Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 39 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Айнахан Есет
Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы
АЙНАХАН ЕСЕТОВА
ГҮЛНАР НАУЫРША
ГҮЛАЙЫМ ДӘУІТБАЕВА
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:
Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры
АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:
Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясының томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға ақындар Айнахан Есеттің, Гүлнар Науыршаның, Гүлайым Дәуітбаеваның өлеңдері енгізілді.
АЙНАХАН ЕСЕТОВА
Айнахан Есет -1958 жылы дүниеге келген. Ақын, журналист. Маңғыстау өңірінің белгілі қаламгері. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Маңғыстау облысы, Бейнеу аудандық «Рауан» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған, республикалық ұлттық тәуелсіз «Үш қиян» газетінде жұмыс істеген. Қазіргі күні «Маңғыстау» облыстық газетінің қызметкері. «Олжашы шежіресі», «Өмір сыры», «Ақжелең» кітаптарының авторы. Cөз бастау Тұлпар менен тектілікті сөз етсем, Табам бәрін әкем жайлы деректен. «Кесекті ердің көзімін» ғой құдай –ау, Неге сонша өзімді-өзім қор еткем?
Маңғыстаудың маңғаз тауы рухы, Жырларымда жусанының жүр исі. Замананың айта алдың ба шындығын, Сыршыл жүрек Ар алдында жүгінші? Жөгілік пен жайсаңдықтың арасын, Бұл күндерде айыра алмай барасың. Дәрмені жоқ, жүнін жұлған торғайдай, Қайран менің, тірлікке көз қарасым. Кешір жұртым, бола алмадым кемеңгер, Тауды көрдім төбешіктен төмендер. Бас изейді бұрыс істі дұрыс деп, Көкірегі көр соқыр мен кереңдер. Кем - кетікті кер тірліктен мезі боп, Күлге айналған ұшқындардың шоғы жоқ. Жалпақ жұртқа қандай пайда, не қайыр, Пенде болып күн өткізсең себі жоқ.
Шаужайына жармасыпап арманның, Айарландым, арландым!.. Тұлпар мінген текті әкенің қызы боп, Қаламымды қайта ұстауға қармандым. Бейнеу баяндары Елдік үшін бітпей қойғн егесі, Көк тіреулі Күйкенінің төбесі. Жеті жұрт кеп, ауып кеткен жеті жұрт, Беу, Бейнеуім сенін ойын - сан батырдың көбесі! Беу, Бейнеуім - сенің қырың - сан батырдын жебесі. Беу, Бейнеуімсендік аңыз – сан ғасырдын елесі! Мәңгілік Күн шапақ сеуіп, Кұт –Тәңірі сыйлаған, Бұл өлкені мекен еткен Көк Түріктің Төресі,
Аршылан боп жарып шыққан өзегінен ажалдың, Ары - Азат, Айбыны - үстем, Адай деген ел осы! Бір Алладан ұрпақ үшін, бере көр деп адал күн Мінәжатты Пір бабамның мешіт салған жер осы. Имани –Нұр тұнығынан перзент сусын қандырған Бағзы шаҺар, ежелгі жұрт, қарашаңырақ мөрі осы!
Cам шаһары «Археолагтар Үстірт үстінен бағзы Сам қаласының орынын тапты» газет жаңалықтары. Өркениет түптамыры - тұрақ тауып көмбеден, Обалардан шырақ тауып, қараормандай ой терем. Тас қалада тыныстайды ұлысымның көсемі, Кебенегін оранып - ап, асыл, алтын теңгеден. Сенім Кәміл жол ашқандай ақ пейіштей үмітке, Адыра қап көкейімді табалаған күдік те. Тұп –тұқиан шежіремнің тауып алдым бастауын «Ақпан» атты үйіктен. Тақ та қалған, бақ та қалған. Өтер кезде» сызықтан» Ай сәулетті «Сам» шаһары сан жаһангер қызыққан. Жібек жолы, жібек бұйда байлағанда түйесін, Гөзел қыздың күзесі –ау бұл, жаусыз –жәлем, ұмытқан. Жібек жолы жібек өрнек ирек-ирек құмдағы, Алтын діллә теңгеме ұқсас, саудагердің динары. Ай қондырған мұнаралы, айшықталған қақпасы, Табанымның астындағы топырақты Шаһ басып. Алтындаған сарайымның босағасын аттасып, Таң тамаша таңдай қағып бас шайқасқаған мақтасып. Талай бектер ғафыл кеткен «Самның» сырын таба алмай, Құба дөңді, қиян жұртта тағат тауып қала алмай. Асыл мұрам, түпкі тегім, осы арадан басталған, Жаңа ғасыр аршып жатыр бағзы бақи баянды –ай. Сырын ашты саф асыл дүр, сары шекпенді Бабақұм, Керуен сарай Белдеулі бұл, шаһарым һәм қамалым. Озалғы Орда Отанымның осы арада орыны, Иншалла енді, Баба Тарих жұмбағыңды табамын. Ажыратып болашағын ертегі мен елестен, Қырдағы ел төр жаңартып азан –қаумет кеңескен, Келісімді, ер ісіңді айтпай кетсем маған серт, Тарихтағы тартуыңды шығармайды ел естен!
Бұл Бейнеуде менің ағам, ақ дұғасы қабыл ер, Қайта жайлап қам жасайды қабырғалы қалың ел! Шайыр біткен шерлі жырын, зерлі жырын арнаған. Жаңа үйлерде жарқырайды жаңа шамын шағып кәміл ел !
Бойтұмар Қағанатымқандас бауыр құрмалым, Бозғалдақтай ұлдарым, Қызғалдақтай қыздарым, Мен бұлдасам-қазақылық қасиетімді бұлдадым. Мен сыйласамқазақылық салт дәбімді сыйладым, Көсем тілім, шешен тілім өсиетіңді тыңдадым. Тыңдай –тыңдай ерлік жырын шамырқандым, ширадым. Жау жібермей арадан, Толғап тартқан сұр жебесін қадаған. Бек Арысым белгілі, Ақ Арысым атақты, Жан Арысым аламан, Бір дүреген ақ дұғалы атадан! Бірге туған құрсағы алтын анадан Нұр түлеген қызыр кие батадан! Озалдан да атам қазақ баласын Бөрі тектес берен халық атаған. Бірлік деген бал сарқытын бабамның. Ұлым саған нәсіп етіп қоярмын, Ар жолында адалдығын анамның, Қызым саған бойтұмар ғып тағармын. Тәңір бергей бейкұт дәурен заман күн. Тәңір бергей Бейқұт дәурен заман күн! Жебелі байрақ Көк Туым, Ұлысым мен Ұраным! Баба күлдік Тұрағым! Сүйінерім, сүйенерім, Тұмарым!
АНТОНИМ Жер дегенді көр деп қана ұғатын, Кесір жатын Көрдемшені туатын. Жамандықты, надандықты халқым –ау, Жұқтырыпап азаюда қуатың. Жер дегенді елім ғой деп ұғатын, Азат ұлды алтын құрсақ туатын. Ақ сүт емген текті ұрпақпен тек қана, Орындалмақ елім арман мұратың. Керней –керней көкірекке кек толған, Ірке алмаспын ілкі сөзді кеп қалған, Текті ұрпаққа тиесілі жерімді. Жемқор заман жеп қойған. Меншік болған әлдекімге күміс көл, Қорғап еді жер мен көлді үмітті Ер, Мынау жердің батырлығы, байлығы, Қара қазақ баласына жұғысты ол!
Тағдыр Тана көз моншақ тағдырым, Таға алмай үзіп таусыппын . Таңдарда тауға қона алмай, Тұмандай түнде қалқыппын. Талшыбық үміт,талша жан. Талықсып талқы тамсаған. Талпынып талап аңсаған. Тар өткел тас жол,тайғанақ , Тарау да тарау тарқаған . Тарамыс –тұзақ тастүйін, Тартысты тауан тәңір –ай. Талшыбық менің жастығым, Таба алмай кеткен тобаң –ай. Тәкаппар, тарпаң ,тектілік, Тамырың сенің тереңде. Төркіндеп келсең төрт түлік Төскейден айдап берем бе? Тура жол тартып төріме , Тұлымдым тағы келсейші. Тұлдырсыз жұтаң көңілге, Тынысын тауып берсейші. Тана көз моншақ үзілген, Таңғы шықтардан тізейін , Тіксінген тірлік тінінен , Торғындап көйлек тігейін , Төгілтіп жалын тұлпардың, Тұрманын сайлай мінейін . Тұғырын таңдап сұңқардың. Томаға тағып жүрейін. Тосқауыл күдік тор қайғы, Тоқмейілсуді тойтарып Тобарсып кеткен аңқамды Тоғытам селді қайтарып
Тоз-тоз боп кеткен тал қайың, Тоғай боп өссін жайқалып. Тентіреп кеткен қалқамды, Түздерден күттім тым ұзақ . Тұнығым тағы шайқалды, Текке өтті күндер зымырап. Телмірдім терең күрсініп. Тұнжырап тұрды терезе. Тиянақ таппай тиегі, Терме жыр қалды пернеде. Теңіздей сезім киелі, Толғатты тағы тербеле, Тұла бой талғап исініп, Теңдессіз әуен келе ме. Тұсауын кескен тіршілік, Тіксінді жылап , о неге?..
Құсни ғұмыр Көктем келіп болмаған соң, «Күн суық» деп алдандым. Ақпан жігіт өтіп кетті тұсымнан, Әрі -сәрі көңіл күймен таңдандым. Әсем қызыл көйлегімді киюге Үлгертпеді тағы жаз, Қалай бейғам болғанмын?... Күз де жетті тұманнан, Шымылдығын, сылдырмағын тағынып, Әнін айтып арманның, Дидардастық сағынып. Енді міне қыс келеді, Қыс келеді, Құдайау, Ки тоныңды, қамданғың... Күн артынан күн заулайды, асығып Қалған көңіл, жалған мұң... Білгенімнен білмегенім көп әлі, Көксіл кеуде дерттізарға толады. Сый көрмеген төрде отырып шалқайып, Біз жалғанның қонағы!.. Кейде тұлпар секілдімін, Қосылмаған бәйгеге. Кейде тұғыр секілдімін, Түсіп жүрген әуреге. Кейде менің төрт құбылам Түгелденіп тұрады.
Кейде тұлдыр жетім құсап Ағылтегіл жыладым. Әй, қойсана –қойсана, Самайыңа ақ кірді ғой шырағым! Сонда да Мен мына Абыз жалғанның Дәрменсіз бір Сәбиімін, ұғамын! Аппақ Ар мен Кәміл Иман, Мейірімін шуағын, Шөліркеумен тұрамын!
Сағыз Сағызым,менің Сағызым, Саф алтын булы аңызым. Саумал да самал жазығым. Сағанда сейіс қалдырған – Сәйгүлік байлар қазығын. Сынбайтын сағым-парызым, Сыралғым,өмір-қарызым. Соқпағын сілтер қиялдың, Сонар да сонар сағымның. Сонау бір сәби кездегі, Салаңда қалған бар ізім. Сыр-сұхбат құрып сергіген, Сом білек жігіт, сұлу қыз, Сабаз да сырбаз өр кілең. Саңлағы ем сол бір ауылдың, Судан да тұнық мөлдір ем. Сәулелі кезім сенде өткен, Сәмбі тал мүсін бойжеткен. Сегіз қыр ,семсер сырлы ұл. Сара жолымды сәнді еткен. Сәттілік пен тәттілік, Сары уыз қаймақ таттырып. Сезімтал тұла бойыма, Сыйладың сымбат жақсылық. Сары ала қолтық-қолатың, Сахара дала, дара түн. Сазынан сезім төгіліп, Сағыныш қанат қағатын, Сал-сері қайным болатын. Сойына ел-жұрт сүйінген, Сәукеле,бешпент киінген. Сәлемін салып келіңдер, Сызылып сәнмен иілген.
Сабадан шайқап сары қымыз, Соғымға саяқ құлаған. Сүріні сақтар салтымыз Сүбелі қазы сыбағаң. Сынаса ене, абысын, Сұңғыла келін ұнаған. Сыбаймен сыйластығым-ай, «Сіз-біздер»-қимастығым-ай. Сырла аяқ сыры кетсе де, Сезіліп тұрар сының-ай. Сестілеу Ерге серік боп, Сырласып сыбыр көрген жер. Сары шудалы інген ыңырсып, Сауылдап сүті өнген жер. Самиян сары далаға, Сәріден түлік өрген жер. Сарабдал салтқа бағынып, Сырға мен шолпы тағынып, Сырмақ пен қалы жайылып, Сый қонақ күтіп сабылып, Сауық пен сайран көрген жер... Сібірлеп әр таң атқанда, Самала шамдар сөнбеңдер!..
Ән «Жадау көк» Үкілі бөрік киіп қамарлаған , Үстірттің үстін шолып самалдаған Құмартып құлақ түрсін құба дала Бөбекке Қайып тағы ән арнаған. Шалдықсам шәрбат шұбат қанып ішкем Жадау көк әнсің бе, әлде сағыныш па ең? Қайыптың таңдайынан ән боп туып, Басқаның маңдайына жазылып па ең. Үстірттің үстін шолдым қарай-қарай, Көш өтсе қалмайын деп абайламай. Тәңірім жазбады ма көруге енді, Бұл жалған бір тоқтаған керуен сарай. Бел асып «Білеуліге» жол келеді, Жолменен жолаушы жоқ жел желеді. Керуенді көш бастаған қызыл нардай Құм белес ырғалады теңселеді.
Ән тыңдап құба дала теңселіп тұр, Үстірттің үстіменен өлшеніп қыр . Іреңім желбіреген қызыл шархат, Жүрегім Ақбөбектей өртеніп тұр.
Күй «Қос қалқа» Үр жаңа үлде бүлдеден Шымылдық шаршы құраған Інжу менен жауһардан Қапсырма белдік қынаған. Қос етек көйлек қатарса, Келісер кербез сәнменен Қосарлап таққан қос алқа Бәстелген мая нарменен. Құлпы мен қымқап шабуын Асыл зер әдіп қайтарған Оқалап жібек жабуын Наз бедеу мініп найқалған. Сөзбенен емес сәнімді Ырғама сазбен тербейсің Дәуірлер көшті сағымды Көнерген сайын өрлейсің . Ғажайып нұсқа салтанат Кетсе де керуен тоналып Сақталып сазбен сан қабат Желеді күй боп жол алып . Күйші де қазақ төресі Багоры бөлек бекзат күй Өнердің өркен өресі Сақталған мәңгі саңлақ сый. Арманға ақ нұр кештіріп Дәуірлеп дәурен шайқалсам Бабамнан қалған тектілік «Қос алқа» күйдей айта алсам .
Паңкөйлек Топшысын сұңқар әннің сыпырамын, Жібектей желбіре енді шытыра мұң. Сен жаққа көзім талмай қарар едім, Қайтейін өзге жұрттан қысыламын. Самғаған сол ән менің жан іңкәрім, Оралмас дәуреніңдей сағынтамын. Жан іңкәрім сұңқар ән қанатында , Көз жетпес көк сеңгірді табынтамын. Дариға-ай Айнамкөздей ән бар ма екен, Қос етек паңкөйлектей сән бар ма екен. Өрбіген өр көңілдей қайран әуен Ән Мұхит өтеуі боп қалған ба екен. Талықсып пәк пейіліңді паналадым, Мерейі мәңгі биік самала әнім . Паңкөйлекті Айнамкөз қарасынан Адасқан арманымды таба аламын.
Ана арманы Қырық қыздың сәні бар мәнерінде , Қырық қыздың сыры бар әлемінде . Бесігінде ұлыма атастырған, Дәл осындай қалыңдық бар елімде . Ай жүзіне бұрылып күн қараған, Тұлғасына шынардай шың қараған, Ақ баталы жолымен бұрынғының, Қалың малын айдатқан мырзам оған. Балын татып бақыттың балбырадым, Ән мен күйден сусынды қандырамын. Қырық күн той, отыз күн ойын жасап, Ырза қылу жұртымды бар мұрадым . Салтанатын құрады салтым әлі, Жас жүректе иба мен ар тұнады. Сол келінім ана боп алтын құрсақ, Тал бесікте ер ұлан талпынады.
Ұлы дала ұл жайын салады еске, Ел керуенге ілесті дара көш пе! Ата-баба қалдырған қалың жұрттан Орын таба алар ма со нәресте? Аңсау Нарынның бойы нарша құм , Шағылдар шөккен күп - күрең . Шөлейттен тапқан аңсарын, Тамыры уыз сүттіген . Аруана дүние исінді,
Адал сүт емген арда ұл . Жүректе кие жыр тұнды, Сағынышымды жалға жыр. Құндақты сәби, жас ана, Аяулы нәзік жан үшін. Қара шаңырақ босаға, Қара орман қазақ қамы үшін. Арменен аптап ақберен, Намыстан найза ұштаған. Ер туған Нарын бақ мекен, Бауырыңнан боздар құштар ән. Есіл де жырды естіртейін . Еділ де Жайық ,Нарын боп , Қараойда қайғы кешпейтін, Қапыда тағы жазым боп. Сүттігендердің түбінде , Бозторғай салсын ұясын . Нұр сыйлап күн мен түніме, Бабамның даусы, тұрасың. Дәуірден озған дегдарым, Дауылпаз дастан, күй дарын. Кіреукең менен көбеңде, Ер Дәуіт соққан зер барын, Еншілеп ерте аңдадым. Ой астында талды жыр, Ай астында қалды сыр. Еділ менен Жайықта , Ақшалы мен малды жүр. Ақтылы қойды ақ қошқар, Ай мүйізді ақсерке, Алқынбай алқа топ бастар. Алалы жылқы ішінде, Аршындап озған арғымақ, Жырында мәңгі мақсат бар. Сөзімде менің жақпас бар. Ай, жан баба, нар қасқа, Толғамалы ақберен, О не болар тот басса? Қайрасам қайта жетіліп, Қырсыздық қыры-қырсықты, Қиялап тұрып шаппас па? Саф алтынмен бәстеген, Салмағы ауыр асыл сөз, О да дертіп шыдатпас,
Сыр сандықта сақтаса. Ұяда қалған шикі өкпе, Мұзбалақ шыңнан аспас па? Қалауын тапса халықтың, Жетімдік көрген , Жемің де, Сарқылып қалған Сағыз да , Арнасынан таспас па? Дәтіме қуат дәтүрсің Дариядан асқан тасқынсың Асып та тасқан ақсүйек , Арыныңды қалай жақтырсын? Ел-жұртым деген деміңе. Есіл-дертіммен ерідім. Керексің мәңгі еліңе, Ар Намыс Мерей көрігім! Күрке Іргесінде отырып ап күркенің , Жеңешеме жыр оқимын бір керім. Жер ошақтан иісі келіп күлшенің, Болашаққа бастаушы еді бір сенім. Сүмбіледе сеп болмады күркеміз, Қоламтаның қызуы аз білсеңіз. Күркеге енді түнемейді Күлше қыз, Қимастықпен еске ала жүрсеңіз.
Жерошақта шоқтың табы жатыр ма, Күлше қыздың мекені енді шатырма? Алтын шатыр сол күркеге татыр ма, Күлше табы, ет-жүректен басылма!.. Көрік Өтекеңе Құстың тілін, судың сырын меңгерген, Сүлеймен дүр пайғамбармен тең келген. Иерусалимнен ғажап сарай салдырып, Таң қалдырды тәмәм жұртты көз –көрген. Ғажайыптан ғалам сыры ұғылмақ Шөл далаға орнатпақ боп қыдыр бақ. Барын салды, жанын салды, аянбай Мың сан шебер құмырсқадай қыбырлап. Айшық өрнек мың құбылған ырғағы, Айдан сәуле, жұлдыздан нұр ұрлады. Күн жанарын қымсындырған бояулар, Бейне бедер - жеті қат көк сырлары.
Мың сан шебер зейін, зерде арнаған, Маңғаз сарай, мың сан ойды қармаған. Қай шебердің ісі артық, күші артық, Мәртебеге кім лайық, таңдаған. Кім құдірет, қайсысы елден еректі, Таразыға салды патша деректі. Мың шебердің ішіндегі бір шебер Алтын таққа отыруы керек-ті. Сарсаң қылды ақыл ойлы асылды, Сыншы, мінші, көп уәзір аһ ұрды. Ғалам сырын меңгергенмен падиша, Шын шеберді тани алмай қапылды. Дүйім елдің данасы мен датқасын, Дал ғып әбден білді ешкімнің таппасын. Тығырықтан шығар жолды білмесе Пайғамбарға телір ме ел патшасын.
Бір тәңірге ғибадат қып Сүлеймен, Сейілдіріп, дүйім жұртты үрейден. Шешілместей бұл сауалдың түйіні, Әр шебердің өзіне кеп тірелген. Патша еркіндік берген соң кім шошынсын, «Өлмес өнер ел мерейін өсірсін. Қалың халық құптағанды құп көрем, Кім мықтымын десе таққа отырсын!» Билеушінің жарлығы елді ұйытты, Шерменде күй, шебер біткен күдікті. Қадамы нық, еңсесі тік бір кісі, « Алтын таққа отырам» деп шығыпты. Сан шебердің санатында болмаған, Бұл кім өзі, сарайға өрнек салмаған. « БАСҚАЛАРДАН ҚАНДАЙ ІСІҢ ЕРЕК-ТІ, Ал айтып көр қызметіңді бұлдаған?»
Патша қайран, қалың халық күбінді. Әлгі адам ісмерлерге бұрылды. «Қара тастар мен жасаған қайладан, Қалыпқа кеп, қайта өңделіп тірілді. Уа, халайық, рас сарай салмадым, Бірақ барлық ісімді оған арнадым. Күн –түн қатып көрік піскен ұста едім, Құрал беріп әр шеберді қолдадым. Болмаса егер құрал - сайман, жарақ –ай, Пәрмі, аталғы, қашау, бұрғы, арадай, Бес аспабын сайлапқайрап бермесем Мына адамдар қайтіп сарай салады –ай! Темір илеп, болат жаншып тезіме Сарнау салып, қарағайдың безіне. Тасқа әшекей тағындырып нақышпен, Бұл шеберлер жеткен істің шегіне.
Әр шебермен бірге соғып жүрегім, Бірге талды темір иген білегім. Сайманы жоқ шеберде де қайран жоқ, Ерек нұсқа осы ісіме сүйендім! Сондықтан да тақта отыру хақым бар!» Уәж еді бұл хан мен қара мақұлдар. Хас шеберге тәж кигізді Сүлеймен Көрігінде өнер оты лапылдар. Көне аңыздың тіні алтын үзігі, Тылсым сиқыр біз білмеген қызығы. Сол шебердің шыққан екен қолынан, Сүлейменнің қасиетті жүзігі. *** Сәуле ендірген сұрғылт тасқа сұрықсыз, Өнер кие, сенім берік, күдіксіз Мойындаған пайғамбар да, патша да, Тәжім еттік хас өнерді ұғып біз!
Аңыз бенен ақиқатты айқындап, Құс жолындай бағытымыз тартылмақ. Менің патша көңілімнің төрінде, Пірім сізге тиесілі алтын тақ.
Арнау Жалғас Бисалыұлына Ай сәуле жүзді ақ жеңгем, Әлдилеп бесік бөлеген, Бекзат боп өскен ұл едің, Төреге жұртың теңеген. Тегіне тартар тұлпардың, Құлыны болып жетілдің, Әкенің асыл арманын Ақиқат іске көшірдің. Үміті болып атаның, Жігіті болып Отанның, Жақсылықтардың Жалғасы , Азамат ер боп атандың! Ар менен Антқа адалдық, Ана сүтімен дарыған. Азулы арғы бабаңның Жетеуі жеті қабылан. Маңсұрдан қалған аманат, Айдарлым саған лайық. Кеңескен жұртың құралып. Қадірін Ердің ұғады. Ден қойсам дегдар лебізің - Тарихи тағлым, мұралы. Шалқұйрық ізі Көкмойнақ, Тұлпардың асыл тұяғы! Маңғыстау үшін мәртебе, Кере де қарыс маңдайлым. Әзиз жан, әділ, зиялы. Орыны бөлек бауырым, Нұрсипат мінез, сияғы. Кемеңгер қартқа сүйеу боп, Асыл да балдақ бола алдың, Келешек жасқа тіреу боп, Айбарақ асқар бола алдың. Ел –жұртың үшін бір ердей, Тоздырдың жүйке-санаңды, Қап –қара шашың қарасам, Елім деп жүріп ағарды.
Үйірден озған пырағым. Ақсұңқар, арда қыраным, Сәруарым аман жүргей деп Алладан тілек сұрадым.
Отпан таудың бауырайында ой немесе қайрау I Соры басым болса дағы сұсы бар, Мінезінде Адалдықтың күші бар. Мың дүлейді жөнге салар әп-сәтте , Машайықтай мысы бар, Баба сенің қасиетіңе кендемін! Дауаң бар ма аласармас Арысым, Бүгінгінің адамының халі үшін. Айырбастап бас пайда мен айлаға, Беріп жүрген ары менен намысын. Тірі жан боп не тындырдым құдай-ау, Қалың қазақ қамы үшін. Безгек буып бордай үгіп бойымды, Шер құрсауы шырмап матап зейінді. Бебеулеген бөбек өлең жұбанбай, Жүндей түтті, нәті жұмсақ тейімді. Бабама ұқсар үлгі ісім осы деп, Не айтып кетем ұрпағыма кейінгі. Адам жаны әуес-ақ, Сағыныш деп аталатын мұң сырға, Мәнді мәнсіз ырымдар мен қисынға. Өзіме - өзім келе алмай жүргенде, Жеті қат көк мені қажет қылсын ба. Жеті қат жер жебірлігін тисын ба, Онсыздағы сүреңсіздеу сүлдерім, Күні ертең-ақ айналмақшы қиқымға. Күйкі тірлік, тыпыр қағып тұғырдай, Өз бәсім мен тірлік құнын ұғынбай. Жаны жасық жастық шақта дәрмен жоқ, Күні өткен қара бақыр тиындай. Жыр дегенімжетім бота бозауық , Сорғалайды көзден жасы тиылмай. Бұйдалап мұң , жетім бота жетекке, Ерер мәнсіз кәрі үлек көшекке, Ойсылқара танытпаса киесін , Нар күші не, есек не? Бар мақсатын құрған құлқын есепке, Біздің тірлік ауаны осыесепте!
Көресіні көрсетеді күш күдік, Босағадан жәутең-жәутең күтті үміт, Судан таза, болғым келген сүттен-ақ, Арман маған қараған жоқ пысқырып. Көңіл көнбей талпынады ышқынып, Мені мұнша күйреуік қып туғанша, Жарты мысқал қисаң нетті мықтылық? Қаптап келген қалың түмен жау түгіл, Қайраным жоқ күйкі тірлік шеріне, Жәдігөйлік еніп ет пен теріге, Қорсындым-ау соны әбден сезіне. Пәрмен күттім, жадыма бер зерлі ойды, Жебемесең, ісім өрбіп өнбейді. Жаралғасын жалғыз тамшы қаныңнан Құрғыр жүрек қысастыққа көнбейді. Жаз ұзату Ғұмырдың заңы солай жазыла ма, Алаңсыз балалықты сағына ма? Жүрегі от, жүзі алау Шілде қызды, Амалсыз ұзатады Тамыз аға.
Қыз ғұмыр-қалың елес, көлең-көлең, Ел көшіп кеткен жұрттың орыны дер ем. Алқасын асыл қасты жоғалтқандай. Көңілі жаз қызының әлем-жәлем.
Тең өскен тетелесін кім қияды, Қоштасып кете барар күн туады. Сүмбіле салқын қабақ соны ұқтырып, Қолыңа сұп-суық қып су құяды.
Жылқыдай жөңкіледі бұлт айдаған, Күз жеңге кейіс қабақ сұрқайланған. Жаз қызы жаутаң-жаутаң қарағанмен, Танытпай жылы шырай сырт айналған.
Таразы таң тұлғасын тоңдырғандай, Мөлдір шық-сағыныш жас, жәудір қандай. Жоғалтқан жаздай ыстық ниеттерін, Күншілдік көңілімді қалдырғандай.
- * « Ғұмыр қысқа қызығындай бір жаздың»,
Сырын айтып сыңсиды құм,тыңдар кім? Шілде айының аптабындай өртеніп, Фәниге арзу жүрегімнен жыр жаздым. Дала даусын сағынған жан тілдессін, Қырды кезіп,жалаң аяқ құм кешсін. Шағыл құшып тыншу табар түбінде. Жан шөліме дауа ғазал,жыр көшкін. Сарын тербер сахараныаңсар үн, Көсік қазып,құм шайырды тамсадым. Бұрымында киікот жұпар бұрқырап, Күні кеше болдық біз де Ханшайым. Арзан дүние арбауыңа көнбесем, Мінезім солмейіріммен селдесем. Сабағынан ақ сүт парлап түратын, Сүттігенмен жаным егіз шөлде өскен. «Жаз дәуренің баста сірә тұрмайды» Сыңсиды құм,жан сырын кім тыңдайды? Өгей шеше тәрізденген өмір-ай, Исіндіре алмағаным қинайды.
«Аранжанның шалқымасы» Күй күмбірі тұншықтырып сан шуды, Аспан жүзін ала бұлттан аршиды. Арындаған, Абыл тартқан бұла күй, «Аранжанның шалқымасы» шалқиды. Сайөтестен –Сарыарқаға саз аунап, Мең -зең жатқан қыр дүбірден оянбақ. Дегелек үн, желек етіп жанымды, Баба рухын бастап берер баяндап. «Аранжандай, арда батыр жан бабам, Ұлы Үстіртті қалың жаудан қорғаған. Қамын қамдап қазақтың, Арда Адайдың ар –намысын арлаған! Қиядан қиқу көрінсе, Жау ма екен деп барлаған, Анау қырда орыны бар ордаңның, Белдеуіне сәйгүлігін байлаған, Бес қаруды сайлаған. Баһадүр Ер Аранжандай бар бабам! Алдаспандай берен серттен таймаған,
Қас дұшпанның қаса соры қайнаған, Қарсы келсе ата жауы жайраған!» Көп күндердің куәгері туған жер, Соның бәрін айтып берер қайда жан? Көзсіз ер боп жаратылып әттең ай, Кенде бопты пендешілік айладан. Бабам менің Арда Адайдың батыры, Тегі нұрдан, алтын құрсақ жатыры. Шежірелі күй тарихы сыр айтты. Ұрпағы да осал болмас асылы! Ардағым деп мақтан еткен Адайлар, Аруағына тағзым етер талайлар. Бұл тектілік болмысыңның тұрағы, Келбетіңе ұрпақтарың қарайлар. ТәбәрігімЕрлік Рух көсегем, Өршіл үнмен шоқтығымды көтерем. Өзің жатқан кең түбекті күзетіп, Қарауыл боп тұра берсін кесенең!
Жаз қызы Тұлымынан жусан исі бұрқырап, Ертегі айтар жалбыр шашты жаз қызы. Күнге құмар, асға асық, ынтық –ақ, Қыз да болса ол біреудің жалғызы. Жар басына келеді кеш-ертесі, Құлаған жар жарбай атан өркеші. Жарлауытта қараяды жалғыз қыз. Қыз да болса ол біреудің еркесі. Жалбыр шашы және нәзік тұлғасы, Жүз періге татитындай бір басы. Кетем дейді таразының таңында, Қия алмай тұр, анық кетпей тынбасы. Қыз аңызын жылай –жылай тыңдаған, Сыңсиды жел жаз жамалын қимаған. Өмір деген –аңсау менен қоштасу, Оңай тиіп тұр деймісің бұл маған. Экология Аңсай күтіп ағыл-тегіл бір нөсер, Көз алдымда көктем солды обал-ай!
Ойлағанмын қайрылып бір тілдесер, Беталдына бұлт безеді жоламай. Көктем солды, күдер ме әлде үзілген, Шөлдеулі жаз талықсыды, жанкешті. Не күтеміз тұл жалаңаш бұ күзден, Жадау қайың жалаңаяқ баз кешті. Жадау қайың, жарық-жарық балтыры, Қамсау болмай, жұқа қабық құрғаулы. Мазалайды Жер Ананың тағдыры, Қарсыз қыстың, сұры неткен ызбарлы.
Р. С.
Жерік тағы Жер Ана қыз көктемге, Бал аңсаулы сор татыған таңдайы. Гүл өсер ме екен тақыр бөктерге, Не болады келер жылдың жағдайы? Шыдам Желең көйлек серуенімді жаздайғы, Тәмәмдайды мына күз. Жырлай берме адал албырт жағдайды, Қажет емес құр аңыз. Шыдамаған өрт құшақты шілдеге, Ортақ екен кінәміз. Күшіне енген күз жайлы енді дым деме, Тағы да сәл шыдаңыз. Мына желдің өтті-ау әбден ызасы, Бағзы әдеті қайтерсің. Жағымпаздың жолы жеңіл расы, Білсе де ел кер кейпін. Құлап еді-ау табанына жаздың да, Лебін, демін білдірмей. Безектеп жүр күздің арты алдында, Түлкі бұлаң ілдірмей.
Неткен жайлы, неткен жұмақ мына күз. Астық азаң қырманда. Әрпілтәрпіл жайды қалай ұғамыз. Шын айтар кім бұл маңда?
Оғылмеңді арудың монологы Әлқисса, Жейхун дарияның мұзы ойылып кетіп, Ер Қосайдың бүкіл көші қара орманы, бала-шағасы суға кетеді.Сонда Тәңірдің салған ісіне сабыр қылған Қосай ата жүзін құбылаға бұрып, «Иә, Алла оңын бере көр, оңының да соңын бере көр» деп тілек етіпті.Теңдессіз қасіретке тап болып теңселіп қалған қарт ата інісі Тәзікенің үйіне барып, керегені теріс құшақтап көп жатады. Мұны естіген мәрт мінезді түркпен досы, құдай жолын ұстанған дегдар бекзат Бегліишан Көне Үргеніштен іздеп келеді. Арада көп ұзамай Қосай атаның қадір қасиетін құрметтейтін Бегліишан 15 жасар жас сұлу, тәуіп қызы Оғылмеңдіні Ер Қосайға ұзатып береді. Сондағы жас арудың Ер Қосайға арнаған жүрек сөзі :
Жаман жердің бастырмаған шаң сызын, Ғайбат сөзден естіртпеген жалғыз үн. Түсірмеген күн көзінен басқаны, Ишан әкем қиды қалай жан қызын? Қызыл шарқат нұр жүзімді қымтаған, Ей, Сұлтаным бұйырыпты бір саған. Арзу болар ару қыз да, жастық та, Қарт болса да хас асыл боп тұрса адам. Қырық бұрым, қолаң шашым төгілген, Ей, Сұлтаным саған сыйға берілген. Тағзым етер Пірімнің сен екенін, Жүрегімнің әмірімен сезінгем. Қылдай белім қызыл бешпент қынаған, Ей, Сұлтаным саған ғана қия алам. Алты Алашты бағындырған Бахадүр, Құдіретіңе басымды идім Ұлы Адам!
Жарым десең періштеңдей жебейін, Күңім десең пендең болып көнейін. Әруақты ерге жар бола алсам лайық, Ол да менің хан қызындай мерейім! Ей, Сұлтаным, сырбаз келбет Нұр –Зады, Тал бойымда тарыдай мін тұрмады. Қабағыңнан қаймығады, қаралай Арда өскен күллі қазақ қыздары. Көк сауырлап кебіс киіс киген күмістеп, Көк жорғаға жона салған пүліштеп. Манар көзі мөлдіреген моншақтай, Түркпен қызы жарың болды биіктеп. Арда Арыстың отауына түстім деп, Керегесін қайта құрап тіктім деп. Мәрт түркпеннің гөзел қызыменшігің Құшағыңды пана тұтар, тұтқын боп.
Алтын ділдә әкелді әкем шашуға, Қам жасармын мұң-қайғыңды басуға. Перзент сүйер жолын берсін Хауаның, Пәрәудигер Пірім Бибі Бәтима. Мархамменен өзек жалғар Медетім, Күн тұтылса Қызыр Ілияс көретін. Арлан мінез арыстарға Баба боп, Дәурен туар ұрпақтарың өретін! Ниетімді Жаббар Ием жебесін! Жан шуағы Сағынышты сазы бар бір ән көшіп, Күз жеңешем тербейді тұман бесік. Сары даланың ұйытқан тұла бойын, Мезгілім тұр тағы да шыдам кешіп. Арманға арзу адам боп жаралғасын, Мына күйден аулақта қала алмаспын. Адастырған тұманның арасында, Құсни ғұмыр құштар боп амандастым.
Мұнар мұңға айқұшақ жаямын да, Тербетемін аялап саялы бақ! Аяусыз ауыртсаң да жүрегімді, Кешкенмін, кешіргенмін баяғы да -ақ . Жан шуағы мизам нұр себездеген, Дидарың тұр көңілде көнермеген. Қыр қызының мінезі, шын болмысы Хабарсыз кеткен болсам егер де мен.
Бала қайың Бірде қоныр, бірде күрең түске еніп, Мизам маусым мұңаяды түс көріп. Жапырактың жайы солай қайтесің, Бала қайын бой жаза гөр тіктеліп! Бала қайың саған жазым аманат, ҚаҺарлы қыс жатсадагы жазалап! Қай қайдағы қоздатады қайғымды Ақ жауын күз жапырақты азалап! Боздауық ән бар дүниеге сінгендей, Қара тастың безбүйрегін игендей, Дүниеге келген сәтте -ақ шыр етіп Осынау саз санама әбден сіңгендей. Қала барсам , дала кезсем тентіреп, Қалмай ылғи ілесумен жүргендей! Жетімектей жанарынан жас парлап, Таңды Машқар жаным бақи сүйгендей. Жаурасам да өкінбеймін неліктен, Ажырағым келмей сырлас серіктен. Алыс кеткен ақиқатты жоқтадық. Адал жанның шат бақытын кеміткен. Неге олай, дейді жаным шырқырап, Ақын жазған жырда дәрмен, бір қуат. Күз жылайды, жылай берсін қайтесін, Уайымға қалдырмасын бұл сұрақ.
Бала қайың келмес сені жылатқым. Қайғы мұңның құшағына құлатқым. Бала қайың сен жарқыра көкешім, Өйткені өзің жаңа жанған шырақсың! Көксіл мұңнан қыр көкжиек арылсын, Бал сағағың баянды бақ тағынсын! Бала қайың,жазым саған аманат. Қоңыр күрең сағыныш боп табылсын! ххх Адал едім, аппақ едім мен онда, Іздеп барсам соның ізін табам ба? Баяны жок, байламы жоқ заман –ай, Айналдырдың бәрін аңыз аянға. Аңтарылдым ақиқатты айта алмай, Сансырадым сағынышты тауса алмай. Енді, қайран бала арманның ұясы, Құлашын кең жаза алмаған кемтардай.
Ауылым қайда? Осы мазалайды бір сұрақ, Менің құсни көңілімді шымшылап. Осы арадан басталмап ед, Құдай -ау Сәруар сәуле, құс жолындай тылсым –ақ! Періште еді, арбайтындай пері емес, Жанарымда нажағайлы көп елес. Айыл жимай ақталамыз,.. Ауылды Шемен еткен сен де емес, мен емес! Сонада кім?...
Алматы Кеуде буған түтіннен, Аспанның да жасаураған жанары, Қарлығулы тамағы. Бар сабырын әзер жиып бойына Алатаудың салғырт тартқан қабағы. Аяулысың ей Алматы сен маған, Суықтаусың ызбарыңмен шамалы. Сендік сынның зарпына Шыдаса тек шын Ғашықтар шыдады. Не тең келер парқың менен нарқыңа, Сенде жастық шағы қалған ұғады, Ақымақ қып жібердің Ақын болам дегенді, Ақын қылып жібердің, Ақымақпын дегенді. Сендік мінез танысам, Патша емес патшайым, Сағынышты саздарың бар-алыс ән. жалғыз жүрек аңсауым. Сендік мінез салған сарсаң әуреге, Асқақтайсың енді бірде пәмдене, Мұнарланған көзіңнен мұң моншақтай, Ағыл тегіл күй кешесің сәл неге. Алыс қалған шағыңды әлде сағындың, Арзу болып сені арманға балаған. Арыстардың әруағына табындым. Сәл сәтіңде тұрасыңда түнеріп,
Енді бірде көз саласың жадырап. Бауырайыңда жатқан бұлақ жамырап. Мен өзіңе арта алмаспын сірә наз, Жазығы жоқ жәутең жастық шағымның Патшайымы өзіңсің, Алматы!
ГҮЛНАР НАУЫРША
Гүлнар НАУЫРША - Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Онды ауылында туған. 1972 жылы сол ауданның Жыңғылды ауылындағы Есір Айшуақұлы атындағы орта мектепті бітірді. Ауылда үш-төрт жыл жұмысшы болып істегеннен кейін, 1980 жылы Маңғыстау аудандық партия комитетіне секретарь-хатшы қызметіне орналасты. Сол жерде жүріп, аудандық «Жаңа өмір» газетінің белсенді тілшісі болды. Одан кейінгі еңбек жолы облыстық «Коммунистік жол» («Маңғыстау») газетінде жалғасты. Еңбек ете жүріп, 1982-1988 жылдары КазГУ-дің журналистика факультетін сырттай оқып бітірді.
Маңғыстау облыстық телерадиокомитетінде, кейін телерадиокомпания (қазіргі «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы) қазақ редакциясында редактор, аға редактор, бас редактор қызметтерін атқарды. 2002 жылыоблыстық «Маңғыстау» газетіне қайта оралды. Г.Науырша Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Түбекте тұратын қаламгерлердің «Жыр моншақ» жинағына бірнеше өлеңдері енген. Өлең, әңгіме, новеллалары аудандық, облыстық, аймақтық, республикалық газет-журналдарда жиі-жиі шығып тұрады.
ҰРАН ДАЛА, ҚЫРАН ДАЛА, ТҰРАНЫМ!
Ұран дал, қыран дала Тұраным, Өсиетім, қасиетім, Құраным. Мойнымдағы үзілмейтін тұмарым, Өзің жайлы мына менің жыр әнім, Саған аз ғой, арналса да мың әнім! Автор.
Пайғамбар да сенен шыққан о,Тұран, Ғұлама дасенен шыққан о, Тұран. (Жер жаһанды тербеп жатыр о, бұл ән), Неге үнсіз жылдар бойы жаттың сен, Міне, бүгін бүршігіңді аттың сен. Ол бүршікте туелсіздік таңы бар, Ол бүршікте нәубет жылдың қаны бар, Сол нәубеттен қалған Тұран халқының, Тым шағындау саны бар. Саным аз деп шағынбайын тәңірім, Кетер ме естен бірақ көрген жәбірім. Сан ғасырлар отарлыққа бас иген, Ғұмыр кештім еңсе түсіп жаси мен. Бөтен жұртқа кетті суша несием, Еске түссе амалсыздан күрсінем. Күрсінем де көк туыма қараймын, Көк туымда шұғыласы арайдың, Сол арайда тағдыры тұр талайдың. Талай-талай зұлмат өтті басымнан, Жауым шығып сеніп жүрген досымнан. «Қазақ халқы ұлтшыл» деп те нұқыды-ау, Көрсоқырлар кеуделері тасыған. Олқатігез желтоқсанның ызғары, Сол ызғардан жүрек суып сыздады. Бейбіт күнде, бейбіт шеру үстінде, Жәбірленді қазақтың ұл-қыздары. Сол қыршындар елі үшін қамықты, Қазағынан алу үшін қамытты. Жас ғұмырын аямастан бейкүнә, Балғын тәнін көк аязға қарытты. Егеменді, Тәуелсіздік, Еркіндік,
Иә, көк ту желбіретіп, желпіндік. «Осы еркіндік қан төкпей-ақ келді!»,-деп, Кейбіреулер жүр есерсоқ елпілдек. «Қолдады бұ құдайым, бізді, -дейді, Қалың жұрт қайғырса да төзді»,-дейді. Төзеді. Төзу-ерлік, қайсар қылық, Еліме берген сондай байсалдылық. Көзі қанды төбеттер мұны елемей, Сұмпайылар су бетінде кілегей. Сұңқар емес, кілең шымшық,шүрегей. Байсалдыны мәңгүртке балағасын, Баһардүрлер иесі-далаға сын, Баба дәстүр киесібалаға сын, Ақылгөйі, абызы-данаға сын. Данаға сын болғасын –дараларым, Семсер ойлар сілкілеп саналарын, (Жүректегі жаза алмай жараларын), Жөнге салып жатыр-ау, тағаларын, Уақыт көші берер тек бағаларын.
....Құла дүзде сағымтау обаларым, Құлын ұрпақ білемін ұға аларын. Құлан дала иесі бола аларын, Білмесең, ей, балапан, сұра бәрін! *********** Ұран дала, қыран дала, Тұраным, Өсиетім, қасиетім-Құраным. Мойнымдағы үзілмейтін тұмарым, Өзің жайлы мына менің жыр-әнім, Саған аз ғой, арналса да мың-әнім! 1996 жыл, Ақтау. ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫМ! Тәуелсіздік, туған жер егіз ұғым, Егіз ұғым салмағын сезінемін. Сан ғасыр ата-баба аңсап өткен, Шертілер сыры терең шежіремнің. Азаттықтың ақ таңын армандаған, Не көрмеді қазағым, қайран бабам. Ұлы дала-Тұранды сақтау үшін, Жан бар ма екен, Алашта ойланбаған. Сол ғарасат, зұлматтан аман қалып,
Намыс отын сөндірмей шоқтай жанып. Еркіндікке ей, баба, жетті ұрпағың, Арада ұзын сонар жылдар салып. Ал бүгінде төрт құбылам теңелген, Бақ-береке, шаттық нұрға кенелген. Қазақ елі көп мемлекет ішінде, Көк байрағы сонадайдан көрінген. Егемендік, Бостандығым-тұғырым, Өзіңменен биіктемін, ұлымын. Тәуелсіздікжалғыз кием, тәу етер, Қасиетітуған мына жерімнің!
БЕКЕТ АТА Бардым Ата басына, Қарадым биік тасына. Тіл қатқандай ол маған, «Батыл бол, қызым, жасыма!». Дін мұсылман келеді, Сізге сәлем береді. Аруағыңыз жан Ата, Желеп-жебеп жүреді. Мединеде-Мұхаммед, Түркістанда-Қожахмет. Маңғыстауда-пір Бекет, Деп сыйынып баршасы, Үлкен-кіші, кәрі-жасы, Құран-Кәрім оқиды, Өсиетіңді тоқиды. Сізден жәрдем күтеді, Күн-түн демей жетеді. Жанына медет сұрайды, «Күнәмді кеш!»,- деп жылайды. Қайта-қайта келеді, Шапағатыңа сенеді. Рахым қылып қолдасаң, Бәрін де Ата жеңеді. Өзіңе кием табынам, Табынам және жалынам. Мінәжат етер ұрпағың, Түсіре көрме, тағынан.
МАҢҒЫСТАУ «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» Маңғыстау, «Құпия өлке, ғажайып неткен»-Маңғыстау. Біле алмас бірақ ешкім де сенің сырыңды, Содан ба екен көздерін тіккен жырынды. Ғасырлардан аңыз қалған Маңғыстау, Алтын жылға, абыз тұлғаң Маңғыстау. Қойнауыңа ен байлықты жасырып, Ұрпағыңа жаңа із болған Маңғыстау. Алты алашқа аты өрлеген Маңғыстау, Ал біреулер «жат ел» деген Маңғыстау. Күмбездерің күмбірлеген Маңғыстау, Жүрегімде дүбірлеген Маңғыстау. Терең-терең жырларың дүр Маңғыстау, «Елім!» деген ұлдарың жүр, Маңғыстау. Қиын кезде бір өзіңе сыйынып, «Әулие Бекет, қолдағын!»-дер Маңғыстау.
Жарқыраған маңдайыма Маңғыстау, Құпияңнан айырылма Маңғыстау. Маған солай сыр айтады замана, (Керуен жол, кесенелердағара), «Солай!»,-деп тұр, Мына тамдар, сағана! ТҮПҚАРАҒАН-ФОРТ ШЕВЧЕНКО-АҚКЕТІК Түбектегі шаңырақ аңыз қала, Тұрғандайсың сыр шертіп абыздана. Құлағыма келеді ескі бір үн, Ескі бір үн сарнаған қобыз ғана. Сол қобызға теңейін Түпқараған, Түбіріңе үңіліп көп қарағам. Тұран дала оғыздар өлкесінде, Бабалардың рухы тек тараған. Сол рухтан тін тартқан байтағым-ау, Есіміңді жыр қылып айтармын-ау. Сені қорғап күрескен ерлерімнің, Оралғаны шкір ғой, қайта мынау.
Форт Шевченко, Қарағантүп, тас қамал, (Қуанғаннан жанарыңды жасқа мал). Атауың көп әрбір кезде қойылған, Сезіледі төбелерің сайыңнан. Ежелгі атың Ақкетіктен басталған, Ақкетік деп шырқалады асқақ ән. Сыр тартамын сөйлеп кетер мекен деп, Қатпар-қатпар тауларың мен тастардан. Көне кетік, керуен жол көсілген, Талай елдер, жұрттар өткен төсіңнен. Қайып-Бөбек қосылмаған қос ғашық, Ол да кетпес мына менің есімнен. Дуал, қора...,көне қала...ғимарат, «Сырын біл де, керегіңе тек жарат!», Деп тұрғандай сай-сала мен шатқалың, Қойнаудағы құпиямды ақтарың....
ҚАШАҒАН АТАҒА «Қырықкезде» там байғазың берілді, Жорға даусы дүбірлетті төріңді. Көк аспанға ақ күмбезің өріліп, Кең далада сұлу шаһар керілді. Аруақтым айналайын атыңнан, (Жақсыларым айтпай неге тартынған). Кіналарын кеш те болса ұғынып, Тойлағалы жатыр енді артыңнан. Ағының тасты аударыпты кезінде, Болмапты бір мін айтылған ақық сөзіңде. Арын қорғап арлы менен жарлының, Бай-манапты жөнге сапсың тезінде. Найза сілтеп, қылыш сермеп арынмен, Айтысыпсың талай жуан қарынмен. Надандықтан алып шықтың ортаңды, Орақ тілді уытты сөз-жырыңмен. Сенің даусың жетті ата жаңғырып, «Ей, ұрпағым, қалғыма!»,- деп алда үміт!».
Жаңа ендік қазақы шын келбетке, Ада болып қалған жылдар мәңгүріт. Келеді алда ұлы тойың кешен-ді, Өз атыңмен атадық көп көшеңді. Мерейтойда шаң қабады сәйгүлік, Қолпаштаймыз ақпа-төкпе шешенді. «Пілдің тірі бәсі мың ділдә, өлсе тері бәсі де», Өзіңе-өзің айтыпсың билік-нәсібе. Ақиық жырдың адуынды жүйрік пырағы, Сөздерің нақыл ұрпақ пен елдің есінде. 1991 жыл, шілде. МАҢҒЫСТАУДЫҢ ЖҮРЕГІ Жаңара бер, жасара бер, Ақтауым, Маңғыстаудың маң қаласымақтаным. Өзіңменен бірге менің жолдарым, Өзіңмннен бірге атады ақ таңым.
Түбектегі ару қала, гүл қала, Жайна, жайна, көркейе бер, бүр жара. Уақыт көші сені артқа тастамай, Өркені өсіп, өркендесін ел жаңа. Ел жаңарса, болашағы көгерер, Қалың жұртың қуанышқа бөленер. Әулиелі жердің ғасыр байлығы, Сен арқылы шартарапқа жөнелер. Сен боларсыңМаңғыстаудың жүрегі, Сен боларсың қазыналы ел тірегі. Сол биікке жету үшін ұрпағың, Еңбек етсін, қолдан түспей күрегі. Жасара бер, жаңара бер, ақ қала, Әрбір жанға бақ сыйлаған шат қала. Сұлу сезім құшағында тербеліп, Жырға қосам мен өзіңді шаттана. ӨМІР Теңіздейін тулаған, Қара базар шулаған. Қолын созар пақырлар,
Көзінің жасы саулаған. «Қайран жұртым», қарманған, (Көкейінде талды арман). Жақын келсе байғұсың, Жартыкеш тұр шамданған. Сөздеріңді елемей, Керіледі төредей. Құдайдан да қолы ұзын, Жерге түспес немедей. Жекебасын күйттеген, Жебір көздер жек көрем. Өз қазағың өзіңнен, Шекірейіп шеттеген. Елдің қамын ойлар ма, Түйсік терең бойлар ма. Өңменіңнен итерген, Опа бар ма, ондайға. Баса алмады ашуын, Көрдім жігіт тасуын. «Бара берем тағы да, Мен емеспін, жасығың». ...Қоғам жігі білінді, Санаң саққа жүгірді. Жүйкеге жойқын түседі, Көңілден қалай көшеді?! Әлсізбенен әлдінің, Егесі ұзақ деседі. Сауға сұрап отырмын, «Бір Алла бәрін шешеді», Жебірлерге а, құдай, Жіберме!,-деп есені.
МҰҚАҒАЛИҒА Құдіретіңе табындым, Келеді Сізге ағылғым. Жырыңыз неткен ғажайып, Шуағына малындым. Жырдан тауып шипаны, Шымырлатып құйқаны. Жаздыңыз өлең күні-түн, Қандырғанша аңқаны. Сені де мұңдар мұқалтты, Жүйкеңді жұлып жұқартты. Далбаса өмір дағдарсам, Жырыңнан жаным жай тапты. Өзіңмен бірге бұрқандым, Көңілсіз кейде бұл таңым. Сырласымдай сол сәтте, Жырыңмен сұлу бір қалдым. Бір қалдым және өзіңмен, Мұңайған нала кезіңмен. Ағылды моншақ көзімнен, Өлеңге және өзіңе, Сағыныш сері сезімнен...
КӨК ТЕРЕК «Тереземнің алдында бір ағаш бар. Ол бәрінен кеш жапырақ жаяды, кеш гүлдейді». Көк терек гүлденсейші, гүлденсейші, Өзгелердей сен әсем түрге енсейші. Терезеден қараймын талдарыңа, Бүр жарды ғой барлығы жан-жағыңда. Қайда сенің бұтағың, жапырағың, Арайланып жайнайды атырабың. Бәрі-бәрі гүлдеді шешек атып, Сондай сәтте сен неге тоқырадың. Жер-Ана да бусанып босанады, Бақыт әні билейді әр сананы. «Көктем келд» деп биікке қанат қағып, Жыл құстары қуанып жар салады. Таңсәріден тесілем ағашыңа, «Бөленген де шығар-ау, жап-жасылға», Сенің терең тамырың негізінде, Кету керек емес пед сан ғасырға.
Топырағың құнарсыз болып тұр ма, Суық қол бұтағыңа жолықты ма. Жартысы өтті көктемнің саған қарап, Жаным менің тұрады толып мұңға. Мұңайтпашы мені де өзіңді де, Сынамағын сарғайған төзімді де. «Солма, талым, қатарға қосылсайшы!», Тілек тілеп тұрмын сенің іргеңде...
СҰЛУ ДҮНИЕ... Сұлу дүние өзгерген, Текетірес езбенен. Жанымның бұлқыныстарын, Жеткізе алмадым сөзбенен. Өлеңге сосын еремін, Өлеңмен ойды өремін. Ойды түйер жан болса, Алар деп одан керегін. Қызыл тіл ол-безенген, Найзадай боп кезенген. Басады жатқан жыланды, Кейбіреулер сезем мен. Өлеңге түсер тілменен, Кеңесейін кеңменен. Керілдесіп оңам ба, Туасы жаман керменен. Сонда да сырттан нұқиды, Кеудесін соғып қоқиды. Күліп айтсаң көкиді, Түйіп айтсаң кекиді Санамен қашан тоқиды?! ТҮН ЖӘНЕ МЕН «Періште емес пендемін», «Аспанда емес жердемін!». Төрт құбылам тең болса, Неге сонда кендемін.
«Ойда да емес, өрдемін», «Жырақта емес, елдемін». «Менен бірақ аулы алыс», «Үлде менен бүлденің». Өмір салар өрнегін, Бір күн солар үн-демім. Саған айтып кетейін, Бейтанысым о, менің! Ерке өскен елікпін, Өз аулымда көрікпін. Сол бір аппақ жаныңды, Ұғынады біліп кім?! Қараңғы түн жүремін, Қараңғы жол...білемін. «Жау жоқ деме, жар асты», Мәтелге бұл сенемін. Тәкәппар сұр айналам, Қарап-қарап ой бағам. Қоңылтақсып тұр жүрек, Қалай, қайтіп жайланам. «Қараңғы түн...түс көрем», Түсімді де ес көрем. Айға қарай шабады, Көңілдегі көк дөнен. «Көңілде емес, көздемін», «Өзім емес, өзгемін». Сондай бір күн мүлт кетсем, Жөн ғой мұны сезгенің!
СЕЗІМ ДЕГЕН... Сезім деген көл шығар, Сағыныш ол мұң шығар. Жанарымнан домалап, Ағып барад тамшылар. Қаталдығың тоң шығар, Тарау-тарау жол шығар. Өкпелеймін мен кімге, Тағдырым ғой, ол-сынар. Сезімдерім жаншылар, Көз жасыма малшынар. Дегеніне жетпеген, Көңіл қалай тыншығар. ... Сүйген жүрек құлшынар, Сүйген жүрек ол шыдар. Кездесерміз маһшарда, Сен-бәйтерек, мен-шынар. ЖАБЫРҚАМА, ЖҮРЕГІМ Жабырқама жүрегім, жабырқама, Қарап қалдың сен неге назырқана. Мендегі бар бақыттың иесі өзің, Бәрін де ал әйтеуір азырқама.
Азырқама, жүдеме, уайымдама, Салмақ түссе сөздерден пайымда да. Кіп-кішкентай періштем мен қайтейін, Сен ортақсың мұңыма, қайғыма да. Мұңыма да ортақсың, шаттығыма. Шаттық болса, көңілдің ақтығы да. Тілегімсен мүдіріп қысталмасаң, Тәтті өмірдің мына сан соқпағында. ************** ГҮЛ ҰСЫНШЫ.... Гүл ұсыншы жанымды жадыратсын, Өзгелерге құрбыңның қадірі артсын. Гүл сыйланбай жүргелі көп болыпты, Жүрегімді, жүзімді албыратсын. Гүл ұсыншы қандай гүл бола берсін, Сезімдерге самал-нұр ала келсін. «Ескерткішке берді»,-деп еске алайын, Хош иісі аңқып ол тұра берсін.
Гүлден артық сый бар ойланшы өзің, Білсең егер осы сәт қимас кезім. Гүлмен бірге шаттанып күлімдейін, Жанымның жараларын бір емдейін. Гүл сыйлашы қызыл, жасыл, сарысын, Жан сыздатқан жүрек мұңнан арылсын. Гүл-махаббат, гүл-сезімнің бүршігі, Гүлмен бірге үміт оты жағылсын... ҚАРЛЫҒАШ-ҚҰСЫМ Қанатың бар ұшасың, Кең әлемді құшасың. Мен отырмын жаза алмай, Көңілімнің құсасын. Қалықтайсың аспанда, Қуаныштан тасқанда. Келмей қойды бір бақыт, Қанша талып тоссам да.
Еркін құсы даланың, Жүрегімде жара мың. Сырласайын деп едім, Сен де қонбай жанадың. Жанай ұштың, жасқандың, Ғайып болдың қас-қағым. «Кетпедің бе, мені де ап», Аясына аспанның. ************ Құдай деген жан едің, Құдай сені жебегін. Күндер-күндер болғанда, Түсіндің бе демегін. Түсінгенмін қашаннан, Жоқ ойымды ашалғам. Көрсем-дағы дертіңді, Шыға алмадым қасаңнан. Қасаң ойлар, қасаң жол, Бір биікті тосам сол. Соған қолым жетпеді, Өмір шығар өтпелі. Сен де мұны ұққансың, Құптамассың, құптарсың. Саған қарай бұрылсам, Алдымда тұр қатпар шың.
Қатпар шыңнан аса алмай, Ентігімді баса алмай. Арасында екі оттың, Тұрдым бірақ жасымай. ************* Таңғы шықтай мөлдіреген күндерім, Ай-жұлдызды ән салдырған түндерім. Алпамыстың ақ сауытын киініп, Құлағыма сыбырлап сыр жүргенің.
Тау суындай сыңғырлаған балалық, Көңілдерде болмаушы еді-ау, алалық, Қол ұстасып тау басына шыққан кез, Өзімізді тым биікте санадық. Биік талдар, биік төбе, биік жал, Болса-дағы алдымызда тұйық жар. Таласушы ек қорықпастан дәнеңе, «Кім бірінші!»-бәсеке ол және де. Сол биіктер алынатын оңай-ақ, Алақанда тұра қалып бар аймақ. Жеңімпаз жан бәрімізге бір-бірлеп, Қол созатын: «Шықсайшы,- деп, тез өрлеп!». Қайда достар, тым томаға айналам, Төбелерім тәрізді ол сай маған. Әлденені, әлдекімді іздедім, Кермек бір дәм, Көз жасы ма, сезбедім. ...Өмір, өмір өз биігің бар екен, Кең дүние, кейбіреуге тар екен. Құлап кетсең қолдан сүйеп қалатын, Сол бір кездей адал дос жоқ, Қанатым! ********* Айналайын, туған жер, Айдыныңдысағындым. Айналасы көк құрақ, Шалғыныңды сағындым. Сыңғырлаған қыз-желең, Ойыныңды сағындым. Бақ-бақ өскен сарыала, Қойыныңды сағындым. ҚАРАҒАН сай ақ шаңдақ, Жолдарыңды сағындым. Ноғайтөбе, Көрікті, Жалдарыңды сағындым. Лақтырған ақсүйек, Түндеріңді сағындым. Алтыбақан тербелген, Ай астында айқай-шу, Келмеген жан кемде-кем, Наз күлкіден байқайсың. Мөлдір-мөлдір әуезді, Әндер-әндер төгілген. Айта берем сол кезді,
Кетпеген соң көңілден. КҮНДЕЛІК ДӘПТЕР Саған айтам өмірімнің сәттерін, Саған айтам жолдарымның «әттеңін». Сенен басқа сырласым жоқ, мұңдасым, Сен болдың ғой ддосым және жолдасым. Жаза берем, жаздым бәрін, барлығын, Жастық шағым, достығымның әр күнін. Өтті күндер, өтті түндер өзіңмен, Сағыныштың моншақтары үзілген. Жота болдым, тауға шықтым сезіммен, Құштарлығым-тауға бала кезімнен. Арайланған ақ таңдарға қараймын. Күте-күте бір бақытты төзіммен. Төзімнің де шегі бар ма білмеймін, «Қатты едің ғой, босадың!»,-деп, күл мейлің. Жаза-жаза жүрегімнің сырларын, Шайыр болып, енді сені жырладым.
Өмір-өткел, нені көрдім, не білдім, Көз майымды тауса-тауса төгілдім. Соның бәрі бір Арманға тірелер, Сол бір арман үміт отын себелер. Күнделігім, ақ жолөмірбаяным, Жан сырымды саған ғана жаямын. Жүрегімнің балы тамған көк дәптер, Жырта алмадым, екеумізді аядым... АҚ БОЗ ҮЙ АДАЙДЫҢ АҚ БОЗ ҮЙЛЕРІ Адайдың ақ боз үйлері, Атадан қалған дәстүрім, Қызыл бау, ақ бау, басқұрым, Үйретуші еді ауылда, Қыздарды жиып кешқұрым. Жеңгелер ширақ қашанда, Қол ұшын берер осалға, Білекті түріп сыбанып, Шақырар бәрін асарға.
Бала-шаға, қыз-қырқын, Жүргендері бір сылқым, Туырлық, түндік үзікті, Шеберлер жүннен үзіпті. Қапсырма ши мен іргелік, Оюлы әсем түрге еніп, Киіз үй сосын дөңгелер, Өрнектер әсем өң берер. Барлығын тігіп болған соң, Кемпірлер келіп бір көрер. Бағасын анық айтады, Сұлудың шығар қайқаңы. Шетінен кетсе дүмбілез, Келіндер келер сыр мінез. Киіз үй тікті анашым, Бес қанат биік көтеріп, «Әкелдім!»,-деді дарасын, Кереге, уық, өте нық. Сонда мен көрдім жасауды, Ағаш үй көркем қашауды. Киіз үй тіктік жабылып, Бағындырғандай асауды. Қатарға біз де қосылдық, Ауылдың бәрі тігетін, Тігерде бірақ тосылдық, Керек-ау, адам білетін. Берді анам бұйрық, жарлығын, Шақырды сосын барлығын. Салтанат пенен Ақтайды, Киізді шебер баптайды, Келіп жатыр Ондының, Барлық қатын-қалашы, Қолдарында бір-бір жіп, Көңілдердің жоқ аласы. Менің анам ауылдың, Ардақтысы, данасы. Басшы деп те сыйлайтын, Қосшы деп те сыйлайтын. Кең жүректі асыл жан, Халық қамын ойлайтын, Қысылғанда дем берді, Мүжалсізді теңгерді, Қандай пенде келсе де, Көмектесті ел көрді,
Содан болар жұртының, Алғысына бөленген. Жақсылығы жасаған, Алдынан шығып еленген. Қуанып жүр үй-іші, Қуанып жүр інім де, Мен де тыным таппаймын, Ұқпай жүріп бірін де. Шаңырақ, уық сырладық, Кереге, есік қырладық. Туырлық пен үзікті, Әдемі етіп тіккен соң, Бір ай бойы жырладық. Үйретті шешем бәріне, Қолөнер, дәстүр мәніне. Киіз үй біздің осылай, Сән қосты әсем сәніне. « Өзіңе қара, әліңе, Оюдың түсін әріне. Алдымен баста теруді, Кіріспей тұрып нәніне», Деген соң алып ақылын, Жіптердің тауып тақылын. Ынтамды қойып істедім, Бірақ та бірден «піспедім», Мақтана тіпті алмаймын, Кеш болса өрмек қармаймын. Шеберлер көп қой әрине, «Өзімше, мен де дардаймын». Шым-шым теру тоқимын, Желбаулар мен алаша, Көркем боп шыға келеді, Бір жағынан қараса. Осылай өсті қызғалдақ, Қызғалдақ үзер қызға арнап... Бойжеткен боп өскен соң, Жастық өмір кешкен соң, Бәрі ауылдан жан-жаққа, Кетіп жатты әр жаққа. Кезек келді маған да, Оқу, оқу санамда. Әуелден шимай құмарттым, Мөлдіреген бұлақпын. Бастауына тұнықтың,
Мен осылай құнықтым. Ауылыммен қоштастым, Қаламсаппен достастым. Өмірге асау бет алдым, Келді арманға жете алғым. Әлқисса: Ағаш үйді анашым, (Тұнып тұрған жарасым). Күнде күтіп баптады, Тыныш бір сәт жатпады. Жүн сабап, киіз басам деп, Қаладан қызын шақырды. Және туыс-жақынды. Өмірден өзі кеткенше, Басы жерге жеткенше, Ұршығын қолдан түсірмей, « Білмейміз десек, кешірмей», Жаңартып жүрді киізді, Өрнектеп қошқар мүйізді. Қазына ақыл ақтарды, Еске алам сол бір шақтарды. Сапарға ақтық аттанды, Ақ боз үй алтын ордадан, Тілегін ғазиз адамның, Алла да бірден қолдаған. «Күтіп ұста, балам!,-деп, Ұлына айтты өсиет, Қазақтың киіз үйлері, Қасиет ғой, қасиет. Біле-білсек ақ боз үй, Ақ жаныңды дәлелдер, Ақ боз үйде бас қосқан, Алаш тулы кемеңгер, Хандарым мен билерім. Бүгін қандай күйдемін?! Білмедім...
ҚЫЗДАРҒА Томиристің сіңлілері сіз бен біз, Томиристей жиһангерден қалған із. Томиристей әрі сұлу батыр қыз, Ұрпақтары ұсақталып жатырмыз. Қазағымның даласында Аналар, Би де болған білікті де саналар. Қайсарлығы, батылдығы аңыз боп, Көркіменен ақылын ел бағалар. Сүйінбике, Бопай сұлу, Зерелер, Артта қалған өсиетін біледі ел. Сол аналар үлгіөнеге қалдырған, Сол әйелдер жүрек отын жандырған. Бүгінгі ұрпақ есімдерін ардақтап, Тарихына үңіле ме салмақтап. Олар жыр ғой намысыңды қайраған, Илхам батыр бес қаруын сайлаған.
Бүгінгі жас аңыз дей ме барлығын, Тыным бермей мазалайды жанды мұң. Бойжеткенді салыстырдым олармен, Тұмар сұлу сен де келіп қарар ма ең. Қыздарың жүр лыпасы бар үстінде, Қарайды оған ессізің де естің де. Қысқа көйлек омырауы ашылған, Тән жарқырап күнде өтеді қасыңнан. Бел мен кіндік одырайып жалаңаш, Арқасында желмен дудар қолаң шаш. Қолаң шашын қашан қазақ жайыпты, (Қаза болса қаралы күн айыпты, Сонда ғана қара шашын жіберген. Салтым қайда келе жатқан көнеден). Қара саннан қара көйлек киеді, Әр күн сайын модаға бас иеді. Жас денесін ашық-шашық ұстаған, Аруларға арсыз көздер күледі.
Жап-жас сұлу сен ертеңгі анасың, Қалың елің қазағыңа панасың. Ұлт өрісі -өлшенеді әйелмен, Ойлансаңшы, қайда кетіп барасың. Ана деген дүниенің асылы, Барлық әлем аналардың ғасыры. Ұрпақ әкеп бұл өмірді жаңартар, Ал сіз қыздар сол ананың нәсілі. Бұрылыңдар, ұғыныңдар өмірді, Ғұмыр деген сіздей жаспен көңілді. Тағдырыңа қара қалқам, сын көзбен, Жолдас етпей сәттік сезім жеңілді.
ЖЕЛТОҚСАН ЖЫРТАУСЫЛМАС Ар алдында да, адам алдында да, Заң алдында да, заман алдында да, Ақтамайтын іс қой бұл, Көкіректер шерленіп, тамбай тұрған жас қой бұл. Арада жылдар өтсе де, өшпейді ерлік істері, Жасындай болған сол жастар, басынан нені кешпеді. Сөйлесе қалсаң бірімен, білерсің бәрін түрінен, Азалы ойлар мазалар, іштей тұнған назалар. Желтоқсан енді оралма, жан толқиды оларға, Арыстарым кетті ғой, орны қайта толар ма?! Деп сыр айтты бір жігіт, болған екен ортада, Елін қорғар азамат қорқаулардан қорқа ма, Алаңға батыл барыпты, шепті бұзып жарыпты, Мұздай темір құрсанған әскерилер бастаған, Шоқпар қару, сойылдар қолдарына ұстаған, Қасқыр иттер арсылдап, келеді олар аршындап, Қолдан келер не амал, көңіл тұрды ойсырап, «Әліптің артын бағайық, үміттің отын жағайық», (Өзіңіз де сездіңіз не болғанын халайық!). Осылай сойқан жасалды, «шаш ал десе бас» алды, Шыдап тұрар апыр-ай, мына жастар қашанғы. Үскірік аяз ұласты, түнек басты қаланы, Әскер шықты алаңға ашылғандай араны. «Қазаққа басшы қазақтан...» дей бергенде бір қызды, Итті қосты айтақтап, шаштарынан жұлғызды. (Жымысқы ол саясат, ішке бүккен пиғыл жат), Дүр сілкінді кіл жастар, айбат күшін кім жасқар, Міне, осылай желтоқсан аңыз болды ей, достар! Ол жігіт бар өмірде, жүрегі оның жаралы, Бастан кешті дүрбелең, сол бір күндер қаралы. Досынан да айрылды, балауса сол қыздан да, Қараңғы үйге қамалып, ауру тапты сыздан да. Еш күнәсіз апыр-ай, жапа шегу оңай ма? Желтоқсанның ызғары қасірет ол талайға. Әлденені байқаусыз түсірдім бе есіне,
Сауал қойып апыр-ай, мазаладым несіне. Бірақ сендер болмасаң, сол жүйені жоймасаң, Тәуелсіз ел болар ма ек, еркіндік күн туар ма ед, Сол жастардың рухы жанып тұрған жалын-өрт, Жігеріңді жаниды, самғатады аспанға, Ерліктері өнеге халқын сүйген жастарға. Жақсы лебіз айтам деп жан-жараңды қозғадым, Түсірме сен еңсеңді, еске алады ел боздағын. Ұлттық мүдде жолында күрескерлер мойыма, Маған да бір күш келді, қан тарады бойыма, Желтоқсан жыр таусылмас, ердің ісі жаншылмас, Өшпейді оның есімі, ол-ааһарман, батыр хас! О Н Д Ы Жақын тартам сені ылғи жүрегіме, Ілесіп кетсем де уақыт легіне. Бұлағыңнан су алып көгалыңда, Жүруші едім жеткендей мұралыма.
Тұрсың ба қабағыңды түйіп қарап, Бал кезді бастан кешкен биік қырат. Барғанда сырғанауға достарменен, Жататын тау басынан тайып құлап. Қалды ма жыра сайың біз бармаған, Шөлдегенде бұтағыңды талмағам. Қаратаудың басындағы айыртас, Көкірегіме басылған мөр ол маған. Жүремін келген жаннан сені сұрап, Сен жайлы өлеңімді іштей құрап. Бір күні туған жерге бара қалсам, Жырыңды айтшы дей ме, мені сынап. Есімде жүгірген шақ жерге аунаған, Көк ерік «колхозбақтан» көп ұрлаған. Артыңнан қарауыл шал қуған кезде, Аттай алмай жығылатын салмадан...
Аппақ сезім...өзіңді мен қаузаман, «Аңсасаң да келмес қайтып ол саған». Қалай бірақ жасырайын сырымды, Жүрегімді ту түбінен қозғаған. Көкіректен тылсым күй төгіледі, Сағыныштан жүрегім егіледі, Құшағыңды сол күндей жайсаң-дағы, Тағдырдың айырмасы білінеді. ... Білемін сен де мені сағынасың, Гүлдерден алтын алқа тағынасың. Гүлнәр қыз өткерсе де уақыт көшін, Түсінбей жүр әлі өмір мағынасын. ЕРТЕ КӨКТЕМ ТАҢЫ Жоғалып кетті шығармам, Күні-түні сылаған. Жалқау қыздың жүрісі, Оны ешкімнен сұраман. «Ерте көктем таңы» деп, Қойып едім атауын. Көшірейін соны деп, Шешіп қойғам матауын.
Көбейтем деп жүргенде, Машинка бір босамай. Күйімді берсін күлгенге, Жоғалттым мен осылай. Бірақ бір-бір дәнесін, (Қарасайшы, дәмесін!). Алматыға жібергем, Шығарады дегесін. Жастықты бұл қойсайшы, Жаңалыққа тойсайшы. Күтіп жүрдім хабарын, «Тек тезірек, болсайшы!». Жылдар өтті жасқанып, Күндер өтті бос талып. Оқушы едім «Жалынды», Бас жағыма жастанып. «Қаз.әдеби»-газетім, Бөлекше еді ізетім. Ақындардың өлеңін, Ең бірінші сүзетін.
Екеуіне кезекпен, Аттандырдым новелла, Шыққан нәрсе өзектен, «Көмектес!»,-деп о, Алла!» Жауап ешбір алмадым, Сезінерсіз қалғанын. Кеткеннен соң туындым, Келді бірде қуынғым. Одан бері алайда, «Тапсам шіркін, қалайда!». Он бес, жиырма жыл өтті, Түсті «ақ шаш» самайға. Ойлап-ойлап қоямын, Ойды қалай жоямын. «Іштен шыққан сұр жылан!», Қайда екен деп баяғым. Новеллама қараймын, Беттеріңді санаймын. Түгел емес сен тұрсың, Түсінеді бұлай кім?! Аз емес-ті шығармам, Қырық беттен асатын, «Ерте көктем!»-бұл арман, Сені ғана құшатын. Құшағыңнан айырылдым, Қаламымнан майырылдым. Шабыт шырқар кезеңде, Секемденіп қайғырдым.
Біреулерге күлкілі, Жүрегіңнің бүлкілі. Өлең жазсам кей-кейде, Отырамын бір түрлі. Қараңдаршы, мырзалар, Қараңдаршы, селт етіп. Ақындарды жүрмеңдер, Аяқ асты мерт етіп. Құдайдан ол сұрай ма, Құдайына құлай ма. Ақындардың жүрегі, Түсініксіз былайға. Қараңдаршы, қарақтар, Сөрелердің тартпасын. Балғын қыздың тағы бір, Шығармасы жатпасын!
ГҮЛАЙЫМ ДӘУІТБАЕВА
Дәуітбаева Гүлайым Шынтемірқызы 1976 жылы 17 тамызда Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Сам құмында туған. 2001 жылы Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін бітірген. Облысымыздың мәдениет саласында, облыстық «Маңғыстау» газетінде жұмыс жасаған. Қазір республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі. Өлеңдері республикалық «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Қазақстан әйелдері» журналында және облыстық газеттерде жарияланып келеді. Облыстық деңгейдегі жыр байқауларының жүлдегері, Шотан, Сүйінғара батырлардың мерейтойларына қатысты ұйымдастырылған республикалық мүшәйралардың, «Каспий – достық теңізі» халықаралық фестивалі аясында өткен республикалық жыр додасының жеңімпазы. 2003 жылы Астана қаласында өткен «Шабыт» фестивалінің арнайы грамотасымен марапатталып, 2007 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында өткен Қазақстан ақын-жазушыларының I Форумында «Қазақ әдебиетін қолдау қорының» грантын ұтып алды. Журналисттік салада да табыссыз емес. Жыл сайын Маңғыстау облыстық әкімдігі жариялаған түрлі байқауларда жүлдеге қол жеткізген ол 2010 жылы Астана қаласында «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты БАҚ арасында ұйымдастырған сайыстың «Лауреат дипломының» иегері. 2012
жылғы облыстық «Жыл адамы» байқауында «Жыл журналисі» атанды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын Г.Дәуітбаева 2009 жылы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Маңғыстау облысы әкімінің, Ақтау қалалық әкімдігінің, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды. ӨЛЕҢ ПАТШАЛЫҒЫНА БАС ҰРУ Поэзия! Сен мен үшін аңыз ең Қонар деп басқа сенбеппін. Мың толғансам да сен жайлы От-құшағыңа енбеппін. Поэзия! Сен мен үшін қиял ең Баурайтыныңа нанбағам. Табындым тілсіз тылсымғаӨзіме-өзім таңғалам.
Поэзия! Сен мен үшін сиқыр ең Арбайтыныңа сенбеп ем. Шабыттың баурап шалығы Есалаң жандай сенделем. Поэзия! Сен мен үшін сағым ең Томдардан тұнық қанып ем. Манаурап жатып арманның Алауын жайлап жағып ем. Талақ боп тәтті ұйқым қап Елтідім елес-күй тындап. Бозала таңда кеудемнен Балапан-жырлар пыр-пырлап. Поэзия! Жартысы болшы жанымның Жаршысы болшы Ар-үннің. Жүрегім-сенің баспанаң Билігім сенде,бағындым! 1996 жыл АҚТАУЛЫҚ АРУЛАР ӘНІ Толкыны талбесіктей тербетілген. Сұлулық самал ескен келбетінен. Періште аққу едік ақ ниетпен Каспийдің көтерілген нұр бетінен.
Арулар - арман қуған жалын жастар, Арулар - биік самғар қарлығаштар. Ертеңге үміт артып қалықтаған Аққудай сырбаз мінез ару қыздар. Жастықтың жалын болып жану мәні Ән-думан жүрегімнің дәру бағы. Маң дала баурайының бұлбұл құсы Біз ерке Ақтауымның арулары. Жасай бер асыл елім, арман елім Өзіңнен аппақ үміт жалғап едім. Көркейші туған елім, аспаныңда Әрдайым әнге қосып самғар едім. 1998 жыл Қаламға табыну Көңілге кірлі жат салмақ толып, Күлуге мүлде жарамай барам... Жүректің шерін ақтармақ болып, Ұстадым сені, қарағай-қалам!
Тағдырға білдім ермек, тегі, мен Тұтқын боп қалдым мұңлы уайымға. Қашып кеп мұңның жендеттерінен, Саялап сені тынығайын ба?.. Қопарып тауып қазына жерді, Қылқытып ойды көп ішетін ем. Запыран-шерді, асыл әндерді Өзіңмен ғана бөлісетін ем! Жалмауыз-ойға еріп келемінҚұлатпақ құздан, қақпалап жарға... Көңілдің дертін, көріпкел едің Көшіріп берші ақ парақтарға. Тұншығып қалып қапырық ойға, Мүсәпір болып, үдеттім мұңым. Шертіп сен көрші ақырын бойлап Көңілдің перне, жүректің қылын. Өзіңнен қуат тілеп ем жанға, Мөлдіреп ақса жыр-ән тамшылар. Мың дәру болып жүдеген жанға Кәдімгідей-ақ шаттанам шығар?..
...Көңілге кірлі жат салмақ толып, Күлуге мүлдем жарамай барам. Жүректің шерін ақтармақ болып, Жығылдым саған, сәуегей-қалам! 1997 жыл АСТАНА ҒА Қилы тағдыр жазылып пешенеден, Біздер запы көрмедік кеше неден?! Тәубе етеді Тәңірге тынбай дала Байрақты елдің бақытын еселеген. Жақсылыққа қашанда қомағай жыр, Шаттығымның шаршысын жобалай жүр – Толғатқанда туған ел қуаныштан Туды Астана толықсып Толағай-дүр. Сенімі нық, ойы азат, арманы асқақ, Жарқын іспен тау аспақ, жалдан аспақ. Дүйім елдің тілегі уысында Алып қала келеді алға бастап.
Қалып жатыр кезеңдер мұнарлана, Шыңдар алда біздің ел шығар дара. Үшкірулі бойыңа біздің тағдыр Құдай таққан қазаққа тұмар-қала. Енді қайтіп тимесін тасқа маңдай, Болашаққа бастай бер, Астанам-ай. Ай келбетті елімнің бас қаласы Толғанайын сен жайлы басқа қалай?..
БОЗДАМА
Бота-сезім ноқталап ап санамды, Бозінгендей жеттім аңсап Даламды. Безбүйрек деп қала беттен безгенмін Бұл маңайда дертке тағы кез келдім: Бағзы күйі - түні -тылсым, таңы - бақ, Бұл-бұл ұшып қалған далам қаңырап. Берекетін жоғалтқандай Дүние, (Болады әркез Киесізге жын Ие). Базарынан баз кешкенін байтағым Бетпақ сынды безер мұңнан байқадым. Барқыт өлке қырмызыдай шұрайлы Бүгіндері қуаң тартқан сыңайлы. Балбыраған адыра қап маң қалып, Байғұс дала құлазиды шаң қауып. Бұлдыраған көз ұшында бозша қыр, Бедірейіп бермейді ол да онша сыр. Байыз таппас ұмытқандай ұятты Бұлаңдаған сағым сайқал сияқты.
Болсын енді шайтандарға кім тыйым – Билеп-төстеп төрт тарапты жүр құйын. Бебеулеген дала желі зар сынды Бетін жыртып құм қосыла шарпынды. Боз даланың жарып шыққан құрсағын Барымталап жел ұрлайды жусанын. Бедеу бұлттың бедірейген жүзінен Баяғыда-ақ үміт шіркін үзілген. Бұйығы тым... мүжиді ме шегін құрт Баурайында отары жоқ – жетім жұрт. Бүк түскен күй бөтеке-құм ол да тұр Белестерде бедері шөп жол жатыр. Болмыстағы үйлесім жоқ – өртеп іш Бүкіл маңай сазарады тоң-теріс. Баябан сыр бесік еткен кеудесін Байтағым – қор, айтам енді беу, несін! Буырқанған талақ болып ән қалдың Бейқұт жайға дәру таппай дағдардым.
Бейқам күйің қайда кеткен бұрынғы Бейшараға кім түсірген құныңды? Бауырыңнан безген екен думан күн Бақытыңды бытыратып қуған кім? Білмек болып ойран жайын сұрағам Басу айтып жұбатады бір ағам: Білем, жайсыз мына заман желдетті Басын күйттеп қала жаққа ел кетті..! Бақыр іздеп пақыры көп қаладан Батпан құйрық кеттік неге даладан? Бәз-баяғы думан бастан оздың-ау Ботадай боп боздасам ба боз бұлау? ...Балапан ем жырақ ұшқан ұядан Бүгін келіп, дала, сенен ұялам. Биігіңнен кеткен ұшып ән салып Борышым мен күнәм менің қаншалық? Барар жердің адастырмас шырағы - Бір түп жусан тұмарым боп жүр әлі.
Бабакүлдік, рухың жүр көшпеген, Берік менде махаббат бар өшпеген! Бой-бойымды құрсап алды өкініш Бір-ақ рет айтайыншы өтініш: Бақи жаққа бет бұрғызар қиын күн Бесік-қабір тек өзіңнен бұйырсын! МАХАББАТ-ӘЛЕМ Бөлентіп нұрға тамылжығанда көктем-гүл, Ақ шәлі салып, қол бұлғағанда көк сеңгір Сағындым сені, телміре қарап сағымғаМахаббат деген - сен екенсің ғой мөп-мөлдір... Ақша бұлт иіп, ақ жаңбырларын төккенде, Майда жел желпіп маңдайымнан мені өпкенде. Еркелеп тұрып есіме алдым тағы да, Махаббат деген –сен екенсің ғой өрткеуде!
Ақ боз аспанның құрсағын жарып тепкілеп, Ақ ұлпа мамық талып бір жерге жетті кеп. Алақанымда аймалап тұрып толғандым Махаббат-әлем жүрегіме орна деп тілеп! 1997 жыл САҒЫНЫШ САЗЫ Жаз көңіл қайда құлпырған жасыл шалғынды, Адасып қалдым, арқалап қалдым бар мұңды. Сұп-сұр қаланың сұқтана қарап сұрқына Егіліп тұрып еске алдым туған аулымды. Бұтасы қорыр қамалын сары шағылдың, Құм басқан дала - өзіңе ғана табындым. Ата-ана, бауыр – аңсадым, бәрін аңсадым, Қыр перзентімін, қырдағы тірлік...сағындым.
Шыжыған жазың қуырып жерді құрғатсын, Ұйтқыған желің құшақтай қысып тіл қатсын. Қысыңда тоңып, солуға күзде мен дайын Көктемде қайта түлетер құтты құндақсың! 1996 жыл. АДАСҚАН ШАБЫТТЫ АҢСАУ Арғымақ мініп алқынған асау дүлдүлден Өзімше менде шабандоз болып үлгергем. Қанжығасында жыр-торсығыммен жоғалып Шөліркеп жырға жүрмін мен. Дүние-сарай дүрмегі кетіп жұтап шын Жәуһар үмітім жабырқай қалды мұқап тым. Өлең-тұлпарым тапсын деп қазық қайрылып Сарқыншақ жырды тұтаттым. Шабытсыз ойдан шермиіп тұрып шер емер Көктеме гүлдей көңілім қашан көгерер? Мұса-тағдырдың кепешін киіп шырқайынЖаяу-ғұмырға жанашыр болар-тек өнер!
СЕУЛДЕ ТУҒАН ӨЛЕҢ немесе ТУҒАН ЕЛДІ АҢСАУ Көкке өрлеген шыны тау айбаттана, Шын сөзім бұл, Сеул сен, әйбат қала. Сұлулыққа сендегі көз арбайтын Мөлдір аспан, жасыл бел, айғақ дала. Пейілің бар қонақжай біздегідей, Ұқсайды ма-ау әдептің іздері кей? Қазақ қонақ, алайда дастарханнан Шұбат, қазы неліктен іздедің, ей! Тазалығың тағы рас сүйсіндірді, Көңіліме көрікті күй сіңдірді. Өз елімнің татымас минутына Әсері мол әдемі бұл күн, мейлі. Көше шықсам - көнбеген тілің өгей, Мен сүлдермін – дәл қазір үгілердей. Сығыр жандар шұбырған айналамда Қараторы қарайды түріме елей. Қолпаштайсың елпектеп басыңды иіп,
Көтер енді, зәулімге асыр биік. Өз елімді сағынып оңашада Жылаймын мен ірке алмай жасым тиып. Қызықпаймын сендегі ғаламатқа, Қызғанышпен кеткім жоқ табалап та. Өз қызығым жетеді таңдануға Болды, жетер! Сеулді аралатпа! Туған жерім бар менің - өлең төрім, Батыр халық бағзыдан – ерен тегім. Елім барда тәуелсіз еңсем асқақ Салқар шаттық әр күні кенелгенім. Жаңғырыға түлеген далам дүбір, Кейін қалды еткен шақ санамды тұл... Қоспақ болып үлесін қарыштауға Түрегеле толысып таранды қыр. Самғаймын деп салып тұр арманға аяқ, Таңғалмаңыз, тұрсақ біз Айдан қарап. Ашылады зауыттар бір мезгілде Гүл қауызын сан-сапат жарғандай-ақ.
Сен – Сеулсің, Астана – киелі ордам, Әлі талай ғасырдан тиеді олжам. Ұнатамын мен сені - ғашық емен Өз Отанын әркімнің сүйері заң! Сағыныштың сезімі тұсатпайды,ә! Қазақ қызы жат елде ұсақтай ма? Қазақстан, күт мені! Хош бол, Сеул, Кетемін мен, ерттеулі ат - ұшақ қайда?! Ж А Ң А Л Ы Қ Тіршіліктің жұмбағы көп шытырман Құпиясын жатыр дейсің байқап кім. Ал мен бүгін кездеспейтін ғылымнан Көктің жерден көлеңкесін дәл таптым. Талай ғалым бас ауыртқан жұмбаққа Жауап іздеп аспан, жерді аралап. Мен аңдаусыз келіппін ғой бұл шаққа Отымыздың басында екен ғаламат.
Жаратылыс-әкем десем таңданба Әкелерден жаралғаның ақиқат. Енші беріп он сегіз мың ғаламға Анамды да ұмытпапты табиғат. Аспан деген анам екен кең жүрек Мөлдірлігі –сұлулығы жанының. Ақша бұлттар ақ жаулык қой желбіреп Айғақтайтын адалдығын арының. Ай дегенім-Анам күлер шүкір деп Алтын алқа омырауға қадалған. Ал жұлдыздар-мына біздер шүпірлеп Анашымның жан-жағына қамалған. Анашымның бесік жыры жел деген Тамсаңдырар көктің тылсым әлемі. Көркем өріп тастай салған көлденең Кемпірқосақ –белбеу екен әдемі. Найзағайлар шатырлса анамның Ашуланған кезі шығар, ақталман. Қара бұлттың қаптағанын санағын Қара бешпент кигені деп мақпалдан.
Тылсым сырлар –әкемдегі заңғар ой Биік десең –ұлылық деп ұқ мұны! Мәңгі күліп елжіреген күн бар ғой Ол-анамның мейірімі жып-жылы! Көңілдегі қылын басып перненің Қоңырауын қозғап өтті жанды ой. Тіршілікте шуақ құшқан әрненің Көлеңкесі болатынды заңды ғой. Тірлік сыры оңай емес тіпті де Ұғу қиын көз тоқтатып көрмесе. Көктің құлап Жерге түскен тіп-тіке Көлеңкесі осы екен, ендеше! 1998 жыл *** Сағынған әнім, арайлы таңым арманым, Жанымда мәңгі жан серігім боп қалмадың. Сағынып сені, тарылып демі тұншыққан Періште жырды өзіңе ғана арнадым. Қызығым менің, қызығып едім сол күнге, Арманым едің, қалмадың менің еркімде.
Ұнаттым сені, жұбатшы менің жанымды Жасымды сүртіп, жадырау деген мүмкін бе? Туылдым не үшін, суындым кешір, жалғаннан, Қарманып көрдім, алданып келдім арманнан. Жабығып жүрмін, сағынып жүрмін мен сені Күтпеймін бірақ, күтпеймін бақыт таңдардан. Жыр жаздым тағы, Іңкәрмін-дағы тірі үміт, Өкінтіп жалған, Тұрғандай бар маң үгіліп. Төлеген-Жібек, Қайып пен Бөбек... өтті ғой Махаббаттағы болайын соңғы мұңылық! *** Жыр жаздым бүгін ақ таңда Оянып дүние жатқанда. Ақ қанат құсы арманның Кеудемнен қанат қаққанда. Жыр жаздым тағы аспанда Алтын күн нұрын шашқанда. Көңілдің көркем түндігін Сезім кеп серпіп ашқанда.
Жыр жаздым тағы шықтарға Қызғалдақ басын бұққанда. Найзағай ойнап төбемде Бұлттар кеп қабақ шытқанда. Жырладым тағы қалқыған Күн азайғанда қалпынан. Маужырай басып мақпал түн Сығалағанда артынан. Сағымнан сырбаз сыр аңдып, Құмартты жиек мұнартып. Желіккен құйын сені де Отырам өріп жыр-ән ғып. Жырладым тағы сырласып Түнменен тылсым мұңдасып. Жырлаймын тынбай,өйткені Тіршілік, саған мен ғашық! ӘДІЛЕТСІЗДІК БҰҒАУЫНДА Айқасам деп абыройдан аш қалдым, Озбырлардың жанарынан жасқандым. Мендік мақсат, алайда Емес еді бас қайғым.
Кіжінемін тілді тістей, қайрап тіс, Шарасыздық шерлі етіп қайнатты іш. Адалдықтың тілі мылқау қоғамда, Керең болды айғақты іс. Тұншықтырды, буындырып нала-мұң Аласұрдым, шыбынымды таладым. Маңдайыма жазылмаған сонда да Жалау жаттың табанын. Ұяңдықты көнбіс десе шыдар кім? Шарайнасын шағып өттім шыдамның. Сабырымның сарқыншағын тұтатып Ордасына от тастадым жыланның. Аждаһалар көкке атты ышқынып, Жерге қонды. Кернеп тұрды күштілік. Әділдіктен мықты әмірі шендінің Сергелдеңге түсті үміт. Ата жылан оқты көзін қадады, Сұрша жылан «ләппайлап» бағады. Жемтік етпек жылан біткен жабылып Тұтқындады жыландардың қамалы.
Айбат шекті, сұрша жылан ақырды Айыр тілден құсты сасық «ақылды». Жыртып тастап адамдықтың шекпенін Жып-жылмағай жылан бол деп шақырды. Кеуде керіп көсемсіген кермиық, «Бар мінімді санамалап» берді үйіп. Ақиқатты жеңгенімен азғындық Ар алдында тұрам бәрібір мен биік! ҚЫЗ ДЕГЕНІҢ ӨМІР СӘНІ ҚҰЛПЫРҒАН «Қыз деген - гүл, Таптап өту түк емес»- Депті біреу жабайылау күлімдеп. Жанға батып мынау арсыз келемеж Қорықты ма, қорланды ма жүрек тұрды дірілдеп. Дұрыс айтасың, қыз деген-гүл, Ал гүл дегенжиынтықтығы нәзіктіктің, пәктіктің, Адалдықтың, ақтықтың, Оны таптау ерлік емес, Неге, жігіт, аптықтың?
Сенше ерлік әсемдікті былғанышпен өлшеу ме? Топас сезім, қапас көңіл, Бұл шынында Барып тұрған азғындығың көркеуде. Бақыт дегенГүл шырынға Озбырлық көп төнбеуде! Ал қыз деген –тіршіліктің бір тіні, Содан үйрен нәзіктікті,мейірімді күлкіні. Қыз деген ол-өмір сәні құлпырған, Яғни,адамдардың гүл түрі. Әлсіздерді жеңе алар-ау кім-кімде, Тап сол үшін төсті соғу-пақырлық. Зұлымдықтан қорғай алсаң пәктікті, Осы,міне, батырлық! Гүлді таптау оңай дейсің,солай ма, Есірленіп ессіз кетпе,алайда. Қызыл гүлде қара тікен секілді, Қыздардыңда көз жасы бар,абайла!
Осылайша тынды жыр... Бірақ, менің айтатыным-нәзіктікке,пәктікке, Құдайда болсаң,құлдық ұр. Өйткені,ол-ұлылықтың ұлысы, Қызғалдақ дәурен қыз-ғұмыр! *** «Тас пейіл тағдырыма ерегесіп Мен енді өмір бойы күліп өтем». Рахат Қосбармақов. Мен де сөйтем, ағатай, күліп өтем, Тағдыр-ару жылмағай жүлік екен. Сыңайын сезіп қалып секем алдым Арбағанда сылаңдап түрі бөтен. Құмар емен тәттіге мынау деген, Жүзім-жаз,білгендерге қырау денем. Күліп тұрып қарсы алам қайғыны да Құдайды қорқытпайсың жылауменен. Күлкі іздеп телміріп қармағыма Айналдырып қайтейін арманыма. Тарс жарып тас құрсағын тағдырымның Тартып алып таратам жан-жағыма.
Жүрегімде мәрттікке кезек бергем, Қайғы көрсем, қайыспан, безектемен. Егескенде түк емес күліп өту Күліп өлу керек деп өжеттенем. Қашсам-дағы зілзала заманақыр Тажал болып төнер-ау маған ақыр. «Ей, жалған дүние» деп мысқыл жүзбен Күліп жатқан өлікке қара да тұр! МАҢҒЫСТАУДЫҢ МАРАЛЫ (Әнші Ақмарал Ерімбетоваға) Маңғыстау – салқар мекен, сайын дала, Жеті жұрт келген. Кеткен – жайың дара. Деп досым күпінеді «Маңғыстаудан Жетеуін бізге бола айырған, ә!». «Біздің ел алғашында аз келіпті, Қалғаны қыс өткен соң жаз келіпті». Тарихын Түмен айтты – мен қостайын Қалықтап ұлы көшпен саз келіпті.
Бұл елдің қылышының қыны бөлек, Сұлуы сұңқар тектес, ұлы зерек. Сәні мен салтанаты сай ауылдың Ән салса әуелеген ыңы да ерек. Сол сазға тынды дала ұйып анық, Жел кетті жез қанатқа іліп алып. Тау тұрса тас кеудеге құйып алып Теңіз де тебіренді түйіп алып. Әрлі әуен, талайды естен тандырар үн, Қандырды көктен қарап Ай құмарын. Саз төгіп, ән әдіптеп қаршадай қыз Үшкілдеп тақты сол сәт бойтұмарын. Айтқызсам – көне көздер таң қылады, Сыр мен жыр тізбектеліп таңға ұрады. Жеті жұрт жылай-жылай асқан белден Қайырған жеті қайқы ән құлады.
Маңғыстау – шерлі түбек, шайыр дала, «Басқадан бізге бола айырған, ә!». Тарихтың зары, шаңы сазға айналып Қалықтап қонып жатыр қайырмаға. Өткердік бастан талай мұнарды біз, Десем мен – айтпағымды ұға алдыңыз. Шырқайды Маңғыстаудан Марал болып Қайқыдан ән ілдірген тұмарлы қыз! Бұғау. Желтоқсан. Азаттық. (желтоқсаншыларға және сол көтерілісте шейіт кеткен бауырлар рухына) «Ленинге. Түркістанда отаршылдықты қалпына келтіру қызу қарқында жүріп жатыр. Жаңа қоныс аударушыларға жер тартып алып беру салдарынан Жетісуда қазақтардың үштен бірі қырылды. Түрікбюро мүшесі Г.И.Сафаров». «Вопросы истории», 1/1998 ж. 45-бет.
Соңында шұбырынды жолым қалып Қырылды қынадай боп момын халық. Қазақтың кең даласын еркін жайлар Кешегі азат тірлік жойылды анық. Жүн білек, жуан сары ісінеді: «Төңкерер бұл тобырдың күші нені? Жүргені жер бетінде байғұстардың Ғасырдың мәртебесін түсіреді». Осы сөз қонды есердің ақылына, Қалпақтай басты келіп тақымына. «Сұлу қыз бұдан былай тусын бізден» - Жат елдің екті дәнін жатырына. Жер жатты жанышталып жат табанға, Дін қалды ермек болып даттағанға. Тіл семді – мәңгүрттене қарадық біз Дәстүр-діл, ескілік деп салт-санаға.
Масайрар жуан сары танып әлін, Іш-жалын... түсінеді зарыма кім? Білмеді «ақылдылар» ақырында Ызаның жанартаудай жарыларын! Өксік-жас – айғызды жол –cорғалайды, Сарының көкірегі - толған ай-ды! Күтпейді «оғаш» істі, себебі сол - «Байғұста» намыс бар деп ойламайды! ...Өтті ғой талай қысың – несі әңгіме, Бұғауды буындырған кесе алды не? Бұл жолғы желтоқсанның желі бөлек Бермеуге бекінгендей дес әлдіге. «Тағдырым, тас уысың емес үрей, Сызданба, зор сарының елесіндей. Кешегі сұспен алған, күшпен алған Тізгінді қайта өзіме бересің, ей!
Сен сонда еркімді алдың, ерімді алдың, Іредің, жалаңашпын – терімді алдың. Жүректе жылап қалған оянды ар Шекпейді қасіретін елім зардың!». «Татымас сорлысыңдар ұрысқа түк, Күні ертең кетесің ғой дұрысталып, - Кекете күлді мықтым миығынан - Бабаңнан бастап сендер бұрыс халық». Қайсар ұл, қасарысты қыз тұлымды, Қысқы аяз от-намысқа қыздырынды... Көк бөрі арғы тегі шындық болса Быт-шып қып үзері анық шынжырыңды! Болсын қай дүлейменен күш теңдігі, Білінді - зордың тағы үстемдігі. Білінді дәл сол күні текті ұрпақта Кекті елдің кемел ойы піскендігі!
Жас-ғұмыр зұлымдыққа сөнді налып, Қабірге мүрде болып қонды барып. Әкелді әз рухы азаттықты Сірескен желтоқсанда тоңды жарып! Желтоқсан – айдың аты ызғары бар, Сен десе жүрегімнің сыздары бар – Кешегі көтеріліс бесігі өзің Және сен тәуелсіздік – ұжданым, ар! ...Күн алтын гүл-елімді көмкереді, Бұл - кеше сіз аңсаған ертең еді. Бастауы азаттықтың сол алаңнан Ал сендер – бар қазақтың Бәйтерегі! ТҮН –ТІРЛІК Қара қазан - қара түн, Бұрқыраған буы - бұлт. Тіршіліктің сағатын Қуырдақ етті қуырып. Шөміші тұр ілулі Жұлдыз - шоғы жылтырап. Көкжиегім түрулі Бақыт иісі бұрқырап.
Қара қазан - қара түн Ағарған таң - ақ дәмім. Болашаққа баратын Басқа жолды таппадым. *** Кешір мені, Кешегі күндер үшін жалындаған, Ертеңгі асу үшін алынбаған. Керек-ау мәңгілікке мейірімің Жаным, маған. Кешір сен, Шарпыған сезімімнің оттылығын, Қыздырған жүрегімнің шоқ-қылығын. Лайсаң ғып кеттім бе көңіліңнің Көк тұнығын. Кешір мені, Бір кезгі қаталдық пен күлкім үшін, Ірке алмаған сезімнің бұлқынысын. Кеудеңді қарс айырып отырмысың Күрсінісің. Мен сені сағынамын, сен де мені, Тағдырдың тәтті бақты бермегені. Жұтамын жырдың өксіп қайырмасын Не деген мұңның дәмі кермек еді!
ӨЗІМДІ ЖҮРМІН ТАНЫМАЙ Жыртылып санам сан мыңға, Мәңгүрт боп жүрмін, жоқ есім. Тірлікте рас бармын ба, Қудым ба сиқыр елесін. Кім болдым, бұрын кім едім, Танымай жүрмін анығын. Қазіргі жайым білемін Маңыған түзде тағымын. Шыңырау ойдан қауғалап Тартпақ та болам шәрбат жыр. Жұқанақ тамшы қаужалап Арманым арсыз алдап жүр. Көңілдің көгін тазалап Төксем-ай деймін жыр-нөсер. Кеудемде жанып маздап-ақ Бықсумен барып бұл өшер. Өлеңсіз өткен күндерім, Даңғаза тірлік –жел өкпе. Сүйретіп жүрген сүлдерімӨлеңнен қалған өлексе!
КӨПТЕН КӨРМЕГЕН ҚҰРДАСПЕН ОЙДА-ЖОҚТА КЕЗДЕСКЕНДЕГІ ӘҢГІМЕ
-Үйің бар ма? - Бар ғой! Он төрт бөлмелі. Миллиондарға созылады өлшемі. Еркін кіріп, ен жайлайтын, шүкір-ай Басты бақыт осы, құрдас, мендегі. -Атыңда ма? - Атындамын мен оның. Кітабында тіркелген бар дерегім. «Сонда тудым, сонда өлсем, шіркін-ай, Бұл өмірде арманым жоқ дер едім». - Қашан алдың? - Жаралғалы сондамын. Жанға рахат – жасалынған мол қамым. Жылы ұяма татымайды ешқашан Әлемдегі айбары асқан орда мың... - Ал сенің ше? - Маңдайымда сор қалың, Әлі күнге пәтер іздеп жортамын. Үйлер қымбат, ақшамыз аз – қасірет Жеті ұрпаққа ауыса ма деп қорқамын...
Кетем бе әлде шетел асып жұмысқа, Білмей далмын – бұл шешімім дұрыс па? Не берді Отан? Жұмыс істеп, үй жалдап Бұдан жақсы кетермін бе тұрып та... Бай екенсің, ұқпайсың ғой біздейді, Жыртық көңіл қамқор пейіл іздейді... Бөлмесі он төрт хан сарайын қайтейін Бір күркені бақыт дер ек біз, мейлі. Мына заман жайын кімге ұқтырды, Жемқор бауыр жалмай-жалмай жұт қылды. Киімі бар, жайлы жерде тұратын Болмадық-ау, ең болмаса ит құрлы... Айттым тағы әңгімені қыздырып, Көз алдында мың құбылып жүзді үміт. - Он төрт бөлме - бір-бір жұмақ, келгендер Қарай берер жан-жағына үздігіп.
Түндігіме көк байрақты байладым, Қай кезде де бұзылған жоқ қаймағым. Өсіп келед жас ұрпақтар бақытты Азат таңның нұры сүйіп айдарын. Шаңыраққа бақыт болып қонды құс, Қазаныма дарыды құт, толды ырыс. Ең бастысы – тізгін тиді қолыма Алдымызда арман да көп, мол жұмыс... - ? - Бүгіннен де етпек мықты ертеңді, Он төрт бөлме – он төрт мынау өлкем-ді. Мендегі үй осы болар қиырсыз Неге, құрдас, жаз жаныңа өрт енді? Талап болса, өсірер ең тасқа дән, Нан тапқанмен, таппайсың ән басқадан. Мойныңда әлі өтелмеген борыш бар - Оңбайды еш өз Анасын тастаған!
Айту жөн бе бар ма, жоқ па күйіміз, Міндет біреу – Ұлы Отанды сүйіңіз! Құшақ жайып күлімдеген жан Ана Қазақстан – біздің ортақ үйіміз! *** Баспанасыз бауыр үшін күйді ішім, Сынбас, деймін, - қиындыққа ер кісің. Бермесе егер өз Отаның жылуын Өзге Отан жарылқайды деймісің?! Жеткізбеген маған да арман баспана, Жалған күліп басу айттым басқаға. Қазақ, енді шашылмаңдар шалғайға Битке өкпелеп тоныңды отқа тастама! 2005 жыл. ҚЫЗҒАНЫШ Жел ысқырып еппенен Жерді жұмсақ сипады . Бұта риза кейіппен Басын иді ұйпалы. Бұлтқа кірді күн жылжып Қызғанған-ау шамасы. Бұлт күрсінді қынжылып Таусылғандай шарасы.
Жел сыбырлап жүгіріп Өңмеңдейді жабысып. Бұта қалған бүгіліп Еркеліктен майысып. Жерге күнді ынтық қып Асырды жел айласын. Ашулы Күн быт-шып қып Лақтырды айнасын... ӘКЕМЕ ХАТ (студент хаты) Бақытым бар – ау өлшеусіз Мастанып кетсем , ұғынғын. Әке, өзіңмен мендік ғұмыр –гүл. Сағынған сәтте өзіңді Көкірегімде күмбірін қақты құлын – жыр. Өргізіп қойды , жетектеп алып атыңды , жәйменен шарлап құм ішін, Дем алмай бір сәт біз үшін , Жапан даланың күзетшісіңдей қалқиып Аман-сау, әке, жүрмісің?
Татсаң да талай зәһарлы дәмін азаптың Қайсарлығың мен адами арың ғажап тым. Қамшысын қыса ұстап , салалайтын сақалын Сен бе екенсің ,қасиетті қара шалы қазақтың! Сағындым сені , алаңсыз өткен сәбилігіме жүгініп, Тек сенде екен-ау, жылылық пен ұлылық. Көкірегіңді мақтаныш кернеп, ежіктеп Отырсың ба екен жырыма менің үңіліп. Жымисаң бір сәт шаттыққа мен де кенелем Тәп –тәтті әлем, айналам арай, аппақ нұр. Күлкіңмен ғана бақытқа мені бөлеген Бойыңда сенің ешқашан, ешкім таппаған Қасиет бар – ау ғажап бір !
Кеудемде маздап арманның оты ақ алау, Шалғайда қалып мәуелі гүлзар жағалау, Қара шаңырақтың қонақтай алмай ығына, Алыстап жүрсем шығыңа - Қанатымның қатайғандығы шығар – ау !
Тарығып келсем, ашылып алдан есігің, Төріңде менің тербеліп тұрар бесігім. Қамқоршым барда арқамды сүйеп алаңсыз Еркелей басып, алшаңдап жүрсем несі мін? Ойланба, әке, санаңда сансыз сергелдең сұрақ сенделіп, Көзді алдар көркем көбелек көрсем кетпеймін, анық, мен еріп. Дәл сендей арыс әкенің қызы болған соң Хақым жоқ менің адалық жолдан аттауға, адамдық арды таптауға. Бойымнан егер жылт ете қалса пенделік, азаматтығыма жеңдірем, Бұлыңғыр жаққа алып-ұшып тұрса асаулық, ақылыма оны көндірем. Жолыңа менің алаңдай берме жәутаңдап, Балапан үніммен шырылдап тұрып ,жан әке, Осыған сені сендірем !
Былдырлап сөйлеп , сүрініп, Соғысқа кеткен әкеңнің артында қалған нұр-үміт, Бүгінде абзал атасың Немерелерің томпаңдап Соңыңнан ерген жүгіріп. Бақыттың құсын қондырып қойып түндікке, Отыратұғын шақырып бізді еңбекке адал, бірлікке. Тірі бол, әке, Тірі бол, әке, тірі бол, Өзіңдей асыл адамдар керек тірлікке ! ЖАЛҒАНДЫҚ ЖАЙЛЫ ЖЫР Мен де әркез үрей де, үміт те бар. Арман да бар. Бақытым бар, сорым бар алдан табар. Тірі болып тұрсам да, тіршілікте Мәңгілік атаулыға алданбағам!
Өмір деген ... Биіктік пе? Ол күйрейді быт – шыт боп мүжілуден. Ал енді,тынбады ма? Өмір осы ...Жалғасса бір үміттер Бірі айналып уақыт құрбанына Жоқ боп кетіп жатады үзілумен. Біз – көрермен келіп-кетер Жәй ғана қызығумен. Сонда, досым, біз дегенің Мұрат етіп өмір бойы іздегенің Алдамшы , екен баяны жоқЖо-жоқ! Мен өмірге жау емеспін. Дегенмен де, жауабы жоқ Мен бастаған осы бір дау-егестің. М о й ы н д а й м ы н , Өмірару, ал бірақ Опасыздық жағы басым . Сондықтан сен қалжырап Шындықты іздеп сабыласың. Таптың ба сен Әділдікті, Адалдықты , Мәңгілікті... Олар аз ғой, жоқ тіпті. Басым мең-зең, жан-дүнием жаңғырықты!
Міне, өмірдің алалығы Тұрағы жоқ, Жауабы жоқ, бәрібір сұрағы көп . Адамшылық дегенім – аз, санаулы. Итаршы боп жүгіргем Әділдікке Осы сәтте «күркіреп Күн» Ескерткендей «бүлікті» бастамауды. Сен, досым, жерден іздеп Әділдік атаулыны Алжыдың ба? Балап жүрме біздерді әңгүдікке, Ал шынында... Әділдік - ол болмыстың өзінде жоқ , (Мұның сыры - Хаққа аян, жан біліп пе?). Ал, әйтпесе... Тұрар еді-ау тіршілік М Ә Ң Г І Л І К К Е !!! 2002 жыл Қ О Ң Ы Р Ө Л Е Ң Қоңыр тірлік, қоңыр ой, қоңыр өлең, Қоңыр күйсіз құнысып тоңып өлем. Қоңыр әнді қалқытып қоңыр кеште Қоңыр қосқа қайғысыз қонып өрем.
Қоңыр жолдың тағдырын бейнелеген Қоңыр-көшке ілескен күйме-денем. Құмарлық жоқ таңданба, қызығумен Қызыл-жасыл көйлек те кимеген ем. Көңіл қоңыр, аспан да, байтағым да, Қоңыр үнмен қоңыр сөз айтарым да. Жаратылдым қоп-қоңыр топырақтан Қайбір күні айналам қайта құмға. Қоңыр сырды кеудемде тербетіп мен, Жолға шықсам... қоңырлау желде тіптен. Күллі ғалам барады қоңырайып Қоңыр өлең жазамын мен неліктен? ЖЫР-ДӘРУ Жүрегім – жүрегім жыр толы Жан сарайыма жасырдым. Тірліктің басса кір-қоңы Бір ұрттам жырмен қашырдым. Бар сиқыр менде ғаламат, Дертіңді жазбай танығыш. Сезімді шаңнан тазалап Жыр-сусын көрсең қанып іш!
Жарқ етіп көңіл жасындай Көкжиек кеңіп қалды ма – Ақынның сырын жасырмай Ақтарып салдым алдыңа. Жеткіздім жұртқа жаңа сыр, Табар деп мұңның бір емін. Жабыққан жанға жанашыр Жыр-дәру екен білемін. ЖЫРЫМ – МЕНІҢ ЖАНАЙНАМ Ей, адамзат, тыңда мені ұғынғын, Бұрдым басын саған тағы жырымның. Менің жырым жарапазан жаршысы Ізгілік деп аталатын ұғымның. Жыр жазамын, алайда Міндет емес, Мадақтау мен мақтауды, Айыптау мен даттауды, Өлеңімде өрнектеу. Ақымақ пен имансыздың керісін, Жел ұшырған жезөкшенің жүрісін, Пендешілік атаулыны мәпелеп Жыр –бесікте жөргектеу.
Қайтем жырлап татымы жоқ басқаны, Халқым, сенің-амандығың, бүтіндігің, бірлігіңМенің жайсаң жырларымның бастауы. Болса егер мұң-мұқтажың, қуанышың, қайғыңды Жырлай алсам, менің жырым сонысымен айбынды! Махаббатты, адалдықты, пәктікті, Кең әлемді әлдилеген шаттықты, Жомарт Жерді, Бейбіт Күнді, Аспанды Шырқай алсам, міне, осымен менің жырым асқарлы! Жұртым егер жабырқаса, бір сүйем Жырларыммен жамалса деп жыртығы Ойлап жүріп, жырлап жүріп жылжумен Түк бітірмей өтіп кетсем - күлкілі!
Менің жырымсенің түйткіл тірлігіңің дүмпуі, Менің жырым –сенің адал құлқыныңның жемтігі. Сөз-сойылын сілтемес болсам сен үшін Өлермендікпен арғымақ –жырдың жармасатұғын жалына Өлеңде қандай құным бар? Ұғыңдар мені, ұ ғ ы ң д а р ! 1997 жыл *** Құрбыларым – ай, Шошыттыңдар ғой! Неліктен керек пасықтық даңғой . Сіздерге деген сұлу сезімді Маңдайдан ұрып жасыттыңдар ғой. Тұнық сезімнің ластанғанына Жанардан ащы жас тамбады ма?! Мансаптың аттап баспалдағына Мерейің, айтшы, аспандады ма? Тәттіге бір сәт таласқансыңдар, Күштінің қолын жаласқансыңдар. Ғайбат сөз айтып, күншілдік баурап Ақ жолдан сөйтіп адасқансыңдар.
Құрбыларым-ай, Шошыттыңдар ғой! Сенделтіп ойды жосылттыңдар ғой. Адамдық жолды қарманып барып Бұған да шүкір, кеш ұқтыңдар ғой! САРҒАДА ӨТКЕН БАЛҒЫН ШАҚТЫ АҢСАУ Сарғаның таңы – арманға толы ең, аңсадым, Төріңде сенің сөгілтіп едім қанша мұң. Серпіліп ойдан, желпініп жойғам мұңымды Өзіңнен таттым жастықтың уыз бал шағын. Сарғаның түні – сезімдей кәусар тұнықсың, Жымыңдап жұлдыз көрсетер назды қылық мың. Періште сезім жетелеп асқақ арманға Алқынған күймен қол созсам айға - кім ұқсын? Өзіңде екен жалынды күндер – ертегім, Балауса арман жаятын кербез желкенін. Жастармен бірге шаттана күліп, наздана Толықси қарап, ән қосар көкте ерке күн.
...Көңілім жалқы. Қалғандай жұртта аңырып, Сумақай мұң жүр жанымнан жиі табылып. Жұмақ ел жақта серпілген шердің көрпесін Шерменде болдым, шарасыз қайта жамылып. Думанды шақтар құбыла ойнап әр түске, Осылай досым, сартап боп қатып қалды іште. Уақыт-жендет жөңкілтіп айдап барады Өткен күнтарих - хатталған бір-бір кәртішке. 1997 жыл *** Ән үшін жазылған Қуаныш саған сыйлағам Қайғы ғып оны қайтардың. Тағдыр ма қызық қимаған Мұңымды кімге айтармын? Күлкіге сені кенелткем Жасым боп ақты бұл кейін. Мәжнүн халге жолыққан Жайымды қалай іркейін. Түстей боп қалған үзіліп Алыстап неге барасың. Сыртыңнан қарар қызығып Арман боп мәңгі қаласың.
Еркелік назды мұң жеңді, Аралай алмай гүл-бағын. Менен ап тәтті күндерді Айтшы сен, кімге сыйладың? А Р М А Н Таппадым сол сәт қарманар жерді, Сиқырлы сезім арбаған еді. Сезімнің құлы емеспін енді Арғымақ –арман, алдама мені. Алдама мені, ақ қыран арман, Арайлы нұрын шашты таң алдан. Аунатып кетпе тағы бір өртке Жемтігі етер аш мына жалған! ҚОРҚАУЛЫҚ /парақорларға / Тірліктің тұншықтырды тасқындары, Жаныма жайсыз тиді тас құндағы. Жанымды жұлқи тартты тұс-тұсынан Өмірдің қарау ниет қасқырлары. Тап келгенді жұмарлап жамбасына, Тыққылайтын құлқынның дорбасына. Қасымдағы екі аяқты қасқырлар бар Жетерлік қорқаулығы бір басына.
Түртпектеп тірлігіңді күндей бермен, Кейпіңнен көз қорқады дүлейленген. Қаптаған қасқырларға жем болар деп, Ей, қозым, өзің үшін үрейленем. Табынып тірлік еткен тоқпағына, Әйтеуір сол шіркіндер ырысты екен. «Ебін тап та екі аса» шақта мына Бәрінен қорқау тірлік дұрыс па екен? ЖҮРЕК ҮНІ Бақытым емес, мұңым боп Бейуақта неге жолықтың. Тап болдым күйге бұрын жоқ Кеудеме шерлі толып мұң. Шын өмір қайсы елеспен, Айыру қиын түсімдей. Шықпайсың өзің түк естен Жүремін түкті түсінбей. Жазылмас шерді тарқатар Шемен боп қатқан жәйт еді. Көрінбей көзге аңсатар Арманым болсаң қайтеді?
Жұбатып жүр ем өзімді, Мендегі керек мұң кімге. Сен келіп бұздың төзімді Мұныңды, сірә білдің бе? Жалығып аппақ тілектен Үміттер өшіп жоғалған. Бір саған аңсар жүрекпен Өмірден өтсем, жоқ арман. Сезімнің жоқ қой өлшемі, Көз жасқа тағдыр қарай ма? Ұнатам рас мен сені Осыны білші, жарай ма? ЕР МАХАМБЕТ АРЫСЫМ Қайырылып мойын бұрмаған, Қазақты тыңдап тұр ғалам. Текті ұлды туып тамсанттың Құрсағы құтты сұр далам. Сұр далам... маңғаз құм Нарын, Қоңылтақсима құндағың?!. Ер Махамбеттің есімін Ұран қылмасам жырға мін!
Кешегі Махаң – арыстан, Алқынып жаумен алысқан. Басқан ізіңнен бақ тілеп Рухыңмен әлем табысқан. Дүбірің әлі келеді «Аттандап» салған алыстан. Біртуар ұл ең, өйткені Жаралған ар мен намыстан. Адам боп туған бар талай, Мас болған баққа шалқалай. Адам боп туу ерлік пе Азамат емес арам боп Нәпақа тапқан әрқалай? Кешегі Махаң-арысым, Дала төсінде дабысың. Жебе едің жауға атылған Қара қазақтың қамы үшін. Қапыда өлген қарысып Елжанды ұлдың бағы-шың. Қарына ұлдың қамышың, Қанына ұлттың намысың, Деген ем, шіркін, дарысын.
Сен өлдің көкте, қыраным, Жығылмай намыс, жыр -әнің. Ерлік пен елдік , бостандық, Әділдік едіау ұраның. Бір келіп көрсең қайтер ең Тапталған қыз бен ұл арын?! Бостандық алған ел едік, Бостандық – байлық демедік. Қарынның қамы мақсат боп Кеміріп жатыр шенеуік . Шенеуніктерде ұрпағың, Құлқынның күйттеп жүр қамын. Бақталас, боп тақ талас Сеземін, жаға жыртарын... Ақындарым бар алдаспан, Зорларға жырмен жармасқан. Арғымағы жоқ астында Қылыштары жоқ қайрасқан. Сен өлдің жаудың қолында, Намыс пен ардың жолында . Біз бықсып барып сөнерміз, Айналып тәлкек –ойынға.
Жүрегім болды мұң-таспа, Қаһарман ата, Сіз басқа. Күңкілмен өтер күндері Шерменде болған біз –қасқа... ТОПАСТАР ТАБАНЫНДАҒЫ ТАҒДЫР Жұлдызды көріп аспанда Телміре қарап қызықтым. Жылтырақ екен жай ғана Жылуы жоғын кеш ұқтым. Тірлікке тылсым тұңғиық Тек қана менде сүйіну Тауларды көргем тым биік Жоқ екен онда иілу. Су сепкен өлі күлге де Үмітпен қарап үрлеппін. Құлпырған қызыл гүлге де Тікенек барын білмеппін. Аязды тірлік шатынап Шекеме тиіп ес білдім. Екі аяқты да ақымақ Албасты барын кеш білдім... Балшыққа батып батпандап, Аңсадым өмір күнгейін. Топастар жүрсе талқандап Тағдырды қалай тілдейін?
АҚТАУ Бір кезгі ақын арманы болған бал құрақ, Шаншып ап көкке күмбезді төсін,сән құрап. Жетелеп кетті арманға толы ақ жолды Өзіне қарай тартып ап. Тұлғасытұлпар май тұяқ қала ерекше, Алқынған күймен адымын артты белеске. Көк теңізкөйлек, ақ желең толқын етегі Періште қала емес пе? Шағала үйлер қанатын жайды құлшынып, Таранды тақыр таз шекесіне бүр шығып. Ұмтылып қалып аруға ауып аңсары Көк теңіз жатыр күрсініп Фонтаны болып шалқыды мендік ағып жыр, Жерге кеп орнап жұлдыздар төкті жарықнұр. Жақыннан емес, алыстан шарпып ыстығы Жастықтың оты жанып тұр
Ақтауым менің, ақмаржан қала ақмаңдай, Күн келіп күліп, ес-түссіз сүйіп жатқандай. Мұнараларға мінгесіп тұрса мұраты Мақтанбай қара мақтанбай! Білу де қиын сауалдың сырын ашып мың, Теңіз бе, мен бе, аққу ма, күн бе-ғашық кім? ...Айдынға іңкәр аққудай болып алқынып Ақтауға қарай асықтым... МОЛА ЖАЙЛЫ ТОЛҒАНЫС «Адам басы добы, -деген – Алланың» Шат өмірің бір-ақ күнде жоғалар. Дүниенің білдіргендей жалғанын Ауыл маңында мүлгіп тұрған молалар. Құмарлықпен көрсем деген танысып, Мола жаққа бармақ болдым қыдырып. Шым-шытырық екі сезім алысып Үрейменен қала бердім кідіріп.
«Жоқ! Олар сенен кемдігінен өлді ме, Адамдық па бейіттен сескенгенің Ойладың ба тіршілікте қаламын деп мәңгіге , Мүмкін әлде, келеді ажалға да еркелегің?» Жігеріме бағындырып бойымды, Дәл молаға тақай бердім жолымды. Бір шетінен кіріп алып асықпай Араладым қорымды... Күмбезді боп, кереге боп тұр тамы, Күзетшідей құлпытастар тұр тағы. Жазуына үңілемін жақындап Әр атаның жатыр мұнда ұрпағы. Биік күмбез... Көкке қарай мойын созған тік өрлеп. «Ағузы биллаһи Минашшайтони ражим Биссимлла-р-рахмани-р-рахим» Өліге аят-сауап болар деп күбірлеп, Отыра бердім жанына келіп тізерлеп... О,Жарықтық!
Кеше жүрген жан еді, Жатқан жерің байлы болсын,топырағың торқалы. Қу тағдырдың таусылар ма азабыҚарсы алдымда сұлап жатыр жоталы. Аяулы достың ағасы еді бұл жатқан, Құрбымды менің қайғысымен талай жылатқан. Ол да мені досым бар дейді ғой сеніммен Достығым қайсы, ағасына кетсем соқпастан. Достығым қайсы «тие берсінді» тіріден күткен ағаға Қарындасының орнын жоқтатсам. Шыдамай мынау қытымыр тірліктің нарқына, Иесіз жұрттай басқын халықтың қаңырап қалған артында. Өлі шаһардан іздегендей тірі бір белгі Жолымды бұрдым келесі жатқан марқұмға.
Бейтаныс жандар...ашылмай жатқан жұмбақтай, Қара тас болып сазарып қалған үн қатпай. Бейтаныстарға сеніңкіремей сезінті болған көңілге Өлінің жайын айғақтай Мойындатуға молалар тұр ғой міз бақпай. Аласапыран тірліктен бөліп, алшақтап, Қара жер жатыр қилы тағдырды бауырына алып,құндақтап. Мола –баспана көр –бесігіндегі сәбиін Қарлы дауыл мен нөсер жаңбырдан тұр сақтап. Әруақтарым! Басыңа келген мынау пенденің сырын ұқ, Кешірім етсен, артықтау кетсем әруақтарыңа ұрынып. Қоштасып тұрып, шапағат тілеп, сиынып Ауылға қайттым бұрылып.
Құбылған қырық, шырғалаңы көп астарлы, Күн шуағына көмкерілген нұрлы, асқарлы. Менің мынау қымбат деп жүрген тірлігім Солардан қалған тастанды... Ей, адамдар, дүние кімнің жолдасы, Бес күн тірлікте адалдық жолдан таймашы. Ажал атты қандықол арсыз аңшының Болармыз бізде олжасы! 1996 жыл ҚАРАМАРЖАН Ей, менің Дархан далам, Гүл далам, Жұмақ далам, Тақыр далам, құм далам, құмақ далам. Ұнап маған құшағың жусан иісті Өзіңе арнап мен бүгін жыр ақтарам. Далам менің! Жомарт едің, кең едің, байтақ едің, Жылуыңды жөргектен байқап едім. СенАнасың, мен болсам балапан ем Етегіңде сен өзің шайқап едің.
Мен сені арман етем арда мекен, Тірлігіңді жырыма жалғап өтем. Қойныңа бөктеріп ап көмбе жиһаз Талайды тамсандырдың тарлан өлкем! Көкжиектен күлгендей шағала таң, Шуағың бар өзгеден дараланған. Аңыз болдың талайға ғажайып бір Кеудеңнен шашылғанда қара маржан. Қара маржан... қалқыған алтын арман, Қара маржанертеңім жарқыраған. Маң далам Маңқыстауды майға бөгіп Атырау алабында сарқыраған. Қара маржанқара нан ұртымдағы, Сен арқылы көмейде жыр тұнады. Жүрегім Жетібайдан дүрсілдесе Қан тамырым Доссордан бұлқынады Прорва, Жетібайым, Мақат далам, Ақ төсіңнен нәрем ап қанаттанам. Өзенім - өзегім ең, тіршілігім Бұлбұлың боп бағыңа қонақтағам.
Қарашүңгіл-қазынам, құтым едің, Қазаныңнан қарпыта жұтып едім. Қарашүңгіл әулием, саған сеніп Үлбіреген үмітті үкіледім. Аударып талайлардың тәкапбар аңсарын бір, Мұнаралар даламда ән салып жүр. Тамсаныпты-ау Төлеген таңдай қағып Көкірегінен төгілтіп Тамшалы-жыр. Қара алтыным төселіп қадамыма Ертеңіме жол салып аттаныпты. Маңқыстау деп ,мұнай деп, мұнара деп Фариза ақын жыр-кенін ақтарыпты. Далам менің-паң далам, маңғаз далам, Сансыз байлық сап құрған сарбаз далам. Ғасырлардың арасын әнмен жалғап Мұнара жүр төсіңде қаздаңдаған.
Салқар дала, өмірлік сен тірегім, Шалқар бақыт басыңа мен тілейін. Жыр пернең боп басылып, мың құбылған Кәусар күй боп төсіңнен шертілейін! 1997 жыл. ЖАСТЫҚ ШАҚТЫ ІЗДЕУ Жігерлі жалын атқан, тас тұғырлы, Қалдырдым қай жерге мен жастығымды. Қолына қоңыр күздің ұсыныппын Жарқын күн жадыраған, жаз гүлімді. Бал дәурен қайда екен бұла күнім, Аңсадым сыңғырлаған бұлақ үнін. Көлбеңдеп көз алдымда кәусар күндер Қия алмай қолын бұлғап тұрады мың. Жастықтың жарып өтіп от қамалын, Артыма қимастықпен көп қарадым. Кеудемнен сағынышым ән боп ұшты Орнында, сезінемін шоқ қаларын.
ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫРЫ Тәуелдімін шешемнің құрсағында Тамырларға. Шаранамын дәрменсіз Халім бар ма Адам болып туылдым енді ешкімге Бас ұрмаймын кеудемде Жаным барда. Текті елдің түлеген түлегі едім, Арда қаным. Аңсап қайтем арамза Қарға бағын. Түлкі тағдыр, тарақан адамдардың Жалап келем қалдырған Арда дағын. Өксік кернеп сан ғасыр жүрегімде Тұншығып ән. Есіл арман қырқылған Қыршынынан. Тәңір төлі біздер де, басқалар да Туары анық, әйтеуір, Бір шұғылам.
Жылмаң қақты жалмауыз иманымды Жарақаттап. Өткен күнгі шаттығым Жалаңаш бақ! Тек өлмеген шығар ау текті ұлдар Сағым болған арманын Аманаттап. ІІ Алтын нұрға көмкеріп сахарамды Атып күнім. Азат елге айналдым Бақыттымын. Еркін елде еркелеп шашып жүрмін Жайсаң жұртқа жарасар Жақұт жырым. Тәуелсізбін! Тағдырдан сыбағамды Тең бөлісем. Нұрлы өмірдің бесігін Тербетісем. Жәутең тағдыр жат маған қазанымнан Қалтырамай барымды Терлеп ішем. Дархан далам малынған шежіреге Ақ қайнарым. Сенде жүріп басыма Бақ байладым. Заңғарларға ап ұшты арманымды Алтын қыран, Ақ күнді Көк Байрағым.
Мәңгі сақтар қазақы дәстүрімді, Байтағымды. Ар намысым тағына Қайта мінді. Жасын жырмен жарқ етіп жарып өтем Ана тілмен ақтарып Айтарымды. Жарқын тағдыр жетелеп арманымды Ала қашып. Сан ғасырдың көшімен Араласып. Асу асу адырын тіршіліктің Нық адыммен алшаңдап Барам басып. Маңдайына арманды адастырмас Мұнара ғып. Алға ұмтылды адуын Бұла халық. Туды міне, ақ таңы азаттықтың Тұрады ол мәңгіге Тұрары анық! Қастерлейтін жоғалтпай сан ғасырда Баба салтын. Мәңгілікке сақтайтын Дара қалпын Желеу болып жанына Жаратқаны Жасай берсің жасымай Дана халқым! ОТПАНДА Ақ арман болған Бақ Ордам болған Отпаным! Қасына келдім көңілді кеулеп сезім нұр,
Талайдан бергі шаттанған шуақ кезім бұл Қапастан терең қарманып шығып тарқатты Тұншыққан бұла шерін Жыр. Жұбаныш болған, Қуаныш қонған Отпаным! Түңіліп түндер, теңселтіп еді тозып күн, Пүшайман болғам тірліктен мынау безіп мың. Өзіңе келіп оянғандай ақ ұйқыдан Ғажайып сәтке кезіктім. Еңсесі ерен, есіл тау өзің, Отпаным! Сезіндім сенде ерекше леп, от барын. Санамда сеңі сөгіліп жатты сетінеп Арбаған мені әлсіздік атты боқ таным. Заңғар боп мәңгі шіреніп тұрған тұлғаңды-ай, Мәртік ке сенде, пәктік те сенде тұрғандай. Аялдай бердім, қаралай бердім телміріп Рухты кәусар сіміре бердім бір қанбай.
Қанымда тулап атойын салып арда күш Серпілді кейін пенделік пиғыл, жанбағыс. Бабамнан қалған тектілік дәні бұр жарып Тұла бойымда тіріліп жатты Ар, Намыс. Пақырлық ойды пәршалап отап тәрк еттім, Сына қоймаспын тезіне енді тәлкектің. Қиындық көрсем қайыса бермей тір тұрып Жасын жігермен жалын атуға ант еттім! Шырайым солып тонатып мұңға барымды, Жақсам деп саған келген ем қайта бағымды. Ұран От маған тастады ау деймін бір ұшқын Адай қыз болып аттанып барам кәдімгі! 2005 жыл КҮН МЕН ТҮН Жұлдыз жымындайды Самал сыбырлайды. Ай болса кірпік қақпай Түннен сыр ұрлайды. Болсада тілегені Түн суық түнереді. Жерді алып құшағына Мүлгиді, тербеледі.
Жер болып ғашық жары Түн шіркін асықпады Бүркенген шымылдықты Күн келіп ашып қалды. Өзінен кетіп ерік Түн кетті дүлейленіп. Ақ жүзді Жер сұлуды Күн қалды иемденіп. СҮЙІНҒАРА СЫБАҒА Жаңа дертті тудырып қож жарадан, Бершімегін көңілдің қозғап алам. Мендегі шер өткеннің зарпы ма еді Сыңар тауып сыңсиды боз даладан. Бабалардың бойыма қайраты кеп, Буырқанып қанымда қайнады кек. Көк бөрім ұран болар татулыққа Алты қарыс азуын Айға білеп. Еміс құлақ естісе алдан дүбір Айбаттанып басушы ең жалғанды бір. Байтағыңа аңыз боп ерлігің жүр Өзегінен от шашқан Арлан-Ғұмыр.
Машақатқа қалғанда қиын дала, Ерлігіңе дос-дұшпан сыйынған, ә! Бәйге тікті басыңа сандалған жау Тамсандырған дұшпанын, Сүйін-баба! ...Алтын көпір Маңғыстау тараптарға, Көш-керуен шұбырар, жарақты алда. Жолыққанды жосықсыз шаба салса – Одан әрі... қуанар талап қарға. Үйі қирап талайдың, қора жанып, Кең далада мүлгір тек мола қалып. Қазақ ауылын күйретіп, малын айдап Түрікмен-көш жөңкілер тонап алып. «Ел қамы емес пе еді тілегі ердің, Отқа түспей мен неге жүр екенмін?!» - Сабырмен жүрген тоқтап осы жерде Ширығады шыдамы Сүйекемнің:
«Кімге қалай ұнарын, ұнамасын, Бас ауыртып жатпаймын бұл арасын. Басасыңдар Маңғыстау топырағын Төлеп қана «Сүйінғара сыбағасын». Қалың елдің қайғысы – қастың хошы, Қайран ердің қашанда халқы – досы. Көнген көнді, көнбесті көріп алар Еркінсіген есерге шартың - осы! Есін алды бұл байлам талайлардың, Жер шетіне ілінген абайлар мың. «Көзін құртпай болмайды, десті түрікмен – Белін ақкөз сындырып Адайлардың». Тартып туған Сүйінді қанына дер, Айтқанына бұлжымай бағынады ел. Быт-шыт қылып жоспарын жаудың небір Алдырмады жасында қабылан ер.
Қолын алған даулы істе, жөн-ақ делік, Исатай мен Махамбет қалап келіп. Жаратқан ер Сүйінге тарылмаған Қайрат және ақылды қабат беріп. Сертке берік, досқа адал, кең жүрегі, Елім десе – кең жүрек елжіреді. Азаматтық болмысы өз алдына Кіші Жүзге тараған ерлігі еді... Күні қараң, жау жақтың үрей түсі, Сүйінғараның шошынтты дүлей күші. Отырғанмен әрқайсы өз ойымен Бір ғана істі армандап қалайды іші! Өтті жылдар... Жау жүрді арманы іште, Сәтін күтіп баяғы қалған іске. Талай-талай оралды жорықтардан Қылар айла алдырмас бар ма күшке?!
Ауысты ұрпақ – сиреді дүлей ерлер, Жас бөрілер жұлқынды - кім өгейлер? «Кек алам!» деп жастарға өрекпіген Жан болмады өткенді көлегейлер! Қанға бөгіп сан мәрте дүйім елді, Оқтын-оқтын түрікмен шүйлігеді. Ала алмаған ызасы бойын кернеп Бәрінің көздегені Сүйін еді. Ал Сүйін ақ сақалды қарт болатын, Жауда өлсем деп аңсайтын мәрт болатын. Тұлпарына белдеуде тыпыршыған Әлі күнге ырғып-ақ салт қонатын.
Қыс түні. Аяз өктем, қары қалың, Тосын келіп шапты жау танып әлін. Шаруа күйттеп отырған оңашада Ойрандамақ батырдың шаңырағын. «Түрікменмен қыжақтың бары мәлім, Бұғып шабу ерлік деп танымадым» - Таратпаққа хабарды ағайынға Сексендегі жөнелді саңлағың. Өтті дауыл жұлмалап зорды бүгіп, Сүйін айтса – бұл қылық – сорлы қылық! Жаудың ісі аңдыған өкінтті көп Сүйекемнің қос қызы қолды болып. Көңілінде болмаған қатер мүлде, Қалды сасып қазақтар қапелімде. Ойланбай атқа қонды бөлек-бөлек «Жүрмесін деп қарындас жат елінде!».
Жеткенінше ағайын алыстағы, Сабыр бермей бойдағы намыс-қаны. Көп жаумен жұлқыласты қазағымның Ер Құлбарақ бастаған арыстары. Келгендер кебін киді қандастардың Ел басынан осылай бақ ұшқаны... Жеті түнде аттанған өңкей ерлер Қайта келіп халқымен табыспады. Қазақтарды зарлаттық, жылаттық деп, Елі сүйген ерлерін сұлаттық деп, Түрікмендер бірлейді екен көңілдерін Сүйіннің мәртебесін құлаттық деп. Жылдар тағы жылжыды – солай заңы, Тынды бәрі – уақыт қолайлады. Алдыртпаған айқаста қазақ батыр Айналған жоқ жат үшін оңайға әлі.
Табиғаттың ер Сүйін дарыны еді, Қас та, дос та мұнысын танып еді. «Сүйекем айтыпты» деп тоқтайтын-ды Жалғыз ауыз сөзіне қалың елі. Ел ағасы атқарар жүгін біліп, Татулықты көп айтты ұғындырып. Қос елді бітістірді ақылымен Түрікмендерді алдында жүгіндіріп. Қан жылатар қазақты жат арманды, Тұншықтырған сесімен қаһарман-ды. Көре алмайтын әлі бар, алайда Ерім Жүрегінде халқының жатар мәңгі! ...Өнеге көп өткеннен мына бізге, Рух аңсап түсемін сұрап ізге. Кездеседі саршұнақ інін қазған Бөрі бабам жорытқан құла дүзде! 2006 жыл
КҮЙІНІШ /баллада/ Қазақтың бүтіндігі, өзара татулығы кімдердің өзегіне құрт болып түспеген, кімдердің күндіз күлкісін, түнде ұйқысын бұзбаған! Мұндайда тоғышарлардың қайраты – қулығына құрық бойламайтын құйтырқылық қана! Орыс итаршыларының Әбілқайырдың көзін құртпақ болғанда тапқан жолы – қазаққа қазақты айдап салып, біріне-бірін талату болатын. Осылай болды да! Автор. - Жынбысың, кімсің әй сен, адамбысың, Батырған сен ғанасың маған тісін. Тал түсте қалдырғанша масқаралап Қорламай, өлтіріп кеп, жаналғышым! Үзіктің тілгіленген ала жібі Қылғандай салбырайды таба мұны. - Кім едің?! Өлтіріп кет! Өлтір мені!- Булыққан күнгірт үйде Барақ үні.
- Қайтесің болмашыны сұрап менен, Таңбамыз басында тұр, құлақта ен!- Дауысты естігенде талды Барақ Отырған есалаң боп шыдап әрең. - Шотан!!! Қос қолдап қалшылдады басын қысып, (Кеткендей үй ішіне жасын түсіп). Бәйбіше бүк түсіпті – шаш қырқылған Бұрымы босағадан асып ұшып. - Бүйткенше бауыздап кет, өлтір мені! Жездеңнің біткен еді былтыр демі. Келіпсің бір жылдан соң кек алмаққа Бопайдың арын арлар төркіндері! Өлтір мені! Сұсынан үй теңселіп Шотан Ердің Түйілді түсі қашып қылыш-қабақ: - Берер ем сазайынды дұрыстап-ақ, (Қолымнан қылғындырсам кім ұстамақ?) Тілегі апамыздың, және тағы Шешімі талайлардың бұл іс, Барақ!
Еркекке бұдан артық өлім бар ма, Былғанған жауызсың сен қолың қанға. Кешегі Әбілқайыр ел ағасы Қазақ деп соққан жүрек-сен тоқтаттың Батады, ей, Барақ ит, соның жанға! Қанша жыл... бақ ұшқалы бұл елімнен, Саулығын Әр Қазақтың тіледім мен. Бір ерді – сен өлтірдің – Бір Қазақты Әттең-ай! Жауым болсаң сол найзаңды Тап қазір қадар едім жүрегіңнен! Сен менің жауым емес, қаным едің, Қазақ деп ұран отын жағып едім. Дұшпандар қызығатын болсақ нетті – Сол іске қалай ғана барып едің?! Жүрген ем мен өзіңді ірі көріп, Сен енді қарабетсің – тірі өлік. Онсыз да аз қазақтың дәл сол күні Қалғанын сеземісің бірі кеміп?
Ханекем өле-өлгенше қазақ деді, Кешегі қырғында емес, Сүргінде емес Ажалы қазағынан болғандығы Барады маза бермей қажап мені! Әрбірін хан көремін қазағымның Сондықтан өлтірмеймін, Барақ, сені! Жұмақ ел, қазыналы жер кең дейді, Сырттан жау өлермендей өңмеңдейді. О, Тәңір! Қайтсем екен, қайтсем екен Іштен-ақ ірітетін сендейлерді!!! ...Құлазып сыңситындай сары дала, Шайтансып қол бұлғайтын шаңы ғана. Даламен мұңы да бір, Сыры да бір Шотан Ер тұрды жалғыз жаны жара. Өткеннің бейуақта күңіреніп Жатады құлағыма үні келіп. Бұл күнде Шотан да жоқ, Барақ та жоқ Өлмейтін барақшылық сірі неғып?! 2005 жыл
ТЫЛСЫМҒА ТАРТЫЛУ Күн қоштасты. Өліара. Қызыл іңір. (Тірлігімнің қысқарды сызығы бір!) Қызыл жалын ішінде үйтілемін Құлағымда фәнидің ызыңы жүр. Серпілсе деп күйкі іс, албаты мұң Аңсап тұрам шыңғырған жанға тыным. Самұрығым жетіп кеп іле қашса Салқар мекен, жұмақ жай – баратыным. Қол бұлғайды жақұт ой жүзіп алдан, Ақын болсаң көр енді үзіп арман! Сөзден саумал сапырып, жырдан теңіз Бұл ауылда талайдың ізі қалған. Біреулер жүр сәтті ұйқас желден сұрап, Белгілемек тұғырын төрден жылап. Алынбаған менің де бар үлесім Елеусіздеу кеп тұрам, елден жырақ.
Күндіз – ғұмыр көрмеуші ед адам ғұрлы, Тылсым әлем жанарын маған бұрды! Көк жібекпен тізбек боп ақ кестеге Мас көңілден сыр ұрлар қалам-құрбы. Тәңір түртсе түрілмей түн тұра ма, Ұйқым ұмыт, көз алдым бұлдыр ала. Таң алдында оралам олжам болып Жұмбақ ауыл бөктерген жыр-сыбаға... Өтіп жатыр керуен – көп күн желіп, Бос парағын бұлдайды көк күнделік. ...Шабыт-құстың сусылын күтіп жүрем Жыр-Патшалық шәріне кеткім келіп! Қыркүйек, 2007 жыл КӨЛГІР КӨКТЕМ Сандалтты елес санада шөккен, Жоғалтқан назым бұл менің – Өзі келуші ед далаға көктем Шашу ғып шашып гүлдерін.
Табиғат сәтте жасап қалатын, Жамырай бәрі түргеліп. Айқара ашып шапақ-қанатын Жататын сүйіп Күн келіп. Мейірбан уақыт нұрланар еді, Гүл төккен киіп жейдесін. Бусанып маңай бүр жарар еді Көктемге тән бұл – үйлесім! Сезім мен шерім белдескен мынау Құса боп жүрем қашанғы. Мен күткен көктем кездеспей жүр-ау Қалада көктем жасанды! Сырларға малып қызыл да жасыл, Үйлерді қыздай жасантар. Суррогат гүлі құбырға масыл Кінәмшіл келер газондар. Жалғыз әнімен жалданған тойға Әншідей құс та жырынды Ән салған болып зарлардан зорға Қояды жасап ырымды.
Шынайы келбет шектелген немен, Болмағандай-ақ бұрын түк! Көн беті көгіс көктемді көрем Көшеде тұрған қылымсып. Далада-дархан, қалада-жыртың, Көктемде пиғыл бұзылған. ...Елшісі сынды заманақырдың Арсыздық күлер жыр ұрған! 2007 жыл АҢЫЗ ДАЛА Жалғанның алға тартсам ғаламатын, Айтады арам тер боп балама кім?!- Төрінен періштелер сусығанда Күн түгіл нұр шашады самала-түн. Әр күні құсалы мұң, даудан болып, Ұйқысыз бабам жүрген жаудан қорып. Маңғыстау, жетті саған ұлы көшім Шұбалған Алатаудан, Сауран қонып. Жақсыға болады әркез құмар қастық, Талайлы тағдырымен шын арбастық. Кір аяқ баспасын деп әз кеудесін Отпаннан алау алып ұрандастық.
Азаптың ес жия алмай тасқынынан, Талай ер еткен екен басты құрбан. Жетсе де жылдар күліп, жылау өтіп Тер сіңді қан сасиды жастығымнан. Әу баста нұрмен шатақ дүрегенмін, Жалқы емес жалпы қамын тілегенмін. «Иә, Алла! Ей, Бекет!» деп тәлтіректеп Қолтықтан рух демеп түрегелдім! Тербеген Маңғыстауды Ұлы Кием, Түледі боз жусанның түбірінен. Мехнет, Маңғыстауды мың айналып Ақыры ғазал-ойдан түңіліп ең. Серпілді азап кері ытырылып, Келгендей тірлігімнің құты кіріп. Қауызын ашты гүлдер ен даламда Енді еркін құлпыруды құқы біліп.
Тіземін тірілердің тартысын қай, Бәріне куә болған қалқысын Ай. Маңғыстау, саған құмар жанның бәрі Жұмақтың бөлек кеткен жартысындай. КАСПИЙ – ДОСТЫҚ ТЕҢІЗІ Құрлық, теңіз, орман, тау шырайлана, Орын тепсе... шебері Құдай ғана. Тайқазандай теңізді ортаға алып Алқа-қотан жұрт отыр шыр айнала. Ашкөздіксіз достыққа сына қағар Сән-салтанат келеді құрап олар. Несібе-нәр сарқылмай сан ғасырда Тартылуда толассыз сыбағалар. Түрі басқа, тілі жат, діні өзге Себеп болып жатқан жоқ бірі бізге. Топырақтан бір уыс жасай салған Бәрімізді бір Құдай білдіңіз бе? Ортақ қазан, ортақ ас – нанамыз ба –
Ардың жүгін артқандай санамызға. Тереңдік пен кеңшілік үлгісі боп Теңіз жатыр ақ дархан арамызда. Сүйген сәтте толқыны жарыса кеп, Бауырмал деп мәз болдым – таныс әдет. Тіледім мен бойына адамзаттың Тектілігі теңіздің дарыса деп. Жақсылыққа жатпайды жыр бұлданып, Достық үшін көмейім бұлбұл қалып. Байлық емес, басқа емес, бойымызда Ынсап түгел болғанда – ындын қанық. Дүбірлеген дүрмегін дүйім жердің Естігенде ес кетіп күйінгенмін. Бүтін теңіз бастайды бүтіндікке Басын қосып жұмыр бас түйірлердің! Ақ шағала, аққу-наз - ерке кейіп, Сұлулықты селт етпей тербетейік. Каспий егер бөлінсе көлшіктерге Ыдырауға сол кезде серт етейік!
Жалғыз теңіз – ортақ дәу жүрек дейін, Шаттығыңды шырқайық дір етпей үн. Татулыққа қосармын соңғы демді Кетіп бара жатсам мен жүдеп кейін... ТӘУБА-ТҰМАР немесе ӨЗІМДІ ҚАЙРАУ «Құдай-жалғыз, Құран-хақ» - мың қайтарар кәлимам, Жүрегіме тұп-тұнық ұялаған ар-иман. Сіңірмесе бойына кіршігі жоқ киені Ар туралы толғауға жарыместі жари ма ән?! Пайғамбарым Мұхаммед, сиынарым Пір Бекет, Байлығым жоқ былғаныш, жалғыз нәрім жыр-зекет. Сақтай гөр деп бәтерден, бұрыш жалдап пәтерден Қара түнде жатамын өз-өзіммен тілге кеп. Пана таппай сенделді байғұс басым қарақан, Тасжүректер алдында сырды кімге таратам. Құдайлыққа құмар көп шайтан үңгір кеудесі
Өліп бара жатсам да жаймас едім алақан. Құдай жолы бүгінде еріккенге дау-дамай, Адастырды аңқауды иман-ойын саудалай. Сүреңсіз боп кеткендей жұмақ өмір сарыны Күн күмілжіп тұрады, төбемізде жаурап Ай. Әркімде бар пендәуи тойнағына тән ұғым, Ібілісті үркітіп рухты арға жаныдым. Керек емес сан тарау ілім-үні мықтының Бағынарым тіп-тіке көкте Ұлы Тәңірім. Сабыр болып тоқтамым, даңғыл болып соқпағым, Көргенсіздің жоғалған пәк келбетін жоқтадым. Жүдеу кейпім жанарын кірлетті ме май басқан Сәлемімнен жеріді тақуа ағам боққарын.
Көзге ілмеді кейбіреу сырығы жоқ жарлы деп, Адалдық пен намысым тамсандырар жанды көп. Құдай, Құран, Бекетті қазық еткен мәңгіге Мендік ғұмыр талайдан таза және мәндірек. Талай мәрте жәудіреп жалдыларға жұтылдым, Пейілімде аппақ нұр, пасықтарға түкірдім. Жабырқау боп жүрсем де Ар алдында адалмын Тәубә, тәубә Тәңірім! Иман кәміл – шүкірмін! ЗАҢҒАР (Жазушы Әбіш Кекілбавқа) Бағзыдан бағы басым кең ел едім, Құтайттың керегемді сен ерегім. Жаңғырды жаһан жұртқа елдік жайлы Отпаннан көтерілген Дегелек-үн. Өткеннің сіңген сызы табаныңа, Қайраумен от бергендей талабыңа. Қазақтың қылыштағы өр қайраты Ауып кеп қонған сынды қаламыңа.
Бақ тайған дүрбелеңде тозғанда айла, Ошақтың оты сөніп қоз қалмай ма? Шоғындай баба-тарих беренім-ай Тірі куә секілді озған жайға. Қыз – қолды, шаншылғанда ер істікке Өзгеден заман уын кем іштік пе?! Досы боп Елбасының қанжығалас Қазақты жетеледің кеңістікке! Ұқсатам келбетімді Айға түнгі, Таныды күллі әлем айбатымды. Келесің елің үшін, қайран аға Қаламмен қатар жұмсап қайратыңды. Аударып ай парағын, күн жаңасын, Суылдап жүйрік уақыт, зыр қағасың. Оқиды Кекілбаевтан келер ұрпақ Қазақтың арғы-бергі жылнамасын! Тағдырдың батты талай тақымы тым, Көнбеске жазмышына хақылы кім? Жігітте арман бар ма дәл өзіңдей Ақтаса ана сүтін, әке үмітін!
Әкеден қыз аралас - жалқы бала, Санайды бүгіндері халқы дана. Елбасы ардақтаған алқа тағып Аман бол, айналайын Алтын аға! ИМАН ГҮЛІ (емші Айнұрға) Жүректе иман күйін – байқамаймыз, Аздығын боқ дүния ар санаймыз. ...Алысып ақ пен қара арасында Жүреді аласұрып қаршадай қыз! *** Иесі дүр-ғаламның Тәңір еді, Жаралсақ жалғыз соның әмірі еді. Хауа ана - әйел заттың түп анасы Зеріккен Ерден болар әрірегі. Бір Алла сүйеді ылғи жақсылықты, Жақсыны әзәзілдер азғырыпты. Рухы әлсіз пенде адасты анық Осыдан туады екен нас қылықты. Нас қылық құйын-мінез бүлдіреді, Қасірет көз жасына күлдіреді.
Ақты кеп қара құзғын бөктергенде Болады ақиқаттың кім тірегі? Бой бермей мехнаттың бұла күші, Жүдесең – қолын созар жылап іші, Дауылда қалтылдаған жапырақтай Кім еді байғұс жанның жұбанышы?! Сандырақ сөз бен ойы, зәрлі демі, Бұзады базбіреулер әңгімені. Жаратты Жасаған Хақ жәрдемші етіп Өзінің сүйгені құлы - Әулиені! «Бекетім – Құдайымның арысындай», Көп өткен ерлер елде жалы шыңдай! Мың рет қазақ өліп-тірілсе де Келеді сол себепті сағы сынбай... Домалақ-Нұрила ана, Долы анамыз, Адайда Нұрбибіден жол аламыз. Бекеттің тал бесігі - тар құрсағы Жәнияның есімі болады аңыз.
Ақмаңдай, Бопай апа, Борсан анам, Қыз да болса талай ер зор санаған! Шекем мейіз қарайды мейірленіп Ошақ емес, ордаға ортақ Адам! Сөз етсем шарпитындай нұры мені, Бұл Айнұр асылдардың сынығы еді. Қиналған үлкен-кіші «иә, Алла!» деп Айнұрға жолды тіке бұрып еді. Сынықтар уатылған бітіп мығым, Ұшықтан алас болып зытыпты мұң. Айнұрдың емі дәру талай әйел Бойына бала бітіп, күтіпті ұлын. «Заңына қарсы келме табиғаттың, Әрқашан сақта жолын ар-ұяттың» - Ананың сексендегі ақылы бар Жаршысы емші Айнұр шариғаттың. Тыңдайды дүйім елі кіші демей, Сыйлайды құрттай қызды – ісі дүрдей! Әулие жоқ дегендер не дейді енді Жаратқанның жердегі күші демей?
Жол еткен аталардың ізін үлгі, Аманат маңдайыңа сызылды ірі. Ай нұры аймалаған періште қыз Иманның үлбіреген қызыл гүлі! Таңдарды адам емдеп таңға ұрасың, Тірілтіп талайларды таң қыласың. Қалықта биіктерге, жолың болсын Су сепкен қанатымен қарлығашым! 2012 жыл, сәуір «ТІЛСІЗ» ТІЛДІҢ ДОСҚА МҰҢЫ Әу баста келгенсің есіктен сығалап, Кідірмей төрге оздың көңілім ұнап-ақ. Ақ жүрек халық ек – аңқылдап қарсы алдық Болмысты қайтемін кінәлап?! Сезгем жоқ көкейде арамза сыр барын, Дос болдық - үнімді күлімдеп тыңдадың. Аңғармай қалыппын, беу сорлы басым-ай, Білдірмей бағымды ұрладың.
Күшке сап, тіске сап, әзілдеп баурадың, Мен көндім - жан досын қияды дауға кім. Әкеттің ұрпақты елітіп өзіңе – Осылай тарылды аумағым... Бүгінде арамыз жер және аспандай, Төбемнен таптаған, апырмай, дос қандай?! Егемен ел болдық, жоқ менде мүмкіндік Тұғырға жолымды бастардай... Емес-ті қуатым ешкімнен кем емес, Қорым бай – сөз таппай тосылар мен емес. Төр берген, жол берген, сөз берген пейілім Болып тұр шырмаған келемеж. Ішқұса сырқатпын мүжиді дертім кей, Намыс жоқ, меңіреу сана тұр серпілмей. Үнімді естімей кезеңдер өтуде - Өтуде ұрпағым менсінбей!
Дос деген болатын біздерде тым берік, Бірі үшін қуанып, жүретін бірге өліп. Осы да достық па - қимаймын жаманға Алайда барамын күрмеліп... ...Сайрайды жиында ағамыз шүлдірлей, Сүртемін жасымды өзгеге білдірмей. Жұбатып қоямын тілімді-анамды Екеуміз ғанамыз... кім ұқсын мұңымды-ей! 2012 жыл АНАМА Ер мінезді жан едің сен сөзің – құт, Дүркіреген өтті уақыт тез үркіп. Отырасың ойға батып оңаша Ақ жаулығың асқар таудай сезінтіп. Бозаң тартып көңіліңнің гүл бағы, Ажарыңды, білем, мезгіл ұрлады. Кіреуке не жүзіңдегі, жан ана Жүрегіңе жара салған кім тағы?
Қиындықты жеңіп беріп жігерге, Күш-қайратың татитын-ды бір ерге. Жаяу жүріп қасқыр соққан бақанмен Ұлы ерлігің аңыз болып жүр елде. Төрт түлігі түгел үй ек бағарға, Кез келгенге бұйырмайтын бақ ол да! Шөліркеген жолаушыға хан сарай - Кең жайлауда сыңғырлайтын ақ орда. «Әрбір жанды асырайды еңбегі,- Деуші едің сен – ынтада істің өнбегі». Ақ ордамыз секілді еді мұражай, Ақ киізді, түгел бау-шу, өрнегі. Отқа түстің, жүрдің қырда ызғарда, Біздер үшін басты тіктің құрбанға. Өмір жолың – өнегенің дастаны Жүрек және құлақ болса тыңдарға!
Бірлігі артқан отбасы едік сәулетті, «Шүкір» деумен ағайын-жұрт тәубе етті. Жетім ұлдың жапырағын жайқалтып, Сен ең, ана, тік көтерген әулетті! Әкем үйдің киесі еді – панамыз, Ойы тұнған шежіре сыр, бар аңыз. Кіргенде үйге таласамыз жан-жақтан Мұртқа қатқан мұзды алуға... баламыз! Иә, анашым, өтті бәрі – келмейді, Әкем үйге еңселене енбейді. Мәпелеген ұл-қыздарың зіңгіттей Кеше бала болғанына сенбейді. Білем, ана, жабырқайсың, жүдейсің, Жамандардың амандығын тілейсің. Ақыл айтар келін-бала, қыз-күйеу Сенің өрең биік тұр-ау, білгейсің!
Бағым болып, саям болып жүрші аман, Мұңды қайтем өн бойыңды құрсаған?! Онымызды бағып едің бүп-бүтін Біз онымыз татымадық бір саған! Өтті дәурен, өткінші екен құйын-бақ, Шаттығыңды кетті, әне қиырға ап. Жүзіңдегі әжімдерің бұлжымай Жүрегіме түсіп жатты шиырлап... 2012 жыл. ЖҰБАТУ Суый қалды маңайымыз күз келіп, Жапырақтар жарысады бізге еріп. Терезмнің түбіндегі қара ағаш, Жейдеңізді шешпегенсіз Сіз неғып? Қуқыл тартып иектеген қырды сыз, Жел өтінде қорғанады құрбы қыз. Жалт беруге жапырақтар тұр даяр Әлде, әлде... аяды ма Сізді күз? Дертің бар ма тамырыңда, діңіңде, Мұңлысың ғой, қара ағашым, мұның не?
Жабыққанда сырласарым өзің ең Өтінемін, қара ағашым, бүлінбе! Қасқайып тұр, қане ағашым, бүгілме, Мені тастап кете көрме, бүлінбе! Жалғызсың ба, жалықтың ба, жылама Мен де сендей қалам жалғыз түбінде..! 2012 жыл. КҮЗ-КӨҢІЛ Күз ғой бұл – аужайы әрқилы, Талтүсте шуақ боп шарпиды. Түсқайта түйілген бұлт-жұдырық Кіжіне көк жүзін тарпиды. Сонан соң төгіліп тамшылар, Маңайың жақұтқа малшынар. Малмандай су болу ұнайды Мен деген күз-мінез жан шығар. Ұнатам жаңбырды, нөсерді, Су кешіп кезсем бе көшеңді?! ...Қол бұлғап балалық қалды артта Еркелік, қал сенде, хош енді!
Күз ғой бұл! Мінезі алуан, Жомарт қол берер бал бағынан. Құбылған күндей боп кейде мен Елеңдеп өткенді сағынам! 2011 жыл. ДОСПЕН АЙРЫЛЫСУ Толқып жатқан теңіздің іргесінде, Танысқанбыз көгалды көктемеде. Енді күздің нөсерлі бір кешінде Қоштасамын. Сен маған өкпелеме! Сезімсіздеу сөздерің сілкіп қалып Танымымның түндігін түріп кеткен. Жүрегімнің жалыны шалқып барып Басқа жаққа жылуын бұрып кеткен. Адалдыққа еркелеп манаураған Шын достықтың тәттісімәнділікте. Ақ таң тілеп алдыңнан алаулаған Күліп тұрып қоштасам мәңгілікке! 2002 жыл
МАҢҒЫСТАУҒА МҰҢ ШАҒУ Ей, Маңғыстау! Сенде тудым – бұл мәңгілік мәртебем, Меншігімдей көрінеді әр төбең. Жүрегімнің жыр-қауызын жарғызып Дәл өзіңдей туса деп ем мәрт өлең! Сырбаз ойым ыңырсиды сетінеп, Сенен басқа болсын маған не тірек? Ақ төсіңнен майлады ұртын өзгелер Мен дегенің – сенен туған жетімек. Тұла бойда атой салып қан ыстық, Жасымас түр көрсетемін намыс қып. Сен суалып, мен қуарып тістене Кетіп бара жатқандаймыз талықсып... Ей, Маңғыстау! Асқақ ұстар аппақ туын киеңнің, Алла берген ажырамас иең кім? Сен қарайсың тұлып сынды тұлғама Мен өзіңе тәлтіректеп сүйендім.
Буындырып алқымымнан үн-арым, Оңашада талай өксіп жыладым. Тоңып жүрмін күрке таппай түбектен Айналайын, Маңғыстауым, жұмағым! Бауырыңа келімсектер таласар, Өле кетсем – жоқ қимасым санасар. «Тірлігінде жылымады бойы» деп Бір-ақ уыс топырағыңмен жаба сал! 2001 жыл. ҚҰДАЙЫ ҚОНАҚ Түсім бе, әлде өңім бе дедім, Орнаған жұмақ бақ тамып маңға. Күлімдеп тұрып төрімді бердім Алғашқы елші – ақ мамық қарға. Асығыс жинап шатырын жаңа, Күз кетті налып, алмасып бақұл. Қыстайтын қонақ ақырын ғана Жантая түсіп, жайғасып жатыр. Келді ерте дедік, қыс әнін сала, Көктемнің аулы дестік алыстар. Айқара ашып құшағын дала Қауышып жатыр ескі таныстар.
Сүйкімді әзір, сыпайы қандай Құдайы қонақ бесінде жеткен. Былтырғы долы құқайы, ойбай Аңыз боп көптің есінде кеткен... 2000 жыл, қараша АҚТАУ-АРМАН Маңғыстау – маңғаз түбегім, Кие бар мұнда білемін. Сол дала құтты төрінен Ақтауым, ақбоз түледің! Толқыны ұрып жағаға, Қалқыған көкке шағала. Каспийдей ғажап таппайсың Әлемді шарлап арала. Алыстап кетсем аңсадым, Сағыныш баурап, науша мұң. Меңіреу қара тасыңа Теңгермес едім хан тағын. Балқыған баққа бесігім – Әйгілі шетке есімің. Шөл жердің берген шырайын Оазис десем несі мін? Талайдың болдың арманы, Талайдың болдың ән-бағы. Бір келген жандар қайта алмай Мекен ғып сені қалғаны...
Табаны берік тұғыр-дің, Алқа ғып саған жыр ілдім. Өткені сенде дұрыс-ау Берілер бір рет ғұмырдың! 2003 жыл МАСКҮНЕМ МОНОЛОГЫ Уф-ф-фы! Жарықтық!!! Тамшысын таппай талықсып Кеберсіп кепкен аңқамды Жайнатып кетті-ау қарық қып! Қайыршы етіп қаңғытып, Жеткізді-ау зорға бағасы. «Еңбекпен тапқан асыл дәм» Жадыратуын қарашы! Таптырып тұрса осы бір саумал несібем, Көше – менікі, көсілем! Арақ-әзәзіл дегендер әсте білмейді Сабалы қымыз, қаймақты сүттен несі кем?! Адамдар жайлы ойлағым тіпті келмейді, Көңілді өкпе, көкіректі кек кернейді. Бір жұтым таппай қолыңды жайсаң телміріп Қалтасынан ап көк тиын жырып бермейді...
Дей берсін мейлі, көп болса бізді кінәлар, Мен де жоқ оны құп алар. Қайтерсің енді, түсінік жоқ қой оларда Тамақтан сұйық өте алмай қалса не болар? Қиналтты әбден біздерге қаржы бөлінбей, Араққа қанып, өлсемші, шіркін, өкінбей! ...Дел-сал боп денем, шатынап отыр маңдайым Көшеге барып еңбектенейін ерінбей! 1998 жыл ЖАНАЛЫ ҚОСҚҰЛАҚ АМАНТҰРЛЫ БАТЫРДЫҢ КЕГІ ТУРАЛЫ ХИКАЯ (Бекет ата ұрпағы Бауыржан Тайтақұлының айтуынан) Сездіріп өткен күнді кеше небір, Биік төбе басында кесене тұр. Есе беріп көрмеген тақымды ұлға, Батырым Амантұрлы жатыр мұнда - Туу-өлу жазмыштан пешене-дүр...
СӨЗ БАСЫ Кең құшып қара жерді батыр-құшақ, Жаралы Амантұрлы жатыр сұлап. Дүние шыр айналып алыстауда Жылжиды ақырғы дем, ақырғы сәт. Бірі ол «мен»» дегеннің - табанды еді, Қайысып көрмеген-ді қабан белі. Бақ дәурен басындағы жалт бұрылды Осы екен боқ тірліктің тәмам жері. «Биік өл, мені жатқа құлатпа, деп Намыс-дос сыбырлайды құлаққа кеп. Жалғанның көрмеймісің аярлығын Атынан аударғанын жыраққа әкеп. Бұл қай күн – ұясынан қырын туған, Келмеді күрмеуіне ғұмыр-турам. Әкетіп баратса да ажал сүйреп Өлімді артық көрді ыңырсудан!
Сұм ажал жасытам деп далимасын – Тіріде имеген ер ғази басын. Неғылсын ыңырсуды шама жетсе Көкейде айтқаны анық кәлимасын! Кім деп бұл, өлтірген кім құны бардай, Оқушым, отырмысың ұғына алмай?! Күзеткен Самның құмын кесененің Тыңдаңыз, айтар сізге сыры қандай?.. Жаңғырту көне сырды ақындардың Десем, сірә, міндеті мақұлдар мың. Бүгінгі хикаямның кейіпкері Алысып сырт жаулармен өткен дүлей Бірі еді Адайдағы батырлардың. Кезең-ді ол бір қату қабағы қан, Тоздырған талай ерді табанынан. Сын шақта тудыра алған арыстарды Туысы Қосқұлақта Жаналыдан. Бұл елден Бекетті айтсам жеткілікті Нұр шашқан басқан әрбір қадамынан.
Жан емес жау іздеген батырмын деп, Ер жігіт ел ісіне жақын жүрмек – Жау шапса атқа қонар алғашқы боп Негізі бейбіт күнді мақұл көрмек. Әйтсе де көкіректе көптен бергі Кек бар-ды кеулеп алған ақылды індеп. Еске алса тұншықтырып арын азап, Ескі кек жөнелетін жанын қажап. Тиіссе түрікмен келіп күткендей-ақ Түйіліп ыза буған қалың қабақ Шығатын елден бұрын жалындап-ақ. ...Тірліктің баурап алып былайғы әні, Санамыз рухтан жеріп лайланды. Түрегеп тал бесіктен алқымнан ап Тарихты талай ұрпақ сұрайды әлі! Ендеше, жадыңызға жырмен бердім Ол кектің болған екен былай мәні.
Сафтығы сары алтындай көз қариды – Бұл аңыз талай сырды қозғар игі. Білмеймін қырда өтті ме, ойда өтті ме Білерім – Маңғыстаудың өз тарихы! КЕК БАСЫ Тентек жел түннің қойнын жүр ақтарып, Кетеді төбет даусын жыраққа алып. Мүлгіген түнгі ауылда жалғыз үйдің Жылтырар жабығынан шырақ жанып. Төніп тұр қан аңсаған тағы дауыл Ұйқыда бейқам күйі шағын ауыл. Қапыда зұлым жаулар бас салатын Қинайды еске алсам шағың ауыр. Аспан-жер тұтасыпты күлтеленбей, Түнектен қалған тіпті бұлт еленбей. Ауылды айналдыра үрей торыр Долы жын қара шапан бүркегендей. Қара түн қаһарлана тістенеді,
Озбырлық одан озып күшке енеді. Үстіне жалғыз ауыл жауыздар кеп Ойранның қызығына түскен еді. Түрікменнің жоспары еді бұл талайғы, Армансыз түнгі ауылды ұйпалайды. Үйінде иесі жоқ – сапар кеткен Ортада еңселі орда мұндалайды. Тоймайтын қасіретке аран құштар, Мейірім дарымапты-ау саған мысқал. Есіріп-елірген күй қанға ісініп Ат басын бұрды осылай жаналғыштар. Туылған текті ұлдар киелі кіл, Ұйыған ынтымағы үй еді бұл. Қасында қорғанышы – талдырмаш қыз Отырды ойнап бала төр алдында – Қаршадай асылдардың сүйегі ұл!
Ту еткен әулет еді адалдықты, Алыстан аңдыған жау шамаңды ұқты – Үлкендер кеткенінде ауылдан ұзап Тыңшыдан «қозғал» деген хабар күтті. Әйтпесе қапыда емес қан майданда Қарысып қарсы келіп шабар мықты?!. Бұқпалап елді шабу – ер ісі емес, Өліге бата жасау теріс емес - Ұл-қызын ағайынға аманаттап Көңіл жай ата-ана сапар шықты Пейілге шақырмаған жамандықты. Дүсірді естіді қыз іргедегі, Жау ісін сонда ғана білген еді. Бір теуіп жау кіргенде босағадан Шұбалған көйлегінің етегіне Інісін тығып жылдам үлгереді! Қан басқан қос жанарын мақұлық бір, Жеңіске мастанады ақырып құр. Дүния көзін тескен қоңыз-тірлік Төр жаққа өтті жендет атылып бір.
Көкейін торсық бүйір ала тең жеп, Қарпиды қан мен бұйым араны тек. Еркек жоқ қарсы тұрып жолын бөгер, Жас қызды көзге ілмеді жан екен деп. Қыз тұрды үміт-үрей мың алмасып, Жан емес үйін тастап шығар қашып. Төрдегі түрікменге ту сыртынан Әрекет етер еді құмар басып - Астында етегінің отыр бала Періште жазығы жоқ бұларға түк! Дәрмен жоқ қозғалуға айла қылып – Жау әлек мол олжаны пайда біліп. Тырысты сездірмеуге баланы оған Ұл көрсе жөнеледі найзаға іліп. Себебі – ұл дегенің ер емес пе? Ел үшін түседі ертең ер егеске. Бөріге айналдырмай бөлтірікті Ұяда тұншықтыру жөн емес пе?
Қазақтың осы бір тұс – бүгер белі, Төрдегі құзғын кенет түрегелді - Қиылса қыршын ұлы бір әулеттің Тұқымын тұздай құртып жібергені. Түрікмен көрді қызды - табысты жүз, Шын танып білеміз бе намысты біз - Жау емес үрейлі ойдан түсі ауып Қалшылдап қайраттана қарысты қыз. Сеңсеңі жасырғандай долы бетті, Шүңгіл көз қызды тінтіп шолып өтті. Мырс етті басын шайқап, жас арудың Көзінен жалындаған көріп отты: «Ит қазақ, қызың сұлу, қайратты әрі, Тұрады тұла бойда қайнап қаны. Қағынып құрсағынан туады ма Ер мінез шеттерінен сайлы-ақ бәрі! Болмасын көптен күткен жұмыс шала, Қалған жөн артымызда дұрыс жара. Мал-мүлік ауыртпаса әкең жанын
Батады арқасына бұл іс дара. Қарысқан қарсы алдымда, қазақ қызы, Көрсін тек қызығыңды қылыш қана!». Тапқандай тығырықта тыңнан бір іс, Жарқ етіп суырылды қыннан қылыш. Жалт етіп сілтенгенде басы ұшып Құламай қапелімде ырғалды қыз... Қуаныш атой салып санасында, Түрікмен кетті шығып – қарасын ба?! ...Қолаң шаш қопырайды қанға батып Жайылған бас пен дене арасында. Шар етті бір сойқанды сезген бала, Белгі жоқ қорқынышты кезден жаңа – Түсірмей жерге басын апасының Қағып ап еңіреуге келген шама...
Сүйеуге денені өлі әлі келмей, Жылады ұл. Ағады апа қаны көлдей. «Шашыңның бір түрікмен әр талына!» - Серт етті қаршадай ұл кәнігі ердей! *** Алмаған ұмыттыра заман сырды, Ер жетті жаны өртті Амантұрлы. Есіне жиі түсер жан апасы Көрмеген түрікмен және адам ғұрлы. Көрініс жүдетеді еңсені әлі, «Түгендеп болғаным жоқ есені әлі!» - Беймезгіл шаппады өзі жау ауылын Реті талай-талай келсе-дағы. Ызасын кек пен намыс ойнатардай, Жүріпті жаудың жағы көп бата алмай. Тиіссе түрікмен келіп қалады екен Қазағың түрікмен түгіл тоқтата алмай.
Қолына қару алса күйік меңдер, Жолдасы – Адайдағы сүйікті ерлер. Құрбан ғып баяғы қыз басы үшін Бастарын берді талай түрікмендер. Аса алмас әруағынан, сірә бөтен, Сесінен бесіктегі ұл тынады екен. Шапқанда бөрі сынды жауға қарсы От жанып қос иықта тұрады екен. ...Көп болды Адай-Жәуміт ұғыспады, Қайқиып қайта шықты қылыштары. Егескен екі жақ та өрекпиді Таяу тұр тұтанғалы ұрыс тағы. Қуарып селеу шашы самайдағы, Қол созды көкке қарап талай кәрі. Ел ішін үрей кезген ауыр шақта Түс көрді бір бәйбіше Адайдағы. «Қалың қол құла дүзге қостан-ғаны, Сын сәтті ошарыла тосқан бәрі. Кезенген қаруларын екі елдің Сүзісті ортаға кеп қошқарлары.
Айқасты, екі дүлей тіресті кеп, Мүйіздер шаңырақтай сіресті кеп. Айтпағын Құдайекем аян етті Әйтпесе, Алла даусын кім естімек?! Іс алға сүрінбей-ақ баса ма ұдай, Айтайын көргенімді тасаламай - Шорт сынды ортасынан қазақтардың Мүйізі қошқарының, Жасаған-ай! Білмеймін мұны неге жорырымды, Жақсы сөз – біздің елде зор ұғымды... Әйтсе де осы жолы, Амантұрлы-ай, Бөгей тұр кейінірек жорығыңды!». «Тілегім болды қабыл көптен бергі, Осы екен Амантұрлы жеткен жері! Сөніп тұр иығында қос шырағы Жеңілер батыр қазақ от-кеуделі!-
Кемпірі түс көрген соң түрікменнің, Андыздап басы толық бірікті елдің. Қауқылдап қуанды олар, ел сыйлаған Қалдырмай кемпір түсі күдіктен дым. Басталды, кешікпеді соғыс күткен, Екі жақ өршелене тоғысты өктем. Кезекпен ай қарайды, күн қарайды - «Бітпейтін қатыгездік бұл іс неткен!». Жиылып мың сан дию есіргендей Дүбірі жердің бетін көшіргендей. Жылқыдан кісінеген ауды ерлер Мысалы, зәулім ағаш кесілгендей. Ала шаң, айқай-ызың, жосылған қан, Бір сәтте құлар аттан тосылған жан. Мұндағы қасіретке көзін шылап Мұнартып зарланумен қосылған маң.
Боқтайды бақырған үн «бері гел!» деп, «Өлтірем, атаң аузы... сені мен!» деп. Өліктен сүйретілген үріккен ат Безеді құла дүзге едіреңдеп. Қос ел де жігерге бай, намысқа бай, Тіресті бірі ортадан алыстамай. Тұлпардың тұяғына мылжаланып Өлік боп сұлап жатты арыс талай. Аямай бойындағы сарқа күшті, Алдырмай Амантұрлы арпалысты. Екі рет кірді-шықты қамалға ол Қалдырмай жау тығылған қалтарысты. Азулы айға шапқан арыстан-ды, Айтулы ер құтқармайтын алысқанды. Алыстан аңдып жүріп қыр арқадан Найзасын түрікмен кеп шанышқан-ды!
Батырды осы болды тұралатқан, Қара қан дерсің құдды бұлақ атқан. Ышқынған қайран батыр бара жатты Еңкейе ысырылып шұбар аттан... *** Жетелеп кетті бауыр батыр атын, Жыла күн, жоқта дала, шатына түн! Мәрт халық «шейіт» десті аза тұтып Майданда жау қолынан өлмедім деп Батыры өкініштен «аһ» ұратын. «Батырдың сұрауы бар» - үдей түскен Мазалап қыңсылайды үрейі іштен - Әйтсе де бұл ұрыста зор олжасы Өлтіріп Амантұрлы баһадүрді Отырды түрікмендер мерейі үстем. Шаршатқан бітіспейтін бүлік елді, Жетіп көр ерегістің түбіне енді?! Тынғанда белін шешіп түрікмендер Көршінің көңіліне күдік беріп Тек кемпір қараңғыда күбінеді.
Қу құлқын өлмей көзі кенелер ме? Қайғыдан пайда көрмек неге пенде? Таласқан түнмен мыстан сияқтанып Ағарған әлденені әлгі бейбақ Тырмысып іледі кеп керегеге. Шошыды қарап оған ауыл-аймақ: «Әспеттер өлі дене – жауды байлап! Аулаққа тастау керек, жесін ит-құс Қайтеміз бір қазақты жағдайлап!- Ызалы десе бірі, басу айтып Тоқтатты кәрі молда «а, Құдайлап!» -Үмбеті ед жау болса да мұсылманның Ақ жуып қабірлейік, Алла алдында Шалмасын жүзім күнә, абырой дақ!». Жарылды осылайша пікір екі, Дау болды екі айырған бүкіл елді. Ал кемпір ер денесін тастамас деп, Есеппен қазақтарды күтіп еді.
Бір Алла жар болса егер пендесіне, Қоймаспыз түрікменнің бермесіне! - Мүрдесін әкетуге батырының Қазақтар келді жетіп ертесіне. Тастамай жау қолына ер сүйегін Жерлемек атамекен – жер төсіне! Түрікмен ананы айтты, мынаны айтты, Қазақтың ар-намысын сынап айтты. Тимекке шымбайына жау қазақтың Жоқ-барды әңгімені құрап айтты. -Іс бітпес шақшабасқа еркін келіп, Келгем жоқ кету үшін көркін көріп. Кетелік, мықты болса қан майданда Тұруға жер белгілеп, сертін беріп,- Жас қазақ ақиланды жігерлене, -Тәйт, бала, ақылға кел, желпінбелік, Қан төксең кетеді ме дертің кеміп?! Осылай кеңес құрған қазақтардың Үстіне кірді еппен кемпір келіп:
-Өтетін өмір бойы жерге қарап, Арысын жауға тастау – елге мазақ. Келіссең, саудамыздың құнын айтам Сүйегі батырыңның менде, қазақ! ...Кемпір тұр бұйдаларды қармай ала, Қор бүгін – кешегі ер, қандай аға! Қазақтар қайтты кейін сүйекті алып Он сегіз айырбастап нар маяға. Кемпір хош – көңілі өскен ұшқынданып, Мүлгиді қаралы көш - міскін қалып. Бұл ісін пенделердің шартарапқа Жел кетті жеткізбекке сыпсың қағып. Дудырап бұлт-тозаң боп ай бұрымы, Маңайдан ішін тартып қайғы ұлыды. Келеді өлікті артқан көш-керуен Қайдасың, Маңғыстаудың Жарқұдығы?
Түйіліп ерді қимай сұрланды аспан, Күледі түлкі-уақыт қырдан қашқан. Қалыпты бұл тірлікте талас мәңгі Бітпейтін жолдай болып қырларды асқан... *** Сездіріп өткен күнді кеше небір, Биік төбе басында кесене тұр. Есе беріп көрмеген тақымды ұлға, Батырым Амантұрлы жатыр мұнда - Туу-өлу жазмыштан пешене-дүр... 2012 жыл, қазан.
НАУРЫЗ ЖЫРЫ Заманалар сырласы Ғасырлардың құрдасы Жыл құсындай оралып Наурыз келді - Жыл басы! Той тойлаған ағайын Құтты болсын мерекең. Шаңырағың берік боп Жайылсын кеңге керегең. Бейнетпен ғана берек етабар ел едің Еңбекпен ғана бақытын іздер өмірден - Пәке көңілің шат-думанға бөленген Шаңырағың несібеге кенелген Наурызбен келсін берекең! Құрсанған қар, көк аяз, Ала боран ығыстың. Қыс-қаһарман амалсыз Тартты енді қылышын. Мұз-тұсауын лақтырып Жер аяғы босанып Кеңейген сәті тыныстың. Қар астында тұншыққан Көктер басар қыр үстін. Шаруа баққан біздерге Бастамасы болар ұлы істің - Деп бұрынғылар Наурызды Ақ ниетпен атаған Ұлы күні деп Ұлыстың! Қыс тоқтатып қылығын, Жер сыпырып тұлыбын Құлдары тастап құрығын Күңдері тастап сабасын Татып қапты олар да Бұл өмірдің қызығын. Жақсылықтың дәмі деп Мерекенің сәні деп Наурыз көже пісіріп Дәм татқызған жарлыға Бай-бағлан кішіріп. Көрінгенмен көрісіп
Төстерімен түйісіп Құшақтасып сүйісіп Ұлықтар да ұстаныпты кісілік. Салтыңнан, халқым, айналдым Далаңдай жатқан көсіліп. О, Наурыз! Даламды сілкіп тулақтай, Шаңдатып көксіз қуратпай, Күн көзіне төсін тосқан қақталып Қара жерді қақ айырып құрғатпай – Байтақ жатқан керіле Құлпырған өң бер жеріме! Егемендік алған елімнің Бақыты бастан таймасын, Қазаны тойға қайнасын! Берекелі болып тұрмысы Қазағым күліп жайнасын – Нұрлы күн болып көгіне Берекелі боп кел еліме! 1997 жыл, наурыз
ЖЫЛАМА, ҚҰРБЫМ! Көздің жасы бақытқа бал ашпайды, Қуанышпен қашан да талас қайғы. Шарасындай шаттықтың мөлдіреген Жанарыңа мұңлы жас жараспайды – Жыламашы, жан құрбым, тағдыр сенің Торғай-жүрек жаныңмен санаспайды! Шуағындай көктемнің күлімдеші, Сұм-өмірдің сынынан сүрінбеші, Тән емес қой қыздарға жылап өту Ен даланың еркелей гүлін терші. Жыламашы, жан құрбым, жылар болсаң Өмір екен өрнекті мұның несі?! Тілегіңді тіршілік құп алмады, Түлкі-тағдыр табалап мың алдады. Түсінсем де мен сені жүрегіммен Үнсіз ғана аяумен тынам-дағы. Көз жасыңды сүртем-ау, расында Керек еді жаныңның жұбанғаны! Жылама, құрбым! 2001 жыл
МАҢҒЫСТАУ Маңғыстау мынау – жеңілтек сағым, бұйра құм, Мүлгиді бұта шағылға қадап сирағын. Ебелек қуып, көбелек қуып секіріп Тақырда ойнап, құмыңда аунап ширадым. Маңғыстау мынау – сексеуіл, жусан, бетеге, Опыраң сай мен көлденең жыра, кер төбе. Көз тарптас кейіп, сұр тулақ дала, әйтсе де Өзіме қымбат, өзіме ыстық етене. Көгілдір аспан, ақұлпа басқан етегін, Шарпиды аптап сыбырлап не сыр шертерін?.. Төбемнен күні, табаннан құмы тербесе Мұнартқан тау да, көрікті бау да не теңім?!
Кезертіп ернің, кептіріп демің шөлдеткен, Маңғыстау осы - ақ моншақ нөсер селдеткен. Текті десең де, тентек десең де өзің біл Маңғыстау осы – ата-бабамды тербеткен. Өткерген талай қан жауған жылдар кер кеткен, Маңғыстау осы – тектілер түлер жөргектен. Сүйінғара, Шотан, Иса мен Досан, ер Шабай Тайпалта таптап кең дала төсін терлеткен. Әуезді әні есіңді алып сенделткен, Маңғыстау осы – күйі мен жыры өр неткен! Қашаған, Нұрым, Сәттіғұл, Мұрын сарнаса Ақ махаббатын өксумен ғана жерлеткен Қан дәуір құлы – Ақбөбек-Қайып шерлі өткен!
Маңғыстау осы – тастардан мүсін тоқыған, Танып ал өзің, құлпытас, мынау шоқыдан. Жайнамаз сынды ақ дархан осы далада Әулие Бекет құбылаға намаз оқыған. Қалықтап торғай биіктен жерін қориды, Тұлпарға шапқан ізетпен басын жол иді. Шашылған қой мен маң басқан түйе маңғазды Алыстан аңдып, адуын арлан ториды. Маңғыстау осы – қолына тимей тізгіні, Еленбей келді марғасқа арыс – ізгі ұлы. Табынып қалар төс ұрып келген тентектер Тектілігі мен киесі дейміз біз мұны. Маңғыстау, сенде үміт те, асқақ арман да, Қолыңды создың жігермен жарқын таңдарға. Болмасаң текті Шопан мен Бекет бастаған Мәңгілік мекен болар ма ең асыл жандарға!
Маңғыстау сенің, айналдым аңғал қалпыңнан, Жылылық сезем ұлылық сыйлар салтыңнан. Тақтай тақыр мен бөтеке құмнан нәр алып Қызғалдағың едім қияға қарай талпынған! 1997 жыл, 31 қаңтар ШЕРҚАЛА Шақырар алдан алыстан арбап пендесін, Шерқала шертті сезімнің сырлы пернесін. Танытпақ болып тектілік барын түбекте Көтергендей-ау кеудесін. Тас қорған қамал, жолбарыс қала – Шерқала, Таңданды талай көз сұғын қадай зер сала. Төбеңе біреу ақ туын тіксе жеңістің Тапталды біреу жер қаба. Дала төсінен атылған көкке барыссың, Айбарың сұсты ұқтырды құнын намыстың. Жаныңа барып жоғалған бағзы дәуірмен Бетпе-бет қайта табыстым.
Қара тасымнан тұтат та төк деп жасын жыр, Құшағын ашып ұсынды төрін тас үңгір. Жамбасқа жайлы, жаныңа жылы ғажап бір Талбесік десем – расым бұл. Арқалап алып халықтың зарлы шер-мұңын, Аттандап өткен бабамның көрдің ерлігін. Шашылған тамшы қанынан өніп-дүреген Қызғалдақтарын көр бүгін. Биіктігіңді адамдығыма өлшем ғып, Ұқсасам саған - өр мінез өжет, еңсем тік! Жол ашып жатқан, ұласып жатқан секілді Мендегі баққа шер сендік. Тарғыл тас сатың өнердің өрін сынай ма, Сан жылдар жүгін тасуға алға шыдай ма? Көтеріп алып көрістіргің кеп тұрғандай Қол берер болса кім Айға?
Айбынды ұран сенделткен дұшпан есірін, Тасыңды жарып жаңғырыққандай есіл үн. Төңкерген кесе деп жүр ғой сені біреулер Сен менің аппақ айдаладағы бесігім! 2000 жыл, мамыр МИКРОФОН Мың тоғыз жүз сексен төрттің шуағы мол сәуірі, Кейін білдім, күлімдеген күн көсемнің дәуірі. Біріншіні нобайлаған оқушымын сүйкімді Ән мен биге икемім жоқ, тақпақ айтам – тәуірі. Күн дегенің біздегідей көкжиектен ата алмай, Анау тұрған үйден шығып, сонау үйге батардай. Кең далада еркін өскен дархан мінез жайлаудың Қара көзі ем, Сарға маған көрінді үлкен шаһардай.
«Тас үстінде түйе қарап тұрған шалды көрдің бе?- Деді ағай: - сәлем беріп сен жүретін бол күнде». «Менің әкем бурыл атпен кетуші еді жоқ қарап», Қарап қоям - күнде тұрар, қозғалмайды ол мүлде. Мектеп, ұстаз, бөтен ұл-қыз – бәрі-бәрі жат орта, Бұйығымын, ал сабақта болдым алғы қатарда. Бағындырып интернаттың тегеурінді тәртібі Столға кеп қол созамын шеті сынық бокалға. Үйге деген сағыныштан елжірейді қайнап іш, Жүріп жаттым. Тарқамады айналаға таңданыс. Тек бір күні біз түсінбей, ал ұстаздар қапылған Сыныбымда алашапқын басталды ұлы қамданыс.
Баданадай әріптермен алған дәптер бір бетін, Маған, сірә тақпақ тиді – бұл жағынан үлгі едім. Әр шумақты қайырамын сұрақ қойып ширата Сыныптастар хормен жауап беру керек – білгенім. «Жақсы айтқанға 5 қоямын». Ұстаз сөзі - күшті үміт, Дайындалдық. Бұл концертті үлкен міндет, іс біліп. «Білсеңдер айт, балалар, Ленин ата нешеде?» - Десем болды сыныптастар іліп алып хорменен «114 жаста!» дейді бар даусымен ышқынып. Келді уақыт. Сап түзедік. Жол бастады ұстазым, Кең дәлізде нөпір жанға қарсы тұрдық біз қалың. Бұл алғашқы қадамым-ды алға шыққан ұялып Және қорқып ұстазымнан өзімді әрең ұстадым.
Сөз сөйлейді кезек-кезек ағайлар кеп ортаға, Құрметтейді бүкіл бала сатырлатып қол соға. Мақтайды олар бір кісіні бізге үйреткен көсем деп «Қайырымды ол, кемеңгер ол, теңдесі жоқ ол – дана». Кенет ұстаз алға аттатып мені ғана бір адым, «Асып-саспай тақпағыңды айт, деді жайлап-шырағым». Нән темірдің қара жібі шумақтала шұбалған Аузыма әкеп тосты сосын жуан, жалпақ құлағын. Аң-таң болдым. «Мынау несі? Қайтем енді мұнымен?», Ұстазға бір, «қазыққа» бір аңтарыла үңілем. «Тақпағыңды айт!» - дәл қасымнан сыбырлайды ол нықтап Қаталдықтың лебі есіп бұйрық сынды үнінен.
Іркілмей-ақ бастап едім, шықты даусым жаңғырып, Шошып кеттім, тақпақ қалды, тұрдым енді мәңгіріп. «Айт, айт!» дейді күйіп-піскен жақын келіп тағы ұстаз Есімде жоқ – өлең жолы, нені айтайын, ал, қызық! «Бұл дегенің микрофон ғой, тақпағыңды айт, қорықпа», Деген апай бастады өзі – оған бұйым болып па?! Қосылдым мен, апайымның даусы тынды ақырын Қуат алдым осы жерден үлкен өмір-жорыққа!
Қол соғылды маған тұңғыш – масайрадым, серпілдім, Өзің барда тайсалмауға уәде еттім – серт ілдім - Қиындыққа кез болғанда жігер беріп жаныма Қайран халқым, қарсы алдымда қолың соғып сен тұрдың! 2012 жыл МҰРА Өмір-жалған - кетті әкем адыра ғып, Жұбатады бізді кеп жабыла жұрт. Көп адамның қолынан кебінге орап Жан әкемді қалыпты қабір алып. Қимас жанды қия алар өлдіге кім – Оңайлықпен түрім жоқ көндігетін. Құлағандай қабырға сыз еседі Төр алдында, біз түгіл орны жетім. Қора барсам – қой, бота, түйе мұңлы, Жылқы даусы үгітті-ау сүйегімді. Шыға келер қай жақтан қара шал дер Мал да болсаң, сеземін тілегіңді...
Қиға шығып қиялап жұлқынды лақ, От жанарда іркіліп тұрдың сұрақ! Ер-тоқым, жүген-құрық – жақын барсам Жылап қоя берердей тұр тұнжырап. Келер дейсің тағдырға кімнің әлі, Жігерімді әрбір сәт құм қылады. Күні кеше көзге ілмес бұйымдардың Болды енді мен үшін құнды бәрі. Көп мұңайдым – тағдырым жоқ-ты иілген, Күн жылжиды сырторай от-күйімнен. ...Керегеге ілінген қолыма алдым Тақияны терсіңді көп киілген. Көңілімнің құлады Құлагері, Күйкі тірлік жұбатпас мына мені - Қайта оралып келмейтін ертегідей Өткен шақтың тағы бір куәгері!
Аққұманның қайнаған тоқ ырғағы, Көз алдымда сурет со күнгі әлі. Тақиясын шалқайтып әкешімнің Терін сүртіп, шай ішіп отырғаны. Елестетіп өткеннің әр парағын, Тақияны аударып сан қарадым - Сетінеген оюлар сездіреді Салтанаттың кешегі тарқағанын. «Ажал - әзіл емес қой» - тынады үміт, Көкейімде ащы зар тұрар ұлып. Әкем иісін сезіну үшін жиі Сені ғана алайын мұра қылып! 2007 жыл *** Көңілім – көгал көктемгі, Қиялым - аспан тұңғиық. Қия алмай тұрмын өткенді, Қол бұлғар алдан шың биік. Бұлттарда ұлпа бар едім, Тау-тастан, сірә табасың. Жайлаған менің әлемім ГҮЛ менен АЙдың арасын.
Таба алмай түсер әлекке, Танытқан жандар айбатын - Сұлулық деген жүректе, Жырымда жатыр қайратым. Қайрылып назар бөлсең сәл, Көңілің толар кемерге - Айырбастамас нәрсем бар Теңге мен таққа, беделге! Мойныма тақсам - ай-алқа, Басыма кисем - тәж алтын. Жүзіктей қолда құмарта Айналып келіп қарарсың. Үмітпен күтем күнімді әр, Жыр қанатында – дәуренім. Жалғыз емеспін, жырым бар – Жасаған Ием, тәубе мың! АЙДАЛАҒА АЙДАҒАН АЖАЛ (нағашым Айтан рухына) хикая I Жарғағын құлағының гуіл жарып, Безеді елірген күй қиырды алып. Құйғытып қырларды аттай торы бесті Шабады жал-құйрығы суыл қағып.
Көңілін тұлпарлықтың хошы баурай, Шабады ат төрт аяқта өші бардай. Қалды артта қолға үйренген тұсаулы күн Қорада қапа болған көсіле алмай. Кең дала беріп бойға серпінділік, Жарысып желмен жүйрік желпінді үміт. Даланың маң төсінен көктей өтіп Жүйткиді торы өзін еркін біліп. Суықпен сіреседі андыз дала, Қатқақ жер кейінге із қалдырмады, ә! Зырлайды қара ноқат көз ұшында Елі жоқ жапан түзде жалғыз ғана. Торысы саф ауамен жүзді ілгері, Қарт адам тосаң құлақ тізгіндегі. Қос тізе қозғалтпайды – сыры мәлім Тоңдырды қолын енді күздің желі.
«Бұл қашан, Құдайым-ау, болдырады?» - Тырмысып тоқтатқандай болды тағы. Шеті жоқ сұр далаға шақыратын Жан-жақтан шұбатыла жол құлады. Қайратын мойындаған қатарлары, Кешегі ер – шарасыз жан жапандағы. Алаңдап ат үстінде жас баладай Тізгінді келмей қойды тартарға әлі. «Алмадым атқа шауып бәйгіні қай, Болар деп ойлаппын ба жәйді бұлай? Ер едім тұлпар баптап, асау мінген Қалдың ба, есіл қайрат, ай, дүния-ай?!» - Барады бұталардан орғып торы ат, Жағасын күртесінің болды ықтамақ - Айтекең күйінеді қарттығына Бір атты тоқтата алмау қорлық санап. Біз деген ескі сөзге сеніп едік, Ал және талай жерде «жеңіп» едік.
«Ауылға апарар деп» жіберді қарт Босатып аттың басын, беріп ерік. Сызы бар күз дегенің айбарлы кез, Сызылмай қою кешке айналды тез. Тұп-тұнық тұман басып айналаны Бұлт бүркеп аспан бетін – байланды көз... II ...Аяққұм. Жері шүйгін, бетегелі, Қашаннан жылқышылар мекені еді. Маңайда үйір-үйір жылқы жусап Әр бала құлын таңдап жетеледі. Көп жылқы – жирен, торы, қара, қылаң, Ұзамас Бозашының даласынан. Ауылдың әрбір күні думан дерлік Қымызы үзілмеген сабасынан. Бабадан жылқы жайлы тәлім іліп, Жетілген жігіттердің жалы биік. Қойыңды анау-мынау місе тұтпай Ту бие сояды екен алып ұрып.
Десек те көріп келген кім арғыны, Жөні жоқ көрудің түк күмән мұны - Жұп-жұмыр тоқ балтырдай болад дейді Сары ала қазысының жуандығы. ...Жаз өткен бие сауған, құлын байлап, Сілкілеп гүл етегін түрінді аймақ. Суық күз батырады атырапқа Бұлт болып, қырау болып сұғын жайлап. Бір күннен – қыстың қамы – бір күн ауыр, Ұмытқан тыныштықты жылқылы ауыл. Талап сол өздерінде – «қысқа бізден бір жылқы бармау керек сырты жауыр!». Тамызық қажет, сірә – томар жиды, Бастырды шөп-шаламмен қонарға үйді. Сыралғы қыс жайынан дейді үлкендер - «Қамданған қай кезде де болар күйлі».
Өктем күз қалауымен «жөнге келіп», Мұнартқан сұр маңайды көрме делік. Ызғарлы күзбен қабат жүріп жатты Шаруасы бұл ауылдың дөңгеленіп. Бітуін жер қарада мақұл біліп, Соймаққа күзгі соғым қапылды жұрт. Үйірді айдап келіп кеш алдында Жұлына жылтыраған жабағыға Сілтеді бір бозбала батыл құрық. Мүлт кетті – тоз-тоз болып үйір безіп Үріккен жабағы әлгі атылды сырт. Қаусырып ішті тарта айыл, тартпа Келтіріп мінгі аттарын дайын бапқа - Тұрған-ды тосқауылдап аттылар кіл, Тұс-тұстан шапты андыздап қайырмаққа. Кең дала ашып жолын жоны қара, Шығынды жабағысы долы дара. Өзгелер үйір жинап, жабағының Бір атты кетті жалғыз соңын ала.
Бұл жампоз ауыл қарты Айтан еді, Мәрттігін риза боп айтар елі. Түскендей қарттықпенен шын егеске Қайран жан, жас жылқыны қайтар енді! Сексен жас күш-жігерін сарқа сорып, Кей кезде ат үстіне қайта қонып, Жүретін әдетімен дәл осы күн Бір шетте тұрған еді қалқа болып. Тап қылса талайлы істі басқа Құдай, Боларың мұрсат екен қасқа бұлай! Қоршауды осы тұстан бұзып өтіп Аулаққа жабағының қашқанын-ай! Даурықты кейінгілер «ай, шалың!» деп, «Шаптың-ау, қауқарыңды байқағың кеп! - Не бопты бір жабағы Айтекеңе Бағынған талай үйір тарпаңы көп!». Кеткенмен сыры қарттың сыны кетпей,
Жүруші ед ортасында бір жігіттей. Сондықтан қауқылдады қалың жұрты Кәнігі жылқышы деп күдік етпей. Күн мұнар, хабары бар тас тұманның, Соқыр көз қарт адамды састырар шын. Көз жазды алдындағы жабағыдан Сұлбасы ғайып болды аттылардың... Жігіттер ойға алмады күмәнді түк, Қарайды соны ерлікті бұдан күтіп. ...Ауылдан ұзап шыққан күн батарда Аттыны қойды лезде мұнар жұтып. «Қайда,-деп болды кезі оралатын» - Күбінді ауылдағылар қонаға-түн. «Бала емес, келер, деді енді бірі – Жол білмей жер қарада жоғалатын». Айнала меңіреу түз – түнгі реңі, Үрейлі жылқылы ауыл дүрлігеді. «Әлгі қарт құлағы ақау, көзі нашар Апырай-ай, кетті қайда, кім біледі...».
Кемпір-шал, бала-шаға, келін-кепшік, Қыз-қырқын – үрпиеді сенім кетіп. Жігіттер атқа қонды келмегесін Іздемек қартты өзінше жер індетіп. Бір белгі естілер деп тірі жанға, Тарады «Айтандаған!» үні маңға. Кеткендер сай-саланы сүзіп таппай Оралды бірі түнде, бірі таңда. Іздеді апта бойы – табылмады, Келмеді ауыл-аймақ сабырға әлі. ...Қайтадан қосылыпты ертесіне Жабағы үйірге кеп бағымдағы... III Мүлгиді шаршаған ат жынын басып, Кешеден адуыны бүгін бәсік. Шал қарар айналаны тани алмай Жанары бұлдырайды нұры қашып.
«Қайдан жүр қара күзде Үстірт бетте?» - дейтіндей жел мен дала сыбырласып. Қара іздеп қараса қарт үмітпенен Сыр бермей үнсіз әлем тұр ымдасып... Қараша. Күні суық, таң қыраулы, Ұйқысыз Айтекең қарт қалжыраулы. Біле алмай, айыра алмай – бағыт қайсы Келеді жалғыз ойлап сан сұрауды. «Ақыры сұрастырып білер елді, Кездессе тілдесер жан» - тілегі енді. Қол бұлғап шақырғандай тұстың бәрі Айтекең жүре берді, жүре берді. Бұтында сырма шалбар жалаң қабат, Келеді жел өтінде амалдап-ақ. Түн болса телміреді қара аспанға Жұлдызбен жүрер жолды бағамдамақ.
Суалған көрсін, бірақ көзі нені, Күн сайын шаршағанын сезінеді. «Кезінде сұм соғыстың пошташы боп Аралап Маңғыстауды кезіп еді, - еске алып өткен күнін отырды қарт - талай қыс жолда қалды – төзіп еді...» Намысты жігіт болды мінезі шалт, Ақ сөйлеу, адал еңбек – білері шарт. «Бір рет келер болсаң қайта айналып!» - Атына төмпекке кеп мінеді қарт... Осылай алаңдаулы өтті күндер, Көп жүрді – барған жердің жоқ бірінде ел. Ас-сусыз әлсіреді Айтекең қарт Торы тұр ұйпалаған шоқтығын жел. Санайтын інілерін ер еді деп, Көп күтті арттан жоқшы келеді деп. Белдікте қара қанжар былғары қын, Жетекте торы атымен – сенері тек.
Күндізі түндей болып түнеріп кей, Құбылар – шарасыз қарт тірі өліктей. Қалсам да мен байқамай – біреу байқар, Деп жүрді күні бойы тізе бүкпей. Аулауға жетер дейсің әлі кімге, Қаужаңдап ас татқан жоқ әлі күнге. Аштық пен суық жетіп титығына Қиындап бара жатты халі мүлде. Бұлыңғыр не болары шақ алдағы, Қыс келген – мінбегенмен қаһарға әлі. Соймақ боп күш барында қанжарын ап Торы атқа барды, бірақ бата алмады: Ұшқан құс қиялыңда жолығар түз, Жан-жағын бажайлаумен торығар жүз. Қиырсыз сахарада ес тұтатын Тіріден жолдасы осы торы жалғыз!
Басына неше түрлі күмілжі ой кеп, Отырды жақсы үміттен түңілмей тек. Тимеді қиын кезде бұл торысы Әйтеуір, аяқ артар тұғыр ғой деп. Айнымас шаршаса да амалынан, Нұр жүзді келісті қарт - жан арыған. Дірдектеп бір шетіне бүк түседі Тап болған жалғыз мола пана бұған. Жұтқынға су татыған кермек толып, Ұзақ күн қара іздеу ермек болып - Жата алмай тағы шықты ілби басып Бір шолып айналаны келмек болып. Құла дүз – жұмбағы іште жылмияды, Жылусыз тербетеді күн қияны. Тып-тыныш дала мінез жасырды не – Шаттықты, әлде сойқан-сұрқияны...
Аяз кеп шымши ойнап жымыңдар жай, Сыр бермес безер дала мығым қандай?! Ашқандай құлағының тосаңдығын Тыныштық сақ-сақ күлді жын ұрғандай. Бұл оның соңғы күші-дәрмені еді, Құрыды... осы ма еді әл дегені!.. Үн-түнсіз қоршап алып мұны тылсым Тұрғандай күтіп енді әлденені. Айдала аждаһадан аумай қалып, Түлкі-күн қашты қырдан заулай жанып. Бұталар қаңқа сынды түрегеліп Үнсіздік сыңсиды кеп зарға айналып. Жанарын жаулап алып елестер кей, Өршиді ібіліс-жел теңес бермей. Бөліп ап ортасынан Адам ұлын Табиғат сынағандай, егескендей.
«Бейнетке жібермеп ем хақымды көп, Азуын айдалада батырды кеп» - Көп тұрды Айтекең қарт қыр басында, Даламен қоштасқандай ақырғы рет. Өтті енді - елді іздеп шарқ ұрған күн, Сезеді жүрегінің алқынғанын. Далаға шықпақ түгіл, тұруы мұң Ұққан-ды шамасының сарқылғанын. Қарайды көзін тіктеп жолдарға әлі, Жүруге қауқары жоқ – қорланғаны! «Көмусіз қалмаса екен сүйегім» дер - Соңғы үміт, соңғы ойы, соңғы арманы. Көңілді көмескі мұң иеленді, Құр сүлдер - өзі әбден жүдеген-ді. Ел табу – арман болды құр далбаса Ит-құсқа жем болмаса сүйегі енді.
Жел ойнап «шап, шап» деумен құлағында, Елірген сол бір күні құр ағынға - Торы тұр арса-арса көні кеуіп Қора мен дорба мүмкін қиялында. Басы бос –кете алмайды шыр айналып, Ер-тоқым адыра енді бұған анық. Малғұндай ыңырсыған бір үн шығар Сәтінде кісінеген тұра қалып. Белгі етер қолда барды күйге реттеп, Бекіту жолда жатты ирелектеп. Белгі деп іздегенге қойды әрең Төмпекке құранды ерді сүйрелеп кеп. Бұл енді – үкілі үміт қалып қағыс, Өзінің қауқарынан тарыққан іс. Тұсау мен белдік түсті шұбатыла Молаға барар жолды бағыттағыш.
Тірлікте жүре алмайды мәңгіге адам, Бұл жалған талайлардан қалды қараң. «Мұнда!- деп – іздегенің» қол бұлғардай Бұтада тоқым тұрды жалбыраған. Шақырған сыр тұрсын деп әр істе мән, Айтекең берді осылай маңыз бұған. Қос тартпа – қос танаптай созыла кеп, Ілінді қайыс жүген ауыздығынан. Бір хабар жолдап маңға бұл хақында, Айналып айтары бар сұлба-шынға - Күртені жамылған түп қалың бұта, Адамдай қарауытар қыр басында. Панасы – төрт құлақты күмбез еді, Тәу етіп, мұны да ешкім іздемеді... Құлаққа күнгей беткі бас киімін Кигізді – бұ да өзінің бір дерегі.
Жапанның жылтырайды айлы төсі, Ұлыған қасқыр даусы –қайғы сесі. Ес тұтып қолына алды қос қаруын – Қанжар мен қамшысы – айбыны осы. Түн кетті – толы үрейін қашыққа алып, Қарайды ызбар сәуле шашып жарық. Ендігі қайратыңды көрсет дейді Аппақ қар айналаны басып салып... IV Жасырып жариядан тірлігін кей, Қыс өтті қылмысты ісі дым білінбей. Кешегі аяз да жоқ, ызғар да жоқ Көктем боп көтерілді күн күлімдей. Ел отыр – түрік құлақ, алаңдаулы, Жанары жалғыз жүрсе - қараңға ауды. Қыс бойы сұрастырды хабар салып – Жеткізер сәлем соңы – таба алмауды.
Тамылжып тамған нұры жайдары шақ, Жігіттер атқа қонды сайланып ап. Келмеді, өлі-тірі бір дерегін Бұл жолы таппай келмеу – байламы нақ! Көрмеген ұзақ қыста сыры ашылып, Бір бөлек кетті дереу қырға шығып. Сор қайда, жыра-жықпыл – бөлінді олар Екі-үшеу ғайып болды құмға сіңіп. Бусанған көз айырмай тың даладан, Қырағы әр төбеден сыр қараған - Қос атты ілінгенде құла дүзге Күрте мен тоқым болды «мұндалаған». ...Дағдарып тамға отырды арқа сүйеп, Айғақтар – қамшы менен қанжары тек. Шашылған жылқы және адамзаттың Ағзасын танытады қаңқа-сүйек.
Күдікпен әрқашанда егіз-ді үміт, Күткен-ді жақсы хабар ел үздігіп. Жібермей алып қалған қайран қартты Жер екен ауылынан сегіз күндік. «Сорқұдық әкем қонған сорға бола», Кеңесті ағайын-жұрт жөн-жораға - «Топырақ тартқан шығар» десіп олар Жерледі көрші қылып сол молаға... *** Бұл өзі аңыз емес, дерек еді, Айтады бұл күндері сирек елі. Ескі сыр, оқтын-оқтын оралып кеп Айналып шықпай қойдың неге мені?.. ТОЛҒАҚ Адыра ұйқы... мазамды ап, Барады бір күй елітіп. Еркімді билей ол арбап, Елейтін емес мені түк. Басылмай әуре аптығым, Ұмтылдым дереу «бақанға». Санамда ескі жатты ұғым – «Жаныма сая табам ба?»
Кеберси қалған таңдайға, Күш бар ма құяр нәремін. Кеудемнен бір құс самғай ма Дарытқандай-ақ жан емін. Толғату деген – азап тым, Бейнетін өстіп ұғындым. Жай тапты жаным – азатпын: Тәттісін сездім мұңымның! Тербете баурап нәби-нұр, Талықсып кеттім балбырап. ...Оянсам күлер сәби-жыр Басқаның бәрі сандырақ!
МАЗМҰНЫ
АЙНАХАН ЕСЕТОВА Cөз бастау Бейнеу баяндары Cам шаһары Бойтұмар Антоним Тағдыр Құсни ғұмыр Сағыз Ән «Жадау көк» Күй «Қос қалқа» Паңкөйлек Аңсау Күрке Көрік Арнау Отпан таудың бауырайындағы ой немесе қайрау Жаз ұзату «Аранжанның шалқымасы» Жаз қызы Экология Шыдам Оғылмеңді арудың монологы Жан шуағы Бала қайың ГҮЛНАР НАУЫРША Ұран дала, қыран дала, тұраным! Тәуелсіздік тұғырым! Бекет ата Маңғыстау Түпқараған-Форт Шевченко-Ақкетік Қашаған атаға Маңғыстаудың жүрегі Өмір Мұқағалиға Көк терек Сұлу дүние... Түн және мен Сезім деген... Жабырқама, жүрегім Гүл ұсыншы....
Қарлығаш-құсым Күнделік дәптер Ақ боз үй Адайдың ақ боз үйлері Қыздарға Желтоқсан жыртаусылмас О н д ы Ерте көктем таңы
ГҮЛАЙ ДӘУІТБАЕВА Өлең патшалығына бас ұру Ақтаулық арулар әні Қаламға табыну Астана ға Боздама Махаббат-әлем Сағыныш сазы Адасқан шабытты аңсау Сеулде туған өлең Немесе туған елді аңсау Ж а ң а л ы қ Әділетсіздік бұғауында Қыз дегенің өмір сәні құлпырған Маңғыстаудың маралы Бұғау. Желтоқсан. Азаттық. (желтоқсаншыларға және сол көтерілісте Шейіт кеткен бауырлар рухына) Түн –тірлік Өзімді жүрмін танымай Көптен көрмеген құрдаспен ойда-жоқта кездескендегі әңгіме Қызғаныш Әкеме хат (студент хаты) Жалғандық жайлы жыр Қ о ң ы р ө л е ң Жырым – менің жанайнам Жыр-дәру Сарғада өткен балғын шақты аңсау А р м а н Қорқаулық /парақорларға / Жүрек үні Ер махамбет арысым Топастар табанындағы тағдыр Ақтау Мола жайлы толғаныс Қарамаржан
Жастық шақты іздеу Тәуелсіздік жыры Отпанда Күн мен түн Сүйінғара сыбаға Күйініш/баллада/ Тылсымға тартылу Көлгір көктем Аңыз дала Каспий – достық теңізі Тәуба-тұмар Немесе өзімді қайрау Заңғар (жазушы Әбіш Кекілбавқа) Иман гүлі(емші Айнұрға) «Тілсіз» тілдің досқа мұңы Анама Жұбату Күз-көңіл Доспен айрылысу Маңғыстауға мұң шағу Құдайы қонақ Ақтау-арман Маскүнем монологы Сөз басы Жаналы қосқұлақ амантұрлы батырдың кегі туралы хикая (Бекет ата ұрпағы Бауыржан Тайтақұлының айтуынан) Кек басы Наурыз жыры Жылама, құрбым! Маңғыстау Шерқала Микрофон Мұра Айдалаға айдаған ажал (нағашым Айтан рухына) Толғақ
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру