Мазмұнға өту
Home

Мұз үстіндегі қызғалдақ

Айзат Рақыш

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Мұз үстіндегі қызғалдақ

Авторы: Айзат Рақыш

Айзат Рақыш Мұз үстіндегі қызғалдақ (әңгімелер мен хикаяттар) Мазмұны «Алғы сөз» Шерияздан Елеукенов Хикаяттар «Мұзбалақ шыңды мекендейді» «Қара түннің құпиясы» «Балалықтың соңғы күзі» Әңгімелер «Мұз үстіндегі қызғалдақ» «Ақша бұлттар түнергенде» «Көк биенің киесі» «Тегімді менің сұрама» Алғы сөз

Жас қаламгер Айзат Рақыштың алғашқы прозалық жинағы «Өлгендер қайтып келеді» атауымен жарыққа шыққанда, «Қазақ әдебиеті» газетіне (№41-42, 21-27 қазан, 2016 жыл) сыни мақала жазған едім. «Айзат айшықтары» атты мақаламда жас жазушының ілкі қадамына құтты болсын айтып, сәт сапар тілегенмін.Ол енді араға көп уақыт салмай, өзінің екінші прозалық жинағын оқырмандарына ұсынып отыр. Бұл оның сөз өнеріне нық беталыс жасағанын көрсетіп отыр. Айзат Рақыш Алматы қаласы №156 жалпы білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен он жылдан бері ұстаздық етуде. Өзіне соншалықты таныс, ашылмаған қатпарлы құпиясы қалмағандай көрінетін жас ұланның жан әлемі Айзаттың қызықты, әрі ғибратты туындылар жазуына ықпал етті десем артық айтқандық болмас. Иә, автор қалам қайратының өсе түскенін «Мұз үстіндегі қызғалдақ» атты ерекше нәзік, астарлы поэтикалық атауға ие прозалық жинағымен көрсетеді. Кітапқа енген әр шығармасында қалаимгер «қыран текті қазақпыз» деген ұлы ойды басты идея етіп көтеріп отыр. Енді сол көркем туындылар жайлы толығырақ тоқталып өтейін. Айзат Рақыш өзінің шығармашылық ғұмырында алғаш рет деректі хикаят жанрына бой ұрған. «Мұзбалақ шыңды мекендейді» атты туындысы-қазақ күресінен Орта Азия мен Қазақстан чемпионы, Қазақ күресі Федерациясының тұңғыш Президенті, қазақ күресін оқытудың әдістемесін алғашқылардың бірі болып ұсынып, оқулықтар жазған профессор, ұлтымыздың нар тұлғаларының бірі Ерғали Мұхиддинов туралы деректі хикаят. Бұл хикаят оқырманына қазақ күресінің даму, өркендеу баспалдақтарын Ерғали бейнесі арқылы көрсетуге тырысқан. Ұлы мүдде жолында жүріп,ауыл баласы Ерғалидың қырантектілігін, мұзбалақ мінезін нанымды көрсете білген. Өнегелі өмірдің сырлы соқпақтары оқырманын жалықтырмай жетелейді. Ал жинақтың әсерлі атауын алған «Мұз үстіндегі қызғалдақ» әңгімесі-балаларға арналған туынды. Мұнда да Тәуелсіздік күні жас ұрпаққа дәріптеліп, жеткіншектердің еліне деген сүйіспеншілігі, соған орай өзара достықтары, тіпті балаң махаббаттары, шекіспей бекіспейтін ер табиғаты желілі түрде тартымды берілген. Тәуелсіздік ұғымын мұзды жарып шыққан қызғалдақ бейнесінде астарлаған жазушы кейіпкерлеріне асқақ тіл бітірген. Үзінді тыңдап көрелік. -Қазақ қызы, қызғалдағым, көтер басыңды! Мұз үсті емес бұл! Туған жердің тоңы да бізге қорған! -Батырым, Атамекенімнің ардақты топырағында бізге суық өтпейді! Біз көтерген бұл үн ғасырларға Тәуелсіздік болып жетеді! Осы тектес кестелі сөз өрнектері оқырманын селт еткізбей қоймасы хақ. Ұлт тектілігі мен Тәуелсіздік тарихымен суарылған алдаспан-бейнелер жиынтық түрге еніп, келесі туындыларында да көрініс тапқан. Ендігі шығармалары тек пен тексіздік, қазіргі қоғамдағы жиілеп кеткен тастанды сәби оқиғалары, оның ащы салдары жайлы трагедиялық түйінмен тартылған. «Қара түннің құпиясы» хикаятында суреткер Айзат перзент сүйе алмай зарыққан әйел мен азаматтың күйзелісін, оған керісінше некесіз туған сәбиінен құтылмаққа арпалысқан келіншектің күйінішін суреттеген. Қара түнде жұмбақ көмбедей жасырылған сол бір сұмдық құпия әшкере болып, хикаят кейіпкерлерінің өлімімен оқиға аяқталады. Автордың айтар ойы салмақты: әр адам өз ісінің салдарына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Қасқыр да бөлтірігіне қас қылмайды деген ойға жетелейді.. Ал мынау қазақ неге өз қағынан жеріген құланнан бетер болып барады? Аталмыш тақырып «Тегімді менің сұрама» әңгімесінде бейнебір жалғасын тапқан дерсіз. Отыздың ортасынан асқанда, Гүлжаз жасанды ұрықтандыру жолымен дүниеге Әмір есімді перзент әкеледі.Әмір ер жете келе, өзінің тегін, қай ұлттан екенін білмей, диуанадай дала кезіп кетеді. Сол өзі үшін «әлдебіреудің» перзентін дүниеге әкелетін

қайсыбір қазақ қыздары бұл әрекеттерінің соңы қазақ үшін ұлттың тексізденуіне алып барарын сезе ме екен? Осылай Айзат өз оқырманын сан тарау ойларға жетелейді. «Ақша бұлттар түнергенде» әңгімесінде кесірлі келін Қасен қарияны шаңырағынан, немересінен айырып, Қарттар үйіне апарып тастайды. Соның салдарынан қария қайғы мен күйіктен сол мекенде өмірден озады. Философиялық толғаныстарға, терең пайымдаулар мен байыпты баяндауларға толы әңгіменің тілі жатық. Қорыта айтқанда,жас жазушы Айзат Рақыш аталған жинағымен ұлтының болашағына байланысты көкейтесті мәселелер көтерген. Мұзды кезеңдерді көктей өтіп жеткен Тәуелсіздік қызғалдағы қыран текті нағыз қазақ барда өшпіп, солмасына автор сенеді. Бұл-ел ертеңіне сенген Айзат жазушының әдебиет әлеміне салмақпен басқан екінші қадамы.

Шерияздан Елеукенов Мұзбалақ шыңды мекендейді (деректі хикаят) Серпін сыйлаған сенім

Студенттер жатақханасының аядай ғана бір бөлмесі. Тар болса да, кең пейілге бар бөлмеге жиналған жігіттер әңгіменің көрігін қыздырды.Тек Қуат қана ұйқыдан бас көтермей, төсегінде сұлап жатыр. -Жігіттер, осы Қуат үнемі өтірік ұйықтап, біздің жасырын әңгімелерімізді біліп алады. Төрт жыл өтсе де, сол әдетін қояр емес! -Жарас, Қуаттан жасырар неміз бар еді? -Ол шын ұйықтаса да, не ұйқыға батқан түр танытса да, біздікі осы ашық-жарқын қалып емес пе? -Достар-ау, мен бүгін мына Ерғалидың құпиясын жариялайын деп едім. Оның тым асқақ арманы бар екен. -Кәне, Жарас, әңгімеңді енді жарастыра бастадың. Үзбей баянда! -Иә, ол не арман? -Ерғали туған ауылына барып, мұғалім болуды арман етеді екен! -Пай, тірі жан естімеген құпиясы осы ма? -Ерғали, мен сені институтта оқытушы болып қала ма десем? -Ерғали, мен қалада қалуға тырысып жүрсем, сенің ауылды арман етуіңе жол болсын? -Ау, Ерғали, неге үнсіз қалдың? -Ол үнсіздік «Адамның басы-Алланың добы» екенін мойындаудың белгісі,-деп қағытты Жарас.. -Жолдамамен қай ауылға барсам да, туған жерімдей көретінім белгілі ғой. Үнсіздігім... -Иә, біздің Ерғали руға бөлінбейді. Оны білеміз. -Жерге де бөлінбейді. Бөліп билеуге де көнбейді,-деп әзіл шоғын тұтатқан достарына Ерғали салмақты жүзбен бұрылды. -Мен бірлікшіл болуды туған жерімнің топырағынан сіңіргенмін. Үш Жүздің басы қосылып, ұлы күшке айналған Ордабасы, жұмылған жұдырықтай болып жауын сұлатқан Қалмаққырған, Аңырақай жерлері бала кезімнен бірлік рухымен суарды. Енді тек ауылға баратыныма қуанамын. -Сенің ауылың-менің ауылым дейсің ғой. Жарадың, жігітім!

- Менің, сенің деп бөлшектеп қайтеміз? Қазақтың ауылы бар болсын! Сағынып ат басын бұратын, балалық шақтың тәтті елестерінен тұратын ауыл бар бола берсін!-Ерғали биік арманына алғаш қол созған ардақты ауылы туралы толғанып кетті. ...Ауылдарын сағынған оқушылар аяқтарын шалып, алға басқан қадамдарын кері кетірген қардың қалыңдығына да қарамай ілгерілей берді. «Қасқыр жүр екен. Демалыста интернатта қалыңдар,»- деп өткен аптада ата-аналарының ескерткені қаперлерінен шығып кеткен

-Балалар, аяз күшейіп келеді. Алдымыздан қасқыр шықса қайтеміз?-Іштеріндгеі қыз мінезді Керім шіңкілдей сөйлеп, қауіп-қатер жайлы ой тастады. Ол ойы достарын күлкіге бастады. -«Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей болады онда! -Сұр қасқырға мініп, сұлу қызын іздеп жүріп кездестірген Иван ханзада боламыз! -Иванды білмеймін, онда иманымызды үйіруге де шамамыз жетпес, ә!-Керім қорқыныштан, әлде тоңғаннан иегі дірілдей үн қатты. -Әй, қойыңдаршы. Туған топырақта бізді жау ала ма?-Ерғали мүлде жайбарақат сөйлеп еді, Керім қалшылдағанын қоя қойды. -Одан да мына далада жүз жыл бұрын не болғанын елестетейікші! Мен кеттім қиял әлеміне!-Ерғали көзін жұмған күйі көбік қарға аунай кетті. Өзге балалар да қарап тұрсын ба, қарға емес, құс төсекке жатқандай жайғаса берді. -Керім, сен көзіңді жұмсаң да қасқырды көресің бе? Ал маған атқа мінген бір сұлу қыз елестеп тұр. -Қызды қайтейін, апамның ыстық шайы арман болып тұр емес пе? -Танауы көріктей тұлпар мінген, көздері от шашқан батыр жақындап келеді. Қалмақты қырып, жеңіспен оралған әскердің қолбасы ма деймін!-Ерғали қысқы тұнық ауаны тіліп өтердей бар даусымен екпіндей сөйледі. Оның бұл сөзі басқалардың қиялын байыпты арнаға бұрды. -Иә, иә, Қалмаққырғаннан Қараспанға бет алған қалың әскер көрінді! Жеңімпаз үн естідім! -Қол бастаған батырдың тұлғасын-ай! Шіркін, мен де сондай кесек тұлғалы болар ма едім! -Аңырақайдан аңырап қашқан жоңғардың бір сарбазы ши түбінде жасырынып отырғанын менен басқа кім көрді?!-Орнынан күле көтерілген Мұрат байсалды қиял-елестерді үркітіп жіберді. Балалар қар-төсектерінен тұрып, ұмар-жұмар алыса кетті. Осылай ойынмен, әңгімемен жүріп, қараңғылық құрсап, тек кешкі шамдар ғана жылтыраған шақта ауыл шетіне ілінді-ау әупірімдеп. Әркім өз тараптарына қарай бет алысты. -Керім, сені шығарып салайын ба?-Мұрат сыныптасын кезекті рет қағытып, өз көшесіне қарай жүгіре жөнелді. Ерғали үйіне кіріп келгенде, апасы тіксініп қалды. Мынадай кеште ұлын мектебінен келеді деп әсте ойламаған. Ана-жүрек «балам жолда бір жамандыққа ұшыраса қайтер едім» деп үреймен соғып барып басылды. Сонда да сабыр сақтап, тіс жармады. Соңғы сыныпта оқитын ұлының үйін сағынып келгенін біліп, «неге келдің?» деп ұрсуға қимады. -Қалай жеттіңдер, балам? «Қасқыр кісіге шауыпты» деп естігелі бері, зәре-құтым қалмай жүр.-Анасы сөзін аяқтай алмай қалды. Төргі бөлмеден әкесі шықты. -Е, кештетіп келіпсің. Ат-көлік аман ба? -Шүкір, әке. Амандық. -Сабағың қалай? Ана аузыңнан тастамайтын «сұлу мұғалимаң» жүр ме?-Әкесі ұлын ашық еркелетпесе де, осы әзілімен оны күткенін аңғартып қалды. Шіркін, әкелер! Сезімдерін аналардай ақтара бермейді. Қас-қабақтары көбіне қатулы болса да, бар мейірімдерін бір ауыз сөзге байлай салады. Сезімді жасырудың, қапысын тауып, мейірін асырудың шебері тек әкелер шығар. Әкесінің айтып тұрған «сұлу мұғалимасы» бастауыш сыныпта сабақ берген ұстазы болатын. Алғаш мектепке барғанда, Ерғалидан «Сыныбың қалай? Сабаққа төселдің бе?» деп жақын-жұрағат сұраса, бір-ақ жауабы дайын болатын: «Біздің

мұғалимамыз әдемі.» Өзінің үлгерімін де, мектебінің хал-ахуалын да сол әдемі ұстаз болмысымен жеткізетін. Бүгін әкесі ұлының сол бүлдіршін кезіндегі оқиғасын есіне алып, үй-ішін бір күлдірді. Кешкі асқа төрт көзі түгел жиналған отбасы өзара амандық-саулық сұрасып, мәре-сәре болды. -Осы Ерғали мектеп бітіргенше жанымды шүберекке түйгендей болып жүрмін. Қыстың көзі қырауда сонша шақырымды жаяу жүреді. Ит-құс тие ме деп қорқамын.-Анасы Алтын манағы қорқынышын тағы да қылтитты. Онысы отағасынан бір көмек бола ма деген емеурін. -Жә, бәйбіше, ұлың жігіт болды. Қасқырдың мұрнын тесіп ертіп жүретін дәрмені бар. Әрі өзі де қасқыр сипатты емес пе?!-Мұхиддин әкенің даусынан мақтаныштың нышанын байқамай қалмау мүмкін емес-тін. Ерғали осы күйді бар жанымен сезініп, әке сезімін жүрегінің қылында қуаныш етіп ойнатты. Таң ағара тұрып, тірлік қамына қауырт кірісу-Ерғалидың сүйексіңді әдеті. Ауылдың ұшы-қиыры жоқ шаруаларын бір тиянақтап тастап, сыныптастары айтқан уәделі жерге келді.Тағы да топтанып шығып, интернатқа жетулері қажет. Анасының дорбаға түйіп берген тәтті-дәмдісін арқалап, достарын күтті. Ауыл сыртындағы көпірде отырып, ойға шомды. Биыл мектепті тәмамдамақ. Жүрегінде алып-ұшқан армандары көп-ақ. Қайсысынан бастарын, қалай оңтайын келтіруді білмей, іштей күйгелектеніп жүрген бір шағы осы еді.Әке-шешесіне қолқанат болып, ауылда қалғысы да бар. Алыс Алматыға арманын алқымнан алмақ болып ат сабылту да көңілінің бір көкжиегінде тұр. Өзі неше мәрте жүйрік қиялында жан бітірген қаһарман бейне құбылып келіп, жүрегіне ұялады. «Иә, батыр боламын! Мен батыр боламын!»-деп болашағының байлауын сәтті тапқанына қуанған Ерғали тұрған орнында секіре жөнелді. Бұл оның өзіне берген нық серті еді. Қыран текті халықтың бір ұлы туған дала төсінде тұрып, шырқау көкке ұмтылу жолында қиындық атаулыдан еш қорықпауға күн алдында ант берген сәті еді бұл. Сол бала батыр бүгін жоғары оқу орнын үздік аяқтап, елге қызмет жолындағы ерлік жорықтарға толы сапарын бастамақ болып бекінген болатын... Ерғали қолына диплом тие салысымен, Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасына жолдама алып, құстай ұшты. Ол жақта іске асырар мығым мақсаттары мол еді. Жас қыранның келешек өрлеу қиясын ұстаздары кілт өзгертті. -Ерғалиды төрт жылда әбден баптадым. Ол күреске, оның биігіне шығу үшін жаралған. Шәкіртімнің мінез-құлқынан, құрыштай сымбатынан осыны жазбай таныдым. Ол бізге ауадай керек,-деді ҚазКСР-іне, КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақтың дене шынықтыру институтының күрес және қылыштасу кафедрасының меңгерушісі Петр Филиппович Матущак. -Ауыл сияқты шағын ортада Ерғали өзін танытпауы да мүмкін. Ол сияқты жанып тұрған жас маман бізге өте қажет,-деп аға оқытушы Металбек Болғанбаев Петр Филипповичтің сөзін толық қуаттады. Осылайша жас Ерғалиды Қазақтың дене шынықтыру институты оқытушы етіп шақырып алды. Алматыға қайта жол тартқан Ерғали қос ұстазының сенімінен серпін алып, томағасын сыпырған жас қырандай тыңнан қанат қақты. Бұл 1978 жылдың жазы болатын.

Тастүлек Даланың сертіне берік, жолында кездесер қиындыққа бермес ерік, бойындағы бұла күшті тек жақсылыққа еткен серік бір баласы тың жортумен Алматыға қайтып оралды. Арманы асқақ Ерғалиға бұл ретте тек биік істерімен аты көпке танылған Петр Филиппович жолбасшылық етті.Талай сарыауыз балапанды самғау шегіне жеткізіп, ақиықтай түлетіп ұшырған Петр ұстаз Ерғалидың тұла бойындағы жалын мен жігерді жанымен түсініп, көрегендікпен көре білді. Әрі осы тұста қазақ күресіне тосыннан тыныс берер тұлғаны іздеу үстінде болатын. Адам тануда жаңылмаған ұстаздың қырағы көзі сол ауадай қажет

болып тұрған тұлғаны жас қыран деп айны-қатесіз таныды. Қыранды қыран алыстан танитынын ұлы даланың дана халқы ежелден-ақ тап басып айтып кетпеп пе еді?! Институтта оқытушы болып жүрген Ерғалидың жаны жай табар емес. Көңілі әлдеқандай бір айқасты күтіп, іштей тыпыршиды. Мықты қарсылас тап келіп, кілемде белдесер күнді күткендей бір беймаза хал. Дала баласы қаланың шулы өміріне еті үйренсе де, жанжүрегімен бауыр баспаған. Оқытушылық өмірден мүлде бөлек бір сын сағатты, намысы буырқанып көкке шапшыр байрақты бәсекені жанымен тіледі. Міне, қазақ күресінен қала біріншілігі басталды. Бүкіл жоғары оқу орындарының арасында Алматы қаласынан Ерғали бастаған жастар іріктеуден өтті. Енді жолдама алған спортшылар екі мәрте Социалистік Еңбек ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы Орта Азия мен Қазақстан турниріне аттанды. Турнир Еңбек Ерінің туған жері Жамбыл облысы Фурманов ауылында өтетін болып белгіленді. Еңбегімен ер атанған Жазылбек батырдың туған өлкесі Фурманов ауылы халықаралық деңгейдегі қызу спорт додасының мекеніне айналды. Күрестің барлық түрінен дерлік мықтылардың мықтысы сұрыпталып алынған бұл жарыста кім болса да жеңістен үміттене жетті. Ал бәзбіреулері «бәйгемді шаппай алам» деп асып-таспа сыбыс та таратты. Бабы келісіп, елу жеті килограмм салмақ дәрежесінде белдескелі келген Ерғали бақ жұлдызының жанарына нық сенімді болатын. Қос ұстазы Петр мен Қабден Байдосовтың асырмай, тура бағалап, әділ бағасын һәм батасын бергендері Ерғалидың өзіне деген сенімін бекемдей түсті. Әрі туған топырағында кімнен жеңіле қойсын? Адамды асқақ рухқа бөлеп, ғажайып істер тудыратын туған жердің киесі емес пе? Дүбірлі дода басталып та кетті. Алматы қаласынан келген палуандар жеке әрі командалық есепте бәсекеге түсті. Турнирдің алғашқы күнінде команда құрамындағы жігіттер түгелдей жалпы қоржынға жүлделер салып үлгерді. Бірінші күні бүйірін соғып, бабынан жаңылғандар финалға жолдама ала алмады. Жарыстың екінші күні бастала жөнелді. Қазақ күресінен күш сынасуға келген Ерғали өз қарсыласының өзбек палуаны екенін білді. Әйтсе де саса қоймады. Жарысқа ат арыта жеткен ала тақиялы палуан самбодан спорт шебері екен. Міне, Ерғали мен өзбек палуанның есімдері аталып, шаршы кілемге шақырылды. Дүйім жұрттың қиқулатқан қошеметінен бас айналардай. Ерғали көпшілікке ілтипат білдірді де, қарсыласымен қол алысты. Жолбарыстай кең кеуделі, қасқыр белді қазақ палуанының сілкіп қалған қолын қарсыласы сес белгісіндей қабылдап, айқасуға асыққандай түр танытты. Қызылсырап, қансонарды аңсаған қырандай Ерғали бірден шабуылға көшті. Кешегі жеңісіне аттанды армандаған көңілі тоймай қалған жас палуан жұлқа тартты. Алғашқы минуттарда-ақ өзінің басымдылығыны анық байқатып үлгерді. Өзбек палуан да дес бермей, «ат сабылтып, жауырынымды жер иіскету үшін келген жоқпын» дегендей қорғаныс тәсілдерін қолдана бастады. Қарсыласын қапсыра құшақтаған Ерғали оның аяқтан шалу әдісіне көбірек сүйенетінін аңдап қалды. Қанша мықты болса да, бір осал тұсы белгілі болды. Оның әлсіздігі-аяқтан орап шалу әдісінің оңтайы келгенше, қаша ұрыс салғандай екіұдай күйде жүретіні. Осыны жадына тоқып үлгерген Ерғали өзінің ең мықты әдісі, ата-бабамыздан адаспай жеткен, жеңіске апарар жамбас әдісін қолданып, белдесуді аяқтауға ыңғайланды. Өзбек палуан тағы да қулықпен мұны бас салып, орап жыққанша, Ерғали оны жамбасына салып, шірене лақтырды. Бұлай лақтырғанда тек мысық қана төрт аяғымен түсе алар. Ал палуан жер құшары сөзсіз еді. Сол заңдылықпен алапат күшпен лақтырып жібергенде, жеңістен үміттене бастаған өзбек палуаны мұрттай ұшты. Жауырыны жерге тиген ол толық жеңілді. Бұл сәтте көрермен халық ата-бабасының аруағын атап, орда бұзар жасына жетіп қалған Ерғалидың даңқын асырды. -Сені туған анаңнан айналдым! -Уа, бәрекелді -Сенімімізді ақтадың, арысым!

-Аруақты ер екенсің! -Томағасы сыпырылған жас қырандай шүйілді ғой! Пай-пай! Бұл жартылай финалдың соңғы сәті болатын. Турнирдің соңғы үшінші күнінде ақтық айқас-соңғы финал күтіп тұрды. Тастан түлеп ұшқан тастүлек қарсы келген палуанға ытырына ұмтылды. Әбден бабына келген жас қыранның бұл үшінші күнгі қансонары болатын. Ақтық айқаста тап келген қырғыз палуанымен белдесу басталғалы, күллі жұрттың аузында Ерғали есімі аңыз болып тарады. -Жауырыны жер иіскеп көрмеген батыр екен өзі! -Өмірі жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген нағыз қыран екен! -Қазақ күресі десе ішкен асын жерге қоятын нағыз сабаздың өзі! -Жас болса да, қазақ күресін шыңға шығарар қажыры бар! Осылай жас батырды хас батырға теңеп, ел іші аңыз етті. Сол қалың қазақтың сенімі мен ардақ тұтуы Ерғалидың намысын қайрады. Кешегі омақаса құлаған өзбек палуаны тәрізді қырғыз ағайынын бірден атан күшіне мойынсұндырғысы келді. Ызы-қиқы шу астында бір-біріне ұмтылған қос мықты кенет көз түйістіріп, бір сәт жанармен тілдесті. -Өз жерімде тұрып, әсте жеңілмек емеспін!-Ерғалидың көзі қарсыласына осылай деп от шашты. -Өзге жерге келіп, намысты қолдан берер ез мен емеспін!-Айыр қалпақты палуанның көзінен Ерғали осы ойды оқып үлгерді. -Қазақтың күресін қазақтай білетін кім бар?!-Ерғалидың өткір көзі осы ойды ұшқын етіп шашты. -Мен жай белдесуге емес, жеңіс шыңын иемденуге келгенмін! -Жеңістің биік шыңын шыққандар ғана біледі! Сен етектесің, мен сол шыңның ұшар басындамын!-Ерғали жанарынан жолданған бұл ойды қапысыз түсінген палуан барыстай атылды. Ерғалидың күткені де осы еді. Ашуға булықтырып, қарсыласын іштей құлатса, шынайы жеңілісі де алыс қалмайды ғой. Жұлқына ұмтылған жігітті Ерғали өзіндік тәсіл қолдануға мұршасын келтірмеді. Айла-шарғысын тауысып, діңкесін құртып барып, өзінің әдісін бар болмысымен бедерлеп, жеңіске айқын жетпек ниетте. Ерғалидың әр қимылынан осы ойын қалт жібермей түсінген қырғыз палуаны оны енді сәл қателессе, сол мүлт кеткен сәтін өз пайдасына асыруды ғана тілеп жүр. Дегенмен тым ширақ қимылдаған жас батырдың әдіс қолдануы өзгеше, тәсілдері темірдей тегеурінді. Қаумалаған көпшілік тіпті жеңімпазды өзара белгілеп те қойыпты. -Апырау, титықтатпай, жеңе салмай ма? -Иә, онсыз да көрер көзге кімнің жеңгені тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұр емес пе? -Бар айласын түгесті ғой пақырдың! -Бәрекелді, батырым! Тура кешегідей жамбасқа салып лақтыршы өзін! -Аруақ! Аруақ! -Таза жеңіс! Таза жеңіс! Шудан құлағы тұнып кеткен Ерғали дәл осы сәтте ата-баба аруағына іштей сыйынды да, өзінің ең соңғы сәтте ғана қолданатын жамбас әдісіне көшті. Әп-сәтте қырғыз палуан Ерғалидың жамбасында ұршықша үйіріліп, жер сүзе құлады. Төрешілер де бір ауыздан толық жеңіс деп бағалады. Ерғали от шарпыған жанарымен айтқан жеңіс шыңының ұшар басында тұрды. Ол қазақ күресінен өз салмағында жеңімпаз атанды. Орта Азияның алысжақын елдерінен келген палуандардың барлығын тізе бүктірді. Үш күнде жеті белдесу өткізген қыран тұлғалы палуан бірде-бірінде жеңіліп көрмеді. Жеңіс тұғырына көтерілгендерді марапаттау рәсімі басталып кетті. Жазылбек Ерғалиды мейірлене құшақтап: -Қазақтың бағына туған ер екенсің! Бақытты бол!-деп тебірене қысқа лебіз білдірді. Орталық комсомол комитеттің бірінші хатшысы Қуаныш Сұлтанов құттықтап келіп, мадақтау қағазын табыс етті. Өзіне сеніммен қараған көптің көңілінен шыққанына шаттанған Ерғали кеудесін кере тыныстады. Айқас күтіп алас ұрған жас қыранның көңілі

осы сәт бір тынышталып қалғандай еді. Бірақ өзін шаршы кілемде емес, басқа әлемдегі «белдесулер» күтіп тұрғанын тастүлек әзірге сезген жоқ. Бұл кезде Ерғалидың туған ауылында батырдың құрметіне ұлан-асыр той басталып кетті. «Шалқар» ұлттық арнасынан диктор Өмірзақ Жолымбетов турнир қорытындысын, жеңімпаз Ерғали жайын мәлім еткенде, ферманың меңгерушісі Достияр ести сала, Алтын анаға жеткізуге асықты. -Сүйінші, апа! Ерғали ұлыңыз чемпион болыпты. Қарсы келгеннің бәрін жеңіп, қазақ күресінен Орта Азия мен Қазақстан чемпионы атаныпты. Жаңа ғана «Шалқар» арнасынан естідім! -Қалағаныңды ал, қалағаныңды берейін!-Алтын ана қуаныштан не дегенін өзі де білмей, көзіне жас алды. -Батырдың анасына жылаған жараса ма? Алтын, сен батырдың анасы болдың! Құтты болсын!-Ауылдастары Алтынды ортаға алып, бәрі бірдей шын жүректен қуанды. Ортақ қуаныштары-қазақ ұлының жеңісі бәрін тойға бастады. Мақтанышқа сараң Мұхиддин әке той үстінде «Осы ұлымнан бір үлкен іс күтетін едім» деп әкелік көрегендігін айтып қалды. Ауылдың тайлы-таяғына дейін қалмай, Мұхиддиннің шаңырағында той қылды. Барлығының аузында Ерғали. -Ерғали жүрген жерде, жеңіспен егіз тәрізденіп кетеді. Баяғыда комсомолдық жолдамамен екі жыл ауылда жүріп, қой қырыққанда да, мықты қырықтықшы екенін көрсеткен. -Иә, сол кезде де үздік атанып, мақтау қағаздарын жиі алатын! -Әскерде жүрген жылдарында самбодан чемпион болғанын айтсаңдаршы! -Иә, Ерғали тек жеңуді біледі! Ел аузында қаһарман бейнеге айналған тастүлек тұлға 1980 жылды жеңіспен тәмамдап, алдағы асуларға қанат қақты.

Халық қалаған қыран

Жүрегіндегі сан арманы алысқа қанат қақтырған Ерғали өз саласында тез-ақ өрледі. 1978 жылы өзі білім алған Алматы дене шынықтыру институтына оқытушы болып қабылдана сала, қарымдылығын жылдам байқатты. 1982 жылы аға оқытушы дәрежесіне көтеріліп, алдағы ел үшін маңызды мақсаттарына жетер жолда адастырмас білім мен тәжірибе жинақтаумен болды. -Шақыртуды қабыл алғаның жөн болар. Бәлкім, бұл сенің жаңа самғау мекеніңе айналар?!-деп Петр ұстаз Ерғалиды Алматы зоотехникалық-мал-дәрігерлік институтының басшылығы «кафедра меңгерушісі бол» деп қолқалай шақырғанда, дем бере сөйлеп еді. Бұл ұсыныстың түскен уақыты 1983 жыл еді, бірақ кафедра меңгерушілігіне өзін әлі дайын емес деп топшылаған жас жігіт бірден келісе қоймады. Бұл кезде институтқа ректор болып Қалдыбек Сәбденов келген-ді. Ол институттың кадрлық құрамын толықтыру мақсатында көп ізденді. Дене шынықтыру институтының ректоры Өтешов Асқар Біләлұлына қоңырау шалдырған да осы себеп болатын. Екеуара әңгіме ұзаққа созылмады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін Сәбденов айтты: -Маған ғылым кандидаты да, басқа да емес, қолынан іс келетін жас маман керек! -Менде дәл сіз іздеген маман бар. Өзі жас, өзі көп іске бас, әрі ғылыми атағы да бар. Олқазақ күресінен спорт шебері ҚазКСР-іне еңбек сіңірген жаттықтырушы. Бұл атақты бүкіл елімізде тұңғыш рет алған айтулы азамат.-Өтешовтың мына сипаттамасы Сәбденовты көктен тілегенін жерден тапқандай қуантты. -Сол маманды маған жолықтырыңыз. Өз саласында таптаурын сүрлеумен жүрмей, жаңалық әкелуге әуес жастарды жаным сүйеді! Осы әңгімеден соң Ерғали Сәбденов басшылық жасайтын Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды.

Бұл оқу орнында Ерғали он екі жыл қатарынан қызмет етті. Көптеген жаңалық істердің басы-қасында жүрді. Ұлттық салт-дәстүр, ел тарихы десе жаны кіретін Ерғали Наурыз мерекесінің бүкіл жоғары оқу орындарының арасында алғаш рет дәл осы институтта атап өтілуіне мұрындық болды. Ректор Сәбденов бұл мерекені ел күткендей-ақ ұлан-асыр тойға айналдырды. Институттың стадионы қазақы ауылдың көрінісіндей көз тартып, ақ шаңқан киіз үйлер қаз-қатар тігілді. Студенттер кәсіподағы дастархан жасап, мерекенің қазақылық ажарын асырды. -Мына қос ғашықтың бүгін бақыт құсын қондырғандары-ай! -Иә, құланның қасуына мылтықтың басуы дегендей болды. Бір жағынан Наурыз тойында ұлттық дәстүр көрсетіліп жатыр,екінші жағынан жастар шынымен де сән-салтанатымен шаңырақ көтерді. Ғажап емес пе? -Ғажап мұнымен біткен жоқ. Әне, қараңдар, ректор жас жұбайларға жатақхана бөлмесінің кілтін ұсынып жатыр.-Өзара той қызығын тамашалаған студенттер расында да мәз-мейрам еді.Ұлыстың ұлы күнінде қалауын тауып жанған ақ қардай кіршіксіз махаббатпен отау құрған институттың студент жігіті мен Қыздар педагогикалық институтының бикеші болатын. Осылайша Қазақстанда бірінші рет институттар арасында бұл білім ордасы үлгі көрсетті. Әз Наурыз сонша жылдан соң қазағымен қайтып қоштаспастай болып қауышты. Төл мерекесімен табысқан ел де риза, әсіресе, ел деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген ерлерге риза. Тәуелсіздік деген ұлы күш Ерғалиға қанат бітіріп, көкке самғатты. Ол ешбір қиындықты елең қылмады. Төмен құлдилауды білмейтін қырандай биікке ұмтыла берді. Жаны байыз таппай шапқылап жүріп, сәл сырқаттанып та қалды. Өзі қаперіне алмаған сырқаты ақыры палуанды қалалық ауруханадан бір-ақ шығарды. -Ота сәтті өтті. Спортпен шұғылданып, шымыр болғаныңыз сіздің тез сауығып кетуіңізге кепілдік береді,-деп жымиды дәрігер. -Пышақ тисе қайтеді екен? Тезірек шықсам жарар еді.-Ерғали өзінің отадан шыққанын іштей мойындар емес. -Он күн ауруханада, біздің бақылауымызда боласыз. Оған дейін шығара алмаймын,-деді де дәрігер палатадан шығып кетті. Тыным тауып отыруды білмейтін адамға аурухана төсегі құса қапасынан бетер болып көрінеді. Мұнда минуттар мызғымайды, сағаттар сырғымайды. Уақыт табандап тұрып қалғандай. Аялдап қалған уақытты халін сұрап келушілер жүрдектетіп жіберетін. Басын кқтере бергені сол еді, палатаға жедел басып мемлекеттік жаттықтырушы Бауыржан Жаналин мен оқытушы Сабыр Нұртазинкіріп келді. -О, Ерғали, отадан соң сауығып келесің бе? -Алла шипасын берсін! -Суыт жүрген түрлеріңе қарасам, жай ғана халімді сұрауға келмеген сияқтысыңдар.- Ерғали аңдампаз қасиетімен тура әңгіме бастады. -Дұрыс айтасың. Келісіміздің астары терең. -Біз бүгін сенің халіңді сұрап келдік. Бірақ ертең қазақ күресінің жағдайын сұраспайтын сұмдық заман туа ма деп қауіптеніп отырмыз.-Бауыржанның даусы күңгірлей, ашық сөз бастады. -Қазақ күресі қазір тұралап қалған ахуалынан арылып келеді. Бәрін бір күнде жасай алмаймыз. Уақыт керек.-Ерғали Бауыржанды жұбата бастап еді, ол мұның сөзін аяқтатпады. -Бізде бүгін сол уақыт тапшы болып тұр. -Иә, Керекуде Қазақ күресі Федерациясына Президент сайлауы болмақ. Егер қазақ күресінің басына оны бүге-шігесіне дейін білетін білікті маман келмесе, оған қатер бұлты үйірілері хақ. -Тіпті қазақ күресі жойылып, самбоның жетегінде кетіп қала ма деп бізден маза қашқалы қашан?! -Сонда мен не істеуім қажет?-Ерғали орнынан ұмсына түсіп, түрегелуге ыңғайланды.

-Бүгіннен қалмай, Керекуге ұшып барып, Президент сайлауына түсуге тиіссің! -Дәл қазір жолға шығуымыз керек! Ұшатын бүркіттей қанатын қомдап отырған Ерғали атып тұрды.Таяуда ғана жасалған ота батырды еркін қимылдатпады. Бауыржан мен Сабыр екі қолтығынан демеп, оны ауруханадан әуежайға жетелей жөнелді. -Дәрігерің нағыз азамат екен. Өзінің жарасы ауыратындай шыр-пыры шығып, сені әрең шығарғанын қарасаңшы! -Сол қарапайым, бірақ қасиетті жандардың қадірін кейде білмей кетеміз-ау! -Асығыста ол шипагерге алғыс айтуды да ұмытыппыз.-Сабыр Ерғалидың жолға шығарына қуанып, дәрігермен тым асығыс қоштасқандарын енді ерсі көріп тұр. -Қымбат жанға жүзіне қарап алғыс жаудыра алмасаң да, оған деген ыстық сезім жүрек түкпірінде қалады ғой. -Ыстық сезім демекші, мен Керекуге ұшарымды әйеліме айтпаппын ғой.-Ерғалидың бұл сөзіне қос әріптесі жарыса күлді. Үшеу мінген ұшақ ақ бұлттарды жарып өтіп, арман құсын жарыстырып, Кереку қаласына жетіп келді. Қаланың көркін аңдауға мұршалары келместен, олар бірден сайлау өтетін орынға жетуге асықты. Өңшең спорт саңлақтары, ығайлар мен сығайлар жиналған мәжіліс залына Ерғали екі әріптесінің сүйеемелдеуімен кіріп келді. Батырдың мысы басқан талайлар «Президент боламын-ау» деген үміттерін желге ұшырды. Мәжіліс төрағасының даусы саңқылдап, сайлау ережесімен таныстырып тұр. -Сөз соңында айтарым, жоғарыда аталған барлық талаптарға толық сай келетін маман Қазақ күресі Федерациясының Президенті болмақ,-деп тәмамдады. -Соңғы келген үміткердің салмағы басым екен. Ерғали Мұхиддинов-қазақ күресінен Орта Азия мен Қазақстан чемпионы, қазақ күресінен алғаш рет ҚазКСР-іне еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын алған, спорт шебері, доцент, бір сөзбен айтқанда майталман маман.-Төрағаның бұл сөзінен соң, зал іші тына қалды. Көпшілік болып, бір шешімге іштей келген түрлері бар. -Қазақ күресінің жілігін шағып, майын ішкен Ерғалидай ердің бұл көшті тек алға бастайтынына мен нық сенімдімін.-Өз даусын алғаш болып берген ҚазКСР-іне еңбек сіңірген жаттықтырушы, ҚазКСР-іне еңбек сіңірген мұғалім, самбо күресінен КСРО спорт шебері Диқанбай Биткөзов халық қалауын паш етті. -Ерғали Мұхиддиновты білеміз ғой. Талай өршіл істеріне де қанықпыз. Әрине, мен оны қолдап дауыс беремін.-КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, самбо күресінен КСРО спорт шебері Марат Жахитов та батырдың ұпайына дауыс берді. Бұдан кейінгі дауыстар тек қана Ерғалиды жақтап берілді. Бұл кезде Ерғали өзіне халықтың жүктеген жауапкершілігінің жүгін сезініп тұрды. Аманат жүгі қыранның қанатында үзілмеді. Ұлт күресіне жаңалық әкелген Ерғали ең алдымен оны жүргізу ережесін бекітті. Қазақ күресі бұған дейін тек орыс тілінде жүріп келсе, енді қазақша басталып, соңынан орысша жалғасатын болды. Қазақ күресін ана тілінсіз елестете алмайтын арда тұлға тілдік тұрғыдан төңкеріс жасады. Осылайша қазақ күресі қазақша сөйлей бастады. Мұнымен тоқтамай, итжығыс ұғымын тарих қойнауынан алып шығып, термин етіп енгізді.Қазақ күресінің даңқы шарпарапқа жайылды. Әр ауылда балалар қазақ күресін білгісі келіп құмартты. Сол ынтыққан көңілдері ауылдың спорттық үйірмелерінде тояттағандай болды. Әкімшіліктермен тығыз байланыс орнатқан Ерғали ауыл-аймақта ата-баба күресінің кедергісіз дамуына жол ашып берді. Жер-жерден Федерация өкілдіктерін ашып, қанатын кеңге жайды. Тәуелсіздікпен тұспа-тұс келген бұл ұлы жеңіс тек шыңда туған мұзбалақтың ғана емес, исі қазақтың рухты шағы болатын. Шың басындағы шынар тұлға өзін алда айқас күтіп тұрғанын іштей сезді. Әйтсе де албырт шағындағыдай көңілі алабұртып, тыпырши қоймады.Жас қыран ендігі айқастардың кілемде емес, қалам ұшында өрілетінін жанымен түйсінді.

Қиядағы қыран үні

1996 жылдың жазы жетті. Ерғали бұл кезде Қазақтың мемлекеттік аграрлық университетінде дене тәрбиесі және спорт кафедрасының меңгерушісі. Қыран ғұмырының тоғыз жылы осы білім мекенін ен жайлап, тың соқпақ салумен өткен. Ал сол күндер тоқырауға тап қылған тоқсаныншы жылдардың тәлкегімен есте қалған-ды. Қалың ел рухын тіктей алса да, қос бүйірден жоқшылық қыса берді. Терең ой үстінде жүрген ректор Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев кеңсесіне бүгін Ерғалиды арнайы шақыртты. Жігіттің жүзеге асуы ықтимал жоспарлары барына басшысы бек сенімді еді. Амандықсаулық сұрасқан соң, сөзді бірден негізгі мәселеден бастады: -Ерғали Мұхиддинұлы, өзіңіз білесіз, қазір қысылтаяң уақыт. -Иә, белгілі ғой. Жас, егемен еліміз аяғын апыл-тапыл басқан сәбиге ұқсайды. Бірақ зор қуанышымыз-Тәуелсіздігіміз!-Жастық шақтың қарсы келген қиындық атаулыға қайыспайтын жалыны ескен бұл лебізге Сағадиев риза болып қалды. -Дұрыс қой. Бірақ сол басты қазынамызды мәңгілік етіп орнықтыру үшін материалдық дүниені қалыпқа келтіруіміз шарт. Қарны аш оқытушы бала оқытып жарытпас. Менің қалауым-материалдық қыспақтан шыққан ұстаздың бар көңілінің білім алушы жастарда болуы. -Сөзіңіздің жаны бар. Қайсыбір институттың оқытушылары күндіз сабақ беріп, кешке жүк тасып, түрлі қара жұмыс істеп жүргенін көргенім бар.-Ерғалидың сөзін Сағадиев кілт үзді. -Мен оқытушыларымның олай нәпақа қамы үшін қара жұмысқа жегілгенін көргім келмейді. Олар қосымша табысты өз саласында табуы керек!-Сағадиевтің бұл қайсарлығы бүкіл қоғамда болса, сол бір тоқырау жылдары ұстаз атаулы қолына күндіз қалам ұстап, түнде сыпыртқы асынып, қосымша кіріс көзін іздеп, базар жағалап, содан да мәртебесі кемімес еді-ау! «Ет аламыз» деп айғайлаған ұстазын кешкілік базардан көрген баланың жүрегінде оған деген құрметтің азаяры да түсінікті ғой. Сағадиев сынды өршіл тұлғалар өз мекемесінде ұстаздарына ондай кемістік көрсетпеді. Ол Ерғалимен ақылдаса отырып, университет көлемінде сауықтыру-спорттық кешендер құрды. Мұндай секцияларда өз студенттері тегін жаттығып, күшіне айла қосты. Ал «спортпен айналысам» деген өзге азаматтарға ақылы түрде жүргізді. Ол төлем оқытушыларға қылдай етіп үлестіріліп, қалған бөлшегі түрлі жарыстарда университет құрамалары даралана киіп шығар формалар тігуге жұмсалды. Осылайша білгір басшы Сағадиев ұстаздарын қысылтаяң шақта жер қарматып, ауа қаптырмады. Олар тек ұстаздық биік бейнесін сақтап қалды. Таусоғар екпінмен еңсесін көтерген қазақ елі өз Тәуелсіздігінің онжылдық мерейтойына қадам басты. Бүкіл ел көлемінде түрлі мәдени, спорттық шаралар легі басталып кетті. -Әріптестер, Тәуелсіздіктің онжылдығына университетіміз не ұсынар екен? Осыны бір ақылдасу қажет еді.-Ерғали ұстаздардың назарын өзіне аударды. -Ел жасағанды біз де жасаймыз. Оның ойланатын несі бар?-Жаттанды жолмен жүріп дағдыланып қалған қайсыбір оқытушылар бұл сұраққа аса толғана қоймады. -Біздің басты айыбымыз да осында. «Ел жасағанды жасаймыз» деп көпке қарап, өзіміз бір жаңа іс бастаудан қорқақтап, «аш құлақтан тыныш құлақ» деп бұғып қала беретініміз. Жаңашылдық әкелуге неге әуес емеспіз? -Ерғали, намыстың көкпарына шапқалы отырмысың?-Ерғали кекесін үн иесін сөзімен тықсыра жөнелді. -Егемен ел болып, сол Тәуелсіздік туының желбіреген қасиетті күнін жоғары, жаңа деңгейде тойлай алмасақ несіне ел азаматымыз деп елеурейміз? Ата-бабамыз қанымен, жанымен аманат еткен осы қасиетті мерекені тарихта қалатындай етіп дүркіретіп өткізбесек, қазақтығымыз қайсы? Он жеті жылдан бері ұмыт болған студенттер спартакиадасын неге жаңғыртпаймыз? Бастамашылдығымыз, ұстаздығымыз қайда?

-Дұрыс айтасыз, Ераға! Бірақ сол игі істі өзіңіз бастап жібермейсіз бе?-Жас ұстаздың бұл сөзіне Ерғали ашуланбады. Неден бастарына іштей сенімді күйде, жұмыс бөлмесінен шыға берді. Ұзынқұлақ қызметіне көп сүйенетін студенттер арасында бір ғана тақырып талқылануда. Алда болатын студентер спартакиадасында университеттің абыройын кімдер қорғайтыны бастфы тақырыпқа айналған. -Қазақ күресінен жарыс болса, біз республика бойынша ешкімге дес бере қоймаспыз! -Тоғызқұмалақшылар да толып жатыр арамызда. Олар да жеңістен үмітті! -Ерғали ұстаздың баптауымен бізде кәнігі палуандар қалыптасты. Қане, оны жоққа шығара алатындарың бар ма? Студенттер әңгімесін университет белсендісі Арысбек бөлді. Оның айтқан тосын жаңалығы палуан жастарды абыржытып тастады. -Жігіттер, спартакиада анық өтетін болып шешіліпті. Оған спорттың көптеген түрінен жарыстар белгіленіпті. Бір өкініштісі-қазақ күресі мен тоғызқұмалақ жарыс бағдарламасына енбей қалыпты. -Енбей қалғаны қалай? -Бұл анық ақпарат па? -Кім олай деген?-Жігіттер қызбаланып, отырған орындарына шөлмектің тығынындай атып тұрды. -Мен тек анық ақпараттармен ғана жұмыс жасаймын,-деп маңғазданды Арысбек. -Бұл жағдайды Ерғали ағайға айтайық. Ол кісінің бұл ретте қол қусырып отырмасы анық,-дескен студенттер ұстаздарын іздеп келіп, таппай қайтты. Бұл кезде Ерғали «байқамай» бағдарламадан тыс қалған қазақ күресі үшін екінші рет мәжіліс құрғызып, атойлап тұр еді. Алқа-қотан отырған ұстаздар алдында Ерғали суырыла сөйледі. -Спартакиада өткізуге шешім қабылдағанда, бір қуанған едім. Енді оның бағдарламасын жасағанда, көңілімде еш алаң болмап еді. Өйткені өзімдей ұстаздардың ұлттық намысына, қазақылық жүрегіне сенген едім. Қазақ күресін қалтарыста ұмытып, тоғызқұмалақты тасада қалдырады деп мүлде ойламағанмын. Егемен ел бола тұра, еңсемізді тіктегенімізге аттай он жылды толтырсақ та, қазақ күресін жетімсіреткеніміз-өз ұлтымызды кем тұтқанымыз. Бұл олқылықты түзетуге әлі де кеш емес. Қайта дауысқа салайық. Қазақ күресі мен тоғызқұмалақ бүгінгі мәжілістен соң бағдарламаға енеді деген сенімім бар! Орнына жайғаса бергені сол еді,Тараз педагогикалық университетінің аға оқытушысы, ҚазКСР-іне еңбек сіңірген жаттықтырушы, спорт клубының бастысы Ізтілеу Минербеков отты сөздің алауын күшейтті: -Қазақ өзінің ұлттық күресін ұмытса, жан-дүниесінің жалаңаштанғаны. Оған жеткізбей, дәл осы жерде ұлттық спорт түрлерін спартакиада бағдарламасына енгізуді қолдап дауыс беремін!-Саңқылдаған қайсар үн біреулерге ой салды, енді біреулердің мазасын қашырды. -Иә, Ізтілеу ұстаз өте орынды айтады. Ел егемендігінің бір сұлу көрінісі ұлттық спорт түрлерін дамыту болып табылады. Сондықтан Ерғалидың ұсынысын жақтап дауыс беремін!-ҚазҰУ-ның кафедра меңгерушісі Арешенко Ізтілеудің сөзінің соңын ала бере, өз көзқарасын ашық мәлімдеді. Ерғалидың табандап талап етуімен спартакиаданың жаңа бағдарламасы қабылданды. Енді спортшы жастар республика көлемінде қазақ күресінен де сынға түсу бақытына ие болды. Бұл оң жаңалықты естіген спортшы жастар, «елім» деген жүректер шат-шадыман болды. Ерғали мәжілістен шыға салысымен, желе-жортып ректор Сағадиевтің есігін қақты. Басшы көпке ұзатпай қабылдады. -Иә, Ерғали Мұхиддинұлы, студенттер спартакиадасының алау өртін өзіңіз тұтатқалы жүргеніңіз мәлім. Басшы ретінде менен әлдебір көмек керек пе? -Иә, Кенжеғали Әбенұлы, өтетін орны белгісіз тойды қалай қырық күндік етемін дегендей болып жүрмін. -Оның еш қиындығы жоқ. Университетіміз республикалық деңгейде спортшылар сайысын өткізуге қолайлы.

-Сонда бұл спорт бәсекесі бізде өте ме? -Иә, өзімізде өткіземіз. Оған бар мүмкіндік бар. Тіпті жоқтан бар жасайтын ғажап жан өзіңіз емеспісіз? -Кенжеғали Әбенұлы, тым асырып жібердіңіз! Әрі мен бұл істе жалғыз емеспін ғой. Бүтін ұжым атсалысып жүр. -Олай болса, Ерғали ұстаз, тізгін өзіңізде. Университет құрамасы басты орыннан көрінеді деп сенемін! -Сеніміңізге селкеу түсірмеуге уәде беремін!-Ерғали ант еткен сақшыдай саңқ ете қалды. Осы жүздесуден соң, Ерғали тыныштық әлеміне сирек аялдайтын болды. Беймаза күндердегі тынымсыз әрекеті ақыры жемісін берді: Қазақтың мемлекеттік аграрлық университетінің құрамасы республика бойынша қазақ күресінен 1-орынды жеңіп алды. Ерғалидың спартакиада бағдарламасына қазақ күресін енгізу жолындағы жансебіл ерлігін көпшілік тегіс түсінгендей болды. Қияда көтерілген қыран үні барған сайын асқақтап, талмау көкке ұласып бара жатты.

Қалам ұшындағы жекпе-жек

«Біз өнерден кенде емеспіз» деп өз-өзіне күбірледі Ерғали. «Тек оның уағыздауынан, насихатынан кем тартамыз» деп және қынжылды. Бұл оның соңғы кездері өз-өзін қамшылап, іштей ширыққан шағы. Ақ қағаз шаршы кілемдегі белдесуден де қиын тәрізденді. Неше рет беттеп барып, жуи алмай қайтты. Әйтсе де көкірегін тесіп, оқырманына жетуге талпынған ойлары тым көп. Соларды сөйлетудің оңтайын таппай, шақшадай басы шарадай болды. Бүгін тағы қаламын бос қалдырғысы келмей, ақыры жазуға отырды. Селдей болып келген будақ-будақ ойлары қағаз бетіне біртіндеп түсе бастады. Жұмысынан кештете шығып, үйіне келді. Алғаш қалам тартқанына көңілі сәл де болса орнына түсті. Жаңа күн бастала салысымен, Ерғали бірден «Лениншіл жас» газетінің редакциясына қарай бет алды. Жазғанын көрсетіп, жарыққа шығуын ниет етті. Кірген бойда Ертай есімді тілшіге жолығып қалды. Жұқалтаң өңді жас жігіт биязы екен. Ерғалидың келген мақсатына толық қанықты да, жазбаны қолына алды. Ізін суытпай оқитын тиянақты, еңбекқор тілші жолыққанына қуанып кеткен Ерғали: -Бұл-алғаш рет жазуым. Сондықтан ойымды нақты жеткізе алмаған тұстарым баршылық. Тақырыбын да көп ойланып, әрең қойдым,-деп жай-жапсарын түсіндіруден еш жалықпады. -Тақырыпты мақаланың бүкіл табиғатына сай өте дәл қойғансыз. «Алпыс айлалы өнер» қазақ күресінің барлық болмысын ашып тұр,-деді Ертай жүзін қағаздан ала беріп. -Сонша күн алас ұрғанымнан ақыры нәтиже шығатын болды ма?-Ерғалидың көзі жайнап кетті. -Қазақ күресі туралы жазатындар некен-саяқ. Ал сіз маман ретінде, ұлт тарихын білетін заңғар тұлға ретінде өте сәтті жазғансыз. Бұдан кейін де үзбей жазып тұрыңыз.-Ертайдың бұл сөздері Ерғалидың болашақтағы үлкен туындыларының тұсауын кесті. Қызмет бабымен қарбаласып жүрген бір күнінде жұмыс телефоны шыр етті. Тілші Ертай екен. -Ерғали Мұхиддинұлы, қайырлы күн. Мен тілші Ертай Айғалиұлымын ғой,-деп саңқылдай беріп еді. Ерғали ресмиліктен арыла үн қатуға бұйырғандай болды. -Қазақ баласымыз ғой. Бір-біріміздің тегімізді түгендемей, жай ғана атымызбен атай берсек болмай ма? Иә, Ертай, жаңалығың бар ма? -Бұныңыз мені дос тұта бастағаныңыздың белгісі болар. Онда айтайын. Досыңыздың сүйіншілі хабары бар. Мақалаңыз жарыққа шығып, оқырмандарына жетті. -«Алпыс айлалы өнер» Үш жүздің баласының назарында деймісің? Қуаныштымын. Өзіңе көп рахмет!

-Қазақ деп, оның спорты деп жаныңызға тыныштық бермей жүрген сізге рахмет! Бұл қысқа тілдесу екі ердің арасындағы шынайы достықтың бастауы еді. Ерғали шығармашылық ортадан Ертай Айғалиұлы сияқты тұлға тапты. Өзі де сол кезде спорт тақырыбында ізденіп, жазып жүрген тіілші, әрі жазушы Ертайға Ерғалидай алыппен достасу кейінірек тың туындылардың дүниеге келуіне ықпал жасады. Алматы кеші күңгірт тартқан. Қуықтай ғана жалдамалы пәтерінде Ерғали ары-бері теңселіп жүр. Ойы он саққа кеткен. Жазған оқулығын әлденеше бетке қысқартуы керек. Жазылған дүниені қалай желісін үзбей қысқартуға болатынын білмей, әбден састы. Қырсыққанда уақыт тар. Оу, Ертай досы бар емес пе? Ол тұрғанда неден сассын! Қуанып кеткен Ерғали қағаздарын дереу жинастырды да, үйінен шыға берді. Ертайдың үйіне жетіп барып, бұйымтайын айтты. Досы құптай кетті. -Осы қазақша күрес дегенге өз басым мүлде келіспеймін. Қазақтікі деп толық теліп айтуға қимағаннан берілген атау сияқты.-Ертай жазбаны оқып отырып, өз ойын білдірді. -Қазір қазақша оқулық жазудың өзі мұң болып тұрғанда, қазақша күрес атана берері анық. Бәрінен де бұл оқулықтың жарыққа келуі маңызды болып тұр ғой,-деп Ерғали досын жұбатып қойды. -Түу, мына қырсықты қара. Жарық өшті. Енді не істейміз? -Білтелі шам бар ма?-Шам табылса, Ерғали өзі-ақ тұтатып жіберердей аптыға сөйледі. -Бар ғой. Мен тауып келейін.-Ертай орнынан жылдам көтеріліп, шам алып келді. Екі дос шам жарығында қазақ күресінің алдағы оқытылу әдістемесіне тікелей қатысты оқулықты қарауға кірісті. -Қысқартуға шебер екенсің. Жымын білідірмей, ой жүйесін де бұзбай, қиюластырып отырсың.-Ерғали тілші досын мақтап қояр емес. -Қысқартудың машақаты да осында. Етек-жеңін қырқам деп, басты ойға зақым жасап алудан қашу керек. -Ертай, осы сенің теңеулеріңе қарасам, сені дәрігер ме деп қаламын.-Ерғали ұйқы аулынан қашықтығын әзілімен байқатты. -Әркім өз саласында дәрігер болса, ғажап қой. Өз салаңның жарасын кәсіби маманнан асқан емші емдей алмайды. Сен қазақ күресінің әдістемесін тұңғыш болып ұсынып, оның жарасын таңып беріп отырсың. Өз әлеміңнің дәрігері іспеттісің.-Ертайдың үнінде әзілдің нышаны да жоқ. -Ау, Ертай, ұйқым келмесе де, көзім ашып кетті. -Шамның білтесі жанайын деп тұр. Жағармай таусылған ба?-Ертай шамның халіне қарап, таңның атуға таяу қалғанын енді сезді. -Қайран сөздерімді қырқып болдың ба? -Шолақ болмай, ойы олақ болмай, қажетінше қысқарды деп ойлаймын. Ендігісін баспадағылар шешер.-Ертай бел жазып тұра келді. Шам да сөніп тынды. Таң ағарып атқан мезетте Ерғали досының үйінен қысқартылған жазбасын алып шыға берді. Шам жарығында, таң алакеуімде дүние есігін ашқан «Қазақша күрес» оқу құралы кең қолданысқа ие болды. Қазақ күресін оқытудың басты қағидалары тарих тұңғиығынан маржандай теріліп алынған бұл оқулық күні бүгінге дейін маңызын жоймады. Ал Ерғали бұл оқулық үшін кітапханалар мен мұрағаттарда табандап отыратын. Алған деректерін саралап, жазып шығудың өзі бір белдесумен пара-пар болатын. Қазақ күресін ары қарай дамытсам, өркендетсем деген арманы оны жазу әлемінен кері қайтармады. Қазақтың жаны мен тәнінің саулығы, тілінің шешендігі мен терең тарихы қоса өрілген қасиетті күресі Ерғалиға аманаттай болып, оған түн баласында кірпік ілдірмеді. Бүгін де түнгі ұйқысы қаза болып, таңертең салы суға кете тұрды. Таңғы шай үстінде әйелі Тойжанға: -Төркіндеп келсең қайтеді? Қызымыз да нағашыларын сағынған болар,-деп ой тастады. -Ақ қағазбен әр түн айқасасың. Бірақ таңертең қағаз бетіне бір ноқаттың да түспегенін байқаймын. Мен кетсем, қаламың жүрдектенсе, онда қанекей.-Тумысынан тым сабырлы Тойжан бәрін аңдап-барлап жүргенін бір ауыз сөзімен байқатты.

-Үйде кісі қарасы азайса, жүйелі жазып кетемін бе деген сенімім бар. -Діңкелеп қалып жүрме. Тамағыңды уақытында іш. -Мына жазбаны жетілдірмейінше, бойыма ас қонбайтын сияқты. Қысқа әңгімеден соң Тойжан кішкентай қызы Гүлнарды алып, төркіндеп қайтуға қамданды. Бұл кеш Ерғали қағаз бетіне нөсер ойын сорғалатты. Ойы жүйеленіп, тілі шешіліп сала берді. Алматының тырбың тірлікті таңы басталып кетті. Кейде Ерғали түнгі уақытты тоқтатып қойғысы келетін. Күндізгі қым-қуыт шаруа қамы жазбаларын терең ойлауға мұршасын келтірмейтін. Ал қаламгер таразысы түн ортасы ауған шақта теңгеріле бастайтын. Бірақ бұл ой мен оралымды тілдің тепе-теңдігін таң атты тынышсыз сәт бұзатын.Жер бетіне жарық түссе, дәлелді пайымдары мен көркем тілі тұсауланып сала беретін. Бүгін де сондай бір таңды атырып, жұмысына келді. Ертерек келгені өзі ойында шеше алмаған бір күрмеудің байлауын таппақ әрекеті еді. Шіркін, қазақ күресін мектеп табалдырығынан бастап оқытса! Онсыз да әр қазақ баласының бойында тулап жатқан күрескерлік рухын жастайынан шынықтырса! Онда қазақ күресі бүгінгіден де зор мәртебеге ие болар еді. 1995 жылы осы арманын шындыққа айналдырғысы келіп, «Қазақ күресі бойынша жалпы білім беретін мектептерге арналған бағдарлама» әдістемелік құралын жазғаны бар. Талмай ізденіп жазған еңбегі рәсуа болғандай су аяғы құрдымға кетті. Қолдаушылар аз болып, бағдарлама тек жазба күйінде қала берді. Бұл жайт Ерғалидың қайратын мұқалта алмады, керісінше жігерін жани түсті. Осы еңбегінің ізін суытпай, ұстазы Петр Филипповичпен бірлесе отырып, «Қазақша күрес» оқулығын жазып шығып, қолданысқа енгізді. Қаламгерлік қарымы арта түсіп, 1997 жылы ұстазы Матущакка арнап «Палуандар ұстазы» атты деректі хикаят жазды. Орыс тілінде жазған бұл хикаяты Ерғалидың өзін шыңға шарықтатқан ұстазы алдындағы шәкірттік парызын абыроймен атқарғанын, әрі әдеби-зерттеушілік қабілетін де танытып тастады. Ал бүгін, тым тұңғиық ойға беріліп отыр. Шыңды мекен ететін мұзбалақ тұлғаның арманы да асқар болатын. Мұзарт-арманның қиындықты қақыратып өте шығар құдіреті бар-тын. Сол қасиетін танытып, қазақ күресін мектептерде оқыту мақсатына жету даңғылына тағы да түсті. Арманына жетпей, жарты жолдан қайту ойында жоқ. Қазақтың спорт және туризм академиясының ұлттық спорт түрлері кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарып жүрген Ұлы дала перзенті таусылмас армандарының тізгінін еш тартпады. Тоғыз оқу құралы мен жетпіс бес ғылыми-көпшілік мақалалары қатталып, бес өндіріске енгізген жаңалығы жастар көңілінде жатталды. Сонау сексенінші жылдары өзі қазақ күресі деп атар ма еді деген ойы да орындалып, 2012 жылы «Қазақ күресі» оқулығын дүниеге әкелді. Қазақ күресі ғылыми тұрғыда жүйеленіп, зерделеніп, зерттеліп, толыққанды өз атауына ие болды. Қалам ұшындағы жекпе-жектің әр сәті шаршы кілемде белдескенмен пара-пар еді. Бұл қастерлі жекпе-жекте де ұрпақ болашағы үшін қазақ күресін өзіне аманат етіп алған мұзбалақ тұлға жеңіске жетті. Ақ қағаз бетіндегі айқас бір тынбайтын, себебі Ерғали жазғанынан жазары көп деп білді.

Қырандар армиясының қолбасшысы Жастардың сұрағы бітер емес. Дәріс соңы сырласу сәтіне айналғандай. -Ағай, сіз ән сала аласыз ба?-деп бір студенті тосын сұрақ қойды. Оны тыйып тастайтын Ерғали көрінбеді. Қайта әңгімені жалғай түсті. -Әу демейтін қазақ жоқ. Мен де реті келсе, халық әндерін айтқанды ұнатамын.»Арыс жағасында» әнін орындағым келіп тұрады. Қазақтың ғажап әндерін ұйып тыңдаймын. -Ағай, үнемі зыр жүгіріп жүресіз. Сонда қай кезде ән тыңдап үлгересіз?-Бұл сұрақ иесіне студенттер дүркірей күлді.

-Күлмеңдер. Мен ән тыңдауға уақыт табамын. Жұмыстан соң, сәл оңаша қалған кезімде, ауылыма деген ескі сағынышым оянып кетеді. Сол сағынышымды Мақпал Жүнісованың ауыл туралы, өмір туралы әндерімен басамын. Одан қала берді Нұрлан Өнербаевтың әндерімен құлақ құрышымды қандырамын. -Шәмшінің заманында сіз бала болдыңыз ғой. Бәлкім, ұлы сазгерді көрген де боларсыз? -Иә, көрдім. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезімде Шәмші ағамыз оқушылардың жұмыс істеп жатқан жеріне келіп, бірнеше ән орындап берген. Көзбе-көз көріп, лебізіне қарық болдық. Қазіргі сендерге ұқсап, сазгерге әлденеше сұрақ қойғаным бар. -Ағай, сіз Шәмшідей ұлы адаммен жүздесіпсіз, арманыңыз жоқ шығар!-Жастар профессор дәрісін спорт тақырыбынан музыка саласына бұрып жібергендеріне дән риза күйде отыр. -Жоқ, арманым көп! Сендер де армандаңдар, армандаудан талмаңдар!-Профессор дәрісін ғибратты ақылымен тәмам қылды. Ерғали коридорды бойлап келе жатыр еді, алдынан студенті Әскербек шыға қалды. -Ерғали аға, ассалаумағалейкум! -Уағалейкүмассалам, Әскербек! Үй-ішің аман ба? -Амандық, аға! -Кішкентайың қалай? Өсіп жатыр ма? -Ой, аға, мен біраз болды ажырасып кеткенмін.-Мына сөз Ерғалидың қақ басынан салып жібергендей естілді. -Ажырасқаны несі? Тойыңды жасап, дүркіретіп тұрып үйлендің. Енді араға жыл салмай жатып, жас отауыңның уығын шаша салдың ба? -Аға, несіне ұрсасыз? Менің кінәм жоқ!-Шыр-пыр болған жас жігіттің сөзін соңына дейін тыңдамаған Ерғали жұмыс бөлмесіне келіп жайғасты. Жүрегін әлдебір ауыр мұң түйреп өткендей болды. «Ажырастым» деп тұрған жігіт өзінің шаңырағын күйретіп, баласын тірі жетім еткенін сезбейтін де сыңайлы. Неге ажырасады? Өзінің отбасылық өмірі бір елестеп өтті. Ерғали отыз жасында шаңырақ көтерді. Үйлену тойынан соң, екі күннен кейін Ерғали Алматыға суыт аттанып кетті. Ал Тойжан келіндік парызын өтеймін деп ауылда, қайын жұртында қалған. Сонда екі жылға жуық уақыт ата-енесімен тұрған Тойжаннан бір күңкіл естімеп еді. Ақыры «бұлай жүргендерің жарамайды, суысып кетесіңдер» деп Мұхиддин әке келініне батасын беріп, Алматыға аттандырған еді.Сәбилі болған соң да жағдайлары бірден жақсара қоймады. Жалдамалы бір бөлмеде тұрды. Сонда да әйелінің бір көңілі толмай, кейігенін көрмеді. Әрі Ерғали табиғатынан қонақжай, сондықтан үйлерінен кісі арылмайтын. Соның біріне қабақ шытып көрмеді. Ата-енесі өмірден өткенше, келіндеріне алғыстарын жаудырып кетті. Тұңғышы Гүлнардан кейін бірден құрсақ көтере қоймаған әйеліне Ерғали «ажырасам» деп ешқашан доқ көрсетпеді. Өйткені сүп-сүйкімді қызы тұрғанда, өзін барлық тұрғыда қолдап отырған әйелі барда, Ерғали сабырды серік етті. Сол сабырмен күткен тілегі орындалып, Гүлнардан кейін және бір қыз бен бір ұлдың әкесі атанды. Ал мына кеше үйленіп, бүгін ажырасып жатқан жастарға не жетпейді? Қазақта жоқ бұл қасірет қайдан келді? Ерғали сұрақтарына жауап таба алмай, көкірегін кере күрсінді. Өз отын өшірген әйел ел анасы болып жарытпайды. Өз шаңырағын қиратқан жігіт ел ағасы бола алмайды. Қыран текті қазақтың күйкентай болып бара жатқаны ма? Жо-о-о-оқ! Кенет жұмыс телефоны шырылдады. -Ерғали Мұхиддинұлы, қайырлы күн! Шәкіртіңіз Төлебай Қасымхан әлем кубогінен 1орын биігінен көрінді! Мына игі хабарды естіген Ерғалидың мұң басқан қабағы күндей ашылды: -Оу, сүйінші демейсіз бе? Естіп тұрғаным осы. Пай-пай, әлемге қазақ күресін тағы да танытты десеңізші! «Тағы да танытты» деп шәкіртін мақтайтын жөні бар-тын. Себебі, Қасымхан 2012 жылы Бразилияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақ күресінен 1орынды қанжығалап қайтқан. 2013 жылы Алматыда өткен Еуразия ойындарында да шәкірті қатарластарынан қара үзіп, 1-орынды иемденген. Республикалық спорт

додаларында алдына қара салмайтын қанатты пырақтай жігерлі жасқа Ерғали осы жарыста да сенім артқан болатын. Бүгін сол сенімі ақталып, өзі баулыған жас қыраны қазақ күресін әлем деңгейінде асқақтатып тұр. -Иә,-деді батыр көңілі орнына түсіп,-қазақ-тектілігін сақтап қалған қыран халық. Қыранның күйкентай тірлік кешуі мүмкін емес!!! -Ераға, бұл зор қуаныш болды ғой,-деп сөзге халықаралық дәрежедегі спорт шебері, кафедра доценті Ахмәдиев Талғар Мұхтарұлы араласты. Халықтың баласын өз перзентіндей көретін дархан көңіл ұстаздар бек қуанды. Талғар арғы-бергі жеңістерін термелей бастады: -Ераға, есіңізде ме, Ерғалиев Еламан «Қазақстан барысына» қатысып, 1-орынды бөктеріп қайтқанда, қалай қуанып едік? Қазақ күресін өміріне өзек еткен ерлер бар деп масайрап едік қой. -Есімде! Қалай ұмытайын ол күнді! «Мен-қазақпын» дейтін тарландарды тегіс шат қылған жеңіс еді ғой ол да! -Ераға, сіз қырандар армиясын құрдыңыз! Осы академияда жүріп, ұлттық спорт түрлерін жоғары дәрежеде дамытып, ілгері бастырдыңыз. Ол-ақиқат.-Бетіне мақтауды ұнатпайтын Ерғали ілтипат білдіріп жатпады. Өз ойын жалғап әкетті. -Ақиқаты сол-қазақ барда қазақ күресі бар! Қазақ ұлдары осы күреспен шынығып, шығар биігіне осы күрестің әдіс-тәсілімен ұмтылып тұрған қазіргідей нұрлы шақта қазақ өлмейді! Қырандар армиясы дейсің. Оны мен құрмадым. Ол қазақ қазақ болып жаралғалы өмір сүріп келе жатқан ұлы күретамыр іспетті. Мен тек оны жалғастырып келемін. Сен және мен сияқты ұстаздардың, ғалымдардың қасиетті парызы, еш жерде жазылмаған асыл борышы осы! Бұл сөздерімен Ерғали Талғардың көз алдына мұзарт шыңды шыр айнала қиқулай ұшқан мұзбалақты елестетті. Шыңда туған мұзбалақ шыңын мекен етіп жүр. Бірақ ол өзінен кейінгі ұрпағының да осы биікті иен қоныс еткенін бар жанымен қалайды. Мәңгілік мекені шың болған мұзбалақ киелі Күнді бетке алып, қалықтап барады. Ол жалғыз емес еді. Оның соңында қырандар армиясы сап түзеп, нұрлы болашаққа бағыт алып бара жатты.

Қара түннің құпиясы (хикаят) Адам қолымен жасалған тағдыр

Шырылдаған үн бебеу қағып толастамады. «Өмір» деп аталатын жарық дүниеге «әлдеқалай» келгеніне шамырқанды ма,әлде қара тастай зіл тағдырын тұла бойы түршіге сезінді ме, қызыл шақа нәресте тынбай зарлады. Ащы үні ашына шығып, әлдекімде кегі кеткендей жұдырығын түйе шірене іңгәлады. Терезенің сыртынан түнерген қара түнді тіліп өткісі келгендей айғайға басты. Жақынынан медет күткендей, ара-тұра ыңырсыған үн береді. Анасы сәбиіне көз қырын да салмады. Өзін босандырып алған дәрігер Жұпаргүлге айтқаны оны састырып тастады. -Мына азан-қазан дауыстан миым айналып барады. Алып кетші оны. -Қазір ана мен бала ажыратылмайды. Бір палатада болады.-Жұпаргүл жас келіншектің перзентханадағы жаңа тәртіптен мүлде бейхабарлығына таң қалды. Ғаламтор дамыған қазіргідей заманда титтей бір жаңалықты жасырып ұстау мүмкін емес қой. Оның үстіне жас аналар өздерін қызықтыратын перзентханадағы барлық жайттарға құлағы түрулі келетін еді. Ал «Жедел жәрдеммен» жеткізілген мына келіншек бір түрлі тосын. Құртақандай сәбиін иіскеп, бауырына басудың орнына «алып кет» деп долданады.

-Ажыратпайды деймісің? Ажыратқанда қандай?-Жұпаргүл сандырақ халде жэатса да, қасіретінен үздік-создық сыр берген келіншектің қасынан кете алар емес. Бірақ бұлайша тағат тауып әңгімелесуге мұрша қайдан болсын. Жұпаргүл өзге де міндеттерін атқаруға шығып кетті. Әйтсе де жас ананың өксік үні құлағынан кетпеді. Күздің қара суығы күшіне енген ызғарлы түн орталанғанда барып, Жұпаргүл келіншектің палатасына қайта келді. Кіре сала байқағаны-ол баласын мүлде қозғамаған. Өмірінің алғашқы сәтінен бастап батпан қасіретті еншілеп алған бейбақ шақалақ қарны ашып, ыңылдай берді. Келіншекте қимыл жоқ. Құдды бір тас мүсінді жығып, төсекке сұлата салғандай. -Ояусың ба? Су берейін, шөліңді бас. -Су емес, у берші. Құтылайын мына азап дүниеден.-Келіншектің бұ тірліктен баз кеше сөйлеген сөздері дәрігерге тым қатты естілді. -Мен тірі жанға тек жәрдемдесумен келемін. Күйеуім екеуміз де дәрігерміз. -Қандай жақсы, күйеуің бар. Балаң да бақытты болар. Ал мен...-Келіншек қыстығып, бүкіл денесі қалш-қалш етіп жылай бастады. -Ана болсам, баламды бақытты етер едім-ау. Әттең...-Жұпаргүл көкірегін кере күрсінді.-Құдай-ау, сендей жас қызға сонша запыран құстырған қандай қатыгез ол? Туғандарыңа хабарласайын. Келсін, жаныңда болсын. -Анам өмірден озған. Әкем екінші рет үйленді. Содан бері салқын тартып кетті. Әрі менің мына жағдайымды естіп,тіпті жек көріп кеткендей. -Туған әкесі баласынан безіне ме? Уақыт өте келе бойы үйренер. Әрі сүйкімді жиенін көргенде жібіп сала берер. -Жоқ, менің шақырар жанашырым жоқ. Әкем бала көрсе жіби салатын мейірімді емес. Ол «намыс» деп кеуделеніп қалған. -Аты-жөніңді дұрыс жаздырдың ба? Орынгүл Ізбасарқызы деп едің. -Мен ешкімді алдап, сұрқиялық жасамадым. Керісінше өзім алданып, бір әзәзілдің тұзағына түстім. Оның әр сөзіне сеніп, ұшпа махаббатқа мас болып жүргенімде, ол мені өзі айтқандай «табиғи қажеттілік» үшін пайдаланып келіпті. Оның әйелі, екі бірдей баалсы бар екен. Кеш білдім.-Орынгүл өзінің кеш білген шындығын көзінен жасы сырғанай айтып аһ ұрды. -Әй, аңғал сіңлім-ау, саған жәрдемдескім келіп-ақ тұр. Бірақ қалай көмектесерімді де білмеймін.-Жұпаргүлдің сөзін қалта телефонының шылдыры үзіп жіберді. -Жұпаргүл Әзілбайқызы, шұғыл жеткізілген ана бар. Тездетіп қабылдау бөліміне жетіңіз. -Орынгүл, мен жұмыс арасында келемін. Оған дейін сен сабаңа түсіп, ас-суыңды іш. Толғағың да ауыр болды. Жақсылап демал.-Келіншек үндемеді. Әлденеге бекінгендей сұлқ жата берді. Жұпаргүл қабылдау бөліміне жылдам жетіп барды. Толғақ қысқан әйелдің жанында бірнеше жақыны жүр. Орынгүлдің шырқырай жалғыз жеткен аянышты күйі көз алдынан жылжып өте берді. Жан қиналғанда қасыңнан жақының табылғаны да үлкен демеу ғой.Бұл келіншекті де Жұпаргүл қиындыққа тап қылмай босандырып алды. Өмірге іғгәлап қыз бала келді. Нәзік үнімен анасын шат қылды. Жұпаргүл әйелдің туыстарына қуанышты хабарды жеткізгенше асықты. Он жылдай осы аудандық перзентханада дәрігер болып жүрген Жұпаргүл қаншама нәрестенің өмірге сәтті келуіне септігін тигізді. Қаншама әкенің қуанышты жүздерін көріп, өзі де солармен бірге қуанды. Өзі ие бола алмай жүрген ана бақытын өзгелердің дидарынан байқап, тек қызығумен келеді. «Сүйінші» деп жайраң қаққан бұған талай жерде ақша ала жүгіргендер болып еді, әлі де бар ондай ақ көңілділер. Қуанса қолындағы барын ұстата салатын қазақ емеспіз бе? Жұпаргүл сүйіншісіне берілген ақшаны да, «ерекше қара» деп еске салуға тырысып ұсынылатын параны да алып көрген емес. Күйеуі Дархан екеуіінң ата-ана болар бақытты сәтін күтумен, сол ғажайып күнге таза жету жолында жүрген еді.

-Құттықтаймын. Сіз баланың әкесі боларсыз. -Иә, әкесімін. Тезірек айтыңызшы. Дәрігері «ұл туады» деп еді. Ұлым жақсы ма?- Қатқан қайыстай қара жігіт аптығып сөйлеп, тіпті құлақ аса қояр түрі жоқ. -Кешіріңіз. Жұбайыңыз қыз босанды. -Мүмкін емес. Учаскелік дәрігері тексеру кезінде ұл деген.-Қап-қара жігіттің бетжүзіндегі манағы қуаныш лебі лезде сейіліп, ала көзі шатынай қалды. -Әйеліңіздің жағдайы жақсы. Бала да бір қалыпты. Одан басқа қандай қуаныш болсын?-Жұпаргүл қыз баланы бейнебір керексіз заттай көріп, зікір салуға дайын тұрған жігітағасына ашық жақтырмай қарады. -Төрт қыз туды. Бесіншісі ұл болады деп сеніп ем. Мына өмірден ұл көрмей, ұлдың әкесі болмай өтем бе?-Кәдімгідей жоқтау сарынымен созақтаған еркекті бірге келген үлкен әйел жұбата бастады. -Не ексең, соны орасың,-деді де Жұпаргүл кезекшілік орнына оралды. Бітпейтін қағаздарды толтырып, әріптесімен бірге бірталай отырды. Екеуара сөздері жұмыс жайында ғана. Тәжірибесіз әріптесіне қағаздардың ретін түсінідріп отырса да, Жұпаргүлдің ойынан бүгінгі екі жағдай кетпей қойды. Екеуі де дүниеге бала келгеніне назалы, бәзбіреулердің жазбай-ақ жаттатқан заңымен жазалы.Бұрын қазақ қыз туса, «өрісім кеңитін боды» деп қуанбайтын ба еді? Ал қазіргілердің қайсыбірі әйеліне «қыз тапсаң ажырасамын» деп қоқиланады. Ал әкесіз туған сәби... Дегенмен «жетімін жылатпаған қазақпыз» дегенде кереметпіз, бірақ сол жетімдерді тастанды атандыруға, тағдыр тезіне салуға шімірікпейміз. Сонда бұрынғы қазақтан қазіргі қазақтың кем түскені-ау! Әй, қойшы, мынадай ауыр ойлармен отырып, уақыт өтпес. Одан да палаталарды бір көріп қайтсын. Жұпаргүл орнынан ақырын көтеріліп, коридорды бойлап келе жатты. Кенет өзі де байқамастан Орынгүлдің палатасының есігіне келіп тұрғанын бір-ақ көрді. Бұл не? Жас қызға жаны ашығаны ма? Жоқ әлде «жетімін жылатпайтын қазақтың» қайырымдылығы ма? Өз ойына өзі малтыққан Жұпаргүл палатаға кірді. Бәрі тыныштықта ұйықтап жатыр. Сәбилер алаңсыз пысылдаған кезде Жұпаргүл демін ішінен алатын. Ол үшін тым қасиетті тыныштық осы бір бейкүнә нәрестелердің ұйқыдағы шағы болатын. -Дәрігер, жақындаңызшы.-Орынгүл басын жұлып алып, тұншыға сыбырлады. -Не айтайын деп едің? Бір керегің бар ма?-Жұпаргүл әйелді тыныштандырмақ болып, жанына жетіп барды. -Сіздің маған көмектескіңіз келеді ғой. Солай ма?-Сыр суыртпақтамай, оқыстан тура қойылған сұрақтың астарынан Жұпаргүл әлдебір жағдайды шамалап тұр. -Иә, қолымнан келсе, жақсылығымды аямас едім. Мына еш жазығы жоқ баланы аяймын. -Шынымен көмектескіңіз келсе, онда мына баланы асырап алыңыз. Менің тым болмаса көңілім тыныш жүрсін.-Баласын емес, әлдебір затын бөгде біреуге ұстата салатын жомарттай келіншек жайыла үн қатты. -Не сандырақ бұл?Балаңды бөтен біреуге бөктеріп жіберсең, көңілің қалай тыныш болады? Бала өзінің анасының бауырында өсуі кеерк. Тоғыз ай бойы құрсағыңда көтергенде, оған бір рет те есміренбедің бе? Осыншама жауыз болармысың?-Дәрігер тосын ұсыныстан есінен танардай болып, түрегелуге ыңғайланды. -Менде қалса, аштан өледі. Жұмысым жоқ. Әкем жүктілігімді білгенде ат құйрығын кескен. -Баланың әкесіне хабарлас. Шекесі торсықтай, дені сау ұлын көрсе, мүмкін мейірімі оянар.-Жұпаргүл баланың тағдыры тігілген саудадан қалай да қашқысы келді. -Жоқ, ол-барып тұрған тас жүрек. Жүктілігімді білгенде,«енді қайтейін, әкеңнің үйіне барып ту» деген. Одан енді үміттенбеймін. Көмектесіңіз. Балам тым болмаса трі қалсын. Менің оған берер барым осы. Аман қалсыншы. Өтінем сізден. Дені сау ғой. -Иә, дені сау. Бірақ тегі кім?-Жұпаргүл шым-шытырық ойдың шырмауында қалды.

-Жетімдер үйінде оны жақсы күндер күтпейтінін білем. Ал сіз-әйелсіз, дәрігерсіз, анасыз. Ойланыңызшы. -Өлердегі сөзін айтқан, өмірдің азын көрп, көп азабын тартып үлгерген, содан да барлығынан көңілі қайтқан бойжеткеннің баласы үшін жасаған дәрменсіз әрекеті Жұпаргүлді ойландырып тастады. Ол еш құпия жасырмайтын ақ жарқын мінезіне басып, күйеуіне қоңырау шалды. Дархан да ұзақ жөн сұрап қыстамады. Жұпаргүлге тез-ақ жетіп келді. Дархан келгенде, Жұпаргүл Орынгүлдің ұлын құшақтап отыр еді. Оның бұл бекем отырған түрін көріп, Дархан алған бетінен қайтпайтынын іші сезді. Құпияны бүркемелеуге шебер түн баласында Жұпаргүл ұлын кеудесіне басып,құшырлана иіскеді. Осы иісті қанша жылдан бері күтіп, зарығып келген әйел екі иіні солқылдап,үнсіз жылап отырды. -Дархан, мен саған қайтсең де баланы қабылда демеймін. Бірақ мен осы баланың анасы болуға шешім қабылдадым. Алла алдында мен бүгін ана болдым.-Әйелінің нық сөзінен ешқашан айнымайтынын білетін Дархан келісті. Әрі сәби сүюге шөліркеп жүрген мезеті-қырықтың қырқасы еді. Өз анасы «тумайтын келіннен құтыл» дегенде, жүрегінің қалауымен қосылған жарын қиып кете алмаған болатын. Бүгін сайқымазақ тағдыры тағы да алдына таңдау тастапты: не бала асырап алу, не болмаса Жұпаргүлден ажырасып, жаңа бақыт іздеу. Бірақ осы «жаңа бақыт іздеу» ұғымы Дархан үшін миға қонымсыз көрінетін. Ол өз бақытын тек сүйікті әйелінен ғана көретін. -Жұпарым, ажырасу туралы сөз қозғама деп өтініп едім ғой. Бұл баланы Алла бізге сый етіп тұрған болар. Қабыл алайық. Қалғанын заң жолымен реттейміз ғой.-Дархан қыздай қосылған қосағына төніп келіп, оның жасты көзін сүртті.Осы сәт Дарханның көз жанары да жасқа толып тұр еді. Ай сәулесінен ада, түпсіз шыңыраудай тас қараңғы түн бұл үшеуара құпияны жуып-шайғысы келгендей нөсерлете жөнелді. Толассыз төгілген нөсер адамдардың күнәсінің айғағынан із қалдырғысы келмегендей өршелене құйды. Ертеңгі атар таң олардың тап-таза періште күйлерін қайтарып бере қояр ма? Бұның бәрінен бейхабар нәресте әлде нұрлы, әлде ойлы-қырлы өмірін бастап кетті.

Ана жүрек неге аһ ұрды?

-Анаңның батасын алмастан, тіпті ақылдаспай-ақ бала асырап алдым деймісің? Сен өзіңнің қандай сорға тап келгенііңді тіпті салмақтай да алмайсың. Сені ана бедеу қатын құртты, өміріңді күл-талқан етті. Сен енді тек құрдымға кете бересің. Құдай-ау, енді қайттім, ұлым көз алдымда тозаққа кетіп барады. О, Аллам, жар бола көр өзің өресіз ұлыма! –Шешесінің байбаламын Дархан үзіп жіберді. -Апа, сіз қуанар деп үміттеніп едім. Оным бекер екен.Тым құрыса қуанған рай танытсаң қайтер еді? -Ойбай-ау, мен аза тұтып отырсам, қалай көлгірсіп қуанамын? Ана Жұпаргүлің сені тозақтың түбіне тастайды. Қайдағы бір тексізді бауырыңа басқан екенсің. Одан не қайыр күтесің, а? -Апа, жетер енді. Мен сізден бала асырауға рұқсат сұрай келмедім. Жай хабардар еткім келген. Оның да артық болғанын көріп тұрмын. Мен кеттім. -Қайда кетесің? Қара шаңырақтың иесі сен емес пе едің? Жұпаргүліңнің қабағы біржолата ашылсын деп, мені қызымның қолына қараттың. Мұнда жағдайым жақсы-ау, бірақ өзімді өз үйімдегідей сезіне алмаймын. Жалғызсыраймын, құлыным, өз ошағымды аңсаймын! Ал сенің бала асырап алғаның жақсылық емес, жақсылық емес! – Ана шіркін азынап қоймады. Жалғыз ұлының сәби сүймеуі оның жанын аяздай қаритын. Ал бүгін ұлы келіп, келіні екеуінің бір тастанды сәбиді асырап алғанын айтқанда, ана көңіліндегі «немерелі болам-ау» деген үміті шорт кесілген. Содан да ол жылап-сықтаудан тынбады. -Қай күнәм үшін мені осылай бір қызыл етке зарықтырып қойдың, Құдайым? Неге мен ел қатарлы немере сүйіп, өз шаңырағымда қартаймадым? Жарқын отағасының

шаңырағы күйреді ғой. Бала асырап алса, енді ана жылан келін өзі туа алмайды дегені ғой. Біліп едім, сол албастының алғаш келген күннен бастап қаншырдай қатқан кейпінен бір сұмдықты болжап едім. Қызкүйеуімнің қолынан ақыретке аттанармын! Онда барғанда отағасына не бетімді айтамын?!Жалғыз ұлың тұяқсыз қалды деймін бе?! Сен келіннің соңынан жүріп, маған топырақ та салмайтын түрің бар. Ал, Құдай, мен сорлыны тезірек ал! Көрсетпе бұдан өзге мазағыңды! -Апа, әке атанғанымның несі мазақ?Әкемнің шаңырағының түтіні түзу ұща береді. Өкпе-ренішіңді қой да, үйге қайтшы. Жұпаргүлді де бекерге жазғыра берме. Сені үйден қуған кім бар? Немереңді көрсең, мені бүгінгідей ренжіткеніңе өзің ұялатын боласың. Ол сондай тәтті, кіп-кішкентай. -Тәйт, көрсетпе маған ол тексізді! Менің немерем жоқ. Соны біліп қой. Шық үйден!- Қадиша кемпірдің даусы күйіне, ащы шығып, шаңқ ете қалды. Төргі бөлмеде алаңсыз ойнап жүрген үш жасар жиені қатты дауыстан қорқып кетіп, жылап қоя берді. Азанқазан болған үйден Дархан атып шықты. Әлденеден бас сауғалай қашқандай бір аласапыран күй.Анасының бетіне баса айтқан шындығын мойындаудан қашып бара ма? Әлде ана аузынан айтылған кесірлі болашақ болжамынан құтылғысы бар ма? Әйтеуір зытып барады. Кімге қапалы? Кімді айыптайды? Өзі де білмейді. Миында мың сұрақ қадалған бойда, көлігіне отырды. Жұпаргүлді көруге асықты. Жаны қысылса да, жадырай қуанса да бүкпесіз бөлісер, шын кеңесер өмірлік жарымен жүздесуге сабыры қашты. Жылдамдықты арттырып, құдды бір жыннан қашқандай алас ұрып үйіне жетті.Машинадан түсе сала, сүрініп барып бойын қайта тіктеп алды. Талмау көкке көз тастады. Нұрын төккен күзгі күн оған қара дақты болып көрінді. Киелі күннің өзін де дақ шалған ба? Оны да әлдекімдер ғайбаттап, көзіне шұқып, көңіліне сызат салған ба? Дархан көзін уқалай, үйіне кірді. -Жұпаргүл, жинал, мына жақтан кетеміз. Баяғыда солай жасауым керек еді. Әлі де кеш емес. Кетеміз!-Түтіккен күйеуін көріп Жұпаргүл байсалды мінезімен оны соңына дейін тыңдады. -Апаммен ренжісіп қалдың ба? Шілдеханаға келмеймін деді ме?-Енесімен сыралғы болып кеткен келіні оның не қылық көрсеткенін іштей бажайлап тұр. -Анам осы жолы артық кетті. Маған тым ауыр сөздер айтты. Ұлымды тексізге, өзімді тозаққа шым батып бара жатқан шарасыз байқұсқа теңеді. Бұдан арыға төзе алмаймын. Кетеміз бұл жақтан! -Дархан, сабыр ет. Өз анаңнан безініп оңбассың.Оның уайымын да түсінем. Өзінің туған немересі болмаған соң, оңайлықпен оң қабағын бере қоймасы да анық. Сол мінезін біле тұрып, сонша шу көтерггенің не? Бұл жолғы қылығына да шыдайсың. – Жұпаргүлдің қоңыр даусы Дарханды ашу құйынынан арашалап алды. -Апамның ашу-ызасы басылғанша, біз де бара бермей байыз тауып отыра тұрайық. Сосын Арланды көтеріп барғанда, батасын берер. Арлан әжесінің көз алдында ер жететін болады. Дархан, сол жақсы күнге сенейікші.-Енесінің сөзін сөйлеп, оған шаң жуытпай ақтап алған әйелінің парасатына сүйсінген Дархан көңілі жайланып шайға отырды. Шай ішпестен бұрын, тәтті ұйықтап жатқан ұлының маңдайынан иіскеді. Осы бір өмірдегі ешбір иіс атаулы теңесе алмайтын ғажап сиқырлы иіс Дарханның бақытының бастауына айналған. Ұлын сүйіп, құшағына алса болғаны, бұл дүние бұрынғыдан бетер жарқырап кетеді. Достың табасы да, дұшпанның әжуасы да елеусіз қалады. Қарбалас жұмыс қамынан да, сұғанақ сөздің суығынан да жаны тек осы жерде тыныштық табатын. -Жұпарым, бала күтіміне байланысты демалысқа шыққаның өзіңе жаққан ба, қалай? Өңің шырайланып кетіпті.-Дарханның сабасына түсіп, арғымақ ашуының ауыздығын байсалды ақылына ұстатқанын Жұпаргүл оның қағытпасынан-ақ аңдады. -Көңілім тоқ. Бауырымда балам, жанымда жарым. Басымда баспанам бар. Одан артық жаратқаннан не сұрайын? -Әйелі де орайын тауып әзілдей жымиды. Ол жымиғанда

Дарханның көңілінің қаймағында күллі әлем шуағын шашқандай көрінетін алғашқы жылдардағы әсер сол баяғысынша ұйып тұр еді. -Сонда бар арманы орындалған ару бұдан өзге ештеңені қаламай ма?-Дархан келіншегін ашық еркелете жайдарылана күлімсіреді. -Айтпақшы, бақытты аруыңның тағы бір қалауы бар.-Жұпаргүл бірден салмақты райға ауысты. -Ол не қалау,?Тек айтсаң болғаны, демде орындаймын.-Еркелеген жарын одан бетер бақытқа бөлеуге даяр Дархан оның тілегін қазір-ақ оң шешімімен қауыштырардай құлшынып отыр.Бірақ әйелі қалжыңнан шын әңгімеге ауысты. -Апамнан кешірім сұрап, үйге оралуын қамдайық. Осы үйдің сәні де, мәні де апам ғой. Мендегі көңіл апамның батасын алмай жайланбайтын сыңайлы. -Құп көремін. Онда араға бірер күн салып, апамның көңілі жай бір сәтінде салып ұрып жетіп барайық.-Дархан үйінен көңілді раймен шыға берді. Жол бойы өзінің өмірлік жар таңдауда жаңылмағанына шүкіршілік етумен болды. Анасы мен бұның арасындағы жайсыздықты жуып жіберуге дайын тұрған ақ ниетті келіншегін жанындай жақсы көретіні де осы қасиеттерінен ғой. Өзге түсіне алмаса да, Жұпаргүлдің бұны түсінбей адастырған кезі жоқ. Жұмысына келіп жайғаса бергені сол еді, қасына орынбасары Асан келе қалды. Әйел дауысты Асан өзін бастығының көзі мен құлағы санайтын. Неше мәрте бастығынан ұрыс естіп, сөз тасу мінезінен тыйылуын талап етсе де, сүйексіңді әдетін қояр емес. Бүгін де сөйтті. -Басеке, сіз жоқта жоғарыдан хат келді. Тазалық мамандары келмек екен. -Ол жаңалық емес. Аурухана ол тексеруге үнемі дайын ғой. -Одан басқа бір «еркін тақырып» қатты талқыланды.-Асан мұрнының астынан міңгірлеп, «еркін тақырыбын» көсіліп айтуға ынтығып тұрса да, Дарханнан жасқанып, тамағын кенеді. «Еркін тақырыптың» жел сөз екенін білетін Дархан күлді де қойды. Он жылдан бері оны артық сөзден аулақ жүруге оңдаса да, Асан сөздің қамын жайлаудан жаңылмай-ақ келеді. -Ауруханада бәрі сіздің асырап алған балаңыз туралы айтып жүр. Біреулер оны сіздің жас тоқалыңыз бар, содан туған деседі. Ал енді біреулері жас қызды қорқытып, амалсыз баласын тастап кетуге көндірді дейді. Елден естіп, көңіліңіз бұзылмасын деп, алдын-ала ескерткенім ғой. Жүрегіңізге жақын алмаңыз, басеке! Өсек қой ол...-Асан сөзін аяқтай алмады, бас дәрігердің жүзі ашудан күреңітіп бара жатты. -Жап аузыңды! Қайдағы тоқал? Қайдағы қызды қорқыту? -Басеке, мына келер комиссия бір жағы сол баланы асырап алу құжаттарыңызды да тексереді дейді. Заңдылық жағынан анықтайды деседі.-«Дейді» мен «деседі» Дарханның көңіліне енді ғана орныққан ажары-ақылын алты қыр асырып жіберді. -Шық кабинеттен! Тазалық мамандары қалай менің баламның құжатын тергейді екен?!- деп булықты бас дәрігер. -Басеке, оның несіне сонша жүйкеңізді жұқартасыз? Өзіңіз де білесіз. Жұқарған жүйке қалпына келмейді.Мен бар болғаны... -Кет! Шық! Қараңды батыр!-Дархан зор даусымен аюдай ақырғанда, Асанның ақ халатының етегі желп етіп тайып тұрды. Өзі кетсе де, Дарханның жүрегін сыздатып кетті.Кешке дейін кіріс-шығыс құжаттарды құлықсыз қараған Дархан үйіне жеткенше асықты. Ол үшін енді жұмыс орны да жайлы болудан адыра қалды. Төрткүл дүниеде жігіттің жанын тек үйі ғана жылыта алатын еді. Өсектің өртімен кеудесін күйдіріп біткен кеш тыныштық алар түніне ұласты. Дархан айтпаса да, оның көңіліндегі кірді Жұпаргүл байқамай қалмады. Күйеуін «болған жайды айт» деп те қысамады.Қосағының өзі шешілер сәтін күтті. Ал ертеңіне бозарып атқан күзгі таңмен бірге бұлар да ақ үміттерін үлпілдете жолға шықты. Алыс сапар болмаса да, көңілдерінде «анамыз не дер екен» деген қобалжу басым еді. Ертелете жеткен ұлы мен келінін және кішкентай Арланды қарындасының

үйі ашық-жарқын қабылдай қоймады. Қарындасы мен күйеу баласы тура бір жаназада отырғандай рай бермеді. Анасы мүлде теріс қарап отыр. Келдің-ау деген жоқ. Ұлы келмегендей, тек өздері ғана отырғандай елеусіз қалдырды. Дархан отбасында үнемі ыстық көңілдің, аялы алақанның әлпештеуінде өскен еді. Ес білгелі анасының теріс қарағанын көрген емес-тін. Бұл тоң-торыс қалып оның жанына батып кетті. Дархан бірден сөз бастады. Жұпаргүл Арланды құшақтап, енесінің қас-қабағын бағып отыр. -Апа, бұлайша бұртыңдауыңызға не себеп екенін жақсы білем. -Білсең неге келдің? Қай бетіңмен келдің? Маған қайдағы белгісіз біреудің баласын «немерең» деп телу үшін келдің бе?-Анасы өткен жолғыдан да суық тартқан тәрізді. Құдай-ау, бұл өзінің ақ анасы ма, әлде басқа біреумен алмасып кеткен бе? Дархан бүгін анасын тани алмай отыр. Жұпаргүл он бес жылдан бері білетін енесін бүгін басқа, қатал қырынан көріп, келістерінің береке бермесін іші сезді. -Апа, неге мені ренжіте бересің? Қарашы, Жұпаргүл және ұлым үшеуміз сені өз үйіңе алып кетуге келдік. Өтінеміз, жүрші үйге. Сенсіз ол үй қаңырап қалды ғой.-Дархан анасына жас баладай көздері жасаурай жалынды. Ана міз бақпады. Есесіне қарындасы Маржан жақ ашты, көңіліндегі бар запыранын құса салды: -Сен үйдің жалғыз ұлы ретінде өз міндетіңді атқармадың. Анама немере сүйгізбей, қу басын қақшитып, әбден жалғызсыраттыңдар. Енді ол байқұс менің аядай үйімді паналамай қайтсін? Ал сен әкемнен қалған кең сарай мен мал-мүлікті қайдағы біреудің баласына шашып жүрсің!-Дархан қарындасының өзіне деген осыншама жек көрушілікпен айтқан сөздерінен жүрегі тасқа айналып бара жатқандай теңселіп кетті. Анасының ашуын тарқатудың орнына, бауырындағы қара жыландай болып, басын қақшита көтеріп, өсектің өртін тұтатып отырған осы екен ғой. Бәсе, әйтпесе анасы бұны дәл осылай ешқашан жазғырмайтын еді ғой. Бір-ақ сәтте көп нәрсені түсінген Дархан кенет атып тұрды. -Жүр, апа, кеттік мына үйден. Мыналар сенің маған деген ашуыңды өз пайдаларына асырып жүр. Өз үйімізде оңаша отырып кеңесеміз. Апа, жинал! -Ешқайда да бармаймын! Менің сүйегім осы үйден шығады. Сен ана өзіңнің қолдан жасап алған отбасыңды ал да жөніңе кет! Ана шақалақты көрсетпе! Оған ешқашан жібімеймін! Немерем деп қарамаймын! Жұпаргүл күйеуінің жасқа толы жүзіне көзі түсіп, іші қан жылап қоя берді. Ұлын бауырына қысқан күйі, енесінің алдына тізерлеп отыра кетті. -Апа, өз перзентіңізді неге сонша қинайсыз? Аяғыңызға жығылайын. Үйге қайтыңызшы. Сіз кеткелі бері жанымызға тыныштық жоқ. Апа, жалынамын, ұлыңыздың бақыты үшін оған оң қабақ танытыңызшы!-Солқылдап жылап, тізерлеп отырған келінін Қадиша кеудесінен итеріп жіберді. -Менің сұңғыла ішім бір сұмдықты сезіп тұр. Бұл бала сендерге сор болып тиеді. Кет өз сорыңмен! Баламды жайына қалдыр! Оған бала табатын әйелді өзім әперем! -Апа, тоқтат! Маған он сегіздегі қызды әперсең де, менен бала болмайды! Белсіздік ауруымен ауыратын мына менмін! Қанша емделсем де, нәтиже жоқ. Жұпаргүлдің не кінәсі бар? Қорлама оны бұлай! Түрегел, Жұпарым! Кеттік! Көшеміз! Маржан, ана сарайдай үйді саған тастаймын! Көзің бір тояттасын дүние-мүлікке!-Дархан әйелін қолынан жұлқып тұрғызып алды. Жұпаргүл егіліп жылап бауырын жаза алар емес. Он жылдан бері жасырып келген, тек екеуі ғана білетін құпияны күйеуінің табан астында жария еткенін құптамағанын бас шайқауымен ғана білдірді. Ал анасы назаланып қояр емес. -Өтірік! Мына қатын өз кінәсін жасыру үшін сенің аузыңа осылай сөз салып тұр ма? Бұл шүйкебастан не таптың соншама? Соның құлы болып жүрсің! Кетсең кет! Өз сорыңды арқалай кет! Шешесімен жүздесуден ауыр сезім құшағында шыққан Дархан көп ұзамай сонау батыстан Алматыға қопарыла көшті. Маржан әкесінің боз үйін иемденіп мәз болды. Асан орынбасар миығынан күліп, өзі армандаған бас дәрігер дәрежесіне қол жеткізді.

Дарханға мал-мүлік те, атақ-дәреже де керек емес еді. Оған қымбаты-сүттей ұйыған, өмір соқпағында еш айнымайтын отбасы болатын.

Тағдырмен текетіресте пенде жеңе ме? -Қалалық «Өнерлі өрендер» байқауының бас жүлде жеңімпазы-Дарханұлы Арлан! Жеңімпазды ортаға шақырамыз!–Өз ұлының аты аталғанда, Жұпаргүлдің жүрегі кеудесінен шығып кетердей қатты соға жөнелді. Жұрт алдында ең өнерлі деп танылған ұлын мақтан тұтып, осы бақытты күнге қанша қиындықпен, тіпті құрбандықпен жеткен күйеуі екеуінің еңбектері еш кетпегенін біліп масайрай қуанды. Иә, олардың ақылды, өнерлі ұлы бар. Көпшілік арасынан сытылып шығып, Дарханға қуанышты хабарын жеткізді: -Әкесі, қуана бер! Ұлың қала бойынша сурет салудан алдына қара жібермей, озып шықты. Қазір марапаттап, сахнаға шақырып жатыр! -Мен таңданбаймын. Ұлымның жеңетініне сенгенмін. Ол әрбір құбылысқа асқан сезімталдықпен қарайды. Суретші үшін бұл аса қажет қасиет емес пе?!-Дархан қуаныштан ұлы екеуі ғана білетін талай құпиялар барын байқатып, бір мақтанып қойды. Жұпаргүл әкелі-балалы екеуінің әңгімелеріне араласса, «бұл-тек еркектердің шаруасы. Ал әйел ерлердің сөзін бөлмей, тек тыңдау керек,»-деп әзілдейтін. Ана мен әке баласының жеңісіне марқайып, жанұя бақытына бөленіп-ақ тұрды. Арлан оқуда үздік, спортта да қара жаяу емес. Тым жақсы көретін өнері-қыл қаламмен түрлі оқиғалы суреттер салу. Бүгін қалалық деңгейдегі байқаудан бас жүлде жеңіп алды. Орта мектепті бітіретін Арлан болашақ мамандығын да таңдап қойыпты: ол сәулетші болмақ. Сахнада сөйлеп тұрған ұлын көрген Жұпаргүл өткен күндердің елесінен арылып, оның әр сөзін қалт жібермей тыңдауға көшті: -Мен осы жеңісім үшін алдымен анама, сосын әкеме рахмет айтамын. Осыдан кейін ұстазым еңбек сіңірді. Анама алғыс айтатын себебім-сұлулықты танып, жүрегімнен өткізіп, елеп-екшеуді алдымен анам үйретті. Әкеме ризамын, ол маған көзім түскен құбылыстардан тұтас ой түйіп, биік ойлауға, талдай білуге баулыды. Ұстазымның еңбегі өз-өзінен түсінікті. Мен осындай ата-анам мен ұстаздарым бар болғандықтан бақыттымын!-Ұлының сөзінің соңын қызу қол шапалақтау мен қошемет сөздер көміп кетті. Анасы биікте тұрған ұлына қарап, «шыққан биігің ешқашан аласармасын» деп күлімдеді... Қазір Арлантөртінші курстың студенті. Болашақ сәулетші ару қала Алматының көркін арттыруға бағытталған төл қолтаңбаларын қазірдің өзінде көпті мойындатып жүр. Ұлының жолында жаны құрбан ата-анасының жұмақ жыры Арлан деп басталатын, шаттық әндері де Арлан деп шырқалатын, жеңіл мұң болса да «ұлым» деп үлбірейтін, болашаққа деген сенімдері «перзентім» деп көмкерілетін. -Апа, кешке мен үйге қонақ ертіп келемін. Қарсы болмайсыз ба? -Апаң сенің ұсыныс-тілектеріңе қашан қарсы болатын еді, күнім? Қонақасы дайын болады. Сен қам жеме.-Жұпаргүл Арланды бала күніндегісіндей еркелете маңдайынан иіскемек болып еді, ол кейін шалқайып: -Апа, мен бала емеспін ғой. Қызымның көзінше мені бұлай еркелетіп ұятқа қалдырып жүрмеңіз,-деп қонағының жайын айтып салды. Жұрт алдында еркелеуге де ұялатынды шығарыпты, ер жеткеннен болар. -Әй, тентегім, сен қызбен дос болатын шамаға жетіп қойдың ба? Шынымен де есейгенің бе? -Жұпар-ау, сен менің ағарған шашыма қара да, жасымызды шамала. Мына бас текке қырауланды деймісің? Сен ғана сылқым күйіңде қалған. Мен қартайдым, ұлым ер жетті.-Дархан жұмысқа ұлымен бірге шығатын дағдысымен жиналып жүріп, әйеліне деген ыстық көңілін тағы бір ұтымды жерде танытып қойды.

-Әке, мен апам екеуіңіздің сыйластықтарыңызға, татулықтарыңызға қызығамын. Кейін менің де осындай отбасым болса,шіркін!-Жиырма екіге аяқ басқан ұлы кәдімгідей естияр болғанын отбасы турасындағы сөздерінен анық аңғартты. -Жұпар, келін түсіруге дайындала береміз бе, қалай? -Құдай сол күнге жеткізсін. Ал кешікпей шығайық. Мен кешке жұмыстан ертерек келіп, дастархан қамын жасаймын.-Үшеуі бір-біріне елпілдеп, тысқа шықты. Дарханның жұмыс орнынан таяуда ғана бұйырған ұядай ғана үйлерінде олар бақытты болатын. Алыс ауылда қалған мал-мүлкін даулап Дархан барған емес. Қалаға қоныс аударып, тыныштық тапқандай еді. Анасымен арақатынасы үзілгеніне көңілінде қыжыл қалса да, оның тірлігін сыртынан бақылап, өзі отбасында тым бақытты жүретін. Кейде өте бақытты болу да қорқынышты болады деседі... Болашақ келіндерімен танысқан Дархан мен Жұпаргүл қос жасқа сүйсіне қарап, өздерінің жастық шақтарын еске алғандай тоқмейіл күйде отыр. Қыз да бұлар риза болатындай-ақ тым мөлдір, биязы. Есіктен кіргеннен Жұпаргүлді апалап, ас үйде көмектесіп қызындай болып кетті. Дастархан басында төртеуі отыр. Бәрінің көңілдері шат. Жөн сұрасуды алыстан бастайтын қазақтың әдетімен Дархан алдымен қыздың елін сұрады. -Өзің түп негізің қай жақтан боласың? Алматыға көшіп келдіңдер ме? -Әке, Әсияның ата-анасы пәтер жалдап, осы Алматыда тұрады. Әсияүйінің кенжесі.- Арлан ғашығының отбасы жағдайынан толық хабардар екен. -Дархан, балаларды сұрақпен бастырмалатпай, тамақ ішулеріне мұрша берсеңші.- Жұпаргүл қыздың тостағандай көздерінен имену, қымсыну көлеңкесін байқап қалып, күйеуін тоқтатты. -Әсия, қарашы, бұл-менің әкем. Тергеуші болып жұмыс істейді. Тергесе анықтамайтыны жеті қат жердің астында ғана қалады.-Арланның сөзіне күлген атаанасы Әсияға шын жай-жапсарды өздері түсіндіре бастады. -Қалқам, біз негізі батыс өңірденбіз. Мұнда Арлан туған соң көшіп келгенбіз. Екеуміз де дәрігерлер деген қауымнан боламыз.-Дархан ұлының әзіліне әсіресе мәз болып күліп алды. -Біз де батыс жақтанбыз. Әкем сол батыстың тумасы. Алматылық болғанымызға жеті жылдың жүзі болды.-Әсия да ақырындап өз жайын айтуға көшті. -О, жерлес екенбіз ғой. Қай ауданнансыңдар сонда? Мүмкін әке-шешеңді танитын шығармын.-Дархан шалғайда қалған, өзі үшін мұңды сағынышқа айналған ауылына жақын жерді естіп, қауқылдап қалды. Бірақ естігені есінен тандырды. Сол бір қара түндегі құпияның ащы түйінін енді балалар тататын болды ма деп әке жаны шырқырай берді. Сол құпияға беріктей көрінген қара түнде Дархан Орынгүлден баланың әкесі туралы ежіктеп тұрып сұрап, өзіне жазып алған болатын. Орынгүл көкек әке туралы бар білгенін ақтарған. Дархан қайталап сұрап қатты шұқшиған. Ондағысы болашақта сол отбасымен қалай да байланыста болмаудың сақтық шарасы еді. Сол сақтық шарасы бүгін өзін келемеж етіп алдын орады. О, Жаратқан, туған анасын аңыратып, туғандарының ортасынан безіп саяқ шыққанда тапқан бақыты неге тұлдыр болып шықты? Бұл жолы Құдай сынақ емес, тозақ зікірін жіберіпті. Жылдар бойы қатерлі көмбедей болып келген құпяясы ақыры ұлын өзі іздеп тапты. Ниеті ақ адамға Құдайдың көзі түзу деген осы ма? Түзде де, үйде де адал келеді. Жұпарын жылатпау үшін көп тырысты. Ең соңында айналып келіп, сол қасіретке қайта шыға алмастай болып тұншыққаны ма?! Жоқ! Жоқ! Бұл жай сәйкестік болар. Дархан еңсесін әзер түзеп: -Кешір, қызым, өзіммен қызметте ащы болған бір танысым есіме түсіп кетті,-деді. Күйеуінің даусындағы дірілді Жұпаргүл сезіп, бірақ оның арғы төркінін толық түсіне алмады. Ал Арлан мен Әсия бұл қобалжуға аса мән бермеді.

Сол күнгі кездесуден соң Дархан мен Жұпаргүлден тыныштық біржолата іргесін аулақ салды. Құдайдан күні-түні тілейтіндері-Алданов Қанағат Арланның шын әкесі емес, жай бір аттас болса екен. Өйткені үлкендердің күнәсі үшін балалар жауап бермейді ғой. Әрі Орынгүлдің сипаттауында Қанағат реңсіз, тұрпайы адам еді, ал Әсия оның қызы деуге қимайтындай тым ажарлы. Құдай-ау, не далбасалап кетті? Бала тек әкесіне тартып туушы ма еді? -Дархан-ау, осы жағдайдц уайымдаймын деп өмір сүруден қалдық-ау. Бүгін Әсияны үйішімен қонаққа шақырсақ қайтеді? -Онда сол Қанағат екенін қайдан білеміз? Менде суреті жоқ қой. Сен де жөнді ақыл айтудан қалғансың ба? -Онда Арланнан Әсияның қайда тұратынын сұрап білейік. Сосын... -Сосын «Қанағат деген сен бе? Сен осыдан жиырма екі жыл бұрын Орынгүл деген қызды жүкті етіп тастап кетіп пе едің?!» деп сұраймын ба? Ақылымнан адасатын шығармын.-Ерлі-зайыпты екеуі осылай жанталас халде отырғанда, Арлан да кештетіп үйге келді. Өзі өте көңілді. Даусы саңқылдап, қара торы өңі бал-бұл жанады. -Әке, апа, мен бүгін әдеттегіден көбірек ақша жұмсадым. Ренжімейсіздер ме?-Бұлбір жаңалық айтуды арыдан бастайтын әдеті. Әйтпесе оның ақша жұмсау мөлшерін әкешешесі шектемейтін. Арлан әншейн қуланып тұрмаған екен. -Сендер Әсияны келіндерің ретінде елестете аласыңдар ма? Мен Әсиямен сөз байласып келдім. Енді салт-дәстүр ме, жоқ өздеріңнің қиялдарыңда бір жоралғылар бар ма, соларды орындай берсеңдер болады. Мен тезірек Әсияға үйленгім келеді!-Ұлдары екеуіне кезек қарап, аңтарылып қалды. -Сендер қуанып, тура мен сияқты бір орында шыр көбелек айнала ма десем? Тіпті селт етпейсіңдер ғой. Неге? -Балам, үйлену жайын тым тездетіп жіберген жоқсың ба? Өздерің студентсіңдер... -Әке, кедергі болам деп ойлама! Егер мен үйленгім келсе үйленемін. Рұқсат етпесеңдер, Әсиямен бірге бөлек кетіп қаламын!-Арлан ешқашан әкесіне бұлай дауыс көтеріп көрмеген. Дарханды шошытқан да осы болды.Бір қызды бұлардан артық санап, өзі шешім қабылдап үйреніпті. Бірақ Дархан да өз анасына солай жасамап па еді?! Өткен күндердің сағымдай елестері тағы да тіріліп көңілінде жүйткіді. -Ұлым, әкеңе қатты сөйлегенді қайдан шығардың?-Анасы Арланды сабырға шақырып, әңгімені кикілжіңсіз шешуге тырысты. -Апа, мен Әсияны бәрінен де қатты жақсы көремін. Сіз әкемді қалай сүйсеңіз, тап солай. Жоқ, одан да артық сүйемін. Ал әкем мені әлі күнге дейін бала көреді. -Жақсы, Арлан, түсіндім. Біз қыздың отбасына құда түсіп барамыз. Әсия отбасын ескертсін, Сосын дереу барамыз. -Міне, менің әкем осындай ойлы,ұзын бойлы, парасатты, өте сезімтал жан еді ғой. Мен мекенжайды беремін. Құда түсу ме, сырға салу ма, әйтеуір бір салттарыңды жасап, тойдың қамын бастайықшы. Әйтпесе мен Әсияны шығарып салып тұрып сағына бастайымн.-Махаббаты маздаған жас жігіт әке-шешесінің әлденеге алаңдаулы екенін байқаса да, өз бақытытнан басқаны білгісі де келмеді. Алматының жазғы кеші. Күндізгі бет қаратпайтын ыстық қайтқан. Кешкі Алматының сән-салтанатын байқауға Дарханның мұршасы жоқ. Жұпаргүл алда өздерін не күтіп тұрғанын білмей, алаң көңілмен кешкі құдалыққа дайындалып жүр. Дайындалып жүргені бір түрлі ерсі, әр затты бір ұстап қайта тастай салады. Ас үйге неше рет кіріпшыққанының есебін білмейді. Әйелінің тыпырлаған жүрісі Дарханның жүйкесіне тиді. -Жұпар, қолыңа осы соңғы ілінгенін ки. Қыз күніңде мені бұлай күттірмейтін едің. Не де болса тездетіп барайық. -Дархан, қорқып тұрмын. Егер... -Мен қорықпайды деймісің? Жүр шығайық. Тағдырдың не тарту тосып тұрғанын бара көреміз.

Сөйтті де екеуі машинамен зуылдап, желмен жарысқандай кетіп бара жатты. Дархан тез жетіп, өзін қай күннен бері іштен жеген ой құртынан арылғысы келді. Жұпаргүл құдайына мың мәрте сыйынып, қауіптерінің теріске шығуына дұға етіп келеді. Арланның айтқан мекенжайын едәуір іздеп жүріп тапты-ау әйтеуір. Қанағаттың үйі де құда келер деп күтіп отыр екен, үйдің үлкендері бұларды сырттан күтіп алды. -О, Дархан деген құдам сен боларсың? Төрлетіңдер.-Шиқандай сары, еңгезердей үй иесі гүрілдей сөйлеп, қонақжайлылық танытты. Жұпаргүл машинадан түсе сала, әйелге ғана тән сезімталдықпен оның бүкіл өн-бойын аңдаусыз ғана көзімен тінтіп, Арланға ұқсастық таппады. Әлде бар ұқсастықты көргісі келмеді ме...Қуықтай ғана жалдамалы пәтердегі құдалық жайлы әңгіме тым ұзаққа созылмады. Той күнін белгілеумен аяқталды. Әңгіме үстінде Дархан Қанағаттан сыр тартып көрді. Әйткенмен жарытып ештеңе біле алмады. Күпті көңілдері сыздап қала берді. Ал құдалықтан соң Арлан мен Әсия өздерін тым еркін ұстауға көшті. Әсия бұлардың үйіне кез келген уақытта келіп, қонып қалуды шығарды. Арлан кей түндері үйге қонбайтын болды. Дархан ұлына бұл қылықтарының орынсыз екенін айтқанда, ұлы «қазір сенің заманың емес, жаңа ғасыр» деп жауап берді. Ақыры Дархан Қанағат құдасын оңаша кездесуге шақырды. Олай етпеске амалы да қалмап еді. Енді, міне, минуттарды Алладан ажал әмірін күткен пақырдай дірілдеп өткізуде. Құдасы құрғыр да кешігіп жатыр. Сөзінде тұрып жалғыз келсе жарар еді. Құдай-ау, келмей қала ма? Сағатына қарады, кешкі беске қарай енді еңкейіпті. Уағдалы уақыт алты еді ғой. «Қазір не болады?» деген ой санасын санға бөлді. Жұпаргүл де оң жаңалық күтіп, қайта-қайта қоңырау шалып жатыр. Әне, құдасы өз қарнын өзі әрең көтеріп, мимырттап келе жатыр. Дархан оның алдынан шықты. Дәмханадан өзі дайындаған орынға ертіп әкелді. Қазақтың амандық-саулық сұрасқанының өзі сүт пісірім уақытты алады екен-ау. Арғы-бергінің амандығын біліп барып, Қанағат шай сораптауға кірісті. -Өткенде де айттым, бүгін де қайталаймын, өзіміз пәтер жалдап, күнімізді әрең көріп жүрміз. Қызыма шалқытып ұзату тойын жасай алмаймын. Әсия да біледі онымызды. Сендер қалыңын берсеңдер, біз қызды пәтерден ақырын ұзатамыз. -Мен сізді мүлде басқа жайт туралы сөйлесуге шақырып едім.- Құдасының ұзату той жайындағы сөзі Дарханның құлағына жетпеді. Өз сұрағын табан астынан қоя салды. Шыдамы таусылды. Бүгін тыныш ұйықтап, әйелінің көңілін демдеп, сосын аңызға айналатындай ғажап той жасайды. Ал мына мылжың құдасы ұсақ әңгімемен уақытын өлтіріпотыр. -Оу, о не дегенің? Сен менімен той төңірегінде кеңесем деген соң келдім ғой. Автобуста шаршап, жолға шығынданып... -Сен Орынгүл деген әйелді танисың ба?-Оқтай қадалған оқыс сұрақтан Қанағаттың өңі қашып кетті. -Не? Қай Орынгүл? Таныса қайтеді екен? Ұлың «әкем тергеуші» деп айтып еді, рас екен ғой. -Қай Орынгүлің не? Неше Орынгүлді танисың? Қайсысын жүкті етіп тастап кетіп едің? Жиырма екі жыл бұрын не болып еді, есіңе түсір! -Сен мені тергеуге шақырдың ба? Әйелдердің қорғаушысы болып жұмысқа тұрдың ба?- Қанағат өз сөзіне өзі мәз болып ырқ-ырқ күлді. -Күлкінің онны емес қазір. Орынгүл деген қызбен әуейі болмап па едің? Ол кезде «екі баласы бар, кеш білдім» деп еді Орынгүл. Ізбасар деген әкесі бар болған. Аудан орталығындағы қасапханада... -Ей, маған бұндай сұрақ қоятындай сен кім едің? Бекер келген екенмін. Ана көзі жұмылып қалған ұлыңа айт, менің қызымды төңіректемесін. Бітті, мен кеттім. Ешқандай қыз да бермеймін!

-Ал Арлан сенің ұлың болса қайтеміз? Айт! Орынгүл деген танысың болып па еді?!- Дархан мына мес қарынның санасына әңгіменің астары жетпегенін біліп, ашудан буынып кетердей тіс арасынан сыздықтата тәм зәрлі сөйледі. -Не?Арлан сендердің ұлдарың емес пе? Сонда қалай? -Біз оны асырап алғанбыз. Анасының аты-Орынгүл. Ол қыз баланың әкесінің атыжөнін...-Өркөкіректікпен орнынан түрегелген Қанағат сылқ етіп отыра кетті. Жиырма екі жыл бұрынғы естеліктер көз алдында есінен айыра елестей жөнелді. Аудан орталығына қатынап жұмыс істейтін. Әйелі мен екі баласы ауылда қалатын. Үйден сәл жырақ шықса, өзін бойдақ сезінетін еді. Сондай салт бас, сабау қамшылы кезінде Орынгүлмен танысты. Бұрын алданып көрмеген жас қыз бұның еліктіруіне тез көнді. Үйде әйелін күттіріп, түзде тағы бір әйелмен, пай, шіркін, керемет күндер еді. Нағыз еркек солай болса керек-ті. Бұрынғылар бес-алты әйелге дейін ала берген ғой. Ал бұның екі әйелге шамасы жетпей ме? Жеткенде қалай! Осылай Орынгүлді бар өтірігіне сендіріп, онымен құмарын қандырып жүргенде, жүктілігін естіді. Өзін «тәжірибелі» санайтын ожар еркек ондайға мүмкіндік бермейтіндей өзіне сенімді еді. Бірақ Орынгүл «махаббатымыздың жемісін көтеріп жүрмін» дегенде, көпе-көрінеу күйіп кетті. Бұған керегі жеміс пе еді?Анда-санда бір «тәттісінен тамсандыра татқызса», сол да жететін еді ғой. Ал ол ақымақ «жеміс» дейді. Ақыры өз өтірігін өзі ашуға тура келді. Орынгүл тұрған орнында қалшиған да қалған. Бұл оның не күй кешкенін аңдап жатпаған,айтарын айтты да қолын сілтеп кете берді. Араға екі жыл салып Әсия дүниеге келді.. -Әсия, қызым, мүмкін емес! Жоқ-жоқ! Орынгүлдің ұлы алдыңнан шығуы мүмкін емес! Құдайдың олай кәрленетіндей сенің не жазығың бар?-Қанағат кемсеңдей, тысқа ұмтылды. -Ал дәл бұлай қорланатындай Арланның не айыбы бар? –Дархан ожар сарының соңынан ілесе шықты. Тағдырмен текетірес келуге тайсалмайтын өр мінезді Дарханның бұл жолы сағы сынды. Іші-бауыры сұп-суық болып мұздап бара жатты. Тек бұл мұздаудың соңынан жылылық болмайтынын мойындамай, әлдебір әлсіз, негізсіз үмітпен Қанағатты қуып жетті. -Тоқта, ол емес болар. Басқа Орынгүл болар. Есіңе түсір. Тағы қандай ерекше мәліметтер білетін едің? -Алла, мені бұлай жазалама. Мен Орынгүлге «әкеңнің ұйіне барып ту» деп тексізденіп едім. Енді өз қызым... Жоқ! Ойлауға да қорқамын!-Дархан бұдан арғысын естімеді. Естуге қауқары қалмады. Құлағына қайран анасының азынау үні келді: «Сен енді тек құрдымға шөгесің. Ана баланы сорыңа бола асырадың!» «Апа! Анашым!Тылсым күш саған ұлыңның соры қайнайтынын сездірген екен ғой! Сол кезде мен де осы ақырзаманды барлай алсам ғой! Апатайым! Ұлыңды құтқаршы! Мен қазір тозақтың түбінде тұрмын. Құтқаршы,анашым!Ақ батаңды алмай кетіп едім, бүгін соның көресін көрдім ғой! Ақылды анам, менің қандай күнәм бар еді? Енді қалай өмір сүремін? Ұлың өліп барады, апа! Дем берші, келші қасыма! Тұншығып барамын!» Дәмхана алдындағы шағын саябақта сілейіп ұзақ отырған Дархан осыдан бес жыл бұрын о дүниелік болған анасының рухынан жәрдем күтті. Алла аямаған пендені аруақтар қорғай ала ма?

Құрдым Алланың қаһарына ұшыраған пенделер қыбырлап өмір сүргенсіп жүр. Қанағат беті қалыңдығына басып, үйіне түк болмағандай барған. Өзінің жазасыз қалдым деген күнәсінің азабын қызына таңып берген ол бұдан шығар жол Әсияны Арланмен кездестірмеу деп шешті. Ал жастар бұл шешімді түсінбей дал болды.Арлан әкесінен көмек сұрады. Бірақ Арланның күткен қолдауын ата-анасы бермеді, қайта Қанағатты жақтап шықты. Отбасын құруға әлі ерте екен,ақылдары толыспапты. Тіпті анасы «Әсия көзқарасы суық, тартымсыз қыз» деді. Көз алдарында тұрған әдемілікті көрмей, бұл ата-анасына не болды? Әбден қиналған Арлан сабаққа да бармай, Әсиямен жүздесудің

жолын іздеді. Қалта телефонынан да қағылған Әсиядан қазір хат-хабар сиреді. Одан жырақ жүрсе, өмір гүлі солып бара жатқандай сезінетін Арлан ақыры шыдап тұра алмай, қыздың үйіне өзі барды. Әсияны көре алмады. Қанағат шығып итке жекіргендей айқайлады. Даусында бұған белгісіз кек бардай. Ешқашан бұны қолдаусыз қалдырмайтын анасы мен әкесіне не жорық? Мына тантық сарының сөзіне еріп алыпты өздері. Алғашында бәрі керемет еді, ал бүгін... Керемет күндерін оңайлықпен бергісі келмеген Арлан Әсияны торуылдауын қоймады. Оған деген сағынышы жан таптырмады. Көп күттірген бір хат жылт етті. Белгісіз нөмірден жазылған хат қысқа болса да, зор серпін берді. «Бәрін тастап, екеуміз бірге қашайық. Сәбиім екеуміз сенсіз қиналып кеттік,»-депті Әсиясы. Үлкендер екеуінің кездесуіне кедергі жасап, қанша сылтау айтқанмен Арлан сүйіктісінң өзіне деген көңілінің айнымайтынына кәміл сенімді болатын. Сенімі алдамапты. Қуанса да, жалғыз қуанаатын болған ба? Кімнен ақыл сұраса екен?Әкесі ме? Жоқ! Оны соңғы кезде түлен түртіп жүр. Жақындап қалған қарттық жылдарына мойынсұнғысы келмей ме, тұнжырауды жиілетті. Анасына айтуға болады. Иә, анасы бетін қайтармас. Осы оймен бөлмесінен атып шыққан Арлан ас үйде үнсіз отырған Жұпаргүлдің жанына келді. -Апа, тағы да көңілсіз отырсыз ба? Не болды осы сіздерге? Жандарыңыз дертті ме? Болса ол қандай дерт? -Жоқ, еш ауруымыз жоқ. Әкеңнің жұмыстарында бір жайсыздықтар орын алып... -Апа, мені алдама. Мен өтірікке сенетін кішкентай бала емеспін. Шыныңды айт! Мен неге Әсиямен кездеспеуім керек? «Ол саған тең емес» деп жақауратпа! Жетер енді жасырынбақ ойнағандарың!-Арланның бақырып-шақырған даусына қонақ бөлмедегі әкесі жетіп келді. -Анаңа қалай дауыс көтересің? Оны ренжітіп алудан қорықпайсың ба? -Әке, ал екеуің мені қинаудан ләззат аласыңдар ма? Мен Әсияны сүйемін. Және оның аяғы ауыр. Біз үйленеміз. Басы артық сөз айтып, бекер шаршамаңдар. Мен соны айтайын деп едім. Сендер тіпті сау адамша отырып сөз ұғудан қалыпсыңдар!Түсініп алыңдар! Мен үйленемін, мен әке боламын!-Тағдырмен тайталаста ерлі-зайыптылар жеңілді. Қайтып бас көтере алмастай ғаріпке айналды. Алла бермеген баланы қолдан жасап, бақыт деген әлемді қиялдан құрған екеу енді ессіз күйге түсті.Жазмыш қос сорлыға қарсы келіп, сақ-сақ күлді. Жазмыш өзінен озар күш жоғын білетін еді. Ад пенделер қайдан білсін! Құтылам деп өткенінен көз көрмеске қашса да, қайта құтылмастай болып тұтылды. Отбасын сақтау, шаңырағын шайқалтпау енді мүмкуін бе? Соңғы амал қандай болмақ? Ұлын, өзн, сүйікті Жұпарын қалай да қорғаштап қалуға тырысқан Дархан бар даусымен аттанға басты: -Жоқ! Жоқ! Бұлай болмайды! Сен бізді алдап тұрсың! Саған ондай тәрбие бермеп едік. -Жоқ, әке, сенбеске амалың жоқ. Жаңа ғана Әсия хабарлама жолдады. Сенбесең өзің қара!-Дархан жүгіріп барып, ұлының ұялы телефонына жармасты. Жұпаргүл тәлтіректеп тұруға шамасы жетпеді. Дархан үңіліп ұзақ тұрды. Жұпаргүл өз жүрегінің соғысын ести алмай, аузы ашыла берді. «А, Құдай, балалардың қалжыңы болса екен!» Кенет Дархан балаша солқылдап жылап, бүктетіліп отыра кетті. Жұпаргүл тынысынан айрылды. Дүние тоқтап, тірлік қараң қалды. Соңғы демі шығарда Құдайды аузына алмады. Құдай бар болса, әділ болса,басқа біреудің күнәсі үшін өзгелерді жазаға тартпас еді ғой. «Жоқ. Ол жоқ,»-деп күбірлеген Жұпаргүл жарықтан қараңғыға ене берді... Бұл шынжыр түрінде шырмалған оқиғадағы алғашқы құрбандығын Ажал асыға қақшып алды. «Келесісің қайсың?»-деп Ажал ойнақ салды. Тағдыр деген теперіш иесі оған кезекті олжасын санап беріп жатты... Жар қайғысы Дарханды еңсесін тіктей алмастай қылып қан жылатып кетті. Шіркін, егер Жұпары «ажырасайық» деп қинала қиылғанда, келіссе бұл тамұқ отына тіріде күймес еді ғой. Анасын тыңдағанда... Бірақ әттең-аймен өзін жұбата алмады. Жұбаныш

іздеуді де қойды. Кіммен жұбанады? Жер бетінде бұған медет берер кім қалды? Тоқта! Ұлы бар емес пе? Оның тағдыры қыл үстінде. Көзі жұмылғанша ұлына өмірден орнын тауып беріп кетсе арманы болмас еді. Бөлменің қараңғы болғанын да байқамаған Дархан ас үйге кірді. Кенет тосылып қалды. Әсия отыр. Арланды жұбатып отыр. Арлан оның иығына басын сүйеп, қыздай сыңсуда. Әсия ғана оған жұбаныш болатынын Дархан бар жанымен, өзінің өміріндегі күйлерден түсінді. Түсініді де жаны қайта қысылып кетті. Шарасыз отыра бермей, әлдене тындырғысы келді. Сөйтті де сөз бастады. Оның ақыры не боларын болжауды да қойды. Мына екі жастың түк жазығы болмаса да, шыбын жандары шырқырағандарын көргісі келмеді. -Арлан, балам, басыңды көтер. Айтарым бар. -А, әке, есіңді жидың ба? Мен енді қалай өмір сүремін? Анам менің кесірімнен көз жұмды. Мен анамның өліміне себепші болдым.-Боздай жылаған Арлан әкесінің бауырына өзі келіп тығылды. Бала кезінен осылай еді, әлі сол қалпы. Бірдеңені бүдірсе, бірінші болып өзі айтып, әкесінің бауырына тығылатын. Бұл жолы әке құшағы оны қасіретінен қорғай алмады. Қанша тырысса да, құрдымға батып бара жатқан өмір кемесін түзей алмады. -Арлан, апаң сенің кінәңнан бақилық болған жоқ. Оған басқа бір жағдай түрткі болды. Жаны нәзік апаң сол шындықты көтере алмады. Сен Әсия екеуің бауырсыңдар.-Бұл сөзді қос жас түсініп жарытпады. Қалай бауыр болсын? Айдаладағы қаймана қазақтар емес пе? Екеуінің арасы үш жас. Қазақ сұраса келе туыс шығады деген осы ма?! Қалшиып қалған қыз бен жігітке Дархан бар күшін жинап шындықты қанын тамшылапып баяндады. Әр сөзі қайғы қорғасынындай тұңғиыққа батырып бара жатты. Үйінен қашып шыққан Әсия мынадай сұмдықты естимін деп келмеп еді. Арланның мынадай масқараны естігенше өзін ана өліміне айыпты санап күн кешкені әлдеқайда жақсы еді ғой. Тағдыр адамдарға қашан таңдау жасатыпты? Егер таңдауға мұрша берсе, Арлан Дархан мен Жұпаргүлдің ғана ұлы болып қалар еді. Сұрқия тағдыр тезге салмақшы ма қос тентекті? Тезге саламын деп езіп жіберген жоқ па? Дәл осы сәтте Ажал тағы бір құрбандығына тұзағын құрып, шыдамсызданып отырды. -Жалған! Бұл сұмдықты аузыңыз қисаймай, бізге қалай айтып отырсыз? -Әке, олай емес деші! Біз енді не боламыз? Сәбиімізді қайтеміз?-Жанды қуырған бұл сұрақтарға Дархан жауап беретін халде емес еді. Ол сөзін аяқтап, тас мүсіндей мелшиіп қатты да қалды. Әсия үйден құйындай атып шығып, етегі жасқа тола, ебіл-дебіл болып көшеге жүгіріп шықты. Ештеңені көрген де, естіген де жоқ. Шыңылдап бітіп қалған құлағы кенет ашылды. Апырау, өзі ұшып келе ме, жоқ жүгіріп келе ме? Жылап келе ме, әлде сақылдап күліп келе ме? Қым-қуыт бір құйын қызды орап алғандай. Түрлі дауыстар елестеді. «Арлан-сенің ағаң! Сендер бауырсыңдар!» Құлағы қайта тұнып кетті. Лақтай ырғыған қыздың соңынан оған жеткен Арлан Әсияны құшағына алды. Тағдыр қамытынан қашқан қыз тулап, құшағынан сытылып шығып, зымырап бара жатты. Балалардың ізімен үйден шыққан Дархан жүгіріп келе жатқанын, не бір жерде қимылсыз қатып қалғанын ажырата алмады. Бар ойы ұлы мен қызда, денесі игерусіз қалды. Арлан да арман болған ғашығына жетіп, жан дәрмен қолынан ұстады. Көліктер жүйткіген кең көшеде екеудің қалай аман тұрғанын көргендер таң-тамаша қалды. Ойламаған жерден қыз бен жігіт айқара құшақтасып, қарсы бағытта зымырап келе жатқан жүк көлігіне ұмтылды. Жоғары жылдамдықпен келген жүк көлігі тоқтап үлгермей, жердің астынан шыққандай жолын тосқан қос ғашықты жаншып өте шықты. Бір сәтке дүние тына қалды. Тек Ажал ғана олжасын түгендеп, қанды қанжығасын майлап алды. Ұпайы түгенделсе де, Ажал тойымсызданып қомағайланды. Бірақ Ажалдың жуан өңешінен Қанағат жақын арада өте қоймас. Бәрін жас-кәрі демей қылғытқан Ажал Қанағатқа келгенде ойланып қалды. Кейін олжалаймын ол ожарды деп түпсіз мекеніне қайтып кетті. Ал жарық дүниеде кеудесінде жаны бар күйде қалса да, Дархан тірі еме еді. Оның санасын кек алу деген ой жаулап алды. «Кек алам» деп түйілді ол. Кімнен? «Құртам» деп тісін шақырлатты. Кімді құртпақ? Құрымаған несі

қалды? «Аямаймын» деп асаусыды. Өзін аяр жан таппай тұрғанда, өзі кімді аяп жарытсын? Өзі туғанда маңдайына жазылып қойылған тағдырдан ол енді қашып құтылмасын білді. Әйтсе де ерегесіп, тәлкек тағдырына қарсы бір аттады. Оның тәнін бір ғана ой басқарды: кек ал! Осы ой Дарханды Қанағаттың үйіне ұшырып алып келді. Түн қараңғысында есігін жұлып алардай қаққан Дарханды көріп, үй іші тегіс шошынып қалды. Онсыз да Әсия қашып кетіп, әптер-тәптерлері шығып жатқан. Қанағат «қызды сен қашырдың» деп әйелін таяққа жығып салыпты. Селкілдей жылаған әйел мен баласын көрсе де, жалғыз ой ғана билеген сана ойланып жатпады. -Ей, арсыз неме, сен балаларды өлтірдің. Енді ажалың менен!-деп тістенген Дархан Қанағаттың жағасынан ала кетті. Кебеже қарын оп-оңай илектеліп, Дарханның кек жұдырығының астында қалды. -Ойбай, не дейді? Өлген кім? Нең бар бұл жазғанда? Босат!-деп безектеген ана әкесін арашалауға ұмтылған ұлын қорғай берді. -Балалар өлді. Сен өлтірдің,-деп қырылдады Дархан. -Қатын, мынау есінен адасқан. Оның сөзіне мән берме. Тез полиция шақыр.! -Жоқ, шақырмаймын. Алдымен не болғанын айт! Бәрін түсіндір. Әсияға неге шүйліктің? -Әсия мен Арлан жоқ. Мен олардың кегін алуға келдім. Соңғы ісім сен боласың, найсап!-Дархан Қанағатты тепкінің астына алды. Әр тепкен сайын кегі ширыға берді. -Мынау Орынгүл үшін. Оны неге жүкті күйінде ойыншықтай тастап кеттің? Жазығы не еді? -Ал мынау, әйелің үшін. Ауылда қалып, сенің мал-жаныңа ие болғаны үшін көзіне шөп салдың ба? -Мынау-денесі әлі суымаған Арланның кегі үшін. Мә, саған! -Ал мынау мөлдір қыз Әсия үшін. Сенің ауыр күнәңнің азабын ол неге тартты? Арланмен бірге жан тапсырған қызғалдақтай қыздың не жазғаны бар? -Менің Жұпарым да сенің күнәңнің азабын шегіп, сол азапқа шыдай алмай өліп кетті. Мә, өл! Жалғыз өзің қанша адамның өмірін құрдымға жібердің? -Ал Әсияның құрсағында өлім құшқан сәбидің қандай қылмысы бар еді? Сен неге тірі жүрсің? Мен Әсияның тегі жайлы білген күні өлгенмін. Мен өлгенмін. Менөлікпін!Сені Ажалдың қолына тапсырамын. Қашпа, қанішер! Қанша адамның қанын жүктеп, енді қалай өмір сүрмексің?-Ұмар-жұмар арпалысқан екеу ешкімге араша бермеді. Ауладағылар полиция шақырып, өздері бар болғаны тамашалаудан арыға аспады.Дархан жер бетіндегі соңғы әрекетін орындамай кетпеуге бекінген. Қанағат та қарсыласуын қояр емес. Бар күшімен тепкілеген Дархан кенет Қанағаттың оп-оңай сұлап түскенін байқады. Санасындағы жалғыз ой оны ойланудан ада етті. Дархан сұлқ құлаған мес қарынның үстіне қонып, аяусыз ұрғылады. Кенет жиналғандар шу ете қалды. Селебе пышақ сілтеп, күйеуін сұлатқан Әсияның анасы болатын. Кеудесінен жаны шықпай, ыңырсыған арсызды әкетуге Ажал да асықпады. Дарханның ойында бір ғана кек ойы атой салып тұрды. Жазғы түн бұл көріністен шімірікпестен, Ай өз ажарына өзі сұқтанып, барқыт көкте жұлдыздар жымыңдасып тұрды...

Балалықтың соңғы күзі (хикаят) -Сәлем, сегізінші сыныптың сылқымдары мен серілері, перизаттары мен перілері!-Онсыз да шулы сынып бөлмесіне Арман екпіндей кіріп, дауыстай сөйледі. -Кеше ғана жетінші сыныпта оқып жүрген жеткіншек едік, енді, міне, сегізінші сыныптың табалдырығын аттап та үлгердік.-Бұл пәлсапаның иесі-сыныптың әкімі Алтынай.

-Түу, сен менің марқұм әжем сияқты сөйледің ғой. Ол кісі маған «кеше ғана туған тәрізді едің, сенің ер жеткеніңді білмей қалыппын» деп ақыл-кеңесін ағытатын.-Арман сынып басшысына келемеж жауабын жұптап үлгерді. -Арман, сенің атыңды кім қойса да, қатты қателескен. Армансыз, талапсыз адамға «Арман» деп ат берудің еш қажеті жоқ еді ғой!-Оқу озаты болғандықтан, нашар оқитындардан өзін анағұрлым жоғары ұстайтын Алтынай дес берер емес. -Таң атпай тартысып не болды? Сәлеміне түзу жауап бере салмайсың ба?-Бүйірден Жайна келіп қосылып, сыныптастардың тәжікесін тоқтатпақ болды. -Сол аяғынан тұрған мынау ғой,-деп Алтынай адуынды жүзбен партасына жайғасты. -Мынау емеспін, Арман Шорманұлы деп айтсаң, дұрыс болады!-Арманның бұл сөзіне оқушылар ду күлісіп басылды. Орындығына дүмін басқан Арман сөмкесінен оқу құралын тездетіп ала қоймады. Мұғалімдерді айғайға бастырып барып, оқу жабдығын түгендейтін Арман ғой бұл!Сөмкесін ары-бері ақтарып, қаламын таппай, күнделігін алып шықты. Зындан-сөмкеде күннің көзін көрмей, қалам сиясын сезбей ұзақтау жатып қалған күнделік Арманға ешқандай ақпарат бере алмады. Қай сабақ екенін білмей, басы қатқан Арман артына бұрылып: -Қазір кімнің сабағы?-деп дүңк етті. -Алма апайдың сабағы,-деп Кербез күнделігіне қарамастан тақ ете қалды. -Түһ, сол құрт-құмырсқаның ханшайымынан құтылмайтын болдым-ау!Тағы да жәндіктердің суретін салып, бақа-шаянның ішек-қарнын ақтарамыз ба? -Мен сені апайға айтам. Ол кісіні құрт-құмырсқаға теңеп, сықақ қылғаныңды жеткізсем, басың бәлеге қалар. Әрі қазір биология емес, химия деген сабақ болады.-Кербез тоқтаусыз оқ жаудырған пулеметтен бетер кідіріссіз сөйлеп кетті. -Химия? Биологияны жек көріп жүргенде, енді химия дейтін қиын бастала ма? Менің бағым бір ашылмады-ау!.-Арман партасына етбетінен жата қалып, қалтасынан ескілеу ұялы телефон алып шықты. -Әришөк, тілипоныңды берші. Мен біраз ойнайын. Одан басқа айналысар іс таппай тұрмын,-деп Дияс Арманға төніп келді. -Әришөк емеспін, мен-Арманмын, Жалғыз ұлы болам өзім Шорманның!-Арман анасының еркелетіп айтатын есімінен ұялып қалып, тек тұрмастың амалын жасап, тақпақтата жөнелді. -Егіз ұйқас-ау, шамасы,-деп Дияс кекетіп қойып, телефонға жармасты. -Балалар, бәрің бері қараңдар! Арман Ертіс жағалап, диуанадай айдалада түнеп қалғанда, жын қағып кетіпті. Бет алдына сөйлеп, есінен ауыса бастапты,-деп Алтынай жайма базарда тұрғандай жар салды. -Жын қаққан жоқ, әулие келіп, аузыма түкірген. Өз-өзінен тіліме жыр жолдары оралып, көңілімде белгісіз бұлбұлдар сайрайды да тұрады!-Арман әдетінше Алтынаймен сөз жарыстыра жөнелді. -Арман, сен Ертістің жағасында бейітке түнепсің ғой. Сол кезде түсіңе жеті басты айдаһар кірген шығар? -Арман, сен қараңғы түнде Ертіс орманында жалғыз қалғанда, қорқыныштан ұлып, қасқырлардың зәресін алыпсың ғой. Рас па? -Әришөк, құм жастанып, маса-шіркейді азық еткенің ел аузында аңызға айналып кеткен. Аңыздағы ақиқаттың алар салмағы қанша?-Дияс телефоннан басын көтеріп, сыныпқа естірте, арындай сөйледі. -Арман, тоғайдың арасында тентіреп, жалғыз қалғаныңда, алдымен қай мұғалімнен кешірім сұрағың келді? -Арман…. -Арман…. Бұл шуды әлдебір әдіспен тоқтатпаса, күлкіге қаларын сезген Арман жаны алқымға келіп, орнынан атып тұрды.

-«Табиғат-тал бесік» деп шығарма жазатын мына сендер емес пе едіңдер? Енді мен сол табиғат-бесікте бір күн тербетілген екенмін. Оған несіне сонша дүрліктіңлер?- Сынып бөлмесін күлкі басты. Бірі ішін ұстап, аунап жатса, енді бірі аузын басып, кемпірлердей кемсеңдеді. Аузын басып күлуді, әсіресе, соңғы кездері қыздар жағы тегіс әдетке айналдырған. Ұлдар ересек жігіттерге ұқсап, қарқылдай күлісті. Жалғыз Алтынай ғана езу тартпады. -Әумесер!-деп шаңқ етті де, орнына отырды. Арман оның бұл сөзін жауапсыз қалдырды. Жазғы демалыста отбасында орын алған сол күн бір айдан астам уақыт өтсе де, көңілінен кетер емес. Ғажабымен есте қалса бір сәрі ғой... Сол күні кермиықтана атқан жаздың таңы кербездене батқан болатын. Батқан күннің берекесін тілеумен жүрген анасы Сәнімай Арман мен қызы Гүлімайды кешкі дастарханға шақырды. Түсте үйден шығып кеткен отағасы Шорман әлі оралмаған. Соған ала көңіл болған үшеуі астарын алаңсыз іше алмады. Алаңдамай қайтсін, мына тылсым тыныштықтың ар жағында ақыруға дайын тұрған албастының жасырынғанын үшеуі де жақсы білетін. Сондықтан көңілдерін әр нәрсеге алдандырып, іштей тынышталғылары келді. Түн болды. Аппақ ай қасқайып, түнгі даланы нұрына бөктіріп-ақ тұрды.Дегбірі қашқан екеуі терезеден табиғат сұлулығын тамашалап тұрмаған еді, отағасының қалай ораларының аңысын аңдыған амалдары болатын. Кішкентай Гүлімай күні бойғы ойыннан сілесі қатып, лезде ұйқыға шомды. -Апа, әкем бүгін сау келетін шығар. Уайымдамай ұйықтай беріңіз. Мен кино көріп отыра тұрамын,-деп Арман анасын ұйқы аулына аттандырмақ болды. -Әкең осыншама уақыт қайда жүр? Ана бір азғын достарына барып қосылмаса игі еді,- деген анасы ішкі уайымын жасырмай. -Апа, сіз әкемнен қорықпаңыз. Ол сізге қол көтере алмайды. Мен қорғап қаламын анашымды, осы өмірдегі дара панашымды! -Құлыным-ай, сен әлі кішкентайсың. Білесің ғой әкеңнің әлегін. Ішімдігінен тыйылар деп үміттеніп күтумен жүрмін. Сендерді әкесіз өсірмеудің қамы ғой мұным.-Анасы қамқорси сөйлеген ұлын баурына басып, күн исі сіңген шашынан иіскеді. Осы сәт сыртқы есік шалқасынан ашылды. Күйеуінің қандай күйде екенін Сәнімай айтқызбай-ақ аңғарды. Тағы да «жынды суға» тойып алған Шорман төрге озбай жатып, айғайға басты: -Ей, қатын, неғып ұйықтамай отырсың? Мені аңдыған түрің бе? Әлде күткен біреуің бар ма еді? -Шорман, балалардың мазасын алмай ұйықтап қалшы. -Мені ұйықтатып тастап, сен өзің қайда барайын деп едің?Ақымақ, мені ұйықтайды деп тұрмысың? Қос бұрымыңды төгілтіп, кімнің көзіне түсе алмай отырсың? -Айғайлама. Гүлімайды шошытасың. Менің бұрымымда нең бар?-Шорманның күткені де осы еді.Әйелінің жанына жалма-жан жетіп келіп, бұрымын қолына орап алып, есікке қарай сүйрей жөнелді. Сәнімайдың жаны көзіне көрінсе де, тістеніп, үнін шығармады. Тек Арман шамасы келгенше шырылдаумен жүрді. -Әке, босат апамды! Ауырды ғой шашы! Жұлдың ғой бәрін. Жібер деймін! -Ей, күшік, шешеңмен бірге жаныңды жаһаннамға аттандырайын ба? Неге сен мен сияқты сырбаз болмай, шешеңе ұқсап менімен араз болып жүрсің? Құрғыр шешең күні бойы мені жамандап, маған қарсы қойған ба сені? -Ешқашан балаларды саған қарсы бағыттаған емеспін. Жібер шашымды! Сендей күйеуім болғанша, жесір өткенім артық еді!-Сәнімай шашын түбінен уыстай ұстаған күйі, тіс арасынан сыздықтата сөйледі. -Баяғыдан осыны айта алмай жүр екенсің ғой, албасты! Менен ажырасып, кімнің түтінін түтетейін деп едің? Мә, саған!-Әйелін жұдырықтың астына ала жөнелген Шорман ұлын бір шетке оп-оңай ығыстыра салды. Арман «анам жұдырықтан өліп кете ме» деп қорқып, жан-жағына жалтақтай қарап, қолына ілер зат таппай қарманды. Сол сәт көзіне шанышқы ілінді. Жан дәрмен дегенде шанышқыны алып, әкесін ту сыртынан ұрғылай бастады.

Баланың қауқарсыз қолдары аса қатты соққы болып тимесе де, Шорманға батып кетті. Ол әйелін тастай салып, ұлына шүйлікті. -Ей, есерсоқ, менен тусаң бұлай сыртымнан ұрғыламас едің! Сен менің балам емессің! Сенмына есі ауысқан шешеңнің ұлысың!-Сөйтті де ұлын қолынан алып, шешесінің үстіне тулақ лақтырғандай тастай салды. Азан-қазан айғайдан шошып оянған Гүлімай жүгіріп келіп, ештеңе түсінбесе де, титімдей қолдарымен анасын қорғаштай берді.Үй іші аналы-балалы үшеуінің зар жылаған дауыстарына толып, естігеннің есін кетірердей күйік үні болып бебеу қақты. Шорман масатты жүзбен темекісін шегіп, үпір-шүпір болған ұлы мен қызына назар аудармастан, көңілдене әндетті. Ақ таң сол күні қорғансыз үшеуге атпастай көрініп, зорға дегенде қылаң берген-ді. Таң ата сынған ыдыстарын жиыстырып, үйдің ішін реттеген анасы түк болмағандай шаруасын қамдап кетті. Арман анасының жанында жүріп, онымен ашық сөйлесуге бел буды: -Апа, қашанғы бұлай бақытсыз болып жүре береміз? -Ұлым-ау, бақытымыз менің қолымда тұр ма? Маған салса, әкеңнің арағын қойдырып, баяғы сүттей ұйыған қалпымызға қайта оралар едік қой. -Апа, мен есейдім. Енді әкемнің тепкісін көріп, жігерімді жасытқым келмейді. Оның таяғын жеп, жаным мен тәнімді жара еткім келмейді! -Сонда маған не істе дейсің? -Апа, әкемнен ажырас! Ол жоқ болса, жақсы өмір сүреміз! -Жоқты айтпа! Ағайынның арасында отырып, қалай ажыраспақпын?! Ондайды тіпті ойлаушы да болма! -Жауабың осы ма, апа? Әр күнімізді қорқынышта қалдыратын, таңымызды таяқпен атыратын ондай әкенің маған керегі жоқ! -Онда жақсы әке тауып ал! Саған кім керемет әке дайындап берер екен!-Анасының сөзінен «ажырасу» деген амалдың исі де болмайтынын білген Арман Ертіс орманына жүгірді. Ұшар басы желмен шайқалған тоғайларға мұңын айтып, балалық көңілі бақытшаттықтан қайтып, ақыры жылай-жылай солығын басып, елсіз далада түнеп қалған болатын. Елсізде шақылдаған жылқышы құстың даусын да ес көріп, өзі бірнеше рет қайталап көрген кинодағыдай осы орман алаңқайында сансыз жыл жалғыз өмір сүруге серт етті. Алайда ойлағаны оңынан келмей, ертеңіне Робинзон Крузодай әрекет жасауды бастаған Арманды атқа мінген әкесі келіп, лақ құрлы көрмей алдына өңгеріп, үйіне алып қайтқан. Енді арақ деген ақыл-естен айырар мәжнүн судан ішпеуге сөз беріп, Шорман үйішін кезекті алдаусырату айласын жасаған... -Шорманов, неге есіңнен танып отырсың? Жазғы үш айлық демалысты қимай қалған қалпың бар-ау, шамасы!-Алма әлденеше мәрте есімін атап, тақтаға шақырса да, естімеген жанның кейпінде отырған Арманға қарап шарт етті. -Кешіріңіз, апай.Тақтаға шықсам ба екен, әлде тауға шықсам ба екен деп ойланып отырмын. -Тауға шығу саған қол емес. Тақтаға шық!-Мұғалима даусынан Арманның сөзін жақтырмай қалғаны анық білініп тұрды. Тақтаға шыққан шәкірті ұстазының осыған дейін түсіндірген тақырыбының шетін де қаужай алмады. Ол кезде Арман өз әлемімен әлектеніп отырған еді. Қонжитып «екіні» қойған Алма Арманға оқты көзімен ата қарап, «ертең сабаққа әкеңді ертіп кел» деп суық әмір етті. Зілді бұйрықты жібіткісі келгендей, без етіп қоңырау соғылды. «Қоңырау үні-зарықтырған бостандықтың бебеуі» деп, Арман тысқа атылды.«Екі» алғаны есінен шығып, көк аспанға тамсана қарап, талмау көкте қаздай тізілген аппақ бұлтқа қолын созды.Өзге оқушылар ауыл жұртына жаңалық болып енген қалта телефон үлгілерін салыстырып, ең озығын бағамдасып тұрды.Күзгі күннің жылы лебі бетіне тиіп, жанары жұмылып қалған Арман сол күйінде бір-екі адым аттады. Көз алды қызылды-жасылды сәулелерге толып, өзгеше бір нұрлы әлем есігін әне-міне ашардай жүрегі алқынып-ақ кетті. Кенет қарсы алдындағы әлдекімге соқтығысып барып тоқтады. Көзін ашты. Алдында бетін шимай әжім басқан, мектеп қақпасын асыға ашқан бір әжей тұрды. Өзі жалғыз емес, жанында бір қыз бар.

-Бұл мектепте көзін жұмып алып оқитын ба еді?-деп әжей өзіне қақтығысқан Арманды жақтырмай күңк етті. -Сәлеметсіз бе, әжей? Көзін жұмып, мейлі ашып, әйтеуір оқиды бұл халық. Қош келдіңіз! -Мектеп басшысы өзінде ме? Кабинетін нұсқап жіберші!-Әжей өтініп емес, бұйырып тұрғандай сөйледі. -Жүріңіз. Мен ол кісіні жақсы танимын. Соңымнан еріңіз.-Арман жолбасшы болып, алға түсті. Әжей директордың бөлмесіне кіріп кетіп, көп ұзамай қайта шықты. Есік көзінде тұрған Арманға қарап: -Өзің бір жақсы бала екенсің. Жыға тани алмай тұрмын. Кімнің баласысың?-деді. -Сәнімайдың ұлымын,-деді Арман даусын сәндеп. Сәнденбей қайтсін, әжейдің қасындағы қыздың мөлдіреген жанары Арманға аса жылы көрініп, өзіне тартып барады. -Әкеңнің атын неге айтпайсың?-Әжей тергеп қояр емес. -Әкемнің есімі тым ұзақ, айтуға қиын,-деп Арман мұрын астынан мыңқ етті. -Е, солай де. Өзіңнің атың қысқа болар. -Атым-Арман,-деп Арман сергек сақшыдай сып ете қалды. -Онда менің немеремді сегізінші сыныпқа апар. Әжейдің айтқаны екі болмады. Арман қыздың алдына түсіп, сынып бөлмесіне ертіп әкелді. Жол бойы томаға-тұйық қалыпта тіс жармаған қыз сыныпқа кірген соң да, ақтарыла қоймады. -Достар, Бекзат ағай қайда? Біздің сыныпқа су жаңа оқушы келді!-деп Арман ұран салды. -Арман, бұл сенің арманың емес пе? -Қойшы, біздің ауылдан тұрғындар көшіп кетпесе, көшіп ешкім келе қоймас. -Арман, бұл сенің қиялыңдағы перизатың емес пе? Өзінің көзі тіптен маржан тастай мөлдір екен!-деп Дияс сыныптастардың талқылауын бір түйіп қойды. -Өздерің көріп тұрғандай, бұл арман да, елес те емес. Шындық өмір осы.Біздің сынып сұлулары тағы бір періге толығатын болды,-деген Арман «су жаңа» сыныптасына орын ұсынды, әрине,өзінің жанынан. Осы кезде мәселеге сынып әкімі Алтынай араласты. -Қош келдің, құрбым! Қай мектептен, не себепті келдің? Үлгерімің жақсы ма? -Алдымен атын сұрамайсың ба? Тергеушіден бетер тергей жөнелгенше, төрден орын бермейсің бе? Сені де қазақ дейді-ау! -Арман, сен жайыңа отыр. Қазақылық дегеннен сен не түсінуші едің? Ал, сенің есімің кім? -Перизат. -Мені бүгіннен бастап, әулие деп атаңдар. Жаңа осы қызды перизатқа теңеген мен едім,- деп Дияс өз сөзінің шындықпен сай келіп қалғанына даурыға жөнелді. -Иә, біздің сыныпта бір «Жын» бар, енді соған бір «Әулие» қосылуы-заңды құбылыс,-деп Кербез айнадан жүзін ала берді. Перизат орнында үнсіз отыр. Жайна жақын барып, өзімсіне сөз бастады. -Танысып қояйық. Менің атым-Жайна. Біздің сыныпты сырттай көріп, шошып отырсың ба? Негізі біздің ұлдар аздап тентек болғанмен, өздерішеттерінен парасатты жігіттер. Қыздар да өзара ұйымшыл. Сондықтан жаңа ортаға сіңісіп кету жағынан уайым жемесең де болады. -Жайна, сен Перизатқа құдайы көршісінің жынмен жақын екенін айтып, ескертіп қой. Артық болмас білгені,-Алтынай Арманға қатысты әлденені тұспалдап, кекете сөйледі. -Алтынай, қашанғы Арманмен жұлдызың қарсы келе бересің? Соншалықты ол саған нендей жамандық істеді? Несін қызғанасың? -Жайна, мен оның ештеңесін қызғанбаймын. Оның кісі қызығарлық несі және кімі бар? Маскүнем әкесіне қызғаныш білдірейін бе? Менің әкем-кәсіпкер, ал оның әкесі...- Алтынайдың сөзін аяқтатпаған Арман оны бар пәрменімен итеріп қалды. Бейқам тұрған қыз артындағы партаға құлап, шалқасынан түсті. Жердегі қан тамшыларын көрген оқушылар шу ете қалысты. Шүйдесін ұрып алған екен Алтынай. -«Басқа пәле тілден» деген осы екен ғой,-деп Дияс мектеп медбикесінің кабинетіне қарай ұша жөнелді. Арман Алтынайдың жанына үйірілген оқушыларды жасты көзімен бір

шолды да, сынып жетекшісі Бекзат ағайының үйіне қарай жүгірді. Ию-қию сезімдер арпалысында қалай жеткенін байқамай да қалды. Күткеніндей ұстазы мектепке жиналып жатыр екен. Ескертусіз келген оқушысын көріп, аңтарылып қалды. -Арман, жайшылық па? -Жоқ, ағай. Тезірек сыныпқа жүріңізші. Тосын оқиғалар тым қаптап кетті.-Арман алқына сөйлеп, жас жуған бетін басып, өксіп жіберді. -Ол нендей тосын оқиға төтеннен келген? Не болды? -Сыныпқа жаңадан бір оқушы келді!-Жыламсыраған дауыспен сөйлеген Арманға ұстазы таңдана қарады. -Соған бола жылау қажет пе? -Сосын мен Алтынайды итеріп жіберіп, қатты құлатып тастадым. Оның басынан қан ағып жатыр, ағай!-Мына сөзден кейін Бекзат аял тұтып тұрмады, өкпесін қолына ала, мектепке қарай жүгірді. Келген бойда Алтынайды іздеді.Сымсыз телефон мен сымды телефон бірдей іске қосылып, Алтынайдың шешесі мектепке бұдан бұрын жетіп үлгеріпті. Мектеп медбикесі Алтынайдың жарасына йод жағып, жұбатып отыр. -Алтынай, халің қалай? Еш жерің ауырмай ма?-Бекзат қызға төніп келіп, жол бойғы қорқынышын сейілтуге асықты. -Жоқ, ағай, қатты ауырып тұр. Ана Арман мені аямай құлатты. Менің жұлыным үзіліп кетуі де мүмкін еді ғой,-деп Алтынай еңіреп жіберді. -Оқушының халі қалай екенін ең соңғы болып білесің. Сен өзі қандай мұғалімсің? Біз саған баламыздың өмірі мен денсаулығын сеніп тапсырып едік. Ақыры мынадай оқыс оқиға болды! Жауап бересіңдер бәрің әлі! Жүр, директордың бөлмесіне. Осы мектептен екеуіңді бездіріп жібермесем, Күлқаш атым қүрысын! -Мынаны қара! Алтынайдың апасының аты Күләш емес екен, бізге «анам әнші Күләш Байсейітовамен аттас» деп мақтанатыны бекер екен. Күлқаш деген сүйкімсіз есім ғой,-деп Кербез Жайнаға сыбырлап үлгерді. -«Күл де қаш, текке тұрма» деген сөз ол. Құр босқа топтанбай, сыныпқа барайық. Перизаттан ұят болды. «Қасқырдың бөлтіріктеріне тап болдым ба?» деп үрейленіп отырған шығар. Жүріңдер,-деп Дияс қыздарды соңына ілестіріп, сыныпқа беттеді. Қалғандары «тергеу, тексеру» жұмыстарын жүргізу үшін, директордың кабинетіне қойып кетісті. -Төрлетіңіз, Күләш апай! Жағдайды естідім. Алтынайдың өміріне төнген қауіп жоқ. Сондықтан біраз сабаңызға түссеңіз, бәрімізге жақсы болар еді,-деп басшы Күлқашты сары алтын-сабырға шақырып көріп еді, әрекеті сәтсіз аяқталды. -Мен мектепке қызымды оқысын деп жібердім. Қайдағы бір сүмелектің сотқар ұлынан таяқ жесін деп жіберген жоқпын. Өзім алақанымда аялап, дегенінің бәрін жасап жүрген жалғыз қызым қан жоса болып, әбден әлсіреп қалыпты! Мектеп деген осындай бола ма?- Бекзат сөзін бөлмегенде, Күлқаштың тағы нені айтып, айға қолын білері белгісіз еді. -Апай, мен сізді түсініп тұрмын. Бірақ сіз де шектен шықпаңыз. Бәрімізге бірдей тіл тигізіп тұрсыз. Оқиға Алтынайдың Арманның әкесін айтып, кемсітуінен басталған. Сол оқиғаны өзіңіз ары қарай өрбітпеңіз. Арман дабіреудің баласы. Қазір оның да анасы келеді. Сонда мына жер сот залына айнала ма? Ашуыңызды басып, ақырын сөйлеңіз. -Сен, университетті кеше ғана бітірген шикіөкпе, мені, осы ауылдың білдей кәсіпкерін үйретейін деп тұрсың ба? Маған ақыл айтудың соңы не боларын сен білмей тұрсың!- Күлқаш ашық қорқытуға кірісті. -Апай, кешіріңізші. Мен Алтынайды жек көрмеймін. Бірақ намысыма тиіп,қатты тілдеген өзі. Сосын осылай болды. Ал, Бекзат ағайдың еш кінәсі жоқ,-деп Арман мұрны бітіп, мыңқылдай сөйледі. -Қазір сенің шешең келсін. Ана албастыдай әкеңмен бірге сендерді жер аудартып жібермесем бе осыдан?!-Алтынай анасының баурына тығыла түсіп, жас болмаса да, көзін сүрткенсіді. Сөзге директор араласып, адуынды әйелді тиісінше сөйлеуге шақырды. -Оқиғаның неден басталғаны бізге мәлім, яғни Арманмен бірге Алтынай да осы жайтқа жазықты. Сыпайылық шеңберінен шығып, Арманды тілдеген-Алтынай. Оған жұдырық ала

жүгірген-Арман. Екеуі де бір кісідей айыпты. Сондықтан мұны балалардың көзінше емес, тек үлкендер қатысында байсалды түрде талқылайық.-Күлқаштың желі шыққан доптай мысы басылды. Алтынай үйіне, Арман сыныпқа кетті. Бұл оқиға Арманның анасының Күлқаштан кешірім сұрап, «жаздым-жаңылдым» деуімен тынды. Тек Шорман ғана ұлының бетіне шіркеу болып, оның намыстан өртеніп жүргенінен хабарсыз күйде, бөтелкесін бөктеріп, ескі достарымен қайта табысты. Алтынайды бір күндік сабағы-сыбағасынан құр қалдырған Арман келесі сабақтарға қатысты. Тек жаңа көршісіне жүзін емес, сыртын беріп отырды. Мұнысыұялғанының белгісі.Ұялып отырып, Перизатқа барлай қарап та қойды. Ол ешкіммен ісі жоқ, жайбарақат күйде отыр. Мүмкін, бәрі ішінде болар. Әйтеуір Арманға айыптау жанармен қарамады. География сабағы еді, бұл сабақтың қожайыны-Бекзат. Өскемендегі университетті жақсы тәмамдаған соң, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен осы ауылға жол тартқан. Туған аулына іргелес бұл Шеңгелді жас маманды қуана қарсы алған. Неге десеңіз, географиядан мұғалім жоқ, «келемін» деп құлшынған тірі жан табылмады. Көктен тілегендері жерден табылғандықтан, директор «жассың» деп жерге қаратпай,«бас бол» деп 8-сыныптың жетекшілігін де берген. Міне, бір айдан бері Бекзат өзінше бір соны мәнермен әр оқушының жанына, жүрегіне үңілумен жүр. Бұл ретте «тәжірибем жоқ» деп таусылмай, өзінің адам тану қабілетіне көбірек сүйенеді. Сөйтіп,бүгінгі сабағын бастап кетті. -Халдарың қалай, бүгінгі заманның жұлдыздары? -Ағай, бізде бір ғана жұлдыз бар, аты-Арман,-деп Кербез тағы бір «әңгімені» бастай бергенде, жас ұстаз төтеден тыйып тастады. -Құрметті оқушылар, өз-өздеріңді, сосын бір-біріңді сыйлаңдар. Біреуге ат қойып, айдар тағуға келгенде, алдарыңа жан салмайсыңдар. Одан да үй тапсырмасын тексерейік. Сен бүгінгі сабаққа не дайындадың, Кербез? -Ағай, мен контур картамды Алтынайға беріп едім. Өзіңіз білесіңз, ол... -Отыр, Кербез. Сыныққа сылтау таптың. Келесі сабақта тағы қайталап сұраймын. -Ағай, мен айтайыншы. -Ағай, мен дайынмын. -Бекзат ағай, мен дәптерімді үйде ұмытып кетіппін. -Дияс,оны несіне шүйіншілеп отырсың? Жарайды, дәптеріңді ұмыт қалдырған екенсің. Дегенмен басың өзіңде ғой.Үй тапсырмасын орындаған болсаң, түсінгеніңді өз сөзіңмен баяндашы!-Дәптерімен бірге білімін де «ұмытып кеткен» Дияс қулыққа көшті. -Ағай, бізата дәстүрді ұстап отырған ауыл қазағымыз. Қонақ кәде деген салт бар ғой. Сол дәстүр бойынша бүгінгі сабақта қонақ болып отырған Перизат білімін байқатсыншы. Ол келгелі даусын естіген жоқпыз. -Иә, ағай! -Өтінеміз, ағай! -Сіз жақсы ағайсыз ғой!-Тұс-тұстан жамыраған дауыстар Бекзатты айтқандарына көндірді. Перизат орнынан баяу көтеріліпі, бір әріп түспеген жаңа дәптерін сипалай берді. -Ағай, мен қандай сабақ екенін білмей келдім. Ендігі сабаққа тас-түйін болып даярланып келемін.-Бұл сөз оқушыларға ерсі естіліп, сыныптың әр бұрышынан күлкі бой көтерді. -Неге күлесіңдер? Өздерің жаңа ортаға бара сала білім жарыстырып па едіңдер? Ауылдың алтыауызы айтылмай жатып, қонақ кәде сұралмайды!-Арман Перизаттың халін жеңілдетіп, халық дәстүрінің мән-жайын тәптіштеп түсіндірді. -Міне, азамат! Менің бағанадан бері күткенім де осы еді.Ел дәстүрін әркім өз пайдасына қарай бұрмалай берсе, ата жолы көмескіленіп кетпей ме? Дмяс сасқан үйрек артымен жүзедінің керін келтірді. Дәстүрдің тонын теріс айналдырды. Ал, Арман білгірлігін көрсетіп, салттың теріс тонын оңынан қайта кигізді. Рахмет, Арман. Ал, Дияс, үй тапсырмасын баяндашы!-Айтарға уәжі қалмаған Диястың дегбірі қашты. Ары-бері бұлтақтап, ақыры «білгенімді ұмыттым» деп бақырайды. Ұмыт қалған білімді Жайна бастаған топ жаңғыртты. Ағай жаңа тақырыпты қызықты сипатта түсіндіріп алып кетті. Қарт мұғалімдерден Бекзаттың бір айырмашылығы-бас сап «екі» қоймайды, салған жерден

айғайға баспайды. Түгенделмеген тапсырмаларды орындауға қосымша уақыт беріп, оқушысын қайталап сынайды.Тіпті нәтиже көрінбесе, астарлы тілмен ұялта сөйлеп, «қарызсың» деп әр сабақта қамшылап бітеді. «Қарызынан» құтылу сол оқушы үшін жазылмаған заңға айналып, соңында тапсырмалар тізбегі азайып, қарыз өтеле бастайды. Бұл жайды оқушылар өздерінше топшылайды. Қартаң мұғалімдердің жүйкелері тозған, сондықтан олар бірден «екі» қоя салады, оқушыға қосымша мұрсат бермейді. Ал, Бекзат ағай жас, жүйкесі орнында, сол себептен де ол оқушыға көп уақытын арнап,тым терең көңіл бөледі.Ауызша сабақтарды жаны сүйетін Арман Бекзат ағайынан «жақсы» деген бағаны арқалап, үйіне қайтты. Бір қызығы сол-Перизатпен жарты жолға дейін бірге келді. Одан әр нәрсені бір сұрап, әңгіме айтқансыды. Жартымды жауап ала алмаған соң, «тәкаппардың көңілі көктен биік,»-деп Бала би қалай данышпандықпен айтқан!» деп бабалар ұлылығына бір тамсанды да, өз жолымен кете барды. Үйге келген Арманды кішкентай Гүлімай қуана қарсы алды. Ағасының сөмкесін бір жағынан көтерісіп, соған өзі марқайып қалды. Бірақ анасы жылы қабақ танытпады. Түйілген қабақтың астарында не жасырылғанын Арман жақсы білді. Тек ақталарға сөз таппады. -Әкеңнің әдеті жұққан ба?-Шай үстінде басталар қазақтың әңгімесі Арман үшін осылай ағытылды. -Жоқ, апа. Мен көпшіліктің алдында намысымды қорғадым. Бар болғаны сол ғана. -Намыс бір жұдырықпен қорғала ма? Әрі қыз балаға қол көтергенің жарамады. -Намысты шабақтай берсе, оны түрлі тәсілмен қорғауға болады. Ал, мен Алтынайға қол жұмсаған жоқпын. Жай ғана итеріп қалдым, өзі де құлауға дайын тұр екен, сылқия салды. -Қата тимей, бата тисе қайтесің? -Құдай сақтасын!-Қуырдақтан қомағайлана асаған Арман Құдайын аузына алып, қылғына жұтынды. -Құдай қашанғы сақтай берсін? Бүйтіп шулата берме! Онсыз да әкеңнің қылықтарынан жүйкем тозып, жұқарып барады. Сенің әумесерліктеріңді көтерер шамам жоқ.-Шешесі сұлқ отырды да қойды. -Гүлімай мен апасы, тамақты дұрыстап ішіңдер. Әйтпесе ауырып қаласыңдар. Жақсы ас тұрған жерде жаман ауру тұрмайды. Кәне, менің тентектігім үшін мына қуырдақты тауыса жеп қойыңдар!-Арман құттықтау сөздің әуеніне салып, анасын күлдірмек болды. Алайда апасы оңайлықпен жымия қоймады. Сұсты жүзбен кеңесін жалғастырды: -Мына заманқұйтырқылардың айдарынан жел есірген заман. Құдай біреудің жаласынан сақтасын. Біреуге таяқ жегізгенше, өзіңнің тепкіленгенің тәуір ме деп ойлап қалдым бүгін.Бүкіл мұғалімдер болып, ана Күлқаштың арынын әрең басты.Өмірі ешкімге жөнсіз иілмеп едім. Сен үшін кешірім сұрадым. Бұл жағдай енді қайтып қайталанбайтын болсын. Келістік пе, ұлым? -Иә, апа. Мен түсіндім. Мен ешкімге жұдырық жұмсамаймын. Басқалар мені тепкілеп жатса да, бас көтермеймін. Менің ендігі ұстанымым-«сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз.» -Аға, сенің көзің расымен бадырақ қой. Шарасынан шығып тұр, иә, апа?-деп Гүлімай бір әзіл тастады ортаға. -Гүлімай, сен мақал-мәтел түгіл жай сөздің өзін әрең түсінесің. Сол үшін мына сөзіңе бола ашуланбай-ақ қояйын.-Арман ересектігін байқатып, қарындасын еркелетіп қойды. -«Жас өспей ме, жарлы байымай ма» деген. Әлі-ақ өзіңмен мақал жарыстыратын болады.- Анасы бұл сөзді бір түрлі өзін жұбатқандай баяулата айтты. Отбасылық тәрбие сағаты аяқталды, әркім өз міндеттерін атқаруға кірісті. Кеш батты. Күзгі кеш алдағы қыстың хабаршысындай жапырақ біткенді қалтыратты, дәурені өткен жаздың ақырғы деміндей әлсіз жылы леппен табиғатты жұбатты. Табиғатсуретші төңіректі тегіс сары түске бояй қоймаған. Ертіс орманы қызыл түспен құбылса, ауылдың жаны көмескі сары реңмен ерекшеленді. «Сағағымнан үзлімей, үлбіреп тұра берсем ғой, шіркін!» дегендей тоғай жапырақтары арманда кетіп, жерге құлап жатты аһ

ұрып.Арман күз мезгілін ұнатпайтын. Ол үшін күз белгісіз бір қоштасудың, аяқталған әннің белгісіндей көрінетін. Неге екенін өзі де толық бажайлай алмастан, күз келгенде, аты-жөні анық емес мұң сезіміне бой алдыратын. Мына айналасындағы сары түс оны балалық шақ аулынан біржолата бездіріп, «есейер шағың келді» деген емеурін танытып, қоштасу күйінің бабын келтірді. Иә, Арман биылғы жаз көп есейді, ойламаған жерден ес жиды. Оны балалықтан бірден қол үздірген әкеснің «тентек суға» үйірсектігі еді.Екі жылдан бері аяқасты осы дертті тілеп алған әкесі балаларына қамқорлық жасаудың орнына, тапқан тиынын араққа жұмсайды.Үй тірлігін де адыра қалдырды. Сонда еркек кіндіктіден жалғыз Арман есеймей қайтсін? Күн өткен сайын артып бара жатқан ана күрсінісі, әлі бүлдіршін қарындассының әкесіне еркелеп емес, үрке қараған келбеті Арманды балаң бейнеден арылтты.Балалығының соңғы жазын, ересек өмірінің алғашқы күзін қарсы алып тұрғанын өзі де байқамаған Арман анасын тек шаттыққа шомдыруға өзіне-өзі сөз берді.«Қуанта алсам анамды, күлдіре алсам әманда, онда менАдаммын» деген өзіндік қағидасын мықтап ұстанған Арман кеш те болса, сабағын дайындауға отырды. Химия мен алгебраны ары-бері аударыстырып, тісі батпаған соң жауып, бір шекте қойды. Қазақ әдебиеті оқулығын қолына алды. «Шіркін, әдебиет!»-деп тамсанып, мұқабасын сипады. Осы пәнде Арман айрықша айбынданып, ажарланып кететін. Жаны сүйетін сабағы болғандықтан, ешқашан дайындықсыз бармайтын. Бүгін де сол сыйластығымен, үй жұмысын ашты. Раушан апайы Бұқар жыраудың «Тілек» толғауының ізімен өлең шығарып келуге тапсырма беріпті. Арман саса қоймады. Қаламын қолына алып, ой түкпіріндегі сезімі мен арманын астастыра жөнелді: Бірінші тілек тілеңіз, Суық сөзге сенбеңіз, Тыныш болсын ел іші, Арандатуға ермеңіз!

Екінші тілек тілеңіз, Еңбектен қол үзбеңіз, Жалқау адам жарымас, Текке дүниені кезбеңіз! Үшінші тілек тілеңіз, «Шайтан суды» көрмеңіз, Темекінің түтінін, Тоқбасар деп білмеңіз!

Үш тілегің үйіліп, Дұшпан біткен күйініп, Ел баласы бола біл, Досың қалсын сүйініп! Арман жазуын доғарды. Өз жазғаны өзіне аса ұнай қоймаса да, қайта қарап шығуға шамасы келмеді.Ұйқы-дұшпан дегеніне көндіріп, өз әлеміне азғырып алып кетті. Арманның «Тілек» толғауы параққа жазылған күйі қала берді. Таңертең ұлын оятуға кірген анасы таңданып қалды.Арман сергек күйде дәптеріне қисыққисық әріптерін әлінше әдіптеп-ақ отыр. -Балам, қашан тұрғансың? –Анасының үнінен үлкен марапат сезген ұлы қағаздан басын көтеріп: -Апа, түнде аяқтай алмаған толғауымды жұмыс дәптеріме жазып отырмын. Таңертең миым да жақсы жұмыс істейді екен,-деп еркелей сөйледі. Сәнімай жақындап келіп, қырағы көзімен дәптерді шола қарады.Тағы да «шайтан судың» сорынан құтылсақ» деген бала тілегі ана жүрегін сыздатып жіберді.Ұлына білдірмей, бір күрсінген ана:

-Жақсы жазыпсың! Ұйқасы да бар, тәрбиелік мәні де терең екен!-деп демеп қойды. Алғашқы бағасын анасынан естіген Арман жазуын жамыраған қозыдай жайып жіберіп, орнынан түрегелді. -Апа, мен үлкен жігіт болғанда, темекі мен арақ дегеннен айналып өтемін.Өзіңіз әлі көресіз, тәртіпті жігіт болып, сізді асыраймын,-деп анасына құшағын жайды.«Бір жағынан қысқан Құдай басқа ретте қолдаса игі еді,»-деп күбірлеген анасы ұлының бетінен мейірлене сүйді. Аналы-балалы екеуі таңғы асқа отырды. Бұл кезде Шорман шаруа қамын естен шығарып, қамсыз ұйқыда жатқан болатын. Апасының тәтті тоқашы мен қою қаймағын асыға асап, Арман мектепке баратын жолмен жүгіре жөнелді. Жүгірмесе де үлгеретін еді, Перизатпен жолы тоқайласып қала ма деп үміттенді. Әдетте ең соңғы болып өлетін үміт баланы алдамады. Жарты жолға жеткенде келесі тұйық көшенің бұрышынан Перизат көрінді.Арман сыныптасымен тездетіп қатарласты: -Сәлем, Перизат! –деп саңқ етті. -Сәлем! Сен күнде осылай ерте шығасың ба?-Перизат алғашқы кездегідей емес,үйренісіп қалғанын байқатып, сұрағын сығырайтты. -Иә, «ерте тұрған жігіттің ырысы артық» деп айтушы еді апам. Ертерек барсам, сыныпты реттеп, үй жұмысын да қайталап үлгеремін.-Арман өзінің бірінші сабаққа кешігіп келіп, күніне еден жуып, айып төлейтін замамын ұмытып кеткендей. -Мен де кешіккенді жаным сүймейді.Одан да бұрынырақ барғанды ұнатамын,-деп Перизат екеуара бір ортақ қасиет тапқанына қуанып кетті. -Үй жұмысың дайын ба?-Арман көмектесуге әзір екенін байқатып,тым жылы сөйледі. -Мен негізі ауызша сабақтарға шорқақпын. Тілімнің ұшындағыны жеткізе алмай қиналамын. Одан да алгебра, химия пәндері мен үшін оңайырақ,-деп қыз сырын ақтарды. -Бұл ретте екеуміз шығыс пен батыс сияқты тым кереғара екенбіз. Менің сүйікті пәндерімқазақ тілі, қазақ әдебиеті, тарих, география. Шіркін, тек осы сабақтар ғана болса ғой мектепте! Кілең беске оқыр едім!-Арман армандап тұрып, қыздан қалып қойды. -Перизат, ренжіп қалдың ба? Мақтанғаным емес, менің осы пәндерге бейімім жақсы. Қажет болса, саған көмектесейін! -Иә, сені мақтаншақ па деп қалдым. Ал, көмектессең, бүгінгі өзім күткен «үш» деген бәлекеттен құтылар едім. Күнделіігімді күнде тексеретін әжем «үш» көрсе, қатты ренжиді.-Перизат үйіндегі жайттан да аз-маз хабардар етіп, Арманды жәрдемге шақырды. Сынып бөлмесіне қатарласа кірген екеуі парталарына жайғасты. Арман тағы бір «Тілек» туындысын дүниеге әкелуге кірісті. Сыныпта шу көтеретін оқушылар болмағандықтан, Арман мүлгіген тыныштықта теп-тез ұйқасты жолдарды жаза қойды: Бірніші тілек тілеңіз, Денсаулық күтіп жүріңіз, Бірінші байлық-денсаулық, Екенін үнемі біліңіз! Екінші тілек тілеңіз, Адал досты көріңіз, Арам достан жиреніп, Таза жолмен жүріңіз. Үшінші тілек тілеңіз, «Үш бақытты» тілеңіз, Мұқағали ақындай, Ел үшін өмір сүріңіз! Перизат парақты оқып шықты да, көшіруге қымсынғандай түр танытты. -Сыныпта ешкім жоқ екеумізден басқа. Кімнің кімнен көшіргенін тірі жан білмейді, әрі мен өсек айтатын жігіт емеспін,-деп Арман сыныптасын қолдай жөнелді. -Онда, Арман, бүгіннен бастап мен саған математика сабақтарынан көмектесейін. Ал, сен өзіңінің сүйікті пәндеріңнен қолдау көрсет!

-Достық ниетің болса, әрине, қабыл аламын. Ал,«алаған қолым берегенә» деп есептесіп тұрсаң, онда ешбір алмасу болмайды! -Мен күні үшін уақытша жүретін адам емеспін. Бар ойым-бүгіннен бастап сабақтарда бірбірімізді толықтырып, достық демеу көрсету.-Екі дос алғашқы бірлескен үй жұмыстарын аяқтай бергенде, сыныпқа Алтынай мен Кербез кірді. -Міне, керемет. Бүгінгі таң тосын оқиғадан басталарын кім білген? Сабаққа кешігудің шебері Арман менен де ерте келіпті.-Алтынай ескі әдетінше тиісе сөйлеп, отырмай жатып шашын сылауға кірісті. -Перизат, сәлем. Екеуің ғана не істеп отырсыңдар? Өздерің тіпті сөйлеспейсіңдер-ау деймін. Дауыстарың мүлде естілмеді.-Кербез партасына жайғаса бере, күннің басты жаңалықтарын білуге асықты. -Перизат сқйлемесе де, Арман аузына келгенін айта береді емес пе? Кербез, екеуміз сыныпта ешкім жоқ деп ойладық. Әйтпесе тың тыңдап, қызыққа бататын едік-Алтынай айнасынан көз алмай,өз көркіне өзі сүйсінді. -Алтынай, Арманды текке жазғыра берме. Ол маған аузына келгенін айтпайды.- Ойламаған жерден кесіп-пішіп сөйлеген Перизатқа сынып әкімі жалт бұрылды. -Сен кімді жақтап оытрғаныңды тіпті де білмейсің. Сен кеше ғана келдің. Оның қандай оңбаған екенінен хабарың жоқ. Мен сорыма қарай сегіз жылдан бері онымен бір сыныпта оқып келемін! -Олай деме. Ол оңбаған болып, саған ештеңе істеген жоқ. Адамды ұзақ уақыт жүріп те тани алмай, қателесуге болады. Керісінше қысқа мерзімде жазбай тану да мүмкін!-Арман аузын ашып, Перизатқа сүйсіне қарады.«Дос деген қиындықта танылады» деп қай кітаптан оқып едім?!» деп іштей таңданып та отыр. -Арман, сен неге дауласа жөнелмей ,тып-тыныш отырсың?-Сөзге Кербез араласты. -Сөзімді досым сөйлеп жатқанда, араласқаным артық болар, әрі қызбен салғыласу ер жігітке тән қасиет емес.-Байыпты сөйлеген Арманға Алтынай оқты көзімен ішіп-жеп қарады. -Е, достар! Бірі-сотқар, екіншісі-ойын айтып жеткізе алмайтын мақау.Апама жездем сай! -Сендер қашаннан бері доссыңдар?-деп Кербез сыныптастарына айтар төтенше жаңалығының жай-жапсарын білуге асықты. -Достықтарыңның қашанға дейін созыларын көреміз!Есепті менен тәуір шешпейтін шығарсың. Бір ғажап күні менен көмек сұрап келесің, Перінің заты, сонда досыңнан безіп те кетерсің!-Алтынай алдағы күндерді болжап отырғанда, сынып іші күндегі ду-дүрмекке толып кетті. Қоңырау соғылмай жатып, сынып бөлмесіне келіп алатын Раушан апай бүгін де сол дағдысынан жаңылмады. Алтынайды жанына шақырып, тапсырма беріп те үлгерді.«Үй жұмыстарын барлық оқушылар қос параққа жазып берсін. Мен ол жұмыстардың үздігін аудандық басылым бетіне жіберемін,»- деп мән-жайды түсіндірді. Оқушы жұмыстары ақ парақтарға ақтарылып, сынып басшысының қолына тиді. Сәлден соң бір бума ақ қағаз ұстаздың алдында жатты. Қазақ әдебиеті сабағында Арман «қазіргі заманда шешен адамдар бірлі-жарым» деген көзқарасты ұстанып, қызу пікір таластырды. Бұған қарсы үн көтерген Алтынай мен Кербез өздерін шешен ретінде ұсынып, ойларын дәлелдеп бақты. Жайна келіп, тыңнан қосылып, дәйек келтіргенде, пікірсайыс өз мәресіне жетіп те қалған еді. Раушан апай тек бағалаушы болып отырған орнынан көтеріліп, сабақтың нүктесін қойды:«Екі топтың тақырып қорғау шеберліктері тіпті сырт көздің өзіне анық аңғарылып тұр. Арманның тобы дәлелдерді тарих түкпірінен, ұлы тұлғалар өмірінен алып, көркем шығармаға, ішкі қағидаға бай екенін білдірді. Алтынайдың тобы жалаң «мен» деген мәлімдемеден аса алмады. Сондықтан бүгінгі ой жарысының жеңімпаздары-Арманның тобы, жеңістерің құтты болсын!» Ұстаз сөзі Арманды қияларға самғатты.Бұл баланың өзімшілдікке ұласар орынсыз мақтаншақтығы емес-тін.Ол өзімен бір пікір ізін ұстаған достарына ризашылыққа толы көзқараспен қарады. Осы сәт Кербез Алтынайға «Қарашы, Арман ыржиып күлген кезде, арық маймылға ұқсап кетеді,»- деп сыбыр етті. Пікірталаста сынып әкімі, әрі оқу озаты

бола тұра жеңіліп,ашуы айдаһардай ысқырып тұрған Алтынайды бұл сөз аса тыныштандыра қоймады. Қабағы түйілген басшы қыз «әуселеңді алгебрада көремін» деп Арманға ала көздене қарады. Арман бұл суық қабақты аңғармай қалмады. Ұстазы мен достарының қошеметінен жаны жадырап, шешендігі ширыққан балаға ұйқасты жолдар өзі орала кетті. Ешкімге айтпай, жүрегінде қалдырған жолдар мынау еді: Қабақтар-ай, Қатулы кейде қарайтын, Кейде тіпті айыптап, Қас дұшпанға балайтын! Қабақтар-ай! Жайнап жылы қарайтын, Баурап мөлдір сезіммен, Дос-құрбыға бала йтын. Ойы көкірегінде қала берген Арман «өмір» атты мұхитта әлі талай ызғарлы жүздер мен ыстық ықыластарға тап болатынынан бейхабар күйде сыныптан жайраң қағып шыға берді. Осы кезде Алтынай Кербезді жанына шақырды. Оған Дияс келіп қосылып, Арманға қатысты кішігірім жоспар құрды. Алтынайдың жоспары мынау еді: Арманның орындығына ұсақ инелерді шашып тастау керек. Қоңырау соғылмай сыныпқа кірмейтін Арман алгебра пәні басталарда ғана орнына жайғасады. Сол сәт ол сынып әкімінің «қарғысына» ұшырап, Жібек ұстаздың алдында да абыройдан жұрдай болмақ. Дияс жоспарды жүзеге асырды, Алтынай «сыныпты тазалаймыз» деген желеумен барлық оқушыларды тысқа шығарып, тек Кербезді қасынан қия бастырмады. Алгебра сабағы басталғанда, сынып бөлмесінің ауасы тазарып, жарнамаларда үздіксіз көрсетілетін тазартқыш құралдардың әсерінен кейінгі сәттегідей ұқыптылық сән-салтанат құрып тұрды. Жібек мұғалима бұған риза болып, оқушыларды көп кідіртпей отырғызды. Арман орнына отыра беріп, бүйі шағып алғандай, бар даусымен айғайлап тұра келді. Тілазарлығымен, жалқаулығымен Жібектің сол көзіне әбден түскен Арманның бұл қылығын ұстаз, әрине, қияңқылық деп түсінді. -Шорманов, бүгінгі сабақты сенің қызықсыз қойылымдарыңсыз бастағым келіп тұр,-деп түнерді ұстаз. -Апай, Арманның орындығына әлдекім ине шашып тастапты. Әне, бір-екі ине шалбарында ілініп тұр!-деп Перизат жаны аши жыламсырап дауыстады. -Не дейсің? Инесі несі тағы?Бұл бәлені бастап жүрген қайсысың?-Жібек Арманның жанына таяп келіп, оқушы сөзінің анықтығына көзін жеткізді. Сыныптағы төрт көз түгел Алтынайға қадалды. Бәрін сыныптан шығарып, Кербез екеуі ғана қалды емес пе? Олардан өзге сыныпта тірі жан болмаған. Айтпақшы, Дияс кіріп-шығып әбігерге түсіп жүрген. Жайна өтірікке адым аштырмайтын шыншыл мінезімен орнынан атып тұрды: -Бұл-Алтынайдың ісі. Мана қазақ әдебиетінде жарыста Арманнан жеңіліп, өзінше есе қайтарған түрі ғой! -Сен не білесің? Дәлелің бар ма?-деп Алтынай «ақпын» деп айналасындағылардан араша сұрады. Жібек ұстаз уақытын текке өлтіріп қоятын мұғалімдер санатынан емес. Математик қой оның үстіне! Әр секундтың құнын жақсы білетін мұғалім дереу шуды тоқтатып, сынып жетекшісін шақыртты да, сабағын жеделдете бастап кетті. Бекзат сабақ соңында мәселенің ақ-қарасын анықтамаққа уәде берді -Апай, мен үй жұмысын орындап келдім. Тақтаға шығып шығарып бере аламын. Бұл шаншылған инені намысымның түйрелгені деп білемін. Намысты қолдан беретін жігіт мен емеспін!-Арман болған жайдан өзінше бір сабақ алып, тақтаға шығуға құлшынды. Ұстаз таңданысын жасырмай, «адам өзгерем десе, бір-ақ сәт екен ғой» деп айтып қалды. Арманның дегені болды, тақтаға шықты. Кеш бойы Перизаттың бірнеше қайтара түсіндіруімен өзі зорға үйренген есепті тақтаға жаза бастады. Мұғалімнің айтуында миына кірмей қойған есептің шешілу жолы құрбысының баяндауында сондай қарапайым, ойға оралымды болатын. Арман артына жалтақтамастан, есепті шығарып, нүктесін қойды.

-Шорманов, сен мені бүгін тіптен таңдай қақтырдың. Енді осы есепке қатысты ережені айтып, берсең, ерлегенің сол болмақ!-Ұстаз жіті сынауын қояр емес. Ереже айтылып, сын аяқталды. Орнына жеңімпаздай жайғасқан Арман Перизатқа қарап еді, оның екі езуі жайылып, құлағына қарай кетіп қалыпты. Шіркін, достық десеңші! Бүкіл сыныпты математикаға деген тосын қабілетімен таң қалдырған Арман сабақ соңында күнделігіне «төрт» деген бағаны төңкеріп алып, үзіліске асықпай шықты. Соңғы сабақ. Бекзат ағайлары оқушылардың бәрін жинап, өзі үн-түнсіз тақта алдында тұр. Бұл- «тынышталыңдар» деген белгі. Оқушылар сілтідей тынған кезде барып, жас ұстаз сөзін бастады: -Сендер кімсіңдер? Әр жерден түрліше жауаптар жауа бастады: -Біз-оқушымыз, -Біз-бір-бір үйдің еркелеріміз. -Біз-осы ауылдың серкелеріміз. -Біз-ата-аналарымыздың үмітіміз. -Жә, жетер. Неге сендер «Біз-мектеп деген бір үйдің баласымыз» деп айтпайсыңдар? Қазақ тілінен «мектеп-екінші үйім, ұстаз-екінші анам» деп шығарма жазыпсыңдар. Сонда оның бәрі құр жылтыр сөз болғаны ма? Бала кезден арзан сөйлеуге құмарсыңдар ма? -Жоқ, ағай, менің шығармамда ондай қызыл сөздер жоқ,-деп Дияс өз басын алып қашты. -Ағай, мен ол шығарманы жазған күні сабаққа келмегем,-деп Кербез де ұстазының уәжін өзіне жолатар емес. -Мен солай деп жазғанмын, ағай,-деді Алтынай ұстазының географ бола тұра шығармасын оқығанын іштей ұнатып. -«Мен мектепті өз үйімдей көремін,»-деп жазғанмын,-деп Жайна жағаласа кетті. -Жарайды, мұның бәрін не үшін сұрап тұрмын? Сөздеріңе істерің сай келсін. Бүгінгі қылықтарың маған тіптен ұнаған жоқ. Шығарма шындығы өз алдына шалқайып тұр, сендердің ақиқаттарың одан мүлде алшақтап кеткен! -Ағай, егер біз шындықты жазсақ, Раушан апай «екі» қояр еді. Оның үстіне әдебиет деген қиял емес пе?-деп Дияс білгішсініп орнында отырып айғайлады. -Дияс, басқа басқа, әдебиет туралы сен толғамай-ақ қойшы! Шығармашылық қиял жайлы сен не білесің?-Жайна Диястың әдебиеттен үлгерімі төмен екенін бетіне басып, оның көзқарас білідіруін кілт үзді. -Міне, тағы да сөз бен істің алшақтығы. Балалар, сендер бәріңменің балаларымсыңдар.Ал, сонда неге тату жүрмейсіңдер?-Ұстаз сұрағына жауап күтіп кідіріп қалды. -Ағай, бір әкеден 23 бала болуы мүмкін бе?-Дияс бұл жайды қалжыңға бұрғысы келіп-ақ тұрды. -Білсең, Абылай ханның отыз ұлы, қырық қызы болған,-деп Арман осы тұста ғана сөзге араласты. -Мәссаған, сонда жетпіс бірдей баласын қалай ұмытпай, атын атап, түрін түстеді екен?!- Дияс Арманның дәлеліне қайран қалып, кемпірлерше бетін шымшып таң қалды. -Жауап жоқ тәрізді. Онда іске көшейік! «Кім бастады? Неге? Кім кінәлі?» деген түгесілмес сұрақтарды суыртпақтайық!-Ұстаз шешіміне Арман қарсы ойын айтты. -Ағай, мен өз басым ондай «тергеуге» қарсымын. Анамның мазасын алғым келмейді. Оның үстіне бұл жағдайдан зардап шеккен ешкім жоқ қой! -Арман, сен кәріс телехикаяларындағы кейіпкерлер сияқты тым кең пейілсің! Сенің орныңда Алтынай болса, бұлай жаба салмас еді. Ендігі оның тарапынан қоқан-лоққы естіп, есіміз кетіп отырар едік!-Перизат досының шешімімен келіспей, жаңа ортаға келгелі тұңғыш рет ашық түрде пікірін паш етті. -Мынаны қара! Мына масаға тіл бітіпті.-Кербез Алтынайды жақтап, Перизатқа шүйлікті. -Кербез, мен сенің көмегіңе мұқтаж емеспін. Жағдайды ушықтырма!-деп Алтынай оны тоқтатты.

-Мен ескерттім. Арманның қалауымен бүгінгі ине шаншу мәселесі жабылды. Әрқайсың өз ойларыңды іштей таразылап келіңдер. Сосын, ұмытып барады екенмін, ертең сабақтан соң сенбілік болады. Бірің қалмай келетін болыңдар! Келмегендеріңнің үйлеріңе барып, алып кетемін!-Ұстаз қорытынды сөзін айтты да, шығып кетті. Оқушылар жұпжұптарымен үйлеріне тарқасты. Сұп-сұр аспан төне қарап, түнеріп-ақ тұр. Бейнебір осы қысты қаламайтындай, көк жүзі тұтасқан сұп-сұр реңге толып кеткен. Күннің жылу бермейтін, көз шағылыстырмайтын әлсіз сәулесі қиыстай түсіп, күзгі күннің қысқалығынан хабар беріп тұр. Ызғарлы жел ұсақ жаңбыр тамшыларымен қосылып, қойын-қоныш біткенді кезіп кетеді.Сұрықсыз сұрқай түске боялған көшемен қатар келе жатқан екі дос үнсіз еді. Перизат мойынсалысын бос жіберіп, желге желбіретіп қойған. -Перінің сұлуы, мойның тоңбай ма? Мойынсалыңды мықтап орамасаң, ақ тамағың суықтап қалар!-Арман досына ашық қамқорлық білдірді. -Арман, өзіңе адамдар қамқорлық танытып, игі ниет білдірсе, бейнебір ырысың артқандай мәз боласың. Ал, жаман әрекеттер жасап, ту сыртыңнан пышақ ұрса, қалай қиналасың? Мен осы өмір құбылыстарын кейде түсінбеймін! -Мен де кей кезде өзіме көп сұрақ қоямын. Жауабын таппасам, миым ашып кетеді,-деп Арман құрбысын қостай кетті. -Ал, бүгін мен сені түсінбедім. Алтынайды тұқыртып алу қолыңда тұрғанда, неге мүмкіндігіңді құр жібердің? Саған ине шашқанын бәріміз де білеміз ғой. Өзіңді-өзің сыйламадың ба? -Жоқ, қыз баламен тіресіп, атым жақсы шықпас дедім. Ұмытып тұрмын, қай жырау айтып еді былай деп: Еділ бол да, Жайық бол, Ешкімменен ұрыспа, Сенікі жөн болса да, Атың шықпас дұрысқа! -Кітапты жастанып оқитын сен білмесең, әдебиетті шет жағалап қана оқитын мен қайдан білейін? Солай де, достым. Сабыр мен ақылды халық поэзиясынан алам де! -Перизат, мені қолдашы! Мен Еділ болсам, сен Жайық бол! -Арман, сенің сөзіңе қарсы келгенім әлгі белгісіз жыраудың ақылына көнбегенім болар. Ұрысты қояйын. Тіпті Алтынай өзі келіп шапалақпен ұрып жіберсе де, осы толғауды айтып отыра берем!-Достар көше бойын жаңғырта күлді.Жарты жолдан бұрылып кететін Перизат кешкі сабақтың уақытын ескертіп те қойды. Үйге келген Арман аулада түртінектеп жүрген әкесін көріп қуанып кетті. Демек, бүгін ол әкесімен қалыпты жағдайда сөйлесе алады. -Әке, не істеп жүрсіз?-Арман даусы жарқын шығып, әкесіне жақындады. -Не болушы еді, ана-мынаны реттеп жүрмін. Аула тіпті ыбырсып кетіпті. Жерге түскен тоғай жапырақтары да жиналмапты. Сен дардай жігітсің ғой. Не сабақ оқымайсың. Не үйге қолғабыс бермейсің!-Әкесінің кінәлап ала жөнелген түріне қарап, Арман оның әлденеден сасқалақтап, содан айтарға сөз таппай, бұны бұқтырып тұрғанын сезгендей болды. -Әке, мен жақсы оқи бастадым. Міне, бүгін алгебрадан «төрт» деген баға алдым!-Арман сөмкесін қопарып, күнделігін алып шықты. Өз-өзінен күйгелектенген әкесін осылай шын қуантпақ еді. -Сенің миыңа есеп сабақтары кіруші ме деі? Біреуден көшіріп алып, бір рет алған төртің не болады?-Шорман ұлының күнделігіне зер салып қарамастан, қайта өзіне ұстата салды. -Әке, Перизат деген менің досым бар емес пе? Өзі математикадан өте мықты шығарады. Сол қыз маған үй тапсырмаларын орындауға көмектеспі жүр. Бүгін тағы да бізге келеді.- Арман әкесінің күмәнін сейілтуге тырысты.

-Мұғалімнің айтқанын түсінбегенде, қаршадай қыздың қақылдағанын ұғып аласың ба? Жүр, үйге кірейік. Түскі асты шешең маған жаймай, отағасы сен сияқты, ұлын күтіп отырған!-Үйге сөйлей енген Шорман әйелінің қабағын байқастады. -Шорман, сабақтан жаңа ғана келген баланың мазасын ала берме. Сен өзің түсте тұрдың емес пе? Сенің таңғы шайың біздің түскі асымыздың уақытымен сәйкес келіп тұр.-Анасы кейи сөйлеп, күйеуінің жаласын жоққа шығарды. -Сен өйтіп баланың әуеніне төңкеріле берме. Ертең есейгенде тыңдамай кетеді.-Шорман өз «тәжірибесінен» білгенін айтты. -Сен де бр үйдің жалғызы едің ғой. Әке-шешең сен дегенде аспандағы айды әперуге дайын болатын. Ақыры, әне, бастарын да қарайтпай, құран да оқытпай, өлі кезінде де жетім қалдырдың,-деп апасы Шорманның тірілер алдында ғана емес, өлілерге де қарыздар екенін есіне салды. -Жә, жетер, мен құран оқытқанда, әке-шешем тіріліп келер деймісің? Құйшы шайыңды зарықтырмай!-Ерлі-зайыпты екеуі өзара салғыласып отырғанда, Арман бөлмесінен киімін ауыстырып шықты. Тездетіп келіп дастарханға отырған ұлына апасы мейірлене қарады. -Қане, балам, жеп-іш. Қарның ашқан болар. -Несіне қарны ашсын? Құр барып келгеніне шаршамас,-деп Шорман тағы да ұлын орынсыз қағытты. -Әке, неге мені бір рет болсын жақсы демейсіз? Мен мектеп пен үйдің арасын бекер шаңдатып жүрген жоқпын. Оқып жүрмін. Кейін үлкен оқуларды оқып, апамды асыраймын!-Бұл сөздерден Арманның намыстанып қалғанын байқаған анасы дереу сөзге араласты. -Ұлымыз арда азамат болады. Мені де, әкесін де, соңынан ерген қарындасын да бағыпқағады, иә,-деп баласының шашынан сипады. -Бүгін алгебрадан алған төртімді көрсетсем, әкем сенбей қойды. Өз еңбегіңмен алған жоқсың дейді! -Ол төртің Перизаттың көмегінің нәтижесі шығар. Ол досың бүгін де келе ме? Мен бауырсақ пісіріп қояйын,-деп апасы Арманның көңілін біржолата тапты. -О, апа, Перизат сен әзірлеген тамақтардың бәрін ұнатады. Өзі түс ауа келеді осында. Оған дейін мен түздің шаруасын қамдап тастайын. -Бүгін Ертіске отынға барамыз ба деп едік, Арман, қолың бос емес екен, кейін бір барармыз.-Сыныққа сылтау іздеп оытрған Шорман ұлының қолы бос еместігін алға тартып, отынға бару ойынан айнып қалды. -Сен кейін деп кежегеңнен тартып жүргенде, шығыстың аждаһа қысы басталып та кетеді. Сол кезде көресімізді көріп жүрмейік!-Күңк еткен Сәнімай жылда қайталанатын отын мәселесінен әбден шаршағанын мұң ғып шақса да, Шорман аса мән бере қоймады. Тамақтан соң Арман үйге құдықтан су әкелді.Өзге көршілері су құбырын үйлеріне тартқызып алғанда, Шорман әне-міне деп қалыс қалған. Енді оның зардабын Арман мен анасы көріп келеді. Аязды күндері даладағы құдық қатып қалады, айналасы көк мұзға толады. Тірлікке икемсіз отағасы отбасының көшін оңдаймын десе де, оңтайға келер түрі көрінбейді. Бірнеше жыл бойы еркектің қолының шарапатын көрмеген қора-қопсы қаудырап-ақ тұр. Күйеуінен қайран болмаған соң, соңғы кездері Сәнімай өзі қолына балға мен шеге ұстайтын болған. Бұған намыстанған Арман анасын ондай жұмысқа араластырмауға тырысады. Көп жұмыста ұлына сенсе де, оның бекімеген бұғанасын жастайынан қатыруға анасының дәті бармайды. Сөйтіп екеуі елбесіп-селбесіп шаруа қамын реттейді. Бүгін сол дәстүр бұзылып, апасы үйде қалды да, Арман әкесімен қора жаққа беттеді. Ауылды жерде жұмыс аз болсын ба? Қораны тазалап, малдың кешкі шөбін дайындап жүріп, уәделі уақыттың келіп қалғанын Арман аңғармай қалды. Тысқа шығып дауыстаған анасы Арманды үйге шақырды. Перизат келген екен. Тірлік қамын жасаған болып жүрген Шорман қайда екені белгісіз жылыстап кетіп қалды. Арманның бөлмесінде Перизат екеуі кітап парақтап отыр. Досының әлденеден көңілі қашып отырғанын Перизат сезді.

-Арман, нені қиялдап отырсың?-деп Перизат ақырын сыбыр етті. -Мен орындалмайтын бір нәрсені армандап отырмын. Осы өмірде арақ деген арсыз болмаса ғой! Бірақ бұл арманым орындалар ма екен? -Орындалады. Сенің өзің арақтан аулақ жүрсең, ол саған құда түсіп келмейді ғой!- Перизат досын тыныштандырмақ болып, әзілге сүйеді. -Арақ менен де, менің отбасымнан да айшылық жерден алыс жүрсе ғой! Әкем тағы қайда кетіп қалды? Соны ойлап көңілім бөлініп отыр. Сен мені бір ынжық, қызға мұңын шағатын шарасыз екен деп ойлама. Мүлде олай емес.-Арманның ойы шашырап отырғаны оның әр жайдың басын бір шалып сөйлеп кеткенінен көрінді. -Онда бүгінгі сабақты ертеңге қалдырайық. -Жоқ, Перизат, мен ештеңеге қарамастан оқимын. Өмірдің өзі математика. Алу-қосу, көбейту деген сияқты. Сабағымыз қаза болмасын. Бастайық!-Перизат тұнық даусымен түсінікті мысалдарын бастап кеті. Алдымен есепті өзі шығарып көрсетті. Сосын Арманға соған ұқсас есептер берді. Қатесіне күлмеді,қисынсыз жерін түзеді. Ақыры есігін еш ашпайтын елірме есептердің өзі Арманға жұмбағын жайып салды. Кезек әдебиет сабағына жеткенде, мұғалімнің орнына Арман отырды. Үй жұмысына Раушан апай «Досымның портреті» тақырыбына суреттеу жазуды тапсырыпты. Арман Перизатқа бар назарымен қарады. Сосын әзіл-шынын араластыра: -Пико, сенің ажарыңды суреттеуге мендегі тіл олақ болып тұр,-деді. -Қойшы, Арман, Пико демеші. Әнебір жеміс шырынының жарнамасы елестеп кетеді. -Сенің ботаның көздеріндей жәудіреген жанарыңды сипаттаудың өзіне бір күн уақыт кетеді!-Арман қалжыңынан тыйылар емес. -Арман, мен саған алгебраны ешбір қалжың араластырмай дұрыс түсіндірдім. Ал, сен маған әдебиет тапсырмасына көмектесем деп,күлкі ғып отырсың. Осы да әділдік пе? -Алгебрада қиял жүйрік болмайды. Екіге екіні қоссаң да, қиялмен озсаң да, бәрібір төрт шығады. Ал, әдебиет деген-қиял мен тілдің, шабыт пен ойдың ұштасар сәті. Міне, сол сәт басталды. Менің досым... -Арман, апай «достарыңның портретін жазғанда, есімін атамаңдар» деген.«Портрет шынайы болса, мен өзім кім екенін тауып алам,»- деп ескерткен. -Онда тіпті жақсы. Сөзбен сурет салайын. Сұлудың атын атамайын. Сүмбіл шашты, ойлы көз, дәл өзі ғой толған айдың! -Сүмбіл шаш деген не?-Түсінбегенін білуге құмар Перизат өзі үшін мағынасы бұлдыр сөзді ести сала, «ұстазынан» сұрап үлгерді. -Сүмбіл шаш деген-қойдың құйрық майымен сыланған шаш. -Арман, қылжақты қойшы.Менен Раушан апай сүмбіл шаштың не екенін сұраса, осылай деп айтайын ба? -Осылай десең қателеспейсің!Мен айтқан анықтаманы жазып алсаң да болады.- Достардың күлкісін естіп, апасының әмірімен бөлмеден шеттетілген Гүлімай жүгіріп келді. -Аға, неге күлдіңдер? Перизат тәтеге не бодды? Жылап отыр ма?-Ол үнсіз булыға күлген Перизатты көріп, состиып тұрып қалды. Жылау мен айғайдан қорқып қалған түрі ғой бүлдіршіннің! -Жоқ, ол қатты күліп, ақыры дыбысы шықпай қалды. Бүл-қыздар күлкісінің ең кең тараған түрі! -Балалар, сабақтарың аяқталса, шайға келіңдер. Ыстық бауырсақпен шай ішіңдер,-деп апасы да бөлмеге кірді. Ыстық бауырсақ дегенде дем басып отырар Арман ба? Орнынан шапшаң тұрып, Перизатқа да қонақжайлылық танытып, лезде үстел басына отыра қалысты. Қарындасы апасының жанына жабысып отыр. -Екі сабақтан ғана қарап үлгердік. Кеш батып барады. Күн қысқарып кеткен бе? -Арман, күлкімен уақытты оздырып жіберген сен емессің бе? Мен сенің портретіңді әлі жазбадым ғой!

-Несі қиын? Арық қара сіріңке десең, Раушан апайдың бірден тануына жетіп жатыр!- Арман әзілін жарастырып, бауырсақтан асап отыр. Апасы да күліп жіберді. -Кейін үлкен жігіт болғанда, бауырсақтай топ-томпақ қара торының әдемісіне айналасың!-деп ұлын болашақта қалай елестететінін де айтып қойды. Дастархан басындағы төртеу жадырап отырғанда, сыртқы есік сарт етіп ашылды. Бұл келгеннің Шорман екенін Перизаттан өзгелері айтқызбай-ақ білді. Алда болар құйынды дауылға іштей дайындалып, апасы мен Арман сыр бермеуге тырысты. Иә, келген Шорман екен. Аяғын әлтек-тәлтек басып, қолындағы шиыршықталған газетті олай-бұлай бұлғады. -Әй, менің ақын ұлым, келші бері, бетіңнен сүйейін! Мына жаман әкең бүгін сені мақтан тұтып, соған аздап ұрттады. Реніш жоқ қой, ә!-Үйді басына көтере даурыққан Шорманнан кішкентай қызы қорқып кетіп, анасының баурына тығылды. Перизат қайда барарын білмей, абыржып тұрған күйі қатып қалыпты. Арман әкесінің өтінішімен жанына келіп, бетінен сүйгізді. Өзі бүкіл жанымен жиіркенетін «сасық судың» исі қолқасын қапты. Әкесі не үшін тағы да отты судан ұрттағанын айтып, ақталып қояр емес. -Апасы, мен «жұмысшы керек» дегенге Бәкеннің үйіне бара қалмаймын ба? Сол жерде мына газетті көрсетіп, Бәкен «жу» деді. Қалай жумайсың? Ақыры құттықтаушылар көбейіп кетіп, атап өту ұзаққа созылып... -Әке, жарайды, қуанған екенсің. Бұл газетті ең бірінші апам екеумізге көрсетіп, мақтануың керек еді ғой! -Мына күшік маған ақыл үйретіп тұр ма, апасы? Қане, қою шайыңнан құйшы!-Шорман әйелінің жанына келіп, орындыққа жарбаң етіп отыра кетті. -Ұлым маған қалай қуану керектігін атйып, ақыл үйретіп тұр. Мен, сірә, қартаяйын дегенмін-ау! -Жоқ. Сол баяғы қылшылдаған жас кезің. Әлі ақыл тоқтатпаған, ес кірмеген шалдуар шағың!-Әйелі жақтырмағанын анық байқатып, әр сөзіне ащы мысқыл толтырып кекете сөйледі. Арман апасына таяп келіп: -Апа, әкемді ерегестірмеші. Ертең де ұрысарсың. Бүгін бекерге азан-қазан болып жүрерміз,-деді. Апасы үндемеді, келіскені ғой. -Арманның құрбысы, неге есік көзінде тұрсың? Төрге озсаңшы!-Шорман әдеттен тыс қалбалақтап, Перизатқа орындық ұсынам дегенде, салмағын ұстай алмай, тәлтіректеп барып құлап түсті. Перизат тастан қашқан еліктің лағындай үйден атып шықты. Онымен бірге Арман да тысқа ұмтылды. Кеш қараңғылығы қоюланып қалған екен. Түсте ұсақ тамшылаған жаңбыр күшейіп алыпты. Күздің соңғы сәттерін санап, әжуа еткендей, жаңбыр тамшылары шатыр мен терезеге тырс-тырс тамады. Тездете басқан Перизатпен қатарласқан Арман оның жылап келе жатқанын байқап, абдырап қалды: -Пико, сен жылайтындай әкем ауыр сөз айтпады ғой. Неге жылайсың? Мен үшін сенің көз жасыңды көру ауыр, досым-ау! -Жоқ, әкеңе ренішім жоқ. Тек өткен бір күн есіме түсіп кетті.Тура осындай жауынды күні мен анам мен әкемнен айрылған едім. -Не? Әкең мен апаңнан бір сәтте айрылып па едің?-Бұрын ата-ана десе, тек әжесін айтатын Перизаттан бүгін тұңғыш рет қимастары туралы сұмдық сырды естіген Арман тек досының сөзін қайталаудан арыға аса алмады. Жұбата алмады жылаған жанды. -Иә, әкем мас күйінде көлікке отырып, апам мен өзінің өмірін қиған болатын. Содан бері мына кең дүниеде «әже» деген жалғыз жанашырым қалды!-Перизат булыға жылап, үйіне қарай апаратын көшеге түспей, қиыс кетіп барады. Арман қуып жетіп, қызды тоқтатты Осынша уақыт қыз жүрегін жұлқылап келген қасірет сырдың, бебеу үннің безгегіне береке таптырғысы келгендей, сырласын айқара құшақтады. Перизатқа суық жауын тамшылары да, көлденеңнің көңілге тиер қамшы сөздері де жетпейтіндей қауқарлы қорған болғысы келді. Перизат досының құшағында тұрып, оның өзіне деген жүрек жылуын бар

жанымен сезді. Сезді де, жұбанды. Қалтқысыз достықты пана тұтып, езілген жүрегі қуанды. Арман Перизаттың еңсесін қамқор сөздерімен де көтергісі келді: -Жалғызбын деме, менің жүрегімде мәңгілікке жанған достық жұлдызымвн де! -Арман, сен арақ деген арсызды қаншалықты жек көрсең, мен де соншалықты жиренемін! Қарғыс атқыр сол «зымиян су» болмағанда, апам мен әкем тірі болар еді! Мені осыншалықты сары сағынышқа көміп кетпес еді! Егіліп жылаудың не екенін де білмей, мезгілсіз есеймей, балалық күндерімді алаңсыз жалғастырар едім! -Сен арақтың азғыруымен ерте солған сол екі бірдей өмірді жалғастырасың, жан досым! Мен азғын араққа қарсы тұрып, барымды сақтап, болашағымды баптап бағамын! Араққа қарсы амал табамын!-Арман ел алдында серт беріп тұрғандай, тым кесімді сөйледі. Кенет Арман қыздың жүзін өзіне қаратып: -Есіме түсті, «Еділ бол да Жайық бол» деп айтқан Асан қайғы екен ғой!-деп тұйықтан шығар шешім тапқандай қуана дауыстады. -Тура қазір есіңе түскені қызық болды ғой!-Перизат досының аяқ астынан өткендегі ұмытшақтығының есесін қайтарғанына күліп жіберді.Ағыл-тегіл жылап тұрып, мәзмейрам болып күле блу тек баланың ғана қолынан келетін шығар! Жүрегін күйік өртеп жатса да, кеші қамкөңіл боп батса да, таңы аждаһа болып атса да, езуінде шынайы, риясыз күлкі тұратын бала емес пе бұл екеуі?! Бірақ қос мұңлық «өмір» атты майданның алғы шебіне өздері де аңғармастан аттанып бара жатқан еді...

Әңгімелер Мұз үстіндегі қызғалдақ (әңгіме)

-Құдай-ау, масқара болдық!Телеарна қызметкерлері көрсеткен Абайдың суретін «танымаймын» деп ана Дастан бізді тірідей жерге тықты! -Иә, масқара болғанымыз айдан анық! Енді толассыз тексеріп келер комиссияда шек болмайды деңіз.-Жас ұстаз Жайна кешегі болған жайдың бүгін әлі өрті өше қоймағанын аса ауыр оқиғаға баламаса да, өзгелермен бірдей күйгелектеніп жүр. Дастанның сынып жетекшісі болғандықтан, көтерілген шудың өзін айналып өтпейтінін де біледі. Қарт ұстаз терең күрсінді. Оған тексеріс те, тіпті дүлей дауыл да түк емес-тін. Ол болашақ алдында өзін айыпты санап отырған болатын. Қай жерден жаңылды? Неден жаза басты? Жылдар бойы жүйелі жұмыс істеп келе жатқандай-ақ еді, енді, міне, ойламаған жерден оқушылары айды аспанға шығарды. -Комиссияны қойшы. Басымызды алар деймісің? Бүгінгі тәуелсіз күнді аманат еткен бабалар алдында сол қадірлісіне қиянат жасағандай ішім күйіп барады. «Абайды танымаймын» деп безерген дәл менің шәкірттерім! Күллі адамзат бас иген қазақтың Абайын бүгінгі қазақ баласы танымаса, онда менің ұстаз болғаным қайсы?-Өзін ақтар сөз таппаған Айғаным мен Жайнаны директор шақырып әкетті. Ендігі жиын сонда болмақ. Жомарт басшы бүгін сұлқ отыр. Айыпты оқушыларды да тегіс жинатты. Ұлыларды жыға танымайтындарды қалай жазаларын білмей дағдарып отырған күйі бұл. -Иә, Айғаным апай, кешегі оқиғаны естідіңіз. Бүкіл Алматыға оқушыларымыз мектепті есекке теріс мінгізгендей етті.-Осы тұста Дастан шиқ етіп күліп жіберді. Баланың тым-

тым жүйрік қиялында қымбат көлікпен ғана жүретін директор ағай есекке теріс мініп кетіп бара жатқан еді. Күлкілі ғой, әрине! -Әй, Темірұлы, не күлкі? Қазақ атам «күлкі арсыз» деген. Сен сонда кім болдың?- Директор ең басты кінәліДастанға қырғидан бетер шүйлікті. -Қазақ атам тамақты да арсыз деп айтқан. Бәріміз де ас-ауқат ішеміз. Сіз де ішіп-жейсіз ғой. Сонда сіз кімсіз?-Адуынды директор тоғызыншы сыныпқа енді аяқ басқан баладан мынадай сөз күтпеп еді. Тосылып қалды. Амалсыздығын Айғаным ұстазға қабағымен танытты. Қазір балаға қатты сөйлеу де қиын болып кетті ғой. Шіркін, кешегі кеңес кезі болсашы. Онда мына тілазар Дастанды дүренің астына алатын еді. -Дастан, балам, артық сөзді қояйық та, кешегі жайды талқылайық. Түсіндірші. Неге телеарна қызметкерлері көшеде сендерді тоқтатып, халқымыздың ұлы тұлғаларының портреттерін көрсетіп, «бұлар кімдер?» дегенде, «танымаймын» дедің? Сегіз жыл, биыл тоғызыншы жыл оқып келесің. Ештеңеге де үйрене алмағаның ба? -Апай, Дастанның еш кінәсі жоқ,-деп оның сыныптасы, Шәкәрімнің суретінен шатасқан Шалқар сөзге араласпақ болып еді, директор тыйып тастады. -Иә, ешқандай айыптарың жоқ. Бар жазықтарың-мәңгүрттіктерің. Тоғыз жылда маймыл да әлденеге машықтанар еді. Ал сендер... -Жоқ, ағай! Тіл тигізбеңіз!Біз мәңгүрт емеспіз! -Онда неге көз алдыңда күнде ілініп тұратын ұлылардың атын атап, түсін түстеп бермедің?-Директор жағдайды шиеленістіріп, өзі «мәңгүрттік» деп атаған мына құбылыстың астарын аңдауға тырысты.Бала деген шамшыл келмей ме? Егер ол шамданып, буырқанса, ойындағының бәрін ақтара салмай ма? Жомарт ұстаздың күткені де осындай ұрымтал тұс болатын. -Адам ойлы сұрақ қоя білу керек деп Айғаным апай алғашқы сабақта-ақ айтып еді. Мен тек ойлы сұраққа ғана ойлы жауап беремін. Ал ана тілшілер шалқар шабытпен келе жатқан Шалқар, Айбар үшеумізді тоқтатып, Абайдың үлкен портретін көрсетіп, «мынау кім?» деп санасыз сұрақ қойды. -Санасыз деп тілшілерге тіл тигізбе, Дастан! Саналы болсаң, дұрыс жауап бермедің бе?- Қарт ұстаз да Жомарттың тәсілін қолдап, тұтанған шаланы үрлей түсті. Жас ұстаз Жайна бұл астарлы айқастан хабарсыз, ол көргенінің бәрін тек тура мағынада ғана қабылдап, балаларға ұрсып-ұрсып алды. -Қазақ болып Абайды танымайсыңдар. Бізден Байронды, Пушкинді сұраса да, айтып беретінбіз. -Апай, Байрон деген футболшы ма?-Дастанның қағытпасына Шалқар екі иығы дірілдей күліп, мәз болып қалды. -Дастан, сонымен мәңгүрттігіңнің арғы астарын өзің де түсіндіріп бере алмадың ғой. -Жомарт ағай, анам-қазақ, әкем-қазақ, тілім-қазақ, тұрсам да пәтер жалдап, сүріп жатқан елім-ғажап! Мен қалай мәңгүрт боламын? Он бес жыл өмірімде он түрлі мектепте оқысам, берген білімдерін бір шоқып, бір шоқымасам, мен қалай мәңгүрт боламын?! -Аз мектепте оқымапсың. Көшіп-қонып жүргенше, сол аулыңнан қозғалмай-ақ отырмадың ба?-Шәкірттерінің бәрін жыға тани бермейтін мектеп басшысы сөз таластырып, Дастаннан көп жайға қанығып қалды. Құжатта көп сөйлемейтін шындықтың өзі алдына келіп атылардай болып ағынданып тұрғаны бір жағы Жомартқа ұнап кетті. -Ауыл мектебінің төбесі опырылып құлады. Сонда мен үйіндінің үстінде отырып та оқи беруім керек пе еді? Менің қамымды жеген әкем мен анам «жақсы мектептен оқы» деп Алматыға арнайы көшіп келді. - Ауылдың баласы екенсің ғой. Ауылда туып, ауылда өскен қазақтың қазақтығы да ерекше болушы еді! -Ағай, намысыма тие бермеңіз! Бір ақымақ сізге айды көрсетіп, «Бұл не? Білесіз бе?» десе, қайтер едіңіз? –Бұл сөзге қарт ұстаз бен басшы іштей қуанып кетті. Демек, бұлар Абайды біледі екен. Біле тұра білмеймінге басқан. Намысшылдарын қарай гөр өздерінің! Бірақ осы үшеудің қылықтары таңнан бергі жоғарыдан зілдене жеткен суық қоңыраулардың

себепкері болмап па еді? Жә, зіл көрмеген Жомарт па бұл? Одан да мына балалардың сағын сындырмай, бағын тайдырмай, өмірден еншісін алып беруге баулулары керек. Сонда да оқушыларына бір ұрсып алуды жөн көрді. -Жарайды, Дастан намысқа басып ерегесіп кері жауап беріпті. Ал Шалқар, Айбар, сендер қайда қалдыңдар? -Ағай, мен сабақ үстінде біраз сөйлегенімде, Жайна апай «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген мақалды жаттатқан. Жауап беруге оқталдым да, үндемей-ақ қойғаным жөн болар деп қоя салдым. -Сөйлейтін жер болады, сөйлемейтін жер болады. Соны да үйретейін бе мен саған?-Жас ұстаз быж ете қалды. -Иә, үйретесің, Жайна. Үйрете жүріп, өзің де көпті үйренерсің. Жай ғана сауатты оқушы тәрбиелеу басты мақсат емес. Ең нұрлы беталыс-ұлттық патриотты тәрбиелеу. Мына балалар кеше есерлікпен Абайды «танымаймыз» десе, енді қай күні тентектікпен Шәмшіні «білмеймін» деп шалқасынан түсерін кім білсін?Сондықтан барыңыздар да, балалармен жұмыс жасаңыздар.- Бар жағдайға жалғыз кінәлідей қибыжықтаған Жайна апайына көзі түскен Дастан басшының алдында оны қорғап сөйлей жөнелді. Ауыл қазағы сөзден тосылған ба? -Ағай, білместік бір өзімнен болды. Шамырқанып, іштей әлденеге ширыққан бір сәтім еді. Кейде өзімді-өзім түсінбеймін. Кеудемдегі сол күшті қалай атарымды білмей, оның қайдан шыққанын аңғара алмай алас ұрып келе жатқанмын. Өз сұрақтарыма өзім жауап таппай жүргенімде, ана сорақы сауал шолт ете қалды. Апырау, Абайды танымасам несіне қазақпын деп жер басып жүрмін?!Абайды білмесем адамдығым қайсы? Іштегі әлгі аты жоқ күш маған «жоқ» деген жауап айтқызды. Солай айтсам жөн бола ма, әлде шөл бола ма, ол жағын тіпті ойлап та жатпадым. Сол үшін мені кешіріңізші. –Тебірене ағынан жарыла сөйлеген шәкіртіне қос ұстазы сүйсіне қарап қалысты. Тек Жайна өзін басшының алдында пәлеге қалдырған оқушыларына әлі де ызалы еді. -Асықпа, Дастан, ол күштің де атын табамыз. Орынды-орынсыз алқына берме. Сабақтарыңа барыңдар.-Жомарттың соңғы сөзінен соң Жайна үш тентекті сыныпқа ертіп әкелді де, директор айтқандай «жұмыс жасады,» Жайна жаза ретінде Дастанға еден жуғызып, Шалқарға гүл баптатты. Ал Айбарға оның өзі жаны сүймейтін ісі-жаттауға жаңа мақал-мәтелдер берді. Айбардың жүрегімен емес, жай көзімен ғана жаттаған мақалмәтелдері оған өмірлік қағида болып жарытпайтынын Жайна білген жоқ. Дастан костюмін шешіп тастап, еден жуып жүр. Кәдімгідей бар ынтасымен кірісіп кеткен. Сынып бағбанына айналған Шалқар ара-тұра сыбырлап сөйлеп қояды. -Дастан, сен ішімде аты жоқ бір күш бар дедің ғой. Сол шайтан емес пе? Мен әжемнен естігем, адамның ішіне шайтан кіріп кететін кездері болады екен. Сен жаққа қарайын десем, содан қорқып тұрмын.-Шалқардың сыбырын екі досының күлкісі басып кетті. Айбар мақал оқуын үзбей күліп отыр. Дастан еден жуатын шүберекті сығымдай ұстап, балаң, риясыз күлкісін еркіне жіберді. -Тоқташы, шайтан дос, мына мақал не дейді? Тағы да сөйлеме дей ме? «Көп біл, аз сөйле» делініпті. Халқымыздың өзі сөзге қарсы ма, қалай?-Айбардың бұл сөзінен соң Дастанның орындыққа отырып тұрып күлмесіне лажы қалмады. -Шалқар, қорықпа, жақын кел. Дастанның ішкі күшінің атын мен таптым. Ол-махаббат күші. Атын білмеймін деді ғой, кімге ғашық екенін білмей ширығып жүр досымыз. Біссіміллә демей-ақ қолынан ұстай бер. Шайтан емес ол!-Өзінің имандай етіп айтқан сырын әжуаға айналдырса да, шамданар Дастан көрінбеді. Достары бұның ішкі күшіне тағар айдар таппай кеңес құрып жатса, қайдан шамдансын! Күлкімен жүріп еден де жуылды, гүл де бабына келді. Тек мақалдар ғана Айбардың санасының әр қиырында бөлшек-бөлшек болып қала берді. Ал Жомарт пен Айғаным Дастанды еркінен тыс шамырқандырып, шегіне жете ширықтыратын күштің атын тауып та қойған еді. Ұстаздар енді сол ішкі күшті құнды қасиеттерге ғана бұрып, өрелі әрекет етуді жоспарлап отырды.

Күзгі Алматы қызғылт, сары түстерге көмкерілген. Жайдары жазынан көз жазып қалғанын мойындағысы келмейтін тәкаппардай шаһар күзге рай бермей, әлі де жылылығын сақтауда. Қазан айы орталанғанымен, күн көзі әлі де болса қуатты. Мектепке жаяу келетін Дастан ойға батқан. «Күздің алдамшы жылы күнін жаз деп сеніп, жеңіл киінбе,»-деген анасының сөзі есіне түсті. Неге анасы күзді алдамшы деді? Ой түбіне жете алмады. Сол өзіне таныс, өзгеге тіпті түсіндіріп жеткізе алмас белгісіз күш кеудесін тағы қысты. Ғайыптан пайда болған бұл құбылысты Дастан өзі біраздан бері аңдып жүр. Бірақ толық байыбына бара алмай-ақ қойды.Анасымен сырласушы еді. Соңғы күндері қауырт тірліктің қамымен оның да мұрнына су жетпей жүр. Әкесімен сезімге беріліп сыралғы болғысы-ақ келеді. Бірақ әкесі «көңілшек болма, ол жігіттік емес» деп бұның қай сезімін болсын көңілшектікке теңей берді. Сол себептен де анасымен ашық-жарқын сыр ақтарысар күнді күтуден өзге амалы қалмаған. Шуға толы мектеп ауласына кіре сала Дастан достарын жолықтырды. -Дастан, кеңесу керек деп едің. Не жөнінде ақылдасамыз?-Айбар мен Шалқар Дастанның аузын бағып, қатарласып тұра қалыпты. -Биыл ел Тәуелсіздігіне жиырма алты жыл толады ғой. -Оны бәріміз білеміз ғой. –Шалқар түкке түсінбей шұқшиып қалды. -Пай, әкімнің жиналысына кіріп кетіппіз ғой. Сен айтпасаң бодандықтың қыл қамытын шешкенімізге неше жыл толатынын мен жазған білмей де қалар едім.-Айбар досын келемеждей жөнелді. Жайна мұғалиманың жаттатқан мақалдары оған дарымапты. -Тыңдамасаңдар айтпаймын,-деп Дастан кетуге ыңғайланды. -Айт, іштегі күшің айт десе айт!-Қос досы бірдей қолдаған соң Дастан шешілді. Бірақ ол шешіліп сөйлеймін деп, сабаққа кешігіп кірулеріне себепші болды. Түні бойы құрастырған жоспарын баяндаймын деп, өзі сырттай Күлмесхан деп ат қойған физик Асылбек ағайдың дәрісі алғашқы сабақ екенін де ұмытыпты. Кешіккенді жаны сүймейтін Асылбек үшеуін тақта алдына тұрғызып қойды.Сөйтті де кенеттен сұрақ қойды: -Уақытты немен өлшейді? -Физикада ма, әлде халық ұғымында ма?-Дастанның сөзіне оқушылар дүркірей күлді. Әсіресе екі беті нарттай жанып жүретін Нариманның ішегі үзіліп қала жаздады. Алайда қатал ағай күлкіні тез тыйды. -Иә, халық ұғымында немен өлшейді?-Айбар мен Шалқар Дастанға ымдады. Дастан сияқты олардың іштен сөйлейтін күштері жоқ қой. -Алтынмен де өлшемейді. «Уақыт алтыннан да қымбат» деген ұғым бар.-«Дастанның шайтаны жақсы, ішінде отырып алып, үнемі керек кезінде ақыл айтып, сөйлетіп отырады,»-деп ойлады Шалқар. «Ғашық досым махаббат күшінің атын таппай жүр еді, дәу де болса сол Алтын шығар,»-деп топшылады Айбар. -Ал сендер сонда қанша мысқал алтындарыңнан айрылдыңдар?-Асылбек ұстаз нығарлай сөйлеп, кешіккендерін ұмытылмастай етті. Қанша мысқал алтын жоғалтқандарын анықтау үшін Дастан есеп шығарып тақтада қалды. Екеуі парталарына жайғасты. Нариман артына бұрылып, Айбарға тиісе сөйледі: -Алтын демекші, сендерде жалпы алтын бұйым болып көріп пе еді? -Әй, Аяз ата, сауысқанға ұқсап алтын әшекейді армандамай, алдыңа қара!-Айбардың мысқылына Нариман жұдырықпен жауап берді. Оның жұдырығы Айбардың жұдырығымен тіресіп қалды. Орнынан атып тұрған Нариманды адымдай жеткен Асылбек ұстаз тоқтатты. -Бір сыныпта оқып жүріп, бір-біріңді түтіп жеудің аз-ақ алдында тұрсыңдар. Шеше алмай жатқандарың ненің дауы?

-Аяз атаның қоржынына таласып қалдық,-деді Айбар тістеніп. Сыныпта күлкі көтерілді. Сегізінші сыныпқа дейін Нариманның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болатын. Сыныптың маңдайалды үздігі болғандықтан, мұғалімдер оған құрметпен қарайтын. Ал Нариман сол құрметке қатты мастанатын. Нашар оқитын өзге оқушыларды өз дегенімен жүргізетін. Сегізінші сыныптың соңына қарай бұның сорына мына үшеуі албастыдай сап етіп дәл осы сыныпқа келді. Басқа сегізінші сыныптар болса да, оқушы саны аз деп бұларға жібермесі бар ма?Содан бері Нариманға Аяз ата деген мазақ ат жабысты.Оны мына тілі ащы Айбар ойлап тапқанын Нариман іштей сезетін. Сол есесін үш ақымақ сабаққа кешііккенде қайтармақ болып еді, онысынан түк шықпады.Үлгерімі нашар Айбардың жұдырығы тиді. Осы оқиғаның бәріне түйіліп тұрған Нариман өзін пән олимпиадасына дайындап жүрген ұстазына еркін сөйледі: -Асылбек Арынович, ол мені Аяз ата деп айдар тағып отыр. Сол намысыма тиіп, оған қол көтердім. -Адамға еттен өтіп, сүйекке жететін ат тағу жақсы іс емес, Айбар. Кешірім сұра тап қазір!-Ұстаздың зілді даусынан жасқанған оқушылар сілтідей тынды. -Ағай, мен айтайыншы, Нариман өзі бастады. Артына қарап, Айбарды «алтының жоқ» деп күлкі етті.-Алтын асығып-аптығып, мұғалімнің рұқсатын да күтпестен жай-жапсарды баяндады. -Алтын, алтын дегенге сөз өзің жайлы деп ойлап қалдың ба? Сенің оларды жақтайтын жөнің жоқ қой мүлде. Кеше келген...- Досына түйілген қабақты байқаса, жаны тызылдай қалатын Дастан тақтаны тастап Айбардың қасына жетіп келіп сөзге килікті. -Кеше келсе қайтеді? Ерте туып, кеш қалғандар бар емес пе? Ньютонның үш заңын жатқа білем деп батырсынба. Сол білгеніңді өмірде кәдеге жарату-батырлық.- Оқушылардың көзіне қатал болып көрініп, оларды тез басқарып кетуді ойлайтын, негізі мінезі қаталдықтан аулақ Асылбек осы сәт іштей күлкіге қарық болып тұр еді. Десе де сырт көзге сыр бермей, сабағын жалғастырып әкетті. Дауды да ұзатпады. Балаларды өзара татуластырған сыңаймен физиканың тағы бір заңымен оқушыларды таныстырды. -Ом заңының өмірде маған не керегі бар?-деп тынысы тарылды Дастан. -Атам заманда сүйегі қурап қалған Омның заңын оқып миым ашып отырғанымды сол Ом жарықтық біле ме екен?-деп тыпыршыды Айбар. -Ом заңының негізгі өзегі...-деп жағымды қоңыр даусымен күмбірлей сөйледі Алтын. Уақыт шіркінде кідіріс болсын ба? Адамның қалауынан тыс жылжыған құмдай болып, ешкімге байқаусыз сырғитын ұлы көш емес пе бұл? Біреуге бақыт, енді біреуге мұң сыйлап кете беретін бір сәттің өзі неге тұрарлық! Иә, өмірінің қырық бес минуты жаны қаламайтын ұғымдармен арпалыста өткен Дастан үзілісте ешкіммен шүйіркелеспеді.Ұйқыдан оянғанда жүрегін қытықтаған белгісіз нәзік сезіміне әлдеқайдан сызат түсіріп алардай алабұртып отыр. Неге жадырай алмай отырғанын өзі де түсінбестен, келесі сабаққа кірді. Орыс тілінде Дастан еркін көсіле алмайтын. Қала балаларындай ойын жатық жеткізіп, су төгілмес жорғадай тайпалмайтын. Тұсаулы аттай кібіртіктеп, оқығаны да, мазмұнын айтқаны да әурешілік болатын. Бүгін де сондай бір орыс тілі сабағын басынан өткеріп отыр. Жайна апайы оқушыларға тапсырмаларды бастырмалата беріп, ойланып-толғануға мұрша қалдырмады. Дастанға бұл сабақ асығып-үсігіп белгісіз бағытқа жүгіріп бара жатқан бір бейбақты еске түсірді. Сонша көп тапсырмадан басы айналардай болып, олардан не қорытынды шығарарын білмей дал ұрып отырғанда, Жайна дәл мұның атын атап, тақтаға шақырмасы бар ма? Дастанның беті ду ете қалды. Бірінші сабақта өзін жақтай тіл қатқан Алтынға бүйрегі бұрып қалған еді. Үздік оқитын қалалық қыздың алдында орысша шоқырақтап ұятқа қалудан қорқып кетті. Тапсырманың түрі мынау: «қазақша мақалды орыс тіліне аудар» деп есінен тандырды. Намысты қолдан бермей, өзінде бар орысша тілдік қорын жұмсап аударып бақты. Бірақ онысы бүкіл сыныпты күлкіге батырды. «Ер жігітке сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл» деген мақал

Дастанның тәржімасында өзгеше өрекпіді. Жайна тақтаға көз қиығын салды да, дереу басын шайқады. Жоққа шығарған белгісі бұл. -Жазғаныңды дауыстап оқы,-деп қатуланды ұстаз. -Для батыра и прогулка прогулка, и хлопоты прогулка,-деп танауының астынан естілерестілместей етіп елеусіз оқып шыққан Дастанның үнін жамыраған күлкі көміп жіберді. Алтын бетін басып күліп отыр. Онысы бұл үшін ұялғаны ма? Нариманның онсыз да шиқан қызыл беті тіптен адам көргісіз болып кетіпті. Айбар партаны қолымен ұрғылап мәз. Қатты күлсе, дыбыстан қалатын әдеті. Қыран-топан күлкінің арасында Шалқар ғана әлденені ымдап, бұған көмектескенсіп отыр. Қайран досының мұны нөсер күлкіден құтқарғысы-ақ келгені байқалады. Дастан әркімнің жүзінен сан түрлі емеурін байқап, арпалыс халге түсті. Кенет Жайна апайына қарап еді, ол да езуін еркіне жіберіпті. Мына тордан қашып шыққан маймыл көргендей дуылдасқан оқушыларға қой деудің орнына өзі қосыла күліп тұрғаны қайткені? Күлкі... Бір сәт Дастанның құлағы бітіп қалды. Шыңылдаған бір ғана дыбыс қалды. Көз алдына өзін аңсатқан қарапайым, бірақ тым ыстық ауылы елестеді. Ешкім ол жерде шала қазақша шүлдірлемейтін. Барлығы қазақтың қасиетті тілінде сыйласа сөйлесетін. Үлкендердің арасында жүріп небір нақыл сөздерді жаттап өскен туған ауылына өксіп жетіп, мұңын шаққысы келді. Өзіне әжептәуір балама болып көрінген «хлопоты» сөзі құлағында тұрып қалды. -Ей, ақымақ, хлопоты деген сөзді кімнен үйреніп алғансың?-деп азуы ақсия ыржиған Нариманға Дастан ойламаған жерден тап берді. Найзағайдай жарқ ете қалған лебізден сыныпты емін-еркін жайлап алған күлкі шіркін тоқтады. -Ей, Нариман, неге күлесің? Сен Асылбек Арынович дегенде мен күлдім бе? Асылбек аға Арыно ВИЧ емес, Арынұлы ғой. Айбар сені Аяз атаға теңегенде, мен күлмеп едім. Мен саған Ом заңының өмірде не қажеті болады деп сұрақ қойғанымда, сен жауабын таппай жер шұқығанда, мен титтей де табалаған жоқпын. Ал сен неге мені жерге қаратуға дайын тұрасың? Неге менімен жұлдызың қарсы? -һм, Темірұлы, орныңа отыр,-деп тамағын кенеген Жайна сыныптағы шуды баспаққа бекер тырысты. Оны тыңдаған тірі жан болмады. -Сен өзіңді жұлдыз санайсың ба? Ақымақтың сөзін тыңдап қайтеміз, балалар. Одан да келесі сөйлемдерді аудара берейік,-деп Нариман тәкаппарлана сөйлеп орнынан көтерілді. -Келесі мәтел-«Тырнадан қарауыл қойсаң, басыңнан қиқу кетпес.» Бәлкім, Дастан, сен аударарсың. Сен қазақ аударма тарихындағы жұлдызсың ғой!-Нариманның сөзі әлі де тарқамаған әжуаға толы күлкінің семсерін қайта суырды. Ендігі күлкіге Дастан шыдап тұрмады. Артына бір қарады да, сынып бөлмесінен ата жөнелді. Көз алдында құлаққа жете жаздап теріс айналған езулер ғана қалды. Тіпті Айбар да күлді-ау. Екпіндеп барып жұмыс бөлмесінен шығып, коридормен ақырын келе жатқан Жомарт ағайын қағып кетті. Оқушысының жүзінен қорлану, намыстану, күйіну сезімдерінің әбден араласқан сиқын көріп, директор оның қолынан ұстап тоқтаттты. Дастан шу асаудай бой берер емес. Жерден басын алмаған шәкіртінің иегінен ұстап, өзіне қаратқан Жомарт оның мөлдір, нұрлы көзінен жас тамшысын көріп, аңтарылып қалды. Өзіне алғаш жүздескенде берген ұтымды жауаптарынан соң, ұстаз баланы жігерлілер санатына қосқан еді. Ал сол жігерлісі бүгін баурына кіріп кетердей болып жасып тұр. -Ағай, мені орысша білмегенім үшін жазғырды,-деп қыстықты Дастан. -Жүр, сынып бөлмеңе,-деп Жомарт оны жетектей жөнелді. Не болса да баланың көз жасын төктірген ахуалды анықтамақ. Сыныпқа директор кіріп келгенде, бей-берекет шу сап тыйылды. -Мәссаған, шайтан досым Жомарт ағайға шағымданып, оны ертіп келіпті,-деп ішін тарта таң қалды Шалқар. -«Прогулкасын» жасаймын деп көзі қызарып кеткен бе ғашық досымның,-деп Айбар барлаушыдай Дастанның өн-бойын сүзе қарады.

-Бұл не шу? Жайна ұстаз, балаларды сонша бетімен жібергеніңіз не? Бүкіл мектепті бастарыңа көтердіңдер ғой. Енді баяндаңыз, сабағыңызда Дастанға қатысты не жағдай орын алды? -Дастанның қазақшадан орысша жасаған аудармасы сәтсіз әрі күлкілі шықты. Балалар күліп еді, ол сыныптан шығып кетті. Содан соң... -Сол сәтсіз аударманы көрсетіңізші маған. -Мен ондай ұлы сөзді құр жібермейін деп өзіме түртіп алдым. Ағай, оқып берейін, тыңдаңыз. Дастанша айтқанда, тәржіма былай!-Нариман даусын нақыштап оқи бастады. -Өте сәтті аударма. Нағыз қазақ баласының аударғанын бірден байқауға болады. Мен сүйсініп тұрмын!-Директордың мына сөзіне барлығы бірдей таңдана қалысты. Дастан еңсесін тіктеп, Жомарт ұстаздың көзіне көзін қадады. «Көңілін аулау үшін жай сүйейсалды айтып тұр ма, әлде шын ниеті ме?» Өмір көрген ойлы жанар мен жасөспірімнің отты көздері тоқайласып тұрды да, бірін-бірі сөзсіз-ақ түсінді. Сол сәтте жаны жай тапқан Дастан күлім қақты. Сыныпта тыныштық орнап, сабақ ары қарай жалғасты. Жомарт Жайнаға қырсыққандай сыныптың артқы жағына барып отырып алды. Жайна сасқалақтап жалма-жан аудармаға жармасты. «Мына көзсіз батыр кім?» сөйлемін Нариманға тапсырды. Костюмінен қарны шығардай болып тұрған Нариманның аудармасы директорға тіптен ұнамады: -Кто этот безглазый богатырь?-деп тәржімасын сенімді оқыған Нариман өзіне ешкімнің шабуылын күтпеп еді. Оның ойынша, аудармасы өте мағыналы болатын. -Нариман, дәлме-дәл аудармадан жаңылыс кетуге әбден болады. Мағыналық тәржімаға жүгінуің керек,-деп Жомарт ескерту берсе де Нариман өз қатесін таппай пұшайман болды. Бірақ бір таң қалғаны-Дастанның жүзінде күлкінің көлеңкесі де жоқ. Кемшілік көрсеткен оқушыға күліп мәз болып қалуды тәуір көретін Нариманның жүрегінде Дастанға бүгін қатты күлгеніне өкінген тәрізді бір сезім қылт етті. Алайда бас көтермей жатып ол әлсіз сезімі бірден өшті. Өйткені Жомарт ағай Дастанға ерекше сүйсініспен қарап отыр екен. Нариманның көңіліндегі манағы ұялу, өкіну сезімдерін қызғаныш деген күншіл иттің қыңсылы жаншып тастады... ... Күн артынан күн жүрдектеген сайын мектеп өмірі қыза түсті. Барлық қоғамдық шараның тақырыбы біреу-Тәуелсіздік күні. Дастан сонау күздегі үшеуара кеңесін енді ұлғайтқан. Кеңеске Алтын мен оның құрбысы Нұрай да мүше болған. Өзара қимылдары тым сақ, ешкімге сыр алдырар емес. Нариманның ашуына тигені де осы. Бесеуінің не тындырып жүргенін білуге қанша ынтықса да, оның сәті түспеді. -Сенің атыңды Арлан деп бекер қойған. Арландығың шамалы. Түк кәдеге жарамадың,-деп Нариман оң қолы Арланды бір сөгіп алды. Сыныптан барлық оқушыны шығарып, бесеуінің сөмкелерін тінткенде ешқандай ерекше дерек шықпады. Тағы да олардың не істеп жүргенінен хабарсыз қала беретін болды. -Айғаным апай келе жатыр!-деп Арлан жыланша ысылдады. Екеуі дереу терезені ашқансып, гүлге су құйғансып тұра қалды. Айғаным апай бұл көрініске риза болып, жадыраған жүзбен: -Балалар, Дастан мен Алтынды менің бөлмеме шақырып жіберіңдерші. Олар маған керек еді,-деп қайта шығып кетті. -Тағы да Дастан ба? Неге Дастан мен Алтын? Алтынның жанында ол кім еді? -Ол тақпақтап сөйлеп, Айғаным апайға әбден ұнаған сияқты ғой. -Мейлі, кімге ұнаса оған ұнасын. Алтынға ұнауына жол бермеймін. Жоспарым бар. Тек сен көмектессең жетіп жатыр.-Екеуара сыбыр ұзаққа созылмады. Ауасы желдетілген сыныпқа кірген қыздар жағы таңдайларын қаға таңданды. Кеудемсоқ Нариман тазалықты да өз қолына алыпты. Үзілісте айтылып бітпес әңгімелер қызуына кіріп кеткен дүйім оқушыны Арланның даусы тік тұрғызды: -Балалар, қараңдар, Дастанның желкесінде бит кетіп барады! -Бит?

-Дастан? -Бит туралы мақал-мәтел айтарсың, Битеке?-деп Нариман Дастанға таяп келіп, ашық соқтықты. Ұяттан өртенердей болып жүзі жанған Дастан партасынан тұрам дегенше Нариман желкесінен баса қойды. Дастан кері бұрылып, оның қолын босатуға тырысып еді, шиқан сары қауқарлы екен, жіберер емес. Қыздар қорқып кетіп, Жайна апайды шақыруға ұмтылды. Дастан ашумен жұлқынғанда, алдында тұрған партаның қырына маңдайын соғып алды. Қызыл қан дуылдап шыға келді. Қанды көрген оқушыларда ес қалмады. Көз алды тұнып кеткен Дастанды Шалқар сүйей берді. Айбар жараны үрлеп, «ұстамаңдар, тимеңдер, вирус түсуі мүмкін» деп қауіпсіздікті қадағалап тұр. Дастанның құлағына әкесінің «таяқ жедім дегенше шие жедім де» деген даусы жетті. Намысты әкесі ұлының шағым айтып, көз жасын көлдеткенін әсте көргісі келмейтін. Ал анасы баласының маңдайына салқын жел тисе де, ауырсынып, алаңға берілетін. Сондықтан Дастан Жайнаға да, тәрбие ісінің меңгерушісі Күнайға да «байқаусызда өзім құлап қалдым» дегеннен танбады. Бұның арғы төркінін түсінбеген Нариман жеңімпаз райман кеудесіне нан пісіп, келесі жоспарын іске асырмақ болды.Ұстаздардың басым көпшілігінің және Жомарт ағайдың Дастанға ерекше ықылас танытқандары Нариманның жүрегіндегі қызғаныш сезімінің өшпенділікке айналуына түрткі болды. Сабақ соңында оқушылардың барлығының қалта телефондарына Дастанның желкесін ұстап тыржиған суреті мен бір ауыз мазақ сөз келіп түсті. Суреттің астында: Әкемде кредит, Шешемде креди, Ал менің басымда бит, деген сөз жазылыпты. Оқығандардың бірі күлді, бірі бас шайқап қоя салды. Енді бірі отқа май құйып, өзгелерге тарата бастады. Тағы бір төңкерістей төбелесті күткендері де бар-тын. Бірақ Дастан тақтаға шығып, елді аузына қаратты. Жұдырық жұмсамады. Қарымтасын көркем сөзбен қайтарды: Бит емес бақ басымда, Длстарым, құрбым қасымда, Бақты бит деп білетін, Ақылың бар ма басыңда?! Арланыңды ертіп жаныңа, Қарайыпсың әбден қаныңа, Бізден тосын сый күтіп ал, Тәуелсіздіктің алтын таңында! Тақтаға ирек жазуымен шимайлаған Дастанға қошемет білдірушілер көбейді: -Пай де! Ақын екен! -Достым, мақтамен бауыздадың. Жарайсың! Міне, нағыз жігіт!-деп Алтын Дастанның атағын айға асырды. -Суырып салма ақын екенсің ғой. Бұрынғы заманға кетіп қалғандай болдық қой,- десіп ауыздарын ашып, көздерін жұмды. Бірақ бұл көпшіліктің тегіс таңдануының тек басы ғана болатын. -Өтіріктің құйрығы қысқа деген. Нариманның саған неге шүйлігіп алғанын мен сезетіндеймін. Онікі жай ұсақ күншілдік қой.-Қатарласа аяңдаған Алтын мен Дастан тәмам болған күннің қорытындысын өзара айшықтап келеді. -Менің оған дұшпан емес екенімді жақында түсінер деп ойлаймын! Мүмкін біздің бірлесе көрсетер тосын сыйымыз оған ой салар?-Дастан дауласу ниетінен ада екенін айтып, ақ пейілімен Алтынды қуантып тастады. -Өз ісінің байыбына жетуі әбден ықтимал. Өзі сабақта алғыр, ұғымтал. Бірақ өзінен асып оқитындарды ұнатпайды. Бұл қасиеті өзгере қояр ма екен?-Алтын ойлана сөйледі. -Алаңдама, құрбым. Қызғаныш деген әркімде болады. Кеше Шалқар екеуің қалта теоефондарыңа суретке түскенде мен қызғанбады деймісің?-Дастанның әзіліне Алтын жадырай күлді.Бір ауыз жылы сөзден бастау алатын достық атты ұлы сезім әркімге қонақтай бермейді. Достықтың адалдығын сақтай білгендер ғана, өмір сынынан өтіп

сұрыпталғандар ғана осы сезімді Темірқазықтай нық нысанға айналдырады.. Кеуделеріне тұмар етіп қадайды. Бұл бесеудің ішінде Алтын мен Дастанның достығы сондай риясыз мөлдір еді. Ал осы тым кіршіксіз сезімнің алаулаған махаббатқа айналар күні де алыс емес-тін... Күле жеткен достарды Айбар мен Шалқар тыпыршып күтіп тұрды. -Біз мұнда Алматының аязына тоңып тұрсақ, сендер бізді ұмытып, күліп мәзсіңдер. Әне, тәмпіш танауы қызарып, Нұрай келе жатыр! –Айбар Дастанды сөзбен бір сілкіп алды да, жол бастай жөнелді. Дастанның жалдап тұрып жатқан пәтеріне өзімсіне кірген Айбар құпия кеңестің кезекті отырысын бастап кетті. Шалқар жасаған слайдтар достардың бай идеясымен құлпырып, жанды бояуларға малынды. Әкесі мен шешесі жұмысқа кеткендіктен, достар жоспарларын толық іске асырумен шұғылданды. Әрі Дастанның атаанасы олар үшін кедергі емес еді, керісінше үлкен қолдау, күш берер қымбаттыларына айналғаны қашан! Тәуелсіздік мерекесі жақындай берді. Достар мектеп ұжымына өздерінің әзірлеп жүрген тосын сыйын таңғажайып етіп ұсынуға жандарын салды. Желтоқсаншы батырлармен кездесулер жиі өтті. Тарих болып қатталған егемендіктің еңселі тарландары туралы сан жерде тақырыптар толғанып, бүтін бір қоғам толғақты тебіреніс үстінде жүргендей аса қастерлі шақ болатын. Қоғамның бір жанды бөлшегі мектеп болса, оқушылар мұндай ұлы жаңалықтардан қалай құр қалсын!Олар ел бастағанды қостап әкетіп, жалынды маздаған өртке айналдыруға құлшынып тұрды. Бесеудің сыйы туралы тірі жан білмесе де, олар дайындықтарын арттыра түсті. Сабақтарына тиянақты дайындалып, үлгерімі жақсы оқушылардың қатарына қосылған Айбар мен Шалқар Дастанды тек есеп сабақтарынан қолтығынан демейді. Өзге пәндерде Дастан сыныптастарынан қалысар емес. Әсіресе Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті сабақтары Дастанның жұлдызды сәтін туғызатын тамаша мүмкіндіктерге толы сүйікті сабақтары-тын. Арыны басылған Нариман енді алыстан сөз қағысудан арыға бармады. Дастанды кекетуге қолайлы сәттің тууын күткен сыңайы бар... -Ат нөпір қағаздың тасасынан көрінбей қалыпсың-ау, Жайнаш!-Қарт ұстаз Жайнаны еркелете сөйлеп, оның жүзіндегі шаршаңқылықтың ізін сейілткісі келгендей. -Бұлай жалғаса берсе, оқушы жайына қалып, кәдімгі қағаз кемірген тышқандарға айналамыз ба деп қорқамын.- Жас ұстаз өз қорқынышын ашық аңғартты. -Сен жассың ғой. Жастығыңның жалынын көпірген қағазға жасытып алмай, ұлт патриоттарын тәрбиелеуге жұмсауың керек. Өліара тұс па деп кейде ойға қалам. Өтер бұл қағазға табындырған тырбың тұс. Ал қазақ елі өтпек емес. Сондықтан таусыла бермей, ертеңгі мерекелік іс-шараның барысын пысықтап алайық! Қарт ұстаз сөзі көңіліне дем беріп, ел болашағына өзін жалғыз жауаптыдай сезініп, көңіліндегі келешекке деген қауіп мұзы ерігендей болып, Жайна күлімдеп сала берді. Балалармен шығармашылық жұмыста жаны кіретін ол мұқият дайындықты бастап кетті. Шешуіші сәт жақындап келеді. Бүкіл қаладан құрметті қонақтар келіп, осы мерекелік шараны тамашаламақ. Сәтті шығарына сенімі мол. Өйткені Жайна бұл істе жалғыз емес. Жанында Айғанымдай ақылшы тәлімгері тұрғанда, жас ұстаз неден тайсалсын! Осыдан отыз бір жыл бұрынғы қанды қырғынды еске алып күрсінгендердің жанын ақ ұлпаға бөктіріп, ұлынан, қызынан қапыда айрылған әкелер мен аналардың қайғысын терең шөктіріп Алматыны көбік қар басты. Дамылсыз жауып,тізеден асты. Үш күн тынбай қапалақтаған қарды тазалап үлгермей, қала билігі әбден састы. Ал қардың бұлайша қалың жаууы балаларға қуаныш әкелді. Мектептен шыға сала жерге емес, құс төсекке аунай кеткендей бір-бірін қарлы жерге лақтыра салады. Ауырсынып жатқан ешқайсысы жоқ.Туған жердің қойнында қарын жастанып, алаңсыз асыр салған тәуелсіз елдің балалары бақытты ғой, шіркін! Олардың тап-таза жандары осыдан тура отыз бір жыл бұрын Алматыны қандай қасіретке толы қасиет дүр сілкінтіп өткенінен бейхабар. Бірақ қазіргі бақытты балалық шақтарына риза. Кішкентай балалар бір-бірін қар үстіндегі жекпе-жекке шақырып жатқанда, Дастан ойға қалды. Бүгін қар атысқан мына екі бала

ертең шын қырғиқабақ қастарға айналмаса екен. Қазір досын тобықтан шалып құлатқан ана бір бала есейе келе кәдімгі аяқтан алар күншіл болмасын! -Уа, бас ақын, не тұрыс бұл? Болашақты болжағансып тұрған түрін!-Саңқ еткен Айбардың даусы Дастанның ой желісін үзіп жіберді. -Біз сені мектептің ішінен таппай әлектеніп жүрсек, сенің мұнда тұрғаныңа жол болсын! Шалқар сені шайтан күші бар деп шын айта ма деймін. Шайтаныңа еріп, аулаға шығып кетіпсің. Тіпті досыңа сыр қылып айтарың болса, бірге шығар едік қой! -Айбар, сенен жасырар сырым жоқ. Ата-анамды күтіп тұрмын. Келе жатырмыз деп еді. -Әне, көрінді! Байтас аға Айкүміс апайды құшақтап алыпты. Махаббат жасқа қарамайды деген осы шығар,-деп сыбырлаған Айбарға Дастан езу тарта қарады. Телехикаялардағыдай бір-біріне «сүйем, күйем» деген сөздер ін ешқашан естімесе де, Дастан әке-шешесінің биік сезімдерін бала кезінен сезіп өскен. Мақтанышпен жымиғаны да содан. Төртеуі қатарласып, мектепке кірді. Мектептің екі жүз адам сыятын кең мәжіліс залына аяқ басты. Көрермен қонақтардың алды енді келіп жатыр екен. Жомарт ағай қарбаласып жүгіріп жүр. Сонда да балаларды көріп бұрылды: -О, жігіттер, мерекеге еш қатыстарың жоқтай оқшау тұрсыңдар ғой. Бұларың жарамайды. Бүгін өнер мен ғибратты тарихтың кеші болмақ. Кәне, ат салысыңдар! -Ағай, сізге айтар маңызды сөзім бар!-Дастан түйеден түскендей етіп бұйымтайын дүңк еткізді. Шалқар мен Алтынның да келгенін көріп, Дастан өжеттеніп сөзін жалғады.-Рұқсат етіңіз, бүгінгі мерекеге арнаған тосын сыйымыз бар еді. Соны жалпы сценарийдің арнайы бір жеріне орналастырып беріңізші! -Ол не тосын сый? Балалар, сендер қалжыңдап тұрсыңдар ма? Бүгін бүкіл қала деңгейінде мерекелік шара ұйымдастырып жатырмыз. Ол басты сценарийге белгісіз бір тосын сыйды қалай енгіземін? -Мен білгенмін ағайдың келіспейтінін,- деп Шалқар жыламсырап қоя берді. Осы сәт Алтын мен Нұрай да жылаудың аз-ақ алдында тұр еді. Айбар тұрған орнында көкке үш рет ұмтылды. Бірақ қанаты жоқ, ұша алмады. Дастан түрі бұзылып, өтіне қиылды: -Ағай, бір мүмкіндікті жауға да берген қазақпыз ғой. Оның жаныгда өз шәкірттеріңізге сенім артпайсыз ба? Сіз сенім артпасаңыз, біз болашаққа қалай бет аламыз? -Жақсы! Сендім! Айғаным апайларыңа айтыңдар. Тосын сыйларыңның ретін сол кісі айтады,-деп директор сыйлы қонақтарды қарсы алуға шығып кетті. Айғаным «Жомарт тентектерге сенім артқанмен, олар балалықпен бүлдірмесе жарар еді» деп қауіптенген күйі, тосын сыйдың кезегін кештің соңына белгіледі. Мектептің мәжіліс залында Тәуелсіздіктің мерейтойына арналған салтанатты кеш басталды. Кеш жүргізушілеріоқушылардың бала қырандай саңқылдаған дауыстары жүректерге жетті. Неше ғасырлық тарих қопарылып, уақыт көші кейін қарай шегіне берді. Риза болып сүйсінген көрермендер алақан қызғанша қол соғумен болды. Қанша қазақ қызын қыршынынан қиған, қаншама қазақ жігітін жастығынан айырған Желтоқсан ақиқаты кең залды алдаспандай тіліп өтпесе де, толғанысқа ерік беріп тербетіп тұрды. Кеш соңына таянғанда, бесеудің тынысы тарылды. Шалқар бозарды. Айбар «ыстықтадым» деп костюмін шешті. Қыздар ары-бері жүріп, демдерін зорға алды. Қосалқы бөлмедегі бұл күйгелек күйді кешті тізгіндеген Нариманның даусы тіптен асқындырды: -Мектебіміздің 9-сынып оқушылары дайындаған «Тәуелсіздіке тарту» атты тосын сыйды қабыл алыңыздар! Биік рух берер күй әуені аяқталмай, сахнаға лап қойған бесеудің әрекеті а дегеннен-ақ баршаның назарын аударды. Бесеу өздері де сезбестен толқудан арылып, тірі образға ене берді. -Ел тағдыры қыл үстінде! -Ел тағдыры нысанаға тігілсе, ер тағдырын қақпақылға салып қарап тұрсақ, қазақтығымызға сын! -Жігіттер, бүгін бұғып қалсақ, тарих кешірмейді!

-Жан берсек берерміз! Өзгеге өз елімізді өзектен теуіп, құл етуге бермейміз! Аттан! Сахнада сол жылдардағы студент жастарша киінген оқушылар Алматының орталық алаңына аттанып бара жатқан көріністі тірілтті. Қалың көрермен дүркірете қол соғып, зал жаңғырығып кетті. Жомарт өзінің қасында отырған қарт ұстазға масайрай қарады. Онысы «қателеспедік. Дастанның талант күші бізді алдамады» дегені. Айғаным басын изеп, назарын сахнаға аударды. Музыка әуені кілт өзгергенде, алаңдағы көрініс көзге ұрды. «Елім» деп жан ұшырған жастар асқақ рухын жауына алдырмады. Қол ұстаса шеңбер жасаған жастарды полиция киіміндегі бірнеше бала тарқатпақ ниетте. Дес берер бесеу жоқ. -Қазақты шеттен келген шіркіндер билемейді! -Қазақтың жері-қазақтікі! -Біз тұрғанда қазақ жерін ешкім бөлшектеп, тонай алмайды! -Тараңдар! Тараңдар!-деп айғайға басқан сақшылар оқиғаны шиеленістіре түсті. Бірі келіп Алтынның ұзын шашына жармасты. Бұрымды қыз ұшып түсті. -Жігіттерін шетінен жайпаңдар! Қыздарын мұзға отырғызыңдар! Ешқашан тумайтындай етіңдер!-деп сақшы бала қырылдай дауыстағанда, зал күңіреніп кетті. Кешегі Желтоқсанның жаңғырығы тура сол күнгідей жан бітіп, бар болмысымен бой көтергендей болды. Қонаққа келген желтоқсаншы батыр ата-әжелер жасты көздерін жасырмай-ақ жылап отырды. -Қыздарға тимеңдер! Қазақ қызы-ұлтымыздың ары! Оны таптауға жол бермейміз!-деп ұмтылған Дастанды сақшы ұрып құлатты. Дастан Алтынның жанына топ ете қалып, еңсесін тіктей сөйлей жөнелді. Баланың даусы қарлықпай, бар бояуымен бекем шықты. -Қазақтың қызы, қызғалдағым, көтер басыңды! Мұз үсті емес бұл! Туған жердің тоңы да бізге қорған! Біз жеңеміз! Ақиқат біз жақта! Ақиқатқазақ ұлты өмір сүреді! Ақиқат-қазақ ұлты жойылмайды! -Батырым, Атамекенімнің ардақты топырағында бізге суық өтпейді! Біз көтерген бұл үн ғасырларға Тәуелсіздік болып жетеді! -Қазағымның аруы, сен мұз үстінде де көктейтін қызғалдағымсың, сен барда Қазақ өлмейді! -Қазақ ері, сен сүйген қазақ елі өшпейді! Балалардың өз жүректерінен өткізе айтқан сөздерінен зал сілтідей тынды. Демін іштеріне тартқан көрермендер тік тұрып, сахнаға анталай көз тастады. Әрқайсысы ұранды сөзбен тіл қатқан сахнадағы оқушылардан сақшылар тайсалып қашып, көрініс аяқталғанда, желтоқсаншы ардагер сахнаға жылдам көтерілді. Ризашылық белгісі ретінде ұзақ соғылған шапалақ үнінің бәсеңдеуін күтіп тұрып, ол сәлден соң сөз бастады: -Бұл сол қырғынды көзімен көрген батырлардың берген батасындай ғаламат көрініс болды. Балалар, кәне, бері келіңдер! Мынадай жастары бар қазақтың болашағы үшін еш қорықпауға әбден болады!-Ардагер көз жасын сүртіп тұрып, балаларды кезек-кезек сүйді. -Тәуелсіздікке өз тарапымыздан сыйымыз болсын деп ой тұтатқанДастан досымыз!-деп Айбар үш ай бүккен шындықтарын жайып салды. -Бізді біріктірген, достастырған Тәуелсіздік деген ұлы мерекенің құрметіне дайындаған тартуымыз!-деп Дастан салтанатты түрде паш етті. -Ғаламтордың ханзадасы, көркемдік әрлеуші-Шалқар досым,-деді Нұрай . -Ал біздерді қаланың келесі бір шетіндегі мектептің сақшы болып ойнаған шәкірттерімен дос, бауырға айналдырған Дастанның анасы Айкүміс апай мен Темір әке! Қошемет сол қос желтоқсаншы батырларға!-Алтынның мына сөзінен соң зал тегіс шақырусыз келген екі батырдың сахнаға шығуын сабырсыздана күтті. Осы көріністі баланың ойынына баламай, бар ниеттерімен жабдықтарын дайындап, әуенімен әрлеп, сазымен сырлаған Дастанның анасы мен әкесі сахнада тұр. Мәнерлі сөзді ана бастады:

-Біз-желтоқсаншы жанұямыз. Жаңағы көрініс-таза шындық! Мұз үстіне жүрелеп отырғызып, «тумай қал» деп қарғағандары да рас. Алайда кеңестік кесірлі қарғыс қазақ еліне дарымады. Мұз үстіндегі сол қызғалдақ бүгінде көктеді. Ол-біздің Тәуелсіздігіміз. Ал құдай бізді перзентсіз қалдырмады! !-Айкүміс толқып кетіп, көз жасын сүртіп дамылдады. -Тәуелсіздіктің жырласа бітіп бермес дастаны болсын деп есімін Дастан қойған едік! Сол Дастандай балалар қазақтай мәңгілік елдің еңсесін әманда тік ұстауға жарайтынына сенемін!-Әр сөзін нық айтқан Темірдің лебізін сарт-сұрт шапалақ жұлып әкетті. Бұл кезде залда барлық жан тік тұрған еді. Дастан өзімен иықтас келген Нариманмен жанар түйістіріп қалды. Бірақ бұл жолы көздері жылы ұшқын атып, екеуі де жымиысты.

Ақша бұлттар түнергенде (әңгіме)

Бұл-біреуге арман, біреуге жалған өмір сыйлайтын атақты Алматы қаласы. Атышулы шаһар кейбіреулердің сағын сындырып, олар үшін мәңгілік орындалмас арман мекені болып қалады. Бағзыбіреулердің дәл осы қалада арман арғымағы арқырап, тасы өрге домалап, орындалған ойлары опындырмайтын. Қасен қария бұл қос санатқа да кірмейтін. Ол мұнда арман қуып, не бір мақсат жетегінде келмеп еді. Алматыға табан тіреткен қара басының қамы да емес-тін. Қарияны амалсыз алматылық еткен жалғыз ұлының армандары болатын. «Қалаға үйреніп кетермін» деп ұлы мен әйелін алдаса да, қарт өзін алдай алмады. Ол үшін қала жат, мүлде үйренісе алмас, ешқашан бауыр басып кете қоймас бөгде болып көрінетін. Мұнда таң ауылдағыдай арайлана атып, шапағымен жер бетін аяламайды. Бар болғаны зәулім үйлердің арасынан сыздықтай түсіп сығыраяды. Алматы кештері де Қасенге ауылдағыдай салтанатты сипатпен кербез қалып таныта алмайтын. Сәнін асырып, күні бойғы шаруа қамын тыныштыққа жасырып, жанын саябыр таптырмайтын. Қайнаған қала тірлігі қарияға тұрмыс теперішінен әлдеқайда қашып, бас сұғар пана таппай бүрсеңдей безілдеген бір бейбақтың күйін елестететін. Түрлі-түсті көше шамдары да Қасен үшін тым ыстық ауыл жарығындай жарқырай алмайтын. Қасен өзі қиып, алыста қалдырған, сағынып ойлаумен көңіл көзін талдырған аулын аңсап жүр еді... -Мужчина, подскажите, пожалуйста, это какая улица?-Ойға батып, аяғын санап басып, баяу келе жатқан Қасеннің ойын бір жас қыздың даусы бөлді. Бағытынан жаңылысқан бір қара қыз ақсақалдан жөн сұрамаққа тоқтатты. Қасен қаракөз қыздардың осылай орысша шолтыраңдағанын мүлде жақтырмайтын. -«Әй, еркек, мынау қай көше?»-деп айтатын аз-маз қазақшаң да жоқ па? Абай көшесі бұл. Қиылысты айтайын ба?-Қарияның үнінен қыңырлықтың лебі есіп тұрды. Шамасы жетсе осы қара торы қызды қазақша сайратып жібергісі келіп тұр. Оған пысқырған жас қыз болмады. -Значит, мне надо идти прямо,-деп адымдай жөнелді. -Иә, түзу жүр. Өмірде жолың түзу болсын,-деп кімге кейігені белгісіз, Қасен қалың қабағын түйіп,үйіне беттей берді. Аулада қарама-қарсы пәтерде тұратын көрші шал ұшырасты. Амандасуға ыңғайланған мұны көрмегендей кейіппен жанынан жортып өте берді.«Өзі кісікиік пе, әлде менің сұрқым сонша сұсты ма?»-деп Қасен бесінші қабаттағы үйіне келіп кірді. -Отағасы, мал қоралайтын уақытта шығатын әдетіңмен далада жүріп келдің бе? Мен Әлинұрды балабақшадан алып қайттым. Қазір балалар да жұмыстан келеді. Тамақ қамына кірісейін,-деп бәйбішесі Сәлима салдырлай сөйлеп қарсы алды. -Малымды қамдап, берекемді босағама берік байлағандай көңілді жүретін едім. Мұнда төрт қабырғаға қамалдым да қалдым.-Қасен ауылын сағынып жүргенін осы сөзімен аңдатып алды.

-Отағасы-ау, мен сағынбайды деймісің сол шаңырақты? Ауылдағы ескікөздерді түсімде көрсем,«е, олар мені ойлаған ғой» деп қуанамын. Бәрі де баламыздың бақыты үшін жасалған тірлік болды. Жаудың қолында отырған жоқпыз ғой, бұл да өз үйіміз,-деп Сәлима бір жағы еріне сыздаған сағынышын сездіріп, бір жағы оған басу айтып қойды.Қасен ауыл төңірегіндегі әңгімені ұзартса, жүрегіне жасырған сағынышы тіптен тіріліп, маза бермей қоярын біліп, немересінің жанына барып отырды. Төрт жасар Әлинұрының тәтті қылықтары оны күлкіге бөлейтін. Ойға шомып, мұңға бөгуге мұршасын келтірмейтін. Кешкі ас үстінде төрт көздері түгелденді. Келіні Зайра мен ұлы Өмірбек дастархан басында ата-аналарын сыйлап-ақ отыр. Ас үй Әлинұрдың былдыр тілімен шала-шарпы баяндаған әңгімелерімен шуға толды. -Әке, бүгін балабақшада бізге Әнұран деген ән үйретті. Бізге басқа жақтан аға-апайлар келеді екен. Біз Әнұран әнді сол кісілерге айтуымыз керек екен. -Әлинұр, сен тәрбиеші апайдан кім келетінін сұрап білмедің бе? Барлық жаңалықтан хабардар болып жүруші едің ғой.-Өмірбек ұлын еркелетіп, лебізімен көтеріп қойды. -Неге сен баланы өсек тасуға дағдыландырасың? Кейін үйдегіні далаға, түздегіні үйге таситын суайт болып кетеді,-деді Зайра әке мен бала әңгімесін теріс көріп. -Зайра, өсегің не? Бала күні бойы бізді көрген жоқ. Өз жаңалықтарын бізбен бөліспегенде кіммен бөліспек?Әлде үн-түнсіз тамағын беріп, қолына қалта телефонын ұстатып, бөлмесіне қуып тығайын ба? -Жә, Өмір, Зайраның айтқаны да орынды. Бірақ баламен әңгімелесу де керек. Шайдың шырқын бұзбаңдар,-деп Сәлима ешкімді ашық қостай алмай бүгежектеп сөйледі. Біреудің үйінде отырғандай бөгеліп сөйлеп, жасқаншақтап отырған әйеліне қарап, Қасеннің іші ұлып қоя берді. Сол жайсыз сезімнен арылмақ болып немересіне: -Қане, Әкөнай, айта қойшы сол үйренген әніңді,-деді.Зайраның қату қабағы ұлына әнді айтқызбады. Дастархан басынан үнсіз көтерілгендер жандарына бір ауыр түйінді жасырын байлап алып бара жатқандай еді... Алматының таңы атты. Сызылып, баяу атпады. Күн тұрғындарды тірлік қамымен ақ сәулесі жерге түсер-түспестен тырбыңдатып, «жарығым барда қарманып қал» дегендей дегбірсіздене көтерілді.Ауылдағы әдетінше Қасен де, Сәлима да ерте тұратын. Бірақ бұл қылықтары келіндеріне жақпай-ақ қойды. Ол қосарлана ас үйге кірген енесін елемегендей, өзіне ұнайтын тәтті-пәттімен шай ішуге кірісті.Сәлиманың жүрегіне ауыр тиетіні де келінінің осы қылығы еді. Бір үйде тұрып, бір дастархан басында шай ішпесе, несіне «бір отбасымыз» деп кеуде қағады? Естіген елден ұят емес пе? -Қызым, неге жеке шай ішіп отырсың? Өмірге дастархан дайындап бермейсің бе?-Сәлима келініне жұмсақ сөйлеп, суық қабағының мәнісін білмек болды. -Мен жұмысқа асығып барамын. Өмір керек болса өзі жасап ішсін. Мен ас үйді өзіммен бірге алып кетпеймін.-Келін мен ененің сөзі осылай тыйылды. Сәлима қызметкер келініне ештеңе деместен, өзі дастарханның реңін кіргізе бастады.Төртеуі дастарханды жағалай отырып, таңғы нәсіптерін ішіп-жеді. -Өмір, осы Зайра неге көбіне көңілсіз жүреді? Қанша жақын сөйлесуге тырыссам да, іш тартар емес.-Ұлымен сырласып, ашық сөйлесіп үйренген Сәлима ойындағы түйткілін жасырмады. -Апа, ол жұмысынан қатты шаршап жүр. Қызметіне тексеру келіп жатыр екен. Содан да сізбен емен-жарқын сөйлесуге шамасы келмей жүргені.-Өмір ақтағаны, не жақтағаны белгісіз жайма-шуақ тіл қатты. -Түздің салқынын үйге әкелмесе жақсы болар еді.-Қасен бәйбішесін қостап, бір ауыз ой тастады. -Әже, балабақшаға кеттік. Мен атам сатып әперген ұшағымды алып барамын. Иә деші, әже!-Әлинұр да өзіне ғана тән, бірақ өзінше қарбалас күнін бастап үлгеріпті. -Ботам-ау, сенің балабақшаң үйдің іргесінде. Көшені кесіп өтсек, балабақша тиіп тұр. Несіне асығамыз? Одан да жақсылап тамақтан.

Қызметіне баруға ыңғайланған ұлымен Қасен қабаттаса шықты. Аялдамаға дейін ұлын шығарып салмақ еді. -Әке, бүгін мен өзімді бірінші сыныпқа бара жатқан күнімдегідей сезініп тұрмын. Тек шоқ гүл мен көк аспанда қалықтай жүзген нар пішіндес ақша бұлт қана жетіспей тұр. -Ақша бұлттан өзге ақ шаңқан үйлі ауылым да жетпей жүр маған. -Әке, біз бір аспанның астындамыз. Ауыл да, қала да осы бір ғана аспанның астында, бір ғана Жер-ананың құрсағында тербеледі. Сондықтан ауылымнан шалғай кеттім деп көңіліңе күз шақырмасаң да болады.-Ұлы қалжыңға бұрып, әке жанын қалтқысыз түсініп жүргенін байқатып, Қасенді іштей қуантып тастады. -Иә, Жер-Ана жалғыз, көк жалғыз. Ал менде ұл жалғыз. Егер көп ұлым болса, қайсысымен бірге тұрамын деп ойланып-толғанар едім. Ондай таңдау реті болса, ауылдағы ұлыммен қалар едім-ау!-Әкесі Өмірдің әзілін жандандырып, жарқын жүзбен жайраң қақты. -Әке, сізде ұл жалғыз. Бірақ сол жалғыз ұлыңызда арман көп. -Арманы жоқтықтан Алла сақтасын. Арманда, арында, балам! -Әке,әңгіме автобустың келуін тездетті ме, қалай? Күнде жарты сағаттан артық тосып, тағатымды тауысатын автобус келіп қойды. Кеттім мен, әкетай! -Бара ғой, балам! Сені күнде осылай жұмысыңа шығарып салып тұрмасам. –Қасен ұлын арқасынан қағып, автобусқа қарай бет бұрды. Өмірі қолындағы папкасын кеудесіне қысын, бірнеше адым аттай беріп, қайта кері бұрылды. -Әке, бүгінгі кәсіби суретшілер байқауынан жүлдемен оралайын. Бата берші!-деп қиылды. Жөпелдемеде аузына жаттап жүретін баталарының бірі де түспей қалған Қасен сәл тұрып: -Бүгінгі емес, бар күнің күлімдесін, Өмірде ақша бұлтың түнермесін!-деп төтеден тауып кетті. -Айтқаныңыз айнымай келсін, әкешім!-Өмір жылдам бұрылып, жылжып кетіп бара жатқан автобусқа мініп үлгерді. «Орда бұзар отызы ғой. Автобус түгіл шу асауға да қарғып мінер шамасы бар,»-деп әке жүрек баласына сүйсіне қарап қалды. Кенет ырымшыл қария өз-өзінен тіксініп, «түу, ұлымның автобусқа қарғып мінгеніне сұқтанғаным нем? Өз көзім өзіме қатты тиіп жүрмесінші. Тфә-тфә!»-деп қойды ішінен. Иә, ауыл қарттары ырымшыл келеді ғой. Әрі сол ырымның астарында шындық жататындай. Қасеннің Өмірге дейін егіз ұлдары болған еді. Сол бір иті тынбай ұлыған түні егіздерінен Сәлима екеуі көз жазып қалған. Қалың қардың қыспағында қалған ауылда ауырған қос ұлы ауруханаға жетпей, үйде көз жұмған болатын. Сол қазадан соң иті де тұмсығын көкке көтеріп ұлығанын қойып кеткен-ді. Содан бері Қасен қатты ырымшыл болып кетті.Содан да болар, әр күн сайын «жалғызыма жанның көзі, тілі тиіп кетпесінші» деп дұға етіп жүретін. Өткен күндердің елесін санасында самсыратып, Қасен үйіне оралды. -Әлинұрдың қызықтары бітпейді ғой, шіркін! «А» деген әріп үй сияқты, мен өскенде атам екеуіңе сол «а» тәрізді үлкен үй салып берем» деп күлдірмеді ме жолда,-деп Сәлима ашық қабақпен немересінің тәтті қылықтарын баяндай бастады. -Е, немереміз тілегіне жетсін. Оның бізге үй салып, өзінің шаңырақ көтергенін біз көреміз бе...-Қасен белгісіз мұң шырмауынан шыға алмай күбірлей сөйледі. -Осы саған не көрінген? Не айтсам да, теріс жорып отырасың.-Бәйбішесі ренжігендей кейіппен үйді реттеуге кірісті. Қасен қонақбөлмеге келіп отырды. Үстел үстіндегі жайылған қағаздарға көзі түсті. Өмірінің салған суреттері ғой. Бұрын әр салған суретін көрсетіп жүруші еді. Енді неге екені белгісіз, әр туындысымен бөлісе бермейді. Бірақ қарт ұлының жаны өзімен бірге екенін сезетін. Үстел үстіндегі қағаздардың арасынан көзіне бір сурет ерекше шалынды. Бір қарағанда-ақ бүкіл толқыныс-тебіренісін тербетіп жіберді. Суретте ауылы, ақ шаңқан үйі, түзу ұшқан түтіні бейнеленіпті. Мамыражай ауыл тірлігі ұлының қанық бояуларында тіптен тіріліп, көңіл түкпірінде көмулі ыстық сағынышын қопарып жіберді. Қасенге өзінің туып-өскен ұясынан алыс кеткені бір жаз емес, ғасыр толып кеткендей тым-тым жүрегін

қарып түсті. Қасен үшін жұмақ мекендей көрінетін ауыл ының суреті оның қолында дірдір етіп тұрды. -Шал-ау, бір нүктеге қадалып не істеп отырсың? Тағы ойға батып кеткенбісің?-Сәлима келіп иығынан қаққанда, құлпырған ауыл суреті қолынан сусып түсіп, бөлменің қақ ортасында тұрған шелекке түсті де кетті. Бөлмелердің бар шаңын жұтқан шелектегі қара су аппақ қағазды былғап тастады. Тіксініп қалған Қасен жалма-жан суретті жұлып алып, кемпіріне ажырая қарады. -Алпыстан асқанша күйбеңдейсің де жүресің. Келін алып қолың ұзарғаны қайда? Келініңе өзің келін болып сызылып жүргенің. Бүлдірдің ғой Өмірдің суретін! -Шал-ау, шыдамымды тауыса берме. Келінім емес қызым ғой ол менің. Суға түскен суретке бола сонша ашуланғаның не? Не сурет ол?-Шелектен бояуы қашып шыққан суретке үңілген Сәлима терең күрсінді. -Е-е, отағасы, ауыл бізге шерлі сағыныш болды ғой. Ортақ шерін бір-бірінен жасырғандай бұқпа күймен жүріп кешті де батырды. Сәлима Әлинұрын балабақшадан алуға асығып кетті. Қасен оңаша қалып, ой құрсауында қалғанды қанша жек көрсе де, ол қиын қыспақтан бұл кеш құтыла алмады. Кенет үй телефоны шыр етті. Селк еткен Қасен жалма-жан телефонды көтерді. Ар жақтағы ұлы екенін жазбай таныды. -Әке, сүйінші! Сенің ұлың қалалық кәсіби суретшілер байқауында бас жүлдегер атанды! -Оу, балапаным, қалағаныңды ал! Ауыл суреті ме сені аспандатқан? -Әке, қайдан біліп қойдыңыз? Мен ауыл жайын бейнелеп, жеңімпаз атандым. Менің көреген әкем...-Телефондағы дауыс кілт үзілді. Баласының қалта телефоны сұмдық оқиғаның сорақы дыбыстарын жеткізіп тұрды.Қасен қимылсыз сілейді де қалды...

... Құлазыған жұпыны бөлмеде үш қарт отыр. Әрқайсысы өз әлінше бір іспен айналысқансып қояды. Бірақ бірде-біреуінің бет-жүзінде шынайы өмір реңі жоқ. Құр сүлдерлері ғана. Терезе түбінде отырған бір қария әлдеқайда қадалып, тесіліп қалған. Оның тірі екенін қасірет табы тұнып қалған,оты өшуге айналған жанарынан ғана байқауға болады. Бұл сүреңсіз мекенге біздің қоғам «Қарттар үйі» деп ат қойып, арсыз айдар таққан. Ғұмырының азынан көбін өткізген, бала-шағасын мақсаттарына жеткізген қариялардың келер орны бұл ма еді? Қарттар үйі емес, қорлық үйі деп атаса жарасар... -Қаке, келіңіз. Шай ішіңіз. Шер тарқатысайық,-деп Елеусіз Қасенге жаны аши бет бұрды. -Біз аяғаннан не пайда? Ол бейбақты Алла аясын,-деді тағы бір қарт самарқау ғана. -Е, біреуді есіркеп-мүсіркейтіндей біздің қай жеріміз оңып тұр? Бар жетіскеніміз-мына меңіреу мекенге тез-ақ мойынсұнып кеткеніміз бе? Ал Қасен шын асыл екен, тамұқ тағдырдың темір қамытына мойын ұсынбай асаусып отыр. -Алла маңдайға жазды, пенде көнді. Тулағанда қайтер дейсің? Өмір ғой, көндігіп кетер. -Өмір? Мына ттірі жанға керексіз болып сүмірейген күнімізді өмір деп атауға тұра ма?Өмір дейді ғой тағы да?-Қасен кенет жалт бұрылып, сөзге төтеден қосылды. -Өмір деп атауға келіспесең, неге келдің бұл тозаққа? Менің ұл-келінім шет елге қоныс аударып, мені ескірген тулақтай жұртқа тастап кетті.-Елеусіз қасіретінің түйінін ағыта салды. -Мені туған қызым артыққа балады. Масылсың деп маза бермеді. Соның қорлығынан кеттім емес пе? -Өзім кеттім деймісің? Осы сөзіңе өзің сенесің бе? Сен өзің мынадай малғұн халді таңдап алдың ба? Ал менің бұдан өзге таңдауым қалмап еді. Кетірдіі ғой мені өз үйімнен, кішкентай Әлинұрымның құшағынан айырды ғой сұмдар. Күресерге дәрменім қалмады, лажым таусылды. Табан тіреген тұсым осы болды ақыры.-Қасен ұзақ сөйлеп кетті. Ашынып құсаланып, запыранын төге сөйледі. Ол зарлана үн көтерген сайын, жанындағы өзге бейбақтар уһілей қостап, көз жастарын төге мақұлдап отырды. Өйткені олар тағдырлас еді.

...сол күн Қасеннің санасынан мәңгіге өшпейтін. Өйткені сол қарғыс атқан бір күннің сұмдығы ендігі өмірінің әр сәтін тозаққа айналдырып жүр. Өнер додасвынан даралана шыққан ұлы Өмірбектің қуанышты хабар айтқан телефондағы үні соңғы лебіз болып жүрегіне жатталды. Сүйіншілі сөздің соңын ала темір тажалдың шақыр-шұқыр еткен дыбысы мен Өмірінің ащы үні бір-ақ естілді.Бұдан кейінгі күндері Қасен үшін бір елестей болып көрінді. Ол өмір сүріп емес,сары түзде сағым қуып сенделген диуана күйге түсті. Аулынан көшкенде іші текке қан жыламапты. Қала мұның барын ұрлады, қымбатын тартып алды. Өмірбегі отызында ажал құшты. Өзі аңсап жүрген аулына Қасен барды, бірақ тойға емес, жалғыз ұлының денесін туған жер қойнына тапсыру үшін аһ ұра жетті.Сәлима бұл қайғыны тістене көтергісі келгендей, зар жасын төкпеді, сырт көзге тым салмақты көрініп, ескі көз таныстары мен ала көз ағайынның сыпсыңын үдетті. «Жалғызын жөндеп жоқтамады» деп шолақ ойлылар жел сөздің көрігін баса берді.Келіні кердең қалпынан аса өзгермей, суп-суық дидарымен күйеуін соңғы сапарына шығарып салды.Қан тамшылағана жүрегінің солқылын тыңдап, жас қабір басында Қасен сол күні тым ұзақ отырып еді.Кемпіріне сүйеу болғысы келіп, көз жасын іркіп келген қарт оңашада ағыл-тегіл жылады: «Қара темірдің жолын кесуге неге асықтың, құлыным? Алпыс асып, жетпіске таянғанда, бір өзіңнен айрылып, сая таппай қалғаным-ай!Сен арман қуып барған ана шаһар шаттығымды біржолата үзді ғой. Боздағым-ау, сен кеткен соң не деп өмір сүремін? Тағдырдың қыл бұрауын мойындармын, білемін.Ала құйын болған көңілімді енді Әлинұрыммен демермін. Сенің көзіңдей көріп, немеремді аялап сүйермін. Қалған ғұмырымның мәні сол болмақ. Мұнда тағы да келемін. Жалғызсырамай күт бізді!» Отбасын ертіп қалаға оралған Қасенді тағы бір қайғы күтіп тұрды. Ішінен тынып, көз жасымен шерін шығармаған Сәлима ми ісігі дертіне шалдығып, көп ұзамай-ақ қайтыс болды. Қасен туған аулына тағы да бір қимасын мәңгілік сапарға аттандыруға күңірене келді. Сәлимасын ұлының жанына қойып тұрып, қария бұл жолы мұң шаға кемсеңдеді: «Қайғыны да, қуанышты да бірге көтереміз деп серттесіп қосылып едік қой, Сәлимашым. Неге азапты жолда тастап кеттің Қасеніңді? Қасіретімізді сен қайыспай көтеріп келген едің ғой. Алдапсың мені , жарығым. Ішіңнен ұлып, сыртың құр күліп алдапсың мен сорлыны. Мені жалғыз қалдырып, кете бардың Өміріміздің соңынан. Құдайдан «алсаң, кемпірімнің алдында ал» деп тілек етуші едім мен күнде. Сол тілегімді Жаратушым қабыл етпей, екеуіңнің артыңда аңырап тұрған түрім бұл.Тастап жүре беретіндей не жазығым бар менің? Екеуің бірдей қайрылмай мәңгі кетердей не қателігім бар менің? Ауылдан көшпей, қырсығып отырып алғанымда, бұл зұлмат күндер жырақ болар ма еді мына бізден?!Сорыма бола көштім ғой мен. Қара орманымды қаладағы ана тас қапасқа айырбастап, осылайша шырағымды өшіріппін. Жо-жоқ, шырағым толық сөнген жоқ, кішкентай күнім-Әлинұрымды қайда тастамақпын? Сендер мұнда алаңсыз ұйықтаңдар, мен Әлинұрыма қамқор болайын. Иә, сөйтейін, қарақтарым!» Өзіне-өзі іштей бір сүйеу болар ойлар тауып, Қасен келініне еріп, қалаға кезекті рет қайтып оралды. Бірақ қасірет шынжыры оны бұл жолы да бұғаулап жібермеді... -Е, Қаке, несін айтасың бұл өмірдің?Біз шыр етіп туғанда, пешенемізге осындай нәубет жазған екен Алламыз.-Елеусіз Қасеннің шер-шеменін өз басындағы ауыртпалықтай түсініп, көкірегін кере күрсінді. -Елеке-ау, туа сала сондай зобалаң жазып беретіндей біз неден жаңылдық? Қартайған шағымызда осы жер ме еді панамыз? -Менің қандай кінәм бар деп мен де жиі ойлаймын. Бірақ оңай-оспақ жауап таппай қиналамын күн ұзақ. -Елеке, менің ұлым жар таңдаудан оңбай қателесіпті. Қара жер хабар бермесін, алғаны арсыз болып шықты ғой.-Қасен екі иығы селкілдеп, жас балаша егіліп жылап отырды. Өмірінің көзі кеткен соң, Сәлимасы өмірден өткен соң, келіні күрт өзгерді. Алғашында оның дөрекі, суық қылықтарын Қасен «жастай жарынан айрылған соң, күйініп жүр» деп жорып аса мән бермеген. Алайда келіні күйік күйден есірік халге түсе бастағанда не әрекет қыларын білмей дағдарды. Әлі оң-солын танымаған бүлдіршін Әлинұрының

болашағына алаңдап, мықты, қауқарлы болуға тырысып бақты. Бірақ келіннің бір-ақ ауыз сөзі Қасенді тірідей көрге тыққан еді. -Шал, қысқасы, сен үйден кетесің. Мен мына үйді өз атыма аударып алдым. Сен аналарды аттандыру қамымен жүргенде, мен өз жайымды жайғастырып алғанмын. Жеке өміріме кедергі боласың. Кет үйімнен! -Жеке өмір дегенің не пәле? Күйеуіңнің топырағы суыған да жоқ. Енеңнің артын күтпейсің бе тым құрығанда? -Жеке өмірімді құрамын, ол тіпті құрылып та қойған.-Осы сөздерден соң Қасен іштей опырыла құлады, енді қайтып тұра алмастай еңсеріле құлады. Келіні тездетіп мұны Қарттар үйіне жіберу қамын орайластырды. Ал Қасеннің қолынан келгені Әлинұрын қысып-сүю ғана болды.Жалғыз шырағынан оңайлықпен айрылғысы келмеп еді, бірақ заң сол тексіздің ұпайын түгендеп берді. Қартайғанда баланы қамқорлыққа алуға болмайды екен. Келіннің аналық құқығы толық қорғалады екен. Оның күйеуінің қазасына бір жыл толмай жатып құрып үлгерген «жеке өмірі» де заңды екен. Заңнан да, қоғамнан да пана таппай, ақыры келіп тығылған, тығырыққа тірелген тұсы осы болды. -Елеке-ау, мен күрестім. Соңғы амалым қалғанша өліспей беріспеуге бар едім. Бәрі Әлинұрымның текті азамат болып өсуі үшін жасаған әрекетім еді. Қайтейін, қанша амалдап бақсам да, келіннің айла-шарғысын жұлқып күйретер күш таппадым. -Қаке, таусылма, бұл да бір Алланың сынағы болар. Алла сүйген құлын сынайды деген. Келінің жас қой, ес кірер бір күні-Елеусіз өзі де сенбейтін бір жұбату сөздерін айтқансыды. Онымен тағдырласының көңілін жұбатып жарытпаса да, ауыр үнсіздіктен қашып әлденелерді айта берді. Бұл Қасеннің Қарттар үйінде алғашқы және соңғы рет шер тарқатуы болды. Осыдан соң оның жағдайы күрт нашарлап кетті. Ас-судан қалып, тілден айрылды. Әлеуметтік қызметкерлер «бейімделе алмады» деп ауруына ат қойды.Қасен бұл жарық дүниеден сүйеніш, жер басып жүрерге мән таппай біржолата сынған еді. Төсегінен бас көтере алмаған қарияның көзіне ұлы мен әйелі, кішкентай немересі әлсін-әлсін елестеп, ол аратұра жымиып та қойды. Міне, ол туғандарымен бірге арқа-жарқа болып дастархан басында отыр. Немересі құлдыраңдап жүгіріп, көз қуанышығна айналған. Өмірі де нұрланып,жүзі шырайланып, әкесінің көңілін бағып отыр. Бала күнінен-ақ осындай сезімтал, қамқор болып өскен Өмірі жанында отыр. Сәлимасы да ажарлы қалпында шай ұсына берген... -Аға, туғандарыңызға хабар берейік пе? Көргіңіз келетін кімдер бар?-Қасенге төне қарап қатты дауыстап сөйлеген күтуші қызметкер екен. -Менің көргім келетін ет жақындарым бұл дүниеде жоқ қой,-деп талықси үн қатқан Қасен тағы да елес-бейнелерге жақындап кетті. Бір атадан жалғыз екендігін ұмыттырған қайран аулы ағараңдап тұр ма, қалай? Әупірімдеп сонда жетсе, мына тозақтың жеңілдер ме еді азабы?Әне, түтіні шалқып ұшқан өзінің аппақ аулы ғой бұл. Көзі жайнаған кішкентай ұл Өмірі ме? «Әй, тентегім, неге сонша алас ұра жүгіресің? Діңкесі құрыған әкеңді сағыныпсың ғой! Келе ғой, балапаным! Апаң да келе жатыр екен сенің соңыңды ала! Асылдарым-ау, менің алдымнан жүгіре шығып, қуанышты, тіпті езу тартуды ұмытқан мен жазғанды бір жетістірдіңдер ғой. Сендерден басқа мені бұл өмірде шын қуантатын пенде бар ма еді! Мен қаңыраған қаладан өзімді аялаған аулыма бара жатырмын. Жоқ, менің жылжи алмай тұрғаным не? Аяулы Сәлимашым мен бөбек Өмірім безілдеп өздері келе жатқаны несі? Маған не болды төрт тағандап?! Еңсемді езген ауырпалықтан арыла алмай отыра бермекпін бе? Жоқ, оным, сірә, жарамас. Ұмтылайын, бірге ұшайын Өміріммен, жарыммен! Қане, балам, қолыңды бер, бірге самғайық өзің жақсы көретін ақша бұлттардың үстімен! Бір қолымнан сен де ұста, ардақтым, үшеуміз де көктей тіліп өтейікші тағдырды!» Қарияның әлсіз созған қолдары осы сәт сылқ етіп құлап түсті. Қасеннің денесі тірлік нышанынан арылып, жаны жеп-жеңіл бір күйге еніп, қалықтай жөнелді.

Дәл осы сәтте көк аспанда сән түзеген ақша бұлттарды кенеттен тұрған жел үйіріп әкетіп бара жатты... Көк биенің киесі (әңгіме)

-Үйдей төбетіңнің барын білмеппін,-деп Таласбай әлде қызғанғаны, әлде сүйсінгені белгісіз, даусы жарықшақтана сөйледі. -Жақында ғана әкеліп едім. Содан білмегенсің ғой. Әрі үйдей ештеңесі де жоқ. Асыл тұқымды төбеттің күшігі.-Қанибек баяғы ақ жарқын мінезіне басып, Таласбайға бар мәнжайды тәптіштеп түсіндірді. Сөйтті де, оны жазғы үйіне бастап әкелді. -О, Сәбила, сұлулығыңмен қара көлеңке бөлменің ішін нұрға бөлеп жүрмісің!-Таласбай Сәбиланы көріп, бірден көңілді райға ауысты. -Қанидың құрдасы, амансың ба? Төрлет, мен шай қамдайын. Шіркін, ауыл қазағы! Қонақ келсе, Алладан нұр жауғандай қуанатын, мейманы риза болып аттанса, бар дүниенің шапағатына шомылғандай рахаттанатын, «шақырусыз келдің-ау» деп көкірекке теппейтін, сол кең пейіліне бола үйінен құт-береке кетпейтін ауыл қазағы! Жазылмаған жайсаңдық қағидаларының төресі де, ағытылар әңгіменің өресі де осында ғой. Бірақ... Атам қазақтың салтымен шай ішіле сала, Қанибек құрдасынан не бұйымтайы барын сұрады. Таласбай жай ғана амандық сұрасуға келгенін айтты. -Сәбиланың шайын терлеп отырып ішкен де бір ғанибет қой. Осы тойғаныммен қайтайын. Балалар шаруаға қырсыз, өзім бас-көз болайын,-деп Таласбай шығуға айналды. -Жарайды, шаруаңнан қалма,-деп Қанибек қонағын әудем жерге дейін шығарып салды. -Қа-қани, мана бұйымтайың бар ма деп едің ғой.-Таласбайдың есіне әлдене түскендей, өзгеде есесі кетіп бара жатқандай қақала-шашала сөйледі.-Маған ана төбетіңді сыйла. -Талас, басқа бірдеңе өтінші. Өзім сонша жерден қолқалап алған күшігімді бере алмаймын. -Әй, Қани, жаңа ғана қазақ болып бұйымтай сұрап едің. Енді кәпір болып, езуің көпіріп шыға келдің бе?!-Таласбай бірден ашуға басты. Жеті атасының жиғаны қолынан сусып бара жатқандай безек қақты. -Ренжи көрме, мен ол төбетті...-Қанибектің сөзінің соңын тыңдамаған құрдасы жөней берді. Кенет арық шетінде кішкентай құлынын баурына алып тұрған көк биені көзі шалды. Сол баяғы дегені уысына түспеген, өзегін запыранға толтырған кеш есіне түсті. Көк бие ол кезде тай еді. Таласбай жылқы тани білетін қазақтың бірі, тұрқы ұзын тайға бірден көзі түскен болатын. Әншейінде Атымтай Жомарттай болып жүретін Қанибек сол жолы да сараңдық танытып, тайын бұған жетектетіп жібермеген. Кейін сол тай талай тайпалған жорғалардың енесі болды. Міне, сол күңгірт кеш санасын сілікп өтіп, көңіліндегі ескі қыжылы ақырындап ояна бастады. Пендені әзәзіл азғырам десе, әп-сәттеақ екен ғой. Көк биесін көрген Қанибек оған жақындап келді. -О, жануар, құлының жас болған соң, ауыл сыртындағы жайылымға да шыға алмай жүрсің бе?Жаздың күні өз аузыңмен жұлып жемеген шөп шүйгінді болмай жүр ме?!-Көк бие иесіне мұңын шаққан жоқ. Керісінше құлынымен бірге ауыл ішін жайылымға айналдырғанына риза іспетті. Көзінен аналық мейірі төгіле, қасқа құлынын тұмсығымен түртіп қойды. Құлыны енесінің бұл түртуін ойынға балап, бірден оның бауырынан сытылып шығып, ойнақтай жөнелді. Биенің мөп-мөлдір жанарынан ана атаулыға ғана тән перзентіне деген алаңдаушылық көрген Қанибек «Иә, сен де анасың,» деп күбірледі. Оның күбірін қостағандай, көк бие басын шұлғып-шұлғып жіберді. Үйіне қарай аяңдаған иесінің

соңынан құлынды бие өзі еріп келеді. Ауылдастары осы қасиетіне «Қани төрт түліктің тілін біледі» деп қылжақтайтын. -Кешкі сауымға дейін іздетпей, өзі келеді. Осы көк бие расымен де ақылды,-деп Сәбила алдарынан шықты. -Иә, ақылды. Мал иесіне тартпайтын ба еді?-Қанибек ақырын әзілдеп жымиды. -Айны-қатесіз тартқаны шын. Айтпақшы, құрдасың екеуің сонша не айттыңдар? Сүт пісірім уақыт өтті. -Шай үстінде сұрамаған бұйымтайын айтты. Буынсыз жерге пышақ ұрған соң, жоқ деп едім, ренжіп кетті. -Баяғыда тай сұрап еді, енді не қолқалады? -Ит сұрады. Бере алмадым. -Құтжолды балалар да жақсы көреді. Оны бере салсаң, олар қиғылық салар еді. Бермегенің де дұрыс болды. Мен арықтан су алайын, кешке дейін біраз кір жуып тастайын. Тоғанға суға түсуге кеткен балалар да келіп қалар. -Олар да іздетпей, өздері келеді ғой. Маған тартқан,-деп Қанибек тағы қалжыңдады. -Иә, иә, бәрі сенен аумай қалған. Сенің көшірмең секілді. Сәбила арық басында біраз бөгелді. Сыздықтап аққан су жөпелдемеде шелегін толтырта қоймады. Түбі құдайдың қара суына да зар болмаса нетті. Онсыз да ауылдағы сәуегей әйелдер «жоғары жақтан бір қалталы каналды бөгеп, тары егеді екен, сосын қып-қызыл ақша табады екен» десіп сумаңдасып жүр. Сол көрегендер не десе де, бұлжымай орындалатыны бар. Ұзын құлақтың сол сыбысы ауылдағылардың мазасын қашырғалы бір жаз өтті.Әзірге Жиделіні ешкім судан қақпаса да, бір қауіп бардай жұрт осы тақырыпты көп әңгіме ететін. -Әй,Сәбилаш, судан шабақ аулап отырмысың?-Шар еткен дауыстан Сәбила басын жұлып алды. Көшенің соңында тұратын Нұржәміш екен. -Аман-есенсің бе? Көшенің басына оңайлықпен келмеуші едің ғой. -Иә, қала қазақтарына ұқсап, біз де бір-бірімізге жат болып барамыз-ау. Әркім өз ауласынан шықпайды. Ұл-келіннің үйіне барып, қайтып келе жатқан бетім ғой. -Бәсе, жүзің жайнап тұр. Немерең қара құлақтанып өсіп қалған шығар. -Тіл-көзім тасқа. Жыбырлап адам болып қалыпты. Мен бір қызықты көріп, түсіне алмай қалдым. Келін немеремді интернет деген пәлеге қарап бағады екен. Тамақты да сағатқа қарап отырып береді екен. Бала бағуды үйрететін ол интернет деген не нәрсе? -Балаға зиян келмесе , қарай берсін сол интернетіне. -Біз ештеңеге қарамай-ақ баламызды бағып-қақтық қой. -Нұржәміш-ау, біздің қарайтын интернетіміз болды ма?-Екеуі жарыса күлді. Кездесе кетсе, шүйіркелесе жөнелетін ауыл қазағының бір жақсы қасиеті, тіпті сұлулығы да осы ғой. Қарбалас тірліктің қызуымен жүріп те, амандық-саулық сұрасу, тіпті оған үлгермесе, бір-бірін түстерінде көріп, ертеңіне сол түстерін айтып отырып, кең жайылған дастарханда бас қосу-ауылдықтардың ғана бойына біткен ғажайып қасиеті. Міне, бүгінгі кеш те солай аяқталды. Мал түгелденіп, қораланды. Бөтен қой іздеп, жоғын қарағандарға қорасын ашып көрсетіп, реніш білдірмей, жөн-жосық айтқандар. Бұзауы еміп қойып, көршісінен сүт сұрай келгендер. Ауылдасының жоғалған малын өрістен көріп қалып, өзінікіндей көріп айдап әкеліп, иесіне табыс еткендер. Ертіс өзенінің қара масаларынан қорғанып, әр үйдің алдына түтін тұтатқандар. Ауылды үстінен қараған адам осыншама тірліктің қайнаған сәтін көріп, құмырсқаның илеуіне теңер ме еді?! Қанибектің іздеусіз-ақ өздері келетін қос ұлы мен қызы шаруаға шамалары келгенше араласып, кешкі аста ғана байыз тапты. Ауыл баласы шаршауды білмейді ғой. Қараңғылық мысы басқан мезетте Қанибек қора жақты бір шолып қайтты. Көк бие иесін көре сала, жақындап келіп, Қанибектің иығына тұмсығын қойды. Мұнысы еркелегені. Жайбарақат түр танытқан биесін көріп, әлденеге көңілі жайланған отағасы үйіне кіріп кетті.

Ал Таласбайдың менмендігінен туған өкпесі ысқырынған ашуға айналды. Қара түнді жамылып, өз жанын тыныштандырмақ болды. Күндіз өз меншігі болмаған күшік Қанибектікі де болмау керек еді. Сонда ғана көңілі сәл де болса тыншитындай көрінді. Ел аяғы басыла, ұрыдай жасырынып келіп, күшіктің итаяғына сеспей қатыратын у тастады. Аула дегенді, қақпа атаулыны білмейтін ауылдықтардың аңқаулығы қара ниетті қорқаудың арамдығын іске асыруына септігін тигізді. Итаяқтағы тамаққа уды араластырып, өзі бұрышта сәл күтті. Кенет, қайдан екені белгісіз, күшік жетіп келіп, үре бастады. Даусы мұндай зор болар ма? «Мынау қасқыр алатын мықтының өзі болайын деп тұр ғой,»-деп іші күйе сыбыр еткен Таласбай оны алдарқатып, атын атап, өзіне ақырын шақырды. Құтжол деп айтқан адамдарды өзіне жақын санайтын аңғал күшік жетіп келіп, еркелей бастады. Таласбай оның у қосылған тамақты жегеніне көз жеткізу үшін ұзақ отырды. Тығылған жерінен біреу-міреудің көзіне түсіп қалмас үшін амалсыз шығып кетті. Ал Құтжол арсалаңдап, оны шығарып салды. Түн сұлуы Ай барқыт көкті жасандырып, жұлдыздармен безендіріп бітті. Таңнан сыбыс келгенде, асыл Ай жарық атаулыны Күн падишаға аманаттап, өзі ығыса берді. Таң сызылып атқанда, жұлдыздар жасырынып, ару Ай біржолата кетуге қимай, ағараңдап аспан төрінде қалып қойды. Күн шығыстан көтеріле, ауылдың тынымсыз тірлігі тағы да басталды. Құтжолдың өлігін алғашқы болып көрген Гүлім жазғы үйге жау шапқандай ентелей кірді. -Апа, көке, Құтжол шөп шарбақ жақта өліп жатыр. Өліп қапты!-Аш қарын шаруа қамдамайтын үй иелері таңғы шайларын енді алдарына ала берген еді. Мына хабар оларды кәдімгідей абыржытып тастады. -Гүлім, Құтжол түннің бір мезгілінде үріп еді ғой. Шапқылап жүрген, тамағы тоқ күшік, оған не болар дейсің?! -Жүрші, көке, апа, өздерің көріңдер. Ол сондай аянышты күйде өліп жатыр!-Гүлім өксіп жылап жіберді. Бәрі бірінің соңынан бірі андыздай шығып, шарбақ жаққа барды. Құтжол расымен де өліп жатыр. Сүйкімді күшік әдетінше керіле ұйықтап жатқандай. Тек ақсиып қалған езуі оған жасалған қастандықтың белгісіндей көрінді. -Тоба! Тоба! Гүлім, жылама! Тағы да күшік асыраймыз. Оған да Құтжол деп ат қоясың,- деп Сәбила қызын жұбата бастады. Әйтсе де өзі іштей тіксініп қалды. Қанибектің есіне бірден «күшігіңді маған сыйла» деген Таласбайдың зілді даусы елес берді. Өтінбеп еді, құрдасы. Әзірейілдей әмір берген. Жә, көзі жетпей күдіктенгені несі? Ғайбат ойлап, Алласына күнәлі болып жүрмесін. Қанибек ағыл-тегіл келген ойларының ағынын тежеп, қорасына ұмтылды. Ол жаққа да төтеден бір тажал келіп қалардай қауіптенді. Төлінің басы көк бие аман екен. Бірақ бие мазасыз көрінді. Жастайынан жылқы баққан Қанибекке оның бұл беймаза кейпі түнгі әлдебір сойқанды сездірді. Бәлкім, ол Құтжолдың қинала өлгенін көрген болар. Ауылды жерде отырып, жымысқы әрекет жасауға кімнің дәті барды екен? Бұл таң осындай әбігермен атты. Балалар шошымасын деп, үлкендер күшіктің жағымсыз шөп жеп уланып өлгенін айтты. Оған оңайлықпен сенген балалар болмады. -Құтжол ара-тұра шөп жейтін. Бірақ ол таңдап, өзіне керектісін талғап жейтін,-деп ортаншы ұлы Асқар қарсы шықты. -Құтжол басқа бір иттердей ауылды кезіп өлексе жемейтін. Оның улануы мүмкін емес,- деп кіші ұлы Асхат та қояр емес. -Күшікті кеше жазғы үйдің кіреберісіне қамай салғанда өлмейтін еді,-деп Гүлім ботадай боздап қояр емес. -Жә, сонша шулағандарың не? Өлер күшік өлді. Басқасын әкеп береміз. Шайларыңды ішіп, тірліктеріңді тындырыңдар,-деп Сәбила тыйып тастағанмен, Қанибектің жүрегінде де бір түйткіл тарқай қоймады.

Күн соңынан күн кідірмей өтіп, айлар аяңдап жылжи берді. Күшік оқиғасы да ұмытылғандай болды. Шөп шабу науқаны аяқталып, тұрғындардың дені шапқан шөптерін қораларына тасып үлгерді. Шығыс күзінің бір-ақ күнде қаһарлы қысқа айналып шыға келетініне ауылдықтар әбден үйреніп кеткен. Шаруаларын да соған қарай мұқият реттеп алатын. Төрт түліктің ішінде тек түйе ғана ұстамайтын жиделіліктер өзгесін берекесімен өсіретін. -Балалар мектептен келгенше, шай ішіп алайық. Олар бүгін тым ұзақ бөгелді ғой.-Сәбила шай қамдай жүріп, оқушы ұл-қыздарына алаңдады. -Ұлдар екілік алып, сабақ соңынан қалған шығар. Ал Гүлім мектептің бір концертіне қатысам деп жүріп қалған болар. -Осы сен қызды ұлдай көретінің не? Қызды қыз сияқты тәрбиелеу керек. -Мен теріс тәрбие беріппін бе?-Қанибек дастарханға жайғаса беріп, әйелінің сөзінің соңын күтті. -Сен қызды итқұмар, атқұмар еттің. Түздің тірлігін тындыруға, қора жаққа баруға ынтығып тұрады. -Ол табиғатынан бар қасиет. Ұлдар атқа жақын емес. Ал көк биеге Гүлім кішкентай күнінен мініп, өзіне етене етіп алды. Одан сен ренжитін ештеңе көріп тұрған жоқпын,- Қанибек жайбарақат шайын сораптай, қызының мақтауын асырды. -Отағасы, айтпақшы, жаңалық айтпай ұмытып кетіппін ғой. Ауылға жаңа әкім келеді екен. -Ұзын құлаққа мән бермейтінімді білсең де, тосын хабар тасуыңды мүлде қоймайсың,-деп Қанибек мырс етті. -Анау-мынау емес, Нұржәміш айтты. Ол айтса, қалт кетпейді. Әкімдікке Таласбай да таласқан көрінеді. Осы сенің құрдасыңды түлен түртіп жүр ме? -Таласбайдың таласпайтын нәрсесі жоқ. Бәрі өзімдікі болса екен деп өңмеңдеп тұрады. Құдай берген төрт баласының амандығын тілеп, тып-тыныш жүргенді білмейді өзі,- Қанибек бала кезінен бірге өскен құрдасының соңғы кездері күрт өзгергенін түсіне алмайақ отыр. -Жаңа әкімнің жылқы фермалары бар екен. -Сен сол әкімнің бар мүлкінің тізімін алып алғаннан саумысың?-Отағасы байсалды қалпынан танбай, бас шайқады да қойды. Жиделі-елу-алпыстай ғана түтіні бар шағын ауыл. Тәуелсіздік алған соң ғана қазақша атауға ие болған бұл ауылдың жалғыз мақтаны тоғыз жылдық мектебі еді. Соңғы уақытта ол да мақтаныш болудан қалып, кешегі сауыншылар мұғалім болған. Артына қойылған тіреулерге сүйеніп тұрған ескі мектеп ғимараты алпыс жылдық тарихтың куәсі. Осындай мың сан мәселеге малтыққан, тек мал бағумен ғана күнін көрген Жиделіге жаңа әкім келсе, көктен құтқарушы періште түсердей, жұрттыің елеңдейтіні де рас. Ескі әкім есті шығарып кеткенде, жаңа әкім жарылқай қояр ма екен? Бұл жағынан халықтың үміті зор болатын. -Апа, сынып жетекшіміз сіздерге хат берді. Біреудің хатын ешқашан оқуға болмайтын себепті, мен ол жазбаны аша алмадым. –Гүлім асығып-үсігіп, күнінің басты бедерін анасымен бөлісті. -Ол не хат?-Сәбила да қызығушылықпен бүктелген қағазды ашты. Ауыл халқын жаңа әкім мектепке кездесуге шақырыпты. Демек, жаңа әкім тағайындалып та үлгерген екен ғой. -Қани, мына жиналысқа сен бар. Мен барғанда не айтам?! -Түу, шіркін-ай, сөзге жоқ адам едің. Жарайды, барсам барайын.-Қанибек бәйбішесііне әзілдей келісті. -Еркек болып сен бармағанда, әйел басыммен етегім желбіреп мен жүгірем бе сол жиналысқа?-Бәйбішесі отағасының қағытпасына шамданып қалды. -Бәйбіше, сенің орның үйде. -Апа, сен-осы үйдің жүрегісің.-Қызының бұл сөзіне екеуі де сүйсіне күлді. -Осы қызым сөз бастайтын шешен болады. -Мүмкін мал дәрігері болар,-деп қалды әкесі.

-Қойшы, малдан басқаны көрмеген біз оңдық па? Әлі сол малдың соңынан жүрген түріміз...-Әйелі тыз етпе ашумен ұзақ-сонар сөйлесе, тысқа шығып кету-Қанибектің сүйексіңді әдеті. Өзінің тұңғиық ойларын ретке келтіретін мекені-қораға беттеді. Қылауланып қар түссе де, ірі қара да, ұсақ мал да әлі тебіндеп жайылатын. Әсіресе, көк бие бастап, өзге жылқылар ауыл сыртына ұзап шығатын. Қасқа құлын қазір өсіп қалған. Енесінің о жақ бұ жағына шығып шапқылап жүргені. Ол алыстап, құлдилай шапқыласа, көк бие қатты осқырынып жібереді. Бұл дыбысты ести сала, қасқа құлын бірден енесіне оралады. Осы ана мен бала арасындағы тілсіз түсінісуден Қанибек көп жайды ұғатын. Тілді-жақты адамдар кейде бір-бірін ұқпай, араз болып жатады... Өз ойымен жүріп, қора ішін мұқият қарап шыққан отағасы шөп үйілген шарбаққа келіп отырды. Биылғы қыс қандай қатты, ұзақ болса да, мына жинаған жем-шөбі бар малына жетіп қалатынына Қанибек тым сенімді. -Әй, Қани, шөбіңе қарап, нендей ойға батып отырсың?-Барқылдай шыққан дауыс жігіт ағасының ойын шашыратып жіберді. -Талас, қашан келіп қалдың? Амандық па?-деп құрдасының жерден шыққандай сап етіп жетіп келгенінен сескеніп қалғанын аңғартпауға тырысқан Қанибек байсалды сөйледі. -Бұйымтайым бар,-деп қырылдады Таласбай. -Құлағым сенде. -Мен соғымға жылқы іздеп едім. Сенің құла құнаныңды көрдім. Бағып-қағуын келістіріпсің. Соны маған сат! -Мен ешкімге мал сатам демедім. -Бағасын сен айт. Мен келісе саламын.-Таласбайдың жүзі қарауытып, белгісіз ала құйынның ішінен шыққандай бұйыра сөйлеп тұр. -Сатпаймын дедім. Сен неге осы көк биеге жабыстың да қалдың? Маған ит бітсе, оған көз тігесің. Неге? Өзіңнің дәулетің тасып тұр. Мендегі барға неге көз сала бересің? Соны түсіне алмадым.-Бұдан ары жұмсақ әңгімені жалғастыруға сабыры таусылған Қанибек тік кетті. -Мен үйір-үйір жылқы ұстасам да, сенің көк биеңдей жүрістісі жоқ. Ел жорға жарыс болса, сенің көк биеңнің тұқымдары озады деп бәйгені саған бөктеріп, мақтап отырады. Сен асыраған ит те ел аузында жүреді. Мендегі үш иттің бірін де әңгіме қылмайды. Енді тым болмаса, сол көк биенің бір құнанын қыс бойы жеп шықсам болмай ма?!-Қылғына сөйлеп, ішкі запыранын ашық ақтара салған Таласбайға Қанибек ақыра ұмтылды. -Кет бұл жерден! Қараңды батыр! Саған сатар малым жоқ! Ауыл ішінің бос әңгімесін мақтан көретініңді білмеп едім. Кет!-Балуан денелі, ұзын бойлы Қанибектің аюдай ақырған даусынан жасқанды ма, әлде қаһарлы жүзінен қаймықты ма, Таласбай жылыстай жөнелд. -Көке, жиналыстан кешігесіз ғой,-деген қызының күміс қоңыраудай сыңғырлаған нәзік балаң үні отағасыны сабыр ауылына алып келді. Лезде салиқалы әке бейнесіне көшкен Қанибек қызын ерте, үйіне кірді. Қос ұлы мектептен енді келіпті. Апаларының дәмдітәттісін қомағайлана асап жатыр. -Екеуің неге сонша ұзақ жүрдіңдер? Сабақтан соң басқа бір жаққа кетіп қалғанды қойыңдар деп ескерткенім кеше ғана ғой.-Әке сөзіне ұлдары бірдей жауап берді. -Көке, әкім келеді деп мектептің бүкіл ауласын сыпырдық. Тоғайдың жапырақтарын жинап, аулаққа апарып төктік. -Әкім келеді деп, балаларды жұмысқа салыпты.-Сәбила отағасына шағымдана бастап еді, ол бірден тыйып тастадыг. -Жұмыс істесе, одан кем болып қалмайды.Тек соны әкімге деп емес, күнделікті таза ұстауды неге ойламайды екен бұл мектеп? Киімдерімді берші, жиналысына барып келейін. Жиналыста Таласбай жаңа әкімді қоршай отырған үркердей «ақсүйек» топтың жанынан табылды. Мәселе айтпақ болған біреулердің сөзін қағып, берекесін кетіріп отырды. Бірақ

сұрақ қоймақ болып, орнынан Қанибек көтерілгенде, Таласбай үн қатпады. Құрдасының күндізгі айғайынан жүрегі шайлығып қалған сияқты. -Ауылнай бауыр,-деп сөз бастады Қанибек. -Бауыры несі? Мырза деңіз, Қуат Усенович деңіз,-деп «ақсүйек» топ шу ете қалды. -Вич демей-ақ қояйын. Үсеннің ұлы Қуат дейін,-Қанибектің жауабы күлкі шақырды. -Халықпен танысам, білісем деп келген екенсің. Оның жарапты. Десе де нақты халықты сөйлетпей, мына бір «тоқ қауымның» қаумалауынан шыға алмағаның жарамады. Бұл ауылда қанша жылдан бері шешілмей жатқан мәселе көп. Тоғыз жылдық мектепті бітірген балаларымыз сегіз шақырымды жаяу жүріп, көрші Қалжыр ауылынан оқиды. Қыс ішінде ит-құс тие ме деп бәріміз балаларымызға алаңдаулымыз. Ауыл ішіндегі арықтардың көзі бітелгелі қай заман? Арықтың тек нышаны ғана қалған...-Қол шапалақтап, қошемет білдірген ауыл халқы Қанибектің сөзін аяқтатпады. Осы сәтті пайдаланған Қуат әкім өзі сөз алды. -Бәрі болашақтың ісі!-Ұзын арқан, кең тұсау жауап екенін сезген ауыл тұрғындары бұл жаңа басшының да жаңалық әкелмейтінін, жоғарылап кеткен ескі әкімнің сарқыншағы ғана екенін іштей болса да бағамдап үлгерді.

Ауылнай Қуаттың қолтығына су бүркуге жарап қалған Таласбайдың дерті күн санап өрши берді. Бітеу жарадай сыздаған ауруының атын өзі анық білмейтін. Әйелімен сөйлесті. Мол денелі Әйнектің айтқаны бұның сырқатын қоздыра түсті. -Сен сат деп барғанда, қотыр құнанын қимайтындай, Қанибек кім екен? Бізден артықпын деп отыр ма? Қалада оқитын ұлын айтып, ана Өтештің асында Сәбиланың мақтанбасы бар ма? Алла оларды бір күн асқақтатса, бір күні жерге қаратар! Бұл сөздерден соң Таласбай өзі жоспарлап ойға алған, алайда жүзеге асыруға жүрексінген ісін орындауға белін бекем буды. Содан соң Қанибек құнанын бұған өзі ұстатып жібермесе Таласбай аты құрысын! Ұлының қалада оқитыны мақтан болып па? Бұның ұлы да оқи алады. Таласбайдың ойына ақылы оқудың бір жылын толық төлесе де, үлгерімі нашар болған баласының оқудан шығып қалғаны оралды. Таласбай іштей өзін Қанибектен кем-қор сезініп кетті. Осыдан соң ібіліс ісін орындамасқа амалы қалмады. Жан-дүниесін жайлаған жын оның адамдық кейпін қашырып, арамза сұрқын асырды. Бұл сәтте Қанибектің үй-іші еш алаңсыз отыр еді. Гүлім әкесіне «Қамбар батыр» жырын осымен үшінші рет дауыстап оқып беріп отыр. Әкесіне қызының әдемі даусы ұнай ма, әлде жыр кейіпкері сұлу Назым ұнай ма, әйтеуір қайталатып оқытуға құмар. -Басқа кітап оқысаңдаршы. Қайталап қоса беретін күйтабақ құсап қалдыңдар ғой,-Сәбила қағытып қойып, тоқымасын жалғастыра берді. -Қамбар батырдың тұлпары мен тазысын айтсаңшы. Сол екеуін суреттеген тұстары керемет,-деп әкесі сүйсінген сайын, Гүлім сол суреттеулерді қайталап оқиды. -Мына екеуінің қорлығын-ай, ә! Ит пен аттан басқаны білмедіңдер ғой,-Бұл жолы Сәбила әкелі-балалы екеуін ашық жақсы көре тіл қатты. Тете ағайынды Асқар мен Асхаттың өз қызықтары өздерінде. Ортақ тақырыптары жоғарғы екі сыныптағы ең сұлу қыз туралы. -Айша өте әдемі. Меніңше, солай,-деп бастады Асқар. -Қойшы, несі әдемі, мұрны қаздың тұмсығындай. Одан да біздің сыныптағы Айгүл көрікті. -Сенің қап-қара Айгүлің сен үшін ғана көрікті шығар. Ол өзін аққу сезініп, паңсынып жүреді. Айша есептеріп көшіруге береді, жөн айтуға да шебер өзі. -Кешегі алгебрадан алған төртің Айшаның еңбегі екен ғой.-Асхат ағасын ұрымтал тұста ұстап алғанына мәз болып, шиқылдай күлді. -Балалар, кеш болып кетті. Ертең ерте тұрасыңдар. Қане, ұйықтаңдар,-деп дауыстады әкелері. Әке сөзін екі етпей үйренген ұлдар бірден жастыққа бас қойса да, өзара

қағытпаларын тыймады. Гүлім батырлар жыры кітабын басына жастанып, тәтті ұйқыға кетті. Қанибек көпке дейін көз іліндіре алмады. Неге ұйқысы қашты, өзі де түсіне алар емес. Салмақтап көрсе, бәрі өз ойындағыдай орны-орнымен тұр. Мал-жаны аман. Оқудағы Тұрысбегі көрші Амантайдың үйіне қоңырау шалып, амандығын білдірді. Бірақ неге көңіл құсы шырылдап, бір маза табар емес? Түн ортасы ауған шақ. Үй іші тегіс ұйқыда. Кірпігі әзер айқасқан Қанибек бір түстің ішінде малтығып жатыр. Апырау, бұл түсі ме, жоқ өңі ме? Езуі кере қарыс бір құбыжық алдымен үйіне кірді. Бұл қаһарланып айғайлап, атой салған соң, шыға берді. Бірақ біржолата кетіп қалмай, қора-жайға қарай сырғақтады. Қанибек орнынан тұрмақ болып еді, өне-бойын басқан бір зіл батпан салмақтан тіпті сөйлей де алмады. Ал ана албасты қораға жетіп те қалды. Не ойы бар бұл дүлейдің? Малынан ала алмаған не өші бар? Алдымен кер құнанның шошына кісінеген дыбысы құлағына келді. Соңы аласапыран болып кетті. Әне, көк бие омыраулап келіп, құбыжықты тапап өтпек болды. Оған дес берер қара жын көрінбеді. Көк биені қолындағы ұзын шырпысымен жасқап ары қарай өтті. Иә, қолында сіріңкенің шырпысы, тым ұзын, ебедейсіз ұзын шырпыны мұның алғаш көруі. Тынысы тарылып, тұла бойы қысылды. Терге малшынып, қимылға келе алмады. Құбыжық кердең басып, қораға кіріп кетті. Қанибектің қасиет көріп жүрген жылқыларына жетіп барды да, әлгі ұзын шырпысын тұтатып лақтырды. Өрт басталды. Міне, анық көрді, өрт ішінде кер құнаны қалып қойды. Қасқа құлын енесіне қарай жұлқына ұмтылды. Көк бие көз алдында өртке оранған кер құнанға қарай шыңғыра кісінеп тұра ұмтылды. Құбыжық қарқ-қарқ күлді. Оның зор өңеші күлген сайын бүлкілдеп, тым қорқынышты көрінді. Көк бие жанталаса кісінеп, өртке қойып кетті... Қанибек көк биенің құлағына анық жеткен кісінеуінен оянып кетті. Бүкіл денесі әлгі бір зілмен әлі де құрсауланып қалғандай. Бірден атып тұра алмай, өз денесін өзі билей алмай біраз жатты. Құлағында сол ащы үн. Алапат өрт. Құбыжық күлкі. Қанибек орнынан атып тұрды. Манағы салмақты сілкіп тастап, терезеден сыртқа үңілді. Қорасы шынында да өртеніп жатыр. Бұл не? Алланың аяны ма? Әлде жай ғана сәйкестік пе? Түсі мен өңін ажырата алмай қалған отағасы асығыс-үсігіс киініп, шығуға беттеді. Сақ ұйықтайтын Сәбиланың сұрағына жауап беруге үлгермеді. Атып шыққан бойда қорасына қарай жүгірді. Екі аяғына тас байлап қойғандай жүгіре алсашы. Әупірімдеп жүріп, қораға келді. Шөп жиылған шарбақ өртене бастапты. Көк бие тура түсіндегідей азан-қазан дыбыстардың арасынан ерекше күңіреу кісінеді. Бұл ащы дыбыс баласынан айрылған бейбақ ананың зарындай естілді. Не қайран қыларын білмей сілейіп қалған отағасына Сәбила көмекке келді. Балалары да келіп қалыпты. -Бұл жерден кетіңдер! Асқар, бар көршілерді оят! -Көке! Көке! Бұл көк биенің даусы ғой! -Сәбила, ішке кірмеңдер! Мен көршілер келгенше амалдай тұрайын!-Әкелері қас пен көздің арасында қызыл тілі жалмаңдаған жалынға ене берді. Асхаттың қолынан қораны айналып жүгіргеннен басқа ештеңе келмеді. Сәбила сылқ етіп күзгі сызды жерге отыра кетіп, зарлай жылады. Бала-шағасының ризығы үшін жылдар бойы жиған ырыс-құты-бар малы өртеніп кете ме?Бетіне жел болып тиіп көрмеген қосағы сол өрттің ішінде! Бір сәт еңірей жылаған әйелдің зары мен қараңғы қораның бір бұрышында ажалмен дара айқаста қайран қыла алмаған көк биенің төбе-құйқаны шымырлата кісінеген үні астасып кетті. Екеуі де ана зары еді. Қос үнде де ажал өртін айқасқа шақырған қайрат бар-тын. Сәбила жылап отырып, оң жағына қараса, қызы жоқ. Құдай-ау, малсақ қызы өртке кіріп кеткен бе? -Ойбай, Гүлім, қайдасың?! -Апа, апа, қорықпа! Мен үйге барып, қораға келіп тұрған электр тоғын сөндіріп келдім. -Асхат, Асқар, көкесі, қайдасыңдар?! -Көке, кіші аға, дыбыстаңдаршы!-Ана мен қызы күздің қара суығынан ба, әлде қою қараңғылықта кісі қолымен жасалған қиянаттан ба, жапырақтай дірілдеді.

-Апа, біреу жанармай шашыпты. Өрттің күш алып кеткені содан екен. Енді не істейміз?! -Көкем! Көкем! Қара түнде құлындағы даусы құраққа шыққан ана мен балалардың дауыстары қалың ұйқыдағы ауылды тегіс аяқтарынан тік тұрғызды. Бір кісідей дереу жеткен ауылдастар өртке қарсы тұрды. Бұл кезде Қанибек қорасынан жылқыларын шығарып үлгерген болатын. Көк бие қауіпсіз жерге өзі атылмай, алдымен төлдерін тұмсығымен жылдам итеріп шығарып, елді таң қалдырды. Жануар екеш жануардың аналық махаббаты көргендердің көзіне жас үйірді. Бірақ бөлек қораға қамалған ұсақ малдары жалыннан жасқанып, қораның түкпіріне қарай қашып, үлкендерді көп әуреге салды. Ақыры Қанибек аман алып қалған малына шүкірлік етіп, ешбір жанды тәуекелге тікпеді. Ұйқыларын қаза етіп, тыныштықтарын беймаза еткен бұл күзгі таң ауылды үрейлендірді. Осы күнге дейін қасақана өрт жағдайы болып көрмеп еді. Жаздың ыстық күні болса бір сәрі. Жаңбырдан соң дымқыл тартқан шөп өз-өзінен тұтанбасы хақ. Суық қолдың араласқаны бесенеден белгілі болып тұр. Тәртіп сақшыларына шағымданған Қанибек болмады. Бар айтқаны «Алладан тап жазаңды» деген бір ауыз сөз болды. Таласбай өз жоспарының шешуші тұсында бар ұпайын түгендеп алғысы келді. Құрдасының шаңырағына хал-жағдай сұрасқан болып барып, оны тағы да саудаласуға мәжбүр етті. -Ең бастысы өздерің амансыңдар, Қани! Көп күйінбе! Түгел өртеніп кеткен шөпті тездетіп сатып алуың керек. Ол үшін қыруар ақша қажет. Ана кер дөненіңді маған сат. Өткенде сен ұрысқан соң, ақылға келдім. Жорға ғой өзі. Соймаймын. Өсіріп, қызығын көрсем деймін. Күтімін білмей бара жатсам, өзіңнен келіп сұрап отырамын ғой. Қанибек ойға кетіп отырғанда, жиылмаған дастархан шетіне жантайған Әйнек Сәбилаға тура осы әңгімені айтып жатты. Ақыры екі жақ келісімге келіп, кер құнан Таласбайға сатылып кете барды. Әзәзіл тұтатқан өрттің енді ғана нағыз күшіне енген шағы осы болды. Таласбай кер құнанға арқан салып, тақымына басып, жетегіне алып шыға бергенде, көк бие соңынан тұра қуды. Құнанды ажалға апара жатқандай, соншалықты ышқына дыбыс берген биесін көріп, Қанибек өз ісінің дұрыс-бұрыстығын бажайлай алмай қалды. Мына көрініс көңілін үркітті. Кер дөнен арқаннан босап кетуге қанша тырысса да, тақымы мықты Таласбайдан ақыры құтыла алмай, жетекке еріп кете берді. Қанибек көрші Қалжыр ауылына шөп сатып алу мәселесін шешпек болып, Ақтанауына мініп, жолға шықты. Таласбай сүйрегендей етіп әкелген құнанды бір сағат та кідіртпей, пышаққа түсірді. Өзін күтіп отырған туған-туыс, дос-жарандарын жинап, құнанды шырқырата жықты. Көк бие шарбақтың сыртында алас ұрды. Ана жүрегі шыдай алмай, биік шарбақтан секіріп, ішке кірмекке әрекеттенді. Онысы өзіне қауіп әкелді. Төлін құтқара алмай, өзі сидаға түсті. Мұны көрген Таласбай айызы қана, көкке қарап қарқ-қарқ күлді. Осы кезде биенің соңын ала келген Гүлім мен Асхат шарбақ сыртынан айғайлады. -Талас аға, сіз кер құнанды соймаймын деп көкеме уәде беріп едіңіз ғой. -Уәде құдай аты емес пе?-Гүлім ақ сары жүзін жас жуып, егіліп жылап, булығып сөйлей алмады. -Кетіңдер бұл жерден! Сатып алған соң, не істесем де өз еркім! Тайып тұрыңдар! Әйтпесе ит қосып қуамын! -Көк бие жаралы! Асхат, қара, қарны не болған? -Гүлім-ау, көк бие сидаға түскен бе? Енді не істейміз?-Екеуі шарбақ түбінде үрпиіп тұрды да қалды. Көк бие азуын ақситып, бауыздалуға тақалған құнанның үстіне түсті. Қолында селебе пышағы бар төртбақ қара оны аямай басына теуіп қалды. -Малды басқа тебуге болмайды ғой, Асхат,-деп Гүлім екі иығы дірілдей, ағасына тығылды. -Малдың киесі ұрады дейді. Тепкен адам оңбайды деседі.-Асхат көкесінің аузынан естігендерін айтып, өзін-өзі қайраттандырғандай. Сұмдық көрініске дәті шыдамаған бірді-

екілі адам шарбақтан шығып кетті. Ал Таласбай төртбақ қарамен бірге соғым сою ісін рахаттана жалғастырды. Ағалы-қарындас екеуі үйлеріне қарай құстай ұшты. Көкелеріне айтулары керек. Ол көк биені қалай құтқаруды, әлбетте, біледі. Ентігіп үйлеріне жетсе, көкелері үйде жоқ. Екеуі де жер бауырлап отыра кетті. Бұл жолы үміттері үзіле, зар шеге жылады. Сәбила шошып кетіп, балаларын ұшықтай бастады. Не болғанын сұрап еді, екеуі жуық арада тілге келмеді. -Асқар, бұларға не болды? Қайдан келді өздері? -Немене, менің құнанымды сойып тастады ма? Әлде көк биені қамап алды ма? Айтсаңдаршы!-Асқар жанары жасаурай, қос бауырына төніп келді. Гүлім «алдады» деп айтуға ғана мұршасы келді. Мұны естіген Асқар тысқа жүгірді. Оқыстан пері көргендей қайта кірді. -Апа!-деп жыламсырай дауыстады. Бәрі далаға шықты. Көк бие есіктің алдында тұр. Гүлім барып, басын құшақтай бергенде, бие бар салмағымен құлап түсті. -Ойбай, мынау сидаланып қалыпты ғой. Енді қайттім? Кімді шақырамын?- Сәбила көршілеріне қарай жүгіре жөнелді. -Көк бием, мынадай жараңмен қалай жеттің? Ішің жарылып барады ғой.-Гүлім биенің басын құшып, селкілдеп жылап отыр. -Гүлім, жыламашы, сенің көз жасың көк биеміздің жанарына құйылып жатыр,-деп Асқар қарындасын жұбатпақ болды. -Жоқ! Биенің өз жасы ол! Көк бие де жылап жатыр!-Даусы тарғылдана шыққан Асхат Таласбайдың үйі жағына жұдырығын түйе қарады. Ойламаған жерде қимылсыз жатып қалған көк бие төрт аяғын көкке салып, ақтарылуға жақын қалған ішек-қарнын шайқап, аман қалудың соңғы амалын жасады. Сезімтал жылқы жаны ажалының таяп келгенін мойындағандай, сұлқ қалды. Басын ұстап отырған Гүлімге жанарының бар мөлдірлігімен қарады. Оның жас аққан жанары Гүлімге түкке тұрғысыз әлдене үшін арпалысқан мына қоғамның айнасындай көрінді. Жібек жалынан сипап, биенің жасын сүрткен қыз оны ыстық құшағынан босатар емес. Алғаш ат мініп үйренген соің, көкесі осы көк биені бұған атаған болатын. Жүрісі керемет еді өзінің. Ауылдастары «Қанидың машинесі» деп атайтын. Көк биеге мінсе болғаны, Гүлім заңғар шыңға шыққандай, айрықша арқаланып кететін. Енді соншама сыралғы досы өлім құшуға таяу. -Қане, балалар, былай тұрыңдар! Шипасы жоқ бұның! Бауыздау керек тездетіп. Әйтпесе арам қатады.-Көрші Ұлан ағайының бұл сөздері Гүлімге тым жиіркенішті естілді. -Жоқ!-деді қыз жан ұшырып.-Соймайсыңдар менің биемді! Бір шешім болу керек қой. Болу керек! -Қызым-ау, жануардың қарны жарылып бітіпті ғой. Бұдан ары қинамайық. Соңғы жақсылығымыз осы болсын!-Ұлан ағайының мұндай қатал екенін бұрын неге білмеген? Күліп амандасып, мейірлене қарайтыны жалған екен ғой. Гүлім биесінің басын жібермеген күйі, жас толы көзімен оған тағы қарады. Көк биесі мұның құшағында жатып, тұңғиық көзін жұмды. Ол көздер енді қайтып ашылмайтын еді. -Мен мал дәрігері боламын!!!-Бұл Гүлімнің көк биесіне берген серті болатын. Әзәзіл салған өрт Қанибектің үйінен ойысып, Таласбайдың шаңырағына беттеді...

... Сол күнгі оқиғадан соң, балалар тез есейіп кеткендей көрінді. Әсіресе, Гүлім оңаша отырып, ойға бататын. Көк биенің көз жасы оған көп жайтты жан түкпіріне ұялатты. Биені қоршай жылап отырған бұларды көрген көкесінің аһ ұрғаны да есінен кетер емес. «Киесінен неге қорықпады екен? Таласбайды мен қарғамаймын, жазықсыз жануарлардың киесі жібермейді ғой,»-деп күңіренген еді жан көкесі. Бұл жайдан құлағдар болған ауылдастары жылу жинап, Қанибектің жоғының орнын бірақ күнде толтырды.

-Өрттен кейін ес жиып алсын деп саған айтпап едік. Өзіміз кеңесіп, әркім шама-шарқынша жәрдемдесуге ұйғарғанбыз. Мал сатпай тұра тұрсаң игі болар еді-ау.-Кәрмен қария Қанибекке арнайы келіп, ауылдастарының жұмылған жұдырықтай жәрдем беруге даяр отырғандарын айтқанда, Сәбила көз жасына ерік берді.Онысы бір жағы құдай қосқан қосағының ел алдында сыйлы екендігін мақтан көруі, екінші жағы кеше ғана өткендей болған өрт сойқанын ұмыта алмағаны. -Келін шырағым, сен ақылдысың ғой. Жылап, жаман ырым бастама. Бала-шағаң аманесен. Соған шүкірлік ет. -Ағасы, мен малым өлді деп жыламаймын. Бірлігі мықты ауылым бар деп қуанып...- Мұрны бітіп қалған Сәбиланың сөзін отағасы жалғады. -Қиын күнде қол ұшын бергелі отырсыңдар. Соған көңілі босағаны ғой келініңнің. Менің қорқатыным-Таласбайды қос жылқының киесі ұрмаса болғаны!-Қанибек соңғы кезде әбден мазасын қашырған Таласбай жайлы қалай айтып салғанын өзі де аңғармай қалды. -Оу, не дедің? Таласбайдың ісі ме бұл? -Дәлелім жоқ, ағасы! Бірақ сол екені сөзсіз.-Кәрмен қарт әлденеден секемденген раймен отырып қалды. Сәлден соң: -Обал-сауапты білмей, пендешілік жасаған екен. Киесінен де қорықпапты жануардың! Бір Аллам сақтасын өзін! «Малдың киесі ұрады деген не, тәйірі!» Таласбай осылай деп талтаң қағып, көңілін көктем күй жайлап, жүріп жатты. Осы елдің шығармайтыны жоқ. Адым аттаса, ырымға сенеді. Қолы қимылдаса, кие, қасиет деп қалтырайды. Көзге көрінбейтін бір нанымсенімдермен өмір сүретін Таласбай ма бұл?! Жо-о-оқ! Бұл-жалғанды жалпағынан басатын Таласбай. Ауыл өмірі еш өзгеріссіз өтумен қаңтар орталанды. Жаңа әкім ауыл ішіндегі қалың қарды аршытуға да қауқарсыз болып шықты. Ескі шатырдан екпіндей кірген қар мектеп ғимаратының еңсесін басып жіберді. Ескі, әрі жұқа төбе ақыры шыдас бермей, тура сабақ өтіп жатқан сәтте опырыла құлады. Оқушылар сынып бөлмесінен коридорға ұмтылды. Ал бұрынғы аспаз, қазіргі ұстаз Ақлима өз қызына жүгірді. Бұл жайт ауыл тұрғындарын ашындырып жіберді. Олар Қуат басшыны ертіп алып, мектепке келді. -Қуат балам, өз көзіңмен көрші. Мектептің жайы осы, міне!-Кәрмен мектепке сөйлей кірді. Ал әкім біссімілласын айтып, есік көзінде қалды. Онысы кіруге қорыққаны. -Әкім бала, сен бұл мектепке кіруге қорқып тұрсың. Ал біздің балаларымыз осы апатты мектепте оқып жүр. Қане, сен де кір тәуекел деп!-Тұрғындар шулап қоя берді. Әкім көмекшісімен бірге жауаптарын жұптады. -Мектепке кірмесем де, сыртынан-ақ ахуалын аңғарып тұрмыз. -Материалын береміз. Ата-аналар өздері жөндеу ісімен айналыссын! -Иә, Қуат Усенович, дұрыс айтасыз. Тездетіп кетейік. Аудан орталығындағы жиналысқа үлгеруіміз керек.-Көмекшісі есіне түсірген жиналысқа асыққан әкім көлігіне отырып, тайып тұрды. -Ауданға барып, Жиделіде жұмақ орнаттым деуден де тайыннбайтын шығар бұлар! -Оған күмәнім жоқ. -Даурыға бермеңдер! Одан да керекті материалды әкімнен тездетіп алып, мектептің төбесін жөндеу жайын ақылдасайық!-Кәрмен қарияның сөзі жиылған жұрттың аптығын басты. Бұл сар шұнақ аяздың айласын асырған қаңтардағы жалғыз жаңалық болатын. Тыптыныш ауыл өмірін Таласбай бұзды. Қос ұлын жұмысқа аямай салды сол күні. Үлкені Қанатты әбден дігерледі. Оқы деп қалаға жібергенде, ел қатарлы оқи алмады. Енді ауылдың ауыр жұмысының қандай болатынын көрсін! Мүмкін, сонда оқуға зейіні ашылар. Осылай өзінше ұлын жазалағансып, оған бүкіл шаруаны шаш-етектен үйіп-төгіп тапсырды. Өзі жанында қарауылдай қақайып, кетпей жүріп алды.

-Жылқыларға шөпті көп бере берме. Қыс аяғы қалай болады? Одан да біраз тебіндеп жайылсын. Бар, бәрін ауылдың жоғары жағына қарай айда. Артынан ұсақ малды да шығар!-Қанатқа бұйрық берген Таласбай өзі де ат үстінде. Қанат құлықсыз қимылдап, қора жаққа беттеді. -Әй, оңбай кеткір, тездет! -Ана күрең ат қыршаңқы болып алыпты.-Ұлы мұрын астынан сөйлеп, әлденені түсіндірмек болып еді. Таласбай айғайға басты. -Қалада екі ай жүріп, атқа мінуді ұмытып қалғансың ба? Мін күреңге!-Ұлы ашуланып барып, күреңді басқа бір ұрды. Оны ұрып-соғып қыршаңқы еткен өзі болатын. Тұщы етіне ащы таяқ тие берген соң, күрең ат шайпау болмай қайтсін! Бұл жолы ол тісін ақситып қоя салмады. Бір орнында шырқ үйіріліп, көзге көрінбес шеңбердің ішінде тұрғандай шыр айналды. Айнала беріп, жасқанып тұрып қалған Қанатты аямай теуіп жіберді. Мұрттай ұшқан ұлын көріп, атынан аунап түскен Таласбай жан дәрмен жүгіріп жетті. Дегенмен қандай да бір көмек жасауға тым кеш еді. Жас жігіттің бет-аузы соққыдан қисайып, құбыжық түрге еніп, келмеске аттанып кетіпті. -Ойбай! Ойбай!-Бұлтерезеден ұлының құлағанын көре сала, семіз қаздай шоқырақтай жеткен Әйнектің даусы. Әйелінің баласының үстіне төне құлаған сәті Таласбайдың көз алдына кер құнанды қорғамақ болып, оны денесімен көлегейлеп жанталасқан көк биені елестетті. Бәлкім, сол сәтте тілсіз жануар дәл осы Әйнек секілді зарланған шығар. Бірақ оны естіген Таласбай болды ма? Жо-жоқ! Күллі жұрт кие туралы айта берген соң, өзі де сол жоқ ұғымға сене бастаған ба? Өз санасында қатар көлбеңдеген қос көріністің астарын мойындағысы келмей, ұлын құша құлады. -Балам, Қанат, тұра ғой! Қәне, енді ашуланбаймын! Тұра ғой!-Ұлының қан жауып кеткен бет-жүзінен оны тану мүмкін емес-тін. Бұл айғай-шуды естіген көршілері де жетті. Қанды көріністен қатып тұрды да қалды. Ауыл тарихында мұндай сұмдық кісі өлімі болып көрмеген. Қарауға дәттері бармай, жер шұқып қалған көршілерінің ішінен Жәмила әжей сүйретіле алға шықты. -Әйнек қарғам, бекем бол енді!-Әжейді тыңдаған әйел болмады. Зарлай жылап, ұлының өлі денесінен айрылар емес. Жаманат хабар ауылға тез тарады. Қаралы рәсімдерге шақыртпай-ақ келетін ауыл қазақтары жылдам жиналды. Күні аза тұтудан басталған Таласбайдың үй-ішін аямаған жан қалмады. Елдің алды болып келген Қанибекті көрген Таласбай еңкілдеп жылап, орынан атып тұрды. -Қани-ау, айдың, күннің аманында тепсе темір үзетін ұлымнан айрылып қалдым!- Қайғыдан өртеніп тұрған құрдасын Қанибек құшақтай алды. Жұбатарға сөз таппады. Бар болғаны қатты қысып құшақтады. Оқыстан Таласбай мұны жұлқып жіберіп, айғайға басты. -Сен көк биең өлгенде, мені қарғадың ба? Қарғап па едің? Қарғысың балама тиді ме?- Қанибек жағасына жармасқан Таласбайға қарсыласпады. Жаны азаға толы Таласбай шерін шығарып алсын деді ме, тек тыңдап тұра берді. -Ұлымды сен өлтірдің! Кие деп, обал-сауап деп миымды шұқып едің. Өз сөзіңе күллі ауылды да сендіріп, елдің бәрін маған қарсы қойдың! Ұлым сол қарғысқа ұшырап, көз алдымда өлді!-Қанибек қарулы қолдарымен Таласбайдың уысынан босап шықты да: -Тірі жанды қарғап көрген емеспін. Талас, күйігіңді бас! Мықты бол!-деп қайта құшақтады. Алып тұлғалы құрдасының құшағында Таласбай еңіреп жылап, бүкіл жұртты өзімен бірге зар илетті. Таласбай күйігін оңайлықпен баса алмады. Себебі, әйелі сол күннен соң ақылынан адасып, ессіз күйге түсті. Айтатыны-«кие ұрды ұлымды, жылқының киесі атты құлынымды!» Күні-түні осылай ыңылдап, аруақтай үй ішін кезіп жүретінді шығарды. Таяқтап та көрді. Қамшымен де ұрды. Ондағысы ес жия ма деген үміті болатын. Жоқ, ес жимады. Ұрса, жаны рахат тапқандай, сылқ-сылқ күледі. Қызы алдына тамақ апарса,«кер құнанның еті емес пе?» деп шошына шыңғырады. Ұл-қыздары да әбден қасірет шекті.

Ұзын бойлы Таласбай ұлының қырқына жетпей-ақ, шөгіп кетті. Еңкіш тартып, қайғыға мойынсұнғандай қалпы бар. Қанаттың қырқына ауылдың тайлы-таяғы қалмай жиналды. Әйнектің есі кіресілішығасылы түрін көріп, ел тегіс шошынды. -Біз аяғанда не табады бұл бейшара? Құдай аясын міскінді! -Таласбай соңғы жылдары кеуделеніп, тәкаппарланып кетіп еді. Кеудесін құдай басқан екен! -Қой, мұндай қайғыны дұшпаныңа да тілемейсің ғой. -Кие ұрған шаңырақ бір тұраласа, қайтадан бой көтере алмайды екен. -Тіл-көз тигенді дұға жасап қайтарып жатады ғой. Мұның да бір емі бар шығар. Әйелдер арасындағы бұл сыпсыңды Жәмила әже тоқтатты. Баяу дауыспен сөйлейтін салиқалы әжей өсек сөзге тұсау салды: -Жә, қаралы үйді сонша сынағандарың не? Бұларың-ессіздік! Әне, ұл-қыздары бізден бір жылу күтіп, үміттеніп қарайды. Доғарыңдар енді! Ағайыншылықтарың осы ма?! Өсек сөз өрекпіп барып басылды. Бірақ тура осы сәтте ешкім күтпеген жан шошырлық көрініс орын алды. Ортаға Әйнек жүгіріп шықты. Екі қолтығынан демеп ұстаған абысынажындарын итеріп тастап, көзінен жас аққанша күлді. Оның неше түрлі дауыспен құбылған күлкісі жұрттың жағасын ұстатты. Мұнымен де тынбаған қаралы ана жерге отыра қалып, еденді тырналап, қарқылдай берді. Оның ендігі даусы күлкіден гөрі қарғақұзғынның даусына көбірек ұқсайтын еді. Не істерін білмеген екі қызы аналарына жетіп барды. Тек қос мұңлықты аналары көрген де, естіген де жоқ. Ол қарқылдай берді, қарқылдай берді. -Апа, үйге жүр,-деп жеткіншек қызы етегінен тартты. -Апа, апа!-деп шырылдады кенже қызы. Перзенттерінің шырылы әйелді есінен тандырған қайғы тұңғиығынан арашалай алмады. Таласбай оқ жыландай атып тұрып, әйеліне жетіп келді. Оны бір қолымен отырған орнынан оп-оңай жұлып алды. -Әй, есуас, жетер енді! Қырық күн шыдадым саған! Енді шыдамаймын! Бұл-менің де қайғым! Мен де азалымын! Мен де ұлымнан айрылдым! Неге сен ғана есіңнен адастың?! Мені жазалаған түрің бе? Тоқтат енді!-Қайғы, ашу, өзі де түсініп үлгермеген ию-қию, қым-қиғаш сезімдер айқасында Таласбай әйелін жұлқи берді, сілки берді. Әйелінде сол баяғы жұртты қорқытқан үрейлі күлкі. Не тынысы бітіп күле алмай қалмайды, не демігіп басылып тынбайды. Кезекті рет Әйнекті жұлқи беріп еді, бір әлуетті қол мұны қатты қысып тоқтатты. Адам танудан қалып бара жатқан Таласбай құрдасын шырамытты. Осы қасіреттен тек сол ғана құтқара алатындай Қанибектің аяғын құшып қайғы заһарын төкті: -Қаниым-ау, аяшы мені! Кешір мені! Шайтан азғырып, әзәзілдің тіліне ердім! Күшігіңді улап өлтірдім. Оны өзің де сезген шығарсың. Содан да қарғыс жіберген сенсің ғой! Қораңа әдейі өрт қойған да менмін! Кешіре гөрші мені! Кер құнанға обал жасадым. Енді ешқашан жылқы етін жемеймін! Кешірші мен сорлыны, Қани-ау! Көк биеге тіккен көзім ағып түссін! Мені кешір де, мына қасіреттен құтқаршы! Сен кешірсең, Әйнек те дертінен айығар! Жалынам, кешірім ет маған!-Тізерлеп аяғын құшқан құрдасын Қанибек қолынан тартып тұрғызып алды. Ол сонда да қайта иілмек болып тырмысып бақты. Жылқышының қарулы қолдары оны еркіне жібермеді. -Талас, екеуміз де пендеміз. Пенденің өмірін пенде шешпейді. Кешірімді Алладан сұра! Мен саған тіпті өкпелі де емеспін! Еңсеңді тіктеші! Бұрынғы адуынды Таласбай болшы! -Жоқ, бұрынғы Таласбай жоқ! Ол жоқ! Ол ұлымен бірге өлген! Мен өлдім!-Бүкіл денесі дірілдей жылаған құрдасын Қанибек жас балаша баурына басып, ұзақ тұрды. Жиналғандардан жыламаған жан қалмады. Ата-анасы тірі өлікке айналған үш бірдей жетімек өздерінің алдынан тағдыр нендей тұзақ құрғанынан бейхабар күйде запыран жас төге берді. ...Көк бие кер құнанымен қатарласа шауып келіп, ауыл сыртына аял қылды. Ол аулына мейірлене қарап сәл тұрды. Ойламаған жерден көк биенің құйрық-жалы айдаһардың қанатына ұқсап, сусылдап, от шашып, Таласбайдың үйіне қарай ағызып келе жатты...

Тегімді менің сұрама (әңгіме)

-Әмір, туған күніңмен! -Достым, шын жүректен құттықтаймыз! -Жиырма бестің әлденешеуін жасап, жүзге жет! Қаумалаған достарым тілектерін жаудырып жатыр. Өзімді киножұлдыздай сезініп тұрмын. Бүкіл әлем мен деп елжіреп тұрғандай. Таңнан бері анамның мейірімге толы ыстық лебіздері. Енді, міне, кеш бойы құттықтаудан бір жалықпаған дос-жарандарымның ақ ниеттері. Әй, мен бақыттымын-ау! Бақыттымын! Әсіресе, Сұлушаштың өзіне тілеген жақсылық атаулыны маған тілегені. Басым айналып барады. Жиырма бес жасқа жеткенде, барлық жігіттер дәл мендей мәз-мейрам бола ма екен?! Әй, қайдам? Мендей мәре-сәре болатындар некен-саяқ шығар. Сүмбіл шашын иығынан төгілтіп тастап, ерекше сұлу көрінген Сұлушаш маған таяп келді. Менің ойымды оқып қойғандай, «Кел, билейік» демесі бар ма? Ажарлы қыз айдай сәулесін төгіп, жақын келсе, биден қашар жасық жігіт мен емеспін. Вальс әуенімен дөңгелей жөнелдік. Шағын дәмхананың іші ыстық па, әлде қыздың демінен бе, қара терге түстім. Сұлушаш аса тақалмай, сыпайы арақашықтықта ырғала билейді. Судыраған шашын жібек дерсің.Шыр-көбелек айналып жүрміз. Құйқылжыған әуен бақыт әлемінің ұранындай. Ал мен-сол ғажап әлемнің дара ханзадасымын. Перизатым да жанымда. Қиял құсым бұдан ары шарықтай берер ме еді, вальс әуені кенеттен аяқталды. Өзім ұната қоймайтын рок музыка қосылды да, жаңағы тамаша өлкенің сиқырлы суреттерін үркітіп жіберді. -Кәне, дастарханға жайғасайық!-Қуат асабалық қызметін әлі жалғастырып жүр. -Кел, Сұлушаш, отырайық,-дедім амалсыз. -Әмір жақтырмайтын рок музыка қосылды. Туған күн иесінің көңілі түсіп кете ме деп алаңдап отырмын,-деп қалды Әйгерім. Өзі мен үшін алаңдайтынын бұрын да айтып еді. Бүгін тағы... -Егер дәулетім тасып тұрса, мына дәмхананы бүтіндей жалдап алып, тек қазақша әуендерді тамылжытып қояр едім. Әрине, тек Әмір үшін солай жасар едім! -Сұлушаш, сен одан да Әмірге ғашық екеніңді тап осы жерде мойындай салсаңшы! -Мына сөздеріңмен мойындап та үлгердің, Сұлушаш! -Иә, сен Әмірге ғашықсың! -Жай әріптес қой,-деген Әйгерімнің даусы бір түрлі ерсі шықты. Сұлушаш мен күткендей ақталмады. Өзінің мінезіндей тура біткен кірпіктерін қағыпқағып жіберіп, жайдары езу тартты. -Әмір, бақыттың құсы кезбе деуші еді. Бүгін сол кезбе құс сенің басыңа Сұлушаш болып қонды!-Асаба Қуат мәнерлеп сөйлемек болып, бәрімізді күлдірді. -Мен кезбе емеспін, Қуат! Мен тұрақты бақыт құсымын!-Сұлушаштың үні тіпті сыңғырлап, күміс қоңыраудай естілді. Әзілдесе отырып, дастархандағы дәмге жаудай тидік. Ақыры дәмхана жабылар кезде бір-ақ шықтық. «Тұрақты бақыт құсын» қолтықтап, дәмханадан шықтым. Өзге әріптестерім жөн-жөнімен тарап кетті. Туған күнімді тек Сұлушашпен жалғастырғым келді. Әттең... Оның ата-анасы қыздарының тым кеш уақытта жүргенін қаламайды. Оны бірер отырыстарда байқағанмын. Сол себептен кермиығымды өзім үйіне дейін жеткізіп салмақпын. Қырсыққанда Алматы көшелерінде күндізгі иін тірескен көлік кептелісі мүлде жоқ. Жеңіл машинамен зу етіп, үйіне жетіп бардық. -Әмір, думан кұнің құтты болсын! Жүрегің не әмір етсе, сол орындалсын!-Сұлушаш күндегіден де нұрлана, тағы да құттықтады. Сөйтті де, ақырын ғана бетімнен сүйді.

-Көп рахмет, бақыт құсым, сүмбіл шашым!-Мен де оның бетінен сүйдім. Үлбіреген беті мақта тәрізді. Толқыныстан қыздың қолын жібермей, ұстап тұрып қалдым. Қатты қысуға қимадым, саусақтары сынып кетердей тым нәзік. -Кетуім керек,-деп сыбыр еткен Сұлушаш үйіне қарай жүгіре жөнелді. Әйтсе де өзі орнатқан бақыт күйін жүрегімде қалдырып кетті. Кенет қалта телефоныма хабарлама келіп түсті. Сұлушаш қайырлы түн тілеп жазған болар. Басқа кім болуы мүмкін? Жалма-жан ашып едім, бейтаныс нөмірден келген хабарлама бір түрлі суық көрінді. «Жиырма бесінші туған күніңді тағы да әкесіз атап өттің бе? Не дейін?! «Екінші мүшелін атап өткен кімнің ұлы?» деп мен толғанып отырмын!» Бұл кім? Дереу қоңырау шалдым. Тұтқаны көтермеді. Сұлушаш сыйлаған шаттың әуені жүрегімді біржолата тастап кетпесе де, бір албасты тарпа бас салатындай қорқып кеттім. Дәл бүгінгідей шат-шадыман күнімде мені мысқылдап отырған кім болды екен? Зәрлі кекесінге толы сөздер жатталып қалды. Кімнің ұлымын? Түнгі Алматы көшесімен зырлаған көлік тізгінінде отырып, осы сұрақты еркімнен тыс қайталай бердім. Ару қаланың сұлулығына сұқтануға да, тіпті сүмбіл шашымның жүрекжарды лебізін елестетуге де дәрменім қалмады. Санамды жалғыз сұрақ осқылап тұрды. Тілдей хабарлама тынышымды қашырғалы бүгін үшінші күн. Көңілімді жұмысқа аударған болып жүрмін. Түскі үзілісте Сұлушашпен бірге тамақтанып, көңілім сәл де болса демделіп қалды. Оның жай ғана жанымда отырғаны жүрегіме көктем гүлін шашады. -Әмір, неге мазаң қашып жүр?-Жүрегімнің әміршісі болған аруым жанымның жебеушісіне де айналып үлгеріпті. Әйтсе де оған сыр алдырғым келмеді. -Жай, жастық шақтың қызуы ғой,-деп әзілге сүйей салдым. -Ол қызу саған қандай әрекет жасауға түрткі болып жүр?-Тосын сұраққа өзім ойламаған аяқасты жауап бердім. -Сені ата-анаммен, анығын айтсам анаммен, әжеммен таныстырсам деп ойлап жүрмін. -Жақсы ой екен. Мен анаммен ақылдасайын.-Шешесіне айтпай, шай да ішпейтін қыз ба деп сүйіктімнің бұл жауабына көңілім тола қоймады. Не дегенмен жауабын күттіріп, жігітіне наздану қызға жарасымды қылық қой. Күнде сұлу көрінетін Алматы кеші сұрқай тартқан. Көзіме бір қара ноқат елестеген күйі, үйіме келдім. Әжем жалғыз отыр екен. Күткенім де осы еді. -Әже, шайды қоя тұрайықшы. Менің сізге айтарым бар,-дедім асығып-үсігіп. -Ұлым-ау, жау шапты ма? Ол не бұйымтай? -Әже, менің әкем туралы білетініңізді маған толық айтыңызшы. Бұл тақырыптың сізге де, апама да ұнай қоймайтынын білем. Бірақ соңғы кездері әкем туралы ойланып жүрмін. -Әмір, бұл туралы сөз қозғағаныңды анаң білсе, қатты ренжиді. Одан да жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырайық.-Әжем тура мен күткендей, әңгімеден бойын аулақ салды. -Мен он сегізге толғанда, «тастап кеткен әкеңді сұрап қайтесің?» деп анам жауаптан қашқан. Енді жиырма беске келіп, өзім отау құрар жасқа жетсем де, әкем туралы білуге хақым жоқ па? -Балам, сағым қуып қайтесің? -Әже, мен сағымнан жаралдым ба? -Тәйт, қайдағыны айтпай отыр. Сені анаң Алладан сұрап, мына әжең тәңірден тілеп алған. Әжем менің сөзіме қатты тіксініп, іштей әлдебір дұғаларын қайталап айта берді.Анам жұмысынан келгенде, әжем екеуміз түк болмаған түр танытып отыра қалдық. Жаз гүліндей жайнап жүретін әдемі апама ауыр сұрақтар қойып, көңіліне қаяу салғым келмеді. Қорқау қараңғылықтың патшасы түн басталды. Терезе алдына барып, әйнекке қарадым. Қою қараңғылықтың арасынан маған өз бейнем қарап тұрды. Кенет ол мырсылдап күлді: -Сағым қуып қанша жүрер екенсің? Нені анықтағың келеді? -Әкемді, жеті атамды білгім келеді. Оның несі айып?-Терезенің бер жағындағы мен жүнім жығыла үн қаттым. Ар жақтағы мен адуынды, әрі тілі ащы екен.

-Ал білгенде қайтесің? Осы уақытқа дейін әкесіз өмір сүріп келдің ғой. Анаң сені жетімсіреткен жоқ. Оқытты, шоқытты. Үйің, көлігің бар. -Өмір дүниемен өлшенбейді. Әке махаббатын көлікпен өлшеген сен ақымақсың! -Жә, солай-ақ болсын. Егер әкең жайлы ештеңе біле алмасаң, қайтпексің?-Ол кекете езу тартты. -Қайтсем де анықтаймын.-Кіжіне қарап едім, ол жоқ болды. Мына күйгелек күйімнен өзім шошынып қалдым. Белгісіз біреудің арандатуына сонша мән бергенім жарамапты. Ешкімге ұнамайтын әкем тақырыбын жабайын. Иә, әжем дұрыс айтады. Ұялы телефоныма хабарлама келіп түсті. Өткендегі нөмірден екен: «Текті ғұмыр кешкенсіп жүре бер. Намыссыз екенсің!» Мына хабарламадан соң, жаңағы жуас Әмір ғайып болды да, терезенің ар жағындағы бірбеткей Әмір келді. Сүреңсіз жұмыс күнін салтанатты кешке айналдыратын Сұлушаш бүгін маған оң жауабын айтты. Отбасыммен танысуға дайын екен. Бірақ анасы менің де келіп танысуымды қалайды-мыс. Бұл жауап бақайесеп тәрізді естілсе де, келісімімді бердім. Бүгінгі кешті көңілді өткізуге тиіспін. Болашақ жарым алғаш рет менің отбасыммен жүздесетін жауапты сәт қой. Көл-көсір дастархан басында отырмыз. Бәрі де көңілді көрінеді. Сұлушаш бөле сіңлісі Айжанды ерте келіпті. Оның сұрағы бітсеші. Тергеуші ме өзі? -Сонда банкир болуыңа анаң ықпал етті ме, әлде әкең бе?-деп қойып қалды. Анама қарадым. Қырық шырақты әйелдің қулығы қол созымда тұрмай ма? -Жоқ, менің кеңесіммен осы мамандықты таңдады. Әрі қызметінде тез өсуіне де мен ықпал еттім.-Анам жауабын жарастырып үлгерді. Ұрлық жасағандай, іштей қуыстанып жүргенше, сүйіктіме әкесіз өскенімді айтуым қажет. Қонақтарымды шығарып салдым да, бөлмеме кірдім. Тағы хабарлама. Қорыққаным сонша, оны ашуға жүрексіндім. Тағы не сұмдық жазылғанын кім білсін? Қызығушылығым басым түсіп, хабарламаны ашып оқыдым: «Сұлушаш қай рудың келіні болатынынан хабарсыз кетті ме? Обал болыпты сұлуға.» Құдай-ау, бұл кім? Қоңырау соқсам, жауап бермейді. Мен жайлы соншалықты көп білетін нендей дию бұл?Төзімім таусылды. Бөлмемнен атып шығып, апама жетіп бардым. Өмір-бақи қорған болып келген жан анамнан осы жолы да сая күттім. Оның жауабы жанымды тыныштандыратынына бек сендім. -Апа,-дедім даусым тарғылданып,-әкем жайлы айтып беріңізші! Өтінем, жалынам! -Тосыннан не болды?-Күліп әңгіме айтып отырған апам тез-ақ сұсты түрге ене қалды. Өзі әртіс сияқты ма, қалай? -Туған күнімнен бері осы сұрақ жанымды жеп барады. Апа, құтқаршы мына зымыстан ойлардан! -Несіне жаныңды жейсің? Он сегіз жасыңда айтқанмын. Әкең сені тастап кеткен. Енді неге оны іздей қалдың? -Анашым, жаныңды жаралағым келмейді. Бірақ айтшы, ол қандай адам еді? Суретін сақтадың ба? -Сен жанымды жаралап та үлгердің. Ол бейбақтың суретін сақтауға міндетті емеспін!- Анам мені анау қорқынышты құбыжықпен бетпе-бет, жалғыз қалдырды да, өз бөлмесіне тайып тұрды. Әжемнен де қайран жоқ. Атпастай көрінген Алматы таңы әрең ағараңдады. Жұмысқа жиналдым. Сұлушашты көрсем, бар қиындығым ұмытылатындай. -Жаным, қайырлы таң. Сені түсімде көрдім,-деді ол еш алаңсыз. -Мен сені көп ойлаған соң, түсіңе кіргенмін ғой. -Білесің бе, апаң мен әжең маған өте ұнады. Енді бүгін менің ата-анаммен танысуға келсең, жақсы болар еді. -Кейінірек таныссам болмай ма?-Бұл сөзімнен соң, Сұлушаштың жүзіндегі қуанышты рең солғын тарта қалды. Жо-о-оқ! Оны мұңайтуға хақым жоқ. Айтқанына келістім. Ішкі үрейім Сұлушаштың үйіне барғанда расталды. Сауалдары таусылмайтын нағыз қазақтар

екен. Кей сұрақтарына жауап беріп үлгермей жатып, келесі сұрақтарын көлденең тарта қояды. -Әкең жөнінде тіс жармадың ғой. Келгелі апам, әжем деп қана отырсың. Жігіт өз жұртын жақсы білуі керек,-деді кенет әкесі шежіре айтып отырғандай маңғазданып. -Мен әкесіз өскенмін,-дедім амалым құрып. Сұлушаш маған жалт бұрылды. «Неге айтпадың?» деген кінәмшіл көзқарасын оқып үлгердім. Айтуға мұршамды келтірді ме жұмыс қамы? -Сонда қалай? Әкең жайлы ештеңе білмейсің бе? -Сабыр, жігітті ұялта бермесеңші. Үйімізге алғаш келуі ғой,-деп Сұлушаштың анасы Бибігүл отағасын ақылға шақырып еді. Онысынан түк шықпады. -Мен қызымды жеті атасын білмейтін жетесізге бермеймін. Тексіз біреудің ұрпағын жалғастыруына көнбеймін! -Әке!-деп шыр етті Сұлушаш... Бұлт арасынан шыға алмай тырмысқан ай да қараңғы. Жарығы болса да, мына көшелер де қараңғы. Кеудемде жүрегім соғып тұрса да, мына әлем мен үшін қараңғы. Көңілімдегі көктемді әлгі сөздер тонап әкеткен, ол да қараңғы. Алыстан жалған жылтыраған жұлдыздар да қараңғы. Өмір-қапас, мен-тұтқынмын. Адамдардың бәрі өмір-абақтының тұтқыны. Тек өтірік күліп, өздерінің жасанды шаттықтарына «бақыт» деп ат қойған. Бірақ менен өткен ғаріп бар ма? Қазақ үшін ең ауыр сөз-тексіз. Оны естігенше, тірідей жерге кірсемші. Сұлушаштың тікмінез әкесіне ренжи де алмадым. Онікі дұрыс. Жеті атасын тексермей, қыз алысып, қыз беріспейтін қазақ қой ол. Мына диуана халіме кімді кінәлаймын? Таптым! Әкем айыпты! Ол мені тастап кетпегенде, мен айдың-күннің аманында тексіз атанбас едім.Сені дүниенің қай қиырына кетсең де, іздеп табамын. Сосын жазаңды беремін! Оған мына қараңғылық куә! -«Сұм өмір абақты ғой саналыға,»-деп ыңырси өлеңдетіп үйіме кірдім. Бұл өлең жолы қайдан есіме түскенін білмеймін, мектепте әдебиетті сүйіп оқитынмын. Сол шағым елес беріп жатыр ма? Әлде жаныма жақын болған соң, жалғыз жол өлеңді әнге айналдырып алдым ба? Өзім де білмеймн. Аналарым ояу екен. -Балам, алтыным, саған не болды?-Әжем жылаудың аз-ақ алдында тұр. -Әміржан, сен ішпейтін едің ғой?-Апам мені тани алмады. Менің аяғымды бастырмай тұрған арақ емес, шер ғой, апа, шер! -Құдағиыңның қолынан шай ішіп едім, буыныма түсіп кетті,-дедім мысқылдап. -Шайын беріп, қызын бермеймін деп қуып шықты. -Не дейсің? Қызына сендей жігітітң төресін таба ала ма екен? -«Тексіз» деді! «Жетесізсің, әкесіз өскен ұлға қыз бермеймін» деді! Анам тілден қалды. Жүресінен отыра кетті. Әжем дұғаларын айтып, Алласынан жәрдем тіледі. Бірақ Алла құтқарушы періштелерін жібермеді. Мен тағы да жауапсыз сұрақтардың соққысында қалдым. Адам үш күннен соң тозаққа да үйренеді деседі. Мен де үйрендім. Сұлушашсыз өмір кешуге, әкемнің кім екенін білмей алас ұруға, тіпті анау құбыжық хабарламаларға да үйреніп, мойынсұнып кеттім. Хабарлама жылт етті. Қараңғылықтан шығарар сәуле ме, әлде... Оқи бастадым. «Әкеңнің жоқтығынан шаңырағың құрылмай жатып құлап түсті. Енді не істемексің? Жоқ әкеңді іздейсің бе?» «Жоқ әкең» деп не тантып тұр мына құбыжық? Әкесіз сәби туылатын ба еді? Әлде әкем қайтыс болған ба?Құбыжыққа қанша қоңырау шалсам да, тұтқаны көтермейтінін білемін. Сондықтан «мықты болсаң, қарсы алдыма кел» деп хабарлама жазып жібердім. «Оған әлі ерте» деген жауап келді. Кішкентай күнімде ойнап жүріп құлап қалсам, бірден анама жылап баратынмын. Ол мені ыстық құшағына алып, еркелетіп, қалай да жұбатып алатын. Бүгін дәл сондай күйге түстім. Жігіт болсам да, көз жасым кірпігімнің ұшында тұрды. Үйге кіре сала, анамды қатты қысып құшақтадым. Әжемді де құшағыма алдым. Көзімді ашқалы көріп келе жатқан қос анам менің ағыл-тегіл жасымды көріп,жандары мұрындарының ұшына келді.

-Апа, әже! Құтқарыңдаршы мені мына азаптан! Біреу менімен қатыгез ойын ойнап жүр. Әкем туралы сандырақ хабарламалар жібереді. Сұлушашты әке-шешесі менімен араластырмай қойды.. Қараңғылықтың қапасынан құтқаршы! Сонау бақытты күндеріме оралғым келеді! -Балам, сабыр етші,-деді анам оқыстан салқын үнмен. -Жоқ, сабама түсе алмаймын. Күнде жүрегімді сыздатқанша, бүгін бәрі аяқталсыншы. Мен кімнің ұлымын?Руым кім?Қазақпын ба өзі?-Өзім үшін сонша қымбат қос қимасымды аямадым. Өзімшілдігім жеңді ақыры. Әжем аузын басып, еңкілдеп жылап тұр. Шешем әкемнің өлгенін естіртердей түнеріп алған. -Апа, шындықты айт. Бүгін жауаптан қашпа! -Дайынсың ба жауабын естуге? -Иә, әзірмін! -Гүлжаз, қой, айтпа!-Әжем екі қолы ербеңдеп, ортамызға түсті. -Қашанғы жасырам? Қанша уақыттан бері алқымымнан алып болды. Айтып құтылайын. Ар жағы бір Аллаға аян. -Иә, айтып құтыл, апа! -Мен сені жасанды ұрықтандыру жолымен туып алғанмын. -Түк түсінбедім. Әкемнің тастап кеткені қайда? -Жоқ, ол өтірікті сенің көңілің суысын деп, мен ойлап тапқанмын. Бірақ сенің тыныштық алар түрің жоқ. Ақыры білдің. -Нені білдім? Әкесіз қалай туғанмын? -Жасанды ұрықтандыру орталығына барып, қызмет ақылары үшін төлем жасадым да, ұзын бойлы, қара көзді, бұйра шашты деген сипаттамалы ұрықты таңдадым. Сөйтіп сені өзім үшін туып алдым. -Өзім үшін деген не кесел, апа? -Кәрі қыз мылжа-мылжа кемпір болмай ма? Күйеуге шықпаған соң, жалғыз жүре бермейін деп, өзімнің болашағымды ойлап, сені дүниеге әкелдім. -Қандай болашақ? Кімнің келешегі?-Жаным алас ұрып, тысқа ұмтылдым. Жолыма кедергі болған анамды өмірімде алғаш рет кеудесінен итеріп жібердім. Ілбіп келем, ілбіп келем. Бойымда шала-жансар жаным бар. Ойымды зіл қара тұман басқан. Жанымды тас түнек еңсеріп алды. Түнерген мылқау әлемде иненің жасуындай да сәуле қалмады. Тұлдыр кеңістікте құр тырбыңдап келем.Ақылым адыра қалып, қайран жүрек қана қалды қалтырап. Кімге екені белгісіз, мұң шаққым келді. Осы ой сүйрелеп, Абай ескерткішіне алып барды. Ескерткіш түбіне құлай кеттім: «Ұлы баба, «қазақпын» деп өмір кешкен балаңмын! Енді бүгін өзімді кім деп атарымды білмей әуремін. Айтшы, данагөйім, адамды адам қолдан жасап алса, кімге күнә?Ақша үшін албасты тұқымын шыныға салып өткізген шайтантектілер айыпты ма? Әлде сол шыныдағы ұрықты жатырында дамытқан өзімшіл әйелдер жазықты ма?Осы азғындыққа ауыздық салмай, есіртіп отырған күллі қоғам ба? Менің даусым жетер емес. Үн қатшы мына меңіреу қоғамға! Оятшы арын! Сақташы барын!» Дәл осы сәтте бүкіл жаным нағыз әке құшағын аңсап тұрды. Ал Абай ескерткішінен жауап болмады: «ұстарасыз аузына мұрты түскен» қазағын көрген данышпан да менімен бірге жылап тұрғандай. Түн етегінің қалай түрілгенін, таң шапағының қалай шашылғанын мен сезбедім. Құбыжықтың қоңырауынан ес жидым. Қыздың даусы «Қайдасың?» деді. Адам өліп бара жатса да, ішін қызығушылық теседі екен. Өлер халге жетсем де, ол диюмен кездеспей кеткім келмеді. Мына сұмдықты қара! Бөксесін бұраңдатып Әйгерім келе жатыр. -Сәлем, Әмір! -Не керек саған? -Сен керексің! -Арам екенсің! Бір кеңседе жүріп, істеген ісіңді қара! Сонда не таптың? -Сұлушаш екеуіңді ажыратқым келді. Сен туралы ақпарат іздеп шаршамадым. Сұм дерек мені өзі іздеп тапты. Менің алыс жамағайын бір тәтем қыз күнінде сенің апаңның

құрбысы болыпты. Екеуі анау орталыққа бірге барыпты. «Содан туып алған ұлы ғой» деп тәтем бәрін біліп отыр екен. Сол шындықты өз пайдама асырдым. -Ештеңе де кәдеңе жарамады. Мен әкем жайлы бәрін білдім.Одан саған келіп-кетер не бар? -Көп нәрсе өзгерді. Сенің әлпештеп жүрген сұлуың тастап кетті. Қайрылып келмейтіні анық. -Сонда Сұлушаш болмаса, мен саған ғашық болам ба? -Мен тегіңе қарамаймын. Әрі менің махаббатым екеумізге жетеді! -Жоқ, мен Сұлушашты сүйемін!!!-Осы өмірдегі жалғыз мөлдірім-махаббатымды бар даусыммен айғайлай айттым. -Мен де сені сүйемін!-Ту сыртымнан естілген сыңғыр үнге жалт бұрылдым. Боташым, сүмбіл шашым, келдің бе? Жанарымыз түйісе қалды. -Қайғы құрты мүжіп біткен жанымды, Қайдан білдің запыран шеккен халімді? -Мен білмейтін жүрегіңде күй бар ма? Сені сүйем, басқа жайға иланба! -Сұрама менің тегімді, Білмей-ақ қойшы елімді! -Қазақы жаның, тілің бар, Кем тұтам қалай өзіңді?! -Тегім-жын, ал анам-қазақ, Содан да өмір толған азап! -Жын бол, мейлі пері бол! Жүрегімнің мәңгі үні бол! Ғашығымның жасты жанарындағы осы ойды оқыған мен оған қарай тәлтіректей ұмтылдым...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙