Алма гүлінің иісі
Жәлел Қуандықұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Жәлел Қуандықұлы — «Алма гүлінің иісі».
Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ
Алма гүлінің иісі...
(Өлеңдер)
«Тоғанай Т»
Алматы
Раушан гүл
неге жылады?
Есенәлі
ЕРАЛЫ
(Балаларға арналған әңгімелер мен
хикаяттар)
ӘОЖ ҚБЖ Қ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, казақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрді
Қуандықұлы Ж. Қ Алма гүлінің иісі... Өлеңдер. / Жәлел Қуандықұлы. –
Алматы: «Тоғанай Т», 2025. – 120 бет. ІSBN . Ақынның жаңа жыр жинағына кейінгі жылдары жазылған өлеңдері енді. Кітаптағы өлеңдерден автордың зулаған уақыт ағымына деген жүрек соғысы, сезім иірімдері мен ішкі арпалысы аңғарылады. Тың ізденіс пен терең тебіреністен туған жырларда өткенге таңданыс та, болашаққа нық сенім де бар. Кітап жыр сүйер оқырманға арналған.
ӘОЖ
ҚБЖ ІSBN © Қуандықұлы Ж., 2025 © «Тоғанай Т», 2025
Бұл кітабымды өмірден ерте өткен
ағам Қуат Қуандықұлының рухына бағыштадым...
САҒЫНЫШ САПАРЫНЫҢ САРДАРЫ
2011-2012 жылдар болу керек, Алматыға Арқадан бір топ ақын
келді. Ол кезде мен Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының
бірінші орынбасарымын. Соның ішінде Жәлел Қуандықұлы
да ерекшелініп, төрт аяғын тең басқан өлеңдерін оқып еді. Ал,
бүгіндері парасатты жырларымен айрықшаланып жүр. Жәлелдің
өлеңдері жұп-жұмыр. Әр туындысында салмақты ой бар. Сағыныш
бар. Өмір бар. Динамика бар.
Оның поэзияға келуі де кездейсоқ емес. Онда тағдыр бар.
Тағдырсыз талант болмайды. Ата-бабалары қиын-қыстау заманда
Ақтөбе өңірінен Қазалыны бетке алған. Жәлелдің арғы атасы
Тілеуберген мен әжесі Ұлбосын сөз қонған, сөзіне ел тоқтаған
жандар болыпты. Көш Шалқар көлінің бойына келгенде Ұлбосын
әжесі толғатып, өмірге келген сәбидің атын ырымдап, Шалқар
қояды...
Кейін амалсыздан, әрі қарай шекара асып, Қарақалпақстанға
өтіп кеткен. Осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын атамекенін
амалсыз тастап үдере көшкен бір қауым ел Тәуелсіздік алғаннан
кейін тағдырдың жазуымен Арқаға ат басын тіреді.
Қарақалпақ өңірі кезінде Қазақстан жерінің бір бөлігі болса
да, бүгінде өзбек ағайындардың еншісінде қалды. Онда да жарты
миллионға жуық қазақ өмір сүріп жатыр.
Арқаға көшкен қалың қандастың ішінде сол баяғы Шалқардан
тараған жалғыз тұяқ Қуандықтың алты ұлының кенжесі Жәлел
ақын да бар еді. «Алты ұлың болса да, атыңды шығаратын біреуі»
демекші, Жәлел ақынға ата-бабасының өткені, кешкен тағдыры,
шекараның арғы жағындағы қалың қандастың атамекенге деген
сағынышы өлең болып қонды. Оның үстіне, әке-шешесінен жастай
қалып, жанына жырды демеу етті.
Мектеп қабырғасынан-ақ, Бесқалада туған Төлеген Айбергенов,
Өмірзақ Қожамұратов, Есенғали Раушанов, Қалбай Әбдіраман
сынды қазақтың аймаңдай ақындарын жастанып оқып, жаттап
өсті. Осылайша, туған топырақ, көрген табиғат, өмір сүрген орта,
тікелей ақын болмысына әсер еткені анық.
Құмды ауылда өскен Жәлелдің жырында құм бейнесі көп
кездеседі. Алғашқы жыр жинағының «Құмдауыт» аталуы да содан
болар. Құм маған да жат емес. Мен де құмда өскем, табаным
құмға талай күйген. Құм – сағыныштың һәм кейде тылсым әлемнің
сырын шертіп тұратындай.
«Құмдауыт қыраттарым,
Жаныңнан жырақтадым.
Татымы таңдайымда,
Су ішкен бұлақтарым.
Тербетіп сыйың есті,
Санама құйын көшті.
Шөлдетпес – әуіріңе,
Табаным күйіп өсті», –
деп жырлайды ақын.
Шығыс поэзиясы, оның ішінде Өзбек, Қарақалпақ әдебиеті
өзіндік стиль, болмысымен жаныма жақын. Жәлелдің өлеңдерінен
де осы бір ұшқынды байқаймын.
«Өсірген жер арзанға татыр қалай,
Безбенімен екшесін ақыл-сарай?..
Жалаңаяқ құмда өскен қоңыр ұлға,
Құшақ ашты Сарыарқа жатырқамай», –
дейді бір өлеңінде.
Иә, себебі Арқа жұртының құшағы кең. Бауырымызды жылы
қабылдады. Әдеби ортаға сіңді. Жоғарыда айтқан «Құмдауыт»
кітабына Тыныштықбек Әбдікәкімұлы алғысөз жазып, ақжол
тілесе, Серік Ақсұңқарұлы тұсауын кесіп, батасын берді.
«Құмдауыт» жарыққа шыққалы бері де біршама уақыт өтті.
Жәлел ақын бір орында тұрып қалған жоқ. Оның топтама
жырларын ірі-ірі басылымдардан көріп, оқып жүрмін. Жырлары
бірте-бірте толысып, кемелденіп келеді. Аудармаларын да көзім
шалып қалады.
Жырларында Шығыстың романтикалық сарыны да байқалады.
Мысалы, «Ақ» өлеңінде:
«Ақ қағазға қайта-қайта телмірдім,
Жанымды аққа сендірдім.
Өмір жайлы жазғым келді бірер сөз,
Қаламымның ұшында ылғи сен жүрдің», –
деп тосын ой айтса, «Ай қыз» атты жырында:
«Жанарына аспанның жас қамалды, Жел де әнекей, бір әнін бастап алды. Көрініп жүр осылай ай секілді, Онсыз өмір қараңғы, тас қараңғы...», – деп төбеңнен жай түскендей қылады. «Күмбірлеші, домбыра!» өлеңінде: «Таң қалумен өтеді дүрбелең күн, Тапқандаймын сағасын бір тереңнің. Ұсақталсам тиерін саған ауыр, Қалайша білмегенмін?..», – деп ел ертеңіне алаңдап, азаматтық биіктен үн қатады. Ал, «Мейір» өлеңінде: «Аунап алып мейірім, гөззал мұңға, Арманыма қолымды соза алдым ба? Бір білерім, сырыңнан қанып ішіп, Өсіп келем өзіңнің көз алдыңда», – деп өлеңге адалдығын ашып айтады. Жасырмайды. Ақын өлеңнен ештеңе жасырмаса, ақтарыла жырласа құба-құп. Иә, Жәлелдің поэзиясы көз алдымызда өсіп-жетіліп, дамып, өрлеп келеді. Әр өлеңі тебірентпей қоймайды. Айта берсек, әңгімені созып аларымыз һақ. Әрине, әлі де іздену керек. Себебі, әр шығармашылық адамның өмірі осы ізденумен өтеді. Тынбай ізденсе, Жәлелдің ұлттық, адамзаттық ауқымды тақырыптарды молынан қозғауға мүмкіндігі жетеді. Ақын бауырыма сарқылмас шабыт, ақ жол тілеймін! Сәттілік серігің болсын, Сағыныш сапарының сардары! Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
ЖАРТЫ ЖҮРЕК «Жаны – бүтін» десе егер сенбе, жалған Бүтін қалған жалғыз-ақ, мендегі арман. Бүгін кешіп жүргенім жарымжан күй, Жүрегімнің жартысы сенде қалған. Түйісіп жатар жаны, Егіз өзен секілді жат арналы. Қос жанары бір жылап, бір күлетін, Түсінгендей боп жүрмін Джоконданы. Шала-шарпы сезіліп күшім кенет, Жалбарынам: «Орға енді түсірме» деп. Бүтін болған күндерім мазалайды, Түсімде кеп. О, Тәңірім! Қалайша бүтінделем?.. Өмір сүріп келемін шүкірменен. Санамнан да қорқамын бұл күндері, Қалмай ма деп сау жері түтілмеген. Өмір, өмір, ең қымбат алтын олжа, Оңайлықпен түспейтін нарқы қолға. «Бүтінделем» деп жүріп, жарты жүрек, Тоқтап қалма әйтеуір, жарты жолда... САҒЫНЫШ Кел, бауырым, айт, маған ауыл жайлы, Одан артық жаңалық табылмайды. Бұрқыраған борпаңды мекен сырын, Естімесем тынысым ауырлайды. Төзім жайлы айт, сарқылмас сабыр жайлы, Бар шындығын жүрегім қабылдайды. 811-ге бардың ба, жолың түсіп, Тозып біткен айтшы, қос қабір жайлы?! 1 Қарақалпақстандағы әке-шешем жерленген Сұлтан баба зираты орналасқан аумақ І ЖЕЛІ
Кеш гүлдей ме әлі де жиделері,
Қауын тасып жүре ме күймелері?
Қарлығашы көктемде келе ме ерте,
Қанатынан бұрқырап күй-дерегі?
Жеңгелерім тандырға нан жаба ма,
Жауып жатып ескіше ән сала ма?
Жиенбай ағам кавказша сөздер айтып,
Қызып алса, әлі де паңдана ма?
Қаулап тұр ма, көл бойы қарабарақ,
Нұрлан жүр ме сиырға шала қарап?
Көшелері, у-шу ма сол баяғы,
Доп қуатын кездердей жалаңаяқ?
Мен де жүрмін тағдырмен жағаласып,
Қаншама рет жол таптым сан адасып.
Сағынышым жол сілтеп тұрады ылғи,
Армандармен ақ қанат араласып.
Құбылмалы өмір-ай құбылмалы,
Тұруға да құлықсыз жығылғаны.
Көнбіс, күңгірт көздерге қарап тұрып,
Қайнайды екен адамның зығырданы.
Кел, бауырым, ауылдың әніне қос,
Жарылардай боп жүрмін сағыныштан.
Бір қарасам: маңымның бәрі де дос,
Біресе бәрі дұшпан...
АҢСАР
Дес бермей дүрсін дауылға кілең,
Жаңылмай келем сабырдан.
Түсімде ылғи ауылда жүрем,
Ауыл да мені сағынған.
Алғабас бейқам, әр таңың есте,
Көңілдің жайнар бағы тез.
Аңсап жүр бүгін борпаңын кешкен,
Жыр құмар балаң қағылез.
Шежірең сенің, бас алмас аңыз,
Анамның сіңген сүтінен.
Күз келсе болды жас алмасамыз,
Күйбең дейтұғын күпімен.
Мені аңсап жылда бұрқырап тұр ма,
Ақша көлімнің қоғасы?
Үлкен Отаудың сарқырап тұр ма,
Өткел бермейтін сағасы?
Кеудемде жүрмін тың әнді үкілеп,
Парызым әлі өтелмей.
Ата-анам жатыр дұғамды тілеп:
«Бізден не қайран?» десердей.
Тағдырдан енді сый күтпе мұңды,
Шер бар ма кеудең жұтпаған?
Соңыра шабар жүйріктер сынды,
Жауырыныңдағы жүкті алам.
Жазғыра көрме, «сағынбай жүр» деп,
Жидең мен тұтың кеш гүлдер.
Алдымда әлі таңым бар күлмек,
Қорқып жүргем жоқ ешкімнен.
Ұсақтық күтпе, жеткенмін толып,
Тұла бойымда – тұлпар дем.
Барамын аңсап көктемің болып,
Қабағымдағы бұлттармен...
КӨСЕУ
Қараша ауыл...
Қара ошақта зорыға,
Анам жүрді қос білегін түрініп.
Сексеуілдің қыжынаған шоғына
Отырушы ем жылынып.
Армандасаң, дәл осында арманда,
Сарын қосып алабұртқан сарынға.
Анам отты көсеп-көсеп қалғанда,
Жарықтық шоқ ұласатын жалынға.
Жұмбақтанып таңғажайып атырап...
Көп білуге құмар едім Тегімнен.
Қара көсеу құдіретін бақылап,
Таң қалатын едім мен.
Содан бері өтті талай мұнар жыл,
Көсеу сыры кетпей қойды санамнан.
Өмір мені сан қиянда сынап жүр,
Бәрі – арман.
Кеңдік маған қанмен келген сый екен,
Адамдығым анам сүтін өтеуде.
Бір ұққаным, ауыл жетпей жүр екен
Шоқ кеудемді көсеуге...
ТУҒАН ЖЕР
Көкейіме көркіңді күй арна ғып,
Дүрбелеңге қаламын жиі алданып.
Сағыныштан сарғайып өтетіндей,
Қайтқан құсқа қараймын қиялданып.
Өскен ұя, елессің, сыйың – кемел,
Атады әлі бір ақ таң күйін төгер.
Бір сәт болсын мұңымнан арылар ем,
Құмыңа кеп тәу ету бұйырса егер.
О, туған жер!
Анам да, әкем де – сен,
Сенен қуат аламын бәсеңдесем.
Сенің сол бір мұғжизаң деп білгейсің,
Бір күні баурыңа кеп нөсерлесем.
Қара күшті қалқалап қалқаныммен,
Аласартпай бойымды асқақ үннен.
Сені сүю арқылы, о, құдірет,
Мен ғаламды сүйемін жан-тәніммен.
Көкірегімде жыр болып түнеп келген,
Демеген де сен едің мың өткелден.
Мен күресіп өтемін өлгенімше,
Туған жерін аңсамас жүректермен.
ҚҰМДАУЫТ
Құмдауыт қыраттарым,
Жаныңнан жырақтадым.
Татымы таңдайымда,
Су ішкен бұлақтарым.
Тербетіп сыйың есті,
Санама құйын көшті.
Шөлдетпес – әуіріңе,
Табаным күйіп өсті.
Сыр шертем мөлтек, ізгі,
Мейірің ер жеткізді.
Адырлар күйін тартып,
Жүректі селт еткізді.
Көркіңе асық едім,
Көрмесем тасып едім.
Ләйләдай келбетіңе,
Мәжнүндей ғашық едім.
Кеудеме берік өлшем,
Серпілмес сенім ең сен.
Толқушы ең желмен бірге
Теңіздей, мені көрсең.
Басқызбас жардың басын,
Өзіңдей бар мұндасым.
Жаныңды күзетуде
Сексеуіл тағдырласым.
Жайсаңым қырқасы – кең,
Анам hәм сырласым ең.
Ең алғаш сезім жайлы
Бауырыңа жыр жазып ем.
Уысымнан таси кетіп,
Ойың жоқ бас иетін.
Еркіндік – өлең деген,
Құм мінез қасиетім.
Жетелер шыңға бүтін,
Ақ көрпе Құмдауытым.
Дамылсыз сен дегенде,
Жүйткиді Жыр-дәуітім!
Елтіген ғазалға сан,
Сырыңды аз аңдасам.
Кеш, соңғы Мәжнүн жырды,
Құмыңа жаза алмасам...
АТАМЕКЕН
Уа, Атамекенім – Жем өзен!
Ұжмаққа алтын тең өзен.
Ойласам болды өзіңді,
Кебед(і) де тұрад(ы) кенезем.
Бойыңды бабам жайлаған,
Желілеп бие байлаған.
Суыңа мөлдір шомылып,
Далаңа малын айдаған.
Гүлдерің сыңси жайқалған,
Жырменен бесік шайқалған,
Әкелер ұлға бабаның,
Ерлігін еппен айта алған.
Көркіңнен күндей нәр алып,
Жағаңда туды сан алып.
Солардан қалған киесің,
Бойыңа біткен даралық.
Гүлденіп сенде көктеп ем,
Өрлегем сонда көкке мен.
Уа, Жем өзенім бойыңнан,
Жем іздеп, сірә, кетпем ем...
Тарихым айтсын мұңымды,
Өлеңім айтсын шынымды.
Өзегімде әлі өрт жатыр,
Ұғатын тек, сен, сырымды...
Көз іле қалсам түсімде,
Мұнардың жүрем ішінде.
Бір суыт басқан көш көрем,
Оранған мұңды мүсінге...
Әкеме талай жорытқам,
Шешеме талай жорытқам.
Кеудемді күнде қарыған,
Сағыныш па екен торыққан?
Қалғанын ғазиз ел айтар,
Таңдайда жатқан шөл айтар.
Сұраса келген тектіге,
Шеменге айналған шер айтар...
Замандар бастан жөңкіген,
Оранам ойға көркінен.
Тағдырдың торын күл қылам,
Өлеңнің өшпес өртімен!
Жұбаныш болған шерлі өлең,
Сүйеніш болған шерлі өлең.
Күндерде, түпсіз түндерде,
Жаныма маза бермеген.
Көзімнің жасын көл қылып,
Қазалыны асар бел қылып.
Шалқардың үстін жол қылып,
Жетемін бір күн жағаңа,
Қойныңды құтты төр қылып.
Қолдайды мені бар баба,
Қолдайды мені Сарыдала.
Тамырымдағы нәріммен,
Сүйегімдегі барыммен.
Жүрегімдегі жырыммен,
Өзегімдегі әніммен –
Қосылам бір күн арнаңа!
Шыдашы, шыда, сәл ғана!
АУЫЛҒА БАРҒЫМ КЕЛМЕЙДІ... (Н.Нұрмақовтың Мәскеуде жүріп ауылға жазған хатынан үзінді) «Нығмет Нұрмақовтың Әлихан Бөкейханмен бір күнде атылып, бір жерге жерленуі – оның жүрегінің «Алаш» деп соққанына дәлел бола алады». Сәуле ҚАСЫМОВА, нығметтанушы Ауылға барғым келмейді мүлде, Түсінші, аға, хәлімді. Еліңе барып емде дейсің бе, Жараға толы жанымды? Жарамды қалай көрсетем елге, Сағыныш қоса меңдеген? Сүйсінер кейіп болса екен менде, Ауылдың жұрты көрмеген... Түрілмес сезем, түндігі маған, Әкемнен қалған үйдің де. Кескен жер алғаш кіндігімді анам, Сыйлай ма білмен күй мүлде?.. Алыстан іздеп арманның шыңын, Кеткелі сан жыл, ай өткен. Жат жер ұқтырды Ордамның құнын, Барамын енді қай бетпен?.. Ауылдастар-ай, қарағай реңді, Даламдай кең-ді, тең өстім. Баяғы ерке баладай енді, Күтпейтін сынды мені ешкім. Барғым-ақ келед(і), егіле құшып, Борп-борп еткізіп борпаңын. Сан ойлар миды кеміре түсіп, «Ауыл жоқ па?» – деп қорқамын... «Ауыл жоқ па?» – деп сескенем, аға, Шошимын ойдан не түрлі. Ауылдан қашқан жарандар анау, Зәремді әбден кетірді... Туған жердегі бауырға деген, Махаббат шығар қайғым сан? Өлгенім, аға, ауылға деген, Іңкәрлігімнен айрылсам. Сағынышымнан айрылсам...
АТАЖҰРТ
Аттанарда түнеріп, түңіліп ед(і),
Қобыз кеудем әлі де күңіренед(і).
Тебірене қолыма қалам алсам,
Оралады ол ылғи тіліме кеп.
Өсірген жер арзанға татыр қалай,
Безбенімен екшесін ақыл-сарай?..
Жалаңаяқ құмда өскен қоңыр ұлға,
Құшақ ашты Сарыарқа жатырқамай.
Бала кезден бел буып, жондым желік,
Талай арман сыйлаған сол күндерім.
Уа, Атажұрт, мен саған асыққан ем,
Абай туған аймақты көргім келіп,
Қасым туған өлкені көргім келіп.
Лапылдаса кеудемде жалын – еркін,
Бұл тағдырды өмірдің заңы дер кім?..
Әлі күнге өртеп жүр өзегімді,
Сенде қалған үміті, қалың елдің...
– ИЕҢ ҚАЙДА, ҚАРА ӨЛЕҢ?..
(Есенғали Раушановтың
қазасын естігенде)
– Иең қайда, қара өлең?
– Киең қайда, қара өлең?
Оны неге жоқтап жатыр бар әлем?
Сен екеуміз тағы жетім қалдық па,
Жұлым-жұлым санамен?..
Келінтөбе күңіренді көрдің бе?
Мырзашөл де мұңға оранды көрдің бе?
«Есенғали өлді» дейді мына жұрт,
Мен сенбеймін, сендің бе?..
Маңғыстаудың құмын қалай жұбатам,
Алматының түнін қалай жұбатам?
Қазақия еңкілдеп тұр қарашы,
«Шөкті» дейді қайта тумас бір атан.
Сенгім келмей, салмақ түсіп санама,
Сыймай барам тасқа айналған қалаға.
Есенғали «есен жүру» емес пе ед(і),
Есіңізден шығып кетті-ау, Жан-Аға.
Мүмкін, әлі, жылдың басын «Күз» дейміз,
Жаңалықтан еш үмітті үзбейміз.
Мұқағалиды қырық бес жыл іздедік,
Енді, Есенғалиды іздейміз.
Оның аты – адалдық,
Өзі кетіп, елесіне маталдық.
Әлі қанша кешігеді адамзат,
Әлі қанша арбар екен қаталдық?..
Әуел бастан айға азуын білеген,
Құс жолына көштің сен де Ұлы өлең,
Енді сонда қалықтайсың мәңгілік,
Жалғыздықтан жанын жеген жүрек-ең.
Сезем Аға, бұл емес деп басты арман,
Көңілің толмай қарап тұрсың аспаннан.
«Есенғали орманында» құс шулар,
Қанатында хат қалған...
Әлі талай жанарлардан жас парлар,
Әлі талай жазылады дастандар,
Қияметке қия беттер көш жайлы,
Қасиетті Қожеліде басталған...
Кеңсай жақтан басталған...
17.04.2021 ж.
ЖАНТАЗА
(Бегабат Ұзақовқа)
«Өмір!» деп соққан жүрек ек,
Алқынған аппақ тілек ек.
Бір тағдыр кешіп әуелден,
Бір топырақта түлеп ек.
Жанымның бастап жас әнін,
Кеудемді желге тосамын.
Атамекеннің төрінде,
Ағама сырымды ашамын.
Әу бастан іні, бауырмын,
Арқада қалды ауыр күн.
Келемін жүріп ізімен,
«Жантаза» дейтін дауылдың.
Рух болып сірә, туып ең,
Сөз жолын сен де қуып ең.
Үнінде өлмес сарын бар,
Өліара кездің буыны ең.
Орманның сен де нуы ме ең,
Таулардың асқақ шыңы ма ең?
Жаныңды сен де жуып ең,
«Қазақжабыңның»2 суымен.
Ойыңның заңғар құзымен,
Ұйқысын елдің бұзып ең.
Қызылқалада ер жеткен,
Қызылқұмның бір қызығы ең.
Ақшакөл сені тербеген,
Беруний «Орның – төр!» деген.
Бостан мен Нөкіс құштар боп,
Тұрмаған Тәшкен көлденең.
Елеңдеп көздер сол үнге,
Іздеп жүр, табар түбінде.
Қанатың жайып сен тұрсың,
Қазақияның төрінде.
Сәт зулап, күндер күйреуде,
Өз сазын заман илеуде.
Қалам алып, ұран шақырдық,
Жанқожа, Ақтан ерлерше,
Қазақты өрге сүйреуге.
Азат күн сенің – тірегің,
Ғажап күн – менің кіл емім.
Ұзақ батырдың ұрпағы,
«Қазақ!» деп соққан жүрегің!
Қалбайға ерген құлынсың,
Сабырдың ұқтың сырын шын.
Есенғалидай ұлыны,
Үлгі еткен еті тірі ұлсың.
Әмудей толқып ағасың,
Шырқасаң, шыңға барасың.
Ахмет шайырға дос болсаң,
Сен қалай осал боласың?!
Сексеуіл сынды бекемсің,
Ағамсың әрі бөтенсің...
Адамзат ақыл-ойының,
Бөлек бір басы ма екенсің?..
Қауынның иісі – сөзіңде,
Өткенің елес – көзіңде.
Қаламыңа құт сыйлаған,
«Тас кәмпиттегі» сезімдер...
2 Қазақжап – Дария суын Беруний ауданына әкелетін канал
Қанша айтсам да, ойдан шыға алман,
Туған жер – қымбат «Тұмардан».
Бауырың едім мен де бір,
Өзіңді сірә, көрмей-ақ,
Жаныңды бірден ұға алған.
Ойларыңды іштей құп алған.
Өзімше мен де өр едім,
Тереңін қазған көненің.
Шалқардан ауған тұяқпын,
Қуандықтан қалған төл едім...
Асқақтай берсін талғамың,
Ізіңді сенің жалғадым.
Әңгіме көп, аға, уақыт аз,
Болашақ айтар қалғанын.
Болашақ айтсын қалғанын...
Қарағанды. Майқұдық.
21.12. 2023 ж.
АҚ Ақ қағазға қайта-қайта телмірдім, Жанымды аққа сендірдім. Өмір жайлы жазғым келді бірер сөз, Қаламымның ұшында ылғи сен жүрдің. Ақ қағазға қайта-қайта қараймын, Аппақ бәрі маңайдың. Тағдыр жайлы жазғым келді бірер сөз, Ол да сен боп күлімдедің, арайлым. Ақ қағазға қайта-қайта үңілем, Аппақ екен шынымен. Өлім жайлы жазғым келді бірер сөз, Өзіңді ойлап, ол ойымнан түңілем. Ақ қағазға қайта-қайта сүйсінем, Ақ әлемнен көзіме кеп күй түнер. Сезім жайлы жазғым келді бірер сөз, Жаралы үнге тағы жұпар иісің – ем. Ақ қағазға қайта-қайта телмірдім, Жанымды аққа сендірдім. Өзім жайлы айтқым келді бірер сөз, Қаламымның ұшында ылғи сен жүрдің... АЙ ҚЫЗ Қасы қара қарындас ақ күртелі, Кірпіктерің өңінен бақ бүркеді. Еш кірбіңсіз келбетің күйге бөлеп, Қараңғыдан адаспай таптым сені... Жасқаншақтау жүзіңнен мөлдіреген, Қауыз жара қоймаған гүлді көрем. Күннің нұры сіңбеген сағағына, Қылдай нәзік тағдыр-ай үлбіреген. ІІ ЖЕЛІ
Көп ішінде ерексің, аппақсың сен.
Ақ боп қалу қашан да жақсы ат білсең.
Қарғам, тәтті қылығың ең ұлы жыр,
Сол табиғи қалпынды сақтап жүрсең...
Жаттап жүрсең жырымды өзің жайлы,
Мөлдірлігі етер-ді көзіңді әйгі.
Бір-ақ сәттік толғаныс, ғұмыры ұзақ,
Тазалығы мәңгілік бұзылмайды.
Жанарына аспанның жас қамалды,
Жел де әнекей, бір әнін бастап алды.
Көрініп жүр осылай ай секілді,
Онсыз өмір қараңғы, тас қараңғы...
* * *
Тағы да үндемедің,
Дегің келіп тұрса да бірдеңені.
Әлде мұның «сырымды кеудемдегі,
Айтқызбай біл» дегенің.
Қалай жүрсің, түк демей күнім көптен,
Кездер ұмыт болды ма бұрынғы өткен?
Күндер – күнге осылай жалғаса ма,
Бар-жоғым білінбестен?
Бар мен жоқтың арасы... бүріседі ішім,
Балы – өтірік, жазмыштың түршегі – шын.
Жоқ болып-ақ кетер ем ойланбастан,
Бармын мәңгі,
Мен бармын,
Бір сен үшін!
МӨЛТ ЕТКЕНДЕ...
Өңменімді бір өксік өрт еткенде,
Көздеріңмен барасың өртеп сен де.
Өзің жайлы бір ауыз өлең жаздым,
Бір шуақ мөлт еткенде.
Бір шуақ мөлт еткенде,
Шара бар ма, ноқтасыз тентектерге?
Мендік сезім жайлы ойлап үлгердің бе,
Жүрегің селт еткенде?
Жүрегің селт еткенде,
Сеніп қалма, секемшіл ертектерге.
Сезім деген өмірді сезіну ғой,
От кеудеңді әлдене теңселткенде.
От кеудеңді әлдене теңселткенде,
Қылықтарың көзіңді ерке еткенде,
Әуірімен жанымды өртеп-өртеп,
Мендік өлең ғұмырды келте еткенде.
ХАБАРЛАМА
Күн сияқты күлгенің, қарасың да,
Жол бастасам жұлдызға, барасың ба?
Айдай аппақ сәулелі ажарлым-ау,
Жер бетінде теңің жоқ, нанасың ба?
Бар сырымды ақтарам саған ғана,
Өзің жалғыз ұнайсың, маған дара.
Жазылғанын көрерміз бірге, жаным,
Жазбашы енді, ешкімге, хабарлама.
Нұрлы бейнең өртейді, сөзің балдай,
Сөздеріңде еримін, төзім қалмай.
Көзім жұмсам, ғайып боп кететіндей,
Түні бойы отырам көзімді алмай.
Бар сынақты дайынмын қарсы алуға,
Атыңды айтып, дүние ән салуда.
Сені сүйетінімді күллі әлемге,
Өлең жаздым, хабарлап, жар салуға.
САҒАН ДЕГЕН...
Саған деген сезімім баяғыдай,
«Сен!» – деп жаным жапырақ жаяды ұдай.
Ұсақ-түйек сәттерге селк етпейтін,
Менің ессіз, ғұмырлы баяным-ай.
Ессіз менің көңілім сезім кешкен,
Сезім кешкен, солмаған төзім дестем.
Солқ етеді жүрегім, селт етпесең,
Шығара алмай алқынып, өзіңді естен.
Қиялымда құлпыра көзің көшкен.
Сәл-пәл күдік шырмаса, жанымды арбап,
Қара түнге айналып таңым қалмақ.
Ақ парақта ойнайды қара сия,
«Үміт» дейтін жағаның талын қармап.
Үміт үдеп, қалады көлім жүдеп,
Астан-кестен сезімім – керім жібек.
Өн-бойыма бір сабыр шақырады,
Сан сынақтан ап шыққан сенім тірек.
Осылайша, жанымды сірі етемін,
Жұлдыз жайнап, жияды түн етегін.
Жанарыңнан жарқ еткен салқындықтан,
Мен кеудемнің аңғарам тірі екенін.
Тірі екенмін, сезімнің баянын-ай,
Қинай берме, жанымды ая, Құдай!
Саған деген селкеу жоқ, сезімімде,
Саған деген көңілім – баяғыдай,
Саған деген сенімім – баяғыдай!!!
ЛӘЗЗАТ
Ләйләдай лағыл лебізге лайық,
Балапандайын бейкүнә бейнең.
Күлкіңнен артық ем іздеу – айып,
Тұншыға қалса керқұла кеудем.
Әлем әспеті әлі де әрсіз,
Сендік сиқырды сезіне алмаса.
Кереметтердің бәрі де нәрсіз,
Мейірімді сендей кезі болмаса.
Затыңдай зарсыз, Зайдалық зердең,
Бақытқа лайық қиялдай керім.
Өмірге тағы айналып келсем,
Ешкімді сендей сүйе алмас едім.
Заман заман ба заңдылықтарсыз?
Шегінсе шындық, шертеді мұң күз.
Ажарсыз дер ем паң қылық қар қыз,
Ғалам құбыжық еркелігіңсіз.
Ақын ақын ба арбаса арын?
Сезім сезім бе бір жылытпаса?
Өмір өмір ме далбасаларын
Тізгілей бермей, сырып тастаса?
Тағдыр тағдыр ма, тар жол торламай?
Шабыт – шабыт қой, шапса қайда да.
Жәлел Жәлел ме, бір жыр арнамай,
Жұматай жүз жыр жазса Ләйләға...
АЛМА ГҮЛІНІҢ ИІСІ...
Алма гүлдеді,
Алма гүлдеді.
Алманың гүлі арманым ба еді?
Ақ таңда келіп оятқан сезім,
Сол гүл ғой сірә, сағағында емі.
Алма гүлдеді,
Алма гүлдеді.
Жұпарға бөлеп жан-жағым мені.
Сүйсіне қарап жымиған ару,
– Атың кім? – деп ем,
– Алмагүл! – деді.
Гүлдеді алма,
Гүлдеді алма.
Нәп-нәзік қауыз бүрледі таңда.
Сен де кел, баққа ертеңмен күнім,
Сағынышыңмен түрленіп ал да.
Құлағыңды тос жезтаңдай желге,
Тыңдайық балқып есті әнді-ай бірге.
Сескенбе менен Алмагүл қалқам,
Кегім жоқ менің ешқандай сенде.
«Сиықсыз сезім – сүйіссіз мүлде»,
Дегендер
Бекер тиісті бізге.
Өз құнын ұқса, түрленер ме еді,
Ұзақ жасайтын иіссіз гүлдер?.
Анықтайды әлі күз ақ-қарасын,
Сырларыңды кеп жүз ақтарасың.
Қысқа бұрымды хош иісіңмен,
Есімде менің ұзақ қаласың...
Алма гүлдеді,
Алма гүлдеді.
Алманың гүлі арманым ба еді?
Ақ таңда келіп оятқан сезім,
Сол гүл ғой сірә, Алмагүл ма еді?..
СУРЕТ
Мойныма артқанында Тәңір жүк,
Сол бір жүктен табатындай жаным құт.
Ақша бұлттар оранғандай жалынға,
Көкжиектен Күн көрінді тамылжып.
Құстың бәрі көтеріп Күн шашбауын,
Иесіне арнап жатты жақсы әнін.
Ескі зауыт мұржалары үр желмен
Желпіп тұрды мақпал бұйра шаштарын.
Күн уылжып жанып тұрды жанудай,
Осы жайттан сөнер сәтін табуда Ай.
Күн-айнаға телміреді мұржалар
Қолайнаға шаш түзеген арудай.
Таң шапағы аймалаумен бетімді,
Жан дүниемнің көп кірбіңін кетірді.
Толқын шашты сұлу тектес мұржаның
Зеңгір аспан қолшатыры секілді.
Тылсым сурет өн бойымда тасытты от,
Тыпыршыдым жазғанына нәсіп көп.
Қолшатырлы сол арудың тамсанып,
Қарай бердім қылығына ғашық боп.
...мұнан асқан бақыт жоқ...
ӘЙЕЛ ЖЫРЫ
Қырық сиқыры енгізіп сабырға жан,
Ер біткеннің төзімін сан ұрлаған.
Түзу жолға сүйрейді азаматын,
Жаралып ап қисайған қабырғадан.
Бәрін тербер толғантар сірә, бұл күй,
Жүректердің төріне тұнатын сый.
Әйел – анаң, әпке, жар, қарындасың,
Бас әріппен жазғың кеп тұрады ылғи.
Болмысыңның қалмаса оңы кеміп,
Ер жетесің әп-сәтте жонып желік.
Қанбай өссең ананың мейіріне,
Жеңгелерден іздейсің соны келіп.
Сұлу сүйсең жаныңды тырнап тұрып,
Танытпайсың тегінде кіл қаттылық.
Тек, Құдайдан тілейсің жатсаң-тұрсаң,
Көрсетпесе екен деп бір жат қылық.
Құдай берген аямай сезім оған,
Бас тарта алмас ер түгіл езің одан.
Азаматы болмаса арманындай,
Бара-бара айналар өзі соған.
Жамай алсаң өмірдің бір кетігін,
Әйел сенен аямас үр кекілін.
Түсіне алмай келемін, жігіттердің
Хас сұлудан неліктен үркетінін...
Әйел жыры – таусылмас таңдайға құт,
Әйел деген – әлем ғой таңдай жақұт.
Міне, осыған сүйсініп ғұмыр кешер,
Ер-азамат боп туу қандай бақыт?!
* * *
Сен өзіңді «Сұлумын!» деп ойладың,
Мен өзімді «Серімін!» деп ойладым.
Сен де маған наздануды қоймадың,
Мен де саған керілуді қоймадым.
Көз астымен қарап қойып ұрлана,
Қасың қағып, күлімдедің нұрлана.
Арамызды бөліп тұрды осы сәт,
Гүлдей нәзік сыр ғана.
Көздеріңе көзім түссе өртендім,
Өн-бойымды жаулап алды көркем мұң.
Ал, сен сол сәт сілкіп тастап шашыңды,
Толқын-толқын сезімдерге көмкердің.
Ай жүзіңді желпіп тұрды жәй ырғақ,
Жымиғаның маған күнім дайын бақ.
Көңілімді аршып тұрдым сиқырдан,
Көзді қайта шарпысуға дайындап.
Сен сонда да қылығыңды тыймадың,
Ал, мен мынау дүнияға сыймадым.
Сүйкіміңе арбалсам да мың жерден,
Зымыраған уақытты қимадым...
Қалқам мені неге мұнша қинадың?..
СУРЕТШІ СЫРЫ
Ару көрсем, бояуларым шеп құрап,
Сүп-сүйкімді сурет салғым кеп тұрад(ы).
Сұлулыққа есім кете ғашықпын,
Ессіз кеткем жоқ бірақ.
Сымбатыңды сырлы етеді-ау үр қылық,
Тектілігің көрсетеді дүр қылып.
Мына өмірден от деміңнен өртеніп,
Өтерімді жан дүнием жүр біліп.
Кірпіктерің көл бойы өскен нар қамыс,
Қос қасыңдай қиыспайтын арнамыз.
Мамық тәннің толқынында сенделіп,
Ерініңе жете алмаймын, жол да алыс.
Тұла бойың діріл қағар талдырмаш,
Бұла мойын сірә, кірбің шалдырмас.
Сүйріктейін саусақтарың сөйлеп тұр,
Жамбасыңа төгіліпті жаңбыр шаш.
Сен де, мен де, ойымызда бір намыс.
Шағылыспай бір сызықпен жортамыз.
Бірімізді ұнатамыз, біріміз,
Бірімізден біріміз кеп қорқамыз.
Екеуміз де «ерік» дейтін тордамыз.
Әлі талай құбылады жолда аңыз.
Мен болмасам сұлулығың кімге нәр,
Сен болмасаң шеберлігім солған іс.
Міне, осылай, нәр құямын, сорды ап қап,
Әр ісімнен ғазиз жаным нұр татпақ.
Сені тағы от сезімге көмдім де,
Қолға тағы қалам алдым қорқақтап...
СҰЛУЛЫҚ
Аппақ көйлек киіп келдің тойға сен,
Ал, мен болсам, батып кеттім ойға әсем.
Періштедей көрінбесең сол кеште,
Пенде күйін шертуімді қоймас ем.
Ханшайымдай әрлі-берлі жүрдің сен,
Бірде, бізге жақын келіп тұрдың сен.
Жер-дүние жап-жарық боп кететін,
Қасың қағып бір күлсең.
Көп жүректі жаулап алдың, мекендеп,
Сенсіз өмір елестеді бекер боп.
Ішімізден ойлап тұрдық бәріміз:
«Қай әлемнен ұшып келген екен?» деп.
Үстіңдегі ақ көйлегің – сұлулық,
Кербездене нақ сөйлеуің – сұлулық.
Мөлдіреген жанарыңмен нұр шашып,
Өмір мәнін ап келгенің – сұлулық!
Ойыңдағы тектілігің – сұлулық,
Бойыңдағы ептілігің – сұлулық.
Мына әлемді құтқаруға келгендей,
Жарасымды пәк қылығың – сұлулық!
Әтіріңнің иісі жаулап мақпалдай,
Естен танып жүрдік бір таң атқандай.
Бұл кешті де біздер үшін жарығым,
Дүбірлетіп жатқандай...
Келген елің болып мәңгі жұмбақтай,
Қарай бердік бойымызға дым батпай.
Періштедей ғайып болдың үлпілдеп,
Біздей ғашық пенделерге тіл қатпай.
Аппақ көйлек киіп келдің тойға сен,
Ал, мен болсам, батып кеттім ойға әсем.
Періштедей көрінбесең сол кеште,
Пенде күйін шертуімді қоймас ем...
АТЫ ЖОҚ ҚҰС
Қала – аппақ, тартымды.
Шуақ күткен дымқыл бақ.
Қар бетінде әр түрлі,
Сәуле ойнайды жылтылдап.
Ызғар тартып өн бойым,
Кете берем түршігіп.
Жібитіндей тоң мойын,
Оянардай тіршілік.
Күрсінбеуі мүмкін бе,
Жара алмаса бүршік, тал?
Түсініксіз бір тілде,
Көңіл айтар шымшықтар.
Бір құс отыр биікте,
Сайрағаны ерек тым.
Кеудемдегі күйікке,
Дәл сол дауыс керек-тін.
Қандай тәтті ырғағы,
Құлақ тостым тұра қап.
Қалғып, бірге тыңдады
Манаураған мына бақ.
Бай ғып көңілі жарлыны,
Елітетін хошын-ай.
Құс біткеннің барлығы,
Сайраса ғой осылай.
Кенет көзін жат қылды,
Табиғи саз жарқылы.
Басып кетті тәтті үнді,
Қарғалардың қарқылы.
Сайра, құсым, жалғай түс,
Қарымыңды қамшылай.
Біле алмадым, қандай құс,
Даусын айтшы,
Даусын-ай!
ІІІ ЖЕЛІ
* * *
Дүнияның келбетіне қан жүріп,
Таң бозарды, тіршілікке жан кіріп.
Терезеден қарап тұрам әлемге,
Өр дауысым қарлығып.
Сағатымның тықылы сол қалпында,
Тағатымның үкімі сол қалпында.
Әр күнімде өмір тұтас елестеп,
Әр сәтімді теңеп келем алтынға.
Ал, қош келдің, жаңа күнім, керегім,
Әуіріңде, жұпарыңда тереңім.
Менің маңғаз өмірімде із қалдыр,
Бір мүмкіндік беремін.
МАРАФОН
Ал, достарым марафонға келіңдер!
Жүгіріңдер һас жүйрікше желіңдер.
Өмір түгіл, арманына жүгірмей,
Өз құнын да білмейді екен тегінде ел.
Сондықтан да жүгірейік арманға,
Алғыс айтып нұрын төккен таңдарға.
Ұшқан құспен тілдесетін дәуірде,
Жүгіруден асқан не бар жалғанда?
Жүгірейік, бой ұсынбай зар, мұңға,
Болмашыға жанарыңды талдырма.
Жүгірейік, болашаққа зулайық,
Жорғаламай ешкімнің де алдында.
Жол ұшында бұрым сынды өрілген,
Алыс емес арман анау көрінген.
Өр кеудеңде жанып тұрсын өр рухың,
Жүгіріңдер «жетем» деген сеніммен.
Өмір мынау қоштасу һәм қауышу,
Екі бөлік: жартысы – бал, жартысы – у,
Мен білетін жарыстың ең ұлысы,
Уақытпенен жарысу...
КӨЗ ЖАСЫ
Теректердің көз жасын кешіп келем,
Жылағанын алайда есітпеп ем.
Батыр ана табиғат жұбатпақ боп,
Тербетеді «жел» дейтін бесікпенен.
Сырласқым кеп бұл маңды кездім күнде,
Тілдеспекші боламын жез тілінде.
«Сен мұңайма» дегендей сыбдырлайды,
Теректердің жылайтын мезгілінде.
Маусым келген қапырық шақта мына,
Аяушылық танытып жатқаны ма?
Не дегісі келді екен қайран терек,
Өтіп кеткен көктемін жоқтады ма?
Мазасын ап бір мұңға батырдым ба,
Бар айнала үлпілдеп жатыр мұнда?
Бұлт та келіп төнген-тін төбемізге,
Босап кетті көңілі шатырдың да...
Үңіліп ем оралмас сәттеріме,
Аңсамауға жетпей тұр дәт те, міне.
Аңсай-аңсай ақыры амалсыздан,
Мен де жылап отырмын дәптеріме.
ҮМІТ
«Келер» деген үміті мақұлданбай,
Таңды мені күтумен атырғандай.
Шыға салып абдырап тұрып қалдым,
Аппақ қарды таптауға дәтім бармай.
Сиқырымен әрлейтін келер күнді,
Жарық қылар тұңғиық, төнер түнді.
Ғайыптан кеп қағазға тамып түскен,
Сиясы әлі кеппеген өлең сынды.
Ағаштар тұр «тән енді сіресер» деп,
Байғұстарды жылы үйде түнетер ме ед(і)...
Көрші қыз да шыға сап әзілдейді:
«Қол ұстасып серуендер күн екен» деп.
Жасырынған астыңа сірә, мына,
Айналмайды жер мәңгі тұрағыңа.
Теміржолды тепкілеп бара жатқан,
Пойыз үні келеді құлағыма.
Ару қыздар қар сызып етекпенен, Асығуда адамдар бекетке ерен. Аппақ қардай кіршіксіз жүректер-ай, Барлығын да бір үміт жетектеген. ШЕР (Шерхан Мұртаза қайтқанда)
Алып бәйтерек құлады,
Қырандай еді-ау, қырағы.
Құшақ жайып тұр қара жер,
Көк аспан іштен тынады.
Арындап өткен боздақ-дүр,
Қолқамды кетті қозғап бір.
Боз жусан басқан боз далаң,
Ботадай бүгін боздап тұр.
Жоқтап тұр далаң затыңды өр,
Соңыңда Шерлі жатыр жол.
Алдаспан рухың мәңгілік
Бақұл бол аға,
Бақұл бол!
КӨКТЕМ
Үлбір жүзін кең етек аспан өпкен,
Бар сиқыры кәріге, жасқа жеткен.
Қарай берме сүзіліп бұлай қалқам,
Менің күтіп жүргенім басқа көктем.
Әділеттің дәмі бар балды күреп,
Әкеледі ол, күтумен талды жүрек.
Әр жыл сайын келмейтін, тым ерекше,
Бір ғасырда келетін жалғыз рет.
Жанарларын бар-жоққа қадағанға,
Өмір атты осынау аламанда.
Кез келгеннің көздері көрмейді оны,
Мейірімін төккенмен бар адамға.
Жақын келіп қалғанын түйсінемін,
Күй түлерін, жанымның үйтілерін.
Ол көктеммен қауышқан жүректер бар,
Сыртымыздан сеземін сүйсінерін.
Күте-күте болсам да әр күн әлек,
Жұқтырғам жоқ еш кірбің нарқыма тек.
Іздемеймін, ол іздеп келеді өзі,
Кішірейер жайым жоқ алдына кеп.
Жалықпаймын күтуден жетсе демім,
Тізем талып, тозса да өкшелерім.
Менің тірі жүргенім шын болса егер,
Ол келеді, келеді ол, бек сенемін!
АБАЙ КӨШЕСІН ІЗДЕУ
Абай көшесін бетке алып жүріп келемін,
Тас-түнек маңай, арманым аппақ, терең үн.
Сәулесін шашар Шығыстан жарық бір жұлдыз,
Маңдайдан енді көремін.
Ентігіп келем, елпілдеп келем баладай,
Өзекті өртеген өкінішке де қарамай.
Хакімнің жырын қайталап тұрған күбірлеп,
Шырайлы шаһар, кеудесі қобыз далам-ай.
Шертілер шерім ішіме сыймас, дендеген,
Не көрсем дағы бір көрем ғазиз елменен.
Асығып келем, көрісер едім еңіреп,
Жол сілтер әрбір пендемен.
Неліктен бұлай түңілдің, деме өмірден,
Алдамшы екен дүние сұлу көрінген.
Біздің дәуірдің «абайлары» бар, қайтейін
Кеудемді өртеп, көше-көшеге бөлінген...
Сан көше баурап, сиқырмен, нұрмен арбайды,
Түсінбес, бірақ, мендегі күйді, мән-жайды.
Барар жер, басар тауым да қалмай барады,
Сеземін жүрек, өз жолын өзі таңдайды.
Бас тартпан, сірә, армандарымнан неше өлген,
Ниетім аппақ жолыма гүл боп төселген.
Жете алмай өтсем, айтарын тағы білемін,
«Жарылқасын» деп көре алмай кеткен көшеңнен.
Құлпырта алмадым қайтсем де бөрі көңілді,
Анау бір қанден, шәуілдеп неге көп үрді?..
Кешіп келемін, кемеңгер ақын кертілмей,
Екі ғасыр бұрын түсінде көрген өмірді.
Тік жүріп келем, қасқая қарап, пәк сөйлеп,
Тасынам кейде, асау жаныма тәтті ой кеп.
Өмір-ай, өмір, қаталсың әрі қамқорсың,
Әкемдей – асқақ, анамдай – адал, ақкөйлек.
Жүре де жүре көшеге келіп тірелдім,
Өзектегі өртті айтқызбай ғана білер кім?..
Оразбайлардан сескенбей енді, ерлерше,
Абайлап емес, Абай боп өмір сүрермін!
* * *
Жауа түсші,
Жауа түсші, аппақ қар,
Жер бетінде жатып алсын, бақ мақпал.
Кіл жақсылық ала келші өзіңмен,
Жамандықты таптап, бар.
Жауа түсші, аппақ қар.
Жанарымды жаулап алды шаттық мың,
Алақанға қондырмақ боп аптықтым.
Адамдарға көрсет қандай боларын,
Тазалықтың, пәктіктің.
Аулама қон, далама қон, қон қырға,
Мен өскенмін сол далада сол қырда.
Тоңса тоңсын тәнім мейлі тек қана,
Арманымды, ойларымды тоңдырма.
Жатсаң дағы табандарға таптала,
Сен мен үшін боп қаласың пәк қана.
Құрметіңе орнатамын түбінде,
Мәңгі бақи ерімейтін Аққала!
Тағдырыңды жазғыра алман «суық» деп,
Қолыма қон, жаныма қон қуып кеп.
Өтінерім, кеуделердің, көктемде
Күнәларын жуып кет...
* * *
Аппақ көктем!
Тал бойына жұпарын сақтап жеткен.
Жарылардай танауым күйде отырмын,
Аңқыған мақпал лептен.
Көксіз дағы құдірет, күш бар мұнда,
Ақ жүректер бұл жайлы тіс жардың ба?
Күміс көктем, ерек тым, содан болар
Оралмауы бек мүмкін құстардың да.
Тербей жеткен ойлар ғой өткен қыстан,
Көңіл қары наурызды өпкен тұста.
Марғау тірлік мәні жоқ, жалықтырды,
Нем бар менің әйтпесе, көк пен құста.
Сөге көрме, сезін тек тылсым нұрды.
Қабағында аспанның бір сыр тұрды.
Көктем деген жарығым – күлімдеу ғой,
Күлімдемей жүргенің күрсіндірді.
Солай күнім дел-салмын таң атқалы,
Бұл һәлімді кей көздер жаратпады.
Күй кеудемнің шанағын күмбірлетті,
Күнтізбенің жыртылған парақтары.
ҚАЛА КҮЗІ
Қала күзі, ірге шулап,
Тың тыңдайды ақ қайың.
Бірде күліп, бірде тулап,
Құбылар күн сәт сайын.
Селдете кеп жаңбыр да анық,
Басылады әп-сәтте.
Күн тұрады тандырланып,
Әуірлі бір мақсатпен.
Өзен сынды тыраштанып,
Елпең қағар шалшық су.
Күннің көзі ағаш жанын,
Сары мұңнан аршып тұр.
Ал миымды қақыратып,
Кеміреді ой аямай,
Сол ойлардың жапырағын,
Отырамын саялай.
Қала күзі мұңды уілмен,
Арбамаққа сайланар,
Қаламымдай мың дүбірден,
Қорғар қару қайда бар?
Тілдесе алмай саяқ ұдай,
Тұнады іштен маңай бар.
Көркіне оның баяғыдай,
Таң қалмайды жанарлар...
Сары ала тон сірә құнды,
Ол дағы ертең тоналмақ.
Келе жатқан сұрапылды,
Жылайды ағаш хабарлап...
ҚАРАША
Күз сейістің қараша – Құлагері,
Қызу бәйге жанының сірә де емі.
Жалғыз жүйрік секілді жер бетінде,
Көзге ілгісі келмейді мына мені.
Кісінесе жел болып осқырынып,
Дұшпан безер маңынан, дос түңіліп.
Ықтырмаққа ниетті ызғарымен,
Бөгет жасап, көңілдің хоштығы нық.
«Міз бақпады-ау» дегендей сынағыма,
Қабағынан қар борар бір ағыла.
Терең жатқан киесін биіктіктің,
Сыбырлап құлағыма.
Ал, түнерсе, құрсайды бұлт та айналып,
Тұнжыр тұман мұнысын құптайды анық.
Бар шуағын шашады күн жарықтық,
Бір көрініп, біресе, шықпай қалып.
Болмысынан қатулы серт аңқып кіл,
Тарпаң біткен мінездің желісі артып бір.
Бар күдігін сенімі басыңқырап,
Жарысқысы келеді-ау,
...Жер тарпып тұр...
ЖАПЫРАҚТАР ӨЛМЕЙДІ...
Тәпсірлеумен ғұмырлы күн, айды бек,
Жапырақтар өлмейді, құлайды тек.
Жайрап жатып тамырын қымтайды да,
Мама ағаштың саулығын сұрайды кеп.
Нәзік жүрек жайнап кіл жақсылықтан,
Сондай тағдыр әуелден Һақ бұйыртқан.
Адамзатқа сыбдырмен айтары көп,
Үлкен үміт күтеді жас шыбықтан.
Сақтанғанда «Жел» дейтін дүлей күштен,
Күз келгенде, ызғырық үдей түскен.
Олар сонда тәубе айтып болмысына,
Құламауды алысқа тілейді іштен.
Кәрі қыс кеп, шыңылтыр құрық бекіп,
Шымшылайды денесін ырықты етіп.
Ал, көктемде қайтадан бүр жарады,
Қармен бірге тамырға сіңіп кетіп.
Ақ көрпесін тағы да кермек пе ерте?
Аяз қысты мезгілсіз, жендеттерше,
Табиғаттың ең адал перзенттері,
Қош болыңдар!
Көктемде кездескенше...
* * *
Таңсық емес Жаңбыр деген,
Аспан құмар көңілге.
Өрге жүзбей Тағдыр кемең,
Ілби беру өмір ме?..
Шөліркеп тұр Далам бүгін,
Естен кетпес нөсерге.
Шелектеумен жауам, күнім,
Тамшыны тәрк етем де...
СОҢҒЫ ПАРАҚ
Қараша – жыр дәптерім,
Құшағың мұң, бақ, керім.
Бойыңда не сиқыр бар,
Мәңгілік жұмбақ па едің?
Іздеймін жар сап сені,
Тұрасың ән сап тегі.
Жапырақ жасыменен,
Жұбатар бар бақ мені.
Үр көркің таңдай күлген,
Сиқырың балдай сіңген.
Дәл менің қаламымдай,
Сыр сақтай алмайсың сен.
Сенде ме ойдың селі,
Өзіңсіз бой бүріседі?
Жанымды жылытады,
Сұп-суық қойның сенің...
Таң атса лезде бесін,
Қадалдың көзге несін?
Жетесің бір жылда әрең,
Алайда, тез кетесің.
Қысқасың ақ түндердей,
Көңіліңді таптым ба ердей?
Ең соңғы парағыңды,
Отырмын жапқым келмей...
* * *
Мазалайды ой не түрлі,
Кемпірқосақ секілді.
Сары аязы қаңтардың,
Шымшылайды бетімді.
Күн тұр нұры жайылған,
Көмейімде қайырлы ән.
Әуре болды-ау мына аяз,
Қайтара алмай райымнан.
Кегі бардай бітпеген,
Сиқы мынау үптеген.
Өзім туған қаңтардан,
Осындайды күтпеп ем.
Іздеп қардан әр ізді,
Танып келем маңызды.
Бұл сары аяз бір жайды,
Ескертетін тәрізді...
* * *
Қарашы, ашық екен күн де бүгін,
Сыры неде, жайқала күлгенінің?
Бірге өткізген күндердің бәрі осындай,
Еске ала алмай қиналам бірде-бірін.
Ақбауыр бұлттар көшіп төбемізден,
Ойша бірге жүзейік бөлек ізбен.
Бар атырап сүйсініп тұрсын бізге,
Ұмыт болып кей күндер сор емізген.
Таңдай қақсын барлық ел таңырқасып,
Балқи түссін бойымыз, қаным тасып.
Күй ойнасын күмбірлеп сағақтарда,
Ән айтылсын маңымыз дабырласып.
Түссін ымырт, осылай күй ақтарып,
Ай да тусын оңынан қияқтанып.
Күлген күннің соңынан бір жақсылық,
Ілесіп шыға келер сияқтанып...
СӘУІРГҮЛ
Қалбалақтап қар жауған қара күзде,
Ашар ма екен қабағын дала бізге?
Бір білерім бұлттармен серттескенмін,
«Қатар жүзіп, мәреге барамыз!» – деп.
Тықылына сағаттың қарамай-ақ,
Босқа кеткен сәттерді барам аяп.
Не де болса, ақ қарға аяқ арттым,
Сызды кешіп өттім де жалаң аяқ...
Қысты сүйем, ақ қарын, ақ боранын,
Аппақ қарда шапқылап, шаттанамын.
Көктен түскен ол да бір аппақ аян,
Жеткізетін жаныңа бақ, сор әнін.
Аппақ қарға ұқсатам арманымды,
Ақ арманға арнаймын таңдарымды.
Қармен бірге ерісем мен де бір күн,
Қара жерге салмайын салмағымды.
Жазда жанның жайнауы тәуір міндет,
Күзде кімді іздеймін «сағындым» деп?
Қысты сүйем, қаңтарда, ақпанда да,
Көкірегімде тұрады сәуір гүлдеп...
ТАМШЫЛАР
Қайда бастап бара жатыр жол ұзап,
Дұрыс болар ақ бұлтқа еріп құрысақ.
Жаңбыры да шылқытпады шекені,
Тамшылары тым ұсақ...
Ақ жаңбырым, мәз емес-ау жағдайың,
Күте-күте кеуіп бітті таңдайым.
Түрің мынау аянышты менен де,
Тек, әніңді тыңдайын...
Шөлімізді басу болса мұратың,
Жау, жауа түс, нөсерлетіп тұра тұр.
Қара орманның халін ойлай егіліп,
Қажып бітті күллі ақын.
Сен мүжілдің, мені есейтті бар мұңым,
Неге бұлай кері кетті барлығы?..
Тамшылары тегеурінді болатын,
Бала кездің жаңбыры...
Ұқтым, қиын халіңді,
Сұрағымның бір жауабы табылды.
Сен құлайсың ұсақталмай зәу көктен,
«Жел» өтінен сақтау қиын жаныңды.
Сол... сол сені саф күйіңде өткізбей,
Ығыстырып, әкетіп жүр епті іздей.
Ұсақ-ұсақ тамшың ғана жер құшып,
Нөсеріңді ықтырады жеткізбей.
Солай-солай, солай сірә ұдайы,
Күлген күйің емес мынау шынайы,
Сені бізге тарту еткен кеңпейіл,
Жетпесіңді қайдан білсін Құдайың...
Арпалысып, шаршадым мен бұлардан,
Сені құшып шыға алмадық құмардан.
Әккі желге майдан ашам мен енді,
Онсыз қарап тұра алман...
Басым мең-зең, түстім бе әлде қуысқа,
Ей, ақындар, қол сал Өлең қылышқа.
Тірілтпекке саф, табиғи тамшыны,
«Желге» қарсы аттанамыз ұрысқа!..
КӨҢІЛШЕК...
Жаңбыр жауса терезеге ұмтылам,
Әлденені сезгім келіп, бұлқынам.
Жан-арымның бар қалауын ұға алмай,
Тамшыларға қарап тұрам сыртынан.
Әр нөсерде қинайтыны сол сезім,
Төпеп-төпеп өте шығар ол да өзі.
Сол көзімді аппақ ойға жетелеп,
Тарта түсер оң көзім...
Бұлай қанша апшымды әлі қуырмақ,
Жұмыр басты көрмейді екен қыңыр бақ.
Көктің нұры асығады жер жаққа,
Менің қымбат сәттерімдей зуылдап.
Көктен хабар күтем бе әлде сайланып,
Содан болар, қалам жіпсіз байланып.
Тазарып ап, кетсем бе екен өзім де,
Еш кірбіңсіз, бір тамшыға айналып.
Көзге де ілмей айналаның дақпыртын,
Жылашы бұлт, жыла, ашылсын пәк тұрқың.
Өзің барда сарқылмаймын мен мәңгі,
Ей, көңілшек, бәсекелес ақ бұлтым...
* * *
Терезеден көз тастаймын аулама,
Тұман басқан, тұнжырап тұр бар дала.
Көрінгеннің табанында тапталмай,
Еріп неге кетпейді екен, қар да анау?!
Мен сияқты тәні көктем жаны шер,
«Бұл – өмірдің жазылмаған заңы» дер.
Неге менің тереземде әлі қыс,
Маңай толы түрі жас,
пейілі кәрілер.
Жас көктемді, пәк көктемді аңсадым,
Солай күнім бәрін жырмен жаншамын.
Жас теректің бүршік атар кезінде,
Кәрі қыстың қаһарынан шаршадым...
Күмбез кеуде қаусаса да бір әнсіз,
Неге менің жан жүрегім шыдамсыз.
Келмесе де терезеге телміргім,
Енді көктем келетіні күмәнсіз!
Сөзсіз қайта оралады сейіл үн,
Мезгілдердің кешігуін кейідім.
Кәрі аулама нұр шашамын көзімнен,
Әлемге де керек титтей мейірім...
Дүниенің неге салқын жанары,
Суық сұрқы өзекті өрттей жағады.
Тәнім дағы ырығыма бағынбай,
Көздерімнен ұйқы қашып барады.
ҚОШТАСУ
(Денис Тенге)
Ерлер аз-ау, сезіне алар жер иісін,
Ез қаптаса өмірден де жерисің.
Сен – батырсың,
Мұз үстінен халқының,
Жүрегіне қарғып кеткен Денисім.
Елдің күшін жиған сендік зор білек,
Қайсар рухын қанып ішкен сол жүрек.
Мәңгілікте жарылқасын алдыңнан,
Көп айтады әлі сені өлді деп...
Кенде емес ең дұшпаннан һәм достардан,
Биігіңмен адастырмай қосты арман.
Қазақ отыр күңірене көз тігіп,
Мұз айдынға бос қалған...
Қош, қарғам!
* * *
«Күз» кеп жаным дірдектейді,
Бағып оңы, солына.
Талдар мені құрметтейді,
Жапырақ шашып жолыма.
Табанымда сары кілем,
Жанарымда мың дүбір.
Көңілімнің жарығымен,
Көрем һақтық нұрды кіл.
Өмірімді өзгелердей,
Есептемен мезгілмен.
Көп күңкілін көзге де ілмей,
Жүру сырын сездім мен.
Көктемді де іздемеймін,
Жазсыз да жан жайқалған.
Мұң қысқанда «күз» демеймін,
Табам ылғи айтарға ән.
Өмір неткен қысқа едің сен,
Мұраттарым қалай көп?..
Өкінішің – қыста десең,
Өкінбеспін солай дөп.
Соңыма әлі көз тастаман,
Қарайтындай түк те жоқ.
Қалғаны анау біз қасқадан,
Қылтияды нүкте боп.
Көкіректе бір алаң бар,
Аласұрма, сап көңіл.
Неге бізге күнә һәм зар,
Сыртқы көзге тәтті өмір?..
Онсыз дағы аз өмірді,
Күн, ай, жылға бөлген кім?
Өлем, жазып жазарымды,
Армандарым сөнген күн...
Армандарым өлген күн...
ӨЛЕҢ
Айқыш-ұйқыш болса да жолдар, әттең,
Қуатыма қашан да қолқанат – сен.
Өмірімді арнадым саған ғана,
Қарағаның жетеді оң қабақпен.
Алдымда жатты сындар,
Бірге таттық ащысын, тәттісін бар.
Маңдайыма қос қолдап Құдай жазған,
Өзіңдей бақ құсым бар.
Киең де пәк мүсіндей,
Дүниенің тәттісіндей.
Қадіріңді үн-түнсіз қорғап келем,
Дақ түсірмей.
Өзің жайлы ой орайды кескіндене,
Тұра ұмтылам теңізін кешкім келе.
Өкініштен өлуім әбден мүмкін,
Тек кіріптар етпеші ешкімге де!
* * *
Өтті өлеңсіз тағы түнім бүгінгі,
Іштей қажап, қалдырмадым түгімді.
Ақ параққа көшіре алмай сырымды,
Шабыттанып шеге алмадым шылымды.
Құдіретін тілсіз түннің сезе алмай,
Отырғаным тереземнен көз алмай.
Сары аяз да қайтарардай бетімді,
Уақыт та мені басып озардай.
Ыңылдадым, айта алмадым әнді де,
Сүреңсіз ой, жансыз сурет мәнді ме?
Түнге сіңу керек пе әлде үн-түнсіз,
Не болмаса, өмір сүру мәңгіге?!.
Лауламасаң тұтанып ап, ертемен,
Аласұру – сұрықсыз һәм көркем ең.
Нүкте жайлы ойлануға мұрша жоқ,
Бас әріпті ұқсата алмай өртенем.
ІV ЖЕЛІ
Қайсы тұста оғаш бастым біле алман,
Бір әйтеуір, шыға алмаймын құмардан.
Гүл қыла ма күл қыла ма жанымды,
Қайтер екен асау жүрек, ұлы арман?..
Тірі пенде түсіне ме мұңымды,
Ұға алдым ба, өмір сенің құныңды?
Таң бозарды, терезем де түрілді.
Қайта бастау керек енді ғұмырды,
Қайта шегу керек енді шылымды...
БІР КҮНІ...
Бірге жүрдік, ойнап-күлдік, сыйластық,
Көп белеске жетеледі дүр жастық.
Сол шақты ойлап, жүрегімнің түбінен,
Жылт етеді әлдеқандай қимастық.
Еш алаңсыз ессіз күндер желіккен,
Ыстық едің, жалын едің, көрікті ең.
Өмір қалай бізді жылдам есейтті,
Жалғыздыққа асықтық па,
Неліктен?
Қалай ғана бұза аламын мұң торын,
Бағымды аңдып, сәтін күтіп тұр сорым.
Аласұрам, тыпыршимын ойласам,
Енді қайта баяғыдай күн жоғын.
Өмір – осы, көңіл қалай көктесін,
Ой түбіне жете алмадым, кетті есім.
Ең болмаса, іштей аңсап жүрелік,
Өн-бойымыз тасқа айналып кетпесін...
Сезімсізге сезем, сөзім күлкілі,
Өйткені олар таудай ойдан үркіді.
Біз кешкен күн ұшқынынан өмірдің,
Жамалды ма бірді-жарым жыртығы?..
Жүректердің жиі естіліп дүрсілі,
Не ашылып, не ашылмай шын сыры.
Өткенді аңсап, ертеңді ойлап, ақыры,
Сөзге сіңіп, жоғаламыз бір күні,
Сөзге айналып ораламыз бір күні...
12.2022 ж.
Майқұдық
ЖАС АҚЫНДАР
Жас шайырлар бақытты бұл күндегі,
Баз кешпеді, өмірден түңілмеді.
Жатырынан сезді де сөз киесін,
Туа сала «Түркі» деп күбірледі.
Зулап барад(ы) өлеңге құмай боп кеп,
Тәңірілік мәңгілік тыңайды отпен.
Елі – азат, цензура ғайып болған,
Оларды ешкім қыспады «Құдай жоқ» деп...
Шындық үшін берсе де барын мейлі,
«Қаймана» деп кеудесі зар илейді.
Барлығын да тұратын екшеп қатал,
Цензураның көкесі «арым» дейді.
Тарта жүріп тағдырдың зәһәрінен,
Туар айды байқады батар үннен.
«Өмір» дейтін мұхитқа келе сала,
Сусындады Мағжан мен Шәкәрімнен.
Сондықтан да тамыры терең еді,
Содан ылғи сезімге бөленеді.
Желкендерін кетсе де жел ұшырып,
Су түбіне кеткен жоқ кемелері.
Өткен күннің барлығы санада тұр,
Тама-тама тамшы тас жарады ақыр.
Бабалары қалдырған ар жолымен,
Алашты іздеп Аллаға бара жатыр.
ҚАЛАМ
Басымнан сипап ұсындың қалам,
«Оқушы болдың енді» деп.
Өзімнен-өзім қысылдым жаман,
Сенікі неткен кең жүрек?
«Есімім менің – Бердібек» дедің,
Ұстаздарыңмын алғашқы.
Қамқорлығыңмен елжіреткенің,
Ал, түрің есте қалмапты.
Қара Қожаны жора тұтқанда,
Оянғандай-тын бойдағы үн.
Мейірің дархан болғандықтан да,
«Авторы – сен!» деп ойладым.
Мектеппен бірге құлағымызға,
«Азаттық!» дейтін күй жетті.
Береке болды тұрағымызда,
Қалғанын «Қожа»3 үйретті.
Өмірдің мәні несібеде ме,
Ұққан-тын солай жас басым.
Оқымай қойдым есейе келе,
Әдебиеттен басқасын...
Өмір дегенің қас-қағым екен
Тербете берді ой нені?
Көзімді байлап тастады ма екен,
Сайраның жылтыр көйлегі?
Көркімен жанды сыздатқан ғалам,
Адастырмады жолымнан,
Бердібек ұстаз ұстатқан қалам,
Түскен жоқ әлі қолымнан.
Көбіне іштей қаламын жалғыз,
Тұңғиық ойлар көп тербей.
Бердібек ұстаз, қаламын, жалғыз
Тек маған беріп кеткендей...
ҚАСЫМНЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ
НЕМЕСЕ СЫРБАЙҒА ХАТ
Аман-есен барсың ба, досым Сырбай?
Өзегімді өртейді тосын бір жай.
Менің соңғы сәттерім болар сірә,
Уақыт тығыз, айтар ем шошындырмай.
Сен білесің менің өр тағдырымды,
Өткізгем жоқ бекерге бар ғұмырды.
Елім үшін қан кештім, майдан кештім,
Соны ойлаумен кеудеме ән құйылды.
Демім бітіп барады сенемісің,
Көз жұмамын, өлмеймін, сезеді ішім?
«Мыңмен жалғыз алыстым» шегінгем жоқ,
Дұшпанмен де табыстым өлең үшін.
Қанат берді жақсыға құштар жаным,
Ізгілікке бар жігер күшті арнадым.
Амал қанша, сұм ажал мұрша бермей
Кетіп барады ішімде үш арманым.
3 Қожа – Бердібек Соқпақбаев шығармасының кейіпкері
Жасын іркіп тұр анау, аспан әрең,
Үлгерем бе, қоштасып Астанамен?
Саған ғана ақтарам, құрып кетсін
Қорқытқысы келгендер баспанамен.
Жырмен жарық қылғанда маңайды Алла,
Арман болды-ау, мен сынды талайларға.
Сенесің бе, Сырбайжан текті өлеңде,
«Ассам» деп ем, данышпан Абайдан да.
Ойламадым «біреуден төменмін» деп,
Мына өмірге көз тіктім өрем гүлдеп.
Француздар Гюгоны күткендейін,
Армандадым құрметке бөленгім кеп.
Кете берді білмедім мазам неден,
Оянып ап отырмын азанменен?
Онегиннің хатындай Татьянаға,
Қара өлеңмен бір роман жазам деп ем.
Туған жердің кеудемде күйі қалған,
Маңдайымды тау-шыңдар сүйіп алған.
Биік жүрдім өмірде жасығам жоқ,
Тіреу болған осындай биік арман.
Өкпе айтқам жоқ ешкімге, арланбадым.
Өмірдегі өлең ғой тарлан бағым,
Әлі талай биікке апарады,
Орындалмай кеткен сол армандарым...
* * *
Бүгін тағы удай маспын өлеңге,
Бір құдірет тартып барад(ы) тереңге.
Сол тереңнен қайтпай қалсам сенбеңдер,
Мені «өлді» дегенге.
Өзегімді өртейді ойлар тырналап,
Аспаным да ашпай қойды-ау, бір қабақ.
Өкініштер өлтірмекші болады,
Жүрегімді жұлмалап.
Беу, жүрегім!
Сімірші енді һақ нұрын.
Сіміретін, түңілетін шақ бүгін.
Ал, сезімге тиіспеші, тиіспе
Басып алсын аптығын.
Бір құдірет тартып барад(ы) тереңге,
Бүгін тағы удай маспын өлеңге.
Сол тереңнен қайтпай қалсам сенбеңдер,
Мені «өлді» дегенге...
ҚОҢЫР ӘУЛИЕ. ҮШ ТІЛЕК
Құлшындырып Құранның сүрелері,
Жасыбай көл кеудеме жыр егеді.
Құран оқып болды да шырақшы ата:
«Бір-бірлеп кір,
Үш тілек тіле», – деді.
Атамекен!
Бөледің сонша нұрға,
Тарих жатыр ашылмай қанша қырда.
Бабамның рухы сіңген жұмағымды,
Жаппар Ием,
Ешкімге олжа қылма!
Азат күнім,
Өзіңсің – мәңгі тілек!
Қазақ бүгін сен жайлы әнді білед(і).
Досқа таба, дұшпанға күлкі қылмай,
Елдігімді Мәңгілік ет!
Соқтығысып сан түрлі күбір мида,
Халқым үшін бар біткен тұғыр пида.
Бабамның тіліменен жазарымды,
Жазып қалдыратындай ғұмыр сыйла!
ЖАЗУ
Балалық шақтың дерегін,
Аңсай да іздей беремін.
Баяғы жазу, сол жазу,
Жазумен әлі келемін.
Жаратқан өзің демегін,
Өзіңе ғана сенемін.
Жазудан табам бақ тапсам,
Көресімді де көремін.
Тербесе жанды өрелі үн,
Бәрін де төгіп беремін.
Жазуға келгем өмірге,
Жазылған күні өлемін.
Жазумен әлі келемін,
Жазумен ғана өлемін.
Жазылмай кетсе кей жарам,
Жазуда қалар дерегім...
* * *
Acау ойлар босап кетіп көгеннен,
Мына әлемге сыймай әлі келем мен.
Менің жазу үстелімді жағалап,
Ұлым мені қызғанады өлеңнен.
Мен отырам қабағымды нұр шылап,
Балам болса бір кіреді, бір шығад(ы).
Қаламымды бақылайды таңырқап,
Қойғысы кеп бір сұрақ...
Қылығымен көңілімді қарық қып,
Ойнағысы келе ме әлде, жарықтық?..
Әлденені қайта-қайта былдырлап,
Ұйықтап кетед(і) талықсып.
Ал, сұрағын қоймай жатып түсінгем,
Балалық-ай сондай жұмбақ пішін бе ең?!
Сұрағына жауап жазып отырам,
Күбір-күбір ішімнен.
Қабағыма ұя салған жасымнан,
Адырна бұлт, өлең нөсер асынған.
Парағыма төпеп-төпеп тынады,
Оған дейін басылман.
Қанша жылдам зуласаң да бөкен күн,
Сырға толы суретіңнен от емдім.
«Отаным» – деп ұрандап жүр біреулер,
Ал, мен кейде өз ұяма бөтенмін...
Ұйқысынан оянып ап, арайлы,
Шолып шығып, шаттық толы маңайды.
Қабағымнан маңып бара жататын,
Сол бұлттарға ұзақ-ұзақ қарайды.
ЖАРЫҚ
Көктен жерге телміреді көп жарық,
Кеудем тұсын кернейді арман от қарып.
Тереземнен есеп сұрап тұрады,
Қап-қара түн оқталып.
Көптен бері аспан да үнсіз, мен де үнсіз,
Ол жаңбырсыз түнереді, мен жырсыз.
Жапырағын қар астына жасырып,
Кеудемізге көшіп алған теңбіл күз.
Ұлпа бұлттар жинамаса етегін,
Түндер, түндер – ойларымның мекені.
Қараңғылық мені әлемнен жасырса,
Қауыштырар тек қиялдар жетегі.
Көктен жерге телміреді мол жарық,
Ай-аруым көз тартады топ жарып.
Арасынан өлең жұлып аламын,
Жүректерге олжа ғып.
Адастырмас алтын сабыр көбеммен,
Сенім – семсер, сүрінсем де бөгелмен.
Көп жарықтың арасында көз тартып,
Ең жарығы болып сәуле төгем мен!
* * *
Сезім қайда баяғы біз құмартқан,
Байқалмайды ештеңе күзгі бақтан?
Минуттардың қадірін еске салар,
Мағынасыз ғұмыр-ай, сырғып аққан.
Асқақ еді аңқылдақ түп арманым,
Осы күйін көңілдің ұға алмадым.
Көпке кірсем неліктен жер тарпимын,
Жалғыздыққа неліктен құмар жаным?
Жұмбақ күйі бұл тылсым қала беред(і),
Көкірегімде бір жалын жанады ерек.
Мен ешкімді мазалап жүргенім жоқ,
Бір құдірет мазамды ала беред(і)?
«Аманатқа – қиянат күнә» дей ме,
Қиянатшыл шығармыз сірә кейде?..
Төрт құбылам төрт жол боп түйдектеліп,
Жырға айналып барады мына дүние...
КЕРЕҒАР (Тыныштықбек Әбдікәкімұлына) Өлең аңқып қос бірдей қанатыңнан, Самға қыран, еңселі сан ақылдан. Қуаты кем дауылға дүнияуи, Құбылыссың кереғар жаратылған. Өр сұсыңның асқақтап нарқы міне, Сес көрсетіп тұр өмір тәртібіне. Секемі көп сенімнің сеңін бұзып, Ауандарын аудардың Ар тіліне. Жаулағанда жат дауыс тынысты үптеп, Халқың сені қарсы алды «ырыс-құт» деп. Тынышын ал әлемнің тыным таппай, Тынышсыз – Тыныштықбек! ЖОҒАЛҒАН ДӘПТЕРДІ ЖОҚТАУ Қазынамнан айрылдым қазынамнан, Жан дүнием июші ед(і) сазына алуан. Жұлдыздарды түнетіп жанарымда, Жүректердің түбінен қазып алғам. Іркілместен сансыз көп, кіл өткелге, Жарыққа да қарамай түнектерге. Қаламыма асыққан ғалам сыры, Ғасырлардың қойнында түнеп келген. Қайтер екен жүрегім жарылар ма? (Жаны барға салмасын жаны барға!) Қанаттары қатпаған сәбилерім, Табылар ма, ендігі табылар ма? Бар мұңынан әкеңнің күй ұқ, балам, Ұйықтаман мен енді ұйықтаман. Жоғалтқаным түк емес қазынамды, Бере алмай күйіп барам... .
ҰҚСАСТЫҚ
Таптым-ау кімге ұқсайтыныңды,
Аумайтыныңды дәл кімнен...
Қанаты сынған құстай бүліндім,
Ұшқалы отырмын бәлкім мен?..
Аумайсың ғазиз өлеңдерімнен,
Болмысың тұйық томаға.
Қабаққа сырың терең көмілген,
Не деген мінез, о, тоба!
Екеуіңнің де сөйлеуің қиын,
Жүруі қиын әңгіме.
Бастаса бітті, көмейің құйын,
Тоқтата алмайсың мәңгіге,
Ұйықтата алмайсың мәңгіге...
ОЙКЕШУ
Бір ой айтты: «Қайтесің қасқасы-ай» деп,
«Жұғымы жоқ жұмысты тастасай» деп.
«Жаңа заман, жаңа өмір, жаңа қоғам,
Бір кәсіп бастасай, бек».
Мен қайтемін – осы ойға ырық берсем,
Қолдарым қақсаса-ай кеп.
Енді, бір ой: «Ешкімге сенбе» дейді,
«Ойлағаны бәрінің – теңге» дейді.
«Шалыс бассаң күні ертең біреуі кеп,
Сенікі жөн» демейді.
Мен қайтемін, сенбесем адамдарға,
Жүрегімді ештеңе емдемейді.
Тағы бір ой: «Жалғыз боп күн кеш» дейді,
«Сөйтпегесін жанға өлең сіңбес» дейді.
«Өзіңмен тілдес» дейді.
Мен қайтемін, жалғызбын онсыз дағы,
Ендігісі ақылмен үндеспейді.
Мына бір ой: «Кірпияз, өр бол» дейді,
«Ақындықтың негізі сол ғой» дейді.
«Бірінші бол, қайда да төмен түспе,
Сенің орның шынында, төр ғой» дейді.
Мен қайтемін, төр емес бар арманым,
Іште біреу мұнымды оң көрмейді.
Құлақ түрдім бар ойға, үндемедім,
Жөн болмас-ты анығы үндегенім.
Ойлар-ойлар өмірдің сөзін айтты,
«Алар» деп бір керегін.
Мен қайтемін, қиялда кінә бар ма?
Жауабымды түбінде бір беремін.
Өмір-өлім басқа ойдың аз дерегі,
Көктем өтіп соңынан жаз келеді.
Мынау жұртқа не деймін үміт күткен,
Үмітсіздер онсыз да мәз келеді.
Мен қайтемін, халімді көре тұра,
Бәтшағар-ай, біреуі «Жаз» демеді...
Қайтейін «жаз» демеді...
ЖАҢБЫР ЖҰПАРЫ
Түнгі аспанда жұпар жаңбыр қалқып кіл,
Өлең иісі аңқып тұр.
Хабаршысы болар сірә көктемнің,
Келе жатқан шалқып бір?..
Көңіл көгі қара бұлттан аршылар,
Не де болса бір тылсымы бар шығар.
Түсініксіз ойнап жатыр бір әуен,
Шатырлардан құлап жатқан тамшылар.
Ойым содан бөлінеді анығы,
Тек сол ғана тілсіз түннің бар үні.
Ағараңдап көз тартады тұс-тұстан,
Пәтерлердің сөнбей қалған жарығы.
Ағаш біткен сол баяғы бір тұрыс,
Тірлік заңы.
Өсіп-өну, құлшыныс.
Жел де жым-жырт, сайрамайды құстар да,
Көшелер де тым-тырыс...
Ал, мен болсам түн қойнына үңілем,
Үңілем де, жаңбыр иісін сімірем.
Қаламыма ұмтыламын сонан соң
Кірпік қақпай шықпас үшін түнімен.
ҚЫЗЫЛ ЖУСАН
(Талғат Кеңесбаевқа)
Ол – әу бастан ерек болды тегінде,
Ол – жан достай медет болды көңілге,
Ол – танбастан өжет болды өмірде,
Қызыл жусан.
Ол – жұпарын иіп өтті жаңылмай,
Ол – құт әнін биік етті арындай,
Ол – Отанын сүйіп өтті жанындай,
Қызыл жусан.
Біз – бағалай алмай қалдық тіріңде,
Біз – саралай алмай салдық іріңге,
Біз – қаралай жалмай салдық түбінде,
Қызыл жусан.
Сөз – көнбеді, жанды тепті бар маңай,
Сөз – сөнбеді, нәрді септі таңдамай.
Сөз – өлмеді, мәңгі көкте самғағай,
Жалған-ай...
Қызыл жусан...
ӨКІНІШ
Тағы бір күнім тәрк етті мені,
Бір өлең өлді жазылмай.
Өкініш өрті көрсетті нені,
Өзімді-өзім танырдай.
«Қол жетпес жерді көздейміз» дей ме,
Ақ арман – жақұт мекенім?
Бақ іздеп жүріп сезбейміз кейде,
Әр таңның бақыт екенін.
Әр минут менің аядай құсым,
Тәттілігіңмен тәнті еткін.
Қымбат сәттерді аялау үшін,
Ардың алдында ант еттім.
Табаным тозып, шыңға жетемін,
Қадірсіз оңай бақ та аса.
Сезбес пе ем өмір жылдам өтерін,
Жапырақ сарғыш тартпаса?..
Пенделік жасар мінім ұнаса,
Кәріне көңіл шыдай ма?
Босқа өткен күннің құнын сұраса,
Не бетімді айтам Құдайға?..
МАҒЖАНША...
Күндей нұрлы ойларымды,
Шынайы өргім келеді.
Бойымдағы барымды сарқып,
Қажетінен де артық
Еліме бергім келеді.
Шындыққа тура қарап,
Оны өмірімнің мәніне балап,
Ақиқатты Мағжанша көргім келеді.
Мың құбылған дүниеден,
Есімді жиғым келеді.
Жан сарайыма пайдасыз жортудан
Нәпсімді тыйғым келеді.
Алдамшы сезімге алданбай,
Жасанды сұлулыққа таңданбай.
Елімді де, жерімді де,
Өмірді де, өлімді де
Өлеңіммен тербетіп,
Аруды да қылығымен,
Жотасына түскен бұрымымен,
Мағжанша егіле сүйгім келеді.
Айтқым келген жан сөзімді,
Адамзатқа ақтарыла жолдағым келеді.
Ғаламды бар қауіптен сақтандырып,
Ақылым мен арымды ғана мақтан қылып,
Елімді Мағжанша қорғағым келеді.
Қуанышына балаша қуанып,
Мейірімі мен кеңдігіне жұбанып,
Қайғысын да жүрегімнің үні ғып,
Ыстығына бірге жылынып,
Суығына да бірге тоңғым келеді.
Рухыма асқақ арманмен әр беріп,
Ұлы мәртебелі сөзге жан беріп.
Өлеңнің жұпарымен
Тасып, толғым келеді.
Қаламға сертімнен тайқымай,
Жазуды жек көрмей,
Тағдырымның тылсымын терең сезініп,
Мағжанша адалдықтың айбарлы үні болғым келеді.
Бұлбұлдарымның нәзік үнін,
Жанашырларымның жан сырын,
Жүрегіммен тыңдағым келеді.
Тағдырдың сан өртінен аман қалған елімді,
Отан Ана мен Жер ана дейтін төрімді,
Қаламымды жүрегімнің қанына малып,
Қазақтың төл мақамына салып,
Мағжанша көсіле жырлағым келеді.
Өзгенің өктем ертегісіне емес,
Әулие бабаларымның,
Ақпейіл аналарымның
Ар жолына ергім келеді.
Өткеніме есім кете таң қалып,
Даламның киесі жайлы ән салып.
Көкірегімнен күмбір-күмбір күй шығып,
Қатпарлы тарихыма
Қобыздай күңірене сүйсініп,
Болашағыма Мағжанша сенгім келеді.
Уақыт дөңгелегі зымырап ақса да,
Тамырымды тексіздер балталап жатса да,
Ұлы Түріктің кең-байтақ өлкесіне ие болған,
Алтын босағалы шаңырағына кие қонған,
Қарға тамырлы қазағымды,
Әлсіреген дінімді,
Тілім-тілім болған ділімді,
Елімді, жерімді, баба тілімді,
Миллион жылдан кейін де,
Мәңгі аман көргім келеді.
Сол сәтте мен оның қасынан табылып,
Жақсылығымның санынан жаңылып,
Асқар таудай арқасүйері болғым келеді.
Аз ғана халқымды,
Құны қымбат нарқымды.
Жүрегімнің төрінде әлдилеп,
Әр минутымды ғасырға теңеп,
Даламды домбыраның үні мен
Жырымның шуағына бөлеп,
Халқымның аялы алақанында
Мағжанша қасқайып тұрып
Өлгім келеді.
Пайдақұмар достан,
Парықсыз қастан
Ат құйрығын кескім келеді.
Өтіріктен мезі болған жанымды,
«Адамдық» дейтін алтын тағымды.
Әнімді, сәнімді, барымды
Мейірім қанғанша сүйіп,
Алашымның ақмамық алақанынан
Жұп-жұмыр жылы жүрегіне
Мағжанша мәңгілікке көшкім келеді...
Көшкім келеді!
САҒЫЗ
Осы шығар талабы заманының,
Жақсылыққа баламау – жаман ырым.
«Сағыз әкеп берем деп уәде берші»,
Дейді күнде маған ұлым.
Біз бір мұңлық бәрінен мән іздеген,
Күліп қана қарайтын аңызға ерен.
Ымырт түсе оралам ошағыма,
Сағызбенен.
Дүкенші қыз байқатпай жан ізгі әнін,
Сағызда да сезеді маңыз барын.
Мені көрсе жымиып дайындайды
Сағыздарын.
Жарым кейде қабақты жиі аңдай кеп,
Ешбір қарсы келмейтін ұяңдай боп.
«Көп айтқанын қыласыз ұлыңыздың»,
Күрсінеді: «Бұл сағыз зиян ғой» деп.
Арбалмайтын ескерту, қысымға да,
Осы мүмкін ең үлкен ісім дара.
Мен өмірді сүйемін, кейде осылай –
Уәдемді орындау үшін ғана...
V ЖЕЛІ
ҚОНАҚ
Үйіме жиі қонақ келеді,
Несібесімен.
Естеліктерді орап береді,
Есіме кілең.
Құшағым әр кез ашық тұрады,
Ниетім түзу.
Ынтық қып жүрген асықтырады,
Күйетін қызу...
Қонақпен ғана сезім кешемін,
Сиқыры бөлек.
Толастамаса көз ілмес едім,
Күй тұнып ерек.
Өзім де кейде қонақ боламын,
Келетін сол күй.
Кетерде қимай қарап барамын,
Елесіме ылғи.
Сағынышымды елік, маралдай,
Сүйемін құшып.
Тағы бір қонақ келіп қалардай,
Иегім қышып...
АҒАШ ШАНА
Шана тебу қыс қызығы бүгінгі,
Соны сезіп, көңіл-күйі бүлінді.
«Сырғанаққа барам мен де, түс қайта»,
Деді ұлым: «ертіп алып інімді».
Үнсіз кеттім жақ ашпан.
Ұл алдында қашып келем оғаштан.
Ертесіне көз алдында шананы,
Жасап бердім ағаштан...
Ойын қуған балғын бала кезімде,
Әкем соққан шана бар-тын өзімде.
Дәл солай ғып жасап бердім айнытпай,
Әр шегесін малып алып сезімге.
Бала деген періште ғой, сенем бек,
Махаббатсыз пәк жүрегін көр емдеп.
Қуанғаннан, мойыныма асылды,
«Әке, сені қатты жақсы көрем!» деп.
Енді, міне, шаршаса да білегі,
Шана теуіп мәз болады, күледі.
Тоңғанына қарамастан інісін,
Мінгізіп ап, сүйрейді де жүреді.
Сенімімді алға тартам күдікті ап,
Жаз ұқпаса, жанымызды күз ұқпақ.
Белгісіз бір сезім тырнап ішімді,
Сырттарынан тұрам ылғи қызықтап.
Балалықта көп ойлану керек пе,
Асқар таудай әке жүрсе көмекте?
«Өмір» дейтін мұз айдында зырлап жүр,
Арманы да, шанасы да ерекше...
ТҰҢҒЫШ ЖАЙЛЫ ЖЫР
Әкемізден алты ұл ек,
Қоспағанда төрт қызды.
Әке бізге нар білек,
Қыздарды анам жеткізді.
«Көпір сыйлар азапты,
Түйеге де ең үлкен».
«Кішісі емес қазақтың,
Күшігі бол өмірде».
Әке орнына әкедей,
Дана болған сол тұңғыш.
Ана орнына мәпелей,
Пана болған сол тұңғыш.
Бір даулы жәйт қозғалса,
Сол Тұңғышты түтетін.
Ал, болашақ сөз болса,
Содан үміт күтетін.
«Ондай тіреу қай жан бар,
Тұңғышымда ой, сана?
Ортаншыны байқаңдар»,
Дейтін, әкем жәй ғана...
Әлі күнге біз дейтін,
«Аман-есен жүрсін бек».
Кейде таңмен іздейтін,
«Кеше түске кірдің» деп.
Көңіл оты маздаса,
Жылап алам бөлекте.
Ұйықтайтын қаз-қатар,
Бала күнім елестеп.
Кейде шошып оянам,
Аян беріп тұңғыш үн.
Кенжетайдың ойы аман,
Сағындың ба, күлкісін?
Сағынышпен емдеші,
Сезімдердің құндысы.
Тұңғыштардың кенжесі,
Кенжелердің тұңғышы.
* * *
«Жақсылыққа жүрегі жерік ағам,
Құдай өзі сыйлаған сені маған».
Ерке қалқа: «Түсімде ұшып жүрсіз,
Ақ ұшақпен ағатай», – деді маған...
«Жеңгең менен балалар елде қалды»,
Дейсіз тағы: «Сағынам енді оларды».
Ақ жол тілеп алысқа жетелейді,
Аппақ бұлттар, мамық төс, керме жалды.
«Басқа амал жоқ.
«Қош!» деуден енді бізде,
Сағым құшқан маңайды, шерлі күз де.
Жақын күнде самғайсыз зеңгір көкке,
Бұрын-соңды бір самғап көрдіңіз бе?»
Баурады ма зәу көктің нұр әсері,
Алқымымнан алды ма жыр әсемі?
Жер бетінде жанымды ешкім ұқпай,
Аспанға ұшып кеткенім рас еді.
Көктен бәрі өзгеше, маңай, дала.
Көзімді арбай береді арайлана.
Маза бермес бір сұрақ
Күнім, сенің,
Кіріп кеткем түсіңе қалай ғана?
* * *
Дидар балам!
Кең дүниеге мен дағы сыймай барам.
Лауласақ та, сөнсек те тағдыр осы,
Маңдайға шимайлаған.
Ие, балам!
Сенің әрбір сөзіңнен кие табам.
Иегімде жан болса көтеремін,
Ойланбастан арқаңды сүйе маған.
Патша балам!
Өмір осы, тұратын ақ-қарадан.
Бәрінен де бір сезім табады екен,
Жүрегінде жылылық жатқан адам.
Шыда, балам!
Ер боларсың ертең-ақ тұрағы аман.
Бала кезім бейнеңнен қылаң берсе,
Оңашада жанарды бұлап алам.
Кемел көрік,
Аласарма өресі төменге еріп.
Дүниенің бар сыры күлімдейді,
Күн сынды көздеріңнен өлең болып.
Епті балам.
Жабырқасаң, мазам да кетті содан.
Дидарыңмен ып-ыстық сақтап жүрші,
Жүрегімді, жанымды көп құсадан.
ҚАЙРАН ШЕШЕМ...
Қайран шешем,
Жүзінен мұң кетпеген,
Өмір нәрін біз үшін тірнектеген.
Қара нардай қайыспас асқақ тұлғаң,
Бой түзер бір мектеп ең.
Болмысыңды бағдар ғып келем әр күн,
Зор үлгісін бейнеңнен көрем, Ардың.
Жан-дүнием өртеніп жатса дағы,
Тіс жармауды тіріге сенен алдым.
Сенсіз күнім болса да құр қалбырдай,
Тілдемедім, сөкпедім бұл тағдырды-ай.
Арманым мен Арымның жарқылдарын,
Тек өлеңге ақтарам дым қалдырмай.
Нұрлы бейнең, елесің маған көмек,
Мейіріміңді ендігі табам ба ерек?..
Құны қымбат жанымның асылдарын,
Аялаумен келемін саған теңеп.
Тербетумен тұңғиық шерімді мың,
Кертілумен кемуде керім күнім.
Адамзаттан бөлектеп, өбектейді,
Көшіп алған көзіме сенің мұңың...
ГҮЛСІЗ МЕЙРАМ
Анам туған күн бүгін!
Түріп тастап дүниенің түндігін.
Құмды өлкенің қырмызысын өбектеп,
Көктем кескен кіндігін.
Бәйшешекпен бірге қауыз жарған гүл,
Күнге ғашық қылған екен арман кіл.
Үзіп кетіп «Жазмыш» дейтін ызғар жел,
Жанарларда сағыныш боп қалған жыр.
Көздерімнен көшсе дағы көп көктем,
Жылу сезбей ескен майда өкпектен.
Қабағымда қатып қалып қырау, қар,
Ерімейтін боп кеткен.
Жанымды ұқпай жан мүлдем,
Тілдесемін кеудемдегі жаңбырмен.
Гүл біткенге қорғанышпын, сол гүлді
Сыйлаудан да қалдым мен...
Солай, шеше, өлең – менің жеңісім,
Бар қимылым жүректерге ем үшін.
Әрбір күнім гүл сияқты жұпарлы,
Сен туған күн –
Гүлсіз мейрам,
Мен үшін!
ӘКЕМ ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІК
Бір сүрініп өмірде бір абайлап,
Жүріп келем тербеліп, тың ән ойлап.
Әкешімнің сөздерін есіме алам,
Реніш сезсем біреуге ұнамай қап.
Өзім күнде көтеріп көңілімді,
Қойғам қазір жанымды кеміруді.
Ей, адамдар, тиіспе жүрегіме
Өз еркіммен сүрейін өмірімді.
Бере алмайды мүлт кетсең бақ та көмек,
Аңғал жаным сондықтан аққа сенед(і).
Айтыпты әкем, кескенде тұсауымды,
«Ала жібін ешкімнің аттама!» деп.
«Өз арбаңды қасқая сүйре!» деген,
«Жақсымен жүр, әлсізге тиме!» деген.
«Иегіңде сірі жан тұрған кезде,
Тірі жанға басыңды име!» деген.
Ашық бола бермейді бір ғұмыр жол,
Қиын сәтте сенімің мұңлығың – сол.
Ешкімге де жалтақтай алмайды екем,
Мен еңбектің құлымын, шындығым – сол.
Ризамын мен туған жер бесігіме,
Алла берген ризамын несібіме.
Көз жетпейтін биігі арманымның,
Сөз келтірмеу тек Әке есіміне.
Жүріп келем «көрерім көп екен» деп,
Жаралансам жанымды өлең емдеп.
«Өмір дейтін ұстаздан көп оқыған,
Әкем неткен апыр-ай, көреген!» деп.
ҚОС ҚАНАТ
Қос ұлым қос қанатым құлатпайды,
Менімен қиял шыңын бір аттайды.
Жүргісі келген сайын әкесімен,
Уақыт сырғи берер, сынаптай-ды.
Қос ұлым қос қанатым күш береді,
Күлсем күліп, түнерсем тістенеді.
Күлгісі келген сайын әкесімен,
Таң ата салысымен кеш кіреді.
Қос ұлым қос қанатым демікпейді,
Менің әр қимылыма еліктейді.
Білгісі келген сайын әкесінен,
Тіршілік мұз қабағын ерітпейді.
Қос ұлым қос қанатым тұйық, жайлы,
Тынықсам кеудеме кеп тыныстайды.
Бір ісі өнген сайын әкесімен,
Сәттердің ішкі жаны жуыспайды.
Қос ұлым қос қанатым қапталымда,
Қарағым көмілмеші қасқа мұңға,
Өмір мәңгі тұрса ғой аспанымда,
Мен де мәңгі жүрер ем қастарыңда...
Қос ұлым қос қанатым оңды ұққанға,
Жаутаң-жаутаң қарайды жол жыққанда.
Бір күні самғап кетем мен сендерсіз,
Қатты бауыр баспаңдар сондықтан да...
Қос ұлым қос қанатым ең тұғырлы ән,
Шырқалатын жеткен сәт жортуылдан.
Сейіледі бар мұңым екеуінің
Көрінген күн қос қанат қолтығынан...
НҰРЛЫХАНҒА ЭПИГРАММА
Тумысы жақсы бауырым,
Тойтарған тағдыр дауылын.
Сауырыңдағы терді сүрт,
Жазылсын әбден бауырың.
Талабың асқақ аңыздай,
Өңің – жас, ойың – абыздай.
Нұр-шуағыңды төгесің,
Шілде мен сарша тамыздай.
Таппайсың тыным арадай,
Ешкімге қырын қарамай.
Рухың мен жаның үндескен,
Дүнияны кезген данадай.
Жақсылық жасап, санамай,
Сан ойдан басың шарадай.
Аңқылдап жүрген азамат –
Періште жүрек баладай.
Аңсай ма кеудең даласын,
Тау, орман, өзен сағасын?
Ақжүрек жұртын іздей ме,
Алқам да салқам жаны асыл?
Қаламнан кие, ем тама,
Шайылып кетсін шер нала.
Қалаға құмар пенде көп,
Ауылға көшкен сен ғана!
Сағыныш дейтін көкпар ма,
Ұмсынған жаның тоқтар ма?
Қол бұлғап тұр ма ел анаң,
Ой қуып ауыл маңынан,
Алыстап кеткен сотқарға?..
АЙКҮНІМГЕ
Тиіспеңдер, қызыма өтінемін,
Кеудемдегі өлеңім осы менің.
Титтей кірбің байқасам жанарынан,
Қарс айрылар қара нар көкірегім.
Ұрыспаңдар, қызыма өтінемін,
Жүрегімнің гүлі ғой осы менің.
Кірпігінен құласа бір тамшы жас,
Аждаһадай аузымнан от үремін.
Сұқтанбаңдар, қызыма өтінемін,
Жан-арымның нұры ғой осы менің.
Сыңғырлаған күлкісін естімесем,
Темірдейін тот басып, кетілемін.
Ұрыспаңдар, қызыма өтінемін,
Осал тұсым, құпиям осы менің.
Сәукелесі бойына жарасқан күн,
Анық, сірә, дауыссыз өкірерім.
Бетін қақпа, қызымның өтінемін,
Ең құрметті қонағым осы менің.
Еркелетіп қалайын онсыз да ертең,
Білем, жаттың үмітін үкілерін.
Ашуына тимеңдер, өтінемін,
Қуанышым ең қымбат осы менің.
Өзге жұртта жүрсе де сезеді ішім,
Біздерді ойлап, жас жаны түтілерін.
Еркелесін, наздансын өтінемін,
Қылықтары алтыным осы менің.
Дүниедегі ең тату отбасыда,
«Бой жеттім» деп жүрсінші, сол тілерім.
Ренжітпеңдер, қызымды өтінемін.
КҮННЕН ДЕ БИІК ӘКЕ «Лагерь балалары үй дегеннің не екенін,«әже», «әке» деген сөздерді мүлдем түсінбейтін. Тақтаға үйдің суретін салса, балалар «барак» деп шу ете қалатын». ҚарЛаг туралы мақаладан Халіме налып жүр едім таңнан, Күйбеңнің жырын жар қылған. Айкүнім қызым суретін салған, Шықты алып, кешке, алдымнан. Екі ағасы мен анасын салған, Жан-жағын түгел гүлге орап. Созылып жатқан даласын салған, Күн ене көкте тұр қарап. Жаудырып алғыс, өбектеп едік, Мәз болды, күлді, шаттанды. Анасы сол сәт көмекке келіп, «Әкесі қайда?» деп қалды. Жігерін солай жаныпты бүгін, Суреттен ерек сый ұқтық. Ал, мені бөлек салыпты қызым, Күннен де сонау биік қып. «Қалайша, күнім?» сұраған күйім, Сөз таппай састым бір деммен. Ой, Алла-ай, енді, мынадан кейін, Сескенеді екем кімнен мен?.. Ақылдым қалай сүрінбек тегі? Сөздерін тыңдап, бөгелдім: «Еркелетесіз «Күнім!» деп мені, Күн болсам, Сізден төменмін!» Көзімде сырғып өмірім өткен, Зымырап жатты қаз-қатар. Жабықпан енді, көңілім көктем, Жүрегім жырын маздатар. Асқақтығымды білмегем қалай, Неліктен жүргем байқамай? Жібердім есе кімдерге талай, Өз қолымменен о, тоба-ай?.. Жанымды жеген әр шатағымды ап, Қопсытам несін енді ашып? «Күннен де биік әке» атанып ап, Жүремін қалай жер басып?..
Әкенің серті, баланың еркі,
Анаға сол-дүр керегі.
Қылқаламыңда жан-арың көркі,
Сурет те – өмір, себебі.
Өміріңді арна, өнерге күнім,
Бас име ешкімге тірлікте.
Ғалам тылсымын тереңнен ұғын,
Аппақ қағаздан сыр бүкпе.
Талғамыңменен санасады еркем,
Азат ой ғана олжалы.
Асқақтығыңды аласалармен,
Салыстырмасаң болғаны...
ЕРКЕ ҚЫЗЫМ МЕКТЕПКЕ БАРА ЖАТЫР…
Ерке қызым мектепке бара жатыр,
Қылығына сүйсініп қала жатыр.
Менің аппақ, үкілі үмітімді,
Ақ бантигі ақтайды, қара да тұр!
Бір мақтасам ұлдарды бір ұрысамын,
Қызым менің – ойнаған құлыншағым.
Қызыл сөмке асынды оқушы боп,
Қимай-қимай күлімкөз қуыршағын.
Қызым менің мектепке барады енді,
Әліппесін қолына алады енді.
Аңқылдаған жанындай ақ параққа,
Қуыршағын айнытпай салады енді...
Ерке қызым мектепке барады енді.
Мектебіне барады Айым, Күнім,
Астан-кестен мазасыз жайым бүгін.
Қаламымды отырмын көтере алмай,
«Жеңіл ме екен сөмкесі?» уайымдымын...
Ұққандаймын, бар маңай, дала сырын,
Гүл кеудеме аямай жаяды үнін.
Көңілімнің төрінен қол бұлғайды,
Сағыныштан сарғайған балалығым...
Қос бұрымы желбіреп қызғалдағым,
Жүреді енді аялап, ізгі арманын.
Қос дүние бар сырын ашсын саған,
Бақытыңды білімнен ізде ардағым.
Соғылды әне, көп күткен қоңырау кеп,
Жүгірісті балалар тарыдай боп.
Жаутаң-жаутаң қараумен қала бердім,
«Қарамайды соңына, өмір-ай» деп...
01.09.2021 ж.
АЛАСТАУ
Ұрылар үйіме бас сұққан,
Көп үйдің көмбесін қақсытқан.
Өзгеге тынымсыз қастық қып,
Өздері өледі қастықтан.
Бұл өлең өспейді дәл менсіз,
Бақ – гүлсіз қалғандай, жар – теңсіз.
Ұрылар – жалғанның жансызы,
Басқалай шалуға дәрменсіз.
Ізіне түскем жоқ олардың,
Сауапқа жорыдым обалды.
Мен мүмкін жарымды мұңайтып,
Біреуді қуантқан болармын?..
Жан – тыныш, ой – сергек, жай көңіл,
Ұрының сүргені қайсы өмір?
Сұраусыз аттады іргемнен,
Жақсы оймен келген жоқ, әйтеуір.
Ұсақтық кімдерге жараспақ?
Асқақтық аспанмен таласты ат.
Үйге енген сол қара ниетті,
Өлеңмен отырмын аластап.
Алас,
Алас,
Алас!
ТОЛАҒАЙ
Толағай – жолың борпаң, шыңың асқақ,
Бауырыңа жаяу келдім сырың бастап.
Төменде селеу шөбің сыңсу қағар,
Төбеңде тыныстасам түнім де аппақ.
Ақселеу, Сайдалы би, Нұрбай батыр,
Аңызы таңдайыма нұрдай татыр.
Өзіңе жол сілтесін ұлыларым,
Келемін, биігіңе тынбай шақыр.
Ыңылдап Ілия әнін таң самалы,
Дөденің өлеңдері қарсы алады.
Аңқылдап, Қасым бауыр жол бастайды,
Бүркіт ағам бағзыға тамсанады.
Ақ бұлтқа тіреп алып кең иығың,
Сыр бүккен құшағына кермиығым.
Танимын төрт тараптан өр қазақтың,
Киіз үй секілденген жерұйығын.
Батқан күн «Өмір!» дейтін айтар жайды,
Тербелер көңіл шіркін жай таңдайды.
Төбемнен толған ай тұр сәуле төгіп,
Төбеңнен биіктігің байқалмайды.
Жанымның аңғарамын бір қызғанын,
Күн де аунап, сыйлап жатыр түнгі ызғарын.
Айнала су сепкендей тырп етпейді,
Сұр бұлтқа жасырынып жұлдыздарың.
Жусанның бұрқырауы қозғап ішті,
Қиялым кезіп кетер нұр ғарышты.
Шегіртке оркестрі ән салады,
Баяу жел алып қашар сол дауысты.
Жазиралы Жаңаарқа топырағы,
Жанымның бір жұпарын шақырады.
Дала – дейтін теңізде қыстақтарың,
Маяк сынды жымыңдап отырады.
VІ ЖЕЛІ
Түрлі ойдан зәу биікте жаттым желіп,
Кеудеме сөнбейтұғын таптым көрік.
Жолына Жезқазғанның қарай берем,
Бетпақпен Қазалыға тартқым келіп...
ЖҮРЕК
Автобус іші таңертең.
Жүректі тылсым ән өртеп.
Тіршілік қуып барамыз,
Таң атпай тұрған бәрі ерте.
Кісілік әрі пенделік,
Біріне-бірі дем беріп...
Әр түрлі әуен, бір арна,
Тербеліп келед(і), тербеліп.
Басқасы басқа қоя тұр,
Мұратың ізгі, ой асыл.
Орныңды берме ешкімге,
Бағыңды беріп қоясың...
Таңертең, түсте, кеште де,
Тарта бер «көңіл қош де», де.
Тас болып кеткен кеудеге,
Әсер етпейді-ау ештеңе.
Жазылар ма екен жарамыз?
Желменен өшіп барады із.
Білекті сайлап осы күн,
Жүрексіз болып барамыз.
«ҰМАЙ» АЯЛДАМАСЫ.
«БАЛАҚАЖЫ» МЕШІТІ...
Ұмай ана!
Қалмағандай өмірдің мәні, түге,
Құзырыңа кеп тұрмын тағы міне.
Түзу жолды баратын көрсет маған,
Тәңіріме.
Махаббатым ерекше саған деген,
Ана дегем өзіңді әмәнда ерен.
Тәңірімді іздесем сені көрем,
Сондықтан саған келем.
Кейде жетпей, біресе жететін-ді ол,
Осы жолда тыныстар бекетім бол.
Ең қысқа һәм түзу жол Тәңіріме,
Сен арқылы
О, Ана – өтетін жол!
АҚЫН РУХЫМЕН СЫРЛАСУ
Сырласар бірер жан табылмады, меңіреу мынау қалада.
Амалсыздықтан шерімді өзіңе ақтарғым келді, жан аға.
Жолымыз біздің – от кешу екен, достасу екен дертпенен.
Мұң біткен келіп алдымен менің өзегімді оттай өртеген.
Қара басымды тәрк еттім содан, жұртыммен көрем, не көрсем.
Қайғы біткеннен қорғаумен өтем, көгерем бірге көгерсем.
Адамның бәрін «бауырым» десем, осалдығым ба осы да?
Адалдығымды аңқаулық көріп, шыққысы келсе басыма?..
Екіжүзділер екі дүниеде опа бермесін білген ем.
Сонда да, аға, барлығын бірдей тербетіп келем жырменен.
Айбарым асса, түнерді дүние: маңайым тастай қараңғы
Өзіңе көзін алартқандардың елесі кезер даламды...
Шығысым шырай сыйласа-дағы жадырай алман неліктен?
Батысым десе, боздағым келед(і), ертеңім, аға, еліткен...
Келбетіне өткен таңырқап кеше, ұрпағың бүгін ұсақ тым.
Болаттай берік жігеріңді, аға, жыл құстарымен ұзатқын.
Күз келді, міне, табиғат-анам, сары-ала көйлек киіп ап.
Құстардың салған әніне елітем, жапырақтардың биі ұнап.
Жазармандар мен өлермендерге қараймын-дағы Ар бағам.
Еңсеңді бір сәт аласартпаған рухыңа асқақ таң қалам.
Дүрбелең мынау өмірде қалай кеудеңді кірбің шалмаған?
Қалықтап биік-биік самғарда қанатың қалай талмаған?
Сен кеткен жолмен аттанып барам, найзағай жырың санамда,
Ең соңғы демім қалғанша талмай, шашпаққа шуақ ғаламға!
Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!
Қасым Аманжолов
Сыртымда – боран, ішімде – сұр күз,
Өңімде – пері, түсімде – үр қыз.
Қасымнан қалған қып-қызыл өрттің,
Жалыны шарпып, ішінде жүрміз.
Баса алмай ыстық сананың дертін,
Тік ұстап тұрып, жан-арын, сертін.
Аңсады-ау ақын дариға көзден,
Көргісі келіп, даланың көркін.
Арқалап алып ғасырдың жүгін,
Аялап келем Қасымның мұңын.
Қаланың күзі, сананың сызы,
Бағалар кім бар асылдың құнын?
Адалдық арға қағида бекем,
Осы қалпымда фәниден өтем.
Бар сұлулығын қызына берген,
Жусан аңқыған дариға мекен!
Төгілші тасып, таңдайымнан жыр,
Дариға қызға арнайын сан жыр.
Қырмызы келбет кездесе қалса,
Иіскер едім маңдайынан бір...
Жан бар ма, сендей жалғанда керім,
Таба алмай келем таңдардан емін.
Дауылдың ұлы сезді екен қалай,
Сарсаң күй кешіп, арманда өтерін?..
Сырғуда уақыт күркіреп күндей,
Аңсарымды әбден бір тілек керней.
Жалғыз-ақ сәтке көрінсе не етті,
Ерке бір самал желпіп өткендей...
Мен тозып барам, кертілмей жалған,
Сұр шинел киген еңкілдейді арман.
«Дариға қыз» деп күмбірлейді әлі,
Қасымның күйі шертілмей қалған?..
ТӨРТ БОСАҒА
Ғұмыры берекелі ел – Бағаналы,
«Қағанағы – қарық, сарық болған – сағанағы».
Тұғырлы тарихыңды танитындар,
Таңырқап, тамсанады саған әлі.
Киеңді ұға алдым ба?
Сұрақ бекем,
Сеземін, әлі талай сынақты өтем.
Мысымен Бабыр бидің түгел жеткен,
Шегір би бөліп берген жұмақ мекен.
Тарихың сыр шертеді жан жылайтын,
Болашақтың борышы Ар бұл – айқын.
Қадір би қадіріңе жете алдық па?
Өр рухы қолда Ерден, Сандыбайдың!
Бойымның тасытатын сеңді күшін,
Даламның дархандығы, кеңдігі – шын.
Әуелден тегін білу – аманат-дүр,
Бірігу, белді буу, елдік үшін.
Шер қатса қабағына ағайынның,
Қайғыдан түсі өзгерді самайымның.
Бір-ақ ауыз сөзіне ел тоқтаған,
Баба ерлігі таң қылды-ау, талай ұлды.
Жүректі ерлер туып текті анадан,
Адаспай азаттыққа жеткем аман.
Солардың серттеріне тәу етеді,
Ұлытаудай ұяға жеткен адам.
Көгімде қалықтай бер, отты қыран,
Жұртымды жарылқашы Хақ-Тағалам!
Медет бер, бек тұғырлы Төрт босағам,
Мәңгілік түгел тұрсын төрт құбылам.
Өткеннің өлеңменен нұрын алам,
Жүрегім сыбырлайды мұны маған.
Бір кәдеңе жарасам арманым жоқ,
Ұлылар жортып өткен – Ұлы Далам!
МАЙҚҰДЫҚТЫҢ АҚ ТҮНІ
Қысқа жеттім күзгі күй бітпей аттап,
Жапырақша жанымды түтпей ап қап.
Ал, бүгін ше,
Шақырды сырласуға
Майқұдықтың үр түні сүттей аппақ.
Жайып салып тұрғандай сырын соңғы,
Жанып бітпей қаншама шылым сөнді.
Дәл осылай кеудемді дүрсілдеткен,
Сиқырлы түн көріп пе ем бұрын-соңды?..
Жарығыңды ей, ақ түн өшірмеші,
«Тула» деші, жүрекке «көсіл» деші.
Жыры шексіз, ақ мақпал қыстың түні-ай,
Менің аппақ жанымның көшірмесі.
Дәл осы түн сәттердей желікті ұрған,
Ығына кеп жығылған ерік құрбан.
Аруға да ақ құба кетеді ұқсап,
Сырласуға көйлекшең келіп тұрған.
Жұлдыз да жоқ аспанда, ай көрінбес,
Төпесе де суытпас қар, көңілді еш.
Сонда мынау нәби нұр қайдан келген,
Таңданумен өтерсің ей, өмір көш...
Қоштасуға қимай-ақ жарық түнін,
Ұйқы көрмей шығарым анық бүгін.
Сағындырмай соғып тұр жүрегіме,
Сенесің бе, көп күтіп зарықты үнім.
Тірі жанға тіс жармай күй, лепке де,
Күмбез кеудем жарылды-ау түйдектеле.
Құдіретін Құдайдың көрсететін,
Сырбаз түндер әттең-ай сирек неге?..
Ғасырларға жүк болар бір құт бастап,
Лапылдаған жанымды жұлқып, асқақ.
Жыр жазамын мен де енді аппақ түнде,
Күртешемді қап-қара сілкіп тастап...
ҚАРАҒАНДЫ. МАЙҚҰДЫҚ
Қарағанды. Тамыз айы. Кешкілік,
Құбыла түгел, есейген шақ, ес кіріп.
Көне армандар кеуде тырнап отырам,
Жүрегімнің дүрсілі анық естіліп.
Бір арман бар көкірегіме сыймаған,
Сол арманнан қуат алам, күй бағам.
Бұған дейін бағынбаушы ем уақытқа,
Ал, қазір ше, жеткізе алмай қиналам.
Аспанның да мөлт-мөлт етіп жанары,
Өкінішім тамшы болып тамады.
Шойын жолдың ар жағынан қызарып,
Майқұдықты күн де қимай барады.
Майқұдықта көктеген сан армандар,
Осында алғаш сұлулыққа таңданғам.
Осында алғаш ғашық болып бір қызға,
Ұйқы көрмей, таңға дейін сандалғам.
Осында алғаш өлең іздеп бар маңнан,
Күзембаев көшесіне сан барғам.
Сол бір маңнан артық сырлас таппадым,
Әлиханның атындағы ауданнан.
Майқұдықтан көшіп жатыр достарым,
Мен оларға аяғымды қоспадым.
Ақындардың ұясы ғой, бұл мекен,
Қалай қиям, өткен күннің есті әнін?!
Мен көшпеймін Майқұдыққа байланғам,
Осында кеп өсіп-өнгем, жайланғам.
Бір жарықты іздегенде өмірден,
Майқұдығым сыйлаған-ды ойлы арман.
Ақындарын түн баптаған Майқұдық,
Өн бойына нұр сақтаған Майқұдық.
ҚарЛаг-тың қасіретті түндерін,
Құшағында құндақтаған Майқұдық...
Бір кездері бұзық болған Майқұдық,
Көшелері қызық толған Майқұдық.
Ал қазір ше, жарқырайды шамдары,
Головкиннің айбарынан қаймығып...
Бейімбеттің көшесінен аттанам,
Әр күні осы, бөтен тірлік жат маған.
Қасым, Сәкен, Қаныштардың көшесін,
Басып өтіп, Ермековтен бақ табам...
Ермековтің көшесінде бұлақ бар,
Жолың түссе, суынан іш, сыр ақтар.
Сол бұлақтан өр кеудеме сыр түйем,
Жаныма кеп құйылады кіл ақпар.
Содан самғап, шыңын кезем қиялдың,
Асқарлардан мәңгі өлмейтін күй алдым.
Мен өмірге шын ғашықпын, содан да,
Өн бойымда лапылдайды баян мың.
Ырығыма көндірген боп сызды ептеп,
Саябақта жыр жазамын тізбектеп.
Ескерткішін Қазыбектің бетке алам,
Әлиханның ескерткішін іздеп кеп,
Нұрмақовтың ескерткішін іздеп кеп.
Ақселеудің тас мүсінін іздеп кеп...
Отырамын өне-бойым дуылдай,
Қайран уақыт ашымды кеп қуырды-ай.
Сонда да мен ақ жауынға таң қалам,
Әр тамшысы жылтылдайды мөп-мөлдір,
Шахталардың көмір жуған суындай!
ЖҰМЕКЕННІҢ ШАХТАҒА БАРУЫ
«Шахтаға мен де барам!» деп,
«Кеншінің қолын алам!» деп,
«Өмірдің сырын бағам!» деп.
«Жердегі мен де бір балаң,
Жер астынан да жол табам!» деп,
Жұмекен келді шахтаға.
Көзінде жалын ойнаған,
Сынақ та десін жоймаған,
Жиырма жаста болса да,
Тұлғасы бөлек ойлы адам,
Жұмекен келді шахтаға.
Жүздерді көрді жайнаған,
Жұмысты көрді қайнаған.
Өмірді көрді іздеген,
Өзін көргендей айнадан.
Еліткен солай жас жанды,
Шахтадағы өмір басталды.
Асау бір арман лаулап тұр,
«Бағындырам!» деп асқарды.
Еңбексіз батсын ас қалай,
Кірісті жігіт, басты абай.
Ой мен де ашпай арасын,
Домбырасын да тастамай...
Тұрса да жаны жыр сұрап,
Қайламен күштеп жерді ұрад(ы).
Қайнап тұр еңбек қазаны,
Көмірдің иісі бұрқырап.
Қайнаған еңбек бар маңы,
Батпандай ауыр салмағы.
Талса да білек, бел қақсап,
Жас жүрек жолын жалғады.
Талап етсе де күш күрек,
Қалады жаны істі ерек.
Толыса түсіп қайраты,
Еңбекке бойы пісті кеп.
Сүрінбей өтіп сындардан,
Жыр жүрек солай шыңдалған.
Көзіне сонда көрінген,
Аппақ жол асау шыңды арман.
Сол арман алға бастады,
Жыр кенін қазды жас жаны.
Әуелден «өлең» деп туған,
Әуелден «өмір» деп туған,
Жүрегі еді оның асқары.
Ақ жолда азбай, адаспай,
Ақынға Құдай қарасты-ай.
Өмірін арнап өлеңге,
Белестен-белес әрі астай.
Жұмекен жүрек аһ ұрды,
Өлмейтін өлең шақырды.
Бар қазақ сүйіп кетті енді,
Шахтадан шыққан ақынды.
Батыста туып еркелеп,
Арқада өскен ақынды.
Адамды адам қылатын,
«Еңбек» деп жаным ұғатын.
Жас ақын боп кеп шахтаға,
Атанды батыл, дүр ақын.
Жұмекен ақын, дүр ақын,
Өлмес жыр жазды сұрапыл.
Уақыт жүйткіп ақса да,
Көмірдей маздап тұратын.
Қызуы қыжынап тұратын.
Биіктігі оның – тереңі,
Күн санап жайнап келеді.
Жұмекен жырдың тамыры,
Шахтада қалған, себебі,
Арқада қалған, себебі.
Түйсінем солай бар күйді,
Сабырды күйбең сарқиды.
Жұмекен жырға бас қойсам,
Көмірдің иісі аңқиды,
Еңбектің иісі аңқиды.
Шахтаның иісі аңқиды.
Ойымды өлең бөліп жүр,
Жүрегім жырға жерік жүр.
Жұмекен сынды бұл күнде,
Шахтаға барғым келіп жүр,
Жыр кенін қазғым келіп жүр.
Еңбегі асыл кеншінің,
Қолынан алғым келіп жүр...
СӘЛЕМ, ҚАРАҒАНДЫ!
Сәлем саған, Көк аспан, алтын Күнім!
Аман болсын бауырыңда халқым, гүлім!
Жыр оқысам жете ме адамзатқа,
Асқақтап тұр дауысым жарқын бүгін!
Сәлем саған, арманым алып ұшқан,
Соқпағы көп жолдарым сабылысқан!
Бәрін айтып қалайын қайран жүрек,
Қақ жарылмай тұрғанда сағыныштан!
Сәлем саған, өр мұхит, теңіздерім,
Сөзсіз ұққан жанымды – егіздерім!
Тереңдік пен асаулық – сенің атың,
Аласұрып мен мүмкін соны іздедім?..
Сәлем саған, ақ бас тау, шың құздарым,
Тағдырымды жаттаған жұлдыздарым!
Мен сендерді бетке алып жолға шықтым,
Жарып өтіп, өмірдің желді ызғарын.
Сәлем саған, ақ балтыр, қара орманым,
Шудан шаршап, ынтықты саған жаным.
Өн-бойымда бір әуен әуелейді, –
Содан асқан сырласты таба алмадым.
Сәлем саған, Жер-Анам, Жаратқаным,
Несібең ғой қарсы алған әр ақ таңым.
Тек, жанымды мүжиді бірте-бірте,
Тасжүрекке айналып баратқаным...
Сәлем саған, сезімдер мен кешпеген,
Сәлем саған – тылсым түн тілдеспеген!
Қара өлеңнің лебі бар жүрегімде,
Пенделікпен мәңгілік үндеспеген.
Сәлем саған, Ұлы Отан байтақ елім,
Кеңдігіңді аңыз қып айтады елім.
Киігіңдей көбейем батаңменен,
Пейіліңдей өр едім, байтақ едім.
Сәлем саған, Сарыарқа топырағы,
Сәлем саған – өзен, көл, шоқыларым!
Апағың боп, қара алтын тауып алып,
Жүректерді жылытып отырамын...
Сәлем саған, сап-сары дала мәңгі,
Қобыз кеудең мұңлы бір салады әнді.
Сәлем саған, кіндігі Адамзаттың,
Сәлем саған, кіндігі Отанымның,
Сәлем саған – қастерлі Қарағанды!
10.01.2024 ж.
Майқұдық
ТҰМАР
Уа, Азаттық!
Кешір мені, қадіріңді білмесем.
Қыраның боп ақ бұлтыңа сіңбесем.
Ту ғып ұстап Баба жұрттың төсінде,
Алшаң басып жүрмесем.
Уа, Еркіндік!
Кешір мені, танымасам киеңді,
Қасиетіңнен әрбір кеуде күй емді,
Кейде саған сүйеу бола алмай қап,
Өзіңе кеп сүйендім.
Уа, Бостандық!
Кешір мені, сезінбесем бағаңды,
Сенсіз күнім қараң-ды.
Сені сүю үшін берген әсілі,
Құдай менің санамды.
Уа, Тұмарым!
Кешір мені, табылмасаң кеудемнен,
Төбеңе кеп қап-қара бұлт төнгенде.
Найзағайың болып түйрей алмасам,
Топырағың бұйыра ма көмгенде?
Уа, Құдірет!
Кешір мені, бола алмасам лайық,
Ер жігітке батпан салмақ бұл айып.
Біз екеуміз шуақ шашып халыққа,
Күн сөнгенше тұрайық.
Уа, Байлығым!
Кешір мені, өр рухыма тұрақтап,
Жамандықты маңайымнан жырақтат.
Жүрегімнің төріне орна, өйткені,
Шаң жұқтыру бір-ақ сәт.
Уа, Азаттық!
Кешір мені, жазылмасам жырың боп,
Айтылмасам әнің боп.
Естілмесем үнің боп.
VІІ ЖЕЛІ
Арым, жаным, барым да бол – мәңгілік,
Сенсіз менің – күнім жоқ!
СЕНСІЗ МЕНІҢ – ҚҰНЫМ ЖОҚ!
ШАРАСЫЗДЫҚ
Тістей-тістей тілімді,
Қанға толды ұртым-ай.
Жанымды езген сырымды,
Білер ме екен, бұл Құдай?!
Ырылдасқан дауыстан,
Жүйкемнің де тозғаны-ай.
Анталаған ындын мен,
Айтақтаған сөз маңай.
Ұсақтықты көрем де,
Ірі-ірі тіл қатам.
Бір Құдай бар төбемде,
Алдымда тұр сан сапар.
Түбін іздеп мән-жайдың,
Ой орманға барам көп.
Арманымды айтпаймын,
«Обалына қалам» деп.
Көздерінен көремін,
Көңілінің ызғарын.
Ақ таңдарға сенемін,
Қара түнде мұздадым.
Кес-кестеген жоқ едім,
Ешкімнің де алдынан.
Маңдайымнан көремін,
Елден бұрын қарғыман.
Өлеңімнен ештеңе,
Жасырмадым, жасырман.
Таң қалмадым бөспеге,
Сөз түсінбес ғасырда.
Ақтара алмай келемін,
Әлі іштегі барымды.
Қорғаймын деп желемін,
Жапырақтай жанымды.
Бойымдағы барымды...
АҚ ПЕЙІЛ
Ойнақтаумен қайнап шығар тереңнен,
Ашық-жарқын мейірімі мол елден.
Аппақ-аппақ ниеттерге оранған,
Алғыс жиып келем мен.
Алғыс алып келем мүлде арымай,
Маңдайыма қадап алып жарым Ай.
Көп кірбіңнен арылады жүрегім,
Алғыс айтсам тарыдай.
Алғыс айтам, Аспаныма арайлы!
Алғыс айтам, Анаға аппақ самайлы.
Әкеме кеп алғыс айтсам жарқырап,
Бәрі маған қарайды.
Әлі менің қойылмаған нүктем көп,
Алғыс айтып біткем жоқ.
Айналама жасасам да жақсылық,
Алғыстарын күткем жоқ.
Алғыс жайлы көп дестем,
Жан-Арыммен осылайша серттескем.
Ақымаққа алғыс айтам, кім білсін,
Мен оларсыз сан жеңіске жетпес пе ем?..
Алғыс саған, Азаттық!
Өзің жайлы болса шіркін, сөз ақтық.
Жаратқан мен Жер Анама мың алғыс,
Өмір берген қазақ қып!
ЖОШЫ ХАН КЕСЕНЕСІНДЕГІ ОЙ
Албырт шақтан тамырымда сең жүрген.
Жыр-өмірдің әр мезеті – ем, білгем.
Сол сабылған сағынышым жетелеп,
Ұлытауға келдім мен.
«Білем» дейтін бір топ жас қыз, һас ұлға,
Жолсерік боп ағам жүрді қасымда.
Ұлы Дала ұлылығын ұқтым шын,
Хан Жошының бейітінің басында.
Бұрын-соңды дәл мұндай күй кешіп пе ем,
Ақ ниетім бастап келген несіп пе ең?
Азияны уысында ұстаған
Жошы жатыр төрге дейін есіктен.
Текті Төре тұқымы,
Сүйегі – асыл, бөлек болмыс, бітімі.
Қара қылды қақ жаратын кесімі,
Бекзат болған деседі екен жұрт ірі.
Өр еңсемді тұрдым сонда тік ұстап,
Тер жуды кеп жауырынды құрысқан.
Кесене іші жиылған жұрт кенеттен,
Ауа жетпей, қалды қиын тыныстап.
Ағам айтты: «Қыздар, шашты орап ал,
Рух – мазасыз, осы – жалғыз жорамал.
Ниет – түзу, Құран тыста оқылсын
Солай ғана қабыл болмақ бар амал».
Сонда атырап сұлулығын жиып бек,
Бір қозғалыс пайда болды биіктен.
Төбемізде жатып алды тапжылмай,
Қап-қара бұлт қабақтарын түйіп кеп.
Дәптерімді аштым-дағы «мақұл» деп:
«Ал, нөсерлет, селдет!» – дедім, – жақын кеп».
Бір кездері үлкендерден естігем,
Бұл даланың жаңбыры да ақын деп,
Бұл даланың бұлты дағы батыр деп...
Уа, сары далам!
Қасиетің көп сенің,
Сенің сырың – менің елге шертпегім.
Құдай саған әу бастан-ақ құт берген,
Оған титтей де күмәнім жоқ менің!
Барлығын да балап тұрып асылға,
Төбем көкке сәл жетпеді расында.
Ақын – жаңбыр, батыр – бұлт не тәйірі,
Жошы Төре қасында!
Мен өзім де өжет едім, өр едім.
Алған беттен қайтпай әлі келемін.
Толғатқанда Халық дейтін ұлы анам,
Туа салған ақын дейтін төремін.
Сапар сәтті, әсер қалай тарқамақ?
Сілкіну ғой, жұлқыну ғой бар талап.
Кері қайттық ұлар етін жемей-ақ,
Жаңбыр жазып берген жырды арқалап.
Балбалдарды қимай сонда тасығам,
Бабалардың кеткім келмей қасынан.
Ал Жошы хан жатыр әлі көз тастап,
Азияға – Ұлытаудың басынан!
АРЫС
(Бейсен Құранбекке)
«Арыс» деп сені білемін дара,
«Батыр» деп сені жүремін.
Қиналды неден жүрегің аға,
Жүздесермін деп жүр едім?..
Жұртының есіл тілегін өрген,
Жанының іздеп кіл емін.
Туған еліне жүрегін берген,
Жүректілердің бірі едің.
Құдайдың асыл шапағаты ма,
Көркем мінез һәм бай мәнер?
Халқына деген махаббатына,
Өртеніп кеткен қайран Ер!
ЖАҚСЫ
(Рахымжан Отарбаевқа)
Жан-тәнімен адамға бақ тілеген,
Күндей жүрек тоқтады, батты демен!
Қазір менің жанымды жұбатуда,
Жалғыз сөз «Жақсы» деген.
Жақсы ағам-ай, тұлғасы таудан биік,
Ар жолына өмірін салған қиып.
Хан Шыңғыстың жасы ма тамып түскен,
Жанарында Түркінің қалған ұйып?!
Жақсы сөзің – жұмағың, бақ-тұрағың,
Елің мәңгі сүйсініп татсын әрін.
Қайран, дана халқымның ұлылығы-ай,
«Жақсы өлсе» деп тілейтін жақсыларын...
Күрсінуде кең далаң жоқтап, налып,
Сене алмадық, айтуға сөз таппадық.
Сен қайтқанда жүрегі қазақтың да,
Соғып кетті, бір сәтке тоқтап қалып...
ЖҰМА КҮНГІ ОЙ
Бүгін жұма – адамзат жаралған күн,
Жер бетіне ұрпағы таралған мың.
Тамырыма қарауға мұрша бермей,
Елестері жөңкиді замандардың.
Замандар-ай, санамды адастырған,
Кең дүниені тарылтқан,
қапас қылған.
Пейіл аңсап балаша елжіреймін,
Келісті қыз, бүгінгі жарасты ұлдан.
Қалай сол бір кеңдікті таба алам мен,
Үмітімді келемін жағалаумен.
«Бір кездері алыстап кеткен жоғым,
Бір айналып әйтеуір, соғар-ау» деп.
Түйдектеле береді тұман көкте,
«Қайт» дейтіндей, іркілмей
«Бір әндет те».
Жайма-шуақ күндерім қайда менің,
Осынша күнәм көп пе?
Бүгін жұма – адамзат жаралған күн,
Жер бетіне ұрпағы таралған мың.
Жұма күні басталған сапарымды,
Дұға-жырмен тербетіп тәмамдармын!
* * *
Қас жауымын жауыр үннің,
Ұмытылмас зары мың күн,
Мен үнімін дәуірімнің.
Үн ішіне жасырындым,
Досқа айналар қасы бір күн,
Бейнесімін ғасырымның.
Суық емес түрі мүлдем,
Адаспайтын мұны білген,
Заманымның тілімін мен.
СЕЗЕМІН...
Құдайдың көзі түзу бола қалып,
Сеземін, бір дәуірдің болары анық.
Қуаныштың моншағы толып қалған,
Жанарлардан ыршиды домаланып.
Көңіл көншіп ақ-адал еңбекпенен,
Жарқырайды маңдайлар тер кеппеген.
Кәмпит емес «намыс» деп жылайды әлі,
Сәби де еңбектеген.
Барлығын да сезеді, сезеді ішім,
Адамдықтың келеді кезегі шын.
Ну орманым жайнайды жап-жасыл боп,
Көздерден безеді мұң.
Тек қырандар қалықтап биіктерде,
Қоштасады кеуделер күйіктермен.
Шөл қандырар көз жасы көшпе бұлттың,
Теңіздерден там-тұмдап жиып келген.
Дәриядай кең болар пейіл деген,
Кіл жақсылық орнайды сейілмеген.
Иелерін табады ақ армандар,
Ақ жейделер секілді киілмеген.
Махаббатпен жүректер тербетіліп,
Төгіп тұрар күн нұрын жерге күліп.
Ұялардан құлайды балапандар,
Сол бақытқа ынтығып, жер бетілік.
Кешікпеші, әйтеуір, жан ізгі елес,
Құшағыңды үмітсіз жан іздемес.
Мен көремін сол күнді, не көрмеймін,
Ол бірақ маңызды емес...
КҮЙ (Әбіш Кекілбаевқа) Құдай қолдар жұрт едім Әлімсақтан, Жан қиса да намысын, арын сақтар. «Үркер» сынды үйірім жазылмайды, Тектілігім тереңге тамыр тартқан. Түрлі зауал өткізіп бастан мынау, Қабаққа да қанша рет қатқан қырау. Дауыл сынақ иілтті, сынбай қалдым, Қанымда бар – қайратты Хақтан сұрау. «Елең-алаң» мезгіл кеп есімді алып, Талай көзбен көрдім ғой кесірді анық. Жеңгелерім құшақтап қу тізесін, Бауырларым шырылдап жетім қалып. Осылайша, ыңырсып ғұмыр аунап, Бақыт іздеп хал болмай зымырауға. Зар жұтқан бір заманда түстім келіп, Тағдыр дейтін тұңғиық «Шыңырауға». Құпиясын әу бастан ұға алмадым, Қаза болды-ау, іште сан түп арманым. Шыбын жаным шырқырып арпалыстым, Шыңыраудан алайда шыға алмадым. Әуен жетті сол сәтте құлағыма, Ойнады-ай кеп, тоқтамай бір ағыла. Өн-бойымды дауысы осып өтті, Шымырлады жан-дүнием жылады да... Бар жігерін бойына жиды жүрек, Тәңір тартқан сиқырлы сыйды күреп. Шыңыраудан зәу көкке көз шалдырған, Айналайын даусыңнан, Күй-құдірет.
Бар болмысым сонда екен ұқпай келген,
Алып қалған сол екен жықпай төрден.
Содан бері Күй менің егізімдей,
Дәл мұнымды әр қазақ құптайды, еркем.
«Шыңыраудан» осылай аман шықтым,
Ғайып болды санамнан заман-тұтқын.
Содан бері көгіме көз тоймайды,
Содан бері киелі даламды ұқтым.
Құдай өзі құт құйып Ордасына.
Тап қылмасын ендігі жар басына,
Күй-құдірет жетелеп бара жатыр,
Алашымды Жаратқан Алласына.
Көңіл – жайлау, күй ғұмыр, қоңыр әуен,
Қоңыр кештің көркіне шомыл, Әлем.
Қыран қазақ сол жарқын шақтан бері,
Ірге бөліп көрген жоқ Домбырамен.
Тарихыма қараймын күйген із көп,
Кейбірі айтар: «Ескіні сүймеңіз» деп.
Уысымнан сырғыған көп жоғымды,
Күйден іздеп келемін, күйден іздеп...
СЕРТ
Тереземнің ар жағы түмен-түмен көк тұман,
Көшіп келген армандай көшпелінің жұртынан.
Тар пәтерге тығылған менің бейқам бейнеме,
Ұзақ қарап тұрат та, жымияды мұртынан.
Маған таныс секілді тұла-бойы сол тұрған,
Енді келіп жеткендей армандарым аһ ұрған.
Мың жыл бұрын шақырған.
Әлде алдамшы елес пе, көрінетін, мен сынды
Ақындардың көзіне таңды көзбен атырған?..
Терезені ашамын, өзегімде сөз өрген,
Сыбырлайды әлдене еріндерім кезерген.
Тәтті ұйқыға тартады таңғы салқын тәнімді.
Ал, жаныммен жайқалған,
Түмен-түмен тұманнан көктем иісін сезем мен...
Келе қойшы аңсатқан көктемім-ай, жылдамдат,
Кәрі қыстан шаршадым алдарқатқан бұлғаңдап...
Өтіріктен шаршадым өмірімді өксіткен,
Аярлардан шаршадым бірді алдаған, бірді арбап.
Желтоқсанға жабады тағылығын таң қылған,
«Қаңтарың» деп айтады қарымымды қан қылған.
«Ұңғымасы ақпанның» дейді орманға оқ атқан,
Жаралымын сол оқтан, өзегімді талдырған...
Құтқарушы ма десем осы қатал тағдырдан,
Сен де екі ойлы екенсің, келсең-дағы сан қырдан.
Ең болмаса, селдетіп кетсеңші бір жарқыным,
Тиесілі маған да көзіңдегі жаңбырдан.
Сағынудан шаршасам, құлдығым-ау, бар ма айып?
Бекінбесең кері қайт, тағы жанды алдайық.
Күте-күте ет өлген, тас-түйін кел, оралсаң,
Тереземнің алдында күтем сені сарғайып...
Тереземнің алдында күтем сені сарғайып,
Қауышайық аңқылдап, мамыражай марқайып,
Сонсоң сертті су ішіп, қара түнді куә қып,
Тасқа айналған қаланың тамырына тарқайық.
Жүректерде саф сезім қалмау үшін ортайып...
* * *
Ұясына күн кіргенде әр күні,
Иығыма бір жүк келіп құлайды.
Маңдайымды сипап түннің салқыны,
Балконымнан қарап тұрған сыңайлы.
Иығыма батпан жүкті жамылып,
Атар күннен үмітімді үзбеймін.
Қошқыл түннің құшағынан сағынып,
Бір жарықты іздеймін.
Осылайша күздің салқын түнімен,
Қиял көгін кеземін.
Тыным таппас көліктердің үнінен,
Жүректердің көңіл-күйін сеземін.
Сонсоң көзге елестейді бабалар,
Мініп алған айыр жалды арғымақ.
Ал, бір жұлдыз көктен мені табалар,
Жана алмаған жарқырап?
Құстың жолы шақырады самғауға,
Балкондағы тұтқынды.
Кетіп барам баба үміт жалғауға,
Ай аруым жалғыздықты ұқтырды.
Самғамасқа менде қандай амал бар,
Құр сүлдердің ғаріп халін кім ұғар?
Балкондардан жаутаңдайды жанарлар,
Барлығының қатпар-қатпар мұңы бар,
Батпан-батпан жүгі бар...
БӘЙТЕРЕГІМ
Бәйтерегім!
Көркіңнің қалай табам сай теңеуін?
Есіл бойлап сен еңсе көтермесең,
Есім білмей өтер ме ем, қайтер едім?..
Һақ берген несібе-нұр!
Жырлағым-ақ келеді көсіле бір.
Арнасынан танбайды Есіл өзен,
Қарамайды соңына есіл өмір.
Жүрместен қия самғай,
Жер тарпимын неліктен жиі асаудай?
Есіл бойы еселеп өсер мe едім,
Самұрық құс төбеңе ұя салмай.
Жолымды оңғарды аспан,
Қабағымнан саулады сорлар қатқан.
Бейбіт күнім – төбеңде нұр шашып тұр,
Басыма орнап ақ таң.
Дәстүріммен қастерлі, сәнді күнім,
Баба жолдың жаңғыртар мәнді ырымын.
Қадіріңді білсе ғой мен сияқты,
Әрбір ұлың...
Қызық, думан арбайды жанымды улап,
Азаттықтың тыңдатпай әнін бір уақ.
Құс қанатын талдырар жалпақ өлкем,
Ертеңіңе көз тігем қаным тулап.
Ерсіз ел сорлар, білем.
Ақ ниетім бастай гөр, оңға алдымен.
Есіл суға тамырыңды малып сен жат,
Есіл бойлап, мен сені қорғап жүрем!
ҚАЗАҚСТАН
Қазақстан – ғазиз Атамекенім,
Мен барымды мәңгі сендік етемін!
Сонау алыс, бір қиырда тумасам,
Білер ме едім, Отанның не екенін?!
Ұлы Далам – менің ұлы мекенім,
Биік-биік шыңға бастар жетегің!
Отаны жоқ адамдарды көрем де,
Үнсіз ғана, іштей шүкір етемін!
* * *
Мен сендердің барлығыңды кешірем,
Сертім осы бекіген.
Құдай өзі сабама әкеп түсірді,
Сәл астамсып кетіп ем.
Қарша борар сөздерді де кешірдім,
Қиып түсер көздерді де кешірдім.
Азатсыңдар менен болған өкпеден,
Мен жайлы ойың өзгерді ме?
Өшіргін.
Сатқындардың жаласын да кешірдім,
Шын достардың наласын да кешірдім.
Барлығың да азатсыңдар өкпеден,
Кәрісің бе,
Баласың ба?
Өшірдім.
Иектеуді қояр емес қотыр мұң,
Күнін кешіп келген екем соқырдың.
Жүрегіме салмақ салған батпандай,
Тек өзімді кешіре алмай отырмын...
АҢҚЫЛДАҚ
Аңқылдағым-ау, аңқылда тағы,
Өз жалыныңа жандың ба тағы?
Осы болмысың кеудеңді талай,
Солқылдатады.
Жалпылдағым-ау, жалпылда тағы,
Жаныңның аз ғой аңқылдағаны.
Аш құшағыңды жыландарға да,
Қойныңа кіріп шағып жатады.
Елпілдегім-ау, елпілдеп қалшы,
Күлгенін көр де, кеңкілге салшы.
Жаныңды бүріп жалғыз қалғанда,
Еңкілдеп алшы.
VІІІ ЖЕЛІ
Еңкілдеп алшы кіргенше есің,
Төбеңе келіп, төнгенше бесін.
Сарқылсын жасың, иегің сосын
Кемсеңдемесін.
Осылай көңіл самғар ма тосын?
Шуақ бол, нұрлы таңдарға қосыл.
Кейбір көздерден өзіңді көрсең,
Таң қалма, сосын...
КЕЛ, ДОСЫМ…
Салмаса да жаныңа жара бекем,
Кейде одан да көңілің қалады екен.
Бірге жүрер достың да дуылдасып,
Түр-түрі болады екен.
Содан талай жанымды сорға малдым,
Бұзғам бәрін көлденең тор, қамалдың.
Ал, олардың жүздері нұрсыз болса,
Мен дағы оңбағанмын.
Ой құшағы үнемі түнегенім,
Содан табам жанымның бірер емін.
Ешкімнен де ештеңе дәметпедім,
Досымнан да көп нәрсе тілемедім.
Шырмалса да кіл мұңға жалын жаным,
Жақынға да жатқа да жағынбадым.
Түпсіз терең ойларды кешіп келем,
«Дарытам» деп жаныма лағылдарын.
Өтпен сірә, өмірден босқа мүлдем,
Ізгілікті үнемі қоштадым мен.
Аз ғұмырда ешкімге өкпелемей,
Жалғызсырап жүремін достарыммен.
Толмағандай көңілің мінсіз күнге,
Кейде енесің түсіме жырсыз түнде.
Еш алаңсыз, есерлеу кезді аңсасаң,
Отырайық кел, досым, үнсіз, бірге...
ДОСТЫ ҚАЙРАУ
(Ерболатқа)
Таңмын досым, деміңнен сырыл естіп,
Күйің қашып көріп пе ед(і) бұрын өстіп?!.
Тобығыңнан келмейтін дүниемен,
Таппай жүр-ау, пәк жаның бір үндестік...
Өзегіңді өртей ме жалын-сынақ,
Бой ұсынбай тыпыршып жаның бірақ.
Жұлқынасың, тулайсың, ал, бір күні,
Тілегіңді Тәңірім қабыл қылад(ы).
Сосын еске ап күлесің барлығын да,
«Бекер көмген екем» деп жанды мұңға.
Жеңіл көшіп жүресің құс секілді,
Риза боп бар ғұмырға.
Кім түсінсін, хәліңді менен артық
Сырылыңнан келемін шемен артып.
Үзілейік, тік тұрып үзілсек те,
Өңімізден өрелі өлең аңқып.
Солай досым, еңсеңді тау ғып ұста,
Жаздыкүні қарытпай жанды мұзға.
Әлі талай биік бар бағындырар,
Әлі талай асу бар алдымызда...
ДОС КӨП МЕНДЕ...
Досың барда көңілің – көктем екен,
Еңсең – биік, ал, үнің – өктем екен.
Күймесінен күйбеңнің босап шығып,
Достың барын сезіндім, сөкпе бекем.
Досым барда бұлақпын, сарқылмаймын,
Досым барда алмаспын, жарқылдаймын.
Жарық дүние құшағын жая түсер,
Досым барда теңізбін, тартылмаймын.
Досың екен, жоғыңды бар қылатын,
Назырқаған жаныңа нәр құятын.
Дос бола алсаң, көп екен досың күнім,
Достарымды жоғалтпау – бар мұратым.
Кеудесінде күмбірден көмбе барлар,
Сөздерім көп әлі де сендерге арнар.
Жан-жағыңа шуақ шаш, шабыт сыйла,
Қуат алсын жаралы, емге зарлар.
Адалдыққа сүйсініп қарағандар,
Адамдыққа қашанда жарағандар.
Өмір доспен сұлу ғой, «Дос» деп соқсын,
Кеуделерде тынымсыз барабандар.
«Дос жоқ» дейтін пендені бұршы бері,
Ол неліктен налиды, күрсінеді.
Дос дегенің – селкеусіз сенімің ғой,
Сенімсізден дүние түршігеді.
Дос көп менде, адамның бәрі досым,
Ағылыңдар, жаныма тағы қосыл.
Жалғыз самғар мезетке асықпалық,
Міне – жүрек, арым да барым – осы...
Нағыз доссың, досыңды құрметтесең,
Асқарында арманның бір көктесең.
Бұл жалғаннан армансыз өтер едім,
Пәк достықтың ақ туын кірлетпесем!
Жан достардың көңілін кірлетпесем,
Нағыз доспын досымды мұңды етпесем.
Шын достыққа лайық болмағаным,
Доссыз қалып, бір күні дірдектесем...
* * *
Жан досым сатып кетті,
Қадірім осы болар?
Ойланбай атып кетті,
Жалғыздық тосып алар...
Сөгіңдер, кінәлаңдар,
Осындай опасызды.
Достық деп жүр адамдар,
Күні үшін шатас ізді.
Адамдық жәйін білу,
Дүниеде ерек екен.
Бәріне дайын жүру,
Қашан да керек екен.
Тырыспан ендігәрі,
Сүйкімді көрінуге.
Ақиқат жеңді, бәрін,
Һақым бар жерінуге.
Мұңайтты көктем тағы,
Көзіне тік қарадым.
Доссыз өліп кетсем дағы,
Достықты құтқарамын.
Өтірік көлгірсіген,
Сапасыз сабылыстар.
Қайдасың, тең күрсінген,
Сап-сары сағыныштар?
Мен сынды садық болмай,
Дос жайлы айтпаңдаршы.
Шын достық – жарық таңдай,
Жандарым байқаңдаршы...
* * *
Құйылса егер жаныма Рахман нұры,
Бір жалынның тереңде жатқандығы.
Сол жалынның қуаты қайтпаса екен,
Күні-түні тілеймін Һақтан мұны.
Жүрегіммен тілеймін жалбарынып,
Тек жақсылық сыйласын таңдар ұлық.
Жамандардың күнәсін кешір Құдай,
Жақсылардың қыла гөр жан-жағын ық.
Дейміз дағы: «Қанымыз қызу болған»,
Жасап жүрміз ендігі біз у қолдан.
О, Құдайым, өтінем, адастырма,
Бабаларым өткен сол түзу жолдан.
Ақиқаттың жолынан адастырма,
Тек жақсылық нәсіп ет таласты ұлға.
Сыздағанда жүрегім қалам ұстат,
Ал, онсыз жақ аштырма?
Сүрінгенде рухтанам дос үнімен,
Достарымен көңілі хош ұлың ем.
Әуел бастан таңдауым ардың жолы,
Сенің дағы қалауың осы білем...
* * *
Армансыз жанар көрдім,
Маңына көрік болған.
Ақылсыз адам көрдім,
Сертінде берік қалған...
Рухсыз дене көрдім,
Өмірге өле ғашық.
Желкенсіз кеме көрдім,
Арманға келеді асық.
Сиясыз қалам көрдім,
Жазудан тоқтамайтын.
Тәубешіл заман көрдім,
Жауын да дос санайтын.
Мөп-мөлдір бұлақ көрдім,
Ешкім де таң қалмаған.
Құлпырған жұмақ көрдім,
Қорқақтар армандаған.
Жатырлас талай көрдім,
Өзгеге күлімдеген.
Ағарған самай көрдім,
Әжімі білінбеген.
Құранды қабір көрдім,
Кірпіші тозып біткен.
Сынбайтын сабыр көрдім,
Уақыттан озып кеткен.
Лаулаған жалын көрдім,
Шоқ қайда?
Қайталадым.
Көрместің бәрін көрдім,
Ештеңе байқамадым...
Мейірім, шуағы жоқ,
Кеңпейіл Құдай көрдім.
Өлердей қуанып ап,
Неліктен жылай бердім?!.
ІX ЖЕЛІ
ЖҰМБАҚ
Маңдайыма жазылған тізбекпенен,
Әлі талай көктемді, күзді өткерем.
Әлемде бір жұмбақ бар мен шешетін,
Сол жұмбақтың шешуін іздеп келем.
Назымды айтып ешкімге бармасам да,
Тыпыршимын ойыма жармасам да.
Қызықтырып сол жұмбақ одан сайын,
Қылаң беріп қояды анда-санда.
Қалам кейде шырмалып күдігіме,
Оңай емес бұл жоқтың жүгі, түге.
Өзім іздеп табамын түбінде оны –
Өзім іздеп таппасам – қызығы не?..
Сездіреді алыс жол тұяқ құнын,
Басып қоям жанымның жиі аптығын.
Іздеуменен мен оны, мына өмірден,
Сарсаң болып өтетін сияқтымын.
Демеп жүрші, сен мені оймақтай ән,
Емес сірә, бұл сапар жайдақ баян.
Дәл жауабы кей-кейде сол жұмбақтың,
Таптырмаса екен деп ойлап қоям...
* * *
Мен – Өкінішпін,
Өзекті өртейтін дыбыссыз,
...тілетін қылышсыз.
Мен – Сағынышпын,
Кеудені сазына қуырар,
Үр зәм-зәм суы бар.
Мен – Қуанышпын,
Жанарда тынымсыз шарқ ұрар,
Әріпсіз оқылар хаты да әр.
Мен – Күлкімін,
Көз жастың орнына жүретін,
Басқа уақ білмейтін бір есін.
Мен – Бақытпын,
Бар жанның басына қонатын,
Солайша қадірсіз қалатын.
Мен – Үмітпін,
Үзілген сәттерді жалғайтын,
Өзіне көңілі толмайтын.
Мен – Сезіммін,
Көздерді көрместей қылатын,
Тамшы шық ішіне тұнатын.
Мен – Армын,
Ақ жолдан аттамас, дені нық,
Өз-өзін бітірер кеміріп.
Мен – Сеніммін,
Күмәнді білмейтін,
Өлсе де өлмейтін...
«ҚҰДАЙЫҢ БАР...»
«Құдайың бар» дейді маған Жұмекең,
Түнім дағы күн екен.
Айтуынша, Жаратушы Иемнің,
Ең сүйікті Құлы екем.
Алып шығып қиындыққа тап болсам,
Қорғайды екен ар алдында ақ қалсам.
Деді сосын: «Сеніміңнен айрылма,
Өмір деген – қатпар сан».
Ылғи неге түсе берем отқа кеп,
Тағдырымыз Ар дейтұғын сот па тек?
Дәтім бармай тағы отырмын сұрауға:
«Сонда қалай,
Сізде Құдай жоқ па?» – деп...
ДЕЖАВЮ
Сенбеуші едім ырымға,
Сену сірә, ұятты.
Дәл осы сәт бұрын да,
Болып өткен сияқты.
Анау қызды еш, бұрын,
Күйіп-жанып сүйіп пе ем?
Ерек қырдан кешқұрым,
Құшақтап гүл жиып пе ем?
Бұған дейін сол қарттың,
Қолтығынан сүйеп пе ем?
Жалғыз жаяу жол тартып,
Дос болып па ем ниетпен?
Сүрініп те, құлап та,
Еміренбей ешкімге.
Жұққызбастан кір, аққа,
Дүр боп өмір кештім бе?
Неге бұлай, ұқпаймын,
Мен ғана ма дөп білмес?
Неге есімнен шықпайды,
Естеліктер ескірмес?
Түрі жоқ бір тынатын,
Бақпас көңіл қошыма.
Естеліктен тұратын,
Өмір деген осы ма?..
ЖАҚСЫЛЫҚ
Туғам жоқ іштен біліп,
Санама кеп, ұямда түскен қылық.
Риза болып өмірге күн кешемін,
Айналама жақсылық істеп жүріп.
Тіс жармаймын бұл жайлы тірі жанға,
Көкіректе шаттықтың нұры барда.
Кіл жақсылық қолымнан келмей жатса,
Жамандықсыз өтермін құрығанда.
Адамдықты жаныма құрдас қылып,
Адал өтем, қалай да, нұрға ұмтылып.
Пенделерді аяймын ғұмырында,
Жасай алмай өтетін бір жақсылық.
* * *
Қайтыс болды көрші ата.
Қу жалғыздық қалжыратты-ау, шаршата.
Жас жігітше жүруші еді елпілдеп,
Әзілдерін алшы4 ата.
Қыс киімін елден ерте шешіпті,
Көктемеден күтті ме екен несіпті?
Кеше ғана қос білегін түріп ап,
Жуып жатқан кіреберіс есікті.
Ұзақ жуды, қозғалғанды ем біліп,
Оңайлықпен сынбасына сендіріп.
Орындыққа жайғасып ап, содан соң,
Көп отырды, көшкен бұлтқа телміріп...
Дүниенің қимай шаттық, ғажабын,
Кеудесіне түйді ме екен ғазалын?
Елестететіп бейіш бақтың қақпасын,
4 Алшы – «айтқыш» деген мағынада
Күтті ме екен ажалын?
Кім бар, қайда, ада мүлдем күнәдан?
Кетті өмірден тағы, жақсы бір адам.
Өткен көктем жесір әжей қайтқанда,
Сол еді ғой, ағыл-тегіл жылаған...
Неге шуақ сезілмейді мына әннен,
Желге айналып алыссам ба тұманмен?
Көршілерім қайтқан сайын, ажалдың –
Көрші қонып жүретінін ұғам мен...
АНТОНИМ
«Көзімді аштым» дегенше,
Жұмып бара жатамын.
Құшағында көп ойдың,
Тұнып бара жатамын.
«Жолға шықтым» дегенше,
Қайтып келе жатамын.
Өмір жайлы бір аңыз,
Айтып келе жатамын.
«Өстім, өндім» дегенше,
Шөгіп бара жатамын.
Айтарымды аямай,
Төгіп бара жатамын.
«Өмір сүрдім» дегенше,
Өтіп бара жатамын.
Бабалардың ізімен,
Кетіп бара жатамын.
«Сағынамын» дегенше,
Суып бара жатамын.
Сезімдердің соңынан,
Қуып бара жатамын.
«Үйренемін» дегенше,
Кері кетіп барамын.
Жүрегіме сабырды,
Серік етіп барамын.
«Толдым, жеттім» дегенше,
Іріп бара жатамын.
Топыраққа айналып,
Шіріп бара жатамын...
* * *
Қара басын қамшылап,
Таба алмаған жан шуақ,
Болмысы оның қансырап,
Жақыным кетіп барады.
Кеуде тұсын өр шіреп,
Ойы да жоқ тершімек,
Ырысымды еншілеп,
Жатым кетіп барады.
Жал болса да жатары,
Әйтеуір, бар Отаны,
Жұрты үшін қапалы,
Ақын кетіп барады.
Боямасыз сезімде,
Ашылмаған көзіңде,
Уақыттың тезінде,
Ақым кетіп барады.
ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Неге өзімді жеккөремін кейде мен,
Тау көңілім әлденеге жүр алаң?
Бір күнәдан қалдым ба екен дін аман,
Күндей нұрлы ойменен?
Неге кейде жеккөремін өзімді,
Сағынуды үйретті ме жалғыздық?
Улы шөпті қорғадым ба андыз ғып,
Жұмып алып көзімді?
Неге кейде мен өзімді жеккөрем,
Арасында адастым ба мұнардың?
Әлде қатты жақсылыққа құмармын,
Жүректегі отпенен?
Кейде өзімді жеккөремін мен неге,
Жақсы көре алмадым ба ешкімді?
Ести алмай келемін бе есті үнді,
Аласұрған кеудеде?
Неге бұлай тыпыршуды қоймадым,
Қияли боп барамын-ау осы мен?
Мені жалғыз қалдырмаңдар өтінем,
Күндей нұрлы ойларым!
* * *
Мен білмеймін, кім дейтінін мендейді,
Менің мұңым көп жараны емдейді.
Адамдардың жамандығын көрсем де,
Жақсылықтан үміт үзгім келмейді.
Аспан маған шуақ-нұрын төгеді,
Ал Жер-Анам табанымды өбеді...
Өзге ғалам маған қабақ түйсе де,
Мен бәріне құшақ жайғым келеді.
Досым-дағы, дұшпаным да жоқ менің,
Қыс тоңдырса, жылытады Көктемім.
Арысам да, азған жоқпын Арымнан,
Көктесем мен пейіліммен көктедім.
Қаламыма қайғы оралып сұм ерен,
Қаншама рет түйсігіме түнеген...
Парағыма төгіледі еріксіз,
Маңдайыма Тағдыр жазған тірі өлең.
Белестерге бастап барад(ы) нұр таңым,
Құлдыраңдап, Құлагерше жортамын.
Соқпағымнан жаңылмасым белгілі,
Жүрегімді кірлетуден қорқамын...
КҮРЕС
Күрес жүріп жатыр,
Арпалыс.
Біресе алға, біресе артқа тартамыз.
Өліспей беріспеуге бекіндік,
Мәренің арты алыс.
Өне-бойымыз лапылдап,
Өртеніп кетуге жақын қап,
Бір тылсым кеудені керет те,
Жай сынды болады атылмақ.
Сағаты қалғандай жақындап.
Бұл күрес –
Ақыл мен сезімнің күресі,
Ашу мен төзімнің күресі,
Не бар, не жоқ бір есі,
Шығасы-кіресі.
Үміт те жоқ емес күдік те,
Сал күшті, барыңды ірікпе.
Бір тарап төрелік еткісі келеді,
Бейуақта тұтанған бүлікке.
Жо-жо-жоқ,
Бұл бүлік,
Адамзат жаралғанда басталған,
Содан да,
Аспанның көзінде жас қалған,
Қаламның ұшында жас қалған.
Бұл бүлік ертеде басталған.
Қайрайды тісін де,
Жонады жігерін
сарп етіп ең соңғы күшін де,
Қай уақта тоқтары белгісіз,
Бір сойқан күрес бұл,
Жанымды жегідей жеп
Жүріп жатқан
ішімде...
ЖАНАР
Аспан маған жұмбақ мәңгі,
Қарай берем тесіле.
Талай әнін тыңдатқан-ды,
Түспей отыр есіме.
Сол ән бақыт ап кірердей,
Үміттерім нұрланар.
Бақылай ма, қалт жібермей
Сені дағы бір жанар?
Бақылай ма, қимылыңды,
Адам айтса сенгісіз?
Байқала ма, күйі мұңлы,
Қайда, қандай белгісіз?..
Мен сияқты сезесің бе,
Мейірімін барлық уақ?
Аптабына төзесің бе,
Тынысың да тарылып қап?
Сағынады ол, сағынғанда,
Жылайды ылғи егіліп.
Жаспен жарам таңылғанда,
Қалам, нұрға көміліп.
Қабақ түйсе қара ниет,
Күркірейді еселеп.
Сары аяздан талғанда иек,
Ақ ұлпа боп төселет.
Болмысынан төгетін үн,
Тартып түпсіз тереңге.
Ойға шома беретінім,
...мен соны іздеп келем бе?
Мұң кешіп те, күле білген,
Еріндері кезеріп.
Сол жанардың жүрегіммен,
Туыстығын сеземін...
* * *
Мен де өзіңдей пендемін қарапайым,
Жүрегі һәм миы бар, сана, уайым.
Байқаусызда түскен бұлт көлеңкесін,
Қабылдар панадайын.
Қызыл тілім, аяғым, қолдарым бар,
Ол аз десең ыстықтап, тоңғанымды ал.
Өз қадірін түсіне білмейтіннен,
Қорғайды ылғи мінезім қорғаным, нар.
Әрбір жүрек өзгеше жаратылыс,
Сенің де бар дәл мендей қанатың, ұш.
Сұлулығын дүниенің көре білсең,
Сені дағы баурайды дара тыныс.
Көздерім бар жамандап күле алмайтын,
Құлағым бар есітіп, қиялдайтын.
Көкіректе бір көз бар, көрмейтінді,
Көріп алып, үн-түнсіз жүре алмайтын...
ТҮҢІЛУ
Сәттерімде кейде өмірден түңілген,
Жүріп өткен жолдарыма үңілгем.
Бірде жаным марқаяды, ал, кейде,
Шошынамын кеудемдегі күбірден.
Баяны жоқ, аяны көп бес күнде,
Тоймай келем бір келбетті кескінге.
Кейбіреуге қалдым ба екен жете алмай,
Әлдекімнің алдын орап кеттім бе?
Құмартпасам жүрегі жоқ төрлерге,
Кінәм қайсы, басынардай көр кеуде?
Кейбірінің пиғылынан қорқамын,
Астамдыққа құмарлығын көргенде.
Бұл не деген түпсіз ойлар соңы жоқ,
Сан күресте жүрегімнің тоңы да от.
«Нұр – бағым!» деп аялаған асылым,
Шықпаса екен гүл кеудемнің соры боп.
Солай әр сәт, әр мезеттен сыр алам,
Кейде қу шөл, кей де мөлдір тұмадан.
Астан-кестен жыр кеудемде сезімнің,
Өлмей тірі жүргеніне қуанам...
ӨКІНУ КЕРЕК...
Оянам кейде ертеңмен,
Өзегімменен өртенген.
Ғасырлар жөңкіп жатады,
Сиқырлы сезім көрпемнен.
Сәттерді қимай кетілем,
Жанымды арым жекіген.
Өкініш кешкен түсімнен,
Шошынғаныма өкінем.
Жас күнім қалды көк белде,
Мас күнімді алды көктем де.
Ертеңнен не үміт күтемін,
Өкіне алмасам өткенге?..
Күншілді көзім көрмейді,
Міншілді сөзім тербейді.
Ең қимас сәтте кеудемді,
Өкініштерім емдейді.
Болса да баста сор қалың,
Күресу – мәңгі ортақ үн.
Өкініп ғұмыр кешем де,
Өкінбейтіндерден қорқамын.
Бозінген жырды боздатып,
Келемін желіп, жол – жақұт.
Өкіне-өкіне, өмірден,
Өкінбей өтсең сол бақыт.
Өткінші күнді «Көктем!» де,
Туары айдың – көктен бе?
Сағынған сәтте сарғайып,
Оралу парыз – өткенге.
Күлсе де күндер отты ерге,
Сағаттарыңды жек көрме.
Мүлт кетпеу үшін минуттар,
Өкінбеу үшін тағы ертең,
Өкіну керек өткенге,
Өкіну керек, өткенге!
ПЕРІШТЕ
Аялдама.
Мезгіл-тін таңертеңгі.
Тербеп тұрдым «Өмір» дер ән еркемді.
Аласұрып жүретін Патша көңіл,
Кенеттен тағы өртенді.
Бір тазалық байқалған жүрісінен,
Бар маңайын сиқырлап тынысымен.
Үш балақай.
Әкесі.
Келе жатты,
Бәтеңкесін басып ап сірісінен.
Небір көздер боялған көркемделіп,
Бақылап тұр кеудесі көктен келіп.
Үш ұлына сондағы кәрі әжейден,
Сағыз сатып әперді он теңгелік.
Адалдықпен алғандай жанды ұшықтай,
Әкесі тұр сенімі арды құптай.
Балалардың жанының мөлдірлігі,
Көрінеді көзінен таңғы шықтай.
Жауар бұлттай қабағын бір ашпаған,
Ниеттері жолдарын ластаған.
«Пәктік» дейтін айнадан өз тұрқына,
Жиіркене қарайды лас қоғам...
Мазасыз ой жанымды жара қылған,
Сөзге айналып ыршиды қабағымнан.
Бота көздер аңдаусыз байқап қалып,
Шошып кетті мұң тұнған жанарымнан.
Сөйтті-дағы, бұрылды жолдарына,
Әзер шыдап тұрдым жыр толғағына.
Кірлемеген кеудемді кернейлетіп,
Ере кеткім келгені-ай соңдарына...
* * *
Сенсіз дағы уайымым күйетін көп,
Кім айта алар өмірдің бақытын дөп?..
Көңіліңді қалдырар ниетім жоқ,
Көңіліңе қарайтын уақытым жоқ.
* * *
Ол бірдеңе дегісі келген,
Ашқысы келген бір сырын.
Көзінен көрдім булығып жатқан
Кеудесіндегі дүрсілін.
Тыпырши берді қадала қарап,
«Көзімдегіні оқы» деп.
Тылсымнан тілі күрмеле берді,
Жанарындағы от үдеп.
Неліктен сонша аласұрды екен,
Икемге тілі келместен?
Көргенде сен де маңдайыңдағы
Өз көздеріңе сенбес пе ең?
Қуаныш па екен кеудесін керген,
Мұң ба екен тапқан төте жол?
Осынша жанды дүрліктіріп ап,
Үндемей қалай кетеді ол?
Жауапсыз қалған сұрақтар кілең,
Жанымызды ылғи өртеген.
Мүмкін ол дерін деп кеткен болар,
Өзіміз бе екен көр, керең?..
«ӨТЕЖАН АҚЫН АЙТТЫ» ДЕГЕН СӨЗ
Мен әу бастан жолы болған ақынмын,
Шуламаңдар «қилы тағдыр кештің» деп.
Өмір бойы өзімді іздеп аһ ұрдым,
Жалтақтамай ешкімге.
Құдай мені мықты қылып жаратқан,
Айналамның қаталдығы үшін де.
Сондықтан да, мынау атқан әр ақ таң,
Өлең болып қайнайды ылғи ішімде.
«Бал» дер едім балалықтың думанын,
Қатал соғыс түсірмесе тағынан.
Ақжар мені туған, өмір туралы,
«Адамзатқа жарылсын» деп ағынан.
Сайын далам, атамекен, тұрағым,
Өзің сынды сырбаз әрі байтақпын.
Сол аналық сезіміңді, қырағым,
Арлы қылып өсірдің де байқаттың!
Неге сонша шошисыңдар қарақтар,
Қарағайға қарсы біткен бұтақтан?
Оның әрбір мейірімін санап бар,
Баспананы жасап алғам кітаптан.
Өйткені олар менің асыл достарым,
Ешқашан да алдаған жоқ, сатқан жоқ.
Басқа ешкімді бұл қатарға қоспадым,
Әлсіз бәрі, былығына батқан көп.
Құдай берген аманатқа адалмын,
Ақын деген атағым бар ең биік.
Жазғым келген жырдың бәрін жаза алдым,
Осы менің бар байлығым тұңғиық.
Қарапайым жандар маған көп жақын,
Себебі олар дәл өзімдей аңқылдақ.
Кең дүнияда мен сияқты жоқ ақын,
Бар болса да, жүрген жоқ-ау дәл шындап.
Мені өйткені таптаурын жол баурамай,
Аласұрғам өз-өзімді көп іздеп.
Жарқамыстан елше тұлпар сайламай,
Мен өлеңге кіріп келгем өгізбен.
Сыр шертіскің келсе күнім менімен,
Жем сияқты тұнық әрі сұсты бол.
Өлең жайлы әңгімеден жерімен,
Анам сынды ыстық ол.
Мен өлеңде жолы болған ақынмын,
Жолың болу жақсы екен ғой қайда да.
Айтарым бар, сан аңызға татырмын,
Ол болмаса үндемеуші ем жәй ғана...
Кейбіреулер үрпиісер состиып,
Қаламымнан сескенеді-ау шамасы.
Барлығы өтер, «Ал не болды, Хош» дейік,
Айналайын, сағатыңа қарашы...
Осы тұста тоқталайын мен енді,
Жаман шығар тіріде тіл жаңылса.
Жақсы өлер ем, мынау жер мен өлеңді,
Аманаттап кетер біреу табылса...
Өлең – кием, өлең барым-жоғым да,
Шыным осы, көрген емен жалпылдап.
Мен өлген соң, аяй келсең қорымға,
Күліп жатам қарқылдап...
* * *
Бәрі әдемі басталды,
Бар қызығы соңында.
Алда жол бар қатпарлы,
Толарсағы толы ұлға.
Қадамыңды бас аңдап,
Асығыстық алдайды.
Басталғанның бәрі де,
Дәл соңына бармайды.
Баба сөзін хас, елес,
Кие тұтқан халықпын.
Әр істің тек басы емес,
Ақырын бақ әліптің...
* * *
Фәни-бақи арасы бір-ақ адым,
Жылар болсаң осыған жыла, жаным.
Уақытпен жарысып келем әлі,
Өзгесінің болар деп бір амалы.
Осыны ойлап өртенер күнде өзегім,
Қиял шыңын күндіз һәм түн кеземін.
Шыр көбелек айналған дүниенің,
Түптің-түбі алармын бір кезегін?..
Соған дейін тынбаймын бір кемді іздеп,
Қаламымды бір ерек түртер күз кеп.
Сонда бәрі таң қалып қарайды әлі,
Қалай ғана байқамай жүргенбіз деп...
Елім жүрер атымды аңыз қылып,
Ту сыртымнан бағады жау үздігіп.
Шын достарым көзіне жас алады,
Ақтарады бар сырын тамыз күліп.
Байтақ далам тербеліп өлеңіммен,
Алшаң басып көшеде келемін мен.
Қолтаңба алар барлығы жамырасып,
Байқалардай бір сиқыр түр-өңімнен.
Одан сайын ашылып тынысым бір,
Шаба түсем оң туып ырысым кіл.
Өңкей жақсы жүреді ортаға алып,
Дәлдүріштер жуымас, түбі сылдыр.
Жарқыраймын осылай жарықты ойдан,
Бұрқырайды өлмейтін алып бойда ән.
Уақытқа қараймын сонда үздігіп,
Салпаң-салпаң соңымда қалып қойған...
* * *
Ит жетектеп барады бір қарт адам,
Бойдан қуат, өңінен нұр тарқаған.
Екеуіне ентіге қараймын да,
Жүрісінен ерекше сыр тарта алам.
Алқымынан алса да бір дерт ашық,
Беттегендей маңызды міндетке асық,
Бірін-бірі тілсіз-ақ іштей ұғып,
Бара жатыр аяғын сілтеп басып.
Қарап келем бар мұңын аңғарғандай,
Асығады бір сыннан қалған жандай.
Қарт – сағатқа, ит – қартқа жаутаңдайды,
Орындалмай қалған бір арман бардай.
Өртей алмай өзегін бес күн мүлде,
Келеді еркін, дес бермей еш кірбіңге.
Арсылдамай ешкімнің айтағына,
Жетегіне ерместен ешкімнің де.
Таңғы салқын желкелеп жүріп келем,
Не қалды өзі қаламға ілікпеген?
Маңайына қарайды күдікпенен,
Бір-біріне қарайды үмітпенен.
Сыйлай алмай наурыз да күй көңілге,
Сәуір де жоқ көркінен сый төгілген.
Ит досы бар ана қарт бақытты екен,
Иттігі көп, мәні жоқ ит өмірде.
Жайқалатын кезінде қыр гүлінің,
Тыңдап жатар мезгілде бұлбұл үнін.
Қимылменен ұғысар қос мұңлықты,
Жетегінен айырма бір-бірінің.
Сырын бүгіп ішіне қала жатты,
Шиыршық атып келеді сана қатты.
Бір топ бала жанымнан өте беріп,
Маған қарап, күрсініп бара жатты...
ЖҰМБАҚ ӨМІР
Жазып алып жаныңның жарасын да,
Ұмтыласың құлшынып, бар асылға.
Кейде ұмытып кетесің жүргеніңді,
Өмір менен өлімнің арасында.
Бәз қалпынан танбайды бар маң, дала.
Шалыс бассаң, іздейсің ардан пана.
Жол көрсетіп алдыңда жүреді ылғи,
Ниетің мен ақ қанат арман ғана.
Сынаққа тап боласың онда небір,
Тілеуің тек, «қамықпа, сынба көңіл».
Ақ таңдардан ақ таңға аман жеткіз,
Құпиясы сан тарау – жұмбақ өмір!
СІЛКІНУ
Тербеші, тербе тәтті арман,
Шырқашы осы сәттерде ән.
Өзіңе деген іңкәрлік,
Үзілуге де шақ қалған.
Осындай ма еді бұрын дем,
Қоштаспан жалын ғұмырмен?
Қол үздім екен қалайша,
Кеудемдегі үнсіз күбірден?
Кетер ме көктем бір келмей,
Таң атпай кеткен түндердей.
Өзгенің отын қайтемін,
Өз шоғым жатса үрленбей.
Өз отым – жаным, жүрегім,
Суалмасыншы реңің.
Мен енді сені әлдилеп,
«Бір сен!» деп өмір сүремін.
Суарман гүлін ешкімнің,
Жан қалауымды кеш білдім.
Өзгені асқақтатам деп,
Өзімнен-өзім ескірдім.
Анау да дөкей дүр маған,
Мынау да ірі бір балаң.
Өзімді өзім елемей,
Кімдерге барып пір болам?
Осы ғой жанға дат әні,
Күйікке көңіл батады.
Жымиып жүрем, ішімде,
Бірдеңе тулап жатады.
Ешкімге өкпе, кінә артпан,
Түн ортақ, атар бір ақ таң.
Өзіммен ғана мін іздеп,
Келемін беттеп шын аққа.
Түбінде күтер қабірім,
Екшейтін бар ғой Тәңірім.
Өзімді тауып тынайын,
Сарқылмай тұрып сабырым,
Таусылмай тұрып жарығым...
АУЫРАДЫ ЖҮРЕГІМ…
«Не де болса несібемнен көремін»,
Деп-ақ жүрер тағдырлының бірі едім.
Осылайша, күліп-ойнап жүрем де,
Болмашыға ауырады жүрегім.
«Не де болса маңдайымнан көремін»,
Деп-ақ жүрер жүректінің бірі едім.
Осылайша, батыр сынды жүрем де,
Кей сынақта жол таба алмай жүдедім.
«Не де болса таланттымын білемін»,
Деп-ақ жүрер ақын едім, дүр едім.
Осылайша, кей өлеңді бастап-ап,
Аяқтауға шамам жетпей жүремін.
«Не де болса түбі текті ұл едім»,
Деп-ақ жүрер тамырлының бірі едім.
Кейде қылды қақ жаратын қауқармен,
Әділдіктің міне алмаймын күреңін.
«Не де болса Мәжнүн, Кебек тірегім»,
Деп-ақ жүрер ғашық ұлдың бірі едім.
Ләйлі сынды хас сұлуды көрем де,
Бір сөз таппай бұзылады реңім.
«Не де болса жақсылық деп жүдедім»,
Деп-ақ жүрер жомарт жанның бірі едім.
Осылайша сыналатын кей сәтте,
Сараңдығым ұстап, жерге кіремін.
«Өмір деген оңай емес білемін»,
Деп-ақ жүрер салмақтының бірі едім.
Өзге көзден кейде өзімді көріп қап,
Қараймын да, үнсіз іштей күлемін.
Сонсоң қайта ауырады жүрегім,
Не де болса маңдайымнан көремін...
ӨМІР ДАУЫСЫ
Өмір даусын естісем сағатымнан,
Кірпік ілмей кей-кейде таң атырғам.
Көз тоймайтын келбеті-ай, дүниенің,
Ізгіліктің нұрынан жаратылған.
О, Табиғат!
Сырыңа қана алдым ба,
Сиқырың көп сазымен салар мұңға.
Қисық өскен ағашқа қараймын да,
Өн-бойымды түзеймін бала алдында.
Кейде көріп Құдайлық жарлықты – аңыз.
Запыранын сенімнің сан жұтқамыз.
Көре тұра аспанның шексіздігін,
Қалай ерік береміз тарлыққа біз?
Жел айтады гуілдеп фәни әнін,
Бақи жайлы ой мазалап, қамығамын.
Көлеңкесін ағаштың саялап ап,
Қолтығынан сүйеймін қарияның.
Күн нұрында жатқандай бар мағына,
Мінезімнің бағамын салмағына.
Таза ауамен кеудемді желпимін де,
Жылы-жылы сөз айтам жан-жағыма.
Бой бермесе кей пенде өрелі үнге,
Күй ойнайды кеудемнің тереңіңде.
Көзге ілмеймін кезіккен жұрттың мінін,
Ай бетінде дақ барын көремін де.
Сан тылсымға тұншығып ғалам жатты,
Ауыр ойдан сыздайды санам қатты.
Жапыраққа құлаған қараймын да,
Құшақтағым келеді адамзатты…
* * *
Айтқың келгенді айта алмағасын,
Көңілің гүлдей жайқалмағасын,
Көзі түскендер өре тұратын,
Өніңнен өлең байқалмағасын,
Несі өмір?
Қиялға тылсым ене алмағасын,
Кез келген сынға төне алмағасын,
Уақытқа емес, армандарыңа,
Ойланбастан-ақ, ере алмағасын,
Несі өмір?
Түнекке шам боп жағыла алмасаң,
Іздеген жерден табыла алмасаң,
Мұқағалиша оранып мұңға,
Төлеген сынды сағына алмасаң,
Несі өмір?
Көңілде күнде қошың болмаса,
Көрінбей күндер қасың болмаса,
Өзіңмен бірге өлуге дайын,
Арыңдай адал досың болмаса,
Несі өмір?
Ұлығы пәк бір ұлың болмаса,
Қылығы тәтті қызың болмаса,
Шаңырағыңа шырай беретін,
Өлердей ғашық «күнің» болмаса,
Несі өмір?
Көңіл кең, аппақ ниет болмаса,
Тату да тәтті «сүйек»5 болмаса,
Шалыс басқанда шіміркенбей-ақ,
Намысың, арың сүйеп қалмаса,
Несі өмір?
Таңдап бір тапқан жолың болмаса,
Бағыңмен қатар, сорың болмаса,
Өзіңсіз әр кез ойсырап тұрар,
Жүректерде бір орын болмаса,
Несі өмір?
Уақыт маған жете алмай бекем,
Армансыз мен де өте алмайды екем.
Самайымдағы ақ шаштан бөлек,
Дәл менен енді, не қалайды екен,
Осы өмір?
5 Сүйек – ағайын-туыс деген мағынада
ТАЗАРУ
Тазармауға қалай ғана ар шыдар,
Оның да туар күні бар шығар?
Ал, ғаламның шаң-тозаңын сілкілеп,
Тазартады көктен түскен тамшылар.
Тазарудың бар осылай бір сыры,
Жеңілдер ме мынау күйбең құрғыры.
Барлығын да салады ылғи есіме,
Жаратқанның әр құпия, үр нұры.
Тәнім азат, азат бүгін бар маңым,
Неге ылғи да бос шығады қармағым?
Тереңіңе тартшы мені терең ой,
Мен өзіңе ғұмырымды арнадым.
Тек, сен ғана тұрған бүгін тұсауда,
Бір жарыққа шығу үшін күш арна.
Жер бетінде түбі өзің қаласың,
Тәнім өліп, жаным көкке ұшарда...
АЙНА
Айна алдында отырам үнсіз қарап,
Маңдайымның әжімін зілсіз санап.
Өзгермеген секілді ештеңе де,
Сәттер ғана текке өткен құнсызданад(ы).
Көз тастағым келмейді айналаға,
Мұң көрсеткім келмейді қайманаға.
Жымысқы сөз жанымды жауыр қылды,
Алдамайтын осы бір айна ғана.
Өзімді-өзім қараймын танығым кеп,
Жігерімді жасытпай жанығым кеп.
Айна артында бір сәби тұрады ылғи,
Бота көзі жәудіреп, жаны гүлдеп.
Өмір қалар, өмірден өтер пенде,
Алып-ұшып сағыныш жетер демде.
Сол айнадан өзімді табамын да,
Сол айнаға айналып кетем мен де.
Екі жағы айнаның жыр-ән сәнді,
Екі дүние сыры ғой кім аңғарды?
Өзін іздеп үңілген жүректердің,
Шын бейнесін айнытпай тұрам мәңгі…
ОТЫЗ ТӨРТ
Біз өмірді отыз төрт жыл сүріппіз,
Дәл осынша өтті көзін сүзіп күз.
Жылдан-жылға туған жылым алыста,
Туған күнім қызықсыз.
Күлкіге де құлқым жоқ,
Көңілдің де таба алмаймын кілтін дөп.
Күнде өзімнің өзегімді тырнаймын,
Не бітірдім «Жұртым!» деп?
Асып кетіп Төлегеннің жасынан,
Пушкинді атқан оққа күнде атылам.
Өмір солай ащы болған әуелден,
Тағдырым да аямаған басынан.
Періште емен, пенделік те бар менде,
Ал, Құдайды еске аламын әр демде.
Бірде күліп, бірде жылап келемін,
Бой ұсынбай ібілістік пәрменге.
Қайда бара жатқанымды білемін,
Содан кейде бұзылады түр-өңім.
Бар мұратым – жалтақтамау ешкімге,
Сыздаса да, мұздаса да жүрегім.
Сыйлай бермей дүниенің кермегін,
Жүйрік уақыт несібемді бер менің.
Сенен асқан естімедім қаталды,
Сенен асқан желаяқты көрмедім...
* * *
«Мынау менің келмейді» деп қолымнан,
Қаншама рет бас тарттым-ау жолымнан.
Сонда менің артық еді қай жерім,
Ұйқылы-ояу тобырдан?..
Ешбір пайда тигізбедім көпке де,
Айналама дайын тұрдым өкпеге.
«Нар тәуекел – ердің ісі» деуші еді,
Алыс қонды серт неге?..
Ойсыз, қамсыз сағаттар-ай, мен кешкен,
«Біреуге арман» десең, бәлкім сенбес те ем.
Өтіп бара жатқаныма өкінем,
Ең болмаса, бір талпынып көрместен...
ЖҰМБАҚ САПАР
Алыс-алыс сапарларға шығамын,
Уақыттың шексіздігін ұғамын.
Қанша қиыр-қиырларды кезсем де,
Бір мекенге жолым түспей тынамын.
Талай-талай құдіретті көрдім мен,
Ел мен жерді «Кие!» деймін сол күннен.
Таңдай қағып, таң қалсам да қанша рет,
Бір тылсым бар, сырын бермес ол мүлдем.
Бағындырып жүргенімде шыңдарды,
Кіндігімде туған жерім тұрған-ды.
Аспан сүйіп, ақ бұлттарды кешсем де,
Асу бермес бір биікте мұң қалды.
Сөз сөйледім болмысыма сай самғай,
Сүрінсем де қайта ұмтылдым тайсалмай.
Сөзден дауыл тұрғызсам да үйіріп,
Тек бір сөзді қиналамын айта алмай.
Көз қамасып елге біткен көріктен,
Саптама етік, шапан кидім бөрікпен.
Шырт түкіріп, хан ұлындай жүрсем де,
Бір киім бар, үркітеді ол неліктен?..
Өзімді іздеп, талай кітап кемірдім,
Не бір терең қазынаға соғылдым.
Барлығын да ақтара кеп армансыз,
Ашылмайтын парақтардан жеңілдім.
Тағы алысқа шақырады зеңгір көк,
Ұмтыламын қанат қамдай бергім кеп.
Бар мақсатым орындалып жатса да,
Аяқталмай қалады ылғи бір міндет.
Сырын да оның ұмтыламын білгім кеп,
Көкіректе тағы тұрар үн гүлдеп.
Сосын тағы сағатыма қараймын,
Уайымы жоқ адам сынды жүргім кеп,
Ел қатарлы ессіз ойнап-күлгім кеп...
* * *
Жақсылық десе, шаранадаймын,
Жамандық десе, отты үзгем.
Неліктен бірден жаман ойлаймын,
Жаңалық жетсе, көп, күзден?..
Жауабын таппай қиналам күнім,
Санамда сауал бұрқырап.
Ала алмай өмір сыйлаған гүлін,
Еңсемде батпан зіл тұрад(ы).
Аш емен мүлде, тәуелді де емен,
Жан жайсаң, жағам жайлауда.
Тағдырың дағы «бәденді» деген,
Неліктен тісін қайрауда?
Еркелеп жүрмін еліме еркін,
Өсек те барад(ы) бет қарып.
Тартпады дерсің тегіне мүмкін,
Артынам арды бетке алып.
Серкелігімді сезіп тұрсам да?
Сескентер неге бір тылсым?
Қиялдың көгін несіп қылсам да,
Жылытпас неге жылтыр шын?
Неге енді мұнша қинайды күнім,
Жанымды салып сынаққа?
Неліктен өмір сыйлайды мұңын,
Тізерлете алмайды бірақ та!
КҮМБІРЛЕШІ, ДОМБЫРА!
Шанағыңда даламның күші бардай,
Нұрлы үніңде бабамның сұсы бардай.
Қолыма алып, таңырқап қарай берем,
Бойыңдағы киені түсіне алмай.
Таң қалумен өтеді дүрбелең күн,
Тапқандаймын сағасын бір тереңнің.
Ұсақталсам тиерін саған ауыр,
Қалайша білмегенмін?
Патша көңіл пернеңнен сұрап емін,
Қос құлақтан іздейді тұма керім.
Ағаш болып жаралсам, тиегің боп,
Қос ішегіңді көтеріп тұрар едім.
Сарқылмайтын бір үнін бірі құрап,
Қазына бар қойныңда, сірі бұлақ,
Шанағыңнан төгесің киелі әуен,
Адамзаттың бар мұңын сіңіріп ап.
Бар-жоғымның қадірі, құны сенде,
Күмбіріңмен оңалам ірігенде.
Ең болмаса, сен түсін жағдайымды,
Күмбірлеші домбыра, күңіренбе...
МЕЙІР
Аунап алып мейірім, гөззал мұңға,
Арманыма қолымды соза алдым ба?
Бір білерім, сырыңнан қанып ішіп,
Өсіп келем өзіңнің көз алдыңда.
Өсіп келем, батаңмен алғысыңмен,
Іркілмеуді қалаймын бар күшіммен.
Маған деген сенімің селкеуі жоқ,
Шықтай мөлдір ақ гүлге таңғы, сіңген.
Қалам кейде өмірден түңіліп те,
Алам кейде адасып, сүрініп те.
Соның бәрін жеңеді жас жүрегім,
Өзің бойға сыйлаған ірілікпен.
Бір сен үшін оянам күліп таңда,
Шабыттанам көркіңнен сыр ұққанда.
Сен болмасаң, жарығым мен де жоқпын,
Бар бол мәңгі, жол баста тұнықтарға.
Ұсынған да өзіңсің өмір кілтін,
Құнын қалай өтемек көңіл шіркін?
Не түйсінсем жалғанда, сенің арқаң –
Айналайын аңқылдақ,
Қоңыр жұртым!
МАЗМҰНЫ І ЖЕЛІ.............................................................................................................. 6 ІІ ЖЕЛІ.......................................................................................................... 17 ІІІ ЖЕЛІ......................................................................................................... 26 ІV ЖЕЛІ......................................................................................................... 40 V ЖЕЛІ.......................................................................................................... 54 VІ ЖЕЛІ......................................................................................................... 66 VІІ ЖЕЛІ........................................................................................................ 77 VІІІ ЖЕЛІ...................................................................................................... 88 ІX ЖЕЛІ......................................................................................................... 93
Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ
АЛМА ГҮЛІНІҢ ИІСІ...
(Өлеңдер)
Басуға 01.09.2025 жылы жіберілді.
Қаріп түрі FK Baltіca.kz. Пішімі 60х90 1/16.
Шартты б.т. 7,5. Таралымы 1 000 дана.
Кітап «Тоғанай Т» баспасының баспаханасында басылып шықты.
Мекенжайы: Алматы қаласы, Қожамқұлов көшесі, 128-39.
Тел.: 8 701 469 94 44; 8 701 224 04 93. E-maіl: ToganayT@maіl.ru
Редакторы Болат ШАРАХЫМБАЙ
Техникалық редактор Дархан ТАЛҒАТ
Компьютерде беттеген Жанар ӨТЕГЕНОВА
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру