Маңғыстау батырлары
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Есберген Іңірбайұлы — «Маңғыстау батырлары». АЛҒЫС СӨЗ
/uploads/471fe835-0e2d-581d-a12a-e3ed1cdb74ba/cover.png
АЛҒЫС СӨЗ
Адамзат өздері ойлап тапқан, өз қолдарымен жасаған небір жан түршігерлік қару-жарақ түрлерімен өзгелердің меншігіне көз сұғын қадап, мұның арты қантөгіс соғыстарға ұласып жататынын кәрі тарих жақсы біледі. Өткен XX ғасыр миллиондаған адамдардың өмірін қиған екі бірдей дүниежүзілік соғысымен тарих қойнауына кетті. 1939-1945 жылдар аралығында өткен соңғы жаһан соғысының жаңғырығы әлі де ел есінен шыға қойған жоқ. Өйткені, зеңбірек зіркілінен аулақта жатқанымен бейбіт Қазақ даласы да осы соғысқа талай боздақтарын аттандырып, талай шаңырақ шайқалып, талай отаудың ордасы оталып кеткенін кім ұмытпақ!?
Отан үшін талай боздақ шыбын жанын пида етті. Қауызын жаңа ашқан гүлдей өмірдің қуаныш - қызығын енді-енді көремін деп келе жатқанда сұм соғыстың лаңына тап келіп, қан майданның тозақы отына шарпылып, елі мен жері үшін қатігез жаумен айқасып, опат болды.
Ұлы Отан соғысының тарихында Маңғыстаудың ержүрек ұлдарының есімдері де ерліктеріне лайық ерекше құрметпен аталады. Сол бір аспан мен жер күңіреніп, отқа оранған сұрапыл жылдарда қайтпас қайсарлықтың, ересен ерлік пен өрлік - өжеттіктің өшпес өнегесін көрсетіп, сол тұстағы алып елдің ең жоғары наградасы Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған маңғыстаулық жауынгерлер Мәди Бегеновты, Жұмағали Қалдықараевты, Біләл Қалиевты, Жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық иегерлері Кемер Оңғалбаев пен Павел Малаевті, Сталинград үшін болған қан-қасап айқастарда фашистік қорқаулармен арыстанша айқасып Ленин орденімен марапатталған Исатай Сүйеубаевты, Ленинград блокадасының Ленин орденді Батыры Қартбай Бекжановты жерлестері ерекше мақтан тұтады.
Иә, бұл соғыс майдан шебінен шалғай жатқан қазақ даласына да мың батпан мұң мен нала, аса ауыр зардаптар алып келді. Соғысқа кеткен ер азаматтар орнын нәзік жанды әйелдер мен бұғанасы қатпаған балалар, еңкейген қариялар басты. Соғыс жылдарындағы жанкешті еңбек, тіршілік үшін жансебіл күрес қан майданнан бір мысқал кем соқпады. Тылдағылардың таңды таңға ұластырған, дамылсыз да мігірсіз, ұйқысыз да күлкісіз, ерлікке пара - пар еңбектері естен кетер ме?..
...Міне, осындай қыруар күш-жігер мен ортақ ниет - пиғылдың сауабына орай осыдан 65 жыл бұрын 1945 жылдың 9 Мамыры күні ордалы жыландай үрей ұшырған қанқұйлы фашизмнің қан-қасап ордасы Берлиндегі Рейхстагтың ұшар басында бес жыл бойы миллиондаған адамның судай аққан қанына суарылған Қызыл Байрақ желбіреді. Бұл адамзаттың аңсай күткен, зарыға аңсаған Жеңіс Жалауы еді. Бұл күнді жеңімпаз жауынгерлеріміз көздеріндегі қуаныш жасымен жуып, сұрапыл соғыстың соңғы оқтарын аспанға атқан болса, шалғайдағы ауылдарға сүйіншілеп жеткен Жеңіс шаттығын да сөзбен жеткізу әсте қиын-ды.
Сол себепті де, «Жеңістің құны - кесілген білек, Жеңістің құны - тесілген жүрек...» немесе «Өрімдей қыршын жастықтың қанымен келген Жеңіс бұл! Әділеттің, ақтықтың жолымен келген Жеңіс бұл!» деп ақындар жырлағандай, Жеңіс мерекесі біздер үшін ең қастерлі де қасиетті мереке.
Жеңіс мерекесі ғасырлар бойы тойлана беретін, бүкіл әлемдік тарихи маңызын ешқандай уақыт тезі өшіре алмайтын, қайта жыл өткен сайын жаңа қырынан жарқырай түсетін, жаңғыра беретін жарқын той болып қала бермек. Иншалла, бұл күн бүкіл өркениетті әлемді тырнағынан қан тамған қаскөй пиғылдарға қарсы ымырасыз күрес туы астына топтастырған ұлы үрдістің салтанаты – ұланғайыр шаттықтың арай - нұрына шомылған Жеңістің Ұлы күні болып ақниетті адамзат жадында мәңгі сақталарына сеніміміз кәміл!.
Қазір сол қырғын соғысқа қатысқандардың қатары селдірей сиреп, зауалды зұлмат кезеңнің тірі куәлеріндей саусақпен санарлық қана ата - әжелеріміз қалды. Олар соғыстан кейін де талай-талай қиыншылықтарды бастан кешірді. Алайда, қиямет-қайым сын шақтарда морт сынбады, мойымады, керісінше, шың болаттай шыңдалып, ысылып, шымырлана түсті. Зеңбірек добы мен бомбалардан бүліншілікке ұшырап, жермен жексен болған селолар мен қалаларды қайта тұрғызып, қираған өндіріс орындарын, күйзелген халық шаруашылығын қалпына келтіруге аянбай атсалысты. Олардың қаһармандыққа толы өнегелі өмірлері мен жанқиярлықтан тұратын ерен еңбектері ұлан - ұрпақтарының мәңгілік мақтанышы, әрі тәлім түйер өшпес үлгісі болып қала бермек.
Атыраудан Алтай тауларына дейін, Орыс ормандарынан Тәңіртау сілемдеріне дейін созылып жатқан ұланғайыр Қазақ даласының ұландары тарлан боз Тарихтың сан тарау көшінен талай теперішті көріп жүрсе де, өзінің елдігі мен ерлігін, діні мен тілін, дәстүрге бай ділін, жалпы түркі жұртына тән туыстық тінін жоғалтпаған. Қазақ елінің қасиет қонған өңірі саналатын, әуелден - ақ «желдің өтіндегі, жаудың шетіндегі» Маңғыстау жарты аралының жалпақ жұрты да жан беріп, жан алысқан небір аласапыран нәубеттер мен аласұрған соғыстарды бастан кеше жүріп, рухани ұлылығын, береке-бірлігі жарасқан бекзаттығын сақтай білген, еркіндік көксеген ерлігі мен ешкімге орынсыз басын имей, белін бүкпей, еңсесін езгізбей өтетін ересендікті енші тұтқан ел екендігін екінші жаһан соғысында да айдай әлемге паш етті.
Қолдарыңызға алған осы кітапты сол Ерлік шежіресінің - Елдік шежіресінің бір парасы деп қабыл алыңыздар. Деректерді жинақтап, баспаға ұсынушы кітап авторы Есберген Іңірбайұлы ұзақ уақыттар бойы қолынан қаламы түспестен шежіре сораптарын шолып, тарих парақтарын ақтарып, ескіден жеткен есті әңгімелерді өзінің журналистік қойын дәптеріне түрте жүретін көкірегі ояу, көзі ашық, көңілі сергек қаламгер. Осы кітапта да ол Ұлы Отан соғысында жау тойтарған Маңғыстау батырлары туралы әуелден бар деректерді барынша толық қамтып, беріде белгілі болған тың естеліктермен толықтыруға ниет танытқан. Тілі жатық, қалың оқырман қауымға ұғынықты, мұрағаттық суреттермен көркемделген.
Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орайластырылып, облыс басшылығының бастамасымен шығарылып отырған бұл басылым сонау экс КСРО аумағының батысындағы аты жоқ қоян жон белдерде «Бауырластар зиратынан» торғын топырақ бұйырған ата - әжелерімізге ескерткіш. Бүгінгі Тәуелсіз еліміздің бір бүйірін бүлкілдетіп отырған қасиетті де киелі Маңғыстау түбегінің әр ауылында, әр қаласында тұратын Ұлы Жеңістің ұранды сәт сағаттарын жақындатуға иненің жасуындай болса да үлес қосқан Тыл еңбеккерлеріне ескерткіш. Ең бастысы, ортақ Отан - отбасы үшін, алыста қалған ағайын-туманың амандығы үшін шыбын жандарын шүберекке түйіп аттанып, кеуделерін оққа тосып, от кешкен қарт майдангерлер алдындағы қарызымыздың мыңнан бір бөлшек - өтеуі де осы кітап.
Ұлы Отан соғысының Батыр сарбаздарының алдында мәңгілік бас иеміз! Бұл күндерге жете алмаған марқұм майдангерлер рухтарына Алланың иман - нұры сәуле түсіргей!
Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,
Маңғыстау облысының әкімі
ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ БАСТАЛУ ТАРИХЫНАН
«Соғыс» деген сөз қай халықтың тілінде де тым тұрпайы, құлаққа түрпідей тиіп, адамның жан дүниесін түршіктіретіні рас. Біздің ғаламшарымыз адамзат мекені атанғаннан бері адамдар арасындағы алакөздік, әлімжеттік тәрізді әпербақан әрекеттердің әсерінен талай соғысты бастан кешіргені мәлім. Өзінің мемлекеттік тарихында орыс елі де соғыстан кенде қалып көрмеген. Басқаларын айтпағанның өзінде үстіміздегі ғасырда әлемдік екі соғыс та орыс мемлекетінің белсене қатысуымен өткенін еске түсірейік. Ендеше ел күнге осыншама ойран әкелетін соғыс атаулының орыс мемлекетін орап өтпейтіндей неменесі бар, соншалық? деген сұрау еріксіз ойға оралады.
Әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан ұлан-ғайыр территорияға ие болу, сырт көздің сұғына ұшырамауы мүмкін емес. Кезінде дүниенің төрт бұрышында отар елдері болған Еуропаның алпауыт мемлекеттері замана ауанына, уақыт тезі алып келген саяси жағдайларға байланысты Ресей сынды біртұтас территорияға иелік жүргізе алмауы XX ғасырда геосаяси алакөздікке себеп болғаны сөзсіз. Европада екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына шығыстағы Ресей елінің қоғам дамуының жаңа сатысына өтуі басты себеп болғанын да осы орайда айта кету керек. Бұрынғы империяның коммунистер қолына көшуін әлемнің басқа құрылымдағы мемлекеттері жақтыра қоймағаны мәлім. Оның үстіне ғасыр басынан бері өндірісі өрге басып, асығы алшысынан түсіп келе жатқан Германия шығыста өз өктемдігін орнатуға, сөйтіп территориясын кеңейтуге араны ашылып-ақ отырған еді.
Кеңес Одағындағы социалистік құрылыстың алғашқы қадамдары бұқара халыққа ауыр зардаптар әкелгені, ел ішінде әлі де болса бұрынғы империяны көксеушілердің барлығы Германияның тәбетіне тұз салғандай әсер етіп, өзінің барлық күш - қуатын жаңа территориялар иемденіп қалу үшін жұмсауға мүмкіндік ашқан болатын. Германия үкіметінің басына келген фашистер мұндай мүмкіндікті қолдан шығармай пайдаланып қалуға ұмтылды.
Орайы келгенде II дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы Германия мен КСРО-дағы геосаяси, экономикалық-әлеуметтік жағдайларға да шолу жасай кетелік.
1914-1919 жылдар аралығында Еуропа мен басқа құрлықтардағы бірқатар елдерді шарпыған I дүниежүзілік соғыста жеңіліске ұшырап, Антанта блогы құрамындағы мемлекеттердің талауына түсіп, экономикасы құрдымға кете құлдырап қалған Германия үкіметінің басына 1933 жылы 30 қаңтарда Адольф Шкильгрубер (Гитлер) келді. Гитлер ел басына келісімен бүкіл неміс қауымын бір орталыққа шоғырландыруды, жаһан соғысында есесі кеткен үлестерін кері қайтаруды басты мақсаты етіп алды. Есесі кетті дегенде, Антанта 1919 жылы Германияның тізе бүккенін айғақтайтын тарихқа «Версаль шарты» деген атпен белгілі қорытынды құжат қабылдап, онда Германияның соғысу қабілетін жою мақсатымен 100 мың полицейден басқа әскери күш жинақтау құқынан айырды. Оның үстіне Франция соғыс шығындарының өтемі ретінде Германияның негізгі өндірістік аймағы саналатын Рейн облысын өз территориясына қосып алды. Гитлер 1936 жылы осы Рейн облысынан француздарды қуып шығып, өз иелігіне алды. Фашистік ұлтшылдардың бұл қарекетіне Антанта елдері тәйт дей қоймады, тіпті бейтараптық танытып, білмегендей үнсіз қалғаны бар.
Бұл Гитлердің алдағы арамзалық жоспарларына жол ашқандай болды. Енді жанындағы негізінен неміс тілдес Австрияны, Чехословакияның немістер тұратын Судет облысын, Польшаның Данциг аумағын өзіне қаратудың барлық амал - шарғыларын жасап бақты.
Германиямен шекаралас аймақтарды мекендейтін неміс жұртшылығы Гитлердің «Майн кампф»(«Менің күресім») атты белгілі кітабы жарық көргеннен кейін кезінде дағдарыс салдарынан, соғыс зардаптарынан паналап барған жерлерінде бас көтере бастады. Немістер Гитлердің желеуімен және тікелей де жанама демеуімен Ұлттар Лигасына (қазіргі Біріккен Ұлттар Ұйымы ол кезде осылай аталатын. Е.І.) мәселе қойып, Судет облысы жөнінде арнайы конференция шақыруға дейін барды. Сөйтіп, 1938 жылы Берлинде өткен конференция Судет облысы Германияға берілсін деген қаулы қабылдады.
Гитлердің ендігі көздегені Польшаның Данциг аймағы болатын. Герман империясының тарихын алға тарта отырып Гитлер Данциг аймағы жөніндегі мәселені де Ұлттар Лигасы алдына қойды. Лига мұны қолдаған жоқ. Бұған ерегескен Гитлер Лига құрамынан шығып кетті. Сөйтіп, қолын мүлдем босатып алды да жан-жағындағы елдерді күшпен жаулап алудың ашық жолына біржола бет бұрды. Польшаға қарсы соғыс ашайын десе арғы беттегі алып мемлекет Кеңестер Одағынан қаймығады. Қайтпек керек? Ақыры Гитлердің ақылшылары мұның да амалын тапқандай болды.
1939 жылдың тамызында фашистер мемлекетінің сыртқы істер министрі Риббентроп Мәскеуге келіп, КСРО Сыртқы істер министрі В.М.Молотовпен келіссөз жүргізіп, бір-біріне соғыс ашпау туралы шартқа қол қойды. Бұл шарт «Риббентроп-Молотов пакті» деген атпен тарихта қалды. Осы шарт негізінде КСРО жағы I жаһан соғысында Польша жағында қалған Батыс Белоруссия, Батыс Украина, Буковина және Бессарабия (қазіргі Молдова) жерлерін өз территориясына енгізді де, Польшаның қалған бөлегін фашистердің талауына тастағандай болды. Гитлерге керегі де осы болатын. Кешікпей-ақ, 1939 жылдың 1 қыркүйегі күні фашистік Германия Польша жеріне басып кірді. Бұл II дүниежүзілік соғыстың басталған күні деп есептеліп жүр.
Сол 1939 жылдың қыркүйегінде КСРО солтүстіктегі көршісі Финляндияның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі біраз аумақты «Маннергейм сызығы» бойынша «түзету» енгізу мақсатымен Карелофин ССР-інің құрамына қосу үшін соғыс ашты. Фин соғысы бас аяғы 4 айға созылып, Кеңес Армиясы финдердің Сортовало қалашығынан Куолярва жеріне дейінгі біраз аумақты өз меншігіне енгізіп алды. Көп жылдар бойы сеніп келген алып көршісінен түңілген Финляндия үкіметі Германия жағына шығып кетті.
Гитлерлік Германия 1941 жылдың жазы қарсаңында Австрияны, Польшаны, Чехословакияны, Францияны, Бельгияны, Голландияны, Данияны, Норвегияны, Грецияны басып алды. Гитлерлік вермахта Америка, Англия сияқты алпауыт елдерге, Кіші Азияның бірқатар елдеріне ауыз салу жоспарлары түзіліп жатты. 1940 жылдың желтоқсан айында Гитлер Кеңестер одағына шабуыл жасаудың «Барбаросса» атты жоспарына қол қойды.
Бұл жоспарды нақты іске асырудың бастауы 1941 жылдың маусым айына белгіленді.
Соғысқа кіріскен неміс солдатының қойын қалтасынан табылған жадынама парақшада былай делінген:
«Есте сақта және орында:
1. Сенде жүйке, жүрек, аяныш дегендер жоқ сен немістің шойын темірінен құйылғансың.
2. Сен өзіңдегі аяныш, мүсіркеу сезімдер жойып, кез-келген орыс, совет адамдарын аяусыз қыр, алдыңа келгеннің қария, әйел, сәби екендігіне қарамай өлтір.
3. Біз бүкіл әлемді бағындырамыз. Сен, неміссің, сондықтан өзіңе қарсылық көрсеткендердің барлығын қырып-жоюға құқылысын...»
Міне, халқымыз 1941 жылғы 22 маусым күні таңғы сағат 4-те дәл осындай қанқұйлы жаумен бетпе-бет айқасуға шықты.
1941 жылғы 29 маусым күні ВКП(б)Орталық Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі тұтқиылдан тиіскен жаумен күресудің директивасын жасап, бүкіл елге тартты. 30 маусым күні Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті құрылып, оны И.В.Сталин басқарды және ол Жоғарғы Бас қолбасшы болып тағайындалды. 3 шілде күні И.В.Сталин елге радио арқылы үндеу тастады.
Фашистік Германияның Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасағаны жөніндегі хабар сол бойда - ақ ақпарат таратудың барлық арналары арқылы бүкіл елге жарияланды. Маңғыстау өңірінің жұртшылығы да «соғыс» деген суық хабарды естісімен елеңдей үрпиісіп ел басшыларына қарасты. Мәскеуден берілген КСРО мен ВКП (б) Орталық Комитетінің бірлескен мәлімдесі негізінде 1941 жылғы маусымның 29-нан бастап Маңғыстаудың барлық елді мекендерінде халық жиындары өткізілді. Ел басшылары орталықтан жолданған төте нұсқауларды басшылыққа алып, бүкіл халықты бір ғана мақсатқа неміс басқыншыларына соққы беруге жұмылдыру жолында әрекет етті.
Соғыс басталар қарсаңында Маңғыстау түбегінде 46.482 халық тұрды. Бұл кезде Маңғыстау (орталығы Таушық кенті) және жаңа ұйымдасқан (1939ж.қазан) Шевченко аудандары Гурьев облысының құрамына кіретін еді. Әскерге адам әзірлеу, оларды аттандыру жұмыстарымен Форт-Шевченко қаласы мен Таушық поселкесіндегі аудандық әскери комиссариаттар және осы екі ауданның партия комитеттерінің әскери бөлімдері тікелей айналысты.
Маңғыстау аудандық партия комитеті мүшелерінің 1941 жылғы 19 майдағы мәжілісінде жасалған баяндамада әскери әзірліктен өткен 1080 жас жігіт Қызыл Армия қатарына аттанғаны айтылды. Бұл боздақтар соғыс басталардан аз ғана бұрын аттанғандар.
Соғыс... Осы бір сұрқия сөз бей құт отырған жұрттың санасына сумаңдай кіріп, суыртпақтай шыққаны мәлім. Бүкіл әулетті асырып отырған аптал азаматты майданға аттандырудың соңында көкіректерді қаншалық шер мен мұңға толтырып, қаншалықты сарғая күту мен сағыныштар жатқанын сезінбеу қиын. Өйткені, соғысқа аттану Бес қала шығып қайту емес, өлімге, оқтың аузына жұмсау екенін әрбір саналы жан жүрек түпкірінен ұғына білді.
Маңғыстау өңірінің тұрғындары бұдан былай барлық шаруаны соғыс жағдайына бейімдеп жүргізуді қолға алды. «Барлығы да майдан үшін!» деген ұранды еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ұғынатын болды.
ВКП(б) Орталық Комитеті мен Халық Комиссарлары кеңесінің 29 маусымдағы қаулысына орай бүкіл елде 16 жастан 50 жасқа дейінгілерді тізімге алып, шұғыл түрде әскери әзірліктен өткізу мәселелері алға тартылды. Әскери бөлімдердің, әскери комиссариаттардың күшімен жер-жерде әскерге жарамды азаматтардан әскери жасақтар құрылды. Маңғыстау ауданында бір батальон, 5 рота, 15 взвод және батальонға тікелей бағынатын байланысшылардың, граната атушылардың, қолма-қол айқасқа түсушілердің және атқыштардың 4 взводы құрылды. Олардың командирлері, комиссарлары, штаб басшылары белгіленді. Міне, осындай әскери құрылымдар негізінде жер-жерде әскери әзірлік, соғыс ісіне машықтану жұмыстары жүргізіле бастады. Бұл жұмыстардың барлығына аудандық партия комитеттерінің бюролары тікелей басшылық жасап, әскери комиссарларды, әскери бөлім меңгерушілерін қатаң жауапкершілікке міндеттеген.
Маңғыстау тұрғындары батыстан қаптай шабуылдаған неміс басқыншыларына қарсы күрестен қағыс қалмайтындарын терең ұғынды. Тумысында, жаратылысында бейбітшілікті сүйетін, ғасырлар бойы төрт түлік малының жай-күйімен бақуат тіршілік кешіп келе жатқан Маңғыстау халқы ел шетіне жау тиген осы бір алмағайып сәтте көңілдеріне қорқыныш ұялап, үрей мен күдікке бой берген жоқ, қайта біздің ата-бабаларымыз да талай нәубет кезеңдерді бастан кешкен, бүгінгі ұрпақ пешенесіне жазылғаны осы болса оны да көріп алдық дегендей, болған іске болаттай ширығып, тас түйін әзірлік танытты.
Қасиетті Маңғыстау топырағы қай заманда да ат тұяғының дүбірінен, атой салған аласапыран кезеңдерден кенде қалып көрген жоқ. Кезінде жеті жұрт келіп жайлаған бұл өңірдің ұландары тәтті ұйқысын үй сыртынан аттандаған ащы айқаймен ашып, аттың жалы, атанның қомында бел қатайтып, барымта - қарымтамен бұғана бекіткені, ел мен жер намысын қорғап есейгені әмбеге мәлім.
Қарасай, Қази, Ер Бекет, Атағозы, Бердібек, Есекмерген, Ер Төлеп, Ер Шабай, Сүйінқара, Құлбарақ, Иса, Досан сынды ел намысын қорғауда асқан ерліктің өнегесі болған Маңғыстау батырларының ұрпақтары әлі де бар екенін, Ұлы Отан соғысы дәлелдеп берді. Бұл соғыста Маңғыстаудан аттанған боздақтар халқымыздың ежелден ер, қажет болса шыбын жанын шүберекке түйіп, қас дұшпанға қасқая қарсы тұра алатын жұрт екендігін айдай әлемге тағы паш етті.
Соғыс басталған алғашқы сәттен - ақ майданға өз еріктерімен сұранушылар қатары көбейе түсті. Маңғыстау тұрғындары Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің 1941 жылғы 17 қазандағы «КСРО азаматтарының жалпыға бірдей әскери істі оқу міндеттері туралы» қаулысын зор түсінікпен қабыл алды. Жер-жерде әскери машықтану мектептері жұмыс жасады. Бұл соғыс ел намысын қорғайтын ересен сын ғана емес, сонымен қатар, ауыздарынан ажал оғын шашқан сансыз қару-жарақтардың қантөгіс қақтығысы екенін бұқара жұртшылық терең түсінді. Сондықтан ер азаматтар түгіл, әйелдер мен балаларға дейін соғыс қаруларын меңгеру ісінен қалыс қалмады. Соғыс ісін жан-жақты меңгеріп, дайындықтан өткен бірнеше әскери құрамалар Қазақстанның өзінде жасақталып, майданға аттанды. 361 (кейін 8-гвардиялық Панфилов дивизиясы болып аталды), 238, 312-атқыштар дивизиялары Москва түбіндегі шайқаста, 38-(кейін 73-гвардиялық) дивизия Сталинград қорғанысы мен Курск доғасында, Днепр өзенінен өтерде, 310 және 314 дивизиялар Ленинград майданында өшпес ерлік көрсетті. Қазақстаннан майданға аттанған 500-ге жуық боздақ Кеңес Одағының Батыры деген ең жоғарғы атаққа ие болды. Олардың арасында 28 Панфиловшылар, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағанбетов, Леонид Беда, Нүркен Әбдіров, Сұлтан Баймағамбетов, Төлеген Тоқтаров, Сергей Луганский, Мәлік Ғабдуллин, Қарсыбай Сыпатаев, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, т.б. көптеген Батырлардың есімдерін халқымыз зор мақтаныш етеді. Шығыс қыздары арасында алғаш рет Батыр атағын иемденген Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова қазақ халқының ержүрек ел екендігін бүкіл әлемге танытты.
Маңғыстаулық ержүрек ұландардың есімдері де Ұлы Отан соғысының тарихынан лайықты орын алып отырғанын айту керек. Кеңес Одағының Батырлары Мәди Бегенов пен Жұмағали Қалдықараевты, ержүрек ұшқыш Біләл Қалиевты, жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық иегерлері Кемер Оңғалбаев пен Павел Малаевты, Ленин орденімен наградталған Исатай Сүйеубаев пен Қартбай Бекжановты жерлестері ерен мақтаныш етеді. Сонымен қатар соғыс кезінде Маңғыстауды сенімді тылға айналдыруға үлес қосқан, сұрапыл жылдарда ерлік еңбектің өнегесін көрсеткен 9 адамға 1947 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Олардың әрқайсысының жанқиярлық еңбектері, ауыр тағдырлары жөнінде де бүгінгі ұрпақ өте аз біледі.
Маңғыстау топырағында туған түлектердің майдан мен тылдағы ерліктері жөнінде әлі де талай толымды туындылар жазылатыны сөзсіз.
КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ МӘДИ БЕГЕНОВ
1968 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Қазақстандық Совет Одағының Батырлары» деген кітапта «Мәди Қайыбұлы Бегенов 1916 жылы Жамбыл облысының Көктерек ауданына қарасты Ұланбел аулында туды»,- деген дерек бар. Мұның мүлдем қисынға келмейтінін төмендегі жайттардан анық байқауға болады.
Мәди - Маңғыстаудың төл перзенті, кіндік қаны қазіргі Бейнеу ауданының Ақжігіт кентіне жақын жердегі Қаратүлей жайлауында тамған. Мұны бізге Мәдидің туған нағашысы, онымен бір ауылда туып өскен, соғысқа дейін жұптары жазылмай бірге жүрген құрдасы Мұса Ағәділов ақсақал әңгімелеп берген болатын. Мұсекең 1996 жылдың басында, 80 жасында Красноводск ауданының Жаңғақ кентінде, Мәди Бегенов атындағы көше бойындағы үйінде, ұлы Қыдырқожаның қолында дүниеден өтті.
Мәди сегіз арыс Адай ішіндегі Мұңалдың бір тармағы Әли руынан, өз әкесі Беген, бірақ құжаттарда Қайыпұлы болып қате жазылып жүр. Мәди оқуға барған кезде әкесінің атын фамилиясы етіп жаздырған да әкең аты кім дегенде атасының атын атаған болуы керек. Сонымен барлық құжаттарда Мәди Қайыпұлы Бегенов болып кете барған. Қайыптың Беген деген баласынан Өрбісін, Сейтім, Рахмет есімді ұлдар мен төрт қыз бала туған. Әли ауылы ежелден Жемнің оңтүстік сағасын жайлап, Маңғыстаудағы Түйебатқан құмына келіп қыстайтын. Мәди ел жайлауға бет алған жазғытұрым кезінде 1916 ұлу жылы Бейнеу маңындағы Қаратүлей деген жерде дүниеге келген.
Мәдидің анасы Құналақ Бегей руының қызы. 20- жылдардың аяқ кезіндегі елге кеңестік саясаттың дендеп ене бастауы мал баққан шаруаға жайлы тие қоймағаны аян. Оның үстіне, 1927 жылғы жұт қоянда малдан айырылған жұрт Маңғыстаудың оңтүстігіндегі жылы өлкелерге жаппай көше бастады. Осы тұста Мәдидің әкесі Беген қайтыс болды да, Құналақ шиеттей 8 баламен жесір қалады. Ауа көшіп жатқан жұртпен төркіндеріне ілесіп, Құналақ та Түркменстанның Балқан тауы бөктеріндегі Керіз деген ауылдан тұрақ табады.
Керіз - Балқантаудың тура түстік бөктерінде орналасқан шағын ауыл. Ауылдың ортасын жарып таудан бастау алатын мөлдір бұлақ ағып жатыр. Мәдидің ауылы қоныстанғаннан кейін 30-жылдардың бас кезінде осы Керіз ауылының шығыс жағындағы кен орнында бентонит шығарыла бастады. Бұғанасы қатпаған бала болса да Мәди ағаларымен бірге осы бентонит шығаратын өндірісте жұмыс істеді. Техника деген тапшы, тіпті жоқ десең де болғандай. Бентонит жер астынан қазып алынатын түсі аппақ кебір тектес кен. Жұмыс негізінен қол күшімен атқарылады. Қайла, бел, күректің көмегімен өндірілетін кен терең забойдан зембіл, қоларба арқылы жер үстіне, одан жүктеу алаңына тасылады.
Жастайынан жетімдік көріп, тұрмыс ауыртпалығын тартып өскен Мәди бентонит өндірісіндегі ауыр жұмыста шынығып, ширай түсті. Мәди қайратына, айбаты сай, батыл да табанды жас болатын. Мәдиді көздері көріп, өндірісте білек сыбанып бірге істеген Дүйсенбай Есенов, Сары Мүсіркенов, Кемал Сәденов, Мұса Ағәділов, Кесікбай Көптілеуовтер оның еңбексүйгіш, қайратты да табанды жас болғанын айтады. Соғыс алдындағы жылдарда жаппай қанат жайған Стахановтық қозғалыстың да алғы сапынан Мәди бастаған комсомол жастар бригадасы табылады. 1937 жылы Ұлы Қазан төңкерісінің 20 жылдығы құрметіне Мәди Бегенов басқарған жастар бригадасы социалистік жарыс жеңімпазы атанып, өндіріс басшылары Мәдиге патефон сыйлайды. Үйде де, түзде де жандары бір жастар жұмыстан кейін кешкісін Мәдидің үйіне жиналып патефон айттырып, сауық кештерін өткізетін.
Мұса ақсақал жастық шақтың сол бір жалынды жылдарын еске ала отырып, ауылда Мәдидің сүйікті қызы болғанын айтады. Екі жастың қосылуына әскерге шақырылуы бөгет болған. Мәди әскерде жүрген кезінде сүйікті қызына үнемі хат жолдап тұрған. «Бұл хаттарды қызға мен апарып тұрдым,»- дейді Мұсакең.
Мәди Бегенов Қызыл Армия қатарына 1938 жылдың күзінде шақырылды. Жебел станциясынан поезға мініп, Красноводскіге келген бір топ жастармен бірге Мәди де Қызыл Армия қатарына аттанды. Мәди Балтық теңізі жағалауындағы әскери бөлімнің бірінде әскери қызметін өтей бастаған еді. Өндірістегідей әскер қатарында да Мәди Бегенов белсенді де табанды соғыс өміріне жалықпай машықтанған жауынгер болды.
1939 жылы күз айында өнегелі жауынгер ретінде Мәди Бегеновке 15 күндік демалыс беріліп, елге келеді. Ауылдастары, туған-туысқандары Мәдиді зор қуанышпен қарсы алып, жастар оның құрметіне сауық кешін өткізеді. «Демалысқа келген кезде Мәдидің құрыштан құйғандай тұлғасына, аққұба, ашаң жүзіне әскери киім әсем жарасатын еді»,-деп еске алады нағашысы Мұса Ағәділов. «Мәди өзінің атты әскер бөлімінде кавалерист болып қызмет ететінін, әскер қатарында көрген қызықтарын жалықпай әңгімелеп берді. Өзінің әлі де екі жыл қызмет етіп, 1941 жылы күзде оралатынын айтты. Мәдиді әскери қызмет орнына бүкіл ауыл, өндірістегі жолдастары болып шығарып салдық, елге есен-аман оралуына тілектестік білдірістік». Алайда олардың бұл тілегі орындалмады. Мәди 1940 жылы Фин соғысына қатысып, ол жеңіспен аяқталғасын елге енді ораламын деп тұрғанда неміс басқыншылары тұтқиылдан шабуыл жасап, тағы да ұрыс басталып кетті.
Мәди соғыс басталған сәттен - ақ майдандағы армияда болды. Майдандағы жағдайларға байланысты Мәди атты әскер полкі құрамынан 203-атқыштар дивизиясына ауысады. Бұл дивизия генерал-лейтенант А.И.Данилин басқаратын 12-армия құрамында еді. Бұл армия Сталинград түбіндегі ойсырай жеңілген жауды Солтүстік Кавказ арқылы қуып, Кубань, Харьков қалаларын азат етті.
1943 жылдың жазынан басталған Совет Армиясының бүкіл майдан шебіндегі шабуылдары немістерді есеңгіретіп кеткен еді. Курск доғасынан басталған үрдіс шабуылдар басқыншыларды түре қуып, Днепр дариясына дейін шегіндірді. Кавказ майданында жау 400 мыңнан астам адамынан айрылды. Күздің алғашқы күндерінде Донбасс азат етілді. Оңтүстіктегі Новороссийскіден Балтық жағалауларына дейін созылып жатқан 2 мың шақырымдық Днепр дариясын немістер табан тірейтін табиғи бөгет, бүкіл соғыс тағдырын шешетін шеп екенін түсінді. Сондықтан, Днепрге тірелген майдан шебіне ірі соғыс күштерін шоғырландырды. Еділ бойы мен Курск доғасындағы жеңістер совет жауынгерлерінің жігеріне желеу беріп, майдандағы жағдайға түбегейлі бетбұрыс жасаған еді.
Міне неміс басқыншыларын Днепр дариясына дейін түре қуған Қызыл Армия әскерлерінің құрамында Маңғыстау түлегі Мәди де бар еді. Армия қолбасшылары Днепр өзені немістердің Совет елі жеріндегі соңғы тірек шебі болатынын жақсы түсінді. Днепрге маңдай тіреген барлық әскери бөлімдер өзеннен өтудің барлық жабдықтарын жасауға кірісті. Жауынгерлер бөренелерден, қамыс пен шыбықтардан қарапайым сал, техникалар өтетін уақытша өткелдер әзірлеуге кірісті. Мәди басқаратын взвод жауынгерлері жауып тұрған оқ пен бомба астында сал әзірлеу жұмыстарын жүргізді. Алда шешуші айқастар күтіп тұрғанын барлығы да жақсы білетін. Басты мақсат - Днепрді көктей өтіп, оң жағалаудағы жау жатқан окоптарды иемдену, ел шекарасынан әрі асыра қуу, өздерінің қан сасыған ордасына қайта тығу.
Мәди взводы қазан айының басынан бері қарай бір бел шешпей қимылдап жатты. Олардың полкі Днепрдің шығыс жағаларындағы шептерге жеткен соң, арғы бетке өтудің барлық қам-қаракетіне шұғыл кірісіп кетті. Полк командирі майор Лысенко Мәди взводында бірнеше кезек болып, алдағы тапсырмаларды тиянақтап түсіндірді. Аға сержант Мәди Бегенов өз жігіттерінің алдағы айқастарға тас-түйін дайын тұрғанын баяндады. Майор Лысенко 25 қазан күні кешкісін Мәдиді шақырып алып, бүгін түнде Днепрдің арғы бетіне десантшылар ротасы түсірілетінін, оның құрамына Мәди басқаратын взвод та бар екенін айтты. Тапсырма өзеннің оң жағалаудағы жаудың тісті бақадай табандап жатқан бөлімдерін жойып, бүкіл полктің үрдіс шабуылына жол aшy.
— Бұл оңай шаруа емес. Мен өзіңе және сайдың тасындай сайланған жігіттеріңе сенемін. Сіздер арғы бетке алғашқы өтушілер сапындасыңдар. Барлығы да сіздердің батыл қимылдарыңызға байланысты. Сәт сапар, Мәди!
Полк командирінің бұл сөздері Мәдиді айрықша айбаттандырып жіберді.
Мәди штабтан келісімен жігіттерін алдағы айқастарға әзірлей бастады. Күзгі сылбыр жаңбыр Украин жерін ми батпаққа айналдырғандай. Өзен беті оңды-солды жарқылдай жарылған оқ пен бомбадан ойран-ботқасын шығып жатыр. Немістер жағы ымырт үйірілген соң, өзен үстіне оқ себелеулерін үдетіп, күшті прожекторлармен үздіксіз шолып тұрды. Мұндай жағдайда арғы бетке өту қияметтің қыл көпірінен өтумен бірдей. Мәди өз взводындағы ең сенімді деген он жігітті сайлап алды да жауынгерлік тапсырманы орындауға кірісті. Қарша бораған оқ астында алдын-ала әзірлеп алған ағаш салды өзенге түсірді де өлімге бас тіккен он жігіт арғы жағаны бетке алып жүзе жөнелді.
Жарқылдаған прожекторлар мен себелеген оқ астында Мәди бастаған жігіттер арғы жағаға аяқ іліндірісімен жаудың ажал оғын шашып жатқан отты ұяшықтарын жоюға кірісті. Мәди зеңбірек оғы түсіп ойылып қалған шұңқырға орналасты да жаудың пулемет ұялары орналасқан жерлерін анықтап, рация арқылы біздің артиллерияшыларға хабарлады. Өзі жігіттерін бастап жау окобына ұмтылды. Түн жамылып төте келген «қонақтарды» немістер күтпеген еді. Окоп ішінде қолма - қол айқас басталып кетті. Мәди жаудың жеті солдаты мен бір унтер-офицерін жер жастандырды, өзен бетіне оқ шашып тұрған жаудың бірнеше ұяларының үні өшті.
Жау беттен жаңбырша себелеп тұрған оқ нөсері саябырсыған сәтті пайдаланып, Лысенконың полкі алдын-ала дайындап алған салдарымен Днепрдің оң жағалауына өте бастады. Аға сержант Мәди Бегенов бастаған он жігіт осылайша командир тапсырмасын мүлтіксіз орындап, бүкіл полктің Днепрден шығынсыз өтуіне жол ашты.
1943 жылдың 29 қазаны күні толтырылған наградалық парақта былай деп жазылған:
«Аға сержант Мәди Қайбұлы Бегенов 1943 жылдың 25 қазанында түн жамылып Днепр өзеніне өту кезінде асқан ерлік көрсетті. Оның бөлімшесі өзеннің жау қолындағы жағасына өтісімен немістің негізгі оқ шашқан нүктелерін жойып, полктің шығынсыз өтуіне жол ашып берді.
Запорожье облысының Новый Кичкас селосы маңында болған шайқастарда Мәди Қайбыұлы Бегенов атқыштар бөлімінің құрамында жаудың әлденеше шабуылына тойтарыс берді. Днепрдің он жағасында орналасқан жау шебін қырағы бақылаудың нәтижесінде оның станокты пулеметтері орнатылған нүктелерін анықтады. Бұл жөнінде біздің артиллерияға дәл бағыт сілтеді. Мұның нәтижесінде жаудың бірнеше атыс ұялары жойылды. Полктың Запоржье қаласы маңындағы елді мекендерін жаудан азат етуде аға сержант Мәди Бегенов осылайша ерлік қимылдар жасады.
Мәди Бегенов өзі басқарсаң шағын топпен жау траншеясына бірінші болып еніп, қолма-қол айқаста жеті неміс солдаты мен бір унтер-офицерін жойып, біздің әскерлердің Днепрден шығынсыз өтуіне мүмкіндік туғызды. Одан кейінгі шабуылдарда да тамаша ерліктің үлгісін көрсетті.
Аға сержант Мәди Қайбыұлы Бегенов осындай ерлік қимылдары үшін Кеңес Одағының Батыры атағына әбден лайық деп бағалаймыз.
619-атқыштар полкінің командирі, майор Лысенко.
Полк штабының бастығы, капитан Кокодин.
29 қазан 1943 жыл».
Бұл наградалық ұсыныс әскери құрылымдардың алуан баспалдақтарынан өте отырып КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумына 1944 жылдың наурызында жеткен. 1944 жылғы 19 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен аға сержант Мәди Қайбыұлы Бегеновке Днепрден өтерде көрсеткен асқан ерлігі мен қаһармандығы үшін Совет Одағының Батыры атағы берілді. Дәл сол күні осы жарлықпен Днепр өзенінен өткен кезде Александр Матросов ерлігін қайталап, жау оғының аузын өз денесімен жапқан қазақтың тағы бір ержүрек ұланы Жанғазы Молдағалиевке де Совет Одағының Батыры атағы берілді.
Днепр өзенінен өтер кездегі ерлігі мен қаһармандығы үшін 2438 жауынгерге Совет Одағының Батыры атағы берілді. Олардың арасында Абылай Әлімбетов, Жаппасбай Нұрсейітов, Жұмағали Қалдығараев, Бейсен Оңтаев, Кенжебек Шәкенов, Тоғанбай Қауынбаев, Жолдас Сүлейменов сияқты ондаған қазақстандық ұландар да бар.
Мәди Бегеновтің қаза тапқаны жөніндегі деректер де басылымдарға әр түрлі болып беріліп жүр. Жоғарыда айтылып кеткен «Қазақстандық Совет Одағының Батырлары» деген кітапта Мәди Бегенов 1944 жылы тамыз айында хабарсыз кетті делінген. Бұл дерек те қисынға келіңкіремейді.
1989 жылы Жеңістің 45 жылдығы құрметіне Түрікменстан үкіметі арнайы қаулы қабылдап, онда «Зерде Кітабын» шығаруға, оған соғыста қаза тапқан, хабарсыз кеткен жауынгерлер тізімін енгізуге, жер-жерде ержүрек ұландардың есімдері жазылған ескерткіш тақта мен мемориалдар тұрғызуға нұсқау берілді. Красноводск ауданынан майданға аттанғандар тізімін анықтап «Зерде Кітабын» әзірлеуге осы жолдардың авторы да белсене қатынасқан еді. Осындай зерттеу жұмыстары кезінде Украинаның, Ресейдің әскери мұрағаттарына сұрау салып, боздақтарымыз жөнінде көптеген тың деректер таптық. Красноводск қалалық әскери комиссариаты арқылы Мәскеу түбіндегі Подольск әскери мұрағатынан алынған деректерде былай делінген:
«Мәди Қайбиевич Бегенов 1916 жылы туған, 1938 жылы Красноводск қалалық әскери комиссариатынан әскерге алынды. 1943 жылы 1 қарашада қаза тапты. Запорожье қаласындағы Ленин ауданының Плотинная көшесіндегі Жөке ағаштары жанындағы бауырластар қабіріне жерленген».
Красноводск ауданында 1932 жылдан бері шығып келе жатқан «Жұмысшы» газетінің журналистері көп жылдар бойы Мәди Бегенов жөнінде деректер жинаумен айналысты. 1970-80 жылдар аралығында газет қызметкерлері Мәдиді көздері көрген ағайын -туысқандарымен, қызметтес замандастарымен кездесіп, газетке тың деректер жариялады.
«Лениншіл жас» газетінің 1973 жылғы 9 мамыр күнгі санында «Батырды білетіндер бар ма?» деген шағын мақала жарық көрді. Оны Горький (қазіргі Нижний Новгород) қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері А.Чебурашкин деген адам жолдапты. Әлгі мақалада:
«...Днепр жағалауына алғашқылардың бірі болып 619-атқыштар полкінің роталары жетті. Оның құрамында аға сержант Мәди Бегенов басқаратын біздің взвод та бар еді. 1943 жылы 24 октябрь күні біздің командования Днепрден өту үшін арғы бетке барлаушылар десантын жіберді. Мен Мәди басқарған осы десант құрамында Днепр өзенінен алғашқы өтушілердің бірі болдым.
...Толқындардың бөренеге шолп - шолп соққан дыбысы естіліп, барлаушылар мінген сал қайық ақырын жылжып жүре берді. Сәлден соң өзен бетін тұмшалаған тұманға сүңгіп көзге көрінбей кетті.
...Жау жағы алға жылжи түскен Бегеновтың тобын көп ұзамай байқап қалды. Мәди жауынгерлерін өзенге түсіп, жағаға жүзіп жетуге бұйырды. Мәдидің өзі де қарша бораған оқ астында жағаға жетіп, жар тасалай отырып оқ шашып тұрған жау дзотының түбіне барды. Бір сәтте әлгі оқ ұясы гүрс еткен жарылыстан аспанға жалын шашып барып өшіп қалды. Бұл кезде қайықтағылардың көпшілігі жағаға жетіп үлгерген еді. Мәдидің өзі жар жағалай жүріп, жаудың негізгі отты нүктесі дзоттың дәл түбіне жетті. Сөйтіп, жау ұяшығына гранатын тастап жіберді. Гүрс еткен жарылыстан кейін жау дзотының үні өшті. Артта қалған жауынгерлерін қолын бұлғап шақырып, өзі жалма жан жардан ары асып, немістердің окобына секіріп түсті. Қолма-қол айқас. Мәдидің қолындағы жауынгерлік қанжар түнгі оттан жарқ-жұрқ етеді. Арсы-гүрсі жарылыстан естері шыққан немістер Мәдидің он жауынгеріне - күтпеген жерден келіп қалған «қонақтарға» еш қайран қыла алмады».
А. Чебурашкин Мәдилер тобының жау ұясындағы ерлік қимылдарын осылайша суреттей келіп, полк Днепрден шығынсыз өткенін, ертесіне 25 қазан күні полк командирі Лысенко Мәди Бегенов бастаған десантқа алғыс жариялағанын жазады. Командир Мәдидің ерлігі Кеңес Одағының Батыры атағына лайық екенін айтқан. А. Чебурашкин сол 1943 жылдың күзінде Батырдан көз жазып қалғанын айтады.
1973 жылы 14 қазанда Запорожье қаласының фашистік басқыншылардан азат етілгеніне 30 жыл толды. «Правда» газетінің сол күні шыққан 287-санында «Жауынгерлік ерліктері жігерлендіріледі» деген атпен көлемді мақала жарияланды. Осы мақаланың алғы сөзінде: «Бұдан 30 жыл бұрын 1943 жылдың 14 қазанында 8-армия, 3-гвардиялық және 12-армия әскерлерінің 17-әуе армиясымен бірлескен қимыл жасауы нәтижесінде Запорожье қаласы гитлершіл басқыншылардан азат етілді...
...Қала тұрғындары азаттық әперушілерді ешқашанда ұмытпайды. Запорожьенің қырықтан астам көшелері қаланы азат еткен Совет Одағының Батырларының есімдерімен аталады...»
Газеттің сол күнгі санында Запорожье жерін азат етудегі кеңес жауынгерлерінің ерлік қимылдары жайында көз көргендердің естеліктері де жарияланды.
Запорожье қаласындағы бір көшеге даңқты жерлесіміз Мәди Бегеновтың да есімі берілген.
1973 жылдың басында Запорожье қаласындағы №24 сегіз жылдық мектептің қызыл ізшілдері осы мектепке Мәди Бегеновтың есімі берілуіне байланысты Батырдың бауырларын іздестірумен айналысты. Олардың тынбай іздестірулері нәтижесінде Мәдидің Керіз аулында тұратын туысқандарына шақыру хат келеді. Осы шақыру хатпен 1973 жылдың 5 маусымында Мәдидің ағасы Рахмет Қайбиев, ағасы Өрбісіннің немересі Нәби Бегенов және нағашысы Мұса Ағәділов Запорожье қаласына келіп, Батыр атындағы мектеп пионерлерінде бір апта қонақ болып қайтты. Туысқандары №24 мектептің оқушылармен, соғыс ардагерлерімен бірге Мәди зиратының басында болды. Соғысқа кеткен ұлын күткен Ана мүсіні орнатылған жерден басталатын үлкен гүлзардың екі беті бауырластар қабірі. Мәдидің қабірі басындағы мәрмәр таста: «Совет Одағының Батыры Мәди Қайбыұлы Бегенов. 1916-1943 1.11.» деген жазулар ойылып жазылған. Батырлардың қаза тапқан уақыты жөніндегі ең нақты дерек осы деп білеміз. Өйткені, бұл дерек Запорожье қаласы үшін болған айқастарда қаза тапқандарды осындағы бауырластар зиратына бір мезгілде, яғни 1 қараша күні жерленгенін аңғартады. Бұл жерде сол күні қаралы митинг, әскери үлкен шеру өткізгенін жергілікті тұрғындар да айтады. Батырдың бауырлары Запорожье қаласында болған кезде Мәдидің полк командирі болған Лысенко, қарулас достарының бірі Александр Гурскиймен кездесіп, әңгімелесті. Олар да Мәдидің тобы Днепрден қазанның 24-нен 25-не қараған түнде өткенін, біздің армия Днепр өзенінің оң жағасында бекінген жау ұяларын талқандап түре қуған кезде, әсіресе, Новый Кичкас селосы үшін болған қиян-кескі айқастарда Мәдиден көз жазып қалғандарын айтады. Запорожье қаласы жаудан тазартылып, қаза тапқандарды іздестіру кезінде Мәдидің де денесі табылған. 1 қараша күні қалада қаралы митинг - шеру болып, қаза тапқандар қаланың үлкен аллеясының екі бетіне жерленді.
Мәдидің туыстарымен кездескен бұрынғы полк командирі Лысенко Запорожье үшін болған шайқастарды былай деп еске түсіреді:
«Біздің полк ол кезде Степной фронт деп аталып, кейін I Украина майданы болған армия құрамында еді. Майдан басшысы генерал С.И.Конев болды. Днепрден өтерде біздерге арғы беттегі жау жасақтарына барлаушылар жіберіп, аз топпен жаудың отты нүктелерін жоюға бұйрық берілді. Мен талай соғысты көріп ысылған жауынгер сержант Мәди Бегеновтың бастауымен он жігітті сайлап алдым да армия қолбасшысының тапсырмасын түсіндірдім. Сол түні Мәдилер тобы жаудың отты нүктелерін жойып, полктың өзеннен өтуіне жол ашты...
...1943 жылдың 1 қарашасы күні Запорожье жерінің жаудан толық тазартылғанына байланысты майдан қолбасшысы С.И.Конев біздерді қабылдап, құттықтады. Сол күні қаза тапқан жауынгерлерді қаланың орталық көшесінің бойындағы гүлзарларға жерледік. Бастарына аты-жөндерін жазып, тақтайшалар орнаттық. Біздің жауынгерлер жерлеу рәсімі аяқталған соң үш мәрте оқ атып салют берді. Сол күні Запорожье қаласында армияның үлкен шеруі өткізіліп, жауынгерлер тура алғы шепке жол тартты.»
Красноводск қалалық архивінің қызметкері В.А.Пряхинаның 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығы тойланар қарсаңында қазақ тілінде шығатын «Жұмысшы» газетіне жолдаған архивтік деректерде былай дейді: «1943 жылдың 25 октяьбрінде Мәди Бегенов басқарған бөлімше Новый Кичкас селосы үшін кескілесе айқасып, айрылған шебін қайтарғысы келген жаудың қарсы шабуылдарына тойтарыс берді. Кешке қарай село фашистерден тазартылып, дивизияның жылжуына мүмкіндік туды. Осындай арпалыс шайқастардың бірінде М. Бегенов ерлікпен қаза тапты. Днепр өзенінен өтер кездегі ерлігі мен қаһармандығы үшін Мәди Бегенов ең жоғарғы өкімет наградасы Совет Одағының Батыры атағына ұсынылды.»
В.А. Пряхинаның деректерінде Мәди Бегенов 1916 жылы Маңғыстау ауданында шаруа семьясында дүниеге келгені, 1926 жылы шешесі және ағаларымен бірге Түрікменстанның Оғыланды ауылына қоныс аударғаны айтылады.(«Жұмысшы», №36. 23 март 1985 жыл.) Бұл жердегі Оғыланды ауылы Керіз кентінің түбінде, бұрын «Комсомол» совхозының орталығы болған үлкен ауыл. Мәди Бегеновтың бірқатар туысқандары қазір де осы ауылда тұрып жатыр.
Батыр жерлесіміз Мәди Бегеновты Түркменстанда да айрықша құрмет тұтады. Балқан тау бөктеріндегі мұнайшылар астанасы Небиттау қаласындағы №5 қазақ орта мектебіне Түрікмен ССР Министрлер Кабинетінің 1975 жылы 7 мамырдағы №185 қаулысына сәйкес Совет Одағының Батыры Мәди Бегеновтың есімі берілді. Бұл мектепте де соғыс алдында еңбек еткен Керіздегі бентонит кенінде де Батырды зор құрмет тұтады. Бұл өндірісте көп жылдар бойы Мәди Бегенов атындағы социалистік жарыс ұйымдастырылып, арнайы жүлде тағайындалып келеді. Өндіріс кеңсесі алдында Батырға ескерткіш орнатылған. 1990 жылы Красноводск аудандық кеңесінің шешімімен аудан орталығы Жаңғақ кентіндегі бір көшеге Мәди Бегенов есімі берілді. Сол жылы Жеңістің 45 жылдығы құрметіне Жаңғақ кентінде Ұлы Отан соғысынан оралмай қалған жерлестерімізге ескерткіш - мемориал ашылды. Мұнда осы ауданнан соғысқа аттанып, Совет Одағының Батыры атағын алған Мәди Бегеновтың, Валерий Рыловтың, Алексей Грибтің, сондай-ақ, от ортасынан оралмай қалған мыңнан астам қазақ жауынгерлерінің есімдері мәрмәр тақтаға ойылып жазылды.
«Қазақстандық Совет Одағының Батырлары» деген кітаптағы Мәдиді «Жамбыл облысының Көктерек ауданында Ұланбел аулында туды» деген деректердің де шығу себебі бар.Ол жөнінде марқұм Мұса Ағәділов бізге былай деп әңгімелеп берген еді:
«1947 жылы Керіз аулына Красноводск қалалық әскери комиссариатынан бір әскери адам келіп, «Мәди Бегенов деген адамды білетіндерің бар ма, туысқандарынан кім бар?»- деп сұрау салды. Бұл хабарды естіп, Мәдидің үлкен ағасы Өрбісін екеуіміз өндірістің кеңсесіне қорқа соғып бардық. Қорқатын да жөніміз бар. Өрбісін Маңғыстаудағы 30-жылдардың қуғын-сүргінін көзбен көрген, содан қашып, жырақтағы түркмен топырағына ауа көшкендердің бірі. Ал мен болсам, Ұлы Отан соғысына қатысқан, майдандағы мән-жайды жақсы білетін адаммын. Соғыс кезінде біздің көптеген жауынгерлеріміз жау қолынан түсіп тұтқын болды. Оларды біздің әскерлер фашистік лагерлерден босатқанымен кеңестік НКВД-ның қармағынан құтқара алмайтын еді. Бүкіл соғысты фашистің азап лагерінде өткізіп, елге оралған соң Сібірге қайта айдалып кеткендердің талайын көрдім. Оның үстіне Мәдиден 1943 жылдың аяғында хат үзілген, туысқандарының сұрауларына да жауап болмаған. Елдегі ағайындары соғыс аяқталғаннан кейін Мәдиді өлдіге санаған, немістер тұтқынына түсіп қалған болар деп те топшылаған. Осындай алуан түрлі ойлар құшағында жүрген күдікті күндерде Мәдидің туыстарын іздетіп жатыр дегенде қорыққанымыз рас.
Әскери комиссариаттан келген кісі бізбен амандасып, танысқан соң Мәди Бегеновке Совет Одағының Батыры атағы берілгенін, егер анасы, жанұясында туыстары болса, бұл жоғары награданы табыс еткісі келетінін айтты. Мәдидің Днепр өзенінен өтер кезде ерлікпен қаза тапқанын да сол жерде естідік. Біздер Мәдидің шешесі бар екенін, ол бірер жыл болды Сейтім деген баласымен Жамбыл облысына қоныс аударғанын айтып, адресін бердік. Әлгі әскери адам туған шешесі болса награданы сол кісіге тапсыратынын мәлімдеді. Сонымен, кейін хабарласқанымызда Мәдидің Алтын Жұлдызы Жамбыл облысында тұратын анасына тапсырылғанын білдік». Міне, «Қазақстандық Совет Одағының Батырлары» деген кітапқа Мәди Бегеновтың туған жері Жамбыл облысы болып осылайша жаңсақ жазылып кеткен.
Бегеновтер әулеті біздің ауылға құда болып келеді. Мәдидің кенже қарындасы Жібек менің туған жиен ағам Жанқылыштының әйелі. Небиттау түбіндегі Керіз кентінде ұзақ жылдар тұрды. Еліміз өз тәуелсіздігін алған тұста үдере көшкен елмен бірге ата-мекеніне көшіп келді. Қазір Жаңаөзен қаласында тұрып жатыр.
Маңғыстау топырағының Батыр ұлы Мәди жөніндегі қысқаша дерекнаманы аяқтай отырып, өзінің кіндік қаны тамған өлкеде Батырды елге танытарлықтай іс-әрекеттердің кемшін екенін де айту керек. Маңғыстауда 30-жылдардағы қызыл қырғынға тікелей себепші болған Фетисов, Баутин, Ералиевтердің есімдері әлі күнге дейін шаруашылықтарға, жер - судың атауларына тізбектеліп келеді. Оның орнына Мәдидей Батыр ұлымызды мақтан етсек болмай ма? Ұрпақтарымызға патриоттық үлгі-өнегесі де мол болары сөзсіз. Сөз орайы келгенде айта кету керек, Жеңістің 40 жылдығы құрметіне «Түркменістан» баспасынан түрікмен ақыны Нұргелді Шақановтың «Балқан бүркіті» атты дастаны жеке кітап болып жарық көрді. Мәди жөнінде белгілі түркмен жазушысы Шәхер Боржақов та «Ер Мәди» атты көлемді очерк жариялап, ол кейін жазушының таңдамалы жинағына енді. Маңғыстаулық ақын Темір Мыңжас Мәди Батырға өлең арнап, тұңғыш ұлына Мәди деп есімін бергені бар. Қазақстанда Мәди Бегенов жөнінде марқұм Ибулла Сариевтің жұқа кітапшасынан басқа ешкімнің де көлемді туындысын көре алмай келеміз. Өкінішті.
Міне, даңқты жерлесіміз, Совет Одағының Батыры Мәди Бегенов жөнінде менің анықтаған деректерім осылар.
Жауларын тажал боп таптаған танкистер
Қар жастанып, мұз құрсанған сол күндер...
Орыс орманында қолға түскен қорқаулар
Соғыс ардагерлері Ақтаудағы
Мәңгі алауға гүл шоқтарын қоюда
Ақтау қаласындағы Жеңіс гүлзары
Жеңіс гүлзары ошағының оты өшпейтін
Қазақ киізінен басталады
Соғыс самолеттері - бүгінгі ескерткіш
КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ ЖҰМАҒАЛИ ҚАДЬІҚАРАЕВ
Туған топырағынан шалғайда жүріп, майданға аттанған, Днепр өзенінен өтерде ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын алған тағы бір қаһарман қазақ жерлесіміз Жұмағали Қалдықараев.
Жұмағали Қалдықараев есімі Түрікменстандық 76 Батырдың арасында аталады. Олардың тек 16-сы ғана түрікмен, қалғандары өзге ұлт өкілдері екен. Іштерінде үш қазақ Мәди Бегенов, Жұмағали Қалдықараев, Біләл Қалиев та бар. Мәди жөнінде азды-көпті деректер табылып, жазылып, жарияланып келеді. Ал Жұмағали мен Біләл жөнінде білетініміз өте аз.
«Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары» деген жинақта «Қазақ халқының батыр ұлы Жұмағали Қалдықараев 1922 жылы туған. Балалық, оқушылық жылдары Түрікмен ССР-інің Ташауыз облысында, Калинин ауданына қарасты ауылда өтті. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап майдандағы армия құрамында болды. 1944 жылы 15 қаңтарда Днепр өзенінен өтер кезде көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ ол бұл наградасын алып үлгерген жоқ, 1944 жылы 25 қаңтарда ерлерше қаза тапты».- деген қысқаша өмірбаяндық деректер бар.
Жұмағали Қалдықараев жөнінде нақты деректер алу үшін Хожейлі қаласындағы Жұмағали Қалдықараев атындағы № 32 орта мектепте болып, Батыр жөнінде біраз мәліметтер таптық.
Қазір Бейнеу кентінде тұратын Жұмағалидің немере інісі Есмағамбет ақсақалдың айтуынша Жұмағали Қалдықараев Адайдың Келінбердісінен тарайтын Ақпан руынан екен. Меңдіқұлдан Қалдықара мен Тәжіғұл, Қалдықарадан Қуанғали мен Жұмағали туған. Ал Тәжіғұлдан Сүлеймен, Сұлтанғали, Сұлтанғалидан Есмағамбет. «Бала күнімізде Кетіктен Шағадамға көшкеніміз еміс-еміс есімде,- дейді сексеннің сеңгіріне шыққан Есмағамбет ақсақал,- Жұмағали 1922 жылы Маңғыстаудың Қызылсу деген жерінде (Шопан Ата қауымының маңы) туды. Жылы тауық еді».
Жұмағали да көшпелі адай ауылында дүниеге келгені белгілі. Ғасырымыздың 20-жылдары Ресей мемлекетіне ғана емес, оның құрамына кіретін қазақ даласына да үлкен өзгерістер алып келді. Бұрын төрт түлік малының жайымен көшіп-қонып өмір сүріп жатқан Маңғыстау өңірінің халқы орталықтан келіп жатқан дүмпулерден аулақ жүруді ойлап, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де біраз жыл көшпенділік дағдысын тастамады. Кеңестік кер саясаттың сойыл соғарлары халықтың көп ғасырлар бойы қалыптасып қалған салт-дәстүрлерін белден басып, күштеп ұжымдастыру, отырықшылыққа үйрету, сөйтіп, бір жерден басшылық жасау сияқты өз үрдістерін енгізуге тырысқаны мәлім. Міне, ел ішінде осындай, зорлық-зомбылық, күш көрсетулер белең ала бастаған шақта Маңғыстаудың Қараойындағы ата қоныстарынан Ақпан ауылы да ауа көшкен. Қазіргі Шопан - Ата бейітіндегі Ақпандардың қауымы олардың осы өңірді мекен еткенін дәлелдейді. Жоғарыдағы Есмағамбет ақсақалдың Кетіктен ауа көшетін тұс деп отырғанын 1927-1930 жылдары шамасы. Бұл кезде Маңғыстау тұрғындары Кеңес саясатының ықпалын анық сезіне бастады, әрі сол жылдардағы жұт пен ашаршылық талай елдің тағдырларын тәлкекке түсірді. Ақпан аулының Кетіктің түбіндегі ата қоныстарынан Шағадам жаққа, одан Қарақалпақ жеріне қоныс аударуының осындай тарихи-әлеуметтік себептері бар.
Меңдіғұл ұрпақтары да өзге ағайындарымен бірге қазіргі Қарақалпақстанның Қатеп деген жеріне қоныс тепті. Олардың тұрақ тапқан жерін қазірге дейін Ақпан ауылы деп атайды. Жұмағали да осы ауылда алғаш мектеп есігін ашып, балалық бал дәуренін осында өткізген. 1939 жылы Қалдықара жанұясы тұрмыс түзеу мақсатымен көршілес Ташауыз облысының Калинин ауданына қоныс аударады. Жұмағали осында колхозда тракторшы болып жұмыс істейді.
Соғыс қарсаңында «Қызыл Армия жылқылары» деген атпен елден жылқы жиналғанын архив құжаттары айғақтайды. Колхоздың Қызыл Армияға деп жинаған жылқыларын Чаржоу қаласына апарып, поезға жүктеп жіберуді колхоз басқармасы еті тірі елгезек жігіт Жұмағалиға тапсырады. Жұмағали осы тапсырманы орындап, Чаржоу қаласында жүрген кезінде соғыс басталғаны жөнінде хабар естиді. Сол жерде жасақталып жатқан әскери құрама командирі жылқыларды вагондарға жүктеп, Орел қаласына дейін жеткізіп салуды Жұмағалидің өзіне жүктейді. Сөйтіп, Жұмағали жылқылармен бірге майдан шебінен бір шығады. Сол жерде әскерге алынып, бір - жарым ай соғыс өнеріне машықтанады. Осылайша Жұмағали Қалдықараев танкке қарсы оқ ататын 7-гвардиялық дивизияда қызмет етіп, соғыстың алғашқы айларында - ақ жаумен бетпе-бет айқастарда қатысады. Өзіне тапсырылған жауынгерлік расчетті шебер меңгеріп, әлденеше кезек қарулас достарының, командирінің алғыстарына бөленеді.
Кеңес Армиясы жаудың бетін қайтарып, майдан даласында үлкен бетбұрыс жасап жатқан кезде Жұмағали талай ауыр шайқастарды бастан өткізген сақа жауынгер еді. Курск доғасындағы қанды қасаптың бел ортасында Брянск майданының құрамындағы 7-гвардиялық дивизия да болды. Жұмағалидың батареясы генерал М.С.Шумилов басқарған осы дивизиямен бірге Орел, Брянск, Стародуб қалаларын азат ету айқастарын бастан кешті.
Жұмағали Қалдықараевтің ерлік әрекеттері жайында Кеңес Одағының Батыры, гвардия старшинасы А. Сазонов «В бой, кавалеристы!» атты майдандық газетке мақала жазып, былай деп әңгімелейді: «Танктермен айқасқа түскен бір ұрыста Жұмағали Қалдықараев менің расчетімде болатын. Ол соғыс қаруын шебер меңгерген атқыш еді. Қаптап келе жатқан жау танкілерінен тайсалмай, ұрыста 6 танкіні бір өзі жойып жіберді. Менің жауынгер жолдасым Жұмағали орысша оншалық біле бермейтін, бірақ жау танкілеріне әкесін танытатын ер жігіт.»
Бұл Курск доғасында болған айқастардың бір сәті ғана. Жұмағали мұндай жан алып, жан беріскен ұрыстың талайын бастан кешкен сақа жауынгер санатында болды.
Кеңес әскерінің Орел - Курск бағытындағы шайқастарда жеңіске жетіп, жауды Днепр өзеніне дейін шегінуге мәжбүр етуі бүкіл майдан шебін батысқа қарай жүздеген шақырым шегеруге мүмкіндік жасады. Бұл ұрыстың маңызы жөнінде кеңестік әскери қолбасшы Г.К.Жуковтың естеліктерінде егжей-тегжейлі жазылған. Елу күнге созылған осы бір қиян-кескі ұрыста немістер 30 дивизиясынан айырылды, сол кездегі соғыс тажалы атанған немістің «тигр», «пантер» атты 1500-дей танкілері, 3 мыңнан астам зеңбіректері, 3500 самолеті жойылды. Жау жағының жарты миллионға жуық жауынгері Курск түбінде жер жастанды. Немістің қанқұйлы армиясы енді қайтып Кеңес еліне беттеместей болып осы Курск доғасында мықтап сыбағаларын алды. Курск доғасындағы айқастарға және одан кейінгі Минск, Киев, Балтық жағалауы бағытындағы маңызды шептерді алу жолындағы жорықтарға К.К.Рокоссовский, И.М.Чистяков, М.В.Захаров, А.М.Василевский, И.Х.Баграмян сияқты даңқты қолбасшылар басшылық жасағанын айту керек.
1943 жылдың күзінде біздің әскерлер Днепр өзеніне маңдай тіреді. Бұл Белоруссияның Гомель қаласының түбінде болған еді. Днепр өзенінің осы тұсы ми батпақ, ну орманы сыңсып тұратын өңір. Жаудан тазартылған шағын хутор шетіне жайғасқан Жұмағалилар ағаш кесіп сал дайындаумен айналысты. Дайындалған салдарды өзеннің ернеуіне әкеліп, арғы бетке өтудің барлық қам-қарекеттері жасалып жатты. Бұл әрекеттердің барлығы арғы беттен қарша борап тұрған оқ астында жүргізілді. 26-ысынан 27 қыркүйекке қараған түнде Жұмағалидің расчеті Днепр өзенінен алғашқылардың бірі болып арғы бетке өтті. Өзеннің он жағасына өкше тигізген бойда - ақ жау окоптарына граната жаудырып, бүкіл полктің алға жылжуына, Днепрден өтуіне жағдай туғызды. Жұмағалидің бір өзі жаудың тынбай оқ жаудырып жатқан бірнеше отты ошақтарының үнін өшірді, жау окоптарында қолма-қол айқасқа түсіп, басқыншылардың бірнешеуін жер жастандырды. Осындай ерліктері үшін Жұмағали Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды.
КСРО Жоғарғы Кеңес төралқасының 1944 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен Жұмағали Қалдықараевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал қаңтардың 26-сы күні Батыр жерлесіміз Белоруссияның Мозырь қаласы үшін болған ауыр айқаста ерлікпен қаза тапты. Батырдың бейіті Мозырь қаласындағы бауырластар зиратында. 1967 жылы ағасы Қуанғали басына барып зиярат етіп қайтқан екен. Батыр бейітінен қос уыс топырақ алып, оны анасы Мәриямға және Батыр атындағы мектепке берген.
1947 жылы анасы Мәриямға Жұмағалидің Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігі туралы куәлік тапсырылған. Бірақ Алтын Жұлдыз бен Ленин ордені берілмепті. Батырдың анасы Мәриям 1968 жылы, ағасы Қуанғали 1973 жылы қайтыс болған. Ағайын туысқандары Хожейлі мен оның төңірегінде тұрады. Қуанғалидің 1-2 баласы кейінгі жылдарда Жаңаөзен қаласына, Бейнеуге көшіп келді.
Н.Г.Березняктың құрастыруымен 1990 жылы Ташкент қаласында шыққан «Есімдер мен ерліктер» атты жинақта Жұмағали Қалдықараевтың суреті мен қысқаша өмірбаяны берілген. Онда: «Ж.Қалдықараев 1922 ж. Иван-Яб, қазір Хожейлі ауданында туған» - деп көрсетілген. Ал Қазақ Совет энциклопедиясының 6-томында «Қалдықараев Жұмағали 1922 жылы Түрікмен ССР, Ташауыз облысы, Калинин ауданы - 25.01.44 ж. Совет Одағының Батыры, 15.01.44 ж. Қаза тапты, ұлты қазақ, 1941 ж. Қызыл Армия қатарына алынып, гвардиялық 7-атты әскер корпусының танкіге қарсы истребитель дивизионының құрамында Орел, Курск, Белгород, Харьков үшін болған ұрыстарға қатысты. Қ.Днепрден өтер кездегі ұрыста сент. 1943 ж асқан ерлік пен батырлық көрсетті»- делінген. Бұл деректердің барлығында да Батырдың туған жері жөнінде қате жазылып жүр. Батырдың немере туысы Есмағанбет ақсақалдың айтқанындай, Жұмағали дүниеге келген 20-жылдардың бас кезінде Ақпан ауылы Маңғыстаудың Қараойында, Қызылсуда қыстап, Бесқұдық, Сам құмы төңірегін жайлаған. Ендеше халқымыздың Батыр ұлы Жұмағали Қалдықараев Маңғыстаудың төл перзенті.
Бұл деректерді қазір Жаңаөзен қаласында тұратын соғыс ардагері Рахмет деген ақсақал да мақұлдайды. Ол кісі бала күнінде Жұмағалимен бірге өсіпті, әрі рулас ағайыны екен. Рекеңнің айтуынша, Жұмағали жас кезінен еті тірі, шаруаға мығым болып өскен.
«30-жылдары Маңғыстаудан ел ауған тақта,- деп әңгімелейді Рахмет ақсақал, біздер 7-8 жастағы малға сабақ болып қалған бала едік. Әлі есімде, әкелеріміз «Шағадамға көшеміз» деген әңгіме шығарды. Бұл шындыққа айналып, Жұмағали екеумізге ауылдың уақ малын айдасып отыру тапсырылды. Менен бір жар жас үлкендігі бар әрі тасы пысық Жұмағали малды шашау шығармай айдап отырды. Малды далаға түнеткен кезде ит-құстан қорықпайды. Жатарда қой бастайтын текенің мойнына жіп байлап, бір ұшын өз қолына байлап алатын. Содан Шағадамның ойына құлайтын кезде артымыздан бір атты кісі келіп, ауылдың Бесқалаға бет түзегенін айтты. Әлгі кісінің басшылығымен біздер де бағытымызды сол жаққа бұрдық. Кейін естідік, біздің көштің артынан Форттан қуғыншы отряд келіпті. Көш басшылары, біздер Жем бойына жайлауға көшіп бара жатырмыз деп отрядты кері қайырған көрінеді. Сөйтіп үкімет адамдарын алдап, түн қатып, түс қаша жүріп Бесқаланың Қатеп деген жеріне маңдай тіредік.
Қатепке келгеннен кейін үкіметтің есебіне алынып, балдар жағы мектепке бардық. Жұмағали мектепте 3-4 жылдан көп оқыған жоқ, ертерек есейді ме, әлде үй тұрмысын түзеуге көмектессін деді ме, әйтеуір колхоздың жұмысына араласып кетті.
Соғыс басталатын жылдары Жұмағалилар көршілес Ташауыз қаласының маңында тұратын. Соғысқа сол жерден кетті ғой».
Кезінде Хожелі қаласындағы Совет Одағының Батыры Жұмағали Қалдықараев атындағы №32 орта мектепте оқыған жаңа өзендік Қосаман Жайлыев деген азамат та Батыр жөнінде біраз мәліметтер айтты. Бұл мектепте жыл сайын мамыр айында Ж.Қалдықараев атындағы жүлде үшін түрлі оқу және спорт жарыстарын өткізу дәстүрі бар. Мектеп оқушылары Белоруссияның Мозырь қаласындағы Ж.Қалдықараев атындағы мектептің оқушыларымен хат алысып тұрған. Мектептегі музейде Батырдың кілемге тоқылған портреті, Мозырь қаласындағы Батыр бейітінен әкелінген топырақ, түрлі суреттер сақталған.
Кіндік қаны Маңғыстауда тамған Батыр ұланымыз Жұмағали Қалдықараевтың өмірбаянындағы белгісіз беттер, майдандағы деректер әлі де толықтырыла түседі. Ел ішінде Батырды көздері көрген ауылдастары, майдандастары, туыстары бар. Олар Батыр жөнінде білетін мәліметтерін авторға хабарласа дейміз. Бұл Маңғыстаулық батырлардың өмірбаяндық деректеріндегі ақтаңдақ беттерді толықтыруға, ұрпақтарға өнегелік ескерткіш етіп қалдыруға себептігін тигізер еді.
Сөз соңында айта кету керек, Маңғыстауда Батыр жерлесіміз Жұмағали Қалдықараевтың даңқын марапаттарлықтай ескерткіштер жоққа тән. Қарақалпақ жеріндегі №32 мектеп Маңғыстаулық балаларға өнеге, мақтаныш болмасы белгілі. Сондықтан, «Батыр ортақ, бақ жалқы» дегендей, ұлттық үрдістерімізді ұлықтап жатқан шақта маңғыстаулық ержүрек ұл Жұмағали Қалдықараевтың есімі де есте жүрсе екен дейміз.
КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ БІЛӘЛ ҚАЛИЕВ
Адамзат баласының тарихында қайғы мен қасіретін күні бүгінге дейін арқалап келген, ұрпақтар жадына жазылмас жара салған Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да алпыс жылдан асты. Туған жер топырағын бойтұмар қылып ақтүтек майданға аттанған, он екіде бір гүлі ашылмаған, жастық шағының қызығын көрмей, туған жерінің босағасы бұйырмай, көз жұмғандар қаншама. Миллиондаған ата-аналар, әйелдер, сәбилер, қарттар өмірде бір-ақ рет кездесетін ең асыл қазынасынан, ұл-қыздарынан, адал махаббатынан, әке-шешесінен айырылып қор болып еңіреп, зар илеп қалды. Шаштарын жайып аңыраған ана, қызығын көрсетпей ерте жиналған шымылдық иесі жесірдің ащы үндері дүниедегі ең азалы, сай-сүйегіңді кемірер күйге айналды.Дәм бұйырып елге аман-есен келгендер бар ауыртпалықты қайтадан арқалап, тәнінде қалған жау оғының қорғасынын бүгінге дейін өзімен бірге серік қылумен келе жатыр. Жыл сайын арамыздан кетіп, өмірден озғандар қанша!
Құм сағаттай сырғыған уақыт өз дегенін істеп, соғыс жаңғырығын бізден бірте-бірте алыстатып, он сегізде от кешкен өрімдей жастар ерлігі тарих қойнауына шежіре боп жазылып, олар туралы деректерді енді сарғайған мұрағат құжаттарынан іздейтін болдық. Әрқайсысына бір-бір кітап арнап, қоладан мүсін соғуға лайық сол есіл ерлерді, олар туралы деректерді түгелдей жинақтап болған жоқпыз. Ол мүмкін емес те. Өйткені «хабарсыз кетті» деген бір жапырақ қағаз артында қаншама тағдыр жатыр. Үзілмеген үміт те, жол бойына қарап сарыла күту де соның ішінде еді. Кейбір ерлер туралы ештеңе білмей сол жалғыз ауыз «хабарсыз кетті» деген сөзді қанағат етсек, кейбір ерлер туралы түн ішінде жылт еткен сәуледей бір жерден шығып қалған хабар қайтадан үмітімізді жандырып, сонау кейінге, ұмыт болған жылдар сүрлеуіне қайта оралтады. Бірте-бірте баяғы жылт еткен сәуле енді жалынға айналып, кешегі жалғыз ауыз «хабарсыз кетті» деген есіл ердің тұлғасы асқақтай түседі.
Әр жерден талмай іздеу салып, сұрау нәтижесінде төбемізге ту қылып көтеруге тұрарлық, ерлігі жыр қылып айтуға лайық, өз туған топырағының, өз халқының қасиетін өзгелер алдында асқақтатқан бір Батырымыздың күні бүгінге дейін белгісіз болып келген баянына сәуле түсіргеніміз бар. Ол Маңғыстау топырағынан шыққан ұшқыш Біләл Қалиев еді. Ол туралы күні кешеге дейін білмей келдік. Шейіт келген көп боздақтың бірі санадық. Ұлы Жеңістің 55 жылдығы қарсаңында Тараз қаласынан «Егеменді Қазақстан» газетінің тілшісі Мақұлбек Рысдәулеттің «Қанатты батыр» атты мақаласы шықты. Жерлесіміз Біләл Қалиевтің өмір жолы, ерліктері туралы жазылды. Онда «Біләл 1939 жылы Түрікменстанның Красноводск қаласынан әскерге алынып, Черниговтың ұшқыштар даярлайтын училищесін бітіргендігі айтылды. Соғыс басталар алдында Балтық теңізіндегі Саарема (Эзель) аралында орналасқан ұзақ қашықтыққа ұшатын бомбалаушы авиация құрамына алынады. 1941 жылы 7 тамызда құрамында 15 ДБ- ЗФ (Ил-4) Берлинді бет ала ұшады. Жау астанасы бомбалайды. 1760 шақырым қашықтықты артқа қалдырған олар аман-есен базаға қайтып оралады. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Біләл Қалиевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, - деп жазылған.
Бұл шынында да біздер үшін, маңғыстаулықтар үшін тосын жаңалық, үлкен мақтаныш еді. Өйткені, бұған дейін қан майданда ерлік көрсетіп Батыр атағын алған жерлестеріміз саусақпен санарлықтай болатын. Олай болса Батыр жерлесіміз туралы деректер жинап, туған өлке төрінен лайықты орын беру біздің негізгі парымыз емес пе? Оның тумаластарымен, қаза болған жеріндегі мемлекеттік мекемелермен байланыс жасау әрекетіміз осылай туындап еді. Әрине, біз мақалада көрсетілген жайларды жоққа шығара алмаймыз. Бірақ мұражай жұмысы нақты құжаттарға сүйенетіндігі әу бастан белгілі, басы ашық нәрсе. ізденіс жұмыстарымызды осындай жер-жерден нақты құжаттар сұраумен бастауымыз да сондықтан еді. Осы жерде ерекше айтып кететін бір жай - Біләл туралы ізденістер, жер-жерге сұрау салу оның тумаластары тарапынан тым ерте басталды. Әттеген - айлығы - сол іздеу жұмыстары туралы кезінде баспасөз беттерінде жарияланбауы. Өзіміздің іздеу жұмыстарымызды тек мұрағат (архив) бөлімдері емес, оның ағайын – тумалас, таныс-білістері арқылы да жүргіздік.
Алғашқы дерек сұраған жеріміз Москва облысы, Подольск қаласындағы орталық әскери мұрағат болатын. Олар жалғыз ауыз сөзбен «хабарсыз кетті» деген жауабын қайтарды. Енді не істеу керек? Аталған мақалада («Маңғыстау» газетіне 2000 жылғы сәуірде басылған Мақұлбек Рысдәулеттің мақаласы) Біләлдің ағасы Әбіл ақсақалдың жанына ұлы Болатты ертіп, інісі Шілтен үшеуінің батыр қаза тапқан Липецк обылысы, Добринск ауданындағы Хворостянко селосына барғаны, онда Қалиев, Иоффе, Удовенконың мүрделерінің қызыл ізшілдер арқылы табылып, қайтадан бауырластар зиратына жерленгені айтылады. Олай болса нақты бір деректерді осы жерден табуымыз мүмкін деген бағытта Липецк облыстық әскери комиссариатына және Добринск аудандық мұрағаттық бөліміне архивіне хат жазылды. Сонымен қатар Ашхабат қаласында тұратын, кезінде батырды талмай іздеп, жерленген жеріне дейін барған Шілтенге, Красноводск қаласында тұратын қарындасы, осы қаладағы №3 мектептің «қызыл ізшілдер» тобының жетекші Нина Дәулетоваға сұрау салынды. Тек осы хаттармен шектеліп қалмай Жаңаөзен қаласында тұратын белгілі ақсақал Нұр Өтебайұлына және Біләлдің тумаласы зейнеткер ұстаз Күләш Бегеноваға арнайы барып жолықтым. Нұр ақсақал Біләлдің туған жері осы Маңғыстау екенін, 1927 жылы осы күнгі Бекет - Атаның арғы жағында шамамен 50 шақырымдай жердегі Кіндікті дейтін құдық басынан Түрікменстанға, Жаңғақтың ойына көшкенін, екеуінің Красноводск қаласындағы педучилищені 1939 жылы бітіріп, сол жылы әскерге алынғанын айтты. Күләш Бегенова 1942 жылы мамыр, маусым айларында Біләлдің елге қысқа мерзімге демалысқа келгенін, кетерінде оның шешесіне (Біләлдің жеңгесі) газеттегі үш ұшқыш болып түскен суретін тастап кеткенін айтады.
Ал Нина Дәулетова болса Біләлдің әскери қатарына алынғанша Красноводск қаласындағы аэропорттың 2 - площадкасы орналасқан «Сталинский сокол» атты авиациялық мектепте оқығанын, әскер қатарына 1939 жылдың 13 қазанында алынып, Украинадағы Чернигов қаласындағы ұшқыштар даярлайтын училищеге қабылданғанын жазады. Сонымен қатар бәрімізге М. Рысдәулеттің мақаласынан белгілі, Хворостянко жас өлкетанушыларының оны іздеп тапқанын айтады.
Көп ұзамай Липецк облыстық әскери комиссары генерал-майор В. Загитовтен, Добринск аудандық мұрағатынан және батырды іздеп тауып, олардың кім екенін анықтаған «қызыл ізшілдер» тобының жетекшісі, география пәнінің мұғалімі Л. Г. Гнатюктен хаттар алынды. Осы хаттардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталмай (өйткені бәрінің де мазмұны бірдей) жинақтап айтар болсақ, Хворостянко орта мектебінің ізшілдері өз туған жеріндегі ұшқыштардың мүрдесін табуда А. М. Цаприловтың деректеріне сүйенген. Өкінішке орай, ол бұдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған. Осы кісі 1942 жылы Хворостянко аудандық соғыс комиссариатында қызмет істеген. Оның естелігінде: «...1942 жылдың 15 шілдесінде «Правда» колхозының орталық усадьбасынан 6 шақырымдай жерде біздің бомбалаушы ұшақ сол жерге амалсыз қонуға әрекет жасаған. Бірақ, ол мақсаттары орындалмай қатты жарылыс болған. Оның қуаттылығы сондай ұшақтың кейбір бөлшектері радиусы бір шақырымдай жерге дейін ұшқан.
Міне, соғыстан кейін бірнеше жыл өткесін A.M.Цаприловтың осы естелігі бойынша қызыл ізшілдер олардың кім екенін анықтаған. Қаза тапқан ұшқыштардың екеуі бірден белгілі болды. Ол түрікменстандық Біләл Қалиев және Вологда облысында туған Конкин Николай Дмитрович болады. Ал үшінші адамның аты, жөні артынан анықталады. Ол Краснодар өлкесінің Белореченск қаласында тұратын Елизавета Эдуардовна Орленконың баласы Георгий Яковлевич Орленко болып шықты. Қаза болған баласын анасының өзі іздеп табады. Қызыл ізшілдер жан-жаққа іздеу сала бастайды. Біләл жөніндегі алғашқы хабар түрікмен жеріне осылай жетеді.
Сонымен Хворостянко станциясындағы бауырластар зиратында екі экипаждың ұшқыштары жерленген. Біріншісінде ұшқыштар Г.И.Карганов және A.M. Михайлюк, сонымен қатар, өтіп бара жатқан әскери эшалоннан кездейсоқ Л.A. Фомин. Ал екінші экипаж ұшқыштары, біздің жерлесіміз Біләл Қалиев, Николай Конкин, Георгий Орленко. Осы зираттардың басына Әбіл мен Шілтен ақсақалдар 1987 жылы барып қайтқан. Мұны Ашхабат қаласында тұратын Шілтеннің баласы Дмитрий де растайды (Шілтен өмірден өткен).Хворостянко мектебінің мұғалімі Л.Г.Гнатюктің естелігінде олар 1990 жылы тағы келіп, қаза тапқан алты жауынгердің аты-жөні жазылған мрамор плитасын орнатып кетеді. Ал Дмитрий болса «Әкемнің айтуы бойынша олар барған кезде қатты жаңбыр жауып, батпақтан жүру мүмкін болмаған соң сол жердің колхозының төрағасы олардың әкелген жазулы мраморын өздерінің орнататынына сендіреді. Артынан суретін салып жіберетінін айтады. Бұл жазуды әкем екеуміз арнайы жасатып едік, онда жауынгерлердің фамилиясы мен ұшқыштардың эмблемасы салынған болатын» дейді. Олардың келгендігі жөнінде, оқушылармен кездесу өткізгендігі, хат алысып тұратындығы туралы Добринск аудандық «Добринские вести» газетінің 1994 жылғы 22 маусымдағы N49 (8450) номерінде арнайы «Хворостянко помнит» атты мақалада кең тоқталған. Оның ксерокөшірмесі біздің мұражайда. Осы жерде бізді екіұдай жайда қалдырған Біләлмен бірге жерленген ұшқыштардың «Егемен Қазақстанда (М. Рысдаулеттің мақаласы) Б.Қалиев, Н.Конкин, Г.Орленко болуы. Сонымен қатар біздің қолымызға оның Батыр екенін анықтайтын нақты құжаттардың түспеуі. Бірақ сонау артта қалған от жалынды өмірін құрбандыққа шалған өрімдердің ерлігі алтын жұлдызбен өлшенбейтінін, олардың әрбір күні қаһармандыққа толы екенін жадымыздан бір сәтте шығармай талмай ізденуден, жазған хаттарымызға сарыла жауап күтуден жалықпадық.
М.Рысдаулет құрамында 15ДБ-ЗФ (ИЛ-4) ұшағы бар екі эскадрилья полковник Е.Н.Преображенскийдің бастауымен ұшып шыққанын жазып еді. Біз осыны негізге ала отырып Подольскіге хат жазғанымыздан төмендегідей жауап алғанбыз. «Сообщаем, Что Е.Н.Преображенский проходил службу в 1-м миннотропедном авиационном полку ВВС Балтийского флота, документы которого Центральный архив МО РФ не хранит. Рекомендуем обратиться в Центральный архив г. Гатчина, Ленинградской область.»
Ендеше қосымша Е.Н.Преображенский жөнінде деректерді де іздеу керек болды. Москва қаласынан 1988 жылы «Военное издательство» баспасынан шыққан екі томдық «Герои Советского Союза» атты кітаптың 317- бетінде ол туралы нақты анықтама беріліпті. Оны сол күйінде бергенді жөн көрдік. «Преображенский Евгений Николаевич родился 22.06.1909 году в селе Благовещенье ныне Кирилловского района Вологодской области. 8 августа 1941 года командир 1-го минно-торпедного авиационного полка (8-я бомбовая авиационная бригада, ВВС Балтийского Флота) полковник Преображенский участвовал в нанесении первых бомбовых ударов по военным объектам Берлина. Звание Героя Советского Союза присвоено 13.08.41. Умер 29.10.63. Похоронен в Москве.» Сонымен қатар осы кітапта белгісіз батырлардың әлі де кездесетінін айтып, соңында кейінірек белгілі болған батырлардың тізімін бөлек көрсеткен.
Ия, Орталық мұрағатта Гатчина қаласына хабарласу жөніндегі ұсынысының да негізі бар екен. Сонымен қатар, кенеттен опасыздықпен тап берген дұшпанға тойтарыс бере алмай, біздің әскерлеріміздің кейін шегініп келе жатқан қиын кезеңдерінде жау астанасын бомбылау Жоғарғы Бас Қолбасшының тапсырмасы екені де көзге ұрады. Оны Е.Н.Преображенскийге Берлинді бомбылаудан кейін бес күн өткесін Батыр атағы берілгені растай түседі. Басқа уақыттарда ұсыныс жоғарыға барып, бекіп, жарлық шыққанша көп уақыт өтпейтін бе еді.
Гатчина қаласындағы Орталық әскери-теңіз мұрағатынан келген хаттан да нақты жауап ала алмадық. Бірақ үміт отымызды да сөндірмеді. Онда:
«По учёту личного состава ВМФ, погибшего и пропавшего без вести Билял Калиев не проходит. В списках личного состава ВВС Балтийского флота, представленных к званию Героя Советского Союза за участие в полётах на Берлин Б.Калиев не значится. Но, для сведения сообщаю, что согласно данным военно-исторического отчёта о боевых действиях ВВС Балтийского флота за 1941 год, в полётах на Берлин в августе 1941 года участвовала группа под командованием полковника Преображенского Е.Н. сформированная из личного состава 1-го МТАП (Минноторпедного авиационного полка) ВВС Балтийского Флота и личного состава Красной Армии /до 33 самолетов/.
В документах ВВС Балтийского Флота из какого соединения ВВС Красной Армии привлекались лётчики для выполнения боевого здания не указано.
Зав. архивохранилищем Р.Рязанова», - деп берілген.
Біздің қолымызға ерлік көрсеткен ұшқыштар жайында материалды танымсыз іздеу бағытында кітапхана қорынан 1974 жылы Таллин қаласындағы «Эсти Раамат» баспасынан шыққан «В небе летчики Балтики» атты кітап түскен еді. Осы кітапта Ұлы Отан соғысы жылдары Балтық Флотының әскери Әуе Күштерінің қолбасшысы болған М.И.Самохиннің «Над Берлином» атты мақаласы Е.Н.Преображенский туралы нақты деректер келтіреді.
Тамыз айының басында немістер біздің территориямызға 500-600 шақырымдай ішкері еніп кетті. Біздің көптеген аэродромдарымыз жау қолында қалды. Гитлершілдер біздің «ДБ-3» алыс қашықтыққа бомбалайтын ұшағымыздың техникалық, тактикалық мүмкіндігін зерттей отырып, оларды Берлин үстіне келеді деп ойламады да. Астанамыз Москваға олар соғыс басталғаннан кейін тура бір ай өткеннен соң 22 шілде шабуыл жасаған еді. Осыдан кейін олар бізге қарсы тұратын орыстарда авиация жоқ, түгелдей талқандалды деп әлемге жар салды.
Бірақ, олардың Москваға шабуылы жауапсыз қалмады. Берлинді бомбалауға екі авиациялық Балтық флотының әскери әуе күштері және Қызыл армияның басқа бөлімдерінен алысқа ұшатын авиациясы қолданылды. Теңіз ұшқыштарын полковник Е.Н. Преображенский басқарды. («В небе Балтики.» Таллин.1974, 16-17 бет).
Басын ашып айта келетін бір жай, Берлинді бомбалау үздік-үздік жиырма сегіз күнге созылып, қалаға 10 рет шабуыл жасалды. Өткені, 88 мың гектар жерді алып жатқан Берлинде 22 авиациялық және авиамотор жасайтын завод, 7 электростанция, 13 газ заводы, 22 станок жасайтын және металлургия заводы, 7 электр құралдарын жасайтын және 24 темір жол станциясы бар еді. Сонымен қатар қаланы қоршай орналасқан 60 аэродром болатын.
Осы кітапта Е.Н.Преображенскийдің атқыш - радиусі болған В.М.Кротенконың «Курс на Берлин» атты мақаласы бар. Онда М.Рысдәулеттің мақаласында көрсетілген Берлинге 8 тамызда шабуыл жасаған Балтық флотының 15 ұшқышының фамилиясы аталады. Олар: Александров, Беляев, Плоткин, Ефремов, Дроздов, Гречинников, Дашковский, Русаков, Фокин, Мельгунов, Финячин, Трычков, Леонов, Кравченко.
Әрине, бұл өте қиын кезең еді. Эстония жерінде қанды қырғын шайқастар болып жатты. Солай бола тұра Когул аэродромына (Саарема аралы) біздің алысқа ұшатын бомбалаушы ұшақтар келіп қонып жатты. Бұл жерде олар өте күрделі де, қиын операцияға дайындалу керек еді. Ең қиыны дәл осы уақытта неміс авиациясы Литва, Латвия Эстония жағалауларына келіп, өздерінің базасын орната бастады. Бар дайындық жұмыстары немістердің дәл тұмсығының астында жүріп жатты.
Саарема аралынан Берлинге барып қайта оралу 1800 шақырым, оның 1400 шақырымы Балтық теңізі үстінде өтуі тиіс. С.Ильюшиннің конструкциясы бойынша жасалған, ұшқыштар еркелетіп «букашка» атап кеткен (ДБ-3) сағатына 300 шақырым алатын, сол кездегі жаңа ұшақ еді.
Преображенский бастаған үш звено ұшақ аралдан 1941 жылғы 7 тамызда 20 сағат 30 минутта көтерілді. «Әр ұшаққа өздері бомбалайтын объект берілген болатын. Біздің міндетіміз Силинс-Щуккерта заводын бомбылау еді. Оны орындап таң ата жеті сағат аспан сынынан кейін аэродромға келіп қондық. Ұшқыш Иван Петровия Финягин, штурман Александр Никифорович Дикий, радист Морокина, атқыш Шуев бар экипаж ғана Берлин үстінде зенит атқылауынан қаза болды. Қалғаны түгел оралды»- деп еске алады В.М.Кротенко.
Берлин радиосы ертеңіне«...ағылшынның 150самолеті Берлинді бомбалауға келді. Оның 15-і ғана қалаға кірген еді. 99-ы атап түсірілді»,- деп жар салды. Оларға қарсы ағылшындар бұл күні ауа райының қолайсыздығынан бізден бірде-бір ұшақ әуеге көтерілген жоқ деп жауап қайтарды.
Кеңес ұшақтарының Берлинді бомбалауы Гитлердің ашу-ызасын келтірді. Ашуланбай қайтсін, өзінің министрі Геринг болса Москваны бомбалаудан кейін, орыстар енді әуеге көтеріле алмайды деп әлемге жар салған жоқ еді. Ал Геринг болса өз кезегінде орыс авиациясы жөнінде дұрыс мағлұмат бермеді,- деп Москвадағы әскери атташені жазғырды. Тек жазғырып қойған жоқ, түн жамылып келіп ақ ордасын талқандаған орыстарға қайран қыла алмай, «Таз ашуын тырналап алады мен» әлгі байғұс атташені аттырып тынды.
9 тамызда жау астанасы тағы да бомбаланды.
...13 тамызда біз толықтырулар алдық. Берлинге берер соққыны күшейту мақсатымен Жоғарғы Бас Қолбасшы Қызыл Армияның басқа әскери әуе күштерінен екі эскадрилья «ДБ-3» ұшақтарын жіберді. Оларды майор Щелкунов және капитан Тихонов бастап келді. Енді Берлинды бомбалаушы ұшақтар саны 40-қа жетті» - деп жазады. В.М.Кротенко («В небе Балтики». Таллин, 1974, 108-117-бет»)
Ендеше, осы мақалада көрсетілген деректерден және Гатчина қаласынан келген анықтамалардан білгеніміз Б.Қалиев Балтық Флотының әскери әуе күштерін де тізімде болмаса да, Берлинді бомбалауға басқа әскери бөлімнен келгені анық. Себебі, М.Рысдәулеттің мақаласында 15 ұшақ қатысқан делінсе, архив документтерінде нақты 33 ұшақтың қатысқаны көрсетілген. Бізді өкінтетіні олардың қандай бөлімдерден тартылғаны туралы деректің Гатчина мұрағатында болмауы.
Бұған қосымша Өзен қаласында тұратын немере қарындасы Күләштің «Біләл ағамның мамама (жеңгесіне) беріп кеткен газеттегі («Правда» газеті болуы мүмкін дейді) үш ұшақтың суретін 1953 жылы Шілтен ағама беріп едік»- деген сөзі де көп нәрсеге жетелейді. Оны Шілтеннің баласы Дмитрий өз хатында былай деп айтады. (Олардың шешесі украиндық, қазақша білмейді):
«Теперь на счёт фотографии, да действительно у нас была одна фотография снятая с газеты. Там действительно было три лётчика, один из них Билял, мой дядя. После кончины моего отца, к нам приезжала жена Абиля и двородной брат, они ездили в Красноводск и добились, чтобы выграверовали на постаменте Героев Отечественной войны сделали фамилию и имя Виляла.
На обротном пути они забрали все фотки кроме двух, одну я высылаю вам (маленькую)»
Ал Нина Дәулетова өзінің маған жіберген ксерокөшірмелері ішінде жоғарғы жағына «Герои Отечественной войны» деген жазуы бар үш әскери ұшқыштардың суретін жіберіпті. Олардың астында: «Воздушный снайпер Биляль Калиев, срывший вражеский «Мессершмитт», смелый мужественный штурман Иоффе искусный водитель воздушных короблей және «участник многих вылетов на разгром змейных гнёзд фашистов лётчик Иван Удовенко» деп жазылған. Нина қай газеттен алынғанын білмейді. Бұл бәлкім баяғы Күләш айтқан Біләлдің өзі тастап кеткен газет пе, ол жағы белгісіз. Оны білетін Шілтен өмірден өтті.
Сол Нинаның маған жазған хатының ішінде Біләлдің замандасы Қабыл Арықов деген ақсақалмен оқушылардың кездесуі өткенін, оны Қабыл Біләлмен хат алысып тұрғанын, соңғы хатында «Қабеке, мен Москвадан жазып отырмын, сағат кешкі төрт, күн кешкіріп келеді. Біз Ставкадан арнайы тапсырма алдық. Дальний бомбардировкаға, Берлинді бомбалауға ұшқалы отырмын. Өзімнен хабар бармай хат жазба» - дегені Гатчина қаласынан Орталық әскери - теңіз флоты архивінің бізге келген жауабын растай түседі. Егер М.Рысдәулеттің мақаласындағы 15 ДБ-ЗФ (Ил-4) ұшағы Балтық флотына бағынышты 1-ші минно-торпедо авиациялық полкінен болса, қалған 18 ұшақ архив құжаттарында көрсетілген Қызыл Армияның әр жеріндегі таңдаулы ұшақтары болғаны анық. Өйткені, жау жеріне Еуропаны көктей өтіп барып, олардың он қабат ордасын бомбалау үшін кез - келгенді ала бермейтіні өз-өзінен белгілі. Біләлдің Иоффемен, Удовенкомен бірге түскені сол сапардан кейін болса керек. Қаза тапқанда оның қасында басқа ұшқыштардың болуы заңды да. Өйткені, күн сайын талай тағдыр үзіліп, талай қыршын жас көктемей жатып солды емес пе?
Красноводскідегі №3 мектептің мұғалімі Нина Дәулетоваға «Жаңа майдан» халықаралық жауынгерлік ескерткіш мейірімділік қорының президенті академик С.Шалабаевтың атынан Кеңес Одағының Батыры Б. Қалиев жөнінде көп іздеп еңбектенгені үшін алғыс хат келіпті. Әттең ... тағы да бір әттеңі ол ағамыз да өмірден өтті. Уақытында білмегеніміз қашанда бармақ тістетумен келе жатыр ғой. Өйткені, С.Шалабаев пен Шілтен ағалардың бір-бірімен араласып, таныс-біліс болуы айдан анық, бір жерде өскен адамдар ғой.
Хворостянко орта мектебінің мұғалімі Л.Г.Гнатюк өз хатында қолында нақты құжаттардың жоқ екенін жаза келе соңында «...к этому времени выяснилось, что погибший летчик Калиев Б.К. был Героем Советского Союза» - деп аяқтайды.
Бәлкім ұзақ ізденістер нәтижесінде Шілтен ағамызда нақты деректер болған да шығар. Көзі кетіп, өзі өмірден өткесін жоғарыдағы Шілтеннің баласы Дмитрий жазғандай, ағайындары алып та кеткен. Егер оларда осындай нақты деректер болмаса республикалық беделді газетке жазылмаған болар еді. Кезінде Тараз қаласында тұратын М.Рысдәулетпен телефон арқылы хабарласқанымда ол деректерді ағайындарынан алғандығын айтып еді. Бұған тағы бір қосымша айтарымыз, Москвадағы болсын, республикадағы болсын мұрағаттар кез келген адамның сұрауына баяғы өздеріндегі дайын деректерді жібере салады. Біләл туралы, оның қаза тауып жерленгені сексенінші жылдары белгілі болды. Басына ескерткіш орнатылды. Нина Дәулетова тіпті, Подольскіге Біләлдің қаза тапқан уақытын, жерленген жері туралы қосымша материалдар жібергенін жазады. Солай бола тұрса да олардан бір бағытта жауап келеді.
Тіпті беріде 1993 жылы Ашхабат қаласында шыққан, боздақтарға арналған «Хатыра» -(Память) атты кітапта «Калиев Белял Калиевич, Совет Союзының қахарманы, Маңғышлақ районында 1917 й.д. қазақ с-т, 14.07.42-й. Дерексіз кеткен», - деп жазылған.
Ағайындарында кезіндегі оның ерлігін, батырлығын айғақтайтын құжаттардың болғаны анық. Әйтпесе, Біләл туралы жазылған деректерді олар аспаннан алған жоқ қой. Красноводск (Түркменбашы) қаласында тұратын Нина Дәулетова сонау алпысыншы жылдары Біләл туралы Балкан облыстық және республикалық «Туркменская искра» газеттерінде жазылғанын берген еді. Біздің ол газеттерге берген сұрауларымыз өкінішке орай әзірге нәтиже бере қойған жоқ. Қазір Біләлдің тумаластары әр жерде Түрікменстанда, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында тұрады. Әркім өзіндегі Біләлге қатысты нәрселерді құрандай қастерлеп сақтауда. Бірақ соның бәрін жинақтап мұражайға тапсыру жөнінде қаншама хат жазып хабарласақ та, ол ұсынамыз қазекемнің жайбасар ауылынан әлі қозғалар емес.
Аз жұмыс жасалған жоқ. Мұражай бағытында нақты бір дерегі табылар - ау деген үмітпен ол оқыған әскери училищеге, Түрікменстан архивтеріне хаттар жазылып, әлі де үмітімізді үзбей жауабын күтудеміз.
Қалай болғанда да қасиетті Бекет - ата жерінде өмірге келіп, Үстірт шыңдарынан қанатын қатайтып, жиыр ма бес жасында жау ордасына жасындай жалтылдап қаһарын төккен Ұлы Отан соғысындағы жеңісіміздің алғашқы бастамашысы болған Кеңес Одағының Батыры, Маңғыстау перзенті Біләл Қалиевтің ерлігі өшпек емес.
Отыншы Көшбайұлы, Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі.
ЖАУЫНГЕРЛІК « ДАҢҚ» ОРДЕНІНІҢ ТОЛЫҚ ИЕГЕРІ КЕМЕР ОҢҒАЛБАЕВ
Маңғыстау жері мен Түрікмен топырағында Оңғалбаевтар «әулетін білмейтіндер аз. Маңғыстаудағы тұңғыш Совдептің басшысы, бүкіл Закаспий облысындағы ұлы өзгерістердің жүзеге асуына белсене қатынасқан Нұрсұлтан Оңғалбаев, оның туысқандары Қоңарбай, Дауылбай, Қажы, Лeпec, Сәду, Сахи, Құрманғали Оңғалбаевтар өлкеміздің тарихында айрықша орын алатын біртуар тұлғалар. Нұрсұлтан Оразұлы Оңғалбаев Ресейде Қазан төңкерісі болған кезде Ашхабат гимназиясын бітіріп келген еді. Саяси білімі мол, көзі ашық азамат туған даласына тәуелсіздік әперерліктей өзгерістердің кезеңі туғанын анық білген еді. Кетікте жүмысшылар мен солдат депутаттарының кеңесін құруға кірісіп, елдің көзі ашық азаматтарын бас қосуға шақырды.Өзі бас болып Маңғыстауда мұсылмандар кеңесін құрды. Нұрсұлтанның басшылығымен 1917-1918 жылдары Маңғыстауда тұңғыш рет Совдеп құрылып, алпыстан астам ауыл ел басқарудағы жаңалықтарды қолдады. Нұрсұлтанның өмірлік басты бағыты - өзінің туған өлкесі Маңғыстауда ақ жарылған дәуір орнату, тәуелсіз Адай уезін нығайту болды. Оның осынау мақсаттарына бауырлары Сәду, Құрманғали, Сахи да көмектесті. Сәду Оңғалбаев Түрікменстан Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары, Түрікменстанның Мәскеудегі Орталық үкіметі жанындағы тұрақты өкілі болды. Ал, Құрманғали Оңғалбаев 20-жылдары Мәскеуде Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университетін үздік бітіріп, 1928-30 жылдары Ашхабат қаласындағы Халық Комиссарлары Кеңесінің Бас саяси басқармасының төрағасы, 1936-38 жылдары Ташауыз округтік партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Өмірбаяндық осынау қысқа деректердің өзінен-ақ Оңғалбаевтар әулетінің осал болмағанын аңғаруға болады.
Оңғалбаевтар Адайдың Жары руынан тарайтын Тоқтамыс бөлімінен. Ораздың Қонарбай, Дауылбай, Нұрсұлтан, Хажы, Лепес деген балалары болған. Жергілікті халық бұларды «Қара Жүсіп балалары» дейді. Қара Жүсіп украиннің ұлы ақыны Тарас Шевченконың жол бастаушысы, сәулетші болған. Дауылбайдың 4 бала, бір қызы болды. Олар-Сәду, Сахи, Құрманғали, Сман және Түрме. Жалпы, Оңғалбаевтар әулетінің 30-40-жылдар аралығында репрессиядан аман қалғаны Сман мен Түрме. Нұрсұлтан, Қонарбай, Хажы, Лепестер алғашқы лекте, яғни 1928-30 жылдары ұсталып, атылды, ал, Сәду, Сахи, Құрманғалилар 37-жылдың ойранында жоқ болған.
Оңғалбаевтар әулетінің үшінші буыны Кемер Оңғалбаев Сахидың баласы, 1925 жылы Маңғыстауда туған. 1937 жылы Сахи ұсталғаннан кейін әйелі Әмина ұлы Кемер мен үш жасар қызы Әсемді ертіп Түрікменстанды сағалады.
Кемер Оңғалбаев армияға 1943 жылы тамыз айында Красноводск қалалық әскери комиссариатынан шақырылды. 18 жастағы жігіт қысқа мерзімді әскери даярлықтан өтісімен 1943 жылдың қазан айында 4-Украина майданының 581-атқыштар полкінің құрамында соғысқа кірісті.
Ойран - ботқасы шыққан Украина жері. Көк - жасыл желекке бөленген кербез дала, қарағайлары мен самырсындары сыңсыған орман, тырна көз көлдер мен жіптей ирелеңдеген жіңішке өзендер - Украинаның осынау әсем табиғаты оқ-дәрі дүмпуінен шұрық-тесік жаралы халде. Кемер немістермен алғаш рет бетпе-бет айқасты Пришево селосы маңында көрді. Жауды түре қуып шыққаннан кейін, полк командирі сарбаздарға алғыс жариялап, аз кем тыныстап алуға рұқсат берді.
Украина жерін азат ету жолындағы қиян-кескі айқастардың бірінде Кемер жараланып қалады. Батальондық емханада бір жұмадай жатып, жарақаты жазылып үлгермей - ақ алғы шепке сұранады. Бұл кезде жау әскерлері Украина жерінен үдере қашып бара жатқан еді. Кемер өз полкін Баты Украина жерінде қуып жетті.
1944 жылдың 20 ақпаны күні Кемерлердің полкі Живачев қаласы түбінде жаудың тегеурінді тойтарысына тап болады. Шегініп бара жатқан жау осы қаланы мықты бекініске айналдырып алған екен. Қаланың шығыс бетіндегі окоптарға орналасқан капитан Брабко басқаратын батальон тан ала кеугімнен немістердің күшті шабуылына тойтарыс беруіне тура келеді. Батальон орналасқан шепке жаудың жаңа күшпен толысқан полкі шабуылдайды. Күш тең емес. Бірнеше сағатқа созылған қиян - кескі айқастан батальон қатары сиреп қалады. Кемердің взводынан да адам шығыны көп. Кемер қатардан шығып қалған жолдастарының міндетін бір өзі атқарып, окоптың ана шетінен мына шетіне жан - таласа жүгіріп, жауды беттетпеудің бар амалын жасап бағады. Немістер әлденеше рет шабуылға шығып, тегеурінді қарсылыққа тап болып, тұмсығы тасқа тиген жайындай кейін серпілуге мәжбүр болады. Капитан Брабко Кемердің взводына келіп, жағдайға қаныққаннан кейін, көмекке беретін қосымша күші жоқ, амалсыздан «Держись, Кемер!» деп жігер беріп кетеді. Ұрымтал түс деп үлкен күш жұмылдырып, ұрыс салған жерін ала алмай жаудың да әбден сілікпесі шығады.
Түс қайта бұлардың қорғаныс шебіне арттан қосымша күш келеді. Кемердің взводындағы отыз адамнан соғысқа жарамды алты-ақ жауынгер қалған екен. Сол күні кешкісін Живачев қаласы 581-полктің үрдіс шабуылымен жаудан тазартылып, немістердің тағы бір мықты бекінісі алынады. Полк командирі жаудың үлкен күшіне төтеп берген, жаумен жанқиярлықпен айқаса білген Кемер взводындағы аман қалған алты жауынгерді Отанның ең жоғарғы наградасына лайық деп бағалайды. Батальон командирі Брабко аға сержант Кемер Оңғалбаевты Кеңес Одағының Батыры атағына, басқа жауынгерлерін де жоғарғы наградаларға ұсынады.
Отызыншы жылдар зобалаңында Оңғалбаевтар әулетінің басына түскен зұлматтар жаңғырығы қанқұйлы жаумен осылайша айқасып жатқан Кемердің де алдынан шығады. Соғыс жүріп жатқан сұрапыл кезеңге қарамастан әр жауынгердің ата-тегін тексеріп, қалт жібермей қадағалап отырған әскердегі саяси бөлім қызметкерлері Кемердің қайдан шыққанын, тұқым-теберегін жақсы білетін еді. Олар он жерден ерлік көрсетсе де Оңғалбаевтар тұқымына Отанның жоғары наградасын қиғысы келмейді. Сөйтіп, Кемер 1 дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.
Қазақтың ержүрек жігіті бұл кезде саяси бөлімдегілердің жымысқы әрекеттерімен жұмысы да болған жоқ, ел шебінен жауды қуып, туған жерге жеңіспен оралуды мақсат тұтты.
Кемер Оңғалбаевтың қолынан іс келетін жаужүрек жігіт екенін байқаған командир оны барлаушылар жасағына қосты. Бұл өте жауапты, небір жанкешті тап - сырмаларды орындайтын жасақ,қырағылық, тапқырлық, шыбын жанды шүберекке түйетін шынайы ерлік сияқты қасиеттердің сынға түсетін сәті енді келгендей.
...Жауынгерлік тапсырма алған үш жігіт ымырт қараңғылығын жамылып, жау шебіне кірді. Немістердің негізгі күші шоғырланған жерге келіп, жанармай, транспорт, қару-жарақ мүмкіндіктерін анықтап, командирге хабарлады. Барлаушылар жау ұясынан құр кетпей, оқ - дәрі сақтаулы қоймаға от берді. Үш жігіт қолға түсірген «тілін» арқалап, өзіміздің әскерлер орналасқан орман шетіне жеткен сәтте жаудың оқ - дәрі қоймасының күлі көкке ұшып, түн қараңғылығын түре лапылдап жатыр еді. Кемердің полкі іле шабуылға шығып, жаудың мықты бекіністерінің бірін шығын шығармай басып алды. Мұндай ерлігі үшін Кемер Оңғалбаев II дәрежелі «Даңқ» орденіне ұсынылды.
1944 жылдың тамыз айында Кемер тағы да жараланды. Украинаның ең батыс шекарасындағы Ужгород қаласында аз-кем емделген соң, Кемер тағы да майдан шебіне ұмтылды. Бұл кезде біздің әскерлер Кеңес Одағының шекарасын жаудан түгел тазартып, Европа құрылығын да фашистік басқыншылардан азат етуге кіріскен еді.
Кемер Оңғалбаевты I дәрежелі «Даңқ» орденімен наградтау туралы қағазға полк командирі подполковник Голуб былай деп жазған:
«1945жылы 8 қаңтарда Будапешт қаласы түбіндегі Ракоши станциясын және цемент зауытын жаудан тазарту үшін К.Оңғалбаев барлауға жіберілген еді. Ол жау ұясына жеке-дара еніп, негізгі оқ ұяларын жойды және немістің бес солдатын тұтқындап, айдап әкелді. Мұның нәтижесінде полктың алға жылжуына мүмкіндік туды.
18 қаңтар күні батальон шабуылға шығар сәтте дұшпанның сақшыларын Кемер бірінші болып байқап қалды. Өзі алға жылжып, жау шебіне келген соң он неміс солдатын жер жастандырып, төртеуін айдап келеді. Нәтижесінде жаудың атыс ұяларын айналын өтіп, біздің бөлім Дунай өзеніне жетті. Жау әскерлері қоршауда қалын, атыс сыз берілуге мәжбүр болды.
20 наурыз күні шабуыл қарсаңында Кемер Оңғалбаев бастаған шағын топ барлауға шығып, жаудың негізгі атыс ұяларын анықтап берді. Сөйтіп бөлімнің алға жылжуына жол атты. Сол күні түнде Кемер жау дзоты орналасқан ұяға жақындап барады. Жауып тұрған оқ ошағына граната лақтырып, оның үнін өшірді. Дәл сол күні жаудың 8 станокты пулемет орнатылған ұяларын анықтап, дәл төбелеріне граната тастап жойып жіберді. Үш жігіт болып немістің 22 солдаты мен бір офицерін тұтқынға түсірді. Мұның нәтижесінде біздің полкіміздің аса маңызды шепті алуына жағдай туғызылды.
22 наурыз күні Балатонфекая деревнясы үшін болған айқас кезінде ауылдың шетіндегі кірпіш зауытының қоймасына орнатылған жау пулеметі біздің әскеріміздің алға жылжуына кедергі болды. Кешке қарай сол үйге Кемер жалғыз аттанды. Оқ астында жер бауырлай жылжып отырған Кемер жау ұясына жақын келеді де танкке қарсы лақтыратын гранаталарды әлгі оқ шашып тұрған терезеге доп теп тастап жіберді. Ортасына аяқ астынан ойран түскен немістер есеңгіреп қалған сәтте Кемер де атылып ішке кіреді.Сол бойда бас көтере бастаған 10 солдатты жайратып тастап, қалғандарын тұтқынға алды. Бас көтертпей оқ шашып тұрған станокты пулеметтің үні өшкен сәтте батальон да көтеріліп, кірпіш зауытының үйіне басып алды.
Кемер Оңғалбаевтың осындай көзсіз ерліктері 1 дәрежелі «Даңқ» орденімен наградтауға лайық.
Қызыл тулы 581-Станиславск полкінің командирі, подполковник (қолы).
23.03.1945 ж».
Қазақ солдаты Кемер Оңғалбаев бұдан кейінгі айқастарда да әлденеше рет ерлік көрсеткен. Бір соғыста барлауға шығып, немістердің оғы астында қалады. Жанындағы взвод командиріне оқ тиіп, ауыр жараланды. Кемер жаралы жолдасын жауға тастамай, жауып тұрған оқ астынан алып шығады. Сөйтіп жауынгер жолдасының өмірін ажал тырнағынан құтқарады.
Ержүрек жауынгер Жеңісті Германия жерінде қарсы алды. Оған 1945 жылдың 29 маусымы күні I дәрежелі «Даңқ» ордені салтанатты түрде табыс етілді. Бұл салтанатқа I Украин майданының қолбасшысы маршал И.С.Конев, армия, дивизия командирлері, өз полкінің командирі генерал-майор Подшивалов қатысып, жеңімпаз жауынгерлерді Ұлы Жеңіспен құттықтады.
Сөйтіп, өлкеміздің даңқты перзенттері Оңғалбаевтар әулетіне Кемер есімді ер ұлан да қосылды.
Кемекең бертін келе айтып отыратын: «Мен сол ұрыста атақ - орден алуды ойлаған да жоқпын. Соғыстағы жағдай біздің әрқайсымыздан осылайша қимыл - әрекет етуді талап етті. Тіпті бұл ордендердің бір-бірінен қандай айырмашылықтары бар екеніне де оншалықты мән бермейтінбіз. Менің жауынгер жолдастарымның, командирлерімнің арасында Алтын Жұлдыз таққан Батыр жігіттер де көп болды. Олар ешқашан да өзгелерден озықпыз, батырмыз деп мақтанған емес. Тар окопта бірге жатып, не көрсек те бірге көріп жүрдік. Ол кездегі адамдардың мінез - құлқы да, ой-өрісі де өзгеше еді ғой.» Кемер соғыстан келген соң Балия есімді қызға үйленіп, отау тікті. Түрікменстанның Красноводск қаласында, Белек бекетіндегі мұндай айдау станциясында түрлі жұмыстар атқарды. Бейбіт еңбекте де осал болған жоқ, әлденеше рет жарыс жеңімпазының белгілері мен мақтау қағаздарын алды.
Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында Одақтық кинематография комитеті «Шел солдат» деген атпен деректі фильм шығаруға кіріседі. Осы фильмді түсіру барысында Деректі фильмдер студиясы «Даңқ» орденінің толық иегері Кемер Оңғалбаевқа сауалдама жолдап, қанағаттанарлықтай жауаптар алады. Бұл жөнінде әйгілі майдангер - жазушы Константин Симонов Кемерге арнайы хат та жолдаған:
«Қадірлі майдандас досым Кемер!
Сені алда келе жатқан Ұлы Жеңістің 30 жылдық мерекесімен құттықтаймын, мықты денсаулық, таза ғұмыр тілеймін.
Жеңіс мерекесіне арнап «Шел солдат» атты деректі телефильм түсіргенімізден өзін хабарлысын. Бұл фильм мереке қарсанында теледидар арқылы және кинозалдарда көрсетіледі. Онда Сен жайында да деректі сюжеттер бар. Қарарсың.
Біздердің, сол сұрапыл жылдар жауынгерлерінің. Ұлы Отанымыздың азаттығы жолындағы ерлік қимылдарымыз ешқашан ұмытылмайды.
Кемер! Өзіңе саулық, семьяңа бақыт тілеймін.
Сәлеммен, Константин СИМОНОВ,
КСРО Кинематографистер Одағының төрағасы.
Москва. 15.04.1975 ж.»
Кемер Оңғалбаев соғыстан кейін темір жолда, мұнай өндірісі саласында жұмыс істеді. Жұмыс бабымен де, Жеңіс мерекелері тұсындағы түрлі салтанаттарға қатысу үшін Мәскеуге, басқа қалаларға барып тұрған. Әйгілі жазушы, Социалистік Еңбек Ері К.Симоновпен осындай салтанаттар кезінде ме, әлде тіпті, соғыс жылдарында ма, кездесіп танысқан. Мұны жазушының Кемерге жолдаған жоғарыдағы құттықтау хатынан да байқауға болады.
Кемер Оңғалбаев өмірінің ақырына дейін қоғам өмірінен, майдандас жолдастарынан қол үзбеген. Даңқты мерекелерде Түркістан әскери округының қолбасшылары генерал-полковник К.Лященко, генерал-лейтенант С.Белоножко, генерал-майор А.Дебалюк, 151-Жмеринск дивизиясының командирі гвардия генерал-майоры Подшивалов жолдаған құттықтау хаттар да К.Оңғалбаевтың жеке архивінде сақтаулы тұр.
«Даңқ» орденінің толық иегері, ержүрек жерлесіміз Кемер Оңғалбаев 1977 жылы Красноводск ауданындағы Белек кентінде өз шаңырағы астында қайтыс болды. Баласы Бауыржан әкесі қайтыс болған соң оның есімін есте қалдыру мәселесін аудан басшылары алдына әлденеше кезек қойған. Бұл мәселемен Белек кентінде №29 қазақ орта мектебінің мұғалімдер ұжымы да айналысты. Осы мектеп мұғалімдерінің 1981 жылы 6-сәуірде болған жалпы жиналысының қаулысында былай делінген:
«Жауынгерлік «Даңқ» орденінің үш дәрежесін иемденген, ержүрек жерлесіміз Кемер Оңғалбаевтын есімін есте мәңгі қалдыру мақсатымен және мектептің іргетасы қалағанына 15 жыл толуына байланысты Белек кентіндегі № 29 орта мектепке «Даңқ» орденінің толық иегері Кемер Оңғалбаев есімін беру туралы Красноводск облыстық Кенесінін атқару комитетінен сұралсын».
Жиналыс төрағасы, мектеп директоры Т.Нұрманов
Жиналыс хатшысы Т.Оразова
06.04.1981 ж.
Бұл қаулының бір данасын Түркменстан Жоғарғы Кеңесінің Төралқасына, Оқу министрлігіне де жолдаған. Осы мектептің сол кездегі директоры Таңатар Нұрманов көп жылдар бойы Түпқараған аудандық білім бөлімін басқарды. Қазір Маңғыстау облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру орталығының маманы болып жұмыс жасайды.
Мектеп ұжымының, ауылдастарының соғыс ардагерлерінің мұнай ұсыныстары аудандық, облыстық газеттерде жарияланды. Әйтсе де, нақты қаулы қабылдайтын ұйымдар Оңғалбаевтың фамилиясын естігеннен бастап бойын аулақ ұстауға тырысқанын байқаймыз. Бұл, әрине КГБ сияқты ұйымдардың аузымен құс тістеп тұрған кезінде болды. Олар нысанасына бір іліккен есімнің жеті атасын түгендеп шығатын. Кемердің алдынан тағы да 1928-37 жылдарда заңсыз қуғындауға ұшырап, бейкүнә атылып кеткен әкелері мен ағаларының, Маңғыстау мен Түрікменстанға аты мәшһүр Оңғалбаевтардың есімдері көлденең шыққаны сөзсіз.
Оңғалбаевтар әулетінің ұрпақтары қазірге дейін аталар даңқына адал қалпында, олардың ел бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрес пен ерлікке толы өмірлерін, талайлы тағдырларын мерей тұтады.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында төңкерістен кейінгі өзгерістерге көзі ашық, сауаты бар азаматтар белсене араласқаны мәлім. Түрікменстан Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы Нәдірбай Айтақов Маңғыстаудағы Ақшұқыр ауылында туып - өскен. Форт-Александровскідегі орыс - түзем мектебін бітірген. Нәдірбай Оңғалбаевтар әулетімен бала жастан ауылдас, құрбы - құрдас болып араласып, тай-құлындай бірге өскен адам. Түрікменстанда кеңес өкіметі орнатыла бастаған қиын - қыстау кезеңде Нәдірбайдың өз жанына Сәду, Құрманғали сынды сенімді достарын тартуының себебі сондықтан. Сәду Н.Айтақовтың орынбасары, Түрікменстанның Мәскеудегі өкілі қызметтерін атқарды. 1937 жылы осы қызметті атқарып жүрген кезінде Нәдірбаймен қатар тұтқындалады. Нәдірбайға НКВД тергеушілері қойған сұрақтардың барлығында дерлік Сәдудің, Тұрар Рысқұловтың есімдері бірге аталады. Олардың ой-армандары, мақсат-мүдделері ортақ болғанын, мемлекеттік мәселелерді бірлесе отырып шешкенін осыдан да айқын аңғарамыз.
Сәдудің Хамза, Нина есімді ұл мен қызы болған. Сәду Мәскеуде қызметте жүріп ұсталған кезде ұлы Хамзаны қолында оқып жатқан кіші інісі Сман астыртын алып қашып, Ашхабадқа әкеледі. Ал, кішкентай қызы Нинаны үкімет адамдары Мәскеудегі балалар үйіне тапсырады. Қимас досының қызы тірі жетім болып, қамқорсыз қалғанын естіген Тұрар оны үйіне әкеліп, өз балаларымен бірдей бағып-күткен. Кешікпей Тұрардың өзі де ұсталып, семьясы бас сауғалап кеткен кезде де Нина осы ошақтан ажырамаған. Нина интернаттарда, кісі қолында тәрбиеленіп, оқып есейді. 1950 жылдардың аяқ кезінде Мәскеудегі ВГИК-те оқып жүрген Нұрым Байрам деген түрікмен жігітімен дәм-тұз жарастырып, отау құрады. Қазір Ашхабат қаласында тұрады. Бала-шағалы. Немере сүйіп отырған бақытты әже.
Сман өз әулетіне бүйідей тиген үкімет құрығынан бой тасалап, алғашында Ашхабадқа, кейін Алматыға аяқ артады. Ағасы Сәуден қалған жалғыз тұяқ Хамзаны да қасынан тастамайды. Алматыда сұрастыра жүріп 37-де ұсталғандар Қарлагте, Қарағанды облысындағы лагерьде дегенді есітіп, ағаларынан бір дерек табылар деген үмітпен Жезқазғанға келеді. Сөйтіп, осындағы Жаңаарқа ауданында тұрақтап қалады. Кешікпей соғыс басталып, Сман да майданға аттанады. Соғыста ауыр жарақат алып, мүгедек болып оралған ол ел ішіндегі еңбекке араласады, осында үйлі-баранды болады.
Сманнан Ислам, Ғазиз, Бақыт, Ақайша, Гүлайша есімді бес бала бар. Смекең Сәдудің ұлы Хамзаны да үйлендіріп, Оңғалбаевтардың ойсырап қалған бір отауын тіктейді. Хамзаның Өмірзақ есімді баласы бар. Бұл Оңғалбаевтар қазір де сол Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында, Жамбыл облысында тұрып жатыр.
Құрманғали Оңғалбаев та сол кездегі сауатты, білікті басшы азаматтың бірі болған. Мәскеуде КомВУЗ-ды бітіріп, Ашхабадта жоғары партия мектебін басқарады, 30-жылдардың аяғында Ташауыз обкомының I хатшысы қызметінде жүріп ұсталған. Құрманғалидің Нариман есімді бір баласы бар. Қазір Түрікменстанның Байрамалы қаласында. Нариман 13 бала тәрбиелеп өсірген үлкен әулеттің отағасысы. Наурызбай деген баласы Сайөтесте тұрады.
Дауылбайдың үлкені Түрме есімді қызы да ата салтын жалғастырған, көзі қарақты, көңілі ояу, көп білетін адам еді. Бұл кісіні көрдік, кездесіп әңгімелес болдық. Ұзын бойлы, жасы жүзге таяп қалса да жүзінен нұры таймаған, яки «сыры кетсе де сыны кетпеген», айналасына сыйлы адам еді. 1991 жылы Красноводск қаласында 100-ге келіп қайтыс болды. Түрме кезінде Форт - Александровскіде орыс мектебінде оқыған, Ашхабадта кәсіби білім алған екен. 20-жылдардың аяғында Қарабұғаз өндірісін игеруге, ел сауатын ашуға қатысып, мәдениет майданына, колхоздастыру ісіне белсене араласқан. Түрме соғыс жылдарында, одан кейін де біраз жыл Красноводск аудандық атқару комитетінің төрайымы болып қызмет етті. Күйеуі тіней Таушанбай деген кісі момын адам еді, ертеректе қайтыс болды. Қазір Түрменің Текемұрат деген баласы Жаңаөзен қаласында тұрады.
Сахидан Кемер (1925—1977ж.ж) мен Әсем (1933 ж.) Сахи Оңғалбаев та бауырлары сияқты сауатты, белсенді, турашыл адам болған. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында ұжымдастыру, сауат ашу, мәдениет істеріне бел сене араласқан. Әйелі Әмина қараменді жаман адайдың қызы, күйеуі ұсталғаннан кейін екі баласын ертіп Шағадамға қоныс аударыпты. Кемердің қарындасы Әсем қараш Сәрсен деген кісіге тұрмысқа шыққан. Қазір үлкен әулеттің әжесі. Красноводск маңындағы Белек темір жол бекетінде тұрып, бертінде Жаңаөзен қаласына көшіп келді.
Кемердің Шәкірат, Бауыржан деген ұлдары мен Асылхан есімді қызы бар. Әйелі Балия Мамыртайдың қызы, Адайға аты кеткен Ақбөбектің әкесі Есжан, Есқуаттардың немере туыстары. Қазір кенже ұлы Бауыржанның қолында, Ақтау қаласына бертінде көшіп келеді.
Өлкеміздің жаңа тарихын жасауға қанымен де, жанымен де өлшеусіз еңбек сіңіріп, өшпейтін із қалдырған Оңғалбаевтар әулетінің бір діңгегі Кемер Оңғалбаев та аталарының даңқына сай өмір сүрген, Маңғыстау Батырларының жұлдызды шоғырынан ойып орын алатын, есімін елі мақтан етуге лайық ержүрек перзентіміздің бірі.
ЖАУЫНГЕРЛІК «ДАҢҚ» ОРДЕНІНІҢ ТОЛЫҚ ИЕГЕРІ ПАВЕЛ ЯКОВЛЕВИЧ МАЛАЕВ
Маңғыстауда тұратын Батырдың бірі Павел Яковлевич Малаев. П.Я.Малаев соғысты өзінің туған жері Брянск облысының Трубачевск селосында қарсы алады. 1941 жылғы 22 маусым күні таң алдында КСРО шекарасына тұтқиылдан шабуыл жасаған неміс басқыншылары бейбіт елдегі тірлікті, сілтідей тұнған тыныштықты бұзды. Ер азаматтар жедеғабыл жиналып майданға аттанды. Әйелдер мен бала-шағалар елдің шығысына Қазақстан мен Орта Азияға шұбырды. 16 жасар Паша Малаев жергілікті әскери комиссарға өзін майданға жіберуді сұрап әлденеше барғанмен жауап біреу - «Жасың жетпейді, балақай! Сен әлі-ақ бізге қажет боласың.» Осылайша әскери комиссарға қашан қажет болар екенмін деп күбініспен күтіп жүргенде неміс басқыншылары Малаевтар тұратын шағын селоны бір күнде басып алады. Паша немістердің қатігездік әрекеттерін өз көзімен көріп, кек кернеген кеудесін қайда сыйғызарын білмей жүрген күндерінің бірінде өзін майданға жібермей қойған әскери комиссармен кездесіп қалады. Үстінде бұрыны әскери киімі жоқ, күртеше, ескі - құсқы шәпкі мен шаруаның етігі. Комиссар Пашаны тасалау жерге шақырып, партизан жасағынан көмектесуін, орындайтын нақты тапсырмаларын берді. Пашаның келісімін алға комиссар: «Міне, қажет болды деген осы, балақай!» деп арқасынан қаққан.
Естияр бала партизандардың сенімді көмекшісі болады. Пашаның немістер жайындағы мәліметтері партизандардың соғыс қимылдарына айтарлықтай көмегі тиіп тұрды. Паша мылтық асынып, Брянск ормандарындағы алғашқы жауынгерлік тапсырмаларды орындауға да қатысады. Өзі бүге - шегесіне дейін білетін хуторлар мен деревнялардағы немістер көп шоғырланған жерлерді тауып талай рет ойрандап кетіп жүрді.
Осылайша екі жылдай партизан жасағында болған Павел Малаев Брянск қаласы немістерден азат етілген күні 1943 жылдың 5 қыркүйегінде Кеңес Армиясы қатарына алынып, алғы шепке аттанады. Қысқа мерзімдік кіші командирлер даярлайтын курстан өткен соң 950-атқыштар полкінің барлаушылар взводына жіберіледі.
Барлаушылардың міндеті жас жауынгерге партизан жасағынан жақсы таныс. Командирлері Павел Малаевті бірден - ақ жауынгерлік тапсырмаға жібереді. Міндет тіл алып келу, алдағы үрдіс шабуылдар үшін маңызды мәліметтер алу. Екі жігіт болып немістердің әскери бөлімі шоғырланған жерге жетеді. Қараңғы түсуін күтіп орман шетінде біраз бой тасалап жатқан кезде жаудың негізгі күші қайда, оқ - дәрі қоймасы, оларды күзету тәртібі қандай - бәрін бақылап, алдағы әрекеттерін ой сарабынан өткізеді. Түн. Жандарын шүберекке түйген екеу немістердің әскери базасын торып, жақын маңдағы жыраға жеткені сол еді. Жанында бір солдаты бар күзет жетекшісі бермен қарай беттей берді. «іздегенге - сұраған», екі барлаушы демдерін ішінен алып ендігі қимылдарын көзбен ұғысты. Неміс солдатын дымын шығармастан жер жастандырды да әжетке отыруға ыңғайланған унтердің аузына шүберек тығып, жау шебінен алыстай береді... Тапсырма орындалды. Павел Малаев осы тапсырманы ойдағыдай орындап, маңызды мәлімет әкелгені үшін алғашқы жауынгерлік наградасын алған болатын.
Біздің әскерлеріміз Витебск қаласын жаудан азат ету операциясы кезінде де барлау ісінің машықты маманы екенін көрсетті. Жау шебінен екі бірдей неміс офицерін қолға түсіріп, біреуіне жараланып қалған жолдасын арқалатып алып келді. Павел Малаевтің осы сапар да алып келген мәліметтері Витебск операциясын аз шығынмен сәтті аяқтауға септігін тигізді. Сол ұрыста рота командирі ауыр жарақат алып, жауап тұрған оқ астында қалады.Павел Малаев ажал сепкен жау дзотының аузынан жаралы командирін алып шығады. Жай кетпей, дзоттың ішіне граната тастап үнін өшіріп кетеді. Барлаушының осындай көзсіз ерліктерін көрген полк командирі П.Малаевті III дәрежелі «Данқ» орденіне ұсынады.
«Ұрыста тұрыс жоқ». Қанқұйлы жауды өкшелей қуған біздің әскер Батыс Двина өзеніне жеткен. Өзеннен өтетін оңтайлы өткел іздеп, барлауға Павел Малаев басқарған бес жігітті жібереді. Барлаушылар өзенге жетісімен жан-жақты, жігіт бақылауға алып, жаға бойлап жақын маңдағы көпірге беттеді. Арғы бет жау жағы. Бұлар таяп келсе көпір аузында немістер жүр. Жанында жарылғыш заттар тиелген жүк машинасы. Бұлардың көпірді жарып, біздің әскердің жолын бөгеу қамында жүргені белгілі болды. Қаурыт қимылдамаса кеш қалады көпірдің күлі көкке ұшқалы түр. Бес жауынгер жедеғабыл қимылдап, немістердің есін жиғызбастан тарпа бас салады. Мұндайда кім бұрын қимылдаса, сол ұтады.Жаудың 18 солдаты мен офицері күтпеген қонақтарға қарсылық көрсетуге де мұршалары келмей, қол көтеруге мәжбүр болды. П.Малаев тобы полкке осындай ірі олжамен оралып, біздің әскердің арғы бетке аман-есен өтуін қамтамасыз ете білді. Павел Малаев осы ерлігі үшін II дәрежелі «Даңқ» орденін омырауға тақты.
Әйгілі Кенигсберг қамалы. Неміс жері. Бейтаныс өлкенің барлау ісін қиындатар тұсы көп. Бұл кезде Павел Малаев старшина шені бар барлаушы, взвод командирі еді. Полк штабынан түскен бұйрық қатқыл - алдағы үрдіс шабуылдың сәтті өтуі үшін «тіл» қажет. Таңдау тағы да П.Малаев взводына түсті. Аса жауапты тапсырманы орындау үшін шағын топтың тізгінін өзі алды. Қала түбіндегі өндірістік аймақта орналасқан шағын хуторда неміс штабы жайғасқаны мәлім болды. Неміс солдатының киімін киіп, қасына бір жолдасын алды да П. Малаев көше бойлап штаб орналасқан үйге беттеді. Қалған барлаушылар әліптің артын бағып, иесіз қалған ат қораны паналады. Павел жолдасын штаб жанындағы сарайды жарып, немістерге үрей, әбігер туғызуға тапсырма берді де өзі есікті торыды. Есік алдында қорапты мотоцикл тұр.
Ойда жоқта жарылған қос граната штаб маңындағыларды бүйі тигендей әбігерге салды. Кеңес әскері келіп қалғандай, штабты жедеғабыл көшіруге кірісті. Немістер абыр-сабыр жүрген сәтте, солдаттарға ілесіп екеуі де штабқа кіріп кетті. іште бетінде қан-сөлі жоқ ірі шенді бір офицер сенделіп жүр. Қағаз карталарын буып-түйіп, қасындағыларға қысқа бұйрық беріп, кіжініп қояды. Оңтайлы келген бір сәтті пайдаланған екеуі ауызға бөлмеге тағы бір граната жарып, неміс солдаттарын жер жастандырып, офицердің демін шығармай мотоциклге жүктеді де көше бойлап зымырай жөнеледі. Гранатадан бас сауғалап қалған тірілері штаб бастығын қаштыға санап, бұларға мән берген де жоқ.
Неміс әскерлерінің қалың ортасын жарып, өз шебіне олжалы оралған барлаушыларды полк командирі құшақтай сүйіп қарсы алды. Әлгі олжаға түскен офицер полк штабының бастығы болып шықты. Оның қойын қонышынан шыққан және штабтан алған қағаз -қарталар Кенигсберг қамалын алу үшін бағалы мәліметтер берді. Взвод командирі, гвардия старшина Павел Малаев осы ерлігі үшін І дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды.
«Даңқ» орденінің толық иегері, ержүрек барлаушы Павел Малаев бұдан кейін де талай шайқастарға қатысты, Жеңіс күнін Берлинде қарсы алады. Өткен жауынгерлік жолының өшпес белгісіндей омырауында 5 орден, 5 медаль жарқырайды.
Елге келіп, Брянск төңірегінде өз туыстарынан ешкімді де таба алмайды. Әкесі соғыста қаза тапқан. Шешесі мен қарындастары Қазақстанға эвакуацияланған. Қазақстан - кең байтақ. Қайдан табады?«Үмітсіз - шайтан». Іздестірсе - табылып қалар деген нәзік үмітін арқалаған жігіт ақыры Маңғыстаудан бір-ақ шықты. Алғашында Форт - Шевченкоде, Таушықта болып, кейін Ақтау қаласының іргетасын қалау, алғашқы өндірістік объектілерді салу ісіне кірісіп кетті. Осында жар тауып, жанұялы болды. Қазақ даласынан соғыс жылдарында көз жазып қалған бауырларын таба алмаса да бақытын тапты. Бала сүйді. Атом энергетика комбинатын қолымен тұрғызған қарт жауынгер осы кәсіпорыннан зейнеткерлікке шықты.
Демалысқа шықса да Батыр барлаушы П.Я. Малаев қоғам өмірінен қол үзген емес. Ақтау қалалық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі ретінде жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты шараларға қатысып тұрды.
Міне, Маңғыстау жерінде тұрып жатқан тағы бір Батырымыздың ерлік баяны осындай.
ЛЕНИН ОРДЕНДІ ИСАТАЙ СҮЙЕУБАЕВ
Маңғыстау Батырларының жұлдызы шоғырларында Сталинград майданының қаһарманы Ленин ордені Исатай Сүйеубаевтың есімі ерекше құрметпен аталады.
Исатай 1913 жылы Маңғыстаудың Тиген деген жерінде, 18 ауылда (төл құжатында солай деп жазылған.E.I) туған. Аталары Адайдың Мұңалынан, оның ішінде әйгілі сәулетші-шебер Қара Жүсіп, бергі жағы төңкерістен кейін ревком, полпред сияқты мемлекет қайраткерлері Нұрсұлтан, Сәду Оңғалбаевтар шыққан Жары руының Тоқтамыс тайпасынан. Әкесі Жұмалы, Салман, Сүйеубай деген үш ағайынды адамдар екен.
30-жылдардың бас кезінде ел үшін ұлы дүрмекке ұшырып, қуғын - сүргін күшейген тұста Исатай да ауған жұртпен бірге Қарабұғаз асады. Бұл кезде Қарабұғаздағы сульфат өндірісі Одақтық назарға ілігіп, гүрлеп жатқан. Өндіріске Маңғыстау жерінен де жүмысшы күші шақырылып, 700-дей үй көшірілді. Исатай осы өндірісте біраз жыл жұмыс жасайды.
Жастайынан еті тірі, тентек соқтау болып өскен Исатай, көз көргендердің айтуына қарағанда, бұл өндірісте жүріп, тіл білмейтін момын қазақтарға әлімжеттік көрсеткен орыс, кавказ ұлтының содырларына білек көрсетіп, қамқор болған. Исатай Қарабұғаз өндірісінің орталығы болған қазіргі Бекдаш қалашығының іргетасын көтеріскендердің бірі.
Қара күші мен қайратының үстіне ешнәрседен тайсалмайтын жүректілігі бар жігіт еңбектес жолдастары арасында да, өндіріс басшылары алдында да беделді, қай іске де сайма-сай белсенділердің бірі болған. Сол жерде түрлі техникалардың тілін меңгеріп, шофёрлық мамандық алады.
Соғыс алдында Кетікке келіп, аудандағы жалғыз машинаның рөліне отырады. Ол кезде жақсы ат пен машина басшылардың астында. Исатай сол полуторкамен аупартком хатшысын тасиды.
Соғыс басталып, ер-азамат майданға аттанып жатқан шақта Исатай да еріктілер сапында болады, майданға сұранады. Бірақ, қолында билігі бар аудан басшысы машина білетін жалғыз шофёрынан айырғысы жоқ еді. Әскери комиссарға беделін салып, Исатайға бронь алып береді. Соғыс жылдарындағы қаурыт жұмыстарға машина да ауадай қажет еді ол кезде.
Исатай соғысқа 1942 жылы жазда аттанады. Оның соғысқа кету тарихы да ел ішінде аңыз боп айтылып жүр.
...Тылдағы қауырт шаруамен аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Исатайдың машинасымен Таушыққа бармақ болады. Бұл бастыққа Исатай бұрын да ұрда-жық мінезімен ұнамай жүрген. Жолда екеуі әлденеге керілдесіп қалады. Бастық сыйлап, жалпаңдайтын Исекең бе? Оңтайы келгенде машинасын бірінші жылдамдыққа салып жіберіп, жарлауыт жерден төмен қарай қоя береді де, өзі кабинадан секіріп түсіп қалады. Рөлдегі шофері жоқ машина салдыр-күлдір етіп, жыра - жықпылға соғып, сайдың жиегіне барып тоқтайды.
Абырой болғанда аударылмай қалған. Зәре-құты қашып, пұшайман болған басшы, Исатайға жалынатын жағдайы жоқ, Таушыққа жаяу тартады. Күн ыстық.
Шөлден өлер шақта ел қарасына ілігіп, жан сақтайды, әйтеуір. Артынан жаман машинасын айдап Исатай да келеді. Бастықпен жаманаттасқан адамның жағдайы белгілі: соғыс кезіндегі қатаң тәртіппен соттап жібереді, мейірімі түссе соғысқа айдайды. Соңғысы Исатайдың өзі сұранып қолы жетпей жүрген жазасы.
Екінші басшы Исатайдың бұл тентектігін көтермейді, әрине. Соғыс тәртібімен сотқа беруге қамданады. Болған оқиғаны аупарткомның бірінші хатшысы да естіп, Исатайдың жын соққандай ожарлығын жазбай танып, іштей күліп те алады.
Исатай Төребай деген ағасының ақылымен соғысқа сұранып, кешікпей аттанып та кетеді. Оларды Астрахань арқылы Сталинград майданына жіберді. Бұл кез Сталинград түбегіндегі шайқастардың қызған шағы еді Неміс басқыншылары ел астанасы Москваны ала алмай, ендігі күш Лининград пен Сталинградка салған кез. Жаудың ойы елді негізгі тылдан бөліп алып, буындырмақ. Міне, Сталинградқа төнген қиын - қыстау кезеңде келген Исатайлар көп ырғалып-жырғалып жатпай-ақ қан - сорпаға қойып кеткен.
Сталинградты қоршауға алған фельдмаршал Паулюстің әскері айлар бойы ашық айқасқа түсіп, ақыры қаланы ала алмай, сырт жағынан біздің әскер қысқан шақта есі кеткен жау шегінетін де жер таппай екі оттың ортасына түскені соғыс тарихында тәптештей жазылған. Осындай бетпе-бет шайқастың бірінде Исатай Сүйеубаев көзсіз ерлік көрсетіп, дүйім жұрттың ауызын ілігеді.
...Исатайдың взводы бір шайқаста немістің жаяу әскерімен қоян - қолтық араласып, қолма-қол төбелеске дейін барған. Бастапқыда жалғыз танкінің тасасын пайдаланып жүре соғысқан Исатайлар қызды - қыздымен неміс ротасының ортасынан бір шыққанын білмей де қалған. «Ұрыста тұрыс жоқ», енді шегінетін жер қалмағанын сезген Исатайлардың взводы қолма-қол айқасқа түскен. Осы айқаста қазақтың қаһарман ұлы көзсіз ерлік көрсетіп, бір өзі 350 немісті жайратып салып, көзіне түскен жауды оңды-солды жайпай берген. Взводындағы жолдастары да, жау жағы да баудай түсіп өлгені, жаралысы бар, ұрыс даласында бір өзі қалады. Траншея түбіне тығылған жаудың 6-7 офицерін тайсалмай барып тұтқындап, деревня шетіндегі сарайға қамап тастайды. Ұрыс болған жерге батальон, полк командирлері келген сәтте біздің Исатай есі кіресілі-шығасылы халде, неміс офицерлерін қамаған сарай алдында жатса керек. Сол шайқаста тірі қалған 4-5 жолдасы Исатайдың көзсіз ерлігі жайында жаудың бүкіл бір ротасын бір өзі қырып салғанын әңгімелеп береді. Майдан қолбасшысы Чистяковтың өзі мұндай ерлік тек қана «Совет Одағының Батыры» деген ең жоғары наградаға лайық деп бағалайды.
Бірақ сол соғыстың сұрапыл жылдарында да бұл жоғары наградаға қимастық жасайтын күйрек пейілдер болғанын бүгінгі тарих жасыра алмайды. Исатай Сүйеубаевқа ұсынылған жоғары награда жанындағы басқа бір қазақ жігітіне бұйырған. Ал оған Ленин ордені беріліпті. Бүкіл 21-армияда Ленин орденін алған жалғыз адам осы Исатай екен. Оны армия қолбасшысы Чистяков та, 293-диыизияның командирі Якшин де мойындайды. Осы ерлік әрекет көп кешікпей майдандық газеттердің басты тақырыбына айналады. Исатайдың ерлігі жайында орыс тілінде журналист Леонид Канцельсонның очеркі арнайы бетше болып бүкіл майданға таратылады.
Исатайдың майдан даласындағы ерліктерінің бізге ресми қағазға түскен бір көрінісі ғана. Әйтпесе майдандас жолдастары, ерлік әрекеттерін көзімен көргендер маңғыстаулықтар ер ұланның талай көзсіз батырлыққа барған сәттерін әлі күнге айтып, елге аңыз ғып таратып жүр.
Сол шайқастан соң араға ай салып Исатай Сүйеубаевқа Ленин ордені тапсырылады. Орденді Сталинград майданының қолбасшысы, армия генералы Чистяковтың өзі тапсырады және осындай ерлік әрекеттері үшін бір ай мерзімге еліне барып қайтуға демалыс жариялайды.
Жауынгерлік наградалардың ең жоғарғыларының бірі - Ленин орденін омырауға таққан Исатай туған жеріне, аулына командармның бұйрығымен арнайы ұшақпен келген. Аудан басшылары, ауыл-аймағы Батырды зор қошеметпен қарсы алады. Батырды қарсы алуға арналған салтанатқа халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов та келіп, «Ер Исатай» деген дастанын ел алдында айтып береді.
Исатай елінде бір айдан аунап-қунап анасы Күнжанды қуанышқа кенелтіп, майданға қайта аттанады. Бұл кезде Сталинград жаудан азат етіліп, біздің әскер жауды түре қуып бара жатқан еді. Исатай Сүйеубаев майдан жолын шығыс Пруссия жерінде аяқтап, аман-есен елге оралады. Омырауына тағы да бірнеше ордендер мен медалдар тағынған Батырды ел-жұрты қуанышпен қарсы алады.
Елге келген соң соғыс зардаптарынан әбден қалжырап ауылдастарынан көмектесіп, колхоз шаруасына араласады, колхоздағы машина-трактор стансасын жолға қойып, Таушықтағы көмір өндірісінде техникаларды жөндеуші болып қызмет атқарады. Кейін Таушық көмірін Сарытастағы айлаққа тар табанды вагоннеткалар арқылы таситын тепловоз жүргізушісі болады.
Қай іске де табанды, қайрат - қажыры асып-төгілген алпамсадай жігіт бұл жұмыста да көзге түсіп, ел - жұртының ықыласына бөленеді. Көмір өндірісіндегі осындай еңбектерін ескеріп, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Исатайға арнайы Қызыл Ту мен 100 мың сом сыйақы береді. Осыншалық көп ақша алған есіл ер анасы Күнжаннан қалған жадағай үйін түзеп, шаңырақ тіктеуді ойлайды. Осы ойымен Астраханнан ағаш үй сатып әкелуге жиналады.
Форт – Шевченко қаласынан күн құрғатпай қатынап тұрған кемелердің біріне мініп, Астраханға келген Исатай жанындағы жолдастарымен бірге Володар ауданынан бес ағаш үй сатып алады. Оларды бері қатынайтын кемеге жүктеп елге қайтар кезде Исатай қапияда қаза табады. Осы кемеге мініп Фортқа келмек болған екі орыс жігітімен әлденеге керілдесіп қалған Исатай олардың ойында жымысқы әрекет барып білмейді. «Батыр аңғал» деген сол. Кеме ашық теңізге шыққан кезде әлгі жігіттер Исатайға қайыра тиісіп, ақыры оны зордың күшімен суға лақтырады. Исатай да жастығын ала өлетін жігіт қой, әлгінің біреуін өзімен қоса ала кетеді. Екеуі ашық теңіз айдынында айқасып, ақыры бірін-бірі суға батырып екеуі де қаза табады.
Олардың денесін Астрахандық балықшылар тауып, сол жерге белгісіз адамдар деп жерлейді. Бұл 1947 жылдың 16 қыркүйегі күні болған оқиға еді.
Кейін Исатаймен төбелескен орыстың бірі ұсталып, түрмеге отырып шығады. Кемеде болғандардың айтуымен Исатайдың мүрдесін іздеп барған тумаластары қабірін тауып, белгі салып кетеді. Сонымен Маңғыстаулық ер ұланның сүйегі алыстағы Астрахань жерінде жатқан еді. Еліміз тәуелсіздігін алған ереулі тұста, 1993 жылы інілері Нұрбек, Шаншарбек, Тұрар деген азаматтар Исатайдың басына барып, оның мүрдесін туған топырағына алып келіп, Тигендегі анасы Күнжанның қасына қояды. Басына күнбезді там орнатып, атын ел - жұрты ескеріп жүрерліктей ескерткіш тақта, құлыптас орнатады.
Міне Ұлы Отан соғысында көзсіз ерлік көрсеткен Исатай Сүйеубаевтың талайлы тағдыры осындай.
ЛЕНИН ОРДЕНДІ ҚАРТБАЙ БЕКЖАНОВ
Гитлердің «Барбаросса» жоспарындағы басты мақсаты Кеңес Одағының бас қаласы Мәскеуді басып алу болса, бұл үшін солтүстіктегі Ленинградты, оңтүстіктегі Сталинградты бағындырып барып, астананы қоршауға алу болатын. Осы мақсатпен немістің негізгі күші соғыстың алғашқы айларында Ленинград пен Мәскеу бағытына жұмылдырылды. Бұған 1940 жылғы фин соғысында жеңіліс тауып, жерінен айырылған Финляндияны Карел мойнағы арқылы ту сыртынан соққы беруге күштеді. Бұл бетте Кеңестің 11, 54, 42 және 23- армиялары, Балтық Флоты тұрды. Соғыс басталған алғашқы айларда бұл армиялар мен Балтық теңізшілері Ленинград майданына топтастырылып, қолбасшы болып даңқты маршал К.Е.Ворошилов тағайындалды.
Соғыс басталмастан бұрын әскерге алынған Сығынды (бұрынғы Тельман колхозы) ауылының тұрғыны Қартбай Бекжанов осы солтүстіктегі әскери құрама сапында қызметін өтеп жүрген. Қысқа мерзімдік дайындық кезінде зеңбіректен атқылаудың шебері атанып, расчет басқару сеніміне иеленді. Сөйтіп 1940 жылдың аяғында фин соғысына қатысып, қар жамылып, мұз жастанған күндерді бастан кешкендердің қатарында Маңғыстаулық Қартбай да бар еді. Фин соғысында жеңіске жетіп, «Маннергейм сызығын» өз үлесіне біраз кеңейтіп алған Кеңес әскерінің басшылығы фин соғысында ерен қайрат көрсеткен жауынгерлерге бір айлық демалыс жариялады. Осындай үздіктер сапында Қартбай Бекжанов та бар еді. Ауылға келісімен әскерге алынбастан бұрын уәде байласып жүрген сүйікті қызына үйленді. Бірақ соғыс қарсаңындағы қарбаласы мол күндер де, жүректері жаңа табысқан жас жұбайлардың қимас қымбат сәттері де зулап өте шықты. Қартбай демалыс мерзімі аяқталысымен әскери бөліміне, шалғайдағы Ленинградқа қайта аттанды. Ауылдастарымен, ағайын - туысқандарымен, жас жарымен қимай қоштасып, Баутин айлағынан Астраханға бет түзеген кеме үстінде кете барады...
1941 жылдың көктемінде ұлы ұрыстың жақындығы Ленинград әскери округінде де айқын сезіліп тұр еді. Қартбайды өз бөлімшесіне келісімен фин соғысында ысылған тәжірибелі жауынгер ретінде зеңбірек расчетының командирі етіп тағайындап, бөлімдегі жас жауынгерлерді соғыс ісіне машықтандыруға жұмсады. Күн-түні жоқ қарбалас күндер. Волхов өзені бойындағы ми батпақ ішімен зеңбіректі сүйрелеп, орнықтырудың өзі үлкен күш.
Жастайынан Каспийдің асау толқындарымен алысып, кәнігі балықшылармен бірге өмірдің небір қиыншылықтарын көріп шыныққан Қартбай расчетындағы жас жауынгерлерге ауыр соғыс қаруын қолданудың небір айла - тәсілдерін үйретіп, оларға өзінің қажыр - қайраты мен табандылығын үлгі ете білді.
Жаздың сол бір жайсаң түні бейбіт өмірдің ақырғы сәті боларын білген жоқ. Күні бойғы ауыр жаттығулардан әбден қалжырап келгеніне қарамастан Қартбай ауылда қалған жас жарына хат жазуға отырды. Соңғы келген хатында жары жүкті екенін айтқан. Өз ұрпағының өмірге келетінін ойлап, қиялымен туған ауылын, алыстағы Маңғыстауын шарлап кетті. Шаршап келгені естен шыққан. «Шіркін-ай, біздің Маңғыстаудың ауасы да, тіпті азынап соғар желі де жібектей еді-ау. Каспийін айтсаңшы, ақ жарма толқындары Ақтау беттегі жартасты жағалауға соққанда мың-сан тамшылар күн сәулесімен шағылысып, айналасын алуан түске бояп жіберуші еді-ау. Сол теңіз шығымен араласқан дымқыл леп көкірек сарайыңды ашып, көңіліңді көкке өрлетуші еді. Табаныңды жағалаудағы қиыршық құм мен ұлу қабыршақтарына қытықтатып, жүгірген күндер - ай... Қайта айналып келер ме екен...» Осылайша қиялымен туған елін шарлап, уақыттың қалай өткенін білмей қалыпты. «Жатып демалмайсың ба?» - деген кезекшінің үнінен селк ете түсті.Таң азаннан басталатын жаттығулар ойына оралып, төсегіне жатқан бойда ұйқыға кетті. Жанкешті жаттығулардан қалжырап келген жауынгерге ұйқыдан қымбат не бар? Бірақ... Бұл түн таңғы тәтті ұйқысын әскери дабылмен тәрк етіп үйренген жауынгер түгілі, кең-байтақ Кеңес елінің бейбіт тұрғындары үшін де мына бір бақуат тірлік пен бейқұт өмірді ұзақ уақыт бойы үзіп кеткен мазасыз, қым-қуыт қарбаластарға толы кезеңнің басы болатын.
Бейбіт елге тұтқиылдан тиіскен неміс басқыншылары Балтық теңізінен Қара теңізге дейінгі алып аймаққа бір мезгілде шабуылдап, соғыстың алғашқы кезеңінде - ақ Кеңес Одағының негізгі өндірістік, әкімшілік орталықтарын иемденуге күш салды. Осындай орталықтың бірі Орыс елінің ежелгі астанасы Ленинград болатын. Бұл қала Бірінші Петр патша заманынан бермен қарай елдің негізгі теңіз қақпасы болумен қатар, елдің тарихи тамыры жатқан, өндірісі мен шаруашылығы қатар дамыған өңір саналатын. Мұны мықтап ескерген неміс басқыншылары соғыстың алғашқы сәтінен бастап - ақ Мәскеуге солтүстіктен соққы бере отырып қоршауға алуды ойластырды.
1941 жылдың қыркүйегінде немістер Ленинград түбіне жетіп, Нарва - Волхов аралығындағы орманды батпақты аймаққа орналаса бастады. Бұл бағыттағы басқыншылардың «Север» атты армиялар тобы, Манштейннің 56-мехкорпусы Луга, Чудовоға дейін келіп, Ленинградтың орталықпен байланыс жолын кесуге тырысты. Бірақ кеңестік 54-армияның соққыларынан үлкен шығынға ұшырап, Старая Руссо жағына шегінуге мәжбүр болды. Немістердің әу - баста жоспарлап, жаз айларында елдің солтүстік бөлегін, осындағы негізгі орталығы Ленинград қаласын басып алу үміті кесілді. Келіп қалған орыс қысы қоңыржай аймақта өмір сүріп үйренген немістер үшін аса тиімсіз еді. Германияның құрғақтағы әскерлері бас штабының бастығы, генерал - полковник Ф.Гальдердің күнделігінде Гитлер «Север» армиялар тобының алғашқы екпінмен Ленинград түбіне тұрақтай алмай кейін серпілуіне қатты ашуланып, әскербасыларын мықтап сыбап алғаны, фон Клюгенің орнына Батыс Еуропа елдерін алуда айрықша белсенділік пен қатыгездік көрсеткен фон Лееб деген генералын тағайындағаны айтылады.
Маңғыстау түбегінің бір боздағы Қартбай Бекжановтың батареясы соғыстың алғашқы күндерінен - ақ алғы шепте жүрді. Маршал Г.И.Куликтің 54- армиясы құрамындағы артдивизион қаланың оңтүстік - шығыс бетіндегі Мәскеуге тартылған негізгі жол торабы бойындағы қорғаныс шебінде немістің танк дивизиясының тасасымен келген жау әскерлерімен ашық айқасқа түсті. Фельдмаршал Манштейннің оқпандарынан ажал шашқан тажал танкілерінің талайы Қартбай расчетының тегеурініне тап келіп, жер жамбастап қалды. Осындай жан алысып, жан беріскен айқастардың бірінде оқтаушысы да, көздеушісі де оққа ұшып, өзі қолынан жарақат алуына қарамастан зеңбіректі жалғыз өзі іске қосуына тура келді. Танкілерін тасалап, құмырсқаша қаптаған жауды Қартбайдың зеңбірегі біздің шепке жеткізбеді. Ет қызуымен жарақатын ұмытып, жанталаса қимылдап, бар ойы зеңбірегінің үнсіз қалмауын қамдаған Қартбай жаудың кейін серпіліп, қашуына, сөйтіп, дивизияның маңызды қорғаныс шебін сақтап қалуына ойдай ықпал еткенін әскер басшылары анық сезді. Жау әскерінің беті қайтқан кезде шеп бойындағы жауынгерлерін түгендеуге шыққан майдан қолбасшыларының бірі Н.В.Городецкий мен жанындағы санитарлар қазақ жауынгерінің қаһармандық ісіне куәгер болды. Расчеттағы үш жауынгердің екеуі оққа ұшқан. Зеңбірек оқпанын құшып, қансырап жатқан Қартбайды дереу медсанбатқа жөнелтеді. Жауынгердің асқан ерлігіне куәгер болған Н.В.Городецкий расчет командирі, сержант Қ.Бекжановты жоғары наградаға ұсынады.
Қартбай Бекжанов Ленинград түбіндегі әскери госпитальда біраз күн жарақатын емдетіп, жарамды халге түскеннен кейін артдивизионына қайтып келді.
Күзге қарай немістер Ленинградты жан-жақтан қыспаққа алуға көшті. Қыркүйектің бас кезінде жау біздің негізгі әскери-теңіз базамыз орналасқан Шлиссельбургты басып алды. Нева өзенінен Колпин елді мекеніне дейінгі жерлер жау қолында қалды. Қаланың солтүстігіндегі Карел мойнағында тап беруге әзірленіп фин әскерлері тұрды. Ленин қаласының Үлкен жермен байланысы Ладога көлі мен әуе қатынасына қарап қалды. Қала тұрғындары түгелдей қорғаныс жұмыстарына тартылып, бөгесіндер жасауға кірісті. Осылайша Ленинград блокадасы басталды.
Осындай қиын кезеңде Жоғары Бас қолбасшы И.В.Сталин Ленинград майданына әйгілі әскер басшы Г.К.Жуковты жұмсайды. Құрамында белгілі кеңес партия басшылары, әскери қолбасшылар Г.К.Жуков, К.Е.Ворошилов, А.А.Жданов, А.А.Кузнецов, И.И.Федюнинский, адмирал И.С.Исақов бар майдан әскери кеңесі құрылып, Ленинградты жау қолына бермеудің барлық қам-қарекеттерін жасады. 42 және 54-армиялар жаумен бетпе-бет айқасқа түсті. Жауынгерлер бұл айқас ұзаққа созылатынын, жау жағы Ленинградты қайткен күнде де алуды мақсат тұтып отырғанын жақсы түсінді.
Қыс түсе немістер де басып алған елді мекендеріне мықтап орналасып, әскерін алдағы айқастарға әзірледі. Қаланы енді артеллиреямен, әуеден бомбалау арқылы талқандауға көшті. Бұл кезде Қартбайлардың дивизиясы да жау іргесіндегі алғы шепке мықтап орналасып алған еді. Өліспей беріспеуге бұйрық бар. Қарға адым жерде Ленинград. Осылайша жау шебінде жатқан Қартбайға қарашаның бас кезінде екі бірдей қуанышты хабар келді. Біріншісі - туған жерден: сәбилі болғаны туралы. Қыз балалы болыпты. Жаралы болып, госпитальде жатқан кезінде жарына жазған хатында қыз балалы болсақ, атын Зина қоярсың деген. Бұл алғашқы қан - қасап айқаста екі бірдей жауынгер жолдасынан айрылып, өзі қансырап жатқан жерінен медсанбатқа арқалап жеткізген Зина есімді мейірбикесіне деген құрметі. Екіншісі - елдің ең жоғары наградасы Ленин орденімен наградталуы туралы.
Кеңес үкіметі Ленин қаласын қорғауда ерлік көрсеткен жауынгерлерге осы Ленин орденін беруді дұрыс көрген болар. Әйтпесе, Қартбайдың екі майдан да бірдей көрсетіп жүрген ерлік әрекеттері Кеңес Одағының Батыры атағына әбден лайық болатын. Армия қолбасшылары жау шебінде бел шешпей айқасып жатқан жауынгердің рухының сынбауына айрықша көңіл бөлді. Ерлік әрекеттері қандай қиын жағдайда да марапатта лып тұрды. Қартбайға Ленин орденін майданның штаб бастығы генерал-лейтенант М.С. Хозиннің өзі келіп тапсырды. Дивизия командирі генерал Н.В.Городецкий батарея жауынгерлері алдында Қартбай Бекжановтың ерлігін баян етіп, өзгелерге үлгі етіп көрсетті. Осындай қуанышты сәттер Қартбайдың жігерін өрлетіп жібергені бар.
Қазақтың қайсар ұлы Қартбай Бекжанов Ленинград қорғанысы кезінде бұдан басқа да талай ерліктер жасады. Әсіресе Пулково, Урицк түбіндегі айқастарда кәнігі жауынгердің расчеты жаудың әлденеше шабуылдарын тойтарып, қаланың Үлкен жермен байланысын үзбеуге айрықша септігін тигізді.
Көктем туысымен жау жағы қалаға шабуылды одан әрмен үдете түсті. Қартбайлардың артдивизионы күндіз-түні бел шешпестен айқасып, зеңбірек зіркілі мен жарылған снарядтар мен бомбалардан жер тітіреп тұрды. Жауынгерлер оқ жастана отырып тамақтанды, окоп түбінде кезектесе мызғып алуды әдетке айналдырды.
Қазақта «Батыр бір оқтық» деген мәтел сөз бар. Осындай қан-қасап айқастардың бірінде Қартбай Бекжанов ауыр жарақат алып, ерлерше қаза табады. Қан көйлек жолдастары Қартбайдың қазасына қатты қапаланып, оның зеңбірегін бір сәт те тоқтатпауға бел буды. Немістің тажал танкілеріне өршелене соққы беріп жатты... Бұл 1942 жылдың 25 сәуірі күні Зенино селосы түбіндегі алғы шепте болған еді. Дивизион командирлері ержүрек жауынгердің денесін Ленинград түбіндегі Любань қаласында орталық алаңға жерлеуге ұйғарым жасады.
900 күнге созылған Ленинград блокадасы Кеңес елінің соғыс жылдарындағы ерлік дастанының жарқын парағы болып тарихта қалды. Қазақтың Гомері атанған Жамбыл қарияның «Ленинградтық өрендерім» атты әйгілі жыры майдан даласын шарлап кетті. Осы өлеңнің орысша нұсқасы арнайы листовкаларға басылып, басқа майдандардың жауынгерлеріне де таратылды. Жүз жасаған қарт ақынның жыр-дастаны жау шебіндегі жауынгерлердің рухын жанып, қатігез жауға қарсы талай қаһармандық әрекеттер жасауға үндегені сөзсіз.
Қазақтың қаһарман ұлдарының бірі Қартбай Бекжановтың туыстары жерленген жерін іздеп талай есікті тоздырды, әскери архивтерге хат жолдап жатты. Бұл істі әсіресе Батырдың немере інісі Алпамыс Мұсаұлы құнттап қолға алды. Ақыры 2004 жылы Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінен мынадай мазмұнда хат келді:
«В карточке учета награжденных значится сержант Бекжанов Картбай, 1918 года рождения, командир орудия 54-й отдельной артдивизии, Указом Верховного Совета СССР от 20.11.1941 года награжден орденом Ленина.
Сведений о других наградах нет. Основание: фонд 33, опись 682323,д.20,л.8,44. В книге потерь личного состава 54-й отдельной артдивизии за 1941-1945 гг. значится: Бекжанов Картбай, сержант,1918 г.р., 25.04.1942 г. убит в 2,5 км севернее деревни Зенино Ленинградской области. Сержант К.Бекжанов похоронен в братской могиле г. Любань.
Основание: опись 285753, д. 5, л. 5.
Заведующий архивным отделом МО РК Костенко» Осы хатты алысымен Алпамыс Мұсаұлы мен Батырдың жалғыз қызы Зинаның балалары Талғат, Манап, Қайрат Батырбаевтар атасының қабірі басына баруға жиналды. Жеңіс мерекесінің 60 жылдығы қарсаңында мұның да сәті түсіп, Мұсекең мен Талғат Санк-Петербор қаласына барып, Любань қаласындағы Қартбай Бекжановтың қабірі басында болып қайтты.
«Батыр жалғыз, бақ ортақ» дегендей, жерлестері Қартбай Бекжановтың есімін енді ғана танып-біле бастады. Алдағы уақытта Батырдың туған ауылы Сайын селосында көше атын беру, осындағы мектеп - лицейде батырды құрметтейтін мұражай жасақтау ісі қамқор қолдарды күтіп тұр.
ТЫЛ ЕРЛЕРІ
Кеңес елінің басшылары Ұлы Отан соғысының алғашқы сәтінен бастап-ақ тас-түйін әзірлігі бар, мұздай қаруланған жаумен айқасқа түсіп отырғанын терең түсінді. Мұндай жауды жеңіп шығу үшін орасан зор әскери күш қана емес, мықты тыл да қажет деп санады. Сондықтан тылдағы алуан қырлы жұмыстарды соғыс жағдайына бейімдеп қайта құру ісіне айрықша маңыз бөлді. Қолдағы мал, азық-түлік қоры, жылы киім т.б. көптеген қосымша күштердің барлығы есепке алынды.
Осы мақсатпен ВКП(б) Орталық Комитеті тыл жұмыстарын ұйымдастырудың орталық комиссиясын құрды. Орталық комиссияны ВКП(б) Орталық Комитетінің хатшысы А.Андреев, Халық Комиссарлары Кеңесінің мүшелері А.Н.Косыгин, А.И.Микоян және басқа да белгілі қайраткерлері басқарды. Қазақстандағы мұндай комиссияға Н.Оңдасынов, Ж.Шаяхметов Н.Скворцов жетекшілік етті.
Мал шаруашылығы өнімдеріне, әсіресе азық-түлікке деген сұраныс барған сайын арта түсті. Бұл өнімдердің негізгі базасы саналатын елдің батыс аймақтары жау қолында қалды. Осыған орай орталық үкімет Қазақстан мен Орта Азия республикаларына мал басын, оның өнімдерін үздіксіз арттыруға, егістік алаңдарды ұлғайтуға нұсқау берді.
Дәл соғыс басталар қарсаңда Қазақстан Халық Комиссарларының Кеңесі мал басын өсіру жөнінде жергілікті басқару органдарына тікелей нұсқаулар берген болатын. Мұның өзі мықты тылды қамтамасыз етудің негізгі шараларының бірі болғаны сөзсіз. Мал шаруашылығының ірі базасы саналатын Маңғыстау өңірінде, бұл мемлекеттік шараларды жүзеге асыруға айрықша назар аударылды. Аудан басшылары мал басын өсірудің, мал өнімдерін алудың барысы жөнінде орталық үкіметке тікелей ақпараттар беріп отырды. Осындай шұғыл шаралар нәтижесінде Маңғыстаудағы мал басы, 1941 жылдың аяғында алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5 еседей өсті. Мұншалықты малды бағып-күтуге де айрықша күш-қуат болатынын түсінікті нәрсе. Ел ішіндегі бас көтерген ер-азаматтар майданға кетіп жатыр. Бар салмақ қауқары қайтқан қарттар мен әйел - қыздарға, бозөкпе балаларға түсті.
Соғыс жүріп жатқан ауыр күндерде төрт түлік малдың қадір-қасиетті әсіресе айқын сезілді. Соғыс зардаптары тұралатып тастаған ел экономикасын көтеруге, жалпы жұртшылықтың жадағай жай-күйін жақсартуға да малдың пайдасы өлшеусіз еді. Осы жағдайларды ескере отырып үкімет елдегі мал басын өсіру, мал өнімдерін арттыру жөнінде арнайы қаулы қабылдады. Бұл қаулыда Қазақстандағы мал басын 1945 жылдың аяғына дейін 19 миллионға жеткізу міндеті алға тартылды. Мұндай ауқымды шаралардың орындалуына Маңғыстау малшылары да еселенген үлестерін қосты.
Мал өсіріп, оның өнімділігін арттыру жұмыстарының қат-қабат тауқыметтерін негізінен әйелдер көтерді. Олар жау шебінде, от ортасында жүрген сарбаздарды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуге, сөйтіп, демеушілік жасауға қолдан келген көмектерін аянған жоқ. Тылдағы күрес майданнан кем болған жоқ. Ер-азаматтарының орнын басқан әйелдер мен қыз - келіншектер, бозөкпе балалар күндіз-түні бірдей еңбек етті. Осындай патриоттық өрлеудің нәтижесінде 1943 жылы Қазақстанда, оның ішінде Маңғыстауда да мал басы едәуір өсті.
Маңғыстау жерінде соғыс жылдарында он әйел колхоздар мен ауылдық кеңестердің төрайымдары болды. 29 әйел фермаларға, 59 қыз-келіншек артельдер мен бригадирлерге жетекшілік етті.
Соғыстың ауыр зардаптарын қабырғасымен қайыса көтерген тыл ерлері, өздерінің тынымсыз еңбектері Жеңіске қосылатын орасан зор демеу - күш екенін жақсы білді. Тұрмыстың таусылмайтын тауқыметтеріне қарамастан Маңғыстау малшылары соғыс жылдарында да мал басын еселеп өсіре білгенін архив құжаттары да айғақтайды. 1940 жылдың басында Маңғыстау ауданында 22147 уақ мал, 3350 жылқы, 1025 сиыр, 1717 түйе болған болса, 1944 жылдың ортасында 146821 уақ мал, 11252 жылқы, 6144 сиыр, 3790 түйе болды. (МОМА, 17- қор, 36 бет). Колхозшылардың жеке меншігінде 11525 қой-ешкі, 2950 түйе, 147 жылқы болған (сонда,36-бет).
Мемлекет соғыс жылдарындағы тылдың маңызын жоғары бағалап отырды. Шын мәнінде де Жеңісті жақындату тылдағы тынымсыз тірлік, қарапайым адамдардың қаһармандық еңбегі өзінің өлшеусіз үлестерін қосты. «Барлығы да майдан үшін!» деген ұранды тылдағы әрбір еңбек адамы бойтұмардай қастерлеп, қандай жұмыста жүрсе де оны өздерінің мойындарындағы адамгершілік парыздары деп санады. Олар маң даланы жайылған әрбір мал, шахталардағы әрбір тонна көмір, жау оғының өтінде жатқан жауынгерлерге қалқан болатынын жүрек түбінде сақтап, терең ұғынды.
Архив құжаттарында соғыс жылдарындағы Маңғыстау өңірі еңбеккерлерінің ерлікке теңдесерлік іс - әрекеттері айқын көрініс тапқан. Орталықтың мал басын өсіру туралы нұсқауларын маңғыстаулықтар аса маңызды мемлекеттік шаруа деп түсінді. Ата кәсіптеріне айрықша назар аударылып, алдарындағы ақтылы қой мен ауыздығын шайнаған Адай арғымақтарының Жеңіс күнін жақындатуға қосатын үлесін мықтап ұғынған Маңғыстау малшылары, сол сұрапыл жылдары ерлікке парапар еңбек майданының үнемі алғы шебінде жүрді.
Маңғыстау малшылары соғыстың ауыр жылдарында өздеріне жүктеліп отырған осындай орасан зор жауапкершіліктің салмағын жан-дүниесімен жақсы сезініп, мал басын өсірудің қандай қиыншылықтары болса да мойымай көтеріп, табандылық пен ерлік еңбектің небір тамаша үлгілерін көрсете білді.
Орталық үкімет Маңғыстау малшыларының соғыс жылдарындағы ерен еңбектерін жоғары бағалап отырды. Көптеген тыл ерлері жоғары өкімет наградаларына ие болды, Шевченко ауданы 1943 жылдың қорытындылары бойынша республикалық Құрмет тақтасына жазылды, бірнеше шаруашылықтар мен фермалар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Соғыс жылдарындағы және одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңіндегі Маңғыстау малшыларының табыстары жоғары бағаланып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1948 жылғы 23 шілдедегі Жарлығымен Шевченко және Маңғыстау аудандарының 9 малшысына Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Жеңіс... Бұл күнді жер жүзінің миллиондаған ақ ниетті адамзатымен бірге Маңғыстау түбегінің тұрғындары да аңсай күтті. Бұл күнді жақындату жолына жанқиярлық еңбектің үлгісін көрсетіп, алуан қырлы адамшылық қасиеттерін айдай әлемге таныта білді. Түбек халқының соғыс жылдарындағы ерлікке парапар еңбектері әлі де талай ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала беретіні сөзсіз.
ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДА ТЫЛДАҒЫ ЕРЕН ЕҢБЕКТЕРІ ҮШІН СОЦИАЛИСТІК ЕҢБЕК ЕРІ АТАҒЫ БЕРІЛГЕНДЕР.
Социалистік Еңбек Ері Нұрсейіт БЕЙНЕУОВ
1930 жылы «Орпа» атты артель құрылып, оны басқару ісі өзіне тапсырылған кезде Нұрекең 54 жастағы жігіт ағасы еді. Өмірлік тәжірибесі мол, ауыл - елге беделі бар аузы дуалы азамат артель ұйымдастырып, оның жұмысың өрлетудің азаматтық парызым деп санады. Көз ашқаннан торт түлік мал ішінде өсіп келе жатқан Нұрекең шаруашылықты қолға алған сәттен - ақ мал тұқымын асылдандыру, оның өнімділігін арттыру ісіне ден қойды. Ол он жыл бойы түйе өсірумен айналысатын шаруашылықты басқарып, дала кемесінің баға білгенге берері көп түлік екенін дәлелдеді.
Соғыс басталар қарсаңда алпысты алқымдап қалған ақсақалға жылқы өсіретін жаңа шаруашылықты басқару тапсырылды. Маңғыстау өңірінде өсірілетін Адай текті жылқыларды одан әрі өсіру, тұқымын асылдандыру жөнінде арнайы қаулы шаралар да сол кезде қабылданды. Тәжірибелі мал бапкері Нұрсейіт Бейнеуов басқарған жылқы шаруашылығы соғыс жылдарында айтарлықтай табыстарға ие болды. Бұл салада өзінің бірнеше ізбасарларын тәрбиелеп шығарды.
Социалистік Еңбек Ері Дүйсе БЕРДІБЕКОВ
Маңғыстауда кеңестік саясат пәрменді жүргізіле бастаған 30-жылдардың бас кезінде Киров атындағы колхозды алғаш ұйымдастырушылардың бірі, 47 жастағы Дүйсе Бердібеков болатын. Ол, жасы жер ортасына жетіп қалағанына қарамастан ауылдастарын колхоз құрылысын өркендетуге өзі бас болып үйірді. Бұл шаруашылық мал бағумен де, балық аулаумен де айналысатын еді. Кейін дәл соғыс басталар қарсаңда Қызыл Армия үшін жылқы жинау науқаны басталып, шаруашылық басшылары мұндай жауапты жұмысқа ауыл ел арасында абырой-беделі зор, азамат ретінде Дүйсе Бердібековты тағайындайды. Жылқы өсіретін ферма меңгерушісі Дүйсекең соғыс басталған ауыр жылдар да халыққа ақыл-кеңесін, қолдан келген қайыр-көмегін аянған жоқ. Ол үнемі ат үстінде жүретін. Жылқы бағып өсірудегі көптеген қиыншылықтарға қарамастан Дүйсекең басқаратын ферма жылқышылары соғыстың ауыр жылдарында мемлекеттік тапсырмаларды үнемі асыра орындап, жеңісті жақындатуға еселеп үлес қосты. Бұл еңбегі үшін оған Отанның ең жоғары наградасы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. 1951 жылдың аяғында 65 жастағы Дүйсекеңді бүкіл шаруашылық ұжымы құрметті демалысқа шығарып салды. Ауыл ақсақалы санатына кіргенімен ол қоғам өмірінен қол үзген жоқ. Ауылдастары оны 1955 жылы Қолмыш ауылдық кеңесіне депутаттыққа сайлады. Дүйсекең 1960 жылы 74-ке қараған шағында қайтыс болды.
Социалистік Еңбек Ері Ұзақбай ЕСҚОЖАЕВ
Маңғыстау жерінде ұжымдық шаруашылықтарды ұйымдастыруға белсене қатысқандардың бірі Ұзақбай Есқожаев. Ол өзінің еңбек жолын «Жыңғылды» колхозында малшы болып бастады. Кейін жаңа ұйымдастырылып жатқан жылқы фермасына ауысып, содан бүкіл өмірін жылқы түлігін өсіруге арнады. Алғашында қатардағы жылқышы, кейін аға жылқышы болып, соғыс басталған соң бүкіл ферманың малын өз жауапкершілігіне алды. Соғыс жылдарында майданға Адай жылқыларын жөнелту жөніндегі мемлекет тапсырмаларын мүлтіксіз орындап, «Құрмет Белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, 1945 жылы «1941-1945 жылдардағы ерлік еңбегі үшін» медалімен наградталды.
Жылқы малын өсірудегі өлшеусіз еңбегі үшін Ұзақбай Есқожаевқа 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ұзакең өмірінің ақырына дейін өз кәсібінен қол үзген жоқ. Ол, аталарымыздың қанаты болған Адай жылқыларының даңқын асыруға өлшеусіз үлес қосқан адам ретінде Маңғыстаудың соғыс жылдарындағы тарихынан ғана емес, жалпы еліміздің Алтын Жұлдызды Ерлері қатарынан да лайықты орын алады.
Социалистік Еңбек Ері Баланжан ҚОЖАШЕВА
Маңғыстау өңіріндегі әйелдердің соғыс жылдарындағы жиынтық бейнесін Баланжан Қожашеваның өмірінен табуға болады. Ол 1920 жылы Маңғыстаудағы Қызылқұм аулында дүниеге келді. Соғыс қарсаңындағы ұйымдастыру, білім мен мәдениетке ұмтылу сияқты өміршең өзгерістерді көзбен көріп, санасына түйіп өскен жас, бұғанасы қатпай жатып - ақ колхоз жұмыстарына араласты. Еңбек жолын 16 жасында Калинин атындағы колхоздың малшысы болып бастады. Соғыс алдында аз ғана уақыт балықшы да болды. Соғыс басталған кезде елдің ер-азаматы майданға аттанып, ауылдағы барлық ауыртпалық әйелдерге түскен кезде, колхоз басқармасы шаруашылықтың товарлы - жылқы фермасына Баланжанды меңгеруші етіп жіберді. Қаршадайынан мал арасында өскен қағілез жас өзіне тапсырылып отырған ауыр жүкті, жауапкершілікті жақсы түсінді. Ел басына күн туған шақта ол өзінің іскерлігін, табандылығын, үлкен ұйымдастырушылық қабілетін айқын танытты.
Туған даласының ой - шұқырын жақсы білетін жас, жылқы түлігін бағып-күту ерекшеліктерін тез меңгеріп алды. Күн ұзақ ат жалын тартып мініп, шаруасының жайымен жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген кездері көп.
Баланжанға жас та болса бас болуды өмірдің өзі үйретті. Ауылдағы ауыр тұрмыс, жылқы сынды түздің саяқ жануарын бағып күтуге ер-азаматтың қуатты білегі жетпей жатуы Баланжаннан ішкі мүмкіндіктерді мейлінше дұрыс, ысырапсыз пайдалануды талап етті. Ол адамдармен жұмыс істей білуді, оларды қабілетіне, мүмкіндігіне қарай жұмысқа жұмылдырудың қыры мен сырын шебер меңгерген басшы болды. Ауылдағы қарапайым қазақ әйелі екендігіне қарамастан аудан басшылары да Баланжанның құнды ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып отырды.
Баланжан Қожашева 1941 жылдан 1958 жылға дейін он жеті жыл бойы колхоздың товарлы - жылқы фермасын табан аудармастан басқарып келді. Бұл жылдар ішінде оның фермасы табыс биігінен сан мәрте табылып, аудандық, облыстық жарыстардың жеңімпазы атанды. Баланжанның аудан тұрғындары арасындағы абырой - беделі айрықша болды. Соғыстың ауыр жылдарында партия қатарына қабылданып, қоғам жұмыстарынан да қол үзген жоқ. Аудан коммунистері оған зор сенім артып, Қазақстан Компартиясының кезекті съезіне делегат етіп, съезде Орталық Комитет мүшелігіне сайлады.
Соғыс жылдарындағы және одан кейінгі алғашқы кезеңде мал шаруашылығын өркендетуге қосқан үлестері, майданға көмек көрсетудегі ерлік еңбектері үшін Баланжан Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған Маңғыстаулық тұңғыш әйел.
Баланжан Қожашованы екі мәрте Ер деп атауға болады. От ат жалын тартып мініп, ер-азаматтың ғана қолынан келетін ауыр міндеттерді мінсіз атқарумен қатар он бала тәрбиелеп өсірген Ардақты Ана да болды. Ер Ана Баланжан Қожашова 1982 жылы қайтыс болды.
Халқымыздың басына түскен сын сағаттарда сыр бермей ауыр жылдар салмағын ерлерше мойымай көтерген Еңбек Ері, Ардақты Ана Баланжан Қожашованың өмірі ұрпақтарына өнеге қала бермек.
Социалистік Еңбек Ері Кенхан ҚОШАҚАНОВ
1930 жылы жаңа ұйымдастырылып жатқан балықшылар колхозына мал баққан шаруаның баласы Кенхан Қошақанов та келген еді. «Қараған» артелінде қарапайым балықшы болып жұмысқа кіріскен қағілез қара жігіт кешікпей балық аулаудың да түрлі әдіс-айласын ата кәсібіндей меңгеріп алды. Кейін «Қызыл Құлалы» колхозында бригадир болып ауысады. Бұл жұмыста табан аудармастан он бес жыл істеді.
Күндіз-түні қарт Каспий төрінен балық аулау оңай шаруа емес еді. Асау толқынмен алысып, өндірістік тапсырмаларын әрдайым асыра орындап отырды. Табанды балықшы Кенхан Қошақановтың соғыс жылдарындағы ерлікке парапар еңбектері жоғары бағаланып, «1941-1945 жылдардағы еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталды.
Соғыс аяқталар қарсаңында аудан басшылары оны жаңа ұйымдастырылып жатқан «Қарақұм» колхозының төрағасы етіп тағайындады. Бұл шаруашылық соғыс жылдарын да тұралап қалған бірнеше артельдердің басын құрайтын еді. Күндіз-түні ат үстінен түспей жүріп бөлімшелердің, фермалардың қалыпты жұмыс жасауына жағдай туғызды. Мұның нәтижесінде 1945 жылдың өзінде жаңа шаруашылық мемлекеттік жоспарларын 115 процентке асыра орындады. Колхоз шаруашылығы шалқып, экономикасы нығайған үстіне нығай түсті. 1946-1948 жылдардағы табыстары республика көлемінде ауызға ілікті.
Социалистік Еңбек Ері Тұржан ҚҰЛЫБЕКОВ
Ел іші жұтқа ұшырап, аштық пен қызыл қырғынның әсерінен Маңғыстау жұрты жаппай бостандыққа бет алған ауыр жылдарда, кедей шаруаның баласы Тұржан Құлыбеков жаңа ұйымдастырылып жатқан «Қызыл Өзен» колхозына келіп, балықшы болып жұмыс істей бастады. Ұйымдастыру, бытыраңқы жұртты бір орталыққа үйіру, жаңа тұрпатты социалистік ауылдың іргетасын қалау жұмыстарына белсене араласқан Тұржан Қамысты ауылдық кеңесіне тораға болып сайланды. Бұл қызметте де оның зор ұйымдастырушы, белсенді ауыл азаматы екендігі алуан қырынан көрінеді. Ауылдастарының сауатын ашуға, білім мен мәдениетке ұмтылыс жасауына өзінің сөзімен де, ісімен де үлгі көрсетеді.
Соғыс басталған кезде елуді еңсеріп тастаған сақа азамат Калинин атындағы колхоздың төрағасы болып сайланады. Ел басына күн түскен ауыр жылдарда коғам малын бағып күтудің барлық қиындықтарын бастан кешті.
Тұржан Құлыбеков басқарған шаруашылық соғыс жылдарында да, одан кейінгі алғашқы ауыр кезеңдерде де озаттар қатарынан табылып, халық шаруашылығының өркендеуіне, ел дәулетінің артуына еселеп үлестер қосты.
Социалистік Еңбек Ері Жанбөпе МЕРЕЕНБАЕВА
Бейнеу ауданы, «Қарақұм» совхозында «Герой апа» атанған осы бір жан - ағайын мен ауылдастардың ардақтысы.
Еңбекке енді араласып, оң - солын жаңа айыра бастаған сәтте соғыс басталып, ер-азамат сыпырылып майданға аттанды. Күштеп колхоздастыру мен жұттардың зардабы ұмытылып, малдың да, елдің де енді-енді оңала бастаған кезі еді ол. Отар - отар қой, келе-келе түйе, үйір-үйір жылқы бағусыз қала жаздады емес пе? Осы сәтте от басының күйбеңі мен ауыр тұрмыстың өзі діңкелеткен әйелдер бауыр еті балаларын бір аллаға аманаттап, мал соңына кетті. Жанбөпе жігіттің жігіті тәуекел ете бермес, жайылымын жел білген, аяғы ұзын жылқы деген жануарды бағуға сұранады. Товарлы - жылқы фермасы деп аты айқындап тұрғандай, о кездегі талап мал басынан шығын бермеу өз алдына, ұдайы мемлекетке өнім өткізіп тұру міндет болатын.
Жас келіншек өзі басқарған 18 жыл ішінде ферма малын шығынсыз өсіріп, өнімін молайтты. Құндылығын артырып, құлынды көбейтті. Көрсеткіші аудан, облыс, республика құрмет тақталарында ілініп, өзге малшыларға үлгі ретінде ұсынылды.
Социалистік Еңбек Ері Дүйіш СӘТІБАЕВ
Дүйіш Сәтібаев 1910 жылы Маңғыстаудағы Қызылқұм аулын да туған. Өлкесіне кеңес өкіметі әкелген өзгерістерді қуана қарсы алған жас жігіт ұйымдастыру, жаңа шаруашылықтар құру ісіне белсене араласты.
Тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтын табанды жас көп кешікпей колхоз төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Партия қатарына қабылданады.Соғыстың сұрапыл жылдарында Дүйіш Сәтібаев басқаратын ферма жылқышылары әскерге көмек ретінде жүздеген жылқы өсіріп, майданға жөнелтті. Мал басын өсіру жөніндегі мемлекет тапсырмаларын үнемі орындап отырды. Бірнеше жыл қатарынан озаттар сапынан табылған ферма жылқышылары бүкіл Маңғыстау өңірінің мақтанышы болды. Оған 1948 жылғы 23 шілдеде Социалистік Еңбек Ері атағын берді. Дүйіш ақсақал зейнет жасына келгеніне қарамастан, өзінің отыз бес жыл бойы еңбегі сіңген шаруашылығынан, ауылдағы қоғам өмірінен қол үзген жоқ. Ол әлденеше рет аудандық, ауылдық кеңестердің депутаттығына, партия комитеттеріне мүше болып сайланды.
Социалистік Еңбек Ері Сатыпалды СИСЕНБАЕВ
Сатыпалды Сисенбаев 1922 жылы Маңғыстаудағы Қарақұм деген жерде шаруаның жанұясында туған. Қай жұмыста да тындырымды, табанды жасқа 1942 жылы колхоз басқармасы жылқы өсірумен айналысатын ферманы басқару міндетін жүктеді. Ол алғаш рет жылқы фермасын қабылдап алған кезде онда не бәрі 246 жылқы бар еді, оның тек 25-і бие болды. Сатыпалды биелерді іріктеп бөлек бақты. Құлын-тайлардың күтіміне айрықша назар аударды. Соғыс жылдарының ауыр тауқыметтерін тартып жүрсе де жылқы шаруашылығын өркендетуге күш-жігерін, ұйымдастырушылық қабілетін аяған жоқ. Үш жыл ішінде фермадағы жылқы санын үш жарым еседей өсірді. Мал басын аман сақтап, құлын алу жоспарын үнемі орындап отырды. Бұл табысы үшін Сатыпалды Сисенбаевқа еліміздің жоғары наградасы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
ҰЛЫС ҰРАНЫНА АЙНАЛҒАН ҰЛЫ ЖЕҢІС
...Қаралы қағаз жіберіп,
Қаншама қайғы салды оқтар.
Барады үнсіз түнеріп,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Қазақтың белгілі майдангер ақыны, марқұм Сырбай Мәуленовтың қаламынан шыққан осы бір шумақтарда соғыс жылдарының шынайы суреттері қаз-қалпында бейнеленген. Әлем халықтарына, оның ішінде Кеңестер Одағына бұрын-соңды болып көрмеген кесапат әкелген соғыс төрт жылға созылып аяқталды. Өздерінің өмірлік нәсіптерін өзге жұрттан іздеген фашистік басқыншыларды ақниетті адамзат қанқұйлы ұяларына қайта тығып, Ұлы Отан соғысын Жеңіспен аяқтап шықты.
Жеңіс! Бұл күнді миллиондаған ақниетті адамзат аңсай күтті. 1945жылдың 9 мамыр күні Берлиндегі Рейхстагпен Прагадағы Ратуша жанында жеңімпаз жауынгерлеріміз көздерін қуаныш жасымен жауып, соғыстың соңғы оқтарын аспанға атқан болса, шалғайдағы ауылдардағы шаттықты да сөзбен жеткізу қиын.
Халық көңілін кернеген қуаныш пен мерейге орай мемлекеттің өзі ауылдарда , аудандарда Жеңіс тойын тойлауға рұқсат еткен. Осындай Жеңіс тойы біздің кішігірім Қособа аулында да өткенін әкесі Жақаш соғыста қаза тауып, жетімдіктің небір құқайын көрген Жаңғақбай есімді ақын ағамыз кейін мынадай өлең жазды.
Төбесінде Берлиннің,
Туын тіктің Жеңістің
Осылайша жер қылдың,
Фашистерін немістің.
Өрімдей қыршын жастықтың,
Қанымен келген Жеңіс бұл!
Әділеттің, ақтықтың,
Жолымен келген Жеңіс бұл!
Біздің ауылда 1945 жылы маусым айында өткен Жеңіс тойы ауыл сыртындағы кішігірім төбенің бөктерінде өтіп, ел ат бәйгесін ұйымдастырған. Осы төбе қазірге дейін Жеңіс төбе аталып келеді. Өлең жаза бастаған бозбала шағымда «Жеңіс төбем» деген өлең шығарып, оны Алматыға оқуға барған кезімде «Мәдениет және тұрмыс» журналына (қазіргі «Парасат») редакциясына өз қолыммен тапсырғаным бар. Бұл өлеңім 1975 жылы мамыр айында журнал да жарық көрді.
Жеңіс төбем
Көз ұшы көмкеріліп ақ сағыммен
Төскейде төңкеріліп жатқанымен,
Аты бар әр төбенің бұл далада
Түз халқы түгендейді аттарымен.
Шалғайы шағыл - шағыл құм белестер,
Аймағы аңызақ жел, сұр дөңестер.
Ғажайып бір төбе бар бұл далада
Баурайы кәусар бұлақ, гүлдер өскен.
Ыстық құм , ірметілген сағым бұла.
Тентек жел, құм суырған дауылды да,
Мойымай мол көтерген бабам менің,
Тек сенің суыңа кеп табынды ма?
Сан - сапат кештің бастан сұрапыл күн,
Намыстан найза болып жүз атылдың.
О, далам, ұқтырдың сен осылайша,
Тірліктің ұрттам судан тұратынын.
Белгісіз сан төбенің бірімісің,
Екі елдің шежірелі сырымысың,
Тікті ме туын әлде түрікмен - қазақ
Төбеңде тату енді тұру үшін.
Қағыспай содан бері құдық үшін,
Баурында бейбіт өмір тұруы шын.
Жатырсың қыратың мал, қайнауың ел,
Сен әлде сол қалпыңмен ұлымысың.
Атыңды «Жеңіс» дейді біліп елім,
Жеңіс боп желбірейсің күніне мың.
Титімдей қара төбе болғаныңмен,
Тарихтың таусылмайтын жыры ма едің.
Сызылып сұрапыл сөз соғыс деген,
Боздақтар елге оралып жеңіспенен,
Басыңа қуаныш селін төгіпті елім,
Болмаған бұрын-соңды той істеумен.
Ат берген сонда саған «Жеңіс» деген
Өшкен жоқ той табы әлі ел істеген
Басыңда анам салған ән қалықтап,
Сол той да жүйріктермен жарысты өлең.
Байқатпай өмір шіркін жыл шеруін,
Тастапты - ау артқа талай еңселі күн.
Халқымның туындай боп, Жеңіс төбем.
Келесін ақтап әлі ел сенімін.
Бұл соғыстың қарапайым халыққа салған қасірет - қайғысын сөзбен жеткізу қиын. Талай боздақ майдан даласында қыршыннан қиылып, талай үйдің түтіні ерте өшіп қалды, тепсе темір үзетін аптал жігіттер қылшылдаған жасында мүгедек болып оралды.
Маңғыстау түбегінің түлектері Жеңіс күнін жақындатуға өздерінің қанымен де, маңдай терлерімен де өлшеусіз үлестерін қосты. Маңғыстау жерінен майданға 11 мыңнан астам боздақ аттанды.Қазақта; «Қырық жыл қырғын келсе де ажалы жеткен өледі». «Кебенек киген келеді» деген жаугершілік заманнан жеткен сөздер бар. Сол айтқандай, Маңғыстаудан майданға аттанғандардың кебенек кигендері мыңға да жетпейді екен. Олар сол бір сұрапыл жылдардың көзі тірі куәгерлері екені даусыз.
«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп Қасым ақын айтқандай, соғыстың соңғы оғы атылғанына да алпыс жылдан асып барады. Ия, уақыт өз дегенін істейді. Бір кездегі оқ-дәрі иісі сіңген сүр шинелін жамылып, туған топыраққа от ортасынан оралған жалындай алаулаған жас жігіттер бұл күндері самайларын ақ қырау шалған ақсақал атанып отыр. Маңғыстаудан майданға аттанғандардың соңғы легі 1925-26 жылдары туған балауса жігіттер еді. Қазір солардың өздері сексеннің сеңгіріне шығып отырған ата жасындағылар. Бәрінен де бататыны, өмірінің көктемін соғыс өрті шарпыған, қазіргі шақта мұражайлардың сирек экспонаттарындай, тірліктің сәні мен мәні, мазмұн-мағынасы іспетті осы бір жүздерін әжім қатпарлаған, ақ шашты, еңкіш тартса да еңселері биік ержүрек ұландардың қатары күн өткен сайын селдіреп барады. Сол бір сұрапыл от пен сұрқия оқтың ортасынан аман оралған солдаттардың саны мігірсіз уақыт пен мейірімсіз ажалдан сиреп бара жатқаны қабырға қайыстырады.
Амал не, өмір заңы, тіршілік қағидасы осы.
Сол соғыстың Бас маршалы, ұлы қолбасшы Г.К.Жуков бір сөзінде: «Ең соңғы солдаттың денесі жер қойнына берілмей тұрып соғыс бетті деуге болмайды!» деген болатын.Бұл сөздердің астарында қыршын жүректерін оқ қиып шейіт боп кеткендерге, елге есен-сау оралғанымен дәм - түзі біткен күні дүниеден өткендерге, көзі тірі жүрген соғыстың соңғы сарбаздарына деген көл-көсір құрмет пен ілтипат жатыр.
Неміс басқыншыларына қарсы соғыстың сұрапыл күндерін көзбен көріп, бастан кешкен ардагер жайында қанша жазса да көптік еспесі кәміл. Олардың майдандағы ерліктерімен бірге соғыстан кейінгі бейбіт жылдардағы еңбектерінің өзі бір төбе. Мұның барлығын бір кітаптың ауқымына сыйғызу мүмкін емес, әрине. Бүгінгі ұрпақтың басты парызы арамызда жүрген ат төбеліндей ардагер ақсақалдарымызды, тылдағы ауыр тұрмыстың барша тауқыметтерін қайыспай көтеріскен, сөйтіп Жеңіс күнін жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан ақ шашты әзіз аналарды құрмет пен ілтипатқа бөлеу болып табылады.
Көңіліміз тола отырып айтар бір іс Маңғыстаудың барлық елді мекендерінде осы үрдіске орай онды істер істелген. Соның бірі Ұлы Отан соғысынан оралмағандарға орнатылған ескерткіш - обелискілер. Соңғы жылдары еңсе көтерген Тұщықұдық, Тұщыбек ауылдарындағы Ұлы Отан соғысынан оралмай қалған боздақтарға орнатылған ғимарат пен Тиген ауылындағы Маңғыстаулық батыр Исатай Сүйеубаев қабірі басына тұрғызылған кесене там әсемдігі, мықтылығы, орындалу үлгісі жағынан да Маңғыстау мұраларын байыта түскен еңселі ескерткіштер болғанын айту керек. Елді мекендердегі ескерткіштердің көбіне от ортасынан оралмай қалған жерлестеріміздің есімдері ойылып жазылған. Бірсыпыра мекендерге Отан соғысына арналған мүйістер, аудан, қала орталықтарындағы мұражайлардың арнауы залдары бар.
Түбектегі сол боздақтар рухына арналған ең үлкен ескерткіш Ақтау қаласының орталық көшелерінің бойындағы Жеңіс гүлзары. Гүлзардың бір шетінде ғарышқа қанатын қомдаған ұшақ, екінші шетінде ортасында мәңгілік алауы бар алып обелиск. Бұл обелискінің бұрынғы Кеңес Одағындағы осы тақылеттес екінші ескерткіш екенін айтсақ, Маңғыстаулықтардың өз жерлестеріне деген қадыр - құрметінің қаншалықты зор екеніне баға бергеніміз. Бұл жыл сайын қала тұрғындарының Ұлы Жеңіс мейрамын атап өтетін қасиетті орын. Болашақ жас жұбайлардың некеге тұрар алдындағы тағзым етіп кететін, ескерткіштер суретке түсетін қастерлі құтханасы.
Орайы келгенде айту керек орталығындағы осы ескерткіштер жанындағы гүлзарға маңғыстаулық Кеңес Одағы Батырларының бюстерін орнататын мезгіл жетті. Олар басқа жерлердегідей көп те емес не бәрі жеті боздақ: Кеңес Одағының Батырлары Мәди Бегенов, Жұмағали Қалдықараев, Біләл Қалиев, «Даңқ» орденінің үш дәрежесін алған Кемер Оңғалбаев, Павел Малаев және Ленин орденді Исатай Сүйеубаев пен Қартбай Бекжанов. Сонымен қатар осы жерге от ортасынан оралмай қалған боздақтардың есімдерін мәрмәр тасқа жазып қою бүгінгі ұрпақтың азаматтық парызы деп санаймын.
Халқымыздың қаһарманы ұлы Бауыржан Момышұлы «Кімде-кім өз ұлтын ұлықтай алмаса, басқаны да сыйлап жарытпайды» деген еді. Біздер ұлтымыздан шыққан Батыр ұландарымызды өздеріміз даңқын асыра дәріптеп, ұрпақтарымызға ұлықтай алмасақ, елдігімізге сын екенін естен шығармауымыз керек.
Қазақ халқы қай кезде де ерлік дәстүрлерін жоғалтпай келе жатқан Евразия құрылығындағы ержүрек ел екенін өзге жұрттың өкілдері де талай рет мойындаған. Соғыс кезіндегі одақтасымыздың бірі Англия майдандағы жағдайды тұрақты жариялап тұру үшін «Юнайтед Манчестер», «Таймс» газеттерінің тілшілерін соғыс жүріп жатқан аймақтарға жіберіп тұрған. Солардың бірі Алекс Берт деген ағылшын тілшісі кейін «Россия 1941- 1945 жылдардағы соғыс кезінде» деп аталатын көлемді кітап жазды. Ол осы кітапта соғыстағы қазақ ұлты өкілдерінің өшпес ерліктері жайында баяндап келіп былай дейді: «Қызыл Армия қатарында қазақ деген ұлттың өкілдері көп кездеседі. Қазақтар қорқу дегенді білмейтін жаужүрек халық. Жалпы қазақтар соғыстың басынан аяғына дейін тек қана ерлік әрекеттерімен көрінді...»
Сонымен қатар жауынгер жазушы Илья Эренбург «Қазақтар» деп аталатын көлемді очерк жазды. Онда қазақ жауынгерлерінің ерлік істерін көрсететін талай эпизодтар бар.
Ұлы қолбасшы Г.К.Жуков: «Соғыстағы ең есте қалатын кезеңіңіз қайсы?» деген сұраққа: «Москва қорғанысы, Москва үшін болған айқастар» деген екен. Ал Москваны Қазақстандық армия, негізінен қазақтар қорғанын ешкім де жасыра алмайды.
Қазақтардың Москва түбіндегі теңдесі жоқ ерлік істерін баяндай келіп «Правда» газеті: «Любят у нас правдивую и открытую душу казаха, его скромность и мужества» деп жазды.
Соғысқа дейінгі дәуірлерде оқшаулау өмір кешіп, өркениет көшінен кенже қалып келген Маңғыстау жерінен талай ержүрек ұландар шықты. «Даңқ» орденінің толық иегері Кемер Оңғалбаев бір әңгімесінде: «Біздер бұл ұрыста атақ - даңқ алу үшін соғысқан жоқпыз. Соғыс кезіндегі әр бір әрекетіміз Міндет, Парыз деген қастерлі ұғымдар төңірегінде топтасып жататын. Араға алпыс жылдан астам уақыт көші түскенімен.
Маңғыстаулық ұландарымыздың көп ерліктері соғыс өткен аймақтардағы әскери архивтерде қалды. Бізге жетіп отырғаны көл шетіндегі шөлмектей жартымсыз дүниелер. Солардың өзін ұқсата білсек, білгендерімізді ұлықтай алсақ та ұрпақтарымыз үлгі аларлықтай із қалар еді деген ізгі ниетіміз осы кітапты жазуға итермелеген еді.
Сөз соңында айтарымыз - бұл кітап жалын жылдардың барлық тарихын егжей-тегжейлі толық қамти алмайды. Бұл тек осы жолдағы талпыныстың ғана бір мысқалы екендігін ескерген ләзім.
Осы орайда соғыстан елге оралып, көп жылдар ұрпақтарға үлгі-өнеге боларлықтай еңбек еткен, дәм - тұзы таусылған кезде дүниеден өткен және қазіргі арамызда жүрген ардагерлер жайында «Соғыстан қайтқан солдаттар» деген атпен толыққанды жинақ шығаруға да мүмкіндіктер бар екенін айту керек. Ол алғы күндерге, кейінгі лекке бүгінгінің ең бір елеулі аманаты.
Ел азаттығы, басқыншы жауға қарсы қанқұйлы соғыста қаза тауып, он сегізде от кешіп өткен боздақтарға деген құрмет пен ілтипат халқымыздың жүрегінде сарқылмақ емес. Жеңіс мерекесіне арналған мына өлең шумақтары да осындай ілтипаттап туындаған еді.
Жеңіс жыры
Бүгін Жеңіс! Бүгін той! Шаттан әлем!
Көңілімдей кіршіксіз аппақ әуен.
Жеңісімнің жемісін тойлап бүгін,
Жеңіс жырын шырқаймын ақтара мен.
Аналарға жұтқызып зар - қасірет,
Соқпай қалды сен үшін қанша жүрек.
Жеңіс! Жеңіс! Қымбатсың сондықтан да,
Сондықтан да бейбіт күн - барша тілек.
Отқа оранған солдаттың арманында,
Шертілмеген шер болып қалмадың ба.
Жалғадың ба үзілген үміттерді,
Сенім болып мәңгіге орнадың ба?.
Кемелденіп, кешеден бүгінге еніп,
Еңбекші елдің келесің үнінде нық.
Бейбіт өмір, бақыттың биігінде
Тұрсың асқақ көгімде туым болып.
Бұл Маңғыстаудай маңғаз өлкеде туып-өсіп, пешенелеріне жазылған сұрапыл соғысты бастан кешкен, бақилық жайлары жат жерде қалған боздақтар мен сұрапыл соғыстан ел-жұртына есен-аман жеткенімен уақыты озып, күні кеше кез жұмып кеткен майдангерлер рухына тағзым етіп бағыттаған дұғамыз бен арамызда жүрген ақ самай ардагерлеріміздің мәртебесі мен мерейіне бас игеніміз болмақ.
Ақ ниетті адамзаттың 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңісінің мерекесі ғасырлар бойы тойлана беретін, бүкіл әлемдік тарихи маңызын ешқандай уақыт тезі өшіре алмайтын, қайта жыл өткен сайын жарқырай түсетін, жаңғыра беретін жарқын тойы болып қала бермек. Бұл күн бүкіл өркениетті әлемді тырнағынан қан тамған қаскөй пиғылдарға қарсы ымырасыз күрес туы астына біріктірген ұлы үрдіс, ұмтылыс күн болып адамзат жадында мәңгі сақталады.
Автордан
Осы кітабымның жарық көруіне демеушілік жасап, деректермен, суреттермен толықтыруға көмектескен Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевқа, «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалының, облыстық ішкі саясат, мұрағаттар басқармаларының, облыстың тарихи - өлкетану мұражайының, әскери комиссариаттың қызметкерлеріне шын жүректен алғыс сезімімді білдіремін.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру