TELEGEI

Home

Жамбыл

Сапарғали Бегалин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Жамбыл

Сапарғали Бегалин шығармалары тәрбиелік мәнімен құнды. Қоршаған ортаға деген көзқарасын қалыптастыруға жәрдем етеді. Отан қорғаудағы қаһармандықты негіз ететін шығармалары да көп. Әңгімелерінде ұнамсыз мінез-құлықтарды жан-жақты әшкерелеп, ұрыншақ қылықтардан сақтандырады.

ӨМІРБАЯНДЫҚ ХИКАЯТ

ЖАМБЫЛДЫҢ АТА ТЕГІ

Жамбыл Жабайұлы (Жапаұлы) осы күнгі Алматы облысындағы Теріскей Алатаудың солтүстік бауырын жайлап қыстаған Шапырашты руының ішінде 1846 жылы февраль айында Хан, Жамбыл тауының атырабында туады. Бұл таулар — Шу өзенінің аяқ жағында бөлек, жеке біткен таулар. Бұл күнде ол таулар Жамбыл облысының Шу және Көктерек ауданының көлемдеріне кіреді. Хан, Жамбыл таулары жайында ел аузында толып жатқан ертегі, аңыздар бар. Жамбыл деген сөз — қытай тілінде қорған деген сөз. Таудың аты ертедегі қытай келіп осы Алатау атырабын, Шу өзенінің бойын, Балқаш жағасын мекендеп билеп тұрған кезде солар қойған ат екен деседі. Жамбылдың әкесі Жапа Жамбыл туатын кезде Дулат руының ішінде Жаныс деген атасының сол уақыттағы білікті адамы Әтекей деген бай жуан адамның ауылының қасында болады. Жамбылдың туған кезінде бір үлкен оқиғадан Жамбылдың Шапыраштыдан бергі аталары Екей руы бытырап, әркімге қоңсы болып жүрген кезі еді. Жапа, Жадыра, Қазыбай және Мәйке — Ыстыбай балалары, бұлардың қай-қайсысы болсын өз тұсындағы жауынгершілік кезде аламаншыл атқа мінер, жортарман мықты жігіттер болады. Өздерінің өнерімен Әтекейге жағып, соның мықты жігіті болады. Жапаның, Жадыраның өз бастарындағы жеке әңгімелеріне кейінірек тоқталатындықтан, бұл жерде Жамбылдың ата жағын қысқа тарата кетеміз. Жапаның әкесі Ыстыбай жай момын шаруа болыпты. Оның әкесі Байтөбет о да момын кісі болған. Байтөбет екі қатын алып, оның тоқалынан Ыстыбай — Жамбылдың үлкен әкесі, бәйбішесінен Бұғы, Марал, Бәйіт туады. Байтөбеттің әкесі — Сәдібек, одан бес бала болған: Байтөбет, Алтыбай, Жетібай, Толыбай, Ырысбай. Сәдібектің әкесі — Сопақ, одан Сәдібек жалғыз туады. Одан Жамбылдың төртінші атасы Таңатар, Сопақ туады. Сопақтың әкесі — Өтеп, бұл — Жамбылдың бесінші атасы. Өтептің әкесі — Бертіс, одан бесеу туады. Өтеғұл, Өтеп, Солағай, Кәдіршік және Текеш. Бертіс — Жамбылдың жетінші атасы. Бірінші қатынынан Ақтөбет, Бертіс, екінші қатынынан — Баянай. Бәйбішеден туған Ақтөбет, Бертіс тұқымы бәйбіше аталады. Осы күнге дейін ел арасында бәйбішенің баласы, үш тоқал десіп келеді.

«Қисыбай, іс істедің ебін таппай,
Үш тоқал болыс болды атпай, шаппай.
Күртібай үш тоқалға еріп кетті,
Адасқан ай жарықта ақ боз аттай»,

деген өлеңі Жамбыл осы Жерімбет балаларының кейінгі кездегі қандай жікке бөлініп, кім аталғанына толық дәлел. Күртібай — бәйбіше баласы, Жамбылға аталас. Бұл бір партияда Жамбылдардан бөлініп үш тоқалдың байлығына сатылып шығып кетеді де, болыстық үш тоқалда қалады. Содан барып үлкен жанжал болып, сол жанжалда Жамбылға да таяқ тиеді. Содан барып татуласқанда Жамбыл осы өлеңді айтқан. Жәрімбеттің әкесі — Екей. Ол екі қатын алған. Оның бәйбішесінен — Жәрпімбет. Бұл — Жамбылдың сегізінші атасы. Бейімбет екінші қатынынан Әнет, Жиет туады. Бұлардың шешелерінің аты Алтынай деген кісі екен. Ол кісі мұрнына зере салады екен. Сонан абысындары «бұйдалы келіншек» деп атап кеткендіктен, кейінгі Әнет, Жиеттің тұқымдары бұйдалы атанып кеткен. Екейдің әкесі — Малдыстық, бұдан — Еміл, Екей. Бұл — Жамбылдың тоғызыншы атасы. Малдыстық — Шапырашты баласы. Шапыраштыдан үш бала туады: Малдыстық, Желдыстық, Қылдыстық. Бұл жерде айта кететін бір нәрсе, Малдыстықтан — Екей, Еміл дедік. Желдыстықтан - Айқым, Қылдыстықтан — Асыл, Шыбыл. Осы бесеуін Ұлы жүз ортасында «бұрын бес жан Шапырашты» деп те атап келіпті. Шапыраштының әкесі Жалмамбет. Оның Мапыраш деген бәйбішесінен Шапырашты жалғыз. Бұл Жамбылдың он бірінші атасы. Екінші әйелі Қарашаштан Ысты, Ошақты туады. Ұлы жүз ішінде бұл үшеуін үш таңбалы десіп келеді. Бұл жөнінде Ошақты руынан Майкөт ақынның Сарыбай асына келгенде айтқан өлеңі: «Үш таңбалы болғанда таңбамыз бір» дейтіні осыдан. Жалмамбеттің әкесі — Бәйдібек. Бұл — төрт ақын алған кісі. Бірінші қатынынан Қалша, Жақып, одан Сары Үйсін тарайды. Екінші қатыны Зеріптен Жалмамбет. Бұл Жамбылдың он екінші атасы дедік. Үшінші қатыны — Домалақ. Одан Жарықшақ, Жарықшақтан Албан, Суан, Дулат үшеуі тарайды. Мінекей, Жамбылдың арғы тегі Ұлы жүз ішінде Шапырашты болып аталады. Дулат пен Үйсінге 14-15 атадан барып қосыламыз дейді ел аңызында. Бәріміз бір Бәйдібектің баласымыз десіп келеді. Жамбылдың бергі жердегі аталары жайында онша көп ерекше әңгіме кездеспеді. Ал Жамбылдың он бірінші атасы Шапырашты туралы ел аузындағы бір әңгімені айта кетпей болмайды. Бәйдібек деген кісінің төрт қатын алғанын жоғарыда айттық. Екінші қатыны Зеріптен Жалмамбет деген баласы жалғыз туады. Осы Жалмамбет ер жетіп жылқы бағып жүрген кезінде, Бәйдібек отардағы жылқы қосына келіп жылқы аралап қайтады. Баласының малдың жайын білген естілігіне көңілі толып, енді тәуір жерден қыз әперіп, үйлендіруді ойлайды. 300 жылқы матап беріп, Қызылбидің қызын Жалмамбетке алып береді. Қыздың аты Мапыраш екен. Келген жылы екіқабат болып, бір ұл бала табады. Бала жерге түсісімен, Бәйдібек алғызып көреді. Бала бір көзін қысып, бір көзін ашып және бір қолына қан шеңгелдеп туған екен. Баланы көріп: «Малым төленген екен, аты Шапырашты болсын» депті. Міне, баланың аты Шапырашты қойылған себебі осыдан дейді. Бала туғаннан кейін, көп ұзамай Мапыраш өледі. Жалмамбет Қызылбидің кіші қызы Қарашашты балдыздай алады. Одан Ошақты, Ысты туады. Шапыраштыны Қарашаш асырап өсіреді. Шапырашты аса батыр, мықты болды. Бәйдібектен тараған Үйсін, Дулат, Албан, Суан, Шапырашты, Ысты, Ошақты руларында Шапырашты тұқымынан батыр өте көп шыққан. Жамбылдың он бірінші атасы жайында осындай аңыз бар. Онан бергі аталарында ерекше бұл сияқты әңгімелер кездеспейді. Бірақ Екеймен бірге туған Еміл руы, кейіннен Есқожа аталған елден батыр Шетен сияқты мықты кісілер көп болған.

ЕКЕЙДІҢ БЫТЫРАУЫ

Біз жоғарыда Жамбылдың өз атасы Шапырашты ішінде Екей атанады дедік. Екей жөнінде толып жатқан сөз бар. Бірақ олардың әрқайсысы айтылған орнына қарай әңгіменің әр жерінен кездесіп, мүмкін болғанда қысқа да болса түсінік беріп отыратындықтан, бұл жерде Екейге көп тоқтамаспыз. Екейдің іргелі ел болып өсіп қалған кезінде, Жамбыл ақын туар кездің алдында Екей руы қоныстарын тастап, әр елге сіңіп тозып кетеді. Оның себебі Екейдің Әлти деген бір атасының баласынан (бұл Сүйінбай ақынның атасы) сол кезде жортармандық істеп жүретін мықты жігіт Бәйпі Бақы баласы бір жақтан аттанып барып бес жылқы алып қайтады. Ол кезде Екей руы Қордай тауының сілемін ала Шу өзенінің жағасын өрлей, Кіндіктас, Табылған, Сарыбұлақ деген жерлерде мекендейді екен. Қордай тауының бір терең сайына бекініп жатқан Бәйпінің үстіне сол тұстағы Дулаттың Сәмбет деген руының атақты Нұрақ, Аймамбет деген екі байының ортасындағы жалғыз баласы Сексен дейтін жігіт құс салып тауға шығып, Бәйпіге кез болады. Сексен Бәйпіні таниды. Бірақ еш нәрсе айтпайды. Өз бетімен құсын салып, жүріп кетеді. Сексен кеткен соң, Бәйпіге ой түседі. «Мынау елге айтып барып маған шатақ болар, онан да мұны өлтіріп жоқ қылып жіберейін» деп, аңдаусыз келе жатқан Сексенді елеусіз келіп сыртынан ұрып өлтіреді. Сексеннің киімін, сүйегін суырдың ініне тығып, құсын, итін қоя береді. Атын ұрлықтан түскен бес жылқының қасына қосып, Қошқар үстіндегі қырғызға апарып өткізеді. Сексен жоғалып, сол бетімен табылмай кетеді. Содан сегіз жыл өткеннен кейін Сәмбет елі Қошқар үстіндегі қырғыздан жылқы алады. Сол әкелген жылқының ішінде Сексеннің қара жорға аты бірге келеді. Сексеннің әкелері атты танып, қолына алып, аттың қайда барғанын қудалап сұрастырғанда, қырғызға Бәйпінің апарып өткізгенін, Сексенді кім өлтіргенін табады. Сексеннің өлімін Бәйпі мойнына алған соң, Дулат боп бірігіп қызып, Сексенге жеті ердің құнын кестіреді. Жеті ердің құнына алдыменен Әлти тұқымы күйеді. Оның малы жетпей, бүкіл Екей тұқымы болып күйеді. Осы биліктен кейін Екей бет-бетімен бытырап, өр елге сіңіп тозып кетеді. Екейдің сол кездегі бас көтерер атқа мінген адамы бәйбіше баласының, оның ішінде Ботақара деген атасының баласынан шыққан Самбай деген кісі болады. Ол кісі өз аулын бастап келіп, Найман ішіндегі бір төренің қасына барады. Өзі ерге құныкер болып көшіп барған қоңсы, кірме елге төре қызығады. Самбайдың аз ғана малының ішінде көзге түсерлік жалғыз шұбар айғыры бар екен, тере соны сұрайды. Оны Самбай бере қоймайды. Сөйтіп жүргенде, Сексеннің әкесі Айманбек Дулаттың көп кісісін ертіп, Самбай ауылын қуып барады. «Мына қасыңа келген қоңсың Самбай кесікті құнды төлемей қашып келіп отыр. Не қасыңнан көшіріп бер, не ерімнің құнын әпер», — деп, төреге салмақ салады. Шұбар айғырын бермеді деп тісін қайрап жүрген төре, енді кезің келді дегендей, Самбайды алдына шақыртады. Самбай келгеннен кейін, төре зейілденіп: «Сөйле, Самбай», — дейді. Сонда Самбай: «Мен сөйлесем, Әйекең ашуланады, төре кесік айтады, мен нені айтамын?» — деді де, төре жақтағы санының үстін қолымен шұқып, шұбарлап көрсете беріпті. Төре ойлапты: «Маған санын шұқып көрсеткені — шұбар айғырды берем дегені ғой. Маған паналап көшіп келген көршім. Мұны Дулаттарға жығып бермей, алып қашайын, шұбар айғырын аламын» деп қисаяды. Аймамбетке: «Сенің еріңнің құны бұрын бір кесіліпті, оны алыпсың. Екі билік жоқ, жеткен малын төледі, жетпегені құдайға да жоқ. Күнін көре алмай паналаған Самбайға менің кесер құным жоқ», — деп, Аймамбетті қайтарады. Төре артынан Самбайға кісі жібереді. «Аймамбет кетті, құннан құтқардым, айғырын берсін», — деп. Жіберген кісісі төренің сәлемін айтқанда, Самбай «Терең не айтып жүр, мен қай жерде айғыр берем» деген екенмін. Төре жаңылып жүрген шығар, сәлем айт, берер айғырым жоқ. Менің күн көре алмай келгенімді кеше өзі деп айтып еді ғой», — деп, кісісін қайтарып жібереді. Төре жатып ашуланады. «Жүгіне келгенде санын шұбарлап көрсетіп ым қаққаны қайда, мен сол айғырды береді екен деп, ердің құнынан құтқардым. Айтқанын орындасын, айғырын берсін, әйтпесе қаңғып келген қоңсыны қолыммен аламын», — деп, тағы кісі жібереді. Оған Самбай: «Айғыр берем деп санымды шұбарлап маған не көрініпті. Төрең қотырымды қасытпай ма. Саным қотыр еді, соны қасыдым, төреңе сәлем айт, берер айғырым жоқ», — дейді. Содан қалған мақал ел ішінде бар. «Төрең қолымызбен қотырымызды қасытпай ма?» — деген. Екі жағына өзінің алдында шыбық ұстатып өз қолымен қиған, антын айтқызған төре құнға қайта билік айта алмайды. Самбайдан алданып, айғырдан да құр қалады. Сөйтіп Самбай Сексеннің құнынан да, төренің құрығынан да құтылады. Осы билік жөнінде бір ескерту: қазақтың ішіне дін орнығып құран алып ант беру жайылмай тұрған кездегі анты — екі дәугер жас шыбықты екі басынан ұстап, төреге ортасынан қылышпен қиғызып тоқтайды екен. Шыбық қиғаннан кейін қайта даулай алмайды екен. Осыдан кейін Аймамбет, Нұрақ Сексеннің құнын сұрауды қояды. Самбай қартайған кезде, Екей руынан атқа мінген басты кісі Бәйет деген кісі болады.

«Қалған Екей — қаңылтыр, Бәйет — шойын,
Сәдібекке салып жүр үлкен ойын.
Сұлу сары жиыннан кейін қалып,
Көк тоқалған өңгерген алты мойын», —

деген Шыбыл елінің бір ақыны айтқан өлең бар. Бәйет қартайған кезде, Сарыбай, Айдос баласы атқа мінеді. Екейдің қайтадан ел болып басын қосуына басшы болған осы үш кісі еді дейді. Жамбыл тумай тұрған кезінде Жапа туысқандарымен Дулат елінің ішінде Жаныс руынан шыққан әрі бай, әрі жуан Әтекей деген кісінің қасына көшіп барды деп жоғарыда айтып едік. Сарыбайдың әкесі Айдос ауылы Жалайыр ішіндегі Сөк төренің және Жалайыр Балпық батырдың еліне көшіп барады. Үш тоқалдың бірі Әлти руы Сүйінбайдың әкесі Арон Есқожаның жуан мықты жері Мырзабек Кәшке тұқымынан шыққан Сұраншы, Саурық батырлардың қасында қалады. Әр елге пытырап қоңсы болған Екей тұқымы малдан айрылып кедейленіп, елдік беделден жүдеп, мейлінше тозады. Ата қоныстарын Дулаттың Сәмбет деген руы және Есқожа байлары басып қалады. Екейдің бұл бытырауы Екей тұқымының атына ел арасында үлкен мін болып келген. Мысалы, Қасқарау (Дулаттың Жаныс руынан) шыққан белгілі атқамінері Ноғайбайдың қызы мен Екейдің Қойдас баласы Қара деген ақыны бір тойда кездесіп, өлең айтысады:

Қыз:
«Күзем кигіз басқанның дымы кеппес,
Екі жігіт ұрысса, кегі бітпес.
Мырзабек пен Кәшкеге жанай қонсаң,

Жаман Екей басыңнан қамшы кетпес.
Қара:
«Күресе екі жігіт бірі жығар,
Өлгенше бойдақ жігіт қызға құмар,

Сеңкібай мен Шойбекке көшіп барсаң,
Екі бүктеп астыңа қамшы тығар, —
деп жауап айтады.

Екейдің адамдары басқа рудың адамдарымен қалжыңдассын, тіпті өзді өзі қалжыңдассын, осы ауып тараған көздері сөз болмай қалмайды. Мысалы, Қисыбай мен Жамбыл екеуі өзді өзі қағысқанда да, Қисыбай Жамбылға батыра айтып, немере туысқандары Қойдалы балалары Күртібай жөнінде және Жамбылдың өз әкесі Жапаның өзі жөнінде үнемі кемітіп айтады.

«Қойдалы Әшекейдің қойын баққан,
Күртібай Әшекейдің отын жаққан.
Әкең Жапа ақтабан ұрысы боп,
Сіздің ауыл солайша жанын баққан», —

деп, өзі жер-жебіріне жетіп кемітеді.

Дулаттың Жаныс деген руынан бір ауылға Екейдің бір жігіті қыдырып келсе, иті қабаған екен, тура абалап тақымынан алады. Жігіт ыңғайлы, қарымды адам болса керек, итті ұрып қаңқылдатады. Итіне қамшы тиіп қаңқылдаған соң, үйдің иесі далаға шықса, итін ұрған жігіт таныс екен, көре салып: «Екей басыңмен ит сабап неден астың?» — деп әлгі жігітті тура таяқтың астына алады. «Екей ел болды, ешкі мал болды» деген сөздерді ел айтып келген. Міне, осы сияқты ұшы-қиыры жоқ кеміту сөздер толып жатады. Екей — өзімен аталас Есқожа руымен үнемі айтысып, алысып, тартысып өткен ел. Есқожа руының бір бай адамы баласына той істейді. Сол тойға Намаз барады. Ұлы жүз елінің жалпы салты бойынша қыз бен жігіт, бозбала мен келіншек мұндай тойда айтыссыз қалмайды. Айтыс басталады. Екейдің барған жігіттеріне батыра айтып, батыл соқтығып, өлеңді Есқожа қызы бастайды.

Сәтине:
Бұлаңдап Андасың жүр жаннан озып,
Нарекем сөз сөйлейді аузын созып.
Жалғыз қу бас Сарыбай өлгеннен соң,

Баяғыңдай кетерсің, Екей, тозығы.
Намаз:
Сүйінбайды қайтесің соққан желдей,
Қобдалының ақыны шалқар көлдей.

Рақымы жоқ еліңді жылатады,
Есқожаға маза жоқ Аңдас өлмей.
Сәтине:
Екей, сенің кигенің сары тоның,

Кәпір орыс келді де, болды жолың.
Тентіреп әр есікте жүргеніңде,
Сені басқа сабайтын мына қолым.
Намаз:

Рас, менің кигенім жұлма тоным,
Сарыбайым би болып, болды жолым.
Өзбекпен тамыр боп желіндесең,
Балаңды езіп түсірген осы қолым», —

деп, Намаз қолын көрсетеді. Оған Сәтине ыза болып жылап жібереді. Өйткені сол Сәтиненің өз басында өсек болып, Екейдің бір емсек әйелі баласын түсірді деген сөз бар екен. Оған Есқожа жігіттері қызып, үлкен төбелес шығады. Бұрынғы зорлық істеп қалған бетімен: «Ауылыма келіп тойымда әдепсіздік істеді», — деп Андас датқа бұл Саурықтың інісі Екей кісілерінен айып алмақ болады. «Жігіттерінің аузын тазаласын, болмаса атамның жолын берсін», — деп, Сарыбайға кісі жібереді. Оған Сарыбай: «Аузын ашқанға айып тартатын Екей өліп қалған. Андасқа сәлем айт, намыстанса, қарындасын қайныңа ерте ұзатсын!» — дейді. Содан бірсыпыра тіресіп барып Сарыбай Андастың айтқанына көнбей, айып төлемейді. Осыдан кейін Есқожа мен Екей руының арасына теңесіп, қатарға келеді. Жалғыз Есқожа руы ғана емес, қатар отырған Дулат рулары да Екей елін аз ғана кемітпеген. Қасқарау руынан шыққан Дәуітәлі деген өте шешен бай өз тұсында беделді болған кісі екен. Ел арасының бір дауымен Алматыдағы ояздың алдына баратын болған. Дәуітәлімен бірге Шапыраштының бірнеше кісілері бірге келеді. Оның ішінде Сүйінбай ақын да болады. Дәуітәлі аса семіз, жуан кісі болса керек және оның үстіне тамақты өте көп ішіп, ояздың (шік үйінен басқышқа өрлегенде жүре алмай, Сүйінбай бар, тағы бір-екі кісі Дәуітәліні қолтығынан көтеріп отырады. Дәуітәлі бір-екі басқыш барғаннан кейін ентігіп жүре алмай, артынан жел шығып кетеді. «Бізге істейтін жуандығыңды Ұлыққа да істеймісің, артыңа ие болсаңшы, — дейді Сүйінбай Дәуітәліге. Сонда Дәуітәлі: «Менің артым Екейдің аузы ғой деймісің, тек десе, жым болатын», — депті. Міне, Дулат елінің жуандары да осылай кеміткен. Екейдің бұл бытыраған кезі Ұлы жүздің Қоқан хандығына бағынып, баж (алым) төлеп тұратын кезі болады. Қоқан бектері Әулие ата, Мерке қалаларында тұрып, Жетісу қазақтарын жылына бір рет зекетшілер аралап, көптеген мал жинап алып қайтып отырады екен. Қоқан бектеріне жаяу жерден қол артқан қырғыз манаптары, Дулаттың датқалары Жетісу елдеріне көп үстемдік істейді. Әсіресе қырғыз манаптарының қабағына қарай желік алған қырғыз жортармандары қоныстас Шапырашты руына тіпті маза бермеген. Әлденеше рет қопара қосын шауып жылқысын алып, қонысқа таласып, жеріне қонып отырған. Көбіне бұл сияқты тағалар екі елді жайлауының үстінде сан рет майдан ашқан үлкен төбелестерге де апарған. Үлкен көбін, Кіші көбін, Қара қия, Қара қыстақ, Қарғалы өзендері, Суықтөбе, Майтөбе, Ақтасты, Зайсан, Боралдай деген үлкен-үлкен жайлауларға таласып сан рет шайқасу болған. Осы сияқты үлкен бір шабуылдың кезінде Жапаның әкесі Ыстыбай ауылы көшіп барып паналаған Жаныс руы Аңырақай, Алмалы тауларынан - құмға қарай көшеді. (Бұл таулар осы күнгі Отар станциясының солтүстік батыс жағында). Артқы жағынан «жау келеді» деп үрке кеткен ел алды - артынан шолғыншы салып, үдере тартып отырады. Февраль айының суытып, қар жауған қайырма күні болады. Жапа — сол көшкен елдің алдын, артын шолуындап жүретұғын мықты жігіттерінің бірі. Жамбылдың шешесі Ұлдан айы - күніне жетіп отырған екіқабат екен. Ол көшіп келе жатқанда толғатады. Атқа жүре алмай, көшті тоқтатып, түйелерді бір жерге шөгереді. Алыста көшті қарауылдап, жер шолып жүрген Жапа көшке шауып келсе, толғатып тұрған өзінің әйелін көреді. Жүкті түйені айналдыра шөгеріп жіберіп, қомын алдырмастан киіздерді жауып, жүкпен қоршап күрке жасайды да, айнала түйе шөгеріп, ортасынан тіккен ықтырмаға әйелін отырғызып сонда босандырады. Ел орынға отырған кезде, бала туады. Артынан жау кеп қалды деген хабар келіп, баланы жөргекке орап алып, таң сібірлей ауыл тағы көшеді. Ұзақ тартып отырып Хан, Жамбыл таулар алабына келіп ауыл қонады. Баланы сол жерде бесікке салып, атын қояды. Балаға ат қойғанда, Жамбыл тауының атын қояды. Жамбыл деген сөз — қытай тілінде қорған деген сөз екен. Ол аттың тауға қалай қойылғаны жөнінде біз жоғарыда айтқанбыз. Бұл кез Жетісуға қараған Шапырашты, Дулат руларының бір жағынан қырғызбен де, Қоқан қолымен де, қытай қолымен де арпалысып шабысып жүретін кезі болса керек. Хан, Жамбыл тауларының салқын жотасын жайлап, қыс құмның жылы өзектерін қыстап, Жаныс руының бірсыпыра елімен бірге Ыстыбай ауылы да осы жерге біраз жыл тұрақтайды.

ҚОҚАН ӘКІМДЕРІНІҢ ҮСТЕМДІГІНЕ ҚАРСЫ

Жетісу елін Қоқан әкімдері алыстан билеп, зекет, құшыр деп бір алып, баж деп үстемелі алым-салықтарын мезгіл-мезгіл жинап отыратын болған. Меркеде тұратын Құсбегі деген бектер бегі бұл тұстағы елге ойына келгенін істеп, талай қиындықтарды бастайды. Зекет пен құшырдан, баждан айырықша керек деген дүниені қолмен алу, кейбір көңілі түскен қыз-келіншекті жинап алып қыз ойнақ істеу сияқты ерсі бұзақылық та болады. Дулаттың қоралас деген руының Асыл деген бір тәуір адамының бойжеткен сұлу қызын, жаңа түскен келінін: «Меркеге төре шақырады», - деп, Құсбегінің жігіттері алып кетіпті. Асыл жылап Тойшыбек батырға келіпті. Тойшыбек Құсбегіге қарсы баруға бата алмай қорғалап отырғанда, жас Тойшыбектің жігіт баласы Бәйсейіт: «Әке, несіне қорғалайсың, бектер бегінің қорлауына нағашы апамды қоймаймын. Өзің именсең, мен барамын», — депті де, қасына кісі ертпестен жалғыз өзі тура Құсбегінің үйіне келіпті. Бәйсейіт келсе, Құсбегі көптеген қыз-келіншекті жинап алып, ортасында наша тартып отыр екен. Бәйсейіт рұқсат та сұрамай-ақ кимелеп кіріп келгенде, Құсбегі сасып қалып: «Батыр, неге келдің жоғары шық», - депті. Бәйсейіт сұрланып: «Жездеме амандасайын деп келдім, мына қыз-келіншектерді неге қамап отырсың, орын болса, мен де отырайын», — депті. Құсбегі Бәйсейіттің ашуынан шошып: «Өздері келіп қонақ болып отыр. Өздерінен сұраңыз», — деп, өз ісінен көзбе-көз таныпты. Жиналған барлық қыз-келіншекті алып қайтыпты да, Бәйсейіт қару-жарақ сайлап алып, атын баптап, бірнеше жігіттерді қасына ертіп, тауда бекініп жүріпті. Оның себебі: ол кездегі Қоқан әкімдерінің әдісі — ондай наразылық көрсеткен адамның алдынан шықпайды екен. Ал артынан есебін тауып, қолға түсіріп, жоқ қылады екен. Бәйсейітті де солай алдап неше рет шақыртып, екі рет шақырғанына бармай, үшіншіде қару-сайманды бір топ жігіт жібереді. Бәйсейіт қырық жігітпен алдынан қарсы шығып, үлкен соғыс болады. Бәйсейітті ала алмай, Құсбегінің кісілері өздері жараланып әрең құтылады. Соның аяғы ұлғайып, Қоқан әкімдеріне Жетісу қазақтарының наразылығы өршіп, зекет -құшырдың өзі де дұрыс берілмей, суыса беріпті.

«Меркеде Құсбек Ұлық бар,
Қыз - қатынға ұзын құрық бар.
Қарсы келген тентекке,
Жуан келдек сырық бар», —

деген ел жыры мұны толық дәлелдейді. Елдің көңілі ала болып, бектер бегінің озбыр мінезінен жиіркеніп тұрған кезінде орта жүзді өзіне бағындырған орыс патшалығының елшілері де Жетісу еліне біртіндеп бас көрсетіп, сөз салады. Олар алдымен Ұлы жүз ішіндегі Әділтөренің (Абылай баласы) ауылдары арқылы ел.тамырын ұстайды. Бұл кезде қырғыз манаптарына тегіс жайылып, әлденеше рет шайқасып жүрген кез. Бір жақ сілемі Ұлы жүз ішіне де келген еді. Жамбылдың әкесі Жапаның деген батыр жігіт, жортарман кезі. Бірақ өз руының ортасында болмай, Жаныс руындағы Әшекейдің атарман шабарманы болады. Бір жағынан дүңкілдеп орыс хабары келеді. Бір жағынан Қоқан бектерінің істеген зорлығы бар. Тағы бір жағынан Кенесары көтерілісінің сілемі де келіп жатады. Осы жөнде қырғыз манаптарынан тіл алу үшін Әшекей бастаған Жаныс руының адамдары әрі тіл білетін, әрі сенімді мықты жігіт таңдағанда, көпшілік Жапаны жіберуге ұйғарады. Сонау етектегі алыс Хан тауынан қос атпен шығып қырғыздың сол кездегі үлкен манабының бірі Жантайға жолығып, тіл алып қайтады. Жапа барған кезде қырғыз манаптарының орыс елшісімен Тезек төре арқылы сөз байлап, Кенесарыға да, Қоқан бектеріне де наразылық көрсете бастаған кезі болады. Mінe, осы хабарды алып қайтқаны үшін, Әшекей бай Жапаға ел атынан алғыс айтып сый да берген болса керек. Бұл — Жамбылдың өз әкесінің ауылына ие боларлық қайратты адам болғанына бір дәлел. Және ол осы жолы Жантай манапқа ел сәлемі етіп жақындастық, ниеттестік сөз де сөйлеседі. Ол сөзді Жантай аса ұнатады. Өйткені Кенемен ұстасып жатқан кезі болуы керек. Ол ара сын қалай шешіп қайтқанын ешкім анықтап айта алмайды. Тек сол Хан, Жамбыл бойындағы көшіп жүрген елдер Кенесарыға көмек бермегені айқын. Айдос — Сарыбайдың әкесі. Бұл кісі Екей бытырағанда, Жалайыр ішіндегі Артық батырдың және Сөк төренің ауылына кешіп барды дегенбіз. Алғаш көшіп барған кезде Сарыбай жас болады. Әкесінің қайраты қайтқан, бірге туған ағалары тек малға ие, жай шаруа болады. Дулаттың боздағына құныкер болып кешіп барған аз ауылға іргелі ел қандай қызыққыш. Неше түрлі зорлық істейді. Артық батыр өзін паналаған қоңсысын қорғайды. Дегенмен, іргелі елдің үстем сөзі, істеген зорлығы көбейе береді. Жас та болса Сарыбайға бұл бата береді. Жігерлі бала жігіт елін ойлайды. Еліме қайтсам, өз руымның өзімдей жастарымен басымды қоссам деп талаптанады. Шапыраштының Теке деген руынан шыққан Бөлек деген батырды естіп, ақыл сұрап соған барады. Жас бала жігіттің жайы - күйін сұрап алады да, бөлек ешнәрсе айтпайды. Бір айтқаннан кейін Сарыбай батырды мазалап о да қайта сұрамайды. Бірақ ауылынан кетпейді. Ертелі-кеш сәлем беріп, атқа мінсе, атын ерттеп қасынан қалмайды. Содан бір күні Бөлек: «Шырағым, сені маған кім жіберді?» — деп сұрайды. «Сізге бар деген Кененбай ақсақал еді», — дейді. «Е, өзі неге ақыл айтпайды?» — дейді Бөлек. Одан кейін тағы да тіл қатпайды. Бір күні ерте ат ерттетіп, Бөлек жол жүрмек болады. Сарыбай да бірге жүреді. Бөлек көп сөйлемейтін ызғарлы адам болса керек, артына бір бұрылып қарайды да, жүріп отырады. Іленің өр басында отырған Әділ төренің ауылына келеді. Төренің даяршылары келіп Бөлекті түсіріп, жолдасы ретінде қасына еріп барған Сарыбай бірге болады. Ол күні қонақ үйде болып, ертеңінде Әділдің өзі отырған үйге барады. Онда Әділ болмаса керек, Тезек төренің үстіне кіреді. Албан, Суан, Жалайырдың бірсыпыра адамдары болады. Төре үйінде мәжіліс болады. Осы мәжілісте Тезектің елге айтқаны: «Орта жүзді қаратқан орыстан кісі келді. Арқадағы елдің бәрі тегіс орысқа қарапты. Мұның ісі әділ көрінеді, мен қырғыз манаптарына да сөйлестірдім. Уәде беретін болдық. Соған осы жуырда бас қосамыз. Және біздің Қаратал, Қапал бойына кеп қолы келеді. Оған келуге рұқсат еттік, бұған не айтасыздар?» — дейді. Қоқан әкімдерінен елдік ар-намысқа тиерліктей кеп өктемдік көріп қалған ел Тезек сөзін тегіс мақұлдайды. Осы пәтуанаға бата қылған Бөлек батыр болады. Бөлек ертеде батыр болғанмен, бұл кезде қартаң тартып, ақсақал болған кезі болады. Ел тарайды. Бөлек еліне қайтады. Жолда ат үстінде келе жатып Бөлек Сарыбайға: «Балам, не ұқтың?» — дейді. «Батыр, мен нені ұғам, төренің айтуына қарағанда, орыстың жол-жобасы жақсы көрінеді», — дейді. «Балам, байқаған екенсің, сен енді ақылды орыстан сұра», — дейді. Осыдан келген соң Сарыбай Бөлек батырдың батасын алып еліне қайтады. Енді ел орыс қолының алдынан шығуға қамданады. Бұл кезде Есқожадан шыққан Сұраншы батыр да орыс қолының алдынан шығуға келе жатыр деген хабар келеді. Осыны естіп Сарыбай Сұраншыға келіп қосылады. Сұраншымен қосылып Қаратал бойында орнап жатқан орыс қолына барады. Бұл барғанда тура өздері бармай, алдынан кісі жіберіп тіл алады. Сонда барып тіл алып қайтқан кісінің бірі Сарыбай болады. Сұраншы батырды орыстар көңілді қабылдайды. Өйткені орыстарға бұрын танысып жақындасқан Жалайыр адамдары Сұраншының мақтауын жеткізіп, оның беделді батыр екенің айтып ұғындырған болатын. Осы жерде Найманның, Ұлы жүздің бірсыпыра кісілері бас қосып, орыстың басшы адамдарына ант береді. Орыстың қолын Іледен бастап өткел тауып өткізуге Сұраншы, Қожантай, Балпық батырдың баласы Тіленші ие болады. Орыстың бір топ қолын Балпық баласы Тіленші, Есқожа Сұраншы бастап Қапшағайдың аяқ жағындағы Үшаралдан төмендеу атпен өтетұғын жерден алып өтеді. Бұл Іленің бұрынғы белгілі өткелі екен. Осы өткелде жас жігіт Сарыбай өте қайраттылық көрсетіп, кеп қиямет істейді. Орыстың әскербасы Сарыбайға аса разы болып, бұларға көп сый, әскер береді. Ол бетінде орыстар Қоқан бектеріне және қазақтың өздеріне қарсы болған Бәйсейіт, Керім сияқты адамдарға кісі жібереді. Оларға өздерінің ұсынысын жібереді. Өздеріне тартады. Бірақ олар оны қабылдамайды. Бұл кез орыстардың Іледен өтіп, іргесін бекітіңкіреп алып және артындағы көп қолдарын Іленің бер жағына келтіріп алу әдісін қолданған кезі болады. Осы кезде Сарыбай орыстарға көп сенімділік көрсетеді. Аса жақсы қызмет істейді. Алды-артын жиып алғаннан кейін орыстың әскербасылары қазақтың өздеріне сенімді адамдарын алып, алдағы шабуылдың жөнін кеңеседі. Осы кеңестің ішінде Тезек төре, Қожантай, Әбілестер болады. Сарыбай орыстарға жол тауып беретін қолды бастап отыратын жершіл ретінде алынады. Қоқан бектері бастаған көп қол орыс шапқыншыларына кездесіп, ұрыс болып қалады. Бұл соғыс аса үлкен соғыс болмаған. Бұл жерде орысқа қарсы ұрысқан аса күшті жау Бәйсейіт батыр болады. Бәйсейіт Қоқан бектерінің де сойылын соқпайды. Қырғыз манаптарына да қосылмайды. Ол бір жағынан қырғыздың манабымен, Қоқанның бектерімен жауласса, екінші жағынан Қаратал, Іле бойындағы орыстың қолына да сан рет шабуыл жасайды. Әлденеше жерде кездесіп атысып, өз адамдарын да шығындатып, орыстың қолынан да бірсыпыра кісіні өлтіреді. Сөйтіп Бәйсейіт орыстардың ете кектескен жауы болады. Бәйсейіт ұрыстарында орыс жағында болып, көп қайрат көрсеткен Бәйсерке батырдың баласы Қожағұл болады. Әрі жердің жайын білетін, әрі Қоқан бектерінің қарауындағы елдің жайын білетін мықты жігіт өте батыл қимылдайды. Жол тауып Қоқан бектерінің қолының ішінен тіл алу, бірлі жарым руларды азғыру жөнінде Сарыбай да үлкен еңбек істейді. Албан Сарқыт баласы деген жігіт со л Қоқан қолының ішіне кіріп, тіл алып қайтуға, жер шолып келуде аса ептілік істейді. Ұзынағаш бекінісін орыс қолынан ала алмай Қоқанның көп қолы шегініп, Мерке, Шу, Құрағаты өзендерінің бойына барып бекініс жасайды. Құрағаты өзенінің бойында отырған Ботбай елі орыс қолының алдынан шығып қарсы алады. Ботбай Сыпатай батыр өзі елін бастап орыс қолының алдынан шығып түз, нан әкеледі. Орыс қолының ішінде бір бөлек тобына басшылық істеп келе жатқан Сұраншы батыр Сыпатайдың бұл келуін аса құп алмайды. Сұраншының қасындағы Сарыбай Сыпатайдың алдынан барып сәлем беріп және орыс Ұлықтарына Сыпатайдың ел ішіндегі беделін айтып түсіндіріп қабылдатады. Сарыбайдың бұл ісіне Сыпатай қатты разы болып батасын береді. Және орыс әскеріне көлік, азық беріп көмек көрсетеді. Орыс қолы әлденеше жерде соғысып, Қоқан бектерінің қолын ығыстырып, Әулиеата қаласын алып, Тәшкенге қарай бет алып отырып Шымкентке дейін қуып барады. Осы күнгі Сайрам ауданының орталығы онда үлкен қала екен. Қоқан бектері сол қалада үлкен қорған бекініс жасап, қатты қарсылық көрсетеді. Сейпілге бекініп отырып, орыс қолына көп соққы береді. Осы бекіністі алу ұрысында Сұраншы қолға түсіп өледі. Сарыбай мертігіп тірі қалады. Сайрам қаласын орыс қолы өзіне қаратқаннан кейін онда бірсыпыра жатып ат тынықтырады, алды-артын жинайды. Оған дейін Сарыбай да жарасынан жазылады. Орыс қолы Тәшкенге қарай бет алғанда, Сарыбай да өзіне ерген қазақтарды бастап орыс қолымен бірге Тәшкенге дейін барады. Орыс қолы Тәпікен қаласын алудағы соғысында бірге болып, Тәшкен алынғаннан кейін елге қайтады. Жетісу қазақ, қырғыздарының орыс қолымен осы жорықта бірге болып еліне қайтқан адамдарын бастап алып келеді. Орыс әскербасылары да осы жолы аса сенімділік көрсетеді. Сонан Сарыбайға кейіннен әскери шен береді, өзін Жетісу елінде беделді, сенімді адам ретінде ұстайды. Орыстар өзіне қаратып алған жерлеріне өздерінің тәртібін жүргізеді. Ел тізгінін өздеріне сенімді қызмет еткен өздері білетін адамдарына береді. Сол сенімді адамның бірі Сарыбай болып, орыс әскерлерінің айтуымен жоғарғы орыс Ұлықтарына да сенімді, беделді кісі болып танылады. Жетісу елі орыс қол астына қарап, тәртібіне алғашқы бағынғанда «дөңгелек болыс» деген атпен сайлау жүргізіледі. Осы сайлауда Шапырашты руы тұтас бір-ақ болып болып, оған Есқожа руының жуан күштісі Андас датқа (Саурық батырдың інісі) болыс болады. Бұл болыс алғашқыда Шапырашты болысы атанады. Сарыбай осы уақыттан бастап баяғыда бытырап кеткен Екей руының басын қосып жинап, ел қылудың қамына кіріседі. Бірақ бұрыннан орнығып қалған ел Есқожа руы жер жағына ие болып, жаңадан жиналған Екейге көңілді жерден қоныс бермейді. Сарыбай алдымен жиналатын ағайынына ірге теберлік қоныс алудың қамын істейді. Ұзынағаштағы және Алматыдағы орыс Ұлықтарына жолығып, ол елінің барлық жайын айтып, қоныстық жер сұрайды. Сарыбайдың бұл тілегін қабылдап, қалаған жеріңді өзің көрсет, біз кесіп алып береміз дейді. Сарыбай Екейдің бытырамай тұрғандағы өзіне тиісті жерінен де асырыңқырап қырғызбен шекарадағы Тоқпақтың бер жағындағы Көкайырық өзенінен үлкен Көбіннің түбінен бөлік жүргіздіртеді. Бергі шеті Қарғалы өзені, төменгі жағы Дегересті басып Құтырған, Үш бұлақты басып Қопаға дейін түседі. Бұл бөліктен қырғыздың бар жайлауы, Есқожаның көптеген қыстау күзеуі Сарыбай алған жерге кетеді. Бірақ бұл кезде Есқожа Екейдің қоныс шекарасы ашылмаған тұтас уақыты болады. Осы кестіріп алған жерге Шапырашты Дөңгелек болысы қыстап, күздеп, жайлап отыратын болады. Бұл арада біраз уақыт өтеді. Шетке кеткен Екейдің Сарыбай жайлауымен басы қосылып, о да бірсыпыра ел болады. Екей басы қосылған сайын, Есқожа руының қонысқа іші тарылады. Екеймен екі арада жерге, қонысқа таласып қалу біраз әңгімелері болады. Осындай әңгіменің кезінде Екейдің Сарыбайға серік боларлық атқа мінген адамының бірі әрі мықты жігіті Жамбылдың әкесі Жапа болады.

ЕКЕЙДІҢ ҚАЙТА ҚҰРАЛУЫ

Екей бытырағанда, көбірек барған жері Іле бойындағы Жалайыр, Үйсін елінің іші болады. Ол жөнінде Екей ішіндегі Бұйдалы деген атаның тұқымы тұтасымен Іле бойында болғаны оған дәлел. Сол Бұйдалы руын көшіріп әкелуге Сарыбай қолына қағаз әперіп, өзінің інісі Саржанды жібереді. Саржан барып Бұйдалы руынан барлық Іле бойындағы елді көшіріп алып қайтады. Осы жөнінде Бұйдалы руынан шыққан Мәмбетбай деген ақынның айтқан өлеңі бар:

«Сарыбайымнан хат келді,
Сарыжаным aп келді.
Ер молдамыз көш деді,
Еліне бас қос деді.

Көшіп шықтық
Шеңгелдінің жолымен,
Мал түспеген сонымен,
Жотада қойды қоздаттық,

Үш Шоқы мен Қопада.
Ащыбұлақ жанында,
Қали биге қосылдық», —

деп жырлаған. Бұл — Екейдің азып-тозып бытырап кеткен елін Сарыбайдың үлкен еңбекпен басын қайта қосқанына бір дәлел (Мұны бізге айтқан Бейсенбай Сейітұлы, «Қызыләскер» колхозы, Жамбыл ауданы. Жасы алпыстан асқан қарт. 1944 жылы әңгімелестік). Айналасы 7-8 жылдың ішінде Екейдің шетте жүрген ауылдары көшіп келіп қосыла береді. Жаз жайлау, қысқы қыстау, күзеу ел құралған сайын тарыла береді. Осы кезде қырғыздың атақты манабы Жантай батырдың (бұл Шабданның әкесі) ауылына Сарыбай барады. Оның бару себебі: Сарыбай қырғыз бен Шапырашты жерінің арасын межелі етіп бөліп алғанда, Тоқпақтың бер жағы мен Көкайрақ, Көбін өзендерін өзіне қаратып алғанын жоғарыда айттық. Біраз жылдан кейін қырғыздар Шудан өте қонып, Көкайрақ өзенін өрлей жайлайтын болады. Өзіне қаратып алған жеріне қырғыздың тілдеспей қонып алғанына наразы болып, Сарыбай осы жөнінде сөйлесуге барады. Бұл жолында Сарыбаймен Сүйінбай да бірге барады. Орыс қолын Тәшкенге дейін бастап апарған Сарыбайдың атағы қырғыз еліне де мәлім. Бұл жөнінде Жантай Сарыбайдың бұл келуін іштей қауіппен қарсы алады. Қырғыздың әдеті бойынша, босағадан қонақасыға әкелген қойдың басын Жантай өзі көтеріп ұстап тұрып бата сұрайды. Әбден күтіп қонақ болып, енді аттанарда Жантай Сарыбайдың қай жөнмен келгенін, қандай шаруасы барын сұрайды. Сарыбай өзінің келген жұмысы орыс Ұлықтарының рұқсатымен қырғыз, қазақ арасына жүргізген бөліктен асып жайлап, қазақ жеріне еніп отырған қырғыз елінің озбырлығын айтып, Жантайдан жайлауды босатуды сұрайды. Жантай Сарыбайдың бұл сөзіне дұрыс жауап береді: «Біздің қазақ жеріне дауымыз жоқ, орыс ұлығының кесіп бергені рас, бірақ бізге бұл жерді Шапыраштының болысы Андас мал алып сатты. Өтірік десе, Андасты ертіп келіп малымды қайтарт, жеріңнен көшемін. Болмайды екен, бізбен сөйлеспе, жерді бізге сатқан Андаспен сөйлес», — дейді. Андас атты деген сөзден асып Сарыбай дау айтпайды да, атына мініп елге келеді. Андасқа кісі салады. «Қырғызға Шапыраштының жайлауын жалғыз неге сатасың? Қырғыздың малын қайтар, жерді босаттыр», — дейді. Оған Андас Есқожаның көптігіне, байлығына сенеді де жауап бермейді. Оған Сарыбай өкпелейді де, Ұзынағаштағы орыс Ұлықтарына келіп жолығып, Есқожадан бөлініп бөлек болыс болуға рұқсат алады. Екей, Айқым елі атаның баласы болып бірігіп, Есқожадан бөлінеді де, Қарғалы болысы атанып Бөлек болыс болады. Екі болысқа бөлініп жазу-сызулары ашылғаннан кейін, Есқожа мен Екей арасының қоныс шегіне бөлік жүреді. Осы бөлікте Сарыбай Есқожадан жерді ойдағыдай артық кестіріп алады. Әсіресе, Қарақия, Қара қыстақ, Үлкен саз, Құлан саз, Бота саз, Майтөбе сияқты Ұлтанды жайлауды, таңдаулы қыстауларды алып қояды. Сарыбайдың Есқожамен осы үлкен айтыс-тартысының ішінде өзіне серік болған Екейдің адамдары Сүйінбай ақын, Жапа, Райымбек, тағы сол сияқты жігіттер болады. Екей мен Есқожаның Шапырашты мен Дулат арасының жер бөліктері, олардың жер таласындағы уақиғалары туралы әңгіме, өлең толып жатыр. Оларды бұл жерге келтірудің қажеті де жоқ. Орыс патшасының қол астына қарап, әрбір атаның Ұлы әкімшілік аумаққа бөлініп өздеріне жайлау, күзеу, қыстау, көктеу жерлерін меншіктегенде талай үлкен жанжал, барымта, ұрыс, таластар болады. Соның бірі — ел ортасында күні осы күнге дейін аңыз болып қалған бір оқиға. Дегерес совхозы мен Ұзынағаш поселкесінің екі аралығында Самсы деген жер бар. Қазір ол жерде Самсы колхозы қоныстанған. Жердің аты қалай Самсы аталды деп сұрастырғанда, сол колхоздың 75 жастағы ақсақал мүшесі Досмағамбет Әлімбек ұлының айтуына қарағанда, осы Самсы жөнінде мынадай әңгімелер естідік. Самсы колхозындағы отырған еңбекшілер — бұрынғы Дулат елінің Тілеуғабыл деген руынан тараған елдер. Осы Самсы өлкесіне бірнеше бұлақтың суын бұрып әкеп, Тілеуғабыл елі тоған байлап, егін салмақ болады. Сол күндегі Есқожаның жуан ауылы, Мырзабек тұқымынан шыққан Андас датқа Тілеуқабыл руын Самсыдан көшіріп, тоғанды өзі алмақ болады. Екі жақ қолжиып, үлкен төбелес болады. Сол ұрыста Тілеуқабыл жағынан Самсы деген мықты жігіті Есқожаның қолына жалғыз кіріп кетіп, төбелесіп, бірнеше кісісін соққыға жығып, бірақ өзі де көп таяқ жеп соққыға жығылады. Самсының Есқожа қолына жалғыз кіріп қатты қайрат істеуі Тілеуқабыл жағының адамдарына күш бергендей, аянбай қимылдап, Есқожаның кісілерін тоғанның Пасынан түріп айдап шығады. Содан тоғанға Тілеуғабыл ие болып қалады да, сол тоғанның атын басында Самсы жығылған деп жүреді де, артынан Самсы атанып кетеді. Бұл - бір ғана жер таласының жайында болған әңгіменің түрі. Шапыраштының, оның ішінде Есқожаның Сұраншы батыры орыс қолына қызмет етіп прапорщик шенін алуы, Сарыбайдың орыс Ұлықтарына беделді болуы, Дулаттың бұл тұстағы елдеріне бірсыпыра үстемдік еткен сияқты. «Октябрь» колхозының мүшесі Молдабек Етібай баласы — қазірде 60 жасқа келген, әңгімешіл ақсақалдың бірі. Ол: «Осы күнгі Екей, Есқожаның отырған жерінде бұрын Дулат рулары болған екен. Мырзабек, Кешке, Сұраншы, Саурық, Андас, Сарыбайлардың тұсында ғана Дулаттан Шапырашты өздеріне қаратып алған екен», — дейді. Бұл жөнінде Дулат пен Шапыраштының жер арасы жіктеліп, Суықтөбе, Саржазық, Қарақияны Шапырашты алып, Дулаттар кеткенде, Дулаттың Қоралас деген руынан шыққан кісісі жермен қоштасып:

«Сарымсақты, Саржазықай жер табылмас,
Жанашыр ата рудан ел табылмас,
Кірін жуып, кіндік кескен, Суықтөбем
Көшкен соң сені тастап кім сағынбас.

Қалдың ба, Суықтөбе, кербетеге,
Қонысын рас тастап ел кете ме.
Кескінді ұл, қияпатты келін түспей,
Көсеген қонысына ел жете ме?», —

деп, жырлаған екен. «Қайран, қойдың құлағы шығып тұрған, Қопа - ай!» — деп, Мәтібұлаққа тиіп тұрып жылаған екен дейді. Мінеки, Жамбыл ауылдары Хан, Жамбыл тауларынан қайта серпіліп көшіп келіп, өз еліне орныққанда, Екей, Есқожаның, Шапырашты, Дулаттың қоныс жайы үлкен күрес-тартыста болған кезі болады. Жер таласында Жамбылдың өз әкесі Жапа да, оның інісі Жадыра да талай ұрыс-жанжалдық ішінде болып қайрат істейді. Жоғарыда айтылған Самсы төбелесінде Самсыны ұрып аттан түсірген осы Екей жігіттері, оның ішінде Жапа да бар деген сөзді айтады. Бірақ Самсы өліп кетсе, қанды қол болудан қорқып, олар ешкімге айтпаған екен. Ал соғыстың ішінде болуы рас дейді. Жер арасын жіктеуде болыс-болысқа бөлінудің үлкен орны болған. Мысалы, Сарыбай бастаған Екей елі Есқожадан бөлінгенде, жерге ие болып шекарасын белгілеп алу үшін бөлінген сияқты. Өйткені Шапырашты алғашқыда «Дөңгелек болыс» болып тұрғанда, Есқожа тұқымының жуандары өздері болыс болып жайлауды, күздеудің, қыстаудың жақсы жерін бауырына басып, көп зорлық істеген. Екейдің бөлінуі де осы зорлықтан құтылудың бір әдісі болған. Есқожадан Қарғалы болысы бөлініп, Екей, Айқым бірсыпыра уақытқа дейін бірге болыстас болып жүр екен. Бұл жөнде Сарыбайдың мынандай өлеңі бар:

«Барлық Екей сегіз жүз сексен бес үй,
Қойдалының баласы Күртібай би.
Тоғыз жылдай Бекетте шошқа баққан,
Аманбайда болыпты Әйтеке би.

Қалқаман, Қарасаздан кеттің - ау,
Қар жауғанда жатушы ең бие сауып,
Ғаріп пенен қасерге жақсы-ақ еді,
Обалың қалды ғой, Әтен, Саурық».

Әтен, Саурық деген Қалқаман руының атқа мінер кісілері екен. Айқым Екейден бөлініп екі болысқа шығарда Қалқаман руы: «Екейден бөлінбейміз, осында қаламыз», — дегенде, болмай елді бастап көшкен осы екеуі екен. Қарасаз деген жер бұрын Қалқаманның қонысы болса керек. Екей мен Айқым бөлінгенде, Қарасаз Екейге қарап қалады. Содан барып Қалқаман Қарасазды тастап, Айқым болысына кеткендіктен айтылған сөз. Есқожа — Суықтөбе, Ақтасты, Қарақия, Қарақыстақ өзендерінің бойын жайлап, Екей, Желдісай, Майтөбе, Құлансаз, Үлкенсаз, Саржазықты жайлап, Көктөбе, Ботасаз, Ұяқарман, Қарғалы, Алаяқ бойларын Айқым, Қалқаман жайлап, жаз болғанда қанаттаса отырып алып, жайлау таласып та талай рет соғысып арпалысқан әңгімелері бар көрінеді. Екей мен Есқожа арасы жер таласынан көп шиеленіседі. Жоғарыда айтқан жер шекараларына таласып, әлденеше рет қол жинап та соғысып көрген. Орыс Ұлықтарына шабысу, арыздасу, жала жабу, бірін бірі көрсету деген қаптап кетеді. Бірақ одан Есқожа мәз еш нәрсе шығарып өндіре қоймайды. Көбінесе қара бақан сойылға сүйеніп қол күш істей береді. Сөйтіп жүргенде, Есқожамен арасында үлкен төбелес болады. Осы төбелесте Есқожа адамдары Екейге пәле салып, жерден кетіру үшін, Көтей деген өлмелі шалды өздері ұрып өлтіреді де, Екей өлтірді деп қалаға кісі шаптырады. Бұл соғыста Есқожамен төбелескен Екейдің Әлти, Қосай деген ауылдарының жігіттері болады. Олар Есқожаның жала жаппақ болған қулығын айтып Сарыбайға келеді. Сонда отырып Сарыбай:

«Ауылымның ақсақалы Ашықбайды,
Есқожа тастап көшті Сасықбайды,
Көтей өлсе, шүйгісін көрден көрге,
Екі сүйем Екей бір асықпайды», —

дейді.

Мырзабек тұқымдары (Есқожа руы) өлмелі шалды өздері өлтіріп, жаласын Екейге жауып пәле салып отырғанын, жерді басып қалмақ болғанын анықтап біліп отырған Сарыбай осы сезді айтуы Екейдің адамдарына үлкен қайрат болады. Осының арты ұлан-асыр дау болады. Қаладан дәрігер шығып Көтейді сояды. Бар куәлар мен болған оқиғаның жайымен тергеліп келгенде, Көтейді өлтіргеннен Екей руы аман болады да, Есқожа кісілері өздері жауапты болып қалады. Осының өзі Есқожа адамдарының Екейден бетін қайтарады. Әр жерге бытыраған Екей руы қайта құралғанда, өмір сүру, шаруашылық жағынан басқа елдерден үлгі де ала қайтады. Екейдің Қосан деген атасының баласы алғашқы бытырап кеткенде, Албан ішіне, Текес өзенінің бойына көшіп барады. Текеске жақын Жаркент қаласы, Қапалдағы орыс поселкелері еңбекшілерінің егін салу, үй салып мекендеу сияқты өнерлерін үйреніп, қайтадан өз елдеріне көшіп келгенде, аздап тұқым ала қайтады. Мысалы, Қосай руының Нұрымбет деген кісісі Текестен қайта көшкенде, Жаркенттегі егінші ойғырлардан бір тақия тары алып қайтады. Сонан Қарақыстақтың бас жағындағы Қызылауыз деген бұлақтан тоған байлап, сол тарыны салады. Содан алғашқы жылы екі қап алады. Бұл тарыны еккен жылдары 1860 жылдардың шамасы сияқты. Өйткені Нұрымбеттің баласы Сары: «Сол егінді салғанда он төрт жасар едім, әкем жалғыз ағаш соқаны өзі ұстап, қосты мен айдап едім», — дейді екен. Ал Сары Жамбылмен түйдей құрдас екен. Осы есептен қарағанда, бұл бұдан 85-86 жылдар шамасы бұрын болған. Екей руының, тіпті, осы Алатау алабындағы Шапырашты Дулаттың көшкен елдерінің ішінде ең алғаш жер тырнап, егін салған, бұлақтың суын бөгеп, егін суарған — осы Нұрымбет баласы Сары. Кейінгі шал болған кезінде әңгіме етіп айтып отырады екен: «Осы елдің осы күнгі егіп жүрген тарысы — сол біздің Текестен әкелген бір тақия тарымыздың тұқымы. Біз алғашқы әкелгенде бас бармақтай үлкен болушы еді. Қазір кеп егіліп, пүшектеніп кішірейіп кетті», — дейді екен. Алғашқы егінді салғанда Сарының әкесі тораңғының түбірін тіс қылып, екі түйеге мойынағашпен байлап, сонымен жыртқан екен. Бұл Алатау бауырындағы көшпелі елдің ең алғаш егін кәсібін бастау кезіндегі егіншісінің бірі осы болыпты.

ЖАМБЫЛДЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ

Жамбылдың қай жылы, қай ай, қай жерде туғанын біз жоғарыда айттық. Сөйтсе де Жамбылдың туғаннан бастап бала шағынан өзіміз тапқан қысқаша мәліметтерді айта кетеміз. Жамбылдың 1946 жылғы 100 жылдық мерекесіне арнап баспаға дайындалған жинағына жазушы Сәбит қысқаша (беташар) кіріспе сөз жазды. Осы сөздің ішінде Жамбылдың өз аузынан айтқан мына төмендегі бір сөзін келтіреді. «Менің туған жылым ит еді, туған елім Екей ит қорлықта жүрген кезінде туыппын», — деп еді дейді. Шынында да, ел ақсақалдарының айтуында Жамбыл Екей елінің ит қорлықта жүрген кезінде туып, өзі де бұлт жамылып, мұз төсеніп өткізеді бала шағын. Жамбыл туарда ел көшіп келе жатыр екен. Қалмақпен бе, я қырғызбен бе, әйтеуір, бір жауынгершілік болып, ел үдере көшіп келе жатқанда туғанын біз жоғарыда айттық. Жамбыл жеті-сегіз жасқа келгенше әкесі туған-туысқандарымен сол Әшкей ауылының қасында болады. Екей алғашқы қайта басын қосқанда алдымен көшіп келгенін және Екейдің шетке бытырағанын жинасқанның бірі Жамбылдың өз әкесі Жапа, оның інісі Жадыра болады. Алғашқы көшіп келгенде Жапа, Жадыралар Қарғалы өзенінің оңтүстік батысына таман, осы күнгі шұға фабрикасының батыс жанындағы Майбұлақ деген жерге қонды. (Бұл күнде Майбұлақ колхозы мекендейді). Ыстыбай ауылы, Жамбылдың үлкен әкесі алғашқы өз еліне көшіп келгенде, Жамбыл жеті жаста екен. Мұны Жамбылдың жақын туысқан інілері Мыржы Қазыбай баласы және Ибрайым Бәйсімбет баласы айтады. Жамбыл бала күнінде өзі айтқаны болмаса көнбейтін, әке-аға тіліне мойынсұнбайтын қисық, тентек болады. Көбінесе үйге жоламай, далада балалармен, жылқышы, қойшылармен бірге жүріп тай үйретіп, асау мініп, басқа ауылға кетіп қалып, бетімен еркін жүргенді жақсы кереді екен. Осындай қисық мінезінен болса керек, бір күні әкесі қуып ұрған ба, үйге бара алмай, ауылдың сыртында жатыпты. Ел арасының бір адамдары ауыл сыртында далада жатқан баланы көріп тоқталып: «Неғылған баласың, неге ауылға бармайсың?» десе, «Мына Жапа дегеннің қызын айттырған едім, қалыңдығымды бермейді. Ауылына баруға бата алмай, қызының далаға шыққанын аңдып жатырмын», — деп, кисық қырыс сөз айтыпты. Мұндай қисықтанып өкпелеп кеткендегі әдеті, ауылға келе жатқан жолаушыны аңдып, соның жолын тосып; «Біздің үй семіз жылқы сойған, қазы, ет көп, біздікіне қоныңыз, — деп үйіне ертіп келіп, қашан сол кісі кеткенше бірге болады екен. Жамбыл бір күні тағы да үй ішімен отаса алмай ауылдың сыртында жатса, Жаныстың Ақша деген руынан шыққан ақсақал адамы Қазыбек деген кісі Ыстыбай ауылына келе жатады. Жамбыл алдынан шығып сәлем беріп: «Біздің үйге жүріңіз!» — деп, ертіп келіп үйіне түсіреді. Келгеннен кейін әлгі кісінің атын байлап, өзіне қызмет істейді. Көпті көрген және ақсақал Қазыбек баланың жүрген-тұрғанын сынап, әкесі Жапаға: «Мына балаң нешеде?» — деп сұрайды да: «Түбі адам болады, менің алдымнан шығып, сәлем беріп, өзі ертіп келді. Көзінің жанары жақсы екен, бетін қақпа», — дейді. Жапа Жамбылдың қисық, тентек екенін айтқанда, Қазыбек: «Тентек те болса, теріс кетпес. Адам болатын баланың алдыңғы жағы кекшіл келеді деуші еді бұрынғылар. Көзінің оты тәуір екен», — деп тағы қайта айтады. Сол. кездегі Шапырашты, Дулаттың ақсақалдары Жамбылды жастай сынап, сөзінен, мінезінен әр нәрсе дәметкен. Әсіресе, Ұлы жүз ішіне шешендік, сыншылықпен аты шыққан Ысты Бөлтірік батырдың Жамбылды бала күнінде сынап айтқанын Жамбылдың өзі кейінгі уақытқа дейін айтып отырады екен. «Бір күні ауылдың қасында жарда балалармен ойнап жүр едім, бір топ кісі келе жатыр екен. Алдарынан шығып сәлем бердім. Бір ақсақалды кісі: «Балам бұл қай ауыл, кімнің баласысың?» — деді. Мен жөнімді айтып, қонсаңыздар, біздің үйге қоныңыз, семіз қазы бар, кісіге сақтаған», — деп ертіп келдім. Ол кісіні үйдің іші қазы асып, аса құрметтеп күтті. Бағанағы ақсақал кісі ет жеп отырғанда қазының қабырғасын маған беріп: «Балам, атың кім?» — деп сұрады. Атым Жамбыл деп едім, «Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болар», — деді де, әкеме қарап: «Мына баланың бетін қақпа, мінезі жақсы екен. Тентек болмай, тектілі бола ма», — деп айтып еді, — дейді екен. «Бөлтірікке өзім ержетіп қалған кезде тағы да бір кездесіп сәлем бердім. Өз аузынан бірталай әңгімесін естідім. Бөлтіріктей шешен сезді тез табатын, қызықты әңгімелері есіңнен кетпейтұғын кісі көргенім жоқ», — дейді екен Жамбыл. Осы арада Жамбылдың өте жақсы көрген кісісі Бөлтірік шешен жайындағы ел аузында сақталған біраз әңгімені айта кетейік. Бөлтірік батыр деп келеді Ұлы жүзді қай-қайсысы болсын, Ысты Бөлтірікті. Ысты, Ошақты, Шапырашты — бұл үшеуі таңбамыз бір, Ұлы жүз ортасында ұранымыз бір деп туыс тұтады бірін бірі... Осы мөлшермен қарағанда, Ысты Бөлтірік шешеннің атасы Шапыраштыдан әрі барып қосылады. Қонысы Шу мен Аңырақай арасында Ақбастау, Еспе деген жерлерде болады. Бөлтіріктің баласы Сандыбай Жамбылмен замандас екен. Біріне бірі үйір де болыпты. Ал Бөлтірікті Жамбыл бері ержеткен кезінде көргенін және айтып отырмыз. Сол Бөлтіріктің жұлып алғандай тауып айтатынын, ойып түскендей шаншып айтатын шешендігін ел кеп айтады. Соның біразы мынадай әңгімелер: Бөлтіріктің алғашқы аты шыққаны — Найман мен Ұлы жүз болып жерге таласып үлкен дау болады. Осы даудың басына сол тұстағы жандарал келіп, екі елдің дауын тыңдайды. Ұлы жүзден Албан Абақ батыр, Жалайырдан Байлық батыр. Ал Ыстыдан Бөлтірік, Төреден Тезек — осы төрт кісі Ұлы жүзден Атыбай даугер болып шығып, Найманнан Қайран деген төре бастап төрт кісі шығып, екі елдің билері ортағы келіп отырысымен, Қайран төре сөз бастапты. «Сарыбелге әуелі ноғай қонып еді, онан соң найман Шоңай қонып еді. Арғы жағы Ақсу, Қарабалтаға дейін біздің жер еді. Үйсін ағаның баласы зорлықпен баса-көктеп қонып алып отырсың. Арғын алыста жатыр, біз азбыз, көптігіңді істеме, қонысты қайтар!» — депті. Ұлы жүзден жүгініске шыққан билердің өзгелері Бөлтіріктен үлкен екен. Бөлтіріктен қысылып үндемей отырған басқа билер де бөгеліп қалады. Бөлтірік жұлып алғандай: «Әй, ноғай жігіт, әуелі ноғай қонып еді, онан соң Шоңай қонып еді дейсің. Ата қонысым дегенде айтар сылтауың осы ғана. Шоңайың қоныс қарап барып па еді Сарыбелге, мұрнына самал түсіп, біздің Игілік тәуіпке ауруын қарата көшіп барған болатын. Самалына жылқының саумалы жақпаған соң, Қасқарау Баба байдың 18 бұзаулы сиырының сүтін сауып, соны ішіп мұрны жазылып еді. Ауруынан айыққан соң, сиырды айдап бір түнде қашын көшіп кетпеп пе еді? Жер дауы бір нәрсе болар, алдымен 18 бұзаулы сиырдың өсімін қосып қайтар!» — депті. Найманның біреуі: «Үйсін, Ұлық сыйламаған әдепсіз елсің. Біздің төрені ноғай дегенің қай мазағың? Төрені ноғай дейсің, Шоңайды ауру дейсің, осы сылтауың қоныс қайтармастық қанша құнды сөз?» — дейді. Тағы да Бөлтірік жұлып алғандай: «Төре болсаң, тақсыр Алдияр бас - ақ, төре екеніңді білгенім осы-ақ. Сөз сығылыса келсе, менің де төрем сөйлер, қайдан білейін, қараны сөйлетіп қағыстырмай, келе өзі киліккен соң, найманның ішіндегі көп ноғайының бірі екен деп ойладым», — депті. Өйткені Қайран төренің киімі ноғайша кемзал, бешпент, басына кигені берік екен. Ол кезде Ұлы жүз ішінде ондай киім үлгісі жоқ болса керек және орысқа аса бой ұрып бағынып болмаған кезі екен. Бөлтірік тағы да: «Үйсін, Найман деген — қағанағы бір күнде жарылған қазақтың баласымыз, бұзылсақ, өзіміз түзейміз, жарылсақ, өзіміз жамаймыз, бізді ноғай түзей ме — деп айтып едім, — депті. Бөлтіріктің сөзіне Найман жағы қызыңқырап жанжал шығып, жандарал екі жағын да зекіп тоқтатыпты. Ел тоқтағаннан кейін, Бөлтірік жандаралға қарай қол көтеріп тағзым етіп, сөз сұрапты. Рұқсат еткеннен кейін: «Тақсыр, Сарыбелді бауырлай салынған бекеттердің ішінде бірнеше бекетке кісі аты қойылды. Уанас, Бердіқожа деген екеуі де Албанның ертеде өлген белгілі адамдары. Қазақ болсын, қай ел болсын, деген кісісін өз қонысына қоймай ма? Сарыбелдің бауыры Ұлы жүз Үйсіннің жері болмаса, ол кісінің сүйегі қайдан жатады ол жерде, жердің біздікі екеніне бұл бір дәлел. Екінші, сізді арқасына таңып, Найман ерте бағынғандығына сүйеніп, біздің жерімізге де, өзімізге де қызығады. Сіз бүгін наймандікі болсаңыз, ертең біздің де ұлығымызсыз. Әділ ауылдың баласысың, алдында ағат кетпейін, анықтап тексеріп, ағына жетіп әпер», — дейді. Осы сөзге наймандар өткел таба алмай, Бөлтірік Найман кісілерін тоқтатып, жерді Ұлы жүзге қалдырыпты. Жетісу еліне Бөлтірік аты шығып танысқаны да осы жолы болады. Шапырашты, Дулаттың өздеріне меншікті төресі Әділдің Әлі деген баласы екен. Әліге Бөлтірік жылына бір рет барып сәлемдесіп және қора басы зекет малын тапсырады екен. Бір жылы Бөлтірік кепке дейін бармай қойыпты. Әлі кісі жіберіп шақыртса, онда да бармапты. Екінші рет кісі жібергенде ғана, барып сәлем берсе, Әлі төре: «Немене, Бөлтірік, шақыртқанда да келмей, бұлданып жүрсің бе?» — депті. Бөлтірік: «Ой, тақсыр төрем-ай, менің қайсыбір кісілігім ұстап жатыр дейсің, өзім өз болғалы екі нәрседен ұялдым. Біреуі: жазғытұрым бір күні таңертең ерте тұрып, таң намазын оқып, дәрет ала далаға шықтым. Қорамның ортасында бір қасқыр аңырайып қарап тұр екен. Бөрі де болса содан ұялдым. Ер азығы мен бөрі азығы жолда деп еді, мына шіркін құры ауыз кетті-ау. Мына қотанда қой болса, біреуін жеп, ауыл екен деп кетер еді. Шіркін, бейіт деп кетер ме екен деп ұялдым. Екіншісі: сіз шақыртпай-ақ келейін деп қамданып едім, қора басына апарар тоқтым жоқ. Елдің бәрі жаз шыға қора басысын топ-тобымен айдап жатқанда, менің сопайып құры өзім барғаным ұят деп, содан бөгелдім», — депті. Әлі төре: «Қу жақ, тіліңе шоқ түссін. Қанша қой берсе, тұқым болады қораңа?» — депті. Бөлтірік «Әуелі бір жүз тұсақ берсеңші, өспесе, тағы да көрерсің», — депті. Әлі өз қорасынан қосақтатып жүз тұсақ қой айдатыпты. Әлі төреге тағы бір сәлем бере барғанында, амандасып отырғаннан кейін: «Е, Бөлтірік, ел қыстауынан көшті ме?» - депті. Бөлтірік: «Тақсыр төрем, ел жайлауға қарап қаптай көшіп шықты», — депті. Төре Бөлтіріктің аталары Ысты деген елдің аздығын кекеп: «Апыр-ай, қаптай көшелері Ысты тіпті көп ел екен-ау!» — деп күліпті. Бөлтірік жұлып алғандай: «Үш арыстың баласы қазақтан аз болсам да, Арқар ұранды төреден көппін ғой», — депті. Төре үндемей бөгеліп қалыпты. Сары Үйсін Сары деген о да шешен адам екен. Бөлтірікпен құрдас, екеуі қатты ойнап, қалжыңдаса берсе керек. Бір үлкен жиын болып, сол топқа Сары да, Бөлтірік те келеді. Бөлтіріктің әрі малы шағын, өрі баласы көп кісі екен, киімді қалай болса солай, өзі салақ та киеді екен. Ішкі шапаны ұзын, сыртқы киімі шолақ болса керек. Сары: Бөлтірік, онша тақыр жерге қарап та отырған жоқсың, немене, үсті-басың төркінінен қашқан қатынның киімі сияқты ұзынды-қысқалы болып кеткен», — депті. Бөлтірік: «Ұзыны ұлымдікі, қысқасы — қызымдікі. Қызылды қызым киетін, жақсыны ұлым киеді, біз байғұсқа солардан қалған ескі і иеді. Сен сияқты қу бастар бәрін өзі киеді», — дейді. Сары Бөлтіріктің сөзіне шыдай алмай топтан кетіп қалыпты. Бір жылы құмға қалың қар жауып, қатты жұт болады. Әсіресе Ақбастау, Аңырақайды қыстаған Ысты елі қатты жұтапты. Қамау бойындағы елге қарай жаяу ауыпты. Бөлтірік өзі де жаяу ауылымен ауып келе жатқамын естіп, Сары мұны бір тоқтататын жерім осы ғой деп, жолын тосып, Бөлтірікке алдынан атпен келіп сәлем береді. «Ассалаумағалайкум, ақтабандар», — дейді Сары. «Уағалайкумассалам, біреуін көміп, біреуін қақтағандар», депті Бөлтірік бөгелместен. Сары үндемей қалыпты да: «Япырай, сені бір тоқтатам деген жерім осы еді, мұнда да мүдірмедің. Саған дауа жоқ екен, ауылыма жүр», — деп үйіне ертіп келіп, қонақ қылып, өзіне бір ат мінгізіп, ауылына бірсыпыра азық беріп, жегжатына жеткізіп салыпты. Бұл жерде Бөлтіріктің «бірін көміп, біреуін қақтағандар» дегені Сарының бір-екі жақын туысқаны қысты күні қайтыс болады. Қардың қалың, жердің тоңдығынан уақытында жерге қойылмай, середе аманат тұрып, жаз шыға, жер жібіген соң қойып жатқанын Бөлтірік естіп қойса керек, соны айтыпты. Бөлтірік ете шешен, тапқыр кісі болған. Бірақ мықты батыр кісі болмаса керек. Оның Бөлтірік батыр атануының себебі мынадан екен. Қырғыз, қазақ бас қосқан бір үлкен ас болады. Осы аста қырғыздың Қосшы деген шағындау бір атасының ұлынан шыққан Мәмен деген батыр жігіті найза алып сайысқа шығады. Мәменнің бұрыннан сырын білетін қазақтар оған сайысқа шыға қоймайды. Ел бөгеліп қалғасын, Бөлтірік: «Атымды әкел, мен шығамын», — дейді. Ел аң-таң, Бөлтірік ат та таңдап мінбей, өзінің жай мініп барған атымен қолына найза да ұстамай шыққан соң, Мәмен іліп тастармын деп тура сайысуға дайындалады. Бөлтірік ыңғайланған Мәменге таянын келіп: «Қырғыздың жуан манаптары сені қосшысынып, қазақтың жуандары мені Ыстысынып өлсе, осы екеуі өлсін. Бәйгені біз аламыз деп шығарып отырғанын көрдің бе. Таста найзаңды, бәйге сенікі болсын. Мен батамды берейін», — депті де, өзі қолындағы найзаны жерге тастайды. Мәмен де найзасын тастап бата береді деп қолын жайғанда, Бөлтірік жүгіртіп келіп Мәменді талмау өкпеден бір қойып аттан түсіріпті де, бәйгені қазақ әкетіпті. Міне, Бөлтірік осыдан барып батыр атанған. Қазақ, қырғыздың Қоқан хандығына қарап тұрған кезінде Меркедегі Құсбегі қазақтың бірсыпыра кісілерін шақыртып алып сөйлесіп отырыпты. Осы сөйлесіп отырғанда Құсбегі қазақтарға өктем сөйлеп бір ретте: «Қазақтар, сендер боқтың да иісін білмейсіңдер», — деп зекіпті. Бөлтірік жұлып алғандай: «Айтса, болмайсыңдар, қазақтар дәретке отырғанда, қайдағы желге қарап бастарыңды қақайтып, ұшатын дуадақтай қомданып отырасыңдар. Қайдан боқтың иісін білесіңдер. Құсбекше ыққа қарап, шапандарыңды бүркене жамылып отырсаңдар ғой, әлдеқашан білетін едіңдер. Өз обалдарың өздеріңе» — депті. Құсбегі: «Апырай, мынау қай жүгірмек еді», — депті де сол мәжілісте сезді Бөлтірікке билетіп, елге қайтарда Бөлтірікке сәтен шапан жауып қайтарған екен дейді. Осы әңгімелердің көбін Жамбыл ақынның өзі айтып отырады екен. Өйткені жоғарыда айтылған Бөлтіріктің баласы Сандыбай мен Жамбылдың замандас болып, үйір болуы және Бөлтіріктің өзін көруі, оның үстіне Бөлтіріктің ел аузына тарап кеткен әңгімесін өте жақсы көріп, ұғып алған көрінеді. «Бөлтірікті аса жақсы көріп, әңгімесін көп айтушы еді, — дейді бізге осы әңгімені айтқан Ыбырай Бәйсімбетұлы және Омар, Мыржы сияқты қарттар. Жамбылдың жас күнінде жақсы көріп бағатын малы жылқы екен. Басқа малға жұмсаса бармай, қашып кетеді екен де, қайдағы асау таймен алысып және қыс болса жабағы, тай, құнан сияқты кішігірім жылқыны қолына ұстап, соны бағып қарайды екен. Ол жөнінде Қоңыр тай деген бір әңгіме толық дәлел тәрізді. Жамбылдың 13-14-ке келіп ержетіп қалған кезінде, бір жылы қыс қатты аяз боран көп болып, ел жұртқа шалдығады. Ер-азамат бет-бетімен мал күтіп, халық жаугершілікке ұшырайды. Тау ішіне апарып күнгейге бағып жатқан жылқысын аралап, Сарыбай к,айтарда Жапаның үйіне түседі. Онда ел киіз үйде отыратын кез, Сарыбайды Жапаның үйі күтіп түстік істейді. Үйдің бір жағында бір кішкене қоңыр жабағыны Жамбыл бала таудан жұлып әкелген көдені беріп және азықтық бидайдан аздап бидай бөрттіріп беріп күтіп жүреді. Әр нәрсеге сын көзімен қарайтын Сарыбай Жапаға: «Сен мына Жамбылды қисық, тентек деуші ең, өзі малға үйір, шаруашыл есті тентек екен ғой», — дейді. Жапа: «Ой, тәйір-ай, ол немене ненің малына жаны ашып жүр дейсің. Өзінің бәсіресіне алған тайы еді. Ана танауын көрмейсіз бе, сетіп, сырға қылып белгі салып қойғанын. Өзі тәуір биенің құлыны және жорға еді», — дейді. Сарыбай түстігін жеп кетіп қалады. Жаз шыға қыстан қысылып шыққан ел көк жетіліп мал дейілденгенше көктеуге бармай, қыстау маңында болады. Қыстан өзі күтіп, күйлі алып шыққан қоңыр тайын үйретіп, Жамбыл мініп алады. Қай-қайдағы жастар жиналған той-томалақ іздеп жүретін тентектеу жас бала жігіт Қаскелең өзенінің бойындағы Орынбет деген Жаныс елінің бір атасының ауылына келеді. Бұл ел Жамбылға нағашы тиісті және сол жерде бір шілдехана болып, Жамбыл сол ойынға барады. Жамбылды жассына ма, жоқ әлде астындағы тайына қызыға ма, сол елдің біреуі Жамбылдың қоңыр тайын: «Мен таныдым, мынау менің қысты күні жылды ыққанда жоғалған, қоңыр жорға биемнің жабағысы. Сен бұралқы қылып алғансың», — деп жабысады. Тіпті тайды ер-тоқымын алып тастап алып қояды. Жалғыз бала елден кеп пе, ер-тоқымды алып, не істерін білмей отырғанда, сол ауылға Алматы жақтан бір топ кісі келеді. Бұл кісілер кім екен деп Жамбыл келсе, ол Алматы жақтан келе жатқан Сарыбай екен. Жамбыл келіп, сәлем береді. Сарыбай Жамбылды танып: «Шырағым, қайдан жүрсің» деп сұрайды. Жамбыл тайдан айрылмай отырғанын, мынау елдің өтірік таныған зорлығын айтады. Сарыбай тай таныдым деген кісіні шақыртып тексереді. Оның тайлы биесі боранда жоғалғаны рас екен. Жамбыл Сарыбайға: «Сареке, басқаны куә қылмаймын, қысты күнгі өзіңіз көрген қоңыр жабағы, көрсеңіз, өзіңіз де танисыз», — дейді. Бұл жерде Сарыбайдың есінде қалған тайдың танауындағы кішкене сетілген сырғасы түседі. Сарыбай тайды таныған кісіден «тайыңның не белгісі бар еді деп сұраса, ол, «Жорға еді, басқа не белгі болады, жабағыға кім белгі салады?» — дейді. Сарыбай сол жерде тайды алғызып керсе, тайдың танауындағы сеткен кішкене сырға бар екен. Соны дәлел етіп Жамбылдың тайын өзіне алып береді. «Мен Сарекемнің дау тексергендегі тапқыштығын өз дауымда кердім. Кісіге ашуланып сөз айтпайтын, көрген нәрсесін ұмытпайтын өте терең кісі еді. Сол мені кішкене жабағыны күткенімді жақсы көріп, соның танауындағы болмысы белгіні ескеріп, ұмытпай жүргені де өте сыншыл естілігі ғой», — деп, Жамбыл өзі айтып отырады екен. Сол қоңыр тай есе келе өте жақсы ат болды. «Сарекемнің күші мен әділдігі болмағанда, Орынбеттің орақ ауыз қу тақымы алып қойып еді. Бірақ Сарекеме бір өкпелегенім, әдейі өзіне сеніп алып қашқан Бұрым сұлуды алғызбай қайтарып берді. Онысы өте малқорда сараңдық еді. Жапаның малы шашылып кетеді деп, елді келесіне мені қайтартты», — деп Қисыбаймен қалжыңдасқанда да айтып күледі екен. Жамбылдың жылқыны жақсы көріп атшыл болуы — жасынан басталып қартайғанға дейін бірге жасасқан әдеті. Жамбыл өз елінің әдетіндегі көкпар тартуға да көп шапқан сияқты. Өйткені 1920 жылы ел арасының бір тойында Бозжорға ат деген атымен өзі көкпарға шауып, қуып жетіп тартысқан кісіге лақты бермей, соған төбелес шыққанын ауылдары күні бүгінге дейін әңгіме етіп айтады. Жамбылдың Торжорға ат деген өте белгілі бір жақсы аты болған. Аттың көп жасағанын сөз қылғанда Жамбыл ауылының, Жамбыл ауданының ақсақал кісілері: «Біздің ортада сол Жамбылдың Торжорға атынан көп жасаған ат жоқ» деседі. 27 жасына дейін Жәкең өзі мінді, сол атын дейді. Сол сияқты өзін құрметтеп жүріп тұруына машина берілгеннен кейін де: «Мен атты, жорғаны жақсы керемін», деп, күрең жорға атты алдырып мінді. Жәкең өлерінен бір жыл ғана бұрын бұл атына мініп - түсуінен тоқталды. Жамбыл жас кезінде бір жыл, жарым жыл жылқыны да өзі бағып, әкесінің қосына да шыққан. Мұны өз ауылының ақсақалдары бәрі айтады.

ЖАМБЫЛДЫҢ ӘКЕСІ ЖАПА МЕН ШЕШЕСІ ҰЛДАН ЖӨНІНДЕГІ МӘЛІМЕТТЕР Жамбылдың әкесі Жапа 1899 жылдың шамасында 87 жасында көп жасап өлген кісі. Жапа, Жадыра, Мәйке және Қазыбай — төртеуі Ыстыбай баласы деп біз жоғарыда айтқанбыз. Ыстыбай балалары, Екей бытырағанда, Әшекей ауылының қасына көшіп барғанын да сонда айтқанбыз. Жамбылдың өзі де әкесі сол Әшекей ауылының қасында жүргенде туған. Жапа жасынан атқа мінген аламан уақытта жортармандық істеген кісі болса керек. Бұған Жамбылдың өз өлеңі дәлел:

«Сорлының ұрлап қара атын,
Жазықсыз қиып қанатын.
Жапанда жаяу қалдырып,
Жайым жоқ қарғыс алатын.

Ел арасын егер ғып,
Ойым жоқ бұрқан салатын.
Батаңды маған бер, әке,
Тіліме менің ер, әке.

Жапаның ұлы ақын боп,
Атағы шықты дер, әке, —

деп әкесі өзін ұрлыққа жұмсағанына бармай, өлеңмен тілек айтып, ақындық жолға рұқсат сұрайды. Бұл өлеңде екі түрлі себеп болған сияқты. Біріншісі, әке өнерін өзі сүймей, момынның малын ұрлап дәулет жиюды жек көру, ешкімге зияны жоқ тіл өнерінің еңбегіне беріліп еліне қызмет істеуге бел байлауы бар. Бұл жөнінде Жамбылдың Сарыбайға деген бір ауыз өлеңі дәлел:

«Сареке, салдым бір сөз сыныңызға,
Сіздің сын таразы ғой сырымызға,
Қолыма домбыра алып, талап қылдым,
Бересің қандай бата ұлыңызға», —

дейді.

Бұл өлеңдер Жамбылдың осы 100 жылдығына арналған толық жинағына кіріп отыр. Жамбылдың туған әке, туысқан ағадан адалдық жолға бет алып, соған рұқсат сұрап қойған тілегі бар. Екінші, Жамбылдың ақындық жолға түсуіне көлденеңдеп бөгет болып жатқан тағы бір нәрсе болған. Ол ертеден Ұлы жүз елінің ортасында аңыз болып кеткен мынадай сөз болған:

«Екейде елу ақын, сексен бақсы,
Айқында алпыс ақын, тоқсан бақсы»
деген бұларды елін кеміткен ащы нақыл бар.

Бұл кеміту сөз Екейдің естияр адамдарының намысына кеп тиген болса керек. Жамбыл өлеңге бейімделіп ойын, тойларда той бастап, өлең айта бастаған кезде, әкесі Жапа: «Екейдің елу ақынына сен де қосылып елу бірінші дуана болайын деп пе едің деп?» — ұрсып тыйым салған. Міне, сондықтан да ол жоғарыдағы өтініш өлеңдерді айтқан болса керек. 1944 жылы тамыздың 12-сі күні Үмбетәлі ақын бар, біз быр сыпыра кісі келіп Жәкеңе сәлем бердік. Жәкең ете көңілденіп отырды. Сонда ақындық жайынан сөз бастап: «Сарыбай өлеңді ұнатпайтын кісі еді. Өзіне келіп өлең айтқан кісіге еш нәрсе берген емес екен. Өмірінде ақынға берген малы, Албан Жетібай ақынның інісі ақынға бір ат беріпті. Сарыбай өлеңді өтірік деуші еді Сол ақын өлең айтқанда: «Өтіріктің дәмдісі екен», — депті. Өлеңді айтқанда тыңдаушыны өзіне ұйытып:

Өлеңді бой жасап отырып,
Екі көзді ашып отырып,
Екі аяқты нық басып отырып айтпаса,
өңі қашып кетеді», —

деп өзінің шәкірттеріне үлгі айтты. Жамбылдың өзіне ұстаз көріп бата алған кісісі Сүйінбай ақынға да Жамбыл өмір бойы бас июмен қатар, алғашқы кездесіп бата алғаны жөнінде де өзі әңгімелеп айтып отырады екен. «Маған өлең анықтап жолдас болғаны жиырма жасымда. Осы күнгі Жамбыл колхозының жайлауы Желдісайда (бұл бұрынғы Жамбылдың жайлауы) жүріп ұйықтап кетсем, бір адам түсімде келіп: «Өлең аласың ба, көген аласың ба?» — деді. «Екеуін де алам», — дедім. Шошып ояндым, аузыма өлең келіп тығылып тұрғандай болды. Үйіме келе домбыра алып, өлеңді саулатып айтқан соң ғана барып, кеудем орта түскендей болды. Елдің аузы ораза еді. Қасымда бір жігіт бар, екеуміз сол жайлаудағы елді аралап жүріп жарапазан айттық. Сүйінбай ақынның ауылы да жақын еді, қыдыра келе жатып Сүйекеңнің үйіне кездесіп қалған екенмін, тұра қалып жарапазанды айта бастадым. Әлі айтып тұрмын, әлі айтып тұрмын, ешкім шыққан жоқ. Әлден уақытта үйге от жағылып, Сүйекеңнің бәйбішесі далаға шықты. «Балам, ақын үйге түссін дейді, үйге түсіңдер» дейді. Біз үйге сәлем беріп кіріп едік, Сүйекең өзі де тұрып отыр екен, сәлем алып, амандасып бізді отыр деп қасына отырғызды. «Жамбыл балам, тәрпің тәуір екен, тіліңнің үйірімі, сөзіңнің уыты бар көрінеді. Біреуден бата алатын екенсің», — деді. Мен ол кісіге сөз қайырмай тыңдап отырдым. Бәйбішесі бізге қымыз беріп, менің алдыма бір шапан әкеліп қойды. Сүйекеңнің үйінен шапанды алып кетуді өзіме лайықты көрмей және әлгі бата ал деген сөзі ойымда болып отырды да: «Сүйеке, жеңгем берген шапанды сізге жапқаным, батаңызды беріңіз!» — деп, алдына қойдым. «Балам, бата алсаң өз үйіңнен бір нәрсе әкелуің еді ғой», — деп, Сүйекең біраз отырды да, батасын берді. Мен Сүйекеңнің батасын алған соң, ешкімнен именбей өлеңді бұрынғыдан да батыл айта бердім», — дейді екен Жамбыл. «Жәкең 1945 жылдың көктем айының ішінде бір күні мені шақыртып жіберген екен. Жәй шақыртқан шығар деп кешігіп келсем, Ыстыбайдан туған немере-шөбереден тірі адамының бірі қалмай бәрі жиналған екен. Жәкең ортасында отыр. Мен келіп сәлем бердім, қолын ұстап амандасқаннан кейін мені танып, Жәкең: «Омар, сені мен әдейі шақыртып едім, кешігіп келдің - ау, енді бәрің түгел болдың, айтайын деген сөзім бар. Мен енді ұзақ жолға жүрейін деп отырмын, атамнан туып ескелі арамнан бойым таза еді. Екі нәрсенің қарызынан өз тіршілігімде құтылғым келеді. Біреуі, міне, Сәтіштің әкесі Тәйті Меккеге жүрерде, 350 қой, 100-ден аса қарасы қалды. Екі қатыны мен жеті жасар Сәтіш үшеуін қолымды ұстап отырып маған тапсырды. Маған тапсырғанын құп алып ие болдым. Тәйті сол жолы қаза болды. Сәтіштің тоқал шешесі, қырғыз қызы жеңгемді еншісімен мен алдым. Өзге дәулетіне тигенім жоқ, Сәтіштің менде сол қарызы бар. Ал Биқоныс дегеннің жас қара қозысының елтірісіне қызығып, соны айтпай алып қойып едім. Осы екі қарызымнан көзімнің тірісінде құтыламын. Менің өзіме қараған жылқымнан Сәтішке бір ат, бір бие, бір тай беріңдер. Би қоныстың баласына бір тоқты беріңдер. Осы екеуінен басқа кісі ақысы жоқ деп ойлаймын. Қырғыз, қазақтан алмағаным жоқ, бірақ бәрін де күлдіріп отырып алдым, оны өзім қарыз деп санамаймын деп еді», — дейді Жамбылдың жақын інілері Омар ақсақал. Міне, Жәкеңнің әкемен туған-туысқанның жортармандық жолына бұрғанына көнбеген, адалдығы жайындағы әңгімелер. Жәкең өлеңді осындай сүйіп, ең қымбат бақыт деп ұққан. Жамбылдың әкесі Жапа Әшекей аулында жүргенде, қырғыздан мал алуға аттаныпты. Астында Көктоқал деген жүйрік жақсы аты бар екен. Жапа жылқыға тигенде аты жалғыз аяққа сүрініп, өзі қолға түсіп, жолдастары қашып құтылады. Қолға түскен ұрыны кім аясын. Аяғына кісен салып байлап қояды. Қырғыздың атақты манабының бірі Жапаны өз үйіне әкелгізеді де, таутеке терісі шалбарға салып, мойнынан қылқындырып байлатып керегеге ілгізіп қояды. Манаптың онысы, Жапаны кішкене көріп қорашсынып, мазақтағаны болса керек. Өйткені Жапа кең иықты, қысқа мойынды, дембелше, аласа кісі екен. Жапа бұған қатты намыстанады. Есебін тауып осы манапты жер соқтыруды ойланады. Бірнеше күн сол байлауда болып, шалбардың ішінде тұрады. Қашпайтын момақан кісі болып манаптың көңілін сендіреді. Бірақ өзінің бар күтіп жүргені — Манаптың екі жүйрік аты бар, соны есебін тауып қолға түсіру болады. Бір жақтан барымта әкеле ме, жоқ, жол жүргізуге суыта ма, әйтеуір, екі ат бір түні кермеде суып байлаулы тұрады. Оның бәрін аңдып біліп отырған Жапа, ел ұйықтаған кезде, шалбардың байлауын сусытып шешіп шығады. Бірақ үйдің ішіне жерге түспей, үзікті тіліп, үйдің сыртынан түседі де, кермедегі екі атты алып жөнеледі. Іле қумағанымен, артынан қуғыншы түсіп, Жапаны Алатаудан асырмай-ақ қуғыншы таяйды. Ілеге таянғанда, жетуге айналады. «Сасқаным сол емес пе, екі атыммен Іле суының өткелін іздеуге де мұршам келмей, атымның маңдайы тірелген жерден келіп түсіп кеттім. Ең жақсысы - ақ аттар жүзгіш екен, суға жүзе жөнелді. Аузыма салып сорып келе жатқан жылқының тобығын сасқанда жұтып жіберіппін. Қуғыншылар Іле жағасында іркіліп қала берді. Мен құтылып судың ар жағына шықтым. Осы жорыққа барғанымда екі ажалдан қалдым. Бірі — Шудан бергі жерде Ілеге жеткенше ел жоқ. Жауынгершіліктен қорқып Іле бойына түсіп кеткен екен, әрі елсіз, әрі алыс жерде аш, азықсыз үздігіп кете жаздадым. Екіншісі, Іленің өткелсіз жерінен келіп түсіп, суға кетіп қала жаздап састым», — дейді екен Жапаның өзі. Қырғызға тағы да бір аттанып барған әңгімесін айтқанда Жапа: «Күзгі уақыт еді. Алматы асуында бір адаммен кезең аузында айқаса кеттім. Екеуіміз де бірімізді біріміз алуға іле қам істедік. Қыл кезең, тар асу, атпен айқасу болмайды. Екеуіміз де аттан түсе қалып жаяу алыса кеттік. Ол менен денелі, қарымдылау екен. Мені ұстай алған жерде үйіріп жерге топ еткізе түсіріп басам дегенде, астынан бұлт етіп әр жағына шығып кеттім. А дегенше өзінің үстіне міне түсіп, босатпай қойдым. Алысқан жеріміз жарлауыт еді, жан - дәрмен тырмысып әлгі кісіні соған домалатып түсіріп жібердім. Ол көтеріліп қайта шыққанша, атты алып кезеңнен асып кеттім. Келер жылы сол аттың иесі жігіт және қырғыздың белгілі бір манабы қазақ-қырғыз арасындағы алыс-беріс сөйлесетін бір топқа келді. Менің аударып алып кеткен атым қырғыз ішінде белгілі әрі балуан жігіттің атақты жүйрік аты екен. «Төлеу алмаймыз, сол аттың көзін бер!» — деп, қырғыздың манабы ат иесі жігітті ертіп Әшекей аулына келді. «Аттың көзін тауып беріңдер, бітім алмаймыз. Және сол менің жігітімді жалғыз түсіріп, атын алған жігітті маған бір көрсет!» — деп қырғыздың манабы тілек қылды. Әшекейдің өзі мінетін қазмойын аты бар еді. Соны мініп қырғыздарға келіп сәлем бердім. «Сіздің жігітті түсіріп атын әкеткен осы жігіт», — дегенде, қырғыздың манабы төмен қарады. «Құлжаның асығындай шымыр екен. Ұстаса, қолға тұрмас, байласа, жіпке тұрмас, атты алса алғандай екен», — деп, Жапаның шойындай шымыр тұлғасына және жылпостығына өте разы болды. Жапаның бұл сияқты жылпос мықтылығы өте көп болса керек. Жапаның інісі Жадыра да ерте атқа мініп, Жапаға көп серік болып, мықты жігіт болыпты. Жапа бар, тағы көп кісілер бар, алыс жерге аттанады. Жадыраның жасы 17-18 шамасында екен. Ол осы жорыққа мен де барамын десе, Жапа: «Сен әлі жассың, үйде бол», — деп ұрсып ертпей кетеді. Жапалар өз елдерінен екі күншілік елсізге шығып, жортуыл салып ел қарап жүреді. Алыстан бір жалғыз қара көрінеді. Бұлар жалғыз қараны күтіп отырса, бөгелместен өздеріне келеді. Сөйтсе артынан қуып келген — Жадыра екен. Сол жолы бұлар далада ел торып жүріп бір қалың жауға кездесіп, қатты төбелес болады. Бұрын сыналмаған жас жігіт Жадыраны Жапа араластырмай, қосар аттарын ұстатып арт жақтарына ие қылады. Бірақ айқай шығып, төбелес қызған кезде, Жадыра қолындағы аттарды тастай беріп, ұрысқа араласып кетеді. Жау кеп, бұлар аз, Жапа қатты қайрат көрсетеді. Осы жорықтан қайтқаннан кейін Жадыра қатардан қалмайды. Жадыра мен Жапа екеуі де Қоқаннан келген қолмен қарсы ұрысқан орыс қолдарының ішінде болып, көп қайрат істепті. Бірақ ол қай соғыста болғаны анықталмады. Ол туралы мынадай бір дәлел бар. Екі жақтың қолы айқасып, төбелесіп жүргенде, Жадыра бір адамды аттан шаншып түсіріп, қанжармен басын кесіп алған жерде Жапа келіп қалып: «Аттан түсіргеннен кейін басын кесіп неғылайын дедің? Кім білсін, оның жазықты адам ба, жазықсыз адам ба?», — депті. Бұл соғыс Бәйсейіт, Сұраншы бастаған соғыстардың бірі болуы керек. Осыны Жадыра тұқымының аздығына дәлел етіп, өз ауылдары әңгіме қып айтады. Жамбылдың шешесі Ұлдан Жападан бес жыл кейін, немересі Сәтіш он жасқа келгенде өлген. Бұ да өте көп жасаған кісі. Ұлданның төркіні — Дулат ішінде Жаныс. Оның ішінде Орынбет деген атаның баласы болады екен. Төркіндері осы Алматыға жақын Қаскелең өзенінің бойында мекендеген ел екен. Ұлдан шаршы ғана, Жамбылдың өзі сол шешесіне тартыңқыраған еді. Бет бейнесі де шешесі тәрізді еді дейді білетіндер. Ұлдан аса кеп сөйлегіш кісі болмаған сияқты. Бірақ сөзді айтқанда тауып айтатын, досына тәтті, дұшпанына қатты кісі болды дейді. Жамбылдың өз ата тегінде домбырашы, өлеңші, белгілі ақын кісі болмаған. Шешесі Ұлданның нағашысы Үйсін ішінде Жалайыр Қанадан деген аса үлкен қобызшы, тәуіп кісі екен. Қанадан қобыз тартқанда, кейбір көңілі бос адамдар жылап отырады екен. Қанадан бір жақтан келе жатып, шет елдің бір жауына кездеседі. Жау Қанаданың атын да алып, өзін де тонап әкетеді. Қанадан жапан түзде жалғыз қалып, біp тауға келіп жеміс теріп жеп, жуа жеп жүріп, қурайдан сыбызғы істеп, соны тартып отырыпты. Сыбызғысын і артқанда еліктің лағының маңырағанын салып тартқан екен. Сонда бір ұрғашы елік емшегінен сүт сорғалап иісініп қасына келеді. Бірнеше күндей сол елікті еміп қорек алыпты, Мінеки, Қанадан сондай қобызшы екен деген аңызды айтады елі. Ал Жәкеңнің ақындығы жөнінде, Жәкеңнің домбырашылығы жөнінде осы түпкі нағашысының өнері еді, бұ кісінің бойына келген деседі екен, елі. Жәкең өзі домбыраны жап-жақсы тартатын және көптеген күйлерді тарта білетін домбырашы болған. Және Ұлданның өзі: «Қыз күнімде бір түс көріп едім. Ол түсім жаңылыс болмаса, менің балаларымның біреуі аса бақытты болса керек еді, нағашы атамның қобызының қылы менің етегіме оралып еді, осы қисықтан бірдеме шықпаса», — дейді екен Жамбылды көрсетіп. Мінеки, Жамбылдың ата-ана тегінен айтылатын кейбір ерекше мінездері жөніндегі сарындар.

ЖАМБЫЛДЫҢ АЛҒАШҚЫ ӨЛЕҢДІ БАСТАУЫ ЖАЙЫНДА БІР - ЕКІ СӨЗ Кімге де болсын сабақты өмір береді. Жолды өзі өскен ортасы ашады. Жамбылдың туып өскен елі — Ұлы жүз, оның ішінде Шапырашты. Әрісі Ұлы жүз елінде, берісі Шапырашты елінде қазақтың қара өлеңмен қажасатын қайым айтысы деген өте мол болған. Күні бүгінге дейін анық он - он бес кісі бір жерге бас қосса, әйел-еркек болып айтыспай отырмайды. Бұл сияқты айтыс тек белгілі ақындардың ғана айтысы емес, қыз, бозбала, жігіт, келіншек қай-қайсысы болсын белгілі ел аузындағы қара өлеңмен қарпыса кетеді. Елдің әдеті болған осы айтысқа заманның өзі қатарлы жасы ретінде Жамбыл да тіпті ерте кіріседі. Жамбыл сол жас күнінен-ақ бір жағынан халықтық қара өлеңге сүйенсе, екінші жағынан өз ойынан қошаметкейлеп өнімді сөз айтқыш, белгілі айтысқыш жігіт болып іріктеледі. Соның өзі Жамбылдың өлеңге үйірлігін де, ыңғайын да өсіре түседі. Осымен қатар Ұлы жүз елін Қоқан бегі билеген кездедің туы өте жоғары көтерілген, ораза, намаз сияқты діни әрекеттер ете елеулі орын алады. Соның әсерінен Ұлы жүз ақындарына үлкен дәстүр болған ораза кезінде жарапазан айту болады. Жарапазанды пайғамбар, сахабалар айтқан, оны айту үлкен сауап әрі дінге құрмет деген ұғым ел ішінде өте күшті болған. Оны айтушыларға айрықша мырзалық көрсететін байларда әдет болған. Ұлы жүз ішінде жарапазаншыға тек астық, ақша ғана емес, ат, түйе, қой, қозы беру сияқты үлкен табыстар бар болған. Сондықтан жарапазан тек дін жайлы емес, малды бай кісі, аталы кісі арғы-бергісінен қозғап мақтау жайынан, үлкен кесек жыр айтып өзекті сөз айтуға шеберлендіріп безендіреді. Өткір сезге жаттығады. Албырт жаңа есіп келе жатқан Жамбыл бойындағы өнерді басқара алмай жүрген кезінде, ел аралап өлең айтуды жарапазаннан бастайды. Жамбыл жарапазан жырын тек көп бергенді мақтап, аз бергенді жерлеп айтудан гөрі, бір жағынан күлдіргі, өткір сөзімен мәжіліс ете жүреді. Оның үстіне өз елінің ортасына сол кезде ете қызықты болған Сүйінбайдың Тезекке барғандағы шайқасу өлеңі, қырғыздың ақыны Қатаған ақынмен айтысқаны сияқты өзекті жырларды да айта жүреді. Жамбыл осы жарапазан айтып жүріп, өзі бір тосқан Сүйінбай ақынның үйіне келіп жарапазан айтады. Ол жөнінде Сүйінбай жайындағы бөлімде кеңірек айтылады. Осы сияқты өлеңге бет алып, жарапазан, той-томалақтың айтысы тойбастарын айтып жүрген кезінде, Жамбыл жырына жол ашардай өз басынан бір әсерлі үлкен уақиға кешеді. Ол уақиға: ел жайлауда отырғанда, бір ауылда той болады, ол тойға Шапырашты елінің бәрі келеді, жігіт - желең, қыз-келіншек бас қосып айтыс, көкпар, көп тамаша болады. Осы тойда Жамбыл Қыдырма қызы Бұрым сұлумен кездесіп танысады. Қыз Жамбылға өзінің күйеуін менсінбейтінін айтып, Жамбылмен көңіл қосып жолдас болуға сөз береді. Артынан ретін тауып қызбен кездесіп, алып қашатын жағдай іздеп, жайлауда қисын таба алмайды. Ел жайлаудан бауырға күздеуге көшкенде, қызды Жамбыл алып қашады. Алып қашқанда өз үйіне әкелмей, Сарыбайдың інісі Саржанның үйіне әкеліп тығады. Өзі сыр білдірмей Сарыбайдың үйіне келіп сонда болады. Қыздың төркіні сұрастыра келіп Жамбыл алып қашқанын біліп, Жапаның аулына кісі салады. «Баласы қызымызды алып қашты, қайдан тапса тапсын, болмаса, қолдасамыз ба?» — дейді. Қыздың төркіні — Айқым, айттырған қайны — Шыбыл, өте бір жуан бай жер болады. Жамбылдың Сарыбай аулында жүргенін біліп, Жамбылдың әкесі үлкен баласы Тәйті және басқа жанкүйер ағайындарын Сарыбайға жібереді. Сарыбайға олар келген соң Жамбылдан сұраса, ол қызды алып қашқаным жоқ деп мойындамайды. Жер түбінен анығын біліп келген Тәйті Сарыбайға қызды Жамбылдың алып қашқанының анық екенін айтып ұғындырған соң, Сарыбай оңашалап сұрайды. Жамбыл шынын айтады. «Мен бірақ бұл қызды қайтармаймын», — деп көнбей отырып алады. «Қызды қайтармайтын едім, Сарекемнің екі сөзі ой түсірді. Бірі, Екей жаңа ел болып келе жатыр еді, тағы бүлінді ғой. Мына қыздың қайны ұры, қау берік ел еді, айтқанға көнбейді. Екінші, әкеңнің тірнектеп жиған аз дәулетіне кесір қыласың ғой, түтін қалдырмай шауып әкетеді. Өзіңе қалың беріпті ғой. Атаң атастырған қалыңдығыңды ал. Оған тоқтамасаң, осы елді басы бір таңдаған қызды тауып жіп тақ, өзім алып берейін» деді. Оған заман болып кетті ғой, Сарекемнің күшінен аса алмадым ғой, осы сөзден аса алмай, әрең дегенде көндім. Қызды үш тоғыз айыппен қайтарып бердім», — деп, өз аузынан 1944 жылы 12 тамыз күні Жәкең өз үйінде айтты. Сарыбайдың абыройынан аса алмаған Жамбыл да тоқтайды, қыздың қайын төркіні де тоқтайды. Бірақ Бұрымның арманы жас албырт ақынның жүрегіне үлкен жара салады. Ол көп уақытқа дейін арман уына оралып, өлеңмен, домбырамен көңіл жұбатады. Жамбылдың ақындығының бір кілтін ашқан, ашынып, сөз айтып, мұңлы жүректен күйлі сөз шығартқан осы Бұрым әңгімесі де болады.

«Айрылдым арманменен, қайран Бұрым,
Айдай eд толықсыған аппақ нұрың,
Алдандым, аяғымды шалыс бастым,
Білмедім жан ашымас аға сырын», —

деген арман, өксік өлеңін Жамбыл өмір бойына айтқан тәрізді. Осы арман ақын ойын тереңдетіп, сонымен қатар бұрынғыдан гөрі өрісті ұзарта, өлеңге біржолата бет алуға себеп болған. Жамбыл Сара деген қызды алып қашып, ала алмай қалыпты деп, 1940 жылы шыққан Жамбыл жайындағы Есмағамбет Смайыл ұлы жазған қысқаша өмірбаянда жазған еді. Ол қағыс естіліп, жаңылыс айтылған көрінеді. Біріншіден, мына жоғарыда өзінің алып қашқан қызын Жәкең Үмбетәлі бәрімізге өзі ауызекі айтты. Екінші, 1944 жылы қыркүйек айында біз Кенен Әзірбаевтың үйіне барып Жәкең жайынан әңгімелесіп отырғанда, Кенен: «Менің алып қашқан қызымды Жәкеңе теліп, Жәкеңнің бір кітабында бүлдіріп қойыпты. Жәкең алып қашқан қыз Сара емес, Сара Нұрбек қызын мен алып қашып, сорым қайнап, қайтарып беріп едім», — деп, өзі бізге ауызша айтты.

ЖАМБЫЛДЫҢ ҰСТАЗЫ СҮЙІНБАЙ АРОНҰЛЫ

«Менің пірім Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сиынбай.
Сырлы сұлу сөздері,
Маған тартқан сыйыңды.

Сүйінбай деп сөйлесем,
Сөз келеді бұрқырап,
Қара дауыл құйындай».
(Жәкеңнің 1946 жылға дайындалған жинағынан).

Міне, Жәкең Сүйінбайды осылай құрметтеп, өзімнің пірім деп келеді. Жәкең қай ақынмен айтыссын, қай мәжілісті бастасын, алдымен Сүйінбайды аузына алады. Біз осы еңбегіміздің ішінде Жамбылдың Албан Қалабай ақынмен кездескенде «Сүйінбайды аузына алған соң, қарсыласпай тоқтап, жолды саған бердім», — деп, өз айтқанын келтіріп едік. Жәкеңнің өз айтуынша, Жамбыл өлеңге батаны шүу дегенде Сүйінбайдан алған. Және сен ақынсың, өлеңің уытты, тек қайпаңдатпай, осылай айт деген де, өзінің қасына ертіп үлгі көрсеткен де — Сүйінбай. Жамбылдың жүз жасаған өмірбаянын, оның ішінде қырғыз, қазаққа алпыс жылдай жырымен қызмет еткен ұзақ еңбегін айтқанда, оның ұстазы бір Жамбыл емес, бүкіл Ұлы жүз елінің ақындарына аға болып аруағын аузынан түсірмейтін Сүйінбайға, оның ақындық ортасына аз тоқтап өтпекпіз. Сүйінбай — тек қана өлеңмен ел кезген, жел сөздің иесі, кезбе ақын емес, өз тұсының, өз ортасының ақылгөй, ел бастаған ақыны. «Апыр-ау, мынау жатқан Сарыбай ма? Жолдасы Сүйінбайды танымай ма? Қырғызды қазақпенен айдап жеген Басында шуылдаған малы қайда?» — депті Сүйінбай Сарыбай өлгеннен кейін, бір жақтан келе жатып Сарыбайдың басына құран оқып отырып, Сарыбай Шапыраштының, оның ішінде Екейдің ел болуына, бас қосып, ірге тебуіне қанша еңбек еткенін жоғарыда аз шолып өттік. Сол Сарыбайдың терезесі тең, қатар жүрген үзеңгілес жолдасы болған кісі Сүйінбай:

«Алпыстың алтауында Андас өлді,
Сарыбайды Екей шулап жерге көмді.
Өзімнің тұстасымның бәрі кетті,
Байқасам, енді нәубет маған келді», —

деген өлеңі — Сүйінбайдың кіммен терезесі тең екеніне дәлел. Мынау айтып отырған Андас Ақымбек баласы — Саурықтың інісі, өзі датқа әрі ақын, әрі ел тірегі сияқты. Шешен Сүйінбай Жамбылды өткір, терең сөзге, ұзақ әдемі жырға баулыған. Сүйінбай 1817-18 жылдар шамасында туған адам. 83 жасында, 1898 жылы қайтыс болған. Сүйінбайдың туысы — Екей ішінде Әлти. Сүйінбайдың руы — үш тоқал, Жамбыл атасы бәйбіше атанады. Жамбылмен 8-9 атадан келіп қосылады. Сүйінбайдың өз әкесі Арон деген кісі өте момын адам болыпты. Аранның әкесі Күсеп деген кісі ақын екен. Ел аузында Өтеген батырды ерте күнде осы Күсеп жырлаған екен деген аңыз бар. Бірақ ұмытылып кеткен екен. Ел аузында сақталған жұрнағын Жәкең естіп, әсіресе елдің қонысы тарылған кезде жаңғыртып қайтадан Жамбыл жырлапты. Жамбыл Өтегенді 1920 жылы Алматы қаласына келіп толықтандырып жаздырған, бұл жөнінде толық дәлел бар. Екей руының «ерге қонды» болып бытырауын біз жоғарыда айттық. Сол Екей бытырағанда, Әлти руы алысқа көшпей, Мырзабек, Кәшке тұқымдарының маңында, Есқожа ішінде қалады. Сүйінбайдың өз әкесі Арон Сұраншы батырдың қасында қоңсы болып отырады. Сүйінбай жасынан-ақ аузы орамды, өлеңші сері, сауыққой екен, өте пысық жігіт болады.

Сүйінбай туралы ел аузында мынадай аңыз бар.

Аранның он шақты ғана қойы бар екен. Қозысын қасқырдан қорқып үйіне көгендейді екен. Сүйінбай бала жігіт, үйінде ұйықтап жатса, түсінде бір кісі келіп: «Балам, көген аласың ба, өлең аласың ба?» — депті. Бала өлең аламын депті. Орнынан бастырлығып, тілі күрмеліп оянып, ұшып түре келіпті. Әкесі мен шешесі шошып, бір тоқтысын басына әкеліп бауыздап, қанымен ұшықтап құрмалдық етіпті. Сонан барып тілі шығып, құлағын бұрап өлең айтқан екен. Сүйінбайдың кейіннен өлең айтқанда құлағын ұстап айтатыны осыдан қалған әдеті екен дейді. Сүйінбай содан былай өлең қуып, жиын тойды, қынаменде, шілдехананы құр өткізбей, ауыл арасынан қыз - келіншегімен айтысып, ақындық өріске талпынады. Бұл кез Кенесарының Ұлы жүз жаққа келіп, Ілені басып, Қараталды өтіп, Аягөзге қарай қол алып жүрген кезі. Өйткені ел аузындағы дәлелде Сүйінбай 25 жасында Тезек төреге барып өлең айтты депті. Ал Сүйінбай 1842-1943 жылдарда 25 жасқа келеді. Ал Кенесары 1846 жылы көп қолмен Іле Қараталды өтіп, Аягөзге дейін орыстың қолына қарсы барды», — деп жазады Кедзевецкий деген кісі Ұзынағаш соғысы туралы жазған кітапшасында. Тағы сол кітаптың ішінде генерал Вишневский Лепсі өзенінің бойына келіп Жетісу елінің Албан, Дулат, Шапырашты, Матай, Садыр, Жалайыр елдерінің барлық атқамінер төре қарасын шақырып, Кенесарыға қарсы тұруға ант алды. Кенесарыға өте-мөте еш болған Жалайырдың төресі Әли Әділов еді, әсіресе елді Кенесарыға қарсы шығуға сол бастады», — дейді сол кітапта. Бұ да 1846 жылда болған.

Ал Сүйінбай өз өлеңінде:
«Отызда орда бұзған дүлдүл едім,
Тезектің Әлименен бұлбұлы едім.
Бір түнде үш тоғызын алсам дағы,

Тоймаған еш нәрсеге құзғын едім», — дейді. Бұған қарағанда, Әли, Тезек, Әділ балаларына Сүйінбай ерте барғаны, олардың қолында болып өлең айтқаны анық. Тезек пен Әлиге жақындасуында, Сүйінбай Сұраншы арқылы жақындасқан. Өйткені Сұраншы жөнінде «Түркістан уалаяты» деген Азияны патша үкіметі жаулап алуы жөнінде үлкен жинақтар бар. Сол жинақтың 1864 жылға арналған 17-томының 76-бетінде Сұраншы туралы мынадай мәліметтер бар. 1864 жылы 23 қаңтарда прапорщик Сұраншы Хакимбектің аулына қырғыздың манаптары (Солты руынан Жанқарат пен Бәйтектің жақындары Қоқым, Шайбектер) келіп 5 мыңдай жылқыларын алған. Сұраншы қырық кісімен қуып, өзін де қырғыздар қолға түсіріп әкеткен. Қырғыздар Сұраншыны байлап әкеткен соң, Есқожаның кісілері шауып келіп генерал Дюгамелге білдірген. Сол қырғыздар ақпанның бірі кезінде Қасқарау руының Қыбырай деген атасының 50 ауылын шауып, кеп малын алған. Осы хабармен генерал Дюгамел қырғыздарға кісі жіберіп, Сұраншы мен Андасты босаттырып, Қыбырайдан алған мал, шапқан елді Ешкім, Ырғайлы тауларында барып айырып алған. Бұл уақиға 1861 жылы болған, Ұзынағаш соғысынан 3 жыл кейін, Ұзынағаш соғысына Қоқан қолын бастап келген Қанағат та жеңіліп қайтады. Ал сол соғыста Сұраншыны Колпаковский қырғыз ішіне және Бішкекке тыңшылыққа жіберген. Сұраншы барған жерден барып қырғыздар мен Қоқан қолына қосылып, келмей қалады. Осыған батырдың Сүйінбай жырлаған соғысы, бұл екі соғысқа да қатынасы жоқ. Және ел аузындағы әңгіме де толық дәлелмен басқа қылып айтады. Өмірзақтың айтуында, Қоқанның қолымен қосылған қырғыздың қолы Аңырақай, Үштөбедегі Қасқарау Қыбырай елін шапты. Сонан хабар келіп, Сұраншы соны айыруға барып соғысып, қоқандықтарды қашырды дейді. Және сол «Ұзынағаш уақиғасы» деген кітаптағы дәлелге қарағанда, 1861 жылдан кейін Қоқан ханның қолы Шудан бері аяқ баса алмаған. 1863 жылы Әулие ата, Шымкентті, Сырдария жағынан Черняев, Алматыдан Колпаковский шығып, Сырдария мен Алматы арасын қосады. 1865 жылы Тәшкентті алады. Сұраншы Тәшкентке жетпей, Сайрамдағы қорғанға орыс қолы кіріп, сонда бір үйдегі үпке кірген жерде, тығылып отырған қоқандықтар атып өлтірген. Бұған қарағанда, Сұраншы 1865жылдар шамасында өледі. Сұраншыны алғаш бастап жырлаған — Сүйінбай. Оған дәлел, біз жоғарыда айттық, Сүйінбайдың Тезек төремен қалай жақындасқанын, ал Сұраншы бірде қосылып, бірде бөлініп жүріп, орыс қолында Тезекпенен қатарлас жүрген адам. Сүйінбай өзі қасына көп еріп әрі әкесі қоңсы болған Сұраншыны Тезектің үйінде отырып батыр еді деп мақтаған. Бұл жөнінде «Өмірзақ Қарғабай баласы халық ақыны (қазірде 82 жаста) Сүйінбайдың өзін көрген. Соның айтуынша, Сүйінбай алғаш Тезекке барғанда, рұқсатсыз үйіне кіріп барыпты. Сонда Тезек өзі ақын адам төсегінде шалқасынан жатып өлең айтып жатыр екен. Үстіне рұқсатсыз кірген Сүйінбайды ақ таяқшысына «Апарып қамап байла, не деген бассыз», — деп ақырады. Сонда Сүйінбай құлағын бұрап өлең айтып қоя беріп, екеуі ары-бері сөзбен қағысып, Сүйінбайдың сөзі ұнаған соң, тимей, қасына алып өлең айтқызады. Сүйінбайға ат беріп, сый береді. Бірақ ендігі жылы тағы кел деп шақырады. Екінші жолы барғанында, Тезек: «Сен Шапырашты шетінен батыр дейсің, Сұраншы, Саурықты мақтайсың, оларың не ерлік істеп еді?» — дегенде, Сүйінбай Сұраншының Жамбыл өңдеп, кейіннен айтқан жырын жырлайды. Сонда жырын аяқтатып келген жерде.

Өтірік айтсам, мені ұрсын,
Сенбесең, төрем, сені ұрсын», —

дегенде Тезек: «Сүйінбайым, өтірікті шындай қылуға берген-ау саған тілді тәңірім. Мен Сұраншыны білмеймін бе, тым асырып жібердің-ау!» — деген екен. Тезек Сұраншыны ете жақсы білген. Сұраншының бұл ұрысқа қалай барғанын, оның неден болғанын да білген, өйткені бұл соғыс — бүкіл Ұлы жүзге белгілі әңгіме. «Жамбыл» колхозының мүшесі Ыбырайым Бейсембекұлы шежіре қарт осы Сұраншы әңгімесін өте анықтап айтады. Өйткені Ыбырайым үлкен әкесі Райымбек деген кісі көп жасап, 83 жасында 1914 жылы өлген. Ол кісі Сұраншының соғысына өзі қатынасқан. Райымбек: «Артынан ерер кісісінің аздығы, елінің екейлігі болмағанда, белгілі батырдың бірі еді», — дейді. Екей ақсақалдары Сұраншының бұл соғысын Райымбек бастан аяқ өте қызық етіп айтады екен. «Сұраншыға хабар келгенде, мен де қасында едім. Қарғалының беткейінде, ауылдың сыртында тоғыз құмалақ ойнап отыр еді, Сұраншы. Екі торы аты терден бурыл кеткен Тілеуқабыл елінің шапқыншысы келді. Қос атпен кісі келе жатқанда - ақ, Сұраншы құмалақты жайып күтіп отырды.

— Тойшыбек бастаған Қоқанның қолы Беркедердегі Тілеуқабылды шапты, елдің ақсақалы сізге жіберді, — деді шапқыншыл. Сұраншы көп сөйлемейтін кісі еді. Аз ойланып отырды да:

— Тігіңдер туды! — деді. Кәшке туын көтерген соң-ақ сол жердегі Есқожа, Екейдің барлық ер азаматы атқа мінді. Небәрі 800-дей ғана кісі болды. Қол жөңкіле төмен түсті. Сұраншы аулының барлық жарамды ат-айғырын мінгізіп, қара көбейтіңдер деп, малшыларына дейін қалдырмады.

Шапқыншы Саркемерге ел жаңа ғана қонып жатқанда шауып жетеді. Өзінің қолы сол жерден кейін серпілді. «Тауға кеуделеп келіп қалған шығар», — деген соң, біздің қол біресе жөңкіліп Қопаға шауып, біресе Құтырғанға қарай шауып, атта барлықты. Бір мезгілде Сұраншы: «Қоқанның қолы Қопаға қоныпты. Енді ол бүгін көшпейді, түнде тиеміз, атты біраз тынықтырып алалық», — деп қолға аралап жүріп айтты да, өзі Жанжігіт, Төбет деген жерге әкеліп қолды түсірді. Елдің бәріне отын шаптырды. Бір кісіге үш жерден отын үйдіріп, күн бата барлық үйген отынға от қойғызды. Ел жата 300 кісіні үшке бөліп, үш жақтан тұтатқан бұтаны аттың құйрығына байлатып, ел жата жатқан қолға келіп тиіп жіберді. Сұраншы қолдың алдымен Қоқан қолының ортасына өзі кіріп, алдымен туды шаншып түсірген. Қаптаған от, көтерілген шаң өзінен өзі дүрлікпен, жай жатқан алаңсыз қол есі шығып, басқарылып соғыса алмай қашқан. Қашқан жауды жетіп түсіре бердік. Мен өзім сол түнде 17 аттың құлағын кескен екенмін, 6 ат қазақтікі екен, өзі танып алды, қалған 11 атты Жауқашар екеуміз алдық, (соғыста жаудан кісі түсіріп атын алғанда, түсірген кісі аттың құлағын ойып алады екен. Артынан кімде кімнің кісесінде құлақтың ойығы қай атқа дәл келсе, сол атты алады екен) Қоқанның қолы сол қашқаннан жаман қашты. Көбі қазақ пен қырғыз екен. Қоқан қолының алып кеткен мал - мүлкін қайырып әкеліп, шабылып қалған Тілеуқабыл елінің өзіне бергенде, Тілеуқабыл елінің Тілен деген кісінің бәйбішесі семіз кісі екен, аяңдап келіп: «Сұраншы батыр қайсысың? Көрейін», — деп келіп, алдына бір шығып, артына бір шығып: «Балам-ай, батыр болар тұлғаң жоқ екен, сүмелеңдеген сүйегің сүйек емес екен. Бірақ атаңның аруағы баса қонған екен», — деді, соны өз құлағыммен естідім, бұл шабындының болуы. Тойшыбектің қолды бастап барып жүрген себебі, Қасқарау Кәрім деген мен Тілеуқабылдының ішінен шыққан Тойшыбек батыр құда жақын екен. Тойшыбек Кәрімдікіне келіп қонса, мал сойып құрметтеп қонақ асысын береді. Тәшкеннің жаңа бөзінен сулық және қоңырқай майлық орамалды әкеліп қояды. Ет жеп болғаннан кейін Тойшыбек қолын майлыққа сүртпей, сулыққа сүртеді. Сөйтсе, Кәрім Тойшыбектің қолынан орамалды жұлып алады: «Адам деп құрметтеп сулық қойса, қолыңның майын майлыққа сүртпей, әкеліп сулыққа сүртесің. Ол қай асқандығың. Сен кімді басынасың?!» — деп екеуі жатып ерегіседі. «Қап, бәлем, саған қылмасам ба?!» — деп Тойшыбек аттанады. Сол бетімен Пішпектегі Қоқанның бегіне барып: «Орысқа қарап көмек бергелі жатқан бай бар, соны шауып алып қайтамын», — деп кезек сұрайды. Сонан қырғызы, қазағы бар, қоқандығы бар, тегін олжаға көп кісі аттанады. Тойшыбек хабарын естіп Кәрім үдере ауып, Іле қуалап кетіп, Кәрім аулын іздеп жүріп Саркемерде қонып жатқан Тойшыбектің өз ағайындары Тілеуқабыл елінің үстінен түсіп, Тойшыбекке бой бермей шауып жібереді. «Мырза аға, бүйтіп жегенше, әйеліңнің астын жесең етті», — деп Тойшыбекке Қармыс дегеннің қатыны Ақбике деген әйел айтыпты деген ел аузында әңгіме бар. Қырғыз, Қоқан қолдары қызыл қырғын етіп шауып, баланы, әйелді зарлатып найзаға шаншып, дүние мүлікті тілгілеп расуасын шығарып жүргенде, Тойшыбектің тоқтатуға шамасы келмей, іздеп шыққан елі табылмай, өзі жағынды болып тұрғанда айтыпты дейді анау әйел әлгі сөзді. Мінеки, Сұраншы соғысының барлық мазмұны және шыны. Мұның шын болуы, жоғарыда айтылған 1861 жылы болған Мұсылманқұл және Қанағашта бастап келген екі соғыста да Сұраншы орыс жағында болмағанын документтерден дәлел келтірдік. Басқа соғыс болған жоқ. Ал жырдың өзінде де осы айтылған түрде сипатталады. Ол жырдағы бір орынсыз қоспа — Сұраншыны кедей деу. Сұраншы Ақымбет баласы — хан Кәшкенің немересі, өте бай болған, батыр атанған ақсүйек тұқымы. Ол кездегі Жетісу алабындағы орыс пен Қоқан ханының арасындағы жағдайды, қазақтың қай батырының қанша қызмет көрсеткенін Тезек өте жақсы білген. Сонау 1846 жылы Лепсі бойында генерал Вишневскийге бүкіл Жетісу елінің адамдары барып ант бергеннен бастап, Тезек орыс қолының қандай қимылы болсын көбіне өзі араласып отырған. Онымен қоса орыс қолын бастап кейде елшілікке де жүрген. Мысалы, 1856-57 жылғы қыста Семенов Тезекті қасына алып, Тоқпақты басып қырғыз еліне барады. Бұл кезде қырғыз елінің Бұғы, Сарбағыс деген рулары қатты араз екен, өйткені Кенесарыны қолға түсіріп өлтірткеннен Сарбағыс руынан шыққан Орман ханды Бұғы руының аталы манабы Борамбайдың жиені Қылыш деген батыр жігіт 1855 жылы өлтіреді. Орманның құнын жоқтап Орманның баласы Үмбетәлі Сарбағыс елін бастап, 1856 жылы Бұғы руын тас-талқан қылып шапқан. Міне, осы шабындыдан босқан Бұғы руы Алматы, Қапалдағы орыс Ұлықтарына келіп арыз айтып, содан Семенов Тезекті екі жағын бітімдестіруге Ыстықкөлге алып барған. Семенов Хан тәңірін көріп, зерттеп қайтамын деп отрядымен сонда кеткенде, Тезекті Сарбағыс руың жатқан жерінен ұстап, байлап алып кеткен. Семеновке артынан хабар барып, Тезекті босатып алған. 1861 жылы Колпаковский маусым айының ішінде Алматыдан шығып Қаракәстекке барып, ондағы бекіністен асып Қоқан қолының алдынан жер шала жүрмек болғанда, Қоқан қолы келіп қалғанынан хабар алып, тоқталған. 8 шілде күні Жиренайғырда соғыс болып, Қоқанның қолын бастап келген Рүстембек жеңіліп, қайта қашқан. Тамыздың 28-і күні қасында 150 жігіті бар Тезек Колпаковскийге қосылған. Сонан Пішпекті алғанда да бірге барған. Сол жылы қазан айының басында Сұраншы Пішпекке тыңшылыққа жіберіліп, сол барғаннан келмей, Қоқанның қолына қосылады. Қазанның 15-і күні Колпаковский Тезекке және Сөктің баласы Жанғазыға, Әділет төреге хат жазып, Қанағатшаның қолының келіп қалғанын айтып, көмек сұрайды. Міне, Тезек орыс қолына өте көрнекті басшы болған. Ұзынағаш соғысының алдында Тезекке капитан атағы берілген. Ұзынағаш соғысында Колпаковскийге көп жәрдем көрсеткен Қожақұл Байсерке баласына орден берілген.

Әбіл Әділевке алтын медаль берілген.

Жауды шалып қалуда, тіл алуда ете сенімді болған Шапырашты руынан Абдан Сарқыт баласы болған. Осы уақиғалардың бәрін қолынан таратқан Тезекке Сүйінбай айтқан Сұраншы уақиғасының жаңалығы жоқ. Оны жырлатып отырған — өзі. Онысы Сүйінбайдың ақындығын байқап, өріс көрсетуінің бір қыры. Сүйінбайдың өте-мөте аты шығып, аруағы қырғыз, қазаққа тегіс жайылғаны — Тезекпен қырғыздың белгілі манабының бірі Алибай асына барғанда Қатаған ақынмен айтысы. Бұл айтысты Өмірзақ жырлағанда ұзақ айтып әдемі айтады. «Бірақ мен бәрін айта алмаймын, жаңылған жерім бар сияқты, мұны Жамбыл жақсы айтушы еді», — дейді.

— Мені қырғыз еліне таныстырған — Сүйінбайдың осы айтысы ғой, — дейді екен Жамбыл.

Сүйінбай осы айтыстан қайтқанда, 60 ат айдап қайтқан екен дейді Өмірзақ та, Үмбетәлі де. Өйткені Сүйінбай бұл барып айтысқаны қырғыздың орыс патшалығының қол астына жете бағынып онша түсінбеген, өзара ала кезі болады. Ал Тезек орыс ұлықтарының ете сенімді султаны. Сол Тезек еркелеткен Сүйінбайды сыйлап, Тезекке ерекше құрмет етуінің бір саласы болған көрінеді.

Бұл жиынға Сүйінбайдың қалай барғанын Өмірзақ жақсы айтады.

Тезектің Сүйінбайды өте еркелетіп, оның ақындығын аса құрметтегенін мынадай дәлелден де көруге болады. Сүйінбай мен Сарыбай Екей елін жаңа жинап басын қосып жүрген кезде, аса қатты жұт болады. Ел қатты ашығады. Сол кездегі Екейдің әрі ақсақалы, әрі сөзге ие кісісі Кенжебай деген кісі екен. Кенжебай бір күні Сарыбай мен Сүйінбайды шақырып алып:

— Екеуің мынау елді қырасың ба, мал табыңдар. Жаңа бас қосқан аз ғана Екей тағы бытырап кетеді. Мына қыстан алып шығу керек. Кеп болса, қыстан шықса, малын төлерміз, — дейді.

Сарыбай, Сүйінбай, Лаубай деген ұрыны басшы етіп, мал іздеп ұрлыққа аттанады. Бұлар Іле бойына барып көп жылқыға кездесіп, бір айғыр үйірлі қысырақты айдап алып елдеріне әкеліп, үй басы бөліп алады. 12 қара кек байталы бар, көмірдей қара айғыры бар әдемі қысырақты қырып алғаннан кейін, бұлар кімдікі болды екен деп құлақ түрсе, бұл Тезектің еркелеткен бір қызына арнап матаған қысырағы екен, жер-көкті арылтып сұрау салмағын жер қоймайды. Бірақ қысырақ шықпайды. Жаз шығып, жер аяғы кеңиді. Ел де жұттан құтылып, аштықтан арылып, есін жияды. Осы кезде Жетісу елінің басы қосылып ақылдасатын жиналыс шақырылады. Бұл жиналысты шақыртуға басшылық етушінің бірі Тезек болады. Осы хабарды есіткен соң Сарыбай мен Сүйінбайға үлкен ой түседі. Ел құлағы — елу, қысырақтың дыбысы білініп қалса, Тезек оңдырмайды. 12 байталға он екі тоғыз, айғырға бес тоғыз, таңбасына бір тоғыз, Әділдің босағасына үш тоғыз. Бұрынғы төре малының кесігі осы. Бірақ істеген қателігін өзі айтып мойнына алса, айыпсыз бітім алады. Сарыбай мен Сүйінбай: бұл қысырақ түбі шықпай кетпейді. Ел аузына елек қоя алмаймыз, жағымпаз ел жанасқысы келіп айтып қойса, масқара боламыз, одан да өзіміз барып айталық, айыбына кешірім сұралық дейді. Бұған Кенжебай көнбейді. «Не де болса мойынға алмай танып қоямыз, сіңіп кетеді», — дейді. Екеуі шыдай алмай Тезектің аулына келіп ордасына кіріп сәлем бергеннен бастап, Сүйінбай өлеңді тоғытып жүндей сабайды. Әсіресе өткен қыстағы жұтты, елдің ашығып қысылғанын айтып, сөзінің аяқ жерінде:

«Сорлы екей, қара айғырдың үйірін берсеңші енді,
Хан ием, құнан тайдан келсеңші енді!» —
дейді.

Бағанадан өлең тыңдап жайраңдап отырған Тезек қара айғырдың үйірі деген жерде жұлып алғандай:

— Қара айғырдың үйірін сендер алып па едіңдер? Бұл не сұмдық, өзге Ұлы жүз тұрсын, Екей де басынды ма Әділдің шаңырағын? — депті. Сүйінбай қайта жырлап:

— Басынған емес, қарны ашқан қаралы үйге шабады. Қарашы өлсе, жақсы ат па екен, ол еркелігі, бұл кешірім өзіңнен, — дегенде:

— Қап, қап, өздерің келіп айтқан соң, амал жоқ. Әйтпесе қара айғырдың үйірі үшін қара орманыңды алмай, тынбас едім. 12 байталына 12 дөнежін, бие айғырына бір түйе әкеліп қосыңдар, — дегенде, Сарыбай:

— Алдияр, әділдігіңе бас! — деп, Тезектің аяғын құшақтай алғанда, Сүйінбай үндемей отырып қалыпты.

Жауды шалып қалуда, тіл алуда өте сенімді болған Шапырашты руынан Абдан Сарқыт баласы болған. Осы уақиғалардың бәрін қолынан таратқан Тезекке Сүйінбай айтқан Сұраншы уақиғасының жаңалығы жоқ. Оны жырлатып отырған — өзі. Онысы Сүйінбайдың ақындығын байқап, өpіc көрсетуінің бір қыры. Сүйінбайдың өте-мөте аты шығып, аруағы қырғыз, қазаққа тегіс жайылғаны — Тезекпен қырғыздың белгілі манабының бірі Алибай асына барғанда Қатаған ақынмен айтысы. Бұл айтысты Өмірзақ жырлағанда ұзақ айтып әдемі айтады. «Бірақ мен бәрін айта алмаймын, жаңылған жерім бар сияқты, мұны Жамбыл жақсы айтушы еді», — дейді.

— Мені қырғыз еліне таныстырған — Сүйінбайдың осы айтысы ғой, — дейді екен Жамбыл.

Сүйінбай осы айтыстан қайтқанда, 60 ат айдап қайтқан екен дейді Өмірзақ та, Үмбетәлі де. Өйткені Сүйінбай бұл барып айтысқаны қырғыздың орыс патшалығының қол астына жете бағынып онша түсінбеген, өзара ала кезі болады. Ал Тезек орыс Ұлықтарының өте сенімді султаны. Сол Тезек еркелеткен Сүйінбайды сыйлап, Тезекке ерекше құрмет етуінің бір саласы болған көрінеді.

Бұл жиынға Сүйінбайдың қалай барғанын Өмірзақ жақсы айтады.

Тезектің Сүйінбайды өте еркелетіп, оның ақындығын аса құрметтегенін мынадай дәлелден де көруге болады. Сүйінбай мен Сарыбай Екей елін жаңа жинап басын қосып жүрген кезде, аса қатты жұт болады. Ел қатты ашығады. Сол кездегі Екейдің әрі ақсақалы, әрі сөзге ие кісісі Кенжебай деген кісі екен. Кенжебай бір күні Сарыбай мен Сүйінбайды шақырып алып:

— Екеуің мынау елді қырасың ба, мал табыңдар. Жаңа бас қосқан аз ғана Екей тағы бытырап кетеді. Мына қыстан алып шығу керек. Көп болса, қыстан шықса, малын телерміз, — дейді.

Сарыбай, Сүйінбай, Лаубай деген ұрыны басшы етіп, мал іздеп ұрлыққа аттанады. Бұлар Іле бойына барып кеп жылқыға кездесіп, бір айғыр үйірлі қысырақты айдап алып елдеріне әкеліп, үй басы бөліп алады. 12 қара көк байталы бар, көмірдей қара айғыры бар әдемі қысырақты қырып алғаннан кейін, бұлар кімдікі болды екен деп құлақ түрсе, бұл Тезектің еркелеткен бір қызына арнап матаған қысырағы екен, жер-көкті арылтып сұрау салмағын жер қоймайды. Бірақ қысырақ шықпайды. Жаз шығып, жер аяғы кеңиді. Ел де жұттан құтылып, аштықтан арылса, есін жияды. Осы кезде Жетісу елінің басы қосылып ақылдасатын жиналыс шақырылады. Бұл жиналысты шақыртуға басшылық етушінің бірі Тезек болады. Осы хабарды есіткен соң Сарыбай мен Сүйінбайға үлкен ой түседі. Ел құлағы — елу, қысырақтың дыбысы білініп қалса, Тезек оңдырмайды. 12 байталға он екі тоғыз, айғырға бес тоғыз, таңбасына бір тоғыз, Әділдің босағасына үш тоғыз. Бұрынғы төре малының кесігі осы. Бірақ істеген қателігін өзі айтып мойнына алса, айыпсыз бітім алады. Сарыбай мен Сүйінбай: бұл қысырақ түбі шықпай кетпейді. Ел аузына елек қоя алмаймыз, жағымпаз ел жанасқысы келіп айтып қойса, масқара боламыз, одан да өзіміз барып айталық, айыбына кешірім сұралық дейді. Бұған Кенжебай көнбейді. «Не де болса мойынға алмай танып қоямыз, сіңіп кетеді», — дейді. Екеуі шыдай алмай Тезектің аулына келіп ордасына кіріп сәлем бергеннен бастап, Сүйінбай өлеңді тоғытып жүндей сабайды. Әсіресе өткен қыстағы жұтты, елдің ашығып қысылғанын айтып, сөзінің аяқ жерінде:

«Сорлы екей, қара айғырдың үйірін берсеңші енді,
Хан ием, құнан тайдан келсеңші енді!» —
дейді.

Бағанадан өлең тыңдап жайраңдап отырған Тезек қара айғырдың үйірі деген жерде жұлып алғандай:

— Қара айғырдың үйірін сендер алып па едіңдер? Бұл не сұмдық, әзге Ұлы жүз тұрсын, Екей де басынды ма Әділдің шаңырағын? — депті. Сүйінбай қайта жырлап:

— Басынған емес, қарны ашқан қаралы үйге шабады. Қарашы өлсе, жақсы ат па екен, ол еркелігі, бұл кешірім өзіңнен, — дегенде:

— Қап, қап, өздерің келіп айтқан соң, амал жоқ. Әйтпесе қара айғырдың үйірі үшін қара орманыңды алмай, тынбас едім. 12 байталына 12 дөнежін, бие айғырына бір түйе әкеліп қосыңдар, — дегенде, Сарыбай:

— Алдияр, әділдігіңе бас! — деп, Тезектің аяғын құшақтай алғанда, Сүйінбай үндемей отырып қалыпты.

— Сен қужақ, неге үндемей қалдың? — депті Тезек Сүйінбайға қарап.

— Тақсыр төрем, менің алдияр дегенім — атаңның жолынан асып билік айттың, соныңа наразы болып үндемей қалдым. Атаң Әділдің иесі күрең деген атын арғын Кішібай қарақшы бір жұртшылықта сойып жеп, Әділ бір жақтан қайтып келе жатқанда, алдынан қатынына табақ көтертіп, жолын тосып тұрыпты. Төре тұстарына келгенде, қол қусырып сәлем беріп, дәм татыңыз деп табақтағы етті ұсыныпты. Төре: «Мен далада тамақ жемеймін, дәміңе рақмет», — дегенде Кішібай:

— Тақсыр терем, сіздің мес күреңді балаларым ашыққан соң, мен әкеліп сойып едім. Мынау соның жаясының еті мен бір кішкене қазысы еді. Бұйырған малға тас тиеді деген. Көп мінген атыңыз еді, етінен ауыз тисін деп едім», — дегенде, төре аттан түсіп еттен ауыз тиіп, Кішібайдан:

— Осы күнде жылқы нешеу, адамың нешеу? — деген екен. Сонда Кішібайдың жаны алтау, жылқысы төрттей екен.

— Адамыңнан жылқың асқанда бір дөнен қосарсың, — деп жүріп кеткен екен. Сіз атаңның жолынан адасып, өзіңе тарттың, — дегенде:

— Ой, қужақ, мұны қайдан естіп қойып едің. Ендеше, 12 құнажын байтал, бір дөнен төлеңдер, бірақ көп жиналғанша әкеліп қосыңдар! — депті.

Сарыбай мен Сүйінбай елге келе салып қысырақты жеген елден малын жинайды, Төлеуді алып жүрерде, Сүйінбайдың өзі туысқанымен қысырақтың етінен көбірек жеген екен, бұларға артығырақ түсіп, дөненді төлейтін болыпты. Маңқа болып ауырып жүрген бурыл биесі бар екен, соны төлеу малына қосып Тезекке алып барыпты. Тезек өте малқорда кісі екен, апарған төлеуді өзі көріп алып, Сүйінбайдың бурыл биесін көріп: «Мынаның жүнінің түрі жаман екен, аурудан сау ма? » — деп сұраған екен, Сүйінбай сау деп бет бақтырмапты.

— Құдай ұрған қужақ, анадағы биең маңқа екен ғой. Ауру биеңді әкеліп, ұрлағаныңмен қоймай, малымды бүлдірейін дедің бе? — депті. Сонда Сүйінбай жұлып алғандай қаймықпастан:

— Сөк ағаның мұрнын жегенде, біздің Екейдің асыранды құрты ғой деймісің. Әкеліп бергенде бием сау-ды, осында әкелген соң өзіңнің ұрлықтан келген бір малыңнан жұқты да, — деп шап ете түсіпті.

— Қужақ, тіліңе шоқ түссін. Ендігәрі айта көрме. Биең де к,ұрысын, өзің де құры, әкет, — деп бөлек байлатып қойған екен, биесін өзіне әкеліп бергізіпті.

Сүйінбайдың жұлып алғандай тауып айтатындығы бір бұл ғана емес, сан жерде сыналып, ел аузына ілінген шешен болған. Сүйінбай бірде қырғыз Шабдан манаптың ;жесі Жантаймен әңгімелесіп отырғанда: «Сүйінбай ботам, құданың бергеніне шүкіршілік, атамнан туып, ат жалын тартып мінгелі жағама жаттың қолы тиіп керген жоқ», — депті Жантай. Сүйінбай жұлып алғандай: «Әлгі Тайторы Шымырбай алып соғып, арт жағыңнан екі теуіп жібергенде, Ноғайдың шатырына басыңыз кіріп кеткені ат жалын тартып мінбей тұрған кезіңіз бе еді, Шоң аға?» — депті. Жантай үндемей отырып қалыпты да: «Шырағым Сүйінбай, енді ешкімге айта көрме», — деп, үлкен сыйлық беріп аттандырыпты. Шапырашты руының ішінде Тайторы деген атасының атқа мінген әрі шешен, әрі батыр жігіті Шымырбай деген кісінің бір айғыр үйірлі қысырағы жоғалып, соны іздеп шығып қырғыз асады. Көкайрақ өзенінің бойында жатқан Жантайдың жылқысын араласа, қысырағы сол жылқыда жүр екен. Шымырбай ойлайды: «Бұл ауа жайылып келген ғой, аман табылғаны жақсы болды. Енді Жантайға сәлем беріп, амандаса кетейін», — деп келсе, Жантай аулына саудамен келіп шатыр тігіп жатқан ногайдың үйінде қонақта отыр екен, Шымырбай сонда келеді. Жөн сұрасып, ел жайын әңгіме етіп отырғанда, өзінің қысырағының Жантайдың жылқысында жүргенін керіп, аман табылғанына қуанғанын айтқанда, Жантай ашуланып: «Атаң көрі маңқа қазақ. Менің тапа - тал түсте жылқымды аралап, неден құтырдың?» — деп тұра ұмтылғанда, Шымырбай Жантайды көтеріп жерге бір қойып, арт жағынан екі теуіп жібергенде, басы шатырдың астына кіріп кетеді. Ел іргесі Жантайды сабатып қоя ма, Шымырбайды байлап алады. Шымырбайдың қасындағы жолдасы босанып Саурыққа келіп хабар береді. Саурық барып Шымырбайдың өзін де, қысырақты да — бәрін алып қайтады. Міне, жоғарыдағы Сүйінбайдың айтқаны осы екен. Андас Ыстамбек баласы бұл Саурықтың інісі. Сұраншымен немере. Колпаковскийдің кезінде Шапыраштыға болыс болған датқа атанған кісі. Ботбай Сыпатай батырдың асына Сұраншы барды деген қате екенін жоғарыда айттық, ол асқа Ақым барған. Осы Андас датқа, бұл Сұраншы Саурықтай батыр болмаған, бірақ өте қырсықты пай, зорлықшыл, кесел болған адам. Осы Андастан үлгі көрген Саурықтың Сыпатай деген баласы да өте зорлықшыл болыпты. Сарыбайдың баласы Қисыбайдың жасөспірім жігіт кезінде осы Саурық баласы Сыпатайға бір жерде кездесіп әңгімелесіп келе жатып, Қисыбай: «Осы, Датқа аға, сіздерді түрікпен дейтіні несі?» — деп сұрапты. Сыпатай: «Мен түрікпен деген сөзді есіткенім жоқ. Оны айтқан кім, маған соны тауып бер. Мен атамды білмей жүр екенмін, онда болса, анықтап беріңдер», — деп ашуланған соң, Қисыбай қысылып, не айтарын білмей ұялады: «Мұны маған Құдіке деген кісі айтып еді» депті. «Ендеше, сол Құдікені ертіп кел, менің атамды тауып берсін» деп зілденген соң, Қисыбай Құдікені әкелуге уәде беріп босаныпты. Қисыбай, шынында да, Құдікеден келіп сұраса, ол анықтап айтып шыға алмапты. Сыпатай, шынында, атасын түрікпен дегенге намыстанады екен, басқалар да басынып, түрікпен деп кетеді. Осыны айтқызбау үшін, Екейдің ең ауызға ілінер жерінен айып алып, қыр көрсетейін деген оймен, Қисыбайға уәделі күнінде кісі жіберіпті. «Сарыбайдың баласы атамды тапты ма екен, жоқ аузын тазалай ма екен?» — деп. Қисыбай қысылып, Құдікені ертіп Сыпатайдың үйіне келсе, сол үйде Сүйінбай келіп отыр екен, сәлемдескеннен кейін, Сүйінбай Қисыбайдан қайдан жүрсіңдер деп сұраса, Қисыбай не айтарын білмей қысылып отырғанда:

— Кәне, мына ағаң да отыр, менің атамды таптыңдар ма, Құдіке айтты деп едің ғой, ал, Құдіке, таратшы! — депті Сыпатай. Бұлар жауап бере алмай бөгеліп қалғанда, Сүйінбай жұлып алғандай:

— Әй, үйің күйгір, Есқожа-ай, құтырып өлерсіңдер - ау. Баяғыда Әзірәлі Серғазыға менің түбім түрікпен екен, мына Екей Сарыбай Емілдің басқа баласын қосып алып, менің артыма түседі деп арыз айтып жүр дегенді Құдіке естиді де. Өзің айтпасаң, атаңның қайдан келгенін бұл қайдан білсін? — депті.

Ойда жоқта айтқан дәлелді сөз Сыпатай мойнына су құйып үндетпей тастаған екен де, оның айыпқа ашылған қорқау аранына ащы сөз зәрін құя салып тоқтатқан екен. Есқожадан Алтынай, одан кәдуілгі бүкіл Шапыраштыға ұран болған Қарасай батыр туыпты. Қарасай батырдан үш бала туады, үлкені — Өтеп, ортаншысы — Көшек, кенжесі — Түрікпен. Қарасай тұқымының ен, өскен жері осы Түрікпен болады. Кәдуілгі Саурық Сұраншының атасы Мырзабек, Кәшке осы Түрікпеннің тұқымы 4-5-ак, ата. Міне, түрікпен деген сөз — осы. Ал, Есқожаның тұқымы, әрі бай әрі батыр көп шыққан кісілікті болады да, содан Емілдің аты жүре-жүре жоғалып, Емілдің тұқымының өзі Есқожа атанып кетеді. Осы күнде Шапыраштының тұқымы Екей, Есқожа болып екі үлкен атаға бөлінеді. Сүйінбайдың өте қадірлес болған құрбысы Қалқаман ішінде Данияр деген кісі екен. Данияр да сөзге шебер, Қалқаман да жөн білетін тәуір адамның бірі болыпты. Сүйінбай бірде Алматыға келсе, Данияр Алматыда жүр екен. Данияр Сүйінбайдан бірнеше күн бұрын келген болса керек. «Ел жайлауға көшіп, Қарғалыдан асып па екен?» — деп сұрапты Данияр Сүйінбайдан. «Ел көшкен көрінеді, сенің ауылың да көшіпті» депті. «Е, оны қайдан білдің?» — десе керек Данияр. «Қарғалының жағасында екі-үш баланың, екі-үш тананың ізі жатыр, сол сенің көшің емей, менің ізім деймісің?» — деп, аузын ашырмаған екен. Тағы сол жолы Даниярмен екеуі Даниярдың ұзатқан апасы бар екен, соның үйіне қоныпты. Сөйтсе, өте кедей екен. Сойып берер бойдақ малы болмай, жалғыз лақты ешкісін әкеліп, бата тілепті. Сүйінбай ешкіге бата істемей, ықыласына разы болып қоя беріпті де, жай етсіз қонақасы жеп, ертеңіне аттаныпты. Данияр екеуі былай шыққан соң:

— Сенің артыңда жүрген кедейшілік өз басыңда ғана екен десем, тұқым қуалаған кедейшілік екен той. Ең аяғы ұзатқан қызға дейін оңбаған екен, — деп қалжыңдапты.

Сүйінбайдың қасына көп ергенде Жамбыл осы сияқты тапқыр, өткір сөздерін көп үйреніп, өзі бертінде айтып отырады екен. Осы айтылған сөздердің көбін Жамбылдан ұтып алып, айтқанынан үйреніп едік дейді бізге айтқан Ыбырайым, Омар ақсақалдар. Қырғыздың Орман ханына ас бергенде Сүйінбай Андаспен еріп барыпты. (Андас Ыстамбек баласы Саурықтың інісі, Датқа атанған адам) Орманның балалары Үмбетәлі, Шарғынға Сүйінбай барып көңіл айтып жырлап жіберіпті. Бұл жыр Орман балаларына, оны жанаған қырғыз манаптарына өте ұнап, Сүйінбайды қаралы үйге отырғызып, Орманды жоқтатқан. Бұл жөніндегі жырды Өмірзақ жақсы біледі. Үмбетәлі, Шарғын екеуі үй көтеріп, қыз бермекші болады. Қырғыздар намыс етіпті. Сүйінбайдың өлеңіне қыз берме, есік көрген қатын бер деп, қатынды алып келгенде: Хан Орманның баласы Үмбетәлі, Үмбетәлі дейді ғой жанның бәрі, Бұл қатынды көрсетіп Сүйінбайды, Қылмағын, батыр Үмбет, әрі-сәрі. Мұны қайтып қазаққа көрсетермін, Өзі де болып қапты базар кәрі. Әкемді былтыр алдың, ойбай құдай, Екі шешем бар еді жесір қалды-ай, Алатұғын әмеңгер өліп қалған Үш кемпірді қай жаққа ұстармын-ай! — деп отырып алған. Бір қыз беріп, басына үш қанат үй көтеріп, үш түйе артқызып, астына ат мінгізіп берген. Сүйінбайдың бұл асқа барып үй көтеріп, қыз алып қайтқаны 1857-58 жылдардың шамасы болуға тиіс. Өйткені Орманды Бұғы руы өлтіргені 1855-56 жылдардың шамасында. Асты аса кешіктірмей берген болса керек. Алыбай асында Қатағанды мүдіртіп 60 ат алған, Орман асында қырғыз, қазақ ақынынан асып Орманды жоқтап, үй тіктіріп, қыз алғаны Сүйінбайдың атағын қырғыз, қазаққа тегіс жайып, абыройын арттырып жіберді. Оның үстіне Тезектің еркіндетіп қоюы да жұрт алдында Сүйінбайдың беделін қатты көтереді. Бұдан кейін қанша жыл өткен соң екені анықталмады, бірақ көп ұзамай Дулаттың Ботпай руынан шыққан Сыпатай батырға ас беріледі. Бұл асқа дулат, Шапырашты, Жетісу елі күтуші ретінде қатынасады. Ас Меркеде берілген. Сыпатайдың Ноғай деген баласы Сүйінбайды өз қасына ертіп, сый қонақтарды қарсы алады. Асқа Сиқым Батырбек датқа келеді. Ал өте алыс жерден келген қасында Қоңырат Қоныс датқа және Майлықожа ақын бар екен. Батырбектердің алдынан даяшы тез шыға қоймай, біраз ат үстінде тұрып қалыпты. Бұл хабарды ести сала, Ноғай, қасында Сүйінбай бар, келіп қарсы алғанда:

— Ботпай деген туғаным,

Мүбарак болсын думаның,
Асыл атам өтті деп,
Барлық елді жиғаның,
Рақмет демей, не дейміз,

Жақсы думан қылғаның.
Сексен беске келгенде
Сапар қыпты хан атаң,
Сыпатайдай батырдың

Жолдас қылсын иманын,
Алыстан аңсап келгенде
Ылайықпа, Ноғайжан,
Аттан түспей тұрғаным,

— дегенде, Ноғайбай айыбым деп алтындатқан асыл тас шапқан ер-тоқымы мен қызыл жорға атын Майлықожаға көлденең тартып, өзі басқа атқа мініп, сол атты Майлықожа әкетеді.

Майлықожаның өзінен өзі жүлде алғанын ауырлағандай Сүйінбай айтысқысы келгендей болған екен, бірақ оған ас берген Ботпай елі Сүйінбайды тоқтатыпты деген аңыз бар.

Батырбек датқа:

— Сүйінбай шырағым,

Жұпардай иісің шығады,
Тұлпардай дүбірің шығады,
Бес-алты ауыз сөзіңді естірт! —
депті Сүйінбайға.

Aт құйрығын бұлаған,
Қол жеткен жерін сұраған,
Егескен жауы жылаған,
Қызыл тілін безеген,

Найзасын тасқа тежеген,
Тұлпар мініп, тy алған,
Мен Қарасай ұлымын, —
деп ұзақ жыр айтыпты, бірақ Майлықожамен айтыспапты.

Ac сегіз күнге созылып, тігілген үйлердің арасынан атпен жүріп, керектерін беріп, ең аяғы насыбайға дейін бірнеше кісі уқалап дайындап, үлестіріп отырыпты.

«Менің атым Дыңғылбай,
Атсаң, міне, насыбай,
Шекенеден күлі бар,
Қалампырдан дымы бар», —

деп жырлап, насыбай үлестірген екен, Дулат ішінде Ақша деген елден шыққан Дыңғылбай деген ақын. Астың ат шабысына Батырбек датқа әкеліп қосқан Көкмойын арғымақ алдынан келіп, бас бәйгені алады. Бас бәйге біреуінің өркеші қисық емес 100 атан түйе, 6 қанат ақ үй барлық мүлкімен, 9 құндыз, 9 бесік жамбы екен; екінші бәйгі 100 жылқы ерткен, Сұраншының Ақтұяқ аты алады. Ақтұяқ атты Андас пен Кедейбай апарып қосқан (Андас немере інісі). Кедейбай — Сұраншының баласы. Сұраншы бұл аста болмаған. Болуға қисыны да жоқ. Өйткені Сұраншы 1865 жылы Тәшкеннің бер жағында Сайрамда өлген. Сыпатай ол кезде тірі кісі. Жамбылдың 1940 жылғы шыққан жинағындағы қысқаша өмірбаянында Сыпатай асында Жамбыл Сұраншының өзінде, Ақтұяқ тұлпарында көрді деп жазған, ол — қате. Сыпатай асына Жамбыл бармаған. Және Сұраншы ол аста жоқ. Ақтұяқ қырғыздың Сарағыс руынан шыққан, Орман ханмен бір туысқан манап Қайду батырдың аты екен. Оны Сұраншының алуын Өмірзақ айтуында, Албанда болған бір үлкен аста Ақтұяқты дөнен күйінде Қайду өзі апарып бәйгеге қосып, алдынан келеді. Бұл аста Сұраншы да болады, атқа қызығады, бірақ сұрауға қисын таппайды. Сол жылы Қайду бір жақтан келе жатып, Мырзабек ішіндегі Қожамқұл деген кісінің үйіне келіп қонады. Бұл — Сұраншының жақын ағасы. Сұраншы осы қонып отырғанда, Ақтұяқ атты алайын деп қызығады. Оны Қожамқұл сезіп қойып, қонағымда жұмысы болмасын деп тигізбейді. Қайду Қожамқұлдан аттанып шыққаннан кейін, Жаманқара деген жерде қуып жетіп тоқтатып, Қайдудан Ақтұяқты алады. Артынан кеп қолқа беріпті. Ақтұяқ тұлпардың қысқаша әңгімесін, астың жайын Өмірзақ дәлді әңгіме етіп айтады. Сүйінбайдың осы сияқты белес-белес көзге түскен аты шыққан өлеңдерін Ұлы жүз ақындарының бәрі біледі. Бірақ Сүйінбайдың үлгілі, есті сөз айтып, жол салған жырын ешкім айтпайды. Көбінесе алу жағынан ақындық қайратын кеп жұмсағанын айта береді. Сүйінбайдың екі түйесі жайлаудың сарсойқағында таудан жығылып өледі. Өзі бір жерден келсе, әйелі: «Түйе өліп қалды, шаңырағымыз жұртта қалғаны ғой», — деп ренжіпті. Сонда Сүйінбай әйеліне:

«Түйең өлсе, бәйбіше, ол түйені Дулат берер,
Берсе де бірі қалмай шулап берер.
Берейін деп бермейді маған Дулат,
Сүйінбайдың сөзіне құлап берер», —

деп атқа мініп, Жайнақ батырға келген екен. Жайнақ батыр көп олжа бермейтін кісі екен. Алдымен соны алсам, өзге Дулат түйесін өзі жетектеп келеді деп, әдейі соны алайын деп арнап шығып, үйіне кіре:

«Ассалаумағалейкүм, Жайнақ батыр,
Шапырашты, Дулатты жеп едің
жас күніңнен айдап, батыр,
Бар түйем Сарсойқақтан құлап өліп,

Бір түйе сұрап алайын деп келем ойлап, батыр.
Хан Жайнақ он бесінде белің будың,
Қоқиланған қырғыздан жылқы қудық.
Тік шыққан қараша үйден түтіндей боп,

Хан Жайнақ, Қараталдан не ғып тудың?» —
дегенде, Сүйінбайым, жарайсың, енді мені жамандашы депті, сонда:
«Қаратал — сенің әкең, жалшы маған,
Қара өгізін мініп aп қамшылаған,

Жайнақ қазы болғанда, Сәке старшын,
Құдай берген уақытта берші маған!» —

деп, екі өркеші баладай сары атанын алдым. Мен сары атанды жетектеп жөнелгенде, әйелі өте малжанды екен, көзінің жасын іркіп алды. Бермейтін кісі болмайды, сұрауы жетпейді, — дейді екен Сүйінбай (Үмбетәлі айтуынан). Сүйінбайдың жасы жетпістің ішіне келіп қалған кезде, қоян деген жұт болып, малы көп өліп, кедей тартады. Ол жұтта өрдегі Албан аман қалып, Сүйінбай өлең айтып Албанға барады:

«Алпысқа жазбай келді текірегім,
Жасымда жүйрік аттай екілендім,
Өкпе болған тоқтыдай күркілдейді,
Болмайды бұрынғыдай көкірегім.

Құлқайырдай ағарды сақал-мұртым,
Өтіп кетті қадірлес елі-жұртым,
Алаштың алты ұлына мәлім болған
Балқытқан хан, қараны қайран тілім,

Жетпістің үшеуіне келгенінде,
Тарғыл тартып кетті ме қайран үнім.
Құдайдың құдіретіне қайран қалдым,
Жанымды қу мал үшін отқа салдым,

Қоян келіп малымды шайқаған соң,
Салбырап қартайғанда албан бардым.
Баласы Қожамқұлдың Мақсұтбегім,
Қара үзген хан, қарадан қара көгім,

Біздерге артық қызмет қылмақ болсаң,
Бөрте атын бала қараш алып бергін», -

деп, ұзақ айтқан өлеңі бар, бұл өлеңді бізге айтқан «Қызыл әскер» колхозындағы бір қарт Бейсембай Сейітұлы деген кісі. 1944 жылы тамыздың 12-сі күні Жамбылдың өз үйіне келіп отырғанда сөзден сөз шығып, сонда Жамбыл өзі:

«Бесмойнақ түбінде,
Қалабай ақынға
Дулат ие болып, маған
Шапырашты ие болып айтыстырмақ болды.

Мен айтысайын деп ыңғайланып барғанымда:
«Сүйінбай — сенің де ағаң, менің де ағам,
Ол қисайса, жыртылар сенің жағаң.
Сүйінбай жүген ұстап, жаяу қаңғырып барғанында,

Алпыс жылқы айдатқан менің ағам», — дегенде, мен Қалабаймен айтыспаймын, жолын беріңдер. Сүйекемді аузына ала, алдына сала сөйледі. Және жұтап қалғанда Сүйінбайдың Албанға барғаны да рас еді. Мына кәпір өткел бермес, бетіме салық қылар деп тоқтадым», — деп өзі айтты. «Қалабай ондай ірі ақын емес еді. Бірақ Сүйекемді аузына алған соң, мен қоя қойдым» деп тағы қайталады. «Саркемер тобы үлкен болуы керек, Баран деген Ұлық келіп, Сұраншының ауылында шатыр тігіп жатты. Мен де сол шатырда едім.

Бір уақытта: «Сүйінбайды алып жүр, екі өлеңші келді», - деді. Байқасам, Жалайыр Жантай ақын екен. Екі ұртына екі қамысты тығып, қобыз тартып, осы үшеуіне үнін қосып айтады екен өлеңді. Үшеуінің үні бір жерден шығады және өзінің де даусы тіпті зор кісі екен, үнінен шошып кеттім. Шатырда қашып жатып алып едім, Сұраншы ақырған соң, амалсыз бардым.

«Көзімізді қарасаң, көрер емес,
Көздің құнын мына көп берер емес,
Өлеңіңді қосып айт бірдемеге,
Бақырғаның, Сүйінбай, өлең емес», —

деп үнімен тұншықтырып әкетті. Қарасайлап құлағымды бұрап айтысып, Жантайды әрең тоқтаттым. Мен Жантайдай өнерлі ақын көргенім жоқ, — дер еді Сүйекем», — деп Жамбыл осыны аузынан айтты 1944 жылы 12 тамыз күні. Міне, Жамбыл ақынның аса сыйлаған, өзіне ұстаз еткен ақыны Сүйінбай ақын. Сүйінбайдың біздің қолымызға түскен азды-көпті өлеңі де және өмірбаяны да осы. Жамбыл Сүйінбай қасына кеп ерген. Және аталы жырларын өз аузынан жаттап, өзіне үлгі еткен. Біз жоғарыда айтып өттік, ел аузынан жинаған Сүйінбайдың өлең, жырында айтысу бар, онан соң алу үшін мақтау, қорқытып та айту бар. Өзіне бір тұтып ұнаған ұстаз, үнемі өлеңді алу үшін жырлаған Сүйінбай болған соң, және Ұлы жүздің, оның ішінде Жетісудің қай ақынын алса да, Құлмамбет, Майкөт, Майлықожалар — бәрі де өлең айтып алудан басқаны жырламаған. Міне, осы үлкен ақындардың үлгісімен алғашқыда Жамбыл да жарапазан, жар-жар және алу үшін айтысудан бастаған. Жамбылдың Сүйінбайды алғашқы көруі әрі түрлі айтылады. Мысалы, 1937 жылы шыққан жинағында Жамбыл Сүйінбайдың үйіне келіп жарапазан айтып бір лақ алыпты. Сонда Сүйінбай: «Өлеңді тәуір айтады екен деп, өзіне батасын беріпті» деп жазады. 1940 жылы шыққан жинақтағы қысқаша өмір тарихында Сүйінбайға он бес жасында кездесті, содан былай Сүйінбай тәрбиесінде болды деп жазады (Есмағамбет). Сүйінбай мен Жамбылдың аталары Екейдің баласы Жарымбеттен тарайды. Жарымбет — Екей баласы. Жарымбет төрт қатын алыпты. Үлкен қатыннан — Ақтөбет, Бертіс; екінші қатыннан — Қоси; үшінші қатыннан — Әлти, төртінші қатыннан — Баянай. Ақтөбет, Бертіс кейіннен бәйбіше баласы атанған. Жамбыл Бертіс тұқымынан, Жарымбеттің ең ескен қалың тұқымы — осы бәйбіше баласы. Ал ана үш қатынның балалары аса өсімді болмай, аз болып, бұлар бірін бірі жан тартып бірыңғай болыпты. Сонан олар «үш тоқал» атанады деп жоғарыда айттық.

«Үш тоқал болыс болды айтпай, шашпай,
Қисыбай, іс істедің ебін таппай,
Кертібай үш тоқалға еріп кетті,
Адасқан ай жарықта ақ боз аттай», —

деген Жамбылдың өлеңі бар. Жамбылдың осы өлеңіндегі осы үш тоқалдың Әлти руынан шығады Сүйінбай. Жоғарыда айтылған Екей бытырауының өзін де Әлтидің Бәйлі деген жігітінің кісі өлтіруінен болғанын айттық. Ал Екей қайта жиналғанда, Әлти тұқымының шеттегі ағайындарына хабарлап шақыруға, барып көшіріп әкелуге Сарыбай көп күш жұмсайды. Шудан бергі Жетісу атырабы анықтап орысқа бағынып, ел орнығып қоныс тепкен кезде, Сарыбай Екейді тегіс шақырады. Әрқайсысына кісі жібереді. Бұл кезде Жамбылдың әкесі Жапасына кісі жібереді. Бұл кезде Жамбылдың әкесі Жапа ағайындарымен Жаныс елінің қадірлі адамы Әшкей ханның аулының қасында болғанын айтқамыз және Жапа оның інісі Жадыра екеуі де жортарман батыр, мықты жігіттер болғанын біз осы әңгіменің ішінде айтқамыз. Сол батырлығының арқасында Әшкейге ете қадірлі болып, оларды Әшкей жібермейді. Әшкейдің қасынан Ыстыбай ауылын яки Жамбылдың әкелерін қадірлеп Жапа, Жадыраларды барып көшіріп қайтуға Сүйінбай барады. Бұл кезде Сүйінбайдың ақындық аты шығып, қадірлі кісінің қатарына қосылып, Екейдің бас көтерер адамы Сарыбаймен тізе қосқан кезі болады. Жамбыл Сүйінбайды осы барғанда көреді. Бірақ онда жас, аса еш нәрсе пайымдамайды. Сөйткенмен, өз үйінде айтқан өлеңін өз аузынан тыңдайды. Екей алғашқы бас қосқанда Қарарша, Бесмойнақ деген жерге жиналады. Ол осы күнгі Жамбыл аулынан алыс, жетпіс километрдей жер. Қазірде онда «Жангелді» колхозы бар. Оның себебі Екейдің сол кездегі аса бір дәулетті байлары Тағаш, Дүйсен деген кісілер Саурық қасында сол Бесмойнақта екен. Тозғындап, кедейленіп келген ел сол байды ортаға алып ұйытқы еткен. Жамбылдың әкесі Жапа, Жадыра да басында осы жерге келіп, сонан Қарғалы бойына Майбұлаққа кеп қонады. Жамбылдың Сүйінбай үйіне қалай кездесіп, жарапазан айтып танысқанын айрықша айтқандықтан, бұл жерде оған тоқталмаймыз. Жоғарыда жазылған Сүйінбай жайын бұрын анықталмаған, бірде олай, бірде айтылып жүрген таластау нәрсе болғандықтан, Жамбылдың пір тұтқан ақынын қолға түскен дәлелдермен қысқаша таныстырып отырамыз. Сүйінбай алғашқы кезде кедей болғанмен, үйірлеп айдап алып, ақындықпен қатты байыпты. Байлығының бір дәлелі Сүйінбайдың өзі тірі күнінде Малыбай деген баласы болыстыққа таласып, көп мал шашқан. Жамбылдың Қисыбаймен өкпелесіп бүлінетіні осы сайлау. Сүйінбай сол сайлаудың кезінде Мырзабек Кәшкенің ең жуан аталы жері, Саурық батырдың баласы Сыпатаймен құда болған. Сүйінбай басқа ақындардай қара қазан сараң емес, өте мырза болыпты. Бұл жөнінде Сүйінбайға бала есебінде болып, өзін көріп, үйінде болған Ыбырайым Байсімбет баласы өте жақсы айтады. Сүйінбай Ыбырайымның 12 жасар күнінде 1899 жылы өлген.

Міне, Жамбылдың ұстазы Сүйінбай жөніндегі қысқаша мәліметтер.

ЖАМБЫЛДЫҢ ЕҢ АЛҒАШҚЫ БІР АЙТЫСЫ

Жамбылдың ұсақ-түйек өлеңдерінен бөлек алғашқы ауызға ілінген жері — Сайқал деген қызбен айтысқаны. Бұл қызбен Жамбыл Талас бойында кездеседі.Сайқалдың атын естіп, Жамбыл бір тойда әдейі іздеп барады. Жамбылдың сол елге келіп өзімен кездесуге ізденіп жүргенін біліп, қыз да әзірленеді. Қыз отырған үйге Жамбыл баса-көктеп кіріп келеді, қыз Жамбыл екенін біліп, жалаң аяқ көк сауыр кебістің басын іліп отыр екен, көсілген аяғын жимай өлеңдетіп қоя беріпті.

«Жіп айыл, құр құйысқан, киіз терлік,
Япыр-ау, бір соны елді жаңа көрдік,
Жиылған ақсақал мен бозбалалар,
Қалайша бұл Жамбылға жауап бердік?»,

депті.
Жамбыл отыра беріп:
«Арқаның жардай болар сары нары,
Кетпейді Алатаудың жазда қары.

Істікке шанышқан сирақтай құп-қу қылмай,
Қуартпай табаныңды тартсаңшы әрі!», —

дейді. Екеуі көп айтысады. Аяғында қыз дарақы әдепсіз өлеңге барады. Одан Жамбыл да аянбайды. Бір кезекте қыз:

«Ей, Жамбыл, көйлегім көк, дамбалым көк,
Кел дағы, жақсы көрсең, к.....ді өп,
Өп дегенге бұл Жамбыл өліп кетті,
Анық өпсін, қарап тұр, жиылған көп», —

депті.
Сонда Жамбыл:
«Ей, Сайқал, көйлегің көк, дамбалың көк,
Ұяты жоқ қыз сөзі келеді тік,

Бұрын өпсе к....ді ағаң өпсін,
Бір жырыққа бір жырық келеді дөп».
дейді.

Өйткені қыздың ағасы жырық екен. Қыздың ағасы ашуланып, жанжал шығарады. Қыз сөз айта алмай бөгеліп қалады. Қыз жеңіліп, Жамбыл жол алады. Жамбылдың атағы елге жайылып кетеді. Бұл айтысты ел жаттап әкетеді. Мұны айтқан Аманқұл Жолдыбай баласы — Амангелді колхозында, қазірде жасы алпысқа келіп қалған адам. Бұл кісі: «Шубай деген кісінің айтқанынан ұқтым, Шубай ойыннан өлең шығаратын адам еді», — дейді.

ЖАМБЫЛ АҚЫНДЫҒЫНЫҢ БІР КӨТЕРІЛГЕН БЕЛЕСІ

Жамбылдың бұдан кейін атын көтеріп кеткен Сарыбай асындағы жыр болды. Сарыбайға ас бергенде Жамбыл отыздың ішіне кіріп қалған кезі екен (Өмірзақ айтуынан). Жамбыл әрі ағайын, әрі көтермеші жыршы жігіт ретінде Сарыбайдың інісі Саржанның қасында болады. Саржан келген елдің көңіл айтуына белгілі боламын деп, қояндай боз аттың жал-құйрығын қызыл бояумен боятып мініпті. Қасында Жамбыл да ақ боз ат мініп жырлапты:

— Үлкен саздың басында

Кіші саздың қасында,
Сарекемнің асында,
Қамбардың қара қысқа атындай,
Мен саламын желіске.

Құйрығымды түйген соң,
Қанатымды сүзген соң,
Жел аударған қаңбақтай,
Сел аударған дөңбектей,

Келді сөйлер кезіме,
Үлкен аға, кіші іні,
Сөйлеп бір енді берейін,
Қос жүйрікті айтайын,

Шапқан сайын үдеген.
Қос сұңқарды айтайын,
Алыстан тоят тілеген, —

деп, Сарыбайды жоқтап жырлаған. Бұлай жоқтау қырғызбен көршілес Ұлы жүз елінде әдет болған. Ас берген адамның жанкүйер жақынының қасында отырып, қаралы үйде отырып келгенге ас берген кісіні жырлап таныстыру. Сүйінбайдың Орманның асында қаралы үйде отырып жоқтағаны, Өмірзақтың Шабданның асында атқа мініп келген елге алдынан шығып жырлағаны сияқты Жамбыл да Сарыбайды Саржанның қасына еріп жоқтайды. Бірақ бұл өлеңнің бәрі сақталмаған. Мына жоғарыдағы кішкене үзіндіні бізге айтқан — «Қызыл әскер» колхозындағы Бейсімбай Сейітұлы. Жамбылдың ел алдында бір көрінген жері осы болады. Сарыбайдың осы асына Ұлы жүз, қырғыз тегіс шақырылған. Мүмкін, іргелес Садыр, Матай, Қаракерей де шақырылған болар. Бұл асқа Мерке бойынан Ысты руынан шыққан атақты Майкөт ақын келеді. Бұл аста Сүйінбай ақын да бар. Бірақ Сүйінбай ас иесі Сарыбайдың жанкүйері болып, астың үлкен жырын айтуды Жетісу бойындағы Шапырашты, Дулат болып Майкөтке байлайды. Майкөт ұзақ жыр айтады. Бұл жырда Жетісудағы дулат, Шапыраштының сол күндегі елеулі адамдарының бәрін атап, амандасады. Осы ұзақ жырды дәмелі ақындардың бәрі жаттап әкетеді. Соны жаттаушының бірі Жамбыл. Өмірзақ ақын (Жамбылдың замандасы): «Осы жырды Жамбылдан жақсы айтатын кісі жоқ еді», — дейді. Майкөт осы аста орасан үлкен олжа алады. Оның үстіне әрі жырына разы болған, әрі түбі бірге бәрібір Бәйдібектің баласы, бір жылдан аса жібермей басына үй көтеріп, алдына мал салып, аса құрметтейді. Майкөт осы елде тұрған уақытта Жамбыл Майкөттен көп үлгі алады. Майкөттің айтуынан Шора батырдың жырын ұғып айтады. Бірақ кейіннен Шораны айтушылар көбейген соң, Жамбыл оны айтпай тастап кетеді. Сол сияқты айтпай кеткен жырлары көп шығар. Осының артынан Жамбыл басынан тағы бір ірі уақиға кездеседі. Бұрымды қайтарып беріп, өзінің айттырып қойған қалыңдығы Момынды алып, бірді-екілі балалы да болып қалады. Бірақ Жамбыл тәуір әйелге көз салып, көңіл аударуын қоймай жүреді. Сүйінбай ақын ерте жас кезінде Кескен кекіл деген бір қызбен көп айтысып, сонан дос болып кетіпті. Кескен кекілдің шешесін Сүйінбай ене есебінде қадірлеп, үнемі барып амандасып қайтады екен. Бірде қыс ішінде Жолбарысты деген жерде отырғанда, Сүйінбай Кескен кекілдің шешесіне амандаса барады, қасына Жамбыл еріп барады. Осы жолы Жамбыл Аманжол қызы (аты белгісіз — ред.) деген сұлу келіншекпен танысады. Келіншек Айқым деген елдің қызы, барған жері Шыбыл деген ел болады. Келіншек күйеуін менсінбейді екен. Жамбылмен сөз байлайды, ел жайлауға бара алып қашпақ болады. Жаз шығып Құмның, Қопаның бойын қыстаған ел көтеріле жайлауға қарай көшкенде, Шыбыл руы да жайлауға көшеді. Осы күнгі «Кағанович», «Куйбышев» колхоздары отырған Төңірек, Құршын деген жерге Шыбыл руы қонады. Сол жерден кісі жіберіп, келіншектен хабар алып, Жамбыл келіншекті алып қашпақшы болады. Бірақ бұл жолы Жамбыл көрініп бара алмайды, келіншекпен кездесе алмай, ақырында іңір арасында алып қашады. Осы күнгі Жамбыл колхозының жоғарғы тау жағында су диірмен бар, сол жерде бұрын қалың ағаш бар екен. Сол арада отыратын Алпысбай дегеннің үйіне апарып тығады. Келіншек жоғалып табылмай, бүкіл Айқым Шыбыл болып іздейді. Жамбылдан көруге ол үйінде. Бірақ сезікті кісі Жамбыл болады. Жамбыл күндіз үйінде болып, кешке жоңышқа суарамын деп кетіп, Алпысбай үйіне барып келіншекпен жолығады екен, соны ауылының кісілері сезіп қалып, артынан түнде аңдып ұстайды. Ол кездегі Садыбек ауылынан (бұл Жамбыл ауылдарының атасы) атқа мінер ие кісісі Күртібай және Айдап кел бар, Жамбылды келіншектен айырып Шыбылға қайтармақшы болады. Оған Жамбыл көнбей, сөздің арты Сүйінбайға соғатын болады. Сонан Сүйінбай кірісіп Жамбылды әрең көндіріп, келіншекті қайтарады. Жамбылға бұл өте орасан соққы болады. Бұл Жамбылдың 35-36 жасының кезі болады. Жамбылдың өзінен 13/VІІІ күні 44 ж. сөз қозғап, осы әңгімені сұрағанда, өз үйінде «Аманжол қараның қызын айтасыңдар ма, ол аппақ сүттей еді, адамның аққуы еді ғой», — деді.

ЖАМБЫЛДЫҢ ӘКЕСІ ЖАПАДАН, АҒАСЫ ТӘЙТІДЕН АЙРЫЛҒАН КЕЗІ Жамбылдың жасы 50-дің ішіне кіріп, егде тартып келген кезде 87 жасында әкесі Жапа қайтыс болады. Онда орташарақ дәулеті бар Жапаның балалары әкені жөнелтіп, Жапа қайтыс болғанның артынан екі жылдан соң Жамбылдың ағасы Тәйті Меккеге кетеді. Тәйті Меккеге жүрместен бұрын Жапаға ас береді. Еншісі Бөлек Тәйті әрі Меккеге барамын деп жиналып жүрген кезі болады да, асқа көп мал шығармайды. Қолындағы малын Жамбыл да көп ұстамайды, ас онша үлкен болмай, тек ауыл арасындық болып өтеді.

— Сойғаның Жәпекеме жауыр сары, Ac берді деп жиналды елдің бәрі.

Асқа келген кісіге eт жетпей қап,
Жамеке, төгілді ғой беттің ары.
Жәпекеме сойғаның соқыр сары aт,
Сәдібегің жеп қойды иттей талап.

Биыл құлын ер жетіп aт болғанша
Кеткеніміз осы ғой соған қарап.
Жасыңнан-ақ атандың ақын Жамбыл,
Бұл күнде атың шығып болдың даңғыл,

Тірнектеп жиған малынан Жәпекеме
Бір дүбір қылмадың ғой тәңір алғыр, —
деп, Қисыбай Жамбылға жанынан тие өлең айтқаны осы аста.
Меккеге біреу барса,

Шыбыл барсын,
Шыбылдан басқаң барсаң, шығындарсың.
Көбінің өлгендердің жиып алып,
Барғанда қияметке шырылдарсың, —

деген өлең бүкіл ел аузына жайылып кетеді. Шыбыл руына бедері кетпейтін таңба тәрізді болып басылады. Біз жоғарыда айттық, Жамбылдың бір алып қашқан келіншегі Шыбыл руының жесірі екен деп, сол келіншекті қайтып алған, оның үстіне жолында қаза болған мына ағасының ақшасы мен киімін бермеуі Жамбылдың Шыбыл руына ащы өлеңдер айтуына себеп болған көрінеді. Осы Шыбыл руының Кеңшат деген бір байы әрі болыс, өте сараң кісі екен. Жамбыл бірнеше жерде өлең айтып, Кеңшат мәз өнімді еш нәрсе бере қоймапты. Ұзынағашта елдің бір бас қосқан тобына Жамбыл келсе, Кеңшат та келіп тұр екен, сонда Жамбыл Кеңшаттың қасындағы бірсыпыра адамдарға өлең айтып жырлап келіп:

«Төрт асылдың баласы төрт құлаңты кемедей,
Арасында Шыбыл жүр өрт сөндірген немедей», —

деп, Шыбыл руының әрі аз, әрі қоныс ала алмай кіштімтайлы болып қалғанын айтып Кеңшатты жерлейді. Кеңшат Жамбылдың өлеңінен қорқып, сол жерде бір аттың ақшасын беріпті дейді. Сарыбайдың баласы Қисыбай болыс болып тұрғанда, Шыбыл руынан орысша оқыған Иса Тергеусіз баласы тілмаш болады. Қисыбай Жамбылмен ете жақын болған. Жиын болғанда, ел аралағанда Қисыбай Жамбылды қасына кеп ертіпті. Бірде Жамбыл Қисыбай үйіне келіп отырғанда, Екейдің біреуі тілмаштан бас белет (паспорт) сұрапты. Онан бұрын да осы тілмаштың ел арасынан пара алғанын Жамбыл есітіп жүреді екен. Осының артынан Жамбылдың ағасы Тәйті Меккеге баруға қамданады, Жамбылмен ақылдасып жол қаражатқа салмақ салады. Жамбыл қолындағы малынан сатып ақша беруге қимай, қырғыз асып кетеді. Сонда барып өлең айтады. Сол жылы қырғыздың арғы алыс шеті (қазіргі Қарақәлуезі) Қошқарға дейін кетіп қалады. Бұл уақытта қажылардың жүретін кезі таянады. Тәйті асығады, Жамбылды іздетіп кісі шаптырады. Жамбыл осы жолы қырғыздың көп елін аралап мейлінше танысады. Қырғыз еліне де аты шығып, абыройы асады. Әсіресе Жамбылдың айтуынан Сүйінбайдың Тезекке барған жерін өте қызықтап көп айтқызыпты қырғыздар. Онан соңғы қырғызға өте қызықты болған Сүйінбай мен Қатаған айтысы екен. «Менің өз ақындығымды қойшы, қырғызға мені таныстырған осы Сүйінбай өлеңдері ғой», — дейді екен Жамбыл өзі (Өмірзақ айтуынан). Тәйті Меккеге барған жерде өледі. Тәйтінің баласы Сәтіш 7 жасында мал-мүлкімен Жамбылға қарап қалады. Тәйтінің ақшасын, киімін өзімен бірге барған Сауырбай деген қажы ие болып алып, бірақ мұнда қайтып келген соң Жамбылға бермейді. Меккеге барған қажылар бір ғана Шапырашты руынан емес, Дулат, Үйсін руларынан болады. Солардан барып сұрап, ағасының ақшасы мен киімін Сауырбай алғанын біліп, Жамбыл даулайды. Сауырбай Шыбыл руынан барған қажы екен. Қажымызды ұры деді деп Шыбыл руы қызып, бұл көп сөз болады. Бірақ басқа қажылар мойнына қойып, Сауырбайдан ағасының киімін, ақшасын өндіріп алады.

«Болысқа жолдас болды песір деген,
Жігітке қарамайды кесір деген,
Екейді қаңғып келіп Шыбыл жеді,
Құдайдың уақыты шығар жесін деген», —

деп сықақтайды.

Бұл әңгімелерді айтқан — қызыл әскер колхоздың мүшелері Тұрсынбек, Жаңаоспан деген ақсақалдары. Жамбылдың бұл өлеңдері, әрине, бір уақытта ғана айтылмаған. Мүмкін, біреуі жасырақ кезінде, біреуі ұлғайыңқыраған кезде болуы. Жамбылдың Шапырашты, Дулат табынан түсіп тағы бір көзге көрінгені былай: Тайторы руынан шыққан Сәке деген кісі өте қадірлі адам болады. Сәкенің өзі болыс болып, бұрын бытырап кеткен аз ата Тайторының басын қосып, Жиренғайыр өзеніне әкеліп орналастырыпты. Тегінде, ол жер өздерінің ата қонысы екен. Есқожа руынан шыққан Мырзабек, Кәшке сияқты жуандар өздеріне зорлық істеп қоныстарын алып қояды. Сол қонысты Сәке айтысып жүріп алады. Сол Сәкенің ағасы Садырбек деген кісі өліп, соған ас береді, қонақ алады, даяшы болып қызмет істейді. Осы аста Жамбыл Сәкенің қасына еріп Садырбекті жоқтап жыршылық етеді. Асқа қырғыз Шәбден, дүнгеннен Бұлар батыр келіпті. Қасына қару-жарағы бар он жасауыл ертіп, әнші, жыршымен келіпті.

— Садырбекке aт шапты,

Суықтөбе баурында.
Қырғыз, қазақ бас қосты
Сәке болыс аулында.
Қатарлап үйді тіктіріп,

Қамбалап қазан қайнаттың.
Желілеп бие байлаттың.
Сауын айтып ас беріп,
Ақындарды сайраттың.

Атаңа зорлық көрсеткен
Мырзабек пен Кәшкенің
Басына таяқ ойнаттың, —

деп жырлаған Жамбыл осы аста. Бұл жырды бізге айтқан — Мұстафа Дөненұлы деген кісі. Ол қазір Қоғамшыл колхозында, жасы 1944 жылы 56-да. «Бұл аста мен 13-14 шамасында едім», — дейді. Бұл аста Жамбылдан басқа да көп ақын болды, бірақ Жамбылды Сәке өте қадірлеп өз қасында ұстайды. Және алыстан келетін сый кісілердің алдынан Жамбыл барып жыр айтып әкеліп түсіріп отырды дейді. Бұл асқа аса Бөлек салғанатпен келген кісі Сәкенің Райым деген інісінің Ырғайты еліне (бұл Дулат елі бұрын Пішпекке қараған ел) ұзатқан Гүлшаш деген қызы болыпты. Қыздың барған жері де аса бай жер болса керек. Күйеуі Ұрақ Ноғайбай баласы деген өте сері жігіт екен. Асқа келгенде Гүлшаш қасына екі қыз ертіп, 8 жігіт ертіп, өзге елден Бөлек келген. Екі қыз бен Гүлшаш үшеуі көмірдей үш қара кек арғымақ мініп келген. Ал сегіз жігіт бір түсті ылғи ала аяқ қара ат мініп келген. Сегіз жігіттің басына кигендері сары мақпалмен тыстаған қара бұйра бөрік, үстеріне қара мақпалдан бешпет киген. Гүлшаш өзі басына шеттігін маржанмен желбіршектеген ақ күндік салып, шашының ұшына ылғи ақ меруерт тізіп, сексен тал ғып өріп, үлде мен бүлде киіп және бастарына қол шатыр ұстап кепті. Гүлшаштың алдынан түстік жерден шығып жыр айтып алып келген. Оған да барып жыр айтқан Жамбыл болған. Жамбылдың осы аста айтқан жыры ел аузында жатталып, әсіресе Тайторы сияқты аз ел Мырзабек, Кәшкелерден теңдік алдың деген жерге өте арқаланып және Гүлшаштың сәнді келісін келістіріп айтуы елге ұнайды. Ac сегіз күнге созылыпты. Екі күндей балуан күресі болып қырғыз, қазақ болып күресіп, бас палуан сол Тайторы руының өзінен шыққан Дарыбай Шымырбай баласы шығып, сайысқа қырғыздан Тістеуік Сайысшы қазақтан тағы Тайторының өзінен Оразалы деген шығып, о да Тістеуікті түсіріпті. Қасқарау руынан келген атақты Ноғайбайдың күрең аты бас бәйгені алыпты. Бар бәйгені ас берген рудың өздері алғанына Тайторы руы аса ырым етіп қуанса керек. Сонда жасы 80-ге келіп қалған Салғанат деген бәйбіше (Қоржымбай деген кісінің әйелі):

«Телекең мен Жүзекең
Сәкеге жақын ақылды.
Сол үшеуің бір тұрсаң,
Ит қаппайды тақымды, —

депті.

Бұл Салғанат айтқан сөз де күні бүтін мәтел болып қалыпты. Өстіп тату тұрсаңдар, бар бәйге өзіңдікі болады дегені болса керек. Салғанат жөнінде ел аузында кеп әңгіме бар көрінеді, біз көп кездестірмедік. Осы Салғанат айтқан көңілі мынау екен:

— Аққу ұшып көлге кетті

Ақ сұңқар ұшып шөлге кетті,
Балаңызға, батыр Сәке, қайғырма,
Бәріміз баратұғын жөнге кетті.
Қайың едің, қайыспа,

Болат едің, майыспа,
Арғымақ болдың ардақты,
Тай, құнанмен енді жарыспа! —

депті. Бұл сөз аста үлгілі сөз болып, Сәкеге ел Салғанат бәйбіше айтқандай деп тоқтау айтыпты, мен де сондықтан қосып отырмын. Әйтпесе Жамбыл тарихына басқа байланысы аз. Ел аузынан көбінесе сақталып қалатын сөз осы сияқты жиында айтылған сөз ғой. Жамбылдың ауызға ілінген бір кезеңі осы ас сияқты. Бұл ас Жамбылдың 40 жас шамасына жаңа келген кезі көрінеді. Жамбыл осы аста бір ғана өзі тұстас ақындарды ғана емес, Салғанат сияқты аузы орамды, сөзін тақпақпен ел көкейіне қондыра айтатын ақ шашты шешен бәйбішені көрген, оны да өзіне үлгі еткен.

ҚҰЛМАМБЕТПЕН АЙТЫСЫ

Жамбылдың Құлмамбетпен айтысы — Жамбыл өміріндегі үлкен белеске шыққан аса үлкен өзгеріс. Жамбылдың ақын атын аспандатқан осы айтыс болады. Өйткені Құлмамбет Жетісу еліне аты ерте жайылған, айтысқан ақынды беттетпеген, аса ауызды ақын болған. Құлмамбеттің аты алысқа кетіп, абыройы көтерілуі де Тезек төренің көтермелеуінен болған. Құлмамбет жас шамасына келгенде Сүйінбайдан кіші, Жамбылдан үлкен көрінеді. Ол кездегі Жетісу бойынан қолына домбыра алып өлеңге, әнге талап қылған ақын Тезек алдын көрмей, оның тезінен өтпей кетпеген. Құлмамбет — Албан елінен шыққан ақын. Бірақ өзі Құлан, Аян деген аз атаның баласы болады.

Құлмамбет менің атым — Құлан, Аян,
Екенім менің Құлан тәңірге аян.
Албан, Дулат жиылып бата берсе,
Кеңес айтып жырлайын етіп баян, —

деп бастап, өлеңді кеңінен бастап, сөзін салмақтап айтатын жері кең, аса толғаулы ақын болған. Жамбыл өлеңнің ішінде Құлмамбетті «сен арғынсың қаңғып келген, ыза болсам, Албанымнан қуып жіберем» дейтіні де сол. Құлмамбеттің арғы аталары Уақ екен. Бір себептен ертеде кешіп келіп, Албан ішіне сіңіпті. Құлмамбетті Тезек қолына ұстады, сол атын шығарды дейтініме дәлел. Найманнан шыққан атақты 'Түбек ақын сексен жастардың шамасына келгенде Тезек төреге өлең айтамын деп шығады. Ел ортасына аты жайылған Түбектің келе жатқанын Тезек естиді. Сол кезде Құлмамбет Тезек үйінде екен. Тағы бір басқа ақыны да болады. Тезек — сөзбен қармасқан ақындықты аса қадірлейтін адам, үйіндегі екі ақынға: «Түбек келіп қалса, не деп жауап айтасыңдар. Оның ақсайтын сырын, елінің жайын білесіңдер ме, ақын адам өзіне кездесетін ақынның мән - жайын, сырын теріп жүрмей ме екен», — деп, өзі өлең айтып отырады. Сонда Түбек байқаусыз келіп қалып, айтыс басталып, Құлмамбет айтысып, онан Тезектің өзі де қосылып кетіп, үлкен айтыс болады. Бұл айтысты Оспан ақын, бұл Таран колхозындағы Есдәулет ақын екеуі де айтады. Бұған қарағанда, Құлмамбет — Тезектің қолына ұстап айтысқа салып, арнасын ұлғайтқан ақынның бірі. Әрі Тезек қолына ұстап шашбауын көтерген, әрі Түбек сияқты үш жүздің баласына аты жайылған ірі ақындармен шеңгелдесіп өріс алған Құлмамбет Жамбылға да, басқа ақындарға да маңайын бастырмайтын дүр болып көрінеді. Ел арасындағы бірнеше ақындармен айқасып және Сүйінбай айтысы, Бақтыбай айтысы, Қатаған айтысы сияқты үлкен айтыстарды өзіне сабақ еткен Жамбыл Құлмамбетпен бір кездессем деп жүреді. Жамбыл Құлмамбетті ертеден біледі, онымен бірнеше аста, тойда қатар өлең айтады. Сарыбай осында бірге болады. Бірақ айтысып өріс көріспейді. Қалайда бір айтысып көрсем деп ізденіп те жүреді. Осы кезде Жетісу болысы бас қосқан үлкен жиылыс болады. Жиылыс Іле кәпірінде өтеді. Бұл жер (көпір аузы десіп келеді) осы күнгі Іле станциясы тұрған жерден аз жоғары, сол жерге үй тігіледі. Алматы, Қапал уездері келеді, екі уездің болыстары, атқа мінерлері келеді. Бұл топта Тезек болмайды, ол өлген кез көрінеді. Топқа ақындар жиылып, айтыс болады. Құлмамбет бірнеше ақынды сөзбен буып сөйлетпей тастайды. Айтысты тілмаш арқылы түсініп отырған уез Құлмамбетті көтермелеп, сыйлық береді. Енді мұнымен айтысар кім бар деп іздегенде, Есқожаның болысы (Шапырашты) Құттық Сейіттің Құдайбергені: «Таздан басқа ақын құрып па, Сүйінбайдың інісі Жамбыл бар», — дейді... Құдайберген омырау тентек, бетті адам болған. Әкел деп Жамбылды іздетеді. Жамбыл Құлмамбеттің бетінен әрі он шақты ақынды жеңіп тастаған екпінінен қорғанып, қашқақтап жүреді. Құдайбергеннің жіберген кісісі Жамбылды тауып алып келеді. Жамбыл сыртта кіре қоймай тұрғанда:

— Қара күңнің баласы Ысты бақыр,

Кім өлсе, соған туар заман ақыр,
Жамбыл деген бар дейді бір немесі,
Ақын болса, ол неме қайда жатыр?
Біреуді Жамбыл деген ел мақтайды,

Еркек қойдай құйрығын салмақтайды,
Ақын болса, қайда жүр ол немесі,
Көрелік, оны неге ардақтайды.
Құдеке, кісі жібер Жамбылыңа.

Жамбылды болар ма екен алдыруға.
Албан, Дулат тобында мен бір жорға,
Менімен жарар ма екен шалдыруға, —
деп, содан кейін:

— Болғанда мен ақсұңқар, сен бір тауық,

Сен әтеш айғайлағыш ауық-ауық,
Сүйінбайдың күркілдеп үйде жатыр,
Басқаңды қою керек жылы жауып, —

деп лепіріп отырған Құлмамбеттің серпінінен жүрексініп тұрғанда, үйде отырып Құдайберген ақырыпты: «Қарасайдың аруағынан садаға кеткір, не ғып бұғып жүр?» - деп.

— Осы сөз сүйегімнен өтіп кетті және Қарасайды айтқанда не болғанымды білмеймін, домбырамды алып Құлмамбеттің алдына келіп қарама-қарсы отыра қалдым, - дейді екен Жамбыл (Үмбетәлінің айтуынан). Жамбылдың бұл айтысын Үмбетәліден жақсы білетін де, айтатын да кісі жоқ.

Айтыс аса қызу болады. Өзімшіл, өркөкірек Құдайберген Құлмамбеттің Шапыраштыны азырқана, кеміте сөйлегеніне терісіне сыймай ыза болып отырады. Жамбылға кезек келіп Шапыраштыны мақтап кеп бергенде, Құдайберген: «Сені тапқан шешеңнен айналайын!» — депті. Бірнеше рет кезек айтысып Құлмамбетке кезек келгенде, Құлмамбеттің домбырасының ішегі үзіліп кетіп, енді домбыраның ішегін жалғағанша ыза болып отырған тентек Құдайберген үстелде тұрған 300 сомды жұлып алып қалтасына салып: «Сен домбыраңның ішегін жалғағанша, біздің Жамбыл отыра ма, біздің Жамбыл жеңді», — деп кісілерін ертіп тұрып кетіпті. Албан адамдары Жетісу ортасында Құдайбергенге күш істей алмай, Жамбыл жеңді лақап болып, Құлмамбет қалып қояды. Мұны Жамбыл өз аузынан осылай айтады: «Шынында, Құлмамбеттен ақындығым асқан жоқ. Ол аса ірі ақын еді. Менің абыройымды көтерген Құттық Сейіттің Құдайбергенінің тентектігі ғой», — дейді екен Жамбыл (Үмбетәлі айтуынан). Осы топта Жамбыл атағы аспанға ұшқандай болады. Он шақты ақынды бет қаратпай қойған Құлмамбетті Жамбыл жеңді деген сөз бүкіл Жетісуға тарайды. Бұл айтысты ел сол жерден бастап жаттап әкетеді. Мұны Үмбетәлі Жамбылдың өз айтуынан жаттаған. Бұл айтыс Іле көпірінде, шамасы, 1896 жылдары өткен. Өйткені бұл айтыста Сүйінбай тірі, бірақ ауру, үйінде, жиынға бара алмапты. Сүйінбайдың тірі екеніне Құлмамбеттің өз сөзі де дәлел. «Сүйінбай сонда ауру еді. Келер жылы өлді», — дейді Ыбырайым. Сүйінбай 1898 жылы өлген. Жиын тарап, әркім өз еліне қайтады. Айтыстың артынан Құлмамбетпен Жамбыл бұрынғысынан да жақын танысады. Өзінен жасы да үлкен, әрі аруағы да ерте көтерілген Құлмамбетке Жамбыл інілік дәстүрмен сыйлап, өлең айтып, екеуі бұрынғыдан да достасады. Жамбыл Құлмамбеттің қасында бірнеше күндей болады. Екеуі айрыларда Құлмамбет Жамбылға: «Сен қырғыз еліне таныс көрінесің, мен Шабданның алдына барып бір өлең айтайын деп едім, осыған мені бастап апар», — дейді. Жамбыл апаруға уәде қылады. Бірақ Құлмамбет еліне барып қайта келмек болады. Жамбыл кетеді. Сол жылы күзге жақын Құлмамбет Жамбылдың үйіне келіп, екеуі қырғызға баруға шығады. «Құлмамбет апиын жейтін кісі екен, жолда атқа жүре алмай: «Жамбылжан, менің белімді шылбырыммен қатты буып бер!» — деп тартқызады. «Ұзын иір қара кісі еді, ішін шылбырымен тартқанымда, қолым қарысып қалды. Сонда да «қатты тарта алмадың - ау» деді Құлмамбет. Апиын деген адамның ішек-қарнын тартып, бауырын жаздырмайды екен, ел орынға отыра, Шабдан аулына әрең жеттік. Құлмамбеттің тамақ ішуге шамасы келмеді. Қонақ үйге барысымен белін шешіп, жатқызып қойдым. Бұл кім деп сұрағандарға Құлмамбет екенін айтпадым, маған ерген бір абышқа еді, өзі ауырып келді деп қойдым. Өзім түнде Шабданның өз үйіне барып өлең айттым. Мен қайта келіп жатқанымда да Құлмамбет жеңді есін жиған жоқ екен. Таңертең тұрсақ, күн сәске болып қалыпты. Құлмамбет апиыннан айығып, әншейін құрағытып отыр. Біразда сізді манап шақырады деді бір қырғыз. Енді Құлмамбетті ертіп, екеуіміз келдік. Біз келіп отырған соң, Шабдан: «Жамбыл ботам, ат тоқытып жүргелі отырмын. Тәшкенге асығыс баратын жұмысым болып қалды. Біздің есіктерді бір көргенің бұл емес. Бір қара қызыл бесті байлатып қойдым. Мына жолдан мақтанып қайтсам, тағы соғарсың», — деді. Осы кезде құрғағытып отырған Құлмамбеттің қолына домбыраны ұстата бердім. Өліп отырған ақын:

— Тозады ел ағадан, тон жағадан,

Соғады арлан бөрі тay сағадан.
Ай өтіп, көрмегелі апта болды,
Жүрмісің, батыр Шабдан, есен-аман?
Абданда өткен екен Қашаған хан,

Серғазы жетпіс екі жасаған хан.
Аз сөзбен амандаспай кетемін бе,
Алтынды аттаған соң босағаңнан.
Абданда өткен екен Абақ, Жайнақ,

Өтіпті Сайымбөлек сан жылқы айдап,
Бұл тапта мұсылманға патша бопсың,
Бір сапар келіп қалдым тамаша ойлап.
Баласы хан Жантайдың неше түйін

Бар ма екен бұл жалғанда бауыры бүтін,
Қазақ, қырғыз баласын бірдей көрген
Айналған Қазықұрттай жалғыз құтым.
Жарасқан ақ — қызылға, асан — тамға

Ақ дидарың түсіп түр мұсылманға,
Бақыр менен ісіктей қиылғанда,
Қылышың бас кеседі ұшынғанда.
Қояннан елім жұтап қалғаннан соң,

Мен келдім амандаса Шабдан ханға, — деді. «Ел көшкілік жерден іздеп келген екенсің, не мұқтажың бар еді?» — депті Шабдан.

А, батыр, өзіңе айтар арымыз бар,
Айтатын арызымды тәрізім бар.
А, батыр, бек қысылып келгеннен соң,
Шала қазақ Әпсәметке беретұғын

300 сом қарызым бар.
Атасы Абсәметтің Әлім еді,
Ақшасын суға берген залым еді,
А, батыр, бек қысылып келгендегім

Кешегі ер басқан Баттал қазы Төреге мәлім еді, — деп, өлеңді кесек-кесегімен томарылта төккен ауызды ақынның сөзі Шабданның көкейіне қонып: «Жамбыл, ботам, мына абышқа ақсақал сенен ыршы тұрмай ма. Бізге түнде неге айтпадың?» — деп асыққан жолынан қала алмай өкінеді. Сөйтеді де Құлмамбетке өзінің асығыс жолын айтып: «Келіп қалдың, қалауың не еді?» — деп сұрайды. Құлмамбет «300 сом ақшаға борышты болып қысылған соң келіп едім», — дейді. Шабдан өзінің малының беретін-қоятынын билейтін Күйке деген манабын шақырып, жігітіне иек қағады. Ол: «Мен бұл кісінің жолын әкеліп отыр едім. Бірақ анадағы сатылған малдың ақшасы усталый кетіп, аз болып қалып еді», — деп, 200 сом ақша қояды. Сонда Құлмамбет: «Сен патшаның айтқан әмірін орындамай, барын жоқ дейсің» деп Күйкеге тиіп өлең айтқан соң, Шабдан намыстанып, өзі жүргізуге келіп отырған және өлең тыңдап отырған манаптардың бәрінің аттарының ер-тоқымын алғызып, Құлмамбетке матап бергізіп аттандырады. Осы жолы Құлмамбет 12 ат, 200 сом ақша алып қайтты, мен бір бесті алдым. Алғашқы 200 сомды әкеліп алдымызға қойғанда, бұрын ондай көп ақша алып көрмеген көзім тұнып кетіп, алғалы жатыр едім, Құлмамбет қозғама деп ишарат етті де, өлеңді өршелендіре айтты. Қырғыз манаптары мәрт, намыскер келеді, бір құласа оңбай құлайды. Құлмамбеттің сөзі айтып отырғанда тыңдаушыны алып кетуші еді. Және бір бастап алғаннан кейін көтеріліп үдей беруші еді. Мен өзім ақын көргенде Құлмамбеттей ауызды ақын көргенім жоқ», — дейді екен Жамбыл ақындық жайы сөз болғанда (Бұл да Үмбетәлі айтуынан және Өмірзақ айтуынан). Менің бұл жолдағы олжам Құлмамбеттен «Көрұғлы сұлтан» жырын үйрендім. Бірақ бәрін жаттап алу қиын екен. Құлмамбет бір айтқанда екі күн, екі түн ұйықтамастан айтты. Мен осының бір күн, бір түн айтуынан-ақ ұғып алдым. Менің өрісімді кеңіткен ірі жыр «Көрұғлы султан» болды», — дейді екен Жамбыл. Мұны Үмбетәлі де, Өмірзақ та, тағы бірнеше кісі айтады.

ЖАМБЫЛДЫҢ ӨЗІМЕН ТҰСТАС ШЫҚҚАН АҚЫНДАР

Жамбылмен заманы бір, ақындық терезесі тең ақын — Дулат ішінде Қасқарау руынан, оның Сапый, Ботый деген атасының ішінен шыққан Майкөт баласы Сарыбас ақын. Сарыбас ақын 1845 жылы туған, бірсыпыра жасап келген ақын. Сарыбас Жамбылмен де қатар жүріп, сан рет қағысып өлең айтысқан. Сарыбас аса айтқыш ақын болған. Байғара деген молдаға:

— Бай: «Мә», — десе, «ау» , — дейсің,

«Бар ма?» — десе, «жоқ», — дейсің, —
және сол молдаға:

— Сен шулаған жерден аласың, —

Мен дулаған жерден аламын.
Сен жылатып отырып аласың,
Мен күлдіріп отырып аламын,
Сен жүресің біреуден кісі өлсін деп,

Мен жүремін сөз тыңдайтын ұл тусын деп», — дейді екен. Діннің сырын, молда құлқынын да ащы әзілмен мұнан артық қалай айтады (Кенен айтуынан). Ысты руынан шыққан Қуандық ақын, мекені Іле Бойында Топарда, о да Жамбылмен замандас. Бұл ақынды Үмбетәлі көрген, кішкене сары сұр кісі екен. Мәңке деген болыстың ағасы Әбділдаға ас бергенде, көп ат шауып, басына ояз келіпті. Асқа Сарыбас ақын, Қуандық ақын, Құлмамбет, Шаншар ақын, Жамбыл, Қожантай ақын — бәрі жиналады. Ақындар оязға өлең айтады. Қожантай Мерке бойында Қоралас деген рудан шыққан, ол Жамбылдан гөрі жасырақ болған.

« Түйемдегі нарымсың,
Жүгімдегі барымсың,
Аспандағы жұлдызым,
Маңдайдағы құндызым,

Данышпаным, арыстаным», —
дегенде, Сарыбас ақын оның сөзін аяқтатпай, дүрсе қоя беріпті.
«Құдай атқан Қуандық,
Сақал-мұрты жоқ немесің,

Осы сияқты ұлықты
Арыстаным деп ит-шошқаға теңейсің,
Қайтадан айтсаң не дейсің,
Шайтаныңды қағайын,

Қаржаудағы кегімді
Ұлық алдында алайын.
Арыстаным деп ұлықты,
Қуайын деп жүрсің-ау,

Қанжығалап тұмсықтан
Ұрайын деп жүрсің-ау.
Сыпырып алып терісін
Бір түбектің басына

«Жау атарлап» шығайын деп жүрсің-ау.
Түйемдегі нарым деп,
Тақсырымның тұмсығын
тесейін деп жүрсің-ау,

Жыңғылдыны орап бір
көшейін деп жүрсің-ау.
Қошқарбайдың тұзынан
Екі қап түз артып aп,

Сатайын деп жүрсің-ау.
Басқа сабап жүрмесе,
Ұлықты өрге қарай
тартайын деп жүрсің-ау,

деп тойтарып тастап, өзі:

— Жауға сесті болсын деп

Бастырмадың мертіңді.
Долы болып өссін деп,
Кестірмедің сыртыңды.
Таза бақтық жұртыңды,

Көз алдыңда өзіңді ит деп қорлаған
Тепкілетіп шығаршы
Мына Қуандық деген итіңді, —

деп бастырмалатып әкетеді. Сарыбастың өлеңін тілмаш арқылы ұғынып, ояз Қуандықты үйден тепкілеп айдап шығарады. Осындай өте ауызды, қиыннан сөз табатын, ойланып оң айттым деген ақын сөзін шешендігімен теріске аударып, егескен жерде ебін табатын Сарыбас та Жамбылға кеп ой салады. Осы айтыста Жамбыл Сарыбаспен, Құлмамбетпен бірге болады. Бірақ өлең айтты демейді. Осы Сарыбас ақынмен Жамбыл айтысы қашан болғанын Кенен ашып айта алмады. Жоғарыдағы сөз Кенен айтуынан. Және Кенен «Бұл екеуі айтысқан жоқ, осының қайдан шыққанын білмейміз», — дейді. Жамбылмен әрі қонысы қатар, әрі заманы бір болған Әмір ақын. Әмірдің сүйегі Дулат руы ішінде Тілеуқабыл атанады. Әмірдің туып өскен жері — Аңырақай, бертінде Самсыға келіп мекендеген. Самсыда осы күнде үлкен колхоз бар. Жамбыл мен Әмір өте жақын, ақындық мұнарасы қатар өскен. Өйткені Жамбылдың ең кейінгі таңдап алған әйелі осы Тілеуқабыл ішінде Итқара дегеннің қызы Ханымжар — Әмірлердің қарындасы. Жамбыл Тілеуқабылдың руын тегіс қайын көріп, бәріне еркелейді екен. Соғыс басталғаннан кейін Жамбыл Самсы колхозына неше рет келіп, тіпті 1944 жылы қайныма барамын деп әдейі келіп, екі күн болып кетіпті. Досмағамбет Әлімбек ұлының үйіне келіп қонып, сонда отырып сол ауылдың басқа жерге ұзатылып, кейіннен төркініне келіп бала-шағасымен отырып қалған бір әйелді балдызым деп қалжың айтып қасына отырғызып:

— Балдыз деймін,

Су жағалай бітеді жалбыз деймін,
Жасым келді тоқсанның сегізіне,
Жездең қалай жатады жалғыз деймін»,

деп өлең айтып, қалжыңдасқан көрінеді. Әмірмен де сондай жылылық, жақындық істері болған көрінеді. Жамбыл да, Сүйінбай да Әмірді: «Әттең, аузында баты жоқ, астан қияр ете ділмар ақын», — дейді екен. Әмірдің сөздерінде әр түрлі кезеңдерде Жамбыл мен Сүйінбайдан үлгі алған ащы шақпа да бар. Әмір Жамбылдың әрі тұстасы, әрі шәкірті сияқты ақын, өйткені Жамбыл сөзінің ізі Әмірде көп кездеседі. Сондықтан біз бұл жерде Әмір ақынға азырақ тоқталамыз. Әмір ерте кезде Аңырақай бойында мекендеп жүреді. Өзінің нәсібі жарапазан айтып, бұқпантай өлеңге көп салынады. Сонан бір жылы Самсыдағы еліне келіп сонда қыстап қалады (Самсы Ұзынағашқа 25-30 километрдей жер). Алматыдан Тәшкенге қарай өтетін жол түсіп, Самсыда бекет салынған кез. Бекетті ұстап және асхана ашып отырған өзбек, ұйғырлар болады. Соларға Әмір балшықтан үй салғызып, жылы үйге кіреді. Ең алғаш Тілеуқабыл ішінде балшықтан үй салғызып кірген — Әмір ақын. Шамасы 1905 жылдар болса керек.

— Біз Самсыға келдік те там салдырдық,

Самсыдағы елді біз тамсандырдық.
Келген-кеткен кісіге кең болсын деп,
Бас-аяғын там үйді мол салдырдық.
Түйе жүні бұл болмас қайтқаннан соң,

Ескермедік түйені Самсыда жатқаннан соң,
Кепиеті түйенің ұрып кетті,
Атанды әкеп сиырға сатқаннан соң, —

деп Әмір киіз үйден шығып там үйге ауысқан кезді, көшпенділікті азайтып, қолдың қара малы сиырды құнттап, шала жатақ бола бастаған кезді әдейі сипаттаған. Әмірдің өз елі Тілеуқабыл Шағатай деген румен болыстыққа таласады. Бұл кезде деген штаттың күшейіп, шарды доп алып, пулы жеткен кісі болыс болған кез болады. Осы сайлауда Әмірлердің ағайыны Жолдыбай деген байдың Ақкүшік деген баласы ақшамен болыс болады:

Насыбай жарасады шақшалыға,
Болыстық оңай болды ақшалыға
Қайырып қыран бүркіт байлап қойдым,
Түлкіні алдырамын ақсарыға, —

деп өлең шығарады. Өйткені Тілеуқабыл ішінде аса есті кісі, ел қалайтын Үсембай деген ақсақал болады, оның малы жоқ, баймен таласа алмай отырып қалады. Әмірдің «Қыран бүркіт қайырып байлап қойдым», — деп жүргені сол екен. 1911 жылы Самсыда бірсыпыра ел құралып, Жәнібек деген молда мешіт салады, өзі қажыға барып келеді. Жәнібекті ел пір тұтып, қадірлеп отырғанда, Әмір айтыпты:

— Не болды екен, Жанеке, аңдыған қыз,

Олар кемпір, шал болдық сіз бенен біз,
Түнде тұрып енді қыз іздеу түгіл,
Есік алдын етеміз көкпеңбек мұз, —

деп Жәнібектің басындағы сырын айтып әзілдейді. Өйткені ел пір тұтып отырған молда Әмірмен бір үйге бірге қонып, бір жастық істесе керек.

Ұлы жүз ішіндегі ақындықтың бір түрі жаршылық істеу болған. 1. Жарапазаншы (бұл ораза айында ел қыдырып жарапазан айтады). 2. Жаршы (топта біреудің жоғалған малын, дүниесін жарлап, түсі, түгін айтып, соған ақы алады). 3. Жоқшы жыршы. Бұл аста сол өлген адамды жоқтап жырлап, жанкүйердің қасында болады. Бір топта Қапалбай деген бір жігіт: «Бір сүр күшігім жоғалды, жарлап бер», — деп, Әмірге бір сом беріпті. Сонда Әмір:

— Көрдің бе қылыш құйрық сұрша күшік,

Сиырдың өскен еді сүтін ішіп,
Атақ Қарабыжырдың жиынында
Жар болып жоқтап жүрген Жейман пұшық,
Аузы сұрша күшік кере қарыс,

Атасы алған екен нән жолбарыс,
Ер жетіп сұрша күшік өскеннен соң,
Бөлек ауыл қонып eд Кәтен, Қалыш.
(Қапалбайдың аталары, ағайыны)

Жоғалды Қапалбайдың ақ табаны,
Жиылып Кәтен, Қалыш мақтағаны,
Атаң Қарабыжырдың жиынында
Жар сал деп Қапалбайдың жоқтағаны, —

деп, өзін масқара қылған соң, Әмірге он сом жол беріп, әрең тоқтатады. Мінеки, Жамбылдың өзімен тұстас қатар өскен ел ішіндегі ақындар — осылар. Бұлардың қай-қайсысының сөзі болсын мірдің оғындай өткір. Ізденіп тауып айтуды, бетің бар, жүзің бар демей өлтіре айтуды пысықтайды. Бұларды айтқан Самсы колхозындағы Досмағамбет Әлімбекұлы 75 жаста және Кәдіржан Өскембайұлы 54 жаста. Бірақ бұлардың бәрі де ауыл арасындық келте сөздің сарынын ұстаған, өрістері күйкі жатады. Жамбыл осы сияқты қысқа, өткір сөзге бұлардың бәрінен де тапқыр және өткір келген. Олардан гөрі қайдағы жуандарды шенеуге, солардың мінеп айтуға сөзін сайлаған. Бір жылы үлкен жұт болып, елдің малы жұтаңқырап қалады. Ұзынағаш айналасындағы ел қыстан аса жүдеңкіреп шығады. Сол жұттан арықтап шыққан бір көк атты мініп, ер-тоқым, киімі жұпыны Жамбыл біраз ел аралап өлең айтып, Алматының Күншығыс жағындағы Жаныс еліне, осы күнгі «Қызыл ту» колхозы отырған жердегі бір ауылға келеді. Бір үлкен боз үйдің қасына келіп аттан түсіп, домбырасын алып үйге қарай жүрсе, есік алдында көрпе салып жатқан күбідей бір қызыл күрең қатын Жамбылды кісі келді деп елемейді және жақтырмайды. Жөн сұраса, жауап бермепті. Мына тұрған үлкен ақ үй кімдікі десе, «Қызыл болыстың үйі» депті. Ол үй белгілі Саймасай болыстың үйі екен. Жамбыл үйге келіп отырыпты. Саймасайдың әйелі бір аяқпен ақ кеже әкеліп береді. Жамбыл өлең айтып, кісілер жиналып, дуылдай бастағанда, бағанағы қатын келіп, омыраулап төрге шығыпты. Сонда Жамбыл:

— Қызғалдақтай жүзі бар Саймасайдың

Кесірлі қатыны бар Алмасайдың.
Қырғыз, қазақ бас қосса топ жарады,
Жиреншедей тілі бар Ер Қосайдың, —
дегенде, жантайып жатқан Саймасай басын көтеріп алып, қайта айтқызыпты.

Жеңгесіне ұрсып, Жамбылға бір шапан бергізіпті. Бағанағы қызыл қатын Алмасай деген Саймасайдың ағасының қатыны екен (Оспан ақынның айтуынан). Жамбылдың өзі руы Екеймен қонысы сыбайлас болған елі Айқым руы. Бұл рудың да тентек, қисық мінезділерін Жамбыл көп шенеген.

«Айқымның бекешке жақын екен көнтектері
(Көнтек — бір атасының баласы)
Бұл күнде салбырап жүр шөнтектері,
Арақпен пиваны ішіп-ішіп,

Көшеде сандырайды тентектері, —
деп, түп-тамырына қозғап әкететін ащы сөзі бүкіл Айқымды намыстандырған.

Жамбылдың жастау кезінде көп еркелеп және арқа тұтқан кісісі Сарыбай болған. Көбінесе Сарыбай үйіне ептейлі кісі болып, ағайна ішінде әкесінің замандасы, өте жақсы көрген. Сарыбайдың Қисыбай деген үлкен баласымен өте дос болған (Жамбыл Қисыбайдан 14 жас үлкен екен). Бірақ Қисыбаймен көп жолдас болған. Екеуі кеп қажасып айтысады екен. Сарыбайдың өзі бар кезінде Жамбыл сол үйге келсе, Сарыбайдың үйінде отын болмай, Ыстық істей алмай отыр екен, күн жауын болса керек. Қисыбайды оқытатын Сарыбайдың үйінде Байзақ деген молданың қасына кісі қосып, біреудің кеңінен отын әкел деп жіберіпті, сонда отырып Жамбыл:

— Отынға екеу кетті, бірі — молда,

Мінгені молдасының шұбар жорға,
Молдасы Сарыекеңнің ұрлық қылып,
Құдая, кешіре көр, өзің тоба, —

деп қоя беріпті, сонда Сарыбай: «Жамбыл қаратым, молданың өзіне айтпай-ақ қой, ренжіп қалар», — деп айтқызбапты. Жамбыл бірде ауа жайылып кеткен түйесін қарап жүріп, бір үйге қоныпты. Әлгі үйдің әйелі сараң болса керек, жөнді ет аспай, жауырын асыпты.

Тамаққа бата істегенде:

— Жамбылға астың жауырын,

Таңдап-ақ астың тәуірін,
Түйе қарап жүрген бұл Жамбыл
Аймалап бассын әуірін, —
(Әуірін деген құмарынан шықсын деген мағынада) деп, жаман ұялтыпты.

Бұйдалы руының ішінде Аба деген үлкен бай болған, сол Абаның Естемес деген баласының үйі бір жылы соғымға қазысы қарыс түскен бие сойды деп естіп, Жамбыл әдейі келіп қонады. Сөйтсе, Естеместің әйелі жөнді ет аспайды. Асқа бата істегенде:

«Естемес бастас болдың Көсемменен,
Сөйлейді мына келін аузын ашып әсемменен
(тұтықпа қатын болса керек)
Бар екен деп асыңды барпыратпай,

Бұдан бұлай асып жүр бәсеңменен, — депті. Естемес жаман ұялып, қатынына қайта ет асқызып, Жамбылдың аяғына жығылып, шапан жауып әрең құтылыпты. Жамбыл бір ретте Бәйімбет тоспасы деген жерде отырған Айқым руының ішіндегі Әйтек деген атаның баласы Мұса ауылы деген ауылға келеді. Бұл ауыл егін салатын, өздері қау беріктеу ауылдар екен, қырман басына келген Жамбылға өлең айт деп болмапты:

Айқымның бұрылғам жоқ басқасына,
Әйтектің тура келдім Тоспасына,
Қоржынын Жамбыл атаң толтыра бер,
Білдің ғой келгеннен соң саспасына, —

депті.

Қырман басында отырған жігіттер кеу-кеулеп, ішіндегі Бердігүл деген бір тәуірмін деген жеңілтек жігіт мыналарды өлең ет деп болмапты:

«Бердібай аузы қызыл боз байталдай,
Мінезі Бердіғұлдың жын-шайтандай,
Әпірім әсте менің басылмайды,
Мына отырған келіншекке мініп алып

Қой қайтармай», — деп өлең айт деген Бердіғұлдың алдымен өзін шенеп тастапты (Үмбетәлі айтады: «Осы айтқан адамдары тап қолмен қойғандай. Жамбыл сондай дәл айтатын кісі ғой», — дейді). Жамбыл сөзді бетің бар, жүзің бар демей, реті келген жерде тіліп салатын болған. Бұрынғы Қастек еліне қараған Кәшке тұқымынан шыққан Құттық Сейіттің Құдайбергені өте тентек және елге беделді бай кісі болған. Біз жоғарыда Құдайбергеннің Жамбыл мен Құлмамбет айтысындағы омыраулауын айтып кеттік. Сол Құдайбергеннің болыс күнінде үйіне Жамбыл келеді. Қысқы уақыт болса керек. Жамбыл сәлем беріп амандасса, Құдайберген Жамбылды кемітем деп:

— Бір жынды Екеймен жарысам деп атым өліп қалды, — депті. Есқожа елі Екейді үнемі кеміте сөйлейтін әдеті болыпты.

— Болысжан, жүрген жерің күнде сауық,

Пенденің бойында көп қатер-қауіп,
Екейдің жындысымен жарысам дeп,
Сенің де кетіпті ғой есің ауып, —

депті. Құдайберген еш нәрсе айтпапты. Өйткені Құдайберген астында аса семіз аты бар Ұзынағаштан келе жатса, Екейдің Таңат деген бір адамы қасынан шауып ете шығыпты. Екейден атым қалса, атым Құдайберген болмасын деп, бұ да тура шауып, содан екеуі ерегісіп ауылға жеткенше шауып, Құдайбергеннің тұнып тұрған семіз аты боғы асып кетіп, өліп қалыпты. Сол есер мінезін бетіне айтып, өзін көзбе-көз жерлеген. Ел арасында сауда қылып кездеме сатқан өзбектің бір саудагеріне Жамбыл келіп өлең айтады, Еш нәрсе бере қоймайды.

— Бес көз берен бересің бір жатқанға,

Шай ішіп мәз боласың пұл сатқанға.
Түшібайға барғанда есеп беріп,
Көтеншегің солқылдар шот қаққанда, —

деп, саудагердің масқарасын бетпе-бет өзіне айтып, есін шығарыпты. Жамбылға бір көйлектік ақ беріп, жалынып әрең құтылыпты. Жамбылдың ерте кезде ел арасында айтқан бір ауыз, екі ауыз өлеңі өте көп, бірақ жазылып жиналмаған. Және жатқа біліп айтатын адамдардың көбі де қазір жоқ. Кейбір есте қалғандарын айта бермейді, сонан да жаңылып қалады. Октябрь колхозының жылқышысы Ешмағамбет деген кісінің айтуынан бір ауыз өлең мынау:

Бәрің де Базарқұлдың баласы ғой,
Ұялмай сол ұшыққа таласа қой.
Бір уыс біреуіңе артық кетер
Сал дағы саптыаяққа санаса қой».

«Құтырған деген бұлақтың бойына 20 үй ортадан тары айдайды, тары тәуір шығады. Тарыны жинап алған кезде сол жерге Жамбыл келеді, Жамбыл келгенде Райымқұл, Векторы деген Базарқұл балалары тарыға таласып жатыр екен, соған айтқаны еді», — дейді. Бұл Жамбылдың орта жасқа келген кезі. Жамбыл тағы сол ертерек кезде бір жылы күзді күні қырғыз асады. Өйткені бұл тұста астық жөнді шықпай, астық жағы ете тапшы болады. Қырғыздың Жетіген деген руынан шыққан манабы Сәлібай дегеннің үйіне келіп өлең айтып, тамаша етіп отырғанда, сол үйге Қарғалы бойындағы Айқымның Құлшын және Сұрауымбет деген екі байшігештеу жігіті кіріп келеді. Бұлар келіп отырып, мәжіліске кірісіп жөн сұрасқан соң, олар да астық іздеп келген екен:

— А, құдай, бермей қойдың тарымызды,

Кетірді мына тары арымызды.
Жалғыз Жамбыл қаңғырып жүруші еді,
Биылғы жыл қаңғырттың бәрімізді.
Бір қап тары сұрағанда қарамап ең бетімізге,

Биылғы жыл түсіпсің етіңізге.
Биыл сендер де мендей шұбап кепсің,
Ашаңды қыстырыпсыз көтіңізге, —

деп екеуін ажуалайды. Өйткені бұл екеуі әрі малды, әрі егін салатын бұдынтақ шаруалы, сарабдал жігіттер екен, еткен жылы Жамбыл барып өлең айтып тары сұраса, бейілденіп тары бермей, ұнатпаған болса керек. Батыс Қастек болысына қараған елдің Абылқасым Андасын деген және Қасқарау Сүлейменұлы деген екеуі бірі старшын, біреуі елбасы, өте елді жеп аты шыққан атқамінер жебірлер болса керек. Осы екеуі алымның үстіне «қара шығын» түсті деп, бірнеше адамды қан қақсатып жүргенін Жамбыл да естиді. Сол елдің Рахмет деген кедейдің «қара шығын» алым өсіміне беретін ақшасы болмай, 3 пұт жоңышқасының ұрығы бар екен, соны алып кеткенін ел арасы сөз қылып жүреді. Жамбыл бір жақтан келе жатса, әлгі екеуі етектегі елден алым жиған ба, әйтеуір, келе жатады. Екеуі Жамбылға сәлем беріп, біраз жерге бірге жүріп, «өлең айтыңыз» деп түрткілейді.

— Төментіннен келесің, екі қуым,

Елдің жайын білесің буын-буын,
Қатық сорпа екеуің атқа мінсең,
Тағы кімнің тартасың сары суын.
Елден тиын қоймайсың түтін санап,

Есебіңді аяғың шығарарда,
Рахмет пұшықты алдың талап, —
дегенде, екеуі: «Елге айта көрмеңіз», — деп, Жамбылға жатып жалыныпты.

Жамбыл бетің бар, жүзің бар демейтін ащы тілін түйрерде, әсіресе атқамінер старшын, би, болысқа жалынғанға да қарамаған. Бұл жөнінде әзілдес болғанмен, Қисыбайға айтатын сөздері кісі көңіліне қарап, дәулетінен «кісілігінен» именбейтіндігін көрсетеді. Жамбыл ұзын сарын, өзекті, сөрелі сөзді құлаштап айтумен қатар, бір ауыз, жарым ауыз осы сияқты өлеңдермен өзінің үлкен жолын сала жүрген. Жамбыл өміріндегі және ақындығына қор құйғандай бір тәуір кезең, үлкен белес атақты Шөже ақынмен кездесуі деуге болады.

— Арқадан құдай айдап Шөже келді,

Еті жоқ үйсін, Дулат көже берді,
Арқада көк тарлау жеп үйренген aт,
Қара түбір жусанды қалай жейді? —
деген өлеңін және өзінің кім екенін жырымен жариялай жүретін ақын Шөже:

«Ай қасында туады шолпан жұлдыз,
Айдын көлде ойнайды камшат, құндыз.
Өз атасын жасырған мүрдет деген
Етім қазақ болғанда, түбім қырғыз», —

деп өз басындағы мінін де, шынында, ортаға сала сөйлейтін телегей теңіз жырдың арнасындай ақын Шөже Жамбылға үлкен сабақ болады. Шөженің ел шетіне келгенін естіп, іздеп барып біраз күн қасына да ереді. Шөженің Кемпірбаймен айтысын да Жамбыл сол жүргенде үйреніп, кейіннен Ұлы жүз ішіне айтып таратады. Әсіресе Шөженің тұтығып қалатын әдетін, өлең ойланғандағы көз құбылысын, домбыра қағысын өте қызық етіп айтады екен. Ел аузындағы кейбір әңгімеде Жамбыл Шөжемен еріп қырғызға барып бірге аралады дейді. Бірақ онда барғандағы Шөже өлеңінен тек мына жоғарыдағы айтылған бір ауыз өлеңі «Ай қасында туады шолпан жұлдыз» болмаса, басқа өлеңі сақталмаған. Ал Жамбылдың қандай өлең айтып, Шөжеге қызмет еткені де ел аузынан кездесе алмады. Жамбылдың жасы отыздың қамал ішін кірген кезде, атақты Кенесары ханның баласы Сыздық сұлтанға кездеседі. Кездескенде Сыздық орыс патшалығымен бұрынғы жаулығын қойып, еліне келіп, Ақмешіттегі (қазіргі Қызылорда) туыстарына қосылып, сонда тұрып, біраз уақыт өткізгеннен кейін, осы Жетісу еліне келеді.

«Сәлем бердім, алдияр,
Орын бердің қасыңнан.
Сен бір қалған көз едің
Кенесары асылдан.

Сыздық атың жайылды,
Бұл өңірге жасыңнан.
Айбатыңды көргенде
Дұшпандарың бас ұрған,

Алтын жүзік сары қасқа ер,
Атаңыздың аруағын сыйлайды екен бар халық, —
деп Жамбыл өлең айтыпты деседі. Бұл өлең 1946 жылғы толық жинағына кірген.

Сыздықтың бұл келуі патша үкіметі тарапынан Сыздыққа сенім болып, өзіне белгілі еркіндік жасалады. Осы сенім орнығып, көңілі сенген қазақ даласының ішін аралап, бұрынғы әкесі жүріп өткен жерлерді көріп, сол елдерден әкесі жайында мәліметтер алғысы келеді. Бұл жөнінде Сыздықтың алғашқы келген елі Жетісу елі, Шу өзені бойындағы ел болады. Бұл жердегі Ұлы жүз ішінде белгілі ауылдарда болып, қырғыз еліне барып әкесінің қаза болған жерін көріп, тауап етпекке бет алады. Сол жолында Ұлы жүздің сол кездегі жөн білетін, ел билеген адамдарымен ақылдасады. Сыздықтың келе жатқанынан хабарланған қырғыз манаптары Жантай баласы Шабдан манап алдынан кісі жіберіп шақыртады. Сыздық қырғызға барарда Ұлы жүз адамдарының көп кісісін ертеді. Сол күндегі қадірлі би, тілді, шешен және әнші ақындардан көп адам болады. Сол топқа Жамбыл да қосылады. Сыздықтың 17 жыл бойына созылған көп соғысы жайында әңгімелерін тыңдайды. Сыздықпен серік болып, соғыста болған батырларды естіп, өзіне көп әсер алады. Қырғыз елі де, Ұлы жүздің қасына ерген адамдары да Сыздық әкесінің құнын жоқтап, қырғыз еліне тентектік істейді деп қауіптенеді, бірақ Сыздық оны істемейді. Әкесінің өлімі жөнінде Сыздық өте терең қарап: «Ол бір өткен ірі адамның жорығы, өзі бастады, істеді, өзі аяқтады, қырғыз өлтірмелік дегенде, әкем тізе бүккен тірлікті керек қылған жоқ. Ерлікпен өлген әкемнің аруағын жасытып, кек қуып, құн алам ба, оны не қылам. Менің әкеме қандай құн төлеу болады. Ол өз құнын өзі алып кеткен адам», — депті.

— Сыздықтың қасында жүрген екі айлық өмірім маған асқар кезеңдей, өзім көрмей атын естіп құмартқан атақты батырларды көзбен кергендей болдым, — деп, осыны Жамбыл көп әңгіме етеді екен.

Жамбыл жасынан хикаялы жырды айтуға құмар болған. Әсіресе оны қызықтырған — ел қорғаны болған ерлер жыры. Сүйінбайдың айтуынан өзі ұғып кеп жеріне жыр қосып молайтып алған «Сұраншы жыры», Күсеп ақын жырлап ескірген кезде жұрнағын ұғынып, жаңғыртып алған «Өтеген жыры». Бұл Жамбылдың аса сүйіп, аса мақтанып жырлаған жыры болған.

ШАШУБАЙМЕН АЙТЫСҚАН КЕЗІ

Жамбыл Шашубаймен кездесетін тұста өлеңді көп айта қоймай, тоқталып жүрген кезі болады. Осы кезде ел ішінде болған бір уақиғадан ағайын арасына өкпелеп, қысқы Балқаш теңізі қатқанда Арқадан бергі қабаққа өткен Шашубай, Шу, Іле бойын әнімен аралап Алматы келеді. Алыста жүрген адамның ағайыншыл келетін әдетімен, сол кезде Алматы қаласындағы саудамен байыған Байбұлаң, Баймолда дегенді жандаралға, уезге переводчик (тілмаш) болып тұрған найман жігіттері Бақия, Барлыбек деген Сырттан балаларын тауып алады. Барлығын Орта жүз деп бауыр тұтып, осылардың қолына келіп өзінің арғындығын, онан қалды Орта жүздігін айтып, олардың байлығын, бектігін айтып әрі әнші, әрі ақын, гармоншы Шашубай өзі баурап әкетеді. Гармонымен қосылып толықсып айтатын Арқаның әсем әнін аспандата шырқаған Шашубай Жетісу елін аузына қаратады.

— Қызылжар, Қарқаралыдан келіп жүрмін,

Елдерін Ұлы жүздің көріп жүрмін,
Аузымда өлең деген мәлегім бар,
Әркімге сөйлеп-сөйлеп беріп жүрмін, —
деп, тоқсан толқытып әнін Алатау шоқтығынан асырады.

Абай айтқан ертедегі ел ақындарының алыста жүріп ауылын мақтайтын, жерін, суын, елінің аты шыққан адамын дәріптейтін әдет Шашубайда да бар-ды. Ол Ұлы жүз жиындарында өз елін, Арқаны көтере мақтайды. Ұлы жүздің ішінде жүрген кісілікке ілінген, саудамен ауысып келіп байыған адамдарын жер-көкке сыйғызбай мақтан етеді. Шашубай мақтанының арқауы болған жоғарыда аты аталған Байбұлаң, Бақия, Барлыбек, Тұрлыбектер болады. Қалың Ұлы жүздің ішінде бірлі-жарым ауысып кеп қатарға ілінген арғынды мақтау Ұлы жүз адамдарының намысына тиеді. Олардың намысына тиген сайын, өзімшіл бай, мақтан құмар шенеуніктер Шашубайға өздерін көтермелете түседі. Сол кездегі Ұлы жүз елінің, оның ішінде Шапырашты, Дулаттың Бақия, Барлыбек тұстас кісілікті жігіттері: Байбұлаң, Баймолда теңдес бай саудагерлері арғыннан келген ақынға қарсы айтыстыратын ақын іздеп, сөз есесін қайтарып арғынның аптыққан бай, асқақтаған қара таяғына (оқығандарына) өздерінше қыр көрсетпекші болады. Алматы атырабы кісілігімен аты шыққан Шапыраштының бір белді ауылының баласы Мәңке болысқа қатар айтып, сол арқылы Жамбыл мен Шашубайды шайқастырмақ болады. Жамбылдың Алматыға келген хабары болған соң, Байбұлаң: «Тамаша менің үйімде болсын», — деп, сол шақырмақ болады. «Мен сол жылы 17 жаста едім, Мақыш деген ағам, кәдуелгі батыр Мақыш абақтыға түсіп қалып, соған азық апардым. Бұрын қаланы кермеген және ағаш, балшық үйде болып көрмеген едім. Апарған азығымды абақтының алдынан бердім де, енді кешке қайда барарымды біле алмай, қаланың үйлеріне тамашалап келе жатыр едім, арт жағымнан біреу «Ыбырайым» деді, жалт қарасам, Қисыбай еке, «Мұнда не ғып жүрсің?» — деп сұраған соң жөнімді айттым. «Енді қайда барасың, бүгін менің қасымда бол, атыңнан айрылып қаласың», — деп ертіп жүрді. Қисыбайдың жатқан үйіне келіп, атымызды қораға байлап, үйге кіргеннен кейін, үй иесі: «Қисеке, сізге бір кісі келіп тұр», — деді. Ол кісі үйге кіріп, Қисыбайға бір хат әкеліп берді. Хатты оқып Қисыбай: «Жарайды», — деп, әлгі үйдің шайына қарамай, шақырған үйге келдік, мені де тастамай ертіп келді. Үй тамаша салынған үй екен. Көктөбел деген, тақтайының бәрі сырлы. Есігінен төріне дейін жайып тастаған кілем, көрпе. Біз келіп отырған үйде, бізден бұрын үш-төрт жас жігіт отыр екен. Олар Қисыбайға сәлем беріп амандасты. Үстінде ақ шалбар, ақ кемзалы бар, басында қара тақия бар жігіт үлкен сырнайы бар, соны алып құбылып, төңкеріліп отыра алмай отырды.

Желтоқсан іші, күн шыңылтыр еді,
«Мына кісілер тоңып келді, шайды жаса!» —

деп, дөңгелек жер үстелге шай жасалды. Менің екі көзім гармоны бар кісіде отыр. Бұрын гармонды, ондай қыс ішінде аппақ киім киген кісіні, сәнді адамды көрмегем, тіпті есім шығып отырмын. Бір мезгілде сырттан кісілер келіп қалды деп абыржып, көп кісіні үйге кіргізді. Ол кісілер де төрге шықты. Бұл келген кісілердің ішінде Мәңке, Самижан және Жамбыл бар екен, амандасып отырғаннан кейін ол кісілерге де шай әкелді.

Бағанағы гармонды жігіт ойнақтатып гармонды тартып, өлеңді қоя берді.

— Баласы Қошқарбайдың мен Шашубай, Пәндесін артықты кем қылған құдай. Саңлағын Алматының жиып алып, Сыйлады қонақ қылып Байбұлан бай. Шаһарым Троицкі, Қарқаралы, Барады кешкі базар тарқағалы. Бірқатар тосын адам кіріп келді. Уа, шіркін, ішінде бұл адамның Жамбыл бар ма, Сол шіркін кеп отыр ма байқағалы, —

деп гармонымен төңкеріліп, әнін қосқанда, менің есім шығып кеткені сонша, өзім қасына таяу отырған Қисыбайға басымды соғып ала жаздадым. Қисыбай байқап отыр деп түртіп қойды. Осыны бір айтып, әнін төңкерілте бір қайтарып тастап, Жамбылға бір соқтығып, түрткі салып бір етті де, әріптестік сөз барымтасының шекесін бір көрсетіп, Жамбылмен бірге келген кісілерге соқтыға:

— Бір көзі Самижанның қисық екен,

Байбатшаң Мәңкеменен пұшық екен.
Болғанда бірің ойқы, бірің шойқы
Бәрің де бап келісіп отыр екен, —
деп мазақтай бастады.

Төрде отырған Мәңке: «Жамбыл-ау, мына арғын бізді өлтірді ғой, енді қашан», — дегенде; Жамбыл: «Айта түссін, айтқанымен қайда барар дейсің», — деп шай ішіп отыра береді. Тағы да Шашубай:

«Арқада мен айтамын салдығымды, Мұнда келсем айтамын
Бақия, Барлыбек, Тұрлыбектей хандығымды,
Қалада осы үшеуі аман болса,
Бұзбайды жандаралдар жарлығымды, —

деп гармонын қайта құйқылжытты.
Жамбыл шайын ішіп болып, домбырасын алып кие жөнелді:
«Шашубай, сен бір Арқадан қашып келген жалаң аяқ,
Жел сөзді не қылайын сенен аяп.

Тіліңді аңдап айт та, байқап сөйле,
Тимей ме, бүйте берсең, саған таяқ.
Шашужан, сен Көкшетау,
Қызылжардан келіп жүрсің,

Дидарын жақсылардың көрің жүрсің,
Аузыңда өлең деген мәлегің бар,
Әркімге сөйлеп - сөйлеп беріп жүрсің.
Шашужан, мен алдынан жақсылардың өтуші едім,

Мен дағы қуғаныма жетуші едім.
Ұлына Ұлы жүздің тіл тигізбе,
Жылыңда бір күн көріп кетуші едім.
Шашужан, мақтанбағың, Арқадан мен көрген арғын,

Бұл жерге бай боп жатыр келген арғын,
Келді де Жетісуға байып кетті,
Арқада без таба алмай жүрген арғын.
Шашужан, бастапта Байбұлаң келіп еді,

Мінгесіп қарала атқа,
Қос тігіп Алматы Тастағында үш жыл жатты,
Елімнің кеңшілігін сонан байқа,
Алсын деп тері-терсек аралатты.

Мұнымен Байбұланның тиын жатпай,
Қиқақтап қарала атпен отын сатты.
Жуындыммен бай болған Байбұланың,
Қойшысымен айтысқан байлар құсап,

Айтқаным жақсылығымды жарамас - ты.
Шашужан, мұнда келсе мақтайды Барлыбек, Бақиясын,
Сайлауға шықсаң екі көзің төбеңде ақиясың,
Әсте жоқ мұсылманға жақындығың,

Орыстың баса киіп тақиясын.
Құдайдың өзі патша, өзі құдай,
Бір жерден алар тауып оқиясың
Су орнына ішкенің арақ, боза,

Дозақтың ортасында отырарсың.
Дініңе кесек атқан сұрқиясың», —

дегенде, ішіп, қызып отыр екен, орысша киінген жігіт Жамбылға тұра жүгіріп қона түскені. Мен қайдан білейін, Бақия деді біреу артынан сұрағанымда. Оған Мәңке тұра жүгірді. Шартта-шұрт төбелес болды да қалды. Әлгі жасаулы тұрған шай, үстелі — бәрі тас-талқан болды. Қисыбай жылыстап далаға шықты, мен де ере далаға шықтым. Жанжал басылып, Байбұлаң далаға шығып, Қисыбайды үйге кіргізді. Елді тыныштатып отырғызды. Енді айтыс тоқталды. Гармоны бар кісі, әлгі орысша киінген кісілер, олар басқа үйге барып даурығып жатты. Біз отырып тамақ ішіп, үйге қайттық. Ел тарқарда Байбұлаң келіп: «Бір тамаша істелік деген соң шақырып едім, аяғы ұяттау болып кетті. Ұлы жүздің баласы үй менікі, жол сіздердікі», — деп, Қисыбайдың алдына 40 сом ақша әкеліп қойды. Қисыбай 40 сомның 25 сомын Жамбылға беріп, қалғанын отырған елге үлестірді. Сонда маған 50 тиын ақша берді. Ертеңінде елге қайттым. Осы өлеңді сол айтқаннан ұғып, елге айта келдім», — дейді Ыбырайым Байсімбет баласы. Ол кісі биыл 58 жаста. Сонда Жамбыл мен Шашубайдың айтысқаны 1904 жылы болғаны дәлелденеді. Мұны бізге Ыбырайым 20 желтоқсан күні 1945 жылы айтты. Үмбетәлі де, Өмірзақ та тап осы Ыбырайым айтқандай қысқа және жыл мөлшерін де осылай айтады. Ал Шашубай айтысының бұрынғы кітаптарда басылып жүргені көп қосылып, аса өзгеріп кеткен және Құлмамбет пен Жамбыл айтысының сөзі осы айтысқа араласқан. Оның үстіне Майкөт ақынның Сарыбай асына келіп қайтқан жолы айтқан өлеңі де Шашубай сөзіне араласып кеткен. Менің байқауымша, мынау адамдардың айтқаны дәл шындық. Өйткені бұлар көзімен көріп, ішінде болған адамдар. Жамбыл мен Шашубай осы айтыстан кейін өте жақын болып кетеді. Екеуі достасып, Шашубайдың Арқадан ала келген ете соны, жақсы әні, әдемі жыры, Шортанбай ақынның, Дулаттың жырлары болады. Бұл жырлар Жамбылға өте ұнайды. Әсіресе Арқа елі кеңейтіп, әдемілеп айтатын Асанқайғыны жөніндегі әңгімелі жырлар ақын жүрегіне қозғау салғандай, ел мұңының, халық арманының түйіні тәрізді болады. Құтты қоныс іздеген сыршыл, қияли ақын бетін терең сырға аударады. Жамбылдың ертерек ұғып ел айтуынан, Күсеп жырлап кеткен «Өтеген жырын» Асанқайғы сарынына салып жырлауға бейімдейді. Жамбыл осы Шашубаймен айтысып, оның жырымен, үлгілі ақындардан алған үлгісін өзіне үлгі етіп, ел бас қосқан жердегі Жамбылдың көпшілікке таңдап айтар жыры «Өтеген жыры» болады. «Өтеген жыры» арқылы Жамбыл сол кезде қазақ елінің патша отарына қапталынан ілінген жер - судан ерік кетіп, қонысы тарылған, бастан ықтияр кеткен кезін «Өтеген жыры» арқылы ел көкейіне елеулі із түсіре сипаттайды. Жамбылдың ақындармен кездесіп айтысуы тек елді, руды, өз елінің байын, атқа мінерін мақтаумен ғана аяқталмай, ар жағынан басқа арна табады, ол арнасы ақындық өрісінің соны белеңі, әр саладан келетін халық ақындығының алуан тарауларына танысу болады.

ЖАМБЫЛДЫ ЕКІ ҮЛКЕН ДАУДА КӨРДІМ

Есқожаның Жарылғап деген руынан, атақты Қараш батырдың ұрпақтары Молдабек Жетібай баласы 1944 жылы 26 тамызда бізбен әңгімелесті. Бұл кісі Жамбыл ауданы «Октябрь» колхозында тұрады. Жасы 60-тардың шамасына келген адам. Жамбылдың жас кезінде де, кейінгі уақыттарда да жақсы білетін, көп кездескен, бірнеше мәжілісінде болған адам. Молдабек қарт: «Жамбылды ерекше ойымда қалдырған бір - екі топтағы сөздері болды», — дейді. «1906жылы Күншығыс Кәстек болысына қараған елде ұлан - асыр бір үлкен дау болды. Бұл дау Батыс Кәстек болысына қараған Ботбай деген кісінің Әлфия деген сұлу қызын Шығыс Кәстек болысына қараған Шалабай Кемперек баласы құда болып айттырған еді. Қыз артынан күйеуін менсінбей, Ырғайты болысына қараған Қасқарау руының Құрманқұл Солты баласы деген жігітпен қашып кетті. Осыдан ел егер болып қатты барымталасты. Екі арада сан адам соққыға жығылып, өзара қазақшылап бітіге келе алмай, жұмыс қаладағы үйезге арыз беріліп барып, соған тірелді. Содан екі жақ та Алматыға шақырылып, қалаға Есқожа, Екейден 400 кісі, Дулаттан 500 кісі, 900 кісі бардық. Екі елдің адамы біріне бірі жақындасып қалса, жанжал шығып кетеді деп, қарулы стражниктер қалаға екі көшемен алып кірді. Екі жақтың адамдары кеңсе алдына келіп екі жар болып отырды. Сонда Шапырашты тобының ішінде Жамбыл да келді. Жамбылдың сақал-шашына ақ кіріп ұлғайып қалған кезі еді. Үйез алдында екі жақтан кісі шығып, дауға түсті. Төле биге кісі белгілеуде Дулат жағы Мәңкені қалады. Бұл Жаныс руынан шыққан белгілі жуан болыс болатын. Шапырашты руы Құттық Сейіттің Құдайбергенін қалады. Осыған екі жақ талас болып, келісе алмай көп айтысты. Сонда Жамбыл жұлып алғандай:

«Аласаны атқа санама,
Жақсыны жатқа санама,
Жаманды еске санама,
Бір сынаған жаманды

Екі қайта сынама,
Тіріде көңілің қалса,
Көзіңе құм құйылсын,
Өлгенде өкініп жылама, —

деген. Мәңкені біз де жат көрмейміз», — деді. Сонда Шапырашты жағы Жамбылдың осы сөзінен Мәңкеге келіп тоқтады. Мәңке өзі қалап қасына Таутүрген болысына қараған Саймасай деген кісіні және Шала қазақ Мырқасым деген кісіні, Ысты Қасабек деген кісіні қасына алып билік айтты:

«Қыздың қалың малы 100 жылқы.
50 жылқыны табанда берсін,
50 жылқыны елге барған соң берсін,
әйтпесе қызды осы жерде төркініне қайтарсын.

Екі түйе, екі ат айыпты қызды алып қашқан
Қасқарау руы берсін.
Барымтаны екі жақ иіре отырып,
түзу сөйлесіп қайтарасың», —

деп билік айтты.

Қызды алып қашқан Қасқарау жағы малға келген бітімге қуанып 50 жылқының ақшасын сол жерде санап берді. Осымен бұл дау аяқталды. Сонда ел: «Жамбылдың айтқан бір ауыз сөзі Мәңкенің мойнын өз ағайыны Қасқарауға бұрғызбады, аузына қасиет қонбаса ақын бола ма?» — деп тарқасты. Онан соң 1910 жылдар шамасында жаз жайлау үсті еді. Қырғыз бен қазақ қатарласа жайлауға қонған кез. Боралдай деген жерде Шабданмен немере Далбай деген қырғыздың манабына ас берді. Бұл асқа қырғыздың Сарыбағыс, Солты рулары, қазақтан Дулат, Шапыраштыны шақырған. Жайлау кенересіндегі ел тегіс бас қосты. Асқа тігілген сегіз үйге адам сыймай, қырғыздар тағы да әкеліп көп үй тікті. Аста 97 ат бәйге қосылды. Бас аттың бәйгесі 100 жылқы еді. Осы жиында Жамбыл болды. Қырғыздың Солты деген руынан шыққан атақты ақын Қалмырза да болды. Бұл екеуін ел айтысады деп лақаптап көріп еді, Қалмырза Жамбылмен айтыспады. Қырғыздың айтыс деп барған кісілеріне Қалмырза:

— Ұруым болат шертке

Ұраным болады Сарбағыс,
Менің мұнда жүргенім,
Манаптар сізге шоң намыс.
Батыр Шабдан, Бәйеке, Мәмбетәлі, Дүреке,

Төртеуің тұрып бар дедің,
Бетегелі жер дедің, Берекелі ел дедің,
Берсе дағы бермесе, Бір жолға барып кел дедің, —

деп, өзін елемей кедейлікпен басқа жақта, яки «Солты» ішінде жүргенін мін көріп айтқаны болса керек. Осы жөнінен Жамбылдан сөзге жығынды боламын деп қағыспағанын да ел осылай деп жорыды. Сонда байқадым, қырғыздың Қалмырза деген сол кездегі белгілі үлкен ақыны еді. Жамбылмен айтысуға именгендей болды. Бас аттың бәйгесі үлкен дау болды. Ат 25 шақырым жерден жіберілді. Көмбеге (сөреге) Шабданның құнан торы деген аты мен Шапырашты Ақшал Мырзабек баласының сары қызыл аты қатар келіп кірді. Сөреден өтерде сары қызыл аттың мойыны озып шықты. Бірақ қырғыздың Бәйеке деген манабы бәйгені қазаққа бермей дау айтты. «Қазақтар сары қызыл атты жолдан ұрлап қосты, әйтпесе құнан торымен қайдан таласып келсін ол», — деп, бәйгені бермей отырып алды. Ат айдаған қырғыздың Солты деген руының белгілі тәуір жігітінің бірі Сағымбай деген адам еді. Ол сары қызыл аттың жел түбіне бірге барып, бірге шауып қайтқанын айтты. Ол сөзге Бәйеке тоқтамай, қырғыздың Боранбай деген дұрыс адамы (Манап емес, жай қырғыз) әділдік айтып: «Қазақтың атының багына Бәйеке бассыздық істеме, бәйгесін бер», — деді. Оған да Бәйеке көнбей, Боранбай екеуі содан ұшынып, ерегесіп, біріне бірі пышақ ала жүгірді, ел әрең тоқтатты. Боранбай: «Бәйеке, не бетіңмен тұлпардың бағына зорлық қыласың. Өзің құнан торыны жолдан ұрлап қосып отырып», — деп, ел алдында мойындатып айтып салды. Сонан Бәйеке онан сайын қырғыз, қазақ болып жанжалдасып кете жаздап, аяғында: «Қапың болса, екі атты қайта жіберейін, бәйгесіне өзімнің қызымды тіктім. Шыдасаң, ел алдында сөз байла. Сары қызыл ат менікі, құнан торы сенікі» деді. Аяғында екі жақ сенімді адамнан кісі шығарып, айдаушыны алып Шабданға барып, айдаушының куәлігімен бәйгені қазақтар алды. Бас балуанды қазақ Дулат руынан барған Толықбай деген жігіт жығып, екі бас бәйгені осы жолы қазақ әкетті. Осы аста қырғыз, қазақтың басты кісілері Жамбылға көп өлең айтыртты. Тап не айтқанын ұғып қала алмадым. Бірақ екі аттың бәйгесі таласқанда Бәйекеге келіп: «Атыңның аты да құнан еді, өзі де шалағайлығын істеді. Ойнағанда тай озады, шындағанда ат озады» деген емес пе, қайтесің таласып», — деп сықақтап күлгенін білемін. Артынан құнан торынын, ұрлап қосқаны ашылып, Боранбайдан жығылып тұрғанда: «Ер жігіт тобадан жаңылғанда, ілгері басқанның иті оттап, есігінен есек бәйгі ілінер», — деген. Біздің Мырзабек баласының әлі беті қайтқан жоқ. Бекер таластың», — деп мысқылдап, тағы да сөзбен жеңді. Жамбыл осыны айтып тұрғанда, Қалмырза тағы да Жәкеңнің осыны айтып тұрғанда, Қалмырза тағы да Жәкеңнің қасына келіп тұрып, қырғыздың көп кісілеріне қарап жылап кетті. Сондағы айтқаны:

Ойнадым қарта, құмарды,
Білмедім құдай ұрарды,
Қалмырза жыршы келіп тұр,
Сөйлейін деп өліп тұр.

Бала құстай төніп тұр
Сарыбағыс, солты, саяқтан,
Тімтіп келген сояқтан,
Құрымана құр болыс,

Ел түзесін қай жақтан,
Қалменнің ұлы Қалыбай,
Дейдінің ұлы Салыбай,
Жеті кендек Боранбай,

Жетіліпті Ұшаңдай
Жеткелеңі дейді би
Дейдінің ұлы Салыбай,
Ол кіші інісін алыпты танымай,

Лепестің ұлы Құрмасың,
Тақырлап шапқан қырмансың,
Күнде құран ұрғансың
Түнде құран ұрғансың,

Сен қай жерде уәдеде тұрғансың.
Уәдесі жоқ сендейлер
Әрдайым үстіп құр қалсын», —

деп, аттың бәйгесінен айрылып, ұятты болып тұрған Бәйекені табалап қоя берді. Қырғыздың ас берген ауылы Жамбылға да, Қалмырзаға да жол беріп әрең тоқтатты.

ЖАМБЫЛ ӨМІРІНДЕГІ КЕЙБІР ЕЛЕУЛІ КЕЗЕҢДЕР

Жамбылдың жасы 50-ге келген кезде де орта дәулеті болған. Осы күндегі кенже баласы Тезекбайдың шешесі Қанымжанды айттырып алған кезде, Жамбылдың 100-ден аса жылқысы бар, қатарлы үй еді деседі ауылдары. Алғашқы алғаны Орымбет қызы Момын деген кісіден туған үш ұлы болған. Қожаш, Қожамберді, Қожақ деген балалары өз алдына үй болып бөлініп кеткен кезі болатын. Жәкеңнің Қожаш деген баласы өлең айтып, ауыл арасында көзге көріне бастайды. Бірақ Жәкең Қожаштың өлең айтқанын жақсы көріп, жол бере қоймаған. Сондықтан Қожаш Жәкеңнің көзінше өлең айтпай, ылғи ұрланып айтады екен. Бірақ Қожаштың өлеңге ыңғайы барын таныңқырап, есейген кезінде, Жәкең біраз өзінің өлең айтып алысқа ұзап жүруін тоқтатыңқырайды. Осы кезде Жәкеңнің біраз уақыт ел арасының сөзіне кіріскен жағдайы болған. Оның бір үлкен себебі мынадан болған тәрізді. Жамбылдардың өзімен аталас, бәйбіше баласы атанатын, оның ішінде Сәдібектен шыққан белгілі, беделді кісі болған, Сарыбайдың бел баласы Қисыбайдың ел билеген кезі болады. Қисыбай Жамбылды аға тұтатын, аз да болса сыйлайтын жағдайы болады. Өйткені Сарыбайдың өзі тірі күнінде Жамбылды әрі тәуір көріп, әрі Қисыбайға аға бол деп Қисыбайдың қасына көп ерткен кісісі болған. Сондықтан Қисыбай бір келелі істе Жамбылға ақылдасып та жүретін жағдайы болған. Бірақ болыстық шарына таласу, сол арқылы кедейді байлар қанаушылық көбейіп, халықтың күйзеле бастаған кезі болады. Екей іші, оның ішінде сол Сәдібек арасының өзі бірнеше рет үлкен партия болып қатты бүлінген. Әсіресе бірнеше жыл болыс болып елден бойы асып алған Қисыбай, ұзақ уақыт би болған Күртібай (бұ да Жамбылдың жақын ағайыны) Сәдібек кедейлерінен көп адамға зорлық істейді. Олардың көрген зорлық, тартқан зардабы Жамбыл сияқты халық мұңына тілдес өскен Саққұлақ, сұңғыла адамға ауыр тиеді. Сондай бір кезеңде бір үлкен қызу партия басталады. Атақты Сүйінбай ақынның көзі тірі кезінде оның баласы Малыбай болыс болуға талас шығарады. Қисыбай, Күртібай, Тәйтелі бұлар Малыбайдан және Асылбек деген байдан көп ақша алып, болыстықты соларға бермек болады. Ылғи байлардан жуандық зорлығынан алым шығынды кеп тартып, қажыған ел өздеріне жанашырдай тәуір адамды сайлауға бет алады. Елдің қалап, сайлаймыз деген кісісі дәулеті аз, өзінше адал, елге зорлығы жоқ Бәйсерке деген жігіт болатын. Бәйсеркені сайлаймыз деген көпшіліктің ауқымына Жамбыл да кіріседі. Осыдан барып Күртібай, Қисыбайлармен Жамбыл осы сайлауда қатты қарсы болады. Өйткені Әлти, Қосай деген Екейдің жуан қамшы байлары, көп зорлықшыл рулары, егер қолдарына болыстық тисе, ел нашарларын бұрынғыдан да жылатады деген ойы болады. Осыдан барып Жамбыл Күртібай, Қисыбайлардың айтқанына көнбей, қарсы шығады. Қызу тартыс үстінде байлар жағы ақшаны көп шашып, елді бөлектеп, Жамбылдар жағынан да кеп кетіп алып кетеді. Байлардың осы озбырлығына қарсы Жамбыл ерекше тапқырлық істейді. Ол сайлауда ақшаға сатылған ағайындарын қайтару үшін Күртібай, Тәйтелі сияқты жуандардың Қарамұрын деген жердегі жалпақ егістігін, 500 десятина жерді Ұзынағаштың мұжығы Авручка деген орысқа бір жылға 1000 сомға арендіге беріп, ақшаны алып елге үлестіреді. Тәйтелі, тағы басқа ағайындары ол жылы егін сала алмай, жеріне бір жылға Аврушка ие болып қалады. Содан үлкен жанжал шығып, осы төбелесте Жәкеңе де таяқ тиеді. Артынан ағайын татуласып бас қосып отырғанда:

Сәдібектен бөлініп болдым саяң,
Нарықсыз жамандардан жедім таяқ.
Түбің бірге болған соң, түтпейсің ғой,
Бәлені жаудырып ең аямай-ақ.

Үш тоқал болыс болды атпай-шаппай,
Қисыбай, іс істедің ебін таппай.
Күртібай үш тоқалға еріп кетті,
Адасқан ай жарықта ақ боз аттай», —

деп айтқан Жамбылдың осы өлеңі бұл оқиғаның болғанына дәлел. Бұл оқиғаның кезінде Жамбыл ру басы, партияшыл кісі болып кіріспеген. Бірақ Екейдің, оның ішінде өз атасының нашарларын жақтап Күртібай, Қисыбай, Тәйтелі сияқты атқамінер жуан ағайындарының елді саудаға салып, болыстықты байға сатқанына ыза болып қарсы тұрған. Нашарлардың сыбағасына істеген зорлығына ерегіскендей, оларды тартыста жеңіп алмағанмен, олардың жанына бататын жерін сатып, нашар ағайынға аузына су тамызғандай, аз да болса пайдасын тигізген. Бұл оқиға Жамбыл өмірінде өте бір ескерулі кезең болған. Ол осы тартыста өзімен өмір бойы дос болып келген Қисыбаймен де көргісіз болып араздасқан. Өзіне ұстаз тұтқан Сүйінбай ақынның баласына болыстықты кезі тірісінде бергізбеуге басшы болып қарсы шыққан. Бұрын ағайын, туғанның бәрін дос, бәрін бір атаның баласы деп, туысқаншылық істеп, тұтас қарайтын Жамбылға ағайынның да ағайына бар екені, жуандардың сыры өте-мөте осы жолы ашылғандай болады. Осыдан кейін ол осы өзі жақын көрген Қисыбай, Күртібайларға өлеңмен тиіп, мінеп отыратын сыншы бола бастайды. Қисыбай Жамбыл сөзін көп кектемейді екен. Өйткені Қисыбай да өлеңді әдет қылмағанмен, бір ауыз, жарым ауыз сөзбенен Жамбылменен көп қағысатын әзілдес болған. Бұлардың арасындағы әзіл өлеңдері өте көп. Қисыбайдан Жамбылдың бірсыпыра жасы үлкен екенін жоғарыда айтқанбыз. Бірақ екеуі ете ерте жолдас болғанын да айттық. Сондықтан бұл екеуі өлеңмен көп қатысқан. Бірде Қисыбай мен Жамбыл екеуі өздерінің Есболат деген аталарының бір дәулетті кісісі Қайназар деген байдың үйіне келіп отырады. Қайназар Қисыбайға әзілдеп: «Мына Жамбылдың өлеңін күнде естіп жүрміз, шырағым, сенің де үніңді естиік, бір кішкене өлең айтшы!» — дейді. Сонда Қисыбай:

— Қыз өсірдің бұладан,

Ит жинадың құладан..
Aт мінесің қасқа аттан,
Қатын алдың ақсақтан», —
дейді де: «Ендігісін, Жәмеке, сіз айтыңызшы», — дегенде, Жамбыл:

«Қасыңа келген ақсақты
Кәпірден жаман қаңсаттың.
Қарағаш, алмаған ектің шайырды,
Жаман-жақсы болғанмен,

Қайназар атың жайылды», —
депті.
Міне, осылардың осылай да қатар бір өлеңді бөліп айтқан көздері де болған.

Жоғарыда айтылған Қисыбай мен Жамбылдың партия жөніндегі өкпелері біраз уақытқа созылған болса керек. Жамбыл Сарыбай аулына, Қисыбайға кепке дейін қатынаспай жүреді. Сонан екеуі бір жиында кездесіп қалады. Жамбылға Қисыбай сәлемдесіп:

«Ассаламағалайкүм, Жамбыл ағам,
300 сом қарыз болып мінді маған.
Шешең жаман кісі еді күңге шатыс,
Баласы ең Жапа ағамның айттым саған», —

дейді. Өткен сайлаудағы таласта көп шашылған ақшадан Қисыбайдың мойнына бірсыпыра ақша мінсе керек. Және Жамбыл Күртібайдың Тәйтелінің 500 десятина жерін орысқа 1000 сомға жалдап, ақша алғанын естіп, осыдан барып айтылған сөз болса керек. Сонда Жамбыл жұлып алғандай:

Шешеңіз сарт болғанда, әкең ақсақ,
Айтысалық сенімен өлең тақпақ,
Жетігенттік сарт қызы шешең Бүбі,
Сен де қазаң болар ма ең үш жыл бақсақ», —

дейді. Жұлып алғандай Қисыбай да:
«Жамбыл тайпақ,
Жамбыл өлең айтады құдай жайқап,
Жапекемнің оң көзі қалай еді,

Өлерінде көріппең оны байқап? —
дегенде, Жамбыл:
«Соқыр көзі әкемнің алтын депті
Сарт қазаққа бүгінде мансап жетті.

Болыстықты өзіңнен алып қойсам,
Іздеп таппай жүрерсің
Жеті кентті.
Қасқа айғырдың тізгінін қағып жүрсің,

Сарекемнің жылқысын бағып жүрсің.
Сендей сарттар базарда нан сатып жүр
Наның сатпай бұл жерде неғып жүрсің?» —

деп ащы тілге Жамбыл да Қисыбайдың жер-жебіріне жетеді. Бұл өлең ел аузына таралып кетеді. Бірақ Қисыбай оны өзекті кекке айналдырып алысқа апармай, о да Жамбылға өзінің осы сияқты бір ауыз, жарым ауыз өлеңдерін айта жүреді. Бірақ ол өлеңдердің бәрі біздің қолымызға түскен жоқ. Жамбылға әкесінің алғашқы айттырып әперген әйелі Момын деген кісі. Жаныс елінің Орымбет деген руының қызы екен. Момын деген кісі момын десе, момын адам, бұйығы ғана шаруасына ие кісі болса керек. Бұл кісіден Жамбылдың 3 ұл, 2 қыз баласы болған. Момыннан туған 3 ұлдың ең үлкені Қожақ ержетіп үйленіп, енші алып, Бөлек шыққан кезде жастай ауырып өледі. Одан бала қалмайды. Онан кейінгі баласы Қожаш 1933 жылы өлген. Бұл баласы — ақындық жағынан Жамбылдың өзіне тартқан, ел арасында белгілі бола бастаған адам. Бұл жайында айрықша айтылатындықтан, бұл жерде оны сөз етпейміз. 3-ұлы Қожамберді, бұ да сол Қожаш қатарлы 32-33 жылдарда өлген. Бәйбішенің баласынан қазірде ұзатқан Гүлтай деген қызы ғана тірі (Амангелді колхозында тұрады). Жәкеңнің әкесі өліп, ағасы Меккеде өліп, онан кейінгі інісі Қоман тағы да өліп, 1895-жылдан 1910-жылдардың арасы өте ауыр жылдар болған. Осы кезде Жәкеңнің күйі ауырлап, өмір қызығынан көңілі суынғандай, өлеңнен де біраз тоқталғандай болады. Оның үстіне Жәкеңнің көптен жолдас болған бәйбішесі Момын да сол кезде өледі. Содан кейін Жәкең осы Тезекбайдың шешесі Қанымжан Итқара қызын айттырып алады. Ол кісі — Дулаттың Ботбайынан тарайтын Тілеуқабыл деген руының ішіндегі Итқара деген кісінің қызы Қанымжанды айттырып алған кезде, Жамбылдың 100-ден аса жылқысы бар, жақсы дөңгелек дәулетті болған. Қанымжаннан төрт Ұлтуған. Олар: Алғадай, Шыныбай (бұл жастай өлген), Ізтілеу, кенжесі Тезекбай. Алғадай мен Ізтілеу Отан соғысы кезінде әскерге алынып, майданға барған. Ол балаларынан қазір хабар жоқ. Жамбыл қыздай алған бұл екі әйелінен басқа, ағасы Тәйті Меккеге кетіп сонда өтеді, сол ағасының қырғыз қызы тоқалын Жамбыл алады. Одан бала болмаған. Ол кісі де ерте өліп қалады. Одан кейін інісі Қоман өліп, оның әйелі жастай жесір қалған соң, оны да Жамбыл алған. Бұл келінінің аты Ардан деген кісі екен. Арданнан бір ұл, бір қыз туады. Ол балалары осы күнде бар. Сонымен, Жамбыл өз кіндігінен 11 бала көрген. Олардың қазір тірісі төртеу: екі ұл, екі қыз, қалғандары өлген. Жамбыл өз өмірінің ішінде әлденеше әйелді сүйіп, бірақ оның ешқайсысына да қолы жетіп ала алмаған. Жамбылдың алғашқы жас кезінде бір қызды ала алмай қалғанын біз жоғарыда айттық. Одан кейін Сүйінбайдың қасына еріп жүріп бір келіншекпен танысып, оны да алып қашады. Бірақ оны да сіңіре алмай қайтарып бергенін осы әңгіменің ішінде жазып отырмыз. Тағы сол сияқты өздерінің жақын ағайыны Ораз дегеннің Баяу атты сұлу әйелімен көңіл қосып, жақын болған. Ол әйелдің күйеуі Ораз дейтін жігіт өліп, әйел жесір қалады, әмеңгері Ожан деген жігітті Баяу менсінбейді. Жамбылға тимекші болып көп талпынады әйел. Бірақ ол күндегі әйел еркінің ғұрып тұзағында болғандығы бұларға бөгет болған. Және Жамбыл көбінесе ағайынның өкпесінен именіп, оны да ала алмай, ел талқысынан шыға алмаған. Мінеки, Жәкең ескі әдет-ғұрыптың сан шырмауына түсіп, әйел теңсіздігі түгіл, өз басындағы азаттығы болмаған. Осындай ауыр халді басынан кешірген, сүйгеніне қолы жетпей, сүймесе жар, үйлеспеген сынық көңілді жамап-жасқап өмір кешірген.

ЖАМБЫЛДЫҢ ЖАҚСЫ КӨРІП ЖОЛДАС БОЛҒАН БІР КІСІСІ ҚОСАЙ ШЕШЕН Жамбылдың көп әзілдесіп, аса жақсы көрген кісісі Шапыраштының, оның ішінде Есқожа руының ішіндегі Жәпек деген аз атасының баласынан шыққан Қосай Ажыбай баласы деген шешен болған. Қосайдың әкесі Ажыбай момын ғана, жай шаруа кісі екен. Қосай жастайынан ел аузына ілінген шешен адам болыпты. Жетісу атырабындағы Шапырашты, Дулаттың өз тұсындағы адамдары Қосайдың шешендігін аса жоғары бағалаған. Біз жоғарыда Қосайдың атасы Жәпек Есқожа руының ішінде аз атаның баласы дедік. Қазақтың мақалы бар, «аспанда ұшып жүрген қаз баласы, атаның таяқ жейді аз баласы» дегендей, Есқожаның өскен жуан ауылы Мырзабек, Кәшкенің тұқымдары Жәпек тұқымына көп зорлық істейді. Соның бірі Сұраншының атқа мінген батыр болған кезінде Жәпек тұқымына аса бір өрескел зорлық істейді. Соған өкпелеп Жәпек тұқымы Қарқара Текес жақтағы Албан ішіне көшіп кетеді. Ол кезде жас бала екен. Жәпек тұқымының Қарқара, Текес бойына қарай ауғаны Сұраншының батыр аты шығып, қатарға кірген кезі дедік. Есқожа ішінде өскен жер Түрікпеннің төрт баласы болып табылады. Бұлар әрі бай, әрі азаматты болады. Сол Түрікпеннің төрт баласынан шыққан жігіттерді бастап ту көтеріп, Сұраншы қырғыз елінен барып кеп мал алады. Малды әкеліп үлескенде, Сұраншы: «Кәшкенің туының сыбағасы», — деп, таңдаулы бір атты оны алады. Екінші «қол бастаған өз сыбағам» деп, бір айғыр үйір қысырақты және алады. Сұраншының бұл өктемдігін Жәпек тұқымының бір жігіті көтере алмайды. Жігіттің аты Ошпыр екен: «Ей, Сұраншы, атамның туы деп бір жапырақ шүберекті ағашқа байлап алып, алдымен оны аласың. Ақ найзамның сыбағасы деп, онан кейін тағы аласың. Біздің Жәпектің де біреуі ақсақал болып, бір қара алса қайтеді?» — деп Сұраншыға қарсы келеді. Сұраншы маған қарсы сөз айтты деп, Ошпырды ұстатып алып, сол жерде қанжармен басын кесіп алады. Ошпырдың сүйегін үйіне алып келгенде, Сұраншы өзі ой бауырымдап ат қойып келіп, Ошпырдың әкесі Шаңқанға керіседі. Және «Бауырымның сүйегін өзіме бер, ашу жеңді, қазасы өзімнен болды. Құнға жығынды етіп мені құртпа. Ат шаптырып асын өзім берейін, сүйегін өз қолымнан күтіп жөнелтейін», — дейді Сұраншы. Оған жалғыз азамат баласынан айырылып, Сұраншының қаһарлы қанжарынан өктемдік көріп отырған Шаңқан ырзалығын бермеді. Оған Сұраншы да қайтадан сөз қайырмай, аттанып кетіп қалады. Жәпек руының күш қылып, Сұраншыдан құн алуға шамасы келмей өкпелеп көшіп кеткені сол екен. Шаңқан қартаяды. Жәпек тұқымы Қарқара, Текестегі Албан ішінде кірме болып біраз отырады. Біраздан кейін елді, жерді сағынып Текестен қайта кешіп Алматы айналасына келеді. Шаңқан өзінің жалғыз баласына еселі құн, елеулі кек алмағанын арман етіп отырып, жас Қосайды туысқандарына көрсетіп отырып айтыпты. «Ошпырдың құнын Мырзабек, Кәшкенің тұқымынан сұраса, түбі осы сұрап алады. Осының бетін қайтармай, еркін өсіріп, еркелете беріңдер», — депті. Бұл жерде бірталай уақыт өтеді. Қосай ер жетеді. Жетісу елі орыс патшалығына қарағаннан кейін барлық дау шары орыс Ұлықтарының алдына барып, заңға тірелетін күн жетеді. Сол кезде Жетісу еліне төрт кісіден қазы сайланады. Біреуі Екей Сарыбай, екіншісі Әжіке Смайыл (бұл — Мәңкенің әкесі), үшіншісі Жалайыр Балпық, төртіншісі Тіленші деген кісі болады. Осылар елдің дауын бітіретін заңды адамдар болады. Бірақ бұларға ұлықтар айдап салып тапсырған ғана дау болмаса, өз беттерімен билік ету, ер құны, жесір дауы сияқты үлкен жұмыстарға қол сұға алмайды. Қосайдың алғашқы атқа мінген, ел сөзіне араласқан кезінде, Албанның ең бір аталы жуан жерінен, Ажыбай тұқымынан шыққан Мақсұт болысты Бақтияр деген байдың баласы Күржібай өлтіріп, сонан үлкен дау болады. Мақсұт туралы Құлмамбетпен айтысқанда Жамбылдың айтқан мына төмендегі өлеңі осының болғанына дәлел.

Батыр Саурық, Сұраншы жаудан өлген,
Халық үшін шаһит болып жанын берген.
Елді қорғап өлгеннің арманы не,
Қалың қазақ құрметтеп соңына ерген.

Қожалық қып кетті ме Мақсұт ағаң,
Ағайынмен ұрысып даудан өлген.
Шапырашты, Дулаттың бәрі куә,
Шытыр жеген өгіздей аунап өлген, —

дейтіні осы Мақсұт өлімі. Мақсұтты өлтірген Бақтияр баласы Алматы қаласындағы Әпсемет деген шала қазақпен жалғасып, Әмір Әмзе деген зәкүншік арқылы үйезге көп пара беріп, Мақсұттың өзінің өлімін аяқсыз кетіретін болады. Мақсұттың өз өлімі былай тұрсын, оның артындағы баласы Мәсімханды және Ажыбай тұқымынан 12 адамды жер аудармақ болады. Осы улан асыр дауда Сарыбай да, Қосай да болған.

— Жігіттер, бір іс зиян, бір іс пайда,

Бір қырсық пайда болды Ажыбайға,
Қиын күн Ажыбайға болып кетті,
Қосеке, Мәсімханды мықтап ойла.
Аспанға алып қара құстай алып ұшқан

Кешегі ер Мақсұттың құны қайда? — деп, Албан Одаман ақынның Қосайға айтқаны бұл оқиғаның болғанына дәлел. Және Қосайдың осы дауда ерекше озып шығып, ел көзіне түскеніне де бұл дәлел. Параны көп алып, Әпсемет Әмір, Әмзе арқылы Бақтияр жағына болысып, ояз елге жауап бермей қояды. Сонда Қосай отырып: «Ұлық ашуланғанша кісі айтатын сөзін айтып болмай ма?» — дейді. Сонда Сарыбай отырып: «Оңай болса, өзің барып айтсаңшы», — дейді Қосайға. Қосай орнынан ұшып тұрып ояздың қасына келіп: «Арыз», — депті. Сөзін тыңдамай қырыстап, ояз жүре береді. Қосай даусын қаттырақ шығарып: «Тоқта, ұлығым, өзіңе жалғыз тараншы керек пе, жоқ, мына тұрған жұрт керек пе? Мына жұрт шындаса, өзіңді де әурелемей ме?» — дегенде, ояз тура қалады. Қосайға атпаған қабақпен қарап: «Е, неғыл дейсің?» — депті. Қосай именбестен: «Менің айтқаным — мына отырған елдің арызы. Ел керек болса, елдің арызын тыңдайтын болсаңыз, мына шала қазақтың көзін жоғалт», — деп, қолымен Әмір, Әмзені көрсетіпті. Ояз ойланып тұрып-тұрып: «Бұл ел сөзі ме, жоқ, сенің өз сөзің бе?» — депті. Қосай: «Бұл елдің де сөзі, менің де сөзім, сенбесеңіз, мына тұрған елден сұра», — депті. Жұрт: «Бәріміздің сөзіміз», — деп шу ете түсіпті. Сонан ояз өзінің ойланып қойған теріс бетінен тоқталады. «Олай болса, жұмыстың бітімін қазылар айтсын», — деп, билікті елдің өзіне береді. Қосай келіп қайтадан орнына отыра бергенде, Сарыбай Айдос баласы: «Қосайым, Қосай-ақ екенсің ғой», — депті. Қосай: «Сареке, мені несін салмақтайсың, мен есейсін десең, есесіз кеткен ерімнің құнын әперсеңші», — депті. Сарыбай: «Қосайым, солай ма еді, жарайды. Сен даула, мен баулайын», — деген екен. Сонан кейін тағы бір жиында Қосай Ошпырдың құнын сұрай-сұрай Сұраншының інісі Андас датқа мен қазылар алдына жүгініске келіпті. Андас жүгінер алдында, өзінен құн сұрап, дауға түскелі отырған Қосайға қарап: «Өспес ұл өнбес дау қуады деп, шіріген дауды шыт жаңа ғып қайтесің? Ағайынбыз, алдымен қонысыңа кел. Ошпырды өлтірген Сұраншы да жоқ, өлтіріскен жолдасы да жоқ. Артында қалған ағайынмен араздық тұтып қайтесің?» — депті. Қосай жұлып алғандай: «Жетпеген дау — жеті кесімді, қолым жетпесе, әлі де жеті рет кестіремін. Қанды қол жоқ болғанымен, қанын ұрттасқан сен барсың», — деп аузын аштырмайды. Сарыбай Ошпырдың құнын кесіп, Қосай Кәшке тұқымынан үлкен теңдік алады: Осы екі бөлеңде Қосайдың аты бүкіл Жетісу еліне жайылып, белгілі шешендігі ел аузында таралып кетіпті. Жамбылдың:

Қызғалдақтай жүзі бар Саймасайдың,
Кесірлі қатыны бар Алмасайдың.
Қырғыз, қазақ бас қосса, топ жарады
Жиреншедей тілі бар ер Қосайдың, —

дейтіні — Қосайдың шешендігіне толық дәлел. Жамбыл бірде Қосайдың үйіне келсе, Қосай үйінде жоқ екен. Әйелі сараңдау кісі болса керек, Жәкеңді аса ұната қоймапты. Жәкең де әйелге қырыстанып жантайып жатса, даладан Қосай келіп: «Жамбыл, неғып жатырсың? Мына кісі тамақ ішті ме?» — деп әйелінен сұрапты. Жантайып жатқан Жамбыл басын көтеріп алып:

— Қосеке, қатыныңның тілі жаман,

Айтжан, Досжан, Мақашың болсын аман.
Елге қырсық қатыннан деген бар ғой,
Өзің ойлан, қалғанын айттым саған, —

депті. «Апырай, Жамбылым, солай ма. Олай болса, ойлана жүретін болдық. Ал өзің де маған жарастықты замандасты қарастыра жүр», — депті. Қосай 1894-95 жылдардың шамасында өз ағаларына өкпелеп бір старшина елімен Алматы қаласынан көшіп Ұзынағаш болысына барады. Осы көшіп барғанда Жамбыл ауылдарының қоныстарына жаз жайлап, қыс қыстап екі жылдай отырады. Қосайдың жылқысы қысты күні құмға Жамбылдың жылқысымен бірге қыстап шығады. Құм мұздақ болып, Жамбыл мен Қосайдың жылқылары қайтадан тауға қарай серпіліп Қопа деген жерге келеді (Қопа деген жер осы күнгі Түркісиб жолының Ұзынағаш станциясы мен Отар станциясының аралығындағы кең шилеуіт жазық). Сонда келіп жатқанда жылқышының азығы бітіп және жылқыдан арық - тұрақ шықты деген хабарды естіп, Жамбыл мен Қосай екеуі жылқыға келеді. Келсе, жылқышылардың азығы біткені рас екен. Пышаққа жарарлық жылқы болмайды. Екеуі жылқышыға азық алып келеміз деп, Қопаға таяу Бозармақ деген жерді қыстаған Киікбай деген байға барып қонып, жылқышыға азыққа бір еркек қой айдауға жүрмейді. Жамбылға Қосай: «Мына қойды сен өңгер», — дейді. Жамбыл: «Қосеке, қой, Алматыдағы Жәпекке барғанда қойды мен өңгерермін. Кәстектегі Екейге келгенде сіз өңгеріңіз», — дейді. Қосай күліп: «Сен мені кірме қылайын дедің - ау, Жамбыл. Ендеше, мен жетектейін, сен айда; мен бастайын, сен еріп отыр», — депті. Жәкең осы сөзді өзі аузынан айтып отырады екен. Жамбыл Қосаймен осы жолғы бірге жүргенін өз өміріндегі бір жақсы күндерінің бірі деп айтып отырады екен: «Сол жолы жылқының қосына барып қонған күні бір жақсы түс көрдім. Ұйқтап жатыр едім, қасыма біреу келді. «Жамбыл, саған сақтаулы тұрған қант бар, Қарғалыны өрлесең, өзін де табасың, болмаса, мен ертіп барып көрсетейін, жүр», — деді. Артынан еріп жүрдім, Қарғалыны өрлеп отырып бір сайға келдік, үлкен бір мая қант үюлі тұр екен, «Мынау саған қойған қант осы», — деді әлгі кісі көрсетіп. Мен мұны қалай алып кетемін, көлігім және ыдысым жоқ деп ойланып тұрып, бәрін алмасам да балаларыма біразын ала барайын деп, олжашыл басым қанжығамдағы қоржынға салуға ыңғайландым. Әлгі адам: «Әзір алуыңа болмайды, қашан берілсін дегенде, біз апарып береміз», — деп қоржыныма салғызбады. Сөйтіп жатып оянып кетіп едім. Сондағы көрген түсімнің тәжірибесі менің бүгінгі өміріме келіп тұр-ау!» — дейді екен өзінің осындай сырларын айтқанда Жәкең. Қосай туралы Жәкең аса құрметпен, оның шешен сөздерін көп айтып отырады екен. Қасқарау Ноғайбай

— Қосаймен әрі замандас әрі әзілдес болған кісінің бірі. Қосайдың ағайынына өкпелеп, Ұзынағаш еліне көшіп келгенін естіпті. Сол кезде Қосаймен бір жиында кездесіп: «Қосеке, Ұзынағашқа қанша үймен көшіп келдің?» — депті Ноғайбай. Қосай жұлып алғандай: «Уа, Ноғайжан, екеуміз ағайынды қайтеміз, тоған - моған сатып жүреміз де», — депті. Ноғайбай үндемей тоқталып қалыпты. Өйткені Ноғайбай өзінің бір жақын ағайынының тоғанын сатып жіберіп, сол ағайындары өкпелеп басқа жерге көшіп кеткен екен.

Сарыбайдың Қисыбайды Қасқарау еліне бір үлкен тойға ат қоса барады. Осы ат қосатын топқа Қосай да барады. Атшабыста Қисыбайдың аты жеке қара озып бәйгеден келеді. Аттың бас бәйгесін алып тұрған Қисыбайға келіп Ноғайбай: «Қисыжан, мына атты сен де бәйгеге бірнеше қосып қызығын көрдің ғой, ендігі қалған аяғының желін көрейін, ағаңнан алып кетіп қайтесің, маған байлап кет», — депті. Қисыбай атты да қимай, Ноғайбайды да ауырлап ашып жауап айта алмайды. Кешке келіп қонып отырған жерде: «Қосеке, көкең атты сұрап қалды, ақсақал адам еді, не айтамыз» деп Қисыбай ақылдасса, Қосай үндемепті. Таңертең Қисыбайлар тұрып жүргелі жатқанда, Ноғайбай тағы келіпті. Қисыбай: «Қосеке, Қоқан тағы келді, не айтамыз?» — десе, Қосай тағы үндемепті. Ноғайбай кейіп отырып, жұртқа амандасып болып. «Қисыжан, кеше бір сөз айтып едім, мына балалар сол атты әпер деген соң, тағы келіп отырмын», — депті. Қисыбай үндемей бөгеліп қалады, жантайып жатқан Қосай басын жұлып алып: «Біз саған атты бердік, ал сен бізге не бересің?» — депті. Ноғайбай: «Сен ат берсең, мен қыз беремін» дейді. Қосай: «Ол бізге беретін қызыңның бұрын неше байы бар еді?» — депті. Ноғайбай үндемей атына мініп жүріп кеткен екен. Өйткені Ноғайбай өз қызына бірнеше жерде құда болып, қалың малды бәрінен де алып, қай көп бергеніне береді екен де, қалғандарына қыз да жоқ, мал да жоқ, аяғы үлкен даумен тарайды екен. Қосай айтады екен: «Өзімнің кісіден сөзге мүдіргенімде, Ноғайбайдың әйелі Әселден ғана мүдірдім (Әсел — атақты Байсейіт батырдың қызы, Қойшыбек батырдың немересі, өте шешен болған кісі). Бірде Ноғайбайдың үйіне келсем, Ноғайбай үйінде жоқ екен. Әселден өзім де сақтанып-ақ жүруші едім, сөйтсе де осы жерде бір мүдіртермін дегендей: «Ноғайбай кеткелі көп болды ма?» — деп сұрадым. Әсел: «Соны кім есептепті», — деді. Сөзі қалжың шалыстау болған соң: «Немене, Қоқаңнан түңілейін дегенсің бе?» — деп едім, «Мен масқараның біреуіне ғана қатынмын ба, мұндағысы да жетеді ғой», — дегені. Аузыма құм құйылғандай болды. Өйткені Әсел жөнінде Дулат ішінде ертедегі бір әңгімеден өсек бар еді. Соны айтты Әсел, орнымен тауып айтты. «Аталы сөзге арсыз таласады» деп, несіне таласайын, тоқтадым», — дейді екен Қосай.

ЖАМБЫЛДЫҢ ОЙЫН БІР СЕРГІТКЕН КЕЗДЕСУ

Жаз ел жайлауда отырған өте бір көңілді кез болады. Бұдан көп жылдары бұрын Арқадан ақын Шөже келіп көп үлгілі жырлар айтып, өзіне жаңа жол көрсеткендей болып, үлкен өзекті жыр, ұтымды сөзді аңсаған Жамбыл үйінде отырғанда, Үйсін Манақ ақын келеді. Бұл — Жамбыл жасы кіші болғанымен, көп кездесіп, әріптес болған ақын. Жамбылға сәлем бере келіп, Шапыраштының қалың жайлауында айтып жүрген өлеңін айтып отырып, ол жаңалық айтады.

— Баяғы Шөже ақын келетін Көкшетаудан тағы бір ақын келді. Сүйегі біздің Үйсін екен, өзі адам сырттаны, әрі балуан, әрі әншіл, Сары үйсін Қали ауылын да жатыр, — дейді.

Манақ ақынның айтып келген ақыны, әншісі Қараөткелден келген Балуан шолақ болады. Ел аузына сол кездің өзінде-ақ балуанның мықтылығы тарала бастайды. Біреулер жолбарыс соғыпты, біреулер жандаралды өлтіріп қашыпты. Біреулер абақтыны қиратып, көптеген солдатты қиратып кетіпті деген әр түрлі лақап тарап қалған кез болады. Жамбыл Манақтан балуанның түрін, күшің сұрайды. Манақ: «Мен өзге күшін қайдан білейін, өзім көргенде ондай тұлғасы бар адам көргенім жоқ. Және Сары Үйсін Қалиды екі қолының ұшымен балаша көтергенін көзім көрді», — дейді. Бір ішкенде бір саба іркіт ішетін, арбаға мінгенде жеке аты тарта алмайтын Қалиды балаша көтерді деген мақтау Жамбылға қатты әсер етеді. Қалидың өзі жасында ірі балуан болған. Үйіне келген кісіні, әсіресе бір кісілік күші бар кісіні көргенде, екі қолының ұшымен қақбақыл тасша біресе ол жағына, біресе бұл жағына қойып ойнатып отыратын. Қалиды олайша көтеру кімнің қолынан келеді. Ол ерекше ердің ғана қолынан келеді. Әрі әнін, ақындығын естіп қызыққан әрі балуандығына қызыққан Жамбыл Балуан шолақты көтеруге атқа мінеді. Жамбылдың қасына әрі сайыскер, әрі балуан Мақыш ақын, Сәдібек ақындар ереді. Топар бойындағы Сары Үйсінге келгенде, Балуан шолаққа кездеседі. Көптен бері өлеңін де тоқтатып, жатып қалған қарт ақынның ойы тағы елес алғандай болады. Әсіресе Шолақтың Fалияны сағынып айтқан әні мен өлеңі:

«Айым да сен, Ғалия, күнім де сен
Оң қабағым тартады күлімдесең.
Келмейді деп, Ғалия, қапаланба,
Амал қанша бір минөт кідірмес ем.

Аппақ қардай етіңнен Ғалияжан, бетіңнен», —
дегенді естігенде, Жамбылдың да:
«Айрылдым қапияда, қайран Бұрым,
Айдай eд толықсыған аппақ түрің.

Алдандым, аяғымды шалыс бастым,
Білмедім жан ашымас аға сырын», —

деп жырлаған, ертедегі қапыда айрылған ғашық жары есіне түседі. «Сірә, осы Балуан шолақтың Ғалиясы қара қатын ғой деймін. «Аппақ қардай тамағың, күлімдейді қабағың», — дейді. Мен Бұрымды Құтырғанның суынан алдыма алып өткенде, ай жарық еді. Аяқ киім су болады деп, кебіс-мәсіні шешіп екеуіміз де балақты түріп алдық. Сонда Бұрымның балтырының ақтығы сондай, айға шағылысып еді», — деп күледі екен. Ел аузындағы сөзден Жамбыл Балуан шолақпен біраз бірге болып, әніне қанып, күшін де көреді. Өз көзімен қырғыз, қазақтың сан батыр балуанын көрген, Кенесарының Сыздығын көрген Жамбылға Балуан шолақ олардан гөрі көбірек ой, ерекше көрнек қалдырады. Әсіресе Балуан шолақтың өз басынан кешкен әңгімелері ерекше ерлік болып әсер етеді.

«Өлеңге Жамбыл жүйрік, әнге — Кенен,
Сегіз айғақ шықпай ма бір денеңнен.
Сандалтып Ұлы жүзді әнімен айдап,
Сонымен де күн көріп жүр Кенен деген», —

деп, Кененді әнге бағыстаған Жамбыл кейіннен Балуан шолақ әнін Кененнен тыңдап, қайта-қайта айтқызатын болады. Сол кездің өзінде ұлғайып, көп ақынға аға болып қалған Жамбыл. Олар: Үйсін Манақ ақын, Шағатай Шарғын ақын, Шапыраштының Төлеміс руынан Ізбасар ақын, Сары Үйсін Байбурыл ақын, Төлеміс, Жалымбек ақын, Дулат ішінде Қоралас руынан шыққан Қожантай ақын, Ысты руынан шыққан Бегалы, Бектұрсын деген екі ағайынды ақын, Көкірек (Дулат) Қарақбай ақын, Жаныс руынан Сәдібек ақын, Сәмбет руынан Бармақ ақын. Және сол рудан шыққан Құрма ақын. Шапыраштының өз ішінен Арғынбай, Қарабек (осы күнде бар), Байсалмақ Қосай руынан Сүлеймен ақын, Сәмбет руынан Қуандық ақын. Міне, осы ақынның бәрі — Жамбылдан жастары кіші, заманы бір ақындар. Бұлардың қайсы бірімен Жамбыл айтысып та қалған, бірақ олардың көбі сақталмаған. Жамбыл бұлардың бірсыпырасын ақындық өрісі аз, сөздері өткір емес деп мінеп отырады екен. Жамбылдың өз тұсында өзі қатты елеген ақындары Дулат Сарбас ақын, Сәмбет Қуандық ақын, Тілеуқабыл ішінен шыққан Әрім ақын, Кенен — Қасқарау руынан, Үмбетәлі — Айқым руынан. Өзгелерін ұсақ деп, келетін сөзді нөсерлете жақсы үнмен айтқанды жақсы көрген. Жамбыл әсіресе ақындарға өз елінің ата-тегін, соның шежіресін біліп, елінің шешен, би, шежіре ақынын жақсылап іліп алуды үлгі етіп айтады екен. Бұл турасында Жамбылдың өзі де сәлем бере келген Үйсіннің бір ақынына өлеңін айтқызып тыңдап, сонан соң ата-тегін сұрайды, әлгі ақын білмей қалғанда, оған ұрсып, сенің атаң жөнінде ел аузында мынадай әңгіме бар деп, өзі ұзақ әңгіме айтты, сонан соң оған: «Бұдан былай осыларды анықтап біліп алмай, өлең айтам деме деп ақын айтты», — дейді білушілер.

ЖЫЛЫ ҮЙ ЖӘНЕ ЖАМБЫЛДЫҢ БАСЫНА ТИГЕН ЖҰДЫРЫҚ

Жамбылдың жасы алпыстың ішіне кірген кезде Екей, Есқожа рулары қыстауға орнығып, жылы үй салып, қыс жылы там үйде болып, жаз киіз үйге кешетін болған. Қарақыстақ өлкесіне алғаш жылы үй салып үлгі көрсеткен — Есқожа руының ішінде Қалиқұл деген молда болған, бұ кісі Мырзабек тұқымы, өзі (Әулиеата) Жамбыл қаласында тұрып оқып, содан келгеннен кейін сол жақтан керуі бойынша жылы үй салып және үйдің айналасына ағаш еккен. Осы Қалиқұлдан көріп Сарыбайдың Қисыбайы 1905 жылдардың шамасында жылы үй салған. Одан Жамбылдың өзі 1910 жылдар шамасында осы күнгі колхоз аулының бер жағындағы ескі қорасының орнына үй салғызды. Қалиқұл, Қисыбайлар үй салғаннан бастап, Екей, Есқожаның көпшілігі үй салып, айнала ағаш егу, әсіресе Мырзабек, Кәшке рулары өз алдына алма бақтарын егуді үлгі етіп әкеткен. Шалтабай, Нұртай сияқты Құдайберген балалары үлкен-үлкен бақтар салып, үйлерінің маңайын түрлендіре бастаған. Олардың ол бақтары осы күнге дейін бар, қазір колхоз пайдаланады.

Молдадан құтылмайды амал, айла,
Өсіріп жерден шыбық тапты пайда.
Ағашты қойдай бағып қоздатқанда,
Жинаған қора толы малың қайда, —

деген Жамбыл өлеңі Қалиқұлға айтылғанда жай айтылмаған. Қалиқұл ағашты өсіріп малға сатыпты. Жәкең үйін жабуға ағаш сұрағанда, Қалиқұл сатамын деп бермепті. Сонда айтса керек. Бұл 1909 жылдары шамасында. Қалиқұл молдалығы болмаса, кедей кісі болыпты. Жамбылдан үлкен екен, бірақ көп қалжыңдасып ойнай береді екен. Есқожа елінің іші бір кезде өзара партия болып екіге бөлініп, араларында үлкен айтыс-тартыс, араздық болады. Есқожаның Таңатар деген атасының баласы Түргендегі Шапыраштыға бармақшы ағайынға өкпелеп орнынан аумақшы болады. Сонда бұлардың көшіп барамыз деп, Түргендегі ағайындарына жіберген кісісіне Түргендегі ағайынынан кісі келіп, көшіріп алмақ болады. Талдыбай, Ботамбай деген екі ағайынды кісі басында көшпекші болып, артынан Ботамбайдың қонысын тастап кеткісі келмей айтқаны:

— Жайлауың тіпті суық, қар жауады,

Дірілдеп қатындарың қой сауады.
Біздерге көшпейсің деп өкпелейсің,
Азапқа ондай қиын кім ауады.
Әлдеке, жерден ауған тегі оңбайды,

Айрылған өз елінен бек оңбайды.
Там салып, жоңышқасын бәрін тастап,
Тастаған мұндай рабат тегі оңбайды», —

деп жырлапты. Бұл өлеңді айтқан Сүлеймен Тәйкім ұлы «Октябрь» колхозында, ол кісінің айтуына қарағанда, бұл 1900 жылдан бері жерде көрінеді. Бұл кез Жәкеңнің дәулеті шағындалып, кедей тартқан кезі болады. Бір жағынан өрісі тарылған, екінші жағынан патша отарының алым шығыны басып, халық күйі ауырлағанда, Жамбылдың да күйі ауырлайды. Бұл кездегі Жамбылдың арқа сүйері домбыра болып қалады. Ел жайлаудан қайта серпілер кез Қарақия, Сарыжазық, Құлансаз, Үлкенсаз, Суықтөбе, Ақтасты, Желдібайды жайлаған Шапырашты, Дулат рулары жұрт жаңартып, бір серпіліп қайта көшіп қонады. Желдісайдың сонысын шайып Жылқыбай сияқты Сәдібектің (бұл Жамбылдың аталары) байлары Асусай жотасына келіп тоқтайды. Малы шағындалған Жамбыл ауылдары Желдісайдың киікоты, тықыр бетегесінің түбінде отырып қалады. Жетісу елін жандарал Алматыға тойға шақырыпты, әнші, домбырашы, ақын, жырау, жүйрік ат, қыран бүркіт — бәрін әкелсін деп бұйрық болады. Осы тойға баруға Жамбылға да хабар болады. Жылқыбай, Шалтабай, Тәйтелі сияқты атты, жабдықты байлар тойға жүргенде, Жамбыл да жүреді. Той-жиын дегенде арқаланып, көтеріліп кететін Жәкең бұл тойға аса көңілденбейді. Бірақ ақынды қалдырмасын деген бұйрықпен болыстар қалдырмай алып жүреді. Жәкең бұл тойдың не екенін, қайда, кімге өлең айтатынын онша біле қоймайды. «Сол жылғы жаз да, жайлау да кедейленген өмір түріндей сұрғылт, көңілсіз еді», — деуші еді Жәкең өзімен сөйлескенде дейді білетіндер. Бәйге атын алып, жорғасын мініп, тойға жүрген байлармен, болыс, билермен Жамбыл да бірге жүреді. Жамбыл айналасы Мақаш сияқты әрі батыр, әрі ақын Үмбетәлі сияқты шәкірттерімен шоғырланады. Той Роман тұқымының 300 жылдай үздіксіз патшалық құрған құрметіне жандарал жасаған әрі той әрі көрме болады. Алматы қаласының тау жақ қырындағы Үлке нарықтың сыртынан үй тігіліп, сол жерде болады. Ақындар, әншілер, домбырашылар бір үйде болады. Тойға 15 ақын жиналады, олар: Дулатты Шағатай руынан шыққан Шарғын ақын, Меркедегі Ысты Майкөт ақынның баласы Арқабай ақын, оған еріп Мамырайым ақын, Жаныс руынан шыққан Мүсіреп баласы Сәдібек ақын, Бұйдас руынан шыққан Жанақбай ақын (бұл әлі тірі) Әлгі руынан шыққан Қарабек ақын, Әбдіқадыр Қасымбаев ақын (о да тірі қазір «Новая жизнь» колхозында), Қасқараудан Мұхаметжан ақын, Есқожадан Өмірзақ жаршы Жамбылдың жақын шәкіртінің бірі Үмбетәлі ақын, Жаныс руынан Шүктей ақын. Осы жиналған ақындардың бәрі де Жәкеңнен кіші, көбі өзінің шәкірттері. Жәкеңді осы ақындарға басшы етіп, жауапты қылып қояды әрі ешқайда бытыратпа, әрі патшаны мақтап өлең айтқыз дейді. Бірақ Жәкеңе бұл той онша әсер етпейді, шарықтап өлең төгерлік ықыласы болмайды. Жандаралдың тілмашы Бақия Сырттан баласы, уездің тілмашы Тергеусіз баласы тапсырманы ұғындырады. Бірақ ақындар не жырлады, нені айтып жатыр, онымен ұлықтардың жұмысы аз болады. Бір үйге жиналған жиырмаға тарта ақынға Жамбыл ақсақалдық етіп, басқасына сөз үлгісін айтып беріп және қыдыртып өлең айтқызбауға Жамбылды ие етеді. Сол жерде тойға келген ақын, әншілерді қатар отырғызып суретке түсіріп алады. Мұның өзі оларға маңдайына жоғалмас таңба басқандай болып көрінеді. Ол сурет осы күнде бар. «Түс мезгілі еді, үйде отыр едім, ояз Лихановтың өзі кіріп келді, өзі мас екен. Тілмаш арқылы басқа ақындар қайда, оларды неге тараттың деп маған ақырды. «Мен ақынға қойшы емеспін. Және тамақтары аш, бір үйде қамалып жатсын ба, тамақ іздеп кеткен шығар», — деп ем. — Сен соны айттың деп Лиханов келіп мені төбемнен қойып қалды. «Мынау қайтеді» деп, домбырамды қолыма ала беріп едім, ойым неде болса періп қалайын деп, тілмаш маған қолымен ымбалай, мені жақтап, «өлең айтсын» дейді деп бұйрық етті:

— Әділі жоқ ояздар

Әділетін бұрады.
Ақтаяқты айланып,
Есігінде тұрады.
Жазығы жоқ Жамбылды

Төбеге келіп ұрады.
Басыма бір қойғанда,
Миым кетті айналып.
Лихановтай оязға,

Басым отыр байланып.
Басында сөзін ұқпадым,
Ұқпағаннан бұққаным.
Қайдан бағып отырам,

Аш ақынның ас іздеп
Қаңғырып сыртқа шыққанын, —

дегенімде, тағы да жерді тепкілеп зекіді. Ол екі ортада (Шағатай руынан, Дулат елі) Шарғын деген бір көзі соқыр ақын бар еді, оны бір солдат желкелеп әкеліп үйге кіргізді. Сөйтсем, ол үйдің қасындағы бақтан алмұрт алып жеп жатқанын көріп, желкелеп әкеліпті. «Сендерді құрметтесе, ұлықтың бағынан жеміс ұрлайсыңдар, бәріңді жаптырып қоям дейді», — деп тілмаш қорқытты. Сол жерде сыртта жүргендер жиналып қалды. Бірақ Ұлыққа қарсы кім сөз айтады. Жұдырығы қатты неме екен, басым ауырып қалғаны», — деп, біз үйіне келіп отырғанда өз аузынан айтты. 12 тамыз, 1944 жылы, өз үйі. Сол жылы Жамбыл тағы бір үлкен ұлы дүбір жиынға кездеседі. Атақты қырғыз елінің манабы Жантай баласы Шабдан манапқа қырғыз, қазақты шақырып ас береді, асқа Орта жүз, Кіші жүзден де кісі келеді, Ұлы жүз тұтас шақырылады. Ас мал жетіліп, ел күзекке қайтқан кезде беріледі. «Шабдан асы қазанның бірінен онына шейін созылды, он мыңға дейін үй тігілді, асты басқарып бақылап тұру үшін Алматыдан 9 қазақ орыс, 30 солдат алдырылды: Адамның көптігі сондай, біреуден біреу адасып кетеді. Елді адастырмас үшін Пржевалъ уезіне қызыл ту, Пішпекке қара ту, қазаққа кек ту, өзбек пен ноғайға ақ ту, адасқанға ала ту тігіп, әркім өз елінің жөнін тек тудан білетін болды. Бәйгеге 180 ат шапты, атты Боралдай биігінде (бұл Шабданның жайлау, күзеуі) тұрып қонаға айдап 50 шақырым жерден жіберді. Жиырма бес атқа бәйге берілді. Бәйгеде отыздан артық ат өлді. Екі бала елді. Сайысқа қырғыздан Ақсақал деген сайыскер, дүнген Булар батырдың сайыскері Жүсіп деген қазақ жігіті шығып, екеуі тұқыл найзамен түйесін, Ақсақалды Жүсіп түсірді. Бас балуанды Қарқаралыдан келген Шәкірбек деген балуан жықты», — деп 1913 жылы шыққан Айқап журналының № 3 санында жазған. Осы асқа Жамбыл да барған. Бір Жамбыл емес Жетісу Әулие атаның сол кездегі домбыра ұстаған ақындарының бәрі барған. Жетісу, Алматы үйезінен барған қазақтың атқамінер болыстары Сәт, Мәңке, жандаралдың тілмашы Ибрайым Жайнақ баласы — бәрі ас берген Шабданның Қисамиддин деген баласына кісі жібереді. «Шабдан қазақ, қырғызға бірдей болған кісі еді. Бір ғана қырғыз жоқтай ма, жоқ, біздің қазаққа жол бере ме, бір қырғыз тілін түсінбейміз, біз де манапты қадірлейміз, егер рұқсат берсе, біз де Шабданды қазақ ақынына жоқтатып, жар айтқызамыз», — дейді. Басында тек қырғыз ғана жоқтайды. «Қазақ ақындары өлең айтып, топ жиса, аты айыпқа кетеді. Өзі жауапты болады», — деп қойған ас иесі орынды, аталы сөзге жығылып, қазақ атынан бір ақын жаршы болып жоқтасын, бірақ ақынын мына Ұлықтарға, ас басқарған қырғыз манаптарына әкелсін», — дейді. Қазақ адамдары болып ақылдасып Жәкеңді ұйғарғанда, Жамбыл: «Мен қырғыздың ата тегін мақтауға олақ едім. Және жарды қойып жүр едім, мына Өмірзақ жыр айтсын», — деп, Өмірзақ Қарғабай баласына баруға ұйғарады. Мәңкеннің інісі Қасен болыс оязға Өмірзақты алып жүргенде, Жамбыл: «Ал, Өмірзақ, бір нәрсе ілінсе, енді ілінер, қимылдар жерің келді, жүрексінбей айт, өз атаң ғой, қырғызды дүрілдет», — деп күлді. Бір жағы қалжың, әзіл болса, екінші жағында шындық. Өмірзақтың төртінші атасы қырғыздан келіп Көкшеге (бұл Есқожа руынан шыққан хан атанған кісі) сіңген. «Қаралы үйдің қасында қырық жігіт бастарын орамалмен тартып тастаған, қолдарында бақан, елді қорып жолатпай тұр екен. Келген Ұлықтар Шабданның өз баласы Қисамеддин, қырғыздың ас басқарған манаптары қаралы үйде отырғанда, Қасен (Өмірзақтың бастаған болысы) омыраулап үйге таянып келіп, «Ал, Өмірзақ», — деді.

— Шудың бойын өрлеген, Екі көбін жерлеген Aт кетпеген кермеден Дұшпанға өткел бермеген. Өткеннен соң хан Шабдан, Көкетай, қандай қылам деп, Үш мың үйді тікті де, Aт жаратып сауын айтып, Кімдер асқа келмеген», — дегенімде, «Бұл кім? Қай ақын?» — деген дауыстар шығып, бір жігіт келіп атымды ұстап, түс деп жұлқылады.

Шошып қалдым, ойбай, жар айтам деп бәлеге қалдым ба, атым айыпқа, өзім паструкке кеттім бе деп. Қасен де аттан түсті, менімен бірге қаралы үйге алып жүрді. Қамап тұрған ел жарылып жол берді, Шабдан батырдың өз үйі есігінен төріне дейін кілем. Отырған Ұлықтар қырғыздың манаптары, біз келіп босаға жақтан отыра кеттік. Ас берген Шабдан елі қараған Пішпек уезінің тілмашы бар ақсақал қазақ: «Мына Ұлықтар сіздің жаршының сөзін жақсы көріп отыр, аты-жөні кім деп сұрады», — деді. Қасен айтып жаздырды. «Ұлық жырласын», деді деп маған қараған соң:

— Айтып жатыр ұлығым,

Біле алмадым басында.
Ұлықтың әділ қылығын.
Сөз берсеңіз жаршыға,
Екі болмай бұйрығың,

Шабдан ханның асында
Жарысқа салдың, жақсылар,
Қырғызда қазақ жүйрігін.
Сөз айтамын қалайдан,

Әдіге не Тықайдан,
Саяқ пенен Бұғыдан,
Есқожа мен Қанайдан,
Есенқұл мен Қынайдан,

Қосты менен Сарыдан.
Құрама жұрттың бәрінен,
Жадігер мен Мендізден,
Жетпіс үру қырғыздан,

Екі Көбін жайлаған,
Шалғынға бие байлаған,
Күндіз, түні ордасы
Қазаны тынбай қайнаған

«Емі» деген қырғызды,
Алдына caп айдаған.
Шабдан ханның асында,
Ұлықтардың қасында

Сөз берсеңіз ал маған
Ағытайын жырымды
Айтар жерім барымды», —

деп бір дем алып тағы бастай бергенімде, тілмен, қолмен жайқап тоқта деді. «Мына Ұлық айтады: басқа кісі жырламайды, сіз жырласын дейді. Енді өзіңе көп сый береді. Мына манаптың баласына еріп жыр айтасың», — деді. Сол - ақ екен, қазақтар көтеріліп, мен далаға шыққанда, жиырма шақты қазақ жігіттері екі жағыма бөлініп мені ортаға ала жөнелді. Алдымда қырғыздың бір қалың тобы тұр екен. Келе ақырып жырлап жібердім:

— Екі көбін жерлеген,

Aт кетпеген кермеден,
Астында бедеу терлеген,
Алысқа қолды сермеген,
Tap кезеңді бермеген,

Көкетай хандай етем деп
Үш мың үйді тікті де,
Сауын айтып aт шапты,
Қырғыз бенен қазаққа

Бұда келген бір дәурен.
Мұсылманның патшасы,
Бұлар да өтті дүниеден.
Шылауын қызыр жөндеген,

Өтпейтұғын өмір жоқ,
Сынбайтұғын темір жоқ,
Қырғыз, қазақ ұлында
Бір пенде жоқ тең келген.

Самидден Мүкіш, құлақ сал,
Айтатын бір сөз сендерге,
Жақсы қымқап кие алмай,
Жақсы жорға міне алмай,

Батыр мен неден құрыдым.
Айтайын деп айта алмай,
Айта алмай тағы к,айта алмай,
Құрып тұр менің амалым», —

дегенде, Шабданның менің қасымдағы Аман деген баласы тарт үйге деп әкеліп, бір қымқап, бір кемер белбеу алып шығып, үстімдегі киімді алып киіндірді. Сонда қайдан келгенін білмей қалдым, Жамбыл келіп қалған екен: «Мен етегіме салған алтынды саған төктім, енді оңаларсың. Бірақ кигеніңді шешпе, мінгеніңнен түспе!» — деді, сол сөзі әлі есімде. Жамбыл айтса айтқандай, осы жолы көп олжамен қайттым. Ac тарқарда Пішпектің уезі шақыртып алып суретке түсірді. 100 сом ақша берді. Онда да Жамбыл бірге болды. Мен осы астан кейін оннан аса үлкен аста жар айттым. Өмірі кісіге өз аузынан сөз бермейтін Жамбыл Шабдан асында маған сөз беріп, бетімді ашты». Дулат елі, Бесторсық деген атаның баласы Оразалы деген бай белгілі кісі болған, соның асы: Қасқара руынан шыққан Ноғайбай асы, Қусирақ руынан шыққан Алтай деген кісінің асы, тағы толып жатқан астарда осылайша жар айтқан. Ондай үлкен астарда жар айтушыны бұрынғы атына қарай таңдап шақыртады. Үстіне жақсы киім кигізіп, жақсы жорға мінгізеді. Қасында сол ас берген жердің жанкүйер жақынының біреуі болады. Ол кісі жаршы ақынды ертіп жүріп, асқа келген кісілерді түсіреді. Сый кісінің алдынан шыққанда жаршы бірге барып жар айтады, өлген адамның аты-жөнін, ата тегін, өзін айтып жарлап, келген жұртқа таныстырады. Жамбылдың тәуір деген шәкіртінің бірі — осы Өмірзақ ақын Қарғабайұлы, қазір ол кісі 82 жаста, «Октябрь» колхозында тұрады, Жамбыл ауданы. Қазақ халқының басқа жүздерінде ертеден бері болмаған халық ауыз әдебиетінің бір өзгеше түрі осы Өмірзақ ақын жақсы айта білген жар түрі. Бұл тек аста ғана емес, тойда да айтылады. Кейбір үлкен базарда да айтылады. Ұлы жүзде мұны кеп ақын өзіне белгілі тақырып етіп айтып әдеттенген. Біз жоғарыда айтқан Әмір ақын да осы жар түрін жақсы айтқан ақын. Тойда, базарда жар айтқанда, жоғалған мал, қашқан әйел, адасқан ит, бұралқы болған қой, қозыға дейін жарланып айтылып, елден сұрау салу ретінде болған. Өмірзақ ақын осы 1945 жылы өз ауылында отырғанда осы жардың жайы сөз болып, сонда өзінің бір әйелге сұрау салғанын айтты. Осы Шапырашты руының бір атасының баласына ұзатқан Дулат руының бірінің қызы барған жеріне наразы болып, бір түнде қашып кетеді. Сол кезде бір үлкен той болып, жұрт жиналады тойға. Келіншектің күйеуі, төркіні, екі жағы да келіп сұрастырғанда, келіншек төркініне бармаған болып шығады. Олай болса, бұған жар салғызамыз деп екі жағы Өмірзаққа ақша беріп, жар салдырып жоқтатады. Бір топ кісінің ішінен бір жас жігіт шығып, жаршы Өмірзаққа: «Мен білемін, жесір иесін маған корсетіңіз, бірақ көп шүйінші аламын», — дейді. Әмірзақ жесір иесіне айтып, сұраған шүйіншісін беріп айтқызады. Келіншек табылады. Қыз төркіні жесір дауынан құтылады, қайын жағы інісі жаласынан құтылады. Міне, жаршының орны Ұлы жүзде осындай жоғары бағаланып келген.

ҚАЙТҚАН КӨҢІЛГЕ ҚАЙҒЫЛЫ БЕЛЕС

Жамбыл көңілі жабығып, өлеңді тіпті сирек айтып, тек домбыраны күңіренте тартатын сарынға айналады. Біз жоғарыда айтқамыз, Жамбылдың шешесі Ұлдан Орымбет деген елдің қызы екен. Ұлданның нағашысы — Қанадан деген бақсы, ол Жалайырдың бір руынан шыққан, аса қобызшы кісі болыпты. Қанадан күй тартқанда, әсіресе Асанқайғының желмаямен жортқан күйін тартқанда, тыңдағандар жылайды екен. Жамбылдың нағашы тегінен келген домбырашы, күй тарту өнері де болған. Жамбыл осы кезде сол домбыраның ішегіне сүйеніп күй тартады. Бірақ Жамбыл өз тұсынан күй тартып, сарынға салды ма, оны ешкім айырып айта алмады. Бірақ Жамбыл осы күйлерді жақсы көріп тартушы еді деп «Ыңғайтөк», «Сүрмерген», «Басшылбай», «Күйшілбай», «Ұран күйі» деген күйлерді тартады екен. Бұл күйлердің әрқайсысының әңгімесі бар. «Сұрмерген» деген күй, — қазақ ертектерінде көп кездесетін атақты мерген. Бірде мерген аңға шығады, жас өспірім баласы ере шығады, көп жүрген соң баласы шаршап, ере алмай қалады. Әлден уақытта мерген аң іздеп, еш нәрсе кездеспей қайтып келе жатса, бір бұтаның түбінде киік сияқты бір нәрсе жатыр. Мерген атып салып қасына келсе, өзінің бағанағы жатып қалған баласы екен. Баласының киік терісі тоны бар екен. Сондағы Сүрмергеннің баласына, өзінің қатесіне күйініп тартқан күйі деп тартады екен. «Басшылбай» орысқа қараған кезде жазаланып, Сібір айдалып, сонда тартқан күйі екен. «Ұран күйі» деген — осы күнгі Түркісиб жолының Іле мен Алматы стансасының арасында Байсерке деген станса бар, сол станса тұрған жер Дулаттың Жаныс деген руынан шыққан Байсерке батырдың жері екен. Байсерке аса батыр адам болыпты. Байсерке — қазақ пен қалмақ жауласқан кезде болған батыр. Осы «Ұран күйін» сол кісі жорыққа аттанарда тартады екен. Байсерке осы күйді тартқанда, өзінің Кертөбел деген тұлпар аты ойнап, билеп тұрады екен, тағы осы сияқты бірнеше жыл ойды күймен жұбататын сарын да болған тәрізді. Жамбылдың күй тартуы жөнінде Үмбетәлі, Өмірзақ, Ыбырайым — бәрі де айтады. Және бізге осы айтылған күйлерді тартып, осы күйлердің әңгімесін қысқа-қысқа айтып берген — Сыдық Малтақбай ұлы деген ақсақал. Бұл кісі Жамбыл ауданы, Жаңгелді колхозында тұрады. Жасы 1944 жылы 78-де еді.

Бұл ақсақал бізге оннан аса күй тартты.

Жоғарыда айтылған 3-4 күйден бөлек, «Абылай шайқамасы», «Қасабек күйі», «Қалжан күйі», «Ердебай күйі», «Ерке атан күйі», «Өзбек күйі» тағы бірнеше күйлер. Ұлы жүз, оның ішінде Алматы атырабындағы Шапырашты, Дулат ішінде көптеген күйшілер болған, сол күйшілердің кейбіреуі әлі де бар. Бірақ алды 70-80 жасқа келіп, қартайып қалған. Мысалы, Ұзынағаш стансасында тұратын Жантай баласы Бекбатыр деген қарт. Күйші домбыраның ішегін бақаймен тартады, әлденеше күй тартады. Бұл жөнінде бір жинарлық нәрсе — осы Жәкең тартқан күй мұрасы. Жамбылдың немере інісі Өмірәлі Жадыра немересі Жамбылдың домбырада тартатын күйлерінің біразын тартады. Оның айтуына қарағанда, Жәкең 20 шақты күй тартады екен. Бұл күйлердің бірсыпырасы жоғарыда айтылған Сыдық Ақсақал тартқан күйлер, оған Өмірәлі: 1. «Стамбол күйі» 2. «Есім Саржан күйі» 3. «Көрұғлы сұлтан күйі» 4. «Батыр Қалша, төрт жігіт күйі» 5. «Бозінген әңгімесі» 6. «Абдібектің Кер толғауы» 7. «Едігенің терісқақпайы» 8. «Шортанбай күйі» 9. «Қырғыз Мұраталы күйі» деген күйлерді қосты. Өмірәлі осы күйлердің көбін өзі тартады. Өмірәлі өлеңге де, домбыраға да ептеген ыңғайы бар. Жәкеңнің күйін тартып және Жәкеңнің ақын баласы Қожаш жайында ол біраз әңгімелер айтты. Жәкеңнің жайынан әңгімелесіп отырғанда, Өмірәлі мен Тезекбай екеуі Жәкеңнің күй тартуынан мынадай бір әңгіме айтты. «Колхоздастыру кезіндегі асыра сілтеу, өтірік белсенділер көбейіп, шаруаны ағат қыспақтарға ұшыратқанда, біз көшіп қырғыз асып, Көкайрақ өзенінің бойындағы «Ильич» атындағы қырғыз совхозында қызмет істедік. Артымыздан Жәкең де келді, ол кісі де сол совхозда біздің қолымызда болды. Анда-санда бұрынғы үйренген елі емес пе, кетіп қалып, қырғыз еліне барып қайтып жүрді. Бір күні бір тарпаңдау байтал мініп кетіп, Жәкең содан жығылып мертігіп, бір айдай жатып тәуірленді. Сол жатқанда кеп күй тартып, күні бойы өзін күймен жұбатты, Жәкеңнің мертік асына екеуіміз екі қой сойып бердік. Сонда етті қазанға салғанда: «Ал мен күй тартайын. Күй отызға жеткенде, еттерің піседі», — дейді. Біз әдейі күй көбірек тартылсын деп, оннан аса бергенде, кейін шегереміз. «Немене өнбей кетті, қайта тартамын», — деп басынан қайта тартады. Және әр күйдің өзіне арнаулы әңгімесін айтып отырады. Бұрын кім байқапты. Сол кезде Жәкең өте көп күй тартты», — дейді екеуі. Осылардың айтуына қарағанда, Жәкең көп күй тартқан. Бұл күйлер Ұлы жүз елінің тарихына, өмір күйіне, ерлігі мен елдігіне байланысты күйлер. Әлі де осы күйлерді білетін кісілер аз емес, осыны ескеріп жинап алынса, өте жақсы болар еді. Біз Жәкеңнің өлеңді сиретіп, домбыраға сүйеніп күйді серік еткен бір кезін айтып, оған кейінгі кездегі кейбір күй тартқан уақыттарын да айттық, жоғарыда айтылған Жәкеңнің күйге бой ұрып, ауылды күй үнімен күңіренткен кезіне 1916 жылдың ауыр оқиғасы кездеседі. Осы сарынға түскен ақынға, жабыққан жағдайсыз хабар сап ете түседі. Ол хабар үш жылға созылған үлкен соғыстың ауыр зардабы елді қажытқан кезде, қазақтан майданға қара жұмысқа кісі алу (19 бен 31 - дің арасында) туралы жарлық шығады. Бұйрықтың алды-арты елге келіп түсініп болмастан бұрын ел ішінен бірнеше адамдар Верный (Алматы) қаласына шақырылады.

Оның бірі Жамбыл болады. Бұл жерде бір ескерту: 1940 жылы шыққан Жамбылдың бір томдық шығармалар жинағында қысқаша өмірбаянын жазған Есмағамбет 16-жыл жайында:

«Ақын, әнші-күйші қыруар жан,
Аймағын Жетісудың жинап алған,
Сабаннан төсек, ерден жастық етіп
Жатарға жар салғызды aт қорадан», —

деген үш ауыз өлеңді келтірген. Осы өлеңі, жинағындағы «Зілді бұйрық» деген өлеңі сол кезде айтылған.

«Келді де, алып кетті жақсыны айдап,
Барады боздақтардың көзі жайнап.
Күн Ыстық, қайнап тұрған саршатамыз,
Жөнелді абақтыға соры қайнап.

Жақсыдан жақсы қоймай алды санап,
Қамалды абақтыға қырғыз, қазақ.
Білмеді не болғанын сырттағы жұрт,
Қамалғандар тірідей тартты азап».

Бұл өлең құрылысына қарағанда тап сол күнде айтылған емес тәрізді. Өйткені болып тұрған қиянаттың үстіндегіден көрі, артынан еске түсірген сияқты құрылған. Жамбыл сол 1916-жылғы оқиға жөнінде бірсыпыра жыр айтыпты. Бірақ ол жиналып жазылмаған. Жамбылдың өзіне жақын ағайыны әрі ақын, балуан сері жігіт Мақыш осы көтерілісте жігіттерді бастап, сол жылы Жетісу елін көтеріліске бастаушылардың бірі Бекболатқа және сол жылы көтеріліс бастағанның бірі Сатай батыр, осыларға барып қосылған. Мақаш өмір бойы Жамбылмен бірге болған. Өте қадірменді шәкіртінің бірі. 1918 жылғы Алматыда түсетін суретте Мақыш бар. Сол Мақыштың көтерілісті бастап Сатайға қосылған жігіттерінің ішінде Жамбылдың өз балалары да болған. Жетісу, оның ішінде Алматыға қараған Шапырашты, Дулат қазақтарының көтерілісіне бас қосып сөйлесуіне белгі және тиянақ болған жиын — Дулаттың Қасқарау руынан шыққан Султан деген атқамінер белгілі кісісіне берілген ас. Бұл аста кеп ел бас қосады. Асқа Шапырашты Дулаттың ақын, әншілері, атқамінер ел билеушілері — бәрі жиналады. Осы аста ел толқып тұрған кез, бас қосып бір толқынға уәде байлайды. Осы асқа елдің жігіттері өздерінше қару-жарақты байлап барады. Оның себебі ондай топталған жерде приставтар, тыңшылар көп жүретін болады. Сонда Мақаш өздерінің арғы аталары ертеде өлген Жәпек батырдың сауытын үстіне киіп, ақ кебентай бөктеріп еді және ел ортасына:

— Мұсылман ерік кетті баласынан,

Сөзімнің ғибрат ал сарасынан.
Патшамыз бұйрық қылды солдат бер дeп,
31-19-дың арасынан.
Осыған тірі отырып көнеміз бе?

Іріктеп бар боздақты береміз бе?
Болмаса елдік қылып тізе қосып,
Батырға топ бастаған ереміз бе? —

деп өлең айтты. Осы топта Жамбыл да болды. Мақыш осы өлеңді айтқаннан кейін, Жамбыл домбырасын алып ұзақ жырлады. Жігіттер жапырлап Жәкеңді көрсетпей кетті. Өлеңін тыңдатпады, не айтқанын ұға алмадық», — дейді Ибрайым Бейсембетұлы ақсақал, бұл кісі Жамбыл колхозында, Мақыштың немере інісі, Жамбылға 4-5 атадан қосылады, шежіре кісі. Жамбыл бір ғана сол аста емес, әлденеше жерде ел қамы үшін, жастардың басына келген ауыртпалыққа қатты күйзелген, әсіресе өзінің өте жақсы көрген туысындағы ер жігіттер Бекболаттың, Сатайдың көтерілуі, олардың оққа ұшып, дарға тартылуы аса күңіренткен. Жамбылдың жан күйін онан сайын ауырлатқан жай — халықтың босып Қытайға қарай ауғаны. Қалған елге солдат шығып, ойына келген зорлық, зомбылықтың жасалуы болады. Шапыраштының өз ішінен ел бастап көтерілген — Қараш батырдың тұқымынан Сатай, Жамбылдың өз ауылынан Мақыш еді. Бұлар майданға алынатын жігіттерді бастап болыс, тілмашқа көнбей, көтеріліс жасайды. Олар Ұзынағаш қаласына бір-екі рет соқтығып, еш нәрсе шығара алмай, Шиен поселкесіне шабуыл жасайды. Ел ішіне көтерілісті басуға қарумен шыққан 60 солдатқа да Сатай бастаған Шапырашты жігіттері сол Шиен қаласында кездеседі. Қатты ұрыс болады. Сол күнгі ұрыста қазақтар жағын бастаған Сатай оққа ұшады. Оққа ұшқан Сатайдың сүйегін алуға шапқан Мақыштың атына оқ тиеді. Тағы бірнеше жігіт оққа ұшып, мылтыққа беттей алмай қазақтар қайтады. Содан кейін Шапырашты руының бөлең алған жігіттерінің беті қайтып, Қытайға қарай ел аууға қам етіп, бірсыпыра ел ауады. Өз ауылы аумағанмен, ала жаздай көтеріліске араласып, әуре-сарсаң болған ел қыс қамына мүлде көңіл бөлмейді. Мал да, жан да қыстан мейлінше қысылып әрең жазға ілінгенде, патша орнынан түсті деген қуанышты хабар келеді. Бірақ ол қуаныш та жүдеген ел мен жүресінен шөге еңкейген ақынның еңсесін бірден көтермейді. Патша орнынан түскенмен, өткен ауыр апатқа ұшыраған ел қалыпқа келмейді. Онан ақтардың ылаңы басталады. Аласапыран ұғымсыз күндер ақынды одан да еңкейте түседі. 1918 жылы Жетісу елінде, әсіресе осы Жамбыл елдерінде жұт болып, мал жұтайды. Осы жұртта Жамбылдың бір-екі айғыр үйір жылқысының көбі өліп қалады. «Руы Екей Байсерке деген кісіге ас беріп, соған ат алып бара жатыр едік, жолда астында арықтау боз байталы бар Жамбыл кездесті. «Асқа жүріңіз бізбен», — деп ала кетпек болып едік, «Қарақтарым, мен өлеңді қойғанмын, сонау Төрегелдіге (жер аты) баруға атым да жарамайды.

— Көрдік қой талай қорлық өткен қыста,

Жігіттер, жамбастасаң шөп уыста.
Қайтесің әуре қылып, асқа сүйреп
Барамын қару жинай келер қысқа, —

деп, бізге ермей, қыстауына қарай кетті. Бізге шынын айтты, қорасының қасынан шебін шаптырғалы соған бара жатыр екен», — дейді Тәкім баласы Сүлеймен ақсақал (Октябрь колхозында) Құсегі қарт. Осындай бір ауыз, жарым ауыз болмаса, бұл жылдарда өлең айтпаған. Жамбылдың бұл кезде өлеңнен біраз тоқталуына бір себеп: Жамбылдың алғашқы әйелі Момын Орымбет қызынан туған ортаншы баласы Қожаш осы кезде аздап өлең айтып жүреді. Жамбылдың өз көзінше айтпағанмен, оның ойын-тойда өлең айтып, өзінің домбырасына жармасқанын байқаған соң, ақын өлеңнен бой тарта бастайды. Бірақ Жамбыл өлеңнен қол үзіп, тізгінді баласына бере қоймайды. Бұл жөнінде мынадай қызық мәлімет бар. Бір үлкен той болып, Жамбыл құрметпен шақырылып өлең айтады. Осы тойға Қожаш та келеді. Жастар ортасына алып, Қожашқа өлең айтқызады. Қожаш бұл тойда Жәкеңнің кеп жырлаған аса ұзақ жыры «Көрұғлы Сұлтанды» жырлайды. Жәкеңнің өзінен асыра ұзақ, әдемі жырлаған Қожашты ел, әсіресе жастар Жәкең отырған ақсақалдар тобына әкеліп: «Жәке, мына Қожаш домбыраңызды ұстауға жарапты, енді Қожашқа батаңызды беріңіз», — дейді. «Мен өмір серік домбырамды ешкімге бермеймін, бұл — өлгенде өзіммен кететін кәрі серігім. Оны қолқаламаңдар. Жасымды жаңғыртып, жанымды сергітетін өлеңім ғой», — деп жастарға сырын айтады. Бұл жиында Үмбетәлі, Саяділ, Керімбек сияқты Қожаштың замандасы, ақын жігіттер де болады. Кейбіреулер: «Жамбылдың өзінен басқаға жол бергісі келмейтін белгілі сараңдығы», — дейді. Біреулер: «Баласына да қимайды», — дейді. Бірақ Жәкең өлеңді сондай сүйіп айтқан, тұла бойынан өлең саулап, ерні қыбырласа, өлең төгіп жіберетін ақын Қожашқа жан серігі өлеңді бермейді. «Жамбыл өлеңді баласынан да артық көрген кісі ғой, өлең бұл кісінің өзімен бірге кетеді ғой», — деседі екен елінің қарт адамдары. Қожаш 1932 жылы өлген. Бұл баласы Жәкеңе бой көрсетпей, өлеңді көбінесе Жәкең жоқ жерде айтады екен. Көбінесе ауыл арасының айтысы, ұсақ тойбастары сияқты қыз-бозбаланың бас қосқан жерінде айтатын болған. Қожаш өлеңінен сақталып қалғаны өте аз. Тек мына төменде айтылатын Қожаштың бір қызбен жақын болып, содан айрылғанда айтысқан өлеңі бар. Қожаштың үйленбеген бозбала күнінде Жамбылдың әжептәуір жылқысы бар кезі екен. Сол жылқыны Қожаш өзі бағады. Жамбылдарға туысы онша алыс емес, Бимембет деген кісінің де біраз жылқысы болады. Оның еркек баласы болмайды. Сәулетай деген жалғыз қызы болады. Қыз еркекшора болып өседі. Осы кезде Жамбыл ауылы мен Бимембеттің ауылы жаз жайлауда бірге көшіп, бірге қонып, қыстыгүні тауда бірге қыстайды. Қожаш пен қыз бірге жүріп жылқы бағып, біріне бірі өте ұнайды. Көңілдері қосылып, жақын болып кетеді. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармайды. Қыздың әкесі Қастек сағасында егін салып отырып қалады. Жамбыл ауылдары көктеу кезінде Өтегенге көшіп кетеді. Осы кезде Бимембеттің қызына Батыс Қастек елінің бір байы қуда болып, қалың малын беріп айттырып, ұзатып алмақ болады. Сәулетай айттырған күйеуіне баруға риза болмайды. Бірақ Қожашқа барарлық ешбір лаж тағы жоқ. Біріншіден, Қожашпен аралары бұрын қыз алыспаған жақын ағайын, боз бие сойып, босаға аттасу керек. Оған Қожаш өз туысынан белсене аса ала ма, алмай ма, ол мәлімсіз. Және айттырған жер малый шоқ беріп, ұзатып алуға әзірленіп жатыр, ойлануға да уақыт аз қалды. Қыздың қолынан бар келгені астыртын бір кісіден хабар жіберіп, Қожашты шақыртады. Қожаш келгенде, той болып, отау көтеріліп қалады. Қожаш той бастап:

Өлеңім ақпа - төкпе ағындады,
Адамның кешен болмақ самар жағы.
Па, шіркін, ерен жүйрік тіл болмаса,
Қисынның қиын жатыр табылмағы.

Көңілдің кірін жуып сөзбен төксе,
Шерінен шығарады сағынғанды.
Сен десе, менде тағат тарыдай жоқ,
Қандай күн душар болдың, не қылғалы,

Өтіпті талай ғашық зарлы мендей,
Өмірін бір жасауға шарты келмей.
Осы жұрт Қозы Көрпеш, Баян дейді,
Мені мен болды ма екен о да сендей?

Қолынан бар келгені өлең болып,
Сарнаған зарын төгіп тіл мен көмей.
Көзіме сондай болып көрінесің,
Басылмай сауған көңіл сәулем демей», —

деп тойды да бастайды, іштегі ауыр ойды да бастайды. Сәулетай:

— «Адам бар адамда да алуан қилы, Жігіт бар жігітте де балуан, милы. Сіңіріп өз бойыңа алсаң мені, Қойныңа, қолтығыңа басым сыйды. Кеудеңді амал қанша кері тартарсың, Қимайды ішім сені, ренжиді. Көзіңнен aт шаптырым алыс кетсем, Орыным, Қожаш, саған құлазиды. Сен жоқта шырағым не, шырайым не, Мен жоқта мең-зең болып уайым же. Тоқтауға той өткен соң уақытым жоқ, Айтып қал, арманың не, мұратың не? Көрсеткен көптен Ыстық жұлдызыңды, Жаратқан жер мен көкті құдайым да. Жат жұртқа жазды мені тәңір деген, Кетейін амалым не, лажым не.

Қожаш:

— Қырғындай қызық, емес қыздың тойы, Қайғы мен мұң байланған өмір бойы. Жалғанда жаным сүйген сәулем едің, Өзіңдей қайдан болсын қара торы. Арманды көңілдегі ада қылып, Айтпақшы боп отырмын осы жолы. Жак,сыны жатқа қимас болар еді-ау, Еркіне Қожашыңның жетсе қолы. Көрсетті екеуімізге өмір нені, Өткен соң түсімдей-ақ өңімдегі. Безілдеп екі дауыс отыр бүгін Мақсатқа жетпеген соң көңілдегі. Қайысып қабырғамнан сөгілгенше Ішімнен қайғым сыртқа сезілмеді. Салмасын құдай басқа, қиын екен, Бауырдың жүрегіңнен бөлінгені.

Сәулетай:

— Бауырға жүректен де өкпе жақын, Жақынға қос бүйрегің тең соғатын. Екеуміз егіз түнде жылқы бағып, Заман жоқ бұдан былай шарқ ұратын. Ол үшін сарсаң болма, сабырлы бол, Әйелдің таңдап жүріп ал қымбатын. Өзегім өкпе, жүрек сен болғанда, Дейтінім жақын көрме сол болатын. Артына өмір шіркін қайрылмады, Өзіме жолдасымды сай қылмады. Мақтаншақ малға сенген баға білмес, Сүймейді жас жүрегім бай мырзаны. Теңіне қыздың сүйген теңдік беріп, Көреді қашан тәңірім қайғырғанды. Кеспесе пышақпенен қиын екен, Бауырдың өкпесінен айрылғаны.

Қожаш өлеңмен тағы жауап қайтарам дегенде, қыздың шешесі келіп, «Қарағым Қожаш, тойдың аяғы бір бүліншілікке ұшырап кетер. Осы жетеді. Енді айтпай - ақ қой», — дейді. Қожаш осы сөзге тоқтап, енді қыздың көңіліне тоқтау сөз салып:

— Даусым ән дегенде көкке шырқар,

Иірген қойдай болып өлең жусар.
Байқаусыз балалықтың әсерінде,
Қандай күн қапияда болдың душар.
Қырық жыл қырғын болып кетсе дағы,

Заман жоқ қылығыңды мен ұмытар.
Қыз таңдап талай елден барғанымда,
Алмақпын аяқ қылау арқа қымтар.
Бақытты, барған жерің оты болсын,

Ата-енең құдай дейтін сұпы болсын.
Ақылсыз бай баласы бола бермес,
Қолыңа ұстағаның тоты болсын.
Бейілді, берекетті дастарқанды

Көңілдің барып қайтқан қошы болсын.
Айтуға мұнан әрі рұқсат жоқ
Қош айтқан ақтық жерім осы болсын, —

дегенде, Сәулетай да өзінің тоқталып көңілін бекіткен сырын өлеңмен айтып қоштасады.

Мекке мен Мәдинеңдей әке-шешем
Қиды екен көзің қайтып жатқа бөтен.
Шерімді ішке шертіп шешем білді,
Үйіме қонақсың деп бүгін-ертең.

Осындай ертең сұмдық болғалы тұр,
Ойпырмау, кетсем бе екен, қайтсем екен?
Алдыңнан ағатайлап күтіп алам,
Артымнан aт өксітіп іздеп келсең.

Бақытты, бала күннен от боп тудың,
Әкеңнің домбыра алып, жолын қудың.
Дауысың кетер емес құлағымнан,
Бөркемік, болат емес, бостап тұрмын.

Көзіңнен айналайын жаутаңдаған,
Қолыма қолыңды бер, қош боп тұрғын!
Қожаш қолын ұсынып:

— Басыма пайдасы не осы айқайдың,

Тойында сайрамаса Сәулетайдың?
Ақ жүзің, ашық көңіл жарқылдайды,
Нұрындай толықтаған туған айдың.
Буыңмен қуаттанып ішке кірсем,

Таққандап, тауды бұзып тac қашаймын.
Төбеңді анда-санда сағынғанда,
Қараңды көріп жүрсем бір жасаймын.
Осындай сәулем елдің қымбат қызық,

Тұрғанда бір сайрайын қолыңды ұстап.
Қимаймын жазым болмай, жатқа сені,
Қайдасың, күйеу қосшы, мылтықпен ат!
Қайнасып қатып қалған екі қолдың,

Жәкелер, жазығы не, қылышпен шап.
Әйтсе де амал қанша жұрттан ұят,
Шешетай, не қылсаң да енді ажырат!
Белімнен шешілмейтін шер байлап,

Өртіңе күйіп, жанып тұрмын шок, боп», —
деген сөзге шыдай алмай қыздың шешесі жылап келіп:

«Осынша еркіне жіберіп неге бауыр бастырдым? Аулақ жүр деп ұлға айтпадым, тыныш жүр деп қызға айтпадым. Екеуінің обалына мен қалдым. Жұрт, кінәлі кісі, міне, мен, шабар болсаң, қылышпен мені шап!», — деп, шешесі келіп екеуінің қолын ажыратып жібереді.

— Жаңадан қыз болғанда бойды түзеп,

Сақтадым үлкендерден кішкене ізет.
Бірігіп Қожашпенен сонда маған,
Деуші едің, анам, маған жылқы күзет.
Үлкейіп күзет дерті өрт болғанын

Қайтсе де қабыл болмақ соңғы тілек.
Ішіңнен шыққан шұбар жылан едім,
Апатай, көп пе маған төрт-бес минут.
Қожаштың қасіретінен салдым айқай,

Айтқан сөз жанға батып кетті ау, бай-бай!
Қымшаптап қыз басымды ұлға балап,
Өсірдің өз бетімді бір қайтармай.
Шешенің жақсы болды рақымы,

Ер Қожаш, дәурен сүрдік, міне, осындай
Құлақтан даусың кетіп, естен сөнбес
Қолымды босат енді, ал, ағатай!..

Содан кейін Қожаш қыздың қолын босатып, екеуі айрылады. Қыздың шешесімен еріп баратын еліне қызды шығарып салады. Содан үйіне келіп малға қарамай, бірнеше күндей жер бауырлап жатып алады. Қожаштың бұл сырын ауылы көп біле қоймайды. Қожаштың бұл өлеңін сол тойға барып, жиында болған жас ақын Саяділ Керімбек баласы ұтып алады. Ол кейбір асығыста ұқпаған жерін Қожаштан кейін кездескенде сұрап та алған. Бізге айтып берген — Саяділ, 1945 жыл, желтоқсан ішінде. Саяділ Керімбек баласы 1896 жылы туған. Сүйегі Дулат, оның ішінде Жаныс, оның ішінде Жұлсейіт деген атаның баласы. Бұрынғы Күббі болысына қараған, қазір де Қаскелең ауданы, Политотдел колхозында тұрады. Саяділ: «Жамбылдың алыстан атын естіп, өзін көруге құмар болып жүрдім. Бірақ өлең айтқанын, түрін анықтап көре алмай жүргенімде 1920 жылы көктем кезінде Ұзынағаш жаққа бардым. Үмбетәлі, Шоқытай ақын, Садыбек ақын — бәріміз Ұзынағаш базарына бардық. Базарға ел көп жиылған екен. Астында үлкен жирен бар, үстінде көне тоны бар, басында үлкен қара бөркі бар ақсақалды қарт кісі омыраулап базардың ол шетіне бір шығып, бұл шетіне бір шығып жүйткіп жүрді. Мына кісі кім деп Үмбетәліден сұрап едім, бұл Жамбыл ақын деді. Мен осыны есіткен соң, сол кісінің өзін бағып, айналасынан ұзамай, атақты ақынның үнін естісем деп тұрғанымда, базардың шет жағында тұрған бір топ кісіге келіп:

«Кедей көтеріліп қырда тұр,
Байлар бұғып сайда тұр.
Жамбыл ақын мұнда тұр», —

деп жырлап жіберді де, «Әлгі ақындар қайда жүр, неге мына базарды ду қылып өлең төкпейді?» — деп, тағы жүйткіп, базардың шығыс жағына қарай жөнелді. «Айпыр-ай, мына кісінің арқасы ұстап жүр-ау, тіпті бір жерде тұрар емес қой», — деді базардың шетінде тұрған Иманбай Мәңке баласы. «Сені жетістірді той, оның тілі тиген жерін ойып түсетін у қорғасын емес пе», — деді Сәттің баласы Темірболат. «Біздің бір жерде тұрғанымызды көріп, аузына әлгі сөз түсе қалды ғой оның», — деді Алпысбай баласы Жұмақан. Бұлардың үшеуі де байдың баласы, әкелері болыс болған шонжарлар Кеңес үкіметі келген соң қолдарынан билік кетіп, базарға да шеттеп, бұқпантайлап келіп тұрғандар еді.

Жамбыл да жоғарғы сөзді осыларды көріп айтты.

Маған Жамбылдың осы айтқан сөзі бірлі ой салғандай болды. Бірақ Жамбылдың шын шешіліп айтқан өлеңін тыңдай алмай, тек осы сөзін естіп қана құмартып үйге қайттым. Осыдан 3-4 жыл өткеннен кейін, көктем кезінде Қазбек деген жерде Қыстау деген бай (Шыбыл руынан) сүндет той жасап, көп елді шақырды. Сол тойға Оспантаймен еріп мен де бардым. Тойға келіп, ат үстінде тұрып өлеңмен құттықтау айтып едім, бізді келіп аттан түсіріп, бір үйге алып кірді. Үйде Жамбыл, Шұқытай, Үмбетәлі, Сәдібек, тағы басқа да кеп ақындар отыр екен. Мәжіліс қызды. «Жас ақын, өлеңді сен айт», — деп, бәрі ол күнгі өлеңнің жолын маған берді. Той қылған үй кәп ақша әкеліп тастады. Бәріміз ақшаны ақсақал Жәкеңе ұсындық. Ол кісі алып, елге өз қолынан үлестіріп, «Шырағым, жарайсың, біздің қолымыздан салмақты көтеріп алдың, тілің орамды екен» деп разы болғанын айтты. Мен оған дардай болып қуанып қалдым. Көп ақынның ішінде, оның үстіне Жамбыл сияқты атақты ақсақал ақынның алдында бетім ашылып, өлең айтуым өзімнің алымымды кең ашып, елге беделімді көтерді. Осы жолы жақсы абыроймен қайттым. Сонан кейін Жәкеңе көп кездесе алмай жүргенімде, 1936 жылы Мәскеуге жүрерінде тағы көріп, үнін естідім. Мен орден алып, қуанышты болғанымды естіп, Жәкең қайырлы болсын айтамын деп, бір күні біздің үйге келді. Бұл 1939 жылы. Жәкең келген соң, бар әлімше жайыммен құрмет істеп жатқанымда, ауылымыздың адамдары, колхоз бастығы, кеңес — бәрі келіп, Жәкеңе сәлем берді. Колхоздың бастығы Оспанбай Қаракүшік баласы деген өзіміздің елдің жігіті еді. Сол келіп сәлем беріп отырғанда: «О, бұл кім?» — деп сұрайды Жәкең. Жөнін айтып: «Мен Қаракүшіктің баласымын, атым Оспанбай», — деді, сонда жұлып алғандай:

«Сенің әкең баяғы Қаракүшік
Көшеде жатушы еді арақ ішіп.
Ауылға содан келіп, молда болып,
Күн көріп жүруші еді бала пішіп», —

деп жұлып алғандай қоя берді. Ешбір ойланған жоқ. Жамбылдың бір ауыз, екі ауыз өлеңді ойланбай айтатынын айтқанда, сондай мерген, өткір айтатынын, бір ауыз өлеңге бір адамның барлық мінезін, жаратылысын тегіс сыйдырып пішетінін көргем сонда. Оспанбайдың әкесі Қаракүшік деген кісі Қаскелең қаласында орыста мал бағып, шошқа бағып күн көріп тұрыпты. Бірақ тапқан ақшасына көбінесе арақ ішіп қояды екен. Ал ел ішіне шықса, молда бағып бала сүндеттейді екен. Соның бәрін бір ауыз сөзге сыйғызып айтты. «Әрі әдемі, әрі дәл айтылған өлеңі, сол есіткенде ұғылып, ойымда жат болып қалды», — дейді Саяділ. «Қызыләскер» колхозының мүшесі Төлеген Жарқыбекұлы жасы 44-терде. Өткен 1945 жылдың желтоқсан күні бізге Жамбылдың екі ретте айтылған 3-4 ауыз өлеңін айтты. «1921 жылы еді», — дейді Төлеген. — Осы күнгі Жамбыл колхозының күншығыс жағындағы Шотайбұлақ деген жердің қабағынан Ермекбай деген ұста дүкен салып, Оспан ақын о да ұста, екеуі іс соғады. Онда ел колхоздаспаған, ақы алып елдің атын тағалайды, соқасын қайрайды, орағын соғады, арбасын істейді. Күзгі қара қатқақ кез еді. Ат тағалатайын деп келсем, астында арық боз жорға дөнені бар Жәкең де келе жатыр екен. Мен сәлем беріп, екеуміз дүкенге келе бергенде, Оспан ұста дүкен алдынан Жәкеңе сәлем берді де, Оспан қайтадан дүкенге кіргенше, Жәкең:

— Ей, Оспан, сенің атаң Тастемір Таңабайма? Большевик кедей күйін жаңалай ма? Бозжорға кібіртіктеп жүре алмайды, Қайтеді, Оспан мұны тағалай ма? Екеуіңе бергенім жалғыз бақыр, Ақсақ ұстаң қайда жүр, бермен шақыр.

(онысы Ермекбай ақсақ екен).
Сол бақырды бергелі үш ай болды,
Бітпес пе екен болғанша замана ақыр.
Қарсы алдыңда отырған соқыр кедей,

Орақ алып қолына отыр кедей.
Бір орақтан алсаң да бір бұт бидай
Қалтақтайсың, Ермекбай, ішпей, жемей.
Күнгей беттен Ермекбай дүкен сапты

Антұрған күнгей бетті қайдан тапты.
Бірің ақсақ болғанда, біреуің сау
Қайдан қостың екеуің ынтымақты?» —

дегенде, Оспан да, Ермекбай да Жәкеңнің атын тағалап бақырын да бітіріп берді. Жәкеңнің сөзіндегі соқыр кедей деген сол жердегі бір нашар адам екен. Екі ұста бидай әкел деп отыр екен, орағын істемей отыр екен. Оның да орағын істеп берді. Сол жылы қысты күні біздің ауылдағы Рахмет деген кісі қыз ұзатып, той істеді. Сол тойға Жәкең де келді. Мен келген кісілердің атын байлап, үйге кіргізіп жүрдім. Жәкең аттан түсіп, үйде отырғаннан кейін маған қарап:

Менің мініп келгенім жирен дөнен
Жорға басып аяғын киреңдеген.
Таса жерге байла да, шөп салып қой,
Біреу мініп кетпесін сүйреңдеген», —

деп тапсырды», — дейді.

ЖАМБЫЛДЫ ЖАСАРТҚАН ЗАМАН

Жамбылдың бұрынғы шығармаларына жазылған қысқаша өмірбаяндарында (1940 жылы шыққан бір томдығы) Жамбылды өте тез сауаттандырып, саясат дүниесін, партияның жақсы, жайлы терең мағыналы бағдарламасын өте шапшаң бойына сіңірте қояды. Жамбыл да кеңес үкіметіне алғашқы кезде кәдуелгі Түркістан өлкесінің Жетісу елінің кедей шаруасы қатарында түсінген. Кейбір көргендерін сынай сөйлеген кезі болған. Бұл жөнінде Кененнің есіндегі бір әңгімесінде: «Біз Жәкеңдей емес жаспыз және өзімізді кеңес үкіметі келісімен кедей деп қызметке тартып, құрметтей бастады. Сол кезде Жетісу елін билеп тұрған бір жігіт Ұзынағашқа келіп, Ұзынағаштың батыс жағындағы Қарасу колхозының жанындағы бұлаққа үй тіккізіп түсті. Кедейден болыс сайланатын болып және сайлау өткенше қасында болсын деп ақын, әншілерді жинап алды. Сонда Қордай елінен мен де келдім. Қарақыстақ елінен Мақыш та келді. Бармақ ақын да болды. Үмбетәлі де болды. Заманымыз бір жас ақындар. Неше күндей ән салып, өлең айтып жаттық. Бір күні түнімен өлең айтып, таң ата жатқан едік. Түске таман жай тұрып, жаңа ояна бергенде, сырттан бір үлкен кісінің даусы шықты.

«Ақын болса, ұлық болса, қайтейін, мен де ақынмын.
Ол қызыңды менен бұрын ақын болып па, мен де кірем»,

— деп ұмтылған кісіні есік алдындағы тұрған күтушілер жібере қоймады.

«Ой, үйде қай ақын барсыңдар? Мен Жамбылмын, мына біреулеріңе айтсаңдаршы», — деді. Жәкеңнің даусы шыққан соң, орнымнан ұшып тұрып есік ашқыздым. Әкеліп төрге отырғыздық. Жәкең екен. Біздің қасымыздағы Ұлық жігіті де Жәкеңді білетін еді. О да құрмет етті.

— Тобыңа келсем, сыйым жоқ,

Тентегіңе тыйым жоқ,
Киелік десе, киім жоқ
Базарға барса, тиын жоқ,
Сөзді тыңдар ұлың жоқ,

Жігітіңде қылық жоқ, —
деп жырлап кетті.

Жәкең көп отырып, көп өлең айтты. Онда деген бостандықты жете түсіне алмай, атқа мінген жігіттердің бетімен жаппай шабуылда жүрген кезі еді. Біз сонда Жәкеңнің сөзінен қорқып отырдық. Бұрыннан да тура айтатын кісі. Осы жолы да бетің бар, жүзің бар демей, қатты айтты. Ол кеңес үкіметі алғашқы орнаған кез, базарда киім - кешек жоқ, ақша бағалы емес, заң тәртібіне халық жете түсіне қоймаған кез еді. Бірақ сайлаушы жігіт Жәкеңе қатты еш нәрсе айтқан жоқ. Көп жырларын қалап айтқызып, «Көрұғлы сұлтанды» айтқызып, қасында қондырып, сыйлап қайтарды. Жамбылдын, бүлкелуі тек өлең айтып, бір нәрсе алу емес. Сонау сайлауға шыққан жігіт осы Шапырашты руынан шыққан оқыған жас жігіт еді. Ел арасында жүрген кейбір тентек милиционер уәкілдерінің басбұзар тентектігін айтып ой салу, халықтың күйін айтып, ел жайына көңіл қой деп, халық уәкілі сияқты болып көрінді. Жәкеңнің сонша батыл, бар кемдікті туралап айтып беруі — бір ауыз сөз айта алмай, ылғи мақтап отырған бізге сабақ болды. Жәкең кеткеннен кейін, сайлаушы жігіт бізге: «Міне, шын ақын өлеңді осылай айтуы керек. Шындықты қандай жақсы айтты, ал сендер «теңдік болды, кеңдік болды» дегеннен басқа түк айтпайсыңдар», — деп жатып сөкпесі бар ма», — дейді Кенен Әзірбаев. Осы жолғы сайлауда Қордай еліне Кенен болыс болады (болыстық атқару комитетіне бастық болып сайланады), Қастек еліне Мақыш Райымбек баласы болыс болып сайланады. Бұл екеуі де ақын. Сонда ел аузында ақындар болыс сайланатын жыл деген белгілі уақыт болып қалады. Мақыш Қастек еліне болыс болып сайланып келгенде, Жәкең Мақышты өте жақсы көріп, көп қалжыңдайтын және ылғи жанына тие сөйлеп отыратын адамы болған. «Көкпек жеген түйедей аузынан дем алатын ұры неме де болыс болды-ау», — деп қалжыңдапты Жамбыл. Мақыш та жасы үлкен демей, Жамбылға қатты қалжыңдайды екен.

— Басыңды осы жерде кесейін бе,

Тіліңді қанжарыммен тесейін бе.
Ұры деп ел алдында жамандайсың
Ішінде шершеуіңнен есейін бе?» —
деп Жамбылға тиісіп өлең айтады.

— Қызыңды ....

осы ұры басымды кессе, кесіп алар.
Ернімнен ашуланса тесіп алар,
Садыбектің баласын жиып келіп,
Таудан отын алдырып өшін алар,

Кедейдің одан басқа несін алар?» —
дейді.

Жамбыл осы Мақыш болыстыққа сайланып, бұрынғы бай, жуандардан билік кетіп, әйелге бостандық болып, шын кедейшіл үкімет орнаған соң осылайша таныған. Салмақтың байға түсіп, кедейден сайланған болыстар кедей жағына болысатын кеңес үкіметінің негізгі заңы солай екенін мынау бір ауыз өлеңінде дәл айтып берген. Жамбыл ол кезде кеңес үкіметіне ықылассыз қарады. Ленинді, Сталинді қазақ даласы білген жоқ, соның ішінде Жамбыл білген жоқ деген сөз шықпайды. Бірақ Жамбылдың түсінуі ел қатарлы, кеңес үкіметі кедейді жақтайтынын, оны бастаған дана адамдар екенін осылайша түсінген. Жамбылдың Мақышты жақсы көруінде үш түрлі себеп болған. Бірінші, Мақыш ақын, сері жігіт болған. Жамбылдың қасына көп еріп сүрген. Екінші, Мақыш қырғыз, қазақ бас қосқан бірнеше үлкен аста жеке батыр сайысқа шығып, қырғыздардың Тістеуік сияқты ірі батырларын шаншып түсіріп, бәйге алған ірі батыр болған. Үшінші, 1916 жылғы көтеріліске Қастек елінен Сатайға барып қосылып, атқа мінген осы Мақыш болған. Батыл да батырлықты, жаны сері ақындықты жақсы көретін ақын Жамбыл Мақышты осы үш себептен өте сүйген. Мақыш өз тұсында батыр болған. Мақыштың сауыт киіп айбалта, садақ алып түскен және сауыт киіп атқа мініп сайысқа шыққан суреттері 1913 жылғы көрмеге басылған суреттердің ішінде альбомда бар, 121-123 суреттер. Бұл альбом көпшілік кітапханада. Жамбылдың көрнекті шәкіртінің бірі, өзі ақындығын да жақсы бағалаған адамы Үмбетәлі Кәрібайұлы, Үмбетәлі Шапырашты руының ішінде Айқым деген атасының баласынан шыққан ақын. Үмбетәлі Жамбылдың ерте айтқан үлкен жырларын және айтыстарын ұғынып өзі айтып, халыққа да көп таратқан. Шашубаймен айтысы, Құлмамбетпен айтысы, тағы басқаларын бұзбай сақтаған Үмбетәлі. Үмбетәлі 1889 жылы туған, қазір жасы 56-да. «Өлеңді 18 жасымда бастадым. Жамбылды алғашқы көргенім 14-15 жасым шамасы еді. Біздің ауылда Молдабай деген би бар еді. Сол үйге келіп, «Көрұғлы сұлтанды» айтты. Оны айтқанда Жамбыл біраздан кейін арқаланып, көтеріліп, тұла бойы қозғалып, қызып айтушы еді. Менің Жамбылды осы көруім өзіме үлкен әсер етті. Ол кезде ескіше оқып жүр едім. Оқудан көрі өлеңді жақсы көріп дастан, қиссаларды жаттап, шілдехана, қынамендеде той бастап жүрдім. Жасым 18-ге шыққан жылы, ораза айында үйден қашып кетіп, жарапазан айтып, басыма бір торы ат сатып міндім. Сонан ауылға келгенде Мақыш ақынмен еріп қырғыз асып, үш айдай жоқ болып кеттім. Өйткені әкем Кәрібай орта ауқатты кісі еді. «Әуе таяқ болып кетесің», — деп, өлең айтқызбай үйден қуды. Тіпті бірде пышақпен жарам деп ұмтылғанда, Ықсан деген молда айырып алды», — дейді Үмбетәлі өзінің Жәкеңе еліктеу, ұстаз ету жайынан: «Осы Мақышқа еріп қырғыз асқаным ақындық бетімді ашты. Ал мен Тоқпақта, одан Қошқарға дейін барып қырғыздың көп жерін көрдім. Көп табысып қайттым. Содан кейін әкем тыйым салмады. Өлеңді қорғанбай айттым. Бұл кезде Жамбылдың өлеңді қойып, қарттық басып қалған кезі еді. Мен ол кісімен кездесуден, өлеңмен қарпысудан қашып жүрдім. Жәкеңнің жақын туысы, әрі өзімен жақсы Тәйтелі Мырзалы баласы деген орта малды, әрі кісілікті болған адам. Сол Тәйтелінің баласы Ноғайбай өз тұсында мысық жігіт болып атқа мінді. Сол Ноғайбай 1925 жылы бір қызын ұзатуға той істеп, тойда маған өлең айтқызып бір тай берді. Ел жайлауда еді, жаздың әдемі күні. Және сол бір жылдар халық өте көңілді, жетім бала, жесір әйел қоралап қой айдады дегендей ойын-сауықта, өлең-жыр да, ас та, той да өте жиі болып туратын болды. Әлдеқашан өлеңді қаламаған жерде айтпайтын Жәкең де кейбір жиында көңілденіп өлең айтып жүрді. Бірақ Жәкеңнің ондай өлең айтып отырған жеріне кездесе алмай жүрдім. Той мен үлкен думанда өлең айтып жайлаудың самалды түнінде сауықтап алғам және өзім жүлдеге тай алғам, өте көңілденіп Ноғайбайдың үйінде ұйықтап жатыр едім.

— Ұйқыда жатырмысың, қара бала

Сөйлесе, бұл Жамбылдың сөзі сара.
Ертемен олжа сұрап кеп отырмын,
Атаңның әңгімесін тыңдап қара, —

деген Жәкеңнің даусымен оянып, басымды көтеріп сәлем беріп едім, Тәйтелінің өзі де келіп отыр екен.

«Мынаның үнін өшір,
Үмбетәлі, кәне, өлеңді төкші!» —

деп қыздырғаны. Тәйтелімен өзі құрдас, қатты ойнайтын. Соның әлгі сөзіне ерегесті ме, әйтеуір Жәкең бөгелер емес.

Жігітке өтірік сөз залал дағы,
Ашылған жасынан - ақ Жамбыл бағы.
Түнімен өлең айтып бір тай апсың,
Ноғайбай озған жігіт Маралдағы (Марал — аталары).

Мен Жамбыл, Ұлы жүздің сарасымын,
Бір қатар өз тұсымның қаласымын.
Тай берген Ноғайбайды кім деп тұрсың,
Ыстыбай, Қартаңбайдың баласымын.

Алыпсың өлең айтып қара кер тай,
Маралдың тұқымының бәрі де сай.
Тай алдың Ноғайбайдан мақтап - мақтап,
Оны алған соң бoп жатыр көңілің жай.

Танимын мен сөзіңді аңғарынан,
Жамбылдың ешкім кетпес алдарынан
Алдыңа атаң Жамбыл келіп отыр,
Олжа бер, қара бала, алғаныңнан.

Албан өрде болғанда, Дулат бұлай,
Әркімді жаратты ғой жаппар құдай.
Жетпістен жасы асқан заманында,
Кeп отыр Жамбыл атаң олжа сұрай.

Сөзіме менің айтқан көнемісің,
Көңіліңді бұл Жамбылға бөлемісің.
Атаң Жамбыл алдында сөйлеп отыр,
Қане, маған олжаңнан бермеймісің, —

деп жанымды жағамнан алды. Тұра бетінен алуға бата алмай, бөгеліңкіреп отыр ем, Тәйтелі: «Айт және тайдан түк берме», — деп ым қақты. Не де болса, жеңілсем, өлең айтып берейін деп:

Өлеңге айтсақ келер дәрменіміз,
Сөзімнің парасатын аңғарыңыз.
Сәдібектің аруағын бір шақырып,
Қарагер тай ауылыңнан алғанымыз.

Сөзіңе сіздің айтқан көне алмаймын,
Өмірге өтпейді деп сене алмаймын.
Зауыммен аулыңнан бір тай алдым,
Бұдан олжа мен сізге бере алмаймын,

деп едім, «мына қызыңды, не дейді», —
деп домбыраны қайта жұлып алып:

— Олай болса, өлеңді төгейін мен, Өз інім, өзім жұлып жемеймін мен. Тәйтелінің ұлынан бір тай апсың, Кәне, бермей аттаншы, көрейін мен. Олай болса, азырақ сайрайын ба? Халыққа өнерімді жаймаймын ба. Қолыңдағы тайыңды тартып алып, Сүйтіп сені сорлатып айтайын ба, Қалай-қалай сөйлейсің, қара бала, Ерегессең, төбеңді шайқайын ба, —

дегенде, мен де шіміркеніп Жәкеңе айтысып барып берейін деп батылырақ:

- Белгілі, Жамбыл қария, ісің сенің

Бұл халыққа жария күшің сенің.
Аяғыңды байқап бас, тайып кетпе,
Шайнайтұғын мұқалған тісің сенің.
Жамбыл, құрдас емеспін ойнайтұғын

Жеріңе шыға қойған тойлайтұғын.
Бұл жалғанның бір түпсіз тереңісің,
Жесең де қырғыз, қазақ тоймайтұғын.
Аңдап бас аяғыңды аңғарттанбай,

Мұқалған тісің сенің шайнайтұғын.
Жасыңнан Жамбыл ақын атанғаның,
Кешегі Сүйінбайдан бата алғаның.
Шәкірт боп Сүйінбайдан бата алған соң,

Үйіңде бес күн түнеп жата алмадың.
Қырғыз, қазақ баласын жесең дағы
Әлі күнге бір тойып қақалмадың.
Алсаң да алдыңа caп қанша дәулет,

Бір Жамбыл бай сонда да атанбадың.
Жетпіс асып, сексенге келсең дағы,
Ұялмай олжа сұрап қақаңдадың, —

дегенімде, «Енеңді ұрайын, бермесең қойшы», — деп, домбыраны тастай бергені, — дейді. Жәкеңмен ойын-шыны аралас осылай бір қарпысып қалдық. Жамбыл өз туысқандарынан басқаға бір тоқты шыққанды ұнатпайтын, сөзі өте тар кісі еді. Менің тай алғанымды естіп, «Менің көзім тірісінде қандай ақын Сәдібектің баласынан өлең айтып, олжа алады», — деп келген келісі және мені көбіне өткір қайраған өзі болатын. Сөзімді байқау үшін де айтты. Әйтпесе тайға қызығып ала қоям демес еді. Бұл — Жәкеңнің ең кейінгі айтысы. Бұдан кейін ол кісі ақынмен өлең айтып, қағысқан жоқ. Бірақ ұдайы ащы әзілмен, мерген айтатын суреттеумен қажап отыратын еді. Мен 1921 жылы Нүрила деген әйелмен айтыстым. Ол айтыста Жамбыл да болды. Бірақ ол кісі өлеңді айтқан жоқ, тек ақсақал болып отырды. Нүрила Дулат елі Болсейіт деген рудағы Бөртеке дегеннің қатыны еді. Атақты Мәңкенің Ажке руынан Шапырашты ішінде інісі Хасеннің әйелі еркек бала тауып, үлкен той істеп, Алматыдан Бәрібаев тағы бірнеше оқыған қызметкерлерді шақырды. Тойға Әпежек деген ақын, Сәмбет руынан Бармақ ақын, Екей Арғымбай, Мақыш, Қасқараудан Кенен — бәрі келеді. Бұрыннан Нүриланың аты шығып жүрген ақын әйел еді. Бәрібаев «Сендермен айтыстарымыз», — деп әйелді шақыртты. Әйелдің босанғанына 3-ақ күн болған екен, сүйтсе де келді. Бәйгеге құнан атап, жібек көйлек, торғын шәлі тігіп: «Кәне, кім айтысады?» — дегенде, ешбір ақын бата алмай бөгелген соң, мен айтысайын деп бел байладым. Айтыс басында қайым өлеңмен басталып, аяқ жағы қызу болып кетті. Әйел аса ақын екен, әрең дегенде тоқтаттым. Құнан атанды маған берді де, киімдік жібектерді әйел алды. Онда Жамбыл өлеңді де айтқан жоқ, билік те айтқан жоқ. Ол айтысты артынан көбейтіп, өңдеп және Жамбыл төрелік айтты. «Нүриланы Жамбыл шақыртты», — деген Саяділ Кәрімбаевтің жанынан қосып жүрген сөзі дейді Үмбетәлі. Ел арасының біріне бірі айтатын ұсақ қалжыңын да Жамбыл ойына көп сақтап, әсіресе ауыз екі қалжыңға алғызбайтын еді дейді. Дулаттың Жаба деген руынан Кеймұлда Айтақұл баласы кеңес үкіметінің тұсында көп қызмет істеп, Жамбылдармен бір ауданда болған. Жасы кіші болса да Жамбыл оны жақсы көріп, қалжыңдап отырады екен. Сенің аталарың дулаттың ішіндегі жүректісі болған екен-ау деп:

Есікті мен Талғарда Екей жатқан,
Жыланкөз бай желісін атпен тартқан.
Байлығымның желісі сол емес пе
Тоқсан нарға Жауарбай көген артқан, —

деген өлеңді білесің бе, оны мақтандырып қойып: сенің бір атаң Жұмағұл деген аса батыр болыпты. Жұмағұл асында боз жорға аты бар бір жақтан келе жатып, аттан түсіп дәрет сындырып отырыпты. Отырған жерінің топырағы бос шаңдауыт жер екен. Зәрі топырақтың астынан өтіп барып бір жерден жылмаң ете түскенде, жылан екен деп өз сідігінен шошып, шалқасынан түсіп, аты үркіп қашып кетіп, үйіне түстік жерден жаяу келген екен деп күлдіріп айтатын еді дейді. 1944 жылы қыркүйектің 5-і күні біз, Үмбетәлі бар сол Қаймолданың үйіне келдік. Қаймолда Красногор ауданы, Ақтерек колхозында ферма бастығы екен. Ол Жәкең жайында бізге бірсыпыра әңгіме айтты. «1929 жылы Ырғайты болысы ішінде тап тартысы Мыштайық деген бұрынғы атқамінер бастаған елдің жуандары менің үстімнен арыз беріп, Ұзынағашқа шақыртып жабатын болды. Жамбылдың өте жақсы көретін нәрсесі — қулықшыл тапқыр кісі, әсіресе қорқау бай, қомағай атқамінерлерді алдаған тапқырлықты жақсы көруші еді. Дулаттың Қасқарау деген руынан шыққан Тілеміс деген қу Жамбылмен түйдей құрдас екен. Екеуі өте әзілдес екен.

«Ей, Тілеміс, Тілеміс,
Тілің мірдің оғындай.
Тиіп кетсе, күйдірген,
Сексеуілдің шоғындай.

Қарсы келген жан болса,
Құтылмайды соғылмай.
Құр сүлдесі қалғанда
Қара терге шомылмай.

Кебекбай мен Ноғайбай
Тіліңнен-ақ именіп,
Жүр ғой сені соға алмай», —

дегені Тілемістің қылықтарына өте разы болғандығынан айтылған өлеңі. Жамбыл айтса айтқандай, Тілемістің тілі удай ащы еді. Қасқарау Ноғайбай бірде Тілеміске мені жамандашы депті.

«Ысымайыл, түлкі қажы қатарыңыз,
Дулаттың қариясы атандыңыз.
Қатарыңның бәрі де қажы болды
Ұрлықпенен ағарды-ау сақалыңыз», —

депті, «Мені айттың ғой, енді Әселді өлең етші», — дегенде:
Бір қыз Бәйсейіттің Әсел деген
Аяғын ақсай басып әсемденген.
Шыны бірге қатарға ұстаған соң

Әселің сонан кейін бәсеңдеген», —
депті. Оның тілі осындай ащы екен.

Тілеміс Дулаттың Тілеуғабыл деген атасының баласына (бұл Әмір ақынның елі және Жамбылдың Қанымжан деген кіші әйелінің төркіні. Осы күн Самсы колхозына қарайды) келіп отырса, Үсербай деген бақсы тәуіп бар екен, Сейпылда деген биі бар екен. Осы екеуі де сақау екен. Тілеміс отырып «Қасиетіңнен айналайын Тілеуғабыл - ай. Бақсысы да, жақсысы да сақау, әйтеуір, иттерің түзу үреді екен», — депті. Тағы сол Тілеуғабылдың бір тойы болып, Тілеміс сол тойға келген. Бөкей деген орта малды кісісіне елдің бәрі қол беріп «Қажекелеп» амандасыпты. Тілеміс ол Бөкейдің қажыға бармағанын біледі де, сұрайды. «Бұл кісі ана жылы елге келген бір қожаға төрт қой беріп, бедел қажы болған», — депті біреу отырып.

«Ту, айт десе, жүгірер тарғыл тазы,
Мұңайтады жігітті малдың азы.
Қаңғып келген қожаға төрт қой беріп,
Аңырақайдың аңғарынан тауып алған беделқажы», —

дегенде ел ду күліп, Бөкей ыза болып, менің ниетімді келеке еттің деп, топтан кетіп қалыпты. Тілеміс бірде Алматыға келе жатып Тайторы еліндегі Сәт болыстың үйіне қоныпты. Сәттің жоңышқаға байланған бір жақсы аты қылтықтап тұр екен. Тілеміс оны көреді де жүріп кетеді. Сыртынан сұрастырып, Сәттің жатқан үйіне келіп, бірге қонады. Таңертең ерте тұрып, Тілеміс қынындағы пышағын алып өз қынына салып, өзінің пышағын алып Сәттің қынына салады. Сәт көріп, «мұның не» десе, мынау бір қожан пышақ еді, менен гөрі саған лайық. Сонан соң әдейі ауыстырып отырмын», — депті. Сәттің ойында еш нәрсе жоқ. Тілеміс өз бетімен кетеді. Тілеміс Алматы жақтан қайтып Сәттен бұрын оның үйіне келіп қонады. Таңертең Сәттің бәйбішесіне көрсетіп: «Мына пышақты танисыз ба? — деп сұрайды. Қатыны тани кетеді. «Сәттің мына атының майын сұрап едім, маған берді. Әшейін ауыз айтқанға бермес деп, мына пышағын белгіге беріп жіберді», — дейді. Қатыны Тілеміс алдайды деп ойлай қоймайды, сенеді. Атты Тілеміс мініп кетеді. Сәт үйіне келген соң санын бір-ақ соғады. Бір аста Сүйінбай ақынның баласы Майлыбай бар, Шапыраштының бірсыпыра атқамінер кісілері тұрғанда, Тілеміс келіп сәлем беріп, бәрімен қол ұстасып амандасады. «Майлыбайжан екен ғой, бұл Жұмекемнің баласы ғой. Жұмекемнің жөні басқа кісі ғой», — дегенде-ақ, Майлыбай топтап жылжып шығып жөнеледі. Өйткені Тілемістің бүлдіргелі тұрғанын біледі. Тілемістің Жұмекем деп тұрғаны Сүйінбайдың Жұмақ деген ағасы болған екен. Ол кісі аусарлау, бетімен жүріп кететін, қисық болса керек. Екей мен Есқожаның арасында жер дауынан тағы бір үлкен жанжал шығады. Екі ел мал алысып барымталасады, жанжалға ұшырап, малдарын сақ бағып, түн болса бар азаматтары жараған атты мініп, ат үстінде болады. Осы кезде Сүйінбай бір жақтан кешірек келіп, атын суытып қояды да, ел жатар кезде жылқыға апарып қосып кел деп, Жұмықтың жігіт болып қалған баласын жұмсайды. Бала атқа жайдақ мыс салып, ауылдың қасында жатқан жылқыға таянып келгенде, жылқышымен ойнағысы келген бе, барымтаға келген Есқожаның кісісі екен деп, жылқышылар тұра қуып, баланы жабыла ұрып жібереді. Бала жөнін айтуға мұршасын келтірмей қабатынынан тиген сойылға жығылып, тіл тартпай өліп кетеді. Баланы, атты таныған соң, жылқышылар ауылға хабар береді, Сүйінбай «Құдай қазасы» деп баланың жабдығын өзі ұстап, қояды. Жұмық: «Жылқышылардан құн әпер, әдейі ұрып өлтірді», — деп Сүйінбайға көнбейді. Сүйінбай Жұмықтың айтқанын істемейді. «Менің баламды құнсыз жібердің», — деп Сүйінбайға өкпелеп Жұмық Қаскелеңдегі орыс қаласына кешіп барып, шашын қоя беріп, мұртын баспай, бұрынғыша айтқанда, шоқынады. Етігінің өкшесін бір қарыс биік қылып салдырып, бөркінің торт сайын торт түрлі нәрсемен тыстатып, белбеуіне қанжар байлап, бетімен жүріп, елге жоламай кетеді. Тілемістің айтып тұрған Жұмекем дегені — осы Жұмық. Ол күнде шоқынды деген қандай үлкен ауыр іс. «Елге қайт, сүйекке мін қылма», — деп Сарыбай да, Сүйінбай да сан рет барады. Бірақ Жұмық қайтпай қояды. Сүйтіп жүргенде Жұмықтың Бейқуат деген жалғыз қызы бар екен, бой жетеді. «Бір оралса, қызына оралар», — деп, сол қызын өздері кісі салып, бір қазақ жігітіне алып қашқызады. Жалғыз қызын алып қашып алған жерге басқа еш нәрсе істей алмай, Қаскелең қасындағы Жантүгел деген жігітке:

«Үйде ме екен, түзде ме семіз қара (Сарыбай),
Жантүгел, пысық жігіт іске жара.
Сөзіне жәдігөйдің сенбеймін ғой,
Жәдігөй елді жеген жүзі қара (Жәдігөйі Сүйінбай екен).

Бейқуат жан, осы маған жоқ, мен саған жоқ,
Арасы екі Дулат жайнаған жоқ.
Базардан ерте кетіп, кешке келсем,
Ақ сырмақ төрде жатыр, Бейқуат жан жоқ», —

деп өлең айтады. Жантүгел Сарыбайға келіп Жұмықтың осы өлеңін айтқан соң, өзі келген бе, кісі жіберген бе, сөзге түсіндіріп көшіріп алыпты. Көпке дейін шашын алдырмай, мұртын бастырмай қисық жүріспен жүрген екен (Ыбырайым айтуынан). Тілеміс бар, Қасқараудың көп кісісі Қарақоңыздағы дүнгенге барады. Үйткені Қасқарау елінің бір жігіті кәсіп іздеп жүріп Қарақоңызда қаза болады. Оны дүнгендер ұрып өлтірді деген өсек шығады. Қасқарау кісілері осы жігітке қазақша құн сұрап барады. Қырғыздың бір атқамінер жігіті қазақтармен қалжыңдасып отырып: «Сендер де еріккен екенсіңдер, шөлдеп өлген кісілеріңе құн сұрап шұбап жүргендерің не?» — дейді. Тілеміс жұлып алғандай: «Біз шөлдеп кісіге құн сұрап келіп отырғанымыз жоқ, шөлдеген кісіге мұсылмандық етіп аузына су тамызбадың деп ағайындық базына айтып, өздеріңе сынатқалы келіп отырмыз. Ал өздерің сусыны қанып өлген Барақбайдың құнын даулап, Тұрдахунның екі жүз еркек қойын қырып алып едіңдер ғой, содан ерсі ме?» — дегенде, әлгі жігіт үндемей қалыпты. Үйткені Барақбай деген қырғыз бозақұмар, араққұмар болса керек. Арақ ішіп қысқы суықта Тұрдахун деген өзбектің қорасының қасына келіп жығылып өліп қалса, соны қырғыздар сылтау қылып, Тұрдахунның қырғыз ішіне қыстата қойған 200 қойын қырып алған екен ғой. Тілеміс осыны айтыпты. Тілеміс қасында өзі тәуір көретін бір жолдасымен бір жерден ел қыдырып келе жатып, жолдасының ұзатқан апасының үйіне келіпті. Күн еңкейіп қалған екен. Жолдасы осы үйге қонайық, бір семіз бие сойған, қазы асады депті. Ендеше, қонайық деп тоқтапты. Үй иелері тысқа шыққан бір әредікте Тілеміс қазанның қақпағын көтеріп жіберіп етті көріпті де, орнына отырыпты. Әлден уақытта үй иелері келіп отырған кезде, жолдасына:

Қазы асып береді дейсің апам маған,
Апаң жаман кісі екен жапаңдаған.
Қайдан саған қазы ассын бауырым деп,
Әуелден жақсы кісі атанбаған», —

деп қоя беріпті. Сонда апасы ұялғаннан қазы салып, етті қайта асыпты. Ол кезде Ұзынағаштағы милиция Абрушка Кобзев деген орыс жігіті еді. Ол сол Ұзынағаштың Тұрғыны, сол маңдағы елдермен ағайын болып кеткен тамыр - танысы, Қожаберген Тайтелінің Ноғайбайымен жақын. Ол Кобзевті салып, сол арқылы мені мұқатпақ. Маған да жан керек, мен шауып Жамбылға келдім. Сіз мені мына жерден құтқарыңыз деп. Жамбыл мені өлеңмен құтқарды. Бір мал сойғызып, Жамбылды алғызып, Жамбыл шақырады дегізіп Кобзевті шақырттық, ол қазақша тілді жақсы білетін. Оған Жамбыл өлең айтыпты:

«Қаймолда ел баққан еді,
Қожаберген мал баққан еді,
Екеуіне сол кәсіптері жаққан еді.
Бұларды әурелемей, екеуін де

Босат, еліне қайтсын», — деді Кобзев Жамбылдың сол сөзін сыйлап бізді қайтарды. Жамбыл мені өлеңмен бір қысылғанда құтқарып еді. Егер Жәкең болмағанда, ел жуандары мені ол жолы жоғалтпақ еді», — деп Қаймолда өзі айтты. Жамбылдың бір жақсы керіп айтатын әңгімесі Шешен, Үсен деген екі қу жігіттің әңгімесі еді», — дейді Үмбетәлі. Шешен Үсен деген Шапырашты ішінде Айқым деген ата екен, оның ішіндегі Қоңыржаман деген атасының баласы. Түрген деген жердегі Баттал қазыға сіңіп, соның қолында болған. Жамбылдың орта жасқа келіп қалған кезінде Түргендегі, Есіктегі Екей еліне барғанда Үсенге кездесіп, оның өте қулықшыл енеріне сүйсініп, қасына ертіп әңгімелерін ұғынып алған. Үсен ораза айларында жарапазан айтатын, кейде өлеңмен ел аралап кететін, ақындық өнерден де сау құралақан болмаған. Үсен ертерек кезде Албан ішіне барып ораза айында жарапазан айтады. Бір үйге келіп жарапазан айтып, қонып отырғанда, үйдің иесі: «Сен мұнымен не өндіресің, сен қызыл бөрік Сағаман батырға барып жарапазан айт, көңілі түссе, бір ат қалай мінгізбес екен саған», — дейді. Үсен Сағаманның ауылын сұрап алып іздеп келсе, ел аузын ашып болып қалған екен. Сағаманның үйі қайсы деп сұраса, біреу бір қараша жыртық үйді көрсетеді. Әлгі үйдің қасына келіп сығаласа, біреу отқа қақтанып қыздырынып жатыр екен.

— Үйің - үйің үй екен,

Үйдің көркі ши екен.
Қол мақпалдай құлпырған,
Бой берместен жыртылған,
Қай сорлының үйі екен.

Шұрық-шұрық тесілген,
Неменеге мәз болып,
От басында көсілген.
Қақ айрылған есігің,

Бір құрыған қусың-ау,
Құрып қалған несібең,
Қарт бурадай жараған,
Санын отқа қақтаған,

Бұтын отқа таптаған,
Боз туырлық жаппаған.,
Өлгенде иман таппаған,
Әлгі ата-бабаңның ауызы,

Мырзасы осы ма еді,
Aт береді дeп мақтаған.
Мұхамбет айтып өткен жарапазан», —

деп даусын баяулата бергенінде: «Ұста мына иттің баласын!» — деп бағанағы отқа қақтанып жатқан еңгезердей қара кісі тұра жүгіреді. Үсен атқа қамшы басып, тауға қарсы шауып әрең құтылады. Сөйтсем, ол Сағаман батыр екен. Үсекең осындай бір қулығы ұстап кетіп, тілін тигізіп, өліп қала жаздапты. Оның жүрген жері думан еді. Келген үйінің күлкіден аузын жиғызбайтын еді. Жамбыл өзі де оның қулығын айтқанда шындап күлетін. Тағы да сол Үсеннің әңгімесі. Албанның Бақай деген атасының ішінде Бақтай деген ұста бар екен. Ол ұста таз екен. Соған келіп жарапазан айтыпты:

— Бақайдағы Бақтай таз,

Қақ төбесі тақтай таз.
Асауы мен қашаған,
Апырау, Бақа, сіздің
Самай шашыңыз неғып босаған?

Менің осындай жаман сөзден аузым піскен,
Айтам деп жарапазан келіп түскем.
Бөркіңді басыңдағы бір алмайсың,
Сені тапқан құдағидың асты Ыстық па,

Басыңның жүні неғып жидіп түскен?
Мен сенің жомарттығыңды тұрмын сынап,
Сөзімді талай халық тыңдады ұнап,
Өзіңді атақты ұста дегеннен соң,

Кeп тұрмын қой, қозы емес кездік сұрап, —
дегенде ұста:

— «Шырағым, өлеңіңді тоқтат, мына кездікті ал», — деп бір кездік алып шықты. «Өзі тіпті бір арлы таз екен», — деп елді күлдіруші еді. Үсенді аз күн ертіп жүргендей басқа уақытта тіпті күліп көрген емеспін деуші еді Жәкең. Үсеннің бір үйдің қасына келіп тұра қалып:

— Береріне май берген,

Бермесіне шай берген.
Кешіктіріп жай берген,
Осы үйдегі сары жеңгем аман ба? —

дегенде, айтқанындай әлгі үйден бір сары әйел бір табақ құрт алып шығып салып береді. Үсен:

Ауылын аймағымен сақта,
Қазанын қаймағымен сақта!
Түйесін тайлағымен сақта! —
деп бата беріп:

— Береріне құрт берген,

Бермесіне сырт берген,
Анау үйдегі қара қатын аман ба? —

дегенде, «Апырау, мына кісі қара жеңешемнің мінезін қайдан біліп қойған?» — деп күліп жіберіпті. «Үсен сондай тапқыш, адамның қу тілдісі», — деп күлетін еді. Жамбылдың бір ерекше жері ел аузындағы сөзге, осындай мерген айтылған қулық сөзге өте құлақ қойып, ұғып алып, өзі қайта айтып беруші еді: «Осындай сөзді үлгі етіңдер. Елге сөз айтқанда осындай бір жағынан күлдіре, бір жағынан күйдіре айту керек», — деуші еді. «Үсенді мен өзім де көрдім. 1921 жылы Түргенде үйіне кез келіп қондық. Бір түн өлеңін, осы сияқты әңгімелерін айтып күлкіден ауыз жидырмады. Сол жылдарда Үсен 70 жасқа келген қарт еді. Қазір өлген деп естідім», — дейді Үмбетәлі. Жамбылдың өзі тұстас ақынында өте тапқыр көретін ақыны Дулаттың Сәмбет руынан шыққан Қуандық ақын еді. Әсіресе Қуандықтың үш ағайынды көсе жігіттерге айтқан өлеңін айтып, кесе кісіні көргенде мысқылдап, күліп отырушы еді.

— Жол анасы тұяқтан,

Су анасы бұлақтан,
Сөз атасы құлақтан,
Ал соғайын, соғайын,
Ырамадан, ырғақтан,

Еділ, Жайық, Нұрақтан,
Алшын, Жаппас, тұяқтан,
Олай емес, бұлайдан,
Су атасы лайдан.

Біреу жалғыз, біреу көп,
Біреу жарлы, біреу бек,
Оның бәрі құдайдан,
Құмай шығар тазыдан,

Мен құланшы — қазыдан.
Бір пара жанды алды ғып,
Бір пара жанды жарлы ғып,
Бір пара жанды жоқ қылып,

Бір пара жанды ток, қылып,
Шернеуіште жазылған.
Арғы атаң болған Жаныстан,
Аузы кере қарыстан,

Дұшпанды жеңген, алысқан,
Астығы тәуір дегенге,
Іздеп келдім дабыстан.
Осы отырған төртеуміз,

Төртеуміз де көсеміз. –
Көсе ғып тапқан шешеміз.
Мал мен басты көп беріп,
Сонан жетер есеміз.

Соңғы көсе мен едім.
Әуелгі көсе сен едің,
Астығы тәуір дегенге,
Алыстан іздеп кеп едім,

Көседен көсе құр кетсе,
Батыр қайтып жөн деді.
Бермес көсе сен емес,
Алмас көсе мен емес.

Көседен көсе құр кетсе,
Батыреке, жөн емес.
Күнде жігіт десек те,
Суалды ғой ұртымыз,

Қашқан қоян сықылды,
Тықырайып мұртымыз.
Қатын байғұс таң көрер,
Ашалы қара бақанды.

Сәудегерлер таң көрер,
Өркеші биік атанды.
Қыздар байғұс таң көрер
Ауылға келген бақалды,

Көсе байғұс таң көрер,
Сәукеле қара сақалды.
Бұл сөзді мен айтқам жоқ,
Бұрыннан қалған мақалды, —

деп Үмбетәлі Жамбылдың тәуір көретін ақындарынан айтатын осындай қисық өлеңдерін көп айтады. «Жамбыл әсіресе ақындарды өзіне жақын көріп, оларды оңдырмай қатты қалжың етуші еді. Жамбылмен ерте жолдас болған, әрі замандас, әрі ақын шәкірті болған — Есқожа руынан шыққан Өмірзақ ақын Қарғабаев. Бұл кісінің өзі қара кісі, кішірек, шоқша сақалы аппақ болып ағарған еді. Соны керіп Жәкең: «Таутекенің сақалындай, немене, сақалың шушаңдап кеткен», — деуші еді. Кенен кейінгі кезде келіп бір сәлем беріп, басындағы бөркін алғанда, «Басың немене, түз түйген келсаптың басындай боз ала болып кеткен», — деп бір күлдірді. Бір күні өзінің сақалын ұстап отырып: «Менің сақалым құртқа малған ағаш күрек секілді болыпты - ау», — деп жатып күлдірді. Дулат ішінде Баба руынан шыққан Есдәулет ақынды бір келгенде: «Суық төбенің суыр аңдыған қоңыр ала бүркіті сияқты қопайып қайдан келдің?» — деп жатып күлдірді. Өзінің 75 жылдығын тойлап жүрген кезде, Шымкенттен Орынбай ақын келіп өзіне амандасып отырғанда, кішкене өлең айт деп, болмай айтқызды. Орынбайдың даусы жіңішке кісі, өзі шарылдап сөйлейтін адам. Соған: «Бұрын да дауысты емес едің, тап тау құдірет сияқты болыпсың той», — деп бәрімізді күлдірді. 1943 жылы Киров колхозына келіп, онан біздің үйде отырғанда бұрынғы Айқымның өзін көрген шалдарынан бірсыпыра кісі келіп, сонда Абдыман деген шал келіп сәлем беріп амандасып отырды. Ол өзі сіріңке қара кісі еді, сақалы аппақ еді. Жәкең одан жасың қаншада деп сұрайды. Ол 55-темін деп еді, «..... ұрайын, әлден не керінді, басын ұнға тыққан қара мысық құсап», — деп күлдірді. 1922 жылы Ұзынағашта бір үлкен жиналыс болып, сонда ақындар да болды, Жамбыл да бар еді. Сол кезде Ұзынағашта милицияда қызмет істейтін Пұшық Жұмық деген кішірек бір белсенді жігіт бар еді. Әлгі жиналған елге олай жүр, былай жүр деп атпен шауып дамыл бермеді. Сонда Жамбыл: «Мына «саратан зауза құсап дарылдағаның кім? — деп елдің шек-сілесін қатырды. Мақыш Райымбек баласы — әрі балуан, әрі ақын, Жәкеңнің ең жақын көрген адамы. Ол өзі көбіне демін аузынан алатын аңсағай зор денелі кісі еді. Соны: «Көкұрайын», — деп отыратын. Өзіне хатшы болып жүргенде Қалмақан ақынды әзілдеп: «Шеміршек болған жылқыдай танауың шелтиіп келдің бе?» — деп бір отырғанда күлдіріп еді», — дейді Үмбетәлі. Жәкеңнің аузы қалжыңға, адамның бойындағы, ісіндегі мінін айтуға шеберлігін айтып: Жамбыл өзімен сөйлесіп әңгімелескен, істес болған кісінің қандайы болсын бір сын тақпай, соның бір кісі күлетін мінезін айтпай қалмайды екен. Мұны бір ғана Үмбетәлі емес, адамдардың бәрі айтады. Өзінің ауылындағы әрі жақын інілері Жартыбай Қырықбай баласын «суыр сияқты әрі жалтақ, әрі бақырауық, кейде «асыранды жапалақ сияқты қаудырап» дейді екен. Жамбыл кейінгі кездерде Совнаркомның больницасына келіп жатып, емделіп жүрді. Сол больницаның директоры Ерастов деген дәрігерді көргенде: «Мына төреңнің жүрісі қалай, ұшуға жақындаған үйректің балапаны сияқты теңселе басып», — дейді екен. Үйткені Ерастов қол-аяғы қысқалау, жүргенде теңселе басып жүретін адам еді. Өз елінде Шыныбай деген жігіт бет-аузы сопақ екен, және бір жағына қарай бейімдеу екен. Соны Жәкең бір күні кергенде: «Қисық өскен картошка құсаған неме екен ғой», — деп отырған елді күлдіріпті. Өзінің неше жыл қасында болған докторы Досымбекті «Қалжаға сойған қойдың мұжыған мойын омыртқасы құсаған енеңді...» — дейді екен. Өзінің Алғадай деген баласын: «Борбас жерден шыққан бұзаубас құсаған енеңді...» Өзінің жақын ағайындары Ибрайым Бәсімбет баласына (бұл қарт шежіре кісі): «Құрт, айран ұрлап ішкен кісі құсап немене мұртың аппақ болып кеткенсің» — депті. Өзінің баласы Аққұлыны: «Іңірде ұшқан қара қоңыз құсаған дарылдаған енеңді ұрайын» дейді екен. Өзінің ағасының баласы Сәни Тетей баласына: «Ұзататын қыздың жарма шымылдығы құсап, немене аузың ырбаңдап бір орында тұрмайды ғой», — дейді екен. Өзінің шөбере інісі және өздерінің колхозының председателі Тұрап Мыржиевқа: «Суық бас торғайдың мүйізі құсап мұртың шелтиіп түр ғой», — дейді екен. Өз ауылында жақын ағайындарының бірі Әбіл деген жігітті: «Судағы майқоңыз құсап жыпылдаған енеңді ұрайын», — дейді екен. Өз ауылындағы замандас қарттың бірі Демеқұл Таңсық баласына бір күні кешке жақын үйіне келіп сәлем бергенде: «Аяғын тұсаған қара бура сияқты маталып қайдан келесің», — депті. Демеқұл тұсаған малдай малтығып жүретін кісі екен. Тағы сол өз ауылының бір жігіті Қасен Шымырбай баласы балпылдап көп сөйлейтін жігіт екен. Сол келіп бір күні ауызы тиыштық таппай сөйлеп отырыпты: «Осырақ қоңыз құсап немене балпылдап отырсың?» — депті. Өз ауылының Жолашар Рахматжан баласы деген жігітке: «Шала түлеген шабдар жылқы құсаған енеңді ұрайын, неғып кержағалданып отырсың», — депті. Ол шикіл сары кісі екен. Өзімен замандас Тойбай деген шалды: «Кәрі жіліктің құрығы құсаған енеңді ұрайын», — дейді екен. Ұзын бойлы еңкейіп жүретін кісі екен. Өз ауылының адамы Нұрбек деген кісіге, бүкірейіп жүретін кісі екен: «Тышқан аңдыған мысық құсап, жауырыныңды құржитып қайдан келесің?», — депті. Өзінің Қожаш деген өлген ақын баласының әйелі Пәтимені: «Орыстың асыранды ала қазындай байпаңдаған келін», — дейді екен. Өз ауылының адамы Алтай Сары баласы деген жігітті: «Орыстың шала илеген былғарысы құсаған шандыр - шандыр болған неме, оңбай кетіпті ғой», — дейді екен.

Өзінің баласы Аққұлының әйелін: «Ұлу мүйіз құсаған бейбағым», — дейді екен. Сатыштың әйелін: «Бидай терген көк кептер сияқты», — дейді екен. Тұраптың шешесі Мыржының әйелін: «Оқ жыландай ысқырып отырған шығар» дейді екен. Өзінің Қожакелді деген баласынан қалған немересі Атакелдінің былтыр туған Қуандық деген кішкене баласын алдырып, көзі көрмей қалған кезде, қолымен сипап көріп: «Жылбысқы қозының елтірісіндей бет-аузы жып-жылмағай екен» депті. Өзінің Аққұлы деген баласынан туған немересі Жұмақанды: «Сексеуіл бұрау құсаған бұралып біткен неме», — дейді екен. Өзінің кенже баласы Тезекбайды: «Екі енегі тел қара қозы құсаған енеңді ұрайын», — дейді екен. Өзінің немере інісі Өмірәлі Жадыра немересіне: «Етікші қоңыздың мұрты құсап ербиген екі тал мұртыңды ұрайын», — дейді екен. Жамбылдың домбыраны қолына алуды сирегің кіреген, алса да тек өзі күңіреніп үйде тартатын кәрі жолдасын айрықша бір қуаныш қолына қайта алдырады. Ол 1925 жылы Алматы қаласында Қазақстанның автономия алғанына 5 жыл және Жетісу, Сырдария елдерінің Түркістан өлкесінен бөлініп, Қазақстанға қосылғанына бір жыл толуына үлкен той жасалады. Бұл тойға Жамбылдың шәкірттері Кенен, Үмбетәлі, Өмірзақ, Сәдібек, Бармақ, Қарабек, тағы толып жатқан ақындар келеді. Бұл той 1913 жылғы өздерін бір үйге қамап, патшаны мақта деп пристав, стражник күштейтін той емес. Той халық тойы, елдің әйелі, еркегі бірдей тойлаған, шапқан ат, алған көкпар, күрескен балуан, салыстырған жорға, бәрі халықтың өз мерекесі. Тойды басқарған, ойын-сауық тізгінін қолға алғандар ел ішінен кедей болыс болып сайланған Кенен, Мақыш сияқты өзінің шәкірттері. «Ал, Жәке, байлардың тойында, патшаның тойында пленді талай айттың ғой, енді мына өз тойың болды, кәне, оныңды естірт», — деген елге, аса көңілденіп жыр айтады. Бірақ Жәкеңнің ол жыры тұтас жазылып алынбаған, ауыз екі ұққан кісі де тұтас қалмаған. Бір кішкене үзіндісі 1940 жылы шыққан жинағында бар. 1927 жылы жазды күні пішен бөлісі шығады. Бұрын байлардың ата мұрасы, мүлкі болып келген жер бөліске түседі. Өз ауылындағы бай жуандар Жылқыбай, Күртібайлардың шабындығы, өмір бойы Есқожа, Екей нашарларына қабандай қара түнек болып келген Мырзабек Кәшке тұқымының, Шалтайбай қажылардың жерлері, ат шаптырым жоңышқа шабындығы бөліске түседі. Осы бөлісте бұрын уыс, құшақ шөп алып көрмеген кедейлердің есеге қолы жетеді. Бала-шағасымен Жәкең де таңдаған жерінен шабындық қалады. Пішен бөлісі боларда Ұзынағашта барлық ел бас қосқан жиналыс болады. Жиналысты қосшы ұйымының мүшелері басқарады. Жер бөліске түсетін болып мойнына су құйылған бай, жуандар іріктеліп топтан шығады. Сол топта:

«Сексен бірге жас келіп,
Әр немеден жасқандық,
Кәрілік деген тақымдап,
Өлім қалды жақындап.

Суырылып сөз келді,
Жамбыл сынды қартыңнан.

Мұнша жасқа келгенде
Не көріп, не білгеннен,
Бір ауыз сөз айтылмай
Қалса, үлкен мін ақынға.

Елестер сан белестер,
Соның бәрін айтқанда,
Қол жеткізген асқарға
Маркс, Ленин кемеңгер,

Жер мен суды қолға алып,
Жетісіп тұр енді елім», —

деп ұзақ жырлайды. («Заман ағымы» деген жырдан 1940 жылғы жинақта, 109-бетте). 1928 жылы байлар конфескеленіп, бұрынғы қосшы ұйымының мүшелері еңбек біріктіру серігіне ұйымдасады. Сол алғашқы ұйымдасқан кедей тобының ішінде Жамбыл да болады. Бірақ бұл кезде Жамбылдың қолы малдан құр алақан емес. 1918 жылдың ақсүйек жұтында кедейленіп қалса да, Кеңестің алғашқы жылдарындағы үнем саясаты кезінде тағы да малдың басы құралып қалады. 1929 жылы, алғашқы ел жаппай колхозға ұйымдасып, барлық күш малы ортаға салынғанда, Жамбыл бала-шағасымен жиырмаға тарта жылқыны ортаға беріп, колхозға кіреді. Малдың бәрі ортаға түсіп, колхоз дүрілдеп, егіні шығып, шөп машинамен көп шабылып, қарт ақын шын жаңалық дүниені көре бастайды. Бірақ бұл бір жақсылық ұзаққа бармай, колхоз ортасында асыра сілтеу басталады. Бай - кулактар колхоз ішіне іріткі салып, түрлі тәртіпсіздік болады. Жамбылдың өз колхозының ішінен Қалабай сияқты өтірік белсенділер атқа мінеді. Олар сен байларға, манаптарға өлең айтқансың, өзің де орта дәулетті болдың деп Жамбылға тиіседі. Бірнеше рет белсенділердің қармағынан ауданға барып, аман құтылып шығады. Сөйтсе де белсенділердің асыра сілтеуінен Жәкеңнің балалары Тезекбай, Алғадай, Қожаш, ағасының баласы Сәтіштер қырғыз ішіне кетеді. Жәкеңді де ала кетеді. Сол бетімен балаларымен бірге екі жылдай жүріп қалады. Колхоз ұйымдастырудағы асыра сілтеу қателіктері түзетіліп, колхоз ішінен басқа жерге көшкендер қайтарылады. Қырғыз елінен алдымен Жамбыл қайтады. Осы күнгі өзінің қорасы тұрған жердегі Нұрбек Сазанбай ұлының үйінде шеттен кешіп келгендерге азық беру пункті болады. Басқа жерден қайта көшіп келгендерге бір жерден тамақ беріледі. Жамбыл да осы жерде болады. Қырғыз асып, екі-үш жылдай елін сағынған ақын бір жерде отыра алмай, бір күні кетіп қалып, осы күнгі Қызыләскер колхозының мүшесі Тұрсынбек ақсақалдың үйіне келді. Тұрсынбек Жамбылдың жырын сағынған елге айтқызып, бірнеше күн қондырып сыйлап, өзінің сұрауы бойынша Қарғалы өзенінің аяқ жағындағы совхозда істейтін Қасымбек Арғынбаевтың үйіне жеткізіп салады. Содан Жәкең бұрынғы қалыпқа түсіп, колхоздасып, шаруасы жөнделе бастаған еліне жырын көңілдене айтады. Осы күнгі Аманкелді колхозы атанған Суықтөбе бауырындағы Есқожа елінің колхозына барып, өлең айтады. Колхоздың бастығы Әбдіқадыр Бабажанов деген жігіт: «Жәке, жаяулап қалыпсың, мынаны аяқлау ет», — деп өзінің қара есегін береді. Жәкеңнің 1934 жылғы ақындар мен әншілердің, өнерпаздарының республикалық жиынына Алматыға мініп келетіні осы қара есек болады. Жамбыл қара есекті мінген соң ел аралап колхоздың малын баққан шопандарына, өріске барып өлең айтып, көңілін көтеруге аттанғанда колхоздан колхозға жүріп отырады. Өзінің Шапырашты, оның ішінде Екей, Есқожа, Айым елдерін тегіс аралап өлең айтып жүріп, Ұзынағаштан өтіп бара жатып есегі батпаққа жығылады. Жамбылдың жығылғанын не қылсын, ойнап жүрген бір топ бала есекті балшықпен ұрып қуалайды. Сол жерден өтіп бара жатып, осыны көрген қасқарау елінің Жұмағұл деген жігіті есекті қайырып ұстап, Жамбылды есегіне мінгізеді.

Жығылды Жамбыл келіп есекпенен,
Үкімет нанын бермек есеппенен.
Жығылып қара есектен жатқанымда,
Ұрады жүгермектер кесекпенен, —

деп Жұмағұлға өлеңдетіп амандасып, Жамбыл батасын береді. «Жәкең осы жығылғанына қатты ренжіп, көзіне жас алып айтып еді. Осының артынан көп ұзамай Жәкең Алматыға шақырылады. Содан бастап ол кісі қайта жасарды, бағы көтерілді», — дейді Октябрь колхозының мүшесі, құсбегі қарт Сүлеймен Тәкімұлы. 1934 жылы Алматы қаласына шақырылған жас көркемөнершілер мәжілісіне келіп Жамбыл жыр айтады. Бұл жырда Жамбыл бір кезде азып-тозып кеткен халықтың ата мұра асыл қазынасы талапты жастардың қолына тиіп, көркейе бастағанына қуанады. Соған арнап:

— Уа, термеден сөзді бастайын,

Жас жігерлер алдында.
Топтан озған тарлан ең,
Шабысыңнан тандың ба?
Тұяғың тозып, топас боп,

Китіңдеумен қалдың ба?
Шаршы топқа түскенде,
Шабысы болар шалдық да, —

деп, өзін жастар алдында сөзден сүрінбейтін жігермен қайрап жыр ағызады. Жамбыл бұрынғы бір ауыз, жарым ауыз сөзбен түйіп тастаудан гөрі созып, желілеп, ұзақтай айтуға, бұрынғы ойда бұғып келген жыр желісін ұзартып, өлеңді көгеннен ағытқандай құлашты кең тастайды. Жамбылдың бұл кездегі айтқан әрбір кезеңді жердегі жыры заман бейнесін суреттеуге кеңінен қамтылған жыр болады. Бірақ бұл көздерде де тек бір мереке я бір болған уақиғаға байланысты арнаулы жыры болмаса, Жәкеңнің ел ішінде айтқан күнделікті жыры жазылмаған. 1935 жылдың ішінде Жәкең өз елінің жайлау, күзек, көктеу мекендеріне барып, колхозшылар арасында үздіксіз жыр айтады. Сол жырлары да жиналып жазылмаған. 1936 жылы Қазақстан көркем өнерпаздарының Мәскеуге баратын дайындығы болады. Осыған арналып ақын, әнші, күйші өнерпаздардың слеті шақырылып, барлық жүйрік жарысқа түсті. Бұл жиылыс бәйгеге көп-көп шабылған кәрі тарлан Жамбылға аса ұнайды. Ол осы жиналыста бұрын атын естіп, өзін көрмеген сан өнерпазды көреді. Солармен бәсекесіз өнер салыстыру бәйгесіне түскенде аса көңілденеді. Бір шеті Оралдан, Каспийден, бір шеті Қытаймен шектес Алтайдан келген жүйріктердің енеріне сүйсініп сүйікті жыр толғап, топтың алдына түседі. Мәскеуге баратын өнерпаздардың ақсақалы болып Жәкең белгіленеді. Жәкеңнің ұғымынан терең орын алған Мәскеу жұртшылығының достығы, Ленин — Сталин қамқорлық басшылығы гүлдендірілген елінің бейнесін Жәкең кеңірек толғап айтуға ойланып жыр төгеді. Бұл жыры әрі сыр, әрі қуаныш жыры болып өрісі өте ұзаққа тартады. Жәкеңнің осы жырлаған «Туған елім» деген жыры Жәкең жырының жүлгеленіп шыққан жаңа белесі болып, аса әдемі шығып, бірнеше тілге де аударылып, бір ғана қазақ поэзиясы емес, бүкіл Кеңестер Одағы поэзиясынан үлкен орын алады. Жәкең халықтың көркем өнерінің кешін Мәскеуге да осы «Туған елім» деген тамаша жырымен бастады. Жәкеңнің бұл жыры ақын, әнші, композиторларға ерекше ой салды. Арқаның атақты әншісінің бірі әрі жас композиторы Манарбек осы жолы «Сталин туралы» деген тамаша әнін де шығарып, Күләш «Гәкку» әнін жаңа бейнемен әсемдеп, ел өнеріне қозғау салғандай болды. Жәкең бұл жырында халық поэзиясынан бойына көп сіңірген ерекше тапқыштық сұңғыла сөзге көшеді. Ол халықтардың көсемі Сталинді тек көсем еді деген жалпы сөзбен тоқталмай, оған теңеу іздегі, өзі ерекше артық санайтын табиғаттың тамашаларынан құлағына сіңген барлық ұғымдардың ішінен Сталинге теңеу таппай қинала отырып, өте әдемі теңеу айтады:

— Лениндей басшы іңкәрім,

Жырлауға саған сөз жетпес.
Шебер ақын ұстаның
Пайғамбарға теңеуге
Сүндет, уажып, парыздан

Артық көрдім ұстазын.
Асқар тay биік дер едім,
Көрініп тұр төбесі.
Ақылы дария дер едім,

Бірақ кейде дарияның
Қайырлайды кемесі,
Шайқалған жүйрік дер едім,
Ат та шаршап болдырар

Кездесіп жердің белесі.
Домбыраны алғанда
Сталинге тең таппай
Қиналған Жамбыл жері осы, —

деп, ақын аяқты аршындай алысқа жастайды.

Жәкеңді мақтандырған халықтың көркі болса, оны көркейткен адамзаттың данышпандарына Жәкең ғасыр бойы көңіліне жинаған асыл сөзден арнаулы шашу тастайды. Бұл жерде бір айтарлық нәрсе — Жәкеңнің асыл қазынасын ақтаруға ашылған жаңа жол тәрізді. Қазақстан үкімет басшылығының, Жазушылар Одағының бастауымен Жамбылға хатшы ретінде өзіне заман ағымын ұғындырып, ой салып отыратын жас ақыннан кісі белгіленуі. Осы тұста Жәкеңе көп ой салып, жаңа пікірлер айтуына себепші болған — ақын Әбділдә Тәжібаев. Әбділда қарт ақынның туып жатқан тумасына түрткі салғандай, халық ықыласындағы жаңа ұғым, тамаша ойларды газет, журнал, әдебиет дүниесіндегі жаңа идеяларды көкейіне қондыра айта білді. Жәкең өзі хат танымағанмен, оның құлағына тиген жаңа сөз, жаңа пікірді бойына тез сіңіріп, жырының бетін тез түзетіп алды. Осы декадаға барған сапарында Жәкең Москваны, Кремлъді көрді, Лениннің жатқан жерін көрді. Алыстан атын естіп, ақыл ой асқан данышпандығына құмартқан кәні ақын қақ қасынан отырып, Сталинді және оның серіктерін көрді. Ақынға толқынды жаңа ой туғызды. Ол ой толқынынан сол Москваның езінде орғып ұшқан тау суындай бірнеше жыр толғады. Ақынның ғасыр бойына жырлаған еңбегінің сырындай «Еңбек Қызыл Ту» ордені Жәкеңе осы жолы берілді. Сонымен қатар Жамбылдың аты бүкіл Одақ халқына әйгілене орталық газеттерінде өлеңі басылды. Жәкеңнің атымен қатар қазақ халқының халық поэзиясы тозаң тотынан аршылып, жарқ етіп, кең майданға шыққандай болды. Жамбыл өлеңінің өріс тауып, құрметті орын алуы, қазақ даласындағы барлық халық ақындарының ойын қозғады. Жаңа жыр, жаңа дастан жырлауға, заман жаңалығына сай шығарма жасауына жол ашты. Москвадан қайтып келген соң Жәкең тұрмысына айрықша жаңалық кірді. Ол бір кезде қиял еткен дүниесін өзінің үйінен керді. Оның бір кезде қара құрым, қоқтық қорасы жаңа үй, жасыл тоғаймен безенді. Өзі жырлаған «Өтеген батыр» жырындағы халық геройы, ойшылы Өтеген іздеген қонысы өзі отырған Майтөбенің бауырында екен. «Тек тілін білмей жүр екеміз», — деді Жәкең, колхоздың өскен дәулетін, тұрмыстың сәулетін көріп. Тұрмысы түзеліп, көңілденген Жамбыл әлдеқашан айтпай қойып кеткен үлкен жырларын жаңартып қайта жырлады. Ол өзінің ұстазы Сүйінбай ақыннан ұғып, ертеде жырлаған «Сұраншы» жырын, ел аузынан ұққан Күсеп ақынның жырын, «Өтегенді» бұрынғысынан өңдеп, әдемілеп жырлады. Бұл жырлардың аяғынан социалистік мазмұн берерлік жалғау жасады. Жәкеңе ерекше ой салған Ворошилов, Чапаев сияқты кеңес заманының батырларының істеген ерліктері болды. Ол өзінің ұстазы Сүйінбай ақынның заманындағы батыры сүйіп, жыр еткен жолын өзіне сабақ етті. Ол өзінің сол күндегі хатшысы және жәрдемшісі Қалмақан ақын арқылы Ворошиловтың азамат соғысындағы ерлігін сұрап ұғынып, данышпан Сталиннің батыр серігін бұрынғы батырлар жырының бейнесінде жырлады:

— Қылышынан қан тамған,

Найзасынан зор тамған.
Іргелес елді жылатқан,
Ордасын, туын құлатқан,
Алтай мен Орал арасын

Борандатқан, шаңдатқан,
Талай елді қандатқан
Ардақты ма Шыңғыс хан?
Дейміз бе біз Шыңғыстың

Атағы асқан, күші асқан
Клим Ворошиловтан? —

деп, Ворошиловты дүние жүзіне әйгілі қолбасшының бірі Шыңғыспен салғастырып, өз заманының адамын қанішер Шыңғыстан әлдеқайда артық етіп мақтанады:

— Жауға жерін бермеген,

Тигенге қылыш сермеген,
Сынаспаң болған дұшпанды
Шыбын құрлы көрмеген.
Aт мінбеген жаратпай,

Әскері темір болаттай,
Жеңілуді білмеген,
Байтақ жерді қоршаған
Жалпақ елді қорғаған,

Ленин ерден оқыған,
Сталиннен үйренген,
Артық көрмен ені жанды,
Ел сүйген сендей ерімнен, —

деп, Жәкең Ворошиловты өте сыйымды жолмен шебер суреттеп айтып береді. Жәкең осы жырын ұлғайтып «Ворошилов батыр» деген көлемді поэма шығарды. Осы поэмадан бастап Жәкең Совет үкіметін құруда, әсіресе қазақ елінің өз алдына ел болуында ерлік жорықтары көп болған Чапаев, Фрунзе сияқты батыр қолбасшыларды ойланып жыр етті. Жамбылға көп ой салып, ақындық делебесін қыздырып отыратын нәрсе радио болған. 1936 жылдан бастап Жәкеңнің жаңа үйіне радио орнатылды. Жамбыл оны «Шайтан құлақ» деп ат қойып, радиодан айтылған ән мен жыр, тартылған күй, оқылған әңгімені тыңдап, өзінің ойын да, дүниеге көзқарасын да жаңартып отыратын болған.

Жалғанды жалпағынан басып өтіп,
Жасарып, қайта туып алдым бекіп.
Қаусаған отыз тісім қайта шықты,
Болғанда қызыл иек әлім кетіп, —

деп, Жәкең 1937 жылы өзінің жасарғанын айтып жыр жырлады. Оның бұл жыры — әншейін айтылған емес, шын мәнісінде жасардым деп шын көңілден айтқан жыры. Жамбылдың бұл 1937 жылғы жазылған жырларының көбі өте көңілді. Оның Чапаевқа арнаған:

«Еділ, Жайық үстінде Торлаған қара бұлтты,
Серпу үшін күшіне Түсіп Чапай жорытты.
Патшаның торын қырқуға,
Жандаралды құртуға,

Халық үшін жан қиып,
Түсті сыпыра жортуға, —

деп, Жамбыл Чапай жорығын өзінің байырғы жырлаған батырларының жырының ішіне салып сыйдырады. Жәкең бұл жылдарда тек үйде отырып қалмай, елдің жайлауына, күзегіне барып жаңарған елдің ортасында отырып, жаңа жыр айтуға ыңғайланған.

4

«Жаз айларының тамылжыған әдемі күндері еді. «Дегерес» совхозы жылдылары Суықтөбе, Саржазық, Сұлутөбе, Балжан жайлауларына барған кезі. Сол жылы жылқыға карантин болып, атпен кісі барғызбайтын еді. Астында мінген шұбар сиыры бар, домбырасы белінде, бір күні Жамбыл келді. Сарыжазықтың белесінде Жалпақ жайлауды алып жатқан асыл тұқымды арғымақ айғырлы жылқыны аралап, Құрманғалы деген бір ферма бастығының үйіне келіп қымыз ішіп, жылқышыларға арнап өлең айтты.

— Өсіріп асыл жылқы арғымақтан

Жігіттер көкке бедеу қарғылатқан.
Сарыжазық, Қарақия, Алаяққа
Совхоздың жылқысы желі тартқан.
Ойнақтап құлын-тайың асыр салған,

Құландар алма мойын асылданған.
Аттары бөрі құлан, бөкен санды,
Молайды ел дәулеті асыл малдан, —

деп өлең айтып еді», — дейді Дегерес жылқы зауытының орденді жылқышысы Абылай Қыдырма баласы. «Онда Жәкең өте көп жыр айтып еді, оны біз керек қылып ұғыппыз ба?» — деп 1944 жылы, 12 қыркүйек күні совхоздың өзінде айтты.

ДЕГЕРЕС ЖЫЛҚЫ ЗАУЫТЫ ТУРАЛЫ AЗ СӨЗ

Дегерес жылқы зауыты Жамбылдың ауылынан 45 километрдей жер. Сол Суықтөбенің солтүстік бауырына таман, Қопа жазығына шығар шеткі биік адыр. Бұл жер ерте кезде (осы күнгі Үшбұлақ колхозы, отырған Жамбыл ауданы) Тайторы деген елдің жері екен. Бұл жерге жылқы зауыты 1931 жылы орнаған. Алматы қаласының байлары Маслов, тағы бір-екі бай қосылып хутор салып, кестіріп алған, артынан Племхоз ұйымдастырылған. Ол байлар колхоз ұйымдасқаннан кейін фермасы конфескеленіп, үкімет қарамағына алынып, зауытқа айналдырылған. Бұл жылқы зауытына Жамбыл жылда келіп өлең айтып, асыл айғырлар мен аттарды көріп аса қызығушы еді дейді. Жамбылдың Дегерес жылқы зауытына көп келуіндегі бір себеп: Бұл зауыт болмай тұрғанда, Маслов оған тағы екі бай бірігіп, мал есірген жері. Байлар Алматының үлкен чиновнигі әрі байы. Бұлар 1900 жылдардың шамасында қазақтың жерін кестіріп алып, хутор салады. Бұл жері алынған Тайторы тұқымы Үшбұлақтың бас жағына Жамбыл ауылдарымен бөліктес бола келіп орнайды. Байлардан зорлық көріп, жерінен айырылған, ата қонысын зорлықпен тастаған елге Жамбыл талай келіп жыр айтып, әсіресе елге қоныс іздеген Өтеген батырды айтады екен. Дегереске орнаған үш байдың малын сол Тайторының кедейлері бағады. Жамбылдың өте жақсы көретін кедейдің бірі, пысық ер жігіт Әйгелов Құрманғали, сол байлардың малын баққан. Ол осы күні жылқы зауытының басты жылқышысының бірі. Осы Құрманғали 1916 жылғы көтерілісте сол үшін байдың малын айдап қашып, көтеріліс басталғаннан кейін байлар оларды солдатпен барып малымен қайтарып алған. Көтерілістің артынан қорқып, байлар оларды аса жазаламаған. Дегерес жайында болған бірнеше кезеңде әңгімелер Жамбылдың көп білген және сан рет өткен уақиғалары екен. Бірақ бұл жырлар кезінде айтылып, жиналмай қалып қойған. Құрманғали айтады: «Жәкең 1937 жылы келіп жайлауда, біздің үйде болып жыр айтқанда, осы әңгімелерді айтып, сен бір кезде ата қонысыңнан айрылған, атасы жоқ құлдай, жер мен судан жұрдай болып едің. Енді желі тартып бие байлаған жайлау, өрістеп саз жайлаған бай болдың, мынау малдың бастығы сен болыпсың, өз малыңдай көріп бақ. Бұл мал киелі мал, биелі мал деп еді», — дейді. Жамбылдың жаңа жырды осы секілді айтқан жылы 1937 жылы болған. Оның себебін жоғарыда айттық. Әсіресе халық құрметі, үкіметтің қадірлеуі ақынның асыл қазынасын ақтарылта тасытқандай болған. Сонымен қатар Жамбылдың бұрыннан айтып келген өзекті жырлары — Сүйінбай айтуынан өзі өңдеп алған «Сұраншы» жыры. Өзі 1920 жылы Алматы қаласындағы Максим Горький көшесі мен Коммунардың арасында, Ыстықкөл көшесінде, Мыңсары Сүлеймен деген шала қазақтың үйінде жатып, айтып отырып жаздырып, артынан аса оңдап айтып кеткен «Өтеген батыр» жырын да сол жылы қайта айтып жаздырады. Бұл жерде бір айта кететін ескерту: Жетісу, Сырдария облыстары Түркістан өлкесіне қарап, Түрік республикасы атанып тұрған кезде, 1920 жылы қысты күні Жетісу облысынан сол кездегі үкімет басындағы жігіттері Жетісу ақындарын жинайды. Ол жиналысқа Жамбыл да, Үмбетәлі де, Бармақ та, Мақыш та, Кенен де, Садыбек те келеді. Оларға бірнеше күн өлең айтқызып, ішінен бірнеше ақынды іріктеп тапсырма береді. Мысалы, Үмбетәліге, Саурықты жырла дейді. Мақышқа Тазабек батырды жырла дейді, Жамбылға Өтегенді жаңғыртып, үлкейтіп жырла дейді. Бармаққа Бәйсейітті жырла дейді. Садыбекке Сыпатайды жырла дейді. Сонда Жамбыл осы Алматы қаласы, Ыстықкөл көшесі мен Торговый көшесінің түйіскен жеріндегі Мыңсары Сүлеймен деген қазақтың үйінде жатып Өтегенді жырлайды. Жамбылдың айтқанын Мәңке болыстың молдасы болған кісі жазып отырады. Мәңкенің молдасы домалаңдаған семізше, кішкене кісі екен. Жамбыл: «Су ішіп шыққан жер тана құсап таңқимай, тез жазсаңшы, сен қимылдағанша Жамбылдың өлеңі тұра ма?» — деген сөзі осы күнде елге мақал болды. Бұл жырды сол жаздырып алған жігіттердің қайда жібергені мәлімсіз. Мұны айтқан Омар және Ыбырай Бәйсімбет баласы. Миржи да айтады. Үмбетәлі де рас дейді. Үмбетәлі бұлардың қай-қайсысын болсын өз көзімен керген. «Саурықты мен жырладым, өйткені онда қырғыз бен қазақ бір еді. Және бастауын бастасам да, осы Алматыда облыстық комитетте істеп Тұрған жігіті ұнатпай, аяқтамай тастадым. Өйткені Саурықтың соғысы ылғи қырғызбен екі арада болған еді. Және Саурықты қырғыз Көрпік батыр өлтірген. Өйткені Көрпік Кенесары өлтірген Жаманғараның інісі екен. Кенесары Жаманғараның інісін Саурықтың аулының қасында, ақ үйлі болып отырғанда өлтірген екен. Жаманғараның інісінің өлімі жөнінде Саурықпен аса өш екен. «Бұларды айтуға екі елдің өткендегі қателігі ел арасында әлі де ұсақ араздықты қайта туғызбасын деген ой болды», — дейді Үмбетәлі.

ЖӘКЕҢНІҢ КАВКАЗҒА БАРҒАН САПАРЫ

1937 жылдың күзінде Грузия халқының ұлы ақыны Шота Руставелидің туғанына 750 жыл толуы тойланды. Осы тойға Қазақстан Республикасынан да қонақтар шақырылып, ең сыйлы қарт қонақ Жамбыл ақын барды. Жәкең бұл жолында бұрын жүрмеген алғыс жолын жүрді. Қиыр жерлерді керді. Әсіресе бұрынғы қиссаларда, ертегілерде айтатын Қап тауын — Кавказ тауын керді. Кавказда мекендеген тау елін, Грузия елін көріп, айрықша тамашалады. Ұлы Сталинді ұшырған ұяны көрді. Осы керген тамашасын Жамбыл әдемі жырымен суреттеп, айтып берді. Жамбылдың Кавказға арнаған жыры осы жолғы алған әсерінен, сүйсінген, қызыққан жүрегінен шығып еді. Осы сапарында Жәкеңнің қасында болған жас жазушылар Жәкеңнің кейбір елеулі сөздерін, болған жерлерін күнделік етіп жазып та отырған. Жамбыл өзі де осы жолғы жүрісінде көрген тамашаларын, қызыққан, сүйсінген нәрселерін әңгіме етіп те айтып отырады екен. Әсіресе Грузия елінің келбеттерін өте жақсы көрген: «Ат ерінді, ер мұрынды» деген қазақ елінің мақалын айтып: «Адамдары қошқар тұмсық, ер келбетті екен. Әйелдері аппақ, көздері қарақаттай, шаштары әрі ұзын, әрі құндыздай қара болады екен. Әттең, жас күнім болмады, әйтпесе бір қызды алып қашсам да әкетер едім», — деп қалжың да айтқан.

1938 ЖЫЛҒЫ ЖАМБЫЛДЫҢ АҚЫНДЫҒЫНА 75 ЖЫЛ ТОЛҒАН ТОЙЫ Қазақ Республикасының астанасы Алматы қаласы Кеңес үкіметі орнаған аз жылда қандай жаңарып, гүлстан болғанын Жәкең өз жырларында әдемі көрсеткен еді. Жамбыл өмірін жасартып, жаңа бақыт берген заманы оның жасынан бірге жасасқан, сан әдемі жырын ағытқан қаласын да, халқын да бақытқа бөледі. Май айының әдемі күні, бау-бақшасы гүл атқан Алматының, қарт бауыры Жамбылдың өте бір ерекше дәреніне әзірленді. Ол Жамбылдың ақындық қызметінің жетпес бес жылға толған асқар белесі еді. Бұл мереке бүкіл Кеңестер Одағы болып ұлы құрметпен қарсы алған думан болды. Бұл думанға Кеңестер Одағының 170 миллион халқы тұтас қатынасты. Туысқан республикалардан арнаулы қонақтар келді. Кеңестер Одағының түкпір-түкпіріндегі Ұлты басқа, жүрегі бір бауырлас елдер қазақ елінің қарт бұлбұлы, аға ақынын өз туыстарындай қызықтады. Олар өздерінің ақынға деген махаббатын, шын сүйіспеншілігін жүрекпен айтты. Жер-жерден келген телеграмма, хаттар жаңбырдай жауды. Мәскеу, Ленинград қалаларынан, Кавказ, Украина, Белорус, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен топ-тобымен ақын-жазушылар келді. Бұлардың бәрі де қазақтың жүз жасаған қарт ақынын өз көздерімен көріп, аузынан өлеңін тыңдады. Өздері арнап елінің туысқандық сәлемін әкелді. Солармен бірге Монголия сияқты достас көрші елден, шеткі елдегі дос жазушылардан телеграмма, хат деген құттықтаулар ағыл-тегіл құйылды. Қазақ елінің үш жүзге бөлініп, үні әр жерден шыққан ақындық дабылы бір жерден қағылғандай болды. Осы той, осы жиынға Жамбылмен заманы бір, өмірі, өрісі қатарлас қазақ ақындары бас қосты. Сарыарқаның сарыбелінде тоқсан түлеп тұғыр қуартқан Доскейі келді. Жамбылмен қатар шыққан, өзен арнасындай, ақындық жүлгесі бір кезде қатар жосыған, сексенге серпіні қайтпай келіп, бел асқан Арқаның Шашубайы келді. Кіші жүздің кежімдеген тарландай, тарихи жырлардың шеңгелі Ақтөбеден Нұрпейіс келді. Талас пен Арыстың алып алыбын талмай жортқан шораяқ жүйрігі Орынбай келді. Бұлар — Жәкеңді әз аға тұтқан қадірменді іні, замандастары. Осылардың артынан ерген үбірі - шүбіріндей, етегінен ұстай шыққан ақпа сөздің арындаған толқынындай, жыры бүктетіліп - жазылып Иса келді, айқаймен, өлеңмен қатар аңыратып Нұрлыбек келді. Сырнай мен үнін Сырдың суындай сылдыратып Нартай келді. Жамбылдың жанында ескен шәкірттерінен өлеңнің ерен жүйрігінің бірі Үмбетәлі, кербез үнді Кенен, құдіретті сезді қомағымен төңкерілте Матайдың Қуаты келді. Қазақстан астанасы өлеңмен қанаттанып, әнмен аспанда қалықтағандай шаттыққа бөленді. Бұйыққан үн, күрмелген тіл шешілгеніне шеңберінен асып, ақындық салғанаты аспан асып, құлаш жайды. Ілгері - соңды болып көрмеген асқан құрмет, халықтық мереке, отандық ұлы сүйіспеншілік басын қосты.

«Құтты болсын айтамыз,
Ақын Жамбыл қария,
Аққалпақты отыр қырғыздан,
Халықтың жолдап сәлемін.

Келіп тұрмыз жаныңа
Үніміз үнге ұласқан,
Ағайын туған халықпыз», —

деп, қырғыздың халық ақыны Әлімқұл бастаған бір топ ақын келіп, өте тамаша туысқандық істеді. Төсекте басы, төскейде малы қосылған қырғыз елі Жәкеңді өздерінің тумасындай сүйіп, жырын өздеріне үлгі етеді. «Қағанағымыз қатар жарылған туысқанбыз» деген қырғыз елі ғана емес, алпыс Ұлтты Кеңестер Одағының барлық елінен осы сияқты өлеңдер елжіреген бауырлықты, достықты айтып келіп жатты. Тойдың аяғы ақынның өз ауылына барып, барлық республикалардан келген ақын-жазушылар, ғалым - ғұламалар, замандастары болып сонда бас қосты. Жәкеңе осы мерекесінде Кеңестер Одағының ең үлкен наградасы Ленин ордені берілді. Ақынға Кеңестер Одағы бүкіл жұртшылығынан айрықша бұл құрметі Жамбылды бұрынғыдан да жасаңғыратып, жанына жаңа қайрат берді. Ол:

Жүрегім — жыршы домбыра,
Бақытты қартың Жамбылмын.
Естіді Отан дауысымды,
Бөгелме, Жамбыл, сөйлеуден,

Оралдан асып даладан,
Еділден асып айқара,
Заулатты мені от арба,
Жорғадайын шайқала,

Мінгізген жүйрік керемет,
Күн Сталин, көп рақмет! —
деп, ол жыр қоймасын осылай ақтарды.

Бақытқа бақыт ұласқандай, жасарған Жәкеңе жаңа құрмет тағы оралды. Қазақстан еңбекшілері қарт ағасын өзінің өкіметіне мүше етіп сайлады. 1938 жылы өткізілген Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің сайлауында ол депутат болып сайланды. Бір кезде ел билеу, халық тағдырын қолға алу деген дана ойдың, даңғыл мидың ғана елшісі емес пе деп, өз аузынан өткір үкім айтқан Жамбыл енді өзі сол үкіметке сайланды. Ол шілде айының 14-і күні ашылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясын өзі ашты. Ұзақ, әдемі жырымен өркендеген елін, өрістеген халық бақытын тағы жырлады.

— Ел сайлады шын сәнді,

Елдің тұзын ақталық.
Жамбыл деп маған aт берді,
Сөнуге қалған қартты алып
Сессияны ашуға

Право берді көп халық, — деп, өзін де, өзге депутатты да халық сеніміне сай қызмет істеуге шақырды. Жамбыл осыдан бастап Жоғарғы Кеңестің сессияларына үздіксіз қатысып отырды. Оның өміріндегі ерекше кезеңі еді, үкімет ісіне, халық билеу, Сталиндік Конституцияның қолдану ісінде өз қолымен араласты. 1938 жыл алуан түрлі жаңа белестермен Жәкеңнің өміріндегі өте бір ,елеулі жыл болды. Жаздың жайнаған сұлу күндері, егін өсіп, шалғын пісіп, мал жетілген шақ. Жәкең жайлауға шықты. Өзінің құландай ойнаған бала шағын өткізген Желдібай, Құлансаз шалғындарына үй тіккізіп жатты. Жайлаудың жасыл бетегесінде жайылған сары қымызын, бағыланының бал құйрығына сонылап сейіл етті. Жәкең жорғасын теңселтіп жайлаудан баяу - бақшалы мекеніне қайтты. Алыстан сәлем бере келген аяулы інісі ғұлама туысқан алдынан шықты. Қазақ даласының қарт ақыны, өзін аға тұтқан орыс ұлын көрді. Сталиндік Ұлттар достығының уәкілдері қарт ғалым ғылыммен ағартқан басып иіп, кішілік етті. Әрине, бұлар сөйлесіп шүйіркелескен жоқ. Бірақ ықыласпен, жүрекпен шүйіркелесті.

— Қош келдің ағаңды іздеп, Ғалым інім,

Жасарған Сталинмен жаңа өмірім,
Асауын табиғаттың бағындырған,
Тілегім өрістеген оқу-білім.
Ғалымдар біздің елде таудан биік,

Орны олардың жоғары халқы сүйіп,
Ғалымға бригадир ұлы Сталин,
Сондықтан құрмет етем басымды иіп.
Уа, інім, құрметіңе өлең айттым,

Таң қалып жүзге келген Жамбыл қарттың,
Бауырым ұлы Ресей отанымыз,
Қартынан Алатаудың сәлем айтқын...

деп академик Келлерді Мәскеу елінің, бүкіл халықтың сәлемшісіндей таныған. Солай етіп жырын да үлкен - үлкен аталы сөзбен безеп, бейнесін қандай әсем айтса, ол Жәкеңнің шын елжіреген достық жүрегінен шыққан сәлем. Келлер амандасып қайтар шағы болғанда, Жәкең бүкіл Мәскеу жұртшылығына сәлем тапсырды. Ол қазақ халқының бәрінің сәлемі тәрізді еді. Келлер басын иді, қабыл алды. Екі қарт, ғылым мен поэзия алыптары басын қосып, дос жүрекпен бал алысқандай, аса зор достықпен қош айтысты. Жамбыл тағы сол жылы Мәскеуге өзі барып, саяхат етіп қайтты. Жәкеңді бұл барғанында Мәскеу халқы бұрынғыдан да зор құрмет етті. Орыс тіліне аударылған әдемі жырларына мейірлене сусынданған мәдениетті жұрт асқан ықыласпен Жәкеңнің алдынан шықты. «Мәскеуге жеттік. Қазан вокзалында қаптаған жұртшылық. Адам сыймай кетті. «Қазақ халқының қарт бұлбұлы Жамбыл жасасын!», «Совет ақындарының ақсақалы жасасын!» деген ұрандар жер күңірентті. Театр көркем өнерінің мемлекеттік институтындамыз. 32 Ұлттың кеңестік жас кадрлары. Жамбылды бәрі құшақ жайып қарсы алды. Жәкеңе арналған сауық кеші басталды. Бұл концертке ерекше орын алған Рот деген негр жігіті, негрдің әні болды. Ол біріншіден, Кеңестер Одағына келіп, құлдықтан құтылып, еркіндік алған негр адамы. Азат ән шырқайды. Және оның әні сонау құлдықта жатқан негр ұлтының барлық мұң-зарынан шомылып шыққандай өте зарлы, қоңыр еді. «Мен бұл әннің сөзіне түсінбеймін. Бірақ үндеріндегі сырына түсінем. Қазақтың кешегі бір мұңлы заманында аңырап ескен «Елім -ай» әні тәрізді зарлы екен. Неткен мұңлы ән», — деді Жамбыл әнді тыңдап. Рот Жамбылдың қасына келді, оны Жамбыл күлімдеп қарсы алды. Негр тамаша қуанды. Сталин атындағы автомобиль жасап шығаратын зауыттамыз. 40 мың жұмысшы бар зауыт коллективі Жамбылды асқан қуанышпен қарсы алды. Осы зауытта тәрбиеленіп ескен, торт орденді Кеңестер Одағының геройы, полковник Прокопьев жолдас Жамбылға келіп сәлемдесті. Ол зауыт коллективі атынан құрметтеп сөз айтып, Жәкеңе достық білдірді. Жәкең де оларға туысқандық сәлемін айтты. Союздар үйінің колонна залындамыз. Толған халық, Мәскеу жұртшылығы лық толған. Ғылым, мәдениет орындарының өкілдері, академиктер, докторлар, профессор, геройлар, халық артистері,ақындар,жазушылар,сан жеткісіз жұрт. Жамбылдың шығармаларына арналған кеш, ақындар өздерінің Жамбылға арнап шығарған өлеңдерін оқыды. Әбілқасым Лахути Кеңес жазушылары Одағының атынан құттықтап оқалы шапан жапты. Жамбылға арнаған өзінің өлеңін оқыды. Мәскеу жұртшылығының құрметіне асқан разылық білдіріп: «Даңқты Мәскеу жұртшылығына бауырлас қазақ халқынан туысқандық сәлем!» — деді Жамбыл. «Сіздердің маған көрсеткен құрметіңізге, бүкіл адам баласының күні Сталин туралы, бәрімізге сүйікті отанымыз туралы жаңа өлең жырлармен қызмет етемін», — деді Жәкең.

«С.Қ.» газетінен.
1938 жыл, 14желтоқсан

Жамбылды Мәскеу жұртшылығы осылай құрметпен қарсы алып, орасан зор ықылас көрсетіп, ұмытылмас достық жасаған. Осы үлкен саяхат сапарынан қайтып келген соң, Жамбыл бұрынғыдан да шабыттанып, шаттық жырларын толғады. Ол 1939 жылдың ішінде талай әдемі жыр айтты. Сол Мәскеуден келісімен жаңа жылды қарсы алып:

— Туған айға қарасам,

Теңеліп өсіп аласам,
Жаңға жайлы жанары
Жылжып бір келген жыл көрем,

деп толғады. Осы жолы өзі көріп, тауап етіп қайтқан ұлы дана Ленин мавзолейіне барып шыққанда, ойына түйін салған бір сырды Жамбыл әдемілеп жырлады. Сталиннің қайтыс болғандағы ұлы антын есіне алып, өзінің көкейіне терең ой салған сырды өлеңмен суреттеді. «Орындалған ант» деген өлеңі осы ойдан туып еді. Жәкең сол жылы жеңімпаз Қызыл Армияның батыр қолбасшылары мен батыр ер жауынгерлеріне арнап «Біздің дәуірдің батырлары» деген жақсы жырын жырлады. Ақтарған сайын астынан асыл қазына табылған қоймадай, Жәкен, жаңа жырды аузына алса, құлпырған жаңа бір тұлғалар шыға келеді.

Ырыс шығар мияттан,
Сөз атасы құлақтан.
Ер туады халықтан,
Нұр шығады жарықтан.,

Сер келеді икемнен,
Ақ болат шығады дүкеннен, —

деп, кестелі теңеулермен батырлық бейнені осылай келістіріп суреттеді. Жамбыл бұл жылы да көптеген өлеңдер айтып, Мәскеу жұртшылығына берген сертін орындады. Бұл жылы Жәкең жырының ішінде өркешіндей ерекше тамаша жыры Сталин жолдастың 60 жасқа толуына арнап айтқан «Сталин» деген жыры болды. Сол жылы Жәкеңе Кеңестер Одағының көп жазушыларымен бірге үшінші рет жоғарғы награда «Құрмет белгісі» ордені берілді. Жаңадан салынып біткен он екі бөлмелі көк төбелі үйіне кірген, үкіметтің жоғарғы наградасын үшінші орденді алған Жәкең өскен көңіл, өрлеген шабытпен жоғарғы жырларын айтты. Жәкеңнің сол кездегі үнемі қасында болып, жаңа жырларын жазып отырған Ғали Орманов айтады: «Шіркін, өмірдің қызықтысы - ай. Үсті-үстіне1 бақыт дүниесі түйдектеліп келе берген сайын, Жәкең сергіп, ширай түскендей болды». Қар кетіп, жер гүлдеген кезде, Жәкең мүлде үйде отырғысы келмей, жүрген - тұрған саяхатты аса ұнатты. «Биыл жайлауға ерте шығамыз. Малды ерте көшіріңдер», — дейді. Жәкең 1940 жылдың көктеміне осындай өте қунақ түрде келіп кіріп, серги жүріп тұрды.

«Құсы да иесіне қоразданар
Айлалы алпыс екі түлкі алғанда», —

деп, Абай айтқандай, еңбегімен ерекше жүлде алғанда кім мақтанбайды. Сталиндік сыйлықтың лауреаттары қатарында Жамбыл да осы жылы екінші сыйлық 50 ООО сом алды. Жәкеңнің бұл сыйлықты алуы тек өзі ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясын мақтандырды. Жәкең 1940 жылы даңғыраған, ширақ күйінде келіп кірді. Сол жылдың бас кезінде «Болат тонды батыр» деген жырын, «Большевиктер тобына» деген, «Күні туған еліме» деген жырларын айтты. Бірақ сол жылдың ортасынан былай Жәкеңнің денсаулығы ауырлап, еңкейе берді. Әсіресе құлағы сараң естіп, көзі де тотыға бастады. Алайда Жамбыл үйренген жайлауына барудан, кей-кейде көңілі түскен жеріне, колхозға барудан қалмады. Ол жылы да Жәкең өзінің жайлауына шықты.

«Атымды ертте, балалар,
Күлімдеп, міне, жаз келді,
Түйе боздап, қой қоздап,
Тізіліп қатар қаз келді», —

деп жаз сипатын елжірей, Сүйе жазған жаны құмар, жыл құсындай қанатты қиялы қия өрлеп, жайлау асты. Осы жайлауда Жамбыл тағы тамаша саяхат жасады. Ол жайлауда татыранға құлаш сермеген колхоз дәулетінің өрістеріне барды. Ақтылы қой, алалы жылқы, ұйытқылы малды аралап, ой құмарын, көңіл өрісін тоқсыратты. Жамбыл мұндай көздерінде ақын үнін, әнші дауысын, әзілқой жастар қалжыңын, көрікті әйел көрінісін өте жақсы көреді. Отырған жері думан болғанын аса ұнатады. Өзі де көңілдене көсіліп әңгіме шертеді. Жәкең сол жылғы жайлауда өзінің өкшелес інісі, әрі замандас шәкірті Өмірзақ ақынды (жаршыны), Үмбетәлі, Өтепті ертіп жүрді. Өзінің сол кездегі жәрдемшілері, орденді ақын Тайыр Жарокұлын және Ғали Орманұлын бірге ала шықты. Бұл жазда Жәкең айналасы өте бір ерекше думанға айналып отырды. Осы жаздың саяхаты жайында өте көп жазуға болады. Бірақ бұл жерде осымен қысқартамыз. Сол жылғы жаз думанының айғайындай 1940 жылы шыққан бір томдық жинағының 185-бетіндегі суретте осы жазға саяхаттың бір көрінісі. Сол сурет бәрін айтып тұрғандай. Жамбыл 1941 жылдың басына ілінгенде бұрынғыдан да ауырлап, жүрген - тұрғанды көтермейтін болды. «Жасарып, қайта жасап алдым бекіп» деп жаны жасарған Жәкең енді кәрілікке шын мойындайын деді. Сол жылғы көктемде:

«Сақалым темір күрек сорға малған,
Селеудей шашым селдір зорға қалған,
Аузыма ақ жабағы жапсырғандай,
Кәрілік немді қойды қорламаған», —

деп, өзінің кәріліктен жеңілгенін мойындай жырлады.

Осы сияқты кәрілік қармағына мықтап ілінген қарт ақын туған халқымен бірге тағы бір үлкен сынды күнге сап ете түсті. Ол 1941 жылдың 22 маусым күні басталған Ұлы Отан соғысы еді. Зұлым жаудың қара жүзділік басқыншы шабуылына Кеңес жұртшылығы қандайлық асқынған үлкен ашумен кектенсе, Жамбыл да соншалық кектеніп, қатты ызаланды.

— Асқар таудай еліме,

Байтақ жатқан жеріме,
Шапты фашист дегенде,
Ашуменен аралас
Жыр да келді көмейге,

Қаһар құлап денемде, — деп ыза мен кектен туған «Ата жаумен алыстық» деген ұзақ жыр айтты. Жәкең жеткен жасы, кәрілік меңдеткен әлсіз денесінің икеміне бой бермей, соғыс жылдарында әлденеше өлең шығарды. Соғыстың хабарын үнемі радио тыңдап, газеттен оқыту арқылы күнбе-күн танысып отыратын болды. Соғыстың алғашқы жылынан бастап Жәкеңнің балалары Алғадай, Ізтелеу әскер қатарына шақырылды. Тайыр сияқты бірнеше жыл қасында әрі жолдас, әрі баласы тәрізді болған хатшысы, өзі «Черницов» деп өте тәуір көрген әдеби аудармашысы Павел Кузнецов та майданға аттанды. Осы сияқты жақынын, жанкүйерін майданға қасынан аттандырып, соғыстың сұрапыл хабарларын естіп Жәкең Отан күйіне, халық тағдырына аса тереңдеп қарады. Әсіресе ұлы Лениннің қаласы Ленинград қоршауда, халқының халдері ауыр деген хабарды есіткенде, Жәкең, өз ауылы, өз үйі күйзелгендей қиналды. Сондықтан да «Ленинградтық өрендеріме» деген тамаша жыр айтты. Жәкеңнің бұл жыры жаумен арыстандай алысқан әрі қамауда, әрі аш Ленинград жұртшылығына қандай қайрат бергенін Бүкіл Одақ жұртшылығы біледі. Жәкеңнің бұл жырының күші қандай болғанын Ленинград жазушылар одағының қазіргі председателі Ленинградты қорғауда ерекше көзге түскен адамның бірі, орыстың белгілі ақыны Александр Андреевич Прокофьев былай дейді:

— Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» деген жыры жарияланған кез — Ленинградтың халқының аса бір ауыр шағы еді. Бұл шақта немістің қоршауында қалған Ленинградта азық өте аз болды: күніне жұмыс істейтін адам 250 грамм, жәй кісі 150 г -нан алды, ет, май дегенді халық ете аз және өте сирек керді, басқа азықты көрген жоқ. Үйлерге кіретін су тоқтатылды, канализация істемеді, отын атымен болмады. Жау атқан снаряд пен бомбалардың салдарынан шынысы қирап, терезе біткен аңырайып ашық тұрды, электр де нашар жанды, қаладағы үйлердің көбінде жарық болған жоқ. Қалаға жаудың оғы үздіксіз жауып тұрды.

Осындай халде Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» деген жыры газеттерге жарияланды. Халықтың рухын көтеруге ерекше күш берген бұл жырды Ленинградтың радиосы күніне әлденеше рет оқып тұрды. Жыр зор қаріппен басылып, көшелерде плакат боп ілінді. Сол плакатты үймелесіп оқысып, көздерінен жастары сорғалаған талай адамдарды көрдім. Немістің самолеті төбеде ұшып бомба тастап жүргенде, бомба -убежищеге тығылудың орнына, Жамбылдың жыры басылған газетті сатып алуға көшеде өшіретте тұрған адамдарды талай көрдім. Бұл жырдың маңызы, — дейді Прокофьев, сөзін аяқтап, — Жданов, Ворошилов жолдастар қол қойып Ленинград халқына таратқан үндеуден кем болған жоқ. «Ленинградты қорғау» деген атпен шыққан қалың кітапта Жәкеңнің «Ленинградтық өрендеріме» деген өлеңі көрнекті орын алды. Ұлы Отан соғысындағы қызыл армияның әрбір жеңісіне Жәкең ерекше шаттанар еді, атағы шыққан ерлерді көруге құмартар еді. Сөйтіп жүргенде, 1943жылдыңжазында, майданнан «Кеңестер Одағының батыры» деген зор абыройлы атаққа ие боп, қазақ халқының ардақты ұлының бірі Мәлік Ғабдуллин Алматыға келді. Мәлік Жәкеңе сәлем беріп қайтуға алуына барды. Оның баратыны Жәкеңе телефон арқылы хабарландырылып қойылған еді. Өзге қонақтарын Жәкең үйінің ішінде қабылдайтын. Шымшық - шымшығы көп қарт адам көңілі келмей отырған жағдайда, қашан өзі бабына келіп алмай, үстіне кіруге Ұлықсат етпейтін. Көңілі түсе қоймаса, қабылдамай жіберетін адамдары да болатын. 40-жылдың бер жағында, төсекте отырып қалған Жәкеңнің көбірек сергитін уақыты — сәскелік ақын ішкеннен кейін болушы еді. Түскі астан кейін Жәкең ауырлап, кешке қарай жатып қалатын да, содан, келесі сәскеге шейін өзін күтетіндерден басқаларды маңына жолатпайтын. Мәлік Жәкеңнің үйіне күн бата жетті. Дағдылы күнде бұл — Жәкеңнің жатып қалатын шағы. Мәлік барғанда, Жәкең үлкен ағам үйінің алдындағы көгалда, кілемнің үстінде отыр екен, қолында домбырасы. Сәлем беріп, қолын алған Мәліктің қолын Жәкең ұстап тұрып, оның батырлық істерін естігені, көруге ғашық болғаны туралы ұзақ жыр айтты.

— «Мәлік келеді дегенді сіздер таңертең хабарладыңыздар ғой, — деді Жәкеңнің баласы Тезекбай бізге, — содан бері тәтем осы арада отыр. «Үйден неге отырып қарсы алмайсың» десек, «Сөз бе сол. Бұрын батыр дегенді құлақ естіп, шіркін, соларды көрмеген екенбіз деп өкінетін ек, сол батыр енді үйге келсе, оны үйде отырып қарсы алу кісілік бола ма, әттең, не керек, шөгіп отырған күнім, әйтпесе, шауып алдынан шығар ем», — деді.

«Машина деген жүйрік, тыз етіп келіп қап, қапы болармын», — деп, Жәкең ұзын күнге үйге кірген жоқ, асты да далада ішті, далада қалғыды. Мәлік аттанғанша аса көңілденіп әңгімелер айтып ширықтырды. Аса қуанышпен қарсы алып, құрметпен шығарып салды. Майданда Алғадайдың көрсеткен ерліктерін айтып, бөлім бастығы хат жазғанда, Жәкең аса қуанды. 1942 жылдың күзінде Алғадайдың өзі әкесіне хат жазып, ерлік қимылдарымен таныстырды. Соған қайтарған жауабында, Жәкең:

— Хатыңды, балам, оқыдым,

Халіңді білдім сапардан.
Қуанып соған отырмын,
Гвардеец атанған.
Сұраншы, Саурық секілді,

Боларсың, балам, қаһарман...
деп, ерлігіне сүйсіне отыра:

— Есіңде, балам, бар шығар,

Айтқаным отан әмірін,
Шегінбе жаудан, жанды сал,
Шешілмек содан тағдырың
деп баласын әлі де болса қайрай түседі. Бұл жырын Жәкең:

— Достарыңа сәлем айт,

Жауларыңды жеңіп қайт! —
деген тілекпен бітірді.

1943 жылдың күзінде Алматы қаласында халық ақындарының республика айтысы болды. Бұл айтысқа Қазақстанның барлық облыстарынан дерлік халық ақындары келді. Сан дүбірге қосылып шаң қаппаған кәрі тарлан жүйріктер бәйгеге қосылды. Алматы қаласы ұлы думанға бөленді. Социалистік дәулеттің, Сталиндік бес жылдықтар жасаған ұлы өндірістердің жыршылары шайқасты. Ақындардың осы тарихи айтысын Жәкең бастап думанды ашып, әдемі жырымен ақын інілеріне бата берді, жол көрсетті. «Дуда тұлпар тұяғы тынбайды» деген емес пе, Жәкең осы айтысқа келгенде, кәрілігін бір сәтте ұмытқандай лезде дөйленіп алды. Ешкім айтпастан домбыраны өзі сұрап алып, тамаша жыр төкті. Жәкеңнің бұл жыры жүз жасаған алып ақынның, халық ағасының, көпті көрген көне ойдың ағалық жыры еді. Жәкең осы жырын айтқанда, сондай тамаша ажарланып жырлады. Көзі бұлдырап, жанары тұтыққан, құлағы ауырлап, естуі де қиындаған Жәкеңнің соншалық шабытты жыр айтқаны, айтысуға әзірленіп отырған Орынбай, Маясар, Қуат, Кенен, Нұрлыбектерге айтыс аңғарын андыздатып, жосылтып өткендей болды. Қазақстан үкіметі Жәкеңе айтыстың бас бәйгесін байлады. Жәкеңнің ақындар айтысы деген бұл мәжіліске ақтық келуі болды. Өзі айтыспағанымен айтысты бастап беріп, дудың ішінде болды. Жәкеңе 1944 жылдың кірісі өте ауыр жыл болды. Әрі кәрілік бұрынғыдан да иектеп әлсіретті. Оның үстіне Жәкеңнің аса жақсы көрген баласы Алғадай «Майданда ерлікпен қаза тапты» деген хабар алынды. Бұл хабар Жәкеңді біржолата ауырлатты. Екі көзі де біржолата көрмейтін, бір құлағы мүлде естімейтін болды. Орнынан кісі сүйемесе тұра алмайтын халге түсіп ауырлады. Жәкең Алғадайды аса жақсы көріп, «Өзге балаларым бір төбе, бұл бір төбе», — деп отыратын еді. Аулына барып, бұл хабарды Жәкең Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің президиум председателе жолдас Қазақпаев Әбсәмет бастаған комиссия естіртті.

— Әттең, дүние-ай! — деді, ұзақ уақыт сазарып отырып қалған Жәкең басын көтеріп, — бұл қайғыны қалай көтерем енді!..

Қайғы Жәкеңе аса ауыр соқты. Бір жырында:
«Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сарыарқаны сандалсам,

Саңлағымды табам ба?
Өлім деген у екен,
Мендей кәріп адамға.
Күнде үйімде күңіренем,

Көзіме жас алам да, —
дейді.

Алғадай майданға аттанағаннан 7 күн кейін әйелі Жәмеш босанып, ұл тауып, Жәкең оның атын Қуаныш қойған. Алғадайдың өліміне бүгіле қайғырған Жәкеңнің бір жұбанышы сол Қуаныш болды. Ол туралы Жәкең былай дейді:

— Ал, Қуаныш, Қуаныш, Сені етейін жұбаныш. Алғадайым өлгелі, Боп кетіп ем жылағыш. «Ата, ата» деп келесің, Аймалайын, айналайын. Ақ бетіңнен өпкен соң, Жүрегімді жамайын.

«Жамайын» дегенмен, Жәкеңнің қайғыдан жыртылған жүрегі жамалмады. Ол енді құлдырай қартайды. Сондай халде отырғанда Жәкең былай деп екі ауыз өлең айтыпты:

— Сөндің бе, жарқыраған шам-шырағым.

Қалдың ба тac бекіліп, қос құлағым.
Жатсам да төсек тартып дәрменің жоқ,
Сеп болып сөйлесетін жалғыз жағым.
Қалыппын ие болмай өзіме өзім,

Әлім жоқ, күш-қайратты өтті кезім.
Балалар, өлгенімше асырай бер,
Сендерге сол-ақ айтар соңғы сөзім.

«Соңғы сөзім» дегенмен, көңілі көтеріңкі минуттарында Жәкең қарап отырмай, бірлі-жарымды ауыз өлең айта береді» Жәкеңнің осы өмірбаяны жайындағы еңбекті жазу үшін, 1944 жылдың жазында, күзінде елін аралай, кеп әңгімелер жинадық. Ара-тұра өз аулына соғып, өзіне сәлем беріп, жайы -күйін де сұрастырдық. Бірлі-жарым әңгімені өзінен де сұрап алдық. Сол жылы тамыз айының 12-сі күні жайлаудағы елден келіп, өз аулында болып, Үмбетәлі бар, үйіне келіп отырдық, соншалық әлсіреп отырғанмен даңғайыр ақын сүйекке біткен жүйріктігінен жаңылар емес. Еміс-еміс еститін сол құлағы жағынан келіп отырмыз. «Мен Үмбетәлімін» дегенде қасына барып, Үмбетәліге: «Домбыраның үні естілмейді, неге өлең айтпай отырсың?

Құлақ керең, көз соқыр, көкірек ашық,
Бойдан қайрат, ойдан сөз отыр қашып.
Дүрілдетіп өлеңді айтсаңшы, Үмбет,
Қадамыңды артылта ұзап басып.

Жүйрікте де жүйрік бар сүрінбеген,
Ақын үні жиында дүрілдеген.
Қан майданда белдесіп талай ерлер
Балуанда да балуан бар бүгілмеген», —

деп басын көтеріп алды. «Сүйекем өлерінде көп ауырды. Өлерінен бір күн бұрын Қисыбай мен Тәйтелі екеуі барып көңілін сұрапты. Сонда: «Кеше бетімді ноқталап, жағымды қарыстырып, тілімді күрмеп еді. Бүгін қайта босатты, сендермен қоштассын дегені шығар», — деп көңілденіп біраз әңгіме айтып отырған екен. Қисыбайлар қайтысымен қайта төмендеп, ертеңіне қайтыс болды. Сол сияқты естімейтін кәрі құлағыма ақын үні саңқылдағандай болады. Жәкең жеңілді. Сендердің жырдың жырын жырлайтын күндерің келе жатыр. Ақын осындайда сыналады. Ел алдында озықтығын осындайда көрсетеді», — деп ақын шәкірттеріне әріден ой салып, өзі де ойланып біраз отырды.

— Жас күнімде өлеңші асыл болдым,

Көпшілік тыңдағанға тәсіл болдым.
Бұл уақытта қартайып дәрмен бітіп,
Келін менен кепшікке масыл болдым,

деп өзін меңдетіп алған кәрілікті арман етті. «Енді бізден немене өлең шығады.

Өлеңді бой жасап отырып,
Екі көзді ашып отырып,
Екі аяқты басып отырып

айтпаса, өңі қалып кетеді ғой. Ал, балалар, өздерің мәжілістеріңді дүрілдете беріңдер», — деп қарт ақын демалыс етті, жастығына қайта жантайды. «Оның аузынан ең соңғы шыққан келемді жыр — фашистік Германияның біржола қирап жеңілуін 9 мамыр күні Кеңестер Одағының генералиссимусы жолдас Сталин жариялағаннан кейін. Бұл хабарға қуанған Жәкең үйіне жиналған жұртқа жыр айтып, жырын енді өлсем де арманым жоқ деп аяқтады. Бұл жырды жазып алар қасында кісі болмағандықтан, сақталмаған. Жәкең жеңіс тойынан кейін ұзақ жасамады. 1945 жылдың 15 маусым күні сырқаттанып, аулынан Алматыдағы Совнарком больницасына келіп түсті де, 22 маусым күні, таңертең ерте дүниемен біржола қош айтысты.

Жәкеңнің сүйегі өз аулындағы өзінің алма бақшасының ішіне қойылды» .

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙