күй жанрында
өндіріп еңбек етіп жүрген кәсіби композиторлар мүлде жоқтың
қасы. Сонда күй шығару, күй жазу тиімсіз болғаны ма? Сіз бұған
не дейсіз?
– Бұрын күй жазтын композиторлар аз емес еді. Күйдің
арқауында поэма жазған. Сыдық, Нұрғиса, Кенжебек, Мәкәлім
сонымен қатар Дүнгенбай, Еркеғали бұлардың бәрі кезінде дом-
бырашылар болған. Сондай-ақ Мұхаң да, Ахаң да өз шағында
домбыра тартқан. Ахмет Жұбановтың 1934 жылы Ленинград-
та тартқан күйлері сол кезде үн таспаға жазылған, қандай кере-
мет. Елге алып келді ғой. Осылардың бәрі ұлттық музыканың
негізінде, күйдің арқауында неше түрлі шығармалар жазды. Ал,
қазіргі композиторлардың көпшілігі бұлар қалада өскен, қалада
оқыған балалар. Жаңағы аталғандардың бәрі ауылдан келгендер
ғой. Табиғатпен тілдесіп келгендер. Олардың бойында табиғилық
басым. Қалада өскен балалар Ерекеңнің айтысы бойынша асфаль-
тта туылғандар. Бұлар күйді ойнамаған, тыңдамаған адамдар. Олар
күйден гөрі басқа халықтың музыкасына қарай бет бұрып, солар-
ды қабылдап, соларға еліктеп жазады. Міне, осыған байланысты күй жазатын композиторлар азайып кетті. Ал, енді домбырада күй шығарып жүргендерге келетін болсақ, кезінде Мәлғаждар, Мәкәлім, Нұрғиса қайталанбайтын керемет күйлер туғызды. Менің де жүзден астам күйлерім бар. Секен Тұрысбековтың жақсы күйлері бар. Бірен-саран еліктеп күй шығарып жүрген жастар да бар. Жоқ емес, күй жазатын талантты күйшілер де бар. Енді-енді сол күйлерді оркестрге түсіріп, біздің шәкірттеріміз сол күйлерді пайдаланса нұр үстіне нұр болар еді. – Байқап жүрміз, елімізге танымал мүйізі қарағайдай оркестрлеріміздің концерттік репертуары Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Тәттімбет сынды күйшілердің күйлерімен ғана шектеліп қала береді. Басқа халық күйшілерінің күйлері неге жоқ? Олардың шығармалары зерттеліп, нотаға түспеді ме? – Ол былай, мұнда мынандай жағдай бар. Халықтың ішінде музыка көп. Жер-жерде, тіпті ауылда домбыра тартпайтын қазақ жоқ. Олардың бәрінің бір құлақ күйі бар. Оған сан жетпейді. Бірақ, оның бәрі өз деңгейінде ме, әрине, өз деңгейінде емес. Ал, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбеттердің күйлері неге жоғары деңгейде. Себебі бұлар білімді адамдар. Мысалы, шетелде «Құрманғазы қай консерваторияны бітірген?» деп сұрайды. Кеше кеңес дәуірінде бұлардың бәрін «түк білмеген, далада өскен» деп шығару керек болды ғой. Міне, «осылардың бәрі зерттеліп болды ма?» деген сұраққа келсе, жоқ, зерттеліп болған жоқ әлі. Біз баяғы кеңес дәуіріндегі түсінікпен оларды әлі білімсіз, қараңғы қазақ деп жүрміз. Әлі күнге дейін сол дәуірдің жазылған, айтылған күйінде келе жатырмыз. Бұлардың әр қайсысын, әр күйін түгел зерттейтін уақыт енді туып келеді. Осында консерваторияда, оның ішінде домбыра кафедрасында білім алып жүрген жастардың бәрі талантты. Тума таланттар десем, қателеспеспін. Міне, осылардың арасынан ертең күй өнерін зерттейтін ғалымдар да, күшілер де шығады. Сол сияқты халықтың ішінде неше түрлі таланттар бар. Егер өнерін кәсіби деңгейде жеткізем деп талаптанса ол шығады. Ал барлығының да шығармалары керемет деп айтуға болмайды. Оны өңдеу керек, оны жүйеге келтіру керек. Ол жеке шебер орындаушының қолынан өтсе, сонда ғана ол иі қанған шығарма. Оны оркестргеде түсіруге болады. Әр қазақтың ауылындағы күйлер неге орындалмайды дейді, ол қалай орындалады, талғамнан шықпаса. Сондықтан әр өңірдегі Халық шығармашылық үйлері, Композиторлар одағының бөлімшесі не
болмаса сол жерде құрылған оркестр ұжымдары бірігіп сол өңірдің ән күйлерін жинап, соны жүйеге келтірсе сол уақытта өнеріміз өз дәрежесінде дамиды. Біздің ең мықты байлығымыз күй. Бұл біздің халықтың ерекшелігі. Қазіргі жетістігімізге, саясатымызға, жаңа заманға байланысты сол өңірдің музыкасы даму керек. Бұл ауадай қажет нәрсе. Сол өңірдің әкімі егер өнерге жаны ашитын болса, жасау керек. Әні – күй, әсіресе, күйі дамымаса оның тілі де дамымайды. Екеуі бірі мен бірі байланысты. Қазір тіл жөнінде айқай салып жатырмыз. Айқай салудың қажеті жоқ. Ұлт болғаннан кейін тіл болады, тіл болғаннан кейін оның музыкасы болады. Бұлар бірге дамиды. Оларды бөліпжарып қарауға болмайды. Нағыз табиғи күйші тілмен бірге туады. Тіл шығысымен қолына домбыра ұстатып тәрбиелеген бала күйші болып шығады. – Жаңа заман тудырған тұлғалар, қазіргі өміріміз, елдің тыныс-тіршілігі, қоғамымызда болып жатқан күрделі өзгерістер, қол жеткен жетістіктер, келешек арман-мақсаттар күйге арқау бола ала ма? – Әрине, арқау бола алады. Елбасы Туды алып, оны сүйіп жатқанын көргенде керемет толқып кеттім. Қазақта осындай ұл бар деп Нұрсұлтан ағамен мақтандым. Бұл көрініс шабытыма шоқ тастады. Мен кеудемді керіп, бар екенбіз ғой деп масаттанып кеттім. Осындай сезім бұлқынысынан «Шабыт» деген күйім туды. Не болмаса Нұрғиса ағамның талантын, ер мінезін, тұлғасын, композиторлығын, дирижерлығын арқау еткен күйім бар «Нұрғиса» деген. Еркеғалиға арнаған «Ерке би» деген күй бар. Шындығында Ерекең би қойған. Ертең Шамғон ағамыздың сексен жылдығы болайын деп жатыр. Ал жетпіс жылдығында жазылған «Ақжелең» деген күйім бар. Шәкеңнің көңілді бір шақтарын суреттейтін. Немесе Ғазиза апамызға арналған «Ғазиза» күй-реквием. Елге, жерге деген сүйіспеншілікті білдіретін «Ата қоныс», «Атамекен» немесе көшіп келіп жатқан отандастарымызға бағышталған «Қандастар» деген күйім бар. Біздің үлкен тұлға болған аналарымыз да бар ғой. Осындай ел тұтқасын ұстаған ұл-қыздарды тапқан біздің аналарымыз кімнен-кем. «Ана мейірімі» деген күйім сол аналарымызға қойылған ескерткіш сияқты. Құрманғазы «Қайран шешем» деп шығарса мен «Қайран әке» деп шығардым. Осындай елге тұтқа болған ұл-қыздарды тәрбиелеп жатқан әкенің орны қайда? «Алтын ұя» деген күйім бар. Өйткені әркімнің өзінің «алтын ұясы» бар
ғой. Бесіктен бастап туған жер, мектеп, консерватория... Сондай-ақ болашақ ұрпақтарға арналған күйлерім де бар. – Жалпы қазақтың күйін әлемдік деңгейде насихаттау жағы қандай дәрежеде? Шетелдің музыка мамандары біздің осы өнерге қызығушылық танытып отыр ма? Осы жөніндегі ойыңызды ортаға салсаңыз? – Әлем керегінше жақсы, шебер орындалған біздің күйлерді алады. Шебер тартылған күйлерге өте құмар. Менің орындауымдағы күй дискілерді көп сұрайды. Швейцарияға шақырды. Қытайда менің елу төрт күйімді жазып алды. Өткенде Францияда, Парижде болып қайттық. Олардың талғамы жоғары ғой. Кез келген күйді тыңдамайды. Күй бұл жанр болып қалыптасқан үлкен музыкалық шығарма. Бір симфонияға бір күйміз тұрады деп айтады. Бұл сөздің жаны бар. Мысалы, Құрманғазының «Ақбайы» бір симфониядан артық болмаса кем емес. Оның тақырыптық құрылысына талдау жасай білетін адам болса, онда оның көзі жетеді. Ұлттық операға халық неге аз барады. Себебі оны тыңдайтын біздің халықтың кейбір бөлігінің өресі әлі жеткен жоқ. Біз енді-енді есімізді жиып жатырмыз ғой. «Болмай жатыр» деп байбалам салудан гөрі ұстам керек. Біз жұмыс істеуіміз керек. Сонда біздің күйлерміз шетелге кеңінен танылады. Бірақ күйді түсінетін, негізінен қабылдайтын өзіміздің ұлт. Күй қазаны өзімізде қайнап, өзімізде пісіп жетілуі керек. Керек болса шетел өздері келіп алады. – Елімізде әр түрлі байқаулар, фестивальдер жоқ емес, бар, өтіп тұрады. Бірақ күй өнеріне арналған шаралар республика көлемінде өте сирек болады. Бұның себебі не? – Былтыр «Күй Керуені» деп бастадық қой. Алматыда, Көктөбеде өтті. Иманғали ініміз әдейі бір домбыраны Атырауға беріп жіберді. Ондағы оның ойы келесі кезек Құрманғазы, Динаның туған жері «Атырау сенікі» дегенді меңзеуі еді. Бірақ, ол ауылдың қозғалып жатқанын көріп, естіп жатқам жоқ. Бұған ауданның, облыстың әкімдері көңіл аударып ден қойғаны дұрыс сияқты. Ұлттық өнер үшін жаны ашитын болса бірінші солар бастау керек. Аспандамай жерге түсіп, халықтың өнерімен тілдесу керек қой. Елбасы Нұрсұлтан ағамыздың өзі дүниежүзі қазақтарының бірінші Құрылтайы өткеннен кейінгі қонақасында қазір бүкіл ел айтып жүрген «Елім менің» деген әнді домбырамен сонда айтты ғой. Ал, маған «Парасат» орденін беріп тұрып: «Қаршыға, домбыраң қайда?» деді. Елбасымыздың өзі домбыраға көңіл бөліп тұрғанда
қалған азаматтар неге көңіл бөлмеске. Күйсіз қазақтың күйі бол-
майды.
– Сіз көптеген шәкірттер тәрбиелеп жатырсыз. Бұл саладағы
еңбектеріңіз өз алдына жеке әңгіме болатын тақырып. Болашақ
күйшілердің бапкері ретінде не айтар едіңіз?
– Жастардың ішінде елге танымал күйшілер өте көп. Атап айт-
сам Салтанат Құдайбергенова. Ол Айгүл Үлкенбаевамен күй тар-
тысына қатысты. Айгүл Батырхайырова Құрманғазы атындағы
байқаудың Гран-при иегері. Биыл бітіргендердің арасында Сәбира
Бибатырова деген қыз бар. Ол дегенің нағыз жұлдыз. Келешегінен
көп үміт күтетін күйші. Репертуарында көп күйлер бар. Керемет,
жарқын талант. Қазір күй өнеріне қызығушылық танытып отырған
жастар ел ішінде өте көп. Бізде жылына бір орынға төрт-бес бала-
дан келеді. Менің шәкірттеріме тілегім: «халықтың күйлерінің боя-
уын бұзбай орындаңдар. Әрлеңдер, құлпыртыңдар, заман талабына
сай жасаңдар бірақ күйіміз өзінің табиғатына тән қасиетінен ажы-
рап қалмасын» дегім келеді.
Қазақ мәдениетінің могиканы
Ғасырды ғасырға жалғаған алтын көпірдей болған ұлттық
саз өнеріміздің асқақ та абыройлы тұлғасы Қазақстанның
халық әртісі Кәукен Кенжетаев – жарығы алыстан көрінетін
өнердің үркер жұлдызы. Арқаның інжу маржан алқасындай
табиғаты көз жауын алатын, әр тасы, әр бұлағы ән салып жата-
тын жер төресі – Баянауыл баурайынан қияға қанатын қомдап
ұшқан бала қыран бүгінде – дана қыран. Өйткені, Кәукен 90
деген шыңның биігіне көтеріліп отыр. Осы айтулы торқалы
тойды ерекше атап өту мақсатында ұйымдастырылған ізгі ша-
ралар елімізде аз болған жоқ. Әсіресе, Қазақстан Республикасы
Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі мен Алматы қаласы
әкімдігі мұрындық болып өткізген Абай атындағы Қазақ
мемлекеттік академиялық опера және балет театрындағы
«Ғасырларды жалғаған Кәукен әнші» атты мерейтойлық Га-
ла-концерт Кәукен ағаға ғана емес, жиналған дүйім жұртқа
ұмытылмастай әсер сыйлағаны белгілі.
Мұхаңның көрегендігі 1946 жылы армиядан келгеннен кейін опера театрының сахнасында атақты композиторымыз Мұқан Төлебаевтың «Біржан Сара» операсы қойылды, – деп бастады әңгімесін Кәукен аға. – Опера жақсы болып шықты. Сол операны көркемдік кеңесіне тапсырарда Мұхаң келіп көріпті. Көріп Құрекеңнен ол кезде бас режиссеріміз сол кісіден сұраған екен: «Мына бір жас жігіт қайдан келген? Мынау Жанботаның ролін әжептәуір ойнап жүр. Болашағы бар адам ғой деймін, өзінің», – дейді. Құрекең айтыпты: «Ойбай-ау, Мұха-ау, бұл Шәкеңнің інісі Кәукен ғой. Бізге жақында армиядан келген». «Е, олай болса Құрмаш сендерге жас әртістеріңнің өзі қазір аз ғой. Осы жастарға жәрдем берулерің керек. Қолдауың керек. Өсіруің керек. Мына баладан бірдеңе шығады-ау деген ойым бар» депті Мұхаң. – Оны маған Құрекең айтты», – деп жалғастыра түсті Кәукен аға әңгімесін. Жас өнерпаздың жүрек кілтін таба білетін Ұлы Мұхаңның бұл батасы сонда Кәукеңді қанаттандыра түссе керек. Көп ұзамай жас әнші Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы Жиреншенің ариясын Мәскеуде өткен онкүндікте, үлкен театрдың сахнасында шырқады. Ал «Төлеген Тоқтаров» операсындағы полковник Асанның бейнесін де нанымды жасады. Міне, осының бәрін байқап, көріп жүрген көркемсаз кемеңгері бір күні Кәукенді көріп қалып: «Әй, Кәукен, бері келші, – дейді, – сен осы Ақылбайдың әнін айтып жүрсің-ау?». – Иә, Мұха, Ақылбайдың әнін айтамын. Сіз оны Хамидиге айтыпсыз ғой, тапсырыпсыз ғой. Сол кісі нотасын қағазға түсірген» дедім. «Сен өзі Ақылбайдың кім екенін білесің бе?» деді маған. «Ол Абайдың үлкен баласы, үлкен ақын болған, әнші болған. Көп поэмалар жазған». «Міне, соның әнін айтқаның қандай жақсы болған сенің. Сенің даусыңа өзі әдемі келіп тұр. Бұның дұрыс болған бала. Абайдың әндерін айтасың ба?» деді. Мен айттым: «Соны енді айтқалы жүрмін, жаңа келдім» деп едім, «Ендеше Абайдың әндерін айт. Абайдың әндерін байқайсың ба сен, ол өзі мынау орыс халқының әндеріне, украин халқының әндерімен шектесіп жатқан жоқ па? Абайдың әндерін айтсаң, көп өнеге аласың, тәрбие аласың. Соны үйрен» деді. Сонымен ағаның сөзі қамшы болды ма, Абайдың әндерін айтуға кірістім. «Қараңғы түнде тау қалқып», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» сол сықылды көптеген әндерді айтып, таспаға жаздырдым. Менің ең жақсы көретін әнімнің
бірі – Мұхаң айтқан Ақылбайдың әні. Өте бір терең, өте бір сырлы, адамның үніне, дауысына дауыс қосатын сондай бір әдемі ән. Қай жерде болмасын менен «ән айтып беріңіз» деп сұраған уақытта осы Ақылбайдың әніне басамын» дейді Кәукен аға. Кәукен Кенжетаев пен Бәкір Тәжібаев екеуі бірігіп, «Ана дауысы» деген либретто жазса керек. Оны композитор Нұрғиса Тілендиевке көрсеткенде бұл шығарма оған қатты ұнайды. – Енді мен осыған опера жазамын. Барлық өнерімді осыған саламын, – деген екен. Бірақ Нұрғиса либретто жайлы Мұхаңның пікірін білмек болса керек. Емханада емделіп жатқан. Мұхтар Әуезовке апарып көрсетеді. Бұны Кәукен де, Бәкір де білмейді. Мұхаңмен арада болған әңгімені Нұрғиса Тілендиев кейінірек либретто авторларына айтқанда, олар төбелері көкке екі елі жетпей қуанады. Сонда айтқан Мұхаңның ізгі тілегін Кәукен аға әсте естен шығарған емес. – Япырм-ай, ұлы адамның ұлылығы-ау, сыртындағы жазған кісілердің аты-жөнін оқығаннан кейін Мұхаң айтыпты: «Пәлі, мынау дұрыс екен, театрдың ішінен шыққан дұрыс. Өйткені сендер сахнаны білесіңдер. Мынау Кәукен сахнаны біледі ғой. Сахнада ойнап жүр. Біз жазушылар болатын болсақ, жаза саламыз, бірақ сахнаның сырын біле білмейміз. Міне, осылай дуалы ауыздан шыққан баталы сөз Кәукен ағаны өнердің бел-белестеріне құлаш ұрғызса керек. Өнер өрінде Бір отбасында тай-құлындай тебісіп, тел өскен Шәкен мен Кәукенге шыр етіп жерге түскеннен-ақ бойларына өнер дарып, онымен еншілес туды десек қателесе қоймаспыз. Бұлай деуімізге түрткі болған олардың ұлттық мәдениетімізден ойып алған орындары куә. Қазақ балаларына тән ортақ қасиет – ол қашанда бір-біріне тірек болып, үлкені кішісіне жол сілтеп отыратыны, мұндай қарым-қатынас Шәкен мен Кәукен ағаның арасында да болғаны белгілі. – Шәкен екеуміздің арамыз екі-ақ жас еді, – дейді Кәукен аға үзілген әңгімесін қайта сабақтап. – Ол 1945 жылы киноға келді де, бар ғұмырын сол кино өміріне арнады. Ал мен әншілікті мирас еттім. Екеуміздің ұстаған бағытымыз өнердің екі қанаты десек те болады. Көбісі менен «Шәкен саған өнерде ақыл-кеңес беріп, жол сілтеп отырған шығар? – деп сұрайды. Шәкен мен туралы: «Талант-
ты, дарынды, басында миы болса адам болады. Басында ештеңе болмаса, түкке де жарамайды», – деген еді. Осыдан бір-екі жыл бұрын марқұм Камал Смайылов: «Кәукен 88 жасында тік тұрып, тіке жүріп, замандастарын қызықтырып, еліне, халқына қызмет етіп жатыр» деп әншінің болмыс бітіміне, тыныстіршілігіне, өнердегі өр мінезіне, қажымас қайратына тебірене сүйсінсе керек. Сол айтқандай, бүгінде 90 деген асудан асқан Кәукен ағаның асыл қасиетіне қайран қалмасаңызға болмас. Мүмкін ол Кәукен ағаның өнерге деген құштарлық сезімінің құдіреті болар. – Бұл табиғаттың жазуы ғой. Мен 90-ға немесе 100-ге келейін деп ойлаған жоқпын. Бұл – адамның қолынан келмейтін нәрсе. Менің өмірде көрмегенім жоқ. Қиыншылықты да, аштықты да, жалаңаштықты да, соғысты да көрдім. Қиын жағдайда ер жеттім. Тіпті менің көп жасайтындай жақсы жағдайым болған да жоқ. Бірақ бәрі бір Аллаһтың қолында екен. Мен не спортпен, не арнайы диета ұстап, жанын күткен адам емеспін. Тек батыр тұлғалардың дене бітімін сомдар тұста денемді тіктеп, оны ретке келтіруді ғана қолға алатынмын. Мысалы, Амангелдінің рөлін ойнадым. Ол жинақы батыр адам еді. Соған дайындалғаным бар, – дейді әнші. Кәукен аға сахнаға шығарған бейнелердің бәрін бірдей талдап жату, әрине мүмкін емес. Бірақ, Латиф Хамидидің «Қыз Жібек» операсындағы Бекежан рөліне аз-кем тоқтала кетпесек болмас. Бекежанның образын алғаш жасағандардың бірі бірегейі Құрманбек Жандарбеков екені баршаға аян. Кезінде халқымыз Құрманбек десе, Бекежанды, Бекежан десе, Құрманбекті еске алатын болған. Сол ағасының тума талантына табынған Кәукен аға Құрекеңмен болған мына бір көріністі күні бүгінге дейін есінен шығармапты. – Құрманбек деген ерекше адам. Аллаһ бірдеңе берсе, үйіп-төгіп беретіні бар, деп Кәукең бір мезет тебіреніп кетті. Аллаһ Құрекеңе өнерді үйіп-төгіп бере салған. Театрды театр еткен – Құрманбек. Бізді қолымыздан жетелеп, жол көрсеткен де Құрманбек. Құрекеңде өнерге келгенде басқаға өкпелеу, кемсіту деген жоқ, әділін айтатын еді. Бірде журналистер: «Сіздің ізбасарыңыз кім?» деп сұраса керек. Сонда ол: «Менің ізбасарым – Кенжетаев», – деп жауап беріпті. Ал өзінің кітабында: «Егер шәкірт ұстазын озса, онда ұстазының мықтылығы» деп жазған екен. «Ұстаздан шәкірт озды» деген осы емес пе? Бүгінде Кәукен аға қазақ мәдениетінің биік шоқтығы ғой. Осы шыңға шығуға жетелеген Құрекеңнің жанашырлық қасиеті бір
Кәукен ағаға ғана емес, сол кезде онымен бірге қызметтес болған барлық үлкен-кіші әртістердің бәріне де өзінің шапағат нұрын төккен-ді. Әсіресе, оны сезімтал сезім иесі – Кәукен аға ерекше сезінсе керек. – Бірде Құрманбек мені шақырып алып, «Сен неге Бекежанды ойнамай жүрсің?» – деді. Мен күліп: «Құреке, сіз қызықсыз. Ертең мен Бекежан болып шыға келгенде ел не дейді? Құрманбектің өмір бойы ойнаған Бекежанын менің орындауымда халық қабылдамайды» дедім. Сонда Құрекең қарқылдап күліп: «Е, саған керегі Құрманбектің Бекежаны екен ғой? Сен өз Бекежаныңды тауып ал, ізден, өзіңше ойна» деді. Міне, бұл көзі ашық, көкірегі ояу, көреген адамның сөзі еді», – дейді абзал аға. – Жанына қуат, өнеріне қанат болған ағалардың ақ батасы мен үлгі– өнегелері Кәукеннің өмірден өз орнын табуға бірден бір себепкер болса, ал Құдай қосқан қосағы Шабал Байсекова тек жан жары ғана болмай, арқа сүйер тірегі, өнердің ащысы мен тәттісін бірге бөліскен адал сырласы да, қамқоршысы да, қолдаушысы да еді. – Біз Шабал екеуміз өнерге үлкен құрметпен қарадық. «Операны өнердің ең биік шыңы», – деп бағалап, қадір-қасиетін бағамдай білдік. Өнерде бір-бірімізді толықтырып, қателігімізді айтып, білмегенімізді бір-бірімізге ескертіп отыратынбыз. Өмірде жас отбасылардың басынан өтіп жататын қандай да бір қиындықтар болып жатса, біз оны өнерге ғашықтығымыздың арқасында жеңе білдік, – дейді шаңырақ шаттығына бөленіп, кезінде махаббат бесігінде тербелген Кәукен аға. Бір кездері көрермендері жыртылып айырылатын опера және балет театрының соңғы кездері жетімсіреп қалғаны жанына батып жүргенін де жасыра алмады. – Опера – ең жоғары мәдениет. Музыканың ең биік шыңы. Ол керек. Бірақ тап қазір расында операның жай күйі жақсы опера жазатын композиторлар, мықты дирижерлар, оны қоятын шебер режиссерлар жоқ, – дейді. Ұлттық опера өнеріміздің тоқырау себептеріне тоқталған Кәукен аға. – Дирижердың қызметін кейбіреулер түсіне бермейді. «Сен қолыңды ербеңдетпей тұра тұр, ән тыңдайық» дейтін де қазақтар бар. Осындай олқылықтарымыздан операны өзінің биігіне көтере алмай жүрген жайымыз бар. Біз Шабал екеуміз үйленген соң театрдың гримерный бөлмесінде тұрған едік.. Күн демей, түн демей, еңбек еткенбіз. Біз фонатик болатынбыз. Операдан басқа өнер жоқ, – деп ойлайтынбыз, – дейді ол.
Міне, осындай ортада жүріп өсіп-өнген, атақ алған бақытты күн кешкен өнердің рахатын сезінген Кәукен ағаның сол күндерге деген сағынышы әсте суыған емес-ті. Шындығында, бүгінде бізге өнерді, оның ішінде, әсіресе операны бар жан-тәнімен құлай сүйетін, құрметтейтін фонатик жандар керек сияқты. Мұндай тұлғалар келешекте өсіп шығатынына Кәукен аға бар болмысымен сенеді. Ол үшін жағдай жасалып ұлттық өнерімізді сүйе білсе, бойларында сүйіспеншілік сезімдері мол болса, алмайтын асу, шықпайтын шың жоқ. Мүмкін операның қайтадан жаңғыратын күні де алыс емес шығар... Д Ә Н Е Ш Қазақтың әншілік өнерінде өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған, Қазақстанның Халық артисі, әнші-сазгер Дәнеш Рақышев көзінің тірісінде «бақыт» деген «ән» деп өткен жан еді. Ұлттық музыка мәдениетмізде дараланып оның орындаушылық мектебі қалды. Бүгінде Дәнештің әншілік дәстүрін жалғастырып жатқан шәкірттері де қаншама. Ендеше өмірінен, өнерінен үзік-үзік ойды өрбітейік... Жоңғар Алатауының Шығысы мен Батысын бөліп жатқан құзар шыңды, ақ басты таулар тізбегін Еренқабырға деп атайтыны тарихтан мәлім. 1881 жылы Ресей империясы мен Қытай елі аралық шекарасын анықтап, белгілеу мақсатында жүргізген өзара шекара бөлу кезінде осы өңірді атамзаманнан бері құтты қоныс, атамекен етіп отырған қазақтан сұрамастан империялық көзқараспен осындағы елді елеместен екіге бөлді де тастады. Қазақтың Албан, Суан, Қызай, Керей, Найман сияқты қабырғалы руларының Шығыс бөлігі Хансу елінің қол астында қалып қояды. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары әдейі қолдан жасалған қызыл империяның солақай саясаты салдарынан зардап шегіп, жаппай аштыққа ұшыраған қазақтардың бір бөлігі сол жат елдегі қазақтарды паналап, көтеріле ауып, боса көшкені тарихтан аян. Ал аталған дәуірдің елуінші жылдары екі ел арасында орнаған жылымықтың әсері хансу еліндегі ауып барған қазақтардың да «елге қайтсақ» деген ниетін оятқаны белгілі. Сол алғашқы көштің соңын ала алпысыншы жылдары Рақыш қарттың ауылы да құйысқандары көтеріліп, елге бет түзеген кез еді...
«Дәнеш елге оралыпты» деген хабар Жаркент өңіріндегі қазақтар арасында желдей есіп жүре берді. Себебі алғаш көштің легімен бұл бетке де «Дәнеш әнші.., Дәнеш сері...» деген атағы өзінен бұрын жеткен-ді. Жоңғар Алатауының бір бұрымындай болған Өсек өзенінің таулы сағасында дүниеге келген Дәнеш қазақ ән өнерінің Күнгейіне Іле Алатауы болмағанымен, жемісті, жынысты кең балақ жотасы, шымыр да сүйегі асыл уағы еді. Көтерілген биігінен аласармай, табиғатында бар ырысын сарқып бере алмай фани жалғаннан өтті. Тау баласы тауға қарап бой түзеді. Қаршадайынан ол ән өнерінің көкжиегіне көз тікті. Биікті аңсады, жаны сүйді, биікті әнге қосты... Әкесі Рақыш та ел ішінде «Рақыш сері» атанып, ауыз екі айтыста орамды ұтқыр сөздерімен қарсыласын алып та, шалып та жыққан өнерден алары бар, құр алақан болмаса керек. «Ұядан не көрсең ұшқанда соны ілесің» демекші Дәнеш сәби шағынан бастап-ақ ән тыңдап, оның әрбір мақамдарын, иірімдерін көңіліне тоқып өседі. «Өнерге әуестігім жастайымнан басталды», – деп бастап еді әңгімесін ол бірде. – Осылай деуіме толық негіз бар. Себебі, маған ықпал еткен әкем Рақыш деген кісі еді. Ол әрі домбырашы, әрі биші болған өнерлі адам. Бірақ нағыз әнші болған емес, әйтсе де өлеңші еді. Жайлауда той-томалақта ағаш үйдің іргесін түріп тастап, әйелдермен керегенің көгінен айтыса кететін. Кезінде кәдімгідей аты шыққан Шәуешек – Алтайға, Құлжа – Іле аймағына танылған өлеңші-ақын еді. Шешем Тәжіхан да ақын-өлеңші болған кісі екен. Алты жасымда қайтыс болыпты, көрген жоқпын. Кейінгі Ақманар деген шешемнің қолында өстім. Ол кісі де сауықшыл болатын. Әке-шешем ойын-сауыққа әуес болғандықтан ауылымызға ақындар, әншілер, өнер адамдары көбірек қонақ болып, әкем көбіне солармен араласатын, өзі де қонақ құмар, көпшіл сол дүрбелеңмен дүрлігіп жүретін. Аздап гармон тартатын. Әкемнің осы өнері маған әсер етіп, сегіз жасымда гармонмен ән айта бастадым. Тойда жүктің үстіне шығарып қоятын, сол жерде ән салып отырамын. Кейіндеп он бір, он екі жасқа келгенде аттары Шыңжан өлкесіне белгілі Мәмет, Әпірейім деген ақындарды көрдім. Сол сияқты ауыл арасында жүрген басқа да бірнеше ақындармен кездестім. Ал он төрт, он бес жасқа келгенде домбыраға әуестеніп, халық әндерін айта бастадым», – деп балалық шағына бір мезет саяхат жасаған Дәкең аз-кем ойланып отырып қалды. Бозбала қиялын тербеген сол бір шақтағы алып ұшқан көңілге дем берген, медет болған Мәмет Қошқарбайұлының аталық ақылы еді. Дәкеңнің айтысынша, ол кісі
әрі әнші, әрі суырып салма ақын болған көрінеді. Міне, осы кісіге он бес жасында кезіккен Дәнеш бұдан былай сырнаймен қоштасып, домбырамен ән салуға назары ауады. Ендігі жерде сан арман сейіліп өнермен егіз туған бозбалаға домбыра серік болады. Мәмбет ән салуды Кәдірхан деген адамнан үйренсе керек. Ол кезінде Әсеттің шәкірті болған. Әлден кейін үзілген ойын қайта сабақтаған Дәкең: – Менің бірінші рет Мәмбеттен үйренген әнім өздеріңізге белгілі Әсеттің әні «Қаракөз». Оған қоса «Жайқоңыр», «Қоңырқаз», «Ардақ» әндерін де сол кісіден үйрендім. Осы жерде мына нәрсені айтпай кетпеске болмас, менің әнші болуыма осы арнаға түсуіме Әсеттің ықпалы өте көп, мен үшін ол үлкен мектеп, Құдайдың берген үлкен сыйы. Әсет әндері маған даңғыраған жол боп ашылды. Көзімді ашты. Сондықтан мен Әсетті пірімдей көрем, әншілік жолға түсуіме бірінші себепкер болған Әсет ақынның әндері болса, екінші өзіме ұстаз болған Әсеттің әндерін үйреткен Мәмбет сері. Ол айтқан әндер құлағыма жағып, көкейіме тез қонатын. Әнді айтарда домбыраның құлақ күйін ұзақ келтіретін. Оның қағыстарын қалт жібермей, дауыс ырғақтарына таңқалып ұзақ қарап отырудан жалықпайтынмын. (Бұл кісі кейін елге оралып, Шығыс Қазақстан өңріндегі Мақаншы ауданына қарасты Жарбұлақ ауылында дүние салды). Дегенмен де, жастық шақ деген қызық қой, – деп әңгімені бір қайырып тастаған Дәкең, «Енді не білгің келеді бала?» дегендей сұраулы жанармен қарағандай болды. Мен оның тұнық та өткір жанарынан әлде бір сырдың ұшығын көргендей күй кештім. Аңғарғаным, Дәкең қырдан түсіп Құлжаға келгеннен кейін қолына сырнайды алып, көбірек татарша жырлайды. Осылай көше кезіп, сырнай тартып, ән салып жүргенде Әсеттің шәкірті болған атақты Кәдірханмен кездейсоқ кездеседі. Дәнештің мына жүрісіне көңілі толмаған әнші: «Әнші Дәнеш» деп бір рулы ел мақтан етеді. Сыртыңнан естіп жүрмін. Ал, сен болсаң татарша ән салып, көше кезіп жүрсің. Бұл қылық саған жараспайды, бойда бар өнерді қорлама, жеңіл-желпі қолпаштауға мәз болып қазақтың әнін қор қылма, қолыңа домбыра ал!» – деп батасын береді. Осыдан кейін Дәкең қолына домбыра алып ән сала бастапты. – Елуінші жылдары Құлжада өлкелік қазақ, ұйғыр театрларының бөлімдері ашылды. Сонда ән жазатын әуесқой композиторлар жұмыс істеді. Өйткені театрымызда қойылатын ойындардың бәрі әннен құралғандықтан ұйғырдың Әбдінәби, Шыңжан деген сазгерлерімен қоян-қолтық араластым. Оларға қызығамын. Бірде маған да ән жаз-
сам деген ой келді. Қалай бастаймын? Ән қалай туады? Себебі, ән айтсам да әннің қалай жазылатынын білмейтінмін. Әйтеуір ән жазу осы екен деп ұйғырдың әндерін алып, сөзін қазақшалап айтады екенмін ғой. Соны ән жаздым деп жүріппін. Содан болар олар ішегі қатып күледі. Жастық қой. «Ойбой Дәнеш-ау, мына әнің біздің пәлен деген ұйғыр композитордың әні ғой. Бұған сен қазақтың сөзін салып алыпсың. Ән шығару деген олай болмайды, былай болады» – деген аздаған кеңесі, үлгісі ән жазуыма келешекте әсер етті», – деп ойын Дәкең бір қайырып тастады. Осылай өнер мектебінен дәріс алған жас жігіттің алғашқы әні Қазақстанға арналған «Мақтанышым елім бар». Сөзін жазған Құрманбай Толыбаев. Одан кейін Дәнеш кеудесінен шыққан әннің бірі Қытай қазақтарының жаз жайлауы болған сүйікті көлі Сайрамға – «Шалқы, Сайрам». Көңілдің күйін білдіретін «Шаттық толқыны» тәрізді туындылары да дүниеге келеді. – «Бірақ осы әндерімнің барлығы көңілдегідей болды деп айта алмаймын. Ал елге оралғаннан кейін белгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтен көп үлгі алдым. Бұл кісі маған ақыл берді, кеңес берді. Ән жазу үшін ең жақсысы халықтың өзінен үйрену керек, халық әндерінің мәнерін пайдалана білу керек, халық әндеріне еліктеп жазуға әуестену керек деген сияқты кеңестерінен кейін «Саясында алманың» жаздым. Ал енді ән жазудың маған берген ерекше бір пайдасы сол болар деп ойлаймын. Кейбір адамдар «пәлен уақытта сен осы әнді айтып едің, ал әзіргі айтуың басқаша, бұл әннің екінші түрі ме?» деп жатады. Осының өзі ән жазуыма ептеген үлесі бар ма деп те ойлаймын. Өйткені, халық әндерінің кейбір иірімдерін, толқындарын өзгертіп, өз жанымнан ырғақ қосып, жақсартып, шамамның келгенінше пәлендей керемет болмаса да халықтың көңілінен шықса екен, тыңдаған жанға жақсы әсер етсе екен деген оймен әндерімді құлпыртып айтатыным бар. бұл әдіс ән жазуыма зор пайдасын тигізіп жүр», – деген еді сонда Дәкең. Әнші-сазгердің төл шығармаларына көңіл аударып, зер салып, қарайтын болсаңыз көбісі адамның ішкі жан дүниесін, сезімін, махаббатын жырлап тұрады. Қазақ радиосында бір кездескенімде мен: «Сіздің әндеріңіздің бәрі дерлік сұлулыққа деген сүйіспеншілікке құрылады, бұның сыры неде?» деп сұрағаным барды. Сонда Дәкең ойланбастан: – «Шынымды айтсам, лирикалық әндерді көбірек жазам. Бұл жөнінде студенттер де кездескенде сұрап жатады. «Ағай, сіз
көбінесе махаббат жайлы көп жазасыз, бізге жастарға арнап неге жазбайсыз?» – деп жатады. Лирикаға жақын себебім, мен жасымнан сұлулыққа ынтық болып өстім. Әсемдікті, әдемілікті асқақтататын әндерге әуес болып, сондай әндерді шырқауға құмар болдым. Оның үстіне ұстазым Мәмбет Қошқарбайұлы өзінің бір өлеңінде: Ақыны Қаракерей Мәмбет деген, Мәмбеттен қыз қалмаған дәметпеген. Ала алмай алты қызды арпалыспен Өмірім босқа өтті-ау әлекпенен, – дейді. Мәмбет Қаракерейден шыққан сері болатын. Соңғы алған жұбайы сол алты қыздың бірі еді. Сол кісіге балалықпен еліктеп, он алты жасымда оқуды тастап, Мәмбетпен бірге қыз алып қашпағанмен соған ұқсап, өзімше атқосшы болып еріп жүрдім. Ол кісінің ептеген сөздері, айтқан әндері көкейіме әбден қонған тәрізді, біраз өмір көрдім. Өзінің сүйгеніне қосыла алмай кеткен қыздардың аңсаған махаббатын сезіндім. Маған ықпал еткен осы жайттар болды-ау деймін. Сондықтан да болар ғашықтық тақырыптағы әндерді көп айтып, өзім де көп жаздым. Мұндай әндерді тіпті өзім де сүйсініп айтам. Жаныма жақын шығармалар», – деп еді сол кезде Дәкең біртүрлі көңілі шалқып. Егер әншінің репертуарына зер салып қарайтын болсаңыз, расында сезім лирикасы басым болып келеді. Бұл оның жүрегіне әу бастан ұстаз шапағаты арқылы дарыған. Мысалы, «Аңшының әнін» алайықшы, Дәкеңнің көмейінен ойнақтай қайырылып, төгіле құйылып, әуездің тылсым иірімдерінде сәндене өріліп, құлпырып шығып жатқандай әсерде қалдырады. Қансонарда аңға шыққан серілердің қанжығасы майланып, қызды ауылға келіп түсті, осы бір сөзбен айтып жеткізе алмайтын көріністі әнші қаз-қалпында қаймағын бұзбай алдыңызға алып келеді. Елестетіп көріңізші, қандай ғажап сурет... – Туған жерім Жетісудың Жаркент өңірі. Белжайлау, Аяқсаз, Үшсудың құйғаны, табиғаты қандай керемет жерлер. Әсем өңірлерді оның сұлулығын жақсы көрем. Өнерді қадірлейтін елді құрметтеймін. Туған жерден, елден ардақты не бар?! Соларды әнге қосудан артық ештеңе жоқ, – деп еді-ау сонда Дәкең тебіреніп. Ал елге оралғаннан кейін ол ақиық ақын Мұқағалидың өлеңдерімен танысады. Өмірдің өзінен ойып алған өлең шумақтары сезімтал жанға қатты әсер етеді. Мұқағалидың өлеңдеріне көз жүгіртіп, философиялық мәніне, табиғи болмысына зор мән бер-
ген Дәкең Мұқағалидың өлеңдеріне ән жазуға бет бұрады. Айтысынша, бес-алты ән туды. Сазгерді ақынның өмірі қызықтырады, әсіресе, ауыр тірлігін, дендеп бара жатқан ақын жанының «дертін» де сезімтал әнші жанымен сезеді. Көздеген мақсатына жете алмай өмірі үзілетінін, жас кетіп қалатынын сезген ақынмен бірге мұңаяды, толғанады. Ақын өмірінің осы соңғы сәттері Дәкеңе қатты батқанын Мұқағали жайлы айтқан әрбір сөзінен аңғару қиын еместі. Сол себептен де: «Шамамның келгенінше өлеңдеріне ән жазуға тырыстым. Әсіресе, маған Мұқағалидің табиғат лирикасы, туған жер туралы өлеңдері қатты ой салды, сезімді оятты», – дегені әлі есімде. Дәкең ең алдымен Жетісудың ән бейнесін жасаған сазгер-әнші. Қазақ жерінің осы бір өңіріне көбірек көңіл бөліп, Жетісудың еңбек адамдарын, өзендері мен көлдерін әнге қосып жырлап өткен жан. – Осы тақырыпқа тоқталмас бұрын алдымен мына жайды айта кетуге тура келеді», – деп бастап еді әңгіме Жетісу тақырыбына жазылған әндерге ойыса бастағанда. – Жетісу жайлы кейіндеп жазып жүрмін. Халқымыз «Жер жаннаты – Жетісу» дейді ғой. Егер тау-тасын кезіп, серуендесеңіз бұл теңеудің қаншалықты шындыққа жақын екенін байқайсыз. Өте сұлу, көркем, табиғаты сондай әсем жер. Сондықтан осы көркем көріністі әнге қосып жүрген жайым бар. Жетісулық ақын Тоқбай Исабековтың сөзіне «Жетісу» деп ән жаздым. Бұл әнге атақты Батырымыз Рақымжан Қошқарбаевтың да қосқан үлесі бар. ол былай болып еді. Сол кезде Рақымжан Қытайдан келген елді қабылдап, пункттің бастығы болып Жаркентте тұрған. Сонда араласып, күнде бірге серуендейміз. Онда мен ауылдамын. Бір отырыста әнді тыңдаған Рекең: «Дәнеш, әнің жақсы шыққан екен. Сөзін Тоқбай да жақсы жазыпты. Бірақ, бір нәрсе жетпей тұрған тәрізді. Менің ойымша махаббатты қосу керек сияқты», – деп бізді сонда бір күлдірген Рекеңнің ұсынысын құп алып, әннің үшінші шумағына Тоқбай махаббатты қосқаны бар. Кейін Талдықорғанда жүргенде «Жер сұлуы – Жетісу» деген ән туды. Сөзін жазған ақын Әбен Дәуренбеков. Жетісуға көбірек ән жазуымның себебі, өйткені бұл өңір маған ғана емес бүкіл халыққа ұнайды. Өзі әсем, өзі сәнді, өзі сұлу, өнер құмар, осындай бір керемет жер. Жетісудың осы көркі мені көбірек ойландырады. Ақын Хасенхан Талғаров пен Құрманбай Толыбаев та өз өлеңдеріне туған жердің, туған елдің осы қасиеттерін арқау ететінін байқаймын. Өзімнің көңілімнен шыққан өлеңдеріне де біраз әндер жазылды».
Әрине, Дәкең тек Жетісуға ғана арнап ән жазған жоқ. – Жолым түсіп, 1986 жылы Баянауылға бардым. Павлодарға өте құмарланып, еліне, жеріне, табиғатына көпке дейін сүйсініп жүрдім. Баянауылдықтардың өнер сүйгіштігі, өнер адамын құрметтеуі маған тіпті ерекше әсер етті. Басыма неше түрлі ойлар келді..., «ойпырмай кешегі Ақан сері мен Біржан салдың өмірі осы ортада осылай өткен екен-ау», – деп бір мезет тәтті қиялға беріліп кеткен сәті әлі көз алдында. Сондықтан бұл елден ақын, өнерпаздар көп шыққан шығар деген тоқтамға келген Дәкең сезіміне ерік береді. Сонымен көп ұзамай кеуденің күйсандығынан Тоқбайдың сөзіне жазылған «Баянауыл – бал әнім» өріліп шығады. – Мен мынаны түсіне алмадым. Кейбіреулер әннің әуенін жазып алып, содан кейін барып, маған мынандай сөз жазып бер дейді екен. Ал мен Станиславскийдің және басқалардың кітаптарын шамам келгенше көбірек оқыдым. Оқып қана қоймай көкейіме тоқыдым деп мақтана аламын. Махаббатқа, жерге, елге, табиғатқа арналған болсын алдымен тексті аламын да соған қарай ән жазуға әуеспін. Бұл әдет боп кеткен. Қолымда өлең жолдары болмай ән жаза алмаймын. Енді бірлі-жарым текстсіз шыққан әндерім болса болған шығар, – деп сонда аға ағынан жарылып еді-ау. Дәкеңнің көзінің тірісінде «Мақтанышым елім» деген әндер жинағы жарық көрді. Оған ертеректе жат елде жүріп жазған біраз әндерімен қатар елге оралғаннан кейін көңіл-күй қуанышынан туған сағыныш саздры енген. «Енді екінші кітабымды баспаға ұсынсам деген үмітім бар. Қазір қоржында елу-алпыс ән жинақталып қалды. Осы жерде тағы бір айта кететін шаруа, Әсет Найманбаевтың «Інжу-маржанын» басқа әндерінің бәрін мөшекке салып аузын түйіп, арқалап, көтеріп Қытайдан мен алып келдім. Қазір 15–16 әнін Талдықорған пединститутының ұстазы, өнертану ғылымының кандидаты Келгенбай Жиенбайұлы нотаға түсіріп жатыр. Ал өлеңдерін іріктеген Құрманбай Толыбаев. Осы азаматтардың көмегімен Әсеттің әндер жинағын шығарсам деген ойым бар. Бұл әндердің көбісін қазақ радиосынан айтып та жүрмін. Қазір әншілер радиодан естіп алып, өздерінше жырымдап, әртүрлі айтып жүр. Күн өткен сайын ән бұзарлар қатары көбейіп келеді. Әрине, айта алмайды деген емес, бірақ әр әншінің өзіндік стилі бар, соны ескере бермейді көбісі», – деп Әсеттің әндерін бұзып айтып жүргендерге кейістік білдіргені бар-ды.
– Мен де өзгелер сияқты жақсы әншілерге еліктейтінім бар. Кімге, неге еліктейтінімді әңгіме барысынан сезіп отырған боларсыз. «Қыздың бетін кім ашса, сол ыстық» дейді ғой. Мен өз жеріме – Отаныма келгенде алғаш рет жылы қарсы алып, ақыл кеңес берген – Нұрғиса. Маған ыстық, көңіліме жақын көрінеді. Мені Құрманғазы оркестріне солист етіп орналастырды. Бибігүлмен бірге Жетісуды түгел араладым. Аз да болса, Бибігүл айтқан әндер маған әсер етті. Шәмшінің, Әбілахаттың лирикалық әндері кеудемдегі сезім толқынын шайқады. Ептеп солардан ойыма бүкпеймін емес бүгемін. Бұл менің өзіме тән стилім. Қанша олардан алып пайдаланам десем де бәрібір өзімнің мақамымның ықпалы басып кете береді. Бірақ, маған Нұрғисаның ақылы мен кеңесі, әсері зор. Өйткені өнер бірімен-бірі сабақтас қой. Біріменбірі мазмұндас, бірімен-бірі жалғасып, бірін-бірі толықтырып, байытып жатады. Ән жазғанда мен үшін бұлақ көзі халық әндері. Мұқағалидың сөзі бар ғой: «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шапан жауып өзіне қайтарамын». Осыдан кейін Нұрағаның өсиетін мықтап ұстап, халық әндерінің иірімдеріне, қайырма қағыстарына, стилдеріне, әуеніне ерекше мән беріп, соларға еліктеп жазатұғын бір әдіс таптым. Бұған дейін халық әндерінен іргемді аулақ салатынмын. Өйткені «бәлен әнге, түген әнге ұқсап кетіпті» деп айтады. Кейінгі әндерімнің дұрыс болып жүргені сол жағынан болар деп ойлаймын. Халық әндерінің ырғағына өте зер салып жүрмін. Тіпті көп араласпасақ та көзімді ашқан адамның бірі – Мұхтар Әуезов. Мұхаңмен «Саясында алманың» әнім арқылы танысқам. Арада болған қысқа әңгімеде Мұхаң: – Кейбіреулер мәнсәпты көксеп, байлықты көксеп, яки, біреуге жасаған жақсылығын пұлдап, араққа беріліп, өзін жоғалтып алады. Бойындағы бар қасиетін ыдыратып алып жүргендер көп. Бірақ сенің тұрқыңа қараймын ондай нәрселер бойыңнан көрінбейді, сен олай бола да қоймайтын шығарсың. Сенен ондай жат қасиет шықпайды. Сенен үлкен үміт күтуге болады. Сен біздің арқаның стилінде ән шығарады екенсің. Мына «Саясында алманың» бір сәтті шыққан ән екен. Сенімен қайта кездесемін. Мәскеуден келген соң сені өзіме шақыртып алып, сөйлесем», – деп мақтап еді. Өкінішке орай, ол кісі оралмай қалды», – деп сол бір Мұхаңмен болған жүздесуді аса сағынышпен еске алып еді жазған. Мұхаңның осы бір әкелік қамқорлығы, айтқан ақылы сонда жаңа ортаға сіңісіп кете алмай, жетім баланың күйін кешіп жүрген жүдеу көңіліне демеу болғанын да жасырмады.
Әнші көзінің тірісінде шәкірт тәрбиелеуге көп көңіл бөлген
адам. «Қасым айтқандай, өлеңім өзіммен бірге өлмесін деп жүрген
жанның бірімін. Егер мүмкіндік болып жатса, Талдықорғанда
өзімнің орындаушылық мектебімді ашпақпын. Артыма бір
мұра қалдырсам деген мақсатым бар. Менің стилімде ән айтуға
машықтанып жүрген өнерлі жастар баршылық. Қасыма жылдап
еріп жүргендері де бар. Соның бірі қазір «Отырар сазында» ән са-
лып жүрген Жақсылық Мырқаев. Бүгінде Серік, Абылай деген ба-
лалар менен дәріс алады. Ал Бақберген Асқарбеков деген күйші
жігіт қазір менің репертуарымдағы әндерді сахналарда шырқап
жүр», – деп еді қоштасарда. Өзі өмірден өтсе де өнері кейінгі
ұрпаққа рухани қазына, өшпес үлгі болып қалды. Өзі армандаған
өнер мектебі де, Қазақ эстрада-цирк колледжінде «Дәнеш сы-
ныбы» да ұрпақ игілігіне жұмыс істеп жатыр. Онда талантты
шәкірттерінің бірі – Нұржан Жанпейісов сабақ береді. Өткен жылы
Өнер академиясында дәстүрлі музыка бөлімі ашылды. Осында
да Дәкеңнің орындаушылық мәнеріне машықтанып жүрген жас-
тар бар. Дәкең жайлы сыр тартып сұрағанымда Қазақстанның
халық артисті марқұм Кенжебек Күмісбеков: «Дәнеш Тарбағатай,
Зайсан өнерінің ән айту мәнерін, сол елде өткен талантты халық
композиторларының әндерін әкеліп бізді бір сусындатып таста-
ды. Дәнештің ән айту ерекшелігі елді елең еткізіп, құлаққа жылы
тиді. Төбе құйқа шашыңды шымырлатып, бойыңды балқытып, көз
алдыңа табиғаттың ғажап суреттерін әкелген керемет әнші. Оның
салған «Ардағы» да бір бөлек. Ал «Аңшының әнін» тыңдағанда
қазақтың сонау өткен замандағы салдық, серілік өмірі, өнері
елестейді. Сондай тар заманда қазақ өзінің әдет-ғұрпын қалай
сақтаған. Әндерінде де өзіндік ерекшелік бар, өзіндік қолтаңба
бар, тыңдаған адамға ұмытылмайтын әсер қалдыратын тамаша
үні бар. Тарихта аты қалған Ақан сері, Біржан сал, Балуан шолақ,
Жаяу Мұса, Естай сияқты халықтан шыққан дүлдүл әншілеріміздің
дәстүрін жалғастырушы, солардың тұяғы. Міне, бұл тегін емес, әрі
табиғи талант Дәнештің жүрегіне ұялағанын көрсетеді. Қазақ ән
өнерінің тарихында қалатын әншілердің бірі», – деген-ді сонда.
Өнер тілі – өткір тіл, шын мәніндегі тума әнде халық мінезі,
халық қасиеті аңқып тұрады. Ондай әндер өлмек емес. Мұқағалидың
өлеңіне жазылған «Ауырмаңдар, жігіттер», «Сағындым» сөзі
Фаризанікі, Құрманбайдың өлеңін әуенімен әрлеген «Талды» де-
ген әндер адамның көңіл-күйін паш ететін, тыныс-тіршілікті
жыр ететін, дүниенің тұтқасы Адам атты ұлы есімді асқақтата
көтеріп, халқымыздың игі мүддесін, рухани болмысын таны-
тар әндер. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы жинап, терген руха-
ни мұраларын сауатты игере отырып, оны жүрек елегінен өткізіп,
салмақтай білген, қадіріне жеткен Дәнеш өнердің ұлттық дәстүрін
көздің қарашығындай сақтаған содан өзіне қажетті нәр алғаны да-
усыз. Оны Кәкімбек Салықовтың өлеңіне туған «Келші аяулым»,
«Қайран, Құлагерім-ай», Тынышбай Рақымовтың өлеңіне жазған
«Ән салайын» әндерінен көресіз. Біз тілге тиек еткен туындылардың
бәрі де халық әнінің әуендік заңдылықтарымен өзектес. Мұндай
дүниелерден тыңдаушы қауымның алатын рухани, эстетикалық
ләззаты мол. Сонымен қатар шынайы өнер аз иесінің талант өрісін
де танытары қақ.
М Ә Д И Н А
Біздің бәріміз парламент депутаты Бола ала-
мыз, министр бола аламыз, тіпті республика
президенті бола аламыз, бірақ ешқайсымыз өнер
адамы бола алмаймыз. Осылай болғандықтан да
өнер адамы біздің емес, біз өнер адамының қолынан
сүйеміз.
Мұстафа Кемел Ататүрік
Қазақ радиосы ғимаратының бірінші қабатындағы асханаға
кіреберісте сол жақ бұрышта шай ішіп, шөл басатын шағын
бөлме бар. түс ауа сонда баратынбыз. Бізде қызметтес серігіміз
екеуміз шеткі үстелдің бірінде шай ішіп тұрғанбыз. Қолында
кесе толы сүт қатқан қызылкүрең шай бар, көзі қарақаттай, ақ-
сары қыз: – Жігіттер, қастарыңа тұруға бола ма? – деді үстелге
қойып жатып, қасымдағы жігіт: – О, Мәдина, әрине, болады...
болады, – деп құрақ ұшты. Ол өзінің бұрыннан таныс екендерін
аңғартып: – Мәдина, – деген әнші қарындасыңыз осы, – деп
бізді таныстырып жатты. «Е, кілең қара қатындар туралы жа-
затын жазғыш екен ғой», – деді ол. Мен: – «Неге олай дейсіз?»,
– дедім. – «тыңдап жүрміз ғой. Сары қатындар туралы да жаз-
байсыз ба?» – деп қулана күлді. Осы бір сәтте оның жүзі маған
тіпті нұрланып кеткендей әсер етті. Мен не дерімді білмей сонда
бар айтқаным: «жазамыз...жазамыз...» болыпты. Осыдан кейін
біз кездескен сайын байырғы таныстардай ашық-жарқын әңгімелесіп жүрдік. Келе-келе Мәдинаның өнеріне, өміріне деген қызығушылық ояна бастады. Ендігі жерде оған қатысты деректер мен материалдарды тірнектеп жинауға кірістім. Ой мәйегінің иесі Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай «Қазақстан темір-жолы», Қазақстан Композиторлар одағы және Қазақ радиосының эстрада-симфониялық оркестрі Абайдың мол рухани мұрасын насихаттау мақсатында өнер сапарларын ұйымдастырды. Оның құрамында еліміздің атақты және танымал өнер шеберлері болды. Сонда кезекті жолымыз оңтүстік өңірге түскен еді. Мәдина бізге Арыс қаласында қосылды. Күн ауып, аптап ыстықтың беті қайтқан кез. Біз теміржолшылардың Мәдениет үйін бетке алып келеміз. Зейнеп, Әсет, Нұрғали, Мыңжасар және мен олардың соңын ала аяңдап, өзара әңгімелесіп келе жатқанбыз. Қолында жетелеген алты-жеті жастағы қызы бар бір ару ана бізді шаужайлата қуып жетіп: – Мәдина қызым қайда, Мәдина қызым? – деді аптығын баса алмай, алқынып. – Неге іздеп жүрсіз? – дедік аңтарыла қалып. – «Мынау немерем еді. Мәдина сияқты әнші болам, – дейді. Соған ырым қылып, аузына түкіртіп алайын деп, ауылға келгенін естіп, жүгіріп келе жатқаным ғой», – деді аңқылдаған ана. Ал, Мәдина, Гүлнәр, Ақжол бастаған топ бізден едәуір ұзап, кетіп бара жатқан. – Әне, Мәдина қызыңыз, әне кетіп бара жатыр», – деп жөн сілтедік. Немересін сүйрелей жетектеп, асығып бара жатқан ананың соңынан қарап тұрып: «Әй, ырымшыл қазағым-ай», – деп қатарымыздан біреу күбір еткендей болды. Кім екенін байқамадым. Сол жолы Арыстағы кеште Мәдина «Ақбаян» және «Жібек Жолы аруы» әндерін шырқағанда, оған сүйсініп қол соқпаған адам сірә, болмаған болар. – Мәдинаның «Ақбаянына» үздігіп тұрамын, – деді сонда маған арыстық бір бозбала, – оның үстіне өзін көзбекөз көріп тұрғаным да осы, бірінші рет. Әртүрлі әншілер Арысқа жиі келіп жатады, бірақ олардың көбіне көңілім көншімейді, неге екі-ақ ән айтты? – деп таңданыс танытқан көрермен, оның әндеріне сусыны қанбай қалған сыңай байқатты. Оның сөзінен Ақбаян сынды қызға ғашық екені сезіліп тұрды. Мәдина шырқаған Бексұлтан Байкенжеевтің сол бір әні жас жігіттің жүрегіндегі махаббатты шоқтандыра түскендей еді. Осы сәтте оның жанары нұрланып тұрды. Сазды да, сүйкімді дауыс. Көмейінде күміс қоңырау сыңғырлағандай. Қалай айтарымды білмей, теңеу таппай қиналып тұрмын...
Ия, «Ақбаянды» өзге әншілер де айтып жүр. Әйтседе. Оның «кіндік шешесі» – Мәдинадай өрнектеу қайда? Әншінің жүрек түкпірінде көркемделіп, әрі кірген ән емес пе? «Құдайдың құдіреті Мәдина айтқан әндер адамды өзіне тартатын магниті бар секілді», – деп тамсанды енді бірде бір көрермен. «Оның сыры әншінің табиғатында жатыр-ау...», – деп күбірледі ол. Табиғат демекші, Мәдина өнерде бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын қайсар болатын. Композиторлардың: «менің әнімді орындашы», – деген қолқасына жығыла кетпейтін. Қия, қиыс баспайтын ұстанымы берік Мәдина: – «Мәселе айтатын әндерінің көптігінде емес, сапасында», – деген қағиданы жиі еске алып жүретін. Ол – ән әлемінде өзіндік сәулесімен жарқырап тұрып қалған тұлға. Мәдина: «Атақ – дегеннің өзі халық ықыласының бір жапырақ бөлшегі ғана ғой...», – дейтін де қоятын. Ал, сахнаға шыққан өзі де, әні де құлпырып, төгіліп келетін. Оның өзі жоғары білімді, өнер зерттеушісі болғандықтан да әншілігі қалыпсыз еді. Әнді қалай түлету, оның тарихи сабақтастығын қалай сақтау керектігін терең білетін-ді. Өзінің сахнаға ауған көңлін Мәдина: «Сахна – мен үшін сахарамен бірдей, тынысым кеңейіп, қанатым жайылып жүре береді», – деп білдіретін. «Тек көрерменнің мөлдір сезіміне сызат түсіріп алмасаң болғаны. Мені үнемі осы ой мазалайды», – деуші еді көңілкүйі бір шалқып кеткен сәттерде. Мәдинаның өнердегі сапары тауқыметті де, қатал тағдырмен басталады. Нәзік, әдемі қызға өзіндік мөлдір дауыспен бірге өмір сыйлаған әке соғыс салған жарадан көз жұмғанда, Мәдина тіршілікке енді талпынып жатса керек. «Әкем мүлде есімде жоқ. Анам да көп ұзамай қатты науқастан о дүниелік болды. Ол кезде мен он екі жаста едім. Бес жасар сіңліміз екеуміз жалғыз қалдық...», – деп еді сонда жанарына жас ұялаған Мәдина. Қызылордадағы педучилищеде оқып жүргенде, алғаш рет «Ақбаян» әнімен ауызданды. 1972 жылы Алматыда өткен Әуесқой өнерпаздардың фестиваліне қатысып, осы әнмен лауреат атанды. Осы өнер додасында оған белгілі музыка мамандарының, танымал композиторлардың көзі түсіп, қаршадай қыз олардың қолдауына ие болады. Сонда дуалы ауызды тарландардың қатарында Роза Бағланова да бар еді. Анасындай болып кеткен Бибігүл Төлегенова болса: «Мәдина қарапайым мінезді, кішіпейіл, үнемі ақжарқын жүретін. Мен өзім ол шырқаған әндерді де өзін де біртүрлі
аналық сезіммен жақсы көріп кеттім. Оны өзі де, сезетін. Кездесе қалсақ,алдымнан қия өтпей, қызымдай еркелеп келіп, құшағыма құлайтын. Мәдинаның бір жақсы жері бар еді. Сахнада әндерін қалай болса солай жүгіріп жүріп айтпайтын. Қазақтың қыздарының мәнерімен байсалды шырқайтын. Ұлтымыздың дәстүрін жақсы білетін, халықтың құлақ құрышын қандырып жүрді. Мәселен, суретші сурет салғанда бір ғана бояумен салмайды ғой. Әртүрлі бояу суретке өзіндік рең, әдемі көрік беріп тұрмай ма? Сол сияқты Мәдина біздің шығармашылық өнерімізде өзіне тән ерекше бір бояумен қалып қойған әнші», – деп күрсінеді. Ал, Мәдинаның аузынан: «Менің ерекше құрмет тұтатын үш әншім бар. Олар: халықтың бұлбұлдары – Күләш, Бибігүл, Роза. Мұхтар Әуезов: «Күлаш сахнаға шыққанда ай туып келе жатқандай әсерде қаламын», – дейді екен. Өз басым Бибігүл, Роза апайларды сахнаның сәні дер едім. Кезінде Роза апай маған үлкен үмітпен батасын берген еді», – деп жиі айтып жүретін. Ел ішіндегі жылт еткен жауһарларды өзіне тартатын «сыйқырлы» Алматы Мәдинаны да, өзіне тартты да тұрды... Көп ұзамай сіңлісін жетелеп шаһардың табалдырығынан аттайды. Айы оңынан туып, Қыздар педагогикалық институтына түседі. Сондағы: «Неге, консерваторияға түспедің?», – деген сұрағыма: «Өйткені қабылдамады...», – деп келте жауап қайырғаны есімде. Кейін білгенімдей Мәдинаның дауысы – меццо-сопрано екен. Бұл – дәстүрлі халық әндерін шырқаушылардың арасында сирек кездесетін құбылыс. Егер, осындай мәнердегі әншіге камера немесе опера әншіснің дауысын қойса, онда оның сұлулығы қайта келместей жоғалып кететін көрінеді. «Осыны Құдай сездірді ме қайдам, дауыс мақамымды өзгертуге мүлде қарсы болдым», – деп еді бірде Мәдина. Ия, оның әншілік өнері де тағдыры тәрізді біркелкі болған емес. Бірде ойда, бірде қырда деуге болады. Оның әншілігі әртүрлі тебіреністе болып келеді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың бас кезінде «Ақбаян» әнімен жарқ етіп шыға келген Мәдинаны Роза Бағланова, барлығы кеукеулеп ортаға алып, қолтығынан сүйеп, жетелеп алып кетіп еді. Содан кейін ол сахнадан көрінбей кетті. Ұзақ жылдар бойы үнсіз жатты. Сөйтсек, Мәдина Ғылым академиясының Әдебиет және өнертану институтында қызмет істеп жүріпті. Содан кейін жарқ етіп қайта шыға келді. Бұл жолы ол сахнаға жалпы ішкі дайындықпен келген болуы керек. Ол бірден көрінді. Кеңес
дәуірінде қазақ әншілері көп бара бермейтін, қазақтың ежелгі әндерін «Қоғалы-ай», «Әгугәй», «Алқоңыр», «Жылқы ішінде бір ала», «Айқаракөз» қайта түлеп ел есінде жаңғырып жатты. Осы әндерімен Мәдина өзін халқының әнші қызы екенін дәлелдей алды. Оның өзіндік дауыс ерекшелігі, сахнадағы болмысы, өзін-өзі ұстауы және ұлттық киімнің оған қона кетіп, жарасуы, – бұның бәрі, сыртқы эффектіге ерекше атрибут болып, әншіге қайталанбас сән беріп тұратын. Жалпы өз басым, Мәдинаны өзге әншілерден ерекшелеген үш нәрсе деп ойлаймын. Біріншісі: ол өзінің дауысының табиғатына, талантының табиғатына сай репертуарды ғана таңдады. Өзінің қолынан келмейтін әнге бармады. Біздің көп әншілерміз әлі күнге дейін осыны шатастырып алады. Тіпті, «жұлдыз» деп жүргендеріміз өзінің дауысына келмейтін, табиғатына қораштау әнге барады. Сөйтіп, бұрыңғы шыққан биігінен сәл төмендеп қалып жатады. Екіншісі: Мәдина, ел ішін көп аралайтын-ды. Ел ішінде көп айтылмай, тасада қалып қойған, күлдің астында жалтырап жатқан «алтындарды» тауып алып, халқына қайтадан тазалап ұсынды. Ізденіп жүретін. Халық әндерін тірілтуде оның еңбегі зор. Үшіншісі:қазақтың халық әндерінде сирек кездесетін мәні терең, нәзік, көркем, бояуы қанық сөздерді нақпа-нақ айтатын және әнді айтқанда оның сөзін түсінбей қалып жатпайсың. Бұның өзі де Мәдинаның ән өнеріндегі үлкен қасиеттерінің бірі болатын. – Мәдинаның әншілігіне кезінде ерекше көзбен қараған адамдардың бірімін, – деп бастаған еді сөзін бір кезде Дулат Исабеков. – Бұл менің оған деген жеке пікірім, талғамым шығар. Ән деген біздің халықтың өмірімен тығыз байланысты. Бұлар – егіз жаралған ұғым. Жалпы, қазақ құлақтан семіріп, құлақтан азатын халықтардың бірі болса, бұл негізінен о баста әнді меңзеген болуы керек деп ойлаймын. Кезінде тыңдаған жұрттың құлақ құрышын қандырған Мәдина – қазақ ән әлеміндегі шоқтығы биік жарық жұлдыздарының бірі еді, әттең, ерте сөнді. Ол шырқаған қазақи болмыс мөлдіреп тұрған әндердің бірі – «Айқаракөз». Ол неге Мәдинаға шейін айтылмай келген білмеймін, ол жағы маған түсініксіз. Оны оңтүстік жақ «біздің ән» десе, арқа жағы «біздің ән» дейді. Бірақ, қалай болғанда да ол қазақтың әні ғой». Әнді Мәдина қайта «тірілткеннен» кейін оған таласушылар көбейіп: «Оны мен тауып едім, брінші мен айтып едім», – деп Мәдинаның шаужайына жармасқан әншілер әр жер-
ден шыға бастағаны бізге белгілі. Бірақ, Мәдинаның айтқанындай «Айқаракөз» болған емес. Ән – қазақ өнерінің, қазақ өмірінің айнасы іспетті. Әсіресе, әнді тыңдағанда нәзіктікке, сүйіспеншілікке, бойжеткен мен бозбала арасындағы махаббатқа, жеңге мен қайынсіңлі арасындағы бүкпесіз сырластыққа куә болғандай күй кешесіз. Мәдина көмейінен өріліп шыққан әннің табиғатынан жалпы, қазақ ән тарихында кездесетін адами қарым-қатынастың жібек желісін аңғарасыз. – Мен осы әнді тыңдай отырып, қазақтың жан дүниесінің соншалықты бір нәзіктігін, кейде бір әлсіздігін, дәрменіздігін бар болмысыммен ұғынғандай боламын, – деп үзілген ойын қайта сабақтады Дулат. – Сырбаздап, тұспалдап сөйлеу арқылы берілген адам сезіміне жан бітірген әнші шеберлігін анық көріп, мен көзіме жас алғаным бар.Біреу сенер, біреу сенбес шынында да үш күн бойы үйден шықпай тыңдап, содан кейін «Қазақ әдебиетіне»тұңғыш рет музыка жайлы, ән жайлы, орындаушы жайлы мақала жазып едім. Ол – «Айқаракөз» немесе Мәдина Ерәлиеваның жаңа белесі» деп аталды. Өткен ғасырдың соңында қазақ әншілерінде ізденімпаздық жетпей жатқаны байқалды. Көбісі дайын әндерді орындаудан аспай қалды. Өз бетімен талпынып, тыңнан сүрлеу салуға екінің бірі құлықсыз болды. Өнерде өзіндік тоқырау сезілді. Бірақ, Мәдинада мұндай құбылыс байқалмады. Себебі, ол ылғи да ізденіс жолында жүрді. Үнемі өзіне сын көзбен қарайтын. Әнші болған соң жұрттың көз алдында жүретіні белгілі ғой. Бірі мақтап, бірі ескерту айтып та жатады. Соның ішіндегі ең кереметі – өз өнеріне үнемі қанағаттанбау. Осындай қасиет Мәдинаның бойында бар еді. Мәселен, таңертең тұрып айнаға қарасаң күнде бірдей емеспіз ғой. Бірде өзіңе ұнайсың, бірде ұнамайсың. Ұнамаған жағыңды біреу айтпай тұрып, өзің жөндеп аласың. Мәдинада да осындай жақсы қасиет бар еді. Ол әндеріндегі кем-кетіктерді біреу айтпай тұрыпақ, өзі жөндеп алуға тырысатын. Бұны оның өнерге қиянат жасамау ниетінен туған талғампаздығы демеске болмас. Өзінің оңтайына келетін «Әттең, тонның келтесі-ай», «Сағынамын», «Қоғалы-ай» тәрізді әндерді одан аса құлпыртып айтатын әншіні сол тұста мен көре алмадым. Бұл – Мәдинаның замандастарын төмендету емес, әншінің ерекшелігін даралау ғана. Қара халықтың ортасынан жарып шыққан әнші маңдайға сыймай кетті.
Бірде кездейсоқ көшеде кездесіп қалып едім: – «Қазір өзбек, қырғыз татар әндерінің жаңа циклдерін жасап жатырмын. Сонан кейін қазақ халық әндерінің топтамасын қолға алмақпын. Жаңадан бейне баянға дайындалып жүрмін», деп еді. Сонда өзі бір шығармашылық шабыт үстінде екен. Кейбір әншілер бірекі әннен кейін болдым, толдым дегендей толастап, тоқмейілсіп қалатыны бар. Осындай мінез қалыптасқан жерде өнер де тоқтап, тоқырауға ұшырайтыны мәлім. Ал, Мәдина болса, бұл жағынан рухани аш жүрген әншіге ұқсайтындай көрінетін. Оның жан рахатын – ел ішінде, күл үстінде жылтырап жатқан «алтындарды» – халық әндерін тазалап, халқына қайта ұсынған сәттерде сезінетінін екінің бірі білмейді. Әнші ән сөзіндегі сирек кездесетін мағынасы терең, мәні зор, бояуы қанық көркем сөздерді бұзбай, тыңдарманға нақпанақ жеткізе білетін-ді. Мәдина – әнсүйер қауымның көңіл-күйінің пернесін дөп басқан өнер иесі еді. Ол өзінің тұсындағы ел өміріндегі өтпелі кезеңнің адам иығына түскен зілбатпан жүгін сәл де болса, өз әнімен жеңілдетуге тырысқан әншіні сол кезде біреу түсінсе, біреу түсінбеді. «Қазақстанның халық әртісі» атағын алу үшін «ананы бір, мынаны бір жағалап жүр» деген қаңқу сөз де, күбір-күбір өсек те ел ішін аралап кеткен шақ болатын. Талантқа сын көзбен қарайтындар да, оның ізін бағатындар да қай заманда да аз болмаған. Бұдан Мәдина да сырт қалған жоқ: «Музыкалық жоғары білімі жоқ, Қыздар институтын ғана бітірген, тұмсығының астынан аспайтын дауысы бар, әнші емес», – деп Қазақ радиосының музыка редакциясының сол кездегі кейбір редакторлары Мәдинаны шеттетіп, әндерін радионың «Алтын қорына» жаздыруға қарсы болғандарын өз көзіммен көріп, мына қалқан құлақпен талай рет естідім. Сөйтіп, оның өнеріне қиянат жасап, аяқтан шалғандар, әрине аз болмады десем, біреу сенер, біреу сенбес. Абайша айтсақ, айқайламай-ақ әсем сазды дауыспен жеткізетін әншінің ән орындау мәнеріндегі адамға белгісіз бұл құпияны анаумынау жұрт аңғармай да қалуы мүмкін ғой. Мәдина пенделердің қағытпа сөздерінен беті қайтып, тауы шағылып көрген емес. «Жүйрік ат өрге шапса, өршеленер» демекші ол бұрынғыдан гөрі ширыға түсетін. ...Жылқы ішінде ала жүр, тай секілді, әгугай, Ұстай алмай бала жүр, ай секілді, әгугай, – мөлдіреп тұнып тұрған лирика. Жібектің жібіндей нәзік сазды үзіп алмай жеткізу
– екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Осындайда құлағыңызға құлыншақтың мойындағы күміс қоңыраудың тап-таза сыңғыр үні келмей ме? Егер әннің болмысын бұзып айтсаң, онда одан қандай қасиет, қандай бояу қалады? Мәдинадан зор дауысты талап етудің қажеті де жоқ еді. Ол жасанды болмыспен емес, табиғат берген, өзіне жарасатын болмыспен өмір сүрді. Оның қазақ ән өнеріндегі ізі, қолтаңбасы, үні осы даралығымен қалды. Бірде келіп: – Уақытың бар ма? – деді Мәдина, жұмыс аяқталып қалған шақ еді, иә, – дедім. – Онда әңгімелесейік, – деп қолқа салды. – Жарайды, – деп сыртқа шықтық. Есік алдында судай жаңа, қап-қара «джип» тұр. – Отыр, деп ишарат білдірді. Машинада ұлы Арсен отыр екен. Біз әпсәтте Цирк маңындағы саябаққа келдік. Жайлы орындықтардың біріне жайғасқан соң: – Халық әндерінің дауысқа салмай, тек қана, үнмен жеткізетін белгісіз құпиялары бар. Ол – әлі көрерменге жетпей жатыр, – деп ол ойын әріден бастады. – Оны жеткізе алмай жүрген өзіміз кінәліміз. Әнді тарихымен, мазмұнымен, қазаққа тән дәстүрлі дауыспен ғана жеткізуге болады. Мәселен, халық әні «Әй-әй, бөпем», осы әнді қалай өзгертіп айтасыз? Себебі, табиғаты бөлек. Кез келген әнді орындап тұрғанда: «Халыққа жеткізе алдым ба, сөзін дұрыс айттым ба, ән маған келе ме?» – деп толғанбайтын әнші бақытсыз, әділетсіз», деді. Әншінің бар маңдай тері «Адырна» ансамбліне жұмсалды деп айтсақ та болады. Халық Мәдина десе, «Адырна», «Адырна» десе, Мәдина деп білетін. Ал, 1991 жылы ол «Ақбаян» өнер тобын құрды. Өзі айтқандай, өмірге түңіліп жүрген кездері болғанымен, өнерге түңілген кездері болмапты. Ғұмырының соңғы жылдары шырқаған Гүлнәр Дәукенованың «Сағындым, сағым жылдар», Мұқағалидың сөзіне жазылған «Күрең күз» әндері – Мәдинаның әншілік өнеріндегі жаңа белестер еді. Бірақ, өмір сапары осы жерден үзілді... Ақын Марфуға: «Қақаған қыс. Әппақ қар... Қар бетіне үзіліп түскен бір тал қызыл гүл... Мен Мәдинаны осы гүлге теңеймін. Әппақ қар – Мәдинаның жан дүниесінің әппақ әлемі болса, сабағынан ерте үзілген қызыл гүл әншінің қысқа ғұмыры...», – деген еді. Хош енді, хош бол күрең күз...
Нұржамал Үсенбаева,
Қазақстанның халық әртісі
Қыз Жібекке айналып кеткендеймін...
Нұржамал Үсенбаева – Қазақстанның және Татарстанның
халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Тәуелсіз «Плати-
налы Тарлан» сыйлығының және халықаралық байқаулардың
лауреаты.
Нұржамал... Ол шырқаған әрбір ария, әрбір ән жан шуағына
шомылып, ажарлана түсетін тәрізді. Кезінде Барселона, Берн
және Цюрих театрларында тәжірибе жинақтап, шеберлігін
шыңдаған Нұржамал бүгінде Жапония, Дания және Ресей опе-
ра театрларында шарт бойынша жұмыс істеп жүр.
Өз өнеріме қанағаттанатын жан емеспін
– Сіз орындаған партиялардың шоқтығы биік. Мысалы,
М.Төлебаевтың «Біржан – Сарасындағы» – Сара, Е.Брусилов-
скийдің «Қыз Жібегіндегі» – Жібек, «Ер Тарғындағы» – Дана,
А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайындағы» – Ажар және
басқа кейіпкерлердің әрқайсысы ешкімге ұқсамайтын өзіндік
ерекшеліктерімен дараланған образдар. Ал, өзіңіз үшін етене
жақыны қайсы?
– Мен үшін «Қыз Жібек» операсының орны бөлек. Әсіресе Қыз
Жібектің жан дүниесі, сезімі, махаббаты, адамгершілігі, ақыл-
парасаты мен күні бүгінге дейін таңғалдырып келеді. Маған Қыз
Жібек қазақ қыздарының пірі, жарық сәулесі сияқты, оның нәзік
жаны, болмысы өзіме қатты әсер етеді. Қыз Жібектің партиясын
қашанда зор құштарлықпен беріле шырқайтыным да содан.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Абай атындағы Қазақ
мемлекеттік академиялық опера және балет театрында
Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсының мың бес жүзінші
қойылымы сахнаға шыққанын өнерсүйер қауым әлі ұмыта қойған
жоқ. Осы көрініске куә болған біз сонда Сіздің бойыңыздан жаңа
бір серпілісті көргендей болдық.
– Жер дауы, жесір дауы қазақ қоғамының үлкен бір бас ау-
руы болғаны тарихтан белгілі. Жыр өзегінде, опера желісінде
жатқан басты мәселе – Қыз Жібек пен Төлегеннің бір-біріне деген
сүйіспеншілік сезімдері арқылы екі рудың арасында орын алған жер таласына нүкте қойып, құдандалы болу емес пе? Көкірегі ояу адам ең алдымен осыған назар аударар деймін. Мен осы оқиғаларды өз жан дүниемнен өткізуге тырыстым. Яғни, «Қыз Жібекті» тек махаббат жыры ғана деп қабылдамау керек. Мұнда ел бірлігін аңсаған екі рулы елдің ізгі тілектері де жатыр... Қыз Жібек бейнесін 1984 жылдан бері сахнада сомдап келе жатырмын. Ол – менің бойтұмарым. Алғаш Қыз Жібектің рөлін ойнау бақытына ие болған кезде мен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында оқитынмын. Міне, содан бері 25 жыл өтіпті. Бала кезде бойыма біткен қазақи қасиет, еңбекқорлық, талмай ізденудің арқасында өнер шыңына көтерілдім ғой деп ойлаймын. Сөйтіп, Қыз Жібек маған, мен Қыз Жібекке айналып кеткендеймін. Менің бір қасиетім, еш уақытта өз өнеріме қанағаттанған жан емеспін. Әйтеуір бір нәрсе жетіспей тұратын сияқты мұндай күйді, әсіресе, Қыз Жібектің рөлін ойнағанда үнемі бастан кешемін. Себебі «Қыз Жібек» – менің өнердегі тұсауымды кескен опера. Сондықтан да ол – мен үшін ең бір сүйікті бейне. Оны жаман шығаруға менің қақым жоқ. – Қыз Жібекті алғаш сахнаға шығарған ұлттық өнеріміздің бұлбұлы Күләш Байсейітова апаңа еліктейтін сәттерің де болып тұратын шығар... Шеберлік жалғастығы өлмек емес қой. – Меніңше еліктеу деген – қайталау. Мен еш уақытта Күләш апайды қайталай да және оған ұқсай да алмаймын. Ол кісі – тума талант иесі. Өскен ортасы, алған тәлім-тәрбиесі, үйренген мектебі, орындаушылық мәнері жер мен көктей, мүлде бөлек. Ал ол кісі жасаған Қыз Жібектің бейнесі сол өз биігінде қалды. Бүгінде біз көбіне-көп орындаудың классикалық үлгісіне назар аударамыз. Сол себептен де операдағы «Гәкку», «Толқыма» әндерін шет елдерде өзімше айтып жүрмін. Егер біз ән айту мәнері жағынан Күләш сынды апаларымызға еліктеуге тырыссақ, онда өсу, жаңару болмас еді. Қыз Жібек бейнесі де қайта түлеп, жаңара түспес еді. Мен үшін Қыз Жібек жарық сәуле, мөлдір бейне, оның кіршіксіз махаббаты маған қатты әсер етеді. Бойымдағы өмірге деген құштарлық сезімді оятып, сахнада құлпырып, түрленіп кетемін. Оның ішкі жан дүниесін, жүрек соғысын естіп тұрғандай күй кешемін.
Опера – ақсүйектердің сүйікті өнері – Сіз орындап жүрген партияларға зер салып қарасақ, көбісі асқақ сезімдерге берілген, махаббат идеалдары болып келеді. Бұл кездейсоқтық па, жоқ әлде сіздің жүрек қалауыңыз ба, қалай түсінуге болады? – Неге екенін қайдам, әйтеуір, лирика, романтика, жалпы драмалық шығармалар жан дүниеме жақын. Мысалы, «Қыз Жібектегі» – Жібек. «Абайдағы» – Ажар, «Богемадағы» – Мими, «Турандоттағы» – Лир, Дж.Веридің «Травиатасындағы» – Виолетта, «Риголеттадағы» – Джильда, «Фальставтағы» – Алиса, Моцарттың «Фигароның үйлену тойындағы» – Сюзанна, Ж.Бизенің «Карменіндегі» – Микаэла, Дж. Россинидің «Севиль шаштаразындағы» – Розина, Н.Римский – Корсаковтың «Патша қалыңдығындағы» – Марфа, Цемлинскийдің «Карлигіндегі» – Инфанта, И.Штраустың «Жарғанатындағы» – Розалинда. Осы бейнелердің бәрін де өте жақсы көремін әрі бар өнерімді салып ойнауға, айтуға тырысамын. Операда тек дауыс қана емес, актерлік ойын, сахналық іс-қимыл, бірін-бірі толықтырып тұруы керек. Шығарма романтикалық болсын, көрерменнің жанына жететіндей, оның ой-дүниесін қозғайтындай, иландыратындай орындалса деймін. Сондықтан да әр кейіпкерге тән өзіндік трактовкаң болса, соған жететін шеберлік деңгейің болса, онда көрерменнің көңілінен шығарың сөзсіз. – Қазір, әсіресе, опера әншілері шетелшіл болып кетті, тіпті кейбіреулері сол жақта тұрақты тұрып жатыр деген сөздерді жиі еститін болып жүрміз. Шындығында солай ма? Егер осы рас болса, онда қазақ опера өнерін әлем мойындағаны ғой. Жоқ, әлде оның басқа сыры бар ма? – Құдайға шүкір, талантқа кенде емеспіз. Кезінде Кеңес Одағының опера мектебі әлемдегі ең алдыңғы қатарлы мектептердің бірі болғаны баршаға аян. Бізде сол негіз сақталып қалған. Біз күні бүгінге дейін содан нәр алып келеміз. Біздің мамандардың іргесі сондықтан да берік, білікті, ешкімнен кем емес. Мен алғаш пианист болғанмын. Музыкалық мектепте, училищеде фортепиано класында оқыдым. Бірақ кейін вокалға, академиялық классикаға, әнге көңіл ауды. Консерваторияда білім алдым. Швейцарияда, Испанияда шеберлігімді жетілдіріп, шетелдік озық мектептердің әдіс-тәсілдерін меңгеріп, қабілет деңгейімді көтердім. Сөйтіп
классикалық әнші атандым. Дәл қазір мені қайда жіберсе де, қандай ария, қандай партия орында десе де әркез дайынмын. Біз әлі таланттарымызды таныта алмай келеміз. Жарнамалау жағы бізде жетіспей жатады. Мысалы, мен Испанияның Барселона қаласында өткен халықаралық байқауда лауреат болдым. Ол кезде ешкім ештеңе білген жоқ, өйткені мен ол туралы айтпадым. Дұрысында айтуым керек еді. Қазір де қабілетті жастар көп. Оның бірі Астана музыка академиясының студенті Жылтыркөзов Азамат Польшада өткен халықаралық байқауда арнайы жүлдеге ие болды. Жастар үшін бұл да жаман көрсеткіш емес. Бірақ бір өкініштісі осындай жастарымыз көлеңкеде қалып қоя береді. Дер кезінде елеп, ескермегендіктен олар шетелге кетіп жатады. Онда талантқа есік ашық. «Менің Жібегім осындай болуы керек еді...» – «Қазақстанда опера әншісі болып өмір сүру қиын» дейтіндермен өз басыңыз келісесіз бе? Мүмкін бұл опера өнерінің беделі түсіп бара жатқандықтан болар. Сіз қалай ойлайсыз? – Әлемдік сахналарда операның беделі әлі жоғары дер едім. Себебі, құлдырау тенденциясы байқалмайды. Өйткені опера ақсүйектердің көріп, тамашалайтын өнері. Қарапайым халық оны түсіне бермейді. Рок-поп музыканың әуеніне шырмалған қазіргі жастардың көпшілік бөлігі операны қажет етпейтіні өкінішке орай шындық. Оларды операға бұра алмайсың, заман ағымы сондай. Егер өнер адамдарына жағдай жасаса, олар тек өнермен айналысса, әрине, жақсы болар еді. Еуропада әрбір белгісіз, кәсіби әншінің агенттіктері жұмыс істейді. Жеке менеджері, жеке продюсері болады. Мысалы, менің менеджерім бар. Бірақ Голландияда. Менің шетел театрларымен байланысымда оның елеулі үлесі бар. Оның көмегімен американың Нью-Йорк қаласындағы Карнеги-Холл театрында жеке концертім болды. Осындай жүйе бірте-бірте таралып келеді. Келе-келе бәрі жақсарады деп ойлаймын. – Сіз неміс, итальян, француз операларын «түпнұсқа негізінде орындаймын» дедіңіз. Өнер ешқандай тәржіманы, түсініктемені қажет етпейді десек те, орындаушы образдың сырын, мұңын жеткізу үшін мағынасын түсінумен қатар сол тілдің дыбыстық,
яғни фонетикалық заңдылықтарын білуі керек қой. Сондықтан
да осының бәрін меңгере алдым деп айта аласыз ба?
– Әрине, бәрін бес саусақтай игердім деп айтсам артық болар. Ша-
мам келгенше дыбысты дұрыс айтуға машықтанамын. Шығарманың
мәтінін бұзбай жеткізу әнші үшін бірінші орында тұратын қағида.
Мен жыл сайын Италия, Франция, Германия, Бельгия, Португалия,
Голландия және басқа да көптеген елдерге гастрольдік сапармен ба-
рып тұрамын. Сонда мен олардың сахнасында сол халықтың төл
тілінде ән салып тұрып, сөзін бұзып айтып тұрсам, тыңдарман мені
қалай қабылдар еді. Еуропалықтар ондай «халтураға» төзбейді.
Сізді бірден сахнадан кетіреді. Сол себептен де мен әу бастан
«егер бірдеңе жасайтын болсаң, оны жақсылап үйренуің керек,
ештеңе де өздігінен келмейді» деген принципті ұстанған жанмын.
Сол үшін де еуропалық мамандардан арнайы дәріс алғанмын. Сол
ұстаздарымның бірі – немістің ХХ ғасырдағы ұлы әншісі аталған
Елизабет Шварцкопф.
– Нұржамал, сіз ең алдымен камералық әншісіз. Сондықтан
да камералық туындылардан, қазіргі заман авторларының
және джаз шығармаларынан тұратын жеке концерттік
бағдарламаларыңызбен елімізде және алыс-жақын шет елдерде
де кеңінен танымлсыз. Енді әңгіме төркінін осы бағытқа бұрсақ.
– Әрине, гастрольдік сапармен шет елдерге жиі-жиі шығып
тұратын әншінің репертуары да сан ауан болатыны белгілі. Менің
орындауымдағы қазақтың халық әндері «Алқоңыр», «Дайди-
дау», «Шиліөзен», «Илигай», «Дедімай-ау», – қайта түлеген, боя-
уы бұрынғыдан да гөрі қаныға түскен інжу-маржан дүниелер. Ал
Біржан салдың «Ғашығым», Манарбек Ержановтың «Қуанамын»,
Шәмші Қалдаяқовтың «Қайықта» және «Арыс жағасында», Мұқан
Төлебаевтың «Ақмарал сұлу еркем-ай», Нұрғиса Тілендиевтің «Ақ
шағала», Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі», Ахмет Жұбановтың
«Қарлығашы» – менің талғам елегімнен әбден екшеліп өткен әрі
тыңдарманның жүрегіне жол тапқан әндер. Мен ең алдымен, әнді
әбден пісіріп алып, шегіне жеткізе шырқау мәнерінен еш айныған
емеспін.
– Кейінгі жылдары елімізде опера театрларының қатары
көбейіп келеді. Бұл, әрине, жақсылық. Сол театрлар Сізді
шақырып тұра ма?
– Театр көптік етпейді. Бірақ та сол театрларға қажетті жақсы
мамандар аз. Сондықтан да бұл тығырықтан шығудың бірден-
бір жолы алыс-жақын шетелдерден, мысалы, Астанадағы К.Бәйсейітова атындағы опера және балет театры жаңа спектакльдер қойыларда Ресейден жоғары деңгейлі мамандар шақыруды дәстүрге айналдырған. Бұл өте жақсы жол деп ойлаймын. Ал өзіме келсем, Астана театры шақырғанда, қуана-қуана барамын. Өйткені менің отбасым сонда ғой. Ал үшінші театр Шымкентте ашылып жатыр. Оған қуаныштымын. Опера орындауға, жеке концерт қоюға шақырып жатса, әрине, мен дайынмын. Туған жер, туған топырақ қашанда ыстық қой... – Ақпарат көздерінен естіп, көріп жүрміз, кино өнеріне де бет бұрған көрінесіз. Оған баруға Сізге не әсер етті, кімнің ықпалы болды? – Бірде Ұлжан Қолдауова Ғабит Мүсіреповтың «Ашынған ана» әңгімесінің желісімен фильм түсіруді қолға алып жатқанын, ондағы басты кейіпкердің рөлін менің ойнауымды қалайтынын айтты. Мен киноға түсуге құштар емеспін. Бірақ Ғабит ағаның есімін естіген соң, еш ойланбастан келісім бердім. Себебі менің театрдағы алғашқы тұсаукесер қадамым «Қыз Жібек» операсынан басталды деп айттым ғой. Сол тұңғыш сахнаға шыққан сәтімде, премьерадан кейін Ғабит аға сахнаға шығарып, барлық орындаушыларды құттықтады. Сонда менің маңдайымнан сүйіп, «Менің Жібегім осындай болуы керек еді» деді. Сол сәтті мен әлі күнге дейін ыстық ықыласпен еске аламын. Ол кісінің ризашылығын маған берген ақ батасындай қабылдадым. Н.Ү: Опера әншісі үшін көрермен басты сыншы, өнеріңді де бағалайтын солар. Сондықтан жалпы, көрермен таңдамайын және оларды «мынау қаланікі, мынау даланікі» деп бөліп-жарып жатпаймын. Батыстың үлкен театрларында болсын, өзіміздің шағын қалаларда болсын, барлық жерде бірдей. Қандай сахнада болмасын белгілі бір шығарманы орындаудың мәдениеті мен үшін бәрінен жоғары. Байқағаным батыста опера өнерінің үлкен аудиториясы қалыптасқан. Ірі қалалардағы көрермендердің көбі операны көруге емес, ән тыңдауға, әншінің даусын естуге келеді. Бізде де операның бағасын білетін, түсінетін адамдар көп...
С а р а Қазақ мәдениеті, ұлттық ән өнері Қазақстанның халық артисі Сара Тыныштығұловамен ажарланып тұрғандай... Төл өнерімізге бір кісідей сүбелі үлес қосып жүрген әншінің өнер әлемінде өзіндік орны бар. Соңынан ерген буын оның тәлімі мен талғамына әбден қаныққан. Ол еркін елдің әні мен күйін барынша дамытып келе жатқан өнер иесі. «Әнші жүрегіне әжім түспейді» деген рас болар. Ендеше, әншінің ішкі сырына бірге қанығайық. Қазақ ән өнерінде өткен ғасырдың екінші жартысында жұлдызы жанған әншінің бірі – Сара Тыныштығұлова. Жетісудың қызғалдағындай құлпырып, Қазақ сахнасына жарқ етіп шыға келгенде елең етпеген жан болмағаны анық. Өзіміз де сол ортадан табылып, сүйсіне қол соқтық. Бұл кезең қазақ эстрадасының өрісі кеңейіп, тынысы ашыла бастаған тұс. Ұлттық ән өнерімізге ене бастаған екпінді ырғақ пен жеңіл де ойнақы әуен сол дәуірдің басты жаңалығы еді. Батыстан басталып, бірте-бірте Одақты жаулап бара жатты... Сөйтіп құйындай соққан эстрада дәстүрлі ән-күйімізді сахнадан ығыстырды. Ән әлемінде осылай төңкерістер орын алып жатқан кезде қазақ әншілері де ол өзгерістен тыс қалмағаны анық. Бізде де эстрада әндері өмірге келе бастады. Ендігі жерде оған ден қоюшылардың қатары өсіп, тіпті эстрада әншілерін даярлайтын оқу орындары ашыла бастаған еді. Осы жаңа үрдісте ән айтуға талпынғандардың бірі Сара болатын. Еті тірі, өткір мінезді қыз мұзжарғыш кемедей кездескен кедергілерден қаймықпай, өнердегі өзінің жолын дәл тапты. Әрине, бәрі бірден келе қойған жоқ. Бір мезет сағымға оранып, қалып қойған жылдарға оралайық. «Мен халқымыздың басына нәубат төнген шақта, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезде дүниеге келгем екем», – деді Сара бір сәт өткен күндерге оралып. – Әкем соғыста от пен оқтың ортасында жүрген. Шешем мен туған-туыстарым атақты ақын Сара туып өскен Ешкіөлместің бұлақ суына мені шомылдырып, ата-баба дәстүрімен ырымдап атымды Сара қойыпты. Бұл өзі бір Жетісудың киелі жері. Мұнда есімі күллі қазаққа танымал Мұхамеджан Тынышпаев, Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев дүниеге келген. Осы киелі топырақтан маған өнердің ұшқыны тисе керек», – деген Сара одан әрі әңгіме тиегін ағытты. «ВЛКСМ-ның 30 жылдығы атындағы орта мектептің есігін аштым. Бұл мектепте бір кезде Мұхаң, Еркеғали ағаларым
білім алған. Мұғалімдердің өздері де өнерге ерекше көңіл бөліп, халық аспаптар оркестрін құрған-ды. Олар ауыл тұрғындарының, оқушылардың алдында өнерін көрсететін. Оны көрген біз де қарап қалмай «Ән айтсақ» деп талпынатынбыз. Басқалай болуы мүмкін емес еді. Әлі есімде төртінші сыныпта оқып жүргенімде алғаш рет клубтың сахнасына шықтым», – деп әңгіме тізгінін бір қайырып тастады. Содан ақ желегі желбіреген бүлдіршіннің санасында «әнші болам» деген арман мәңгіге ұя салған еді. Талабы таудай Сараны ұстаздары Алматыда өткен пионерлердің республикалық слетіне жіберді. Өнерлі балдырғандар арасында топ жарған Сара ауылына тұңғыш рет лауреат болып оралуы жас талантты жігерлендіре түскені анық. Шәкірт бойындағы табиғи қасиетті байқаған ән сабағының мұғалімі ендігі жерде оған ерекше көңіл бөліп ән үйрете бастайды. – Сол слетте «Отан» және «Севастополь вальсі» әндерін айттым. Осыдан кейін ауылда «әнші Сара» атандым. Жетісудың бір пұшпағында жатқан шалғайдағы ауылдың ермегі сол кезде оқушылардың шалдыршатпақ өлеңдері мен радиодан үйренген бас-аяғы жоқ әндер еді. Оған қарап жатқан біз жоқ, бір-екі шумағын шамамыз келгенше айтып берсек, соған ата-анамыз мәз. Ол заманда үйдің сәні радио болатын. Ал дүкеннің алдындағы бағана басындағы радио бүкіл ауылды ұйқысынан оятып, таңатпай саңқылдап тұратыны әлі есімде. Тіршілік біртүрлі көңілді, ән салып тұрғандай көрінетін. Біз, әсіресе, Күләш, Жамал, Рабиға апаларымыз ән салғанда тұра қалып тыңдайтынбыз. Соларға еліктейтінбіз, «сондай болсақ» деп қиялдайтынбыз. Сөйтіп жүріп орта мектепті де бітірдік. «Әнші болсам» деген арман мені ауылда көп тұрақтатпай, алып ұшып Алматыға алып келді», – деп ауылда қалған балалық шағын бізге әнші сағынышпен еске алғандай көрінді. – Егер адам бір-біріне сүйенбесе адамға қанат бітпесі анық. Мен мұнда да үлкен апаларымның, ағаларымның қамқорлығын көрдім. Бірінші рет филармонияға әнші болып қабылдануыма басты дәнекер болған, әрі тер төгіп ұстаздық еткен марқұм Жамал Омарова болатын. Әншілік тағдырыма одан кейін Қазақстанның халық артисі Гүлжаһан Ғалиева айрықша әсер етті. Ал кәсіби білім алып, үлкен сахнаға көтерілуіме, дүниежүзі халықтарының әндерін айтуға мүмкіндік жасаған РСФСРдің халық артисі, латыш қызы Ирма Петрқызы Яумзн. Ол кезінде 64 ән айтып, өнеріне француз жазушысы Роман Роллан мен орыс қаламгері Максим Горький тәнті
болғаны белгілі. Ирманың білімі, тәжірибесі, ән айтудағы әдістәсілі, өнердегі қанатымның қатаюына көп әсер етті. Әсіресе, Алматыда өткен Кеңес әндерін үздік орындаушылар байқауының ықпалы ерекше болды. Байқауда жолым болып, жеңімпаз атандым. Бұл өнерімнің өрісін кеңейте түсті, – дейді әншілік жолындағы алғашқы жеңістерін еске алған Сара. – Шығармашылық дегеніміздің өзі ерлікпен парапар дүние. Ол бойдағы еңбек пен қайрат-жігердің қайтарымы. Мен кейбір әншілер сияқты өнерді мамандық деп қарамаймын. Бұл менің маңдайыма әуел баста жазылған тағдыр, нағыз өмірімнің өзі деп танимын». Иә, өнердің тайқазанында қайнап жүрген шақта оның өмірі үнемі жол үстінде өтті. Малды ауылдың да, егіншілер қосынын да асыға күтер қонағы болды. Аяқ астынан құрастырылған сахналарда «жанды» дауыспен ашық аспан астында сан мәрте дала төсін жаңғыртып ән салды. Әнші сол сағымдай болып сырғып өткен қасқағымдай сәттерді бүгін де сағынатыны ақиқат. – Қазір микрофонды ауыздарынан ажыратпай ән айтып жүргендерге шәк келтіремін. Халықпен жүзбе-жүз тілдесіп, өзінің табиғи даусымен ән айтқанға не жетсін. Әрине, алып кең сарайларда дауыс жетпей жатуы мүмкін. Оған кешіріммен қараған жөн. Жаяу Мұса, Ақан сері, Біржан сал, Әсет, Балуан Шолақ микрофонсыз ән салған ғой деп жататындар бар. Ол кезде жұрт алқақотан әншінің маңайына иіріліп отырғаны белгілі. Өнер жолында жүргенімде оркестрсіз, микрофонсыз ән шырқаған кездерім болды. Жұрттар табиғи даусыммен айтқан әндерімді ұйып тыңдайтын. Менімше, әншінің өмірі осындай сан алуан түрлі кездесулерден тұрады ғой деп ойлаймын. Әншінің жанын тербететін, бағын жағатын осылар. – Саналы ғұмырымды қазақ ән өнерін насихаттауға арнап келемін. Жетпісінші, сексенінші жылдары Греция, Германия, ШриЛанка, Бельгия, Финляндия, Сирия, Венгрия елдерінде болып, қазақ әндерін әлемге паш еттім. Сол жылдары мен 17–18 елде болған екенмін, – деді Сара. – Қай елге барсам да ұстазым Ирманың өнегесін аяқасты еткен емеспін. Мысалы, Бельгияда болғанда сол елдің бір әнін бір кеште үйреніп алып, шырқағанымда жергілікті халық сахнадан жібермей қошемет көрсетіп, қол соққаны әлі есімде. Ал Вьетнамда болғанда вьетнам, Бельгияда галант тілінде ән салдым. Ол кезде шетелге шыққан әншілерге бара жатқан елдің тілінде бір ән айту ешкімге жүктелмейтін. Ол біздің қарым-қатынасымыздың,
достығымыздың белгісіндей көрінетін. Демек, өнер Адам атадан бері бейбітшілік елшісі болып келеді, қазірде солай. Өйткені ән адам жүрегіне жақын дүние ғой. Ол сезімнің кілті десекте болады. – Әлбетте, – деп сөзін қайта сабақтаған әнші, – қазақтың халық әндерінде ұлы даланың тарихи, ата-бабамыздың мұңы мен көз жасы, төгілген қаны мен қасіреті жатқан жоқ па?! Сондықтан маған қазақ әнін айтуды парызым деп санаймын. Себебі, дәстүрлі музыкадағы ең асыл мұра халықтың өзі жасаған – халық әні. Бірде араб елінде болғанымда біздің әндерді тыңдаған олар: «Мына әндеріңіз біздің әнге ұқсайды екен» деп концерттен шыққаннан кейін билеп жүрген адамдарды да көрдім. Әннің насихатшысы болғаныма өзімді бақытты санаймын. Әрине, адам болғаннан соң қуанатын, шаттанатын сәттер болып тұратыны заңдылық. Көңіл тасып, шалқыған кездесулер де, концерттер де сахналық өмірімде жетіп артылады, қайсы бірін айтайын. Бірақ, Вьетнамда болған кездесу маған қатты әсер етті. Солардың бір әнін орындадым. Концерттен кейін мені арнайы келіп құттықтаған Хошимин қаласының мэрі маған «Хошимин қаласының құрметті азаматы» деген медальді кеудеме тақты. Бұған біздің әншілер түгел қуанып, «Біз үшін бұл зор табыс болды» деп жатты», – дейді сол бір жүрек тербеген кездесуге қайта оралғандай болған Сара. Қазақстанда Сара Тыныштығұлованың табаны тимеген, әні жетпеген қазақ ауылын іздеп таба алмассыз. «Бірінде Мақаншы ауданына бардық. Сонда аудан тұрғындарының көңілін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ақсамайлы әжелеріміз маңдайымнан сүйіп, «айналайын, сенің қоңыр даусыңнан» деп көздеріне жас алған кезде мен өзімді олардың құшағында тұрып, бақытқа бөленіп, әнші болғаныма қуандым. Халықтың берген бағасына ешнәрсе жетпейтінін жаныммен ұқтым», – дейді ағынан жарылған әнші. Сараның сөзімен айтсақ, әншілер жылына он екі ай болса, соның сегіз айын гастрольде өткзетін. Мұны біздің кейіпкеріміз «әншінің өмір болмысы» деп қабылдайтынын айта кетуіміз керек. «Үйде байыз тауып отыра алмаймын, өйткені тыңдармандарым көп іздейтін. Хат жазып, жедел хаттар жіберіп, «келіңіз, өзіңізді күтіп жүрміз» деген кездер аз болған жоқ». Халқының жан дүниесін інжудей таза үнімен баурап, бойын билеп алған жауһар дауысты әнші кейбір кездері бір жылдың ішінде жүзден астам концерт беріпті. Тынымсыз тірлік әншіні үнемі жаңа биіктерге, соны асуларға жетелеп жігерін жанып отырса керек. «Тағдырдың басқа жазғаны осы болса, одан
қалай қашып құтыласың», – дейді Сара. Иә, өнерсіз өмірін елестете амайды ол. – Әншілердің тірлігін білмейтін адамдар ойлайды. «Әнші бір көбелек сияқты гүлден-гүлге қонып жүр. Әнді жаттап алып айта салады», – деп. Әнші ақын сөзіне үрлеп дем беріп, композитордың әуеніне жан бітіретінін олар қайдан білсін? Оны тірілту үшін ең алдымен әнді көңілге қондыру қажет. Ән сол керемет еңбектің нәтижесінде пайда болатын дүние. Орыстың атақты әншісі Утесов айтпақшы, әннің қиындығы оның жеңілдгінде. «Жеңіл» деп айтылғанымен ол үлкен еңбекті талап етеді. Қандай ән болса да әнші үшін оның өзіндік ауыртпалығы жетіп артылады. Себебі, авторлардың бәрі бірдей сенің даусыңа арнап жаза бермейді ғой. Сондықтан келмей жатқандарының тігісін жатқызып икемге келтірп, бір қайнауы ішіндегі әндерді «қазанға» салып қайнатып аламын. Өз басым шикілі-пісілі әндерді жұртқа ұсынып көрген жоқпын», – дейді. Сара патриоттық әндерді көп шырқайтын. Ол осымен өзге әншілерден дараланып тұратын. Сөйтіп заман үрдісінен шыққан әнші. Оның сүйікті Көрермендері кеңес жауынгерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері болатын. Бәрімізге белгілі Ауған соғысын өз көзімен көріп, ондағы Кеңес әскерлерінің алдында бірнеше концерттер берді. Бір қасиеті Сара қайда шақырса да тартынбайтын. Бірде ГДР-дағы кеңес әскерінің алдында ән салып тұрғанын теледидардан көрсек, енді бірде оның Чехославакияда жүргенін еститінбіз. Сонда өз басым ойлайтынмын «бұл кісі өзінің отбасының шаруасына қалай үлгереді екен», – деп. – Иә, өзгелер сияқты менің де отбасым, шаңырағым бар. отбасым болғаннан кейін әрине, әншіде де бала болады, оған қоса туған-туыстар бар. егер адам өзін өнерге бағыштаса, оған құлай берілсе, берік сенсе, меніңше бәріне де үлгеруге болады». Кеңес дәуірінде ән сатылмайтын. Әнші қазіргідей аяғынан сабылып сатып алатын ән іздемейтін. Себебі, бәрі мемлекеттің меншігінде болғандықтан кез келген туынды көркем кеңестен өтетін. Олар қабылдап алған шығармаларға қаламақы төлейтін. Ендігі жерде ол мемлекеттің меншігіне айналады. Ал радио, теледидар, филармония, «Қазақ концерт» және басқа концерттік ұйымдар оларды өздерінің штаттағы әншілеріне таратып беретін-ді. Ешкім де, бірде-бір композитор да, бірде-бір әнші де өз бетінше автордың туындыларын алып орындай бермейтін. Қатаң електен өткен әндер ғана орын-
даушысына жететін. Осы тәртіпті бұлжытпай ұстаған әншлердің брі – Сара Тыныштығұлова десем қателеспеймін. «Кейбір әншілер біреулер айтып жүр екен тәуір ән көрінеді деп «қалыпқа» түсіріп айта салатындар ол кезде де болған. Қазірде сол жаман әдеттен арыла алмай жүрген жастар көп. Өйткені талғам жоқ, оның орнын ақша алмастырған. Менде ондай әдет болған емес. Менің даусым өзіңізде білесіз төменгі контральто. Сондықтан да өзімнің дауысыма, өзіме арналып жазылған әндерді ғана орындадым, орындап жүрмін. Ал енді бір әнді шығарудың өзі барып тұрған мехнат. Тер маңдайынан шүмектеп аққан судай сорғалап төгіледі. Атты бәйгеге қосардың алдында үш-төрт күн бұрын ащы терін алады ғой. Сол сияқты әнші де ән дайындағанда ащы терін төгеді. Кесекөлденең жатқан ән тәуір ән екен айта салайын деген ой ешуақытта болған емес», – деп әңгіме төркіні репертуарға ойысқанда Сара ән таңдауға өте кірпияз екенін аңғардық. Бұл жерде әншінің ойымен келіспеске амалымыз жоқ. Сараның репертуары Еркеғали, Нұрғиса, Шәмші, Әсет сынды танымал композиторлардың әндерінен тұратынын білеміз. Бір кезде орта буын қатарына жатқан Кеңес Дүйсекеев бүгінде ақсақалдар қатарына қосылды. Осы Кеңеспен Сара кезінде тонның ішкі бауындай өте тығыз шығармашылық байланыста болғаны белгілі. «Мен үшін он үш ән дайындаған Кеңестің еңбегі ерекше. Сол кезде келешегінен мол үміт күтетін, қазақ музыкасын түсіне білетін, әндерінде өзіндік ерекшелігі бар композитордың бірі», – деп айтқаным келеді. Жасы кіші болса да заман құрдас Төлеген Мұхамеджановпен шығармашылық ынтымақтастығым өз дәуірінде жемісті болды деп айтуға толық негіз бар, қазір де байланысымызға селкеу түскен жоқ. Төлеген парасатты, білімдар композитор. Ал, «Әлия», «Сарыарқа», «Жан досым» сынды ерлікті, өрлікті, туған жерді, адамдар арасындағы сыйластық сезімді әнмен кестелеген Сейдолла Бәйтерековтің қолтаңбасын, өнердегі болмысын осы әндерінен-ақ байқауға болады. Өкінішті-ақ жұлдыздай ағып өтті», – деп еске алады сол күндерді бүгінде. Сараның айтуынша, ол композиторларды атақ, даңқына қарап таңдамайды. Жұрт таныған талант иесінің әні көңілінен шықса, ол да басын иді. Жастар арасынан жылт етіп көрінгендерді қалт жібермей бауырына тартып, олармен өнер жайлы ой бөлісіп, сырласуды да ұмытпағанын айтуға тиіспіз. Сараға бүгінде туған сіңлісіндей болып кеткен жастардың бірі – Ақтоты Райымқұлова. Екеуінің байланысынан біраз тартымды да, шұрайлы дүниелер
өмірге келгенінен құлағдармыз. Мысалы, «Ел бақыты» деген әнді
Сараның дауысына арнап жазғанын Ақтотының өзінен естігенбіз.
Бұл әнді бүкіл одақтық байқауда шырқағанда Сара лауреат
атанғанына бәріміз куә болдық. Әнді Ақтоты консерваторияның
үшінші курсында оқып жүргенде жазған. Баласынбай айтулы ала-
ман бәйгеде Сара әпкесі нақышына келтіріп айтып берген, жұрттың
бәрі риза болғаны белгілі. Одан кейін де «Қазақ қызы» әні сахна
төріне шыққанын бәріміз білеміз. Міне, осылай жас таланттардың
қолтығынан демеуді де Сара ешқашан естен шығарған емес. Ол
оның өмірлік кредосы десек те артық болмас еді. Тек әнші болып
қалу ол жеткіліксіз. «Себебі әнші болғаннан кейін өзінің ортаңнан
тыс өмір сүре алмайтының түсінікті. Ең алдымен өзіңнен кейін өсіп
келе жатқан жастарға қамқоршы, тәрбиеші болмай, кеуделеріндегі
өнердің шырағын жақпай, табиғатындағы осы қасиетті оятпай, на-
зар аудармай тұра алмайсың. Оған адамдық арың жетелейді. Өнер
бір адамның жекеменшік дүниесі емес қой», – деп толғанды әнші
жүрегі.
Жалпы Сара Тыныштығұлова университеттік білім иесі. ҚазМУ-
дың филология факультетінде дәріс алып, «Фольклор және халық
әні» деген тақырыпта диплом жұмысын жазған. «Әншілік жолға
түсуіме осының да әсері болды ғой деп ойлаймын. Тілді меңгеру
маған басты қажеттілікке айналды. Себебі, сөздің арғы төркінін
түсінбей әнші болу мен үшін жат ұғым. Әннің мәйегі сөз десек,
тіл оның кілті. Әсіресе, халық әндерін айтқанда тілдің пайда-
сы көп тиді де тиеді. Бір қызығы голланд әнін үйренгенде біздің
әнмен дыбыстық үндестік тапқаным әлі есімнен кетпейді», – деп
таңқалады Сара. Тіліміздің дыбыстық үндестігін жете меңгерген
өнер адамына қырық бес минуттың ішінде әнді үйреніп алу
бәлендей қиындық туғызбады. Әдеби тілдің әншіге тигізер көмегі
зор көрінеді. «Әсіресе, қазақтың халық әндерін айтқанда ұмыт бо-
лып бара жатқан ескі сөздерді кейбір әншілер түсініп, мағынасын
ұға алмай жатады. Ал әннің сөзін жеткізе алмаса ол әнші ме? Көп
әнші осы жағынан ақсайды. Оның үстіне әнді әрлеушілердің көбісі
жасыратыны жоқ – тіл білмейтіндер. Қалай айтсаң, солай әрлейді.
Сөздің мәніне, мағынасына ой жүгіртіп жатқан олар жоқ. Сондықтан
да өңдеуден өткен кейбір қазақтың халық әндерін танымай қаласың.
Сол себептен де сауатты әрлеуші, өңдеуші іздеп әншілер көп сабы-
лады. Мұндай жағдайды мен де көп бастан кештім. Бір әнді шығару
үшін айлап жортқан кездерім де болды. Әнші де адам ғой кітап
оқып, кино мен театрға барғысы, саябақтарды аралап демалғысы келеді. Бірақ, әрине, оған уақыт жете бермейді. Біз өзімізді белгілі бір қалыпқа салып қойған өнер «түрмесінде» жүргендей сезінеміз» деп сыр ақтарды кейіпкерім. Сарғайған бір тілік қағазды қолына алған Сара әлгіге қарап ойланып қалды. Сәлден соң жеделхатты маған ұсынды. Онда: «Талантты әртіс Сара Тыныштығұлова! Менің қымбатты әрі сүйікті шәкіртім Сараға үлкен сүйіспеншілікпен Ирма Петровна Яуза. Мәскеу, 5 мамыр 1969 жыл», – делінген. «Әңгіме барысында айтып кеттім ғой, – деді сөзін қайта жалғаған Сара. – Бұл кісі Мәскеудегі ұстазым. Ол кезде Ресейде республикалық эстрада-цирк студиясында болатын. Соған бүкілодақтық іріктеу байқауынан жеңіп шығып, 1964 жылы оқуға түстім. Оны 1966 жылы тәмамдадым. Одан кейін Мәскеуде бір жыл жұмыс істеп, елге оралдым. Ирма Петровна мені кәсіби әншілікке тәрбиелеген, эстрада әншісі етіп шығарған адам. Ол кісінің «Әнші әрбір әнді жеке бір картина ретінде қарауы керек. Өйткені әр әннің басталуы, шарықтау шегі, аяқталуы болады» деген сөзі әлі есімде. Мен кейде кейбір әншілердің ән айтқанынан мынаны байқаймын, мысалы, отыз әнді бір ән сияқты орындағанын көргенде қатты қынжыламын. Иә, әнді нотамен дұрыс айтып тұр. Сөзі де дұрыс сияқты. Бірақ, бір ән бір әнге жалғасып, әртүрлі «мінез» бар әндер бір ән сияқты орындалып кетеді. Сонда әнші әннің табиғатын түсінбей қалған ба деп қаламын», – дейді Сара. Иә, ән-мұхит айдынында еркін құлаш сермеген, самғай көкке көтерілген әнші бүгінде қалай айтса да жарасады. М А Э С Т Р О Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің қаз тұрып, қадам басқан алғашқы кездерінен бастап биік белестерге көтерілуіне баға жетпес мол үлес қосқан оркестрдің тұңғыш ұйымдастырушысы, көркемдік жетекшісі және бас дирижері – академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов болса, сол Ахаңнан тәлім алып, ізін жалғастырушы, елу жылдай тер төгіп, қалтықсыз еңбек еткен, ұжым абыройын асырған – Кеңес одағының халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты және «Парасат» орденінің иегері, профессор Шамғон Қажығалиевтің жүріп өткен жолына саяхат жасайық.
Музыкалық орындаушылық өнер оның ішінде дирижерлік – барып тұрған құпия, сиқырлық, көпмағыналы кәсіптердің бірі. Дирижер өзінің сиқырлы таяқшасымен сан әуезді, алуан түрлі музыкалық аспаптарды бір желіге көгендеп, жусатып, жамыратады. Оларды ұйытып, әртүрлі үнді әуендік өзіндік бір арнаға тоғыстырып, үйлесімді саздық бейне көрініс жасайтыны белгілі. Адамға тумысынан қонған ептілікті, жылдамдықты, қолдың еркін қимылын қажет ететін дирижерлік мамандыққа екінің бірі бара бермейтіні сондықтан. «Қазақтың топырағында жоқ өнерді өмірлік кәсіп етермін деген ой өңі түгілі түсіме де кірген емес-ті», – деп бастады Шакең әңгімесін әу бастан. – Әуел ауылдан Алматыға аттанғанда алдымда скрипка мен домбыраны жетік меңгерген маман болсам деген мақсат тұрды. Дирижерлік өнерден мүлде хабарым жоқ. Тіпті, дирижер боламын деп ойлаған да емеспін», – деді өткен күндерге бір сәт оралған ол. Өйткені бұл өнер елімізге енді келіп жатқан кез болатын. Он сегізінші ғасырдың аяғына қарай Еуропадан бастау алған дирижерлік кәсіп он тоғызыншы ғасырдың орта шенінде толық қалыптасқан өнер деңгейіне жетті. Ұлттық дәстүрімізде жоқ осы өнердің киелі қазақ жеріне келуіне себепкер болған ұлтжанды ғұлама ғалым Ахмет Жұбанов еді. Алғаш қазақ оркестрін құрып, оның тұңғыш дирижері де өзі болды. Сөйтіп ол қазақ топырағына қоныс теуіп, өнеріміздің бір саласына айналып кете барған. Тағдырдың маңдайына жазғаны солай болар, ойламаған жерден Шамғон осы тың өнердің жалына жармасты. Оған себепкер әрі дәнекер болған ұстазы Ахаң болатын. Үшінші курстың сабақтары енді басталған кез. Ахмет Жұбанов бір күні Шамғонды кабинетіне шақырды. Ахаңның тасы өрге домалап тұрған дәуір. Қазақтың маңдайына біткен жалғыз консерваторияның тізгінін ұстап тұрған шағы. Ол кісінің алдына кірмек тұрмақ есігінің тұтқасын ұстауға жүрегі дауаламайтын студенті шақырғанына не сенерін, не сенбесін білмеген жүрексіне есігін әзер ашқаны әлі есінде. «Сен екі бірдей мамандықты меңгеріп жүр екенсің, оның үстіне оркестрде, ансамбльде ойнап тәжірибе жинап жүрген көрінесің, бұл талабың дұрыс. Осы істеріңді ескеріп, сені студенттік оркестрмен жұмыс істеу үшін өзіме ассистент етіп алсам деп едім. Бұған қалай қарайсың?», – дейді сонда сұраулы жанармен Ахаң. Дүрсілдеп тұрған жүрегі әлі тынши қоймаған Шамғон бірден ат-тонын ала қашқан. Сонда студенттің келешегін әріден болжап тұрған зерек ұстаз: «Жауап беруге асықпа, ойлауыңа уақыт
беремін. Жауабын өзің келіп айтарсың», – деп шығарып салған.
Әне-міне дегенше арада зымырап бірер күндер өткен. «Дирижер
болсам деп өзегім үзіліп жүрген мен жоқ. Осыған көңілім дауала-
май жүргенде ректор екінші рет шақырды. Бұл жолы да Ахаңмен
келісе алмадым. Менің бұл қиқар қылығыма ренжіген болуы керек.
Біраз уақыт өткен соң мені шақыртып алды да алғашқы сұрағын
қайталап, екінің бірі, – деді салмақты үнмен нығырлай тіл қатып,
– не келісім бересің, не консерваториядан кетесің», дегенде бойым
суып, жүрегім дір еткендей болды. Қорқып қалдым. «Келешегіне
ұмтылмайтын, өнеріміздің өркендеуіне өз үлесін қосқысы келмейтін,
өзінің бойында бар қабілетін халықтың игілігіне жұмсаудан аяған,
тек өзін ғана ойлайтын адам бізге керек емес», – деді Ахаң түсін
суытып үзілді-кесілді. Осыдан кейін тірсектерім дірілдеп шыны-
мен қорқайын дедім». Бұдан әрі текетірестің қажеті шамалы екенін
түсінген Шамғон бір сәт ақылға ерік бергендей болды. «Ғұлама
ұстаз оның талантын танып, біліп, оны осы жолға бағыттап отырса,
«отқа айдаған есектей...» болғаным не?», – деп қателесіп тұрғанын
түсіне қояды. «Содан кейін ұстазымнан кешірім сұрап, келісімімді
берген едім. Келесі күні Ахаң мені оркестрдің алдына шығарып,
студенттерге өзінің шешімін айтты. «Бұл менің ассистентім, яғни
оң қолым. Мұның айтқаны менің айтқаным деп қабылдап, талабын
екі етпей орындаңдар», деді. Бұл – 1946 жыл болатын.Сол күннен
бастап, бәлендей дайындығы болмаса да, білім мен тәуекелге
үміт артқан ол Ахаңның ақ батасын алып, «өмірдің маған берген
сыбағасы осы болар деп дирижерлік өнердің өзім әлі толық танып
білмеген айдынына бет ала бара жаттым», – дейді Шакең.
1950 жыл. Сағымдай жылжып студенттік шақ та өтті. Консерва-
ториямен қош десетін күн де жетті. Өзін дирижерлік мамандыққа
баулыған Л.Шаргородскиймен, скрипкадан білім берген И.Лесман-
мен, домбыраның құлақ күйін келтірген Қ.Жантілеуовпен қимай
қош айтысқан Шамғон Құрманғазы оркестріне дирижер бо-
лып барғанда 21 жаста екен. Ал араға екі жыл салып, қазақтың
мақтанышына айналған оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас
дирижері дәрежесіне көтерілген. Бұл енді ғана қанаты қатайып келе
жатқан жас маманға көрсетілген зор сенім әрі салмағы ауыр жау-
апты міндет болатын. Оны отызға толмаған Шамғонға жүктегенде
Ахаң шәкртінің білімі мен қабілет-қарымына сенген болар. Әйтпесе
алпыс адамдық өнер ұжымына ақылшы болу – әлемдік дирижерлік
өнерде өте сирек кездесетін құбылыс. Егер оның өткен тарихына
үңілсек, он тоғыз жасында дирижерлік тұғырға тұрып, жетпіс жылдай сахнадан түспеген әйгілі дирижер Артуро Тосканидің өзі «Ла Скала» театрының бас дирижері болғанда жасы отыз бірде екен. Мысалы, Батыс музыка мәдениетінде белгілі венгер дирижері Артур Никиш жиырма үш жасында Лейпцинг опера театрында екінші дирижер және хормейстер мәртебесіне ие болғанымен де, ол тек жиырма жеті жасында ғана бас дирижер дәрежесіне көтерілгені тарихтан белгілі. Ал Шамғонның сол кездегі мына самғауын қазақ өнеріндегі феномен десек те, құбылыс десекте әбден жарасар еді-ау. Бірақ олай деп ауыз толтырып, әлемге ол кезде жар салып айта алмадық. Себебі өздеріңізге де түсінікті. Ахаң сияқты тұяғын шаң қаппаған тұлпардан дирижер таяқшасын қабылдап алған ұмтылысы мен өрісі биік, бойында қаны тасыған жігер қуаты мол, жанып тұрған жас дирижердің алғашқы ірі жеңісі де көп күттірген жоқ. 1953 жылы Бухаресте өткен жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінде Шамғонның жұлдызы әлем көгінде жарқырады. Осы оқиғаға куә болған Еркеғали Рахмадиев: «Он сегіз мемлекеттің оркестрі қатысып, бақ сынаған аламан бәйгеде Құрманғазы оркестрі румын оркестрімен үзеңгі қағысып, ақтық сайысқа екеуі дара шықты. Біздің музыканттар қазақ күйлерімен қатар И.Брамстың «Венгер биі», М.Галинканың «Вальс фантазиясы» тәрізді классикалық шығармаларын шебер орындап, ұлт деңгейінде ғана қалып қоймай, дүниежүзілік мәдениеттің, өркениеттің сан саласын жан-жақты меңгергенін көрсетіп, оркестрдің кәсіби деңгейі жоғары екенін әлем алдында танытып, таңғалдырғанын әлі ұмыта алмаймын. Сол жолы қазақ өнерінің асығы алшысынан түсіп, алтын медальді оркестр кеудесіне тағып қайтқан еді. Оған алғырлығымен жеткен Шамғон болатын. Содан бергі еңбегін есептемегеннің өзінде, Қажығалиевті ардақтау үшін кезінде қазақтың омырауына қадаған сол алтын медальдің өзі жеткілікті», – деп еске алады. Қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеуде өтетін онкүндігіне дайындық аясында 1958 жылы Кеңес одағының Мәдениет министрлігінің музыкалық аспаптар фабрикасына жаңа үлгімен жасалатын сексен аспапқа тапсырыс бергізеді. Әрине, ол айтты істелді деген сөз емес, көп қиындықтар да кездесті, бірақ ол табандылық таныта білді. Сөйтіп Шакеңнің ұсынысымен қобыз тобындағы аспаптар төрт шекті жүйеге түсіріледі. Бұл өзгеріс аталған аспаптардың диапазонын кеңейтіп, техникалық мүмкіндіктері мен динамикалық икемділігін арта түскені белгілі. Оркестрдің домбыра тобында пик-
коло, секунд, альт, баритон сияқты жаңа аспаптармен толыға түсті. Шакеңнің сөзімен айтсақ, олар домбыра тобындағы аспаптардың ортаңғы регистріндегі бос кеңістікті дыбыспен толықтырып, өзіндік бояу қосқан. Ол бұрын-сонды болмаған сырнай аспабының төрт түрін өзінің сызуымен жасатып, оркестрге қосқанын қалай жаңалық демессіз. Еуропа музыка мәдениетіне терең жетік дирижердің бұл ізденімпаздығы сол дәуірдегі өзінің замандастарынан әлдеқайда биік тұрды. Жүрегі қазақ деп соққан Шакең ең алдымен ұлттық дәстүрді құрметтейтінін өмір бойы сөзімен де, ісімен де дәлелдеп келе жатқан тұлға. Қазақ күй өнерінің классиктері Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Тәттімбет, Махамбет шығармалары оркестр репертуарынан түсіп көрген жоқ десем артық айтпаспын. Халқымыздың жауға шапқанда, аңға шығып, құс қайтарғанда қағатын дауылпаздың құлақ күйін келтірген де оны оркестрге қосқан да Шакең. Осылай халқымыздың ежелгі тұрмысында қолданылған ұмыт болып бара жатқан дүниелер музыка аспаптарының қатарына қосылып, өз үні, өз бояуымен ұлттық өнерімізге әр беріп келеді. Ұлттық музыкалық аспаптарымызды жаңартуда тегеурінді мінез көрсеткен Шакеңнің еңбегі ерен. Кесе көлденең тұрған Мәскеудің әртүрлі құйтырқы әрекетіне жасымай ерік-жігер танытқан дирижердің жанкешті ісі ол кезде ұлттық оркестр үшін ерлікке пара-пар болатын. Қазақ өнері деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген Шамғон сол кеңестік дәуірдегі ту ұстаушы еді. Ел игілігі жолында төккен тердің нәтижесінде оркестр орындаушыларының да шеберлігі артып әлем сахналарына еркін шыға бастады. Берітінде өткізілген халықаралық байқауларда домбырашылар мен қобызшылардың өте жоғары деңгейде шеберлік танытуы – маэстроның сол маңдай терінің текке кетпегенінің жемісі. Маэстро енгізген сол аспаптар әлі де мәнін жоймай, оркестрден өзінің тиісті орындарын тауып отыр. Мұны Шамғонның алысты болжайтын көрегендігі десек те, ұлылығы десек те жарасады. Одақ кезіндегі мүйізі қарағайдай әріптестері арасында Шакең ұлттық болмысымен ерекшеленіп дара тұратын. Сондай-ақ, қазақ өнерінің иірімдерінде қалып қоймай, шетелдік классикалық музыканың айдынына кең құлаш ұрған қабілет-қарымымен де дараланады. Халықтың және классикалық өнерді тел емген оның уыз шырынының дәмі таңдайында мәңгі қалып қойған дирижер. Әсіресе
оған Санк-Петербург (Ленинград) консерваториясында алған білімі мен тәжірибесі де, көрген білгенін көңіліне тоқи білетін қасиеті де өзінің игі әсерін тигізгенін жиі еске алады. Ол осында жүргенде ұстазы, белгілі дирижер Э.Грикуровтан ғана дәріс алып қойған жоқ. Одаққа аты шыққан әйгілі Г.Караянмен жүздесіп, Ш.Мюншпен кездесті. Концерттік сапармен Кеңес еліне келген неміс Ф.Конвичный мен К.Мазурдың, итальяндық Р.Бенци мен К.Аббадонның, американдық Ю.Орманди мен Л.Маазельдің, орыс дирижерлері Е.Мравинский, А.Гаук, К.Кондрашин, Е.Светланов, Г.Рождественский, Н.Рабиновичтің оркестрмен дайындықтарына, концерттеріне қатысып, қырдың сары баласы өзінің зерек те алғырлығының арқасында көп тәлім, мол ғибрат алып елге оралды. Олардың ұлағатты өресі биік дирижерді ендігі жерде одан да зор биіктерге бастайды. Нәтижесінде Құрманғазы оркестрі Одақтағы ең еңселі ұлттық өнер ұжымына айналды. Оның атағы төрткүл дұниеге тарады. «Өнер ұжымдарының бүкілодақтық байқауларында төрт дүркін бәйгенің алдын бермей лауреат атандық. Ол кезде Құрманғазы оркестрімен бәсекеге түсе алатын Н.Осипов және В.Андреев атындағы орыс халық аспаптары оркестрлері ғана болатын. Украинаның бандуристер капелласы, Белоруссия, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғыстан халық аспаптары оркестрі шаң қауып қалатын. Ұлттық оркестрлердің арасында бірінші болып біз «Республикаға еңбек сіңірген оркестр» деген құрметті атаққа ие болдық. Ал Одақ бойынша үшінші болып «Академиялық» оркестр атандық. «Халықтар достығы» орденінің халық аспаптар оркестрлер арасында тұңғыш иегері болдық», – дейді сол бір қуанышқа толы күндерді еске алған Шакең. Міне, осылай Одақ көлемінде оркестрдің аты асқақ естілді. Музыка сыншысы, ғылым докторы В.Виноградов: «Бұл – ұжым Кеңес өнерінің мақтанышы. Оның тәжірибесін Одақ көлеміне таратып, оны шет елдерге көрсету керек», – деп кезінде жетістігімізге осылай жоғары баға берген-ді» – дейді сондағы дуалы ауыздан шыққан пікірді еске алған маэстро. Оркестрдің шеберлігін өз көзімен көріп, көңлімен сезінгеннен кейін композитор Т.Хренников: «Ғажап оркестр, әлемдік деңгейдегі ансамбль. Ал оркестрді мұндай дәрежеге жеткізу – әлемдік дәрежедегі дирижердің қолынан ғана келетін іс», – деп ағынан жарылғанын Шакең әлі ұмыта алар емес. Әділін айтар болсақ, Шамғон Қажығалиев уақыт сомдаған жиырмасыншы ғасырдың аса дарынды дирижері десек әбден жараса-
ды. Ол оған лайық та. Қазақ музыка өнерін жаңа сатыға көтерген дара тұлғалардың бірі ғана емес бірегейі. Шакең кезінде пір тұтқан Ш.Мюнштің өзі «Дирижер атану оңай емес, ол – оркестр деген үлкен бір ұжымдық аспаптың табиғатын терең білетін, сол алып аспапта шебер ойнай алатын дарынды музыкант, сөз жоқ заманымыздың сұңғыла дирижері», – деп тебірене айтқан пікірі музыка тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Ал ол аспаптың пернелеріне, шектеріне тіл бітіріп сөйлей алатын, өз алдына ойлай алатын, сезіне білетін дәрежеге жеткізген, әуен сазынан тұратын көп дауысты, сансыз бояуды бір арнаға тоғыстырып, ғажап та әуезді әлем жасау Шакеңнің ғана бағына жазған десек артық болмас. Маэстроның бөле-жара айтатын тағы бір қасиеті. Ол осы алуан тілді, алуан үнді аспаптардың сырына қанық, олардың табиғатын еркін сезініп, әрбір музыканттың жан дүниесін, тыныс-тіршілігін бір адамдай түсінген жан. Алматыда 1973 жылы өткен Азия, Африка және Латын Америкасы елдері музыкасының тұңғыш форумында Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі қырық алты мемлекеттен келген аузымен құс тістеген небір өнер майталмандарын жолда қалдырып, қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазының «Сарыарқа» күйі, оны орындаған оркестр оның бас дирижері Шамғон Қажығалиев үш құрлықтың көгінде жұлдызы жарқырап, қазақ өнерінің мәртебесін бір көтерген-ді. «Ал күйдің бұл орындалуы эталон болып қабылданып, бүкіл дүниежүзіне тарады. Бүкілодақтық радио мен Мәскеудің күйтабақ фирмасында «Сарыарқа» күйі оркестрдің орындауында әрі әрлеуімен әрі дирижерлік етуімен жазылып, Одақтық алтын қорға алынды», – дейді сол бір жүрекке қуаныш ұялатқан сәтті сағынышпен еске алған маэстро. Еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы жылдардың бірінде, яғни 1992 жылы көмірлі Қарағандыда шертпе күйдің майын тамызған, күй дүлдүлдерінің көш басында тұрғандардың бірі – Тәттімбетке құрмет көрсетіліп, Арқада жаңа халық аспаптар оркестрінің тұсауы кесіліп, шаңырағы көтеріліп жатты. Осынау өнер отауына көркемдік жетекші және бас дирижері қызметіне шақырылды. Шакеңе тағы да тыңға түрен салуға тура келді. «Мен, – дейді маэстро, – Құрманғазы оркестрінде жинаған жарты ғасырлық мол тәжірибемді жаңа оркестрдің кәсіби деңгейі мен орындаушылық шеберлігін шыңдауға, беделін көтеруге, қабырғасы қатайып, орнынан тұрып кетуіне жұмсадым. Осының нәтижесінде елімізде алғаш
рет Тәттімбет оркестрімен «Абай» және «Қыз Жібек» операларының концерттік үлгілері орындалды», – дейді мақтанышты сезіммен. Мұндағы соны ізденістер мен төккен тер текке кеткен жоқ, көп ұзамай ол өзінің жемісін бергенінің куәсі де болдық. Шакең жетелеп «Академиялық» атаққа да жеткізді. Уақыт тамырын дөп баса білетін маэстро оның тірлік-тынысын да сезе, ұға, түсіне алатынын танытты. Ана бір жылдары еліміздің әр жерінде халық аспаптар ансамбльдерін құруға талпыныстар өріс алғаны жадымызда. Демек, болашақта халық аспаптарында ойнайтын мамандарға деген сұраныстың артатыны анық. Ендеше оларға қажетті музыканттарды осы бастан дайындау керек екенін ерте түсінген Шамғон Сағаддинұлы ұрпақ алдындағы осы жауапкершілікті өз мойнына алып, сол кездегі консерватория ректоры Еркеғали Рахмадиевтің алдына мәселе қойып, өз мақсатын жеткізеді. Көп ұзамай қос тарланның қолдауымен оркестр дирижерлігі кафедрасы студенттерді қабылдай бастады. Оны жиырма жыл басқарып, жүзден астам дирижерлерді өнер көгіне ұшырды. Бүгінде шәкірттердің ұстаз туралы пікірлері бір арнаға тоғысып, бір жүректен шыққандай әсерге бөлейді. Мысалы, «Солистер академиясы» оркестрінің көркемдік жетекшісі Ә.Нүсіпбаев: «Қажығалиев – Қазақстандағы дирижерлік мектептің негізін қалаушы», – десе, Абай атындағы опера және балет театрының дирижері Н.Жарасов: «Оның ұстаздығын кеңес дирижерлік мектебінің іргетасын қалаушы, негізін салушы Илья Мусинмен қатар қояр едім. Өйткені, ол қазақ дирижерлік мектебінің пионері болды», – деп Шакеңнің мерейін асқақтата түседі. Шакеңнің кейінгі толқын артистер мен дирижерлерге айтар тәлім-тәрбие, берер ғибраты сана сандығында қап-қап болып жатқанына күмән жоқ. Соның бір айғағы 2001 жылы дирижерлердің еліміз бойынша тұңғыш байқауын жариялады. Осылай еліміздің дирижерлік өнерінің тарихында алғаш рет сайысын өткізіп, тағы бір өнеге көрсетті.
Қазақ өнерінің кесек тұлғасы Жақында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Алматы қаласы әкімшілігі, Мемлекеттік Құрманғазы оркестрінің мұрындық болуымен Абай атындағы опера және балет театрында КСРО халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті дирижер Шамғон Қажығалиевтің шығармашылық кеші өтті. Он сегізінші ғасырдың соңын ала Еуропада өмірге келген дирижерлік өнер он тоғызыншы ғасырдың ортасында өзінің қалыптасу деңгейіне жетеді. Міне, осы өнерді алғаш қазақ топырағына алып келген зерделі ғалым, заңғар композитор Ахмет Жұбанов болатын. Өзі іргесін қалап, шаңырағын көтерген тұңғыш қазақ оркестрінің алғашқы дирижері де болды. Ал өнердің есігін енді ашып, табалдырығын имене аттаған бозбала Шамғон сонда дирижер боламын деп ойлаған да емес-ті. Ол скрипка мен домбыраны шебер меңгерген маман болуды ғана армандаған. Бірақ өнердегі тағдыры күтпеген жерден өзгеріп сала беретінін ол қайдан білсін. Бірде ойда жоқта үшінші курсты енді бастаған Шамғонды бір күні консерватория ректоры Ахмет Жұбанов өзіне шақырды. «Сен екі бірдей мамандықты меңгеріп жүр екенсің, оркестрде, ансамбльде ойнаған тәжірибең де бар. Сені студенттік оркестрмен жұмыс істеу үшін өзіме ассистент етіп алсам деп едім. Бұған қалай қарайсың? – дейді ойын білмек болып. Өнердің қыр-сырын меңгеріп, оны тереңіне әлі бойлап үлгермеген Шамғон ат-тонын ала қашады. Ахаң сонда: «Ойлануға уақыт беремін. Егер келіссең өзің келіп айтарсың», – деп шығарып салды. Біраз күндер арада жылжып өтеді. Дирижер болғысы келіп құлшынып жүрген Шамғон жоқ. Ахаң оны екінші рет шақырады. Ол бұл жолы да келісім бермейді. Біраз уақыт өткен соң Ахаң Шамғонды қайта шақырып алады да сол баяғы сұрағын қайталап: «Екінің бірі – дейді, – не келісім бересің, не консерваториядан шығарамын. Болашағына талпынбайтын, өнеріміздің өркендеуіне өз үлесін қосқысы келмейтін, өз дарынын халықтың игілігінен аяған адам бізге керек емес». Мұны естігенде Шамғонның зәресі зәр түбіне кетеді. Шынымен қатты қорқады. Көкірек көзі көреген, көңілге түйгені мол, қазақ ән-күйінің арғыбергі тарихын жете білетін сұңғыла ғалым, парасат пайымы зор ұстаз өзінің қабілетін байқап, біліп, өзін дұрыс жолға бағыттап отыр-
са, менің қашқақтағаным жөн бе екен? – деп ойлаған ол өз қателігін түсіне қояды. Ахаңнан кешірім сұрап, келісімін береді. Ахаң оны ертесіне оркестрдің алдына шығарып, студенттерге өзінің шешімін айтады. «Бұл менің ассистентім, яғни оң қолым. Мұның айтқанын менің айтқаным деп қабылдап, талабын қалтықсыз орындаңдар» – дейді шәкіртіне деген үлкен үмітпен. Бұл – 1946 жыл болатын. Сол күннен бастап Шамғонның бойындағы табиғи талант бірте-бірте бүршік жара бастайды. Ахаңның ақ батасын алған ол дирижерлік мамандыққа міне осылай келді. Консерваторияны дирижерлік мамандық бойынша Л.Шаргородскийден, скрипкадан – И.Лесманнан, домбырадан – Қ.Жантілеувтен бітіріп, 1950 жылы Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестріне дирижер болып барғанда, Шамғон небәрі жиырма үш жаста екен. Бірден оның тізгінін мықты ұстаған ол араға екі жыл салып оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болып бекітіледі. Қазақтың маңдайына біткен бірінші және бірегей халық аспаптар оркестріне жетекшілік ету – жас маман үшін әрі үлкен құрмет, әрі зор жауапты міндет екенін сезінген Шамғон ең алдымен ұлағатты ұстазы Ахаңды жерге қаратпауды ойлады. Ал Ахаң болса әлі екі мүшелге толмаған Шамғонға осы салмақты да маңызды міндеттерді жүктегенде ең бастысы шәкіртінің білімі мен дарын деңгейіне, қажыр-қайратына сенген болар. Әйтпесе жиырма бес жасында мемлекеттік оркестрге ақылшы болу – дирижерлік өнерде некен-саяқ кездесетін құбылыс. Бұны «Шамғонның феномені» деу керек сірә! Ахаң сынды өнердің кенінен сиқырлы таяқшаны қабылдап алған жас дирижерді алғашқы ірі жеңіс көп күттірген жоқ. Ол 1953 жылы Бухаресте өткен жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінде алақанына келіп қонды. Оны композитор Еркеғали Рахмадиев: «Он сегіз мемлекеттің оркестрлері қатысқан фестивалде Құрманғазы оркестрі румын оркестрімен иық тірестіре финалға шықты. Оркестр қазақ күйлерімен қатар И.Брамстың «Венгр биі», М.Глинканың «Вальс фантазиясы» сияқты классикалық шығармаларды да орындап, ұлт деңгейінде ғана емес, дүниежүзілік мәдениеттің, өркениеттің барлық саласын меңгергенін көрсетіп, өзінің биік деңгейде екендігін дәлелдеді. Сол жолы бірінші орын алып, қазақ өнерінің алғашқы алтын медалін әперген Шамғон еді. Содан бергі еңбегін есептемегеннің өзінде, Қажығалиевті ардақтау үшін қазақтың омырауына тағылған сол алтын медалдің өзі жеткілікті» – деп кезінде жоғары бағалаған екен.
Дәл осындай салтанатты сәтті Құрманғазы оркестрі тағы да екі рет бастан өткеріпті. «Болар істің басына жақсы келер қасына» – демекші бұдан әрі аталмыш өнер ұжымының тасы өрге домалап жүре беріпті. – Әлі есімде 1984 жылы Атырау қаласында қатарынан жеті күн бойы концерт бердік. Күйге сусап қалған халық легі бір толастамады. Ал залда ине шаншар жер болмады. Осындай көрініс 1988 жылы Шымкентте қайталанды. Біз осындағы мұнай өңдеу зауытының мың адам сиятын сарайында он күн бойы өнер көрсеттік. Он күн бойы залда бір бос орын болмады» – дейді Шамғон. Осы бірекі деректің өзінен–ақ оркестрдің орындау шеберлігінің ауқымын, репертуар молдығын және оның бас дирижеріне деген халық құрметін аңғару қиын емес еді. Қашанда жаңалыққа жаны құмар ізденімпаз Шамғон оркестрдің аспаптарын қайта жаңғыртуды қолға алды. Оған біраз себептер түрткі болды. Ол оркестрдің тек ұлттық туындылармен ғана шектеліп қалмауын ескеріп репертуарды байыту, оны әлемдік классикалық шығармалармен толықтыру мәселесін бірінші орынға қояды. Ондай күрделі шығармалардың өздеріне тигізетін септігі зор екені, әрине, даусыз болатын. Тек қана фольклормен әуестеніп келген оркестр мүшелеріне сан қилы гармониялық үндестіктерді қабылдауға, көпүнділік жазу мәнерін ести білуге, күрделі шығармалардың алуан түрлі құрылымын түсінуге көмегі тиер еді. Бұл мәселені жеріне жеткізе түбегейлі зерттеген маэстро ондай туындыларды орындау кезінде көптеген тембрлердің жетіспейтіндігін, сол үшін жаңа аспаптар енгізіп, бұрынғыларды жетілдіру керектігін түсінген ол қазақ музыкалық аспаптарының тарихына үңілді.– «Себебі, – дейді Шамғон, – 1933–1937 жылдар аралығында академик Ахмет Жұбановтың басшылығымен шеберлер Э.Романенко мен Қ.Қасымовтың қатысуымен жасалған музыка аспаптары ендігі жерде жаңа талаптар үрдісінен шыға алмайтын болды. Арада жиырма жылдан астам уақыт өткенде аспаптардың дыбыстық бояуы, техникалық мүмкіншіліктері, динамикалық қуаты қанағаттандырмады». Сөйтіп ізденгіш, жаңашыл дирижер өзінің көздегеніне жетіп, ойына алғанын жүзеге асырады. Ол 1958 жылы Мәскеуде өтетін қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне орай КСРО Мәдениет министрлігінің музыкалық аспаптар фабрикасына жаңа үлгімен жасалған сексен аспапқа тапсырыс бергізеді. Бұлар Шамғонның қадағалауымен ғылыми негізде, акустика заңдылықтары ескеріліп жасалады. Олар оркестрдің үніне соны өзіндік бояу қосты.
Шамғон Қажығалиев мұнымен шектеліп қалған жоқ. Тағы бір батыл қадамға барды. Ол бұрын-соңды болмаған сырнай аспабының төрт түрін өзінің сызуымен дүниеге әкелді. Қазақтың ұлттық дәстүрлерін жақсы білетін ол халқымыздың жауға шапқанда, аңға шығып, құс қайырғанда қағатын дауылпаздың құлақ күйі келтірілген үш түрін оркестрге енгізді. Сөйтіп кезінде халқымыздың тұрмысында қолданылған дүниелер музыка аспаптарының қатарына қосылып, өз үні, өз бояуымен ұлттық өнерімізге әр берді. Музыкалық аспаптарымыздың қатары көбейіп, саны артты. Бұл Шамғонның музыка тарихына қосқан өзіндік үлесі еді. Әсіресе ол орындаушылардың шеберлігін еселей түсуге өзінің игі әсерін тигізгені белгілі. Бүгінде өтіп тұратын Республикалық байқауларда домбырашылар мен қобызшылардың жоғары нәтижеге жетіп, шеберлік танытуы – Шамғонның бір кездегі сол жемісті істерінің нақты көрінісі екенін де ешкімнің дауы болмас. Мұны маэстроның көрегендігі десек те жарасады. – Халықтық және классикалық өнерді тел игеруге ден қойдым. Ондағы ойым, – деп сөзін сабақтай түскен ол, – қазақтың күйлерінің уыз шырынын тыңдарман жүрегіне жеткізу болатын. Бұл мақсатыма жеттім ғой деп ойлаймын». Ия, аталмыш оркестр Кеңес дәуірінде алғашқылардың бірі болып «Академиялық» деген құрметті атақ алды. Одақ көлемінде бұл өнер ұжымының аты асқақ естілді. Орыс музыка сыншысы, ғалым докторы В.Виноградов: «Бұл ұжым кеңес өнерінің мақтанышы. Оның тәжірибесін Одақ көлеміне таратып, оны шет елдерге көрсету керек» – деп оркестрдің табысына жоғары баға берсе, композитор Т.Хренников оркестрдің шеберлігін көзімен көріп, көңілімен сезінгеннен кейін: «Ғажап оркестр, әлемдік деңгейдегі ансамбль» – деп таңқалып, ағынан жарылды. Ал оркестрді мұндай биікке көтеру, әлемдік дәрежедегі дирижердің қолынан ғана келетін іс еді. Өткен ғасырдың жетпіс үшінші жылы Алматыда әлемдік музыкаға қатысты ерекше оқиға болғаны назарымызда. Осында Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің ең ірі музыкалық форумы өтті. Міне, осы аламан бәйгеде Құрманғазы оркестрі жасындай жарқырап тағы бір қырынан көрінді. Қырық алты мемлекеттен келген небір дүл-дүлдер мен майталмандарды жолда қалдырып, күй атасы Құрманғазының «Сарыарқа» күйі, оны майын тамыза орындаған Құрманғазы оркестрі және оның бас дирижері Шамғон Қажығалиев бірінші орынды жеңіп алып, шашасына шаң жұқпас өрен жүйрік екенін айдай әлемге тағы бір танытты.
Өнер ұжымымен оңай тіл табысатын Шамғонды 1992 жылы Қарағандының Тәттімбет атындағы халық аспаптары оркестріне көркемдік жетекші және бас дирижер қызметіне шақырады. Көргені көп, көкейге түйгені мол дархан дарын иесі өзінің жарты ғасырлық бай тәжірибесін ендігі жерде өзі тізгінін ұстаған оркестрдің кәсіби деңгейі мен орындаушылық шеберлігін көтеруге жұмсады. Осындай шығармашылық тың ізденістер мен мақсатты еңбектің нәтижесінде Тәттімбет атындағы оркестр де «Академиялық» атаққа ие болды. Кәсіби шеберліктің шыңына шыққан Шамғонның ұстаздық еңбегінің өзі бір төбе. Уақыт тамырын дөп басып тани білетін білікті де білімдар қасиетімен де көрінді. Сол бір жылдары жержерде оркестрлер көптеп құрыла бастады. Демек бұл жетекшілер тапшылығына әкеліп соғары сөзсіз еді. Ендеше оларға қажетті дирижерлерді осы бастан дайындауды қолға алған жөн деп шешкен Шамғон Сағаддинұлы сол кездегі консерватория ректоры Е.Рахмадиевке өз ойын жайып салады. Бұл мәселеге зор мән берген Еркеғалидың қолдауымен көп ұзамай оркестр дирижерлігі кафедрасы өмірге келді. Оны жиырма жыл басқарып, жүзден астам шәкірт дайындады. Ұстаз туралы «Солистер академиясы» оркестрінің көркемдік жетекшісі Ә.Нүсіпбаев: Қажығалиев – Қазақстандағы дирижерлік мектептің негізін қалаушы» – десе, Абай атындағы опера және балет театрының дирижері Н.Жарасов: «Оның ұстаздығын кеңес дирижерлік мектебінің іргетасын қалаушы, негізін салушы Илья Мусинмен қатар қояр едім. Өйткені, ол қазақ дирижерлік мектебінің пионері болды», – деп мақтан етеді. Қазақ музыка өнерінің ақиық ақсақалы, елін сүйген ардақты азамат туған халқының рухын асқақтатып, қазақ күй өнерін әлем сахнасында шалқытып келеді. Ол әлі тұғырдан тайған жоқ. Оның бойында Тосканинидің темпераменті, Караянның суреткерлігі, туған жер топырағынан дарыған сарқылмас шалқар шабыт пен дархан дарынның қайнар көзі бар.
Әзірбайжан әлемі
Астанамыздың рухани өмірі жиырма бірінші ғасырдың табал-
дырығынан бастап жандана бастағанды. Сол жылдары ша-
ңырақ көтеріп, керегесін керген Қ. Қуанышбаев пен К. Бай-
сейітова атындағы қазақ мемлекеттік драма және опера, ба-
лет театрларымен реңі кіріп, әрленіп, маңызды да мазмұнды
бола түскені белгілі. Ұлттық мәдениетіміздің күмбезді қос
шаңырағының бірі – Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ мемле-
кеттік драма театрының тізгінін кәсіби сахна өнерінің қазақи
қасиетін қалыптастырған әрі оны жаңа денгейге көтерген кесек
тұлғалардың бірегейі Әзекең – Әзірбайжан Мәмбетов ұстағаны
баршамызға аян. Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының халық
артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанып, көзі
тірісінде елінің сый-құрметіне бөленген Әзекең қазақ театр
режиссурасының теңдессіз шыңы болатын. Әзекеңмен сәті
түскенде кездесіп, талай рет әңгіме-дүкен құрған шақтарымызда
болған. Сондағы ой арқауы тәуелсіз өміріміздің драмалық
бейнесіне, еліміздің келешегіне, жастарымыздың болашағына
ойысып кете баратын.
Қазақ театр өнерінің биік бәйтерегі Әзірбайжан Мәмбетовтың
келер ұрпаққа қалдырған мұасын өлшейтін таразы ұлттық мәде-
ниетімізде жоқтың қасы. Оны ертеңнің еншісіне қалдырайық ...
Қазақ театр өнерінің эталонына айналған Мұхтар Әуезов атындағы
Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры өз басынан төрт
кезеңді өткерді. Екінші кезеңнің соңын ала 1957–60-шы жылда-
ры театр өмірінде ерекше өзгерістер орын ала бастады. Бұл кез-
де театрдың бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайып үлгірген болатын.
Ал Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Ыдырыс Ноғайбаев,
Нұрмұхан Жантурин, Қамал Қармысов, Зәмзәгүл Шәріпова, Қалибек
Қунышбаев, Қапан Бадыров, Бикен Римова, Сәбира Майқанова,
Рақия Қойшыбаева театрдың трегіне, сахнаның санлақтарына ай-
налып үлгерген кез. Жоғары кәсіби білім алған әлемдік театр тари-
хынан мол хабары бар, жаңа көзқарас иесі, жас та болса бойынан
қабілет қарымы сезіліп тұрған режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтың
үлкен сахнаға келуі драма өнерін құрметтейтін қауымды елен
еткізбей қоймады. Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік
консерваториясының актерлік бөлімі мен театр жанындағы студияны
тәмәмдаған Ф. Шәріпова, Н. Мышбаева, С. Оразбаев, Р. Сейітметов,
Ә. Молдабеков, Е. Жайсанбаев, Т. Тасыбекова, С. Қожақова, Б. Имашева сынды үркердей талантты жастардың келуімен тұспа-тұс келді. Әзекеңнің жастармен жұмыс істеуі, режиссерлық өнер толғауы, жаңашылдығы ә,– дегеннен-ақ көрініс бере бастағанын байқамай қалған жан болмады»,– дейді театрдың көнекөз қарттары. Ол бірден құдіретті ұжымның жаңа тынысын ашуға ден қойды. Осылай істеуге ол кезде театр актерлерінің қабілетті де, біліктілігі де, білімі де, тәжірибесі де кең молынан жететінін түсінген Әзекең ендігі жерде құлашты кенге сермейді. Алғашқы жылдары жас актерлермен бел шешіп, білек түре жұмыс істеген режиссер өзінің қарымды іскерлігімен қомақты нәтижелерге қол жеткізеді. Осы жылдары біраз жаңа қойылымдар дүниеге келіпті. Мысалы, «АнаЖер-Ана», «Абай», «Қобыланды», «Дон Жуанның думаны», «Адасқан ұл», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Вьетнам жұлдызы» Әрине, кезінде. бұлардың бәрі де көрерменнен, театр мамандарынан өзінін лайықты бағасын алған дүниелер екенінде ешкімнің дауы болмас. Шын мәнінде еліміз өміріндегі рухани құбылысқа айналған қазақ театр тарихында алтын әріптермен жазылған қойылымдар дейді театр сыншылары. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Мұхтар Әуезов театрының дәуірлеу кезеңі болғанын театр тарихының өткен өмірінен көресіз. Ол жасампаз, ізденгіш іскер режиссер Әзірбайжан Мәмбетовпен тығыз байланысты десек қателеспейміз. Өйткені театр болмысында табиғи қазақы тұмыстық көріністер немесе сол сарында қойылып келген дүниелердің орнын ендігі жерде әлемдік денгейдегі классикалық драмаларға ерекше көңіл аударыла бастағанын байқау сол дәуірдің көрермендеріне қиын емес еді. Бұл уақыт талабы әрі театрдың сол жылдардағы көтерілген биігі осыны кажет ете бастаған-ды. Күш-қуаты мол, білімі жеткілікті, тәжірибе қоржыны морлыққан Әзекең, монументалдық, эпикалық ауқымдағы сүбелі де сүйекті, салмақты туындыларды сахналауға білек түріп, бел шешіп кіріседі. Оның бағытты дұрыс тандағанын, қателеспегенін уақыт көрсетті. «Қан мен тер», «Көктөбедегі кездесу», «Қарагөз», «Юлий Цезарь», «Кариолан» сынды ондаған қойылымдар Әзекең режиссерасының қабілет-қарымын, мүмкіндігінің ұшан-теңіз екенін барша жұртқа көрсетіп берді. Ол өзінің осындай батыл бастамаларымен, соны сүрлеуімен жұртты елең еткізген Әзекең кейбіреулердің айтқан анау-мынау пікірлеріне мән беріп жатпастан өзі бастаған өнердің қиялы соқпағымен әлі қол жетпеген шыңдарды
бағындыруға бет алып бара жатты. Сол жылдарды Қазақстанның халық артисі, бүгінде театр ақсақалдарының біріне айналған Сәбит Оразбай ол күндерді былайша еске алады: Сәбеңнің айтысынша, қазақ театрының елге, әлемге танылуы 60-жылдардан басталған көрінеді. Ол режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің еңбегіне тікелей байланысты болса керек. Кәсіби білімді Мәскеуден алған Әзекең елге келгеннен кейін республиканың облыс орталықтарында спектакльдер қойып, тәжірибе жинақтайды. Әзекеңнің өзіне дейінгі және өз кезіндегі режиссерлерден артықшылығы неде?, – деген сұрақ туа қалса, «Мен еш ойланбастан әрі қорынбастан: «Мәмбетов мизансценаның машығы еді» деп жауап берген болар едім»,– дейді театр ардагері Сәбең. Әзекеңнің көзін көргендердің бәріде оның осы қасиетін ерекше назарға алып, жоғары бағалағаны театр тарихынан белгілі. Иә, шын мәнісінде солай болғанын бүгінде театр әлемі де мойындап отыр. Оған күмән жоқ.. Актердің өресін, қабілетін дөп басып танитын режиссер қай рөлге қандай актер лайықты екенін дәл тауып, таңдайтын, еш жанылысқан емес деп еске алады аға буын актерлер. Өйткені, кез-келген спектакльді сахналамас бұрын оның мазмұнына терең бойлауды, жан-жақты зерттеуді, асықпай аптықпай өзіндік зерде елегінен өткізіп барып, «нартәуекел» деп қолға алуды Әзекең оқып жүрген кездің өзінде әдетке айналдырғаның аңғарсыз. Себебі, ол спектакльдің басты мақсатын, кейіпкердің айтпақ ойын жете түсінетін. Сол өзі көздеген биікке жетуге барын салатын. «Кімнің қолынан не келеді? Қарым-қабілеті қандай? Осының бәрін Мәмбетов бес саусағындай білетін»,– деп еске түсіреді Сәбең. Демек, ол актер жанын, болмысын айтқызбай-ақ ұққан, түсінген үлкен жүректі адам. Әзекең жайлы әңгіме бола қалса, режиссердің қара шаңырақ – академ театрда қойған алғашқы спектаклі – «Беу, қыздар ай!» еске оралады. Ол пьессаны Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаев бірлесіп жазғаны екен. Оны көріп, тамашалау осы жолдардың авторы мағанда бұйырыпты. Қай жылдары екені әрине, есімде қалмапты бірақ, басты кейіпкер Айсұлуды суреттеп айтқан ақын жігіттің: «Айдай сұлу Айсұлу Асанова, Ай астында сен қыз асады ма?. ... Түбінде осы болар мықты қатын, Баланы қос-қосынан ытқытатын»,– деп үздіккен өлең жолдары қалыпты. Аталған қойылымды көзімен көрген, бүгінде жас буынның бағбанына айналған тәлімгер Сәбит Оразбай ақсақал сол күндерге бір сәт оралғаны бар-ды. «Ақын рөлінде – Райымбек Сейтметов, доцентті
– Қабдош Сүлейменов, суретшіні мен ойнадым»,– дейді Сәбең. Иә, сол кездегі театрдың жас тұлпарлары мен қас сұлулары; Фарида, Зәмзәгүл, Нүкетай, Салиха да комедиялық қойылымға тартылып, бір-бір рөлді ойнап шыққан. Жалындап тұрған актерлер мен актрисалар спектакльді өте керемет деңгейде көрермен назарына ұсына алды. Жамағат көп жиналды.Оған сол кезде бұқаралық басылымдарда жарияланған пікірлер мен риза көңілдер куә. «Осы спектакльмен бүкіл Қазақстанды аралап шықтық. Біздің танылуымызға «Беу, қыздар-айдың» әсер-ықпалы мол болды. Әсіресе, Әзекеңнің мәртебесі өсіп, мерейі артты. Ең бастысы, әр актердің өз рөлін табуы еді. Көрермен мені суретші деп, Райымбекті ақын деп, Қабдошты доцент деп атап кетті. Сол сияқты Фарида, Нүкетай, Зәмзәгүлді де көрермен Айсұлу, Күнсұлу, Нұрсұлу деп атап жүрді. Мұның бәрі Әзекеңнің мианцсенаны жете меңгергендігі еді»,– деп еске алады режиссердің осы шеберлігіне табынған Сәбең. «Ұлттық театр өнері тарихында өзім ерекше бағалаған, ұстаз тұтқан режиссердің бірі, жаңашыл, КСРО халық артисі, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов. Әрине. Әзекеңмен бірге ұзақ жылдар қоян-қолтық жұмыс істедім. Қаншама қойылымдарыма көмегі тиді, ағалық ақыл-кеңесіне құлақ астым. Оның жұмыс тәсілдерінен алғаным ұшан-теніз»,– дейді режиссер Әубәкір Рахимов. Иә, аталған қара шаңырақта Әзекеңнің шапағатына бөленген өнер адамдары аз ба, сірә?! Әзекең Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен терін» сахналау барысында автордың сенімсіздік танытқанына қарамастан басты рөлдердің бірін – Сүйеу қарты сомдауды Сәбитке тапсыруы актерлер арасында күтпеген оқиға болғаны сол кездегілерге мәлім. Себебі, Сүйеудің бейнесін жасап жүрген ол кезде Қазақстанның халық әртісі Елубай Өмірзақов болса керек. Елекең науқастанып қалады. Жас актерге егде кейіпкердің мінез-құлқын, түр-әлпетін, болмысын, жүріс-тұрысын жасауы оңай емес екені түсінікті. Бірақ, актердің бойындағы қабілет-қарымын ішкі сезім түйсігімен ұға білген Әзекең жас актерлерге сенім артып, осындай кесек тұлғалы кейіпкерлердің бейнесін жасауға тәрбиелейтін дейді замандастары. Міне, осылай Мәмбетов, Шолпан Жандарбекованың да, Хадиша Бөкееваның да, Сәбира мен Бикеннің де, Ыдырыстың да және бүгінде қазақ театр тарихында есімдері мәңгілікке алтын әріппен жазылған елге танылған актерлердің бағын ашты оған ешкімнің дауы жоқ.
Академ театрмен бірге оның бас режисссер әрі көркемдік жетекшісі Әзірбайжан Мәмбетовтің де атақ-данкы асқақтады десем қателеспеспін. Одақты қойып, әлемді елен еткізген лауреат қойылымдардың саны жыл санап емес ай санап арта берді. Театр әртістерінің бір топ шоғыр Әзекең тұсында мемлекет тарапынан әр түрлі атақ-даңқа ие болды. Қазақстанды былай қойғанда Кеңес одағы ішіндегі гастрольдік сапарлар жиіледі. Мәскеу, Офе, Қазан, Нөкіс, Бішкек шаһарларының көрермендерін қазақ драма өнерімен таңдай қақтырған Әзекең: «Ендігі жерде ұлттық аяда қалап қоймай әлемнің алдынғы қатарлы сахналарына шығуымыз керек», – деп әріптестерін қанаттандырған ол әлем көкжиегіне көз тікті. Оған мүмкіндік те, шеберлік те, қабілет те жеткілікті еді. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын Әзекең Мұхтардың «Абай», Шыңғыстың «Ғасырдан ұзақ күн», Әбдіжәмілдің «Қан мен тер» драмаларын Иран, Туркия, Египет, Серия, Франция, Қытай, Чех елдеріне апарып, қазақ театр өнерінің шоқтығы қандай биік екенің жария етті. Әрине, Әзекеңнің алдынан ақ жол даңғырап жатқан жоқ-ты. Ол уақытта да көре алмаған күншілдер аз болмағаны шындық. Олар етектен тартып, тізеден қақты, бірақ, сағын сындыра алмады. Мысалы, Мәскеуге Әзірбайжан Мәдиұлы Айтматовтың «Боранды бекеттін» қоюға апарған кезде үлкен дау туса керек. Орталық комитеттен келген Ульянов және басқалар спектакльдегі ата-бабаның бейітіне баратын жерді Әзекеңнің қарсылығына қарамастан алып тастайды. «Ең керекті жері сол еді»,– деп режиссер сан соғып қалады. Бұл көріністін әсері кейіпкерлер сахнаға шығып, қозғалғанда ерекше сезіледі екен. Шыңғыс Айтматовтың өзі; «Әсері мұншалықты болатынын ойламап едім»,– дейді сонда Әзекеңнің режиссерлік шешіміне риза болған шоң жазушы. Ертеңіне тағы да сол жерге Шыңғыс Айтматов, Мұстай Кәрім, қалмақтың ақыны Кугульдинов келіп қойлымның жетістіктері жайлы әңгіме-дүкен құрады. Әзекең мен Қалекеңнің – Қалтай Мұхамеджановтың достығы берік болған деседі олардың көзін көргендер. Оған бір дәлел «Бернарденің үйі» деген спектакльдің дайындығын залдан бақылап отырған Қалекең; «Әй, Әзірбайжан, сенің де күнің күн емес екен. Шолпан Жандарбекова, Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова, Бикен Римова бір өзі бір театр сияқты, бәрі де мықты актрисалар, осылармен тіл тауып қалай жұмыс істейсің? Сенің де жағдайын мәз емес»,– дейді қалжыңдап. Сонда Әзекең; «Оның рас, әрқайсымен сөйлесу үшін әртүрлі тәсіл, дипоматикалық
әдіс керек. Біреуімен сөйлессең, екіншісімен де әңгімелесуің қажет. Әйтпесе үлкен шатақ шығады»,– дейтін көрінеді мінезі салмақты Әзекең. Театрдағы әрбір актердің жүрек соғысын, тыныс-тіршілігін оның жүріс-тұрысынан, мінез-құлқынан, адамға деген қарым-қатынасынан байқайтын сырбаз бапкер ондай да әрбір жанның жүрегінің кіліттін табыуға тырысатын дейді Сәбең. Өйткені, Әзекең жоғары мәдениеттің, рухы биік ортанын өкілі еді. Қанқу сөзге ермейтін, тасада тұрып тас ататындардың тірлігіне пысқырмайтын. Ол «бейшаралардың бос әуіре шаруасы»,– дейтін де қоятын. «Жақсы да кек болмайды, жаманда тек болмайды» дейді қазақ. Жүрек шамының жарығын маздатқан ұлы режиссер жасаған дүниелері ұлт руханияты үшін аса құнды байлық, сарқылмас қазына. Ол пендешілік әңгімелердің ішінде жүріп-ақ өлмес қойылымдар тудырды. Өнер үшін бәріненде биік тұрды. Олсыз талант таусылады, мерзімінен бұрын шашылып қалады. Биікке шықпағандар биіктің қадірін қайдан білсің?! Сол биікті Елбасы бағалады. «Мәмбетовтің мүмкіндігін әлі де пайдалану керек» деп Астанаға алдыртқаны еске түседі. Жаңа ғасырдың алғашқы жылдары Елордада екі бірдей театр бой көтергенін білеміз. Оның бірі – Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театр. Аталған театрдың тізгінің Нұрағаң Әзекеңе сеніп тапсырғаны өнер адамдарына ғана емес күллі жұртқа белгілі. Осы аталған театрды бастап, 2001 жылы мамыр айында Оңтүстік астанаға келген гастрөлдік сапарында Әзағаңмен кездесіп, әңгімелесудің сәті түскен еді. Ол кез өздеріңізге белгілі еліміз бастан өтпелі кезеңді өткеріп жатқан болатын. Сол жылдардың куәсі болған Әзағаңның ойы да сол дәуірмен астасып, сабақтасып жатуы да әрине, заңдылық. – Маған журналистер «Драматургтарымыз қазіргі уақыт немесе заман құбылысын, бүгінгі болмыстың көрінісін жасауға неге құлықсыз? – деп жиі сұрайды»,– деп бастағанды Әзекең сонда өз ойын. – Оның да жөні бар, Бір кездегі қаламдары жүйрік Ғабит Мүсірепов, Тақауи Ақтанов, Шахмардан Құсайынов сынды аға буын классик драматургтарымыз өмірден өтті. Қазір орта буындар, кейінгі толқын жас қаламгерлер жазады. Бірақ, тақырыптары өте жеңіл. «Қысылғаннан қыз болдық», «Ең әдемі келіншек», тағы сол сияқты комедиялар. Сахнаға бұл да керек. Оның да өзінді заңы, өзіндік әдемі мүмкіншілігі, көркемдік кескін-келбеті бар, тұрлаулы жанрлардың бірі. Драмамен, трагедиямен қоса олардың да сахнада өмір сүруге қақы бар. Міне, осы салада қалам тартып, жаңағы
журналистер сұрай беретін бүгінгі күннің көкейтесті мәселесін, оны жылы жауып үндемей отыр. Мен ойлаймын, қазір мүмкін бұл бір демалыс, әлде ойлану, толғану, ой қорыту кезеңі ме? Жоқ, әлде қаламгерлеріміз үлкен бір шығармашылық дүмпудің алдында үнсіз қалса керек. Иә, бұл жай тіпті ұзаққа созылып кеткені белгілі. Қазір адамның өзі аң-таң. Оның үстіне көбіне халқымыздың өткеніне, тарихи жағдайға кетіп қаламыз. Абылай хан сияқты ел басқарған бабалардың заманына саяхат жасап жатырмыз. Шындығында, біз тарихымызды қазбалап кетіп, бүгінгі тыныс-тіршілігіміз көркем сахнадан көрінбей қалып келеді. Міне, сол өкінішті. Өйткені тәуелсіздік алғалы бері қоғамдық өмірімізде, саясатта, мәдениетте көптеген жаңалықтар, бұрын сонды болмаған өзгерістер болып жатқаны рас. Біріншіден, «жаңа қазақтар» аталатын байлар шығып жатса, екінші жағынан адам, адамның тағдыры, адамның өзі түкке тұрмайтын болып қалды ғой. Көшеде келе жатқанда халқына еңбек еткен ардагерлерді, зейнеткерлерді көргенде жаның ашиды. Өйткені олар еліне, оның өнеріне бүкіл өмірін берді. Қазір былай қарасан, оның керегі жоқ сияқты. Кім үшін, не үшін еңбек еттің, онымен санасып жатқан өкімет жоқ. Әйтеуір болмашы зейнетақысы бар. Онысы тұрғын үйінің өтемақысына да жетпейді. Міне, осы жағдайды сахнадан көрсету керек пе, жазу керек пе, білмеймін. Әрине, бұл драматургтардың жұмысы. Бүгінгі күннің осындай ащы запыранын, көңілсіз күйін, осы көріністі жазуымыз, айтуымыз, көрсетуіміз, өзінің сахналық бейнесін табу керек қой. Мен осылай ойлаймын. Өзім басқарып отырған жаңа театрдың жай-күйіне келетін болсам, енді қазір бұл театрдың жағдайы «өте жақсы» деп айтуға аузым бармайды. Себебі театр деген ол да мынау қоғамның бір бөлшегі ғой. Біздің ел мына өтпелі кезеңді «дертпен» өткізіп отыр. Енді одан сауығу керек, бұл күйден шығу керек. Тоқтап тұрған зауыт, фабрикаларды қайта іске қосып, бүкіл экономиканың тамырларына қан жүгірту керек, тірілту керек. Өйткені қазір бәрі жамбастап жатыр. Олар қашан тұрады? Олар тұрмаса, өнеркәсіп дамымаса, қалай өмір сүреміз? Театр да міне осындай күйде. Қиыншылықтар да бар. Өйткені мынау жаңа қойылып жатқан қойылымдарға үкімет тарапынан ақша бөлінбейді. Беретіні жалақы. Ал енді осылай да осылай, бәрін «қиратып» жатырмыз, өркендетіп жатырмыз деу әрине, артықтау. Бірақ осындай жағдайда театрдың бір «өлмейтін» жағы бар.Әлгі киношылар «театр өледі, мынау кино қалады» деп те сәуегейлік
жасаған бір кезде. Қазір сол киноның өзі де тоқырып қалды. Ал театр «тірі». Себебі ол баяғы атам-заманнан бастап халықпен бірге жасап келеді. Сонау біздің Қаллеки, Елағаң, Серағаң, Құрекең солардың бәрі атақты «Қоянды» жәрмеңкесінен шыққан – «шаншарлар». Театрдың өлмейтіні де сондықтан. Өйткені бұл өзі халықтың ортасынан шыққан өнер жиынтығы. Біз істеген жұмысымызға үлкен бір жалақы алайық немесе астымызға «мерседес» мінейік демейміз. Оның біздер үшін керегі жоқ. Бірақ, бізге жаңа жазып жатқан шығармаларға, туындыларға, оны сахнаға шығару үшін «соған қаржы беріңіз» деп отырмыз. Сонда ғана жаңа сіз айтқан мәселелер шешілетін болар. Драматургтерге осы күнге дейін көк тиын қаламақы төлей алмай отырмыз. Түйні шешілмей келе жатыр. Олар қалай өмір сүретінін білмеймін. Ал театрда біз әйтеуір күн сайын спектакль қоямыз. Сөйтіп, ақша табамыз. Соның өзі де жетпейді. Өйткені анау тігетін киімдері, жасайтын декорациялары, музыка жазатын композиторға, бәріне, қыруар қаражат кетеді. Үкімет осының бәріне үзіліссіз ақша бере алмайды. Театр міне осындай күн кешіп отыр. Қазір қандай қойылымдарды қойып жатырмыз деген мәселеге келетін болсақ, Астаналықтар әзірге классикалық қойылымдар, «Қаракөзді», «Қозы көрпеш – Баян сұлуды» тамашалауда. Мен ойлаймын мынау жаңа Астананың сахнасында біздің классикалық пьесаларымыз жүру керек. Олар Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтың, тағы басқа классиктердің және тарихта қалған қазақ мәдениетінің алтын қорында жатқан пьесаларды қайтадан жаңартып, бүгінгі күннің көзімен қарап сахнаға алып келсек, алға қойған бірінші мақсатымызға жетеміз. Екінші жағдай бүгінгі күнге арналған пьесаларды қою керек. Соны іздеу керек. Осы жерде «неге драматургтерге тапсырыс беріп жаздырмайсыздар?» деген орынды сұрақ туады. Осындайда қазақтың «жомарттың қолын жоқшылық байлайды» мақалы еске түседі. Қаржы жоқ. Оған ақша төлеу керек қой. Ондай мүмкіндік әзерге бізде болмай тұр. Ал жекелеген авторлар өздері алап келіп жатқан пьесалар баршылық. Бірақ нашарлау. Драматургті Кеңес үкіметі заманында арнайы Мәскеудегі М. Горький атындағы жоғары әдебиет институты дайындаған. Ол қазір жоқ. Бәрі қирап қалды ғой. Қазір біздің жазатындар әлгі әуесқой «драматургтер». Көтеретіндері қарапайым жеңіл-желпі тақырыптар. «Тисе торғайға тимесе терекке» деген принципті ұстанғандар»,– деген Әзекең осы жерде
аз-кем ойланып қалды. Жанарын әлде бір нүктеге қадаған ол сол шақта терең ойдың тұңғиығына батап кеткендей көрінді маған. Әлден кейін терең тыныстаған ол; – Мен бұл театрға елу жетінші жылы келген едім»,– деп үзілген ойын қайта сабақтады. – Ол кезде Қаллеки, Елағаң, Серағаң, Құрекең, Қарекең бәрі болған. Соларды көріп қалдым. Солардан тәлім-тәрбие алғаныма бір жағынан бақыттымын. Олар мені өмірдің заңына, театрдың заңына үйретті. Бұлар ұлттық театр өнеріміздің аса көрнекті саңлақтары. Сондықтан бұл театрға біраз жылдарымды арнадым. Бұл театрдың деңгейін осылар арқылы біраз жерге көтердім. Мәскеуде, Иранда, Францияда болып, бірнеше рет қазақ сахна өнерін көрсеттік. Мәскеуде болып Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» деген спектаклін қойдым. Арнайы шақыруымен Чехословакияға барып, онда Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» пьесасын қойып қайтым. Уақыт осылай еңбекпен, ізденіспен өтіп жатты. Бірақ... Өмірдің жолы тақтайдай түзу емес қой. Мұнда да келіспеушіліктер болды, киноға кетіп қалдым. Бұл театрдан мен үш-төрт рет кетіп қалғанмын. Мынау сексен алтыншы жылғы дүрбелеңде жастармен алаңға бірге шығып, біраз таяқ жеп қалдым. Жұмыстан алындым, партиядан шығарды, әйтеуір, істемегендері жоқ. Сол кезде төрт жылдай жұмыссыз жүрдім. Бірде Президент Нұрекең өзіне шақырды. – Әзеке, не істеп жүрсіз? – Жұмыссыз жүрмін,– дедім. – Сен менің қасыма Астанаға кел. Мынау қазақтың театры бар. Соны көтер. Оны Әуезов театрындай жасап берші маған. Кәнеки, мына өнерді көтер, өнерді көтерейік». Сосын бардым. Театрды берді. Сөйтіп Қуанышбаев атындағы драма театрдың тізгінін қолға алдым. Жас актерлерді қабылдадым. Сол кісінің бастамасымен жұмыс істеп кеттік. Міне, осы театр Алматыда да өнер көрсетті. Бұл жер біздің ұшқан ұямыз ғой, сол ұяға келіп, өзіміздің өнерімізді көрсетіп қайтқанымыз үлкен ғанибет болды. Бұл жастар жиырма бірінші ғасырдың өнерін өркендететін, өсіретін таланттар. Ал Астананың көрермендеріне келетін болсақ, ол – жас көрермендер. Онда әзерге театрда аз. Бір кездері тіпті болған жоқ. Егер алматылықтарға келсек, олар өнердің мұхитында жүзіп жүргендер. Мұнда қандай өнер жоқ. Бәрі бар. Алматыдан бәріміз өстік. Ол театр бола ма, кино бола ма, көркем сурет өнері бола ма, музыка бола ма, бәрі осы қаладан шығып жатыр ғой. Сондықтан мұндағы көрермендердің талғамы мен талабы өте жоғары, өнерге деген көзқарастары өте биік. Ал бірақ
тағы айтам Астана ол біздің болашағымыз. Сондықтан бұл жаңа
леп, жаңа күш, жаңа серпіме»,– дегенді сонда Әзекең. Одан бері де
біраз жылдар өтіп, ел еңсесі көтерілді. Солай болса да Әзекеңнің
ойын бөлмей сол қалпында оқырманға жеткізуді жөн көрдік.
Айтпақ ойға айқындама
Қазақстанның халық әртісі Хабиба Елебекова:
– Мұхтар Әуезов атындағы театрды өгіздей өрге сүйреген
режиссерлердің бірі әрі бірегейі Әзірбайжан Мәмбетов болды десем
артық айтқандық емес. Театр үшін туған, оның көсегесін көгерткен
ұлттық режиссурамыздың тарихына атты бедерленіп жазылған өнер
тарланы екені белгілі. Мені тағдыр осындай адаммен бірге жұмыс
істеуге жазғанына ризамын».
Қазақстанның халық әртісі, режиссер Есмұхан Обаев:
– Қазақ драма өнерінің алтын діңгегінің тізгінін елуінші жыл-
дардың соңын ала ұстаған Әзекең – Әзірбайжан Мәмбетов біздің
еліміздегі нөмірі Бірінші режиссер. Ол өнер тарихында осы биікте
қалды. Әзекең ұлттық театрымыздың крифейлерімен ел таныған
саңлақтарымен бірге жұмыс істеді. Ірі классикалық қойылымдарды
сахналады. Ол жұмыс істеген кез қазақ театр өнерінің дәуірлеу
кезеңімен тұспа-тұс келді».
Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбай:
– Әзекеңмен екеуміз театрға қатар келдік. Үлкен шаһардан,
өнердің ірі ордасынан еуропалық білім алып келген ол театрды
қолына алысымен әлемдік классикалық дүниелерге қол созды.
Тетардың өрісін кеңейті, дүниежүзілік сахаларға шығуға жол ашты.
Кеңес Одағының, Қазақстанның халық әртістері атанған бір топ жас-
тарды тәрбиеледі. Оның ішінде менде бармын. Әзекең қалдырған
қолтаңба театр өмірінде мен мұндалап тұр».
Еслам Зікібаев,
ақын
Жалғасып мәңгілікке баратын ән...
Әдеби майдан – үміттер мен күдіктердің ортасы. Біреу бәрін
күттіреді, бірақ ешкім болмай шығады, енді біреуі ештеңе
күттірмеуі де мүмкін, бірақ жұмбақ болмысымен, өзгеше
табиғатымен күтпеген деңгейдің биігінен артына қарайды.
Әсіресе, жас әдебиетшілер туралы мұндай шешімдер өте көп.
Алдыңғы буын ағалардың мадағы мен арқадан қаққанын
әдебиетке келдім деп ойлап қалудан бастап бәрі керісінше жүруі
ықтимал, ал әлдебір ағалардың шекемен қарап, тек қана үміт
күтемін деген екіұшты сөзінен бәрі басталуы мүмкін.
Ия, бұл жерде біз «ықтимал» мен «мүмкін» деп қана отыр-
мыз, «болудың» өзі «бордай тозуға» да айнала алатынын әлі айта
қойған жоқпыз. Алдыңғы буын ағалар кімдердің кекілінен сипа-
са, солардың бәйгеторысы топтан озған-ақ шығар. Ал бірте-бірте
қоңыр қалыпты мінезімен, ырғағымен, өзіндік иірімімен оқырманға
жол тартатын жандар да көп. Уақыт – ұзақ сапар. Әдебиеттің
өлшемі – мәңгілікке қанат қағу. Ендеше, бәрін өз уақыты, өз за-
маны, өз тұстасы шешеді деген жай сөз. Уақыт керуені алға
жылжыған сайын пешене жұлдызы жарқырай түсетін тұлғалар
болады. Ондай қаламгерлердің оқырманы көп те болмауы мүмкін,
көп айтыла бермеуі де мүмкін, бірақ әдеби буындар мен дәуірлер
туралы сөз қозғағанда айналып өтуге өткел бермейді. Ақын, ұзақ
жылдар бойы баспасөз саласында жемісті еңбек еткен, бірнеше
жыр жинағының авторы Еслам Зікібаев сондай жаратылыстардың
бірі еді.
Ол қашанда аз сөйлейтін, көп ойлайтын сияқты көрінетін маған.
Алғаш танысқан кезімнен бастап, кейінгі кезеңдерде де әредік
ұшырасып, шүйіркелесіп, әңгімелесіп жүрдік. Томға-тұйық мінезі
бар еді. Ал бір ашылса, ойындағысын, көрген-білгенін жіпке
тізгендей ғып әңгімелеп кететін. Әсіресе, өзінің жаңа жырларын
оқығанда, салмақтылық пен сабырлылық өрнек салған жүзінен
біртүрлі балалық аңғырттық пен шынайы сенімділік есіп тұратындай
еді. Ол кісімен мені алғаш таныстырған Кәкімбек Салықов ағамыз
болатын. Ұмытпасам, 1996 жыл. Біз Еслам Зікібаевтың үйіне бар-
дық, Кәкімбек аға қасына мені ертіп, жаңа шыққан кітабын алып, сол үйге тура тартқан еді. Кең жауырынды, жұмсақ жүзді ақынмен солай өз үйінде танысып едім. Одан бұрын шығармашылығымен сырттай таныстығым болмаса, араластығымыз жоқ, жүз таныс қана едік. Сол бір көңілді кештен бастап, Еслам Зікібаев әлемімен қауыштым, әрі бұл қауышу бізді қимас жылдар легіне жетектеді. Шыны керек, өлеңдері өте қарапайым ақынның жаны да сондай қарапайым болар ма! Оның өлеңдеріне талай тамаша ән жазылған. Кезінде білікті әншілер әуелетіп шырқайтын, бүгіндері кейінгі толқын әншілер де орындап жүр. Композитор мен ақынның бірбірінен ажырамастай етіп дүниеге әкелген жаңа туындыларын жұрт асыға күтетін кезең еді ол. Мен орайлы сәтті қалт жібермей, ақынның аз-кем сұхбат құрып та үлгердім оңашада. «Мен ән сөзін сол бір әнге немесе композиторға ұнау үшін жазбаймын. Өлең – әнге айналмаса да өлең. Сондай деңгейге жетпесе, ол ән сөзі болып жарытпайды. Бастысы, жазған жырым өз көңлімнен шығу керек, сонда барып композиторға көрсетем, болмаса ұсыныс түсті екен деп жазбаймын. Ал кейбір өлеңдеріме сазгерлер өздері ән жазып жатады, ондай кезде талас тумасы анық», – дегені есімде. Ақын да – қарапайым жаратылыс. Бірақ оның бойында сол қарапайымдылыққа деген сағыныш өмір сүреді. Өз болмысын өзі зерттеген сайын, жаңа жыр бұлқынып шығатын болса керек. «Ақ қайнар» жыр жинағымен күллі жыр сүйер қауымның алқауына бөленген ақын туралы сөз қозғағанда, оның шығармашылық қуатын айқындаған осы кітабы туралы айтпай кетуге қақымыз жоқ. Біздің сөзімізден гөрі, қазақ поэзиясының алдаспанына айналған шайырлардың лепесі әлдеқайда өтімді шығары анық. Қарапайым болмысы арқылы күрделі заманның тарқауын жырмен өрген ақын жайлы қыран текті, қырғи қабақты ақын, қазақ поэзиясына талай марғасқалардың тұсауын кескен абызымыз Әбділда Тәжібаев былай деген: «Еслам менің көңлімде жүрген үміт артатын інілерімнің бірі болғандықтан, оның «Ақ қайнар» деген атпен топталған жаңа өлеңдерін шын ықыласпен оқып шықтым. Бір жерге бас қосқан осыншалық көп өлең оқушысын «тойдырмайды», үнемі бірінен соң бірі тартып отырады. Әрбір жырдың өз әуені, өз сыры бар. Еслам тақырып жағынан кілең жаңалық айтады деу қиын. Бірақ бізге мәлім тақырыптардың өзі де Есламша жырланып, жаңғырып отырады. Өйткені талантты ақынның өлеңдері поэзиялық дәрежеге көтеретін
пайым-парасаты биік. Әр өлеңінен өзінше өрім көргендей боласың. Оқыған сайын тынысың ашылады. Әр тақырыпты табыстырған жырлар, бір тақырыпты толықтырып, жан-жақты толғайтындай. Еслам – табиғатпен үндес ақын. Оның әр жолынан, әр сөзінен соны леп еседі». Ия, шынымен де Еслам табиғаттың ақыны еді. Өзімен сыр суыртпақтағанда туған жері Солтүстік Қазақстан облысын, оның Мағжан Жұмабаев ауданының Өрнек ауылын жиі айтатын. Кіндік қаны тамған жердің табиғатын, мінезін, адамдардың болмысын, тіршілігін сағына еске алып отыратын. Сол сағынышы әрбір жырынан анық байқалып тұрушы еді. Қарапайым болмысы арқылы күрделі заманның тарқауын жырмен өрген ақын хақындағы ой-тұжырымын қаршыға ақын, ой орманын кесіп өтіп кемелдікке жеткен, күллі алаштың мақтанына айналған Қадыр Мырза-Әлі былай түйген екен: «Еслам күй тыңдайтын, бап тілейтін ақын тәрізді. Оның сирек жазатыны да содан шығар. Өткен ғасыр өкілдерімен салыстырғанда, қазіргі заман ақындары шабыт жөнінде сиректеу айтады. Бұрын шабытты дарын иесінің өздері мүлдем өзгеше алымды сәттері деп түсінсе, бүгінде кейбір ағайындар оны тек жұмыс процесі деп қана ұғады. Еслам, біздің байқауымызша, алғашқы топты қалайтын тәрізді. Ақын менен шабыттың жаны бірге, Шабыт өлсе, ақын да өледі деп біл! – дейді ол. Еслам шабытының жемісі – «Ақ қайыңдар». Бұл кітап Есламның ішкі потенциалының өте тегеурінді екенін айқын көрсеткен». Не айтса да арғы жағын қопарып, кесіп айтатын Қадағаңның байқағыштығында шәк жоқ. Еслам күй тыңдайтын, күй болғанда да дәуірлік бөлініске ие, өз заманының айрықша бет-бейнесін бедерлеген ұлттық күйлерді, қобыз, сыбызғы сарынын, домбыраның мың иірімді әуенін үзбей тыңдайтын. Оның поэзиясынан бұл анық байқалып тұрушы еді. Есламның жырларын жүрдім-бардым оқу қиын, тіпті олай оқуға келмейді. Себебі, оның жырларында эстрадалық саздан гөрі, классикалық күй мәнері басым. Ал күй тыңдаудан бұрын, иллаһи сезіммен түсінуді қажет етеді. Таң рауандап атқан шақты суреттеп жазуға болар, бірақ сол сәттегі тамылжыған құстың үнін, саф ауаның жұпар иісін, мың сан түрлі сәулелердің баяу қозғалысын суреттеу жеткіліксіз, оны сезіну ләзім. Ақынның өлеңдерінде сондай сезіну бар.
Қарапайым болмысы арқылы күрделі заманның өрімін жырмен
өрген ақын хақындағы өзіндік толғанысын қазақ поэзиясының жез
киігі Кәкімбек Салықов бірде былай деп өрген еді:
«Есламның жырларын оқысам болды, көз алдыма шырайлы,
нулы, сулы дала елестейді. Онда да өзінің туған жері, Бишіқайың
жақ. Бұл өлке өзі ғажайып мекен ғой. Қай мезгілде барсаң да
алдыңнан нулы орман шығады сыңсып. Жалғыз сені күтіп
зарыққан секілді, қамыққан секілді көрінеді. Жасыл орманға ба-
уыр басып қалған жанның сезімі де сол орман секілді жұмбақтау
келеді. Мен бұл ақынның бойынан сондай қасиетті көремін.
Сұлулық дегеніміз – көркемдік. Көркемдік – кемелділіктің белгі-
сі. Кемелдікке ұмтылмаған жаннан көркем дүние тууы қиын.
Сондай ұмтылысты әр өлеңінен сеземін. Даланың тыны-
сы, таудың күрсінісі, орманның мұңы – Еслам поэзиясындағы
культ. Туған жер туралы жазған жырларында ашылып, құлашын
кеңге сілтейтіні сондықтан. Ал ән сөздерінде шынайылық ба-
сым. Шынайылық – қарапайымдылық. Қарапайымдылық – өнер
атаулының ең биік мәртебесі. Қарапайымдылық қарадүрсіндікке
ұласпауы керек. Күрделі құбылысқа қарапайым образбен көз салу
көп жасампаздың қолынан келе бермейді. Ал Есламның әр жыры-
нан қарапайымдылықты көреміз».
Ақынның бірталай сөзіне ән жазған композитор Әшір Мол-
дағайынов бірде: «Роза Бағланова «Сағындым сәулешім» әнін
алғаш орындағанда, өз әнімді өзім танымай қалдым. Бұл ақын
өлеңінің құдіретінен болар» дегені жадымда. Кәкімбек ағамыз да
соны тұспалдап отыр.
Тұмса табиғаттың тұмасынан шөл қандырып, өзі де сол
табиғат секілді барынша қарапайым, барынша адал өмір сүрген,
өз бойындағы талантты ешкімге бұлдамаған ақын Еслам Зікібаев
тірі болса, биыл 75 жылдық мерейтойын атап өтер еді. «Орнында
бар оңалар» деген, соңында әке аманатын, әке өсиетін ойына тоқып
өскен ұжданды ұл-қыздары тұрғанда, жырын сүйіп оқитын пат-
ша көңіл оқырман барда, өлмес әнге айналған туындылары күміс
көмей әншілердің репертуарында жүргенде ол жаққан муза шырағы
өшпек емес.
Есілден өлең есіп тұр Жақында ақын Есләм Зікібаевтың туғанына жетпіс бес жыл толуына орай, «Таймас» баспа үйінен жарық көрген ақынның үш томдық таңдамалы өлеңдер жинағының алғашқы екі томының тұсаукесері өтті. Кешті ұлы Еркін, жары Роза және туған-туыстары ұйымдастырды. Жиналғандар Есләм жайлы естеліктер айтып, ақын өлеңдерін немерелері оқыды. 1996-шы жылдың қоңыр күзі болатын. Қазақ радиосында қызмет істеп жүрген кезім. Бір күні Кәкімбек Салықов аға телефон соқты: – Інішек, сені бір керемет ақын ағаңмен таныстырайын деп отырмын. – Кім? – дедім мен. – Еслам Зікібаев,– деді Кәкімбек аға. – Е, ол кісіні сыртай жақсы білемін. Өлеңдерін газет-жорналдардан оқып, сөздеріне жазылған әндерді радиодан тыңдап, теледидардан көріп жүрміз ғой,– дедім қолымның бос емес екенің аңғартып. – Ендеше, жұысынды бүгін осымен доғардағы маған кел. Сол ағаңмен өзінді жақынырақ таныстырайын, тез жет,– деді де. Кәкімбек аға өзі күтіп отырған жердің мекен-жайын айтты. Қазақтың бетке ұстар ақыны шақырып жатқанда бармасам ұят болар деп, бәрін жинап қойып, Кәкең айтқан әдіріске тартып отырдым. Қазақ ұлттық ғылым академиясы Геология институты ғимаратының үшінші қабатына көтерілсем кең дәліздің маңдайшасына жазылған «Қаныш Сәтбаев қоры» деген жазуға көзім түсті. Үлкен жарқыраған қоңыр есікті ашсам Кәкімбек аға әлде біреуге қоңырау шалап, отыр екен. – Е, келдің бе? Ағалардың тілін алып жүрсен жаман болмайсын,– деді сырты қызыл оймақтай кітапты парақтап көріп. – Жақында «Қайнар» баспасынан жарық көріп еді, бүгін сонын алғашқы оқырман сен болып тұрсын,– деп бояуы әлі кеппеген «Аққу жеткен» өлеңдер жинағына қолтаңба жазып маған ұсынды. – Кәке, бұл өзі күтпеген тосын сый болды, рахмет аға! – дедім. Әлден сон біз міңген ақ «Волга» Төле би көшесінің бойымен жүйткіп келеді. – Інішек,– деді Кәкімбек аға. – Розаға гүлсіз барғанымыз жараспаз. Гүл базарынан гүл алайық. Кәне, мына жерге тоқташы,– деп қаздай тізілген гүлдер сөресін нұсқады. Аға екеуміз гүлдерді жағалай қарап, ішіндегі ең әдемі бір шоқ гүлді алдық. Әне-міне дегенше Еслам ағаның табалдырығын аттадық. Есікті өзі ашты.– Кәке аға, амансыз ба? – деп қапсыра құшақтай кетті. Мені де қапсыра құшақтап, «төрлетіндер!»,– деп жатыр. Мен сонда бейнебір
көлдей дарияға күп ете түскендей болдым. Кең жаурынды, тұлғалы кісінің бір көрген жанға деген осындай дархан көңілі ол қандай жан екенінен хабардар етіп тұрғандай болды.– Орынбасар, Роза деген керемет келіңім, міңезі де, қылығы да ақынға жар болуға лайық, жарасып тұр, – деп маңдайынан иіскеген Кәкімбек аға қолындағы гүлін ұсынды. Сонда ғана барып, Есләмнің жарының есім Роза екенін аңғардым. Қонақ бөлмеге еніп жайғаса бастадық. Мен шеткерек тұрған бір орындыққа отыруға ынғайлана бастап едім, – Ореке, сен анау орындыққа отыр деп өзінің креслосын нұсқады. Абыр-сабыр басылып, Кәкімбек аға әңгіме бастады.– Поэзия әлемінде өзіндік орны бар, айтатынын айтқан, елге жеткізген Есләм деген сабырлы сырбаз ақын осы ағаң. Мына інінді таныстырайын деп өзіне арнай ертіп келдім,– деп сөз тізгінін ағыта берді. – Өзі жиы айтатын, ел ішінде мақал болып кеткен «жеріміз алыстау, еліміз орыстау» өлкеде дүниеге келген, поэзиясы Есілдің самалы болып қазаққа жеткен тұлға. Сол жылдары Есләммен тығыз шығармашылық байланыста болғандардың бірі, Қазақстанның халық әртісі, композитор Әсет Бейсеуов екенің Кәкеңнің сөзінен байқап отырмын. – Елінің еркесі атанған Әсекеңді мен қашанда зор сүйіспеншілікпен еске аламын»,– деген-ді әңгіме барысында Есекең.– Менің көңілім оған кездейсоқ құлаған жоқ, жүрегімнің таңдағаны болса керек. Әйтпесе, «Кезікпей келген бейне ме ең» деген ән қос кеудеден егіздің сынарындай болып туар ма еді. Өлеңнің мәнін түсінген, мағынасын ұққан композитор ғана: Ардағым ба едің, Арманым ба едің, Кезікпей келген бейне ме ең. Арайлы әсем – Таңдарым менің, Кеш көрдім бе екен дей берем. Мөп-мөлдір көзің, Төккен нұр – сезім, Лаулатты бойда жалынды, Қалар ем үнсіз, Жетпейді-ау төзім – Өрт шалды, қалқам, жанымды,– деген өлең жолдарына жан бітіре алар ма еді?! Осы әнді радиодан Сұлушаш Нұрмағанбетованың орындауында тыңдаған сайын бір жаным жадырап, рахаттанып қаламын. Өлеңім қайта туғандай, өмірі ұзара түскендей болады. Әннің құдіреті деген осы болар,– деп Есекең сонда біртүрлі тебіреніп кетті. Осылай өрнекті өлеңнің мәйегіне тамсанып, әңгіме-дүкен құрып отырғанымызда есік ашылып, «ас дайын болды» деген Роза жеңгейдің биязы үні естілді. Әне-міне, дегенше ортаға қазы, қарта, жал-жайа жайғасқан буы бұрқыраған ет келді. Жеңгеміздің қолы ашық екені осыдан-ақ көрініп тұр. Ас қайырғаннан кейін Есләм екеуміз оңашаланып, ойларын үн таспаға түсіре бастадым. – Менің өлеңдеріме ең көп ән жазған композиторлардың қатарында Әшір Молдағайынов та бар,–
деп бастады ойын ол. Әсіресе, ел ішіне кең тараған Әшір ағаның әндерінің бірі – «Сағындым сәулешім». Міне, осы ән жайлы сөз қозғалғанда әңгімеге араласқан Кәкең – Кәкімбек Салықов аға былайша ақтарыла сыр қозғады: – «Сағынып жүр едім, кешікпей келер деп...Осы өлеңін оқығанда Есләм ауылын сағынып жүр ғой деп ойлаймын. Себебі: ...Мен жалғыз күнұзын, Шарлаймын, кеземін тау ішін. ... Сен менің жадымда, Жатталған мәңгілік жырымсың»,– деуі ақын жүрегінде жатқан туған жерге деген сғыныштан хабар береді. Алла-Тағала ақынның аузына бірдене тастайды. Соны дұрыстап шайнай алу керек. Есләм баурым осыны жүрегімен ұққан ақын. Сондықтан, мұның өлеңдеріне ән шығару композиторларға онша қиынға соқпайды деп ойлаймын. Себебі, өлеңдерінің иірімдері, шумақтары төгіліп тұр. Абайша айтсақ, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс, жұмыр келген айналасы». Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтірейік: «Аяулым арманымдай асылым ең». Әуені Әшір Молдағайыновтікі»,– деді Кәкең. Осы жерде есіме Әшекең осы ән жайлы айтқан бір сөзі түсті. Әнді Роза Бағланова орындағанда: «Өз әнімді өзім танымай қалдым. Бұл ақын өлеңінің құдіреті болар, май жаққан нандай өнештен жылып етіп өтіп, жүрекке тез жетеді. Сол сияқты Есләм өлеңдеріне жазылған әндер де ел ішіне кең тарап, жылдап халыққа жетеді»,– дегені барды. Ән жайлы әңгімені ширата түсу үшін ертесіне Роза Бағланова апайға телефон соқтым. Апай үйде екен: – Бұл кім?,– деді бірден. – Орынбасар,– деген ініңіз, радиодан, денсаулығыңыз қалай, амансыз ба? – деп жатырмын. Не мақсатпен қоңырау шалып тұрғанымды айтып едім; – Е, жарайды сағат төрттерде үйге кел. Әдірісті білесің ғой,– деді де тұтқаны ұясына қойып қойды. Келісілген уақытта Фурмонов көшесінің бойындағы «Оптика» көзілдірік дүкенінің үшінші қабатындағы Роза апайдың үйінің табалдырығын аттадым. Бөлмелер бұншақ-түйіншектерге толы. – Апай, көшкелі жатырсыз ба? – дедім таңданысымды жасыра алмай. Бөлменің ортасындағы үлкен оқалы қыз үстелдің төр жақ шетінде отыр. – Кел... кел, аяғынды шешпей-ақ қой»,– деп қасына шақырды. – Ақ патышам маған «Самалдан» хан сарайындай үй беріп жатыр. Ертең көшемін мынау соған дайындық қой, айналайын, – деп жөнін айты. Роза апай екі ромкені үстелге қойды да жүз граммнан коньяг құйды. – Өзің бір жақсы көретін інімсің, мынау үйімді жуғаным болсын, алып қой»,– деді бұйрықты жанармен. Роза апай «ал» – деп қолқалағанда амал бар ма?
– Мен Әшірдің көп әндерін орындап жүрмін. Әуендері мелодичный, жаныңды шымырлатып, жүрегінді сыздатады. Мына Есләмнің «Аяулым арманымдай асылым ең» деген өлеңінен жазылған әнді орындағанда жүрегім үзіліп кете жаздайды. Айтқан сайын рахаттанам. Айта бергім келеді, тыңдарманды да, әншіні де жалықтырмайды. Майдақоңыр желдей жаныңызды желпиді де тұрады. Кейбір әндер болады бір айтқаннан кейін қайтып беттемей қаласын. Көрерменді де жоғалтып аласын. Есләмнің өлеңін алшы; «Аяулым, арманымдай, асылым ең»,– ә,– дегеннен-ақ мына сөздер бойыңызды балқытып жүре бермей ме? Қай-қайдағы сезімінді түртпей ме? Одан әрі ... Ең алғаш көргенімде, ерке сәулем, Көзіме оттан да ыстық басылып ең» қандай ғажап көрініс, неткен керемет сурет! Біз жастарды осындай әндермен тәрбиеледік. Бұл ән миллиондаған жандардың жанына ұялап қалды. Әлі күнге дейін сағынып жүрміз. Осындай әндерді шырқағаныма бақыттымын. Есләмнің сыршыл, сырбаз ақын екенін оның әндерге жазған өлеңдерінен естіп, байқап жүрмін. Сондай-ақ Есләмнің сөзіне жазылған «Сағындым сәулешім» деген әнді де сүйсініп шырқап жүрмін»,– деп еді сонда Роза апай ағынан жарылып. Иә, адам үшін оның туған жерінен артық жер бар ма? Есләмға да Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев ауданындағы «Өрнек» деген шағын ауылдан ыстық жер жоқ еді. Оны ақынның «Сағындым Өрнек». ...Сағындым сені, аяулым – Сағыныш кейде түсірер жанға қаяу-мұң. Өзіңнен асқан мекен-жай бар деп білмеймін Дүниенің маған көрсетсе дағы қай ауылын», деп толғанғанынанақ жүрегінің туған жерге деген шексіз сезімін, «Өрнектен» бастау алған ұлы Отанға деген мөлдір махаббаттың көреміз. Өлеңді оқығанда сазгер Өрікгүл Әділбекқызының көз алдына өскен ауылы оралғандай күй кешеді. Ол бойын билеген сол бір ыстық сағынышты әуенге орауды жөн көреді. Себебі, өлең шумақтары осыны қалайтын сияқты. Сонымен көп ұзамай Өрікгүлдің кеудесінен «Өрнегім» әні рухани кеңестікке қанат қақты. Есләм өлеңдерінің өзі ән шақырып тұрады десем артық айтқан болмас. Мысалы, сонау Сыр өңірінің тума талант иесі, өмірден ерте өткен сазгер Бексұлтан Байкенжеев те Есләмнің «Жыл құсы» деген өлеңіне ән жазған. Оны көп жылдар бойы Қазақстанның халық әртісі Зейнеп Қойшыбаева иін қандырып, орындап жүрді. Ал, мана сөз арасында Кәкімбек аға айтып кеткен Әсет Бейсеуовтің әні «Жеңеше-ай» қырық жылға жуық халқымен бірге жасап, оның рухани қажеттілігін өтеп келеді. Ақын Есләмнің
ұшқыр қиялынан өлең болып өрілген жеңеше бейнесі әлі талай ұрпақтарды сүйсіндіре берері сөзсіз. Әуен де өлеңмен үндесіп, жарасып кеткен. Бұл ән де Зейнептің орындауында Қазақ радиосының «Алын қорында» сақтаулы. Иә, ақын Есләм Зікібаев өмір, туған жер, өскен орта, ән-жыр туралы тереңнен толғап, жыр маржанын түзе қалса, оған өзек болатын ең алдымен тәтті қиялмен асқақ арман екенін аңғарасыз. Бұған куә «Келші, тез арманым»» деген өлеңі. Осы туынды Әшір Молдағайыновтың бойындағы шабытын оятып, назды да сазды өлмес әуен туғызыпты. Ол Қазақстанның халық артісі Бақыт Әшімованың көмейінен өріліп, халқына құлпырып жетті. Біз сөз етіп отырған ақын Есләм Зікібаевтың өлеңдеріне жазылған әндер жетіп артылады. Кеңес Одағының халық артісі, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің «Әнші сыры» деген әнін айтпай кетпеске болмас. «Есләм, інім осы өлеңі арқылы әншілік өнерді өміріне мұрат еткен жанның бар сезімін, болмысын, жан дүниесін ақтара айтып тұрғандай. Сөз құдіретін, сөз қадірін бір кісідей ұғатын әрі оны ардақ тұттатын адам ғана осындай өлең жаза алады»,– дегені барды ақын жайлы сөз болғанда. Сөйтіп, Нұрағаң ақын сөзінің астарын ашып, мазмұнын қоюлатқан-ды. Есләм өлеңдерінен, әндерге жазылған сөздерінен бір байқайтыңымыз бәрінің табиғатына тән бір қасиет ол – салмақты ой, сабырлы сырлы сезім Кәкімбек Салықов; «Есләм Зікібаевтің өлең шумақтары өзі ән тілеп, әуенге икемді болып келетінін байқаймыз. Өлеңдерінің түзілуі мен құрылым да, буын өлшемдері де бәрі-бәрі нота кестесінің ауқымымен дөп келіп, тонның ішкі бауындай жымдасып жатады»,– деп еді Есләмнің өлеңдеріне жазылған әндер жайлы әңгіме болғанда. Сол кезде ақын өлеңіне ән жазбағандар кем де кем болар.
Мазмұны Әзілхан Нұршайықов Қазақ сияқты махаббатқа берік халық жоқ.............................................. 3 Кейіпкермен кездесу.................................................................................. 10 Әбдуәли Қайдар Латын әліпбиі әлемдік білім мен ғылымның алтын кілті...................... 11 Смағұл Елубай Ұлттың рухын көтерген фильмдер аз...................................................... 18 Дулат Исабеков Драматургия талантты жас қаламгерлерге зәру...................................... 30 Марфуға Айтқожа «Өлең – ием, мен оған бір жалшымын».................................................. 39 Мырзатай Жолдасбеков Бабалар аңсаған арманға жеткен біз – бақыттымыз!.............................. 48 Әлия Бейсенова Ұлы далаға жиһанкездер неге құмартты?!.............................................. 58 Мақаш Тәтімов Елімізде демографиялық дүмпу нышаны байқалады............................. 65 Уахит Шәлекенов «Көшпенді» – бұл қазаққа күштеп басқан таңба.................................... 77 Әсет Бейсеуов Ән – өрлігіміздің өлшемі........................................................................... 87 «Жүрек тебірентер ән көп болса екен...»................................................. 94 Майра Мұхамедқызы Мақсатым қазақ опера өнерін әлемге таныту......................................... 99 Мыңжасар Маңғытаев Мазмұны терең заманауи туындылар неге тапшы?................................ 109 Дәнеш Рақышев «Елім менің, әнім менің...»....................................................................... 119 Гүлжан Талпақова «Би академиясын ашсам деген үмітім үзілген жоқ...»............................ 124
Төлеген Мұхамеджанов Мен композиторлықты мәнсапқа айырбастамаймын............................. 135 Роза Рымбаева Сені шырқай беремін туған елім.............................................................. 143 Жәния Әубәкірова Біз бүгін әлемді таңқалдырып отырмыз.................................................. 152 Қайрат Байбосынов Қазақ тұрғанда дәстүрлі өнер өлмейді..................................................... 164 Нұрғали Нүсіпжанов Қай әннің өмірі ұзақ болды, оны халық өзі айтсын................................ 174 Әмен Қайдар Анимациялық фильм жасау – инемен құдық қазғандай........................ 181 Гүлжан Тұтқыбаева Қазақ балетінің болашағы: бүгін және ертең.......................................... 191 Қаршыға Ахмедияров Қаршығаның соңғы сұхбаты..................................................................... 202 Әлі күй сазы тамылжитын шақ келеді..................................................... 210 Қазақ мәдениетінің могиканы................................................................... 219 Мұхаңның көрегендігі............................................................................... 220 Өнер өрінде................................................................................................. 221 Дәнеш....................................................................................................... 224 Мәдина.................................................................................................... 233 Нұржамал Үсенбаева Қыз Жібекке айналып кеткендеймін........................................................ 241 Өз өнеріме қанағаттанатын жан емеспін................................................. 241 Опера – ақсүйектердің сүйікті өнері243 «Менің Жібегім осындай болуы керек еді...».......................................... 244 Сара............................................................................................................ 247 Маэстро.................................................................................................. 254 Қазақ өнерінің кесек тұлғасы................................................................... 262 Әзірбайжан әлемі.............................................................................. 267 Еслам Зікібаев Жалғасып мәңгілікке баратын ән............................................................. 277 Есілден өлең есіп тұр................................................................................. 281
Редакторы Б. Байғұл
Техникалық редакторы А. Тлеукеева
Компьютерде беттеген Л. Садықова
Теруге 12.04.2013 ж. жіберілді. Басуға 11.07.2014 ж. қол қойылды.
Қалыбы 60х90 1/16. Қаріп түрі «Tіmes New Roman».
Офсеттік басылыс. Шартты баспа табағы 18.
Таралымы 2000 дана. Тапсырыс №
«Сораба» қоғамдық қоры, Қазақстан Республикасы
Алматы қ-сы, Мыңбаев көшесі, 45/73-91 үй, № 1 пәтер
Тел.: +7 (727) 354 32 13
E-maіl: fsoraba@maіl.ru
Тапсырыс берушінің файлдарынан Қазақстан Республикасы
“Полиграфкомбинат” ЖШС-нде басылды.
050002, Алматы қаласы, М. Мақатаев көшесі, 41.
Орынбасар Дөңқабақ
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру