TELEGEI

Home

Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. ХVII кітап

Kitap.kz

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. ХVII кітап

МӘДЕНИ МҰРА МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ КІТАП СЕРИЯЛАРЫҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ БАСТАМАСЫ БОЙЫНША ШЫҒАРЫЛДЫ МӘДЕНИ МҰРА БАҒДАРЛАМАСЫН ІСКЕ АСЫРУ ЖӨНІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ АЛҚАСЫ Әшімбаев Мәулен, кеңес төрағасы Асқаров Әлібек, жауапты хатшы Қоғамдық кеңе...

БҰҚАР ЖЫРАУ ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

(1693-1787) Бұқар жырау бүгінгі Павлодар облысында, Баянауыл ауданы өңіріндегі Далба тауы бойында дүниеге келген. Абылай ханның ақылшы-биі, абыз. Жұрт оны «Көмекей әулие» деп атаған. Әкесі Қалқаман батыр болған. Бұқар жыраудың даналық, өсиеттік өлең-толғаулары бір басқа, оның орыс отаршылдығына қарсылық білдірген жырлары жыраудың алысты болжап, жақынды зерлей білген үлкен дана, сұңғыла адам болғанын танытады.

КӨКШЕТАУДАН САЛДЫРҒАН

Көкшетаудан салдырған,
Қара үңгір жолдары
Шабанкөлден жиылып,
Бес сан болды, қолдары.

Өзің, қонған Көкшетау,
Кәпір қала салды, ойла!
Жарқайың деген жерлерге
Шашылып шеті барды, ойла!

Атбасар мен Қалқұтан
Балығы тәтті су еді,
Өзен бойын шандып ап,
Сүзекісін салды, ойла!

Қарқаралы деген тауларға,
Қарқарасын шанышты, ойла!
Бетеге мен көденің
Берекесі қашты, ойла!

Көкөзек деген жерлерге
Қыстауын сонан төкті, ойла!
Жылқының суат суына
Шошқасын әкеп төкті, ойла!

Ұлытау, шеті Созақтан,
Берекелі жерлерден
Көкорай шалғын көре алмай,
Шұбырып қазақ кетті, ойла!

Нұрада бар Ақмола,
Есілде бар Қараөткел,
Екі өткелдің аузынан,
Тас қорғанды салды, ойла!

Баянаула, Қызылтау
Оны да кәпір алды, ойла!
Шүршітпенен құлақтас,
Қырғызбенен жұбатпас,

Ортасында ұйлығып,
Кетпейін десе жері тар,
Кетейін десе алды-артын,
Қоршап алған кәуір бар.

Ұйлыққан қойдай қамалып,
Бүйірінен шаншу қадалып,
Сорлы қазақ қалды, ойла.
Сәлем - сөздің анасы,

Ғақыл алған данасы.
Шығанақтан шырқайды,
О біреудің танасы.
Оның сөзін тыңдасаң,

Баяғы айтқан жал асы.
Өтірікті шын қылған,
Ол Алланың қызыл көзді пәлесі.
Айтқаныңа көнбесе,

Айдауыңа жүрмесе,
Көңілінде болған аласы.
Бәрімізді сұрасаң,
Қотанбайдың баласы.

Арғындардың сабасы,
Қарақожа бас болып,
Қабыл да болғай дұғасы.
* * *

Ежелгі дос жау болмас,
Шірнеуіште хаты бар.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Көңілінде кірдің таты бар.

Ежелгі дос жау болмас,
Айтысқан оның серті бар.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Көңілінде тұтқыр керті бар.

* * *
Кіші қара қалмақ бүлерде,
Бозылардың билігі
Бұлт бұрқан болысты,

Уағдадан жылысты,
Буыршындай тіздесті,
Жамандықты іздесті,
Бірін-бірі күндесті.

Жаулаған ханын қара оңбас,
Хан қисайса, бәрі оңбас,
Ханын қалмақ жаулаған,
Сүйткен қалмақ оңбаған.

Сол қалмақтың жұрты еді-ау,
Үш Қарқара, Көктөбе,
Ит те ұлып қалмаған.
Қалданменен ұрысып,

Жеті күндей сүрісіп,
Сондағы жолдас адамдар:
Қара керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,

Шақшақұлы Жәнібек,
Сіргелі қара Тілеуке,
Қарақалпақ Құлашбек,
Теліден шыққан Елшібек

Шапырашты Наурызбай,
Құдаменді Дәулет қасында,
Бақ дәулеті басында
Сеңгірбай мен Шойбек бар,

Таңсық қожа, Мамбет бар,
Қасқарауұлы Молдабай,
Қатардан жақсы қалдырмай,
Айнақұл, Бәти ішінде,

Өңкей батыр жиылып,
Абылай салды жарлықты.
Қалдан ханды қашырып,
Шеп салған жерін бұздырып,

Ұрысты қатты қыздырып,
Қасым ханның шешесін,
Хан Абылай алған-ды.
Жабы деген қалмаққа,

Тырнағын қатты батырды.
Бұзылып қалмақ кеткен соң:
«Өңкей батыр, жиыл!» - деп
Хан Абылай шақырды.

Бір төбеге жиылды,
Құм төбедей үйілді.
«Бөліске олжа түссін!» - деп
Хан Абылай бұйырды...

* * *
Он екі айда жаз келер,
Құс алдында қаз келер.
Айтып айтпай немене

Заманыңыз аз келер.
Сондай заман жеткенде,
Шаңырағың тұл болар.
Еліңе қауіп төнгенде,

Ата ұрпағың құл болар.
Қараларың қас болар,
Қаскөйлерің бас болар,
Өзі сары, көзі көк,

Орыстар келер ұстаз боп,
Әулиедей көрінер,
Діндәрінің аты - боб*.
Бобтары болар сазандай,

Сәлдесі болар қазандай.
Ақыретке барғанда
Ақсүйекті қор тұтқан,
Қараны онан зор тұтқан,

Орыстарды пір тұтқан,
Сорлы болған қазағым,
Тартарсың сонда жазаңды-ай.
* * *

Мұсылманның баласы,
Сірә, бір кеңес құрыңыз.
Бір ауызды болыңыз!
Қалған елді тосыңыз,

Бөтен елмен үйір боп,
Еркеңізді қоспаңыз.
Кәпір алмас демеңіз,
Наны тәтті,- жемеңіз.

Зәбірі қатты бұ кәпір
Алмай қоймас демеңіз.

ЕСТІСЕҢ МІНЕ, БОЛЖАМДАР

Естісең міне, болжамдар
Заманақыр болғанда,
Қара темір ат болады,
Оқығаның хат болады,

Туысқаның жат болады,
«Ғаділет» деген заң шығып,
Табаның тайса сот болады.
Қонысың Сарыарқаны орыс алар,

Шұбырып қара топырақ өріс алар.
Ақшаның ірісі кетіп, ұсағы қалар.
Терінің былғарысы кетіп, Сірісі қалар.
Адамнан еммат, ыхлас, ұят кетіп,

Ақыры «бер, бер» деген сөзі қалар.
Мұнан соң Абылайым,
Қилы қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып, жаман болар.

Қарағайдың басына шортан шығып,
Бабалардың заманы тәмәм болар.
Ол күнде қарындастан қайырым кетер,
Қатыныңнан күшің,

Балаңнан мейірім кетер.
Ұлы-қызың орысқа бодан болып,
Қайран елім, есіл жұртым
Сонда не етер?!

Абылаймысың алқатқан,
Отының болсын жантақтан,
Қатының болсын қалмақтан,
Қосының болсын қазақтан!

Сегіз қиыр шартарап,
Төрт құбылаң түгел боп,
Төрінде отыр, салмақтан.
Он екі айда жаз келер,

Көктемеде қаз келер,
Айтып-айтпай не керек,
Дәуреніңіз аз болар.
Сондай заман келгенде,

Шаңырағың күл болар,
Еліңе қауіп төнгенде,
Ата ұрпағың құл болар.
Қараларың қас болар,

Қаскөйлерің бас болар,
Орыстар келер ғалым боп,

* Қашыр ауданының тұрғыны Ықылас Сәрсенбав ақсақалдың аузынан жазып алған Серік Жақсыбаев

Әулиедей көрінер.
Боптары болар сазандай,
Кітабы болар қазандай.
Ақіретке барғанда,

Ақсүйекті қор тұтқан,
Қараны одан зор тұтқан,
Орыстарды пір тұтқан,
Сорлы болған қазағым,

Татарсың солардан жазаңды-ай!
Ханға жауап айтпасам...
«О күнде қарағайдан шайыр кетер,
Ханнан күші, қарындастан қайыр кетер.

Ұлың, қызың орысқа бодан болып,
Қайран есіл ел-жұртым сонда нетер?
Мұнан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып, жаман болар.

Қарағайдың басына шортан шығып,
Бабалардың дәурені тәмам болар».

Бір күні Абылай хан жолаушылап келе жатып Бұқар жыраудан Асан Қайғының осы сөзінің нендей сыры барын сұраған екен. Сонда Бұқарекең басын төмен салып, ауыр ой шырмауына түскендей болып қатты күрсінеді де, біраз үнсіз жүргеннен кейін:

ХАНҒА ЖАУАП АЙТПАСАМ

Ханға жауап айтпасам,
Ханның көңілі қайтады.
Қандыра, қандыра жауап сөйлесем,
Халқым не деп айтады?

Хан Абылай, Абылай,
Қайғылы мұндай хабарды
Сұрамасаң не етеді?
Сұраған соң айтпасам,

Кісілігім кетеді.
Енді айтайын тыңдасаң,
Маған қаһар қылмасаң.
Қарағай судан қашып,

Шөлге біткен бір дарақ.
Шортан суға шыдамсыз,
Балықтан шыққан бір қарақ.
Ойлама шортан ұшпас деп,

Қарағайға шықпас деп.
Күнбатыстан бір дұспан
Ақырда шығар сол тұстан.
Өзі сары, көзі көк,

Бастығының аты боб*.
Күншығысқа қарайды.
Шашын ылғи тарайды,
Құдайды білер діні жоқ,

Жамандыққа міні жоқ,
Осы сынды бір кәпір,
Аузы-басы жүн кәпір,
Жаяулап келер жұртыңа.

Жағалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртыңа.
Жебірлерге жем беріп,
Ел қамын айтқан жақсыны,

Сөйлетпей ұрар ұртына.
Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды,
Қағазға жазар-малыңды,

Есепке салар барыңды.
Күндердің күні, Абылай,
Еліңді алар қолыңнан,
Ғаскер қылар ұлыңнан.

Тексізді төрге шығарып,
Істетер сұмдық ұйғарып.
Бұл айтқаным, Абылай,
Есе тимес өзіңе,

Есіктегі құлыңнан.
Болмай қоймас артыңнан.
Естісең, міне, болжамды,
Бұқар мынау қартыңнан.

- Әй, ханым-ай! Бұл сөзді сұрамасаң керек еді, мен айтпасам да болар еді,- деп.

Ханға жауап айтпасам, ханның көңілі қайтады» - деп басталатын белгілі толғауын айтқан екен. Осы толғауды естіген Абылай хан «уһ» деп қатты күрсініп, іштен тынғандай үндемей қала беріпті.

ҚАМАЛДЫ БҰЗДЫ ҚҰЛШЫНА

Қамалды бұзды құлшына
Күрзімен жауды басқа ұрған,
Қалмақтың ханын састырған,
Жаралы дұшпан басшысын,

Ат тұяғына бастырған.
Осындай игі ісімен,
Сарқылмас мол күшімен,
Қожаберген ұстазым,

Қырды жауды күпсінген.
Қалмақты қуып қашырған,
Қытайға қарай асырған.
Дүнгенді де құтқарған,

Қарақұрым масылдан.
Ұстазымды шынында,
Жау болған жоқ басынған.
Бата алған Бұқармын,

Қожаберген асылдан.
Жалаулы найза, қобызды,
Домбырасын қолға алған.
Қамалға шабар алдында,

Шығарып елең толғаған.
Жырын сүйген баршасы,
Болмаса кейбір оңбаған.
Алла, аруақ жебеу боп,

Жорықта жолын оңдаған.
Қиын-қыстау кезеңде,
Намысын қозғап өлеңмен,
Қожаберген ұстазым,

Қалың қолға дем берген.
Қоржынға сақтап дәрісін,
Жаралы жанды емдеген.
Фарсының шайын сусынға,

Қайнатып бөлек демдеген.
Жүз дұшпанды майданда,
Бір кісідей көрмеген.
Жолбарыстай шұбарым,

Ілгері шауып өрлеген.
Айбарынан жау қашқан,
Есінен қалмақ адасқан.
Ұрандай жауға тигенде,

Жарқылдап қолда алдаспан.
Ақжолды сардар Қожа-екең,
Дұшпаннан айыл жимаған.
Ерлігі көп ұстазды,

Мұсылман түгел сыйлаған.
Шаңқобызын Қожа-екең,
Жосаменен сырлаған.
«Елім-айдай» хиссасын,

Қан майданда жырлаған.
«Елім-ай» деп ат қойып,
Ән мен күйін шығарған.
Жұрттың мұңын ұғасың,

Тыңдағанда солардан.
«Ер Көкше» мен «Ер Қосай»
Ұстазымның жыры еді,
Қозғағаны сардардың –

Халайықтың мұңы еді.
Қожаберген баһадүр –
Адамзаттың гүлі еді.
Ақындардың ағасы,

Болғаны да шын еді.
Ел қорғаудың жолына,
Бар өмірін жұмсады.
Ордабасы Қожа-екең,

Жауды мықтап тұсады.
Өсиет айт деп сұрасаң,
Бұқар деген ағаңнан,
Үлгі алыңдар, балалар,

Қожаберген бабаңнан
Қазақ, ноғай, татар мен,
Қарақалпақ - бәрі де,
Ақыл сұрап көп барған,

Қожаберген кәріңе.
Разы болып оралған,
Қожаберген данадан,
Төрелік айтқан ұстазым,

Асып кетпей қанадан.
Ел арасын бүтіндеп,
Қазы болды тұсында.
Ордабасы шағында,

Қамалды бұзды құлшына.
Екі атқосшы, екі ұлы,
Қаза тапқан майданда.
Қорғауды бұзған Қожа-екең,

Қалмақтар қанат жайғанда.
Жауға шапқан карт батыр,
Алмақ боп кегін ұлдардың.
Найзамен шаншып талайын,

Қанын төккен сұмдардың

БҰҚАР СОНДА СӨЙЛЕЙДІ

Қазақ жұртына, қазақ жеріне жоңғар-қалмақтар маза бермеген, олардың жасаған жәбірі ел есінен кетпестей болған, әлі ұмытпай келеміз. Қалмақтың азабы әбден өтіп, кек қайнаған шақта Бұқар жыраудың айтқан екен деген мынадай бір сөзі бар:

Бұқар сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:

- Сәлем бердім көбіңе,

Қасқа-жайсаң, бегіңе.
Қалмақ қонды жеріңе,
Қырғын салды еліңе.
Тұлымдыңды тұл қылды,

Айдарлыңды құл қылды.
Солқылдаған мырзаңды,
Табанға салып жүн қылды.
Бектерім, оны білдің бе?

Қыраулы қыста айдаған,
Топырлатып байлаған,
Қазаныңды алған қайнаған,
Қонысыңнан аударып,

Жер-суыңнан қаңғыртып,
Қырылып жонда аңыраған.
Кекті қашан аласың?
Тірімісің, бектер, өлдің бе,

Сәлем бердім бәріңе!
Оң болсын сапар датқалар,
Молдалардан хат қалар,
Ұсталардан дат қалар,

Білімі мол білгірлер,
Өсиетті ұғып жатқа алар.
Өзінен кіші кейінге,
Ғақлия сөйлеп мақтанар,

Халықтан асқан данаға,
Өресі жетпей сүқтанар,
Өсиет білмес бұқпалар.
Бояманың белгісі –

Көрініп тұрып жоқ болар,
Күйіп, жанып шоқ болар,
Шын білгірдің белгісі
Ойында болар ел ісі.

Жамандық пенен жақсылық
Басынан бәрін атқарар.
Шын батырдың белгісі –
Ажалсыздан құтқарар.

Зарлап келген елің бар,
Жауда қалған жерің бар,
Төрдегің түгел жиналдың.
Үйде қалған кімің бар?

«Абылай менен Жәнібек
Жасанған жауға ерлер бар,
Оларың қашан аттанар?
Ордамыз еді Түркістан –

Қожа Ахметтің қаласы.
Қоныс еді, жаз жайлау –
Сыр мен Шу, Сарысу жағасы.
Елге би-құт деген бар,

Батыр - деген панасы.
Меңгеріп бәрін басқарған,
Ерлерін ертіп қасқарған,
Қия шың әрлеп тастардан,

Ер-Тәуке еді - елдің жағасы.
Зардабына шыдамай,
Ойда шүршіт, қырда орыс,
Ашылып еді арасы.

Үзіліп еді қарасы.
Көк майса, тарлау, бетеге,
Тауларымның дарасы.
Жайқалған орман тамылжып,

Таласқан көкке ағашы
Алатау мен Қаратау –
Қазақтың болған панасы.
Қалдан-Шерен қалмақтың –

Осы еді бізге таласы.
Осы еді жері аласы.
Қоныс қылды жеріңді,
Күңірентіп қуды еліңді,

Салып назар қарашы.
Қысты күн қаңтар, көк мұзда,
Жонда қалды баласы.
Жөніңді білдір, бектерім,

Аттанып қашан барасың?
Басшы болған алдында:
Есім ханнан - Ескі жол,
Қасым ханнан - Қасқа жол,

Және де көп басқа жол,
Тауды тіліп, тас жарған,
Бар емес пе аспа жол.
Адастырар еліңді,

Оққа жығар еріңді
Жалғыз аяқ қашпа жол.
Барса келмес сықылды.
Серік болмас өмірі,

Ұзамайды қысқа мол.
Тебінгі термен шіріген
Терлігі маймен еріген.
Ерлердің салған соқпағы –

Осы берік - ұста жол!
Толғамалы көк сүңгі
Төгілдіріп шашақ ұстамай,
Жеке келген жауларын

Шабақша қағып тастамай,
Ерлік атың шығар ма?
Ыңыранып жауың қақсамай,
Қозы жауырын cap садақ

Тартып шіреп оқ салмай.
Жеңілгеннің белгісі
Шырмалған торды шешкені.
Шын шебердің белгісі –

Тапшыны жалғап пішкені.
Шын батырдың белгісі –
Самсаған қол - сары жау,
Қан болып аттан түскені.

Найзагердің белгісі –
Қағысқанда майданда
Жаудың аттан ұшқаны.
Қылышкердің белгісі –

Қоян-қолтық жолатпай,
Далита жарып кескені,
Садақкердің белгісі –
Тоғыз қабат ақ сауыт,

Тоқсан торлы аймауыт,
Үскідей өтіп тескені,
Мен тоқтаттым сөзімді,
Тапсырдым хаққа өзіңді,

Аман қылсын жолыңды.
Қақпасын дұшпан қолыңды,
Бастан өтер бұл заман.
Болжаусыз шіркін көшпелі!

АЖАЛМЕНЕН ОЙНАМА, ХАН

Араны ашылған Қытай генералдары басқыншылық әрекетін тоқтатпайды. Тағы да қазақ жеріне әскерін енгізіп шапқыншылық жасайды. Абылай хан Бөгенбай батырды бас етіп қазақ қолын қытай әскеріне қарсы шығарады. Бөгенбай батыр қытай қолын талқандап, өздерін Турфанға дейін қуады. Батырдың осы ерлігін жырау Абылай ханға:

Сүйеуге әркез жарайды,
Мынау көрші орысың.
Сәтсіздеу боп тоқтап тұр,
Боғды ханмен соғысың.

Турфанды шапты Бөгенбай,
Жаратамын сол ісін.
Батыр аңғырт десек те,
Көрсеткендей ел күшін, —

деп жеңіске масаттанбай деп ишан, ғұламаларды ертіп «Қара қытай көтерілсе, ақыр заман болады» деген ұғымды алға тартып Абылайдың қытаймен соғысын тоқтатады. Цинь империясы Жоңғар мемлекетін жойып, шекараны қазақ жеріне тіреп жақындатуды көздеген. Осы мақсатпен Қытай императоры Чжао Хой мен Фу Де деген генералдар басқарған 90 мың қол жиып соғысқа аттандырған. Қытай әскері Жоңғария мен Қашғарияны қырғынға ұшыратып қазақ жеріне ене бастаған. «Қара қытай қозғалса ақырзаман болады» деп түсінетін қазақ баласы үш жүзге ұран тастап, қол жиып, қытай әскеріне тосқауыл құрған. Міне, осы кезде Бұқар жырау қара құрттай қаптаған шүршіттен қалай да елді аман алып қалуды көздеп, үш жүздің ауылдарын аралап өзінің дуалы жырларымен халықты бірлікке жұмылдырған. Заманы салған салмақты көтере алатын халықтың ұлдары тарих сатысынан осы тұста айрықша көріне бастаған. Бұқар жырында аталып, өсиет болып, кейінгі ұрпаққа өлмес аты қалған атақты адамдарды жырау: Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақ ұлы Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапрашты Наурызбай деп басқа аттас адамдармен шатыстырмасын дегендей тасқа қашап салған таңбадай ғып бүгінгі ұрпаққа жеткізген. Осы айтулы соғысқа қарт жыраудың өзі де қатысып, Абылай ханның қасында болған. Бұл жөнінде ел аузында көп деректер сақталған. Соның бірінде қалың қытай әскері қазақ қолының бір шетін жапырып шегіндіріп келе жатқанын көріп, Абылайдың қобалжу үстінде тұрғанын сезген Бұхар жырау:

- Қасқырдан қорыққан қойшыдан, жақсы күзетші шыға қоймайды. Жауыңды жеңгің келсе ең алдымен өзіңе-өзің сен. Әйтпесе, бәріміз бірдей апатқа ұшыраймыз.

- Көңілімде бір күдік бар одан қалай құтылам? - дейді қобалжу үстінде тұрған Абылай.

- Жеңетініне сенбей майданға шыққан қолбасшының өмірі ұзақ бармайды. Ондай кеселдің бір ғана емі бар...

- Ол қандай ем? - деп елең еткен ханға:

- Ажал, - деп жауап береді әулие жырау.

- Иә, ажал. Ол қандай дауасыз кеселден құтқарады, - деп Бұқар жырау қазақ қолының жапырылып бара жатқан қанатын нұсқап: Шап қазір ана тұсқа! Не ажал табасың, не өзіңе-өзің сенбейтін аурудан айығасың!

Абылай бұған бір ауыз сөз айтпай, жырау көрсеткен майдан алаңына қарай шаба жөнеледі. Ұрыстан жеңіспен оралған хан Бұқар жырауға:

- Қолбасшыға күптенудің керегі жоқ екенін енді ұқтым, - дейді.

Осы жеңістен рухтанып ертеңіне де шабуылды өзі басқармақшы болып сауытын киіп, әскер алдына шыға берген Абылайға жырау:

- Ажалменен ойнама, хан нем. Шөлмек күнде сынбайды бір-ақ рет сынады. Бүгінгің артық! - дейді.

- Ер жігіттің серігі тәуекел демеп пе едің, Бұқар аға?

- Жүз тәуекелдің бір тәубесі болады. Кешегі тәуекеліңе бүгін тәубе ет, деген жырауға бірдеме айтпақшы болып келе жатқан Абылайдың сөзін бөліп жырау:

- Қазақта Абылай біреу-ақ, Қытайда Фу Делер көп - деп қолын жоғары көтеріп, -құдай менің тілегімді күнде бере береді дейсің бе, жетер енді! — деп тоқтатады.

- Соғысқа қарт жыраудың өзі де араласып, жараланып қайтады. Осындай кең тараған әңгімелерді ел арасында екінің бірінен естуге болады.

ЕГЕР ШҮРШІТ ҚАПТАСА...

Қытай боғдыхандарының шығыстағы қанішерлік қылығы айқындала бастаған кезі болатын. Боғдыхан қазақ жеріне қарай жылжығанын сезген Бұхар жырау жаны түршіге жырымен халықты күреске шақырып саясатқа бағыт берген:

Шүршіт келеді деген сөз бар-ды,
Көктен түскен төрт кітап.
«Енжіл» атты кәламда.
Егер шүршіт келмесін,

Егер шүршіт қаптаса,
Алып бір кетер ақтарып
Көмулі көрден денеңді!

Абылай хан халқы әулие көрген ғұлама жырауды сөйлетіп, халықтың тынысына құлақ асып, ақылына ден қойып отырған.

Жырдың өзге бір нұсқасы Г.Н.Потанин жинағында төмендегіше:
Он екі қазық әр түндік,
Шауып шықтым белеңге.
Тау суындай сарқырап,

(Найман) жатыр өренде.
Он сан қазақ тізгіні
Ер Абылай төремде.
Шүршіт деген ел бар-ды

Келер деген келмеді.
Шүршіт келсе сыртқары
Жылқың жатсын белеңде.
Қойың жатсын шөлеңде.

Егер шүршіт келмесін,
Егер шүршіт келсе бір
Жаһан қоймай қуалап,
Алып кетер ғалемді.

Шүршіт жатыр арқада,
Барын көлдің басында,
Егін салып қасында.
Ақылы жоқ сол қазақ

Атын сатты кәпірге.
Ылау атын мінген соң,
Күнін, түнін бір етіп,
Бір күн жетер сол кәпір.

Жаушылыққа шығар ол,
Елшілікке барар ол,
Түрі момын болар ол.
Құлан қайда семірсе,

Жүнін сонда төгер ол.
Егер шүршіт келмесін,
Егер шүршіт келсе бір
Қабырғаңды күйретіп,

Жон арқаңды сөгер ол.
Атам қазақ болғалы*
Атам қазақ болғалы,
Үдере көшіп қонғалы,

Қоныстанып, тұрақтап,
Іргелі орда болмады.
Үш-жүз болып құралмай
Бір орда боп тұралмай,

Сарыарқаны шарлады,
Шөлде жортқан құландай.
Шығыстан Манғұл жабысты,
Аяққа басты намысты,

Қызыл қарын жас бала,
Еңкейген қарт ата-ана.
Қысымы күшті қорлықтан,
Озбыр-өкім зорлықтан,

Қан жылады, зәр ішті.
Сырдан ауып келгенде,
Ел тыйыштық көргенде
Орта жүз бас қосып,

Іргені белден көмгенде,
Шүршіт қалмақ жау болды.
Таласы Аула тау болды,
Ерді өлтіріп, малды алып,

Елді жаулап, жерді алып,
Арада бітпес дау болды.
Елдің ері жиналды,
Ел үшін жаны қаналды,

Қанды кекті қайтарып,
Қанмен жауы силанды.
Ел үшін еңбек қылғаны –
Елден адал туғаны.

Ел үшін қанын төккені –
Адамдық серіне жеткені.
Ел үшін құрбан болғаны –
Ер туысы ақталып,

Ел аузында сақталып,
Таңға жарық шолпан бон,
Елден туған Солтан боп,
Мәңгі-бақи тұрғаны.

Кешегі батыр Жасыбай,
Көкше шақпақ тасындай
Суы қатты сомболат
Өмірі өтті жасымай.

Жылағаннан не пайда?
Өлімге жоқ түк айла.
Дәм таусылып, дем бітсе.
Аялына қарай ма?

Әзелде жазу осылай.
Тоқтат мені Абылай!
Қайғыменен қарымай,
Жортуылда ер өліп

Елің отыр жарымай.
Қайратты бол, қажымай
Тақта отырын азымай
Болар істің қамын қыл!

Жадырап шілде жазындай.
Тоқта менің ерлерім!
Жау аса алмас белдерім
Ердің қанын қанмен жу,

Сендер едің сенгенім.
Жолдарың болар жорықта.
Тыю болар зорлыққа
Өзі тиген өкінбес

Күш жұмсасақ қорлыққа.
Қойдан қоңыр ел едік
Силасқан елге кең едік
Елмен жерім аманда

Таусылмас қазына кен едік.
Қазақ-қалмақ туыстас
Кірме емес, тең едік.
Көрші ел болып қоныстас

«Жауласпаспыз» деп едік.
Ол сөзде қалмақ тұрмады,
Үнемі зорлық қылғаны,
Талай батыр ерлерім

Елдің болды құрбаны.
Кінә жоқ, бізде жазық жоқ,
Зорлықта тұрақ, қызық жоқ,
Өкпелемес Ежен хан

Өзі көрер көзімен
Айныған байлау сөзінен.
Момын елді күйдірме,
Ханы тартсын жазасын.

Ел шаруасын бүлдірме,
Қайтар бір азасын.
«Ер екен» - деп қарасын,
Хан мен байды шауып ал.

«Ел екен» - деп санасын!
Бас-басыңа батырлар,
Арнап міндет артамын.
Ата-аналық ақым бар,

Алдарыңа тартамын.
Ел туғызып өсірді,
Сендердей батыр арланын.
Қорға, жаудан еліңді,

Панасы сендер арқаның.
Қара қабан Бөгенбай,
Қайтпас жаудан кек алмай.
Ерім өлді арманда

Сапарынан келе алмай.
Сен туған соң кегімді,
Жат жауынан алғамын.
Байырлатып елімді,

Төріне орда салғамын.
Қалмақ қолын қиратқан,
Жасыбайдан қалғанын.
Аула тауды босатсаң,

Ердің құнын алғаның.
Хан ордасын құлатсаң,
Тұтанар өшіп жанғаның.
Елге сауға сұратсаң,

Өлімге өктей бармағын.
Келісетін сөз болса,
Бітер сәті кез болса,
Жеңемін деп желігіп,

Ашулы күшке елігіп,
Қарысып, қатып қалмағын.
Хан әскерін жеңсең де,
Ел шетіне енгенде

Іште қан боп қататын,
Көрге бірге жататын,
Елге бүлік салмағын.
Елші жүрсе араға,

Жеңілді деп санама.
Өзіңді тым-ақ зор тұтып,
Өзгені малға балама.
Бағындырар күш болса,

Алдыңа салар іс болса,
Тынымын тіле екі елдің,
Әдеті сол шын ердің.
Өлген қайтып келмейді,

Төгілген тұтас толмайды,
Өткен іске қарама!
Төлебай, Жаман батырлар
Бұл соғысты мақұлдар,

Ерді өлтіріп, ел шапқан,
Жауға аяздай сақылдар.
Ер Шотана, Аңсары,
Құралып тұр бастары.

Сан майданда қиналған,
Сайдың көкше тастары.
Құрбы-құрдас жастары,
Елдің болат астары.

Шотана айғай салғанда
Бұзылған жаудың жапсары.
Табылпадай ерім бар,
Ордалы байтақ елім бар,

Бал өзені тулаған,
Мал кіндігі жерім бар.
Соны қорғап бағыңдар,
Жауға қарсы барыңдар.

Кеткен жерді қайтарып,
Ежен ханнан алыңдар.
Жабыла дабыл ұрыңдар,
Қомданыңдар, тұрыңдар.

Бет күйдірген айбатпен,
Тас үгетін қайратпен,
Жау әскерін қырындар!
Төс айылдың басқанын,

Иесі білмес, ат білер.
Ер жігіттің қадірін,
Ағайын білмес, жат білер.
Жорық жолы болуын,

Қария білмес, сәт білер.
Ердің күші асуын,
Қайрат білмес, бақ білер.
Өлімнің ерте-кештігін,

Бір жаратқан хақ білер.
Тәуекелге бел байла,
Хабар тарат маңайға,
Құрбандық шал, Абылай!

Қанды соғыс оңай ма?
Елдің болат ерлері,
Қару қайрат даярла,
Ердің алын күштері

Жыр боп жетер талайға
Ердің қанын алуға,
Елдің кегін алуға.
Ел аузынан жазып алған Шаймерден Торайғыров

НЫСАНБАЙ ЖЫРАУ

(1822-1883) Нысанбай ақынның бұл дастаны алғаш 1912 жылы Қазан қаласында Ж. Шайхисламұлының құрастыруымен жарық көрген. Содан кейін араға көп жыл салып, X. Досмұхамедовтың құрастыруымен 1.923 жылы Ташкент қаласында жеке кітап болып басылып шыққан. Соның алғысөзінде Х.Досмұхамедов былай дейді: «Кенесары, Наурызбайдың Алатаудағы соғысы туралы Нысанбай ақынның шығарған өлеңі бүтін қазақ арасына жайылулы. Дұрысталып тасқа басылып шықпаған соң, Нысанбайдың өлеңі өзгеріп, әр жерде әр түрлі айтылады. Әсіресе Түркістан арасындағы қазақтардың айтып жүрген «Кенесары - Наурызбайында» көп жалған бар. Ел ішінде айтылып жүрген өлеңдердің көбі қырғызды жамандап, мұқатып, кемітіп, орынсыз қазақты мақтайды. Екі рудың арасына орынсыз алакөңілдік кіргізеді. «Кенесары - Наурызбайды» қазақ-қырғыз білім комиссиясының шығарудағы мақсаты мынау болды: 1) Алатаудағы соғыс туралы Нысанбай ақынның шығарған сөзінің дұрыс нұсқасын беру. 2) Ел арасындағы Нысанбай сөзі аталын, сыңарезу сөйленіп жүрген сөздердің әсерін жою. 3) Мектептерде оқылатын ана тілі үшін тарихи поэманың үлгісін беру. 4) Ел әдебиетінен алынған сөздерді қалай етіп шығару туралы қолдан келгенше үлгі көрсетіп, жол салу. Нысанбай ақынның «Кенесары - Наурызбай» деген сөзін дұрыстап, 1896 жылы Әбубәкір Дибаевқа берген Жүсіпбек Басығараұлы екен. Біздің естуімізше, Жүсіпбек сумұрын жаппас Ораз деген ақынға жаздырып алған. «Кенесары -Наурызбайды» баспаға берместен бұрын, бірқатар қырғыз туғандарымыздың оқығандарына көрсетіп, олардың сынына салдық, олар жағынан ешбір бөтен сөз болған жоқ». Қазіргі қазақ ақындарының құрметті ағаларының бірі, Қазақстанның халық жазушысы Ә. Тәжібаев бұл дастан жөнінде былай дейді: «Мұхтар Әуезов өте ірі тұлға және көреген ақын деп санаған Нысанбай XІX ғасырда өмір сүрген, көкшетаулық, Кенесары ханның ең жақын достарының бірі, оның сүйікті жырауы. Нысанбай жырлаған Кене хан біздің дәуіріміздегі ең ірі тарихи дастандардың бірі және соңы деуге болады. Кене мен Наурызбайдың набыт болған күндеріне дейін барлық трагедиялық қайшылықтарын түгел жеткізе суреттеген қазақ елінің сүйікті дастаны. Бұл дастан кейін Кене ханмен бірге жабылды, оны ауызға алу қылмыс саналды. Сол ғажайып дастанның босанар күні бүгін туды. Жаңа ұрпаққа, талантты оқырман қауымға ұсыну керек».

Тарихи дастан қайта жарияланып отыр.

КЕНЕСАРЫ - НАУРЫЗБАЙ

(Дастан)
Дүрі жауһар данасы,
Әркімнің алла панасы.
Жан біткенге несібе –

Дәрияның аққан саласы.
Үйсіздерге үй болған,
Би - отанның ханасы.
Кенесары, Наурызбай –

Абылай хан-ды бабасы,
Әуелгі мекен-тұрағы –
Көкшетаудың даласы.
Жазғы жайлау қонысы –

Ұлытаудың саласы.
Өте залым болмаңыз,
Мұсылманның баласы.
Ақырында олардың

Қырғыздан болды қазасы.
Кенесары ер болды,
Ел ішінде бір болды.
Қашқан, босқын жиылып,

Өз алдына қол болды.
Жұртқа тиіп кесірі,
Әркімдерге сор болды.
Қарсы келген адамның

Көзінің жасы көл болды.
Ақылменен іс қылмай,
Ақырында қор болды.
Қырғызға барып қырылып,

Ит пен құсқа жем болды.
Абылай ханның баласы
Асып туған Қасым-ды.
Арғы тегін сұрасаң,

Шынжыр қатар асыл-ды.
Саржан атқа мінген соң,
Төренің бағы ашылды.
Қарсы келген егесіп

Дұшпанның көңілі басылды.
Жалғыз Саржан не болар,
Есенгелді қосылды.
Кімге апарып теңейміз

Наурызбай сынды жасынды?!
Кенесары, Наурызбай
Атағы шықты аңқылдап.
Жауды үркітіп, қашырды,

Ақ алмастай жарқылдап,
Зәресін алды дұспанның,
Найзағайдай шартылдап.
Қасына ерген төлеңгіт

Олжаға батты қарқылдап.
Кенесары, Наурызбай
Мұсылманға жан тартты.
Ерегескен дұшпанның

Жылқысын алып, зарлатты.
Азырақ күн бақыты
Жанған оттай қаулапты.
Бір күндері болғанда

Тортөбөл атын ұрлатты.
Бас себебі сол болып,
Қырғызға қарай жол тартты.
Іргелі жұртқа кез болып,

Батырларды қан тартты.
Көзімен көріп, бұл сөзді
Нысанбай еді жырлаған.
Бар күнәсі қырғыздың –

Жалғыз атты ұрлаған.
Атын алған қырғызға
Хан үйінде жынданған.
Ерегеспен бұздырды

Қанайдың тамын сырлаған.
Күмісті садақ, алтын оқ
Кенекең жауға жолықты.
Ақ білегін сыбанған

Балуанды тойға жолықты.
Алыстан тоят көздеген
Ақ сұңқарға жолықты.
Айшылықты бір басқан

Қас тұлпарға жолықты.
Асқындаған пейілінен
Кенекем зорға жолықты.
Нөкерімен теп-тегіс

Бір ажалға молықты.
Ұсталар алар қолына
Қышқашы мен балғаны.
Тасқан нәрсе тегілер,

Бұл сөздің бар ала жалғаны?
Қырғыздан қорлық көрген соң,
Кененің көп-ті арманы.
Іледен өтіп жөнелді,

Өр Дулатқа барғалы.
Сол Дулатпен қосылып,
Қырғыздан кегін алғалы.
Барып еді, өр Дулат

Барғанын қабыл алмады.
Кене ханның сөзіне
Құлағын да салмады.
Асаулар үзді шідерді,

Сыйламай Дулат жіберді,
Сыйынып барған елінен
Кене хан үзді күдерді.
Дегені болмай қалған соң,

Қабағы ханның түнерді.
Күздің күні болған соң,
Қырғызға қарап үдерді.
Қазан айы болғанда

Қатуланды, қаттанды.
Іріктеп алған ерлермен
Хан қамаудан аттанды,
Құз асып қалың Шөңгірден,

Қосшы деген ел жатты.
Қоқилатып қырғыздар,
Қос-қосқа бөліп таратты.
Қалшаны ұстап байлатты

Хан болып халқын меңгерген.
Қарадан шыққан хан еді
Нашарды зорға теңгерген.
Қалшаға қырғыз баласы

Жалынып қана күн көрген.
Тартуына іркілмей
Отаулатып қыз берген.
Қисайған жыға түзеліп,

Кененің ісі жөнделген.
Қоқаннан ауған көп
Дулат, Қарағаштай ел келген.
Мәмбеттің ұлы Байұзақ,

Балқожа, Медеу ер келген.
«Жауың қайда? Мен - жолдас»,-
Хан Кенеге дем берген.
Сол елменен күшейіп,

Төрелер жайды қанатты.
Қарағаштай көп жұртты
Хан аузына қаратты.
Аттансын деп көп қосын,

Жұртқа салды санатты.
Сайлап алды ақ алмас,
Тастан қайтпас болатты.
Сегіз мыңдай кісі боп,

Өңшең байыр манапты.
Бұл сапарда Наурызбай
Таудан үлкен талапты.
Үш қамалды бір бұзып,

Қырғызды жаман талатты.
Қырғыздан түскен олжаға
Бір төлеңгіт бармады.
Бұл сапарда қазақтан

Біреу олжа алмады.
Көп дулатты хан
Кене Ақылменен алдады.
«Қызыл тұмсық болсын», - деп,

Олжамен аузын қандады.
Екіншілей аттанды,
Естіген дулат қалмады.
Олжаға мырза дегеннен,

Жалғызы қалмай, андады.
Тау суындай сарқырап,
Байұзақ келді төменнен.
Көңілі бітті айқасып,

Кенесары зеренмен,
Тілімдес болып олжаға
Наурызбай - асыл беренмен.
Он екі мың әскермен

Тағы аттанды кемерден.
Зеңбірегін асырды
Абылай аспас кезеңнен.
Құлақ шыңдап, көз тұнды,

Ақыл, айла, өнермен Кенесары,
Наурызбай Атадан асты дегенмен.
Абылай аспас асудан
Асамын деп өрледі.

Оңайлықпен қазаққа
Асуды қырғыз бермеді.
Әр жерлерден құралып,
Қырғыздың қолы кернеді.

Бесінге дейін атысып,
Қазақтың әлі келмеді.
Қарабалта, Соқылық
Аңғарынан шаң асты.

Қырғыз-қазақ екі жар,
Ескі жолға таласты.
Сол уақытта хан Кене
Амалынан адасты.

Қырғызды айдап шыға алмай,
Батырлар сонда бір састы.
Үйінде еркек қалдырмай,
Қырғыз да шыққан айдатып.

Соғысты қылды қазақпен,
Төскейде атты ойнатып.
Қызықсын деп асуға,
Қазына төкті жайнатып.

Асуға текті тайғақ қып,
Қазанға суды қайнатып.
Абылай аспас асудан
Асамын деп өктеді.

Асуын тастап қырғыз да,
Бас қамын қып кетпеді.
Ойдан атқан зеңбірек
Тау басына жетпеді.

Жесір менен мал алып,
Бұл сапар олжа етпеді.
Сол уақытта хан Кене
Жар етті Жаппар иені.

Аза болып сол жерде,
Алдырды екі түйені.
Шөгеріп салып, түйеге
Зеңбірегін сүйеді.

Тұрғызып қойып атса да,
Сонда да тауға тимеді.
Атасы өткен Абылай,
Тілеуді берген бір құдай.

Былтырдан алған басшысы –
Шапырашты Бұғыбай.
«Бұғыбай басшы қайда?» - деп,
Шақырып алды Наурызбай! –

Әй, Бұғыбай, Бұғыбай,
Қорлық болды бұ қалай?
Жол таба алмай қамалдық,
Амал тапшы бұған-ай!

Былтыр өзің келгеннен
Ханның алдың жарлығын.
Тар жол, тайғақ кешуде
Қолдың алдың жабдығын.

Бір ізіңнен жүргіздің
Үш алаштың барлығын.
Жалғыз жолдан аса алмай,
Тастың тарттым зарлығын.

Бұл сапар алдым ашылмас,
Дүниенің шектім тарлығын.
Сасқан жерде жол тауып,
Білінуші еді нарлығың.

Осы бүгін, Бұғыбай,
Қырғыздың көрдім қорлығын,
Алатаудан аса алмай,
Қазақ жолы байланды,

Бес күн удай атысып,
Түгесіп келдім айламды.
Осындайда болмаса,
Көремін қашан пайдаңды?

Осы бүгін күн батпай,
Көрсетші қанат жайғанды.
Тау басында қырғызға
Бір тигізші найзамды.

Айналайын Бұғыбай,
Аралатшы майданды!
Бұғыбай сонда сөйлейді: -
Қысылып тұр-ау жанымыз,

Тау басына жете алмай,
Болмады, сірә, сәніміз.
Жауыңды шаншып беруге
Келмейді, Науан, әліміз.

«Жол тап» - деген сөзіңнен
Төгіле қалмас арымыз.
Көп кешікпей, Науанжан,
Ханға таман барыңыз.

Баруға көңілің тілесе,
Ханнан жарлық алыңыз.
Томағамды сыпырып,
Қамау тасқа салыңыз.

Мұны естіп Наурызбай,
Алдына барды Кененің –
Түсі суық тартқанда
Төрт қырланған жебенің,

Ажал оғы келгенде
Қорғаны болмас көбенің.
Қолына толды қырғыздың
Басы тау мен төбенің.

Рұқсат берсең, Кенеке,
Барайын соған деп едім.
Салатұғын алдыма
Бұғыбай басшы ер еді.

Әдіре қалғыр Алатау,
Асуға қиын жер еді.
Қамалын барып бұзайын,
Кенеке, жауап бер, - дейді, -

Отыз жігіт сайланып,
Қасыма менің ер, - дейді, -
Тау басына барған соң,
Ойынымды көр, - дейді.

Кене хан сонда сөйлейді: -
Дұшпаннан бітсін ар, - дейді. –
Қолдағы өңшең батырдан
Іріктеп бәрін ал, - дейді. –

Көңілің шапса, Науанжан,
Ертерек сонда бар, - дейді. –
Екі-үш жүздей кісімен
Ойынды барып сал, - дейді.

Наурызбай тағы сөйледі: -
Алладан жәрдем күтейін,
Ата-бабам жар болса,
Бір мұратқа жетейін.

Былтырғы қылған азасын
Қырғыздың бүгін етейін.
Екі-үш жүз кісі көбірек,
Онша алып, тақсыр, не етейін.

Әскерден отыз батырды
Іріктеп алып кетейін.
Тәңірі қосса, қырғызға
Бір тамаша етейін.

Қиын жерде хандарға
Болады сүйеу қарашы.
Қысылған жерде әркімнің
Тәңірім болсын панасы.

Көп кісі қаптай шабуға
Арқаның бар ма даласы?!
Аз кісіге жақсы екен
Алатаудың арасы. –

Мақұл, - дейді хан Кене
Наурызбайдың сөзіне.
Сол уақытта Науаңның
Жан көрінбес көзіне.

Иесі тілек қылған соң,
Береді рұқсат өзіне.
Қайтармады меселін
Ұмтылып тұрған кезіне.

Қауырсынды, қанатты,
Таудан үлкен талапты,
Ер көңілді, қалма! - деп,
Жұртқа салды санатты.

Қалың қолдан саралап,
Алады өңкей манапты,
Ерегескен соғыста
Тастан қайтпас болатты.

Тауға қарсы түйлікті,
Сұңқардай жиып қанатты.
Отыз жігіт жөнелді –
Тәмәм қолдың беглері.

Бұғыбайды басшы ғып,
Қиын жолды көргелі;
Тау басында қырғыздың
Жазасын барып бергелі;

Қамалын бұзып, жол салып
Бейітін ашып келгелі.
Жаз жайлауы сары дала,
Қыс қыстауы Қарғалы.

Наурызбай кетті бөлініп,
Тау басына барғалы;
Қамалып тұрған қырғызға
Бір бүлікті салғалы.

Кенесары бастығы,
Төменде тұрып қалғаны.
Талап етіп ұрынды
Жаңадан бір жол салғалы.

Сауысқанның аласы,
Ағынан көп қарасы.
Кене хан сонда сөйлейді –
Абылай ханның баласы: -

Қол көрінбес шаң болды
Алатаудың арасы.
Қарағаштай көп қазақ,
Ханға болдың қарашы.

Ойда қоқан, қырда орыс,
Хакім болды қаласы.
Кімнен таяқ жегендей
Біздің қазақ баласы!

Алдырып жүрген дұшпанға
Ауызының аласы.
Дін мұсылман әлеумет
Бірге мінсе кемеге,

Үш алаштың баласы
Тізгінін берсе Кенеге,
Ер басына аяқтай
Тас көтерсек жебеге,

Тау басына шығатын
Жол салмасқа немене?!
Байұзақ датқа түйсініп
Бұл жауаптың тегіне,

Айтайын деп бір сөзді,
Жетіп барды кебіне.

- Ханның көңілі соғады

Таудан бір жол саларға.
Бір талапқа бет қойды
Тау басына барарға,
Бекініп жатқан қырғыздың

Қамалын бұзып аларға.
Ұят шығар төреден
Бөлініп біздер қаларға.
«Әйтелік» деп Байұзақ,

Қамшы басты бекерге.
Таудан жолды салайық,
Жабыл! - деді нөкерге.
Аттан түсіп алдымен,

Өзі бір тасты көтерді.
Басшы болды Байұзақ
Бір қайратты етерге.
Байұзақ аттан түскен соң,

Қасына түсті ханымыз.
Ханымыз аттан түскен соң,
Төгілер болды арымыз.
Бұзбасақ та ол тауды,

Түсе қалдық бәріміз.
Жабырласып қол қойдық
Жасымыз бен кәріміз.
Сол уақытта қарасақ,

Тау басынан шу шықты.
Қаптаған қара тұмандай
Мұнарланып бу шықты.
Бу десек, - мылтық түтіні,

Отыз көкжал бөрімен
Наурызбай төре сол шықты.
Бір кезеңге таластық,
Жау жоғары, біз төмен.

Жеткен екен қамалға
Наурызбай атты сұр берен.
Қарқарадай астында
Байұзақ берген көк дөнен.

Күн шығыс жаудың шетінен
Қамалға кірді көлденең.
Ор қояндай бұлтиған
Көк дөнен ат астында.

Камзол ішік құнтиған,
Ақ орамал басында.
Керұғлыға бергісіз
Отыз көкжал қасында.

Сол уақытта Наурызбай
Жиырма бес жасында.
Хан Кене мұны көрген соң,
Қалмады сабыр, қарары.

Қиын болды батырға
Таудан шығып барары.
Наурызбайды көрген соң,
Өлімнен кетті хабары.

Түтеген мылтық ішіне
Көзінің кірді жанары.
Наурызбай кірді қамалға
Күн шығыс жаудың шетінен.

Шыдай алмай хан Кене,
Ат қойды таудың бетінен.
Шөке атым жерге бармай-ақ,
Кетті ханның еркінен.

Сыпырылып қалып барады
Көк бурыл аттың көтінен.
Наурызбай кірді қамалға
Жанған оттай бұрқылдап,

Көк дөнен ат астында
Op қояндай бұлтылдап;
Батырлардың найзасы,
Найзағайдай жылтылдап.

Мұнан кірген батырлар
Онан шықты алқылдап.
Хан Кененің арманы –
Құмбелден жатпақ жай алып.

Наурызбай шықты қамалдан,
Найзасы қанға боялып.
Не жаны қалсын Кененің,
Наурызбайдан аянып!

Тарта берді шылбырдан,
Қылышын тасқа таянып.
Кене хан жөней берген соң,
Қалуға нөкер ұялып,

Тұс-тұсынан ат қойды,
Түйсініп қазақ оянып.
Кене хан кетті ұмтылып,
Шыққалы таудың басына.

Өлімге белін байлады
Әзелде жазған басына.
Қатарласып жөнелді
Кене ханның қасына.

Екі мыңдай кісі боп,
Шықты таудың басына.
Сол уақытта хан Кене
Жар айтты Жаппар Алланы.

Қабат-қабат оратып,
Қырық арқанды жалғады.
Тартып алды ойдағы
Зеңбірек пен арбаны.

Бір-екі рет атқанда
Күңіреніп кетті жан-жағы.
Есік-ежесік қиратып,
Қырғыздың шықты дал-далы.

Келгенін ханның көрген соң,
Наурызбай төре есірді.
Бөгежектеп жүрген ер
Еркінше шауып көсілді.

Жазыла алмай жүр еді,
Түйіні жіптің шешілді.
Қойға кірген бөрідей
Қырғызға салды кесірді.

Бір кіргенде ап келді
Тізілтіп неше жесірді.
Бас-басына таратып,
Жігіттің көңілін өсірді.

Абылай аспас асудан
Асамын деп өктеді.
Наурызбайдың ерлігін
Қырғыз, қазақ сөкпеді.

Төренің алдын орады,
Қырғыздар мерген төккелі,
Бәлені бастан кетіріп,
Хан айласын еткелі.

Зеңбіректі туралап,
Төте жерден бір атты.
Адам мен малды қабаттап,
Топырлатып құлатты.

Жөңкіліп жүрген қырғыздың
Жолшыбай кебін сұлатты.
Қамалған қатын-қыздарын
«Қоқилатып» жылатты.

Қызыққа тоймай батырлар,
Тереді таудың шиесін.
Бұл сапарда Наурызбай
Жар етті Жаппар иесін.

Қамалын бұзды қырғыздың,
Соғыстың тауып жүйесін,
Алып шықты үш жүздеп
Айғыр менен биесін,

Атан демей, нар демей,
Жетпіс-сексен түйесін.
Бөліп берді бәріне
Сыбағалы тиесін.

Наурызбай гүл-гүл жанады,
Ақ білегін сыбанып.
Жауды аралап қырады,
Қолына жасыл ту алып.

Шын қаһарға мінеді,
Ақша беті қуарып.
Бозбалаға сөйлейді,
Ағасын көріп қуанып.

- Абылай аспас асуда

Кенекем дүкен құрғаны.
Батырлардың жараспас
Майданға кірмей тұрғаны.
Кенекем келді біз үшін,

Үш алаштың қорғаны.
Аянбай бүгін іс көрсет,
Таманың батыр Құрманы!
Кеудедегі шыбын жан –

Ар-намыстың құрбаны.
Жар бола көр біздерге,
Атамыз өткен Абылай!
Осындай қиын жерлерде

Тілеуді бергей бір құдай.
Сендер едің қанатым,
Меңдібай, Дулат, Ағыбай,
Арғыннан шыққан үш жігіт

Шәкір, Жәуке, Толыбай.
Ұмтылыңдар, ерлерім,
Жан-жағыңа қарамай.
Мылтықтың оғы от алмас

Құлаққа дәрі тұтанбай.
Ақ кіреуке, көк сауыт
Таза жүрсе, тот алмай,
Мылтықтың оғын жібермес

Шығыршығы жұқармай.
Жаман жігіт тозады,
Жауды көрсе қотандай.
Атақты ердің бірі едің

Иісің шыққан жұпардай.
Аянбай бүгін іс көрсет,
Табыннан қабан Бұқарбай!
Тайынбай жауға кіріңдер,

Айбынды туған ерлерім!
Мінген атың тобышақ,
Күмісті қылыш белдерің.
Осындайда керек деп,

Көзімнің майын бергемін.
Ат мініп, жарақ асқалы
Бәрі осы ма көргенің!
Наурызбай батыр сөйлейді: -

Жара жоқ менің етімде.
Ойын салды бозбала
Алатаудың бетінде.
Мұнда қылмай қайратты,

Қосқа барып өкінбе.
Он екі самқал, жүз мылтық,
Кенекем келген секілді,
Кенекем келіп қосылды,

Кім тұрар оның бетінде?!
Ықпалың жүріп тұрғанда
Қылыңдар жауға өкімді.
Істерің жақса, бектерім,

Бұл соғыстың ретінде
Ұстатармын қолыңа
Қос-қосынан жетімді.
Жарасалық дегенде

Бергендей қырғыз бар малын.
Бітіре алмай төре жүр
Көңілдегі арманын.
Бетіне келер қырғыз жоқ,

Алып жатыр жан-жағын.
Және бұзды сол күні
Ақсудың барып қорғанын.
Соншама мықты берік еді

Ақсудың салған қаласы.
Екі жүз үйдің мекені
Ақсудың аяқ саласы.
Сегіз мыңдай бар еді

Сол күнгі қолдың шамасы.
Қорғанды бұзып, мал алды
Айман батыр ағасы.
Кенесары, Наурызбай

Келтіріп жүр кертіне!
Шауып, жаншып, талатты,
Қырғызды қоймай еркіне.
Бір бөлек қырғыз қалмады,

Қашып барып беркіне.
Бақыты шауып тұрғанда
Кене хан жетті сертіне.
Шауып алды тал түсте

Аспара мен Меркені.
Он екі мың кісінің
Көбі Дулат халқы еді,
Егескенде мұқату —

Хан Кененің салты еді.
Меркенің тұтқан ұлығы
Меделі деген сарт еді.
Ақауыз деген арғымақ

Меделі берген ат еді.
Ауызға кіріп сөз болған,
Тұлпардан артық зат еді.
Дұспаны қайтіп кемітер

Кене хан мен Науанды!
Дабысы кетті күңірентіп
Аспара мен Дуанды.
Қалың жатқан қырғызды

Жеңгеніне қуанды.
Қарақыстақ, Шөңгірге
Ұйысқан қырғыз қамалды.
Қол сыймады жүргенде

Алатаудың бауырына.
Дулатты хан жұмсады
Өшіккен қырғыз жауына.
Түсіп жатыр көп қырғыз

Кене ханның ауына.
Он мың кісі ат қойды
Кекіліктің тауына.
Мұнарланып шаң болды

Қызылсудың саласы.
Бұл сапарда жар болды
Хан Абылай бабасы.
Қырғызға лық толыпты

Алатаудың арасы.
Қол алдында жүр екен
Қырғыздың бір данасы.
Наурызбайға кез болып,

Тұра қалды жанаса.
Кәрібоз деген кісі екен,
Ер Қанайдың баласы.
Кәрібоз сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді: -
Ей, Наурызбай, ер терем,
Қарайып жүрмін қаныма!
Аза қорлық көрсетіп,

Қатты баттың жаныма.
Не жазығым бар еді
Кенесары ханыңа?
Бітті деп көңілі тынбады

Қырғыздағы арына.
Алмаған ары қалды ма
Қырғызда оның тағы да?
Құсшыны шапты шулатып

Қарақыстақ, Шөңгірден.
Қалшаны ұстап байлады
Хан болып халқын меңгерген.
Абылайдың тұсында

Қылған ісің жөн келген.
Қырғыздың жолы бар ма еді
Қалыңсыз саған қыз берген?
Қыстай шаптың елімді,

Малымды салдың телімге.
Босатып қондық, бостырып,
Атамекен жерімді.
Бұрыңнан-соңнан бар ма еді

Елшіге ниет өлімді?
Жаманқарамды өлтіріп,
Бір сындырдың белімді.
Тіріме қылсаң болмай ма,

Өлгенім саған не қылды?
Атаңның ақы бар ма еді
Есқожа, Қанай көрінде?
Ашуын бұған бассын деп,

Жерімді саған тастадым.
Бұл алғаның емес пе
Үстімді келіп басқаның?
Жалғыз-жалғыз ат мініп,

Қорғалап тауға қашқаным.
Не себептен хан Кене
Қырғызға мұнша өшікті?
Ақ қалпақты қырғыздан

Қазаққа берді несіпті.
Ат мініп, садақ асынған,
Бізді аямай кесіпті.
Есіркесең болмай ма

Жолыңда жатқан бесікті?
Балалы арқар баурайды,
Баласыз арқар маңырайды
Мейірімсіз мұнша іс қылдың,

Көп мұсылман зарлайды.
Төрелер, қайда барсаң да,
Рақымсыз атың қалмайды.
Не қалмақ пен шүршіттің

Қырынан шықсаң болмай ма?!
Наурызбай сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді: -
Жақсы айтасың, Кәрібоз,

Тату едім сенімен.
Қонысты кәпір алған соң,
Кенекем көшкен жерінен.
Бауыры суып ол жақта,

Қарашы болған елінен.
Он екі кісі жібердік
Бекбатырдай еріммен,
Бізге қоныс берсін деп

Қоқидың салған көлінен,
Екі ай жатты тұтқын боп
Жанқараш, Жантай бегіңнен.
Аулыңыз баса қонған соң,

Азар шыққан өлімнен.
Жаманқараңды өлтірдім
Өзіңнің салған жолыңмен.
Кім таласар құдайдың

Бендеге берген бағына?
Қорған болып халқына,
Әркім шықсын табында.
Қанайыңа мен қылдым

Кекті болған шағымда.
Сенің ақың бар ма еді,
Андасымның тамында?
Білмеймісің, Кәрібоз,

Мойнындағы жазаңды?
Жанқараш пен Жантайың
Айтып иман, зарланды.
Қойдым деп бізге ант берсін

Арағың мен бозаңды
Арағыңды қоймасаң,
Кенекем алар мазаңды.
Кәпірге ғазат қылғандай,

Наурызбай берер сазаңды.
Кәрібоз тағы сөйледі: -
Келтірермін кезіңді!
Ықпалың асып тұрғанда

Айта бер, төрем, сөзіңді.
Асқар тауға, Наурызбай,
Теңгере берме өзіңді.
Алтын жағаң қисайса,

Қырғыздар ояр көзіңді.
Талап алып, Наурызбай,
Малымды салдың телімге.
Аямадың, Наурызбай,

Басымды салдың өлімге.
Қорғанда жатқан қорқытып,
Аттарын алдың бегімнің.
Тастап көштің ол жақта,

Атаң қонған Абылай,
Қанды көйлек еліңді.
Кіші жүзге сыя алмай,
Тастай көштің жеріңді.

Төлегенұлы Жанқабыл
Ерлікке мықты, сенімді.
Тоқсан кісіңді өлтірген
Алып па едің кегіңді?!

Бітеу сойып басыңды,
Қоқанға берген теріңді.
Мейманаң тасса, Наурызбай
Досың кетер панадан.

Хақтан бұйрық келгенде
Жаның шығар қанадан.
Сенің атаң - Ер Қасым
Туғанында анадан,

Қан шеңгелдеп туыпты
Шараналы баладан.
Көп қорқытпа, Наурызбай!
Күнім түссе-көрермін,

Бұйрық болып құдайдан,
Қаза жетсе - өлермін.
Арманда болып кетпеспін,
Бір соғысқа келермін.

Жаппар ием жар болса,
Сазаңды әлі-ақ берермін.
Ержан кеткен түн қатып,
Хан қылған соң өкімді.

Төрт жүз кісі бөлініп,
Қалың қолдың шетінде,
Барлап қарап келгелі,
Жау бар ма деп бетінде,

Түнде кеткен аз кісі
Қапаланып, өкінді.
Жасанған жауға жолығып,
Ержан бір түскен секілді.

Ханға келді Наурызбай: -
Ержан жауға барыпты,
Бүгін мойны қалыпты.
Қаталанып ініңіз,

Бармағын тістеп, налыпты.
Кенеке, айтпай қайтейін,
Ініңіз қолды болыпты.
Пенде болып қырғызға,

Ержанның көңілі шөкпесін.
Ержан тұтқын болды деп,
Қырғызға дабыл кетпесін.
Бізді жоқтап Ержекем,

Көзінің жасын төкпесін.
Жолығыпты аңсызда
Ержан батыр аранға.
Ағасы өлсе алдында,

Інінің күні қараң да!
Аттансын деп батырлар,
Шашалық жарлық хабарды.
Енді мұнда, тақсыр хан,

Тұрмағымыз арам-ды.
Маған жауап беріңіз,
Екі-үш жүз кісі алайын.
Көп кешікпей, Кенеке,

Ержанды іздеп барайын,
Асуына шығармай,
Иіріп алып қалайын.
Қан құстырып келейін

Сақауқырғыздың талайын.
Кене хан жауап бермеді,
Наурызбай бүй деп келген соң.
Келіспестей керінді

Наурызбайды бөлген соң,
Қырғыздың қолы көбейіп,
Жақынға келіп төнген соң,
Қолға толды Самсы мен

Қызылсудың кемері.
Шығар мезгіл таянды
Ат пен ердің өнері.
Бір мезгілдер болғанда,

Ұзын бойлы, жебелі,
Күрең қасқа ат мініп,
Шеннің ұлы Бидері –
Жекелеп кірді майданға,

Ер Қанайдың немері.
Бидері кірді майданға: -
Жеке, батыр, жеке!- деп.
Қарсы қарап тұрады;

«Ке-ке, батыр, ке-ке!» - деп,
Жақын жерден шөкелеп.
Қазақтан ешкім шықпады
Жылдамырақ төтелеп.

Байұзақ датқа сөйледі,
Ашуланып, ақырып.
Халқына қарап сөз айтты,
Оң-терісті сапырып: -

Не қылып тұрмай отыр?!- деп,
Батырларын шақырып,
Дулаттан шыққан батырдың
Талайына батырып.

Қолға толды Самсы мен
Қызылсудың арасы.
Қысылған жерде әркімнің
Тәңірім болсын панасы.

Қарағаштай көп қазақ,
Ханға болдың қарашы.
Бидері кірді майданға, -
Қырғыздың бір баласы.

Оның бізден артық па
Атасы мен анасы?!
Билерге қарсы барыңдар,
Бізден бір батыр данасы.

Таусылдың ба, Мәмбеттің
Найза ұстаған баласы?
Батырлардың майданда
Қызбас болды ойыны.

Қайғыға толды бұл сапар
Қазақтардың қойыны.
Байұзақтың сөзіне
Бастамады тойыны.

Еш адам басын көтермей,
Төменге түсті мойыны.
Қырғыздың қолы көбейді,
Әр жерлерден құралып.

Қыстай мінген қазақы ат,
Тастап жатыр тұралып.
Шыдамады Наурызбай, -
Киіміне қыналып,

Түрегелді орнынан,
Шыбықтай белі бұралып.
Қамзол ішік үстінде,
Бауын үзіп белсеніп,

Ақауыз атқа мінді де,
Түсті таудан теңселіп,
Қатуланып жөнелді,
Алғалы жауды еңсеріп.

Наурызбай сөйлеп жөнелді: -
Батырлар, құлақ салыңыз.
Қарағаштай көп қазақ,
Бақытты болсын ханымыз.

Жау қарасын көргенде,
Қайтпасын бастан бағымыз.
Ержан түсіп қырғызға,
Дұспанға кетті арымыз.

Онан біздің артық па,
Майданға кірмей, жанымыз.
Ержан үшін жарассын
Ақбоз атқа қанымыз.

Қарағаштай көп қазақ,
Іс көрсетер күн бүгін.
Ержан түсіп қырғызға,
Бізге қайғы күн бүгін.

Арманда болған ер үшін
Кегін алар күн бүгін.
Қылыштасып майданда,
Қол сілтесер күн бүгін.

Таудың басын алсын тұман,
Жаппар ием болсын панаң!
Қырғыздарға бермей аман,
Ұмтылыңдар, келсе шамаң.

Болсын жауға ақырзаман,
Жаннан кешер күн бүгін.
Наурызбайдың сөнді зары,
Ұрыстың қызсын базары.

Кенекемнің қошқарлары,
Қайтпасын жаудан назары.
Болыңдар қырғыз тажалы,
Қол ұстасар күн бүгін.

Наурызбай мұны айтады,
Тартып-тартып жіберді
Ақауызды жанбасқа.
Қолын салып, суырды,

Тұрсынбай берген алмасқа.
Артына көзін салмады
Үйдегі қалған мал-басқа.
Наурызбай шыға шабады.

Кекіліктен зырқырап.
Бидері шапты қасқа атпен,
Құйындай шаңы бұрқырап.
Сонда басын көтерді,

Отырғандар көзі жылтырап.
Наурызбайдың сөзіне
Батырлары шыдамай,
Хан қасынан ұмтылды

Меңдібай, Дулат, Ағыбай,
Арғыннан шыққан үш жігіт –
Шәкір, Жәуке, Толыбай.
Олардан кейін қала ма

Табыннан қабан Бұқарбай!
Сегіз кісі жөнелді,
Наурызбайдың соңынан.
Бұл сапарда төренің

Жұлдызы туды оңынан.
Шаба алмайды қазақы ат
Тас пен таудың тоңынан.
Бидері сонда сөйледі: -

Патша зада баласың,
Алдыңа айдап, қырдың сен
Қырғыздың қатын-баласын.
Жеке келсең болмай ма,

Ақылың асқан данасың!
Тайғандарыңды ертіп,
Төрем қайда барасың?
Жолсыз істі қылмағын,

Наурызбай асыл ер еді.
Артына қарап сол жерде,
Батырларын көреді.
Оларға қарап сөз айтып,

Қайтуға жарлық береді.
Әрбіреуің шерге ұсап,
Келдіңіз бе, нарымыз?
Шығасы болса кеудеден

Бүгінгі күн жанымыз,
Келгенменен, ерлерім,
Қорғауға келмес халыңыз.
Берсе тәңірім абыйыр,

Түсірген атымды алыңыз.
Жазым болсам, артымнан
Сүйегіме шабыңыз.
Қырғыздың айтқан сөзінен

Төгілер болды арымыз,
Сөзге сынық болмайын,
Ерлерім, кейін қалыңыз!
Бидері менен Наурызбай,

Жақындасып барысты.
Астындағы мінген ат
Ауыздыққа қарысты.
Ат үстінде алысты

Найзаменен салысты,
Бір-біріне жабысты,
Керегедей қабысты.
Ерлерінің артына

Мініп-мініп қалысты.
Және қайтып екеуі,
Бұрқ-сарқ етіп айқасты.
Айқасып қалған мезгілде

Төренің асты айласы,
Қайраттың тиді пайдасы.
Шолтаң етіп Бидердің
Аспанға шықты найзасы.

Бидер шығып жолыққан
Қызылсу, Самса бауырынан.
Наурызбай шығып жолыққан
Кекіліктің тауынан.

Айқасқанда екеуі,
Өшігіскен жауынан
Бидер барып жығылды
Күрең қасқа аттың сауырынан.

Қыстай шауып жол болған
Шу менен таудың арасы.
Бұл сапарда жар болды
Хан Абылай бабасы,

Қырғыз аттан жығылып,
Батып еді қарасы.
«Я, құдайлап» шуласты
Үш алаштың баласы.

Аллаға Науан сыйынды,
Аузы кетпей тілектен.
Қайраты көп болған соң,
Найзасы аумай білектен,

Шанышқан екен Наурызбай
Бір қырғызды жүректен.
Сыртына шығып, найзасын
Жерге басып, тіреткен.

Суырылмай темірі,
Қанменен қатты-ау жібектен.
Әр тараптан қырғыздар
Жағалай шауып жиектен,

Тұс-тұсынан ат қойды,
Үміткер болып сүйектен.
Жалғыз шапты Наурызбай,
Жауға қарсы енуге.

Арасы алыс дауыстап
«Барма, мұнда кел» деуге,
Шауып барып Бұқарбай,
Ат үстінде көлбеді,

Өткізіп қашты шылбырын
Ер Бидердің белбеуге.
Үш ай тоқсан күн еді.
Шаруа шешкен күйегін.

Науан бұл жол ағытты
Ерлігінің тиегін.
Түсіріп төре кеткенде,
Кене хан қақты иегін.

Бұқарбай батыр ап келді
Ер Бидердің сүйегін.
Қазақ, дулат жиналып,
Мақалай қылды сүйегін!

Ағыбай батыр шабады,
Қашқан атын көреді.
Қырғыздан қорқып таймады,
О да қайсар ер еді.

Алып ханға келеді,
Тарту қылып береді.
Бұқарбайды мақтады: -
Бәрекелді, ерсің!- деп,

Ағыбайды шақырды, -
Атын алып келсін,- деп, -
Сүйекке шапқан ер болар,
Атын соған берсін, - деп,

Сүйекке шапқан ер болар,
Әркім мұны көрсін деп, -
Жауға шапқан батырлар
Намыстанып өлсін, - деп. –

Көңілде үлкен ер едің,
Сүйекке неге шаппадың?!
Жарамады олжа деп,
Ағыбай, атқа шапқаның.

Сүйекке шапқан ер екен,
Бұқарбайды мақтадым.
Ағыбай батыр қорланды,
Екі жағына сыймады.

Ішін жарып өлерге
Жанынан пышақ таппады.
Олжа болад баласы
Ер Бидердің артынан.

Ораз кірді майданға,
Озып жүрген халқынан.
Ол да айтулы ер еді
Сұңқар құстай талпынған.

Ораз келді жұлқынып,
Бастан ауған бағы бар.
Қатын түсіп қазаққа,
Қарайып жүрген қаны бар.

Аза қорлық кірген соң,
Тек шықпаған жаны бар.
Жаны нағып шыдасын,
Дүниенің не сәні бар –

Наурызбайдың қосында
Некелеп алған жары бар.
Шуыменен қопарып,
Ораз шапты ар жақтан.

Екі беті қызарып,
Наурызбай шапты бер жақтан.
Қырғыз, қазақ екі жар
Қарап тұрды жан-жақтан.

Найзаларын көтеріп,
Бірін бірі көздеді.
Ашуланған батырлар
Жолыққанша төзбеді.

Бірін бірі аямай,
Ет жүректі мезгеді.
Ораз батыр жығылды,
Найза бұрын кез келді,

Ақбоз аттың сол жақтан
Ораз барып жығылды.
Қайтып адам болмастай,
Шыбын жаннан түңілді.

Тілге келмей сол жерде,
Жер бауырлап сүрінді.
Баяғы сөзден Ағыбай
Қарайған екен қанына-ай.

Жеткен екен төпелеп
Наурызбайдың жанына-ай.
Түсіріп төре кеткенде,
Шауып барып Ағыбай,

Көтеріп алды Оразды
Телқоңыр аттың жалына-ай.
Қоқилатып қырғызды,
Бермей кетті тағы да-ай.

Қазір оңға қарап тұр
Наурызбайдың жұмысы.
Әзір аса біткен жоқ
Хан Кененің тынысы.

Қара ала атты бір қырғыз,
Жаңқараш бидің інісі,
Жекелеп кірді майданға,
Батыр екен мұнысы.

Наурызбай қарсы шабады
Жеке шыққан батырға.
Тайынбай қарсы келеді,
Қашатұғын қатын ба?!

Жалақтатып найзасын,
Жетіп келді жақынға.
Алақтатып састырып,
Батырды ұрды қапыда.

Жеке шыққан батырдың
Бәріне берді ақылды.
Орнынан тұрмай жатсын деп,
Найзасын қатты батырды.

Қызыл ала қан қылды
Қызыл судың жиегін.
Науан бұ жол ағытты,
Ерлігінің тиегін.

Жақын жерде қырғыз жоқ,
Өзі алып қалды сүйегін.
Шапқан сайын Ақауыз
Жерді тарпып, өктеді.

Наурызбайдың ерлігін
Қырғыз, қазақ сөкпеді.
Екі мың қырғыз жиылды,
Қазақпен соғыс еткелі.

Ерлердің алдын орады
Жаяу мерген төккелі.
Жекелеп енді соғыспай,
Қырғыздар тұрды бекерге,

Хан иек қақты нөкерге.
Арба арысын көтерді,
Зеңбірекке оқ берді,
Құлағына от берді.

Асығыс атты байламай,
Алдында әскер жоқ болды.
Зеңбіректің аузынан
Сылдыр-сирек топ келді.

Зеңбіректің ауызы
Қолдың болды көбіне.
Сегіз кісі ұшырды
Сылдыр-сирек шетімен.

Бір боз атты ұшырды
Қолдың арғы бетінен.
Мұны көріп қырғыздар,
Ойран болып бүлінді.

Қасында тұрған Наурызбай
Сұңқардайын ілінді.
Және оқтап атқанда
Бір керемет білінді:

Ұрмай-соқпай, зеңбірек
Ортасынан бөлінді.
Қырғыздар шыдап тұра алмай,
Қаша берді алақтап.

Наурызбай кетті соңынан,
Найзаменен шабақтап.
Бір-біріне ат қойды,
Қырғыз, қазақ жан-жақтан.

Бір тозаңның астынан
Гүл-гүл жанып, ыржақтап,
Шыға келді Наурызбай,
Тоғыз ат алып салақтап.

Он бес атты ап келді
Меңдібай, Дулат, Ағыбай.
Он екі атты ап келді
Шәкір, Жәуке, Толыбай.

Он төрт ат бар қолында
Қабан менен Бұқарбай,
Құрбан келді төрт атпен,
Нөпірі шығып тұлпардай.

Бәрі келіп қосылды
Қызылсудың беліне.
Көңілі бітті Науанның
Тұз татырған еріне,

Науан тағы жөнелді
Таудың төскей өріне,
Қашып барып қырғыздың
Қамал соққан жеріне.

Жөңкіліп жүрген қырғыздың
Наурызбай үстін қаптады.
Сегіз мерген бір жерде
Беліне шіреніп жатқаны.

Жалғыз барған төрені
Бәрі тегіс атқаны.
Шара бар ма, құдайдың
Бұ сапар да қаққаны.

Қой боғындай қорғасын
Қаза болып таппады.
Мылтығын тастап тас-тасқа,
Қайта қашты мергені.

Лап қоя шапты қырғыздар
Мергеннің атын бергелі.
Жалғыз шауып Наурызбай,
Қырғыздың жолын кернеді.

Үшеуін шаншып өлтірді,
Бесеуі тірі, өлмеді.
Бес мергенді тірі айдап,
Ханға алып келгені.

Сегіз мылтық өңгеріп,
Тарту қылып бергені.
Сол уақытта Ақауыз
Жер тарпиды оянып.

Наурызбай жүр үстінде,
Қылышы қанға боялып.
Қанына қырғыз қарайды,
Несіне тұрсын аянып.

Наурызбайдың үстіне
Бәрі келді таянып.
Аллалап жүрген қырғыздың
Желі тұрды оңынан.

Ай мүйізді қошқардың
Бәрі тартты қоңынан.
Ақауыз ат құлады
Қырғыздың атқан оғынан.

Наурызбайға ұмтылды
Қалың қырғыз шоғынан.
Қызылсу мен Дуанның
Аңғарынан шаң асты.

Қырсықтың алды емес пе,
Төреден әркім адасты.
Қырғыз, қазақ екі жар
Наурызбайға таласты.

Қырымда жүрген Бұқарбай
Атына қамшы бір басты.
Үзеңгісін шығарып,
Наурызбайға жанасты.

Бұқарбайдың алдына
Наурызбай алды мінгесіп.
Жауға түсіп қалмасқа,
Қаша берді «шүу» десіп.

Наурызбайды тұтпаққа,
Қырғыз да қуды ілесіп.
Қазақтан адам аз болды
Бермейтұғын тіресіп.

Қорғайын деп қырғыздан,
Ағыбай сыртын айналды.
Шамасы келсе тіресіп,
Қорғамаққа ойланды.

Бұқарбай мен Наурызбай
Салар еді ойранды.
Мінгесуі бір атқа
Олардың қолын байлады.

Сол уақытта қырғыздар
Басқын жетігі өрледі.
Жалғыз өзі Ағыбай
Қорғауға әлі келмеді.

Алдыңғы жеткен қырғызды
Араға түсіп кернеді.
Қолындағы найзасын
Оңды-теріс сермеді.

Атасы өткен Абылай,
Тілеуді берген бар құдай.
Бұқарбай мен Науанға
Ұмтылды қырғыз жабыла-ай.

Шәкір де жетті бір жақтан,
Қабан менен Меңдібай.
Кертайлақ атты жеткізді
Жәуке менен Толыбай.

Кертайлық ат жеткен соң,
Мініп алды Наурызбай.
Сегіз кісі бас қосып,
Су бойында ауысты.

Тоқтата алмай көп жауды,
Үстіртке ойнап шығысты.
Кезек жұмсап келеді
Найза менен қылышты,

Қалың жеткен қырғыздан
Ала алмады тынысты.
Сыйынады батырлар,
Аузы кетпей тілектен.

Шұбыртпалы Ағыбай,
Талайды шанышты жүректен.
Араласып, Шәкірдің
Мылтық тиді білектен.

Итшілесіп, сілкісіп,
Қорғап шықты түбектен.
Бұл сапарда құдайым
Ерлердің жолын оңдады.

Кертайлақты мінсе де,
Ақауыз аттай болмады.
Астына мінген атына
Төренің көңілі толмады.

Артынан жеткен қырғызға
Ұмтылуға болмады.
Сонда да тәңірі жар болып,
Тұтылып жауда қалмады.

Құтылып келіп Наурызбай,
Ханның түсті қасына.
Көріп еді көп істі
Әзелде жазған басына.

Келе сөйлей береді
Құдайменде ағасына.

- Тау суындай сарқырап,

Дулат жатыр өреңде.
Қырғыз тұтқын қылыпты
Ержан сынды беренді.
Қырғыз тұтқан шағында

Арманда кеткен зереңді:
«Екі ағам, бір інім бар,
Іздер ғой мені», - деген-ді.
Сөйдеп айтқан Ержанның

Ағасының бірі - сен.
Ұзақ күнгі майданда
Бір көрмедім сені мен.
Бір нәсілдің ішінде

Мұнша қалай тудың кем?
Жауға қарсы бармастай,
Қатынменен болдың тең!
Сені қара басты ма,

Қолыңа найза алмастай?
Жүрегің ұшып кетті ме,
Жауға қарсы бармастай?
Қызметі сенде бар еді,

Ержанды естен салмастай!
Намысы сенде бар еді,
Артынан тірі қалмастай.
Ала бір таудың жылғасы,

Баурында ойнар құлжасы.
Тар жерде жолдас болады
Ерлердің найза құрдасы.
Белсеніп жауға шабады

Жігіттің жанға мырзасы.
Ержан болса қасымда
Бөлекше туған тұлғасы,
Болар ма едім қазаққа

Әзіл сөздің олжасы?!
Балалы арқар баурайды,
Баласыз арқар маңырайды.
Күйік қылмай көзіме,

Жасаған сені алғай-ды!
Сүйегімнен бұл таңба
Өлгенімше қалмайды.
Ержан жауға түскенше,

Сен жауға түссең болғай-ды
Ендігі жерде сөйлейін
Болған істі бастағы.
Бәрі де жау боп көрінді

Алатаудың тастары.
Елден бұрын Нысанбай
Жоқ сұмдықты бастады.
Қобызы қалды қосында,

Түзеді бетін қашқалы.
Өз басын алып құтылмақ,
Іздемеді басқаны.
Алты ай шауып жол болған

Шу менен таудың арасы.
Бұл сапарда қазақтың
Болмады қабыл тәубасы.
Рүстем менен Сыпатай –

Дулаттың нағыз баласы
Үндес болды қырғызбен,
Әне, ауыздың аласы!
Он екі мың дулатты

Қашырды түнде, расы.
Жамандық қылған мұндардың
Мойнына болсын жазасы.
Қазақтың көбі қырылды,

Қанды ма екен табасы?!
* * *
Сол барғаннан төрелер
Елге қайтып келмеген.

Үй, жамағат, малымен,
Халқын, жұртын көрмеген.
Құтылуға қырғыздан
Тілегін құдай бермеген.

Қырғызда қалды тұтылып,
Не еткенін ешкім білмеген.

КЕНЕСАРЫ МЕН НАУРЫЗБАЙДЫ ЖОҚТАУ

Нысанбай жыраудың қырғыздан қашып құтылып, елге келген соң, Кенесары, Наурызбай төрелерді жоқтаған есепті айтқан азырақ сөзі.

Қоғамы күшті ер еді,
Киімді бала тудырған.
Ықпалы жүрген ер еді,
Алтынды қылыш будырған.

Абылайлатып ат қойып,
Дұспанды көрсе қудырған!
Көп сарғайтып келместей,
Кене хан, саған не болды?

Тұлпардан сайлап ат мініп,
Дорбадан жемін жегізген.
Жем орнына бал беріп,
Қысырдың сүтін емізген.

Басқан қалың жау жетсе,
Алып та шығар теңізден.
Кенекемді қалдырып,
Көк бурыл, саған не болды?

Патшада бар алтын тақ,
Жасынан Жаппар берген бақ.
Зілді қара бүркіттей
Шабытты туған сұғанақ.

Қанаты жоқ, құйрық жоқ,
Бір анадан жалғыз тақ.
Көп сарғайтып келместей,
Наурызбай, саған не болды?

Кенекем менің кеткен соң,
Заманым қалды тарылып.
Салтанатты хандардан
Жетім қалдым айрылып!

Екі бірдей қанатым
Топшыдан сынды қайрылып!
Балдағы алтын ақ берен
Тасқа тиді майрылып.

ДОСКЕЙ ӘЛІМБАЕВ

(1850-1946) Көрнекті әнші-композитор, жыршы, әңгімеші, ақын Доскей Әлімбаев ұзақ өмірінің сексен жылын жыр толғап, ән шырқап өткізген. Оның үстіне, Сарыарқаны ән мен жырға бөлеген, өнерімен ерге өрлеген Басығараның Қанапиясы, Құлтума, Шөже, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Ғазиз, Естай секілді дүлдүлдермен бірге жүрген. Доскей ақын жүздеген жыр-толғаулармен бірге, «Бақыт іздеуші тазша», «Қажымұқан», «Жетім бала мен жебір уәзір», «Тоқа батыр», «Кенесары», «Қара шолақ сиыр» тәрізді дастандар жазған. Атап өтерлік жайт, 1941 жылы көрнекті фольклор зерттеушісі Есмағамбет Ысмайылов пен ақын Қалижан Бекқожин «Кенесары - Наурызбай. Кенесары және оның батырлары жайындағы жыр-дастандар және аңыз-әңгімелер жинағын» дайындапты (көлемі - 30 баспа табақ). Бүгінгі таңда қазақ халқының тәуелсіздігі үшін жан аямай күрескен батырлар туралы жыр-дастандарды ел кәдесіне жарату - абыройлы іс болса керек. Доскей ақынның төмендегі «Кенесары» атты шығармасы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғылыми қолжазбалар қорынан (176-бума) алынған.

КЕНЕСАРЫ

(Поэма)
Сөз шығады ақылдан,
Ақыл айтар жақсы ғой
Айрылмаған жақыннан.

Бақытты бала туады
Мейірімді қатыннан.
Бір хикаят сөйлейін,
Арғы атасы Абылай,

Қасым ханның баласы
Кенесары батырдан.
Наурызбай туды ер болып
Бір шешеден артынан.

Екеуінің бағы асып
Қара қазақ, халқынан,
Жаңылмаған осылар
Уәденің шартынан.

Бұны естіген ерлердің
Денесі иіп, балқыған.
Ер Наурызбай ойлайды:
Теке жәуміт мінсем деп,

Найза теспес, оқ өтпес
Шеге көз сауыт кисем деп;
Кенекеңнің артынан
Жолдас болып ерсем

Жау қарасын көргенде
Жекпе-жекке келгенде.
Иіле түйреп етектен,
Абылайлап тисем, деп;

Дос, дұшпанның арасын
Айырып әбден білсем деп;
Қонысыма таласқан
Дұшпанды әрі түрсем деп!

Сарыарқаның даласы
Халқының қазақ, жері еді.
Қалмақ, қытай, шүршітпен
Ел емес бірге дер еді.

Оңтүстіктен тағы да
Бір жау қаптап келеді.
Екі жақтан қысқан соң,
Ат төбелі секілді

Сорлы қазақ баласы
Таршылықты көреді,
Қалайша күн көреді?!
Құдайы қылып, мал сойып,

Аман қыл деп халықты,
Әуелден батыр тіледі.
Ел үшін жаға жыртысқан,
Жабысып жаумен қырқысқан

Наурызбай мен Кенені
Мақтауыма келеді.
Арамдыққа ауған соң
Қазақтың кейбір баласы,

Патшаның келіп жабылды
Арқаға нақақ жаласы.
Бұған қалай шыдасын
Кенекемдей данасы!

Кенесары батырға
Қан жауғандай боп кетті
Жер мен көктің арасы.
Кенесары батырдың

Қан толғандай қызарды
Көзінің ақ пен қарасы.
Қастығын патша қоймаса,
Дұшпандығын жоймаса,

Өртенер деді қаласы.
Айдарлысы құл болып,
Тұлымдысы тұл болып,
Екіталай күн туып,

Ботасы өлген түйедей
Боздап қалар анасы.
Жүрегіне дақ салар
Найзадан болған жарасы.

Омыртқасы үзіліп,
Қабырғасы қақырап,
Жыртылар деді жағасы.
Опасыз туған болса ұл,

Өлімен тең бағасы.
Елін сатса жауына,
Ол - жүректің қарасы.
Наград берем деген соң,

Қыпшақтан кетті Ыбырай.
Советник боп Тұрлыбек,
Ол да кетті сұмырай.
Басентиін Мәсеке,

Шыдап тұрсын ол қалай?
Қаз дауысты Қазыбектің
Әруағын аттап, сыйламай,
Ауылынан кетті Шалғынбай.

Жемсауы кеуіп параға,
Тобықтының елінен
Суырыла шықты Құнанбай.
Құдайменде қалған жоқ,

Қоңыр төре қалған жоқ,
Найманнан шыққан Ерден де
Алды-артына қарамай,
Ол да кетті жарамай,

Параны жақын жағалай.
Мұның бәрі Кенеге
Қасірет болды бірталай.
«Ойран салмай жауыма,

Шындаймын, - деді, - мен қалай?!
Қазақтың жиып батырын,
Басын қосып жыяйын.
Қолды түзеп көк найза,

Желкесін жаудың қияйын.
Арғыннан шыққан Ағыбай,
Шапырашты Бұғыбай,
Толқынта найза сілтеген

Шәкір, Жәуке, Толыбай,
Азға қуат беретін
Туған інім Наурызбай,
Қайратты қалай тияйын?!

Атамның еді жолдасы,
Қарт Бөгенбай бар еді,
Соған барып дос болған Т
Тарақтыда Байғозы,

Назымды соған құяйын.
Төруылда Жанайдар
Жиһан асқан ер еді.
Тамадағы Танашты

Шақырса, ол да келеді.
Базар батыр, Бөрші де
Ерегіскен дұшпанның –
Жау жазасын береді.

Көбек батыр және бар
Жауға жеке кіретін.
Бижан батыр тағы бар,
Мінген аты көк шағыр,

Әкесінің аты - Алшағыр,
Жарғыштың жеті бір еді,
Қайраты мұның ірі
Оған еріп жолдас боп

Көкаласын мінеді, -
Немересі Жұманның
Байқан батыр келеді. –
«Ерегіскен тақсыр-ау,

Жауың қайда?» - дер еді.
Байқан батыр ерлігі
Оның-дағы мол еді...»
Кенесары батырдың

Жауға аттанар жолы еді.
Жиналған осы батырлар
Сегіз жүздей қол еді.
Кененің сонда мінгені –

Сансыз қолдан озатын,
Шамадан алған торы еді,
Батырлар шығып жайнады,
Наркескенді қайрады.

Арғымақ тұлпар мінгені,
Беттері жаудан таймады.
Тоғыз күндік Бетпақтың
Шөліне қарай айдады

Жолдан естіп қосылды
Батырлар тағы қайдағы –
Ләшкерге толды деп естіп,
Ақтаудың тегіс аймағы.

Жауға жақын ілінді
Бекінген қойнау сайдағы.
Кене айтады халқына:
«Мен айтайын жөнімді:

Қолды бастап қамалға
Кіретін осы жер,- деді, -
Күнбатыс жағын алайын!» -
Дегеннен соң Кенекең,

Тоғыз батыр қасында,
Наурызбай батыр бөлінді.
Наурызбай батыр ерліктен
Оттай қаулап жанады.

Қамал бұзған батырдан
Тоғызын сайлап алады.
Жаудың бетін білуге
Жер байқауға барады.

Түнде кез боп көп қолға,
Абылайлап ат қойып,
Түнде қырғын салады.
Таң атқанда қараса,

Батырларын санаса,
Өлген екен біреуі,
Өзгесі аман қалады.
Көбі өліпті дұшпанның,

Көбі бопты жаралы.
Қолға түскен жауының
Қаруын жиып алады.
Қайта келсе Ақтауға,

Қамап жатқан өз қолы.
Кенесары батырдың
Қаптаған екен көп қолы.
Мұны көрін қуанып,

Наурызбай айтты бір сөзді:
«Қандай қамал болса да,
Жауды аламыз бұл жолы!»
Кенесары шақыртып

Наурызбайды алады:
«Аман-есен келдің бе,
Ерлігің мен қайратың,
Ә, шырағым, жарады!

Бағымызды ашса бір құдай,
Салдырған патша далаға
Өртейік тегіс қаланы.
Тегіс құртсақ қаланы,

Зорлығынан құтқарып,
Алармыз аршып даланы.
Сөзіме менің нан, шырақ,
Қасыңа жолдас ал, шырақ,

Ағыбайды, Бижанды,
Жанайдарды ертіп ап,
Ақтауға өртті сал, шырақ!»
Наурызбайдай батырдың

Ақауыз еді мінгені.
Ағаның естіп жауабын,
Белгілі болды сенгені.
Сол күнгі айтқан түнінде,

Тамадан шыққан Танаш бар,
Наурызбайдың досы еді
Жолдаяқ дейтін бір батыр,
Екі мың қолмен екеуі

Сол күні - түні келгені,
Теке жәуміт мінгені,
Көкпеңбек сауыт кигені.
Мұны көріп қуанып,

Абылайлап Наурызбай,
Өрт салуға Ақтауға,
Шаңқай түсте кіргені.
Ағаш үй жанды өртеніп,

Есепсіз жаудың өлгені,
Сауынан көп болды өлгені.
Көшесінен Ақтаудың
Қып-қызыл боп қан ақты.

Мылтық атып бір жақтан,
Қолмен тартқан садақты.
Бір жұмада сап қылды,
Қарсылық етпей қалғаны,

«Мен сіздікпін» деді де,
Құшақтады аяқты.
Ақтауды алды, кенелді,
Батырлар салған өнерді.

Он екі мыңдай қол болып,
Ақмолаға жөнелді.
Бастығы болған бәрінің
Кенесары, Наурызбай.

Екінші батыр тағы да
Арғыннан шыққан Ағыбай.
Бұларға теңдес тағы да
Батырлар бар бірталай.

Он екі мың қолменен
Қараөткелге жетеді.
Аялдап оған тоқтамай,
Көкшетауға өтеді.

Қайтқан жолда алам деп,
Қызылжарға кетеді.
Жиылып ұлық жатыр деп,
Керей тіккен шатыр деп,

Жолдыөзекке жетеді.
Қалың қолмен келді деп,
Керей қорқыныш етеді.
Тегіс алып керейді,

Ескі кегі бітеді.
Тұрлыбек қолға түскен жоқ,
Бер жағында Омбының
Клумзинге жетеді.

Губірнатырға Омбыда
«Мен келдім, қарсы келсін», - деп,
Кенекең хабар етеді.
Көп солдатты ертіп ап,

Губірнатыр Ертістен
Жау бетіне өтеді.
Елшісін ол жіберіп,
Өздері қалып үдеріп:

- Қайтем дейді әскер аз,

Кімге әлі келеді...
Кенекең жауап береді:

- Қолымда найза жебелі,

Тартсам садақ шеркеудің
Басын жұлып кетеді.
Гүбірнатырға айта бар,
Кеп әскері қолымнан

Төтеп бермей өледі.
Гүбірнатыр айтыпты:
Атсын, - депті,- көрейін,
Мергендігін білейін.

Кіресін шеркеу құлатса,
Қалағанын берейін, - дегенде, Кене
«Педпіскі Берсе, - депті, - сенейін.
Аруағына Абылайдың

Сыйынып, атып көрейін.
Дұшпанның көңілі басылып,
Үстем болсын мерейім».
Шақырып алды алдына

Ағыбайды тобынан:
Атамын,- деді,- шеркеуін
Садақпен тартып жонынан.
Гүбірнатыр қайтпасын

Өзінің айтқан сөзінен.
Қайтса сөзден мерт болып,
Шабайық жауға тезінен.
Клумзиннің бір жағын

Түгел бізге бермесе,
Обалын көрсін өзінен.
Егер оғым алжасып,
Қате кетсе далаға,

Қалағанын ол да алсын,
Мен қайтпаймын сөзімнен.
Осылай сөз байлады,
Батырдың күші қайнады,

Көзі шоқтай жайнады,
Беті жаудан таймады,
Көк бурылды мініп ап,
Шеркеуге жақын айдады.

Садағына оқ салып,
Кідірместен тоқталып,
Атуға белді байлады.
Жүгіртіп келіп бурылды,

Шіреніп тартты садақты.
Көрсетті қалың тобына
Қайрат пенен таланты.
Шыдай алмай күшіне,

Тізесін бүгіп, ат жатты.
Ыза болып атына,
Барып-қайтып тағы атты.
Үшінші рет болғанда

Аузына алды аруақты.
Бурылына күш бітіп,
Тағы тартты садақты.
Басына шеркеу дәл тиіп,

Кіресін жұлып құлатты.
Гүбірнатыр көзімен
Мергендігін көреді.
Іштен тынып, үндемей,

Кенеден сезіктенеді.
Уәдесін бұза алмай,
Клумзинге қараған
Ертістің бойын береді.

Ойдағысын орындап,
Қайраты сыймай бойына,
Көз жіберіп қарайды
Арқаның қыр мен ойына.

Бекітпекке қонысты,
Баса-көктеп орнаған
Отаршылмен соғысты
Отаршылға басшы боп,

Көтеріп қоржын, қосшы боп,
Жағынып күткен ұлықты,
Шекпен үшін, сен үшін
Халқына салған құрықты –

Қиратпаққа қасқарды –
Би менен бек, болысты.
Семейге қарай құлады,
Семейді жаудан босатып.

Алудың қамын қылады.
Жинап алып сарбазын,
Кең мәжіліс құрады.
Шағанның бойын жайлаған

Найман менен тобықты,
Балқаштан құлап барлығы,
Хан тауында жолықты.
Үйсін, дулат елдері,

Көкірек, сәмбет, жалайыр,"
Бұның бәрін түгендей,
Әңгімеге молықты.
Ауыр қолмен келген соң,

Соңынан Кене еруге
Бәрі сөзді қорытты.
Сонда Кене сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді: -

Қара қазақ баласын
Қол астыма жияайын.
Қазақ үшін құрбан ғып,
Шыбын жанды қияйын.

Ерегіскен дұшпанды
Ауыздықтап, тыяйын.
Халқымның қамын жеп жүрмін,
Елдің кегі деп жүрмін.

Бір басымның қамы үшін,
Елдің сатып намысын,
Қоныс тауып қолайлы,
Деп жүргем жоқ «сыяйын!»

Қырғыз-қазақ баласы,
Отырған көрші ел едің.
Салтанатың жарасқан,
Еркін өскен ер едің,.

Басыңды қосып бәріңнің,
Ел қылайын деп едім.
Салдырған патша қаласын
Жер қылайын деп едім.

Оққа көзін тестіріп,
Шел қылайын деп едім.
Көзден жасын ағызып,
Сел қылайын деп едім.

Арқаның күйін келтіріп,
Гүл жайнатып қонысын,
Ел қылайын деп едім.
Терезесін патшамен

Тең қылайын деп едім.
Мақұл керсең соңыма ер,
Кенекем берер көмегін
Айқасуға жауыммен

Қырғыз боп тұр керегің! -
Деп Кенекең елшісін
Жібереді қырғызға,
Білуге бір дерегін.

Манаптары қырғыздың
Хан сөзіне көнбеді,
Айтқанына жүрмеді,
Батырға тізгін бермеді.

Пара жеген патшадан
Жанқараш, Жантай дегені
Кенені жақсы көрмеді.
Арам ниет бекманап

Өшіктірді өсек сап,
Қазақ-қырғыз арасын.
Өйткенімен не пайда,
Кенеден тартты жазасын.

Ертелі-кеш Кенекең
Манаптың алды мазасын.
Жетісу бойы үйсінді
Әкетті тартып өзіне,

Көрсеткендей табасын.
Үйсін, дулат - екі ру
Кенедей тапты ағасын.
Қорыққаннан манаптар,

Тауға кіріп паналай,
Өлмейтін жерін сағалай,
Түбекке кіріп бекінді,
Мықты жерін шамалай.

Сонда да болмай Кенекең,
Айдап шықты қамалай.
Сонда да болмай манаптар,
Қаша соғыс туғызып,

Қарсылық қылды қаралай.
Сонда тұрып сөйлейді
Батыр туған Наурызбай:
Әй, Бұғыбай, Бұғыбай,

Қорлық болды бұл қалай?
Былтыр өзің келгелі
Жұрттың алдың жарлығын,
Жолдың алдың жабдығын.

Бір аузыңа қараттың
Ерген жұрттың барлығын.
Алатаудан аса алмай,
Манаптар қолын баса алмай,

Тауысып келдім қайламды.
Өліп кетсем, Бұғыбай,
Көңілімде арман қалмасын,
Тау басында қамалға

Бір тигізші найзамды! –
«Жол тап» деген сөзіңнен
Төгіле қалмас арымыз.
Жауыңды шаншып беруге,

Науанжан, келмес халіміз.
Томағамды сыпырып,
Қия тасқа салыңыз.
Алатаудың бетінен

Қаптай шауып батырлар,
Аяқтай тасты алыңыз...
Салып-салып жіберді
Ақауыз атты жебеге,

Алатаудан баршасы
Аспақ болды төбеге,
«Зеңбірек ат», - деп тапсырды
Кейін қалған төреге.

Ойдан атқан зеңбірек
Тау басына жетпеді.
Сонда-дағы манаптар
Асуын тастап кетпеді.

Жеткізем - деп биікке,
Кенекең әкеп түйеге
Зеңбірегін тиеді.
Шыдамай дәрі күшіне,

Ортасынан үзіліп,
Темірі жанып, күйеді.
Кенекең ойда жатқанда,
Бұғыбай басшы алдында,

Бір асудан қолменен
Наурызбай жауға тиеді.
Таудың басына өрмелеп
Қиындығы не түрлі,

Басынан ауыр сенделіп,
Шыға келсе биікке,
Шалдығып-шаршап ентелеп,
Жатыр екен онда да

Бір топ қырғыз батыры.
Келген соң Науан оларға
Туды заман ақыры.
Көндірем деп оларды,

Кенекең қылды қайратты.
Меркеден әрі асырып,
Түгел қуып айдатты.
Асуды алып жайғасып,

Алатаудан асырды.
Жартысы қашып құтылып,
Кенекеңнің қалғаны
Аяғына бас ұрды.

Сонда да болмай Кенекең,
Абылай аспас асудан
Асамын деп өктеді.
Сонда-дағы манаптар

Асуын тастап кетпеді.
Қарабалта, Соқылық,*
Батырлар соған барған соң,
Манаптың қолын тағы да

Сыпыра шауып өткені.
Патшаға сеніп ердің деп,
Сөзіңді астырт бердің деп,
Кенекең қылған өкпені.

* Жер аттары
Сондықтан әбден өштесіп,
Манапқа мейірім етпеді.
Өрлей берді Кенекең,

Бішкек пенен Арасан,
Оны басып тағы алды.
Тоқпақ пенен Кекілік,
Алынбай енді сол қалды,

Асатын жер таба алмай,
Батырлар ауыр ойланды.
Көкала қалқан өңгеріп,
Жебелі найза қолға алды.

Тас қыдырып, тау кезіп,
Тоқпаққа қарай жол салды.
Қыспақты күнде қысылшаң,
Тұрғанда төре осылай,

Астыртын хабар алысып,
Патшамен манап сөйлесіп,
Қырғыздың манап Орманы
Патшаға барып сатылды.

Көмекке алып, қасына
Жинады өңкей батырды.
Азғырып, алдап дулатты,
Қайта өзіне шақырды.

Кенекеңе білдірмей,
Дулат тегіс қашады.
«Біз кеттік, - деп, - Кенеден»,
Манапқа хабар шашады.

Ішінен шығып дұшпаны,
Кененің сырын ашады.
Мұны естіген манаптар
Көңілденіп тасады.

Манап пен дулат бірігіп,
Мықты уәде жасады.
Ішіне тыңшы кірген соң,
Бір күні түнде қапелден

Әлсіз жерін білген соң
Манаптар келіп басады.
Қапыда қалып Кенекең,
Түн ішінде сасады.

Сонда да қайтпай, жауымен
Қан майданды жасады.
Тоғыз айлық соғыстан
Шаршап әбден қажыған

Батырлардың қайраты
Қайта туып, тасады.
Сонда-дағы шыдамай,
Кененің қолы қаймығып,

Шегініп кейін қашады,
Патшаға қарсы соғысқан,
Халық үшін жан қиған,
Әскері кетіп қолынан,

Кенесары, Наурызбай –
Қырғызда қалып өледі.

ҚОРЫТУ

Қырғыз елі ол бастан
Қас болған жоқ қазаққа.
Патшадан тартып тақсірет,
Жүрген ол да азапта.

Тізгін бермей қолына,
Кедергі болып жолына,
Манаптар салған дұзаққа.
Қырғызды сатып патшаға,

Алтын, күміс ақшаға,
Жаңқараш, Жантай ел сатып,
Патшадан шен тағынған,
Шен үшін соған жағынған.

Қырғыз бенен қазақтың
Сол үшін қаны ағылған.
Жанқарашпен өштесіп,
Кенекең бекер шабынған.

Кенекеңді өлтіріп,
Жантайдың кегі алынған.

ШОРТАНБАЙ ҚАНАЙҰЛЬІ

(1808-1881) Қазіргі Шымкент облысы, Түркістан ауданында туып, Қарағанды облысы, Шет ауданында қайтыс болған. Оның өлеңдері ел ішінде ауызша таралып, кейін баспа бетіне шыққан. Жазба сауаты болғанымен, өлеңдерін ауызша суырып салып айтқан. Шортанбай шығармаларында қазақ даласындағы әлеуметтік өмір шыншылдықпен көрініс тапқан. Патша үкіметінің отаршылдық саясаты, жаңа ел билеу тәртібінен (1888 ж.) туындаған құбылыстарды көрсетеді. Оның бір топ шығармаларында («Бір тәңірге аян-ды», «Бір насихат айтайын», «Қалықтаған сұңқар ем» т.б.) қалың бұқараның азапты тұрмысының екі жақты қаналуға ұшырауын, би-болыс, ұлықтардың зұлымдығы мен парақорлығын әшкерелейді. «Кедейге салып шығынды, негізі байдың тоймайды» деп байлардың ашкөздігін бетіне басты, ел билеушілерді аяусыз түйрейді. Осы көріністерге ақын «Мынау заман қай заман, Азулыға бар заман, Азусызға тар заман» деп күйзеліске салынады, әлеуметтік мәселелерді сөз ете отырып, ел билеушілердің парақорлық т.б. мін-қылықтарын сынай отырып, діни соқыр сенімнің жетегіне ілескендерді мінейді. Назарларыңызға ұсынылып отырған толғау В. В. Радловтың «Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в Южной Сибири и Джунгарской степи» (ч. 3, СПб., 1870) атты кітабынан алынды.

ЗАР ЗАМАН

Сөздің басы бісмылла,
Мұсылманның тарығы,
Төрт аяқты жануар
Бұл дүниенің жарығы.

Әдебі кеткен жігіттің
Бетінен алар зайыбы,
Кәпір ниет болған соң
Тартпады діннен кеткен нәсібі,

Бір Алладан өзгенің
Көп тұр қылған айыбы,
Сол себептен қорқамын,
Әуелгі қорлар зор болды,

Сондағы зорлар қор болды.
Әуелгі байлар жоқ болды,
Сондағы жоқтар тоқ болды.
Жан білмеген жамандар,

Ел білмеген надандар,
Ел билеген би болды.
Көтере алмай билігін
Ол асқар үлкен көк болды.

Ниетіне қазақтың
Тым-ақ тәуір еп болды.
О заман зар болар деп,
Сол себептен қорқамын

Қыс көбейді, жаз аз бон,
Бай таусылды мал аз боп,
Ағайыны көре алмай,
Ата мен бала араз боп,

Кетер енді дініміз.
Сол себептен қорқамын.
Әр нәрсенің болжамы
Келе жатыр жақындап.

Ағашты тауға үй салды,
Елде еркіне қоймайды.
Бура ішіндей тақымдап,
Дуан басы, болыстар.

Ұлықтың сөзін мақұлдап,
Айтқан сөздің бұлы жоқ
Құр жылайды қақылдап.
Жарысқа кірген жақсылар

Балам қайда жылайд деп,
Құр келеді сақылдап.
Қорлықпен өткен күніміз,
Ашылмас болды көзіміз.

Сол себептен қорқамын.
Елге бірдеме жайылды,
Баяғы қоңсы жоламас,
Алдан арбап жұмсаймын,

Өз тілеуін сұрамас
Арам сідік балаға.
Ата менен шешенің
Айтқан сөзін ұнатпас,

Адам азар болар деп,
Сол себептен қорқамын.
Мынау ақыр заманда
Алуан-алуан жан шықты,

Арам, араз хан шықты.
Қайыры жоқ бай шықты.
Сауып ішер сүті жоқ,
Мініп көрер күші жоқ,

Ақша деген мал шықты.
Кедей қайтып күнін көрер деп,
Сол себептен қорқамын.
Келе жатыр жақындап

Ай мен күннің арасы
Таңда мақшар болғанда,
Таразыны аударар.
Зәлімнің қылған күнәсы,

Әлімнің қылған зинасы,
Кликатын шәмат
Тамам кісінің расы
Тауба, таупуқ келтірмес

Азған елдің молдасы.
Оның айтқан сөзінің
Асылы болмас расы,
Айта тұрар аузында

Әр кімдерді алдаушы
Жылдан келді дозағы,
Шайтан болды жолдасы.
Құбыласын білмеген адамның

Кешпеді деді құдайым,
Бес намазының қазасы,
Құрт-құмырсқа, жын-шайтан,
Кетірер оның мазасын.

Дозақтың белгісі,
Қалғанға бір арасын
Мұстайап қылмас құдайым,
Ол зәлімнің дұғасын.

Сақта құдай сонан деп,
Сол себептен қорқамын.
Бір пара жанды зорсынды,
Бір пара жанды қорсынды,

Осы күнгі адамның,
Еш нәрсе жоқ қолында.
Әдет қылып зорлығын,
Қасиет қылмас бойында

Арамға баулар баласын.
Ит есебі көрмейді
Әке менен шешесін.
Сол шақтағы төреден,

Үміті бар кәпірден,
Олар қорықпас құдайдан.
Әр нәрсе болса Алладан,
Нәпсі жақын баладан,

Құда, тамыр дос кетер
Іні жүрмес арадан.
Бұл дүниенің қазабын,
Ол дүниенің азабын,

Көргенімді айтайын,
Сондай нәрсе бар қиын.
Бір пара жанды малды қып,
Бір пара жанды зәлім қып,

Бір пара жанды жарлы қып,
Бір пара жанды әлім қып,
Бір пара жанды жынды қып,
Бір пара жанды жінсіз қып,

Бір пара жанды дінсіз қып,
Шариғаттан жанды жаратты.
Мұсылманды бір бөлек,
Кәпірлерді бір бөлек,

Өз дініне қаратты,
Жиырма тоғыз әліптен
Араб парсы кәріптен
Шариғатты шығарып,

Шариғатқа қаратты.
Ал құранды алты мың,
Алты жүз алпыс алты аятта.
Кітап пенен құраннан

Мақұлдыққа жаратты.
Сопы алдияр кітаптан
Сұрап тұрсың сұраулы.
Тәңірдің ісі қымбатты.

Айтқа берген мықнатты,
Қарызға берген мекнетті
Бас бермейін дегеннің
Жалғызын жардан құлатты.

Мал бермейін дегеннің
Етіне шекпен кигізіп,
Иініне қоржын ілдіріп,
Ақ таяғын ат қылып,

Ағайынын жат қылып,
Елден тамақ сұратты.
Жазды, күзді мінеді
Бай баласы құр атты,

Жарлыда өлігі қалған жоқ
Оны да бір нәрсеге жұбантты
Жалғанның бәрін жарығын
Бір пара жанды қуантты.

Мінер атқа кем қылып,
Қара жермен тең қылып,
Азды көпке жем қылып,
Бір пара жанды жылатты.

Ашты тоқты болса да
Иманын бақтар ұятты.
Діннен кеткен әдепсіз,
Әр адамды ұялтты.

Қолында тұрып ұрлығы,
Мойнында тұрып зорлығы,
Ойында тұрып жалғаны,
Көңілінде тұрып арманы,

Баласын беріп молдаға,
Көксун беріп Аллаға
Дүниеге көңілін жұбатты.
Мүңкір менен Нәңкірге

Күнәсын жазып сұратты,
Күнәлі құлды шығарып
Жеті тамұққа қаратты,
Бейістен қорды шығарып,

Иманды құлмен ойнатты,
Әзрейіл жаннан жазғырып,
Қолын қандай қайнатты.
Бір пара жанды көрсеңіз,

Тасбиық алғансып қолына,
Бой тұмарын тағынып,
Намазын оқыр дәретсіз,
Әлім деп айтсын мені деп,

Құдайын алдар әдепсіз
Таңда мақшар болғанда,
Танып тұрар құдайым.
Жазып тұрар кәрімін,

Со иман күнім
Қиямет қайым болғанда
Сақтар бір соны ылайым
Араларың ашылды,

Аталарың бөлектей,
Жалмап едің ініңді,
Ертегі ер Көбектей,
Үйде отырып көпкенде

Алқымың болды көнектей,
Тасып едің төгілдің,
Сүзгісі жоқ шүмектей,
Тауысқандай үй тігіп,

Түндіктерін үзіктей,
Туырлығың тұтқыштай,
Үзіктерің терліктей,
Жарды байың әдет қып,

Жүріп еді өрікпей,
Бола алмады бұ заман
Жай отырсаң желікпей,
Байлығыңды мақтанып

Жал шайнадың білектей.
Иманының парызы
Іні қарыс күректей.
Азан тесір болмаса,

Кетіп едің еліктей.
Ораза мен намаз тұр.
Дін бекіткен тілектей,
Асылы асқан замандай,

Шөп сұйылды жердегі
Құс таусылды көлдегі,
Бай таусылды елдегі,
Жалғыз шақпақ сыймады,

Кисе қара белдегі.
Байлық бастан асқан соң,
Жанның бәрі мас болды,
Бір-біріне қас болды.

Үлпершегін май басып,
Шай сары су ас болды,
Жұрт білмеген хан өсті,
Ел ішінде бай өсті,

Сақтап ішті сандыққа,
Көнбесін бе жарлыққа?
Ұстауға енді тақалдық,
Тобылдық пен Тарлыққа,

Мынау адам өткелі
Елде неше жыл болды?
Дүниенің тозғаны
Адамға қайғы бір болды,

Бейшараның кеңесі
Ойсыз ұлға тез болды,
Жолаушы қызға қонақ,
Бір-біріне себеп болды,

Жалшыны жалмыт қойдың.
Мына заман қор болды,
Дүниенің тозғаны,
Ақыр біз артқы болды.

Ер сасқанда сыйынған
Керемет кетті пірінен,
Жақсылықтан мінім жоқ,
Жан қуанып сүйінген.

Есіткенің жамандық,
Жұрт жиылып бүлінген.
Бала қайтып жұрт болсын?
Білген жақсы елінен,

Әр заман айтып қорқамын.
Үшпу сөздің түбінен
Ал мынау указной шыққалы,
Ұзатқан қызда неке жоқ.

Өлгендерде ысқат пен құран жоқ,
Ел ішінде қожаның есебі жоқ,
Жеті атасы пір болған,
Балалары молда боп.

Парыздан мағына айырған,
Қияметте қожалар
Дуана болып барады.
Ақыр мынау елге тілмаш шықты,

Шошқаның етін қақтаған
Құбылаға бақпаған,
Атасының жанындай
Арақты ас қып сақтаған.

Суалтада амалың болса қылшы енді.
Кәлиматсыз кәпірге
Кіріптар қылдың құдіретім,
Ал бұ зар заманның аяғы!

Заман кетті баяғы,
Жаның жалғыз сүйінші
Мал болыпты тамағы,
Ықылас ниет қалмады,

Үлкенге билік салмады,
Ұлықсыған ұл туып,
Бұлықсыған қыз туып,
Заман жаман болған,

Сол жамандық мұнша таласты.
Жарысқа кірген жақсылар
Жақыным деп тартпай
Жауменен бірге қинасты

Аузына көпір қаратты
Дін мұсылман алашты,
Дүниенің тұтқасы,
Ойлап тұрсам мал екен,

Кәпір мен қазақ таласты.
Заман қайтып оза алсын?
Адам қайтып қуансын?
Жандарал болды ұлағың,

Майыр қалды сыйлағың
Айрылмастай дерт болды,
Нашарға қылған зорлығың,
Кінәзді көрдің жарыңдай,

Тілмашты кердің биіңдей,
Дуалды көрдің үйіңдей,
Абақты тұр көріндей,
Байлар ұрлық қылады,

Көзіне малы көрінбей.
Билер пара жейді екен,
Сақтап қойған сүріндей.
Заманның түрі бұзылды,

Текеметтің түріндей,
Ойлағаның жамандық,
Жарадан аққан іріңдей.
Жеті ел кеткен бұл жерден,

Сен тұрмайсың бүлінбей.
Қазақтың ұлы жиылып,
Құдайына сиынып,
Қайлықарға хат жазып,

Кешіктірмей бата жазып,
Өлмей сіздің қамын жеп,
Ойлар бір басын сүтке ілінбей.
Мынау заман қай заман?

Азулыға бар заман,
Азусызға тар заман,
Тарлығының белгісі.
Бір-бірлерін күндеген,

Жай-жайына жүрмеген,
Мұның өзі зар заман
Жақсылар малдан түңілген,
Жамандар жаннан түңілген.

Мұның өзі зар заман.
Зарлығының белгісі
Ұл сыйламас атасын,
Арам сідік болған,

Атасы бермес батасын.
Қазы, болысын хан қойды
Қайда бір некесіз туған шатасын.
Өзі қылған өкінбес,

Күнінде сонан татасын.
Сол заманың кезінде
Қыз сыйламас шешесін
Ер жеттім деп шатасып

Салысар дүниесін.
Старшина қойып пысықсыған немесін.
Көзін ойып барады,
Күнде тесіп төбесін.

Мұсылманнан әл кетті.
Сол заманның күнінде
Жасы кіші інісі
Сыйламайды ағасын,

Алысып жыртар жағасын.
Әдет қылар баласын,
Рас қойып айтасаң тіл алмас,
Ақ сақалдан ұялмас.

Атасының хабарын алмайды,
Бұл жалмауыз енді туған соң,
Қара жерді жалмайды.
Көшеде жүрген көп солдат

Көкірегін кергендей
Соны мініп шығар жанға,
Дұшпаның кім сұраса
Көп алады аузына

Қас қылғандай болады,
Туған бауырына кем қылған соң,
Кім аясын жығып салар дүреге,
Қызықсаң барарға

Кетіп жүрер жерің жоқ,
Жаудан аяр малың жоқ,
Сүйтіп қалмай неғылдың?
Бейшара болған сұм, қазақ,

Құтылмастай пәлеге
Асың жұқпас бойыңа
Әр нәрсе түсер ойыңа
Жалмауыз болды ұлығың

Қазақ еш нанбас сөзіңе!

МҰРАТ МӨҢКЕҰЛЫ

(1843 - 1906) Қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданында өмір сүрген. Оның өлең-толғаулары әлеуметтік астары мол қайшылықтарды бейнелейді. Патша өкіметінің отарлау саясатынан туындаған зардаптарды жырлап, оған жаны ауыра күйзеле толғанады. Қоныс тарылып, жайылым азайып, жұт көбейген елдің тағдырын, халық түрмесі болған отаршылдыққа қарсы күрескен ерлердің күресін толғаған «Үш қиян», «Сарыарқа», «Қазтуған», «Шалгез» атты туындылары бар. Енді бір толғауларында Есенғали, Есентемір, Тұрабай тәрізді ел басшыларын мақтаса, кейбір толғауларында болыстыққа таласып, ел ішін бүлдірген өкілдерді («Қаражан болысқа» т.б.) әшкерелеп шенейді. Мұрат - үлкен жыршы. Ол ноғайлы дәуірінен желі тартатын «Қырымның қырық батыры» цикліне кіретін «Қарасай - Қази», «Орақ-Мамай», «Едіге» т.б. жырларды жеткізуші, атақты Мұрын жырау осы циклге кіретін жырлардың бір тобын Мұрат ақыннан тікелей үйренген. Мұрат айтыс ақыны ретінде де танымал. Оның жылқышымен, Бала Оразбен, Жаскелеңмен, Тыныштық, Шолпан ақындармен сөз жарыстырулары белгілі. Назарларыңызға ұсынылып отырған толғау «Мұрат ақынның сөздері» (Ташкент, 1924) атты жинақтан алынды.

ҮШ ҚИЯН

Заманда заман оралған
Дүние шіркін соны алған.
Адыра қалғыр бұл қоныс
Қайырсыз екен азалдан.

Қайырсыз неге десеңіз
Асанқайғы, Қазтуған
Орақ-Мамай, Телағыс,
Қалған екен солардан

Бізде бір сондай болармыз
Артық ба едік олардан?!
Еділдің бойы - қанды қиян
Жайықтың бойы - жанды қиян

Маңғыстаудың бойы - шаңды қиян
Адыра қалғыр үш қиян!!!
Үш қиянның ара бойынан
Жеті жұрт кетіп жол салған.

Жеті жұртың жеткен жер,
Қайырсыз болған неткен жер?
Адыра қалғыр, көк Жайық,
Көпір салып еткен жер

Асанқайғы, Қазтуған
Орақ-Мамай, Телағыс,
Шораның шұбап кеткен жер.
Тұлпар мініп ту алған

Дұшпанын көріп қуанған.
Алмасын қанға суарған
Аруақты ерлердің
Абройын төккен жер.

Керегесін кескен жер,
Кесігі бұршақ еткен жер.
Ердің соңы - Исатай
Бармағын тістеп өткен жер.

Жеті жұрт көшіп кеткен соң
Атамыз қазақ баласы
Қонып мекен еткен жер.
Мыңнан-мыңнан жылқы айдап

Жүзден-жүзден нар байлап
Дәулеті қалың біткен жер.
Аузы түкті кәуірдің,
Басы шоқты қалмақтың

Қанын судай төккен жер.
Алма мойын аруын
Ерлерім олжа еткен жер.
Күндердің күні болғанда

Таршылықта қалынды
Қайырсыз болған неткен жер?!
Адыра қалғыр, көк Жайық,
Садағын сала байланып,

Астана жұртын айналып,
Ерлерім еңсеп желген жер
Мыңнан-мыңнан жылқы айдап
Ақтылы қойдың ерген жер.

Шалқыған дәулет мал бітіп,
Қызығын жұртым көрген жер
Емендей белін бүгілтіп,
Жібектей жалын төгілтіп

Ерні төмен салынған,
Құйрығы гүлдей малынған.
Күдері бел, күшпек сан
Бедеу атқа мінген жер.

Аузы түкті кәуірді,
Ерлерім айдап келген жер
Қысырақтай бөлген жер,
Күндердің күні болғанда

Таршылыққа алындық,
Жеті жұрт кетіп бүлген жер?!
Шаңдаттырып даласын,
Талқан етіп қаласын,

Атамыз қазақ болғанда
Әлденеше шапқан жер,
Қоралап айдап дұшпанды
Үргеніш пен Бұқарға

Әлденеше сатқан жер.
Алтын ала, ақ күміс
Қарық олжаға батқан жер,
Қырғауылдай қызыл нар –

Қыз-келіншек жиылып,
Қызықпенен арытқан жер.
Айыр өркеш сары іңген,
Кілем жауып үстіне,

Қыл арқанмен тартқан жер.
Мыңнан жылқы айдаған,
Жүзден нарды байлаған,
Салтанат түзеп мырзалар

Тамашаға батқан жер.
Қайырсыз да болып барады-ау!
Атамыз өткен Асан би,
Мұны да құтсыз деп айтқан жер

Мұның құтсыздығының белгісі:
Алты атаның аржағы,
Талөкпенің бер жағы,
Сақмардың бойын жайлаған,

Ақсуда тайы ойнаған,
Еңсемді кәпір басар деп,
Едіге бидің көшкен жер.
Қойды мыңнан өсірген,

Жылқыны санға жеткізген,
Арпа, қауын төктірген,
Жеріне жеміс ектірген,
Тоғыз жылдай сарғайып,

Қойына қошқар салмаған,
Еркегі қатын алмаған,
Қабыршақты, Қарасу
Қанатымды залым қияр деп

Қарға бойлы Қазтуған
Қайғыланып көшкен жер.
Табаны жерге тимеген,
Маңдайы күнге күймеген.

Тұлпардан өзге мінбеген,
Салқындыққа ал қара күс тон киген,
Салтанатқа салпы ерінді нар артып,
Салқымдыққа жорғадан өзге мінбеген.

Жасқұстың арғы тұмсығы –
Жәңгірдің қала салдырған,
Негіз етіп қалдырған
Нәріктің ұлы Ер Шора

Айқайласып, шуласып,
Баланы кәпір сорар деп,
Мұңайып ханның көшкен жер.
Садағын сала байлаған,

Астана жұртын айналған,
Жауды көрсе жайнаған,
Жай тасындай қайнаған,
Мың қалмақты кез келсе

Айдарынан байлаған,
Көгендеп қойдай айдаған,
Қараша, Қобан - Қанды су
Ақтөбе, Божан-даңды су

Үш өзен, Самар-жанды су,
Бестерек, Еділ бетінен
Бұлдарған, Бадашы
Көп қалмақтың ішінен

Бесешкі таудың шетінен
Билікті кәуір алар деп
Қараның ұлы Сидақтың
Қайғыланып көшкен жер.

Алты жыл балшық бастырып,
Тоғыз жыл керіш соқтырып,
Сусынын шайға қандырып,
Хандығына жұртын нандырып,

Адыра қалғыр, Аштархан,
Әз Жәнібек хан салдырып,
Ақылын кәпірге алдырып,
Айласы құрып кеткен жер.

Біртіндеп садақ асынған,
Біріндеп жауды қашырған,
Қорамсаққа қол салған,
Қозы жаурын оқ алған

Атқан оғы зырқырап
Еділден өтіп жоғалған.
Еділде тұрып оқ атса,
Жайыққа тұрып сырғыса

Еділге оғын жоғалтқан,
Аштарханнан ақырса
Атаңа нәлет қалмақтың
Алтын туы жығылған.

Өгіз тауда өкіртіп
Он екі ханды өлтірген,
Дегеніне келтірген.
Адыра қалғыр, ен Нарын,

Орақ пенен Мамайда
Ойдағы дәурен болмас деп
Ойран салып көрген жер.
Табаны жерге тимеген,

Маңдайы күнге күймеген,
Тұлпардан өзге мінбеген.
Құрмаласқан құда да
Құдайласқан досты да

Ноғайдағы Мүлгүман
Еламан деген биінен
Енді қалай болар деп,
Тарыққанда ақыл сұрай барған жер

Темірде қырқып күземін,
Тепсеңнен ноғай асқан жер,
Астаусалды, Шытырлы
Көлденең шыңның басынан,

Қарақұм, Борсық қасынан
Мал суғарып асқан жер!
Маңғыстаудың үш түбек,
Үш жүз алпыс әулие,

Бес намаздың жайы үшін,
Қадамдап аяқ басқан жер!
Үргеніш пенен Бұқарадан,
Қоңырат, Ташкент, Қоқаннан

Орнықты қоныс табылмай
Адыра қалғыр, бұл қоныс
Асан би шұбап өткен жер,
Ноғайда шулап басқан жер!!!

Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны,

Ойылды артып алғаны –
Ойындағысы болғаны.
Маңғыстауды үш түбек
Оны-дағы алғаны,

Үргеніш пенен Бұқараға
Арбасын сүйреп барғаны –
Қоныстың бар ма қалғаны?!
Мал мен басты есептеп,

Баланың санын алғаны -
Аңғарсаңыз, жігіттер,
Замананы тағы да
Бір қырсықтың шалғаны!

Бәйіт еттім бұ сөзді,
Қайғы шегіп заманнан,
Заман озып не қылсын,
Ай орынынан туады,

Күн орынынан шығады,
Бұның бәрі адамнан.
Адамның азған белгісі:
Екі кісі дауласса,

Тату бол деп айтпайды.
Екі айырып арасын,
Арасынан пара алған.
Мұсылманның баласы

Қашуды қойды арамнан.
Шапағат, қайыр қалмады
Жақын-жуық жараннан.
Атқа мінген жігіт те

Қалмады нәрсе қарадан
Қайыр кетіп қазаннан
Қуат кетіп азаннан.
Киім кисе жеңі жоқ,

Етегі бар да, белі жоқ.
Бармақ сыяр жері жоқ,
Қатпа болған түйедей
Киеңкі болған биедей

Ел биледі бір сымпыс
Екі бұты тарылған.
Дұшпан - тазы, біз - түлкі,
Қашсақ ерікке қоймайды.

Інге кірсең - суырып,
Құлғанадай қадалып, -
Қазынасы кең құдайым,
Сақтағайсың саламат!

Саламат қайтып сақтасын?
Берсең түгел келмейді,
Базарға қосқан аманат.
Болмас едік масқара,

Байдан кетіп сақауат,
Бақырдан кетіп қанағат,
Діні басқа біреулер
Ел биледі аралап,

Бір бәледен мың бәле,
Өсіп кетті балалап.
Заман қайтып түзелсін?
Қоңсыдан туған би болды,

Бұ сықылды күй болды,
Көрген жұртқа таң болды.
Азамат ердің баласы
Айдарына малы жоқ

Топ көрерге зар болды.
Қара кісі хан болды.
Асылзада баласы
Ақшасына сүйеніп,

Айтқан сөзі бұл болды,
Шырқ көбелек айналып,
Замананың адамы,
Заманың мұндай сұм болды.

Мен қауып еткеннен айтамын
Ақ борықтай иілген
Кейінгі туған баланың
Ұстай ма деп білегін,

Шая ма деп жүрегін.
Шашын, мұртын қойдырып,
Ащы суға тойдырып
Бұза ма деп реңін,

Адыра қалғыр заманның
Мен жаратпаймын сүреңін.

АЛБАН АСАН БАРМАҚҰЛЫ

(1866- 1916) Қазақ ақыны. Алматы облысы, Кеген ауданында туып-өскен. Сауаты бар. Молда атанған. Бірақ «Молда деп бізді айтпаңыз, кітап артқан есекпіз» дейтін өлеңдерін 1935 жылы «Ақыр заман» деген атпен І. Жансүгіров жинап бастырып, алғысөз жазған. Жинаққа кірген өлеңдерінің дені өз заманының әлеуметтік тіршілігін суреттеу, патшаның отаршылдық саясаты зардабынан шұрайлы жерінен айрылған елдің мұң-зарын жырлауға арналған. Бұл тақырыптағы толғамдары Шортанбай, Нарманбет туындыларымен сарындас. Асанның толғауларының бір бөлігі өзінің сөзіне қарағанда доңыз жылы (1911 жылы), бір бөлігі қоян жылы (1915) жазылған. Бірінші ел доңыз жылы құрғақ болып, екінші қоян жылы қыс қатты болып жұтқа ұшыраған. Жұрт күйзелушілігі шегінен шығып, патшаның отаршылдық қыспағының әбден асқынғандығы Асан елеңінен айқын көрінеді. 1916 жылы Жетісу жерінде ұлт азаттық көтерілісі күшті болды. Асан көтеріліс алдындағы елдің күйін, жағдайын суреттеген. Сондықтан да ақын І. Жансүгіров көтеріліс тарихын зерттеуде маңызды, құнды материал ретінде бағалайды.

Толғау «Ақырзаман. Албан Асан сөздері» атты жинақтан (1934) алынды.

ЗАМАНА ТҮРІ

Ақырзаман түрінен
Әркімнің іші қайнаған.
Доңыз жылы мизамда
Асан қалам сайлаған.

Жақсыларға арыз қып,
Жазайын деп ойлаған.
Заманның түрін жазайын,
Іштегі дертім қозғасын.

Қайғы-қасірет мисалы:
Қыс кірсін де; жаз қылсын.
Қарғаларға жем болып,
Қатарынан қаз қалсын.

Күреңсе таулар азайып,
Доңыз өлең, саз қалсын.
Жайлаудың шөбі кем болып,
Мал жаймаған таз қалсын.

Нашардың күні мұң болып,
Ойын-күлкі, наз қалсын!
Жазайын қағаз, жазайын,
Іштен дертім аз қалсын.

Замананың түрінен
Асан атты кәріден
Кейінгіге сөз қалсын!
Біраз ғана жазайын

Ақыр заман түрінен.
Қабырғалы қариялар
Жарлықпен өткен күнінен.
Ізет көрмей барасың

Балаң менен ініңнен.
Әдеп көрмей барасың
Қызың менен келініңнен.
Абырой көрмей барасың

Алсын Дабсын* - жеріңнен.
Жақсылық көрмей барасың
Алыс-жақын, теңіңнен.
Өзбек қайран заманың,

Жан жүрмеген шеніңнен.
Патшаға басың ұсталды,
Сындырды басып беліңнен, .
Сайлауларды шығарып,

Бірлікті алды еліңнен.
Қазынаға жаздырып,
Тарылтты тағы жеріңнен.
Қаймығушы еді дұшпаның

Нан пісіп тұрған деміңнен.
Қол қайырың бар еді,
Аямаған кеміңнен,
Бейлемезден айрылдық

Бұбра, Дапсын кенінен.
Албан, Бұғы бұзылды,
Жақсыларға жазайын,
Ішіміздегі шерімнен.

Асан молда жазды деп
Сөз қалсын бізге елімнен.
Күші, сүті сатулы,
Бай қайыры байланды.

Тиынсыз нәрсе табылмай,
Заман тарға айналды.
Ер көңілді азамат
Түрмеге бәрі айдалды.

Тағдыр күні біткен бе,
Абақты да жай қалды.
Жәрмеңкені тұрғызып,
Тағы да алды пайданы.

Ырыскелет" шығын деп,
Кетірді қой сайманды.
* Алсын Дабсын - жер аты
" Ырыскелет - бұл орысша "раскладка" деген сөз.

Албан, бұғы мұнан соң
Кетуге ерге ойлады.
Мойнында соты барларды
Соты тағы қоймады.

Сиездегі билерің
Бәреге әркез тоймады.
Қожа, би деп үстінен
Бырсылдатып сайланды.

Екі жақтан ақша алып,
Өз пайдасын ойлады.
Жаншықтан алып үш теңге
Оны тағы жолдады.

Жұртқа обал демеді,
Бермесіне қоймады.
Адал, арам демеді,
Кез келгенін шайнады.

Ақ-қараны мал тартып,
Әркімнің соры қайнады.
«Аққа өліп кеттім» деп,
Құры тілі сайрады,

Билердің отын сығалап,
Мырзалар көзі жайнады.
«Дау салатын бар ма?» - деп
Пышақтарын қайрады.

Айдаһар мен жолбарыс
Алдыңа келіп сайлады.
Жоғарғылар төмендеп,
Мысықпен тышқан ойнады.

Су басынан бұзылар
Жұрт жақсыдан бұзылды.
Әділетті жақсының
Тілін ақша байлады.

Доңыз* жылы билердің
* 1911 жылға сәйкес келеді.
Тағы әлемет асырды,
Ыстаршын жерден аударып, "

Базардан елді қашырды.
Базардағы жатақтар
Бір-бір тайын жасырды.
Ақы иесі жасауыл

Бейкүнә жарға асылды.
Бермесе ұрып, жанжал қып,
Бетінен қаны шашылды.
Жарадан аққан іріңдей

Көбейтеді закунді.
Атақты бидің тұқымы
Би қалды ма нәсілді?
Қудан туған шұнақ би

Көрсетті елге нақылды.
Жақыныңды жау көріп,
Дос көрдің ғой жауыңды.
Ішіңе дұшпан кірген соң

Ағызды көзден жасыңды.
Ерік өзіңе тиген соң
Бір-бірлеп жұлды шашыңды.
Қыдырлы байлар кем болып,

Анда-санда бай қалды.
Мыңнан төмен азайып,
Бес қодыра қой қалды.
Қой азайып кеткен соң

Тамашалы той қалды.
Атқа мінген азамат
Дұшпанға амал болсын деп,
Үйінде барын киініп,

Қоқайған ғана бой қалды.
Нашарланып кеткен соң,
Кемшілік бойға жеткен соң
«Қалайша заман болды» деп

Бас қамытын ойға алды.
Жыртық үйдің ішінде
Самауырынды шай болды.
Ащы боп шыққан сары су

Ішіп, көңіл жай болды.
Күнде-күнде жәрмеңке
Бір-бір шолақ тай болды.
Малынан зекет бермеген

Арамызда бай болды!
Жаз жайлау, қыс қыстауы
Бір белгілі сай болды.
Көрпілдетіп піскен саба жоқ,

Кілегейден май болды.
Сары қоңыздай түйе жоқ,
Желілеп сауған бие жоқ,
Тарылған заман кезінде

Айтайын сізге қай күйді.
Ойлап тұрсам біздің жұрт
Ата заңнан адасты.
Ойлағаны арамдық,

Бір тиынға таласты.
Күннен-күнге көбейіп,
Әлеумет өрлеп, тағы асты.
Сары ізіне шөп салып,

Жамандықты санасты.
«Анау кайтып жатыр» деп
Біреуге біреу қарасты.
Қулық, сұмдық ойласып,

Біріне-бірі жанасты.
Құда, жекжат, дос, тамыр.
Алды-алдымен тарасты.
Екінің бірі жау болды,

Жат көрмеуші ек алашты.
Екі басын қайқайтып,
Ат қып мінген ағашты.
Тоқаш сатқан шыққалы,

Жылқыда құйрық қалмады.
Жаздай сатып тоқашты
«Бір тиынға мынау» деп,
Балаларды алдады,

Қоржын салған көрінсе
Ауылдан бала аңдады.
Кешке Дейін қыдырып,
Жағы мұның талмады.

Ынсап қылып бір адам
Жақсылық жаққа бармады.
Ықын-шықын сый десе
Кедейлер жылап, зарлады.

«Көзіңді ашпа, жегіш!» деп,
Залымдарды қарғады.
Бейшаралар пұлы жоқ
Пұлсыз көрер күні жоқ,

Ат үстінен тапқан тиынды
Ырыскелет жалмады.
Тамам таудың арасы, -
Дабсын деген кен еді.

Алты мың нарға артса да
Таусылмаған көл еді.
Сол уақытта бұл Албан
Шалқып жатқан көл еді.

Таусылды кейін су болған
Бас әлемет сол еді.
Тоғыз он (сиыр) жылында,
Кеніміз су боп құрыды.

Қулық еспей тұрғанда
Сабасы жұрттың толы еді.
Қайыр, ықсан садақа
Ел ішінде мол еді.

Елде, жерде береке
Шөптің басы сопы еді.
Мұнан кейін Албаннан
Жұрттың жақсысы жөнелді.

Тамам қыдырлы саңлақтар
Бұл тағы елде дем еді.
Азаматтың бәріне
Айтқан сөзі ем еді.

«Бұзықшылық қылма!» деп,
Жұрт қайғысын жеп еді.
Бұлардың айтқан ақылы,
Ынтымаққа сеп еді.

Иманды болған әжелер
Сапардан қайтып келмеді.
Мұнан соң Албан бұзылып,
Төмен қарай дендеді.

Шалқып жатқан дариялар
Күннен-күнге кеміді,
Амал, айла көбейді,
Біреуге біреу сенбеді.

Би, болыс «бопты» деп
Сырттан сатып мөрленіп,
Ақ сұңқарлар қазылап,
Жапалақты жемдеді.

Қулық пенен сұмдықты
Астына артып теңдеді.
Қолдағыдан айрылып,
Нашарлары еңіреді.

Күңнен туған некесіз,
Арамның сөзі ем болды.
Шынжырлы балақ, шұбар тес
Не нояндар кем болды.

Ақ тұйғынның баласы
Бөктергіге жем болды.
Би, старшын, болыстар
Көп үстіне тел болды.

Көп дәулетті ауырлап,
Жүрулері жел болды.
Қазынаны жеп қойып
Жұртына үлкен сел болды.

Жөн білмеген жұрт біліп,
Біріне-бірі дем болды.
Бұл заманда нашарлар
Суға кеткен сең болды.

Қойшыларға мал бітіп
Мырзалармен тең болды.
Көзі көріп, қолы ұстап,
Ішіп-жемнен кем болды.

Жұрт иесі кеткен соң,
Етек барып жең болды.
Арамға заман тиген соң
Тарылтты ғой кең жолды.

Жабыдан туған жаман тай
Бәйгіден озған кер болды.
Күңнен туған түзеліп,
Сөз бастағыш ер болды.

Қатарынан қалған соң
Асыл заттар жер болды.
Аузынан сөз кеткен соң
Көңілі мұның шер болды.

Қу тақымдар ерді жеп
Мінездері тер болды.
Ақсүйектер мұңайып,
«Қатардан қалдық» дер болды.

Сан тимеске сан тиіп,
Мәпсеп алып мор болды,
Мөрлерін оңдап баса алмай
Өзіне қазған көр болды.

Азаматтар айдалып,
Түрмеде басы құл болды.
Тірі жетім баласы
Қатындары тұл болды.

Тірі қарып болған соң,
Сүйегі жасып бор болды.
Терезеден сығалап,
Әзіз басы қор болды.

Үйінде қатын, баласы
Маңдайына сор болды.
Жақыннан жау шығып,
Алдынан қазған ор болды.

Көлденеңдеп сөз айтып,
Құрып қойған тор болды.
Балақтағы бит басқа өрлеп,
Көрген күнің сол болды.

Алтынды балдақ, ақ болат
Қап түбінде дат болды.
Бір тиынға таласып,
Ақай-інің жат болды.

Ауыз бірлік кеткен соң
Дұшпанның кеңілі шат болды.
Көңілдері төмендеп,
Жақсылар сөзге мат болды.

Жалған айтып ішкен ант
Алуа, шекер, қант болды.
Қыз қалыңы кесіліп,
Сайда малдай нарт болды.

«Қыздың басын ашамыз»
Деген сөз жұртқа салт болды.
Есебін тапқан жігіттер
Арасынан қарқ болды.

Жаман-жақсы арасы
Бөлініп мұнан парық болды.
Бар аузына «жоқ» кіріп,
Береке кеткен шақ болды.

Шалқар көлдер азайып,
Батпақ, шалшық, қақ болды.
Ұлықтың тілін тапқандар
Бұл заманда нақ болды.

Тілі екеудің - діні екеу,
Сөйлеген сөзі «ақ» болды.
Бұралқы күшік құтырып,
Қораны баққан шақ болды.

Есіріктердің тілдері
Сүйекке батқан дақ болды.
Залымнан көрген қорлығың
Өңменіңнен өткен оқ болды.

Дінсіз, сараң, бермеске
Дәулет орнап, бақ қонды.
Шарық киіп қой баққан
Сартқа ергендер тоқ болды.

Шалқып жатқан дариялар
Суы кеуіп жоқ болды.
Мал жаймаған тақырға
Тарлау бітіп от болды.

Есігін екеу ашпаған
Есектер елде бек болды.
Оңдап билік бере алмай,
Асдан үлкен көп болды.

Ұры, жанжал көбейіп,
Біріне-бірі сеп болды.
Залымдар атқа мінгенде,
Жұртты тұтып, жеп болды,

Елдің іші бұзылып,
Ұрыс-керіс болды.
Төріне төртеу сыймаған,
Түпсіздерге топ болды.

Залымдардың істерін
Қой дер кісі жоқ болды.
Бұл қорлықты көрген соң,
Бұра басып қисайсаң

Бас кететін сот болды.
Өртеніп ішім, жоқ болды.
Атқа мінген азамат,
Жақынын сатты тиынға.

Өз қолынан кеткен соң
Ісің түсер қиынға.
Жасауылдан жасқанып,
Кіре алмадың жиынға.

Базардан нәрсе алуға,
Қатының барды бұйымға.
Бұрынғы жердің кеңінде,
Мал жаймаушы ек шыйырға

Кең жерде жүрген ел едік,
Ойыл менен Жиылға,
Өсиет етіп жазамын
Сөзім кетсін қиырға.

Тұлпарлар болып шораяқ,
Ұсталды басың сиырға.
Аяқ астын шұқыды
Қарайтын сұңқар Қырымға

Жанды жұтқан айдаһар
Таласты кеп жырымға,
Әділетті жақсы жоқ,
Жұрт қарады зұлымға,

Тіл алдадың арамға
Су жетті енді мұрынға.
Құрт қуғандай бұзылып,
Жауырын түсті жұлынға.

Ақ орда тіккен баядан
Қалмады енді құрым да
Өзге қырға тентіреп,
Кетті жұртың жылымға.

Жер жүзіне сыймастай
Жұрт толды ма қылымға?
Бұрынғыдан не қалды?
Ойлаңыз енді ырымға.

Бопыраз, арақ, боза ішті
Бозбалалар порымға
Жүз қой біткен мас болып,
Таласты ғой орынға.

Жалаунаның үстіне
Алды шығын толымға.
Қағаздан ақша шығарып,
Сатып патша мал қып тұр,

Қисық жүріп жол бассаң
Аузыңды бұзып қан қып тұр.
Порым менен көрсетіп,
Күніне бір заң қып тұр.

Берекеңді алғалы
Үш жылға сайлап шарқып тұр.
Бүгінгі көрген күніңе
Ертеңгі күнді зар қып тұр.

Іс өзіне тиген соң,
Жоқ нәрсені бар қып тұр.
Жылдан-жылға қабындап,
Замананы тар қып тұр.

Енді қайда кетесің,
Алдыңнан қазып, жар қып тұр.
Не қыларың білмейсің,
Ақылыңды дал қып тұр.

У жегендей сандалтып,
Көңіліңді сәл қып тұр.
Ырыс келет көтермей
Кейбіреулер қан қып жүр.

Бейшараның жандары
Шығып кетпей не ғып жүр?
Мансаптағы адамдар
Ұлықтарға шығып тұр.

«Мынау менің белгім» деп
Мойнына ызнак тағып тұр.
Бұқарасын жеп-ішіп,
Шаяндай боп шағып жүр.

Біреу қарсы сөйлесе,
Бетінен қаны ағып тұр.
Шығын, пара қосып жер,
Күнде малды тауып тұр.

Күндегісін күнде алып,
Борандай боп қағып тұр.
Шетінен басып жей түсіп,
Қасқырдай боп бағып тұр.

Ел аузында тағы да
«Қурған» деген сөз болды,
Құдіретімен алданың
Екі жыл жұтқа кез болды.

Пәле, бұзық, әлемет
Кешікпей-ақ тез болды.
Өрлеп тұрған дәулетке
Қырсық пен тіл көз болды.

Алтын, күміс, асылдар
Мысы шығып, жез болды.
Ока, жібек тауарлар
Ораулы мата, без болды.

Қоғалы көлдер суалды,
Орны сортаң, таз болды,
Жылжып аққан шалшыққа
Қалықтап барып қаз қонды.

Атқа мінген азамат
Залымдар шықты жайлауға
Қонысы шалқып, саз болды.
Балшықшының баласы

Көлге жүзген қаз болды.
Арақ-шарап ішкені
Ойын-күлкі мәз болды.
Ішіп қарын тоймаған

Сары судан ас болды,
Қолдан түспес құраны
Әдісі мұның тас болды.
Жеп аузына жұқпаған

Залымдар елге бас болды.
Көлді шұқып, тоймаған
Қарындары аш болды.
Маңдайдағы екі көз

Бір-біріне қас болды.
Күннен-күнге көбейген
Әлемет басып лас болды.
Қарыптың күні қараңғы

Көзі толған жас болды.
Дәулет біткен адамдар
Зекетсіз малға мас болды.
«Өлдім» десең татырмас

Байлар сараң, нас болды.
Есек, қашыр бәйге алды,
Топшақ күйсіз бас болды.
Тұлпар түсті белестен

Жақсылар қалды кеңестен.
«Бас аяқ болды» деген сөз
Осы күні рас болды.
* * *

Жұрттан мейір кеткен соң
Жақынның болды жырағы.
Жасаң жерлер қуарып
Таусылды көлдің құрағы

Ат суғарға қанбайды
Азайды таудың бұлағы.
Албан менен бұғының
Құтырды қу мен шұнағы.

Өзі бұзық, әлемет,
Бір қатар жанға ұнады,
Жегіштердің көзі көр,
Саңырау болды құлағы.

Жақсылар сөзден адасып,
Залымдар болды қырағы.
Уәдесінде сезім жоқ,
Болмады сөздің тұрағы.

Топ болса жегіш жиылып
Қулардың басын құрады
Арыстанның мойынын
Хайламен түлкі бұрады.

Асыл болат алмастың
Тозды ғой алтын қынауы,
Асылдардан адасып
Қарып, нашар жылады.

Қолында қылар қайрат жоқ
Басының қамын сұрады.
Қария қалды ақылдан,
Қастық шықты жақыннан,

Қатарынан қалған жақсылар
Киіктің жетім лағы
Қыс алты ай, күз үш ай
Көшпес жерге қоныпты,

Өлшеуге жерді алған соң,
Жұрт бұнан да торықты.
Жазықтың бәрін ұлық ап,
Осындай тарлық болыпты

Жарықты жеген залымдар,
Білмеді ғой нарықты.
Есі кетіп жүдеді.
Талайлар жылап зарықты,

Баққанға кісі шықпады,
Көтерем болған арықты.
Қымбатшылық көрмеген,
Диқанның келді, көлді алды.

Талды бұлақ, көк қырқа.
Қызыл қия белді алды,
Бақ, терек, бақты, қурай,
Жаппа түс деген кенді алды.

Қара бұлақ, сары жазық.
Текесті де енді алды,
Ойқайың, Қараой, Дардашбы
Үшқақлақ деген төрді алды.

Ешек артқан Сүмбемен,
Қоныстың шеті ерді алды.
Егіс, шабыс, жазық жер,
Мұның бәрін жандады.

Албан, бұғы қонысы –
Пайдаланған жерді алды.
Жазықтан тегіс айрылдың,
Құбылмаған нең қалды?

Күннен күнге албаным,
Заманың сенің тарылды,
Өр көкірек, кең қоныс,
Дәуірің бастан қалғанды,

Кең қоныстан айрылып,
Ұшып кетер жерің жоқ,
Қанатың сынып, талғанды
Екі көзің телміріп

Мойныңа шынжыр салғанды
Таршылықпен өткіздік,
Бозбалалар, жалғанды.
Өзіңде сенің ерік жоқ,

Қолыңнан бәрін алғанды.
Қылар істен тоқталып,
Өртеніп ішің жанған-ды,
Түрін айтып заманның

Қарып молдаң зарланды.
Қайсы бірін айтайын
Ішіңде толған арманды!
Албан, бұғы бұл күнде,

Кең қоныстан айрылды.
Балықты кәл, өзен су,
Ұлыққа бәрі қайрылды.
Қыстау болса, жайлау жоқ,

Жүрген жері тарылды.
Өрден, қырдан тұқырып,
Қанаттары қайрылды.
Қысылған соң қайран ел,

Барды, жоқты қайғырды.
Нашардың күні мұң болып,
Құдайға шағар зар қылды.
Беліне соққан жыландай,

Шала өлтіріп сал қылды.
Құдіретімен құдайым,
Кең заманды тар қылды.
Былтырдан бері ұлық кеп,

Жерді алды бөліске.
Сызық жерден өткізіп,
Мал жайладың өріске.
Жайлаудан болған кесепат,

Жұртың толды керіске.
Малыңды сойып, қан қылып,
Ұстадың құран сеніске.
Жотада жүрген ел едің,

Басың жетті еңіске.
Бұзылмаған күніңде,
Жақсы едің алым - беріске.
Малды қайда барады?

Жазық толды егіске.
Жазық жерден айрылдың,
Қонысыңнан тарылдың.
Тарыла берсе тағы да,

Іргең тимес тегіске.
Былтырдан бері ұлық көп,
Әр жерге салды қаланы.
Бағындырды өзіне,

Ой - қайың, қақпақ даланы.
Егіс егіп жан баққан,
Нашардан алды пананы.
Қала шағын болған соң,

Ұстадың жанған шаланы,
Шетін бассаң сызықтың,
Қылама тағы жаланы.
Ұлыққа тиген жерлерге,

Салт атты кісі баспады.
Мұраталы, Қақпақтан,
Жүрер жолды тастады.
Бас білмеген танадай,

Басшы қылдың баланы.
Баладан шыққан қуларың,
Толтырды ішке параны,
Қарқара, Текес көл еді.

Албан, Бұғы қонысың,
Жер-суыңды өзі алды
Басыңды тұтқан ұлығың
Ұлықтың сөзін сөйледі

Би, ыстаршын, болысың
Ақшаға сатты өзіңе.
Шөптің шалғын сонысын
Шетіңнен қасқыр жеп жатыр.

Келмейді бұған намысың,
Жамағаттар, құлақ сал,
Мен айтайын залымды.
Албан, бұғы бұл күнде,

Жер қонысың тарылды.
Тараншы, дүңген бұл алды,
Тастықара, Шарынды,
Көк қасқа бұлақ, тұнық су

Қазынаға салынды.
Өткел бермес ылғи саз,
Шытырман тоғай қалыңды,
Белетпен сатты өзіңе.

Қарағай, қайың, талыңды,
Ақ дініңді қарайтып,
Ұлықтан алдың тәлімді,
Тілі екеудің діні екеу,

Иманың сенің жарымды.
Тілмаш ұрып жатыр деп
Басың мұнан жарылды.
Өз қолыңнан қоқайтып

Билікке қойдың залымды.
Ерік өзіңе тиген соң,
Теспей сордың қаныңды.
Патнадзар* шықса ұсталып,

Патшалық надзор
Бозбала жерің тарылды.
Өлгенің артты ашқызып,
Кетірді тағы арыңды.

Кесіп берген құны жоқ,
Мұнан не пайда табылды,
Ұлыққа тік сөз айтарлық,
Жан қалмады жалынды.

Қызыл тіл мен қайырған,
Жүйрігің бар ма сарында?
Тоған, тоғай бермеген,
Заман кетті шалынды.

Айдаһарда заһар жоқ,
Қорқып өті жарылды.
Енді немен бағасың,
Кемпір менен шалыңды?

Жақсы атта ие жоқ,
Айтар сөзге жүйе жоқ,
«Өзімдікі» дегендей.
Кеудеде шыбын жаныңды,

Жасауылдан жасқанып,
Міне алмадың жақсы атты.
Жарымның жалғыз шолағын,
Жауыр қылып ақсатты.

Артынан ерер тайы жоқ,
Жаяу тастап қақсатты.
Соттан қорқып боз бала,
Қылар істен бас тартты.

Атаның жолын қалдырып,
Закөнді бізді басқартты.
Албан, бұғы ауылына,
Ата заңын тастатты.

Қыз айрылды қырықтан,
Келін кетті сынықтан.
Атқа мінген азамат,
«Арақ ақыл табар» деп,

Арақты судай сапырды.
Есіріктеніп, мас болып,
Айуандай боп ақырды,
Адал, арам демеді,

Кез келгенін шақырды.
«Қалағанын алар» деп,
Базаршы қылдың қатынды.
Базарға сатып тауыстың,

Пормы келген атыңды.
Жәрмеңкені жағалай,
Кеп жатақтар жатылды.
Қарып, нашар малы жоқ,

Тұз бен сатты отынды
Сасық күзен, ақ тиын,
Борсық, суыр сатылды.
Базарлы жақын болғалы,

Пейілі жұрттың тартылды.
Көл шайқалып, азайып,
Қорлы саба сарқылды.
Азамат сотқа сатылды.

Пәбеске бұйрық шығарып,
Содыя бай шақырды.
Түрмеде байлар оларды,
Темірдей қақтап қатырды.

Залок қойып орнына,
Саудаға басы сатылды,
Бір қатарын қашқын қып,
Дүзде дәмін татырды.

«Жұрт көрсін» деп шығардым
Қағазға қарап хатымды.
Ішімнен шерімді шығарып,
Көпке айтамын датымды.

Ұру, мал жан тағы да,
Айтайын көпке затымды.
Әкемнің аты Бармембек,
Асан молда атымды.

Қанша баймын дегендер,
Тасымалға қарады.
Күннен күнге азайып,
Көл таусылып барады.

Ынтымақ бірлік елде жоқ,
Әркімнің іші арам аларды.
Жазды күні жәрмеңке,
Қыста тобыр топ қылады.

Жеуге ебі кеп қалса,
Жақынын жатқа сатады.
Ойлағаны арамдық,
Кім сөзіңе нанады.

Айтып тұрып сөзінен,
Көз ашқанша танады.
Арамнан тапқан тиын мен,
Қабақшыға барады.

Жығылып жатқан жеріңде,
Күшіктер аузын жалады.
Мастықпенен ұрысып,
Бірін-бірі сабады.

Аттарынан айрылып,
Далада жаяу қалады.
«Мені талап алды» деп
Біреуді сотқа салады,

Еш нәрсесін алған жоқ,
Құры босқа жала еді.
Бермеймін десе еш нәрсе,
Ұсталып кетіп барады.

Залымнан қорлық көрген соң,
Өртеніп ішім барады.
Отар қылып малыңды,
Би-болыс алады.

«Ығын-шығын мынау» деп,
Үстіне тағы жамады.
Күнін көре алмаған,
Ақшаны қайдан табады.

Бетіне қарап тік айтсаң,
Жасауыл биі сабады.
Қол көтерер шама жоқ,
Бетімнен қан ағады.

Атқа мінген жеп-ішіп,
Шаяндай боп шағады.
Өзіңнен қасқыр шыққан соң,
Жұртыңды кім бағады.

«Мұны құдай алғын» деп,
Көзіңнен жасың тамады.
Азаматтан ол кетті,
Арғымақтан жал кетті,

Осы біздің албаннан,
Осы күні сән кетті.
Кең дәулеттің тұсында.
Жақын қылдың жырақты,

Енді алысқа жібердің,
Ағайын, туған жұратты
Сансыз жалды айдап ең,
Жайқалтып жалғыз құрақты.

Жасауылдан қорғалап,
Мінбедің көрнеу бір атты,
Айтқанынан жылжымас,
Азамат қайсы құраты.

Албан, бұғы есіртті,
Ұшынған қу мен шұнақты.
* * *
Өскембай байға рақымет,

Жоқ-жетікке қарады,
Би-болыс елдің адамы
Есігінен тарады,
Алыс жуық албанның

Қажетіне жарады,
Қысылып барған қаріпке,
Қарыздап ақша санады.
Қарызға берген ақшаны,

Үзіп, созып алады,
Қайсы бірі тағы да,
Жәрмеңкеде қалады,
Кем қылмасын, құдайым,

Қайтарғай келген пәлені,
Қыдыр шалған жан еді.
Кемітпесін шараны,
Аман қылсын жасаған,

Бұзбасын жұттан қаланы,
Таурық беріп жақсыға,
Түзегей Алла сананы.
Ынтымақ беріп жұртыма,

Ашқасын сайтан араны.
Күннен күнге қуланып,
Закөнге түсінді.
Ісін сотқа түсірді.

Содияның алдында
Кетірді қулар күшіңді,
Қастықпенен айдатты,
Солқылдақ талай момынды.

Айдалғанын көрген соң,
Жүрегі жанның үсінді.
Сот алдына барғанда.
Азаматтар қысылды,

Тас жүректі талай ер,
Өзі өзінен кішірді.
Бірі күбе, бірі алғыш,
Қасыңда тағы іш жарғыш,

Бейкүнә талай жандарды,
Күйдіріп отқа пісірді.
Билерді жылымсы еткен,
Қасында үш әлет көрінді,

Жамағаттар, сеніңіз,
Сөзіміз болар орынды.
Анда-санда болмаса,
Бай қылмады толымды.

Ақшадан қашып жатыр ел,
Қонысы өрге бөлінді,
Жұрт бөлініп әр жаққа,
Шайқадың ғой көріңді.

Арамзада түрленді,
Күнде көрдің берімді.
Алақан жайып әр кімге,
Сүрініп тағы сұранды.

Енді қайда кетесің,
Алдыңнан қазды көріңді.
Жамандықтан тыйылсаң,
Бір құдайға сиынсаң,

Рақыметін көр алланың,
Ондағай тәңірім жолыңды.
Ай күйікті, сұмдық, әлемет,
Үш тағы жер тербенді.

Құдайдан қорқып сонда да,
Садақа-қайыр бермеді.
Залымның аты терледі.
Күннен күнге көбейіп,

Әлемет, нәле өрледі,
Тауба қылып құдайға,
Нысапқа пенде келмеді.
Бұзықтықтан болып деп,

Өзінен пенде кермеді.
Жамандықтан тоқталып,
Жақсылық жаққа ермеді.
Көтемде болды жалтылдақ,

Тамызды тәңірім қыз қылды.
Бұршақ ұрып тағы да,
Егінді салған тыныш қылды,
Билері мұны көрсе де,

Әділетсіз іс қылды.
Ыстаршын жерден аударып,
Бейкүнә жанға күш қылды.
Ығын-шығын көбейіп,

Кедейге салды мүшкілді.
Күн тұтылып көзінде,
Айдарлы жұлдыз көрінді.
Доңыз жылды әлемет,

Қағазға жаздым бес күнді.
Қысында үш, жазды бес,
Сегіз түрлі әлемет,
Көрсе де көзі жұмылған.

Көр заманда түс қалды,
Бес әлемет көрінді.
Санар айдың ішінде,
Күндіз болды үшеуі,

Екеуі болды кешінде,
Солардың алты жаңасы,
Күн тұтылды бесінде.
Жетісінде тарс етті,

Отырдым намаз ішінде,
Жиырма бірінші күн тұтылып,
Жарқырап кешке тарс етті,
Жер тебіренді тағы да,

Жиырма сегіз кешінде.
Жиырмасында тамыздың,
Үсік алды астықты,
Қанша түрлі әлемет,

Болмады жанның есінде.
Ата балаға қарамай,
Рақым, шапағат кесілді.
Бұларды көріп тұрса да,

Залымдар салды кесірді.
Асқан сайын бұзықтық,
Қу мен залым есірді.
Біреуді алдап жесем деп,

Тиынға көзі тесілді.
Мұны көрген азамат,
Үлкен-кіші жамағат.
Үш жылдар болған істердің,

Жазыпты бәрін десінде.
Азаматтар құлақ сал,
Асан молда азалы.
Бұрынғылар айтыпты,

Заманның жегіш қазылары.
Жемір болса қайтеміз,
Тағдырға болса әзелі.
Мал азайып барады,

Қыдыр тиген назары.
Би таусылып барады,
Түрлеп айтқан ел заңын.
Мырза кем боп барады,

Мінезі жібек мазалы.
Елден қалып барады,
Ертеңгі айтқан азаны.
Өлмейміз деп ойлаймыз,

Әр кімнің тұр мазары.
Алдымызда қазулы,
Мақшар күннің азабы.
Қағаздың бетін қарайтып,

Қазалы сөздер жазалы.
Жұртқа үлгі болсын деп,
Заманның түрін қозғадым.
Ынсаннан шыққан саңлақ боп,

Қатардан шауып озбадым,
Өлшеусіз артық сөз айтып,
Өзімді-өзім созбадым.
Шүкір деп тәуба қылайын,

Тілімде болса жазғаным.
Надандықпен бар шығар,
Желігіп көңіл азғаны.
Ілімді пайда көрсін деп,

Мінеки менің жазғаным.

ӘБУБӘКІР ШОҚАНҰЛЫ

(1858-1912) Ата тегі - Кіші жүздің Жетіруы, оның ішінде Кердері. Ол Орынбор, Троицкіде оқып, медресе бітірген. Орал, Орынбор, Орск, Ақтөбе қалаларының маңында бала оқытып, мектеп ашып, молдалық құрған. Қазан қаласында «Әдебиет - қазақша» деген атпен басылған кітабында (1903-1905) заман, дін, оқу, білім, қазақ халқының өткендегі және қазіргі хал-жағдайы туралы өлең-жырлары, толғаулары енген. Әбубәкір халықты оқу, білімге шақырып насихаттайды, патша үкіметінің қазаққа мектеп ашып берін отырған саясатын мақұлдайды. Ол сол кездегі өнер, ғылымды, отарбаның, түрлі машинаның шығуын мақұлдаса, енді бірде жаңа үлгімен тігілген киімге, тар шалбар мен бешпент, самауырынға жатырқай қарайды. Сол кездегі түрлі әлеуметтік қайшылықты көрсете отырып, қазақ халқының ең жақсы өмірі артта қалды деп есептейді. Әбубәкірдің Қожахметпен, қарақалпақ ақын Құлымбетпен жұмбақ айтыстары бар және ноғай Нұрыммен айтыстары бар.

Толғау «Үш ғасыр жырлайды» (Алматы, 1965) атты жинақтан алынды.

ТІЛГЕ ЖӘРДЕМ БЕРЕ ГӨР

Бисмилда деп сөйлесем
Тілге жәрдем бере гөр,
Тіл жаратқан жәләлім
Жанға жәрдем бере гөр.

Жан жаратқан жәләлім
Қаным қайғы бейбәкір.
Қайғылы болды заманым
Заманым солай болған соң

Тайғақ болды табаным.
Патшадан жәрдем болмаса
Төзуге жоқты амалым.
Сөйлей гөр, тіл мен көмейім,

Бұлайша демей не дейін.
Көрген алаш көз салсын,
Көлденеңдеп желейін.
Заманның қандай түрінен

Сыбағалап берейін.
Заманым түгіл, ел азды,
Ел ішінде ер азды,
Айқын-айқын сулардың

Балығы кетіп, көл азды.
Ойпаң-ойпаң жерлердің
Оты кетіп, жер азды.
Еділ, Жайық - екі су

Кент орнаған жер екен.
Онан сыртқы Қобда, Елек
Ел жайлауда кең екен.
Көдесі мақпал түгіндей

Құмайттаған жер екен.
Құрағы көктеп, гүлденген
Мақпалдай шөбі тұр екен.
Өзен-судың арасы

Миуалы жеміс, гүл екен.
Су аяғы темен жақ
Онан сыртқы Ойыл, Жем,
Ел орнаған су екен.

Қарағай, қайың, тал, терек,
Қалың орман, ну екен.
Таяқ кеспес ту екен.
Шөпті қалың өсірген

Тамылжыған қалың шық
Қара жердің буы екен.
Көлденең жатқан қара шың –
Бұлдырлаған тау екен.

Арасын қазақ қыстаған
Жұттан малы cay екен.
Көңірсіген көң қыстап,
Тау жырасын ел қыстап,

Қысы-жазы бірдей жылы екен.
Арқаның киік-құланы
Қара малмен бір екен...
Заманның түбін барлаймын,

Бұрынғының бірі жоқ.
Жақсылардың күні жоқ.
Соларды жоқтап, зарлаймын...
Ағадан кетті ағалық,

Ініден кетті інілік.
Інісі болды терең жар,
Жүрмеді аға сүрініп.
Атаның салған ақ жолы

Тоқтап қалды кідіріп.
Заман деген желмая
Қалмасақ халқым жақсы еді
Желмаядан жығылып.

Атадан билеп ұл кетті, .
Қожаны билен құл кетті.
Баласы келсе он беске
Ата-анадан күн кетті.

Білмеді бала құрметті.
Ағайын, туған, қарындас
Бір-бірінен бұл кетті.
Қыз ананы биледі

Анаға билік тимеді.
Ата қосқан адамның
Өз дегені болмаса
Халалым деп сүймеді.

Қыз ұяттан айрылып,
Көңілін шайтан сүйреді.
Абырой кетті жігіттен
Айрылды әдеп, биліктен.

Алтынды таза сақтамай
Қалай етіп шіріткен.
Ерінің айтқан сөзіне
Қатындар мойынсұнбады.

Ерге қызмет қылмады,
Жалынып күнін көрмесе
Қатты айтсаң қатын тұрмады.
Кітаптың сөзін тәрк етіп,

Өсекті баса тыңдады.
Қарттардан кетті ауырлық,
Сопыдан кетті сабырлық.
Төмен басты заманды

Біз заманға не қылдық?
Заманның төбі қыл дейді,
Қыл үзілсе басыңнан
Жалғыз сағат тұрмайды.

Аспанда ай, күн тұтылды,
Көріп пе едің мұндайын,
Ишарат қылып сөйледім,
Болған соң солай заманым.

Расын айтып шығардым
Дүниедегі шаманың.
Әбубәкір хат жазып,
Сөзін етті тәмәмін.

КҮДЕРІ ҚОЖА КӨШЕКҰЛЫ

(1820-1858) Күдеріқожа Көшекұлы қазіргі Қызылорда облысы Тереңөзек ауданы Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Жастайынан ақындығымен, әнші-жыршылығымен аты шыққан. Өзі өмір сүрген тұстағы атамекенінен ауа көшкен ел мұңын жырлап айтқан «Қарқаралы-Қазылық», қалмақтардың шапқыншылығына арналған «Абылай ханның қалмақты аударғанына айтқаны» деген өлең-толғаулары көпшілік арасында кеңінен тараған.

ҚАРҚАРАЛЫ-ҚАЗЫЛЫҚ

Қарқаралы-Қазылық,
Жатушы едің жазылып!
Жазғытұрым болғанда,
Бауырыңнан ел көшкенде,

Көштің жолы сүрлеу боп
Қалушы еді қазылып!
Жатып қалған жас қозы
Жайылып ту қой болған тау!

Егізімнің сыңары
Жамырап мың қой болған тау!
Бірін сойса той болар,
Қалған бірі балқаш боп

Бағлан қозы қой болар.
Сойғанының терісін
Жөнін білген шеберге
Бір өзі бір бой болар.

Елей білмес жаманға
Елі құрып кеткенде,
Ала шолақ иттерге
Көкпар болып тартылып,

Не ермекке той болар.
Қарқаралы, қайран, тау,
Тиуші еді пайдаң тау!
Пайдасының белгісі –

Ойымда тұрған өлкесі.
Өлкесінің белгісі –
Шаңырағым, уығым;
Үйде бақан, сырығым,

Ат үстінде құрығым,
Қазаныма қақпағым.
Желі бір соғар тоқпағым.
Арба, арыс белдігім

Ел қыстауға келгенде,
Сиыр бір жатар шілігім!
Ат жүре алмас аралдым,
Ішіңде бұғы, маралдым,

Бұғы да марал жатқан жер!
Мергендер таңдап атқан жер
Мерекеге батқан жер,
Артығын алып сатқан жер!

Байтөбеті аңқылдап
Байбол тауып үрген тау!
Баласы қаздай байпаңдап,
Бәйбіше дәурен сүрген тау!

Әкем бір күйеу болған тау,
Шешем бір келін болған тау,
Ақ бүркеншік салынып,
Ала берен киген тау!

Кетейін деп кетпедім,
Төңірегің толған жау!
Сабынды қопа қамысым,
Тамам бір жұртқа танысым,

Мына бір зұлмат зорлықтан
Қалдың-ау есіл қонысым!
Боранда малым ықпаған,
Үйімді дауыл жықпаған.

Шағыр бір жусан, изендім,
Сенен де кетіп күйзелдім!..
Байлаулы атқа пішенім,
Матаулы атқа кісенім,

Ат арқандар қазығым,
Балаларға азығым,
Кетейін деп кетпедім,
Патшадан болды жазығың!..

Он екі қазылық он түнек,
Есіл, Нұра екі су,
Еңкейіп онан бетің жу.
Бірінде шекер, бірің бал,

Қай біріңді айтайын!
Бетеге, көде, жауылша
Шулап тұрған бәрің бал.
Кетейін деп кетпедім,

Алып кетті тағдыр қу!

НАРМАНБЕТ ОРМАНБЕТҰЛЫ

(1860-1918) Нарманбет ақын Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Тоқырауын өзені бойындағы Саға деген жерде дүниеге келген. 1872-1873 жылдары Қарқаралыдағы екі сыныптық орыс мектебінде оқыған. 1911-1916 жылдары Тоқырауын-Балқаш елінде болыстық қызмет, 1917-1918 жылдары Қарқаралы уезінің соты қызметін атқарған.

2005 жылы «Алаш» баспасынан бір томдық өлеңдер жинағы жарық көрді.

ПАТШАНЫҢ ТАҒЫ БІР ПОЛИТИКАСЫ

Қырғыз, қазақ әр тарап,
Дінге салды шатақты.
«Қалмақтан үлгі алыпсың,
Дін жоқ сенде атақты.

Айтасың, атың мұсылман,
Дінің жоқ мойын ұсынған.
Ұрлық-зорлық сенде көгі,
Не айтасың осыған?

Айтпаймыз сенде дін бар деп,
Біріңді бірің жалмап жеп,
Құдайдан сірә қорықпайсың,
Орыстан қорқып жүрсің тек.

Үлгі алыпсың қалмақтан,
Табындың отқа май жаққан.
Өлікке ат қоюды
Дін деп алдың қай жақтан?

«Әулие тас» деп үңгірге –
Түнейсің барып бір түнде,
Жартастан бала сұрауың –
Мұсылман болсаң бұл жөн бе

Ағашқа байлап әлемді,
Келінің істер сәлемді.
Байқалады осыдан
Ниеттерің сәленді.

Қалмақтан жаман маңайын.
Сендерге таза дін таптық –
Боларсың бізбен ағайын».
Үлгі қылып қалмақты,

Салды дінге салмақты.
Ақырда Алла болысты,
Салып еді қармақты.
Шығарды елге миссионер,

«Қазаққа барып дін білдір,
Наданы көп қой қазақтың,
Кей біреуін еліктір».
Елге шықты екі-үш поп,

Айнытам деп әуре боп.
Ақшаны көп берсе де
Ешкім тілін алған жоқ.
Үкімет сөзін бұзбайды,

Бұзған соң үміт үзбейді;
Елу сом беріп айнытып,
Тауып алды Дүзбайды.
Ендігі жолға лағынет,

Ағайынға қойып жаман ат –
Іріп-шіріп босқа өлді,
Білгенге осы ғибрат.

ӘЖДАҺАНЫҢ АУЗЫНДА

Әждаһаның аузында
Айырылып қалдық қоныстан.
Берекелі мизам шықпай тұр
Әлі бізге орыстан.

Қазақтың жолы қарайып,
Әділеттік азайды
Би, старшын, болыстан.
Малды кісі би болып,

Милы кісі и болып,
Белгілі жақсы жүн болып,
Жанның бәрі тең болып
Көнбеймін деп тырысқан.

Жалғыз атты жарлылар,
Сорпаңды ішкен сорлылар,
Шаңырағын бу қылып,
Бөз жейдесін ту қылып,

Тайынбай тұр ұрыстан.
Ел ішінде азғандар,
Тор тимеген құзғындар,
Партия жасап жұлқысқан.

Бұқараға көну жоқ,
Ауыз сөзге сену жоқ,
«Мен сенікі болдым» деп
Антпен уәде қылысқан.

Қарап жүріп шатылып,
Аз нәрсеге сатылып,
Мінапықтар көбейді
Айтқан серттен жылысқан.

Біреумен біреу алдасып,
Мал ұрласып жандасып,
Көңілден көңіл суысқан.
Күш менде деп міндетсіп,

Тәуір болсаң күндесіп,
Қарсы болды туысқан.
Басқан ізің санаулы,
Қылған ісің сынаулы,

Қасыңдағы жолдасың
Қауіпті болды, дариға-ай,
Қынабы жоқ қылыштан!
Қайыр, зекет, қажы қалды,

Дүние қуған қырыстап!
Күпірән нығмет болған соң,
Берекесі қазақтың
Шыға ма деп қорқамын

Өстіп жүріп уыстан.
1903 жыл.
Сақараға қарасақ
Сақараға қарасақ –

Жайылған қойдай халайық.
Бейғамына қарасақ –
Қасқыр жеуге ылайық.
Көңіл сезді, көз көріп,

Айтпай қайтіп шыдайық!
Жау жағадан алқымдар,
Бөрі етектен тақымдар,
Бұған ылаж қылайық!

Балаларды оқытып,
Көңіліне өнер тоқытып,
Талап қылып сынайық!
Адал мінез, ақ кәсіп,

Үйде отырып қорланбай,
Ашық тұр ғой кең есік —
Кірігі хаққа жылайық!
Қаршыға аңдып қоянды,

О да шошып оянды,
Кел, ұйқыдан тұрайық!
1905 жыл.

КЕР ЗАМАН

Ағайын ала,
Қолда шала:
Тұтап жана.
Ұрлық-зорлық,

Аққа жала,
Өтірік арыз –
Бермек парыз,
Бармақ қала.

Күнде кеңес,
Ылғи егес –
Шап та тала,
Қаны қашып,

Малын шашып,
Іздегені
Крес тана.
* * *

Осы сынды,
Өзі жынды,
Кісі кімге
Болмақ пана?

«Пәленше келді»,
«Не қал деді»?
Қалаға барды,
Арыз берді,

Ақша ұстап,
Келді мықтап.
Бір жұмада,
Пристоп шықпақ, -

Пәленшені жер аударып,
Түгеншені түрмеге тықпақ.
«А, құдайлап»,
Қой сойысты,

Ет, қымызға бір тойысты.
«Бұдан былай бұзылмасқа
Қылайық деп,
Қыжылдасқа».

Құрандасып
Ант құйысты.
Қырық ат айдап,
Пристоп келді,

Қырып-жойып,
Жолдағы елді.
Барып келген,
Ақша берген,

Қылады деп,
Қатты сенген.
Келіп түсті
Тіккен үйге,

Белде қылыш,
Сары түйме.
«Тентектерді
Тез келтір!», - деп

Жарлық қылды
Болыс-биге.
Ауылнай шапты алақтап,
Екі етегі далақтап.

Айғырын мінген ылауға
Келе жатыр иесі
Ту биемен салақтап.
Ауылнай келді «аһ» ұрып,

Дымы құрып қақырып,
«Пристоп келді қаладан
Сіздерді жатыр шақырып».
Атқа жылдам мініңіз,

Бір Алла деп жүріңіз.
Қаһары қатты көрінеді,
Оны да ойлай біліңіз.
Шақырылған азамат

Далаға шықты шошынып.
«Қандай пәле болды?» - деп,
Кемпір-шал да бүкеңдеп,
Көзінен жасы жосылып,

Далаға шығып кеңесті,
Қатын, бала қосылып.
«Пәленше байға баралық,
Ат-айғырды салалық,

Сатып ақша алалық.
Жан үшін малды жидық қой,
Біз де барып ұлыққа
Ақша беріп қаралық!»

Байдан барып ақша алды,
Қорасына қол салды.
Төрт түлікке мол салды.
Ауылға келді қуарып,

Екі ұрттары суалып.
Құдайға айтып «ақсарбас»
Жақсы сапар сұранып,
Атқа мінді «Алла» деп.

Ақсақалдар жылап тұр,
Сапарларын оңда деп.
Жеті өлікке жан берген
Қожа Паһауадден қолда деп,

Жеті тиын Нәзірге
Жол көрсетші молда деп.
Ұлыққа келді жиылып,
Аруақтарға сиынып,

«Здрасти, тақсыр» деп,
Бастарын шұлғып, иіліп.
Пристоп қарап тұрады,
«Сендер кім?» деп сұрады

Қабағы қатты түйіліп.
«Шақырған, тақсыр, сіз» дейді,
«Шақырылған біз» деді.
Ақырын жауап береді

Аурудайын күйініп.
«Арыз берді маған кеп
Пәленше деген бір адам.
Ауыл шауып, мал алған

Жұмыстарың тым жаман.
Ұлық бар деп білмеген,
Тыныштықпен жүрмеген,
Өңшең дурак, ит, надан.

Кешке жауап аламын,
Абақтыға саламын,
Көрсетемін мен саған».
Далаға шығып, кеңесті,

Бар ақылын теңесті.
Арасынан біреуге
«Ептісің ғой сен» десті.
«Арызым бар деп айтуға

Пристопқа ен», - десті.
«Ісіміз ақ, тақсыр» деп,
Сый ғып ақша бер десті.
«Әгар алса ақшаны,

Оңдағаны құдайың,
Әгар ақша алмаса,
Жондағаны құдайың.
Не салғанын көр»,- десті.

Сұрқия жігіт орнынан
Түрегелді сымп етіп,
Пристоптың үйіне
Кіріп барды жымп етіп.

«Ісіміз ақ, тақсыр» деп,
Ақша ұсынды күңк етіп.
Ала сала ақшаны
Пристоп кетті бұлт етіп.

«Кешке жауап аламын,
Көзімнің қырын саламын,
Шықпасын өсек бұрқ етіп».
Пристоп кешке шақырды

Арыз берген адамды.
Әуелінде сұрады –
«Мал даугері, кім алды?
Анық шынын айтыңыз,

Өтірік болса қайтыңыз!
«Заложный доносқа»
Статья жаман-ды».
Абдыратып жүрегін,

Сандыратып тілегін –
Неше жерден қуылды,
Прокорорға барған соң
Әуелгі тамыр бос қалды,

Соңғы тамыр қолқа алды.
1910 жыл.

САРЫАРҚА

Сарыарқа, сарқыраған суың қайда?
Түнде шық, күндіз мұнар буың қайда?
Шажағай шарт-шұрт етіп, нөсер құйған,
Көк жасыл кемпірқосақ туың қайда?

Көк маса, көкорай шалғын шөбің қайда?
Көк қасқа бетегең жоқ түбі майда,
Қызғалдақ қызыл-жасыл көк балдырған,
Балауса бал татыған бар ма сайда?

Көк бұлт күркіреген зілің қайда?
Тобылғы толықсыған гүлің қайда?
Атта ұма, түйеде қом, қойда шырай,
Тұлыптай желі толған құлын қайда?

Бұлтты күн күйіп тұр, жел аңызақ,
Дым тимей шөп қурады, жер тамызақ.
Рахмет дариясынан қатыра тамыз,
Ғаламды тәрбие еткен, ей жалғыз хақ!

Басы бос паналауға бұлақ бар ма?
Жанатын жарық сәуле шырақ бар ма?
Ахуалын замананың аз сөйлейін,
Тыңдайтын құмарланып құлақ бар ма?

Көтерген ақ ордада ханың қайда?
Қиғаш қас, бидай өңді ханым қайда?
Жаяуға ат, жалаңашқа киім болған,
Қолы ашық, қайырымды байың қайда?

Шаң жұтты теке жәуміт атың қайда?
Қалдырмас жауға тастап жақын қайда?
Ұшқыр ат, түзу мылтық, болат найза –
Бұлардан құтылатын батыр қайда?

Бай бар ма баяғыдай қарқылдаған,
Асы мол, аты тегін тартылмаған.
Алдыңнан атынды ұстап құрмет еткен,
Жайдары жеңгең бар ма жарқылдаған?

Пайдалы балығы коп дария бар ма?
Сыбырсыз сырын айтқан жария бар ма
Аузынан ая толы қақырық тастап,
Батагөй басалқы айтқан қария бар ма?

Кең сарай исі жұпар үйің бар ма?
Уайымсыз, ұйқы тыныш күнің бар ма?
Теңгеріп қор мен зорды бірдей күткен,
Ақ көңіл, әділетті биің бар ма?

Қамқорлы атаң менен анаң бар ма?
Тірілтер олар өлсе шамаң бар ма?
Атаның ақ батасын аламын деп,
Әдеппен кызмет еткен балаң бар ма?

Именген иба сақтап келін бар ма?
Ол именсе еңкеймей желің бар ма?
Толған соң тоқсан екі тозбасын деп,
Тілейтін тілеуіңді елің бар ма?

Соқталы сом алтындай жігіт қайда?
Қыз бар ма тал шыбықтай сөзі майда?
Опалы ойнақтаған ақ келіншек,
Кер ауыз кең бәйбіше бар ма байда?

Азбайтын ақыны кең ағаң бар ма?
Тозбайтын ақ кіреуке жағаң бар ма?
Күніне бір кітапты жат оқысаң,
Наданға сөз ұқпайтын бағаң бар ма?

Аға деп ғазиз тұтар інің бар ма?
Жамандап жақсы болса жының бар ма?
Маймылдай тіл үйреткен майдалайсың,
Еңбекке есе туса күнің бар ма?

Арымас алты ай мінсе атың бар ма?
Алтындай шірімейтін затың бар ма?
Ер өмірін уәжіп деп қызмет етер,
Ақтаған ақ некені қатын бар ма?

Ас берген, ат шаптырған тойың бар ма?
Құдаға айтып сойған қойың бар ма?
Жетіні жеп, сегізге секіреді,
Жебірге бұл заманда тойым бар ма?

Қалмады, ей, Сарыарқа, сенде қызық,
Сандал тау, сары өлкені алды мұжық.
Қолыңнан келер де жоқ, өнер де жоқ,
Баласы байғұс қазақ қалдың мыжып.

Әлі де қоймадың ба, халқым, мыжып?
Жұлын сау, омыртқаны қойды мұжып!
Жолым тар, жолбарыстай жорта алмаймын,
Айтуға мүмкін емес бәрін тізіп.

Таптадық Сарыарқаны неше жүз жыл,
Байы жоқ, баласы жоқ сонда да тұл.
Ерініп еңбек қылмай, егін салмай,
Халыққа қала салған боламыз құл.

Кең дала, кеткенің бе кер бетеге,
Бұл жерде бала туып ер жете ме?
Суырдай іннен шыққан сүмірейіп,
Дариға-ай, мекенінен ел кете ме?

1910 жыл.

САРЫАРҚА САЙРАН ЖЕРІМ-АЙ!

Сарыарқа сайран жерім-ай,
Салқын да самал белім-ай!
Сандалдай тауы тізілген,
Өлкелі өзен, көлім-ай!

Мал асырап, мекен қып,
Ел өсірген кенім-ай!
Қасірет жоқ, қайғы жоқ,
Уайымсыз елім-ай!

Сансыз қара айдаған,
Шалғынға бие байлаған.
Сары қымызды сапырып,
Ішкенде мас боп ақырып.

Кемпір, шалдар ойнаған.
Қайғысыз қайран елім-ай!
Сарыарқадан сән кетті,
Қазақтан қуат, әл кетті.

Ойын-күлкі, сауықты
Бозбаладан ән кетті.
Жалпағынан өрт алды,
Көк тарлауы қуармай,

Мезгілінен ерте алды.
Көк ала түтін қаптады,
Ішкен асым батпады.
Жүрегімді дерт алды,

Мал садаға, жан қайғы,
Бала сұрап ерік алды.
Ата-анада зәре жоқ,
Мұнан үлкен пәле жоқ,

Боздақтарым сандалды.
Жалпы қызмет келіп тұр,
Жан басында билік жоқ.
Жалқау қалған біздің жұрт,

Ғылым да жоқ, бірлік жоқ,
Құламасқа не қалды?
Патшаның салған бұл ісі –
Тағдырдың салған жұмысы.

Ұнамасқа не қалды?
Мал мен жаннан түңілдік,
Қара жерге үңілдік.
Жыламасқа не қалды?

Мойында, жұртым, мойында!
Бекер де жүрдің ойында!
Тәңір салды, біз көндік,
Бар ма еді бұл іс ойыңда?

Шыдамасқа не қалды?
Су кеулеген жардай боп,
Құламасқа не қалды?!
Он тоғыз бен отыз бір,

Шақырды бабаң «тойға» кел.
Көтере сауда келді ғой,
Ақырын алла өзің біл.
Жан қысылды, жад еттік

Бір жасаған иені.
Болыс, тілмаш, Аулынай,
Жылағанды «сүйеді».
Қанды балақ қаршыға

Тоятына қаз берсе,
Қанатына «мәз» берсе,
«Отлушке, ауру»
Деген пайда тиеді.

«Подретшік» көп шықты,
«Құтқарамыз» деп шықты,
Жалап-жұқтап жеп шықты,
Бетке сүртіп күйені.

Жасы қате жазылған
Отыз бірден артықтар.
Араласып кетті ғой,
Мертік пенен шартықтар.

Ауру кетіп, сау қалды,
Алды-артында дау қалды.
Кім табады жүйені?
Барған жігіт жұмысқа,

Қалған жігіт зауытта,
Кіре салып суықта
«Әтшу» деп жүр түйені.
Жаз құлындап жүретін,

«Бұл жануар буаз» деп,
Бір жымыңдап күлетін
Базарға салдық биені.
Қой-қозыға қол салдық,

Бұрынғыдан мол салдық,
Бұған да қырсық тиеді.
Азаматтар құл болып,
Ғашық жарлар тұл болып,

Жүректері күйеді.
«Балам қайда кетті» деп
Кемпір шеше жылады,
Кемпірінен жасырып,

Шал да көзін бұлады.
«Балам жетім, келін тұл,
Құдай қашан иеді?»

ҚАЗАҚ ЖАЛҒЫЗ АЙРЫЛСА БОЛЫСТЫҚТАН

Қазақ жалғыз айрылса болыстықтан,
Мұжық алып жер кетті қоныстықтан.
Ақ туын пайғамбардың жықпай тәңірім,
Жалғыз-ақ өзің сақта орыстықтан!

КЕЛТІРГЕН САРЫАРҚАҒА ҚҰДАЙ БАСТАП

Келтірген Сарыарқаға құдай бастап,
Ерендеп ер жолдасы жолын қоштап.
Ерлерден бұрынғы өткен айналайын,
Осындай жер жерлетіп, мекен тастап.

Бідағып ғазиз жанын, қанын төгіп,
Сарыарқа атам алған қан уыстап.
Ол кезді сөйлей берсем кеп тамаша,
Асқар тау ұзын өзен бәрі оңаша.

Жаз болса ел жайлауға қаптай кешіп,
Өлкелі сары өзенге жара қонса.
Жайқалған миуалы ағаш, райхан гүл,
Сайраңдап тау самалын араласа.

Масаты кілемдей боп нұры жайнап,
Кем емес әрбір сайды бағаласа.
Жасарған қызыл-жасыл көктің гүлін,
Безентіп күн астынан шашқан нұрын.

Өткізген ақ меруерт зер секілді,
Байқасаң шын жібектен тіккен түрін.
Бірі көк, бірі сары, бірі жасыл,
Тұрады шашақтанып буым-буым.

Сықылды құйған сипат мөлт-мөлт етіп,
Бетіне ұстап тұрар шықтың буын.
Осындай көрік, келбет, бедер жасап,
Үш айда жерге шашар рахмет туын.

Түрлентіп жер астынан өрнек шашқан,
Алланың рахметіне жетпес ғылым.
Сарыарқа сайраны мол қайран ыстап,
Атамыз қалмақтардан алған күштеп.

Бас қосып, мәжіліске бағлан сойып,
Сауықпен жастар жүріп қымыз ішпек.
Бодан бон онда орысқа қараған жоқ,
Әркімнің басы бостан, қайғылы іс жоқ.

Арқаға неше ел келіп, неше ел кеткен,
Кім мықты зорлық асса, қорлық еткен.
Абылай ел басшысы болғаннан соң,
Қазаққа Сарыарқаны мекендеткен.

Баласы хан Шыңғыстың Тәуке, Бөкей,
Хан сайлап, төре қойды қалың Бөтей.
Ауызы алалықпен алыңқы боп,
Билігі бұл ортаға түгел жетпей.

Орысты қала орнатты қасына алып,
Қазақты қаратпаққа тізгін беріп.
Ала боп түгел тізгін тимеген соң,
Орысқа қылмақ болды көмек, серік.

Хал нешік қарағанда болады деп,
Үйсінге кетіп қалды біразы ауып.
Үйсіннен тізе қақпай зорлық көріп,
Ол жерде тұра алмады мекенденіп.

«Үш түрлі тілек берсең қараймыз» деп,
Жақсылар хабар салды кайтып келіп,
Бір тілек - баламыздан солдат алма,
Болмасын дінге зорлық, ықтиярға.

Әуелгі атамыздан ата қоныс,
Жерден алым алам деп қылма тарға.
Естілді патшаға хабар беріп,
Патша құп ұнатты мұны көріп.

Қолын қойып, қағазға мөрін басты,
Бекілді бүл үш жұмыс мәлім болып.
Сөз шықты біраз жылда жерге қарай,
Пайдалы жақсы жерді мұжық жанай.

Егін егіп, поселке, қала орнатты,
Еріксіз кие соғып, тарай-тарай.
Бұл сөзді түйсінбедік біз бұрыннан,
Бос қалдық ерте туып, біз ғылымнан.

«Барша жас кызметке керек» деген,
Бір жарлық бола салды шұғылынан.
Малға түгіл басқа зат қайланы да,
Бізге түгел бермеді сайманын да.

Казак-орыс сықылды атқа мінсек,
Өлсек киіс қылмас ек майданында.
Риза едік патшаның жарлығына,
Сайманы, қазыналы жабдығына.

Қару жоқ жан қорғарлық тым болмаса,
Шақырды-ау, қара жұмыс қорлығына...

ЖІГІТТЕР, ЖАҚСЫ ҚАЙДА ҮЛГІ ШАШҚАН?

Жігіттер, жақсы қайда үлгі шашқан?
Жүдеген мұңлы-зардың көңілін ашқан.
Анау озып, мен кейін қалам ба деп,
Көз салып бірін-бірі шамаласқан.

Сүрініп ат аяғы кетер болса,
Достарың дұшпаныңмен табаласқан.
Бұл жұртта әр өнер бар толып жатыр,
Өтірік, ұрлық, есек араласқан.

Жақсыны өзі болған көре алмайды,
Өрт қойып жан-жағынан қамаласқан.
Ақылшы шықты бізге үй басынан,
Өзі боп, өз үйінде жұрттан асқан.

Биге пара, байларға өсім болды,
Бой тартып арамдықтан бар ма қашқан?
Жатқанда тәтті ұйқыда қазақ халқы,
Айрылмай жақсы менен жаман парқы.

Әркімде әр ойын мен әр мінез бар,
Көздейді өз пайдасын жұрттың нарқы.

САРЫАРҚА

Сарыарқа, басың биік, шөбің сұйық,
Ойнайды бауырыңда арқар-киік.
Қызығы Сарыарқаның еске түссе,
Төсекте жата алмаймын ішім күйіп.

Сарыарқа менің жерім-ай,
Сауықшыл қайран елім-ай!
Ит жүгіртіп, құс салған,
Айдын да шалқар көлім-ай!

Сарыарқа, басың биік қуанамын,
Еңкейіп жез шәйнекпен су аламын.
Қызығы Сарыарқаның еске түссе,
Қолымда асасы жоқ диуанамын.

Сарыарқа менің жерім-ай,
Сауықшыл қайран елім-ай!
Ит жүгіртіп, құс салған,
Айдын да шалқар көлім-ай!

ЖАБЫДАН ТҰЛПАР АРТЫҚ ШАППАСА ДА

Жабыдан тұлпар артық шаппаса да,
Жаманды жақсы болмас мақтаса да.
Мылтықтан бытыралы артық шиті,
Бір шүрегей жылына атпаса да.

Жабының жайылғаны көтерілмес,
Таң асып екі күндей оттаса да.
Балықтан су түбінде артық шортан,
Қармақты іздеп келіп қаппаса да.

Атасы тең тумаған түк қылмайды,
Сыртыңнан ғайбат айтып, боқтаса да.
Жігітке қолы таза пәле бар ма?
Басынды рапоттап соттаса да.

САРЫШОЛАҚ БОРАНБАЙҰЛЫ

(1858-1929) Сарышолақ Боранбайұлы Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы Қопасар елді-мекенінде туған. Өлең-жырларын жазба түрінде де, суырып салма айтыс ақыны түрінде де көпшілікке көп мұра етіп қалдырған. Сондай-ақ ол «Қарақ-ай» әндері арқылы композитор ретінде де жұртқа белгілі. Дегенмен Сарышолақтың ел азаттығы жөніндегі өлең, толғаулары оның үлкен жүректі ақын, ұлтын сүйген ер болғанын айрықша танытады.

ОТАРЛЫҚ ЕЗГІ ТУРАЛЫ

Күнде жасып жүргенше,
Көздегі шерлі жас кепсін,
Құлдықпен өмір сүргенше
Қанжығада бас кетсін!

НАЙЗА АЛАТЫН КҮН ТУДЫ

Жайықтан бергі өрісті,
Ну тоғайлы қорысты,
Сай-саланы келісті,
Кірмелер келе шұбала,

Зорлықпен алды қонысты.
Кірме деп қалай айтайын,
Елінен ауған мұжық-орысты,
Құдамыздай ежелгі,

Шұрайлы мекен бөлісті.
Қада қағып аршындап,
Болыспен сырттай келісті.
Ойыл менен Қиылды,

Өңшең бұзық жиылды,
Кері итеріп көңілді,
Mіce тұтпай сыйыңды,
Мылтығын тіктеп еліме

Дардан безген қиынды.
Айтар сөзің зая-ды,
Тыңдамады биіңді.
Өзінше жазып заң-зәкөн,

Орында деп бұйырды.
Салақтатып қылышын,
Кәріге қамшы үйірді.
Топастар шығып күндікшіл,

Ашытты күнде миыңды.
Шолжаңдаған жиендей,
Еш көрмеді тыйымды.
Жерімде жүріп шалқыды,

Мұрнын көкке шүйірді.
Іс қыларға дәрмен жоқ,
Көп жұртым Тәңірге сиынды.
Қарғалы, Елек бойында,

Кірмелерім еліріп
Не болса сол ойында,
Тірескенді қарсылап,
Жығып салды сойылға.

Басты сөйтіп қаңғылар,
Тышқан да мысық ойынға.
Шімірікпей іс қылды,
Жүргендей-ақ балдызының тойында.

Малды айдап аз пұлға,
Шіркінде болмай тойым да.
Қобдадан асып Ырғызды,
Тас қамалын тұрғызды.

Карсы келген сойларды,
Сұраусыз және қырғызды,
Өріс болды соларға,
Атжақсы менен Құндызды,

Ат ойнатып үстінде,
Үрейлі қылды ұл-қызды,
Қопа менен Қайыңды,
Қаулай біткен сайыңды.

Үдере көшкен ел үрку,
Үрей билеп байыңды.
Кектенген ерлер қамыға,
Істерінен тайынды.

Түсінбейді айтқан жайыңды.
Үйірлеп алып жылқыны,
Қоралап айдап қойыңды.
Қариядан құт қашып,

Ыза буды бойыңды.
Шүлдір болды сөз ұқпас,
Ұқпайды айтар ойыңды.
Тегіндікке үйреніп,

Қаңғылар солай тойынды,
Тіресерге дәрмен аз,
Ұстасқандар жойылды.
Үш Қарасай, Сырлыбай,

Жайынды менен Мойылды –
Әлімнің ескі қонысы-ай,
Тентіреп келіп іш жақтап,
Иемденді қаба да сақал орыс-ай.

Сұраусыз қырып балыған,
Жемірдей отап түскенін,
Шайтаннан туған мәліғұн.
Ояздары ойрандап,

Старшыны тайраңдап,
Өз бетінше сайраңдап,
Үстемелеп салығын,
Бүтінделіп бойлары

Ұмытты жөке шарығын.
Шықпаған соң жан тәтті,
Буырқанды халығым.
Үмітпенен болжады,

Естілер білмей анығын.
Бұғуменен күн өтті,
Ұрынад деп тағы кім.
Жемнің бойы ырғынды,

Байыз таппай былайғы,
Орыс салды қырғынды,
Қарсыласар дәрмен аз,
Көрер күнің бұлдыр-ды.

Айтаққа еріп әумесер,
Елдің ішін бүлдірді.
Бекіресін бес тайлақ,
Асамай-ақ қылғытты.

Жайынын шаншып мазаққа,
Өзенімді бүлдірді.
Басынғаны соншалық,
Сағымды сөйтіп сындырды.

Пәтуа қашып береке,
Ел ішіне жын кірді.
Сөз ұқпастар мәз деме,
Бекерге басын шұлғыды.

Саралай бәрін қарасақ,
Қу көмейі құрғырды.
Сағыздың бойы салалы,
Күнде қиқу қаралы.

Жүрегің шаншар көргенде,
Көкірегің жаралы.
Дерек айтқан жақсылар,
Бостан-босқа жалалы.

Ерлерімнен эл қашып,
Кесілгендей талабы.
Шен ұсынад салпыншақ,
Алдағандай баланы.

Жел құрттай жеген тісіңді,
Жайменен үңгіп барады,
Осыларды көргенде,
Ойдан бойың талады,

Қиялға түсіп амалың,
Торығыс билеп сананы.
Ойлалық кейінгі баланы.
Кекке қайрап намысты,

Оятайық қараны.
Көзбенен көріп бұл ісін,
Зығырданың жанады,
Беркініп іске көшпесек,

Қиын көпір талабы,
Ит ғұмырды кешкенше,
Болып тынсын болары.
Мырзағұлдан артық па,

Жібермесін обалы,
Талай ерім баз кешкен,
Барлай байқап жобаны,
Жүрмеспіз бұлай жабырқап.

Шындық түбі соғады,
Бостандық үшін қан кешіп,
Жастаналық моланы.
Түк өнбес деп ойланба,

Елімнің көп қой қарамы,
Аққа Тәңір өзі жақ,
Құлықты болса талабы,
Арт жағында орын жоқ,

Қол жайып тағы барары.
Басынған сайын үстеме,
Қолданалық шараны,
Тізесі батты шымбайға,

Көрер күнің қаралы,
Тура шапсаң бет түзеп,
Бұзылар сордың қамалы,
Кеп асқанға, бір тосқан,

Таусылар мен-мен амалы,
Кеуде соққан міскіннің,
Жойылар солай залалы.
Әділдік ісі айқынды,

Теңдіктен болса хабары.
Орыстың ісі зорайды,
Қайыңды сай мен Орды алды,
Бұрынғы ісі жай екен,

Қайғасы сансыз торланды,
Шама келмей тіресер,
Жабыға көңіл қорланды,
Жағымпаз қаптап арнайы,

Жарымастан олжа алды,
Жайлап алған жіміскі,
Сөз тоқтайтын ордаңды,
Өзіңнен шыққан жау жаман,

Ұқпайтұғын болжалды,
Төменшігім шен құмар,
Айдап берген мал-жанды,
Есебі болмай алғанның,

Қалың қауым зарланды,
Тұйыққа тіреп кемесін,
Алладан күтіп салғанды,
Бұрынғы күнің күн емес,

Болашақ таңың арман-ды,
Найза алатын күн туды,
Қас жүйрік мініп ақжалды,
Көкесіне көріссін,

Бір шайқалық жалғанды,
Тәуекел түбі жел қайық,
Бір сыналық қу жанды.
Жүргенше төмен бұқпалап,

Содан басқа не қалды?
Бұл айтқанға көнбесең,
Сырылған кеудең сыриды.
Көрермін бәрін өлмесем,

Тұқымың босқа құриды.
Талапты ерге нұр жау ар,
Мойымай салсаң төтеге,
Шындықтан болар бір хабар

Айтқаным түбі соғады.
Бес қаруды құрсанар,
Дауылдата, селдете.
Буырқана бұрсанар,

Қарашада соққан жауындай,
Сарышолақ жырға бір салар!

АЗАТТЫҚ ЕДІ АҢСАҒАН

Сәлем де - артта қалған көбіме,
Қатар-құрбы теңіме.
Аңсаған шаршай сағына,
Шұрайлы мекен еліме.

Бұрыннан қалған сөз бар-ды
Туғаныңнан жеріме.
Өз жеріңнен артылмас,
Қанша шықсаң өзгелердің төріне.

Болмашыдан баз кештік,
Жала тиіп еріме.
Әулие жерден безіндік,
Билік тиіп періге.

Оқшантайға қол салмай,
Қапылыс қылды шеріге.
Лайықсыз күн туды,
Біз секілді серіге.

Жазғанда сұрау болар-ды,
Босқа төккен теріме.
Келер күндер қайран-ды,
Өршеленіп құтыра,

Жауыздар салды ойранды.
Бұғынды деп ойлама,
Бір тигізем пайдамды.
Азаттық еді аңсаған,

Тап болған пәле қайдан-ды.
Күні туған сәтінде,
Біз салармыз майданды.
Әзірге сірә шама кем,

Дұшпан сезіп айламды.
Сезгендіктің белгісі,
Ішімнен салды ойранды.
Бірді-бірге айтақтап,

Көтермеді тойғанды.
Несібем солай ортайды,
Шемен көңіл есіріп,
Дұшпандарым марқайды.

Шынжырлап айдап асылды,
Бітіріп ісін шалқайды.
Жалаға күйіп өртендік,
Дұға қосып айқайды.

Назары төмен шерменде,
Қас асылдай қайқайды.
Осыларды көргенде,
Буынымнан әл тайды.

Қошеметші безінді,
Шіркіннің жүзі сұрқай-ды.
Ойында жоқ түйткілі,
Қарақшы болып қалқайды.

Сұрауы болар әріден.
Кімнің қорқам зәрінен,
Әр істің болар қисыны,
Қорқатын тағы қисын жоқ,

Қоян естің кәрінен,
Ел болам десең біріккен,
Топтаспай тіпті болмас-ты,
Кез келген мәйегімді іріткен.

Ойраны батты ойсыздың,
Тектілерді шіріткен.
Шеңгелін салды асылға,
Көргендер былай үріккен.

Қисыны тайып кебімнің,
Көз ашпадық бүліктен.
Шаң жұқпаған қас жүйрік,
Қыл мойыннан іліккен.

Сөзге еріп түсінбес,
Ісін бүркеп былықпен.
Сорлаудың басы осы екен,
Сенсең де қанша үмітпен.

Зарланып қанша айтсам да,
Тыңдамады қулықпен,
Сорымыз сірә ашылмас,
Сіңір шығып жіліктен.

Зарланды деп ойлама,
Салыстырма тұнықпен.
Тұнығымды шайқады,
Ішіме кіріп әуелі,

Алды артымды байқады,
Байқағанның белгісі,
Шалғынымды жайпады,
Сыр тартып іштей сыбыспен.

Араға кіріп шайтаны,
Дос болып кіріп ішіме.
Қаңғының бүлік қайқаңы,
Көрерімді көп қылды,

Артынан шығып сойқаны.
Тереңде жатты тамыры,
Таусылған соң айтары.
Әніміз болды жоқтаудай,

Кейінгілер төменшік,
Кірмелер ұқпай тоқтауды,
Төбелі бидей сұрақсыз,
Өзінше шығарды соттауды.

Түсінбедік дал болып,
Күнде қиқу шаң болып,
Сөз түсінбес оттады.
Ішім толып шерленіп,

Аш бөрідей сенделіп,
Назар-Шүрен паналап
Қу домбыра өңгеріп,
Қасыма ерген азымның,

Бірін мыңға теңгеріп,
Алысқа тарттық осылай,
Болмашыменен күн көріп,
Кешегі тілім сайраған,

Кібіртікпен күрмеліп.
Әлі таппас біздейді,
Қисабы жетпес пұл беріп,
Адамы ала болған соң,

Заманы неше түрленіп.
Күңірене шер қозғап,
Болдық па неше боркемік.
Талайды бастан кешіріп,

Тірілдік талай "мың өліп".
Қырық жыл қырғын болса да,
Өлермін көресімді бір көріп !

КЕЛІМСЕКТІҢ ЖАТЫР ОЙЫ ӘРІДЕ

«Бас басына би болған кілең қиқым»,
Көрмейсің бе даукестің жүрген сиқын.
Сондайларды көргенде дәтім кетіп,
Күндіз күлкі қашады, түнде ұйқым.

Жөнділерді түртпектеп қыр асырды,
Асылдардың бейнесін жер жасырды.
Шемен болды көңілім ойға бата,
Кінәлаумен жиылған көп тасырды.

Бисымақтар болып алған белсенді,
Осыларға қалай ғана ел сенді.
Ақ жарылқап күнім туса алдымнан,
Үзер едім бірінші боп еңсеңді.

Бұл уақытың тұрақтамас мәңгілік,
Арман болмас шындық жүзін көрсем-ді.
Уақыт келер, есеп берер таң атып,
Талай көздер шелді болды қаматып,

Шындық шіркін бір күн соғар дауылдай,
Адалдықты Тәңір қалар, жаратып.
Тістегенмен не болады бармақты,
Кәпір артар көтерместей салмақты.

Жаның түгіл, малың құрбан садақа,
Ия, құдайлап момындарың зар қақты.
Барар жерің тұрғандай-ақ өлшеулі,
Салығы да көтертпеген еңсеңді.

Өз жеріңе өзің кірме секілді,
Көп момындар буырқана теңселді.
Шүлдірлеген тіл білетін, мардымсыз,
Болып алған кірмелерге белсенді.

Амалы жоқ, барары жоқ ілгері,
Соларына күрсініспен ел сенді.
Ақтылы мал пұлға өтті, бақырға,
Билік тиді сөз ұқпайтын тасырға,

Келімсектің ойы жатыр әріде,
Бір туғандай жаны, сірә, ашыр ма.
Шұрайлысын шайқап ішіп елімнің,
Нулы жерді айналдырды тақырға,

Ойы жоқтар сөзін сөйлеп солардың,
Көнбей қойды тура айтқан ақылға.
Ақ көзденген кешегі құл еліріп,
Өзін балап мыңды жығар батырға.

Келімсектің кері қайтса, елі бар,
Көнсе егер шынтуайты ақылға.
Балақтағы битің шығып басыңа.
Қыл бұрауды салғандай-ақ тақымға.

Түптен қозғап турасына көшейін.
Жаным құрбан өзім деген жақынға.
Өзен де, өзен, өзенім,
Жағалай көшіп бұйратты,

Шалқыған кемел өз елім.
Соларға кірме бас қойды,
Өртенді күйіп өзегім.
Кәпірдің сұрқы сұстылау,

Ырықсыз қалай төземін.
Басар тау қалмай басарға,
Жерімнен қалай безермін.
Әр істің болса байыбы,

Тәңірім жазғай кезегін.
Ашынғанда жазық жоқ,
Қызыл тілді безедім.
Тартына кімнен шошынам,

Шындық жеңер сеземін.
Кәпірге жайған дастархан,
Сылайы ұрсын көженің.
Тұнығымды лайлап,

Асылға найза безедің.
Дәм атсын өңшең шоқайлар,
Сөз түсінбес безерім.
Жылғалы сайлар жылғалым,

Бойын түзеп масайып,
Кәпірдің торды құрғаны.
Іш мерезге сеніп ап,
Ауызды сөйтіп ұрғанын.

Өз жеріңде билік жоқ,
Кібіртіктеп тұрғаның.
Қоғалы көлдер, қоғалым,
Байыппен барлай шоламын,

Сүмеңдей кіріп араға,
Билеп кетті қонағым.
Тежеу болмай көбіне,
Түптен сарқа тонадың.

Күнім туса кезекті,
Тартарсың әлі-ақ обалын.
Қолдан келер шамалы,
Шайқалған босқа шалабым,

Сұраусыз, сірә, қалмаспыз,
Келтірер Тәңір амалын.
Боз селеулі қырларым,
Жайқала тоғай тұнғаным,

Өзіңде туған асылдар,
Нелер шықты тұлғалым.
Түсімдей қазір көрінер,
Сауық-сайран құрғаным.

Әңгімем сенде айтылып,
Шешілген түйін сырларым.
Көрнекті бұйрат, ойларым,
Шілдеде жазар бойларын.

Араласып киікпен,
Бірге өретін қойларым.
Шат-шадыман күн еді,
Қырық күн өткен тойларым.

Көк селеулі жосалым,
Бор үгілген босаным,
Томар бояу тон бояр,
Сәндік үшін қосарым.

Тірлікте керек барлығы,
Көлбейде жатқан тауларым,
Ауасы бал-саумалым.
Астық толған кенішке

Қызыққаннан көз сүзер,
Төңіректе жауларым,
Ақшаңдақты сорларым,
Артқа жиған қорларым.

Сорыңнан сүздім тұзымды
Көрген жандар қызынды,
Алақан жайған келімсек,
Өз-өзінен бұзылды.

Сенгенменен соларға,
Терең үміт үзілді.
Аларында жылмаң көп,
Айттырған қыздай сызылды.

Теріс айналып, біткен соң,
Тереңнен қозғап қыжылды.
Көрмейтіндей жүзіңді,
Аңдымалап ізіңді,

Бірте-бірте шор болып,
Кекпенен жүрек мүжілді.
Бел-белесті құмдарым,
Қыста қамал малыма,

Паналай сенде тұрғаным,
Өркештенген шағылым,
Мекені еді тағаның,
Жидесі мен шеңгелім, -

Отын еді ең керім,
Көлмегі қалқан малыма,
Қысыңда солай сенгенім,
Тобығылы сайларым,

Шілдеде бие байларым.
Көктемем және жайлауым,
Шыққыр көзім көріп ед,
Түйе мен тайлақ тойғанын.

Ұялы жал биелер,
Айғыр шашып айбарын.
Наз бедеулер сайланған,
Бәйгіден озған тайларым.

Ішкені мас, жеген тоқ,
Жел бір ескен айдарын.
Өзгеден жоқ алапа,
Ел түзетсін бойларын.

Құмайты шалқар тегісім,
Жылғаңнан тердім жемісін.
Шалқыған сағым мұнартқан
Ен жайлау еді ел үшін,

Бәйгіге қосып жүйрікті,
Артық күн еді мен үшін,
Жоқтығын ешкім сезбеген,
Білдірмейін кемісін.

Айдынды шалқар көлдерім,
Айырып ешкім бөлмедің.
Құрағың кілем секілді,
Шілдеде аунай көлбедім,

Аққуменен ән қосып,
Додалы топта сермедім
Құс біткенің шуылдап,
Тыңдау болды ермегім.

Қанат алып өзіңнен
Жырдың құрдым өрнегін,
Ретті жері келгенде,
Талайға есе бермедім.

Артымда бар қалың ел,
Сол еді менің сенгенім,
Өз жеріме өзім би,
Халқымнан қағу көрмедім.

Томағасын сыпырған,
Қас сұңқардай өрледім,
Өзіңнен қуат алған соң,
Кеңге құлаш сермедім.

Кәрі бидей толғансам
Көп еді жұрттан көргенім.
Иі қанған таспадан,
Дойырдай сөзді ергенім.

Тентіреп, сірә, көрмедім,
Қаным тамған жерде едім.
Атам Тілеу болғанда,
Мен өзгеден кем бе едім.

Ауыздыға сөз бермей,
Өрлеген сайын өрледім.
Қамауын алған жүйріктей,
Шүмектей ақты терлерім.

Таудан аққан бұлағым,
Сусылдаған жібек құрағым,
Мөлдірін жұттым сіміре,
Көңілдің тауып тұрағын.

Сыңғыры көкей қозғаған,
Кеудемді керіп жыр ағын.
Аққуға қосып әуенді,
Күй арнасын бұрадым.

Шалқыған қиян жерімнің,
Ұшаны қия белімнің,
Асты толған жауһар-ды,
Үсті мекен көбімнің.

Даруға шипа, дауалы,
Қасиеті керім шебімнің.
Кермиықтай алау гүл,
Сазын шертер көңілдің.

Ауасы таза жұпардай,
Бастауы болар өмірдің.
Туған жерім осындай,
Келімсектер не білдің.

Осындай жер шұрайлы,
Көздеріңе құрт болды,
Көре алмасқа былайғы.
Бос жатқан өлке көрінді,

Тегін аймақ сыңайлы.
Әуелі жаймен барлап ап,
Көтеремі тыңайды.
Көк соққаны тойынып,

Құзғын жалмап құмайды,
Сүргін келсін бәріңе,
Ұмытсаң жаппар Құдайды!
Тас тесетін тамшы бар,

Қылыштан өткір қамшы бар.
Шын бабына келгенде,
Тереңнен тарта ән шығар.
Құстан ұшқыр жебе бар,

Шежіре өткен көне бар,
Айтқаның көпке жетпесе,
Қу дүниеде не қалар.
Қол қысқаға найза бар,

Топастарға айла бар,
Байлығың тұрса шалықтап,
Кімнің қолы байланар.
Көп жортқанға бұғау бар,

Ширатпаға бұрау бар,
Жалтарып қанша жүрсең де,
Әр ісіңе сұрау бар.
Көкіректе арман бар,

Тұрлауы жоқ жалған бар,
Жақсы жолменен тартады,
Тектіден тәлім алғандар.
Көңілімде құса бар,

Қашан жөнге түсе алар.
Тамырым менің тереңде,
Тез жиылып түсе алар.
Қашағанға жүйрік бар,

Жеңерменге сыйлық бар,
Шын ниеттенсең сұс түзеп,
Қараға тиер билік бар.
Барын бардай қолдансақ,

Жоғын Тәңір жеткерер.
Кейін тарта қорлансақ,
Күн жығалы сұм бөктерер.
Сары уайым зарлансақ,

Кім демеулеп сеп берер.
Шындығын айтсаң ашына,
Көңілге алып жек көрер.
Теріс бұтақ секілді,

Шуақта да көктемер.
Күнім туса оңымнан,
Айтқандарым дөп келер.
Жаманға қылсаң жақсылық,

Шалқайып тексіз кеп көрер.
Алапасы ортайса,
Түлен түрте өкпелер.
Ата жаудай өштесіп,

Болмашыға кектенер.
Зауалын тапсын сондайлар,
Күні туса шектелер, Келді кезек ретпен,
Тура жолға ниеттенер.

* * *
Шерілерім, менің шерілерім,
Күн туғанда тартынбай,
Қиынға салар ерлерім,

Қысылғанда тарығып,
Намысты бермес өрлерім,
Қиын-қыстау, баз кешу,
Сескенгенін көрмедім,

Келелі нардай жампоздар,
Жауға тыншу бермедің,
Ажалға қарсы бет қойып,
Алдаспанды сермедің,

Өзгенің қонысы не керек,
Қорғаған кіндік өз жерің,
Айдын шалқар көлдерің,
Нуға тұнған белдерің,

Орманды-тоғай өрлерім,
Құт мекенді өз жерім,
Тартынбай кәпір бас қойды,
Істеп ойына келгенін.

Дүние тегіс теңселді,
Үркінді байлар малымен,
Жанталасқа бой беріп,
Артынып, ауып барымен.

Тыншулы жатқан қалың ел,
Ойлағаны бейбіт күн,
Зарыққандар жанымен.
Кәпір тыныш қоймады,

Жөніне жатқан бақуат,
Бұзылды елдің қаймағы.
Ісін істеп хайуанның,
Құртып тынбақ ойлары,

Жауыздыққа үйреніп,
Жеркенбеді тіпті бойлары.
Кешуде, кешу, кешуім,
Сыйлағанның несі мін,

Жөн-жосықты білердей,
Шерменденің бөсуін.
Әлжуазды әурелеп,
Тас жұтқырдың кәсібін.

Құр қолға салып ойранды,
Көңілінің өсуін.
Үркінгеннен тентіреп,
Тыйылмады көшуім.

Саланы бойлап сәмтіреп,
Жөналды құладүз босуын.
Белгіленбей тұрағың,
Түзден болды несібем.

Ұйлығысқан момындар,
Таба алмай тура шешімін.
Жайықта да жандасу,
Жемнің бойы қандасу.

Сырдың бойы сыралғы,
Әбжыланмен арбасу,
Ырғыздың бойы ылаң-ды,
Қылыш пен найза қармасу.

Одан әрі Торғайда,
Жақсыға жаман жармасу,
Қорқаумен ері қырқысып,
Сойқанды сұммен арбасу.

Қорқаудың ойы бүлдіргі,
Жазықсыз салып қырғынды,
Ат жалын тартар кім бар-ды,
Ойға түйіп бұл күнді,

Сонда кәпір не тілер,
Жерімді жайлап бекінер.
Сұр құзғынның тілегі
Ерлерім аман тұрғанда,

Жер бастырмас бір елі.
Кек қылышын қайраған,
Түкті кілең жүрегі,
Бабамның қонысы ежелгі,

Сүйенген тірлік тірегі,
Кәпірдің бізден несі артық,
Қиынды менен жиынды,
Кек шоқайы сіре еді,

Телмеңдеп кеше жүр еді.
Ышқырдан биті төгіліп,
Қысырланған кір еді.
Күс табаны қан шығып,

Үстінде жалба шоқпыты,
Бұтында лыпа бір елі,
Қолаңса сасып маржасы,
Албастыдай сүреңі,

Ұсындық төрді тартынбай,
Кең екен қазақ жүрегі.
Намысым қайда намысым,
Жерім керек мал үшін,

Малым керек айдаған,
Шүберекке түйген жан үшін,
Көпті көрген шал үшін,
Байлар менен қара үшін,

Жеткіншек артта бала үшін,
Барлығының қамы үшін!
Осыларды ойға алсам,
Сүргін болды шабысым,

Қимылдайтын жетті кез,
Айтқанымның бәрі шын!
Қалмақтан қиын болды да,
Орыстың салған ойраны.

Біз секілді сорлыға,
Батып жүр қылған сайраны.
Жайлауда сән жоқ бұрынғы,
Бір үрей билеп қырыңды.

Болыстықты шен көріп,
Бүлінді, ерлер, бүлінді.
Мезгілсіз соққан зауалдан,
Талай да қыршын жұлынды.

Алшаң басып жүргендер,
Мұжықты көрсе бұғынды.
Атжақты менен Жайынды,
Ұлы Ырғыз бен Қайыңды,

Ұлы Борсық, Біршоғыр,
Әлітау, Тобылғы сайыңды,
Орыс еркін жайылды.
Қылп еткенгеге - түрмесі,

Шынжырлы бұғау сіргесі.
Шен үшін талас елімде,
Бүлінді елдің іргесі.
Ояз салып ойранды

Халқыма қылды дегенін,
Қол болып толқи бірікті,
Әлімдей менің көп елім!
Күнде жасып жүргенше,

Көздегі шерлі жас кепсін,
Құлдықпен өмір сүргенше,
Қанжығада бас кетсін!..

ЗАМАННЫҢ ТҮБІ АҚ ШЫҒАР

Сөз саптауы келгенде,
Кейін шегер шерменде,
Нәсілі жақсы тоқтайды,
Көзіменен көргенге.

Намысынды жоқтайды
Қас батырға сенгенде,
Соңыңнан қалар қаңқу сөз,
Қайта оралмай өлгенде.

Адаммен адам теңесер,
Арулап терең көмгенде.
Қайғыны кімдер жеңеді,
Мезгілсіз шырақ сөнгенде?

Масаттанар кей жаман,
Қарусызды жеңгенге.
Қазыбайда байлар көп,
Мақтанатын бергенге.

Мырзағұлдан артық жоқ,
Пейілі ақ ергенге.
Тәңірберген көл шайқар
Малын айдай келгенде.

Батырлықты сырт байқар,
Ақ-қараны бөлгенде.
Сыртыңнан ғайбат сөз айтар,
Басыңа бәле төнгенде.

Нені айтпайды көрместер,
Шындық үшін шерменде.
Қан жұтқанда бауырлар,
Демеуші керек ерлерге!

Зеңбірекке қарсы ат қояр,
Намыс қысса өңменде.
Жалғаншыда кім тұрар,
Ажал нәубет келгенде.

Заманның түбі ақ шығар,
Таң атар әлі теңгерме,
Қан мен жастың сұрауы,
Ағыны қатты селден де.

Жетілер түбі бұрауы,
Шыжымдап ширақ өргенде.
Сол кезде халқым топтасар,
Асылдарын жоқтасар,

Кек қуар шығар елден де.
Ол жазасын тартқызар
Менменсіген кердеңге...
Төмендеп бұғар бор кеуде,

Көзін де алмай жерден де.
Көңілім сонда жай болар,
Кешегі кедей бай болар,
Бағы тайған сорлының,

Көңілі сөйтіп жайланар.
Қазақтың барын түсініп,
Көп шоқынды ойланар!

ОЙЛАСПАЙ-АҚ ШЕШЕДІ

Тілеуден озып сен туып,
Жалтумадан мен туып,
Шындықтың жолын кеп қуып,
Тап болдың іске қым-қуыт.

Жүргенде біздер ойланып
Соңға түсті найза алып.
Дос болып келген кешегі,
Жау болды-ау бүгін айналып,

Айдардан желі еседі
Қару ұстап сайланып.
«Бұратана халық» деседі
Әр нәрсені ойға алып.

Қазақтың бітпей өсегі,
Ішінен шықпай көсемі,
Соны білген сұм ояз,
Елімді лайлы көлдей кешеді. –

Ала ауыз ерім саяз-ды,
Бос былжырап - шешені.
Соны білген жат жұрттар,
Сыртымыздан бөседі.

Бізге деген істерін,
Ойласпай-ақ шешеді.
Қылып еткенге қолданып күштерін
Орындалар ойындағы есебі.

Бұрынғыдан ормен боп,
Тіресетін дәрмен жоқ.
Шіркеу салып жеріме,
Шоқындырар әлі сары поп.

Оңбаспыз, Мырзам, тегінде,
Іштен тынар қайғы көп.
Қалың билер не білер,
Қымыз ішіп елірер

Күйедей түсіп жеріңе,
Түбіңде ояз кемірер,
Жұнттай болып семірер.
Бұла жүрген ұл-қызың

Жұмысына жегілер,
Түсініп бәрін соңынан
Кешегі билер еңірер,
Содан соң келмес ісің оңынан,

Қағынан құлан жерінер.
Сақалды беріп қолынан,
Сөйтіп бәле көрінер.
Қасарған ерің айдалар,

Бұғаумен кетпес байланар.
Қонысыңнан үркініп,
Орныңа орыс жайланар.
Шешеннің тілі байланар,

Күндерің қалмас ойланар
Сонда іздеген ұжмақ қайда бар?

ТӘҢІРБЕРГЕН – ҚАЗЫБАЙ

Тәңірберген - Қазыбай,
Азулы халық тел өскен.
Тағдырдың мына жазуы-ай.
Мырзағұлды айдатты,

Әлдеқалай егеспен.
Бақ бір орнап,
Қуаттың Тотан тазына-ай.
Ояздың салған кеңеске

Ақылдың жарым азын-ай,
Жау екен мынау деместен,
Болмасын жаудан жазым-ай.
Кім бар Мырзағұлмен теңескен?

Мырзағұлда кінә жоқ,
Ақылы тайлас тел өскен.
Артта қалар дүние боқ,
Тотан болмашыға егеспен.

Мырзағұл еді жалын-шоқ,
Патшаға қарсы тірескен,
Әскерге атып қырлы оқ,
Халық, жер үшін күрескен.

Жалғыз да қалдым қаңырап,
Тарланмын құмда із кескен,
Таудан соққан желдей аңырап,
Биіктерім теңесті,

Жайпауыттау дөңеспен,
Жалын ем жанбай тез өшкен.
Айтар сөзге тоқтаған,
Ақынның ақ алмасы емес пе ем,

Қадірлі ерді жоқтаған,
Жаудан қорқам деместен.
Орынборға аттанам,
Қайнаған кекті улы өшпен.

Қару сайлап баптанам,
Оязға қарсы күреспен.

СОҢЫМА ЕШКІМ ЕРМЕДІ

Балғасынның ду бон жағасы,
Соңыма ешкім ермеді,
Бір-біріне аз Тілеудің баласы
Қолын босқа сермеді.

Жоқ еді бірінің санасы,
Қымыз бен той болды ермегі.
Ішінде болып аласы,
Дұрыс сөзге сенбеді.

Мен Орынборға барғанша,
Айтысып билік алғанша,
Қатарға ешкім енбеді.
Ақшаға сатып арыңды,

Теріс қарай келбеді.
Қолдағы әуелден барыңды,
Беруге досқа сенбеді.

БОДАН ДЕГЕН АТАУҒА

Рас та сөзге сенермен,
Біздің Әлім жауға шапса өлермен.
Еліре сілтеп далақтап,
Бос қалдық-ау өнерден.

Құр бекерге мал айдап,
Жақыныңды жау ойлап,
Алысыңды болжамай,
Жүрдік-ау болмашыға қарайлап.

Қаншама сарыла күтсек те,
Таң атпады-ау арайлап.
Қарамадық алды-артқа абайлап.
Шүршіт тозғылт еліңді,

Қалмақ шапты жеріңді.
Келген-кеткен лайлап,
Балауса құрақ көліңді.
Қару мен әскер сайланған,

Ояздан іздеп сенімді,
Өз-өзінен жерінді.
Бір жағадан бас шықпай,
Сөйтіп қазақ бөлінді.

Күле кіріп күңіренткен,
Патшадан көрді-ау көрімді.
Бодан деген атауға,
Амалы жоқтан телінді.

Жамандар елді шайқады-ай,
Шайқаған емей немене,
Арғымақтан озды байтал-ай.
Әділдікті көре ме.

Алды-артын байқамай.
Ілінді шауып сереге
Періштеден бұрын шайтан-ай.
Асылдар сөзге ере ме,

Болса да өмір қайқаң-ай.
Батыр көңілі сене ме,
Аталы жауын жайпамай,
Тұрақсыз ғана айтып ап,

Мәрттігінен тайқады-ай,
Айтқан сөзін қайтып ап,
Ояздың өтті қайқаңы-ай.
Зәбірі өтіп әскердің,

Батқан соң күйіп айтам-ай.
Зәбір емей немене,
Пәтуәсіз сайқалдай,
Бүгін айтқан сөзіне

Ертең тайқып тұрмаған,
Куә қажет көзіне
Найза керек қырлаған,
Сескенбесе түсінбейд,

Құбыла тайқып зырлаған.
Не батырлар тіресті,
Күші қайтып сынбаған,
Бостандық үшін күресті,

Айқас сала тынбаған.
Не батырлар кетті-ау,
Дүниеге көңіл бұрмаған.
Не сұңғыла өтті-ау,

Сөзін халқы тыңдаған.
Не опасыз жетті-ау,
Кіндік жерін пұлдаған.
Махамбет кеткен жолменен,

Ерназар, Бекет аттанды,
Жер қайысқан қолменен.
Есет те бір кез саптанды,
Тіресерге шама аз,

Сұм ажалдан шақ қалды.
Қасап қырғын басталып,
Ар аяққа тапталды.
Зобалаңға жолығып,

Қанды жас көзден аққан-ды.
Итжеккен асып бұғаумен,
Кек жүректе сақталды.
Шыдай алмай қорлыққа

Мырзағұл би де оқталды,
Тілеу-Қабақ топталды.
Әлімнен шықты нарларым,
Талайды көрген соқтал-ды.

Терең тарта ойланып,
Сауыт киіп сыртынан,
Садақ, найза сайланьш,
Көбік аққан ұртынан,

Қосарға атты байладық,
Әруаққа шалып бозқасқа,
Мылтық қанға майланып,
Болатты жанып алмасқа

Күн қайда жүрер жайланып?
Баяғы күнің елестей,
Келмеске кетті айналып.
Орыспен тебе теңеспей

Алған беттен таймалық!
Ақын жүрек асқақтар
Айтқан сайын құлшынып,
Алдымда талай мақсат бар

Жүрем бе босқа тұншығып,
Бізге орнай ма қара түн
Өзге жұртқа күн шығып.
Ретті жерде ұмтылмай

Орынсыз босқа сыңсыдық,
Қамытты өзің кигенше,
Өлелік одан жұлқынын,
Кәпірдің ойы немеде

Ісінен бұрын құлқын ұқ,
Қарсыласар азайды
Бас көтерген құртылып,
Кәпірге жайған дастархан

Шұлғау болды-ау жыртылып,
Тірлігін ердің көрелік
Қас жүйріктей сілкініп,
Халқым бір күткен теңдігін

Ежелден бері ынтығып,
Ер жастанды талайлар
Көше қашып, үркініп,
Ендігі қашу қатындық

Ұрандалық ұмтылып,
Ата жауды шошынтып
Салалық ойран бір бүлік!
Ұлы істі тындырсақ

Ақының толғар жыр қылып,
Маржан сөзді төгермін
Асылын бетке тұндырып,
Ежелгі дұшпан төмендер

Қойған соң сағын сындырып,
Ертеңге қалмай жақсы ісің
Жүргейсің әсте тындырып,
Ойқастап жаудың ордасын

Салалық ерлер бір бүлік!
* * *
Сөз жүйесі келгенде,
Болсаң да қанша шерменде,

Қара аспан жерге түссе де,
Өзіңді ұста әр кезде,
Ажалдың болса хабары,
Жаныңды Тәңір алады,

Несібең болса бір күндік.
Әр істің бар ед талабы,
Жүйелі сөзің тыңдалар,
Ақыл болса ой салар,

Шындықтың сөзі шырайлы,
Әділдіктен тайсалар.
Шиырлы топқа кіргенде.
Кейін тартпа, шегінбе.

Қаймығар нелер дүрің де.
Асылдың болса тегінде.
Сыртынан сөзді қозғасаң,
Алдыңнан шығар ұзамай.

Қисынды жерде азбасаң,
Жақсының болар жүзі арай.
Болмашы істің түйінін,
Бір ауыз сөз шешеді,

Адалдан болғай бұйырым,
Жоқшылық қолды кеседі.
Кездессең асыл пендеге,
Шаруаңды шешер туралап,

Ретті жерде сермелеп,
Топқа түс, айқай-ұрандап.
Тарыққанда демеу бол,
Күн айналмай қайтады,

Қысылғанда оңға сол,
Төте жолын айтады.
Кез болсаң шөлде жалғызға,
Мейірін қандыр сұраған,

Болсаң да қанша қан қызба,
Мәңгілік тұрмас тірі адам.
Міскінге еткен қайырың,
Өзіңе жиған иманың,

Алдыңнан шығар айбының,
Бұйырса болды жиғаның.
Сөз айтса құнтта жауабын,
Асығыс түбі шалалық,

Ойлансаң істің сауабын,
Тереңде болар даналық.
Сыртыңнан талай сөз айтар,
Қамықпа оған тарыла,

Жамандықты ел байқар,
Ешкімнің тиме арына.
Білерменсір шерменде,
Көкірегі түтін-ді,

Сөз ұқпайтын өр кеуде,
Бос айқаймен құтырды.
Аңдығаны бос сөз-ді,
Артын орап бықсыған,

Адымы қысқа тым тез-ді,
Әлсіздерге күш қылған.
Орынсыз болар түйгені,
Ақын мен сана жеткені.

Көбімді солар биледі,
Терең мен асыл шеттеді.
Орынсыз жерде даурығып,
Билік болды қуғаны,

Өнбейтін кезде дау қуып,
Ұмытты бірге туғанды.
Ірілік қайда бұрынғы,
Бас кетсе де бұқпаған,

Ел басқарды жырынды,
Әділдікті ұқпаған.
Қолдан келмес қылғаны,
Күнін кешті парамен,

Анттың зілді ұраны,
Болжалды таппай санамен.
Батырдың түбі бақсы боп,
Кейін тартты еліріп,

Өз айтқаны жақсы боп,
Күпініп босқа семіріп.
Ойы таяз сорлылар,
Жүр екен осы не біліп,

Күмпиеді жондылар,
Биік таудай көрініп.
Бас-басына би еді,
Айтар сөзі былшыл-ды,

Намысыңа тиеді,
Шайқап тым ырысыңды.
Жау жоқта тілеп жаулықты,
Беталды құладүз даурықты,

Тыныштықты көп көріп,
Ұмытты есен-саулықты.
Өндіршегін созғылап,
Қымыз болды баққаны,

Бірікпеді бас құрап,
Талауға түсті тапқаны.
Кейін тарта шегінді,
Арты күйген күшіктей,

Келімсекке тегін-ді,
Олжалаған несіптей.
Кірмем айтса мақұлды,
Бәрінен солар ақылды,

Туралық сырғып кейінге,
Жан болмады батымды.
Жүрек қазан қайнаған,
Құтылмады айладан,

Көрер жерім көр болып,
Оң шалмады ойлаған.
Сарқылды сана амалы,
Азайды ойдың жамалы,

Беркімбей, сірә, болмас-ты
Кесілмей намыс талабы.
Бас шұлғумен күн өтер,
Шыбындаған жылқыдай,

Жүргенше бұғып құр бекер
Қыжылым шықсын сыртыма-ай

ШЫНДЫҚ ІЗДЕП ШАРҚ ҰРҒАН

Мырзағұл кетті айдалып, болмашының ісімен,
Пара-пайда, зымиян, ақшалының күшімен.
Кешегі жүрген көп жаман,
Сыздай сәлем береді, ерінінің ұшымен.

Бөріге түсті боқ шұқыған күшіген,
Жылпостар шапты залымдықтың ісімен.
Шындық іздеп шарқ ұрған,
Тоқтап жатты, мылтықтының күшімен.

* * *
Әй, Мәкәлай, Мәкалай,
Асылдардың сынығы-ай,
Патша болған бірталай,

Халқыңды көрмей тең бәрін
Ойлашы осы, бұл қалай?
Көңіл шіркін көк дөнен,
Әркімнің жері - кең сарай,

Сен шақпақ болғанда,
Мен тұтанып кетер лампы май.
Қазақ тұрып сертіне,
Патша тұрмадың антына-ай,

Дегенін істеп солардың
Қырыла ма халқым-ай.
Тіріде жоқ жұмақты
Өлгеннен соң іздеме,

Сөзіме бұр құлақты
Жердегі артық біз деме,
Осы айтқанға көнбесең,
Сызылатын, қайтып келген қыз деме.

Жуастан шығар жуан-ды
Билікті еркін бермесең,
Намысты түптен қуам-ды,
Тәңіріме сиынып,

Серттесіп белді буам-ды.
Жылай да жылай бұғынып,
Екі көзді су алды.
Бұл ісім қалмас аяқсыз,

Мерт кетсем, ерлер туар-ды,
Түбін шектей қуарды.
Жынын шашып кектінің
Қанымен қылыш жуар-ды!

Кебер сонда терлігім,
Дәлелденер ерлігім,
Арынын басар желдінің,
Толысар жетіп кемдігім,

Жетісер көктеп көбдігім.
Кем-кетікке күн туып
Ақталар сонда ерлігім.
Бас-басына отау боп,

Көрінер сонда елдігім.
Ақ тоқаш болар үйілген,
Бал жемес үрер барағым,
Асау шықпас үйірден,

Еркелеу болар қарағым,
Домбыра сонда колға алам
Алтындатқан шанағын,
Жыр төге мен де толғанам,

Ешкімнің бақпай қабағын,
Елім - ел боп ұйлықса,
Жырдан маржан тағамын,
Жеткізсе құдай сол күнге

Сүйінші сұрап шабамын,
Теңдей көріп халқымды,
Ұстаймын берік салтымды
Табылмасты табамын!

Өтті ғой өмір жылаумен,
Патшадан теңдік сұраумен,
Ояз көрсек шұлғыдық,
Аяғын құша құлаумен.

Жүректе кегім шорланды,
Қардай жетіскен қылаумен.
Билерімнен сән кетті,
Тұрағы жоқ тоқталар.

Айтар сөзден мән кетті,
Бір зұлмат биледі,
Біздер жүрген жер көкті.
Артым - жар, алдым - түпсіз,

Көзімнен жасым селдетті.
Көрмедік патша панаңды,
Салдың-ау елге ермекті.
Ермек емей немене,

Бетегелі бел кетті,
Ата бір қоныс жер кетті.
Қарсы тұрған ісіне,
Көресіні кермекші.

Сәл қалпынан тайқыса,
Қанды қол әскер келмекші.
Сұрамай алар берместі.
Дұрысын айтсаң болысқа,

Сөзіңді тыңдар нем кетті,
Немкеттінің белгісі –
Шен үшін, ат терлетті.
Күпіне ісіп еліне,

Көрінбекші келбетті.
Байлары болды тұрлаусыз,
Сорпамен бұлдар еңбекті.
Құдайдан басқа пана жоқ,

Түсінетін тереңнен.
Малы бар да сана жоқ,
Ілінем деп қатарға
Тілін бұрап шүлдірлеп,

Молда сатылды татарға,
Сатылғанның белгісі –
Құдайым тура атарда,
Шұбарлатып сау тілін,

Өзінше салды мақамға.
Өзінен артық жан жоқтай,
Мына құбылған жаһанда.
Күн туғанда тақалма,

Қарамадық жін айтқан,
Көпті көрген ақсақалға.
Батыр үйде күрсінді,
Ілінген қанды қаһарға.

Біздер қырда у жұтсақ,
Сайрандады байлар шаһарда.
Құм шыланса тас болар,
Кедей мінсе атына,

Кімдер оған бас болар?
Көп қозғалса сел болар,
Аз қаныпезер, жер болар.
Бай, кедейі тең болар.

Бүйтіп жүрсең бұғынып,
Оу, әлеумет нең қалар?
Сарышолақ салса атойға,
Кейбіреулер таңданар,

Кербезсіп бекер паңданар.
Ойым түсті-ау сарсаңға,
Үмітім неге жалғанар?
Топқа кірмес кей пақыр,

Билікте жоқ, санда бар.
Жауымды қусам сауырлап,
Қанжығам қашан қанданар?
Найзаны безеп қасқайып,

Байрақ қайда қолға алар?
Түн ұйқыны төрт бөліп,
Күнім бар ма жанданар?
Жау қайдалап өзеуреп,

Жан жағымды қарманар.
Күн болар ма шіркін-ай,
Шалқар шәрі шаңданар?!
Қырғиым тисе қирата,

Аңдысып жүрген аңды алар.
Шарасыздан, тілге бердім ерікті,
Ұмтылмасаң талпынып,
Алыспасаң алқынып,

Кім саған билік беріпті?
Қанын ішіп өштестің,
Басалық сөйтіп жерікті!
* * *

Әй, орыстар, орыстар,
Биік тең бе дөңеспен?
Еліме келдің қоныстап,
Патша құрған кеңеспен.

Аштарыңа той қылып,
Мекен берген емес пе ем?
Тойындың ба бұл қалай,
Менде өзіңдей емес пе ем?

Дос қайғысы ортақ-ты,
Бірігіп қам жемес пе ең?
Сендерде бар қайыршы,
Біздерде де жетеді.

Терең ойлап айыршы,
Адамның жоқ бөтені.
Адам ата ұрпағы,
Алыс қайда кетеді,

Тату болса не етеді?
Адамзаттың бәрі бір,
Тәңірге жоқ бөтені,
Кей кещелер айырып,

Сөз таптым деп бөседі.
Алакөз болса ағайын,
Күнде қырғын мекені.
Ібіліс шығып ішінен

Достықтың білмес не екенін.
Басын бассаң ашаның
Сабы жарар шекені.
Бұлай тұрар өмір жоқ,

Кезектесіп өтеді.
Ойдың түбі терең-ді,
Жеткізбес түссең, шыңырау,
Байлық қуған керең-ді,

Алауыз түбі - ыдырау.
Ұры сүйер алаң-елеңді
Қашпақтың серті - зымырау.
Бітпей де ісің - көлемді,

Тартыспен өткен ғұмыр-ау,
Жүретін желе шаңытып,
Ерлерім жүр қан құсып,
Атқанда оғын маңғытып

Түн ұйқыда ер құшып.
Қанды кек буып жүректі,
Бермей жүр Тәңір тілекті.
Зығырданым төмендеп,

Шапқынмен күнім құр өтті.
Отарба келді ойрандап,
Көк түтінін шұбатып,
Әскері жүр тайраңдап,

Шалқар көлден құр атып,
Ой-хой, өмір не болдың,
Сенгенім кім-ау сондағы,
Бір тіріліп бір өлдім,

Бақ тайды да қолдағы.
Қым-қуыт ойран төңірек,
Қарттарым құса еңіреп,
Шарқ ұрын аш арландай,

Түзге шауып лағып.
Өткен күн шіркін армандай,
Өсірген ерді бұла қып.
Жылқыны алды сұраусыз,

Түйені айдап, ылаусыз
Қалдық кейде бұраусыз .
Сетінеген қу тірлік,
Жоқшылық соңы құраусыз,

Мылтықтыға күш келмей,
Найзасын сайлап ерлерім,
Бастаушы күтіп тістенді-ай.
Әлімнің кей есері,

Өзімен өзі қырқысты.
Қырық пышақ кеселі,
Жағадан ала жыртысты.
Үйездей шауып мешелі,

Аш бөрідей жұлқысты.
Осыны ұққан сұмдарың
Айдап салды түрткілеп.
Ішімнен шықпай сындарлы,

Құртты-ау бәрін іріткілеп.
Түйсіксіз кілең мұндарың,
Өздерін өздері құртты кеп,
Қорықпай ешбір айбардан

Есет те бұрын найза алған!

ЕДІЛДЕН БЕРМЕН ЖАЙЛАҒАН

Еділден бермен жайлаған,
Жайықтың бойын бойлаған
Сағыз, Елек, Ойыл, Жем, Майлысай,
Ырғыз суына да тоймаған.

Қауылжар, Тебен, Қос-Шаған
Мыңғырған малмен сыймаған.
Сонау шеті Арал мен
Атырау, Үстірт, Құбажөн,

Орынбор, Сарыат, Оралмен
Бәрі де тың қазірде,
Жандарал салған қарармен.
Еркін жүрген қазағым,

Үйінде жатыр күрсініп.
Патша салды мазағын
Көрген жаның түршігіп,
Айтқанменен не пайда,

Тұрған соң уақыт қырсығып.
Талай ауыл бар еді,
Бәрі біздей сорлаған:
Жамылғаны қара еді,

Мезгілсіз нәубат торлаған,
Қалың әскер қоқандап
Жоқты тап деп зорлаған.
Қарудан ығап ерлерім,

Ақсақалдан жас парлаған.
Шығына қашып балалар,
Мезгілсіз ана зарлаған.
Ашу буып дертпенен

Әжелер суырыла қарғаған.
Күнде өткен ат-ойнақ,
Өмірде мұндай болмаған.
Атырау менен Үстіртте,

Бәрі осындай қорғалаң,
Елімді кезген жалмауыз,
Жексұрын, тексіз оңбаған.
Мұндай қырсық көргенше.

Бекер туған сорлы анам!
Қорлықтың басы - малды алды,
Салығы тағы көбейіп
Аз ақшаға қол салды.

Таба алмасаң айтқанын,
Дігерлей жүріп жанды алды.
Қайыр сұрап кедейлер,
Кедей түгел байларың да сандалды.

Ақшаға шағып малыңды,
Старшын аузы қанданды.
Елін сатқан кей безер,
Баса көтере жанданды.

Шойын жол болмай шұбаған,
Аждақа болды-ау жалманды.
Баяғы елдің сәні жоқ,
Көшуден Тілеу қалған-ды.

Жер тарылды грандап,
Ендігі күн арман-ды.
Елді биледі есерсоқ,
Тастанды менен қарғанды.

Дегені болып тұрған соң
Оязың иттей жынданды.
Алдына барсаң іспенен,
Өзінше керги шоңданды.

Жерден шыққан жегідей,
Қазақты көрсе таңданды,
Мұз құрсаудай тоңданды
Жоғарғы ұлық менсінбей,

Сөйлеуден де қалған-ды.
Запыран буып жүректі,
Сөйтіп елім найза алды.
Жеріме салып ойранды

Қада қақты бұранды,
Қолпаштап оны жүр тағы
Кешегі некесіз құранды,
«Мына жерді бүйтемә,- деп,

Қай қазақтан сұранды,
Қынадай қырып барлығын,
Салар ма еді ұранды!
Есіне алмай құдайын,

Бара жатыр шығандап,
Төменшік болған ауылымның,
Басы қашан құралмақ?
Көз жасын кешіп сорлының,

Жүре ме бұлар сылаңдап?
Қайраулы жатқан қылышты
Қынынан қашан шығармақ?
Жер асылы ұлтанды –

Тобылғысай, қартқожақ,
Ақжар, Салене мен Ұлпанды;
Сонау жатқан қос бүйрек,
Шалқар көлдей сұлтанды.

Қаршоқат, Құмшоқат,
Ұлықұм, кесе Қылтаңды.
Дәрібайкөл, Саумалкөл, Қырықбұлақ,
Жырқанды, Қопасор мен Тентексор

Жайлаған қазақ бұрқанды.
Бәрін алды орыстар,
Тентіредік шел жерде,
Елге қайда қоныс бар?

Қара білмес қазақты,
Сыртынан сатқан болыстар.
Алтынын шұқып жерінен,
Кезбелер Бершүкірді қоныстар.

Әулие Мөңке айтқаны,
Бұлжымай келді алдыма,
Бағымның неге қайтқаны,
Тәңірдің көңілі қалды ма?

Елімді билеп кете ме,
Кешегі келген қаңғыма?
Береке бастан қашарда,
Қас албасты басарда,

Төңірегін сөз қуар,
Абыройды шашарда.
Берекесіз жеткіншек,
Жалқау тарта ұл туар.

Баққаны ән мен жиын-ды,
Қыршаңқы сөзге үйір-ді
Ашытып бекер миыңды,
Әдепсіз сарсаң....

Торуылдар үйінді,
Қариядан әл кетіп,
Билік айтар қу көмей,
Дауысын созар әндетіп,

Білерменсіп қиынды,
Әділдіктен сән кетіп,
Ант ұрады биіңді.
Оң жақта болып қыз жүкті,

Құдаң ұқпас сыйыңды.
Айдағаның жөн жүрмей,
Қойың жайлап шиырды.
Көктемеде шөл қанбай,

Аусыл соғар сиырды,
Желдегіш болып түйеңіз,
Жабы бастар үйірді.
Шабан аттар шапқанда,

Орамақ болып қиырды,
Жегенің, сіңбей бойыңа,
Құрыстырар бүйірді,
Білерменсіп іс қылар,

Құлың жүрмей жайына,
Өзінше құрып ұйымды,
Қырық қарыс қазаннан,
Соларға несібе бұйырды.

Әруақты аттап көргенсіз,
Сопыдан көрмей тыйымды,
Әулекі сарсаң еліріп,
Батырдың жолы қиылды,

Сом алтындар пұлданбай,
Қанағат етті тиынды,
Әулиені тәрк етіп,
Құлшылық етіп сыйынды,

Ишандар сырттай қауымнан,
Дүмшелер иман үйірді.
Үй-үйден іздеп серігін,
Баса алмай бойда желігін,

Қыдырма болар келінің,
Саз беттене сазара,
Бойын салмай тазаға,
Күңкілі оқтай естіліп,

Бәйбішең шүйіріп ерінін,
Тоқалдан қашты қанағат,
Байының жойып сенімін,
Даладан іздеп көрімін,

Азырқанып берімін.
Малдан тілер өтімді,
Болысың болып парашыл,
Ауылнай елден жерінді.

Әулекіге іс тиіп,
Солардан көрдік көрімді.
Қыршаңқы тартып кейінгі,
Сыртыңнан қазар керіңді,

Дұрысын айтар сабаздар,
Бір пәледей көрінді.
Жоқты-барды қозғасып,
Сыпсың-сыпсың сөз тасып,

Адал астан жерінер,
Жылтыраққа жармасып,
Бақалшыға желінер,
Ішкеніне тоғайып,

Күң де өзінше желігер,
Бойына жұғып арам ас,
Құшақ жетпей семірер.
Көк езулеп қолаңың,

Жел сөзден бөтен не білер,
Араға тасып өсегін,
Қатырдым деп сұм жүрер,
Теріс бағып әр ісің,

Ителгі құсын қарға ілер.
Қызырлыдан қашар ырысы,
Ілгері баспай қадамы,
Қисыны таяр жұмысы,

Қырық пәле кездесіп,
Тарқамай жүрер құрысы.
Әділмін деп жүрген бидің де,
Жасырын болар ұрысы,

Тоғанақ артқан байлардың,
Тарылып барад тынысы,
Бір жылқылық құн болар,
Өзгенің жылтыраған шынысы,

Ит жұлған тері секілді,
Онысы менен бұнысы,
Бірді-бірге айтақтап,
Жалдаптың қанар құрышы.

Қоныштан басып осылар,
Ала алмай жүрген өші бар,
Көрінбей жеген жегі құрт,
Ердің жолы тосылар,

Арманды көңіл шер тартса,
Қайғыға уайым қосылар,
Шерменде болсаң бұғыншақ,
Кірме деп итің басынар,

Ұйыған бірлік ыдырап,
Берекеңді қашырар,
Бәрін көріп жүрген соң,
Адалын ойлап ашынар,

Қу қиялдан не пайда,
Абырой босқа шашылар,
Береке қашып кебімнен,
Жазықсыз жүрек шошынар,

Ақыл емес жалпыңа,
Керекті жерін қосып ал,
Кейін тартып не таптық,
Асылдардың намысы менен өшін ал

ТӘҢІРІМ НЕГЕ КЕЗ ҚЫЛДЫ?

Желдірте желіп бастайын,
Қу домбыра қолға алып,
Зарлана бір қақсайын,
Шындыққа қарай оңғарып.

Ойлансам кеңес табылар,
Өткендерді ойға алып,
Мен көрейін толғанып,
Заманның мына шағында,

Ілесіп толқын сағымға,
Сұңқарға қарға теңеліп,
Қанатын отыр қомданып.
Қанға көмейі кенеліп,

Ұшайын деп оңдалып
Адамның қайсысын бөлелік,
Тұрғаннан соң зарланып.
Бет-бетіне жөнелді,

Үлкендер салған жол қалып.
Әскерім бар деп мардиып,
Төрімде отыр шалқиып,
Зорлықпен елде мал жинап,

Көтеремдер әл жинап,
Тайталаспен күшін оздырды,
Елімді жаудай тоздырды,
Көрмедім бұндай озбырды.

Баяғы салған жол қалып,
Намысты сонша қоздырды,
Жаманның ісі оңдалып,
Шындығымнан бездірді.

Кеткенім бе сорланып,
Тәңірім неге кез қылды?
Сулы жердің ағашы,
Кебе де келе жарылар,

Жақсы болса нағашы
Жиені қастан табылар,
Болмаса жора ергені
Неге қажет малы бар,

Жақсы адам кетсе келмеске
Қаумалап елі сағынар,
Қайғы жұға жабығар,
Әділдің нақты бергені

Бас ұрып алған бағынар,
Жау іздеп жүрсе ұрынып
Кеудем соқты не қылар,
Өз-өзінен бүлініп,

Ақыр түпте жаңылар.
Ессізге айтсаң нұсқаны
Қуықтай ісіп жарылар,
Басыңнан бақтың ұшқаны –

Өз туғаның жабылар,
Көрсетпелеп ісіңді
Араздасып сабылар,
Ат ерттемес тотайлар

Найза ұстап қағынар,
Өзінен жатқа бас ұра
Жалпақтай жүріп жалынар,
Өткен істі қуалап

Іс білмеске жағынар,
Есі барлар бас шайқап
Бармағын шайнап қамығар.
Тоқтау айтар ерлерді

Сыртынан ғайбат күндедік,
Ортаға түссе сұңғыла
Қадірін оның білмедік,
Білмегеннің белгісі –

Мезгілсіз жұлып, жүндедік,
Басыңа бұлағай болғанда
Шыға келдік түрленіп,
Жақсылар кетті жөнімен

Жүз жылда туар бір келіп.
Қариясы өкінер
Ел бастайтын ұл тумай,
Балапан қашан жетілер?

Ата жауға ұмтылғай!
Сенім артып ескінге
Атой салар күн туғай,
Бұғауды үзе бұлқынбай,

Топты жара жұлқынбай,
Басынып жүрген төбеттер
Қылшадан мойны қырқылмай,
Елін сатқан нәлеттер

Билемекші ырқымды-ай,
Ат саурына тер қатар
Ежелгі кегім бір тынбай,
Еңіресе жауларым

Көрсем сонда сұрқыңды-ай.
Тіресетін қол керек
Шерменделер топтасып,
Түпкі кегін жоқтасып,

Намысын егеп күшіне
Ұмтылатын саптасып,
Дұшпанның қылған ісін
Өзіне істеп шақтасып.

Көрген соң ынжық түріңді,
Қамауға ұстап еріңді,
Аяққа басып дініңді
Ұстар туың жығылды,

Зар етіп шығар күніңді
Айдап салды «үр, айттап!»
Біріңе келіп біріңді,
Аларында құбылды

Ат қалмады сіңірлі,
Түйе қалмай жүк артар
Келешектен халық түңілді,
Үмітпен күтті дүбірді

Дозаққа түсіп қырылды,
Жайлауы күнде тарылды
Ат үстінен ойқастап
Күле тыңдай зарыңды,

Өзіңе басшы сайлады
Араңда жүрген залымды,
Сұрамай алды малыңды,
Жолынан алды барыңды

Өзінен туған көрдемше
Сақалдан алды шалыңды,
Аяққа басты арыңды,
Сөз айтқызбай дұрыстап

Соғындылар қағынды,
Сындырмақ болды сағымды
Қарыстырмақ жағымды.
Төрімнен берсем орынды

Одан басқа не қылдым.
Әскері бар-ау демесем
Шерменде көп орыста,
Олардың көзі алыста,

Қарашекпен айдалған
ІІІеткерілеу қоныста.
Патша таққан айдардан
Бұратана болдық болысқа.

Тізгіні жоқ ат болдық,
Бір туғанмен жат болдық
Ит жеккен асып кеткенді
Бір көруге қат болдық.

Қайсы бірін айтайын
Қалай сөзден тайқайын!

МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫ

(1804-1846) Махамбет Ішкі Бөкей ордасы, Нарын құмы, Бекетай аумағында дүниеге келген. 1836-1838 жылдарда Исатай Тайманұлы бастаған шаруалар көтерілісінің рухты көсемі әрі жалынды жыршысы. Бала кезінде мұсылманша, орысша оқыған. 1834 жылы беріш руының старшыны болған. Оның осы жинаққа енгізіліп отырған, кең тынысты, рухты, жергілікті биліктің озбырлығы мен Ресей отаршылдығына қарсы жазылған жырлары қай кезеңде де халықтан өте жоғары бағасын алған-ды.

ЕРЕУЛІ АТҚА ЕР САЛМАЙ

Ереулі атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,

Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала,

Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шел көрмей,
Арып-ашып жол көрмей,

Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,

Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай
Ерлердің ісі бітер ме?!

* * *
Әскер жиып аттандық,
Бекетай еді тұрағым.
Айғайлап жауға тигенде

Ағатай, Беріш ұраным.
Бекетай құмға ел қонып,
Байбақты Жүніс аттанды,
Қосылуға дем болып.

«Құдайлайды» хан ұлы
Іздеген жауы біз болып.
Жау қарасы көрінді,
Жиылған әскер бөлінді.

Исатай басшы, мен қосшы,
Исатайдың сол күнде
Ақтабан аты астында
Дулығасы басында,

Зығырданы қайнайды,
Астына мінген ақтабан
Ақ бөкендей ойнайды.
Қасына ерген көп әскер

Маңыраған қойдай шулайды.
* * *
Артымыздан келіп қол жетті,
Аз жетпеді, мол жетті.

Жеткен жерін айтайын,
Беке құмның басында,
Ағаш үйдің қасында.
Түніменен түйіндік,

Таң атқанша тарандық.
Таң ағарып атқан соң,
Төңірек жаққа қарандық.
Қарап тұрсақ әр жерден,

Жау бір өрттей қайнайды.
Қайнағанмен қоймайды.
Мылтығын қардай боратып,
Жетіп келді қамалға,

Қамалды бұзып аларға.
Толғай-толғай оқ атқан,
Он екі тұтам жай тартқан,
Қабырғасын қақыратқан

Тебінгісін тесе атқан,
Тізгінінен кесе атқан,
Біздің, қайсар батырдың
Жүрегін сүйтіп оятқан.

Әскердің алды бөгелді,
Қиырдан ойға төгілді.
Орыс добын үш атты
Доптың үні шыққанда,

Сонда батыр жөнелді...
Жөнелмей батыр не қылсын,
Ерсары мен Қалдыбай
Екі арыстан тең өлді.

Жетім-жесір көп қалды
Хан әскері кенелді.
Қызғыштай болған есіл ер
Қайран да жұрттан не керді.

Мінкен де, мінкен, мінкен ер,
Бұ секілді неткен ер.
Көлденең жатқан Жайықтан
Құралайдың күнінде,

Еркек қойдай бөлініп,
Қиқарланып өткен ер.
Күншығыстың астында,
Күнбатыстың тұсында

Қарындасым бар-ды деп
Қабырғасын сөксе де,
Қанын судай төксе де,
Қайыспас қара нарды деп,

Маңдайынан күн өтіп,
Жауырынан жел өтіп
Күн астымен жеткен ер.
Айтып-айтпай немене,

Исатайды өлтіртіп,
Серкесінен айрылып
Сергелдең болған біздің ел.
* * *

Орай да борай қар жауса,
Қалыңға боран борар ма?!
Қаптай соққан боранда
Қантама киген тоңар ма?!

Туырлығы жоқ тұл үйге,
Ту байласаң тұрар ма?!
Ту түбінен тұлпар жығылса
Шаппаған нәмәрт оңар ма?!

Қарындастың қамы үшін,
Қатын менен бала үшін,
Қайрылмай кеткен жігіттің,
Өзін кәпір, алғанын

Талақ деп айтсаң болар ма?
Асқар, асқар, асқар тау,
Асқар таудың су бүркіт
Ылдидың аңын шалар ма?!

Лашын, сұңқар жүн төксе,
Далада қалған сүйек деп,
Шеніне қарға жолар ма?!
* * *

Беркініп садақ асынбай,
Біріндеп жауды қашырмай,
Білтеліге доп салмай
Қорамсаққа қол салмай

Қозы жауырын оқ алмай,
Атқан оғы жоғалмай,
Балдағы алтын құрыш болат
Балдағынан қанға боялмай

Қасарысқан қарындасқа
Қанды көбік жұтқызбай
Халыққа тентек атанбай
Үйде жатқан жігітке,

Төбеден тегін атақ болар ма?!
* * *
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығарға?!

Қас үлектен туған кәтепті
Қара нар керек біздің бұл іске.
Қабырғасын қаусатып
Бір-біріндеп сөксе де

Қабағын шытпас өр керек,
Біздің бүйткен бұл іске.
Маң-маң басқан сары атан
Маңғыстап шығар өріске.

Бұрынғыдай қарыштап
Қона алмадық қонысқа,
Келе алмадық келіске...
Тағыдай таңдап су ішкен

Тарпаңдай тізесін бүгін от жеген,
Тағы сынды мырза едік
Тағы да келдік тар жерге
Таңдансаң тағы болар ма

Тәңірінің салған бұл іске.
Арғымақтан туған қазанат,
Шабуыл салса нанғысыз.
Қазанаттан туған қаз мойын

Күнінде көз көрінім жер шалғысыз.
Айырдан туған жампоз бар,
Нарға жүгін салғысыз.
Аруанадан туған мая бар,

Асылын айуан десе нанғысыз.
Жаманнан туған жақсы бар,
Атасын айтса нанғысыз.
Жақсыдан туған жаман бар,

Күндердің күні болғанда,
Жарамды бір теріге алғысыз.
Тайманның ұлы Исатай
Ағайынның басы еді,

Алтын ердің қасы еді.
Исатайды өлтіртіп
Қырсық та шалған біздің ел.
* * *

Желп-желп еткен ала ту,
Жиылып алар күн қайда?!
Орма мылтық тарс ұрып,
Жауға ататын күн қайда?!

Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген,
Арғымақтан туған асылды
Баптап мінер күн қайда.

Алаштағы жақсыдан
Батасын алып, дәм татып,
Түлкідейін түн қатып,
Бөрідейін жол жатып,

Жауырынына мұз қатып,
Жалаулы найза қолға алып,
Жау тоқтатар күн қайда?!
Еменнің түбі сары бал,

Еріскен көңіл - бәрі бал.
Жоғарыдан төмен төгейін
Керегіңді теріп ал.
Қасыма ерген жолдастар,

Антыңды бұзып айрылма,
Зейініңді бермен сал.
Қапанға біткен жасылды-ау
Момындардың басы cay,

Жаманды байқай қарасаң
Күндердің күні болғанда,
Өзі басына өзі жау,
Арғымақ жақсы ат мініп,

Жеке шығып елімнен
Толықсып толғау толғасам,
Іштегі қызғын басылды-ау,
Жапанға біткен бәйтерек,

Жапырағын байқасаң,
Жайқалмағы желден-ді.
Түбіндегі балаусасы белден-ді.
Хан, төренің кешігіп,

Кідірмегі елден-ді.
Кешіп өтпек сайдан-ды,
Шығынды бөлмек байдан-ды.
Ақ киіктің орытып,

Жүгірмегі майдан-ды.
Батыр болмақ ойдан-ды,
Айғайласып жауға ти,
Тәңірім білер, жігіттер,

Ажалымыз қайдан-ды.
Сөйлесем даусым аңқыған,
Сөйлеуге жүрек талпынған.
Атасы Беріш болса да

Артық пайда көрмедім,
Егіз бенен Балқыдан.
Алақандай Нарында
Мүкемелім шашылды,

Шағалалы көлдей шалқыған
* * *
Аспанда ұшқан ақ сұңқар,
Қолымда тұйғын, лашын.

Қосылған жаста арудың
Көре алмай кеттім құлашын.
Арпа жемес арғымақ,
Ақселеу отқа зар болар,

Миуа мен шекер жемеген
Алғаным мен балаларым,
Қоңырсыған дүние-ай,
Қой етіне зар болар.

Жапаннан қарсақ ін қазар,
Хан салдырған жәрмеңке
Жырақ болсын бізден бұ базар.
Қатын қалса бай табар,

Қарындас қалса жай табар,
Артымда қалған ақсақал,
Алқалай кеңес құрған күн,
Ақылменен ой табар.

Кейін қалған жас бала,
Күдер үзігі біздерден
Көңілі қашан жай табар.
* * *

Артымда қалған алғаным,
Қытайлы қызыл көйлегі,
Күнге қойсаң оңар ма?
Мұндай қорлық болар ма?

Ақсұңқар құстың баласы
Қасқыр тартқан жемтікке,
Ағармай кезі қонар ма?!
Қаршыға кұсты көп көрдім

Қайрылып қазға қараған,
Қатын-бала қара орман
Баршасын жауға алдырған.
Құрулы жатқан жебеге

Құрсағынан шалдырған.
Асыра келіп ойласам,
Бұ заманның шағында,
Махамбеттей зарығып,

Мұңды болған қайда бар?!
* * *
Абайламай айрылдым,
Ар жақтағы елімнен,

Анау Нарын деген келімнен.
Тірі кеттім демеймін,
Кем болмады өлімнен.
Теңім үлгі алмады

Аузымдағы желімнен.
* * *
Істеген ісім кетті далаға,
Қашан өтіп шығам деп,

Қайғырамын мен-дағы
Жайықтан арғы далаға.
Басқа қысым түскен соң,
Қайрылмастай күн болды,

Қатын менен балаға.
Барсаң сәлем айта бар,
Ата менен анаға,
Жаудан аман жан қалса

Қара орман малым садаға.
Өлең айтып толғадым,
Көкірегімді басарға.
Қаралай отын жармадым

Тас қазанға асарға.
Махамбеттей мұңдыға
Енді келер күн қайда ,.
Ханға құрған шатырды

Сүңгімен түртіп ашарға.
* * *
Алтын жақса жарасар,
Жылтыраған күміске.

Он екі ата Байұлы
Жиылып келсе бұл іске.
Алты сан алаш ат бөліп,
Тізгінін берсе қолыма

Заулар едім бір көшке.
Ата-ананы сөктіріп,
Ат басына соқтырып,
Нәлет десе болмас па,

Осылай жүрген жүріске.
Әрәйна, билер, әрәйна,
Арғымағым жарай ма?!
Астыма мінген арғымақ

Күшіген жүнді шал жебе,
Жауына қардай борай ма?
Ел шетіне жау келсе,
Азамат ердің баласы

Намысына шыдай ма
Жаттан көмек сұрай ма?!
Арғымақ жалсыз, Ер малсыз
Алланың не берері болжаусыз

Жолдастарым мұңайма?!
Ханның ісі қатайды,
Азамат ерден мал тайды.
Қанды көбе киініп,

Бір алдаға сиынып,
Ұрандап жауға тигенде,
Кім жеңері талай-ды
Жолдастарым мұңайма?!

* * *
Аймақ та аймақ, аймақ көл,
Дария болып шалқымас
Аяғы төмен аққан соң.

Айдан жарық нәрсе жоқ,
Қараңғы түнек басқан соң.
Арыстаннан күшті жан болмас
О да өледі, жігіттер,

Мергендер таңдап атқан соң.
Алалы жылқы, ақтылы қой
Аңдыған бөрі жемей ме,
Иесі ұйықтап жатқан соң.

Шақырғанмен келер ме
Кешегі менің арыстаным,
Өзі шын барар жерін тапқан соң.
Егізімнен айрылып

Мен бір аққу болдым халықтан соң.
Айтса дағы айныман,
Қөлденеңнің сөзіне.
Әшкере болған ісім бар,

Жиылған жұрттың көбіне.
Кеткенім жоқ олжа үшін,
Кетіп едім елімнен,
Атаңа нәлет Жәңгірдің

Бір ауыз айтқан сөзі үшін.
Баданамды баса бөктеріп
Қасыма жаттан жолдас ертіп,
Күн-түн қатып жүргенмін.

Ана Нарында жатқан
Жас баланың қамы үшін.
* * *
Алты күндей алаулап,

Он екі күндей ой ойлап,
Ақылды алпыс жаққа шаптырып
Ақылы жөнге келгенсін
Толғай-толғай жүгірген

Топырағын суырған
Ертеден салса кешке озған,
Ылдидан салса төске озған,
Қой мойынды, көк жұлын,

Көк жұлынды жетелеп
Қисық жерден төтелеп.
Қабырта, қол сөгіліп,
Арғымақ ат бүгіліп,

Әзіреттен ант ішіп
Ақиретті жанға байланып
Талай жүрдік далада
Әділ жаннан түңіліп.

* * *
Қаршыға деген бір құс бар,
Қанаты айдың астында.
Ұясы оның саяда,

Қарағай, қайың басында.
Аңқау өскен ер едім,
Бұла болып жасымда.
Бұ қонысқа қондырған,

Ата-бабам оңбасын
Таңда зират басында.
Біз неткен ер, неткен ер,
Сергелдеңмен өткен ер.

Еділ менен Дендерден,
Сағыз бенен Жемдерден
Онан да талып өткен ер.
Арқада Әлім бар-ды деп,

Қайыспас қара нар-ды деп
Оған да барып жеткен ер.
Біз ер едік, ер едік,
Ен Нарында жүргенде,

Қалмаққа шатыс хандарды,
Қабыландай қайраңға соғып.
Етін талай жеп едік.
Біз Өтемістен туған он едік

Сол онымыз жүргенде
Мың сан әскер қол едік.
Біздің жайды сұрасаң,
Ерте көшіп, кеш қонған,

Санаулы сәнді орданың бірі едік,
* * *
Күңқақты ердің астында,
Көп жүгіретін күлік бар,

Көн садақтың ішінде
Көбе бұзар жебе бар.
Қарайғанның жігіттер,
Бәрін кісі демеңіз.

Көпе күндіз тайраңдап,
Түзге шықпас ерлер бар.
* * *
Тауда болар тарғыл тас,

Тарықса шығар көзден жас.
Ордалыға көз салма
Оғы қалса, жоғалмас.
Топтан озған тарлан бар,

Тұрасынан айрылса,
Тасты басып тұра алмас.
Асылдан болат ұл туса,
Екі жақ болып тұрғанда

Егескен жерде шарт кетер,
Жаурынынан өтін алса да,
Жамандарға жалынбас.
* * *

Ай астында бір қол бар,
Ат шаптырса жеткісіз,
Ортасында алуа, секер бар,
Татқан қулар кеткісіз.

Қарада да қара бар,
Хан ұлы басып өткісіз.
Алланың бір күні бар
Бір жарым айға жеткісіз.

Мұңдас ерлер болмаса,
Менің айтқан сөзімнің
Құлқына жаман жеткісіз.
* * *

Жайықтың бойы көк шалғын,
Күзерміз де жайлармыз.
Күлісті сынды күреңді
Күдірейтіп күнде байлармыз.

Құдай істі оңдаса
Ісім жөнге келгенде
Қамалаған көп дұспан
Әлде болса қойдай қылып айдармыз.

* * *
Аспандағы бозторғай,
Бозаңда болар үясы.
Бозаңның түбін су алса,

Қайғыда болар анасы.
Қара лашын, ақ тұйғын,
Қайыңда болар ұясы.
Қайыңның басын жел соқса,

Қайғыда болар анасы.
Айланбастың Алатау,
Бауырында болар саясы.
Тоқсан тарау су ақса,

Дария болар сағасы.
Сан шерулі қол болса,
Батырлар болар ағасы.
Аз сөйлесіп, көп тыңдар,

Хас асылдың баласы.
Мұнар да мұнар, мұнар күн
Бұлттан шыққан шұбар күн.
Буыршын мұзға тайған күн.

Бура атанға шеккен күн.
Бұлықсып жүрген мырзадан,
Бұрынғы дәулет тайған күн.
Қатарланған қара нар,

Арқанын қиып алған күн.
Алма мойын аруды,
Ат көтіне салған күн.
Бұландай ерді кескен күн,

Буулы теңді шешкен күн.
Сандық толы сары алтын
Сапырып судай шашқан күн.
Түс қыла гөр құдайым,

Біздей тақ мейманасы тасқанға,
Біздің ер Исатай өлген күн,
Он сан байтақ бүлген күн.
Орта белін сырлаған

Оқ жаңбырдай жауған күн.
Оң қанатын теріс жайып
Лашын қуға төнген күн.
Желпілдеген ала ту

Жиырылып ойға түскен күн.
Жез қарғылы құба арлан,
Жез қарғыдан айрылып,
Қорашыл төбет болған күн.

Аса шапқан құлаша ат
Зымырандай болған күн.
Арқауылдың бойынан
Теріскей дауыл соққан күн.

Сағағы болат қылыштың
Балдағынан сынған күн.
Қас бәйтерек жығылып,
Жығылғаны естілігі,

Алыстағы дұспаннан
Жақындағы «достының»
Қуанып көңілі тынған күн.
* * *

Таудан мұнартып ұшқан тарланым
Саған ұсынсам қолым жетер ме?!
Арызым айтсам өтер ме?!
Арыстаным, көп болды-ау

Саған да менің арманым.
Кермиығым, кербезім,
Керіскендей шандозым.
Құландай ащы дауыстым,

Құлжадай айбар мүйіздім,
Қырмызыдай ажарлым,
Хиуадай базарлым,
Теңіздей терең ақылдым.

Тербенбес ауыр мінездім.
* * *
Садағына сары жебені салдырған,
Садағының кірісін

Сары алтынға малдырған.
Тереңнен көзін ойдырған,
Сұр жебелі оғына,
Тауықтың жүнін қойдырған.

Маңдайын сарысусар бөрік басқан,
Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан,
Айғайласа белдігі байланған,
Астана жұртын айналған.

«Атына тұрман болсам», - деп
«Жұртына құрбан болсам», - деп
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен
Атылған оғы Еділ, Жайық тең өткен.

Атқанын қардай боратқан
Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан.
Арыстан еді-ау, Исатай
Бұ фәнидің жүзінде

Арыстан онан кім өткен?!
Бұл дүниенің жүзінде,
Айдан көркем нәрсе жоқ,
Түнде бар да, күндіз жоқ.

Күннен көркем нәрсе жоқ,
Күндіз бар да, түнде жоқ.
Мұсылманшылық кімде жоқ
Тілде бар да, дінде жоқ.

Көшпелі дәулет кімде жоқ,
Бірде бар да, бірде жоқ.
Азамат ерлер кімде жоқ,
Еріккен күні қолда жоқ.

Заманым менің тар болды,
Тура билік биде жоқ.
Бәрін айт та, бірін айт,
Қаумалаған қарындас.

Қазақта бар да, менде жоқ.
Қалы кілем, қара нар,
Жарасады қатарға.
Аруана жисаң жарасар,

Ұлы күнде сапарға.
Қаумалаған қарындас
Қазақта бар да, мен де жоқ.
Арызыңды айтарға.

* * *
Күмісті мылтық қолға алып,
Көлден қуларды ұшырдым.
Қолымдағы құсымды

Қапылдықпен ұшырдым.
Алтыннан айбат тор жасап,
Ақырда қолға түсірдім.
* * *

Шамдансам шалқамнан түсер асаумын,
Шамырқансам шатынап сынар болатпын.
Құс ілген қуда сын жоқ, ұятпен
Жігіт жауға шаппай қалар деймісің,

Қанды кебе киініп,
Бір аллаға сиынып,
Кезеңген жауға кез келдік
Жалаң найза, бір атпен.

Боз ағаштан биік мен едім,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан.
Ел құтқарар ер едім
Жандаспай-ақ бір тынбан.

Томағалы сұңқар мен едім
Толғамалы найзамен,
Толықсып жауға шапқанда
Бір озғанмын жұртымнан.

Ер дұшпаны көп болар,
Қатын дұшпан жігіттер,
Не демес дейсің сыртымнан.
Міне алмаған алаға-ай,

Шыға алмаған құба далаға-ай.
Мұсылманның баласын
Атаңа нәлет Жәңгір хан
Көзінен тізіп жіберді-ау

Орынбор деген қалаға-ай.
* * *
Балуан жолбарыс секілді,
Алысқанды алып ұрған білегім, -

Қамалаған жаудан қайтпаған
Қайнаған қара болаттай,
Қарсы біткен жүрегім,
Ертеден кешке шейін зарласам,

Бермей ме екен құдайым,
Біздей тарыққан ердің тілегін.
* * *
Біздің анау Нарында,

Бір төбелер бар еді,
Айналасы ат шаптырса жеткісіз.
Қиқулап ұшқан қырғауыл
Күнінде құлан да басып өткісіз...

Қойды мыңға толтырған,
Нарынның ана құмдары,
Түйені жүзге толтырған
Көкбекті, шытыр жерлері,

Жатып қалған тайлағы
Жардай атан болған жер,
Жабағылы тоқтысы
Қой болып қора толған жер,

Балдырғаны білектей,
Баттауығы жүректей,
Ондай қоныс маған жоқ,
Құдай қылды амал жоқ.

Біткен істің міні жоқ,
Бітірген ердің кемі жоқ.
Тура ажалдың емі жоқ.
Арқада жатқан ақ киік,

Атып алып етін жеп,
Ішіп қандым сорпасын
Сапырулы сары балдан
Еш те бір жерде кемі жоқ.

Жасыл ала үйрек, қоңыр қаз,
Жайқай ұшқан көлде жоқ,
Тар қолтықтан оқ тисе,
Тарыққанда қайырылар

Қарындасым менде жоқ.
Балдағы алтын ақ болат,
Салайын десем қын да жоқ,
Қанатынан қайрылып,

Ит алған қуда сын да жоқ!
* * *
Арғымаққа оқ тиді,
Қыл мықынның түбінен.

Ер жігітке оқ тиді,
Ауыз омыртқаның түбінен.
Жантайып жатып көп іштім
Жаздықтың шалшық көлінен.

Қайтейін енді дүние-ай,
Жағдайсыз кетіп барамын,
Қасымда көмектің кемінен.
Мен ақ сұңқардан туған қудаймын,

Бір сұңқарға жұбаймын.
Сауырсыма қамшы тигізіп,
Шаппай не ғып шыдайын.
Түбін қазған мен бәйтерек,

Толқуменен құлаймын.
Хат оқиды молдалар,
Қаламмен тартқан сиядан,-
Екі кісі тең барса,

Оңды-ай төре береді,
Ақылға жетік би адам.
Мен тауда ойнаған карт марал
Табаным тасқа таяр деп,

Сақсынып шыққан қиядан.
Қайыңның басын жел соқса,
Қаршыға құс қайғырар,
Балапаным суға кетед деп,

Мамығын төккен ұядан.
О дағы біздей болған сорлы екен
* * *
Пыр-пырлай ұшқан қасқалдақ,

Көлінде жатып көркеймес,
Ортайса көлдің қоғасы.
Аруана, мая күңіренер,
Бауырынан елес баласы.

Суда жүрген нән балық
Шағала құсқа жем болар,
Үзілсе келдің сағасы.
Атадан қалған сауыттың

Шығыршығын тот басар,
Жыртыла тозса жағасы.
Таудай болған талаптың
Назары қайтқан күн болған.

Жібектен бауы көнеріп,
Ақсұңқар ұшқан күн болған.
Бағаналы боз орда
Еңкейіңкі күн болған.

Телегей-теңіз шалқыған,
Қоғалы көлдер суалып,
Тізеге жетер-жетпес күн болған
Жапанға біткен бәйтерек,

Жапырағынан айрылып,
Қу түбір болған күн болған.
Алқалаған жер болса,
Азамат басы құралса

Мәшурат кеңес сұраса,
Мәшурат берер ер едік,
Исатайдан айрылып,
Алқалай келген кеңесте,

Дымы құрыған күн болған.
* * *
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Қанатың қатты, мойның бос.

Исатайдан айрылып
Жалғыздықпен болдым дос.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс
Ел қорыған мен едім,

Мен де айрылдым елімнен.
Көл қорыған сен едің
Сен де айрылдың көліңнен.
Аспанда ұшқан, қызғыш құс,

Сені көлден айырған
Лашын құстың тепкіні.
Мені елден айырған
Хан Жәңгірдің екпіні

Айтып-айтпай немене,
Құсалықпен өтті ғой,
Махамбеттің көп күні.
Ақ жұмыртқа, сары уыз,

Әлпештеп қолда өсірген,
Туған ұлдан не пайда,
Қолына найза алмаса,
Атаның жолын қумаса.

Алаштың байлығынан не пайда,
Құланнан басқа ел таппай,
Қонарына жер таппай,
Маңқиған сары далада,

Екіндіде құлаған,
Тарығып келген ерлерге,
Қайыры оның болмаса.
Алтын тақты хандардың

Хандығынан не пайда?!
Ғаріп пенен қасерге
Туралық ісі болмаса?!
* * *

Менің атым Махамбет,
Жасқұстағы Жәңгір хан
Ісінен болдым құса дерт.
Атасы өткен Айшуақ,

Соның көзі көрді ғой.
Менің атам Өтеміс
Елдің қамын жеді ғой.
Жайықтың бойы енді су,

Кешегі қуатымның барында
Тіземмен бұзып өткенмін.
Жаныма айла болар деп,
Назарды тастап Шүренге

Күнім үшін жеткенмін.
Әлпештеген аруды
Бәрін тастап кеткенмін.

БАЙМАҒАМБЕТ СҰЛТАНҒА АЙТҚАН СӨЗІ

Алай ма сұлтан, алай ма,
Астыма мінген арғымақ,
Аяңдай түсіп марай ма.
Арғымақ дейтін жығылар

Найза бойы жар келсе,
Жабыдайын жалтаңдап,
Түсер жерін қарай ма?!
Арғымақ атқа айдай таға қақтырса,

Кілегей қатқан Еділдің,
Көкше мұзынан таяр ма?!
Ата ұлының баласы
Асыл ерге малың бер

Малың бер де басың қос.
Басыңа тарлық түскенде,
Ардақтаған әділ жанын аяр ма?!
* * *

Біз бір енеден бір едік,
Бір енеден екі едік.
Екеуіміз жүргенде,
Бір-бірімізге ес едік.

Бір енеден үш едік,
Үшеуіміз жүргенде,
Толып жатқан күш едік.
Бір енеден бес едік,

Бесеуіміз жүргенде,
Алашқа болман деуші едік.
Өтемістен туған он едік,
Онымыз атқа мінгенде

Жер қайысқан қол едік.
* * *
Еділді көріп емсеген,
Жайықты көріп жемсеген.

Таудағы тарлан шұбар біз едік.
Исатайдың барында
Қара қазан, сары бала
Қамы үшін қылыш сермедік.

Шабытымыз келгенде,
Ерегескен дұшпанды,
Шетінен сүйреп жеп едік.
Баста дәурен тұрғанда,

Біздердағы, Бай-еке,
Оза көшіп, кең жайлап
Еркіннен еркін жатқан ел едік.
Еділ үшін егестік,

Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық,
Тептер үшін тебістік.
Теңдікті, малды бермедік,

Теңдіксіз малға көнбедік.
Со секілді асқан қайраттан
Ойлашы, кәне, не таптық!
* * *

Ханның кірген ақ орда
Бұзуын ойлап кеңестік.
Аламанға жел бердік,
Аса жұртты меңгердік!

Қара қазақ баласын,
Хан ұлына теңгердік,
Өздеріңдей хандарды,.
Қабырғасын сөгілтіп,

Қабырғадан аққан қан,
Ат бауырына төгілтіп,
Әділ жаңнан түңілтіп,
Ат көтіне өңгердік.

Күндердің күні болғанда,
Со секілді қайраттан
Ойласаңдар не көрдік.
Ханнан кегім ала алмай,

Арқаның алпыс екі саласына барғанда,
Айдаһардай арбадың
Арбадың да қалмадың,
Қайрат қылар ерің біз болсақ,

Заманымда болған, сұлтаным,
Бізді жіпсіз байладың.
* * *
Еділ мен Жайық жер еді-ау

Мекен еткен шаруаға.
Жағасы қорған жай еді-ау.
Жай қоныстан айрылып,
Мен бір қаңғырып жүрген қарашың,

Қайта-қайта шақыртып,
Менде қандай ауыр ақың бар еді-ау.
Қаңғырған емей немене
Қара баста сенім жоқ.

Қаттылық емей немене
Ханның бетін көру жоқ.
Кәрің қатты, хан ие,
Қанша қаттылық етсең де

Ажалдан бұрын өлім жоқ.
Кешегі Исатайдың барында,
Алақандай Нарында,
Басушы едім құлаштай.

Жәбір беріп, жала етсең
Былғанған басым ыласқа-ай.
Мен бір шарға ұстаған
Қара балта едім,

Шабуымды таппай кетілдім,
Қайрасаң тағы жетілдім.
Көрмес, келмес деп едім,
Өз еркіммен бетіңді-ай.

Есігіңнің алдына
Ұрмай-соқпай келтірген,
Арманың бар ма құдайға,
Мынау Махамбет сынды жетімді-ай.

Мен ақсұңқар құстың сойы едім,
Шамырқансам тақсыр, кетермін.
Кетпей де нешік етермін.
Бұл барғаннан барармын,

Қиядан орын алармын.
Отын алып, от жақпан
Дұспанға қылыш ұрармын.
Жазға бір ай қалғанда,

Аласапыран болғанда,
Бөліне көшкен елдерді,
Бөріккен қойдай қылармын.
Жарыла көшкен елдерді,

Жаралы қойдай қылармын.
Мен кеткенмен тек кетпен
Сізден артық табармын.
Ашуыма көп тисең,

Өзекті жанға бір өлім,
Ордаңды талқан қылып шабармын.
* * *
Бірсіндеп садақ асынған

Біріндеп жауды қашырған.
Құйқылжыған құла жирен ат мінген,
Құйрық-жалын шарт түйген.
Мен кескекті ердің сойымын,

Кескілеспей бір басылман.
Алдыңа келіп тұрмын деп,
Ар-намысымды қашырман.
Сүйегім тұтам қалғанша,

Тартынбай сөйлер асылман.
Ай, тақсыр-ау, ай тақсыр,
Бойың жетпес биікпін,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан.

Айта келген сөзім бар,
Не қылсаң да жасырман.
Шамдансам жығар асаумын,
Шамырқансам сынар болатпын,

Кәр қылад деп тақсыр-ау,
Аяғыңа бас ұрман.
Бай-еке, сұлтан, ақ сүйек,
Қыларың болса, қылып қал.

Күндердің күні болғанда
Бас кесерім жасырман.
* * *
Еділден ұшқан аққудай,

Көшуші едік емініп,
Дарияның шалқар көліне.
Көлден кетсек қонамыз,
Елсіз жердің шөліне.

Ішімді дерт қысқан соң,
Қарамай айттым көңіліңе.
Ақ сүйек, сұлтан, Бай-еке,
Әкім болған сен едің,

Алдыңа келіп арыз айтар,
Қас қарашың мен едім.
Іштегі толған шерімді
Бір толғасам деп едім.

Алдыңа отырып, Бай-еке,
Арызымды айтып толғадым.
Іштегі түйін шешілді
Айтып-айтпай немене,

Ер тілегі кесілді.
Мінген де аттың тұяғы
Таға салмай тесілді.
* * *

Ай, тақсыр-ау, ай тақсыр,
Боз орданы тіктім деп,
Боз ағашты жықтым деп,
«Ханым», «ханым» дегенге,

Көтере берме бұтыңды,
Кептірте берме ұртыңды.
Күндердің күні болғанда,
Өзіңнен мықты жолықса,

Ту сыртыңнан жармай алар өтіңді.
Тәуекел хаққа бел байлап,
Қималы найза өңгеріп,
Бозбалаға жел беріп,

Атқа мініп шыққанда,
Ұлым қалмақ сенің де
Көрер едім к...
Мен, мен едім, мен едім,

Мен Нарында жүргенде
Еңіреп жүрген ер едім.
Исатайдың барында,
Екі тарлан бөрі едім,

Қай қазақтан кем едім.
Бір қазақпен тең едім.
Өздеріңдей хандардың,
Қарны жуан билердің

Атандай даусын ақыртып, .
Лауазымын көкке шақыртып,
Басын кессем деп едім.
Еділдің бойы ен тоғай,

Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге,
Мал толтырсам деп едім.
Еңсесі биік ақ орда,

Еріксіз кірсем деп едім.
Керегесін қиратып,
Отын етсем деп едім
Туырлығын кескілеп,

Тоқым етсем деп едім.
Тақта отырған хандардың,
Төрде отырған ханымын
Қатын етсем деп едім.

Әлдилеген баласын,
Жетім етсем деп едім.
Хан сарқыты - сары бал,
Сұраусыз ішсем деп едім.

Ханның киген кіреуке
Үстіме кисем деп едім.
Қаныкейдей көріктіңді,
Қалыңсыз құшсам деп едім.

Тәнікейдей тектіңді,
Ителгі көзін төңкеріп,
Күшіктей даусын қыңсытып,
Аш күзендей белін бүгілтіп,

Әділ жаннан түңілтіп,
Ат көтіне үңілтіп
Артыма салсам деп едім.
Тілекті тәңірі бермеді,

Өздеріңдей хандарды,
Осындай бір қылсам деп едім.
* * *
Мен, мен едім, мен едім,

Мен Нарында жүргенде,
Еңіреп жүрген ер едім.
Исатайдың барында,
Екі тарлан бөрі едім,

Ерегескен дұспанға,
Қызыл сырлы жебе едім.
Жақсыларға еп едім,
Жамандарға көп едім.

Ерегескен дұспанның
Екіталай болғанда,
Азыққа етін жеп едім.
Хан баласы ақ сүйек,

Ежелден табан аңдысқан,
Ата дұспан сен едің,
Ата жауың мен едім.
Ежелгі дұспан ел болмас,

Етектен кесіп жең болмас,
Хан баласы ақ сүйек,
Бай-еке, сұлтан сен болып,
Сендей нар қоспақтың баласы,

Маған оңаша жерде жолықсаң,
Қайраңнан алған шабақтай,
Қияға бір соғып ас етсем,
Тамағыма қылқаның кетер демес ем.

* * *
Хан емессің қасқырсың,
Қас албасты басқырсың,
Достарың келіп табалап,

Дұспаның сені басқа ұрсын!
Хан емессің ылаңсың,
Қара шұбар жылансың.
Хан емессің аянсың,

Айыр құйрық шаянсың.
Бағаналы терек жарылса,
Бақыраш жамап болар ма!?
Қарағайға қарсы бұтақ біткенше,

Еменге иір бұтақ бітсейші,
Қыранға тұғыр қыларға.
Ханнан қырық туғанша,
Қарадан бір-ақ тусайшы,

Халықтың кегін қусайшы,
Артымыздан біздердің
Ақырып теңдік сұрарға.
* * *

Әй, Махамбет, жолдасым,
Аш арыстан жолбарысым,
Ісімнің білдім оңбасын.
Оңбаған емей немене,

Өтірік сөзге алданып,
Бақытым ауып басымнан,
Әскерім кетіп қасымнан,
Жапанда жалғыз қалғасын.

Өкінгенмен пайда жоқ,
Құдайым басқа салғансын.
Мезгілді уақыт болғанда,
Опассыз мынау жалғанда,

Ажал қарсы келгенде,
Қараңғы көрге кіргенде,
Қасыңда тұрар жан бар ма?
Осының бәрін ойласаң,

Өткенге бекер өкініп
Құр жылаудан сән бар ма?
Жолдасын жауға алдырып,
Жанымды қимай қаңғырып,

Қашатын менде жөн бар ма?
Қатын, бала мал бағып,
Үйде отырсам да өлем деп,
Қорлықта жүрген халқыма,

Бостандық алып берем деп,
Қырық бір жасқа келгенде,
Ауыр әскер қол ертіп,
Жасқұсқа барып кіргенде,

Арыстандай ақырған,
Айбатыма шыдамай,
Хан баласы жылады-ай,
«Жанымды қи» деп сұрады-ай,

Ақкөңіл, аңқау жүрекпен,
Беремін деп мен тұрдым,
Көк бедеуді бауырлап,
Шабамын деп сен тұрдың,

Исатай басшы білсін деп,
Ауыр әскер қол тұрды.
Қырық бір жасқа келгенде,
Өз дегенім болмаса,

Өзгенің тілін алмаған,
Кісі ақылы қонбаған,
Қанша айтсаң да болмадым,
Сөзіңе құлақ салмадым.

Бұрала біткен емендей,
Қисық туған сорлы ағаң,
Хан сөзіне сенгенім,
Он күн срок бергенім.

Әскерімді таратып,
Он бір күнге қаратып,
Бекетай құмға келгенім.
Сүйткен бір қайран халқым-ай,

Қасыма бір келмедің.
Сол халқымды көрмей өлгенім.
Не салса да алланың
Тағдырына көнгенім.

Қош, аман бол, жолдасым.
Бұ дүниенің жүзінде,
Осы болар сені көргенім.
Қапыда өткен дүние-ай,

Ақырында еш болды-ау,
Ел үшін еткен еңбегім.
Атаңа нәлет хан ұлы-ай!
Тілегін сұрап алғансың,

Ойлағаны болғансың,
Патшаға хабар салдырып,
Патшадан солдат алдырып,
(Құрсағымнан шалдырып).

Айтып, айтпай не пайда,
Егеулі найза өңгерген,
Азды көпке теңгерген,
Қабыланбай мен Қалдыбай,

Рысалы, Кебек жолдасым,
Жаудан өлді жолбарысым...
Сол ерлерден айрылып,
Исатай мен Махамбет,

Екі арыстан ер қалды-ау!
Адыра қалғыр қу Нарын,
Талауға түсіп, бүлініп,
Адамы қойдай қырылып,

Құлағызып жер қалды-ау,
Қарағай, қайың, тал, терек,
Қалың орман, ну қалды-ау!
Қиқулап құстар қонатын,

Суы тұнық көл қалды-ау !
Тәрбиелеп өсірген,
Ата мен ана - бұл қалды-ау!
Қатын жесір, тұл қалды-ау,

Еңбектеп жиған мал қалды-ау!
Бұлардан жұда қимайтын,
Енді менің нем қалды-ау!?
Тек шықпаған жан қалды-ау!

Ойлап бір, ойлап қарасам,
Еңбек етіп ел үшін,
Арманда өтіп кетті деп,
Соңымда бір қалған халқыма,

Артымда бір атақ, даңқ қалды-ау!
Сәлем айтып кетейін,
Артымда қалған елдерге,
Арманымды айтып кетейін,

Найза ұстаған ерлерге.
Арыстан туған Исатай,
Дегеніне жете алмай,
Арманда етіп кетті деп,

Олардың кегін алуға,
Кезек бізге жетті деп,
Қиналар ма екен біздерге?
Қиналсаңыз біздерге,

Мың рақмет сіздерге.
Қапыда өткен дүние-ай,
Халқымның көрген қорлығы,
Хандардың еткен зорлығы,

Ақ жүрегін тербетіп,
Ер көңілін желдетіп,
Ақсүйектің баласын,
Қара ұлына теңгеріп,

Қоңыраулы найза өңгердім.
Жетімдерге - жем бердім,
Жесірлерге - жер бердім,
Ақырында дүние-ай,

Сол ерліктен не көрдім!?
Жолдасқа билік бермедім,
Кешегі хан үстіне барғанда,
Ақсүйектің баласы

Бақадай шулап тұрғанда
Ерлікпенен алданып,
Өзіме-өзім қас қылдым.
Сырлы зерең аяқпен

Бал ұрттаған ер едім,
Бір уақыттар болғанда,
Көктей өтіп Жайықты,
Бір қасық ішкен қара су,

Жұмасына ас қылдым.
Осы жақта мен өліп,
Артымда тірі сен қалсаң,
Жаңа өспірім Жақияны,

Жолдасым, саған тапсырдым!
* * *
Мінгені Исатайдың Ақтабаны-ай,
Сүт беріп, сұлы беріп баптағаны-ай,

Зеңбірек үш атқанда дарымады,
Құдайдың міне қара, сақтағаны-ай!
Мінгені Исатайдың көгілдір-ай,
Әскерін барша құмға төгілдірді-ай!

Мыңды алған, бірді беріп Ақтабанды,
Жыландай белге соққан бүгілдірді-ай!
Баласы Исатайдың Жақия-ды,
Жақия жауды көрсе ақияды.

Түлейде түнде жортқан жолбарыстай,
Алдырдым қабыланымды қапияда-ай!
* * *
Исатай деген ағам бар,

Ақ кіреуке жағам бар,
Хан ұлымен қас болып,
Қара ұлына дос болып,
Хан үстіне барғанда,

Шабайық ханды дегенде,
Шапқандай ханды амал бар,
Амал барда хан шаппай,
Тәңірім қылды, не амал бар.

Ат туады байталдан,
Айт десең, лебіз қайтарман,
Халық қайғысын айтуға,
Хан ұлынан тайсалман.

Төрт, бес жылдай алысып,
Мына отырған Иса екем,
Ханның бір тауын қайтарған.
Ат туар ма шұбардай,

Ер туар ма бұлардай?!
Мына отырған Иса екем,
Дулығалы бас кесіп,
Дұшпанының қанына

Ақ алмасын суарды-ай!
* * *
Еріскендей ер болса,
Соғысқандай жер болса,

Бірде-бірге келгенде,
Әлі де болса бір тәңірге жылармын.
Мен қарақұстан туған қалықпан,
Сөйлер сөзге жалықпан,

Көптер көзін тіккендей,
Көп соңыма түскендей,
Көптің несін алыппын?
Тыңда халық, әлеумет,

Көп кісіден анықпын!
* * *
Арқаның қызыл изені,
Басы күрдек, түбі арал

Қыдырып шалар аруана.
Кәрісі кімнің жоқ болса,
Жасы болар дуана.
Бір сынаған жаманды

Екіншілей сынама.
Тіріде сыйласпаған ағайын,
Құм құйылсын көзіңе,
Өлгенде бекер жылама.

Ер қабыланын жөнелтіп,
Елсізде аңырап қалған шақ,
Біздерден ақыл сұрама!
Көшер еді-ау біздің ел,

Сонау Еділден бергі тұрған жердейін,
Қонар еді-ау біздің ел,
Арқада қоныс шөлдейін,
Нұралыдан қалған көп тентек,

Бүлдірмегей еді елімді,
Лашын құс, бүркіт шайқаған шілдейін.
Ащының бойы кек тоғай,
Жайламас еді біздің ел,

Жері жаман сусыз деп,
Жабыдан айғыр салмады,
Баласы оның сынсыз деп,
Базарға сатсаң, пұлсыз деп,

Балдағы алтын ақ болат,
Асынбас еді біздің батырлар,
Көкпен де сауыр қынсыз деп.
Ен қабыланын жөнелтіп,

Елсіз қаңғып қалған шақ.
Кім айтады бізді мұңсыз деп?!
* * *
Қақақулап шақырмай,

Қанды көбік түкірмей,
Алғыншы алған арудың
Ақша бетін солдырмай,
Ата менен ананы

Қайғыменен қатырмай,
Әлпешті ұлың жат болмай,
Шайған жалғыз малтаның
Сатқанда суы ат болмай,

Бұзбай құлан пісірмей,
Мұз үстіне от жақпай,
Қапыда қалған қасқамын,
Қақ жүректен найза түйретпей,

Найзаны күнге қуратпай,
Қарсыласқан дұспанның,
Қабырғасын бір-біріндеп күйретпей,
Әлі де болса қорқа алман,

Адасып қалған үйректей.
* * *
Белгілі туған ер едім,
Беліме садақ асынған,

Біріндеп жауды қашырған.
Мен келелі қара бұлтпын,
Келе жаумай ашылман.
Қарсыласқан дұшпанға

Найзағай менен жасылмын.
Арғымақ, сені сақтадым,
Құлағың сенің серек деп.
Азамат сені сақтадым,

Бір күніме керек деп.
Жабыдан туған жаман ат
Шаба алмайды бөжектеп.
Қырдан қиқу төгілсе,

Еділге таман үңілсе,
Арғымақтың баласы
Шабушы еді безектеп,
Жақсыменен дос болсаң,

Айрылмас күні қос болсаң,
Басыңа қиын іс түссе,
Алдыңнан шығар өбектеп,
Жаныңа не керек деп,

Жаманменен дос болсаң,
Айрылмас күні қос болсаң,
Басыңа қиын іс түссе
Басқа кетер бөлектеп,

Қолдан берер есептеп,
Сыртыңнан жүрер өсектеп.
Ат жігіттің, майданы,
Қылыш жанның дәрмені,

Өлім хақты, пәрмені.
Атақты ермен бірге өлсе,
Жігіттің болмас арманы.
Өте шыққан қызыл гүл,

Бұ дүниенің жалғаны.
Арғымақтың баласы,
Арығанын білдірмес,
Арқамнан қосым қалар деп,

Ағыны күшті ақ дария
Қаһарланып толқиды
Қанатын күн шалмаған балығым,
Ортамнан ойран салар деп.

Балағы түкті қоңыр қаз
Баттауыққа тоя оттамас,
Сұңқарлар үлгі алар деп.
Қас жақсының баласы

Арада тұрып сөйлемес,
Жауым таба қылар деп.
Қас патшаның баласы
Жапанда жалғыз тұрмайды,

Дұспандар кезін салар деп.
Қарқыны күшті көк семсер
Шапқан сайын дем тартар,
Сусыным қанға қанар деп.

Қарақұс қонбас көк сеңгір
Басына құсты қондырмас.
Қарауыл қарап тұрар деп,
Қараса көзі шалар деп.

Еңселігім екі елі,
Егіз қоян шекелі,
Жараған теке мүшелі,
Жауырыны жазық, мойны ұзын,

Оқ тартарға қолы ұзын,
Дұспанына келгенде
Тартынбай сөйлер асылмын.
Құла бір сұлу ат мінген,

Құйрық, жалын шарт түйген,
Құм сағыздай созылған,
Дулығалы бас кескен,
Ту түбінен ту алған,

Жауды көріп қуанған,
Мен Өтемістің баласы,
Махамбет атты батырмын.
Атадан туған аруақты ер,

Жауды көрсе, жапырар,
Үдей соққан дауылдай,
Жамандарға қарасаң,
Малын көрер жанындай.

Жүйрік аттың белгісі
Тұрады құйрық-жалында-ай.
Айтып, айтпай немене,
Халық қозғалса,

Тұра алмайды хан тағында-ай.
* * *
Арғымақтың баласы,
Аз оттар да, көп жусар,

Талаудан татқан дәмі бар,
Азамат ердің баласы
Аз ұйықтар да, көп жортар.
Дұшпанға кеткен ары мен

Барымтаға түскен малы бар.
* * *
Адыра қалған Нарынның,
Теңіз деген суы бар.

Жағасына жағалай біткен
Қамыс деген нуы бар.
Еңіреген ерлердің
Жібектен желбіретіп ұстар туы бар

Хан ұлымен алыстық,
Қарсы тұрып шабыстық.
Бізге біткен бес еркектің буы бар.
Адыра қалған Нарынның

Жайық деген суы бар.
Жағасында жары бар,
Қабағында кары бар.
Көнбегенді көндірген,

Көн кемеге мінгізген,
Қынама бешпент кидірген,
Ортасында Жәңгір деген ханы бар
Қырлығында оба бар,

Шұңқырында қоға бар,
Адыра қалған Нарынның,
Жыңғылы мен талы бар.
Қонысы қонақ бергендей,

Жаясы мен жалы бар.
Айтып, айтпай немене,
Адыра қалған Нарында,
Бас пайданың бәрі бар,

Қапыда кеткен дүние-ай,
Алақандай Нарында
Ата менен ана бар,
Іні менен аға бар,

Қарындас, халқым көп қалды-ау,
Қатын менен бала бар,
Жалғыз ұлым Махмұт
Бекетай құмның ішінде,

Жалғыз бір қалған со да бар.
Қарағай шаптым шандоздап,
Хан қарасын жоям деп,
Жолбарысша жорыттым,

Етіне құлан тоям деп...
Қыран құстың баласы
Ұшса, келмес ұяға.
Асыл ердің, баласы

Жауды көрсе шыдамай,
Көзін салар қияға.
Ермін деген жігітті
Кеңшілікте сынама.

Келмейтұғын нәрсеге
Жаныңды қинап жылама!
* * *
Әй, тақсыр-ау, әй тақсыр!

Табаны жалпақ тарланбоз,
Шабарында есінер:
Бір мінезі келгенде,
Жібектей жұмсақ есілер.

Жауда қалса жолдасы,
Мақтанады несіне ер?
Тастан қатты тағдырың
Исатаймен шешілер.

Айтып, айтпай немене,
Қор болды-ау, қайран есіл ер!
* * *
Он екі төбет, шұнақ хан,

Шабатының ел екен,
Күндейтінің мен екен.
Хан ұлына қас болу,
Қара ұлына бас болу

Мендей ерге жон екен!
* * *
Күн жадына қарасам,
Жедінің оны құралай.

Аспанды борай қар жауып,
Аштырмайды көзімді.
Қақтырмайды кірпікті,
Соғады боран сабалай.

Халық үшін қанды төгем деп,
Қараны қанға теңеп берем деп,
Ол мақсатқа жете алмай,
Дегенімді ете алмай,

Қор болдым-ау, шырақ-ай!
Әй, Шонты би, Шонты би,
Домбыра тартсам, келер күй,
Шын ажалың, жетпесе,

Ажалдан бұрын өлмессің.
Жалаңаш бар да жауға ти!
Домбыра тартып жырласам,
Жақсылар маған қылар сый,

Ажалдан бұрын өлмессің,
Тілесем тілек бермессің,
Жыласам көзімнің жасын көрмессің,
Алақандай Нарында

Мүкәмәлім шашылды,
Жүр десем оған жүрмессің,
Құр әңгімеден басқа
Ешнәрсені білмессің.

* * *
Желден де желгір ақбөкен,
Озса да орғып көлденең,
Құралайына қарайлап,

Оққа ұшпай ма сол үшін?!
Ұялы бүркіт күн ұзын
Қалықтай самғар шөже үшін;
О да бір торға түспей ме

Шөжеге керек жем үшін?!
Дертке дауа іздеген,
Тірліктен үміт үзбеген,
Сергелдең болар емі үшін.

Асыл туған арулар
Жанын пида етпей ме
Шын сүйіскен теңі үшін?!
Аттанған едім көп үшін

Көптің жинап мол күшін,
Дұспанда кеткен сол көптің
Ежелден бергі кегі үшін!
Таршылық басқа түскенде,

Қапаланам мен-дағы
Қаумалаған қасымда
Қарындастың кемі үшін!

МӘДЕЛІ ЖҮСІПҚОЖАҰЛЫ

(1816-1888) Мәделі Жүсіпқожаұлы Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс өңірінде дүниеге келген. Өлең-жырды жазып та, ауызша ай¬тып та шығарған. Ол бір жағынан айтыс ақыны түрінде де көпке белгілі болған. Мәделі шығармалары ұзақ уақыт бойы баспа бетін көрмеген. Тек «Арыстанбайға» атты арнау өлеңі ғана 1924 жылы «Жас қайрат» журналында басылады. Бұл жинаққа кірген төрт өлеңі «XІX ғасырдағы казак поэзиясы» («Ғылым». 1985) атты кітабынан алынып отыр.

БЕЛБЕУДІ БЕЛ ҚЫШИДЫ ШЕШЕРІНДЕ

Белбеуді бел қышиды шешерінде,
Жылқы мал тебіспейді өсерінде.
Сырменен Мәделі қоштасқаны,
Бұхарға жоғарылап көшерінде.

Аман бол, қос жарсуат туған жерім,
Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім.
Жем беріп арғымаққа желе жортып,
Жылқыны бұрқыратып қуған жерім.

Аман бол, Бөгенім мен Шаяным-ай,
Тоқтайтын ұқсамайды баяным-ай.
Жайыр құмның сыртында күс салатын,
Аман бол қыргауыл мен қояным-ай.

Қайырып қаршығаны салған жерім,
Қырғауыл мен қоянын алған жерім.
Аман бол қызыл қоңырау, шеңгелдерім,
Шалбарсызды қылушы ең өрім-өрім.

Аман бол, тоғайдағы тораңғыл-тал,
Ішіңде бүлдірген мен жидең де бар.
Қаршығам қоян қуған аржаққа өтсе,
Желқайықтан жақсы еді ысқадан сал.

Аман бол, тоғайдағы қамыс, мия,
Ішіңді аралаушы ем жылқы жия.
Енді сен де аман бол оман дәрия,
Бізге жайлау болмады-ау, сұңқарға ұя...

Аралға ақ баттауық жарасушы ең,
Күштілікке арпамен таласушы ен.
Арықты жаздай мінген қоя берсе,
Беруге аттың майын қарасушы ең.

Бәрі ойнақ жылқы малға жағушы еді,
Сол жерден жоқшы малын табушы еді.
Арықты алты ай мінген қоя берсек,
Аптада қабырғасын жабушы еді.

Қос құдық жайлаушы едік, қыстаушы едік,
Камшаттан пешпент, бөрік тыстаушы едік.
Арықты қыстай мінген қоя беріп,
Бір айда құры аттай ғып ұстаушы едік.

ҚАРА АҒАШТЫ ТАШКЕНТТЕН

Қара ағашты Ташкенттен,
Мырзаби деген бек шықты,
Екі иінін жеп шықты.
«Қатын менен қызыңнан зекет»

бергін деп шықты.
Ордабасы басында,
Қотыр бұлақ қасында,
Жер астынан жік шықты.

Қаһарын шашып халыққа,
Екі құлағы тік шықты.
Оның қылған ісіне,
Ел денесі түршікті.

Желкеге шашын түйгізіп,
Еркекше киім кигізіп,
Жасырып қыз бен әйелін
Көшкелі беттеп ел шықты.

Кештің бетін қайырып
Ақ білек ару қыздарды,
Ата-анадан айырып,
Көзінен жасын ыршытты.

Шамадан асып кеткен соң,
Зұлымдығы өткен соң
Ел намысын қорғайтын
Қазақтан да ұл шықты.

Қыран құстай түйіліп,
Жеңсіз сауыт киініп,
Әруағына сиынып,
Мәделі батыр сайланып

Қожа ішінен бұл шықты.
Халықтың қамын ойланып,
Беліне жарақ байланып
Орта жүзде Қоңыраттан

Мұсабек деген ер шықты.
Аққан судай сарқырап
Алтынды тоны жарқырап,
Ұлы жүздің данасы

Ер Шоңайдың баласы
Рысқұлбек келді жарқырап.
Ақбұлақтың басында,
Қарабастау қасында

Үш елдің ері бас қосып,
Үкімін айтқан халық ұнап,
Қоқанның бейбас бектері
Жәбек бидің үйінде

Қымызға тойып балқып ап,
Қазы менен карта жеп,
Отырған сәтте шалқып-ақ,
Асқанға тосқын осы деп

Бектердің басын кескенбіз,
Шариғаттың шарты ұнап.

БҰЛ ЖЕРДЕН ҮШ ЖҰРТ ӨТІПТІ

Бұл жерден үш жұрт өтіпті...
Төртіншісі біз едік,
Бізге де түсті салмағы-ай.
Бектеріңнің қорлаған,

Зорлығына шыдамай,
Көшті елім жапа-тармағай.
Адамға тән ар-ұлт
Бектеріңде қалмады-ай.

Атадан қалған жол ма еді
Қу нәпсіге құл болып,
Хайуандай тоят алмақ-ай?
Біз білмейтін болмаса,

Шариғатта бар ма еді,
Қыздан зекет алмақ-ай.
Айт десең айтып берейін,
Ақ шындықты сөйлеуден,

Тіл менен жағым талмағай.
Жазықсыз елді жазғырма
«Айыптың» тұр алдында
Мырзабиді өлтірген

Басын кесіп алмадай.
Кешсең кеш, кессең міне бас,
Шариғат жолын сара дер
Даңғыл жатқан сарнап-ай,

Жарлы менен байға да-ай,
Қара менен ханға да-ай.

АҚМОЛЛА (МУФТАХЕТДИН) МУХАМЕДИЯРҰЛЫ

(1831 — 1895) Башқұртстанның Белебей ауданында туған Ақмолла есею жылдарынан кейін көбінде қазақ жерінде (Қостанай, Қызылжар, Көкшетау т.б.) ағартушылық қызметтерін атқарған. Ресейдегі әлеуметтік және ұлттық теңсіздікті әшкерелеген ол 1867-1871 жылдары түрмеде отырған. Ақмолланың көзі тірісінде, 1892 жылы «Дамолла Шиһыбед-дин хазіреттің мәрсиясы» деген бір-ақ кітабы жарық көрді. Кейін өзі өлген соң «Ақмолла» деген атпен 1904 жылы және 1907 жылы өлең-жырлары жеке-жеке кітап болып басылып шығады.

АҚМОЛЛАНЫҢ ТҮРМЕДЕ ЖАТЫП ЖАЗҒАНЫ

...Бәгде сәлем ғаріп халын сұрасаңыз,
Хат пен білдірейін қаласаңыз.
Аһ ұрып асын ішпей қан жұтамыз,
Өлгенге өлмесек те жанасамыз.

Жазайын сізге ғибрат қарасаңыз,
Жайылған тамам жұртқа тамашамыз.
Семіздер жабығады нәзір айтпай,
Бұл жерде биіктерден аласамыз.

Сарғайып түн ұйықтамай таң асамыз,
Ақылдан құсаменен адасамыз.
Ау құрып, шыбын тұтқан өрмекшідей,
Қандала, бүргеменен таласамыз.

Мекенім менің жатқан аты зындан,
Әр түрлі адамы бар жапа қылған.
Ішінде түрлі ғибрат есебі жоқ,
Сұрқия неше түрлі бар жиналған.

Темірмен қадақтанған терезесі,
Қара тас қабатталған керегесі.
Орыстың толып жатыр кінегесі,
Құдадан дұшпаныңа тілемеші?!

Келмейді көңіл жетер көңіл сұрай,
Мылтықты солдат жүрер орай-орай.
Құдайым қылған іске шара бар ма?
Жатырмыз бейшаралар жылай-жылай.

Тұтқынның сұрасаңыз жайы солай.
Адамды осындайда адам сынайды,
Көреміз терезеден мырзаларды,
Өтеді қасымыздан сабай-сабай.

Кей адам он жыл жатыр, ұзақ қалған,
Істері Петрбурда ұзап қалған,
Қымбатты қандай ерлер зайық болып,
Аяғы кісенменен тұзақталған.

Сарғайтты ақ жүзімді қара тас үй,
Ат пенен не көрмейді адам басы.
Қаңғырды менің басым тауыспенен
Жақсының жаманнан жоқ айырмасы.

Адамның қараңғы үйде қайғырмасы
Аурады жата-жата қабырғасы.
Ішінде нақақ та бар, хақлы да бар,
Жатады желкелерін қаси-қаси.

Қатықсыз қара көже ішкен асы,
Ішкенде тамшылайды көзден жасы.
Пірәдәр ішпеймін деп болма қарсы
Дүниенің уапасы жоқ атаң басы.

Мен дағы мұны тілеп алғаным жоқ,
Қазаққа зорлап күйеу болғаным жоқ,
Құданың қылғанына шара бар ма?
Жүрегім жанады оттай дәрменім жоқ.

Біздағы бір шаһбаздың баласы едік,
Қалпенің дін үйреткен тазасы едік.
Ғылымдық майданында қатар келген.
Төртінші-бесіншіге талас едік.

Кең жапан тар болады қаза келсе,
Жоқ айып бар болады жаза келсе,
Қадірі амандықтың аман шақта,
Басыңнан ақыл кетер бәле келсе.

Бәлені көріп қалған асыл заттар
Қазадан тар-мар болған алтын тақтар,
Дұшпанның пәле аударған қайғысымен.
Кетілген болат қылыш, меруерт саптар.

Әркімге бір себептен апат болған,
Жақсыға болса дағы нақақ болған.
Қарысқан бір сұлтанға қарсы келіп,
Қапаста имам Ағзам опат болған.

Әсері асыл сөздің балдай татыр,
Бұл жерде көңіл қорқақ, тілім батыр.
Ақ жаны нақақ күйген бейшараңыз,
Ақырын хисса қылып солқылдатар.

Бәндені рызық деген қимылдатар,
Шашылған дәмі болса жүріп татар.
Әр адам көресіні көрмей қалмас,
Керек сұлтан болсын, керек император.

Таусылды қайғыменен ақыл, қадір,
Ішімде қайғы-қасірет толып жатыр.
Сөйтіп жатыр Ақмолла бейшараңыз,
Тереңнен айналдырып сөз қозғатар.

Бір қаза көрмейінше адам тасар,
Адамның қаза деген көңілін басар.
Жемейтін бауырсақты Ақмолла еді,
Шайнаймын қара нанды қашыр-қашыр.

Солдаттар кеш болғанда қойдай қамай,
Жабады малдай қылып санай-санай.
Өлерім есімде еді, бұл есімде жоқ
Қаза жетсе береді екен жаппар құдай.

Сарғайдым терезеден қарай-қарай
Зарығып шыдамайды тәтті жан-ай.
Есенгелді, Бәтішке қата болып
Ақмолла қорлық көрді талай-талай.

Жабықтым қайғыменен ойлай-ойлай,
Бұл жерде ешбіреуге сөзім сыймай.
Қазаға ғаріп бенде шыдайды екен,
Залымдар Ақмолланың жанын қинай.

Ащы екен тұтқын болып қалған күн-ай,
Құранда залымдықтан тыйған құдай.
Қылғаны Есенгелді ойға келсе,
Жылаймын екі көзден жасым тыймай.

Көгі еді мені дұшпан табалаған,
Шығарған түрлі өсек жала-жаман.
Жоқ деген хаққа зауал бір мақал бар
Хақ істі бір құдайым аралаған.

Мағыналап енді айтайын, қара маған,
Лайықсыз жақсы сөзге қарамаған.
Жазылды қайғыменен айып етпеңіз,
Қасқырлар жүрегімді жаралаған.

Көтермейсіз тура айтқанды, надан адам,
Бұрынғы рәсім қалған заманадан.
Дұшпанға пайғамбар да жарамаған,
Сары май ит қарнына ұнамаған.

Ауалы бұл заманда қараламан...
Тірі де көнбейді екен қара надан,
Заң қуып шариғатқа қарамаған.
Қылтаны бір құдайға жарамаған.

Пайғамбар сөйлегенін қаламаған.
Жұрт бұзған өсекшілер жарамаған,
Жылқыны қыршаңқыдай алалаған.
Адамға өсек пенен жала жаман,

Шыбында шағатұғын ара жаман.
Сөйлесе сөйлей берсін қара таған,
Қосылмас ақмаралға қара қабан.
Қарамас ғылым қадірін қара надан,

Қара ит те пайғамбарға абалаған.
Иттерден де ит қалған жоқ таламаған,
Етінен ет қалған жоқ қанамаған.
Жау қайтып бас ашылар дулығадан,

Шаһбаздай көзін ашқан томағадан.
Тұтқын қылып жауһарымды ала алмаған,
Ол жауһар бір Алла тағаладан,
Жақсыны көре алмайды надан адам,

Ресім болып қалған бұрын заманадан.
Әр Мұсаға бір перғауын дегендейін,
Қалып тұр бұйрық болып ғұламадан,
Дін қарындас баршаңызға көп-көп сәлем,

Сіздерге бөгде сәлем ғибрат кәлам.
Әр түрлі мағынаменен хисса жаздым,
Жүзеді өнерлі адам өрге таман.
Қор болдым қата түсіп құзғындарға

Жарандар ілтипат ет біздің зарға!
Арықты аса басқан арғымақ ем,
Тұйықтап тоқтап қалдым кесе жарға.
Мұндай іс қылғаным жоқ, көргенім жоқ,

Қазағы Кіші жүздің Орынборға.
Атлас тон базарында қымбат өтер ...
елдің базарында сауда бекер.
Зер қадірін зергер білер деген сөз бар,

Жауһарды ит мойнына тақсаң кетер.
Сауысқан әкім болып, тоты болмас,
Жоқ елдің боз баласы құты болмас.
Бұзауы өлген сиырдың сүті болмас,

Жұлдызы сары атанның қауыс болмас
Жаманның кесепаты алыс болмас,
Ала қоңыз терісі иге көнбес,
Жөкені майлауменен қайыс болмас.

Жақсының саудасында шағыс болмас
Сиырға кілем жабу жараспайды
Шағала бояуменен тауыс болмас.
Көк темір қайрауменен алмас болмас,

Көк есек құрдас болып мұңдас болмас.
Жаман дос қара жылан деген мысал,
Жар болып нуга жылан жолдас болмас.
Жаманды көп өсірсең үміт кесер,

Қызырдың қадірін білмес тентек, есер.
Залымның зұлымы көп-көп семіртсеңіз,.
Табақтан иттің басы шошып түсер.
Жаманды төре қылсаң жұртың бұзар,

Ақылсызды өсірсең бұтын созар.
Төре деме, қара деме пиғылын қара
Кей жаман арғымақтан мәстек озар.
Адамы бұ заманның арамтамақ,

Көңілі қара, аузы ала, ерні жалақ.
Дін ісіне шамшыл аттай шегіндейді,
Дау десе жауыр атын кетер сабап.
Қалмады жұрт ішінде ұят-әдеп.

Құдайға онша қылмайды құлдық тағат.
Зар қылып мен жатырмын жаппар хаққа,
Жабығып саяқ қалған арғымақтай.
Залымдар қадір білмес масқара етті,

Күн нұрын көре алмаған жарқанаттай.
Қылдылар ұмытпастай жаман бір іс,
Істері дінге зиян, заңға дұрыс.
Сақлансын данышпандар жаман достан,

Надан дос бір айлық дос, түбі дұшпан,
Жұпардың пұшық адам иісін сезбес,
Гүл иісін қайдан түйсін тұмсығы ұшқан.
Көп жатып тар жерлерде сарғайды бет,

Бұл жерде жандай жақын болады шет.
...елдің базарында дүкен құрып,
Жауһарым бағасыз боп, қор болды тек.
Жаманның бірәдәрім сыртынан кет,

Әулие болсаң дағы қоймайды ит.
«Ит үрді пайғамбарға» деген сөз бар
«Ит атым жоғалмасын» деп айтады деп.
Жолдастар, бұл сөзімді көрмеңіз жек

Менің жоқ жақсыңызға ішімде кек.
Жаманды дұшпан көрмек дін сүндеті,
Бақсысының иманынан қыламын шек.
Пайғамбар қадисінен рауаят бар,

Өсекші жаһаннамның қаншығы деп.
Мақтамас адамды адам кере алмаса,
Ақсақ ит жатып үрер жүре алмаса.
Аузына топырақ тығып сонда тоқтар,

Әзірейіл ісін келіп тамамдаса.
Не қылып жаны шыдар жолдастарым!
Ақ сүтің бір ит келіп арамдаса.
Аһ ұрмас ер жүрегін зар алмаса,

Қайғысы қайғы үстіне жамалмаса.
Бәрінен осы қорлық жаман екен,
Қастеден көңіл қостық сұралмаса.
Телмірген бұл уақытта тұтқын едік,

Көріп кетіп жүрсеңдерші амандаса.
Қайғылы бендесіне құдай жақын,
Жылатар бендесінің асыл затын.
Әркімді артық сүйсе - артық қинар,

Достының есітейін деп мінажатын.
Айтайын қысқа сөздің мен толғауын,
Дұшпанның өсегіне жоқ - дүр дауым.
Біз түгіл пайғамбарға өсек болған,

Болар деп әр Мұсаға бір перғауын.
Тұтқын боп ғазиз Жүсіп қанша жатты,
Шығарып ағалары құл деп сатты.
Мұнан соң Зылиқаның жаласымен,

Зынданда он екі жыл жапа тартты.
Не қылды Сырайылдың даналары
Өздері Жақып нәби балалары.
Ұрлықшы, өтірікші, өсекші деп

Жүсіпті қандай қылды ағалары?
Асылды сөккенменен аты кетпес,
Көңілден жаман сөздің таты кетпес.
Нәжіске сап алтынды бояуменен,

Нәжіс кетер, алтынның заты кетпес.
Қисық оқ атқанменен тура кетпес,
Көңілден жаман сөздің қоры кетпес.
Құтырған ит ауаға қарап үргенменен

Аспанда тұрған айдың нұры кетпес.
Көп сәлем барша сахара дін қарындас,
Көңіліңіз ғаріплерге кең қарындас.
Адамның өсек сөзі бәрі бекер,

Жазылған ләухі мәхбуз өзгерілмес.
Жазып тұр мұсаныплар әр кітапта
Пасық сөз алынбас деп ілтипатқа.
Қабірінде имам Ағзам ит болды деп,

Қаншама өсек болды асыл затқа.
Бәлені көрін қалған пайғамбарлар,
Жапаны тарта келді шын гауһарлар.
Болды деп не ғып тұтқын ойламаңыз,

Пайда жоқ артық сөзден бірәдәрлар.
Арғымаққа кемшілік жоқ кісенменен
Надандар мұндай сөзге түсінбеген.
Мұсылман ден өсекшіні айта алмаймын,

Біз түгіл пайғамбар да сенбеген.
Жақсы сөз тыңдамаққа күп мүбәрәк,
Жақсыға құда медет, ақыл себеп.
Бұл сөзім өлең емес, бір насихат

Жазғаны - болмағаны парсы, ғарап.

АҚМОЛЛАНЫҢ ЕСЕНГЕЛДІНІҢ ЕЛІНЕ ЖАЗҒАНЫ

Қыпшақ іші Қарабалық, Қарақыздар,
Зарына Ақмолланың қараңыздар.
Мені ұстап бердіңіз дұшпандарға
Баршамыз тәңірі алдына барамыздар.

Құдайым, сізге берсін ізгі талап,
Мен тұрдым еліңізде тәңір қалап.
Қиянат қылғандарың еске түссе,
Жылаймын көңілім бұзылып қабат-қабат.

Болмады өкпе жазбай шарамыз да,
Ашу тұтып, шыдар хал жоқ жарамызға.
Бейкүнә қиянат қып сарғайттыңыз,
Өкіртсін тышқан түсіп сабаңызға.

Кім шыдар осы түрлі бәлеңізге,
Аузы нәжіс сауысқандай алаңызға.
Мұндай іс мұсылманға қазақ қылмас,
Бәрекелде сізді тапқан анаңызға.

Тіл тиді барша ата Қарақызға,
Бар шығар жақсыңыз да араңызда.
Жапаны қайсың қылсаң соған айтам,
Көкірегі қара майдан қараңызға.

Разымын сіздің ата-бабаңызға,
Көкірегі парасатты данаңызға.
Тимесе жақсылардан бір шапағат
Қор болып осы арада қаламыз да.

Көп-көп сәлем бақылмын данаңызға,
Ізгі дұға, ізгі ата-бабаңызға.
Кітәбін сұрасаңыз мен бір тұтқын,
Ақмолла Тройцкі қалаңызда.

СЕГІЗ СЕРІ (МҰХАМЕДҚАНАПИЯ) БАҺРАМҰЛЫ ШАҚШАҚОВ
(1818-1854)

Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы төңірегінде дүниеге келген. Ақын. Композитор. Бүгінге дейін жұрт сүйіп айтатын «Гауһартас», «Үкілім», «Көкем-ай», «Қаракөз», «Ғайни» т.б. әндердің авторы. Сегіз сері Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерілісіне қатысқан күрескер де. Бұл жинаққа оның ұлт азаттығына қатысты бірнеше өлеңі іріктеліп берілді.

ҮБІ БАТЫРҒА

Кіші жүз он екі ата Байұлыда,
Ноғайда старшина болып едің.
Қырандай сары тауға қонып едің,
Қарсы боп хан-патшаға он бес жаста.

Арманның дариясына шомып едің,
Ұстаған хан-патшаның жендеттері.
Кісендеп аяқ-қолды темірледі,
Айдауға итжеккенге, каторгіге.

Соларды көзбен көрдің, Үбі батыр,
Айта берсе іште дерт толып жатыр...
Шаруаға теңдік күнді әперем деп,
Топ бастап ел батыры келіп жатыр...

Бір кезде даңқың шығып, Үбі сенің,
Ту ұстап, тұлпар мініп сарбаз жидың.
Байқаусыз аңқау басып жүргеніңде,
Шырмалдың шырмауына құрған тордың.

Қапыда қамап алып, Үбі, сені,
Әзірлеп қойған екен темір торды.
Келіпсің аман-есен бұғау бұзып,
Сен едің ел қамқоры, ердің ері!

Батырдың осылай ғой жүрген жері,
Тосқауыл бола алмапты темір торы.
Сом темір аяқ, қолға салған құрсау,
Жай жіптей шешіліпті барлық түрі.

Үбі, аман келдіңіз бе, көздің нұры,
Сен келген соң ашылды-ау көңіл кірі.
Қолдай көр Ер Үбіні деп тілеуші ем,
Әулие, әнбиелер, қамал пірі.

Ер Үбі, құтты болсын кадамыңыз,
Оң болсын қайда барсаң сапарыңыз.
Ер Үбі қашан бізді басқарар деп,
Еліңде күтіп отыр адамыңыз.

Ерлігің аңыз еді ел көшкендей
Екпінің қатты еді жел ескендей.
Бұйрығың бірден айтқан екі болмай,
Сарбаздар еруші еді әу дескендей.

Исатай, Махамбеттей ағаңыз бар,
Есет пен Асанбектей бабаңыз бар.
Қысылсаң қолдың ұшын беретұғын,
Алшында Байұлындай панаңыз бар.

Ерекше пұл жетпейтін бағаңыз бар,
Ат қоссаң «Ер Тарғындап» еріп шығар,
Соңында Тана, Ноғай, Тамаңыз бар.
Кіреуке алтын тонның, жағасысың,

Хан, патша пұлы жетпес бағасысың,
Кешегі Ер Сырымға батыр болған,
Усадай баһадүрдің баласысың.
Ер Үбі, дос болайық қияметтік,

Келер деп өзіңізді үміт еттік.
Мінекей осы сәтте кездестіңіз,
Ақыры бұрын айтқан сертке жеттік.

ӨКІНІШ

Өтті деп Ер Исатай естігенде,
Қасымда қайғы жеді серілер де.
Қолымда болат қанжар шарт үзілді,
Майрылды тасқа тимей семсерім де.

Шешілді кермедегі арғымағым,
Өшті ме жанып тұрған шам-шырағым?
Айрылып Исатайдай асыл ерден,
Кетті ғой судан таза, сүттен ағым.

Кетіпті қалың әскер бәрі тарап,
Ақбұлақ қаптай қонған екі жағын.
Сұмырай Қайыпқали сірә да оңбас,
Тұлпардың адастырған құлыншағын.

Ажырап Исатайдай көсеміңнен,
Бұзылды, қазақ, сенің ынтымағың.
Үмітің үзілді ғой, қайран халқым,
Жалп етіп сөнгеннен соң шам-шырағың.

* * *
Жігіттер ойнап-күліп жүруші еді,
Тарығып, зарығуды білмеуші еді.
Жинап ап ақ ордаға сарбаздарын,

Исатай ақыл-кеңес беруші еді.
Сыйлаған үлкен-кіші, барлық елі,
Думанды базар еді жүрген жері.
Тым-тырыс Ақбұлақтың кең алқабы,

Зарығып барлығы да қайғы жеді.
Ақбұлақ осы күнгі жүрген жерім,
Басшы жоқ, не болады алда күнім?
Қапыда Исатайдан айрылған соң,

Жетім боп қалған жоқ па елі-жұртым?
Жендетке кетпесе де ешбір кегім,
Дұшпанның сындырсам да сағын-белін,
Айрылып Исатайдай асыл ерден,

Көбейді ішімдегі қайғы-шерім.

ҚУБАЛА (СҰЛТАНҒАЛИ) ҚУАНЫШҚАЛИҰЛЫ

(Туған, өлген жылдары белгісіз) Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Қосарал ауданының тумасы. Жастайынан өмір тауқыметін, орыс отаршылдығының зардаптарын көп көрген. Бұның өзі оның артында қалған әрбір әдеби мұрасынан анық көрініп отырады. Бұл кітапқа кірген өлеңдері 1985 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «XІX ғасырдағы қазақ поэзиясы» жинағынан алынды.

ЖӘНЕ ДЕ СӘЛЕМ АЙТАМЫН

Және де сәлем айтамын
Қадір білер ағаға,
Тағы да сәлем айтамын
Жеті аталы Жетіру

Кердері мен Тамаға.
Ықтиярсыз шет қондым
Аты Теке қалаға.
Ойламай қиял жүр едім,

Алты сан алаш елінде,
Әр тайпаның жерінде
Өсекті жігіт болмай ма,
Сол жігіттің бірі едім.

Қазаққа зиян тигізбей,
Ағайын малын күйгізбей,
Атаманы осы Текенің
Нақақтан жала жапқансың

Жылқысын алып жібердім.
Ісімді адам қумады,
Тамадан жігіт тумады,
Болмаса жәрдем қожадан.

Екеу болып біз өстік,
Есімбек деген ұядан.
Қадірін білмей кең күннің
Кемге де түстім заядан.

Еріккенде ермек етсін деп,
Алмағайып болғанда,
Сөзім шетке кетсін деп,
Зынданда жатып зайығ еттім

Қағаз бенен сиядан. Иманалы ойласам,
Сол ұядан сен едің
Ескі Бөкей елінде,
Қай жігіттен кем едің.

Тартып мехнат жатыр деп,
Ұсталғалы келмедің,
Жан бар жерде қаза бар,
Сағынғаным бәрі бар,

Бастың қаупі және бар.

АҚ СҰҢҚАР ҮЙРЕК ІЛГЕН КӨГІМДЕГІ

Ақ сұңқар үйрек ілген көгімдегі,
Көк сая ата қоныс жерімдегі,
Жігіттің мұңлы болған өзіне аян,
Қөңілдің әр қиялға бөлінгені.

Айрылған мен ақ боз ат саяғынан,
Жігіттің арманы не еліндегі?!
Жігіттің арманы жоқ елде жүрген,
Қатарлас тең құрбымен ойнап, күлген.

Іренжіп жігіт шіркін бай, жарлыққа,
Мүшкіл ме өз елінде бейнет көрген?!
Шарпылтып ауасы мен жалынына,
Кімдерді күйдірмеген дүние деген?!

Кең сая жазық беткей жерім қайда?
Қатарлас ойнап, күлген теңім қайда?
Біздерден осы күнде айқын озды,
Елдегі бозбалалар жүрген жайға.

Өлшеусіз қанатымды жайғанменен,
Бермей жүр үлкен екпін басқа пайда.
Зар болып бір көруге кең даланы,
Теңелдік құс нашары тұрымтайға.

Қайғылы болды көңілім қамыққаннан,
Қамалып кілтті үйде зарыққаннан.
Кірмейді басқа қиял бұрынғыдай,
Қапаста бес жыл жатып тарыққаннан.

Отыздың қырықпенен арасында,
Қаламға жабысамын жабыққаннан.
Көрдің бе мұндай зауал тап болғанын,
Көңілге қайғы, жара дақ болғанын.

Басыңнан бақыт құсы тайған күні,
Досыңның дұшпанына жақ болғанын.
Іс болды ылайықсыз мынау сынға,
Аудардым ауыр ойды өлең, жырға.

Ішінде өлең, жырдың нұсқалар көп,
Таязды, тереңменен білген құлға.
Армансыз ата жауын мұқатқандай,
Дұшпандар шығып қалды-ау шулап қырға...

Мерт болып Қубаланың сынып сағы,
Бәйге алып өрге шауып дұшпан жағы.
Талабы тай жегендей талапты ердің
Қайта ма шыныменен бастан бағы.

Әлде де сол дұшпанға жауап болар,
Қайнаулы жүрегінде тұрса қаны.

СӨЗ СӨЙЛЕЙІН ТОЛҒАНЫП

Сөз сөйлейін толғанып,
Кейінгі қалған еліме.
Кіндік кесіп кір жуып,
Туып өскен жеріме,

Айдынды шалқар көліме,
Қатар өскен теңіме.
Осылардан айырған,
Баяны жоқ сұм жалған,

Қайтейін, әттең, сені ме.
Қапаста жатып қиналған,
Тарқатайын шерімді,
Абайсыз қақпан бастым ба,

Елестеп тұман көзіме.
Табаны жалпақ тарлан боз,
Тасқа шапса жетпейді-ау,
Нысаналы жеріне.

Шешен туған жігіттің,
Қаламы қолда тұрмайды,
Жығыла кетсе көріне.
Қайрылмастай күн болды-ау,

Еріксіз кеткен арғымақ,
Босанса қашар жеріне.
Абайсыз күні алдырдым,
Байламай балта беліме.

Теңізде жосқан ақ қайық,
Қайқая барып тоқтайды,
Тап болса мұздың сеңіне.
Торғай басты, тор көзді

Құйқылжыған сұм заман,
Жеткізер ме екен шеніне.
Алшаңдаған жігіттің
Асықтай болмас салмағы,

Тап келсе тайғақ жеріне.
Жапанда өскен бәйтерек,
Шыдамайды толықсып,
Арқаның соққан желіне.

Жаз келгенде қаз, үйрек,
Көгілдерін ерітіп,
Мамығын төгер көліне.
Ақсұңқар құсқа оқ тисе,

Қардай еті жем болар,
Құзғын менен қарғаға.
Арғымақ жабы көрінер,
Жегіп қойсақ арбаға.

Қамыс құлақ сұр кежек,
Ажалды күні тал болар,
Қасқыр менен қабанға.
Кеңшіліктен не пайда,

Тарығып келіп өтінсең,
Қадірді білмес жаманға.
Адалдықтан не пайда,
Көңілің ауса арамға,

Өкпесіз жүйрік ор қоян,
Ізі түсер сонарға.
Көл қадірін білмеген,
Қоңыр қаз ұшса көлінен,

Жер таба алмас қонарға.
Байлауда тұрған жүйрікпін,
Талпынды көңіл шабарға.
Қамауда жатып зар болдым,

Елден келер хабарға.
Тұрақсыз қиял, терең ой,
Ойлаған күнде болар ма?
Ақырғы тауба алдымда,

Жеткізіп алса құмарға.

ДУЛАТ ЖЫРАУ

(1802-1871) Қазақ жырын мазмұн мен тақырып, түр мен көркемдік тәсілдер тұрғысынан жаңа сатыға көтерген Дулат Бабатайұлы Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданында туған. Кедей ортадан шыққан. Ауыл молдасынан оқып, мұсылманша сауат ашады. Алайда көгі іздену арқасында өз заманындағы көзі ашық, көкірегі ояу, ең білімді адамдардың бірі болғаны оның шығармаларынан да анық аңғарылып тұр. Дулат Бабатайұлы - отаршылдықтың зорлық-зомбылығына қарсы бірінші болып үн көтерген ақын. Одан Абайдың өзі үлгі-өнеге алғаны қайсыбір балама-теңеулерінен байқалып отырады.

ҚАЙҒЫЛЫНЫ УАТТЫМ

Тегімді менің сұрасаң,
Қалың найман нуынан.
Жырымды менің сұрасаң,
Сары алтынның буынан.

Сырымды менің сұрасаң,
Тұманың тұнық суынан.
Кеудеме қайғы толған соң,
Тұнық жырмен жуынам.

Сорғалаған нөсердей
Жырын тыңда Дулаттың.
Тасқын судай ағызып,
Шербет балдай тамызып,

Торқалы топыр тойында,
Топ бас қосар ойында,
Қасқа, жайсаң алдында
Топ жиынды дулаттым.

Айдасаң алыс жерім-ді,
Алсаң ащы терімді,
Өзіне өзі сенімді,
Тоят тос, салпы ерінді,

Топтан торай бермейтін
Тұлпар аттай қунақпын.
Қайырсыз сараң малыңды,
Еріншек, есер жарлыңды,

Халыққа емес сыйымды –
Парақор баспақ биіңді,
Ел бүлдіргіш бегіңді,
Әперіп сөзбен кегіңді,

Улы тілмен улаттым.
Сана құйып ойына,
Қуат беріп бойына,
Аққан жасы сел болған,

Етегі толы қол болған,
Беріш боп шері байланған,
Ұйқы берігі, қайғы алған
Қайғылыны уаттым.

Жырымды менің тыңдаған
Сөз ұғатын соңғы адам
Тыңдаудан әсте тынбаған,
Гауһардай дүрге бұлдаған,

Сарқырап аққан жылғадан
Жыр арнасы - суатпын...
Сусағанды сулатып,
Шаршағанды қунатып,

Кезегенді тура атып,
Жырыммен елді жетелеп,
Мойыс жерден төтелеп,
Ағылайын ақпадай.

Азған елдің адамы,
Апшыған сұмдар қадамы,
Жүйрікпін деп шабаны,
Момынға жапса жаланы,

Қулық, сұмдық табады.
Арқасы елдің жауыр боп,
Артқан жүгі ауыр боп,
Төрт аяқтан ақсады-ай.

Батыстан патша түнегі
Жеріңе келіп түнеді.
Жоныңнан таспа тіледі,
Ішіңе әбден кіреді,

Оны Дулат біледі.
Серпуге тұяқ жарамай,
Елді басқын басқандай.
Дуан салып ішінен,

Айырып қуат-күшінен,
Ақ патша десе үрпиіп,
Оянып шошып түсінен,
Аға сұлтан қазының

Ел сілкінді ісінен,
Ауылдың атқа мінері
Жемтікке қонған күшіген,
Өзі тойса, мәз болды,

Ел іргесін сақтамай.
Ер деп елді бұзғышты,
Сұқсыр деп сұмырай қызғышты,
Кезқұйрықты лашын деп,

Кенеусізді асыл деп,
Жабыны шабан тұлпар деп,
Құладынды сұңқар деп,
Құтқармайтын құмай деп,

Төбетке қарғы таққандай.
Майырдың алса бұйрығын,
Борбайға қысып құйрығын,
Ел пысығы жортады-ай.

Өзі елді қорқытып,
Онан өзі қорқады-ай,
Алдына түсіп томпаңдай.
Жарлылардың торпағы,

Бір торпаққа он болып
Пысықтардың ортағы,
Қара шығын алымы –
Бай-кедейге бірдей боп

Шаңыраққа салығы,
Ел ұйытқысы шайқалып,
Төгіліп судай аққандай.
Сортаң жерге қақ тұрып,

Су ішуге келмейтін,
Сараң байға бақ тұрып,
Қолынан қайыр бермейтін,
Қортиғандар бек болды

Жеуді теріс көрмейтін.
Ел ұйытқысын шайқалтып,
Дәулетін судай шашқандай.
Шыр айнала қорған тұр,

Артында өрт, алдында ор.
Тілеген ақтан момын қор,
Жанды жеген зұлым зор,
Болатың босап, болды бор,

Аяғыңды қырықты
Ашылмай қанды қақпан-ай

САНДЫҚТАС

Ақжайлау мен Сандықтас
Атамның қонған қонысы.
Түн асса, тұтам түгі өскен
Басылмайтын сонысы!

Аққан бұлақ сай-салаң,
Шытырман тоғай айналаң,
Жоның жайлау кең алаң,
Атам қонған кең далам!

Мендей сені қызғанар
Бауырында өскен қай балаң!
Көл қорыған қызғыштай,
Сен десе, салам байбалам.

Жайлауыңды көргенде,
Жадыраймын, жайланам.
Өксігіңді ойласам,
Ұйқы беріп, қайғы алам.

Қилы, қилы заманды,
Заманға сай адамды
Салыстырып қарасам,
Су мүйіз болған танадай

Шыркөбелек айналам.
Кешегі бір заманда
Қасиетті еді хан, қараң.
Мынау азған заманда

Қарасы - антқор, ханы - арам,
Батыры көксер бас аман.
Бәйбіше - тантық, бай - сараң,
Бозбаласы - бошалаң,

Қырсыға туды қыз балаң.
Нары - жалқау, кер табан,
Құсы - күйшіл, ат - шабан,
Жырғалаң жоқ, жобалаң.

Ебі кеткен ел болды,
Енді қайда мен барам?!
Ой, Сандықтас, Сандықтас,
Атамның қонған жайлауы!

Қайнардан суың қайнауы,
Шалғынға жонын көмілтіп,
Құлынды қазақ байлауы,
Бал татыған бағланның

Езілтіп етін шайнауы –
Сенің арқаң емес пе
Лықсытып малды айдауы!
Мынау азған заманда

Сөзінің кетіп байлауы,
Келелі биде кезек жоқ,
Құр шығын болыс сайлауы.
Басалқа жақсы кеткен соң,

Іс айналып бақырға,
Ер қайраты қор болып,
Ақыл салды қатынға.
Қаларсың бір күн, Сандықтас,

Құлан жортпас бел болып,
Самалың салқын соғатын
Сары ызғырық жел болып.

САУЫР ЖЕРДЕН АЙРЫЛЫП

Тауды екіге жарасың,
Тастың қашап арасын.
Кесіп өтіп кезеңді,
Аягөз, қайда барасың?!

Жағаңдағы сұлу тал,
Саясының шөбі бал,
Ерекше семіз ішкен мал.
Сумаң қағып сүйріктей,

Шалқып шапқан жүйріктей
Екіге бөліп ерке су
Қас пенен көздің арасын!
Тарбағатай тауынан

Тоқсан сала қосылып,
Тоғыз өзен түйісіп,
Ақтың темен жосылып.
Ағының тасты ағызып,

Арнаң қалды осылып.
Күркіреген үніңнен
Аңдар қашты шошынып.
Қырға суың тарады,

Ойға суың барады
Тоғанменен тосылып.
Аягөз, сенің бойыңда
Несібе, ырыс тегіс қой,

Сай-салаң толған жеміс қой.
Қырың - малдың кіндігі,
Ойың өнім егіс қой.
Айтуға ауыз келе ме,

Аягөз кімнің жері еді?
«Жер сауырын жайлауды
Ел сауыры» дер еді.
«Жер кімдікі?» - дегенде,

Аға сұлтан, қазылар
Не деп жауап береді?
Сауыр жерден айрылып,
Қазақ елі жұқарды,

Сауыр емес, шап болды.
Заманға сай адамы –
Қу заманға сұм басшы
Сорымызға тап болды.

Жағаңа дуан түскен соң,
Аягөз суы қағынды.
Би, старшын мойнына
Жезден қарғы тағынды.

Аға сұлтан, қазылар
Майырға болды жағымды.
Шайқады қулар талымды,
Тайғызды бастан бағымды,

Сындырды елім сағымды.
Қара ісіне дем беріп,
Қарайтты әдейі ағымды.
Ұзын өріс қысқарып,

Кең қонысың тарылды.
Сөзіңнен кетіп пәтуа,
Құт-берекең арылды.
Ағайын араз болған соң,

Ел екіге жарылды,
Қарайласпай жоғыңа,
Көре алмай, күндеп барыңды.
Жауға шабар ерің жоқ

Сақадай болып сайланып.
Төсекжанды мырзалар
Ала баспақ байланып,
Үйкүшіктей үреді

Отының басын айналып.
Жеріңнің алды шұрайын,
Дуан салып жайланып.
Датыңды айтсаң майырға,

Сібірге кеттің айдалып.
Бейнең қандай болды екен,
Қарасаңшы бір мезгіл
Қолдарыңа айна алып.

Жерге қарай мал бітіп,
Малға қарай құт болмақ.
Қонысынан мал тайса,
Құты кетіп, жұт болмақ.

Айтып-айтпай біткендей –
Сары аурудай сарылып,
Өлімді аңсап күткендей.

ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН КӘПІРДІ

Тырнақтай меңі болған соң,
Тарлан тартып оңған соң,
Түгіне кір қонған соң,
Мінсіз, меңсіз, кіршіксіз

Шаңқан болмай, қылаң ба?
Ту ұстап, тұлпар жаратпай,
Алдынан топ таратпай,
Елді аузына қаратпай,

Жай оғындай оқ атпай,!
Анадан тудым дегенмен,
Бастамаса ел, ұлан ба?
Ақсақ Темір Көреген –

Азуын айға білеген,
Дұшпанын саздай таптаған,
Досын майдай сақтаған,
Алтын діңгек секілді

Патша өткен Тұранда.
Азғын тартып, сұйылып,
Қасиеті жойылып,
Онан соңғы хан мен бек,

Аталыдан азған тек,
Суалып қалды қараңға.
Елді судай сапырған,
Белшесінен батырған,

Шілдеде мұзды қатырған,
Толыны төгіп-шайқаған
Берілді тізгін лаңға.
Құрт жегендей қуарып,

Қазаның тандыр суалып,
Елдік кетіп ыдырап,
Бәйгені өсек-сыбыр ап,
Алтын жағаң сөгіліп,

Абыройың төгіліп,
Барыңнан да жақсы еді
Жоқ болғаның мұнан да.
Құзды мекен еткенмен,

Өткелектен өткенмен,
Қарауыл салып ергенмен,
Сақтанса да мергеннен,
Ажалды оқтан құтылмас

Сақсынғанмен бұлан да.
Екпіні желдей есілген,
Төрт аяғы көсілген,
Ажалдың құрған шебінен,

Аса алмайды шегінен
Қыр тағысы құлан да.
Мекен қып құздың қиясын,
Бұлтқа салған ұясын,

Айнадай көрген аймағын,
Түйінін шешкен айланың,
Жерге қонбай ұша алмас
Көк еркесі қыран да.

Түсі суық, у тілді,
Қарға адым жер боп мұңы,
Үнемдеп жалап топырақ,
Бұта көрсе, тоқырап,

Қыс болса қатып сіресіп,
Жаз өмірмен күресіп,
Аяғы жоқ, еңбектеп,
Күн көріп жүр жылан да.

Сендер түгіл, құмырсқа
Ісін қойып дұрысқа,
Илеуін сап жабылып,
Жемін тасып сабылып,

Бір орыннан табылып,
Біріне бірі бағынып,
Береке-бірлік шақырды.
Жорғалап болдың бөдене –

Бас қоспайсың үмеге,
Бәтуа кетті аузыңнан,
Сөзіңе адам сене ме?
Бытырап, азып-тозған ел

Бөдене емей, немене?
Ортаңа дуан келген соң,
Ел қорғар ерлер өлген соң,
Толыңды, елім, шайқады,

Тұнығыңды сапырды.
Шетке қылмай ерлікті,
Ел қорғайтын ер бітті –
Тебінгісін тоздырып,

Құрғатпай тоқым-терлікті,
Қой ұрлыққа мақтанған,
Кептірмей тоқым аттанған,
Ел жиренген ісінен,

Азған елдің ішінен
Қазан бұзар үй тентек
Көрдік шыққан батырды.
Елді еліртіп азғырған,

Әуесқой қып аздырған,
Жазықсызды жазғырған,
Аузы епті өсекке,
Тұлпар ат беріп есекке,

Ен жатқан елді бүлдірер
Сөзінен бәле үдете,
«Шешен» де бір дедің-ау
Су жұқпайтын тақырды.

Айбынбас онан дұшпаны,
Бейне албасты нұсқалы,
Ел ішінде борандай,
Аяздай болып қысқаны,

Шет жауға қарсы тұра алмай,
Көтінен қорқып пысқаны
Жатып ішер жалмауыз,
Борсық тұмсық, қанды ауыз

Ұлық қылған, Құдай-ай
Қазақтан шыққан кәпірді!
Туралыққа көшпеген, .
Өркендеп өніп-өспеген,

Қозы бұты, қой саны,
Сабаздардың ақ қаны,
Момындардың ақ малы
Обал болды деспеген;

Іліп салып езілтіп,
Дау түйінін шешпеген;
Параны жұтқан кесектен,
Түспей жатып төсектен;

Жезден қарғы тағынған,
Ақ патшаға жағынған
«Би» деп атау бердік-ау
Үйінді тас молаға!

Елін сатып, шен алған,
Өлекседен жем алған,
Кебеже қарын, кең өңеш,
Өлексе керсе үңілген,

Күшігеннен кем емес,
Тек дейтұғын тегі жоқ,
Өз еліне ебі жоқ,
Жатқа зерде кегі жоқ,

Азған елге бек болды
Ағынды мырыш қолаба.
Шенділердің қылығы,
Елге істеген былығы,

Паракор би мен ұлығы
Ұйықтасам, кіріп түсіме,
Өңімде қуат-күшіме,
Азған елдің ішінде

Дулат сынды сорлыда
Ұйқы, тыныштық бола ма!

ДҮНИЕ - ЖЕМТІК, МЕН - ТӨБЕТ

Сөзім бар да, көзім жоқ,
Көзім жоқ деп жатпадым:
Би мен бекті жақтадым,
Бай, мырзаны мақтадым.

Бәйбішенің мойнына
Жырдан алқа таққаным.
Өсек болды баққаным –
Момынға құрған қақпаным.

Өсекші - Тәңірі дұшпаны,
Күнәмді қалай ақтадым?!
Аз нәрсеге ант ішіп,
Әруақты аттадым.

Қылмыстыны қызықтап,
Маңдайынан сипадым,
Қабағынан қақпадым.
Бөріне мен кіріптар,

Қайсы менің тапқаным?!
Біреудің отын үрледім,
Өз отымды жақпадым.
Сонда дағы оңбадым:

Көн шалбар түспей бұтымнан,
Қыс болса - тапшы қызылдан,
Жаз болса - шала жұтымнан.
Алал сопы мен емес

Пірдің сөзін тұтынған.
Саудагер сарттай қайтты өмір
Құмар ойнап ұтылған.
Мөңіреп жұртқа ой қайтты

Бұзауы өлген сиырдай.
Нәпсі - төбет қабаған:
Жемтік көрсе, тұра ма
Ырылдап танау жиырмай?!

Өзімнен өзім қызғанып,
Азын-аулақ жиғаным
Өзіме де бұйырмай.
Күнәм - жойқын, тәубем - аз,

Тіршіліктен не таптым?
Дүние - жемтік, мен - төбет,
Соны бақпай, не бақтым?
Ырылдасып әркіммен,

Не қапқыздым, не қаптым...

ЕР ШӨГІП, ЕСЕР ЕРЖЕТТІ

Қылығың жалған туысқан,
Қырт пен мылжың ағайын.
Бәрінен де дауасыз
Өсекті қайтіп бағайын?

Мақтан күйшіл бүркіттей
Бабын қалай табайын?
Жағымсыз сөз әркімге
Жұмсайтұғын малайым –

Бәрі тегін жер тезек,
Қайсысын таңдап алайын? –
Асыл сөзден бұл кетті.
Келемеж қылып атасын,

Алмай ақыл батасын,
Мойнына алмай қатасын,
Шаруа десе, жиреңдеп,
Өсек десе, сүйреңдеп,

Қымыз аңдып қыдырып,
Бейпіл сөзге сыдырып,
Жалаңдасып ұл кетті.
Ағайын араз мал үшін,

Аңдысып алды абысын,
Жаттай болып танысың,
Қазақтан мүлде түңіліп,
Артына қарап үңіліп,

Қайран талай жыл кетті.
Аңдығаны жілік боп,
Тілегені бүлік боп,
Момынды сорып сүлік боп,

Адам дауға келгенде,
Жел жетпейтін күлік боп,
Қонақасы бермесе,
Ат-шапанға ілік боп,

Параны көздеп би кетті.
Сөзден кетіп бәтуа,
Базынаң жүрмей татуға,
Аңдысып құда сүйекпен,

Көтеріп тастап иекпен,
Қадір, қасиет, сый кетті.
Ескіден қалған бұрынғы
Бәтуалы ырымды,

Адаспастай даңғыл сол –
Қасым салған қасқа жол
Шиырға салып із кетті.
Жақының, берсең, жау болып,

Бермесең, құрған ау болып,
Аяғы пәле, дау болып,
Ұлғайып пәле қау болып,
Татқан дәм мен түз кетті.

Күземе байтал кекілді,
Жетекшіл түйе секілді,
Шешесі айтса, кейін деп,
Жеңгесі айтса бейімдеп,

Дамбалын тастап қыз кетті.
Қонысына қона алмай,
Шаруалары оңалмай,
Бай мен кедей аңдысып,

Арасынан жем тауып
Араласқан сан пысық,
Дөң асқан мал табылмай,
Ашылған етек жабылмай,

Біріне бірі сеніспей,
Бет-бетімен ел кетті.
Дұрыс бастар басшы жоқ,
Әділетке шөлдетті.

Татуға өсек жүргізіп,
Бәленің отын ергізіп,
Қайран заман, аман бол,
Ер шөгіп, есер ержетті.

АТАНЫ БАЛА АЛДАДЫ

Атаны бала алдады,
Шешеге назар салмады,
Теңгерер жақсы қалмады
Қысқа менен ұзынды.

Әбден үміт үзген соң,
Қой зор болып түйеден,
Құлын зор боп биеден,
Сөз оралмай жүйеден,

Бұзақы би боп тізілді.
Лашын өрлеп ұша алмай,
Ер майданға түсе алмай,
Үлкеннің тілін кіші алмай,

Елдегі жақсы бұзылды.
Мәстек озып бәйге алды,
Тайынша бұл боп, тай қалды,
Бағасыз қыран жай қалды,

Достықтың қылы үзілді.
Ителгі туып сұңқардан,
Жабы туып тұлпардан,
Топтан торай бермейтін,

Түн асқан сайын ерлейтін
Төрт аяқтан ақсады
Томаға көзді боз тарлан.
Мойнынан жал кеткен соң,

Қыршаңқы болып қызыңды.
Қызғыштың даусы көбейді,
Көлден аққу сырылып,
Қайырымы кеткен соң,

Мырзадан қоңсы жырылып,
Елім дер ер қалмады
Артына қарар бұрылып.
Тырнадан би сайладың,

Ашпассың, елім, көзіңді.
Алды-артыңды тұйықтап,
Бесті айғырдай иықтап,
Ұйқыңды шайдай сұйықтап,

Кедергі алды кезіңді.
Хан тағынан төңкерді
Қасиетті ханыңды,
Қарашы ханға теңелді,

Орда шырқы қағынды.
Мойының қалды бұлғақтап,
Екі езуің ыржақтап,
Талқан қылды таңыңды,

Еріншек нардай ер шекті.
Елбеңдетіп кетердің
Ебелектей өзіңді.
Ішкендей тұзсыз атала,

Борбайлары сатала –
Бөрінің іші өтіп жүр,
Қайсыбірін емдерсің,
Ел құлағы саңырау,

Кімге айтамын сөзімді?

АЗҒАН ЕЛДІҢ БЕКТЕРІ

(Бараққа)
О, Барақ жас, Барақ жас!
Жегенге тоқ, ішсең мас.
Жақсы болса ұлығы,

Өз елін жаудай таламас.
Қасқыр тартып, қан шықса,
Жаман ит жұлып жей берер,
Алды-артына қарамас.

Жақсы иттің белгісі –
Жұлмақ түгіл, жаламас.
Азған елдің бектері
Қан шықса, елін жұлмалар

Қасқырменен аралас.
Қазіргі қазақ ұлығы
Жаман иттен несі кем –
Жемтік көрсе, қан көрсе,

Айрылар мүлде есінен.
Сендер атқа мінген соң,
Тандыр болып суалды
Шалқар көлдей несібем.

Әбілпейіз арғы атаң
Алтын тұғыр сұңқар-ды.
Еріктіріп батырын,
Қунатып еді тұлпарды.

Тұсыңда сенің, хан Барак,
Азулы бейне аң Барақ,
Содырлы, сойқын төлеңгіт
Елге қарай анталап,

Ашынғанды таптады,
Ел етегін қымқарды.
Алтын еді бір кезде,
Ағаш болды тұғырың.

Тыюсыз, тентек төлеңгіт
Шығарды елдің ұрлықпен
Дығыры мен ығырын.
Адалға қарсы хан болдың,

Тентекті сүйеп неғұрым.
Азған сені көргенде,
Қайнайды менің зығырым.
Өгізі болдың жегілген,

Арамдыққа егілген
Айдайтұғын шығырың.
Құрық бердің ұрыға,
Момынды алдың қырыңа.

Малсыздарды таптадың,
Малдыларды жақтадың,
Тентекті жасқап қақпадың,
Арамдарды ақтадың,

Өсекшіні мақтадың,
Арамдық болды баққаның,
Орыс болды жаққаның.
Қашан сенің ашылар

Момындарға құрылған
Қанды қара қақпаның?
Қарағысыз ел мен жұрт
Төрелік түскен шағыңа.

Ие болмай айрылдың
Атаңның алтын тағына.
Қара толқын жау толды
Шығыс, батыс жағыңа.

Тұлпардан туған тұқым ең,
Ере алмадың жабыға.
Етегін ашып кім күлмес
Азғындаған шағыңа.

Алдыңа келсе жүгініс,
Қарамай қара, ағына,
Адалды сатып параға,
Болыстың арам жағына.

Рухына нәлет келтірдің
Қабың менен сабыңа.
Бұзықты құрап, ел етіп,
Қондырдың оң жағыңа.

Ұрыңа елді тонатып,
Бүлдіре бер тағы да!

ЫДЫСЫСЫҢ ПАРАНЫҢ

(Кеңесбайға)
О, Кеңесбай мырза, тыңда сөз!
Айтатұғын келді кез.
Көкіректеніп паңданбай,

Сырттан көріп таңданбай,
Менің сөзім құйылса,
Кеудеңе шырақ жанғандай.
Арғы атаң сенің Нарынбай,

Кең қолтық, ұзын қарымдай,
Елдің жүгін көтерген
Ақ өңеш шөңгел нарындай.
Көкейіңе қондыра

Сөйлесін жыршың сарындай.
Қу дауысты Құттыбай
Қазақ туын көтерді,
Даналықпен айырды

Келер менен кетерді.
Өтірік деші, қанеки,
Мен айтпаймын бекерді.
Тұлпар мініп, ту ұстап,

Олжа салды еліне.
Тояттаған сұңқардай
Құйылып еді жеміне.
Қазықтай жерге қадады

Дұшпаның деген «сені ме!»
Тізе қосып теңесті
Тепкісі тең теңіне.
Ой, ол кездегі өткен күн

Түсі ме елдің, өңі ме?!
Байқара атаң бай болды,
Төрт түлігі сай болды,
Қайыры елге мол болды,

Анық әділ сол болды.
Серкештеп жылқы айдалды,
Көшкенде жұртта тай қалды.
Алдына келген дау болса,

Әділетпен жайғалды.
Дәулетіне ел кенелді,
Жетім-жесір теңелді.
Опасыз мына жалғаннан

Демі біткен күнінде
О да көшіп жөнелді.
Өз әкеңді айтайын,
Қара тіл ділмар Ақтайлақ,

Топта жалғыз сөйлеген
Асыл сөзді тақтайлап.
Тұқымың дегдар болғанмен,
Кеңесбай, азғын туғансың.

Тістеуік айғыр секілді
Үйіріңді сұйылтып,
Тай-құнанды қуғансың.
Ел білерлік ісің жоқ,

Дегдар емес, будансың.
Бұдан дейтін себебім:
Айналаңды торисың,
Түзден тоят тілемей,

Өлексені қорисың,
Алдыңа келсе жүгініс,
Терісті оң деп жорисың.
Қолбала құс секілді

Биялайға қарайсың.
Не тұлғама тұтқа боп,
Не керекке жарайсың?
Ішің - аяз ақ қырау,

Сыртың сұлу сарайсың.
Ыдысысың параның,
Қотара құйса, толмайтын.
Ашылған әбден араның –

Түйені жұтсаң түгімен,
Биені жұтсаң бүгімен,
Қақалмай-ақ толғайтын.
Айтты десең, Кеңесбай,

Бергеніңді санап ал.
Тақымдап елді тұжырып,
Осы елде жалғыз өзің қал.
Тінейдің сары құсындай

Өзіңе өзің шеңгел сал.
Ел тереңге сүңгіді,
Қармайтұғын қалмай тал.
Серпілер күн болар ма

Елге түскен ауыр хал?
Көз жасың да болмады,
Қара қазан, сары бала,
Жетім-жесір, кемпір-шал!

КҮНІ ӨТІП, АЙЫ АСҚАН

...Күні өтіп, айы асқан,
Енді қазақ ел болмас.
Дәрігері дарын болса да,
Ауруына ем қонбас.

Мүйіздескен сиырдай,
Байласаң, басжіп жетер ме?
Еңбегің - еш, тұзың - сор,
Қайратың селге кетер ме?

Толқынды теңіз заманнан
Сенімді кеме болмаса,
Желқайықпен өтер ме?!
Елің үшін еңбек қыл,

Отыра берме бекерге.
Көмбеге таяп қалғанда,
Жүйрікке керек көтерме.
Аяз қысса мүйізді,

Мүйіз қысып тұқылды...
Қанталаса тұқылың,
Алпыс екі тамырың
Қаңсып қалған сықылды:

Ұлық қысса ұлықты,
Ұласып мидай былықты...
Атқа мінер ауылда
Итше ілініп ылықты.

Орыстың көрсе ұлығын,
Қыздан дағы қылықты.
Ұлық кетсе, қазаққа
Қорқау қасқыр құлықты.

Бұзауы өлген сиырдай
Сауыны иіп Дулат жүр,
Mіce қылып тұлыпты.

САРЫАРҚА

О, Сарыарқа, Сарыарқа!
Самалың салқын жон едің.
Сырдан ауып келгенде,
Жапырылмай шалғының,

Балауса балдыр балғының,
Тимеген ірге соны едің;
Ойың балау қайырлы,
Бетеге қырық шайырлы,

Толықсып, толып лықсыған,
Олқы емес едің, толы едің.
Өрісің бейбіт дер едің,
Қонысың кең кер едің,

Тебініңді теуіп тел өскен
Төрт түлікті жер едің,
Ойың кекпен ойылған,
Қом жасап түйең тойынған,

Жылқыңның шабы бусаған,
Ыңыранып қой жусаған,
Шөбіңді сенің татқан мал
Құламасы сусаған,

Масаты кілем жайғандай
Қоныстың шұрай жері едің!
Жеген мал қысыр қалмаған
Бетеге, тарлау, шырышың,

Қарабөктер мүк, жусан,
Ерте қашқан шыбышың,
Саған келіп ішіп ек
Тұнықты мөлдір шынысын.

АТА ҚОНЫС АРҚАДАН

Ата қоныс Арқадан
Басында қазақ ауғанда,
Күзді күнгі нөсердей
Көзінің жасы жауғанда,

Ақтабан боп шұбырып,
Асып асқар таудан да,
Алакөлді айналып,
Ақ қайыңды сауғанда,

Арысын белден омырып,
Қалмақ тартып барды алды;
Ұйқысы түссіз қанбаған,
Ел қалап, ер таңдаған,

Берген серттен танбаған
Аққұба ару жарды алды;
Тең арқаны қиылып,
Артқан жүгі үйіліп,

Өрде шөгіп нар қалды;
Күз тоқсан, қыстың маусымы
Үдере тартсаң азбайтын,
Айсыз түнде адассаң,

Ауылыңнан жазбайтын
Аударып алды тарланды;
Аш күзендей бүгілтті
Алтын қарғы арланды;

Аталықтай ақсақал
Алласына сыйынып,
Тілегі мүлде қиылып,
Сәждеге жатып зарланды.

Аналықтай бәйбіше
Көкірегін кернеген,
Күндіз күлкі көрмеген,
Түнде ұйқы бермеген

Көзінен төкті арманды.
Ел үшін кешіп жанынан,
Ереуілге шыққан ер,
Өлексесін құшақтап,

Қала берді туған жер.
Айрылды қанат-құйрықтан
Қанды көз, қайқы қаракер.
Қара бұлттай қабындап,

Халықты басты қайғы-шер.
Сол бетімен шұбырып,
Торғайдай тозып Сыр түсті.
Туған жерді көксетер

Халықта сөнбес сыр күшті:
Есін жинап алған соң,
Бозбала үйде жатпады,
Тобышақ атты баптады,

Болат сүңгі саптады.
Ата кегін алмаққа,
Ата терлігін кептірмей,
Жиі аттанды қалмаққа.

Дау аяғы айналды
Жазылмас ауру толғаққа.
Кемеліне келген соң,
Арқаны казак көкседі,

Арасынан қалмақпен
Бәленің оты өшпеді,
Өшпек түгіл, үстеді.
Саулықты қысыр қалдырып,

Қошқардың түспей күйегі,
Айғырдан бөлігі биені,
Бурадан бөліп түйені,
Қайта Арқаға көшкені.

Арқаны оңай бермеді
Ірге тепкен кеп қалмақ.
Ел шайқалып, ел қандап,
Мал шабылып, жер шаңдап,

Қымбат болды қазаққа
Қалмақтан қайта жер алмақ.
Ата қоныс Арқадан
Қалмақтың таймай іргесі,

Сөлі кетіп қазақтың,
Қалған кезде сіргесі,
Әбілмансұр хан болды:
Хан болмады қазаққа,

Ағарып атқан таң болды.
Қосылып басы қазақтың,
Алатаудан асырды
Арқадан айдап қалмақты.

Бозбалаға мінгізді
Сәйгүлік пен саңлақты.
Шабаны тұлпар жүйрік боп,
Сайынға шауып шаңдатты.

Шалағайы берік боп,
Шала мерген жамбы атты.
Сарыарқа мүлде бейіш боп,
Елі еркін, кейіс жоқ,

Мыңнан бірді таңдатты.
Төрт түлікке толтырды
Толағай тұлдыр қыратты.
Тандыр болған жылғадан

Сарқырап тұнып су ақты.
Өзен қып өрге ағызды
Жылжыған жылым бұлақты.
Қураған шынар көгеріп,

Қу тұқыл алды қуатты.
Ай маңдайлы арудың
Жұпармен шашын сылатты.
Оңы - күн, солы ай болды,

Қара суы май болды.
Бесіктен белі шықпаған
Жасы өсіп, бас болды,
Еңкейген кәрі жас болды.

Жетім өсіп, теңелді,
Жетісіп жесір, кенелді.
Шалшық суы қол болды,
Құрамалар ел болды.

Мұхитты кезген кемедей
Біраз күн қазақ сайрандап,
Ханталауда, қамалда
Қалды кеме қайрандап.

Абылай туы жығылды,
Қабырғаң, қазақ, сығылды.
Үріккен қойдай біріңе
Бірің келіп тығылдың...

ӘУЕЛГІ ҚАЗАҚ ДЕГЕН ЖҰРТ

1

Әуелгі қазақ деген ғаріп жұрт,
Миығыңды көрсетпей,
Ұстарасыз өскен мұрт.
Ұйқы басып, сезбедік

Шырмағанын жаудың сырт.
Емін-еркін ен жайлап,
Өсіп едің Бұхарда.
Елің сонда жүргенде,

Қызық дәурен сүргенде,
Бәйшешек шығып бүргенге,
Ерлерің тартпай жабыға,
Тартушы еді тұлпарға.

Кешегі сенің бір ауызды күніңде
Үш жүздің ұлы қараған,
Алдынан соның тараған
Әбілпейіз, Абылай -

Екі сұлтан сұңқарға.
Еркін ескен қайран ел,
Дәулетің бейне шалқар көл,
Айдының бейне асқар бел,

Ботадай бейне өскен тел.
Сен Бұхарда кезіңде,
Бәтуа бар сөзіңде,
Келелі биің сенімді,

Қара бір халқы кенімді,
Тыныш еді еліміз.
Шаңына малың аунаған,
Дәулетің өсіп қаулаған,

Тел емес малды саумаған,
Бұхар-ай шәрі дейтұғын
Өскен, өнген жеріңіз.

2

Тай туып, тайлақ қайыған,
Тоқты қоздап байыған,
Малың қысыр қалмаған,
Қулығың құлын салмаған,

Қалың еді ырысың
Көлге біткен жекендей.
Бай сатып қыл мен қыбырын,
Кедей бұлдап сабырын,

Ерсі болып ырығың,
Ішке дуан салған соң,
Айуанмен тең саналдың,
Терідей болып тоналдың.

Бастады Тәңірім теріске,
Елің түсіп керіске,
Енді қолың жетпейді
Кең қоныс, бейбіт өріске.

Жол таба алмай, қамалдың
Басшысын атқан бөкендей.
Шариғат жолын Тастадың,
Теріске елді бастадың.

Төре, қараң бас қосып,
Жақсылық жаудан іс тосып,
Құба тамға жиналдың
Мәдине мен Меккедей.

Кереметті, дұғалы,
Айтқан сөзі дуалы,
Мәдине мен Меккеде
Әулие зада мол екен.

Әзірет қонған Қаратау,
Аса алмаған онан жау,
Болмаған онда ханталау,
Ел соқпағы даңғыл жол

Қасымның қасқа жолы екен.
Көнелерден сұрасам,
Сөзін жинап құрасам,
Сауысқандық Түркістан –

Сенің туған жерің сол екен.

3

Сен туған жерді тастадың,
Теріске елді бастадың,
Қаратаудан асқаның,
Арқаға аяқ басқаның -

Түлігі төртеу мал үшін;
Иен жерді мекен етем деп,
Игілікке жетем ден,
Кеңшілік сүтін ішем деп,

Ойменен тон пішем деп,
Қара қазан, сары бала,
Кемпір-шалдың қамы үшін,
Бетегесі бырдай боп,

Майсасыры дырдай боп,
Тарлаулары балдайын,
Балауы жая-жалдайын,
Ойы түрлі кілемдей,

Солқылдап қыры кілемдей,
Салқын самал дала үшін.

4

Тобышақ атты бүгілтіп,
Құйрық-жалын сүзілтіп,
Езді бордай үгілтіп,
Тұйғындай ерді ширатып,

Тас ошақты қиратып,
Нар шөгіп құмның астында,
Су кешіп таудан астың да,
Қой-қозыңды маңыратып,

Бота-інгенді аңыратып,
Сиырыңды мөңіретіп,
Мешеулерді еңіретіп,
Талдырмашты талдырып,

Ақсақ-тоқсақ қалдырып,
Үдере тартып көшкенсің.
Сыр, Қуаңнан кеткенде,
Арыс, Келес өткенде,

Талас, Шуға жеткенде
Түйенің қомын шешкенсің.
Шу бойына ығыр ғып,
Төрт түлік демін алдырып,

Қошқардың шешпей күйегін,
Қойыңды қысыр қалдырып,
Тұлпардың тозып табаны,
Нардың апшып қадамы,

Бұйдасын іркіп баяулап,
Мұрнын жырып шабаны,
Сарыарқаға түскенсің.
Иен қоныс таптым деп оңай,

Өрісі кең ну тоғай.
Суы тұнық, шөбі қау,
Жалғыз ғана жиен жау,
Бағланды жеп еті бал,

Сарыала қазы, жая, жал,
Сапырып қымыз ішкенсің.
Ақ білектің күшімен,
Ақ найзаның ұшымен,

Наркескен қылыш дүзімен,
Қан қатқан жасыл жүзінен,
Он сан қара қалмақтың
(Бермегі бар алмақтың!)

Жерін тегін алдым деп,
Ойламай ақыл пішкенсің.
Сауытты ерің зерігіп,
Сері бойдағың ерігіп,

Маңғаз байың балпаңдап,
Мақтангөйің талтаңдап,
Жасөспірім жар таңдап,
Бәйбішелер балқылдап,

Ақпейіл шалдар аңқылдап,
Ақкөңілдер жарқылдап,
Бойжеткенің бұралып,
Таналары жалтылдап,

Кербездерің керіліп,
Басуға аяқ ерініп,
Шешенің судай төгіліп,
Тыңдаушың бордай егіліп,

Өз-өзіңнен іскенсің.
Күнбатысқа көз салмай,
Күншығысты еске алмай,
Бізді алатын жау жоқ деп,

Бізден мықты дәу жоқ деп,
Алды-артыңды байқамай,
Маған не бар дескенсің.
Болашақты болжамай,

Жол сауданы олжалай,
Ақбөкендей алданып,
Жылқыдай делбе сандалып,
Ортасына кәпірдің

Андамай келіп түскенсің.

5

Орыстың заңын қуаттап,
Жол ашып елді суаттап,
Баладай алдап уатпақ –
Би дегенің би емес,

Ел алдағыш мекері.
Шен-шекпенге құмартқан,
Қанталап көзі мұнартқан,
Саудалап елін тиынға,

Құмартып патша сыйына,
Бек дегенің бек емес –
Хан жалшысы, нөкері.

6

Шен-шекпенге сатылып,
Батпаққа елін батырып,
Дұшпанына оқ салып,
Еліне қарай атылып,

Біздің естімін деген жақсылар,
Ақыл-ойға тапшылар
Заңын білмей, алдатты.
Сырғалыңды күң қылып,

Солқылдақты жүн қылып,
Күніңді тұман түн қылып,
Қыл мойынға тақалтып,
Шабақтай жемге қақалтып,

Көмейіңе салар қармақты.
Шарапты балдай татқаның –
Күнәға белден батқаның.
Отыз үш мың сахаба,

Тоқсан тоғыз машайық,
Ұмыттың мүлде әруақты...

7

Егін себер жерді алып,
Бұрынғысы өтірік,
Шыныменен енді алып,
Кетірер кәпір сиқыңды...

Қабағың қарс жабылып,
Қарс ұрып қайғырып,
Күле алмассың, қазағым,
Бейпіл, тыныш күлкіңді.

Жібек жалын жайнатып,
Ортекедей ойнатып,
Қабырғаңды сөгілтіп,
Аш күзендей бүгілтіп,

Әлі-ақ шауып алады
Түйең менен жылқыңды.

8

Есерсоқ өңшең мастары,
Бозақор, ойсыз жастары,
Алжыды деп Дулатты,
Келеке етіп күлерсің.

Менің айтқан бұл сөзім,
Саналы болса ой көзің,
Өлең емес, жыр емес,
Құнсыз сездің бірі емес,

Басыңа түссе, білерсің –
Асау тайдай үйретіп,
Шәркейіңді сүйретіп,
Ат айдап мініп ағашты,

Табаныңнан таусылып,
Қарағай тартып жүрерсің.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙