Құлагер
Ілияс Жансүгіров
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақ поэзиясының асқар шыңы. Ақан серінің жансерігі – жүйрік Құлагердің қапыда мерт болуы арқылы қазақ өнері мен дала тағдырының қасіретін терең толғаған ұлы поэма.
ПОЭМА
Тасқында, тау суындай көңіл жыры,
Қазақтың сусындасын ойы-қыры.
Бастырмай шөпке-шарға тоқтап құры.
Жүйріктей бабындағы жүгір, міні;
Орай шап алдын, артын жиын жұрттың,
Жыр қыла бүгінгіні, бұрынғыны.
Көңілдің көп тұрғанда күнді алғысы.
Қашанда қала берер ұяң кісі.
Таланып жаудан, жұттан жеткені осы.
Бақыттың жайлауына қонған тұсы.
Жүйріктің жұрт қуантқан жақынысың,
Баласын бақытты елге, түс майданға,
Халқыңның қайратысың, ақылысың.
Өткір ой, сазгер сезім батырысың.
Өлеңнің өзені бір сапырылсын.
Суындай Алатаудың сылдырасын,
Сөздердің асыл, көркем тасын қала,
Ұйқасы өлеңімнің сыңғырласын.
Сондықтан сұлу сөзді жыр қыласың.
Я көрсін, я көрмесін тұрғыласым.
Секілді тыз етпеге қақпай күйбік,
Көсіліп өресі ұзақ поэмаға,
Жай тастап, кең құлаштап, желдей жүйткіп.
Десе де «Ақынымыз кетті жидіп»;
Тастай бер ортасына өз сөзіңді,
Ұлы ұрпақ, осы күні көпте билік.
Жұртымның жүйрігінің дүлділімін.
Жүлде алар жұма сайын туды күнім.
Шыным сол, правом бұл, заңды мұным.
Жетпей ме, жер жүзіне жаңғырығым?
Бақ туын тұрғанда ұстап бүгін қазақ,
Көңілі судай тасып, оттай маздап.
Көрінер кейде қорлық, кейде мазақ.
Ескіге ендігі елдің кегін қозғап,
Ескі күн - елдің жылап өткен күні,
Ескі ән, күй сондықтан қалған боздап.
Бұлақтың тазалауға тінтіп көзін.
Құлақты қырға түріп жүрген кезім.
Салатын дүкеніме бар мінезім.
Ал жұртым, керегіңе тұрса сөзім.
Сыншыдан сақта құдай сортан тұздай.
Елімнің ескісінен сөз айтқызбай.
Заманның отырғам жоқ ,салтын бұзбай,
Асылын арамынан аршып алдым,
Қашаннан қазынаға халқымыз бай.
Мен өзім тауда туып, тасында өстім,
Жасымнан мұз төсеніп, қарды кештім,
Асқарда Аршалыға қозы жайып,
Бұлттың аспандағы қасында өстім.
Ақ гауһар Ақгастының тасында өстім.
Құздардың құламалы астында өстім.
Тасы жоқ , таусыз жерді жерсінбеген.
Аңқылдап жел соққандай ән мен күйден.
Гималай, Кавказ, Жөңке, Алтай, Алай.
Жырлатпай жүрегімнен жатсын қалай?
Таудағы тасқындаған ағын судай,
Өлеңім басталады таудан ұдай.
Айтылмай қалған екен тау мынадай:
Көк орман, көркем тоғай маужыраған,
Сұлудың кезіндей көл жаудырған.
Төгіліп көл жиекке саудыраған.
Көк жібек жапырағы жалбыраған.
Бал бұлақ таудан, тастан орғылаған.
Талайы осы таудың бізге біткен.
Айтамын Көкшетауды даңқы кеткен:
Оқжетпес оқшырайып өрлеп кеткен,
Кеудесін керіп көкке сермеп кеткен.
Тәртіппен көлді айнала сәндеп шөккен.
Қаһарлы Хантәңірі емес қар бекіткен,
Алтайдай асу бермес асқар емес,
Жөңкедей жолсыз емес құж-құж біткен.
Бір сұлу кең далада бойын күткен.
Шипа тау тазартатын барлық дерттен.
Қыз орман Бурабайдың мөлдірлері.
Түрленген тотықұстай тау көркемі.
Зулаған дүлдүліндей жүйріктері.
Қонысы Абылайдың бір күндегі.
Қазақтың әсем жері Арқасында.
Сырымбет, Зеренді, Иман, Айыртаулар
Арқаның тізілгендей алқасына.
Ауылдай таулар отыр жарасымда.
Оранған орманды тау ағашына.
Көлдердің кең мөлдірі тап осында.
Айдыны ала шұбар, құс қиқулар.
Ауыл, мал, масаты көл жағасында. «Ауылы Сырымбеттің саласында.
Ақ сұңқар ғашық болып баласына».
Тұр таулар ән шырқалған арасында.
Дүниеден аулақтанған дабыр-дүбір.
Бір қу бас шал үстінде ілулі тұр.
Бұл өзі ән күңірентіп айтады жыр».-
Осылай ертегі қып кетуінде
Елдің де ескі ауызында жоқ па екен сыр?
Осы шал ұқтырғандай көп әңгіме.
Байбайлап салған әнін «Құлагерге».
Жайылған әні, сөзі жалпақ елге.
Сорлының сүйреген ел басын терге.
Сондықтан «Құлагерді» бәрі айтады.
Ерінді ел қиялы дардайтады.
«Серінің серігі еді» деп айтады.
Тегінде мал көрмесе, неге айтады.
Ол заман - ерге тұсау, зорға думан.
Семірген жұрт қанына нелер жуан.
Бүйі би - билеп-төстеп сұрап тұрған.
Жүз-жүз жар теңін таппай жылап тұрған.
Әупілдек батыр шыққан әр рудан.
Қара нар, қалы кілем бітім қылған.
Қорқауды қол табылмай тұмсыққа ұрған.
Албасты әлсіз жанды тұншықтырған.
Қалада қара жүрек қаһарланған.
Ұнайды өмірімен Ақан маған.
Құл мен күң қожасынан аса алмаған.
Жыландай ысқырынған заһар заман.
Қайткенмен бір жұмбақ сыр бар Ақанда.
Жалғыз боп жанаса алмай барлық жанға.
Ескеріп енді ойлансақ тегін жан ба?
Қыңыр жан қырық кісімен қырпышақ боп,
Ел таппай өте берген неге арманда?
Шемеңдеп дерті кеткен ашылмастай.
Тасталып танылмаған асыл тастай?
Бай басып, батыр әлде жасқаған ба,
Би тауып, шерін шындап ашпаған ба?
Ұядан садағалап тастаған ба?
Таба алмай тыныштықты туған елде,
Кете алмай біржолата бөтен жерге,
Төсеген талай ерлер оққа кеуде.
Аз ба екен оққа ұшқандар дуэльдерде?
Өлімді жан қорлықтан жақсы көрген
He дейміз Лермонтов пен Пушкиндерге?
Кім еді ел талантын тыққан жерге?
Қыз емес, қара күш пен қаңқу сөздер
Ертерек ер жүрегін көмген көрге!
Сұм заман өткір жанды қор қып баққан.
Ысқырып жылан өмір жанын шаққан.
Кісі ме ед ақындықтан құралақан?
Ортасын олқы көрген бұл да дара,
Имеген иттерге бас сері, дарқан.
Жетпестен қиылатын ер желкесі.
Түскен бе Көкшетауға көлеңкесі?
Қайт болып қара күштен меселдесі,
Халықтың қайғыда өткен нешен досы.
Қара күш, қаңқу сөздер - кеселді осы.
Бұл да бір емес пе екен елдің ері?
Өз ұлы, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді?
Өскені Көкшетаудың шалғын жері,
Ащы тіл, асау мінез қылығынан
Атанып кетпеді ме «Азғын». «Пері»?
Арқаның атақтысы Ақан сері.
Бұлаңдап тақымында Құлагері.
Көкшеге қыс ақ күміс шапқандайын.
Көк айна - көлі қыста қатқандайын.
Төселген жазда кілем мақпалдайын.
Былайша әңгімелер Ақан жайын:
Ақан
Бурабай бір таза жер «пері» жүрген...
Онда жоқ жын мен сайтан өріп жүрген.
Ақан ғой анда-санда келіп жүрген.
Су ішіп, тауда шие теріп жүрген.
Көң-қоқыр, былапыттан жеріп жүрген.
Талпынып Көкшетауға анасындай.
Арқаның бір сиқырлы айнасындай.
Қып-қызыл қайың - қыздың баласындай.
Көзінің Көкше көлі шарасындай.
Ұры емес, ауыл торып, ел шулатқан.
Нәжісін дүниенің бойға жаққан.
Жалшы емес және байдың отын жаққан.
Дау қуып, арыз айтып, биге шаққан.
Өзін ел құрмет қылған көрген жерден.
Сал сүрей, саңлақ мініп, сұлу сүйген.
Өмірді өткізген жан өз ырқымен.
Қызықтап жігіт ойын, қыз күлкімен.
Көп сұлу көзін сүзген күнді өткізген.
Армансыз қаздай қалқып, қудай жүзген.
Өмірде әлсіздігін әбден сезген.
Жабырқап, жапан түзді жалғыз кезген.
Болған жоқ бір пендеге тию деген.
Арманы-ақ сұлулықты сүю деген.
Бой тартып ел ішінен жиіркенген,
Безінген біржолата тағы болып,
Аулақтап әсем тауда жүруменен.
Тапқан ол тыныштықты таза таудан.
Жақсы жер жұмбақ жанын аялаған.
Тау мен тас жеке жанға болған қорған.
Сері үшін құс, көбелек қылған думан.
Жапырақ секілденген таза төсек.
Кір өмір, тікен тұрмыс, улы өсек.
Әсем тау оған құбыла, Меккеге есеп.
Кітап боп көңілін ашқан гүл-бәйшешек.
Алғыр ой, ақын, әнші - көп тоқыған.
Бұл емес, бөлек еді көп сопыдан.
He тапсын білгенімен көр соқырдан.
Мешіт қып мекен алған көк шоқыдан.
Жерінен патша қуған, қала отырған.
Жойқын жұт - сұрапылда малын қырған.
Арыздан борыш басып, қарыз қуған.
Ақан да жанның бірі жаны ауырған.
Сол үшін ауыл-аймақ, безген үйден.
Ала алмай ақырында жаны күйген.
Тартқан ол тауқыметті болыс, биден.
Бар ма деп жолдастарым жазып жүрген.
Кеңесіп келісе алмай қалың елмен.
Ол өзін жазалаған алдыменен...
Тіршілік болса тағы айтып берем.
Тек бүгін тарқасалық «Құлагермен».
Қылады оны әулие әлде не деп.
Неліктен? Тарихшылар табар себеп.
Сөздерін, әнін жаттап, тергенім жоқ.
Адамдар айтпас мұны өтірік деп.
Көліндей Көкшетаудың жан қалқасы,
Сол ма екен елден айдап ән салдырған,
Жүрегін күнде шауып қыз балтасы.
Қайғымен өртеді ме қыз-қалқасы?
Жұрттан ба, жарынан ба жанын қинап,
Серіні сыйғызбаған ел ортасы?
Жалғыз жан жапан-түзге кеткен ақтап.
Арамнан, айналадан, кірден сақтап.
«Асылым, Ақмарқам» деп атын жаттап.
Орманға, құсқа, тасқа қызды мақтап.
Күңірентіп әніменен кең аймақты,
Түлкі үшін тасқа түскен қыран құстай
Болған соң кетті ме екен жаны запы?
Телміріп таста отырып жазған хаты.
Онысы астындағы жалғыз аты.
Мекендеп жүрген дейді көлдің қасын,
Айтады осылайша айтушылар,
Кім білсін, әлде өтірік, әлде расын...
Демейміз елге Ақанды сөз қылмасын.
Осынан бастамақшы ек сөздің басын.
Қызықсыз қысыр сөзге кім айналсын.
Шығарып, сері салтаң кете барсын.
Деп біраз жалын шығып, шер тарқасын.
Серіңіз серпіп көкке ән шырқасын.
Көделер ақ үкісін үлпілдетсін.
Құлагер көк шалғынды күртілдетсін.
Ыстықта көлеңкелеп сая жайға.
Шомылып жүре берсін Бурабайға.
Бейшара жүре берсін Бурабайда.
Нағылсын, бір мақсымды қудалай ма?
Ac
Басталды әңгіменің былай басы,
Болды оған жетпіс, сексен жыл шамасы.
Керейде Сағынайдың болыпты асы.
Қалтырап жынданғандай қолы, басы.
Тоқпақтай тоқсан төртке жетіп жасы.
Кім білсін, қай жыл өтті, өлді қай күн?
Малы мол, малайы көп, қатыны көп,
Әйтеуір болуы анық бірі байдың.
Өзі - нән болса керек, руы - айдын.
Болғанын әлдеқандай сұмырайдың.
Болыпты Керейдің бір бұлдысы өзі.
Айтқанда Керейлерше «Дәудің өзі».
Ата ұлы, арыстандай кер ауызды.
Жуан ит сүйек бермес, жалмауызы.
Жетіпті Сағынайдың жылы жылжи.
Сол жылы Арқа елінде болып ед күй.
Қатарлап қаладайын үйлерді ылғи.
Көше боп көк майсаға тігілген үй.
Хат алған неше дуан, болыс пен би.
Жаратып келіп жатқан дәмелі атын.
Жалпақ, жұрт түгел естіп жатты даңқын.
Бұл астан қалдырған жоқ қазақ атын.
Саудагер қалдырған жоқ тағалы атын.
Ағылды алуан жүйрік қосылғалы.
Ac емес, шегірткенің жосылғаны.
Кереку, Баян, Семей, Торғай - бәрі.
Арқаға аунап шөкті Қаратауы.
Әр жерде ауыр қотан, алқалады.
Асын жеп, атын шауып тарқағалы.
Қызыл көз, саба құрсақ - семіздері,
Жерлерден жарты ай жүріп келгендер бар,
Келіпті пәленше де дегізгелі.
Жын қуды астың етін жегізгелі.
Лақылдап Балқаш, Арал теңіздері.
Түсіріп, дүрілдеп жүр табақ тартып.
Қалың ат ер-тұрманы етіп жалт-жұлт.
Сойылды талай мертік, талай шартық.
Мал сойып, табақ тартып, сорпа қалқып.
Қоңыр жаз самал соққан күн жылмая.
Су беріп бал бұлақтан, кілем жая.
Дамылсыз дастарқанды жүрген жая
Жігіттер тынымы жоқ, табақ тасып,
Болғансып терлеп-тепшіп, бая-шая.
Шалдар да былыш-былыш қақырынған.
Сары қымыз салқын үйде сапырылған.
Толықсып, желді күндей жапырылған.
Ақсақал ат әкелген ата ұлынан.
Біреуді білмесе де нән деседі -
Шіреніп насыбайды атуынан.
Бір үйде ет тартылмай қаққан жалақ.
Боқтасып бір үй жатыр жерді сабап.
Бір үйді қырғыз алды - Шабдан манап,
Оязы Қараөткелдің Измаилов
Бір үйде ләйліп отыр ішіп арақ.
Тыншымай мамағашта тұр қарғылап.
Алынған француздан аңғарылып.
Жан-жақтан келіп жатыр не желді аяқ.
Топырлап қонып жатыр үйге тарап.
Ауызы еттен, майдан дамыл таппай,
Сүртініп сорпа терін жеңіменен,
Ұзын күн істеп отыр қарнын қаптай.
Қыздар да пісіп отыр, қауыншақтай,
Ақ тамақ, алма бетті арулар жүр,
Қыдыржан бақалшылар сабыншықтай.
Күңіреніп кейде, бірде ыңылдаған.
Қыңсылап, сыңсығандай күй жылаған.
Қыр күйі құлдыраған, бұлдыраған,
Қос ішек «Қосбасарды» сылқылдатып,
Жүректі жұлып жеуге күй жынданған.
Кедейге сонда ырза емес бай антұрған.
Аңсаған ас етіне қойшы қырдан.
Молда отыр ысқырынып оқып құран;
Атты арбап, атан жұтып жатыр молда,
Құранмен жем түсіріп жуан-жуан.
Бір үйде бір дарақы құс мақтаған.
Саудагер мата сатқан сөз қатып тұр.
Қылжақтап бір тоқалға тұштақтаған.
Сөз сатып, тиын тілеп елді ақтаған.
Бір қора қайыршылар жүр қаптаған.
Бала ақын cap масадай жатыр шағып,
Екі жақ ереуілдеп көрісіп тұр,
Даттасып бірін-бірі атып, қағып.
Ақтаған ат үстінен сияқтанып,
Жаршылар жағы сембей зар қағып жүр,
Жұрт жатыр әр хабардан құлақтанып.
Күн батса жан бермейді тіреп иін.
Қыл сақал, қымыз сасып, қолпаң киім.
Жиынның мыңнан бірін айту қиын.
Айтқанда тартыңқырап астың сыйын.
Ақ көбік мінген аттың жаясында.
Жұрт малын жылулаған аясын ба.
Мал қайдан жетіп жатыр, расында?
Жан-жақтан топ-тобымен төгілген мал,
Көтерген малын Керей үй басына.
Көп саба келіп жатыр елдей көшкен.
Қойшыға билер отыр кесік кескен.
Бір үйде старшиндар құлақ кескен.
Мынау жер жесір дауы дүрілдескен.
Қалмастан қарға құзғын түгел ұшқан.
Қып-қызыл билер жатыр қымыз құсқан.
Ішіне ет пен майды істеп тыққан.
Тер сасып, қарнын қасып, битін сыққан.
Әр үйге «Аллай хақ» деп дуана жүр.
«Кет-кет!» деп дуананы қуалап жүр.
Май шайнап жамбастарды жаңқалап жүр.
«Қай жерден қағамыз» деп байқап-ақ жүр.
Кедейлер отын шауып арқалап жүр.
Осындай ас боп жатты Арқада бір.
Қайырып қыстай баптап Құлагерді,
Осы астың дақпыртына Ақан келді.
Ауылына ас бергеннің тақау келді.
Алып ед жайлап жүріп Ақан сері.
Келуші ед еміс-еміс көптен бері.
Даяшы шапты алдынан қарсылауға.
Түсірді Ақанды әкеп ақ отауға.
Жүйрікті - бәйгеге,- деп бағалауда.
Toп жарған, талай елге салған сауға.
«Маңайдан жан жүрмесін» деді сері.
Іргені ат жақтағы түргіздірді.
Көруге ынтызар боп ел жүгірді.
Дұға оқып, Ақан жерге түкірінді.
Дегенге «келді» - түрді ел құлағын.
Көруге Көкшетаудың Кер пырағын.
Көрмеде қалғып тұрды арда Құла.
Көздерін қалды сүзіп саңлағыңа.
Қарасып Құланың бас, аяғына:
Осы ма, Құлагерің?- деседі жұрт,
Жүйрігі жануардың қай жағында?
Қаты бас, қаншыр мойын, ит өндіршек.
Пішкендей жануарды олақ өлшеп.
Көк еті кедір-бұдыр, бөлшек-бөлшек.
Осыған ит болайық бәйге берсек.
Құлаға мініп қоян атар едім.
Мен мұны жүргіншіге сатар едім.
Үйімде тыныш қана жатар едім.
Қойшыға мен мінгізіп қояр едім.
Семіртіп мен соғымға сояр едім.
Бата оқып, ет, қымызға тояр едім.
Сал бөксе, жазық бауыр, ұзын тұрқы...
Ac тегіс Ақан атын қылды күлкі.
Күреңбай көріп деді: «Жаман сұрқы,
Алдынан ұмтылғанда аң құтылмас,
Артынан жөнелгенде жетпес жылқы!»
He сыншы, не сұңғыла ортаға алды.
Күреңбай көзін сүзіп тұрып қалды.
Айналып алды-артына көзін салды.
Тарқамай көптің тобы тұрып қалды.
– Жануар жүйрігі екен жылқы малдың,
Бітімі өзі айтып тұр жануардың.
Өзі айтар: қаратам,- деп,- қазақ қауымын.
Тасындай шұбар ала Көкшетаудың.
Құлан жал, бұлан мойын, қой жұтқыншақ,
Қоян жон, жазық жая, жауырынды,
Құс топшы, қос шынтағы қалқыңқырақ.
Түлкі төс, тазы тізе, ит жіліншік,
Шашақты, шақпақ етті, аласа ұршық;
Құндыздық қалай біткен құйрыққа дүп?
He қою, не болмаса емес сұйық!
Бұтының арасынан ел көшкендей,
Жамбастың басы делдек, қуыс қолтық.
Серке сан, желмаядай тілерсегі;
Тау желін тартса жұтқан талыс танау,
Тынысты, кенде жатыр кеңірдегі.
Кез жарым кесер баста кесім ет жоқ.
Шапса жел, мінсе жайсаң, тұрса селсоқ.
Ағылшын арғымақтың шатысы жоқ.
Араптың дүлдүлінің қатысы жоқ.
Бұл таза швед, шотлан тұқымынан.
Озбайды жүгіргенде жылқы мұнан.
Бұл емес теке-жаумет, не қазанат.
Шапқанда шалдырмастай бітер қанат.
Шалдырмас көктен құсқа, жерден аңға.
Бұл әзір жеткізбей тұр жылқы малға.
Ашылып тұр осы аста мұның бағы.
Есімнен жаңылтпаса сайтан тағы.
Хақ мұның қырып-жойып бәйге алмағы!
Пәлі! Ат таныдың!
Таптың, сөз-ақ!
Деп оны өзге қазақ етті мазақ.
Сол күні Құлагердің сөйлер өзі-ақ!
Сол күні Құлагердің айтар өзі-ақ,
Қайтейін онан бері сөзді қозғап.
Сау емес танымаған мұны - көзі ақ.
Соны айтып кете барды сол Күреңбай.
Жарқыным, жалғызбысың?
Елің қайда?
Деп жатыр жабырласып жөнін сұрай.
Тоймадық келісіңе сенің мұндай.
Ешкімді Қырауылдан жолдас қылмай.
He керек онан басқа?- деді Сері.-
Құлагер қосатыным, атым - Ақан,
Таратсын, жаршы қайда, шақыр бері!»
Ол да бір зар қақсаған арсыз еді;
Көктұйғын тыйған жүйрік осы жақты,
Берместен бес жыл бәйге келе жатты.
«Шаппай бер, бәйгемді!» деп талай айтты.
Құлагер келгендігін жар таратты.
Иесі Көктұйғынның ішін тартты.
Бұлар да бір биігі біткен нардың.
Өр көңіл, жуан кеуде, бірі аусардың.
Атты айттық жоғарыда бір Көктұйғын.
Әкелген асқа Батыраш сол жүйрігін.
Қоймаған қырдан жылқы, бұл бір қырғын.
Бәйге алған кейде жетім, кейде түйе.
Бәйгені бұл аста да «берем» дей ме?
Иесі Батыраш бір кеппе кеуде,
Үр-көппе, томырық мінез, намыс берме;
Ол өзін дап-дайын тұр «өлдім» деуге.
Естіген Батыраш та Құла даңқын.
Қолына түсіруге Ақан атын.
- Болам, - деп,- құда, тамыр көңіл жақын.
Жіберіп Жексенбайды қолқалайтын.
Сері Ақан сұрауына илікпеген.
Үкілеп Көктұйғынын «жүйрік» деген.
Дәл мұндай өзге жерде килікпеген.
Мәні сол Батыраштың күйбіктеген.
Көктұйғын сонан бері ішін тартқан.
Белдеуде осы Көк ат қыстай қатқан.
Бәйге алып шапқан сайын алғыстатқан;
Осы аста бас бәйгені оймен алып,
Батыраш көптен бері үйде жатқан.
Қашаннан «қап!» деп азу басып жүрген.
Қызғанып Батыраштың іші өртенген.
Асқа Ақан ат қосып тұр алыс жерден -
Барлығы Батырашқа болды толғақ,
Хауіпилеп ажалындай Құлагерден.
Көлеңке үй, күрпілдетіп саба піскен,
Ac қандай әңгімешіл қымыз ішкен.
Жиылған дауысын сұрап мәжілістен.
Қалың жұрт кетті көріп сырттан, іштен.
Безелген ғашық жармен, қыран кұспен.
Толқыған он төртінші айда жатыр.
Арғымақ, асыл тұқым тайда жатыр.
Ақ кұйрық, мәмілелі шайда жатыр.
Көңілім ел қонбаған сайда жатыр...»
Ән тәтті Ақан салған Арқадағы:
«Үш тоты», «Ақ саусақ», «Ақмарқалары».
Қосына жиылған жұрт тарқамады.
Өрге айдап, барып-барып жалтарады.
Қылмаңдап қос қанатын қомданады.
Алдымнан сен бір шыққан марал-дағы;
Пормыңа төңкеріліп жайдым қанат,
Шарықтап ақиықгай Оралдағы.
Алдымнан шық майысып, бұрал-дағы.
Біз бұлбұл күйін шерткен Ирандағы.
Қиғаштап қанатымды қонам-дағы...»
Асырған айғай әнін алты қырдан
Әкесі асқақ әннің әнші Біржан,
Құлақгы Біржан ащы әнмен қырған.
«Жайдарман», «Жайма қоңыр», «Кер Қашаған»,
«Ой, ерке», «Мейлің-мейлің» дегендердің
Бәрі де - Ақан баптап салатын ән.
Аққудай әсем дауыс - үн сыңғырлап;
Қышуын жаныңыздың майда қасып,
Тербетер жан көңілін биязы ырғақ.
Тәтті әнге халық қанды, ел сусындап.
Елжіреп жүрек әнге, жусап құлақ.
Қаратты ауызына астың елін;
Өлеңге сұлулықты қосты талай:
«Ақмарқа», «Ардагерім», «Тастүлегім».
Ұмытты өзге әншілер өз әндерін.
Өзінің айтып жүрген өлеңдерін.
Үкілеп, әсемдетіп жүрген қандай?
Тұсынан қызды ауылдан ән шырқатып,
Қалқаңа құрып жүрген сүлдер қандай?!
Кұрбыңмен сыпайы ойнап, күлген қандай?
Ишарат, әзілменен сөз қатысып,
Қыз сырын жеңгесінен білген қандай?
Сай құлдап, жарды күтіп жүрген қандай?
Бір сайға торышаны байлап тастап,
Артына ақбоз үйдің келген қандай?
Алдыңнан қарсы шықса ақша маңдай...
Көңілің шалықтаған шаттанғандай!..
Бастасып тар төсекте жатқан қандай?
Сол жерде айтылмаған сыр қалар ма,
Мысалы, абдыра ашып ақтарғандай.
Байлаулы тор құнанды тапқан қандай?
Шылбырын сал торының қызға ұстатып,
Шапқаны ерге қағып атқан қандай!
Қасынан қалқа жанның аттанғандай!
Ауылыңа өлеңдетіп сен қайтасың,
Бәйгеден атың келіп мақтанғандай...»
Ақанның асты ұйытты осы әндері.
Ән болып қыран құстың қу ілгені.
Отырды думан қылып, шалқып Сері.
Отырды «Ой, пәле-айлап» астың елі.
Мәжіліс боп отырды, елге әңгіме.
Ауысты жұрт аңызы Құлагерге.
Құланы даңқы шыққан ап келгенге.
Алтайда алғыр тұйғын Көкпенен де?
-Көктұйғын көптің алдын бермей-ақ тұр,
Өзге мал онан озып келмей-ақ тұр;
Бақ-талай Батыраш та, ерлеп-ақ тұр.
Батыраш аруақты өрге айдап-ақ тұр.
Бақытын бар жүйріктің байлап-ақ тұр.
Көктұйғын жеткізбей тұр жылқымызға.
Деп тегіс қойды ұйғарып жұртымыз да...
«Алтайдың жүйрігі онан жоқ»,- дегенін.
Осы жол Көк шолақты бөктеремін!
Ақанның осылай деп ектегенін,
«Құламнан озар жылқы жоқ»,- дегенін
«Құлаға бөктерілер Көк»,- дегенін.
Көкжалды қысып кетті ашу, сайтан.
Жиған жоқ аяғын да жатқан Ақан.
Дауысы Батыраштың шықты қатаң.
Ақанға сөзі мынау сондағы айтқан:
Қаңғырып Қарауылдан асқа кепсің,
«Осы аста абұйырым басқа»,- депсің.
«Атыңды өзгелерің қоспа!»- депсің.
Алдымнан бәйгемді алып көрген жоқсың.
«Алтайдан озамын!»- деп, ...жепсің.
Қараңды көре алмайтын сендей торғай.
Оттапсың аузыңа ие болмай.
Басуым көңіліңді тіпті оңай!
Төренің атын ерттеп өскен ел ең,
Өзіңе ат бітіпті-ау, байғұсым-ай!
Аңырып алғашқыда қалды да өзі;
У тілмен алды шалды шағып-шағып,
Шaп берме, оның-дағы от мінезі:
- Әңгүдік, әкірең қаққан, албыт сөзді,
Алтайдың көр жынындай бақылдаған,
Көк сақал, азбансынған, бұл кім өзі?
Ат біткен Құлагердей Ақанына
Ол дайын Көкті жерге тақауына.
Ат сенің қарай ма екен сақалыңа?!
Би болсаң, би шығарсың Алтайыңа,
Тілімді, терезем тең, тартайын ба?!
Шапса да әкең мініп байталына!
Тұтқыштай өңі күйіп қап-қара боп,
Батыраш басқа сөзді баптаған жоқ.
Тым-тырыс үндемеді тыңдаған топ.
Жүрегін жолбарыстан айнытқан жоқ.
Болар деп түбін қалай қайғырған жоқ.
Қаңқулап, қағажулап, қағытқан жоқ.
Шаппаған бәйге басын ауыртқан жоқ.
Қалтақтап жан-жағына етіп жалтақ;
Біле алмай не қыларын үйден шықты,
Халық та кетіп жатты үйден тарқап.
Таңғалтып ән, атымен елді байтақ;
«Ауылым қонған Сырымбет саласына!»
Деп Ақан ән caп жатты басты шайқап.
Тауысып көл қымызды, таудай етті,
Heшe күн Ереймен тау етке бөкті.
Ат шауып, бәйге үлесер мезгіл жетті.
Арқаның елі тегіс ат ерттеді.
Хабар қып жаршылар да шауып кетті:
«Ай, әлеумет, жарандар,
Асқа жиын адамдар!
Бірің қалмай, бәріңіз
Айтқанымды біліңіз,
Атқа тегіс мініңіз!
Солай қарай жүріңіз!
«Көмбе қайда? - десеңіз,
Көзді салып көрсеңіз:
Орғылап су төгілген,
Балдырғаны білектей,
Балаусасы жібектей,
Ерейменнің тауында,
Егізқызыл баурында,
Жоламанның қасында,
Көк жайдақтың шенінде,
Боз ойнақтың белінде,
Қайындының дөңінде,
Сонда бәйге төбеге
Жиыласыз көмбеге!
Халқым, солай жүресіз,
Қарақшыға ересіз.
Сегіз дуан бас қосқан
Сердебені көресіз!»
Жаршылар осылайша кетті сарнап,
Бәйгенің болар жерін жұртқа жарлап.
Қыбырлап құмырсқадай жүрді қаулап.
Теңіздей толқын жанға толды жан-жақ.
Бауырын Ерейменнің басты шаңдақ.
Мол жиын таудың сайы, саласында.
Кісінің қалды қоян арасында.
Дегендей исі қазақ бәрі осында.
Қусақтың тарпы тура жағасына.
Халықтың жазғы шөптей киімі де,
Бейне бір шегірткенің қонуындай,
Қусақтың жұрт жиылды биігіне.
Құйрығын сәйгүліктің түйді, міне.
«Бәйгелі болсын!»- деп жүр бір-біріне.
Сол шаңнан шығып жатыр ат қылмаңдап.
Жиылды жұрт алдына сүмбе сандақ.
Жараған жыл өмірге осы асқа арнап.
Қатқандар бірі - қамшы, бірі - қармақ.
Дәмелі дөнен де бар, жүйрік бесті.
Жүйріктер жұртты үңілтіп көзге түсті.
Атқа еріп, тамашалап халық көшті.
Санақшы санын бір мың үш жүз десті.
«Осы асты көптен күтіп деген - шапсақ,
Жүргенше жеке-жеке жүйрік болып,
Арыстың асында бір бақ сынатсақ...»-
Жиылды қазақтағы өңшең жақсы ат;
Қашаннан қарлығаштай жаршы міскін,
Қызғыштай қалың топқа жүрді қақсап:
Көмбедегі адамдар,
Маған құлақ тігіңдер,
Келген атты біліңдер!
Жиылды жүйрік, жиылды!
Ойың менен қырыңды
Жиған асқа бүгінгі
Аяқ жетпес алыстан,
Құлақ жетпес дабыстан.
Шапқалы түр бәйгеге
Бөкен санды бурылдар,
Шапса мыңнан суырылар.
Серке санды Құла бар;
Қозыбайдың дүлдүлі
Серпінді Кек бұ да бар,
Шапса желдей зулатқан,
Шудың бойын шулатқан,
Меруерт жалдас Ақсұр бар.
Тыйып түрген Қызқара,
Осы жолы бақ сынар.
Бәйге бермес ұдайы
Ұлытаудың Құбайы;
Қашағанның құдайы
Қыпшақтың Ақбақайы,
Қырғыздьң көктопайы,
Ақдиатаудың Аласы,
Ертістен Елік-құбақан,
Есілдің Қасқабұласы,
Айтайын қайсыбіріңді;
Аралдың Алаүйрегі,
Жарылқаптың Жирені,
Балқаштың бейпіл Бөртесі,
Төстен түлкі қоймаған
Тобықтының тұйғыны -
Жамбылторы осында,
Жауғашардың жүйрігі.
Қайсыбірін айтайын.
Ақ-қанат Кер келіп тұр
Аузымен құс тістеген;
Жалғыз қазық жықпаса,
Жылқы озбайтын құспенен.
Ала көйлек арудай
Сыпыра басып, сылаңдап,
Көкала жүр бұлаңдап.
Алуан-алуан күліктің.
Асқан-асқан жүйріктің.
Жиырма жирен, қырық қара;
Кердің өзі екі жүз,
Тағы, тағы тағы да,
Тоқсан торы, жетпіс көк;
Ала, құла саны жоқ...»
Осындай хабарымен топқа соғып,
Жаршы жүр жағы тынбай бәйек болып.
Аттардың алды-артына кетті толып.
Дүрілдеп ұмтылып жүр соңына еріп.
Қой, қозы жамырасқан секілденіп.
Ақан да алып шықты Құлагерін,
Салпитып саптыаяқтай төменгі ернін.
Оңаша жұрттан аулақ тұрды Серің.
Салпитып тұрды Құла үлпіршегін.
Аласын астың алдын, Ақан серім!
Құлаң бір дүлдүл екен, жануар-ай!
Жүйрікке қолы жеткен жарығандай,
Жылқыны жігітімсің танығандай...
Жолдасым осы ат менің неше жылдай...
Айтқаның келсін, сыншым, аузыңа май!
Батыраш танушы еді бұл да малды.
Құлагер Көк атқа ажал сықылданды.
Ауырып, ұйқы көрмей ыңқылдады.
Шықты да алды-артына көзін салды:
«Арқаның албастысы бұл шығар»,- деп,
Ішінен Құлагерден қауіптенді.
Батыраш бала жастан атқа құмар.
Айқайшыл ат әперген баққа құмар.
Кір көңіл, сарайының батпағы бар.
Сүйегі бөлек екен, сұмдық шығар!
Арқаның алдын алған Көктұйғынның
Алатын әзірейілі осы шығар.
Сүйегің алқа-салқа бөлек екен!
Көргем жоқ көріп жүріп мұндай атты,
Жүгірсе шаба ма екен, желе ме екен?
Осы аста алдымен-ақ келе ме екен?
Алдына ат салмаған Көктұйғынға
Бір пәле Көкшетаудан келген екен!
Жай, салаң, мінезі ме - бойкүйезі?
Естуші ем сұмырайдың сырттан даңқын,
Жайлы емес, не қылса да келген кезі.
Перінің пырағы ма мұның өзі?»
Түтігіп, қап-қара боп тұрды Батыраш
Жалғыз-ақ «Қап! Қап!» болып айтқан сөзі.
Томсарып Батыраш кеп толғатып тұр.
Қалып тұр қаны қашып, сүлдесі құр.
Уда-шу, айқай-сүрең, ыбыр-жыбыр.
Тұрғанын білсін қайдан ажал құрғыр.
Жау, мейлі, жүре берер жар астында.
Сипап тұр аясы мен жаясын да.
Көп аттың қоя берді арасына:
- «Алдыңа бір-екі-ақ ат салып отыр, Келгенше сонау жердің шамасына.
Барғанша бұлаң құйрық, шайқап отыр;
Жел жақта шаң қаптырма, ұрма, қалқам!
Тек қана тізгін қағып жайқа да отыр.
Тақымды қамшы салмай безеп отыр.
Тек қана бір мөлшерді көзде де отыр.
Өткенде сол өзектен салшы тепкі;
Қоя бер басын сонда, қарғатайым!
Өзі алар онан кейін қалған бетті.
Шаң басты, жел жаққа тарт, жер мен көкті;
Ажырап мен сендерден қалдым жалғыз,
Алла өзің аман келтір екі ермекті!»
Құшақтап Ақан сүйді баласын да.
Мойнынан құшақтады Құласын да.
He сандақ, сәйгүліктің бәрі осында.
Төгілді ат Ерейменнің саласына.
Аттарды дүркіретіп жөнелді айдап.
Төреші келер жолға қойды сайлап.
Балалар бәйшешектей шыттар байлап;
Бәйгеде бәсекемен бақ сынасқан
Қалың ат көлді айнала кетті қайнап.
«Қайт!», «Қайттап» елге әңгірлеп шабар
Көруге ат қайтқанша өзге ойынды
Теңіз топ толқып, қалғып, бұрды бетті.
Қасына қарақшының айдап жетті.
Кәрі ояз тор қасқалы арс-ұрс етті.
Құжынап құмырсқадай сала-сала,
Мұнда жоқ қатын-қалаш, бала-шаға.
Бодан ел, «тақсырлаған», жақ аша ма?
Шытырлап ат байланды қалмақшаға,
Жөңкіліп жаяу халық келді ортаға.
Жаршылар жағы сембей жүр қақсауда.
Жері жоқ ине шаншар, адам тұрған.
Алыста аттар қалды байластырған.
Басқарып кісі шықты ата ұлынан.
Басына көлеңкелеп шатыр құрған.
Жиылды жұрт Қусақтың жотасына.
Арналған алыптарға айқасуға.
Тізілді ел Ерейменнің алқасына;
Алысып Арғын, Найман күш сынасып,
Атты айдап, азаматпен шайқасуға.
Балуанын шешіндіріп дабырасты.
Атойлап, қыр көрсетіп, жамырасты.
Сескентіп мынау думан көңілін басты.
Жүрегі жігіттердің үрке қашты.
«Кісіңді шығар! Шығар!» - деп-ақ бақгы.
Самай тер шекелерден шып-шып ақты.
Ақситып бір балуанды арсаңдатып,
Аруақтап жетелеген бір қараның
Ноқтасын сыпырды әкеп, талтаңдатып.
«Мынаған шыға алмас, - деп, - ешкім батып!»
Қораға түскен жалғыз жолбарыстай,
Ол тұрды, көрген көзді таңырқатып.
Талқандап таудай дәуді жықты қара.
Тышқан қып іннен інге тықты қара.
Күмбездей көрінеді күпті қара,
Борбаңдап жолбарыстай жонын беріп,
Майданға бір тізелеп шөкті қара.
Шошынды бұл қарадан халық көріп.
Өткізген талай күрес, талай цирк.
Балуанды баяндады сөзге теріп.
Бір-бірін басып, жаншып, ентеленіп.
- Мынау, мынау, мынау ер!
- Піл сүйекті, бұлан ер,
Жолбарыстай жуан ер.
Еділдің бойы үріккен ер.
Жәрмеңкеде шыққан ер.
Алып жерге соққан ер.
Қағып жерге тыққан ер.
Онда он алты жасыңда,
Атаң жыққан алыпты
Апжыландай жұтқан ер.
Бұғалық бермес шу асау,
Талайлар қорқып бұққан ер.
Қағып сілкіп циркті,
Қалаларды құртқан ер.
Алысқанға дүрдей ер.
Қолы құрыш қорғасын,
Алысқаның оңбайсың,
Алып жерге тыққан ер.
Сықпа құрттай сыққан ер.
Шаранадай жыртқан ер.
Әдіс күшін тұтқан ер.
Осылай етіп отыр көп те кеңес.
Батылдық күресуге етер де емес.
Шыны сол, өтіріктен зарлау да емес.
Өзге жан бұл тұрғанда балуан да емес.
Күресті қуған жігіт кішкентайдан.
Бір асқан алып еді заты Найман.
Тауып ед бауырды бұл Сағынайдан.
Керейде қонақ болып бір-екі айдан.
Жігіттер қоян болды, жүрек қалмай.
Осыны алып отыр ояз қолдай.
Жетісу кісі таппай болды жымдай.
Хауып қып қорғалады Семей, Торғай.
Кек темір болды жасып алмас егеу.
Теп-тегіс төмен қарап - болды күйеу.
Шешініп қарсы жақтан шықты біреу.
Аруақтап Оқас жағы қылды тілеу.
Шыңыраудан түйе тартып алған Жақып.
Топтарды талай жығып, жарған Жақып.
Онда да бас бәйгені алған Жақып.
Дейтұғын Баянауыл Таутан Жақып.
Болмаса Оқасқа ерген бір итаршы.
Сияқты би қолында жезді қамшы.
Әйелмен, үлкен дәуге жүрді қарсы.
Безектеп таныстырды тағы жаршы:
- Мынау, мынау, мынауым, Сексеуілден бұрауым.
Алыбың мен дырауың.
Құтылу жоқ қолынан.
Әз-әзілі әдістің.
Шегіртке сары, оқ жылан.
Қаққанынан соғылған.
Ашуланса тістеген;
Айласына көз жетпес,
Астына жанның түспеген.
Еш пендеден ықпаған.
Бұғалыктап толғаса,
Қашағанды бүктеген.
Ықтыжарды күтпеген.
Шапшыған да шоршыған
Шалқар көлдің шортаны;
Сең соққандай сілкінді.
Балықтайын бұлқынды;
Ұстау қиын шіркінді.
Балуандардың әкесі,
Таудың тарғыл текесі -
Секірсе сексен қадамға,
Ұстатпайтын адамға.
Қақпандайын серперлі;
Жан жыққан жоқ өрт ерді.
Еңгезерді еңсерді.
Талайын талай төңкерді;
Алысса бура шөккені.
Арыста талай бәйге алып,
Айқасты талай көп көрді.
Асқынғанды бөктерді.
Алыста талай бөксерді.
Аңсағанға сусаған,
Алысуға дөп келді.
Құз қара тұра келді алас ұрып,
Сарыны қорапсынып, баласынып.
Байғұсқа болды тым-ақ жан ашырлық.
Екеуін қоя берді шабындырып;
Алысты арс-үрс етіп екі арыстан
Таласты, бірін-бірі алып, жұлып.
Арсаңдап омыраулады алып қара;
Түспеді ол допша қарғып, мысықша ырғып,
Дегендей «Күшің болса алып қара!»
Әркімді жығып жүрген шалып қана.
Басқаға бастырмайтын балық бала.
Бұлқынды алып қара бурадайын.
Дегендей «Алып соғып, жұлмалайын».
Жұлқынды жұтпақшы боп суда жайын.
Қарысып кұшақтары барған сайын.
Өкіріп сүзісіп жүр екі бұқа.
Алысып, арс-ұрс етіп сілке, жұлқа.
Қайқайтып қара балуан шалды қырқа.
Жерді шаң, езін қан қып, етін жырта.
Сүйтсе де, ол, ойланып жүр ұмтылуға.
Арқалап, қырына алып, жерге ұруға.
Оңбайды түскен адам ол жағына.
Иыққа «Ап!» дегенде алып қалды.
Сықырлап азар алды қол, қабырға.
Айласын балуан Жақып қылып қалды.
Өңкиіп өгіз қара мініп қалды.
Жерге алып ноқталыны ұрып қалды.
Ду етіп Арғын жағы күліп қалды.
Аңырып Найман жағы тұрып қалды.
Қорқақтар қояндайын бұғып қалды.
Үстіне балуан сары міне түсті.
Алып қой, бөрі басар ол да күшті.
Қараның көрінеді алды күшті.
Мәз қылып қырдағы үлкен мәжілісті.
Допша атып бірін-бірі домаласты.
Екеуі жығыса алмай, қайта ұстасты.
Көк қырқа жұлмаланып, шаңдақ басты.
Екі жақ «А, құдайлап», аруақтасты.
Ұршықтай үйіргенде ылақтырды.
«Айыр!» деп, халыққа, ояз жұбап қылды.
Найман жақ «Жыққан жоқ!» деп, жанжал қылды.
Көреші кісілер кеп екі айырды.
«Бәйгесін, кім жыққанын жаз қағазға!»
Керей жақ бергізбестен кетті кернеп:
«Итжығыс! Мынаның да жыққаны аз ба?»
Оларға күш қыларлық қайда оязға!
Болмады ояздікі елге бітім,
Мұндайда әңгірлейтін әулекі аз ба?
Болмады омыраулап жанжал қыла.
«Түсті, - деп, - алғаш жерге сары бала!»
Қоймады «Күресем» деп жүнді қара,
Аусарлау әугіп, даңғой, жынды қара.
Байлауды бітпес дауға қылды қара.
«Жетеді осы абұйыр, тіреспе!» деп.
Бұл қара асқан алып, сырдесте»,- деп.
Ояздан Оқас, Шабдан қылды тілек.
Болды жұрт қайта екеуін күрестірмек.
«Шық! Шық!»- деп жүнді қара шабынады.
«Абұйыр осы жолы қағылады».
Шешінді нeгe сары алысқалы;
Жаманат қорықты деген, қорлық, сірә,
Күреспей қайда қояр жабысқанды?!
- «Шығамын, нар тәуекел, тағы барам, Жықсам алам, жықпасам тағы қалам.
Сесімді көрсетейін мен де бәлем.
Бір-бір қой шешемізді қалжалаған.
Тимейді тіпті жеңіл ол да маған...»
Халқыңның сырын өзің білесің де,
Ісіне күйесің де, күлесің де;
Әйтеуір сол халықты сүйесің де.
Байланды тағы қайта күресуге.
Отырды жүнді қара жүресінде.
Бұқадай сүзгіледі жүнді, міне;
Сарт етіп нeгe сары іштен шалып,
Қаршыға қазды қағып ілді, міне.
Аруақтап Баян жақтың күлуіне,
Қараны қайыстырып бұрағанда,
Күрт етті... бір гәп болды жілігіне...
Үстіне тұйғын сары міне түсті;
Шегіртке атып кетті бастан ыршып,
Жүндіге жан жабырлап жүгірісті.
Үйткені етке тойып, қымыз ішті.
Дағдырын қос аусардың сүйтіп шешті.
Сермеліп екі қолы, жанын қорып.
Сыныпты жіліншігі күл-күл болып.
Ояз тұр үңірейіп шылым сорып;
Сөйлейді біреу аяп, біреу қажап,
Жаралы жіліншікке шаншу болып.
Көргеннің бәрі аясты, жаны ашып.
«Аруақ қолдады» деп, көңілі тасып.
«Беріңіз, бәйгемді!» деп баяндасып.
Таласып суыртпаққа жанжалдасып.
Бір қойды кетіп қалды біреу қағып.
Бір-екеу ырылдасты ит сықылданып.
Құз қара зарлап жатыр, дір-дір қағып.
Біреудің жіліншігін малға шағып.
Ac беріп алыстырған сол әдетті?
Сөксеңіз, соқсаңыз да болды солай,
Мен өзім осындайдан көрдім көпті.
Оташы мертіккенді бебеулетті.
Сорлыны атқа өбектеп алып кетті.
Жасымнан жылқы десе менің жаным,
Атырдым жылқы ішінде өмір таңын.
Мекендеп өміріме аттың жалын.
Жырым - жылқы, жүйрік ат - салған әнім.
Күн көріп атам қазақ келген мәлім.
Жарлыны жалғыз атсыз алды уайым.
Білген жан бекер демес аттың жайын.
Top кұнан көшке мінген күн-күн сайын.
Атымды не бетіммен ұмытайын!
Бұл күнде автом да бар, атым да бар,
Бәйге алу самалетпен салтымда бар.
Тойына Октябрьдің атым шабар.
Жылқымда асылданды қолтумалар;
Түрлеңді қазағымның қалың малы,
Аттарым асыл тұқым жарқыл қағар!
Күңірентіп көк жайлауды, атты тартқан.
Иесі талай аттың мені тапқан.
Мінгемін не саңлақка сумаң қаққан.
Қыр құсын тақымымда қылмаңдатқам.
Қырғындап қайтар жерге жетті шаңдап.
Қайтуға ыңғайланды айдалған ат.
Балалар бір-біріне «Алақ! Алақ!»
«Ал қайт!» деп қашан қолын сілтейді деп,
Бар бала айдаушыға тұрды қарап.
Өзім де талай-талай жалтақтағам.
Жалғанда арман бар ма ат қайтқаннан!
Ат қайтты әлде неше он шақырымнан,
Көп атты қайырмады жақын бұдан.
Шаң кетті көкке шапшып сапырылған.
Қашаннан қатып-семген бәйгеге арнап.
Күңірентіп жердің жүзін кетті шаңдап.
Балалар ұран салып, безді зарлап.
Уда-шу, ұлан-азар болды жан-жақ.
Күңірентті ойды, қырды өңшең күлік.
Арқаны дүбірлетті дүбір қылып.
Керілген кең даланы бүліндіріп.
Адақгап барған сайын шықты жүйрік.
Құлагер келе жатты тістеп құйрық.
Балалар барған сайын шулап қалды.
Шаң шіркін барған сайын будақталды.
Ат терге шомылғандай суды ақтарды.
Түтігіп талай аттар құлап қалды.
Жұлдыздай жалт етеді жүйрік жазған.
Деген сөз былшыл біздің жылқыны «азған».
«Жетсең ал!» деген есеп мұнша созған.
Қазақтар қоюшы ма ед құрты қозған?!
Жарысты өңшең тұяқ жолды сойып,
Төрт кетпен келе жатыр дабылды ойып.
Жолшыбай аттың бәрін қырып-жойып.
Айтуға жетпейді әлім мұны толық.
Осы айдау бопты қатты қырғын жорық.
Тастап ек баяндамай оны шала.
Кетелік оны да айта осы арада:
Бұл өзі елдегі бір жетім бала,
Ақанға бауыр басқан өкіл бала.
Бейбаққа Ақан сері секілді ана.
Ол кезде жетімдер көп қақтығатын.
Мынаны Ақан сүйіп, жақтыратын.
Асырап аш, жалаңаш қалдырмастан.
Біреуге еліндегі бақтыратын.
Мінгізіп бұл баланы апаратын.
Құлагер қосқан сайын бәйге алатын.
Серінің келтірмейтін және ашуын.
Ақан деп білетін ол жанашырын.
Жоқтығын жоқтатпаған анасының.
Құласын, баласын, көз қарашығын.
Төрт бала барған сайын құзап кетті.
Қалғанды қорлық теуіп, ыза ап кетті.
Ат солай бара берсін, бұл сөз бітсін.
Сарылып кеткен атты қанша күтсін.
Екпіні жел соққандай дүрілдетсін.
Төрт тұлпар тұяғымен жерді шертсін.
Айнадай мөлдіреген Кусақ көлі,
Осы еді Ерейменде жердің сөлі.
Жайдырған жасыл кілем, жұмақ жері.
Кусақтың мөлдірі еді көкше көлі.
Асықты атты тосып астың елі.
Болар ма Қызқашқанды жақын дерге.
Құлдырап ат ойысты Кусақ көлге.
Дәл сондай аңқыды аттар жазық жерде.
Таласты осы төрт ат Ерейменге.
Жылқыға жетпеген көз жаутаң қаққан.
Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан.
Қызық-ақ біздің бәйге қырда шапқан!
Шыдар ма қазақ жаны ұшып кетпей,
Аттарға шаң шығарып келе жатқан.
Тауысып шыққан жоқ па келатқан ат!
Қайта ма Қызқашқаннан шауып жылқы,
Жетпесе, тегі бұған, ұшып қанат!
Өзара дауылдасқан басылды сөз.
Жарлықты және берді үңірек ояз.
Жас қайың жағасында желмен ойнап.
Қобырай бастады жұрт көзі жайнап.
Қазақты қауызға айдап, жіпсіз байлап.
Қылт етіп келе жатқан ат шықты қайнап.
Қобалжып қозды құрты астағы жан.
Алдыңғы ат бірі - қылаң, бірі - баран.
Қараны қоя ма көз күн-түн баққан?
Жасаурап екі көзі тұра алмады,
Құласын құлдыраған танып Ақан.
Алдына екі ат шықты жеке дара.
Суы жоқ, бұтасы көп - жырақана.
Жынданбай жанды қазақ тұра ала ма?
Деп тұрып: «Тоқта! Тоқта! Шаппа! Шаппа!»
Топалаң болмаушы ме ед тұра-бара?
Жоғалды жұрт көзінен келе жатқан ат.
Алдыңда қылт еткендей болды бір ат.
Қайтсін-ау қазақ көңіл құмарланат;
Ақанның не болғанын білгеміз жоқ,
Алдыңғы ат баранданбай, қылаңданат...
«Баран жоқ бағанағы!»- деп шулады.
Тырмысқан төске таман үш желді аяқ.
Дегенше әні-міне келіп қалды.
Жануар, қанат қағып өрге салды;
Талассыз керешіден кемел өтіп,
Қайқайып қарақшыға кете барды.
Көк аты Батыраштың келді заулап.
Шырылдап өте шықты «Бегайдарлап»!
Аяғы бұраң қағып, бота маймақ,
Айтпақтың күреңі өтті: «Төлебайлап». «Шормаңдап» көр, шораяқ бурыл өтті. Лап ұрып, қозып кетті, жұрт айқайлап.
Ат қайтты алып бар қызық, бар үмітті...
Енді ұстау осыларды қылмыс тіпті...
Қара жоқ өзгесінен, қайда кетті?
Аспан шу, жердің бетін шаңыт борап,
Біреуді біреу тіпті білмей кетті.
Тәртібін ояздың ел ұстаған жоқ.
Жарысып ат алдынан ұшпаған жоқ.
Бәйге алып, жиын жарып, жайқаған жоқ.
Кеткенін қалай қарай байқағам жоқ.
Біз енді айналмаймыз астағы елге,
Аты көп, әңгір қағып жүргендерге.
Жатқанда сері түсіп сергелдеңге.
Әлгі өзек, ат көрінбей кеткен жерге;
Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болып,
Айталық не болғанын Құлагерге.
Ат күткен көмбедегі көрді қара.
Кезеңнен ойысқанша келді бала.
Бәйгені шапқан сайын қаққан бала.
Серіге сенімді боп жаққан бала.
Қаңсытып, құрғап таңдай, күн де жеген;
Қалжырап келе жатты үні бітіп,
Ат қағып, шөл мендетіп, шабу жеңген.
Орғытып айналғанда Қусақ көлден:
Қалықгап қобылардан құстай ұшып,
Асқанда бұлдырықтай безіп белден.
Келеді басын тартып, қорқып текке.
Ағындап келіп түсті Көкөзекке.
Өзге аттар әлдеқайда бұл мезетте;
Құланың басын қоя бермек еді,
Кезікті бір тосқауыл осы өзекте.
Аттардың шауып өтер жолы мұнда;
Кек кернеп, жасырынып тұрды біреу,
Бір жаман осы өзекте ой қылуға.
Сол еді мылтығы да, сойылы да.
Арғынның ес болмайды дойырында.
Жау тұрды жасырынып жар астында.
Әлгі тұр атты күтіп дәл астында.
Құлагер тізгіндеген бала үстінде.
Ағызып жетті жаудың дәл үстіне.
Қамшылап шырылдайды бала зорға.
Шайқалып, шарқ аяқтап, түсті жарға.
Тосқауыл мұны көрген тұра алар ма?
Көмбеге көрінім жер қалған кезде,
Құла алса, қорлық қатты мұнан бар ма?
Құлагер кұйысқандас, қылды хауіп.
Келеді іркіп бала, еркін шауып.
Жендетті ыза ап кетті, ашу буып.
Қан мұздап сала берді, бойы суып.
Кел деген осы араға тізгін тежеп.
Ұрандап қоя бермек бала безеп.
Баласы Көктұйғынның қақты безек.
Жөнелер Құлагерге осы кез ед.
Суық қол Батыраштың жібергені.
Кек қайнап, мұз құйылып жүре берді.
Көк дауыл соқты шайқап Қусақ көлді.
Секірген бір киікті қасқыр көрді.
Түйілді қара бұлттай қара қыран.
Жауды сел - қар ма, қан ба қабағынан.
Аман ғой ақ көңілдің арамынан.
Ойнақтап өте берді жау алдынан.
Ол өткір Аспаһанның көк болаты.
Қаскүнем, қара көңіл жаман таты.
Ақ мылтық - астындағы ақбоз аты.
Бала да білмей қалып, болды қапы.
– А, құдай-ай!, бере көр!- деп ұмтылды, Ұйытқып кеп соқты өкпеден жел сықылды.
Қақтығып бір-біріне ат тығылды.
Бере бар, балам, бері шылбырыңды!
Жанасып Құлагерге қалғанында,
Сақ етіп айбалтасы Құланы ұрды...
Сылқ етіп Құлагер ат құлап қалды.
Тек бала жерге доптай домаланды.
Тек бала шыр-шыр етіп аттан салды.
Тұйғынкөк шыға шауып кете барды.
Қорқырап Құлагер ат жатыр құлап,
Шүмектеп шекесінен қан бұрқырап.
Ыңқылдап өліп барад ат қорқырап.
Баласы Құлагердің жүр шырқырап.
Балаға бұрылмайды ешкім бірақ.
Ол тастап аста тұрған жиылысты;
Болғанын бір сұмдықтың іші сезіп,
Қылаң ат қылт еткенде-ақ бермен ұшты.
Үстіне Құлагердің құлап түсті.
Аймалап Құлагердің басын құшты.
Аты бұл алып келген алыс жерден.
Серінің санасалық халіменен...
Ақан да шырқырайды жаныменен...
Зарлаған Құлагердің әніменен:
«Не болды-ай, бай-бай саған, Құлагерім?!
Суалдың, сорлы иеңнің бұлағы едің...
Бұл жерге қалайынша құлап едің?!
Бай-бай-ай,
Бай-бай-ай-ай,
Ба-а-й-ай,
Бай-ай-ай...
Бай-бай-а-й,
Құлагерім...
Қасымда қасынысып тұрар едің.
Басылар өлгенімше қайтып шерің?!
Құлагер, айналайын, арғымағым!
Осы еді өлмегенге шабар шағың.
Құшақтап қанды басың зар жыладым.
Артына қызды ауылдың көп байладым.
Құшақтап қу басыңды ойбайладым...
Басындай Арқарлының күн шалғаным!
Барғанда ақыретке пырағым бол,
Қызығын көре алмадың бұл жалғанның.
Төрт бөліп түн ұйқымды баптап күттім;
Жылқыны қыл құйрықты елде көргір!
Қандай жан шекесінен қағып өттің?
Ішінде омыртқамның жұлыным-ай!
Жын ба екен, сайтан ба екен қаза болғыр,
Қанды қол қастықпенен ұруын-ай!
Нағашым, сұрағанда беріп едің.
Оқты көз, у құйылғыр, көріп едің.»
Осылай Ақан зарлап жылап жатты,
Қайтсін ол, жыламасқа, жанға батты.
Айрылды ол, аттан - жақсы, достан - тәтті.
Өкіріп жел мен жер де жылап жатты.
Серіге көл күрсініп көңіл айтты.
Дәл сондай жақсы атына Ақан жылар.
Таудағы «Ой, бауырымдар» неге сулар?
Ой мен қыр, орман-тоғай неге шулар?
Аң мен құс күйініп жүр, не үшін бұлар?
Аспан, жер аза тартып тұрған шығар!
Жалпылдап жапырағымен сергелдеңде
Селкілдеп қайыңдар да тұрды желде.
Жылаған бұлақтармен кетті көлге.
Тіксе де оларға емес, асқа бәйге;
Жұмсарды Құлагер мен Ақанды аяп,
Дұшпанның бауырынан тас та кейде.
Көбелек күйіп ұшты бірден-бірге.
Жылқы жоқ соғатын деп бұдан еңге.
Неткен жан шыдай алар мұндай шерге.
Қайғырған сияқтанды көк пен жер де.
Аяса адам неге қан қылады?
Осыған жылау түгіл, қуанған бар,
Көретін оңай олжа өлген малды.
Күшіген қызыл көрген аспанды алды.
Қаршыға қуып жүрді сауысқанды.
Жүрегі жер мен көктің тызылдады.
Асындай Сағынайдың быжылдады.
Емірентіп, жылауымен Ерейменді;
Еңіретіп ыңқылымен Арқа желін,
Толқытып көз жасынан Қусақ келді.
Қоймастан Ақан атқа жылай берді...
Қылалық біз әңгіме былайғы елді.
Аттары келіп болып астағы елдің,
У-шуы басылды әбден Ерейменнің.
«Ақанның атыпты, - деп,- Құлагерін!»
Жиылды жұрт басына Құлагердің
Тұлпардың топыр басты жатқан жерін.
Ішінде қуанбады жылап Серің.
Ер көңілін еңіреген қайтармады.
Жанына жақындауға бата алмады.
Досы да бірге жылап, қия алмады;
Үстіне жұрт жиылып тұрғанында,
Күңіренген дауысын Ақан тыя алмады:
Қайғысы барған сайын арылмас-ты.
Құлагер енді маған табылмас-ты.
Бай-бай-бай...
Соғып ем семізінде сегіз арқар.
Күйігің, қайран атым, қайтсем тарқар!
Құлагер, атаң тұлпар, анаң сұңқар,
Соғып ем семізінде сегіз арқар.
Табылмас енді маған сендей тұлпар!
Құлагер, жас күніңнен тайым едің,
Солқылдақ тауға біткен қайың едің.
Бір тайпы ел бәйгесіне байып едің!
Құлагер, жас күніңнен құнаным-ай,
Сүйегін, етің таза бұланым-ай,
Айрылып Ақан сенен, қуардым-ай!
Әкесі Құлагердің жастан соқыр,
Бай-байлап басыңды ұстап Ақан отыр.
Молдасы сауысқанның құран оқыр!
Қарағым, шабушы едің, Құлагерім!
Салбырап саптыаяқтай төменгі ернің;
Айрылдым сенен нағып, ардагерім!?
Құлагер, бәйге шапсаң бала мінген,
Астына ат көрпесін сала мінген.
Алып ем бәйгесіне қаймалы інген.
Жерошақ тұяғыңмен қазылатын,
Құшақтап қу далада қалдым жылап,
Жазым боп жау қолынан жалғыз атым!
Алдыңнан үмітпенен тосып едім,
Жиылып Арғын, Найман қарағанда,
Тіл мен көз тиер ме деп, шошып едім...
Қоссам да қауіптеніп шошып тұрдым;
Қылмаған көзден таса, Құлагер-ай!
Қайтермін, бір қарақты тосып ұрдың...
Баспанам - тауға біткен қосым еді.
Қазаңның жеткен жері осы ма еді!?
Қыстауым Сырымбеттің жел бетінде,
Мың қарғыс, сені өлтірген жендетіңе!
Қарармын енді қалай ел бетіне...»
Ac елі, арыс ұлы «қой-қойлады»,
Қойсын ба Ақан оңай, ойбайлады...
Зарыңда Құлагердің бай-байлады.
Керек пе Құлагердің не болғаны?
Ұрған кім Құлагерді, ұры қайда?
Өлер ат өлді, ұрыдан не шығады?
Бала да көзі іскенше көп жылады.
Тексеріп төрт баладан сөз сұрады.
Ортаға төрт баланы алды-дағы.
Деп тұрған:«Ат жығылып өлді-дағы!»
Құлагер құлаған жоқ, жау қас қылмай,
Ұрған жау тұрған шығар албастыдай.
Қорадан қойды жарған көр қасқырдай.
Түптеді, топырлап жұрт сұрай-сұрай.
Халық ашты қанды қолды күмән қылмай.
Жұрт оны ойға жорып анықтады.
Ақбоз ат, қара киім, Көктұйғын ат...
Барша жан Батыраштан хауіптенді.
Берместен Көкке бәйге, көпке салды.
Бопсалап, Батыраштар шыла танды.
«Бір жылқы жығылды да, өлді ажалды,
Осыған ұры бізді қыласың!» деп
Күн айтып, Керейлерге зіркіл салды.
Әркім-ақ тұс-тұсынан бажаңдады:
«Кесілсін ердің құны Құлагерге!..»
«Тартатын тоғыз айып сазаң бар-ды!»
Қалың жұрт қадала айтып көрін төкті.
Үстіне қанды қолдың бұлттай шөкті.
Жұрт мұнда тыңдаған жоқ биді, бекті.
Теңіз көп тасығандай толқып кетті.
Ызалы басу қиын болды көпті.
Күңіренді ел Ақаныңды танымайтын.
Жігіттің даусы шықты жарқын-жарқын.
Ел шулап, қыр күйініп, қарғап қатын.
Атқызып отыра алмай аяулы атын.
Жауызды ел қорғамады, қоршамады.
Деп халық Батырашты қоршалады.
Шу болды Жыландының боз ойнағы.
«Асымды бүлдірдің!»- деп Керей жағы.
Кіжінді Керейдің де кедей жағы.
Күңіренді Ерейменде ел аймағы.
Қайтуға ол ырзалықпен ынтызармыз.
Біз сонда бұл қылмысқа не қылармыз?
Жылатқан жолаушыны жүрген жалғыз,
Біз қазақ бұл қорлыққа шыдамаймыз».
«Қолға бер, Құлагердей қызылдаймыз!»...
Демей тұр Батырашты қазақ дұрыс.
Болмады сөз байланып қырда тыныш.
Бір дауға айналып тұр үлкен ұрыс.
Айғақсыз әлсіреп тұр айқын қылмыс.
Оның да жігітіне жер қайысар.
Алтайда адам пішінді аю шығар.
Бұқара шулағанда болып ұлар;
Оқастың оязбенен қасынан кеп,
Тепсіңді тұрған көпке Батыраш шал.:
Сендерде ненің буы қоқырайған?
Өлді деп Қарауылдың бір жылқысы,
Ұрыны қанды мойын таптың қайдан?
Келмейтін Керей-серей бақайымнан.
Жеріңді көріп тұрмын бата айырған!
Мойныма ат өлімін болсаң қойған,
Бір жылқым Қарауылдан тартып сойған!
Әйтпесе болғаның не сонша ойран?
Көтіңді көрем бәйге бермей қойған,
Тартылар өз табағың астан, тойдан.
Есемді ел шапсам да алмай қойман!»
Осыны айтып көк шал селкілдеді,
Керейлер жым боп қалып, желпінбеді.
Жұрт тарқап бара жатқан секілденді.
Басылды Қусақ көлдің көпіргені.
Ақанның басылған жоқ өкіргені.
Алтайлар топтан бөлек тұрған шеткі,
«Бәйгемді барымта ұстап отыршы!»- деп
Керейге кіжінген шал жүріп кетті.
Шабдан да Алатауға бұрды бетті,
Ойнап ел, өлген атпен жұмысы жоқ ,
Ояз да ылаулаған атын жекті.
Қайтқан жан құмырсқадай қыбырлады.
Таралды алды-артына рулары.
Қарғадай жемтіктегі шуылдады.
Шығарып шерлі даусын құлындағы.
Ат шіркін, елге қайрат, ерге қанат.
Қалмай ма жарымжан боп, жерге қарап?
Аттың азалы әні
Күн батты, көлеңке алды Арқа жерін,
Кешкі жел жыбырлатты Қусақ көлін.
Қайғыртып қасындағы қалған елін.
Тұрмадың жығылғаннан, жылап едім.
Жалғанда саяқ жүріп таяқ жедім.
Көретін күнім шығар бұл да менің...
Бай-бай, бай-бай...
Жемтігің қалды сенің Жыландыға.
Қайтты нең, тұрмаған соң жылады да.
Қалдың-ау Ерейменде, шырағым-ай!
Сенікі, менікі емес, қарға, кұзғын!
Оқи бер Құлагерге құраныңды-ай...
Қияр ем сені нағып тастағанға-ай;
Басыңды итке неге иіскетейін,
Ерте-кеш құшақтамай жас баламдай!
Мен білдім түнесем де тұрмасыңды-ай.
Сақтармын өле-өлгенше қу басыңды-ай!»
Соны айтып Құлагердің басын кесті,
Көрген жан: «Қайтсін шіркін, асыл!»- десті.
Қастары: «Сол сыйымен барсын!»- десті.
Бәйгені өзге қалған жан үлесті.
Жамылып жүріп берді қоңыр кешті.
Ұйқысыз ұзақ таңға бүлкілдетті.
«Құлагер» деген әнмен күңірентті.
Шырқатып ащы үнімен шерін шертті.
Сөндіре алмаса да жанған өртті.
Ащы зар, ауыр шері айғайлатты. «Құлагер» айтқан сайын қайғы ойлатты.
Күрсінтіп соқыр түнді бай-байлатты.
Түн, дала, ел төсекте тыңдап жатты.
Жылқылар жайылыста ішін тартты.
Кемпір, шал жамбасына зарлы үн батты.
Түнгі ауыл зарлы әнді тыңдап жатты.
Күйік ән көкке серпіп, сорғалатты.
Жұрт бірге жоқтап жатты өлген атты.
Талда құс, белдеулерде бедеу қатты.
Сүйеніп құрығына тыңдап қапты.
Бұрылмай бас өңгерген баран атты,
Керең түн кең даланы күңірентіп,
Бай-байлап «Құлагерге» бара жатты.
Жүрген жер Құлагермен жанға батты.
Құшақтап, жер бауырлап, жылап жатты.
Бар бұлақ көлге суын бауырымдатты.
Құланың қазасына көңіл айтты.
Қастерлеп Құлагердің ілді басын;
Аңырап ағыл-тегіл боп отырды,
Көзінің омырауына құйып жасын.
Күңірентіп сай-саласын, көлдің басын.
Жоқтады жұбанбастан кер Құласын.
Кей-кейде дауыл болып соқты қатты;
Кей-кейде күңіреніп, көлдей толқып,
Кей-кейде қу ағаштай құлап жатты.
Кей-кейде томсырайып тастай қатты.
Аһылап, ағаштағы бастай қатты.
Қуартып жасыл жерді, қазан соқты.
Жайлауда тышқан аңдып, түлкі жортты.
Қозы, лақ өсіп - бопты шыбыш, тоқты.
Ызғырық естіртеді ойда жоқты.
Қазасы Құлагердің өткен соғып,
Көңілінің Көкшетауы қуаң тартып,
Қызығын қайғы орағы кеткен орып.
Қурай боп екі-үш айда қалған шөгіп.
Құрт жеген құба сөңкел секілденіп.
Оларды іздеп, жұртпен жауықпақ жоқ.
Қираған жан қанаты сауықпақ жоқ.
Оларды енді көксер мақсат та жоқ.
Асқақ ән, әсем үнді зар жақ та жоқ.
Айдаған айдалаға жаны қуып.
Жанына жолатқызбай жанды жуық.
Қалғандай айналадан өзге туып.
Көліне Бурабайдың кірін жуып.
Жүреді сонда Сері келіп дайым.
Қобыздай ызылдар жел соққан сайын.
Әңгіме қылдық, білем, астың жайын.
Мынау шал - Ақан жалғыз, қашқындайын.
Байлаулы Құлагердің тұрған жері.
Кетпейді осы арадан сонан бері.
Сөз болып жат мінезі, шерткен шері;
Кетіпті елдің аузы әуезе қып:
«Жын құшып, жалғыз жүрген Ақан - пері».
Қатайды Сері, сақал-шаш қуарып.
Өткізді өмірін ол, басқа қуанып.
Оты өшкен, бойында жоқ жас құмарлық.
Бейшара бағып өткен басты мал қып.
Су мұрын, қу ұрты шұқырайған.
Шал отыр қу қайыңда мықырайған.
Түздегі қу бастайын жақ қуарған.
Шөлдегі шыңыраудай көз суалған.
Күрсінткен көп сұлудың «Көкем-ауы».
Әсем үн, аспанға өрлеп салған әні.
Қайда оның күлкі, ойынмен жайнаңдауы?
Құлазып күзді күнгі Көкшетаудай,
Қызықтың көшіп кеткен cap жайлауы.
Күйкиіп отыр таста Ақан байғыз.
Сондай бір адам бопты жаны жалғыз.
Серінің салған әнін сағынамыз.
Біз-дағы Құлагерге қамығамыз.
Елдің ол құлағына жылы тиген.
Ақанның аты мен жұрт әнін сүйген.
Ән алған қалың қазақ қайғылы үннен.
Жылқышы жылқы ішінде салып жүрген.
Күңіреніп Ерейменде өлген атқа.
Ән тарап жатты осындай Арқа жақта.
Ауылға оның әнін малшы ап қайтты.
Еліне «Құлагер» деп ән caп қайтты.
Әр жақта ел бұлбұлы сайрап жатты.
Әншілер «Құлагерге» бай-байлатты.
Тыңдады Ақан әнін «зарласын» деп.
Барша жұрт Батырашты қарғасын» деп.
Аяды «Құлагердің жолдасы» деп.
«Сол сұмдық қайтып қырда болмасын!»- деп.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру