Шығармалары 5 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Темірбек Қожакеев
Темірбек ҚОЖАКЕЕВ Шығармалары 5-том Алматы УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44 Қ 56 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі “Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару” бағдарламасы бойынша жарық көрді. ҚОЖАКЕЕВ Т. Шығармалары. – Алматы: “Айғаным” баспа үйі, 2014. ISBN 978-601-03-0261-7 Т.5. - 286 б. ISBN 978-601-03-0266-2 Көрнекті ғалым Темірбек Қожакеев шығармалары жинағының 5-томына “Үркіншілік” атты деректі повесі мен әңгіме-деректері, шаншу сөздері – фельетондары және танымдық мақалалары беріліп отыр. УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44 ISBN 987-601-03-0261-7 © «Айғаным» баспа үйі, 2014 ISBN 978-601-03-0266-2 Қ 56
КӨРКЕМ ШЫҒАРМАЛАР ҮРКІНШІЛІК (Деректі повесть) 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы ерлерінің рухына арнадым. Автор.
Басынан қар кетпейтін айбынды да асқақ Алатаудың Дулаттағы Ботпай елін орап өтетін тұсында «Меркінің аузы», «Аспараның аузы» дейтін екі аңғар бар. Сол қатар жатқан қос аңғардың бірінен «Ойтал» өзені, екіншісінен «Аспара» өзені жұлқына шығып, төмен қарай құлай ағады. Алқынған олар тастан тасқа секіріп, ақ көбігін аспанға атып, бұғалыққа тоқтамаған асаудай арындап, сарылдап жөңкиді. Батыс пен шығысты байланыстырып жатқан күре тамыр – үлкен қара жолға шейін қазақтың қара қазанындай тастарды қақпақылдап, бірін-біріне соғып барады да, одан өткен соң жазыққа шығып, сабасына түсіп, сабырмен ағады. Төменгі Сортоған, Шошқалыдан кеткенде жынын алдырған бақсыдай арындары басылып, алға жылжиды. Бара-бара, дүние салар алдында мүлде әлсіреп, кірпігі ғана қимылдап қалған жандай, қыбырлап
қозғалады. Ақыры екеуі де белден соғылған жыландай ирелеңдеп, сүйретіліп барып, алдындағы қиғаш жатқан Қорағаты өзеніне «ой, бауырымдап» құлайды. Қорағаты «қос інісін» қолтығына іліп алып, Шу өзеніне қарай ерте жөнеледі. «Ауылдас» ауыздан қатар шығып, сұлулардың қос бұрымындай бір-біріне түйіспей, жарыса аққан осы екі өзеннің арасында Жетітөбе, Қарағау, Сарғау, Шошқалы деген құтты қоныстар бар. Олардан төменіректе Ақермен атты жалпақ жазық жатыр. Осы жазықты жарып өтетін дала жолының жағасында шағын төбешік тұр. Оның төбесінде томпайған төмпешік жатыр. Бүкірейіп бүк түсіп жатқан бұл төмпешіктің 80 жылдық тарихы бар. 80 жыл бойы ішіне сақтаған сыры бар, кезінде ел аузына ілінген жыры бар. Бір кездерде ерсіліқарсылы шұбап жатқан жолаушылар «Осында ардагер ағамыз жатыр ғой, бата қыла кетейікші» деп ат басын бұратын. Түсе қалысып, аттарын отқа қоя салысып, «Ағузу біллаһіден» бастап жіберетін. Баталарын «Аллаһу әкбәрмен» аяқтап, аузы-бастарын бір сипап, «аруақты риза еттік қой» деп, аттанысып жататын. Бүгінде бұл төмпешіктің тарихын білетіндер таусылып, ұрпақтар ауысып, оны қадір тұтып төңіректейтіндер қалмаған. Ғасырға жуық уақыт қыста қар басып көктемде су шайып, жазда жел қағып, ыстық-суықтың өтінде жатып, жермен жексен болып жоғалуға айналған қасиетті төмпешік ел есінен, тіпті, туған-туыс, жекжат-жұрат, немере-шөбере жадынан шыққан, елеусіз, ескерусіз қалған. Қазір оның басына барып
бата қылған, «топырағың жеңіл болсын» деп, үстінен бір шымшым топырақ алып, тастап жатқан адам жоқ. Жапан түзде жалғыз бейіт жаутаң қағып мұң шаққандай. Оны іздеп жүрген ұрпақ зары естілмейді,сары даланы сар кезген самал желдің ғана зарлы уілі естіледі. Бесіктей бейіт күндіз күнге қарап күбірлегендей болады, түнде айға қарап, арыз айтқандай болады. Бірақ оны тыңдар тұяқ, естір есті жоқ. Ешкім ештеме демейді. «Өлдің-өштің» – деген осы. Ата-бабаның: Жай білмес жамандардан дұшпан артық, Өлген соң арыстаннан тышқан артық. Қолына кей жаманның алтын түссе, Бағасын біле алмайды мыстан артық, – деп зарлауы осындайдан болса керек. Сексен жыл бойы елеусіз жатқан бұл төмпешіктің мұң-зары қиянда жүрген біздің құлағымызға емісеміс естіледі. Оның бүгінгі ұрпақ білмейтін тарихы, оған айтар сыр-жыры мынадай еді. 1916 жыл. Шыжыған шілде. Әлгі Ақермен жазығындағы тұщы да тұнық қайнар айналасында жүз қаралы үйлі Бұзау елі отыр. Жартылай шөлейтті бұл жерде күн күйіп тұр. Көктен көптен бері тамшы да түспеген. Белден келер бетеге ұшып кеткен. Ен даланы бұрқыраған иісіне бөлеп тұратын қалың жусан да түбі кеуіп, жапырағы сарғайып боз тартқан. Әр жерде топ-топ болып өсетін аққайың шоғырындай айналаны алып жатқан, ат бауырынан келетін ақермен де күнге қурап, баудай түсіп, қирап
жатыр. Самал желдің «үф» еткен лебіне табан тіреп тұра алмай, қау-қау қаңбақтар сардаланы кезіп қаңғып жүр.Жер реңі әбден сұрқай тартып, сұрықсыздана түскен. Жер сәні суымен, нуымен, ел сәні жырымен, дуымен емес пе?! Жердің сәні кетсе, елдің де сәні кетпей ме?! Бұл тұста Бұзау ауылы адамдарының да ажары солғын, көңілдері күпті еді. Бір жағынан, мына қуаң құрғақшылық ел танауын қусырып, тынысын тарылтып, келесі көктемде хал-жайымыз қалай болар екен деген күдікті күшейткен. Екінші жағынан, кеше ғана Патша ағзамның бұратана халықтардың жарамды азаматтарын майдандағы қара жұмысқа алу туралы жарлығы «жығылған үстіне жұдырықтай» тиді. Халыққа қиямет жақындағандай болды. Жұрт жүрегі қайғы-қасіретке толды. Тыныш жатқан елден береке қашты. Азаматтар «шынымен туған ел, кіндік кескен жерден, аялап өсірген ата-анадан, гүлдей құлпырып, жетіліп келе жатқан іні-қарындастан айырыламыз ба?» деп састы. «Көгендеулі қойдай айдалып барып, қиянда қырылып, туған жердің топырағы бұйырмай ма?» деген мұң басты. «Қатар өскен тең құрбы-құрдастар шынымен кете ме?» деп қыздар қызыл шырайынан айрылды, келін-кепшіктің ақша жүзі солғын тартты. «Сақалдың ағында, өлердің шағында азаматтардан ажырап, біздің күніміз не болар екен?» деп шалкемпірлер кемсеңдеді. Жүректері жара, көңілдері қара болып, «бала-шаға алдында өлсем» деді. Жұрт жылап, ауыл-аймақ күңіренді, ел де, жер де басқа бір түрге енді.
Осылай дүние мұнарланып, замананың не болары тұманданып тұрған күндердің бірінде Бұзау ауылының бас көтерер адамдарының бірі Биназар желе жортып келіп, қайнар басына жақын отырған үлкен қараша үйге ат басын тіреді. Бұл бүкіл Бұзау елінің аузына қарап отырған, «ауыл ағасы, тон жағасы», ақылшы ақсақал Ақкөз Қосановтың қосы еді. Таяқ тастам жердегі ауыз су алып отырған, тұщы суы шымырлап «қайнап» жатқан бұлақ та осы кісінің нәмімен «Ақкөз қайнары» аталатын. Ақсақал үйінің төбесінен күн түспесін деп түндігін жауып, самал соқсын деп теріскей жағының туырлықтарын түріп тастапты. Айнала тып-тыныш. Ауыл иттері де арсылдап алдан шыққан жоқ, ыстықтан қашып, жықпыл, жыраға, ақермен арасына көлеңкелеп кіріп кеткен болу керек. Анадайда қой қораланған қотан орны көрінеді. Одан әріректе өріске ере алмай қалған ақсақ-тоқсақ үш-төрт тоқты-торым жатыр. Сауын биелер де ағытылып жіберілген сияқты, тартылған желі, оған байланған құлындар да көрінбейді. Суыт жүріп келе жатқан аттың дүбірін естіген бір жас келіншек есікті серпіп тастап, үйден жүгіріп шықты. Келген сыйлы қайын ағаларының бірі – Биназар екенін көріп, ол екі қолын алдына айқастырып тұрып, иіліп сәлем қылды. «Көп жаса, қарағым, бақытты бол!» деген қайынаға батасына келіншек «айтқаныңыз келсін» дегендей, тағы бірер басын иді. – Ақаң атаң үйде ме, қарағым? – Үйде, түсіңіз, – деп келін ат шылауына жармасты. Биназар аттан түсіп, қақырынып -түкірініп үйге
беттеді. Келін атты жетектеп барып, мама қазыққа байлады. Биназар еңкейіп табалдырықты аттап барып: – Ассалаумағалейкум, Ақа! – деп сәлем тастады. Ауыл ағасы кебіс-мәсісін шешіп, дамбалшаң, ақ көйлектің жағасын айқара ашып тастап, бұзау құйрығынан істелген желпуішпен өзін-өзі желпіп, салқындап жатыр екен. «Саңқ» ете түскен сәлемді естіп, ол да «Әлейксәлем» деп басын көтере бастады. Ел аузы Ақаң биыл дәл алпыста деп жүрген. Әйтсе де ол уақытқа алдырып, абдырай қоймапты. Өзі де жатқан жерінен аяқ-қолын тез жиып ала алмайтын арбаңдаған ұзын кісі емес, орта бойлы, дембелше денелі, кең иықты, қақпақ жауырынды, қазанбас, ақсары кісі еді. Оң жамбасына аунап түсіп, ширақ тұрып, отыра қойды. «Кел, бауырым, жоғары шық» деп өзінің оң жағынан, төменіректен орын ұсынды. Биназар кебісін босағаға тастап, табаны жылтыр мәсісімен тайғақтай басып барып, нұсқаған жерге шоқиып отыра кетті. Қалпағын алып қасына қойды, қамшысын тізесінің астына басты. Өзі кішкене қаршығадай қатпа қара кісі еді. Әлде неден мазасызданғандай терлеп-тепшіп, шоқша сақалы шошаңдап, қысыңқы көзі шүңірейіп, мұрнынан су шығып кетіпті. Ақаң мұның бұл кейпіне отты көзін қадай қарап, таңырқаңқырап: – Біке, берекең кетіп қапты ғой, тыныштық па? – деді. – Менің ғана берекем кетсе, ешнәрсе емес, жалпы ел берекесі кете ме деп қорқам. Төменде, ел аяғында жатқан бізде тыныштық болғанмен, жоғарыдағы
елден тыныштық кеткен сияқты. – Не бопты? – Болыс, старшындар ақ патшаның жарлығын жалаулатып, едіреңдеп, елге шыға бастапты. Аяғын алып жүре алатын, кетпен көтеріп, күрек баса білетіндердің бәрі де қара жұмысқа аттандырылады, дайындап беріңдер деп ел есін кетіріп жатқан көрінеді. Бұл құбыжықтан қайтсек құтыламыз, бұл ақыр заманнан аман қалудың амалы қайсы деп астыртын ақылдасқандарға айтатындары: «Ақысын берсең, боқысын шығарамыз. Не жасың өткен, не жасың жетпеген боп қаласың да қоясың» екен. Сөйтіп, байлар мен барлар жең ұшынан жалғасып, пара беріп құтылып, жоқ-жұқана кедейлер тұтылатын сияқты. –Мұны естігенде кішігірім төбедей болып, сесті отырған Ақкөз оқыс қозғалып, екі көзінен от шашып, Биназарға қадала түсті. Астыңғы ерні дірілдеп, салалы сақалы желпілдеп кетті. Кең кеудесі жел кернеген көріктей бір көтеріліп, бір басылып, жиі-жиі тыныс алғандай болды. Сонда да сырттай сабыр сақтап: – Мұны кім айтты, кімнен есіттің? – деп сұрады. – Жаңа ғана біздің ауылдың тұсынан «төменгі Қорағаты» болысының шабарманы өтті. Сол айтты. Бірер күнде бұлар да қара жұмысқа жөнелтетіндердің тізімін дайындауға кіріспекші. – Әлгі арамдыққа ел не деп жатыр екен? – Ел не десін! Жетесіздер желкесін қасып, «тағдырда таңдау жоқ, құдай салса, біз көндік» деп жер шұқып отырған көрінеді. Біреулер: «жетесіздік жетті ғой. Патша қорлығы өтті ғой, қашанғы
шыдаймыз» деп бұлқынып жатқан сияқты. Тағы біреулер «бауыр етіміз-балаларымызды өлімге байлап бере алмаймыз» деп ашық айтыпты. – Жастар жағы не дейді? Азаматтар арасы қалай екен? – Азаматтар ашуға мініпті. Онда барып ор қазып, өз өлігімізді сонда қалдырғанша, үйде өлейік! Табанда жүріп тамақ жегенше, алтын бесік – елде жүріп таяқ жейік деп жатыр дейді... Ақкөз күрсінді де: – Зәлім көбейіп қау болды, іздегендері дау болды десеңші. Дау жағалағанды жау жағалайды, ақыры немен бітер екен, – деп қисая кетті. Сәл үнсіздіктен соң: – Ал, бұл жөнінде өз пікірің қалай, не ойың бар? – Осы жағын сұраса екен, өз шешімімді шешіліп айтайын деп отырған Биназар зарлай жөнелді. – Қашанғы қорлық көреміз, қашанғы тұқыра береміз, қашанғы табанда тапталып жатамыз! Селт етіп серпілетін,біз де адамбыз деп көтерілетін кез келген жоқ па? – деп Ақкөзге шүйіле қарады. – Е,е, күреске шығам, ақ патшамен айқасам де! – Иә. – Ойбай-ау, оған күш қайда, өкіметтің мұздай құрсанған қалың қолына қарсы қояр қару қайда? Қырып салмай ма? Бәрі бір – өлім. Ор қазуға барсаң да –өлім, мұнда күреске көтерілсең де –өлім. Бірақ соңғы өлім тиімді. Бірінші өлімде жат жерде жаназасыз, тіпті көмусіз қаласың, Ал екіншісінде, туып-өскен елде, кіндік кескен жерде ата-ана алақанында ақ жуылып,
арулап көмілесің. Ақкөз қайта басын көтерді. Біраз ойланып қалды. Оның зердесінде екіұдай ой-пікір таласа кетті. Момын елді қорласаң, сенен де мықты зор шығар, намысына тие берсең, қарадан да қаптаған қол шығар деген. Азаматтар ашынып қалған. «Көп қорқытады, терең батырады». Қалың халық қозғалса, сең қозғалғандай біраз нәрсені сыпырып өтеді. Бірақ.... Бірақ ерегіскен ерлік емес, елдескен – ерлік. Аранды ашу азапқа салады, артын ойламаған ұятқа қалады. Соғыс соғысты тудырады. Соғысып күш көрсетем дегеннен гөрі одан бас тартқан оңай. Ашуды ақылға жеңдірейік. Ішкі пікір-таласы осылай салғыласып келді де ақыры Ақкөзге мынаны айтқызды. – Біке, терең құдықтың түбіндегі судың астында жатып, бәрін болжай білетін көлбақа құсамайық! Желпілдеп желікпе! Құр күсті қолынан басқа түгі жоқ, қаратабан халықтың бақайшығына дейін қаруланған патша әскеріне қарсы тұруы қиын. Бұл –әліне қарамаған әлектік, артын ойламаған арандау. Басқа ел қалай етер екен, әліптің артын бағайық. Әзірше оқиға барысынан хабардар болып жүре тұр! Сөз түйіні осыған тірелді. Бұл ақылға Биназар да «болмайды» дей қоймады. «Жөн екен, жарайды» деп аттанып кетті. Меркі приставы Лундин өз құзырындағы елдің болыстарын ат шаптырып, алқа қотан жиынға шақырды. Бұған Аспара болысы Медеров Бектен, Қорағаты болысы Тұрғынбаев Ибақ, Қарақыстақ
болысы Әділбеков Беделбай, Шөңгер болысы Әлішев Төреқұл, Құмарық болысы Шағайбаев Алдасүгір, Жайыл қырғыз болысы Әлімбеков Әшімбек, Аша болысы күнту Қайып «ләппай тақсыр, құжырыңызға құлдық, не дейсіз?» деп бірінен соң бірі сүрініп-жығылып келіп жатты. Қос ат жеккен күймесіне көлеңкелеп Меркінің алпауыты Атамырза Айдарбайұлы жетті. Енді бірде екі жаққа едірейген мұртын ширатып учитель Қарабай қара арғымағынан домаланып түсіп жатты... Жиын ашылды. Ығай мен сығай, игі жақсылардың алдына ақырын басып, ағып кеткен соқыр көзін мұрнының тасасында қалдырып, қиғаштай тұрып, тамағын бір кенеп алды да пристав сөз бастады: – Құрметті мырзалар! Сіздер – ұлы мәртебелі патша ағзамның осындағы, жергілікті жерлердегі көзісіздер, арқа сүйер ардақты адамысыздар. Керегінде көмегін береді, қашан болса да соңымнан ереді, айтқанымнан шықпайды, өлімге айдасам да бұта түбінде бұқпайды деп ел билеуді сеніп тапсырған тегеурінді де тұрақты тарлансыздар. Сол сенімді ақтайтын күн келді, кімнің кім екені сыналар сәт туды. – Болысекеңдердің бөксесіне көпшікті осылайша қос-қостан қойып алды да, пристав жалғыз көзімен жанашырларын жағалап өтті. Ешкімде үн жоқ. Бәрі де төмен қарап, пыс-пыс етіп мыңқиып отыр. Мыналарың мүлгіп қапты ғой, мақтауым ұнаған екен дегендей, пристав кеңірдегін тағы бір кенеп ап сөзін созды. – Ақ патшаның ақ тілегімен алдын ала таныстыңыздар.Енді жоғары мәртебелінің маусым
жарлығын жүзеге асыруға жаппай жұмылу керек. Әулиеата уезі бойынша осы тамыз айының өзінде солдатқа 22675 адам аттандыруымыз керек. Уақыт тығыз. Жарлық – заң, ол орындалуға міндетті, Бұған ешбір кесір-кедергі болмауы тиіс. Сөз бітті. Нұсқау берілді. Пристав төрдегі орнына барып отырды. Отырды да жан-жағына қарады. Әлі ешкім басын көтермепті. Жарлықты қалай орындау керек деген ойға батты ма, әлде «орындай алмаспыз» деген уайым тұңғиығына түсіп кетті ме, бәрі үнсіз, жым-жырт. Тек, «кімде қандай пікір бар, ешкімнің көңілінде ешқандай күдік жоқ па?» дегенде барып, болысекемдер үздік-создық қозғалып, зорға-зорға кеуделерін көтерді. Есерін енді жиғандай бір-біріне қарады. Бірақ әлі ешкім де суырылып шыға қоймады. Әрқайсысы-ақ «біреу ұлықтардың көңіліндегісін тауып айтып, менен мерейін арттырып кетер ме екен, немесе жақпайтын бірдемені былжырап арандап қалар ма екен» деп мысықша аңдып отыр. Сәлден соң Бектен қолын шошайтты. Пристав басын изеп сөйлеуге рұқсат етті. Болыс сөйлей жөнелді. – Ұлы патшамыздың еркімен есептесуге, әмірін екі етпеуге біз міндеттіміз. «Июнь жарлығын» жүзеге асыруға жан саламыз. Әрине, мұны орындау оңай емес. Бүгінде заман басқа, заң басқа, кезең басқа, кедей басқа. Жамандарға жал біткен, жалшыларға мал біткен. Бұрынғы қорқақтарға қайрат біткен, би, болыстардан бел кеткен. Халық ақ патша алжыды, анттан тайды. «Айдаһардан заһар кетті, арыстаннан
қаһар кетті» деп жүр. Ұлықтың айтқанына қалың қара қалт тұрудан қалған. Жұрттың құтыла алмай, жерге тастай алмай жүрген баласы жоқ, «бауыр етін» оңайлықпен суырып бергісі жоқ. Сондықтан бізге жоғарыдан күш керек, көмек керек. Осылай деп Бектен белсенділік көрсетті. Орнына отырып жатып «дұрыс айттым ба?» дегендей жанжағына қарап қойды. Бірер жерден «дұрыс, бұл жарлыққа жұртты көндіру үшін күштеңкіреу, зорлаңқырау да қажет» деген қолдау естілді. Бұған пристав: – Ерегісіп елдіктен кетпейік. Істі зорлықзомбылықсыз тыныштықпен тындыруға тырысайық. Қан төгуге, жан беруге жеткізбейік. Әрине, қажет болса, күшке де кезек келеді, – деді. Бұл сөздің аржағында «берсе, қолынан, бермесе, жолынан», «айтқанға көнбесе, әскер алдырып, көндіреміз» деген астар жатты. Сөзге Атамырза араласты: – Ақ патша айтқанын істетпей қоя ма? Жұртқа түсіндіріңдер, айтқанға көнбей арандап қалмасын! Қыңыр-қиястық қырсыққа апарады, арандау абыройсыздыққа апарады, – деп сауда істеп, лыпылдатып ақша санауға ыңғайлы жіңішке саусақтарымен үстелді тырсылдата бір ескертіп тастады. Мұны айтқанда оның екі көзі алаңдап, бұқаның әукесіндей бұғағы бүлкілдеп кетті. Бетаузы жыбырлап, қабағы бір ашылып, бір жабылды, бас терісі ілгері-кейінді жылжып, ала топысы артқа кетіп, шүйдеге барып тірелді. Атамырза ақылшыдан Қарабай да қалыспады.
Ол момын бозторғайға тұмсығын тығып, тақымдап, тыпырлатып тыныштық бермейтін тұйғын құстай шымыр да шағын кісі еді. Аяқ-қолы біртұтам, құлашы қушық, адымы қысқа болғанмен, ақылы бар, айтары бар, білігі мол, түсінігі терең төре еді. Аққұба жүзіне қос қабақты орап жатқан қияқтай қара қасы мен су ағардан оң мен солға қарай кеткен қарлығаштың қос қанатындай қара мұрты келісіп тұратын. Қара арғымақтың үстінде күміс ер-тоқымның үзеңгісін шірене теуіп, сызыла сөйлегенде жұртты аузына қарататын, бір тартуға тартып-ақ алатын, өзін елге зияным жоқ, зиялымын деп білетін. Ол енді арғымақ үстінде емес, үстел басындай тұйғындай түйіліп сөйлеп кетті, келелі кеңес айтты. – Бұл істе асыра сілтеп алмайық, аттандап адыраңдамайық. Қайта ел-жұртқа маза болайық, судай таза болайық, халықпен түсіністік табайық: Ағынға қарсы жүзіп адаспайық, желге қарсы жүріп қарыспайық деңіздер! «Құлан басына күн туса, қодығына қарамас» дейді. Солдатқа бала бермейміз деп жүріп, ел өз басына пәле тауып алмасын. «Байтал түгіл, бас қайғының» кебін киіп алмасын! Бұл айтылған ақылдарда айып жоқ! Бәрі дұрыс, бәрі орынды. Тек ел-жұрт осы ақылға көне қояр ма? «Ақыл айту оңай, оны іске асыру ауыр ғой» десіп болыстар күдікпен күңкілдесіп тарасты. Бірақ бәрінің де пәтуәсі «істейміз, орындаймыз» болды. Келесі күні-ақ жоғарыдағы шенеуніктер «жат» десе, жер құртындай бүрісіп жата қалатын, «айт»
десе, арсылдап кеп жағадан алатын жергілікті жағымпаздар жаппай атқа қонды. Оларға не айтса да, «құп болады» деп құра құшып, қол қусырып тұратын .байлар мен барлар, оқығандар мен шоқығандар, қожа, қажы, әулие-әмбиелер, тағы басқа жандайшаптар жанамалай қосылды. Бәрі де екі иығын жұлып жеп,науқансырап-ақ отыр екен, ауыл-ауылға қарай аттандай шапты. Мал-жан есебі тіркеулі киіз кітабы салынған қоржын-кеңсесін салақтатып артына артқан писарі мен тілмәшін, оған қоса итін ерткен байшықаштар мен бишікештер ана сайда да, мына сайда да аузы көпіріп, алас ұрып бара жатты. Күтпеген науқан басталды, Құлан жағындағы Шөңгер болысын Төреқұл тобы төбеден басты. Қарақыстақ болысын Беделбай белден басты. Аспара бойын Бектен безілдетті. Қорағаты қауымын Ибақ иледі. Қайып Аша елін алқымға алды. Жайыл, талқан аталатын екі болыс қырғыз елі де қиқуға басып жатты. Ел іші у да шу, азан-қазан. Жұрттан береке қашты. Әкімдердің әділетсіздігі асты, олар адамдықта аттап, арамдыққа басты. Өздерінің жүз үйінен бір адам жазуға қолдары қалтыраңқырап, қаламдары жүрмеді, олардың ешкімі тізімге кірмеді. Ал, кедей-кепшік боздақтары тоғытқан қойдай басқа ұрып саналып, түгел тіркелді. Тіпті аттандыруға тиіс адам санын толтырып, өз аяулы, «артық туғандарын» аман алып қалу үшін кедей балаларының жасы жетпегендерін үлкейтіп, жасы өткендерін кішірейтіп қара тізімге қосып жіберді. Бұл қиянаттан аналары ақ шашын жұлды, ыстық
жас аталардың сақалын жуды. Кедейлер кеудесін кек кернеді, ашу-ыза ел ішін толқындай тербеді. Еңбексізге түк жоқ, күреспесе күн жоқ екеніне көз жеткізді. *** «Бұқаға туған күн бұзауға да туады» демекші, төсті басқан мұнар төменде жатқан Бұзау ауылына да төнді. Дүркіреткен дүрбелең мұнда да келді. Бұлардың да түйесі боздап, жылқысы кісінеп, сиыры мөңіреп, бұзауы еміп, қой-қозысы жамырап жатты. Ауыл айналасын шаң басты, адамынан рәң қашты. «Балаңды бересің» деген бұйрықтан не қыларын бірмей, ел жаман састы. Ибақ болыс ә дегенде иман сақтай келді. «Өзіңді зор тұтпасаң, басқаны кем тұтпа» деген өсиетті ескере келді. Ауыл шетінен кіріп, хал-жайға қарап, мал-жан амандығын сұрап, қора-қопсыға қамқорси келді. Нөкерімен елге аты мәшһүр Мырзабай ақын үйіне түсті. Мұнымен ол «екі жеп биге шығуды», «бір оқпен екі қоян атып алуды» ойлады. Мырзабай Ақкөздің ағасы Құттыбектің баласы еді. Оны Ақкөз асырап алған болатын. Бірінші ниет – соның аузын алып, әкесіне салу. Екінші ниет – елге сыйлы, қадірі артқан Мырзабай ақынның ауыл арасындағы ықпал, беделін пайдалану. Мырзабай орта бойлы, кеспелтек келген, толық денелі, дөңгелк жүзді, бадана көзді, түкті бетті, қызыл күрең, салиқалы, салмақты кісі еді. Ол болысекеңді жайылып түсіп жәмпеңдеп, «қош
келіпсіздер» деп қомпаңдап қарсы ала қоймады. «Аттан түсіңіздер, түстеніңіздер» дегенді ернінің ұшымен ғана айтты. «Құрғақ ізет, сарт мезірет» еткендей ғана болды. Мұның да сыры жоқ емес. Бір жағынан, Ибақтың бұйымтайы белгілі. Елдің бетке шығар бозбалаларын қара жұмысқа қаттауға келген болысты құшақ жая қарсы алып, қазан көтеріп, мәре-сәре болу жұртқа жақпас қылық еді. Екінші жағынан, «жоқ жомарттың қолын байлайды» дегендей, болыс пен оның нөкерлерінің асты-үстіне түсіп, бір қараны құлатып тастап, қонақ қылуға ақынның байлығы да жоқ еді. Дегенмен, әйеліне «Жайбасар-әй (ол әйелі Сейілманды осылай атайтын – Т.Қ.), қымыз келтір» деп дауыстады. Сейілман сыбай қымыз әкеліп, бір тізерлеп отырып, көбігін көпіршітіп, исін бұрқыратып сапыра бастады. Шөлдеуіт жердегі раң шөптің сары қымызының исі қонақтардың қолқасын жарып, танауларын жыбырлатты. Ибақ болыс егде тартқан, тұрқы мен көлденеңі бірдей, мойыны жуандап, жауырыны мен шүйдесі бірігіп кеткен етжеңді, ірі кісі еді. Малдас құрып отырайын десе, төңкерулі қара қазандай қарны өңгеріп отыруға келмей, тізесіне түсіп, ыңыранып, ыңқылдап кететін. Сондықтан қолтығына қос жастық қойғызып, жамбастап жатып-ақ қымызды анадай жерде сүйретіліп жатқан қарынға қотара беретін. Қонақ болған жерінен болысекемнің аттануы да елді әбігерге салатын. Жігіттер оның атын арыққа тартып, әйтпесе өзін не келіге, не кеспекке шығарып, сонан соң қос қолтығынан көтеріп, дүмінен демеп
барып, атына қондыратын. Оны бестіден жоғары, есік пен төрдей, белді аттар ғана көтер алатын, анау-мынау қылқұйрығың кирелеңдеп жүре алмай қалатын. Қымыз кесе жүргізіле бастады. Шөл құдықтың суық суына байлап қойған торсықтағы салқын қымызға байшықаштар бас қойды. Бал қымыз бір кезек айналғанда-ақ ерні кезеріп, таңдайы кеуіп, күнқақты болып есеңгіреп жүргендердің есін кіргізді.Болыс пен оның нөкерлерінің маңдайынан ащы терді бұрқ-бұрқ еткізді. Екінші рет айналғанда жандайшаптар жан шақырып, тілге келді. Болыс Мырзабайға қарап сөз бастады. – Мырзеке, біз қыдырып, қымыз ішкелі жүрген жоқпыз. Жоғары жақтың жарлығын орындаудың қамымен жүрміз. – Мұны айтып ол қымыздың тағы бір тостағанын тоңқалаң астырды. Қымызға ауыз салғанда едірейіп кеткен бурыл мұртын суағардан екі жарып, қарақұстың қос қанатындай етіп, сипапсипап оңға, солға қарай жайбағыстап, жатқызып қойды. Бір кекірініп алып, сөзін жалғады. – Патша ағзамның әмірін естіген боларсыз. Соған жұртты жұмылдыруымыз, көндіруіміз керек. – Манадан сабыр сақтап отырған Мырзабай саңқ етті. – Иә, оны маған несін айтып отырсыз? Мен сіз сияқты болыс емеспін, аларман-шабарман, старшын емеспін, – деді. – Сіз ел адамысыз, ел ақынысыз. Ақын –елдің еркесі, ақын – сөздің серкесі. «Ақ серке қой бастайды, ақын жігіт той бастайды» деген бар. Сіздей ақын той бастап қана қоймай, елді де бастауға тиіс.
– Сонда не істеуім керек? – Ақ патшаның жарлығын ауыл-аймағыңызға түсіндіріп, оның сұраған адамдарын жинап, айқайшусыз атандыруға атсалысуыңыз керек. – Болысеке, кешіріңіз! Мен сіздің қолшоқпарыңыз бола алмаймын. Елдің желкілдеп өсіп келе жатқан жігіт-желеңін матап-байлап беріп обалына қала алмаймын! Мырзабай мұны айтқанда болыстың аузына жаңа апара берген қымызды тостағаны қолынан түсіп кете жаздады. Жұтқыншағына енді жеткен бір жұтым қымыз лықсып аузына қайта келді. Ол Мырзабайға ажырая қарады. «Бұған деген сенім ақталмады ғой. Мырзабайың осындай қыңыр кісі ме еді?» дегендей, ішкі ойымен арпалысып аз отырып қалды. Сәлден соң: – Мырзабай, «көкірек таза болмаса, көз тазасы не керек, ниеті таза болмаса, сөз тазасы не керек» деген. Патша ағзамға, тәртіпке тазалығыңыз осы ма? Сіз туралы басқа ойда едік, қателесіппіз, – деп, болыс сүйретіліп орнынан тұра бастады. – Мәселе көкіректің ақ патшаға ғана таза болуында ма? Көкірек ең алдымен елге-жұртқа таза болса, ол есеп емес пе? Менің көкірегім халқыма таза, онымен бірге болу – ең басты тазалығым. – Ал патша ағзам алдында таза болу, соған жағу парыз емес пе? – Ауыл-аймақ, ағайынды аңыратып ақ патшаның шеніне, сендейлердің сеніміне ие болмай-ақ қойдым. – Мұны айтып Мырзабай сыртқа бет алды. – Асаусыңдар, ақылға көнбейсіңдер! Патша
айтқанын әлі-ақ істетеді. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан», алам деген адамын алады! – Болыс мұны қорқыта, үркіте айтты да, қасындағыларға «Тарт Ақкөздің үйіне! Оның да ауыз қалпын байқайық» деді. – Е, дұрыс. Жөні сол кісімен пікірлесу ғой, – деп Мырзабай да оны қостады. Бұл кезде ауыл ағасы Ақкөз болыс пен оның бишікештерінің ауыл шетіне кіргенін, баласының үйіне түскенін біліп отырған. Мұның сырына ой жүгіртіп, өзінше толғаныста еді. Жөні – олар осында түсуге тиіс еді. Немесе ауыл ақсақалдарын сонда алдырып, бірге сөйлесуі керек еді. Олай етпеді. Мырзабайды оңашалап «оқытып» жатыр. Болыс алдымен ақынның аузын алып, оны ағайынға айдап салмақ қой. Бізді де ақын арқылы арбамақшы ғой деген ой жетегінде болды алғаш. Артынша Мырзабай оған көне қоймас, арлы ақын еді ғой, алдана қоймас, сатыла қоймас! Ағайынға қарсы арандамас, жұрт алдында жүзқара бола қоймас» деп өзін-өзі жұбатты. Тағы бір селт еткенде оны «алдажалда Мырзабай торға түсіп қалса, болыстың сөзін сөйлеп, сойылын соғып шықса, не істеу керек? Бұл – ағайын арасына сына ұру ғой, бірін-біріне айдап салып, арандату ғой» деген ой билеп кетті. Болыс нөкерлерімен кеткен соң үйге қайта енген Мырзабай да төрде төсеулі жатқан төрт қабат көрпеге қисая кетіп, ойға шомды. «Шал не дер екен?! Қара жұмысқа жарамдылардың саны мынау, тізімі тізулі, аты-жөні мынау» деп жалпаң қағып, жарамсақтанар ма екен, жоқ, не оттап отырсыңдар, далаға тастай
алмай жүрген баламыз жоқ» деп қуып шығар ма екен» деп бір тоқтады. «Жасы келген кісі сезімге беріліп, селкілдеп, шарт кетпесе игі еді. Онда болыс бүкіл ауылды даттап, ұлыққа шағынады. Ол жазалаушы әскер шығарады. Оның зардабын елі көреді. Жөнін түсіндіріп, тігісін жатқызып, шығарып салса, дұрыс болар еді» деп іштей күбірлеп жатты... Бала мұнда, әке онда осылай дөңбекшіп жатқанда, Ақкөзге болыс нөкерлерімен осы үйге қаарй келе жатыр деген хабар жетті. Ол келін-кепшікке үй-ішін жинастырып, текемет төсеп, көрпе салып қоюды тапсырды да, жұқа бешпетін желбегей жамылып тысқа шықты. Шынында да, болыс қарнын ауырлап, аяғын зорға сүйретіп, шабарман-алармандарын асыранды итіндей артынан ертіп, осылай келе жатыр екен. Ақкөздің ойына «ерге қолындағы найзасы жарасады, биге елге тигізген пайдасы жарасады, ақсақалға ақылды айла жарасады» деген нақыл сап ете түсті. Ізеттілік, кішіпейілділік көрсеткен боп, олардың алдынан шықты. Қолдар алысылып, амандық-саулық сұрасылды. – Ақа, ауылыңызға кеп қалдық, қонақпыз, – деп болыс жылмың қақты. – Келіңіз, қоныңыз, болыс келіп, қонақ болса, қуанбаймыз ба? – деп Ақкөз түк білмегенсіп, жалпаңдаған болып жатыр. Қонақтар үйге енді. Болыс тоңқаңдап төрге өтті. Белді босатып, жеңіл шапанын шешіп, жүктің үстіне қарай өтті. Ақ қалпақты бұрышқа ұрды. Сонан соң жайлап барып, отыра алмай тарс етіп төсеулі көрпеге құлады. Жандайшаптар үйдің оң қанатына
жайғасты. Тағы да мал-жан, ауыл-аймақ амандығы сұрасылды. Ел аман, жұрт тыныш айтылды. Енді Ақаң бәйбішесі Қымбатқа қарап: – Қатын, әй, шай қойыңдар, қазан көтеріңдер! – деп дауыстады. Болыс қуақыланып; – Ақа, үйге қонақ келгенде жақсылардың бәйбішесі айтқызбай-ақ самауырды қоюға сүйрей жөнелуші еді. Сіздің ауыл бұл әдет-салттан шығып қалған ба? – деп, бір шалып қойды. – Неге қалсын, ата-баба дәстүрі ғой. Шайға қарай ма, қарамай ма деп іркіліп жатқан болар, – деп Ақкөз болыс сынын жуып-шайды. – Қайдам, ол әдетті Мырзабайдың үйінен көре алмадық, – деп, болыс тағы жымиды. – Солай болды ма? – Ақаң тағы іркіліп қалды. – Мырзабай атына лайық, мырза кісі, үйіне қонақ келгенде жылқы сойып тастайды деуші еді. Ондай мырзалықты бізге көрсете қоймады. – Болыстың бұл сөзінде әрі кекесін, әрі өкпе-наз жатты. Оның «мырза, жылқы сойып тастайды» деуші едісінің сыры да бар еді. Мырзабай сырбаз, аса сыпайы, басынан сөз асырмайтын, әр нәрседен намысты бермеуге, ұятты болып қалмауға тырысатын адам екен. Шу өңірінің атақты Сауытбек, Жидебай, Қылышбай сияқты сал-серілерінің тобында көп жүрген. Төкпе ақындығымен, өткір тілмәрлігімен кең танылған. Өз ортасының талайын реті келгенде сөзден ұстап, атына лайықсыз істерін бетіне басып, жер қаптырып кетіп отырған. «Қап, бәлем сені ме» деп жүрген пері-сері серіктері бір күні «бұл Бұзау (руының аты
– Т.Қ.) сыртқа шықса, үзеңгі бауын алты қабат етіп шалқаяды. Шоқтығы биік, тұры есік пен төрдей тортөбел тұлпардың үстінде шіренгенде қара жер қарс айырыла жаздайды. Бұл мықтының кедейлігін бетіне басайық, жерге қаратып, ұялтайық» деп уәделеседі. Бір күні кешке апақ-сапақта Сауытбек бастаған бір топ сөз дүлдүлдері «Кім бар-ау, қонақпыз!» деп Мырзабайдың үйіне түсе-түсе қалады. Ақын «Өзіміз бармыз» деп үйден жүгіріп шығады. «Қонақпыз» деп тұрғандардың кім екенін көрген соң хабарласпай, бейуақытта сау етіп түсе қалғанынан-ақ «қулардың сынайын, сазға отырғызайын» деп келгенін біле қояды. Сыр білдірмей, «қош келдіңіздер, бір күн емес, апталап қонақ болыңыздар» деп жайраң қағып қарсы алады. Қонақтар: «Мынаның жалпаңдауы жаман емес, біздің келетінімізді естіп дайындалып қойған ба, тұяғы жоқ тұлдыр кедей еді, қысылмайды ғой» деп бір-біріне ымдасады. Мырзабай киіз үйдің есігін өзі көтеріп, ашып тұрып, «Бәйбіше, шақырсаң келмейтін қонақтар келді, киіз сал, қалыңдап көрпе төсе, жастық таста, шай қой, қазан көтер» деп дауыстайды. Дауыстапты да, «Кәне, үйге кіріңіздер, төрлетіңіздер» депті қонақтарға. Сал-перілер өз орындарын тауып жайғасып, аман-саулық сұрасқан соң, «Сіздер әңгімелесіп отыра тұрыңыздар, мен қонақ күту қамын қарастырайын» деп Мырзабай тысқа шығып кетеді. Үйдегілер «Мырзекең қандай қам қып жүр екен, шай дастарханына не жаймақшы, қазанына не салмақшы деп?» жымыңдасып отырады.
Бұл арада соярға малы жоқ Мырзабай сасқалақтап, інісі Ақмолданың үйіне жүгіріп барады. – Ойбай, бауырым, әжет аш, қонақ кеп қалды! – Менде қой жоқ қой! – Ең болмаса, қарызға бір ешкіңді бере тұр! – Ешкі арық, союға жарамайды. – Ойбай, арық болса да, бірін бер, жерге қаратпа! – Болмайды, ерігіп жүрген жын-перілеріңе берер малым жоқ. Мырзабай қос өкпесін қолына ап, алып-ұшып кіші інісі Қаймолданың үйіне жетеді. Жайды айтып, жалынады. Ол да тістей қатып, жетім лағын да бермейді. Бойын намыс кернеп, қиналып қара суға түскен ақын жүгіріп келіп, көрші екі жігітті шақырып алып, «тарт бері торы төбел тұлпарды» дейді. Қасапшы жігіттер әш-пәш дегенше тұлпарды құлатып, пышаққа іліндіреді. «Тез сойып, бас терісін сыпырып, шекесін айналдырып, бірер қазысын қазанға салып жіберіңдер» деп Мырзекең үйге кіреді. «Мені қайда кетті? – деп жатқан жоқсыздар ма?» – деп күле кіреді. «Асықпаңыздар, мал сойылып жатыр, аунап-қунап жатып, ішіп-жеп, сауық-думан құрып қайтарсыздар» деп жайлары жай танытады. Сәлден соң «Шай алдында тысқа шығып, қол шаясыздар ма?» деген ізет білдіреді. Қонақтар көтеріле тысқа шығады. Анадай жерде екі жігіттің бір малды жәукемдеп жатқанын, төрт бұтын жоғары көтеріп,ішек-қарнын ақтарып тастағанын көреді. Үйді айналып, аулақтай берген олар: – Ойбай, мынау жылқы сойғызып жатыр ғой!
– Қой, жылқы емес шығар? – Жылқы, қайдан алды екен? – «Байға мал бітсе, құт болсын дейді. Кедейге мал бітсе, қайдан алдың дейді» дегендей қылмасаңдаршы! – Ұрлап алды дейсің бе, ағайындарынан алған шығар, – деп күбір-күбір етіседі. Сал-серілер үйге кіріп қайта жайғасады. Дастархан жайылады, шай келеді. Шай дәмі жаман болмайды. Ас атасы – ақ бауырсақ, құрт, май, сары ірімшік, қант науат, тәтті жент, бәрі де болады. Ұялтып, қызартып тұқыртамыз деген Мырзабайдың мына дарқандығына дән риза болған қонақтар сөз таластырып, өнер жарыстырып, ұзақ отырады. Түн ауа табақ тартылады. Олар шеке ұстап, жамбас мұжып, жілік тістеп, қазы, қарта, жал-жаяға қайқая тояды. «Жесең тісіңе кіремін, жемесең, түсіңе кіремін» дейтін жылқы етіне бұлардың ұрты да, мұрты да майланып, таң ата ұйқыға кетеді. Жылқы еті олардың тісіне де, түсіне де кіреді. Майлы ет денелерін қыздырып, кеуделерін жалаңаштатады, көрпелерін тепкілетіп, ұйықтатпай дөңбекшітеді... Келесі күні қонақтар сәскеде тұрады. Сыртқа шығып, айналасын шолады. Жаюлы тұрған жылқы терісіне көздері түседі. Мініп жүрген торы төбел тұлпарының терісі екенін таниды. Таниды да енді сал-серілердің өздері қысылады, ұялып жерге қарайды. – Мынаған дауа жоқ екен! – Мініп жүрген, сүйікті жалғыз атын сойып жібергені несі, ей?!
– «Малы –жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» демей ме қазақ. – Аттан ар биік, арды сақтайық, ұятқа қалмайық деген ғой, – деп күбірлесіп, үй айналып кетеді. Аулаққа барып; «Мұнымыз ұят болды. Ұтамыз деп ұтылдық. Айыптымыз, айыбымызды тартайық» деп ақылдасады. Атқосшы болып жүрген бір жігітті Шуға шаптырады. Ауылдарынан бір көк жорға, бір жирен жүйрік, бес құлынды бие айдатып алдырып, Мырзабайдың алдына көлденең тартады. «Сізді ұялтамыз деп жүріп, өзіміз ұятты болдық. Мынау тартқан айыбымыз» – деп Мырзабайды кезеккезек құшақтап бауырларына қысады. «Қойыңдар, құрметті қонақтарыма сойылған атымды төлеткенім маған да ұят» деп ол да зар қағады. Бірақ сал-серілер болмай, тартқан айыптарын алуға ақынды көндіреді. Қызықты думан құрып, тағы да 2-3 күн жатады. Сонан соң Мырзабайды көкжорғаға мінгізіп, ортаға алып, Аша еліндегі үлкен бір тойға аттанады. Мырзабайдың осы мәрттігі, оған сал-серілердің еткен жауап мәрттігі ел арасына аңыз болып кеткен еді. Болыс «Мырзабай мырза, қонаққа жылқы құлатып тастайды деуші еді. Бізге ондай мырзалық көрсетпеді» дегенде осы оқиғаны айтып отыр еді. Мұны түсіне қойған Ақкөз: – Болысеке, қонсаңыз, сойыс табылар, – деп қана қойды. Оның өзін қондырып, жылқы сойып, қол қусыра қояйын деп отырмағанын сезген болыс: – Рахмет, күн кешкіріп қалды, қайтуымыз керек, – деп атүсті ғана сөйлесіп кеткісі келетінін аңғартты. – Онда бұйымтайыңызды айта беріңіз, – дедң
Ақаң. – Қай бір жақсы жайлы бұйымтай дейсіз. Патша ағзамның жаңа жарлығын орындаңдар деген бұйрық алдық. – Е, орындаңыздар! – Орындасақ, ауылыңыздың 18-35 жас аралығындағы жастарының тізімін жасатып, жөнелтуге дайындаңыз! – Бұған Ақкөз жымиып күлді. Күлді де: – Ел азаматтарын аттандыруға дайындайтындай олардың билігі менде ме? Әркім өз баласына өзі ие емес пе? – деді. – Ақа, ештеме түсінбейтін, білмейтін кісі құсамаңыз. Әр ауылды ақсақалы, ағасы басқарады. Ел тізгіні солардың қолында болады.Бұзау ауылының тізгіні сізде. Сіз айтсаңыз, ешкім қарсылық қылмайды, көнеді, баласын қара жұмысқа береді. – Болысеке, ауыл ағасы, ақсақалы екенім рас. Бірақ елдің баласын билеп-төстеп, солдатқа бересің деп айта алмаймын. Ауыл көркі – жігіт-желеңді қойша көгендеп патшаңыздың алдына салып беру құдай алдында күнә. – Олай демеңіз, Ақа! Құс балапаны да қанаттанып жөніне кетеді, тағдырдың тап қылған көліне кетеді. Бала да ата-анасымен өмір бақи бірге жүрмейді. – Баланың ата-анасымен бірге жүрмеуі майданға зорлап алынып, шет жерде оққа ұшуы, көмусіз қалуы емес. – Ақа-ай, «қырық жыл қырған болса да ажалды өледі» демей ме? Солдатқа кеткеннің бәрі оққа
ұшып, көмусіз қала ма? – Қалай десеңіз де, болысеке, жастарды майданға айдау – өлімге айдау, көп азаматты ажалынан бұрын өлтіру. – Ғұмырдың басы – туу, аяғы – өлу. Өлімнен неге қорқа бересіздер? – Қорықпасаңыз, өз бала-шағаңызды айдаңыз өлімге. – Сіздің балаларыңыз патшаға қызмет етпей үйде отыра ма? – Патшаға қызмет ету майданға барып қан төгу, оққа ұшу ғана емес. – Сонымен өз балаларыңызды да солдатқа жібермейсіз бе? – Жібермеймін. «Қубас болар айғыр құлынын талайды» дейді. Балаларымды қолдан өлімге беріп, қубас боп қалар жайым жоқ. – Ақа, ат патшаға бағынбаған оққа тұрар, аяғының астына қарамаған орға құлар. Ақылға салып, іс істегеніңіз жөн болар. – Ерлердің сыбағасы күрес, талас, қуғын-сүргін. Біз осы жолды таңдадық. Басқа салғанды көрдік. – Бұл ақырғы сөз, ақырғы шешім бе? – Иә, екі сөзділік – ерге сын. Осымен «келіссөз» бітті. Екі жақ оң шешімге келе алмады. Болыс «өлер бала молаға қарай қашады», есерліктің зияны елге тиеді деп аттанып кетті. *** Келесі базар күні Ақкөз Меркіге тартты. Ойы
–орталықта не болып жатыр екен, көрейін, басқа болыстарда патша жарлығын орындау қалай өтіп жатыр екен, естиін, базарға келген қалың елдің көңіл-күйі қалай екен, байқайын, пристав пен оның қолшоқпарларының не істеп, не деп жатқанын білейін деді. Сәл кешеуілдеп келген Ақкөз Төрткүлдің төбесіндегі үлкен жиынның үстінен шықты. Айқай-шу, біреуді біреу тыңдау жоқ. Әр тұстан: – Біздерден солдатқа адам алмаймыз деп ақ патша антын ішті, ант атсын оны! – Асыл адам айнымас деуші еді, ақ патшаң асыл емес – жасық, пәтуәсіз, пасық болды ғой! – Қиянға барып қырылғанша, қиянатшылардың қолында өлейік! – Ағаш бір орында тұрып көгереді, адам ата мекенінде көгереді. Туған жерді тастап ешқайда бармаймыз деген дауыстар естіледі. Бұған қарсы: – Ер жігітті майданда көр, сері жігітті мейрамда көр деген. Солдатқа барып өзлеріңді көрсетіңдер! – Ешкім ата-анасын жанына байлап жүрген жоқ, ата-бабаның бәрі туған жерде өлген жоқ. Қарсылықты қойыңдар, солдатқа барыңдар! – «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген, аман-есен қайтып келесіңдер, деген дауыстар да шығады. Міне, қара арғымағын қаңтарып қойып, шайхана сәкісіне Қарабай шықты. – Оу, қадірлі халайық, босқа даурығасыңдар. Патша жарлығызаң. Заңға бағыну керек. Ол алам дегенін алады. Ауыл ақсақалдары, қайдасыңдар?
Елдеріңе айтыңдар, адамдарын берсін! Сендер мақұл десеңдер, көнбейтін, ермейтін ел жоқ! – деп, ол сөзін қысқа қайырды. Оның пікірін шай ішіп, жіпсіп отырған Бойхан қажы қолдады: – Патша ағзамның мизамына қарсы болу – күнә. Солдатқа алыну жастарымыздың маңдайына жазылған шығар. Жазмыштың жазғанына көнбеу – құдайға қарсылық. Алла алдында күнәһәр болмас үшін патшаның сұраған адамын беру керек. Бұл сөздерді естігенде жұрт бұрынғыдан да гулей түсті. – Қара жұмысқа Қарабай-ақ барсын! – Патша ықыласына сол-ақ ие болсын! – Патша шенін сол-ақ тақсын! – Құдай алдында күнәһар болмасын, майданға Бойхан қажыны жіберу керек деген айқайлар тағы айтылып жатты. Қарабай орнынан тұрып, оң қолын көтеріп, «сабыр етіңіздер!» деген белгі берді де, «ауыл ақсақалдарынан сөйлейтін адам бар ма?» деп сұрады. Қаптаған қалың қауым арасынан біреу «бар» деп саңқ етті де, ел басынан асыра тоқпақтай түйілген жұдырығын көрсетті. Ортаға келідей сопақ басты, бурыл шашты, сорайған тісті, түр-түсі сұсты, әрбір жағы жарты кез, бойы екі кез, жауырыны жалпақ жатқан жайылымдай, палуан денелі, жасы кемелді ұзынтұра шықты. Бұл – батыр Жарастардың (ру атыТ.Қ.) бірі Досмайл деген дәу еді. – Осы патша өкіметінің шенеуніктері бізді қорқыта-қорқыта әбден сужүрек етті. Ардан,
намыстан айы-рып, түбімізге жетті. Біз батыр ел едік. «Алып емен қураса отын болады, батырды жүндей берсе, қатын болады» деген рас екен. Біз қазір қатын болдық. Екі бетті, екі жүзді болдық. Міне, бүгін біріміз – патша жарлығын орындамаймыз, оған адам бермейміз десе, екіншіміз орындаймыз, бәрін береміз деп жалпылдап жатыр. Сөйтіп, екі жарылып, алауыз болып, билеушілердің қолжаулығына, мазағына айналып отырмыз. – Ағайындар-ау! «Ауыл иті бөрі көргенде бірігеді, Қаңсыған бөшке су тигенде кірігеді» деген бар еді. Жау көргенде бірікпей, ит құрлы жоқпыз ба? Төбемізден су емес, қан жауғанда кірікпей, қасыған бөшке құрлы жоқпыз ба? «Намыссыздық – ездік, намыссыздардан бездік» деп сілкініп тұрар кез қайда?! Төле би бабамыз: «Батыр деген – барақ ат, екі долы қатынның бірі табады, би дегенің бір бұлақ, оны қатынның ілуде бірі табады» деген екен. Сол екі қатынның бірі табатын батыр ұлды осы елдегі қалың қараша қатындарының бірі де тумаған ба? Найза ұстар, қол бастар, атойлап намысқа шабар бір адам табылмай ма? Мына сөзден Қарабайдың зәресі кетті. – Сен не деп тұрсың? Көпті күреске көтеріп, жауға қарсы ел бастар батырлар тап деп тұрсың ғой! Тоқтат мұндай сөзіңді! – деп ақырды. Досмайл айтарын айтып болған екен. – Қарабай, білмеуші ме ең, соғыс соғысқа шақырмай ма? – деді де қарақұрым қауім ішіне кіріп кетті. Енді Қарабайдың көзі Ақкөзге түсті.
– Сіз не айтасыз? – деп оған зілдене тіл қатты. Қалпағын қолтығына қысып, ел алдына Ақаң шықты да сөйлеп кетті. – Болыс, билерді, зиялы сіздерді түсінбедік. Тұяққа тас батса, мүйіз сырқырайды деуші еді. Біздер – тұяқ болсақ, сіздер –мүйізсіздер. Тұяқтар тасырқап, мүжіліп жатқанда, мүйіздердің мыңқ етпей, мұңсыз отырғаны қалай, қайта тұяқтарды онан сайын тұқыртып, табанға таптап жатырсыздар. «Мал – адамның түрі, перзенті – қызыл гүлі». Елдің сол қызыл гүлін алдырам дейсіңдер, оққа тосып ерте солдырам дейсіңдер. «Ит құтырса, иесін қабады, өзі күзететін қотанына шабады» дегенді істеп отырсыңдар! Сендер осы ел сатқанды, содан пайда тапқанды қашан қоясыңдар? Айтпады демеңдер, момын елді қорлай берсеңдер, онан да мықты зор шығар, қаптаған ертең қол шығар. Бұл батыл пікір, өрт шығарайын деп тұрған ескертуді Ақкөз ерекше екпінмен, ашынған ызамен, арындап тұрып айтты. Хан базарда тұрған қалың қол тағы қаһарлы қозғалысқа келді. Кейбір ат үстіндгі тентектер тебініп, шылауын қағып, аттарын тік шаншылтып о жер, бұ жерден қыр көрсетіп те қойды. Досмайлдың айтқаны анау болды, Ақкөздің айтқаны мынау болды. Қаһарлы қалың халық қалшылдап тұр. Күткен сөзін ести алмаған Қарабай мен Бойхан тарс етті. – Ақкөз, сенің осы бұзықтығың қалмайды. Қашан болса да елді бұра тартып, «бүйректен сирақ шығарып жүресің». Сендейлер бір оқтық. Оққа
ұшып өлесің! – Ақкөз де ашуға басты, кеудесін ашып: – Атшы, кәне, көрейін дәулігіңді, – деп Қарабайға жетіп барды. Қарабай сасайын деді, реті келсе, қашайын деді. Сабырлы пішін сақтаған боп, қаңтарулы тұрған қара арғымаққа беттеді. Қай жағымнан кім періп кетер екен деп, қып-қып етіп келіп үзеңгіге жармасты. Бір танысы қолтығынан демеп, дүмінен тіреп аттандырды. Атына қомпайып қонғанда ғана оған тіл бітті. «Торғай құтырса, бүркітке шабады, артынан аузы-басын қан жабады» деген деп, бір тебініп қара жорғаны төгілтіп жүріп кетті. Қалың қауым енді Ақкөз бен Досмайлды ортаға алды. Бәрінің аузында – «қайтеміз?», «не істейміз?», «елге келген пәледен қалай құтыламыз?», «Төнген қауіптен жастарды қалай құтқарамыз?» деген сұраулар. Ақкөз оларға өзінше сақтықпен жауап берді. – Ағайын, – деді ол, – Мен жастарыңа майданға барыңдар, бармаңдар, үлкендеріңе балаларыңды солдатқа беріңдер, бермеңдер, – деп кеңес бере алмаймын. Оған менің ақым жоқ. Әркімнің өз ақылшысы, өз ата-анасы бар. Өздері шешсін. Ал өзіңіз қалай етесіз десеңіздер, менің үлкен атам Аралдан Қойайдар, Қосан, Нұрақ деген үш ұл бар. Ел аузының «Қойайдар қойға бай, Қосан ұлға бай, Нұрақты құдай ұрғаны-ай» деген сөзі бар. Мен – ұлға бай Қосанның екінші перзентімін. Жасым алпысқа иек артты. Рахманқұл, Әбиқұл, Атыхан деген үш ұлым бар. Оның екеуі және ағайындардың
бірнеше баласы патша жарлығына ілініп тұр. Біз өз еркімізбен олардың бірде бірін қолдан шығармақ емеспіз. Қалай етіп, оны уақыт көрсетеді. Әзірше сіздерге айтарым, қиянатқа қарсы үдейтін болыңдар, жауға қарсы түлейтін болыңдар! Бұл сөздердің мәнін біреулер түсінді. Көтеріліске дайындалыңдар дегені ғой деп өзара сыбырласты. Біреулер түсінбеді. Өз балаларын солдатқа қалай бермейтінін айтпады ғой деп біріне-бірі қарасты.
- * Верный қаласы. Әскери губернатор Фольбаум кабинеті. Қабылдау бөлмедегі телефон зар илей қалды. Трубканы түсі суық мұздай, көзі тұздай, аузы оймақтай, ерні қаймақтай, ұзын бойлы, бота тірсек, жирен қыз көтерді. – Алло, бұл қайдан? – Меркіден. – Кіммен байланысқыңыз келеді? – Губернатормен. – Қазір. Жирен қыз губернаторға кірді де: – Сізбен Меркі приставы Лундин сөйлеспекші, – деді. Генерал трубканы көтерді. – Алло, хал қалай, тыныштық па? – Хал әдірше жаман емес, бірақ тыныштық болмай тұр. – Не болды? – Ел толқуда, күннен күнге көтеріліс хаупі төніп келеді.
– Ол неден көрінеді? – Жиі-жиі жиындар өткізіп, қол құрап, қаружарақ жасап, өліспей беріспейміз деп жатыр. – Ұйымдастырушы, бастаушы, айқайшылары кім? – Ақкөз Қосанов, Досмайл дегендер. – Бағыт-бағдар беретін саяси көсемдері бар ма? – Әзір белгісіз. – Сол идеялық жетекшілерін анықтаңдар! Алдымен оларды қолға түсіріңдер. – Ойбай, олар көріне ме? – Неге көрінбейді, көздерің қайда көретін? Көру керек. – Көруге тырысайық. – Шамамен көтерілісшілер жағына шыққандар саны қанша болады? – Аз емес, мыңдап саналады. – Өз күштеріңмен оларды баса аласыңдар ма? – Көтеріліс жалпыхалықтық сипат алып кетсе, өз күшіміз жете қоймас. Көмек керек. – Толқудың кең етек алуына, өршуіне жол бермеңдер! Көтерілгендерді бір-біріне басын қоспай, қанмен басып отырыңдар. Қажет болып жатса, көмек те жеткіземіз. – Құп болады! – Осымен Лундиннің даусы өшті. Мұнан соң Фольбаум Ташкент генералгубернаторы Куропаткинмен байланысты. Өз кезегінде бұл да жағдайдың жайсыз екенін баяндап, көз жасын төкті. – Көтеріліс етек алып барады. Верный маңында Бекболат, Қожамбек, оған іргелес Қордайда Асан,
Бейсенбай, оның арғы жағындағы Меркіде Ақкөз, Шығыс жақта Саурықтың Ұзағы, Жәмеке, Қапалда Матай Нұрлан, Тәнекенің Қожабегі, Лепсіде Балтабек, Омар дегендер елді дүрліктіріп, қарулы қарсылыққа бел байлап отыр. Шудың арғы бетіндгі қырғыздар да өз отрядтарын құрып, көтеріліске дайындалып жатыр,- деп зарлады. Куропаткин оның сөзін бөліп: – Өзің не істеп жатырсың? Соны айтсаңшы? – деп дік етті. – Өзім Жетісу өңірін 17 соғыс учаскесі етіп бөлдім. Оның әрқайсысына бес мыңнан жаяу әскер, бір мыңнан атты әскер қоюды жоспарлап отырмын. – Ондай әскерің бар ма? – Барын хауіпті-ау деген жерлерге шоғырландырдым. Кемін сіздерден күтеміз. – Әскерден басқа пайдалануға болатын қандай күш бар? – Мұндағы кулактарды бас етіп, көшіп келген орыстарды да қаруландырып жатырмыз. – Жарайды. Мен Әулиеата арықылы 2 батареясы, 4 пулеметі бар подполковник Гейсиктің, 8 пулеметі, бір батареясы бар Алатыриевтің отрядтарын жіберейін, – деді Ташкент губернаторы. – Пішпек, Қордай жағына олар жеткенше қашан. Бұл өңірге көмекті жақынырақтан жіберген дұрыс болар. – Мұның да жөн екен. Ол жағына Самарқаннан Нарын асуы арқылы капитан Фонбурзийдің отряды барады. Оның төрт пулеметі және тау арасындағы соғыста қолданылатын екі зеңбірегі бар.
– Рахмет! – Ерекше ескертемін: көтерілісшілерге ешбір жанашырлық, аяушылық болмасын! – Құп болады! – Олардың жоғары жағындағыларын тау жықпылдарына қуып тығып, қырыңдар! Төменгі жағындағыларын сусыз, нәрсіз құмға қуып, құртыңдар! Куропаткин уәдеде тұрды. Көтерілісшілерді қанмен басу үшін ешнәрсе аяған жоқ. Жетісуда қозғалыс мүлде қабындап кеткенде, армиядан казакорыстардың екі полкын тағы жіберді. 21-тамызда ол Фольбумға мынадай телеграмма жолдады: «Казак-орыстардың екі полкін және екі батареяны қоспағанда, Сіздің өзіңіз құраған әскер мен біз жіберген көмекші әскерлерден Сіздің қарауыңызда 35 рота, 24 сотня, 240 атты разведчик, 16 зеңбірек, 47 пулемет болады. Черняев, Романовский, Кауфман, Скобелевтер Сырдарияны, Самарқанды алғанда олардың әскері бұдан әлде қайда аз болатын». Бұл Ташкент генерал-губернаторының «осынша күш, осынша қару-жарақты бере алмасам, маған серт, онымен қазақ даласын, қырғыз тауларын ерсіліқарсылы таптап өтіп, көтерілісшілердің ауылдарын қынадай қырып, жоя алмасаң – саған серт!» дегені еді. * Ақкөз Меркіден ауылына арқаланып қайтты. Арқасынан бір ауыр жүк түскендей, сергек сезініп
қайтты. Айтарын Қарабай, Атамырзаларға айтып қалғанына, батыл да ашық айтқанына іштей риза болып қайтты. Хан базарда халықпен кездескеніне, бетпе-бет тілдескеніне, азаматтардың арманаңсарын аңғарғанына, санда жоқ санасының жаңарғанына қуанып қайтты. Кедейлер кеудесін кек кернегеніне, тас түйін болып түйілгеніне, биболыстардың әділетсіздігіне күйінгеніне көзі жетіп қайтты. Азаматтардың «аттан» десең, атқа қонғалы тұрғанына, ұлт-азаттық күресіне бет бұрғанына сүйсініп қайтты. Алайда, көтеріліске бірден, бел шешіп кірісіп кетуге асықпады. «Әліптің артын байқайықшы, қалай болар екен? Би-болыстар қайтер екен? Қара жұмысқа алынатындардың тізімін қалай жасар екен? » деп, Ақаң сабыр сақтап жатты. Бірақ мұның да хабары көп күттірмеді, тезақ жетті. Болыс, старшындар бұл істе алақолдық жасапты, арамдыққа барыпты. Тек кедей балаларын мұрнынан тізіпті. Байлар мен
барлардың, «көсемдер» мен үстемдердің балаларының шын жасын жасырып, жүз үйден бір адам іліндірмепті. Мұны білген қара табан қаралардың кеудесін ыза кернеп, ашуға мініпті. Болыс, старшындарды қуып жүріп сабап, тізімдерді тартып алып, өртей бастапты. Бұл хабардың үстіне Ибақ болыстың тізімі де келіп түсті. Онымен танысқан Ақкөз тұла бойы селкілдеп, сақалы желпілдеп, жүрегі тарсылдап, ашу қысып, арсылдап кетті. Бұзау елінің бас көтерерінен ешкім қалмапты.Үлкені де, кішісі де майданға аттандырылатындардың жасында болып
шығыпты. «Бұл неткен басбұзарлық, бұл не деген басынғандық?!» Әділдік қайда, әділеттілік қайда?! Иман деген болмай ма?! Тізімде бай балалары неге жоқ? Олар құнды да, кедей балалары құнсыз ба? Арзан да құнсыз болмайды, қымбат та мінсіз болмайды. Болыс, билер мұны неге ойламайды?!» деп Ақкөз аласұрды. Дәл осы күйзелістің үстінде Мырзабай, Қиялбай, Биназар келіп қалды. Шалт қимылды, шарт мінезді Биназар сөйлей кірді. – Міне, Ақа, жақынды қас деп білдік, қу, сұмдарды бас деп білдік. Ақыры жақсылар жаман болды, алаяқтар аман болды, -деп оң жақ іргеге барып жамбастап жатты. – Патшадан қайыр кеткен екен, болыс, старшыннан мейір кеткен екен, – деп Қиялбай да қисайды. Ақкөз бұларға бет түзеді де: – Ұнжырғаларың түспесін. Алла салған істі көреміз. Енді басқа таңдау жоқ, тек үстемдердің қолында өлеміз, – деген шешімін айтты. Артынша қалған ағайындармен ақылдасты. Бұл шешімді олар да мақұлдасты.Ақкөз енді Дулаттың басқа бас көтерерлерімен пікірлесуді жөн көрді. Меркідегі Қабылбекке, Әулиеатадағы Керімбайға мынадай хат жазды: «Меркіде сең қозғалды. Бай, кедей екі тап болып бөлінді. «Соқыр бір іс бастады, оны құдай оңдаса» дегендей, кедейлер жағы жастарды өлімге қолдан байлап бергенше, патшаның жарлығын орындаудан бас тартып, күреске көтерілуге бел байлады. Қысылғанда елге пана болыңдар, ақылшы болыңдар! Бұл істе
қасымыздан табылыңдар! Қол қосасыңдар ма, соны айтыңдар!» – Хаттың аяғына Ақкөз Қосанұлы деп қол қойды да, «Сөзді екіұшты қылмай тез де ашық жауап беріңдер», деген ескерту жасады. Мұнан соң жылқыдан тоқпақ жалды, жуан торы ат алдырды. Биназарды қасына шақырды. Оған «зейін қойып тыңдап ал» деп «жауынгерлік» міндетін түсіндірді: «Анау тұрған атқа мінесің. Мына хатты Меркіге, одан Әулиеатаға жеткізесің. Бұл-құпия хат, ешкімнің қолына түспейтін болсын. Тек аталған адамдардың өзіне тигіз. Кездескен адамдармен сөйлеспеуге тырыс, сыр алдырып қойма! Жекжат аулап жүрген жанмын дей сал! Әулиеата осы арадан 200 шақырым жер. Атың жараса, бір қонып жетесің. Торы ат жарауға тиіс, күтімдегі белді ат. Ары кетсе екі қонарсың! Үш-төрт күнде хатқа жауап алып қайт!» Биназар бұл «әскери» тапсырманы тыңдап болған соң әлденедей уәж айтпақ болып қипақтап еді, Ақкөз «сөзді қой» деп тыйып тастады. Көнбеске дәрмен жоқ. Биекең мәсісін шешіп, ұлтарақтарының астына хаттарды салды да, шұлғауды қалыңдап орап қайта киді. Құпия хатты жау қолына түсірмеске бел байлап, атқа қонды. * Бір күні «Меркіге Тұрар Рысқұлов келіпті. Елмен кездесіп, кеңеседі екен» деген хабар тарады. Рас еді. «Патшаның июнь жарлығы жұртты дүрліктірді. Ел ішіне бүлік салды, жік салды. Түнде ұйқыдан,
күндіз күлкіден қалды. «Ел не істерін білер ме екен, жоқ босқа арандап, отқа күйер ме екен?» деген ой оған маза бермеді. Ақыры, «қой мұндайда елден шет қалмайын, оның күресінен тыс тұрмайын» деп Ташкенттегі оқуын, жұмысын тастап, Меркіге жетіп еді. Түнде-түнде жұрт Тұрар тоқтаған үйге қарай ағылды. Өздерінің «қалай етсек» деген көңілдегі күпті сұрақтарына жауап тауып, қайтып жатты. Бірнеше адамына алды-артын бақылатып, абайлап, астыртын ол үйге Ақкөз бен Досмайл да жетті. Ел қамын жеген ерлер құшақтасып көрісті. Келгендердің ниеттес өз адамдары екенін сезген соң бүйірдегі бір бөлмеден Қабылбек Сармолдаев сәлдемдесіп шыға келді. Ол әлгіде, есік қағылғанда «әлдекім кеп қалды» деп бой тасалай тұрған еді. Бұлар ойдағысы, қырдағысы бас қосып қалғанына қатты қуанды. Көтеріліс жөнінде асықпай отырып пікір бөлісті. Тұрар бұл орайда көп әңгіме айтып, мол мәлімет, мағлұмат берді, көп мәселеден көтеріліс басшыларының көзін ашты. – Қос езгі елді тұншықтырып, тынысын тарылтып, шыдамын шегіне жеткізіп болды. Төзімі таусылған қазақтардың қаһарына мініп, айқасқа бел байлауын түсінуге болады. Сіздердің бұл күрестеріңіз – қиянатқа, әділетсіздікке қарсы ар күресі, намыс күресі. Ар жолында жан –садаға, жан шығады, шығын болады деп теңдік, азаттық іздемеу, бостандық үшін күреспеу – сорлылық, бишаралық, – деп елдің, азаттық арпалысына аттануын ақтай, қостай сөйледі.
Тұрар осыны айтып сәл ойланып қалғанда, Қабылбек сөз қосты. – Қарусыз халықтың мұншалықты қарсыласуға бару себебін біз білеміз. Бұл – отаршылдық өктемдіктің шектен шығуы, малыңды алдық, енді жаныңды бер деуі, жергілікті әкімшіліктің қатігездігі, әділетсіздігі... Ол осыны айта бергенде Ақкөз бен Досмайл жарыса: – Халықты ата қонысынан аластады ғой! – Тауға, құмға қуып, егіндік, шабындық жерлерді тартып алды ғой. – Есіктен келіп, төр менікі деп, баса-көктеп поселкалар салғанын қайтерсің?! – Судың басына орналасып алып, қаңсытқанына қалай шыдарсың? – Өз жеріңді басқаның, одан мал айдап өткенің үшін айып салғанына, тұяқ салығын алғанына не дерсің?! – деп зарлай жөнелді. Тұрар үзілген сөзін жалғады. – Бәрі рас. Сонда да біздікі теріс, көтерілісшілерді дұрыс деп отырған патша өкіметі жоқ. Қайта бұл қозғалысты қанмен басудың жоспарын жасап отыр. Ол бойынша көтерілісшілерді таудағы аса алмас асуларға айдап апарып, түлейдегі шөлге, құмға қуып тығып, қойдай қырмақ. – Тұрардың сөзін Досмайл бөлді. – Бұрын ақ патшаның бұратана халықтардан солдатқа адам алмаймыз деп уәде бергені рас па? – Рас, оны өткен ғасырдағы патша берген. Ол уәде теріге алтынмен жазылып, оның мөрі басылып, қолы қойылған.
– Айтқанынан айнып, лебізін жұтып отырған қазіргі патша Мекалай екен ғой! – Иә, патша ағзам пәтуәда тұрмады. Бұлай етпесе керек еді. – Күресіміз немен бітер екен? – Бұл сұрақты қойып, Ақкөз ойға қалды. Жауабын Тұрар берді. – Бұл күресте, әрине, аңсаған азаттықты алу мүмкін бола қоймас. Жастарды майданға жібермей, аман алып қалсаңдар, соның өзі – зор жеңіс. Тұрар мұны айтқанда көтеріліс басшылары бірбіріне қарады. Оларға елді босқа қырып, обалына қалар ма екенбіз деген күдік ой келді. Екеуі жарыса: – Енді не істейміз? – Қалай еткен жөн? – деп ақыл-кеңес сұрады. Тұрар тағы түсіндірді. – Әрине, қазақ жастарын солдатқа берудің пайдасы да бар. Біріншіден, олар әскери дайындықтардан өтеді. Соғыстың стратегия, тактикасымен танысады. Қару ұстап, оны қолдануды үйренеді, тактикасын меңгереді. Екіншіден, сана-сезімі оянып, көзі ашылып, саяси белсенділігі артады. Үшіншіден, әскерге алынған қазақтар әртүрлі салық езгісінен құтылады. Төртіншіден, ел тыныштығы бұзылмайды. Осының бәрі – бостандыққа жетудің алғы шарттары. –. Сонда қалай, майданға жастарды алуға көну керек дейсіз бе? – .Жоқ, патша ағзам жастарды солдатқа алып, қолына қару беріп, жауынгер жасақ құрам деп отырған жоқ қой, майданның қара жұмысын істетем деп отыр ғой. Тұрар мұны айтқанда Ақкөз:
– .Жастарымыз ор қазуды, жер қазуды елде жүріпақ үйренер, – деп күлді. Тұрар сөзін жалғастырды: – .Әрине, сіздер бастаған күрес жолы өте қиын, одан бас тарту оңай. Бірақ сіздер күрестен енді бас тартқанмен, солдатқа адам беруге келіскенімен, патша өкіметі кешірмейді, бәрібір қудалайды, жазалайды. Осы жерде сөзге Қабылбек араласты. – Иә, енді кеш. «Поезд кетіп қалды» дегендей, күресті бастап қойдыңыздар. Енді қайта тартар жол жоқ. Тек тәуекел етіп, басқа салғанды көру, тағдырға көну, – деді ол. Мұны көтеріліс басшыларының өздері де түсінетін. – .Күрестен бас тартайық деп отырған біз де жоқ. – Ар алдында берген антымыз бар. – Антты жұту, серттен тайқу да – өлім. –. Одан да күресіп өлеміз, – деп жатты олар да. Тұрар және түсіндірді. – Сіздердің бұл күрестеріңіздің де зор пайдасы, тарихи маңызы болады. «Басқа салды, біз көндік» деп бұрынғыдай езгіге көне берсеңіздер, өмірбақи сол езгіде, со теңсіздікте қала бересіздер Арпалыспағанға азаттық жоқ, күреспегенге күн жоқ. «Бәрібір жеңе алмаймыз» деп жотаны тепкіге тосып жата беру – жетесіздік. Сондықтан оқта-текте текетіреске түсіп, айбынды күш екендіктеріңізді аңғартып қою артық емес. Ол – езушілерге ескерту. Бірақ бұл күресте екі нәрсені есте сақтау керек. Күресті жалпы орысқа емес, патша шенеуніктеріне, орыс кулактары мен қазақ байларына, соларға қызмет етіп жүрген бишікештерге қарсы жүргізу қажет. Орыс шаруаларына ұрыну – қате. Қайта өзара
түсінісу, оларды өз жақтарыңызға тарту лазым. Бұл күресте жеңіске жету үшін ұйымдасу, тас түйін боп бірігу –шарт. Бұған жұмысшыларды, кедей қолөнершілерді, жерсіз жалған шаруаларды, орыс кулактарының босағасында жүрген батырақтарды түгел тарту қажет. Сөйтіп, күреске жалпыхалықтық сипат беру керек... Патша отаршылдығына қарсы бұл азаттық күресінің стратегиялық, тактикалық жөнжосығынан осындай ақыл-кеңес алып, Ақкөздер хан ордасына қайтты. Ертеңнен бастап күреске тағы да ел тартуды, тұс-тұсқа ат шаптырып, әртүрлі әлеуметтік топтың бәрінің алдынан өтуді өздеріне міндет етіп қойды. * Биназар Ақерменнен шығып, екі бел асып, Ойтал өзенінің шығыс жағында қапталдап жатқан соқта жолға түсті. Барып-барып оны кесіп өтетін бұрынғы Жібек жолының сүрлеуімен батысқа бет бұрды. Қызтуған өзеніне жеткен соң жаға жолмен Меркіге қарай тартты. Бұл жерлер әлі ел іші, биекең әзір елегізи елеңдей қоған жоқ. Салып-ұрып, ел орынға отыра Меркіге кірді. Көп ұзамай, Қабылбектің ауласына енді. Ол үйінде екен. Сәлемдесіп Ақкөздің жұмсағанын мәлімдеді. Оңашалап ұлтанда жатқан хатты алып тапсырды. Асығыстығын білдіріп, бүгін Құланға (қазіргі – Луговой – Т.Қ.) жетіп құлайын деп, атқа қайта қонды.
Түн түсті. Жол үсті. Ойрандының аузынан тау самалы соға бастады. Сәлден соң жабыққа ілінген жарты күлшедей боп ай туды. Ол бір жақ бетін көлегейлеген арудай Биекеңнің төбесінен төніп, қылмиып көз қысқандай болады. Міне, ғарышты жұлдыздар басты. Олар «жол болсын, Биеке, қайда тарттыңыз?» дегендей, жымың-жымың етеді. Биекең айлы түнде алтыбақан ойнап жатқан қызкеліншектердің ортасында отырғандай екі жаққа теңселіп, ыңылдап әнге басады. Торы түнгі салқында желе жортып, орғи аттап, жер апшысын қуырып келеді. Қожай ауылын артқа тастап, Тасшолақты төстей өтіп, Жалпақсазды жинап барып, Құлан шетіне ілінді. Міне, Құлан ауылы. Бұл – иықтас жатқан араласқұралас ел. Мұнда қатар құрбы, жекжат-жұрағат көп. «Қайсысына түссем» екен, қайсысы ауырламайды. Қайсысының үйі жайлы, қайсысында аттың жайы болады». Биназар осы оймен келеді. Ақыры ол осындағы ескі құдасына тоқтауды ұйғарды. Өйткені оның үйі ауылдың төс жақ шетінде, оңаша. Ертелеп ары қарай шығып кетуге де ыңғайлы. Қора-қопсы, жем-шөбі мол, аттың да жайы болады... Құда құдайға қараған кісі екен. Қалбалақтап қарсы алды. «Иә, түнделетіп қайдан жүрсің?» деген сұрағына Биекең Әулиеата жаққа қонаққа бара жатырмын дей салды. Шай-пәй ішті де, «таңсәріде тұрып кетемін, жайлы төсек салмай-ақ қойыңдар» деп қисая кетті. Құда «жайланып жатсаңшы, еш болмаса мәсіңді шешіп демалсаңшы» деп еді, Биназар без ете қалды. Сол қалпында ұйқыға кетті.
Суыды-ау деген кезде құда тысқа шығып, оның атына жем ілді. Ұзақ жол жүріп, шаршап келіп, қалғып-мүлгіп тұрған торы жерді бір тарпып, жемге бас қойды. Жеп болған соң құда атдорбаны алып, оның алдына көк жоңышқа салып тастады... Таң қылау бере Биназар басын жастықтан жұлып алды. Айналасын қарманып, балтырын сипалап еді, мәсісі аяғында екен. «Аманаттан айырылмаппыз» деді де, сыртқа шықты. Торы ат иесін танып оқыранды. Қасына келіп, мойнын, қапталын, саурын сипады. Жемделіп, шөптеліп, тоғайып тұрғаны танылды. Осы сәтте ол құйрығын сәл көтеріп «жүруге мен дайын» дегендей, тезегін тастап-тастап жіберді. Мұны көріп Биназар «құдай қаласа, жол болды» деп торыны ерттей бастады. Міне, жолаушы тағы жолда. Күн салқында өндіріп жүріп алайын деп саржеліп келеді. Ойлы-ылдилы жерлерде аттың басын жіберіп-жіберіп қояды. Талай бел-белес артта қалды. Бір белден ассаң, екінші бел, үшінші бел, төртінші бел көлденеңдеп көлбей жатады. Биекең алақтап, айналаға көз салып байқап, бағдарлап қояды. Қарсы келе жатқан адамды алыстан көрсе, қиғаштап жүріп, сырттатып, барып айқасады. Шағын денелі Биназар үлкен аттың үстінде бала кетіп бара жатқандай көрінеді. Көп өткінші оған назар да аудармайды... Осылай тау асып, тас басып, екінші қонаққа жолаушы діттеген жеріне, баратын еліне жетті... – Кереке, Сізге Ақкөз жіберді. Айтар сәлемі мынада, – деп хатты ұсынды. Ол оны оқи бастағандаақ мырс етіп күлді. Оқып болды. Сәлден соң:
– Ақкөз алжиын деген екен! «Арыстан айға шауып мерт болыпты» дегендей, өлейін деген екен. Алжымаса, ақ патшаның алтын тағына ауыз сала ма? Ол бірте-бірте ашуға мінгендей, өңі қызарып, шеке тамырлары адырайып, даусын қатайта түсті. – Ақкөздің бұл ісі болмайды, жапалақ тал басына қонбайды. Ақкөз –жапалақ, патша –тұйғын. Оның тұғыры биік, тепкісі мықты. Кімді, нені болса да теуіп, түсіріп кетеді. Мұны айтып Керімбай тағы бөгелді. «Дұрыс па» дегендей, жан-жағындағыларға қарады. Олардың қуаттап отырғанын көріп, ары қарай сөзін жалғастырды: – Аш, жалаңаш, қару-жарағы жоқ қазақ патша әскерімен қалай соғысады, қанша соғысады? Он үйінде бір қап азық жоқ. Не ішіп-жеп соғысады? Ақкөздың бұл ісінің ақыры оңбайды. Биназар, былжырамай, ел арасына іріткі салмай, еліңе қайт, жөніңді тап! Мына пәлеңді өзің алып кет,- деп хатты лақтырды. Керімбайдың қасында қымызға қызара бөрітіп отырған қалжақтар бұған қарқ-қарқ күліп, Биназарды мазақтады. Бірі:
Ат арық, киім жыртық, өңкей сорлы, Түкіріп таста енді ондайыңды Ортаңда бір байың жоқ, кім қорғайды Бекер босқа созбағын борбайыңды, – деп кекетіп, келемеждеді. Енді бірі:
Азық-түлік, ортаңда еш қорың жоқ, Ойладың ба, кім бізді қорғайды деп. Байлар – қырғи болғанда, кедей –шымшық, Қырғи ауқат қылмай ма торғайды жеп, – деп күлкі етті. Биназар жер болып, кеудесі ашу-ызаға толып қайта қайтты. «Сенген малым сен болсаң, күйсеген аузыңды...»дегендей, сенген ағайын сен болсаң, неғылайын, деп қайғы тартты. Таластың жағасына кеп ат шалдырды. «Біреудің қолына түсіріп, пәлеге қалармын, өзіне қайта апарып қажеті не» деп, Ақкөздің хатын майдалап жыртып суға ағызды да, жүріп кетті. Үш күн дегенде салы суға батып, ат болдыртып, арып-ашып елге жетті. Ақкөз аласұрып «япырай, бұған не болды, аман болса игі еді. Кешікті ғой» деп, тағат таппай отыр екен. Қарсы жүгіре шығып, Биназарын бас салды. Алдымен ол Керімбайдың жауабын сұраған жоқ, өзінің есендігін сұрады. «Ат-көлігің аман ба, деніқарның сау ма? Атың арыған жоқ па?» деп шұқшиып жатты. – Бәрі аман, бірақ... – Биназар сөзінің аяғын жұтып, үміттің ақталмағанын аңғартты. Мұның арасынша ауыл адамдары да жиналып қалды.Жайғасып отырған соң Биназар олардың алдына Керімбайдың жауабын жайып салды. Өзін тәлкек қылып, мазақтап «сүтке тиген күшіктей» еткенін мұңая баяндады. Бәрін тыңдап болған соң Ақкөз: «Қосылмайтын, қолдамайтын бопты ғой, жақтырмаған екен ғой. Мейлі» деп оған аса өкінбеген
кейіп танытты. «Алауыз ағайынның бірігуі, бірінбірі түсінуі қиын, оған өкінбе, ренжіме! Үйіңе бар да, асыңды ішіп, аяғыңды аспанға қойып жат, демал»,- деді.Биназар сол жерде екі көзі төрт болып, жәудіреп өзін күтіп отырған Жәудірін (жамағатының аты –Т.Қ.) ертіп, шығып кетті. Бұл тұста соқыр пристав та бейқам қарап жатпады. Қайда, не болып жатыр, кім не дейді, жалпы жұрттың ой-пікірі қандай екенін естіпбіліп отыру үшін тұс-тұсқа жансыздарын жіберді. Көше-көшеге тыңшыларын қойды. Ел арасына тараған әрбір ұзынқұлақ әңгімелерге де мән беріп, тексеріп-зерттеп, анық-қанығына, дұрыс-бұрысына көз жеткізіп отырды. Бұл жергілікті полицайларға әрі жұмыс болды, әрі ырыс болды. Күнде де, түнде де әркімді ұстап, жоқ жерден ілік тауып кінәлап, қаралап, кейбірінен параны ап, қалталарын қалыңдатты. Көп ұзамай Тұрарға да тықыр түсті. Бір күні оған пристав хатшысы Шолахин келді. – Сізді пристав Лундин мырза шақырады, – деді, Тұрар оның неге сағынып қалғанын сезе қойды. Сонда да кейбір нәрселерді анықтағысы келді. – Ол кісі мені қайдан біледі? – Қайдам. – Мен бұл жердің адамы емеспін, менде не шаруасы бар екен? – Білмеймін. – Ештеме білмейсіз. Жарайды.Сіз бара беріңіз. Мен жуынып, киініп сонан соң барамын. – Жоқ, бірге жүріңіз, маған Сізді алып кел деген.
– Тұрар тарс кетті. – Әй, алып кел дейтін мен қамаудағы адам емеспін ғой! Сонан соң ғана хатшы үйден шығып қайқайды. Лундин соқыр көзін қыса қарап, сау көзін аша қарап, қабақ түйіп қарсы алды. Дегенмен,орындық нұсқап отыруға шақырды. Амандықтан соң сұрауларын бастады. – Ал, Тұрар Рысқұлович, Сіз қайдан жүрсіз? – Сіз мені қайдан білесіз? – Неге білмейік! Сіз бізге жерлессіз ғой. Сіз Меркіде оқыған жоқсыз ба? – Иә, оқыдым. – Біз Сіздің әкеңіздің әрекетінен де хабардармыз. Есепте екеніне, аңдуда екеніне Тұрардың көзі айқын жетті. – Бұл күнде қайдасыз? – Ташкенттемін. – Оқудасыз ба, қызметтесіз бе? – Қызметтемін. – Қандай мекемеде істейсіз? – Ташкент жанындағы «Красный водопад» атты тәжірибе жүргізу мекемесіндемін. – Мұнда қашан келдіңіз? – Бірер апта болды. – Сіздің жасыңыздағылар патша ағзамның жарлығымен майданға, қара жұмысқа кетіп жатыр. Сіз мұнда қайдан жүрсіз? Бұл қалай? – Соған кетер алдында ағайындармен қоштасуға келіп ем... – Қоштасуға келсеңіз, енді қайтпайсыз ба, әлі қоштасып бола алмай жатырсыз ба?
– Ағайын көп, келіп-кетіп жатқан адамдар бар. – Кулактарда жүрген батырақтар, жәмшіктер, шаруалар, көтеріліс көсемдері – бәрі сіздің ағайындар ма? – Қарға тамырлы қазақпыз, бәрі ағайын ғой... Осы тұста пристав орнынан тұрды да: – Тұрар мырза, бұлтақтауды қойыңыз,осында айға қарап отырғамыз жоқ. Бізге бәрі белгілі, – деді. – Не белгілі? Пристав бұл сұрауға жауап бермеді. –Ташкентіңе қайт, әйтпесе қамауға алынасың! – Жазықсыз адамды қамай алмайтын шығарсыз?! Ағайындарды аралап, қаражат жинап алып қайтамын. – Елді аралауыңызға тыйым саламын. Кеткенше үй тұтқынында боласыз. – Мұныңыз билігіңізді асыра пайдалану. – Тұрар қоштасты да, шығып кетті. Бұл әңгімеден Тұрар үйінде басқосулардың, мәжіліс өткізіп, ақылдасулардың, келіп-кетушілердің болып тұратынынан приставтың хабардар екені, бірақ бірден кінә қойып, жазалауға нақты дәлел, негіздерінің жоқ екендігі аңғарылады.Тұрар әлгі қоқан-лоққыдан қорықпады. Көтерілісшілер қасында болуды ұйғарды. Бірақ артынша сүзек ауруына шалдығып, төсек тартып жатып қалды. Үй тұтқынында болуға лажсыз тура келді. Тұрармен әңгімеден соң Лундин почтателеграф мекемесінің бастығын шақыртты. Ол асып-сасып жетті. Келе салып, бас киімін алып, тоңқаң-тоңқаң етіп сәлем беріп, құлдық ұрып жатыр. Пристав оған
отыр деген де жоқ. Бірден сұрақтар қоя бастады. – Сендерде Сармолдаев Қабылбек деген істей ме? – Істейді. – Қайдан келген адам? – Мына «Ойтал» деген жердегі Қоралас ауылының баласы. – Бала ма, үлкен кісі ме? – 19-20 жастағы балаң жігіт. – Қандай қызметкер? – Жақсы қызметкер. Сауаты бар, тындырымды. – Тындырымдының не тындырып жүргенін білесің бе? – Жұмыс тындырып жүр. – Білмейсің! Ол-көтеріліске дем берушілердің бірі. Оның көтерілісшілермен байланысын үзу қажет. – Қайтіп? – Тапсырма беріп, Верныйға командировкаға айда. Мына ел толқуы басылғанша қайтарма! – Құп болады! Почта бастығы артымен шегініп,басын шұлғи-шұлғи шығып кетті. Кеңсесіне келе салып ол Қабылбекті іздетті. Қайда, қайда? Табыңдар деп тағатын тауысты. Оның алдына Қабылбек келтірілді.Бастық жайдарыланып, жымиып, түсін өзгерте қойған кесірткедей құбыла қалды. Орнынан тұрып, қолын берді, отыруға орындық ұсынды. Сонан соң сөз бастады. – Мені бүгін пристав шақырды. Сенімді, тындырымды адамың бар ма деп сұрады. Ондай адамдар әр жерде-ақ, әр мекемеде-ақ болады ғой. Бізде де бар, неге жоқ болсын дедім. Сондай адам
деп өзіңді атадым. Ол жымиып күліп қойды. – Рахмет. Ондай адам неге қажет болды екен? – деп сұрады Қабылбек. – Пішпекке, Верныйға аса құпия хаттар жеткізу керек көрінеді. Соған Сізді ұсындым. – Оны менен басқа адам апара алмай ма? – Құпия нәрселерді кім көрінгеннің қолына сеніп тапсыра салуға болмайды. Қабекең әртүрлі уәж айтып, бұлтаққа салды. Бастық көнбеді. Бұйрыққа бағыну – тәртіп. Бармасқа лажы болмады. Кетерінде оған «күтіп жатып, әр хаттың жауабын алып қайт! Жауапсыз келме!» деп тапсырды. Сонымен көтерілісшілер ақылдасатын адамдарынан айрылды. Жетім қалған баладай жаутаңдады. Тұрар науқас, тұра алмай жатыр. Қабылбек сапарға кетті. * Тұрардан келісімен Ақкөз аяқ жетер жердегі, іштартар елдегі бас көтерер азаматтарды шақырды. «Ер жігіт намысқа шабады, қорқақтар қамысқа қашады» деген емес пе? Жүрегінің түгі бар, қаһарман қайсарлар қаптап келеді. Еңсесі төмен ездер бұта-бұта түбінде бұғып қалды. Келгендерге Ақкөз мынаны айтты: – Тізімге ілінген жастар ақ көбік шашып, жарға соққан теңіз толқынындай тегеурін танытып тұр. Соларға ес болуымыз, бас болуымыз керек. «Шешінген судан тайынбайды», соларды өлімге
байлап бермейік, қолдайық! Патша өкіметі күшпен, зорлап айдап әкетпек болса, жастарға ара түсейік, қорғайық. Бұл үшін қоғамдасып қол жинайық, сарбаздар сайлайық! Оларды ойнатып, әскер өнерімен таныстырайық. Бұған белгілі, ыңғайлы жер керек. Мен мұндай жер Тағай талы деп білемін.Ертеңнен бастап сол жерге ту тігейік, орталық орнатайық. Қолға қосылатынның бәрін сонда шақырып, күреске дайындайық, қару-жарақ соғайық. Әулиеата жағындағы ағайындардан көңіл қалды, олар қорқақтап қосылмайтын болды. Біз көтеріліске Меркідегі жеті болыс елді ғана тартамыз. Алдымен бай,болыс, би, бектерді, тілмаш,старшын, саудагерлерді шабамыз. Олардан азық-түлік, киім-кешек, мал жинап алып, Меркі, Құлан, Шу қалалрына сонан соң шабуыл жасаймыз. Бұл ой-жоспар жиналған жұрттың жүрегіне қонды. Бірауыздан қолдап, қостауға, адамдарын күреске қатыстыруға пәтуә етісті. Осы шешімді жеткізу үшін тұс-тұсқа, ел-елге ат шаптырылды. Ақкөз өз адамдарын ертіп, көші-қонын алып Тағай талына ерте жетті. Бұл – Ойтал өзенінің Сортоған аяғындағы Қаратөбеден төмендеп барып жайылыңқырап ағатын тұсы. Өткен ғасырдың екінші жартысында Қоралас руының, Алты атасынан шыққан Жиренбайұлы Тағай деген кісі осы жерге қоныс тепкен. Сондағы тегістеу алаңқайға, өзеннің екі жағасына қалың ағаш отырғызып, нуға айналдырып жіберген. Сонау төсте, Меркі аузында тұрып қарасаң, 30-40 шақырым жердегі Тағайдың биік те қалың талы анық көрінетін болған. Сулы,
нулы, көлеңкелі қоныс сарбаздар жинауға ыңғайлыақ еді. Бұл жердің тағы бір тарихи қасиеті – атақты Жібек жолының жалғыз аяғы осы Тағай талын басып өтетін. Ерсілі-қарсылы шұбаған талай керуен оның саялы бағына тоқтамай, ат шалдырмай кетпеген. Міне, енді осы тарихи жерге сырғауыл шаншылып, ту тігілді, штаб ашылды. Бағдар шамдай алыстан желбіреген туға қарай жұрт ағылды. Ең алдымен таяу жатқан «Қызтуған» жағасындағы Жарастар (ру аты-Т.Қ.) жетті. Баяғы Досмайл келіп дабыл қақты. Жұмағұл, Сыдық, Итқара дегенді онбасы, елубасы, жүзбасы етіп, 100 кісі өткізді. Қорағаты өзенінің бойын жайлаған тантайларды бастап Ылаубай, Көпбай, Қанайларды бастап Шынбатша келді. Тоқан қораласты, Жәнтелі, Бура қораласты Қамбарбек, Байдәулет қораласты Қашқынбай бастап бұлар жетті. Әлімжаныс Қыдырбай көп адам болып ол келді.Малқара-мамыр, Бесторсық ерлерін Тескенбай бастап бұл келді. Ақкөздің өз елі-Бұзаудан 300 жігіт табылды. Мырзабай мен Жабықбай, Пірімбек пен Сұлтанбек ат ойнатып шабынды. Бұларды көріп Ақкөз де шиыршық атып серпілді. «Құдайдан соңғы жақыным – сенемін мен сендерге» деп желпінді. Қарабала,Сыбаншы бастаған Төрелер де қол берді. Сонымен қалың ел Тағай талына қаптады. Өзеннің екі жағасындағы көкмайсаның шаңын шығарып таптады. Сансыз сарбаз шамырқанып сөз күтті. «Алаш» деген аттанға, ағайынның аңдыздауына қалың ел қуанғаннан жас төкті. Міне, Досмайл Ақкөзді ертіп ортаға шықты. Ол оң қолын көтеріп, «тынышталыңыздар, тынышталыңыздар» дегендей
болды. Хабарланғандар түгел келіп болды ма? Біздегі дерек бойынша бірсыпыра ел әлі келіп жетпеген тәрізді.- Осыны айтып Досмайл кейбір елді сұрастыра бастады. – Жауғаш қораластан кім бар? – Біз бар! – айылшы Тортай қол көтерді. – Жәдіктен кім бар? – Мен бармын, мен бар, – деп бірнеше адам жұрт үстінен асырып қол көрсетті. – Жүз сарбазбен мен келдім, – деп Маймақ шешен де айқай салды.. – Қарпық қайда? – Біз мұнда! 113 кісі сапта тұр, – деп Тұржан жауап берді. – Құдайқұл қайда? – Екі жүз адаммен біз мұнда, – деп Қосақбай қопаң етті. – Шіліктен ешкім жоқ қой? – Неге жоқ болсын, сарбаздарымызбен осындамыз, – деп Айдар айқайлады. Оған Қалқамбай қосылды. – Бәрің де келіпсіңдер, неге тіркелмегенсіңдер? Тіркеліңдер! Сарбаздар санын анықтауымыз керек. Осыны айтып Досмайл Ақкөзге бірдеме деп жатты. Ол басын изеді. Содан соң ғана: «Осы бас қосуымыздың басында тұрған, ел ағасы, біріңе ата, біріңе әке, Ақкөз ақсақалды тыңдаңыздар!» -деді. Мың сан қолға Ақкөз қияннан шалар қырандай көз тастады, қайыспас қарағайдай қасқайып тұрып сөз бастады: – Уа, халайық, көріп отырсыздар, дүниені мұнар
басты, көңілден қуаныш қашты, әділетсіздік шектен асты, кеудеде ыза-кек тасты. «Басшылар әділ болса, ел тату болады» деуші еді, олар әділ емес, ала болды, жегені пара болды, мұнысын айтқан қара болды. Өйткені, қырғи, қаршыға орнына құзғын, құмай таққа қонды, сауысқан-қарға баққа қонды. Олар үстемдерді адам көрді, кедейлерді харам көрді. Сендерді өлімге айдап, қиянат найзасын сұғып отыр, бай мырзаларының жасын жасырып, тығып отыр. – Не істейміз? Бұл әділетсіздікке көнеміз бе. Әлде, оған қарсы күресіп өлеміз бе? – Күресеміз! – Күресіп өлеміз! – деген дауыс жер жаңғыртты. Ақкөз ары қарай ашылды. Рас, өмір-күрес. Күресте сәттілік те, сәтсіздік те болады. Сәттілік –жеңіс, сәтсіздік – сабақ. Дәл бүгін жаннан безбесең, жақсылыққа жетпейсің. Күреспесең күнің қараң, зарлап қалар қатын-балаң. Осыны білесіңдер ме? – Білеміз! – Білеміз! –Дала тағы жаңғырықты. Ақаң сөзін және жалғады. – Ертеде Ерден би: «Ел мықтысы ұранға шығады, ер мықтысы дуанға шығады. Азамат аталы ердің сөзін ұғады, ез жаудан қырғи көрген торғайдай бұғады» деген екен. Ұранға, дуанға шығасыңдар ма? – Шығамыз! – Ар сөзін, намыс сөзін ұқтыңдар ма? – Ұқтық! – Жау көргенде бұқпаймыз ба?
– Бұқпаймыз! – Пәтуәға тоқтаймыз ба? – Тоқтаймыз. – Ал ендеше, қол жайыңдар! Жұрт қос қолын көтеріп, самаладай сансыз саусақтарын көкке қарай созғанда, ғарышқа мың сан ракета кеңірдек созып тұрғандай болды. Ақкөз бата берді: – Сарбаздарым, тек жеңіске жерік болыңдар, бірбіріңе серік болыңдар, жердей берік болыңдар! Елге көрік болыңдар, жауға жаза болыңдар, халыққа маза болыңдар, судай таза болыңдар! Айтқан серттен қайтпайық, ар-ұятты сақтайық! Жауды көріп саспайық, бұқпантайлап қашпайық! Әумин! Он мыңдаған адам осы «әуминді» қайталап, беттерін бір сипап өткенде су-у еткен сұсты белгі естілді. Пәтуәласу мұнымен бітпеді. Алпыс құнан қой сойылып, қанына қол малынып, ант алынды. Міскін менен пақырлар етке тойды. Азаттық үшін арпалысқа аттану жөнінде ант ішілген соң Досмайл екінші мәселені, яғни ұйымдастыру мәселесін алға тартты. Басшысыз ел,- деді ол,- бағдарсыз ел, басшысыз елдің басы бірікпейді, батпаққа батады. Сондықтан атабаба мұндайда хан сайлайтын болған. Сол дәстүр бойынша хан сайлауымыз керек. Ол беделді, батыр, ақылды, адал адам болуға тиіс. Тақ иесіне өз пайдасын ойлайтын езді емес, ел пайдасын ойлайтын ерді атаңдар! – Ақкөз! – Ақкөз!
– Тек, Ақкөз, – деп жұрт жамырай жөнелді. – Ақкөзге кінә қояр адам бар ма? – Жоқ! – Жоқ! – Ендеше, Ақкөз Қосанұлы хан болып сайлансын дегендерің қол көтеріңдер! Он мыңдаған қол ауаны тіле аспанға атылғанда үйрек, қаз көлден көтерілгенде шығатын суыл естілді. – Қарсы жоқ па? Ешбір қылтиған, қылқиған қол көрінбеді. – Қалыс қалған бар ма?-Бұған да ешкім қол шошайта қоймады. – Ал,ағайын, сонымен Ақаң – көтерілісшілердің ханы. Ол бүгіннен бастап барлық іс-қимыл, әрекетке басшылық етеді. Хан жарлығы – заң.Оның айтқаны қайта қарусыз, талқылаусыз орындалады.- Осы тұста Жауғаш батыр ұрпағы Айылшы қол көтерді. – Менде бір ұсыныс бар! – Айтыңыз! Досмайл ұсынысын білдіруге оған рұқсат берді. – Уәзірсіз, кеңесшісіз хан болмайды. Елді сақтау, қорғау, оның тұрмыс жағдайын жасау, күресті нәтижелі жүргізу оңай шаруа емес. Бұл –жалғыз ханға ауыр. Оған ақылшы керек. Хан да пенде. Оның аурулы-сырқаулы болып қалуы мүмкін. Осындайды басшылықты уәзір жүргізуге тиіс. – Мұны жұрт «дұрыс,дұрыс» деп қостады. Бұл ұсынысты жөн санаған Ақаң: – Бұған кімді лайық көресіздер, – деді. – Досмайл! – Досмайл лайықты!
– Содан дұрысы жоқ! Жұрт шулап кетті. Бұл ұсыныс та дауысқа салынды. Бірауыздан қолданды. Хан уәзірімен ел сеніміне рахмет айтып, «он, елу, жүз, мыңбасыларын әр елдің аға, ақсақалдары өздері белгілесін. Сарбаздарын өздері дайындықтан өткізіп, өздері қару-жарақпен жасақтасын», – деді. Осылайша мұнда көтеріліс мәселелері дала демократиясы жолымен шешілді. Сол күннен күреске дайындық ісі басталып та кетті. Әр ел ыңғайлы жер тауып, өз ұстаханасын ашты. Олар түзу, құрғақ ағаштан найза жонды, ұшына айырлардың ашасын тықты. Келтек, кеспектерден шоқпар, шалғыдан қылыш жасады. Әртүрлі темір-терсектен айбалта соқты. Көріктердің гүрілі, балғалардың солқылы, темірдің шыңылы Тағай талын симфониялық оркестрге айналдырды. Күрес көрігі осылай қыза бастағанда Төменгі Аша, Аққолтық азаматтары келіп жетті. Қордайдың мың қыраны да Тағай талын енді тапты. Ақкөз сарбаздар санын анықтап, хабарлауға пәрмен қылды. Артынша олардың саны он мыңнан асты деген мәлімет түсті.
- * Қабылбек үлкен қаражол үстінде. Қасында мұздай қаруланған қорғаушысы. Бұлар почта таситын күймелі көк арбаның артында отыр. Алдында – көшірі. Ол күймеге жегілген қара көктің арынына, аяқ тастасына тамсана қарайды. Екі ат бірін-бірі
жақтырмағандай, мойындарын сыртқа салып, сырт бүйірлеп төгіліп келеді. Аққан қара тер қара жерге тамшылайды. Омырау мен сауырды ақ көбік көміп жатыр. Секіре басып, ұмтыла тартып, қайықтай жеңіл күймені ойнақшытып, зыр қақтырады. Олар асығып келеді. Ойлары: «тапсырған істі тез орындап, тез оралсақ. Бүгін Пішпекке жетсек, онда бір қонып, ертеңіне Верныйға шығып кетсек». Сөз арасында: – Қашан қайтамыз? – дейді көшір. – Ол сені мен жоғарыдағы әкімдерге байланысты. Сенің ат-көлігің жараса, шенеуніктер хатқа жауабын тез берсе, он-он бес күнде қайтып кеп қалармыз, – дейді Қабылбек. – Бесінші қонаға Верныйға жеткіземін. Құдай басқа кесірінен сақтаса, менің тарапымнан кедергі бола қоймас. – Онда қайтуымыз істің бітуіне ғана байланысты болды. – Оны тез бітіру сіздердің ширақтықтарыңызға байланысты... – Көшір енді зілді Қабылбектердің өзіне аударып қойды. Бұлар келесі күні Пішпектің уезд бастығына кірді. Шекесіне «Аса құпия» деп жазылған, тұрқынан да, көлденеңінен де жіппен шырмалған, жіптің оралып кеп түйіскен жеріне сұрғыш қойып, мөрлеп тастаған хатты тапсырды. Жауабын Верныйдан келе жатып алатын болып, қайта жолға шықты. Түнда таза ауада суытылып, жем салынып, көк жоңышқаға қойылған аттар тынығып-ақ қалған екен. Әзір сансырай қоймапты, ойнап басып келеді. Түс ауа Ырғайты
өзенінің жағасында отырған Сырымбет еліне алып та жетті. Қарға тамырлы қазақ емес пе, бұл елде де Қабылбектің тамыр-таныс, жекжат-жұраты көп еді. «Осында ат шалдырып, түстеніп алайық» деді ол. Ел жайлауда отырған кез. Өзен бойлап, тау бөктерлеп қатар-қатар отырған қалың ауыл. Қарсы кездескен салт аттыдан Қабылбек Абдолланың Қалдыбайының ауылын сұрады. Анау жөн сілтеді. Сылдыр-сылдыр қоңыраулатып қос ат жеккен келісті күйме көлденең тоқтай қалғанда, үлкен ақ боз үйден бес-алты адам атып-атып шықты. Күймелі көк арбаны көргендер «бұл кім?» дегендей, состиыпсостиып тұрып қалды. Сәлден соң жасы отызға таянған жігіт арбадан түсіп жатқан Қабылбекті танып тұра жүгірді. – Қабеке, Сіз бе? Қайдан жүрсіз? – Біз, біз! Елден жүрміз. – Жол болсын. – Әлей болсын! Әкімдердің бұйрғымен Верныйға бара жатырмыз. – Үйге кіріңіздер... Есендік білісіп, шөл басысқан соң Қабылбек Қалдыбайды оңашалап әңгімеге тартты. – Ел іші тыныш па? – Қайдан тыныш болсын! Патша жарлығы елді қатты дүрліктіріп жатыр. – Меркі жағынан да солай. Не дейді ел? – Қалдыбай бірсыпыра жайтті әңгімеледі. – Жақында осындағы үш болыс елдің бас қосуы болды. Оған, негізінен, уезд басшыларының қолшоқпарларыболыстар, старшын, ауылнай,
тағы басқа атқамінерлер қатысты. Әңгіме солдатқа адам беру, бермеу туралы болды. Отаршылдықтың жергілікті итаршылары «патша ағзамның жарлығын орындамау-күнәһарлық, заңға, дінге қарсылық. Қасарыспай, сұраған адамын беру керек» деп сайрады. Шөміш жағының болысы Үшбай аузы-басы көпіріп, елді қорқыта, үркіте сөйледі. «Бастарыңа қара түнек тілемесеңдер, жастарды жөнге келтіріп, жиып беріңдер! Әйтпесе!.. » дегенді айтты. – Әр болыстың-ақ айтатыны сол ғой. Бұған ел не деді? – деп Қабекең сөзді бөлді. Үшбай осыны айтқанда отырғандардың ішінен ұзын бойлы, кең иықты, алпамсадай денелі, бүркіт көзді, қабағын қарс жапқан Асан деген қара жігіт қарғып тұрып : «Бөспеңіз, болысеке,көзіміздің ағы мен қарасы – жастарымыз қара жұмысқа көгендеп беретін қой емес. Жауыннан кейін жаңа көгеріп келе жатқан өртеңдерімізді өртке тағы шалдықтыра алмаймыз» деп кесіп айтты. – Азамат екен! Оны қолдаушылар болда ма? – Болды. Қожанбектің Бейсенбайы деген кедей жігіт қолдады. Ол да «патша кигізген қамыт мойнымызды алды, салған желкомы арқаға батып, жауыр қылды. Ағзамыңның айтқанын істейміз деп көргеніміз сор болды, ел-жұрт қор болды. Ендігі зорлыққа көне алмаймыз, жігіттерді қара жұмысқа бере алмаймыз» дегенді басып айтты. Бұратана халықтан солдат алса, қолымызға кетпен, күрек емес, қару-жарақ берсін дегенді біз де айттық. – Дұрыс бопты. – Дұрысы дұрыс қой. Бірақ болыстар жасы ілінген
адамдарды жинап береміз деп пәтуә қылысты, мәселені өздерінше шешті. – Шеше берсін. Ал әлгі жігіттер енді не істеп жатыр? – Олар сонау Сұлутөрге дейін ат шаптырып, қару жинап, қол жасақтап жатыр. – Осы өңірде өздерінше күреспек пе? – Әртүрлі ойда. Үшқоңырдағы Бекболат қолына немесе Шудың арғы бетіндегі қырғыз отрядына қосылсақ па дейді... Әңгіме үстінде Қабылбек Қалдыбайды Меркі шаруаларының қозғалысынан, Ақкөз қолының қимыл-әрекетінен хабардар етті. Бұл жөніндегі Тұрардың, өзінің сенім-нанымымен таныстырды. Күн ауа Қордай асуына қарай жол тартты. Қабылбектер Верныйға бесінші күн қонаға жетті. Келесі күні ертелетіп генерал-губернатордың кеңсесіне барды. Мұнда да дүрбелең, гу-гу әңгіме. Тиісті адамдарына «Аса құпия» қалпағын киген екінші хатты өткізді. Онда не жазылғаны, Меркі приставының қандай жауап күтіп отырғаны бұларға беймәлім Сонда да «хат жауабын қашан бересіздер, тез алып қайтуымыз керек» деген тілек айтылды. Оған нақты жауап болмады. Алдымен тиісті адамдар хат мазмұнымен таныссын, не деп жауап берерін ойлансын, жоғарыдағылармен ақылдассын дегенді айтты... Бес күн өтті. Қабылбек хат жауабын алуға күнде барады. Ондағылар «ертең кел, бүрсігүні кел» сырғытпаға салады. Алыс жер, бөтен елде жата беру жанға да жайсыз, ат-көлікке де ауыр. Мұның үстіне
ел тағдыры да жанды жай таптырмайды, елеңдетеді, елегіздіреді. Ертерек елге елге қайтсақ дегізеді. Көтерілісшілер «не тындырды, не бүлдірді» деген ойлар естен де, түстен де кетпейді. Асықпауға тағат жоқ, ұшарға қанат жоқ. Жауапсыз қайта беруге тағы болмайды. Онда басқа пәле анық орнайды. Осындай дел-сал күнде тағы 5-6 күн жүріп қалды. Ақыры айқыш-ұйқыш жіппен шырмалған, аузы сұрғышталып, мөр басылған конверт қолдарына тиді. Ала салып, алып-ұшып олар жолға шықты. * Арада айға жуық уақыт өтті. Ақкөз сарбаздары соғыс өнеріне өздерінше жаттығып жатыр. Көбіне ат үсті айқас әдістерімен айналысады. Бірін-бірі аттан аударысады, қылыштасады, найзаласады, сойылдасады, айбалтамен шабысады. Мұндай ұрысқа патшаның мылтықты солдаты келтіре ме, келтірмей ме?! Екі метр ағаштың басына қаққан істікпен өзін түйреп өлтіргенше мұздай қаруланған патша әскері қарап тұра ма? Мұны ойлап жатқан сарбаздар жоқ. Жаз бітуге айналды. Патша жарлығы орындалмады. Әулиета уезі бойынша тамыз айының аяғына дейін солдатқа үш мыңдай ғана адам жөнелтілді. Жоғарыдағылар «адам қайда? Аталарыңның басын бітіріп отырсыңдар ма? Дәрменсіздер, нансоғарлар» деп жеп барады. Ал жергілікті әкімдер не қыларын білмейді. Өз беттерімен талап етіп, қысым жасауға жасқанды. Көтерілісшілерді көндіруге Ташкенттен шыққан
әскерді күтті. Қаны қарайған халық әлі де сабыр сақтап, әліптің ақырын бағып, тұра тұрар ма еді, қайтер еді, егер күтпеген бірер оқиға болмаса. Ақкөз сарбаздары Тағай талының батысындағы Көлтоғанға, терістігіндегі Ақтөбеге, шығысындағы Беларыққа дейін шашырап, атыс-сайыс өнерін үйреніп ойнап жатқан. Бір кезде Беларық жонындағы көтерілген шаңды байқады. Патша әскері емес пе, біліп қайтыңдар деп жүзбасы 3-4 жігітті шаптырды. Олар төменнен төске қарай келе жатқан қос арғымақ жеккен көк пәуескені көрді. Бұл кім болды екен, білейік деп әлгілер тұра шапты. Бәрінен бұрын Жанғазы Айнақұлы деген ұзын қара жігіт жетіп, пәуескенің алдын орады. Ішіндегі Атамырзаны таныды. Оны түйремек боп найзасын ыңғайлай бергенде, Атамырза атып салды. Айнақұл атының жалын құшып барып құлап түсті. Қасындағылар жетіп келіп, аттарынан түсе-түсе қалып, «не болды, не болды», «ойбай, бауырымдап» жатқанда Атамырза қос арғымаққа қамшы бастырып, құстай ұшырып, белден асып үлгерді. Соғыспай жатып сарбазынан айрылған хан қолы қанына қарая түсті.Қозғалар күннің жақындағанын сезген олар байлар мен барлардың ауылын шауып, қойын қорасымен, жылқысын үйірімен айдап алып, азық-түлік қамдап, айқасқа дайындалды. Ақкөз сарбаздарын төрт отрядқа бөлді. Оның біріне Құланды алуды, екіншісіне Шалдуарды, үшіншісіне Новотроицкіні, төртіншісіне Меркіні алуды міндет етіп қойды. Апта өтпей екінші қанды оқиға болды. Соқыр
пристав 50 солдат алып, Атамырзаны Бойхан қажы ауылына келді. Оның ауылы мен хан ордасының арасы 15 шақырым ғана болатын. Приставтың ниетіжансыз жіберіп, Ақкөз қолында не болып жатқанын байқамақ. Жөні келсе, елші жіберіп, сөйлесіп, жөнге көндірмек. Бұлардың келгенін қажы ауылын барлап, ши ішінде жүрген Несіпбай біле қойды да, Ақкөзге жеткізді. Ол «сарбаздар сапқа» деп айқайға басты. Он жүзбасы,бір мыңбасына адам беріп Бойхан қажының ауылына қарай «аттан» деп қол сілтеді. Қарсыласқанын қан жұттырып, берілгенін тірідей менің алдыма жеткізіңдер деп бұйрық берді. Қол өзен бойымен өрлеп тұра қашты. Төрт мың тұяқтан топ-тобымен атылған топырақ айналаны көлегейлеп, күн көзін көрсетпей жіберді. Қолдың алды желдеп, арты шаң қапты. «Ойбай, қаптап келеді» деген хабарды естігенде пристав пен Атамырза алдарына жаңа жайыған дастарханды тастап, быжылдап қайнап тұрған самауырынды қағып құлатып, қарғып-қарғып сыртқа шықты. Шынында да қара түнек болып, қара дауыл келеді екен. Батырекеңдер асығып-аптығып, қабынып-сүрініп аттарына мініп, тұра қашты. Олардың алды-артына солдаттар түсіп қорғауға алды. Сарбаздар Бойхан ауылына жеткенде, әкімдердің зытып бара жатқанын көрді. Көп ұзап қапты. Жеткізбес демей, артынан қуып кеп берді. Бара-бара бірінен кейін бірі қалып, қуғыншылар қатары сирей бастады. Аты жүйріктер ғана бірте-бірте қашқандарға таяй берді. Сазды басып өтіп, «Қызтуған» жағасына жақындағанда оларды бірінші болып сары атымен
Шынбатша қуып жетті. Бірақ самсаған солдатқа шауып, жалғыз атты не тындырсын. Жанасып келе берген мұны да Атамырза атып салды. Осы сәтті Сүгір Қиялбай ақын кейін былай жырлады: Шынбатша мінген сары жүйрік, Ақ көбік болып терледі. Араласып солдатқа, Айқаста намысты бермеді. Айбалтамен ұрғанда, Сабы сынып балтаның Сілтеуге қайта келмеді. Атамырза арамза, Жанаса беріп көздеді, Шынбатшаға оқ тиіп, Сары аттан құлап өлгені. Кәлләден аққан қызыл қан, Тұла бойын көмгені. Құлаған жерде жан беріп, Сөйлеуге тілі келмеді.
Артынан жеткендер «ойбай, ойбай, не болды?» десіп, қанжоса болып жатқан Шынбатшаны ортаға алады. Бұлар жылап-сықтап, оның басын сүйеп жатқанда Шынбатшаның туысқаны Көбеген сары атқа міне сап, қашқандардың соңына түсті. Оларды Меркідегі қорған қақпасының алдында қуып жетті. Пристав пен Атамырза мұны да атып тастауға халық қаһарынан қорықты. Аттан түсе сап қорғанға жаяулап қойып-қойып кетті де, қақпаны тарс жауып алды.Атамырзаның ақ боз аты сыртта
қалды. Көбеген оны олжа салды. Артынша арындап басқа қуғыншылар да жетті. Бірақ бесатар ұстап бекіністе отырғандар бұларды беттетпеді.Атой салып, аттандап ұмтылған Шәкі, Туғанбай деген сарбаздар оққа ұшты. Бұларға сыртта жүрген бір солдат ат-патымен қолға түсті. Осы кезде қара жолдың үстінен бұрқыраған шаң шықты. Ашынып тұрған қаралы қол солай қарай ат қойды. Почта таситын төрт ат жеккен күйме екен. Ішінде төрт орыс отыр. Кеудесін кек кернеген көтерілісшілр оларды найзамен түйреп-түйреп, күймеден суырып-суырып алды. Ат арбасын «олжалап», өш алғандай өкпе басты. Түн түсе шейіт болғандарын өңгеріп, Тағай талына қарай тартты. Бұл қос қайғылы оқиға жалпы жұрттың жанын жаныды. Көтерлісшілердің ашу-ыза, кегінің кемерінен асып төгілуіне түрткі болды. Желөкпе жігіт-желеңдер «қашан жаппай шабуылға шығамыз, қашан қанға қан аламыз?» деп тыпыршыды. Ақкөз оларға «біз жөн-жосықсыз, себеп-салдарсыз соғыс іздеген қанқорлар емеспіз. Біз жастарымызды тартып алуға келіп, зорлық көрсетпек болғандармен ғана соғысамыз. Олар әлі алда келеді. Соларға күш сақтайық, оған шейін соғыс, сайыс өнеріне жаттыға түсейік. Әзірше аңдысын аңдиық, істің алды –артын байқайық» деп басу айтумен болды. Бұл ақыл айқасқа асыққан адамдарға тежеу бол алмады. Мұның үстіне Алматы төңірегіндегі Қаскелең, Ұзынағаш болыстарындағы қазақтарды Бекболат батыр бастап күреске шығыпты, Қарақолдағы қырғыздар да қиянатқа қарсылық
білдіріпті. Мына тұрған Қордайдағы Сырымбет елінің Қалғұтты, Ырғайты,Шөміш болыстарының жігіттерін ұймдастырып, Асан Тасболатұлы мен Бейсенбай Қожанбетұлы жергілікті әкімдердің әділетсіздігіне әл бермей жатыр екен деген хабарлар күннен күнге құлақ тұндырды.Бұл бәйгедегі ат айдаушының «ал, бала жолың болсын!» деген сөзін күтіп, ауздықпен алысып, бір орында тұра алмай тықыршыған тұлпарлардай елеңлеген ерлерді өртке тиген дауылдай дүрліктірді. * Күрессіз күнің қараң, алыспай азаттық жоқ деген Тұрар сөзі де «құланның қасынуына мылтықтың басуы дәл келді» дегендей болды. Қалшылдап тұрған қалың қолатқа қамшы басты. Артынша-ақ Ақкөз сарбаздарын Шудағы Новотроицкіге, батыстағы Құланға, шығыстағы Шалдаурға шабуыл жасауға жөнелтті. Өзі екі мыңбасымен бірге Меркіні алуға аттанды. Желдей ескен салт атты сарбаздар сәске-пәскедеақ қала шетіне келіп кірді. Сап түзеп, сатырлатып, сартылдатып пристав үйінің алдынан өткенде орыстың алпауыт кулактары, Атамырзаның алыпсатарлары, Қарабайдың құйыршықтары, би, бектердің, заузаты, болыстардың болымсыздары үйлеріне зып-зып берді. Ініне тығылған тышқандай бұға қалып,терезелерінен сығалап тұрды. Тасқа тиген тағалы аттардың тұяғынан шыққан от үстемдердің үрейін ұшырды.
Хан бастаған қол келе сала Төрткүлдің төбесіндегі қорғанды қоршады. Батысындағы биік жарлы Қарасу жағына қарауыл қойып, қалған үш жағынан бірдей шабуыл жасады. Бірақ ерсіліқарсылы сілтеген қылышқа, құлаштап ұрған балтаға, шірене сұққан найзаға қалың қабырға қыңқ етпеді. Биік қоршаулар асырмады. Шойын қақпалар ашылмады. Ішке тығылып алып, саңылаусаңылаудан оқ жаудырған солдаттар сан сарбазды сұлатып салды. Олар қылышқа шықпады. Найза жетер жерге келмеді. Осы жерде көтерілісшілер өз тіршілігімен жүрген 6 орыс, 4 өзбекті қолға түсірді. Біреулері «қанға – қан, жанға – жан. Шап бастырып, түйре, өлтір» деп тұра-тұра ұмтылысты. Ақкөз «Бұлардың кінәсі не? Жазықсыз жандардың қанын төкпеңдер!» – деп оларды тоқтатты. Ашуға ақылдан тұсау салды. Тағы біреулер: «Ақа-ау, бұлар жау ғой, мына қара шекпендер – келімсектер, ақ патшаның осындағы өкілдері, ал мына сарттар – Атамырзаның адамдары.Бұларды аяп адаспайық, жауды аяған жаралы болады» – деп еді, Ақкөз «Орыстың бәрі жау емес, орыс атаулының бәрі ақ патша адамы емес, сарттардың бәрі Атамырзаның туысы емес. Бұлар да – өздерің сияқты, қанауда жылап жүргенде, еңбекші кедейлер» деп әлгілерді жөніне жіберді. Қорғанды айнала шауып ала алмайтынын білген соң, «босқа қырылмайық» деп, Ақкөз қолдың бетін казак кулактарының поселкасы Кузьменкоға қарай бұрды. Сарбаздар «Сыпатайлап», «Жауғаш, Жауғаш» деп ұрандап, кулактар қонысына қаптады. Көшелерге
өрт қойып, талайды табанға салып таптады. Бірақ айнала шауып ондағы ірі «шортандарды» таппады. Олардың мал-дүниесін алып, жарлыжақыбайларға таратты. Жоқтардың ұрты айналып, мұрты майланып мәз болды. Бір топ сарбаз «бұл қанды оқиғаны пристав Ташкентке хабарлап қоймасын» деп байланыс бағаналарын өртеді. Құлағандарының сымын балталап қиды. Қатты керілген бір сымды шауып кеп жібергенде, оның ұшы анадай жерде тұрған Ақша елінің Қоңырбай руынан шыққан Шәкі палуанның басын жұлып әкетеді. Екі күн жүріп, айнала шауып, тындырған іс осы болды. Пайдадан зиян көп, жеңістен жеңіліс көп, адам шығыны одан көп. Сарбаздар соқыр приставқа жете алмай жүдеді.Енді олар тау бөктерлеп байкулактардың селосына –Каменкаға қарай ат қойды. Мұнда да қолдың маңдайы тасқа тиді. Қос қабырғалы қорған құшақ жайып, қарсы ала қоймады. Бекініс берілмеді. Ондағы солдаттар да оқ жаудырып жуытпады. Бірер күн торып жатқан қолдың азықтүлігі таусылып, екпіні басыла бастады. Ақкөз Досмайлға: – Япырай, бізге не болды? Ордағы орысты онда да ала алмадық, мұнда да ала алмадық. Тордағы торғайдай томпайып-томпайып отырамыз ба? – деді. – Не істейміз? – деп, Досмайлдың да жүзі төмендеді... Ақкөздің көтерілісішілерді төртке бөліп, тұстұсқа жіберіп жатқанын пристав біліп отырған. Ол да әр өңірдегі болыстарға әскер бөліп, оларға жергілікті
бай-кулактарды қосып алып, басбұзарлардың сазайын тарттырыңдар деп нұсқау берген. Аспара болысы Медеров Бектен Ақкөздер Меркіге бет алған күні қаруланған 100 солдат, Филипп деген кулак бөлген 200 казакты жасақтап, Шалдуарға келе жатқан Ақкөз қолын Мықан өзенінде күтіп отырған. Далақтап шауып келе жатқан сарбаздарды бұлар оқпен қарсы алды. Әне-міне дегенше, аттар тоңқалаң асып, төңкеріліп түсіп келе жатқан сарбаздар көрінді. Кейбір батырлар оған қарамай атой сап, жағада жатқан жауға араласты. Ә дегенде сасқалақтап қалған солдаттарды ат бауырына алып, үзеңгімен бастан теуін, сойылмен соғып, найзамен түйреп,жамсатып-ақ салды. Айбалтамен желкесінен қиылып, сайға домалаған бастар да болды. Сәлден соң есін жиған Бектен қолы шегіне соғысып, араны ашып алды да, оқ жаудырды. Анадайдан атылған оққа қарсы қылар қайрат қалмаған соң, Ақкөздер қолы қайта қашты. Қашқан қолды қайырып салу оңай ма? Олар тоқтамай зытты. Солдаттар мен казактар оқта-текте мылтықты тарс еткізіп қойып, бұларды құмға дейін қуды. Жеңісіне масаттанып қайтып келе жатқан Бектен бастаған солдаттар «Ақөлеңде» отырған 40 үйлі саңырақ (рудың аты-Т.Қ.) ауылының үстінен шықты. Баскесер болысқа бір арам ой сап ете түсті: «Мана шейіт болған адамдары үшін мыналарды қырғызып, өш алдырып, солдаттар мен кулактарды риза етейін, әрі патша ағзамға адалдығымды дәлелдейін». Сөйтіп, ол бір рулы елді бір басының пайдасы үшін құрбандыққа берді. «Ал мына қазақтарды шетінен
қырыңдар!» деді. Өз болысы өз елін «қыр» деп тұрғанда, отаршылдарда тоқтау бол ма? Ауылдың шетінен бастап қанішерлер іске кірісті. Көрінген жанды атып тастап, шауып тастап, түйреп тастап, ауыл арасын қанжоса қылып келеді. Кәрі-жас, бала-шаға, қатын-қалаш демей жайпап келеді. Бір үйден Бектен өзімен бұрыннан айтысып жүрген 70 жастағы Сатыбалды кедейді кездестірді. «Кездесер жерің осы екен ғой, бар жаһаннамға!» деп қартты өз қолымен жарып жіберді. «Қаным мойныңда Бектен» деген ол ақтарылған қарнын құшақтап барып, құлап түсті. Мейірімсіздер енді бір үйге келгенде, мұнда 30 шақты адас сүндет тойында отыр еді. Талқаны таусылған бейбақтарды, іздетіп әуре қылмай бір-ақ жерден табылғанына қанқорлар қуанып, күлімсірей кірді де, шетінен шаба бастады. Бала деп аямады, ана деп қарамады.Айы-күні жетіп отырған кейбір аналардың баласы жарылған іштен тулап түсті. Басқа бата ғып, қол жая берген қарттар отырған жерлерінде қатар-қатар қылжиды. «Мұсылман болды», «жігіт болды» деп желпілдетіп отырған біреудің жалғызы да жатқан жерінде жан тапсырды. Қан жоса ғып қырып жатқан адамдардың ішінен Бектеннің інісі Шолпанқұлдың көзіне көрікті бір қыз түсті. Жасы 16-17 шамасында. Мына қызыл қырғыннан үрейі кетіп, алма беті бозарып, үлбіреген еріндері дір-дір етеді. Шолпанқұлдың қан үстінде арам нәпсісі оянды. – Мыналармен өлме бірге, бермен кел! – деп қолын созды. Қыз шошынып, төрге қарай ыршыды.
Нәпсі құлы оған қызыл көрген құзғындай шүйілді. – Тірі қалам десең, маған кел, бері, бері кел, – деп өліктерді баса ұмтылды. – Ағатай, біз не жаздық? – деп, қыз зарлап жүк артына тығылды. Шолпанқұл шәйіт болған мәйіттерді табанымен таптап, езіп-жаншып оған жетіп, қолынан тарта сүйреді. Осы кезде қыз арсыздың арам аузына қолды салып жіберіп, бір езуін жыртып, ұртын мұртымен жұлып алды. Ызаланған болыс бөлтірігі қан жапқан аузын басып тұрып, қызды атып салды. Ауылдың төменгі жағында болып жатқан бұл сұмдықты естіген жоғарғы жағындағылар жанұшыра састы. Бірсыпырасы бала-шағасын арқалап төске қарай тұра-тұра қашты. Бірақ анталап бақылап тұрған солдаттар оларды өз жөніне жібере қоймады. Қуып жүріп қырды. Алыстап бара жатқандарды атып түсірді. Ат танауының астына тап болғандарды қағып түсірді. Қаңғалақтап, қайта тұруға әрекет еткендерді мылтықтың дүмімен ұрып қансыратты. Ауыл айналасы қан сасыды. Азанқазан, айқай-шу құлақ тұндырды. Жас сәбилердің шырқыраған шырылы жан түршіктірді. Әр жерден: – Жауыздар, жазаңды құдай берсін! – Қанішерлер, бұл қасірет өз бастарыңа келсін! – Бектен, үрім-бұтағың осылай зарласын! – Қанқорларды қанымыз жібермесін! – деген қасіретті қарғыстар естіледі. Жазықсыз жандардың бұл қайғылы мұң-зарына табиғат та үн қосып, күңіренгендей болды. Жел ызыңдап, мұңлы үнмен жаназа күйін гулетті. Күн
жайдары да жарқын жүзін жасырып, қабағын түйіп күрсінді. Қаралы қара бұлттарын ерсілі-қарсылы қуалап, себелеп «көз жасын» төкті. Елдің қасиетті қанын жауыздар табанына таптатпайын дегендей, жер бетін жуып-шайып, адам қанын мөлдір «жасымен» араластырып, өзенге қарай жөңкітті. Ел жасақтарын бір қырғызып, қалт-құлт етіп отырған кедей ауылын екі қырғызып көңілденген Бектен болыс кернейлетіп, сырнайлатып, екіленіп, екпіндетіп ендігі ауылға беттеді. Ата жауын жайратқандай масайраған бай-кулактар да мәз. «Бізге қарсы келер күш жоқ» дегендей, пристав әскерлері де құйрық-жалдан жұрдай «жалаң бұт» аттарының үстінде қопаң-қопаң етіп бара жатты. *** Каменкадағы бекіністі алмай, оның амалын таба алмай дағдарып отырған Ақкөз бен Досмайлға алып-ұшып, асығып-үсігіп Биназар жетті. Сақалы селкілдеп, мұрты жыбырлап, түкірігі шашырап тұр. «Шалдуарды алудың да шарты келмеді. Қолыңыз құмға қуылды. Саңырақ елі қанға жуылды» деп хабарлады. Хан тағы ойға қалды. «Елді қырғызып қойып, тышқан аңдыған мысық құсап, қорған қақпасын күзетіп отырғанымыз болмас, еңіреген елге барайық» деп шешті. Сарбаздарын шақырып, оларға: – Бір тайпа ел ауыл-аймағымен ажал аузына түсіпті. Бектен солдат апарып, Саңырақты
қырыпты. Досмайл, сарбаздарды үшке бөл! Бір тобы
осында қалсын, бір тобы Меркіні торысын. Қалғаны маған ерсін. Бектенді іздестіріп көр, табылса, найзамен түйреп өлтіріп, таспадай терісін кер, – деді. Осыны айтты да, Ақкөз өз тобымен Саңырақ ауылына аттанды. Бұл түс мезгілі еді. Желе жортып, шоқыраққа басып отырып, бұлар күн бесіннен ауғанда Шошқалыға ілінді. Оның өткелінің аузында алдарынан 10-15 адам шықты. Әйел-еркек, жас-кәрі, бәрі бірдей қанға боялған. Үсті-басы дала-дала, адам көргісіз, сайтан сескенерлік. Жөн сұрасты. Олар шетінен жер тоқпақтап зарлап жөнелді. – Саңырақтармыз, жау тиді. – Қырып салды. Өліктерімізді жойқын төбе ғып үйді. – Ауыл ағаларының сақалын күзеді. – Шашымызды алды, көнбегеніміздің басымызды алды. – Қамысқа кіріп, суға сүңгіп, осылардың ғана жаны қалды. – Бұл сөздер Ақкөздің тұла бойын түршіктірді. Тұрған жерінде байыз тапқызбады. Кек кеудесін кернеп, қан түленіп, атына қамшы бастырды. Ол екі көзі қанталап, теңселіп келеді. Біресе ерінің ана жағына, біресе мына жағына ауып түседі. «Бұл неткен мейірімсіздік, бұл неткен қатыгездік! Адам адамға мұнша жауыздық жасар ма екен? Қазақстанда мұндай қанішер шығар ма? Өз халқын өзі қырған осындай ел адамы бола ма?!» деп күбірлейді. Міне, Саңырақ ауылы. Үстінен қара бұлт төніп, қаралы киім жамылғандай. Сіркіреп тұрған ақ жауын ажалға душар болған азаматтарын,
болашағым деп отырған ұл-қыздарын жоқтағанда төккен көз жасындай. Әр үйдің айналасы – теңкиіптеңкиіп, жауын астында жатқан өлік. Егілген ерлер «бауырымдап» ат қойып, біресе ана үйге, біресе мына үйге барады. Асулы қазан сорпасуымен құлап жатыр. Үлкендерге тартылған үйме табақтар, бәйбішелерге тартылған жүйме табақтар, жігіт-желеңге тартылған қылқима табақтар – бәрі қанға толы. Көзі бақырайып, қос құлағы делдиіп ұсталмаған бас жатыр. «Менің жөнім кімдікі?» дегендей жалпайып жамбас жатыр. Иесінен адасқандай асықты жілік, кәдесін күткендей кәрі жілік жатыр. Бәрі жатыр. «Ә, құдай, бұйыртып жегізе көр» деп бата қылса да, бұйырмаған. Дастархан басында 17 өлік бір-біріне сүйенген қалпында, ішінде ана сүті аузынан кеппеген ару да бар. Ақкөз ашуға мүлде мінді. Жігіттерін тұс-тұсқа аттандырып, байларды шаптырды. Жылқыларын айдатып алды. Тұқым болып, тірі қалған Саңырақтарға азық-түлік, мал-мүлікпен олжа салды. Сонан соң Бектен болыстың қайда жүргенін, енді қандай арам ойда екенін, қандай айуандық әрекетке дайындалып жатқанын зерттеді. Тұс-тұсқа адам шаптырып, бірдеңе көрген-білген, естіген елден дерек-мағлұмат жинатты. Көтерілісшілерді қорқытып-үркітіп күрестен бас тартуға мәжбүр ету үшін олардың тағы бірер аулын ойрандауға дайындалып жатқанын білді... Бұл арам ойды іске асырмаудың жолын қарастырды. Ол Бақа, Әзек деген байлардың мың қаралы жылқысын жинатып алды. Мылтықты сарбаздарды сапқа тұрғызды.
Жаудан түскен бір-екі пулеметті арбаға орнатты. Сөйтті де, көп жылқыны Бектен жүрген ауылдарға қарай қиқулап қуалатты. Ара-арасында тарсылдатып мылтық аттырып, пулеметен оқ жаудырып, үрей туғызып отырды. Қарағау мен Қара жолдың арасы адам көрінбес тұман болды. Бұл не пәле екені Бектендерге күмән болды. Сақылдаған пулемет, тарсылдаған мылтық даусын естіген соң Бектен солдаттарымен «ойбай, Ақкөз қолы кеп қалды» деп, Меркіге қарай зыта жөнелді. Сөйтіп, ажалдың аузында тұрған келесі ауыл аман қалды. Ертеңіне Ақкөз екінші шабуыл жасауға әзірлік жүргізді. Ойдағы, қырдағы сарбаздарының басын қайта қосты. Қару-жарақтың санын, сапасын тексерді. Қалай да Меркіні алуды міндет етіп қойды. Қыркүйектің басында көтерілісшілер тәуекелге бел байлап, таңсәріде төске қарай жол тартты. Дәл осының алдында ғана Ташкенттен шыққан жазалаушы отряд та Меркіге келіп жеткен. Олар жол бойы барлық күш-қуатын, неге қабілетті екенін көрсетіп келген. Ауыл-қыстақтарды қиратып, бас көтеріп, атта жүрген адамдарды атып-асып, білгенін істеді. Елді зар жылатып, күңірентіп, шексіз қатігездік танытқан. Келе салып мұндағы қозғалыс жайымен танысып, оны басудың жоспарын жасап, көтерілісшілерге шабуыл жасауға дайындалып жатқан. «Іздегенге – сұраған» деген, бұлар «ажалына асыққандарды» қырып-жоюға енді аттанып, Меркіден шыға бергенде Ақкөз қолы олармен бетпе-бет келді. Солдаттыр жағы уралап, сарбаздар
жағы «Сыпатайлап» бір-біріне қарсы шапты. Әнеміне дегенше, олар араласты да кетті. «Ат», «шап», «өлтір», «түйре» деген бұйрықтар, «ойбай, өлдім», «атты ұста» деген сияқты жалынышты дауыстар естілді. Мылтықтың тарс-тұрсы, зеңбіректің гүрсгүрсі, найзаның сартылы, қылыштың жарқылы жиіледі. Ат үсті айқас, жағадан алыс, сүйрей тартыс. Міне, аттан ұшқан алғашқы адамдар. Олардың аттары ойнап шыға бастады. Әнебір екеу найза салысып, тіресіп тұр. Солдат аты аспанға шапшыды. Сарбаз оны найзамен итеріп аударып түсірді. Артынша сарбаздың өзі де оққа ұшты. Ана біреу солдатқа балта салды. Ол мылтығын көлденең тоса қалды. Балта тайып барып, аттың шекесіне тиді, ат кісінеп жіберіп барып құлады. Айнала азанқазан, шыңғырған дауыс, сілтенген қылыш, шақшұқ дыбыс. Ат тұяғынан ұшқан шаң көкті жапты. Қарусыз сарбаздар от қапты. Бірінен соң бірі оққа ұшып, баудай түсіп жатты. Біраздан соң жазалаушы солдаттар «шегініп, жаудан жік ашыңдар, олармен зеңбірек арқылы сөйлесеміз» деген бұйрық алды. Солдаттар кейін қарай шапты. Мұны «қашты» деп түсінген србаздар жабыла қуды. Артқа бұрылып атып-ақ, патша әскері оларды ұшырып түсіріп жатты. Айналаны әр жерде қалған өлік басты. Бұл жолы да көтерісшілерде оққа қарсы қылар қайрат қалмады. Жан керек, босқа қырыла берсін бе, артқа шегініп, бытырап-бытырап қаша бастады. Енді бұлардың соңына солдаттар түсті де, Тағай талына дейін қуып тастады. Новотроицк, Құлан жағындағы көтерлісішілер де үлкен жеңіске жете алмады. Бұлар да әлгілердің кебін киді.
- * Ерекше тапсырманы орындап, Верныйдан Меркіге қайтқан Қабылбек жол-жөнекей Бекболат батыр ту тіккен жерге соға шығуды ұйғарды. Ол бастаған қозғалыстың ауқым-өрісімен таныса кеткісі келді. Сәске-пәскеде-ақ фаэтон жеккен қос арғымағын арындатып, ақ көбік қып Шамалған селосының шетінен келіп кірді. Қыркүйек айы туған. Шілденің аптап ыстығы қайтып, күз лебі есе бастаған.Жолдың екі жағындағы қыр-қыраттар сұп-сұр. Жер құйқасы құрысып, тандыры кеуіп, бетеге, жусаны күйіп кеткен, шаңы шығып жатыр. Әр үй іргесіндегі бау-бақша да сұрғылт тартқан. Жүгері сабақтары сарғайып, күнбағыстар тегенедей бастарын төмен салып салбырап теңкиіп-теңкиіп жатқан асқабақ, тасқабақтар көзге шалынады. Көшеде ерсілі-қарсылы сапырылысып жатқан адам көрінбейді. Сәлемдесіп, жөн сұрар кісі де кездесе қоймады. Бір тұста Қабылбектің көзіне үй алдында сөреге құрт жайып жатқан әйел түсті. «Осы кісімен-ақ тілдесейікші» деп олар аттарының басын солай бұрды. Жел қайықтай былқылдақ арба зырылдап кеп, үй алдына тоқтай қалды. Әйел де «бұлар кім?» дегендей, таңырқай қарап, мойын бұрды. Орта жасқа ілінген, қызыл шырайлы жүзін күн қаққан, сұңғақ бойлы, кезінде келісті келіншек болған кісі екен. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей-ақ, басын, маңдайын бастыра шағын ақ
орамалмен бір тартып тастапты. Кең пішілген көк гүлді шыт көйлегінің сыртынан алшалғыш байлап алыпты. Кісі келгенін көрген соң асыға басып барып, сүзбе сыққан қос қолын жуып, шашақты ақ сүлгімен сүртіп, қонақтарға қайта бұрылды. Сәлем алысқан соң Қабылбек: – Жолаушымыз. Шөліркеп келеміз, Болса, сусын іше кетпек ек,- деді. Әйел де көргенді кісі екен, жөнжосық жолымен: – Үйге кіріңіздер, сусын табылады. – деп жылы шырай білдірді. Бұл сәтте оның нұрлы жүзінен мейрімділік шуағы төгіліп-ақ тұрды. Үйге еніп, төрге өрлеген Қабылбек: – Ауылда ер-азамат көрінбейді, бәрі бір жаққа кетткен бе? – деп сұрады. Сұңғыла әйел де бұлардың негізгі бұйымтайы сусын ішу емес, ел жайын, елдегі дүрбелең жайын білу екенін түсіне қойды. – Елдегі найза ұстап, сойыл көтерер, садақ атып, мылтық ата білер азаматтың бәрі Үшқоңыр жайлауында. Батыр қайнағаның қарауында ойнап жатыр. Үрке дүрліккен елдің көбі сонда. Ескі садақ, мылтық жинап, орақ, шалғыдан қанжар, қылыш жасап, патшаға қарсылық көрсетіп жатыр ғой, – деді ол. – Үшқоңыр жайлауы қайда еді? – Әйел киіз үйдің түрулі тұрған есігінен қолын тауға қарай созып: – Анау жон-жоталардың арғы жағында, – деді. Қабылбектер ол нұсқаған тау жаққа қарағанда қасқая шығып барып, белден ары асып, жоқ болып жатқан қасқа жолды көрді. – Оған қалай жетуге болады?
– Салт атпен болмаса, мына арбаларыңызбен жету қиын. – Тым қашық па? – Өте қашық та емес, жақын да емес, түстік жол. – Онда болмады. Барып қайтуға жол ұзақ та қиын екен, – деп Қабылбек қасындағыларға қарады... Бұлар сәл тыныстап, сусындап алды да қайта жолға шықты. Ел жата Самсыға жетті. Осында қона жатып, ат-көлігін тынықтырып, келесі күні Қастекті басып, Тарғаптан асып, Көлқамысқа ілінді. Бұл қазіргі Беріктастың тұсы мен Кенен ауылына дейінгі жалпақ та ойпаң даланы алып жатқан сазды алқап. Кей тұсы кісі бойлар қалың қамысты, кей тұсы белден келер қалың миялы, көкшалғында болып келеді. Осы тұста сулы да нулы, сазды жерден салқын леп соғып, айналадағы көкжиекке көз тастап, жолаушы көңілі көтеріледі. Аттар терін тартып, жүріс өнеді. Кеш түсе Қордай асуының аузындағы елге жетті. Сонда тағы бір қонып, келесі күні асудан асып, түс ауа «тойған үйге тоғыз кел» деп өткендегі Сырымбет ауылына ат басын тіреді... Қалдыбай үйінде екен. Келген Қабылбектер екенін біліп жүгіріп шықты. – О, келулеріңізбен! Ат-көлік аман ба? – Аман. – Дені-қарындарыңыз сау ма? – Сау. Аллаға шүкір! – Кешіктіңіздер ғой! Біз қайта алмай жатыр ма, әлде, соқпай өтіп кетті ме деп жүр едік. – Неге соқпайық. – Үйге кіріңіздер. Қалған әңгімені дастархан
басында айтысармыз. Бұлар шуылдасып, дуылдасып үйге енді. Шай үстінде Қабекең көп жатып қалғанының сырларын ашты. Апарған хаттың жауабын бермей, әуресарсаңға салғанын айтты. Жол-жөнекей Бекболат қолының күрес-әрекетінен мәлімет алғанын әңгімеледі. Ақырында Қалдыбайдың өз елінде не болып жатқанын, көтеріліс барысын сұрады. – Ойбай, мұндағы жайды сіз сұрамай-ақ қойыңыз, біз айтпай-ақ қояйық, – деп ол күйзеліс білдіріп төмен қарады. – Не болды. Айта бер! – Не болсын. Қырғын болды. Жақында сол Жандысайда қару-жарақ жинап жүрген Асан қолын патшаның жазалаушы отряды басып алған. Айқайшу, атыс басталған. Асан өз адамымен қаша соғыс салып, тау қойнауына кіріп кеткен. Олар орыстың 3-4 әскерін оққа ұшырған. Елдің ересек адамдары мешітте жұма намазда екен. Ауылда қалған жетпіске тарта кәрі-жасты жазалаушылар тас қораға қуып тығып, сүңгі салып, қылышпен турап, жусатып салған. Екіқабат әйелдердің ішін жарып, сәбилерін тулатып түсірген. Мұнан соң мешітке барып, намазда отырған жүзден аса адамды да осылай қырып тастаған. – Осыны айтып, Қалдыбай қатты күрсінді де, төмен қарап, жер шұқып отырып қалды. Қабылбектер де «мейірімсіздер-ай!», «қанішер, қатыгездер-ай!» деп ашу-ыза білдірді. Амал қанша, «іш қазандай қайнайды, қолдан келер қайрат жоқ» дегендей тұнжырасты. Патша жазалаушыларының бұл жауыздығын
естігенде, Қабылбектің есіне өз елі түсті. «Олар не күйде екен? Меркіде нендей сұмдықтар болып жатыр? Ондағылардың да басына осындай ойран салынып, жұрт қан жоса боп жатқан жоқ па? Мұндайда ел ішінде болу керек еді! Тез жету керек!» деген ойға беріліп, біраз үнсіз қалды. Сәлден соң ғана селт етіп, қас қағымда сонау Меркіге жетіп барған жүйрік көңілін қайтарып алып, әңгімені жалғады. – Әлгі қырғынды естіп-білген елдің ендігі ойы не, қалай кетпекші? – деп сұрады. – Ел іші әрі-сәрі. Біреулер көпке кесірімізді тигізбей, жазықсыз жас-кәріні қырғызбай, патша ағзамның айтқанына көнейік, қара жұмысына кетейік дейді. Біреулер «көппен көрген ұлы той». Не көрсек те көппен бірге көреміз, көппен бірге өлеміз дейді. Бізді ор қаздырып, көр қаздырып, қорламасын. Қолымызға қару беріп, қан майданның өзіне айдасын, жағаласқан жауына қарсы қойсын дегендер де бар. – Қабылбек тағы ойланып қалды: – Бірлік жоқ, бірауыздылық жоқ! Бұл жоқ жерде жеміс те жоқ, жеңіс те жоқ, – деді де, – Өзінше осының қайсысы жөн? – деп сұрады. – Меңінше соңғы таңдау дұрыс. Ел де тыныш, өзің де тыныш. Ажалың жетсе, шейіт боласың, ажалың жетпесе, адам боласың. Санаң оянып, көзің ашылып, көпті көріп, «көсем» болып қайтасың. – Тыңдаушылар бұл пікірді дұрыс та, бұрыс та демеді. Тыңдады да қойды. Бұлар осылай ұзақ отырып, қона жатып әңгімелесті. Қабылбектер Пішпекке келесі күні
келді. Жетісімен уезд бастығының кеңсесіне кірді. Әнеукүнгі тастап кеткен хат жауабын сұрады. Сөйтсе, бұлар тағы да бір кедергіні көлденең қойып, күтіп отыр екен. – Хаттар жауабын Меркіге басқа адамдар апарады. Сіз жаңа тапсырмамен Қарақолға (қазіргі Прежевальск қаласы, бұрын ол Жетісу құрамында болатын –Т.Қ.) жүресіз. Верныйдан алған хатты өткізіңіз, – деді. Елге ертерек жетсем деп, алыпұшып, алабұртып келе жатқан көк дөнен – көңіл су сепкендей басылды. Бұл Меркі приставының тілегі еді. Ел ішіндегі толқу әбден басылғанша Қабылбекті көтерісшілерден аулақ ұстай тұру үшін ойлап-тапқан айла-шарғысы болатын. Жоғарыдан болған бұйрықты орындамасқа лаж бар ма? Бұған да көнуге тура келді. Қабылбек енді Қарақолға қарай жол тартты. *** Бұл кезде Меркі көтерілісшілерінің де қарқыны басылып, күресі әлсірей бастаған еді. Жазалаушы отрятар топ-топқа бөлініп, ауыл-ауылды аралап, елерген елді басуға кіріскен. Бірлі-жарым еразамат кездессе көтерілісші деп біліп, атып тастап жатты. Анда да «өлтіріп кетіпті», мұнда да «өлтіріп кетіпті» деген қаралы хабар көбейді. Ел ішін жылаусықтау, ұзақ жоқтау, зарлы мұң, үрей кернеді. Осындай қиянат-зәбір күшейген күндерде орысқазақ кедейлерінің өзара түсіністігі жаңа көрініс таба бастады. Жергілікті орыс шаруаларының
көтерілісшілерге іш тартқан, мейірімі артқан аяушылық сезімі оянған сәттері көбейді. Тіпті, оларды ажал аузынан аман алып қалған кездері де кездесті. Ойтал өзенінің Кузьменко селосын қақ жарып өтетін тұсынан сәл төменіректе Исаның өткелі, Көпжасардың өткелі дейтін аттылы кісі, жаяулар кешіп өтетін жайпақтар болатын. Осы екі өткел арасына Митрофан деген орыс су диірмен орнатқан. Оның суы Исаның өткелінің аузынан қиғаш тартылған үлкен тоғанмен бөктерлеп барып, Көпжасар өткеліне жақындай беріп, өзен арнасына қайта құлап, диірмен тасын тынымсыз гүрілдете қуалайтын. Оған ауыл адамдары ұн тартқызып, алыс-беріс, айырбас жасап, түсіністі тіршілік етіп жататын. Митрофан қазақтың тілін, дәстүр-салтын жетік игеріп алған еді. Осы айналадағы ауыл жігіттерімен жақсы қарым-қатынаста болатын. Жазалаушы солдаттардың өктемдігі жүріп, «қылышынан қан тамып» тұрған сол күндердің бірінде диірменге көрші ауыл жігіті Қожаназар келді. Атын тұсап, су жағасындағы көкмайса отқа қойды. Жаяулап келіп: – Метропан, амансың ба? Хал қалай? – деп сәлемдесті. – Аман,аман. Тек хал жақсы емес! – Хал қалай жақсы болады, ел бірін-бірі қырып жатса. – Бірін-бірі ел қырып жатқан жоқ, бай-кулактар, би-болыс, әкімдер мына сен сияқты, мен сияқты кедей-кепшіктерді қырып жатыр.
– Олар ел емес пе? – Олар ел емес, езушілер. – Ел деп отырғаның кімдер? – Ол –қарапайым еңбекшілер, ішсе асқа, кисе киімге жарымай жүрген жалшылар. – Үстемдер бұларды неге қыруы керек? – Кедейлер теңдік іздейді, қорлық-зорлыққа төзбейміз дейді, майдандағы, қара жұмысқа балаларымызды бермейміз дейді. Осы үшін оларды атып, асып, ұрып-соғып дегендеріне көндірмек. Қожаназар мен Митрофан осылай «саясат соғысып» тұрғанда жоғарыға жақтан шаң көрінді. «Бұл не шаң?» деп екеуі де қадала қарай қалды. Әнеміне дегенше бұлардың жазалаушы отряд адамдары екені белгілі болды. – Ойбай, Қожаназар келіп қалды, енді қайттің? – деп сасқалақтады Митрофан. – Қашамын. – Қашып құтыла алмайсың! Қуса олардың өзі жетеді, өзі жетпесе оғы жетеді. – Енді не істеймін? –Митрофан сәл ойланып алды. Дереу жағадан бір метрдей жуандау қамыс кесіп алды. Ішіне сым темір жүгіртіп-жүгіртіп үрлеп жіберді. – Мә, мынаны ал да тез суға кір. Қамыстың бір ұшын аузыңа алып, бір ұшын сыртқа шығарып қой. Сонымен демалып, өзен түбіне жата тұр. – Су бетіне қалқып шығып кетпеймін бе? – Қамыстың, не бір бұтаның түбірінен ұстап жат. – Аттың иесі қайда десе, не дейсің? – Онда жұмысың болмасын! Қожаназар киімімен
өзенге қойда да кетті. Митрофан «сопаң етіп қайта шыға келер ме екен?» деп күдіктеніп тұр еді. Жоқ, шықпады. Жағаға жақындап барып қарап еді. Түндей қара судың түбінен ештеме көрінбеді. Мұнан соң Митрофан диірменге кірді де, түк білмегенсіп тірлігін істей берді. Сәлден соң-ақ сырттан «мұнда кім бар? Шығыңдар!» деген дауыс саңқ ете қалды. Басыкөзі, үсті-басы ақ тозаң боп Митрофан шыға келді. Сәлемдесті. Оған жауап болған жоқ. Мысық сары мұрт: – Сен кімсің? –деді. – Диірменшімін. – Орыссың ба? – Иә... – Аты-жөнің кім? – Митрофан Семеныч. – Диірменде сенен басқа кім бар? – Ешкім жоқ. Мысық мұрт сары қасындағы екеуіне «аттан түсіп қараңдар» деген белгі берді. Сәлден соң «ешкім жоқ» деп екеуі қайта шықты. – Анау ат кімдікі? – Мына ауылдікі. – Оның иесі қайда? – Иесіз, жем іздеп, аттың өзі келді. Бұл –оның күндегі әдеті. Әлгі екеуіне «өзен жағасын, қамыс арасын қараңдар» дегендей ымдау тағы болды. Екі солдат су жағалап, ерсілі-қарсылы жүгіріп, қалың қамысқа үңіліп, ат иесін іздей бастады. Осы кезе Митрофанның жүрегі өкшесіне кетті, жаны көз
алдына келді. Япырмай, қамыс аузынан шығып кетіп, дем ала алмай Қожаназар су бетіне қопаң етіп шыға келіп, сұмдық болар ма екен? Немесе ұстап жатқан шөп түбірі үзіліп кетіп, қалқып шығып, қақаң ете қалар ма екен деген үрей Митрофанды дір қақтырды. Маңдайынан суық тер шып-шып шықты. Қойнына суық жылан кіріп кеткендей тұла бойы мұздап кетті. Бірақ ернін тістеп, ешнәрсе сездірмеуге тырысты. Абырой болғанда тіміскектер көздеріне ешнәрсе іліктіре алмады. «Ешкім жоқ» деп және қайтып келді. Мылтықты мысық мұрт: – Көтерілісшілер мұнда келмей ме ? – деп сұрады. – Неге келеді? Мұнда олар диірменмен соғыса ма? – деп Митрофан сұрауға қарсы сұрау қойды. – Диірмен нан ғой. Азық-түлык алмай ма? – Бұрын ауыл адамдары келетін, алатын. Қазір келмейді. Қолды боламыз деп қорқатын болуы керек. – Егер олар көріне қалса, хабар бер бізге! – Жарайды. Митрофан ішінен «мә сағанын» айтып қойды. Солдаттар жөніне кетті. Олар ұзадыау, енді еш жақтан ешкім көрінбейді-ау деген кезде ол жағаға жақындап барып жөткірінді.Еш дыбыс болмады. Қаттырақ дауыстады, еш хабар жоқ. «Мынаған не болды, ағып кетті ме, әлде тұншығып өліп қалды ма» деген оймен Митрофан суға біраз еніп барып айқайлады. Сонда ғана Қожаназар қопаң етіп, басын судан шығарды. – Кетті ме? – Кетті. – Қалай қарай кетті?
– Жоғары қарай, келген жағына. – Міне, енді бұлар адам аулайды, ұстайды, атады, асады. Ол шешініп киімінің суын сыға бастады. – Енді қайтесіңдер? – Құмға қашу керек, көшу керек. – Онда үй жоқ, азық-түлік жоқ, қалай күн көресіңдер? Күз болса, кеп қалды. Енді аз уақытта күн де суытады. – Қайтеміз. Көнеміз. Өмір үшін өлімге қарсы күресеміз. – Күресу үшін күш керек, қару керек, азық-түлік керек қой! – Рас қой, бірақ бұлар жоқ деп өле кетеміз бе? – Менде саған берер қару жоқ. Бірер қап ұн ал, құмдағы бала-шағаңа напақа қыларсың! – Рахмет, Митрофан. Менің саған келгендегі бұйымтайымның өзі осы еді. Түйемен түнделетіп келіп алып кетермін,- деді Қожаназар. Ол сөйлесіп тұрып, барлық киімінің суын сығып, қайта киіп болды ды аттанып кетті. *** Уақыт жыландай жылжып өтіп жатты. Қыркүйектің екінші жартысы келді. Аспан күңгірт тартып, күз лебі есті. Күн құлақтанып, түн тоңазыды. Жер оты қашып, көтерілісшілердің жараулы ат-айғырлары іш тартты. Хан ордасы ортайып, қол қосы қожырай бастады. Мұнда бұрынғыдай қызу қимыл, алысжұлыс, ұра шабыс жоқ. Аптыққан арын басылған. Тұс-тұстан қуып келіп, иіріп қойып, шетінен ұстап,
сойып жатқан мал да жоқ. Бұрынғы қазан-қазан ет, табақ-табақ сорпа, айналған ұрт, майланған мұрт көзден ұшқан. Түлкіқұрсақ сарбаздарының салы суға кетіп, ұнжырғасы төмен тартқан сияқты. «Не істейміз, дәл осы кезде патша әскерлері «уралап» келіп ойран салса, не қайран қыламыз? Қарсы тұрар қайрат қайда, аман қалар амал қайсы?» деген ой Ақкөз ханды қамап алған. Осындай қысылып, қиналып тұрған шақта бір үміт оты жылт еткендей, сасқан сарбаздар селт еткендей болды. Хан қосына елшіміз деген белгі – ақжалау ұстап үш атты келді. Аналайдан алдынан шауып шығып, оларды бес-алты сарбаз қарсы алды. «Кімсіңдер, қайдан келе жатырсыңдар» деп сұрау салды. «Ақкөзге жолығамыз, айтар арызымыз бар» деді келгендер. Мұны бір сарбаз ханға хабарлады. Ол «алып келіңдер, тілдесейік» деген келісім берді. Ақкөз адамдары «елшілерді» аттан түсіріп, үсті-басын тінтіп, қару-жарақсыз екендіктеріне көз жеткізді. Сонан соң ғана әрқайсысының қол қолтығынан екі адам алып, жаяулатып, Ақкөз алдына алып келді. Амандық айтысылды,жөн сұралды. Үшеу бірінен соң бірі зарлай бастады. – Қырғыздар жағындағы Шабырда, төменгі Шу бойында жатқан елдерденбіз. Сіздің қол қашан келіп құтқарады деп көп күттік. – Күте-күте тағатымыз таусылды. – Қорлық, зорлық астында қалдық. – Келімсектер күн көрсетер емес! – Оған жазалушы әскерлер қосылды. – Тірлік етуден, жүріп-тұрудан қалдық.
– Малымызды айдап, барымызды тартып алып жатыр. – Адамдарымызды кез келген жерде ұрып-соғып, атып тастап, кетіп жатыр, – дегенді айтып жарыса жылады. Ақкөз күйініп, күйзеліп тыңдап отырды да, кеудесін қарс айыра бір күрсініп: – О, қор болған қазағым! Көз жасы кеппеген, маңдай соры кетпеген қайран елім, – деді. Мұны айтқанда елшілер мүлде еңіреп қоя берді. Бұл айнала тұрғандардың аяныш сезімін туғызып, көңілдерін босатты. – Ой, жасық немелер, жыламаңдар! – Теңдікті жылап-сықтаумен ала алмайсыңдар. – Оны күреспен ғана аласыңдар. – Сондықтан күш жинап, күреске көтеріліңдер! – деп ақыл айтып, жұбатқандар да болды. Сәлден соң Ақкөз: – Сонымен бізге қояр тілектерің қайсы? Не істе дейсіңдер? –деп сұрады. – Бізді патша жендеттеріне талатпаңыз! Барып, бұғаудан босатыңыз! Өз қоластыңызға алыңыз! – Бұл тілектің жауабын Ақкөз бірден берді. – Барып, атысып-шабысып жатуға мүмкіндік жоқ. Мына тұрған Меркі мен Құланды, Шалдуарды ала алмай отырмыз. – Сонда бізді тепкіге тастап отыра бересіздер ме? – Тепкіде жатпаймыз десеңіздер, көтерілісшілерге қосылыңыздар! – Олар үшін не істейміз? – Малдарыңызды айдап, сарбаздарыңызды
сайлап, осында көшіп келіңіздер! – Мұны айтқанда «елшілер» біріне-бірі қарады, ойланысып қалды. Біраз пікірлескеннен кейін осыған келісті. Мал керек, қол керек болып отырған Ақкөз бұларды пайдаланып, тағы бір шабуылға шықсам деген ойда еді. Ол осының сәті түсті деп іштей қуанды. – Көшіп келулеріңн қанша уақыт керек? – Бес-алты күнде жетеміз. – Бопты, біз күтеміз. Қол алысылды, келісім осымен бітті. Елшілер кетті. Ертеңіне Ақкөз ақылгөйлерімен ақылдасты. Бұл жылап-еңіреп келіп-кеткендер дос па, қас па? Сақ болайық деп олардан пікір тартты. Ақылдастар да аңырап қоя берді. – Дұрыс айтасыз. Мүмкін, елші деп қабылдағандарыңыз біреулердің жіберген жансызы шығар. – Хан қолының халін біліп, ендігі ниетін аңғарып қайтайық деп келген тыңшы болар. – Жаман айтпай, жақсы жоқ, сақ болған жөн. Мұндайда еңіреп келіп, еңіретіп кететіндер көп болады. – Көшті күтіп, қамсыз отырмайық. Алыстан алдын торып, бақылайық, –десті олар. Осылай сөз байласып, екі күннен кейін Сарғау жағына жүз, Шошқалы бойына жүз сарбаз жөнілтілді оларға байқаңдар, көш адал ниетті болса, қуанышты құшақпен қарсы алыңдар, арам ниетті болса, қанды қарумен қарсы алыңдар деп тапсырды. Келесі күні-ақ Сарғау жақтан шұбатылған шаң
шықты. Әне-міне дегенше тізілген тырнадай көш көрінді. Сарбаздар санын санап та үлгерді. Жүк артылған 45 түйе екен. Алдыңғы түйені қатын тартып келеді. Одан кейінгілерін тартқанда да – жабулы атқа мінген, дағарадай күндікті бәйбішелер. Көштің артына ерген көп адам. Айдаған төрт түлік мал. Көш жақындай түсті.Түйе тартқан қатындар қыз-келіншектердей қылмияды. Мұны көрген сарбаздар қуанып, көшке қарсы тұра-тұра шапты. Бірақ бұл аңғалдықтан туған асығыс қуаныш екен. Арсалаңдаған сарбаздар шауып келіп жанаса бергенде тарс-тұрс мылтық атылды. Оншақты сарбаз жерге ұшып-ұшып түсті. Олардың аттары бірінен соң бірі ойнап шыға берді. Сөйтсе түйе жетектетеген қатындардың бәрі қарулы солдат екен. Түйелердің қомында артқан да жүк емес, солдаттар болып шықты. Сыр ашылып қалған соң олар да секіріп-секіріп түсіп, атыс-шабысқа араласты. Алғашқы жақын тұрған, жұдырықтасуға болатын сәтте сарбаздар жазалаушы солдаттардың біразын сойылға жығып, жанын жаһаннамға жөнелтті. Оннан аса бесатар мылтықты қолға түсірді. Бірақ артынан бесаспап қаруланған, соғыс өнеріне үйретілген патша әскерінің тегеурініне төтеп бере алмай, алмай шегіне бастады. Сарғауда болып жатқан бұл сұмдықты байланысшылар хан ордасына жеткізді. Ақкөз елшілердің дұшпандықпен опасыздық етуге келгендерін енді білді. Екі жүздей адам алып, көмекке аттанды. Қаша атысып Қарағауға таяп қалған сарбаздарының алдынан шықты. Арындап
кеп ол айқайға басты. – Қашпаңдар, «қашқан жауға қатын – ер», қаша берсеңдер, қуып жүріп қырады. Одан да айқасып өліңдер! – Ақкөз даусын естігенде ғана сарбаздар жүрек тоқтатып, табан тіреп тұра-тұра қалды. Қаруларын солдаттарға бұрды. Мұны көріп патша әскерлері де сескеніп, қорғануға көшті. Бірер күн аңдысқаннан кейін екі жақ жарысып, қанды көш жоғары қарай кетті. Ақкөз қолы Тағайға тартты.Келісімен сарбаздар саны түгенделді. Кімнің аман қалғаны, кімнің шейіт болғаны анықталды. Жиырмадан аса адам шығын бопты. Бәрі де бірбір үйдің боздағы. Тағы да зарлау, жоқтау, күйзеліс, күңіреніс... Біреулер езіліп, егіліп жатыр. Біреулер оларды жұбатып жатыр. Ақкөз алданғанына опық жеп жербауырлап қалды. Тағы да болса, көбімізді құдай сақтады. Опасыздықты алдынан тосып, әшкерелегеніміз дұрыс болды. Қол қосын көш осы жерде, ұйқы үстінде басқанда, бізді түгелдей қырып салатын еді деп Досмайл жүр. Қанды оқиғадан бері төрт күн өтті. Жақыны өлгендер, «шырағы» сөнгендер хан ордасына қарай ағылды. Көп қаралы кісі жиналды. Олар «жанашырларымыз жазым бопты. Солардың сүйегін алып кетуге жағдай жасаңдар» деп талап қойды. Ақкөз мұның әзір хауіпті екенін айтты. Өліктерін алуға келер деп, патша әскерлері күтіп жатып, жусатып салуы мүмкін деді. Жиналғандар бұл ақылға тоқтамады. Бірі: – Өлеміз деп өлігімізді алмаймыз ба? – деп шамданды. Екіншісі:
– Артымызбен бал ашып, өлігімізді қорлатып қоямыз ба? – деп қыңқыл салды. Үшіншісі: – Өлігімізді итке, құсқа жем қылып тастаймыз ба? – тепсінді. Ақкөз қос оттың ортасында қалды. «Былай істесе, өгіз өледі, былай істесе, арба сынадының» кері келді. Көп қиналды, көп толғанды. Ақыры елдің көңілін қимай, екі-үші сарбазға бастатып, өліктерін алып қайтуға рұқсат берді. Бұлар түйе қомдап, қос ат алып, түнделетіп жолға шықты. Соғыс болып өткен аймақтағы атылып, шашылып қалған өліктерді жинап, алғаш көшпен кездескен жерге таянды. Онда қараңдап адамдар жүрген сияқтанды. Бірте-бірте жақындай түсті. Шынында да өткендегі атысқан жерде бірнеше адам тұр. «Бұлар кімдер, неғып жүрген жандар? Кімді күтіп, кімді аңдып тұр?» Өліктерде алуға келгендер таңдай қағып, таңырқасты. Не қыларын білмей, қорқып састы. Бұлар не істер екен деп анадайдан сығалап жатып бақыласты. Бірақ тұрған адамдардан еш қимыл-әрекет білінбейді. Сүйекшілер бұтабұтаны бетке алып оларға жақындай түсті, біртебірте қастарына келді. Сонда ғана тұрғандардың әнекүнгі оққа ұшқан сарбаздар екенін таныды. О, жауыздар-ай! Әр өліктің тірсегін тесіп, шылбыр өткізіп, мойнына тұзақ салып, тұрғызып, иектерінің астына тіреу тіреп соған асып қойыпты. Жыныс мүшелерін кесіп, ұрттарына тығып тастапты. Мұны көрген өлік иелері есінен танды. Не дерін, не істерін білмей көбінің тілі күрмелді. Бірте-бірте естерін жиған соң ғана әр жерден сыңсыған мұңлы дыбыс шыға бастады.
– Ел деп еңіреген ерлер-ай! – Азаттықты аңсап, арманда кеткен арыстар-ай! – Өлігі қорланған қарақтарым-ай! – Бодандықтан босанам деп бұлқынған боздақтарым-ай! – Обалдарың ойран салған ақ патшаға болсын! – деген сөздер естілді. Жылап-сықтау сай-сүйекті сырқыратты. Бара-бара Сарғау даласы зарлы үнге толды. Сорлы қазақтың көз жасын құдай көрген бе? Артынша «жығылған үстіне жұдырық» болды. Таң ата жазалаушы әскерлер бұларды қамап алды. Тұтқиылдан басып, қарсыласуға шама келтірмеді. Бәрін қарусыздандырып, Саңырақ елін қырған жерге жаяу айдап апарды. Көген тартып қойдай көгендеді. Көгеннің екі басына қазық қағып, керіп байлап тастады. Сонан соң оларға көрмегенді көрсетті. Қос қазық арасында қатар-қатар жатқан тұтқындарды кезек-кезек тепкілеп, қан жоса етті. Түнге қарай оларды жан-жағынан атып-атып қырып тастады. Сөйтіп, өлігімізді аламыз деп келген жазықсыз жандардың өз өлігі айдалада, көмусіз, көгенде қалып кетті. *** Қабылбектер тау асып, тас басып Қарақолға әрең жетті. Жол бойына күзет күшейтіліпті. Ерсіліқарсылы сабылған сарыала солдаттар, арлы-берлі қатынас жасап, алаөкпе болған шапқыншылар жол бермеді. Үркініш, қорқыныш бұл жақты да
жайлапты. Тау іші де, көл беті де көңілсіз. Қала халқы да үріккен қойдай дүрліккен. «Сайланған сары әскер» мұнда да ойранын салып, сайраңдап, сайрап жүр. Аттылы-жаяу, өгізді арбамен баяу тұстұсқа қарай андыздап кетіп жатқан, күңіреніп көшіп жатқан ел. Бұлар да «берсек, бала өледі, бермесек шал өледі, бала өлгенше шал өлсін» деген ұранға үн қосыпты. Майдан қара жұмысына адам бермеске бел байласыпты. Мұндғы қазақ-қырғыздың бір жағы көтерілісшілерге қосылып, бір жағы тау асып, Қытайға қашып жатыр екен. Қабылбек қаланың оңаша кездескен кейбір тұрғындарымен тілдесіп, бірсыпыра жайтқа қанықты. Олардың айтуынша, патша әкімдері қолына қару алған қазақ-қырғыздан қатты қорқып отыр. Шабуыл жасайды деп қала-қалаға қару-жарақ үлестірген. Келімсектерге қарсы күрес ашпақ, қырмақ деп араға от тастаған, өштестік өртін үдетіп, орыстарды одыраңдатып қойған. Көтерілісшілердің бірсыпыра басшысын түрмеге тығып та үлгерген. Ал көшетіндеріне қала ат тағалап бермесін, теміртерсек ауыспасын деген жарлық жарияланған. Шекара-шекараны мықтап бекіткен. Айналып өтетін, жалғыз аяқ асуларға казак-орыстардан қатал күзет орнатқан. Олар Қытайғы өтпек болғандарды ұстап, мал-мүлкін тонап, өздерін атып тастап жатыр. Қабылбек өз көзімен де талай тақсіреттің куәсі болды. Бұралған, қарны аш, тұттай жалаңаш адамдарды көрді. Бақанға сүйем темір қақтырған. Қос құлаш қарағайдай сүңгі соқтырған, шалғыдан қылыш қидырған, қару етіп соны айдаһардай
«ысқырған» сарбаздарды көрді, Мың сан қазаққырғызда сайдан-сайға қуып тыққан, сол өңірдің бәрінде от ойнатқан орыстарды көрді. Ойда, қырда оқпен ұшықталып, қояндай қорғалап, құлдай жорғалап жүрген жетесіздерді де көрді. Осының бәрін көріп-білгенде, Қабылбек тағы қамықты, елі есіне түсіп, көңілі жабықты. Көк дөненнен де жүйрік көңілі сонау алыс жатқан Меркіге тағы жетіп барды. Өзін мият тұтқан, ес көрген көтерілісшілер көз алдына келді. Не болды екен? Аттарының қоңы кетіп, өздерінің тоны тозып, аш-жалаңаш айдалада аңырап қалған жоқ па екен? «Астыңдағы атың арыса, қарыс жер де мұң болар, қуат қосар қолдаушыдан айрылса, жігерің жасып құм болар» деуші еді, халдері қалай болды екен? Олар да қайраты қажып, жігері желініп, осындағылардай қашып-пысып, қанға бөгіп жатқан жоқ па екен? – деген ойға шомды. Бірақ ол түпсіз терең тұңғиық ойдан тез серпілді. «Ат басына күн туса, көктемде де күй болар, ер басына күн туса, бұта түбі де үй болар», «Ер азығы, бөрі азығы – жолда» деген ғой. «Қара тас ұйқың келсе, мамық болар» деп ерлердің өзі де өлеңдеткен ғой. Өздері де қамсыз жатпаған шығар, бір мәнісі болар деп өзін-өзі жұбатты. Дегенмен, аттай тулап елге қарай алып-ұшқан ынтық жүрек Қабылбекті байыз таптырмады. Тапсырманы тез тындыруға тырысты. Сәтін салды. Қолдағы құпия хаттардан ертесіне-ақ құтылып, қайта тартты. Бұған бұл «жол болды ғой» деп қуанды. Бірақ ол қуаныш ұзаққа серік бола қоймады. Балықшыдан өтіп, тау ішіне еніп, бір мұрынды
айнала бергенде жазалаушы отряд адамдары сап ете түсті. Бұларды көре салып, асынған мылтықтарын иығынан түсіріп, кезене-кезене қалды. «Тоқтаңдар» деп айқай салды. Қопаң-қопаң етіп желіп жетіп, арбаға жегілген аттардың алдын кескектеді. Құдай сақтағанда, бірден атып-атып тастамай, тілге келді. – Кімсіңдер, қайдан жүрсіңдер? – Почта қызметкерлеріміз, Қарақолға арнайы тапсырмамен барып, қайтап келе жатырмыз. – Документтерің қайсы? – Бұлар апыл-ғұпыл асыға, сасқалақтап, куәліктерін көрсетті. Көшір мен қорғаушы-күзетшінің аты-жөні орыс екенін білді де, тексеруші олардың куәліктерін өздеріне қайтарды, ал Қабылбектің документін түксиіп тұрған офицерге ұстатты. Ол көз жүгіртті де, құбыжық көргендей қоқаң ете түсті. – Сен кімсің, – деді. – Қазақпын. – Әскерлер біріне-бірі қарады. – Түс бері! – Қабылбектің жүрегі зырқ етті. Арбадан түсіп, аңырап тұрып қалды. – Ана шоқыға шық! –деп офицер оң жақтағы шағын төбені көрсетті. Айтқанды орындамасқа дәрмен жоқ, ол ілби басып, өрге өрлей бастады. Бірақ көзіне өлім елестеп, дәрмені құрып, ілгері басқан аяғы кейін кете берді. «Жеткен жерім осы болды ғой. Қош бол, ел-жұрт! Қош енді, жарық дүние!» деп тілін кәлимеге келтірді.Сәлден соң оның ойына атасы Сармолданың «қаза – құдай ісі. Құдай өзі берді, өзі алады. Қазаға қарсылық – құдайға қарсылық. Әркімнің өлшеулі өмірі бар. Талқаны таусылып, ажалы жеткенде алдырмайтын
адам жоқ. Сандыққа салып қойсаң да Алла алатын адамын алады» – деген сөздері түсіп, жігерленгендей болды. Дөңнің төбесіне жетіп, төменде тұрғандарға бұрылды. Оққа ұшып, қан құшып жатқан жалғыз мен бе, басқадан жаным әулие ме, келсең, кел деп ажалға ажырая қарағандай қасқайып тұрды. Дегенмен, жарық дүние, ел-жұрт, туған-туысқанды қию қиын. Оның тіліне: Ел қайда, туыс қайда, мұра қайда? Жансауға маған ешкім сұрамайды. Мыналар осы жерде атып кетсе, Еш адам «бауырымдап» жыламайды, – деген жолдар оралып, қайта босағандай болды. «Атуға дайындалыңдар» деген офицер бұйрығы саңқ етті. Әскерлер аттарынан түсе-түсе қалды, мылтықтарын қолдарына алды. Затворларын кейін тартып, қайта көтеріп, бір-бір оқты ұңғыға айдады да, келесі команданы күтті. Осы кезде көшір мен қорғаушы арбадан секіріп-секіріп түсіп, кекшиген офицердің алдына жетіп барды, құзырына құлдық ұрды. – Мәртебелі офицер, қайырым етіңіз! Жазықсыздан жанды атқызбаңыз! Бұл –шоқынып, христиан дінін қабылдаған, ақ патшаға қызмет етіп жүрген кісі. Меркі приставінің құпия хаттарды Верныйға, Пішпекке, Қарақолға апаруды тек осы жігітке сеніп тапсырған. Бұл – өз адамыңыз, – деді. Олардың ағыл-тегіл ақтаралып, зар қағуы офицерге рас айтып тұрғандай көрінді. Ол ойланып
қалды. Мылтықтарын кезеніп, атып тастауға дайын әскерлерге «отставить» деген бұйрық берді. Сонан соң: – Шын ба? Мұның көтерілісшілермен байланысы жоқ па? – деп сұрады. – Сеніңіз, шын айтып тұрмыз! Көтерілісшіге патша әкімшілігі құпия хаттарды сеніп тапсыра ма? – деп сендірді. Солан кейін ғана офицер Қабылбекті «түс бері, маған кел» деп қайта шақырды. Өлі мен тірі арасында тұрған ол «үһ» деп қатты күрсінді де, төмен қарай домалады. Қасына келген Қабылбектің иығына қолын салып тұрып, офицер тағы тәптіштеді. – Христианин? – Дәл солай! – Ақ патшаға қызмет етесің бе? – Етіп жүрмін, ете беремін! – Жарайды, бара беріңдер! Осы рұқсатты ала алмай зорға тұрған почта тасушылар «рахмет, рахмет» деп жампаңдап, апыл-құпыл арбаға мінді. Көшір делбені қағып қалды. Бір пәледен құтылғанын білгендей, аттар да ауыздықпен алысып, арындай жөнелді. Сәл ұзап шыққан соң артына жалтақ-жалтақ қарап алып, Қабылбек жылап жіберді. Бұл қуанғаннан жылау еді. «Рахмет сендерге, ажал аузынан аман алып қалдыңдар. Бұл жақсылықтарыңды ұмытпаймын. Бұл –орыс, қазақ еңбек адамдарының бір-біріне қамқорлығы, жанашырлығы, достығы» – деп қасындағыларын құшағына қысты. Келесі күні бұлар Пішпекке жетіп, уезд бастығына
соқты. Тапсырманың орындалғанын айтты. Енді еш жаққа бұрылмай елге қайтатындықтарын білдірді. Патша шенеуніктері тағы бірдемені ойлап тауып, бөгегісі келіп еді, оған ұзақ жолдан әбден сансыраған жолаушылар көнбеді... Почта тасушылар бір айдай жүріп елге оралды. Мұнда да сол қуғын-сүргін, қызыл қырғын екен. Меркі, Құлан, Шалдуар әлі алынбапты. Ақкөз қолы әлі тарамапты. Екі жақ ит пен мысықтай күржиісуде көрінеді. Сүзектен тұрған Тұрар Ташкентіне қуылыпты.
*** Сарғаудағы сойқанды естіп Ақкөз жер тоқпақтады. Өлгеннің артынан өлмек жоқ еді. Тіріге де тірлік керек еді. «Өліктерін алуға бекер келістім.Айтқан тілді алмағандардың осылай арандап, қырылып қаларын біліп едім» деп өкінді. Осымен күш кетті. Азық-түлік таусылды. Жеңіске сенім сарқылды. Мұның үстіне қазан айы туды. Күз күшіне енді. Енді қасарысудың қажеті жоқ екенін білген Ақкөз күш-көлік тауып, кедейжалшы ауылдарын Мойынқұмдағы түлейге түсіріп жібермек болды. Бойын ашу кернеп, атқа қонды. Қалың қолмен атой сап, Ибақ ауылын шабуға бет алды. Бұл кезде болыс ағайындары да бір жерге оңашалап барып, тыныштық қыла тұруға көшіп жатыр еді. Ақкөз оларды бесінде басты.Ұрандап барып бірнеше түйені жүгімен алды. Адамдарын
аударып тастап, бірнеше биені құлынымен алды. Үйір-үйір жылқыларын иіріп айдап, қора-қора қойқозысын барымталады. Нашарлардың ат-тонын ауыстырып, азық-түлік бөліп берді. Осыдан кейін ғана мөлиген келіншек-кедейлер Түлейге қарай үдере көшті. Меркі елінің үріккенін естіп, Құлан, Шалдуар жағынан жарлы-жалшылары да дүрлікті. «Жау кеп қалды», «ал, кеп қалды» деп үйін жықты, теңін теңдеп, малын айдап, құмға қарай құлады. Төстен төмен жарыса жатқан Үшқұдық, далаңқұдық жолдары мен Қасқайғырдың жолының бойы босқындарға толды. Елдің алды мен Сарықобы, Қарақобы, Жаманқобыға жетті. Үркіншіліктің осы кезеңін көзімен көрген ақын: Ел күңірене үріккенде, Түлей көшіп жөнелдік. Он үйліміз бес үйді, Билей көшіп жөнелдік. Атадан қалған, қой, жылқы, Тимей қашып жөнелдік. Тіккен үйді теңкитіп, Кірмей қашып жөнелдік. Екі жеңін шапанның Кимей қашып жөнелдік, – деп жырлады. Ашынған елдің ішінде омартадағы орыстың қойын қуып, сиырын сүйрей қашып жөнелгендер де болды. Бұл өңірдегі жеті болыс жұрттың жаппай жосып бара жатқаны туралы хабар жандаралға жетті. Ол
аттанға басты. Үріккен аш-жалаңаш адамдардың артына солдаттар салып қиқулата қудырды. Олар елді қашқан қоянның жымына түскен тазыдай тықсырды. Қорағатыдан көктей өтіп, Жуанжалдың жонын басып, Жоласқанға дейін қуа қырды. Малын айдап жол-жөнекей қосылған талай малай құм ішінде шейіт болды. Күш-көлігі болдырып, азықтүлігі таусылған кедейлер көші әбден титықтады. Ақкөздің қалған қолы қуғыншыларға ешбір қарсылық қыла алмады. Дегенмен, үріккен елдің өлгені өліп, тірісі тырмысып ілгері қарай жылжи берді. Солардың ішінде әнеукүнгі суға сүңгіп аман қалған Қожаназардың көші де бар еді. Оның боздап келе жатқан бозінгенінің қомында – Митрофан берген екі қап ұн. Оған тіркелген үш-төрт ат-айғыр, құлынды биеде – уақытша баспана етер жаппаның жабдығы, көрпе-төсек, шыны-шәйнек. Көшті інісі Шақа тартып келеді. Өзі салт атпен төтелетіп, қуып жетем деп қу тіршіліктің қамымен артта қалған. Қатын, бала-шағаны орналасқан соң алдырамыз деп келіскен. «Қырсыққанда қымыран іріиді» демекші, Жиектен өтіп, Керегежалға жете бергенде, Қожаназар көшінің күш-көлігі сыр берді. «Түйеге жантақ керек болса, мойнын созады» деуші еді, бозінген мұны ұмытты, жүре оттауды қойды. Жотасына жүк батты ма, әлде шөліркеп ашықты ма? Жануар бақырыпбақырып, жынын шашып, әр жерге бір тұрып алуды шығарды.Жүк артылған жылқылар да ілби басып, жетекке жүруді қойды. Шақа басқа көштен ұзап қала
бастағанына қиналайын деді. Лаж жоқ, күш-көлікті зорықтыра беруге болмас. Бір жерге бұрылып, ат шалдырып, тынықтырып алацын деп шешті. Жолдан шығып оты бар жер қарастырды. Бір бел астынан ажырық, жусан, қамыс-құрақ әкеліп, түйені шөгерді, жылқыларын доғарды. Теңдерді түсіріп, күш-көлікті отқа қойды. Өзі жұмырдағы айраннан бір жұтып ап, қисая кетті.... Қожаназар келесі күні Тасөткел жағынан келіп, «ақ табан, шұбырындыға» қосылды.Бірақ арыбері шапқылап өз көшін таба алмады. Ілгері кетіп қалды ма, әлде артта келе жатыр ма деп аңырды. Ақыры біреулерден, «кеше көлігі болдырып қалып қойғанын» білді. Ол кейін қарай шапты. Жолдың о жақ, бұ жағына шығып, шола іздеп келе жатты. Ақыры бір белдің үстіне шыққанда көзіне анадайда жайылып жүрген мал шалынды. Жақындап келіп, өз жылқысын, түйесін таныды. Желе жортып жетіп барып, үюлі тұрған жүктегі бір теңге сүйеніп отырған інісін көрді. «Шақа» деп айқай салды. Одан үн шықпады. «Шақа, сенбісің, бармысың?!» деп тағы дауыстады. Және үн жоқ. Қожаназар аттан түсе қап, қасына жүгіріп барды. Барды да, сілейіп тұрып қалды. Сәлден соң «ойбайға» басты. Інісі өліп жатыр, атып кетіпті. Жазалаушылар тап болып, мылтық кезегенде жүкке сүйеніп отыра ғап, жалынып-жалбарынған болуы керек. Бозым боздақ сол отырған қалпында қалыпты. Оқ кеудеден кіріп, арқадан шығыпты. Отыра ғап сорлы аға бауырының басын құшақтап, езіле еңіреді. «Осындай қанды жолға қалай ғана
қиып, жалғыз жібердім сені, жаным-ай! Қалай мені қара бастырдың, құдай-ай! Мұны алғанша мені неге алмадың, ойбай-ай! Мылтық ұңғысы үңірейіп төніп келгенде жаутаң-жаутаң еттің-ау қарағым! Қасыңнан қош айтысар туысқан таппай, басыңды сүйер серік таппай «аһ» ұрдың-ау, алтыным!», – деп зарлады. «Енді елге не бетімді айтамын?! Балашағасы алдымнан жүгіріп шығып, әкем қайда, оны қайда қалдырдың десе, не деймін?!» – деп дөңгеледі. Жалғыздың бұл өксік үні жапан даланы жаңғыртты. Ол осылай оққа ұшқан інісінің өлігін құшақтап, өкіріп отырғанда, жазалаушы үш солдат үстінен сау етіп түсе қалды. Мәйітті тастай салып, Қожаназар орнынан қарғып тұрды. «Бітті! Шақа, мен де сенің кебіңді киетін болдым. Тағдырлас екенбіз. Артыңнан қуып жетемін дегенім осы екен», –деген ой оның тұла бойын ток ұрғандай дір еткізді. «Бұлар қайдан кеп қалды?! Жерден шықты ма, көктен түсті ме?» деп аңырды. Орыс әскерлері мұны тергеуге ала бастады. – Қай болыстың адамысың? – Қорағаты болысынанмын. – Мына өлген кімің? – Інім. – Осы жалғыз сөзді ерні дірілдеп, тізесі қалтырап зорға айтты. – Кім өлтірген? – Білмеймін. – Неге өлтірген? – Білмеймін. – Көтеріліске қатысқан ба? – Жоқ.
– Онда бұл жаққа неге қашқан? – Көтерілістен, өлімнен, атылып қалудан қашқан. – Өлімнен қашып өлген, атылудан қашып аталып қалған де! Әскерлер мазақ етіп, келеке қылғандай күлді. –Ақ патшаның оғы сендерді қайда қашсаңдар да қоймайды, қуып жетеді, – деп масайрағандай болды. – Міне, сені де қуып жетті! Солдаттың бірі оған мылтығын кезеді. – Мен қашқам жоқ. Мына інімді қайтарайын деп келіп едім, – деп Қожаназар жылап жіберді. – Көздің жасы ажалға араша бола алмайдыы, – Солдат даусы қатқыл шықты. – Рахым етіңдер, еш болмаса мына інімнің бетін жасыруға мүмкіндік беріңіздер! Осы тұста солдатар көмейінің тесіктігін білдірді. Бірі: – Ақшаң бар ма? – деп жәмпең ете қалды. – Бар. – Әкел бері! Қозаназар қалтасынан қарынды бір қапшық алып ұсынды. Олар ала салып, ашпақ болып таласа бастады. Қу, дүние-ай десеңші, қомпайған қомағына қарап, «көп ақша бар екен, тез алайық» десіп, бәрін ұмытқан сияқтанды. Осы сәтті пайдаланып, «зытсам ба екен» деген ой келді Қожаназарға. Ретін байқайын деп» түзге отыруға рұқсат сұрады. Солдаттар келіскен ишарат білдірді. Ол анадай жерде қаңтарулы тұрған сүліктей жирен қасқа биесінің ар жағына өтіп барып, артына көз қиығын салды. Солдаттар қапшықты бірінің қолынан бірі алып, әлі аша алмай жатыр екен. «Тәуекел, не өлем, не құтылам» деді де» баспалап
қайта кеп, жиренқасқаға қарғып мініп, тебініп қалды. Түн қатып, жарап жүрген жануар оқша атылды. Жазалаушылар баж-баж етіп, әр жерде сүйеулі тұрған мылтықтарын алып атқанша, қашқын оқ бойы ұзап кетті. Қашықтан қуған жалғыз оқтар о жақ, бұ жағынан зу-зу етіп, қылқұйрықтың жалын құшып, құстай ұшқан оған дари қоймады. Бір кезде зулап келе жатқан жиренқасқа сүрініп барып, тоңқалаң асып кетті. Алла жар болғанда, тез қарғып тұрды. Жануар жауға иесін алдырмайын деді ме, ойнап шыға бермей, орнында дір-дір етіп тұрып қалды. Қожаназар да шалт қимылдап шылбырға шап берді. Биенің бауырына түскен ер-тоқымды тартпасын қиып жіберіп, сыпырып тастады да, жайдақ міне сап, зымырады. Әне-міне дегенше бел асып, қуғыншылардын құтылып кетті. Ұзап шығып, жүрегін әбден тоқтатқан соң, «осымен екі ажалдан аман қалдым, екі рет қайта тудым. Мен көп жасайтын болармын» деді ішінен. Рас екен, Қожаназар 83 жыл ғұмыр кешіп, 1960 жылы ғана дүние салды. Әркімнің-ақ көші әлгіндегі тағдырға тап болды. Құмда шөлден мал да өлді. Шыдай алмай жас бала, кемпір менен шал да өлді. Ит пен сиыр ере алмай, елсіз далада, сайда өлді. «Жұт жеті ағайынды» деген рас екен. Қуғыншылық, жоқшылық, алауыздық, аштық, сусыздық, суық, ауру – бәрі бірдей сай келді. Баяғыда бір шешен «Көштің байсал тапқаны – көкорайға қонғаны, даудың байсал тапқаны – төрешіге барғаны» деген екен. Үріккендер көшіқонында бұл да болмады. Ауыз су іздеп ел құмда
жосыды. Далаңқұдыққа ондағы сарүйсіндер жолатпады. Айтатыны: «су бердіңдер деп бізді патша әскері қырып кетеді. Кесірлерің тиеді, аулақ жүріңдер» болды. Түлейде осылай күн батпай, күн батса таң атпай, өмір мен өлім арпалысында он бес күндей ел жатты. *** Қазан айы бітті. Күн суытты. Жерге қырау түсті. Көтеріліс әзірше қанмен басылды. Ақкөз қолы уақытша тарады. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып тұруға тура келді. Патша әкімшілігі енді ел-жұртқа ие болудың қамын ойлады. Өйткені, оған билеу үшін де, тіршілікті жүргізіу үшін де ел керек. Пристав құмға қашқан қазақтардың арасына жіберіп, түсінік жүргізіп, оларды алып қайта алатын адам іздеді. Бұған ноғай Құсмолда дегенді лайық деп тапты. Ол қазақтармен көп араласқан, қазақ жайын жақсы білетін, қазақ жанын дұрыс түсінетін, оқыған-тоқығаны бар адам еді. Құсмолда қасына қарусыз адамдар алып, ала арғымағына мініп, құмға қамалған қазақтарды аралады. Олардың күйзелген күйін көзімен көрді. Ақкөзбен кездесіп, келіссөз жүргізді.Елді бұл жақта бұдан әрі қалдыру қауіпті екенін, аз күнде аяз, аштық, ауру халықты қынадай қыратынын айтты. Сондықтан, үріккен елді қоныс-қыстауларына қайтаруға шақырды. Патша өкіметі атынан енді қуғын, қырғынның болмайтынына сендірді. Жұрттың көбі бұған иланды, қонысқа қайтуды
қолдады, Тіпті, кейбіреулер «Ақкөзге еріп ақымақ болдық, босқа арандап қалдық» дегенге шықты. Құсмолда ондай пікірлерде теріске шығарды. «Ақкөз сендерге жамандық ойлаған жоқ. Теңдік әперемін, азаттық әперемін деп арпалысты. Балаларыңды өлімге жібертпеймін, ата-аналардың бауырын бүтін сақтаймын деп сайысты. Құдай бұйыртса, жеңісті, жейтін едіңдер жемісті» деп төндірді. Ақырғы шешім – қыс түспей қыстау-қыстауға қайту болды. Қаруды тастар күн туды. Ақкөз қасында қалған қолын жинады. Олардың алдында соңғы сөзін сөйледі. – Тұла бойын намыс билеген, кеудесін кек кернеген, арлы да арынды ардагерлерім менің! Сайысқа келсе, жаудың сазайын тарттырып, қан қаптыратын сарбаздарым менің! Аз күн арпалыстан кейін ажырасар сәт жетті. –Хан көңілі босағандай, дауысы дірілдеп шықты. – Еңіреген елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдауды мұрат қып, басты бәйгіге тігіп шығып ек, көңілдегідей болмады. «Тұлпар тегін табады, ерлер жөнін табады», енді жөнді, елді табуға мәжбүрміз. «Күрес түбі келте болады, мезгілсіз іс ерте болады. Кедей баласы кетпен шабады, бай баласы ерке болады» дегеннің бәрі рас екен. Күресіміз келте болды, ісіміз піспеген ерте болды. Кедей баласы кетпенімен, бай мырзасы сол еркелігімен қалды. «Малын күтер бақыл адам, жанын күтер мақұл адам. Өлмеймін деп бұғып қалмай, өлмей қоймас ақыр адам» деген де рас екен. Бұл күресте бірлігіміз болмады. Біреулер малын күтіп, біреулер жанын күтіп жатып алды. Жан барда,
қаза барына да көз жетті. Көп боздақ о дүниеге кетті. Бірақ ежелгі бабаларымыздың бірі «Алып ел дүрліккенде көрінеді, данышпан жай тірлік күнде көрінеді» деген екен. Бұл да рас болды. Көтерілген ел тауды тітіркендіріп, теңіздерді теңселтті. Халық қаһарының қандай екенін көрсетті. Бұл жеңіске бергісіз жеңіліс болды. Біле білгенге бұл уақытша шегініс. «Қамсыз қарап жатқан болмайды, талап ерді тартқан болмайды» дегенді ескеріп, сендердің талаптарыңды қостадым, күрестеріңе қолбасшы болдым. Мен сендерге жамандық ойлаған жоқпын. «Жақсыларда өш болмайды, мезгілсіз кеш болмайды». «Доспен дос ұрысса, дұшпан қуанады» деген. Өзара дауласпайық, өзара өштеспейік, енді еркіндік кеш деспейік. Әлі де кеп бітпейді, ақ патшаға кек кетпейді. Бізге де күн туады. Түнек қуылады, қайғы жуылады, көз жас тиылады. Қамықпаңдар, өксімеңдер, өкінбеңдер! –Мұны Ақкөз өр үнмен, зор сеніммен айтты. Сарбаздар «айтқаныңыз келсін, Ақа! Әумин, әумин!» – десті. Бұл тілекке үріккендер де үн қосты. Әрине, бір жерге кірмей тұрып, одан қалай шығарыңды ойла» дегенді ескерту керек еді деушілер де болды. Дегенмен, қиындықта босып жүріп бас қосып, мұңдас болған, тағдырлас болған қалың ел бір-бірімен егіліп жылап, езіліп ажырасты. Үйлерін жығып артынып-тартынып, бала-шағасын шулатып, төрт түлігін шұбыртып, көшін төске қарай қайта тартты. Амал не, артынша аңғал ел тағы алданғанын аңғарып, санын соқты. Патша әкімшілігі «Судың
түбін шым бекітеді, сөздің түбін шын бекітеді» деген ата-баба нақылына опасыздық жасапты. Енді қуғын-сүргін болмайды деп жанын жеп, жалған айтыпты. Көп ұзамай-ақ «Бура қуып келеді, бура қуса тура қуып келеді» деген күн туғызды. Бір түнде Ақкөзді айдатып алды. Келесі күні досы Досмайлды алдырды. Олардың үстіне тонын сүйретіп, бөстегін көтертіп Қыдырбай, Қосақбай, Аршынбай, Иманбай, Тескенбайлар жеткізілді. Жүзбасы, мыңбасыларға түрме толды. Осыдан кейін соқыр пристав бастап, старшын, болыстар қостап, иесіз қалған ел басына әңгір таяқ орнатты. Тұс-тұсқа «Кешегі көтерілісшілер айтқанға көнсін, Ақкөз оятқан сана сөнсін, ол тіккен ту қайта көтерілмесін, басбұзарлыққа ендігәрі жол берілмесін. Жұрт талап алған малдың тұяғын түгендеп, айдап келсін! Жеп қойса, құсып берсін, мінген атын түсіп берсін» деген бұйрық жөнелтілді. Ұрынуға уәж таппай отырған жасауылдар жазалаушыларды ертіп жолға шықты. Ауылауылды аралап ойран салды. Әсіресе, Ибақ ауылын шапқандар ерекше сыбағасын алды. Қамап қойып қанға бөктірді. Жегендерін желкесінен шығарды. Айыбын тартқызды, болыс риза болсын деп жоқты тапқызды. Алғанымен алдына әкелінгендердің жазасын оның өзіне айтқызды. Старшын бірде алған түйесіне жайдақ мінгізіп Қиялбайды айдап әкелді. Болыс шығып үкімін айтқанша, босағасына түйені шөгеріп, оған Қиякеңді қосақтап қойды. Ол күннің біткені, талқанның таусылғаны осы екен ғой деп, жарық дүниемен
қоштасып, ел-жұртпен үзір-мәзір айтысып тұрды. Қос тізесі қалтырап, жүрегі өкшесіне кетті. Бір мезгілде Ибақ шығып, түйесін таныды. Оны барымталаған Ақкөздің ағайыны екенін білді. Екі көзі қанталап, өшіккен болыс: «Беріңдер мынаның жазасын, жеткізіңдер қазасын! Басын кесіп итке тастаңдар, көзіне көк шыбын үймелетіңдер, өзін сойып, терісін жайып қойыңдар! Көрсін оны көпшілік», – деп ақырды. Сол-ақ екен, сойыл салынды, шоқпар сілтенді. Жан керек, Қиялбай қос қолымен төбесін басып, қорғанбақ болды. Бірақ қол қалқан бола қоймады. Бір білек пырт кетті, бір саусақ ұшып түсті. Бас жарылды, тұмсық бұзылды, құлақ жұлынды. Үсті-басына қан жапты. Шыңғырған даусы ауыл адамдарының құлағын тұндырды, аянышын тудырды. Жұрт жиналып қалды. Тірі қалмасын білген ол қалың елге қарай қашты. Жаналғыштар жабыла қуды.Жеткен жерде қазасын келтірмек, сұрақсыз өлтірмек болған олардың алдына екі-үш қария көлденеңдей қалды. «Әй, адамсыңдар ма, айуансыңдар ма? Адамда аяушылық болмай ма? Түйелеріңді алдыңдар, енді не әкелеріңнің құны бар? Тоқтатыңдар жауыздықты!» – деп ара түсті. Айтақтағанға аузы көпіріп арсалаңдаған немелер тосылып қалды. Осы сәтті пайдаланып ел арасына сіңген жаралы жанды үш-төрт жігіт сүйемелдеп апарып бір үйге жасырды. Бұл кезде Биназар мен Мырзабайды Кузьменконың Степан, Аким деген екі кулагы төсте тепкі
астына алдырып жатты. Ел ішін тағы зар кернеді. Әкіреңдеген әкімдер ес жиюға мұрсат бермеді. Аман қалған ауыл азаматтарының басына ауыр күн тағы туды. Төнген түнектен сескеніп, жан сауғалап, олар елден безе бастады. Мырзабай Алматыға қашты, Биназар Тоқмаққа тартты. Старшын, болыстардың көмейлері толмады, ындыны тоймады, мал-дүние даулауын қоймады. Пірімбектің мал-жанын, қорақопсысын тәркілеп, үш мың сом айып өндірді. Қиялбайдың шайласын қиратып, мініп жүрген жалғыз атын, бір сиыр, төрт ешкісін айдатып алды. Есін жиған соң, ол да Мырзабайдың артынан зытты. Сонымен, шынжыр балақ, шұбар төстер төрде қалды. Ел теңдігін іздеген еңіреген ерлердің көбі көрде қалды, тірісі жәудіреп торда қалды. Естіден есер озды, тұлпардан есек озды. Қара қарға қырғиды ілді, жалшы жылап, жуан күлді. *** Асыл арманда ажал болмайды, адал істі құдай қолдайды. Ақкөздің айтқаны келді. Келер көктемге қарай арқырап-сарқырап Ақпан төңкерісі болып өтті. Ол Ресейдің астаң-кестеңін шығарды. Ақ патша тақтан тайдырылды. Уақытша үкімет пен Советтер патша тұсында тұтқындалғандарға кешірім жариялады. «Өлмегенге өлі балық жолығады» деген осы. Ақкөз бастаған көтеріліс көсемдері тұтқыннан босатылды. Бірақ бұдан кейін де аңсаған арман іске аса қоймады, үстемдер түзу жүріп, аяғын оңға баса
қоймады. Ездер өз пайдасын, ерлер өз пайдасын ойлады. Мүдде таласы, тап тартысы тоқтамады. Кедейлер «бай-манап, би-болыстар, атқа мінер төрелер, сендер ашкөздікті, арамдықты қашан қоясыңдар» десе, үстемдер: «жоқ-жұқана, кедейкепшік, сендер артына қарамай әулие ағаштың басына қонамын деген көкқарғалықтарыңды қашан қоясыңдар?» деп егесті. Көтерілісшілер «нағыз тұлпар шаппай қоймас, жалы кетіп арыса да» дегенді растады. Үстемдер «жаман адам жақсы болмас, қыдыр келіп дарыса да» дегенге көз жеткізді. Өшпенділік олардың өзектерін өртеді. Арада таластартыс, қарусыз күрес жүргізіле берді... «Шығасыға иесі басшы» деген. Бір күні Ақкөз Шудағы Новотроицк базарына барды. «Тобынан ажыраған торғайдың торға түсетінін» ескермеді. Ойында ештеме жоқ, базарын базарлады, аларын алды. Тары алды, талқан алды. Енді қайтпақ боп, атына мінді. Ат үстінде жан-жаққа көз салып, сәл іркілді. Осы кезде оған базардың бір жағында үштөрт кулактың көзі түсті. Өзара: – Бұл кім? – Қазақтың көп шалының бірі шығар. – Жоқ, жай шал емес. Атын, ер-тұрманын, өзінің ат үстінде шіренісін қарасыңшы! – Былтырғы көтеріліс көсемдерінің бірі емес пе? – десті. Бәрі қадала қарасты. Сәлден соң: – Ойбай, мен мұны таныдым, – деді кулактардың жастауы. – Иә, бұл кім? – Бұл атақты Ақкөз.
– Былтырғы Кузьменкоға өрт қойып, кулактарды қырған Ақкөз бе? – Дәл өзі. – Шын ба? – Шын. – Анық, жыға таныдың ба? – Анық таныдым, – «Сатқынның табаны тайғақ болар, жаманшылықта өзіңе айғақ болар» деген. Аттыны танып, мұны айтып тұрған былтырғы қолға түскенде Ақкөздің өзі рахым қылып, босаттырып жіберген орыстардың бірі еді. Олар өзара ақылдасты. – Мұның сазайын тартқызайық! – Қайтіп? – Қан базарда сойылға жығып сорлатайық! – Ақкөзді Көккөз етейік. – Оған ел жібере қоя ма? Ара түседі, ажыратып алады. – Онда қайтар жолынан тосайық. Кулактар осыған келісті. Базардан сытылып шығып, аулаққа барып Ақкөздің қайтар жолын торыды. Бір кезде ауылына қайтқан Ақкөз көрінді. «Мінсең, дөнен мен бесті мін, аянбай басады, түссең, отауға түс, аянбай асады» дегенді ескерген оның астындағы бесті күрең аянбай, аптыға басып келеді. Жол торыған кулактардың бірі «қанды басың бері тарт» деп жардан жүгіріп шығып, қарсы жүрді. Жерге қарап ешбір күдік туғызбай келе жатқан ол Ақкөзбен жанаса беріп, амандасқан болды да, шылаудан ала түсті. Мұның дұшпан екенін енді сезген Ақкөз тебініп қалып, оны қамшымен тартып-
тартып жіберді. Ол шылаудан ажырар емес. Ақаң еңкейіп барып жүгенді сыпырып тастады, бірақ тізгін ат мойнында қалды. Осы кезде жасырынып жатқан басқа кулактар жүгіріп-жүгіріп келіп, Ақкөзді аттан аударып түсірді. Жолдан шығарып, сүйретіп сайға апарды. Сонан соң «ата жау қолға түстің бе, жоқ па?!» деп тепкінің астына алды. Қайсар қарт қиналғанын білдірмеді, жауына жалынбады. Қарсыласып барып, естен танды. Бір кезде «өлмегенде енді несі қалды» деді де кулактар оның мұрнына талқан тығып, көмейіне тары толтырып тастап кетті... Ақкөз базардан қайтпады. Ағайындары мұны ешкімге айтпады. Балалары іздеп шығуға батпады. Келесі күні ғана ел оның қолды болғанын сезді. Жоқшылар табылып, жоқ іздеп жолға шықты. Шөл даланы, сай-саланы кезіп жүріп, ес-түссіз жатқан Ақкөзді тапты. Адам жаны сірі ғой. Өлді деген ол өлмепті. Жүрек соғып, тіршілік белгісін білдіріп жатыр екен. Арбаға салып ауылына алып келді. Басы төрт жерден жарылыпты, сегіз қабырғасы сыныпты. Ауыл-аймағы ардагерін аман алып қалуға жантәнін салды. Тұс-тұстан балгер-бақсы, сынықшы, оташыны алдырды. Қамқорлық кем болмады, бірақ ауыр соққыға ем болмады. Үшінші күн дегенде ер Ақкөз барса келмес жаққа аттанды. Ағайыны түгел қара жамылды. Қақ бөлінген найза белдеуге ілінді, жабықтан көтерілген күрес туы төмен иілді. Бұл қайғылы хабар жеті болыс елге найзағайдай тез жетті. Ел күңіреніп езіле жылады. Қайғырмаған адам қалмады, ат қойып келмеген кісі болмады. «Ой, бауырым-айлап» ат бауырына түсіп Қабылбек
те келді. Көңіл айтушылардың ішінде көпті көрген небір көсемдер, сөзге жүйрік небір шешендер болды. Әркім көңілдегісін ағынан жарыла, ақтарыла айтты. Сондағы Қабылбектің сөзі мынау болды: – Ағайын Ақаңнан айырылдық, аяулы ақсақалдан айырылдық! Бұл – халықтың қан жылайтын, көз жасын еріксіз бұлайтын күні. Бұл теңсіздіктің төбесінен төнген тұйғынымыздың топшысы сынып, көктен құлап түскен күн. Бұл – биікке самғаған сұңқарымыздың қанаты қайрылып сұлап түскен күн. Бұл – кең даланы ерсілі-қарсылы кезген көкжал бөріміздің орға құлаған күні. Бұл күн – ақ патшаға қарсы жалын күдірейтіп, аузын арандай ашып, айбат шеккен арыстанымыздың арманда кеткен күні. Арман көп, өзекті өртер өкініш те көп. Кешегі Ақаң бастаған азаттық арпалысында бір жұдырық боп түйіле алмадық, есеңгіреткен езгіге бір адамдай күйіне алмадық. Қаһарды патшалық құрылысқа қарусыз, қара күшпен қарсы шықтық. Аш жүріп айқастық, жалаңаш жүріп жағаластық. Саналы түрде сайланып шыққан күрес жүргізе алмадық. Күрес әліппесін үйретіп, жеңіске жетелер саяси жетекшіміз де болмады. Алға қойған мұратмақсатымыз да көңілге толмады. Қара жұмысқа адам бермеймізден ары аса алмадық. Бірақ осы күресімен-ақ Ақаң аты тарихта қалады, тарих төрінде жұлдызы жанады. Ақаң күресі – алдағы саяси зор күрестің басы болады. Оның еңбегі еш болмайды, азаттық арпалсына әлі де кеш болмайды. Ақаң еңбегі еленеді, халқына қылған қызметі төленеді...
Әркім-ақ осылай ойланады, осылай толғанады. Өмір деген –бір керуен. Ол тарих сахнасынан ақырындап өте береді, ілгері жылжып кете береді. Оның әр жер, әр тұсында несібесі таусылып, күні біткендер қала береді. Тек кімнің қашан, қай жерде қалары –құдайдан басқаға белгісіз, зор құпия. Ақкөз хан қазасы жөніндегі құдайдың құпиясы осылай ашылды. Ол өмір керуенінен 1917 жылы алпыс жасында, туған жер, туған топырағында қалды. Елжұрты аяулы да айбатты Ақкөз батырын ақ жуып, арулап жер ана қойнына берді. Әңгіме басында айтылған Ақермен жазығын қақ жарып, төменнен төске тартып жатқан қоқты жолдың бойындағы жаутаңдаған жалғыз төмпешік – сол Ақкөз ердің бейіті еді.
ҚАЛЫҢДЫҚ ҚАСІРЕТІ
(әңгіме) Жаздың жанға жайлы күндерінің бірі. Кешкі салқын. Төменгі түлейден шыққан екі атты жол үстінде. Беталыстары – айыр қалпақты алшысынан киген, толық денелі, дөңгелек жүзді,селдір сақалды, жирен мұртты, ақсары кісі. Ақ көйлегінің айқара ашылған ақ жағасы алыстан ағараңдап көрінеді. Оның сыртындағы бешпетін бастыра киген жеңіл жібек шапанының қос етегі екі жақ тоқымдыққа төгіліп, самал желмен сәл желпіл қағады. Астында – омырауы кере құлаш, тұрқы есік пен төрдей, қақпан бел қара жорға. Қос құлақты қайшылап, екі көзден от шашып, теңіздегі кемедей жайқала зырғып келеді. «Ат үстінің желігі болады»деген рас, иесінің де көңілі көтеріңкі, екі аяқты қос үзеңгіге тең тіреп, шалқая түсіп, шіреніп-шіреніп қояды. Ыңылдап әнге де басады. Қос жолаушының екіншісі – отызға әлі жете қоймаған, аузы-басын піл таптап кеткендей жалпақ бет. Жайдақ мұрын, кең танау, жайын ауыз жас жігіт. Еркіне жіберсем, айналасы ат шаптырым аузыбасты жүн басып, бас көрінбей кете ме дегендей, сақал-мұрты қылтиюға шамасын келтірмей қырып тастапты. Бет-аузы жып-жылмағай. Оның
астындағы құман тұяқ, қылтылдаған қыл жирен аса жүрісті ат көрінді, лыпылдап басып, жер апшысын қуырып келеді. Әне, Шу алқабын жағалай отырған Аша елі де көрінді. Әр жерде шоқ-шоқ ауыл. Ақ, қаралы киіз үйлер. Ауыл айналасы –қаптаған қалың мал. Үйір-үйір жылқы, желі-желі құлын, қора-қора қой. Малдың алды өрістен қайтқан. Қой маңырап, сиыр мөңіреп, жылқы кісінеп, бүкіл аймақ у да шу. Жолаушылар ел шетіне ене беріп, бір үйден Өмірбек ауылын сұрады. Есік алдындағы құрт жайған сөреге сүйеніп тұрған жас келіншек иіліп сәлемдесті де, «ол кісінің үйі анау» деп өзен жағасындағы көгалға тігілген үш үйді көрсетті. Қос атты ауылды араламай, сырт жағын айналып өтіп, солай қарай беттеді. Ел жұрт жаңғыртып, жаңа көшіпқонған сияқты. Ауыл айналасы – ат шашасынан келетін, әлі тапталмаған көк майса, қызыл-жасыл, жұпар иісті гүлдер. Кешкі самал желмен жеткен жусан исі де мұрынға келеді. Ат басы үш үйге тірелді. Ортада –алты қанат ақ орда, оның оң жағында – бір үй, сол жағында – бір үй. Қос атты тіл қатты: – Кім бар-ау? – Өзіміз бар. – Сөйлес! – Қазір. – Дауыс естілген оң жақтағы үйден шапанын желбегей жамылып, аяғына кебісін іле салған, ұзын бойлы, етжеңді, жауырыны шығыңқы, еңкіштеу келген, шүңірек көзді, қара кісі шықты. – Ассалаумағалайкум, Өмеке!
– Уағалайкумуссәләм, Байеке! Қайдан жүрсіздер, жол болсын! – Әлей болсын, қонақпыз. – Қонақ болсаңыздар, қош келіпсіздер, түсіңіздер! – деп Өмекең ат шылауына жармасты. Қонақтарын қолтығынан сүйеп түсіріп жатып: «Бәйбішеәй, үлкен үйдің есігін аш, киіз сал! Шақырса, қолға түспейтін кісілер келді», – деп дауыстады. Жолаушылардың атын жетектеп барып атқазыққа байлады да, жүгіре басып қайтып келіп, киіз есікті көтеріп тұрып, «кәне, үйге кіріңіздер» деп ізет білдірді. Келгендер енді ғана аңғарды, ортадағы еңселісі – қонақ үй, оның екі жағындағы үйлердің бірі – асхана, екіншісі –өздерінің жатын орны екен. Қонақтар еңкейе басып есіктен енді. Енді де, ішке айнала көз салды. Үй еңселі екен. Ақ орда десе, дегендей. Биік те кең керілген керегелер есік пен төрді тай шаптырымжай етіп жатыр. Кереге басына өкше тіреген самаладай самсаған уықтар қызыл ағаштан иілген кең шеңберлі шаңырақты көкке асқақтата көтеріп әкеткен. Түндік ашық, күн жарығы нұрлы сәуле төгіп тұр. Шаңырақтың екі жағынан төмен қарай төгілген қызыл-жасыл желбау қайырылып барып, кереге басына ілінген, жалпақ тоқылған басқұр әр уықты бір орап, кере тартып, оларды саптағы сірескен сарбаздардай қисайтпай, қыңырайтпай ұстап тұр. Уықбау, керегебау да қызыл-жасыл, ақ сары құрдан көз қызықтырады. Оң жақ босағаға төбеге тірелген адалбақан қойылған. Оған аяқасты болмасын, ит тимесін дейтін заттар салынатын аяққап, шыныаяқ қап ілініпті.
Айнала көп кілеммен көмерілген. Оң жақта – ағаш төсек, төрде –қатар-қатар жүкаяқ. Бәрінің көрінер беті оюланып, сүйекпен қапталған. Төсектегі көрпежастық шымқай жібекпен жабылған. Жүкаяқтарға сырлы сандықтар қойылып, үстіне жүк жиналған. Есіктен төрге дейін оюлы сырмақ, текеметтер төселіп, төрт қабат көрпе салынған, қос-қос құс жастық тасталған. Былайша айтқанда, оң жаққа, біресе сол жаққа қарай ыңырана аунап түсіп, қона жатуға, әдемі әңгіме-дүкен құруға жарамды-ақ жай. Үй иесі «жоғарылатыңыздар» дегенде ғана қонақтар ілгері аттады. Төрге барып, шапанды шешіп, қалпақты атып ұрып, құс жастықтарды құшақтай-құшақтай құлады. Өмекең олардан сәл төменірек келіп отырды да, тіл қатты: – Иә, аман-есенсіздер, ел тыныш, жұрт орнында? –Құдайға шүкір, әзір бәрі бұрынғысынша, бәрі өздеріңіз көргендегідей, – деп Байекең селдір сақалын бір сипап қойды. – Ағайынның амандығы жақсы, біз де әмсе соны тілейміз. – Рахмет, ізгі тілек игілікке жеткізеді. Біреуге жамандық тілегенше,өзіңе амандық тіле, «біреуге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле» деген. Бізге іш тартып, ізгілік тілеген ағайынның өзі де жаман болмас. – Ізгілік ірімейді де, шірімейді де. Қонақтардың кішісі сөз қыстырып қойды. – Рас айтасыздар, дұшпаныңа да жамандық жасама, о да бір күн дос болар депті ғой. – Ағайынның тату-тәтті, ынтымақты болғаны
абзал. Сүт ірісе, ештеме емес, ірімшік болады. Ағайын ірісе, жаман, тоз-тозы шығады, – деп Байекең бір қойды. Оның бұл пікірлері Өмекеңнің де жүрегіне жылы тиді, құлағына қонды. Бірақ «бұл кісі мұншалықты езіліп, елпілдемеуші еді, туысқаншылық, ағайыншылық дегенді аузына ала бермеуші еді. Мұның сыры неде екен?» деген ойға қалдырды. Осы кезде «шай дайын, қол шайыңыздар» деген хабар келді. Бас көтеріп, түзеле отырған қонақтар қолына су құйылып, орамал берілді. Дастархан жайылып, шай келді. «Зәурегүл, шайды қызылдап, қаймақпен құй. Қонақтар сүйсініп ішсін» деп, Өмекең әйеліне бір қарап қойды. Бәйбіше бір тізерлеп жайланып отырып, шай құя бастады. Сұңғақ бойлы, толықша келген, қызыл шырайлы нұрлы кісі екен. Отызды орталаған сияқты. Кісіге қарап кесе ұсына бергенде қос жанарынан жылылық лебі құйылады. Салалы саусақтарындағы алтын сақиналарда жалтжұлт етіп, сәуле ойнайды. Қос қолдағы қос-қос білезік бір-біріне соғылып, сыңғыр қағады. Ол ер кісілермен әңгімесіне көп араласпайды. Салмақ сақтап, сабырлы үнмен «дәм алыңыздар», «шай ішіңіздер» деп тілек білдірумен ғана тынады. Бәйбішенің әр қимылын бақылап отырған Байекең «қыз – шешені, ұл әкені қайталайды» деген. Анасы ақылды, ақ маралдай кісі екен, қызы да жаман болмас» деп пікір түйді. Осы кезде арсалаңдап, «апалап» кішкентай қыз бала үйге кіріп келді. Апасының мойнына асылып, әлде не деп сыбырлап жатты. Байекең балаға назар
аударды. – Айналайын кімнің қызысың? – деп сұрау тастады. – Атасының, апасының қызы. –Жауапты анасы берді. – Атың кім, айналайын? – Жұмай деген еркетай осы болады. – Жақсы бала екен, – деп қойды да, Байекең басқа әңгімеге аунап түсті. «Болар бала басынан» деген рас. Жұмай әлден-ақ құлынша құлдырап, моншақша мөлдіреп тұр. Жол ұрып, жел қағып шөліркеп жеткен қонақтар әңгімелесе отырып, терлеп-тепшіп шәйді ұзақ ішті. Онан соң қымыз келтірілді. Сапырулы сары қымызды сырлы аяқпен бір-екіден тастап-тастап жібергенде, қонақтардың маңдай тері тағы да шыпшып шықты. – Дөнен қымыз еді, алыңыздар! – деп, Өмекең қымызын бір мақтап қойды. – Бесті қымыз, дөнен қымыз дегендер ащылау болушы еді, мына қымыз балдай екен. Ыдысы ысталған, күтімі келіскен, өзі көп пісілген-ау, шамасы. Осыдан-ақ келіннің кім екені көрініп тұр, – деп, Байекең сырлы ожаумен қымызды құлаштай сапырып отырған Зәуреге бір жастық тастап жіберді. Ол сәл жымиды да қойды. Қонақтар шөлі қанып, кекірініп, ыңыранып дастарханнан шегіне бергенде, ауыл жігіттерінің бірі құйрығы тегенедей қара қойды есікке көлденең тыртып «әумин» деді. Байекең батаға басты:
Е, құдайым оңдасын, Ниетіңді қолдасын! Жаз жайлауың жаусыз болсын, Қыс қыстауың қарсыз болсын! Екі аяқтың есен болсын, Төрт аяқтың түгел болсын! Әумин!
Бәрі де «әуминді» қайталап, бет сипасты. Мал сойылып, ет қазанға түскенше, ол езіліп піскенше, 5-6 сағат өтті. Бұл уақыт ішінде талай әңгіменің басы қайтарылды. Байекең алыстан орағытып, біраз жайды аңыратып, астарлап айтып та тастады. Қазіргі тәтті өмірдің сұрауы қатты. «Ара қанша бал берсе де, зәрін бір төкпей тұрмайды. Сол сияқты тәтті өмір де бір ащысын көлденең тартады» деп, селдір сақалды тағы бір сипап қойды. – «Бұл жалған дүние өмір-өлім, жақсы-жаман, дұрысбұрыс, ақ-қара, бар-жоқ деген сияқты қарсы мәнді егіздерден тұрады. Олар бір-бірін ауыстырады, бірі болмаса, екіншісі болмақ емес. Сондықтан, опасыз дүниенің барына да, жоғына да, ойына да, қырына да, шуағына да, көлеңкесіне де даяр болу қажет» деп тағы бір тамағын кенеп қойды.Осы жерде Өмекең «сонда не істеу керек?» деп қалды. «Ол үшін ағайынның араласқаны абзал. Олар жанасса, жұғыса түсіп, жанға жан, басқа бас қосса, күш-қуат өседі. Күш бар жерде ғана жеңіс бар, жеміс бар. Алмағайып замандарда қалт-құлт етіп, суға батпай тұрып қалған кемедей күштілер ғана өмір сүре береді» деді Байекең. Өмекең қонағының мұнша неге пәлсапа соғып, орағытып отырғанына әлі де түсіне
қойған жоқ. Ал Байекеңнің бұл құйқылжытуында терең сыр жатты. Бұл 1910 жыл еді. Төңкеріс қарсаңы. Кедейлердің қолтығына су бүркіліп, құлағы көтеріліп тұрған тұс. Суы лайланбаған тұнықтарға тықыр түсе бастаған. «Ауыл иті бөрі көргенде бірігеді» дегендей, бұрын бақ таластырып, байлық жарыстырып, басы бірікпейтін барлар замана ағымынан сескеніп, бірінбірі іздеп тауып, жоқтан бар жасап, өзара жинасып, бірлесіп, аман қалудың қамын қарастырып жатқан. Осындай аумалы-төкпелі заманда Әулиеата уезінің Аққолтық болысындағы Шымыр елінің азаматы Байгөбек баласы Байболат ойға қалды. «Замана талабы тарылып, өмір талабы өршіп барады. Қандай күндер күтулі! Күңгірт күндер келе қалса, айналып өтіп, жан сақтап қалар күш бар ма? Ауыртпалықты арқаласар ағайын да азайды. Жанашыр жан да қалмай барады» деп бір күрсінді. «Қарап жатып, қамсыз қалуға болмайды. Ел алу керек, жамандықта жар болар жақсы жекжат, терезесі тең келер тамыртаныс табу керек» деп ой түйді.Көк дөненнен де жүйрік көңілімен айналаны шолып шықты. Ақыры ықыласы Сәмбеттегі Сандыбай баласы Өмірбекке құлады. «Бай байға құяды, сай сайғы құяды» деген емес пе? Ол да шықшыты шығыңқы, шүйдесі қалың, «күлшелі» көрші еді. «Сыныққа да сылтау керек». Байболат Өмірбекпен жекжат-жұрағат болудың жайын қарастырды. Екі ел арасындағы арғы-бергі алыс-беріс, ілікшатыс тарихын таразылап көрді. «Бақсам, бақа екен » демекші, бұлар бір кездегі қыз алып, қыз
беріскен құдандалы ел болып шықты. Байболат сол жақындықты жандандыруды, «сүйек жаңғыртуды» жөн көрді. Өмірбектің 6-7 жасар қызы барын астыртын білді. Ол тағы ойға қалды. Бесіктегі ұлы Қырғызбайға қарады. «Осы жаманыма қызын айттырып, құда түссем бе екен» деген ниет сап етті. «Оның қызы менің баламнан ересектеу екен, болмас» деп бір тежелді. Артынша «несі бар, бұрынғының жесірлері әмеңгерін арқалап жүріп өсіріп, балағатқа жеткізген соң некеге отыра беретін. Оған қарағанда 6-7 жас үлкендік етпейді. Алдынан өтем, келіссе, құда болам» деп шешті. Әлгі Өмірбек ауылына ат сабылтып келіп, қона жатып, еселеп-еселеп есіп отырған Байекең – сол Байгөбек баласы Байболат. Қасындағы атқосшысы – оның туған інісі Берік. Бұлардың жанасу, жақындасу жөнінде жылбыратып отыруы –әлгіде көрген Жұмайды бесіктегі баласына айттырмақ. Өмірбекпен құйрық-бауыр асасып, төс түйістіріп құда болмақ. Түн қысқа. Таң тез атты. Қонақтар ұйқыдан тұрып, өзен жағалып, желдеп қайтты. Жуынып, шайға отырды. Шайдан соң қымыз ішілді. Әлден соң Байболат: – Өмеке аунап-қунап жақсы жаттық, жай тұрдық. «Кел демек бар, кет демек жоқ» Енді қайтайық, – деді. – Тағы қоныңыздар. Ағайынды ауырламаймыз. Ал шынымен қайтпақ болсаңыздар, бұйымтай айтыңыздар! – деп Өмірбек қонақтарға құныға құлақ қойды. Байболат қысылыңқырап, қипалақтап
барып: – Рахмет, өсіп-өніңіздер. Ұрпақ көбейсін, солар біздің орнымызды бассын, өмірімізді жалғастырсын, – деп тағы жақауратты. – Айтқаныңыз келсін. Лайым солай болғай! – Өмірбек бас шұлғып тыңдай берді. Байболат сөзін жалғай түсті. – Бұйымтай айт деп отырсыз. Бұйымтайсыз да емеспіз. «Айран сұраған шелегін жасырмайды» деген. Бұйымтайымызды да айтайық. – Айтыңыз, айтыңыз! – Өмірбек қонаққа қадала қарады. – «Ауру қалса да әдет қалмас». Ата салты бойынша, құда түсе келдік. Сізде қыз бар екен, бізде ұл бар. Ұлым екі көзімнің бірі болса, сіздің қыз екінші көзім болсын! Бұл сөзге Өмірбек көп шошына қойған жоқ. Тек: – «Тең теңімен жарасады, тезек қабымен жарасады» дегендей, сізбен құда болуды біз де теріс көрмейміз. Бірақ... Байболат оның сөзін аяқтатпай: – Біз де сіздерді теңіміз деп түсініп, құдалыққа лайық көріп, қолымызды ұсынып отырмыз, – деді. Өмірбек үзіліп қалған сөзін жалғады: – Бірақ қызымыз әлі жас қой? – «Ұлың өсіп ержетер, қызың өсіп бой жетер» деген. Балалар өсе жатар, балиғатқа да жарап қалар. Әзірше құда болып, қарғыбау тағып қойсақ деген ниет бар. – Бала назы тұңғиық, тұңғиыққа түсіп кетіп жүрмесек. – Тегімізді сыйласақ, тізгінімізді түзу ұстасақ, тіл
табысып, ұғынысып кетерміз, ұятқа ұрынбаспыз. – Жақынның да жаттан жаман жапа көрсететіні, жаттың да туғаннан тәуір опа көрсететіні болады. – Жақынның да жақыны бар, жақын біткен бірдей емес, бәрі сіз бен біздей емес.. Осылай олар біраз арбасты да, ақыры түсіністі. «Ат тұяғын тай басар», тай жетіліп, ат тынығар дегендей, балалар жетіліп, ұрпақ өсіп, біз де тынығармыз, тың шығармыз. Алла соған жеткізсін. «Аллаһу акпар» десіп бата қылысты, бет сипасты. Сауда бітті, іс тынды. Құдалар аттанды. Жасырын келісім тістен шығарылмады. Мұны ата-аналар сырлы сандықтың түкпіріне тығылған тайтұяқ алтындай жүрек түбінде сақтады. Басының базарға салынып, саудаға түскенін Жұмай да сезбеді, оның өзіне де тіс жарып ештеме айтылмады. Айтқанмен, балалық базарынан қайтпаған, қуыршағын ойнап, құлдырап жүрген сарыауыз сәби бұл сауданы түсінбес те еді. *** Аласапыран тұстарда уақыт та ұшқан оқтай зулайды. Бұл арада да жылдар жылжып өте шықты. Жұмай қыз да сол жылдармен жарыса жетілді. Толған айдай толықсып 16-ға келді. Ай маңдайлы,алтын жүзді, бетінен нұры тамған, білектей-білектей қос бұрымы тірсегін қаққан, қара мөлдір, тұнық көзді, үлбіреп тұрған қырмызы ерінді, келісті де керім қыз болып өсті. Әлденеге ризалықпен қуаныш сезіміне бөленсе, бетінде ақ нұр ойнады. Жымиса, аузынан
ақ меруерт төгілді. «Аһ» десе, көмейінен жұпар иіс аңқыды. «Қыз өссе, ауыл көркі» дегендей, ол келе жатқанда ауылға ажар кіріп тұратын болды. Тау бұлағындай сылдыр қаққан нәзік үні, қос етек көйлек, қынама камзол ішіндегі сазға біткен сәмбі талдай майысып тұрған бұраң белі, құлынның сауырындай жұмыр жоны көрген жігіттердің буынбуынын босатты. Жұмай даңқы алысқа кетті, аты айналадағы барлық бозбала құлағына жетті. Жүрегінде жігері бар жігіттердің әрбірі Жұмай ауылын жағалады. Жүйрігін мініп, жібегін киіп, жұпарын жағынып, барын тағынып, қырындап өтуді дағдыға айналдырды. Оларға жөнін тауып, иінін келтіріп қыз-қызғалдақты көру бір арман болды. Осы ниетпен кейбір қулар ауыл тұсынан өтір бара жатып, ат басын бұрып келіп, шөлдеген боп тамағы кеуіп «өліп бара жатқандарға» сусын ұсынғанмен, оларға ешбір жылы қабақ көрсетпейтін, тілге де келе қоймайтын. Ессіз ерлер оны құр көргеніне мәз болып, бір-біріне жыр ғып айтып, жыртыла мақтанатын. Ол кезде игі жақсылар мен сүйкімді сұлулардың көзіне түсудің, оларға қажыр-қайрат, ерен ептілікпен ұнаудың бір жолы – қыз-келіншекті ауылдарға көкпар апарып тастау болған. Кейбір көкпаршы қулар бұл әдісті де ұмытқан жоқ. Босағаға сүйеніп алыстағы көкпар додасына қызыға қарап, жаудырап тұратын Жұмай алдына талай жігіт көкпар да әкеліп тастаған. Жөн-жосық бойынша ол жеңін түріп жіберіп, талдырмаш білегін жалаңаштап, нәзік саусақтарымен көкпар-лақтың сирағынан ала
салып, үйге сүйреп кіргізе қоятын. Тиісті ырымжырым істелген соң көкпарды қайта шығарып беретін. Бірақ оны әкелуші жігіттердің арам ойын сезбейтін, іс-әрекеттеріне де ешбір көңіл бөлмейтін. Әр нәрсенің шегі бар. Бұл бейжайлық та ұзаққа бармады. «Көп күн сынбаған шөлмек бір сынардың» кебі келді. Өмірбек ауылы жайлауда отырған. Жұмай тіршілік қып үйге кіріп-шығып жүрген. Төмен жақтан ат дүбірі, «ауылға тарт, ауылға тарт» деген қиқу естілді. Жұмай далаға жүгіріп шықты. Тақымға басқан көкпарын сүйретіп бір атты осылай қарай тартып келеді. Артында –қалың қуғыншы, олар «ауылға жеткізбей қайыр», «бас қамшыны, жіберме», «көкпарды тастатпа» деп ойбай салып келеді. Жүйрік ат шендете ме? Құрық бойы ұзап шыққан әлгі адам әне-міне дегенше Өмірбектің босағасына көкпарды сылқ еткізіп тастай беріп, зу етіп өте шықты. Оның жел боп ескен екпінінен сескеніп үйге қойып кеткен Жұмай қайта жүгіріп шығып, серкені сүйрей жөнелді. Көкпар тастаған жігіт атының басын әрең қайырып, қайта оралды. Келді де, есік алдында тұрған Жұмайға жымиып сәлемдесті. Осы сәтте олардың көзі бір-біріне түсті. Ақкөбік боп, ауыздықпен алысып, аспанға атырылып тұрған ұшқыр күреңнің үстіндегі жиырмадан сәл асқан жігіт қыз көзіне перідей көрінді. Бадана көзді, қою қара қасты, қыр мұрынды, ат жақты, қол-аяғы балғадай, атан жілігі ат бауырына түсіп жатқан батыр тұлғалы, аспамсадай ол басын қызыл белбеумен бір тартып тастапты.
Бұлар бір-бірінен көз алмай сәл үнсіз тұрды. Осы сәт екеуінің де іші шым-шым ете қалғандай болды. Сәлден соң жігіт: – Қарындас, таңдай жібітер сусын бар ма екен? – деді. – Не ішесіз? –Жұмай жүзін төмен салды. – Не бар еді? – Мөлдір су да, сапырула сары қымыз да, салқын айран да бар. – Қиғаныңызды, бізге не лайық көресіз, соны беріңіз! – Онда мынаны лайық көрдік. – Жұмай сырлы аяқ қымыз алып шығып ұсынды. Жігіт ат үстінде тұрған бойы сіміріп салды. Бұл жолы одан артық тілдесудің реті болмады. Әлгіде келіп жеткен қуғыншылар «көкпарды шығарыңдар», «күн әлі ерте, тартамыз» деп тұрып алды... Көкпар қайта додаға түсті. Аты өктем, қарулы жігіттер ентелеп барып, ат бауырына түсіп серкені сирағынан іліп алып, таласа тартып, ауылдан ұзай берді. Қыз бен қымызға мейірі қанған әлгі жігіт те атының басын бұрып алып, көкпаршыларға қосылып кете барды. Сәлден соң аяулысы қалғандай артына қайта қарағанда, өзінен көз алмай сілейіп әлі тұрған қызды көрді. Оның тіліне ел арасына кең тараған белгілі әннің: Ауылыңның тұсынан аттанғанда, Ақ боз үйге сүйініп қара да тұр, – деген жолдары оралды. «Бұл сөздер осындайда
айтылған екен-ау» деп, оны жігіт іштей ыңылдап, қайталай-қайталай ұзап бара жатты. Бұл кездесу қызға да, жігітке де «көрген түстей, сағымдай» болды да қалды. Қол берісіп, жөн сұрасып, ат-жөн айтысып, таныса алмады. Екеуі де кіммен кездесіп, кіммен тілдескенін білмеді. Бірақ олардың бір-біріне деген әлдеқандай сезім пернесі селт етті. Жұмай жүрегі әлде нені жоқтайтындай, іздейтіндей болып алды. Әлдекімді көрсем деп, тапсам деп, шарқ ұрып тұратын сияқтанды. Бұл күндерде жұмбақ жігіт те ойға батты, түн ұйқысы төрт бөлініп, аунақшып жатты. «Тағы бір көрер ме ем сол қызды» деп аңсады. «Енді ол ауылға жол түсе қояр ма?» деп мұңайды. *** Бұл аралықта Байболат пен Өмірбектің ішекқарны мүлде араласып, қазан-ошағы «бір күн сізден, бір күн бізден» болып кеткен-ді. Құда түсіп қайтқан соң-ақ Өмірбекке «Қыз-қалыңдікі» деген. Қалың малын шетінен ала бастасын» деген хабар жеткен. Ащы дүние кімді адастырмаған, кімді құдыққа құлатпаған. Малсақ әке бұған «жақсы кісіден жақсы хабар келер» деп қутың-қутың қуанды. Қуаныш, қайғы дегендердің өткінші екенін, күлімдеген көздің де жылайтынын, жылаған көздің де күлімдейтінін ескермеді. Бұл құдалықтан жалғыз қызының бақыт табарын, әлде қасірет табарын пайымдай қоймады. Қалың малға құныға құлады. Өмірбек құйрық-бауыр асасып, төс түйістіріп
табысқан, өзі шымыр, өзі шынжыр құдасыман қарым-қатысты бұрынғыдан да асырды. Алысберісті астыртын күшейтіп, дүниені тышқанша тасыды. Пәтуә қылған қырық жетінің де бетін бері қаратты. Кісінеген айғырымен үйірлі жылқысы келді. Ботасын ертіп, боздаған түйелер де өтті. Қойлар да қорасына келіп қосылды. Әдетте байлық артқан сайын сараңдық күшейеді. Бай тышқақ лағын союға қыймай, тісін-тісіне басып, қызыл көрмей, сорпа ішпей айлап отыра береді. Дүние молайған сайын адам қалтырауық та болады. Тек кіріс болса екен, шығын-шығыс болмаса екен, жиған-терген кемімей, күннен күнге көбейе берсе екен дейді. Осыдан тақымы жылтырап, шылғауы шығып жүруіне де пейіл болады. «Кедей байға, бай құдайға жетем дейді» деген сөз осыдан қалған. Бара-бара Өмірбек те осының кебін киді, бүкіл жан дүниесін осы арман-аңсар биледі. Сөйтіп, өз қызының бұрымы оның аяғына кісен болып салынды. Күзге қарай Шу алқабының екінші бір қиырындағы қоралас еліне алысқа дейін сауын айтқан той болды. Онда күш сынасар күрес те, айла асырар аударыспақ та, бақталасар ат жарыс та, мергендік танытар жамбы атыс та болып жатты. Сол тойдың қызу қызығында баяғы жұмбақ жігіт те жүр. Ұлттық өнердің, ат ойындарының көбінен соның жолы болып, мерейі артты. Әсіресе, құйындатып келе жатып ат үстінен теңге ілуден ол тамашалаушыларды таң қалдырды. Өзі теңдес балуандарды оңды-солды асықша атып, таңдай қақтырды...
Бір сәт оның көзіне әлдекімнің таныс бейнесі жарқ ете қалды. «Апыр-ау, бұл кім?» деп, қалт тұрып қалды да, «сол ма?» деген ой сап ете түсті. Тұра ұмтылды, жақындай бергенде, таныс бейне де бетін бұрды. «Бұйырған кетпейді, бұйырмағанға жетпейді» деген осы. – Сәлем, қарындас! Жігіт даусы дірілдеп шықты. – Сәлем – парыз, сізге де сәлем! – қыз қуақылана күлді. – Қайдан жүрсіз? – Сіз жалт етіп, жоқ болған жақтан жүрміз. – Қайда жүрсіз? – Сіз жүрген жерде жүрміз. – Мұнда қалай келдіңіздер? – Шақырылып келдік. Сасқан жігіттің сұрауы да олақ болды. Соған қарай оның алған жауабы да солақ болды. Сонда да ол сөз жалғады: – Қайту қашан? – Ертең. – Асығыс екенсіздер ғой! – Асықпаған сыбағасынан құр қалады. – Жігіт қысылып, сәл бөгелді де: – Өткен жолы жөн сұрасып, таныса да алмадық, – деді. – Оған өзіңіз кінәлі. Серкенің сорпасынан құр қалатынсып, тұра шаптыңыз ғой. – Кешір, жаным! Кінәң орынды. Мен – осы елденмін. Атым – Мақатай, Батырбек деген кісінің баласымын. Мен – Өмірбекқызы Жұмаймын. – Ол ақсүйрік саусақтарын созды. Үлбіреген қыз қолы шеңгеліне
ілінгенде Мақатай аспандағы айды құшқандай болды, тұла бойы балқып сала берді... Бұдан артық сөйлесуге бұл жерде жөні де келмеді. Кешке алтыбақанда кездесуге келісті. Уәделі сәтті ынтыға күтенде уақыт тез өте қояр ма? Екі жас күнді батырып, іңір қараңғысын түсіре алмай тықыршыды. Бірақ әр нәрсе өз мезгілімен. Кездесер сәт те жетті. Алтыбақан болар жерге Мақатай асыға басып келді. Сәлден соң түн түндігін түре көрінген жұлдыздай Жұмай да жарқ етті. Екі жас бір-біріне ынтыға кеп, қолтықтасып шетке шыға ығыса берді.Айлы түн. Сайын даладан соққан салқын самал қос құрбының күйіп-жанған, ыстық ынтығын сәл суытып, сабасына түсіріп тұрғандай. Мақатай мәселені бүйірінен қойды. Сол қолының сұқ саусағымен көкті көрсетіп: «Анау аспандағы ай жалпы жұрттікі, оның сәулесі көпке түседі. Сен – жердегі айсың, бір ғана адамдікісің, сенің сәулең кімге түсер екен?» – деді. Тосын сұрақ қызға қисынсыз көрінді. «Қайдам» дегендей, иығын бір көтеріп, «бұйырғанға түсер» деді де қойды. Кейбіреулердің күңкіл-сүңкілінен еміс-еміс еститін «айттырып қойған жері барды» Жұмай бықсытпады. Өйткені,ол оның аныққанығын білген де емес, қосылар қосағын көрген де емес. Әрі бұл Кеңес өкіметі орнап, қалың беріп, малға жығып әйел алуға тыйым салынған кез еді. Сондықтан, әлгі айттырып, атастырудың, алысберіс жасаудың бәрі астыртын, жымысқыланып жүргізілген болатын. Болашақ күйеу Қырғызбай да әлі қырына келе алмай, қайнына ұрын баруға жете
алмай жатқан-ды. – Мені қуантар бірдеңе айта ма деп ем, үмітім ақталмады ғой! – Не айтайын, болашақты болжап болмас. – Жақтырмағаныңды жасыр, сүйгеніңді сездір депті ғой бұрынғылар. – Бірер кездесе қап, құлай салу – құнсыздық, бетке қағу – безерлік болмай ма? – Алғашқы махаббат – нағыз махаббат демей ме? – Махаббат – соқыр сезім серігі деп те айтады. Қос құрбы талайдың тағдырын тарихқа айналдырған бұл тақырып туралы едәуір әңгімелесті, пікір таластырды. Бірақ адамзат – махаббат жемісі, махаббат – өмір көзі, жүрек махаббаты – ең қымбат қазына, гүл құлпырысы қандай қысқа болса, махаббат салтанаты да сондай қысқа екеніне екеуі де қол қойды. Айналып келіп олар «алтыбақанға» араласты. Кеш ерекше көңілді өтіп жатты. Жастар жарыса өнер көрсетті. Ән шырқалып, күй күмбірледі. Би биленіп, жыр төгілді. Өнерден махрұм қалғандар жылқы боп кісінеп, өгіз боп өкіріп, жер тарпып жатты. «Ақ сүйек» ойнап адасқандар болды. Жасырынбақ ойнап таптырмай кеткендер табылды. Тамаша түн ортасы ауа тарауға таялды. Жастар «қорытынды сөз», «қоштасар аяқ» секілді етіп, «Мақатай бір ән салып жіберсін» деген тілек білдірді. Бесаспапқа дауа бар ма? «Әшейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппасың» Мақатай емес. Ол наздандыра, қоңырлата «Ай қабақты» аңыратты.
Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін, Кел десең, неге аяйын аттың терін. Сары ағаш сазға біткен секілденіп, Қай жерде отыр екен бұраң белім, – деп барып, қасындағы Жұмайды өзіне қарай тартып қысып қойды. Осында-ақ оның «сенің үшін менің айтқан өлеңім, бұл жалғанда бір сен үшін өлемін» деп тұрғаны, Жұмай көркін, оған деген өз тілегін ән сөзімен айтып тұрғаны аңғарылғандай еді. Әсіресе, әннің екінші жолын Жұмайға бұрылып, оны бауырына тартып тұрып айтуы «сенен жылы хабар болса, «ат арытып, тон тоздырып» мен жетем» дегені еді. Мұны сұңғыла қыз да сезгендей, мөлдіреген бота көзін төңкеріп тастап, бас изеп әнге ыңылдай қосылады... Ақыры сөз байламы да осы болды. *** 1922 жыл. Қаңтардың қақаған аязды бір күні. Өмірбек үйіне Аққолтықтағы құдалардан хабар келді: «Жұмайымыз 18-ге толды. Біздің Қырғызбай да адам боп қалды. Жасының кем-кетігі болса, заңға туралатып қоямыз. Бұрынғының ұл-қыздары 1213 жасында-ақ отау иесі бола беретін. Келінімізді түсіреміз. Тойды мамыражай мамырда өткізсек деген ойымыз бар. Құдалар қалай қарайды, айтсын»,- депті Байболат. Алған – жайлы, берген – жайсыз. Өмекең қалың мал аларда ылдым-жылдым еді. «Қызыңды бересіңді» естігенде, төбеден ұрғандай отырып
қалды. Бәйбішесі екеуі біріне-бірі қарады. «Енді қайттік?» деген сыңай танытты. Үйге көңілсіздік келді, қабақ түсіп, күлкі қашты. Бірер күн ойда жүрген Өмірбек ақыры: – Уәде – құдай үйі, бәйбіше. Енді жасыратын да, созатын да уақыт қалған жоқ. Жұмайға жайды айт, түсіндір! – деді. – Қарағыма қайтіп айтам! Зәуре жылап жіберді. – Айтпағанда, қызыңның орнына өзің барасың ба? Байдың даусы өктем шықты. – «Сауда сақал сипағанша». Құдалықтың болары болып, бояуы сіңген. Қызды құтты орнына қондырмасқа лаж жоқ. Келесі күні кешке қызын қасына отырғызып алып, ана орағытып әңгіме бастады. – Жұмайжан, бой жеттің. «Бидайдың барар жері – диірмен, қыздың барар жері – күйеу» деген. Диірменде бидай ұнға айналып, нан болып, ел ырыздығына жарау керек. Күйеуде қыз ана болып, ұрпақ көріп, бақыт табуға тиіс. Не ойың бар? – Байғұс ана мұны айтарын айтып алып, «қап, қызыма көзіңді құрт» дегендей болдым-ау», «құтыла алмай отырғандай сөз айттым-ау» деп қиналды. Көзінің астымен қызына сынай қарады. Бірақ Жұмай секіріп кете қойған жоқ. Сабыр сақтап: – Рас, апа, «қыз жат жұрттық» деген. Бұйырса, жөнімізді табармыз, – деді. – «Құданы алдымен ұлыңа тап, сонан соң қызыңа тап» дегенді ескеріп, сенің қайын-жұртыңды қарастырып та қойғанбыз. – Бекер әуре болғансыздар. Тұрмыс құру екі
жас бірін-бірі көріп-біліп, сүйіскенде ғана баянды болмақ. Махаббат кеңесшіні керек етпейді, оған өктемдік жүрмейді. Барар жерді, сүйер жарды өзім таңдаймын ғой. – Өрісті қойдың қозысы таңдамайды, енесі таңдайды. Сол сияқты қыздың барар жерін ата-ана таңдайды. – Сонда таңдағандарыңыз кім, апа? Осы күнге дейін мен білмеген, ол қайдағы қайын жұрт, мен көрмеген ол қандай күйеу? – Сені жайсыз жерге барсын, бақытсыз болсын демейміз ғой, қарағым. Құда – мына «Аққолтықтағы» Байболат бай. Болашақ жарың – өзіңнен 6-7 жас кіші, уыздай жас бала. Жұмай шешесіне жалт етіп ренішпен қарады. – Не айтып отырсыз, апа? Жандарыңыз ашығаны, бақытты болсын дегендеріңіз сол ма? Мені 12 жасар сәбиге қалай телімексіздер?! – Шошыма, Жұмай. Бүгінгі бала ертең-ақ жетіліп кетеді. Күйеудің жас болғаны жақсы, егде тартқанда қызығын көресің. – Қойыңыз, апа! Ол жетілгенше арқалап жүріп, асық ойнат дейсіз бе? Тіршілік керек емес пе? – Жұмай жұлқынып орнынан тұрып кетті. Зәуре әңгіменің немен біткенін қыз әкесіне баяндады. Ол тыңдап болды да, «ештеме емес, бәйбіше, қай қыз бара қояйын деп қақаң ете қалушы еді. Алғаш тулайды, торсаңдайды, ақыры қояды. Қамыңды қыла бер» деді. Өзара міндет бөлісіп, тойға қосарларын атасты. Артынша абыр-сабыр әрекетке кірісіп те кетті. «Келістік, көктем шыға
қызды береміз» деген хабар Байболаттарға да жетті. Ата-ана мен ағайынның құдалар хабарына қоғаша құлап, жапырақша желпілдеуі, «а, құдайлап» асығып-аптығуы Жұмай жүрегіне жара салды. Ой орманына қамап, уайым тұңғиығына батырды. Ол еріксіз көзіне жас алып: Бауыр еті баласын аямаған қазағым, Әлі надан қылығын қоя алмаған қазағым. Мені менсіз сыртымнан үйлендірген қазағым, Жаман дағды салтымен жирендірген қазағым. Қалың малға қыз сатып әдет қылған қазағым, Дүние-мүлкі молдарды медет қылған қазағым, – деп күңіренді. Қазағының қате қылықтарын зар қылды.
Айналайын қазағым, қашан мұны қоясың? Ащы дүние, арамға қашан ғана тоясың? – деп ата-анасына, ұлтына наз айтты... Жұмай көп жабырқап жатпады. Жасқа булығып, жаси бермеді. «Уайым түбі – тұңғиық, түсесің де кетесің, тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» деп, өзін-өзі қолға алды. «Жолдасыңды жолға шықпай тұрып сайла » дегендей, ертерек өзіне тең жігіттің кездескені, онымен сырласқаны оған ес болды, медеу болды. Қажырланып, қайратына мініп, бір ерлік іске бел байлады, Жолы түскен жүргіншілерден хабар жөнелтті: «Кел десең, неге аяйын аттың терін» деген
уәдеңді ұмытпасаң, Мақатай, тез жет!». Ұйықтаса, түсінен шықпай, оянса, көз аддынан кетпей, жүрегінің төрінен орын тепкен қыз сәлемі Мақатайға кешікпей тиді. Ер жігіт екі сөйлемейді, екі сөйлегені – ер жігіттің өлгені. Ал махаббат меңдеген жігітті мұндайда ешқандай күш тоқтата алмақ емес. Мақатай махаббатына жетуге асықты. Алып-ұшып, саржеліп келе жатқан оның көмейіне сол баяғы «кел десең, неге аяйын аттың терін», «қай жерде отыр екен бұраң белім» деген жолдар келе береді. Кешкі асқа шақырған кісі қонағының жатын орнын да ойластырып қояды. Сол сияқты Жұмай да сүйгенінің келер жағын, ауыл сыртын сырлас бір жеңгесіне бақылатып қойыпты. Оның тығыла тұрар, тосып алар жерін де белгілепті. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей, сол жеңге де Мақатайдың алдынан көлбең қағып, көлденең шыға келді. Ертіп барып, өзен бойындағы көп қамыс арасына тықты. Сонда мән-жайды мәлімдеді. «Жүгермек, қос атпен келгенің, жақсы болды. Ерке қыз саған бұйырды. Осында күт, ұйықтап қалма, сүйгенің кешікпей келеді» деп қу жеңге Мақатайды желкеден бір түйіп, пысықтап жөніне кетті. Айсыз түн. Қалың қамыс арасы, шырттай қараңғы. Қыз күткен жігіт аттан түсіп, шылбырларды қолдан шығармай қисайып жатыр. Қаңтарулы қос күрең самалмен теңселген қамыс сыбдырына құлақтарын қайшылап, жанарынан от шашып, елең-елең етеді. Енді бірде бастарын төмен салып, мүлгіп тыншып, ауыздығын шайнайды. Сәлден соң тағы да елең етіп,
тағы да тың тыңдайды. Бір кезде тонының жағасына тұмсығын тығып бұйығып жатқан жігіт қалғып кетіп, селк етіп оянды. Бойы тоңази бастапты. Орнынан атып тұрып, айналасына көз салды. Ай көтеріліп келеді. Ауылдағы абыр-сабыр басылған. Ел ұйқыға енген. Жарыса үретін ауыл иттерінің даусы да самарқау тартыпты... Міне, ауыл жақтан екеудің қарасы көрінді. Бұқпантайлап, асыға басып келе жатыр. Сәлден соң олар тоқтап, құшақтасып қоштасқандай болды да, бірі кері қайтты, бірі бері тартты. Ол жақындап келгенде, «Жұмаймысың, жаным, мен мұндамын» деп Мақатай аттарды жетектеп қамыстан шықты. Әрі қуаныш сезімі, әрі қорқыныш үрейі бірдей билеген қос жүректің дүрсілі құрбыларға құшақтаса кеткенде-ақ естілді. – Есеңгіреп, езіліп тұруға мұрша жоқ, аттанайық, айналайын! – Қыз даусы дірілдеп шықты. – Ал. Кеттік. – Мақатай Жұмайды қолтығынан сүйеп аттандырды. Артынан өзі қарғып мініп, қамшы басқанда, қос күрең қыз бен жігіт астында ойнап бара жатты... Белдер асып, ауылдан ұзап шыққан соң жастар жүрегі лүпілін басты. Өздері көңілденіп, сезім құшағына берілді. Жандары жай тауып, жымыңдасып бір-біріне жанаса түсті. Мақатай: Ей, Жұмай, сен ақ қоян шыңнан қашқан, Соңыңнан мен ақсұңқар іздеп ұшқан. Ақ торғын, нұр жүзіңнен бір сүйгізші, Күйініп, тұз жаласын бізге дұшпан, –
деп, «Ардақ» әнінің сөздерін өзінше бұрмалап, ыңылдап айтып, «ақ қоянын» ат үстінде аймалап қояды.
*** Жұмай жөнін тапқан түннің ертеңі. Өмірбек ауылы азан-қазан, ойран-топыр. – Жұмай жоқ,ойбой! – Зәуренің үрейлі үні естілді. –Жағың қарыссын, жалмауыз! Өмірбек сенбейді. – Ойбай, рас! – Онда өзің құрттың, пәле сенен келді! Сілтеген таяқ Зәуренің басынан асып кетті. – Оллоһи, бұл менің ісім емес. Зәуре зытып барады. – Енді кімнің ісі? – Өмірбек келін-кепшік, қыз жеңгелеріне қарайды. – Көрген, білген жоқпыз. Түк білмегенсіп, жеңгелер жымияды, келіндер бетін көлегейлеп ұялғансиды. Құлақтанған ауыл адамдары да келіп қалған. – Түнде үйге түнеп пе еді? – Самалдап жүрген шығар, сай жақты қараңдар! – Ертелеп бір жерге барып келейін деп кеткен болар. Әркім өз жорамалын айтып, жұбатқансиды. Жұмай жоқ, Жұмай орны жып-жылмағай. Кешке қарай «келінін өздері әкеткен шығар, біліңдерші» деп Байболат ауылына шапқыншы жіберілді. «Жұмай жоқ» деген хабар бұл елді де дүрліктірді. Әсіресе, «келін түсіреміз», той өткіземіз» деп шабылып жатқан Байболаттың төбесінен жай
түскендей етті. Олар бұл не деген сөз екенін пайымдай алмай аңырды. «Өздері әкеттімесі» қалай, малын өткіздік, енді қолынан аламыз деп отырған жоқпыз ба? Құдалардың бұл не дегені?» деп кейіс білдірді. Шапқыншы қайта шапты. Бұлар екі күннен кейін ғана қыздың «құтты орнына» қонғанын естіп білді... Жұмайдың жер соқтыруы, әсіресе, Байболатқа қатты тиді, жанын жегідей жеді, не қыларын білмей, алас ұрды. Арындап, ашуға мініп, ағайындарын алдырды. Түксиіп, түнеріп, жарылып кете жаздап отырған Байекеңнің үстіне олар имене кірді. Келетіндер түгенденіп болған соң, ол басын көтеріп, бір күрсініп: – Кәне, не дейсіңдір бұл қорлыққа?! – деді. Байболаттың даусы қаһарлы шықты. Бұған ешкім бірден суырылып шығып, пәлен дей қоймады. Жиналғандар бір-біріне қарады, «сен айт, сен сөйле» дегендей. Ақыры ағайын ақсақалдарының бірі: – Байеке, бұл істе ақылды ашуға тұсау қылайық! Арындап, арандап қалмайық. Қырғызбайға қыз табылар. Ел ынтымағын, жұрт тыныштығын ойлайық! – деді. – Бұл орында сөзді екінші бір ақсақалы қолдады. – Ел іші, желкілдеп өсіп келе жатқан қыз-қырқын көп. Алармыз тағы бірін. Несіне таусыламыз, – деді ол да. – Өмірбекке өткен мал да қайтар, басқа да құда табылар. Үшінші біреу осылай дегенде Байболат бассалды: – Мен енді құда табылмайды, балам қатынсыз
қалады, өткен малым қайтпайды деп қайғырып отырғамын жоқ, ағайын. Мен намыстан өліп барамын. Алла атымен «әумин» десіп, құда болып, қалың малын алып алып, Өмірбектің қызын қашырып жіберіп отырғаны қалай? Біздің елді, біздің ерді менсінбей, қызының басқаның құшағында кеткені қалай? Бұл намысқа тие ме, тимей ме? Бұл қорлық па, зорлық па? Осыны парықтай аласыздар ма, ағайын? Намыс,ар бар ма бізде, жоқ па? Мал беріп, жан беріп алайын деп отырған қалыңдығымыздан тірі айырылып, дәрменсіз боп, қол қусырып қала береміз бе? Ел намысын жоқтар, басына бөрік киген ер қалмаған ба бізде? – Байболаттың ашына айтқан, арлана айтқан бұл сөздері жастар жағының жанына батты, намысына тиді, ар-ұятына қамшы басты. Олар қоқиланып, құтырынып шыға келді. – Намыссыздық – ездік, ездік – ел еместік, ел еместік – елеуден қалу, есептен шығу. – Ездік ел еместік қана емес, әрі ер еместік, ер еместік – сорлылық, арсыздық. – «Жарлы болсаң да, арсыз болма» деген қайда? – «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген ата-баба ақылын ұмыттық па? – Намысқа шабамыз, қайтарамыз қалыңдығымызды! – Егесеміз, елдігімізді көрсетеміз, – деп даурығысты. Бұл екпіндеулер Байболаттың еңсесін көтерді. «Арлы азаматтар бар екен ғой» деп іштей сүйсінді. «Алдыңғы ақылгөйлер не дер екен?» дегендей, жан-жағына қарады. Ешкім ештеңе дей
қоймады. «Біз айтармызды айттық. Айтқан ақылды алмасаңдар, өздерің біліңдер» дегендей, ақсақалдар да ауыз ашпады. – Олай болса, жиналыңдар, атқа қоныңдар! Алдымен Өмірбек ауылына барайық, олардың алдынан өтейік, құдалар не дер екен, ауыз қалпын байқайық, – деді Байболат. Шешім осы болды. Бұл кезде Өмірбектің де өзегі өртеніп, жер шұқып отырған. Алақанына сап асыраған аяулысының жерге қаратып кеткені оны да есеңгіретіп тастаған. Өз отбасында да, ағайын алдында да абыройдан айрылып, бүк түсіп қалған. Әсіресе, «құдай дескен құдалардан ұят болды-ау?» деп жер бауырлап жатқан. Ұяттың үстіне, өңештен өтіп кеткен малдүниені «қайтар дейді-ау» деген ой оны дөңбекшітіп барады. Қораға кірген малдан, қолға тиген дүниеден қайта айырылу қандай қиын. Дәл осындай күңіреністің, күйзелістің үстінде жатқанда бір қора адам сау етіп келе қалды. – Бұлар кім, қарашы, – деді Өмірбек Зәуреге. Есіктен қарап, қайта келген ол: – Құдаларың ғой, тұр, қарсы ал, – деді. Әйелінің бұл сөздері кекеткендей, табалағандай болып көрінді. Өмекең сүйретіле тұрып, сыртқа беттеді. Шынында да Байболат бастаған ақсақал, қарасақал, қатын-қалаш, жараулы жігіттер бар елу шақты адам келіп тұр. Олардың кейбір адыраңдаған алаөкпелері Өмірбекті көре салып: – Келініміз қайда, тауып бер! – Қалың мал алғанды білесің, қызыңа неге ие болмайсың?
– Қызыңа билігің жүрмесе, неге құда боласың? – Қызыңды екі жерге сатып, екі жеп биге шықпақшысың ба? – деп емініп, тебініп алға ентеледі. Қамшы үйіріп, ат ойнатты. Байболат «тоқтаңдар» дегендей, оң қолындағы қамшысын көтерді. Осы сәтті пайдаланған Өмірбек: – Күш көрсетіп, шаңыраққа қобыз ойнатқаннан ешнәрсе өнбейді. Одан да түсіңіздер, үйге кіріңіздер, ақылдасайық! – деген тілек білдірді. «Арлыдан күш кетсе, жаманға да жалпаң қылады» деген. Ол лажсыз, жалынышты үнмен, жалпаңдай сөйледі. Құдалар сабасына түскендей болды. Бөлініп-бөлініп үйді-үйге жайғасты. – Ендігі әңгіменің тек ақылдасу емес, арбасу болатынын сезген Өмірбек сөзімді сөйлесін, мият болсын деген ниетпен көрші ауылдағы әрі ақын, әрі беделді адамдар – Ұсаұлы Сауытбекті, Арқабайұлы Қазақбайды, Қаленұлы Жидебайды алдырды. Шай ішіліп, бас қосылып болған соң, сөзді Байболат бастады: – Өмірбек, «жар басына диірмен салсаң, жар құлар, аралға ұя салсаң, тасқын алар» деуші еді. Сені құлап түсер жар, тасқын таптар өтер табан деп білген жоқ ем! Айтысқан ант қайда, беріскен серт қайда? Терезесі тең, иық түйесер, сүйеніш бола білер құда таптым деп қуанғандағымның ақыры осы ма? – Байболат мұны егіліп отырып, езіліп отырып айтты. Өмірбек оған: – Байеке, орынды өкпе, орынды наз айтып отырсыз. Сіздерді түсінем. Осының бәрін мен әдейі істесем, міне, «алланы» аузыма алып айтайын,
барым бұйырмасын, ішкен-жегенім арам болсын. Сіздерді де, бізді де тасқа отырғызып кеткен – қу қызым. Мен одан мұны күткен жоқ едім, қайтейін! Сізбен құда бола алмай қалу, сенсеңіз, маған да қиын, әрі үлкен өкініш. Енді қалай десеңіздер де, қалай шешсеңіздер де мен сіздермен біргемін, – дегенді айтты. Жылай айтқан, жалына айтқан бұл сөздерінен Өмірбектің шымырлар тегеурінінен сескеніп, алған малдың төлеуінен қашқақтап, Байболаттай баймен құда болып қалудың қамын қарастырып отырғаны аңғарылды. Осыны сезе қойған сұңғыла Сауытбек сөзге араласып, екі жақты жанастыра сөйледі: – Байболат, өзің де мойындап отырсың, Өмірбек – осы өңірдегі биік те ісі ірі кісілердің бірі. Күн мен ай қанша биік тұрса да, олардың да бетін бір сәт тоқымдай ғана бұлт жабады. Сол сияқты Өмекеңнің де бетіне құрғыр қызы кішкене кірбең түсіріпті. Бұлт көшер, өтер, сол сияқты бұл кісінің жүзіне түскен кірбең де кетер. «Кісенді кісі кіріптар, айдағанға жүреді» демекші, бұл да қол қусырып, құлдық ұрып, не десеңдер де көндім деп отыр. Қажай бермейік, не істейміз, не ойларыңыз бар, соған келейік? – Жидебай бұған: – Қас ойлағанның бәрі бірдей қас бола бермейді. Тіпті бүгінгі қасың ертең досың болуы да мүмкін, түсініңіздер, – дегенді қосты. Қазақбай да қарап қалмады: – «Құлап бара жатқанға иығыңды тос»деген. Бұл істе бәріміз бірге болайық, бірлесіе қимылдайық, – деп ынтымаққа шақырды. Осыдан кейін Байболат өз елінің шешімін айтты:
– Біздің шешім – «әйел ерден кетсе де ерден кетпейді», тірі отырып, адамымыздан айрылмаймыз. Келінімізді аламыз, намысқа шабамыз. – Иә, сұлуға сұқтанушы да, тор құрушы да көп болады. Алданып, абайсызда торға түсіп қалған болар. Кешіріммен қарайық, қызды алып қайтайық, – деді кезінде торға кеткен Ақбөпесінен айырылып, аңырап қалған Сауытбек. Мұндағы байлам да осы болды.
*** Мақатай Жұмайын ертіп еліне таң ата жетті. «Келін келді, келін келді», «Батырбек келін түсірді» деген шағын хабар ауылға лезде тарады. Ауыл үсті у-шуға толды. Арсалаңдаған ана шашуын шашып, келінді бетінен сүйді. Басына ақ салып, табалдырық аттатты. Үйдің оң жағы босатылып, шымылдық құрылды. Жұмай шымылдыққа енгізіліп, қасына келін-кепшік, қыз-қырқын отырғызылды. Батырбек «иә, құдай, келіннің аяғын құтты қыла гөр, балалардың бақытын баянды ете гөр» деп бата қылды. «Тез мал алдырып, сойғызып, құдайы тамақ таратып жіберіңдер» деп тапсырды. Кешке қарай ауыл-аймақ жиналып, беташар жасалды. Келінге «бәлендей, түгендей болма», «үйтпе-бүйтпе» деген сияқты өсиет-өнеге айтылып, ақыл-кеңес берілді. Қарт атаң отыр көрем деп, Көрімдігін берем деп.
Екі қара көп қой деп, Бір қара берсем дөп қой деп. Ерінбесең, келінжан, Атаңызға бір сәлем, – деп атасына, Қоралы жылқы айдаған, Қазы менен қартаны Қия кесіп шайнаған, Апыр-ай, келін түскесін, Не берсем деп ойлаған. Ерінбесең келінжан, Қайнағаңа бір сәлем, – деп, қайынағасына бір-бір сәлім бергіздірді. Бұдан кейін бет ашушы жігіт: Ана отырған қайнысы, Атан түйе – бәйгісі. Ағам қатын алды деп, Кезек маған қалды деп, Жылмаңдайды байқұсы, – деп жұртты бір серпілтіп тастады. Ана отырған бикеші, Жібектен ескен шүйкесі. Мен де келін болам деп Құрып отыр бір жүйкесі, – деп елді тағы бір ду күлгізді. Үлкен тойға дайындық
жасалсын. Айналадағы ағайындарды түгел шақырып, оны кейінірек өткізейік деген келісім болды. Бірер күн өткен соң Батырбек жақындарын шақырып алып, мынаны айтты: – Келін – үйде, күш – бізде деп кергу келіспес. Қыз төркініне адамдар жіберіп, кешірім сұрайық, ырымжырымын істейік. – Жөн ғой, ата-баба дәстүрі солай. – Тіпті, балаларының бізде екенін хабарлауымыз қажет қой. – Ағайындар Батырбек пікірін қолдады. Келесі күні Мақатай 10 шақты жанашыр жақындары мен жора-жолдастарын ертіп, ат-шапан айыбын алып, Өмірбек ауылына жүріп кетті. *** Батырбек ауылы «келін түсті» деп мәре-сәре боп, қыз төркініне кісілер жіберіп жатқанда Шымыр, Сәмбет, Күнту елдерінен аттылы, түйелі, еркегі бар, әйелі бар, жүзден аса адам қызды алып қайтуға Байболат ауылынан аттанған еді. Бұлар Жұмай барған елге ақпанның аласұрған аязды күндерінің бірінде, түн ортасы ауа жетті. Қапыда жау бекінісін басқан қалың қолдай шырт ұйқыда жатқан Батырбек үйіне кіріп-кіріп келеді. Үй-іші шошып оянды. Батырбек басын көтеріп, жөн сұрады. Бұлардың мезгілсіз жүрісінен, қатулы қабағы мен түнерген түстерінен іш жиды. Бір сұмдықтың исін сезгендей, кемпірінің де есі кетіп, шыр-пыр бола бастады. Жұмай да шымылдықтан шықты.
Қарсыласар күн жоғын білген қуғыншылар бірден әрекетке кірісті. – Жұмай, тез киін, кетеміз. Өмірбектің үні өктем шықты. – Қайда? Жұмайдың үрейі ұшты. – Елге. – Менің ендігі елім осы ғой. – Сенің барар елің басқа. – Басқа елді мен білмеймін де, бармаймын да. – Барасың, барғызамыз. Әке ымдады. Қуғыншы жігіттер Жұмайды күшпен киіндіре бастады. Сүйреп есік алдына алып шыққанда, оны қолы белдеуге тиді. – Өлтірсеңдер де бармаймын. Бұл үйден менің тек өлігім шығады. Ол белдеуден тістей қатып ажырамады. Ер бала болса, елін сүйер еді, оңбағанның жат жұрттық екенін танынып, келін болып түскен жеріне жабысуын қарашы! – Әке қызды шапалақ астына алып саусақтарын сындыра, қолын белдеуден босатып жатты. – Ойбай, өлдім! Жұмайдың құлындағы даусы шықты. Батырбек жүгіріп келір келініне ара түсті. – Ой. Жігіттер, Ботбай, Шымыр ағайынды ел едік қой, бұларың қалай? «Күш есіктен кірсе, ақыл шаңырақтан қашады» деген. Ақыл қайда, адамгершілік қайда? – деді. – Біреудің қалыңмалын өткізіп қойған қалыңдығын алып қашып отырған сендердікі ақылдылық, адамгершілік екен ғой! – деген жауап Сауытбектен болды.
– Ойбай-ау, қазір заман басқа, заң басқа емес пе? Қайда барам десе де, қыздың өз қалауы емес пе? Мұнда ол өз еркімен келді ғой! – Батырбек «солай емес пе?» дегендей келініне қарады. Бұған Қазақбай: – Қыз еркімен келген жоқ, алып қашып кеткенсіңдер, – деп дүңк етті. – Бұларың жала, жала жауып кек қайырмақшысыңдар ма? Кек іздегенше, кешірім іздемейсіңдер ме? – Кешірімді сіз іздеп, сіз сұрасаңыз. Қыз иесі – біз, әкетеміз! – Мұны Жидебай айтты. Екі қолы артына қайырылып байланған Жұмайды дедектетіп, қуғыншылар ортасына алып келген соң, Өмірбек, Сауытбек, Байболаттардың: – Қомдалған қара нар қайда? – Түйені бері әкеліңдер, шөгеріңдер! – Қыздың қол-аяғын байлап, қомға салыңдар! – Екі жағына екі әйел отырғызыңдар! – деген өктем үндері аязды түнді жаңғыртып жатты. Бәрі де солардың айтқанындай істелді. Атты кісі бұйдасын тартып «шу-у» дегенде, қара нар бір «баж» етіп, жөңкіліп орнынан тұрды. Үстіндегі екі әйел тоңқалаң асып кете жаздап барып, қомды тартқан арқаннан ұстап аман қалды. «Тарт жолға қарай» деген дауыс саңқ етті. «Керуен» кері қарай бет түзеді. «Ата, апа мен бейбақты ұмытпаңдар! Мен осы елдікпін. Мақатайға айтыңдар, жетсін, құтқарсын қасіретті қалыңдығын» деген Жұмайдың өкінішті өтініші естілді. Артынан оның:
Сыртымнан, әке, сатыпсың, Тозаққа мені атыпсың. Қалың малды айдап ап, Мұртыңнан күліп жатыпсың. Көкпарға салдың басымды, Ағыздың көзден жасымды. Қара жүрек, қорқаулар, Аттың маған жасынды! – деген зары сай сүйекті сырқыратты. Оның мұңлы үні қиянатшылар қырдан асқанша құлаққа келіп тұрды. Ата-ене, ауыл адамдары еңіреп қала берді. * Өмірбек ауылынан Мақатайлар асығып-аптығып оралды. 3-4 рулы ел өкілдері жиналып, қызды алып қайтуға кеткенін ести сап, қайта тартыпты. Алдынан аңырап шыққан ата-ана хабары бұлардың төбесінен жай түскендей етті. Мақатай аттан ауып түсіп, еңіреп отырып қалды. Жұмайдың айтқан сәлемін естігенде, қасындағы жігіттердің де жан дүниесі босап сала берді. Олар жолдасын сүйеп тұрғызып, иықтарын тосты. «Мұңайма, Мақатай, жар жолында жан пида, Жұмайды босатудың жолын қарастырайық. Біз қасыңдамыз, қуайық» деп оған жігер-қайрат берді. Осылай шешкен 10-15 жігіт ат ауыстырып мініп, сойылдарын сүйретіп екі күн бұрын кеткен зорлықшыларды қуа жөнелді. «Көпті күшпен көндіре алмайсың», «Көп қорқытады, терең батырады»
деген бар еді. Осыларыңнан не шығар екен? Өздерің мерт болмағайсыңдар» деген Батырбек сөзі оларға бөгеу бола алмады. Жолда бір күн қонып, енді Байболат ауылына бет алған күштілер керуенін Мақатайлар келесі күні сәскеде қуып жетті. Он шақты атты оза шығып, алды байқап, 20-30 адам кейіндеу қалып, артты бақылап бара жатқан сияқты. Қалғандары ортада. Жараулы атты, қару асынған қайратты жігіттер адам артқан қара нарды төрт жағынан қоршауға алып, қорғап келеді екен. Мақатайлар артқы топты айналып өтіп, ортадағыларға барып ойран салды. Оның серіктері қаша сойылдасып, қарсы жақтың жігіттерін алдаусыратып, алыстатып әкетуге әрекет етті. Осы кезде Мақатай қара нармен жанаса беріп: – Жұмайым, жұбайым, қайдасың? – деп дауыстады. – Мақатай, Мақатай...! –Жұмай қомнан басын көтере берді. Қасындағы әйелдер оның кеудесінен бас салды. Жұмай үні жоқ болды. Мақатай өз жағындағы отырған әйелді түбектен алып түйеден төңкеріп тастады. Ол ойбайлап барып, бір-екі дөңгелеп, дүмі көктен келіп, көк мұзда қалып кетті. Мақатай қайта ұмтылып, Жұмайды қомнан суырып алмақ болғанда, екінші әйел «өңмеңдеп өліп бара жатуын-ай мына неменің! Қайдасыңдар, қызды әкететін болды» деп шыңғырып жіберді. Осы сәтте Мақатай арт жағынан ентігіп, пысылдап келген біреудің сойыл сала бергенін сезіп қалды. Ат жалын құшып, бұға қалып, тебініп жіберді. Ат ытқып жөнелді. Сойыл жауырынынан
тиді. Көзі қарауытып, талықсып кетті. Абырой болғанда, естен танбай, аттан ауып түспей аман қалды. Сәлден соң лағып сыртқа шығып кеткен күреңнің басын қайырып, артына қараса, басқа жігіттер де көпке төтеп бере алмай, кейін ығысқан екен. Оларға Мақатай жанамалап барып қосылды. Басы жарылып, қолы сынып, санынан соғылып, ыңырсыған серіктерін көргенде ол тағы қиналды. «Қайтейік, көп көптігін қылды ғой. Жұмай қолға тигенде, ат үстінде арқалап қашсам да, өңгеріп қашсам да құтқаратын едім. Болмады, болмады» деп өкінді... «Салы суға кетіп» бұлар елге қайтты. «Осылай боларын біліп ем. Күштімен алысқан өз қолын сындырады. «Ұрысы мықты болса, мал иесі өледі» деген осы деп, Батырбек күңіренді. Басқалар да күрсініп, жерге қарады. Артынан ауыл адамдары түгел жиналып ақылдасты. Ақсақалдардың бірі «Шарасызданбаңдар, ұнжырғаларың түспесін. «Болмады» деп бұл істі аяқсыз қалдыру жарамайды, ол – сүйекке таңба. Қиянат қылғандарды кешіру – сорлы адамдарды қорлаумен, зорлаумен бірдей. Бірақ енді күш жұмсап, қорлық іздемейік. Сөзбен жүйелесіп, келісім іздеп көрейік. Шымырға адамдар жіберіп, алдынан өтейік» дегенді айтты. Басқалар «дұрыс, дұрыс», «жөні осы» десті. Екі күннен кейін «Ашадан» «Аққолтыққа» Батырбек бастаған 5-6 адам тағы жол тартты. Бұрынғы жуан жұдырықтық кеудемен басу заманы жоқ қой. Кеңес заңымен, көрші ел көңілімен, қыздың қалауымен санасар, кек қумас, қиянат қылмас,
келісімге келер, келінімізді берер деп аттанды. Бірақ егесен елде өзара сыйластық, ұғыныстық болсын ба? «Аққолтықтағы» ағайындар бұларды өре тұрып қарсы алды. Ат үсті сөйлесіп, жүре тыңдады, Байболаттың айтқаны: – Туысқан едік, жаттан жаман жапа көрсеттіңдер! Қай беттеріңмен келіп отырсыңдар? – Батырбек ақтала сөйледі: – Қалыңы беріліп, атастырылып қойған жері бар екенін біз білдік пе? Оны қыз өзі де айтпаған ғой. – Осы тұста үлкендер сөзін бөліп, бір жас бала шапылдап араласа берді. Оған елші болып келіп отырғандардың бірі: – Әй, бала, «үлкені тұрып, сөйлеген кішіден без» деген, қапталдаспай қоя тұрсаңшы, – деді. Ол тағы шапылдай бастағанда: – Қатынын тартып алайын деп жатса, мылқауға да тіл бітеді, –деп Жидебай жымиды. Сауытбек оның сөзін өлеңмен тірілтті: Сүйгенін басқа жанға кім қиыпты, Дерті оның теңізден де тұңғиықты.
Сөйтсе, әлгі жас бала Мақатайдың «бажасы» екен. Бұл сөздерінен екі ақынның әлі де Байболаттарға іш тартып отырғанын аңғарған Батырбек: – Бұрмайық, ағайын, бұру шықса, ру шығады, ру шықса, іс насырға шабады. Біз де мосының үш бұты сияқты түбі бір елміз. Мосының бір бұты сынса, шәугімдегі шай төгіледі. Ендеше, бір-бірімізді сындырмайық! – деді. Сөзге Берік араласты:
– «Айды алам деп ақымақ болма» деген. Жұмайдың жары осында. Ол біздікі. Сөзді көбейтпей, аулақ жүріңдер! – деді түйеден түскендей. – «Қатынды алыстан ал, егінді жақынға сал» деген тағы бар. Аулақ жүргендерің жөн, – деп Қазақбай оны қостады. Батырбек Байболатқа: – Кеткен қызды қайта алмас болар, кісі жұртына зорлақпен келін қонбас болар. Ата-баба дәстүрін бұзбайық, ақылға келіңдер! – Кеткен қызды қайта алып отырған кім, басқаның жұртына зорлықпен қонып отырған кім? Сіздер емес пе? Байболат жалт бұрылды көзі шатынап. – Бұл жұртқа біздің ауыл бұрын қонды ғой. Ендеше, «жұрт» біздікі емес пе? –Батырбек астарлап оған сұрай қарады. – Онда «жұртыңды» жеткен жеріңде ал! – Солай ма? – Солай. – Іс насырға шапса, аяушылық болмайды. – Қорқытпа! Қолыңнан келсе, шауып ал! Дау күшейді. Дау бар жерде жау бар. Ағайында екі ел жауласатын болды. Батырбектер келісе алмай, келісімен қайта ақыл-кеңес құрды. Онда «Заң-әділдік тірегі, ар арашашысы. Тозбайтын тон – әділдік. Сондықтан, әділдік іздеп, заңға жүгіну керек» деп шешілді. Ұзамай Шу аудандық Төңкеріс Комитетінің бастығы Әбдіғұл Сүйіновке мынадай шағым түсті: «Кеңес заңына мойын ұсынбай, әйел теңдігін аяққа басып, сүйіп қосылған адамынан қызды зорлықпен тартып алып отырғандарды, ол қиянатқа қарсылық көрсеткендерді, сойылға
жыққан содырларды жауапқа тартуға талап етеміз. Өмірбекқызы Жұмайға бостандық берілсін!» Сүйінов бұл істі сүйретпеге салды. Алғаш «асықпаңдар, анықтаймыз» деп жүрді. Біраздан кейін «қол тимей жатыр, қыдыңдамаңдар» деп қыңырайды. Ақырында, «ағайын екенсіңдер ғой, айтыспай бітіссеңдерші» дегенге шықты. «Бақсам бақа екен» дегендей, Сүйінов Шымырдың күнтуы, Сауытбектердің жақыны екен. Руға бұру оның мұрнын тесіп бұйдалап, аузын қисайтып жүр екен. «Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам», артынша оның арты ашылып, тақтан тайды. Орнына Әулиеатадан Қойшыбай Өтеулиев келді. Ол да «әліптің» аяғын байқап, асықпай жүріп, ақыры шағымды тергеуге жіберді. Іс сотқа жетті. * 1922 жыл. Масатыға малынған мамыр. Табиғат тамылжып, бар мейірімін төгіп, сұқтандырар сұлулығына енген. Дала төсі түкті кілемдей құлпырып, керіліп жатыр. Ой-қырдағы қызылжасыл қырмызы гүлдер көз жанарын алады. Ормантоғайлардағы тал-дарақтың солқылдақ бұтақтары имандылық көрсетіп, иіліп тұрған келіншектердей басын төмен салып маужырайды. Оларда шықылық атып, ұшып-қонған құстардың алуан-алуан үнжыры құлақ құрышын қандырып, ерекше бір сезім күйіне бөлейді. Күн көзі түсіп, көк сеңгір, қия құздардағы мұзарттар еріп, тау өзендерін тойдыра бастаған. Бұлақ сулары «біз кеп қалдық, есенсіздер
ме?» дегендей, сай-саланы қуалап, сылаң қағып, сылдырап ағып, елге жеткен. Осындай көңіл қошы өсе түсер тамаша түс болса да, былтырғы ашаршылықтан, жоқшылықтан жұрттың жоны әлі көтеріле қоймаған. Оның үстіне осы жылдың басында ғана Әулиеата уезін дүрліктірген әлгі оғаш оқиға екі болыс елді егеске апарып, көп адамды әуре-сарсаңға салған. Бұл да ел еңсесін басып, талайды тұнжыратқан. Міне, бүгін мамырдың 10-жұлдызында, Байболаттар келін түсіріп, қуанышқа кенелеміз деген кезде сол көпті қырсықтырған қырсық іс сотта қаралмақшы. Дауға өрдегі Ботбайдан бастап, Шу өңірі, төменгі Түлей, талас бойы түгел тартылған. Сол елдерден істі болып, бірі куә болып, тағы бірі жанашыр атанып, аттылыжаяу ағылған адамдарда есеп жоқ. Әулиеатадағы сот үйінің іші-сырты құмырсқа илеуіндей құж-құж. Сағат – 10. Үлкен жалдың төріндегі арқалығы биік орындықтарға билік айтар сот құрамы орнықты. Бұл сотта қыз намысы, ер намысы ғана емес, ел намысы тайталасқа түсетін сияқты. Бұл осы іске сол кездегі ірі қоғам қайраткерлерінің қатысуынан көрініп тұр. Сотталушылар орындағындағы 8 адамды қаралаушылар қатарында С.Қожанов, С.Есова, қорғаушылар қатарында Қ.Сарымолдаев, М.Көшербаев отыр. Сот төрағасы мәжіліс жүргізудің шарттарын ескеріп, шариғатын туралап алған соң істі қарауға кірісті. Алдымен айыпты адамдарды айыптау қорытындысымен таныстырып жатты... «Шындық көзге түртеді». Болған істі бұра баяндап, көз бояй да алмайсың. Байболат бесік құда
болғанын, Өмірбек қалың мал алғанын, Сауытбек, Жидебай, Қазақбайлар қызды көкпарға салғанын жоққа шығара алмады. Беріктің Қырғызбай мен Жұмайға үйреткен өтіріктерінің құны бір-ақ тұтам болды. «Таң,таң балам, таң балам, тансаң, қалар жан, балам» деген Байболат өсиеттері де өрге баспады. Бұл соттың сұрауларына Қырғызбайдың берген мына жауаптарынан айқын көрінді: – Жасың нешеде? – Қырғызбай әкесіне, ағасына жалтақ-жалтақ қарап тұрып қалды да, сәлден соң: – Он жетіде, жылым – жылқы, – деді. – Қай болыс, қай ауылдансың? – Білмеймін. Қырғызбай иығын қиқаң еткізді. – Қыз туралы не білесің, қашан таныстың? – Ештеме білмеймін, бұрын көргенім жоқ. – Көрмеген, білмеген қыз саған қалай тап болды? – Бір көргенде-ақ саған тием деді, мен алдым. – Қайдан алдың, үйге өзің әкелдің ба? – Жолдастарыммен барып, үйінен алып келдім. – Осы айтып отырғаны рас па? Сіз не дейсіз? – Сот Жұмайға бұрылды. – Мұндай күйеуді өңім түгіл түсімде көрген жоқпын. Бұл мені алам деп ауылыма барған да жоқ. Мені келін болып түскен жерімнен тартып әкеліп, бұған зорлап қосып отырған мыналар (қыз айыпталушыларды шұқып көрсетті). Мен өзімді Мақатайдың әйелімін деп есептеймін. Маған бостандық беріңіздер! Осыны айтап Жұмай жылап жіберді. Куәлар да көп шындықтың бетін ашты. 12-мамыр күні сөз айыпталушылар мен ақтаушыларға тиді:
С.Қоданов: Қазір Әулиеата өңірінде де «бізге бостандық берілді, не істесек те, бір байдан шығып, басқа байға кетсек те, кімге барып тисек те өз еркіміз» деп кедейлерден кетіп, ішіп-жемі бар, киер киімі бар байларға бас ұрып жатқан әйелдер көбейіп барады. Неше жыл кісі есігінде, жалшылықта, өкпесін тесіп жүріп, табан ақы, маңдай терімен тапқан малына алған әйелдері сол сорлыларды тастап, байларға барып тоқал, нақсүйер болып жатса, бұл кеңес үкіметі берген бостандықты дұрыс түсінгендік емес, бақытын тапқандық та емес, бұл арсыздық, азғындық, бұл биморальдық. Демек, қазақ әйелдеріне ерік беріп қою жеткіліксіз, оларды оқыту, санасын ояту, сөйтіп, ар,намыс, махаббат дегеннің не екенін ұғындыру керек. Өмірбекқызы Жұмай осы орайда әлгі теріс түсінікке ойсырата соққы беріп отыр. Ол керісінше, байларға, барларға бас ұрмай, сүйген кедей жігітінің етегінен ұстап отыр. Міне, нағыз адамгершілік, имандылық, міне, нағыз өз бақытын іздеу. Бұған қарсы болу, көлденең тұру – қара жүректілік, қылмыскерлік. Әділдік Жұмайдың басына бостандық беруді талап етеді. Ал оған қарсыласқан жуан жұдырықтарға заңның «жұдырығын» иіскету – заман талабы. Бүгінде орыс отаршыларымен, өз арамыздан шыққан шынжыр балақтармен тартынбай таласу, аянбай алысу қажет. Бірақ қазақ әйелдері орыстың «қушимасына» құмар болмасын, сарттың салпылдаған шапанын жамылып, ұзын арқау, кең тұсауға салынбасын, яғни бетімен кете бермесін. Әйелдерге бостандық беруіміз «құрбанға
шошқа шалғандай» болып жүрмесін. Сөз тізгіні қоғамдық қорғаушылардың бірі – Қабылбек Сармолдаевта: –Әйел қауымы, адам баласы құлдық дегеннің не екенін білмей тұрғандаақ құл бола бастаған, теңсіздіктің тегеурініне түскен. Үкімет бүгін әйелдердің бостандығын, теңдігін қолға алып отыр. Қалыңмалды жою, қызды малға жығып алуды қою туралы Низам – осының айғағы. Бірақ Низам шықты, іс бітті, қазақ, қырғыз әйелдерінің қолы теңдікке жетті деу – үстірт ұғым. Оған Низамыңызды ығыстырып қойып, қызды көкпарға салып, оның тағдырын тәлкек етіп отырған мына ағайындардың сорақы ісі – дәлел. Ендеше, бостандық, теңдік алудағы ендігі әрекет, қайрат-жігер әйелдердің өз тарапынан көрсетілу қажет. Кеңес заңын басшылыққа алып, тіліне тиек етіп, теңдігі үшін күрес жүргізу – әйелдердің өз міндеті. Осы жағынан мына Жұмай Өмірбекқызының қайсарлығы – басқа қыз-келіншектерге үлгі. Қазір әркім-ақ, «өзім үшін қам қылмасам, кім қам қылады, кім мен үшін басы ауырады» деп түсінуі тиіс. Яғни, шын бостандық, нағыз ерік алу Низамда емес, әркімнің өзін-өзі билеп, өз тағдыры үшін күресуде. Әрине, өз сүйгенімен кеткен қызды барған жерінен жауша шауып, тартып әкету, оны өзінен 6-7 жас кіші балаға қосу – бүгінгі заңға қайшы, кеңес өкіметі берген әйел теңдігін аяққа басу. Бірақ бесік құда болып, қалыңмал өткізу патша заманында, төңкерістен бұрын орын алған екен. Мынау ел сол кездің ағымымен, ескіліктің ауанымен адасқан, теріс әрекетке барған. Құрметті сот мүшелері осы
жайды ескергені жөн ғой дейміз. Халық соты екі жақты түгел тыңдап, істің аныққанығына жетіп мынадай үкім етті: – Өзі ортақшыл, өзі өкімет адамы бола тұрып, қалыңмалды жою туралы декретті біле тұрып, даужанжалды заң жолымен шешудің орнына, екі жақты ымыраластыруға тырысқаны үшін, озбырлыққа іш тартып, қызды қиянатқа құрбан еткісі келгені үшін Әбдіғұл Сүйін баласы мен осы жанжалға май құйып, қоздырғаны, інісі Қырғызбайды, Жұмайды үгіттеп, өтірік нәрселер үйретіп, ағайындарды бірбіріне қарсы арандатқаны үшін Берік Байгөбек баласы 3,5 жылдан; аттандап, ел жинап, қызды қайтаруды ұйымдастырғаны үшін, зорлық жорығына жетекшілік еткені үшін Сауытбек Ұса баласы мен Қазақбай Арқабек баласын 2 жылдан бас бостандығынан айыруға; малқорлық жасап, қалыңмал алған, ар-намыс, ұятты қойып, қызын малға сатқан Өмірбек Сандыбай баласымен бесік құда болып, сүйгеніне кеткен 18 жастағы қызды тартып әкеліп, 12 жастағы баласына зорлап қосқан Байболат Байгөбек баласын 1,5 жылдан; зорлыққа қатысып, жанжалды ушықтыруға жел бергені үшін Жидебай Қален баласын 6 айға отыруға; екі елдің арасында көкпарға түсіп, қасірет шеккен Жұмай Өмірбек қызына бостандық берілсін; Шырылдаған шындық осылайша шынжыр балақ, шұбар төстердің тақымынан шықты. Орнағанша талайдың өзегі талып, өмірі үзілетін әділдік салтанат құрды. Жұмай қаралы қара орамалды жұлып тастап, жарқ етіп жарыққа шықты. Оның
қабағы бұлттан шыққан күн көзіндей ашылды. Жүгіріп барып Мақатайдың мойнына асыла құлады. Ол қасірет шеккен қалыңдығын құшағына қысып тұрып, «ерлікпен алған еркіңмен» деп құттықтады. Құда-құдандылар күпілерін арқалап, бөстектерін сүйретіп, бірінен соң бірі түрме төрінен барып орын алды. Әкеден де, ағадан да, туған-туысқандар да, Жұмайдан да жұрдай болған қаршадай Қырғызбай не болып, не қойғанын түсінбей, дауылдың қайдан, қалай соққанын пайымдай алмай, сот залында жыламсырап отырып қалды.
БҰЛБҰЛ ҮНІНІҢ ҮЗІЛУІ немесе 22 жасында көз жұмған қазақтың ақын қызы Шолпан Иманбаева туралы сыр – Оһ, шыбын жаным-ай! Ойбай-ай! – Науқастың жан қиналысынан шыққан бұл күңіреніс үніннен оны күзетіп, қалғып-мүлгіп отырған, ауру бағып арыған анасы селк ете қалды. Шүйкедей болып шүмпиген шерлі шеше жалма-жан көрпенің астына қолын жүгіртіп жіберіп, қызының аяғын сипалап көрді. Мұздай қоймапты. Өмір оты тағды да жылт еткендей болды. – Бір жамбасыңа аунап жатып, сәл сабыр қылшы, жаным! – деп, ана аурудың көрпесін ыңғайлай берді. – Апатай-ай, менде жарасыз жамбас қалды ма? – Ол жыламсырады. – Сәл көтерілші, мынаны туралап қойып берейін! – Жата -жата жамбасы тесілмесін деп бөксесіне қойып жүрген дорбадағы сусын тұрған шикі тарыны байқұс ана жаймалап қызының жамбасына тосты. Ауру солай қарай аунап түсіп, сәл тыншығандай болды. Теріскейдегі Майбалық өңірінде қыркүйекте салқын түседі. Мұнда кешелі-бері де аспан әлемін сұр бұлт қаптап, қалың қара жауын төпелеп тұр. Табалдырығы сазға еніп, маңдайшасының бір жағы
төмен түскен кедейдің қараша үйі де итиіп қара нөсердің төпеуіне әйтеуір төтеп тұр. «Жыртық үйдің құдайы бар» деген әншейін айтыла салған сөз ғой, шұрық-тесік туырлықтың тұс-тұсынан су сорғалайды. Әр жерге қойылған шелек, шылапшын, шара, аяқ-табақ, ыдыстардың бірне шорылдай құйылған, біріне тырс-тырс тамған тамшы үні «құлақ тесер» есер әндей науқастың миын қашап, жеп жатқандай. Үйдің сол жақ керегесіне «боранға ұшып өлмесін» деп, 3-4 лақ-қозы байланған. Алдына шөп-шалам салынып, астына сабан-топан төселген. Олардың бірі пыс-пыс етіп күйіс қайырса, бірі бырт-бырт шөп шайнап, «әнге ән» қосады. Үйдің оң жағында тысы тозып, жүнінің түте-түтесі шыққан құрақ көрпе астында әлгі ауру жатыр... Түн ортасы ауды. «Сен жатып, көз шырымыңды алшы! Енді мен күзетейін» деп қызының аяқ жағына әке келіп отырды. Қапталы бір жағына қисайып, өңірі сөгілген, қырық жамаулы қара күпіні қаусырына құнжиды. Ол жылы күпі ішінде енді маужырап бара жатыр еді, науқас тағы оянып кетті. – Апатай-ай, жаным қиналды ғой, төзімім таусылды ғой, – деп басын көтерді. – Шыда, қарағым, апаңа сәл демалшы дедім, қасыңда мен отырмын. – Қыз құнжиған әкені көрді. – Әке-ау, алатын ажал қайда? Неге алмайды, неге қинайды? – Олай деме, балам! Әлі-ақ жазылып кетесің! «Ауырып тұрдың – аунап тұрдың» деген. Шыда! – Әй, қайдам, әке! Менің бетім енді бері қарай
қоймас. Халім тым нашарлап кетті ғой! – Түн осылай ауыр болды. Таң да атып қалды, күндіз тыншисың, қарағым. – Әке дерттің қызына қатты батқанын, оның өмірден күдер үзе бастағанын сезгендей болды. Сәлден соң науқас булығып, бір қолымен жер тіреп, кеудесін көтерді. Күрк-күрк жөтелді де, қан тастап жіберді. – Өлдім, өлдім, әке! Ойбай, ойбай! – деп бір жағына қисая берді. Ащы дауыстан шеше де, іні Балмағамбет те оянып кетті. Ана жетіп келіп: – Қарағым-ай, кәйт дейсің? Бізде қандай қайран бар? Құдіретім жетсе, кеселіңді жұлып ап, орныңан ойнақтатып тұрғызып жібермеймін бе? – деп басын сүйей берді. – Амалымыз қайсы? – Ата-ана бірдей көзіне жас алды. Аяп кетті ме, ауру да үнсіз қалды. «Шынында, бұл сорлылардың қолында не бар? Мені аурудан айықтырып жіберуге құдіреттері жетсе, аянып отыр дейсің бе?» деп ойлағандай болды да, көз жұмып, тағы мүлгіп кетті. Айнала жым-жырт. Үй-ішіне қайта тыныштық орнады. Ана мен әке кеңк-кеңк етіп, бүйірлерін тартып жыламсырап, көз жастарын сүртіп жатты. Бір кезде құланиектен таң бозарды. Қыркүйектің ызғарлы желі жас сәбидің уіліндей гулеп, қалың жаңбыры әлі соғып тұр. Қара үй ішінде бірте-бірте тіршілік тынысы білінді. Қозы-лақтар орнынан тұрып, дүр сілкініп еміренді. Екі иығынан зорға демалып, ыңырсыған науқастың дыбысы шықты. Астына құрым киіз төсеп, үстіне жарғақ тон жамылып жатқан кішкентай Гүлсім, Әлкендер де «жан бітіп» жыбырлай бастады. Бет-аузы кір-
қожалақ, шашы өскен үш жасар Мықан тонның астынан шығып, жалаңаяқ, жалаң бас ауру әпкесінің басын сүйеп отырған шешесіне тоңқаңдай жөнелді. – Тонасың-ау, от жаққанша жата тұр, – деп ана оның қайта апарып тонның астына тықты. Өзі басына қап жамылып, сыртқа шықты. Анадай жердегі үстін жауып қойған отыннан алып келіп, от жағуға кірісті. Теезекті қалап, қурайдан тамызық етіп, шақпақ шағып тұтата бастады бірақ су тиген отын жылтырай беріп, қайта сөніп, жана қоймады. Тағы тұтатты, тағы жанбады. Ары үрледі, бері үрледі. Бықсыған қурай үй ішін көк түтінге толтырды. Сау адамды тұншықтырып, көзден жас парлатқан көк түтін күрк-күрк жөтеліп, зорға тыныс алып жатқан ауруды мүлдем тұншықтырып бара жатты. – Апа-ай, өлтірдің ғой, – деп ол тағы ойбайлады. Кірпігі зорға қимылдап басын көтерді. – Қарғашым-ай, енді қайтейін! От жағып саған шәй қайнатып берсем бе деп ем. Ана осыны айтқанда көзі қызына түсті. Оның жүзінен қу шеше іш жиғандай болды. Қос жанарда от қалмапты. Екі көзі шүңірейіп ұясының түбіне барып тығылғандай. Сорайып суалған жақ сүйектері сыртқы теріге ғана ілініп, әзер қимылдап тұр. Кешегі дөңгелек, шырайлы жүзде нұр қалмаған. Қан, сөл жоқ. Қызының өн бойынан қырым ет қалмаған сияқты. Қырық жамау құрақ көрпені кеудесіне тартып, ұстап отырған қос қолының саусақтары – қу сүйек, сылдырмақтай сырт-сырт етеді. Ана бықсыған отты ұрып-ұрып өшірді де, киіз есікті көтерді. Одан енген суық ауа қаптаған көк
түтінді түндігі түрілген шаңырақтан әп-сәтте айдап шықты. Дымқыл ауа бойын мұздатып, қайта жөтелі қыстаған науқас тарс бүркеніп, бүк түсіп жата қалды. «Енді не қылдық, енді қайттік?» деп сасқалақтаған ата-ана өздерінше күйбең қақты. * 1904 жыл. Жаз айы. Ақмола уезінің Нұрбай болысы. Нұра бойы. Жалшылықта жүріп, «кеудесін өксік тескен көп кедейдің бірі – Иманбай өрістегі мал соңында жүр. Күн күйіп тұр. Сараырқаның бұлтсыз боз даласы. Жұлым-жұлым шидем шекпенді жалаңаш етіне лыпа еткен, басына шұрқ-шұрқ ақ киіз қалпақты баса киген Иманбай тоқал тарғыл өгіздің үстінде таққа қонғандай қонжиып отыр. Шіренгенін қайтейін, үзеңгідегі жыртық кебістен башпайлары жылтың-жылтың етеді. Бұтындағы жырым-жырым тері шалбардың бір жерінен тақымы жылтырап, бір жерінен тізесі сорайып шығып тұр. Желдеп, қаптай жайылып бара жатқан қой «шәйт-шәйт», «қайт-қайт» дегенде шоқша сақалы селт-селт етіп, қсуырылған қос танауы желп-желп етеді. Қаһарлы дауысы сарбаздар сардарының үніндей өктем-өктем естіледі. Қанжығаға байланған торсықтағы сусын таусылған сияқты. Кезерген ерінді бір жалап, жүткініп қояды. Шақырайған шілде күні шыдайтпай барады. Түсе қап көлеңкелеп, жан шақыра қоятын тал-дарақ жоқ. Қойды ауылға қуып, қайта қоюға
уақыт әлі ерте. Күн де сәл еңкейіп барып, бір орнынан қозғалмай, бедірейіп тұрып қалған сияқты. Ұзын құрық ала салып, ары қарай итере салу Құдайдың да қолынан келмейді. Имекең «ай, бір салқын суға жетсем, шөл қандыра бір сімірсем» деп келеді, жұтынып-жұтынып қояды. Өгізді екі өкпеге тепкілеп асыққан болады. Бірақ мал асыға қоймайды. Әр шөптің басын бір шалып, андыздайандыздай жөнеледі, қайыру бермейді. Изеңдеп жүріп ол, міне, ауыл шетіне ілінді. Екі көзі қотан басындағы өзінің қараша үйінде. Ала төбетті ертіп алдынан шығатын жамағаты бүгін көріне қоймады. Арсалаңдап ала төбет қана келеді. Ол аңырап, ойланып қалды. «қырыққа қарағанда ғана қолым жеткен, ұзақ жыл кісі есігінде жүріп тапқан табан ақы, маңдай теріме алған байқұсым қайда? Аяғы ауыр еді, не боп қалды екен? Осы ой оның ішкі дүниесін астаң-кестең етті. Қойды қораға иіре сап, Имекең үйіне қарай жүгірді. Жетіп келсе, келіншегі иіріліп, бүрісіп жатыр. – Неғып жатырсың? – Ішім ауырып, бүріп барады. – Неден болды? – Қайдам? –Толғақ шығар? – Білмеймін. – Иманбай көршідегі Сәлима кемпірді алдырды. Ол кісі келіншекпен тілдесіп, о жақ, бұ жағын сипалап көріп, айы-күні жетіп, толғақ келіп қалғанын білді. – Иманбай, құдай қаласа, келін аман-есен босынып, әке боласың, – деді.
– Иншалла, айтқаныңыз келсін, – деп, Имекең алақанымен бетін бір жалатып өтті... Толғақ ұзаққа кетті. Тұмса тез босана қоймайды. Қолды-аяққа тұрмай бебеу қақты. Ол қиналған сайын Имекең де шыбын жаны шырқырап мұрнының ұшына келді. Бірде шырылдап, бірге «толғатады». Жүгіріп барып келіншегін құшақтап аймалайды. Басын сипап, жасын сүртіп, «шыдашы, жаным, шыдашы» деп бәйек болады. Түн ортасы ауды. Әлі айқай салып, «дүниеге мен келдім» деп хабар берген адам жоқ. Сәлима да сасайын деді. Шаңырақтың екі жағындағы қос желбауды түсіріп, айқастыра байластырды да, үстіне көрпеше салып жұмсақтап, келіншекті соған кеудеден асылтып қойды. Толғақ жиілей бастады. Сәлима Иманбайға: «Қолыңа келсап ал да, үйді айналып жүріп, «түсті ме, түсті ме» деп жерді түйгіштей бер! Менен «түсті, түсті» деген хабар болғанда ғана қоясың» деген нұсқау берді. «Жазған құлда шаршау бар ма?» Имекең шешініп тастап, келсапты алып далаға шықты да, «түсті ме, түсті ме» деп жерді түйгіштей бастады. Оқта-текте Сәлимадан «жоқ» деген жауап естіледі. Имекең болдыруға айналды, пұшпағынан тер ағып, жүйкесі құрыды... Осы ырым-жырым себеп болды ма, әлде «күні жеткен бала күшенбесе де туады» дегендей, мезгіл жетті ме? Әлден уақытта «шыр» еткен сәби үні шықты. «Түсті, түсті» деген кемпір даусы қоса естілді. Имекең келсапты лақтырып тастай сап, үйге жүгірді. Келсе, байқұшы ешбір үнсіз, ес-
түссіз, желбауға артылған қалпы салбырап тұр екен. Сәлима етек астынан сәбиді алып, кіндігін кесіп, шаранасынан ажыратып, тазалап жатыр. Имекең онымен ісі болмай, келіншегін тік көтеріп ала сап, төсекке апарып салды. Бетін желпіп, ауа жеткізгендей болды, су бүркіп сейілтті. Бәрін жайғастырып, «үһ» деп далаға шыққан Сәлиманың көзіне күншығыста жарқырап тұрған жарық жұлдыз түсті. Көре салып, «бұл сәби Шолпан туғанда дүние есігін ашты, оның аты Шолпан болсын» деді. Имекең «әумин, болса болсын!» деп тағы бетін сипады... Шолпан бала күнінде тұрмыс тауқіметін де тартты, ауру-сырқаулы да болды. Дегенмен, бұла болып өсті. «Кедей қызымын» деп өзін ешкімнен кем көрмеді, кемсітпеді. Кеудені өрге айдап, өршіл болып, өсті, өжет болып өсті. Ауыл арасындағы шілдехана, келін түсіру, қыз ұзату, қызойнақ, алтыбақан сияқты ойын-сауық жиындарын көріп өсті. Соларда өнерге деген құштарлығын, әнге, жырға деген бейімділігін көрсетіп өсті... Әне, міне дегенше, Шолпан 15-ке келді. Бірақ бойын сезімге билетіп селтеңдемеді, есейген қылық көрсетіп, көзін сүзіп сызылмайды. «Балалықтан өттім, бой жеттім» деп өткен-кеткенге қылмаң қағуды әдет етпеді. Бозбалалармен жымыңдасудан, ымдасудан аман болды. Мұндай сезім онда ояна қоймады. Құралайдың лағындай екі көзі мөлдіреп, қос танауы желбіреп, жайнаң қағып, балалық базарында жүріп жатты. Солқылдаған сәмбі талдай
бұлғақ қағып, бұралып тұрғаннан басқа ешнәрсе білмеді, ешнәрсе істемеді. * 1921 жылдың күзі. Ақмола қаласы. Атақты Нәзипа Құлжанованың кабинеті. Шеттен келген, оқыған кісі, әйелдердің қамқоры деп оған қыз-келіншектер келіп-кетіп, ақыл сұрап ағылып жататын. Міне, бүгін оның алдына үстінде көнетоз барқыт бешбеті бар, басында қызылшұбар салы орамал, қараторы, дөңгелек жүзді, орта бойлы, кең иықты жас әйел келді. – Келіңіз, жоғары шығыңыз, – деп, Нәзипа орнынан тұрып, оны қарсы алды, қолын ұсынды. – Рахмет, – деп келіншек қол беріп есендесті де, қарсы алдына барып отырды. Бөлме ішінен айнала бір шолып өтті. Сәл үнсіздіктен соң: – Нәзипа апай, сіз боласыз ба? – деді. – Иә, айналайын Нәзипа Құлжанова деген кісі мен боламын. – Сізді іздеп келдім, жайымды айтайын, тілек білдірейін деп келдім. – Айта ғой, қолдан келсе, көмектесеміз, қанағаттандырамыз. Келіншек сөйлей жөнелді. Әңгіме барысында Нәзкеңнің бір байқағаны, елдің теңдік іздеп жүрген көп әйелінің бірі болса да, мына келіншектің көзге түспей, көңілге қонбайтын бір ерекшелігі – өжеттігі, адуынды екпіні. Басқа әйелдер жасқанып, жібектей созылып, сызылып «тағдырға» мойынұсынғандай
сынық мінез көрсетіп тұратын. Ал мынау алыпұшып, арындап, тіпті, ерсі сияқты жүріс-тұрыс көрсетіп сөйлейді екен. Бірте-бірте Нәзипа есіне сәл бұрынырақ уездік оқу бөлімінің меңгерушісі Кәрім Тоқтабаевқа және өзіне өлеңмен жазылған бір әйелдің арызы түсті. – Тоқта, тоқта, – деді ол, – анада: Арманым – жалғандағы өнер, ғылым. Қайғымен өткенің бе енді күнім? Дертім көп, дәрменім жоқ, мен бір пақыр, Бастасын, хақ тағалам, оңға жолым, – деп арыз жазған Шолпан сен емес пе? – Иә, мен, сол сорлы Шолпан – мен! – Е.. е.. енді білдім, айта бер әңгімеңді! – Келіншек басынан өткен өксік өмірін өзекті өртей баяндады, еркін отырып егіле баяндады. Бір ғажабы, жыламай, сықтамай баяндады. * 1918 жыл. Жаз айларының бір күні. Иманбай ауылына 3-4 адам ат басын тіреді. Екі жақ тіл қатысты: – Кім бар-ау? – Өзіміз бар. – Бар болсаң, сөйлес! – Қазір. – Далаға Иманбайдың өзі шықты. – Ассалаумағалейкүм! – Ол келгендерге кезекпен қол берді. – Әлейкумуссалам!
– Жол болсын! – Әлей болсын! Қонақпыз! – Қоныңыздар! – Келгендердің ол бірін ғана, Қорғалжын жағындағы Темеш елінің қазағы – Алдоңғарды ғана таныды. Олар аттан түсті. «Қонақ келді, әңгімелесіп қасында болыңдар» деп Иманбай ағасы Бейсенбай мен інісі Сауықбекті шақырды. Кедей жомарт деген, өзі бата сұрап қозысын ала жүгіріп, қол қусырды. Қонақтар ұзақ отырды. Ойлықырлы сөз болды. Ел жайын, жұрт жөн-жосығын сұрастырды. Ағайындар қонақтардың әңгіме аңдасын аңғарды. Ақыры бұйымтай сұралды. Алдоңғар – байлығы тасып, мейманасы асып, балпаң басып, барлықтан шүйдесі жуандап, шықшыты шығып, мұрты майланып, маңғаз тартқан алпамсадай адам еді. Байлығымымен кісі алып, сөзінен жұрт танып, керек бола, «берсең –қолыңнан, бермесең – жолыңнан» деуге жарап қалған Арқа азулыларының бірі еді. Сөзді соның өзі бастады. – Имеке, ат сабылтып, жай жүргеміз жоқ. Жекжат болар, құда түсер, ел іздеген жайымыз бар. Біреулер қыз өсіреді, біреулер ұл өсіреді. Олар ер жетеді. Елдің бірі қыз ұзатып, бірі келін түсіріп қуанышқа кенеледі. Өмір осындайымен қызық. Бұл – ата-баба салты. Сізде қыз бар деп есіттік, бізде Бекей деген бозым жігіт бар. Соған құда түсейік деп келдік. Мұны естігенде Иманбайдың тұла бойы дір еткендей болды. «Не дейді? Әлі аузындағы ана сүті кеппеген, ісінен әлі балалық мінезі кетпеген, құлыншақтай құлдырап жүрген Шолпанымды айтып отыр ма? Ой, үмітсіздерай! Байға тию дегеннің
не екенін білмейтін бауыр етің – балаңды бер деп отыр-ау! Он екіде бір гүлі ашылмаған қызғалдағы – қызыңды қи деп отыр-ау!» деген ой қас-қағым сәтте оның бойын ток ұрғандай аралап өтті. Әлден уақытта ес жиған Иманбай: – Не айтып отырсыздар? Менің қызым 14 ке жаңа ғана келді. Байға тию оның ойында, қыз ұзату менің ойымда жоқ. – Имекеңнің үні қатқылдау шықты. – Ойбай-ау, о не дегенің, қыз он төртінде түгілі он үшінде отау иесі деген қайда? – Менің қызым әлі отау иесі бола алмайды. – Қойыңыз, алманы қатты пісірмей, жерге түсірмей, мезгілінде үзген жақсы. «Қыз он беске келгенде толады екен, екі көзі жігітте болады екен» дегенді естімеп пе едің? – Менің қызымда әлі ондай әдет жоқ. – Имеке, ақылға келіңіз, қыздың кезінде орын тапқаны жақсы. – Иә, иә, «қыз – жат жұрттық» деген, уақытысымен оның барар жеріне барғаны жөн. Ағайындардың бұл сөзі де Иманбайды иілте алмады. – Қазір қызды сырттан билеп беруге болмайды. Жаңа заман орнады, заң басқа, қойыңдар, қыздың өзі біледі. – Ол осыны айтты да, бір жамбасына қарай қисая кетті. Амал қанша, әр ру басындағы пысықтар, ата атынан сөйлейтін ақсақалдар билейтін кез. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» шақ. Аға, іні, ақсақал, қарасақалдар билеп, ақыры Шолпанды Бекейге беретін болды. «Теңі табылып
тегін кететін» болмады. Қалыңмалға сатылды. Саудасы келісті. Есебі түгел болған соң төркіні жағы қызымыз кімге барады, күйеу кім, аяқ-қолы бүтін бе, ақыл-есі дұрыс па, аузы қисық, көзі соқыр, мұрны пұшық емес пе деп сұрамады да. Екі жақ «бердік, алдық, құда болдық, бар береке тап» десті де тынды. Қонақтар қалыңдықты болып, көңілденіп атанды. Бұл сырттай сауда Шолпанның құлағына жетті. Қызын қимай әкенің көп қарысқанын естіді. Қылар қайраты жоқ, қызына не дерін білмей қиналып жүрген ана қасіретін де сезді. Бойын ыза-кек кернеп буырқанды, бұрсанды. Бірде үйдің көлеңкесінде қап жамап, қамығып отырған шешесінің мойнына асыла кеп құлады. Екі көзіне ғана әлі келіп, зарлай жөнелді. – Бауыр етің – балаңды қалай бердің, апатай? Жаны ашымас жандарға қалай ердің, апатай? Балғын бала ойынын қалай тыйдың, апатай? – Бұл сөздерді естігенде ана да елжіреп, езіліп сала берді. Ботасын бауырына алып, емірене еңіреді. Басынан сипап, құшағына қысып, құшырлана иіскеді. «Мен дейсің бе, қарағым», «Мен бердім бе, қарағым» деп ақталғаннан басқа айтары болмады. Қыз зарлай берді. – Қыз баланы малша сатқан заман-ай! Қайғышері іште қатқан заман-ай! Қиянаты белге батқан заман-ай! Ащы зарды жастай тартқан заман-ай! – Бұл күйзелісті үн ананың сай-сүйегін сырқыратты. «Қайтейін, қарағым, қайтейін! Обалың заманыңа болын, ескінің салтына болсын» деп теңселіп отыра
алмады. Шолпан тоқтар емес. – Бұлбұл құсты қарға ілген заман-ай! Арғымақты есек мінген заман-ай! Аққу құсың қарақұспен көлде жүзген заман-ай! Қара жүрек, қара күштің қармағына ілініп, сүйгеніңнен күдер үзген заман-ай! Анасы бұл сөздерінен қызының ақын болар алымын аңғарды. Іштей «қарағым-ай, оқыса, тоқыса, үлгі көрсе, ұшқыр сөздің сұңғыласы, өлең-жырдың жүйрігі болайын деп тұр екен-ау! Енді теңсіздік пен тепкіге түсіп, бар қажыр-қайраты, қайсар қабілеті табанда тапталады-ау!» деп күрсінді. Шолпан тағы біраз сөйледі. – «Қыз өссе, ауыл көркі» дегендегі көрік болғанымыз осы ма? «Қыз баланы жылатпаңдар, назасы жаман болады» дегендегі жылатпағаны осы ма? Сорлы ғана қыз бала-ай, теңіне барып, қашан теңелер екенсің? Сүйгеніңмен сүттей ұйып, қашан көгерер екенсің? Барған жерде бақытқа қашан кенелер екенсің. «Қарағым, мынаған қалай қарайсың?» деп алдыңнан өтер күн қайда? Малша сатқан тағылық келмеске кетер күн қайда? Ана мен бала осылай сырласып, күңіренісіп жатқанда құдалар арасында алыс-беріс жүре бастады. Қалыңмал өтіп, қарғыбау тағылды. Ерсіліқарсылы жүргіншілер сабылды. Келіп-кетіп, арадан пайда іздеген табылды. * Көп ұзамай құрттай қыздың баспаған жерге,
естімеген елге, көрмеген күйеуге кететін күні де келді. «Көріктімді көргенше күйіп-жанып барамын» демекші, Шолпанның да «сүйіктісін» көрер кезі жетті. Күйеу ат сабылтып алып кетуге келді. Одыраңдап, басқа оқырая қарайтын, бақа басты, жалпақ мұрын, кең танау, дәу ауыз, ойқас тісті, қысқа аяқ, ұзын кеуделі «келісті» кісі екен. Жасы қырықтан асқан, бөксесі қалыңқы, қарны салыңқы тартқан, талай «көкпарды алып қашып» талтыаяқ болған, сірі тақым көрінді. Ол ұрын бармай-ақ, қалыңдық ойнамай-ақ, өңкиген қара құстай қоржиып келді де, мамық жүнді, балдырған «балапанды» ілді де кетті. Бекен еліне келіп, «жанымды малым жасартты» деп жымыңдады. Жаңа алған жас жарын «қолымдағы құсым», «бауырыма басып шайқар жұмыртқам», «ермек қылып ойнар қуыршағым» деп қутыңдады. Ал Шолпан үшін «жайнаған қызғалдақтай қайран дүние қар жаумай, қазан ұрмай солады екен» деген заман туды. «Мұны құдай дұшпаныма да бермесін» дейтін күндер басталды. Міне, таң сәріде тұрып, бұзауын салып, қайта тартып алып, иген сиыр бауырына жабысып жұдырықтай біреу отыр. Мына біреу жер ошаққа, қазан асып, оған сүтті құйып, астына от жақты. Сүт тасып бара жатқанда, от тұтқышты ала сап, қара қазанды қабырғасы қайыса оттан алды. Тағы біреу үйдегі бар сілікпені шығарып, сілкіпқағып, үйіп қойып, қос білекті сыбанып, нәзік саусақтарын ақжем етіп кір жуып жатыр. Кір сығарда оның қары сынып кете жаздайды, көзіне жас келеді. Міне, күні бойы тары қайнатып, оны
шиге сүзіп сорғытып, енді қуырып ошақ басында қарғадай қалқиып біреу жүр. Ол піскен тарыны келіге салып, енді түйе бастады. Келсапты көтеріп ұрған сайын байқұстың тал шыбықтай бұралған аш белі үзіліп кете жаздайды. Бүйірін таянып, отыра кетіп үһілейді. Міне, үйдің сол жақ босағасына сыпыра жайып, үстіне қол диірмен тартып, ұн тартып біреу отыр. Шыбықтай әлсіз қол талып-талып кетеді. Қарысқан қолды алмак-кезек ауыстырып, диірменді тынымсыз айналыдары ол. Әне, Сарыарқаның сары даласында табаны тасқа тиіп, маңдайы күнге күйіп, енесінен адасқан киіктің лағындай біреу тезек теріп жүр. Жаутаңдаған көзіне жас іркіледі. Көмейінен зарлы үн естіледі. Оқта-текте төбеде қалықтап тұра қап шырылдаған бозторғайдың үніне үн қосады. Үстінен ұшып бара жатқан құстарға қарап, «біздің ауылды басып өтсең, апама сәлем айта салшы! Қызың аман, итшілеп күн өткізіп жүріп жатыр дегейсің!» деп қол бұлғайды. Енді ол екі қап тезекті арқалап ауылға келе жатыр. Бұл – баяғы бақытсыз Шолпан, Бекейдің – «жан жары», тірі қуыршағы. Күңіреністі күндер өтіп жатты. Махаббатсыз, түтетілген түтін, сүймеген күйеу, жатырқаған жат жұрт Шолпан көңілін селт еткізбеді. Үйленудің бал-шырыны, отбасының қызығы білінбеді. «Салқынсың, маған еміреніп езілмейсің» деп Бекей оны басқа тепті, көзге шұқыды. Таңғы жарық жұлдыз – Шолпан күн түспеген қырмызы гүлдей сола берді, сарғая берді. «Жазықсыздан жедім байдың таяғын, кейде көсеу, кейде жұмсап аяғын» деп зарлады.
«Болмас адам бордай тозады», «Болбыр адам күн жаумай су болады», «Мыңғырған бай малынан кедейдің жалғыз тоқтысын қасқыр жейді» дегеннің бәрі рас екен. Сүймей, көрмей тиген күйеуді де құдай көп көрді. Белгісіз жайда ол жанын жаһаннамға тапсырды. «Енді ерік алып, елге қайтармын» деген үміті оты жылт етіп еді. О да болмады. Шолпан басына ерік берілмеді, «еліңе қайта ғой» делінбеді. «Қатын ерден кетсе де, елден кетпейді» деп қалың қара қарға әмеңгерін сайлады. Сорлы жесірдің бақытын байлады. Сол баяғы маңдайға біткен бес елі сордан ол арылмады, қасірет-қайғы еңсесін басып, еңірете берді. Осы тұста ғана шерлі жүрек, мұңлы көңіл, тартқан қорлық, көрген зорлық Шолпанның жан дауысын шығарып, ақындық сезіміне қамшы басты. Оның «аһ» ұрған аузынан: Көп жыл жүрдім, бұзау, қозы соңында, Маңдайымнан арылмаған сорым да. Күл шығарып, тезек теріп, су тасып, Жауыз байдың күңі болдым қолында. Далба-дұлба, шоқпыт-шоқпыт киімім, Ауыр тұрмыс көрдім талай қиынын. Өмір өтіп зарлау, жылау, қайғы да, Шеше алмадым көңілдің тас түйінін, – деген жыр жолдары төгілді. Осылай өксік өмір тағы да өте берді. 1921 жылы Сонау Қорғалжын еліне уезден бір инструктор келе қалды. Қалыңмалды жою, әйелдерге бостандық беру
туралы Низам шыққанын хабарлап, әңгіме өткізді. Қор болып жүрген Шолпан оған мұң-зарын шақты: Еңбегімнің бәрі кетіп далаға, Шерлі жүрек толған қайғы-санаға, Ас орнына сарсу ішіп, жуынды, Итпен бірге сүйек аңдып қорада, Жүрген жанмын, құтқарыңыз, қорлықтан, – деп арызын өлеңмен айтты. Өз басынан өтіп жатқан ауыр күндерді баяндады. * Бұл хикаяларды Нәзипа бастан-аяқ ұйып тыңдады. Шолпан әңгіме ақырын: «Жақсыдан – шарапат» деген. Кеңес өкіметі атынан келген сол кісінің көмегімен бостандық алдым. Еңіреп елге келдім. Ата-анаммен қауыштым, оларды аймалап, мауқымды бастым. Артынан оқу оқып, білім алам, өнер қуам деп Ақмолаға аттандым. Енді, міне, осы арманыма жетуге Сізден көмек күтіп, алдыңызға келіп отырмын», – деп аяқтады. Нәзипаның есіне Шолпанның баяғы арызындағы «өнер, ғылым жолына жаным құрбан» деген сөздері түсті. «Бұл келіншектің бойында ақындық сезім бар, ақынның иесі бар. Бұған көмектесу керек. Әйтпесе, Қазақстанның бір түкпірінде жатқан Ақмоладай уезде Абай айтқан бұл сияқты «самородный сары алтын» ашылмай, көміліп, жоғалып қалуы мүмкін» деген ой түйді.
Нәзкең уезік Атқару комитетіндегі жігіттерге телефон шалып мән-жайды түсіндірді, тілек білдірді. Әрі Шолпанның қолына оларға қарай хат жазып ұстатты. Жақсының шарпаты тағы тиді. Ол алты айлық сауат ашу мектебіне түсті. Оны бітіріп, сондағы жетім балалар үйіне тәрбиеші болып орналасты. Қажыған қазақ қызының күні туды. Көзі ашылып, көңілі көтерілді. Қала мәдениетіне араласып, ойын-сауық үйірмелеріне қатыса бастады. Білімге құныға бас қойды. Аз уақытта-ақ көкжиегі кеңіді. Артынша Қараөткелдегі әйелдер бөліміне нұсқаушы болды. Комсомол қатарына өтті. Бірақ өскелең өмір өжет талантты өрге айдады. Білім беріп, өнер үйретіп, өнеге таратудағы Қараөткелдің қарқыны қазақтың қарымды қызын қанағаттандыра алмады. Ол биікке қанат қақты, білімнің алыстағы айдынына қол созды. * 1923 жыл. Орынбор қаласы. «Қызыл Қазақстан» журналының редакциясы. Н.Құлжанова қазір осында істейді. Бір күні оның кабинетіне «ұрықсат па екен» деп екі келіншек кіріп келді. Үңіліп отырған қағазынан басын жұлып алған Нәзкеңнің көзіне келген келіншектердің бірі оттай басылды. Қарғып тұрып: – Жаным-ау, Шолпанбысың, қайдан жүрсің, амансың ба? – деп бас салды. Оны құшағына алып, тік көтеріп шыр айналдыра жөнелді. Дөңгелентіп кеп, қайта орнына қойды да, қасындағы келіншекпен
амандасты. Сонан соң орындық нұсқап, отыруға шақырды. Нәзипа Шолпанға сүйсіне де емірене қарады. Келісті-ақ! Үстінде қара пальто, басында қара көк қалпақ. Қазіргі сырт-сипаты бейнебір бұрыннан-ақ қалада өсіп, қала тәрбиесін көрген кісідей. Әрі киім киісі қонымды, өз орнында, тәртібімен түзу тұр. Ал өзі – баяғы Шолпан. Еңсесі биік, көкірегі толық, тура қарап, сеніммен сөйлейді. Жүзі жарқын, көңілі көтеріңкі, бақытының ашылғанын сезгендей. – Кәне, жағдайыңды айта бер! Бүгінде қайдасың? – Сіз кеткен соң бір жылдай әйелдер бөлімінде істедім. Ондағылар жібергісі келмесе де, көнбей, биыл білім қуып осында келдім. Қазір әйелдер курсында оқып жатырмын. – Жақсы бопты. Жағдайларың қалай? – Келгенімізге өкінбейміз, тұрмысымыз жақсы, қалай оқуды үйреніп келеміз. – Өлең жағы не болды? – Жазғаным іске жараса, жазып жатырмын ғой. – Бізге берер ештемең бар ма? – Бар. Сізге бірер өлеңімді әкеліп едім, көрерсіз, – деп Шолпан жеңінің ішінен қағаздар алып ұсынды. Сәл отырып олар шығып кетті. Артынан журналда Шолпанның «Жолаушы мен әйел!» (№11-12, 1924), «Бұлбұл мен қарға» (№3-5, 1925) өлеңдері жарық көрді. Оларда Кеңес өкіметінің арқасында қазақ әйелдерінің теңдікке жеткенін, еркіндік алып, еңсесі көтерілгенін тебірене жырлады.
Соңынан қызыл желдің бұлбұл ерді, Тарқатты сайрап бұлбұл қайғы, шерді. «Зорлық түбі – қорлық» деген осы екен деп, Сан соғып қара қарға қала берді, – деп, өзі сияқты қазақ әйелдернің желбіреген қызыл ту түбіне топтасып, қайғы-қасіреттен арылғанын, теңсіздікпен телінген қара қарғалардың олардан сан соғып ажырап қалғанын мысқылдай жырлады. Бұлбұлдың бостандық ап көңілі тынды, Көрген соң жайнап шыққан қызыл күнді, – деп, өздері сияқты қуанышқа бөленіп, тілі шыққан қазақ әйелдерін бұлбұлға балап, Кеңес өкіметін жайнап шыққан қызыл күнге теңеп бейнелі суреттер елестетті. Нәзипа Шолпанды шақырып, өлеңі шыққанын айтып, қаламақысын берейінші деп жүргенде, редакцияға бір құрбысымен өзі келе қалды. – Өлеңің шықты ғой, көрдің бе? – деді Нәзкен. – А...а..., – деп Шолпан дағдарып қалды. Көрмеген екен. Нәзипа өлеңі басылған нөмірді ұсынды. Ол оқып қарап, күлімсіреп, қасындағы құрбысына көрсетіп жатты. – Ақын болып танылғандығыңның алды осы, Шолпан, – деп Нәзипа қайырлы болсын айтты. – Рахмет, апай, – Шолпан ризашылық білдірді. – Жаза бер, жаза бер, кейбірі басылмаса, ренжіме! Тәжірибең аздау, жаттыға бер, білімің төмендеу, іздене бер!
– Кітап оқымаса, курстың берер білімі жеткіліксіздеу ғой, бір қиыны орысша білмеймін, – деп күмілжіді Шолпан. – Білесің әлі, үйрене бер, – деді де, Нәзипа «қаламақыңды берейін» деп ведомосты ашты. Өзіне тиісті 10 сом, әлденеше тиынның тұсына ол «Шолпан Иманбаева» деп жоғарыдан төмен қарай сырғаната қол қойды. Қаламақысын алып: – Әрі жазғанымызды жариялап, әрі ақша бергендеріңіз қызық екен! – деп жымиды. – Бұл тырнақалдың, той жаса, жазғандарыңа осылай «гонорар» алып тұрасың, – деп түсіндірді Нәзипа. Шолпан да, құрбысы да қатты қуанды, күлімсіреп, беттері ажарланып, нұрланып тұрды... Құдай бұл қуанышты тағы да қош көрмеді. Шолпан сорлыны ұзағынан сүйіндірмеді. Күндік күндерде жабысқан көкірек ауруы қозып, оқи алмай, ол 1925 жылы наурыз айында аулына қайтты. Елдің таза ауасы, малдың ағы көмектесер деп үміт етті. Бірақ елде де «жоқ жомарттың қолын байлады». Мұқтаждық көріп, күтімі келіспеді. Қозған дерт дендей берді. Тіріге де тірлік керек деп, сол жылы Нәзипаға 3-4 рет хат жазды, өлеңдерін жіберді. Бірақ ол кісіден хабар-жауап болмады. «қолыма тиын-тебенім болмағандықтан хатты маркасыз жіберіп едім, содан тимеген шығар» деп жүрді. Сөйтсе, Нәзкең басқа жұмысқа ауысып кеткен екен. Келер жылдың сәуірінде ол кісіге Шолпанның 1925 жылғы желтоқсанда жазған хаты тиді. Ол халінің мүшкілдігін хаабрлапты.
- * Қараша үйде түтінге қақалып-шашалып қан түкіріп, лақ-қозымен араласып, қор болған қаракөз әйел бала әлі де төсек тартып жатыр. «Ат арыса – тулақ, адам арыса – аруақ» деген, кісі танымастай халге жеткен. Екі көзі жаудырап, айналасына жалтақ-жалтақ қарайды. Таңдайы кеуіп, жөткіріне алмайды. Кезерген ерні ғана жыбырлап, оқта-текте «аллай, жаным-ай» деп күбірлейді. Түн қатып қасында отырған анасына саудыраған саусақтарын созып «жаным, апа!» деп бірдеме айтқысы келді. Екеуі де бір-біріне қадала қарап, баланың анаға, ананың балаға деген ыстық мейірімін, шексіз аянышын көзбен ғана білдіріседі. Бір кезде науқас әрең-әрең ернін жыбырлатып: – Апа, Балмағамбетті шақыршы! – деді. – Інісі келгенде «қасыма отыр» дегендей иегімен ымдады. Әлсіз қолын әрең көтеріп, оның басынан сипады. Өзіне қарай тартып, емірене кеудесіне қысты да: – Қарағым, Балжан, осы үйдегі ендігі ересек – сенсің. Көкең мен апаңның ендігі сүйенері де, ес тұтары да – бір өзің. Олар да қажыды, қартайды, енді қанша жүрер дейсің. Ренжітпе, медеу бол! Анау іні-қарындастарың әлі жас. Олар да саған қалады, ие бол, қамқор бол, жылатпай, жасытпай өсір, қатарға қос! Менің саған айтар аманатым – осы. – Ол тағы да талықсып кетті. Әпкесінің әлгі сөздерін інісі кеңкілдеп жылап отырып тыңдады. Жарық дүниеден жақсылық көре алмай, жаңа ғана
көзі ашылғанда жолы болмай, небәрі 22 жасында ажал аузында жатқан бұл қара көз қарындас – сол баяғы Шолпан еді, өз кезінде әдебиетімізде жеке көрінген қазақтың аяулы ақын қызы еді. Шолпан тағы бір «жаным, апа!» деп ұмсынды! «Ау, құлыным!» деп сорлы ана қолын ұстағанда, оның жаны жай тапқандай мүлгіп кетіп бара жатты. Сәлден соң көкірегін қарс айырып, «үһ» деді де, ол демін тоқтатты. Осылайша қыр бұлбұлының үні үзілді. Лапылдаған жыр жалыны өшті. Позия дауылы дамылдап барып басылды, қазақ халқының ақын қызы көз жұмды. Жыры құсы көтеріле беріп, құлап түсті. Өлімнен ешкім қашып құтыла алмайды. Жан барда – қаза бар. Дүниеге келгенің шын болса, өлерің – де шын. Тек кейбір өлім мезгілсіз келеді, өкініші болады, аяныш туғыздаы. Шолпан өлімі – сондай өлім. Сондықтан да кезінде «Шолпан өлді» деп Сәкен сыңсыды. «Қош, бауырым» деп Нәзипа наза болды. «Жас гүл солды» деп Сара санын соқты. Қайран, «Шолпан өлеңдері» деп Елжас егілді.
ОЧЕРКТЕР 1. КӨНЕ ГРЕК ЖЕРІНДЕ Жағадан жылыстап, Қара теңіз төсіне шықтық. Алты метр тереңде жатқан қос ескек винті теңіз суын ақ көбік қып артқа айдап, «Украина» теплоходын ілгері итереді. Елден ере шыққан бір топ ақ шағала «сәт сапар!», «сәт сапар!» дегендей, шаңқылдап қалмайды. Түнгі аспандағы құс жолындай ағараңдап артта шұбатылып жатқан кеме ізін кес-кестейді. ...Жол, жол. Алыс көкжиекпен астасып жатқан көк толқын. Екінші күн дегенде Босфор бұғазына іліктік. Стамбулды қақ жара жүзіп, Мәрмар теңізіне ендік. Одан Эгей, Жерорта теңіздеріне өттік. Үшінші күні оң жақ жағалаудан ақ шаңқан қала көрінді. Бұл – греция астанасы Афины екен. Қала теңіз жағасындағы таулы беткейге сатылап салынған. Арты тау, алды су. Өте әсем көрінеді. Оны орағытып өтіп барып, Пирей портына ат басын тіредік. Пирей грекше «өткел» деген мағынаны береді екен. Мұнда кешіп өтіп баратын құрылық-арал болған. Соған ел қоныс тепкен. Қазір Пирей – үлкен портты қала. Онда жолаушылар теплоходы үшін, шағын яхталар үшін және балық аулайтын кемелер үшін жеке-жеке порты бар.
Пирей мен Афины арасы он километр екен. Бірақ қосылып кетіпті. Кештетіп бізді грек тавернасына алып келді. Таверна – түнгі клуб, түнгі ресторан. Келісім-шарт бойынша осында совет туристерін қабылдап, гректің халық өнерімен таныстырады. Осы үшін таверна иесі 6 әнші, 6 биші ұстайды екен. Бәрі құлшынып, жалындап тұрған жастар. Олардың отты биі, жүрек тебірендер жыры грек халқының жан сырынан, тарихи тағдырынан дерек бергендей. Грек әні, грек жырлары теңіз жағалап, тау аралап күнкөріс қамында бейнет кешіп жүргендегі еңбек адамдары – шеккен ауыр азаптың сыртқа тебісі. Олардан мұң сезіледі, зар естіледі. Бірақ оптимистік сарын, болашақтан үміт, жігер, қуат барлығы байқалады. Дастарханнан дәм алып отырып көрген бұл концерт қызық болды. Отырыс көңілді өтті. Кеш соңы хорға ұласты. Грек өнерпаздары бастап, біз қостап, «Катюша», «Калинка», «Москва маңындағы кештер» әнін шырқадық. Келесі күні Эллада елін аралауға аттандық. Тастақты, таулы аймақ екен. Қабат-қабат созылып жатқан өсімдігі аз, жалаңаш жон-жоталар. Оның қойнауларынан темір, көмр, марганец, цемент, минералды тыңайтқыштар табылатын көрінеді. Қанша көне болса да, Греция әлі де аграрлы ел. Шарап өндіру, тері өңдеу, кілем тоқу, темекі өнеркәсібі дамыған. Машина, кеме жасау жағы Афины, Пирей, Салоники сияқты үлкен портты қалаларға орналасқан. Мұнай өңдейтін екі-ақ завод бар. Ал автомашина жасайтын заводтар мүлде жоқ.
автомобиль сүйектерін әр елден сатып алып, осында құрастырады. Троллейбустарды гректер Совет Одағынан алады. Бұл елде ауыл шарушалық құрылымы да жетілмеген. Тау етектері мен жота-жота шатқалдарында цитрус жемістері, жүзім, темекі, жүгері, бидай өсіріледі. Көп жерлерді олиф плантациясы алып жатады екен. Елдің тіршілік-тынысы осы олиф ағашы. Ол – жеміс, ол – май, ол – кеме. Біз Сороникос шығанағын жағалап біраз жүрдік. Бір айналмада тұрған үлкенді-кішілі көп кемені көрдік. – Бұл Грецияның атақты бай адамы Неокостың кемелері. Ол неше түрлі елдермен сауда-саттық жасайды, – деді гид. Капитализм орташа дамыған, шет капиталына әлі де тәуелді деген елдегі жеке меншікшілдіктің көрініс-құлашы мынау болса... – дегенімізше, үлкен бір трассаға іліндік. – Бұл да жеке меншік жол еді. Мұны пайдаланатындар әрбір жүріп өткенде автобус үшін – 50, жеңіл машина үшін 15 драхма төлейтін. Қазір мемлекет қарамағына алынды, – деді гид тағы да. Мегара қаласын оң жақта қалдырып, ежелгі гректердің Парижі деп танылған Коринф қаласына бет түзедік. Ол Пелопоннес түбегін үлкен жермен байланыстырып тұрған қылта құрылыққа орналасқан. Бұрын Коринф және Сороникос шығанақтары осы тұста жақындасып келіп, әлгі қылта жер «кесірінен» бір-біріне қол ұшын бере алмай жатқан. Ежелгі ел арманы екі шығанақты қосып, Ион, Эгей теңіздерінің бірінен біріне төтелеп
өту болған. Ақыры 1880-1891 жылдары Коринф каналы қазылып, қос шығанақ қосылған. Кориннф қаласына сәл аяңдап, Пелопоннес түбегіне өттік. Әні-міне дегенше, Микены қаласына жақындадық. Сол жақта, тау беткейінде бір зор ескерткіш көрінеді. «Бұл – 1821 жылы түрік басқыншыларына қарсы күресте құрбан болғандарға қойылған ескерткіш», – деп түсіндірді гид. Микены қаласы өзінің көне мәдениетімен, бізідң эрамызға дейінгі ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар ескерткіштерімен белгілі. Қаланы 1826-1877 жылдары Трояны тапқан атақты неміс археологы Генрих Шлиман қазып, көне тарихтың көп беттерін ашқан. Бізді алдымен сол Г.Шлиман ашқан акропольға алып барды. Акрополь еш жағынан жау келе алмайтын тауға салынған қала. Ол екі өзеннің айрығындағы биік жартастың үстіне орналасып, үш жағын арынды тау өзені қоршап жатыр. Жау судан өтсе де, құлама құздан шығып бекініске ене алмайтын болған. Қала салынған жартастың алды жайдақ. Оған әрі қалың, әрі биік тас қабырға тұрғызылған да, дарбазасына үш қабат шойын қақпа орнатылған. Қаланың атақты амфитеатры ашық аспан астына, тау беткейіне салынған. Беткейді таға формасында ойып түскен де, сатылап тас орындықтар орнатқан. Орындықтардың екі жағын қаусырап кеп, ортасына сахна жасаған. Театрдың арты – тау, алды – орманды кең алқап. Көрермендер тау ығында, таза ауада көз тастап отырып, сахнадан шыққан дауыс
жоғары қарай тарап, амфитеатрдың ең соңғы, биік қатарындағыларға да жақсы естілген. Греция астанасын кейде «ақ қала» деп те атайды. Үйлері күнге қаратып салынады екен. Бұл – жарық, жылы болсын дегені. Әрі балконнан алысқа, теңіз айдынына көз салып, қызықтап отыру үшін ыңғайлы. Мұндағы ең алдымен көргеніміз Байронға қойылған ескерткіш. Ол грек солдаттары қатарында елді қорғауға қатысқан. Мұнан кейін парламент, университет мекенжайларын көрдік. Алғашқысының алдына белгісіз солдатқа ескерткіш қойылыпты. Оның босағасында екі гвардеец күзетте тұр. Олар әр сағатта ауысады екен. Ал, университет үйінің айналасы Сократ, Платон сияқты ғұламалар ескерткішіне толы. Жалпы, Грецияда 3 университет, 2 дәрігерлік, 1 политехникалық институт бар. Оқу-ағарту ісі әлі де кенже. Сонау 1929 жылы 6 жылдық міндетті оқу заңы енгізілген. Бірақ ол әлі жүзеге асырылмапты. Қазір жалпы гректердің кітап оқуға құлқы жоқ дейді. Бір әлеуметтік зерттеуде халықтың 77 пайызы кітап оқымайды. 20 пайызы ара-тұра, 3 пайызы ғана ай сайын кітап оқиды деп мойындаған. Олардың 92 пайызы кітапхана бетін мүлде көрмейді екен. Тағы бір көргеніміз – археологиялық музей. Ол экспонаттарға өте бай, әсіресе, 1928 жылы теңіз түбінен табылған пасейдон патша скульптурасы, көсіле шауып келе жатқан мыс ат үстіндегі бала бейнесі ерекше назар аударады. Бір кездері патшалардың қалаға енетін салтанат қақпасын басып өтетін жол бізді афины акрополына бастады. Бұл да теңізге қараған жағы шың, екі
қапталы құз, жалпақ жатқан жартасқа орын тепкен. Оның теріскейі, жайдақ беті мықтап қоршалған да, ішіне Эрехтейон, Парфенон храмдары сияқты ғажап құрылыстар, небір сұлу статуялар орнатылған. Көздің жауын алатын осы ғажаптардың көбі қираған. Бүгінге қалдықтары ғана жеткен. Қазір акрополь архитектуралық ансамблін қалпына келтіру қолға алынып жатыр екен. Амфитеатр тазарып, іске қосылған. Онда біздің театр мен МХАТ-тың көрсетулері де болған. Бұл тұста ерекше айтылар бір ерлік оқиға бар. 1941 жылы 30май күні Маонлис Глезос жұлып лақтырған фашистің туы осы Афины акрополы тұрған биік жартастың құзар басындағы мұнараға ілінген еді. Сол ерлікке 19 жасар Манолис қаланың ту сыртындағы анау-мынау альпинистер шыға алмайтын құлама құз тас қабырға арқылы өрмелеп жеткен екен. Жалпы, грек жастары – күрескер. 1967 жылы мұнда қара полковниктер билікке келеді. Хунта режиміне төзбеген демократияшыл жастар 1973 жылы-ақ күреске көтерілді. Олардың ұйытқысы Афины политехникалық институтының студенттері болды. Жастар күні бүгінге дейін Грецияны НАТОдан шығаруды, ондағы американ әскери базаларын жоюды талап етуде. «Алтыншы флот тайып тұрсын!», «Пирей достық порты болсын!» деп ұрандар тастауда... Үш күннен кейін туристік фирма өкілдері «Сәт сапар, тынық су тілейміз!» деп біздерді шығарып салды. «Украина» теплоходымыз енді ежелгі Египет еліне бағдар түзеді.
- ЕЖЕЛГІ ЕГИПЕТ ЕЛІНДЕ ГРЕЦИЯ жағалауынан ұзай бастадық. Ақшаңқан Афины алыстап қалып барады. Бірте-бірте ол көкжиекпен көмкеріліп көрінбей кетті. «Украина» оңтүстік-шығысқа бет түзеп, теңіз төсін тілгілеп келеді. Жерорта теңізін белден кесіп өту үшін бір жарым тәулік қажет. Келесі күні таң ата жағаға жақындадық. Алыстан ағараңдап қала көрінді. Бұл – Порт – Сайд екен. Жағалауға ұзыннан ұзақ бастырма жасап тастаған. Оның асты – қатар-қатар қайық. Бәрі жеке меншік. Ілгеріде біздің қазақ «бір үйге бір ат керек» деуші еді. Сол сияқты онда түтінге бір-бір қайық қажет. Онсыз күн жоқ. Өйткені өмір-тіршіліктің бәрі сумен байланысты. Қайық – көлік, қайық – күнкөріс құралы. Келген күні кешке дейін Порт-сайды араладық. Ол – Египеттің ірі қалаларының бірі. 350 мың халқы бар, мұнда не көп, сауда-саттық орны көп. Әркім өз үйінің бір жағын босатып, дүкен ашып қойған. Сататындары –шетелдердің дүние-мүлкі. Мұның 1974 жылы Садат енгізген «инфитах» (ашық есіктер) саясатының жемісі екенін аңғардық. «Инфитах» бойынша қолынан келгеннің бәріне ішпен де, сыртпен де сауда жасауға ерік берілген. Сыртқы саудаға монополия жойылған. Елде басқа
ел базарларына еркін шығатын коммерциялық фирмалар, компаниялар көбейген. Олар Египеттегі шетел товарларына тоғытқан. Дүкендерде сауда істеп тұрғандарың көбі – жастар. Бәрі де шетел бұйымдарын алдыға көлденең тартады. Батыстың желөкпе музыкаларын айқайлатып қойып, екі иығын жұлып жеп, билеп, арсалаң қағады. Көзін тап та, сауда-саттық жасай бер, байи бер деген «инфитах» саясаты «семіз мысықтар» санын көбейткен. А.Насер тұсында елде бірде-бір миллионер қалмаса, қазір олардың саны 923-ке жеткен. З миллиард фунт қаржы солардың қолына шоғырланған. Келесі күні азанда Каир қаласына аттандық. Шофер Тауфих екі ара 200 шақырым, үш сағаттық жол деді. Порт – Сайдтан асфальт трасса Суец каналымен жарыса шығады екен. Біраз жерге дейін автобустар кемелермен қатарласа жүреді. Бұл канал – елдің қан тамыры, табыс көздерінің бірі. 1975 жылдан бері одан түсетін кіріс жылына 10 пайыздан өсіп келеді. Байқап келеміз, айнала сортаң, сап-сары құм. Египет жерінің жалпы көлемі бір миллион шаршы километр екен. Соның 4 пайызы ғана егістікке жарамды. Бұл Египеттегі 44 миллион халықтың әрқайсысына 0,06 гектардан ғана келеді. Суландыру – ең басты проблема. Суармалы жерден үш рет өнім жинауға болады. Каирға дейінгі аралықта шаруалар өмірімен таныстық. Еңбектеп, жерге жабысып жатқан феллахтар. Ауыз-мұрынды таңып алған, ұзын қара көйлекті шаруа әйелдері тіс соқа
тартқан өгіздер мен қашырлардың басын жетектеп салпақтауда. Тұрақтары – сыз, қараңғы, жертөлелер. Табыс аз. Өнімнің көбін старосталар алып қояды. Аэропорт жағынан кеп Египет астанасына ендік. Каир – араб дүниесінің ірі орталығы. Ол шөлге, құм далаға қоныс тепкен, сары түсті сұр қала. Біз кіргенде оны қызыл тұман басып тұр екен. Жел көтерген құм шаңынын қала осылай көрінеді. «Ақ қанатты қара машиналар – такси, басын ақпен орап жүрген әйелдер – Меккеге барып қажы боп қайтқандар», – деп, гидіміз біраз мағлұмат берді. Абдел Насер мавзолейін сыртынан көріп, Рамзес алаңына келдік. Каирдың теміржол вокзалы да, музейі де осында екен. Адам деген жыртылып айырылады. «Қала тұрғыны миллион, келушілермен 12 миллионға жетеді», – деді гид. Сонда Египеттің әрбір төртінші адамы Каирде тұратын болып шықты . Қала халқы жылына 330 мың адамға өседі. Далада күн көре алмаған ашжалаңаш феллахтар далбасалап астанаға келеді. Каир – әрі көне қала, әрі жас қала. Көне болатыны – оның 5 мың жылдық тарихы бар. Негізі біздің эрамызға дейінгі 2700 жылдары құрылған. Жас болатыны әр 5 тұрғынның екеуі он беске толмағандар. Жалпы, Египет жастар елі. Оның халқының 50 пайызы 30-ға толмағандар. Мұнан соң Каир музейін көрдік. Оны 1900 жылы француз египтологы О.Мариэтт ұйымдастырыпты. Мұнда ежелгі ескерткіштердің миллион экспонаты бар. 1922 жылы 4-октябрь күні ағылшын археологы Хоуард Картер тапқан Тутанхамон
жиһаздары да осында. Оның бұйымдарының жалпы саны – 3600, музейдің 12 залын алып жатыр. Тутанхамонның баға жетпес, асыл экспонаттары екі рет шетелдерге шығарылып көрсетілген. Совет Одағына да әкелінген. Музейде көне экспонаттар үйіліп, шашылып, дымқылдан бүлініп жатыр. Қоятын жер жоқ. Жаңа музей салуға, барын кеңейтуға қаржы тапшы. Археологиялық экспедициялар жылына жалпы құны 3 миллиард доллар тұратын ежелгі ескерткіштер табады екен. Олардың көбі қазылған жерінде, ашық аспан астында, жел, сел өтінде қалып бүлінуде. Әлі 10 мыңдай архелогиялық маңызы зор обьекті бар дейді. Қазір күн тәртібінде соларды қазу керек пе, жоқ па деген проблема туған көрінеді. Өйткені ашылған соң олар бүлінеді, талан-таражға түседі. Тіпті, кейбіреулер өз бетімен қазып, тапқан заттарын шетелдерге сатып жіберуді кәсіпке айналырған. Каир – мың минарет қаласы деп те аталады. Өйткені онда жүздеген мешіт бар. Солардың бірі – ХІҮ ғасырда, крест түрінде салынған Сұлтан Хасан медресе-мешітінде болдық. Ол өте үлкен. 2000 адам сияды, тек күмбездің биіктігі – 18, диаметрі – 21 метр. Хасан 14 жасында сұлтан болыпты. 1361 жылы 62 жасында оны құлдар өлтіріп, құмға тығып кетіпті. Өлігін тауып әкеп, мешіттің бір жағына саркофакқа салып қойған. Каирдың орталық ауданы, Нілдің екі жағасы әдемі көрінеді. Ал сәл шетке қарай шыға бастасаңыз, сұрқай, көңілсіз көріністер. Жаппа үйлер, үйілген қоқсық, фанерден, қаңылтырдан баспана
құрастырып отырған бейшаралар. Реті келгенде Египеттегі оқу-ағарту, елге дәрігерлік қызмет көрсету жайымен таныстық. Мұнда 6-12 жас аралығындағыларға міндетті, тегін оқу енгізіліпті. 12-15 жасарлар ақылы, жекеше мектептерде оқиды. Онан соң жоғары оқу орындарына түседі. Қалаларда ұлдар мектебі, қыздар мектебі бөлек. Шағын село, ауылдарда – аралас мектептер. Каирда екі университет бар, мұсылмандар университеті. Тұрмыстың ауырлығынан елдің көбі оқи алмайды. Қазірдің өзінде Египет халқының 53 пайызы сауатсыз. Сауатсыздық, әсіресе, әйелдер, қыздар арасында көп. Олардың 58,8, пайызы хат танымайды. Қаланы күн ауғанша аралап, мән-жайды біраз аңғарған соң, Мысыр Тревол қонақ үйіне орналастық. Бұл көп қабатты, осы заманғы әсем салынған жай екен. Тамақтанып, тынығып алдық. Кеш түсе пирамидалар маңында болатын «дыбыс және жарық» атты көрсетуге алып барды. Бұл үлкен танымдық, тәлімдік мәні бар нәрсе екен. Көрсетуді баяндаушы бастады. – Бүгін сіздер, – дейді ол, – әлемдегі ең айтулы, ғажап жерге келіп отырсыздар. Мұнда Гизэ жонында, адамзат ақыл-ойы жасаған ұлы нәрсе мыңдаған жылдар бойы тұр. Бұл құм жотаға табаны тиген әркім-ақ, ол мейлі император, мейлі саудагер, мейлі ақын болсын, оны ықыласпен қастерлеп, таңырқай таңдай қағып, тамсанып тұрып қалған. Қазір көресіздер, түн түндігі түрілісімен, сіздердің көз алдарыңызға цивилизация тарихы туралы баяндайтын ғажап панорама пайда болады.
Осыдан кейін қуатты прожекторлар пирамидалар алқабына жарық сәуле түсіріп, қызыл-жасыл нұрға бөлеп жібереді. Мұнан соң пирамидаларға қойылған фараондар, сфинкстер, өткенді әңгімелеушілер кезек-кезек сөйлеп кетеді. Олардың сөзін елдің атақты артистері әдемі қоңыр дауыспен, нақышына келтіре, саздата оқиды. «Менің атымды «Сфинкс» деп тарих атасы, ежлегі грек саяхатшысы Геродот берген. Мен – мынау пирамидаларда жатқан ұлы әміршілердің сенімді күзетшісімін. Бес мың жыл бойы осында сақшыдай тапжылмай тұрмын». Енді бір әңгімеші төртінші династия фараоны Хеопс пирамидасымен таныстырады. «Мұны, дейді ол, – фараон өлімді жеңу ниетімен 100 мың құлға 20 жыл бойы салғызған. Пирамида биіктігі – 137 метр, әр қабырғасының ұзындығы – 233 метр, іші – 54 мың шаршы метр, табаны – 5 гектар. Мұның орнына Рим, Милан қалаларындағы бірнеше соборды сыйғызуға болады. Бұл ұлы құрылыс 3 миллион блок тастан тұрғызылған. Олардың кейбірінің салмағы – 30 тонна». Ол сөзін аяқтамай, екінші бірі әңгімені зарлай жөнелді. Ақырында Микоринос пирамидасы көріне бастайды. – Бұл, – дейді басқа бір әңгімеші, – әлемдегі жеті ғажаптың бірі деп танылған Гизэ пирамидаларының ең әсерлісі, олардағы айтылмақ ой-пікірдің түйіні. Бұл пирамидалар – ұлы жеңіс, өлімді жеңген жеңіс. Бұдан кейін де олар көп көне тарихты қозғайды. Гизэ пирамидалары етегінде Александр
Македонскийдің, Цезарь мен Наполеонның болғанын, таңырқап, таңдай қаққанын айтады. Небір даңққұмар жаулап алушылардың пирамидаларды не қалтаға салып, не атқа өңгеріп алып кете алмай, тұмсығы тасқа тигенін баяндайды. ...Келесі күні айналаны аралап көруге аттандық. Мұнда да Египет астанасы болған Мемфис қаласына бардық. Мұнда да археологиялық музейді аралап, Сахарадағы Джосердің алты баспалдақты пирамидасымен таныстық. Мұны салған ғалым, архитектор Имхотепке бүкіл араб әулеті риза. Өйткені кейінгі пирамидалар осының негізінде жасалған. Жалпы, Египетте сексеннен аса пирамида бар екен. Осы тұста тағы бір қос пирамида көрініп тұрды. Оларды Хеопстың әкесі тұрғызыпты. Жете танысу үшін бір фараонның пирамидасына кіріп көрдік. Қолына пілте шам ұстаған араб жігіті ертіп жүрді. Бүкшеңдеп 15-17 метрдей төмен түстік. Алдымыздан екі бөлме шықты. Бірінде түк жоқ, бірінде тас табыт, іші бос, тоналған. Көрдей қараңғы, ауасы ауыр... Баспасөз материладарына қарағанда, елдің жаңа президенті жүргізіп отырған саясатта кейбір игі нышандар байқалады. Қазір Египетте Совет Одағына деген жылы леп сезіледі. Баспасөздегі бізге қарсы насихат саябырсыды. Совет Одағының қатысуымен салынып жатқан өнеркәсіп обьектілерінің Египет үшін мәнмаңызы айтыла, жазыла бастады. Оларда істейтін 60-тан аса совет мамандары қайта шақырылды.
- АФРОДИТА АРАЛЫНДА Порт –Сайдтан шығып, түнімен жүздік. Таңертең қарасақ, «Украина» Лимасол портында тұр екен. Бұл – Кипрдің ірі портты, өнеркәсіпті қаласы, қазір туристік орталық. 120 мың халқы бар. Кипр – гректің кипрос (мыс) деген сөзінен шыққан. Мұнда мыс өндірілген, мыс көп өңделген. Сұлулықтың, махаббаттың, мәңгілік жастықтың құдайы Афродита кейде Киприда деп те аталады. Себебін теңіз көбігінен пайда болған ол алғаш осы Кипр жағалауынан келіп шыққан, оның табаны тұңғыш рет осы Кипр жеріне тиген деп түсіндіреді. Кипрді кейде Афродита аралы деуі де осыдан. Кипрдің жер көлемі – 9,3 мың шаршы километр. Біздің алақандай Абхазиядан сәл ғана үлкен. Халқы – 654 мың. Оның 500 мыңы – гректер, 120 мыңы – түріктер. Қалғаны армяндар, арабтар, ағылшындар, итальяндар. Тарихи деректерге қарағанда, алғашқы адамдар Кипрде біздің заманымызға дейінгі алты мыңыншы жылдары көрінген. Онан соң олар көп уақыт жоғалып кеткен. Аралды ХҮ ғасырда гректер келіп жайлаған. Онан кейін мұнда хеттлер, ассириялықтар, парсылар, египеттіктер, римдіктер үстемдік еткен. Аралға Александр Македонский де билік жүргізген. Кипрге қызықпаған адам болмаған. Оның
сұлулығы, байлығы, субтропикалық климаты, Европа, Азия, Африканы байланыстыратын тоқсан жолдың торабында тұруы, үш құрылыққа бірдей жақын жатуы, яғни стратегиялық жағынан тиімділігі әркімнің-ақ аңсарын аударған. Елдің патриот ақыны Тевкрос Антиас аралды жер бетіндегі бір тамшы қан, теңіздің көз жетпес көк айдынындағы ақ алмас деп жырлапты. Айтса, айтқандай, арал аса сұлу, «текеметтің түріндей» қызыл-жасыл. Лимасолдан 15 километр шыққанда ен жазыққа, цитрус өсімдіктерінің алқабына тап болдық. Шаршылап бөліп, айнала ағаш отырғызып тастаған. Ол жемісті желден, ыстық аңыздан қорғайды. Жемістерді жинайтын мезгіл әр жылдың ноябрі мен келер жылдың июлі арасы. Қазір мандарин, апельсин, жүзім мөлтілдеп, төгіліп тұр. Оң жақ қапталда Кипрдегі ең биік тау Тродостың (1951 метр) қарлы қыраты жатыр. Біз табиғатты тамашалап, көрінгенді қызықтап, әңгімелесе бастадық, гидіміз грек келіншегі Деаметра сөзге араласты. – Аралымызды мақтан етеміз, – дейді ол. Мұнда тау, тас қар, су, гүл, жеміс, өсімдік, қазба байлық, бәрі бар. Біз цитрус жемістерін дәміне, сапасына, көлеміне қарай сорттап, самолетпен жер шарының түкпір-түкпіріне жөнелтеміз. Мұнан соң бізді көне Курион қаласының орнына әкелді. Ол біздің заманымызға дейінгі ҮІІІ ғасыр мен осы заманғы ҮІІ ғасыр арасында өмір сүрген. Курос өзенінің аузындағы, теңізден жүз метр биіктегі, үш жағы құлама жартасты дөңге орналасқан. Қалада 6,5
мың адамдық стадион, үш мың кісілік амфитеатр, тас монша, көптеген храмдар болған. Курион амфитеатры да тас мәрмерден салынған. Алғаш сахнасы дөңгелек екен. Кейін римдіктер оны жартылай дөңгелек еткен. Сахна төрінен, көрермендер отыратын орындықтар астынан үлкен үңгір қазған. Онда аңдар ұстап, қоршау арқылы сахнаға содан шығарып отырған. ІҮ ғасырда театр қираған, қайта жөнделмеген. Пафос қаласына қарай шықтық. Бір мұрынды айнала бергенде, оң жақтан төбесін қызыл қышпен жапқан, қатар-қатар тұрған әдемі үйлер көрінді. Сол жақтағы сай табынындағы көк майсада спорт алаңдары. Кипрліктер 1950 жылдардан бастап ағылшын езгісіне қарсы шықты. Олардың теңдік алмай, тәуелсіз болмай тоқтамайтынын сезген ағылшындар 1960 жылы Кипрді тәуелсіз ел деп тануға мәжбүр болды. Бірақ 23 жерде әскри база сақтауға келісім беруді талап етті. Кипрліктер бұған көнді. Ағылшын әскери базалары жеріміздің 2 пайызын, яғни 160 шаршы километр аумақты алып жатыр. Мынау – солардың бірі – деді. Осының бәрі кипрліктердің намысын қозғап, зығырданын қайнатуда. Бұл ыза-кек қазір Деаметраның да бет-пішінінен айқын аңғарылып келеді. Пафос – оңтүстік-батысқа орналасқан, аграрлы округтің орталығы екен. Біздің заманымыздан бұрынғы ІІ ғасырдан осы заманғы ІҮ ғасырға дейін Кипрдің астанасы болыпты. Ол Палей-Пафос,
Неопафос көшелері түзу, таза, үйлері сәнмен сап түзеген әдемі қала. Әр үйдің төбесінде төрт бұрышты бір-бір бак тұр. Мұның мәнін сұрап едік, гид келіншегіміз: – Біздің үйлерде пеш болмайды. Мына бактарға толтырылған суды жыл бойы көрініп тұратын күн көзімен қыздырып, үйді сол арқылы жылытады, – деді. Сөйтсек, мұнда декабрь, январь айларының өзінде 15 градус жылы болады екен... Пафос айналасы бұрын курортты аймақ болған. Енді ол цитрус өсімдіктерінің өлкесіне айналдырығлан. Банан, жүзім көп өседі. Жел қағып түсірмесін деп, әр бананға қапшық кигізіп қойыпты. Үкімет бұл аймақты суландыру үшін 3 миллион фунт қаржы бөліпті. Бөгет жасап, таудан аққан бұлақтарды қамап, су жинап жатыр. Совет Одағы мен социлаистік елдер Кипрге қол ұшын беріп келеді. Олардың ауылшарушылық өнімдерін алып, өзері өнеркәсіп бұйымдары жағынан қарайласа бастаған. Пафосқа таяу жерде жылу электростанциясы тұр. Ол Совет Одағынан келетін мазутпен жұмыс істейді. Тек соңғы 5 жылда бізбен сауда-саттығы екі есеге артқан. Түскі астан кейін жүзім өсіру мен шарап жасаушылар құдайы Дионистің мекенжайына бардық. Ол біздің эрамызға дейінгі ІҮ ғасырда салынған. Бөлмелерінің асты-үсті ғажап мозайкалық суреттер. Әрбір суреттің айтары сыры, сюжеті бар. Әр үйінің «Тауыс (құс) бөлмесі», «Жылдың төрт мезгілі бөлмесі» деген сияқты өзіндік аты бар. Аралдың Никосия жағы әкті, шөлді аймақ екен.
Шөлді өңірді жасап, оған ағаштар отырғызып жатыр. Ағылшын алпауыттары Кипрден қуылғанда тегін кетпепті. Сүттей ұйып, тату-тәтті отырған кипрліктер мен кипрлік түріктер арасына от тастап, ұлт араздығын қоздырып ткекен. Оның үстіне НАТО мемлекеттері Кипр жеріне өз әскерлерін орналастыруға әрекет етті. Тіпті, күш көрсетіп, қысым жасады. Бірақ сол кездегі президент Макариос табандылық, принципшілік көрсетіп, көнбей отырып алды. Ақыры, 1974 жылы июльде олар шапқа түртіп, қолтыққа су бүркіп жүріп, грек офицерлеріне бүліншілік шығартты. Кипрлік түріктердің мүддесін қорғаған болып, Түркия әскерлері жетіп келді. Олар әні-міне дегенше, респбулика территориясының 40 процентін басып алды. Экономикалық потенциалдың 70 проценті, өңделетін құнарлы жерлердің көбі, Фамагуста сияқты ірі қалалар, астана Никосияның жартысы Туркия қол астында қалды. Ол жақтан гректер қуылып, бұл жақтан түріктер қуылды. Жүздеген адам оққа ұшты. Мыңдаған адам атамекенінен айырылып босып кетті. Шекара белгіленіп, араға тікенек сым тартылды. Бір мемлекетті жасанды түрде екіге бөлу, арада алакөздік туғызу Кипр респбуликасының экономикасына үлкен зиян келтірді. Елдің түрік әскерлері басып алған солтүстік жағындағы құнарлы жерлер пайданалымай қалды. Жұрт жеңіл өнеркәсіп орындарына ойысты. Елде жұмыссыздық пайда болды. Қазір олардың саны 2 процентке жетті. Екі жақ шайқасып бірін-бірі басып алуға ниет қыла берген соң, арада арашашы болуға ООН
әскері жіберілген. Никосияға жақындағанымызда асфальт жол грек, түрік шекарасына жанасты. Сонда байқағанымыз, оң жақтағы жотаның басында Түркия әскерлері, одан төменіректе ООН әскерлері, беріректе грек солдаттары тұр. Кипрлік грек шекарашылары 17-20-дағы жастар. Қабылданған заң бойынша әрбір азамат орта мектепті бітіріп, 23 ай әскери міндет өтеуге тиіс екен. Никосия – 200 мың халқы бар, контрасты қала. Онда батыс, шығыс мәдениетінің әсер-ізі бірдей бар. Елдің тұрмыс салтынан да, құрылысынан да, табиғатынан да бұл айқынырақ аңғарылдаы. Архиепископ Макариостың резиденциясына еніп көрдік. Ол осында тұрған, жұмыс істеген, 1977 жылы осында дүние салған. Биік тұғырға оның тік тұрған скульптурасы орнатылыпты. Сүйегі тауға қойылған дейді. Никосияда үш мың армян тұрады екен. Өздерінің мектебі, шіркеуі, қонақ үй қызметкерлерін даярлайтын орта оқу орны, мұғалімдер коллежді бар. Олардың өкілдері Советтік Армения туристерін гүлмен қарсы алып, мектеп оқушыларымен кездесу өткізді. Кипрдегі оқу-ағарту ісінің жалпы жайымен де таныстық. Балалар 4,5 жаста балалар бақшасына, 6 жаста мектепке барады. Алты жылдық бастауыш білім алу міндетті. Бұдан кейін үш жылдықттан екі басқышты орта мектеп оқиды. Сонан соң жастар басқа елдерге оқуға кетеді. Өздерінде бірде-бір жоғары оқу орны жоқ. Кипрліктер совет халқына мол ықыласты. Совет Одағы өздерінің қамқоршысы, сүйеніші
деп түсінеді. Кипрдің ішкі ісіне сырттан қол сұғу болмасын, шетел әскерлері әкетілсін, ағылшынның әскери базалары жойылсын, ондағы гректер мен түріктердің өзара түсінісіп, біртұтас, тәуелсіз ел болуына мүмкіндік берілсін деген Совет үкіметінің ұсынысы кипрліктерді риза еткен. Жаңа соғыс апатын болдырмай, жолындағы Совет елінің табанды күресі – олардың болашаққа деген зор үмітінің кепілі. Қазір кипрліктер Совет Одағының құрылғанына 60 жыл толып отырғанынан хабардар. Жер-жерде еліміздің қол жеткен табыстарын әңгімелеп, орыс тілін оқып-үйрену әрекеттері бар. Кеш түсе Ларнакаға қайттық. Аңыратып алға тартып келеміз. Автобус іші көңілді. Бір-бірімізге би тастап, ән шырқаймыз. Деаметраны сұрандық. Ол да дөңгелене билеп, шырқай жөнелді. Баяғы гректердің сырлы, мұңлы әндері. Ойлантады, толғантады. Осы бетте Ларнака пляжіне келдік. Жағажайды жағалап, теңіз тастарын тердік. Кипрліктермен қош айтысып, қол бұлғасып жүріп кеттік. Ендігі барар жеріміз – Стамбул.
- СТАМБУЛДА Стамбулға дейінгі 1300 километр қашықтықты екі тәуліктей жүздік. Осы жолда теплоходта Қазақстан күнін өткіздік. Қабырға газетін шығарып, стенд жасадық. Туристерге республикамыздың, кең құлашын көрсетіп, мол тынысын тыңдатуға тырыстық, концерт бердік. Сонау Жерорта теңізінде, Родос аралығының о жақ, бұ жағында халық әні қалықтады, қазақ биі биленді... Стамбулға жарықта жеттік. Айнала қаптаған қалың кеме. Бірі өтіп барады, бірі кетіп барады. Енді біреулері теңселіп теңізде тұр, тағы біреулері кемежайда қаңтарулы қалған. Ақ дидарын көргенде тұра алмаймын, Сенсіз жерде еш сайран құра алмаймын. Сен есіме түскенде, беу, қарағым, Кемесіндей Слампол бұраңдаймын, – деген ән жолдары еске түседі. Стамбулдағы кемлеердің осы көрінісін көріп айтқан болды-ау деп, ой түйесің. Стамбулдың негізін біздің жыл санауымызға дейінгі 700-ші жылдары византиялықтар қалаған. ХІҮ ғасырда мұнда «Истмполи» (к городу) деп, мұсылмандар ағылған. Осыдан олар қалаға
«Истамбол» деп ат берген. Христиандар оны Константинополь деп атаған. 1931 жылдан Стамбул аты ғана қалдырылған. Стамбул – елдің ең үлкен қаласы. Түркияда 45 миллион халық бар, соның 5 миллионы осында. Астанасы Анкараның өзінде 3 миллион халық тұрады. Түркия табысының 40 процентін Стамбул береді. Газет, журналдардың 37 проценті Стамбулда жұмыс істейді. Түркияда 640 түрме бар екен. Соның 7-уі Стамбулда. Оның бәрі саяси тұтқындарға толы. Елде террор, озбырлық етек алған. Өткен жылы май айында Рим папасы Иоанна Павел екіні атқан Агджа – түрік террорисі. Ол Стамбулдағы либеральдық буржуазиялық «Миллиет» атты газетінің редакторын өлтіріп, өлім жазасына кесілген екен. Неофашистер оны түрмеден шығарып, Батыс Германияға қашырып жіберген. Содан кейінгі сойқаны әлгі. Қазір қамаудағылар саны 160 мыңға жеткен. Тағы 46 түрме салынып жатқан көрінеді. ...Келесі күні әлемге әйгілі Босфор көпірімен Европадан Азияға өтіп қайттық. Оны түріктер мен ағылшындар, немістер мен жапондықтар бірлесіп салған. 1973 жылы Түрік республикасының 50 жылдығына пайдалануға берілген. Ұзындығы – 1074, ені – 33, су бетінен биіктігі – 64 метр. Ерсілі –қарсылы алты машина қатар жүреді. Күніне 100 мың машина өтеді. Әр машина одан өткені үшін 100 лир төлейді. Көпір өз құнын екі-ақ жылда өтеген. Қазір халықаралық және ішкі тасымалдау көлемін бұл көпір де көтере алмай қалған. Енді Түрік үкіметі
Босфорға екінші көпір, оның астынан поезд жүретін туннель салуды ұйғарып отыр. Бұдан кейін бізге Стамбулдың атақты жабық базарын көрсетті. Бұл өзінше бір жатқан қала, алып универсал магазин екен. Сан салалы көшелерден тұрады. Онда 4 мың дүкен, 2 мың шеберхана, ондаған қойма, фонтан, ресторан, шайхана, үлкенді-кішілі мешіттер, мектептер бар. Ел өміріндегі контрастқайшылық осы базардан айқын көрінеді. Біреулер алтын мен ақықтың ортасында, соларды сата алмай отыр, біреулер алба-жұлба болып, базар аралап, қайыр тілеп жүр. Енді біреулер сол базардың ішінде ауыр бейнет шегуде. Түркияда 3 миллион адам жұмыссыз. Ал 8-15 жастағы 1 миллион бала еңбегі қаналады. Халықтың 50 проценті тойып тамақ ішпейді. Шаруалардың 85 процентінің жері жоқ. Қала халқы айлық табысының 25-30 процентін тек пәтер ақыға төлейді. Жабық базарда адамды ерттеп, оған жүк артқандарды көрдік. Арқалап жүк тасушыларды хамалдар дейді екен. Олар өзара ерегісіп, 150-200 килограммға дейін жүк көтеретін көрінеді. Сонау 30-жылдары-ақ бұл «мамандыққа», бұл күнкөріс тәсіліне муниципалитет тыйым салған. Кісіні ауыр салмақ астына салып жаншу адам намысына тиеді, адам денсаулығына зиян деген. Бірақ хамалдар корпорациясы бұған қарсылық қылған. Арзан жұмыс қолынан айырылғысы келмеген. Техника, механизмді қымбатсынған. Қара күштен басқа, қабілеті жоқ хамалдардың өзі де жұмыссыз қалуға келіспеген.
Сұлтандар сарайында болдық. Архитектуралық жағынан ешнәрсе тұрмайды. Тарихи мәні Осман империясының 36 сұлтанының 25-і осында тұрған. 1924 жылы ол музейге айналдырылған. Олардың дәурен сүргені, алтын мен ақыққа малынып өткені, еңбекші елдің қанын, көз жасын төккені сұлтандардың қалдырған қазынасынан көрініп-ақ тұр. Тіпті, бір алтындалған шапан мен қылышты, қырқылған сақалды Мұхаммед пайғамбардікі деп көрсетті. Мұнда көруге тұратын тарихи нәрселер баршылық. Жалпы түйгеніміз: Стамбул сыртынан, алыстан қарағанда ғана әдемі. Көп мешіттегі көк күмбездер көк аспан фонында өте әсем көрінеді. Ал аралай бастағанда, иір-иір, тас төсеген тар көшелер, еңкейе беріп, қайқаң ете қалатын қайқы көшелер, иісі шығып, бықсып жатқан қоқсық толы лас көшелер көңіл қалдырады. Бірсыпыра алған мағлұматымыз Мұстафа Кемал туралы болды. Елге сіңірген еңбегіне қарай халық оны түріктердің атасы деп танып, 1934 жылы оның аты-жөнін ресми түрде Ататүрік деп жариялады. Ол «түрік» атына маңыз берген. «Түрік» дегеннің кемсіткендік емес екендіігн ұғындырған. Әйелдерден шадраны алғызған. Түркияның тәуелсіз ел болуына көп күш салған. 57 жасында 1938 жылы 10 ноябрь күні, бауыр ауруынан дүние салған. Ататүрік Совет өкіметін, большевиктер паритясын, Лениннің революциялық ролін жақсы түсінген, бағалай білген. Сонау 1921 жылы-ақ революциялық РСФСР-мен достық, туысқандық
ұғыныс жөнінде шарт жасасқан. 1922 жылы советтің тұңғыш елшісі С.И.Араловты қабылдап тұрып, «Сіздер біліп қойыңыздар, осы отырғандардың көзінше айтамын, мен тірі тұрғанда Түркия Лениннің оған еткен жақсылығын, істеп жатқан игілілін еш ұмытпайды» деген. Амал қанша, Түркия оның тұсында ұмытпағанмен, кейінгі жылдары ұмытты. «Өзі болған қыз төркінін танымайдының» кебін киді. НАТО-ға кіріп, АҚШ-пен ауыз жаласты. Оның Таяу Шығыстағы арқа сүйреуіне, мүддесін қорғаушыға айналды. Итке сүйек тастағандай әскери көмекті көптеп көрсеткеніне алданды. Қазір АҚШ-тың отызға тарта әскери базасына төрінен орын беріп отыр. Тағы бір сорақылық, ақылсыз басбұзарлық 1976 жылы істелді. Түркияның оқу-ағарту министрлігі елде орыстың, советтің классикалық әдебиетін оқуға тыйым салды. Мектеп кітапханаларын, оқулықтардан Достоевскийді, Гоголь мен Горькийді алғызып тастады. Өз жазушылары Орхан Кемал, Яшар Кемал, Әзиз Несиндерді де мансұқ етті. Бұлардың шығармалары жарылғыш заттан да қауіпті деп танылды. Прогрессшіл, революцияшыл әдебиетке деген осы көзқарас әлі де қалмапты. Биыл ғана Стамбулдың әскери прокуроры Түрік Жазушылар одағының Әзиз Несин бастаған 17 жетекшісінің үстінен іс қозғапты. Баяғы әдет, ескі әуенмен «астыртын бүлік ұйымына айналды» деген жалған айып таққан. Рас, Түркияның кейбір мәселелердегі позициясы құптарлық та. Ол АҚШ қожайынының пікірімен
санаспай, тәуелсіздік іздеген арабтарды қолдайды. Израиль әскерлерін араб жерлерінен, Иерусалимнен әкетуді талап етеді. Палестиналықтардың өзінше ерікті мемлекет болуын жақтайды. Бізбен қатынаста да кейбір игі қадамдар жасады. Бірлесіп металлургия комбинатын, мұнай өңдеу комплексін, алюминий заводын, Арпачай бөгетін салудағы ынтымақтастық – осының дәлелі. Түрік жастарының күшті патриотизмі туралы қызықты әңгімелер есіттік. 60-70 жылдар арасында Түрік революцияшыл жастарының федерациясы («Дэвгенч») дүркіреп шыққан. Оның Девиз Гезмиш деген жетекшісінің даңқы жайылған. Ол студенттерді бастап Түркия порттарына кірмек болған американ флотына, оның елшілігіне шабуыл жасаған. Бұйра, қою қара шаты, сұлу, сұңғақ, жаужүрек Гезмиш түрік жастарының көбіне идеал болған. Өзі бастап американ офицерлерін, НАТО әскери адамдарын байлап әкетіп, жойып жіберіп отырған. Ақыры Гезмиш Аслан, Инай деген екі жолдасмен өлім жазасына кесілген. Дарға асар алдында өкімет адамдары райдан қайтып, кешірім сұраңдар деген. Патриоттар жалынып, жалбарынуды ар санаған. Идеяны сатқаннан гөрі, өлген жақсы деп білген. Оларға молдаларды жіберіп, дін жолымен де үгіттеп көрген. Еш нәрсе шықпаған. Дар алдында Гезмиш: «Тәуелсіз Түркия жасасын!», «имперализм жойылсын!», «Марксизм-ленинзм жасасын!» деп ұрандаған. Жас батырлар ата-аналарына: «Сіздерге шеккізген қайғы-қасіртеміз үшін кешірім сұрайыз!», – деп хат
жазып кетіпті. «Дэгвинч» ұйымының жеңілу себептерін прогресшіл түріктер дұрыс түсінеді. Оның айқын қимыл программасы болмады. Саяси күрестің теріс, зиянды әдісін қолданды. Түркия сенің де тынысыңмен таныстық, қош бол!» деп, екі күннен кейін жолға шықтық. Алда бізді бауырлас Болгария күтіп тұр.
- БАУЫРЛАС БОЛГАРИЯДА Стамбулдан қонаға аттандық. Шығарда жетекшіміз: «Таң ата Варнада боламыз», – деп еді. Таңға жуық қарасақ, Дрейфте тұрмыз. Айнала қалың тұман. Қарға адым жер көрінбейді. Кіші сәскеде тұман сейілді. Сонан соң ғана ілгері жылжыдық. Түске жақын Варна портына ендік. Суға сұғына кірген кемежайдың ең шетіне, теңізге қараған бетіне Георгий Дмитровтың ескерткіші қойылыпты. Үлкен кісінің өзі қарсы алды ғой, жол болатын болды деп бір қуансақ, Болгарияға жеткен соң өз ел, өз үйімізге келгендей екі қуандық. Варна да көне мекенжайлардың бірі екен. Алғашқы адамдар мұнда біздің заманымызға дейінгі 4 мыңыншы жылдары-ақ келген. Алтыншы ғасырда гректер қоныс теуіп, қала салған. Оны Одессосо «судағы қала» деп атаған. Шынында бұл қаланың алды, екі қапталы – Қара теңіз, арты – Варна көлі. Жағадағы жарқабақтарға, теңізге төндіріле салынған. Қала төрт жағынан да теңіз, көл айдынын аймалап жатыр. Біздің заманымыздың І-ҮІІІ ғасырларында Варнада Рим гарнизоны тұрған. Бүгінде Варна Болгарияның ірі өндіріс орталығы. Мұнда 95 өнерккәсіп орны бар. Кеме жасау – қала эмблемасы. Бұл саладағы Варна үлесі өз мемлекеті бойынша 80 процент, 1937 жылдан істейтін
кеме жөндеу заводы тағы бар. Әрқилы машина мотрларының 35 проценті осы Варнада жасалады. Қара теңіз бен Варна көлі кеме қатынайтын каналмен байланыстырылған. Каналға зор көпір салынған. Оның ұзындығы – 2,5 километр, ені – 21 метр, ерсілі-қарсылы төрт машина қатар жүреді. Көпірдің су бетінен биіктігі – 50 метр. Оның астынан ірі кемелер де еркін өтеді. Варна әрі курортты қала. Ауа-райы денсаулыққа өте қолайлы, климаты жұмсақ, жайлы. Қыста 3-ақ градус суық, жазы салқын, 25-27 градус жылы. Жаға жынысты, орман-тоғайлы, табиғат демалуға барлық жағдайды жасаған. Атақты «Алтын құмдар» куроты, «Достық» санаторйиі осында. 1955 жылдан мұнда курорттық комплекс салына бастаған. Оның ішінде журналситердің халықаралық демалыс үйі бар. Әсем салынған көп қабатты бұл үйде бейбітшілік, прогресс, социализм жолындағы күрескер журналистер демалады, денсаулығын жөндейді, творчестволық шабыт табады. Варна – жастар қаласы. Оның әрбір төртінші тұрғыны 14 пен 20 жас аралығындағылар екен. Мұнда 4 жоғары оқу орны кадрлар даярлайды. Олардың қатарында халық шаруашылық инситуты, теңішілер училищесі бар. Студенттердің оқуына барлық мүмкіндік туғызылған. Теңіз жағалауындағы парк, К.Маркс атындағы бульвар, мәдениет сарайы, округтік музей, аквариум – қала тұрғындары мен студент-жастардың демалыс орны. Аквариумда балықтың барлық түрі жүзіп жүр. Олардың ішінде теңіз мысығы да, акула мен дельфин
де, тюлень де жүр. Оқ жыландай жіп-жіңішке, қайқы қылыштай өткір жонды балықтарды да көрдік. Округтік музей 1888 жылы ұйымдастырылыпты. Оның 50 мыңнан аса экспонаты бар дейді. 5 мың адамдық мәдент сарайы 1968 жылы пайдалануға беріліпті. Мұнда үлкен танымдық, тәрбиелік мәні бар жиындар, тіпті, ірі конгрестер де өткізіліп тұрады екен. Қазақстан туристерін бір балалар бақшасына алып барды. Оның директоры М.С.Корчева бізің құрақ ұшып қарсы алды. Өз мкемесінің жай-күйімен таныстырды. Бұл – Варна қаласындағы ұлттық өрнек, айшықпен әшекейленген жалғыз бақша. Мұның үйі өткен ғасырда Одесса архитекорларының жобасымен салынған. Бұрын мұнда түрме болған. Енді міне, сәбилердің жылы ұясына айналып отыр, – дейді ол. Балалар бақшасын үлкен құштарлықпен аралап көрдік. Кең, жарық, таза бөлмелер. Бірі – асхана, бірі –демалатын орын, енді бірі ойыншық ойнайтын бөлме. Тағы бірі – көркемөнерпаздар үшін жай. Мұндағы сәбилермен жүздескенде, өз еліміздің бақытты балдырғандарын көргендей болдық. Алдында ғана Египет пен Түркияның албажұлба, кір-қожалақ, бейшара балаларын көріп, көңіл жабырқап келе жатыр еді. Бауырлас болгар балаларын кездестіргенде, жанымыз жадырап, бойымыз сергіп сала берді. Жүректі қуаныш биледі. Социалистік құрылыстың артықшылығына тағы да көз жеткізіп, оны мақтан еттік. Ғажап! Қызыл-жасыл бөленген, бақытты балалар
бал-бұл жанып, жайнап тұр. В.И.Ленин, Г. Дмитров аталары туралы тақпақтарды тақылдатқанда, ырғағымен биін сартылдатып, әнін құйқылжытқанда бойды лажсыз шаттық кернейді. Варнадан Софияға кеттік. Ара қашықтығы 550 километр екен. Жүрдек позбен бір түн жүріп, елеңалаңда барып түсе қалдық. Болгария астанасы теңіз бетінен 500 метр биік жонға орналасқан. Төрт жағы тау. Көрікті қала. Атам заманғы ІҮ ғасырдың өзінде Константин патша оны «менің екінші Римім» деп мақтаныш еткен екен. 1,2, миллион халық тұратын бұл қала қазір ірі ғылым-білім орталығы. Онда 13 жоғары оқу орны, 47 ғылыми-зерттеу институты, 18 театр, 40 кинотеатр бар. Олардың ішінде К.Готвальд атындағы университеттің орны ерекше деді. София – зор құрылыс алаңы. Тек «соңғы жылдары «Звезда», «Молодость», «Восток» Ленин атындағы тұрғын аудандар пайдалануға берілген. Мыс арыстандар көпірі, Г.Дмитров атындағы бульвар бойындағы үйлер соғыстан кейін бой көтерген. Қазір тұрғын жай қаланың әр адамына 14 шаршы метерден келетін көрінеді. Соңы кезде мәени-ағарту ошақтары да мол салынған. Биіктігі 105 метрлік телемұнара, пионерлер сарайы, халықтық мәдениет сарайы, неке сарайы, 75 мың адамдық стадион – бәрі де жаңа дәуірдің құрылыстары, жаңа кезеңнің игіліктері. Бізді ерекше бір сүйсінткен жайт – болгарлардың Совет Одағына деген ықыласы. Олар орыс халқын ықылым заманнан бергі қорғаушымыз, досымыз, панамыз деп біледі. Ұлттық әскери-тарихи музейінде
болғанымызда, сонау орта ғасырдан бергі жердегі орыс халқынан көрген көмегін, соның арқасында алған азаттығын рет-ретімен тіркеп, аралап, жіпке тізгендей етіп қойғанын байқадық. Әсіресе, совет әскерлерінің неміс фашимзінен азат етуіне мол орын берілген. Ұлы Отан соғысында Болгарияны 3-Украина майданының әскерлері азат еткен. Сол майдан жауынгерлеріне, оның командирі генерал Толубухинге ілтипат ерекше. Толубухин атындағы бульвар – өзінше бір ескерткіш, болгар-совет достығы бульвары ұзақ және көсіліп жатыр. Қала көшелерінде ор қояндай зырғыған совет «Волгалары» мен «Москвичтері». Екі ел арасынадғы түсіністік, сауда қатынасы қатты дамыған. Біздің ел оларға әр түрлі машиналар, мұнай, газ, өнеркәсіп жабықтарын сатса, болгарлар бізге қажетті өндіріс құрал-саймандарын, жеміс-жидек, темекі өнімдерін жөнелтеді. Болгар халқының адал перзенті, болгар коммунисі Георгий Дмитровтің музей үйінде болдық. Екі қабатты, қамыспен жабылған бұл үй сонау 1888 жылы тұрғызылған. Қаһарман күрескердің 33 жыл өмірі осы үйде өткен. Стефан Продевтің: «Ол дүниеге құл болып келді. Лашықта туды. Адам басындағы тапшылық пен қайғы-қасіретке ортақтаса ашты көзін. Куәлерсіз, бақыт жұлдызынсыз, той-думансыз келді дүниеге. Қарапайым миллиондарша туды... » деген пікірі осы үйге байланысты айтылған. Үйдің үстіңгі қабатында кітапханасы, жатын орны, жұмыс кабинеті болған. Астында анасы
Параскеваның бөлмесі, от жағатын жер және асхана. Ұлы революционердің көзі тірісіндегі пайдаланған заттары, киім-кешегі, төсек-орны көздің қарашығындай сақтаулы, сол кездегі қалпында, сол кездегі орнында тұр. Қазір бұл үй Болгар Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы ұлттық музей деп аталдаы. Георгий Дмитровтың жан жары, өмір серігі Любица Ивашевич те Россия шапағатын көрген. Георгий оны еркелетіп, «Люба» деп атаған. Ол – әрі ақын, әрі революционер. Қуғын-сүргінде жүргенде Москвадан пана тапқан. 1983 жылы совет астанасында дүние салған. Ұлын фашизм тырнағынан босату қамымен Москваға Параскеева әже де келген. Ал Г.Дмитровтың өзі басына небір қиындық іс түскенде Советтік Россияға сенген, Совет үкіметінің көмекке келетінін білген. В.И.Ленинмен, большевик қайраткерлермен кездесіп, ақылдасып, бағыт-бағдар алып отыруға тырысқан. 1921 жылы-ақ Москвада болып, Ленинмен жүздескен. Ұлы көсемнен: «Қажет болғанда Советтік Россия бізге көмегін аямай ма?» деп сұраған. «Советтік Россияның көмектесетініне сіздердің әрқашан да сенулеріңізге болады», деп жауап берген В.И.Ленин. Лейпциктегі сот процесі аяқталып, ақтаған үкім шыққанан кейін де Г.Дмитровтарды түрмеден босатпай отырып алған. Мұның себебеін фашистер «Бұлар Болгария азаматтығынан айрылғандар, отансыз адамдарды босату қауіпті» деп түсіндірген. Ретін келтіріп, олардың көзін жоюды қарастырған.
Осы кезде Совет үкіметі Г.Дмитров, Благой Попов, Василь Танев жолдастар ССР Одағының азаматтығынна алынсын деген шешім қабылдай қойған. Сөйтіп, болгардың әлгі үш коммунисі фашизм тырнағынан босатылған, Москваға алдырылған. 1935-43 жылдарда Г.Дмитров Москвада Коминтерннің секретары болып істейді. Болгария фашистік тепкіден азат етілгеннен кейін, 1945 жылы ол еліне оралған. Болгария Коммунистік партиясының Ү съезінде оның Орталық Комитетінің Бас секретары болып сайланған. 1949 жылы июль айында ауыр науқастан Москвада қайтыс болған. Музей үйінде Г.Дмитровтың осы күрес жолы, Совет елімен тағдырластығы толық та жарқын көрсетілген. Оның «әбір жанды нәрсеге ауа, су күн қандай қажет болса, бізге СССР-мен достық сондай қажет» деген сөздері музейдің ең көрнекті жеріне жазылған алтын достығының өшпес шежіресі десе де болғандай. Бұдан кейін орталық алаңға орналасқан Г.Дмитров мавзолейіне бардық. Ондағы құрметті қарауылдың тұрғанын, ауысқанын қызықтадық. Ұлы күрескердің мәйітін көрдік. Болгардың жирен шашты, алып тұлғалы азаматы мәңгі ұйқыда. «Өтірікті, жаланы жалынды сөзімен жандырған, саяси айтыс жекпежегінде фашистерді жер қаптырған, артына социалистік Болгарияны қалдырған сен екенсің ғой» деп, оған бас идік, тағзым еттік. Балқан түбегінде жатқан бауырлас Болгариямен осылай танысып, елге тарттық. Теңіздің арғы, бергі бетінен көргендеріміз осы болды.
ҚАРҚАРА ЖАЙЛАУЫНДА ЖЕР СИПАТЫ Кеген аудандық партия комитетінің бірінші секретары Үмбетжан Нұрғазиев жолдас әңгіме үстінде: – Қарқара – республикамыздағы ең сұлу жайлаулардың бірі. Оның атақты Асы жайлауынан кем соғуы мүмкін, – деді өз өңіріне деген үлкен мақтаныш сезіммен. Байқасақ, Қарқара талайлардың аузына ілініп, жыр болған екен. Қашқар, Ыстықкөл сапарында ол туралы Шоқан: «Қарқара шатқалы – жазғы жайлау. Онда Албан және Бұғы елдері көшіп-қонып жүреді. Бұл алқаптың малға жайлылығымен даңқы шыққан. Онда бөгелек, маса жоқ... Ауасы салқын, түнде суық болады», – деп жазыпты. Ал Ілияс Жансүгіров: «Қарқара – жарасымды жазық жайлау» – деп жырлапты. Шынында да, Қарқара айы – алтын, күні – күміс көк жайлау екен. Оның төрінде «шоңқиып малды ауылдың төбетіндей» Іле басы тауы тұр. Бір жағын «ешкідей үркіп шыққан Шөладыр» қоршап жатыр. Оңтүстік батысын «мыжырайған Мыңжылқы» жоны көмкерген. Айнала қоршаған осы таулар «көк мұнарлы
белдеу буынып», қар жамылып жатады. Олардың басынан кетпес бұлттар күн көзін көлегейлейді. Бір сәт «нөпір нөсер шүмектеп», көк аспанда жасын оты ойнап шыға келеді. Мұндайда жалпақ жайлауды жарып өтетін Желқарқара, Құрқарара, Шоңқара өзендері ақ көбік шашып, ойға қарай жөңки жөнеледі. Таулардан соққан самал жел де сан құбылады. Бірде әже төсін иіскелеген баладай былдырласа, бірде қыз салған әндей сызылады, тағы бірде адуындап, асқарға соғып, тас сүзеді. Жайлау алқабын самалмен теңселіп, үлбіреген «шұбар ала шешектер, шудаланған көк шөптер» жапқан. Жұпар иісі аңқыған сан қилы гүл мейір қандырып, көз тұндырады. Жайлау төсі – толы тірлік. Тағысы таста ойнаса, қыраны көкте қалықтайды. Арасы андыздап бал сорса, көбелегі гүл шешегін шымшылап, сып-сып ұшады. Осының бәрі жайлау өңіріне әр береді, нәр береді. Оны елжіреген енедей жайдары, жанға жай, қоңырсалқын етеді. Әлгі су сылдыры, жел сыбдыры, құстар үні – бәрі де жайлау көркіне мақтанғандай.
ЕЛ ТІРЛІГІ Қарқараның тамаша табиғаты ел тірлігі, ер еңбегімен астасып мүлде ажарлана түседі. Оған құсша келіп ел қонады. Жайлау қойны қазір мыңғырған малға толы. Былқылдаған отар-отар қой да, ойға-қырға осқыра шапқан үйір-үйір жылқы да, емшегімен жер сызған табын-табын сиыр да осында. Олар Қарқараның сонысын шайқап, жайпап жеп жатыр. Мал алдын қара торғай, қарғалар орап, тұяқтан ұшқан шыбын-шіркей шегірткені қағады. Жайлаудың жалпақ жонындағы әр бұлақтың тұсында шағаладай шаңқан үйлер. Оларға түсе қалсаң, жадыраған жайдары жандар – малшылармен кездесесің. Ермұхан бізді Желқарқара жағасындағы бір үйге түсірді. Бұл – «Қарқара» совхозының жылқышысы Әділдаев Елеусіздің үйі. Өзі төрде сары қымызды сапыра жұтып, ықылық атып жамбастап жатыр. – Малдың қыстық бейнетін көрсек, енді зейнетін көріп отырмыз, – деп қояды ол жан рахатын жасыра алмай. «Нәйім-нәйім бауырсақ, ағын суға шомылсақ», – деп , тайға мініп шапқылап оның сегіз жасар баласы Әріпжан жүр. Қымыз іше келген 3-4 шопан да отыр мұнда. «Бұлар біздің «Ассалаумалейкумдер» деп әізлдейді Елемес. Шопандар да қарап қалмайды. Орынды оспақ, қыңыр қалжың, көңілді күлкісімен қағыса
кетеді. Елемес үйінің сол жағында оның інісі Ырысалдыбайдың үйі отыр. Ол – шопан. Ішкені – бауырдай балбыраған қатық. Жегені – қоймалжың қаймақ. Өзі әңгімешіл-ақ. – Балалық шағым Қытайда өтті. Ішіп асқа, киіп киімге жарымап едім. Отаныма, еліме келіп көзім ашылды, – дейді ол. – «Менің көргенімді сен көрме» дегендей, көк арбада ыржия күліп, талпынып отырған Мағауиясын иіскеп те қояды. Елемес пен Ырысалдыбайдың үйіндегі келіндер де жайдары жандар. Жайлау әні буын-буынын алып, «көзге түскен кекілін кейін серпіп күрсінген» бұрынғы қыз-келіншектерге емес, еңбек адамдары. Бірі қотан күзетсе, бірі бие сауады. Ас пісіріп, қонақ күтеді. Әйтеуір, бір тынбайды. Қарқара жайлау ғана емес, шабындық та. Мұнда қазір келер қысқа мал тағдыры шешілуде. Ана жонда да, мына жонда да шалғы сырылы бір тынбайды. Қабандыда «Қарқара» совхозының трактористері Оразалиев Өтеген мен Өмірәлиев Маралбек ДТ75 тракторымен күніне 20-25 гектар жердің шөбін шауып жүр. Міне, жайлаудағы қазіргі ел тірлігі.
ЕР ЕҢБЕГІ Әлгіде айттық, жайлау көркі, бір жағынан, ер еңбегі. Қарқараның атын шығарып, даңқын арттырып жүрген еңбек ерлері бар. Солардың бірі – «Ұзынбұлақ» совхозы, Ақсай фермасының шопаны Әбдіқұлов Ыдырыс. Ол 41 жасының 26 жылын қой шаруашылығында өткізген. Қазір Социалистік Еңбек Ері, «Мал шаруашылығының бірінші класс шебері», орта білімді зоотехник. Қой тұқымын асылдандырып, төлді мол алудың, малды жазда, қыста жайып, бағып-күтудің көптеген сырларын игерген. Биылғы ауыр қыстың өзінде әр жүз саулықтан 135-тен қозы алған. Ыдырыс – жай шопан емес, қоғам қайраткері. Ол – аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық советтің депутаты, кәсіпшіліер одағы облыстық советтің мүшесі. Қоғам малын өсіріп, жақсы көрсеткіштерге жетуде Ы.Әбдіқұловпен үзеңгі қағысып келе жатқан – «Қарқара» совхозы, Тасащы фермасының шопаны Молдасанов Жолсейіт. Ыдырыспен жасты ол қойды 1943 жылдан бағады. Қазір Ленин орденді, «Мал шаруашылығының бірінші класс шебері». Жолсейіт соңғы 10 жылдан бері міндеттемесін үнемі артығымен орындап келеді. Әр жүз аналықтан 152 қозы алған жылы да болды. Биылғы ауыр жылдың
өзінде 135-тен төл, әр қойдан 3,5 килодан жүн алып отыр. Ж.Молдасанов та аудандық партия комитетінің мүшесі, шопандар тобының жетекшісі. Малшылар арасындағы көптеген мәдени-ағарту жұмысының ұйытқысы – осы Жолсейіт. І.Жансүгіров 20 жылдары жайлаудағы шопан рахатын «тырайып жотада қой шетінде, мастанған қатық ішіп қойшы құрғыр», – деп суреттеген-ді. Яғни, ол кезде аузы жарып ақ ішкеннің өзі зор табыс, үлкен жаңалық еді. Қазіргі қойшы үшін бар рахат, бар байлық қатықта емес. Әлгі Ыдырыс пен Жолсейіт – мол дәулет иесі. Олардың жылдық табысы 5-6 мың сомға жетеді. Асыл өнімге қоралап қозы алады. Үйлерінде радиоқабылдағыш сөйлеп, газ жанып тұр. Керегелері кілемнен көрінбейді. Бұрынғы адалбақан орнына шифоньер, аяққап орнына буфет қойылған. Жолсейіт үйінің қасына «Волга» машинасын «жабулап» қаңтарып тастаған. Бұл шопандардың семьясы – оқыған, мәдениетті семья. Әр жылы 70-80 сомға газет-журнал жаздырып алып оқиды. Жолсейіттің қызы Сыпайы – Алматыдағы Шет тілдер институтының студенті. Ыдырыстың ұлы биыл Малдәрігерлік институтқа түспекші. Міне, осы ерлік еңбек, ен дәулет, жаңа мәдениет – бәрі жайлау сәні, жайлау мәні.
ЖҰРТ САНАСЫ Жақында ресбпуликалық «Ғылым» қоғамының председателі тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбді Тұрсынбаев бастаған бір топ ғалымдар – Жүнісбек Жұмабеков, Әбдірашид Ахметов, Амантай Фарзиов – осы Сандал жайлауында болды. Олар малшылармен, пішеншілермен кездесті. Коммунистік және Жұмысшы партияларының халықаралық кеңесінің, КПСС Орталық Комитетіні июнь пленумы мен СССР Жоғарғы Советі алтыншы сессиясының материалдары жөнінде лекциялар оқыды. Аудандық партия комитетінің секретары Ермұхан Жақсылықов жолдас ғалымдардың жайлау еңбеккерлері өмірімен жете танысуына, олардың арасында үгіт-насихат, түсінік жұмыстарын жете танысуына, жақсы жағдай жасады. Ғалымдар лекцияларын ауыл-ауылдарда, еңбеккерлердің шоғырланған жерінде бөлек-бөлек өткізді. Мұның көптеген тиімді жағы байқалады. Біріншіден, лекцияны асықпай, шағын топтың өзіне ұғымды тілде, өзара сырласып, әңгімелесу түрінде өткізуге мүмкіндік берді. Екіншіден, еңбеккерлердің науқандық қызу жұмыстардан қол үзіп қалуына, еңбек өнімділігінің төмендеуіне соқтырмады. Үшіншіден, тыңдаушылардың белсенділігін
арттырып, сұрау қойып, пікір айтуына жағдай жасады. Әңгімелер барысында жұрт санасының көп өскендігі, ынтасының артқандығы, мемлекетіміздің сыртқы саясатын дұрыс түсініп, батыл қолдайтыны айқын аңғарылды. Бір әңгімеде «Қызыл ту» совхозының пішеншісі Шөмішбаев Дәурен жолдас: – Партия мен үкіметіміздің үнемі ел тыныштығын сақтау, совет адамының шат тұрмыста өмір сүруін қамтамасыз ету қамында екенін біз жақсы білеміз. Сол қамқорлыққа әр кез адал еіңбегімізбен жауап береміз, – деді. Екінші бір әңгімеде сол совхоздың шопаны Асыранқұлов Исақтың айтқаны мынау болды: – Совет Одағындай алып елдің азаматы болғаныма мақтанамын. Жалмауызға да жан керек қой, импералистер бізге ұрынбас, ұрынса, ажалды қарға бүркітпен ойнайдының кебін киер! Осының өзі-ақ жұрт санасының өскендігінің, Отан сүйгіштік сезімінің артқанының куәсі.
ТАРИХ БЕЛГІЛЕРІ Қарқара жайлауы тарихи белгілерге де бай. Жайлау шетіндегі Мыңжылқы өзенінің оң жағасында, жалпақ жазықта көптеген төмпешіктер мен шұңқырлар кездеседі. Бұл – атақты Қарқара жәрмеңкесінің орны. Оның оңтүстік батысында Сарт асуы тұр. Бұл тұстан жәрмеңкеге бұхаралықтар мен қоқандықтар, хиуалықтар мен қашқарлар келгендіктен асу солай аталаған. Революциядан бұрын ашылған Қарқара жәрмеңкесі Совет өкіметінің алғашқы жылдарында өткізілмеген. Жаңа экономикалық саясат тұсында ол қайта қызған, республикалық маңызға ие болған. 1925 жылы оның товар айналымы бір миллион сомнан асқан. Жәрмеңке орнына таяу жерде үйдей етіліп үйілген тас жатыр. Оның да үлкен тарихи сыры бар. 1916 жылы 10 июль күні жайлау төріндегі көк төбеге аймақ адамдары жиналған. Жуан тұқымнан шықса да, патшаның отаршылдық саясатына қарсылықты білдіріп, ел жоқшысы, ел қамқоршысы болып жүрген Саурықов Ұзақ, Мәмбетов Жәмеңкемен ақ патшаның июнь жарлығы туралы ақылдасқан. Олар патша жарлығын орындамауға, қара жұмысқа адам бермеуге, зорлап алмақ болса, құрал алып көтерілуге сөз байласады. Ақыры Албан, Бұғы елінің көтерілісі шығады. Патша өкіметі оны қанмен басады. Үш
жүз мыңдай адам үркіп, Қытайға шығып кетеді. 67 адам айыпталып, Ұзақ батыр мен Жәмеңке шешен бастаған 15 кісі көтеріліс басшылары деп танылып, кісенделіп Қарақолға (қазіргі Прежевальск – Т.Қ.) айдалады. Түрмеде Жәмеңке соққыға жығылып өледі. Ұзақ батыр бастаған бірнеше адам атылады. Кейін бұл оқиға М.Әуезовтің «Қилы заман» атты шығармасына арқау болады. 30-жылдардың басында Нарынқол, Ұйғыр аудандары қосылып, ірілінген Кеген аудандық партия комитетінің секретары болып Ораз Жандосов барады. Бірде ол Қарқара жайлауында 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісінде қаза болғандарды еске алу митингісін өткізеді. Жиналғандар сол жерге ел үшін еңіреген ерлерге ескерткіш орнатылсын деп шешеді. Ораз оның орнын белгілеп, митингіге қатысушылардың сол араға бір-бір тас әкеліп тастауын өтінеді. Жоғарыда айтылған тас төбе сонда үйілген. Амал не, кейін жалынды революционердің инициативасы елеусіз қалған. Тиісті орындар бұл игі де ізгі ниетті жүзеге асырса, сол тұста Ораздың өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатса, еразаматтардың аруағы риза болар еді. Тағы бір тарихи белгі: бір кезде Шөладырдың оңтүстік етегінде тұз кені болған. Мұны Ілияс: «Жайлаудың ортасында Тұзкөл жатыр, жарқырап төбел таздың төбесіндей», – деп жырлаған. Кәсіпшіліктің өндіріс құрылыстары мен кеңсе, тұрғын үйлерінің орны әлі бар. Қазақстанды пролетариат табының қалыптасып, өркендуіне бұл кәсіпшіліктің де өзіндік үлес қосқаны байқалады.
ӨМІР ПРОБЛЕМАСЫ Кеген, Ұйғыр, Нарынқол – таулы өңірдегі малды аудандар. Мемлекетке ет сатуда олардың үлесі үлкен. Осы орайда шешетін өмірлік бір проблема байқалады. Бұл аудандар мемлекетке өткізетін малдарын тау асырып, тас бастырып 300-400 км.жердегі Алматыдағы ет комбинатына айдайды. Мұнда келгенде кезек тимей, қора-қора мал қала шетіне иіріліп, шетінен машинамен тасылады. Олар комбинат алдында тағы ұсталады. Бұл, бір жағынан, көп күшкөлік, қаржы уақытты қажет етеді. Екінші жағынан, мал арып-ашып, қоңдылығын жояды. Мұның бәрі мемлекетке де, аудан шаруашылықтарына да үлкен зиян екені даусыз. Осы тиімсіздікті болдырмаудың жолы, әлгі аудан басшыларының пікірінше, Кеген ет комбинатын салу. Бұл екі жаққа бірдей пайдалы. Мемлекет семіз ет алса, колхоз, совхоздар орынсыз ысыраптан құтылып, табысын арттырады. Есеп бойынша комбинатты сол төңіректегі аудандар малмен қамтамасыз ете алады. Өндіріске қажетті су да жеткілікті. Кеген айналасы тау өзендеріне бай. Жұмыс қолы да табылады. Өнеркәсіп орны ашылған соң, оған ел ағыла бастайды. Ендеше,
бұл – тиісті орындар ескеретін, шешуге тиісті өмір пробеласы. Қарқара жайлауында он күндей болдық. Сондағы біз байқаған жайлау сипаты, ел тірлігі, жұрт санасы, тарих белгілері мен өмір проблемасы осындай.
КҮЛКІ МЕРЕЙІН КӨТЕРЕЙІК Қазір сатиралық сурет-карикатураның ұлттық топырағымызда ежелден пайда болғаны дәледеніп отыр. Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының тұрғыны С.Мамышев деген Терісаққан өзенінің жағасынан ернеулері мүжілген, қоладан құйылған табақша тауып алған. Құм, тастан тазалап жіберіп қарағанда, оның бетінен қанатты арыстанның бейнесі көрінген. Қос қанаттың екі ұшы жағымпаз адамның, ал құйрығы ысқырып тұрған улы жыланның басы етіліп шығарылған. Бұл мұрынын көтеріп, талтайып тұрған арыстан – сол кездегі мықтымсып, кісімсіп жүретін билептөстеушілердің бейнесі. Қос қанат өктемдік, күштілік, ұлылық белгісі. Олардың ұшының әлгідей шығарылуы оның жоғарыдағылар алдында құрдай жорғалайтын жағымпаз, жалтақ жан екенін, құйрығының жылан етілуі өзінен төменгілерге уын шашып тұрған зәрлі адам екенін аңғартады. Сөйтіп, біздің заманымыздың екінші ғасырындағы ежелгі ювелир-сатирик бұл карикатурасында өз тұсындағы екіжүзді билеп-төстеушіні өлтіре келемеждеген. Әр халықтың күлкі дүниесі осындай өзіндік сипаттармен ерекшеленеді. Ол әрі әр дәуірде
өзгеріп, жаңа сапа, тың сипат тауып отырады. Қазақ халқының да ұлттық, әр замандық күлкісі бар. Мұның үстіне әрбір таптың, әрбір әлеуметтік топтың өзіндік күлкі мұрасы, күлкі мәдениетінің факторлары болады. Мысалы, аш-жалаңаш, жоқжұқана күлкісі, «шынжыр балақ, шұбар төс», майдашүйделер күлкісі, діндарлар мен ақсүйектер күлкісі, патша, чиновниктердің күлкісі басқа-басқа. Әрі әрбір ақын-жазушының күлкісі стилі түрлі-түрлі. Оның бірі бейшара боп, мүләйімси сөйлесе, екіншісі басқа болып сөйлейді, үшіншісі бүркеншік атпен, төртіншісі ишарамен сөйлейді. Міне, осының бәрін терең зерттеп, сырын ашу – сатираны көркейтудің, күлкіге кенелтудің алғы шарттарының бірі. Ендеше әдебиетшілеріміз ұлттық күлкіміздің табиғатын қарастыруға көбірек көңіл бөлуге тиіс. Күлкі жұртқа көңілділік әкеледі, қиынқыстау кезеңде еңсені көтереді, жеңіске жеткізіп, болашаққа деген үмітті арттырады. Күле жүріп, еткен еңбек өнімді, жемісті. Ұлы Отан соғысындағы қиын сәттерінде әзіл-күлкінің жауынгерлерге тірек, сүйеніш болғаны, рух, күш-қуат бергені, жеңіске деген үміт-сенімін арттырып, жауды күйретуге зор үлес қосқаны – мұның айқын дәлелі. Сөйтсе де біз бардың парқын білмей жүрміз. Не фольклорлық, не революцияға дейінгі, не совет дәуіріндегі сатира, юмордың үлгілерін топтастырған бірде-бір жинақ шығарғамыз жоқ. Күлдіргі дүниелеріміз айтылғаны айтылған, басылғаны басылған жерінде жиналмай, шашылып қалып келе жатыр. Арғы-бергі күлкілі туындыларды жинастыру,
олардың ең таңдаулыларын құрастырып, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруды қарастыру – әлі өтелмеген парыз. Міндет – оқтын-оқтын сатиралық әр жанрдың таңдаулы туындыларына конкурс жариялап отыру, карикатуралардың көрмесін ұйымдастыру, сәттілерін жариялап, кейін оларды жинақ етіп шығарып, тозбас, жоғалмас рухани байлыққа айналдыру. Жеке адамдар басындағы аңқаулық, түсінбестік, парықсыздық – әр дәуірде-ақ болмай қоймайтын ақаулық. Яғни комизм, жеңіл күлкі нысанасы, күлкілі жайттар еш кез жойылып кетпек емес. Ал оларды көре салып, кекете қоятын қуақылық, юморлық сезім – ескірмейтін, жұрт бойынан әрқашан табылатын қасиетті қабілет. Демек, күлкі ешқашан жойылмақ емес, адамзатпен бірге біте қайнаспақ. Ол – өмір серігі, өмір бар жерде күлкі бар. Сондықтан, оны түрлендіріп көркейтудің, жаңа жағдайда жаңғырта желпіндірудің, күлкі мерейін көтерудің жөн-жосық, әдіс-жолдарын қарастыра беру – әр кез-ақ күн тәртібінде тұрар мәселе. Қайткенде де күлкі мерейін көтерейік, күлкіге кенеле берейік!
ӨТЕЛГЕН ПАРЫЗ Біз – бір әке, бір шешеден үш ұл едік. Үлкеніміз – Қожабек, ортаншысы – Балабек, ең кішісі – мен, Темірбек. 1939 жылы Қожабек әскер қатарына шақырылды. Жылап-сықтап шығарып салдық. Тұңғышының бірінші рет үйден шығуы, әсіресе, анамызға қатты батты. Ол кісінің сарғая күтіп жүрген Қожабегі «биыл күзде қайтамын» деп тұрғанда, Ұлы Отан соғысы басталды да кетті. Қожабек алғаш артиллерия бөлімшесінде қызмет етті. Соңғы хаты 1943 жылы жазда келді: «Ауырып, 3 айдай емделдім, енді майданға аттанғалы тұрмын. Бұрынғы әскери бөлімшеме қосылсам жақсы болар еді...». Бұдан кейін еш хабар болмады. Ата-ана сарғайып, ұзақ күтті оны. Осы үміттің жетегінде жүріп, әке 1960 жылы, ана 1965 жылы дүние салды. Іздеуді соңғы жылдары Ә.Өміржанов жалғастырды. Екі жыл бойы 200-дей жерге сұрау салынды. Ақыры Молдавияның Рыбница қалалық әскери комиссариатынан мынадай хат келді: «Гвардия сержанты 204-78 гвардиялық атқыштар дивизиясындағы 228-гвардиялық атқыштар полкы 2-батальонының бөлімше командирі, 1919 жылы туған, ВЛКСМ мүшесі Қожакеев Қожабек гитлершілдерге қарсы күресте 1944 жылы 29 март
күні ерлікпен қаза тапқан. Рыбница станциясының оңтүсік шығыс жағына қарай 3 шақырым жердегі 3-ші зиратқа жерленген. Гвардия сержанты Қожакеевтің сүйегі соғыстан кейін қаладағы бауырластар зиратына жерленді. Зират басына мемориал орнатылды. Оның етегіне мәңгілік от жанып тұр». Қуанышты да қайғылы хабарды естіген соң тағат тауып тұра алмадық. «Іздері жоқ, сұрары жоқ адам екен дегізбелік; қандай жағдайда, қандай жерде қаза болғанын білелік; басына топырақ салып, гүл қойып, бауырлық парызымызды өтейік; ағаға деген махаббатымызды көрсетейік; азаматтың рухы риза болсын» деген ойға келдік. Осы игі ниетпен Қожабектің кіндік қаны тамған бұрынғы үйдің, әскерге аттанған кейінгі үйдің орнынан және әкесі мен анасының қабырынан топырақ алып, ұлым Медет екеуіміз сапар шектік... Бүгінгі техника табысына қалай риза болмассың! Бір кезде адамды алып ұшатын қара құсты, сиқырлы кілемді арман еткен елдің бүгінгі қақпалап мініп алған алып болат құсы – «ИЛ-62» бізді лезде айшылық жердегі Молдавия астанасы – Кишиневке жеткізді. Келесі күні машинамен Рыбницаға қарай жол тарттық. Молдавия жері адырлы, көлшікті, көк майсалы келеді екен. Қара топырақты, құнарлы болғандықтан жөн-жота, сай-сала, өзен, көлшік қолтықтары – бәрі де игерілген. Қатар тізілген ақ бағаналарға иек артқан жүзім ағаштарының плантациясы белден бел асып, алысқа, көкжиекке
кетіп жатыр. Бірде оның жүгері, темекі егісі, енді бірде көкөніс алқабы ауыстырып отырады, тағы бірде сарала тақиялы күнбағыс даласы көсіледі. Әйтеуір, мұнда егіншілік мәдениетінің жоғары екеніне көз жетті... Қалаға келісімен әскери комиссариатқа бардық. Майор В.И.Лобанов арқылы Ардагерлер советінің мүшелерімен байланыстық. Менделеев көшесіндегі 11-ші үйде тұратын Анна Павловна, Дмитрий Степанович Кузьминскийлерді ертіп қаламен таныстық, бауырластар зиратында болдық... Рыбница қаласы Днестр өзенінің бір иініне, сол жақтан қапталдап кеп қосылатын сайдың құйылысқан жеріне орналасқан екен. Оны неміс фашистері соғыстың алғашқы күндерінде-ақ Румыния жерінен өте шығып, басып ала қойыпты. Осында олар төрт жылдай өктемдік еткен. Жантүршігерлік айуандықты істеген. Жаңадан түрмелер ашып, оған антифашистерді, партизандар мен әскери тұтқындарды тоғыта тыққан. 1944 жылдың көктеміне қарай совет әскерлерінің қалаға таяп келе жатқанын сезген фашистер тұтқындарды атып, асып, өртеп қыра бастаған. Біз Киров көшесіндегі коммуналдық кәсіпорындар комбинаты үйінің қабырғасындағы мемориал тақтадан: «Бұл үйде 1944 жылы март айының 19-нан 20-на қараған түні неміс-фашист басқыншылары 270 патриот-антифашисті өртеп жіберген», – дегенді оқыдық. Совет әскерлері Рыбницаны тез босатуға ұмтылған. Өйткені, біріншіден, қала халқы
мен тұтқындағыларды әлгідей азап өлімнен құтқару қажет болған, екіншіден, қала Днестрден Бессарабияға өтетін көпір аузына, қылта жерге орналасқан-ды. Фашистер де қаланы бермеуге бел байлаған. Оның сыртында бекіністер жасап, совет әскерлерін жібермеуге тырысқан. Біздің жауынгерлер қалаға екі жақтан – Днестр бойымен солтүстік-батыс және оңтүстік шығыс жақтан шабуыл жасаған. 3-4 күн бойы Ержово, Колбасна маңында бірнеше рет қанды шайқас болған. Рыбница жау тырнағынан тек 30 март күні ғана азат етілген. Осы өлім мен өмір арпалысында мыңға тарта совет жауынгерлері қаза тапқан. Солармен бірге 29 март күні Қожабек те оққа ұшқан. Анықтасақ, ол 1943 жылы госпитальда ауырып емес, ауыр жараланып жатыпты. Жазылған соң өз бөлімшесіне қайта қосыла алмаған. Сталинград шайқасынан шыққан Суворов орденді гвардиялық 204-атқыштар дивизиясын толықтырушылар қатарына келіп түскен... Шабуыл кезінде қаза тапқан жауынгерлерді үштөрттен, бестен, оннан әр жерге қойып, әр зиратты нөмірлеп, онда жатқандардың тізімін алып кете берген. Кейін ол документтер архивке өткізілген. Ұлы Отан соғысындағы Ұлы жеңісіміздің 30 жылдығы қарсаңында қала, аудан орталықтарында бауырластар зираты ашылып, әр жерде қалған жеке молалардағы совет жауынгерлерінің сүйегі жиналып, соған қойылсын деген нұсқау болды. Осыған орай, 1975 жылы рыбницалықтар да
бауырластар зиратын ашып, қала айналасындағы бейіттердегі жауынгерлер сүйегін соған жерлеген. Бауырластар зираты Днестр өзенінің сол жағасындағы биік жотаға орналасыпты. Табыттар оң және сол қанаттарға қойылып, беті көк шыммен көмкеріліпті. Оның үстіне әрқайсысы бір шаршы метрлік 12 мәрмар тақта көлбей орнатылған да, оларға архивтен документті табылған 248 жауынгердің аты-жөні, туған, өлген жылдары ойылып жазылған. Солардың ішінен ағамыздың фамилиясын көріп, қатты толқып, көзге жас алдық. «Ешкім де ұмыт болмайды, ешнәрсе де ұмыт қалмайды» дегеннің куәсі болдық. Зират төріне биіктігі 25 метрлік обелиск орнатыл-ған. Оның сырты шаршы мрамор плиталармен төселген. Екі жағына түсіп шығатын тас баспалдақтар орнатылған. Ортасы – ұзыннанұзақ гүлзар. Айнала орындықтар қойылған. Одан арырақта, ойда Днестр өзені көлбей, маңғаз ағып жатыр. Арғы бетте – Бессарабияның Резина қаласы. Одан әрі көсіліп жатқан көк белестер. Алыстан қызарып батып бара жатқан күн әр кеш сайын обелиск бетіне нұр шашып тұрады. Бауырластар зиратының басы қала халқының демалатын, әскери-патриоттық тәрбиелік мәні бар шаралар өткізетін ең сүйікті орнына айналған. Зират алаңын күтіп, көгертіп ұстауды М.Горький атындағы № 2 мектеп пионерлері қамқорлығына алған. Келесі күні әскери комиссариат қызметкері, майор Григорий Прокопьевич Щербак, мұғалима Людмила Федоровна Туинова және мектеп пионерлерінің
қатысуымен аға қабырына ел топырағын салдық, гүл шоқтарын қойдық. Осы арқылы бауырымыз қиыр шетте туған жердің топырағын жамылып жатқандай, алыстан қалған ел-жұрт, ата-анамен табысқандай болар едік.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру