TELEGEI

Home

Асылдың сынығы

Ұзақбай Доспанбетов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Асылдың сынығы

Белгілі жазушы Ұзақбай Доспанбетовтың «Асылдың сынығы» атты жаңа жинағына соңғы жылдары жазылған «Бақ пен сор» деген көлемді повесі, әңгімелері, пьесалары енгізіліп отыр. Кітаптың тілі өте бай, көтерген мәселелері сан алуан, қалың оқырманның көңілінен шығатыны күмәнсіз.

Ұзақбай Доспанбетов

Повесть, әңгімелер, пьесалар
«Сөздік-Словарь»
Алматы

Белгілі жазушы Ұзақбай Доспанбетовтың «Асылдың сынығы» атты жаңа жинағына соңғы жылдары жазылған «Бақ пен сор» деген көлемді повесі, әңгімелері, пьесалары енгізіліп отыр. Кітаптың тілі өте бай, көтерген мәселелері сан алуан, қалың оқырманның көңілінен шығатыны күмәнсіз. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз)-44 Д 64 Доспанбетов Ұ. Д 64 Асылдың сынығы / Ұзақбай Доспанбетов.– Алматы: «Сөздік-Словарь» ЖШС, 2014.– 320 бет. ІSBN 978-9965-822-93-3 ІSBN 978-9965-822-93-3 УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз)-44 © Доспанбетов Ұ., 2014 © «Сөздік-Словарь» ЖШС, 2014

Бақ пен сор
Повесть
Күздің қара суық күндері еді. Мұндайда Алматы тіптен күңгірт.
Жаңбыр, не қар жауардай аспан тас бүркеніп, шығысың, не батысың

қайсы, ажыратып болмастай дөңгеленген дүниенің бір томпиған,
ұмытылған бөлшегіне ұқсайды. Соңғы жылдардағы ылғалдың
аздығы, есесіне үнемі төбеден бұлт үйіріліп, көкжиекті қымтауы
жұрттың жүйкесін тоздырып, еңсесін басатындай. Табиғаттағы

алай-түлей өзгерістерді жаны сүйетін жазушы Ерік Тінәлиев
айналаның осындай не әрі, не бері емес тым-тырыс қалпына,
әсіресе, наразы. Сонау шығыста, биік таулардың қыспағында,
Текелі қаласының түбіндегі кішкене ауылда өткен балалық

шағында күмп берсе малтығып шыға алмайтын омбы қарды, күз
түссе желдетіп, нөсерлетіп, толассыз жауатын жаңбырды аңсайды.
Қыста қабақтарына қырау қатқан, күзде суық жаңбыр киімдерінен
өтіп, сүйектеріне жететін шаруа адамдары неткен бақытты деп,

қызғана еске алары бар.
Бұл жазушы жасы ұлғайған, әрі жаратылысына орай қиялшыл
адам еді. Бүгін де сондай бір қиялдың соңына түсіп, бесінші
қабаттағы пәтерінің терезесінен тысқа қарап еді, биік қарағаштар

мен үйеңкінің ұшар бастары өзінен әлдебір қайыр күткендей
әйнектің сыртынан сығалай мөлиюде екен. Бұлар да ылғал мен
жел аңсаған сұраншақ көңілмен бүгіліп-жазылып, мынау адам зат-
тылар бір қол ұшын берер ме екен деп дәмететіндей. Осы көрініс

жазушының қиялшыл басына басқа бағыт берді. Бұл өмірінде
қанша кітап жазды, қанша тақырыптың басына су құйды. Сөйтсе
де астаудан жеріген аттай тап экология мәселесінен ғана жалта-
рып жүріпті. Әлде бұл өзге өлкелерден гөрі оты, суы мол Жетісуда

туып-өскендіктен бе екен? Осы біржақтылығының зардабы енді көз

алдында кесекөлденең керілгендей бұл әлденеден іші қуыстанып,
ештемесін ажыратқысыз бұлыңғыр белгісіздікке белуарынан шөгіп
бара жатты.
Енді қалай? Сақылдаған сары аяз, табан астында сықыр-сықыр

еткен қар, терезеге қатқан қырау қайда? Сол терезедегі қыраудан
бұл Ерік бала кезінде сан өрнек, сан суретті ажыратып, оның
сызықтарын қуалай ойша одан әрі дамытып, онсыз да қамшы сал-
дырмас қиялын қалай жүйткітуші еді? Бірінші шебер табиғаттың

өзі деген қағиданы ерте ұққаны да сондай байқауларынан, ай-
нала көрініспен ойша өнер жарыстырғандай талпыныстарынан
ғой, әрине. Жапалақтап жауар қар қандай еді? Сәл жүгіріп қайта
қайтсаң өз ізіңді таппай дал болатынсың. Бала көңілге оның өзі

қандай күлдіргі? Ал қазіргі қар жоқ-жітік үйдің қабының түбіндегі
құмшекердің бір уысын төбеңнен шашып жібергендей ғана
бірдеме. Оның өзі қас пен көздің арасында еріп жоғалып бара жа-
тады. Көктемгі, не жазғы жаңбыр ше? Сай-саланы қуалап, кейде

оның ернеуінен аса дүрілдеп, жалғыз-жарым тоқты-торымды, саяқ
жүргіншіні ағызып әкетер сел қандай еді? «Ойхой, жаратқан иемнің
жарылқауы-ай бәрін көл-көсір еткен» дегізіп, ішкізіп-жегізбей-ақ
шылқымай етпеуші ме еді. Қазір соның бірі жоқ, әншейінде жылдың

жылауық мерзімі саналатын күздің өзі мынау. Терезеден телмірген
қарағаш пен үйеңкінің ұшар бастарындай өзі көмек сұрайды.
Кенет телефон шылдырлады. Диванда екі бүктеліп, маңдайын
алақанына сүйеген жазушы денесін әрең жазып, дәліздегі аппа-

ратқа қарай ілбіді.

– Алла-оу!

– Бұл жазушы Ерік Тінәлиев ағамыздың пәтері ме екен? А солай

шығар... даусыңыздан таныдым. Сәлеметсіз бе? Денсаулық, үй іші
бәрі дұрыс па? Сізді мазалаушы «Тәуелсіздік» газетінің редакторы
ғой. Суырып салып айтардай не жаңалығыңыз бар, ағасы?!

– Бізде не жаңалық болсын!? Ауа райындағы көңілсіздік бізге

де әсер етпей тұра ма? Ау, айтпақшы, інішегім, мынау кеңістік не
боп барады осы? Жаз жаңбырсыз, қыс қарсыз! Күздің өзінде там-
шы тамбайды. Інішегім, ғаламшардағы жылылыққа орай бүгінгі
таңда басқа құрылықтарда айлап, апталап құятын жаңбыр мен

қардан, мұхиттың көтерілуінен талай ел қан қақсауда. Сондай
молшылықтан түк бұйырмай біздің жылдан-жылға кеберситініміз
қалай?
Редактор сөзден мүдірді. Сірә, оның айтпағы басқа, жазушының

әңгіме бағдарын салған жерден билеп әкетуі оны бір сәт ойынан
жаңылдырғандай. Сәл дағдарып, қайта тілге келді:

– Бізде не қауқар бар дейсіз, ағасы? «Экология» деген арнайы бөлім құрдық. Жұрт айтарын айтып жатыр. Сізге де ол бөлімнің есігі ашық. Тек бүгінгі шаруа басқа тақырыпта еді. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру, аясын кеңейту жағын дұрыс айшықтамайсыңдар деп, жоғары жақтан төбемізден тоқпақтап жатыр. Қазір бір тілші қызды жіберсем бес-алты сауалына нақтылап-нақтылап жауап бере салуға қалайсыз? – Інішегім, әлгі газет-журналдарды жағалай ақтап, интервью беріп, аузымен орақ оруды кәсіпке айналдырған жазушылардың үйіріне мені де апарып қосақтайын деп пе ең? – Ағасы, сіздікі жүрегіңіздің түбін шымырлатқан таза көркем әдебиеттің гөй-гөйі. Бұл гөй-гөйге біздің де құлағымыз шамалап қанық. Ал менікі қоғамдық-саяси газеттің күнделікті мұқтажынан туатын мардымсыз қолқа ғой. – Газеттің мұқтажынан туатын қолқа деп, өзіңді өзің арқандаулы атқа ұқсатып, өз мүмкіндігіңді тарының қауашағына сыйғыза сөйлейсің. Біле білсең, суалған сиырдың емшегін қақтап, қайтсем сүт шығарам деп, әлгі әдебиеттен баяғыда қол үзіп кеткен жазушысымақтардың аттарын газет бетінде далитып, жаман үйреткен өздерің емессіңдер ме? Телефонның ар жағында тағы да үнсіздік орнады. Тек редактордың ауыр тынысы білінді. Мұның бала кезінде тау аңғарынан ышқына соғатын желдің тынысындай. Жазушы осыданақ редактордың жай-күйінде кісі қызығарлық ештеме жоқтығын сезіп, сөзін жұмсартқысы келіп еді. Жазушы бұл редакторды жақсы танитын. Жазушы жетпіске таяса ал редактор енді-енді алпысқа иек сүйеудің қамында жүрген жан. Бір кезде үріккен асаудай әдебиетке де соқтыққаны бар. Бірақ аздаған мансапқа қолы жетті де аз уақыт екі тізгінді қабат ұстаудың мехнатын шекті. Келе-келе екінің бірі деп, таңдауға көшті. Ақыры, қазаққа тән мансапқұмарлық өз дегенін жасады. Әдебиетті ұмытып, лауазым үшін күрестің қан майданына сүңгіді. Әу баста қолы жеткені ол шіркіннің алғашқы баспалдағы болса қазір республикалық газеттердің бірінің дүрдей бас редакторы. Мынадай өзінен жасы үлкен жазушылар, не басқа да танымал біреулер демесең анау-мынауға пысқырмайды да. Бастық адамдар сөзден ұтылса тағынан тайып кетердей қипалақтайды. Қазір де мынау тығырықтан шығу үшін қанша күш жұмсағанын құдай білсін, редактор қылғыныңқырап, даусын да өзгертіңкіреп, өзінше жауап тапқансыды: – Өмір болғасын ондай-ондай болмай тұра ма?

– Жарайды інім, көңліңе алма! Қойшымен сөйлессең қолындағы таяғын, қойының аяғын, саудагермен сөйлессең сауда-саттығын айтады деген. Біздікі үйде сүржамбастанған кәрі қырқылжыңның тиісерге қара таппағандағы іліп-қақпайы ғой. Өстіп, ішіміздегі бітеу жараны өзіміздің тырнап алатынымыз бар. Бүгінде шынайы көркем әдебиеттің жайы білген құлды қан жылататыны кімнің қабырғасына батып жатыр дейсің. Жә, тағы да ауа жайылмайын, тілшіңді жібер, шама-шарқыма қарай сұрақтарына жауап табуға талпынайын. Қалайда қалам иелері баспасөз орындарына тәуелді емес пе, осылай тез шегініс жасады. Редактордың да оны құп көрген райы бар. – Солай, аға! Бізді де сәл-пәл демеп жіберіңіз. Ал онысы да, мұнысы да туралы теңіздей терең ойларыңыз мінез көрсетсе қағаз, қаламыңызға өзіңіз иесіз ғой. Ал бүгінгіңіз ауызша лебіз! Редактор өз машинасын берсе керек, жарты сағатқа толмайтын уақытта тілші қыз есіктің қоңырауын шылдырлатып тұрды. Бұл орташа ғана бойы бар, үріп ауызға салғандай әдемі, әрі тым жас неме екен. Жарық мол кең залда ұзын столдың бір бұрышында екеуі қарама-қарсы жайғасқанда жазушы ең алдымен тілшінің қарасындағы батылдықты таныды. Өзінің бастығы именетін адамға мұның бүйтіп қаршығадай қадалуы бойына шақ еместей шалынды. Көзінің астында қарамықтай меңі бар, мөлдіреген қас-кірпігінде басы артық қозғалыс жоқ, томпиған ақшыл өңінде сүйкімділік пен селт етпестік өзара жарастықпен ұялаған. Осы заманғы крем, опадалап атаулыны жас мөлшеріне орай шақтап қана пайдаланғаны көрініп тұр. Қос жанары «менен мін іздеме, текке әуре боласың» дегендей анау-мынауға дес бермес тұйықтықпен арбайды. «Тұндырған тостағанға қара шайдай» деп, баяғының ақындары тап осындай жанарды атаған-ау» деп жазушы оны да көңіл түкпірінің бір пұшпағына түйіп қойды. Тілші қыз өзі сұхбаттаспақ адамның аузындағы сөздерін емес, ең алдымен мұның өзі қай топ, қай сатыдағы пенде деп, соны анықтамаққа оның бітім-болмысын қатаң сын тезінен өткізгенге ұқсайды. Қарсы алдында сүйек-саяғы адырайған, сақал-мұртсыз ұзынша арық бет өңірінде көп өмірдің айқай-ұранды іздері сайраған, көненің көзіндей ескі жазушы емес, өзінің сынынан өтпекші шәкірт бала отырғандай-ақ қырағылықпен бақылайды. Ол ғана емес, сеңі бұзылмас әдемі бет-әлпетінде үстемдік белгісі де ақ қанатты көбелекше ұшып-қонып жүр ме дерсің. Ия, бұл қалай да өзін-өзі еркін билейтін жас. Ал Ерік өзіне немере құралпылас немемен амалсыз көз сайысына түскенде тұлабойынан бір діріл жүгіргенін

сезді. «Мына пәлең қандай еді, қайда әкетіп барады» деп, әлдебір
күйгелектікке бой алдырғандай қол-аяғы қауқарсызданды. Мұның
алпысты алқымдаған ысқаяқ бастығын сөзден жаңылдыратын Ерік
мына ұстаса уыс толмас қуыршақтың қасында дәрменсіз шығарын

болжағандай ондай аттының алдын алмаққа жан-дәрмен әрекет
жағын ойластырды.
Қалайда жазушы оттан, судан өтіп шыңдалған ғой, тез бойын
жиды. Енді қыздың өзін, қара шайдай тұнған қос жанарын нысанаға

алып, оған өз қаһарын қарсы қоймақтай тесілді. Бірақ қыз да бұған
әзір екен, абдыраған жоқ, тек мұның жасы үлкендігін енді ғана
ескергендей көздеріндегі өзіңді ішіп-жеп бара жатқан тасырлықты
сәл көлегейледі. Әлде жазушы жаңылысты ма, мұның кейде

көргені мен қиялдағысын шатастырып алары бар. Қазір де солай
ма? Шынында Еріктің ойлағанындай емес, бұл ақ шыныдай ет
біткен, қайың мүсінді талдырмаш сұлудың бұрын өзі талай кітабын
оқыған аққаптал қаламгердің түр-түсін бүйтіп мұрын түйістірердей

тым жақыннан тамашалауынан қобалжыған сиқы шығар. Қалайда
газет қызметкері, жұмыс бабымен жүрген жан, сосын да сыр алдыр-
мас үшін бет-жүзіне, көзінің айналасына бар жастық қуатын жиып,
тастүйін бекінгендігі атойлаған бояу-нақыштарды бұл қырқылжың

кәрі өзінше жорамалдап, басқаша көріп отыр ма?
Тек тілші кішкентай төрт бұрышты диктофонын жазушының
иек астына қарай ысырыңқырап, сұрақтарын қоя бастағанда бұл
соңғы жорамалының жаңсақ екенін ұқты. Мына бүлдіршіндей га-

зет қызметкері шынында Ерекеңді қыспаққа алуға келген екен.
Сұрақтарының бәрі зілді, сірә, оларды дайындауға мана теле-
фон шалған бас редактордың өзі де қатысқаны анық. Себебі,
әр сұрақтан оның сол телефон арқылы тау бөктерінен ышқына

соққан желді еске салған тынысы білінетіндей. Бәрі де атап айт-
паса да ұлттық тіліміздің осыншама заман аяқасты етілуі, жұтаң
тартуы, пайдалану аясының тарылуы, қазақ мектептерінің мүшкіл
халі, интеллигенциямыздың ана сүтімен бірге сіңген ырзыққа

мұрын шүйіруі сияқтыларды жайқап, осылардың обалы мына Ерік
Тінәлиев сияқты елге тұтқа, мәшһүр тұлғаларға емес пе дегенге са-
яды. Тілші қыз енді ғана бет пердесін біржола сыпырғандай. Жоқ,
мұның ұшпа қиялға еш қатысы жоқ, өзіңді алып жердей қасқайған

шындықтың өзі.
Жазушының сәл мүдірген түрін ажыратып, қыз енді үлкен
кісі ұқпады ма дегендей кейбір сұрақтарын басқаша сөздермен
қиыстырып, қайталай көлденең тосады. Бірақ Ерекеңе одан

жеңілдік келген жоқ. Сырт көзге қарапайымдау сұрақтарының

мән-мағнасы тіпті тереңдей түседі. Әрқайсысының тасасынан «сіз қазақ жазушысыз, ана тілімізде жазасыз, сол арқылы танылдыңыз, сөйте тұра жетпіс жыл бойы аяқ асты етілген сол ырзықтың қамын ойлап, бір мінез көрсетпегеніңіз, жоғарыға барып, бір есікті қақпағаныңыз қалай, ұлт зиялысы неге соншама боркемік, майысқақ, жағымпаз» деген сияқты жазғырулар биік қағылған қадалардай қатар түзеп, қаздиып, санын көбейтеді. Сол қадаларға мұның жалаңаш кеудесін көлденең салып, тән азабының да дәмін татқызбақтай тілші қыз бастырмалатып бара жатқанға ұқсайды. Көзінің астындағы қарамықтай меңі де мұның өзімен бәсекелесіп жауап күткендей жылтырайды. Жазушы қалайда ұлтжанды пенде ғой, осындай жігерлі жастардың өсіп-жетілгеніне іштей разылығы да оянып еді. Бірақ өйтіп ауа жайылуға, қиял соңына түсуге бұл қойған сұрақтардың мойын бұрғызбастығын да қоса түйсінді. Жазушы қанша ойы онға бөлінгенмен де ол қойған сұрақтарға жауап қайтаруға күш тапты. Ал мына кішкентай неменің бәрібір тояттанған түрі жоқ. Бұл сықпыттыны кіріспе орнына қалдырып, Ерік Тінәлиевтің көмекейінің ар жағынан бөгде, соны бірдемелерді суыртпақтай өзінің келген негізгі шаруасын енді ғана жайып салмаққа ұқсады. Ерекең жүйрік қиялымен өзі өскен орта, уақытты мыналардың заманымен ойша салыстырып, содан бір қармар тал іздегендей сәл үзіліс керексінгендей еді. Бірақ мына тілші қыз оған мұрсат беретін емес. Кешкілік қалың шилі өзен жағалауында көзге әрең көрініп ұшатын бұлдырықтай жаратылысымен-ақ аты дардай жазушыны жекпе-жек сайысқа шақырғанын осы отырыста осымен екінші мәрте паш етті. «Апырау, өйтіп жекпе-жекке шақыратындай бұл бұлдырығың менің не теңім еді» десе де жалтаруға жол жоқ. Жазушы амалсыз өз бойына да шабыт тіледі. Бірақ тілші қызға да керегі кәнігі ой иесінің тап осындай шағы екен. Сұрақтың ең қытымырын оның осындай табанының бүрі кете бастаған, құдайдан көмек сұрағандай қайырлаған сәтіне сақтаған екен. Сонысын қойып қалды: – Сіз орыс, басқа да шетел жазушыларына, аты әлемге әйгілі классиктеріне табынасыз. Тіпті бір мақалаңызда жер тізерлеп табынатыныңызды да әйгіледіңіз. Өзіңізге дейінгілердің де сөйткенін кейінгі ұрпаққа үлгі еттіңіз. Ал сол орыс, басқа да шетел жазушыларының әрқайсысы өз ана тілдері үшін, олардың тазалығы, мәртебесі, аясының кеңеюі үшін қалай жан алып, жан беріскені хақындағы көптеген тарихи шындықтарды сіздің жақсы білетініңізге күмәніміз жоқ. Ал біздің газет оқырмандарының бір естігісі келетіні мынау: сіз сол өзіңіз пір тұтқан шетел ғұламаларына ұқсап, қазақ

тілі үшін кешегі Кеңес дәуірінде найзаласқан әрекеттеріңіз хақында бірер мысал келтіре аласыз ба? Осы сұрағын айтып тауысқанда тілші қыз онсыз да жазушының иегінің астында жатқан диктофонын одан әрі тақаңқырап қойды. Ал сол шақтағы көздерінің қарасын тіпті атама! Рингте өз қарсыласын ұрып жыққан боксшыда ғана осындай қарас болар. Тіпті мынанікі қарсыласын жыққан боксшының маңғаздығынан әлдеқайда мол дүниені сыйғызатын ынта, ықылас еді. Сәл-пәл ұшқындағандай жанарына үңілсең «сіздікі экология, қазақ тілінің мәртебесі» деп, сөз жүзіндегі қынжылыс қана, ал шетелдік ғұламалардың өз ана тілдері жолындағы жанкештілігінің оннан бірін қайталай алған жоқсыз, өз әріптестеріңізді аузымен орақ орған деп кінәлайсыз, сөйте тұра осы мәселеде олардың кебін өзіңіз киесіз» деп, сайрап бергендей әсер етеді. Жазушы енді өзін екі оттың ортасында қалғандай сезініп, «о, құдайым, бұл да бір көретін күнім екен ғой» деп, сасқалақтаған күй кешті. Сөйтсе де мұның да кеудесінде бір азулы аң оянып келе жатты. «Сен ұстаса уыс толмас, көзін дүниеге жаңа ашқан қызыл шақа балапан не білесің, білсең менің осы отырысымды білерсің, кейбір жазбаларымды парақтаған шығарсың, ал өткен өміріміздегі бүркеулі, құлпы ашылмаған құпияларға, әрине, сен із сала алған жоқсың, сен түгіл менің өзім оған баратын жолды ұмыта бастағандаймын, сөйте тұра осы дүниені өзің жаратқандай неге киіп-жарасың» деп, тілдеп тастамақтай қабағын ауырлатты. Әлденеден манағы газет редакторының «қағаз, қаламыңызға өзіңіз иесіз ғой» деген сөздері ойына оралды. «Жаратқан ием-ау, мұндай аттының бәрін мынау бұлдырықтай немеге қор қылғанша қағазға өзім неге түсірмеймін» деген сауал осы отырыста бірінші рет көкірек сүйегін ауыртып өтті. Өйтпесе өзін-өзі ешқашан ақтап ала алмастай көрінді. Ең алдымен мына баспасөз өкілінен құтылуы керек. Бірақ бұдан құтылудың да әуселесі біразға созылды. Қыз оқта-текте шаянша шағады. Тағы біраз сұрақтарды жинақтап әкеп, ауладағы қарша лақтырды да И.С.Тургеневтің орыс тілінің құдіреті хақындағы сөздерін келтірді. Неге келтіргенін атап айтпады, зерделі жазушының өз талқысына лайық сыбаға ретінде қалдырды. «Сіз қазақ тілінің құдіреті хақында осылай сөйлей алдыңыз ба» дегендегісі ғой. Жоқ, жоқ, Ерекең бұл сұраққа шынында ауызша жауап бере алмайды. Қағаз, қалам қайдасың? Уһ, әйтеуір бір кезде қыз кетті-ау. Жазушы оның бұлай келісіне назаланған жоқ, қайта ұйқысыраған самарқау қалпынан жұлқып оятқандай одан тосын, әрі өзі үшін өте бір қажет әрекет көрді. Ерекең шынында ұзақ та, ауыр ойға шомды. Апырау, бұл қазақ

тілінің мәртебесі үшін жан беріп, жан алыспап па еді? Бар кінәсі тек ол туралы жұмған аузын ашпай келіпті. Жаңағы тілші қыз мұның аузындағы тығынды жұлып әкеткендей-ау, шамасы. Бірақ бұл асықпады, сабыр сақтады, өткендегі өмірінің бір кішкентай кезеңінің бас-аяғын жинақтап, ойша салмақтады. Жазуға тұрарлық па? Әрине, тұрарлық. Тіпті бүгінгі күннің жарығын түсіріп, бажайлай қарасаң қаны тамшылаған ащы шындықтың өзі сонда жатқандай көрінді. Ерекең сынды тау мен тас жарған болат сүймендей қаламы бар тарлан ол төңіректе шер ағытса сөздің ең бір сирек қолданыстағы тың нұсқалары алтын асықша сыңғырамай ма? Бір аптадан соң «Тәуелсіздік» газетінде Ерекеңнің интервьюі жарияланды. Газетті мұрнымен тесіп жіберердей шұқшиып оқыпақ еді, өз көзіне өзі сенбеді. Тілші қыздың сұрақтары мен өзінің қайтарған жауаптарының оннан біріне тұрғысыз бірдеме. Жазушы соңынан ұқты, сірә, тілші қыз бен газеттің бас редакторының арасында үлкен түсініспеушілік туған, сосын да дайындалған материалдың құйрық-жалы әбден күзелген. Газеттің аты газет, мүмкін оларға керегі де осындайлық қана шығар. Тіпті бұл ойлай-ойлай келе газет редакторына ешқандай интервьюдің қажеті жоқ, тілші қызды тек жазушының тұнығын бір шайқап жіберіп, тосын бір тақырыпқа бет бұрғызу үшін ғана жіберіп алған ғой деген қортындыға да жақындады. Мейлі қалай болса олай болсын, бұл шынында жаңа бір асуға қарай қанат қағардай өз бойынан бір жастық қуат тапты. Сөйтіп жаңа шығарма жазуға оқталды. Сөйтіп, еске түсірулер басталды. * * * 1960-жылы Ерік Тінәлиев орта мектепті күміс медальмен бітіріп, сол күзде конкурстың қаттылығына қарамай Алматыдағы жалғыз университеттің филология факультетіне оқуға түсті. Студенттік өмірдің алғашқы жылының алғашқы жартысы біршама қызықты өтті, себебі, ананы-мынаны көрді ғой, тек екінші жартысында, әсіресе, көктем туа басына мұң орнады. Бұл тоғыз балалы отбасынан еді, әке соғыстан аурушаң оралған, тоғыз баланың қамы мүжіген, әрі ашаршылықты, соғыс кезіндегі тыл өмірінің ауыртпалығын көтерген шешеде қандай қауқар бар, ауылдан келген әрбір хаттан олар ашып айтпаса да жоқшылық, жетіспеушілік аттылардың сояу тырнақтай белгілері көзге ұратын. Сол көкірек сүйегін тырналайтын. Өзінің былай да халі мәз емес, жартымсыз стипендия неге үнем болсын?! Қара нанға қарап қалған күндері

қаншама?! Өлең, әңгіме жазуды мектеп қабырғасында-ақ бастап,
баспасөз бетін көріп үлгерген бұл жоғарғы оқу орнына түссем тіпті
қатырам деген дәмесінің күлі көкке ұшты. Алматыдағы газет-жур-
нал біткеннің әдебиет бөліміндегілер аш-арық отбасынан екені

көзге ұрған Еріктің жазбаларын да соның өз түріне лайық жілігі
татымасқа балап, жуытпайды. Бір жылдық студенттік өмірде бір
жолдық дүниесі де баспасөз бетін көрмеді.
Мәселенің көкесі жазғы емтихан кезінде болды. Жоқ, бұл

тірлікті тағы төрт жылға созудың еш реті жоқ, Ерік университеттің
сырттайғы бөліміне ауысып, еңбекке араласады. Бұл шешім бір-ақ
күнде басын дың еткізді де оның дұрыстығы сағат сайын, күн сай-
ын тұлабойын дертше жайлап, еркіне бағындырды.

Ерік әу баста жұмысты осы Алматының өзінен іздестірді. Сол
кезеңнен мынадай екі көрініс жадында қалыпты. Соғысқа дейін
салынған екі қабатты ұзын ескі ғимараттың бір пұшпағындағы га-
зет редакциясына келіп, бірден бастығына кіруге жүрегі дауаламай

әдебиет бөлімінің есігін ашты. Мұндағы төрт қабырғаға арқаларын
тіреп жайғасқан бесеу кабинетке адам кірді ме, жоқ басқа кірді ме
деген де жоқ, төр жақта телефонмен сөйлескен сап-сары жалпақ
бет, қасқабас біреудің сөздеріне жан-тәндерімен елітіп, мәре-

сәре екен. Ерік те амалсыз ықылас қойды. Өйтпеске амалы да
жоқ, қасқабастың даусы шыңылдап, құлағыңды тесіп жіберердей
айқындықпен жетіп тұр:

– Әй, сығыр, сенің сөзіңді дұрыс ұқтым ба осы, бір түрлі

сеніңкіремей тұрмын. Осы сенің құрдастығың қалмайды, ия, бұл
әзілдесетін шаруа емес, сонда да сен осылай айттың ба, Арқа
жақта қазақша бес облыстық газет жабылды дедің бе? Ойбу, құдай-
ай, әбден обал болған екен, қанша адам жұмыссыз қалды...

Қасқабастың езбесінің негізгі түйіні осы ғана болғанмен бұл ұзақ
сөйлесті. Телефонның ар жағындағы да мыжыма ма, мынаның
сөздері сұйылып бара жатса қосалқы бірдемелерді қыстырып,
отқа май құятындай. Ал кабинеттегі басқа төртеу мына сап-сары

қасқабас неме көңілді әңгіме айтқандай-ақ қарқ-қарқ, жырқ-жырқ
күліседі. Ерікте олардың күлкісін өздері жағалауға шығып алып,
суға батқан басқа бір бейшараның тал қармаған әрекетін келемеж
еткен жүгенсіздікке балаған рай бар.

Бірақ Ерік зерделі жас еді. Сырт пішіндері шуақты күнгі қоғадай
сәулеленіп, тым жайдары көрінгенімен күлкілерінің күлкі сияғы
жоқтығы мұның ішіне бойлап-ақ енді. Кей жамандықты да адам
алғашқыда сыр бермей байсалды қарсы алмай ма? Мынау тап

соның қолмен қойғандай мысалы еді. Тіпті бұл өзінің келген ша-

руасын айтпай-ақ теріс бұрылып жүре беруінің де жөні бар, бірақ ондайлық мына отырғандарды сыйлағандыққа жатпайды ғой, сосын да амалсыз есікке таяулау жайғасқан, бұрын өзінің бір өлең, әңгімелерін оқытқан, көзтаныс біреуіне қарап ерін жыбырлатты. – Заошныйға ауыстым дейсің бе? Жұмыс іздеп жүр екенсің ғой. А-а-а, шырағым! – деп, әлгі көзтанысы даусын әндете созды да қолындағы шылымын құшырлана сорып-сорып тауысып, күлсалғышқа тастай салмақшы еді, бірақ оған жетпей түтінге емес, күлкіге шашалып булықты да қалды. Тек сәлден соң көмекейі босап, етсіз жақ терісі жиырылып, сары тістері жалаңаштанып, ой қарқылдасын келіп. Жасаураған көздері жылтырап, шын мәнінде төрт құбыласы сай, заманы түзу, өзінің сәл-пәл мейманасы асыңқыраған адамдай-ақ артқа қайырған қап-қара шашы қушық кеудесімен қосыла желп-желп етсін. Ерік Тінәлиев осы редакцияда қызмет істейтін, ара-тұра онда-мұнда өлеңдері, жаңа кітаптарға рецензиялары жарық көретін, отыз бен қырықтың арасындағы осы кісінің осы күлкісін өмір бойы жадында тұтты. Қазақ журналистерінің көбінде өтірік күлкі, сидиған сүйек-саяқ, жартымсыз көңіл басар сырластық болатынын да осы суретке қарап есіне алатын. – Әй, қарағым-ай, – деп, Ерік өз жөнін айтқан газет қызметкері қайта тілге келді. Бұдан әрі күле берсем онсыз да қырым ет жоқ, құр сүлдері жүрген балауса немеге обал болар дегендей өзінөзі әрең тежеген түрі бар. – Өзің газет-журналға жақын адамсың, көп оқисың, сөйте тұра заманның ау-жайын түймейтінің қалай? Сен түгіл анау (төрдегі қасқабастың оң жағында, бұрышта көзін төмен салып мөлиген егделеу адамды нұсқап) осы газетпен бірге жасасқан, баспахананың бояуы бойына бес батпан боп сіңген майталман журналистің пенсияға шығуына екі-ақ жыл қапты, осы кісі тап осы екі жылда жұмыссыз қалмас па екен деп, дұрыс пенсияға ілікпес пе екен деп, өзімізді емес, осы кісінің қамын ойлап, ішкеніміз ірің, жегеніміз желім боп жүрген жайымыз бар. Енді қайтейік, өзің құсап редакцияларды алғаш сағалап жүргенде жазғандарымызды түзеп, күзеп, іске жарататын со кісі болатын. Міне, інішек, жағдай осы. Бірақ сен біржола жерге қарап қалма. Екі қолға бір күрек табылады. Филология факультетінің қазақ тілі, әдебиеті бөлімінде оқисың, мұғалімдікке бар. Ана Оқу министрлігі тың өлкелерге мұғалімдер жіберіп жатыр екен. Немене, басың жас, өмір көріп қайтасың, сонда сұран! Еріктің ол кездегі қозғалысы желден ұшқыр еді. Оқу министрлігін тез тапты. Кадр басқармасының бастығы сүйек жақтаулы үлкен көзілдірігін маңдайына жапсырған, тапалтақ, есесіне тым кең иықты,

толық адам екен. Еріктің өтінішіне жуан қарнымен алдындағы столын қаға түрегеліңкірей жауап берді: – Жаным, айым, күнім дейін, сен мені қинамашы! Тың өлкелеріне жолдамамен мұғалімдер жіберіп жатқанымыз рас. Бірақ бәрі солардың сұрауы бойынша. Олардың сұрайтыны орыс тілі, математика, физика, шет тілі, дене шынықтыру мамандары. Ал қазақ тілі мен әдебиетін ауызға алып жатқан ешқайсысы жоқ! Министрліктегі Кадр басқармасының бастығы жас мөлшері, сыртқы пошым, мінез жағынан осының алдында ғана өзін шығарып салған газет қызметкеріне мүлдем кереғар жан еді. Сөйте тұра Ерік екеуінен бір ұқсастықты жаза баспай таныды. Бірақ ол қандай ұқсастық, соған бірден ой жеткізе алмай дағдарған. Тек теріс бұрылып, есік жаққа беттер сәтте ғана ол сауалдың жауабын тапты. Ерік оған соңғы рет назар салғанда оның екі қабағының түйіліп, көздері қоюланып, әлдебір жан жарасы ашылған сәттегідей бір тітіркеністі байқады. Ерік мұның өзіне деген аяушылық екенін ажыратты. Жаңа газет редакциясынан шығарда өзіне осылай қарай жөн сілтеген журналистің қарасынан да тап осындай аяушылықты сезіп еді. Бір жайдан Еріктің бұдан пәлендей жүні жығылған жоқ. Қалайда, бұл өмірді енді бастағалы тұрған жалынды жас жігіт, мыналардың кемтар бейшараны көргендей мүсіркеуіне не жорық? Ерік мұның мәнін кейінірек түсінді. Осылай бұл астанада Ерік аттамаған табалдырық қалмады. Тіпті өзінің мамандығына аса жанаспайтын мекемелердің де біразын сүзіп шықты. Бәрі де алыс терістіктегі мәңгілік мұздай тас бүркенген бірдеме. Ақыры Ерікке ой түсті. «Апырау, кеңсе жағалап, нем бар, әлі жаспын, университеттің бір-ақ курсын тамамдаппын, қолыма жұғып қалмас, осы қара жұмысқа неге бармаймын?» Ол кезде Алматыда завод-фабрикалармен қатар СМУ, РСУ дегендерің бықып жататын. Орталыққа ең таяу СМУ-дің кадр бөліміне кіріп барып еді кең кабинеттің қақ ортасында қолында қағаз папкасы бар, сап-сары жалбыр шашты, екі езуі екі құлағына жете жиырылған, кекселеу бір орыс тікесінен тік тұр екен. Ол көкпеңбек көздерімен Ерікті ескі танысындай-ақ қабылдады. Ал қарама-қарсы екі кенереге арқаларын жабыстыра жайғасқан, сырт бітімдері бөшкедей бар, еріндері мен тырнақтары шиқандай қып-қызыл, олар да сары шашты екі орыс әйелі кабинетке адам кірді ме, жоқ, шошқа кірді ме, мән берген де жоқ. Кірген-шыққанның кім екенін ет терілері арқылы-ақ сезетіндей алдарындағы қағаздарынан бас алар емес. Олардың қасында мына түрегеп тұрған орыс «мұсылман» екен:

– Немене, студентпісің? Жұмыс іздеп жүрсің бе? – деп, ыржиған жүзіндегі шуақты молайтыңқырай тіптен тесіле қадалды. – Бізде жұмыс қайдан болсын? Бізде реорганизация жүріп жатыр! Ерік мұның мәнісін бірден түсінбеді, «апырау, күрек ұстауға, зембіл көтеруге мойынсұнбақ адамға «реорганизацияның» қандай қатысы бар?» Орыс түсіндіргенсіді, Ерікке бәрібір жеткен жоқ, қалада талай жерде үлкен құрылыстар жүріп жатыр, қанша «реорганизация» дегенмен сол құрылыстардың кірпіштері одан әрі қалана бермей ме, саяси науқандардың қара жұмысшыға қандай қатысы бар деген сияқты сауалдардың төңірегінде шарадай басы шақшадай болды. Қалада жиырмашақты СМУ және сол шамалас РСУ-лар бар, талайының табалдырығында із қалдырды, бәрінде де «реорганизация» деген сөз алдынан шықты. Завод пен фабрикаларда да солай. Кейбір үлкен ұйымдардағы кіре берісте үлкен қақпалар ашылып-жабылғанда қоңырау шылдырлайтыны бар. Сірә, кіргеншыққан адамдар мен көліктер қарауылшылардың назарынан тыс қалмауы үшін әдейі істелген. Еріктің есіне әлденеден өзі алғаш кірген СМУ-дің кадр бөлімінде өзіне түстеп те қарамаған екі орыс әйелі түсті. Міне, «реорганизация» деген сөз сондайлардың өздеріне кіріп-шыққандар жөнінде бұларға шылдыр еткен қоңырауша белгі беруі үшін ойластырылған шараның бір түріне ұқсап кетті. Күні бойғы жүгірістен, әрі қаланың у-шуынан басы кәңгіріп, жүйкесі жұқара бастаған Еріктің ешқандай күлкіге зауқы соқпас еді. Тек сол қоңырау мен «реорганизация» деген сөзден ұқсастық тапқанына оңашада жынды кісіше мырс-мырс еткені бар. Өстіп, Ерік Тінәлиевтің тумай жатып, тауы шағылғандай еді. Әлгі өзін Оқу министрлігіне сілтеген газет қызметкерінің аузынан шыққан «Екі қолға бір күрек табылады» деген мақалда қателік бар екен деп түйді. Енді не істемек керек? Ендігі тапқан ақылы ауылға кету. Бірақ онда мұны кім құшақ жайып қарсы алмақ? Жоғарырақ курста оқитын бір таныс студент бұған: «ауылға кеткеннің жөні осы екен деп, салып ұрып кете барма, комсомолдың Орталық комитетінен жолдама әкет» деді. Бұл енді сонда келді. Көп қабатты ғимараттың астыңғы қабатындағы ұзын дәлізде өңі де, киім киісі де сыптай бір әдемі жігітке жолыға кетті: – Ағай, комсомолдың Орталық комитеті осы ма? – деп сұрады. Артқа қайырған шашы майша жылтыраған, қыздың қас-қабағындай мінсіз қиылған қас-қабағы мен костюмі, галстугі де сол түстес жігіттің жүзі кенет алабұртып сұстана қалды. Жаңағы әдемі көрінген жүзінен көбік шашырағандай сөйледі:

– Сен не айтып тұрсың?

– Комсомолдың Орталық комитеті осы ма?

– Бұл ЦК комсомола!

– Мен енді соны сұрап тұрмын ғой.

– Дұрыстап айтпайсың ба? «ЦК комсомола» деп!

Осында істейтін комсомол қызметкерінің бүйтіп зірк-зірк етуін
Ерік бірден іште қорыта алмады. Ерік болашақ қазақ тілі мен
әдебиетінің маманы, қазақ газет-журналдарын үзбей оқиды,
бәрінде де бұл мекеменің атауы солай беріледі, енді мынау келіп

орысша атауымен неге атамайсың деп жазғырады. Ерік мұны бір
түрлі жанына ауыр алды.
Осындағы бір бастықсымақ қазақ қызының кабинетін әрең та-
уып кірді. Бұл 1961-жыл ғой. Ол кезде қалалық қазақ қыздарын

шаш кескен бе, кеспеген бе деп, екі жарып сөйлейтін. Ал мынауың
нағыз шаш кескеннің өзі екен. Қап-қара қалың шашын иығына же-
тер-жетпес тұста шалғымен орып түсіргендей біркелкі етіп қиыпты.
Биік қабағының айналасындағы көкпеңбек дақтар, суық ақсұр

өңі, тік мінезі, өктем даусы отызға таяса да өз теңін таппағанын
айғақтайды. Басын да, шалқақ кеудесін де шайқаңқырап сөйлейді
екен. Әр сөзі сайын қос уысқа сыймас мол шашы жылқының жалы-
на ұқсап, екі иығын кезек-кезек қағады. Көздерінде де өзіңді атып

жіберердей долылық бар. Бұл сурет те Еріктің мәңгі-бақи есінде
қалды.

– Сен студент болғаныңмен малограмотный жігіт екенсің! –

деп бастады ол сөзін. – Біздің ЦК комсомола өзінің төменгі бу-
ындарында қызмет істеу үшін ешбір комсомол мүшесіне путевка
бермейді. Бәрі де сонау бастауыш ұйымдардан бастап көтеріледі.
Ал Қазақстан Магниткасы, басқа да ударный стройкаларға путевка

беру әзірге тоқтатылған. Себебі, олардың бәрінде қазір реоргани-
зация!
* * *
Ауылға, өзінің туған үйіне келгенде сол өзіне жақсы таныс

жағдайдың үстінен шықты. Аурушаң әке-шеше, шиеттей бала-
шаға. Бар талғажаулары нан, кәртөшке, жалғыз сиырдың сүті. Ал
аулада қыт-қыттаған он-он бес тауықтың жұмыртқасын шешесі
осы ауылды жанай ағатын Қаратал өзенінің арғы бетінде ұзыннан-

ұзақ созылған Текелі қаласының базарына апарып сатып, шай-
қанттарын айырады екен.
Еріктің туған ауылы осы Қаратал мен аудан орталығы Қарабұлақ
поселкесінің арасы отыз шақырымға жетер-жетпестей. Туған үйінде

бір-ақ түнеп, таң бозында алғашқы «попуткамен» Қарабұлаққа жетті. Бірден орыс, қазақ тілдерінде шығатын аудандық газет редакциясына тартты. Маңдайының сорына тағы бір сор қосылғанын осында ұқты. Газеттің қазақ бөлімшесі жабылыпты да тек орысшасы қалыпты. Ал ондағы қазақ журналистері қайда кетті деп еді, орыс әріптестері иықтарын қиқаң еткізіп қана жауап қайырып, Еріктің өзіне көздерін көтеріп қарамады да. Ал ендеше, Алматыда бір жыл оқып, елге оралғанда туған жердің төсін аймалап, мауқын баспақтай бір жылылықтан дәмесі бар еді, байқаса өңкей бір тасқа желіндеп, мұзға бұзаулаған немелер мұнда да алдынан шыққан сияқты. Тіпті ақыл, жөн сұрайтын да пенде жоқ. Аудандық газет редакциясынан сәл ұзағанда мұның кеудесінде құр сүлдері ғана бар еді. Бірақ бұл қалайда жас қой, әлі де үзілмеген үміт бар, уақыт ұтқызбай осы Қарабұлақтан он шақырымдай ғана Талдықорғанға келді. Бұл үлкен қала, әрі бұрынғы облыс орталығы, қалалық газет бар. Тек, мұнда да газеттің қазақша бөлімшесі жабылған. Ол бөлімнің, әрі бұрынғы облыстық газеттің қызметкерлері қайда, бәрі хабарсыз. Ерікті адам екен-ау деп жатқан ешқайсысы жоқ. Бұл енді осы қаладан, Қарабұлақтан мұғалімдік орын іздестірді. Тек қайда барса да Еріктің қазақ тілі мен әдебиетінің маманы екенін естіген бойда-ақ бірдемесі жұғып кетердей бәрі теріс қарап, жота көрсетеді. Бұл енді жақын маңдағы көршілес аудандарға көз алартқандай еді. Үштөбе қаласына барып түк таппай қайтты. Талдықорған-Алматы тас жолының үстіндегі Көксу ауданының орталығы Тентек селосына келді. Аудандық халық ағарту бөліміне кіргенде кең кабинетте бір егде орыс пен қазақ әйелінің түрегеп тұрғанын, ал есік жақта үш адамның ұйлығысып, тым басыңқы отырғанын көрді. Ерік қазақ әйеліне жақындап өз шаруасын айтып еді. Қазақ болғасын қазақша сөйледі емес пе? Қазақ әйелі аузын ашып үлгермеді егде орыс дімкәс кеудесі сырылдағандай шаптыға жөнелді: – Бізге қазақ филологтарының керегі жоқ! Әне филолог, әне филолог, әне филолог! – деп, босағадағы үшеуді сұқ саусағымен кезек-кезек нұсқады. Әлденеден ығыр болғандай ентіккен түрі қоса бар. Ерік Тінәлиев қалайда болашақ жазушы, оқығаны көп, зерделі жас қой, орыстың өзіне түйілген көздерінен «қазақ тілінің дәурені әлдеқашан өткен, содан неге кәперсізсіңдер» деген жазуды оқыды. Сыртқа шықты. Күн сәскелікке таяған. Тентек селосы жасыл жамылғысы мол, дәл түбінен ағатын Көксу өзенінің салқыны білінетіндей өте бір жанға жайлы мекен еді. Мынау жаздың

жаймашуақ шағы көркіне көрік қосып, көше бойлап, ұзыннан-ұзақ қатар түзеген көк теректердің жапырақтарына ұялаған сәуле көз қытықтайды. Көгілдір аспандағы тазалықтың өзі қандай? Ерік сезімнің адамы ғой, осындай тамаша табиғат әлдиіндегі адамдар неге соншама қатыбас, неге бәрінің соншама жүйкесі жұқа, табиғатананың еркінен тыс басқа бір дүлей күш бұлардың іштеріндегі бір бұранданы аяусыздықпен бұрап жатқаннан сау ма деген сияқты сұрауларды маңайлады. Ұзын бойлы, арық, мойны қылқиған, үстінде көптен үтік көрмегендіктен бүктесіні біліне бастаған жаздық жеңсіз сары жейде мен жіңішке қара жолақты ұзын шалбар. Аяғындағы үшкір тұмсықты туфлиі сенің мына жүрісіңмен осы жазға шыдас берер ме екем, жоқ, бермес пе екем дегендей ол да қасы-қабағы бар жанды бейнеше мойнын созып қарайды, білем. Ерік анық сенделіске енді ұшырады. Кенет жасыл жамылғылы тамаша табиғат санасына су бүріккендей мұның алдынан бір өріс ашқанға ұқсады. «Апырау, бұл қалайда аудан орталығы емес пе, аудандық газет мұнда да бар, тіпті ол жабылғанмен оның бір жұрнағы қалған шығар, қанша күйе жалап бара жатқанмен де босаған адамдардың бірін табармын, олар не тірлікпен айналысуда, соны білермін, ақыл сұрармын» деп, өзін-өзі қамшылап берді. Бұл шаққа дейін газет шығаратын арнайы мекемелер атаулыны өзінің ұмыта бастағанын, ондайдан күдер үзіп те үлгергенін Ерік таңырқай түйсінді. Үшкір тұмсықты қос туфлидің жанын шығара бұл енді солай қарай адымдады. Жолай тағы бір сүйкімді ой мұның тұлабойын қуалай жүгірді. Онысы бұл Көксудың басқалардай емес біршама қазақы аудан екендігін еске алуы еді. Жаңа ғана аудандық халық ағарту бөліміндегі өзіне сілкіне сөйлеген орыстың сөздерін ұмытып та кеткендей. Ұмытпаса да оны ойлағысы жоқ па, бәрін бұлаңдаған елес-үміттің ырқына бағындырмақ па, әйтеуір сондай бір аралық хал мұны бұрынғыдан да жүрдек етті. Ерік текке дәмеленбеген екен. Суға батқанның қарманар талындай бір ілгекті осында тапты. Төбесі аласа үйдің екі-үш бөлмесіне сығылысқан аудандық газет редакциясының қызметкерлері арасынан таныс біреу көзіне оттай басылды. Ол да мұны таныды: – Әй, әлгі өлең жазатын Ерік Тінәлиев деген бала сенбісің-ей? Сені мектепті күміс медальмен бітіріп, КазГУ-ге оқуға түсті деп естіп едік қой. Мына жүрісің не, ә, қазір каникул екен ғой, е, қалай, хал жақсы ма? Оқу қалай? Еріктің тұлабойын жылы ағын кернеді. Тіпті жыларманға да шақ қалғандай. Енді ше...? Елге оралғалы мұның кім екенін, аз-

дап қадірін білетін, бүйтіп қалбалақтап жөн сұрайтын адамды бірінші рет жолықтырып тұр емес пе? Әрі мынау «жабылу» деген зілзаладан аман-есен қазақ газеті екенін түйсінуі де кеудесіндегі жалпалақтап сөнуге айналған үміт шамының отын үрлеп, қайта лаулатқандай. Кабинетте қолқаны қабатын түтін исі бар. Бірақ соның өзі Ерікке жұпар аңқығандай әсер етті. Өзіне таныстан басқа үш-төртеудің де жұмыс істеген түрлері жоқ, қолдарындағы шылымдарын саусақ арасына қыстырып, шынтақтарын алдарындағы столға тіреп, состиып-состиып отыр. Ерік бұлардан дәмеленсе, олардың мұның өзінен дәмеленген түрлері бар. Ерік пен оған көзтаныс егде журналистің шұрқырасуын бәрі қарасынан ағы мол көздерімен жіті бақылап тапжылмайды. Ерік мұны аса ұнатпаса да жаңа ғана бойын кернеген жылы ағыннан айрылғысы жоқ, бәрін жақсылыққа күштеп бұрғысы келді. Еріктің мұндағы танысы Құдыс Әлікбаев деген ескі журналист еді. Осыдан екі жыл бұрын Талдықорған мен Алматы облыстары біріккесін Талдықорғандағы жабылған бұрынғы облыстық газеттің байырғы қызметкері. Өлең жазуды он үш, он төрт жасында бастаған Ерік сегізінші, тоғызыншы сыныптарда оқып жүріп, облыстық, тіпті республикалық газеттердің бетін көріп үлгерген. Сол облыстық газеттің әдебиет, мәдениет бөлімінде істейтін Тоқтар Көшеев деген ақынға ара-тұра топ-топ өлеңдерін әкелетін. Тоқтар бәрін жаратпаса да ішіндегі бірер тәуірлерін іріктеп, өңдеп, газетке бастырған еді. Біраз мақалалары да жарияланған. Сонда Тоқтар Көшеевпен мына Құдыс Әлікбаев та бір кабинетте отыратын. Мұнымен көзтаныстығы содан. Ерік жай-күйін айтып үлгермеді, Құдыс қолындағы шылымын алдындағы күлсалғышқа сұққылап өшірді де өзі орнынан көтерілді. Мұнысы далаға шығып әңгімелесейік деген белгі екенін сезіп, Ерік сыртқа қарай қайта табалдырық аттады. Он адымдай ұзағанда іште қалғандардың бір дабыр-дұбыры естілді. Ерік оның не дабыр-дұбыр екенін ұға қоймады. Тек бәрін бұзып-жара Құдыс Әлікбаевтың: – Әй, бұл оқудағы бала, несі бар дейсің?! – деген өктем даусы құлағына сарт етіп тиді. Мұның мәнісі не екенін іші сезсе де сезбегендей, тіпті өз құлағына өзі сенбегендей іштегі сезім атаулыны бұғалықтап, тағы да бәрін күшпен өз ырқына көндіруге әрекеттенді. Ерік әзірше Құдыс Әлікбаев пен оның қасындағыларға шаң жуытпауға барын салып баққандай. Енді қалай? «Келіншектің бетін кім ашса сол ыстық» деген. Мұның балауса өлеңдерін қоламтадан суырғандай ыстық күйінде

алғашқы оқитын сол Тоқтар Көшеев еді ғой. Бүгінде Алматыдағы газеттердің бірінде қызмет атқаратын сол ақын Тоқтар Көшеевті бұл Ерік ерекше қадір тұтады. Екі-үш мәрте жұмысына іздеп барғанда алақаны жұмсақ Қыдыр бабаны көргендей тұлабойының дірілдегені бар. Кейде ол түсіне де енетін. Мұндай күйді әдебиетпен, өнермен, не ғылыммен шұғылданған адамдар ғана жете байыптайтын шығар-ау! Ал мына Құдыс Әлікбаев сол Тоқтар Көшеевтің өзі болмаса да көзіндей адам. Талдықорған облыстық газет редакциясында Тоқтар Еріктің апарған өлеңдерін сызғылап, қызулана пікір айтқанда оған Құдыс та қосылып кететін. Кейде екеуінің пікірлері кереғар шығатын. Бірақ бәрібір жеңіс Тоқтар жағында қала беретін. Себебі, Тоқтар қалайда ақын, әрі әдебиет бөлімінде істейді, ал Құдыс өлең жазбайды, таза журналист адам. Міне, жұмыс та, ақыл да таппай сансыраған шағында құдай сол кісіні алдына көлденең тартты. Бәлкім, осы кісінің арқасында мына газетке корректор, тіпті үй сыпырушы болып та жұмысқа орналасармын деген үміт те ішінде жылт етті. Себебі, ол кезде Ерікке газет исі шыққан жердің бәрінде қасиет тұнып тұрғандай көрінетін. Аудандық газет редакциясы екі жағынан қатар-қатар биік теректер көмкерген, машина дегенің некен-саяқ, тыныш көшенің бойында еді. Құдыс сыртқа шыққасын екеуі сол көшені бойлап, биік теректердің көлеңкелі жағымен жүріп берді. Мұндай оңашалық Еріктің жанына тіптен жақты. Ең алдымен өзі екі жылдан астам уақыт көрмеген егде журналистің түр-түсіне сыналай қарағанда әлдене жүрегін осқылап берді. Құдыс күнге күйіңкі қараторы өңінде шешек дағына ұқсас секпілдері бар онсыз да арық адам еді. Байқаса соңғы екі жылдың ішінде сол арық өңіндегі қалған-құтқан еттің өзі сылынып түскендей тіптен жүдеп кетіпті. Көздері ұзақ жабығудан соң қайта бойын жиған адамның көздеріндей жалтжұлт етіп, енді-енді сөніп қалар керосин шамды еске салады. Сәл бойшаң денесіндегі қаракесегі де ояздаған шамасы, көнетоздау сұр костюмінің алдыңғы екі өңірі тым мол пішілген киімдей жалп-жұлп етеді. Жүрісінде де бір түрлі кібіртік бар. Ерік осы байқағандарын көңліне ауыр алса да бәрін жастық жігермен еңсере берді. Құдыс мына жас әріптесінің жай-күйін көзінен бір өткізгенненақ танып, екі-үш сұрақ қойды да сап тыйылды. Алыс көкжиекті шолғандай жүзін көтере баяу жүрісін жалғастыра берді. Ерікке керегі де осы. Адам іш құсасын төккісі келгенде тыңдар құлақтың табылғаны жарым бақыт қой. Ерік өзі ұшқан ұяның жағдайын, Алматыда өткен бір жылдық студенттік өмірін қысқаша сыпаттады

да ондағы-мұндағы жұмыс іздеген хикаясын бүге-шігесіне дейін қалдырмай тізді-ау. Әсіресе, өзінің жанын ауыртқан тұстарды қазақтың небір әдемі сөздерін теріп әкеп суреттеуге жанын салды. Бұл мына ескі таныс кексе журналистке тым үлкен үміт артқанының белгісі еді. Көше тым ұзын екен, көлеңкелі теректер де таусылар емес. Тек бір тұсқа жеткенде Құдыс кілт тоқтап, көк теректерге арқасын беріп, жас әріптесіне бір түрлі қабағын кекжите қарады. Ерік те тоқтап, оған қарама-қарсы тұрды да баянын жалғастырды. Өйткені, мынау дүние не өзі, келбеті, бағдары қандай, осы жазда өзім бастан кешкендерімді қыл-қыбырына дейін тізсем мынау қалайда үлкен кісі осы сауалыма айыз қандыра жауап берер, мүмкін адасып жүрген жайым бар шығар, ақылыма ақыл қосылар деген дәмесі көпе-көрнеу еді. Мынау қаладағы тротуарға ұқсас, бірақ шөптесінді тар соқпақта екеуі бетпе-бет тұрысқанда амалсыз көздері түйісті. Енді қараса аға журналистің көздері сәл-пәл өзгеріпті. Мынау алғашқыдағыдай оңай-оспаққа сөне қоятын көздер емес, ішінде кішкентай от лаулап, Еріктің көкірегінен суырылған хикаяттардың бәрі суретке айналып, қос жанарынан асығып-үсігіп өтіп жатқандай аласапыраны мол дүние. Ерік бірауық өзін кинозалда отырғандай сезінді. «Мұның бәрін маған айтып неғыласың, мен мұны сенен он есе жақсы білемін, өзің шайнағаныңды маған қайта шайнатпақсың ба» дегендей жазғыру да аралас. Сөйте тұра көздерінде шаршағандық, әлденеден беті қайтқандық, шөліркегендік, іштегі ескі кеселдің тепкіні сияқты белгілер бір-бірін баса-көктей атойлап берді. Кенет Ерік өзінің аңғарымпаздығына таңқалды. Кексе журналист арқасын берген көктеректер тап осы тұста сәл сирейді екен. Солардың сиреген қатар аралығынан арыға көз тастап еді, екі арқан бойындай қашықтықта айналасында аздаған қара-құрасы бар, жартысы кірпіштен, жартысы тақтайдан құрастырылған әлеміш-әлеміш қабырғалы дүңгіршекті көрді. Жамауы жалбыраған, қырық жылдық ескі дермантинмен қапталған ағаш есіктен жоғарыдағы маңдайшада «Шарапхана» деген жазу бар. Ерік мәселенің мәнісін енді толық түсінді. Мынау көз алдындағы өзі пір тұтқан адамы күрт құлдырап кеткендей. Тек онымен қайта көз түйістіргенде жанарындағы өзге белгілердің бәрі өшіп, шөліркегендік, өзінен көмек сұрағандық, дәметкендік сияқтылар ғана қалыпты. Ерік осы жасында-ақ «не көрмеген бейбақпын, бұл сыннан да өтіп көрейін» дегенге бекінді. Көп бала тапқан аурушаң шешесі Текелі қаласының базарына апарып сатқан жұмыртқадан түскен ақшаның бір бөлігін «жолыңа» деп, осы Еріктің қалтасына

салған еді. Ақыры, соған екі стаканға толтыртып шарап ішкізсе де кексе журналист арқандаулы аттай байланып, шарапханадан кете қоймады. Ерік өзіне жарты стакан құйғызып, дәмін ғана татқан. Енді үшінші стаканға құйғызғанда Еріктің қалтасында автобуспен өз аулына қайтуға әрең-әрең жететін елу тиын ғана қалып еді. Бұлар жаңағы көше бойлаған көк теректердің саясымен енді кері жүрді. О ғажап! Құдыс жаңа ғана қара жаяу еді, енді атқа мінгендей жалы күдірейіп шыға келді. Қараторы өңіне қызыл жалқын бояу араласып, көздері де Ерік күткендей білімпаз, ақыл айтуға құштар, қамқор адамның ықыласын жиып, мұның көкірегінде сығымдалған мұң-наланы тінткілей, тіпті реті келсе оны тарқатып жіберердей өткір қарайды. Қушық денесіне қуат дарығандай бір түрлі арқасы қозғанға ұқсап шыға келді. Енді сөз тізгінін ол іліп әкетті. Еріктің айтары таусылмаса да айтқызбай білетін қырағылығын бал-бұл жанған жүзі мен көздері арқылы шатынатып, жас әріптесіне қайтіп ауыз аштырмады: – Шырағым, әңгімені мен мынадан бастайын. Біраз көсілдің ғой, енді маған мұрсат бер. Ия, ия, мені қалай сөйлетем деп, ындының құрып келе жатқанын өзім де сеземін. Әңгіме басы мынау болсын! Мұқият құлақ сал! Зерделі баласың, дұрыс ұғатыныңа күмәнім жоқ. Осыдан екі жыл бұрын, Талдықорған облысы таратылып, облыс орталығы Алматыға көшті емес пе? Сен келіп жүрдің, білесің, сол облыстық газетте небір сайдың тасындай журналистер қызмет етті емес пе? Өзіңе жақсы мәлім, өзіңнің алғашқы өлеңдеріңді газетке жариялап, жолыңды ашып берген ақын Тоқтар Көшеевтің бір өзі неге тұратын еді? Сөз маржанын тізген (бұл жерде Құдыс Әлікбаев Талдықорған өңірінен шыққан бірқатар журналистердің атыжөндерін атады) қандай еді? Пай-пай, олар жазған көркем очерктер, репортаждар, фельетондар қазақ тілінің қаймағынан қалқығандай қалай дәмді шығушы еді? Бірде обкомның бірінші хатшысының өзі жаңағы мен атағандардың ішіндегі ең жасы үлкені Сапекеңді шақырып алып, «Әй, Сапеке-ай, сіз мына қалам сілтесіңізбен Сәбит, Ғабиттің қатарында жүретін адамсыз ғой» дегені бар. Сонда Сапекең де қарап қалмай «Дұрыс айтасыз, біз партия мен үкіметке жан сала қызмет етеміз деп, басымыздағы көп ырзықтан көз жаздық қой, әйтпесе жемдеуі мен бабы келіссе бұл ағаңнан көп-көрім жазушы шығар еді» деп салды. Жаным Ерік, ұғуға жарасаң, Сапекеңнің осы ағынан жарылуының тасасында үлкен трагедия жатыр. Сол обкомның бірінші хатшысы облыс жабылғанда өзге түгіл Сапекеңе хош айтуға жарамады. Көшеде қаңғып қалған партия сарбаздарының тілін шығарып алармын деп

қорыққаны ғой сығырдың. Сонымен облыс кетті, ал біз қазақ
журналистері қалдық. Орыс журналистерінің мұрты да қисайған
жоқ. Бәрі аудандық, қалалық газеттерге тарап жатты. Ал біз үшін
ондай барар жер, басар тау жоқ. Өрісіміздің таусылғанын алғашқы

күні-ақ топшыладық. Бухгалтериямен есеп айырысып, аздаған
көмек соманы алдық та редакцияға, бұрынғы орындарымызға
қайта жиналдық. Әлдебір күнәміз бардай бір-біріміздің бетімізге
қарауға жоқпыз. Кенет Сапекеңнің талағы тарс айрылды: «Әй, ба-

лалар, әкеліңдерші ана көкаламойыннан» деп, үш-төрт қызыл
қағазды ортамызға лақтырды. Басқамызға да керегі сол екен, тек
жалғыз Сапекеңді шығындатып қоямыз ба, қызыл қағазды біз де
суырдық. Ол күнгі молқолдығымызда шек жоқ еді, ақыры «особый

мәскеускийдің» жиырмашақты шишасы инкубатордан шыққан ба-
лапандардай ортамызда жыпырлады. Ішкілік көп болғанмен
«зәкөске» жағы мардымсыз, оған қиналғанымыз жоқ, әкеміз
арақтан өлгендей ой өңешке құйдық-ау! Екі-үш стаканнан соң

Сапекең тағы бір өнерді бастады. Отырған орнында маңдайын екі
алақанына басып, солқылдап кеп жыласын! Қазақта біреу жыласа
екіншінің басу айтатыны бар ғой, ал мына жерде ондай үрдіс
қарасын да шалдырмады. Әрқайсымыз өз орындарымызға шөгіп,

біз де жыладық. Енді қалай, Ерік жаным, Талдықорғанға бойымыз
үйреніп, пәтер алып, орналасып қалмап па едік, енді бір-ақ күнде
бәрімізді күресінге лақтырды. Сен сол кісілер қазір қайда деп
сұрадың, тыңда, содан екі-үш айдан соң Сапекең арақтан уланып

өлді, ақын ағаң Тоқтар өзің білесің Алматыда, ал басқалары аудан-
ауданға, ауыл-ауылға тарап, тышқан аулап кетті ме, құдай ақына
хабарым жоқ. Газетке орналасты дейтіндей бұл қазіргі Алматы
облысының көлемінде қазақша аудандық газет дегенің некен-саяқ.

Сен біздің газетке мейлі корректор, мейлі үй сыпырушы боп орна-
лассам ба дейсің, мен қырықтағы білдей журналист, Ұлы Отан
соғысының мүгедегі, кешегі облыстық газеттің тәжірибелі қыз-
меткері осы Көксу аудандық газетінің корректорлығына әрең ілініп

едім, енді мұнда да астымыздан су шығып жатыр. Мына газет те
жабылмақшы. Қазір қазақ газеттерінің тиражы аз деген желеумен
әлдебір білгіш ауданаралық газет дегенді ойлап тауыпты. Жаңа
өзің әңгіменің басында айттың ғой, астанада республикалық

газеттердің біріне бас сұққанымда тың өлкесінде қазақша бес
облыстық газеттің бір-ақ күнде жабылып жатқанын естідім деп. Тек
облыстық емес, мұндай індет қазақша аудандық газеттерді де жал-
мап жатыр. Ал орысша газеттердің мұрты ойылған жоқ. Жаңа өзің

Алматыда республикалық газеттегі өзіңе көзтаныс журналист пен

Оқу министрлігінің Кадр басқармасы бастығының өзіңді сөзбен шығарып салғандағы көздерінен бір ұқсастықты аңғардым дедің. Сенің әдеби талантыңа күмән жоқ. Ия, екеуі де сені аяушылықпен ұзатып салған, олардағы ұқсастықтың түп-тамыры сонда жатыр, сен оны тап басып байқағансың. «Балықтың тілін бақа түсінеді». Олар да, сен де, мына мен де бір қылбұрауға түскесін шығарда жанымыз бір, біздер бір-бірімізді түсінбесек бізді кім түсінеді? Ал олар саған неге аяңкөстік жасайды, сен қазақ тілі мен әдебиетінің маманысың, сені қандай тар жол, тайғақ кешулердің күтетінін олар алақандағы жазудай көріп тұр. Ия, олар жоғарғы қызметтегі адамдар ретінде бүгінгі заманның бет алысын анық зерделегендер. Мен де қара жаяу емеспін, өз білгенімді сарқайын. Сонау Арқа жақта бес облыстың есебінен Тың өлкесі құрылғаны белгілі ғой. Ол неме керек еді? Астық шаруашылығына бас-көздікті күшейту үшін дейсің бе? Ай, Ерікжан-ай, қалайда шаласың-ау әлі, «қатын көп болса қазан қайнамайды» дейді қазақ, осы қазір мені ұстатып жіберсең де турасына көшейін, оларға керегі астық емес басқа. Қазіргі таңда «өндірістік бірлестіктер» деген тіркесті сонау «Правда» мен «Известиядан» бастап, бәрі жақтары талмай насихаттап жатыр. Ұққандарға ұқтырып, ұқпағандардың бастарының жарығын ашып шүмекпен құюда. Бұл ненің белгісі? Мына өңір астық шаруашылығына, мына өңір мақта өсіруге, мына өңір малға қолайлы деп, тек қазақтың емес, өзбектің де, қырғыздың да, тәжіктің де жерлерін сондай бірлестіктерге бөліп-бөліп, пышақтап турап, республикааралық шекараларды жоқ қылып жібермекші. Тығындаулы бөшкедей ішімдегіні әрең сыйдырып жүр едім, тығынды өзің алдың, енді атқылауыма шыда! Ал республикааралық шекараны жою деген не, ол деген қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік сияқтыларды ұлт ретінде жою деген сөз. Бұл, әсіресе, кешегі ашаршылықта оңбай қырылған, соғыста сан мың боздағынан айырылған, өз ұлтының тілі мен діліне паңсына қарайтын, қазақшаны әдейі бұзып, орысшаны шүлдірлеткенін сән көретін, мансап жолында бәрін құрбандыққа шалуға әзір белсенділері тезекше ыбырсыған біздің қазақ үшін нағыз нәубеттің өзі. Айналайын, солай! Қарашы, өз сөзімнен өзім қызып, жүгені сыпырылған асаудай кетіп барамын! Бірақ сен сәл шыдай тұр! Ия, дұрыс, құлағыңның құрышы әлі қанбай жатыр. Қандай да шағын ұлт «мен бәрінен де зормын» деп кеуде қақса ол оның соры. Қазақ өз кемшілігін өзі көре білуі шарт. «Ауруын жасырған өледі» деген нақыл неге мирас? Қазақтың ең басты жетіспеушілігі ұлтым үшін жан пида дейтіндердің аздығы. «Білемін енді өзімдей ұл тумасын» деп, баяғының Кемпірбай

ақыны зарлағанда осыны көре білген-ау, шамасы. Жарайды. Ауыз-
ды құр шөппен сүрте бермейік, жақсы ұлдар болған. Қырық бесінші
жылы соғыстан келіп, университетке оқуға түскенімде бір шал
мұғалім оңашада Қостанай облысын Ресейдің құрамына қосқалы

жатқанда Ахмет Байтұрсыновтың Мемлекеттік думада арнайы сөз
сөйлеп алып қалғанын, Мұхтар Әуезовтің де Өскемен, Семей
өңірлері үшін құрақ ұшып, ара түскенін тілдің майын тамыза жыр-
лап еді. Ал ол деген Ахмет Байтұрсыновтың атын атағандардың

қамауға алынып жатқан кезі. Ал қазір сол Байтұрсыновтай, осы
биыл ғана арамыздан кеткен Әуезовтей адамдар тіпті таусылды
ма деймін. Неге бес облыстық қазақ газеті бірден жабылғанда
«шәй» дейтін біреуі табылмай тұр? Азар болса тағымнан таяр-

мын, бес-он жыл түрменің дәмін татармын, есесіне қазағыма
қарлығаштың қанатымен су сепкендей бір серпіліс берермін деп,
тәуекелге басатындар қайда? Жүзіңнің алабұртуынан байқаймын,
«өзіңіз не тандырдыңыз» дейсің ғой. Тыңда ендеше, мен кішкентай

адаммын, соғыс мүгедегімін, сөзім жоғарыға жетпейді, соңғы тая-
нышым – мына аудандық газет жабылғасын бала-шағамды қайда
апарып асыраймын деп басым әңкі-тәңкі, осы әңгімеге өзің әперген
үш стакан шараптың күшімен ғана жарап тұрмын. Бірдеме десек

қазақ оқырманы аз деп, өз бетіңе күйе жаққандай қылыққа барады.
Апырау, қазақ оқырманы қалай көбейеді, жұрт жапатармағай бала-
ларын орысша мектептерге беріп жатыр. Әрине, ауыл-ауылдағы
шаруа

адамдар
жаңағы
«өндірістік
бірлестіктер»,

«респу-
бликааралық шекаралар жойылады» дейтіндерді әлі естімеген де
шығар, бірақ бәрібір заманның солай ауан алғанын жон терісімен
сезіп отыр. Оның үстіне оқыған білгішсымақтар, мансапқорлар сон-

дай тұздықты үсті-үстіне құйып жатса қалай сезбейді? Жалғыз за-
ман ауаны емес, көп бәле қазақ белсенділерінде жатыр. Қазір
қазағым деп аһ ұрғанда аузынан жалын ататындар жоқ, оларды
қуыс кеуде, кеуек бас, жұрт көзінше «лениндік ұлт саясаты»

хақында топан сөзді боратып, тая бере «бастықтар не айтадыға»
көшіп, солардың ажарынан істің бет алысын аңдап, әліптің артын
бағатындар тықсырды. Олардың көкейін тесетіні қара басыма не
пайда, не олжа табам дегендік. Қазағым деп, соның мүддесі үшін

саусақ ұшын қимылдатайыншы дейтіндерді емге таппайсың. Емге
табылса жаңағы бес облыстық газет, көптеген аудандық газет
жабылғанда қайда қалды? Қарағым Ерік, болашағың алда, жас
баласың, жаныңа батса да мынаны ұқ, облыстық, аудандық

газеттердің жабылуы, тіпті кейбір республикалық басылымдардың
шет-пұшпағының қырқылуы – ол деген қазақ тілінің тамырының

қиылуы! Ондай жағдайда қазақтарды балаңды орыс мектебіне оқуға бер деп, үгіттеудің қажеті жоқ, өздері-ақ сөйтеді. Сөйтіп те жатыр. Бұл деген қазақты ұлт ретінде жоюдың тіптен пәрменді шарасы. Сөйтіп, бәрі қосылып, өз дегенін жасауда. Сен қазақ белсенділеріне топырақ шашқандай сөздерімді жақтырмаған сыңайлысың. Мұны ашыңқырайын, біле білсең бұл ағаң көп нәрсені біледі. Жаңа осыдан екі ай бұрын ғана дүние салған Мұхтар Әуезовті атадым ғой. А солай ма? Ол кезде Алматыда болған соң сен де топырақ салысқан екенсің ғой. Өте дұрыс! Міне, сол Мұхтар Әуезов айдай әлемге атағы жайыла тұра өзінің бір повесін дұрыстап жарыққа шығара алмай кетті. Жиырмасыншы жылдардың соңында бір мәрте ғана латын әрпімен басылған екен, аты «Қилы заман». Міне, мен соны кезінде Академияның Орталық кітапханасында латыншадан оқып шықтым. Қайран Мұхаң-ай, саған жан жетпейді ғой, мен әдебиетпен шұғылданған емеспін, таза журналиспін ғой, сонда да Мұхаңның өлгенін естігенде жетім қалғандай күй кештім. Таза тақыр жетім қалғандаймын! Міне, сол повесінде Әуезов 1916-жылғы әпселеңде қазақ оқығандарының, тілмаштарының бет-бейнелерін, іс-әрекеттерін жеріне жеткізе суреттейді-ау! Әлі күнге ұмытқам жоқ. Мұхаң суреттеген сол белсенділерді ойласам сидиған сабау аяқты, көйлектерінің етектері делбеңдеген жезөкшелерді көргендей боламын! Болды, жаным, болды! Мені тілімнен тарта берме! Іштегі запыран әлі сарқылған жоқ, сонда да тоқтадым, зорлық жүрмейді, зорлық жүрмейді, тоқтадым, тоқтадым! Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей! Оу, о-о-оу, о-о-оу! * * * Сол жылдың 1-қыркүйегінде Ерік Тінәлиев Текелі қаласындағы № 6-орта мектепте мұғалімдік жұмысқа кірісті. Текелі мен мұның туған аулы Қараталды осы аттас өзен бөліп тұратын. Мұның үйі мен жұмыс орнының екі арасы жаяуға бір сағаттық жол. Екі күннің бірінде кешкілік жиналыс. Не әртүрлі педагогикалық-мәдени шара өткізілетін мектеп жағдайында бұл үлкен қиындық еді. Көбіне түн жамылып, бір елді мекеннен шығып, арқырап аққан тау өзенінің үстіндегі солқылдақ көпірден өтіп, екінші елді мекенге жетеді. Мектептегі алғашқы күндерде-ақ орыс мұғалімдер (бұл қалада қазақ мұғалімдер емге табылмайтын) небәрі жиырма жасар өрімдей жас жігіттің сонау Қаратал ауылынан жаяу қатынап жұмыс істемек екенін білгенде көздері шарасынан шықты. Бұл жай таңырқау емес, көздерін шарасынан шығарған болып, сәтті пайда-

ланып, бұл неғылған қаңғыбас, аты-заты кім, немен коректенеді, немен тыныс алады деген сұрауларына жауап алмаққа ындыны құрығандық екені де аңғарылатын. Кейде сондай қарас жанына түрпідей тигенмен де Еріктің сыр бермеуге бекінбеске амалы жоқ еді. Жаңа оқу жылының басталуы ұстаздар қауымы мен оқушыларға мейрам күндеріндей мәре-сәрелі келеді. Үш айлық үзілістен соң қауышудың өзі, балалардың бір сыныптан екінші сыныпқа өтіп, жаңа баспалдаққа көтерілуі, мұғалімдердегі ауыс-күйіс, жаңа сабақ кестесіне бейімделу, тағысын тағылар тосын жаңалықтардай әсер етеді. Ең бастысы бәріндегі тазалық, жаңа форма, жаңа портфель, жаңа оқулық, жаңа үміт онсыз да алып-ұшпа көңілге май құяды. Бұл өзі аса үлкен мектеп еді. Бір ғана бесінші сыныптың өзі «а», «б», «в», «д», «е» деп бөлініп, бес сыныптан тұратын. Ал біріншітөртіншіні құрайтын бастауыш сыныптардың әрқайсысының саны алтауға, тіпті жетеуге жетіп жығылады. Әрқайсысында қырықтан астам сары үрпектер дәріс алатын мұншалықты сыныптардың басын біріктірген бұл онжылдық былтыр ғана осындай оқу орнының түлегі атанған Еріктің өзіне жеке патшалықтай көрінді. Елдің ең шығыс қиырындағы Жоңғар Алатауының көп сілемдерінің бір қуысына сұғына біткен, соғыс кезінде қорғасын-мырыш комбинатымен даңқы шыққан бұл Текелі қаласында жеке-дара бастауыш мектептерді қоспағанда тап осындай он үш онжылдық бар екен. Зерделі Ерік Тінәлиев алғашқы күндерде-ақ бұл жағын мықтап кәперге алды. Өзінің туған ауылы, негізінде орыстар қоныстанған Қараталда қазақ сыныптары төртіншіден әріге аспады. Ал Ерік қалғанын қазағы баршылық көрші ұжымдардың орталығында кім көрінгеннің үйінде пәтерде тұрып, өлдім-талдым дегенде әрең тамамдады. Жартысына жуығы қазақ сыныптарынан тұратын сол мектептің өзін Ерік үлкенге балайтын. Байқаса ол мынаның қасында көңілге демеу етерлік қана жартымсыз бірдеңе екен. Енді қалай? Мұнда әлдебір жиын, не мерекелік шара үстінде мектеп ауласында, не ішкі кең сарай спорт залында орыс балалары мен қыздары су жағасындағы күзгі сап-сары қамыстай жапырылады. Ерік мұндай көпшілікті тіпті Алматыдағы бір жылдық студенттік өмірінде де көрмепті. Директоры да сондайға сай неме екен, әсіресе, ауладағы жиналыста саңқылдап сөйлегенде әлгі сап-сары қамысқа ұқсағанның үстінде аппақ шар тәрізді бірдемелер бір-біріне соқтығысып, ұшып-қонып жүргендей әсер етеді. Кейде директор өз даусымен осынау көптің төбесінде айшықты сурет салып, бәрінің назарын солай қарай үздіктіріп қоятындай. Қыздардың ақ бантик,

ақ фартуктері, балалардың қоңырқай түсті арнайы форма-костюмі, әрі көпшілігіндегі айқасқан қызыл гүл талшығындай галстук, жирен, қызғылт-қоңырқай шаштары директор даусының әлдебір ырғаққа келетіндей тұстарында қозғалысын жиілетіп, биге басатындай. Бұл ұжымда, әрине, ең алдымен Еріктің көзін тартқаны осы мектеп директоры Алексей Никитыч Кузьмин еді. Қырықтың мол ішіндегі, тұлабойы оқтау жұтқандай тік жаратылған, кірпіше тікірейген ақ аралас сұрғылт шашы, қас-қабағы, күлгін сия түстес көздері, арық та емес, семіз де емес бет-әлпеті қашан да қайрат-жігерге толы. Мұғалімдер бөлмесіне кіргенде, не ұзыннан-ұзақ дәліздермен жымын білдірмес, жылан жүріспен ары-бері қозғалғанда күлгін сия түстес көздерінің тінткілемейтін пұшпағы жоқ, шашылған қағаз, басқа да бір ұсақ-түйектен бастап, мұғалімдердің, не оқушылардың бүгінгі көңіл-күйіне дейін тап басып байқайтын қырағылығы ересен. Сөздері де сондай, шашау, одағай біреуі жоқ, бәрі де орын-орындарын тауып, рет-ретімен қаланып жатқан тастай сыңғырап, тым жарасымды төгіледі. Тіпті одан оқушылар ғана емес, өздері де сондай сөз десе аттай желетіні бар мұғалімдер де ләззат алатынға ұқсайды. Олардың да ынта-ықыласы, бірдеме ұқсам деген талпынысы сол оқушылардікінен кем емес. Ерікті тағы бір таңқалдырғаны осындай жиналыстардың бірінен соң Алексей Никитыч терісін ауыстырған түлкідей құбылып сала берді. Жиналыстың соңы ойын-сауыққа ұласып еді. Директор іштегі өз кабинетіне жып беріп кірді де аккордеон көтеріп шықты. Ендігісінен Еріктің көзі тіпті атыздай болды. Тікесінен тік тұрған күйі аккордеонды құлаштай созып, орыстың буыныңды балқытар ескілікті әуенін сызылтқанда өзіңдегі екі аяқ сенің ырқыңнан шығып, жаратылысы бөлек жан иесіндей биге қосылғысы келеді. Оны тежеу үшін де біраз күш-қауқар керек екен. Ерік тап қазір осындай күй кешті. Задында бұл бозбала жігіт би өнерінен мүлдем мақұрым қалғандардың бірі еді. Себебі, бес жасында оң тізесі ауруға шылдығып, ел ішіндегі емшілер емдегенмен үшінші, алтыншы сыныптарда екі мәрте қайталап, біраз әлсіз боп біткен. Екі мәрте бір сыныпта екінші жылға қалып, мектепті былтыр ғана, он тоғыз жасында бітіруі содан. Сосын да бұл өзі оқыған мектепте би үйірмелерінен оқ бойы аулақ жүретін. Сөйте тұра мына қаладағы орыс мектебінің директоры ойнаған аккордеон кәдімгі көмекейінен үн аңыратқан адамша екіленіп, Еріктің сол кемшілігінің орнын толтырмаққа «кәне, кәне, кеудеңде шыбын жаның болса кел, кел» деп биге шақырғандай. Аккордеон ғана емес, көз алдындағы көрініс те тап сонымен мұншама үндес шығар ма? Мектептің ине шаншарға жер жоқ кең

ауласында иін тірескен ығы-жығы балалар дала төсінде қалың өскен гүлге құйын тиген сәттегідей ой мың бұралсын келіп! Орыс балалары мен қыздарының музыкаға мұншама әсерленгіш екенін Ерік бұл өмірінде бірінші рет көргендіктен де шығар, таңырқауына таңырқау қосылып, өз бойындағы бір жылы ағын мен жігердің ноқтасын сыпырмаққа аңсары ауды. Өмірі билеп көрмесе де сол өнердің мынау қайнаған қазанына күмп беруге шақ тұрды. Тек өзінің ендігі жерде оқушы емес, осы ұжымға мұғалім ретінде жаңа ғана табалдырық аттағанын сезінуі ғана бұл сыңайын мықтап ауыздықтады. Мектеп ауласындағы тап қазіргі қозғалыс жай емес, Еріктің ойынша бұл ұлы мерекелерде ғана ұйымдастырылатын үлкен шаралардың бір бөлшегіндей. Биге көпшілігі әйелдерден тұратын мұғалімдер де шет-пұшпақтап кірісті. Бұлар да сәнді киінген, әсіресе, еріндері шиқандай қызыл, күн, жел тимеген аппақ өңдерінде жасаңдық бар, шаштары төбелеріне соншама білгірлікпен түйілген әйел мұғалімдер мынау көріністің көркіне көрік қосты. Теңізге тасталған ағаш жаңқалары алғашқыда жағалауға таяу қалықтап, бара-бара алыс қойнауға қарай ығысады ғой. Бұлар да сөйтіп, бірте-бірте нағыз қалыңның ортасына сіңіп бара жатты. Директор аккордеонды бара-бара тіпті қызына құйқылжытты. Бойы қоса тербеліп, тұрған орнында өзі де биге басқандай бүгіліпжазылып, кірпіше тікірейген шашты басын аямай бұлғаңдатады. Былтыр ғана мектеп бітірген, бір жылдық студенттік өмірде қалтасының жұтаңдығынан көп ешнәрсені көріп үлгермеген Еріктің мұндайлыққа көзі үйренбеген екен. Сәл қиял соңында кетіп, өзі оқыған мектептің директорын еслестетіп, мына директормен салыстырып еді, о ғажап, екеуінен иненің жасуындай да ұқсастық тапсашы. Екеуі екі полюстің тумаларындай бір-біріне мүлдем кереғар жандар. Бұл бітірген мектептің директоры ұлты қазақ, алпысты алқымдаған, күнге шығылысқандай аппақ кителді етженділеу кеудесінде салиқалылық тұнған, сонымен егіздің сыңарындай ескілікті сырқаттың демікпесі де білінетін. Сонда да барша дүниеге жел қақпаған жалпақ маңдай терісін керіп, сәл шалқая қарайды. Қайда қараса да бүгінгі талапқа сай емес артық-ауыс нақыштар көз алдында от боп жанғандай бетін ала қашқысы келіп тұратын түрі болушы еді. Ол директор мына директордың бұлайша жеңілтектік жасап, аккордеон ұстаған түрін көрсе онсыз да оқтын-оқтын соғып кетіп тұратын талма ауруы біржола алып ұрар ма еді? Осындай елестер, салыстырулар бұл сабақ беруге кіріскен күндерде тек директор ғана емес, өзге мұғалімдер жөнінде де алдын кес-кестеп, алғашқы әсерлердің жүгін ауырлата түсті.

Міне, орыс директор бір әуенді тауысып, енді басқасына бас-
ты. Кең ауладағы иін тірескен балалар, мұғалімдер бұған дейін
мықтап репетициядан өткендей-ақ сол жаңа әуеннің ырғағына
кілт көшіп, мүлде басқаша серпіліс, қимыл арқылы басқа бір өмір

қарбаласын айшықтады. «Шебер, мыналар шебер, сахнадағы
буынсыз бишілерден бір былай емес» деген сөздерді Ерік іштей
қайталай берді. «Өзімнен өнері асқан мыналарға мен қалай дәріс
оқымақпын» деген қауіп те тұлабойын мұздатқанға ұқсайды. Тек

бәрінің жүзіндегі әдемі күлкі, жаймашуақ рең ғана өздеріне қарай
баурап, жылылық беріп, ешкімді жатсынбас пиғыл, райларын көл-
көсір етеді. Ерік те содан жігер тапқандай.
Директор осылай бірнеше әуеннің басын қайырған. Кенет тағы

бір тың әуенді сыңқылдатқанда өзгелердің әсеріндей емес, мынау
біршама жайсыз тигендей мұның іштегі қыл өзегін аямай тартып
қалды. Соны бүкіл ауладағы қалың бишілер тобы бірден сезген-
дей бәрінің Ерікке жалт қарамасы бар ма? Ерік мектептің шығар

есігінің алдындағы баспалдақта, аккордеон ойнаған директордан
сәл аулағырақ оқшау тұрған. Баспалдақта бұлардан басқа ешкім
жоқ, бәрі теңіздей толқыған көпшіліктің құшағында. Ерік өзінің
оқшау епетейсіз тұрысының сөлекеттігін енді ғана байыптап,

бұдан шығар жолды жалма-жан қарастыра бастаған. «Әрі, мынау
не әуен» деген сауал да алқымынан алып еді. Еріктің хал-жайын
басқалардан гөрі директор жақсы ұғынған екен. Бұл да аккордеон-
ды екпіндете ойнаған күйі Ерікке көз салғыштап еді, оның әрі-сәрі

күйін танып, ондай халден тез арылту үшін «Ағажан Ләтипа» деп,
аккордеонға қосылып әндетіп берді. Сонда ғана, «апырау, мынау
қазақтың әні ғой» деген ой басын дың еткізді. Бұл кең ауладағы
көпшіліктің өзіне қарасының мәнін енді ғана ұқты. Бәрі де бидің

көкесін мына арамызға жаңа келген қазақтың өрімдей жап-жас жігіті
көрсетер деген үмітпен қарайтындай. Әсіресе, тоғызыншы, онын-
шы кластарға аяқ басқан, бойжеткен, қырдың алқызыл гүлдеріндей
пісіп, жетілген қыздардың көздері жалт-жұлт еткенде Ерік шынын-

да кірерге жердің жарығын іздеді.
Директор осы «Ағажан Ләтипа» атты ескілікті қазақ әнінің мәтінін
бастан-аяқ біледі екен. Еш жерінен үзген жоқ, түгел айтып шықты.
Әрине, бір көзі үнемі Ерікте болды. Мынау қалың көпшілік те со-

лай. Өзге әндерге қарағанда мынаның ырғағы жиі, әрі ересен ба-
стырмалатып әкететін тұстары көп. Мектеп ауласындағы асфальтті
алаңға тарс-тұрс тиген табандар, бойжеткен сұлу қыздар мен
басқалардың сондай екпінді би үстіндегі әуелгі бағыттан таймаған

назары бірте-бірте Ерікті алып жейтін тажалға айналып бара жат-

ты. Арасында «мынау директор шынында ғажайып адам екен, басқалары да соған сай, бұлардың арасына адасып мен қалай тап болғанмын» деген сауал да Еріктің басын айналдырып әкетті. Ол сауалдың жауабын бұл тез тапты. Баршасының бұған ауған оттан ыстық ынта-ықыласы да сол жауаппен төркіндес. Бұл мектепке Ерік қазақ тілі пәнінің оқытушысы болып орналасқан. Енді мына қазақ әні асқақтағанда «кәне, сен қазақ екеніңді көрсетші, біз сенен осы жөнінде де тәлім алайық» деп, баршасының бұған сондай үмітпен жалт етіскені істің осындайлығынан еді. Бірақ Ерік бұл сынаққа әзір емес екен. * * * Еріктің бұл ортаға тап болуының да өзіндік алғышарты бар. Әрқайсысы оннан астам ірі-ірі шаруашылықтардың басын құрайтын екі-үш ауданды тінткілеп, түк таппай қайтқан Ерік осы өз туған ауылымен іргелес Текелі қаласынан жұмыс іздегенде де осы жаздағы сапарнамасының біразын қайта бастан кешкендей еді. Мұның өзі бөлек хикая. Мұнда да жұмыссыздық, мұнда да «реорганизация» деп, аузын қу шөппен сүрткендер. Тіпті қалалық жердегі жұмыссыздықтың сұрқы тіптен бөлек, жан шошытарлық белгілері болатынын да осы жолы түйсінді. Алғаш бетте «горком», «горисполком» атаулары бар екі ең шоқтықты мекемелер сығылыса орналасқан үш қабат үйдің алдында, қызыл-жасылды гүл шоқтары, ақ балтырлы қайыңдар, тау шыршалары безендірген әсем аулада түстері түндей түнерген, қабақтарында қорғасындай ауырлық бар, жұмыс киімді адамдардың отырғанын көрді. Бірақ олардың ол отырысына Ерік пәлендей мән берген жоқ. Қалалық халық ағарту бөлімі де осы үйде, әрине, қазақ мектебін бітірген Ерікке орыс мектебінде сабақ беру қиындау, тек пионер жетекшісі, кітапханашы, лаборант сияқты бірдемелер табылып қалар деген үміт жетелеп әкелген. Ана жылдары аяғы ауырып жатып қалғанда көрші ұжымшардағы оқудан амалсыз қол үзіп, өз аулындағы орыс мектебіне біраз барып жүріп, аздап орысшаға тіл сындарған. Әрі орысша кітаптарды да көбірек оқып, ол білігін жетілдіре түскен. Міне, соның пайдасын енді көрмек. Мына үйге екі-үш мәрте қатынап, қалалық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Рыжов дегенмен әрең жүздесе алды. Бұл екі көзінің айналасына мәзмайрам күлкі табы үйірілген, сап-сары бұйра шашты, тым биязы адам екен, «бізде мұғалімдер жетіспейді, Алматы облыстық халық ағарту бөлімінен қосымша мұғалімдер сұрап кеше ғана келдім, әсіресе, орыс тілі, шет тілі, математика, дене шынықтыру маман-

дарына зәруміз. Сіздің мамандығыңыз оларға келмейді, бізде
мұғалімдік жұмысты ауырсынған соғыс, еңбек мүгедектері көп,
кітапханашы, лаборант сияқты жеңіл-желпіні соларға тауып бере
алмай жатырмыз» деп, бүкпесіз сөйледі. Бірақ Ерік бұл маңнан

бірден кетпеді. Себебі, жұмыс іздегендер мұнда ат-көпір екен.
Солар бірдеменің исін сезеді ғой деген ой матап-байлады. Өстіп
айналшақтап жүріп Еріктің бір білгені бұл қалада шахтадан басқа
барлық жұмысқа қабылдау тоқтатылыпты. Құрылыс объектілері

жабылған, көп мекемелерде аяусыз қысқартулар өткен, олар әлі
жалғасуда екен. Мәселенің ушыққаны соншалық қалалық атқару
комитеті төрағасының бірінші орынбасары ертеден қара кеш-
ке дейін тек сол жұмыс іздегендерді қабылдайды. Ілуде-шалуда

біреуін болмаса ешқайсысын жарылқап жатқан ол жоқ, өтініш жаз-
дырып алып, «сәл шыдай тұр, қазіргі заман осылай, көрерміз» де-
ген сөздермен жұбатып, маңдайдан сыйпағансып, жуасытып қана
жібереді. Мұны сол үшін ғана отырғызып қойған сыңайлы. Аулада

жайғасқан, қабақтарынан қар жауғандай жұмыссыздардың сабыр
суын басу үшін ғана қала басшылығының ойлап тапқан айласы,
шамасы. Өткен жылдардың бірінде осы Текелі қорғасын-мырыш
комбинатына қарасты шахталардың бірінде жарылыс болып-

ты. Сондай бір жарылыс мына жұмыссыздардың да ортасында,
көкірек қуыстарында гүрс етпесін деп, сақтықты ойлағаны ғой. Ол
төраға орынбасарының қабылдауынан Ерік те өтті, сондағы түйген
ойы осындай.

Сондай күндердің бірінде қалалық халық ағарту бөлімінің
меңгерушісі Рыжов Ерікті өзі іздеп тапты:

– Сен, жігіт, қазақ тілін жетік білесің бе?

– Апырау, мен қазақ тілі мен әдебиетінің маманымын ғой! – деп,

Ерік «зачеткасын» табанда суырды.

– Онда былай! Бізге қазақ тілін үйрететін мұғалім керек.

Бірақ ол өзгелердей міндетті түрде оқытылатын пән емес,
оқушылардың еркі, олардың ата-аналарының келісімі бойынша
ғана факультативті сабақ ретінде жүргізіледі. Сабақ кестесіне де
кірмейді, түске дейінгі, түстен кейінгі кезек аралығында немесе

балалардың негізгі оқудан қолдары бос кезінде ғана өткізіледі. Әр
сыныптардан қазақ тілін үйренуге тілек білдіргендердің есебінен
кем дегенде он баладан тұратын топтар құрылып, бөлек сабақ
кестесі жасалады. Сол бойынша жұмыс істейсің. Оқулықтар

дүкендерде бар. Бұл айтуға оңай, тек сен сияқты педагогикалық
тәжірибесі жоқ адам үшін ауырлық жасауы әбден заңды. Егер
тәуекел десең...

Ала жаздай бір қарманар тал таппай сенделген Ерікке кергу қайда? Рыжов оны № 6-орта мектепке жіберді. Мына мектеп директоры Алексей Никитыч Кузьмин кірпіше тікірейген шашты басын төмен салып, көңілсіз қарсы алды. Еріктің сөздерін жауапсыз қалдырып, біраз салғыртты. Әлденуақытта ғана: – Бұл сен сияқты аузында ана сүті кеппегеннің алып кете қоятын шаруасы емес. Өзіңді де, өзгені де әурешілікке ұшыратып, артық сөз, дау-дамайға белшеңнен батуың мүмкін. Кейбір мектептерде осылай қазақ тілін енгізгенде ата-аналардың бұрқ көтеріле жаздағаны бар. Әрине, пәленбай жыл педстажы бар жасамыс мұғалім келсе әңгіме басқа. Ал сен сияқтыларға басқа еш жерден ештеме таппаған күнде ғана мұндайлыққа бел бууға болады, – деп, Ерікті келген ізімен кері қайтарудың әрекетін жасады. «Басқа жерден жұмыс тапсам сенің қараңды көрер ме едім» деген кекесінді сөздер Еріктің тамағына кептелді-ақ, бірақ ондайды тістің арасынан шығару қайда? Бұл біраз табандылық көрсетті. Ақыры директор: – Жарайды, мен Рыжовпен телефон арқылы емес, барып ауызба-ауыз тілдесейін, – дегенді айтты. Бір ғажабы Кузьмин қалалық ағарту бөлімінің меңгерушісінен кілт өзгеріп қайтты. Байқаса бұл әуелгідей емес, өте елгезек, ашық-жарқын адам екен. Ерікті кәдімгідей қолпаштағансып, «Ерик Тиналиевич» деп атап, ұжымға уыздай жас маманның қосылғанын мақтан еткенге ұқсатып, өзге мұғалімдерге таныстыра бастады. Оқу жылы басталғаннан кейінгі алғашқы екі аптада осы директордың тапсыруымен әрбір сынып жетекшісі өз сыныбындағы қазақ тілінен дәріс алғысы келетіндердің тізімін жасап, Ерікке берумен болды. Кей сыныптардан 10-15 бала, кейінен 2-3-тен ғана жазылыпты. Солардың басын құрап, оқу бөлімінің меңгерушісімен келісе отырып, балалардың қолдары бос кезіне ыңғайлап, сабақ кестесі жасалды. Сөйтіп, бұл Ерік орыс балаларына қазақ тілін үйрете бастады. Тау қуысына ұзыннан-ұзақ созыла біткен Текелі қаласының бұл «Станция» деген өзінше атауы бар ең батыс бөлігі еді.Еріктің туған ауылы Қараталға ең жақын тұсы да осы. Бұл «Станцияда» № 6-мектептен басқа үлкен бір бастауыш мектеп және де мектеп-интернат бар еді. Еріктің «құзырына» олар да кіретін, бірақ олардағы еріктілер саны екі-үштен ғана топ құруға жарады, сосын да мұның негізгі жұмысы осы № 6-мектепте еді. Алғашқы күндердегі дәріс беру ісі Ерікке қиынға соққан жоқ. Орыс мектебіндегі қазақ тілі пәніне арналған оқулықтағы рет бойынша жұмыс істеуге кірісті. Кірген-шыққанда «сәлеметсіздер ме»,

«келесі кездескенше» деген сияқтыларды қазақша айтып, біртебірте «тақтаға шық», «қолыңды көтеріп рұқсат ал», «орныңнан тұр», «қазақша жауап бер», «жақсы», «өте жақсы», «қанағаттанарлық», «қанағаттанарлық емес», «тыныш отыр», «сабаққа зейін сал», «кітап», «дәптер» дегендермен толықтырды. Алғашқыда мұның бәрі балаларға ұнағандай да еді. Араларында бір айтқаннан қағып алатындар да бар екен. Олар Ерікке әжептәуір жеңілдік әкелді. Бұл оқытатын балалардың жас алшақтығы да біраз бар еді. Себебі, мұндай «еріктілер» 2-8 сыныптар аралығында іріктелген. Бастауыш сыныптардағы балалар көбіне бір тоға, тіл үйренуге ынта қойғыш, олардан жоғарыдағылар, әсіресе, 8-сыныптағылар, араларында бойжетіп қалған қыздары баршылық, тілден гөрі мынау ұлты бөлек жап-жас мұғалімнің өз басын таңсық көріп, топқа жазылған сияқты. Ерік алғашқыда ештемені байқамағансыды. Жұмысқа жан-тәнімен мойынсұнды-ақ. Оған директордың да көптен-көп ықпалы тиді. Біраз сабақтардың басында, ортан белінде кіріп келіп, Қазақстан жағдайында қазақ тілін үйренудің қандай маңызы барлығын балаларға тәптіштеп түсіндіріп кетеді. Бір қызығы бұл ара-арасында қазақша да сөйлейді. Бұған балалар түгілі Еріктің өзі де оқшырая қараған. Бірде осындағы мұғалімдердің ең көнесі, зейнеткерлікке шыққанымен жұмыстан қол үзбеген, неміс тілі пәнінің мұғалімі, кепкен үйеңкідей денесі бар, арық әжімді жүзінде мейірім мол Лотте Романовна: – Бұл Кузьмин, әрине, қазақшаға судай. Қазақтардың арасында балықша шоршып ойнаған кездері болған ғой, – деп салды. Осылай деп, бәрінің төбесінен қойып қалды да «ол туралы әлі де талай нәрсе менің тілімнің ұшында» дегендей көмескі сәулелі қысыңқы көздерінен сәл-пәл ұшқын шашыратты. Бұл мұғалімдер бөлмесіндегі әңгіме еді. Аз-кем уақыттан соң ғана «менің тілімнен шыққанды ана директордың құлағына жеткізетін, маған жұлдызы қарсы жампоздар жоқ па еді» дегендей еркек, әйелі аралас мұғалімдерді секемшіл раймен бір-бір адақтап шықты. Ерік мұнысын кәріліктің алғашқы тұяқ серпісі сияқты бірдемесіне балады. Бұдан соң сәл үнсіздік орын алып еді. Тек Лотте Романовна қайта тықыршыды: – Бұл Алексей Никитычтың ағаштан түйін түйетін де өнері бар. Әнші, биші, аккордеоншы, бильярдшы, анекдотшы, аңшы, саясатшы, тағысын тағылар... – дегенді қосты. Бұл неміс әйелінің директорға қатысты алғашқы қағытпасын жуып-шайғандағысы ма, жоқ, шындығы солай болғасын ағынан жарылғаны ма, ол жағын Ерік ажыратпады. Ал басқалар тілдерін тістеп бақты.

Тек кәрі ұстаздың «саясатшы» деген сөзі тұсында ғана баршасының қас-қабақтарында бір сілкініс байқалды. Бұл сөз оң мағнасында ма, жоқ, теріс мағнасында ма? Егер теріс мағнасында болса бұл сөз майға сұққан қасықтай жылпостыққа меңзейді. Ал Еріктің өз басы Лотте Романовнаның сөзіне имандай сенді, сосын да ондағы кекесінді аңғармауға тырысты. Енді қалай, мектеп директорының басындағы біраз өнердің шет-пұшпағын өзі де көріп үлгерді ғой. Тастан қашалған діңгектей тіп-тік, салмақты бітім-болмысы, көзге әрең шалынатын шатыраш өрнекті сұп-сұр пиджак пен көбіне басқа түсті шалбары, кірпіше тікірейген ақ аралас қысқа шашы, қасқабағы, нық-нық аяқ басысы, қайда бұрылса да көргенінен көз ақы алардай, немесе, іштегі бір қимасыңды суырып әкетердей тесілуі, оған сегіз қырлы, бір сырлы қалпын, тоқсан тарау өнерін қос, осылардың бәрі бұл адамның жаратылысын әр қырынан сырлап, бояп, Еріктің көз алдында асқан әлеуетті жанның мүсінін сомдайды. Кейде директор мектеп үйінің ұзыннан-ұзақ дәлізінде жалғыз келе жатып, не оқушылардың, мұғалімдердің ортасында әлдебір шаруамен ары-бері жүйткісе Ерік әлденеден қалың жынысты орманда құлағын жымита жылыстаған жолбарысты елестетді. Сөйте тұра ол өз-өзінен мәз-майрам болып, күле сөйлеп, балаша елгезектенсе мүлдем басқа қырынан аунап түскендей көрінеді. Міне, ол Ерікті жұмысқа осы соңғы қырымен жұмылдырды: – Сенің жұмысыңдағы ең басты көрсеткіш қазақ тілін оқуға тілек білдірген балалардың сабаққа неғұрлым толық қатысуын қамтамасыз ету! – дегенлі ол бірде Ерікке қадап айтты. – Ол үшін балалардың қызығушылығын тудыра білуің шарт. Әр сабаққа мұқият дайындалып, әртүрлі тың әдістерді ойлап табудан жалықпа! Сен ұстаз ретінде алғаш табалдырық аттадың. Демек үйрету, әрі үйрену саған қос сыбағаша тартылды. Қолың боста тәжірибелі мұғалімдердің сабағына қатысуыңа рұқсат. Анау орыс тілінің мұғалімі Нина Николаевна, тарихшы Денис Антонович, математик Борис Устинович, физрук Михаил Ефимович, неміс тілін оқытатын Отто Филиппович шетінен тіс қаққандар. Оларға мен де айтып қоярмын, солардан тәлім алсаң сен үшін мол ырзық. Ал ана Лотте Романовнаға жуыма, ол өзін-өзі әбден сарыққан адам ғой, әрі сөзі көп, жасын сыйлағасын ғана арамызда ұстап жүрміз. Ал мына завучті өзім де білмеймін, жаңа келген адам. Еріктің, әрине, алғашқы апталарда бар ынтасы жұмыста болды. Әр сабаққа жақсы дайындалады-ақ. Тек мұның ескермеген, әрі директордың да ескертпеген бір нәрсесі бар екен. Ол

7-8-сыныптардағы қыздардың тәртібі еді. Бұл Ерік оқыған қазақ мектебінде бар пәле ер балалардан шығып жататын. Ана бала мына қызды ренжітіп қойыпты, ал мына бала ана қызды жылатып қойыпты, бірдемесін тартып алыпты деген сияқтыларға құлағы үйренгелі қашан? Қыздардың үнемі ер балаларға шағынуы да дәстүрге айналған. Ал мына орыс мектебінде бәрі керісінше, мұнда ұлдар қыздардан соққы жеп жатады. Ал ұлдардың намысқа тырысқаны ма, нағыз «джентельменге» ұқсап баққандары ма, әйтеуір ондайлыққа байланысты шағым айтуға әсте жоқ. Осы жағын айна-қатесіз ұққан қыздар одан сайын есіреді, шамасы. Бірде сабақ арасындағы үзілісте Ерік, тарихшы Денис Антонович, Лотте Романовна мұғалімдер бөлмесіндегі терезеден мектеп ауласындағы балалар ойынын қызықтап тұрған. Сонда құшаққа сыймас мол жирен шашты тайқардай бір орыс қызы көбірек көзге түсті. Кенет ол алыс-жұлыс ойын үстінде аяғын басып кеткен бір баланы көк желкеден жұдырықпен түйсін келіп. Бала етпеттей құлап, маңдайын мектептің шығар есігінің алдындағы тас баспалдаққа барып ұрды. Мұның құлауы жаман еді, екі-үш минут ес-түссіз жатып қалды. Ерік шошына қасындағы Денис Антонович пен Лотте Романовнаға бұрыла қараған. Денис Антонович әлдекімнің серпінді қимылына айызы қанғандай жалпақ бетінде көңілді күлкі ұялап, екі езуін құлағына жеткізе керді. Көздеріндегі құбылыс та бір түрлі, тұңғиықтанып жансар жылтырайды: – Эх, Лариса Недушенко, сенің болашақ күйеуіңе ешқандай қызғанышым бола қоймас? – деді де етженді кеудесін шайқаңқырап, оң алақанымен төсін сыйпалады. Еріктің көзі тағы да ұясынан шықты. Қазақ мектебінде мұндайлық үшін ана қызды, немесе осындайлыққа барған баланы мұғалімдер бөлмесіне шақырып алып, бәрі жабылып, жер-жебіріне жетер еді. Ал мұнда мүлдем басқаша «реакция». Сойқан қызды тәртіпке шақырудың орнына мына тарих пәнінен дәріс беруші аққаптал неменің мүлдем басқа әуенмен басы айналды. Әрі бұл әнеукүні ғана директордың Ерікке ең бір тәуір ұстаздар қатарында атаған адамы ғой. Соғысқа қатысқан, омырауында «Халық ағарту ісінің үздігі» деген төсбелгісі жылтырайды. Сөйте тұра ол өстеді. Ал Лотте Романовнанікі тіпті қызық. Онсыз да қысыңқы көздерін одан әрмен сығырайтып, еріндерін жымқырып, өтірік күлкіге кенелгендей тұрды. Арық әжімді жүзінде қызғаныш атты пәленің жыбыр-жыбыр белгілері жүгіріп жүргенін зерделі Ерік анық аңғарды. Апырау, сонда бұл анау тентек қыз Лариса Недушенконың жастығын, сұлулығын, өзімен бірге оқитын баланы көк желкеден

ұрып құлатқаны үшін ешқандай жаза алмайтындығын қызғана ма? Жастық пен сұлулықтың әуені өз алдына, ал жазаға келсек ол осы көріністі өз көздерімен баққан мына екі әккі ұстаздың өз қолдарында емес пе? Әлде өткендегі замана дауылдарында абайсыз жоғалтқан өз жастық шақтарының өкініштері өзектерін өртей ме? Бірақ мынау тап сондай өкініштің жүретін жері емес. Еріктің таңырқағаны соншалық әлдекімнен ақыл-кеңес күткендей арт жаққа жалт қарап еді, ортадағы ұзын столдың екі жағында, ауладағы Лариса Недушенко қылығынан кәперсіз өзге мұғалімдер әрқайсысы өз шаруаларымен мәре-сәре екен. Бұл Еріктің ішіндегі желді одан сайын гуілдеткендей. Мұндай таңырқаулар алғашқы айдағы жұмыс үстінде Ерікке жиі-жиі қайта айналып соға берді. Жаңағы Лариса Недушенко деген қызды бұл әлі білмейтін, мұның пәні жүрмейтін тоғызыншы, не оныншы сыныптың оқушысы. Бірақ сол күннен оны жадында тұтты. Себебі өзі дәріс беретін 7-8-сыныптардағы кейбір өз сыныптастарынан жасы асыңқыраған қыздар да тап соның қылығына ұқсас әрекеттерге баратын. Былайша бұзықтау, қайраттылау көрінетін орыс балаларының осы қыздар дегенде жүні жығыңқы келетінін де алғаш рет ұқты. * * * Міне, Ерік Тінәлиев қолында сынып журналы бар сабаққа кірді. Бұл түске дейінгі және түстен кейінгі кезек аралығындағы уақыт еді. 8-сынып оқушыларынан құралған «еріктілер», айналасы 1516 бала, түске дейінгі сабақтан соң өзгелер үйлеріне қайтқанда бұлар алтыншы сабақ ретінде қазақ тілін үйренуге қалып отыр. Бұл әдеттегі қырықтан астам балаларды сыйғызатын сынып бөлмесі емес, лабораториялық жұмыстарға арналған шағын қуыс. Өзгесі бос болмағасын қазақ тілі көбіне осында өтеді. Ерік әдеттегідей өзін орындарынан тұрып қарсы алған балаларға: – Сәлеметсіңдер ме? – деп, тіл қатты. – Сәлеметсіз бе? – деп жамыраса жауап берді балалар. Сосын өз орнына отырып балалардың сабаққа қатысу мөлшерін тексерді де бүгінгі қазақша біліп келуге тиіс сөздерді сұрай бастады. Одан соң жеке сөйлемдер. Ерік өзі көбіне қазақша сөйлеуге тырысатын. Әр сөзді нық-нық айтып, көбіне ұғуға оңай қысқа сөйлемдерді көлденең тартады: – Бүгін ауа райы жақсы! Кәне, мен не айттым? Өстіп әзірге оқулықта жоқ сөздерді қыстырып, балалардың білігін

тездете арттыруды амалдайды. «Ауа райы» дегенді түсініңкіремей балалар сәл тосырқады. Әсіресе, арт жақта жастары асыңқыраған, көздерін отша жайнатып, сабақтан гөрі Еріктің бітім-болмысындағы өздері ұнатқан белгілерді жіпке тізе бақылаған төрт-бес қыз ойланған сыңай танытты. Бірақ таппады. Енді олар ақ бантикті, сары қамыстай шашты бастарын бұлғаңдатып, бір-біріне көз қиықтарын тастап, күлкіге ілік іздеген, не соны керексінген раймен қарады. Мұны байқаған Ерік «жаңағы сұрақ сендерге де қатысты» дегендей түсін суыта қарады. Сонда сол ересек қыздардың бойшаң, елгезектеу біреуі орнынан көтеріліп, иіліп барып, алдыңғы партадағы ер баланың оқулығын рұқсатсыз, дәнемесіз жұлып алды. Ер бала оқулығын бергісі келмей жармаспақ еді ана қыз оның екі қолын бір шынтағымен-ақ қағып жіберіп жуасытты. Бұл Еріктің қитығына тиген: – Кәне, оқулығын өзіне қайтар! – деп, солай қарай екі-үш аттап, қазақша ызғарлана сөйледі. Ана қыз көзімен бір атып қарағаны болмаса былқ еткен де жоқ, жалма-жан кітапты ақтарып, «ауа райы» дегеннің орысша баламасын іздей бастады. – Кәне, оқулығын өзіне қайтар! – дегенді Ерік әрбір сөзін ғана емес, әрбір әрпіне дейін өз орнына шегелеп дігірледі. Сонда ғана қыз өз ісінің де текке әурешілік екенін ұғып үлгерді ме, кітапты жауып, сол кітаппен баланы бастан бір нұқып қалып: – На, подавись! – деп, алдына лақтырып тастады. Ерік енді артық сөзге барған жоқ. «Балаларға орынды-орынсыз шыжбалаңдай беру педагогикалық қағидаға қайшы» дегенді бұған дейін-ақ естіген. Сабақ жалғаса берді. Кенет жаңағы ересек қыздардың бірі қолын көтеріп рұқсат алды да: – Ерик Тиналиевич, как по-казахски «подавись»? – деп салды. Тәжірибесіздігі ғой, Ерік сәл тығырыққа қамалды. Қазақша үйрене берсін деп, «қақалып өл» дегенді айтуы керек пе, жоқ, мұндай жаман сөзді сұрағаны үшін сөгіп тастағаны жөн бе, сол жағын бірден ажыратпады. Тек бұлардың айдауына жүре берсем барабара бұдан да сорақыны сұрар деген түйсік тоқтатты. Байқайды, Ерік олардың өтінішін қанағаттандырмаса да сап-сары үрпек бас қыздардың іштеріне бір құйын кіре бастапты. Былтыр Алматыға оқуға барарда әке-шешесі бірер қой сатып, Ерікке қара костюм әперген. Ол кезде мынадай жазға бергісіз ашық күз күндерінде ақшыл киім киіп, қараны қысқа қалдыру Еріктің мүмкіндігіне сай еместігі өз алдына, тіпті ондайлық санасына да ұяламаған. Міне, қазір де мұқият үтіктелген сол қара костюмі Еріктің ашаң денесіне жақсы қонып, әрі қара галстук, ақ

жейдесімен үндестік тауып, оқыған зиялы жандардың қатарына қоса салғандай. Әрі Еріктің өзі де тым арықтығы демесең бір көрімге бар жігіт еді. Кешегі шаң қапқан ауыл баласының бір-ақ күнде түлеп тұрғанындай қою қастарын керіңкірей таза ақшыл өңімен, қоңырқай тұнық жанарымен тесіле қарағанда кім-кімнің де назарын бір сәтке байлап ұстайтыны анық. Әрі мына таза орыс қауымының ішінде мұның ұлты бөлектігі, әрі уыздай жас порымы анау артқы парталардағы, әлі балиғыға толмаған, бірақ сарбалақтанып пісе бастаған егінжайдай мінездері бар қыздардың көңілдерін бұзады, шамасы. Оның солай екенін туа бітті қырағылығы басым Ерік те дәл таразылаған. Міне, қазір де сондай бірдеме ол қыздарды булықтыра бастапты. Ерік қабағын түйіп түсін суытады-ақ, бірақ аналардың іштеріндегі құйын басылар емес. Жүз жасырғансып, бастарын төмен салып, Ерікке ме, жоқ, өзара ма, бірдеме айтқансиды, тек құр пыш-пыштан өзге анық сөз нобайы құлаққа жетпейді. Көздерін көтеріп қараса тіпті керемет, онсыз да қызыл шырайлы жүздері отқа қойылған темірдей балқып бара жатады. Көздері де сондай аспаннан атылған найзағайдай өткір сәуле шашады. Бірінің аузынан ұшқан қандай да бір құпия сөздер легімен ер балалармен де, мұғаліммен де бөліскісі келеді-ақ, бірақ енді-енді тәуекелге басарда ұят қысып, орта жолда дымдары құритындай. Тек іштей булықтырған күлкіге ерік береді. Әсіресе, жаңағы алдындағы баланың оқулығын тартып алып, мұғалім зекігесін ғана намысқа тиер сөзді қосақтап өзіне қайтарған бойшаң да жасы үлкендеу Катерина атты қыздың екі иығының бүлкілі жаман. Нағыз жалын ойнаған түр-кескін де осынікі. «Апырау, бұларды отырған орындарынан көтеріп әкетердей кернеген не күлкі» деп, Ерік миына күш түсіре таңырқаса да басқа да бір жайға назар аудармай қала алмады. Ия, оған Еріктің қыршындай жастығы да сеп. Ол осы тұрыста өзі өскен ортадағы қазақ қыздарынан гөрі орыс қыздарының әлдеқайда көрікті екендігіне де ой жеткізді. Іріктеп жатар не бар, мына Катеринаның өзіне қарашы, тұлабойындағы тасып-төгілген жігерге қоса «маған жетер қай періштең бар» деп, айшықты әсем жүзін айнала дүйім жұртқа тосса еш сөкеттігі жоқтай. Сұлу десең сұлу. Қатарынадағы екі-үш қыз да ол жөнінде Катеринамен таласуға бар. Өңкей бір беттерінен қаны тамған өңді немелер. Дүкен сөрелеріндегі көздің жауын алар қуыршақтардай бұлар қандай шебердің қолынан шықты екен деп қиялдасаң ұзаққа шабатындайсың. Әсіресе, Ерік сияқты қиялшыл адамға солай. Болашақ жазушы Ерік Тінәлиев көз ашып, ес білгелі қазақтың

ескі хисса-дастандарын талмай оқып, ондағы темір сауытты, көк найзалы батырлардың жүрегін тұтқан, аспандағы айдан аппақ деп әспеттелетін перизаттар сымбатына құмарын қандырған ғой. Көбісін әлі күнге жатқа да біледі. Соған орай мұның көкірегінде қалыптасқан сұлулық төңірегіндегі түсініктер болушы еді. Енді оның бәрі өз-өзінен ығыса бастапты да жаңа түсінік, жаңа елес, тіпті жаңа болмыстың өзіне орын бергендей. Бұл бір жайдан Еріктің жанына да бататындай. Мыналардың жүздерін жырға қосу үшін өткендегінің бәрін бір қолмен ысырып, мүлдем тың теңеулер іздестірген жөн-ау. Осылай ауа толқыса да Ерік өзін-өзі кұшпен тізгіндеді. Катерина бастаған қыздар әлі тыныштала қоймаған. Бұлардың уыстан шығып бара жатқанын таразылаған Ерік өзінің ұстаз ретіндегі құқығын пайдаланып: – Катерина Осокина! Кәне, бері тақтаға шық! – деп бұйырды. Оған керегі де сол екен, партадан ытқып шықты да өзгелерді қақ жара тақта қасына екі-ақ аттап жетті. Адымы да үлкен екен, жүрісіне Еріктің көзі де ілеспей қалғандай. Ерік те тап осы жерде ғой, Катерина бұраң етіп, басын шайқаңқырап, қызарған жүзін онда-мұнда жүйткітіп тап қасына кеп бой түзегенде Ерік өзіне тағы бір сынақты тілеп алғандай күй кешті. Әлдене селк еткізіп, ол кеудесіндегі бір жыбыр-жыбырға айналып, төбесіне шығып, одан төмен қарай аяғының башайына дейін жүгіріске басты. Апырау, бұл ненің соққысы деп, Ерік өзінен-өзі сұрап та үлгермеді, оның жауабы да кеудесіне оқша қадалды. Бұл мына Катяның, Катерина Осокина сұлулығының жаңа қырынан жарқ етуіне байланысты екен. Еріктің басында екі түйсік қоса-қабат атойлады. Апырау, бұл небәрі 8-сыныпта оқитын, көп болса 16-17-дегі ғана қыз емес пе, бұлайша толысып үлгеруге қалай уақыт тапқан деген сұрақ та кептелді. Отша лаулаған жүзі ғана емес, аппақ жұмыр мойны, төсіндегі қос анары, ескілікті қыш құмырадай мінсіз белі, тап сондай зергерлік бұйымындай бұлшық етті қолдары мен аяқтары мына әлі жас, жар қызығы дегенді бастан кешпеген Еріктің іші-баурын табанда бұрқан-талқан етті. Бір секөнттік қалтарыста мынаны миынан өткізіп үлгерді. Қазақтың ғашықтық хисса-жырларында сұлу қызды сыпаттау үшін оны үлде мен бүлдеге малындырып қоюшы еді, ал мынаған ондай аттының көк тиынға қажеті жоқ, қайта жалаңаштай түссең одан әрмен бас айналдыратын пәк сұлулығы аршылатыны хақ. Осыған жалғас шешесінің бір сөздерін де еске алды. Шешесі «Құдай сұлулықты орыстарға берген ғой» деп тамсанып отыратын. Оның

себебін сұрағанда мынадай бір аңызды көлденең тартқан. Құдай өз елшісіне «мына сұлулықты орыстарға, не мұсылман қазақтарға апарып беріп кел» деп тапсырады. Елші «қайсысына берейін» дегенде құдай «қайсысы түнде аз ұйықтап, көп жұмыс істесе соған бер» дейді. Елші түнделетіп орыстар мен қазақтардың арасын кезеді. Қайда барса да қазақтар қорылдап, ұйқыдан бас көтермей жатады. Ал орыстар олай емес, ояулары баршылық, әсіресе, бір кемпір түнімен көз ілмей зырылдауық ұршықпен жіп иіріп отырыпты. Елші үш рет барғанда да осындай көріністің үстінен шығып, сұлулықты орыстарға қимай кері қайтқан екен дейді. Себебі, қазақ аңыздарында құдай да, оның елшісі де қазақ жағында ғой. Тек төртінші жолы ғана амалы құрыған елші сұлулықты орыстарға сыйлаған екен дейді. Осындай қиялмен бір сәт ауа жайылудан соң Ерік қасындағы қыздан: – Бұл не қылған күлкі? Қандай сөздің қазақша баламасын білгілерің келіп еді? – деп, орысша айғайлай сұрады. Сонда ғана Катерина жіңішке де бірақ етті денесіндегі иірімдерді жөнге келтіріп, бой түзеді де өрт шалғандай жүзін Ерікке біржола бұрды. Бұл қызды тым жақыннан бірінші көруі ме тап осы сәтте Ерік бөгде бір ғажайыптың куәсіне айналды. Катерина көркіне көрік қосқан алтын жүзіктей асыл бұйым оның әдемі қырқылған қоңырқай сары түсті кірпіктері мен сонымен көмкерілген жанарында екен. Былай қарасаң жанары кәдімгі жанар, тек ондағы өзіңе деген ықылас Еріктей сезімтал жанның ет жүрегі түгілі қара тасты езіп жіберердей. Көз бен кірпіктің жұмысын күлкі үйірілген әдемі еріндері одан әрі дамытып әкетті. «Апырай, мына қыз қайтер екен» деп, Ерік енді он екіде бір гүлі ашылмаған балауса жігіт емес, көпті көрген көнеше сақтық мәселесін ойлағанға ұқсады. Мына қызды тап қасына шақырып алғанына өкінді. Ерік деген бас білмес шүу асаудай қиялы онда-мұнда жұлқынған солқылдаған жас емес пе? Осы әсерімен қабат, әнеукүні ғана тарихшы мұғалім Денис Антонович, Лотте Романовна – үшеуі мұғалімдер бөлмесінің терезесінен сыртқа, мектеп ауласына қарағанда жойқын қимылымен бұлардың тіл ұшына іліккен, әлгі құшаққа сыймас сап-сары шашты Лариса Недушенко дегеннің сын-сымбат жағынан мынаның қасында құла-төбел ғана екенін де ойлап үлгерді. Кенет арт жақтан жаңа ғана осы Катерина Осокинадан жәбір көрген ер бала қолын көтерді: – Кәне, не айтпақсың? – деп Ерік солай қарай иек қақты. Қазақ

тілі сәл ығыса тұрды да Ерік орысша сұраған. Бұл маңдайын жартылай жапқан қою жирен кекілі бар, көздерінде үрей білінетіндей жыпылықтауы көп, өзі де, киімі де жүдеулеу бала екен. Көмекейіндегі сөзін де орасан күш жұмсап әрең шығарды: – Ерик Тиналиевич, бұл Катя сізден «мен сені сүйемін» дегеннің қазақшасын сұрады. – Осыны айтты да арт жақтағы қыздардың тағы біреуі көк желкемнен ұрар ма екен дегендей солай қарай бұрыла жалтақтады. Бұл Петя деген баланың Катерина Осокинадан жаңа ғана көрген сол жәбірі үшін кек қайтарғандағысы еді. Петя текке секемденген екен. Арттағы қыздар партаның астына түсіп кетердей бастарын төмен салып жіберіп, біржола жүз жасырудың қамына кіріскен. Екі иықтарының бүлк-бүлкі ғана шалынады. Қасындағы Катеринаға жалт бұрылып еді, Еріктің көздері тағы да ұясынан ұшып түсерге шақ қалды. Бұл ауылда өскен бала, сосын да жақсы біледі, қыр басында жел соққанда қара жерге бас ұра жапырылған гүлдер болады. Өңі өрттей қызарған Катеринаның тап қазіргі дене қозғалысы тап содан бір былай емес. Апырау, мынау тап қазір құлап түсер ме екен деп те ойлап еді, байқаса олай емес, серіппелі темірдей берік буындары оған жібермеді. Бара-бара бұл ұялғанға да ұқсамайды, қызарып, жүз жасырғансып, бұраң-бұраң еткенмен де іштегі басқа бір пиғылды өз мұғаліміне аңдатпақ талабы да танылды. Ол жағын қыз бір көзінің ұшығын Еріктің көкірегін ауырта қадап қалғанда ғана айырды. Мұнысы айна-қатесіз «біз сізді мұғалім емес, кавалер ретінде көргіміз келеді» дегендік еді. Бұған қоса қырағы Ерік Катеринаның жаңағы Петяға қараған көздерінен наразылық емес, ризашылыққа толы ұшқын шашыратқанын да ажыратты-ау. Тап осы тұста ғана Ерік өзінше дүрс сілкінгенге ұқсап, тұлабойына қайрат жиды. Бүйтіп бұларды бетімен жібере берсе табанының астындағы қара жер тайып кетердей қорқыныш аулына қарай қадам жасады. Ала жаздай басын тауға, тасқа соғып, әрең тапқан жұмысынан айырылып қалса масқараның көкесі сонда болмай ма? Тіпті ішінде пайда болған Катеринаға деген бір елгезек сезімді де қақ маңдайдан ұрғандай күшпен басып, мынау Текелі атты үлкен қаланың ең үлкен мектептерінің бірінде өтіп жатқан сабақ екенін де ескере өз жігерін өзі жаныды. Катеринаға: – Орныңа отыр! – деп бұйырды. Енді Катерина бөксесін ойнатып, қырық құбылған жүріспен төрге озды. Арт жағынан да көздің жауын аларлық сымбатты мүсіні бары аңғарылады екен сығырдың. «Құдай сұлулықты орыстарға берген ғой» деген шешесінің сөзі тағы есіне түсті. Орыстар қазақтарға қарағанда еңбекке, өмірге

әлдеқайда бейім, сосын да тұрмысты, қыздарының сұлу, жігіттерінің
ірі келетіні содан дегенді Ерік әзірге ойға алмаған еді.
Ерік мектепте оқып жүргенде-ақ орыс тілі мен әдебиетінен
сабақ бергендердің балаларға айтатын кейіс сөздері есебінен өз

ішінде біраз сөздік қорын жасаған. Осындағы бір айға жетер-жет-
пес уақытта да ол қорды сәл толықтырған. Міне, содан ең бір өткір
шанышқыдай көрінетін біразын суырып, бастарына төкпелетті-ау.
Әлі даусында ұстаздық сарын, ырғақ қалыптаспағанымен қалайда

жастық жігері бар ғой, соны еселей жұмсап, оқушылардың сәл-
пәл құдайын ойлатуға жарады. Сынып ішінде тыныштық орна-
ды. Катеринаға қадалғанда оның жыны басылған ештемесі жоқ,
тек қалың тоғайда кездесетін түгі жылтыр әккі аңның сәл шегініс

жасағанына ұқсас, басқаларға көз қылып қана саябырсыған түрі
бар. Қос жанарынан шашыраған ұшқын бәз-баяғы қалпында.
Ерік өзінің дайындап әкелген сабақ жоспарына сәйкес жұмысты
жалғастыра берді. «Жо-жоқ, мына жерде сезімге берілуге бол-

майды, мыналардың оппаға құлатуы оп-оңай» деп, өзін-өзі іштей
қайраса да өз табиғатына қарама-қарсы қылыққа барғанға ұқсас
бөгде бір түйсік тағы да кесе көлденең килікті.
Бұл әлгі мектеп ауласындағы үлкен жиналыстан кейін мектеп ди-

ректоры Алексей Никитыч Кузьмин іштен аккордеон көтеріп шығып,
баршасын биге шақырған орыс әуендерінен соң қазақтың «Ағажан
Ләтипасын» құйқылжытқан күннің о жақ, бұ жағында болған оқиға.
Бірақ мұның бәрі Ерік Тінәлиевтің ұстаздық қызметіндегі алғашқы

аккордтар еді.
* * *
Жұмысқа кіріскен алғашқы айда Еріктің тағы бір тындырған
шаруасы осындағы мұғалімдердің түр-түстеріне көз құмарын

қандырды-ақ. Өзі оқыған қазақ мектебіндегі мұғалімдерден гөрі
мыналардың әлдеқайда қылаң жүзді, әрі сүйекті, етженді келетінін,
киім киістеріндегі кербездік, ара-тұра алабөтендік шалынатынын,
ең бастысы тазалық деңгейі көп жоғары екенін ішке түйді. Ия,

тазалық жағы түсінікті, қалайда, мал ұстап, бақша егетін ауыл
мұғалімдері емес, көшелеріне көбіне асфальт төселген, олары
ертелі-кеш сыпырылатын қала тұрғындары болғасын да солай ғой.
Ал басқасында шынында да бір гәп бардай. Бара-бара бұл ғана

емес, бұлардың сөз саптасы, ой өрісі, өзара қатынас, мінез-құлық
сияқтыларында да үлкен алабөтендік барын аңғарды.
Ерік, әсіресе, әнеукүні мектеп директоры атағын орыс тілі мен
әдебиетінің мұғалімі Нина Николаевна, тарихшы Денис Анто-

нович, математик Борис Устинович, физрук Михаил Ефимович, неміс тілін оқытатын Отто Филиппович пен Лотте Романовнаға көбірек ықылас қойды. Бірде сабақ орны боста осылардың бастары қосыла қалды. Еріктің де қолы бос еді. Мектепте сабақ жүріп жатыр, айнала тыныштық. Уақыт сәске түске таяу болғасын да мұғалімдер бөлмесіне үлкен терезеден жарық мол түсіп тұр. Сол жарыққа қарама-қарсы жайғасқан Нина Николаевна сөйлеп отыр: – Біз биыл жазда жақсы демала алмадық. Біздің Сережамыз тоғызыншыдан оныншыға өтті ғой. Келесі жылы мектепті бітіреді. Құдай қаласа Мәскеуге, Ломоносов университетіне жібермекпіз. Осы бастан дайындамасақ бола ма? Бір ай бойы мен оны орыс тілі мен әдебиеті, ал Тимофей физика-математика бойынша қайта оқыттық. Сосын Тимошаның өзі Алматыға оқуға кетті, ал қалған бір ай бойы мен кітап оқумен күн өткіздім. – Осыны айтты да сол кітаптардан алған әсері әлі тарқамағандай қып-қызыл шиқандай ерінді, аппақ толықша өңін, ішке кіріңкі, кірпіктері әрең шалынатын жіңішкелеу көздерін терезеден түскен жарыққа тоса шаршағандық па, жоқ, масаттанғандық па, әйтеуір, соның екеуіне де қатысты бір шыраймен мөлиді. Иығына жетер-жетпес етіп қырқылған, сәл қобырай бұйраланған сап-сары шашы мен аппақ жұмыр мойны да мінсіз жұптасқан. Мұндағы әйелдердің бәрінде дерлік көз тартарлық көрік бар, тіпті көркі жоқ дегендердің өздері де опа-далап, бояу арқылы сондайлықты құдайдың қолынан жұлып алғандай бет-жүздерін еркек атаулының назарын бір жұлқып қалуға жаратып қояды. Әрі өздерімен бірге біткендей жарасымды блузка, юбка, немесе көйлек, әрі туфли дегендерді қос. Алтын сырға, алқа, сақина сиқтылар сирек, бола қалса қазақ әйелдеріндегідей ірі емес, шұқшиып қарағанда ғана жылт етері бар тым ұсақ келеді. Оның да өзіндік бір жорасы бардай. Әлдеқалай ер адамның көз ұшына ілінсе оның назары ауып, жақындап кеп барласын дегендей әдейі құрылған қақпанға ұқсайды. Бірақ сонда да Еріктің пайымдауынша осындағы әйелдердің ең сұлуы Нина Николаевна. Өңінің ақтығы, өзінің бақытты өмір сүруде екенін айғақтайтындай көңілділік, әрі шеберлікпен пайдаланған косметика – бәрі қосылып, ерекше бір сүйкімділікті құрайды. Даусы да ашық, әуезді, тек ара-тұра өктемдік килігеді. Педагогиканың алғашқы дәмі таңдайына татыған Ерік «оқушылардың назарын мықтап байлап-матап ұстайтын дауыс осынікі-ау» дейді ішінен. Нина Николаевна түрегеліп ары-бері жүргенде орташа бойлы, толықтау жан екені де білінетін. Бірақ іркілдеген семіз емес. Қаз төсті кеудесі, жұмыр аяқтары әлдебір

білгірлікпен құйылғандай сом жаратылысымен-ақ әйелге тән нәзіктік, сұлулық нышандарын көл-көсір көлденең тартады. Қазір ол отырған күйде сөзді ағытуда. Жаңағы Тимофей дегені осы қалада басқа бір мектепте физика-математикадан дәріс беретін өзінің күйеуі еді. Оны Ерік бір рет көрген де еді. Тұлабойында қырым ет жоқ, арық, ұзын бойлы, қара шашты, тотыққан қоңырқай өңді адам. Нина Николаевнаның жаңағы сөзі үстінде осындағы ағылшын тілінің мұғалімі, дүңген әйелі Адалят Сализовна асығыс ішке табалдырық аттады да ұзын бойымен көк тіремектей қақ ортада кілт тоқтады. Нина Николаевнаға бір қырын беріп, көзінің ұшымен нысанаға ала мұқият құлақ түрді. Бұл ағылшын тілі маманының қарасында бір обырлық барын Ерік алғашқы күндерде-ақ байқаған. Онысынан аздап жайсызданған да. Енді сол қарасқа осындағы «тарланбоз» – Нина Николаевнаның «реакциясы» қалай боларын көрмекке екі әйелге де жұтына телмірді. Бұл ретте Ерік іштей «реакция» деген сөзді пайдаланды. Физик, химик мамандардың ықпалымен бе, әйтеуір, осы ортада бұл сөз ауыз-екі тілде өте жиі қайталанатын. Нина Николаевна Адалят Сализовнаның отты қарасына жауап ретінде жазғы демалысының жүдеулеу өткенінің өзінде үлкен мағна, толыққанды өмір, тұрмыс нышандары жылтырайтынын паш еткендей қас-қабағынан кірбең атаулыны сілкіп тастап, терезеге, мол жарыққа көбірек ден қойып, жүзін жайната түсті. Әсіресе, қып-қызыл шиқандай еріндері көз тартты. Аппақ бетіне қан тамғандай бояуы әрленіп, Нина Николаевна мақтан тұтар мәртебе атаулының ол да бір нақышындай сәулеленіп, белгі береді. Жас баланікіндей аппақ толықша өңі сол арқылы тіптен нұрланып, мұны там-тұмдап күлкі үйірілгендей сығырайған көздерінің қылығы үстемелегенде бұл әйелдің шын пейілін сыртқа алып шыққандай шырайына шырай қосылды. Тап осы тұста онсыз да оған көзінің ұшын қадаған Адалят Сализовна шарт кеткендей: – Оқу да оқу! Сіздің Тимофейіңіз былай да қу сүйек адам, бүйтіп оқи берсе не тамтығы қалады? Бір адамға бір диплом жетпей ме? – Осылай зікірледі де бір орында шырқ үйірілгендей қозғалыс жасады. Енді Нина Николаевнаға екінші қырын берді. Тұлабойынан бір мінез де біліне бастағандай. Бұл ағылшын тілінің маманы нағыз құстұмсық адам еді. Қап-қара шашы ортан белінен шорт қиылған, түсі де күңгірт, үнемі лайланып жүретін көздерінде жер түбіндегіні шалатындай қырағылық бар. Кейде Ерік бұл әйелдің осы түріне қарап биік бағанаға қонған қара қарғаны елестететін. – Тимашоның қу сүйек болатыны тамаққа өте кірпияз, – деп

Нина Николаевна жауап қайырып жатыр. – Менің өзімнің де кулинарлық қабілетім жаман емес. Сонда да Тимофейдің тәбеті ашылар ма екен деп, бір айға анау рестораннан арнайы аспаз да жалдадық. Бәрібір пайдасыз. Арақ ішпейді, бірақ шылымды көп шегеді. Содан ба деймін. Ал оқуға келсек маған мұғалімдіктен гөрі инженерлік қолайлы дейді, қайтейін? Бірақ оған оқу қиынға соғып жүрген жоқ, онда да, мұнда да сол баяғы физика мен математика ғой. Пединститутты қызыл дипломмен тамамдаған адам политехті бір иығымен-ақ көтеріп әкетпей ме? Осы тұста дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Михаил Ефимович сыр берді. Кең иықты, етженді, жасы қырыққа енді-енді толса да жалпақ жүзінде, ойсыз шақшиған көздерінің айналасында әйнекше шытынаған әжім іздері бар бұл отырған орнында бүлкбүлк күлгенсіп: – О құдайым-ай, физика-метематикадан дәріс беру біз үшін қол жетпес арман. Ал Тимофей Игнатьевич соны місе тұтпай заводқа инженерлікке кетпекші, – деп, қасындағы Денис Антоновичке бұрыла көз тікті. Денис Антонович алдындағы газетке шұқшиған күйі басын изеді. Тимофей Игнатьевичтің мәртебесіне екі бірдей ер адамның қызғанышы оянғанын сезген Нина Николаевна терезеден құйылған мол жарыққа жүзін одан әрмен тосты. Бұл Адалят Сализовнаның шабына шоқ басылғандай әсер етті, білем, тұрған орнында тағы да екі-үш қозғалыс жасады да Нина Николаевнадан оқты көзін айырмады. Қалайда, Ерікке солай шалынды. Ол жылдарда физика-математика пәнінің мұғалімдері қай жерде де қат. Биологтар, географтар, тарихшылар қалада да, далада да жұмыс таппай тентіресе физиктер мен математиктер бір жарым, не екі жүктемемен жұмыс істейтін. Ол жағын Ерік осы жазда өз ет-сүйегімен сезген. Осы отырыста ортадағы ұзын столдың есік жағында қарамақарсы жайғасқан екі неміс мұғалім Лотте Романовна мен Отто Филиппович әзірге үнсіз. Отто Филиппович аласа бойлы, толық денесі дөңгеленген, басының қасқасы мол, жалпақ маңдайы мен үнемі төмен қарайтын көздерінде әмсе ой тұнған жан. Қақ-соқпен жұмысы жоқ, қысыр әңгімеге араласпайтын. Қазір де үлкен сүйек жақтаулы көзілдірігін киіп, дәптер тексеріп отыр. Лотте Романовна да тіл-жағына құлып салғандай, тек күлімсіреген арық әжімді жүзін Нина Николаевнаға бағыттап, әрі өзінің ту сыртында тікесінен тік қақшиған ағылшын тілі маманының да сөзі мен әрекетіне мұқият көңіл бөлген райы бар. Не көрді, не естіді бәрін іштей жіпке тізетіні анық.

Бөлмеге завуч Григорий Павлович Мосько әлдекімді сүзердей
ентелей кірді де төрге озды. Қап-қара қалың кекілін оң жақ
шекесіне қайырған, қошқылтым түсті мұрны бар, жалпақ бетті,
жуан мойынды адам. Сол жуан мойнына әлденені асып алғандай

сәл еңкіштене басады. Басқалардай емес жейдешең, әрі галстук
тақпағасын да тамағы алқа-салқа, күре тамырлары тым ады-
райып көрінеді. Галстук тақпауына сол күре тамырлардағы қан
соғысының күштілігі де себеп сияқты. Қара қастарына көмулі

сұрғылт көздері әлдекімге қадалса ұзақ бөгелетіні бар. Сосын да
онысын көп көтере бермейді. Ол өз орнына жайғасып үлгерместен
алдындағы үлкен ақ ватман қағазды көтере сол жаққа қарай бір
сілкіп тастап қайта жайды. Сосын жұмсақ қара қарындашын алып,

ватман қағазға мұрнын тигізердей бұл да шұқшиып берді. Резеңке
өшіргіш пен қара қарындаш оқу жылы басталғалы бері мұның
қолынан түспеген. Ақ ватман қағаздағы осы мектептегі барлық
сыныптардың сабақ кестелері еді. Қазір де соның бір пұшпағынан

өзгертілуге тиіс сабақ орнын тауып, резеңке өшіргішпен үйкелей
бастады. Сосын оған басқа бір пән атауын түсірді. Әлі де басын
көтерместен:

– Борис Устинович, қазір тоғызыншы «В»-да сіздің геометрия

екен, сабағыңызға кіремін. Сабақ жоспарыңызды бері тастаңыз, –
деді. Столдың орта шетінде, манадан елеусіз, ол да басын төмен
салып, дәптер тексерген математик орнынан көтеріле берді. Сабақ
жоспары көк тысты, қатырма мұқабалы дәптерге жазылған екен,

сонысын билей басқандай сәнді жүріспен барып, завучтің сто-
лына қойды. Бұл өзі әскери адамша бойын тік ұстайтын, сыптай
денелі, киім киісінде де өзгелерден гөрі ерекше қонымдылық бар,
зиялылығы шыныдай мөлдіреген адам еді. Оған күн көрінетіндей

жұқа қыр мұрынды ашаң жүзі, сыпайы мінезі, кірпияздығы
қосылып, тұлабойына бөлек сипат бергендей. Жаңа ғана физик,
математик мамандар өте қат дегенге қатысты әңгіме өрбігенде
Борис Устинович селт етпеген, тек енді ғана өте селдір жіңішке,

бурыл түсті қасын керіңкірей маңдайына, көзінің айналасына
кірбең жиып, «қызғаныштарыңа жол болсын, физик-математик-
терге талап та жоғары ғой, міне, бастықтар оқу жылы басталмай
жатып-ақ сабағымызға кіре бастады, кейінгісін тағы көрерсіңдер»

дегенді айналасындағыларға айшықтап-ақ жеткізді. Мұны аққаптал
мұғалімдер түгілі бұлардың қасында жұмыртқадан жаңа шыққан
балапандай Ерік те түсінді.
Григорий Павлович қасына кеп, тікесінен тік тұрған Борис Усти-

новичке әлі де көзін көтермеді, тіпті оның сабақ жоспарына қолын

да созбады, құдай онсыз да иіңкі жаратқан жуан мойнын одан әрмен тұқыртып, сабақ кестесінің тағы бір тұсына өзгеріс енгізіп жатты. Борис Устинович сәл-пәл айналшықтап, басын сәл-пәл мазалана қозғады да завучтен ешқандай ишара болмағасын бойын әлі де тік ұстаған күйі өз орнына барып шөкті. Сол кезде ғана Адалят Сализовна иығын қиқаңдатып, биік бағанаға ұқсас денесін екіүш жерінен сындыра, жасына лайық емес қимылдар жасап, бұл да төрге, завучқа жақындады. Биік өкшелі туфлиінің еденді тырс-тырс еткізуі де оғаштау еді. – Григорий Павлович! Менің жай-күйімді ұқсаңызшы! Құдай үшін, маған бейсенбіні бос күн етіңізші! – Адалят Сализовна, буынсыз жерге пышақ ұрмаңызшы! Әзірге олай ете алмаймын, қарамайсыз ба, күнде өзгеріс, күнде өзгеріс! – деп, завуч енді ғана басын көтеріп, төбесінен төніп тұрған ұзын бойлы әйелдің тамыры күдірейген жалаңаш мойнына көздері байланды. Қайсымыздың мойын тамырларымыз берік деп, өзара сайысқа да түскендей. – Күнде өзгеріс ащы ішекше созылмас, бір күні бұл да мәресіне жетеді ғой. Сабақ кестесінің тұрақты нұсқасы жасалады ғой ақырында! Сонда ескерсеңіз болды! – Сабақ кестесінің тұрақты нұсқасы деген биыл бізде болмайтын нәрсе! Қараңыз, осы биылдың өзінде бізде бақандай бес әйел декреттік демалысқа шығады. Ал жасап көр тұрақты нұсқаны! Қазан айының соңына таман, сіздер әлгі Перепелка дейсіздер ғой, менің әзірге көрмеген адамым, өзі анау-мынау емес орыс тіләдебиетінің маманы екен, оған бір жарым жүктеме беру көзделіп отыр, сол оралады жұмысқа! Адалят Сализовна иығынан биігірек шорт кесілген қап-қара шашты басын төмен сылқ еткізіп, құс тұмсығымен енді кімді іліп әкетпекті ойлағандай қыбырсыз қатты. Сосын қайта бой түзеп, кабинеттегі бес-алты мұғалімнен оқшау, терезе алдында табанша тақтайға оң шынтағын қойып, бәрін алыстан бақылаған Ерікті іздеп тапты. Ерік тағы да жайсызданды. Бұл ағылшын тілі маманының ешқашан тұрмыс құрмаған, өткен өмірінің бәрі бұлдыр, жеңіл жүрісті әйел екендігін Еріктің құлағы шалған. Сосын да оның орыстардың тілінде «адамзаттың көркем жартысы» аталатын әйелдерге тән тартымдылықтан ада, тым адырайған сүйек-саяғы, бет-әлпеті, күдірейген мойын тамырлары, құс тұмсығы, шорт кесілген шашы, ылғи лайланып жүретіндей көздеріндегі алып жермен қырағылық, шалт мінезі, кейде түйеден түскендей сөйлейтіндігі Еріктің тұлабойын түршіктіретін. Себебі, Ерік туып-өскен ауыл ортасында

мынау тап осы қалпымен қара көрсетсе талайды шошындыратындай. Себебі, Алматыда бір жыл оқып, онда жыртылып-айырылған небір «стилягаларға» көз құмарын қандырып үлгерген Еріктің өзіне солай. Қазір де Ерік оған алыстан-ақ үрке қарап, әрі жаңа ғана завучқа «менің жай-күйімді ұқсаңызшы» деп жалбарынуының тасасында не жатыр деп, қоса ойланғандай. Жалғызілікті әйелде не жай-күй болуы мүмкін, бейсенбі бос күн болғанда тап бұған не ұшпақ әпермек деп, бұл да енді Адалят Сализовнамен амалсыз көз түйістіргендей. Жаңа ғана өте сұлу Нина Николаевнаның өз күйеуі, баласы, әрі солардың қамына орай жазғы демалысының көңілдегідей болмағаны хақында өрбіткен қысқа әңгімесі бұл Адалят Сализовнаға қадақтай тиген. Бай да, бала да бітпеген бұған кім де кім сондайлық хақында сыр ұшығын шығарса өзіне қарсы ұйымдастырылған шабуылдай көретін. Әттең, істер шарасы жоқ, сосын да ол іштегі жарасын жеңілдетпекке Нина Николаевнаның екінші диплом үшін оқуын жалғастырған күйеуінің тым арық екендігін бетіне басқансыды. Енді завуч Григорий Павловичтен өзіне бейсенбіні бос күн етуді өтінді. Екеуінен де қайыр болмағасын денесін ары-бері қозғалақтатып, өзіне қашан да кезмайыс жайлардың ұшыраса беретінін көлденең көзге паш еткендей қимылдар жасады. Ерікке қадалуы сондай атты әрекеттерінің жалғасы еді. Бірақ Ерік енді тістене күш жиып, одан көздерін ала қашты. Тағы да бірдеме айтпақтай мәз-майрам реңді Нина Николаевнаға барынша сұқтанып бақты. Міне, Еріктің осы назары Адалят Сализовнаның одан әрмен қолтығына дым бүрікті. Не істерді ойланғандай аршындай адымдап ары-бері жүре бастады. Қас қылғандай завуч Григорий Павлович басын көтеріп: – Мен қателескен екем, әлгі химия пәнінің жас мұғалимасын ұмытыппын ғой, биыл бес емес, алты әйел декретке шығады, – деп салды. Бұл ағылшын тілі маманының тіптен жынын қоздырды. Іштегі онсыз да өртше лаулаған қызғанышының отына әлдекім қасақана үсті-үстіне ожаулап май құятындай. – Ол «химичкада» де ақыл жоқ екен, тұрмысқа шыққанына небәрі үш-төрт-ақ ай. Жау қуып бара ма? Қосағым қандай адам, оған бала тауып берудің қажеті бар ма, жоқ па деп, сәл-пәл іркілсе қылшығы қисая ма? – деп, зығырданы қайнай сөйледі. – Ой, Адалят Сализовна, махаббат жүрген жерде ойлануға жер тар ғой, – деп, Нина Николаевна сыңғырай күлді. – Махаббат?! Қайдағы махаббат? Жұрттың махаббат атап жүргені еркектердің, не әйелдердің нәпсіқұмарлығы! Басқа дәнеме

де емес. Егер көркем әдебиетте дәріптелгендей шынайы махаб-
бат бар болса опасыздық, ерлі-зайыптылардың бір-бірінің көзіне
шөп салуы сияқты негативті құбылыстар әлдеқашан-ақ зым-зия
жоғалар еді ғой!

Нина Николаевнаның екі қабағының ортасында әлдене жыбыр-
жыбыр етіп, көздері дүңген әйеліне тіксіне қарағандай. Шиқандай
қызыл еріндері қиюын өзгертіп, аппақ бетіндегі әдемі шұқырды
да қозғап жіберді. Адалят Сализовна көркем әдебиеттегі махаб-

бат сыпаттамаларын ауызға алып, мына Нина Николаевнаның
бақшасына тас лақтырғандай әсер еткені айдан анық. Бұл орыс
тілі мен әдебиетінің маманы, демек тап осы кішкентай ортада
бұл мәселеде бұдан өткен білгір болмауға тиіс қой. Жоқ, қалайда

Нина Николаевна мына оспадарсыз әйелдің фәлсафасына жауап
қайыруы қажет, әйтпесе, тұғырынан тайып кетері сөзсіз. Тек сыр
алдырмауға тырысып, сөзін тым жаймашуақтата бастады:

– Махаббат деген неге болмасын? Махаббат деген ешкімнің ой-

дан шығарған ырзығы емес. Шын махаббат қонғанда шетсіз, шексіз
мұхитта жалғыз жүзгендей көзіңе ештеме көрінбей кетеді, өзгенің
бәрін ұмытасың, кеудеңде от лаулап жанғандай соны мұхит суы-
мен баспақтай әрекетке ұмсынасың. Ерекше рахат сезімге бөленіп,

ақыл-ой – бәрін тәрік етесің. Мұны нәпсіқұмарлықпен шатастыру,
мен айтар едім, нағыз көрсоқырлық. Біріне бірінің ешқандай қатысы
жоқ. Тек бір ғана басын ашып алатын жәйт – махаббат та адам
таңдап қонады. Махаббат қону үшін сенің өзің үлкен жүректі адам

болуың шарт, тұлабойыңда сол махаббаттың қонуына лайық тара-
мыстай тартылған қайрат, жігер, мол кеңістік болуы керек. Менің
бір нәрсе есіме түскенін қарашы, қоңыраудың соғылуына қанша
минут қалды? Айтып үлгерер ме екем?

– Қоңырауға дейін он минут бар, Нина Николаевна! – деп га-

зеттен бас алмаған тарихшы Денис Антонович сағатына қарап тіл
қатты.

– Қап, уақыт тым аз екен, айтып үлгермеспін, жарайды, кейінге

қалдырайын, тағы бір сабақ орны боста есіме саларсыңдар.

– Темірді қызған кезде соққан жөн, Нина Николаевна! – Бұл физ-

рук Михаил Ефимович еді. Мұның да ойсыз шақшиған көздерінде
бір сәуле жүгіргендей.

– Он минутқа егер сығымдап баяндасаңыз тұтас бір романның

оқиғасын сыйғызуға болады, Нина Николаевна! – деп, әншейінде
жұмған аузын ашпайтын неміс тілінің мұғалімі Отто Филиппо-
вич те көзілдірігін алып, басының қасқасын терезе жарығына
шағылыстыра қозғады. Оған қарама-қарсыдағы Лотте Романов-

на арық әжімді жүзін одан әрмен шытынатып, жел шайқаған ескі
қурайдай тербеліс жасап, күле сөйледі:

– Сіздің, Нина Николаевна, махаббат туралы хикаяңызға бір

емес, үш бірдей еркектің ынтызары оянды ғой. Енді не жаныңыз
қалды?
Өзінен жасы үлкеніректердің мына сықпытты қолқасы Нина Ни-
колаевнаны тез қанаттандырды:

– Менің туып-өскен жерім Хабаровск қаласы ғой. Сонда менің бір

тамаша құрбым болды. Сөзге де, іске де ұшқыр, жанып тұрған от,
әрі сұлу қыз еді. Мектепте бірге оқыдық, кейін сондағы институтқа
да бірге түстік. Бірақ факультетіміз басқа, ол жаратылыстануды
қалады. Құрбымның аты Анисья, әке-шешеден жалғыз еді, әрі әкесі

соғыстан бір аяқсыз келген, шешесі аурушаң болғасын өзі сабақтан
соң онда-мұнда жұмыс істеп ақша тауып жүрді. Мен сіздерге бұл
Анисьяның қандай жан екенін дұрыс ұқтыру үшін әңгімені мынадай
штрихтан бастайын. Бірде институттан шығып, автобус аялдама-

сына беттеп едім, артымнан Анисья қуып жетті: «Ой, Нина, құрбым
менің, ақыл бере гөр, мен бір ессіз күйге ұшырадым» деді. Шы-
нында түрі өзгеріп кетіпті. Анисья сияқты қайратты қызды бүйтіп
сансыратқан не жағдай деп, мен де шошыдым. «Ия, не болды,

Анисья» деп, жік-жапар болғансимын. Бірақ Анисья бірден сыр
аша алмады. Оның іштегісін сыртқа шығару үшін де біраз күш
жұмсауыма тура келді. Сөйтсем мынау: Хабаровскіге Мәскеудің
Кіші драмтеатрының ұжымы гастрольге келіп жатқан. Кісі дегенің

қырғын, билет жоқ, мен өзім ол жолғы гастроліне бара да алғам
жоқ, Тимофеймен ол кезде танысып үлгермегенмін. Ал жаңағы
Анисья барыпты, қазір ұмытып та қалдым, Бернард Шоудың ба,
жоқ, өзіміздің Александр Островскийдің бе бір трагедиясы бойын-

ша қойылған спектакльге барыпты. Сонда бір жексұрын кейіпкердің
іс-әрекеттері көрермендерге жаман әсер етсе керек. Жаман әсері
соншалықты жұрт сол кейіпкердің ролінде ойнаған актердің өзін жек
көріп, атарға оғы болмай отырыпты. Бір уақытта спектакль бітпей

ме, міне, сонда шымылдық жабылып, оның бер жағында қаздай
тізіліп тұра қалған актерлерге жұрт жапа-тармағай гүл шоқтарын
тапсырыпты. Гүл ұсынушылардың көптігі соншалықты актерлердің
әрқайсысына бес-алтаудан букет тиіпті. Тек қана жаңағы жексұрын

кейіпкердің ролін сомдаған актерге ғана ештеме тимепті. Әлде бір
қылығы үшін кінәлі болған жас баладай екі қолын салбыратып ол
тұра беріпті. Жұрттың соңын ала сахнаға менің құрбым Анисья
да көтеріледі. Ол да жаңағы актерден қатты жиренсе керек, оның

басқалардай емес, екі қолының бос екенін көре тұра одан өтіп ба-

рып, өз гүлін онсыз да құшағы толы басқа бір актерге береді. Қайта қайтқанда жаңағы актердің көзімен көзі ұшырасса керек. «О ғажап, – дейді менің құрбым Анисья. – Оның көзімен көзім түйіскенде мен ешқашан көрмеген, сипаттауға тілім жетпейтін таңғажайып сурет көрдім. Таңғажайыбы сонда, қос жанары мынау адамдікі емес, тілжағы, қол-аяғы, кеудесі бар бөтен бір жан иесіндей өзінше сайрап берді. Менің сорыма қарай оның бәрі маған соншама ұғынықты шығар ма? Ол мені үлкен айыпқа тартты. Көкірегіме әлдебір жабайы құс сояу тырнақтарын батыра қона кеткендей ойламаған жерден ауыр азапқа душар болмасым бар ма? Екі аяғыма тас байланғандай есімнен танып, кәне, сахнадан түсе алсамшы. Есімнен танып, есеңгірегенім өз алдына, іш дүниемді де әлдене бүре бастады. Ине шанышқандай жүрегім де ауырды. Апырау, осы мен өмірі театр, ойын-сауық атаулының табалдырығын аттамаған түздіктер елінен емеспін ғой». Міне, осындай сөздерді үсті-үстіне жаудырып, Анисья жыларман халге жетті. «Апырау, бұл актер жігіт бар болғаны сол жағымсыз кейіпкердің ролінде ойнады емес пе, бар жазығы сол жағымсыз, сүйкімсіз немені өмірдің өзінен ойып алғандай оның мінез-құлқын, психологиясын асқан шеберлікпен жеткізгені ғой, мен неге өз гүлімді соған тапсырмадым деп, міне, үш күн болды басымды тау мен тасқа ұрып жүрмін» дейді менің құрбым Анисья. Осы тұсқа жеткенде Нина Николаевна өз хикаятынан өзі қызынғандай әрең сәл тыныс алып еді. Денис Антонович газеттен бас алмаған күйі: – Бұл тектес жайлар театрға байланысты көп айтылады ғой. Менің бір естігенім – өткен ғасырда Лондонның ең үлкен театрларының бірінде Шекспирдің «Оттелосы» қойылып жатқанда залдағы бір көрермен сахнада Ягоны ойнаған актерді атып түсіріпті, – деді. – Нина Николаевна! – деп, Адалят Сализовна шаңқ ете түсті. – Сіздің ол құрбыңыздың күйініші жаңа өзіңіз ырғаған махаббат мәселесіне мүлдем қатысты емес қой! – Махаббат мәселесіне қатысты екеніне енді келе жатырмын. Дұрыстап зейін қойыңыздар. Уақыт тар, жинақтап айтайын. Біздің Хабаровскіде мынадай бір оқиға елді дүр еткізді. Сондағы облыс басшыларының бірі әйел адам еді, тұрмыс құрғанына неше жыл өтсе де бала көтермейді. Дәрігерлерге қаралады, ештеме өнбейді. Күйеуі серісымақ, көкжалқау, сутенер адам екен. Әйелі бала таппаса да одан кеткісі келмейді. Е, оған керегі осындай әйел ғой. Ақыры екеуі уағдаласып, мынадай амалға тәуекел етеді. Сутенер күйеуі

он сегіз жастағы бір сұлу қызбен танысып, «мен әйелімнен жерідім, бастықсынып басына береді, бала таппайды, сенімен жұптасқым келеді» деп, баурай бастайды. Оң мен солын танымаған аңқау қыз оның өзінен жасы үлкендеу болғанмен бір көрімге бар жігіт екенін, әрі қойны-қонышының ақшаға толы екенін көріп, қақпанға түседі. Жігіт оған қаладан бір бөлмелі пәтер де әпереді. Бірақ жігіт «сенімен қосылам-қосылам» дегенмен бұрынғы әйелімен ажыраса қоймайды. Екеуі қыздың бір бөлмелі үйінде жолығысып жүреді. Ақыры қыз одан жүкті болады. Осы екі ортада бұл қыз жұмысқа да араласып үлгереді. Қай құдайдың айдауымен екенін білмеймін, жұмыс болғанда қай жұмыс дейсің ғой. Ресейдің ең үлкен қалаларының бірі Хабаровскіде бөгде пұшпақ табылмағандай бұл әлгі өзіне қосылмақшы жігіттің бастық әйелі бар емес пе, міне, сол бастық әйелдің хатшылығына тұрады ғой. Бұған ана жігіт, не оның әйелі ықпал етті ме, жоқ, тағдырдың жазуымен солай тоқайласты ма, ол жағы маған да жұмбақ. Тек бір анығы сол, көп ұзамай бұл қыз өз жігіті мен мына бастық әйелдің ерлі-зайыптылар екеніне көз жеткізеді. Ал жігіт шын пейілі ме, жоқ, алдарқатқаны ма, қызды мына жұмыстан кет деп азғырады. Аздап ақыл кіріп қалған, әрі жігіттің көмекейінде адалдықтан гөрі арамдық басым екенін танып үлгерген қыз қасарысып кетпейді. Осында жүріп қызметтес әйелдердің пыш-пышынан өз жігітінің нағыз сутенер екенін, ондамұнда тиіп-қашып қана жұмыс істейтінін, мына бастық әйелге оның ақшасы, байлығы үшін ғана қосылғанын анықтайды. Ақыры қыздың іші біліне бастайды, соңынан декретке шығады. Сол тұста әлгі жігіттің қамқорлығы тіпті күшейе түседі. «Сен қорықпа, менің бір акушер досым бар, ол әйелдер босанатын үйде үлкен бастық, соның тікелей қарауында боласың» дейді. Қыз жігіттің айтқанына көнеді. Тек бұл сонда босанып, енді есін жиғанда әлгі бастық акушер жігіт бұған «сенен өлі бала туды» деп мәлімдейді. Қыз «апырау, бала құрсағымда жатқанда ешқандай проблема болмап еді ғой, бұл қалай» деп жыламсырайды. Акушер-бастық «солай, өте өкінішті, біз шарасыз күйде қалдық» дейді. Сосын қыз «өлі баланың денесін беріңдер, өзім апарып жерлеймін» десе ананы-мынаны сылтауратып, ол өтінішін де аяқсыз қалдырады. Сол-ақ екен, әлгі мұнымен тұрмыс құрмақшы жігіт бұдан біржола бетін аулақ салып, бастық әйелімен тұрып жатады. Ал қыз декреттік демалысы таусылғасын бұрынғы хатшылық жұмысына қайта кіріседі. Сол сәтте-ақ ана екеудің бір жаңа туған баланы асырап алғанын естиді. Қыздың ішінде алай-түлей дауыл орнайды. Осындағы қызметтес әйелдердің пыш-пышы арқылы ана жігітке керегі ақша, ана бастық

әйелдің етегіне сол ақшасы, байлығы үшін жармасып жүргенін жете ұғады. Өз денсаулығы түзік бола тұра бала асырап алуы да соның айғағы емес пе? Әрі мына қыздың өзін де ана бастық қатынның ақшасы, дүниесі үшін тастап кетіп отыр ғой. Осының бәрі қызды қалайда бір кек алуға итермелейді. Бірақ жас қыздың қолынан не келсін? Басын қанша шақса да ешбір амал-әрекет қара көрсетпейді. Сонымен екі жыл өтеді, ана екеудің асырап алған баласы екі жасқа толады. Ерлі-зайыптылар бұл баланың күтіміне әлгі акушер-достың қарамағындағы бір медбикені жалдаған екен. Бәрі шақырылып, баланың туған күнін тойлайды. Сосын бастық әйел күйеуін, баласын алып, Сочиге демалысқа баруға ниеттенеді. Самолетке билет алуға әлгі өзіне хатшы қызды жұмсайды. Бұлар қаланың сыртында екі қабаттық үлкен котеджде тұратын еді, хатшы қыз олардың қай күні ұшатынын біледі ғой, сонда да ешқандай қателік болмасын деген сақтықпен күндіз жан баласына көрінбей сол қаланың сыртындағы котеджге жақын келіп, алыстан торуылдайды. Бастық әйел арнайы машина алдырып, күйеуі, баласы – үшеуінің аттанып кеткенін көзімен көреді. Міне, қыз сол күні сол маңдағы бір тоғайда бой жасырып, түн ортасы ауа әлгі коттеджге келеді де оны өртеп жібереді. Бірақ құдай қас қылғанда бәрі басқаша шығады. Әлгі бастық әйелдің аэропортқа жеткесін өзөзінен қан қысымы көтеріліп беріпті. Сондағы медпункттегі дәрігер оның мына жағдайда самолетпен ұшуы өте қауіпті екенін ескертеді. Сосын, бұлар амал жоқ, билеттерін өткізіп, кештетіп, әлгі коттеджге қайтып оралыпты. Ал тоғайда жасырынған хатшы қыз түнделетіп коттеджге от қойғанда бастық әйел, сутенер күйеуі және екі жасар бала бірге жанып кетеді. Тергеу кезінде әлгі хатшы қыздың күндіз осы коттеджді торуылдағаны анықталады, әрі басқа да жанама айғақтар табылып, ол қыз қамауға алынады. Бүкіл қаланы дүр сілкіндірген ашық сот болады. Міне, сол сотқа менің әлгі Анисья атты құрбым да қатысады. Ол соттың оқиғасын да маған талай жыр ғып айтты ғой. Талайдың жағасын ұстатқан көп сұмдықтың беті сол соттың үстінде ашылады. Айыпталушы қыздың адвокаты керемет екен, мәселенің ұңғыл-шұңғылын түгел қазбалапты. Айта берсең бас-аяғы жоқ әңгіме, мен жеделдетіп, ұсақ-түйегінен аттап өтіп, тек ірілерінің ғана басын шалып отырмын. Айыпталушы қыз коттеджді өртегенде әлгі ақшақұмар, байлыққұмар сутенерге аздап болса да залал шектіруді көздеген ғой. Сөйтсе былай екен. Мына қыз осыдан екі жыл бұрын босанар қарсаңда әлгі сутенер оны өзінің бір бастық акушер досының қарамағына бергенін айттым емес пе? Міне, сотқа сол акушер жігіт те, сондағы медбикелердің бірі – кейін

мына бастық әйел мен оның сутенер күйеуі өздері асырап алған баласын бағып-қағуға жалдаған әйел де шақырылады. Міне, бар құпияны осы медбике әйел ашады. Сөйтсе, осыдан екі жыл бұрын айыпталушы қыз өлі бала емес, жап-жақсы дені сау тірі бала тауыпты. Тек оны әлгі бастық акушер жігіттің ұйымдастыруымен облыстық деңгейдегі бастық әйел мен оның сутенер күйеуі екеуі асырап алыпты да, қызға «сен өлі бала тудың» деп, өтірік айтып, оның мойнын басқа жаққа бұрып салыпты. Бұл жағдайды медбике әйел өз бастығы акушер жігіттің көзін шұқып тұрып дәлелдепті. Ал бұдан да сұмдығы сол – айыпталушы қыз коттеджбен бірге өзінің ішінен шыққан туған баласын қоса жағып жібергені анықталады. Онсыз да темір тордың ар жағында отырған сорлы қыз есінен танып құлайды. Міне, сол шақта осы ашық сотқа қатынасқан менің құрбым Анисья қаһарына мінеді. Әлгі театрда өзі гүл ұсынғысы келмеген актердің көзімен көзі түйіскендегідей жойқын сезім әлегімен кетеді. Бірақ ол сезім мен мына сезімнің ортақ ештемесі жоқ. Екеуі бірбіріне кереғар. Бұл енді сотталушы қызға жаны ашып, соның кегін қайыруға аңсары ауады. Бірақ кімнен алмақ кекті, бастық әйел мен оның сутенері онсыз да күлге айналды, енді қалғаны әлгі бастық акушер жігіт қой, соның аты-жөнін, қызмет орнын мұқияттап, қойын кітапшасына түсіреді. – Нина Николаевна, бір жайды анықтай кетіңізші, – деп, дәптер тексерген математик Борис Устинович көзін көтермеген күйі тіл қатты. Сонымен ана коттедж өртеген қыздың жазасы не болды? – Е, ол қыздың жазасы не болсын?! Ол ә дегеннен-ақ қамауға алынып, тергеудің өзі алты айға созылған ғой. Бір басыңа жетерлік қайғы-қасіретің бар, жазаңның өтеуіне сол алты айың жетеді деп, босатып жіберіпті. Аздаған шартты түрде дегені бар ғой деймін. Жә, ол қыздың жыры сонымен тамам. Енді Анисьяға келейік, қоңырау жақын, бұл жағын тым шұнтитып баяндайын. Анисья әлгі акушер жігіттің үйіне қызметшілікке тұрыпты. Ол өзі бай неме екен, сырт көзге білдірмей қызметші әйел жалдайды екен. Бірде ол өзі сияқты тағы екі адаммен өз үйінде құпия кеңес өткізіп отырғанда Анисья олар ішетін тамаққа у қосып, үшеуін бірдей жайратады. Акушер жігіт пен бір досы табанда жан тапсырыпты да үшіншісі дәрігерлердің көмегімен тірі қалады. Бірақ мүгедектікке ұшырайды. Міне, сол тірі қалған мүгедек арқылы бұлардың үлкен қылмыстық топ екені әшкереленеді. Ал сот Анисьяны тоғыз жылға кесті. Сүйген жігіті бар еді, сол қоштасарда жыламсырап, «неге бүйттің» дегенде Анисья «жауыздықты көре тұра аттап өте алмадым, бүйткеніме өкінбеймін, мені сүйгенің рас

болса күт, ал мен қайратыма басып, түрме түгіл одан арғысына жатқызса да пәктігімді жоғалтпаймын» депті. Анисья екі жылдан соң босанып шықты, жігіті күтті, қазір үш балалы, сол Хабаровскіде тату-тәтті тұрып жатыр. Міне, енді мен құлағын шулатқан Анисья туралы фактілердің былай басын қосақтаңдаршы, шын махаббат, міне, осындай жандарға ғана тән, кім көрінгеннің қоржынында жүретін арзан дүние емес? Нина Николаевна хикаяты таусылар-таусылмастан қоңырау шылдырлап, дәлізде балалардың тасыр-тұсыры білінді. Сабақтағы мұғалімдер сынып журналдарын ұстап ішке топтала енгенде орыс тіл-әдебиеті пәнінің маманы бір қызық жайдың басына су құйғанын аңғарысып, әрқайсысы өзінше қабақтарына өкініш райын жапсырғансыды. – Мынауыңыз нағыз роман жүгін арқалаған әңгіме ғой. Он минутқа сыйғыза алмаспын деп, тайсақтап едіңіз, басы бүтін, шекесі шетінемей, тіпті шекесі түгіл қылшығы қисаймай сыйып кетті. – Дене шынықтыру пәнінен дәріс беруші Михаил Ефимович орнынан көтеріліп, кең иықты, мол тұлғалы денесін жас балаша оңай қозғап, көздерінің айналасындағы қос-қос әжімдеріне көңілділік ұялата осылай сөзіне тұздық қоса сөйлегенде сабақтан шыққан мұғалімдердің өкініші одан әрмен кемерінен асты. Ал тарихшы Денис Антонович те одан қалыспай: – Сіздің, Нина Николаевна, осы қуыршақтай болмысыңызда ортаңқол бір жазушының таланты көмулі жатыр-ау! Әттең, не керек?! – деп, ол да түрегелген бойда етженді кеудесінен әлдебір құмардан шыққандық белгілерін танытқандай сілкініп қойды. Сыр бермеген тек математик Борис Устинович пен екі неміс мұғалім Отто Филиппович пен Лотте Романовна ғана. Ал оқу ісінің меңгерушісі Григорий Павлович Мосько әлі де сынып кестесі шұбарлаған ватман қағазға кеудесін жапсыра көзінің астымен ғана Нина Николаевна мен оны қолпаштаған ер адамдарға сығалай қарап күлімсіреді. Қалайда, Еріктің осы тұрыста байқағаны әзірге осы еді. Кенет ол жаңа ғана сабақтан шығып, осы мұғалімдер бөлмесіне ентелегендердің ары-бері жүрісінен, аздаған дабыр-дұбырынан өзі үшін ең қызықты бір көріністен құр қала жаздапты. Ол Адалят Сализовнаның тұрысы еді. Ол есік жаққа таяу бұрышта, өзгелерден оқшауланып, тікесінен тік қақиған күйі Нина Николаевнаға жаман көзін қадауда еді. Нина Николаевнаның өз баянының соңында махаббат кім көрінгеннің қоржынында жүретін дүние емес, ол да қонатын адамына ғана қонады деп, әрі ол шындықты өз хикаясы арқылы жайып салуы ағылшын тілінің оқытушысына оқтай тиген.

Оның солай екенін болашақ жазушы, қырағы жас Ерік Тінәлив анық пайымдады. Енді «еруліге қарулы» дегендей Адалят Сализовна да орыс тілі маманын қайтсем атып түсіремін дегендей қап-қара боп түйілген көздеріне қаһар жиып тұр екен. Сол кезде қайта қоңырау шылдырлады. – Ал кеттік! Мұғалім байғұстардың тіл-жағына тыным бар ма, енді сабаққа барамыз! – деп, Нина Николаевна да орнынан тұрып, Ерік состиған терезеге таяу қабырғадағы полкадан өзіне тиісті сынып журналын суырды. Басқалар да сол маңда үймелесіп, полкаға қолдарын созып жатты. Нина Николаевна қаз төсті кеудесін алға тосып, бөксесін ойнатып, жұмыр аяқтарымен еденді тырс-тырс еткізе шығар есікке беттегенде осындағы баршаның көшбасшысына ұқсаған. Себебі, бәрінің дерлік сабақтары бар еді. Бәрі де орыс тілі маманының соңынан қотарыла шығып бара жатты. Нина Николаевнаның хикаяты өзіне сұмдық әсер еткен Еріктің көздері бұрынғыдан да өткірленіп, мынау жасы үлкендердің әрқайсысына тән белгілердің бәрін есепшотқа салып тізетіндей бір нүктеге байланып қалды. Отто Филиппович пен Лотте Романовна шығар есікте де бір-бірінен жұп жазбастай үйкелесе әрең өтті. Адалят Сализовна белін қиқаң еткізіп тарихшы Денис Антонович пен физрук Михаил Ефимовичтің екі ортасына сығылысып, бірін шынтағымен, екіншісін жамбасымен қағып, ол да ары табалдырық аттады. Ал сыптай денелі, бәрінен де сәнді киінген математик Борис Устинович асықпай мыналардан кейін де бес-алты мұғалімді өткізіп жіберіп, жүзін манауратып, жұрттың соңын ала ілбіген. Борис Устиновичті өкшелей оның сабағына кірмекші, оқу ісінің меңгерушісі Григорий Павлович ентелей басты. Жуан мойнын алға созып, етженді шымыр кеудесін күшпен еңкейтіп, тез-тез жүргенде басы да бұлғақ-бұлғақ етеді. Адам сұлбаларын әртүрлі жанды-жансыз бейнелерге ұқсата бағалайтын дағдысы бар Ерік завучтің мына түрінен Алматыдағы циркте өзі тамашалаған, жаттықтырушының ізімен әлдебір ойлы, мағыналы қимылдар жасап ерген, қорбаңдаған аюды еске түсірді. Мұнысы біреуді кемсіткендігі емес, керісінше, бұлардың бәрін өзінен жоғары қойғандағы көңіл райының бір қыры еді. Жаңа ғана Денис Антоновичтің бағалауынша болмысында ортаңқол бір жазушының таланты көмулі Нина Николаевна хикаятының мұның ішінде дауыл соқтырғаны соншалық шынында бұл кішігірім бір романды бастан-аяқ сүзіп, тез оқып шыққандай әсерде еді. Бөлмеде екі-үш мұғалім ғана қалып, тыныштық орнағанда Ерік орыс тілі пәнінің мұғалімі жаңа өз әңгімесіне арқау еткен Анисья атты қыздың тағдырын, бет-бедерін, мінез-құлқын

өзінше елестетіп, қиялына «әйт, жануар, шүу» дегендей қалыпта еді. Кенет әлдене бір бүйірінен сұққылап берді. Апырау, мұны не қара басты? Еріктің өзінің де сабағы бар екен ғой. Бұл санын бір соғып, полкадағы қазақ тілі пәнінің арнайы журналын жалма-жан суырып, апыр-топыр есікке беттеді. Бөлмедегі екі-үш мұғалім жас балауса жігіттің мынадай жаңғалақтығын байқап, бір-біріне езу тарта бұрылды: – Бұл бозбалада шынында бір түсініксіз мінез-құлық бар, – десті бірі. – Мен де сондайын байқаймын. Не нәрсеге де тосырқай қарап, көктен түскен жанға ұқсайды, – деді екіншісі. – Орыс балаларына орыс тілін ұқтыру қиын. Ал қазақ тілін үйрету тіпті қиямет-қайым ғой шикі немеге. Содан сансырайтын шығар. Ерік Тінәлиевтің бұл жолы кіргені бастауыш сынып еді. Олар төртінші сабақтан кейін үйлеріне қайтады. Тек қазақ тілін үйренуші тобы ғана бесінші сабаққа қалады. Бұл жоғарғы сыныптардағыдай емес, мұнда сабақ өткізу оңай. Сонда да Ерік жаңағы Анисья атты қыздың жан-дүниесіндегі алуан түрлі ойрандарды өз басынан өткергендей жан қиналысын сезді. «Ия, бұл орыс халқы біздің қазақтан қай жағынан да көп озық халық қой» деген қызғаныш та ішін қарыды. Әрине, бұл ретте ол өзі оқыған орыс классиктерінің шығармаларын да есіне алған. * * * Осылай Ерік Тінәлиевтің алғашқы еңбек жолы жалғаса берді. Алғашында бұл тағдыр тәлкегімен өзі он екі жыл оқып, зәрезап болған оқу ордасы емес, әсте көріп-білмеген таңғажайып дүние кейпіндей көңіл көзін жан-жаққа жұлқылай тартқылады. Ия, бұл болашақ жазушының өмір тануда күрт шырқай көтерілген айлары еді. Орыс балаларына қазақ тілін үйретудің мехнатынан гөрі осылай жан-жағынан анталай топырлаған, бұл үшін сол танымдық мәні зор жағдаяттардың ала-құлалығы, әрі көптігі көңіл көзін талдырып, қажытып бара жатқандай. Бірде мектеп директоры Кузьмин: – Балалардың сабаққа қатысу деңгейі қалай? – деп сұрады Еріктен. Бұл аузын ашып та үлгермеді, директор өз сұрағына өзі жауап қайырғандай болды. – Журналды тексеріп қарадым, аса мәз емес сияқты ғой. Еріктің ағынан жарылмасқа амалы жоқ еді: – Рас айтасыз, Алексей Никитыч, кейбір балалардың сабаққа қатыспай қашып кету фактісі орын алып жүр. Оларды ешкім

зорлаған жоқ, әу баста қазақ тілін үйренуге тілек білдіріп, топқа жазылған өздері ғой. – Мәселені олай қою адасқандық! Олар қазақ тілін үйренуге тілек білдірді, демек оның қызықты болатынына үміт артты. Ал сен солардың үмітін ақтауың шарт. Қайталап айтамын! Сабаққа жоспар жасағанда оның қызықты, әрі алуан түрде өтуін өте-мөте ескеруің қажет. Сен үшін әр сабаққа дайындалу, оның жоспарын жасау ең өзекті мәселе. Біздің кітапханада педагогикалық, әдістемелік газетжурналдардың тігінділері қат-қат, соларды көз майың таусылғанша оқы, әрі мерзімді баспасөзге жазылу науқаны басталды, өзіңе ең керекті одақтық, республикалық басылымдарға жазылуды тездет. Тәжірибелі мұғалімдердің сабағына қатыс дегенмін... Ия, оның дұрыс. Сосын сабақтан қашқан балалардың ата-аналарымен де жолыққан жөн. Сынып жетекшілерінен де көмек сұра. Осылай тастай қаланған сөздерді біраз төкпеледі де одан арыға уақытым жоқ дегендей кірпіше тікірейген сұрғылт шашты басын тез бұрып әкетті. Сол түстес қас-қабағының тасасындағы көздерінде «байқа, бала, біз сені алақанда аялап, еркелету үшін ұжымға қабылдағамыз жоқ» дегендей ызғар кетті. Осы тұрыста не тапсырмалар берді, солардың орындалу барысы алдағы күндерде сөзсіз тексерілетінін де ескерткендей. Сөйтіп, бұл күннен бастап, Еріктің жұмысы тіпті көбейді. Сонау қала сыртындағы ауылдан таң бозында шығып, жұмысқа келеді де кештетіп, ал жиналыс, не басқа да бір шара өткізілген күндері түнделетіп бір-ақ қайтады. Қуықтай тар үйге кіргесін де демалуға жағдай жоқ. Кәрі әке-шеше, шиеттей балашаға. Әсіресе, сол кішкентай іні-қарындастарының мазалауы көп. Олар көбіне күндіз шығара алмаған есептерін көлденең тосады. Кейбір жазу жұмыстарын тексеріп беруді өтінеді. Бірер сағат сонымен уақыт өткізеді. Осы тұста бір шындық Еріктің жүрегін осқылады. Ауылда қазақ мектебі ежелден жоқ қой, бұл балалардың бәрі орысша оқитын еді. Енді қараса Ерік орыс балаларына қазақшаны үйретем деп, табан тоздырып жүрсе үйге келгесінгі тірлігі мүлде қарама-қарсы екен. Мұнда өз іні-қарындастарына орысшаны ежіктеп зықысы шығады екен. Осы бір тағдыр тәлкегінің астарында не жатыр деген сауал кей-кейде көз алдында көлденеңдейді. Қалтадан суыра қоятын дайын жауабы тағы жоқ. Кейде сарыла іздеп, ол жауаптың ізіне түскендей болады. Байқаса, бұл қаладағы үлкен орыс мектебінде еріктілерден құралған, әрқайсысы небәрі 10-15 баладан ғана тұратын топтарға қазақ тілінен дәріс беремін деп, қандай әлсіздік танытса бұған ана сүтімен сіңген сол қазақ тілінің жалпы тағдыр-талайы да сондай әлсіз, болмашы күйде

екен. Тіпті жаны қыл ұшында тұрғандай. Қазақ тілінің маманы, әрі осы тілде алдағы күнде көлемді әдеби шығармалар жазбақ дәмесі бар Ерік Тінәлиевке бұл бір бүйірден біз сұққандай әсер етті. Бірде жас ұстаздың тәнінде пайда болған осы бір жанды жараға әлдекім тырнақ салғандай бір оқиға болды. Мектепте әдеби кеш өтіп жатты. Сәнді киінген орыс балалары мен қыздары Пушкин, Лермонтов, Тютчев өлеңдерін бірінен соң бірі жатқа соқты, әрі Лев Толстой, Чехов, Горький шығармаларынан үзінділер оқылды. Ара-арасында ән мен биге де кезек берілді. Кенет кең сарай спорт залының сахна іспеттеліп қоршалған төріне әлгі Лариса Недушенко деген қыз шықты. Құшаққа сыймас мол жирен шашы бар бұл тайқардай орыс қызын Ерік әлі күнге жақсы білмейтін. Ара-тұра үзілісте ғана көретін. Тек анада аулада бұл бір баланы көк желкеден ұрып құлатқанда тарихшы Денис Антоновичтің «эх, Лариса Недушенко, сенің болашақ күйеуіңе менің ешқандай қызғанышым бола қоймас» деп аһ ұрған күрсінісі көкірегінде хатталып қалыпты. Ал қазір ол сахнаға шыққанда әлдене өзгеріп сала бергендей. Құшаққа сыймас мол жирен шашы көк-жасыл ленталармен буылып, жөнге келтіріліп, тек екі иығына ғана құлай жиылып, күлтеленіп қалған. Есесіне, қызара бөрткен жүзіндегі арай кешкі электр шамының жарығымен қуатына басып, көрген жанның бірден назарын баурап әкетті. Шашты қоя тұрыңдар, менің мынау нұр шашқандай бет-жүзіме, тұңғиық көздеріме, әр талы күмістен құйылғандай кірпіктеріме, қырлы мұрныма, әдемі иегіме қараңдар дегендей көпшілікке қыр көрсете телмірді. Үстіне кигені кәдімгі мектеп формасы емес, онсыз да бойшаң адамды одан әрмен сырықтай ететін, тұтастай етіп тігілген ұзын ақшыл көйлек. Жағасында, жең ұшында, белінде, етегінде шашылған қарамық дәні сияқты ноқаттар бар. Кенет бұл Лариса Недушенконың осы түріне қатысты не айтар екен деп, Ерік ине шаншарға жер жоқ үлкен спорт залының өнебойынан әлгі Денис Антоновичті көзімен іздестіріп еді, таппады. Сірә, ол бұрынғы өз сөзінен өзі ұялып, бой жасырғандай. Ал мынау бұлайша құлпырған қызға жұтына қараған оқушы балалар мен мұғалімдердің көздері мүлдем басқа жайдың әуенімен төңкерілуде. Ол әуеннің атауын Ерік бірден тапты. Оның атауы қызғаныш. Ия, тап солай. Тіпті бір бұрышта, балалар ең көп ұйлығысқан ортада отырған Нина Николаевнаның көздерінен ұшып түскен бір ақ сәуле Еріктің көкірегіне келіп қонақтап, «ия, солай, солай» деп сендіргендей. Кенет мынау үлкен залда басқа бір от шашырады. От емес, найзағай! Бұл Лариса Недушенконың даусы еді. Ол Иван Серге-

евич Тургеневтің орыс тілінің құдіреті туралы кішкентай толғамын оқи бастаған: «Во дни сомнений, во дни тягостных раздумий о судьбах моей родины – ты один мне поддержка и опора, о великий, могучий, правдивый и свободный русский язык! Не будь тебя – как не впасть в отаяние при виде всего, что совершается дома? Но нельзя верить, чтобы такой язык не был дан великому народу!» Міне, осы шақта кенет Ерік Тінәлиевті сең соғып өткендей болды да артынша адам айтқысыз бір дәрменсіздік жайлады. Қолаяғы қалтырап, ауасыз кеңістікте қалғандай. Тура әлгі ағын судан шабақ балықты қармаққа іліктіріп, көкке көтеріп қойғандай. Ұлы жазушының құдіреті, сол арқылы аспан мен жер арасындағы кеңістікті найзағайша тілгілеген орыс тілінің құдіреті, оны осылайша айшықтап құлаққа құя білген, Ерік Тінәлиев күнделікті еңбек еткен мектептегі жай оқушы қыз Лариса Недушенко даусының құдіреті – үшеуі бірігіп, бармақтың басындай ғана кішкене толғамды қара жердің кіндігін бұрап жіберер күшке айналдырғандай. «Эх, Денис Антонович, сен көпті көрген, соғысқа қатысқан тәжірибелі адам бола тұра енді елге қарар бетің болмас» деп, Ерік өз ішіндегі бір қылқобыздың ішегін қоса ызыңдатты. Сөйте тұра өз бойындағы жаңағы дәрменсіздікті қайта түйсінді. Сол дәрменсіздік күш алып мұны ауада тыпырлатқан күйі енді құрдымға тастап жіберердей қорқынышты қоса тартты. Әлденеден жүрегі қанжылағандай. Неге олай деп, алғашқыда өзіне өзі сұрақ қойғыштай бастап еді. Қараңғыда қарманғандай бұл сұрақтың жауабын тез тапты. Бұл өзінің ана тілі – қазақ тілінің жай-күйі мынадай құдіреттер бас қосқан ортада қалай екен деп, оны тез түйсінгесін дәрменсіздік пен қорқыныштың қара батпағына ұрыныпты. Ия, орыс тілі дария болса ал қазақ тілі сол дарияда адасқан жаңқадай ғана болмашы бірдеме. Апырау, сол жаңқаға жармасып жан сақтардай Еріктің бүгінгі тірлігінің табан тірер бір ірге тасы болмағаны ма? Қаптаған орыс, ал қазақ дегенің емге табылмас мынау өндірістік қаланың бір мектебінде бұл жалғыз-жарымдап жүргесін солай көрінді ме екен? Ия, солай шығар. Қиялшыл Ерік осындай халдің үстінде де қазақ тілін Тургеневше әспеттей білген қазақ ұлыларының біразын көз алдында тізе бастады. Асан қайғы, Доспанбет, Бұқар жыраулар арғысы, Абай, Сүйінбай, Әуезов бергісі – бәрінің тірлігінен қасиет іздеп, көкірегінен алау от маздатып еді, оны әлдекім үрлеп өшіргендей тағы бір қиналысқа ұшырады. Оның мәні сол – сахнадан Лариса Недушенко кеткесін де ол жаққан от мынау кең спорт залында ине шаншарға жер жоқ, сары қамыстай

жапырылған оқушы балалардың жүздеріне көшіп, тіптен етек алып кеткен екен. Бұған қоса сатырлаған қол, уілдей көтерілген дауыс Ерік көкірегінде шалықтаған кішкентай шырақты жоқ қылмай қайтсін?! Бұл ойын-сауық кешінің әсерінен Ерік біраз күн арыла алмады. Оқу жылының алғашқы тоқсаны аяқталып, қараша айының екінші жартысы туған күндер. Текелі қаласы екі таудың қыспағындағы қала ғой, қарашаның қара суығы мұнда екіленіп соғатыны бар. Әсіресе, қарсыз, жаңбырсыз күндерде оның өңменіңнен өтетін қатаңдығы мұндағы жұртқа ежелден мәлім. Ерік көнетоз жұқа плащының жағасымен, кепкісінің күнқарағымен ертелі-кеш басы-көзін тұмшалап, жұмысқа әрең келіп-кетіп жүрді. Осындай күндердің бірінде мұғалімдер ұжымы екі адаммен толықты. Оның бірі – физика-математика маманы Кузьмина Ирина Васильевна еді. Көздері әлдекімге күдікпен қарағандай қабағы тырысыңқырап тұратын, бірақ келбетсіз емес, ашық сопақ жүзі, бойшаң денесінің толықтығы да өзіне жарасымды, сәнді жүрісті әйел екен. Ерікті алғаш көргенде оған бір қырынан қарап біраз сүзілді де қабағын сілке көтеріп, алға қарай тіке басты. Сосын қайтіп көпке дейін назар аудармады. Сөзі аз, мінезі бір тоға жан көрінді. Тек көңіл-күйінің пәстігі Ерікке бірден шалынды. Мүмкін бұл да анау дүңген әйелі Адалят Сализовна сияқты байы жоқ, от басы, ошақ қасы құлазыған біреу шығар. Тек көп ұзамай ол жорамалының күл-талқаны шықты. Бұл басқа емес, тап мына мектеп директоры Кузьмин Алексей Никитычтың зайыбы екен. Ерікті елең еткізген бір сұрақ, «апырау, оқу жылының басталғанына үш айға жуық уақыт өтті, бұған дейін бұл қайда жүрген, әлде декреттік демалыста болды ма? Жоқ, оған ұқсамайды». Қырағы Еріктің байқауынша декреттік демалыстан шыққандар, немесе, емшекте баласы барлар шеттерінен уылжыған жас келіншектер, ал мына директордың зайыбы дегенің қайтсе де қырықтың қырқасына көтерілген жан, мұның жасындағы орыс әйелдеріне бала көтеру дегенің жараспайтын-ақ нәрсе. Әлде бұл ауырып тұрды ма, оған да келіңкіремейді, өкшесімен ағаш еденді тықылдатып, тік басып жүргенде тұлабойының бұлың-бұлыңында мықты денсаулық, қайрат белгілері жылт-жылт ететінге ұқсайды. Өз жұмысының шиі шығыңқыраған Ерікке ол жағына бойлауға шама қайда, ал мұның директордың зайыбы екенін білгесін тіптен «екі елі аузыңа төрт елі қақпақ» дегендей күйге көшті. Еріктің бұған дейін-ақ бір білгені – жалпы мұндай ортада тіліңе сақ болмасаң, әсіресе, бұл сияқтыларға үлкен қатер. Бұлтсыз күнгі найзағайдай жарқ-жұрқ пәле туып кетуі оп-оңай. Тіпті кейбіреулер

өз бастарындағы пәлені өздерінің қасында аузында ана сүті кеппегендей көрінетін Ерік сияқтылардың аңқаулығын пайдаланып, жапсыра салуы ықтимал. Мұның бар бітіргені кәрі мұғалима Лотте Романовна жаққа алаңдап, соның тістерінің арасынан шығатын әрбір дыбысты қақас жібермеуге тырысты. Не құпияны да сол ашуы мүмкін. Оның мектеп директоры Кузьмин жөніндегі қырыс сөздері жадында қалыпты. Әрі бұл неміс тілінің маманы мына Кузьмина Ирина Васильевна алғаш жұмысқа шыққан күндерде-ақ оның да ту сыртынан күлімсірей қарап, жүріс-тұрысынан келемеж етерлік бірдеме іздегендей сыңай танытты. Бірақ Лотте Романовна дағдылы мінезіне басып, әзірше ештемені қопсытпады, сосын да бұл мәселе Ерік үшін жабулы қазан күйінде қалды. Ал Ерікті нағыз таңырқатқан сол Кузьминамен қабаттаса ұжымды толықтырған екінші адам болып еді. Осы қарсаңда әлгі «Перепелка» деген, Ерік әлі көрмеген орыс тілі-әдебиеті маманының құлағын шулату жиіледі. Әсіресе, әлі де төрдегі өзінің жұмыс столында ақ ватман қағаздағы сабақ кестесін резеңке өшіргішпен, қара қарындашпен кезек-кезек сүйкеуден танбаған завуч Григорий Павлович Мосько ол «Перепелка» дейтінді жақтырмай атайтындай. Кенет онсыз да жарық мол мұғалімдер бөлмесінде заты бөлек шам жанғандай әлденеден Еріктің көзі қарықты. Есік айқара ашылды да ішке ұзын, ашық түсті тоқыма көйлек-сарафан киген, сұлу да ақшыл өңінде бұл ұжыммен сағынышпен қауышпақ адамның көңілді райы бар әйел кіріп келе жатты. Ол алғашында Ерікті байқаған жоқ, өзіне жақсы таныс мұғалімдерді бір-бір адақтап, бәріне көңілді жымиыспен ілтипат көрсетіп, амандық-саулық төңірегіндегі сөздерді көкірегіндегі асыл тастардай саудыратты: – Сәлеметсіз бе, Нина Николаевна, апырау, сіз қалай жасарып кеткенсіз? Тура әлгі сахнадағы қуыршақ қыздай құлпырған түріңіз бар. Ах, Денис Антонович, сіздің де өңіңіз жақсы, тек әлдекімге өкпелегендей бұйығы тұрсыз ғой. Адалят Сализовна, сізді сағынып қалыппын. Ах, Михаил Ефимович! Болашақ спорт шеберлерін сомдап жатырсыз ба? Сіздің педагогтік қабілетіңіз ерекше ғой. – Осылай басқаларды да бір-бір жайқап өтті. Ерік Тінәлиевті бұл ең соңынан байқады. Ия, бұл Надежда Борисовна Перепелкина Еріктің ұстазы еді. Ерік оқыған қазақ мектебінде қазақ балаларына орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген. Осыдан екі жыл бұрын Ерік тоғызыншы класты тамамдағанда бұл мұғалима ғылми жұмысқа ауысамын деп, онысына көнбеген күйеуінен ажырасып, Алматыға көшіп кетті деп естіген. Алты айдан соң күйеуі қайта та-

бысуды ойлады ма, ол да Надежда Борисовнаның соңынан кетті
деген дақпырт тараған. Бірақ анық па, жоқ па, ол жағы Ерікке
беймәлім еді. Ал Алматы кетті деген мұғалима мына Текелі
қаласындағы мектепке қалай тап болды, ол да түсініксіз, Әйтеуір,

бәрі Еріктің жас басы үшін тоңы ойылмаған дүние, жұмбақ. Бірақ
ашып сұрап білуге мұнда дәрмен жоқ.
Надежда Борисовна Перепелкина өз шәкірті Ерікті мынау
қаптаған қалалық орыс мұғалімдердің ортасынан көргенде жаман

ішін тартты:

– Тиналиев, сен мұнда неғып жүрсің? – деп сұрады. Ерік жөнін

айтып еді. Надежда Борисовнаның көгілдір көздерінің тереңінде бір
от жанып, соның сәулесі бет терісінде ойнап тұратынға ұқсайтын.
Еріктің жауабын естігенде сол от тез сөніп ұстаз жүзінде қаталдық
пайда бола кеткендей. Қалайда Ерікке солай көрінді. Бірақ ол на-

зарын бұдан тез бұрып әкетті, әлі де жүздесіп үлгермеген адам-
дарым бар шығар дегендей қара-құраға толы кабинет ішін қайта
сүзгілей бастады. Сосын бұл да өкшесін тықылдатып, төрдегі зав-
уч Моськоға жақындады. Ол Надежда Борисовнаның сәлеміне

басын көтермеген күйі жауап берді. Екеуінің арасында аса көңілді
емес дейтіндей күңкіл сөздер өрбіді. Әңгіме сабақ кестесінде осы
Надежда Борисовнаға тиесілі сағаттардың орналасу реті жайын-
да еді. Бұл оқу ісінің меңгерушісі мен мұғалімдер арасында ащы

ішектей созыла беретін кикілжің. Надежда Борисовна үш айдай
уақыт өткізіп, жұмысқа бүгін ғана шыққан адам. Соның өзінде де
наразылығын білдірмей қала алмады. Ал анау да қырыс мінездінің
өзі ғой:

– Жолдас, Перепелка, биыл сабақ кестесін жасау қиынның

қиынына айналғанын білесіз бе?

– Григорий Павлович, менің фамилиям Перепелкина. Ал пе-

репелка деген даладағы жабайы құстың атауы. Оны маған неге
жапсырасыз? Сіздің фамилияңыз Мосько. Егер оны мен мың
құбылтсам қай қиырға апарып соғарымды сезінесіз бе?
Завуч басын столдан жұлып алып, шалқалай қарады. Көздері

атызданып кетіпті. Онсыз да қошқылтым түсті мұрны мен жалпақ
бетінде қызыл-ала қан жүгіргендей түсі өзгеріп, тіпті оң жақ
шекесіне қайырған қап-қара кекіліне дейін дүр ете қалғандай. Жуан
мойнындағы күре тамыры да соншама зорая көзге ұрады. Бұл оқу

ісі меңгерушісінің жаман қысылғандығының, әрі қорыққандығының
белгісі еді.

– Кешіріңіз, Надежда Борисовна, мен жаңа келген адаммын ғой.

Осы үш айда мына жұмыстағы мұғалімдердің бәрінің аты-жөндерін

әлі толық біліп үлгергем жоқ. Шатастырып аламын. Ал өзіңіздің жүзіңізді бірінші рет көріп тұр емеспін бе? Бір қателікті кешіруге болатын шығар. – Бір қателікті кешірер едім, бірақ менің фамилиямды солай құбылтып сіздің құлағыңызға құйған адамдар бар сияқты. – Осылай зікірледі де бойын тез түзеп, өзі жаңа ғана шүйіркелесе амандасқан адамдардың ішінен енді жау іздегендей қабағына мұз қатырып біразын шанышқылап өтті. Ерік терезе алдында оқтау жұтқандай тұр. Төбесінен әлдекім суық су құйғандай сілкінісі де бар. Бұл қалайда мектеп табалдырығын ұстаз ретінде аттады дегенмен әлі де шәкірттік сезімнен арылып үлгермеген жас қой. Жаңа Надежда Борисовнаны алғаш көргенде сол шәкірттік сезім бұрынғы қаз-қалпында қайта іш қойнауын құйындатып әкетті. Мына ұстаз мінезіндегі күрт өзгеріс ол шәкірттік сезімнің отына тіптен май құйды ма, әйтеуір, бұл тұлабойынан бір жайсыздықты сезінді. Ия, ғылми әдебиетте жиі айтылатындай ұстаз бен шәкірт арасында бір аралық болады, қалыпты жағдайда оны ешқайсысы аттап кетпейді. Мысалы, ұстаз шәкірттер алдында үнемі бір қырынан көрінеді, ал өз отбасы, әріптестер сияқты сықпыты бөлек өзге де орталарда мүлдем басқа қырымен жарқ береді. Ерік те Надежда Борисовнаны бұған дейін бір ғана кейіпте қабылдап үйренген ғой, кенет оның ауыз тұшымас нәрсе үшін шарт кетуінен ыңғайсызданбасқа шарасы, кәне. Әрі бұл мұғалиманың әдебиетші екенін ескер, болашақ жазушы Ерік оның орыс классиктері хақында тамылжыта сөйлеген сөздерін санасына қалай сіңіруші еді? «Онегин скучает, Печорин страдает» деген сияқты үлкен әдебиетті еңсеруде тұтқа боларлық тіркестері көкірегінде жатталған. Мейлі, ондай аттылар Белинскийдің, не басқалардың қаламынан тусын-ақ, бәрібір Надежда Борисовнаның аузымен жеткенде шоқтай жарқырап жазу өнеріне деген ынтызарлықты қозғап оятушы еді-ау! Міне, сондай адам биіктен құлап, жердегі кәкір-шүкір қоқсыққа топ еткендей сезімтал Еріктің жанын ауыртты. Әрі Надежда Борисовна өзі алғаш жүздескен, бұл ұжымға сонау алыстан келіп қосылған Мосько Григорий Павлович атты оқу ісінің меңгерушісімен әдептіліктен аттап, салған жерден омырауға ала кие сөйлегенге ұқсады. Таныспай, біліспей жатып, тарпаң мінезге басқандай. Бұл Перепелкина Надежда Борисовна тәрізді тәжірибелі мұғалиманы мына әріптестері сыртынан аты-жөнін бұрмалай «Перепелка» атап, мысқылдайтынына Ерік енді ғана көз жеткізген. Сырттан келген Мосько сол басқалардың әуенімен кетіп, абайсызда от басқандай. Сөйте тұра Ерік өз ұстазын тап осы жолы іштей де ақтап ала ал-

мады, жаңағы оқу ісінің меңгерушісімен тым әдепсіздеу тілдесуін оның жіберіп алған бір қателігіне балады. Еріктің қуанышына орай сол күнгі алғашқы сабаққа шақырған қоңырау тез шылдырлады да бәрін үдере көтеріп әкетті. Бұдан әріде басқа сөзге қарамай қауырт келетін мектеп жұқмысы мұғалімдерді біржола жұтқанға ұқсайды. Артық-ауыс кикілжіңге ешқайсысының мұршасы жоқ. Надежда Борисовна арада бір аптадай өткізіп барып қана Ерікпен емін-еркін дидарласуға уақыт тапты: – Байғұсым-ау, сен сонда осындағы орыс балаларына қазақ тілінен сабақ беріп жүрсің бе? Өзі сабақ кестесіне кірмейді, смена арасында ғана, не соңғы сабақтардың орнына өтеді. Факультативті түрде. Яғни әркім өз еркімен ғана оқиды. Апырау, бұл сенің қолыңнан келетін шаруа ма? Сені қандай мұқтаждық бұл жұмысқа желкелеп әкелді? – Осылай шыр-пыр болып, біраз сусылдады да енді көздерін алайта Ерікке басқа бірдеме айтпақтай тесіле қарады. Неге екені белгісіз сол алайған көздер сұлу әйелдің көркіне нұқсан келтіргендей, әрі оның іштегі бір көптен көмулі, енді сыртқа атылмақ теріс пиғылын табанда жалаңаштап тастағандай жас неменің тіптен жанын ауыртты. Себебі, ұстаз бен бір кездегі шәкірт көз түйістірген осы санаулы секундтерде Ерік ұстаз әйелдің сол алғашқыда айтпаққа оқталып, іште іріккен сөздерін де бет-жүзіндегі құбылыстардан оқып үлгеріп еді. Ол «бұл заманда қазақ тілінің не емге қажеті бар еді» деген сұраулы сөйлем. Мұны көлденең көк атты біреу емес, осынау жат ортада өзінің жалғыз туыс, жалғыз жанашырындай жылы ұшыраған кешегі ұстазының жүзінен тап басып тануы Еріктің мүлдем жігерін құм етті. Бірақ бұл жолы Надежда Борисовна алғашқы пәрменінен тез тайқып, көп ашылмады, мұның уақыты тар. Бұл беттесудің бар нәтижесі сол – әнеукүнгі кешкілік мектептің үлкен залындағы әдеби кеште Лариса Недушенко жатқа соққан Тургеневтің орыс тілінің құдіреті хақындағы шымшықтың тұмсығындай қысқа толғамынан кейінгі мұның жан дүниесіндегі орнаған күйзелісті үрлеп қайта тұтандырды. Осындай құдіреттер қасындағы қазақ тілінің мүшкіл халі төңірегіндегі саруайымның тұңғиығына батып ұзақ сарылды. Әлдебір сыз босағада жатып кеудесі мұздағандай күй кешті. Айнала кеңістік, туған жердің таутасы жатбауыр тартып, өгейсіткенге ұқсады. Ол аздай тап осы күндерде Ерік үшін тағы бір ащы шындықтың беті ашылды. Бұл өзі оқытатын 10-15 баладан тұратын топтардағы оқушылардың қазақ тілі сабағына неғұрлым толық қатысуын қамтамасыз ету үшін ара-тұра сол балалар оқитын сынып жетекшілерінен көмек сұрауға мәжбүр еді. Жақында ғана матема-

тик Борис Устиновичке ол жетекшілік ететін 7 «в» сыныбындағы топтан екі баланың үнемі қазақ тілі сабағынан қашып жүретініне шағымданған еді. Борис Устинович қабағын кіжірейтіңкіреп, Еріктің өтінішін үнсіз тыңдады да үнсіз басын изеген. Ерік онысынан біраз тоғайғандай-ақ болған. Содан екі аптадай өткенде Ерік мектепке қарай жан ұшырып келе жатты. Бұл орта мектепке қарасты бастауыш сыныптардың біразы бұдан екі кварталдай төмендегі басқа үйде еді. Сонда сабағын өткізгесін мұндағы сабаққа үлгеру үшін жүрісін тездеткені. Мұндағы балалар әзір сабақта, ұзыннан-ұзақ созылған дәліз боп-бос, тек есік аузында швейцар әйел ғана мүлгіп отыр. Ерік сыртқы есікті ашып, тез табалдырық аттағанда осындай көріністің үстінен шықты. Тек дәлізбен жүріп барып, оңға қарай әкететін екінші бөлікке жақындағанда сондағы мұғалімдер бөлмесінен бір жайсыз дауыстар құлағына жетті. Сірә, мұғалімдер бөлмесінің есігі ашық қалса керек, сабақ уақыты ғой, ақырын сөйлейік дейтін емес, Ерік жақындағанда еркек-әйелі аралас бес-алтауы бір дау-дамайға кіріскендей тіптен шаң-шұң етісті. Тіпті жақындап қалғанда Еріктің анық құлағына жеткені «волосатая рука», «камень на шее» сияқты тіркестер еді. Бұл тіркестердің мән-мағынасын Ерік жақсы білетін. Бұл ашық есікке енді тұмсық тығарда түрегеп тұрған математик Борис Устиновичтің арқасын көрді. Ол оң алақанымен өз желкесін қаққылап: – Вы правильно рассуждаете, Михаил Ефимович, да, в действительности это камень на шее! – деді. Борис Устиновичтің аржағында бұған қарама-қарсы қарап, Нина Николаевна тұр еді. Ол дәлізден Ерікті көргенде аппақ жүзін дір еткізіп, қабағын сілкіп белгі бергендей болып еді. Борис Устинович арт жағына жалт қарап, сап тыйылды. Жалғыз бұл емес, бөлмедегі бәрі де солай. Тек бұл даудамайға араласпағандай көрінген неміс тілінің екі маманы Лотте Романовна мен Отто Филипповичтің жүздерінде күлімсірегенге ұқсас бір бөлек нышандар ерсілі-қарсылы жортып жүрді. Лотте Романовнанікі тіпті айқын, «сабазым, дәл үстінен түстің» дегенді құлағына сыбырлап тұрғандай. Адамның сезгірлігі оның соры да ғой. Еріктің жүрегін әлдене шым еткізді. Бұлардың дау-дамайы осы мектепте факультативті түрде болса да өтіп жүрген қазақ тілі пәні туралы екенін бұл жазбай таныды. Тіпті танымасқа шарасы кәне, жаңа ғана зіркілдей сөйлеген Борис Устинович ту сыртынан бастырмалатып кеп қалған Ерікке жалт бұрылғанда ұрлық үстінде ұсталғандай түсі бұзылып кетті. Селдір де жіңішке бурыл түсті қастарын әлдекім талдап жұлғандай сілкілеп-сілкілеп, әрең қалпына келтірді. Күн көрінетіндей жұқа қыр

мұрны да ашаң да ақ сарғыш жүзінде ары-бері тайғанақтағандай бір берекесіздікке ұшырады. Тек әскери адамша тік ұстайтын сыптай денесінде ғана қайрат мол екен, сол ғана былқ етпеді. Борис Устинович енді екі бетінің шұқырына күлкі ұялатты. Сондай күлкі көздерінде де бар, Еріктің жұмысқа жаңа киіммен келгенін көрген адамдай-ақ әлдебір қамқорлық, сүйіспеншілік ишарасымен оның бас-аяғын тегіс шолып шықты. Басқалар да солай. Тек бәрі үн-түнсіз. Ерік енді көзімен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Михаил Ефимовичті іздеді. Жаңа ғана бұл табалдырыққа сүрініп жығылардай осы бөлмеге енерде Борис Устинович екіленіп, соның бір сөзін қоштап, ныспысын атап еді ғой. Ол ортадағы ұзын столдың бір пұшпағында қас пен көздің арасында алдындағы бір газетке аңсары ауғандай көздерін төмен түсіре қойыпты. Әйнекше шытынаған әжім іздері бар жалпақ жүзі бұл төмен қарағанда тіптен далиып кетеді екен. Еріктің өткір көздері оның сол далиған, салбыраған жүзінен ұят қысып, бет моншағы үзілген жанның нышанын аңғарды. Енді қайтсін?! «Ия, бұлар үшін қазақ тілі мойынға байланған таспен бірдей екен ғой» деген сөздерді Ерік осыдан бірнеше күн бойы іштей қайталады. Ал «волосатая рука» атағандары кім? Сірә, халқының тоқсан тоғыз пайызы орыстардан тұратын осы өндірістік қаладағы мектептерде қазақ тілін факультативті түрде болса да енгізуге күш салған жоғарыдағы біреу. Еріктің пайымдауынша ол сорлы да бұл шешімді оңайлықпен іске асыртпаған. Осындай бірен-саран энтузиасттердің жансебілдігімен ғана Ерік өзінің теңіз бетінде адасқан жаңқаға ұқсап жүргенін пайымдады. Ерік еңбекке жаңа араласқанмен де осы жағына ой жүгіртуге жарады. Әйтсе де Надежда Борисовнаның өз шәкіртінің мына тірлігі үшін жаны ашып шыр-пыр болуы мен мына соңғы көрініс Еріктің біраз ұнжырғасын түсірді. Осыдан кейінгі бірер аптада Борис Устинович пен Михаил Ефимович Ерікпен тұпа-тура көз түйстіруден жалтарып жүрді. Оларға тарихшы Денис Антонович қол ұшын бергенсіді. Әнеукүні Ерік үстінен түскен мұғалімдердің дау-дамайы, әрі Борис Устиновичтің тісін шақыр-шұқыр еткізіп аузынан шығарған сөздері тұсында сол мұғалімдер бөлмесінде осы Денис Антоновичтің де төбесі қылтиған. Тағы бір осындай сабақ орны боста Денис Антонович өзінің тарих жөніндегі білгірлігіне басып, арғы-бергіні қозғап берді. Әншейінде мінезі қырыстау, әйелдерше ұрысқақтығы да бар Денис Антоновичтің ондай жыры кезінде тұс-тұстан іліп-қақпайлар да шаң беретін. Ал мына жолы бәрі уәделескендей-ақ ауыздарына су

толтырғандай жым-жырт болысты. Денис Антонович үшін бұл үлкен кеңістік еді. Үлкен аудиторияда арнайы лекция оқығандай құлашты кеңге салды. Этнология, ұлтаралық қатынас сияқтыларды бір-бір сүйкеп өтіп, жағалата тіл мәселесіне келіп тірелді. Бөлмеде ары-бері ойқастай аузы көбіктеніп, құйқылжып, оның ең бір тұздықты жерін әдеттегідей терезе алдында шынтағын табанша тақтайға сүйеп, жалғыз состиған Ерікке жақындай ежіктеді. Алыстан даңғырасам жас жігіт мән бермей, не естімей қала ма дегендей-ақ тіпті әдейілеп бұрылып, құлағына аузын тақап құйып жатыр: – Марксизм-ленинизм теориясы бойынша түптің түбінде жер бетінде бір ғана тіл үстемдік құрады, яғни бір ғана тіл қалады! Ол орыс тілі ме, жоқ, ағылшын, қытай, үнді, испан, неміс, француз тілдерінің бірі ме, әзірге белгісіз, әйтеуір біреуі ғана қалады. Ерік оған тағы бір жау тапқандай қарады. Бұған дейін математик Борис Устинович пен физрук Михаил Ефимовичті көргенде бір бүйірінен ызғар ескендей бойы мұздаушы еді, ал мынанікі одан он есе асып түсті. Ол заманның ең ауыр күрзісі маркстік-лениндік теория, міне, сол теориямен ол басқа соққандай әсерде қалды. Кәне, оған қарсы ауыз ашып көр! Егер Ерік осы тұрыста тарихшы мұғалімнің сол білігіне қарсы титімдей бір наразылық білдірсінші, ол өзі де тарихшы директор Алексей Никитыч Кузьминнің құлағына жетіп, онсыз да жұмысынан анау-мынау шикілік байқалған Ерікті табанда тықсырар еді, немесе өзі мектептің шатырына шығып, содан құлап өлер еді. Ерік алғашқы сәтте тарихшы мұғалімге жау тапқандай жалт еткенмен соңынан өзі де жаман құлдырады. Денис Антонович осы түрін байқады ма, табаны тайғанақтағандай жас жігіттен тез ұзап, сөзінің соңын анық тіл мәселесіне қатысы жоқ өзге шұбыртпамен алмастырды. «Ия, бұлар маған, жоқ, маған емес, қазақ тіліне қарсы анық шабуылға шықты» деп түйді Ерік. Мұның бәрі жас ұстазға үлкен ауырлық әкелді. Бірақ қалайда тірі адам тіршілігін жасайды ғой, Ерік мектептегі жұмысын жалғастыра берді. Тек түнге қарай ұйқыға жатқанда ауыр ойларға, уайым-қайғыға батып, дөңбекшитінді шығарды. Көрген-білгенінің бәрін қайта салмақтауға ұйқыға арналған уақыттың біразын шығын ететін еді. Сондағы тірелетін бір тас қабырғасы мынау: «Менің атабабамның қонысында бой көтерген мына Текелі қаласындағы № 6-орыс мектебінің ұжымы қазақ тілі пәнінің жап-жас мұғалімін ұлы көште арбаға соғылған иесіз иттей көреді». Бұл сөйлемді қойын кітапшасына де жазып қойды.

* * *
Ерік Тінәлиев тағы бірде осылай мұғалімдер бөлмесіне енте-
лей кіргенде өңкей әйел заттылардың отырғанын көрді. Ортадағы
стол айналасында директордың зайыбы математик Кузьмина

Ирина Васильевна, Надежда Борисовна қатар жайғасыпты да
оларға қарама-қарсы Нина Николаевна аппақ маңдай терісін керіп,
қарсыдағы екеудің әңгімесіне мұқият құлақ қойғандай қалыпта.
Тағы үш-төрт жас мұғалима бұларды ту сырттан қоршай қоғадай

жапырылып тұр екен. Ирина Васильевна мен Надежда Борисов-
на күбірлеп болса да бір-бірімен жарыса сөйлеуде еді. Тек Ерік
табалдырық аттағанда сап тыйылысты. Бір-бірлеріне ішкі сырла-
рын ақтарысқан әйелдер қауымының ортасына топ етуінен Ерік бір

түрлі ыңғайсызданып, қайта шығып кетудің амалын таппай, қол-
аяғы жіпсіз байланғандай терезе алдындағы үйреншікті өз орнына
барып серейді.
Байқаса Кузьмина көзінің жасын сүртіп отыр екен. Ал Надеж-

да Борисовна жылағаннан де әрмен, қабағы түйіліп, басын төмен
салып, ауыр мұңмен шөккен. Тіпті кешегі өз шәкіртінің мұнда
кіргенін де жақтырмағандай бұған желкесін беріп, мойнын салбы-
ратып, өз басындағы қайғы-қасіреттің әлегімен әуре екенін анық

аңғартады. Ерік іштей ауыр тыныс алды. Бұған бір қиыны мұндағы
ұжым мүшелері мұны баласына ма, ешқайсысы жүрекжарды сы-
рын ашпайды. Мына жолы да солай. Өз ұстазына жаны аши қарап,
кеудесін кемірген қандай мұң-нала бар деп, қанша ынта-ықыласы

оянғанмен олай деп, көп көзінше де, оңашада да сұрай алмайды.
Ирина Васильевнаның көзіндегі жас пен Надежда Борисовнаның
жүзіндегі ауыр мұң бұл екеуінің жұмысқа үш ай кеш шығуларының
себебіне тікелей байланысты екеніне еш күмәні жоқ. Еріктің

мұның мән-жайын білсем деген ынтасын осы көрініс одан әрмен
қыздырды.
Көп ұзамай осындай біраз мұғалім үшін тағы бір сабақ орны бо-
ста Ирина Васильевна мен Надежда Борисовна жарыса сөйлеп, өз

сырларын шет-пұшпақтап ашыңқырады. Мұнда ер адамдардан да
үш-төртеу бар еді. Ирина Васильевна:

– Бұл дәрігерлер институтта не оқиды деп таңырқаймын. Ауру-

ды онда-мұнда сілтегенде әртүрлі сала мамандарының пікірлерін
жинақтау үшін емес, өздері түк білмегесін сол басқалардың ау-
зына алақтап, бір ілік іздейді, шамасы, әйтеуір өз бастары үшін
жауапкершіліктен қашқалақтап, қандайда да сүттен ақ, судан таза

шығудың амалын қарастырады. Себебі, бірінің екіншісіне сілтеуі
таусылмайды. Алдымен осы Текеліде, сосын Талдықорғанда

Вовигімді екі қолыма көлденең салып, қаншасының табалдырығын
аттадым. Ауру баланы емес, өтімсіз дүниені көргендей өңкей бір
қабағы тырысқан, кейпі келіспеген дәрігерсымақтар. Ашып та
сөйлемейді, жауып та сөйлемейді, тек сырғыма сөзбен шығарып

салады, – деп барып, ат басын әрең тежеді.
Сөйтіп, Ерік бұл математика пәнінің маманы, директордың за-
йыбы Ирина Васильевнаның кішкентай баласы ауру екенін осы
жолы ғана ұқты. Бөлмедегі мұғалімдер оның жарымжан көңіліне

қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да септескені
ме, әйтеуір өздері емделген өзге дәрігерлердің де білімсіздігі,
епетейсіздігі хақында үзіп-жұлқып, біраз жайды қопсытты. Надежда
Борисовна ғана басын төмен салған күйі едәуір уақыт аузынан леп

шығармады. Жұрттың дабыр-дұбыры сәл саябырсығанда ғана ке-
нет ішінде қатты ашыған сырасы бар бөшкенің тығыны атылғандай
бұл да атқақтай жөнелді:

– Біздің мейірбанды Ирина Васильевна бұл дәрігерлер инсти-

тутта не оқиды деп таңырқайды. Мен сіздерге айтайын олардың
не оқитынын. «Балық басынан шіриді» деген халық даналығы
текке сақталмаған. Жалпы бізде ғылым жүйесі дұрыс құрылған
деу қиын. Мысалы, бір жетекші ғалымның қоластында бірнеше

қызметкер, аспиранттар жұмыс істейді. Олардың ішінде жас сұлу
қыздар, келіншектер жетекшінің нақсүйеріне айналады. Тіпті күндіз
оның көңлін көтеріп, кешкісін үйіне барып, еденін жуатындар да
бар. Ал қалғандары – жігіттер, олар шын мәнінде қабілеттілер бо-

луы да мүмкін, міне, солар аш-жалаңаш жүріп, лабораториялық
жұмыстарды жүргізеді, сөйтіп, жетекшінің диссертациясын жазады.
Егер жіті үңілсең олардың өзі үшін де, әлгі сұлу нақсүйерлер үшін
де, жетекші үшін де жұмыс істейтінін көресің. Алатын жалақылары

қайыршыға тастайтын садақаның о жақ, бұ жағында. Ал осындай
жансебілдердің институтқа барып лекция оқуға қолдары тие ме?
Әрине, тимейді. Олардың орнына әлгі нақсүйерлер жүреді. Олар
жоғары оқу орындарында лекция оқығандарына мәз. Төбелері

көкке тигендей бақытты жүздерін көрсең олардың! Тек көз алдау
үшін оқта-текте қабілетті жігіттердің бірен-саранын ғана жіберіп
тұрады. Міне, көпшілігі сондай сұлу нақсүйерлерден дәріс алған
студенттерде не білім болсын?!

Бұған қарама-қарсы жайғасқан Нина Николаевна ойда жоқта
өзінде жоқ мінез тапқандай қып-қызыл шиқандай еріндері дүрдиіп,
қалыптан шығып бара жатты. Әсте қылау жуытпас аппақ өңінде
де бір қозғалыс байқалып, табиғи көркіне нұқсан келтірерлік бір

жаман ынта-ықылас оянғаны анық. Сығырайған көздері де Надеж-

да Борисовнаға тесіле қарап, күлімсіреген сиқын бұзбағанмен де сайқымазақтана ойнақшып, әлдебір ашылған сыр магнитше тартып әкеткендей Нина Николаевнаның өз ішкі дүниесіндегі ырғаққа бағынбай өз әуенімен төңкерілді, шамасы. Кенет ол бет-жүзіндегі тосын құбылысты күшпен жеңіп, терезе жақта, Ерікпен қатарлас қақшиған тарихшы Денис Антоновичке қарады. Бұл да сондай қарасқа дайын екен. Енді екі көз түйісті. Тек бұл да ұзаққа созылмады. Денис Антонович еркектік қайратқа басып, өз көздеріндегі ұстамдылықпен Нина Николаевнаны да сондай ұстамдылыққа шақырды. Надежда Борисовна тарапынан ашылған сыр бұған да қаз-қалпында жеткен. Тек «кәне, Нина Николаевна, онсыз да табаны тозып, маңдайы тасқа тиіп қайтқан адамды одан әрмен жерлемейік» деп, сабырлылық аулына бағыт нұсқағандай. Міне, осы көріністердің бәрі Еріктің көкірек сүйегіне ойылып жазылғандай мәңгілік есінде қалды. Ал осы шақта ол әрі ауыр қиналысты бастан кешірді. Өз басындағы проблемалары зіл батпан бола тұра өз ұстазы Надежда Борисовнаның тағдырында үлкен жарықшақ барын пайымдады. Алматыдағы ғылым адамдарының кескін-кейпін пышақпен аршығандай жаңағы сөздері, Нина Николаевнаның оны естігендегі түрінің соншама бұлаңқұйрыққа басуы, тарихшы Денис Антоновичпен көз түйістіруі, екеуінің үнсіз ұғынысуы Еріктің саңлауы мол басына көп жайды шөміштеп тұрып құйғандай. Бұл енді ғана осыдан екі жыл бұрын Надежда Борисовнаның ғылым жолын қуып, астанаға кеткенін, сол үшін күйеуімен шарпысып, соңынан татуласып, ол күйеуінің де солай қарай тартып отырғаны туралы алып-қашпа өсекті қайта санасында жаңғыртты. Бір анығы сол – Надежда Борисовнаның мына түрі ғылым жолында бағы жанғанға мүлдем ұқсамайды. Тіпті ол Алматыда көп болмаған да сыңайлы. Отбасының қабырғасы қаусап, қайта бүтінделіп, Алматыға барғанмен де еш барқадар таппағаны анық. Ол барған бетте әлдебір сенген адамдары тонын айналдырып кигендей мұны қақ маңдайдан таспен ұрып, есіктерін тарс жапқаннан сау ма? Себебі, бұл сүйікті, әдебиетші ұстаздың мына Текелі қаласындағы № 6-мектепте бірінші жыл жұмыс істеуі емес екені де айқындалды ғой. Солай-ақ болсын, әңгіме басқада. Еріктің көкірек сүйегін ауыртқан сұрақ мынау: жарайды, Надежда Борисовна Алматыда жолы болмай кері қайтсын-ақ, бірақ одан беріде де едәуір уақыт өтті ғой, неге бұл кісінің соншама көңлі пәс, әлде Алматыдағы сәтсіздіктің жан жаралайтын жалғасы бар ма? Нина Николаевна сияқты өз өміріне дән риза, сұлу әріптестері табалайтындай бұл кісі соншама не бүлдіріп қайтты? Тағы бір кеңірдекке

кептелген сұрақ – бұл неге жұмысқа үш ай кешігіп шықты? Математик Ирина Васильевнанікі түсінікті, оның кішкентай баласы ауру екен, ал мынаған не жорық? Әлде мұның онысы мен мұнысының арасында жібі үзілмеген, тіпті шынжырдай керілген бір байланыс бар ма? Осы сияқты сұраққа тірелгенде Ерік шынында да өз басы әлде бір науқасқа ұшырағандай қиналады. Ия, болашақ жазушы Ерік Тінәлиевтің әдебиет әлемінің көп құпиясына өзінің көзін ашқан осы ұстазына деген құрметінің ерекше екендігіне бұл да бір мысал еді. Бұның сәл алдында Еріктің тағы бір аңғарғаны Ирина Васильевна мен Надежда Борисовна ұжымға қосылғаннан кейінақ Нина Николаевна үшеуі топ құрып, осындағы әйел біткеннің көсемдеріне айналғандай. Үшеуі де көрікті, сүйектері сұлу, өз істеріне шебер, бастықтарға ірі сөйлеуден де қаймықпайды, кіріп-шыққанда биік өкшелерінің еденді тырс-тырс еткізуі де бөлек, кім-кімнің де көзін тартатын өзге де қасиеттері жетерлік. Отбасылық жағдайлары да толыққанды. Егер үшеуі жұрттың көз алдында оңашаланып, әйелдік күбір-сыбырға берілсе, әсіресе, жас мұғалималар оларға қызғанышпен қарап тұрар еді. Олардың сыртында, жас деуге келмейтін, бірақ бұл үшеуіне аямай көзінің сұғын қадайтын тағы біреу бар. Ол дүңген әйелі, ағылшын тілінің маманы Адалят Сализовна. Жаңағы Ирина Васильевна мен Надежда Борисовнаның зар төккен әңгімелерін олардың ту сыртынан мұқият тыңдағандардың бірі де сол. Бірақ өзгелер сияқты емес. Егер өзгелер ол екеуіне аяушылық білдірсе Адалят Сализовна олардың осы зар күйіне қызғанышпен қарап, көздері көмірдей қарауытып кетіпті. «Осылардың бастарындағы проблемаларды құдай маған неге бермеген» деген ыза мен налаға толы сөздер адырайған, құс тұмсықты бет-әлпетінде соқырға таяқ ұстатқандай айқын жазылған. Тіпті ол үш әйелге шап беріп тиісуге де бар, тек оған бір құйтымдай да ілгектің жоқтығы мысын құртып, екі иығын күшпен қиқаң-қиқаң еткізетіндей. Ақыры ол ілгек табылды. Адалят Сализовна шорт кескен қара шашты басын бірер шайқап, бәйге атындай мойнын созғылап, денесін де ары-бері қозғап, тілге келді: – Надежда Борисовна, сіз ғылым адамдарының моральдық жағынан азғындағанына қапаланасыз. Мәселе соларда ма? Қазірде баршаның рухы түсіңкі екеніне неге назар аудармайсыз? Хрущевтің қалпағы көкте бұлғаңдайды, ал дүкенде ақ нан жоқ! – деп салды. Ол кезде ақ нан шынында қат еді. Үйінде ауру адамы бар, не-

месе, бала-шағасы көп жандар ғана арнайы дәрігерлік анықтама алып, дүкеннен сол бойынша ғана ақ нан сатып алушы еді. Жақында бір жас мұғалима шешесінің асқазаны ауру болғасын сондай анықтама үшін жүгіремін деп, жұмысқа кешігіп, директордан қатаң сөгіс естіген. Бұл жай мұғалімдер арасында біраз күңкіл сөз тудырған. Адалят Сализовна соны еске салып тұр. Мұның соңғы сөзі тұсында мұғалімдер бөлмесіне директор Кузьмин Алексей Никитыч кіріп келді. Бірақ ағылшын тілінің маманы ұзаққа шабуға оңтайланған екен, ет қызуымен тоқтай алмады: – Биылғы жыл адамның тұңғыш рет космосқа ұшқан жылы. Партия съезінде жеті жылда коммунизм орнайды деп жарияланған жыл. Оның есесіне Сталиннің басына қара бояу бөшке-бөшкесімен төңкеріліп, құйылып жатқан жыл. Осының бәрін көріп-біліп отырған мына мен, қарапайым мұғалім, кейде үйімде отырып, шай емес, у ішкендей боламын. Ал бізден гөрі зерделі ғылым адамдары қайтті екен? Олар қасиет тұтқан ғылым жетістіктері аяққа басылғанда қалай жүрегі жараланбайды? Коммунизмді жеті жылда емес, жетпіс жылда орнатсақ да жарар еді? Кеңес ғылымы барынша салтанат құрды деп, Гагариннің әдемі болмысынан бет перде жасағылары келеді. Ал шын ғылым ойыншыққа айналды. Коммунизмнің қай жылы орнайтынын саясатшылар емес, ғылым айтуы керек қой, Сталиннің еңбегіне де ғылым адамдарының баға беруі абзал. Ал бізде бәрі керісінше, сосын да ең бір қабілетті ғылым адамдарының өзегі өртеніп, азғындық жолға бастамауына не жорық? Қараңыз, осында тарихшылар барсыздар, Ресейдің бүкіл тарихында мұнда ең қуатты мемлекет осы Сталиннің тұсында құрылды ғой. Кәне, осы сөзімді жоққа шығарыңыздаршы! Мен сияқты дүңген, немесе, қазақ, өзбек, украин, белорус, грузин сияқтыларды білмеймін, ал орыс халқы ең алдымен осы Сталинге қарыздар! Адалят Сализовна әлі де көсілетін еді, директор Кузьмин тамағын кенеп, тықыршып, бәтіңкесімен еденді оярдай қимылдар жасады. Сосын шығып кетті. Бөлмедегі мұғалімдер сілтідей тынысты. Көп ұзамай қоңырау шырылдап, балалар да, сабақтағы мұғалімдер де үзіліске шықты. Үзілістен кейінгі сабаққа мына отырғандардың бәрі де көтерілді. Ал келесі үзіліске шыққанда мұғалімдер бөлмесіндегі арнайы тақтада бүгін кешке, екінші сменадағы оқу аяқталғасын, сағат жетіде жиналыс болатыны туралы хабарландыру ілінгенін көрісті. Күн тәртібінде бір ғана мәселе. Ол – тәртіп мәселесі. Астына директордың қолы қойылған. Қаламұшты қағазға батыра долдана қойғаны көрініп тұр.

Жиналысқа Ерік сәл ертерек келді. Мұндай бас қосулар
қарсаңында мұғалімдер амалсыз иіріліп қалады да араларын-
да әртүрлі сөз, әңгімелер өрбиді. Қала өміріндегі жаңалықтар
да ортаға салынады. Ерік сондайларға құлақ тосуға құмар. Тек

бүгінгі жиналыс қарсаңында мұғалімдердің бәрі де ауыздарына
су толтырғандай тоң-торыс екен. «Бұл неліктен, сірә, бұлардың
бір білетіні бар» деп, іштей өзіне-өзі күбірлеген Ерік баршасының
жүздерінен әрқилы жазу белгілерін іздеп, әуреленді. Бірақ сыр

алдыратын ешқайсысы жоқ. Кенет мұғалімдер бөлмесінің бір
бұрышында әдеттегіден тыс жалғыз шоқиған Адалят Сализовнаға
көзі түсті. Ол бетін басып, тым бұғыңқы отыр. Бұрынғы мінезімен
сыйыспайтындай бір қылығы, сірә. Сол маңда Ерік ары-бері

ойқастағасын ғана ағылшын тілі маманының көздері қызарып
кеткенін көрді. Жақында ғана жылап алғаны ап-айқын. Жалғызілік
әйелдің бұл сиқына Ерік жаны аши қарады.
Жиналыс басталуға әлі де он бес минуттей бар. Еріктің төзімі

жетер емес. Түр-түсінде одағай құбылыстар байқалмайтын, қашан
да мейірбанды, үнемі күлімсіреп жүретін Лотте Романовнаға
жақындап келді де басқаларға естіртпей ақырын ғана:

– Ана Адалят Сализовна бірдемеден қамығып жылаған ба, түрі

жаман ғой?! – деп сұрады. Сөйтсе ол дүңген әйелді манағы сөзі
үшін директор түстен кейін кабинетіне шақырып, жерден алып,
жерге салып ұрысқан екен.

– Ұрысқанның көкесі қазір жиналыс үстінде болар! Содан

қауіптенемін, – деп, сөзін қорытты Лотте Романовна.
Неміс тілінің маманы, кәртамыс мұғалиманың айтқаны айдай
келді. Жиналыс басталған бетте-ақ Алексей Никитыч ой төрт
қабырғаны солқылдата айғайға бассын! Сөзінің кіріспе бөлігі біз

партия саясатына терең үңілмейміз, күнді алақанмен көлегейлеуге
болмайтыны сияқты көзден жасыру мүмкін емес жетістіктерді
көрмейміз, біздің адам тұңғыш рет ғарышқа ұшқанда капиталистік
алпауыттардың инсульт ауруына ұшырай жаздағанын естімейміз,

социалистік жүйенің Шығыс Еуропада қарышты қадам жасағанынан
бейхабармыз, партияның соңғы съезінде кеңес азаматтарының
ең таңдаулыларынан іріктелген ең таңдаулылардың бірауыздан
нені мақұлдағанын ұмытамыз, біз көрсоқыр, таскереңбіз, сондай

сиқымызбен мектепте болашақ коммунизм адамдарын тәрбиелеуге
моральдық құқықтан айрылғанымызды ескермейміз деп, барша-
сын бір үйіріп соқты да осы атағандарының әрқайсысын бөлек-
бөлек жіліктеуге көшті. Сол кездегі саяси газеттердің алғашқы

беттерін шұбарлаған жәйттер директордың тілімен қамшыдай

қайта өріліп, бояу-нақыштармен әспеттеліп, құлақтарға құйылып
жатты. Тіпті мұндағы тыңдаушылар сол Алексей Никитычтің өзі
дәрежелес, тіпті кейбірі оның өзінен де жоғары білімді, сартісті,
аққаптал ұстаздар емес, күні бойы ебіл-себілі шығып қара жұмыс

істейтін, газет-журналға көз қиығын тастауға да мұршасы жоқ
жұмысшы-шаруалар отырғандай-ақ ол барған сайын екіленді.
Күнделікті ақпараттарға қанықтығы өз алдына, мамандығының
тарихшы екендігі, әрі осындағы ұжымның саяси сауаты үшін

жауаптылығы да мұның өстіп тілдің майын тамызуына ықпал ет-
кендей. Еріктің есіне әлденеден Абайдың «өзім де басқа шауып
төске өрледім, қазаққа қара сөзге дес бермедім» деген жолдары
түсті. Қалай түспесін, директордың мына төкпесінен оның тіп-

тік болмысы, тікірейген қысқа сұрғылт шашы, құлағын жымитқан
жолбарыстай бет-әлпеті, күлгін сия түстес көздері тіпті сұрапыл
көріністі құрайтындай. Оның уәждерінен бұл да хабардар, сонда
да өмірі естіп-білмеген құпияның қақпағы ашылғандай жас жігіттің

тұлабойынан діріл жүгірді. Міне, шешендік өнердің құдіреті!
Ерік бірауық өзін-өзі қолға алып, бөгде жәйттарға да көңіл
бөлуге күш тапқандай. Ең алғаш ескергені осының бәріне кінәлі
Адалят Сализовна не күйде екен деп, көп ішінен сол дүңген әйелін

іздестірді. Жиналыс мұғалімдер кабинетіне тақау үлкен бір сы-
нып бөлмесінде өтіп жатқан. Адалят Сализовна арт жақтағы бір
бұрышта өзі құралпылас жасамыс әйелдердің қоршауында жұртқа
қарарға беті жоқтай қос алақанымен көлегейленіп алыпты. Әлі жы-

лауы да басылмаған секілді, қасындағы әйелдер оны кезек-кезек
жұбататынға ұқсайды. Олардан беріректе етженді кеудесі партаға
әрең сыйған физрук Михаил Ефимовичтің түр-ұсқыны көзін тарт-
ты. Әжімді жүзінде көңілді күлкі үйірілгендей көрінгенімен де бір

түрлі дөңқабақтанған түрі де байқалады. Әлде бір жайдан масай-
рап, екінші бір жайдың жетесіне жете алмай таңырқағаны ма?
Қасындағы Денис Антоновичке әлсін-әлсін жалтақтап, соның аузы-
нан бір жартымды жауап күтетіндей. Қалайда Михаил Ефимович

өз аузына берік. Тек іштей «балықшы балықшыны алыстан тани-
ды» дейтіндей. Мұның ойынша, Денис Антонович те тарихшы, әрі
бұл да мектеп басқарып көрген, әрі осындағы кәсіподақ ұйымының
жетекшісі, демек директордың мына қатты кетісінің мәнін бір білсе

осы біледі, шамасы.
Айтпақшы, осы айларда Денис Антоновичке де қатысты бөгде
бір жайлар бар еді. Текелі қаласының осы «Станция» атала-
тын бөлігінде тағы бір үлкен орта мектеп салынып жатқан. Ол

«екпінді құрылыс алаңы» аталып, оның алдағы жаңа оқу жылы

қарсаңында пайдалануға берілетіні хақында қалалық газетте екіүш мәрте жазылған да. Мұндағы халық саны күннен-күнге артып, бала дегенің мына № 6-мектептің аузы-мұрнынан шығып жатқан жағдайда жаңа мектептің керектігі баршаға аян. Тек сол мектептің құрылысынан гөрі оны кім басқарады деген сұрақ төңірегіндегі гу-гу әңгіме басым түсетіндей көрінетін. Міне, сол гу-гуге жаңа бағыт-бағдар берілгендей еді. Ол жаңа мектепке осы отырған Денис Антонович директорлыққа тағайындалады деген айқын сыбыс тараған. Ол аздай, жоқ, ол жаңа мектепке қалалық халық ағарту бөлімінің бастығы Рыжовтың өзі барады екен де, Денис Антонович соның орнына жоғарылатылады, шамасы, дегенді дүңк еткізгендер де табылды. Ерік үстерінен тау құласа да былқ етпес осы екі мықты мұғалімге көз тіккенде осы жайды да еске алып үлгерді. Еріктің пайымдауынша ол сөздің жаны бар тәрізді. Дене шынықтыру пәнінің маманы өзіне жалтақтағанда оны өзіне тиесілі сыбағадай көрген пішіні бар Денис Антонович екі бетін одан әрмен жалпайтып төмен тұқырған күйі былқ етпеді. Сабақ орны боста газет оқудан бас алмайтын қалпына Еріктің көзі үйренгесін бе, қазір де оның осы түрінен оқшау ештеме көрмегенге ұқсап еді. Бақса басқа екен. Алдында жаюлы газеті жоқ, сөйлеп тұрған директорға көзін де көтермейді. Тырсиған бетіне ызғар жиып, құлағына жеткен сөздердің бір де бірін шашау шығармай әрқайсысын бөлек-бөлек есепшотқа салып, ұстаз дәрісін тыңдаған зерек балаша көкірегіне тоқып отырған сыңайы бірден бетке ұрды. Жалпы физрук Михаил Ефимович пен тарихшы Денис Антоновичтің кеуде, иық бітімдері ұқсастау еді, тіпті мына бір партаға сыйып отырған түрлеріне қарасаң егізектерді де еске түсірердей, тек олардың хал-жағдайына қанық мына Ерік сияқтыларға ғана олардың арасында жер мен көктей айырма барлығы айқындалар еді. Дене шынықтыру пәнінің маманына бар керегі он сегіз сағаттық жүктемеге бес, не он сағатты қосып берсе жеткілікті, ешбір бастықтан одан зорғыны өтінбейді де, ал тарих маманы мұның қасында азуын айға білеген адам. Көрдің бе, ел аузындағы алып-қашпа сыпсың мұны қалалық ағарту бөлімі бастығының өзімен бақталастырып қойыпты. Оның қасында мына жай директор дегенің не? Міне, соның бәрін сезе жүріп, бұл іштей қоң жиятындай. Қазіргі сызданып отырысын, Михаил Ефимовичтің өзіне жалтақтауын пәруәйіне де ілмеуін Ерік іштей осылай бағамдады. Бір заманда директордың сөзі таусылды. Сынып бөлмесінде ұшқан шыбынның ызыңы білінетіндей тыныштық. Сірә, директордың

мына сілтесіне қандай «реакция» болады деген сұрақ бәрінің тілжағын қарыстырып, құрсаулап тастаған. Жасаңдау мұғалімдер бастарын төмен салып, ал жасамыстары көз жанарларын ғана қозғап, бір-бірінен сыр тартпақ пейілдері ұшқындайды. Сірә, олар өзара тілсіз ұғынысып үйренген жандар. Тыныштықты кенет Адалят Сализовна бұзды: – Алексей Никитыч! – деген даусы ауаны қақ айырып, бәріне оқыс тұстан пышақ сұққандай әсер етті. Бәрі де оған жалт қарасқан. Ерік те солай. Жаңа ғана бетін қос алақанымен көлегейлеген оны жылап отырғанға сайған, сөйтсе ондай ештемесі жоқ, көзінің айналасы мүлдем құрғақ, тек аздап қызарыңқы тартқан. Сірә, мұның аузынан баршасы «еруліге қарулы» дейтіндей адуын сөздер күткен. Бөлмедегі тыныштық орнынан көтерілген дүңген әйелінің өзіне де әлде бір үлкен тәуекелге бас тіккен жанның әрекетін еске салды ма, енді ғана сүйегі адырайған тұлабойында тербеліс байқалғандай мұның да аузына тұсау салынып сәл тежелді. Бірақ көмекейдегісін енді айтпасқа амалы жоқ, шегінуге жер тар, сосын да тамағын кенеп, құс тұмсықты бет-әлпетін сәл шайқаңқырап, тілге келді: – Менің жай-күйім болмай отыр, мына жиналыстан босатсаңыз қайтеді? Естірімді естідім ғой. – Бұл жолғысы тым жұмсақ шықты. Күрзідей ауыр сөздердің әсерінен жұрнақ та жоқ, жай екеуара сырластықпен қолы байланған әйелдей бұл арадан тез сытылғанды жөн көреді. Ерік мойнын ауырта солай бұрылып, ағылшын тілінің маманына қаршығадай қадалған, тек осы сәтте оған директордың берер жауабы емес, тарихшы Денис Антоновичтің түр-түсі елең еткізді. Апырау, ол қалай? Бұл кәсіподақ ұйымының жетекшісі, омырауында «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісі жылтыраған байсалды адамның бет-жүзінде, отырысында ешқандай өзгеріс жоқ еді ғой. Жоқ, бар екен, Еріктің өткір көздері тарихшыдан бір өзгерісті тап басып байқады. Оның қос танауынан еріндерінің екі ұшына қарай жіңішке әжім сызықтары бұрала түсіп жатыр екен. Апырау, Ерік оны бұрын неге байқамаған? Оның тырсиған бетіне әжім атаулы өмірі ат ізін салмастай көрінуші еді ғой. Сірә, соғысқа қатысқан, өз айтуынша сол жамбасында қорғасын оқ салған ойықтың сәл суықтан, не ауа райы бұзыларда сыздайтыны бар, әрі жеңіл-желпі контузиядан да құр алақан емес бұл адамның осылай әлдекімнің қылықтары тұсында ішкі жан күйзелісіне ұшырай қалса жабыса кететін бір қонағы сол бұраң бел әжім сызықтары ма? Ерік осындай ойлармен арпалысқанда директор сәл кібіртіктеп, бұл да жұмсақ үнмен Адалят Сализовнаға рұқсат берді. Кейде адамды күтпеген жеңілдіктің өзі тосырқатып тастайды. Сірә, бұл

да дүңген әйелінен оқшау мінез, қарымды жауап күтсе керек, тек оның кілт бейбіт қалпынан, өтінішінен өз көзі мен құлағына сенбеген бір күй кеудесіне жабыса кеткендей. Адалят Сализовна еденді өкшесімен тырс-тырс еткізіп, шорт кесілген қара шашты басын кекжите әрі биік бөренедей денесін екі-үш жерінен сындыра парталар аралығымен алға өтті де екінші қатардағыларды орағыта бұрылып, арт жақтағы есікке беттеді. Тіпті бұл әйел мынау жолбарыс пішінді директор өзінің ұзақ қаһарлы сөзінде мұның ныспысын атамаса да ондағы у мен зәрдің бәрі негізінде өзіне арналғанын сезе тұра одан қағажу көргенге ұқсамай қайта осындай сәтте, бүкіл ұжымның төрт көзі түгелде оларға өз болмысын жарқ еткізіп бір көрсетуді мақсат тұтқандай. Адалят Сализовна кеткесін директор қабағын бұрынғысынан да кіржитіңкіреп, алдындағы стол бетінен қағаз, қарындаш сияқты бірдемелерді іздестіргенге ұқсап, сәл-пәл қибыжықтады. Сірә, бұл да жиналысқа ет қызуымен еш дайындықсыз келген. Енді жиналысты ары қарай қалай дамытпақ, біреулерге сөз беруі керек пе, жоқ, басқа мәселелерге көшкені жөн бе, соны тез анықтай алмай соқыр адамша столды оң алақанымен сипалай берді. Оның осы қалпына Денис Антоновичтің мейірі қанғандай. Жаңағы қос танауынан ерін ұштарына қарай құлаған қос сызық тереңдей түсіпті. Миығынан күлгенге де ұқсайды. Бірақ директор да әккі тарлан ғой. Өз бәсекелестерінің мұндай іркілісті сыбаға көретінін естен шығарсын ба, тілге тиек етерлік жайды тез тапты: – Мен мына ағылшын тілінің маманына шүйлігіп жатырмын. Басқамыз да сау сиырдың боғы емеспіз. Өзіміздің мынадай халқы тығыз өндірістік қаладағы ең үлкен мектептің оқытушысы екенімізді, жүріс-тұрысымыз, киген киіміміз бәрі жұрттың назарында жүретінін, ал тісіміздің арасынан шыққан әрбір сөздің радио хабарынша тарайтынын, кейбірінің түскен жерінде бомбаша жарылатынын ұмытамыз. Керек жерде екі елі ауызға төрт елі қақпақ қоюға қайратымыз жете бермейді. Нақтылы мысалға көшейін. Әйелдер туалетінде Адалят Сализовна туралы былапыт сөз жазылған. Оны жазғандар ондайды кім арқылы естіп жүр? Әрине, сендер арқылы! Ұстаз басымызбен өз әріптестеріміз хақында өсек таратамыз. Алдын-ала ескертемін, кімде-кімнің аузынан жеке біреулердің жеке өмірі жайлы жаман қауесет шықса аяусыз жазаланады! Осы бағдарда тағы біраз көсілді. Бұрындары осы қала мектептерінде анау-мынау жел сөзге байланысты туған дау-дамайлардан екі-үш мысал келтірді. Сосын барып қана жиналыс өз мәресіне жеткенге ұқсатты. Дүңген әйелінің бір сөзіне бола бүкіл

мұғалімдер қауымын қойша иіріп, осыншама уақыт жұтты деп, Де-
нис Антонович секілді ешбір бақталас, бәсекелес иегін шошаңдата
алмастай етті. Ал жиналыстың ең соңына қалдырған тағы бір көзірі
бар екен:

– Ерик Тиналиевич, сен қазақ тілі пәніне оқушылардың толық

қатысуын қамтамасыз ете алмай жүрсің. Ертеңнен бастап, қолың
боста олардың ата-аналарымен барып сөйлесуді қауза! Тіл
үйренудің жас өркен үшін қаншалықты маңызы барын дұрыстап
түсіндіруге тырыс!

Ерік бірден орнынан көтеріліп:

– Өзім де соған кіріскелі тұрмын! – деді. Сосын қазақ тілі

сабағына қатысудан көбірек қашқақтаған оншақты баланың аты-
жөндерін де атап салды.
* * *
Ертеңіне Адалят Сализовна Ерікпен жылы ұшырай амандасты:

– Ерик Тиналиевич, сен ана Ермохиндердің үйіне барады екенсің

ғой. Құдай үшін, үлкен өтінішім, мен жетекшілік ететін алтыншы
«В»-дағы Яков Рубцовтың да үйіне кіре шықшы. Сол Ермохиндер-
мен көршілес. Кейін өзім де барармын. Менің сыныбымдағылар
бұл «Станцияның» әр пұшпағында тұрады, аралап шығу бір

ақырет! Яков Рубцовтың ата-анасына дұрыстап жеткізші, мате-
матика мұғалімі құлағымды мүжіп болды, Яковтің алгебра, геоме-
триядан үлгерімі нашар, әрі сабаққа қырсыз, былай ата-ана болып
қолға алмаса болмайды. Немесе, өздері келіп, маған жолықсын.

Рубцовтың күнделігіне де солай деп жазып беріп едім, бұл жасыра
ма, әйтеуір ешқайсысы қара көрсеткен жоқ.
Адалят Сализовнаның бұл сөздерін Нина Николаевна да
күлімсірей тыңдап тұр еді. Сәл уақыт өткізіп, жұрттың көзін ала

бере ол да оңаша дидарласты:

– Ерик Тиналиевич, сен кеше оншақты баланың тізімін келтірдің

ғой. Менің класымдағы Деренков та сол тізімдегілердің бірі –
Тимофейдің көршісі. Сол Деренковтің де үйіне кіре шықшы. Ата-
анасы оны ұруын қоятын емес. Сен олардың үйінде көп омалмай-
ақ, «Нина Николаевна баланы ұруды доғармасаңдар заң орнына

шағынамын» деп жатыр дегенді жеткізсең болғаны. Үйлеріндегі
ауа райына қара, егер реті келсе мына мақаланы оқып бер.
Жас ұстазсың, бұл жайды сенің де біле жүргенің жөн, – деп, бір
кішкентай газет қиындысын ұсынды. Ерік оны табанда оқып шықты.

Онда бала кезінде таяқты көп жеген адамдардың миы генетикалық
өзгерістерге ұшырайтыны, өзіне-өзі қол жұмсайтындардың дені

солардан шығатыны хақында Канада ғалымдарының тұжырымын қоштаған кеңес маманының түсініктемесі екен. Жас жігіттің тұлабойы дүр сілкінді. Нина Николаевнаға «тапсырмаңызды міндетті түрде орындаймын» деп, жүзі сұрлана уәде берді. Енді қайтсін, бұл жерде мәселенің басқа да жағы бар. Ерік осы майталман ұстаздардың қай-қайсысына да тәуелді. Себебі, бұл қазақ тілін үйрететін топтардағы балалар мен қыздар осылар жетекшілік ететін сыныптардан жиыстырылған ғой. «Сіздің сыныбыңыздағы ана оқушы, мына оқушы қазақ тілі сабағына қатыспады» деп, талайының құлағының құртын жеп жүр емес пе? Сөйте тұра, олардың бір өтінішін бұл қалай жерде қалдырсын? Ия, бұл шақта үлкен мұғалімдердің орталарындағы жалғыз жас қазақ жігітін айтқандарына көндіріп, тіпті майлы ішекше айналдырып әкетуі оп-оңай еді. Енді, міне, сондай ауыр жүктерді арқалап бұл ата-аналарға кетіп бара жатыр. – Ей, жас жігіт! Қайдағы бір құдайдың қарғысына ұшырап, дәурені өткен тіл туралы әңгіме қозғауға сіздің қалай жүрегіңіз дауалайды?! – деп, Ермохиннің шешесі табаға қуырылған балықтай шаж ете қалды. Тарақ орнына саусақ қана жүретіндей дударланған қою сары шашты, жасына қарамай мойнында, маңдайында көк тамырлар білеуленген, сәл толықша келген, үстінде іш көйлекке ұқсаған жамылғыдан басқа дәнемесі жоқ қырықтар шамасындағы орыс әйелі осылай ащы дауыспен қарсы алды. Көздері бір кезде көкшілдеу болғанмен тұрмыс тауқыметінен бояуы оңып, ақ қалайыға ұқсап кеткендей шатынай қарайды. Ауызғы бөлмедегі пеште тырс-тырс етіп от жанып жатыр, аласа, әрі тар болғасын ба үй іші тым ыстық, тұздалған капуста, қиярдың исі мұрын жарады. Қолындағы темір ожаумен Ерікті қақ бастан ұрардай бөлме ортасында қақшиған күйі қалш-қалш етеді. Ерікке де отыр деген жоқ, бұл да оған қарсы қарап, түрегеп тұр. – Жұмыс жоқ, ақ нан жоқ! Күйеуім құрылыста крановщик еді, ол істейтін объект «законсервацияға» ұшырап, қаңырап қалды. Міне, ол төрт ай бойы табан тоздырып жұмыс іздеп жүр. Бұрын шахтада істеген, аздап силикозы бар, шахтаға қайта қабылдамайды. Үш баламыздың соңғы екеуі мектепке баруға әлі жараған жоқ, өзім соларды, әрі ана бөлмедегі ауру кемпірді бағамын. Асқазаны ауырады ол кемпірдің, соғыс кезіндегі бейнеттің, ашаршылықтың зардабы. Күйеуімнің кішкентай жәрдемақысына сол кемпірге ғана беруге ақ нан іздеймін, өзімізге күріш, тары жармасын іздеймін. Ол да оңай шаруа емес, дүкеннен дүкен қоймай ақтап шығамын! Менің Колям қазақ тілі сабағынан қашса мен ұрысқасын, сол мен жоқта

осы балалар мен ауру кемпірге қарай тұру үшін қашатын шығар. Сен сөйттің деп айтуға менің қалай аузым барады? Ауыздарың барса ана жоғарыдағыларға неге айтпайсыңдар, коммунизмнің төбесі көрінді деп, радиодан жар салғанда бұ жерде жоқ, нан екеш нанның өзіне зар қып қойды! Ерік бұл сөздерді естігенде мынау Адалят Сализовна екеуі бірбірінің ауыздарына түкіріп қойған ба деп те таңырқады. Қалайда сергек ойлы жас қой, Ермохин шешесінің мына шаптығуына құлақ тосып тұрып, қалайда заман қиындығы жұрттың қабырғасына мықтап-ақ бата бастаған екен деп түйді. Ала жаздай өзінің жұмыс таппай осындай өзіне аса қол емес іске кіріскенін де естен шығарып, бар шындыққа осы әйелдің сөздері арқылы көз жеткізгендей тұрды. Тіпті осындай шақта да қиялы алып ұшып, әлгі кексе журналист Құдыс Әлікбаевтің төкпелерін де еске түсірді. Байқаса, мына Ермохиннің шешесі, Адалят Сализовна, Құдыс Әлікбаев – үшеуінікі бір мағналы, бір мазмұндас жыр екен. Үшеуі үш ұлттың өкілі бола тұра қолдарына темір істік ұстап, ортақ жауға қарсы шабуылға шыққандай жұлқынады. Тек бұлар дәрменсіз. Ал бұларға қарсы беттегі ортақ жау орнынан дүр етіп қозғалған тау іспеттес, бәрін басып-жаншып кетердей тым зор да сұсты, әрі ымырасыз. Қазақ тілінің қамы үшін қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да әрекет жасамақ, қызмет етпек Ерік өз жұмысындағы қиындықтың түп-төркінін басқа ұлт өкілдерінің қиямпұрыстығынан іздеуші еді, байқаса ол пиғылында қателік бар екен. Бар пәле, сол бәрін басып-жаншып қозғалып келе жатқан тау іспеттес, аяушылықты білмейтін, сенің шырқыраған жан даусыңнан бір түгі де селт етпес замана сиқында екенін пайымдайды. Ермохиннің шешесі ұзақ сөйлеп еді, әйтеуір, бір межеге жеткендей болып, сәл аялдағанда ғана Ерік батылдыққа барып, қандай қиындықтың да өтпелі екенін, ал мына Қазақстан Республикасы аумағындағы орыс балалары аздап қазақ тілін үйренсе ертеңгі күні олар үшін кәдеге асар ырзық боларын сәл түсіндіргенсінді. Бірақ Еріктің бір де бір сөзі оның құлағына да кіріп-шықпағандай. Басын төмен сылқ еткізіп, тіпті езуіне күлкі үйірілгендей тұрды. Мұнысы не, мазақ қылғаны ма, жоқ, Ерікті қысыр қиялдың соңындағы алаңғасар бозбалаға ұқсатқаны ма? Қалайда, Ермохиннің шешесі екеуара салғыласудың соңына таман сәл жұмсарды, көк тамырлары білеуленген бет-жүзіне сәл мейірбандылық ұялатып, жаңа ғана өзінің тым қатты кеткендігін жуып-шаймақ ниеттің елесіне ұқсаған бірдемесін үрлеп оятқандай. Еріктің сөздері құлағына кірмесе де ұққан адамның пішінін қиыстырып-ақ бақты. Ақыры, Ерікке бір ста-

кан алма компотын ішкізіп, шығарып салды. Ал Еріктің көкейінде заман дұрыста жап-жақсы қоғам мүшесі болатын-ақ әйел ғой деген тұжырым кетті. Ия, мұның бәрі әзірге жастықтың қызуы еді. Уақыт кешке бейім алған. Ұясына тақаған күн батыс көкжиекті қып-қызыл жалынға бөлеп, мына қала шетіндегі жыпырлаған кішкене үйлерді де өз бояуына малындырып, өңін кіргізгісі келетіндей. Бірақ одан ешқайсысының өңі кіріп жатқан жоқ. Отызыншы жылдардың соңында осы Текелі сайында қорғасын-мырыш комбинатының ашылуына орай шахтерлерге керекті үйлер асығыс салына бастап, қырқыншы жылдардың өнебойында тіптен үдеген ғой. Ондай асығыстық қайбір оң нәтиже беруші еді? Бір-біріне іргесі тиістіріліп, әрі нақтылы бір стандарттық форма да сақталмай талғаусыз қаланған үйлердің аз уақытта тозығы жетіп, қазіргі күннің қызыл-жалқын сәулесінен аңғал-саңғалы көбірек ашылған сиқы бар. Еріктің қалайда ауылдық жерге көзі үйренген ғой. Сол ауыл екеш ауылдың өзінде үйлер бір-бірінен сәл аулағырақ орналасып, айналасында бау-бақша егуге жер қалдырылушы еді. Ал мыналарда ондай аттыдан жұрнақ та жоқ. Бір үйдің терезесі мен екінші үйдің терезесінен екі адам бір-бірімен қол созып амандаса алатындай ғана аралық қалдырылған. Әрі олпы-солпы шатырларының күтімсіздігінен ол аралық одан әрмен тарылып, көзге тым сұрқай көрінуші еді. Себебі, кезінде шифер мен ағашты үнемдеу үшін бе ол шатырлардың қыр арқалары тым жатағандау, әрі сапасыз етіп жасалған екен. Сосын да уақыт тезіне шыдамай бұрынғысынан да жайыла, тіпті кейбіреулері бір жағына қисая түскенге ұқсайтын. Қаланың осы пұшпағында жиі ұшырасатын маскүнемдердің мыжырайған кепкілерін еске салатындары да бар. Сосын да күн нұры бұларға қалай көрік қоссын. Жыпырлаған үйлердің ара-арасымен жыландай жылыстап өтетін тар көшелердің де сиқы қарын ашырады. Ірілі-ұсағы аралас тас төселген көшеге қатқан мұз да сол тастардың сиқын қайталап, олар да тым қиқы-жиқы болып біткен. Ерік тобығын тайдырып алардай қиралаңдап, аяғын әрең басып келеді. Сырттан бақылаған бәз біреулер мұны осындағы аталмыш маскүнемдердің біріне ұқсатар ма еді, кім білсін. Ерік қойын дәптерін суырып, келесі кіретін үйінің адресін тағы бір пысықтап алмаққа үңіліп еді, әлдене жүрегін шым еткізді. Аңдаса, ол тағы да жаңағы Ермохин шешесінің гөй-гөйіне байланысты екен. Одан кетерде ол әйелге бір ризашылығы оянғандай еді ғой, енді онысын бекершілікке балады. Бұл оның алғаш жүздескен беттегі шаптықпасында не мағна жатқанын естен шығарыпты. Ол

әйел салған жерден қазақ тілін құдайдың қарғысына ұшыраған, дәурені өткен тіл деп атады емес пе, сол бір шанышқыдай тиген сөздерді табанда ұмытып, мына келесі үйге кірерде ғана еске алғаны қалай? Сәл ойланып, оның байыбына барды. Өзі бұл күнде сырттай оқитын университет бағдарламасына сәйкес анда-санда түртінектеп қоятын «Психология» пәнінің оқулығында айтылған «шартты рефлекс» дейтіннің белгі беруі екен. Бұл осы қалада қазақ тілі хақында кіммен сөйлессе де оның осы мағнада пікір, не ишара білдіретініне еті үйрене бастаған екен. Міне, келесі үйдің табалдырығын аттарда да сондайдың тұздай көздері ажырайып, қарсы алатынын ет пен терісі арқылы сезгендегісі еді. Осылай Ерік тағы да төрт үйге кіріп шықты. Олар Ермохин шешесі сияқты сөзшең адамдар емес екен, бірі жақтырып, екіншісі жақтырмаса да жас мұғалімнің басын көп шатпады. Енді әлгі Адалят Сализовнаның өтінішін орындауы керек еді. Қаланың осы пұшпағындағы ығы-жығының қақ ортасында, әрі нөмірі белгілі, әлгі математикаға шорқақ Яков Рубцовтың үйін тауып, сыртқы табалдырығына жақындағанда бұл өзінің тұлабойынан тосын қайратты сезді. Кім-кімді де ұрып жығардай қолында күрзісі бар адамға ұқсап, аузына да бет қаратпас добалдай сөздер үйіріле кеткендей. «Кәне, енді менімен салғыласып көріңдерші» дегендей ерсіне кірді. Бұл батылдығының жөні бар екен. Яков Рубцовтың әке-шешесі жас мұғалімнің сөздерін мойындарына су құйылғандай отырып тыңдады. Яков атты баланың өзі де төргі бұрышта бір уыс боп шөгіп қалыпты. Тап қазір Ерік ауылдық жерлердегі соғыс кезінің бригадирлеріне ұқсап, төбелерінен қамшы үйірсе де ешқайсысы қың дейтін емес. Мұның да себебін Ерік жаңа сыртта келе жатып-ақ ұққан. Мұның қолына күрзі ұстатқан сол – бұл осы жолы құдайдың қарғысына ұшыраған қазақ тілінің емес, бүгінгі тіршіліктің, ғылым мен техника дәуірінің ірге тасы алгебра мен геометрияның қамымен келіп тұр емес пе? Кәне, біреуі бұған қарсы ауыз ашып көрсінші! Ерік тым шектен шығып кетпейін дегендей аз-кем ғана сөйледі де Адалят Сализовнаның сәлемін жеткізді. Сосын тайып тұрды. Қазақ тілі жөнінде де бәрі осындай момақан болсайшы деген арман ұялады көкірегінде. Қараңғылық әбден түсіп еді. Ерік қаланың осы пұшпағынан сәл ұзаңқырап, қойын кітапшасындағы тізім бойынша өз шаруасымен де тағы екі-үш табалдырықтан аттап, ең соңында ғана Нина Николаевна өтінішімен әлгі Деренков дегеннің үйін іздеді. Міне, мұнда бас сұғуын Ерік өмір бойы ұмытқан жоқ. Бұл да қазақ тілінің қамы үшін емес, қай ата-ананы да, бүкіл ұстаз қауымын да толғандырар

үлкен мәселе бойынша ат басын тіреп тұр ғой. Цивилизация ба-
рынша күш алған жиырмасыншы ғасырда, мынадай қала атауы
бар елді мекенде баланы ұру не деген сұмдық! Тіпті Ерік мұндай
мәселемен өзі қатты сыйлайтын, орыс әдебиетінің білгірі, тамыл-

жытып талай әңгіме шерткен сұлу әйел Нина Николаевнаның
сұрауынсыз-ақ өз еркімен де жүруге бар.
Деренковтың әкесі қырықтар шамасындағы бұрынғы шахтер
екен. Сол шахта жұмысын тастағаннан бері бетін жумағандай түсі

қара, әрі жалпақ та етженді жүзінде әжім дегенің бірнеше жер-
ден сойылып түскен, көздерінің онда-мұнда жүйткуі тез, қолдары
алдына сыймайтын кеспелтек неме. Тар да ыстық бөлменің тап
ортасында екі шынтағын екі тізесіне қойып, алғашында Еріктің

тұлабойын бастан-аяқ шолумен болды, әйелі есік жақтағы пеш
алдында домаланған денесімен үй төбесін тірердей қақшиып тұр.
Ескі сұрғылт белдемшесінен төмен жуан да қып-қызыл қос бал-
тыры шалынады. Бөксесі томардай, төсі шығыңқы, мол пішінді

келіншек. Саз балшықтай бетіндегі көздері де ортадағы күйеуінің
көздері сияқты секемшіл, шамасы. Ол да Ерік сөйлей бастағаннан-
ақ оның көк желкесіне қадалып, тырс еткен дыбыс шығармады.
Былай үй иелеріне ұқсап, жас мұғалімге орындық ұсыну ойлары-

на кіріп-шығатын емес. Ерік тізе бүкпестен сол тұрған бойында
сөйлей берді.
Ал осы кездесудің бәріне себепкер бұлардың жалғыз бала-
сы – арық, үшкір көзді, шашы ұйпалақтанған Гоша бөлменің төр

жақ бұрышында бір уыс боп, бүрісіп қапты. Ол Ерікті өзін қорғау
үшін емес, тағы бір мәрте соққыға жықтырып алу үшін келген-
дей көріп, үшкір көздерімен бұған оқ жаудыра, әрі үрейлене
қарайтындай. Ерік өз шамасынша сол Гошаның көзінше баланы

ұру оның сүйегіне таңба түсіретінін, денсаулығына, болашағына,
дүниеге көзқарасына кері әсерін тигізетінін біраз баяндады. Сосын
Деренков-әкенің көзімен көзі ұшырасып еді онда мүлдем бөгде бір
жайдың жарқ еткенін аңғарып, денесі шымырлады. Деренков-әке

басын көтере Ерікке бір жалт етті де төргі бұрыштағы баласына
мойын бұрды. Сол кезде Ерік оның мойын тамырларының тым
шығыңқы, әрі жуан екенін байқады. «Мынауың тоңмойын біреу»
ғой деді іштей. Айтса айтқандай. Баласынан назарын бері әкетіп,

Ерікке қайта бұрылғанда бұл күлімсірегенге ұқсады. Бірақ бұл
күлімсірегендік емес, тісін ақситқанға көбірек келіңкірейді. Нина
Николаевнаның өзін мұнда жұмсауының мәнін Ерік енді түсінді.
Сірә, әйел ұстаз мұнда келе-келе табанынан таусылған ғой. Сөз

өтпейтін жандарға мектеп мұғалімі мың жерден тәжірибелі болса

да не істей алсын? Амалы құрығасын мына жас жігітке сен де бір бас сұқшы дегені-ау, сірә. Осы тұрыста Ерік кішкентай пәтердің іші ашық-шашық та екенін көрді. Мына ерлі-зайыптылардың екеуара жалғыз баланы сабағаннан басқаға қолдары тимейтіндей де. Бұдан Еріктің тіптен зығырданы қайнады. Ең соңғыға қалдырған бір амалы бар, бұл соған кірісті. Әлгі Нина Николаевна берген газет қиындысын суырды да соны ежіктеп оқи бастады. Әне, бізден гөрі өркениетті Канада ғалымдары, педагог-психологтары бүлдіршін кезінде ата-анасынан көп таяқ жегендердің есейе келе өмірге өз еркімен қош айтуға дейін баратынын дәлелдепті. Ал Мәскеу мамандары бұл тұжырымды екі қолдарын көтере қуаттайды. Ерік еңғұрмаса мәселенің осы жағы мына ерлі-зайыпты Деренковтарда бір сілкініс тудырар деп үміттенген. Деренков-әке керісінше бір көңілді әңгіме тыңдағандай жырқ-жырқ күлсін келіп. Сосын тағы да бір мәрте төрдегі бұрышта одан әрмен жермен-жексен болған Гошаға ащы мысқылмен көз тікті. Еріктің шыдамы осыған ғана жетті. Газет қиындысын қайта бүктеді де қойын кітапшасына сүңгітіп, есікке беттеді. Гошаға қарауға беті жоқ. «Қуартқан құдай, мұнда несіне кірдім» деп, ауылдың шал-кемпірлерінше іштей қан жылап, жатаған үйден ұзай берді. Бұл кеткесін мына тіл-жақтары қаңтарулы, жан баласына сыр алдырмас безбүйрек әке-шешенің сорлы Гошаны қайта соққыға жығатынына мұның ешқандай күмәні қалмады. «Сенің бүйткен ұстаздық қасиетің құрысын» деп, өзін-өзі қарғапсілеп барады. Бұдан соң бұл көшеден ғана емес, қаланың өзінен де ұзап шығып, тастай қараңғылықта Қаратал өзеніне көлденең тартылған солқылдақ көпірден өтіп, одан арыдағы басқа елді мекен – өз туған аулына қарай тартты. Бір сағаттай жол жүріп, үйіне түнгі он бірден аса жетті. Қайран, итжандылық-ай десеңші! * * * Осылай өмір өте берді. Жаңа жыл мейрамы келді. Балаларға арналған бал-маскарадтан кейін қысқы каникулдың алғашқы күндерінің бірінде спорт залында үлкен дастархан жайылып, мұғалімдер жаңа жылды өзінше тойлады. Әсем безендірілген шырша айналасы, ересектер үйірі, арақ-шарап пен тамақ толы ұзын стол мына кеңістікке мүлдем басқаша өң берген. Мұғалімдердің әрқайсысынан жиылған ақша толық жұмсалып, әрі жағдайы барлар үйлерінен әртүрлі қосымша тамақ пісіріп әкеліпті. Мұнда Адалят Сализовна сияқты үйірден ерте шыққан және Ерік сияқты үйірге әлі

түсіп үлгермеген бірен-сараны болмаса баршасы өз қосақтарын
ерте келген. Әсіресе, өз күйеулерінің үлкен тұлға екенін, немесе,
табысты жерде еңбек ететінін көйітіп жүретін әйелдер жағы көбірек
тыраштаныпты. Стол үсті әртүрлі салат, суық сіңір, торт сияқты

Ерік көп татып көрмеген тағам түрлеріне сықап тұрды. Бәріндегі
әрқилы өрнек іздері олардың аса дәмді, әрі жұғымдылығын көрер
көзге айғақтайды.
Мұндағы Ерікті таң-тамаша еткен жағдай сол – әншейінде өзара

тоң-торыс мұғалімдердің тап бүгінгі бір-біріне деген ықыласын,
мейірім-шапағатын, жылы лебіздерін қара сөзден қаймақ сүзген
зергер жазушылардың өздері суреттеп бере алмас. Қараңдаршы,
езулерінде үйірілген күлкілері қандай әдемі, қаншама тұнық

сыр жатыр онда! Тек сол күлкілері үшін ғана кешегі ауыл бала-
сы Еріктің осындай ортаға тап қылған өз тағдырына мың да бір
ризашылығын білдіргісі келетіндей. Енді қалай? Ерікке жақсы
таныс ауыл қазақтары той жасаса салған жерден бір-бірін ша-

янша шағып, қағытып, сөз асырысып, дау-дамай, ұрыс-керіс,
тіпті төбелес сияқтылардың төбесін қылтитып қоюшы еді. Ал
төбесі қылтиған құбыжық бұлқынбай тұра ма? Тіпті ондайсыз
күнде де бірі екіншісінің шоқтығы желкілдегенін жақтырмағансып,

қабақтарынан қар жаудырып, көздерін төмен салып, ызғар таныту-
шылар қаншама?
Мына ортада ондайлықты емге таппайсың. Ал директор Алексей
Никитыч Кузьмин Адалят Сализовнаны биге шақырғанда Еріктің

көзі тіпті шарасынан шықты. Бұл жай би емес, вальс еді. Аккор-
деон ойнаушы жұрт көзіне көп шалына бермейтін, тапалтақ, ернін
үнемі жымқырып жүретін егде адам, музыка пәнінің оқытушысы
еді. Бұл да өз ісінің құдайы екен. Ол аккордеонды құлаштай

созғанда Алексей Никитыч пен Адалят Сализовна айдын бетінде
қос аққу жүзгендей сурет салып еді. Кенет аккордеоншы әуенді
кілт өзгертіп, қысқа қайырымдармен бебеулеткенде ортадағы
екеу шырқ үйіріліп, әлде бір самұрық құстың өздерін жерден іліп

әкетпек әрекетінен қорғанғандай шапшаңдыққа басты. Бірақ осы
қорғаныстың өзінде адамның көз құмарын қандырар әсемдік
бар екен. Әншейінде түр-түсін өзі аса ұнатпайтын дүңген әйелін
Ерік соншама сүйсіне бақылағандай. Басында сәл шарап қызуы

білінген жас жігіт әсемдік әлемінің қиыр-шиырында адасқандай
шарасыздық сергелдеңіне ұшырады. «Апырау, мынадай өнермен,
мынадай қабілетпен қиыр түкпірдегі бір қалада бала оқытып, шаш-
тарын ағартқанша Алматыдағы үлкен сахнаға неге көтерілмейді

бұл сығырлар» деген сауалға да соқтықты.

Директор мен ағылшын тілінің маманы биді шынында әр көрерменнің буын-буынын қоса қозғағандай келістіріп-ақ нақыштап еді. Мұны Ерік бұл ортаға көктен түсе қалғандай өзі түгілі осындайлықтың қазанында қайнаған өзгелердің көздеріне жас үйірілердей күлімсіреп, сүйсінгенінен таныды. Тек вальс аяқталуға таяғанда ғана тағы бес-алтауы қос-қостанып, ортаға шықты да музыка ырғағымен жүзе жөнеліп, Алексей Никитыч пен Адалят Сализовнаның асқақтаған беделінің жалына жабысқандай әсер қалдырды. Еріктің ішке сыйғыза алмаған тағы бір сауалы – директор әнеукүні ғана өзі жер-жебіріне жеткен дүңген әйелімен мұншалықты көздің жауын алар жарастықты қалай тауып алды, тапқан күнде де оған қалай дәті шыдады дегендік еді. Сәл бас шағып, ия, бұлар жұмыс істей де, демала да біледі дегенге сайды. Арада екінші би биленіп, үшіншісіне көшерде тағы бір өзгеріс елең еткізді. Директор өз аккордеонын ала келген екен, сонысына жармасты. Ал тарихшы Денис Антонович скрипкасын қорабынан суырып жатты. Осындағы еңбек пәнінің мұғалімі, ол да көзге көрнексіздеу адам, жалма-жан бір бұрыштан гитарасын әкеле қойды. Тағы біреулер гармон-двухрядка, балалайка, үрлеуіш аспаптарын тауып алды. Қаздай тізіліп, музыка пәнінің маманы өз аккордеонымен бір дыбыспен ғана белгі беріп, оны кілт үзіп еді бәрі сілтідей тынды. Сосын бас аккордеоншы әлде бір сыңсыған қыздың даусындай етіп, бірдемені сызылта бастап, кенет дүрсілдете жөнелгенде, кәне, басқалары қосылып берсін. Екі аккордеон, бір гармон-двухрядка, скрипка, гитара, балалайка, екі үрлеуіш аспап – біреулері ботадай боздап, екіншісі сыңқ-сыңқ етіп, үшіншісі әлдекіммен дауласқандай үзік-үзік дыбыс шығарып, ортақ бір әуеннің өнебойын әрлегенде Еріктің тұлабойы шындап-ақ тебіренді. Қас пен көздің арасында жоқтан бар бола кеткен оркестр мектептің спорт залын, әсем безендірілген шырша айналасын жұмақ төріне айналдырды. Бидің көкесі енді басталды. Ұзын стол басында қадау-қадау бес-алтауы ғана қалды, басқалары биге тегіс көтерілді. Ерік те биледі. Өз ойымен өзі әуре, алған әсерден сәл есінен адасқан Еріктің билеу ойында да жоқ еді, тек оны директордың зайыбы – Кузьмина Ирина Васильевна биге шақырды: – Сен сияқты өрімдей жас та сұлу жігітке мұндайда оқтау жұтқандай серейіп, жырақ қалу жараспайды. Осындай бас қосулардың жаны, көркі бола білу парызың, – деп әзіл аралас ақыл айтқансыды. Оның ишарасынан Ерік тіпті балқып кетті. Музыка ырғағына еліте өзінен жасы әлдеқайда үлкен әйелдің

түр-түсін тым жақыннан қадағалап, бұдан да өзіне таңсық көп
жайдың астарын аңдағандай. Бұл математика пәнінің маманын-
да директордың зайыбымын деп паңсыну да, не баласының ұзақ
науқастануына орай кірбең де аты-бүтін жоқ, басқаларша бұл да

осынау көңілді кешке өз бет-бедеріндегі қуанышты рең арқылы
үлес қосқысы келеді.
Осы мезетте бишілер арасынан өз Тимофейінің иығына қол
артқан Нина Николаевнаның жүзі шалынғанда Еріктің әсерленгіш

жанына тағы бір оқ атылғандай еді. Спорт залында шам сөне
қалса да Нина Николаевна жүзінің ақтығы жоқтатпағандай екен.
Шиқандай қызыл еріндері мен дудыраған сап-сары шашының да
бояуы қанық. Би үстіндегі қозғалысы да музыка ырғағының тап

өзінен туындап жатқандай онымен қойындасып алған ба дерсің.
Сірә, орыс және шетел классикасын көп оқығаннан туған білгірлік
оның осындайғы қимылына да басшылыққа жүретіндей.
Кенет билеп жүрген Еріктің әлденеден жүрегі шаншыды. Ирина

Васильевна мен Нина Николаевнаны көзбен адақтап тауысқасын
осында өзіне қадірлі үшінші адамның жоқтығын түйсінді. Енді
қалай? Бүкіл мектеп ұжымының көркін құрайтын үшеудің екеуін
көріп барып, соңғысын неге жоқтамасын? Оның үстіне ол өзінің ең

қадірлі сүйікті ұстаздарының бірі Надежда Борисовна Перепелки-
на болса! Кенет манадан бергі көрген қызықтың бәрі Еріктің са-
насынан бу боп ұшуға айналғандай. Бұл әрі өзіне-өзі үсті-үстіне
сұрақ та жаудырды. Мұндағы ерлер мен әйелдердің қайсысының

басында проблема жоқ? Мысалы, анау директор Кузьмин мен
оның мына зайыбының екеуара екі ұлының кішісі ауыр халде,
бұлар соған қарамай өздерін соншама ашық, жарқын ұстауға
қайрат тапты емес пе? Ал Надежда Борисовнаның өз күйеуімен

екеуінің арасында ала мысық жүгіріп өткен екен деп, мынадай
есте қаларлық тамаша кешке келмей қалуы не сәні? Әлде мұның
Ерік білмейтін қосымша басқа да бір гәбі бар ма? Солай-ау! На-
дежда Борисовнаның мұндай көңілді кештер, ойын-сауық десе

ішкен асын жерге қоятынын, ондайлықтың қашан да бел ортасын-
да жүретінін, би билеп, ән салуға келгенде аспандағы бір жұлдыз
жерге құлағандай алау тудыратынын сонау мектеп қабырғасында
шәкірт кезінде-ақ таныған. Осыған орай туған қапа Еріктің жүрегін

одан әрі осқылады. Мұнда сондай-ақ Лотте Романовна мен әлгі
айы-күні жетіп, декреттік демалысқа бет алған жас әйел мұғалімдер
жоқ еді.
Би ұзаққа созылып, стол басына қайта шоғарланғанда ішіп-жеу

үстінде қосылып ән салу басталды. Байқайды, көбісі Ерік бұрын

естімеген орыстың халық әндері. Кейбірінің әуенінен гөрі сөздері көбірек құлағына жақты. Кейбір әндердің мәтіндері орыс халқының бүкіл тарихын сыйғызатындай соншама мазмұнды шығатынына бара-бара тіпті қайран қалды. Оларды кезек-кезек орындарынан атып тұрып, өз аспаптарымен сүйемелдейтін де әлгі музыка, еңбек пәндерінің мұғалімдері, немесе, директор мен Денис Антонович еді. Бұдан кейін тағы бір мәрте биге көтеріліп, қайта жайғасқанда әйелдер жағының өтінішімен осы заманғы әндерге көшті. Бұл жолы да әннің түбін түсірісті. Еріктің бір аңдағаны әлгі математик Борис Устинович пен физрук Михаил Ефимович қана анда-санда барша жұртқа естірте қысқа-қысқа әзіл тастағаны демесең көзге көп шалынбап еді. Би үстінде де шеткеріректе бір орында тұрып, кеуделерін селкілдете беруден әрі аспаған. Оның өзі де әйелдерінің нықыртуынан туған әрекет екені аңғарылған. Есесіне, стол басында екеуі қатар отырып алып, арақтың кезегін құр жібермеді. Ол алпысыншы жылдардың басында рюмка деген мына қала екеш қаланың өзінде көп тарала қоймаған. Оның орнына жарықтық қырлы стакан жүретін. Соған орталай құйылатын ащы ішімдік өңештерге жөнелтілгенде Ерік екі-үш мәрте ішін тартты. Ішін тартатыны сол – кештің бастапқы кезеңінде соншама сұлу, интеллигент көрінетін әйелдердің өздері қырлы стаканды бастарына төңкеріп, қылқ-қылқ жұтқанда өз көзіне өзі сенбеп еді. Апырау, Еріктің есебінше бұлар мынау халқының негізі сол кездің тілімен айтқанда жұмысшы табынан тұратын өндірістік қалада мәдениеттілік атаулының бірден-бір үлгісі емес пе? Сөйте тұра мынаусы несі? Тек бара-бара ар жақтарына ел қондыау дегенде ғана әйелдер жағы, бірен-саран еркектер де шыны түбінде мөлдіретіп «сыбаға» қалдыруға көшті. Тек математик Борис Устинович пен физрук Михаил Ефимович қана алғашқы қарқындарынан танбады. Бұлардың қолдарындағы қырлы стакандар түнгі шам жарығымен шағылысып, көбірек сәуле шашатындай. Түбіндегісін сарқып ішпесе әлденеден құр қалатындай еткен ашқарақтық ол стакандарды өзге бұйымдардан гөрі «бағы жанғанға» ұқсатты. Қалайда, Еріктің көкірегіне сондай бір түйсікке ұқсас сезім ұялатты. Ол екеуінің одан өзге өнері жоқтай да көрінді. Байқаса, Ерік қатты қателесіпті. Кенет директор Алексей Никитыч Кузьмин қолындағы аккордеонның ішек-қарнын ақтара созғылағанда Еріктің құлағына жақсы таныс бір әуеннің нобайы өріле кетті. Ол қай ән екенін бұл анықтап та үлгермеді, арақ қызуы еңсере бастаған Борис Устинович оның қайырмасын айтып кеп берді:

Еду, еду қашықтан,
Мен водовоз асыққан,
Мөлдір су бар достар-ей!
Мөлдір су бар достар-ей!

Кому надо поскорей?
Ия, бұл сол жылдарда республика көлемінде кең тараған «Су
тасушы қыздың әні» еді. Бұл әннің негізгі мәтінін білетіндер тағы
баршылық екен, солар көтеріп әкетті:

Асыққан су тасушы, ей, водовозбын,
Талайды жолға тастап басып оздым.
Су емес қызға әлде шөлдегендей
Жігітім, мұнша неге мойның создың?

Ал Борис Устинович оның тек қайырмасына келгенде ғана дау-
сын сыңқылдата жөнеледі. Михаил Ефимович те аздап қосылады.
Ерік бұл екеуіне өмірінде тұңғыш рет риза болғандай қарады. Ән
аяқталып, Борис Устинович ақшыл өңінің қызарып кеткен ұштарын

орамалымен сүрте бастады да баршасына естірте үн қатты:

– Қазақта жақсы бір ғана ән бар екен, оның өзінің де сөздерінің

жартысы орысша. Сондай тілді үйренем, не үйретем деушілер не
барқадар табады?

– Борис Устинович, бұл әзіл ән ғой! – деп, шеткеріректегі Еріктің

жан даусы шыққандай болып еді. Жас жігіттің бұл қыстырмасына
еркек-әйелі аралас бір сыпырасы мырс-мырс етті. «Әзіл әнге кел-
генде қазақтың сөзі таусылып қалады екен ғой» дегендей сұрақ
бәрінің қас-қабақтарында атойлады.

Арақтың қызуы ма, Еріктің миын, қушық кеудесін түйдек-түйдек
ашу-ыза кернеді. Осы математик пәні мұғалімінің аузынан шыққан
әнеукүнгі «камень на шее» деген афоризм де есіне түсіп, қалайда
оған қарсы бір оқ атып қалуға аңсары ауды. Тек көпке топырақ

шашқандай болармын деп сәл райынан қайтқансыды. Бірақ Борис
Устиновичтің өзі батылдық қаруын қолына ұстатқандай еді. Ол тағы
бір қаға берісте сәл алабұртып, столдың шетінде түрегеліп тұрған
жас қазақ жігітіне қарай күлімсірей қарсы жүрді. Қияпатындағы сол

көңілді күлкі Ерікті жігерлендірді. Математик мұғалімнің өзіне не
үшін жақындағанын білместен ұрт мінезіне ерік берді:

– Борис Устинович, он тоғызыншы ғасырда орыс интеллиген-

циясы да ауыз-екі тілде француз сөздерін араластыра сөйлеуді
дағдыға айналдырған. Сенбесеңіз Пушкиннің «Евгений Онегині»
мен Лев Толстойдың «Война и мирін» қайталап оқыңыз. Бірақ оған
қарап, орыс тілі кедей деп тұжырым жасамайсыз ғой!

Ерік өзінше мынаның шабына шоқ тастадым деп ойлаған. Байқаса, Борис Устинович бұған бетпе-бет жақындап келді де мырс етіп күліп, көзін төмен салды. Жіп-жіңішке әжім сызықшалары тілгілеген ақшыл етсіз маңдайында, бетінің ұштарында «әй, баламысың дегенге» ұқсас жазу тұр еді. Еріктің бір аңдамай қалғаны қолында аккордеоны бар директор Кузьмин Алексей Никитыч ту сырттан айналып кеп қапты. Сірә, ол математик мұғалімнің қазақ тілін кемсіткенін де, оған Еріктің қалай жауап қатқанын да естіген. Сөз реті математикте еді, бірақ директор бұзып-жарып әкетті. Аккордеонды тез-тез қозғап, тағы бір таныс әуенді безілдетіп кеп берді. Еріктің тұлабойын жылы ағын кернеді. «Ағажан-Ләтипа» деп, қайырмасынан бастап, айта жөнелгенде тіпті шалқасынан түсе жаздады. Кенет осы оқу жылы басталған қыркүйек айының орта шенінде мектеп ауласындағы үлкен ойын-сауық келбеті көз алдында жаңғырды. Директор әннің қайырмасын ғана емес, негізігі мәтінін де айтты: Ләтипаның қолында гауһар жүзік, Бозбалалар қарайды көзін сүзіп. Ауылыңнан мен шалғай жүрсем-дағы Кете алмадым өзіңнен күдер үзіп. Еріктің әнге ебі жоқ еді. Амалсыз ернін жыбырлатып қосылғанға ұқсағанмен дұрыстап көтерісіп кете алмады. Бар жүк директордың өзінде қалды. Оған деген Еріктің ризашылығында шек жоқ. Екеулеп, Борис Устиновичті қақ маңдайдан ұрдық-ау дегендей масайрады. Ән аяқталғанда Борис теріс бұрылып кетті, Ерікке неге жақындады, не айтпақ еді, бәрін жұмбақ күйінде қалдырды. Түрінде жеңілген адамның шырайы және шалынбады. Бұдан кейінгі отырыста би жағы сиреп, ән жағы тіптен басымдық етті. Тағы да сол орыстың халық әндері. Ара-тұра Стенька Разин, Иван Грозный, Пугачев, Фельдмаршал Шереметьев сияқты тарихи тұлғалардың есімдері жаңғырығады. Өзі әдебиетші, болашақ жазушы болғасын да ма, сол ән мәтіндерінде кесек тарихи оқиғалардың аз сөзбен шебер қиыстырылуы Еріктің тұлабойына жігер беретіндей. Бұл кеш тым ұзаққа созылды. Ұзын стол үстіндегі тамақ пен ішімдіктің әлі мұрты да ойылмағандай. Бара-бара Ерік қайта сарыуайыммен сарылды. Бұған еркек-әйелі аралас орыс мұғалімдерінің бәрі де жезтаңдай әнші көрінді, әрі білетін әндері де қисапсыз. Осы тұста жас неме басқа бір саясаттың пұшпағын тістегендей елең етті. Бұлар бір-екі қазақ әнін айтқансып, Еріктің алдына кішкентай

жемтік тастап, шын мәнінде орыс халқының өнерін аспандатуға барын салған жансебілдерге ұқсады. Сол кезгі баспасөз ауанынан хабардар, әрі не жайға да өткен жазда замана болмысының ішекқарнын ақтарған кәнігі журналист Құдыс Әлікбаевтың тұрғысынан қараған Ерік Тінәлиевтың әлі қалыптаспаған іш өзегі бұдан қалай босаңдық етпесін?! * * * Мектептегі оқу жылында ең ұзағы саналатын үшінші тоқсанда кейбір мұғалімдердің мінез-құлқында сәл-пәл өзгерістер байқалды. Әсіресе, директор болмашы кемшілік үшін су диірменнің тасындай гүрілдеп, мұғалімдерге тиісуді жиілетті. Декреттік демалыстан шыққан, емшекте баласы бар жас мұғалимаға төбесінен төне дігірлегенде ол жүрегін ұстай көзіне жас алып еді, ертеңіне бір оқушы бала арқылы өзінің ауырып қалғанын хабарлапты. Онсыз да бала табуына орай төрт айдан астам уақыт оқу ісінен қол үзген жас маманның бұл қылығын кейбіреулер өзара сыпсың арқылы еркелікке балады. «Тәйірі, бастық адам кімге жекірмейді?» Бірақ директордың дүлейлігі кемерінен асып бара жатты. Әлгі жаңа жыл кешінде гитарада ойнап өнер көрсеткен, түр-түсі көрнексіздеу еңбек пәнінің мұғалімін үзіліс кезінде баршаның көзінше жерден алып, жерге салды. Байғұстың бар кінәсі – еңбек пәні өтетін, мына мектеп ғимаратынан тысқарыда бөлек орналасқан үйдегі осы қала кәсіпорындарының бірінен осы директордың беделі арқасында алынған екі ескі станоктың бірі істемей қалыпты. Мұғалімнің «босалқы бөлшек табылса оны өзім де жөндеймін ғой» деп, мұрнының астынан міңгірлегенін құлағына да қыстырмады. Содан бірер аптадай өткенде химия, биология пәндерінен дәріс оқитын үш-төрт жасаңдау мұғалімдерге де қырғидай тиді. Себебі, өзі олардың сабақтарына қатысқанда оқушылардың білім деңгейінің төмен екендігін байқапты. «Сабаққа жете дайындалмайсыңдар, ізденбейсіңдер, методикалық көмекші құралдардың бетін ашпайсыңдар, халтурщиксіңдер» деген сияқты сөздерді өзге бір дойыр ұғымдармен араластырып, салмағын арттырып, ой төбелерінде ойнатты-ау. Сәл іркілістің соң кезек Ерікке де келді. Оған да солай. Ең соңында бұған күрзінің тым ауырын көрсетіп, қоқан-лоққы жасады. «Егер қазақ тілін үйренуге өз еркімен тілек білдіргендердің сабаққа толық қатысуын қамтамасыз ете алмасаң күзде жаңа оқу жылында бұл мектепті маңайламай-ақ қой!» Ерікке бұл ескертпенің ауыр тигені соншалық, пәлендей берекелі жұмыс емес, тастасам қайтеді

деген ой да басын айналдырды. Бірақ сол кездегі жер-жердегі жұмыс орындарының тапшылығы, үйдегі шиеттей бала-шаға бұны бетінен қайтарды. Директордың Ерікті қалай нықыртқанына куәлардың ішінде тарихшы Денис Антонович пен шет тілінің маманы Лотте Романовна да бар еді. Денис Антонович бұған дейін де осы үшінші тоқсан басталғалы бұрынғыдай газет оқымай үнемі басын төмен салып, аяқ ұштарынан көз алмайтын әдет тапқан. Еркекәйелі аралас ересек мұғалімдер бірде өзара: «Денис Антоновичтің дәмесінен түк шықпады-ау осы, қалалық оқу бөлімінің меңгерушісі Рыжовтың асығы алшысынан түсіп тұр-ау, шамасы» деп күңкілдесті. Ерік мұны өз құлағымен естіді. Ешкім талдап жатпаса да жас жігіт әңгіменің не турасында екенін сезе қойды. Сол баяғы осы «Станцияда» салынып жатқан үшінші аса ірі мектептің директорлығына осы екі қасқаның қайсысы тағайындалады деген сауал төңірегіндегі ырду-дырду бұл шақта өз мәресіне жетіп те қалғандай еді. Тура әлгі Америка Құрама Штаттарының Президенттігіне үміткер елдегі екі партия басшылары ұйымдастырған сайлау науқанының дүмпуіндей-ақ. Міне, түр-түсінде сондай ауыр жүк көтергендей реңкі бар Денис Антонович еріндерін жымқыра, жалпақ бетін дөңгелекке ұқсата керіп, қысыңқы көздерін Еріктің өңменінен өткізе жақындады. Сең соққандай тұрған жас мұғалім бұдан бір жан жадыратар ақылкеңес күтіп еді. Тек тарлан тарихшы-ұстаз жақындап келді де әлдененің исін иіскегендей мұрнын көтеріп, үнсіз сілейді. Сосын кілт теріс бұрылып кетті. Одан көмек күткенге ұқсас райда тұрған Ерікке керісінше «сенің жаңағы естігенің аз» деп, Еріктің жан жарасын бұл да бір тырнап өткендей-ақ. Жоқ, мұның бәрі ауыр күйзеліс үстіндегі Еріктің қате жорамалы еді. Денис Антонович оған жаны ашығандық бір лебіз тастауға жақындап, сол заманғы ішкі және сыртқы саясаттың ауанын кірпік қақпай, қалт жібермей бағуға мәжбүр өз жағдайы темір ауыздықша өз аузына сарт етіп тигесін көнбістік жасап теріс бұрылып еді. Мұның бәрін Лотте Романовна дұрыс бағамдаған. Енді ол тарихшы мұғалім қаймыққан іске өзі барды. Тек жасы ұлғайған неме әр қадамым өлшеулі дей ме, Ерікке жақындаған жоқ, алыста тұрыпақ, арық бет-жүзін оған толық бұрып, сөздерін барынша күлімсірете тіл қатты: – Бұл директор тамаққа тұзды тым ащы қып салатын боп жүр! Құдай қарғағанда Лотте Романовнаның сол қағытпасын әлдекімдер директордың құлағына тап сол күні жеткізіпті. Оны директордың кірген-шыққанда неміс тілінің маманына оқты

көздерін қадауынан-ақ ұққандар бар. Ерік те одан шеткері емес. Сол-ақ екен, Кузьмин Алексей Никитычтың белсенділігі тіпті артты. Бұдан кейінгі екі-үш аптада ол қалалық партия комитеті, қалалық атқару комитеті, оқу-ағарту бөлімі орналасқан орталық жаққа кетіп жоғалатынды көбейтті. Завуч Мосько Григорий Павловичтің аузынан «директор бүгін жиналыста» деген сөздер жиі естілетін болды. Ондайда мұғалімдердің арқа-бастары кеңіп қалатын сияқты. Кенет баршасының төбесінен ашық күнде найзағай ұрғандай бір күн туды. Директор алдағы жұма күні кешкілік кезектен тыс ашық партия жиналысының өтетінін өзі хабарлады. Мұнда партия ұйымының хатшысы бұрын көп жылдар партия-кеңес қызметінде болған, тек кейін денсаулығының жарамсыздығына орай одан қол үзген, қазір осы № 6-мектепте кітапханашы қызметін атқаратын кәрі орыс әйелі еді. Арық кеудесімен мектеп дәлізінде, ауласында ары-бері әрең қозғалатындай көрінгенімен жиналыстарда даусы саңқылдап шығатын, сол заманның тұрғысынан алғанда саяси сауаты өте жоғары жан. Жиналыс туралы хабарландыруды мектепте тарихпен қабат сурет салу пәнінен де дәріс беретін Денис Антоновичке баттитып, жуан шрифтпен жаздырыпты. Ия, бұл тарих пәні мұғалімінің өзгесімен қабат сурет салатын да өнері бар еді. Әртүрлі мейрамдарға, даталы күндерге орай қабырға газеттерін шығару да осының мойнында. Ия, Денис Антоновичтің атқарар жұмыстары көп. Бұл осында кәсіподақ ұйымының да жетекшісі ғой. Кейбір қалалық қоғамдық ұйымдарға да мүше. Директор, осы Денис Антонович, партия ұйымының хатшылығы жүктелген кітапханашы әйел – үшеуінің ара-тұра бірігіп, қалалық жиналыстарға кететіні де үйреншікті құбылыс. Тек соңғы кезде ғана директор ары-бері жалғыз шапқылап жүр. Ақыры, ашық партия жиналысы басталды. Мұғалімдердің бәрі қатысты. Тіпті бала күтіміне орай декреттік демалысын соза түскен кейбір жас мұғалімдер де келді. Баяндамашы жұрттың күткеніндей директордың өзі. Ол сөзін алыстан орағыта бастаған. Компартияның соңғы съезі мен Орталық Комитеттің соңғы Пленумдарында көтерілген жайларды шет-пұшпағынан жұлқылап, баршасының төбесінен қаққылай бастады. Ол заманғы басшылардағы ортақ әдет – қандай да бір маңызды мәселені көтерерде сол партия саясатындағы негізгі желіні көздерінің алдына тосып, басқа дүниенің бәрін тасада қалдырып, тұмшалап тастайтын. Мынау да сөйтті. Еріктің есінде қалғаны Кузьмин ең алдымен кеңес-американ арақатынасына қара бояуды баттас-

тыра жағып лапылдады. Солтүстік Америка мен Батыс Еуропада да біраз саяси күштердің үшінші дүние жүзілік соғыс қаупін тудырып отырғанын әлдекімдерді төбеден тоқпақтап ұрғандай дігірлеп жеткізді. Баяндаманың осы тұсында оқтау жұтқандай тіптік жаратылған денесі тіптен сіресіп кетеді екен. Онсыз да кірпіше тікірейген ақ аралас сұрғылт шашы жан-жаққа атылғалы тұрған темір инелерше суық сәуле шашады. Қас-қабағы да солай. Күлгін сия түстес қос жанары өзіңді жеп жіберердей зәреңді ұшыра тесіледі. Тап осы сәтте кім-кіммен де айқаса кетсе бұл оны сөзбен де, қара күшпен де алып соғардай ересен қайраттың иесі екені көрер көзге айқын. Енді қалай? Туа бітті сүйекті жаратылысы өз алдына, бұл оның үстіне партия саясатын қатқан қайың сойыл етіп ұстап тұр емес пе? Кәне, оған қарсы жақ ашып көрші, не артық қимылға баршы. Мұндайда директордікі бір бөлек, оның үстіне түйдектеліп кеп замана мысының өзі желкелерінен басып тұрғанын қалай естен шығарасың? Кейде халықаралық саясаттың осынша ушығуына Кеңес елінің осы бір оңтүстік-шығыс пұшпағында, биік таулардың қыспағында Текелі қаласындағы мына алтыншы мектеп ұжымының оқу-тәрбие жұмысын солғындатып жіберуі себеп болғандай-ақ баршасының құлағының түбінде бір жаман ызың оянатын. Және де ол ызың көпке дейін үзілмейтін. Ерік жан-жағына қарағыштай бақылап еді, мұғалімдердің бәрі де жүздерін көтеріп, директордың сықпыт-сиқын қаршығадай баққан қалыпта екен. Тек арт жаққа жайғасқан Денис Антонович қана көзін төмен салған. Тіпті директордың салақұлаш баяндамасын, ондағы небір тұздығы ащы жайларды пішту демейтін тек осы сияқты ғана көрінді. Еріктің жас жанына мұның өзі де бір түрлі жайсыз тигендей. Еңбек жолын жаңа бастаған бұған алдағы өмірдің қияң-кескі шайқастарға толы сиқын құдайдың өзі жіңішкелеп жеткізгендегі түрі ме екен? Директор халықаралық саясаттың тұнығын біраз шайқап барып, нақтылы тіршілік қамына көшкендей. Сондағы ойлап тапқаны болашақ коммунизнің материалдық-техникалық базасын жасау төңірегінде сөз өрбіту еді. Мұнда да біраз жайды қопарып барып, партияның өндірістік бірлестіктер құру жөніндегі саясатын сап еткізді. Ерік әлдекім төбесінен қара қамшы сілтегендй дүр сілкінді. Көз алдына өткен жазда өзі дидарласқан ескі журналист Құдыс Әлікбаевтың жанды бейнесі қаққан қазықша тұра қалды. Осы сәтте мына үлкен сынып ішінде директор Кузьмин Алексей Никитычтың сөзін Еріктен мұқият тыңдаған жан баласы болмаған шығар. Былтыр Құдыс Әлікбаев «республикааралық шекаралар жойылып,

олардың орнына өндірістік бірлестіктер құрылады» дегенді теория жүзінде пысықтаса мына орыс директор оны нақтылы жүзеге асыруға бел шеше кірісіп кеткендей. Ерікке манадан бері құлағына сіңіргенінің бәрі у мен зәрге айналғандай. Бірер мәрте көзінің қарауытқаны да ақиқат. Қалайда Ерік солқылдаған жас қой, сол жастық қуаты ғана осыншалықты жаман сезім соққысына төтеп беруге септесті. Ия, Арқа даласы астық егуге қолайлы, неге онда астық өндіретін бірлестіктер құрмасқа? Ал оңтүстік өңірлер мақта өндірісі үшін өзі сұранып тұр. Басқа қиырлардың да өз пешенесіне жазылғандары бар. Бірауық Ерікке әлдекім осыншалық дүниежүзілік, қала берді бүкілодақтық мәселелер шешімін таппай жатқанда әлдеқашан сүйегі қурап, күні озған қазақ тілін осы мектепке әкеп тықпалаудың қажеті қанша деп, сұрақ қойып желкелеп тұрғандай әсер етті. Ақыры Ерік бұл өткелектен де өтті. Ендігі кезекте директор сөздің бұдан да нақтылысын тіл ұшына ілді. Кадрларды жасарту, тың күштерді іске көбірек тарту партия саясатының тағы бір өзегіне айналғанын білдірді. Ерік бұл мәселені де жаңағы «өндірістік бірлестіктер» сияқты тап осы мектеп үшін келіп-кетері жоқ алыс даңғаза ретінде қабылдамақ еді. Кенет мұғалімдер арасында бір қыбылжыған мінез байқалды. Айналасындағы құбылысқа сауысқаннан сақ жас жігіттің құлағына «өзге жырдан мынаның әуселесі бөлек» деп, әлдекім сыбырлап кеткендей еді. Шынында солай ма? Ысқаяқ директордың бұл жайды тап осы араға әкеп кіріктіруінде бір мән бар ма? Бұл сауалына жуарақпанда жауап таппаған Ерік жан-жағына алақтауды көбейтті. Жаңағы қыбылжыған сыңай тез басылғандай еді. Дауыл басылғанмен оның ізі қалады ғой. Бұл енді сондай бір ізді іздеді. Мұның білуінше мұндағы ұстаздардың басымы жасаңдау немелер. Әне, дені әйелдерден тұрғасын декреттік демалысқа бірі кетіп, бірі келіп, оқу ісінің меңгерушісі Мосько Григорий Павловичтің сабақ кестесін құрастыру жөніндегі жұмысын тіптен бастан асырып жіберді. Демек, кадрларды жасарту проблемасы тап осы ұжымның желкесіне салмақ боп түсіп тұрған жоқ. Әлде, әңгіме жоғарғы басшы кадрлар жөнінде ме? Ал оған мына мектеп ұжымының қатысы қанша? Бұлар неге қыбылжиды? Кенет бұл сұрақтың жауабы өзінен өзі табыла кетті. Арт жақта Денис Антоновичтен де бірер парта кейінірек отырған Лотте Романовнаның мәз-майрам жүзі Еріктің көзіне оттай басылды. Енді қалай? Күн астында жайқалған күзгі бітік өскен қурайдайақ кешегі ауыл баласының іштегі қыл өзегін қозғады. Бұл ортаға

біраз сіңісіп, ыстығына көніп, суығына тоңып, оң мен солын танып үлгерген зерделі жасқа мына көрініс біраз жайдың бетін ашып, сайрап кеп бергендей. Лотте Романовна бүкіл науқанның өзіне қарсы бағытталып, әлеукүнгі сөздерін мына директор кек тұтып, алда жаңа оқу жылында сен сияқты кәрі мыстанға бұл ортада орын жоқ дегенді оның осылай жариялағанын сезгені анық еді. Піспеген шалалығы ғой, басқа мұғалімдер неміс тілі маманының бет-жүзінен көздерін ала қашса мына Ерік керісінше оған әлдебір жоғалтқанын тапқандай жалтақтай беріпті. Әжімдерінің әр талы шуаққа малынып, Лотте Романовна мұндай көңілділікті қайдан олжалағаны белгісіз тіпті қуаныштан жүзі жасарғандай күлімсіреп, директорға мейманасы аса қарайды. Үлкен сынып бөлмесіне лық толы мұғалімдерді әлдененің мысы шындап басты. Бәрі де бастарын салбыратып, өздерінің саусақ ұштарын тамашалай қалған. Бір заманда директор сөзін тауысты. Қара нар көтере алмас ауыр жүк желкесінен түскендей жиналыс басқарушы, партия ұйымының хатшысы, кітапханашы әйелдің қасындағы бос орындыққа барып сылқ отыра кетті. Бұдан кейінгі сөздер көпке созылған жоқ. Екі-үш мұғалім «партия саясатын қуаттаймыз» деген бағытта шолаққұйрық сөздерін айтты. Бәрі де протокол үшін хатшы мен директордың алдын-ала дайындаған адамдары екені түсінікті. Ертеңіне Лотте Романовна жас әйелше алқызыл гүлді жаңа көйлек киіп кепті. Жүзінен де кешегі көңілділік кетпеген. Әйел мұғалімдерге әлденені сыбырлап, сықылықтап күліп жүргені де байқалды. Қалайда адамның көңілді жүзі басқаларға да жайлы тиеді ғой. Ерік оған бір түрлі жанашырлықпен қарады. Ал Лотте Романовна сабақ орны боста, үзілістерде өзінен жасы әлдеқайда кіші әйел мұғалімдерге жанасуын жиілетті. Тіпті өзі кекесінмен қарайтын, әрі өзімен бақталас іспетті ағылшын тілінің маманы Адалят Сализовнамен де ауыз жаласқандай оның да құлағына әлденелерді құйып жүрді. Көбіне шетқақпайланып, қағажу жүрген дүңген әйелі өзіне мұндай одақтас табылғанына қуанғандай оны бұл да өзіне жақын тұтқан сыңай білдірді. Бара-бара бұл екеуінің оңаша күбір-күбірі тіптен жиіледі. Тіпті ол екеуі неміс пен дүңген сияқты басқа ұлттың өкілдері ғой, мына орыс қауымында оларға кәдікпен қарағандар да табылғандай. Соны Лотте Романовна дер уағында сезді ме, басқаларды да оңаша сыбырмен қарық қылуға тырысты. Бірақ Адалят Сализовна да шет қалған жоқ. Бірде бұл ағылшын тілінің маманы ана кәртамыс неміс әйелінің өсекаяңының әсерімен бе бірде тағы да аузынан қағынғанға ұқсады.

– Біздің қоғамда мына тектес адамдар қаптап кетті. Олар ешкімді өлтірмеген, ештемені ұрламаған, ештемені бүлдірмеген, ия кеңестік заң жүзінде солай. Бірақ соларды мұрындарынан тізіп, өлім жазасына кессе құдайдың ең бір оң ісі болар еді! – деп салды. Бұл көп құлаққа сарт етіп тиді. Дүңген әйел кімдерді тілмен түйреді, басқаларға кім білсін, дәл Ерікке беймәлім еді. Осыдан бір күн өткізіп барып Лотте Романовна да бүйректен сирақ шығарғандай еді: – Іштегі ұлан-асыр дүние қазандай қайнайды. Былай сарқып төгейін десең жұрттың зейін қоюға мұршасы жоқ! Бұдан кейінгі үнсіздік Ерікке шындап дауыл соғар қарсаңдағы өлі тыныштыққа ұқсады. Көзі мен құлағына күш түсіре жан-жағын жіті бақылауды тіптен әдетке айналдырды. Өйтпеске амалы кәне, Лотте Романовнаның жаңағыдай жүрекжарды күрсінісінен соң оны әр қырынан аңдушылар көбейді. «Ішіңізге сыймай бара жатқан ырысыңыз болса былай ақтармайсыз ба?» деп жабысқандар да табылмады. Тек көзбен адақтасты. «Пәлесінен аулақ, өзінің тарс жарылуын күтейік» деп, сабыр сақтанғанға ұқсайды. Бұл оқу жылының ең ұзақ үшінші тоқсаны ғой. Наурыз айының алғашқы жұлдыздарының бірі. Енді үш аптадан соң оқушылар көктемгі жеті күндік каникулға шығады. Көктемгі мамыражай шақ. Кенет бір хабар мұғалімдер қауымының ортасында тез тарады. Мектепке қалалық оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Рыжов бастаған комиссия келеді екен. Мұндай комиссияға мұндағылардың көбісінің еті үйренген. Бәрі де өз ісінің шеберлері, сасатын дәнемесі жоқ. Тек бұл хабардың бұларға алабөтен көрінген екі ерекшелігі бар еді. Басқа уақыт жетпегендей неге бұл жоспарлы тексеру ең ұзақ, ең жауапты үшінші тоқсанның ең жауапты соңғы күндерінде өткізіледі? Бұл деген оқушылардың білім деңгейі жөнінде жылдық қорытындының негізі қаланатын кезең. Мұғалімдер дәріс оқуда неге қол жеткізді, неге қол жеткізе алмады, соны қырағылықпен сараптап салмақтайтын кезең. Тап осындай сәтте мынадай комиссияның жұмыс істеуі мұғалімдердің қолын қаққандай болып шықпай ма? Мұны басқа басқа, тап қалалық оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Рыжовтың түсінетін жөні бар ғой. Бұл хабардың екінші алабөтендігі неге бұл комиссияны Рыжовтың өзі бастап келеді? Әншейінде оның орынбасары, не солардың қоластындағы методистердің бірі бастап келетін. Міне, мұның да түсініксіздеу бір қыры бар сияқты еді. Әрине, мұның бәрін Ерік өзі топшылаған жоқ, жасы үлкен бесаспаптардың сөз саптасынан ұқты. Бұл күндері мұның да

бейнеті молайды. Өзі оқытатын топтардағы балаларға комиссия келетінін айтып, сабаққа қатыспағандар жөнінде бөлек шара қолданылады дегендей қыр көрсетті. Әрі үй-үйді ақтап, олардың ата-аналарымен сөйлесуден де жалықпады. Сөйтіп, мұрнынан шаншылып жүріп, осындағы екі жан иесінің бет құбылыстарындағы өзгерістерді танып, ет жүрегі сыздағандай күй кешті. Олардың бірі әлгі 8-сыныпта оқитын, небәрі 15-16 жастағы қалпымен Еріктің іш дүниесіне құйын кіргізген Катерина Осокина деген қыз еді. Бұл әу бастағы тәртіп бұзушылық сияқты қылықтарын доғарып, қазақ тілін меңгеруге деген ынта-ықыласын барынша ашқан. Ерікке бал-бұл жанған жүзін тосып, күлімсіреген көздерімен атқыласа да артық сөз бен қимылға хош айтқандай еді. Қазақ тілін біраз еңсеріп те әкетті. Әлде әке-шешесі, не көрші-қолаңдары қазақша біле ме, сабақ жоспарында жоқ біраз сөздерді қоса үйреніп кеп, Ерікке өзінің білгіштігін көлденең тартатын. «Ерик Тиналиевич, шалбарыңызға бор жағылды», «Ерик Тиналиевич, галстугіңіз қисайып кетті» деген сияқтылардың күніне біреуін ұшыратын. Міне, сондай алау отша тұтанған зерек те сұлу қыз осы үшінші тоқсан басталғалы күрт сынды. Кеудесіндегі темір өзекті әлдекім жұлып әкеткендей кеудесі бүгіңкі тартып, көздері қап-қара шоққа айналғандай. Бал-бұл жанған жүзі де бұрынғыдай емес, ондағы атойлаған сезім белгісі сылынып түскендей тым сүлесоқтанды. Ерік сабақ түсіндіргенде бұған көзінің астымен тұнжырай қарап, өте тұйық отыратын. Бұл не? Әлде өз мұғаліміне деген ішкі сезімін қанша бұрқыратқанмен оған тиісті жауап болмағандағы білдірген наразылығы ма? «Иә, ақылы қысқа бойжеткен, мектепте өзіңе дәріс беретін ұстаздан қандай жауап болуы мүмкін? Алды-артыңа неге қарамайсың?» Бұл, әрине, Еріктің іште булыққан жауабы. Үнсіз жауап, ананікі де үнсіз наразылық. Ал Еріктің көз алдында күрт өзгерген екінші жан иесі – ол өзінің кешегі ұстазы, бір кезде Пушкин мен Лермонтов өлеңдерін сабақ үстінде шемішкеше шағатын Надежда Борисовна Перепелкина еді. Мұнікі тіпті жаман, тура басына қара жамылғаннан бір былай емес. Ерікті қой, өзі қатарлас үлкен педагогтермен де ашып-жарып дидарласпайды. Әлдеқалай тіл қатысса тек ресми сауал, тек ресми жауап түрінде ғана. Мұның себебін де Ерік сұрап біле алмайды, бұған келгенде де тілі байлаулы. Қалай сұрасын, екі ортада бір арақашықтық бардай бұл өзінің кешегі білдей ұстазы ғой. Сұрағанда да ол айта, ашыла қоя ма? Қайта Еріктің өзі ыңғайсыздыққа ұшырап, жүдеп қалмасын. Міне, Ерікке бір үйлі жанның мақтанышындай тым көркем пери-

зат – сол Катерина Осокина мен қабырғалы ұстаз, оңтайы келсе ғылымның да бір тұтқасын бұрап жіберерлік қауқары бар Надежда Борисовна Перепелкина сынды екі адамның кеуделерінде әлдене біржола өшкендей көрінді. Бұған Еріктің өзін кінәлі санағандай да сыңайы бар. Тап осы екі ортада айтса адам нанғысыз бір оқиға болды. Үзіліс кезінде бір сабақтан екінші сабаққа кіруге оқталып жан ұшырған Надежда Борисовна бір сәттік уақыт тауып, Ерікке ажырая қарады. Әншейінде қабағы салбырап, тұнжырауы көп көрінген ұстаз әйел кенет басын жұлқа көтеріп, кешегі өз шәкіртіне алабөтен назар салғандай. Келесі бір үзілісте Еріктің бұл жорамалы тіпті расталды. – Ерік, сенімен оңаша әңгімем бар, мен бүгін алтыншы сабақтан кейін боспын, сенің уақытың қалай? – деп, жақындап кеп құлағына сыбырлай сұрады. Еріктің ол дегенде не жаны қалушы еді: – Алтыншы сабақтан соң мен де боспын, Надежда Борисовна! – деп, жалма-жан жауап қайырды. Шынында мұның аса қолы бос та емес еді, кештетіп екі-үш баланың ата-анасымен сөйлесіп шығуды жоспарлап қойған. Бірақ сүйікті ұстаздың мына қолқасының қасында ол жоспардың құны айтып ауыз жарымастай еді. Әлде бір жазуы бар қағазды оның көз алдында қақ айырып жартқандай желпініс сезімін бастан кешірді. Бұл наурыз айының басында күн әлі ұзара қоймаған. Алтыншы сабақтан соң шығып, қатар келе жатқан екеу бір-бірінің жүзін дұрыс көре де алмастай қараңғылық бар еді. Надежда Борисовнаның үйі Қаратал өзенінің бергі жағалауында. Оған дейін де бір сыпыра жер. Ал Ерік өз ұстазын жолда қалдырып, түнделетіп, өзеннен әрі өтуі керек қой. Надежда қашан да асығып-аптығып жүрсе де тек осы жолы тым жайбарақат қозғалды. Әрі бұлардың алдында, артында олар да мектептен шыққан ересек балалардың қара-құрасы көп еді. Біраз жүргесін олар аздап сейілді де есесіне қараңғылық тіптен қоюлады. Кенет бұларды басқа бір жастардың шоғыры қуып жетті. Бұлар мектеп оқушылары емес екені бірден білінді. Надежда Борисовна оларды өткізіп жібермекке сәл шеттеп еді. Ерік те солай. Кенет шоғырдың ішіндегі біреудің даусы түнгі тыныштықты қақ айырды: – Саш, а, Саш, а, слушай теперь мой анекдот. Мальчик прибегает домой, и говорит: «Мама, мама, городской вытрезвитель сожгли!». «Откуда знаешь?» «Вон папа идет по улице, и поет песню: Враги сожгли родную хату!» Кең жолда иін тіресіп, ұйлығыса қозғалған бес-алтау

қарқылдасып, күлкісін аяқтап үлгермеді, екіншісі бір бүйірден қыстырылды: – Вовик, теперь очередь моя: Мальчик прибегает домой и говорит: «Папа, ты счастливый!» «Отчего так?», «Тебе не придется мне покупать новых учебников, меня оставили на второй год». Осылай бұл топ тез ұзап бара жатты. Надежда Борисовна осынау түннің өзіндей түнеріп, олардың соңынан ұзақ қарады. Бүкіл талдырмаш сұлбасы Еріктің көз алдында қараңғылықпен бірге еріп бара жатқандай да әсер етті. Тек қашанғы ашық та айқын үні жас жігітті ондай әсерден тез арылтты: – Әр орта өз проблемасын өлең-жырға, қала берді анекдотқа айналдырады. Қайтесің, халықты ішкілік дендеп барады. Алкаштардан туған балалар қайбір оңсын? Ол мыналардың сықпытынанақ көрінбей ме? Жарайды, уақыт оздырмайық, сенің барар жерің алыс. Сені, оңаша алып шыққандағы себебім мынау. Сен ауыл баласысың, көп нәрсені түсіне де алмай жүрсің. Тыңда! 8-сыныптағы Катерина Осокина деген қызды білесің ғой. – Білемін! – дегенде Еріктің даусы қаттырақ шығып кетті. Ал мына қараңғылық оны тіптен үстемелегендей. Оған қоса ішінде алабұртқан бір сезім бұрқ етті. Шошынғандық па, басқасы ма, тап қазір Ерік ол жағын ашып-айырмады. – Білсең тыңда! – Тіпті өте жақсы білемін! – деп Ерік тіптен екіленді. Надежда Борисовна сәуегейлік жасап, мұның өзіне онсыз да қойғысы кеп жүрген сауалын жан түкпірінен суырып алғандай көрінді. – Бұрнағы күні менің көп жылдық ұстаздық тәжірибемде кездеспеген дерлік бір оқиға болды. Мен үйге күн барда ертерек қайтып едім, тап осы тұста менің соңымнан сол Катерина Осокинаның жүгіріп келе жатқанын байқадым. «Надежда Борисовна» деп айғайлағанын да естідім. Сосын амал жоқ, мен жүрісімді тоқтатып күтіп алдым. Маған жетті де алқына, демін әрең алып, көзінің астымен мені атқылай бастады. Ия, мені шошытқаны сол – қарасы бір түрлі. Кәмелетке толмаған оқушы қыз өз мұғаліміне бүйтіп қарамас болар. Өзі де бір көрімге бар сүйкімді қыз ғой, енді сол сүйкімділігіне әлдекім у қосқандай менің жаныма соншама жайсыз тиді. «Не айтпақсың» деп қатқылдау үн қатып едім, бет-жүзі дір етіп, маған ашықтан-ашық ызғар шаша бастағандай. Ол сөйтіп едәуір уақытымды жұтты. Ақыры, «Надежда Борисовна, ана қазақ тілінен сабақ беретін Ерік Тінәліұлы сіздің шәкіртіңіз екен ғой, соның мектепті күміс медальмен бітіргені рас па?» деп сұрады. «Рас!» деппін мен бөгелместен. Солай десем де іш қуысымда бір суық

жүгіріп өтті. Қыз сәл салғыртып барып, «Ол өзі түк түсінбейді ғой» деп салды. «Нені түсінбейді?» деп мен де қадалдым. Ол басын төмен салып, ұрлық жасаған кісідей көзінің астымен сүзіле қарап, енді менің өзімді сынға алғанға ұқсады. Сәл ызаланып, мені жолдан бөгегенде не айтпақсың дегендей, шұқшидым емес пе? Байқаймын, бұл қыз мені жайдан-жай жолдан бөгемепті. Көздері қорқыныштан да, әрі басқа бір сезім тепкісінен де отша жанып барады екен. Кенет оған жаным ашып, тым қысымға алмайын деп, сабырға көштім. Бірақ одан Катеринаның жүгі жеңілдеген жоқ. Өңі сұрланып, іштегі дүниесін менің ұға қоймағаныма кейіс білдіргендей сыңайы бар. Тіпті көп жасап, бұл тіршілікте дидарласар өзімен терезесі тең адам таппаған кексе данышпанды есіме түсірді десем сен, Ерік, сенемісің? Менде де әккілік бар ғой. Мен табанда түсіндім. Бірақ оның аузына сөз салып қайтейін? Әрі ұстаздық этиканы сақтауым керек. Ендігінің бәрін оның өз еркіне бердім. Кенет өң-түсі бояуын ажыратқысыз басқа бір реңге ауысып, екі көзінен жас парлатты. Сөйтті де жалт бұрылып, менен қаша жөнелді. Қашуы да бір түрлі жаман. Соңынан әлдекім қосауызды мылтық алып қуғандай көше бойлап, жан ұшырып тез қарасын батырды. Ерік, енді мына сөзді тыңда! Қалғанын бүйтіп сағыздай созбай-ақ қояйын, зерделі жігітсің ғой, дұрыс ұғарсың. Катерина Осокинаның бұл қылығына жерден жеті қоян тапқандай таңырқаудың қажеті жоқ. Оның саған көңілі ауған. Бойжеткен қыздың жас мұғалім жігітке ғашық болуы оқу орындарында жиі ұшырасатын құбылыс. Мынаусы басқа амал таппағасын суға батқан тал қармайды дейтіндей бір ессіз қылығы. Менен бір ақыл қосар деп дәмеленді ме, кім білсін? Жә, оған текке бас қатырмайық. Саған айтқым келгені – сен көр балалыққа салынба! Ол қызға бой алдырма! Өзіңнің мына жұмысты дұрыстап меңгере алмай жүрген жайың бар, көшеде қаңғып қаласың! Онсыз да директор Кузьмин сенің жұмысыңа риза емес. Завуч Мосько да солай. Өз ауыздарынан естідім. Өзің айттың ғой, бұған дейін еш жерден жұмыс таппадым деп. Жә, көшеде жай қаңғып қалсаң бір сәрі. Темір тордың ар жағынан шықпасыңа кім кепіл? Катерина Осокинаның әке-шешесі осы қаладағы мықтылардың қатарында. Кәмелетке толмаған қызымыздың басын айналдырдың, бұздың деп, сені езіп жіберу олар үшін түкке тұрмайтын шаруа. Ал Катеринаның өзіне келсек, сен мынаны мықтап кәперіңе ал! Сен ауыл баласысың, білсең ауыл қыздарын, ондағы қазақ қыздарын білерсің. Ал Катерина орыс қызы, әрі қалалық қыз. Мұндай қыздар ауыл қыздарынан гөрі әлдеқайда ерте піседі. Түсінемісің сен мұны? Орыс тіліндегі әртүрлі әдебиет дегенің қазақ тіліндегіден он

есе көп. Соны жүзіп жүріп сусындаған мұндай қыздар талай пәлені бұғанасы қатпай жатып бойына сіңірмей ме? Не ішіп, не қоям дейтін емес, ауқатты отбасында бұла өскен қыздар әсіресе, ғашықтық хикаяларының түбін түсіріп оқиды. Сондағы сүйдім-күйдімді өз бастарынан өткергесі келеді. Өзім оған дайынмын ба, жоқ па, жас мөлшерім лайық па, әрі өзімнің көңілім құлаған жан өзім деңгейлес пе деген сияқты сауалдар оларды маңайламайды. Сөйтіп күйіп кетеді. Өздері ғана күйіп қоймайды, сен сияқтыларды қоса күйдіріп, тіпті өртеп жібереді. Ұқтың ба, жаным? Бұл ойнайтын шаруа емес. Беті бүркеулі оппа секілді құлап түскеніңді сезбей қаласың. Жарайды, жаным, мен асығыспын, үйге барайын, өз басымның да неше қабат шырмауықпен шырмалып жүрген жайы бар. Надежда Борисовна қараңғылыққа сүңгіп жоғалғасын да Ерік сол орнында қаққан қазықтай ұзақ серейді. Бұл шынында өте тәжірибелі, әрі білгір ұстаз мына Еріктің кеше ғана сол Катерина Осокина жөніндегі ойларын қолма-қол одан әрі дамытып жібергенін бірден басында пісіре алмай дал болып еді. * * * Міне, комиссия мүшелері Еріктің тап осындай шағында таңертеңгілік сағат 8-ге он бес минут қалғанда сау етті. Айналасы оншақты адам, дені әйелдер. Басшысы Рыжов бірінші болып табалдырық аттағанда оның мәз-майрам жүзі баршасын таңқалдырғандай. Себебі, оның мәз-майрам жүзі ғана емес, сапсары бұйра шашы, қысыңқы көздері таңғы күн жарығынан тіпті сәулеленіп, жан жадыратардай еді. Бұл осы ұжым мүшелерінің жұмыс сапасын тексеретін комиссияны емес, бір мерекемен құттықтамақшы топты бастап келгендей-ақ осынша ақжарқын көрінуі тәжірибесі аз Ерікке оқыстау тиді. Бұл тексеріс небәрі үш-ақ күнге созылды. Алғаш келген бетте Рыжов тобындағылар әрқайсысы өз мамандығына орай өзіне керек мұғалімдерді көздерімен іздеп тауып, соларға ілесіп, сыныпсыныпқа сүңгіп жоғалғанда пәлендей бас жарып, көз шығарарлық ештеме шалынбаған. Ерік мектепте шәкірт кезінде-ақ мұндай тексерістерді көзімен көрген ғой. Тек мына ортада мұны елең еткізгені тексерістің алғашқы күні-ақ кексе мұғалімдердің бір-біріне қабақтарын ажырайта қарап, әлденеден сескенгендей түрлері еді. Бұл көрініс Еріктің ұзақ уақыт есінде жүрді. Екінші бір ұмыта алмағаны Рыжовтың мінезі еді. Комиссияның өзге мүшелері өздері сабағына қатысқан мұғалімдермен оңаша дидарласып, пікірлерін айтып жатса Рыжовтікі басқаша шықты. Бұл ағылшын тілі пәнінің

оқытушысы Адалят Сализовнаның сабағына кірген екен. Қоңырау соғылып, үзіліске шығып, мұғалімдер бөлмесінде баршасының басы қосылған шақта Рыжов ыржиған түрін одан әрмен көл-көсір етіп, дүңген әйеліне жақындады да ашық та айқын дауыспен: – Вам далеко до учителя как мне до министра! – деп салды. Адалят Сализовна қарға тұмсықты түрімен жалт қарап, оны шоқып тастамақтай ашумен түйілді. Мұғалімдер бөлмесінде адам қарасы сонша көп болса да сыбыссыз ауыр тыныштық орнады. Әлдебір тарамыс жіппен бәрінің ауыздары ғана емес, аяқ-қолдары да буылғандай. Тек бара-бара кейбіреулері сол тарамыс жіптің түйінді тұстарын тауып, саусақтарымен асықпай шешіп, өз тірліктерін жалғастырғанға ұқсады. Бұл сурет те Еріктің мәңгі-бақи есінде сақталды. Үш күндіктің соңында кешкілік комиссия мектеп ұжымын түгел жиып, бір сағаттық әңгіме өткізді де түнделетіп, үріккен тарақанша тарап бара жатты. Сол шақта неміс тілінің маманы Лотте Романовна комиссия бастығы Рыжовқа және сол құрамдағы екі-үш өңі ескілеу мұғалімдерге қарап ащы әзіл айтқансыды. Мұнда орыстың ескі фразеологиялық сөз тіркестері басым еді. Сосын да Ерік оның мағнасын ұстай алмады. Тек Рыжовтың бетіндегі суық сәуледен оған ауырлау тигенін шамалады. Әрі директор Кузьмин де басын салбыратып, жақ сүйектерін қозғап, әлдекім тұнығын лайлағандай халде қалды. Лотте Романовнанікі «ақыр биыл жазда жұмыстан кетемін, маған не істейсіңдер, сығырлар, тіпті кетпесем де не істейсіңдер» дегендік екені бет-жүзінде жазулы еді. Тек бұл осы ащы мысқылмен елден алабөтен ауыр таяқ жеген Адалят Сализовнаның жарасын жеңілдетпек пе, кім білсін? Келесі аптада тап осының жалғасы іспеттес екінші бір жай өзгені емес Ерікті тобықтан қақты. Рыжов қала басшылығының ұйғарымымен Текелі қаласының осы «Станция» атты бөлігінен бес шақырымдай ғана қашықтықтағы Эрнст Тельман атты ауыл тұрғындарына арнап концерт қою ісі белгіленгенін және бұл шараның осы № 6-мектеп ұжымына тапсырылғанын жеткізді. Мұнда да тұрған ештеме жоқ. Себебі, өткен жылдары қала орталығында көркем өнерпаздар үйрмелерінің конкурсына қатысып, осы № 6-мектеп ұжымы екінші, үшінші жүлделерді иемденгенін Ерік жаңа жыл мерекесінен кейін әбден-ақ естіп білген. Бірер күн кешкілік мектептің әлгі спорт залында репетиция өткізілді. Жаңа жылдық шырша айналасындағы мереке осында жалғасын тапқандай. Репетиция үстінде директор Кузьмин Ерікке бетпе-бет келіп, саусағын көкке шошайтып, қадап тапсырды:

– Біз бармақ Эрнст Тельман ауылының тұрғындары негізінен орыс, неміс десек те қазағы да баршылық. Сен қазақша өлең оқисың. Бес-алты шумақтан аспасын. Коммунистік партияны, кеңес мемлекетінің саясатын марапаттайтын өлең болсын! Ол жылдары ондай мазмұнды өлеңдер қазақ поэзиясында аяқ алып жүргісіз ғой. Мамандығы әдебиетші, болашақ жазушы Ерікке ондай өлеңді тауып, жаттап алу сіріңке шаққандай ғана іс. Тек ол неміс коммунистерінің көсемі атындағы ауылда қазақ тұрғындар баршылық дегенмен олар балаларын жаппай орысша оқытып, өздері де біржола орыстануға бет алғандар, менің қазақша өлеңімді пәруәйіне ілер ме екен деген күдік кеудесіне ұрлана кірген. Бірақ өйтіп ауа толқуға орын жоқ, директор бұйырды, ол орындалуы шарт. Эрнст Тельман аулында бұл мектеп ұжымы концертті дүрілдеттіай келіп. Директор Кузьмин мен тарихшы Денис Антонович бастаған шағын оркестр төбесінде жалғыз ғана шам жанған ауыл клубын көкке көтеріп әкетті. Сахнаға орыстың ұлттық киімін киіп шыққан Нина Николаевна ән салғанда көрермендер үсті-үстіне қол шапалақтап, әрі «бис-бистеп» екі-үш мәрте қайта шақырып алды. Надежда Борисовнаның да біраз әншілік өнері бар еді. Басын шырмаған шырмауықтарды өз қолымен бырт-бырт үзіп алысқа лақтырғандай бұл да бал-бұл жанған жүзін жарқырата ашып, тым көңілді шықты. Мүлдем бөлек дауыспен сызылтып, мұндайлыққа құлақтары тосаңсыған шаруа жұрттың алғысын алды. Басқалары да солай. Бар сұмдық Ерікке кезек тигенде орнады. Бұл да неше мәрте жаттығып, жете дайындалған ғой, қазақша өлеңді судыратыпақ оқып еді. Кенет залдың шеткерірек жағында отырған біреу орнынан тұрды да барып төбедегі жалғыз шамды сөндіріп тастады. Ал, ендеше...! – Эй, имей совесть! – деген екінші біреудің гүжілдек даусы шықты да ол барып, шамды қайта жақты. Бұл, әрине, Ерікті бетке қаққандай әсер етті. Бірақ бәрібір мүдірген жоқ, өлеңді дұрыстап-ақ аяқтады. Ертеңіне Ерік мұғалімдердің бет-жүзін бақылап, өзінің соққы жегендей жағдайы барын пайымдады. Ешқайсысы Ерікке тура қарамайды, бұл өзі қанша шұқшиғанымен бәрі де бұдан көздерін ала қашатындай. Әсіресе, математик Борис Устиновичтің қыбы қанған түрі бар. Себебі, ол көзін қанша төмен әкеткенмен шықшытынан кекесінді күлкінің табы білінетін еді. Жаңа жылдық ойын-сауық кешінде ішімдік қызуымен осы сірі жанды қазақ жігітінің құлағына құймаққа әрекеттенген, бірақ оның

реті келмеген бір усойқы тұжырымын басқаның баттитып, бұл ойлағаннан он есе шымбайына батыра паш еткенін көргенде іші неге майланбасын? Ерік өз аңғарымпаздығын асыра бағалаудан қашқақтап, оны-мұныны сылтауратып, осы сұм тілді математик мұғалімді қысыр әңгімеге тартпаққа талпынып еді, мынауың үркек аттай жалтырып, мойнын сыртқа сала берді. Әншейінде ағытылып тұрған аузы да сараң үйдің есігіндей қара құлыппен бекітулі екен. Осылай дүниенің беті теріс қараған тоң-торыстықта да бір жарықшақ, саңлау барын Ерік Адалят Сализовнаның бет ажарынан байқады. Бұл әйел концертке қатыспаған. Есесіне, қалалық оқу бөлімінің меңгерушісі Рыжовтың әнеукүні дүйім елдің алдында бұған тастаған күрзідей ауыр сөздерінің әсерінен әлі айықпағанын байқатып, жүні жығылыңқы сыпатын айқара ашып тастағандай. Тап осы тұста зерделі Ерік анық бір түйінді ойға тірелді. Енді байыптаса бәрі мектеп директоры Алексей Никитыч Кузьминге барып тірелетін сияқты. Ол мынау дүңген әйелін өлердей жек көреді. Сабақ жүргізудегі кемшілігі үшін деуге келмейді, әрине. Бұл әйелдің басқалардай емес, аузына келгенін ірікпей, қандай ортада да лақ еткізіп төгіп салатыны бар. Мейлі ол партия, үкімет ісіне қатысты болса да солай. Бұл, әрине, мектепте саяси сабақты жұргізетін және оның сапасына өз басы тікелей жауапты директор үшін үлкен қатерге айналып кетуі әбден заңды. Қазір кім кімді аңдымай жүр, кім кімнің үстінен сыбыс таратпай жүр? Әсіресе, мынадай тап осы маңда тағы бір үлкен мектеп ғимаратының құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылы қарсаңында ауыс-күйіс мәселесінің пісуі жетіп тұрған шақта. Әрине, мұндайда сыбыс, өсек-аяң атаулының салмағы тіптен артады. Демек, Ерік бір шындықтың бет пердесін ашты. Директор Алексей Никитыч Кузьмин ағылшын тілінің маманына бұл ұжымнан көзіңді жоғалт дегенді қалалық оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Рыжовтың аузымен жеткізді. Бұл мәселеде енді директордың жүгі жеңіл. Ал Ерік Тінәлиевке «әй, қарағым, былтыр қалалық оқуағарту бөлімі басшылығының тарапынан бір ағаттық кетті, біздің ортада қазақ тілі пәнін жүргізудің көк тиындық қажеті жоқ, солай деп мұғалімдер де, ата-аналар да құлағымыздың құртын жеуде, сен де осы ел аман, жұрт тынышта жөніңді тапсаңшы» деген райды білдіру үшін әлгі қазағы жоққа тән ауыл клубында қазақша өлең оқисың деп әдейі тапсырған шығар. Тіпті сондағы концерт үстінде Ерік қазақша өлеңді саңқылдатқанда әлдекімнің қасақана шамды өшіруі осы қолы ұзын директордың ұйымдастыруымен болған іс

емес пе? Сөйтіп, бұл пәленің осы дүңген әйелі мен Ерік жөнінде басқалардың қолымен от көсегендігі ғой. Еріктің бұлай толғауына басқа да бір объективті жағдай әсер еткен. Ол жылдарда «лениндік ұлт саясаты» төңірегінде орталық, республикалық баспасөзде етек-етек мақалалардың легі үзілмейтін. Авторлары сонау партия, мемлекет көсемдерінен бастап, атағынан ат үркетін қайраткерлер, академиктер еді. Ал Ерік қазақ, ал мына мектеп Қазақстан территориясындағы бір нүкте. Ерікке көпе-көрнеу кет деп жатса шағын ұлт өкілдерін, олардың тілін тықсыру деген сияқты қылықтың исі мүңк етпесіне кім кепіл? Дүңген әйелі жөнінде де солай. Әрі Адалят Сализовна Ерік сияқты аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен бозөкпе емес, ол жай кетпей ащы даусымен жер-дүниені көшіріп, шаңырағыңды ортасына түсіріп кетуі ықтимал. Әттең, бұл екеуі өз еріктерімен өтініштерін жазып, табандарын жалтыратса ғой қасқыр да тоқ, қой да аман. Кенет Ерікке бұл жайды Лотте Романовна басқалардан гөрі әлдеқайда айқын сезіп жүргендей көрінді. Директор Кузьмин мұны да кадрларды жасарту жөніндегі партия саясатын қолшоқпар етіп, бір жайқап өтті емес пе? Бұл неміс әйелі шынында қартайған жан, жетпіске иек сүйеген жайы бар. Бірақ өлсем сүйегім осы мектеп табалдырығынан шықсын дегендей жұмысқа жата жабысып жүрген әлгіздігін қайда қоясың? Әрі мұның оқытқан шәкірттерінде қисап жоқ, біразы осы мектеп ұжымында да бар. Басқа мекемелерде де солай. Тіпті қала басшылығында да ұшырасады. Үйіне көмір түсіру, басқа да бір көмек керек кезде Лотте Романовнаның соларға шауып баратынын мұндағылардың біразы біледі. Егер директор Алексей Никитыч «Лотте Романовна, шаршаған шығарсыз, демалсаңызшы, жастарға орын босатсаңызшы» дегендей емеурін білдірсінші бұл кәртамыс әйел оның өзінің астындағы орынтағын қозғап жіберсін. Сосын да директордың партия саясатын қолшоқпар еткеннен басқа не амалы бар? * * * Ақыры, наурыз айының соңында оқу жылының ең ұзақ үшінші тоқсаны аяқталып, көктемгі сегіз күндік каникул басталды. Ол кездегі үрдіс бойынша каникул тек оқушылар үшін, ал мұғалімдер бәрібір күнде таңертең жиылып, бірер сағат жұмыста болып кетуі шарт. Сонда да бәрінің арқа-басы кеңіп қалатын уақыт. Мұғалімдер бөлмесінде топырлай үймелесіп, ой, әңгіме тиегін ағытады-ау! Директор мен завуч мұнда көп бас сұға бермейді, көбіне оны-мұныны сылтауратып, орталыққа, қала басшылығы жаққа кетіп жоғалады.

Мұның өзі мұғалімдердің әңгімеге деген шабыты мен ықыласын одан әрмен тұтандырады. Бірде тап осындай жағдайда олардың арасында өрбіген хикаяттар Еріктің мәңгі-бақи есінде қалды. Тап ортада Лотте Романовна еді. Оның айналасында, әрі ұзын столдың өнебойында өзге әйелдер иін тіресе жайғасқан. Ер адамдар сәл шеткеріректе. Ал Ерікке тіпті орындық жетпей, ол сосын да терезе алдындағы өзінің дағдылы орнында, табанша тақтайға шынтағын сүйеп түрегеп тұрған. Бұл бір жайдан жас жігітке мына өзінен жасы үлкендердің баршасын назарда ұстауға қосымша мүмкіндік те бергендй. Мұнда тек директордың зайыбы Кузьмина Ирина Васильевнаның ғана төбесі көрінбейді, ол каникул кезін пайдаланып, ауру баласын бұрынғы облыс орталығы – Талдықорғандағы емханаға әкетіпті. Бұл жай мына отырыстағы еркек-әйелі аралас бір қауым елге тіптен кең өріс ашқан сыңайлы. Енді қайтсін, тап мұндай кеңішілікте күнде бүйтіп бастары қосылмайды ғой. Әдеттегідей Лотте Романовна бүгін де көңілді. Үстіне де қызылжасылы мол жаңа кимідерін жапсырып апты. Ең сорақысы сол – ерніне де ақсұр бояуды аямай жаққан. Жасына лайық емес екенін біле тұра әлдекімге көз қыла істегені сияқты. Бірақ одан жасарғаны шамалы, әжімі шытынаған арық жүзіне шат-шадыман райды қанша үйіп-төккенімен кәрілік сұсы кері шегінбестей. Аңғарымпаз Ерікке бұл неміс пәнінің маманы осы қылығымен өзіне өзі зорлық жасап жүргенге де ұқсайды. Еркектер үнсіз, ал әйелдер анау-мынау сөздерді сұрша құстай ауыздарынан ұшыра бастады. Бірақ бәрінің көздері Лотте Романовнада. Оның осыдан үш аптадай бұрын «іште ұлан-асыр дүние қазандай қайнайды, былай сарқып төгейін десең жағдай жоқ» дегені баршасының есінде. Ал енді сондай бәрінің көптен көксегені тап бүгін, тап қазір туып отырғанын бұлар іштей түйсіндіақ. Бірақ солай деп кепкен қурайша таңқ етуге ешқайсысының жүрегі дауаламайды. Ең ұтымдысы оны Лотте Романовнаның өзі тап басып таныса ғой. Кексе мұғалималардың бірі осыдан екі жыл бұрынғы бір оқиғаны еске алды. Осы Текелінің жоғарыда Керімбек сайы атты бір бөлігінде осындай үлкен орта мектеп бар еді. Сондағы бір жас мұғалім сабақ үстіндегі тынышсыздығы үшін екі баланы сыныптан қуып шығады. Ол екеуі қол боста не істемекші, барып сол маңдағы бір трансформатордың теміріне әлдекімнің қойып кеткен шылым тұқылын аламыз дегенде ток соғып өледі. Жас мұғалім жауапқа тартылады, ал сол мектептің директоры – әйел адам орнынан алы-

нып, әрі партиядан шығарылған. Осыны тілге тиек еткен мына кексе мұғалима сол әйел директордың өзінің курстас құрбысы екенін, жақында оның жүйке ауруына шалдығып дәрігерге қаралғанын, әрі оған қатты жаны ашығанын айтып еді. Бұл, әрине, Еріктен басқаның бәріне белгілі жай болатын. Тағы бір екі-үш әйел осындай мектеп өмірінде болған, өздері газеттерден оқыған ұстаз бен шәкірт арақатынасы төңірегіндегі іріліұсақты оқиғаларды көлденең тартты. Біреуінің айтқаны мынау: бір мектепте ата-аналар жиналысына жоғары сыныпта оқитын қыздың шешесі ғана барады екен. Кенет кезекті бір жиналыс қарсаңында шешесінің қолы тимей жиналысқа әкесінің баруына тура келеді. Мұғалима өте жас, әрі сұлу әйел екен. Мына оқушы қыздың да әкесі қартайып тұрған жоқ, бұл да дер шағында. Сөйтіп, осы әке мен мұғалима әйел арасында махаббат оты бұрқ етеді. Бұрқ еткенде керемет, жалыны айналаны түгел шарпиды. Ақыры, бұл әке өзінің заңды әйелімен ажыраспаққа ниеттенеді. Осыған көзі жеткен оқушы қыз өзіне күнделікті дәріс беретін мұғалима әйелдің үйіне барып, қараңғы кіре берісте күтіп тұрады да арматура темірмен ұрып өлтіреді. Әрі бұл оқушы қыз пәлендей ақымақ та емес екен, жалған із тастап басқа біреуді кінәлі етуге талпынады, бірақ онысы нәтижесіз, жасы он алтыға толғандықтан ұзақ мерзімге сотталады. Осындай мектеп өмірінің тұзы мен бұрышы шашалдыратын тұстары хақында тағы бірер әңгіменің басы қайрылды. Еріктің ұстазы Надежда Борисовна да қалыс қалмады. Ол өзі Алматыда болғанда естіген бір жайды өрбітті. Техникумда бір қыз бен ер бала парталас екен. Екеуі өзара жыбырши берді ме, оқытушы әлгі ер баланы орнынан көтеріп, басқа бір қыздың қасына отырғызады. Енді ол екеуінің арасында жыбыршу басталады. Соны байқаған алғашқы парталас қыздың ішін қызғаныш кернейді. Ол жатақханада екінші қыздың таңертеңгілік бетіне жағатын креміне у қосады, сөйтіп, осы екінші қыздың бетіне жарақат түседі, оған қоса бір көзінен айрылады. Надежда Борисовна сөзін тауысқанда шеткеріректегі Денис Антонович: – Ау, әріптестер, осы біз өзара даурыққанда аспанды қақыратамыз. Жер бетінде бізден асқан профессионалдар жоқтай еліреміз. Ал осы өз ісімізге неге сын көзімен қарамаймыз? Біз осы кімдерді тәрбиелеп шығарып жүрміз? – деп жаралы жолбарысша ыңыранды. Оның қасындағы физрук Михаил Ефимович басын тіптен төмен сала селкілдетіп, мырс-мырс күлді. Ал әйелдер

жағы бір-бірін ойлы жүзбен барлады. Терезе алдында серейген Еріктің бұларға үңілгені соншалық көз еттері ауырғанға ұқсады. Лотте Романовнадан қызық күткен бұлар қызықтың көкесін өздері бөшке-бөшкесімен ақтарғандай. Кенет Ерік қиял соңына түсіп, бұл еркек-әйелі аралас мұғалімдердің бәрі жабулы қазан, егер қақпағын ашсаң небір асыл жауһарлы қазына көздің жауын алар еді, әттең осылардың қарындарын жарып, сол асыл дүниені көркем шығармаларға айналдырса ғой деп армандады. Енді Ерік көптің ішінен Нина Николаевнаны көзімен іздеп тапты. Оның осы қыста Адалят Сализовнаның «махаббат жоқ, тек еркекәйелдердің нәпсіқұмарлығы ғана бар» деген қыңыр езулігінен кейін сарайы ашылып, сонау Хабаровск қаласындағы Анисья атты құрбысының жасаған ерлігін баяндаған ғой. Міне, сол баян қыл-қыбырына дейін әлі күнге Еріктің есінде. Қазір де бұл тамаша әдебиетші, әнші, қазбаласаң басқа да өнері табыларлық әйел кезек алар деп үміттеніп еді, байқаса ол ақша қардай өңі, шиқандай қызыл ерні бар сұлудың өнебойына бір мұң орнағандай екен. Надежда Борисовнаның өрбіткені, әрі соған қатысты Денис Антоновичтің қыстырмасы бәрін сең соғып өткендей еткен, шамасы. Кенет күш-қайрат тапқан Борис Устинович болды. Ол тарихшы Денис Антонович пен физрук Михаил Ефимовичтен сәл беріректе, Мәскеуде шығатын «Математика в школе» атты журналдың кезекті санына шұқшиюда еді. Бәрібір екі құлағы мұндағы сапырылған жайларға түрік. – Мына Денис Антоновичтің аһ дегенде көкірегінен жалын атқан күрсінісі менің де ішіме от тастады. Әлдебір сұмдық менің де ойыма оралды. Біздер, ұстаздар, мектеп қабырғасында кімдерді тәрбиелеп, өмірге кімдерді аттандырып сап жүрміз деген сұраққа жиі байланамыз. Тек өзімізге қарауға әмсе мойнымыз жар бермейді. Кешіріңіздер, мен мұндай жортаққа шорқақпын, сонда да шыдамдылық жасап тыңдаңыздар, жаңағы ойыма оралғанды ортаға тастамасам бір бүйірімді өзі тесіп шығатындай мазалап барады. Борис Устиновичтің сабақ үстінде алгебра мен геометрияның формулалары мен теоремаларын түсіндіргенде әрбір сөзді ғана емес, оның әрбір буынын, тіпті әрпін өз орнына шегелейтін шеберлігі бола тұра былайғыда аса жүйрік емес екен. Өзін-өзі зорлағандай күшене сөйлеп, қилы атаулар мен ұғымдарды берекесіздеу қиыстырады екен. Сонда да заты мұғалім ғой, көмекейіндегісін түгел сарқа мәреге жетті. Онысының мазмұны мынау: Бір жетім ба-

лалар үйінде директордың, әрі оның оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарының келісімімен әлдебір алаяқтар күнде таңертең топ баланы ертіп әкетіп, оларға вокзалда қайыр сұратады екен. Түскен ақшаны олар бір адамға беруге тиіс екен. Сонда бір жетім қыз жиған ақшасын ол адамға бермегесін әлгі алаяқтар оны аямай ұрады, ол қызға жандәрмен араша түскен басқа бір ер баланы тепкілеп өлтіреді. Ал директор шындықты біле тұра жоғарыға ол бала бізден қашып кетті деп есеп береді. Ал жаңағы соққы жеген қыздың осы балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген, өзінен екі-үш жас үлкендеу, ол да жетім апасы бар екен. Жасының үлкендігіне орай, әрине, ол сәл естиярлау. Міне, сол апасына әлгі қыз болған жайды құпиялап жеткізеді. Жетімдер үйіндегі озбырлыққа онсыз да әрең шыдап жүрген бұл апасы бір амал қарастырады. Мұнда түскі ас кезінде даяшылықты жетімдер кезектесіп атқарады екен. Міне, апасы өз кезегі келгенде директордың тамағына у қосып береді, директор сеспей қатады. Сот үстінде істің мән-жайы толық ашылады. Тамаққа у қосқан қызға жаза шартты түрде ғана белгіленеді де, өлген директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары – әйел адам қамауға алынады. Борис Устинович түшкірініп, қалтасынан бет орамалын суырып, ауыз-мұрнын сүрткілей бастағанда Нина Николаевна сыңғырлады: – Сіздің мына жырыңыз Антон Павлович Чеховтың «Алтыншы палата» повесін еске түсіреді екен. Әрине, Чеховтікі тереңдеу, ал сіздікі де жеткізіп түзсе біраз тұңғиықты бойлап қайтуға жарап жатыр. Мұғалімдердің бәрі сұлық қалды. Бәрі де тәжірибелі ұстаздар ғана емес, аса терең білімді жандар ғой, патриоттық сезімнен де таза тақыр емес, математиктің тілінен ұшқанды бәрі де ой таразысына салып, сол кездегі КСРО атты алып елдің қандай еңіспен төмен құлдилағанын елестеткен күй кешті. Зерделі Ерік те мұны сергек пайымдады. Бірауық ол мынау ұжымды осы ұлы елдегі бүкіл оқу-тәрбие жұмысының жанды энциклопедиясына балады. Сол сәтте Лотте Романовна бәрінің көңілін бөлді. Ол мұғалімдер бөлмесіндегі дабыр-дұбырдың бұлай ауан алғанын ұнатпағандай қызыл-жасыл көйлекті арық кеудесін қузай қозғап, ақсұр бояулы жұқа еріндерін судағы шабақ балықша ойнатты. Көздеріндегі шатшадыман көңілділіктің де ұшқыны молая түскен: – Сіздер алыс-алыс қиырлардан тасылған жіп-ноқталармен біздің басымызды шырмағыларың келеді. Ал арамыздағы замана бұралқылары жөнінде көздеріңді шел басқандай су қараңғы соқырша ауа қармап, дәрменсіз күйде жүресіздер. Неге соған

көздеріңді ашуға зауықсызсыңдар? Мен осыған кәрі басыммен қайранмын. Баршасы дүр сілкінгендей болды да сап танысты. «Апырау, Лотте Романовна, өзіңіз санамызға су бүрікпесеңіз оның бәрін біз қайдан білейік? Өзіңіз емессіз бе, аузыңызға телміретіп қойған? Ырысыңыз сонымен кетсе де ашылсаңызшы былай» деген өтініш бәрінің тамағына кептелгені айдан анық. Тек бәрі де саясатты бірінші кезекке қоятындар ғой, ешқайсысы олай деп таңқ ете қалмады. Бәрі де қағар олжаны үнсіз қарсы алмақ сыңайға көшті. Тарихшы Денис Антонович басын бұрынғыдан да төменірек салбыратты. Физрук Михаил Ефимович те әдеттегі дағдысымен соған еліктегендей. Ал жаңа ғана біраз суырылған Борис Устинович қолындағы «Математика в школе» атты журналға тұмсығымен бұрынғыдан да тереңірек көміле түскен. Тек күн өтетіндей жұқа құлақтарын Лотте Романованың аузына мұқият тіккені осы қалпынан да аңғарылады. Ер адамдардан гөрі қайта әйелдер жағы ештемеден жасқанбай неміс кемпіріне жүздерін көтере күлімсірей қадалды. – Мұндай операның увертюрасы қиынға соғады. Жаңа Борис Устинович те тап осы мәселеде тапырықтап еді, бірақ жағдайдан жақсы шықты ғой. Мен де соған тырысып көрейін! – Лотте Романовнаның бүйтіп «борозда бұзуы» математик мұғалімге ұнамағандай, ол қолындағы журналдан тұмсығын жұлып алып, тез қайта сұқты. – Адамдағы қандай білік те белгілі бір жағдайлардың өзара қабысуынан, сабақтасуынан қалыптасады ғой. Менікі де сондай. Оның бәрін тере берсем бүгін күн ұзаққа тамамдалмайды. Тек оның темір өзегін ғана өріп берейін сендерге. Артық түлкібұлаңның керегі не? Менің жырламағым өзіміздің директор Алексей Никитыч Кузьмин туралы болғалы тұр. Мен былтыр да айттым ғой. Оның бойында сан өнердің жұрнағы бар. Ағаш шебері, аккордеоншы, әнші, биші, бильярдшы, анекдотшы, аңшы, мәмлегер, саясатшы. Қазақ тіліне де судай. Немісше де осы өздеріңнің қай-қайсысыңнан да білігі зорырақ. Осындағы «саясатшы» дегенді тіл ұшына іліктірсем, байқаймын, біразыңа ұнамайды, ал бір қыдыруың оның байыбына бармағандай қабақтарыңды ажырайтасыңдар. Ия, «саясатшы» дегеннің тура да, жанама да мағнасы көп. Ал Алексей Никитыч өзінің ерекше жаратылысына орай соның қай мағнасында да бесаспап. Қазіргі жастар отызында да оңы мен солын танымаған әрі-сәрі күйде жүреді. Ал Алексей Никитыч туа бітті альпинистке ұқсап, сол жаста-ақ «саясат» атты істің биік жартасына өрмелеген екен. Оның ең басты қасиеті тура жолды таңдай білуінде екен.

Тап осы тұста Лотте Романовна шынында да бороздадан шығып кеткендей еді. Сосын да ол Ерікке қызықсыздау көрінді. Сосын да жақсы есінде қалмапты. Тек мына бір тұсында елең етіп, мықтап жадына тоқи бастады. – Оның осындай-осындай тура таңдаған жолдарының бірі мынау екен. Алматыда ресторан, кафе, сырахана, қымбаттық мейманхана сияқтыларды жағалап жүріп, өзі де аздап ішкілікке салынғанға ұқсап, әртүрлі субъектілермен танысады. Әрине, ол мұндайда өзінің мәмлегер, саясатшы, анекдотшы сияқты қабілеттерін аямай-ақ жұмсайды. Сөйтіп, бұл ол субъектілерге емес, ол субъектілердің өздері бұған жабысатындай халге жеткізеді. Шын саясатшы үшін бұл жағының мәні зор ғой. Сөйтіп жүріп ол Алматыдағы үкімет басшысы орынбасарының көмекшісімен ұшырасады. Ол да бір күндізгі ресми жұмыстан соң ресторан, мейманхана сияқтыларды тіміскілеуге құштар неме екен. Бұл ретте Алексей Никитыч үлкен сақтыққа басады. Алғашқыда оның қызметінің не екенін білмеген, білсе де пәлендей мән бермеген рай танытады. Е, тәйірі, кешкілік қызық іздеген жастарға өз «сыра достарының» қызметі не екенінің қажеті қанша, бұларға керегі «сыра достардың» ақжарқын көңілділігі, әмиянының қалыңдығы, анекдот, көрген-білген сияқтылармен қызыққа қызық қосатыны, қызойнаққа икемділігі ғой. Міне, біздің Алеша әлгі көмекшіге осы жағынан қылаңдай бастайды. Сол барда анекдоттың да ең бір тұзы ащысын, бас жарып, көз шығаратын саяси мәні зорын ортаға салады. Өзінің аңшы, ағаш шебері, аккордеоншы, әнші, биші, бильярдшы сияқты өнерлерінің бар екенінен құлаққағыс етеді. Тек мәмлегер екенін жасырады, онысын онсыз да іс жүзінде көрсетіп жүр ғой. Міне, бірде мұның қармағына жайын балықтың өзі ілінеді. Әлгі көмекші күндердің күнінде біздің Алешаны аң аулауға шақырады. Сонда бұл Алешаға әлгі үкімет басшысы орынбасарының өзімен түстаныс болудың орайы келеді. Бірақ Алеша тағы да үлкен сақтық жасайды. Мұндайлық аса биік лауазым иесінен әлдене дәметкен жанға мүлдем ұқсамайды. Мүмкін көмекші де ол жағын алдын-ала ескертті ме, кім білсін. Әйтеуір, бұл Алеша осы жолы бар қабілетін ашып қалуға жан салады. Қашқан аңды қайырып әкеп, үкімет басшысы орынбасарының көздеп атуына қолайлы тұстан шығаруда үлкен әккілік көрсетеді. Оған әлгі ұлты қазақ орынбасар да, көмекші де мәз. Соңынан ой аккордеонды құйқылжытып, қазақ пен орыстың небір тамаша халық әндерін созады-ау! Оған көңілді саяттан кейін коньяк ішіп, шашлык жеп отырған орынбасар мен көмекші одан сайын мастанады ғой. Өзінің ағаштан түйін түйген, бәстесіп небір

дөкейлермен бильярд ойнаған жайларынан да күлкілі әңгімелер төгіп, ол екеуінің шек-сілесін қатырады. Бір жолға Алексей Никитыч үшін осы да жеткілікті. Бұлар өзара аса риза көңілмен айрылысады. Бірақ Алексей Никитыч үшін ең бастысы сыр алдырмау ғой, әлгі көмекшімен бұл тонның ішкі бауындай араласа береді. Осыдан жарты жылдай өткенде бұл үлкен секіріс жасауға бел буады. Бірде көмекшіден оның бастығының кәдімгі жыл сайынғы еңбек демалысына қашан шығатынын сұрайды. «Ойбай, бұл құпия, айтуға хақым жоқ» деп, анау азар да безер болады. Бірақ Алеша асықпайды. Құдай берген мәмлегерлік қабілет қайдасың? Бірде көмекшіні сабасына түсіріп, «сен өз бастығыңның демалысқа қашан шығатынын, қай курортта демалатынын айтсаң жеткілікті, мұндай ақпарды сенен алғанымды жан баласына сездірмеймін» деп, ант-су ішеді. Әрі аузын да алған шығар. Көмекші біраз солқылдап барып жөнге келеді. Ақыры, Алеша керек ақпарын қанжығасына байлайды. Сол жолы орынбасар зайыбын ертіп, Венгриядағы былайғы жұрт көп біле бермейтін бір курортта демалмақ екен. Қызықты қараңыз, енді Алексей Никитыч өзінің Ирина Васильевнасымен бірге сол курортқа одан он күндей бұрын барып жатып алады ғой. Осы уақыттың ішінде ол курортта, әрі оның маңында қандай дүкендер бар, қандай ойынсауық кешендері жұмыс істейді, бәрін мұрнынан тізіп, қойын кітапшасына түсіреді. Бір уақытта орынбасар келеді. Оны көргенде мұндай «күтпеген» кездесуден Алексей Никитычтың басындағы қалпағы ұшып түсе жаздайды. Айтпақшы, мұның актерлік қабілеті де бір үйлі жанды асырауға жетерлік. «Бұл менің мұнда келетінімді қайдан біліп жүр, әлгі көмекшінің қатысы жоқ па» деген сияқты сауалдар үкімет басшысының орынбасарын маңайламайды да. Енді қалай? Мұның он күндей бұрын келіп жатуы, әрі осындағы «старожил» сияқты қарсы алуы да соған ықпал жасаған. Әрі бір кезде сан түрлі өнерімен өзін тәнті еткен таныс жігіттің мұнда ұшырасуына орынбасар да пәлендей өкінетін емес екен. Ондай лауазымдылар алыстан шолып ойлайды ғой, анау-мынау күнде бұл пәлені өзінің көмекшісі арқылы тауып аларына, әрине, нық сенімді. Сонымен, хош, Алеша, Алексей Никитыч алғашқы қарқында-ақ оның астыүстіне түсе бастайды. Бірер күннен кейін емдік шаралардан қол босағанда Алеша әзірше әйел мен еркектер бөлек қыдырсын деген желеумен орынбасарды өз қасында ұстайды да оның зайыбы мен Ирина Васильевнаны дүкен аралауға жібереді. Әрине, әйелдерді ең алдымен қызықтыратыны ювелирлік бұйымдар сатылатын нүктелер ғой. Алеша да, Ирина да қазақтардың арасында өскен, қазақтың еркектерінің де, әйелдерінің де ең осал жерлері қайсы, ол жағына

барынша жетік. Ирина Васильевна орынбасардың зайыбын сондағы Алеша екеуі алдын-ала белгілеп қойған бір ювелирлік дүкенге ертіп кіреді. Ой, ондағы дүние қандай десеңші, көздің жауын алады. Орынбасардың зайыбы үлкен бір республиканың екінші, не үшінші орындағы басшысының қосағы бола тұра мынадай бұйымдарды көргенде бір сәт басы айналғандай күй кешеді. Ирина Васильевна оның дәл сол сәтін аңдып тұрып, «жеңеше (қазақтар өзінен жасы үлкен ер адамның әйелін осылай атайды), жеңеше, өтінемін мына сақинаны саусағыңызға кигізіп, өлшеп көріңізші» дейді. Анау оның кішкентай бір өтінішін жерге тастауға жүрексінеді. Жаңа айттым ғой, қай әуеннің де увертюрасы қиынға соғады. Лауазымды адамның зайыбы үшін ең қиыны осы шақ еді. Бірақ басы айналып, көзі қарауытқан бейшара қыл бұрауға өз мойнын өзі салғанын сезбей қалады. Добалдай алтын сақина мұның саусағында тіптен құбылып, көз жанарын тартады. Мұны Ирина Васильевна үстемелейді. «Ой, жеңеше, сізге мына сақина тіптен жарасып кетті, өзіңіз де айдай көріктісіз, бірақ мынау сізді одан әрмен сұлуландырып жіберді ғой, сенбесеңіз осы қолыңызды көтеріп айнаға қараңызшы». Әйелге ең керегі сұлулық. Сол ең керегін Венгрияның осы түкпірінен тапқандай ол қазақ әйелі қорғасындай балқып-ақ кетеді. Тап осы сәтте Ирина Васильевна екінші бір ұсынысты суыра қояды. «Жеңеше, сізге үлкен өтінішім бар, қалай десем болады, тіптен үлкен өтініш, тап осы сақина менен ескерткіш болсыншы, ақшасын мен төлей саламын». Сөйтіп, орынбасардың әйелі ернін қимылдатып үлгергенше Ирина кассаға апарып, сарт еткіздіріп, ақшасын өткізе салады. Республикадағы ең бай адамның зайыбы да қас пен көздің арасында осындай әлсіздікке бой алдырады. Увертюрадан соң оркестр құлашты тіптен кеңге салады ғой. Ертеңіне тағы осындай қыдырыс. Тағы да еркектер мен әйелдер бөлек кетеді. Екінші күні орынбасар зайыбының екінші қолындағы аты жоқ саусағына дүррі гауһар тас орнатылған алтын сақина кигізіледі. Адамның тәбеті ас үстінде ашылады. Үшінші күні одан да зорғысы. Төртінші, бесінші күндері де солай. Орынбасар зайыбының мойнына алтын алқа, білегіне платина білезік, тағысын тағылар. Бір ғана кілтипан, бұл әлсіз жыныстының өкілі «апырау, менің мұндай қомағайлығыма бастық күйеуім қалай қарайды» деп қорқып жүрсе керек. Аңдаса басқаша екен. Үнемі ауыр жұмыстан қабағы қыртыстанып, сіркесі су көтермейтін қосағы соңғы күндері мүлдем жадырап, екі көзі балбұл жанып, жасарып кетіпті. Бұл қазақ әйелі оны өзінше жориды. «Е, еркектердің мына жұмақ ұясындай ортада ішімдікке әуестеніп, анекдот айтысып, көңіл көтеруінің нәтижесі шығар». Орынбасар

зайыбының олай ойламасқа шарасы, кәне, себебі, өз қосағының тұлабойынан мына майға сұққан қасықтай орыс жігіті сыйлады дейтіндей ештемені байқамайды. Ал өз үсті-басы алтынға малынған. Бір ғана гәбі анда-санда «неше жерден соқыр болса да күйеуім мұны неге аңғармай жүр» деген сауалға тіреледі. Бір суықтық та ұрлана кіреді. Бірақ бәрібір оны алтынның буы жеңе береді. Ақыры, бірде Ирина Васильевна өз Алешасының бір базынасын бұған жақаурата жеткізеді. Ал қазақ әйелінде не жан қалсын. «Әй, пәлен жерде бір жақсы қызмет орны вакансия екен, мынау деген бармағынан бал тамған жігіт қой, дөңгелетіп-ақ әкетпесе мен басымды кесіп берейін» дейді. Күйеуі оған құлап түседі. Сөйтсе мұның да жұмырына жұқ барған екен. Ирина Васильевнаның кейін білгеніндей Алексей Никитыч осы жоғары лауазымды адаммен оңаша қыдырғанда бұл да уақытты текке жұмсамапты. Ол мына орынбсаарды осы Венгрияда да социалистік қоғам дегенмен мұнда аздап рұқсат етілген сауналарға, сонда жас жалаңаш қыздардың қызығын көруге апарып жүріпті. Кейін ол жағын Ирина біліп, Алеша екеуінің арасында қан майдан болыпты ғой. Бірақ ол көп кейінгі оқиға. Ал әзірге бәрі басқаша. Венгриядан оралысымен Алексей Никитыч үлкен қызметке бір-ақ секіреді. Онда жыл жарымдай өліпөшіп, адал еңбек етіп, сүттен ақ, судан таза деген атақты иемденеді. Сол шақта Қазақстанның алтын өндірісіне қатысты бір үлкен мекемесінде шу шығады. Мемлекет дүниесіне суық қолын сұққан бір алаяқтардың ісі әшкереленеді. Кенет сол маңға бір іскер, адал адамның қажеттігі туындайды. Әлгі үкімет басшысы орынбасарының осы шақта Алексей Никитычке көзі түседі. Бір сынақтан сүрінбей өткен оған үлкен сенім артады. Қараңыз, сөйтіп, мамандығы тарихшы-мұғалім Алексей Никитыч Кузьмин республикадағы ең ірі алтын өндірісіне қатысты үлкен мекеменің үлкен креслосына құйрығын апарап жапсырады. Бірақ амал не, қазақта «алтын көрсе періште жолдан таяды» деген мақал бар, тап соның кері келеді. Алешаң ол жерде үлкен пәлеге ұшырайды, тіпті жауапқа тартылады. Сөйтіп, сонау Венгрияның жұмақ ұясындай бір курортында алғашқы басқышы алтынмен қаланған баспалдақ асты-үстіне келеді. Кешіріңіздер, ол қалай асты-үстіне келді, оның ықпалжықпылын бір білсе мына араларыңдағы Денис Антонович біледі... Бұл шақта мұғалімдер бөлмесіндегі баршасы неміс тілінің маманы Лотте Романовнаның хикаятынан айрандай ұйып қалыпты. Тіпті желкелерінен сол алтынның салмағындай бар бір бөгде дүние басып, біржола орнығып алғандай мойын омыртқаларын әрең қозғап, көздерімен шеткерідегі Денис Антоновичті іздей бас-

тапты. Бұл тарихшы мұғалім де өзге әріптестерінің күйінде екен. Ол да зорлана ыңыранып, басын әрең көтерді де: – Лотте Романовна, мен сізге зор құрметпен қарайтын пенделердің біреуімін. Оған дауыңыз жоқ. Сосын да мен сізге бір үлкен өкпе-назымды өзімсіне қатаңырақ арнаймын. Мені араластырмаңыз! Мен ешнәрсе білмеймін! Мен ешкімнің қойнындағы алтынын өлшеп көрген емеспін! Осы сәтте терезе алдындағы табанша тақтайға шынтағын сүйеп серейген Ерік өзінің аңғарымпаздығына қайран қалды. Бұл манадан бері Лотте Романовнаға мұқият құлағын ғана тосып қоймай оның әрбір сөйлем, әрбір оқиға бұлтарыстарына орай арық бет өңіріндегі әжім талшықтарының қозғалысын, қос жанарының ұшқындарын қалт жібермей баққан еді. Енді әлі де сол кемпірдің болмысы арқылы мұның Деннис Антоновичтің сөзіне сенбегенін, басқалардың да солай екенін көз еті ауыра бастаған, қатып-сенген қалпымен анық ажыратты. – Жарайды, Денис Антонович білмесе білмей-ақ қойсын! Мен де ол жағына мақұрыммын. Тек оның сырт нобайы былай. Ол алтын өндірісіне қатысты даудың шиеленіскені сонша манадан бері мен құлағын шулатқан үкімет басшысы орынбасарының өзі орнынан түседі, тіпті әлгі әуел баста Алексей Никитыч ауыз жаласқан ол орынбасардың көмекшісі бар емес пе, ол да сотқа шақырылады. Өз басына қатер төнгесін бе ол ағынан жарылып, бір кезде осы орынбасар мен ана орыс жігіті Алексей Кузьминнің танысуына мұрындық болғанын, пендешілік жасап, өз бастығының Венгрияда қай мезгілде демалысқа барарынан оны хабардар еткенін жариялайды. Бұл да біраз жайдың бетін ашуға, орынбасар мен Алешаны әшкерелей түсуге септеседі. Алайда, бұларда да тіл мен жақ бар ғой. Азу тістері сақылдағанда от шығарады. Сонысымен ғана аман қалып, бірақ бұлар бір-бірін көрместей болып екі айрылысады. Орынбасар сонау солтүстік жаққа төмендеу қызметке кетеді. Ал Алексей Никитыч өздерің білесіңдер, мектеп директоры. Қандай биіктен лақтырсаң да төрт аяғымен түсетін мысық сияқты емес пе бұл?! Мұғалімдер бөлмесінде жым-жырт, тіпті өлі тыныштық орнағанда Ерік терезе алдында одан әрмен кепкен ағаштай қатты. Бұған мына бастары салбыраған, желкелері жуан, сүйектері ірі немелердің бәрі де Лотте Романовна соншама әулием етіп, жіптіктей созған жайдың бәрін бұрыннан-ақ білетінге ұқсайды. Ал Денис Антонович бұл жайында батылдық жасап шешілсе неміс кемпірінікін он орап алар тұтас роман оқиғасын көлденең тастар-

дай көрінді. Бірақ бұл да, басқалары да тап осы жолы ауыздарын тас қып буған. Ия, Ерік те аса әңгүдік емес, қазір оқу жылының аяғы, келесі оқу жылы қарсаңында кімге қандай жүктеме, қанша сағат бұйырады, бұл негізінде осы директордың еркі бойынша белгіленетінін біледі. Оны мұғалімдер өзара дуылдасқанда ішке бүкпейді-ақ. Сонда да Ерік бір нәрсеге аң-таң. Бұл отырғандар пәлендей жерде жатқан адамдар емес, шетінен майталман педагогтар, өз ісінің асқан шеберлері. Сөйте тұра отыз тістің арасынан шығатынды ақылмен өлшеп, елекпен елейтін шектен тыс мұқияттықты неге бұлар соншалықты дағдыға айналдырады? Кімнен жасқанады? Директордан ба? Егер Лотте Романовнаның әуені төңірегінде еңғұрмаса кейбіреулері таңырқаған, не сүйсінген, тағы басқа да бір лебіз білдірсе күзге салым сол Лотте Романовнамен бірге қоңыз теріп кетеміз деп қауіптене ме? Жоқ, ол мүмкін емес. Ерік осы оқу жылының өнебойында өз жұмысымен ғана шырмалмай басқа да көп шындықтарға құлақ асқан ғой. Соның бірі осы Текелі қаласының оқу жүйесінде мұғалімдердің жетіспейтіні, осы жазда Рыжовтың өзі, бір-екі медодист Алматыға барып, облыстық халық ағарту бөлімінен қосымша кадрлар сұрайтыны, әсіресе, орыс тілі, шет тілі, метематика, дене шынықтыру мамандарын талап ететіні туралы еді. Қаңғыса қазақ тілінің мамандары, жалпы қазақ мектебінің оқытушылары қаңғыр, ал мыналарға ондай зілзаланың аулы алыс. Сөйте тұра бұлар осындай сақтыққа барады. Әділіне бассаң осы мұғалімдерден өткен сөзуарлар жоқ, олардың Адалят Сализовна сияқты ересен ашықауыздары кейде сонау мемлекет басшыларының шаңын қағады, ал өздеріне тікелей бастық – мектеп директорына келгенде екі елі ауыздарына төрт елі қақпақ қояды. «Тышқанға мысықтан азулы аң жоқ» дейтіннің кері ме? Еріктің бұларды олай құлдыратқысы жоқ. Қайта қай-қайсысын да кілтін тапсаң төбеңе хас ырзықша құйылатын асыл қазынаға балайды. Ия, болашақ жазушы, әрі осындай хикаяттарға әуес Ерік оларды өз тұрғысынан бағалайды ғой. Сонда да жаңағы неміс кемпірі сағыздай созған, Ерікті таң-тамаша еткен жайларға тамтұмдап та өз көзқарастарын білдіруден ат-тондарын ала қашулары мұны біраз сансыратты. Қалайда жас, өмірлік тәжірибесі тым жұтаң жігіт ол оқиғаларға қай қырынан қарауды білмей тұр. Егер мына әккілер күбір-күбірге басып, көп қоқсықтың ішіндегі бірер алтын түйіршіктеріндей там-тұм ойды жылт еткізсе Ерік соған жармасып, арғысын өзі-ақ жорамалдап алар еді. Бірақ бұлардың тіл мен жақтарына кісен салынған. Ал Лотте Романовнаның тесік қаптай ақтарылуы осы оқу жылымен бірге өзінің аса ұзаққа созылған бүкіл

ұстаздық өмір жолымен қоштасары белгілі болған соң ғой. Осыдан да Ерік әзірге өзіне барынша айқара ашыла қоймаған көп шиырлы, қым-қуыт тірліктің бір қырын танығандай. Ия, заман осылай екен. * * * Мектептегі оқу жылының ең соңғы, әрі ең қысқа төртінші тоқсаны Ерікке үлкен мехнат әкелді. Орыс балаларының қазақ тілін үйренуге қырсыздығы бастан асты. Математик Борис Устинович секілді мұғалімдердің жергілікті ұлт тілінің еш қажеті жоқ деген нақылы балаларға да көшкендей. Ерік те көрсоқыр емес, Борис Устинович ішкі пиғылын ашық айтса басқалары аузын буған өгіздей көрінгенімен балаларға өзі жоғалуға айналған ұлттың тілі не ұшпақ әпермек дегенді әртүрлі емеурін арқылы білдіретінін сезеді. Әрі мынау соңғы төртінші тоқсан, өзге негізгі пәндер бойынша оқу жоспары орындалмай балаларға онсыз да күш түсіп жатқанда арбаның бесінші дөңгелегіндей бірдемемен басты қатырмаса қайтеді? Әрі қазақ тілі факультативті түрде, яғни әркімнің өз еркімен оқылатын пән, одан алған бағалары жалпы үлгерімге кірмейді. Міне, осының бәрі жиылып кеп, Еріктің жұмысын қиындатпай қайтсін?! Күнделікті сабақ жоспарын жасағанда оны түрлендірудің неше амалын қарастырады-ақ. Бұл жағын директор мен оның орынбасары Мосько Григорий Павлович жіті бақылауды әдетке айналдырды. Балалардың сабаққа қатысуы қаншалықты, ол да екі бастықтың жәдігөй көздерінің назарында. Оған Борис Устинович сияқтылардың қаскүнемдігін қос. Сабақ жоспарын жасап, сабақ өткізіп, қалған уақытта мектеп пен ата-аналар неғұрлым көбірек тұратын қала бұрыштарының екі ортасында айқыш-ұйқыш із қалдыру жас жігіттің бейнетін тіптен үстемеледі. Ата-аналар арасында да менмендік, шовинистік пиғыл атойлады. Кейде осының бәрін сараптай келе Ерік өзін «мыңмен жалғыз алысқан» жанкештіге ұқсатады. «Абай ата, сөзіңді ұрладым ба, кешіре гөр» деп, ұлы ақынның аруағына да тәу ететіні бар. Сөйтіп мұрнынан шаншылып жүріп, өзі еңбек еткен ортаны бақылаудан да жалықпайтын. Мұның байқауынша филолог Нина Николаевна мынау көктеммен бірге гүлдей құлпырып, ал Ирина Васильевна Кузьмина мен өз ұстазы Надежда Борисовна Перепелкина күнен-күнге солып бара жатқандай. Ерік оның да себебін білмейді емес, бірінікі науқас бала күйігі, екіншісінікі отбасының дау-дамайы. Осы тоқсанда Еріктің сезімтал жанын жадыратыр бір ғана болмашы көрініс жылт етті. Ол әлгі Катерина Осокина атты қызға

байланысты еді. Бірінші май мейрамы кезінде алқызыл жалау-
лар, кеңестік ұрандар, қызыл галстуктер, барынша сәнді киінген
ересектер мен балалар қала орталығын құлпыртып-ақ жіберіп
еді. Мерекенің негізінде парадтан тұратын ресми бөлігінен кейін

Ерік осы Катеринаны бір топ қыздың қоршауында шат-шадыман
күйде көрді. Мұнда әлгі бұдан жасы үлкенірек Лариса Недушенко
да бар. Бәрі де қуанышты, жақсы киінген, сұлулықпен көз тарта-
ды. Бірақ Катерина Осокина бәрінен де асып түскендей. Ерік өзі

күнде көріп жүрген осы қызды олардың ортасында танымай да
қалғандай. Бір күннің ішінде ол есейіп, бүгін түсер қалыңдықтан
әрмен жасанып, бақытқа бөленгендей. Бойы өсіп, денесі ұлғайып,
ана томардай Лариса Недушенконың өзімен иық теңестіріп алған

ба дерсің. Ең бастысы әлдекім қойын-қолтығына саусақтарын
жүгіртіп қытықтағандай бұл шалқалай күліп, бал-бұл жанған
жүзімен баршасының қызғанышын оятқаны анық. Күлкісі шынында
керемет, тіпті ересен, сол маңдағы жыртылып-айрылған жұрттың

мерекеге лайық ашық, жарқын жүздерін өзіне бір-бір қаратуға жа-
рады.
Ерік олардың қасынан тез өтіп кетті. Сонда да көкірегінде ерек-
ше бір жылылық орнады. Көптен бері көзінің алды мұнарланып,

өзіне ауыр мұңмен қараған қызға бұл аздап іштей аяушылық
білдіруші еді. Кейде ол аяушылық жанын жегідей жеген қиналысқа
ұласатын. Өткел бермес үлкен дарияның екі жағалауында тұрған
ғашықтардың мехнатындай-ақ. Бірақ бұл біршама басы піскен

Ерікке жеңілдеу, ал Катерина үшін, ойы шала, кәмелетке толмаған
қыз үшін, әрине, мехнаттың зоры. Ал мына мейрам күнгі отша
лаулаған жүзін, зергерлік бұйымдай мінсіз қашалған жұмыр мой-
нын, белін, аяқ-қолдарын көріп, аспанды шақылдатқандай көңілді

күлкісін өз құлағымен естіп, Еріктің кенет бойы жеңілейді. Сол
Катерина Осокина атты сұлу қыз жөніндегі бір ішкі дерт, ауырлық
мұның тұлабойын біржола тастап шыққандай әсерде қалды...
* * *

Хош, сонымен сол оқу жылы аяқталды. Маусым айының алғашқы
жұлдыздарының бірінде Ерік Алматыға, өзі сырттай оқуға көшкен
университеттің екінші курсына қатысты емтихандарды тапсыруға
аттанды. Ол кездің тілінде бұл жаздық сессия делінеді. Сол жаздық

сессияға жол тартты. Текеліден Алматыға тура автобус қатынаушы
еді. Бірақ ол жолай Талдықорғанға соғып, қосымша жолаушылар
алу үшін оның автовокзалында жиырма минуттей аялдайтын.
Ерікте алып-ұшқан көңілді мазасыздық бар. Енді қалай? Өзі бір

жылдай студенттік өмірдің қызық-шыжығын көрген Алматыға бара жатыр ғой, онда бірге оқыған достар бар, көзін талай сүйсіндірген қаланың көрікті жерлері, алаңдары бар, солардың бәріне деген сағыныш сезімі жас жігітті алып-ұшпай қайтсін? Кенет... ия, тағы да кенет Еріктің осы алып-ұшқан сезімі су сепкендей басылды. Талдықорған автовокзалы ғимаратының сыртында әртүрлі сусындар сататын дүңгіршектер бар-тұғын. Ары-бері жосылған жолаушылар арасымен бұл солай қарай жылжыған. Ойы тамақ жібіту. Бірақ ол дүңгіршектердің бәрінде дерлік тек қызыл шарап пен сыра ғана бар екен. Еріктің ондайға зауқы жоқ, бұған бар керегі газды су, немесе лимонад. Бұл соларды асықпай іздеп біраз уақыт ұтқызып алды. Іздегенін енді ғана тауып, стаканды жартылай бергенде сол жақтан бір жаман дауыс құлағын жарды. Бұл жалт қарағанда автовокзалдың кісі аз сол жақ ауласында үш-төрт милиционердің қолдыаяққа тұрмаған бір қушық денелі арықтау адамды күштеп әкетіп бара жатқанын көрді. Мас адам екені бірден танылды. Ол өз аяғымен жүрмегесін екі қолынан, екі аяғынан ұстап, көлденеңдетіп, көтеріп әкетіп барады. Жаңағы айғайлаған дауыс сол мастікі екен. Ерік алғашқыда немқұрайдылау еді, кенет әлгі мас балықша тулап қайта айғайлағанда Еріктің әлдене жүрегін осқылап кеп берді. Бұл стаканын тарс еткізіп табанша тақтайға қоя салды да солай қарай жүгірді. Милиционерлердің бәрі де түйедей-түйедей орыс жігіттері еді, Еріктің ентелей жақындап келгеніне олар назар да салмады. Өз жұмыстарымен болып, мастың тырбаңдаған аяқ-қолдарына ие болудың қамында. Ерік еңкейіп барып, мас адамның бетжүзіне қадала қарап, оның осыдан бір жыл бұрын өзімен жақсы дидарласқан Құдыс Әлікбаев екенін танығанда екі аяғы теңселіп кетті. Сұмдық-ай! Сұмдық-ай! Не істеу керек? Бірақ басына қан шапшыған Ерік не істеу керектігіне ой жеткізе алмады. Құдыстың суланған шашы маңдайын, көзін жапқан, түрі адам бағыс екен. Әрі дене тұрқы бұрынғыдан де қу сүйектенген оған Ерік екі көзін бағжита қарай берді. Мұны таныды ма, жоқ па, белгісіз, әйтеуір, ол қайта айғайлағанда даусы тіптен ащы шықты. Түйедей төрт орыс милиционердің темірдей қолдарынан құтылып кетердей бұлқына береді. Еріктің бар ойлап тапқаны: – Ей, товарищи, это он известный казахский журналист! – дей берді. – Какой он журналист, это он известный пьяница! – деді милиционерлердің бірі. Бірақ Ерік те өлермен, тағы бірдемелерді

судыратып, Құдысты босатып алардай әрекет жасап еді, дәл көкірегінен жұдырық тиді. Бұған шамданғансып: – Что вы делаете?! Вы сами хулиганите! Отпустите его, я его сейчас отправлю на такси домой! – деп, батылырақ зілденді. Милиционерлер бұның сөзіне құлақ асатындай емес, Құдыстың әуселесі де оларға жетерлік еді. Ақыры Ерік кимелеп, тіпті Құдысқа қолын жүгірте бергенде көкірегінен екінші жұдырық тиді. Бұл екіншісі қаттырақ еді, Ерік шалқасынан түсе жаздады. Сол кезде арт жатқан: – Эй, молодой человек, автобус отходит! – деп, оның жүргізушісі айғайлады. Байқаса, Еріктің қызыл жағалылармен тайталасын айнала жұрттың баршасы, тіпті өзі келе жатқан автобустың жолаушыларына дейін қызықтап қапты. Ал автобус жүргізушісі, үсті-басында қара қожалағы мол, жасамыстау орыс адамы көзін сығырайтып, Ерікті мазақтағандай қарап қапты. Бұл шақта Еріктің басында бір-біріне кереғар екі ой жұлқынды. Олар осы бетіммен Алматыға кете барайын ба, жоқ, одан чемоданымды алып, осында қалып, Құдысты босатып алудың басқа әрекеттерін жасайын ба деген ойлар еді. Бір-бірімен сыйыспайтын ымырасыз екі ой. Олар аяусыз жұлқысқанда Еріктің кішкентай басы шарт жарыла жаздады. Автобус жүргізушісі біршама басалқалы адам еді, сол Ерікке жақындап барып, жеңінен тартып, сабыр суын басатын сөздер айтып, автобусқа әкеп отырғызды. Сөйтіп, ойда жоқта осы автовокзалда көкірегінен екі жұдырық тиген Ерік Алматыға кете барды. Сырты бүтін, іші түтін десең оңайлатып жібересің. Ерік өзінің тап қазіргі халін қас дұшпанына тілемейді. Көзіне жас та іркілді. Қаладан шыға бергенде автобус жүргізушісі бері басын шығарып, Ерікке: – Әй, төрт милиционерге қарсы барып, олармен жұлқысасың, өзіңнің неше кісілік әлің бар еді? – деп, әзіл тастағансыды. Жолаушылардың бір-екеуі қырқ-қырқ күлгенсіді. Ол күлгендер қазақтар екен. Ерік олардың күлгендегі ырсиған бет терісіне қарап, жаман тыжыранды. Ол жылдарда автобус Алматыға дейінгі қашықтықты сегіз сағатта әрең қусыратын. Салонда бос орындар бар, соларға, әрі жолай түсіп қалатын жолаушылардың орнына басқа кісілер алу үшін бірнеше жерде тоқтайды. Тоқтаған жердің бәрінде әртүрлі сусындар сатылатын дүңгіршектер жеткілікті, Ерік кенезесі қанша кепкенмен олардың біріне де жуыған жоқ. Тіпті Сарыөзекте жұрттың түскі ас ішуі үшін отыз минуттай арнайы аялдайтыны бар. Ерік өзегі

талып, ішегі шұрылдағанмен асханаға да бас сұқпады. Тамағынан ештеме өтпейтінін білді. Осы сегіз сағаттық ұзақ жүрісте Еріктің бар бітіргені – мынау өмір, тіршілік, замана ауаны жайлы небір усойқы ойларды басында сапырылыстыру еді. Тоғыз балалы отбасында, таршылықта, жоқшылықта өскен, бойында жыланқарағы аз, буыны біржола бекіді деуге де келмейтін жас жігітті аяйтын адам бұл шақта мүлдем жоқ еді. Сөйте тұра бұл Құдыс Әлікбаевты қатты аяды. Өткен жылғы жазда оның өзіне арнаған баянын бастан-аяқ бірнеше мәрте еске алды. Ол баянның кей тұстарын ойша талқыға салудан да жалықпады. Осының бәрінің соңында Ерік белгілі бір нық шешімге келді. Бұл құдай оңдап, бүгін Алматыға аман-есен жетсе ертең таң бозынан тұрады да Тоқтар Көшеевті іздейді. Сабақ, оқу, лекция – бәрін қоя тұрады. Сондағы дәмесі белгілі ақын Тоқтар Көшеевке жата-жастана жалынып, жалбарынып, оған Алматыдағы беделді біреуге Талдықорғанға телефон соқтырып, Құдыс Әлікбаевты босатып алудың қамын жасамақ. Апырау, неге өйтпеске? Тоқтар Көшеевтің айы оңынан туып, астанаға орнығып, біраз кітаптар шығарып, ақындық аты танылғанымен Құдыс Әлікбаев екеуі бір өңірдің түлегі, құрдас, қаламдас, әрі етбауыр достар емес пе еді? Сол қаламдас, жерлес досы үшін бір мәрте саусақ ұшын қимылдатуға жарайтын шығар?! Не бопты? Ия, Ерік осы шешімнің құйрығынан қос қолдап ұстады. Алматыға жетіп, сол түнде өзімен бірге оқыған студенттер бөлмесінде қонып шықты да таңертең сағат тоғыздан аса Тоқтар Көшеев қызмет ететін редакция табалдырығын аттады. Тоқтардың өзі көрінбеді, айналдыра бес стол қойылған алакөлеңкелеу кабинеттің қарсы бетіндегі екі стол басында 35-40-тар шамасындағы екі адам шылым шегіп, ал оң жақ бұрышта бір егделеу адам ала қағазға шұқшия бірдемені жазу үстінде екен. Еріктің сәлеміне төрдегі екеу еріндерін әрең жыбырлатты, ал оң жақ бұрыштағы егде неме көздерін бір көтерді де қойды. Аңғарымпаздық, іштегі сезгір түйсік Еріктің бағы ма, соры ма, әйтеуір, әлдене мұнда да Еріктің жүрегін солқ еткізді. Ол солқ еткізген нәрсе төрдегі екеудің көздерінде еді. Себебі, ол көздер ап-айқын сөйлеп берді. «Сен ауылдан келген жігітсің, не студентсің, бізге әкелген піспеген шикі өлеңдерің, не әңгімең бар, бізге керегі ол емес, біздің басымызды жазуды қалтаңның жағдайы көтере ме» дегенді қарасынан ағы молдау көздері кәдімгідей сампылдап-ақ жеткізгендей еді. Шынына басса Еріктің мұғалімдік жұмыстың қарбаласымен жүріп те жазған бір-екі әңгімесі бар еді. Бірақ ол қазір өзінде

емес, студенттер жатақханасындағы чемоданының түбінде қалған. Әрі осы редакция табалдырығын аттауға мәжбүр ететін екінші бір жағдайы және бар. Ол мүмкін болса Тоқтар Көшеевтің көмегімен, не өз бетімен редакцияларды аралап, ши жүгіртіп, өткен жылғыдай осы саладан жұмыс іздеу еді. Бірақ тап қазір олардың бірі де Ерікті толғандырудан аулақ, бұл мүлдем басқа мәселемен келіп тұр ғой. Әлдене ет жүрегін сыздатқанмен Ерік өзінен жігер тауып: – Ағалар, мен Талдықорған жақтан келіп едім, сонда мұғаліммін, Тоқтар аға осы газетте істейді деп естіп едім, ол кісі қазір қайда? – деп сұрады. Төрдегі екеу мырс етіп күліп, көздерін төмен салды. Ал оң жақ бұрыштағы егде адам жазуын тоқтатпағанмен мұрнымен столды тесіп жіберердей ол да тым төменшіктеп кетіпті. Ерікке бұлары тіптен ұнамаған. Ауыздарынан сөз шықпағасын Ерік сұрағын қайталады. Тағы осы үнсіздік. Іш мыстаны ішінде біреулердей тіпті бет-жүздерін бүркеп алудың қамын ойластырғанға ұқсас ұяңдық, жасқаншақтық екеуін де жайлап алған. Ерік едәуір абдырады. Бірауық Құдыс Әлікбаевтың жайын есіне алып, кері бұрылып шығып кеткенім тіптен дұрыс емес дегендей тұрған орнында күшпен шегеленді. Жылдай ауыр минуттерді өткізіп барып, ақыры төрдегі екеудің бірі тілге келді-ау: – Қарағым, айыпқа бұйырма, сол Тоқтар ағаңның қайда екенін өзіміз де білмейміз. Міне, екі аптаның жүзі болды, ұшты-күйлі жоғалды! – Үйінде телефон бар ғой, хабарласпадыңыздар ма? – Е, өзің хабарлас, хабарласқыш болсаң! «Мыналар не тантып тұр» дегенді Ерік ішінен айтты. Ол кездегі мұның жағдайы түсінікті ғой, жазу жұмысымен түбегейлі айналыспақ ниеті бар уыз таланттың манадай жасы үлкен, әрі қазандықтың басында отырған адамдармен түс шайысуы мүлдем жақсылық емес. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі, қайда барсаң да сол қараңғы көрдей белгісіздік, бұл не заман» деп жаман тебірендіақ. «Тіпті белгілі ақын Тоқтар Көшеевтің қайда екенін сұрап білудің өзі қияметке айналған ба? Ал басқасын не деп атар едік?». Осы шақта оң жақ бұрыштағы егде кісі кабинеттен шығып кетіп еді. Ерік те табандылық көрсеткендей: – Ағалар, сіздер үйіне телефон шалып көрдіңіздер ме, әйелі не дейді? Сол кезде екеудің бірі шарт ете қалды: – Әй, қарағым, сен бізді тергейтін тергеуші ме едің? Өзің шал телефонды! Әйелінің не дейтінін өз құлағыңмен естисің!

Бұлардан қайыр жоқтығын сезгесін Ерік амалсыз кері бұрылды.
Бұл өзі бір қабатты ескі заманғы ағаш үй-тұғын. Ең сыртқы
табалдырық биіктеу, әрі көп сатылы еді. Қараса, жаңа кабинеттен
шыққан егде журналист осы табалдырықта оңаша шылым шегіп

тұр екен. Енді Ерік сонымен дидарласты. Бұл егде кісі Еріктің
көзіндегі жалыныш отын көріп, оңай-оспақ шаруамен жүрмегенін
сезді ме, сәл жылы шырай танытты:

– Қарағым, сен Тоқтар Көшеев екеуің бір жақтансыңдар ма?

– Ия, ия, ағай, екеуміз де Талдықорған қаласының түбіненбіз.

– Аздап жазатының бар-ау, шамасы, ия, ия, жаңылыспасам

өткен жылдары осы редакцияға соғып жүрдің. Жас бала екенсің,
мен сені көп салғыртпай бір нәрсеге көзіңді ашайын. Сен ана екі
ағаңа өкпелемей-ақ қой, – деп, жаңағы екі журналист қалған ішкі
бөлме жақты нұсқады.

Бұл өзі самайын қырау шалған, ақ бәтестей арық өңі бар, әлдебір
сақтықты ойлағандай көздерін қысыңқырап сөйлейтін адам екен.
Ерікке аздап жанашырлықпен қарағаны соқырға таяқ ұстатқандай
айқын. Бұл Ерікті әжептәуір жігерлендірді.

– Сен тыңда, қазір ана екеудің де жағдайлары мәз емес, жам-

бастарына мұз батқандай қылпылдап отыр. Себебі, осы күзден ба-
стап, біздің газет аптасына төрт рет емес, екі-ақ рет шықпақшы.
Соған орай редакция ұжымының тең жартысы қысқартылады.
Қайсымыз қаламыз, қайсымыз түз кезіп кетеміз, бір құдайға ғана

аян. «Әй, ағайындар, пенсияға шығуыма аз-ақ қалды ғой, аяңдар»
деп, мен екі қолыммен ғана емес, тісіммен тістеп те жармасып
отырмын, бірақ қалай шешілері маған да жұмбақ. Жә, ол басқа
мәселе, Тоқтар ағаңа келейік. Тек мынаған мықтап келісейік, бұл

әңгімені менен естідім дегенді тісіңнің арасынан шығармайсың!

– Жо-жо-жоқ, ағасы, о не дегеніңіз, сізден естідім деп ешкім-

ге жақ ашпаймын! Ант-су ішуге де әзірмін! – деп, Ерік жік-жапар
болды.

– Ендеше тыңда! Қазір сонау Мәскеуден басталған бір саяси

науқан жұрттың басын азан-қазан етіп жатыр емес пе? Әсіресе,
кешегі ұлы көсем Сталиннің басына қара бояуды бөшке-бөшкесі-
мен құю асқынып тұр. Ия, ия, оны газеттен білесің. Тоқтар ағаң
соғыстың соңғы жағына қатысып үлгерді ғой. Ал майдангерлердің

ол көсемге көзқарасы қандай, ия, ол да саған таңсық емес. Жасы-
ратыны жоқ, соңғы кездері Тоқтар ағаң арақ-шараптан көз ашпай-
тын халге жетті. Соның еліртуімен бе, ол осыдан екі апта бұрын,
осындағы Бас пошта бар емес пе, ия, соған барып, Мәскеуге,

тура Кремльге, сондағы жаңа Съездер Сарайына «мен майдан-

гер ретінде Сталинді қаралауға қарсымын» деп, телеграмма беріп жатқан жерінен ұсталып кетті. Ал ендеше... – Сөздерінің осы тұсында егде журналист қырқ-қырқ күлгенсіді. Көздерінде жас та білінгендей. – Содан бері ол ағаң зым-қайым жоғалды, қайда екенін өзіміз де білмейміз. Саған салар бір ақылым, Тоқтардың үйіне, әйеліне телефон шалмай-ақ қой, аттандап жылағаннан басқа ол әйелдің бітірері жоқ. Онсыз да аш өзегі өртенген, тағы тұтатып қайтесің? Ал, айналайын, уәде құдай сөзі, бұл әңгіме осы жерде қалсын! Ағаш табалдырықтан төмен түскенде Ерік басына тағы бір тоқпақ тигенін сезді. Қайда бет алғанын өзі де білмейді, әйтеуір бір жүріске басты. «Мына қарқыныммен бір күні жынданып өлермін» дейді өзіне-өзі. «Бұл тағдыр қысастығына не зауал?» Құдыс Әлікбаевқа деген аяныш сезімі ішін оттай қарушы еді енді оған Тоқтар Көшеевтің күйігі қосылды. Не істеу керек? Не істей алады бұл? Мүйізі қарағайдай үйлі-баранды журналистер шарасыздық шырмауында, ал өмірден өз орнын таппай сенделген бұл жиырма бір жасар жас жігіт не тындырып жарытпақ? Осындай дел-салдықпен үш-төрт күн өткен соң ғана бұл Ерік өзіне-өзі келді. Сондағы түйген ойы: «Бұл күн санап, өліп-өшуге айналған қазақтың тілімен бірге бүкіл қазақ интеллигенциясының да табанының бұдыры кетіп барады-ау осы! Әйтпесе, дәл біздің қазаққа келіп-кетері шамалы қайдағы бір саяси фанатизмге бой алдырып, өз басын өзі жемтік ете ме? Жемтік болғысы келсе қазақтың ұлттық тілі үшін болмай ма? Мен көргенді бұлар көрмей жүр ме екен?» Ия, ашуға да, ақылға да, аянышқа да шырақ жаққандағы көзіне жарқ еткен бір сурет осы! Осындай сынық көңілмен ілініп-салынып жүріп, бұл бір айлық сессияны да өткізді. Ара-арасында басқа редакцияларды жағалап, екі-үш әңгімесін ұсынды, бірақ бір де біреуі қабылданбады. Сіркесі су көтермей отырған жұрт кірпияз да келе ме деп ойлады Ерік. Ал қызмет жайында қай-қайсысы да ауыздарын қу шөппен сүрткеннен басқа ишара білдірмеді. * * * Сонымен Ерік қайта елге оралды. Мұғалімдерге берілетін екі айлық демалысты үй сыртындағы бау-бақшаға, әрі кәрі әкесімен бірге таудан шөп шабуға арнады. Жаңа оқу жылында бұрынғы жұмысы өзіне қайта бұйырды. Бірақ мұғалімдердің бәрінің де бұған дегенде қабақтарының қорғасыннан әрмен ауыр тартқанын байқады. «Маған десе біржолата үзіліп түсіп қалсын» дегендей іштей қарғыс айтқансыды. Бірақ көп жаңалық алдынан шықты.

Ең басты жаңалық – Текелі қаласының осы «Станция» аталатын бөлігіндегі тағы бір үлкен орта мектептің құрылысы аяқталып, бірінші қыркүйекте оқушылар табалдырығын аттап еді. Ал оның директорлігіне келгенде бұрынғы сәуегейліктің бәрінің де күлталқаны шығыпты. Қалалық оқу-ағарту бөлімінің бастығы Рыжов та емес, мұндағы тарихшы мұғалім Денис Антонович те емес, осы Текелі қаласының сонау шығысында, тау қуысында «Рудник» аталатын тағы бір бөлігі бар-тұғын. Сонда сегізжылдық мектеп жұмыс істеуші еді. Міне, соның директоры осында шақырылыпты. Мұндай күтпеген оқыс тағайындауға осы № 6-мектеп мұғалімдерінің кейбірінің ауыл адамдарынша ерін шығарғанын байқады Ерік. Мұның білуінше бұл жаңалық, әсіресе, Денис Антоновичке ауыр тиіпті. Себебі, оның директорліктен ғана емес, қалалық оқу-ағарту бөлімі бастығының орынтағынан да үміті бар еді ғой. Ақыры, терісіне сыймаған Денис Антонович осы «Станциядағы» сол жаңа мектепке жай мұғалімдікке сұранады. Қырсыққанда қалалық оқуағарту бөлімі оны да қанағаттандырмайды. Бұл, әйтеуір болмай жүріп, қала орталығындағы басқа мектепке ауысады. Екінші жаңалық – осы жазда Надежда Борисовна өз күйеуімен екі рет ажырасып, екі рет татуласыпты. Арасында ол Алматыға да бір мәрте қатынап үлгеріпті. Мұның мәнісі не, ол жағын Ерікке ешкім түсіндірмеді де, әрі мұның өзінің де оны түсінуге зауқы соққан жоқ. Үшінші жаңалық – әлгі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Михаил Ефимович мектептен теріскей беттегі, Қаратал өзенінің сол жағалауындағы өңкей көп қабатты жаңа үйлері бар мөлтек ауданда тұратын, қас қылғандай әлгі Рыжов дейтін дөкей бастықтың дәл өзінің көршісі еді. Неден қиялдағанын кім білсін, сол Михаил Ефимович жазғы демалыс кезінде арақ ішіп, Рыжовтың терезесіне бөтелке лақтырып, үйінің ішін әптер-тәптер қылады, әрі өз әйелін сабайды. Бұған милиция араласып, дәл бірінші қыркүйек қарсаңында жұмыстан шығарылып, үш күннен соң қайта алынып, мұның тәртібін № 6-орта мектеп ұжымында қарау тапсырылады. Міне, мұндағы жаңа оқу жылы сол Михаил Ефимовичтің ісін қараудан басталды. Бірақ ол жиналыс тез аяқталды. Себебі, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жұртқа жүз көрсетуге ұялып, төмен тұқырып, сілейді де қалды. Директор, оның орынбасары Мосько, үш-төрт кексе мұғалім Михаил Ефимовичтің атына ауыр-ауыр сөздер айтып, оған қатаң сөгіс жариялаумен тынысты. Еріктің пайымдауынша мұндайда сонау қазақ ауылдарындағы қазақ мұғалімдері көшеде қаңғып қалар еді, ал орыс мұғалімдері олай емес, себебі, олар қалада да, далада да жетіспей жатыр.

Ерік Алматыда, сессияда, әрі демалыста болған осы жаздағы ең соңғы бір жаңалық, әрине, біраз мұғалімдердің, әсіресе, жасаңдауларының әлгі жаңа мектепке ауысуы еді. Бұлар сөйткенде, тәжірибелі ұстаз, мүйізі қарағайдай белгілі адам – Денис Антонович оған неге қол жеткізе алмады, бұл да Ерік үшін жұмбақ күйінде. Осы жазда біржола жұмыспен хош айтысады делінген Лотте Романовна өз орнында. Өткен оқу жылында мектеп директоры Кузьминнің сан мәрте қаһарына ұшыраған Адалят Сализовна да солай. Неге екені белгісіз, Ерік бәрінен де сол Лотте Романовнаның биыл да өз жұмысын жалғастыратынына іштей қуанғанға ұқсады. Аз-кем тәжірибе жинақтауының ықпалы ма жаңа оқу жылы Ерікке біршама оңай басталды. Сабақты түрлендірудің, қызықты етудің неше қилы амалдарын іске қосты. Міне, сол күзде осы мектепте өткен екі жиналыс Еріктің мәңгі-бақи есінде қалды. Бұл әлгі атышулы Кариб дағдарысы орын алған 1962-жылдың күзі ғой. Орыс-қазақ газеттерінің бәрі американ империализмінің араны ашылып, Кубаны енді-енді жұтатыны жайында өңештері жыртылғанша айғайлап жатты. Ал шындығында мұның бәрі КСРО атты елдің сол кездегі жеңілтек басшысының қылығынан туған қатер екенін ол шақта көп ешкім білмейтін. Кубаны қорғаймыз деген желеумен оның жеріне кеңестіктер аса күшті стратегиялық қаруларды орналастырып, ал АҚШ үкіметі өзінің тап өкпе тұсынан қадалғалы тұрған қанжарды көріп, бүкіл соғыс күштерін тік көтеріп, Куба мен Кеңес елінің ең маңызды нысандарын бір сәтте талқандауға сақадай сайланып еді. (Ол нысандардың қатарында Ташкент қаласы да бар еді). Міне, сол жеңілтек, әрі таяз ойлы, маскүнем, жеті жылда, соңынан жиырма жылда коммунизм орнатпақшы басшының кесірінен адамзат бұған дейін бастан кешпеген аса сұрапыл соғысқа душар бола жаздап еді. Ал баспасөз мүлдем басқаша сайрайтын. Бәрі де американ империализмінің тойымсыздығына, кеңес үкіметінің ұстамды, кемеңгерлік саясатына, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының екі ортада шыр-пыр болуына саятын. Міне, Текелі қаласындағы № 6-орта мектеп ұжымының жиналысы тап осындай жағдайда өтіп жатты. Партия бастауыш ұйымының хатшысы, кітапханашы, денсаулығында дімкәстік бар, бірақ бұрынғы көп жылдық партия саласындағы қызметіне орай қалыптастырған саңқылдаған даусы керемет, арық, кәртамыс әйел баяндама жасап тұрды. Осы шақта Ерікті таңқалдырған бір нәрсе бар. Ол осындағы мұғалімдердің баршасының жүздеріндегі байсалдылық, байыптылық еді. Кәтте екі ұлы державаның тіс салыса кетуге шақ пиғылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының, басқа да

әлемдік қайраткерлердің емес, тап осы Текелі қаласындағы №
6-орта мектеп ұжымының мойнына артылған ауыр жүк пе дерсің.
Бұл көріністі Ерік ешқашан ұмытқан жоқ.
Екінші бір осындай жай кәсіподақ жиналысында орын алды.

Өткен жылғы осы ұжымның төрағасы Денис Антонович бұл мектеп-
тен кеткенмен де кәсіподақтың бір жылдық жұмысы туралы есепті
баяндаманы өзі келіп жасады. Еріктің ұғуынша жоғарыдағылар со-
лай шешкен сыңайлы. Мұнда көзге бадырайып тұрған алабөтен

ештеме де жоқ еді. Тек баяндамашы салған беттен мектеп дирек-
торы Кузьминге жабайы бүркітше шүйілді. Әншейінде жиырма ми-
нуттай ғана уақыт алатын баяндама бір жарым сағатқа созылып,
Кузьмин қызметінің ішек қырындысына дейін сарапталды. Ерік бұл

тарихшы мұғалімнің үлкен-кіші жиналыстарда сөздерін тыңдаған,
бірақ мұншалықты шешендігі барын білмепті. Жалпақ бетін шам
жарығына әдейілеп тосқандай кербезденіп, көздерінің айнала-
сына білгір, әрі әділ адамның сын-сыпатын үймелетіп, кеудесін

қыбырсыз ұстап, тілдің майын тамызғанда мұның өнеріне КСРО
мен АҚШ атты екі ұлы елдің арасында шыр-пыры шыққан Біріккен
Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының өзі қызғана қарайтындай еді.
Осы бір жарым сағатта Денис Антоновичтің директорге таққан

кінәсі көп-ақ. Ұстаздық тәжірибесі жартымсыз Ерік оның көбісін
ұстай да алмады. Баяндамашы Кузьминнің дөрекілігін де бетіне
басты. Нақтылы мысалдар келтірді. Мұның кәріне ұшыраған
мұғалімдердің ныспыларын тізді. Ерік мойнын бұра қарап, Ада-

лят Сализовнаның баяндамашы сөздерінен жайқалып отырғанын
көрді. Басқа да бірен-сарандарында сондай нышан бар.
Баяндаманың орта тұсында Денис Антонович бұл Кузьмин жол-
дас өз орынбасары Моськоның жұмысын тіптен қадағаламайды, бұл

Мосько ертеден қара кешке дейін сабақ кестесін шимайлағаннан
басқа түк бітірмейді деп салды. Мосько өз лауазымына лайықсыз
мінез көрсетіп:

– Былтыр біздің мектепте сегіз мұғалима декреттік демалысқа

шықты, бесеуі декреттік демалыстан оралды, басқа да ауырған-
сырқағандар бар, аздаған ішкі кадрлық өзгерістер де болды, сон-
дай жағдайда сабақ кестесін жасау аз жұмыс па сіздіңше, Денис
Антонович? – деп, отырған орнынан айғайлады.

Ал баяндама аяқталғанда бірінші болып, Кузьмина Ирина Васи-
льевна жұлқына көтерілді де:

– Мынау не, кәсіподақ ұйымы төрағасының өз жұмысы туралы

есепті баяндамасы ма, жоқ, директордің бір жылдық жұмысы тура-
лы есеп пе? – деп салды.

Жиналыстың екінші жартысы ұзақ дау-дамайға айналды. Тап осының үстінде жұрт күтпеген тағы бір оқиға орын алды. Мектептің кәсіподақ жиналысына қалалық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Рыжов кіріп келіп, шеттегі бос орынға лып етіп жайғасты. Небәрі он минуттей үнсіз мөлиді де шығып кетті. Оның бүйтіп кіріп-шығуы жиналыс барысына иненің жасуындай да өзгеріс енгізген жоқ. Біршама мұғалімдер Денис Антновичтің пікірін қолдап, мектеп жұмысындағы кемшіліктерді сынағанда Ерік іштей «ия, бұлардың ешқайсысы жерде жатқан адамдар емес, өз ісінің асқан шеберлері, сосын да ешкімнен жасқанбайды» деп, осымен нешінші мәрте екені белгісіз қортынды жасады. Осыған жалғас күндіз есінен, түнде түсінен кетпеген әлгі Құдыс Әлікбаев пен Тоқтар Көшеевті ойлады. Кенет бұл жас жігіт өзінше бір жаңалық ашқанға ұқсады. Қалайда, өз қазағын орыс, неміс сияқты халықтармен салыстырып жүретін әдеті ғой. Ашқан жаңалығының мәні сол – қазақтың облыс, тіпті республика көлемінде белгілі деген адамдары мынау бір қиыр түкпірдегі, тау қуысындағы шахтерлер қаласындағы орта мектеп мұғалімдерінің деңгейінен төмен жатқанын түйсінді. Қазақта оқу аз, білім төмен. Диплом жеткілікті, тек шынайы білім қысыр сиырдың сүтіндей саусақтарыңа ылғал болып қана жабысады. Қазақтың өз жерінде өз ұлттық тіліне ие бола алмай жүргені содан. Сол Тоқтар Көшеев, Құдыс Әлікбаев сынды қазақ зиялыларының орнында мыналар болсыншы ұлттық тіліне көз алартқанды сыра толы бөшкедей-ақ аударып тастасын. Осы жаңалығы буыны аса бекімеген Еріктің тұлабойын жаман солқылдатты. Кәсіподақ жиналысының соңына таман Денис Антонович қайта шығып сөйлеп, директор Кузьминнің қаржы ісіндегі жаңсақтықтарын да ашты. Бұл шақта әбден бет ашысып үлгерген Кузьмина Ирина Васильевна қайта атып тұрды: – Денис Антонович, осы сөздеріңіз арқылы сіз өзіңізді ақ қарға етіп көрсеткіңіз келеді, ә? Қандай оңтайлы әдіс?! Анау су бойындағы үйді салуға ақшаны қайдан таптыңыз? Оңтүстіктен қайтқан тырналар тұмсығымен тістеп әкеп берді ме? Шынында, Денис Антонович өзгелер сияқты жаңа көп қабатты, не ескі, бір қабатты қазыналық үйлердің бірінде тұрмайтын. Қаратал өзенінің жағалауына таяу, бау-бақшалы жекеменшік оңаша үйі бартұғын. Бірақ бұл директор зайыбының соқтығуынан абдыраған ол жоқ: – А вы с Алексеем Никитычем золотом обжирались! – деп салды. Міне, тап осы тұста бәрінің ауыздарына құм құйылды. Директордың зайыбы да, басқалар да солай. Ерік амалсыз жұрт лық

толы үлкен сынып бөлмесінің арт жағындағы Лотте Романовнаға
бұрылды. Өткен көктемгі каникул кезінде осы неміс әйелінің дирек-
тор Кузьминнің бұрынғы жүрістері, алтынмен басталып, алтынмен
тамамдалған мансаптары хақындағы баяны қаз-қалпында ойы-

на оралды. Ол жайында осы Денис Антоновичтің да білігі барын
ескертіп еді-ау! Бірақ ол жолы бұл тарихшы мұғалім ат-тонын ала
қашқан. Ал қазіргісі мынау. Бірақ Ерікті көбірек алаңдатқан Лотте
Романовнаның түр-түсі еді. Кешегі өз баянының бүгін көп көзінше

расталғаны қарт мұғалимаға үлкен бедел әкелгендей. Арық жүзіне
әлдекім алқызыл бояуды шашып жібергендей кәрі кісінің мұншама
сұлу көрінгеніне Ерік әжептеуір-ақ таңырқады.
Жиналыс соңында директордың өзі де сөйледі. Бірақ бұл

бұрынғы директор емес еді, табанда жүнжіп қалғаны білінді. Осы-
дан үш апта өткенде қалалық «Текелиский рабочий» газетінде
Денис Антоновичтің мақаласы жарияланды. Мазмұны аталмыш
кәсіподақ жиналысындағы баяндамасының ықшамдалған нұсқасы

дерлік. Директордің қала орталығына қатынауы жиіледі. Бұл ор-
нынан алынады деген де сыбыс тарады. Осы қарқында Еріктің
құлағы шалғаны өткен жазғы қадрлық ауыс-күйістер кезінде Денис
Антоновичтің не оған, не бұған қол жеткізе алмауы Кузьмин Алек-

сей Никитычтың қатысуымен болған іс дегендік еді. Сол үшін кек
алу мақсатында ол тарихшы мұғалім осындағы жылы орнын та-
стап кетіпті.
Бірақ директор Кузьминді ешкім орнынан қозғамады. Тек оқу

жылының соңына таман бұл да, оның орынбасары Мосько да
Ерікке жаман көзбен қарады. Ұжым ішінде қазақ тілін арбаның
бесінші дөңгелегіне балаған сөздер ашықтан-ашық өрбитін еді.
«Ағынға қарсы жүзіп қайтесің» деушілер де көбейді. Бұдан арыға

Еріктің шыдамы жетпеді. Келесі оқу жылының қарсаңында бұл өз
туған аулы жататын аудандағы басқа бір мектепке ауысты. Тағы
бір-екі жыл өткенде жер-жерде қазақ газеттері қайта ашылып, оған
дейін әртүрлі жазбаларымен баспасөзде көрініп үлгерген Ерікке

алыстағы бір аудандық газетке жұмысқа тұрудың сәті түсті. Бұл
жылдары Ерік Тінәлиев біраз өндіріп жазып еді. Соның көмегімен
сәл кейін Алматыдағы үлкен редакциялардың біріне кеп орын тепті.
Үйленіп те қойған. Енді қараса, ең алғашқы еңбек жолын бастаған

Текелі қаласынан кеткеніне сегіз жыл толыпты. Әлдебір өкпесі бар-
дай ма, өз туған аулына ара-тұра соққанымен онымен іргелес сол
Текелідегі № 6-орта мектепке бір де бір рет бас сұқпапты. Өзіне
жақсы қарады ма, жоқ па, бәрібір бұл сондағы кәнігі ұстаздарды

ара-тұра сағынышпен еске алатынын да сезеді. Қалайда, олардан
көп үлгі, өнеге үйренді ғой.

Бұл уақыттың ішінде Құдыс Әлікбаев қайтыс болған. Ал Тоқтар Көшеев қатты науқас. Ара-тұра газеттерде өмірдің баянсыздығы хақында ащы саруайымға толы шумақтары жылт етеді. Ақыры бірде Ерік Текелі қаласына жолы түсіп келді-ау. № 6-орта мектепке кіру ойында жоқ, кенет автовокзалда әлгі неміс тілінің маманы Лотте Романовнаны ұшыратпасы бар ма? Ерік кәтте туған шешесін көргендей қуанды. Мұның бағына орай бұл кәрі неміс әйелінің бет әлпеті бұрынғыдан да әрмен көмескіленгенімен көзі, құлағы, тілі бәрі сау, тап баяғысынша сақылдап тұр. Осы автовокзалдан бір жаққа жолға шықпақ емес, әңгімелесіп шер тарқатысар кісі іздеп жүрген сыңайлы. Еріктің «Мені таныдыңыз ба» деген сауалына «Қайдан таниын, мен оқытқан балалардың шет-шегі бар ма, қайсы бірің есте қалғандайсың» деп жауап қайырды. Ия, бұл қария адам Ерікті өзінің әріптесі емес, шәкірті ретінде қабылдады. Ерік те ол жағын түзетіп, ежіктеп жатпады, сол № 6-орта мектептегі біраз мұғалімдердің өзі кеткеннен кейінгі хал-жағдайын білуге асықты. Сонда Еріктің бұдан ұққаны мынау: Мұның сүйікті ұстазы Надежда Борисовна Перепелкина ақыры күйеуімен біржола ат құйрығын кесісіп тыныпты. Есесіне филологиядан кандидаттық диссертация қорғапты. Бірақ өзі ауру көрінеді, небәрі сегіз сағаттық қана жүктемемен жұмыс істейді екен. Бұл толық жүктеменің жартысына да жетіңкіремейді. Ағылшын тілінің маманы, дүңген әйелі Адалят Сализовна Теміртауға кетіпті. Ал директордың орынбасары Мосько Григорий Павлович бұл Қазақстанда тұрақтамай өзі келген Ресейдің ішкі облыстарының біріне қарай табан тайдырыпты. Тарихшы Денис Антонович соғыстан алған жарасы қайта қозып, былтыр дүниеден өтіпті. Ал дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Михаил Ефимович араққа салынып, түрмеде жатып шығып, тек қазір біраз оңалған сыңайлы, баяғы № 6-орта мектепте жұмыс істейтін көрінеді. Математик Борис Устинович те сонда, сол бұрынғы қалпында. Ең жаманы – ерлі-зайыпты Кузьминдердің жағдайы екен. Бұлардың әлгі ауру кіші баласы өліпті де, Алексей Никитыч жас қызға үйленіп, бағыт-бағдары белгісіз бір жаққа қарасын батырыпты. Ал Ирина Васильевна қоса қабаттасқан екі күйікті көтере алмай психиатриялық ауруханаға түсіпті. Ал қараусыз қалған үлкен баласын Иринаның бір сіңлісі бауырына басыпты. Бұлардың ішінде бәрінен де жолы болған орыс тілі мен әдебиетінің маманы, ерні шиқандай қызыл, аппақ өңді сұлу әйел Нина Николаевна екен. Ол директорлікке көтеріліп, оны төрт-бес жылдай атқарғасын Текелі қалалық халық ағарту бөлімі бастығының креслосына қонжиыпты. Ия, сол баяғы Рыжов дейтін марғасқаның орнында деді Лотте Романовна.

Кәрі кісі осының бәрін тауысып, бір іркілгенде: – Сіз № 6-орта мектепке анда-санда кіріп шығатыныңызды да келтірдіңіз, демек сіз білесіз. Тап қазір сол орыс мектебінде қазақ тілі пәні оқытыла ма? – деп сұрады. «Іште пікір өлгенше айтып өлейін» деді ме Лотте Романовна тура жауаптан жалтара бұл жолы да ұзаққа шапты: – Сіздер, қазақтар, қызық халықсыздар. Қазақ тілін онда-мұнда құр тықпалағанмен іс бітпейді. Шағын ұлт атана тұра көп жайды елеусіз қалдырасыздар. Үлкен ұлттар өз проблемасы өзімен! Ағылшын, неміс, француз, итальян сияқты, басқа да қабырғалы ұлттар көп, әрине, бір күнде олардың сапына қосыла алмассыздар, бірақ солардың сапына қосылуға, солардың дәрежесіне жетуге дұрыс бағыт ұстау керек қой. Бұл кезек күттірмеес шаруа. Ал, ұлттық намысымызға тиді деп, мені айыпқа бұйырмаңыз, сіздердің ұстаған бағыттарыңыз дұрыс емес. Оған бір дәлел сіздерде даңғаза көп, нақтылы ұлттық патриотизм жоқтың қасы, жұт жылғы қонақасыдай тым мардымсыз. Басқа да кемшіліктер аяқ алып жүргізбейді. Қолдағы барың тиімді пайдалансаң ол бағың, керісінше шықса ол сорың. Сіздер барды баққа емес, сорға айналдырып аласыздар. Ия, бақ пен сор, бірі жоқта екіншісі оның орнын басады. Бұл кемпірмен қоштасып, жөніне кеткенде осыдан он жылға тарта уақыт бұрын осы қалада орыс мектебінде қазақ тілінен дәріс беремін деп, «ағынға қарсы жүзген жігіт» атанған, «мыңмен жалғыз алысқан» аса бір ауыр да азапты күндері басына қайта айналып соққандай әңкі-тәңкі күй кешті. Мына немістің кейуанасы қалай сілтейді, ә?! Кенет Еріктің ойына қазақтың үлкен ақыны Сұлтанмахмұт Торыайғыровтың қазақтың кең жері оның бағы да, соры да деген бағдардағы ұлағатты сөздері оралды. Қазақтың тілі жөнінде де сөйдеу артық па? Мына нәсілі бөлек, алжыған деуге де келетіндей неме тап соның төбесінен түсіп тұр емес пе? Ия, бақ пен сор! Бұл екі сөз Еріктің көпке дейін көкірегінде жаттаулы күйінде қалды. Енді, міне, одан беріде де жарты ғасырға жуық уақыт өтіп, Ерік Тінәлиев көп кітаптар шығарып, жазушы атанып, жетпістің желкелігіне жармасқанда жаңа заманның жаршысы «Тәуелсіздік» газетінің шымшықтай ғана бойы бар тілші қызы келіп, шымшыма сұрақтар қойған күннен соң осының бәрі сап-сабымен тұлабойын жайлады. Анық дұрыс қортындыны ойлы оқырманның өзі жасасын деген ниетпен бәрін қаз-қалпында қағазға түсіруге тырысты. 2009–2011 жж.

Тұяғынан от ұшқан
Әңгіме
Бұл 1995-жылдың тамыз айының соңғы күндері еді. Алматыда
жаздың желсіз тымырсық шағы. Түс ауа адамның ұйқысырайтыны

бар ғой, соның әуселесімен жантайып жатпақ едім, есіктің қоңырауы
шылдырлады. Үйге бір кемпір және бір толықша денелі жасаңдау
әйел келіп тұр екен. Екеуінің де түстері таныс, әрі алыс ауылдың
адамдары екені бірден бетке ұрады. Ай-шайға қарағам жоқ:

– Кіріңіздер! Кіріңіздер! – деп жік-жапар болыппын.

Табалдырық аттамас бұрын жасаңдау әйел арт жағындағы
кемпірге бір жалт қарап, қайта бері бұрылғанда жүзінде бір түйдек
ашу білінгендей әсер етті. Ерткені күні таусылуға шақ қария адам
емес, тәртібі бұзық маскүнемдей-ақ, «кәне, бойыңды түзу ұста»

деп, оған ызғар шаша ескерту жасағанға ұқсап кетті. Онысына
пәлендей мән бере қоймадым, тәйірі, ауыл адамдары өздері си-
рек қатынайтын қалаға келгенде үйреншікті емес ортамен сый-
ыспайтын ұсақ-түйек мінез көрсете беретінін баяғыда-ақ байқап

үлгергенмін ғой.
Табалдырықты бірінші болып, жасаңдау әйелдің өзі аттады.
Үстінде ұзын жеңді, етегі де тізесінен көп төмен күңгірт қызыл
қыжым көйлек. Басына көкшілдеу орамал тартқан, қаланың

ыстығынан біраз терлегені білініп тұр. Томпақша бетінің, әлде
бір үрей бардай жылтыраған көздерінің айналасын уысына
қысып алған жартымсыз шүберекпен сүрткілей береді. Маған бір,
соңындағы кемпірге бір жалтақтап, сосын кемпірді де білегінен

ұстап, бері табалдырық аттауға болысты.
Назарымды бірден тартқаны кемпірдің екі жағы бірдей ақ
бәтеспен таңулы еді. Кәрінің жақ сүйегі қақсай ма, жоқ, тісі ауы-
ра ма деген сыңайдамын. Бұл да сол кездегі ауыл кемпірлерінің

дағдысымен кимешек кимей басына түсі күңгірттеу орамал тартып-
ты. Жағын таңған ақ бәтес пен күңгірт орамал бір-бірімен сыйы-
спай өзара айқайласып-ақ тұрғандай.
Тағы бір байқағаным, кемпір табалдырық аттағасын да аяқкиімімді

шешейін бе, жоқ па деп, жасаңдау серігіне қарағыштанғанға, ал
жасаңдауы «шеш» деп, көзімен белгі бергенге ұқсады. Бірақ кемпір
еңкейіп, аяқкиіміне қолын созып үлгермеді, жасаңдауы маған қарап
саудырай жөнелді:

– Сіз мені таныдыңыз ба? Мен әлгі «Көктастыдағы» соғыстан

қайтпай қалған Алшан деген кісінің қызымын ғой. Атым Назерке!

Мүмкін есіңізге түсірерсіз. Біз сияқты алып-жұлып бара жатқан ештеңесі жоқ жандарды сіз сияқты дүниенің төрт бұрышын аралап жүрген жазушылардың есте сақтауы қиын-ақ, әрине! Ол үшін сізді айыптап жатқан біз жоқ. Мына кісі менің шешем! Ныспысы Күнсая! Биыл соғыстың аяқталғанына елу жыл толды емес пе? Соған орай... – Апырай, келген шаруаларыңызды осылай табалдырықта тұрып айтайын деп пе едіңіздер?! Аяқкиімдеріңізді шешіп төрге шығыңыздар! Шаруаға сосын да уақыт табылар, жау қуып бара жатпаса! Ия, мен бұларды есіме түсірдім. «Көктасты» дегені сонау Талдықорған өңіріндегі менің туған ауылыммен көршілес екінші ауылдың ескі атауы. Тек есептеп қарасам, бұл екеуін менің көрмегеніме отыз жылдан асыңқырап кетіпті. Назерке денесінің сәл толысқаны демесең аса көп өзгермеген, өзім қатарлас елудің мол ішіндегі әйел. Қол-аяқтарының бұлшық еттері білеуленіп, қара жұмыстан бас алмайтын ауыл адамдарына тән мол қайраттан елес береді. Ал шешесінің түрі, әрине, өзгерген. Қасындағы қызы болмаса мен бұл кісіні танымас та едім. Алғаш бетте қанша жасы жетті дегенмен бойының тіп-тік екенін байқадым. Бұлар қазақы тілмен айтқанда бізге алыс жамағайын болып келеді. Екеуі еңкейісіп, күйбең-сүйбеңді көбейтіп, аяқкиімдерін әрең шешті. «Танымаған жердің ой-шұқыры көп» деген. Қалалық пәтердің қуықтай дәлізі бой жазып қимылдауға тарлық еткесін сөйткені шығар деймін. Екеуінің де аяқ басыстары тым сылбыр. Кішкене дәлізбен бері әрең жылжып, залдың есігіне жеткенше біраз уақытты жұтты. Менің білуімше ауыл мектебінде болса да аздап оқығаны бар Назеркенің бұл қалаға бірінші қатынауы емес, сөйте тұра аспаннан бүгін түскендей-ақ мына кішкене дәлізде сонша қипақтағаны несі дегендеймін. Ал кемпірдікі тіпті бөлек, алға созыңқыраған оң қолын, жағы таңулы басын шайқаңқырап, алдындағы қызы салған ізбен жүруді ғана мақсат тұтқандай сақтық атаулыны жүз батпан жүк етіп мойнына артқаны ап-анық. Ол ізден сәл тайқысам, салдыр-гүлдір етіп, мына дүниенің ойраны шығар деген қауіп тұлабойын тарамысша тартып тұрғандай-ақ. Осы сықпыттарынан-ақ бұлардың мына келісі жай келіс емес екенін топшыладым. Залға кіргесін де шеше мен қыздың басы артық қимылқозғалыстары уақыт оздырып, созбұйдалана берді. Әсіресе, кәрі кісінің жайғасуына жұмсақ диван лайық па, жоқ, арқалы орындық дұрыс па деген мәселенің шешілуі күйбең-сүйбеңді тіпті көбейтті.

Ақыры, диванға күмп беріп отыра кеткенде кемпірдің аузынан
мына жағдаймен сыйыспас бір жайсыз дыбыс шықты. Мені селк
еткізген ол дыбыс емес, соған орай Назеркенің шешесіне қарай
атылған оқты қарасы еді. Себебі, осы шақта бұл әйелдің көздері

ғана емес түсі де бұзылып кетіп еді. Аузынан көбігі шашырап,
кәріге ең ауыр ащы сөздерді қазір-ақ айтып тастардай іштей
жұлқынған түрі томпақша бетіне қан болып тепті. Ыза мен қаһар
қабаттаса онсыз да тырсиған бетті жарып түсердей. Ия, мынау

баяғы қыз, келіншек кезіндегі мен көрген Назерке емес, тұрмыстың
неше қат қақпақылынан өтіп, айтысқанда, жұлысқанда өлер жерін
аңдамайтын, ауылдың әлгі түкірік орнына қақырығы жүретін
жертемір қатындарының біріне айналғанын шамаладым. Әрі қас

пен көздің арасында бұлардың мына жүрісінің тегін еместігін осы-
мен екінші мәрте ішке түйдім. Сонда да сыр бермей барынша бия-
зы мінез көрсетуге тырыстым.
Осы екі ортада дүкенге кеткен жұбайым да оралып, оған кел-

ген қонақтарды қысқаша таныстырып, тезірек шай демдеуді тап-
сырдым. Бірақ Назерке шайға қарайтындай емес екен, аузы
түттігіңкіреп келген шаруасын ұқтыруға асыққан сыңай байқатты.
Оны енді тоқтату қиын екенін аңғарып, амалсыз құлақ тостым. На-

зерке толық денесімен астындағы арқалы орындықты бір сықыр
еткізіп, оңдалып отырды да сөзге кірісті:

– Өзіңіз білесіз, менің әкем Алшан...

– «Өзіңіз» демей-ақ «өзің» дей берсеңші! Осы екеуміздің жас

шамамыз бірдей емес пе? Мен 1941-жылы туғанмын, өзің қай
жылғы едің?
Сөйтсем, ол да сол соғыс басталған жылы туған қыз екен,
екеуміз түйдей құрдас болып шықтық.

– Енді қайтейін, сен бұл күнде атаққа шыққан адамсың, елге

келгенде біздің ауылға соқпайсың, көріспегелі неше заман, сосын
да бірден «сен» деуге тілімнің буын-буыны жібермей тұр ғой. Ия,
тыңдашы, менің әкем Алшан соғыстан қайтпай қалған адам ғой.
Қан майданның ортасында жүріп ерлікпен қаза тапқан деген де

бір құжат табылғанға ұқсайды. Биыл соғыстың біткеніне елу жыл
толды емес пе? Менің мына шешем Күнсая жастай жесір қалса
да қайтіп күйеуге тимеген адам. Менен екі жас үлкен ағайым
екеуімізді жалғыз өзі бағып-қақты. Биыл тоғызыншы май мерекесі

қарсаңында үкіметтің бір қаулысы жарияланды ғой. Әрине, газет-
тен оқыған шығарсың. Астымыздан су шыққандай болып жүргеніміз
содан. Сол қаулыда жазылыпты, осы менің шешем іспетті жар
қосағы соғыста шәйіт болған, өзі кейін екінші мәрте тұрмыс

құрмаған кемпірлерге осындай-осындай жәрдем көрсетіледі деп. Сол жәрдемнің бірі мына менің шешеме қаладан ба, даладан ба, әйтеуір, солардың бірінен тегін үй берілуге тиіс екен. Құдайдың дайын ырзығынан қалай құр қалайық, соны қолға түсірейік деп, бірден жан ұшырып едік, аудан мен облыс ана құжат, мына құжат жетіспейді деп, ит сілікпемізді шығарды. Соның әуселесімен мына кәрі шешемді сүйреп, осы Алматыға келіп едім. Мұндағылардың тірі адамды алдына әкеп тоспасаң да бұзыла кететін бір қитұрқысы бар шығар деп, ескертіп еді ауылдағылар. Ия, рас, мұнда да асулы қазандай дайын тұрған ештеме жоқ екен, осындағы үлкен құжатты алу үшін ауылдың тағы бір құжаты керек деп, тағы бір кедергіні көлденең қойды. Біздің бұл Алматыға келгенімізге екі-үш күннің жүзі болды. Алғашында осындағы бір әке жағынан туысқанымыздың үйіне қонып едік, олар бала-шағамызбен түгел тұмауратып жатырмыз, өздерің жол жүрген адамдарсыңдар, ауруымызды жұқтырмай тұрғанда қонатын басқа үй іздеңдер деп шығарып салды. Сосын бір мына шеше жағынан туысқанға барып едік, бір күннен соң «әйелім науқас, мен мына кісіге ас әзірлеп бере алмаймын» деп ол да азар да безер болды. Сосын қайтейік, қуып шықпас деп, сұрастырып жүріп, сендердің үйлеріңді таптық. Егер бірер күнге мына кемпірді ауырсынбасаңдар мен осы қазір таксимен Талдықорғанға кетемін де ертең түске дейін әлгі керек құжатты іздеп тауып, ертең кешке қарай тағы да таксилетіп осы Алматыға жетпек ойым бар. Кезмайыстан кезмайыс туындап, тұсаулап жатса бүрсігүнгі түстен қалмаспын! Әзірге бар бұйымтайым осы! Тоқтаусыз ағытылып, сөзін тауысқан Назерке менің бет пішінімді бір барлап, сосын шешесіне тағы да бір мәрте жаман көзін қадады. Мына қарасы алғашқысынан да сұрапыл. Мен сан сұрақтың астында қалдым. Апырау, ақыл-есі бәрі түзік Назерке өзін, ағасын әкесіз өсіріп, жұрт қатарына қосқан мына шешені, жарты ғасыр бойы жар қызығы дегенді білмеген ғазиз адамды, әрі осы кәрінің арқасында мемлекеттен тегін үй алғалы, басқа да көмек көргелі отырып, бұған неге сонша атарға оғы жоқтай қарайды деп іштей булықтым. Осыған жалғас кей нәрселерді есіме де түсірдім. Бұл Күнсаяны ертеректе өте сөзуар, әрі арғы-бергінің ықпал-жықпылын көкірегіне жақсы тоқыған жан деп еститінмін. Бұл менің көлемді тарихи шығарма жазуға бет бұрған шағым еді. Алматыдағы Ғылым Академиясының Орталық кітапханасында тарихи зерттеулерді, көне жазбаларды сарыла оқып, әрі түрлі облыстарға ауық-ауық сапарға шығатынмын. Өткен ғасырлардың қыр-сырын аңдаудың қиындығын бірден-ақ түсінгенмін. Енді қалай, өзіңе қажетті бір

мысқалдай деректі анықтау үшін том-том кітаптарды ақтарасың. Ел ішіне шыққанда да бәрін саған ас та төк етіп, жайып сап отырған ешкім жоқ, сол бір титімдей дерек үшін қап-қап алтын іздегендей табан тоздырамын. Кейде сол өткен ғасырлар оқиғаларына қатысы бар деген ескілікті жаргон сөздердің бірер нұсқасын естісем де соның өзін олжа көріп, марқаятыным бар. Міне, осындай күнде мынадай тоқығаны көп дейтін адамның өз аяғымен үйге келуін мен неге құптамайын? Тек бір секемденерлігі бұл кісінің тым кәрілігі, ақ шүберекпен жағын таңып алғандығы, әрі өз жерлестерім бола тұра бұларды отыз жылдан астам уақыт көрмегендігім еді. Ия, уақыт деген бәрін өзгертеді, ешнәрсе бір қалыпта қатып-сеніп қалмайды деген ұғым басыма мықтап шегеленген шақ. Сосын да аса елпектемей: – Апырау, Назерке-ау, бұл кісі саған ғана емес, маған да шеше орнына жүретін адам ғой, неге ауырсынамыз, жатсын, неше күн жатса да өз еркі! Түбі бірге туыстықты ұмытқамыз жоқ, – дедім. Назерке менің райымнан көңлі тоғайғандай еді. Бірер шыны шай ішуге де уақыт табатынын білдірді. Басындағы көкшілдеу ормалын шешіп, шашын сәл-пәл оңдап, диванға, шешесінің қасына жайғасты. Көптен жүздеспеген маған да көз құмары қанбағаны байқалады. Жұтына қарап, тек ауық-ауық дүр сілкіне қасындағы шешесіне жалт бұрылады. Міне, мен Назеркенің осы мінезін түсіне алмап едім. Тіпті бұл өз шешесі тарапынан бір қатер күткен жанға да ұқсайды. Алдарына шай келгенде Назерке шешесіне зілдене: – Жағың біржола түсіп қалса да ана таңған шүберегіңді былай ала тұр! – деді. Сонда ғана менің батылым барып: – Апырай, бұл кісі жағын неге таңып алған? Тісі ауыра ма? – деп сұрадым. Назерке тура жауаптан қашқақтады: – Кәрі кісілердің ауырмайтын жері бар ма? Күнсая қап-қара салалы саусақтарын жыбыр-жыбыр еткізіп, жағын таңған ақ шүберекті сыпырды да басындағы күңгірт орамалды жөндеп қайта тартып алды. Мен кемпірдің бет-ажарын енді ғана толық көре алдым. Шындығында бұл сүйекті адам еді. Соған орай жағы да кере қарыс деуге келеді. Әжім тілгілеген бет терісі әбден күнге күйіңкі, әрі құрақ-құрақ сияқтанып көрінеді. Маңдайы алға қарай сәл түсіңкіреген. Қасы білінбейді.Есесіне қос жанары тым үлкен бе дерсің. Әрі ол қос жанар емес, екі кішкене құтыға құйылған қою қара май сияқты, кемпір басын қозғаған жаққа қарай лық етіп, төгіліп кете жаздайтындай. Кемпірдің, әрине, басты назары столдың екінші жақ шетінде

өзіне қарама-қарсы отырған менде, тек қасындағы тізе түйістірген қызын да көзден таса қыла алмайды. Маған бір қараса қызына екі қарап, маңдай астындағы қос құтыдағы қою майды ары-бері шайқай береді. Ия, анық байқадым, кемпірдің де ішін тескен бір мазасыздығы бар. Алдымызға шай келіп, кәрі кісі алғашқы кесені қолына ала бергенде: – Сүбіхан алла! – деді де оған түсініксіз бірер сөзді қоса жалғады. Кенет сол мезетте Назеркенің сол қолымен қасындағы шешенің сан етін аямай шымшып алмасы бар ма? Қатты шымшығаны кемпір түгілі Назеркенің өз жүзінен де білінді. Осының сәл алдында ғана кемпірдің осы диванға жайғасар сәтінде осы Назеркенің бетжүзінде бұрқ еткен долылық жаңа күшпен қайта шапшығаны анық. Мен де ыңғайсызданған едім. Соны сезді ме, Назерке өз шешесінен көздерін тез жұлып әкетіп, менен қысылғансып, бетіндегі ашу реңін жұмсартуға күш салғандай. Тек беттегі ашу реңі тамырын тереңірек салып үлгерген екен, Назеркенің ырқына көнбей тапжылмай тұрып алды. Назерке күшке күш қосқандай. Сонда ғана оның сәл-пәл сеңі бұзылып, жұмсара бастады. Назеркенің өйтпеске амалы кәне, мына түрімізбен мына жазушы кәрі шешем екеумізді қазір-ақ үйінен қуып шығар деген қауіп жеңгені соқырға таяқ ұстатқандай еді. Шай үстінде әңгімеміз аса жараса қоймады. Назерке енді өз шешесі емес, мен тарапынан қатер күткендей көздерін көлгірсітіп, маған қарай көбірек төңкере берді. Баратын шаруасы да асықтырып, қылпылдап отырған түрі бұл әйелді қыл үстінде тұрғанға ұқсатады. «Тез кете қалсам мына кемпір бірдемені бүлдірер» дей ме, жоқ, онда-мұнда сабылып, әбден шөлдегесін мынау сүт қатқан қою қара шайдан біраз ұрттап қалайын дей ме, қалайда жіпсіз байланған сиқы айдан-анық танылады. Ал өз басым бұл Назерке тезірек кетсе екен, ал мына жұмбақ мінезді кәріні менің құзырымда тезірек оңаша қалдырса екен деп, тілек айтқандаймын. Бәрінен де бұл үлкен кісі бұрынғының әңгімесін келістіріп айта ала ма, жоқ, қуыс қурай секілді бос кеуде біреу ме, міне, сол жағын тезірек ажыратуға асыққан райым бар. Тек Назерке отырған орнында омала берді. Қаталағаны да рас екен, дастархандағы дәм атаулыдан аузына салуы мардымсыз, есесіне ыстық шайда кегі кеткендей үстіүстіне сіміре береді. Бірақ өз шешесін қырағылықпен бақылауы да бәсеңдемеді. Кемпірдің бір дағдысы кейде шай ұрттағанда, немесе, бірдемені тістеп шайнағанда «қырқ» деген жайсыз дыбыс шығарады екен. Осы дағдысы ең алдымен Назеркенің өзін мезі етсе керек, оқты

көзін шешесіне қарай жарқ-жұрқ еткізеді. Арасында бір-екі рет оны қара саннан тағы да аямай шымшыды. Сөз барысында Назеркенің өз басының үйлі-баранды, күйеуінің дені сау, жұмыстан қол үзбегенін, балаларының алды үйленіп үлгергенін білгенмін. Осылай төрт босағасы түгел бола тұра бұл әйел мұндай мінезді қайдан тауып алған деп, таңырқай да бастап едім. Қалайда, мен үй иесімін ғой, қонақтардың мұндай өзара сыйымсыздығын сезе тұра бәрін жаймашуақтатуға тырыстым: – Қазір апай дұрыстап шайға қансын, сосын біраз демалсын, сосын мен бұл кісіден өткен-кеткеннің әңгімесін сұрай бастаймын. Сол-ақ екен, мен сөзімді аяқтаған да жоқ едім, Назерке әлдекім қойнына жылан салып жібергендей ыршыды: – Аттан, ойбай! Бұл кісіні сөйлете көрме! Сақылдаған тіс, тарамыс кеудеден басқа дымы жоқ, бұл кәртамыс нені ырғап қарық қылады демексің? Жаным, мені сыйласаң, әрі бұл кәрінің өзін сыйласаң мына шайын ішіп болғасын ана ақ орамалмен екі жағын мықтап таңсын да жантайып, біржола қылжисын! Сосын қозғай көрме! Аузына сөз салғаннан безе қаш! Жанымның бүйтіп шырылдағаны үшін сөкпегін, бұл кісі не тапса да тілінен тауып келді. Енді бір аяғы төрде, бір аяғы көрде тұрғанда сол құрт жегір тілінен тартып неғыласың? Күнім, жаным дейін, айналып кетейін, бұл шешеңді сөйлете көрмеші! Назеркенің мына шаптықпасы алдымдағы асымды біреу тартып алғандай әсер етті. * * * Хош, сонымен Назерке кеттті. Ең соңғы табалдырық аттасында шешесіне деген оқты қарасын енді маған арнағандай. Бұл іштегі сауалға сауал жамады. Назеркені сыртқы есіктен ары шығарып сап, дәлізбен бері жүріп, залға кіргенімде кемпірдің әлгі ақ шүберекпен екі жағын мұқияттап тартып, қайта таңып жатқанын көрдім. Саусақтарының қозғалысында бір түрлі асығыстық бардай. Мен онысын шаршағандыққа балағым келді. Мүмкін, тезірек жантайып жатуды жаны қалаған шығар. Жұбайым жастық әперіп, кемпірді оң жақ қырымен, бетін іргеге қаратып, жатқызып салды. Тіпті күннің ыстығына қарамай үстінен жұқа көрпеше жапты. Сосын кемпірді залда жалғыз қалдырып, тырс деген дыбыс шығармауға тырысып, басқа бөлмеге кетіп, тілімізді тарттық. Менің ойым кемпірді бүгін мазаламау еді. Сөздеріне қарағанда бұлар сонау алыстан жол жүріп келіп, әрі мына қалада да екі-үш

күн сабылып, әбден дамыққан жандар. Мұндайлық мына кексеге, әсіресе, ауыр, жақсылап тыныс алмаса болмайды. Кенет, кемпірді оңаша қалдырғанымызға он минуттей де уақыт өткен жоқ, зал жақтан құлаққа жағымсыздау тағы бір дыбыс естілді. Іле-шала бөгде бірдеме даңғыр еткенге ұқсады. Кемпір диваннан құлап кеткен жоқ па деген жаман ой мені жатқан жерімнен ыршытып тұрғызды. Дереу залға жетіп, есікті ашып қарасам, әбден дамықты ғой, демалсыншы деген қариям диванда түрегеп отыр екен. Басын төменірек салып, таңулы жағын оң алақанына тіреп, бүктүскен жайы бар. Жаңағы құлақ тескен дыбыс пен даңғыр еткен не нәрсе екенін түсінсем бұйырмасын. Тек Назеркенің өз шешесіне деген оқты қарасы мен мұны қара саннан аямай шымшуының мәні енді ғана ашыла бастағандай. Қызының дәл жүрерде «бұл кемпірді сөйлетпеші» деп зар илеуі өз алдына, бұл кәріні оңаша қалдырудың өзінде үлкен қатер бардай! – Апа-ау, жантайып кішкене демалмайсыз ба, түрегеліп отырғаныңыз қалай? – дедім, аз-кем жік-жапар болғансып. – Демалып, мен қара жердің қыртысын ойды ғой деп пе едіңдер? Мен демалғалы неше заман? – Енді жол жүрген адамдарсыздар. Жол да адамды қажытады ғой. Кемпір мырс еткенге ұқсады. Сол шақта маған да кезек келгендей. Енді мені түлен түртті, шамасы. Өткен заманға қатысты деректер түгілі сол заманғы адамдардың аузынан шығуы мүмкін жекелеген сөздер, тіркестер қойын кітапшама түссе соның өзін алтынға бағалайтын дағды иектеп үлгерген. Ал мына кемпір қалайда сол ескіліктің адамы, мұның аузында ғана емес, мінез-құлқында да сол ескіліктің нышандары көмулі жатуы мүмкін. Қолға іліктірсең ол да қымбат қазына. Назеркенің бұл кемпірді көп сөйлетпеші деген зар тілегін мұқият есте сақтай отырып, сол тілекке мүлдем кереғар әрекетке бел будым. Мен кемпірді керісінше, жағдайы көтерсе бүгін сөйлетуге аңсарым ауды. Ішкі сарайында бірдемесі бар жан болса осы қазір ақтарылсыншы дегенге көштім. Не жыны, не қитұрқысы болса да шаңырағымызды шайқалтып, ортасына түсіріп кетпес, біз де адамбыз ғой, анау-мынауына төтеп берерміз, қайта өткен күннің күміс теңгеліктей нышандары ірілі-ұсақты әпселеңдерде айқынырақ белгі беруі мүмкін ғой. Ең алдымен мен өзімнің болашақ романыма бас кейіпкерлер етпек, он сегізінші ғасырда Жетісу өлкесінің шығыс бөлігіндегі жалайыр еліне басшылық жасаған Ескелді би, Балпық батыр, Қабан жырау – үшеуінің ныспыларын тіздім де сол төңіректегі өзімнің

аздаған білігіме ши жүгірттім. Алғашқыда Күнсаяның дүр сілкінген түрі анық еді. Не жайда да сөз жарыстыра кетуге әзір кәрі кенет түсін өзгертіп, қызы Назеркенің қатаң бұйрығынсыз-ақ өз тіл-жағына өзі құлып салғандай қатулана қалды. Мен байқамағансыдым. Бұдан арғы сөзімді де Күнсая шешей үнсіз тыңдады. Кенет жүзін көтеріп, қасында диванға шөккен маған бұрыла қарады да: – Ол үш әулиенің құлағын неге шулатасың? – деді. Қоңыр даусында сәл өктемдік білінді. Екі құтыға құйылған қою қара май секілді қос жанары шынында лықсып, төгіліп кете жаздағандай. Мен мән-жайды түсіндіргенсідім. Сірә, жолай қызы Назерке де менің аздап кітап жазатын өнерім барын мұның құлағына құйса керек. Сол есіне түсті ме жерден басын көтеріңкіреп, терезеге, одан арғы көрініске біраз тесілді: – Құста сүт жоқ, жылқыда өт жоқ. Сол сияқты, жаным, адамның тілін де құдай буынсыз жаратыпты. Сол буынсыз тіл еркіне қоя берсең бас білмейтін шүу асаудай жердегі шөп-шаламды да сыпырады, тау мен тасқа басын ұрғылап, не өзі өледі, не өзгені өлтіреді. Буынсыз тілге бұғалық салған жөн-ау. Кейде қызым Назеркені де текке кінәлаймын. Ол байғұстың қанаты отқа күйген торғайдай шыр-пыр болатыны да жайдан жай емес. Жә, бірді айтып бірге кеттім-ау. Өткендегі әулиелер адамға қылған жақсылығына қарымта сұрамаған. Тек тыныш ұйқыны қалайды. Артық құлағын шулатсаң киесін жіберіп, өзіңе қаһарын төгеді. Жұртқа жария етер, немесе, жария етпес жайлар қайсысы қайсысынан басым түседі, ол тек бір алланың өлшеуінде. Сенің көмекейіңдегің жария етпеске жатады-ау! Мұны тек көзі қарақтылар, алла мен аруақтың алдында жылқыдай жусап, қойдай өретіндер ғана бірінен бірі ұғып, іште сақтап жүреді. Біз сияқты шашы ұзын, ақылы қысқа қатындар түгілі, ер адамдардың өздері ол әулилерді жөнді-жөнсіз атай бермейді. Аруағынан қорқады. Ал сенің мына кәсібіңді ол әулиелер хош көре ме, жоқ па, қайдан білесің? Бүйтіп бетімді қайтарып тастар деп ойламаған мен сәл кібіртіктеп, кәрінің осы күдігінің де тасасында өзім үшін бір қуанышты жай барын танып, шабытыма қайта міндім. Қуаныштысы сол – кемпірдің сөз үстінде ешқандай бас жарып, көз шығаратындай алабөтен мінезі жоқ, қайта дұрыс бағыт сілтесең ескексіз қайықтай сырғи жөнелетіні көпе-көрнеу шалынып еді. Тіпті әуелгіде жағын таңған ақ бәтес орамалды қайтып олай қарай жақындатпады да, қайта оң қолының алақанына қысып ұстап, «тіл-аузымды буған сені ме» дегендей оны одан әрмен умаждай берді. Ал бабалар аруақтарымен қорқытқан райы маған көп бөгесін болған жоқ, ұзақ жылдар га-

зет-журнал редакцияларында қызмет істеп, іссапарларға шығып, сан алуан тірлік иелерімен сұқбаттасып, жинақтаған тәжірибем кемпірдің көкірегіндегі мұздың көбесін сөгуге жәрдемдесті. Ақыры ол алғашқы бетінен айнып, жалайырдың үш көсемін ретретімен «Би атам», «Батыр атам», «Жырау атам» деп атап, аз-кем деректердің құлағын қалқитты. Кейбір қариялардың кәдік көретінін ескеріп, қолыма диктофон, қағаз-қарындаш сиқтыларды алмадым. Екеуара қай жағынан да тең құрбыдай адамдармыз ғой дегенге келтіріңкіреп, жүзімді шырайландыра бір құлағымды аузына тақай ұстадым. Оныма Күнсая дән риза секілді. Әжім тілгілеген, күнге күйіңкі, қап-қара сүйекті жүзін кенет маған бұрып, сәл барлай, әрі тітіркене қарады да тосын бір жайды алдыма көлденең тартпағын білдірді. Онысын менің дәл байқағанымды ол да танып, іште тіпті үлкен ризашылығы оянғанын ашықтан ашық айғақтады. Сол-ақ екен, түсі қайта бұзылып: – Қор қылған құдай-ай! Осы сөзімізді де жақтырмайды жұрт! – деп шаж етті. – Апырау, апай-ау! Сөзіңізді жақтырмайтын қай жұртты айтып отырсыз? Сіздің аузыңыздан шығады-ау деген лебізге ындыным құрып, сөйлетіп отырған менің өзім емеспін бе? Кемпір тез қалпына келді: – Сенің мына жайды біліп алғаның жөн. – Осыны айтты да қою қара қос жанарын дүр еткізе шайқап, есік пен терезе жақты мұқият тағы бір шолды. Әлдекімдер сол есік пен терезеге жабысып тың тыңдап тұрған жоқ па деген күдігі де бардай. – Сөйлей беріңіз, апай бұл үйде келініңіз екеумізден басқа жан баласы жоқ. Тағы сөзге кірісті. Қоңыр даусы күмбір-күмбір етіп, біресе жақыннан, біресе алыстан естілетіндей. Кейде тым алыстап кетіп, жер түбінен талып жеткенге ұқсайды. Бір қиыны өткеннің оқиғаларын бүгінгі күндікімен араластырып жібереді. Сымдай тартылған ортақ желі жоқ. Мен бірақ шыдамды едім, көп топанның арасынан өзіме керекті түйіршіктерді ғана қағып түсіретін ептілікке бейімделе бастадым. Мысалы, өткендегі бабалар тірлігін тілге тиек етіп, кенет өз басынан өткерген жайларға құлап түседі. «Маған керегі мынау емес, анау» деген сияқты қыстырмалардан бойымды аулақ ұстадым. Өз жайындағыдан ұққаным – бұл кісі 1920 жылы туған екен. Соғыс басталып, қосағы майданға аттанғанда бір ұл, бір қызбен қалған бұл небәрі жиырма бір жаста екен. Жесірлік атты бұғау сол күннен-ақ мойнына оралыпты. Соғыс және одан кейінгі жылдарда өгізді соқаға жегіп, жер жыртқанда ауыл әйелдерінің

алдыңғы шебінде болыпты. Колхоз жұмысынан осыдан он жылдай бұрын ғана қол үзіпті. Қазір жасы жетпіс бесте. Біраз дуылдап барып сәл қипалақтады: – Жаңа айттым ғой, сенің мына жайды біле жүргенің дұрыс деп! – Апай-ай, ол қандай жай еді, анықтай түсіңізші. Қайта күмбірлеп-ақ еді, тағы да сол айтпақ жайына соқпай бороздадан шығып кетті. Енді өзінің әжесінің ныспысы аузына оралды: – Менің нағашы әжем сонау Алтай тауының етегіндегі елдің қызы ғой. Үлбі деген өзен Ертіске құйғанда екі үлкен судың қосылысы таңда маһшар кейпіндей зәремді ұшырушы еді деген бір сөзі әлі жадымда. Ол әжем көп дүниені сапырушы еді, жарықтық, ол тіріде тұлымшағы жілбіреген қызбын, одан ұққаным сол-ақ. Тек шешем сол кісіден қалған бір әңгімені маған кейін сағыздай созып еді. Нағашы әжемнің сол төркін жұртындағы бір жамағайынның шағыр қасқа тұлпар аты болыпты. Сол өңірде жиырма бес жыл бәйгенің алдын бермепті. Кейін сол тұлпар әбден қартайғанда оны төбесі ашық тас қораның ішінде жеке бағыпты. Бірде сол маңда үлкен той болып, ат шабыс өтіпті. Кенет бәйге аттар тап тұсынан зуылдап өткенде әлгі шағыр қасқа биіктігі кісі бойындай тас қабырғадан секіріп кетіп, оларды қуып жетіп, басып озып, бірінші келіпті дейді. Бірақ сөреден өткен бойда бір орында шегеленіп, басын төмен салып жіберіп тұрып, өліп кетіпті. Ондай малды союға болмайды ғой, оны адамша ақ арулап қойыпты дейді. Бұдан да мәні зоры сол – бұл шағыр қасқа тұлпардың тұяғында бір қасиет бар екен. Тұяғы ешқашан кетілмепті. Шапқанда тасқа тисе шақ-шұқ етіп, тұяғынан от ұшқындайды екен. Мынаусы бас-аяғы бүтін әңгімеге ұқсағанмен бұдан соңғысы тағы да өткен мен бүгінгінің екі ортасында ерсілі-қарсылы жосылуға айналды. Ылғи үзік-үзік оқиғалар, өзара жалғастығы жоқ. – Жаңа мына жайды біле жүргенің жөн деп ескертіп едіңіз, апай, сол не жай? – Ия, ұмытпай тұрғанда соны зердеңе ұялатайын. Шынында біле жүргенің абзал. Өстіп біраз зықымды шығарып барып, сол көздеген соқпаққа әрең түсті: – Бұл колхозға ұйысардың сәл алдындағы сұмдық. Мен сегізтоғыз жастамын. Әкемнің қыстауы әлгі Би-атамның моласы бар Үштөбеден сәл арыдағы құмда ғой. Көктемде жайлау қайдасың деп, бері сырғымаймыз ба? Бір-екі күндік көштен соң әлгі Биатамның моласына тақау жерде бөгеліппіз. «Әй, мынау әулиенің

жатқан жері ғой, жұрттың әулиеге тауап етері, берер садақасы бар шығар, қара от мұнда да табылады, екі-үш күн аялдайық» деседі өзара. Сонда Би-атамның басына түнеп, әулиеден бала сұрағандар, ауру-сырқаулар, садақа берушілер, тағы басқалардың бас-аяғы үзілмей зират басындағы шырақшыларды, айнала кедейкепшікті бір тоғайтып тастапты. Сұмдық ертең қозғаламыз деген күні түс ауа әулие моласының маңында болыпты. Сонда әкем жиырма бес жастағы жігіт екен, бәрін көзімен көріп тұрыпты. Кейін мен есейгесін де талай жыр қылды ғой. Күнсая шешейдің ендігі төкпесін жинақтап, жұмырлап жеткізу үшін бұдан әріде өз баяндауымда берейін. Ия, түс ауа Ескелді би моласынан әудем жерде ақсақал, қарасақалы аралас бір шоғыр топ әңгіме-дүкен құрысады. Кенет алыстан жеткен бір ащы дауыс бәрін елең еткізеді. Қараса Үштөбе жақтан баран атты біреу далбалақтап, бар пәрменімен шауып келеді екен. Шабысынан гөрі даусы жаман, мына отырғандардың төбе құйқасын шымырлатады. Қазақ үркіншілікті көп көрген халық қой, сөйтіп, табанда бәрінің берекесі кетеді. Ақыры, әлгі шапқан адам жетіп, мыналардың алдында атынан құлай жығылады. Мән-жайды түсіндіруге аузының икемі келмей өкіріп жылайды келіп. Сондағы бір жасы үлкендер оны сабасына түсіріп, жөн сұрайды. Бұл келген жастау неме екен, айғыз-айғыз бетін одан әрмен жан шошытарлықтай етіп, әрең тілге келеді: «Ойбай, ағатайлар, анау келе жатқан НКВД-нің үлкен бастығы қазір мені өлтіреді». Сөйтсе Үштөбе жақтан осылай қарай тағы бір қара соқтырып келеді екен. «Ол үлкен бастық, жайлауға көшкен ел осындағы бір әулиенің басына түнеп, садақа беріп жатыр дейді, сол әулиенің моласын көрсет, мен оның төбесінде отырып дәрет сындырамын дейді. Көрсетейін десем әулиеден қорқамын, көрсетпесем анау қазір менің жанымды жаһаннамға жібереді. Сіздердің алдарыңызға келіп жығылдым, басқа паналарым жоқ». Қысылтаяңда сондағы ақасақалдардың бірі ақыл табады: «Әй, балам, жанға шын қатер төнгенде құдайдың да, әулиенің де анаған-мынаған рұқсат етері бар. Сен ана жаналғышқа әулиенің моласын көрсет! Аржағын әулиенің өзі біледі!» дейді. Көп ұзамай айғайлап, ұрандап, жер-дүниені басына көшіре әлгі НКВД-нің үлкен бастығы да жетеді. Өзі мұздай қаруланған. Сосын әлгі жігіт оған Ескелдінің моласын көрсетеді. Үлкен бастық оның дәл төбесіне отырып, құйрығын жалаңаштап, ластайды. Онымен қоймай, «міне, сендердің әулие атағандарың» деп, куәгер жұртқа қоқан-лоқққы жасап, мысқылдап, Талдықорған қаласына қарай бет түзейді. Ал жаңағы жігіт оның соңынан кетеді.

Қалған жүрт не істесін, әулиенің моласын тазартып, таза топырақ сеуіп, жөнге келтіреді. Басына құран оқып, «Би-ата, кешір, саған қорған бола алмадық» деп, жалбарынады. Көздеріне жас алғандар да бар. Сөйтіп, сәл дамылдасып отырғанда әлгі өз бастығымен кеткен жігіт еңіреп-боздап, осылай қарай қайта шауып келеді дейді. «Әй, тағы не болды?». «Ойбой, ағатайлар, ана бастығым атынан құлап, ес-түссіз жатыр, енді оған сен қастандық жасадың деп, мені жазаға тартады-ау!» «Әй, сен ешкімге қастандық жасаған жоқсың, біз куәлікке жараймыз, кәне, көрсет ол бастығыңды!». Бәрі аттарына мініп жетіп барса әлгі бастық жол үстінде шалқасынан құлаған кұйі, тілі күрмеулі, қарақұсымен жерді соққылап жатыр дейді. Қос жанары асты-үстіне аунап түскендей мүлдем түсі белгісіз бірдеме, тура қарауға дәтің шыдамайды. Сосын бұлар Үштөбеден арба алдырып, соған тиеп, оны Талдықорғанға жөнелтеді. Бірақ оған жетпей үлкен бастық жолай жан тапсырған екен. Сөйтсе, сап-сау адамның миына әп-сәтте қан-құйылып кетіпті. Міне, әулие моласын қорламақ бейбақтың сазасы. Бұл жыр тиянақталғасын Күнсая қап-қара майша жылтыраған көздерімен мені атқылауды жиілетті. Сол НКВД бастығының кебін өзің киіп жүрме деген ескертпесіне де ұқсап кеткендей. Кемпірдің бұл күдігін сейілту үшін аталмыш үш әулиеге қатысты осы заманғы кейбір аномалиялық жағдайларды өзімнің де білетінімді жеткіздім. Кейбір мысалдарды сыздықтаттым. Кеңес дәуірінде сол өңірде қазылмақ канал Ескелді моласы арқылы өтер болғанда жұмыс жүрмей, техника бұзылып, тіпті адам шығыны да орын алып, ақыры жергілікті білгірлердің ақыл-кеңесімен айналма жасалып еді. Тап осы жағдай сондағы Балпық әулиенің моласы үстінен шойын жол тартыларда да қайталанған. Бұдан ұсақтау мысалдар қаншалықты. Солардың біразын тізіп барып: – Апа, маған керегі ол үш әулиеге қатысты бүгінгінің оқиғасы емес, осыдан үш ғасыр бұрынғы қалмақ шабуылы кезіндегі солардың өз бастарынан өткергендері, – деп, осымен нешінші мәрте екені белгісіз өтініш жасадым. Кемпір сәл-пәл сол заманға шегініс жасағанға ұқсап еді. Сөзуарлығында шек жоқ екен. Тек оның асау арнасын өзіме керек бағытқа бұрып отыру үлкен мехнатқа айналатын түрі бар. Ананы-мынаны сапырылыстырып, кейде ол үш әулиеге байланысты жайларға де соқтығып, тек одан тез қара үзіп шығып, басқа өңір, басқа қиырлар би-батырларының құлағын шулатып, онда да көп тұрақтамай ойға-қырға тоқтаусыз шабысқа түсті. Бұл кісі әжем Алтай таудың етегінен деп еді ғой, соның әсерінен бе, сол

өңірдің де арғы-бергісін адақтап, кейде батпақтап шыға алмай, тек өзіндегі қажырдың көмегімен жұлқына көтеріліп, сар даланы кезіп кететіндей. Бір ғажабы сөйлегенде тісі тісіне тимей сақылдап, бөгде бір қуат иесінің әрекетін еске түсіреді. Кенет манағы өзі мансұқтаған шағыр қасқа тұлпарды елестеткендей. Төбесі ашық қораның кісі бойындай қабырғасынан қарғып өтіп, бәйгеге қосылып, әбден қартайғанына қарамай тасқа тигенде тұяғынан от ұшқындап, сөреге бірінші келгенде талай елдің жағасын ұстатты деді емес пе? Мына кемпірде де сол тұяғынан от ұшқындаған кәрі тұлпардан дарыған бір қасиет бар, шамасы. Қиялға шомып, кемпір баянынан санаулы секунд көз жазғанымда кемпірдің ащы даусы құлақ жарды: – Тайқы маңдай етіп жаратқан құдай-ай! Осы гөй-гөйімді де былайғы жұрт жақтырмайды! – деп манағы ашу-ызасын қайталай шаңқылдады. Бірақ бұл жолғысы тіпті ересен. Жартасқа қонған жабайы бүркіттің шаңқ-шұңқы мұның қасында торғай шырылындай ғана шығар. – Айналайын апатай! Сіздің сөзіңізді жақтырмаған кім бар? Көзін шұқып көрсетіңізші! Бұл жерде тіліңізден тартып отырған мына менің өзім емеспін бе? Бұл үйдің қожасы мен! – деп, қоқиландым. Сондағы қайтарған жауабы: – Алтындай асыл сөздеріңнің қадіріне жетіп ұғатын бұл заманда кім қалды? – Мені есепке алмағаныңыз ба? Сөз ұғатын мен бар емеспін бе? Сөз ұғуға жарамасам несіне жазушы атандым? – Кейде бір оқталып, ащы зарыңды төгейін десең ойдағының да, қырдағының да бастарының жарығы ашылып кете жаздайды. Қайдан білейін? Бұл кісінің жағдайын түсінгенсідім. Ел ішінде жасы үлкендердің күмбір-күмбіріне құлақ қояр, өткен замандардың сын-сықпатына ықылас танытар жан иелері көсенің сақалындай селдіреген ғой. Оны байқамағансып, кәріні сөзбен үптеп, жігерлендіруге тырыстым. Тарихи романға бас кейіпкерлер ретінде алмақ жандардың ныспыларын қайта ескерттім. Сонда кемпір тағы да шошына қарап, оларға қатысы жоқ бірдемелерді тізе келіп: – Үлкен шаруаға пейіл берсең мынаны да біле жүргенің жөн, – деп, осының алдындағы соқпақты қайта нұсқағанға ұқсады. – Ол не жай? – дедім мен жалма-жан. Нақтылы кіріскен сияқты еді, тек тағы да бороздадан шығып кетті. Менің ендігі жолдастарым – шыдамдылық пен ынта ғана еді. Тағы да ұзаққа сілтеп, менің екі-үш ескертпемнен соң ғана

төбесінен түсті. Сөйтсем кемпірдің жеткізе алмай отырғаны мынау екен. Алпысыншы жылдардың басында Талдықорған өңіріндегі менің туған ауданымның орталығы Қарабұлаққа таяу Қарасу, Екпінді атты ауылдардағы бес-алты қария бір іске бел буыпты. Онысы сол Үштөбе маңында жатқан Ескелді би атаның басына мазар тұрғызу еді. Ол үшін не істеу керек? Әрине, ең алдымен қаржы жию керек. Сөйтіп орталықтары Қарабұлақ, Үштөбе, Тентек аталатын үш ауданнан ақша жиылады. Би-атаның аруағынан именетін тұрғындар ақшаны оп-оңай жиып берсе керек? Ендігі шара не? Текелі қаласындағы бір құрылыс объектісінің жұмысшыларымен жолығып, мола төбесін солар көтермекке келіседі. Алдынала жасалған сызу бойынша арматурадан, қалақтай-қалақтай темірлерден мазардың нобайы құрастырылып, Екпінді аулындағы Би-ата ұрпақтарының бірі – аздаған молдалығы бар Мұқаш дегеннің үйінің ауласына әкеп түсіріледі. Айнала жұрттан оны келіп тамашалаушылар да табылады. Бәріне ұнаса керек. Бұл жақтың жері қара топырақты, шалғынды келеді, сосын да керек құм, қиыршық тас, цемент сияқтыларды да алдын-ала алыстан дайындап, олар да осы молда Мұқаштың ауласына төгіледі. Бәрі дайын, бәрі құпталды. Енді бұларды Үштөбедегі әулие моласына апарып орнату керек. Тап соның қамымен жүргенде ашық күнде төбелерінен найзағай ұрғандай болады. Қарабұлақтағы аудандық партия комитетінің біріншісі хатшысы бір топ адаммен сау етіп жетіп, молда Мұқаштың төбесінен әңгір таяқ ойнатады ғой: – Әй, қақпас, сен ненің қызуымен желігіп, жұртты қоздырып жүрсің? Мына жатқан дүние не? Бұған пұлды қайдан таптың? Ә, жұрттың қалтасының түбін қақтың ба? Оған кім рұқсат берді? Кәне, бүгін мыналардың көзін жой! Әйтпесе, мына арматурадан өзіңе ноқта жасатып, итжеккенге айдатамын! Бұл басшы өзі жақында ғана сырттан келген адам еді. Жергілікті елдің жақсысы мен жаманын, асылы мен жасығын әлі саралап та үлгермеген. Ал молда Мұқаш жуастау жан, алғашында тілі күрмеліп, соңынан әулиенің қасиеті хақында тісінің арасынан бірдемені сыздықтатпақ еді, ананың одан сайын желке жүні күдірейіп, ой, аузынан ақ ит пен қара ит шықсын. Мұқаштың жер-жебіріне жетіп, тіпті әкесі мен шешесіне дейін тіл тигізіп, балағаттасын келіп. Жұртты тәртіпке, мәдениетке шақыруға тиіс бірінші басшының аузының сонша лас екенінен айғай-шудан тез жиналған көрші-қолаңдардың көздері алайып, ұясынан шығып бара жатады. Ақыры, бұл «жаналғыш» бастық кеткесін бәрі сең соққандай күй кешеді. Ауылдың ақсақал, қарасақалдары жиылады. Біразының

Алматыда оқитын студент, аспирант балалары бар еді, солар шақырылады. Бәрі ақыл қосады. «Жаналғыш» бастықтың бұйрығына ешқайсысы селт етпейді. Елден жиналған ақшаның біраз артылғаны бар, соны үстеме ақы ретінде пайдаланып, әлгі Текелі қаласындағы жұмысшыларды түнде жұмыс істеуге көндіреді. Олар бірнеше жүк машинасымен осы Екпінді аулына қас қарая келіп, мазардың дайын қаңқасын, құм, тас, цемент сияқтыларды, құрал-саймандарды тиеп, молда Мұқаш бастаған ауыл адамдарын да асай-мұсайларымен отырғызып, бұдан қырық шақырымдай қашықтықтағы Үштөбе қаласының маңына тартып береді. Жағдайды жақсы түсінген орыс жұмысшылары бірнеше машинаның шамын жағып қойып өнікті қимылдайды. Ал қазақтар апарған малдарын сойып, самауырларын қойып, бауырсақ, ірімшіктерін аямай төгіп, оларға бір түнде екі мәрте тамақ береді. Сөйтіп, таң сібірлеп атқанша мазар тұрғызылып бітеді. Жұмысшылар ақыларын алып, сүтке тойған мысықтай жым-жырт болысып, жүк машиналарымен тайып тұрады. Ал қазақтардың садақаға деп сақтаған тағы бірер қойы бар екен, соларды сойып, Үштөбенің бергі шетіндегі жұпыны үйлердегі бала-шағалы отбасыларға шикілей таратып береді. Сосын бұлар да рейстегі автобустардың біріне мініп, із жасырғансиды. Бірақ қазақтардың «ұзынқұлақ» атты күндіз-түні талмай, бұзылмай жұмыс істейтін «аппараты» бар емес пе? Үш күн өтті ме, өтпеді ме, молда Мұқаштың үйіне әлгі аупарткомның бірінші хатшысы қайта келіп, ой тағы да ойранды бастайды-ау! Мынаусының қасында алғашқысымен жылап көрісуге боларлықтай еді. Бұл ойранның қаттылығы соншалық ол бүкіл ауылды басына көтереді. Ақырында қалш-қалш етіп, Мұқашқа, тағы төрт-бес ақсақалқарасақалға «жол киімдеріңді әзірлей беріңдер, алдымен темір торға, сосын өздерің әулие тұтқанның соңынан біржола кетесіңдер» деп, қарасын батырады. Мұқаш, тағы біраз аталған адамдар жол киімдерін шынында оңайға шығарып қояды. Бірақ тыныштық күндердің қатары үзілмейді. Кенет тағы бір жаман хабар қара жерді солқ еткізеді. Сөйтсе әлгі «жаналғыш» аудан басшысының отбасында біраз жаманшылық орнапты. Сап-сау, жап-жас әйелі өз-өзінен еш себепсіз мойнына қыл арқан салып, асылып өліпті. Оның топырағы кеппей, әлі балиғыға толмаған жап-жас қызын көлденең көк атты біреу зорлап кетеді. Ол аздай жалғыз ұл баласы бар екен, ауырмай-сырқамай, басқа да себепсіз өз-өзінен ол да өледі. Міне, сонда ғана аудандық басшының басына әлдененің түйсігі жетеді. Екпінді аулындағы Мұқаштың үйіне келіп, оның аяғын

құшып, «сізден де, әулиеден де, осындағы баршаңнан да кешірім
өтінемін» деп, көз жасын көлдете еңірейді-ау сабазың.

– Е, әулиенің ісінде менің не шаруам бар, кешірім сұрағыш

болсаң сол әулиенің өзінен барып сұра! – деп, молда Мұқаш та
жаустан жуан шыққансып, қыр көрсетеді. Жер бауырлап жылаған
басшыға қой-қойлаған да жан баласы табылмайды. Ақыры, ол ит-
тен қадірсізденіп көзін жоғалтады. Кейін ол басшының жұмыстан

да шығып, өзі келген жаққа қарай табан аударғаны анықталады.
Бұл оқиғадан менің де хабарым бар еді, сөйтсе де Күнсая
шешейдің өз аузымен ежіктеуіне шыдап бақтым. Себебі, мұны да
ол көлденең жайларды көптеп қыстырып, шөп-шаламды ілестіріп,

сапырылыстырып, ұзаққа созып еді. Енді оны түгесіп, менің де
дұрыс ұққанымды бажайлап, кәрі кісі бойына жаңаша қайрат
жиғанға ұқсады. Көн шарыққа ұқсаған жүзі қатуланып, көздері
де әлденеге шаншылып қарағандай, төгіліп-төгіліп кете жаздап

отырды. Сөз дегенің енді қарлы қыстан соң наурыз бен сәуірдің
күрт ыстығында таудан лап қоятын арынды селдей ағытылды-ау!
Қабағының екі арасынан бір жайбарақаттық та шалынды. «Әулиенің
аруағы қаттылығын екі мысалмен ескерттім, енді менің арым таза,

өзгесін өзіңе қалдырдым, жазғыш балам» деп, іштегі білігін түгел
сарықпаққа бет алғаны аян еді. Менің де тұлабойымды бір жылы
ағын кернеді. Кемпір сол екі мысал арқылы алған тақырыбымның
тым қомақты, әрі жауапты екенін шекеме шегелеп тұрып қаққандай.

Кемпірдің бұдан кейінгі баянында Ескелді би, Балпық әулие,
Қабан жырауға қатысты аңыздар, шежірелік деректер шынында
жиірек қылаңдады. Олармен замандас өзге би-батырлар, бақсы-
балгерлер, жыршы-шешендер әрекеттері де бой көтеріп, мені одан

сайын құнықтырды. Кейде ауа толқып кетеді дегенмен де сол ауа
толқу үстінде де сол өткен заманның көп қыр-сырына менің көзімді
ашатындай нәзік сырлар төгіледі. Кәрінің сөз ауанына қарасаң осы-
дан үш ғасыр бұрынғы бақсы-балгер, тәуіп атаулының қолының ши-

пасы керемет екен. Мысалы, сол кезде осы қазақ ішінде неше түрлі
ауыр дерт түрлері етек алыпты. Сонда жасы тоқсаннан асқан бір
кейуана соның емін тауыпты. Қалай тапқан? Өлген адамның жам-
басына шыққан шөпті, қарала сиырдың сүтін, сарбас жыланның

уын пайдаланып, дәрі жасаған екен. Кемпір баянының осындай
тұстарында өз басым да сәл қиялға салынып, осының бәрі менің
қазағыма біткен қасиет-ау, жау шабуылы, өзге де нәубеттер кезек-
кезек тұтқиылдан тисе де жоғалтпаған қасиеті, егер дұрыстап аша

білсең алтын қазынаға белшеңнен батарсың-ау деймін.
Кемпірдің тіл мен жағы талатын емес. Тістері тістеріне тимей

сақылдағанда мана өзі айтқан, әлгі тұяғынан от ұшқан шағыр қасқа тұлпардың жүрісі қайта елестейді. Кейде маған қазақтың ең қасиеттісі, ең алғыр күш-қуаттысы сол өткен заманмен бірге кетіп қалғандай да көрінеді. Құдай жарылқап, бір кезде кемпірдің дәрет сындырғысы келді. Жұбайыма ым қағып, мұны туалетте, ваннада көбірек бөге деп, белгі бердім де дереу басқа бөлмедегі жазу столыма отырдым. Кемпір баянынан ұстаған өзіме ең керек деректерді тез-тез қағазға түсірдім. Себебі, өзара байланыссыз олардың кейбіреулерін ұмытып та қалуым мүмкін еді. Бұдан кейінгі екі-үш үзілісті де осындай мақсатта пайдаландым. Мүнда өзім кейіпкер етпек тарихи тұлғаларға қатысты деректер ғана емес, ескі сөздер, сөз тіркестері де шаш етектен еді. Мен де көктен түсе қалған жан емеспін, Алматыдағы ғылми ұжымдар шығарған сөздіктердің неше алуанын жиып алғанмын. Міне, соларға кірмеген, әрі өзім де білмейтін небір тың атаулар, теңеулер, қылыштай өткір тіркестер, сөз орамдары енді менің де игілігіме айналғандай. Осыған жалғас тағы бір ой түсті. Мұхтар Әуезов айтқандай ата-бабаларымыз бізге сәулет өнерінің тамаша туындыларын, ғимараттар қалдырмапты, есесіне шетсіз-шексіз тіл байлығын мирас еткен екен-ау деймін. Кешкі ас үстінде де кәрінің жағы сембеді. Бұл кезде өзім де қалжырап, әңгіме тыңдау қабілетінен айрыла бастағанмын. Сондағы тапқан бір айлам, кемпірдің тізесін жапқансып, әртүрлі шәлі, орамалдар әкеліп, білдірмей диктофонымды бір шүберекке орап, тап қасына қойдым. Сөйтіп, ендігісін сол диктофонға тапсырып, басыма тыныштық алуға талпындым. Бұл да оңай емес. Екіүш мәрте «құдай-ай, осы сөзімізді де бұл жұрт жақтырмайды» деп, шаңқылдайтын дағдысын қайталады. Тіпті бірінде өз даусынан өзі шошынды ма, күндізгі жағын таңған ақ шүберекке жармасты. Бірақ бұл кемпірдің бер жағы ғана екен, шүберекті қап-қара салалы саусақтарымен умаждай қысып, қайта көсілді. Түн ортасына таман: – Апай, шаршаған шығарсыз, енді ұйықтап демалайық, – дедім. Сонда кемпірдің көздері үшбұрыштанып, қатуланып, құлағына жаманат хабар тигендей басын шайқады: – А, сендер де менің аузыма қақпақ қояйын дедіңдер ме? Тек, айналайын жарықтығым, қара саннан шымшымаңдаршы! Сендерсіз де ана жынды қыз Назерке үсті-басымды көкала қойдай қылды! Бұдан кейінгіде тістері бұрынғыдан да жаман сақылдады. Мынау көп пәтерлі қалалық үй ғой, тіпті көршілердің ұйқысы бұзылар ма екен деген де қаупім оянды. Түн ортасы ауғанда кемпір әрең

қисайды-ау! Жаздың қысқа түні ғой, сағат бестерде-ақ бөлмеде таң жарығы білінеді. Әлденеден оянып кетіп, кемпір есіме түсті де дәлізге шығып, залдың әйнекті есігі арқылы ішке көз салсам, Күнсая диванда түрегеліп отыр екен. Дәліздегі мені көрді де жалмажан қасына шақырды. – Шырағым, мына бір ескіліктің нобайы ұмытылмай тұрғанда ақтарып тастайыншы! Кәне, отыршы! – деді. Мен азар де безер болып, кемпірдің қасынан әрең құтылып шықтым. Бұл түнгі ұйқыда мән-мағна қалмап еді. Басым мең-зең. Таңғы шай үстінде Күнсая шағыр қасқа тұлпарға қайта мінгендей әсер етті. Құс ұйқылы ма, біз сияқты қалжыраған ештемесі жоқ, жақсы тыңайып тұрғандай-ақ қоңыр даусы күмбірлегенде тұяғынан от ұшқындағанға ұқсады. Тістерінің бір-біріне тимей сақылдауы да сол қалпында. Тек менің әңгіме тыңдауға қауқарым жоқ еді. Диктофонның қызығын сол жолғыдай көрмеген шығармын. Түс ауа есіктің қоңырауы шылдырлап, Назерке кіріп келді. Сондағы кемпірдің түрін көрсеңіз. Аузы сап тыйылып, кешегі жағын таңған ақ шүберекті таппай шала бүлінді. Құдайға, аруаққа күнәкар болсам да айтайын, Назеркенің бұл келісі маған қуаныш сыйлағандай еді. Мұның шешесіне деген оқты қарасын мен енді жақсы түсіндім. Назерке аяғын да шешпестен дәлізбен тез жүріп барып, залдағы өз шешесін, үйдің төбесін, менің қас-қабағымды барлаған. Шошынған түрінде «заржақ қақпас мына үйдің шаңырағын ортасына түсірген жоқ па» деген сұраулы сөйлем ілігіп тұр еді. Екі көзі шарасынан шығып, онда-мұнда тез-тез жүйтки берді. Әсіресе, мені жиірек сүзіп өтеді. Алқымына ашу тығылып, толықша денесі пысынап, самайы тершіп, алқын-жұлқын келісі өзін күткен көп сұмдыққа қайратын жия жеткенін айғақтайды. Енді ғана байқадым, мұндайда көздері үшбұрыштанып, лайланып, шешесіне ұқсатқан кейбір белгілері атой салады екен. Ештемеге мән бермегенсіп: – Ия, қалай, Назерке, Талдықорғанға, ауылға барып қайттың ба? Керек құжатты әкеле алдың ба? – деп қалбалақтап сұрап жатырмын. Назерке маған жауап берместен, залда диванда қарғаша шоқиған шешесіне айғайлады: – Әй, апа! Тез жинал! Тұр! Кеттік! Тап қазір тағы баратын бір жеріміз бар! – Ойбай-ау, Назерке, не болды? Отырып шай іш, аптығыңды бас! Жау қуып бара ма, түге? Назерке шынында қатты қаталаған екен. Дайын шайдан үш-

төрт кесені тез-тез ішті де одан арғысы тамағынан өтпейтін сыңай танытып еді, мен қыстап тағы екі-үш кесеге иіктірдім. Екі ортада маған бір марапат тастады: – Керегесін итіне қомдасын дейтін кердең мінез, бес жастағы қызының мойнына алтын алқа тағып, өзін ашпа-жалап етіп жариялап, жалайырға жар салатын, қашан көрсең таңдайы тақылдап, барын жоқ санап маңдайымен жер сабалайтын қу тұяқ қытымырлар өріп жүр ғой бұл күнде. Осынша жыл қалада тұрып, қазақтың қонақжайлылығынан ажырамаған екенсің, саған мың да бір рахмет! Алланың нұры жаусын! Назерке маған ризашылығын білдіре отырып, әлдекімдерді қағытып, мұқатқандай еді. Басым шаршағасын ба, олардың кімдер екенін анықтауға мойным жар бермеді. Тек осындай халімнің үстінде де өзіммен құрдас бұл Назеркенің де аса қара жаяу емес екенін ұқтым. Қазақтың ескілікті сөз орамдарын түйдек-түйдегімен төгіп-төгіп сөйлейді. Қолайлы ортада аттың басын қоя берсе бұл да біраз жерге барып қайтары анық. «Сөзшең адамы бар үйдің балалары қазақшаны жақсы біліп өседі» деген қағиданың дұрыстығына оның осы екінші келісінде тағы бір мәрте көз жеткізгендеймін. Ия, Күнсаядай шешеден туған қыз ғой бұл Назерке. Ақыры, бұларды табалдырықтан ары шығарып салуға тура келді. Кемпірдің бізге жота көрсетіп, «Сүбіхан алла» дегенін құлағым шалды. * * * Бірер күн ұйқы қандырдым да диктофонға қайта жармастым. Күнсая шешейдің қоңыр даусын қайта тірілтіп, өзіме керектерін қағазға түсіруге жанталастым. Оның алдындағы жазбаларды да мұқият сүзекіден өткізіп, кеңейтіп, таза қағазға көшірдім. Диктофонға да, қалам ұшына да ілікпей, тек жадымда қалғандары да бірқыдыру екен, оларды да тұсап, жүгендеп дегендей қойын кітапшаға сүңгіттім. Бұл да оңай шаруа емес еді, бір аптадай уақытымды жұтты. Енді соларды ежіктеп оқып қарасам, үйіме Назеркенің күні еңкейген шешесі Күнсая емес, ел кезген ертегінің данышпаны келіп кеткендей-ақ мол қазынаға кенеліппін. Бірауық өз романыма кейіпкер етпек аруақты бабалардың маған рахымы түсіп, Күнсаяны біздің үйге қарай әдейі жұмсап жібергеніндей көрінді. Ия, бұл мені осы тақырыпқа одан әрмен жігерлендірді. Осыдан жарты жылдай өткенде Талдықорған өңіріндегі өз туған аулыма маған да жол түсті. Ол жылдарда шешем тірі еді. Мен сұрамастан-ақ ол Күнсая мен Назеркеге қатысты бір қосымша

ақпаратты өзі-ақ айтып берді. Онысы мынау: шеше мен қыз өткен жазда Алматыда біздің үйге соққанда өз халдерін Назерке сәл басқашалау түсіндірген екен. Әлгі бірі әке жағынан, екіншісі шеше жағынан деп, бізге атаған екі бірдей туысқаны Күнсаяның сөздерінен шошынып, бұларды үйлерінен тура күштеп қуып шығыпты. Оның сыртында олар «Құдай сақтасын, Күнсаяның тістері сақылдағанда тасты тасқа соққаннан жаман екен, балалар түгілі өзіміздің басымыз тарс жарыла жаздады. Жүз жыртыспай өкшелеріңді көтеріңдер демеске лажымыз қалмады» десіп, Алматы мен Талдықорғанның екі ортасында өсек атаулыны қардай боратыпты. Мұны естігенде біздің қазақта екінің бірінің от басы, ошақ қасында асыл қазынаға да орын табылмайды екен-ау деген ауыр да, ащы ойларға бөктім. Одан беріде де он алты жылдай уақыт өтті. Күнсая былтыр ғана тоқсан жасында ауырмай-сырқамай таңғы шай үстінде үн-түнсіз ақирет сапарға аттаныпты. 16-мамыр 2011 ж.

АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ Қаратаудың қос қапталындағы ел теріскейліктерміз, күнгейліктерміз деп екі жарыла сөйлейді. Дәл мен үшін күнгейліктер ортасында қызық пен шыжық молдау көрінеді. Мұндағы табиғат бітімі де соған меңзейді, бірақ ең бастысы ауыл-ауылдағы тіршілік көңілдегі көп кірбеңді кетіріп, әлдекіммен сағыныса қауышқандай кеудеңді жылы ағынға толтырады. Оның мәні сол – осы күнгейдегі қай ауылға соқсам да балалық шағым еске түседі. Иә, біздің балалық шақ қайбір оңған дүние дейсің, соғыстан кейінгі ауыр тұрмыс, жесір әйелдердің гөй-гөйі, жетім де, жетім емес те балалардың ашқұрсақ, жаутаң көз кейіптері әлі күнге көкірек тырналайды. Сонда да сол қайғы-қасірет, тапшылық жайлаған ауылдарда да сағынып еске алар нышандар баршылық екен. Оны мен осы Қаратаудың күнгей бетіндегі ауылдарды аралағанда терең түйсіндім. Иә, таза қазақы ауылдардың қайталанбас өзіндік ажары, салтсанасы, дағдылары бар. Қай үйге кірсең де төрде киіз, көрпе төсеулі, дастархан жаюлы, шай дайын, үйдің салқындау бұрышбұрыштарында айран, сүт, қатық дегендерің іркілдеп тұр. «Бұл тентіреп жүрген кім мезгілсіз уақытта» деп, саған қабағын ажырайтатын ешкім жоқ, «кір, кіріңіз, аяқкиіміңізді шешіңіз, төрге шығыңыз, әй, балам, ағаңа жастық әпер, әй, Ұлбала, үйге құдайы қонақ келді ғой, шайыңды қайта демдеп жібер» деген тәрізді сөздерді ғана естисің. Міне, соғыстан кейінгі аш-арық ауылдарда осындай лебіздерге құлағымыздың құрышы қанған ғой. Одан бертінгі жылдарда ғана мұндай салт-дәстүр өшіп, ізі суи бастады. Қонақжайлылықты қытымырлық тықсырды. Тек осы Қаратаудың күнгейінде ғана, сондағы ауылдарда ғана қазағымның сол пейілі қаймағы бұзылмаған қалпында сақталып қалыпты. Бұл сенің алыстап кеткен балалық шағыңның басын қайырып әкеп алдыңа неге тоспасын? Бұл жолғы сапарым әуеле Шымкентке әкелді де сонда күтпеген жерден сәл тығырыққа қамалғандай күй кешіп, ақыры бір үлкен бастық «бұл кісіні Шаянға апарыңдар» деп бұйрық берді. Шаян ол кезде Қаратаудың бір бүйіріне еміне біткен Алғабас ауданының орталығы. Мұнда да бас-аяғы жоқ үлкен күйбең-сүйбеңнің үстінен түстім. Бұрындары іссапармен ел-елді көп кезген жанмын ғой, облыс, аудан, ауыл орталықтарында жазушы-журналистерді қалай қарсы алады, бәрі маған мәлім, тек осы жолы ғана бұрынғы көргендерімнің бәрінен адасып қалғандаймын. Себебі, адамдардың мінез-құлықтары өзгеріп, бұрынғы ілтипат атаулыны

әлдебір тасқын су, алапат ағын жуып-шайып кеткендей. Өзіңмен амандасқан ишарат жасап, қалай теріс бұрылып, жота көрсеткенін сезбей де қаласың. Бұл тіпті жота көрсеткендік те емес, көзіңе тура қарауға қымсынғандыққа да ұқсап кетеді. «Әкем-ау, неге бұлай, мен бұлардың ешқайсысына қарызға ақша берген жоқ сияқты едім ғой». Осылай үш-төртеудің алдынан өтіп барып, жүзі «мұсылманға» келіңкірейтін бір өрімдей жас жігітпен тілдесе алдым. Бұл аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары екен. «Аузында ана сүті кеппеген бұл сығыр мынадай жоғары лауазымға қалай қол жеткізіп жүр» деген сауал да басымды дың еткізді. Ол да амансаулықсыз: – Сізді қазір осы Шаянға таяу бір кеңшар орталығына апарады. Сонда зейнеткер, соғыс ардагері, бұрын сонда көп жыл директор, парторг қызметтерін атқарған Естемес деген кісі бар, соның үйіне түсесіз, сонда қонасыз, ол кісі көп әңгіме біледі, ал таңертең кеңшар басшылығына жолығасыз. Одан арғы шаруаны солар ұйымдастырады. Бұл өрімдей жас орынбасардың атаған ауылына дейін жарты сағаттық қана жол екен. Шофер жігіт төбесі шиферлі, қабырғасы әктелген, ескілеу қора-қопсылы бір үйдің ауласына кіргізді де: – Әне, ана кісі, – деп, мен жолығуға тиісті адамды алыстан нұсқады да өзі кейін қарай жалт бұрылып кете барды. Шофер жігіттің бұл мінезі де маған ұнаған жоқ. Бөтен біреудің ауласына көктен топ етіп, жалғыз қалғандай сезінгенім әлі есімде. Мен жолығуға тиіс адам өз ауласының ең арғы түкпірінде ағаш сәкіде ши қалпақты басын төмен салыңқырап отыр екен. Үстінде көнетоз сұр костюм, үйге кісі келгенін сезді-ау дейтіндей бір қимылқозғалыс білдірмей қатып-сенген күйде тапжылмады. Өзім ентелей басып жақындағанда аңғардым, үй иесі ши қалпақ көлегейлеген көздерінің астымен мені жіті бақылауда екен. – Ассалаумағалайкөм! – Әлік салам! – Мұны ернін жыбырлатып қана тым ақырын айтты, әрі сәл басын изеңкіреді. – Естемес деген аға сіз боласыз ба? Бұл алпыстың мол ішіндегі адам еді, сақал-мұртын қырып жүретіні байқалады, тек соңғы кезде ғана оған қолы тимеген сыңайлы. Күнге күйіңкіреген қара торы бет терісінің екі самайдан төменгісін, иегін, мұрнының астын пышақ қырындай ғана бар ақ қылшықтар жыпырлап дендей бастапты. Әжім сызықтары қадалып қарасаң ғана назарыңа ілігетіндей тым жіңішке. Өңі салыңқы, көңіл-

күйінің пәстігі бірден көзге ұрды. Маған қасыма отыр дегендей белгі берді. Портфелімді жерге қойып, ағаш сәкіге мен де жайғастым. Оң жақта қабырғасы әктелген еңселі үйдің сыртқы есігі бізге тым жақын еді. Бір кезде бала-шаға көп өрбіген, келімді-кетімді, олардың ішінде тым мәртебелілері де көп меймандар табалдырығын тоздырған үлкен үй болғаны айтпай-ақ түсінікті сияқты. Тек соңғы кезде ғана күтімсіздіктен құлази бастағаны сезіледі. Сыртқы табалдырықтан берідегі екі-үш сатылы ағаш баспалдақтың сулы шүберек көрмегеніне, сірә, біраз болған. Қурай, шөп, сабан қалдықтары сияқтылар ыбырсытып-ақ тастапты. Тіпті сыртқы есіктің өзі де дұрыс жабылмай тұр, әлде оның да топсасы босаған ба? Сол жақтағы қора-қопсы да солай. Ашық-шашық болмыстарымен келген кісіге жетімсірей қарайды. Мен жөн айттым. Естемес енді мүлдем төмен қарап тұқырды. «Апырай, бұл зейнеткерлікке шыққан адам, өз заманында өз ортасында көрнекті атанғандардың бірі, бала-шағасы, әйелі жөнінде аудан басшылары еш жаман сөз айтқан жоқ, сонша салы суға кететіндей мұны ненің соққысы есеңгіретті екен» деймін ішімнен. Қалайда, алыстан келген адаммын ғой, үй иесінің көңіл-күйімен аса санаспай бұл дұрыс ұқпады ма деген де күдікпен өз шаруамды қайталай, әрі нақтылай баяндадым. Бәрібір селт етер емес. «Қап, жаңағы мені әкелген машинаның кетіп қалғанын қарашы, мұны білгенде сол машинаға қайта мініп аудан орталығына қарай тартып отырар ма едім» деген де ой ішіме үңгіді. Бірақ мен үшін пәлендей асығатын да ештеме жоқ еді. Өзімді өзім саябырлатып, сәл-пәл басқа әуенге көшкенсідім: – Бұл Қаратау қазағымның қатпар-қатпар шежіресіндей тұнған қасиетті мекен ғой. Оны азсынсаңыз бұл Қаратау қазақ тарихының алтын қазығы іспеттес. «Қаратаудың басынан көш келеді» деп басталатын зарлы өлең қай қазақтың сай-сүйегін сырқыратпайды? Ол ненің белгісі? Ол арғыда, бергіде қазақ жұрты ұшыраған небір нәубеттің аша тұяғы осының қыр арқасына тигендігінің белгісі. Оған көзжұмбайлық жасап, айналып өткенге еш кешірім жоқ, – деп бұлар жайлаған өлкеге, сол арқылы бұл Естеместің өзіне көпшік тастағандаймын. Сірә, көп жылдық басшылық тәжірибесі анау-мынау жағымпаздыққа берілмес мінез қалыптастырған ба бет-әлпетінің тоңы жібитін емес. Бірауық бұдан күдер үзе де бастағандаймын. Аудан басшыларының «көп әңгіме біледі» деп әспеттеген адамы аузын буған өгіздей қырыс мінез біреу боп шыққаны ап-айқын. Кенет бұл кісі тарс жарылды. Тарс жарылғаны соншалық басындағы ши қалпағы ұшып түсе жаздады:

– Осы сендер, қағаз бен қаламды айналдырғандар, неменесіне соншама бұрынғының жыры десе отқа қойған сары жездей еріп сала бересіңдер? Бүгінгінің жырына бірауық неге құлақ тоспайсыңдар? Жаңа ауданнан звандағанда да айтқамын. Олар мәймөңкелетіп жатыр, «ағасы, бұл кісі Алматыдан келген жазушы, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманынан ақпар теріп жүр екен, білгеніңіз болса аямай төгіңіз, таусылса қалай күн көрем дейтін пұл емес қой» деп, әзілкештенеді. Әй, айналайын, Қаратаудың өткендегіден белі қайысса бүгінгіден мүлдем опырылып түскелі тұрғанын неге көрмейсіңдер? Әрі-беріден соң сендер сол өткендегінің шашбауын тым желбіретіп, аспандатып жүрсіңдер! Қазақта көп болады батыр деген Батырлар бермегенді тартып жеген. Көшпелі, салып қойған мешіті жоқ, Қазақты бір уақытта кәпір деген, – міне, осы өлең қай қазақтың көкірегін жарып шықса да тауып айтылған. Өткеннен жел сөзден өзге із қалмауы да содан. Ал бүгінгі қазақ бәрін жасады. Әрине, тек өз қолымен емес шығар, басқалар да болысуда, өнер, ғалым не тудырды, бәрін басымызға әкеп үйіп-төгіп жатыр.Өзің Алматыда тұрасың, ал өзіңнің ындының құрып отырған, өзің әспеттеген осыдан үш ғасыр бұрынғы заманда сондай шаһар сол орында тап осылай жарқырап тұр ма еді? Иә, бәрі кейін жасалған нәрсе, бүгін жасалған нәрсе. Ал енді бүгінгі мемлекетіміз қандай, бұрын сондай мемлекет болып па еді? Ал енді осының бәріне топырақ шашқансып, баяғы-баяғы, күні әлдеқашан озған, тозған замандарға жұтына қарап, тамсана берудің баланың тірлігінен несі артық? Шырағым, сен менен бір жарым мүшелдей кіші шығарсың деп шамалаймын, өзің газет оқисың ба? Әсіресе, мына «Известия» газетін оқисың ба? Бүкіл Кеңес елінің «Правдадан» кейінгі аға газеті. Тіпті кейбір мәселені көтергенде оның енесін ұрып жіберетіні де бар еді. Ал қазір сол газет не боп кетті? Не деп тантиды? Бетін ашып қарасаң тұлабойыңды аяз қариды, өз көзіңе өзің сенбейсің! Кеңес Одағы атты ұлы мемлекетте әкесінің құны кеткендей әрқайсысы әр жақтан тиісіп, жүндей сабап, ит сілікпесін шығарып жатыр. Апырау, сол кебініңді кигірлер аспаннан салбырап түстік деп ойлай ма, ақыл-естері қайда кеткен? Әй дейтін әже, қой дейтін қожа және жоқ. Бір сенетінім «Правда» еді, ол да «Известияға» еліктей ме, әлде соның көлеңкесінде қалып бара ма, түкірігіне шашалып, арзан фәлсафаға салынып, оның

өзін де жеткізіп айтпай ығыр қылады. Шамданатыным сол – ол да кейде «Известиямен» бет жыртысқансып, ал көмекейінің ар жағына үңілсең екі көзі екі жақта сатқынның бет-бейнесін алдыңа келтіреді. Біреуді мінеп-сынап, сондағы өз мақсаты не, онысы да күлдібадам, әр тілшісі әр жаққа лағады. Тура әлгі «Тартады аққу көкке, шаян кейін, жұлқиды суға қарай шортан шіркін» дейтіннің кері. Осыны оқып, біліп отырған мына ел қалай оңсын? Ең қуатты мына Кеңес мемлекеті ертең қай жартасқа барып соғылады, кемесі қай жағалауда қайырлайды? Қазақ бүгінгіге өз бетінше жетсе бұған дейін ай қарап жүрді ме? Осы сауалдар сендерді ойландырмай ма, қабырғаларыңа батпай ма? Жазғыш болсаңдар осыны неге жазбайсыңдар? Иә, мен бұл сапарға 1990-жылдың жаз айларының бірінде шыққан едім. Ол ел тарихындағы бір өліара шақ-тұғын. Белоруссияның Беловежье атты қалың жынысты орманында осы және тағы екі славян республикасы – Ресей, Украина басшылары құрған үштіктің атышулы кездесуі әзірге өте қоймаған. Кеңес Одағы атты ұлы мемлекет сөз жүзінде әлі өз тұғырында, тек күннен-күнге іргесі қаусап, сөгіліп, қақырап бара жатқаны көрер көзге айқын еді. Ал мына Естемес айтқандай «Правда», «Известия» сияқты газеттер бастаған күллі баспасөз бұйда, ноқталарын үзіп, бетімен кетіп, әрқайсысы заманауи мәселелерді өзінше түсіндіріп, өңештерін кергілеп жатқан кез. Коммунистік режим жағдайында тәрбиеленген жандардың оларды жинақтап, әңгелектей ғана бар бастың ішіне сыйғызуы екіталай еді. Көбінің өздеріне терсіңді қоғам тағдырына іштері удай ашып, тарс жарылудың аз-ақ алдында жүретін. Мына мен келген үй иесінің де тап солардың бірі екенін тануға көп ақылдың керегі жоқ еді. Мен қайтейін, Естеместің тағы біраз ағытылуына ерік бердім де сәл саябырсытуға тырыстым: – Ағасы, сіз де газет-журналды көп оқисыз, кітапты да солай шығар, демек білесіз, әр жазушының өз бағыт-бағдары, тақырыбы бар. Бірі сіз қалағандай бүгінгінің әуселесіне қоян-қолтық араласады, екіншісі осыдан жүз жыл, бес жүз жыл, тіпті мың жыл бұрын өткен замандарға көз тігеді. Қайсысы қайсысының оң жамбасына келеді, соған байланысты. Екі қоянды қабат қусаң бірін де ұстай алмайсың дейді ғой орыстар. – Екеуін бірдей қуып, не жының бар, қайсысы қоңдылау соның соңынан түс. – Ол үшін екеуін алдымен безбенге салып, өлшеп көру керек шығар.

Төменнен жоғары маған бұрыла қарағанда қос жанарының уыты молайып, іштей «мысқылыңа болайын» дегені көзіме оттай басылды. Өзінен гөрі бетіндегі пышақ қырындай ғана бойлары бар ақ қылшықтар елгезектеу екен, солар мәз-мейрам болып, шаттанысып, биге басқандай. Аузындағысы да іле төгілді: – Бәрін безбенге салып, мықшыңдасаң қысқа ғұмырың қай шаруаның басын қайыруға жарайды? Мына маңдайыңның астындағы қос шырақ құдайдың қай рахымымен жаратылған? Оған қоса ой өлшемі деген де бар емес пе? Отырған үйіңнің шаңырағын шайқалтып, ортасына түсіргелі жатқанда мың жылдық бұрынғының әуенін тірілтем деп, қобыздың шанағына жабысуың ақылға сыя ма? Қайсысының кезек күттірмесін болжау үшін де Аристотельдің даналығы керек пе екен? Жоқ, мынауың оңай-оспаққа алдыратын емес. Әбден тоңмойынданып алған. Бұл тектес адамдар Алматыда да аяқ алып жүргізбейді. Бірақ менің осынау қиырға іздеп келгенім ондайлар емес қой. Енді қайттім? Кеңшар басшыларына ертең таңертеңгісін жолығасың деген, демек бір күнім текке өлетін болды ғой. Біз осылай аулада күн батқанша отырдық, осы уақыттың ішінде Естеместің кемпірі бір-ақ рет көрінді. Сыртқы есіктің әндете созылған даусынан көңлім бөлініп қарағанымда ескі сұрғылт халаты бар ол кәрі үйрекке ұқсаған ауыр денесін бізге бір қырынан беріп, табалдырықтың екі-үш сатысының өзін санап тауысқандай бері жерге әрең түсті. Бізге мойнын да бұрмады, аяғындағы көне кебісті тырп-тырп еткізіп, үйдің сыртына қарай кетті. Кері қайтқанында да солай. Басына тартқан сарғыштау орамалы тап төбесінде тар тақияға ұқсап, жел үрсе ұшып кеткелі тұр. Есесіне мұрнын көтере ұстаған етжеңділеу қоңырқай жүзінде кепкен ағаштың діңіндей беріктік бар. Көздерінің қандай екенін, әрине, байқамадым. Өзімнің осы аулада жіпсіз байланғанымды енді тереңірек түйсіндім. Естеместің кемпірінің еңғұрмаса иек қағып амандаспауы жынымды тіпті қоздырды. Рейстегі автобустардың біріне мініп кете салатын қала іші емес, таңды осы үйде атырмақ мәжбүрлікке ұшырауым өзімді енді шындап-ақ езгілей бастады. Әлде Естеместің кемпірі мені күнде кіріп-шығып жүрген көрші-қолаңның біріне балай салды ма? Жоқ, мүмкін емес. Менің осында келетінімді мана ауданнан звандады ғой. Әрі қалаша киінгенмін, жұқа сұр костюм, жағасы ақ шағаладай жейде, галстук. Басымдағы шалғайы кең, ол да аппақ ши қалпақтың өзі-ақ алыстан адағайлап, мені бөлектендіріп тұрғаны анық. Қолымда күнге жылтыраған су жаңа былғары портфель. Күнделікті кіріпшығатын көрші-қолаң да осылай жасанып

келе ме екен? Тіпті сол көз үйреншікті көрші-қолаңның өзіне де үй иесі түстеп бір қарайды ғой. Сірә, мынанікі бөлек. Ал Естеместің өзі ондайға мән беретін емес, «Правда» мен «Известиядан» оқыған мақалаларын бірінен соң бірін талдап, ой көкелерін көрістірді-ау! Сол мәскеулік тілшілердің екі-үшеуі жазатайым осы аулаға табан тіресе мына оқымысты қазақ зейнеткерімен төбелессіз ажырамас еді. Кешкі асқа Естеместің кемпірі қуырдақ әзірлеген екен. Артынан бір самауыр шай келді. Төбеден кішкене люстралы электр шамынын жарығы төгілгенмен қабырға, едендерінің бәрі кілемкиіздермен сықай қапталған кең зал күңгірттеу еді. Біз қазақша аласа дөңгелек стол басында отырмыз. Естемес шай құйған кемпірінен сәл жоғарырақта жастыққа жантайған күйі әңгімені одан әрі соқты. Бірақ мені қызықтырған ештемесі жоқ, қалай қызықтырсын, бәрі манағы сыртта, күндіз құлағымды жауыр қылған жайлардың жалғасы. Кеңес елінің бұрынғы басшыларын рет-ретімен сөздің небір шұрайлысын артынан қуып жүріп іздеп тауып, марапаттың астына алды. Қай-қайсысының да бастарына алтын мен күмісті үйіп-төкті. Мойындаған дұрыс, жаңа тарих жөніндегі білімі бір көрімге жарайтын-ақ екен. Ара-арасында, әттең, бұл кісі бейбіт заманда туып, ешқандай соғысқа ұрынбай, мектеп пен жоғары оқу орнын уақытында бітіріп, ғылымға бой ұрса адаспас та еді деп те қиялдаймын. Ал Кеңес елінің кейінгі басшыларына келгенде арбасы жолдың ой-шұңқырында салдыр-гүлдір еткендей өзінің де, сөзінің де берекесі кетті. Іштегі ыза түйдек-түйдегімен көтеріліп, тамағына кептелгендей түйіліп, түкірігі шашырап, басын бұлғақтатты. Кемпірі осы кешкі ас үстінде де маған түстеп қарамай, әрі аузын ашпаған еді. Кенет шалының сондай шағында оған мойын бұрып, мен келгелі бірінші рет тіл қатты: – Әй, сорлы бейшара, қылқынып өлейін деп пе едің? Бүйтіп күнде өліп жұртты қорқытқанша бір-ақ рет өлмейсің бе? Кілетте арқан, шылбыр дегендерің үйіліп жатыр ғой? Естемес шашалғаны басылғасын кемпіріне жаман көзімен бір қарады да оған сөз шығын етпеді. Ал маған кемпірдің қағытпасы тым одағай көрінді. Қазақы ортада, ауылдық жерлерде әйелдер өз қосағына, әсіресе, алыстан келген қонақтың көзінше бүйтіп сөйлемес еді ғой. ... Ертеңіне таңғы сағат тоғыз шамасында мен кеңшар кеңсесіне бас сұқтым. Мұнда да менен көзін ала қашқандар, жота көрсеткендер табылды. Сірә, кеше ауданнан соғылған қоңырау

бұлардың бәрін Алматыдан жазушы келгендігінен мықтап хабардар етсе керек, артық жұмыс кімге керек дейсің, бірі екіншісіне сырғытып, бас сауғалап қалудың қамында. Тек мен табандылық көрсетіп, соңдарынан қуып жүріп, өзіммен дұрыстап тілдесуге көндіргендеймін. Ақыры, осындағы кәсіподақ ұйымының төрағасы, орта жастардағы мосқалдау адам бір жігітті кабинетіне шақыртты. – Жазушы жолдас, міне, мына жігіт, мамандығы ветврач, осының алдында ғана мына менің орнымда отырған, тек өз мамандығыма барайын деп қыңқылдай бергесін басшылар солай жіберді. Енді қайтсін, қоғамдық малда да, жекеменшікте де әртүрлі ауру көбейіп тұр ғой. Бұл жігіт сізді Қаратаудың төбесіндегі малшы ауылдарына апарады. Сонда Манабай дегенмен жолықтырады. Ой-бой, ол деген бір құдай жаратқан адам. Күй тартқанда қара жердің өзі қайысады-ау. Ескінің әңгімесіне де солай. Сізге керек «Ақтабан шұбырындының» хикаяларын бұл маңда одан артық ешкім білмейді. Анау Қаратаудың қандай шоқысында қандай оқиға болды десеңіз түгел көзінен тізіп береді. Дұрыстап бопсаласаңыз одан артылатын дүние жоқ. Жақсы, сөз бітті, барыңыздар, машина дайын! Жерден портфелімді көтере беріп едім, мені апармақшы жігіт кәсіподақ ұйымының төрағасына: – Манабайдың сонда екенін анық білесіз бе? – деп қадала кетті. – Е кеше жайлауға қатынаған автодүкеннің меңгерушісі сөйдеді емес пе? Қайда жоғалады дейсің ол..? – Кәсіподақ басшысы өзі әспеттеген Манабай жөнінде тосын бір теңеуді қыстыра жаздап, тілін тартқанға ұқсады. Бұл көкірегіме күдік ұялатты. Сорыма қарай ауылдан шыға бере машинамызға тағы екеу мінгесті. Жайлауға қарай көлік баратынын бүгін таңертең кеңшар кеңсесінде естіп, өздерін жолай ала кетуге көндіріпті. Екеудің бірі аяқтары әрең бүгіліп-жазылатын, сүйек-саяғы саудыраған жетпістегі шал да, екіншісі алпыстың о жақ, бұ жағындағы, ешкі сақалды томпиған біреу. Жетпістегінің бабы қиын болған соң оны шофермен қатар алдыңғы орындыққа жайғастырдық та, ал екіншісі ешкімнің рұқсатынсыз-ақ арт жаққа ветврач екеуміздің ортамызға күмп берді. Мені кеңшар кеңсесінен алып шыққан мал дәрігері жігіттің ныспысы Бозтай екенін әрең біліп үлгерген едім. Ал Манабай хақында қосымша ақпарларды сұрауға әлі уақыт бар ғой деп, ұзын арқан, кең тұсауға салғансып едім, мыналардың сығылыса кеткенін қарашы. Жарайды, бұлар да ауыл тұрғындары ғой, мен сияқты өткен-кеткеннің аңыз-хикаяларын теріп жүргендерге зияны тимес, қайта бірді-екілі өзіме керек дүниелерді ауыздарынан қағып

түсірермін деп дәмелендім. Мына Қаратау да менің күнде көріп жүрген аймағым емес, осының шоқылары, қуыс-қолтықтары жайлы да тосын бір қызықтарды естірмін, бәлкім. Бұл Қаратаудың тап баурайындағы ауыл ғой, көп ұзамай-ақ машина тар асфальт жолмен биікке қарай жұлқына көтерілді. Бозтай осы күнгейдегі елдің барша жастарына тән арық тотығыңқы өңді бойшаңдау жігіт еді. Машина ішінде бірінші сөйлеген сол: – Қазір экономика күннен-күнге құлдырап барады ғой, маған уайым салатын мына өзіміз келе жатқан асфальт жолдың жайы. Ертең осы жол бұзылғанда оны жөндеуге ақша табылмасы қазірдің өзінде айқын. Сосын жайлауға, қыстауға қалай қатынаймыз, малшыларымыз не күйге ұшырайды? Кенет алдыңғы орындағы жетпістегі шал қырқ-қырқ күліп берсін. Мен соның тап қыр желкесінде, оң жақтағы шыға беріс есікке иық тиістіріп отыр едім. Оның күлгендегі бет әлпетін көре алмадым, тек ойша елестеттім. Себебі, қырқ-қырқ күлкі дегенмен құлаққа түрпідей тиетін қатқылдау еді. Сосын ол сәл тыйылып, мыжырайған көнетоз қалпағын басынан сыпырып, арт жаққа бар кеудесімен бұрылуға әрекет жасады. – Әй, Бозтай жаным, Алматыдан келген жазушы, саған да өтінішім, сендердің бізден гөрі саясатқа құлақтарың түрік қой, түнде мен қонған үй бала-шағалы екен, солар улап-шулап, әрі телевизорды да босатпады, алдыңгүнгі Мәскеудегі екі дөйдің сайысы немен аяқталды? Бірін-бірі алып жеуге жақындады ма өздері? Алып жемей тынатын түрлері жоқ қой, пақырлардың. Бірі бұрынғы социалды құрылысты сақтап қаламын деп, шыр-пыр болғансиды, бірақ сөз саптасы маған ұнамайды, ал екіншісі бүлдөзір секілді ашықтан-ашық оның ірге тасын қазып қопарып жатыр. Сөзді Бозтай екеуіміздің ортамыздағы ешкісақалды, томпиған неме іліп әкетті: – Кеше кешкісінгі олардың жаға жыртысуын мен тамашаладым-ақ, әзірге ит-жығыстан өзгеге ұқсамайды-ау! Бір аңдағаным біріншісінің жақтастары түбі бостау бірдемелер-ау, шамасы, тіпті қай жеңгенің менікі деп, әліптің артын баққанға да келіңкірейді. Қайта екіншісінің жақтастары өз істеріне сенімді ме деймін. Бұл екіншіге күш бермей қайтсін! Әрі желқұйын дақпыртпен жұртты қарадай әуліктіретін де мәселенің осы жағы ғой, ақсақал! Иә, КСРО атты ұлы елдің астанасы Мәскеуде екі қошқардың басы бір қазанға сыймай жатқан кез еді. КСРО-ның өзінде бір Президент, оның құрамындағы Ресейде екінші Президент сайланып, енді екеуі бір-біріне қанды шоқпарларын үсті-үстіне сілтеп жатқан.

«Он кедей бір төсекке сыяды, екі патша бір елге сыймайды» деген мақалдың ерекше күш алған шағы. «Ұлттық тәуелсіздік» атты ұғым әзірге қазақтардың санасына ұяламаған. Менің осы сапарымнан бір жыл өткен соң ғана славян республикалары ұлы одақтан өздері бөлініп, біз бас иесіз қалғасын есігіміздің алдына жетім баладай мөлиіп өзі кеп тұрған оның жалына жармасуға ақылымыз жетті. Ешкісақалдың пікіріне жетпістегі шал бас шұлғуға жоқ. Мұның білуінше кіші Президентті шетелдік дұшпандар құтыртады, ақша берген бе, жоқ, сөйтеміз деп, уәдемен қарық қылған ба, ол жағы беймәлім. Иығыма иық тигізген ешкісақал да өлермен. Бұл да өз білігін сол шетелдік жауларға тіреді, тек мұның пайымдауынша олар, керісінше, үлкен Президенттің алдына қармақ тастаған. Мынау оны бірде қауып, бірде қаппай тыстағыны де, іштегіні де екіұдай етіп, әуре-сарсаңға салуда. Осы бағдардағы екеуінің таласы ащы ішекше созылды. Әрқайсысы өз тұжырымына адамның басына келмес дәлелдер табады. Мысалы, бір шетелдік басшы екінші бір шетелдік басшыға барып, келіссөз жүргізеді. Мынадай мезгілсіз уақытта ол неме керек еді? Еуропаның қақ ортасындағы аса қуатты мемлекет басшысы жер шарының екінші жартысындағы өзінен де қуатты екінші ел Президентімен бір күн емес, екі күн тәжікелеседі, одан ненің исі аңқиды? Олар бөлісе алмайтындай тап осы аралықта не бар еді? Машина ішінде Қаратау жотасында бізбен бірге шайқалған мына екеудің болжамынша Мәскеу үшін аса алмағайып күндерде оның басшыларына өздері үшін тиімді ұсыныстарды өткізіп қалудың амалын қарастырып, тек оны қалай өткізу керек, сол жөнінде ортақ мәмлеге келе алмай, ары-бері сабылғандары, әрине. Кеше күні бойы, әрі кешкілік Естеместің қаңқуынан ығыр болып, бүгін таңертеңгілік одан құтылып шыққанда бойым жеңілейгендей еді, енді қарасам мойнымдағы бір тастың орнына екі тас байлана кетіпті. Саясат төңірегінде мына екеудің салғыласуы қасында Естеместікі бұйым емес сияқты. Көп сөйлеп, көбігін сапырады дейтіндердің нағыз өзі. Екеуінің пікірталасы тиянақталар емес, қайта тамырын тереңге салып, одан әрмен мол дүниені қарпып барады. Естеместі дәміл-дәміл көз алдыма келтіремін. Оның кешегі бір шумақ өлеңі де ойыма оралды. Иә, «қазақта көп болады батыр деген». «Ал мынадай ұлы елдің шаңырағы шайқалып, іргесі сөгіліп, ол жағдай үлкен-кішінің тегіс қабырғасына батқанда сенің бұл дүрмектен сытылып шығып, қаңқасының өзін табу қиын ескі заманның ырғалаң-шырғалаңын іздеуіңе не жорық» деп, екінші біреу бүйіріме біз сұққылағандай. Кішкентай машина ішінде

сығылысып, Қаратаудың ірілі-ұсақты шоқылары көз алдымда көлбеңдегенде бірінші рет өзімді сұйық жүрісті пендеге баладым. «Өткеннің ызыңын іздегенше бүгінгінің тауды бұзып, тас жарған шындығына неге мойын бұрмаймын» деп, талайдан бергі санасезімімді билеген тақырыптан жалт бұрылып, бас сауғалап қашуды ойлағандаймын. Ойпырай десеңші, адамды бетінен қайтару оңайдың оңайына ұқсайды-ау. Қаратау шоқыларына көз салып, осылардан әрқилы сыр ұшығын іздеген басым енді олардың баурына бүккен дәнемесі жоқ, құр қарайған топырақ, тас үйінділері ғана, егер тап қазір келген ізіммен кері қайтсам ештемені жоғалтпаймын деген ой іш-баурыма дендеп-ақ енді. Кері қайтар да едім, тек мына машина мені күштеп өз бағытымен әкетіп бара жатқандай. «Кәне, аттың басын кері бұр» деп бұйрық беруге дәрменім жоқ, себебі мен мұнда жалғыз емеспін. Бәрінің өз бағыты бар, адасқан жалғыз мен ғана. Алдымыздан бір ауыл көрінді. Шофер жігіт Бозтайдан: – Кірейін бе, жоқ, төте жолмен тарта береміз бе? – деп сұрады. Бозтай: – Бұл не мыжығаның? Кіреміз! Мүмкін Манабай осында шығар! Оның жүрмейтін жері бар ма? – деп зеки сөйледі. Бұл да мені елең еткізді. Іздеп келе жатқан осы өңірдің ең білгірі Манабай хақында осымен екінші мәрте кекесін естігендеймін. Құдайым-ау, неге оның жүрмейтін жері болмауға тиіс, әлде ол ұшарын жел, қонарын сай білетін ел кезбе біреу ме? Көкірегіме қадалған осы сауал да осы жүрісімнің мән-мағнасын кертіп жегендей одан әрмен құлазытты. Кездескен ауыл қақ ортасында бір ғана шаңдақ көшесі бар, үйлері қиқы-жиқы, айналасындағы бау-бақшалары да мардымсыз кішкене ғана елді мекен екен. Адам мен мал қарасы да көрінбейді. Бозтай машинаны тоқтаттырып, өзі ғана түсті де бірер үйге бас сұғып шықты. Машинаға қайта кіре: – Кеттік! – деп зілдене дүңк етті. Сірә, мендегі көңілсіздік бұған да орнағандай. Алдыңғы орындағы жетпістегі шал: – Мінәйдің үйіндегі қымыздың дәмі таңдайдан кетпейді. Қымыз ашытудың хас шебері сол ғой, – деп артқа бұрыла Бозтайға көз тастады. Бозтай оның емеурінін танып: – Ақсақал, мына кісі Алматыдан арнайы келген қонақ. Қымыз іздеп, қыдыруға мұршамыз жоқ. Қайтсем де бұл кісіні Манабаймен бүгін жолықтыруым керек, – деп оған да қыр көрсете жауап қайырды. Жетпістегі шал қырқ-қырқ күліп, қыр желкесін менің көз алдыма әдейілеп тосып, бүлк-бүлк еткізгендей. Шалдың ойын

айна-қатесіз түсіндім, ол өзгеге емес, біздің Манабай дегенді іздеген жүрісімізге күлді. Бұл оңай танылды. Енді мыналар маған өздері тұс-тұстан тас атқылағандай. Алдымыздан тағы осындай, бірақ одан да жұпыны, әрі сәл шағындау ауыл кездесті. Жетпістегі шал мен ешкісақал осында түсіп қалды. Машина алға қозғалғанда арса-арса жүздері күнге шағылыса соңымыздан ол екеудің күле қарағанын көзім шалды. Одан ары қарай жайлау басталады, шамасы. Әрқайсысы әр қиырда үштен, төрттен ақшыл, сұрғылт киіз үйлер тіккен малшылар қоныстары көрінді. Әрі жол да қиындады. Тас төгілген, бірақ бұрылыс, өр мен еңістері жиі ұшырасқасын машина да тоңқаңдаған қоңыздай бізді өзімен бірге селкілдетіп, берекемізді кетіре бастады. Бозтай жас болғанмен де әлденеден қитығып, екеуара әңгімеге зауқы соқпай қалғандай тұнжырап кетіпті. Бұл өзі өзге ауылдастарынан гөрі киімді ұқыпты киетін сырбаз жігіт екен. Жұқа ақсұр костюмі арық та бойшаң денесіне қонып-ақ тұр. Бүгін таңертеңгіліктің өзінде әлдебір қамқор қолдың мұқият тазалап, үтіктеуінен соң ғана иыққа ілінгені байқалады. Ақ жағалы жейдесі мен мықтап тартылған көк галустігі де сол костюмнің бітімін одан әрі жарастырып тиянақтап тұр. Ал аяғында ұшы үшкір, су жаңа қызыл туфли. Мұның да Бозтай үйден шығарда таза шүберекпен сүртілгені ап-айқын. Бозтай осы киім киісімен мал дәрігерінен гөрі адам дәрігеріне көбірек келіңкірейді. Мен Бозтайдың тұнжыраған түрін байқамағансып: – Бозтай, шырағым, сыр ашшы, осы біз іздеген Манабай әйелі, бала-шағасы бар, ақылы түзік адам ба осы? Ныспысы тіл ұшына іліксе кім-кімнің де тамағына күлкі кептелетін сияқты ғой, – дедім. Бозтай өз жүзін сілкіп қалып, кірбеңнен арылтып, жадырай, тіпті күлімсірей маған бұрылды: – Ағай, тегін адам таз бола ма? Әйелі, бала-шағасы бәрі бар, бірақ өзінің әуселесі көп, бабы қиын кісі. Бара көрерсіз. Құдай бірін берсе, екіншісінен кенде қылады ғой. Мана кәсіподақ ұйымының төрағасы айтты ғой, бәрі бопсалауға байланысты. Бопсалай алсаңыз одан бәрі шығады. Бір сайлау тұста бұлақ басында екі адамды көрдік. Бұл сәске түстің кезі, машина ішінде пысынағасын сыртқа мен де шықтым. Бұлақ басындағы екеуге Бозтай жақындады: – Ассалаумағалайкөм! – Уағалайкүміссалам, молда бол, балам! – Екеуі де егде адам болғасын мен де жақындап сәлем бердім. Бозтай таныстырып жатыр. Соңында:

– Бұл тұрыстарыңыз не? – деп сұрады. Екі шалдың бірі тақпақтап:

– Қотыр ат пен соқыр ат, намазшамда жолығад, қотыры қотырын

қасиды, соқыры сорасын ағызад! – деп салды.
Бозтай екеуміз езу тартқансыдық. Бозтай:

– Осы маңнан Манабайдың онда-мұнда өткені көздеріңізге түсті

ме? Ол қазір қайда, хабарларыңыз бар ма? – деді.

– Е, осындағы малшы ауылдардың бірінде де, қайда жоғалады

ол..? – Екі шалдың бірі осыны айтты да бұл да өз кезегінде Мана-
бай ныспысына бір жағымсыз теңеуді жапсыра жаздап, алматылық
менің тұрғанымды есіне алғандай көзінің бір ұшын маған қадай ол
да тілін тартты. Сәл бөгеліп, жаймашуақтата қайта сөйледі. – Кеше

осында автодүкен келіп, жалғыз Манабай емес, басқа да ындыны
кепкендердің біразын жайратып, біразын кекіреге тойған текедей
бақылдатып кетті ғой.
Қолына таяқ ұстаған, сақал-шашының ағы молдау екінші шал

сәл естияр-ау, шамасы, өз тұрғыласының мақамын орынсыздау
көргендей:

– Жә, не керек, Манабайдың қоразданып, өкіреңдейтін мінезі

жоқ, осы малшылардың бірінің үйінде қисайып жатқан шығар! –
деді.
Алғашқы шал бір тісі жоқ аузын кере ашып, қызыл иегі мен
тілін бері ақтарып тастардай тамашалатып, тапалтақ кеудесін

селкілдете күлді:

– Е, ақ сайтаны ұстаса алдымен сонікі ұстасын!

Біз тұрған бұлақ басында аласа бұталар өскен екен, олар өсімдік
дүниесінің қай тобына жатады дегендей соларға тесіле мыналар-
дан көзімді ала қашқым келді. Онымды Бозтай да аңғарды ма:

– Ағасы, кеттік! – деп, маған да қатқылдау үн қатты.

Машинаға қарай беттеген біздің соңымыздан екі шалдың бірі
айғайлады:

– Әй, айналайындар! Біз мына екі қырқылжың манадан

ырғасып-жырғасып, түбіне жете алмадық. Бір сауалымызға жауап
бере кетіңдерші. Кеше Мәскеудегі екі Президенттің кішісі үлкеніне
жаман кекесін білдірді. Ондайды олар түгіл мына біз сияқты қара
борбайлар басымыздан асырмаймыз. Ал анау үлкені бір қарымта

ойлап жатыр ма екен?
Мен екі саусағыммен екі құлағымды бітеп, тез машинаға мініп
жоғалуға тырыстым. Бозтай да солай, ол да жауап қатпастан
жүрісін тездеткенде аяғындағы әлі де қылау тимегендей қызыл

туфлиі күнге шағылысты. Машина ішінде өз аузыма ие болудан
қалып едім:

– Бозтай інім, ағыңнан жарылшы, бұл өңірдің қотыр аты мен соқыр атына дейін үлкен саясат дегенде таңдайлары тақылдай жөнеледі. Бұл не, дағды ма, жоқ, ауру ма? Осы елді бір індет жайлағаннан сау ма? Бұл сауал іш дүниемнен өзі атылып кеткендей еді. Бозтай біраз күмілжіп барып қана тілге келді. – Енді қайтеміз, қазір Ұлы Отан деп әсірелеген еліміздің кемесі суға батып бара ма қалай? Оны қотыр ат та, соқыр ат та көріп отыр. Үміт артқан мәскеулік басшылар нақтылы мәселе шешудің орнына бір-бірімен жаға жыртысуда. Сөздері де бір түрлі. Түйеден түскендей. Қазір ел ішінде соғысқа қатысқандар, еңбек ардагерлері, басқа да аққаптал, қарақапталдар тезекше ыбырсып жатыр. Бәрі осы қоғамды өз қолымызбен құрдық деп есептейді. Бірдеме десең мына орден, медальдарды әкемнің көз құны үшін берген жоқ деп, тіптен басқа шауып, төске өрлейді. Енді шыны да сол ғой. Өз қолымен орнатқан үйді құлату кімге ұнасын? Тұрмыс төмен, ашынған ел. Өзгеге менің де ақылым жетпейді, жазушы аға! Бозтай арық тотығыңқы өңін маған бұрғанда әлденеден оған жаным ашыды. Бұған, жалпы осы жұрттың үлкен-кішісіне әлдекім зорлық жасап жүргендей көрінді. Өзімнің осыдан үш ғасыр бұрынғы қалмақ шабуылы кезіндегі оқиғалардан құрастырып, көлемді шығарма жазбақ ниетім енді шын мәнінде көз алдымда ыдырағандай. Себебі, бұларға зорлық жасаушылардың қатарына өзім де қосылғандаймын. Кешегі Естемес сияқтылардың зарына құлақ аспай екі бірдей адамды жұмыстан бөліп, машинасын қоса пайдаланып, мына тау қырқаларында адастыруым зорлық емей немене? Тап қазір «кәне, Бозтай, сендерден кешірім өтінемін, келген ізімізбен кері қайтайық» десем жас жігіт қарсы болмас еді. Тек, ақыр келдім ғой, әлгі атышулы Манабай дегенді көре кетейін, тарихи тақырыпты тәрік етсем де ол өз білігімен бүгінгі шындыққа үлкен бір саңлау ашып берер деген үміт меңдеді. Тіпті осы жүрісімнің өзі де бүгінгі шындықтың бір жұрнағы емес пе дегенге сайдым. Тау үсті жазаңдау да айналадағы көрініс мол. Қызғылт, қара қоңыр түсті беткейлер алыстан мен мұндалайды. Ара-арасында тік жартасты шатқалдар да әрқилы сызық тартқандай. Қойнауларда, аласа жоталарда селеу, көде сияқты шөптер кейде қалыңдап, кейде селдіреп, күнге жылтырайды. Ара-тұра бұлақ суларының бойында бір-ақ уыс болып, ұйысқан кішкентай тоғайлар да көз тартады.

Біз Манабайды оңаша отырған, екі-үш үйден ғана тұратын малшы аулынан таптық. Үй иесі кіп-кішкене қияқ мұртты, сақалы да бір шөкімдей, өзі алпысты алқымдаған жұдырықтай ғана шал екен. Кемпірі де өзі құралпылас, белі бүгіңкілеу, бірақ алып-ұшып тұрған қимылы тез жан. Біз киіз үйдің есігін ақырын ғана ашып, иіліп бас сұққанымыз сол еді екеуі де орындарынан атып түрегеліп, асты-үстімізге түсе бастады: – О, құдайы қонақтар, төрлетіңіздер, төрлетіңіздер! Жақсыда жаттық жоқ! Бәрі де құдайдың берген сыбағасы, сыйы! – деп, кішкене шал алакөлеңке қос ішін даңғаза етіп жіберді. Бұлардың түскі шайды ішіп бола берген кезі, шамасы, ортадағы дастархан әлі сол қалпында. Төрге қарай қадам басқанымызда іргеде түс ауғанша жиылмаған бір жертөсекті көрдік. Әлдекім осында ұйықтап, жақында ғана тұрып кеткен тәрізді. Әрине, ол мына шалдың өзі емес. – Несібелі, алдымен мына қонақтарға сусын бер, шайыңды сосын тездет! Шырақтарым, қойдың қою айраны ма, жоқ, қымыз ба, қайсысын жандарың қалайды? Өйдейтінім кейбір келімдікетімділер осы үйдің айранына құштар, ойда сиырдың көк сүтінен жери ме, әйтеуір, солай! Кемпірі Несібелі құрақ ұшып, алдымыздағы дастарханды тез жаңартты. Жез самауырды тұрған орнынан сыртқа қарай жұлып әкетіп, орнына аппақ мәрмәр тастай үлкен кеселерді ала кірді. Біз Бозтайдың қалауымен қойдың қою айранын іштік. Мұндай бал татыған айран тек жайлауда, қойлы ауылдарда ғана болатынын бала кезімнен білетін едім. Шал мен кемпірдің ажарына, киіз үйдің кілем, оюлы сырмақ тұтылған керегелеріне қарап отырып, кешелі бері осы өңірден іздегенімді енді ғана тапқандаймын. Ол қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдың салт-дәстүрі, қонақжайлылығы еді. Ол күнгейдегі елдің ортасынан ығыса-ығыса тауға көтеріліп, осы қан жайлаудың ортасында ғана іркіліп қалғандай. Қойшы шал бір кезде сыртқа қарай айғайлады: – Әй, Шәкітай, айналайын көз нұрым, жаным, шырағым, отарды ары суатқа қарай құлатшы, сосын сары беткейге өргізші, көп иіріліп қалды, уақыты асып барады! Бұл да бір тілазар. Шәкітай бұл шалдың не баласы, не немересі, мына төрдегі жиылмаған төсек сонікі деп, мен өзімше топшыладым. Себебі, ол қайтсе де бір шолжаң адамның жатқан орнына келіңкірейтін еді. Екі-үш көрпе бір-біріне мінгесіп, тым қолапайсыз біткендей.

– Біз Манабайды осы ауылда деп естіп, аттың басын осылай бұрып едік, мұнда Манабайдың исі де білінбейді ғой, сол сығырды іздеп тау үстінде шоқалақтағанымызға біраз өтті, одан хабарыңыз бар ма? – Бозтай қою да тәтті айраннан соң аржағына ел қонғанын білдіре даусын көтеріңкі етіп сөйледі. Ал қойшы шал, есімі Нұрқас, көзін сығырайтты, әрі күлімсірей Бозтайға бір түрлі қызық қарады: – Иісшілдігіңнан айналдым, жаным! Айтпасыма болмады, тап өйтіп, мақтанатын жөнің жоқ екен. Аржағыңдағы өлікше сұлаған сол Манабайың емес пе? – А?! – деп, Бозтай арт жағында іргедегі жиылмаған жертөсекке жалт бұрылғанда шалқасынан түсе жаздады. Мен де сөйттім, сірә. Даладағы ақ шаңқан жарықтан соң алакөлеңке үй ішіне кіргенде көзіміз тұмшаланған ба, ол жиылмаған төсек емес, кәдімгі адам жатқан төсек болып шықты. Нобайын енді ғана ажыраттық, күннің ыстығына қарамай қалың көрпемен бет-аузын бүркемелеп, үш-төрт бүктеліп жатқан біреу. Нұрқас бізге басу айтқандай: – Кеше осында райпотребсозюдың автодүкені келіп кетіп еді. Оның ізінде осындайлар қирап жатпаса сәні келісе ме? Үй иелерінің қонақжайлылығынан жаңа ғана көтерілген көңілім әп-сәтте су сепкендей қайта басылды. Бүкіл ауданның ел-жұртын, ойдағысын, қырдағысын түгел кезіп іздегенім осы маскүнем бе? Бәсе, мұны әркімнің мойнына қарғы таға атауынан-ақ шошып едім, бұл нені ырғап жарытпақ? Қоянның түрін көріп қалжасынан түңіл деген. Бұдан кейін өзара әңгімеміз сәл-пәл жараспады. Менің көңілкүйім Бозтай мен үй иесі, қойшы шал Нұрқасқа да көшкендей, олар өздерін сәл-пәл жазықты санағандай қипақтаған сыңайда. Бірақ Нұрқастың іш пейілі мол, көздерін маған қарай жансар жылтыратып алыстан келген қонақтың көңлін табудың әуселесі айналдырды. Кенет біздің әңгіме, сөз іздеп жүргеніміз есіне түсті ме, сыңқсыңқ күліп, бір шөкім сақалды иегін шаңыраққа қарай екі-үш атып: – Менен бір тәбәрік, – деді. – Осы маңда Сақан, Пішенбай атты екі пұшық бар. Сақан үлкендеу, қария кісі, мұрны әлдекім кесіп әкеткендей теп-тегіс, ал Пішенбай жасы кішілеу, оның мұрнын түбірімен жұлып әкеткендей орны үңірейіп қалған. Бірде Сақан маңқылдап: «Әй, Пішенбай, мені құдай жанамалап ұрған екен, ал сені былш еткізіп, тікесінен тік ұрыпты ғой депті.» Бозтай мырс-мырс күлгенсіді, ал мен қитығып, оған мүлдем жаман көзбен қарадым, білем:

– Бұл қиырға, мынадай әуе айналып жерге түскендей шақта

қотырлардың, соқырлардың, пұшықтардың жатыпатарларын іздеп
келген жоқ едім!
Бозтайдың бетінде ұят белгісі білінді. Сосын Нұрқас екеуі күбір-
күбірге басты. Манабайдың масаңдығы қаншалық, қашаннан бері

ішуде, мұндайда айығуы қаншаға созылушы еді деген сияқтылар.
Осы күбір-күбірден бір ұққаным, мына Нұрқас мана таңертеңгісін
біз аттанып шыққан кеңшардың емес, өзге көрші шаруашылықтың
малын бағатын адам екен. Бұл да мені сәл-пәл тосырқатып,

аяғымның астындағы тіренішті әлдекім жұлып әкеткенге ұқсады.
Әрі-беріден соң бұл шал бізді төрінде шалжитып, жағдай жасауға
міндетті де емес қой. Жүзіндегі имандылық қана мен қармар талға
ұқсайды. Бірақ ол талым түбі берік тал екен. Нұрқас төргі іргеде

екі-үш көрпе астында келісімсіз кейіпте бүктетілген шежірешіге
айғайлады. Бұл шалдың мал қайырғандағы даусы екені ап-анық:

– Әй, Манабай! Сонау Алматыдан ат арытып, зиялы қонақ келіп

отыр! Тұр былай! Басыңды көтер! Сенімен тілдесетін шаруам бар
дейді. Немене соншама?! Қарын ұйқысын ұйықтағандай болып жа-
туын қарашы мұның!
Осындай екі-үш айғайдан соң іргедегі Манабай жастықтан ба-

сын көтеріп, ыстық күнде үстіне мінгескен жамылғыдан тұлабойын
әрең аршып, аяғын да босатып, талтайтып бізге қарап отырды.
Оның болмысы енді ғана маған толық күйінде ашылды. Ашылғаны
құрысын, әлдене басымды дың еткізді. Кенет кешегі Естемес еле-

степ, ол бет-әлпетіндегі қатқан мұзды шытынатып, жадырап, көз
алдымда қарқ-қарқ күлкіге басқандай. «Саған керегі осы еді ғой,
сардалада елес қуған батырым» дегені құлағымды жара жеткен-
дей. Мұның бәріне себепкер Манабайдың шашы дудыраған, қарны

қампиған, бұты тыртиған ұсқынсыз түрі екенін бара-бара түсіндім.
Иә, шынында Манабай бір көрімге жоқ жан екен. Бәрінен де жаманы
талтайта созған екі аяғы тым қысқа көрінді. Шалбары одан да мар-
дымсыз ба, жоқ, балағы жоғары ысырылған ба, әйтеуір, сол қысқа

аяқтың өзі жартылай жалаңаштанып тұр. Дудыраған қара шашы
маңдайға құлап, қас-қабағымен бірігіп кеткен, бірақ көздерін жаба
алмапты. Алакөлеңкелеу үй жағдайында да майша жылтыраған
қос жанар өзіне тесіле қадалған Бозтай екеуімізден оқтай өтіп ба-

рып, алдымызда жаюлы дастарханды тінткілей бастапты. Сірә, ол
бізді арақ ішіп отыр деп ойлаған. Нұрқас шалдың даусынан басын
көтеріп алуы да соның айғағы. Нұрқас қайта дауыстады:

– Әй, Манабай, алыстан алты жасар бала келсе алпыстағы шал

сәлем береді дейді. Кәне, есіңді жи!

Манабай дастарханды тінткілеп, одан түк таппаған көздерін
бізден асыра Нұрқасқа қарап:

– Ағасы, құлың болайын, маған енді бір бие сауымдық ұйқыны

қи! – деді де ары қарай қайта аунап түсті.
Бұдан кейінгіде Бозтай жастық алдырып, ол да қисайды да мен
үй иесі Нұрқаспен бірге сыртқа шықтым. Күнде келіп жатқам жоқ,
еңғұрмаса Қаратаудың келбетіне көз құмарымды бір қандырайын

деген дәмем бар. Біз үй маңынан ұзаңқырай шықтық. Алыста сары
беткейге қарай жайылған бір отар қой көрінді, шалдың көзі сонда,
бұл манағы Шәкітай деген бала айдап кеткен мына шалдың малы
екені анық. Көңілім пәстеу. Шал соны сезді ме:

– Енді қайтейін, бұл Манабай ұйқысын бұзғанды қасқырдың

артқы сирағынан жек көреді. Ал еркіне көнбесең ақ сайтаны
ұстайды, онысы тіпті қиын! – деді. Сол сәтте мен:

– Нұреке, сізге арызым бар, сіз ара ағайын іспеттісіз, өкпе-

нараз сізге жүрмейді, бір жайды ашыңызшы. Жаңа Бозтай да
сізге түсіндірді ғой, маған керегі осыдан үш ғасыр бұрынғы қалмақ
шапқан кездегі, әлгі «Қаратаудың басынан көш келеді» деген өлең
туған кездегі осындағы оқиғалар, оған қатысқан би-батырлар жайы.

Содан мына Манабай бірдеме біле ме? – деп қадала сұрадым.

– Білгенде әбден біледі! – деді Нұрқас жалма-жан. – Бұл жеті

атасынан бері шежіреші. «Қасқа айғырдың баласы қасқа тумаса
да төбел туады». Бірақ мұны екінші өнер қоса иектеген ғой. Бұл
бармағынан бал тамған домбырашы да! Жаңа байқадыңдар ма,
іргеде көрпе астына домбырасын да тығып, оны қоса құшақтап

жатыр. Бірер мәрте сондай аспабын ұрлатып, содан жапсырған
ауруы ма, итім білсін ол жағын, әйтеуір домбырасын құшақтап жа-
татын дағдысы бар.
Манабайдың домбырасы көзіме ілінбепті, оның шыжыған күнде

мол жамылғыны пайдалануы өзі үшін емес, сол домбырасы үшін
шығар, бәлкім. Иә, өнер адамдарында әртүрлі қызық мінездер
бола береді. Сәл бөгеліп, Нұрқас қайта тілге келді:

– Оңашада сыр ашайын. Бұл Манабай тілін тапсаң шұбырынды

заманды шемішкеше шағады. Мұның екі пірі бар, бірі дулат-жа-
ныс Төле би Әлібек баласы да, екінші пірі Сүгір. Бұл Манабай
қаршадайында сол Сүгір күйшіден тәлім алған ғой. Сүгір өлгенде
үш күн жер бауырлап жылапты. Төлеген Момбеков деген дүлдүл

күйшіні естіуіңіз бар шығар?

– Ау, Нұреке, мені кім деп тұрсыз? Төлеген Момбеков деген

күйшіні Алматыда талай көргенмін. Мұхтар Әуезов атты ұлы жа-
зушы бар емес пе, соның музей-үйінде Момбековтың домбыра

тартқанын қол созым жерде отырып тыңдағанмын. Ол бүгінде көзі тірі адам ғой. – Иә, көзі тірі адам. Мына Манабайдың сол Төлеген Момбековпен де бірге жүргені бар, бірақ екеуінің тұзы жараспай екі бөлініп кетті. Қазір бірі отырған жерден екіншісі ат шаптырым айналып өтеді. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды ғой. Нұрекеңнің осы соңғы сөзі тұсында манағы машина ішіндегі екеудің Мәскеудегі екі Президенттің жаға жыртысулары хақындағы лепірмелері ойыма оралып, мырс күлгенім. Сосын мына қонақжай үй иесінің астына көпшік қойғым келді ме: – Ақсақал, сіздің сөзіңіз маған ұнайды. Ал осындағы өзгелерді түртіп қалсаңыз үлкен саясат төңірегінде ақтарыла кетеді. Бұл да жаңағы өзіңіз айтқандай жабысқан ауру ма, не өзі? – деп салыппын. Нұрқас менің қолпашымнан жалы күдіреймей, керісінше, онсыз да жұдырықтай денесін екі бүктей кішірейтіңкіреп, жерге тұқырды. Бетінің екі ұшынан әлдебір ауыр ойдың тамшылары жерге тырстырс тамғандай енді соны жасырғансып, көзін жерден алмады. Жүрісіміз онсыз да сылбыр еді, оны тіпті баяулата мен енді өзімді өзім жазғыруға кірістім: «Нем бар еді өйдеп, ондай ауру, әлде дағды бұл кісінің өзінде де бар шығар, сосын да ауыр тиді-ау, жанды жара секілді бірдемесі ме, кім білсін?». Шал басын көтергенде екі көзі екі жаққа алақтап, қияқтай мұрты мен бір шөкімдей сақалы да табандары тайғанақтағандай өз орындарында жыбырши бастапты: – Жаным, сол құралпылас бір сауал менен де туындайды. «Дауыл соқса құйын артын қысады» деген мақал бар. Кеше Мәскеудегі үлкен патша «арақ ішпеңдер» деп, арақ-шараптың бәрін жиып әкетті. Жә, оны дұрыс дедік. Бірақ одан жұрттың аузы құрғап қалған жоқ, ана Манабай күйшінің жатысын көрдің ғой. Енді сол үлкен патша осынша малдың қажеті қанша деп, тағы жарлық шашты деп жатқандар бар. Қазір өзің сияқты өкілдердің бұл малға деген көзқарасы бір түрлі. Шыны керек, сосын да бұл мал күннен-күнге жидіп барады. Құдіреті күшті құдайым-ау, бұл мал дегенің ел-жұрт ішпесе де болатын әлгі арақ-шарап емес қой. Немене, отызыншы жылдың ашаршылығын басымызға әкеп, тағы таңбақ па? Жұрттың аузындағы саясат емес, содан шошынғандағы ойбайы ғой. Жұртқа өйтпе деп, қалай айтасың, таяқтасаң ойбайына аттаны қосылады. Қойшы шалдың мұнысы басқа, көзге қабат тиген қара тастай әсер етті. Қалың елді алапат дауыл басқанда әлдеқайда кетіп жоғалған құйынның ізін жоқтағаның не сасқаның дегені тайға таңба басқандай айқын. Мен өзім қолға алған тақырыптан біржола бас тартуға да таяу едім. Иә, қалың елдің көңлі күпті. Сондайда елмен

бірге болудың орнына өткен замандардың жықпылдарына сүңгіп,
бүгінгінің зобалаңынан бас сауғалап қашқан терісі жұқа біреудің
қылығын қайталағаным қалай? Мен көпке дейін жақ аша алма-
дым. Нұрқас шалда қонағымды бір оқпен атып құлаттым-ау де-

ген еркөңілділік жоқ, қайта қас-қабағына кірбең ұялап, алматылық
қонаққа обал болды-ау дегендей менің қас-қабағымды барлай ба-
стапты. Мені сөзге тартқансыды. Ақыры, ештеме шығара алмағасын
осы Қаратаудың аң-құсы, өсімдік дүниесі хақында үзік-үзік сөз

қозғады. Кенет әйгілі Қаратау аңыздарына көшті. Әлгі Келіншек
тас оқиғасын бір қайырып тастады. Оны бұрыннан білгесін аса
ықыластана қоймап едім. Сосын осындағы Қатынқамал аңызын
құрықтады. Ерте-ерте заманда сол Қатынқамал маңында бір пат-

ша билік құрыпты. Ол түстіктегі Бұхара ханымен әмпей-жәмпей
екен. Кенет Бұхара қаласына күші әлдеқайда басым жау шауып,
бұлар қанша тірескенмен шапқан жау аларман болғасын Бұхара
ханы Қатынқамал маңындағы патшалықтан көмек сұрапты. Бұл

патша «егер мен болыспасам ол жау өзімді де шабады ғой» деп
қауіптеніп, еркек кіндіктіні мұздай қаруландырып, Бұхараға аттан-
дырыпты. Олар біржола қайтпай қалыпты. Сосын ол патша көресісін
сырттағы жаудан емес, іштегі жаудан көріпті. Ол не қылған жау! Ол

осындағы әйелдер еді. Еркектерінен айрылған әйелдер лаңның
көкесін бастайды. Өзгесі былай, олар түздегі жабайы аңдармен
«махаббат ойынын» ойнайды. Бұдан қатты түңілген патша бір
ойға келеді. Осындағы құл біткенді жұмылдырып, төрт бұрышты

терең ор қаздырады. Табанына киіз төсеп, қабырғаларын әр қилы
өрнектермен әрлеп, әшекейлеп, «мен мұнда әйелдер үшін үлкен
той жасаймын, сөйтіп, олардың көңілдерін көтеремін» деп жар са-
лады. Шынында, абажадай үлкен-үлкен ыдыстарға шарап толтыр-

тып, әрі сойыс малдарын әкелдіреді. Ал көздің жауын алатын тәтті
жеміс-жидектердің тіпті шет-шегі болмаса керек. Той болады деген
күні қызық іздеген қатындар ой мұнда ағылады-ау! Төрт бұрышты
ордың табанына жайылған дастарханды көргенде олар естерінен

танады. Дәу-дәу ожаулармен шараларға шарапты толтыра құйып,
бәріне жомарттықпен таратылады. Аш қарынға құйылған шарап
қандай? Одан кейін татып жеген жеміс-жидек қандай? Ал қорғанның
сыртында үлкен-үлкен жерошақтарда асылып жатқан мал етінің

исі оларды шараптан әрмен мас қылады. Кенет, қатындар біржола
естерін жоғалтты-ау дегенде патшаның құлдары алдын-ала жер-
маймен, мал майымен әбден қанықтырылған киіз-көрпелерді
қатындардың төбелеріне лақтырып, әрі тұс-тұстан от тастайды.

Сөйтіп, құлындағы дауыстары құраққа шыққан қатындар сол төрт

бұрышты терең ордың табанында түп-түгелімен жанып кетіпті. Сол ор кейін «Қатынқамал» атаныпты. Шалдың сөзін жерде қалдырмайын дегендей мен де аздап білгішсіндім: – Нұрқас аға, сіздің осы хикаятыңыздың тарихи негізі бар. Сегізінші ғасырдың басында арабтар осы Бұхара қаласының тұрғындарын мұсылман дініне енгіземіз деп, мұнда үлкен күш әкеп төгіпті. Бұхара халқы жан-тәнімен қорғаныпты. Арабтардың алғашқы екі шабуылын тойтарып, үшіншісінде ғана тізе бүгіпті. Қаратау бойын жайлаған елден көмек сұрағаны сол жолы шығар?! Қойшы шал мұныма ләм-мим демеді. Бұдан әріде тым ұсақ әңгімелер кетті. Киіз үйге оралғанымызда бір бие сауымыңдай емес, екі бие сауымындай уақыт өтіп еді. Ішке бас сұққанымызда төрде, дастархан басында Манабай домбыра ұстап отыр екен. Қасындағы Бозтай екеуі шақ-шұқ етісіп, өзара керісіп те үлгергендей. Бозтайдың алабұртқан жүзі, түйілген көздері соны айғақтайды. Манабай дудыраған шашын сәл жөнге келтіріп, ала жолағы әрең шалынатын ескі қысқа жеңді жейдесін де түзеп, шалбарының балағын да төмен түсіріп, сәл дұрысталып қалыпты. Майша жылтыраған көздері де манағыдай емес, онда сәл «мұсылманшылық» басым, жасқана сыпайылықпен қарайды. Тек мұрны қолағаштай зор екен, соған орай қап-қара бет терісі де қалың етті көрінді. Өзімнен сәл үлкендеу, шамамен алпысқа таяған жан. Тек бала мінезді қалпы көзге оттай басылады. Сәл күлгенде қампиған қарны қоса селкілдеп, бала мінезділігін тіптен арши түседі. Біз жоқта Бозтайдың, әрі осы Нұрқас шалдың кемпірінің көмегімен біраз сусын ішіп, әл жиғаны да білінеді. Қолындағы домбырасы бағзы заманғы әдіспен ағаштан тұтас ойылып жасалған аспап екен. Бір кездегі әсем нақыштары шет-пұшпақталып қана сақталған. Басына бір тұтамдай ғана көк шүберек байланған. Қара күңгірт шанағында тырнақ ізі екені анық алақандай ғана ақ сарғыштау ағаш реңі жалаңаштанып тұр. Иә, бұл дүние көненің көзі екені айтқызбай танылады. Тек қос ішек, перне, тиек сияқтылары ғана жаңаның туындыларымыз дегендей бөлектене қарайды. Біз жайғасып үлгерместен Манабай маған бұрылып: – Мына Бозтай манадан бері сіздің шаруаңыз хақында менің құлағымды мүжіді. Бірақ бүгін менің күй тартатын күнім еді, – деді. Мен аса түсінгем жоқ, немене күй тартудың да алдын-ала белгіленіп қойған кестесі болатын ба еді дегендеймін. – Әй, Манабай! – деген үй иесі шалдың даусы бәріміздің көңілімізді бөлді. – Анау-мынау күнде ораза-намаз да бұзылады!

Сен қасарыспа! Қазақтың қара сөзіне бас! Бұл жігіт өзі әңгімені жақсы тыңдайды екен! Кәне, райыңнан қайт! – Жарандар! Мұндайда зорлық жүрмейді. Бүгінше күй тартайын. Кеудемді кернеп барады, шарт жарылсын демесеңдер сендер де райларыңнан қайтыңдар! Ара-арасында азын-аулақ әңгімесі де ере жүреді ғой. – Мәке, бұл кісінің нақтылы тақырыбы бар ғой, қалай ұққыңыз келмейді! – деп, манадан осы Манабаймен ырғасып-жырғасып тауы шағылғаны білінген Бозтай оқыған адамның тілімен нығарлай сөйледі. Манабай төрде сол Бозтай екеуміздің ортамызда еді. Екі жағына жалтақ-жалтақ етті де: – Жоқ, зорлық жүрмейді, бүгін тек күйдің кезегі! – деп быртық саусақтарымен домбыраның шанағын қағып-қағып жіберді. Дастархан басында, төменіректе шофер жігіт те отыр еді. Соны бір барлап, Бозтайға «әй, інішек, осыларыңа да рахмет, уақытты рәсуа етпейік, сендердің де шаруаларың күтіп тұр, айда, кеттік» деуге оқталып едім. Манабай домбыраның шанағын екі-үш рет қақты да кілт үзіп, құлағына жармасты. Құлақ күйін келтіру үстінде үзік-үзік үндерді төгіп-төгіп жіберді. Осының өзі құлазыған көңіліме су сепкендей еді. Сол тіл-жағымды қарыстырып, қол-аяғымды байлағандай. «Жарайды, еңғұрмаса екі-үш күй тыңдап кетейін» деген ыңғайға жығылдым. Манабай ең алдымен күй емес, үзік-үзік ырғақтардан тұратын бірдемені шертті. Быртық саусақтары ішек бойлай жүгіргенде шаңдақ көшеде асық ойнаған қара домалақ ауыл балаларын еске түсіреді екен. Бірақ асыр салған балалардың айғай-шуындай емес, быртық саусақтар домбыра шанағынан құлаққа жағымды бір дыбыстарды теріп-теріп бері ытқытып жатқандай көрінді. Жоқ, бұл шынында көп-көрім күйші деген қортындыны көкірегіме түйгенсідім. Басын көтеріңкіреп, есік жаққа сүзіле қарағанда көздері қайтадан майша жылтырап, алакөлеңке киіз үй ішінде де бір ерекше жарықпен шағылысқандай қос жанары сәулелене түсіпті. Қолағаштай мұрны мен қалың етті қап-қара бет терісі әлдебір қаһар, зорлық сияқтымен беттескелі тұрғандай керіле түйілген. Байқаймын, бұл Манабай едәуір қайраттың адамы. Манағы алғаш көргенімдей шашы дудыраған, қарны қампиған, бұты талтиған біреу емес, екі иығына екі кісі мінгендей зор тұлғасы бірте-бірте мен мұндалағандай әсер етеді. «Көзіңді шел қаптамаса дұрыстап барлап ал» деп, ызғар шашқанға да ұқсайды. Бұл тыңқыл біразға созылып барып, кілт үзілді. – Бұрынғы аталарымыз мұны «Құлақ күйі» атаған екен, – деді. Сөйдеді де басын аямай сілкілеп-сілкілеп жіберді. Осы тұста маған

бір ұнамағаны басындағы шашы манағыдай қайта дудырап шыға
келді. Сосын қас-қабағын төмен салбыратып, қолындағы домбыра-
сына шұқшиып, осы менің аспабым ба, әлдекім ауыстырып кеткен
жоқ па дегендей тұралады. Қайта көтеріліп, қойшы шалдың қосы

ішіндегі адамдарды ілкі назарымен түгендеп, әсіресе, Нұрқас пен
қасындағы Бозтайды нысанаға алғандай. Не қатер болса да сол
екеуінен келер дегенге ұқсайды. Олардың тарапынан тыныштықтан
өзге дәнеме жоқтығын таразылап барып жұмсарғандай. Сөйтіп,

домбыраға қайта қол соқты. Алғашқыда дуылдаған бір үн шыққан
сияқты, кенет ол бұлқынып арнасын өзгерткен судай тереңге
салды.

– Манабайым Қорқыттан бастады! – деп үй иесі қойшы шал

Нұрқас елгезектеніп, қасындағы самауырға құлап кете жаздай
ырғалды. Самауырдың екінші жағында қарама-қарсы шөккен
кемпірі оған оқты көзін қадады. Қойшы шал ол оқты қарастан одан
сайын ырғалғандай. Бозтай да, шофер жігіт те бұл шақта ауызда-

рына біржола құлып салғандай еді. Иә, әсіресе, Бозтайдың ашулы
жүзі жадырап, күй ағынына бой алдырғандай тым бейбіт қалыпқа
көшкен.
Манабайдың домбыраға қол соғысы бара-бара түрленді. Быртық

саусақтар енді асық ойнаған қара домалақтар емес, олардан гөрі
ересектеу, тай-құнанға мініп, өлер жерін аңдамай шапқан жас боз-
балалар қылығын еске түсіреді. Бірақ оның бәрі қиялдың суреті,
домбыраның шанағынан күмбірлеген үн ол суретті тез өшіріп,

одан гөрі ызғырық жел есіп, қап-қара бұлттар жер бауырлап, суық
әкелген табиғат құбылысы бойыңды тоңазытады. Ерте-ерте за-
мандарда құба жонды керім далаларда жойқын ауа қозғалысы
киіз үйлерді қаңбақша ұшырып, бас-көзге қаратпай дүние-мүлікті

тарыдай шашып, адам мен малды қорғансыз қалдырады деген хи-
каяттар естуші едік. Мына Манабай сол ортада өмір сүріп, болған
жайды көзімен көріп, құлағымен естіп, осы заманға көшіріп әкеле
алмаса да сондағы үн біткенді мына қос ішекті домбыра шанағына

сыйғызып, енді құдықтан қауға тартқан жансебілдей соны бір-
бірлеп там-тұмдап, бізге естіртіп жатқандай.
Кенет күй арнасы тағы бағыт өзгертті. Енді мұнда ысқырған жел
де, азынаған адам мен мал да жоқ, есесіне әлденені іздеп, аспан

мен жер арасын толтыра күңіренген, шарқ ұрған әлеуетті біреудің
кең көмекейінен шыққан дауыс алас ұрғандай. Ол жай алас ұрмай,
оны тыңдаған адам, жан-жануар, жабайы аң түгілі сол маңдағы
тау мен тастың, қарағай мен қайыңның, шілік пен тораңғының

қабырғасын қайыстырғандай. Жансызға жан бітіріп, көздерінен
жас ағызғандай. Апырау, бұл неткен сұрапыл үн?! Қол тоқпақтай

ғана бітімі бар домбыраға тағылған қос ішек кәдімгі қазақ атаулы майын тамызып етін жейтін қойдың ішегінен жасалған дегенге мынадай жойқын ағын үстінде кімді сендіре аласың? Қорқыттың күйін бұрын да естіген едім, музыкаға шорқақ басым кезінде дұрыс қорыта алмағам ба, оның мүншалықты құдіреті барын, көз алдымда бас-аяғы жоқ дүние кейпін аударылыптөңкерілген қалпында мың құбылтарын білмеген екем. Енді бірауық сол аударылып-төңкерілген дүние мен қарапайым екі аяқты, екі қолды кішкентай адамның арасындағы тайталасты елестететін үн дуылдады. Адам тым болмашы, ал дүние тым зор, екеуара тең мүмкіндік жоқ, есесіне адамның өмірге, тіршілікке деген құщтарлығы оның қос қолына қара шоқпар болып жабысып, оның күшіне күш, жігеріне жігер қосқандай. Қараңыз, ақыры сол кішкентай жұмыр басты пенде өзінен мың, миллион есе зор алпауытпен текетіресте жеңіске жеткендей. Бұл жай жеңіс емес, қан мен тер аямай төгілген ұзақ майдандасудан соңғы мәңгілік өмір салтанаты. Күй аяқталғанда әлдебір тұңғиыққа батып бара жатқан өзімді қандай да бір құдірет иесі жұлқып шығарып, онымен қоймай әлдебір хан-патшаның алтын, күміс, гауһармен безендірілген, мол әшекейлі тағына қондыра салғандай көңілімнің өспесі бар ма? Мен енді Манабайдың болмысына мүлдем басқаша көзбен қарадым. Ол да соны сезді ме, әлі де домбыра шанағын алақанымен сыйпалай маған мойын бұрды да бір сөзді менің өзіме арнады: – Алматылық жазушы жолдас, сіз Қорқыттың әкесі Қарақожа көне заманғы оғыздардың Қамы деген атасынан туғанын, ал шешесінің қыпшақ қызы екенін білерсіз. Қорқыт үш хан тұсында ғұмыр кешіп, оларға уәзірлік қызмет атқарып, оғыз бен қыпшақ атты екі елдің ішінде асқан күйші, ақын, мәмлегер, әділ қазы, шешен, данышпан атанғаны жайында да тасқа басылып қалған ғой. Бір кезде оның өлімнен қашып, бірақ өлмес өмірді тек өнерден тапқаны жайлы да әңгіме бесіктегі балаға дейін аян. Оларды созғылап, сіздің миыңызды шірітпей-ақ қояйын. Бірақ мына жай сізге беймәлім болар. – Осыны айтты да домбырасын үш-төрт мәрте қағып-қағып жіберіп, қайта үзіп, әңгімесін жалғады. – Қорқыт ата өлімнен қашып, мәңгілік өмірді іздеп, желмаясымен желіп жүріп, құдай жаратқан жұмыр жердің жартысына жуығын кезіп, ақыры Сырдарияның жағасына тоқтаған. Сосын сумен ағып, сонау төменде қазіргі Қорқыт ата стансасы тұрған жерде жағалауға шыққан ғой. Міне, сол маңда өлмес өмір туралы соңғы күйін тудырыпты. Бұл мамыр айының орта шені екен. Сол жағалауға таяу, аса таяу да емес Жүзқұдық атты бір сулы кеңістік бар. Ол да бір

құдайдың көңілі түскенде жаратқан дүниесі. Сонда бір-бірінен қозыкөштей қашықтықта бақандай жүз құдықтың суы тереңде бірбірімен жалғасып жатады. Суы тіпті керемет мол, сізге өтірік, маған шын, оның суының молдығы сонша Алматыда, өзіңіз күнде көріп жүрген бір ғалым сол жүз құдықтың суымен Аралды толтырам деп әуреленіпті. Иә, ол басқа жыр. Сол Қорқыт ата заманында осы өңірдегі ел сол жүз құдықтың айналасына көктемде көшіп келіп, малын төлдетіп, жүн қырқып, әрі көп қып тары егіп кетеді екен. Сосын жаз жайлау іздеп, малын айдап, сонау алыс теріскейдегі Құсмұрын, Шерубай-Нұра жаққа беттеп, күзде тары піскен кезде қайта оралады екен. Сосын тарысын орып, сәл аялдап, қыстауға жылжиды, шамасы. Мамыр айының орта шенінде осында, Сырдария жағасында Қорқыт ата тоқтап, соңғы күйін тартты дедім емес пе? Мұнда Бесқонақ деген бар. Сол Бесқонақ өтпей мұндағы ел үйінің іргесін көтермейді. Міне, мамыр айының ортасы туды, Бесқонақтың беті қайтты, ел киіз үйлердің іргесін көтерді. Сол шақта жастардың да делебесі қозбай ма? Іздегенге сұраған деген. Тап сол шақта Сырдария жақтан Қорқыт аңыратқан қобыздың үні жетеді. Қорқыт қобызының үнін, мейлі ол алыстан, мейлі жақыннан шықсын барша жұрт дәл айырады. Сондай да бір қасиет арқалаған деседі. Кенет сондағы қырық қыз «Қорқыт атаның күйін тыңдап қаламыз» деп, үй-үйлерінен атып шығып, Сырдарияның жағалауына қарай жүгіреді ғой. Сондағы бір ақсақ қыз «мен де күй тыңдаймын» деп, әлгі қырық қыздың соңынан ол да жүгіреді ғой, бейшара бірақ оларға ілесе алмайды, бәрібір жүгіре береді. Жолай екі төбе бар екен. Бірі дарияға таяу да, екіншісі кейінірек. Қырық қыз сол дарияға таяу төбеге көтеріліп, сәл демдерін басып, күйге құлақ түреді. Ал ақсақ қыз да одан кейінгі екінші төбеге көтеріледі. Ол күні аспан бұлтты екен. Кенет қырық қыздың төбесінен жай ұрып, қырқы бірдей жайрап түседі ғой. Оны көзімен көрген екінші төбедегі ақсақ қыздың да қорқыныштан жүрегі жарылып өледі. Сол екі төбе әлі бар, бірі «Қырыққыз», екіншісі, «Ақсаққыз» аталады. Манабай бұл хикаятты тауысты да түсін тез өзгертті. Онсыз да қолағаштай мұрынды, қалың етті бет-жүзі адам қарамастай сұстанып, аузынан көбік шашардай еріндерін дүрдитті. Мұнысы ұзаққа созылған жоқ, сол қолының быртық саусақтары ішек бойлап жүгірді де, бір мезгілде оң қолы домбыра шанағын қаққылады. Алғашқыда құлаққа жайсыздау, жүректі тітіркентетін үн шықты да бара-бара адамның еңсесі кетерлік басқа бір әуенге ұласты. Қарапайым тіршілік қамындағы ел-жұрт, бейуақ шақ, кенет аспаннан төнген қара бұлт жер бетінің апшысын қуырып, дауыл болып

соққандай. Бұл дауыл кәдімгі ауа қозғалысы емес, аспандағы қара бұлттың қаһарынан туған дүлей соққының екпіні сияқты. Сол соққының ара-арасында адамның алпыс екі тамырын балқытар басқа бір үн құлақтан кіріп, бойды алады да ол тез үзіліп, әлгі дауыл сойқанына кезек береді. Мұндайда көк тәңірісінің жер бетіндегі тіршілік иелеріне деген долылығы еселеп артады. Апырау, қарабайыр ғана тірлік иесі адамдар сол көк тәңірісінің алдында қай қылығы үшін күнәлі болды екен деген сауалға ұрынасың. Манабайдың домбыра қағысы тіптен үдеді. Енді күй мүлдем өзгеше ауан алды. Кенет көз алдымда басқа суреттер өрілді. Сыр бойында қобыз аңыратқан Қорқытқа қарай жүгірген қырық қыз, олардың соңынан елпектеген ақсақ қыз, аспаннан шатырлаған найзағай, бір төбеде жай отынан құлындағы даусы құраққа шыға жанып, қап-қара көмірге айналған жаңағы қырық қыз, бұл сұмдықтан жүрегі жарылып құлаған жаңағы ақсақ қыз – бәрі-бәрі қолмен қойған суреттердей көз алдымда зуылдады. Мана Нұрқас баяндаған «Қатынқамал» аңызы да қабаттасты. Апырау, ел іші болғасын анау-мынау күнәкарлар болар, ал солардың ортасынан суырыла жүгірген сол он екіде бір гүлі ашылмаған жас арулардың не күнәсі бар еді, көк тәңірісі неге оларға соншама қатыбастанды деген сұрақ тап өкпе тұсымнан қадалғандай. Мұнымен екінші сұрақ қосарласты. Апырау, бұл Манабай сонау Сыр бойында, Қорқыт ата өзінің соңғы күйін тартқан тұста, Жүзқұдық атты берекелі қоныста болған, жаңа ғана өз аузымен ежіктеген жайды енді домбырасының қос ішегі арқылы жеткізіп отыр ма? Сонда бұл күй кімдікі, өзінікі ме, басқа біреудікі ме? Бұл сұрақтарды тап қазір Манабайға қою мүмкін емес еді. Күй аяқталғасын жүзі алабұртып, қап-қара көмірден әрмен қарауытып, аузынан көбігі аға бастады, білем. Жарайды, сәл бір сабасына түскен шақта анықтармын деп, ол жағын кейінге қалдырдым. Соған қосымша тапқан бір олжам кешелі бері мені бетімнан қайтармақ, өткен заманның жырын жырлап неғыласың деп кері кетірмек жандардың әрекеті тым сұрықсызданды. Мейлі, Манабай шерткен күйлер, олардың қалай туғаны жайлы аңыздар өзім тақырып етіп алған кезең туралы болмасын-ақ, соның өзінде де сол өткен замандардың келбет-кескінін сомдауға себі тиерлік нақыштар емес пе? Ондай нақыштар өздігінен көгендеулі қозыдай менің алдымда үнемі тізіліп тұрмайды ғой. Бұдан кейінгіде Манабай біршама құлаққа таныс Ықылас пен Сүгір күйлерін төкті. Құрманғазы, Дина, Соқыр Есжан, Дәулеткерей тарапынан бір-бір күйден сыбаға тастады. Бірақ Сүгірге қайта айналып соға берді. Ал ол кезде көзі тірі, осы өңірдің түлегі дерлік, ол

да атағы жер жарған композитор, ол да Сүгірдің шәкірті Төлеген Момбековтен бір күйге де мойны жар бермеді. Сірә, үй иесі Нұрқас шал да қара жаяу емес. Манабай Сүгірдің «Боз інген», «Ыңғай төк» атты екі күйін қабат орындағанда ол жағасы жайлауға кеткендей жайқала күлімсіреп: – Біздің Манабай Сүгір Әли баласының өнерін бойына сіңірудей-ақ сіңірген ғой. Оны азсынсаң, шәкірттік парызды жұрт осы Манабайдай-ақ атқарсын. Асылдың сынығы, шұғаның қиығы ғой бұл. Асылына тартпай тұра ма? – деді. Үй иесінің мүндай қолпашынан Манабайдың желке жүні күдірейген жоқ, керісінше, қабағына күш түсіре кіржиді: – Сүгір әулие күйші еді ғой. Ол өлгенде мен тура жиырма бесте едім. Болар бала үшін ол аз жас емес, бірақ қу құдай мені туа бітті желаяқ еткен емес пе? Желдей жүйткіп жүріп, Сүгірдің өнеріне мейірімді аса қандыра алмаппын, – деп, мойнын төмен сылқ еткізді. – Сүгір Әли баласының өнеріне мейірін қандырған Төлеген Момбеков қой, – деп, Нұрқас шал отырған орнында қайта қозғалақтады. Манабай бұл сөзге де қабағын кіржиткендей көрінгенмен сөз жарыстырмады. Сірә, мұның Төлеген Момбеков десе қолының да, аузының да тұсаулы бірдемесі бары көпе-кернеу еді. Бұл кезде сыртта қараңғылық орнап, үйде керосин шам жағылып, ортамызға үлкен жайпақ табақпен қазақша ет те келіп еді. Мен үшін ат басындай алтынға баларлық нағыз үлкен сыбаға осы кешкі астан кейін тартылды. Манабай ет жеп, сорпа ішіп, қолын майлы сүлгіге ұзақ сүртіп, қолына домбырасын қайта ұстағанда әуелгідей алыпжұлып бара жатқан ештемесі жоқ, жұмсарып имантаразы қалыпқа келді. Әсіресе, маған пейіл берісі бастапқыдан айқынырақ шалынды. Отырысын да соған лайықтап, мойнын көбірек бұрыңқырап, қара майша жылтыраған қос жанарының ағы молайықырады. Мынау маған анық бірдеме айтпақ райдың белгісі. Жаңа еттің алдындағы үзілісте Бозтай оңашалап, «ауызша әңгіме ертең, бүгін мені оған қинамаңдар, тек күй, күй» деп бұл Манабай тағы зартілек білдірді, қорықпаңыз, таңертеңгілік мұның көмекейінен бал тамыздырмасам Бозтай атым құрысын» деп қарғанды. Жарайды, бүгінше мына күй де жарайды. Тек Манабайдың алабөтен ықыласы оның бәріне өзгеріс енгізетін де секілді, әлде бұл бүгін сөйлеп бермек пе, жоқ, оған ұқсамайды, тыңқылдатып, домбырасын аттай жаратуға кірісті. Әлден уақытта көнтек аузын құлағыма тақап: – Бірер ескілікті халық күйлерін тыңдаңыз, – деді. Сол-ақ екен, домбыра қайта күмбірледі. Кенет жұпыны ауыл, түңдігін жел желпілдеткен киіз үйлер, қара қостар елестеп, асауға құрық

салғандай шыңғырған дауыстар жеткендей еді. Әлдебір қара ниетті біреулер жұпыны ауылдың астынан ит жүгіртіп, үстінен құс ұшырып, бәле айдақтағандай. Сәл-пәлден соң оқиға орны құладүзге ауысып, онда үн де басқа, қақпанын сүйреткен қасқырдың бірде қыңсылағаны, бірде ұлығаны құлақ жаратындай. Сол қасқырдан жапа шеккен даланың еліктері мен қос құлақ қояндары жиылып кеп, «ап, бәлем, сазайыңды тарттың ба» деп, табалағандай. Бірақ бұл табалау ұзаққа бармайды, құладүздің шығысынан қасқыр, елік, қоян, тағы-тағысына ортақ қатер, бөлек дүрбелең бұрқ береді. Ендігі кезек бас сауғалап қашуда. Сол қашу үстінде қасқыр, қоян, елік, тағы басқалардың бастары бірігіп кетеді. Енді қайтсін, өзгеге орын қалмады. Манабай арасын көп үзбей бір күйден соң бір күйді тоғытып еді. Кенет, иә, кенет, мені дүр сілкіндірген үндер тоғысы басталды. Апырау, бұл не әуен? Күй емес, көп көмекейден шыққан ащы зар, жоқтау, тұлабойыңды түршіктірер зар. Бет албаты аңыраған емес, құлаққа таныс қайырымдары әлсін-әлсін айналып соғатын, әрі өзге де дабыр-дұбыры мол, бірақ нақтылы бағыты айқын зар. Әлденуақытта әлдебір тылсым дүниенің бет пердесі ашылып, келесі үндер тоғысы естіген жанның жүрек тұсын шымырлатпай қоймас қаһарға мінгендей. Кәне, бұған еңсеңді бермей көрші. Бұл соңғы үндер тоғысының бір қуаты сол – мұнда да әлдебір таныс әуендер қайырымдары бой көрсетіп тұрды. Мен өз-өзімнен іштей күбірлеп, «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген жолдарды қалай айтқанымды білмей де қалыппын. Бара-бара ес жиып, «апырау, бұл Манабай «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманының күйін шертіп отырғаннан сау ма» деген сояудай сұрақты дік еткізіп өзіме қойыппын. Енді қалай? Қаратаудың теріскейін, күнгейін алашұбар етіп жөңкілген қазақ көші елестеді. Жай көш емес, жаудан қашқан көш, оңайлықпен есе бермес, ымырасыз, әрі отқаруы бар жаудан қашқан көш. Ұшан-теңіз мол көріністің бел ортасында әлгі көшкен сайын бос келе жатқан тайлақ та ағараңдайды. Бас бұйдасы жоқ, тіпті иесіз десе де болады, адам мен мал қарасының көптігінен ол ешқайда сытылып шыға алмайды, жойқын ағынның ортасында табаны жерге тимей кетіп барады. Бір шақта Манабайдың көзімен көзім ұшырасты. Оның көзіндегі ағы бұрынғыдан да молайып, әрі тіпті айқындала түсіпті. «Міне, іздеген керегің» деп, мысқыл оғын да атқандай. Құладүзде елес қуғандай жүріп, термек дүниеңді алдыңа көлденең тостым, одан әрі қайт дейсің, «шайнап берген ас болмас», бұдан әрі езгілесем

мұның да қадірі кетер, кәне, осы дайын суретті қағазға түсірмей көрші, бауырым, өйтсең оныңды құдай да, аруақ та кешірмейді деп, енді Манабайдың домбырасы ғана емес, бет-жүзі, көзінің ағы қоса қабаттаса саңқылдап тұрғандай. Иә, бұл шақта менің ішімде азулы аң оянғандай, ата-баба киесі қызыл жолбарыс жұлқына түрегелгендей. Енді бұл елдің қотыр аты мен соқыр аты түгіл, тілінің безі бар, «жез топшы» саясаткерлері де бұл тақырыптан менің бетімді қайтара алмайды. Амандық-саулық күнде солай. Нұрқас шалдың кемпірі бәрімізге төрге төсек салып, ұйқыға қисайғанымызда көпке дейін кірпігім ілінбеді. Манабай күйлерінің әсерінен бір түнде, бір күнде арыла алмастаймын. Апырау, бұл Манабай бұған дейін неғып танылмай жүрген адам? Шаян, Созақ қазақ ән-күйінің бір ошағы деуші еді, әлде бұл осындағы көп күйшінің бірі ме? Оған ұқсамайды. Күндіз үй иесі Нұрқас мұны «асылдың сынығы» атады ғой. Демек, бұған бұл өнер арғы атабабаларынан дарыған. Ал олар кімдер? Ныспылары қағазға түсірілген бе, тасқа басылып, жарыққа шығарылған ба? Манабай домбыра үні арқылы «Ақтабан шұбырынды» заманы хақында көп суретті көкірек сүйегіме ойып түсірді, ал таңертеңгілік ол жайында сөйлеп берсе бұл өңірден көтеріп әкете алмас ауыр жүктің астында қалмаймын ба? Міне, құрақ көрпе емес, осындай сауалдардың астында көпке дейін пысынап жаттым. Түн ортасы ауа оянып кетіп, үй ішіндегі тастай қараңғылыққа біраз көз сүздім. Сосын түрегеліп, қипақтап жүріп өз аяқкиімімді әрең таптым да сыртқа шықтым. Ай әлі туа қоймаған, мұнда да қараңғылық. Тек жұлдыздар жиі екен. Олардың жарығы сәлпәл себелегенмен Қаратау жондарын біржола аршып көрсетуге дәрменсіз. Оған өкінер мен емес, алдағы уақытта өзім суреттемек Қаратаудың түнгі келбетіне көз құмарымды қандырсам ол да кәдеге асары анық. Қала адамына табиғаттың осындай қолдан жасалған жарық көздерінің ықпалынсыз түнгі қалпы да таңсық қой. Манаурап сәл тұрыстан соң қараңғылыққа көзім үйрене бастағандай еді, кенет өзіме қарама-қарсы түн түнегінен бір адамның сұлбасы өсіп шыға келді. Әрі ол бері жылжып келеді екен. Менқорыққам жоқ, сабыр сақтадым, себебі, оны қой күзетшісі деп ойлағам. Әлгі кісі тіпті жақын келді де: – Не, ұйқыңыз бұзылды ма, тұрысыңыз бір түрлі ғой, – деді ақырын ғана. Даусынан да, сырт нобайынан да таныдым, бұл Манабай. – Өзіңіз неғып сыртта жүрсіз, ұйықтамайсыз ба? – деп қарсы сұрақ қойдым.

– Е, мен кеше күндіз ұйқының түбін түсіріппін ғой. Таң жақын,

сәл далада жүре тұрармын.
Әлдебір түсініксіздік тамағыма кептелді. Екеуара әңгіме
өрбімеді. Мен үйге кіріп, төрдегі орныма қайта жайғастым. Бірақ
Манабай жайы ішіме сыймай қасымдағы Бозтайды түртіп ояттым:

– Бозтайжан, мына Манабай далада жүр ғой, онысы несі? Ертіп

әкеп орнына жатқызсаңшы!

– Е, ол лунатик, жүре берсін! – деп ары аунап түсті. Қонақ қойдан

жуас, қайтпекпін, мен де тынышталдым, бірақ ішімді мазасыздық
тырналады. Әрқилы сауалдарға сауалдар жамалды.
Таңға жуық қатты ұйықтап кеткен екем, әлдекімнің шаж еткен
ащы даусынан ояндым. Басымды жастықтан жұлып алып қарасам

уақыт ай-жай болған екен. Түрулі түңдіктен де, есіктен де жарық
дегенің молынан құйылып тұр. Оннан-мұннан күн сәулесі де жыл-
тырайды. Табалдырық алдында Бозтай мен үй иесі Нұрқас өзара
шат-шәлекей болысып жатыр. Нұрқас:

– Біздің үйде арақ жоқтығын біліп, таң атпай тайып тұрған ғой.

Бозтай:

– Е, тайып тұрса өсіте ме екен?

Нұрқас:

– Жарайды, енді қайтеміз, ұят бізден, үйіңе жеткенше жарайтын

бір шоңқайманы тауып берерміз.
Бұлардың шат-шәлекейі Манабай хақында екенін бірден-ақ
сезгенмін. Сонда да «не болды, не болды» деп сұрастырып жа-
тырмын. Сөйтсем, сөздері шынында Манабай туралы екен, ол таң

атпай бұл қойлы ауылдан кетіп қапты, әрі жай кетпей Бозтайдың
кеше менің көзіме түскен қызыл туфлиін киіп кетіпті. Ал ендеше...
Нұрқас шал үй иесі болғасын шынында өзін ұятты санай ма:

– Ол дегенің артынын машинамен қуып іздейтін де пенде емес.

Ана тас жолға шығып, попуткамен не күнгейге, не теріскейге тарт-
ты ма, кім біліпті? Әлде осы Қаратаудың бір қуыс-қолтығында бұта-
бұтаның арасында бой жасырды ма? – деп жатыр.
Ол Манабай өзімді де тақыр мұзға отырғызғандай көрінгенмен

тап осы жолы «ішім майлы» еді. Менің Қаратау бойына жасаған бір
сапарым осымен аяқталды.
* * *
Осыдан бес жылдай өткенде осы оңтүстік өңірге тағы жол түсті.

Бұл тарихи шығарма жазуға басы бүтін берілген уақытым еді.
Қазақ тарихының кіндігіндей Қаратауға қайта соғуға тура келді.
Әлі де көптеген деректер керек. Бұл 1995-жылдың жаз айларының
бірі. Таңғы сағат тоғызда Шымкент вокзалында поездан түскен

бетте шөл басарлық бірдеме іздедім. Қарасам, вокзалдың сырты
үлкен базарға айналып кетіпті. О ғажап! Тап осында соңғы бес
жыл бойы күндіз есімнен, түнде түсімнен кетпеген әлгі Манабайды
ұшыратпасым бар ма? Қолында бір үлкен түйіншегі бар, бірақ дом-

быра емес, жейдесінің жағасы алқа-салқа, бір кездегі қолағаштай
мұрны мен қалың етті бет-жүзі әбден-ақ жұқарған. Қырық жылғы
тозығы жеткен ши қалпағының астынан дудыраған шашы мықтап-
ақ ағарыпты.

– Мәке! Мәке! Манабай аға! Ассалаумағалейкөм! Хал-жағ-

дайыңыз қалай?
Менің сәлеміме осқырая қарап, көнтек еріндері қыбыр етпеді.
Тіпті табаны тайғанақтағандай үн-түнсіз жалтарып кетуді де
ойлаған ұсқыны бар. Мен жалма-жан баяғы Қаратаудың төбесінде

қойшы Нұрқас шалдың киіз үйіндегі кездесуді баяндап, есіне салуға
жанталастым. Есіне түскен де сияқты, бірақ ол жүзіндегі күдікті
молайтқандай. Тіл-жағы іске қосылар емес. Ал мен оны-мұныны
үсті-үстіне төкпелетіп жатырмын. Тіпті болмағасын:

– Мәке, Манабай аға, сол Шаянның түбіндегі кеңшарда

тұратын Естемес деген кісі аман-есен бе? – деп қадала сұрадым.
Манабайдың енді ғана даусы гүжілдеді:

– Е, ол қуарған тақуа, мәжнүн неме Кеңес Одағы құлағанда өз

жекеменшік үйінің шаңырағы ортасына түскендей қапаланып, қан
қысымы көтеріліп, содан күйреп тырайып жатыр!

– Әлгі қойшы Нұрқас шал бар ма?

– Е, ол бар! Тек қазір шаруашылықтар малдан ажырады емес

пе? Нұрқас шалың, бір кездегі передабой шопан, қу таяғын
құшақтап қалды!

– Әлгі Бозтай ше? Бозтайдың халі нешік? – Мен де шетел-

ге елшілікке жіберуге болмайтын адаммын ғой, осы сауалды
қойыппын да бірден Манабайдың аяғына шұқшиыппын. Мұным
«баяғы Бозтайдың қызыл туфлиін әлі киіп жүрген жоқсың ба» де-
генмен бірдей шықты. Манабай да солай қабылдады білем, бірден

шарт кетті:

– О, ол антатқыр Бозтайды ант атсын, ант атсын! Оның қайда

екенін білмеймін, білгім де келмейді, бес-алты ай бойы менің
соңымнан күндіз шырақ алып түсіпті ғой, ол антатқырың!
Осылай қарғанды да жалт бұрылып, маған желкесінің шұқырын
көрсетті. Мен соңынан қуа алмадым. Не деп қуамын? Қуғанмен де

қайыру бермесі анық еді. Тағы да «қырық сұрақ» зіл көтерем болып
басыма үймеледі.
6 шілде 2011 ж.

Қасқыр тірлік Таңертеңгі сағат сегізде телефон шырылдады. Біздің үйде таңғы шай да ішіле қоймаған. – Алло! Бекішсің бе? Қайырлы таң! – Қайырлы таң! – Мен Қантбекпін ғой. Аман-саулық па? Ендеше, Бекіш, тыңда, уақыт тығыз, әлгі Орманханның қызы істі болып жатқанынан хабардарсың ғой. Ия, біраздан бері сөз қып жүрміз ғой, міне, сол Орманханның қызының соты бүгін, осы бүгін, қазір сағат он бірде басталады екен. – Апырай, ә?! – Бекіш, құлақ сал, әлгі Жанәліге де айтармын. Сот болғанда бұл өзі ашық сот екен, Орманханның отбасына қатысы бар оншақты адамның төлқұжаттарымен сот процесіне келіп қатысуына рұқсат делініпті. Соған сен, мен, Жанәлі үшеуіміз, бір кісідей тастүйін жұдырық болып барайық. – Ау, оны ертерек неге хабарламағансың? Аттың жалы, түйенің қомы. Әрі алдын-ала жоспарлаған шаруалар бар. – Бекішжан, былқыл-сылқылыңды кейінге қалдыр! Жағдайды ұқ! Алдын-ала хабарлауға мұршам болған жоқ. Орманханның өзінің жағдайы тіпті ауыр! Баланың күйігі оңай соқсын ба? Кеше оны жай палатадан реанимацияға ауыстырды. Түске дейін соның қасында, түстен кейін оған керекті дәрі-дәрмек іздеп табанымнан тоздым. Ал сот процесі жөнінде алдын-ала хабар берілмегені үшін мені емес, Орманханның әйелін кінәлә! Баланың күйігі өзінше, оған байдың күйігі қосылып, соттың боларын бізге айтуды ұмытып кетіпті. Кеше түнде ғана осы жөнінде телефон шалды. Ол Орманханның әйелі, Зәмзәнің халі де кісі қызығарлық емес. Сотқа құр сүйегімді сүйретіп апармасам, бір ауыз сөз айтуға дәрменсізбін деп, біз үшеуіміздің келуімізді жылап өтініш қылды. – Енді сонда да мұндайға сәл-пәл іштей де дайындық керек-ау! – Әй, Бекіш! Сен күйсіз күлік емессің бе? Қала берді біз үшеумізге не дайындық керек, біз оқиға орнында болғамыз жоқ, бізден кім жауап алмақ? Біздікі тек Орманханның әйелін жалғызсыратпай қара көбейтіп отыру ғана, әрі ана қызға да демеу, бәлкім. Әкесінің ескі достарымыз ғой. Мына Қантбегің жан қоятын емес. Менің келісімімнен соң трубканы шақ еткізіп орнына тастады. Алматы қаласы Медеу аудандық сотының ғимараты ескі жобамен салынған екі қабатты ұзынша үй еді. Есік-терезелері, сыртқы кіреберісі құрастырылған, қараңкүңгірт

майлы бояумен сырланған добалдай-добалдай ағаштарының өздері-ақ біз көненің көзіміз деп, жарыса жариялап тұр. Ауласындағы жөке мен үйеңкілер де кәріліктен белі бүгілген кемпір-шалдарға ұқсап, бастарын төмен иіп, «ия, қарақтарым, біз де солармен бірге жасасып келеміз ғой» дегендей есік-терезелердің жақтауларына айналып кеткен өз ағайындарының, ата-бабаларының сөздерін құптайды. Күн осы таңертеңгіліктің өзінде де тез ыси бастаған, ауа тып-тынық, тек осы көлеңкелі ауладағы мүлгіген тыныштық қана өз баурына көп сыр бүккенін білдіре ойыңды мазалайды. Ия, бұл аулада кімдер болып, кімдер өтті деген сауалға ұрынсақ тым ұзаққа шабатындайсың. Тіпті өйтпей-ақ, бұл ғимараттың көше жақ сыртындағы бір бұрышына жапсырылған алақандай тас тақтаға үңілсең мұнда өткен ғасырдың сонау отызыншы, қырқыншы жылдарында партия-кеңес, заң органдарының әрқилы кеңселері орналасқанын білесің. Соның өзі-ақ қиялыңды әр саққа жүгіртеді. Ал ауладағы төбесі жабық сыртқы кіреберістен аман өтіп, ішке енсең мүлдем басқа дүниенің үстінен түсесің. Рас, дәліздері ескі стильмен тарлау, әрі тым биік жасалғанымен жаңаша бояумен боялып, өңі өзгеріп кеткен. Яғни, осы қос ғасыр тоғысында орысша да, қазақша да «евроремонт» деп аталатын жұмыс түрінің мұнда мұқият жүргізілгені бетке ұрады. Тіпті ішкі есіктері де осы заманғы. Сірә, бұрынғылары «реставрация» жасауға жарамаған. Ия, қалай жарасын, ұзаққа созылған «қызметінде» оларды кімдер ашып-жауып жүрді және де қандай көңіл-күймен ашып-жапты, оның бәрі бас-аяғын қиялмен болжау да қиын шексіз дүние. Тек бір анығы сол – осы жөндеу жұмыстары арқылы көненің көзіне деген құрмет белгісі әдемі-ақ айшықталған. Мен ішке кіре ұзын дәлізді бойлай, әр есіктің алдында екіденүштен, кейбірінде бес-алтаудан шоғырланған, бір-бірлерінен аралары үзік біраз қара-құраны көрдім. Өзіме керек кабинет қай жақта екенін анықтау үшін ең жақын есіктің нөміріне көз жүгіртпек едім, дәліздің менен сол жақтағы түкпірінен біреу маған қарап, қолын бұлғады. Қарасам Жанәлі. Мен тез-тез басып солай жылжыдым. «Сот мәжілісінің залы» деген жазуы бар есік қасында ол жалғыз екен. Бұл Жанәлі де биыл жетпіске толған, менімен түйдей құрдас, әрі жерлес жігіт (Ия, жетпіске толсақ та бір-бірімізді «жігіт» атауынан ажыратқымыз келмейді). Сонау алпысыншы жылдардың басында Киевтегі жеңіл өнеркәсіп институтын бітірген, астана Арқаға қоныс ауыстырғанға дейін көп жылдар Жеңіл өнеркәсіп министрлігінде жауапты қызмет атқарған, қазір де сол өз саласындағы жеңіл-желпі жұмыстардан қол

үзбеген. Арықтау қараторы өңді, күлгенде жасқаншақтау қос жа-
нарынан, керілген жақ сүйектерінен бір жылылық білінетін биязы
мінезді қалпы бар. Мені көргенде қуанышын жасыра алмағандай
құшақтап, бетіме бетін тигізді.

Алғашқы қауышуымыз қуанышты-ақ сияқты еді, артынан сап ба-
сылды. Өзіміздің бұл ғимаратқа не шаруамен келгеніміз есімізге
түсіп еді:

– Апырай, Орманханға қиын болған екен.

– Ой, несін айтасың, Бекіш, баланың қамы деген осы ғой.

Ішіміздегі денсаулығы ең мықты желқұйынымыз осылай.

– Егер құдай оңдап, қызы бүгін ақталып шықса, бәлкім, қуаттанып,

Орманхан жатқан жерінен жұлқынып түрегелер. Тек қызының ісін
оңға қаратар бір ілгек табылды ма екен?

– Ол жағын Қантбектен сұрашы, Бекіш. Жар құлағы жастыққа

тимей жүгіріп жүрген сол!

– Е, ол жүгірмей кім жүгіреді? Ішіміздегі жалғыз заңгер.

– «Балықтың тілін бақа түсінеді» деп, ол адвокаттың да,

прокурордың да, соттың да құлағын біраз бұрған сыңайлы. Бірақ
кім білсін?!
Екеуара әңгімеміз осымен пышақ кескендей тыйылды. Біз
күзеткен есіктің алдына еркек-ұрғашысы аралас, түстері түндей

түнерген, тұрпаттары да ірі-ірі бес-алтау домаланып кеп бір-ақ
ошарылды. Жанәлі екеумізді олар қабақтың астындағы сұсты
көздерімен бір-бір атқылады да қалғанын іштеріне бүккендей.
Жанәлі сұқ саусағымен ернін басып, маған «аузыңды жап» деген

белгі берді. Ия, бұлар Орманханның қызын сотқа берушілердің жа-
нашырлары екені оп-оңай танылды.
Орманханның әйелі түйенің жарты етіндей бар болмысы-
мен аударылып-төңкеріліп, және оны қолтығынан сүйемелдеген

Қантбек жас балаша қутыңдап, екеуі тар дәлізді толтырып, олар
да көрінді. Алғашқыда екеу ғана сияқты еді, сөйтсек бұлардың да
соңынан қаз-үйректей шұбырған шоғыры бар екен. Олар негізінде
Орманханның өзге ұл-қыздары, күйеу-келін балалары еді. Қатты

даңғыраған ешкім жоқ, ерін жыбырлатып қана амандасып жаттық.
Орманханның зайыбы – Зәмзә, осы бүгіннің өзінде біраз жы-
лап алғаны анық, қызарған көздерінің айналасын орамалымен
сүрте береді. Етженді адамға күннің ыстығы да қосымша бейнет

қой, ғамкөңіл әйелге ол да біраз жүк артып, салмағына салмақ
қосқандай. Қабырғаға тиістіріле қойылған орындықтардың біріне
отырғанда онысы сықыр-сықыр етіп, бүгінгі сот процесінің бас
қаһарманы осы болар дегенді көпе-көрнеу жеткізгендей.

Сотқа берушілер жағына да қыз-жігіттерден құралған тағы кішкене топ қосылды. Он бірге он минут қалғанда пристав бәрімізді ішке енгізді де мұнда қатаң тәртіп сақтауымыздың қажеттігін ескертті. Дәлізде тек куәгер ретінде шақырылатындар ғана қалды. Бізге қарама-қарсы төрде сот төрағасына арналған столдан оң жақта, бұрышта тағы бір есік бар еді. Кенет сол арқылы Орманханның айыпталушы қызы мен бір жас полицей жігіт кіріп келді. Қыздың ныспысы Еркетай, бұл да мына шешесі Зәмзә секілді етженді, сотталушы емес, осы жиынды өзі басқаратындай-ақ бір доңайбатпен кіргенге ұқсады. Ия, бұл қырық үш жасар, оң жақта отырып қалған, оқу-шоқудың түбін түсірген, кезінде, үлбіреген жас шағында ауызға көп ілінген қыз еді. Әке-шешенің алғашқы қуанышы, бірақ ол қуаныш қуанышқа ұласпай Орманхан мен Зәмзәны уайым-қайғыға да белшесінен батырған атышулы неме. Кішкене залдың сол жағында қылмыстық іс бойынша айыпталушыға арналған темір тор бар, Еркетай соған кіргізілді. Бұл бәріміз үшін ауыр көрініс, әрине. Кенет өткен күндер еске түскендей. Сот мәжілісі залының көрермендерге арналған артқы бөлігінде үш-төрт қатар сәкілерде бір шоғыр болып жайғасқан біздің тап ортамызда Зәмзә. Ол мына көріністен үнсіз, тіптен ағыл-тегіл жылады. Қасындағы Қантбек оны шынтағынан қыса сілкілеп, «доғар мынауыңды» дегендей ол да үнсіз үсті-үстіне зіл көрсетеді. Зәмзәнің нарттай қызарған толық жүзі, сәл көкшілдеу көздері, ұйпалақтанып, көптен күтім көрмеген селдір шашы бұл егде әйел мынау қатаң тәртіп сақталуға тиіс ортада, көптің көзінше жер-дүниені басына көшіре аттан салар ма екен деген қауіпке де меңзегендей. Ия, бұл қыз жөнінде шешесі Зәмзәнің де, әкесі, бұл күнде қаладағы орталық аурухананың реанимациясында ес-түссіз жатқан Орманханның да қабырғасының ерекше қайысатын жөні бар. Осыдан қырық бес жыл бұрын, Қантбек, Жанәлі, мен-үшеуімізден екі жас үлкендігі бар Орманхан бірінші үйленіп, осы Еркетайы дүниеге келгенде төрт жігіт қалай тойлап едік? Шынында, мұның азан шақырып қойған ныспысы басқаша, жастайынан тым еркелігі білінгесін кейінірек Еркетай атанып кетті. Тіпті төлқұжатта да солай өзгертілді. Бірақ Еркетай ерке болғанмен көп шолжаң қыздың біріне айналған жоқ, бірінші сыныптан бастап үздік оқыды. Біріншіні Мақтау грамотасымен бітіргенде әке-шешесінің оны қалай жуғаны күні бүгінге дейін қаз-қалпында есімізде сақтаулы. Кейін он бір жылдық мектепті алтын медальмен бітіріп, анау-мынау емес, Мәскеудегі ең бас жоғарғы оқу орны – Ломоносов университетінің

математика факультетіне барып түсуі, соған байланысты тойтомалақтар, Орманхан мен Зәмзәнің сол жылдардағы арса-арса қуанышты жүздері көкірек сүйегімізде шапсаң кетпес суреттердей болып әлі тұр. Ол ғана емес, Еркетайдың қуаныштан соң қуаныш әкелген әуселесі мұнымен таусылған жоқ, сол кездегі ұлы ел – Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен жиналған ең қабілетті жастар ортасындағы жалғыз қазақ қызының мұнда да үздік шыққанын қайтерсің? Шәкіртақының ең жоғарғысына қол жеткізді. Онымен қоймай осы университет қабырғасында жүріп-ақ орталық ғылми журналдарда шағын-шағын мақалалар жариялады. Ол мақалалардың әрқайсысы біз сияқты қызық іздеген достары көп Орманхан мен Зәмзәға арзанға түскен жоқ. Әрқайсысы бір-бір той. Ия, бәрін жіптіктей етіп тізе беру де қиын, ақыры, Еркетай Ломоносов университетінің қызыл дипломымен Алматыға келді де аспирантураны үш емес, екі жылда тәмамдап, сол мерзімде кандидаттық диссертация қорғады. Не керек, ойдағыдай қорғады. Оның дәлелі ретінде бұл диссертация тасқа басылып шыққасынақ көп ұзамай мәскеулік, алматылық біраз ғылми басылымдар Еркетай еңбегі хақында бір-бірімен жарыса үн қатысты. Ал Орманхан мен Зәмзә той қамымен жүгірмей көрсінші. Әрине, Еркетай бұлардың жалғызы емес еді, бұдан кейін де бұл шаңырақтың астында өзге де ұлдар да, қыздар да іңгәлап дүниеге келді. Бірақ олардың ешқайсысы әке мен шешені тап осы Еркетайдай сабылтқан жоқ. Тым көбейіп кетсе тойдың да титықтататыны бар ғой, бірақ оған қарап жатқан біз жоқ. Осылай өмір өте берді. Орманхан мен Зәмзәнің өзге кейінгі балаларының анау-мынау қуанышы демесең тап осы Еркетайға қатысты той тағамының исі біздің мұрнымыздан бірте-бірте алыстапты. Той қызығының орнына ішімізге ұрлана кірген бір күдік, уайым атты пәленің салмағы дендепті. Ол не күдік, не уайым? Ия, Еркетай отызға толғанша өз теңін таппай оң жақта омалумен күн өткізді. Одан соң отыз бес, қырық, әлі сол қалпы. Міне, қырықтан асқанда сыйлаған «ұшпағы» мынау. Бір жайдан Еркетайдың қазіргі жағдайы оның әке-шешесіне ғана емес, бізге де қап-қара уайымның қап-қап жүгін артқандай. Ол жарты ғасырға жуық уақытқа созылған ескі достықтың ғана нышаны, соған орай Еркетайға, оның әке-шешесіне деген жанашырлықтың ғана нышаны десек, ол біздің бүгінгі халімізді тым жадағай түсіндіргендік, шынында тап бүгінгі Еркетай басындағы хал бізді одан өзге бір ақиқаттың жан шошытар тұңғиығына телміртіп

қойғандай. Сөйтіп, телміргенде көретініміз не? Темір тордың ішінде соттың келуін күтіп отырған Еркетайдың өз шешесіне ұқсаған добалдай денесі, әкесі Орманханға келіңкірейтін қас-қабағындағы қоюлау рең, домалақ бет-әлпеті, жұмыр мойны, жаңа ғана кісеннен босаған қолдарын қос тізесіне айқастыра тастаған қалпы, біз жаққа көзін бір ғана атып, енді қайтіп бері бұрылмастай қатыбастанған түрі, мінезі – бұл да бір дәуреннің таусылып, тиянақталған шағы дегендей екі көзге қатаң соққы болып тиетінін қайтерсің? * * * Бізге қарама-қарсы түкпірдегі, жаңа ғана Еркетай енгізілген есік арқылы прокурор, адвокат, хатшы қыз тез-тез басып кірді де әрқайсысы өз орындарына жайғасты. Біздің көзімізді тартқаны – мемлекеттік айыптаушының арнайы үлгідегі киімін киген прокурор еді. Себебі, бұл да жап-жас өрімдей қазақ қызы екен. Өзіне қарсы бетте тор ішіндегі Еркетайға көзімен ата қарағаны «менен жақсылық күтпе» дегенге сайғандай. Қалай да мен солай қабылдадым. Бұдан кейінгі аралықта ол прокурор қыз бізбен иықтаса екінші бөлікте отырған сотқа арыз беруші – құныкерлер арасынан орта жастардағы, ақ жейделі, ықшам денелі, шашы да, бет терісі де аппақ, тосын көзге аса зиялы көрінетін біреуді шақырып, қасына отырғызды. Сот төрағасы кіріп, орнына жайғасып, мәжіліске қатысушыларды түгендегенде ол аса зиялы көрінген неменің Еркетайдан жәбір көрушінің әкесі екенін ұқтық. Бұдан соң сот процесі күрт басталып кетті. Жазушы үшін қиял да көп әзәзілдің бір түрі ғой. Тап осы сәтте соның иектемесі бар ма? Ия, қас пен көздің арасында бір қиял жетегінде кетіп, прокурор қыздың мына тор ішіндегі Еркетайдың не үшін айыпталатыны жөніндегі тас кесектей сыңғыраған сөздерінің орта тұсында ғана ояндым, білем. Оның өзіне де сот төрағасының оқыс қимылы ықпал еткендей еді. Қара плащ сияқтанған сырт киім – мантиядан екі иығы үшкірленіп көрінетіндей сот төрағасы, бұл да жап-жас қазақ жігіті өзінің сол қолы жақтағы кенереге таяу ұзынша стол басында тікесінен тік тұрып, сұлу сөздерді тас кесектей сыңғыратқан прокурор қыздың әлдебір мақамын түсінбеген, бір құлағы мүкіс адамша сәл-пәл басын қозғалақтатты. Апырау, ол түсінбегенді мынадай қиял жетегінде мен қалай түсінбекпін деген күдікпен басымды сілкілей анау-мынау шаң-тозаңнан арылтып, енді ғана өзімді өзім күштей айптаушының уәждеріне зейін қойдым. Соның өзінде де прокурор қыздың сыптай дене пормын, келісті тұрысын, ақ мәрмәрден құйғандай түп-түзу қырлы мұрнын, мойылдай қас-

қабақтың астындағы сол түстес көздерінің еш жасқанусыз тұп-тура қадалуын, сыңғыраған сөздерінің де осы түрімен жарасымдылығын тағы бір шолуға уақыт таптым. Бәтір-ау, мені қиял жетегіне салып жіберген де оның осы болмысы емес пе деп, өзіме өзім сауал қойып та үлгердім. Байқасам, прокурор уәждерінің мен үшін пәлендей жаңалығы жоқ екен, сол баяғы өзім осыған дейін Қантбектің аузынан талай қаныққан жайлар. Еркетайдың бір құрбысы, әрине, ол ерте тұрмыс құрған жан, сол алғашқы ұл баласын үйлендіріп, қаланың тау жақ шетінде, айналасы гүлзар бақпен көмкерілген ресторанда ас та төк үлкен той жасайды. Шақырылған қонақтардың бел ортасында, әрине, Еркетай да бар. Тек осы тойға мұнымен бірге бармақшы бір әріптес әйел аяқ астынан тұмауратып, Еркетайдың соқа басы қаңқайып, жалғыз өзі барады ғой. Әуел баста осының өзі-ақ Еркетайдың көңлін құлазытып жіберсе керек. Себебі, той жасаушы құрбысы мен оның күйеуі осы Алматыдағы ең бір ауқатты отбасылардың қатарында. Соған орай шақырылған қонақтары да өздері іспеттес жүздерінен нұр төгілген, бақыт пен қуаныштан шашу шашқандай өңкей ығай-сығайлар. Ең бастысы – бәрі де қосқосымен, тең-теңімен, жалғыз, жалқы жүрген біреуі жоқ. Мұндайда төрт құбыласы түгел әйел заттылар оңтайлы сәтті неге пайдаланып қалмасын? Бет-жүздерін қасақана еселей мәз-мейрам етіп, құлақ, мойындағы алтын, гауһарларын тіптен жарқыратып, осындай балалар тойына өздерінің де қамданып жүргенін сөз арасына орынды-орынсыз қыстырып, қастарындағы құдай қосқан қосақты мақтан тұтқан кейіпті барынша жалаңаштай, тіпті сол үшін аратұра қағытпа қалжың, оғаш қылыққа да барып, отқа май құя түседі ғой. Қасындағы қосақты келемеж күлкімен үптегенсіп, мәртебесін өсірудің, сөйтіп, өзінің толыққанды тұрмыс-тіршілігін тіптен көзге бадырайта көрсетудің әрқилы амалын жасайды. Бұл шақта Алматы жағдайында тағы бір жазылмаған заң, үрдіс қалыптасқан. Мұның мәні сол бүгінгі той иелері сияқты ауқаттылар осындай салтанатты кештерге өздерінің екі туып бір қалғанының арасынан шыққаны, немесе, аса бір жөні бөлектер болмаса, жалғыз басты әйелдерді шақырмайтын да еді. Оның ауызша түсіндірмесі сол – жалғыз бастылардың әртүрлі мінездері болады, әрі анау-мынаудың күйеуіне жабысып, зайыбының жүйкесін жұқартады. «Біз не, осы тойды оларды жүйкелету үшін жасадық па, жоқ, қуанышымызға ортақтастырып, көңілдерін көтеру үшін жасадық па» деген сияқты қойынға тығылған қара тастай уәжі қоса бар. Ал мұның көп ешкім ауызша жариялай

бермейтін, бірақ іш зерделері тереңдердің бәрі қанық басқа, анық
себебі де жоқ емес. Ол «бай байға, сай сайға құяды» деген қазақ
мақалында анық сыпатталған. Ия, ауқаттылар өз қуаныштарына
тек ауқаттыларды шақырады, себебі, олардан жиылатын тарту-

таралғы той шығынының өзінен асып жығылады, ал жалғыз бас-
тылар, жалқылар не қосып жарытады ғой деп ең дегендік еді.
Ал мұның бәрі Еркетайға алақандағы жазудай айқын.
Жалғызсырап келген бетте өзінен үлкен де кіші әйелдердің нұрлы

жүздері көкірегін шоқтай қариды. Аңдыған жау алмай қоя ма, қайта
сенің сол босаңсыған түріңді көрген заматта-ақ мұның ең осал тұсы
қайда деп, дәл көздеп, сұр жебелерді ұшырады ғой:

– Ойбу, жеңешетай, бұл үйленгелі тұрған ұлдың үлкені ғой.

Мұндайды бұрын бастан кешпегесін білмегеніміз, ескермегеніміз
бірінен соң бірі құлағын қалқитып шығып жатыр. Үлкен қызымызды
ұзаттық қой, бірақ оның әуселесі мүлдем басқа. Ол оңай екен.
Қыз ұзату мен келін түсіру бір-бірінен жер мен көктей алшақ

жатқан дүние екен. Кім біліпті? Өзімнің шыр-пырым шығады, ал
еркек дегенің бәріне самарқау. «Әй, мына баланың әкесісің ғой,
той қамына сен де жүгірсеңші» десем, «бар ақшаға иелікті өзіңе
бердім, өзің жүгір, менің уақытым жоқ» деп, мұрнын шүйіреді. Со-

сын қайтейін, міне, бір айдың жүзі болды мұрнымнан шаншылып
жүрмін. Бүгінгі мыналардың тойына, анаусын-мынаусын көріп
үйреніп қалам ба деп, қуана-қуана келіп отырған жайым бар! – деп,
қонақ әйелдердің бірі суырылады. Оны екіншісі үстемелейді. Ол да

осы тақілеттес мәселе өз мойнына да оралғалы тұрғанын езгілеп,
ащы ішекше созғылайды. Үшіншісі қосылады. Қай-қайсысы да бо-
лат сүңгіге ұқсаған ақ сәулелерді қасақана Еркетай жаққа көбірек
шашыратып, кәрі қыздың бітеу жарасын ашуға тырысады. Бірақ

бұл жасы қырықтан асқан Еркетайдың бірінші көрген құқайы ма,
бәріне төтеп береді.
Той басталады. Салы суға кетіңкіреген Еркетайды тойдың орта
тұсында әлдене елең еткізеді. Бақса, мұндағы көпшілік ортасын-

да соқа басы сопайған жалғыз Еркетай емес екен, өзі сияқты соқа
басты, жас дейтін жас та емес, сол қырықтың қырқасындағы бір
еркек қара көзіне оттай басылады. Үш жүзден астам қонақтың
басын қосқан үлкен ресторан залында оны Еркетайдың тойдың

орта тұсында ғана байқауы пәлендей таңқаларлық емес еді.
Еркетайдың тағы бір кәперге алғаны оның бір көрімге бар сырт
ажары еді. Енді би үстінде сәл қызуланған қос аяғы мұны солай
қарай күштеп әкеткендей. Ананың да аңғарымпаздығы керемет,

онда-мұнда жүйткіген оқты көздері Еркетайға ауғанда жіпсіз бай-

ланып қалғандай еді. Жылы жүзбен ілтипат көрсетіп, мұны биге шақырады. Еркетай бұл шаққа дейін «әлдебір түсі жылы біреу өзіңе ықылас білдірсе паңсып, тәкаппарланып тастай қатпа, сен де жібі, жігіт таңдайтын жастан асып кеттің» деген әке-шешенің ызғарлы ескертпесін талай естіген ғой. Әрі ондай аттыны өзінің де жон арқасы арқылы талай сезгені бар. Сосын да бұл да әлгі жігітпен музыка ырғағына ілесе билеп жүріп, жылы шырай танытқысы келеді. Танысу үстінде-ақ жігіттің өз аузынан оның алғашқы әйелін екі баласымен тастап кеткенін, қазір де басы бос екенін біледі. Өз жайын түсіндіруге келгенде төтесінен тартып, «оң жақта көп омалған кәрі қыз дейтіннің нағыз өзімін» деп салады. Жігіт «ағынан жарылғаныңыз өте жарасымды, тек «кәрі» деген сөзді қолданбаңызшы, әу бастағы талпыныста маңдайы тасқа тиген мен бейбақ өмірді қайта бастамақпын, жаңағы сөзіңізбен менің де бақшама тас лақтырғандайсыз» дейді. Осындай әзіл-шыны аралас сөз алмасулардан соң-ақ екеуі тез құп жарасып кеткендей еді. Мұны басқалар да байқап үлгереді. Еркетайды шынымен-ақ жылы сезім ағыны керней бастайды. Тек сол мезетте әлдекімнің оқты қарасы мұның тұнығын лайламақ әрекетке ұқсайды. Бұл шындығында оқты қарас емес, талшыбықтай бұралған жап-жас, әдемі қазақ қызының мөп-мөлдір ілкі назары еді. Еркетай өзіне жайсыз тигесін ғана оны оқты қарасқа балаған. Бірақ Еркетайдың бүйтуіне де негіз бар. Ол жап-жас қазақ қызы қарлығаштай сүйкімді де нәзік қалпымен Еркетайды да, оны белінен құшақтай би ағынына ілестіріп әкеткен кәртамыс, бірақ өте зиялы адам ретінде көрінген жігітті де жіті бақылауға алады. Еркетай өз ішінен бұл қай мықтыға еріп келген қыз болды екен деген сауалға да тірелген. Бара-бара ол жас қыз соншама нәзік болмысымен-ақ мына Еркетай ойлағаннан он есе жырынды, жабысқақ болып шықты. Бұларды төңіректеп жүріп, келесі бір би үстінде Еркетайдың басын айналдырған кексе жігіттің құшағында кетеді. Жай кетпей ақша бетін люстра шамдарының жарығында күмістей жарқыратып, еркек біткенді талдырып түсіретін сұлулығын ашады. Әзіл-қалжыңды өзі бастап айтып, көзінің айналасындағы, езуіндегі бүкіл нышандарын көл-көсір етіп, кексе немені біржола арбап, жұтып бара жатады. Ол кексе неменің «жаңа ғана бір кәрі, бірақ оқымысты қызбен танысып едім, мына қылығым қалай шығар екен» деген ой ішіне де кіріп-шықпады. Қалайда, Еркетайға солай көрінді. Ия, бүгінгі той иелері өз балаларының отау құруына арналған салтанатты кешті аса жоғары дәрежеде ұйымдастырған екен. Алматыдағы ең

бір белгілі оркестрді, танымал әнші-бишілерді шақырып, тойдың музыкалық жағын сабасынан асыра келістіріпті. «Сабасына қарай піспегі, мұртына қарай іскегі» дегендей тойдың басқа жағы да солай. Ішіп-жем молдығы, әрі әралуандығы, таңдайынан бал тамған асаба шеберлігі, бәрі бір-біріне үйлесімді. Ресторан да жаңа, төбе мен қабырғаларындағы суреттер де көздің жауын алады, «біз неміс шеберлерінің қолынан шыққанбыз» деп аспалы хрусталь люстралар да бір-бірімен айқайласып, шуға шу қосқандай. Міне, осындай бәрі бір-біріне сай толықсыған үйлену тойы үстіндегі әлгі Еркетайдың дәмесін қоздырған кексе неме мен анау бүлдіршіндей сұлудың жараса кетуінен Еркетай сынды жалғызбасты түгілі төрт құбыласы түгелдердің көздері шарасынан шығып, кеуделерін қызғаныш оты қарығандай. Еркетай сабыр суын қауғалайды. Тек бір би аяқталып, кішкене үзілістен соң келесі биге де әлгі екеудің бірге кеткенін көргенде бұл өзінің сабынша бұзыла бастағанын сезеді. Басын әртүрлі ойлар қармайды. Ашу-ыза да тықылдатып есік қағып тұрады. Соншама балауса қыздың ол кексеге жабысуына қарап, бұл екеуі бір-бірімен бұрыннан таныс, әрі ана кексе неме бизнеспен қатысы бар қалталы біреу шығар деп шамалағандай. Әйтпесе, мынадай балаусаның оған өзеурейтіндей не сайтаны бар, өз қатарластары жетпей ме? Бүгінгі жастар арасындағы бір дерт те соған меңзейді. Осындай ойлармен шатылып, Еркетай өзіндегі сабыр суының сарқылғанын сезеді. Той қарсаңында өзімен бірге келмек құрбысының тұмауратып қалуынан басталған көңілсіздік қайта шаң беріп, соңы бұрқасынға айналғандай. Бұл жойқын қимылға ниеттенеді. Жұрттың бәрі дерлік биге көтеріліп, босап қалған, сан-алуан тағам түрлері мен ащы ішімдіктерден белі қайысқан ұзын-ұзын столдардың бірінің шетіне келеді де үлкен фужер-стаканға толтыра коньяк құйып, аузына бір-ақ төңкереді. Сол маңда бастары қалқиған екі-үш кәрінің демдерін ішіне тартқанын да елемейді. Сосын көп ішінен әлгі балауса қызды іздейді. «Іздегенге сұраған» деген, келесі үзілісте оны бір оңашалана қалғанында ұшыратпасы бар ма? Ту сыртынан келеді де қысқа қырқылған, бірақ қолға жақсы ілінетін шашын уыстап ұстап, орындық арқалығына қарай басын бір-ақ қайырады ғой. Қыздың шыңғырған даусы құлақ жарады. Кейін белгілі болғанындай бәз біреулер балауса қыздың сол шыңғырысын үлкен оркестрдегі алабөтен ысқырған әлдебір музыкалық аспап үніне ұқсатыпты. Мен бұл көріністердің бір де біріне куә емеспін, тергеу жұмыстарының бәріне бастан-аяқ қатысқан Қантбектің әлденеше мәрте ежіктеуінен көз алдымда қалыптасқан суреттер. Кейбірін

ойша өзім де топшыладым. Орманханның аса денелі қызы дойыр қолдарымен қуыршақтай перизаттың жанын шығара жаздағанын көрмесем де көргендеймін. Дәрігерлердің анықтамасынша оның мойын омыртқасы қатты зақымданған. Міне, әлі күнге сол дәрігерлердің қатаң бақылауында. Бүгінгі сот мәжілісіне жәбірленуші ретінде қатысуға да жарамай, әне, оның орнында ақ жейделі, бет терісі де сондай аппақ, аса зиялы порымды әкесі отыр. Прокурор қыз жаңағы мен елестеткен көріністерді сап-сабамен заң тілінде баяндап шықты да Еркетайдың қылмыстық кодекстің қай тармақ, қай бабы бойынша айыпталатынын жеткізіп, сөзін аяқтады. Бұдан кейін дәлізден куәгерлер шақырылды. Олардың қайқайсысы да Еркетайдың қылығын жақыннан көргенін, жап-жас талшыбықтай қызды бұл еңгезердей неменің дойыр қолдарымен қалай шырқыратқанын көздері ұясынан шыға баяндады. Соңғы бір-екеуі анау тор ішіндегінің біреудің көптен дайындалып, шығынға батып жасаған тойын бүлдіргенін, қонақтардың көңілдері су сепкендей басылғанын қоса тәптіштеп, мұның үлкен күнә екенін бұлтартпас дәделдермен мойнына қойып берді. Ең өкініштісі – қорғаушы тарапынан шақырылған куәгерлер тілдерін шайнап, сот төрағасы назарын өзіне тарта алмады. Солардың бірегейі – Еркетайдың әріптесі, осы Еркетай еңбек ететін ғылми-зерттеу институты директорының орынбасары, ұлты қазақ, егде адам «Еркетай Орманханқызы біздің ұжымда өте құнды ғылми кадр санатында, оның мұндай қылмысқа барғанына өз басым сенбеймін» дегеннен әріге бармады. Бұдан да сорақысы сол – Еркетайға кезек келгенде ол өзін-өзі қорғау мақсатында жартымды бір ауыз сөз айтуға жарамады. Бұл іс жүзінде өз қылмысын мойындағандық қой деп, Жанәлі екеуміз ішімізден қуыстандық. Менің топшылауымша Еркетайдың мұнысы әлгі тойдағы алғашқы әйеліммен ажырастым деген, бүгінде басы бос кексе жігітті бүлдіршіндей жас қыздан қызғандым деуге намыстанғаны сияқты. Ал бәріне себепкер сол кексе жігіт куәгерлер қатарында жоқ екен. Ол «жәбірленуші қызды да, сотталушыны да сол тойда бірінші рет көрдім, екеуін де бұрын танымайтынмын, олардың ешқайсысымен шатағым жоқ, бір-біріне қалай қол салды дәл өз басым көрмей қалдым» деген қағаз қалдырыпты да шетелдік іссапарға тайып тұрыпты. Оның қалдырған қағазын прокурор қыз оқып берді. Қорғаушы жігіттің қарасы көрінбей де қалғандай. Тап осы тұста Жанәлі менің құлағыма:

– Мына адвокатың жілігі татымайтын бірдеме ғой! Қантбегің кімді таңдаған? Бәріміз соған сеніп жүрсек... «Сенген қойым сен болсаң күйсеген аузыңды...» – деп сыбырлады. Шынында да жас қорғаушы жігіт өзіне қарама-қарсы беттегі прокурор қызбен жарыса куәгерлерге мәселенің әр қырынан келіп, әрқилы сұрақтар қойғанмен дәл Еркетайға пайдасы тиердей мардымды ештеме шығара алмады. Қалайда заң маманы емес бізге солай көрінді. Ақыры, мемлекеттік айыптаушы мен қорғаушының жарыссөзі басталды. Прокурор қыз сот процесінің басындағы өз сөзін толығырақ күйде қайталай келіп, әрі куәгерлердің көргенбілгендерін қолшоқпар етіп, Еркетай Орманханқызын төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы сот төрағасына ұсыныс жасады. Сот төрағасы: – Сіздің жаңа ғана өзіңіз тыңдаған мемлекеттік айыптаушының уәждеріне көзқарасыңыз қандай, құптайсыз ба, жоқ па, немесе, алып-қосарыңыз бар ма? – деп жәбірленуші қыздың әкесіне сөз берді. Ол неме орнынан көтерілгенде ақ жейдесі, онымен біте қайнасқандай қызыл-сары бояулары аралас галстугі, осы күндіздің өзінде төбеден шақырайған шам жарығында күмісше жылтыраған бет терісі жұрт назарын өзіне жұлқа тартты. Ол жағын өзі де сезе ме, осы қалпыммен біразының көзін сүріндіріп, мысын басайын дегендей ұзақ кербезденіп, салғыртып барып, жағын қимылдатты. Әу баста-ақ Зәмзәнің ағыл-тегіл жыласынан, сырт нобайынан оның анау тор ішіндегі айдаһардай неменің шешесі екенін топшылаған тақыс әке сол екеуіне қарай күмістей бет терісінен әрең ажыратылатын қас-қабағын жыбыршытып, күлгін түсті қос жанарымен қоса атқылап: – Мен мемлекеттік айыптаушының сөзіне толық қосыламын! – деді. – Мынадай тәуелсіздікке қол жеткізген заманымызда біздің ортамызда ешқандай жазығы жоқ жап-жас, әрі біреудің әлпештеп өсірген жалғызына жабайылықпен қол салу, жауыздық жасау, әрі ол қол салған, жауыздық жасағанның өзінің де қыз, әйел затты адам болып шығуы, кешіріңіздер, оны бағалауға, сыпаттауға менің тілім жетпейді, жүрегімді ұстап қазір құлап түсуге әзір тұрмын, сосын да прокурордың ұсынысын толық қуаттағаннан басқаға дәрменім жоқ. Тек бар өтінішім анау тор ішіндегі сотталушы жазаның ең ауыр түріне кесілсін! Төрт жыл аздау! Қыз әкесі жәбірленуші ретінде ғана емес, Еркетайдың математик ғалым екенін білгесін де ме, өзінің де жерде жатқан адам емес, сауатты, зиялы жан екенін сездіре әр сөзін өз орнына шегелеп, нығарлай, қадала сөйледі.

– Тірі қызыңа өлген адамның құнын сұрап, не басыңа күн туды,

ей, замандас?! Анау-мынаусына қол ұшын берер едік қой сонша-
ма қара борандатпасаң! – Бұл Зәмзә еді. Жаңа ғана үш бүктеліп,
бет-аузы көз жасына шыланған шешенің бүйтіп, қас пен көздің ара-
сында бой түзеп, оқ жыланша атыла үн қатуы біз түгілі қасындағы

Қантбекті қалпақтай ұшыра жаздады, білем:

– Ой, қойсаңшы! Зәмзә! Тәртіп бұзуға болмайды! Бұйте берсең

Еркетайға зияның тиеді, құлағыңа бірдеме сіңе ме, жоқ па?! – деп,
Зәмзәнің шынтағынан қыса ұстаған күйі оны басыңқы етуге жанын
салып қалбалақ қақты. Оның бұл түрі мұндағы Жанәлінің мырс-
мырс күлкісін тудырды. Мен оған ашуланып жалт қарадым, шама-

сы, күлкісін тез тыйып, жасқаншақтау қос жанарын тез жасырмаққа
төмен бұқты. Тек керілген жақ сүйектерінің бергі ұшында ғана сол
күлкі іздері өшпей тұрды. Мен Жанәліні бұл мінезі үшін жазғыруға
жоқпын, себебі қай-қайсымызды да әлдебір қиын-қыстау іс үстінде

де күлкі ұшына іліктіру бізде ертеден қаліптасқан үрдіс.
Жалпы, осы Орманхан, Қантбек, Жанәлі, мен Бекіш – осы
төртеудің ішінде Жанәлі екеуміз ғана жерлеспіз, Талдықорған
өңірінен едік, ал ана екеуі басқа қиырлардан. Мысалы, Орманхан

қызылордалық, сонау Сыр бойындағы Кіші жүз-шеркеш елінің ту-
масы. Ал Қантбек Арқа жақтан, тек шешесі шеркеш елінің қызы
болғасын
Орманханды

әзіл-шынын
араластырып,
ара-тұра
«нағашым» деп атайтыны бар. Осыдан жарты ғасырға жуық уақыт

бұрын әлдеқалай оншақты жігіт осы Алматыда сыраханада бас
қосысып, арты үлкен думанға айналып, мықтап достасып кеткенге
ұқсап едік. Бәріміз де бойдақпыз, соғыс қарсаңында, не соғыспен
бірге туған, уызға жарыңқырамай өскен, өңкей әлгі Мұқағали ақынша

толғасақ «бота тірсек, бос белбеу қатпа немелерміз», ішіп-жеу,
көңіл көтеру сияқтыларға құлшынып тұрған шағымыз. Алғашында
бәріміз түгел жұбымыз жазылмай жойқын ағынға ұқсап едік, бара-
бара әркім әр жақтан құлақ тартып, суын бөліскен өзенге ұқсап,

сұлбаланып, ең соңында осы төртеуміз ғана іріктеліп қалыппыз.
Алғашқы ондықтың кейбірін тағдыр тәлкегі ноқта-жүген салып, өз
соқпағымен әкетті десем ол ойымда қателік бар сияқты, себебі,
осы төртеуміздің де ондайлыққа ұшыраған кездеріміз болған, тек

бізді байлап-матап бір шоғырда ұстаған мінез жарастығы-ау, ша-
масы. Әрі әйелдеріміздің де өзара тату-құрбыларға айналып, осы
төрттіктің шымын бекіте түскені ақиқат. Хош, сонымен осы отыры-
сымыз сол жарты ғасыр дерлік уақытқа созылған достықтың бір

көрінісі еді.
Зәмзә мен Қантбектің дабыр-дұбырынан соң сот төрағасы
қолындағы ағаш балғасымен оның қондырғысын аямай ұрып:

– Залда тыныштық сақтаңыздар! – деген өктем дауыс шығарды. Жәбірленуші қыздың әкесінен кейінгі сөз адвокатқа берілді. Айтса айтқандай бұл қорғаушы жігіттің сөздері ғана емес сырт болмысы да қарын ашырарлықтай еді. Сыптай бойлы, тым арық өңді, ақсұр костюм киген, жіптіктей көк галстук таққан, ана сүті аузында кеппеген қыршын неме. Өзіміз жетпіске толғасын ба, қай кеңсеге бас сұқсақ та өңкей бір жап-жас бозбалалар мен өрімдей қыздар отырғанға ұқсап, жалпы осы дүние, бүкіл кадр атаулы жасарып бара жатқандай әсер етуші еді. Әлде қазір де солай ма, апырай, мына бала уыздай қалпымен айғағы, куәсі көп қылмыс жасаған Еркетайды қорғап шыға алар ма екен деген күдік жан алқымға тірелді. Байқасам, басқаша екен: – Біздің заң орындарында, әсіресе, айыптаушы жақ қызметкерлерінде кәрі нағашыдай қыр соңдарынан қалмай келе жатқан бір ескі дағды бар, – деп бастады ол сөзін. Әрине, жас маманның бұл кіріспесі мені елең еткізді. Ертеректе «Орыс адвокаттарының классикалық сөздері» деген кітап оқыған едім. Онда қатал тұрмыс илеуінде ауыр қылмыстарға байқаусыз барған жанкештілердің жай-күйін қазбалап, тілдің майын тамызып, ақырында оларды ақтап шыққан өткен ғасырдағы ресейлік адвокаттардың сөздері топтастырылған. Олардың әрқайсысында ауыр-ауыр адам тағдыры, тұрмыс тауқыметі, біріне төтеп берсе екіншісінен майып болған жандардың абайсыз әрекеті, ессіз қылықтары, ол әрекетқылықтардың сын-сыпатын бойына сыйғызбас темірдей заңның тар құрсауы, міне, сол темір құрсауды қақыратқан адвокаттың буынсыз тілі, асқан біліктілігі. – Ол ескі дағдының мәні сол егерде біздің қоғамның бір мүшесі қылмыс жасады ма, демек, бұл қылмыскер міндетті түрде қамауға алынуға тиіс, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуға тиіс, – деп жалғастырды адвокат сөзін одан әріде. – Тек сол қылмыс жасаушы ондай атты, біздің қоғамымызбен сыйыспас қылыққа неге барды, сол қылмыс үстінде қандай жан күйзелісін бастан кешірді, ол күйзелістің түп-тамырында қандай алғышарттар жатыр, міне, осыларды анықтауға келгенде біздің тергеушілер тым керенау. Мәселенің байыбына баруды қиынсынады, басы артық жұмыс санайды, көбіне оңай жолды таңдайды. Бізді осы мамандыққа баулыған жоғарғы оқу орындарындағы бір ұстаз былай деуші еді: «Біздегі бұлжымас заң қатаң басшылыққа алынғаны дұрыс. Тек айыпталушының мүмкіндігі қоса ескерілсін, ол заңға қайшы қылыққа барарда өзін-өзі тежеуге күш-қабілеті, ой-санасы жететін бе еді, жоқ па, сол жағы мұқият анықталмақ керек». Ең жаманы

сол – менің әріптестерім осы қағиданы үнемі басшылыққа ала бермейді. Адвокаттың мына кіріспесі мені сәл-пәл қанаттандырды. Әлгі өзім оқыған «Орыс адвокаттарының классикалық сөздері» атты кітап ойыма қайта оралып, мынау сол дәрежелес білім-парасаттың қайнауынан шыққан, өз ісіне берік, көзге нәзік те іш дүниесі қуатты жас қорғаушыға ұқсады. Мен түгілі бізден екі қол созымдай оң жақта аулағырақ отырған Зәмзә мен Қантбек те сәл-пәл бойларын түзеп, еңселерін көтергенге ұқсады. Бұдан кейін жас қорғаушы Еркетай Орманханқызының мектепті, Мәскеудегі Ломоносов университетін үздік бітіріп, аспирантураны аяқтамай жатып кандидаттық диссертацияны ойдағыдай қорғағанын, бұл қазақ қызының осы тырнақалды еңбегіне орыс, басқа да шетел ғұламаларының көңіл бөлгенін сап-сабымен баяндады. Тап осы тұста Зәмзә тағы шыдамай барша жұртқа естірте: – Өркенің өскір балам-ай, тіліңнен айналайын, осы пәледен мына қызым аман құтылса мына балаға жақсы бір кәстөм кигізбесем! – деп салды. Сот төрағасы ағаш балғасын көтеріп те үлгермеді жәбірленуші қыз әкесі орнынан айғайлады: – Көрдіңіздер ме, бұл кісілердің бәрі пара беріп үйренген! – Немене, менің қызым Ломоносов университетін үздік бітіргенде де Мәскеудің профессорларына пара беріп пе? Ол мәскеулік оқымыстылар да сіз сияқты пара беріп, пара ала ма екен? – Менің пара беріп, пара алғанымды қашан, қай жерден көрдіңіз? – Түріңде жазулы тұр! – Мәртебелі сот төрағасы! Сотталушы қыз шешесінің мына сөзі протоколға енгізілсін! Бүйтіп, қара күйе жаққысы келетін адамның қылығына мен төзе алмаймын! Дұрыстап шағымданамын! Бұл кезде сот төрағасы ағаш балғасымен оның қондырғысын аямай ұрғылап еді: – Сот мәжілісіне қатысушы апай! Және жәбірленуші сіз де! Егер бүйтіп менің рұқсатымсыз өзара салғыласатын болсаңыздар екеуіңізге де әкімшілік шара қолданамын! Айыппұл саламын! Оған да көнбесеңіздер мәжіліс залынан шығарыласыздар! Бұл сіздер үшін пайдалы емес! Қара мантиядан екі иығы сәл үшкірленген жап-жас сот төрағасы отырған орнынан жел ұшырып әкетердей бір әлсіздік танытқанға ұқсады. Қолындағы титімдей ағаш балғасы тәрізді тұлабойындағы күш-қуат та соншама мардымсыз сияқты. Неге бұлай түйдім, сөздерінде зілдің аздығынан ба, жоқ, мына мәжіліс ауаны оның уы-

сынан шығып бара жатқандай көрінді ме екен? Ол жағы өзіме де
беймәлім.
Залда ұшқан шыбынның ызыңы білінер тыныштық орнағанда
адвокат әу бастағы мақамымен сөзін жалғастырды. Еркетайдың

жеке басының еңбегін сыпаттап тауысып, бүгінгі Қазақстандағы,
әсіресе, соңғы тәуелсіздік жылдарындағы ғылымның мүшкіл хал-
жағдайына ауысты. Біреудің қолымен диссертация жазатын, от
көсейтін, барды жоқ, жоқты бар ететін, жең ұшынан жалғасатын

қылықтардың етек алғанын осқылады. «Мұның бәрі қылмыс емес
пе, қылмыс болса біздегі тәртіп сақшылары оны көрмей отыр
ма, көрсе неге саусақ ұшын қимылдатпайды» деген бағдарда
найзағайдан өткір сөздерді түйдек-түйдегімен тастады. Залдағы

кейбіреулер бұл жайға өздерінің де қатысы барын сезгендей бас-
тарын төмен салды. Тіпті сот төрағасының өзі де астынан су
шыққандай қипалақтап, өзі құралпылас өрімдей қорғаушыға
қабағын кіржите қарады. Тоқтам салуға заң ережесі ерік бермесін

білгесін ғана мысы құрығандай. Өз басым «жоқ, мына бозбала
Орманханның қызын қорғауға жете дайындалған екен» деп, іштей
тоғайдым. Менің көзіме әлденеден Еркетай темір тордың ішінен
қазір-ақ шығып бара жатқандай көрінді.

Тек осы тұста мен үшін тым жайсыз бір құбылыс көзіме оттай
басылды. Прокурор қыз рұқсат сұрамастан орнынан атып тұрып:

– Мәртебелі сот төрағасы! Адвокат бүгінгі қаралған мәселеге

қатысы жоқ мәселелерді созбұйдалап, сот мәжілісін басқа жаққа
бұрып барады! Мен наразылық білдіремін! – деп, ағашқа қонған
сауысқанша шықылықтады. Адвокат жігіт:

– Бұл жайдың қаралған іске тікелей қатысы бар, сәл шыдамдылық

жасаңыз, прокурор ханым! Қатысы барын қазір дәлелдеймін! – деп
жауап қайырды. Сот төрағасы:

– Құрметті әріптестер, сіздер де тәртіп сақтаңыздар! Про-

курордың наразылығы қабылданбайды! Адвокат мырза, сөзіңізді
жалғастырыңыз! – деді.
Адвокат сәл желпіне түсті. Ғылымның ойсыраған халін одан
әрмен жіліктеп, осындай ортада жиырма жылдай ақ тері, көк

тері шыға еңбектеніп, қаптаған әділетсіздіктерге кеуде тосу әйел
адамға оңайға түсті дейсіздер ме дегенге сайды. Адамның бір
әділетсіздіктен де шарт сынатыны болады, ал жиырма жылдық
әділетсіздіктен жаны нәзік келетін ғылым мен өнер адамдары,

әрі оның ішіндегі әйелдер қалай бойларын түзу ұстай алсын?!
Осы жиырма жылда ерекше қабілет иесі Еркетай Орманханқызы
қанша жан күйзелісін бастан кешірді екен? Адам деген темір емес!

Мына соңғысын сондай бір ауыр жан күйзелісі үстіндегі абайсыз қылығы деп бағалап, бұрынғы қыруар еңбегі, жұмыс орнындағы әріптестерінің ол туралы өте жоғары пікірлері ескеріліп, Еркетай Орманханқызын шартты түрде ғана жазалау жөнінде ұсыныс жасаймын! Міне, адвокат осы мағнада сарқыла төгілді. Тағы бір қызығы Еркетай өзіне соңғы сөз берілгенде «мен үшін бәрін адвокат айтты ғой» деді де басын төмен сылқ еткізді. «Апырау, ғылым тасын кемірген, талас-тартыстың көрігінде шыңдалған қайратты қыз анау прокурор өзін төрт жылға түрмеге қамауға ұсыныс жасағанда өз басын қорғауға бір уәж таппағаны несі» деп, іштей қапаландым. Үзілістен соң сот төрағасы Еркетай Орманханқызын төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкімін оқығанда «тәйір-ау, жаңағы жас адвокаттың жалынды сөздерінен бұл неменің бір қылы да қисаймағаны қалай» деп, тағы да іштей булықтым. Өзіме жалтақтаған Жанәліні екі-үш мәрте бүйірден қаққылап та жіберіппін. Ақыры, полицей тордағы Еркетайдың екі қолын кісендеп әкетіп бара жатқанда Зәмзә өлікке дауыс айтқандай аттандады. Қантбек оның қасында қалбалақтап, дүңкілдеп, бірдеме деген болады. Сыртқа бәріміз қотарыла шыққанда жәбірленуші жақ адамдары тез тарады да біздер ғана, Еркетайдың жанашырлары, әлдебір дәмге мейірі қанбағандай үйіріліп қаппыз. Зәмзәнің даусы басылмады: – Мынаны естісе Орманханның беті бері қарамайтын болды ғой! Құдай-ай! – Қой деймін мен саған, Зәмзә! Еркетай бұдан да көпке кесілер еді, осы төрт жылға шегерткен менмін. Жаңа сот жариялады ғой, он күн ішінде қалалық сотқа шағымдануға болады деп. Сол қалалық сотта бұны тағы екі жылға шегертпесем арғы қолыңды бері әкел! Сонда бұған дейін Еркетайдың бес айдай жатып қалғаны бар, әрі түрмедегі дұрыс тәртібі үшін, әрі Еркетайдың әйел адам екендігі, ғылым адамы екендігі ескеріліп, мерзімінен бұрын босатылатыны ақиқат! Сонда енді бір төрт-бес айда қызың үйіне оралады. Мұның бәрін өзім ұйымдастырамын! Сабыр сақта! Орманханға әзір ештемені хабарлама! Қантбек қалың қасты, ожар қабақты да есесіне беті, жалпы дене пормы арықтау еді. Қысқа жеңді, сары жолағы әрең шалынатын ақ жібек жейдесі ышқырланып, сыртынан жалпақ қайыс белбеумен қынай тартылғасын ба, белі жіңішке, әрі өзі еңкіштеу көрінетін. Қимылы шапшаң, ойына келгенді де іркіп жатпайды. Төрт достың ортасында көбіне көсем шығатыны да осы.

* * *
Қантбек, Жанәлі, мен – үшеуіміз Зәмзәні бала-шағасымен
үйлеріне алып бардық. Мұнда да сол жылау-сықтау, дабыр-дұбыр.
Бір қызы шай қойып, одан екі-үш кеседен зорлана іштік. Басқа еш-

теме тамағымыздан өтер емес. Жанәлі екеуміз кете бермек едік,
Қантбек:

– Бірге шығайық, мына жағдайдың ізі суымай аз-кем талқыға

салайық та! – деді. Ақыры, Зәмзә сәл саябырсыды-ау деген-
де үшеуміз сыртқа шығып, бұл маңнан шалғайырақ кететін кез-
келген бір автобусқа міне салыппыз. Басымыз мең-зең, қайда бара
жатқанымыз жөнінде өзімізге өзіміз есеп беруді де ұмытыппыз.

Қалайда осы маңнан тезірек алыстасақ жанымызға тыныштық ор-
найтындай көрінді ме, автобус ішінде тіл-жағымызды қарыстырып
бағыппыз. Қантбектікі, әрине, шаршағандық, сот үстінде, әрі оған
дейін де, кейін де Зәмзәні шынтағынан ұстап, дігірлей сөйлеп,

басалқалы ету оған оңайға түспеген. Ал Жанәлі екеумізге не
жорық? Сірә, сот үстінде оған қатысушылардың ауыздарынан
ұшқан от шашулар, әрі Еркетай өзімізге ежелгі дос Орманханның
қызы екені, оның асқан қабілеттілігі бір-бірімен сыйыспас кереғар

ұғымдардың өзара жабайы аңдарша тіс салысқан қылығына ай-
налып кеткендей. Осы жағын басымызда пісіре алмай тығырыққа
қамалудан туған жан қиналысы ма?
Автобустың біздің жай-күйімізде не шаруасы бар, аңыратып

кетіп барады. Бір ұйықтап оянғандай халде есімізді жиып, жан-
жағымызға қарасақ қаланың сонау батыс бөлігінен, кілең шағын
аудандар қыспағындағы «Сарыарқа» кинотеатрының жанынан бір-
ақ шығыппыз.

– Ойбай, түсейік!

– Расында түсейік Бұдан әрі қайда бармақпыз?!

«Сарыарқа» қаладағы ең ескі кинотеатрлардың бірі. Жастық
шағымызда осының айналасындағы саябақта, базарда сыра ішіп,
әрқилы қыз-жігіттермен танысып, думанды думанға ұластырған
кездеріміз естен кетпейді. Сосын да бұл маң көзімізге біршама

ыстық көрінеді. Оның жоғары жақ сыртындағы ескі саябаққа қарай
аяқтарымыз өздері ала жөнелгендей еді.
Мұнда көк шырша, қайың араласа өскен қалыңның ортасын-
да, ағаш сәкіде шашы аппақ қудай, бірақ иықты, денелі көрінген

біреу отыр еді. Ол бізге алыстан-ақ көздерін сығырайта, тіпті
сәл күлімсірей қарап, жүрісімізді жіті бақылаған күйде екен.
Жақындағанымызда:

– Эй, три мушкатера, каким ветром? – деп сұрады орысшалап.

Қарасам, менің ескі сыралғы әріптесім – журналист Рахымтай. Көптен көрмегесін, әрі шашының күрт ағарып кетуінен бірден танымай да қалыппын. Мұнымен ертеректе Қантбек, Жанәлінің де бірер мәрте бас қосысып, дидарласқаны бар. Үшеу едік, енді төртеуге айналып, шуласып, әзіл-қалжыңды араластыра амандасып жатырмыз. Сірә, біздің жағдайымызда ақыл қосуға лайық осындай тосын адамның жолығуы да сәттілік нышанына ұқсады, білем. Бәріміз арқа-жарқа болғандаймыз. – Бұл маңға ат ізін салуды ұмытқан өңкей бір сорпа бетіне шығар дөй, маңғаздардың бүйтіп ойда жоқта сау етуі айтты-айтпады таңқаларлық жай. Мен жаңа сендерді шынында Александр Дюманың атақты үш кейіпкеріне ұқсаттым. Қазір өз көзіме өзім сенбей тұрмын. Жер астынан шыға келгендей жүрістерің бір түрлі! Жөн айтыңдаршы осы! Аманшылық па?! Рахымтай да жетпістің о жақ, бұ жағындағы біз қатарлы жан. Әке-шешесі ерте өліп, жетімдер үйінде өскен, өмір бойы республикалық Радио ұжымында еңбек еткен, қазір зейнеткер. Тек әлі де анда-санда сол радиодан даусын естіп қаламыз. Кезінде үнтаспаға жазылған хабарлары ара-тұра беріліп тұрады. Қантбек екеуміз сәл қалжыраған күйдеміз, бәріміздің атымыздан жөн айтқан Жанәлі еді. Бұл қалайда біз сынды гуманитарлық емес, техникалық білім алып, сол салада шашын ағартқан ғой, бұл жүрісіміздің мәнін біздің айызымыз қанатындай етіп жеткізе алмады. Оннан-мұннан үзіп-жұлқып, әрең құрастырып берді. Рахымтай бірақ бәрін түсінді. Орманханды да, оның қызын да естуі бар екен. Иықты денесі сәл қушия төмен тұқырып, күмісше жылтыраған ақ шашын әлсін-әлсін сипалады. Енді ол отырған ағаш сәкіге біз де құйрық тигіздік. Сәл-пәл үнсіздіктен соң Қантбек тілге келді. Оған мен қосарластым. Бір инженер, бір заңгер, бір жазушы – үшеуіміз үш қырынан келіп қажаған соң бүгінгі оқиғаның не жаны қалсын, Рахымтайдың көз алдында ішек-қарнымен ақтарылып түсті. Енді қарт радиожурналистің боз бетегедей қас-қабағы тіптен төмен салбырады. Екі бетінің ұштары да қорғасын түстенді. Ия, төртеуімізді де әлдебір алапат күштің мысы басты. Әлденуақытта: – Бұл қасқыр тірліктің белең алғаны ма? Біз осы өркениетке емес, қасқыр тірлікке бет бұрғамыз жоқ па? Орманхан достарыңның қызы үлкен ғалым, өзі әйел затты адам. Сөйте тұра осындайлыққа барады, басқалары не оңдырсын?! – деп салды Рахымтай. – Менің сот шешіміне ешқандай өкпе-наразым жоқ, қайта жұмсақтау-ау, шамасы! Жаңа ғана соқпа дертке ұшырағандай көз жасын көлдеткен Зәмзәнің гөй-гөйінен әрең құтылған біздерге, әрине, Рахымтайдың

бұл резюмесі жайсыздау тиді. Қайтадан зілдей ауыр үнсіздікке ұрындық. Сәл уақыт өткеріп барып, бәрімізден де ұшқыр қимылды Қантбек алақ-жұлақ етіп, саудырай жөнелді: – Жалпы заман ауаны жайында толғасақ біздің қасқыр тірлікке бет алғанымыз ап-айқын, басқаны, ғылымды қайдам, мына бүгінгі күннің бет ажары іспеттес бизнес дегенің тұп-тура қасқыр тірлікпен егіз қозыдай! – Бизнес дегеннің қасқыр тірлікке ұқсастығын білу үшін сен сияқты заңгер болудың қажеті жоқ! – деді Жанәлі. Екі бетінің ұштарында Қантбекті келемеждегендей күлкі белгісі жылтырады. Қантбек оны байқаса да қабағын одан әрмен тұнжыратып: – Қасқыр тірлік! Бұл тіркес тіліміздің ұшына жайдан-жай ілінген жоқ! – деді әлі де сол өз ойымен болғансып. – Бірақ Орманханның қызы бизнесмен емес, ғылым адамы. Ал ғылым дегенің кіршіксіз тазалықты қажет ететін сала. Қасқыр тірлік, міне, сондай тазалыққа ауыз салып, ластап, кеміріп жеп барады. Бұл қабырғамызға қалай батпасын?! Мен де қарап тұрмай: – Сен философияның пүшпағынан тістедің ғой, – дедім. – Сен, Бекіш, Жанәлі екеуің тобықтан қақпай сәл тізгін тартыңдаршы! Ия, қасқыр тірлік! Осы қасқыр тірлікке қатысты бір әңгіме есіме түскенін қарашы. Оның мағнасын дұрыс түсіну үшін мені тыңдағандарың жөн! – Құлақ сенде, Қантбек! Бүгінгі шаруаларыңды тындырып қайтыпсыңдар ғой, асығатын не бар, сөйле! – деп, Рахымтай оған одан әрмен желік бітіргендей еді. Бұл түс ауған шақ. Аспан ашық, тап қазір алып-жұлып бара жатқан ыстық жоқ, әрі мына «Сарыарқа» кинотеатрының сыртындағы саябақтың көлеңкелі тұсы осындай қысыр әңгімеге өзі жағдай жасағандай. – Менің шешем Сыр бойында туып-өскен, мына Кіші жүз – шеркеш елінің қызы ғой. Ия, Орманханға апа боп келеді. Сосын ғой Орманханды «нағашым» деп атайтыным. Сол шешем кезінде мына жайды өз шешесінен, яғни менің нағашы әжемнен естіпті. Нағашы әжем айтатын көрінеді, осы шеркеш еліне келін боп түскенімде қайынатамның үйінде бір боталы інген болды дейді екен. Жаздың ұзақ күнінде бота үйде қалады екен де інгеннің өзі жайылымға кетіп, тек желіні сыздағанда ауылға қайтады екен. Бұған бәрінің көзі үйренсе керек. Бірде сөйтіп інген ауылға келе жатқанда нағашы әжем, ол кезде жап-жас келін, көзі өткір, сол келе жатқан інгенге қараса екі өркешінің ортасында бірдеме қыбыр-қыбыр етеді дейді. Алғашында нағашы әжем інгенге біреу мініп алған екен деп

ойлайды. Інген жақындағанда дұрыстап зер салса екі өркештің ортасындағы адам емес, қалбалақ қаққан басқа бірдеме дейді. Құс па, жоқ, құс емес. Ауылға тіпті таяғанда інген әлдене жанына батқандай ыңыранып, жүрісін тездетсе керек. «Бәтір-ау, бұл не» деп, нағашы әжем оған қарама-қарсы жүрсе керек. Сөйтсе екі өркешінің ортасында шоқиған кәдімгі қасқыр дейді. Нағашы әжем шошып, айғайлап, кейін киіз үйге қарай безеді. Қайын атасы, басқа еркектер атып шығып, қолдарына сойыл, басқа бірдемелерді ұстай ұмтылмай ма? Бұлар ойлаған ғой, қасқыр мына көп адамды көріп, түйенің өркешінен ырғып түсіп қашып кетер деп. Сөйтсе қашпайды дейді. Қайта әлденені құнжаңдап жеген болып, отыра береді дейді. Сөйтсе былай екен. Қасқыр ен аулақта жалғыз-жарым жайылған түйені көрсе оны айналшақтап, алдаусыратып жүріп, ернінен тістейді екен де шөгереді екен. Сөйтіп, өркешіне қарғып мініп, оның майын кеміреді екен. Тек аш қасқырдың бір әлсіздігі күтпеген мол олжаға жолықса жағы қарысып қалады екен. Мысалы, бір қора қойдың үстінен түссе оның біреуін ғана емес, бірнешеуін қоса қабат бөксесінен, бауырынан, не таңынан тартып жаралайтыны содан, сол жағының қарысып қалуынан екен. Әдетте, қасқыр етті ішіне жұта береді, сөйтіп, қарасын батырады да іштегісін қайта құсып, бөлтіріктерін асырайды, әрі өзі жейді. Ал жағы қарысса оған шамасы келмейді. Мына жолы да солай, нағашы әжем көрген қасқыр үшін әлгі інгеннің қос өркеші мол олжа емей немене. Майына бір бөгем ғой деп тісті салып жібергенде онысы қайтіп шықпай ауылға түйемен бірге шайқатыла жетіп, сондағыларға қолды болады. Мен бұл жайды неге сыздықтаттым, тыңдаңдыр, – деп, Қантбек осы тұста сәл үзіліс жасады. – Өткен тоқсаныншы жылдардың ортасында ұжымшар, кеңшар аттылар тарап, мал азайып, ет тапшылығы күрт білінді емес пе? Сол жылдарда мал ұрлау өз алдына, Сыр бойы, Атырау, Маңғыстау сияқты түйелі өлкелерде жайылымдағы түйелерді атып, өркешін, санын кесіп әкету сияқты қылмысты істер сондағы заң орындарында тым көп тіркелгеніне өз басым куәмін. Бұл адам қасқырға айналып бара ма деп, сонда-ақ біраз ақылды бастардың әңкі-тәңкісі шыққаны есімде. Бұл жерде менің де делебем қозды: – Сенің көмейің түсінікті, Қантбек. Әлдебір сұйық жүрісті жігітсымақты қызғанып, біреудің бүлдіршіндей қызына қол салған Еркетайдың дойырлығын заман ауанымен байланыстырғың келеді ғой. Заманның өзі ол ғылым адамын сондай жабайылыққа итермеледі демексің ғой. Оныңа дауым бар. Бәрін заман ауанына телісек екі қолымызды қусырып, қарап отырғаннан өзгенің бәрі

артық. Бар кілтипан заманда емес, адамның өзінде. Жаңа сот мәжілісінде адвокат жігіт не айтты? Ия, бүгінгі ғылым саласындағы келеңсіздіктерді көгендеулі қозыдай тізді. Біреудің қолымен диссертация жазу, от көсеу, барды жоқ, жоқты бар ету, тағы басқалар. Мұның сыртында көгілдірін шұбыртқан қаз-үйректей өзгелері де толып жатыр. Әртүрлі атақтар үшін, орден-медаль үшін, лауреаттық үшін жанын салады. Сөйтіп, өзінің «жыртығын» жамағысы келеді. Бақталастық тіптен бастан асты. Өзінен қабілеті басым адам көрсе әкесін сол өлтіргендей оның соңынан түседі. Тіпті өйтіп біреудің соңынан шам алып түсуді өмірлік мақсат-мұратына айналдырғандар бар. Тәңірден кешірім сұраймын, ешқайсымыздың жүз пайыз денсаулығымыз жоқ, амалсыз мына жай тіліме оралады, аттап өтсең ойыңның құнары кемиді, сөйтіп, өмір-бақи біреудің соңынан түсем деп, психикалық ауытқуға, дертке ұшырағандарды да біледі мына дөдең. Ал ендеше... – Әй, жазушы Бекіш, сенің де тұяғың қызып барады. Сәл сабаңа түс! Осы пайымыңның бәріне заман кінәлі емей немене? – Жоқ, Қантбек, оныңа келіспеймін! – Сонда кім кінәлі? Ашыңқырап тасташы! – Қазір ашамын! Өзің де тақат қыл, тыңда! – Қантбек, сөзге қонақ бер сәл! Ойын тиянақтасын! – деп, Рахымтай килікті. – Осының бәрі өйтіп іштарлық етушілерге не үшін керек? Әрине, бедел үшін керек. Қайтсем көп ортасында бедел аламын деп, өлер жерін аңдамайтындар қаншама?! Енді ол үшін жаңағы мен көститкеннің бәрін тауысып, басқаша тәсіл іздегендер бар. Қазір баспасөз бетінде қилы ұсыныстар жасап, жұрттың басын шатушылар қара көбейтті. Әлгі халықаралық термин сөздерді жаппай қазақшалайық, латын әліпбиіне көшейік, мектептерді он екі жылдық оқу жүйесіне көшірейік деп лаң салушылар, міне, тап солар. Ал осы соңғы аталған үш ұсыныстың үшеуі де жүзеге асқан күнде қазақ халқына қарсы ұйымдастырылған нағыз қаскөйліктің өзі болып шығарына олар көз жеткізе ала ма? Әрине, көз жеткізе алмайды, себебі, ғылми қабілеті тапшы, білімі таяз. Тіпті көз жеткізген күнде де оны кәперге алар олар жоқ, бәріне керегі сондай бір күлдібадам ұсыныстар жасап, жүзеге асырып. өзінше бір тау тұрғызғандай бедел таппақ! – Бұл туралы сен арнайы мақала жаздың ғой! – Ия, оқығамыз ол мақаласын! – деп, Қантбек пен Жанәлі екеуі қабат дегбірсізденді. Рахымтай ол екеуін көздерімен адақтап тағы да сабырға шақырғанға ұқсады.

– Мұның бәрі Орманханның қызынан басталған ғой. Ойымды шашыратпау үшін сол Орманханның қызын мысалға ала сабақтайын. Еркетай ғылымда бақ-жұлдызы жанса да өз алдына отау құрып, түтін түтетуге қолы жатпеген жан. Оның бойындағы долылық та содан туындайды. Ал Еркетай неге тұрмысқа шыға алмады, ғылымның соңына түсуі бөгесін етті дейсің бе, оның қып-қызыл қателік. Қазір қай үйге кірсең де отыздың о жақ, бұ жағындағы теңін таппаған қыз-жігіттердің үстінен шығасың. Мына біздің қатарымыз 22-23-ке дейін түтін түтетпесе «сүр бойдақ» атанатын. Ал мыналарға ондай таңба басып жатқан ешкім жоқ, бәрінікі көз үйреншікті. Ал осының себебі не, олар да ғылым қуып, бастары шатылып па? Жоқ, қалқатай, пәле төркіні басқада. Тыңдаңдар! Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын бізде он бір жылдық оқу жүйесі енгізілді емес пе? Міне, соның кесірінен балаларымыз мектепті он сегіз, тіпті кейбірі он тоғыз жасында бітіреді де үйлену мәселесіне бірер жыл кеш қарманады. Ал біздің ата-бабаларымызда ерте үйлену дәстүрі болғасын қазақ жастары ерте піседі. Егер дер шағында теңін таппаса оларда бір психологиялық тежеліс туады. Міне, сүр бойдақтардың, кәрі қыздардың «инкубаторы» осы құбылыс. Мен, өз еңбек жолын мектеп мұғалімі ретінде бастаған, педагогикадан, психологиядан хабары бар адам ретінде он екі жыл түгілі, осы онбір жылдықтың өзін жойып, бұрынғы өзін-өзі ақтаған онжылдықты қайта қалпына келтіру төңірегінде қаншама мақала жаздым. Бұған үн қосқандар қаншама?! Бірақ тыңдайтын құлақ жоқ. Тоқ етері – пәленің басында жалған бедел үшін ойсыз ұсыныс жасағыштар тұр. Замана ауанын күстәналау неме қажет, өйтсек ауаға түкіргендейміз. Әуеле өзімізді барлайық, бәрін өз қолымызбен қақыратып, бүлдіретінімізді ұғалық. Рахымтай менен көздерін ала қашып, аппақ шашын сипағыштап, аяқ астынан әлденені іздегендей төмен тұқырды. Мұнысы «сен екеуің іштегі запыраннан арылдыңдар, ендігі кезек менікі» дегендей шықты. Бұл байқауым дәлме-дәл екен, боз бетегедей қасқабағына күш түсіре: – Қантбек бар проблема үшін замана ауанын жерден алып, жерге салды, ал жазушы Бекіш «аңқау елге арамза молда» – дүмше оқымыстыларды түйреді, ал мен сол бақытсыздыққа ұшырағандардың өз тағдыры үшін ең алдымен өздері жазықты екенін дәлелдесем ақысына не бересіңдер? – деді. – Саспаңдар, мен де аспандағы бұлттың үстіне шығып кетпеймін, жерде қыбырлаған жандардың тірлігінен мысал келтіремін. Бұл тұста Жанәлі қипақтады:

– Сендер. өңкей гуманитарлар, философияның түбін түсіресіңдер, отардан жырылған ақсақ тоқтыша тобыңа ілесе алмай шаңдақ жолдың үстінде мен аунап жатпаймын ба? Үшеуміз де оған жалт қарасып едік. Жасқаншақтау көздерінде, керілген жақ сүйектерінде әзіл-күлкі нышанынан гөрі шын мәнінде қысылғандық белгісі молырақ атойлағандай. Бәрімізден бұрын Рахымтай кішіктік жасап үлгерді: – Сен де жұмыссыз қалмайсың. Мен өзімдікінен арылайын, сосын үшеуміздің уәжімізге төрелік жасайтын бол! Сені төбе би сайладық. – Бәтір-ау, былғары илеу мен кілем тоқудың инженерінен қандай төбе би шығушы еді? – деп Жанәлі тартыншақтаған сыңайлы. – Шығады! – Шығады! – Бұл 1967-68 жылдарда болған оқиға еді, – деп бастады әңгімесін Рахымтай. – Республикалық радио үйіне жұмысқа жаңа іліккен кезім, ойхой сүр бойдақтың өзімін, жаңа Бекіш айтқандай 24-25тегі кезімізде-ақ бізге сондай айдар тағылушы еді. Біздің басшылық тап осы арадан алыс емес, сонау оныншы шағын аудандағы көп қабатты үйлерден өздеріндегі салт басты қызметкерлер үшін жатақхана ретінде екі пәтерді бөлгізді, бірінде қыздар, екіншісінде біздер, жігіттер, тұрамыз. Жаңа кірпіш үйдің бесінші қабатындағы үш бөлмелі пәтер, әттең, бала-шағалы, берекелі бір отбасы үшін тамаша қоныс болатын-ақ жай, ал біздер, өңкей қазақ жігіттері, не істедік, алғашқы бірер айда-ақ күл-қоқысқа айналдырдық. Бірбірімізге сілтеп ешқайсымыз еден жумаймыз, түн ортасы ауғанша шам сөнбейді, қашан да ұйқы шала, шылым түтіні, тарс-тұрс, былапыт сөз, бірер мәрте төбелес те туа жаздады. Бара-бара үш бөлмеде де қолқаны қабатын жаман иіс білінді. Ақыры, ішіміздегі біреу шағым түсіріп, кәсіподақ басшысы келіп, «тәртіп бұзғандар, түнгі оннан кейін шам жағатындар, бөлмеде шылым шегетіндер, өз кезегінде еден жумайтындар жатақханадан шығарылады» деп зікір салғасын сәл-пәл жағдай жақсарды. Ішімізде Шман деген бір диктор жігіт бар еді. Жасы отыздан асқан, бәрімізден жасы үлкеніміз сол. Сенесіңдер ме, жоқ па, білмеймін, кәсіподақ басшысы келгеннен кейінгі сәл түзелген ахуал ең алдымен соған ұнамады. Бұл жерде тыңдарман үш дос Рахымтайға осқырына қарадық. Шман ол заманда халыққа танымал диктор еді, әрі ара-тұра теледидардан да көрінгесін түр-түсі де жадымызда. Рахымтайдың енді соған ауыз салмаққа ойысуы шымбайымызға батқандай. Бірақ Рахымтай қалайда радиожурналист, оның атышулы дикторды бізден

гөрі жақсы білетіні ақиқат, бұған қоса мына Қантбек екеуімізден әлдеқайда жатық сөйлеуі де бәрімізді тырп еткізбей ұстағандай. – Шырайларыңды шырамыттым, атақты дикторды ғайбаттамақ деп, маған іштерің суық тартқандай ғой. Мен ешкімге күйе жақпаймын, тек өзім куә фактілерді алдарыңа тосамын, ол оның қасиеті, жоқ, керісінше ме, шешім өздеріңнен. Мына төбе биіміз, былғары илеу мен кілем тоқудың инженері Жанәлі де қалыс қалмас. Ия, сосын, сол түн ортасы ауғанша әлгі жігіттер жатақханасында шам сөнбейтіні көбіне сол Шманның кесірінен. Құдайдың құтты күні жатақханаға түн жамылып жетеді, сәл қисайып демалуды білмейді, төсегінің айналасына көнбістеу төрт-бесеуді үйіріп алады да, аузынан арақ пен темекі исі бұрқырап, ой әңгімені қоздырады-ау! Сондағы ырғап-жырғайтыны түгел мақтангөйлікке құрылған. Осы қаладағы сол кездегі ықпалды, лауазымды адамдармен қалай қыдырыстағанын қиыстырып, тігісін жатқыза соққанда әзірге көп ештемені көрмеген, шала, шикілеу жігіттердің ауыздарының суы құритын. Одан қалған уақытта төсегіне жантаяды да кітап, не газет оқиды. Аузынан шылым кетпейді. Ара-тұра жастығының астына тығып, ұрлап шарап ішетіні де бар. Бәрімізден жасы үлкендіктен ешкім онысы үшін жазғырмайды. Кейінірек, түнделетіп, жігіттердің бір-екеуін ертіп әкетіп, солардың есебінен, арақ па, шарап па, жоқ, әлде сыра ма, ішіп келетінді шығарды. Дүкеннен алдырғанын әсте жатақханаға әкелмейді, басқалар ортақтасады деп қорқады. Бір рет ол сығырың мені де түсірді ғой. – Ау, Рахымтай, сен ұзаққа шаптың, біздің көтерген тақырыбымызға қатысы бар ма? Ондай біреудің қалтасын қаққыштардың талайын біз де көргенбіз! – деп, Қантбек оның сөзін бөлді. – Жаңағы көтерілген тақырыпқа қатысы бар! Тұздығы мол әңгіме! Тыңдаңдар! – деп, Рахымтай сәл-пәл жік-жапар болды. – Бірде жұмыстан шығып, қазіргі Абылайхан даңғылымен Алматы ресторанының тұсынан өтіп бара жатып, «Рахымтай» деген дауысқа елең еттім. Қарасам әлгі диктор Шман. Ресторанның сыртқы есігінен сәл беріректе ине-жіптен жаңа шыққан костюмшалбар, ақ жейде киген, алыстан шақырайып көрінетін жалпақ қызыл галстугі бар ол немең шікірейіп-ақ тұр. Мені қол бұлғап шақырғасын бара қойғаным. – Бұл адам заттыға сенуге болмайды ғой, – деп, ол бірден түңіле сөйледі. – Минтяжстройдың замминистрі мана телефон шалып, сағат алтыдан он бес минут өткенде осында бол, кешкі асты бірге ішеміз деп еді, он бес емес, қырық бес минут өтті, әлі жоқ, мына

жерде өткен-кеткеннің көзіне түсіп, тұра беру де ұят екен, черт побери! Қалайда, жас кезім ғой, Ауыр машина жасау министрлігінің ол заманда Алматыдағы ең қуатты мекемелердің бірі екенін білетінмін, ал оның министрінің орынбасары мынаны кешкі асты бірге ішуге шақырады екен, осы естігенім бір түрлі әсер етіп, Шманның бетіне алақ-жұлақ етіппін. – Егер ол кісіні көргің келсе сәл аялда. Ондайлардың жұмыстары қауырт қой, бәлкім, шыға алмай жатқан шығар! Сөзінде тұратын адам! Мен жіпсіз байланғандай амалсыз айналшақтай беріппін. Күнде кешкілік жатақханада менен өзге жігіттерді үйіріп алып, өзінің «ана мықтымен», «мына мықтымен» қыдырыстағаны хақындағы бөспелерінен құлағым сарсыса да осы жолғысы хас шындықтың өзіндей тұлабойымнан қан жүгірткенге ұқсады. Ондайлық сезім соққысына ұшырауымда бұл диктордың бүгінгі алабөтен киім киісінің де үлесі бар. Расына көшсем бұл өзі тұлғалы жігіт. Ұзын бойлы, иықты, жақсы киім үстіне қона кетеді, тек бет-аузы бұжыр-бұжыр, мұрны да боксердің мұрнындай жапырайған бірдеме. Есесіне, даусы құлағыңның түбінен майда жел ескендей жағымды, ойынан, не сөзінен жаңылу, немесе, бір айтқанын екі қайталау мұнда әсте жоқ. Орысшаға да, қазақшаға да судай, әзіл-қалжыңды, анекдотты араластырып, өзіңді баурап әкетері де бар. Құдай атқанда тап сол күні қаламақы алғанмын. Сөйтсе де мына бүгінгі Шман жөнінде жаман ойға ерік бермеуге тырыстым. Алыстан осы ресторан ауласына бұрылған машина көрсе елең еткені соншама табиғи шығатын еді. Біреуді алдап тұр-ау дегенді сықпытынан ажырату мүмкін емес, сахнадағы актерше өз ролін мінсіз ойнады. Біз ұзақ күттік, бірақ әлгі «мықтысы» келмеді. Бір кезде шыдамы таусылғансып: – Әй, Рахымтай, ол қайтсе де келеді, бүгін қаламақы алатын күнің ғой, қалтаң бос емес шығар, біз ресторанға кіріп жүз грамдатып отыра берейік, өзіміздің де жерге қарап қалған жан емес екенімізді білдірейік те, ондай адаммен таныстық сен үшін де артық емес, ол келсе сенің шығыныңды үш-төрт есе өтеп тастайды, кәне, кірейік. Алматы ресторанының екінші қабаттағы үлкен залында бос столдар баршылық бола тұра бұл отыратын орынды көзін сүзіп жүріп ұзақ іздеді. Ақыры қара-құрасы, өңкей бір бауырынан жараған қоңды

қонақтары молдау бір тұсына барып сығылыстық. Бір жартылық арақ, екі бифштекс алдырдық. Жүз грамнан өңешке құйғанымыз сол еді, Шман тосын бір өнерді бастады. Бұл өзімізге таяу столдағы, сәл-пәл қызыңқыраған, бедеу аттай одырайған біреулермен таныстыққа кірісті. Апырай, десеңізші, олар да оңай-оспақ жандар емес секілді еді, Шман-екең ілезде оларды баурап әкетті. Сөздері сол баяғы «мықтылармен» таныстық жайында. Қызды-қыздымен бұл бір кезде өзін үкімет басшысы орынбасарының жиеншары етіп шығарды. Жақсы киінген, тұлғалы, орысшасында, не қазақшасында мін жоқ бұған сенбеске олардың да лажы қалмаған сияқты. Үштөрт мәрте мұның рюмкесіне толтыра арық құйысты. Кенет басқа бір столдағы біреу Шманға қарап, бір мысқылды атып қалып еді, бұл жабайы мысықша ырғып барып, оны өтірік-шынмен үйіріп, ол да бұған екі-үш мәрте арақ құйып құтылды. Сөйтіп, сендерге өтірік, маған шын, Шман-екең осылай бес-алты столды адақтады. Әрине, жастығым ғой, столды тарс ұрып кетіп қалуға менің де құқым бар еді, бірақ өйткем жоқ, Шманның мына қылығын таңсық көріп, арты немен тынар екен деп, жападан-жалғыз отыра беріппін. Ия, ол шақта мен үшін Шманның су жұқпас әдісқойлығында көз тартар жайлар көп еді. Кенет, әлгі орыстың сатирик жазушылары Ильф пен Петровтың «Он екі орындық» атты әйгілі романындағы Остап Бендер бейнесі көз алдымда көлбеңдеп, мынаның одан қай жері кем дегендеймін. Біз сыртқа шыққанда Шман қатты мас еді, бірақ жүрісі түзу, рестораннан төмендегі бұрынғы ТЮЗ-дің артында шарапханаға жетіп, сонда Шман-екең тағы тілін жалап, ақыры, содан Минтяжстройдың замминистрі қонаққа шақыратын бұл немең өлердегі сөзін айтып, менің есебімнен тағы екі-үш стакан қоймалжың портвейнді қылқылдатты. Жә, тағысы тағы бар, бірақ сол күнгіні сонымен доғарайық. Мұны не үшін ежіктеді деп, тақаттарың таусылды ғой... – Таусылғалы қашан?! – деп, Қантбек тағы қағытты. – Шыда, шыда! Айттым ғой бұл тұздығы күшті әңгіме деп! Ал сөйткен Шманға қыздардың қалай ғашық болғанын көрсеңдер! Оны бүйтіп тәптіштеуге тілім жетпейді. Мына Бекіш жазушы ғой, бәлкім, бұл қағаз бетінде қисындырар, ал мен жазбаша да, ауызша да тап көңілдеріңе қонатындай ете алмаймын. Тек мұнда да екіүш фактіні келтірейін. Жақсы, келістік, қысқартып баяндайын, бұл Шманға қыздардың өздері арақ әкеп, қойнына жатып кетіп жүрді. Ал осыған сенесіңдер ме? Егер қандай да бір қыз жартылықсыз келсе Шман-екең оны қабылдамайды, теріс қарап жатып алады, ал жартылықпен келсе оны ешкіммен бөліспей бөтелкенің аузынан сіміріп, түбіне дейін сарқып ішеді. Мұнда әр бөлмеде үш-төрт

жігіттен бармыз ғой, әлгі арақ әкелген қыздарда да ұят нышаны білінбейтін, әкелген арағын Шман кеңірдегінен өткізгесін шешінеді де оның төсегіне сүңгиді. Мынадай көрініс әлі көз алдымда. Бірде жұмыстан ертерек келсем, жатақханада Шман, тағы бір қыз бар екен. Шман-екең төсекте бүктүсіп, теріс қарап жатыр да төсек қасындағы орындықта әлгі қыз мөлиіп отыр. Мен басқа бөлмеде тұрушы едім, бірақ Шманның бөлмесінің есігі ашық еді. Біраз үнсіздіктен соң әлгі қыз: – Шимон (кейбір қыздар оны осылай еврейше атайтын), жүр, киноға барайық, – деді. – Киноға билет алатын ақшам жоқ! – дейді бұртиып «Шимоның». – Билетті мен-ақ алайын, жүр! – деп қыз өтінішін қайталады. – Бара алмаймын! Кеше арақты көп ішіп қойыппын, ауырып жатырмын, бас жазатын да дәнемем жоқ, – деп, анау одан сайын кесірленді. Сосын қыз орнынан тұрды да жарты сағаттай жоғалып кетіп, ақыры, бір бөтелке күшті қызыл вермут әкелді. Соны аузынан дем алмай жұтып тауысқасын амалсыздан ғана сүйретіліп, қызбен бірге киноға кетті. Ал ертесіне таң бозында ол қыздың Шманның төсегінен тұрып жатқанын көрдім. Солай өмір өте берді. Жә, тоқта, тағы бір факті келтірейін де тиянақтайын. Көп ұзамай біздің жатақхана тағы бір адаммен толықты. Біздің радио-телевидение жүйесінде телеорталық аталатын тағы бір мекеме бар-тұғын, соның бір жұмысшысы, 45-46-лардағы қазақ, әйелімен ажырасып, некеден шығу, үйді бөлу сияқты шаруалар аяқталғанша екі-үш ай осы жатақханада тұруға басшылардан рұқсат алыпты. Бұл өзі қапқара қалың мұртты, қалада тұрса да беті күнге қатты күйген, аяққолы, мойын тамырлары күдірейген, арық, қағілез, сөзуарлар адам екен. Алғашында бұл да арғы-бергіні соғып, әзіл-қалжыңды араластырып, бізді үйіріп әкетті: – Әй, сүр бойдақтар! Сендер менің мұртыма қарап оқшыраймаңдар! Мұртты адам ең таза адам, себебі, мұрнына шыбын кірсе аяғын сүртіп кіреді. – Әй, сүр бойдақтар, сендерді әке-шешелерің не үшін тауып, мәпелеп бақты? Сендер өз алдына түтін түтетіп, бала-шағалы болып, тұқым жалғастырсын деді. Ал сендер боранды күні ыққан жылқыша бір-біріңнің қолтықтарыңа тұмсық тығып, бойкүйезденіп жатыстарың мынау! Кенет осы жасы үлкен күлдіргі жұмысшы адам бір апта өтті ме, өтпеді ме, жынын алған бақсыдай өзгеріп сала берді. Аузындағы сөздерін әлдекім жұлып әкеткендей тіл мен жағы қыбырсыз қалды. Тек көздерінің бірімізден екіншімізге жүйткуі жаман. Өңкей

бір әлеңкедей жаланған жан алғыштардың ортасына түскендей шошынған түрі көпе-көрнеу еді. Біз бұған таңырқағамыз жоқ, себебі, бұл мінезі Шманға байланысты екенін табанда сездік. Оған бүгін бір қыз, ертеңіне бір қыз, кейде күн аралатып, тағы бір қыз келіп, өзімен бірге арақ әкеліп, кезектесіп қойнына жатып кететінін көргенде байғұстың көздері шарасынан шыққан. Тілінің байлануы да содан. Бірде кешкілік жігіттердің бәрі дерлік жатақханада еді. Ал Шман төргі кішкене бөлмеде бір қызбен жатқан. Ұйқыға дейін әлі де уақыт бар болғасын ондағы екі-үшеу бері ортадағы залға шығып, бәріміз осында орналасқан мұртты ағамыздың айналасына топырлап едік. Бірақ мұртты ағамыздан жөнді әңгіме шыға қоймады. Бәрімізді бір түрлі көңілсіздік билегендей. Мұндайда кешкілік уақыт та ұзаққа созылғандай көрінеді ғой. Бір кезде сыртқы есіктің қоңырауы шылдырлады. Бір қыз келіп тұр екен. – Шимон бар ма? – дегенін бәріміз естідік. Есік ашқан жігіт қызық іздеді ме: – Бар! – деді де қызды бері енгізді. Айтары жоқ, жақсы киінген, қолында көк сөмкесі бар әдемі-ақ қыз. Бұл әнеукүнгі Шманға вермут шарабын әкеліп, киноға ертіп әкеткен қыз екенін мен бірден таныдым. Жаңағы есік ашқан жігіт: – Шимон әзірге занят, отырыңыз! – деп, оған орындық ұсынды. Қыз отырды, бірақ Шманның немен «занят» екеніне бірден ой жеткізбегендей қара бояу жағылған қас-қабағын, кірпіктерін, опадалаптан ақ мәрмәрдей жылтыраған бет-жүзін онда-мұнда тосып, біршама алаңсыз жайғасқан сыңайы бар. Жігіттердің тілі байланды, ал әлгі мұртты ағамыздың сондағы түрін көрсеңіз ғой, көздері ас құюлы қос тостағандай болып төңкеріліп бара жатты. Біржола төңкеріліп домалап түсер ме екен деген қаупім де оянғандай. Мен байқағанды басқалар да байқап, бәріміз де тілімізді тарттық. Қыз мына үнсіздіктен бір қатер күткендей жүзі алабұрта бастағанға ұқсады. Шман жататын бөлменің есігіне екі-үш мәрте жалтақтады. Кенет әлгі мұртты ағамыз бет-аузын қалпына келтіріп, тіл қатты: – Әй, қыз, осы сенің әке-шешең бар ма? – Қыз жауап қайырмады. «Оның сізге келіп-кетері қанша» дегендей кіршіксіз жүзінде бір діріл білінді. – Жаным, қарашығым, сен тыңда! – деп, мұртты ағамыз қайта сөйледі. – Сен баяғының қамыт аяқ, белі қисық, көзі қитар кейбір қыздары сияқты тумай жатып, жаратушының қаһарына ұшыраған сорлысы емессің. Сен сұлу қызсың! Сөйте тұра сен өз намысыңды неге аяққа басасың?! Не, сен ана Шманнан басқа жігіт табылмайды деп, соның мазағына ұшырап, өзіңді-өзің таба қылып жүрмісің?!

Сұмдық сырын енді ғана ұққандай қыздың жүзі тез бұзылып, көзінен бірер тамшы жасты ыршытып жіберді. Шман жатқан бөлме жаққа тағы қарағыштап, иегін кемсеңдете қолындағы көк сөмкесін қып-қызыл тырнақты ақ саусақтарымен умаждай бастады. Ақырында: – Он обещал на мне жениться! – деді орысшалап. – О, «обещалың» бар болсын! Ол «обещалың» әне жатыр! Сенбесең барып көр! Немене, ана сөмкедегің арақ па? Жаңа сондай бір бөтелкені басқа бір қыз әкеліп, оған жұтқызды да қойнына жатып алды. Сен енді одан кейінгі кезекке тұрмақсың ғой! Қыздың маңдайына енді ғана тас тигендей еді. Ол басын төмен салып, бір уақытта еңкілдей жылады. Бірақ даусын қатты шығармай үнсіз булыққанға ұқсап, екі иығын селкілдете шөгіп бара жатты. Мұртты ағамыз, басқамыз да оны сәл жұбатуға тырыстық. Осылай 10-15 минуттей іштей егілді де шығып кетті. Ал негізгі қызық осыдан бір аптадай өткенде болды. Мұртты ағамыз таң бозында бәрімізден ерте тұрып, тап жаңағы қыздың әлгі Шманның қойнынан шығып бара жатқанын көргенде талып түсе жаздады. Әнеукүнгі сөздерден кейін оны қайтып келместей көрген кексе кісінің халі шынында оңай-оспақтан емес еді. Осыдан тағы бір аптадай өткенде мұртты ағамыз киім-кешек, төсеніштерін буыптүйіп, арқалап біржола кетіп тынды. Қоштасарда айтқаны: – Қалған аз уақытқа басқа жерден пәтер жалдап тұрмасам, сендердің орталарыңда жынданып өлермін! Өлсем жайыма өлейін де, жақсы ит өлігін көрсетпейді деген! Ал енді мен бәрін түгестім. Тек сауалдарым қалды. Ал енді осы қыздардың кейінгі тағдырларының оңбасын біздер, сары жілік, сақа айғырлар сезіп-ақ тұрмыз. Тіпті біразын көзіммен де көрдім. Жә, ол жағын қобыратпайын. Тек адалына басшы, ағайын, сол қыздардың тірлігіне кім кінәлі? Қантбек айтқандай заман ауаны ма, жоқ, жазушы Бекіштің дәлелдегеніндей он бір жылдық оқу жүйесі ме? Екеуі де емес. Себебі, ол өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта шенінде заман мүлдем басқа еді, ал он бір жылдық оқу жүйесі енді ғана тұмсық тыға бастаған. Демек, бұл тектес қасқыр тірліктің төркіні басқада. Рахымтай өз әуенін тәмамдағанда шынында мұнікі қалған үшеуіміздің бүгінгі сот мәжілісінен әкеткен ішкі жан күйзелісімізді тіптен ұлғайтып жібергендей еді. Тек Қантбектің пәлендей сүбесі сөгілмепті: – Сенікі, Рахымтай, тілге бар да дінге жоқ диктор миын шіріткен бес-алты қыздың трагедиясы ғой!

– Миын құрт жеп қойған қыздар ғой олар еш дикторсыз да! – деп, оны Жанәлі қостағансыды. – Өйтсеңдер, ол Шман-екеңнің кейінгі жорықтарын қоса гулетемін. Оның қалай үйленгені, ауқатты отбасылардағы қыздарға қалай құрық тастағаны, қаншасының обалына қалғаны бас-аяғы жоқ, өзінше бір жыр. «Тотының тоқсан тарауы» атты таусылмас ертегі бар дейді ғой, содан кем шықпайды. Шманға байланыстырмайақ қыз біткеннің жұмыс істейтіндерден гөрі арамтамақ, сұқ көзді сұғанақ сутенерлерге ындыны құритынын да дәлелдеп бере аламын! – Жарайды, бәрі түсінікті, бүгіндікке сықа тойындық! – деп қаттырақ сөйлеп, өз әріптесімді мен тоқтаттым. Бірақ бәріміздің тамағымызға көлденең тұрып қалған сүйектей бірнеше сұрақ кептелді. ... Төрт дос үйді-үйімізге тараған соң да мен өз пікірімнен айнығам жоқ, тек ара-тұра сол радиожурналист Рахымтай баянының әсерінен мәселе тамыры әлдеқайда тереңде жатқандай көрінетін еді. Шынайы ғылым, өнер жолындағы таза еңбек адамды күл-қоқыстан арылтады, тазартады, бұл ақиқат, сөйте тұра Орманхан қызы Еркетайдың сондай хас тазалықтың өкілі бола тұра мұндайлыққа ұрынғаны несі деген сұрақ та қосарланады. «Қасқыр тірлік» деген тіркесті жиі қайталайтын да әдет таптым. Ия, қалайда, бір жойдасыз қара күш бәрін еркінен, ақыл-есінен айырып, бағыт-бағдары беймәлім бір құрдымға әкетіп бара жатқандай зәре-құтымды ұшыратыны да бар. Осыдан бір айдай уақыттан соң қалалық сот мәжілісінде Еркетайдың ісі қайта қаралып, оны бас бостандығынан айыру мерзімі екі жылға шегерілді. Тағы жеті-сегіз айдан соң жазасын өтеу орнындағы үлгілі тәртібі үшін делініп, ол біржола босатылды да. Мұнда Қантбек жүгірісінің үлесі жоқ емес. Бұл мамандығы заңгер досымыз өз уәдесінде тұрды деп, бәріміз оған ризашылық білдірдік. Ұзақ сарытөсек болған Орманхан да бас көтерді. Зәмзәнің де көз жасы тыйылып, тамыр-таныстарды жиып, құдайы тамағын беріп жатты. Бәрі өз орындарын тауып оңалып, көңіл тоғайғандай. Әрине, бұған әлгі атышулы үйлену тойында Еркетайдан жәбір көрген бүлдіршіндей жас қыздың да біржола сауығуы ықпал еткен. Солай бола тұра, мына менің қара басым ғана, өнер атаулыға қыл шылбырмен байлаулы мен ғана жаңағы жойдасыз қара күш төңірегіндегі мазасыздықтан арыла алар емеспін. 22-желтоқсан 2011 ж.

П ь е с а л а р ТІРЛІКТЕ СЫЙЛАСПАҒАН АҒАЙЫН (екі актілі пьеса) Қатынасушылар: 1. Ырысбай – совхоз бөлімшесінің меңгерушісі, жасы 42–43-те 2. Зәгүл – әйелі 3. Ықтияр – Зәгүлдің шешесі 4. Батырбек – Ырысбайдың әкесі, объездчик 5. Сыбан – жылқышы шал. Батырбектен он жастай үлкен 6. Забир – Алматыдан орақ науқанына көмекке келген бір мекеме қызметкері, жасы 35-те. Өте денелі, еңгезердей жігіт. 7. Андрей – қырмандағы механикаландырылған ток (мехток) мастері 8. Елена Николаевна – аспазшы, Андрейдің әйелі. 9. Сағилаш – таразышы, өте сұлу, жігерлі қыз 10. Марияш – Сыбанның кемпірі 11. Журналист жігіт – Алматыдан орақ науқанына көмекке келген жас жігіт 12. 1-комбайншы 13. ІІ-комбайншы 14. ІІІ-комбайншы, шопрлар, механизаторлар. 15. Ырысбайдың үйіне келген қонақтар: шал, кемпір, кексе әйел. Оқиға 1971-72 жылдары, сол кезде Тың өлкесі атанған Арқа өңіріндегі бір совхоз бөлімшесінде өтеді. Пьеса сахнаға қойылған жағдайда сол ескі күндерден де ескірмес құндылықтар қалғаны ескерілуі шарт. (Автор) І – АКТ Арқа өңіріндегі тың аудандарының біріндегі совхоз бөлімшесі. Күз мезгілі. Бөлімше меңгерушісінің жұпыны үйі. Сахнада үйдің есік бөліп тұрған екі бөлмесі көрінеді. Төргісіндегі төсекте еңгезердей болып Забир жатыр. Суық тиіп ауырып жатқаны байқалады.

Алдыңғы бөлмеде Зәгүл, Зәгүлдің шешесі Ықтияр бүрісіңкіреп
отыр. Сырттан есік ашылып, артынып-тартынған, қалың киінген бір
шал, кемпір және бір кексе әйел кіреді.
І – көрініс

Шал: Ассалаумағалейкум!
Зәгүл: (жас балаша шалдың мойнынан құшақтай алып) Атам
келді! Атам келді!
Ықтияр: Апырау, менің төркіндерім ғой мынау!

Кемпір: Жарқыным, Ықтияр, есенбісің? Ау, Зәгүл, жалғыз
атаңнан басқаны көрмейтін болғансың ба?
Кексе әйел: Амансыңдар ма? Дәм бұйырса қиын екен, күз де-
мей, күн суық демей, ат арытып келіп қалдық.

Бәрі кезек-кезегімен құшақтасып амандасады.
Забир: (қатты дауыспен) Зәгүл!
Қонақтар елең етіседі. Зәгүл ызалана тыжырынып, шақырғанына
бара қоймайды. Қонақтарына сыр бермей көлгірсіген болады.

Зәгүл: (жаймашуақтанып) Ата, жүр, төрге шығыңыздар, апа,
келіңіз.
Забир: Зәгүл!
Шал: Апырау, мынау жатқан Ырысбай ма? Ол неге бізді қарсы

алмайды?
Ықтияр: Жоқ, ойбай! Қайдан Ырысбай болсын. Осында астық
оруға көмекке келгендер. Совхоздың жатын орны жетпеген соң
Ырысбай зиялы деген біреуін ертіп келіп еді, Алматының бір

мықтысы ма, тегі, қышымасы көп неме екен.
Шал: Астапыралла, ешкі қотыр боп жүрмесін?!
Ықтияр: Ит білет, бабы қиын екен, басымызға бейнет боп жа-
бысты.

Забир: Зәгүл!
Ықтияр: Жүгір ойбай! Қылқынып қалмасын!
Зәгүл Забир жатқан бөлмеге кіреді.
Забир: (майкашаң жатқан күйі) Япырай, үзілейін деп жатсам

да үңіліп қарайтын бір пенде жоқ. Әттең аяқ қыздыратын бір тегене
су болса...
Зәгүл айтқанын істейді. Қонақтар жайғасады.
Ықтияр: Иә, ел-жұрт аман ба?

Шал: Ел-жұрт аман. Биыл егініміз шығымсыздау боп... Қолымыз
ерте босаған соң қыдырыстап дегендей...
Забир: Зәгүл!

Зәгүл: (жаңа жайғасып отыра берген жерінен тұра беріп)
Құдай-ай, тағы да маңырады-ау!..
Зәгүл түпкі бөлмеге кіреді.
Забир: Жақсылап бір терлесем деп едім... Әттең малина қосқан

бір кесе ыстық шай болса...
Зәгүл: (ақырын инабатты сөйлеп) Біздің малина көрмегенімізге
қай заман!..
Забир: (ауыр ыңыранып) Ойбай, жаным!.. Бал ше? Бал?

Зәгүл: Бал алдыңғы жылы дүкенге бір түскен еді...
Забир: Апырай, ә! Ендеше, май салып әкеле ғой.
Зәгүл бергі бөлмеге шағады. Оның шай дайындап қатты ашу-
мен түтігіп жүргенінен қонақтардың да берекесі кете бастағаны

байқалады. Зәгүл шай апарып беріп, қайта оралады.
Шал: Аллаға шүкір, біздегідей емес, сіздің жақта астық бітік
шыққан екен. Тек жинап алсаңыздар...
Зәгүл: Жинайтын адам жатыр ғой!...

Забир: Зәгүл!
Зәгүл тағы да жүгіре басып төргі бөлмеге кіреді.
Забир: Маған аптекадан аспирин әкеп берсең...
Зәгүл: (бергі бөлмеге шығып киініп жүріп) Ә, тілеуің кесілгір

Ырысбай! Құдайдың көзі ағып түспеген шығар. Сен, Ырысбай, осы
ауылдың арқа тұтар басшысы дегенде көрген ұшпағымыз осы бол-
са, мұның да бір қарымтасы келер-ау!
Ықтияр: Әй, қыз-ау, қарғанба! Тағы несі келіспей қапты?

Зәгүл: Әсберен дегенге жерік боп жатқан көрінеді. Алда-жалда
босана қалса айтарсың, кіндігін Ырысбайдың өзі кесер...
Шал: (таңданып) Япырай, жұмыс қолының жетпегені де.
Әйтпесе мына күнде аяғы ауыр әйелді қозғай ма...?

Ықтияр: (теріс қарап күледі) Бір алланың өзі білсін. Осындағы
жалғыз сиырдың бұзауы қатып өлгенде де қыңқ етпеген Зәгүлдің
құйрығына жер иіскетпей тұр ғой әйтеуір!...
Зәгүл кетеді.

2 – көрініс
Бұл үйде келесі күнгі таңертеңгі шақ. Қонақтар жаңа тұрып
жатыр. Қарны шыққан Забир ішкі бөлмеде, айна алдында ерсілі-
қарсылы жүгіріп, біресе шалқалап жатып, ауыл адамдарына ерсі

көрінетін жаттығулардың неше түрін жасауда. Мұндайға үйренбеген
үш қонақ шошып, бір бұрышта бүрісіп қапты. Ықтияр мен Зәгүл
аздап көндіккендерін көрсетіңкіреп, үй шаруасымен айналасуда.

Забир неше түрлі қимылдан кейін бетін сабынмен көпіртіп, қылау
қалдырмай қырады. Қолжуғышқа барып ұзақ жуынады. Артынан
бірдемелерді бетіне қайта-қайта жағып, әйелдерше күйттей береді.
Зәгүл: Аспа темірге асылып бақаша тырбаңдайтын балалар-

ды көруші едім. Ал мынадай жеті айлық баласы бардай қарны
қампиған адамдардың мұндай сұмдық жасағанын көрсем көзім
шықсын.
Ықтияр: Зәгүл-ай, үндемеші!

Зәгүл: (зығырданы қайнап шатынайды). Бұл пәле үлкен бір зи-
ялы қауымның алдында сөз сөйлеуге бара жатқан шығар. Сабын-
ды көпіртуі жаман.
Ықтияр: Қой деймін!

Зәгүл: (Забир бетін күйттеп жатқанда) Бетіне бұл не жағады
екен? Майы шығатындай соншама уқалауын қарашы. Бұл шіркіннің
заты қатын болар. Қалалы жерде қатындар шалбар киеді деуші еді.
Ықтияр: Болды, ойбай! Біздің де шығасы жанымыз шыққалы

тұр!
Қонақтар қыбылжи береді. Забир асықпай киініп кетеді.
3 – көрініс
Тағы бір ертеңгілік шай. Қонақтар кеткен. Ықтияр төрде ала-

са стол қасында шай ішіп отыр, Зәгүл есікке таяу тұста түрегеліп
ыдыс-аяқ жуып жатыр. Ырысбай кіреді. Купайкасын шешіп, қол
жуғышқа қолын жумақшы еді, онда су таусылып қалыпты. Зәгүл
салдыр-гүлдір еткізіп, оған су апарып құяды. Араларында сөз жоқ.

Ырысбай шайға отырып, кесесін қолына ала бергенде ақ халатты
аспаз әйел Елена Николаевна кіреді. Ырысбай басын төмен түсіре
қояды.
Елена Николаевна: (көз жасын төгіп-төгіп сөйлейді) Жа-

ным, Ырысбай, құдай үшін ана асханаңызға бір дұрысырақ аспаз
тауып қойыңыз. Мен біттім! Қазірден бастап қолыма күрек ала-
мын да қырманға астық тазалауға барамын. Енді мені үгіттемеңіз.
Әкем-ау, қашанғы шыдай беремін. Осы сырттан келген адам-

дардың сөзін естимін деп-ақ қартайдым ғой. Олар өздерінің
үйінде әйелдеріне де бүйтіп сөйлемес. Бұл не деген сұмдық?
Мен құдайдың құтты күні боздаймын да жүремін, маған көмекші
қыздың да боздамайтын күні жоқ. Сіздер болсаңыздар оларға

тіс жарып ештеме дей алмайсыздар. Тура қазір өз әйеліңізді
жіберсеңіз де біреуді тауып, ана асхананы өткізіп алыңыз. Мен
түскі тамақты жасамаймын!

Ырысбай: (аспаз әйелдің соңғы сөзі қалпақтай ұшыра жаздады. Ол енді ғана елең етіп, адырая қараған. Сонда да ұстамды сөйлеп) Жұмысшылар аш қалса, айғайдың көкесі сонда болар! Елена Николаевна: Айғай болмақ түгіл, аспан қақ айрылып жерге түссе де бар айтарым осы, Ырысбай! Бұдан арыға қауқарым жоқ. (Зәгүл тап желкесіндегі оның сөзін естімегендей болып, теріс қараған күйі ыдыс-аяғын жуа берді) Қауқарым жоқ бұдан арыға! Жұрттың көл болып аққан көз жасына бір селт ету керек қой. Басқалардың ұстаған күрегі менің қолымнан түсіп қалмас. Қазір адам табыңыз! Өз әйеліңіз бе, басқаны ма, өзіңіз білесіз! Ықтияр: Әй, Елена қарағым! Олар айғайласа мұнда қанша болар дейсің. Әйеліңді жібер дейсің, кішкентай баласы науқас, оны тастап қайтіп барады ол? Тағы осы ауылда ол жұмысты істей алатын кім бар? Бір байының тамағын жөндеп пісіре алмайтын өңкей бейшара қатындардың қайсысын жібере қойсын? Мен білсем осы ауылда бұл жұмысқа сенен лайық ешкім жоқ. Онан да аздап шыда. Астық та орылып бітер! Құтыларсыңдар! Отыр, шай іш! Елена Николаевна: Осы сіздердің үйлеріңізде жатқан еңгезердей Забир, соның қатыны бар ма, жоқ па білмеймін. Әй, жоқ шығар. Оның сөздеріне бір қатын шыдай алмас. Менің күйеуім Андрейдің де соны айтып зар-зар етіп жылап келмейтін күні жоқ. Ерлі-байлы екеуімізді қоса қабат жылатып, Ырысбай жаным-ау, бізде ала алмай жүрген өшіңіз бар ма? Бұл қайткеніңіз? Ырысбай: (енді ғана қозғалып) Елена, маған қайт дейсің? Әкем төрт жыл бойы соғыста майданның алдыңғы шебінде болды деп, мақтанушы ең ғой. Әкең соған шыдағанда сен бір айлық, бір жарым айлық науқанға шыдасаңшы. Елена Николаевна: Әкемді де, шешемді де көлденең тартсаңыз да маған ол жұбату болмайды. Менің енді қолымнан келетіні күрек ұстау. Анау қырмандағы тау-тау қызылыңызға да адам керек шығар. Ырысбай: Күрек ұстап, бидай ұшыру біздің де қолымыздан келеді. Елена Николаевна: Жоқ, жоқ, Ырысбай! Ырысбай: Елена Николаевна! Елена Николаевна: Жоқ, жоқ, мені үгіттемеңіз, жаным! Ырысбай: Тағы ол келіп жатқандармен менің бүгін-ертең әңгіме өткізбек ойым бар. Адам баласы ғой бәрі. Елена Николаевна: (амалсыздан) Мойныма осы жұмысты байлап қойған құдайды қарғайын да, бүгін-ертең шыдайын. Бірақ басқа адамыңызды да әзірлеңіз. Өзіме өзім ендігі жерде сене алмаймын.

Елена кетеді. Ықтияр, Зәгүл үшеуі де үнсіз. Зәгүл ыдысаяқтарын қаттырақ салдырлатып, жуа береді. Оған жаңағы Елена Николаевнаның сөзі күш бергендей. Зәгүл: Жаңағы Елена да сорлы екен. Басқа түгіл өз қатынбаласын қан жылатып отырған Ырысбайдан не жақсылық іздеп келді екен? Ол жыласа күніне үш мезет тамақ үстінде ғана жылайды. Ал біз болсақ күні бойы еңірейміз. (Ырысбай кесесін столға тарс қояды. Жаңа аспазшыны сөзбен жұбатқан, ол енді өз әйелінің күңкіліне мүлдем басқа қырымен, томырақ ашумен қарайды. Бірақ Зәгүл оны байқайтын емес) Басшымын ғой деп, кеудесін көтере ұстап былай, жұмысқа келгендерді басқалардың үйіне тұрғызса да болатын еді ғой. Жұрт қайтсем өз басыма, өз қатын-балама жеңілдік әперем дейді. Бұл жалаңтөс батырың ең алдымен бар пәлені өз үйі, өлең төсегіне әкеп төгеді. Ықтияр: (күйеу баласының түріне қарап, бір пәле шығып кетер деп шошып) Әй, қарағым, жетті! Қой! Ырысбай тамағын ішсін де! Зәгүл: Неге қоям? (Зәгүл бар денесімен бұрылып, шешесіне шаңқ етеді. Ол Ырысбайдың қазіргідей қалпы бар деп ойламаған еді. Енді оның тап мынадай ашумен қарауытқан жүзін байқап тіксініп қалады). Неге аузыма қақпақ қоясың? Көрмей жүрсің бе? Ықтияр: (бәрін жаймашуақтатып) Осы биылғымыз биылғы. Ендігі жылы өзің болып қам жасамасаң болмайды екен, Ырысбай. Осы астықты еккеніміз еккен ғой, ана директорыңмен жұлқыссаң да осы бөлімшеде бір-екі үйді соларға арнап тұрғызбаса болмайды. Қаншасы келсе де сиятындай етсе шіркін! Ың да жоқ, дың да жоқ, сонда. Ырысбай: (оның сөзін елең қылмастан Зәгүлге) Сен бүгіннен бастап қырманға бар. Үйде отырып әбден сартап боп барасың. Мынау дүние ағыл-тегіл, жұрт не тірлік қылып, қалай жанталасып жатыр, соны былай көретін, ойлайтын, басыңда саңлау қалмаған ғой деймін, ә? (Столды тарс еткізеді. Екеуі үндемегесін сәл сабырлы күйге түскендей сөзін қорытады) Шешең балаларға ие бола тұрар! Сен жұмысқа шық! Көзге сүйел болуың жетті! Ықтияр: (Ырысбайға сақтықпен қарап) Ойбай-ау, сендер маған сеніп, мен балаларыңды мынау күннің суығында ауыртып алсам... өзімнің кәрі сүйегім саудырап отырғанда. Ырысбайға шай батпай орнынан тұра береді. Ықтияр: Әкем-ау, ішсеңші, саған арнап, қайнатқан шай ғой. (ол тыңдамағасын). Жүрек жалғасаңшы еңғұрмаса!

Ырысбай: (Зәгүлдің тап желкесінен төніп) Әңгіме осы! Ертеңнен бастап жұмысқа шықпадың бар ғой, сирағыңнан алып лақтырамын тура. Ішің пысқасын, тілің шығып барады. Ондай еркелігіңді көтере алатын ешкім жоқ! Кетеді. 4 – көрініс Қырман. Жал-жал астық, зернопульттер. Сахнаның сол жағында механикаландырылған ток (мехток) айқынырақ көрінеді. Күрек, сыпыртқы ұстаған әйел, еркек жұмысшылар жүр. Күздің суық күні екені білінеді. Ырысбай шығады, оған қысқа ескі тон киген Сыбан қарсы жолығады. Ырысбай: Ассалаумағалайкум! Сыбан: Ау, Ырысбайжан, аман ба? Ырысбай: Аман. Сыбан: Мына астық қалай, орылмағаны көп пе? Ырысбай: Көп қой, ақсақал. Әлі мұртын ойғамыз жоқ. Бұл жұрттың терісі жұқа ма қайдам, осы науқан аяқталғанша біразы тарс жарылатын шығар. Жұмысшы киімін киген журналист жігіт кіреді. Журналист: Сәлеметсіздер ме? (екеуімен амандасады) Сыбан: (қалбалақтап) Ау, мынау менің балам ғой. Жұмыстан шықтың ба? Журналист: Иә, жұмыстан. Өзіңіз үйге шайға бара жатырсыз ба? Сыбан: Иә, қарағым. Журналист: Онда мен сізбен бірге шығармын. Сыбан: Әрине, қарағым, сен жалықпасаң, мен жалықпаймын? Тек сен түнгі кезекте істесең көз шырымын алмайсың ба? Журналист: Түстен кейін сіз жылқыларыңызды алысқа айдап әкеткенде ұйықтап аламын ғой. Журналист кетеді. Сыбан: Әй, Ырысбай (қамшысымен журналист кеткен жақты нұсқап), жаңағы біздікінде жатқан қалалық бала өзі бір жақсы бала! Бір елгезек, тіпті туған баламдай бауыр басып барамын. (Ырысбай ойланып қалған, Сыбан сәл бөгеліп) Иә, тап солай. Тіпті өзімнің туған балам жұмысқа барып жүргендей үйге келсем болды кемпірімнен «бала жұмыстан келді ме», «бала жұмысқа кетті ме» деп ылғи сұрайтын болдым. Сол бала үшін бүйрегімде бірдеме жатқандай оған үнемі алаңдаймын да, соны өзім бір түрлі

қызық көремін. Кеше Балғабайымнан хат келіп еді, соны оқыттым.
Тағы хат жаздырдым. Бір балам екеу болғандай қараптан қарап
тұрып, төбемнің көкке жеткені (біреу көріп қоя ма дегендей жан-
жағына қарағыштап, сәл бөгеліп). Білесің ғой, мына оқуда жүрген

Балғабайымыз біздің туған баламыз емес қой. Соны кейде өзім
ойлаймын (сәл бөгеліп, толқып). Әрине, Балғабайым маған адал
боп өсіп келеді. Оны біз ес білмей тұрған кезінде жетімдер үйінен
асырап алғамыз ғой.

Ырысбай: Біз білмейтін сыр бар ма дегендей, оның несін сөз
етесіз?
Сыбан: Сонда да. Ал оны кемпір мен шалың қалай өсіріп келе
жатыр? (қарқылдап күліп) Мектебіндегі мұғалімдері келіп маған

ұрсатын ғой, Балғабайға ақшаны неге көп бересің деп (қарқылдап
күліп). Ырысбай, өзің білесің. Мына шалың (өзін нұсқап) жаман да
болса табысты шал ғой. Бір табын жылқыны жалғыз өзім бағамын.
Сендерден көмекші сұрап жатқаным жоқ. Әсіресе күз уақытында.

Ол ақшаға құныққанымнан емес, бір қол болса да мынау ораққа
сеп болсын деймін ғой. Ал сондағы менің бір табынды жалғыз
баққандағы табысым, қалай екенін білесің ғой, Ырысбай. Пенсиям
тағы бар.

Ырысбай: Білеміз ғой, ақсақал.
Сыбан: Сонда мұғалімдер жылайды, балаға ақшаны неге көп
ұстатасың деп. Мен олар жылаған сайын қасақана көп беремін. Е,
жалғыз Балғабайымнан немді аяйын! Сонда бар ғой, Балғабайға

ақша берме деп мұғалімдер жылап келсе бар ғой, мен жатып кеп
мәз боламын.
Ырысбай: Олар жылап келсе сіз мәз боласыз. Тышқанға өлім,
мысыққа ойын деген бе мұныңыз?

Сыбан: Жоқ, Ырысбай-ау! Менің мұғалімдерде өшім жоқ.
Олар да шетінен жақсы балалар ғой. Бірақ менің патша көңілімді
айтсаңшы. Мұғалімдер жылап келсе, мен Балғабайға одан сай-
ын ақшаны көп берем. Соны бір түрлі қызық көрем. Төбем көкке

екі елі ғана жетпей қалғандай болады да тұрады. Ал енді қайт
дейсің. Бірақ, бір сорлайтыным Балғабайдың өзімнен тумағанын
әлдекім сыбырлап тұра ма, басқа біреулердің өсіп келе жатқан
ұл-қыздарын көрсем, бір баланы місе тұтпағандай көкірегім ұлып

қоя береді, әкем-ау!
Ырысбай: Оныңыз кішкене асықтық. Балғабай кімнің баласы-
нан кем?
Сыбан: Жоқ, жоқ, сонда да болса бір-ақ бала деймін де!

Ырысбай: Ақсақал-ау, анау қалалы жерге барыңызшы, сіздердей кемпір-шал емес, қолдарынан іс келетін желкілдеген жігіттер мен сыптай келіншектердің өздері бір бала тапса бір қора қой айдағадай азан-қазан болып, одан арғысын керек те қылмайды. Сыбан: Жоқ, ондай құдай атқандарды бұл жерде атамашы! Құдай бермесе бір басқа. Мына біздерді сормаңдай қылғандай. Ал жаңағыдайларды тамұқта өртеу үшін жаратқанның әзірлеп отырған бөлек пеші бар деп ойлаймын. Жазасыз кетеді деме. Иә, оны қойшы. Сенің өзіңді жақсы көргендіктен сырымды жасырмаймын. Сен ана әкеңе тартпағансың. Сенің ана әбиезшік әкең менің көршім ғой. Ал, ол жақсы кісі емес. Аузының күбір-күбірі көп. Ырысбай: Қазақтың күбір-күбірі ішкен асынан бір былай емес қой. Онсыз күні жоқ. Сыбан: Ол сенің шешең өлгесін, жас әйел алып, одан балалышағалы болып отыр ғой. Сені балам деп, сен оны әкем деп бұл күнде есептемейтін де шығарсыңдар. Солайы енді дұрыс та. Сен Батырбектің он жеті жасында туған баласысың. Саған ол әкеден гөрі бірге туған бауырыңа лайық. Батырбек те солай көргісі келеді. Орта жастан асып барып, жас қатын алғандардың жай-күйі бізге белгілі. Ырысбай: Оған дауым жоқ. Әрі көршіңіз, әрі замандасыңыз. Менен жақсы білгеніңіз айып емес. Сыбан: Ондай адамдар өзін кәрісің деген сөзден шошиды. Олардың қыры сынбаған, елгезек жасамыс көңілдері болады. Кәрісің деген сөз тап сол жанды жарасына барып дөп тиеді де тұрады. Иә, бірді айтып бірге кетем-ау. Жаңа сөзім қай жерден бөлініп еді? Ырысбай: Бала тапқысы келмейтін қатындарды өртеу үшін о дүниеде арнаулы жобамен пеш салынып жатыр дегенсіз. Сыбан: О өзімен кетсін (сәл бөгеліп). Иә, сені жақсы көргендіктен ғана. Сен әкеңдей емессің. Әкең жас қатын алған, оның өз қызығы өзінде (ойланып). Кәрісің деген сөзден қорқады. Иә, айтайын дегенім. Мен шынында да бір баланы місе тұтпаймын. Әсіресе, кемпірім Марияшты біраз жерде жұрттың көзінше жер қып алғаным. Жұрт қатарлы бірер рөмке тартып алғанда. Иә, Ырысбай сенің әкең түгілі менің де көңілім жас. Алжыған шал десең де алдыма келген ақаңнан тартынбай-ақ қойдым. Иә, сөйтіп, той-томалақта, көптің ортасында ішіме бірдеменің қызуы барғанда аңқылдап кетіп, іштегі сырды ақтара салатыным бар. Балғабайдың өзімнен тумағанын айтып жылаппын әуелде. Басқалар мені жұбатып әуре. Ырысбай: Енді жұбатпай қайтсін?

Сыбан: Әй, менікі де астамшылық қой. Сондай сөздерді айтқанның ертеңіне ана кемпірім – Марияшты аяймын. Құдай қосқан қосағым ғой, артынан қатты аяймын, шынымды айтайын. Иә, Ырысбайжан, өзіңнің халің қалай, жаңа сен осы біреулер егін орағы біткенше тарс жарылғалы жүр дедің бе? Кімдер олар? Ырысбай: Кімдер болсын, осы өзіміздің ауылдың адамдары да. Бәрі әйтеуір көмекке келгендерді ауырсынады. Қала мен даланың бір-бірімен сыйыспайтын мінезі ме, қашан көрсең әйтеуір іштеріндегі бір ала күшіктерін оятып, шаңқылдасып-ақ жатқаны. Сыбан: Сонда кімдер, анықтап айтшы. Ырысбай: Мына біз сырттан келгендер үшін жатын орын жағынан тапшылық көріп жүргеміз жоқ па? Екі жатақхана бар. Екеуіне де кіріп барсаң айналып жүрерге жер жоқ. Механизаторлар дегенің сығылысып жатыр. Темекі түтіні көз аштырмайды, қолқаны қабады. Алматыдан келген өзіңіздің үйіңізде жатқан журналист жігіт сияқты зиялыларды ол жатақханаға жатқызуға ұялып, үй-үйге бөліп тұрғыздық емес пе? Біреуін өз үйіме апардым. Бірақ ол сіздің үйдегі баладай сүйкімді болмай шықты. Алматының білдей қызметкерімін дей ме, жұмысқа икемі жоқ, тұла бойынан қара сабынның иісіндей болып мансап аңқиды. (мехток жақтан айғайласқан дауыстар естіледі). Оны біздің үйдегі келініңіз де, оның шешесі де ауырсынып, миымды жеп бітті. Ал жаңағы дөй неме, біздің үйдегі келініңіз бен оның шешесін ғана емес ана асханадағы аспазшы қатынды да, оның күйеуі мехток мастері Андрейдің де зықысын шығарып жүр. Әне, ана ұрсысып жатқан тағы сол екеуі шығар. Сыбан: Әй, өзімнің үйімде жатқан бала жақсы бала. Дүние кең болғанымен кейбіреулердің пейілі тар. Ұрыс-керіс те содан. Жарайды, Ырысбай, мен жылқыларымды жаңа ғана қамап едім, барып шайымды ішейін. Кетеді. Ырысбай: Әркімнің сыбағасы өзінің пейіліне қарай-ау, шамасы (бөгеліп). Бұл дегенмен жақсы шал (Өзара ұрсысқан Забир мен Андрейдің дауыстары шығады). Міне, жаңағы шал айтпақшы, кең дүниеге мына екеуінің кереғар пейілдері сыйыспай жатыр. Осы Андрей әйелі екеуі бір-бірінің аузына түкіріп қойған ғой деймін. Мехток жақтан Андрей жұлқына шығады. Қып-қызыл боп лепіріп кеткен. Оның артынан Забир көрінеді. Андрей: (Ырысбайға) Сен мына диюдан құтқарасың ба, жоқ па мені? Егер маған көмекші болып істеймін десе, ана мехтоктың астын тазаласын! Төгілген дән белуардан келіп қалды! Ал бұл шаңнан қорқып, маған тұмсығын шүйіріп сөйлейді!

Забир: Ей, Андрей Никифорович, мен саған қашан айттым та-
заламаймын деп. Шоққа отырғандай болып, байбайлай бересің.
Айттым ғой шаңға қайта-қайта түсе берудің қажеті жоқ. Онда бидай
біраз жиналсын, сосын бір-ақ тазалаған дұрыс дедім ғой.

Андрей: Оһ, мұның қулығын қара! (Андрей екі қолын мықынына
таянып, әйелдерше белін қиқаңдатып) Бізді бес жастағы бала
көрмексің, ә? Онда бидай әбден жиналып болғасын бұрнағы
күндегідей мұрнымнан су ақты, суық тиді, тамағым қаңсыды деп

тайып тұрмақсың ғой. Сосын онда менің мықшыңдауым керек, ә!
Тапқан екенсің ақымақты! Тазала қазір! Тазалағың келмейді екен,
оныңды мына бөлімше меңгерушісінің алдында айт!
Забир: (басымырақ үнмен). А сен неге маған солай бұйыра

сөйлейсің? Мен саған кім?
Ырысбай: (салмақты үнмен басу айтып) Забир, сен Андрей
Никифоровичтің тілін алуға тиіссің. Әрине, оны уақтылы тазалап
тұру керек. Артынан өзіңе қиын тиеді ғой.

Забир: (әңгіме желісін өзгерткісі келіп) Жалпы мехток дұрыс
жұмыс істемей тұр. Мамандар оның конструкциясын жасағанда
астыңғы еденіне бидай төгілмеуін де ескерген ғой. Олар осындай
күрделі машинаны ойлап шығара тұрып, бір адамды шаң қаптырып

қоюға қалайша жол береді?
Андрей: (ашуы әлі басылмаған) Енді келіп мехтокты кінәлауын
қара. Сен осы өзіңе бірауық неге қарамайсың?
Забир: Мен кінәлағанда оның жұмысында ақау бар деп тұрмын

ғой.
Андрей: (екіленіп) Машинада мін жоқ, сенің басыңда ақау бар
десек ол шындыққа жақынырақ келеді.
Екеуі бір-біріне шап берісе жаздайды. Ырысбай тосқауыл боп

әрең үлгерді.
Ырысбай: Әй, сендер бала боп кеттіңдер ме? Андрей! За-
бир! Тоқтатыңдар мына жынның ойнағын! Біз сендерді мұнда күш
сынасуға ұстап отырғамыз жоқ!

Забир: (алқынып) Қара мұның бастан ақау тапқышын!
Андрей: Көрініп тұрған ақауыңды айтқанға да жазықтымыз ба?
Тағы да екеуі шап берісе жаздайды, тағы да Ырысбай тосқауыл
боп қалады.

Ырысбай: Әй, тап қазір милиция шақыртам да екеуіңді де
жөнелтемін! Әй, Забир, бар ана мехтоктың астын тазала! Әй, Ан-
дрей, сен де бар ана жұмысыңды істе! Сенің де асып бара жатқаның
шамалы! Әне мехток өңешіне бидай тығылып, қақалайын деп жа-

тыр. Біреудің басында не шаруаң бар!

Забир: Тоқта, мен сенімен әлі сөйлесемін (мехток жаққа
кетеді).
Ырысбай: Әй, Андрей, еңғұрмаса сен аздап сабырлы
болсаңшы.

Андрей: Апырау, мен қалай сабырлы болмақпын жұмыс дегенің
қарап тұрса?
Ырысбай: Шыбық тимей шыңқылдай берсең бірдеме шыға ма?
Андрей: Ау, оның сөздері менің шымбайыма батпайды. Бәрін

басымнан асырып жатырмын ғой. Тек сенің көзіңше ғана жаңа
бірдеме айтқан болдым. Маған керегі ол ана мехтоктың астын
уақтылы тазалап тұрсын!
Ырысбай: Енді бәрің боп, ұли бермей, былай бірауық тіл

табыссаңдаршы.
Андрей: Әй, қайдам! Тіл табыспайын деп жүргенім жоқ.
Кетеді. Таразышы қыз Сағилаш шығады. Үстінде жұмыс киімі
болса да сұлу өңді көңілді қыз.

Ырысбай: Сәлемет пе, қарындас?
Сағилаш: (қысылмай) Сәлеметсіз бе?
Ырысбай: Бүгін астықтың жөнелтілуі қалай? Қанша тоннаға
жетті?

Сағилаш: Жаман емес сияқты, әзірге алпыс тоннадай.
Ырысбай: Емес сияқтың қалай?
Сағилаш: Енді біз алдын-ала асып-тасып сөйлеуді жаман әдет
көретін халықпыз ғой.

Ырысбай: Беу, Сағилаш-ай, өзіңнің алдыңнан өтіп жатқан астық
ас боп дарыған халықтың да ырысы бар ғой. Егер осы ауданның
даласынан бір гүл үзіп көтер десе, мен сені алақанға салып аялар
едім, амалым не?

Сағилаш: Күрсінісіңіз от жалындай. Мен де соншама өркөкірек
дейсіз бе? «Сіз жалын шоқ, біз бір май, май тұра ма шыжымай». Өз
қолыңызды өзіңіз байлап, дымыңыз құрыса қайтейін? (сықылықтап
күледі).

Ырысбай: Әй, қайдам! Осы төңіректегі солқылдаған сан жігітті
қылау жоқ тақыр мұзға отырғызғанда шиеттей бала-шағасы бар,
өзіңнен көп үлкен мені қай бір оңдырам дейсің.
Сағилаш: Соншама су жүрек боп жаратылармысыз. Азар

болса көптің отырған мұзына сіз де бір отырып тұрарсыз. Бар
қорқатыныңыз сол ма?
Ырысбай: Жай отырып тұрсам ештеме емес қой. Көкіректегі
бірдемем қоса кетіп қап, қор боп, мына жұрттың бетіне қарай ал-

май жүрсем қайтем?

Сағилаш: Мұзға отырардың алдында көкіректегі жаннан аяр
асылыңызды бәйбішеңіздің қасына қалдырып кетесіз ғой.
Ырысбай: Оған шамам кеп жатса бір жөн. Осы маңда саған
қызыққан қанша жігіт болды, қайсысына опа таптырдың?

Сағилаш: Енді соларды сізге санап берейін бе?
Ырысбай: Жоқ, санамай-ақ қой, өзіміз де көріп жүрміз ғой.
Әйтеуір құрбандығың аз демеймін. Қоянның түрін көріп, қалжасынан
түңіле қоятын сен емессің. Жауды өзіне жіберіңкіреп алып жайпай-

тын мергендей тым жақыннан атасың.
Сағилаш: Соғыста болып, жау қыру тәсілін үйреніп келгендей-
ақ сөйлейсіз.
Ырысбай: Он екіде бір гүлі ашылмаған, сіңірі былқылдақ бала

емеспін. Ондайыңды көтере алмай күрт кетемін бе деп қорқамын.
Әйтпесе менде саған деген көңіл неге болмасын?
Сағилаш: Өйтіп қорқып, қалтыраған тірліктің не керегі бар? Әлгі
Пушкиннің повесіндегі Пугачев айтатын қарға мен бүркіт туралы

аңыз есіңізде ме? Бүркіт қарғадан сен неге үш жүз жыл жасайсың,
ал мен неге отыз-ақ жыл жасаймын дегенде, қарға мен арам өлген
малдың сасық етін жеймін, сен тек буы бұрқыраған жас ет жейсің
депті. Сонда бүркіт сасық етті шоқып көріп, мұны жеп үш жүз жыл

өмір сүргенше, жас ет жеп отыз жыл өмір сүргенім артық депті ғой.
Сол бүркіттің уағызына сіз де бір құлақ ассаңызшы.
Ырысбай:
Сағилашжан-ау,

кеудемнен
түйрей
бермеші.
Бүркіттің уағызы сенің уәдең емес қой.

Сағилаш: Ал солай десем қайтерсіз?
Ырысбай: А, неғыл дедің?
Сағилаш сықылықтай күліп, үлкен кісіден ұялғандай ибамен
жүгіріп шығып кетеді.

Ырысбай: Сайтанның күлкісі-ай! Бұл қыз шындаса тура жол-
дан тайдырып та жіберуі мүмкін-ау мені (біраз ойланып, қиялдап
тұрып, қалт оянып). Қой, тәтті қиялмен алданар кез емес бұл.
Зернопулттерді бір тексеріп, жаңағы Забир мен Андрейге қайта

соға кетейін. Олар қайбір айрандай ұйып, тату бола қалды дейсің
(тағы да бөгеліп). Дегенмен жаңағы қыз сырттан адамдар келгелі
құлпырып барады. Ауыл үстінде той боп жатқандай әзірге шат-
шадыман боп жүрген жылқышы шал мен осы қыз екеуі ғана.

(Кетеді).

5 – көрініс Сахна сәл өзгерген. Енді қырмандағы мехток нобайы толық көрінеді. Забир мехток алдында бет-аузы шаң-шаң болып күрегін жерге шанша ұстап, болдырып отыр. Қарсыласын жыққан палуандай қоқиып Андрей анадайдан оған кекірейе қарап тұр. Екеуінің дауы әлі таусылмаған. Ырысбай ақырын келіп бұлардың әңгімесін жасырын тыңдап тұрады. Бұл екеуі Ырысбайды байқамайды. Забир: Ол үшін қала мен ауыл айырмашылығын жоймай болмайды. Андрей: Әй, осы қала дейсің, деревня дейсің, айырмашылық дейсің. Ондай ала-құлалықты жою үшін қалаларда бөшкедегі балықтай иін тірескен халықты мынау далаға жайып жіберші әкеп, сосын көр де тұр ондай айырмашылықтың жойылмағанын. Бірі екіншісінің үстінен кекіреймей бәрі бірдей-ақ адам боп шыға келсін. Ырысбай: (өзіне-өзі) Мыналар манағыға қарағанда бір мағыналы сөзге көшкен-ау деймін. Забир: Қала мен деревня арасындағы айырмашылықты жою деген қаланың барлық халқын деревняға көшіріп, онда тағы қала орнату деген сөз емес. Онда барлық өнеркәсіп орталықтары тозтоз болып кетер еді. Оның аты өнеркәсіпті құлдилату. Әңгіме әрбір селода, елді мекенде саналы өмір орнатуда болып отыр ғой. Андрей: Әй, сен осы саналы өміріңді бізге қалай түсіндіресің, оның былай шын, көзге көрнекті мән-мағынасы бар ма? Забир: Мысалы, сен бүгін жұмыстан кейін үйіңе барып не істейсің? Андрей: Не істеймін? Барамын да сиырымды, бұзауымды қамаймын. Шошқама тамақ беремін. Үйден апыл-ғұпыл бірдемені тістеп шығамын да, қап алып, анау арасында дәні бар топанды айдалаға төгіп жатқанымызды көремісің, соны тазалаңқырап, бір-екі рет арқалап әкелемін. Бір қора салып жатырмын. Соның бітпеген жұмыстарын істеймін. Ақырында, шаршап, төсекке бір-ақ құлаймын. Забир: Міне, сенің санаңда ескіліктің қалдығы бес елі деген сөз. Біріншіден, сен газет оқымайсың, оған уақытыңды қимайсың. Екіншіден, өз қамыңды, қара басыңды ойлайсың. Ол топан қоғамдық малға азық болу керек, сен оны өз малыңа ұрлайсың. Білесің бе, мал азығы біздің республикада қандай маңызды проблема?! Андрей: Ақыр шіритін топанды біз тасымасақ ол кімге керек? Бұл қиырдан оны әкетіп, кәдеге жарататын күш қайда? Біздің

облыстың топаны түгіл астығына ие болсақ та жарайды. Анау жалжал боп жатқан не нәрсе, көремісің? Біздің бұл жақтан тайланған сабан ғана әкетіледі. Онда да биыл кей жерлерде қуаңшылық болғасын. Забир: Қандай мешеу адамсың, осы заманғы техниканың мүмкіндігін тәлкек еткің келеді, ә? (Андрей бұл сөзіне де дау айтып келе жатыр еді. Забир қолын бір-ақ сілтеп тыяды). Жақсы, қыста не істейсіңдер, соны айтшы? Андрей: Қыста далада боран соғады, біз үйде отырып, ыстық шай ішеміз. Забир: Сосын? Андрей: Сосын, телевизор көреміз, карта ойнаймыз, бір үйге жиналып арақ ішіп, дүкенші әйелдің табысын көбейтеміз. Забир: Міне, сенің надандығың қайда жатыр (бір олжа тапқандай өретүрегеледі)? Былай мәдени шараларды жүзеге асыру, өздеріңе саналы мәдени демалысты қамтамасыз ету дегенді сендер білмейсіңдер. Сендер адамсыңдар ғой, өздеріңді өздерің сыйлау деген болу керек қой. Андрей: Сенің осы біз дегенде аһ ұрып, көкірегіңнің қарс айырылуын-ай! Забир: Міне, бұл да сенің надандығыңның бір белгісі! Надан адамға жақсылық айтсаң да өзіне жабайы аң ырылдап тұрғандай көрінеді. Андрей: Араларында бір ұқсастық болған соң солай шығар. Забир: Қалай-қалай? Андрей: Араларында бір ұқсастық болғасын солай шығар деймін. Забир: Кім мен кімнің? Андрей: Енді өзің жаңа кім мен кімді ұқсаттың? Забир: Аюға намаз үйреткен таяқ дейді қазақтар. Сенің ақыр ештеме қонбас басыңды қабырғаға тіреп қойып, мына жұдырықпен бір ұрса бар ғой, ай сауап болар еді! Андрей: Міне, сен кеуілжіріңді кескен шын ойыңды енді айтып қалдың. Іштегі барың лап етті ғой. Забир: Менің барым мен жоғымды түгендеп қайтесің, ей? Алдымен қара басыңның қамын ойласаңшы! Іші қуыс болғасын дыңылдаған дыбыс қана шығады. Андрей: Кейбіреуге өз басындағы шу сырттан жеткенге ұқсайды. Забир: Күйді жаным. Андрей: Кімнен? Забир: Мына сенен.

Андрей: Жер бетінен мен жоғалсам жаныңа жұмақ орнар ма
еді?
Забир: Тіл мен жаққа сүйенген, дүмше!
Андрей: Мен бе, сен бе?

Забир: Мына сен! Сен!
Андрей: Ах, мен бе? Тамағыңа көлденең тұрып қалған сүйек
болдым-ау!
Забир: Саған қанша сөзімді шығын қылдым! Қайсысы жетті?

Менің бар айтпағым, барлық елді мекенде саналы өмір орнату
керек дедім ғой. Өмір болғасын ол толыққанды болу керек. Оның
өз проблемалары, өз ыстығы мен суығы, таласы мен тартысы,
сүйініші мен күйініші, рахаты мен азабы – бәрі-бәрі болу керек.

Ал сен жаңа қалай өткізем дедің?
Андрей: Сөзіңнің арасында көк жасық та болса дәні бар. Бірақ
ол көкжасық дәнді пісуіне жеткізіп беретін қаланың ақылдылары
тап мына сендей болса бар ғой, әй ондай жақсылығыңа мың да бір

рахмет дер едім. (кетеді)
Забир: Сен солай дейсің... Ақпа құлақ болмасаң...
Соңынан сөйлеп бара жатады. Екеуі де кеткенімен дауыстары
естіліп тұрады. Ырысбай шығады.

Ырысбай: Қанша қырсық болғанмен Андрей де байқады.
Сөзінің арасында көк жасық та болса дәні бар (толғанып). Шетсіз-
шексіз дала ортасында мына ауыл көзіме енді ғана жүдеу көрініп
тұрғанын қарашы. Ыстығы мен суығы, таласы мен тартысы, тағы

нені айтты, а, сүйініші мен күйініші, тіпті рахаты мен азабы да
болсын дейді. Бұлардың бір-екеуі бұрыннан да бар, ал қалғанын
қайдан табамыз? (Сағилаш шығады).
Сағилаш: Өңіңізде жүдеулік бар ғой. Тағы да махаббат мәселесі

шырқ үйіріп тұр ма?
Ырысбай: (сасып қалып) Жоқ, ә?
Сағилаш: Сонда не, ағасы?
Ырысбай: Сен мына Андрей мен ана қалалық Забирдің

әңгімесін естіп көрдің бе?
Сағилаш: Ойбу, оларды тыңдаймын деп құлағым сарсыды
әнеукүні.
Ырысбай: Біздің құлағымыз даланың өлі тыныштығына

үйренген ғой. Өзімізден аулақ аласапыран өмірдің кәңгүр-күңгірі
сәл жетсе-ақ басымыздың жарығы ашылып кете жаздайды.
Сағилаш: Сізде бір ғажап күй бар.

Ырысбай: Тек бұрауы жетпей тұр. Сағилаш: Ендеше Андрей мен ана қалалық заңғардың әңгімесін мехтоктың астынан ор қазып алып жатып тыңдаңыз. Ырысбай: Құр тыңдағаннан не пайда? Сағилаш: Сіздің үйдегі жеңгей Зәгүл мен Еленаның басындағы хал өзіңізге де орнаған-ау деймін. Әуендеріңіз ұқсайды. Ырысбай: Түсінбедің. Сағилаш: Елена мен Зәгүл жеңгейге, тіпті Андрей мен сізге де жаным ашығасын сол заңғардың мойнын бір қайырайын десем өзінің былай балалы әйелдей болып пормы жоқ. Ырысбай: Ондай өнеріңнің тап бұл жерде маған да себі тиер ме еді, кім білсін? Тек жаңағы сөзімді түсінбей басқаға бұрдың. Забир мен Андрейдің дауынан кейде ығымнан жел соққандай болады. Сағилаш: Кеудеңізді аңыратып ашып тастасаңыз жел соқпай қайтсін. Жел емес, қара дауыл десеңіз де сенер едім. Ырысбай: Сол қара дауылға қолым жетпей тұр ғой. Сағилаш: Апырай, ә! Осы сырттан келгендердің бар әлекшәлегіне ұйтқы өзіңіз емессіз бе? Кеше жеңгейдің сөзі соған сайғандай еді. Ырысбай: Ол жеңгейден сені көш озық деуші едім, Сағилаш. Сағилаш: Озып қайда барам? Тобынан озған тұлпар да бір жерге барып жусайды ғой. Ырысбай: Ертең сенің де сары қарын әйел боларыңа сенем. Бірақ сен бір адым ары бармайсың ба? Сағилаш: Арысында не ұшпақ бар екен? Ырысбай: Пәлендей ұшпақ жоқ. Сонда да қара дауыл соққан шақта бүгінгі бүтін көңіліңнің дал-далы шығып алақтап қалмайсың ба деймін. Сағилаш: Әй, ағасы! Аты Забир ме еді? Сол заңғарды сіз пайғамбар тұтқан екенсіз. Пайғамбарыңыздан мін шықса қайтесіз? Төркіні табылып, былай күлметі ашылса дегенім ғой. Ырысбай: Жеңіл-желпі мін, кем-кетік кімде жоқ? Сағилаш: Жеңіл-желпі дейсіз, а? Ендеше сол пікіріңізде қала тұрыңыз. 6 – көрініс Егін даласы. Ырысбай жалғыз. Бір жаққа күдіктене қарайды. Ырысбай: Апырау, мынау отырғандар кімдер? А-а, жылқышы шал ғой. Қасындағысы кім? Е-е, журналист жігіт. Апырау, айдалада

темір үйіндісінің қасында бұлардың мұнысы несі? Әлде арақ ішіп
отыр ма? Ондайға үйі бар емес пе? Е-е, ана жылқыларын Сыбан
суатқа апарып, ана жігіт ілесе шыққан ғой, шамасы. Жаңа бәсе
екеуі жолыққанда бірдеме десіп еді. Шіркін-ай, жұрттың бәрі осы

екеуіндей жарасып тұрсашы!
Батырбек шығады.
Батырбек: Ана шал біраз сілтеп алыпты. Жылқылары бидайға
түсіп кете ме деп қорқам. Сол жаққа бармасам. Осының жылқысын

қайтарам деп-ақ титықтап болдым. Анау алматылық жігітпен
екеуінің ым-жымы бір. Ол да еміренгіш пәле, шалға жұтқызып
қойып, қай-қайдағыны айтқызады екен.
Ырысбай: (жаңағы сөздеріне көңіл бөлмей) Шешей жұмысқа

шығып жүр ме?
Батырбек: Шығып жүр, шығып жүр. Ырысбайдың көзіне сүйел
болмайық деп айтып қойғам.
Ырысбай: Апырау, ана инеліктей жігіт мына суыққа қалай шы-

дап отыр?
Батырбек: Құдайым-ау, ана шал емес пе оны желіктіріп жүрген.
Ішкісі келіп, ындыны құрып тұрады да, жұрттың қай-қайдағымен,
жай-жайдағымен басын шата береді.

Ырысбай: Мен осы жұрттың достығына зәрумін.
Батырбек: Қайдағы достық? Өй, мұның аты ішкілік!
Ырысбай: Көзіміздің көп нәрсеге үйренбегені ғой, адам мен
адамның арасындағы жылт еткен жарастықты көрсек оның атын

ішкілік, тағы бірдеме деп атап, өзіміз ор қазамыз да, артынан бұл
дүрдараздық қашан таусылады деп тағы зар илейміз (Батырбек
түсінбейді). Өмірдегі «проблемалардың» болуы әбден заңды
(Забирдің мақамына салып). Оның ыстығы мен суығы, таласы мен

тартысы, сүйініші мен күйініші, рахаты мен азабы бәрі-бәрі керек.
Қалай да саналы өмір орнату керек.
Батырбек: Ана санасыз шалың қандай өмір орнатпақ? Не
жақсылық күтесің одан?

Ырысбай: (қолын бір сілтеп, кете беріп қайта бұры-
лады). Осы көршің екеуіңнің тұзың жарасатын күн бола ма?
Батырбек: Енді қайтем, осының-ақ жылқысын қайтарам деп
қартайдым. Мен болмасам егіннің талайы осының малының таба-

нында кетер еді. (Ырысбай кетеді)
Осы баланы-ақ түсінбей қойдым. Алжыған шалдың желкесінен
қысып-қысып қоюдың орнына оның санасы туралы бірдеме дейді
ғой. Санасызға сана бітірем дей ме?

7 – көрініс Сахнаның Сыбан мен журналист жігіт отырған тұсы бері сырғиды. Сыбан желпіне әңгіме айтып отыр. Қастарында бір бөтелке арақ, екі стакан. Сыбан: Біздің жігіттер дереу аттарынан түсіп, шешініп, суға ұмтылысады. Жаулар оларды атпен қуғанда анау көлдің шетінде қызыл құрт басып жатқан батпақты көрдің бе, соған аттары малтығып жете алмайды. Сөйтіп көлдің суына қойып кеткендердің аттарын олжалап кейін қайтудан басқа жаудың амалы қалмайды. Журналист: Сонда ол қай жақтан кеп қалған жау? Сыбан: Мына жақта Таңатар деген ру бар. Тасыр басшылары көп болған екен. Журналист: Апырау, олар да қазақтар ма? Сыбан: Иә, қазақтар ғой. Ол заман қалмақтардың бір саябырлаған шағы екен. Журналист: Апырай, қазақтар мен қазақтар шабысқан екен ғой. Оның үстіне, жаңа біздің жақтың өз ішінде алауыздық болды деп, тағы қосып отырсыз. Сонда алауыздық деген олардың бақайшағының ішіне дейін де құйын боп кірген бе? Батырбек шығады Батырбек: Ассалаумағалайкум, Сыбеке (екеуімен амандасады) Сыбан: Жай жүрсің бе, көрші? Батырбек: Жай, мына жақтағы егінді қарап келем. Сіздерді көріп бері бұрылғаным. Сыбан: А, жақсы ендеше (шал өзіне жылы шырай көрсетпегесін Батырбек кетеді) Мына шал бар ғой, барып тұрған зұлым. Ана меңгерушіміз Ырысбай туған баласы ғой. Соның құлағына қайқайдағы өсекті жиып-теріп апарады да оның да басын кәңгіртеді кеп. Әне, қарашы, кетіп бара жатқан түрі олжалы адамға ұқсайды (алыстан біреулерді байқап). Анау екі кісі кім, айдаланы кезіп жүрген? Журналист: (ол да қарап). Ә, ана таразышы қыз бір комбайншымен кетіп барады. Сыбан: Таразышы қызы қайсысы? Журналист: Қырмандағы астық өлшейтін қыз ше? Сыбан: Е, Сағилаш жаным ба? Ол ауылымыздың көркі ғой. Ол не істесе де менің көңілім жай. Журналист: Сол қызға осындағылардан құнықпаған ешкім жоқ. Сыбан: Пішту! Олар білмейді ғой Сағилаштың кім екенін.

Журналист: Шынында ол қызда бір сиқыр бар. Осымен жүрген жігіт ертеңіне тірі өлікке ұқсап қалады. Сыбан: Сағилашым ешқашан сүйекке таңба салдырмайды... Журналист: Кім білсін, көптің аты көп, бірі болмаса бірі айла асырып та кетсе... (Сыбан қарқылдап кеп күледі) 8 – көрініс (музыкалық көрініс) Сахна күңгірт тартып барып өзгереді. Тамаша құбылған табиғат көрінісіне ұқсас неше түрлі бояулар жағаласады. Соның ен ортасында жағалары жайлау болып келе жатқан қыз бен жігіт. Жігіт құмардан шыққысы келеді. Қыз бәріне көнетіндей. Жігіт ерекше бақытты. Тек қимыл үстінде қыздан өз өресінің әлдеқайда төмен екенін байқатып алады. Адамның асқақ көңілі, махаббат туралы ән естіледі. Сол жігітті демейді. Қыз тағы да жігіттің құшағына қайтып бас көтерместей құлайтынға ұқсайды. Бұл жігітті одан әрі дәмелендіреді, көңілін өсіре түсіреді. Енді жігіт сағым қуып жүргенге ұқсайды. Сағилаш мүлдем алыстап, биіктеп кеткен. Жігіттің бейшара хәлін ащы үн, қайғылы музыка паш етеді. Сағилаштың күлкісі. Елес боп жоғалған Сағилаштан айырылған комбайншы жігіт бүктүсіп, тізесін құшақтайды. Ырысбай шығады. Ол да осынау елес дүниесіне сәл елітіп, Сағилашты, тізесін құшақтап отырған комбайншы жігітті таниды. Дәрменсіздік мұның өзін де билегендей. Шымылдық ІІ – АКТ Сахнада үш бөлік. Біреуі асхана, біреуі егін даласы, біреуі Ырысбайдың кабинеті. Қайсысына жарық түссе сол көрінеді. І – көрініс Егін даласы. Декорациядан комбайнның бір бөлігі байқалады. Музыкалық көріністегі комбайншы жігіт басын салбыратып, тұқырып отыр. Бір қолында шылым. Ырысбай шығады. Ырысбай: Әй, сенікі не? Комбайншы: (әрең жауап беріп) Бункерім толып қалды, машина келмей жатыр. Ырысбай: Қолыңдағы темекің не, бұл жақтың астығын өртеп кетейін деп пе ең? (қолындағы темекісін өшіргенмен үндемейді. Өзі сүлесоқ ауру адамға ұқсайды). Сені ненің шалығы шалып отыр?

Комбайншы: (сөйлегісі келмей) Жай машина күткенім ғой.
Ырысбай: Жоқ, одан басқа да бірдеме бар. Кәне, үн қатшы.
(сәл бөгеліп) Әй, сөйлесеңші! Әлде Сағилаштың топшысы қатты
тиді ме?

Комбайншы: Сағилаштың кім екенін мен білмеймін.
Ырысбай: Намыстанғаныңа болайын.
Комбайншы: Осы даланың заңында немене әркім кез-келген
адамға ішек-қарнын ақтарып отыруы керек пе?

Ырысбай: Артық сөзім үшін ғафу етіңіз. Сонда да менің басшы
екенімді ұмытпа.
Комбайншы: Басшы болсаң қайтейін.
Ырысбай: Әй, жігіт, жақсы, сонда да болса.

Комбайншы: Не дейсің маған?
Ырысбай: Мысалы, мен басшы емеспін, сен маған бағынышты
емессің. Екеуіміз де тең қатар құрбы, жүрекжарды доспыз.
Комбайншы: Сонда?..

Ырысбай: Сонда... сен маған сыр ашсаңшы. Жұмыс жұмыс деп
өмірім өтіп кетіпті.
Комбайншы: Өткен өміріңе мен жаназа шығарсын дейсің бе?
Ырысбай: Жоқ, сен былай кішкене сабаңа түс. Ашуыңды бас.

Сен айтшы, осы қызда не сиқыр бар? Қолымызда өскен қыз еді,
қолдан шығарып алып, құпиясына жете алмай жүрмін.
Комбайншы түсінбейді.
Ырысбай: Әй, мысалы сен, кеше ғана сол қызбен жүріп едің

бүгін басыңа қара жамылып отырсың. Осының себебі не?
Комбайншы: Оны білгің келсе өзің де бақ сынап көрмейсің бе?
Ырысбай: Мына түріммен бе?
Комбайншы: Мына түрің кімнен кем? Ақыр, айласы көп

қырқылжың кәрі түлкідей жылмаңдап тұрсың (кетеді).
Ырысбай: Көрсетермін мен саған кәрі түлкіні. (Сәл бөгеліп ба-
рып әндетеді). Ақ қағаздың түріндей-ай
Текеметтің гүліндей-ай

Өмір деген өтіп жатыр
Сіз бен бізге білінбей-ай.
(ойланып) Менікі де ұят болған жоқ па? Жаңағы жігітке сонша-
ма жата жабыстым. Балалық мінезім ұстап кетті білем. Бұл да бір

қиюын таба қоймаған ісің, Ырысбай!
2 – көрініс
Асхана. Комбайншылар тамақ ішуде. Забир мен Елена Никола-
евна ұрсысып жатыр.

Забир: Мен борщ ішемін. Ал тарелканың түбінде менің алдым-
да басқа біреу ішкен рассольниктің жұғыны қатып тұрады. Тазалық
қайда, сенің көмекшілерің тарелканы қалай жуады?
1-Комбайншы: Забир дұрыс айтады.

Елена Николаевна: Сен қатыныңа осылай сөйлеп дәніккенсің
ғой. Одан артылған ашуыңды бізге әкеп қоқсытып тұрсың. Әйтпесе
жуған тарелканың түбінде рассольниктің жұғынын қалдыратындай
мұнда адам жоқ.

Забир: Рассольниктің жұғынын саусақпен сүртіп аузыңа салсам
қайтесің? Әйтпесе көретін көзің жоқ сияқты.
1-Комбайншы: Әрине, аузына салып, дәмін татқызу керек.
Әйтпесе бұлар мойындамайды.

Елена: Мойындатамыз деп, мойынтұрық іліп қойдыңдар ғой
мойнымызға бәрің жабылып!
Забир: Мойнтұрық ілінген жоқ саған. Қайта құрық тимеген шүу
асаудың өзісің. Айтқанға көніп, илігетін түрің жоқ!

Елена: Мені иліктіріп қайтесің, өзіңе қарасаңшы, қарның шығып,
бұғағың салбырап, қатынбастанып қалған неме!
Забир: Жұртты тазалыққа шақырып, көзін ашайын десең де
осындай сөздер естисің.

Елена: Сен жұрттың көзін ашып жарытарсың!
Забир: Иә, мен оған дәрменсізбін. Сенің шел қаптаған көзіңді
ашу үшін де оның бір елі үстіңгі қыртысын балтамен шауып, ойып
алып тастау керек шығар.

Елена: Бәрін балтамен шапқышсың. Осы өзіңнің басыңа да сол
балтаны бір тигізіп көрер ме еді.
Забир: Міне, сенің арам ойың қайда жатыр? Маған дұрыстап
дәмдеп тамақ берудің орнына басты балтамен шаппақшысың.

Бізге жағдай ойластыратын адамдардың түрі, міне, осындай.
2-Комбайншы: Забир, қойсаңшы. Балтаны алдымен ала
жүгірген өзің емес пе?
1-Комбайншы: Бір жайдан, Забир, сенікі де асықтық. Саған

не жағдай керек? Сен болсаң меңгерушінің оңаша бөлмесінде ақ
жайманың үстінде шалқайып майқан шегіп жатырсың. Оның әйелін
тура өзіңнің басыбайлы қызметшіңнен әрмен жұмсайды екенсің.
Ал біздікін айтсаңшы. Темекі түтіні қолқаны қабатын жатақханаға

сүңгіп кеткенде бөшкедегі балықтай танауыңды жыбырлатуға
шамаң келмейді. Меңгерушінің үйіндегі дәмді ас түгіл түнге қарай
қайнаған қара суды көрмейміз.
Забир: (оның сөзіне көңіл аудармай) Балтаны ала жүгірмей

қайтейін, мынадай тазалық жоқ жерде өңешіңнен тамақ өтуші ме
еді, тегі?

Елена: Сенің өңешіңнен тамақ түгіл одан зордың өзі өтіп кетер! Адам жұтарсың сен! Забир: Адам жұтқанымды қашан көрдің? Елена: Күнде жылап еңірейтінім одан кем бе? Забир: Менің кеңірдегімнен қанша рет ары өтіп, бері қайта шықтың? Елена: Құр сүйегімнің қалғанын көрмейсің бе? Енді қалғанын тағы жұт? Жұт? Қатынша салғыласқан неме! 1-Комбайншы: Оһо! Бұл кісі сенің тәбетіңді ашқысы келді. Забир: Адамдарды бұлай қаралағаның үшін саған не жаза кессем де орынды (айғайлап). Мен саған кіммін айт, шапшаң? 2-Комбайншы: Забир қойсаңшы. Тілін шығаратын өзің емессің бе? Забир: Мұндай сөзді бастан асыра беруге болмайды. Андрейдің талай сөзін кек тұтып едім, оның қатыны одан әрмен иектеді ғой. Жоқ, бастан асыруға болмайды! 1-Комбайншы: Әрине, асыруға болмайды. Елена: Апырай, енді бұл тағы бір сағат арпылдап, шарадай басымды шақшадай ететін болды ғой (жылап жібереді). Не жаздым құдайға? 3 – көрініс Ырысбайдың кабинеті. Ырысбай жалғыз, рациямен сөйлесіп отыр. Ырысбай: Жақсы, жақсы, ұқтым. Бидайдың ылғалдылығы мына күннің суықтығынан ғой. Дамылсыз ұшырып жатырмыз. Иә, иә, егер тым шамамыз келмей бара жатса бірер күн комбайндарды доғара тұрармыз... Мүмкін... мүмкін... доғармаспыз да (сәл бөгеліп). Мен бәрін ұғып тұрмын! Жақсы, жақсы, сау боп тұрыңыз (тұтқаны қойып). Бәрінікі ақай-тоқайсыз қатаң бұйрық (басын ұстап төмен қарап отырып қалады). Комбайншы жігіт келеді. Комбайыншы: Аға, ана қырманның басында бір жылқы іші кеуіп өліп жатыр. Ырысбай: Қырманның басында? Рас па? Комбайншы: Рас! Ырысбай: Бұл ауылда ешкім жекеменшік жылқы ұстамаушы еді. Совхоздың жылқысы болмаса неғылсын. Комбайншы: Өзі де совхоздың жылқысына ұқсайды. Ырысбай: Апырай, мына шалдан менің әкем жаман күдіктеніп жүруші еді. Сол күдігі расқа шықты-ау, шамасы!

Комбайншы кетеді. Батырбек кіреді. Батырбек: Енді ұққан шығарсың. Менің сөзіме мән бермей жүруші ең. Әне, совхоздың бір жылқысын мерт қылды. Бұл шалың ішімдікке әбден-ақ салынып жүр деп зар қақсайтыным осы ғой! Ана көзілдірікті жігіт те бұған әңгіме айтқызам деп, арақты аузына тосып ұстайды екен. Қартайғанда кәрі боз жорға шықты деген осы! Кеше суатқа жіберген атымды ұстайын деп барсам, онда жылқыларды көзілдірікті бала қайырып жүр. Ал Сыбан ақсақалың отырған орнында шөгіп қалыпты, анау темір үйіндісінің қасында. Ырысбай: Жақсы, бұл кісіні мен қолға алармын, бара бер! Батырбек: Ол шалдың желкесінен қысып қоюдың орнына, оның санасы туралы сөз қыласың. Санасыз шалдың санасында нең бар? Ырысбай: Жақсы, бара бер дедім ғой. Батырбек: Ол ана бидай жегізіп ішін кептіріп өлтірген жылқысының құнын төлемей кетіп жүрмесін! Ол зұлым шал. Түптің түбінде осының бәрі саған тіреледі. Ұқтың ба? Сақ бол! Кетеді. Ырысбай: (ойланып) Санасыз шалдың санасы дейді. Әнеукүнгі Забирдің саналы өмір туралы сөзі менің аузым арқылы бұған осылай жеткен екен ғой. Бірден екіге барғанша бәрі жүдеп, түр-түсін өзгерте береді ғой, Забир де ол сөзді анасынан жаңа туғандай етіп қайбір қаз-қалпында әкеп тұр дейсің бізге? Сыбан кіреді. Сыбан: Ырысбайжан, бір жылқым мерт болды. Ырысбай: (ештеме білмейтін кісіше) Қалайша? Сыбан: Қайдам, ауруы бар ма ма еді, қайсысын байқайын? Ырысбай: Жарайды, мал дәрігері келсін, бәрібір сол көреді ғой. Сыбан: Алдымен өзіңнің алдыңнан өтейін дегенім ғой. Ырысбай: Жақсы, жақсы. Сыбан: Сол, шырағым. Бұл да бір құдайдың жіберген қырсығы ма деймін. Жақсы, уақытыңды алмай-ақ қояйын. Сыбан кетеді. Ырысбай: Шалдың салы суға кетіп қалыпты ғой. Ақаңнан аздап жұтам деп қораға түгендеп қамамаған өзіңнен көр. 4 – көрініс Қырманның бер жағындағы жол үсті. Сыбан мен Батырбек жолығады. Батырбек: Ақсақал, анау бір малыңыз жазым бопты, қап, немене бір ауруы бар ма еді өзінің?

Сыбан: Несі болса да шығасы мал ғой қайтеміз?
Батырбек: Е, қайтесіз, құдайдың ісі ғой бәрі.
Батырбек кетеді.
Сыбан: Іші кеуіп өлген малды танымайтындай сұрауын қарашы?

Шоқ-шоқ деп тұрсың-ау, залым (кетеді).
Сыбанның кемпірі Марияш пен Батырбек жолығады.
Марияштың қолында бір тораша арақ.
Батырбек: Оу, Марияш, бұларың не? Қонақ шақырушы ма

едіңдер?
Марияш: Е, ана мал дәрігері түскір келеді дей ме, соған, шалдың
алдырып жатқаны ғой.
Батырбек: Е, солай де.

Батырбек кетеді. Сыбан шығады.
Сыбан: Ана Батырбек саған бірдеме деді ме?
Марияш: Е, алжыған екі шал, бір-біріңді аңдумен қартайып келе
жатқан жоқсыңдар ма? Оның бәле аңдыған сөзіне орай сенің жатып

атар сөздеріңнің бірін айта салдым. Мына арақты қайтесіңдер деп,
көзі адырайып шығып барады тура. Мен мал дәрігері келеді деп
шалдың алдырып жатқаны ғой дедім.
Сыбан: Ап, бәрекелді! Жарайсың, кемпірім. Енді оның қыбы

қанатын болды. Бұл қазақта Батырбектей іші тар адам жоқ. Мені
мамандардың аузын алып, өлтірген малының құнын төлемей кетер
ме екен деп мұның кешелі бері ұйқысы бұзылып жүр. Бұл пәленің
түсін танимын ғой мен.

Шам сөніп қайта жанғанда Сыбан мен журналист жігіт жолығып
қалады. Сахна өзгермеген.
Журналист: Ата, ана өлген жылқыны мал дәргері қарағанда
ішінен бидай шығыпты дейді, енді оның құнын сіздің мойныңызға

жазады дейді. Сол рас па?
Сыбан: Оны кім айтып жүр?
Журналист: Ана қырмандағы біреулер мына Батырбек шалдан
естіпті.

Сыбан: Қарағым-ау, қай-қайдағымен сенің басыңды шатып
қайтем? Мұны айтып кеп тұрғаның да осы екі үй арасындағы
дүрдараздықты білмейтіндігің ғой. Сен ол Батырбектің сөзін
естімеген бол. Оның өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай

етіп тарататын ескі жаңылмасы бар. Өлген жылқыны ешқандай
да менің мойныма жазбайды. Дәрігер өз ауруынан өлген деп
тапты.
Журналист: А, солай ма? Мен жаңа қорқып қалып едім.

Журналист кетеді. Батырбек шығады.

Батырбек: Уа, ақсақал, мамандар не деп кетті? Жылқының ішінен бидай шығып па? Не болды? (қабырғасы қайысқансып сұрайды) Сыбан: (шарт кетіп) Ей, өзің айтып жүр емессің бе, ішінен бидай шығыпты деп. Менен несіне сұрап тұрсың? Батырбек: Қой-қойыңыз. Ол не дегеніңіз? Сізге деген қастығым бар ма еді? Кімге айтам олай деп? Өлсе совхоздың малы, менің малым дейсіз бе? 5 – көрініс Ырысбай өз кабинетінде рациямен сөйлесіп отыр. Ырысбай: Бидай ұшыратын жаңа техниканы алдық. Бұл өзі әрі тас үгіндісін қопарыстыруға да арналған машина екен ғой. Бидайды көптеп қамтығанмен биікке аса шашырата алмайды. Әрине, әрине. Жоқтан бар жақсы ғой. Оны кемшін көріп тұрғаным жоқ. Ылғал дәнді қозғай бергенге не жетсін? Ол техникаға күндіз-түні жұмыс істетіп жатырмыз. Әттеген-ай, жаңбыр деген тұра тұрса. Қардан бізге сол қиын. Жоқ, жоқ, кешірерсіз, аспанның жаңбырына сіздер иелік етеді деп жатқан жоқпын, жай сөз арасы әңгіме. Әрине, адамбыз ғой, амалын табамыз. Сақадай саймыз, жақсы жақсы, сау болыңыз. (тұтқаны қояды. Сыбан кіреді). Сақадай саймыз. Аспаннан төгіп берсе сақалығымыздан да, сайлығымыздан да не қалар екен? Иә, ақсақал, сөйлеңіз! Сыбан: Ырысбайжан, орылмаған астық әлі көп пе? Ырысбай: Көп қой, ақсақал. Сыбан: Мен де соның көптігін болжалдап келіп тұрмын. Ырысбай: (мырс етіп) Ана аспазшы орыс әйелі Елена асханаңды өткізіп ал, мен қырманға күрек ұстауға шығамын деп күнде жылап келеді. Сіз де жылқыны өткізіп ал, қырманға барам демексіз бе? Сыбан: Жо-жоқ, Ырысбайжан! Сенің өйтіп басыңды ауыртар мен емес. Мені жақсылап түсініп алшы. Жылқыға да мықты бір қол керек екенін мен білмейді дейсің бе? Бірақ менің жанымды жегідей жеп жүрген басқа. Ырысбай: Не боп қалды тағы? Сыбан: Анау қызыл ұшырылып жатқан қырманның тұсынан өтсем бар ғой, ет-жүрегім қан жылайды. Жұрттың бәрі адам да, бұл дүниеде бүйі жұтқан жауыз жалғыз мен сияқтымын. Ырысбай: Түсінсем бұйырмасын. Сыбан: Қарағым Ырысбай, елу жылдан астам еткен еңбегім көз

алдымда жидіп барады. Бұдан арыға төзер шамам жоқ. Мен не істесем де сенің ана қызыл көз әкеңнің ішін күйдіру үшін істеппін. Ырысбай: Сонда не, айтсаңызшы тоқ етерін. Сыбан: Қарағым, сақал-шашымның ағында мен күнәға бата алмаймын. Кеше мал дәрігері мен өзіңе бекер-ақ жалынған екем. Бұл да қырқылжың кәрілігімнен ғой. Айналайындар, ана жалған әктіні жыртыңдар да, менің кесірімнен өлген жылқының құнын мына мойныма жазыңдар. Оны ақы-адал пұлыммен төлеймін. Ырысбай: Ап, бәсе, сіздің осы халіңізді мен кеше байқағам. Кеше сол мал дәрігері кеткесін сіз өз үйіңіздің алдында басыңызға қара жамылып отырып қапсыз. Марияш апай да үнсіз. Атыңыз да қаңтарулы. Әйтеуір, өзіңізге қарастының бәрін қаңтарып тастап, жерге қарап отырғаныңызды көріп, әй бұл шалдікі тегін емес болар деп, мен де ішімнен ойлап едім. Сыбан: Ырысбай-жаным, звандашы ана дәрігеріңе. Ағарған сақал-шашымды алдыма сап кеп тұрғандағы айтпағым осы! Ырысбай: Жақсы, звандайын. Бірақ мал дәрігері екеуміз бұл қылмысқа неге ортақтастық? Сіздің өтінішіңізді ғана орындағамыз жоқ. Біз істің тереңіне бардық. Сіздің бұл жылқыны баққаныңызға жиырма жылдан асыпты. Осы уақытта бір басты шетінеттіңіз бе? Жоқ! Қыстың боранында жылқылар тоқтамай ығып кетсе, сіз құрық сүйретіп күн-түн қатып жер түбіне сапар шегесіз. Сонда қыңқ деп жатқан сіз жоқ. Босып кеткен малдың ізіне түсесіз. Жүрген жолымыз осы деп ыққан жылқы ақ бораннан көз аштырмайтын далада белгі тастап отыра ма, әйтеуір сіздің ауа райының құбылысына қарап бетіңізді дұрыс ұстайтыныңыз біз үшін жұмбақ. Тағы облысымыздың осы жартысында сізді, сіздің жылқыларыңызды танымайтын кім бар? Қайда саяқ жүрген жылқы көрсе жер-жердің көзі қарақты адамдары мынау Сыбан ақсақалдың жылқысы деп, хабар беріп, не жеткізіп салатыны да бір алуан оқиғы. Сыбан: Иә, айналайын жұртымның ондайы бар. Ырысбай: Тағы осындай қысылтаяң уақытта көмекші сұрамай, малды жалғыз бағатыныңыз да бізге бір демеу. Сыбан: Иә, көмекшіні қайтейін, бір қол болса да мынадай жиынтеріннің уағында босасын деймін ғой. Ырысбай: Міне, сөйтіп бірдің емес көптің қадірлісі болған адамның бір ақауын кешіруге болмас па деп, мал дәрігері екеуміз сізбен күнәға қоса батып едік. Ал мына келісіңізге мен өте қуаныштымын, ақсақал! Тек қана бір айтарым, менің сізден жасы

кіші болғанмен бұрын алжиын деп жүрген әкемнің ішін күйдіру үшін солай істедім дейсіз. Бұл сіздің осы қадіріңізге лайық па? Сыбан: Айналайын, Ырысбай! Дәл осы үшін мені ұрыспа да, сөкпеші! Сенің әкеңнің менің сыртымнан ерні жыбыр-жыбыр етіп жүргенін көргенде іші-бауырымды өрт жалағандай болады. Ондайда көзім қарауытып, ақылымның кеміп кететіні бар. Осы жолы да сөйттім, білем. Ырысбай: Сіздердің бір сыйласқандарыңызды көрмей, біз де қартайдық қой. Сыбан: Айналайын Ырысбай, әкеммен солай екен деп мені жек көруші болма. Сен әкеңдей емессің. Мен сені асқар Алатауымдай көремін. Ырысбай: Жақсы, жақсы, ақсақал! Сіздерден кейінгілер икемге келмей жатқанда сіздерді қайта тәрбиелеу қайда? Жақсы, мен мал дәрігерімен сөйлесейін. Сыбан: Жаңағы менің алғы сөзімді де, соңғы сөзімді де дұрыс ұқ! Ырысбай: Жақсы, жақсы. Сыбан: Ал ана біздің үйде жатқан бала өзің сияқты бір жақсы бала айналайын, көңілінде кіршік жоқ. Мұндай да адам туармысың деймін. Ескінің де, соңғының да әңгімесі десе ішкен асын жерге қояды. Ырысбай: (рациямен сөйлесе бастайды) Орталық, орталық! Маған мал дәрігерін қосыңызшы (Сыбанның қуанып кеткені байқалады). 6 – көрініс Қырманның бер жағындағы жол үсті. Уақыт түн. Сағилаштың қасында бір механизатор жігіт. Сағилаш: (сықылықтап күле береді). Ой, жаным-ай, десеңші! Механизатор: Мен бұған дейін махаббат дегенді жай қызыл сөз көруші едім. Сізді жолықтырғасын мынау дүние менің көз алдымда түлеп сала бергенін қайтерсің. Мынау жай дүние емес, теңіз боп толқып тұрған құбылмалы ғажап бір кеңістік сияқты. Мен мінген комбайн төрт дөңгелегі бар, жай техника емес, жан рахаты үшін жасалған әсем каюталы кемеге ұқсайды. Иә, кемеде отырғандай сезінемін, сенің туған далаңа арнап, ән салғым келеді. Сені туғаны үшін. (Сағилаш сықылықтай береді) Күлесіңау, Сағилаш. Осы сөздерімнің растығын қай асылыммен ант етіп, дәлелдесем екен?

Ырысбай: (аңдаусыз шығып, сөзін естіп қалады) Мына бейбақ
тілдің майын тамызып-ақ барады. Бұл Сағилаштың осы науқан
үстінде қасына ерткен нешінші құрбандығы екен! (кетеді).
Сағилаш: Немен дәлелдесем екен дейсің. Құрбандық жасап

дәлелде!
Мехнизатор: Құрбандық жасап?
Сағилаш: Иә.
Мехнизатор: Сонда қалай?

Сағилаш: Қалай? Жаңа өзің айттың ғой. Ең асылыммен ант
етем деп. Ант етіп не қыласың? Ауыздан шыққан сөз ұшады да
кетеді. Құйрығына шүберек байлап жіберетін құс емес ол. Онан да
сол асылыңды құрбан ет.

Механизатор: (сасқалақтап) Қалай?
Сағилаш: Құдай-ау, жаңа туған баламысың. Сол асылыңды
құрбан ет деймін.
Механизатор: (одан әрі сасқалақтап) Қай асылымды?

Сағилаш: Неше асылың бар еді?
Механизатор: Менде неше асыл бар еді. Жалғыз асылым – ол
өмірім ғой.
Сағилаш: Міне, дәл түстің үстінен. Сол өміріңді құрбан ет!

Механизатор: Қалай?
Сағилаш: Қалай! Кәдімгідей. Осы тұрған бойыңда күнім, сәулем,
сен үшін жан құрбан де де жарылып кет.
Механизатор: Апырау, мен сүлік емеспін ғой. Қан сорғанда бой-

ына шақтамай тарс жарылатын.
Сағилаш: А-а-а! Сенікі бойыңа шақ па? Онда мандымды бол-
мады.
Механизатор: Сағилаш-ау, мен апталдай азаматпын ғой!

Сағилаш: Одан не пайда? Бойың дардай болғанмен жанынды
шүберекке түйіп жүрген сорлы екенсің?
Механизатор: Сен мені басқаша сынашы!
Сағилаш: Басқаша сынағанмен де қорытындысы сол-ақ.

Механизатор: Мен қараптан қарап тұрып, қалай жарыламын?
Бүл не базынаң, Сағилаш?
Сағилаш: Егер жарыла алмасаң «міне саған деген сүйіс-
пеншілігімді осылай дәлелдеймін» деп, аспазшы әйелдің нан

кесетін үлкен қара пышағын дәл көкірегіңе қадашы!
Механизатор: (селк етіп) Қайдағы сұмдықты қайдан шы-
ғарасың?
Сағилаш: (сықылықтай күліп) Нағыз ерлікке бара алмайтын

адам осылай шошиды.

Осы көрініс. Тек күндізгі уақыт. Жаңағы механизатор жігіт бір тастың үстінде мұңайып отыр. Ырысбай шығады. Ырысбай; Әй, сенікі не? Механизатор: Комбайным бұзылып тұрып қалды. Бір қосалқы бөлшекке келіп едім, қоймашыны күтіп отырмын. (сүйретіліп шығып кетеді) Ырысбай: Бұлардың Сағилашпен жүрген күннің ертеңіне не бункері толып, машина келмей қояды, не комбайны бұзылып, босалқы бөлшек іздеп сарсылып, шаршап отырады. Онан да Сағилаштың қасында сайрап-сайрап, бүгін жайрап отырмын десеңші. (ойланып) Сонда да бұл өзі не ғажап! Әй, жігіт, сен бері келші. (механизатор сүлесоқ күйде қайта шығады) Сен жігіт адамсың ғой. Еркектен еркек сыр жасырмас болар. Әнеукүнгі бір жігітке осындай қолқа жасап едім, ол бетімді қайтарды. Сен оған қарағанда иман жүздірек сияқтысың. Бар бас ұрып жалбарынар тілегім, сен осы Сағилаштың не сиқыры барын айтшы. Ашшы маған! Механизатор: Менің білген-түйгенімнен не қайыр? Ырысбай: Сен де маған бақ сына демексің бе? (Механизатор жігіт кетеді) Бұлар бір-бірінің аузына түкіріп қойған ба тегі? (ойланып). Иә, айтылмайтын сыр, таусылмайтын жыр. Түбі тұңғиық, тізеден келер суда бақаша тырбаңдайтын маған тереңге сүңгіп не бар? Осы көрініс. Түнгі уақыт. Забир мен Сағилаш шығады. Оларды Ырысбай байқап қалады. Забир: Мені бұл ауылда ешкім түсінбейді. Неткен көрсоқыр адамдар десеңші! Мен оларға мәдениетті болыңдар деймін, алдарыңдағы астарыңды жөндеп ішіңдер деймін. Ал осы сөздің байыбына баруға келгенде бәрі қатып-сеніп қалған меңіреу бірдеме. Бастарын саусақпен ұрсаң дың еткен дыбыс шығады. Ал ауыздарымен сөз сапырғанда бұл жерде жоқ. (Сағилаш сықылықтап күле береді) Ал сенің осындай қу далаға қор боп жүргеніңе керемет ішім ашиды. Сенің орның ана қалада, мәдениетті қауымның ортасында! Сағилаш: Рас айтасыз ба? (сықылықтап күледі). Менің қамыма бұлайша қабырғасы қайысқан адамды бірінші рет көріп тұрмын. Тек рас болғай. Забир: Рас айтамын! Оны мен мынаған қарап-ақ дәлелдеймін. Мысалы, осы ауылда мені түсіне алатын кім бар, өзіңнен басқа? Сен жоқ жерде қара тасқа қарап қаңқылдағандай боламын. Ал сен түсіне аласың. Менің саған ықыласым ауғаны сенің сол қаладағы мәдениетті қауымға лайық зерделілігіңнен. Мен кез-келген адамға құлай кететін адам емеспін. Мен әрбір мәдениетті, оқыған адамдар

сияқты тек жүрегімнің қалауы бойынша... иә жүрек қалауы бойынша ғана (сүймекке ыңғайланады. Сағилаш сықылықтап дарытпайды). Олар кетеді. Ырысбай: Апырау, Сағилашпен мына дөй Забир жүре бастапты ғой. Бұл қайтер екен? Мұның да жынын қағар ма екен? Сағилаш? Жоқ... ойбай бұл басқалардай емес. Дөйлігі күшті. Ысқаяқ. Сағилашты қалаға алып кетіп масқара қылмасын. Кетеді. Сағилаш пен Забир қайта шығады. Сағилаш: Мен ер азаматта ең алдымен сол азамат атына лайық қайрат болуын қалаймын. Тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде. Забир: Менде қайрат болмаса кімде болады? Айтшы! Мына дене маған тегін берілген дейсің бе? Сағилаш: Мұның бәрі сөз ғой, Забиржан. Забир: Ал іс жүзінде қайт дейсің. Сағилаш: Іс жүзінде ме? М... м..., (сәл бөгеліп) іс жүзінде сен барлық еркектік қайратыңды жиып, ия, бар қайратыңды жиып, маған өзіңнің кім екендігіңді білдірші. Тек ауылдың салпы етек қатындарына ұқсап, ана өтіріктің бір, мына өтіріктің бір басын шалма. Забир: (сақтанып) Мен бе... Тамақ өнеркәсібі министрлігінің білдей қызметкерімін. Менің тамыр-таныстарым ЦК-да да, Совминде де бықып жатыр! Сағилаш: Жақсы онда сендім. Сосын? Забир: Сосын не? Бәрі сол. Сағилаш: Жоқ, Забир, сен жаңағы қайратыңа бас. Кейде адамға өзі жөнінде сөйлеу қиынға түсетіні де бар. Бірақ сен азаматсың ғой. Забир: Сағилаш-ау, өзің бағыт берші былай. Сағилаш: Мысалы, сен маған ғашықсың. Оныңа күмәнім жоқ. Бірақ қай істе де әрбір ер-азаматтың ішкі бір түйіні, шешкен шешімі болмақ қой. Мен жөнінде қандай машақат ойыңда бар. Қазір көп қатын алатын заман емес. Сен әлі күнге дейін үйленбеген жансың ба? Жоқ, айрылысып кеткенсің бе? Тап осы күнгі бас бостандығың қай мөлшерде? Забир: Сен мәселені тікесінен қойдың. Мен қайратқа міндім мінеки! Жауап беремін. Сен тек алғашқы сөздерімнен шошып кетпей ақырына дейін шыдап бақ. (екеуі де кетеді, сәлден соң қайта шығады, Забир сөзін жалғастыруда, ол енді еліріп кеткен) Мен көп қатын тастасам ол өз еркімнен емес. Міне, осындай жағдайлардан. Ал оны менің қызметтес жолдастарым неге көре алмайды? Көре алмайтын себебі өздерінің қолдарынан келмейді.

Жұмыс қолдарынан келмейді. Сосын да ананы-мынаны сылтау
етіп, менің соңымнан шырақ алып түскілері келеді.
Сағилаш: (мәз болып). Әйелдердің ғана емес, қаладағы галстук
таққан қызмет адамдарының да арасында күндестік бола береді

екен ғой (сықылықтап күледі).
Забир: О атама! Мен саған шет-пұшпағын ғана айттым.
Сағилаш: Ойпырай-а!
Забир: Ал егер сен бас еркіңді маған берсең ғой. Не көрмеген

бейбақпын дегендей.
Сағилаш: Иә, сонда көп қатын тастаған адамға мен өз еркіммен
тиемін деп, мынау ел-жұртыма қалай айтамын?
Забир: Кәдімгідей!

Сағилаш: Жоқ, сіздің тарапыңыздан менің де, жұрттың да көзі
тұнатындай бір қайрат керек шығар. (сықылықтап күліп, кете
береді. Забир оның артынан ереді.)
Забир: Ашық ойың ба, Сағилаш? (Сағилаш күле береді, екеуі

де кетеді).
Осы көрініс. Уақыт күндіз. Забир мен Ырысбай жолығады.
Забир: Жолдас бастық! Ана таразышы қыз, аты Сағилаш па
еді, міне, сол нағыз залым, білесің бе? Совхоздың көп астығын сол

жұтып жатыр!
Ырысбай: Не боп қалды?
Забир: Ол бар ғой, ол біз жөнелтіп жатқан астықты дұрыс
өлшемейді екен. Міне, сондықтан да бұл бөлімшенің мемлекетке

астық тапсыру жоспары орындалмай жатыр.
Ырысбай: Қызға жауып тұрған жалаңның түрін-ай. Басқа ілгек
таппадың ба?
Забир: Қалай жала дейсіз? Халық мүлкінің талан-таражға са-

лынып жатқанынан сізді хабардар етсем ол да жала ма?
Ырысбай: Егер шынында халық мүлкін талан-таражға салушы-
лар жөнінде хабар берілсе ол жала емес.
Забир: Міне, икемге енді келе жатырсыз. Менің жеткізіп

тұрғаным мысқалдай да қосымшасы жоқ шындық. Сондықтан да
сіздер астық тапсыру жоспарын орындай алмай жатырсыздар.
Ал жоспар орындаудың қандай мемлекеттік маңызды проблема
екенін білесіз ғой?

Ырысбай: Білемін.
Забир: Жоспар! Жоспар орындау керек!
Ырысбай: Забир, сен Алматыда үлкен мекемеде істейтін зиялы
адамсың. Сен халық өмірінен, шаруашылық жағдайынан хабардар

болып отыруың керек. Егер солай десең мен саған көмектесейін.

Забир: Иә, бізге жергілікті жағдайлар жөнінде ақпарлар ке-
рек-ақ.
Ырысбай: Ендеше сен мынаны түсін. Біз үшін ол жоспардың
құны анау көшеде жел қуып бара жатқан қағазбен бірдей болып

қалды. Биыл астықтың шығымы жақсы. Бізге қойылған міндет осы
далада бір дән қалдырмай жиып-теріп алу, білесің бе? Ал жоспарға
салсақ біз оны қазірдің өзінде екі еседен асыра орындап қойдық.
Забир: Қалай екі есе орындап қойдыңыздар. Әлі еккен

астықтарыңыздың мұртын ойған жоқсыздар ғой.
Ырысбай: Иә, астық әлі көп. Сен мынаны түсін. Бұл
Қазақстанның ең бір табиғаты қатаң аймағы. Жаз көбіне жауын-
сыз болады да көктемдегі ылғалмен қыбырлап шыққан егін аптап

ыстықтан еңсесін көтере алмай шөжіп қала береді. Көп аудандар-
да себілген тұқымның да есесі қайтпайтыны бар. Соны байқайтын
жоғары орындар облысқа, ондағы шаруашылықтарға жоспар бер-
генде асыра сілтеуден бойларын аулақ салып, орташа ылғалдылық

жағдайында алынатын өнім мөлшерін белгілейді. Білдің бе? Ал
мынадай жауын-шашыны мол, астық жақсы шыққан жылдары ол
жоспардың құны, жаңа айттым ғой, ана көшеде жел қуған қағаздан
аса алмайды. Бізге қазір алға қойылатын міндет бір дән ысырап

болмасын! Жер не берді, соны тегіс алу! Ұқтың ба? Жерден не
шықты соны түк қалдырмай жинап алу. Ал сен айтқандай таразы-
шы қыз Сағилаш қате өлшесе элеваторда қате өлшемейді ғой, бір-
бірінің есебінде алшақтық болған емес.

Забир: Жоқ, сіз білмейсіз, анадай залым қыз, астықты қасақана
кем өлшеп, шопырларға оны орта жолда сатқызады ғой.
Ырысбай: Оны қайдан білесің?
Забир: Қайдан білесің дейсіз, мен көріп жүрмін ғой оның дұрыс

адам емес екенін.
Ырысбай: (сәл ойланып) Осы бөлімшеде сен үшін дұрыс адам
бар ма тегі?
Забир: (бойын түзеп, сескеніңкіреп) Неге болмасын! Мен

шындықты тура бетіңізге басайын? Мысалы, сіз тамаша адамсыз!
Сізге мына бір мысқалдай да кінә тағуға болмайды. Мұнда қыруар
астыққа бас-көз болып, оны дұрыс жөнелттіріп жатқан кім? Сізден
басқа кім осыншама дегбірсізденіп жүр? Андрей ме, мен бе? Жоқ,

әлде ана шашты сайтан таразышы қыз ба? Ешкім де емес!
Ырысбай: Жақсы, Забир, сен мені сыйлайсың ғой?
Забир: Сыйламақ түгіл мен сізді аспанға көтерер ем.
Ырысбай: Ендеше менің жетеме жетіп, сансырап жүрген

жағдайым бар. Маған аяушылық білдіріп, қол ұшын бересің бе?

Забир: Бермей немене?! Адам адаммен ғана адам дейді халық
даналығы. Оны ұмыту үлкен әбестік!
Ырысбай: Жақсы, Забир. Ендеше мен де шешілдім, турасы-
на көшейін. Мені сыйлайды екенсің ғой, көңіліңе келсе де ай-

тайын.
Забир: Айтыңыз, айтыңыз. Көңілде кір жасырмаңыз.
Ырысбай: Айтсам мына сенің өз басың, тағы саған еліктеген
кейбіреулер біздің бүкіл аулымыздың белін қайыстырған ауыр

жүк болып тұрсыңдар. Мынау орақ науқанынан гөрі сендердің
салмақтарыңнан беліміз қайысып бара жатқандай. Менің үй-ішім,
жарайды, оларды қойшы, ауыздарына мақта тықсам да ұстармын
оларды, ана аспазшы әйел Елена, оның күйеуі Андрей, тағы

басқалар бүгін-ертең біржола шарт жарылатын сияқты. Ол мен
үшін жақсылық емес қой.
Забир: (көңілі қалғансып) Менің оларға егіп жүргенім жақсылық
қой! Тәлім-тәрбие ғой!

Ырысбай: Солай-ақ дейік, сонда да оны аздап доғара тұршы,
(кете бермек болған Забирді бөгеп) Забир, осы сенің бүгінгі
көңіл-күйіңде бөлек мағына бар-ау деймін? Осы сен ана таразы-
шы қыздан көңілің қалып бұлан-талан боп кеп тұрған жоқсың ба?

Біздің ол қыз оңайлықпен қолға түспейді. Бірақ сен бұлай жүнің
жығылғанын ешкімге көрсетпе. Бұл сырыңды аспазшы әйел мен
Андрей сезсе олардың айызы қанады, білдің бе?
Забир: Әрине, олардың айызы қанады! Менің жақсылық үшін

қабырғам қайысып, кеудемнің шор боп жүргенін олар ешқашан
ұға да, көре де алмайды. Қоғам мүлкіне жаны селт етпеген, жүрегі
қара қайыс адамдар олар!
7 – көрініс.

Асхана. Комбайншылар тамақ ішіп жатыр.
Забир: Қадірлі Елена Николаевна! Тап мынаны (тарелкасын
көрсетіп) менің алдымда басқа біреу ішкен рассольниктің жұғыны
емес деп айтып көрші.

Елена: (зығырданы қайнап) Мың күнгі көрген қорлығым үшін
саған бір қорлық көрсетпесем! (қолындағы үлкен табақты Забир-
ге жіберіп қалады. Забирдің мұрнынан қан сау етеді. Ол атып
тұрып Еленаға ұмтылады. Комбайншылар ұстап қалады. Бірден

әлдері келмей, асхананың ішін ту-талақай етеді)
Забир: Жіберіңдер мені, жіберіңдер мені! Мен қазір оны таптап
тастаймын! Жоқ қыламын!

Комбайншылар: Қой, қой Забир! Өзің ғой. Ол әйелде сонша не
әкеңнің құны бар еді? («Қой», «қой» деген дауыс көбейіп кетеді).
Забир: (комбайншылар жібермегесін) Тоқта, мен мына қанды
жұрттың бәріне көрсетемін!

Елена: Көрсет, көрсет! Жұрт мені де тірі өлік деп ойламасын!
Забир: А, солай ма? Сен өзіңдегі білек күшін мынау айдай әлем
танысын дейсің ғой. Ал мен айдай әлемге мүлдем басқа мақсатпен
барамын. Мен дүниенің осы бөлшегіне, мына сендер жайлаған

(бәрін нұсқап), сендер жайлаған бөлшегіне жақсылық егем деп қан
жоса болдым деп барам. (кетеді)
8 – көрініс
Ырысбайдың үйі. Зәгүл мен Ықтияр бар. Бет-аузы жаңағыдан

да әрмен қызыл-ала қан боп Забир кіреді де бөлменің ортасына
шалқасынан жата кетеді. Үйдегілер шошысып, бара-бара естерін
жинайды.
Зәгүл: (сыбырлап) Құдай көрсетсе көресіңді бір көрген екенсің.

Ықтияр: Тәйт ары! Үндеме! Мынау сұмдық қой тегі! Кім ұрып
жүр мұны?
Зәгүл: Әбден зығырданы қайнап шарасынан асқан біреу ғой.
Тек кім де болса мен сияқты шыжбаңдаған сорлы емес, білегінің

күші бар, айналайын азамат екен. (дәлізге шығып, қайта кіреді)
Жақсы болды, Ырысбай келе жатыр. Бұл пәлені ұрып жыққан мен
болып көрінейін. Оның да басына бір түйсік жетсін.
Ықтияр: Қой, ойбай! Ырысбай сосын өзіңді...

Зәгүл: Мені ұрарман боп келе жатса ара түсіп өзің айтасың ғой
мән-жайды. Оған дейін сәл де болса шошып қалсыншы.
Ықтияр: Одан не шығады, ойбай!
Зәгүл: Саспа, шошыған адам құдайын ойлағыш келеді.

Жақсылап жүрегі бір шоршып түссе күйеу балаңыз біздің де үйдегі
жағдайдың қалай насырға шауып бара жатқанын түсінуге тиіс.
Сөйтіп, қалған күнде болса да бізді бұл пәледен құтқарар. Осы ау-
ылда біздікінен басқа да үйлер бар ғой.

Ықтияр: Бұл амалың іске асса жаман емес-ау. Бет алысыңнан
шошып тұрмын. Өзің ұрынбашы!
Зәгүл: Азар болса жақсылап бір таяғын жермін. Ол менің тілімді
одан сайын шығарар! Не де болса бұл күнімнен жаман бола қоймас.

Ықтияр: Байқашы, қарағым, ара түсер менде қайбір қауқар бар
дейсің, байқашы, қарағым!
Ырысбай кіре бергенде Зәгүл Забирді ұрып жатқан боп қимыл
жасайды.

Ырысбай: (шынында шошынып) Әй, әй! Мынау не? (Зәгүлді
кері ысырып, Забирдің қан-қан бетін көріп әйеліне қарап) А-а!
Әкем-ау, мынау сен бе? (одан әрі шошып жынданған кісіше) А! – А!
Ай, саған мұндай қайрат қашаннан бері бітіп жүр?

Зәгүл: Соқырдың қолына түспе деген. Көзім қарауытып осы
халге де жетіппін.
Ырысбай: А! А! А! Рас айтасың ба? Мынаның бет-аузын қызыл
ала қан қылып, ұрып жыққан шынында сен бе, ей? А!

Зәгүл: Мен емегенде көктен дию келіп төбесінен ұрып кетті ғой
деп пе ең?
Ырысбай: Тағы бір сұмдық мынадай аласапыран шақта менің
алдыма кесе-көлденең тартылды десеңші! Әй, енді мұның жауа-

бын кім береді?
Ықтияр: Әй, Ырысбай! Маған да бір сенші. Пайғамбардың жа-
сына келген жасым бар, көпті көрген басым бар! Мен білсем тап
осының жауабын сенен ешкім сұрамас!

Ырысбай: (басын ұстап теріс айналып) Ау, мыналар не дейді?
Жынданып барам-ау осы мен. Ау, сендер не дейсіңдер? Адам түгіл
тышқақ лақ үшін қазір соттап жібермей ме?
Зәгүл: (ерсініп). Қорықпа! Бір жылқыны бидай жегізіп өлтіріп,

Сыбан шал да тірі жүр ғой.
Ырысбай: Ау, ол адал-ақы пұлымен ол жылқының құнын төледі
емес пе?
Зәгүл: Сен де төлерсің, немене?! Сыбан құрлы жоқсың ба?

Ырысбай: Мұның құны қанша?
Зәгүл: Жаңа өзің атаған бір тышқақ лақ. Құдайға шүкір, қорада
малың бар ғой. Мұрнынан сорасы аққан біреуін шығар да апарып
бер.

Ырысбай: Әй, сендер жындандыңдар ма, жоқ, мен жындандым
ба? Ай! (айғайлап) Түсінсем бұйырмасын. Енді тышқақ лағы несі,
оны қайдан шығардың?
Зәгүл: Мына сойталдай неменің құны қанша деп сұрап тұр

емессің бе? Соған берген жауабым ғой.
Ырысбай: Менің басым айналып кетті.
Ықтияр: Кішкене тыныштал ендеше, қарағым.
Ырысбай: (отыра беріп қайта атып тұрады) Ай! Мынаны

ұрып жыққан шынында да сен бе, ей?
Зәгүл: (қатаң сөйлеп) Мен!
Ырысбай: Шық, кәне ендеше менімен (шынында қарулы
адамға қарсы әзірленгендей жерден бір үлкен ағашты көтеріп

алады. Ықтияр шошып ара түседі)

Ықтияр: Ойбай Ырысбайжан, бұл емес, бұл емес! Нақұрыстанып
сөйлеп тұрғаны ғой. Мұндай дию періні ол сүйегі саудыраған Зәгүл
қалай ұрып жықпақ? Ақылға салмайсың ба бұлай!
Ырысбай: Сонда мұны ұрған кім?

Ықтияр: Бір құдайдың өзі біледі. Бет-аузы қан болып, осы сенің
алдыңда ғана келді. Шамасы далада біреумен төбелескен болуы
керек.
Ырысбай: Жаратушы ием-ай, өзі тірі ме? Келген бетінде

сұрамадыңдар ма еңғұрмаса?
Ықтияр: Сұрауға мұршамыз келмеді ойбай! Есіктен тәлтіректеп
кірді де осылай шалқасынан құлай кетті.
Ырысбай: Ал жаңа бұған Зәгүл неге қол сілтеп жатты?

Ықтияр: (Зәгүл жаққа зілденіп) И-и-и! Айттым ғой жаңа.
(Ырысбайға) Өзінде ашудың қанша жиналғанын саған көрсетпек
болып жасаған айласы ғой. Сенің келе жатқаныңды көріп шыр ай-
налып жүрген басына келген бір ойы.

Ырысбай: Дегенмен Зәгүл ондай айла ойласа, онысы деген
жерден шықты. Мен шынында шошып кеттім.
Ықтияр: Зәгүлді де кінәлап, шырылдата берудің жөні жоқ.
Ырысбай: (қайта шошып) Айтпақшы, сонда мұны кім соғып

жүр? Мынау үлкен сұмдық қой, әкем-ау! Андреймен соңғы кезде
көп қырқысып кетіп еді. Әлде сол ма екен? Бірақ оның бұған әлі
жететіндей емес еді ғой.
Забир: (жерден басын жұлып алып) Иә, маған Андрейдің әлі

жететін емес еді. Бірақ сол Андрейдің, сол Андрей сияқтылардың
басындағы кертартпалықтың, ең қарапайым мәдениет атаулыдан
жұрдай мешеуліктің әлі жетті маған! Буынымды солар күйретіп,
сағымды солар сындырды! Олардың басындағы қара түнекке

жарық жеткізсем деген басым, міне, ақыры қандай күйге ұшырап,
қор болып жатырмын. Менің ендігі құным тышқақ лақ қана болып-
ты ғой! Иә, ұқтым, ұқтым енді! (орнынан атып тұрып) Жоқ, мен
бұған көне алмаймын! «Аюға намаз үйреткен таяқ» дейді. Мен енді

қимылға көшемін! Қайдасың, менің еркектік қайратым!
Ырысбай: Әй, Забир, жүрші ана кеңсеге! Екеуміз оңаша
сөйлесейік.
Забир (қатты айғайлап). Тоқтат, дүние, дабырды!

Не керек күңкіл, ескі оймен.
Тыңдайық жаңа дабылды,
Жолдас Маяковскийден! (кетеді)

9 – көрініс Қырман. Батырбек пен Сыбан жолығады. Батырбек: Халіңіз қалай, шүкіршілік пе? Сыбан: Әй, Бақа-ай, сенен несіне жасырайын, кешегі жылқының бидай жеп өлгені рас. Ана мал дәрігері, оның да тамағы бар неме ғой, ол шеттен бір құлын сатып алмақшы боп, мен онысын соғымға жарарлық бір нән жылқыға айырбастап бермек боп, аузын алдым де кешегі жылқы өз ауруынан өлген деп әкті жаздырып алдым. Жұрттың бәрі дұшпан ғой, ешкімге айта көрме, көрші деп, ағайын деп, өзіңе ғана ашып отырмын. Әйтпесе не, дәрігер сойып көріп еді, ішінен бір шелектей бидай ақтарылды. Менің мойныма жазбай кімнің мойнына жазатын еді? Батырбек: Е, мен кімге айтады дейсіз. Менің тісімнен сіз туралы жаман сөз әсте шықпайды, ақсақал (бірін бірі көзбен аңдып тұрғаны байқалады). Сыбан: Қазірде әркімнің ойлағаны қарақан басының қамы, өз құлқыны ғой. Батырбек: Әрине, әрине, заман солай боп барады. Сыбан: Тек ешкімге тіс жарып сездіре көрме. Құдайы көрші болғасын ғана сенің алдыңда іштегі сыр тесіп шықпай тұра алмайды екен. Батырбек: Жо-жо-жо! О жағынан қам жемеңіз дедім ғой. (Сыбан кетеді) Әйтсе де залым шалсың ғой. Осынша жыл жылқы бағып, бір ақсақ тай мойныңа жаздырмағаның да содан ғой. (Ырысбай шығады). Ырысбайжан, жағдайың қалай? Ырысбай: Қалай болсын, көріп жүрсің ғой. Батырбек: Иә, астық дейсің ғой. Астық орылады. Бірақ сен одан да бөтен тұрған бір абыройыңды ойла. Ырысбай: Осы адамның басы қатып жүргенде жұмбақтамай сөйлеңдерші? Батырбек: Жұмбақтап тұрғам жоқ. Сен арғы тереңінен түсінсін деймін. Ырысбай: Түсінейік, сөйле! Батырбек: Ана Сыбан жылқышы барып тұрған залым шал. Әлі де бір ақсақ тай мойнына жаздырған жоқ. Жаңа маған келіп бөсіп кетті. Ана мал дәрігерінің бір жаман құлынын совхоздың соғымға жарарлық нән жылқысына айырбастап берем деп аузын алдым дейді. Ол жылқының бидай жеп іші кеуіп өлгенін бүкіл ел көрді. Ертең неғыл дейді? Ойладың ба осыны? Жарайды, мал дәрігерінің аузы бар екен делік, бірақ ол қылмысты сенің көз алдыңда істеп

тұр ғой. Басы-қасында өзің болдың ғой. Түптің түбінде бұл саған
тимегенде кімге тимек? Мал дәрігерінің аузы майланды. Ал сен
ішпей-жемей басқа біреудің құйрығына байланып бара жатырсың.
Ана зұлым шал сені арбап, алдап-сулап іші-бауырыңа әбден кіріп

алған. Оның арбағаны сондай, сен ертеңіңді ойламайсың.
Ырысбай: (сәл аңырайып) Сенің Сыбаннан бұрын алжитының
рас.
Батырбек: Алжығаны несі? Неғыл дейсің?

Ырысбай: Сыбан саған қашан күбірлеп жүр, мал дәрігерінің ау-
зын алдым деп.
Батырбек: Осы жаңа ғана, тап осы жерде!
Ырысбай: Ендеше ол әне! Сенен ұзаған жоқ. Сенің маған не

айтқаныңды ол сол жерде-ақ ұғып, мәз-майрам боп тұр. Ешкім
ешкімнің аузын алған жоқ. Сыбан ол жылқының құнын қып-қызыл
ақшамен, өз жалақысының есебінен төлейді. Өзіңді ақымақ еткісі
келген адамның сөзіне сенгенді қашан қоясың? Қурайды жел сыб-

дырлатса одан өсек аңдисың. Сақал-шашына ақ кіргенше кеудеңе
түйсік кірмеді ғой сенің! Не деген көңіл сарайы бітеу томырық
жансың? Менің басымдағы мехнатымды азсынып, жер-жердегі
қоқысты, өсек-аяңды жиып әкеп одан сайын шатастырмақсың

ба? Мынадай ұрыс-керіс, әрі қып-қызыл науқан үстінде еңғұрмаса
сенің маған бүйрегің бұрып, басымды шатпасаң қайтеді? Ана
ағарған сақал-шашыңмен соған ақылың жетпеді ме? (Сыбан
шығады).

Сыбан: Ырысбай, Бақаңның сақал-шашында нең бар? Жас
әйел алған адамда қыры сынбаған жасамыс көңіл болады деп саған
қанша айтам осы? Басқаны көзге түрткі қылсаң да тап осы сақал
мен шашқа тиіспеші. (Ырысбай ашуланған күйі кетеді). Әй, Бақа!

Балаң екеуің бірдеме десіп қалдыңдар ма? (шалық шалғандай
тұрған Батырбек те кетеді) Мына шалға обал болды-ау. Өзі түгіл
сақал-шашына да сөз жетті. Әй, бұған бірақ сауап. Өзін жақсылап
тұрып, опқа отырғыздым. (мәз болып күледі)

10 – көрініс
Егін
даласы.
Шаң-шұң

еткен
дауыс
шығады.
Забир,

І-комбайыншы, Сағилаш шыға келеді. Ана екеуі Сағилашты күшпен
машинаға тиеп алып қашпақшы болып әрекет жасайды. Сағилаш
бұлқынып көнбейді. Айқас болып жатыр.
Забир: (комбайншыға). Ей, жаның бар ма, қимылдасаңшы!

І-Комбайншы: Мен қимылдамай жатырмын ба?

Забир: Қыздың тырбаңдаған қол-аяғына шамаң келмейді ғой, тегі. Саған мен ақшаны не үшін төлегем? І-Комбайншы: (алқынып) Қазір, қазір, міне, міне! Сағилаш: Мен сендерге қыз алып қашқанды көрсетермін. Мә, сендерге! (тепкілеп екеуін екі жаққа ұшырады, олар қайта жармасады). Сендер оңай олжаны тапқан екенсіңдер. Забир, сен мені тоқал қылмақсың ба, бәйбіше қылмақсың ба? Забир: (айқас үстінде) Сендей мейманасы асқан қыздарға неғылса да жарап жатыр! (комбайншыға) Не деген дәрменсіз жансың? Сені жалдағаныма енді өкініп тұрғанымды қарашы. Кәне, кәне, тез! Қаттырақ, қаттырақ! Былай, былай! Арқаның қайда? Байлайық та салайық машинаға (шопыр жігіт жүгіріп келіп көмектесе бастайды. (Шопырға) Әй көмектессеңші! (үшеуі еңсеріп арқанмен байламақ болады). Шопр: Бұл қызды облыс орталығына дейін апарармыз. Сосын ары қарай ел-жұрттың көзінше бұлай бұлқына берсе не істейсіз? Забир: Өй, сен өзің сарыауыз балапан екенсің ғой. Бұл қызды қойдан жуас етіп алу оп-оңай. Тек ауылдан былай ұзайықшы. Сосын қаздаңдап артымнан өзі жүрмесе арғы қолыңды бері әкел. Сағилаш: (жан даусы шығып). Көмектесіңдер! Көмектесіңдер! Забир: Қане, қане, бол, бол! Сағилаш: Көмектесіңдер! Көмектесіңдер! Мына жауыздардан құтқарыңдар! Забир: Аттандай берсін! Бұл далада біреудің жан даусын еститін құлақ түгіл құдай да жоқ. Оны мен жақсы білдім. Бірақ сонда да тезірек алысқа әкету керек! Сағилаш: Көмектесіңдер! Көмектесіңдер! (Сағилаштың қолы тиіп кетіп Забирдің мұрнынан қан сау етеді). Забир: Міне, мұрнымнан осы жақта жүріп екінші рет қан ақты. Бұл мұрыннан емес, көкірегімнен аққан қан! (айғайлап) Қимылдасаңдаршы, тірі өліктер! Сыбан атып шығады. Сыбан: Ай! Ай! Мынау не сұмдық! Сағилашым ба... мыналардың жентектеп жатқаны? Сағилаш: Ата! Ата! Ауылдан біреулерді шақыр! Забир: (ұмтыла берген Сыбанға қарсы келіп) Әй, шал! Тірі боламын десең құйрығыңды артыңа қыс та қайқай! Тағы біз Сағилашты машинаға салып ұзағанша ешкімге аузыңды ашпа! Сыбан: Ау, баяғының ел шабатын барымташы қаскөйлері мында жүр ғой! (Забирді ысырып жіберіп Сағилашқа көмекке ұмтылғысы келеді).

Забир: (жібермей) Тоқта былай!
Сыбан: Әй, қанішер! Менің өлігімнің үстімен ғана әкете
аласың Сағилашты! Мына шалың қайратты шал! Мен тірі тұрып,
Сағилашты әкете алмайсыңдар!

Забир: Ендеше сен жасарыңды жасадың, асарыңды асадың.
Қалған тірліктің саған керегі де жоқ шығар. Өлтіре салайық сені.
(Забир шалды ұрып құлатпақ болады. Шамасы келмей қалады.
Комбайншы Сағилашты тастай бере шалды артынан құшақтай

алып, сонда ғана Забир шалды ұрып құлатады. Бұл кезде Сағилаш
та шопырдан жұлқынып шығып, Забирді желкеден ұрады. Айқас
қайта басталады).
Сағилаш: (айғайлап) Ата! Ата! Бармысың! Айттым ғой ауылға

шап деп! Неге ара түстің?
Бірнеше комбайншылар жүгіріп шығады. Батырбек те шығады.
«Әй, әй, мынау не?» десіп комбайншылар Сағилашты босатып
алады. Сағилаш дереу сұлап жатқан Сыбанға ұмтылады.

Сағилаш: Ата, ата, бармысың? Маған ара түсемін деп!
Батырбек: (Сыбанды жаңа байқап, ол өліп қалған екен деп
ойлап) Бауыр-е-ем! Бауыр-е-ем! Аға-екем! (Әрі өлгені рас па деп
шұқшиып қарап та қояды) Бауырым! (жоқтау айтып жылай ба-

стайды).
Ырысбай шығады.
Ырысбай: Не болды? Мынау не топалаң?
Батырбек: Бауырым-е-ем! Аға-екем! Асқар белім!

Сыбан: (басын көтеріп) А, Батырбек!
Батырбек: Ау, ақсақал, бармысыз?
Сағилаш: Ата! Бармысың! Тірімісің?
Сыбан: А, Батырбек, сен мен өлгенде жылама!

Батырбек: Жыламасы несі, әкем-ау! Өзіңіз бармысыз түге?
Қатты шошып қалдық қой!
Сыбан: Кетіп бара жатып, сенің даусыңды естіп, кері бұрылдым.
Айта алмай қалған бір өсиетім бар екен, о дүние де судың түбіндей

тұңғиық көрінеді. Сол өсиетім қалқытып бері қайта шығарды.
Өкінсең де сол!
Батырбек: Апырай, осындай жағдайда да сіздің аузыңыздан
мұншалықты зәрлі сөз шығады деп ойламас ем.

Сыбан: (Сағилаштың басынан сипап) Өсиетім сол! Сен мен
өлгенде жылама, даусың жаман екен!
Ырысбай: Әй, ақсақалдар, мен түк түсінсем бұйырмасын. Мы-
нау ен даладағы бұл нағылған баланың ойыны, бақсының жыны?

Бұл не сұмдық?

Комбайншы: Сұмдық мына жақта! Ана Забир ана екі итаршы-
ны жалдап Сағилашты күштеп алып қашып барады екен. Ана шал
алғаш көмекке келіп, осылардың жұдырығынан сұлап қапты.
Сағилаш: Жауыздар! Қарашы қандай зұлым ниетті бұлар?

Осы атам болмаса, әлде қайтер еді бұлар? Еркектік қайратың
қайда деп қитығына бір тиіп едім, осындай жауыздықтан бір-ақ
шықты. (Забирге!) Іш мыстаның ішіңде екені мына халайықтың
алдында бір-ақ ашылды ма? Терісі сыдырылған аңдай қызаруын

қарашы. Ырысбай аға, сіз табынған пайғамбардың төркіні табы-
лып, күлметі ашылды деген осы. (Сыбанға) Қайран, ататайым,
нағыз батыр екенсің.
Комбайншы: Иә, өзіміз осы кісінің далақтап қатты шапқанынан

сезіктендік.
Ырысбай: (Забирге), О, тоба! Сенің енді істемегенің осы ма
еді?
11 – көрініс

Ырысбайдың кабинеті. Ырысбай ерсілі-қарсылы жүріп, Забирге
ұрсуда.
Ырысбай: Сен ондай қитұрқы сөздеріңе бізді енді сендіре
алмайсың!

Забир: (әбден жүні жығылған басыңқы үнмен) Сөзіме сендіре
алмағасын жіберіп алған бір әлсіздігім ғой.
Ырысбай: Жоқ, бұл сөзіңе сендіре алмағандағы әлсіздігің
емес! Не сөзіңе сендіре алмап едің? Қандай жақсылық айтып едің?

Аузыңды ашсаң көмекейің көрінетінін о баста байқағанбыз! Әне
бесіктен белі шықпаған қызға дейін өзімді таба қылды. Қып-қызыл
қылмысыңның үстінен түсірді.
Забир: Өтінемін сізден, тек осыны қылмыс демеңізші. Мен

Сағилашты бір жаман оймен әкетпек болғам жоқ қой. Қалаға апа-
рып мәдениетті қауымға араластырмақ едім ғой бар жазығым.
Ырысбай: Сен ондай қитұрқы сөзіңді қойшы деймін! Теріме
сыймай шатынап кетем осындай сөзіңді естісем. Әбден титығыма

жетіп болдың! (бөгеліп) Жақсы, мен қатты кетпейін. Қыз алып қашу
халқымыздың бұрынғы салтында бар нәрсе ғой.
Забир: (жанданып) Әрине, ұлттық дәстүрдің біздің қоғамымызға
сай келетін түрлерін қайталап, жетілдіре беру керек.

Ырысбай: Сенің осы қулығың жай қулық емес, басыңдағы
ауруың екен. Сәл тыныштала тұршы, ағайын. Қоғамымызға сай
келетін қай дәстүрді айтып тұрсың? (айғайлап) Қыз алып қашуды

ма? Әкеңді танытып қазір соттатып жіберсем, көрер ең қалай сай келетінін! (тынышталып) Бірақ біздің ауыл жағдайында көбінде көңілшектік, ағайыншылық жолымен шешіледі. Забир: Білем оны. Ырысбай: Қайдан білесің? Забир: Мысалы ана жылқышы шал бір жылқыны өлтірді. Сіздер оны өз ауруынан өлген деп жалған акт жаздыңыздар ғой. Ырысбай: Оны қайдан естідің? Забир: Ана өзіңіздің әкеңіз, объездчик шал айтты. Ырысбай: О, құдай-ай! Тағы да менің әкем бе? Бұл да менің жолыма кесе көлденең тұрып алды. Ал сен сол жалған актінің жыртылып, жылқының құны шалдың мойнына жазылғанын білесің бе? Забир: Білемін. Бірақ қалай да о баста сіздер шалдың өтінішін орындап, жалған акт жазғандарыңыз факт қой. Ырысбай: (айғайлап) Ал сенің қызды зорлап әкетпек болғаның ол да факт! Сен менімен көп салғыласпай жайыңа отыр! Өз жағдайыңды түзік мимен бір ойлап ал! Ұқтың ба? Тағы сен біздің көңілшектігімізді, ағайыншылығымызды қайдағы бір көкейге қонбайтын пиғылдарыңмен шатастырма! Егер біз саған ондай көңілшектікпен қарайтын болсақ, сен үшін ең тиімдісі осы! Забир: Мен оның бәрін ұғып тұрмын. Айтқандарыңыздың бәріне құлмын ғой. Бірақ сіз кең пейілді адам ретінде мені жалған өсектен бір рет қорғап қалсаңызшы. Менің Сағилашқа ешқандай жаман пиғылым болған жоқ. Ырысбай: Өтінемін сенен! Расты рас дейікші. Бес жастағы балаға ұқсап жасырынбақ ойнауға желіктірмеші. Тал түсте жасаған қылмысыңды сен енді мың жерден айла-әрекет етсең де бүркемелей алмайсың! Сәл үндемеші, ағайын. Мені көмекейімдегі ойымнан жаңылдырып отырсың. Жаңағы көңілшектік, кешірімпаздыққа келейік. Мен оны неменесін көлденең тартып отыр дейсің? Забир: Иә, иә. Ырысбай: Сен оқыған білімді адамсың. Мен саған тіпті турасын жеткізейін деп тұрмын. Егер сені біз қазір соттатып жіберсек арты не болар еді? Ауылымыздың ортасындағы жалғыз қызғалдақ Сағилаштың атына да кір келер еді. Осы Сағилашқа қызығамын деп апталдай азамат сотталып кетті деген сөздің өзі бара-бара қыз жанындағы жараға да айналуы мүмкін емес пе? Забир: Иә, қыз абыройын сақтау гуманизмнің төресі ғой. Ырысбай: Сенің жаныңды сақтайтын бір ілік осында ғана жатыр. Андрей кіріп келеді.

Андрей: (Забирға). А, түстің бе торға?!
Ырысбай: Тоқтат! Ешкім әлі торға түскен жоқ.
Забир: Әлі ешкім торға түскен жоқ. Бірақ мына сен түсесің.
Басыңдағы мешеулік сені одан басқаға бастамайды.

Андрей: Ей! Ал оған сені бастап барған қандай қасиетің?
Оқымыстылығың ба? Ондай оқымыстылығыңның...
Ырысбай: Тоқтат деймін саған!
Андрей: Қарашы, торға түсесің деуін! Даусы әлі де өктем.

Қызды сен алып қашасың да, торға мен түседі екем ғой!
Ырысбай: Әй, сен не шаруамен келдің?
Андрей: (өзіне өзі келе алмай) Ана мехтоққа қосымша бөлшек
жөнінде кеше сөйлескен сөздің не болғанын білмекші едім.

Ырысбай: Ол таңертең белгілі болады. Сен бара тұр! (Андрей
кетеді). Міне жұрттың бәрінің сен десе зығырданы қайнайды. (За-
бир бірдеме демекші еді) Тұра тұршы енді! Жаңағы сенің жаныңды
сақтайтын ілікті айттым ғой.

Забир: Айттыңыз.
Ырысбай: Сол іліктен айырылмайық. Бірақ сен ондай көңіл
жықпастықты басқа бір пәле мақсатыңмен өзіңше пайдаланып кетіп
жүрме. Сөйтіп мені масқара қылма. Мен бәрін өз жауапкершілігіме

алып, осы істі жылы жауып қояйын. Басқаларды да осыған
көндірейін. Ұқтың ба?
Забир: Ұқтым (қуанып).
Ырысбай: Ер адамның сөзі ме?

Забир: Ер адамның сөзі!
Ырысбай: Қолды әкел!
Забир: Міне! (екеуі қол алысады).
12 – көрініс

Қырман. Қоштасу сахнасы. Ырысбай орақ науқанына көмекке
келгендерді шығарып салу құрметіне сөз сөйлеп тұр.
Ырысбай: Ал, қымбатты жолдастар! Мен сөзімді осымен
доғарамын. Сіздерді шығарып сала отырып, біз сіздерге ба-

рынша жақсы тілек тілейміз. Азды-көпті дәмдес-тұздас болған
күндерде жақсымыз болса асырып, жаманымыз болса жасырып,
біз жөнінде барынша игі ниетте болуларыңызды өтінеміз. Анау-
мынау кемшіліктеріміз болса кешірсеңіздер екен. Ал, хош-сау

болыңыздар!
Жұрт сахнада бытырап, қоштасу, қайту қамымен топ-топ болып
сөйлесіп жатады.

Сыбан: Бұлар да қайтқан құстай болды-ау. Сар далада сағым ойнаса біз де гүл-гүл жайнаймыз. Жаз шыға егін пісерде тағы келеді ғой. Егін мол болсын де. Барлық гәп сонда. Жеріміз жомарт, қызық та, дәурен де бізден алысқа ұзамайды. Мынау көліміздің құс базары секілді. Күн жақсыда көгінде қаңқылдап қаз ұшады. (журналист жігітке) Әке, айналайын мені ұмытпайсың ғой. Журналист: Ұмытпаймын! Сыбан: Көңіл сарайымды көп аштың. Журналист: Мен де сізден көп азық алдым. Сыбан: Хат жазып тұр, жаным. Журналист: Жазып тұрамын, ата! Өзіңіз де аман-сау болыңыз. Сағилаш: (Забирге жақындап) Сіздің мені алып қашу жөніндегі бір әрекетіңіз діттеген жерден шықпады. Сіздің ондай джентельмен екеніңізді кеш біліп қалғанымды қарашы. Өзіңізде де бар. Соншама оспадарсыз, ақай-тоқай жоқ қимылдайсыз ба? Бірақ өкінбеңіз. Алматыға жол түскенде басыма ақ жаулық салып, үйіңізге өзімақ бұралып кіріп барам. Бірақ бәйбішеңіз ондайға дайын болсын. Төрдегі орынды маған беріп, өзі есікте, үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүрсін. Мені тоқал екен деп бәлсінбесін. Менің аяғыма дейін жуып, тырнағыма дейін бояп отырсын. Күніне үш мезгіл тамақтанамын. Таңертеңгілікке тауық сорпасы мен жеміс жеймін, түсте аузыма салатыным тек қана жіліктің майы, ал кешке тауық сүтін қатқан қою қара шай ішемін. Соның біреуін қалт жібермей дәл уақытында даярлап отыратын болсын. Әйтпесе жағдайың қиын болады деп айтып қой. (Забир тыңдағысы келмейді, ал Сағилаш оны қуып жүріп айтады) Сағилаш бір үрлесе ұшып кетесің байғұс деп қойсаң басында миы түзу әйел болса өзі де түсінер. Тек сыртыңыздан мәз боп, ішіңізді көргенде салымыз суға кетіп жүрмесін. Түзге шықсақ батырмыз, үйге келсек қатынбыз дегеннің кері келіп жүрмесін. Сыртта желке жүнің күдірейгенмен үйде кір жуып, кәртөшке аршитын сорлының өзі болып шықпа. Забир кетеді. Сағилаш сықылықтап күле береді. Андрей, Елена Николаевна, Зәгүл, Ырысбай бір топ. Андрей: (Ырысбайға Забирді нұсқап). Түсінсем бұйырмасын, неге қорғай қалдың мұны? Соттату керек еді жақсылап тұрып. Елена: Соны айтам. Зәгүл: Әттеген-ай десеңші! Ырысбай: Сендерге Забирдің ашуланатын да жөні бар. Аздап былай кең ойласаңдар қайтеді. Біріншіден ол пәлендей қылмыс жасап үлгерген жоқ. Қылмыстың алғашқы әрекеті үстінде ғана ұсталды. Жарайды, тіпті біз оны соттатып жібергенде де не

барқадар табатын едік? Күз бойы сырттан келген комбайншы-
лар бөшкедегі балықтай болып, қолқаны темекі түтіні қабатын тар
жатақханаларда жатты. Басқа да жағдайлар жасай алғамыз жоқ.
Енді адам соттатып, шулыған болып жатсақ олар біз жақтан қандай

ақпар, сөз әкетер еді? Қу дала дегенмен де оның да намысын ойлау
керек қой. (Бәрі бір-бірлеп шыға береді. Осы төртеуі ғана қалады.
Ырысбай толғанып сөйлейді) Сендер солай дейсіңдер. Менің мына
көкірегім басқаша ұлып тұр. Ал олар кетті, біз тағы қыстың бора-

нында жалғыз қалдық. Үй арасы өсек-жыбар өлмегенмен бұлар
бардағыдай бұлқан-талқан ашу, батыл қимылдар қайтып көктем
мен күз түскенше бізде болмайтын сияқты. Сол бір жайдан өкінішті
ме деп те ойлаймын.

Андрей: Ырысбай-ау, сенің де шаршайтын уақытың жетпеп
пе еді?
Елена: Соны айтам...
Ырысбай: Шаршағанды қойшы, бүгін шаршасаң, ертең тыны-

ғасың.
Зәгүл: Күйзелген түрін-ай мұның!
Ырысбай: Басымнан бір думан, қызықты дәурен өтіп кеткендей
болып тұрмын. Маған салса алдағы қыс пен жазды қас қағымда

аударып, осы орақ науқанын, осы адамдарды осы қалпында қайта
келтірер едім. Мүмкін олардың жағдайын бұл жолғыдан әлдеқайда
жақсы етер ме едім.
Елена: Өз басым тап қазір бұл науқанды қайта көтерер шамам

жоқ.
Зәгүл: О, құдай-ай, десеңші! Осы құдай қосқан қосақты да түсіне
алмай қор болдық!
Ырысбай: Сыбан шал ырғағандай пейіліміз тар ғой. Әйтпесе

осы далада сыйласып өтерге кеңістік жоқ емес.
Андрей: Біз олармен сыйласпайық дедік пе? Өздері емес пе
баса-көктеген?!
Ырысбай: Онда да бар. Сенде де бар. Сүттен ақ, судан та-

замыз деп ешқайсымыз мақтана алмаймыз. Баса-көктесе шегіне
салуға саған да жер жететін еді ғой. Жаңа туған баладай күнәсіз
емеспіз. Тіпті анау өзім пайғамбардай көретін Сыбанның жылқы
өлтіруі, оның еңбегін ескеріп, мал дәрігері екеуіміздің бір рет

көзжұмбайлық жасамақ болған әрекетіміз қаншама даурықпа,
қаншама теріс пиғыл туғызды? Одан мысалы мен қалай ақтала
алмақпын?
Сағилаш сахнаны жайлап басып кесіп өтеді.

Ырысбай: (Сағилашқа қарап). Қызыл гүлді көріп елжірегенім
емес. Осы пәк тазалық Сағилашта ғана қалған сияқты.

Зәгүл: Сенің не, тұнығыңды осы қыз шайқап кетті ме?
Ырысбай: Тұнығымды ешкім шайқаған жоқ. Мынау тіршілік
хақындағы білігіме бір өзгеріс енгендей. Оны жуарақпанда игере
де алмайтын сияқтымын.

Зәгүл: Ішіңде бір запыран бар-ау! Ол ненің дерті?
Ырысбай: Ненің дерті екенін өзім де анық ажыратпай тұр
емеспін бе? Әйтеуір, бұған дейін көрпемізді тым бойға шақтап
жамылып келген екенбіз. Тұмсықты тауға-тасқа соғып ізденуді

білмеппіз.
Зәгүл: Ізденгені несі? Не пәлеге тұмсық соқпақ едің?
Ырысбай: Пайғамбар жасындағы ана екі шалдың сөзіне
құлақ асыңдаршы. Біздің бар пақырлығымыз осы екеуінің ырғасу-

жырғасуынан-ақ артылмай ашылып жатады.
Батырбектің даусы: Ой, астапыралла-ай! Бұл не деген қырыс
мінез екенін ұқпадым осы!
Сыбанның даусы: Өсиетім өсиет! Қайтып аларым жоқ! Сен

мен өлгенде жылама! Даусың жаман сенің! Сен жыласаң мен өліп
бара жатқан жерімнен шошып қайта атып тұрармын әуелде!
Батырбектің даусы: Құдайы көршің едім, ақсақал! Мына
пиғылыңызға оң баға берер дәрменім жоқ. Жаратқан ием өзі

төрелік жасасын!
Бәрі кетеді. Ырысбай жалғыз.
Ырысбай: (Махамбетше толғанып, әндетіп).
Тірлікте сыйласпаған ағайын,

Өлгеннен соң жылама,
Құм құйылсын көзіңе!
Шымылдық.

СОҢЫ.

1976 жыл.

ЖҰМАҚТЫҢ ТӨТЕ ЖОЛЫ

(екі актілі пьеса)
Қатысушылар:
Жансебіл – жолы болмай жүрген жас ғалым
Сандуғаш – әйелі

Қыраубай – 55 жаста
Ақбике – Қыраубайдың зайыбы, толық ажарлы әйел
Мансұр – 49-50 жастарда
Несібелі – Мансұрдың зайыбы

Жәмилә – оқуға түсуге ауылдан келген жас қыз
Вокзал
басындағы
жолаушылар,

милиционерлер,
қара
көзілдірікті еңгезердей адам.
Оқиға 1986-87 жылдары өтеді.

І акт
Оқиға астанада өтеді. Шымылдық ашылғанда, Жансебіл мен
Сандуғаштың жұпынылау, бірақ ұқыпты жиналған пәтерінің бір
бөлмесі мен ас үйі көрінеді. Өздері қырықтар шамасында. Екеуара

бір дүрдараздық байқалады.
Бірінші көрініс
Жансебіл. Қыраубай мен Мансұрлар келеміз депті бүгін.
Сандуғаш: Немене, қатындарының мойны-басындағы гауһар-

лары мен алтындарын біз сағынып қалды деді ме екен?
Жансебіл: Енді... көңілдері шығар. Татуластырамыз дейтін
шығар бізді.
Сандуғаш: Хм... (Кекетіп.) Татуластырамыз... Өмір бойы

алданған адамды одан сайын алдаусырату ол да қаскөйліктің бір
түрі-ау.
Жансебіл: Қаскөйлік болатындай Қыраубай мен Мансұр сенің
қай егініңе түсіп еді?!

Сандуғаш: Менің оларда ұзында өшім, қысқада кегім жоқ. Мені
шыр айналдырған өз басымның жайы. Кеш қармансам да қайтейін.
Жансебіл: Астамшылсың, Сандуғаш.
Сандуғаш: Астамшылдық басқадан артылып маған жетіп пе?

Ол пәленің де құрығы ұзын болғаны ғой, ендеше.
Жансебіл: Басыңда үйің, алдыңда балаң, қасыңда байың...
Аштықтан көзің қарауытып жүрген жерің және жоқ, осыны місе
тұтпауың астамшылдық емей немене.

Сандуғаш: Қырық жыл бұрынғы қырғынның кезінде күйеуі аш-
тан өлген менің әжемнің пәлсапасын бүгін кәдеге асырғың келеді.
(Айқайлап.) Осы сен айналаңа неге қарамайсың?
Жансебіл: Қарағанда мен не істеймін? Қол қусырып жүрген

жерім жоқ еді ғой... Елім-телімім шығып жазған диссертациямды
ішкенің ас болмағыр ана мықтының баласы иемденіп кетті. Білек сы-
банып майдандасып шыға келіп едім, ол немең әкесінің көмегімен
Сарыжаздағы жындыханаға жатқызды. Одан шығып сойылымды

алып қайта сайланып едім, «ойбай, аналардың түрлері жаман,
сені өлтіріп тынады, үш балаң жетім қалады» деп өзің тоқтаттың.
Енді басқа диссертацияға тағы отырып едім, оның жағдайы мынау,
тым ұзаққа созылып барады. Өзім де бұрынғыдай емеспін, жігерім

мұқалып қалған сияқты. Қайда барып өл дейсің?!
Сандуғаш: Қайда баратыныңды ана Қыраубайдың қатыны осы-
дан үш жыл бұрын айтты емес пе?
Жансебіл: Үй, сол Қыраубайдың қатыны біржола қырау болып

қатып қалмайды екен.
Сандуғаш: Қазір ақыл-есі дұрыс адамдар ғылымнан кетіп жа-
тыр деді ол. Ғылым қуу қазір мода емес деді ол. Басқасын қайдам,
тап сол жолы Қыраубайдың қатыны саған жамандық ойлаған жоқ.

Жансебіл: Қарағым-ау, Қыраубайдың қатыны ақ майдан
жарылғалы тұр екен деп, демек сонікі дұрыс екен деп мен саудаға
қалай барамын? Дүкеннен нан алса тиын жегізбей қайтпайтын ме-
нен қандай саудагер шықпақ?! Мен деген ғылым адамы емеспін

бе?!
Сандуғаш: Иә, ғылым адамысың.
Жансебіл: Кекетпе, бас алсаң да кекетпе. Мұндайда ер жігіттің
мұқалған жігері одан сайын мұқалады. (Сәл бөгеліп.) Онжылдықты

алтын медальмен, институтты қызыл дипломмен бітірдім. Қолды
болған диссертациямды айтпай-ақ қояйын. Сонау Мәскеудегі
орталық техникалық журналдарда талай дөкейлердің мен жазып
берген мақалалары жарық көрді. Сөйткен мені алыпсатарлыққа,

алаяқтыққа қалай көзің қияды?!

Сандуғаш: Қырыққа келгенше аспиранттың айлығын алып,
тірсегің көрініп жүргені сол көз қимастығыңнан-ау, шамасы.
Жансебіл: Сандуғашжан, жарайды, ішек бауың үзілген екен, не
десең о де. Бірақ, бір жолға ақылға келші. Тамақ жасашы. Қазір

кісілер келеді. Бұл да бір үй еді ғой.
Сандуғаш: Үй болса, ол бұрынырақта... Ал қазір оның шаңырағы
ортасына түскен.
Жансебіл: Адам дар ағашының алдында да өзін жақсы, сабыр-

лы ұстауы керек. Сенікінің одан гөрі жарасы жеңілдеу ғой.
Сандуғаш: Біле білсең, Жансебілжан, менің бүкіл өмірім дар
ағашының алдындағы бейбақтың тұрысына ұқсайды. Жан даусым
шығып шырқырамауым үшін қалай сіреспедім, достың күлкісі мен

дұшпанның табасынан айналып өту үшін қаншама айла-әрекетке
барып, өзіме-өзім зорлық жасамадым. Енді міне, мойнымды арқан
кесті, өзімнен ерік кетті, қалғаны үшін кешір.
Жансебіл: Па шіркін!

Есіктің қоңырауы шылдырлайды. Жансебіл тез барып есік
ашады. Қыраубай, Мансұр және бұлардың әйелдері Ақбике
мен Несібелі кіреді. Бәрі де жақсы киінген, әсіресе Ақбикенің
үсті-басы толған әшекей – алтын, гауһар, басқа да асыл тас-

тар. Бәрі де Жансебілмен жамыраса амандасып жатады. Ақбике
бөлменің бір бұрышында ешкіммен амандаспай теріс қарап тұрған
Сандуғашқа жақындайды.
Ақбике (онсыз да зор даусымен түбі түскен шелектей

қаңғырлап сөйлейді). Сандуғашжан, ай мен күннің аманында сен-
дерге не болды?
Сандуғаш: Ай мен күнді көріп жүрген адам біз емеспіз, жеңеше.
Оның аманын, басқасын біз қайдан білейік?

Ақбике: Түу, құдай-ай. Бұлардікі оңай-оспақ нәрсе емес екенін
жүрегім сезіп еді.
Қыраубай: Сандуғашжан, бетіңді бері бұр, мына Мансұр
ағаң екеуміз жеңешелеріңді ертіп әдейі саған келіп отырмыз...

Сөйлесейік деп.
Мансұр: Иә, солай жаным.
Несібелі: Қысқа жіп күрмеуге келмейді дейді. Қысқа өмірді
кикілжіңмен өткізіп, қай ұшпаққа жетеміз?

Мансұр: Көп болып бір амалын табуға септесейік.
Қыраубай: Не жағдайда да адамға қайрат керек. Сабырлылық
керек.
Ақбике: Әй, сендер өлікке көңіл айтқандай болмаңдар, бір-екі

ауыз сөзбен ұшықтап жіберіп, бәрін қалпына келтірем дейсіңдер ме? Кәне, онан да жайғасып отырайық. Жансебіл, азын-аулақ дастарқан қамын ойла. Біз де құрқол келгеміз жоқ. Қыраубай: Иә, иә. Жансебіл, Ақбике, Несібелі ас үймен екі ортада жүгіре бастайды. Ақбикелер өздері мол ғып әкелген арақ-шарабын, суық тамақтарын шығарады. Ортада дастарқан жасалады. Қыраубай мен Мансұр төр жақта қатар жайғасқан. Ақбике: Сандуғашжан, өкпең Жансебілге ғой. Ал біз сенің алдыңда сүттен ақ, судан тазамыз ғой. Ендеше, біздің тілімізді алып, дастарқан басына отыр. Бүгінше бұл үйде сен қонақ бол. (Қыраубай мен Мансұрға.) Әй, екі еркек, сендер босқа шалжимай жұмыс істеңдер. Кәне, Қыраубай, мына Сандуғашжан сенің қасында отырсыншы. Қыраубай: Кел, кел, қарағым. Ақбике: Жансебіл, сен де отыр. Сандуғашжанды орталарыңа алыңдар. (Бұларды жайғастырады.) Несібелі, сен ас үй жаққа көп жүгіре бермеші. Мына столдың басына да иелік ететін бір адам керек сияқты. Бұған бүгінгі таңда сенен лайықты жан баласы табылмай тұр. Ас үй жаққа мен-ақ жүгірейін. Көмек керек болса Мансұрды шақырармын. Айналайын, аяғыңа жығылайын Несібелі, тек Мансұрды бүгінше менен қызғанбашы. Жас отбасының шаңырағы шайқалған екен, біздер соны қайта бекітіп бергелі келіп тұр емеспіз бе? Ол үшін ештеңеге алаңдамай жан-тәнімізбен жұмыс істелік. Несібелі: Жеңешетай, Мансұрды қай жылы, қай жерде сізден қызғанып, ішім күйіп тұз жалағанымды көріп едіңіз? Әуелде әлденеден жолдарыңыз тоқайласып, Мәскеуге бірге барып қайтқандарыңызда да қыңқ деген жоқ едік қой. Ақбике: Айналайын, Несібеліжан, сен Мансұрдың анық несібесісің ғой. Сендей жаннан айналмасқа амал нешік? (Несібелінің бетінен сүйеді.) Қыраубай: Әй, Ақбике, қисықты түзетудің орнына онан сайын қыңыраятының не? Ақбике: Ойбай құдай, не боп қалды? Қыраубай: Жаңағы жас отбасының шаңырағы шайқалған жоқ, тек шыны аяқ қана сылдырлапты. Осылай айтсаң жөн емес пе еді? Әншейінде қырық ру елді құрастырып, не шатастырып жіберетін сөзіңнен бүгін жаңылып қалдың ба? Ақбике: Қыраубай, сенің де ішіңдегі ала күшігің тап қазір ояна қалды ма? Адамның сөзінен қыл-қыбыр іздеп, бүгінше мінез

көрсетпей тұра тұрсаң таң атпай қала ма? «Балық басынан шіриді». Бізді көрген мына кейінгі жастар қалай оңады?! Қыраубай: Сен бұлардың басына ай мен күнді орнатқалы келген жоқсың. Сөзбен бітістіргелі келдің. Ендеше, сөзіңді дұрыстап айт. Сандуғаш: Аға, жеңешемді неге сөгесіз? Бұл кісі қайта жұмсартып айтты. Бұл үйде шыныаяқ сылдырлаған жоқ, шаңырақ та құр шайқалып қойған жоқ. Ол шаңырақ опырылып жерге түсті. Міне, дұрысы осы. (Бәрі дүр сілкінгендей болады.) Мансұр: Қарағым, соншама сендерді не дауыл соғып өтті? Несібелі: Түрлері өрт сөндіргендей. Адам шошытасыңдар ғой. Ақбике (жайраңдап). Айттым ғой, бұлардікі оңай-оспақ нәрсе емес деп. Бекерге жаймашуақтатқаннан пайда жоқ. Мансұр, Қыраубайжан, алдарыңдағы арақ-шарапты көрмеге әкелген жоқсыңдар ғой. (Бәрі «иә, иә, кәне, кәне» десіп арақ құйысады.) Қыраубай (рюмкесін көтеріп). Ең алдымен аспан мен жердің амандығы үшін! Несібелі: Бас амандығы үшін! Мансұр (қабағы кіржиіп). Ашық аспаннан төбемізге жай түспеуі үшін! Қыраубай: Бүйректен сирақ шығарып сөйлейді екенсің, Мансұр. Ақбике: Енді Мансұрдың сөзінен қыл-қыбыр іздедің бе? Қыраубай (Ақбикеге). Айтпаса да, бәйбіше, сені бүгін танымай қалып тұрмын. Жүзің жарқ-жұрқ, көзің алақ-жұлақ етіп, бүгін түнде жер түбіне біреумен қашқалы тұрғандайсың. Баяғыда менің бір жесір жеңгем бізден жасырын кетерінде өстіп еді. Ақбике дүр сілкінеді, бірақ бойын тез жиып алады. Мансұрмен көз түйістіреді. Ақбике: Түс көріп оянғаннан саумысың. Біреу аян беріп кетті ме? Құдай-ай, осы біздің Қыраубай жылдан-жылға бала болып барады. Шарт етіп шамдана қалуы да оп-оңай. Біреудің тілі мен түсін бағып, қай-қайдағы адамның басына келмейтін сұмдықты суыртпақтап отыратын мінезді және тауып алыпты. Әлден осындайсың, шал болғанда тілінің мерезі бар нағыз қазымырдың өзі боларсың. Несібелі: Жеңеше, аттың басын бері бұрыңыздар. Қолдарыңыздағы мына жарықтық суып қалды ғой. Қыраубай: Ойбу, иә. Мансұр: Жаңағы жақсы тілектер үшін. Кәне, Сандуғашжан, Жансебіл. (Бәрі рюмкелерін сарқып ішеді. Тек Сандуғаш қана ернін тигізіп қоя қояды.)

Ақбике: Осы арақ шіркіннің қайта көбейгелі бері дәмі кіріп бара ма, қалай? Несібелі: Жоғалып табылған нәрсенің ащысы мен тұщысын адам айыра алмайды. Мансұр: Сосын ғой, түнделетіп арақ сатқандардың халтурасына ұрынатындар бар. Жансебіл: Уланғандар бар деңіз. Ақбике: Ана жылғы ішімдікке қарсы компания кезіндегі мұның дүкендегі кезегін еске түсірсеңдер. Ашаршылық жылғы нанның кезегінен бір былай емес еді-ау. Қыраубай: «Ит қорыған жерге өш». Ақбике: Кәне, тағы құйылсын. (Арақ құйылады.) Қыраубай, кәне сен бірдеме десеңші. Қыраубай: Дұрыс. Айналайын Сандуғашжан, бұл балалықтарыңның мәні не? Мен түсіне алмай отырмын. Сандуғаш: Мәні сол, аға, мен Жансебілмен тұра алатын емеспін. Мансұр: Қой, жаным, күпірлік болмасын. Несібелі: Бірге тұрмағанда мына үш балаңмен қайда барасың? Соны бір түсіндірші. Сандуғаш: Үлкен баламның Жансебілден кеткісі жоқ, ол осында қалады. Ал екі баламмен ауылдағы әке-шешемнің үйіне кетемін. Әке-шешемнің жалғызы едім, даңғарадай үйлері бар, мен барсам құшақ жайып қарсы алады. Жансебіл: Арбалап ақша таситын бір күшік күйеуді кіргізіп аламыз деп дәмеленетін сияқты. Несібелі: Сандуғаш, мына түріңнен мен шошимын. Алды-артынды аңдамай істеген ісің ертеңіне мандайыңа тиер шоқпар болып жүрмесін. Сандуғаш: Мандайым соққыдан онсыз да аман емес. Жұрттың сөзі-ақ өлтіріп болды мені. Жоқтық барлықтың қасында қашанда таяқ жеп жүреді екен. Біреу сөзімен өлтірсе, екіншісі көзімен өлтіреді. Мен не көрдім бұл өмірде? (Жылап.) Жансебілмен отасқалы осы он екі жылда мынау төрт қабырға жүзімді жасырар қараңғы қуысқа айналды. Түзге шықсам өзімді қоярға жер таппаймын, жұрттың жүріс-тұрысы, тұрмысы көзімді қариды. Сыр ашысып сөйлесерге дәрмен тағы жоқ. Ондайда қара жердің жарығын тап та, түс те кет. Басқа жол жоқ. Жұрт аузын ашса көрген-білгенін айтады. Мен не айтам, ас үйде басым мәңгіріп, сүтті тасытып алғанымды айтам ба? Жоқ, балалардың киімі түгел емес екенін айтып жылайын ба? Бар мен жоқтың арасында ілдалап жүремін деп, бәріне шыдаймын деп таусылдым.

Қыраубай: «Байлық қолдың кірі», жусаң кетеді.
Сандуғаш: Қолдың кірі деп сол байлығын жуындысымен бірге
төгіп тастаған ешкімді көргем жоқ.
Қыраубай: Төгіп тастамайды, құсады.

Мансұр: Иә, Қырекең дұрыс айтады. Қанша адам ішкен-жегенін
құсамын деп ішек-қарнын бірге ақтарып алды. Неге көрмейсің,
Сандуғашжан?
Ақбике: Кәне, Қыраубай. Біреудің байлығында, шайлығында

не шаруаларың бар, жаңағы сөзіңнің жалғасы қайда? Осы
Сандуғашжан аға-жеңгелерін сыйлап, райынан қайтады деп тілек
айтып, неге бір алып қоймаймыз?! Енді еркектердің де аузына сөз
салатын болдық-ау. Осы еркектер әйелдер біздің құқығымызды тар-

тып алды деп зар илейді. Өздерінің қолдан түсіріп алған нәрсесін
біз көтерсек оның несі айып?! (Сыңқылдап күледі.)
Қыраубай: Сандуғашжан, осы жеңгең кей сөзімен адамның
қабырғасын қақыратып түсіреді. Мынасы да солай. Сен мына

бетіңнен қайтшы. Сол қайтуың үшін, Жансебіл, Сандуғаш!
Ақбике: Өзім бүгін өңешім өртеніп түссе де ішемін. Сандуғашым
үшін...
Мансұр: Біз де қалыспаспыз.

Несібелі: Тек қиқаңдап қалма.
Ақбике: Қайран біздің Қырекең, арақты жақсы көтереді. (Бәрі
рюмка соғыстырып ішеді. Қыраубай өзін әйелі мақтағанға ерсініп
отырады.) Қасық, шанышқы жетті ме? Ойбай, тұзды ұмытып

кетіппін ғой.
Жансебіл: Мен әкелейін.
Ақбике: Айналайын, сен қозғалма. Осы үйдің құлы мен күңі
бүгінше Мансұр екеуміз болайық. Басқаларың бәрің жабылып

Сандуғашжанның көңілін табыңдаршы. (Ас үйден тұз әкеледі.
Ас үй мен екі ортада мұның жүрісі көбейеді.) Әй, Жансебіл-ей,
Сандуғашжанның ренжитін де жөні бар-ау деймін. Ет турап қуырдақ
қуырып жіберейін десем, пышақтың жүзі бір батпайды. Мансұр, ас

үйге барып пышақ қайрап жіберші.
Жансебіл: Жеңеше, мен өзім...
Ақбике: Жо-жо-жоқ. Біз бүгін сендерге қонақ емеспіз деп қанша
рет айтам.

Мансұр: (түрегеліп). Мен қайрап беремін ғой.
Қыраубай: Ақбике, сен-ақ бүгін бүйректен сирақ шығара бердің
ғой. Өзіміз аттың жалы, түйенің қомында жастардың мынадай
жағдайында тұрып, сол қуырдақты қайтеміз?!

Ақбике: Немене, емшекте балаң бар ма еді? Сандуғашжан

райынан қайтып, Жансебіл екеуі татуласса, артын тойға айнал-
дырамыз. Несібелі, сен мына столды жандандыра түссеңші. Ер-
кектерден құқық емес, айла-әрекет кеткен. Ауыздарына сөз са-
лып, алдындағысын қолына ұстатып отырмасаң, бұл шіркіндерден

ештеңе шықпайды.
Қыраубай: Апырай, сен бүгін еркектерге тиісе бердің. Жастар-
ды татуластырамыз деп келіп, өзіміз шатақтасып тынамыз-ау осы.
Несібелі: Қыреке, Ақбике жеңгеміз еркектерге тиісіп отырған

жоқ, болған жайды болған күйінде ғана тіл ұшына қыстырғаны ғой.
(Бәріне арақ құйып, алдарына тамақты жақындатып.) Кәне, мен
бір ауыз сөз айтайын ба?
Бұлардың сөзі енді естілмейді. Сөйлеп, ішіп-жеп отырғандары

байқалады. Әсіресе Қыраубай арақты молырақ сілтейді. Бұл
бөлме арырақ сырғып, сахнаның ас үй жақ бөлігі берірек жылжи-
ды. Мансұр мен Ақбике ас үйде.
Мансұр (сасқалақтап). Тап осы бүгін қоя тұрсақ қайтеді?

Ақбике: Шегінерге жер жоқ.
Мансұр: Артымызда Мәскеу.
Ақбике: Артыңда Мәскеу емес, торкөзді темір терезесі бар аузы
апандай түрме.

Мансұр: Ал алдымда жаудың автоматының ұңғысы десеңші.
Ақбике: Алдыңда ер жігіт үшін жұмақ дайын тұр.
Мансұр: Жұмақ деген о дүниеде болатын нәрсе деуші еді. Мы-
нау аузыңа әлдеқалай құдай салған сөз емес пе? Мен күмәндімін,

Ақбике.
Ақбике: Аузынан сөзі түскен сорлы, енді солқылдама. Суға кет-
кен адам қолы тигенді құрдымға қоса әкетеді. Оның темір шеңгелін
балтамен шауып айыра алмайсың.

Мансұр: Темір шеңгеліме ілінген тұтқынымсың десеңші.
Ақбике: Қалай айтсаң олай айт. Енді менен құтылу жоқ бұл за-
манда. Қызмет үшін кісі өлтіріп, енді оның бір өтеуіне де жарағың
келмейді, ә. Қалай терің жұқа, жылтыр жаратылған адамсың. Сы-

напша сырғып кеткің келеді. Мен біткен адаммын, мен үшін жалғыз
жол осы. Мен ешнәрседен тайынбаймын. Сен мұның артын дұрыс
түсініп тұрған шығарсың деймін.
Мансұр: Сонда бүгінгі жоспар нақтылы қалай болмақшы, тағы

бір айтшы?
Ақбике: Жоспар осы. Осы отырыстың үстінде қашамыз.
Қыраубай аздап қызсын.
Мансұр: Алды-артымызға қарамай ма?

Ақбике: Алды-артыңа қалай қарайсың, сорлы-ау? Өзің жұмыстан шығатының жөнінде бастығыңа арыз бердің бе? Мансұр: Бердім. Бірақ бастық та, басшылар да мұның қалай деп шулады. Ақбике: Ештеме етпес. Тым құрыса ертеңгі үлкен шудың увертюрасына жарар. Мансұр: Мысқылың у жаққан темір істіктен жаман. Ақбике: Осынша күн сапырылысқан ауыр ойдан, айла-әрекет іздеуден менің тілім қалай уға малынбасын. Сөз таңдайтын менде жай жоқ. Сөзді ауыр алатын сенде де жай жоқ. Мансұр: Ау, Ақбике-ау, сенімен қол ұстасып қиян шетке мен кеттім. Өзің не ойладың, артыңда қалар үй-жайың, бала-шағаң, байың не болмақ? Олардың ретін қалай таптың? Ақбике: Осынша күн ойлағаным соның реті емес пе? Екі балам ер жетті. Бірі үйленді, екіншісінің қалыңдығы дайын. Ол қалыңдықтың да, әке-шешесінің де көңілін тауып кеттім. Мен кетсем де менің орнымды толтырар іс қылар деп ойлаймын. Дұрыс, түсінісерлік адамдар болып жолықты. Ал Қыраубай... Қыраубайды қолдан шығарып алдым. Етегім жасқа толып, осыны талай ойладым. Бірақ жоғалғанмен бірге жоғалу шарт емес қой. Міне, мен бәрін есептеп шығардым. Енді бір аптадан әрі кетпейді, Қыраубай қамауға алынады. Үй-мүлік кәмпескеленеді. Осыны анық біліп берген адамның да жұмырына жұқ боларлық бір кесекті сұғып жібердім. Кенеуі кеткен дүниенің несін аяйын. Міне, қолдан көтерген Қыраубайым биіктен құлады. Құс болып қағып әкетер дәрмен менде жоқ. Мансұр: Қыраубайды қолдан көтергеніңді мен білемін. Ақбике: Иә, білесің. Оны кім білмейді? Мансұр: Әсіресе, Қыраубайды сотталғалы тұрған жерінен аман алып қалғандарың есімде. Ақбике: Ол бір рет қана болса екен ғой. Қыраубайды үш рет соттан аман алып қалдық. Бірақ сол үш ретінде де оның қамалғаны былай тұрсын, қайта қызметі өсе түсті. Талай боздақ бармақ шайнады. Анау-мынау ішкілік сияқтысымен сауықтырғыш орнына түскенін есепке алып тұрғам жоқ. Мансұр: Сенің әкеңнін құдіреті-ай. Ол кісі тірі болса, қасқыр да тоқ, қой да аман, тіпті сенің ескі нақсүйерің – мен де бұлай саған тұтқын болмай, ақылға сыйымдылау басқа бір амал таба алар ма едік... Ақбике: Қайран менің әкем, он бес жыл қаланың сауда басқармасын басқарды. Он үш жыл сауда министрінің орынба-сары болды. Осы уақыттың ішінде талай мықтының өзін де, қатындарын да біздің көз алдымызда билетіп қойды. Сөйткен әкем у ішіп өлді.

Мансұр: Мен де өкініштімін. Жолымда кесе көлденең
тұрған адамға сенің әкең ішкен уды ішкіздім. Соған сені куә етіп
алғаныма өкінемін. Арты бұлай насырға шабарын көзім қарауытып
аңдамаппын. Осылай ел ортасында жүріп-ақ көп көзінен жасыры-

нып, сауық-сайран құрып жүре беремін деп ойладым, жазған ба-
сым.
Ақбике: Сен не тантып кеттің?
Мансұр: Иә, соны айтам.

Ақбике: Сен мына ас үйге пышақ қайрауға кіргенсің.
Мансұр: Иә, пышақ қайрауға... Пышағы құрғыр қайда еді...
Ақбике: Міне, менің қолымда. Бірақ сен пышақ қайрауға кірген
жоқсың.

Мансұр: Сен де қуырдақ қуыруға кірген адамға ұқсамайсың.
Ақбике: Тіл мен жағыңа сүйенбе.
Мансұр: Шынында біз баланың ойынын ойнап кеттік. Ана
бөлмедегілер не ойлайды біз туралы. Тағы айтам, біз қалай

қашамыз?!
Ақбике: Енді екі жарым сағаттан соң біз вокзал басында болуға
тиіспіз. Менің жүгіммен мүлде басқа адам пойызға отырады. Оны
сен танымайсың. Екеуміздің орнымыз екі вагонда, жүк көтерген

адамдікі үшінші вагонда.
Мансұр: Апырау, жүкті қайтесің? Інге кіріп кетсең де суырып
алып, кәмпеске кезінде тыққан дүниеңді таптырады ғой.
Ақбике: О шірік, көкала ми. Мен бұл жағын ойламады ғой деп

пе ең?! Қыраубайдан айрылдым, енді еңғұрмаса жарты жан, жар-
ты дүниемді сақтап қалуға жанталаспаймын ба?
Мансұр: Айналайын, Ақбике. Құлың боп өтейін, енді бір
нәрсені ғана ашып берші. Сол жарты нан, жарты дүниеңді қалай

сақтамақсың?
Ақбике: Осыдан бір жарым жылдай бұрын Қыраубай екеуміз
некемізді бұзғанбыз. Ананы-мынаны сылтау етіп, Қыраубайды
бұған көндірген болатынмын. Ол ол ма, Қарағандыда тұратын

сіңілімнің үйінде Қыраубайдың қызмет бабын пайдаланып мемле-
кет қаржысын қарпып жейтіні туралы, өзімнің оны қойдыра алмай
келе жатқаным туралы көз жасымды төгіп отырып жазған хатта-
рым сақтаулы. Күндердің күнінде ол да кәдеге жарайды деп ойлай-

мын. Оның үстіне өліп қалған бір тергеушінің қағаздарының ішінде
Қыраубайдың үстінен жазған арызымды қоса тіктіріп қойдым.
Менің ақтығыма бұларды айғақ демей көрші.
Мансұр: Оһ, әйелмісің деген. Ішіңдегі жылымың қанша тереңде

десек те, бір шикілігің барлығы осы арада білініп қалды. Өліп

қалған тергеушінің қағаздарын тірі тергеушілер ақтармаушы ма еді, Ақбикежан-ау. Ақбике: Айғайлама. «Шашы ұзын, ақылы қысқа» болғаныммен сол шашы қысқа, ақылы ұзын шалбар киген заң білетін немелердің өздері тігісін жатқызып берді бұл істің. Олардың бір-екеуінің басын шыр айналдырып, дегеніме көндірдім. Ал сен құйрығыңа байлаған қылжуырың бар, сөйте тұра солқылдайсың. Мансұр: Мен ойлағаннан да терең істерге барған екенсің. Ақбике: Ал бүгін сенімен қашсам, өз ақтығыма, адалдығыма айғақтың үлкені осы деп білемін. Мансұр: Сөйтіп, сот алдында Қыраубай түйені түгімен жұтқан жалмауыз да, сен адалдық, әділет жолында жан пида еткен күрескер болып шығамын десеңші. Ақбике: Ол жағына басыңды ауыртып қайтесің? Мансұр: Ал Қыраубайды алғаш рет ауыздандырып, ғұмыр бойы желкелеп отырған марқұм әкең мен сенің тірлігің сот назарынан тыс қалуы керек қой. Ақбике: Марқұм әкем мен менің сөзімді магнитофонға жазып отырған біреу бар ма екен?! Мансұр: Иә, магнитофонға жазып отырған ешкім жоқ. Мұндайда әділ заңның құрығы тым қысқа. Ақбике: Әй, сен әділ заң деп көкірегі қарс айрылатындай қайбір қарағым едің... Жөндеп қайра ана пышағыңды. Мансұр: Ал сен қуырдақты қауза... Шам сөніп, Қыраубайлар отырған бөлме бері жылжиды. Қыраубай едәуір қызып қалған. Несібелі: Сандуғаш-ай, сені мұншама қатты деп ойламап ем. Қыраубай: Жансебіл, сен жігіт адам емессің бе, жігіт адам әйелін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстау керек. Тек сен маған қарап тас атпа. Ақбикенің жөні бөлек... Рас, мен оны аздап еркінсітіп алдым. Себебі, мен бұл әйелдің алдында қарыздармын. Бірақ соның өзінде де кейде мен ашуға басқанда бар ғой... Айтпа. Жансебіл: Мен ашуланып та көрдім, ағасы. Бірақ, қыл өзегім жалаңаш тұрғасын Сандуғаш солай қарай қолын соза береді. Қыраубай: Қағып жібер қолын. Несібелі: Қыреке, ауа жайылып кеттіңіз. Біз жастарды татуластыру үшін келмеп пе едік, сіз соғыстырудың амалын айтып кеттіңіз. Қыраубай (қасындағы Сандуғашты құшақтап). А, кешір жаным, Сандуғаш, кешір. Жаман ағаң аузына арақ тисе, аузынан не сөз шыққанын кейде аңдамай қалады. Әй, Жансебіл, әйелге қол

тигізген еркек еркек емес, ол еркектің қоры. (Алдындағы тамақты асап жей бастайды.) Әттең, мына салатқа сіркесуын қосса шіркін. Сандуғаш (орнынан түрегеліп). Қазір сіркесуын әкелейін. Несібелі: Мен әкелемін ғой. Сандуғаш: Жоқ, жеңеше, сіз таба алмайсыз. Балалардың қолы жетпейтін жерге, әдейі қиын жерге тығып қойып едім. Шам сөніп, ас үй бері жылжиды. Ақбике мен Мансұрдың нық шешімге әлі келе алмағаны көрінеді. Бұлар екілене сөйлейді. Кіріп, сөздерін тыңдап тұрған Сандуғашты байқамайды. Ақбике: Былқыл-сылқылыңды таста. Сен ер адамсың. Көтер кеудеңді. Мансұр: Мен дар ағашының алдында тұрған адамға ұқсадымау. Ақбике: Дар ағашының алдында тұрғаның анық. Бірақ сенде екінің бірі дегендей таңдау бар. Ойлан, қолың қанға боялған. Мансұр: Білемін. Сен ақша деп, дүние деп көзін ашқан саудагер қызысың. Өзің айтқандай ештеңеден тайынбайсың. Ақбике: Соны біле тұра неге солқылдайсың. Айтпан, айтқанымнан қайтпан. Маған да өзге жол жоқ. Қалған дүниеден, қалған өмірден айрылғым жоқ. Бүгін кеште, осы отырыста... Мансұр: Бүгінгі кеште, осы отырыста жұрттың аузын аңқитып кетейік дейсің ғой. Ақбике: Бәтуаласып келіп, жеме-жемге келгенде тайқып шығамын десең... О-о жаным, оның арты түсіңде көрсең шошып оянар істерге ұласпақ. Атты бәйгеге қостың, жүйрігің алда келеді. Не сол бетіңмен озып мәреге бұрын жетесің, не қара шаңға көміліп аяқтың астында тапталасың. Бір бүйірден сытылып кету саған жоқ. Шам сөніп, зал бері жылжиды. Сандуғаш бері атып шығады. Несібелі: Сандуғаш, саған не болды? Өңің боп-боз болып қуарып кеттің ғой. Сандуғаш (сасқалақтап). Құдай атып, сіркесуын қайда қойғанымды ұмытып қалыппын. (Сәл бөгеліп.) Әлде балалар... Несібелі: Жоқ сұмдықты айтпашы. Кәне, мен де іздесейін. Ақбикенің қуырдағы дайын болып қалған жоқ па екен?! Осы қуырдақ та жоқ, Ақбике де жоқ, менің байым да жоқ. Сол сорлыны Ақбике қуырып жеп жатқан жоқ па екен?! Сандуғаш: Жоқ, есіме түсті. (Ас үйге Несібеліден бұрын кіріп үлгереді. Дауыстай кіреді.) Кешіріңіздер, сіркесуын қайда

қойғанымды есіме түсіре алмай тұрғанымды қарашы... Ә, есіме түсті. Мұнда екен ғой. (Шкафтардың бірінен сіркесуын алады.) Несібелі: Әй, ақ жеңешем, мына жақтан қуырдақтың иісі шығатын емес қой. Ақбике (сылқылдап күле сөйлейді). Оны мына Мансұрдан көр. Пышақ қайраудың орнына маған қай-қайдағы анеқдотты айтып, шек-сілемді қатырумен тұр. Несібелі: Қуырдақ күтіп біз отырмыз, күлгенге күле бағып сіз тұр екенсіз ғой. Ақбике: Ойбу, енді қайтейін, мұндай әңгімелер Қыраубайдың аузынан өлсе шықпайды. Осындай оңашалықты пайдаланып, құлағымның құрышын қандырып алайын дегенім ғой. Несібелі-ай, мұны да көре қалыпсың. Несібелі: Өзгенің қатынын күлдіруге шебер, өзінің қатынын күлдіруге келгенде аузын буған өгіз де бір, бұл да бір. Сандуғаш: Жеңеше, бәріміз столға отырайықшы. Мансұр аға, жүріңіз. Ақбике: Сіздер бара беріңіздер, мен қуырдақты қаузайын. Шам сөніп, қайта жанғанда Ақбике де залға оралады. Бәрі осында. Ақбике (айғайлап, әндетіп кіреді. Көңілінде бір шер бары байқалады). Басынан Алатаудың мұнар кетпес, Кей адам уәде қылған сертке жетпес. Әй, еркектер, сендер неғып сылқылдап, былқылдап қалдындар. Кәне, құйыңдаршы арақтан. Маған да. (Арақ құйылғасын жұрттан бұрын ішіп салады.) Қыраубай: Маскүнемдікке қарсы жаппай күрес жүргізіліп жатқан шақта сенің құйыңдар, ішіңдер деуің қалай? Ақбике: Бұл дүниеден неше дауыл соғып өтпеген. Бірақ соның қайсысы адам шіркіндегі пендешілікті қоса ұшырып әкетіп еді. Адам деген сол әу бастағы пендешілігімен қала береді де. Несібелі: Әттең, менің осы жеңешемнің еркек болып тумағаныай. Ақбике: Еркек боп тусам, мына талайлардың басын жалмап жеп жатқан қара жердің жыртығын мен жамар едім-ау. Еркектер оны жамай алмайды. Саусақ арасынан саулаған құмдай өздері кетіп жатады. Қыраубай: Сен нені айтып кеттің, әй?! Несібелі: Жеңешемнің жәй, ішкі толғанысы да.

Қыраубай: Құдай ақына, мен өз қатынымды бүгін өзім танымай қалып тұрмын. Әй, Ақбикежан, ішіңдегі бір тұнығың шайқалып кетті ме, бүгінгі жүрісің бас жарып, көз шығаратындай, осы. Ақбике: Менің жүріс-тұрысымнан басы жарылып, көзі шыққан бір адамды аташы, нұсқашы. Қыраубай: Тіліңнің мерезі барын білемін. Тап қазір соны көлденең тартпай тұра тұршы. Онан да осы саған не болды, соны айтшы. Қолды-аяққа тұрмай кеттің ғой. Несібелі: Адамда бір көңіл болмай ма? Мансұр (әрең сөйлеп). Көңіл шіркін кейде құйқылжымай ма? Бұл уақытта Сандуғаш Жансебілді оңаша шақырып, бірдеме деп сыбырлап жатады. Екеуінің де қатты шошынған түрлері бар. Ақбике: Көңіл шіркін құйқылжыр шартарапқа, Өмір деген жақсы ғой айтар атқа. Қыраубай: Ақбике енді Абайдың өлеңін өзінше қисындырайын деді. Дегенмен, менін, маңдайымның бағы бар. Бұл деген тегін әйел емес. Әй, ой, байқандар. (Оңаша күбірлесіп тұрған Сандуғаш пен Жансебілді нұсқап.) Біздің келісіміз келіс-ақ болды. Жастардың беті бері қарайын деді. Жаңа ғана бір-бірінен жыланша жиырылып тұрған немелер енді оңаша шүйіркелесе қалыпты. Ақбике: Соны мен де байқап тұрмын. Жастық ғұмыр қанша айтқанмен жақсы ғой. Бірде ұрсысасың, бірде татуласасың. Қыраубай: Қартайғанда ондай құқықты біреу тартып ала ма екен? Ақбике: Қартайғанда ұрсыссақ қазымыр атанасың. Татуласып, жадырассаң, жын-шайтан түртіп кеткенге ұқсайды. Олай-бұлайы да оңып тұрған дүние емес, жарасымсыз. Ал жастарға бәрі лайықты, бәрі жарасымды, көрікті. Таудың қырмызы гүліндей. Есіктің қоңырауы шылдырлайды. Жансебіл жүгіріп барып есік ашады. Жас қыз Жәмилә кіреді. Жансебіл: Мына қарындас екен ғой. Ақбике: А, біздің үйде жатқан бала ғой. Осында халық шаруашылығы институтына оқуға түспекші. Жәмилә, немене, жайшылық па? Жәмилә: (аздап шошынған түрі бар, жан-жағындағы кісілерге алақтай қарайды). Жаңа консультациядан шығып келсем, бір түрлі үйдің бәрі ашық-шашық. Ақбике: (бұл да шошынған түрмен). Немене, сыртқы есікке құлып салынбап па?

Жәмилө. Салынған.
Ақбике: Енді неменесі ашық-шашық.
Жәмилә: Үйдегі шкафтардың аузы ашық.
Қыраубай: Әй, үйге ұры түскеннен сау ма?

Ақбике: Жаңа осылай кетерде мен шкафтардағы біраз
дүниеліктерді аударыстырып едім. Кілттерін салуды ұмытып кет-
кем ғой. Ой, ауылдың қыздары-ай десеңші. Қаланың қыздары мына
Қыраубай айтқандай үйіне ұры түссе де ештемені байқамайды.

Бәрін белден басып жүре береді. Ал мыналар үйдегі бір тал
өзгеріске дейін қалт жібермей байқап тұрады.
Жәмилә (әлі де шошынған түрмен). Сіз қабырғада ілулі тұрған
алтын сағатты айтушы едіңіз ғой, бұл шетелдік өте қымбат сағат

деп...
Ақбике: Иә, иә, ол қымбат сағат. Оның әшекейінде кем дегенде
жүз грамм алтын бар.
Жәмилә: Сол сағат жоқ.

Ақбике: Тіліңнен айналайын, Жәмилә, ол сағатты мен бүгін өз
қолыммен жөндеуге бергенмін.
Қыраубай: Ол сағат біздің үйдің құты еді ғой.
Ақбике: Қыреке, неменеден жақ жүнің үрпиіп кетті. Менен

сөздің артылған жерін көрдің бе? Сағат жөндеушілердің құлағына
ол сағат туралы тұтас бір жыр айтып бердім десем де болады.
Қыраубай: Айтса да, айтпаса да, бүгінгі күн өзің шаруаның
бәрін бір-ақ жайғап, шектен тыс пысықсып кетіпсің. Ол Чехосла-

вакиядан келген, оның таңдаулы шеберлері қолдан өріп жасаған
ғаламат дүние еді. Оны жөндеуге берген күнде де екеулеп апарсақ
теріс болмас еді. Бірақ сол сағаттың жүрісінде ақау барын мен
байқамаппын.

Ақбике: Жаным-ау, сен нені байқап жүрген адам едің бұл
дүниеде. Кел, Жәмилә, кел, ақыр келген екенсің дәм ауыз ти.
Жәмилә: Мен бір түрлі шошып кеттім. Сосын бері қарай жүгірдім.
Ақбике: Шошыма, Жәмилә. Тіпті үйге ұры түссе де Қыраубай

ағаң екеуміз оған қыңқ демейміз. Қолды болған дүниені қас пен
көздің арасында қалпына келтіруге қаражатымыз жетеді.
Жансебіл: Кел, кел, қарындас, отыр.
Сандуғаш: Отыр, отыр, қысылма.

Ақбике: Мұның шошитын да жөні бар. Көп балалы, бас иелері
таза табысына ғана алданып жүрген отбасында өскен бала ғой.
Енді қайтсін?
Несібелі: Осы біздің қуырдағымыз қайда?

Ақбике: Қуырдақ дайын.

Қыраубай: Қуырдақ дайын деген ол ішке барды деген сөз емес. Сандуғаш: Мен әкелейін. Ақбике: Күнім, жаным, сендер отырыңдар дедім ғой. Сандуғаш: Жоқ, жеңеше, болды, қалғанына өзім жүгірейін. Несібелі: Жарайды, Ақбике, жастардың беті бері қарады дедік қой. Қалғаны болса әлі де жұмсарта түсерміз. Қыраубай: Мансұр, сен бұл дүниеден оқшау қалдың ғой. Сандуғаш ас үйге кіреді. Соңынан Жансебіл кіреді. Сандуғаш: Міне, мына қыз да бірдеменің ұшығын шығарып тұр. Жансебіл: Сен тіпті қай-қайдағыны айтып кеттің. Сандуғаш: Сенің мына басың анау-мынауды ажыратудан қалған. Бұлар бізді татуластыруға келіп отырған жоқ. Жансебіл: Енді... шабыстыруға ма? Одан не олжа таппақ? Сандуғаш: О сорлы! Сенің миың су болып ағып кеткен. Бұлардың басын шырмаған тосын әрекет бар. Сен онан да Ақбике мен Мансұрды аңды. Жаңағы мен естіп қалған сөздер тегін емес. Сенің қолың қанға боялған дейді Мансұрға ана Қыраубайдың жайындай қатыны. Бүгінгі кеш, осы отырыстың үстінде дейді. Бізді татуластырғанды сылтау етіп, бұлар оқыс сұмдыққа барып жүрмесін. Қазіргі заманды білесің ғой. Жансебіл: Біздің институтта бір қаскөй өз бақталасының кабинетте ұмыт қалдырған портфеліне бір бума ақша салып, дереу ОБХСС-тың адамын шақыртып, жаңағы ақшаны парақорлықтың бұлтартпас дәлеліне айналдырып, әлгі сорлыны соттатып жіберген еді. Соның керін келтіріп жүрмесін бұлар. Сандуғаш: Міне, басыңа енді ғана саңлау түсті. Жансебіл: Бәсе, Ақбике соншама шашылып-төгіліп келді. Сандуғаш: Әншейінде сынық ине үшін өлікке дауыс айтқандай аңырайтын Ақбике еді ғой. Жансебіл: Енді не істе дейсің маған?! Сандуғаш: Біз өтірік татуласа қалған болайық. Сосын... Жансебіл: (қатты үміттене). Ал біз шындап татулассақ қайтеді? Сандуғаш: (қолын бір сілтеп, теріс қарап). Татуласпаймын сенімен. (Сәл бөгеліп.) Байтал түгіл бас қайғы. Өтірік татуласқан болып бұлардан аманымызда тезірек құтылайық. Сен арақты көбірек құйғыза берме. Әсіресе түйенің жарты етіндей ана Қыраубай мас болып қалмасын. Жансебіл: Өздерінің әкелген арағын өздерінен аяп... Біздің жоқ-жітік екенімізді біледі. Қалған арақты пайда көрді деген сөзге қалмаймыз ба?

Сандуғаш: О, шарасыз бейшара! Қалған арақты өздеріне беріп жіберсең де амалын тап. Жансебіл: Жарайды, жарайды, сөйтейін. Жығылғанға жұдырық деп, тағы бір пәлені жамап алармыз. Сандуғаш: Байқаймын, Ақбике өзінің байына арақты әдейі көп ішкізіп отыр. Жансебіл: Сен сонда не айтпақсың? Ақбике мен Мансұр тап осы кеште бір жаққа қашады демексің бе? Сандуғаш: Басыңа саңылау түскені рас екен. Менің сондай сезігім бар. Жаңағы сөздері жаман. Жансебіл: Қу заман-ай! «Алтын басың қор болды» деген осыау. Саңылау түсті, саңылау түспеді деп құдай қосқан қосағыңның өзі сенің басыңды ойыншық қылады. Сандуғаш: Ата-анасын тастап жат жұрттыққа кетіп бара жатқан қыздай сыңси қалады екенсің... сыңсымайтын жерде. Мен не айтып тұрмын, сен не айтып кеттің... Жансебіл: Менікі өз басымның қамы ғой. Сандуғаш: Менің айтып тұрғаным да сол сенің басыңның қамы емес пе?! Жансебіл: Әй, олар қашса менің нем кетеді осы? Сандуғаш: Сенің мына қалған-құтқаның, адамгершілігің қоса кетеді. Әйелімен өтірік араздасқан болып оларды қашырған мына сен болып шығасың. Сосын ана Қыраубай мен Несібелі екеуміздің кеңірдегімізді қияды. Қалған жұрт өлігімізге түкіреді. Бұл аз ба? Жансебіл: Аз емес, жаным. Тым көптеу де сияқты. Сандуғаш: Ендеше не тұрыс?! Бар аңды ана екеуін. Не істесе де өз пәлесі өзімен, бізден аулақта істесін. Ақ жүріп бетімізге күйе жағылғаны құрысын. Онсыз да бетіміз көн шарық. Жансебіл: Сабыр, сабыр, жаным. Жөн сөз айтып тұрып тайып кетеді екенсің. Сандуғаш: Тайып кеткен дәнемем жоқ. Сол, ішпей-жемей тұтыласың деп тұрмын. Қазақтың мұндайда сөзі жаман емес пе, әрі ерлі-зайыптының арасына пәлеқор болып кіргеннің күнәсі көп болатынын, бұл жайдың құран кітапта да жазылғанын менің әкешешемнің сарнап айтып отыратыны бар. Сондай пәлеқор атанып, құран сөзімен таяқ жеуіміз қалып па? Қыраубай мен Несібеліден келер керді былай қойғанда... Жансебіл: Бұл жағын жеріне жеткіздің. Сандуғаш: Енді не қалды? (Сәл бөгеліп.) Сен неғып суға салған шыбықтай солқылдап тұрсың. Олар үшін жатып жастық, жайылып төсек болудан бірдеме шығады деп ойлайсың ба?

Жансебіл: Түу, құдай-ай. Жатып жастық, жайылып төсек болып
не істедім сондай-ақ? Кісі келсе дәм беру қазақтың рәсімі дегенім
бе?!
Сандуғаш: Олар мұрнынан құрты түскен адамдар. Сөйте тұра

қолы аузына жетпеген бізбен осынша жыл нағашы-жиендей болып
жүр. Осының түп себебін бірауық ашып-айыруға ниет қылғаның
бар ма?
Жансебіл: Басымды одан ары ашытпашы. Неше жерден мате-

матик болсам да, бұл есебінді шығара алмаймын.
Сандуғаш: Біле білсең сенің диссертацияңды ұрлаған адам-
дармен бір кезде осылардың да байланысы болған. Әдейі із жа-
сыру үшін бізді анда-санда әке-көкелеп қояды, араласқан болады.

Осыны сезе тұра істі ушықтырмау үшін кезінде үндемеп едім.
Жансебіл: «Үндемегеннің ішінде үйдей пәле жатады» деген.
Сандуғаш: Жалғыз ол емес, мен осы Қыраубайдың қарамағында
біраз уақыт кеңсе қызметін атқарғаным есіңде ме? Сонда осы

Қыраубайдың да, Мансұрдың да ішек қырындысына дейін біліп
үлгердім. Менің аузыма қақпақ қою үшін олар осы пәтерді алуға
көмектесті.
Жансебіл: Әй, сенің барған сайын сарайың ашылып келеді ғой.

Тағы нең бар, ақтара түс сандығыңды!
Сандуғаш (Жансебілдің сөзін естімегенсіп). Сосын қайтейін,
жұмған аузым жұмулы күйінде келеді.
Жансебіл: Өзің де сау сиырдың боғы болмай шықтың ғой.

Сандуғаш: Болды, қажама.
Жансебіл: Ал, қажамасам былай. Ақыр қармағыңды тереңге
салдың ғой. Сен мынаны айтшы, сонда осы Ақбике мен Мансұр
қашып қайда барады?

Сандуғаш: Қашып қайда баратынын мен біледі ғой деп пе ең?
Жансебіл: Жоқ, орта жастардағы адам бүйтіп елге мазақ, жұртқа
күлкі болғаннан не ұтпақ? Мүмкін олардікі қашу емес шығар...
Сандуғаш: Бұл күдігіңе де ортақпын. Әйтеуір бүгінгі кешке бір

ойранды жасағалы отыр. Қай жағынан да сақ бол деймін саған.
Бұлар үйге кіреді.
Несібелі: Әй, жастар, қуырдақ қайда?
Сандуғаш: (мәз-мейрам болғансып). Ойбу, қазір.

Жансебіл: Қуырдақтың көкесі мұнда. Қатқан тоңымыз жібіді. Біз
татуластық. Сіздерге көп-көп рахмет.
Бәрі «Әй, бәрекелді!» десіп қол шапалақтайды. Бәрі түрегеліп,
екі жасты құттықтасып беттерінен сүйіп жатады.

Қыраубай (аздап масайған). Ендігі желінетін қуырдақ нағыз
ырысы бар, нағыз берекелі қуырдақ.
Мансұр: «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дейді. Иә,
рас сөз. Қуырдақтың көкесі бұзылған дүние қалпына келіп, айымыз

оңынан туып, жан тынышталғанда ғой.
Қыраубай: Қуырдақты айтуын айтамыз, сол неменің мұрныма
иісі де келген жоқ. Ол өзі қайда? Бар ма, жоқ па, Ақбикежан-ау?
Ақбике: Қазір, алдарыңа әкелемін. Мансұр, жүр, маған болыс.

Қыраубай: Сен осы Мансұрды қанжығаңа біржола байлап
алсаңшы.
Ақбике: Байласам байлауыма тұрады-ау. Бірақ Несібелі көнер
ме екен?

Несібелі: Мен көнер едім-ау, бірақ сіз Қыраубай ағаны қайда
қояр екенсіз. (Бәрі сықылықтап күлген болады.)
Сандуғаш: Қуырдақты мен әкелемін ғой, жеңеше.
Ақбике: Жаным, күнім, сен отыр. Менің айтқаным айтқан, бүгінгі

бұл үйдің құлы мен күңі Мансұр екеуміз.
Сандуғашқа ырық бермей ас үйге кетеді. Соңынан Мансұр
кетеді. Сандуғаш Жансебілге «соңдарынан бар» дегендей қаба-
ғымен белгі береді. Жансебіл де ас үйге қарай жылжиды.

Мансұр: Жақсы, құдай салды, мен көндім.
Ақбике: Мына екеуі де қас пен көздің арасында шүйіркелесе
қалды. Бірақ, отырысты соза түсейік. Мен қабағыммен белгі
беремін. Сонда кетерсің вокзалға. Билетің менде.

Мансұр: Енді оңаша шақырмашы, сезік тудырамыз. Мен залға
барайын.
Ақбике: Ана қасықтар мен тарелкаларды ала бар.
Бұлардың сөзін табалдырықта тыңдап тұрған Жансебіл тез

зал жаққа кетіп қалады. Жансебіл қатты шошығанын Сандуғашқа
түрімен білдіреді. Мансұр, одан соң Ақбике қуырдақты әкеле жата-
ды. Қыраубайлардың ештеңемен жұмысы жоқ, арақты бірінен соң
бірін сылқылдатып жатады.

Ақбике: Менің сөзім сөз. Жансебіл мен Сандуғаш татуласса,
артын тойға айналдырамыз дегенбіз.
Сандуғаш: Бізді қырсық шалып, сіздерді көп шығындат-
тық-ау.

Жансебіл: Иә, арақ та тым көп ішіліп кеткен сияқты.
Ақбике: Бір шығасы дүние де.
Жансебіл: Шығасыға иесі басшы деуші еді. Бірақ мына
шығасыға біздің себепші болғанымыз жанымызға батып барады.

Қыраубай: Ойбу, жаным-ай. Қой, қой ондай сөзді. Ақбике (манадан бері состиып, бұлардың тірлігіне қызыға қарап, оңаша тұрып қалған Жәмиләға). Жәмилә, жаным, мына қуырдақтан дәм тат. Жәмилә: Тәте, мен үйге кете берсем қайтеді? Ақбике: Әй, жаным, қайтсаң қайт, мұнда сен еститіндей әңгіме болып жатқан жоқ. (Жәмилә кете бергенде.) Тоқташы, жаным. Ақбике Жәмиләні оңаша алып шығып ұзақ сыбырлайды. Бірақ Жәмилә ештеңені түсінбегендей, бір түрлі таңырқаумен кетеді. Ақбике (дем алып, әрі рюмкесін көтеріп). Бұл енді той. (Айғай салып әндетіп.) Басынан Алатаудың мұнар кетпес... Қыраубай: Көмекейіңді әлдене тіреп тұр-ау! Несібелі: Әйтеуір жеңешемнің даусын шығармай тұрған бірдеме бар. Ақбике: Кәне, той құтты болсын! (Бәрі ішіп салады да, қуырдаққа бас қояды.) Жансебіл: Осының бәрі заманның тыныштығы-ау. Ұрсысамыз, татуласамыз, артын тойға айналдырамыз. Қыраубай: Барлық, тоқтық де. Мына Сандуғаш бізге мұңын айтты. Соның өзі тоқтықтан. Шын аштықтың, ашаршылықтың не екенін сендер білмейсіңдер. Ақбике: Қыраубай дұрыс айтады. Бірақ, Қыраужан, замана көшіне ілесе алмай отырғандар да бар ғой. Жансебіл мен Сандуғаш ашық ұрсысты, ашық татуласты... Біз сияқты жанашырлардың алдында өз сырларын анық айтысты. Бірақ өз жайын ашық айта алмайтындар да бар. Жаңағы келген қыз Жәмиләнің әке-шешесі ауылда тұрады. Тоғыз баласы бар. Біреудің ала жібін аттауды білмейтін сорлылар. Таза еңбекпен келгенді ғана қанағат тұтып, қалт-құлт етіп жүргендер. Киер киім, жейтін тамақ, бәрі тапшы. Сөйте тұра біз барсақ ішпегенді ішкізеді, кимегенді кигізеді. Онысы қызымды оқуға түсірсе деген жарамсақтықтан емес, жоғын бардай, барын дардай қып көрсетем деген әулекіліктен екенін мен нан ұстап айтамын. Жұрт өзінің кедейлігін жасыруға ұшыраған заман екен. Жұрттың жүйкесін де сақтап тұрған сол болса керек. Мансұр: Кедейлігін жасырып керуенге ілесемін дей ме? Қыраубай: Әй, Ақбике, сен не айтып кеттің? Жәмиләнің әкешешесінің өйткені жай бізге жағынғаны емес пе? Ақбике: Жоқ, жоқ, сөз тыңда. Мен де бұрын солай ойлағам. Біздің үйге оқуға түспекші балалардың келуі бұл бір емес. Мен бұл дағдыны Қыраубай қызметтен аса жоғарыламай тұрған кез-

де бастағам. Елдегі ағайын-туған, таныс-жекжаттардың бәріне балаларыңды оқуға түсірем деп уәде беріп, әрқайсысынан екі мың сомнан сыпырып алып отырдым. Бірақ олар үшін саусақ ұшын қимылдатқам жоқ. Балаларының оқуға түскені түсті, түспегенінің ақшасын түп-түгел өздеріне қайтарушы едім. Бұдан түскен табыс өз алдына. Ал қыдырыстап барғанда олардың сыйлық-сыбағасы... Мен соның бәрін жарамсақтыққа балаушы едім... Жо-жоқ, ол жалғыз жарамсақтық емес, бар адамдармен бардай болып бақталасуға деген іштерін тесіп бара жатқан бір ынтызарлықтан екен. Мен оны кейін түсіндім. Қыраубай екеуміз аз елді аралағамыз жоқ, аз үйде болғамыз жоқ. Бізбен алты аласы, бес бересі жоқтардың өздерінің сөйтіп жанталасқанын көргенде, бұл адам шіркіннің түбі түскен шелектей соншама қаңқылдақ, дарақы келетінін сонда ұқтым. Қыраубай: Адам көпшілігінде ашық кеуде. Мансұр: Адам деген айдағанға жүреді. Несібелі: Адам деген көнбіс. Жансебіл: Көп дүниенің шытынамай тұрғаны содан болғаны ма? Сандуғаш: Сен ғылым адамысың ғой. Осы сұраққа жауапты өзің неге іздемейсің? Ақбике: Кешіріңіздер, мен қай-қайдағыны айтам деп отырыстың шырқын бұзып алдым ба? Ән шықпады. Мансұр, сен жаңа ас үйде маған айтқан анекдоттарыңның бірін қайталап, мына жұртты бір күлдіріп көңілдендіріп тасташы. Мансұр: Оған қарсы емеспін. Бірақ, келін баламыз Сандуғаш отыр ғой. Несібелі: Сен былай... сыйымдысын айт. Мансұр: Жақсы, тыңдаңдар. Мен бір аңыз айтайын. Ақбике: Мынадан бір алып қоялық. Жансебіл: Жеңеше, жетер. Ақбике: Жоқ, жоқ, кәне, бұл той ғой. Қыраубай рюмкесін аузына бір-ақ төңкереді. Қалғандары ерін ғана тигізеді. Мансұр: Бір заманда бір елде өте сұлу, әрі өзі соншалық ақылды, өзі соншама жігерлі бір қыз болған екен дейді. Қыраубай: Біздің Ақбике сондай еді, шіркін! Мансұр: Бірақ ол қыздың үлкен бір кемістігі болған екен дейді. Ақбике: Астапыралла! Жансебіл: «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деген.

Мансұр: Ол қыз құдайға, дін сөзіне соншалық қатты сенеді екен. Қыраубай: Оның несі кемістік? Әй, құдайға құпиялап ерін жыбырлатып, анда-санда мен де мінәжат етіп қоямын. Мансұр: Жоқ, жаңа Ақбике айтты ғой, кей жұрттың кедейлігін жасыратын ауруы бар деп. Мынаның дінге сенісі сондай ауру дережесінде болса керек. Ол қыздың топшылауынша мынау жарық дүние уақытша да, ал нағыз өмір о дүние болса керек. Және де ең жаманы мынау – дін деген әртүрлі ғой. Олардағы діннің уағызы былай екен: о дүниеде жұмаққа барам деген қыз бұл дүниеде тұрмыс құрмауы керек. Тіпті ол тұрсын, еркек иісті өзіне жуытпауы керек екен. Ал жаңағы қыз өте сұлу, өте ақылды, бұған қырындаған жігітте есеп жоқ. Бірақ жігерлі жаратылған неме олардың бірін де жуытпай, қартайып бұл дүниеден өтіпті. Ақбике: Алда, сорлы-ай. Несібелі: Осы-ақ па? Мансұр: Түу, шыдамсызың-ай. Сөздің сөлі соңында емес пе? Сонымен әлгі қыз, қыз емес-ау енді кемпір, (бәрі бетін басып күледі) о дүниеде жүріп-жүріп жұмақтың есігін тауып, оны тықылдатпай ма? Жұмақтың есігі дегенің кісі бойынан биік, үлкен темірден жасалған екен. Әлгі ашылып, іштен үсті-басы мұздай құрсанған, бақайшығына дейін қаруланған еңгезердей күзетші шығып, күндей күркіреген дауыспен «қайда барасың?» – деп сұрайды. «Мен жұмаққа барамын», – дейді мынау. «Жұмаққа баратындай қандай еңбегің бар еді?» – дейді анау. «Мен тіршілікте ұрлық жасағам жоқ, адал еңбекпен күн көрдім. Және де бір еркек иісті өзіме жуытқам жоқ. Дүниеге қандай пәк күйімде келсем, мұнда да сондай пәк, таза күйімде келіп тұрмын», – дейді әлгі жазған. Сонда күзетші: «Адал өмір сүргенің жақсы екен, бірақ мүмкіндігің бола тұра тіршілікте бақытты болмапсың және еш-кімді де бақытты етпепсің. Сондықтан саған жұмақтан орын жоқ», – деп есікті тарс жауып алыпты. Сонда жаңағы кемпір екі иығы селкілдеп, еңіреп боздап, басы ауған жаққа жүре беріпті. Жүріп-жүріп бір жерде жылап отырса, тап қасынан бір жүк машинасы өтіп барады екен. Машинаның үстінде жап-жас өрімдей жігіттер «Әй кемпір, неге жылайсың?» – деп сұрапты. Кемпір жайын айтады. «Мін біздің машинаға», – дейді олар. Кемпір мінеді. Бұлар соғыста оққа ұшқан жас жауынгерлер екен. Олардың жаны жұмаққа баруға тиіс, мынау сол жұмаққа келе жатқан беттері екен. Жаңағы жұмақтың есігіне жеткесін бәрі машинадан түседі. Бір жігіт есік қағады. Жаңағы еңгезердей қарулы күзетші шығып, күндей күркіреген даусымен «сен кімсің?», – дейді. «Мен соғыста шәйіт болған жауынгермін!» «Ә, ендеше жұмаққа кір». Екінші жігіт

келеді. «Сен кімсің?» «Мен соғыста шәйіт болған жауынгермін!» «Кір». Үшінші де солай, төртінші де солай. Ақыры кезек жаңағы біз білетін кемпірге келеді. «Мынау кім?» Ол үшін бір жауынгер жауап береді. Сандуғашжан, сенің құлағыңа алтын сырға. Сондағы жауынгердің кемпір үшін берген жауабы: «Бұл біздің бүкіл полк жауынгерлеріне ортақ әйел болған еді», – депті. Сөйтіп ол да кіріпті. Бәрі күліседі. Сандуғаш теріс қарап бетін басады. Ақбике: Сонда бұл әңгіменің мағынасы – тіршіліктен аларыңды алып қал, о дүниеге қандай атақпен барарыңды бір құдайдың өзі біледі деген сөз-ау. Жансебіл: Бірақ бұл мағынаның да түбінде бір шикілік бар-ау. Сандуғаш: Әркім өз жарасына ем іздейді. Жансебіл: Сандуғаш, шаяндай шақпай отыршы. Мансұр: Ойбу, аспан қайта алабұлттанды. Ақбике: Кәне, бүгін арақтың шынында дәмі кіріп тұр. Шам сөніп қайта жанғанда, бұлардың отырып қалғаны байқалады. Төрдегі диванда Қыраубай қылжиып жатыр. Мас екені білінеді. Мансұр: Ойбу, сағат оннан кетіпті. Мына үйде телефон жоқ қой, мен автоматтан жұмыс бабында бір адаммен сөйлесіп келе қояйын. Несібелі: Бірге, біржола шықпаймыз ба? Мансұр: Ой, жаным, мынау Қыраубай мас болып қалды, үйіне апарып тастағанымыз жөн. Мен қазір келе қоямын ғой. Жансебіл: Онда мен сізбен бірге шығайын. Мансұр: Түу, бірінен соң бірі аяққа оралғы болып... Автоматты мен өзім таппайды деп тұрсың ба?! Жансебіл: Түн ішінде екі адамға жақсы ғой. Біздің үйдің маңында нашақорлар жүреді. Мансұр: Мен өзім он нашақорға татимын. Сандуғаш: Олар он бір болса қайтесіз? Мансұр: Түу, құдай-ай! Мен жиырмасына тойтарыс беремін. Несібелі: Әй, сен қашаннан бері Қажымұқан болып кетіп ең? Мансұр (айқайлап). Қойыңдаршы енді. Оңаша әңгімем бар еді... бір адаммен. (Кетеді.) Сандуғаш пен Жансебіл бір-біріне қадала қарайды. Ақбике (манаураған кейіппен). Қыраубайдың жыры осылай. Арақты жақсы-ақ көтеретін. Тек кейде ғана өстіп сылқ ете қалатыны бар.

Несібелі: Өзіңіз де көп зорлап жібердіңіз ғой оны. Ақбике: Қайтейін, жастар үшін. Жансебіл мен Сандуғаш оңаша ұзақ күбірлесіп тұрады. Мансұр жанұшыра кіріп келеді. Мансұр: Жұмыста бір апатты жағдай болған сияқты. Мені шұғыл шақырып жатыр. Несібелі, үйге өзің бара берерсің. Несібелі: Аузың арақ сасып тұр, қалай барасың? Мансұр: Арақ түгіл апиын сасыса да тез жетпесем болмайды. Жансебіл (жанұшырып). Мен бірге барсам қайтеді? Керегім болар. Мансұр (даусы қатты шығып). Жоқ, ойбай, сенің қатысың қанша? (Кетеді.) Жансебіл мен Сандуғаш бір-біріне одан сайын шошына қарайды. Есіктің қоңырауы шылдырлайды. Жансебіл есік ашады. Жәмилә кіреді. Ақбике: Апырау, саған үйде тағат тапқызбаған қай құдай? (Жәмиләнің аузын аштырмай оңаша алып шығып, ұзақ күбірлеседі.) Бара ғой, жаным. Мен қазір келемін. (Жәмилә кетеді.) Түу, құдай-ай! Енді қайттік. Біздің үйге бір қора кісі сау ете қалыпты. Енді мен де бармасам болмас. Мына Қыраубайды қайттім... Бұған бір кран әкелмесең, адам баласы көтере алмайды. Сандуғаш: Келген қонақ күтер. Қырекең сәл мызғып алсын, сосын бірге қайтарсыздар. Ақбике: Келген қонақтар менің төркіндерім ғой. Осында, астанаға дәрігерге келген ауру-сырқаулары және бар. Мені, Сандуғашжан, енді ұстама. Қыраубай бір мызғып тұрса өз аяғыменақ жетеді. Қазір жолда бір таныс дәрігер бар еді, таксимен соны да ала кетсем деймін үйге. Жансебіл: Топ болып келіп, тырағайлап қайтқандарың бір түрлі көңілге томпақ. Несібелі: Соны мен де ойлап тұрмын. Бүгін жұрттың бәрінің астынан су шыққандай. Ақбике: (шалқалай күліп). Біз келдік, жастарды татуластыр-дық. Одан арғысы үшін бізге не айып тақпақсыздар. Несібелі, сен сәл кідіре тұр. Шынында бәріміз бірдей жан-жаққа тырағайламайық. Ай мен күнім Сандуғаш, Жансебіл. Енді қайтіп бұл үйде шыныаяқ сылдырамасын. Қуанышты, бақытты күлкі ғана сыңғырласын. Сендерді көріп дұшпанның көзі қарауытсын, достың көңлі жайнасын. Әумин! (Екеуінің бетінен сүйіп, шығып кетеді.)

Қыраубай қорылдап тұрып ұйықтап жатыр. Қалған үшеуі үнсіз.
Сәлден соң Жансебіл мен Сандуғаш оңаша сыбырласады.
Несібелі: Мынаның қорылының қаттысын-ай. Мұның қасында
Ақбике қайтіп ұйықтайды екен. Ал енді, жандарым, маған да рұқсат

берерсіңдер.
Сандуғаш: Жеңешетай, сізге деген үлкен өтінішіміз бар.
Несібелі: Мен жолдарыңа құрбан.
Сандуғаш: Сіз осы үйде бола тұрыңызшы.

Несібелі: Немене, өздеріңе өздерің сенбей тұрсындар ма?
Сендердің жастарыңда ұрсысып татуласқан соң оңаша қалудың
таңдайдан кетпес ләззаты болушы еді ғой.
Сандуғаш: Жоқ, біз...

Жансебіл: Біздің бір шаруамыз болып тұрғаны.
Несібелі: Немене, бір жағын мен иығыммен сүйеп тұрмасам
қиюы келіспейтін шаруа ма еді?
Сандуғаш: Жоқ.

Жансебіл: Солай.
Несібелі: Неден сасқалақтадыңдар? Түрлерің оңған шүберектей
болып кетті ғой.
Сандуғаш: Жеңеше, біз Жансебіл екеуміз бір жерге тез барып

келе қояйық деп едік.
Несібелі: Апырау, осы мен түс көріп тұрғаннан саумын ба?
Жаңа Мансұр мен Ақбикеге астарыңнан су шықты ма деп едік.
Енді сендердікі не қылық? Сендер де тырағайлап өз үйлеріңнен

қашайын дедіңдер ғой. Сонда біреудің үйінде Ақбикенің мас болып
қалған байын мен күзетіп отыруым керек пе?!
Сандуғаш: Енді... мас адамды жалғыз қалдыруға болмайды
дегенім ғой.

Несібелі: Сонда тапқан күзетшілерің мен екем ғой?!
Сандуғаш (жалынып). Жеңешетай, кешір, жағдай солай болып
шықты.
Жансебіл: Өзіміздің де басымыз шыр айналып, көзіміз қарауы-

тып барады.
Несібелі: Қарақтарым, мыналарың тегін емес. Бүгін неғылған
күн өзі. Айтып өлтірсеңдерші. Қайда барасыңдар?
Ш ы м ы л д ы қ.

ІІ акт Сол көрініс. Несібелі: Мені Қыраубаймен оңаша тастап, өсекке қалдырайын деп жүрсіңдер ме? Сандуғаш: Айналайын, жеңешетай. Несібелі: Әлде бұл Ақбикенің ісі ме? Сандуғаш: Айналайын, жеңешетай, не айтсам екен сізге? Несібелі: Ақбикеден ондай шығады. Жансебіл: Ақбике басқа да, біз басқа адамдармыз ғой. Несібелі: Оның керек кезінде тырнағымен басқаларды іле жүретіні болады. Сандуғаш (орамалын бетіне басып, жылап жібереді. Несібелінің алдында жер тізерлейді). Жеңешетай... Несібелі: Осы сендер ақ жарылып адалын айтыңдаршы. Екеуіңнің ерлі-зайыпты болып былай бет жыртысып араздасқандарың рас па? Жоқ, әлде құрықты ұзынға салған айла-шарғы ма? Жансебіл: Ондай ұзын құрығымыз болса оны басқаға салмаймыз ба? Бүйтіп ит мініп, ирек қамшылап, ағаш ерге жіп құйысқан тағатын неміз бар. Біздің жағдай сізге құпия емес сияқты еді ғой. Сандуғаш: Жеңешетай, неге біз жөнінде олай ойлайсыз? Жансебіл екеуміздің сізге деген титтей арамдығымыз болса, өзіміз арам қатайық. Бала-шағамыздың қызығын көрмейік. Енді қайтіп қарған дейсіз... Несібелі: Жақсы, сендер ойыннан шықтыңдар. Бірақ неге, қайда кетесіндер? Соларынды айтыңдаршы. Мінекей, үндемейсіңдер. Жоқ, мен Қыраубайдың қасында бір минут қалмаймын. Өзгенің өлеңіне ілесем деп өсекке қалар жайым жоқ. Сандуғаш: Көршінің әйелін, он баласын отырғызып кетейік қасыңызға. Несібелі: Тыңшыны тыңшыға бақтырған шетелдің киносындағыдай болды ғой. Жансебіл: Жарайды, жеңеше, мен сізге шынын айтайын. Шынында адамның басына келмейтін бір оқиға болғалы тұр. Бірақ оның сіз үшін жан ауыртар дәнемесі жоқ. Жаңа Сандуғаш барын ортаға сап қарғанды ғой. Біздің сізге деген ақтығымызга сол да жетер. Тек сізге бір өтініш... Біз қайда барамыз, сіз сұрамаңыз, біз айтпайық. Бірер сағаттың ішінде бір жұмбақ шешіледі. Және де осы үйде шешіледі деп ойлаймын. Бұл енді адамның қорадағы жалғыз

сиырын сұрағандай үлкен өтініш емес қой. Осыған шыдамдылық
жасап, көнсеңіз қайтеді? Ал, біз уақыт оздырмалық.
Несібелі: Құдай-ай, арты қайырлы болсын. Бұл сапар-
ларыңның атын атап, түсін түстеп кетсеңдер қызығы таусылып

қала ма?
Жансебіл: Бізде қызық іздейтіндей жай бар ма?!
Несібелі: Қызық па, шыжық па, әйтеуір біреуіне бастадың-дар.
Жансебіл: Не десем екен?! Сіз сияқты жеңгейлерді тілімен он

орап алатын кейбіреулердің ұтқырлығы маған бітпеген, қайтейін.
Сандуғаш: Ерте туып, кеш қалғаның да содан ғой.
Жансебіл: Сен де бір жағынан шаяндай шағып өлтірдің-ау. Ал
уақыт деген біздің аужарымызға қарайтын емес.

Несібелі: Көкіректегі күдігім күшті. Тесіп барады, жайлап ба-
рады өне бойымды. Амалым не, біржолға сөздеріңе сендім. Қала
тұрамын. Тек көрші үйдің жөні түзу әйелін бе, не естияр баласын
ба, қасыма отырғызып кетіңдер.

Жансебіл: Болды, болды, жеңеше.
Жансебіл кете бергенде, есіктің қоңырауы шылдырлайды.
Жәмилә кіреді.
Жансебіл: Алақай! «Іздегенге сұраған» деген. Мына қарындас

келді.
Сандуғаш (қуанып). Енді көршілерді мазалаудың да керегі жоқ.
Солай емес пе, жеңеше?! Сіңілім, сен мына ағаң мен апаңның
қасында біраз отыра тұрасың ба? Біз тез бір жаққа барып келе

қоялық.
Жәмилә (бұрынғыдан да қатты шошынған түрі бар). Отыра
тұрайын.
Жансебіл: Жақсы, онда біз кеттік. (Екеуі тез шығып кетеді.)

Несібелі бөлме ортасында әрі-бері сенделіп жүр. Әлден уақытта
тоқтап состиып тұрған Жәмиләға қарайды.
Несібелі: Сен қыз мұнда бір кештің ішінде үшінші рет келдің. Екі
үйдің ортасында осыншама шапқыладың, жайшылық па?

Жәмилә: Мен шошып кеттім.
Несібелі: Неден шошыдың? Кәне отыр, асықпай сөйлеші.
Стол басында екеуі қатар отырады. Қыздың демін ішіне тартып,
қатты алқынған түрі бар.

Жәмилә: Ақбике тәтем қайда?
Несібелі: Ақбике тәтең үйіне кетті ғой. Ә, жолай бір таныс

дәрігерге соғып, соны ала барам деп еді. Әлі жете қоймаған ғой,
шамасы.
Жәмилә: Ол кісі ауырып қалды ма?
Несібелі: Келген қонақтардың ішінде бір ауру-сырқауы бар деді

емес пе?
Жәмилә: Қайдағы қонақтар?
Несібелі: Қайдағы қонақтары несі? Сен өзің осы қайдан шығып
келіп тұрсың?

Жәмилә: Үйден.
Несібелі: Мына Қыраубай мен Ақбикенің үйінен бе?
Жәмилә: Иә.
Несібелі (орнынан тұрып кетіп, оңаша өзімен-өзі сөйлеседі).

Осы залым Ақбике менің Мансұрымды алып бір жаққа қашып бара
жатпасын. Бәрі соған келе жатыр. Міне, бір өтіріктің құйрығынан
мықтап ұстадым. Үйіне ешқандай қонақ келмеген. Мансұрдың
жұмысында апат болғаны да өтірікке шықпасын. Үлкен бір

сұмдықтың беті ашылғалы тұр. Кемеде өрт шықса ең алдымен
тышқандар әрі-бері жүйткиді деуші еді. Бәрі сөйтіп жүйткіп кетті.
(Столдың басына қайта отырып, көңілді сөйлеп.) Жәмилә,
бұл арада екеумізден басқа ешкім жоқ. Қыраубай ағаң тап қазір

саңырау. Әне, есін білмей ұйықтап жатыр. Кәне, дұрыстап айтшы.
Әрі-бері неғып ес таппай жанұшырып жүрсің?
Жәмилә: Мен шошыдым.
Несібелі: Иә, шошыдың. Ақбикенің үйі ашық-шашық екен. Бұл

мұнда бірінші рет келуіңе себеп болды. Ал екінші рет неге келдің?
Жәмилә: Ақбике тәтем құлағыма сыбырлап, жарты сағаттан
соң қайта соқ деді.
Несібелі: Неге?

Жәмилә: Неге екенін айтпады.
Несібелі: Үлкен адамдардың ондай аумалы-төкпелі мінездері
бола береді. Сол екінші келісіңде құлағыңа тағы сыбырлады ғой.
Жәмилә: Енді үйге барып отыр, қозғалма деді.

Несібелі: (ащы мысқылмен мырс етіп). Үйге барып отыр,
қозғалма деді. Ал енді Ақбике тәтең солай деп айтса да, сен тағы
келіп отырсың ғой.
Жәмилә: Мен тағы шошыдым.

Несібелі: Неден шошыдың? Ақбикенің үйінде соншама құбыжық
толып кеткен бе?
Жәмилә: Ол үйге ұры түскені анық сияқты.
Несібелі: Апырау, бұл сөзді мана айттың. Ақбике осы бәрі-міздің

көзімізше ол шкафтардың ішіндегіні әрі-бері өзім аударыстырдым

деді ғой. Әлгі бір қабырғадағы шетелдік алтын сағатты жөндеуге өзім бердім деп... Оған дейін шегелеп айтты. Енді сенікі не шошу? Жәмилә: Жоқ, тәте. Бір түрлі ол шкафтардың бәрінің түбі тайыздап қалған. Несібелі: Түбі тайыздап қалған... һм, мәселе енді түсінікті болып келе жатыр. Ақбикенің сан жылды сапырылыстырып жинаған дүниесі оңай-оспақ емес. Иә, тағы не байқадың? Жәмилә: Хрустальдардың көбісі жоқ. Мен оны соңғы барғанымда ғана байқадым. Несібелі: Ішіндегі ең тәуірлері жоқ шығар? Жәмилә: Солай сияқты. Несібелі: Тағы нені байқадың? Жәмилә: Түсі бөлек екі кілем бар еді. Бірі Қыраубай ағамның жұмыс кабинетінде ілулі, екіншісі диванның астында қаптаулы жататын. Ақбике тәтем бұл екі кілем арнайы шеберханада қолдан тоқылған дейтін. Солар жоқ. Несібелі: Басқа кілемдер орнында, тап сол екі кілем ғана жоқ дейсің ғой. Жәмилә: Иә... Несібелі. Тағы нені байқадың? Жәмилә: Білмеймін, басқа да көп дүние орнында емес сияқты. Ақбике тәтеме айтсам сенбейді. Арақ-шарап сақталатын шкафтың да аузы аңырайып ашық тұр. Несібелі: Үйдегі арақ-шарапқа дейін сипап кеткен бе? Жәмилә: Жоқ, тек аузы ашық тұр. Несібелі: Ал арақ-шарап орнында ғой. Жәмилә: Иә. Несібелі: Ол шкафтың аузы ашық тұрса... Қыраубайдың алып ішетіні болушы ма еді? Жәмилә: Солай сияқты. Несібелі: Әдейі істеген ғой. Жәмилә: Кім әдейі істеген? Ұрылар ма? Несібелі: Әй, аңқау сіңілім-ай. Баласың ғой. (Орнынан түрегеліп кетеді. Оңаша.) Өз үйіңе өзің ұры болып түсіп, шынында өрісің тарылған екен, Ақбике. Мен бұл істің ақырын күттім. Көп болса менің байымды бір күн малданарсың. Мен де қарап жатпаспын. Сенің айлаң көп. Сосын да істің аңысын аңдимын. Сен қандай жүріс жасасаң, менікі де соған орай болмақ. Алғашқы жүрісің белгілі, бірақ түсініксіздеу. Сабыр сақтағаным жөн, ұрынып қалмайын. Аяусыздығың көпе-көрнеу. Онсыз да күні санаулы Қыраубайды ақыл-есінен айырып, терең құрдымға жіберіп, өзің жағалаудан алыс кетудің қамын жасарсың, көп болса. Бірақ, оны

қалай жасайсың. Сол жағы маған бұлдыр. Жақсы, Сандуғаш пен
Жансебілден бір хабар күтейін. Бұлардікі де тегін емес.
Жәмилә: Тәте, сіз не айтып тұрсыз?
Несібелі: Әттең, мен сенің орныңда болсамшы.

Жәмилә: (таңырқап). Менің орнымда?
Несібелі: Өмірді басқаша бастар едім-ау.
Жәмилә: Тәте, сіз не айтып тұрсыз?
Несібелі: Сенің орныңда, қалпыңда болсам деймін.

Жәмилә: Оның несі қызық? Қайта мені сіздей адамдардың
орнында болсам деген арман жатсам-тұрсам есімнен кетпей,
аунақшыта береді.
Несібелі: Біздің орнымызда болғанның несі қызық?

Жәмилә: Қызығы көп қой. Мысалы сіз әлі сұлусыз. Ақбике тәтем
де сұлу. Қандай жақсы киінесіздер. Ештемеге алаңдамайсыздар.
Бәрі бар. Былтыр ауылда дүкеннен алған жарты бөлке нан абай-
сызда қолымнан түсіп кетіп, көшенің шаңына аунатып алғаным

үшін шешем менің желкемді үзе жаздады. Ал сіздер анадай дүние-
жиһазға толы үйге ұры түсті десем былқ етпейсіздер. Қандай
кеңпейілдісіздер.
Несібелі: Сол көшенің шаңына аунатып алған нанды артынан

үйге апарып жедіңдер ме?
Жәмилә: Енді ше? Шешем әуелде ол түгіл жолда жатқан бір ке-
сек қатқан нанды көрсең соны жерден көтеріп алып, үш рет үрлеп
жіберіп жеуге болады дейді. Бұл тіпті құранның уағызы деп те ай-

тады.
Несібелі: Менің шешем жарықтық та осы сөзді талай рет
құлағыма құйып еді. Отыз екінші жылғы ашаршылықта әкесі мен
үш ағасынан айрылған сол сорлының талай өсиеті көкейімде қалып

еді. Мен оны ешқашан ұмытпаспын деуші едім. Енді қарасам,
есімде ештеме қалмапты. Оны ұмытпасам, жадымда тұтсам де-
ген ынтаның өзі де өшіпті. Қыршынның жасындай қысқа ғұмырда,
қысқа ғұмырдың сол бір бөлігінде адам деген өзгереді, ә.

Жәмилә: Сосын, тәте, сіздердің...
Несібелі: Жәмилә, жаным, қатты өтінемін, енді маған ештеңе
айтпай тұра тұршы. Басым ауырып кетті. Өзіммен өзім бола
тұрайыншы. Ішім алай-түлей. Шешем есіме түсті. Шешем есіме

түсті. Шешем... анам... анам... Менің анам үш ұлдың ортасындағы
жалғыз қызы, әрі кенжесі екен. Ашаршылықта біз өл-сек те осы
жалғыз қыз өлмесін деп әкесі, үш ағасы бәрін менің шешемнің ау-
зына тосып, өздері көздері қарауытып, о дүниеге кезек-кезегімен

кете беріпті. Сол қыздан, сол шешеден туған мен едім ғой. Мен...

мен... «Заманың түлкі болса, тазы боп шал». Мен сол түлкі заманды тазы боп шаламын деп, Ақбике мен Қыраубай сияқты замана сәйгүліктерімен бәсекеге түсемін деп сол шешемнің, оның ағаларының, әкесінің аруағын таптап жүрген сияқтымын. Ал мынадай уақыт бетбұрысында, талайлардан бақ-дәулет тайған күнде қалың тордың, айықпас қара тұманның ішінде қалғандаймын. Әне, айла жөнінде мені екі бүктеп астына саларлығы бар Ақбикенің өзі сөйтті. Өз үйіне өзі жаудай шапты. Ал мен қайтер екем. Аруақ аттыау мені. Басым-ай. Әй, Мансұр, жар-қосағым, қайдасың? Сен де мені тәрік етіп жан сауғаладың ба? Көзің қарауытты ма? Осындай күннің туарын сен неге ойламадың? Мен неге ойламадым? Жарайды, Мансұр, осыдан жанынды аман алып шықсаң, мен саған бәрін кешірдім. Жәмилә (жан ұшырып). Тәте, сізге не болды? Сөзіңіз үрейлі ғой. Ауырып тұрсыз ба? Несібелі басын сүйеп, сахна ортасында шоқиып отырып қалады. Диванда жатқан мас Қыраубай оянғанға ұқсайды. Қыраубай (жан даусымен айқайлап). Ақбике! Ақбике! Қайдасың, ей? Екінші көрініс Вокзалда. Ақбике мен Мансұр сәкіде отыр. Қастарында екі-үш чемодан. Одан әріде қара көзілдірік киген бір еңгезердей адам Ақбике мен Мансұрға әлсін-әлсін қарап қояды. Оның қасында да чемодан, басқа да буылған дүниелер көп. Одан әріде әрі-бері өткен адамдар, милиционер көрінеді. Мансұр: Сен маңа еңғұрмаса жарты дүниемді сақтап қалайын деп едің. Мынауың жарты дүниеге ұқсамайды ғой. Ақбике: Тақияңа тар келіп бара ма? Мансұр: Сан бұйымды алтын ақшаға айналдырдың. Соның өзінде мұнша чемодан көтеріп барасың. Әлгі мен білмейтін қосымша жүк көтерген жансызың тағы бар, үйінді түгел көшіріп әкеткеннен саумысың? Ақбике: Сен де орынсыз жерде тілің мен жағыңа орынсыз күш түсіре береді екенсің. Мансұр: Енді қайтейін, осы байлықтың бізге тастай батып, судай сіңетініне өз басым әлі сенбеймін. Ақбике: Мана Жансебілдің ас үйінде саған бәрін түсіндірдім

емес пе? Неге сенбейсің? Оның үстіне екеуміз баяғының әкелері ризалық бермеген қыз-жігітінше қашудамыз. Бұл деген сенсация ғой. Осы сенсацияның өзі-ақ талай сұмдықтың бетін бүркеп кетпей ме? Мансұр: Байғұс Қыраубай-ай, сан жылғы дәмдес-тұздас болған досым едің. Басыңа екі соққы қабат тиеді-ау. Міне, екінші соққыны менен көргелі тұрсың. Ақбике: Қыраубайды қолдан шығарып алдық. Өлгеннің артынан өлмек жоқ деп қанша айтамын саған. Мансұр: Қайран Несібелі-ай. Ащы-тұщыны бірге татқан жар қосағым едің-ау. Мына сұмдықты естігенде құлындағы даусың қалай шығар екен? Жоқ, әлде түсінермісің? Ақбике: Сен өз басынды неге ойламайсың? Несібелінің ары таза, жүзі жарқын. Аспан мен жердің ортасында ол алшаң басып жүре алады. Мансұр: Сен жарты жан, жарты дүние деп едің. Жарты жан да емес, мені қоса әкетіп барасың. Қай тесікке кірсең де төрт босағаңды түгел алып жүретін айлакерлігің қалмайды, ә? Ақбике: Майға қуырылған ақ шабақтай болып сенің жаның неден соншама шыжғырылып барады?! Мансұр: Енді қайтейін... Ай-шай жоқ ес-түссіз бір тұңғиыққа батып бара жатқандаймын. Ақбике: Соның дұрыс. Сол тұңғиығың дұрыс. Судың бетіне шықсаң, қармаққа ілінесің. Мансұр: Әй, мен неге ілінемін? Анығына барсақ, мен әдейілеп кісі өлтіргем жоқ қой. Ақбике: Неге өлтірген жоқсың? Мансұр: Бұл жағдай сенің әкеңнің саяжайында болған еді ғой. Ақбике: Иә, менің марқұм әкемнің саяжайында болған. Мансұр: Әлгі менің жаның жәннәтта болғыр сорлы бақталасым, бәріміз сонда жиналдық. Ол сорлы әлденеден әйелімен қатты жанжалдасып шығыпты. Ақбике: Иә, әйелімен қатты жанжалдасып шығыпты. Оның осындай жүйкесі қозған қалпын көрген кісілер көп болды. Куә, айғақ көп болды. Сен соны пайдалана қойғың келді. Мансұр: Сен өзіңнің әкең ішкен удың тұрған жерін нұсқадың. Ақбике: Сен ол уды әкеп, әлгі бақталасыңның арақ құюлы шынысына тастадың. Мансұр: Оның шынысы емес, басқа шыны болатын. Ақбике: Иә, басқа шыны еді. Бірақ сен ол шыныны бақталасыңның алдына қарай ысыра бердің. Сөйттің де өзің бәрін

көзіңмен бағып тұрдың. Біраз арақ ішіліп, алаңғасарланған кезде
әлгі сорлы у салынған шыныны да өңешіне қарай төңкере салды.
Мансұр: Әй, ол неге төңкере салады? Мүмкін ол уды мен өзім
ішу үшін әкеп қойған шығармын.

Ақбике: (мырс етіп). Ол сенің қолыңнан тартып ішкен екен ғой.
Е, бейшара, нәсібіңнен қағылған екенсің ғой.
Мансұр: Шынында, сол уды өзім ішуім керек еді.
Ақбике: Шіркін-ай, неткен ақ жүрек адам едің. Енді бәрібір кеш.

Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап.
Мансұр: Иә, кеш.
Ақбике: Әйтеуір бағыңа қарай тергеуші де, экспертиза да ол
бақталасың уды өзі әкеп, өз еркімен ішті деп дәлелдеді. Біз де,

басқа көрген көздер де соған ықпал еттік. Ал ол сорлының әйелі
у ішіп өлгеніңе мен себепкер болғаным ба деп шашын жұлып жы-
лады. Басқадан күдіктенуді ойламады да. (Мансұр ыңыранады.)
Ыңыранба. Тағы мынаны ұқ. Ол уды жерге көміп, көзін құрттым деп

едім ғой. Жоқ, құртқам жоқ, ертеңгі күніме керек болар деп тығып
қойғанмын. Осыдан мені саттың бар ғой, мен ештеңеден тайынбай-
мын. Ол уды экспертизаның алдына жайып саламын да, мәселені
қайта көтеремін. Сен одан аман кетпейсің. (Мансұр одан сайын

ыңыранады.)
Шам сөніп қайта жанғанда сахнаның бір бұрышында, көшеде
келе жатқан Жансебіл мен Сандуғаш көрінеді.
Жансебіл: Біз былай істейік, Сандуғаш. Алматыда екі вокзал

бар. Олардың қай жаққа баратынын, қай вокзалдан мінетінін біз
білмейміз. Дұрыс жоспар жасамасақ, біз көз жазып қалуымыз
мүмкін.
Сандуғаш: Мен де соны ойлап келемін.

Жансебіл: Біз осы жерде екі айрылайық. Сен бірінші вокзалға
заула. Вокзалдың асты-үстін, іші-сыртын тегіс сүзіп шық. Дымын
қалдырма. Жоқ болса такси ұста да бері, екінші вокзалға тарт.
Сандуғаш: Егер бар болса ше?

Жансебіл: Бар болса айрылма.
Сандуғаш: Аюдай Ақбике мен Мансұр маған ырық бере қояр
ма екен?!
Жансебіл: Кенедей жабыссаң да бірдеңе қыл. Оған дейін мен

де жетемін. Мен де мына вокзалды тегіс сүзіп шығамын да, жоқ
болса солай ұшамын. Жердің жарығына түсіп кетуі мүмкін емес.
Олар осы екі вокзалдың бірінде. Көрдің ғой, жаңа автоматтан
Ақбикенің үйіне телефон шалып едік, ешкім тұтқаны көтермеді.

Қонақ түгіл сайтан да жоқ.

Сандуғаш: Апырау, жаңа Жәмилә соңғы ретінде біздің үйге неге
келді? Есіміз шығып сұрамаппыз да ғой.
Жансебіл: Сұрағанмен ол қыз шынын айтады дейсің бе?
Ақбикенің тапсырмасымен әрі-бері жүгіріп жүрген неме де.

Сандуғаш: Солай шығар.
Жансебіл: Біз кеткесін бұлар не қам жасар екен деп аңдыту
үшін де жіберуі мүмкін ғой.
Сандуғаш: Ұзын құйрық бір пәлеге жолықтық десеңші.

Жансебіл: Сен кінәлісің бәріне.
Сандуғаш: Сен кінәлісің.
Жансебіл: Жақсы, мен-ақ кінәлі бола тұрайын. Көше ортасында
ел көзінше бет жыртыспайық. Әне, ел дегеніміз өзімізді жер қы-лып

кеткелі жатыр. Сандуғаш, әне такси, мін барып тез.
Шам сөніп қайта жанғанда, осының алдындағы көрініс қай-
таланады.
Ақбике: Мансұр, тез қараңды батыр. Құдай атып, біз із тастап

кеттік білем. Анау келе жатқан Жансебіл. Шамасы, әлденеден
сезіктеніп, бізді іздеп келе жатыр. Құдай, қырсығыңнан сақта.
(Мансұр кетеді. Жансебіл алқынып жүгіріп шығады.) Ау, Жансебіл,
саған не болды? Өкпеңді қолыңа ұстап жүгіріп келесің ғой. Тегі,

Қыраубай бірдемеге ұшырап қалған жоқ па?
Жансебіл: (алқынып). Қыраубай аға аман. Ұйқысы тастай екен.
Ақбике: Е, ішіп алса ол солай ұйықтайды. Ал өзіңе не жорық,
жаңа ғана әйеліңмен татуласып мұнда жүргенің. Өңің өрт

сөндіргендей ғой тура.
Жансебіл (сасқалақтап). Мен жайша... Мансұр аға қайда?
Ақбике (шошыған түрмен). Мансұр ағасы несі? Ол мұнда неге
жүруге тиіс? Қарағым, сөзім оғаш шықса кешір. Өзіңнің ақыл-есің

орнында ма? Мансұрды менен неге сұрап тұрсың? Әкем-ау, ол
жұмысымда бір апат болыпты деп, сендердің үйлеріңнен менен
бұрын кетті емес пе? Мансұрдың жұмысы вокзалда емес сияқты
еді ғой.

Жансебіл: Рас, Мансұрдың жұмысы вокзалда емес, бірақ тап
қазір ол осында болуға тиіс.
Ақбике: Сандуғаштың жылайтынындай да бар екен-ау. Ол бір
айтып еді. Жансебіл ғылым жолын қуғалы кейде оңы мен солын

шатастырып алатындай бір халде жүреді деп. Қарағым, өйтерің
бар болса баяғыда менің тілімді алып саудаға неге кетпегенсің?
Қарашы, саудада жүргендердің бәрі қайраулы пышақтай жанып
тұр.

Жансебіл: Бір қайрауым жетпей жүргені рас. Бірақ оны аттың жалы, түйенің қомында сөз қылып қайтеміз. Сіз мықты болсаңыз шынын айтыңызшы, өзіңіз неге отырсыз мына вокзалдың басында? Үйімізге қонақ келді деп едіңіз ғой жаңа ғана?! Ақбике: Қонақ келгені келген. Бірақ ол жартысы ғана екен. Ендігі бір тобы келесі пойызбен келе жатыр дейді. Соларды күтіп алуға шығып едім. Жансебіл: Жеңеше, сіздің үйге қонақ келгені шындықпен үйлеспей тұр. Мана автоматтан қоңырау шалып едім, ешкім телефон тұтқасын көтермеді ғой. Ақбике: Келген қонақ телефон тұтқасын көтеруші ме еді? Бірақ, үйде Жәмилә бар еді ғой? Жансебіл: Жәмилә біздің үйге келді жаңа. Ақбике: Албасты қар, ол неғып сонша желаяқтанып кеткен? Жансебіл: Біз оны Қыраубай аға мен Несібелінің қасына отырғызып кеттік. Ақбике: Қыраубай мен Несібелінің қасына? Несібелі де қылжиып қалды ма? Сандуғаш қайда? Жансебіл: Сандуғаш та бір жаққа шықты. Қазір осы вокзалға ол да келіп қалар. Ақбике: Қарағым, мен сезіктеніп тұрмын. Сөзім үшін сөкпеші. Мен ылғи жанашырлықпен айтамын. Сені осы бір түрлі сырқат жеңіп тұрған сияқты. Жансебіл: Сырқат жеңіп тұрғанын қайдан білдіңіз? Ақбике: Қайдан білгені несі, әкем-ау? Осы айтып тұрған сөздеріңнің бәрі сөз бе? Түс көріп жатқан манаураған бірдеме сияқты. Тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей. Шылғи өтірік. Жансебіл: Қай сөзім өтірік? Ақбике: Айтайын, қай сөзіңнің өтірік екенін. Біріншіден, Несібелі менің мас болып қалған байымның қасында өлсе омалып отырмайды. Оның өз үйі бар, әрі ол адамның басын айналдыратын бірдеме иіскеп қылжимаса, арақ ішіп қылжиятын қатын емес. Екіншіден, Жәмилә қас пен көздің арасында сендердің үйлеріңе тағы бара қоюы екіталай. Мен оған қонақтардың қасында тапжылмай отыр деп бұйырғам. Жансебіл: Жеңеше, сөзіңіз аузыңызда. Бәс тігіп, такси ұстап қазір біздің үйге бара қойсақ қайтеді. Сонда көресіз, ол біздің үйде ме, жоқ па? Ақбике: Жансебіл, жеңгей боп, қатын боп бәс тігіп ойнасақ, оған басқа да, басқа уақыт та жетер. Ал Жәмиләнің қай үйде екенін осыдан барғасын-ақ анықтай жатамыз ғой. Сөзіңнен үшінші өтірік

шығарғалы тұрмын. Ол өтірігің сол, осы кеште үйіңдегі кісілерді тастап, жаңа ғана татуластыңдар, Сандуғаш қайда кете қалуы мүмкін?! Жансебіл: Оны қазір өзінен сұрайсыз. Ақбике: Жансебіл, қайт үйіңе, менің Сандуғашпен жолығып жүрер жайым жоқ. Онсыз да бір кеш сендердің әуселелеріңмен болдық. Жансебіл: Мына чемодандарыңыз не? Ақбике: Е, құдай-ай. Қазақ тиіп кетсең жармаспай жүре ме? Біздің бір таныстарымыз жол жүріп бара жатыр екен. Қарай тұрыңыз деп қасыма қалдырып кетіп еді, жоқ қой, жоғалды ғой өздері. Қарағым, сен мені тергеуге алдың ғой соншама. Не болды саған? Жансебіл: Анау отырған қара көзілдірікті еңгезердей адам біз жаққа неге қарай береді? Ақбике: Не дейді тағы? Кімді айтып тұрсың? (Бұл да сол қара көзілдірікті еңгезердей адамға бұрылып қарайды.) Мен қайдан білейін, құдай-ау. Бұл вокзалдың басында кімдер болмайды? Жаным, менің тілімді бір рет алшы. Сен біртүрлі болып тұрсың. Сырқат жеңгені анық. Әне, өткен-кеткен милиционерге де қарасың жаман. Сені осылай қарай әлдебір үрей қуып шыққан сияқты. Түрің адам шошырлықтай, сен үйіңе тез қайтшы. Үйіңе бар да өзіңе тез дәрігер шақыртшы. Мұндай аурумен ауырған адам өзінің ауру екенін білмейді дейді. Ең жаманы сол. Ішкен арағың және бар. Жаным, күнім, тез қайтшы. Жансебіл: Кейде барша адамның бәрі бір қалыптан шыққанға ұқсайды. Баяғыда мені Сарыжаздағы жындыханаға жатқызған адамдардың да сөздері осы құралпылас еді. Ақбике: Енді, адам деген адам. Бір біріне ұқсамай қайтсін. Солардың бәрі саған жау емес шығар. Тіпті осы сөзді айтып тұрған мені жау деп қалай айтасың? Жансебы. Сіз жау емессіз. Ақбике: Иә, жау емеспін. Жансебіл: Бірақ маған жаудың қылығын істеп тұрсыз. Ақбике: Міне, тағы да еліре бастадың. Апырау, екі кештің ортасында не болды? Сандуғаш үйден қалай шығып кеткеніңді білмей, өзіңді іздеп тентіреп жүрген жоқ па? Сандуғаш та үйде жоқ деп жаңа айтып едің, мүмкін сосын шығар. Жансебіл: Жеңеше, біздің үйге қайта барайық. Ақбике: Жаным, қонақтарымды қарсы алайын, үйге апарып орналастырайын, сосын келейін. Ақыр бүгін түн ұйқы жоққа ұқсайды ғой.

Жансебіл: Иә, ұйқы жоққа ұқсайды. Бірақ сіз иліксеңіз бәрін тез-
детуге болады.
Ақбике: Маған қалай илік дейсің? Менен керегі не осы саған?
Сенің диссертацияңды ұрлаған мен емеспін. Ұрлаған күнде де

ол маған сіңбес еді. Себебі мен ғылым адамы емеспін. Басқа
алашағың болса айтшы, тап осы арада өзіңмен есептесейін.
Жансебіл: Есептесе алатыныңызға күмәнім жоқ. Бірақ мен ар
тазалығын бәрінен жоғары қойған адаммын ғой.

Ақбике: Анық алашағың болса адамдық ар үшін одан келіп-кетер
ештеме жоқ. Тек былай мөлшерін, шамасын аташы.
Жансебіл: Мөлшері сол, сіз қазір менімен бірге біздің үйге ба-
расыз.

Ақбике: Апырау, қайным, мен не айтып тұрмын, сен не айтып
тұрсың. Біздің үйге қайтасыңың не? Менің қонақтарымды кім қарсы
алмақ?
Жансебіл: Жақсы онда, ағайын адамдармыз, сол қонақтарды

сізбен бірге мен де қарсы аламын.
Ақбике: (долданып, не істерін білмей). Жаным, сен былай
ақылды болшы. Жақсы, денсаулығың анау-мынауды көтермей-ақ
тұрған шығар. Бірақ сен ер-азаматсың ғой. Өзіңнен ер азаматқа

лайық бір күш-қайрат тапшы. Сен ол қонақтарды менімен бірге
қарсы алдың-ақ. Түрің, жайың мынау. Тіпті оны да былай қоялық.
Сол келген қонақтарға сені кім деп таныстырамын?
Жансебіл: (жайбарақат). Ағайын адам еді деп таныстыр-

ыңыз.
Ақбике: Ағайын адам еді деп. Келе жатқан адамдар менің ту-
ыстарым. Алыс-берісіміз өмірде үзілген емес. Біз білмейтін бұл
қандай ағайының деп бетіме былш еткізсе қайтемін. Туыстың да

туысы болады, күйеу, жезде сияқты дұшпандары және табылады.
Қартайғанда кәрі боз жорға шықты деген сөз бар. Ақшаның буы-
мен Ақбике енді желігіпті деп екеумізді әлдебір арамдықпен ша-
тастырып жүрсе, қайсысының аузына қақпақ болғандаймыз. Қой,

қарағым, бұл қылығың мүлде жараспайды. Қайт үйіңе, қайт деймін
тез.
Жансебіл: Қайтпасам не істейсіз?
Ақбике: Қайтпасаң... онда дәрігер шақыртамын.

Жансебіл: Сарыжаздағы жындыханаға жөнелттіресіз бе?
Ақбике: Қайда жөнелтетінін олар өздері біледі де.
Жансебіл: Сіз дәрігер шақыртсаңыз, мен анау жүрген
милиционерді бері жетектеп әкеле қоямын.

Ақбике: Милиционердің менде не шаруасы бар?

Жансебіл: Милиционерді ертіп әкелемін де, мынау чемодандарды аштырып, мұнда кімнің дүние-мүліктері жатқанын анықтаңыз дей саламын. Ақбике: Анықтаса қайтейін, жаңағы иелері келеді де. Бірақ елірген түрің мынау, арақ ішкенің анау, дәрігер мен милиционер біріксе өзіңді мүлдем мүрдем кетіріп жүрмесін. Маған тисуің тым қатты болып барады. Обалыңа мен қалғандай болмасам жарар. Жансебіл: Рас айтасыз, жеңгей. Біраз бет ашысып алдық-ау деймін. Одан арғыға жібермейік. Ақбике: Сөйтейік, жаным. Жансебіл: Мен де дұрысына көшейін енді. Жеңеше, мынауыңыз әурешілік. Жаңа Сандуғаш екеуміз біздің ас үйде Мансұрмен не жайында сөйлескендеріңіздің бәрін естіп тұрдық. (Ауыр үнсіздік.) Бұл деген басыңызға лайық іс емес қой. Жақсы, мен түсінемін. Кейде адамның алашапқын мінез тауып алып, өлер жерін аңдамай кететіні болады. Сөйтіп, өмірде үлкен қателіктер жібереді. Бірақ ол қателікті жөндеудің өз орны бар. Мансұрмен қашып қайда барасыз? Ел не дейді? Жұрт не дейді? Ертеңгі күн мойныңыз ырғайдай, битіңіз торғайдай болып қайтып кеп жүрсеңіз, сол ел мен жұртқа қайтіп қарайсыз? Мен ештеңе білмеген болып-ақ сізді алып қайтамын ғой деп едім. Бірақ шамам келмеді. Бетіңіз тым қатты екен. Мен әлі де ештеме білмей-ақ қояйын. Сандуғаш та ештеме білмей-ақ қойсын. Екі елі аузымызға төрт елі қақпақ қойып жүреміз деп қолымызды көкірегімізге қойып тұрып ант етейік. Қыраубай аға да ештеме білмейді, тастай болып ұйықтап жатыр. Дүние орнында тұрғанда сіз райыңыздан қайтыңыз. Үйге барайық. Бәрі жабулы қазан күйінде қалсын. Ақбике: (шошып, әрі қатты ойланып). Қайным, бір ретінде сен жеңдің. Біздің тұрпатымыз ашылып қалды. Біз жеңілдік. Бі-рақ сендер көп болса Мансұр екеуміздің бүгінгі сөзімізді ғана естідіңдер. Басқа жағынан хабарсызсыңдар ғой. Бұл сорымызға орай көп себептің тоғысып кеп тудырған салдары болғалы тұр. Әрісін айтсам ұзаққа кетеді. Сенің басыңды шатып қайтейін. (Жылап.) Бұл қылығымыз жөнінде бір күн ғана ойланғанымыз жоқ. Қазан да бір күн ғана қайнаған жоқ. Пісуі әбден жеткен нәрсе, сосын да тәуекел еткен едік. Сенің аңғалақтап мұнда жеткеніңді көргенде-ақ сезіктенген едім. Өмірдің бір кілт бұрылысында тұрған шағым бар. Сен соның куәгерісің. Жігіт адам болсаң сен де бір илікші, орындашы менің бір өтінішімді. Жансебіл: Қолымнан келсе... Ақбике: Орында... Орындашы бір өтінішімді. Өтінішім сол, сен мені көрген жоқсың, мен сені көрген жоқпын. Сен ештеңе білмейсің.

Осы білмегеніңмен үйіңе қайтсаң... Басқалары өз қышуын өзі қасысын. Осы өтінішімді орындасаң, екі дүниеде де разы болып өтемін. Жансебіл: Жеңеше-ау, жер жетпегендей біздің үйден қашып шығып отырсыздар ғой. Жаңа Сандуғаш та соны айтты. Екеуміз өтірік татуласқан болып, Ақбике мең Мансұрдың қашуын біз ұйымдастырған болып шығамыз дедік. Ертеңгі күні Қыраубай аға мен Несібелі біздің кеңірдегімізді қияды. Ал басқа жұрт өлігімізге түкіреді деп ол зар жылады. Ақбике: Соншалық жұқалық етпеңдер. Бір әуселемізді көтеріп алыңдар. Бізден қайтпаса құдайдан қайтуы және де, Жансебіл, мал құлағы саңырау, қырқылжың түлкідей көзден ғайып болды демегін. Сендердің де жайларыңды білеміз. Екі туып бір қалған емеспіз. Бірақ тағдыр үйлестірген, тонның ішкі бауындай үлкен-кіші болып сан жылдар бірге сапырылыстырған, сіз-біз, шыж-быжбен өткізген жандар едік. Мана Сандуғаштың кей сөзі тұсында көкірегім қарс айрылды. Көріп, біліп жүріп те қол ұшын бере алмаппыз. Әрі соның да өтеуі болсын. Міне, мынау (сөмкесінен шүберекке ораулы бір түйіншек шығарып) кемі екі жылдарыңа азыққа жарайды. Жансебіл: Апырау, менің ең алдымен ар тазалығын ойлаған адам екенімді неге қаперіңізге алмайсыз? Ақбике: Жақын адамның өтінішін орындау арды аяққа басқанға жатпайды. Жансебіл: Неге жатпайды? Қыраубай аға мен Несібелінің алдында не деп жауап беремін? Ақбике жеңгеме ақшаға сатылдым деймін бе? Анау-мынаудан онсыз да шарадай басы шақшадай бізді тақыр мұзға қоса отырғызып кетуге айналдыңыз ғой. Ақбике: Қыраубай ағаңның ертең басын жазып беріп, біраз алдандырасың. Үйде арақ-шарап сақталатын шкафтың аузын ашып кеттім. Оны көрсе Қыраубай өзі де біраз күн дүниені ұмытады. Соны ермек қыларсыңдар. Ал Несібелі... Несібелінің жөні бөлек. Алдымен біраз шаптығар... Артынан өзі-ақ құйрығын артына қысар. Мен білетін Несібелі болса сөйтеді. Алдында жар барын көрмейді дейсің бе? Жансебіл: Сіздер қазған ұңғыл-шұңғылды барлап тауысу кандидаттық диссертация қорғағаннан оңай емес шығар. Бірақ бір нәрсенің басын ашып алайықшы. Мына бір бума ақша түгіл, қолыңыздағы сөмкеңізді, анау чемодандарды қоса тастап кетсеңіз де мен сізді тап осы түнде ешқайда жібермеймін. Не өлтіресіз, не осы тұрған бойымда аяғымнан тік көтертіп, Сарыжаздағы жындыханаға жөнелттірерсіз. Не райыңыздан

қайтып, біздің үйге ораласыз. Сіз үшін басқа жол жоқ. Мен сізсіз Қыраубай ағаның бетін көрмеймін. Ақбике: Қатып-семіп қалған қайным-ау! Мұндай табандылығыңды баяғыда кандидаттық диссертацияң көз алдыңда қолды болып жатқанда неге көрсетпегенсің? Жансебіл: Ол кезде жас едім. Аңқау, айласыз едім. Және де менің дүниеме суық қолын сұққандар үлкен топ еді. Ал қазір есейдім, сүт тісім қатайды. Ақбике: Сүт тісің қатайғанда алғаш тістегенің мен болғам екен ғой. Жансебіл: Бұл жерде кімді кім тістегелі тұр, соны ажыратып алайықшы. Ақбике: Жақсы, кінә менен. Адам деген тас емес. Тас екеш тас та қызуын жеткізсең үгіледі, жібиді. Оқ бойы жерден тіресіп тұрып алмай, былай адамша илігіп, айтқанға көнсең қайтер еді. Жансебіл: Апырау, буынсыз жерге неге пышақ ұрасыз? Ақбике: Немене, ақ жүрсем құдай маған жақ болады дейсің бе? Манағы Мансұр айтқан аңыз есіңде ме? Өмірде ақ болам деп, жұмаққа сайқал атанып барған сондағы қыздай-ақ боларсың. Жансебіл: Жеңеше, жұмаққа сіз-ақ жақсы атанып барыңызшы. Тек мынау тіршілікте басқаның отбасы, ошақ қасында ойран тудырмаңызшы. Ақбике: «Құдай адамға бермейін демейді, адамның өзі мұрын шүйіреді» деген рас екен-ау. Уысы толғалы тұрып... мұрын шүйіреді... Жансебіл: Уысым толмай-ақ қойсын. Ақбике: Енді уысым қайтіп толсын дейсің? Жансебіл: Толмай-ақ қойсын, мүлдем! Ақбике: Шіркіннің жан кештісін. Уыс толтырам деп жазған диссертацияң әне әлдекімнің жұмырына жұқ болып жүр. Жансебіл: Осыны айтып неге көз шұқи бересіз? Басымда болған бұл бір зарлы хикая. Мен жазған диссертация басқа біреудің атынан болса да ел игілігіне жарап жатса, сол да шүкір-шілік емес пе? Ақбике: Жоқ, қайным, сен бұл дүниені ойлап жүрген адам емессің. Сен жұмаққа баруды көздеген адамсың. Жансебіл: Жұмаққа... Жұмаққа кім барады? Сол жаққа ат ізін салып қайтқан адам бар ма екен? Ақбике: Ат ізін салып қайтқан ешкім жоқ. Сен үшін сөздің түйіні осы болса керек-ті. Сорабынды жаңа жаптың. Жансебіл: Сорабым не? Бұл тіршіліктің қамын жасауды сіздерден үйрену ме? Бірақ сіздер де оны дұрыстап қиюлас-

тырмапсыздар. Әйтпесе, ініне су толған тышқандай өстіп жан-
жаққа тырағайлап қашар ма едіңіздер?
Ақбике: Суға батқан тал қармайды. Қарманып ұстаған талым
осы еді, қайным, оны сен қолымнан жұлып әкеткелі тұрсың. Ұқ-шы

мені, қайтшы үйіңе?
Жансебіл: (айғайлап). Қайтпаймын!
Ақбике: (сабырлы үнмен). Қайтпасаң... мен де бір амалын
қылайын.

Жансебіл: Не, пұлдың күшімен осы қазір мені Сарыжаздағы
жындыханаға жібермекпісіз? Онда мен де соңғы көзірімді
тастайын. Жаңа Сандуғаш айтты. Ол да бұл сырды жылдар
бойы менен жасырып жүріпті. Қыраубай ағаңның қол астында

кеңсе қызметін атқарғанымда Қыраубай мен Мансұрдың талай
қылмыс іс қағаздары қолымнан өтті дейді. Егер мені Сарыжаздағы
жындыханаға жібере қалсаңыз, Сандуғаш та қарап жатпас. Ашу-
лы аңның қытығына тиме деген. Жеткен жерлеріңізде Мансұр

екеуіңізді заңның қара шоқпары желкелеріңізден ұрып, қайтсе де
құлатып түсіруге жарайды.
Сандуғаш жүгіріп келеді.
Сандуғаш: Жансебіл! Ақбике тәте! Сіздер қайдасыздар, әрең

таптым ғой. Ақбике тәте, бұларыңыз не?
Мансұр шығады. Манадан бері бұлардың сөзін тыңдап тұрғаны
білінеді.
Мансұр: Ақбике, ойын бітті.

Ақбике: Не дейді құдай?!
Мансұр: Осы тобымызбен мына жүктерді үйіңе апарып тас-
таймыз да, Жансебілдікіне барамыз. Ештеңе болған жоқ, ешкім
ештемені аңғарған жоқ. Жансебіл мен Сандуғаш, жас жандары

бар, сөздерінде тұрар, тістерінен сыр шығармас дейміз.
Жансебіл мен Сандуғаш (жарыса). Шығармаймыз, шығар-
маймыз.
Жансебіл: Түу, иығымнан ауыр жүк түскендей болды ғой.

Ақбике: Басым шыр айналды, көзімнің алдын тұман басты.
Сақта, құдай.
Үшінші көрініс
Жансебілдің үйі. Қыраубай тағы ұйқыда. Ақбике, Жансебіл,

Сандуғаш кіреді.

Ақбике (Жәмиләға даусын көтеріп). Сен қыз мұнда неғып
жүрсің? Кәне бар үйге?
Жәмилә: Тәте, мен шошыдым.
Ақбике: Болды, көп сөйлеме.

Жәмилә: Тәте...
Ақбике: Мына қыз неткен заржақ еді? Бар деймін үйге! Қозғал
орныңнан! Кейін сөйлесеміз.
Несібелі: Ол қызды неге қуасыз сонша?

Ақбике: Қумай қайтейін.
Несібелі: Көзіңізге шөңге боп кірді ме?
Ақбике (сәл айбарланып). Мен ол қызды үй бақ деп қал-
дырғанмын.

Несібелі: Ол қыздың бақпайтын дүниесі, бақпайтын адамы
қалмады ғой.
Жансебіл: Алтындай жеңгелер-ау! Сіздер не айтып барасыз-
дар?

Ақбике: Аузыңнан бөлек иіс шығады ғой, Несібелі.
Несібелі: Жаңа осы Жәмиләға мыналар Қыраубай екеумізді
бақтырып кетіп еді.
Сандуғаш: Жеңешетайлар, дүниені бүлдірген осы сөз-ау.

Жансебіл екеуміз де басымыздан сөз асырмаймыз деп шатастық
емес пе?! Арты мынадай... Жеңешетайлар, сөз қумаңыздаршы.
(Ауыр күрсінеді.)
Ақбике: Бүгінгінің найзасы – сөз, қамшысы – өсек. Қайсысы-нан

қалай қорған дейсіңдер. Екі қабат сауыт кисең де тесіп өтеді.
Несібелі: Мен сізді жалаңтөс батырға балаушы едім. Сауыт
киюді де ойлайсыз ғой. Әлденеден сағыңыз сынған-ау, шамасы.
Ақбике: Батырға да жан керек. Батырдың да басы иілер күн ту-

ады. Бірақ қартайған сайын жан тәтті екен. Дүние шіркін де көзге
ыстық. Ол да ішіңді ұңғып жейді. Әттең, әттең, иә, иә, жан тәтті.
Әйтпесе бәрін өзіммен бірге өртер ем. Несібелі, сен маған садақ
кезенбе! Мен де қарусыз емеспін.

Несібелі: Сізбен майдандасып, жеңіп шыққан күнде де табатын
олжам жілігі татымайтын дүние ғой.
Сандуғаш: Жеңешетайлар, сіздер осында не үшін келіп
едіңіздер?! Онсыз да майдан болып жатқан үйді одан сайын

майданға айналдырайын деп пе едіңіздер?
Жансебіл: Соны мен де ойлап шатылып тұрмын.
Ақбике: Басынан құс ұшырмаған адамның қызы едім.
Сандуғаш: Апырау, сіздер бүйтіп күрсінесіздер. Сонда Жансебіл

екеуміз қайтпекпіз?! Етегімізді жасқа толтырып жылайық, ендеше.

Ақбике: Жоқ, жоқ, жаным. Біздікі көкіректегі ескі мұздың сатыр-
күтірі ғой. Оның өзі де жібуге жақын қалды. Сендер жыламаңдар.
Сандуғаш: Осы тілегіңіз шын болса, тынышталып отыра
қалыңыздаршы.

Ақбике: Жақсы, отырдық.
Сандуғаш (екі әйелді жайғастырып). Міне, қандай тамаша!
Жансебіл, маған көмектесші. Мына ыдыстарды қайта жуып, тағы
бір дәм...

Несібелі: Мен енді қайтайын.
Жансебіл: Жоқ, жоқ, жеңеше, сәл аялдаңызшы. Бәріміз бірігіп
жүрегімізді басайықшы. Шай ішелікші. Сандуғаш, тездетші. Иә, бо-
лысайын.

Сандуғаш пен Жансебіл ыдыс-аяқтарды алып ас үйге кетеді.
Ақбике: Несібелі, заман мынау пышағын кеңірдегіне кезеп
тұрған. Күн санап, жоқ, сағат, минут, секунд санап отырған жайы-
мыз бар. Осы бай қызғанатын уақыт па?

Несібелі: Жақсы, мен тоқтадым.
Ақбике: Тоқтамай қайда барасың?
Несібелі: Менің де жүрер жолым таусылып па?
Ақбике: Бір шаңырақтың астында, бір төсекте жатқан байыңның

қолы қан.
Несібелі: Сенің де байың сүттен ақ, судан таза емес.
Ақбике: Мен ол байдан баз кешкен адаммын.
Несібелі: Өз байыңнан баз кешіп, менің байымның қолын жуып

берейін деп пе едің?
Ақбике: Мүмкін солай да шығар. Тіпті дәл үстінен түстің десем
не дер едің? Несібелі, басыңды салқын суға малғандай былай
айналаңа сергектеніп қарашы. Мансұрға жар қосағың ретінде емес,

сан жылдың ащы-тұщысын бірге татқан жақының, балаларыңның
әкесі ретінде оның қыл ұшында тұрған өміріне аяушылық білдіруің
керек пе, жоқ па?!
Несібелі: Қыл ұшында болғанда, сіздің қолыңызда ғой. Болған

жайды заң орнына жеткізсеңіз, тескен тау асып кетерін білемін.
Бірақ ондай атты сыбағадан сіз де құр алақан қалмассыз. Сіз де ен
аулақта жүрген жан емес едіңіз ғой. Мансұр қатты күйзеліс үстінде
маған бәрін айтып берген.

Ақбике: Несібелі, сен менің жайымды есепке алма. Мен не
өлім, не өмір деп тұрған адаммын.
Несібелі: Өлім мен өмір деп екі ұдай болғанша, өмірді ғана неге
қалап алмайсыз?

Ақбике: Қалауымды кім беріп тұр? Несібелі: Сіз үшін ашық саңлау бар сияқты. Ақбике: Жоқ! Жоқ! Жоқ! Егер Қыраубай ұсталса, дүние талауға түссе, ол мен үшін өліммен тең. Қазіргі жұрт кедейлігін жасыратын, жоғын бардай, барын дардай етіп тыраштанатын ауруға ұшыраған. Олардың жүйкесін сақтап тұрған да сол деп мана айттым емес пе? Ал менің жүйкемді сақтап тұрған нәрсе – сол байлығым. Егер оның жартысы түгіл мұрты ойылып түссе, менің шарт кетерім анық. Ондайда өзіме-өзім сенбеймін. Менен артықты талап етпе. Кісі өз бойынан биік нәрседен секіре алмайды дейді ғой. Несібелі: Сонда маған неғыл дейсіз? Ақбике: Дейтінім сол, сен ештеңе білмеген бол. Мен бір оқ шығындап екі қоян атпақшы едім. Бұған дейінгі әрекетімнің аяғы аспаннан келді. Алғашқысы өз құпиям болып қалсын. Ал екіншісін өзің де сезіп тұрсың. Енді үшіншісін амалдармын. Сол үшіншісіне сенің көмегің керек. Қол ұшын бер. Қайраттан. Байың түбінде өзіңе қайтады. Оған дейінгісіне шыда. Сөйтсең, қасқыр да тоқ, қой да аман. Әрі Мансұрдың жанын сақтап қаласың. Жұрт көзінше мені қарғаған боларсың, ал оңашада дұғалығыңды беріп жүр. Ал екінші көмегің мынау – жоқ-жітігін жасыра алмай, содан жүйкесі жұқарған Сандуғаш пен Жансебіл. Бұлар өздері таза тақыр немелер екен. Тақыр жерге шөп шығушы ма еді?! Осылардың аузына қақпақ қоюға болыс. Ол қақпақты сен ғана қоя аласың. Несібелі: Сонда бұларға Мансұрды Ақбикемен өз еркіммен қашырдым деймін бе? Ақбике: Не десең о де. Сенің аузыңа сөз салатын мен емес. Несібелі (жүрек тұсын нұсқап). Ал мынау кеудемдегі бір кесек етті қайтейін. Кесіп тастауға және келмейді. Ақбике: Жүрек мәселесін бұл жерде қаперіңе алып қайтесің. «Байтал түгіл бас қайғы» деп тұрғамыз жоқ па? Несібелі: «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы» деген мақал бар. Көпе-көрнеу Мансұрды сізге жетектетіп жіберіп, қалай жер басып жүрмекпін. Онан да Мансұр қолымен істегенін мойнымен көтеріп, заң жолымен баратын жеріне бара бергені дұрыс емес пе? Мүмкін сіз де сол бағытпен барарсыз? Сіздерді сөйтіп қоссам, жарасы әлдеқайда жеңіл емес пе? Ақбике: Сен де мынау шыны-аяғы салдырлап, шаңырағы опырылып ортасына түскелі тұрған қос сорлы сияқты таза тақырланайын деген екенсің. Несібелі: Қайта біздікінен осылардың шаңырағы биік, босағасы берік пе деймін.

Ақбике: Онда бетіміз ашылды. Көрпеміз түрілді. Бұғыншақ ой-
найтын ештеңе жоқ. Қыларыңды қылып қал! (Білегін сыбанып, да-
усын қатты шығарып.) Шық майданға!
Ақбикенің даусынан Қыраубай оянып кетеді..

Қыраубай: Әй, мынау менің қатынымның даусы ма ей?!
Шырағым, сен жаңа жоқ едің ғой?
Несібелі (Ақбикеге ғана естіртіп). Жаңа сіз оянғасын алдау-
сыратып, сізді қазір келеді деп екі-үш рюмке жұтқызып, жатқызып

едім. Өз сылтауыңызды айтарсыз. Майданға сосын шығарсыз.
Қыраубай: Түсімде неше түрлі құбыжық көрдім. Маған
әлдекімдер сот құрып жатқан сияқты. (Сағатына қарап.) Түннің бір
уақыты болыпты. Біз осыған дейін неге кетпегенбіз? Сандуғаш пен

Жансебіл татуласты ма? Әй, Ақбике, сен шыныңцы айтшы, жаңа
қайда болдың?
Ақбике (күлімсіреп). Әлгі біздің үйде жатқан қыз ғой, дүрліктіріп
жүрген.

Қыраубай: Жәмилә ма? Не деп дүрліктірді ол? Апырау, ол жаңа
ешкімді дүрліктірмей-ақ жайбарақат осында отыр емес пе еді?
Ақбике: Мен соның сөзін қате түсініп... Желөкпеленіп жетті
осында. Қонақ келіп қалған екен деп, сабылып үйге барып қайттым.

Өзің болсаң мынау, жатырсың. Қасыңда бомба жарылса да ояна-
тын түрің жоқ.
Есіктің қоңырауы шылдырлайды. Жансебіл есік ашады. Мансұр
кіреді. Ас үйден қолында ыдыс-аяғы бар Сандуғаш та бергі залға

келеді.
Несібелі: Немене, жұмыста апат қатты ма екен?
Мансұр: Ойбай, айтпа.
Несібелі: Бірақ апаттан келгенге ұқсамайсың. Біреудің қорасына

түсіп, иесі атқан тұз оқ майлы бөксеңе тигендей. Жантықтың
жүрісіндей бір жүрісің бар.
Мансұр: Апырау, шаршаған адам қайбір бойын тік ұстаушы еді.
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, шанышқы тіліңді

қадамашы осы сен маған.
Қыраубай: Әркімнің жарасы өзіне ауыр. Ал мен бір түрлі халде
тұрмын. Адамның басынан бағы көшкенде есінен адасады дейді.
Мен сол есімнен адасқанға ұқсаймын.

Ақбике: Арақты көбірек іш.
Қыраубай: Әй, бұл пәлеңді бірінші рет ішіп тұрған жоқ едік қой.
Және де, Ақбике, арақ дүкенде азайғалы бұл шіркіннің дәмі кіріп
бара жатыр деп өзің емес пе ең, үсті-үстіне құйғыштаған.

Ақбике: Біреу құйғыштаса сен өңешіңнен дереу өткізе беруің
керек пе еді?!
Қыраубай: Ағайындар, жасыратын не бар? Бұл өңештен не
өтпеп еді. (Столдағы бір бөтелкеден арақ құйып ішеді.) Әй, мы-

нау су ғой.
Несібелі: Біреу су ішеді, біреу у ішеді. Су ішкен адам су аяғы
теңіз айдынында қайықпен жүзсем дейді. У ішкен адам...
Сандуғаш: Тәте, қойыңызшы.

Қыраубай: Мынау тегін емес. Мен неше түрлі жаман түстер
көріп шықтым.
Жансебіл:
Бастығырылып

жаман
ұйықтаған
шығарсыз.
Жатысыңыз жайсыз болған да.

Сандуғаш (Қыраубай ішкен бөтелкенің аузын иіскеп көріп).
Шынында мына бөтелкеде су ғой.
Ақбике: Қайдам, біз арақ деп алғанбыз.
Жансебіл: Ондай-ондай болады. Қазір арақ сататындар не

амал таппай жатыр. Кейде бөтелкенің ішіндегі арақты шприцпен
сорып алып, орнына су толтыра салады. Басқа айла-шарғылары
тағы бар.
Қыраубай: Сен солай дейсің. Ал мынау ортан беліне дейін

түскен бөтелке ғой. Мұның ішінде су екенін бұған дейін ішкендер
неге айтпаған?!
Жансебіл: Ойбай, ағасы-ау, бүгін бұл кеште бұл үйде қанша
арақ ішілді. Әлду-дәлдумен отырып су іштік пе, арақ іштік пе

аңғармай да қалған шығармыз.
Қыраубай: Жоқ, сонда да әлдене менің бүйірімді кеміріп жеп
барады. Жансебіл мен Сандуғаш, сендерге де сезігім бар. Бірақ
мен сендерге ештеңе айтпаймын. Менің ісім басқалармен болмақ.

Жансебіл: Қыраубай аға, мына кішкентай шаңырақтың астында
сізге ешбір адам жаманшылық ойлай алмайды. Сандуғаш екеуміз
оған жол бермейміз.
Сандуғаш: Әрине, аға! Сіз неден сезіктенесіз?

Қыраубай: Сезіктенбей қайтейін, бір бөтелкеде арақ, бір
бөтелкеде су. Және де осы кеште бұл үйде ішімдік сұмдық көп
ішілді дейсіңдер. Оны мен де мойындаймын. Және сендер де мой-
ындап тұрсыңдар. Сонда осы үйдегі ең босаң мен болғаным ба?

Мен мас болып жатып қаламын. Ал басқаларың қақаң қағып ша-
руа тындырып жүресіңдер. Және де бәріңнің шаруаларың тап осы
кеште қас қабаттаса қалыпты.
Жансебіл: Аға-ау, менің арақты бұрыннан көп ішпейтінімді өзіңіз

білесіз ғой. Келініңіз Сандуғаш та солай. Ал біз сыртқа шықсақ...

Қыраубай: (Жансебілдің сөзін бөліп). Жақсы, бір сылтау
келтірерлеріңе күмәнім жоқ. Ал, Ақбике, сен қайда болып келдің
осы?
Ақбике: Жаңа ғана айттым емес пе? Көпке топырақ шашқанша,

түс көріп еліріп оянған өзіңе неге қарамайсың?
Қыраубай: Әңгіме сонда, мен неге еліремін, басқалар неге
елірмейді?
Ақбике: Енді өзімдегі елірме ауру жұрттың бәріне жұқсын дей-

сің бе?
Қыраубай: Алматыдағы сауда құдайының қызы болмақ
түгіл аспандағы шын құдайдың өзінің қызы болсаң да басынды
қақ айыруға шамам жетеді. (Столдан бөтелкені қысып ұстап

Ақбикеге ұмтылады. Жансебіл мен Сандуғаш ара түседі.) Қазір
құртамын сені!
Жансебіл: Ойбай, аға, мұныңыз не?
Сандуғаш: Ағатай.

Жансебіл: Сіз де мұндай ма едіңіз?
Ақбике: Елірме ауруың бар, емдел дегеніме үш жыл болды.
Қырекең бәрін түс көріп шошығанға саяды.
Несібелі: Енді... ананы-мынаны көп ойлайтын шығар.

Сандуғаш: Бізді татуластыруға келген үлкен кісілер, сіздер
бүйтесіздер...
Жансебіл: Ал біз болсақ бағана татуластық.
Сандуғаш: Адамның жаны шошиды ғой кейбір сөздеріңізден.

Қыраубай: Сендер не десендер о деңдер, мен өзіме қарсы
орысша айтқанда бір групповой заговорды сезіп тұрмын.
Сандуғаш: Ағасы-ау, алдыңызда қос тізерлеп отырып сұ-
райын, айтыңызшы, қастық ойлайтындай күнін көре алмай жүрген

Жансебіл екеуміздің сізде қашаннан бері ұзында өші, қысқада
кегіміз болуы мүмкін еді. Иненің жасуындай залалымыз болса
арам қатайық.
Қыраубай: Не деп қарғансаң о деп қарған, қазір адамға сеніп

болмайтын заман.
Жансебіл: Сандуғаш, ұқтың ба? «Тоқал сиыр құдайдан мүйіз
сұраймын деп көзін шығарыпты» деген осы.
Сандуғаш: (қатты шошып). Аға, сіз қалай қатты құбылып бара

жатырсыз?
Несібелі: (Қыраубайға). Сіздікі бір ішкі жара-ау.
Ақбике: Сол ішкі жарасын қасимын деп өз жанын өзі ауырта-
ды да, басқаларға жолбарысша атылады деп манадан қақсап тұр

емеспін бе?

Қыраубай: Сен о баста қақсап туған адамсың. Бірақ бүгінгі
қақсауың бөлек. Ішкі жарамның аузын ашқан да сол.
Ақбике мырс етеді. Жансебіл мен Сандуғаш барған сайын қатты
шошып безектей бастайды. «Аға, аға, тәте, тәте, отырайық» дей

береді. Мансұр манадан бері маңдайын қолымен сүйеп отыр.
Қыраубай: (Мансұрға). Әй, Мансұр, тап осы кеште сен кімді
жерлеп кеп отырсың? Басыңа қара жамылып қапсың ғой.
Мансұр (мұның да жүйкесі қатты бұзылып отыр екен, шарт

ете қалады). Не дейсіз маған?
Қыраубай: Бұл да шарт жарылды. Менің арғы аталарымның
бірінде бүгінгі мен ертеңгіні іштей сезіп отыратын бір әулие адам
болыпты. Соның әулиелігі тап бүгін маған қона қалғандай. Түрлерің

жаман. Бір ой ойлап, маңдайларың тасқа тиіп қайтқанға ұқсайды.
Өтірік деңдерші осымды.
Сандуғаш: Аға, Ақбике абысынымның ренжитініндей бар екен.
Сіз қай-қайдағыны бірінен соң бірін суыртпақтай бастадыңыз

ғой.
Жансебіл: Түс көріп оянған Қыраубай аға емес, мына мен
сияқтымын. Себебі, тап қазір көз алдымда Қыраубай аға мүлдем
басқа адамға ұқсайды.

Сандуғаш: Біраз тынышталайықшы. Шай жасауға мұрсат бері-
ңіздерші.
Қыраубай: Мансұр, сен маған шатырлағанды қой. Менің
Қыраубай екенімді білесің ғой. Жөніңді айтшы, сен жаңа қайда ба-

рып келдің?
Мансұр: (әлі де жүйкесі қозып тұр). Қайын енемнің үйіне барып
құймақ жеп қайттым.
Қыраубай: Баяғыда сүйегі қурап қалған қайын енеңнің қазіргі

тұрағы осы арадан неше сағаттық жер екен.
Мансұр: Төте жолын тапсаң қас пен көздің арасында-ақ жетіп
барады екенсің ғой.
Қыраубай: Төте жолы қайсы?

Мансұр: Енді мені жол нұсқаушы етейін дедің бе?
Қыраубай: Әй, сен маған шатырламай жөніңді айт дедім ғой.
Төте жолы қайсы?
Мансұр: Ағайынның көңілін қимаймын деп адамның арына

осындайда дақ түседі екен-ау!
Қыраубай: Сен не айтып кеттің? Қайдағы ағайын, қайдағы ар?
Мансұр: Қыреке, сіз маған көп дауыс көтере бермеңіз.

Қыраубай: «Өзі болған қыз төркінін танымайды» деген.
Мынаның иек көтере қалуын қарашы. Әй, мен сенен жөн сөз сұрап
тұрмын ғой. Осы кеште қайда болдың, шыныңды айт деймін.
Мансұр: Айтпасам ше?

Жансебіл: Жұмысында апатты жағдай болып, бұл кісі сонда ба-
рып келді емес пе? Оның не шатағы бар, Қыреке?
Қыраубай: Айтпасаң!.. Онда, онда... Ана сала құлаш пышақты
өзің қайрағансың?

Мансұр: Қайрасам ше?
Қыраубай: Ажалыңа болып жүрмесін. (Сандуғаш шошып бетін
басады.)
Мансұр (мырс етіп). Ал анау столда тұрған сіркесуын сұратқан

сіз болатынсыз.
Қыраубай: Әй, сен не дейсің? Қалай-қалай сайрайсың?
Мансұр: Енді, адам өзіне пышақ кезенген адамға не деп сайра-
ушы еді?

Қыраубай: Сен маған иық көрсете бастадың ғой?
Мансұр: Иық көрсеткен де, пышақ кезенген де мына сізсіз. Мен
ондайдан аулақпын. Менің бар жазығым сіз қойған сұраққа жауап
бердім.

Қыраубай: Менің қай сұрағыма жауап беріп, айызымды қан-
дырып тұрсың?
Мансұр: Апырау енді, қайыненемнің қазіргі тұрағына төте жол-
ды нұсқашы деп жан алардай сұрап тұрған өзіңіз емессіз бе? Осы

сұрағыңызға жауап бердім, білгіңіз келсе.
Қыраубай: Сонда мына сіркесуын ұрттасам менің қайын енем,
бәріміздің ата-бабамыз жатқан мекенге жел қайыққа мінгендей
жетіп барасың дейсің ғой.

Мансұр: Әлбетте.
Қыраубай: һм... Шіркіннің жауабының тап-тұйнақтайын қарашы.
Бірақ мен сенен барар жолды ғана сұрағам жоқ, қайтар жолды да
сұрадым ғой. Сонда біржола қалсам деген емеурін танытқан жоқ

сияқты едім ғой.
Мансұр: Міне, тап осы жерде сіз қателік жіберіп тұрсыз.
Қыраубай: Қандай қателік?
Мансұр: Қайыненеме салып ұрып бардым-ау. Оным қуанышты-

ақ еді. Ал енді кері қайтқаныма қатты өкіндім.
Қыраубай: Неге өкіндің? О дүниеде жақсылық тұнып тұр ма
екен? Жұмақ па екен қайыненеңнің барған жері?
Мансұр: Әңгіме жұмақта емес. Мына біздің еліміздегідей өзгеріс,

нарықтық экономика о дүниеде де басталған екен.

Несібелі: Алла-ай, не дейсіңдер?! Сандуғаш: Менің басым айналып барады, жеңеше. Жансебіл: Сандуғаш жаным, сәл мықты болшы. Қыраубай: Ондағы нарықтық экономиканың мәні қалай екен? Мансұр: Мәні сол біздегі нарықтық экономикаға қарама-қарсы нәрсе сияқты. Қыраубай: Онысы қалай сонда? Мансұр: О дүниеге барғанда қолдарына күрзі ұстаған мүңкірнәңкір сұрақшылар қарсы алады деуші еді ғой. Ондағы өзгерістің мәні сол, осы мүңкір-нәңкір сұрақшылардың бұрынғыдай емес, қаһары қайтыпты. Олар бұрынғыдай күрзімен төбеңнен ұрмайды екен. Мықтағанда жағыңнан шапалақпен тартып жіберетін көрінеді. Қыраубай: Шын айтасың ба ей? Мансұр: Өтірік айтатындай менің не жаныма зор келіпті. Ал мына дүниедегі мүңкір-нәңкір сұрақшылар керісінше қатайып кетті емес пе? Олар бұрынғыдай сөгіс жарияламайды, шапалақпен де тартпайды. Міне, сол мүңкір-нәңкір сұрақшылар сіз екеумізді күтіп тұр емес пе, құрметті менің ағайым Қыреке. Қайын енемнің қасынан кері оралғаныма сосын да қатты өкіндім. Қайтар жолды неге керек қыласыз деп сізге ашуланғаным да содан. Қыраубай: Мына сөздерің қараңғы көрден суық соққандай ғой. Қай-қайдағыны айтып кеттің ғой. Мансұр: Біздің әкелеріміз екі дүниенің қызығын көрген деп әлдекімдер хақында айтып отырушы еді. Біз осы дүниенің қызығын бір адамдай көрдік, енді оның сұрақшысына кезікпей тұрғанда о дүниеге қарай зып берсек дегенім ғой. Онда жұмақтан басқа дәнеме жоқ көрінеді. Көк мауыты кигендей бір көркем дүние. Хор қыздарын көргенде талып түсесің. Айтпақшы, әлгі “қияметтің қыл көпірі” деген бар ғой. Ол жаққа талай білгір инженерлер кетті емес пе? Олар да қарап жатпапты. Қыл көпірді екі отар қой, он машина айдап өтсең еркін сыятын тас көпір етіп қайта салыпты. Біз онда барсақ тек жұмаққа тап болатынымыз даусыз. Қыраубай: Жұмаққа кім барады? Мына сен бе? Мансұр: Мен болсам ше?.. Қыраубай: Сен жұмаққа барсаң, онда құдайдың да көзін шел басқан екен. Мансұр: Сіз неге мені ғана нысанаға ала бересіз? Мен көптің қамын жеп тұр емеспін бе? Несібелі: Мана өзің айтқан аңыздағы ақылды да әдемі қыз бұл дүниеде сүттен ақ, судан таза жүріп-ақ жұмаққа жаман атпен барыпты, ал сіздер жұмаққа барсаңыздар қайбір жақсы атпен барамын деп тұрсыздар.

Мансұр: Ол қыздың оқиғасы тоқырау заманында болған. (Сәл бөгеліп.) Қазір өлген адамдардың қайсысы жақсы атанып жатыр. Қыраубай: Жақсы, мен сені сол жұмаққа төте жолмен қазірақ аттандырып жіберейін. (Столдан пышақты алып, Мансұрға ұмтылады. Мансұр айнала қашып столдан сіркесуын алып, оны Қыраубайға ұсынған болады. Ақбикеден басқаның бәрі ара түсіп шыр-пыр болады.) Мансұр: Қыреке, жол сіздікі. Қыраубай: Жоқ, сенікі. Мансұр: Сіздің жасыңыз үлкен. Қыраубай: Жоқ, сен аға баласысың. Сенің жолың үлкен. Мансұр: Мойныңызға біреудің қанын жүктеп қайтесіз. Ақыр баратын жеріңіз, мына сіркесуынан бір татсаңыз... Одан артық жұмақтың төте жолы жоқ. Қыраубай: Мен саған інім болсаң да құрмет көрсеткелі тұр емеспін бе? Мансұр: Апырау, ініге құрмет көрсетем деп сол інінің құрметін аяққа басу қай шариғатқа сыяды екен?! Қыраубай: Сені жол бастайтын інім деп ел алдында айбар көруші ем. Сол сөзімді бір ақтасаңшы еңғұрмаса. Мансұр: Сіз тұрғанда жолды қалай бастамақпын? Көзім тірісінде сен сөйттің деп тағы жазғырсаңыз қайтем. Өзіңіз жол салып берсеңіз бір сәрі. Қыраубай: Жол бастайтын аттың жүрістісі, жігіттің сүйіктісі. Қай қиынға салсам да мыңқ етпейтін мықтым, сүйіктім, сүйектім өзің емес пе едің? Неден сырғақтап, тайсақтап қолды-аяққа тұрмай кеттің? Мансұр: Неше жерден жасым кіші болғанмен, сізден мықты болған жерім жоқ. Бүгінгінің мұз жарғыш атом кемесі өзіңіз емессіз бе? Бізге сіз салған жолмен жүрсек те жарайды. «Арыстан қартайғанда тышқан аулайды» дейді. Сіз қартаяйын деген екенсіз. Қас пен көздің арасындай төте жолмен бірінші болып аттап түсуден жасқанасыз. Қыраубай: Сол төте жолды саған сыйладым. (Ұмтылады.) Манадан сахна айналып, аңдысып жүрген екеудің арасына түскендер қоса айналып, ақыры Қыраубайдың осы соңғы сөзінің тұсында Сандуғаш қатты айқайлап, жылап отыра кетеді. Сандуғаш (зарлы дауыспен). Бұл құдайдың алдында менің не жазығым болып еді? Онсыз да шақшадай басым шарадай болып жүрген сорлы мына сұмдыққа тағы қалдым. Бір шыны-аяқ салдыр-

лап еді, мынадай ойран келді. Құдай-ау, мен сенен осындай ойран
сұрап па едім? Жығылғанға жұдырық деген не сұмдық? Ағалар-ау,
сүйікті ағалар-ау, ақыр мен үшін бұл дүние-де жақсылық жоқ екен.
Сол жұмақтың төте жолымен мені-ақ аттандырып жіберіңіздерші.

Барайын. Мансұр аға, әкеліңіз қолыңыздағыны, сіркесуды. Мен-ақ
ұрттап салайын.
Жансебіл: (жанұшырып). Сандуғаш, жаным...
Қыраубай (бұл да ара түсіп). Жоқ, жаным. Сен өйтпе.

Сандуғаш: Мен үшін тап қазір басқа жол жоқ сияқты.
Қыраубай: Біздікі жәй бір қызбалықтан туған нәрсе ғой. Қойдық,
қойдық. Сендерді татуластырамыз деп келіп, арты мынадайға
ұласып кетті.

Сандуғаш (әлі де жылап). Сенбеймін сөздеріңізге. Сіздер бізге
ешқандай татулық ойлап келген жоқсыздар. Құдай-ай, неге мені
осынша зарлатып қойдың... Жоқтықтан бір зарласам, ағайын-
туғаннан, аға деп пір тұтқандардан тағы зарладым. Көпсінгенің осы

тірлік болса, алшы мені, құдай, алшы мені осы аға-жеңгелердің ал-
дында. Бақыл болысайық, араздаспай айрылысайық.
Несібелі (Сандуғаштың басын сүйеп). Сәл сабыр етші.
Сандуғаш: Неге құдай соншама әділетсізсің. Біреуді шексіз гүл-

гүл жайнатасың да, екінші біреудің жүзін өмірбақи қара түн етіп
қоясың. Не жазығым бар еді, айтып өлтірсең болмай ма?
Қыраубай: Өлікке дауыс айтқандай болмашы. Біз тіріміз
ғой. Құдай атты, қайтейін. Кешір, жаным, кешір. (Сандуғаштың

маңдайынан сипайды.) Әй, Мансұр, сен де бірдеме десеңші.
Мансұр: Мен бірдеме демейін деп тұрмын ба? Кешір, жаным.
(Бұл да Сандуғаштың қасына тізе бүгеді.)
Сандуғаш: Құдай-ай, не болып кетті бұл дүние?

Қыраубай: Екі дүниенің де мүңкір-нәңкір сұрақшылары алды-
мызда. Амал нешік? Қолмен істегенді мойынмен көтереміз. Бәрібір
өлмейік. Тірлік жақсы.
Несібелі: Дұрыс айтасыз, тірлік жақсы.

Қыраубай: «Мың күнгі жұмақтан бір күнгі жарық дүние артық»
деп атам қазақ айтқан.
Жансебіл: Өстіп жөнге келсеңіздерші, ағалар-ау. Сандуғаш,
тұршы орныңнан. (Сандуғаш тұрады. Басы-көзін жөнге келтіре

бастайды.)
Ақбике: Жансебіл, бір музыка қойшы. Үндінің музыкасын.
(Жансебіл музыка қояды.) Маған керегі де осы еді. Сұрағанымды
дәл таптың. (Көйлегінің алдыңғы өңірін жалаңаштап, үндінің

қайғылы биін билейді.)

Қыраубай: Мына биің не? Ақбике (билеп жүріп). Саған қолғабысымды тигізейін дегенім ғой. Қыраубай: Қандай қолғабыс? Ақбике: Жаңа өзің айттың емес пе? Екі дүниенің бірдей мүңкірнәңкір сұрақшылары алдымда тұр деп. Қыраубай: Ал, тұрсын-ақ. Сол сұрақшылар осы музыкамен билей ме екен? Ақбике: Неге түсінбейсің? Бұл өлім биі. Қыраубай: Енді сен де маған өлім тіледің бе? Ақбике: Жоқ, керісінше. Өлімнен қашқан Қорқыт бабаңның не істегенін есіңе түсірейін дегенім ғой. Қыраубай: Қорқыт бабам өлімнен құтылмақ саңлауды өнерден, күйден тапқанын білемін. Ал мынауыңның сондай бір бой жасырар, ашып кірер есігін таппай тұрмын-ау. Ақбикенің биі ұзаққа созылады. Бәрі үнсіз қызықтайды. Музыка, би тоқтаған кезде есіктің қоңырауы шылдырлайды. Жансебіл есік ашады. Жәмилә жүгіріп кіреді. Жәмилә (Ақбикеге қарап жанұшыра шошына сөйлейді). Тәте, тәте! Ақбике: Не боп қалды, қуартқан құдай! Жәмилә: Тәте, тәте! (Одан арыға шамасы келмей талып, құлай жаздайды.) Бір қара көзілдірік киген, түрі жаман еңгезердей кісіні екі милиционер үйге алып келді. Сол еңгезердей кісі ұры дейді. Сол кісіден сіздің үйдің біраз дүниесі шығыпты. Анықтаймыз, сіздерді тез жетсін дейді. Ақбике (бұл да талып түсе жаздап). Ол еңгезердей адам ұры емес. Менімен қызметтес неме ғой. Өзі көлденең табысқа құмар екен. Мен оған өзім көтере алмайтын біраз дүниені химиялық тазартуға өткіз, біраз дүниені барахолкаға апарып сатып кел деп беріп едім. Енді ол неме милицияның назарына ілігіп қалған екен ғой. Құдай-ай, еріншектігім ұстап, жоқ жерде миды шатастыратын тағы бір пәлені іліктіріп алдым ба? Кетейік, ойбай, кетейік. Мұнда отырғанымыз жетер. Милиция деген пәле ғой. (Даусы қатты шығып кетеді.) Шықпа, жаным, шықпа! Қыраубай: Жан даусың шықты ғой. Әттең, бұрауы қатты кер заман-ай. (Ашулана столда жатқан пышаққа қарап.) Мансұрды емес, сені өлтіргенім дұрыс-ау. Сандуғаш (әбден жүйкесі жұқарған бұл айғайлап жібереді.). Тоқтатыңыздар! Бәрілеріңізді ұстап беремін мен!

Қыраубай (шошына). Сандуғаш! Ақбике: Шықпа, жаным, шықпа! Қыраубай (саябырсып). Әй, зарлама! Дүниені әрі-бері сапырылыстырып жүретін ескі ауруыңнан арылмай-ақ келесің. Шыда енді. Қолмен істегенді мойынмен көтереміз деп бәріміз де отырмыз ғой. (Жансебіл мен Сандуғашқа.) Ал, біз кетейік. Ағат сөзімізді кешіріңдер. Бұл үйде қайтып шыны-аяқ сылдырламасын. Татулық, тек қана татулық! Мансұр: Татулық! Бәрі кетеді. Жансебіл мен Сандуғаш бұл кештің оқиғасына өздері сенбегендей екі жерде шоқиып тұрып қалады. Сосын көрермендерге қарап қатарласа жерге отыра кетеді. Күлгендері, не жылағандары белгісіз, иықтары селкілдейді. Ақыры бірін-бірі құшақтап ұзақ сүйіседі. Сол кезде жаңағы кеткен кісілердің бәрі қайта кіреді. Түрлері кісі өлтіретіндей суық. Мансұр тіпті пиджагін шеше бастайды. Қыраубай да әлдебір жаман іске әзірленгендей әрекет жасайды. Ақбике мен Несібеліде де сондай түр, кескін бар. Бұрынғы мінез-құлықтан біржола айрылғандай. Жансебіл мен Сандуғаш төбелерінен төнген қара қылыштан жасқанғандай, оларға жаман шошына қарайды. Сандуғаш: Жансебіл, жаным. Жансебіл: Не дейсің? Сандуғаш: Осы заманның Еңлік-Кебегі біз болдық-ау! Қыраубай: Еңлік-Кебек! (Осыны айтады да, қарқ-қарқ күледі. Даусы үңгірдегі аюдың даусынан жаман.) Ш ы м ы л д ы қ. 1987-жыл.

МАЗМҰНЫ Бақ пен сор (повесть)........................................................................3 Тұяғынан от ұшқан (әңгіме)...........................................................134 Асылдың сынығы (әңгіме)..............................................................155 Қасқыр тірлік (әңгіме).....................................................................186 Тірлікте сыйласпаған ағайын (пьеса)............................................217 Жұмақтың төте жолы (пьеса).........................................................264

Ұзақбай Доспанбетов

Повесть, әңгімелер, пьесалар
Редакторы Б. Байғұл
Техникалық редакторы А. Тлеукеева
Компьютерде беттеген Л. Садықова

Басуға қол қойылды 14.07.2014 ж.
Қаріп түрі «Аrіal». Офсетті басылым.
Пішімі 60х90/16. Шартты баспа табағы 20.
Таралымы 2000 дана. Тапсырыс №

«Сөздік-Словарь» ЖШС, Қазақстан Республикасы
Алматы қ-сы, Жандосов көшесі, 7-11.
Тел.: +7 (727) 274 59 23
E-maіl: sozdіk@maіl.ru

Тапсырыс берушінің файлдарынан Қазақстан Республикасы
«Полиграфкомбинат» ЖШС-нде басылды.
050002, Алматы қаласы, М. Мақатаев көшесі, 41.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙