Шығайбайдың қулығы
Асқар Жұмаділдаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақстанның белгілі ғалымы, қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА-ның академигі Асқар Жұмаділдаевтың шығармашылығының басым көпшілігі ғылымға негізделген. «Қосу мен азайту», «Медеттің есеп кітабы», «Геомертиялық фигуралар», «Шығайбайдың қулығы», «Алда...
3-5 сыныптағыларға арналған
Асқар Жұмаділдаев. Шығайбайдың қулығы
Қатысушылар:
Шығайбай, шайтан және Алдар Көсе.
БІРІНШІ КӨРІНІС
ШЫҒАЙБАЙ:
(түксиіп отыр):
Алдар оп-оңай формуламен мені алдап кетті.
Енді не істесем екен?
Шынымен-ақ бар ақшаны беремін бе?
ШАЙТАН:
Әрине, бермейсіз...
Онық бір амалын табамыз, Шығеке.
(Шығайбайдың артында жатқан қаптарды нұсқайды)
Айтпақшы, мынау не қылған қаптар?
ШЫҒАЙБАЙ:
Бұлар бір тиындық монеталар салған қаптар ғой. Бірі өңкей жалған монеталармен, келесілері тек шын монеталармен толтырылған.
ШАЙТАН:
Қайсысы шын, қайсысы жалған екенін қалай білуге болады?
ШЫҒАЙБАЙ:
Салмақтарын өлшеу арқылы. Шын монетаның жалған монетадан бір грамм айырмашылығы бар.
ШАЙТАН:
Онда, Шығеке, сізге кез келген адамның ақылы жетпейтін кеңес берейін. Өйткені менің де Алдар Көсеге алданып, есем кеткен еді. Бір өшімді алайын...
ШЫҒАЙБАЙ:
Иә, иә, Шайтеке. Сені Алдардың қалай қатырғанын жұрт жыр қылып айтып жүр. «Бір-бірімізді арқалап жүрейік. Айтатын өлең таусылғанша арқадан түспейік» дегеніне неге келістің?
ШАЙТАН:
Ол қудың «әләуләйім» дейтін таусылмайтын өлеңі бар екенін кім білген?! «Әләуләйім таусылса, хәләуләйім тағы бар» деп әбден сілемді қатырды емес пе?!
ШЫҒАЙБАЙ:
Ендеше, есе қайтаратын кез келді. Бірақ Алдарды тек математикалық
жолмен алдамасаң, өлеңмен, әнмен, сөзбен жеңу мүмкін емес.
ШАЙТАН:
Онда менің ақыл-кеңесімді тыңдаңыз, Шығеке.
Оған уәде еткен ақшаны он мың теңгеліктермен емес, анау қаптардағы бір тиындықтармен беріңіз. Бір жыл бойы санап әуреге түссін.
ШЬІҒАЙБАЙ:
Кеңесің керемет-ау... Бірақ монетаның салмағы белгілі.
Таразымен өлшеп-ақ қапта қанша ақша бар екенін оп-оңай біле салады ғой.
ШАЙТАН:
Иә, солай... Шын монета салынған қаптағы ақша оңай саналады. Әр шын монета 10 грамм болғандықтан, қаптың салмағын онға бөле салса болды. Ал, біз жалған монеталар салынған қаптарды көптеу берейік.
ШЫҒАЙБАЙ:
Бәрекелді! Жалған монетаның салмағы шын монетадан 1 грамм ғана артық. Кейбір қаптарға өңкей жалған монета салып қоятынымызды Алдар қу сезуі мүмкін. Бірақ жалған монетаның салмағы 1 грамм артық па, әлде 1 грамм кем бе, бұл жағын білмейді. Ал амалын тауып, жалған монеталарды аңғарып қойса қайтеміз?
ШАЙТАН:
Қалай біледі? Оның таразысы жоқ емес пе?
ШЫҒАЙБАЙ:
Бізден таразы сұраса ше?
ШАЙТАН:
Біз оған аптекарлық таразы береміз. Бұл − электрондық таразы. Жүз грамнан артық өлшеуге болмайды.
ШЫҒАЙБАЙ:
(қолын уқалап)
Бірақ, ол қу жүз грамдап күні бойы өлшейміз десе қайтеміз?!
ШАЙТАН:
Ой, Шығеке, соны да ұқпадыңыз ба? Таразы − жапондікі, өте дәл. Онымен тек бір-ақ рет өлшеуге болады демейміз бе? Әр қаптың салмағы бәленбай килограмм. Біз бір бергенде үш қаптан бермейміз бе?
ШЫҒАЙБАЙ:
Келістік. Ойбай, әне, Алдар келе жатыр. Шайтеке, қаптарды дайында.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
ШЫҒАЙБАЙ:
Уәденің аты − уәде. Міне, ақшаң...
(Шайтан мықшыңдап үш қапты сүйреп келе жатыр)
АЛДАР:
Ойбай-ау, бұнда қанша теңге бар? Шығеке, бұны қашан санап бітемін?
Бір таразы бер. Өлшеп көрейін.
ШЫҒАЙБАЙ:
(кішкентай таразы беріп тұрып):
Дәл өлшейді таразы,
Өтірікке баспайды.
Салмақ өлшеу шамасы
100 грамнан аспайды.
АЛДАР:
Аққу мойын сағасы,
Қанша екен бағасы?
Шығайбайда жоқ па екен,
Таразының «ағасы»?
ШЫҒАЙБАЙ:
Басқа таразы жоқ. Қазір компьютер заманы. Нано-технология заманы. «Нано» дегенді білесің бе? 10 -9! Килограмдап, тонналап өлшейтін мені қоймашы дейсің бе? Жоқ, мінеки. (Қалтасын ақтарып):
Аяғаным Алдардан,
Ит пен құсқа жем болсын...
Өлшейтінің, Алдаржан,
100 грамнан кем болсын.
АЛДАР:
Қабыл алдық сыйыңды,
Оңайлатар қиынды.
Есеп-қисап білетін
Дәл санайды тиынды.
ШЫҒАЙБАЙ:
Таразы бұзылып қалмасын. Тек бір рет өлшеуге ғана қақың бар.
АЛДАР:
Саспаңыз, Шығеке. Бірінші қаптан бір монета, екінші
қаптан үш монета, үшіншіден бес монета алайық.
Салмақ – көп болса,
1 х 11 + 3 х 11 + 5 х 11 = 99 <100 грамм болады. .
Ал, өлшеп көрелік. Мәссаған, 99 грамм шықты. Мына қаптардың бәрі жалған. Алып кетіңіз, Шығеке!
ШАЙТАН:
Қап, мынау біліп қойды ғой.
Енді бір қабын шын қылып берейік. (Тағы үш қап береді).
ШЫҒАЙБАЙ:
Таразы бұзылып қалмасын.
Бір-ақ рет өлшеуге тиіссің.
АЛДАР:
Бірінші қаптан бір монета, екінші қаптан үш монета, үшіншіден бес монета, өлшейік. 96 грамм шықты. Есептеп жіберелік:
96=1x11+3x10+5x11 Демек, бірінші қап пен үшінші қап жалған. Екінші қаптағы шын монеталар екен. Оны алып қаламын. Әкет, мына екеуін!
ШЫҒАЙБАЙ:
Мына қуаяқ бәрін қайдан біліп отыр? Жарайды. Мә, тағы үш қап...
АЛДАР:
Бірінші қаптан − бір, екіншіден − үш, үшіншіден бес монета алайын.
90 грамм шықты. Есептелік:
90 = 1 х 10 + 3 х 10 + 5 х 10.
Енді, бәрі дұрыс болды. Бағанадан бері осылай жасамайсыз ба, Шығеке?..
(Алдар бірнеше қапты арқалап шығып кетеді. Шайтан мен Шығайбай ауыздары аңқиып қала береді).
ЖҮРГІЗУШІ:
Алдар айтқан сөздердің құпиясын кім түсіндіре алады?
Ол қаптағы монеталардың жалған екенін қалай біліп қойды?
АЛДАРДЫҢ АМАЛЫН ТҮСІНДІРУ
Алдар Көсе бірінші қаптан − бір, екінші қаптан − үш, үшінші қаптан бес монета алады. Жалған монета 11 грамм, шын монета 10 грамм болғандықтан, әлгі тоғыз монетаның салмақтарын таразымен өлшеген кезде былай болады:
•90 грамм шықса, барлық монета шын;
90 = 1x10 + 3x10 + 5x10
•91 грамм шықса, бірінші қаптағы жалған;
91=1x11+3x10+5x10
•93 грамм шықса, екінші қаптағы жалған;
93=1x10+3x11+5x10
•94 грамм шықса, бірінші және екінші қаптардағы монеталар жалған;
94=1x11+3x11+5x10
•95 грамм шықса, үшінші қаптағы жалған;
95=1x10+3x10+5x11
•96 грамм шықса, бірінші және үшінші қаптағы жалған;
96= 1x11+3x10+5x11
•98 грамм шықса, екінші және үшінші қаптағы жалған;
98=1x10+3x11+5x11
•99 грамм шықса, барлық үш қаптың бәрінде жалған ақша болғаны.
99=1x11+3x11+5x11
3-5 сыныптағыларға арналған «Шығайбайдың қулығы» кітабы.
Кітапша ауыз әдебиеті кейіпкерлері арасындағы амал-әрекет, сөз сайысы арқылы балаларды тапқырлыққа, есепке алғырлыққа баулиды. Тілі жатық, мазмұны қызық. Скетч 3-5 сынып оқушылары мен математика пәні мұғалімдерінің пайдалануы үшін жазылған.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру