Киелі түндердің дұғасы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Ерлан Жүніс
Ерлан ЖҮНІС Киелі түндердің дұғасы Киелі түндердің дұғасы Таңдарда айналар қанатты сәлемге! Менде еді – әлемнің күнәсі, Ал менің бар күнәм – әлемде!
ҚАРАША ТҮНІ
Кезегім Мен үшін азапты бұл түнді өткеру, Жан тағы жаурағыш келеді күзде тым... Шошыну, Сағыну, Жек көру... О, нені үйретті бізге түн?! О, нені үйретер ол тағы, Қара түн – күнәсі әлемнің!... Сұрайды, Жылайды, Қорқады... Мен оған не дермін?! Сұлулық – ойнасы күнәнің, Қорқыныш – оң жақта отырған кәрі қыз... Қорықтым, Сұрадым, Жыладым... Жылауды үйретті сары күз! Ой сары, Жан сары, Мұң сары, Секпілді сары қыз-дүние, күлме сен! Жырлауды білмесем бір сәрі, Бір сәрі жылауды білмесең! Дірдегі бойды алып күнәлі әлемнің, Қалшылдап отырам. Кіжінем, Күлермін, Көнермін, Жалғыздық атынан!
Ғасырдың қылмысы – жүрегім, Өлеңім – ең ессіз қылығы ғасырдың! Түсінем, Сезінем, Білемін, Сағындым, Жек көрдім, Шошындым! Киелі түндердің дұғасы Таңдарда айналар қанатты сәлемге! Менде еді – әлемнің күнәсі, Ал менің бар күнәм – әлемде! Сүйемін сені, әлем, дертіңмен, Қайда бар – мен қарсы жолығам!.. ...Мен едім сол түні Абылды өлтірген, Тағы мен мерт болған Қабылдың қолынан..! Бір ұлы ақиқат барлығын сеземін, Ақиқат – әлі ешкім білмеген, сезбеген!.. Бұл ғасыр – бұл менің кезегім, Күнәні бөлісе алмаймын өзгемен! Бұл түні һәм байыз таппаспын сірә да, Ұмтылған көбелек секілді жарыққа. ...қорықпа, сұрама, жылама, сұрама, жылама, қорықпа!
Қара шаңырақ Қайда әке шаңырағы? Мен онда өспегем – Баяғы, аяулы ескі өлең!.. Мұң билеп жүреді естелік сазына, Ой ағып жатқанда кешпенен. Әкем, мен, оғлан кекілді – Үшеуміз, о, кімге шығардық ең қатал өкімді?! Қатыгез жылдарды жұтарда үнсіз біз Бермуд үштағаны секілді..! Іңірге батарда адасқан ойларым, Әкесіз өскеннің әттегенайларын, Түн, саған тапсырдым, Жел, саған байладым! Өзімді іздеймін өзгеден, Тірі жүргенімді сезбеген..! Түн қарап тұрады қабағы мыжылып Қазақы көзбенен... Қазақы көзқарас: Оқ жона алмадым! Мендегі азаптың салмағын Ішімде тұншықты Көтере алмаған талай жас арманым!..
Сен мені жазғырма, қара түн, Бір қақса, қағады кәрі анам, жанымның жаралы қанатын..! ...Түсімде жүремін жоғалған соқпақта адасып әкемнің үйіне баратын! Әкемнің үйінен шығатын, Кәрі жол, қайтейін мен сені, ұмытқан мұратын. Сол үйде – той жасап жатыр ма ұлына бөтен ел – Кезінде жалғыз шал тұратын? Мен бала кезімнен, Жол, сенен біреуді күтумен көз ілгем... Платон секілді жалғыз шал, өз Атлантидаңды әкеттің өзіңмен! Анлантис – беу, қара шаңырақ, Өзіңді іздетті тағы сам жамырап. Тебеген тағдырлы емеген арман-ай, Бауырымды езбеші маңырап!
Жол, енді шақырма, Мұң қоспа мұңыма, Түн, сен де қарама сұғына! ...Тарихи күрсініп қояды кәрі анам: «Сен – қара шаңырақ! – Аманат ұлыңа!» Ұлыма қараймын сезіммен аталы, Періштем шалықтап жатады. ...Аманат – шаңырақ, шаңырақ – аманат! Әр қара шаңырақ – қазақтың отаны! «Гүләнда» кітап дүкенінде
Алматы. Қыркүйек. Кеш. Кітап дүкені. «Қожайын, сағатқа қарама!» Түсінем, оны үйі күтеді... Ал менің шыққым жоқ далаға. Қалада көңілдің боп жатыр қай тойы, Гүлдердің иісі жоқ қалалық!... Ол жақта даурыққан білгіштер айқайы, Бұл жерде момақан даналық. Тәккаппар даналық Кітаптың ішінде Жалыққан өзінен. Мен де ертең дәл осы кітаби пішінде Осында келемін... Сезінем. Қожайын, Бәрібір келем ғой, Түсін сен, О, сонда қыздарға қымбатқа сатасың. Бүгінгі жақсылығың үшін Сен Аласың апамның батасын! Кітаптар сөресі – сұлудың беліндей Майысқақ, Ауыр ғой шалдардың салмағы... Қолдарым – ибалы келіндей Ұсынған кесені батырмай бармағын, Мөп-мөлдір аңсар мен ынтаны ұсына Сипаймын кітапты: әр сөздің демі мен сезінем лүпілін, жүректің ұшына шымырлап тұнуын дәуірдің еріген. Балқиды дәуірлер ойларда ып-ыстық Ішінде жалғыздың тұрған топ шетінде! Даналық – Үнсіздік, тыныштық, Шыңғырар тек кітап бетінде! Мұнда да шалдар көп пыстырған жатып іш Менімен ойнайды: «Осынша ақымақ, осынша нақұрыс –
Бұл бала біздерге қосылмай қоймайды!» О,сосын қарайды кемсеңмен ұғардай тәккаппар ойлардан. Ешкімді үңгірден суырып шыға алмай өздері үңгірге айналған, Шалдар-ай, сүйемін сендерді Сезіммен ешкімді сүймеген. Сендерден үйренсе-ау өлмеуді, өлуді өзім-ақ үйренем! Құрдастар көп емес, - Көкем ой, шеше мұң, Бәрінде тәңірдің демі бар! Менде әлі тірі жүр Мағжан мен Есенин, Мені әлі білмейді Борхес пен Элюар! Ал, Һафез – Нағашым жырындай, Тонауға дайынмын қарамай. Моуләви – Құпиялы сұлудай, Дымыңды құртады қарадай. Асаулар, бұлғақтар кешегі момақан кітапқа қалайша сыйып тұр? Еседі самал жыр, аңыздар көшеді – өшеді – өшкені – өмірден биік тұр! Алматы. Қыркүйек. Кеш. Кітап дүкені. Сыртынан жабамын есігін. Есіктің сыртында жалғыздық күтеді, Мен оның жалғыз досымын!..
Үлес О, біздің қанша күз жоғалды тектен-тек, Қаншама сұлуға сыйладық көктемді!.. Ойымыз, Жанымыз әлі де көкпеңбек, әлі де шикілеу, әлі де шектеулі. О, біздің піспеген алмадай жасыл бас, Жастықтың тұп-тұнық иісі аңқыған! Ойымыз тым қышқыл... Уыты басылмас, Түкіріп тастардай жұта алмай артынан. Нөсерде қарсы алдық не көктем, Не күзбен қоштастық тұнжырап жыр оқып!.. Күтпеген жерлерде пайда боп кенеттен, Ғайып боп кеткенбіз дүр етіп. Өмірді іздедік әрнеден, Ойыншық сағаттай көрдік-ау уақытты... Біздерді сүрленген ан-то-логия-ларменен, Түксиген эн-цикло-педия-лар оқытты!..
Олардан бар еді безуге, Һәм ақын, Һәм сұлу масаң ұл! Гүлденген шақтарда ең іңкәр сезімдер, Бүр жарып жатқанда жас өмір!.. Асау ой тебісіп, Тынжылар шыңғырып іш тескен, О, талай жүрекпен келісіп, О, талай бастармен тістескем! Күреңдеу жүзбенен жел өпкен, Күн сүйген маңдаймен таңдағы, Біз айқай салғанбыз әлдебір себеппен, Бізге айқай салды енді салдары...! Жүрегі көзедей у құйған, Дәтің де шыдамас ішуге – Ақынның барлығы – сүйкімді хулиган, Академиялары өзінің ішінде! О, қайда қалмады балғын да балғын күн, Балғын күн мені енді танымас: Қаншама сұлудың көңілін қалдырдым, Қаншама жігіттер әлі мас...
Осындай екен-ау үлесі ақынның, Тым биік кетіпті армандар. Енді үйде кітапқа көміліп жатырмын... ...Балалар, сабақтан қалмаңдар! Есінеуік Тым алыс қалғандай таңдану дәуірі, Мұнда ешкім селт ете қоймайды: Маңқылдақ ой менен сезімнің мәуілі, Ауаға сурет сап ойнайды..! Адамзат жалыққан бір ғажап күтуден, Жаңаға тағы да келмейді сенгісі. Әлемде бәрі де бітеді үтірмен, Тек тыйым салуға керек леп белгісі! Дүние құлықсыз жаңалық ашуға, Бұйыққан жүрекпен, қалғыған мименен. ...Пандора көшіп жүр ғасырдан ғасырға жәшігін сүйреген!
Ұлы ойлар кетті де қартайған ғасырмен, «Құдайлар» қалды тек жасында: Жаңалық ашу жүр – тек соғыс ашу мен сұлудың етегін ашуда! Ұлы ұйқы басталып жатқандай әлемде, Ояну рухына сенбейтін!.. Бір ақын ояу жүр беймаза өлеңде, Пайғамбар болғысы келмейтін..! Болмыс пен жан сыры – Гегельдің қонағы, Қол бұлғап тұр әне бейтаныс пішінде... ...Маужырап жер шары домалап барады көгілдір экран ішінде! Көп нүкте
...Иә, мен де үрке қарап тұрдым, Мағынасыз көзқарасымен біздің ғасырдың. Сен де Сағыныш бақшасындағы сарғалдақ гүлдің Бір түнде қарайып кеткендігінен шошындың. Шошына жыладың, Енді Тарихын ешкімге баян қыла алмасыңды сезгендей Бүгіннің. Қосыла жылағым келді Бізге тәуелді еместігінен Тамыр мен Түбірдің! Олар бағынғысы келмейді мүлде, Ал біз Билік етуге үйренген санамызды сендіре алмадық: «Табиғат сөйлейді адами тілде!» - О, неге осыншама өзімізді алдадық?! Сағыныш түнді де жұтып қойды... Қарашы, Сарғалдақ қарайып қалыпты: Тәкаппарлығынан біздегі тым білгіш Ойдың Бәлкім, Табиғаттың өзі де жалықты. Жалықты. Жалығу әуені зілдей, Тым ауыр, Ауыр жерден де... Екеуміз не істерімізді білмей, Сарғалдақты үзе бергенде...
Болашаққа хат Болашақ, мен сені өткергем, Ішімнен, түсімде, өткенмен, Бір сәтке тұрмайтын ғасырмен, Мыңжылға бергісіз сәттермен, Болашақ, мен сені өткергем. Болашақ, мен сені сүргенмін, Бір дем мен арасы бір демнің, Жыласам, сен болып жылағам, Күлсем де, сен болып күлгенмін, Болашақ, мен сені сүргенмін. Болашақ, мен сенде болғанмын, Сертімен үмітті таңдардың, Дертімен үмітсіз жандардың, Елесі секілді арманның, Болашақ, мен сенде болғанмын. Болашақ, мен сенде туғанмын, Жап-жарық жұлдызбен нұрландым, Жанымды, арымды, тұлғамды, Бүгін жоқ тауларға шығарып, Бүгін жоқ теңізге жуғанмын.
Өзімнен не көрдім, не кештім, Кімдермен сырластым, кеңестім. Жүрегім өзіңде сақтаулы, Жоғалтып алмауы үшін ол, Сені ешкім, Болашақ! Ғұмырбаян Тау толғатып жанымды, құм тәнімді гүл еткен, Хан үйіне түсіріп, жар үйінде түнеткен. Ханым – жұртым болғанда, жарым – далам арманды, Мен танимын әлемді Ұлы Түздік Жүрекпен. Түз ұлы деп танысын мені әлем таныса, Түз киесі дарысын, маған егер дарыса! Түздің түйір тасының садағасы ғұмырым, Ханзададай бауырым, қарындасым – ханыша! Қарашаның қылығы, мінезіне сәуірдің, Қауырсынын малып жыр жазамын жанымның, Оқып тұрам содан соң қыран ұшар биіктен, Ерінімен көлімнің, тіліменен тауымның.
Табанымнан сүйді жер, алқатқанда ақ аспан, Аланы-ау деп даланың, аспан көзін жаңа ашқан, Жаратқанның жұлдызы – жарылқаушы Жұртымның Маңдайына жарасқан, маңдайыма жарасқан! Туған елдің маңдайдан сипауына сыйынам, Туған жерге бір құшақ бақ гүлі боп бұйырам, Мейірім қанып даламның мейірімінің нұрынан, Қаннан емес жүрегім, аппақ сүттен ұйыған! Мен кеткенде... Мен кеткенде Таразда көктем еді, Көктем шығар әлі... Мені әкеткен жолдарға өкпеледі, Көне менен Кәрі. О, несіне балаша өкпеледі Көне менен Кәрі?! Көктемені бірге алып кетпеп едім, Жалғыз кеткем тағы.
Мені әкеткен жолдарға көп қарады, Кәрі менен Көне: « Мына жалғыз тасбауыр боп барады, Қайырылмайды неге?» Тапсырғандай сендерге көктемені, Мұңайтпас деп оны, Жолдар ертіп кетпеді текке мені, Бұл жол – ұлдың жолы. Мен кеткенде Таразда сұрақ қалды: « Қайда? Неге? Не үшін?» ...Бақ ішінде бір сұлу жылап қалды, Үнсіз қалды досым. Мен кеткенде Таразда көктем бе өзге, Мен бе өзге неме?! Ұлдар үнсіз кетеді кеткен кезде, Неге? Неге? Неге?! Жорғатай ғұмыр
Жолдар – ананың аппақ жаулығындай: Аттай алмаймыз, ақтай алғанша жүреміз борышын, Таптай алмаймыз – аяғымыз жамандыққа бастарда. Шөлге ұрынбай, қаңғырып тауға ұрынбай Мұратыңа жетуіңді сұрайды, Бар бақыт ол үшін – Жалғыз ұлын еліне жеткізіп тастауда! Жолдар – әкенің сіңірлі қолдарындай: Кейде тым қатал, кейде тым биік, асқақ көрінер, Ақжал арландай Шақа бөлтірігін тайынбас шайнаудан. Ұлы далада қалқып тұрған жырдай – Біздер – түздің ұлдары – Тәкаппар бөрілер, Жолдар тағдырымызға айналған!
Жолдар – өзендер секілді аласұрған: Олардың жылжуы біздің ғұмырымызбен сәйкес келмейді, Олардікі – көзді ашқандай, біздікі – жұмғандай. Бүкіләлемдік ұлы жарасымнан Һәм Қарама-қайшылықтардан жаратылған Ақ желкен жанымызды жәй ғана тербейді, Өлім әуеніне өмір билеп тұрғандай!.. Жолдар – жалғыздығындай тым аяулы, кетіп бара жатқан мен қайтып келе жатқанның, қайталап жататын сияқты солардың күбірін. Әнін айтып жалғыз бен жаяудың, Арасымен бейкүнә шақтардың, Сен, қайда аттандың, Түз желіндей адасқақ, беу, жорғатай ғұмырым!?.. Іңірдегі пессимизм
Жоғалған армандарыма Көңіл айтып қара түн Жыладым... Жарығы түбінен артпаған шамдай Бұл қала мені жылыта алмады Жанымның сыңар қанатын Көтере алмай сұладым көз жасындай салмағы! Тағы да алданғаныма Сене алмай жас жаным Тоңамын... Әр қауырсыны қалтырап жанның Күзгі жапырақты еске салады Бәрінен безе бастадым, Сенуден қалдым... Қаланың Жүрегі мұздап барады. Уақыттың өзінің Уақыты бола бермейді Қалада!... Көктем де келместей көрінеді маған. Сезімді көтермейді, (Көнесің!) Жастыққа сенбейді, Сенбейді саған санада билеп жүреді ізгі қаланың елесі!..
Көңілсіз қорғандарына Селсоқ сүйеп иегін тұншығып шылым шегіп отырар шаһар... Қайыр... Мұнаралар іздейді құдайды Сөз өлерде киелі... ...Анда тек шайыр күрсініп, мұнда тек сұлу жылайды!... Пылығырым Олар мені көріпті жол үстінде, Келістім бе, білмеймін, керістім бе, Өлістім бе, білмеймін, берістім бе, Олар мені көріпті жол үстінде. Құбыланы бетке алып барады екем, Суыт екен жүрісім алабөтен, Жын ұрғандай күліп те алады екем, Мұң ұрғандай жылап та қалады екем, Құбыланы бетке алып барады екем.
Жол үстінен көріпті олар мені, Соның бірі досына балар ма еді, Соның бірі қолымды алар ма еді, Бірі үйіне түссе деп қалар ма еді, Жол үстінен көріпті олар мені. Барады екем бетке алып құбыланы, Мұраттарым бар екен шұғылалы, Алуан дүние алдымда құбылады, Ал соңымнан ақ сағым шұбырады, Барады екем бетке алып құбыланы. Одан кейін көрмепті ешкім мені, Жабықтым ба қуанбай ес кіргелі, Жалықтым ба қызықтан бес күндегі, Содан менен бір хабар естілмеді... ...Одан кейін көрмепті ешкім мені. Бошалаң Әр сәт сайын алыстаймыз достардан, Алыстаймыз Тәңіріміз қосқаннан. Толтырылған тағдырыңның көзесі, толтыра алмай көңіліңді бос қалған.
Өзге түгіл, өзіңді өзің ұнатпай, суық сезім сырғақтайды сынаптай. Жүрек қана жалп-жалп етіп қояды, желді күні жана алмаған шырақтай. Керте-керте көрген биік кетілді, Күн айналмай құлай салар секілді. Жел жағыңнан бір жылы сөз естілсе, Қарап тұрып жылай салар секілді, Күдіктен де, үміттен де кекілді, Кемді күнде жеріп кетер секілді. Маңдайыңнан сипай қалса бір адам, Майдай содан еріп кетер секілді.
Ойнамай-ақ отқа барған секілді, Барға да арман, жоққа да арман секілді, Бас бұрарға мұрсат та жоқ, мұрша жоқ, Жауырыннан оқ қадалған секілді. Ойың да ояу, арың да ояу секілді, Жолың – жаяу, сарын – баяу секілді, Бір қарасаң ақ пен қара өмірің, Бір қарасаң қалың бояу секілді. Жылытып та, жылынып та жарыта алмай, Жарға біткен жадағайлау кәрі талдай, Өз сөзіңді өзің тағы айта алмай, Өз қолыңнан өзің тағы тарта алмай, Қорланасың, тұрам дейсің жоғары, Арланасың жағалауға ағаны. Мұңнан басқа ештеңең жоқ аяулы, Жырдан басқа ештеңең жоқ бағалы.
Бүгін күмән, ертең тағы тұманды, Сен кімдерді, сені кімдер ұға алды?! Біреулермен ұнатпайсың күлуді, Біреулермен ұнатасың жылауды. Ауырған жоқпын! Жыладым бәлкім, жан үшін жақын бола алмас, Жабықтым бәлкім, жылдарым үшін оралмас. «Ауырғаныңа ауырды – деген – жүрегім», Айналып қана кетейін сенен, замандас! Бір жүрек емес, түсінем дегем дәуірді, Түсінем дегем досымды, тағы жауымды... Жазықсыз бәрі! Ауырған жоқпын, жай ғана Үмітім, ойым, арманым, мұңым ауырды! Ауырғаным жоқ, жай ғана жаным сыздады, Мұздады бәрі, сөзім де, ойым мұздады. Адамның барлық жылуы жүректе деуші ем, Сол жүректердің жауратты мені ызғары.
Тоңдырды мені, жақыннан болған жат кісі, Улантты мені, кешегі сөздің тәттісі. Адамның ең бір нәзігі – жүрек деуші едім, Сол жүректердің арқама батты қаттысы. Жыр жазу керек, жыр жазу – мұның бір емі, Кісінің дертін кісінің өзі біледі, Адамның ең бір жарығы – жүрек дегенмін, Сол жүректердің қорқытты мені түнегі. Ауырған жоқпын, ауыртпау үшін дәуірді, Ауыртпау үшін самалды, нұрды, жауынды! Жазықсыз бәрі! Жазылып кетем! Жай ғана, Өмірім менің – өлеңім ғана ауырды. Ауыртып алдым, енді не қайран қылайын?! Бабын бір жасап, басын дүр сүйеп тұрайын. Әлемді мынау ауырта аламын өлеңмен, Өлеңді бірақ ауырта көрме, құдайым.
Білмеймін, білмен, наразылық па, назың ба, Ауырмашы, өлең, хақым жоқ менің азуға! ...Ақындарымен ойнай ма әлде бұл тағдыр, Дертті өлеңдермен өзінің дертін жазуға?! Сен мені алдайсың неге осы? Құрғыр іш әлдене сезіп жүр... Көктемсіз кезеңнің Елесі, Әлемді кезіп жүр! Түнерген ойлардың аспаны, Тұманды жүректің таулары, Алда сен, мені емес, басқаны, Онсыз да өлеңім жаурады. Алдама үміттің ұлдарын, Іңкәрлік үшін мен егесем! Көктемсіз кезеңнің құрбаны Көктемді келмейді деме сен! Гүлдердің дәуірі өтпейді, Мәңгі мұз? Ол суық ой ғана! Мына қар... ештеңе етпейді, қоштаса алмай жүр жай ғана.
Күтемін, күтуге бекіндім, Келеді жастықтың Өлеңі! Көктем де махаббат секілді, сенетіндерге келеді!
- *
Түсімде көктемді көрдім, Түс емес, өңім бе деймін! Гүлденген бөктерді көрдім, Бөктерім керім бе деймін.
Құстардың келгенін көрдім, Құс емес, көңіл ме деймін, Сұлу гүл тергенін көрдім, Гүл емес, өмір ме деймін.
Нөсердің жауғанын көрдім, Жауғаны – нұрым ба деймін, Бұлттардың ауғанын көрдім, Аунаған құлын ба деймін.
Әлдекім тосқанын көрдім, Әлдекім өзің бе деймін, Көктемнің аспанын көрдім, Ол сенің көзің бе деймін.
Алқызыл шәлі жауып қыр, Әлдекім жол қарап тұр. Оянсам... қар жауып тұр... Қар... борап тұр!
- *
Шираздан өтті ме екен, Таразға жетті ме екен, Көктемім қайда менің, адасып кетті ме екен?
Хатымды алар ма екен, хабарын салар ма екен, Оңтүстік аспанының астында қалар ма екен?
Көп болды аh ұрғалы, көп болды шақырғалы, жібермей жатыр ма әлде, Алматы ақындары?
Келгені байқала ма, қу көңіл шайқала ма, Жыр оқып отыр ма олар, Көктемге мәйханада?!
Көктемді қайтарыңдар, Көктемге айтарым бар! Әйтпесе, жылай салам, жақсы ма мұңайса Адам?!
- *
Бойымның дір еткені несі, Жүректің шым еткені несі?
Арқамнан қанат өсіп шығатындай, Ұшқалы тұратындай, Қолымнан бұтақ өсіп шығатындай, Құшқалы тұратындай,
Көзімнен теңіз тұнып шығатындай, Шайқалып тұратындай, Басымнан гүлдер өсіп шығатындай, Жайқалып тұратындай,
Аяқтан тамыр өсіп шығатындай, байланып тұратындай, Кеудемнен ғалам жарып шығатындай, айналып тұратындай,
Сөздерім құс боп ұшып кететіндей, аспанға жететіндей, Өмірім түс боп ұшып кететіндей, оянбай өтетіндей.
Жын шалып кеткен шығар? Білмеймін, Көктем шығар...
- *
Мәртебелі көктемім, Мәртебелі көктемім, Айтар сырым көп менің, Шағар мұңым көп менің.
Ей, жүректің шырағы, Ей, жүректің шырағы, Сізді құстар сұрады, Сізді гүлдер сұрады.
Сізді құрбым сұрады, Сізді досым сұрады, Ей, ойымның тұмары,
Ей, ойымның тұмары.
Осыншалық келместей, Осыншалық көрместей, Мен не қылдым сенбестей, Мен не қылдым сенбестей?
Сүйгені үшін күнәлі, Күйгені үшін кінәлі, Сағынғаннан жазықты, Жазған жүрек жылады...
- *
Бұл көктем қай көктем секілді, О, біздің муңдылау ғасырда? Бұл көктем – бойжеткен секілді, Бойжеткен он екі жасында, Есейткен қажыган тағдыры, Қартайтқан жүрегін жылдары, Күлгенін көрмеген таң нұры, Гүлдерді термеген қырдағы. Жылауга батылы бармаган, Айтуға қасқа да, досқа да, Ешкімнен сыйлық та алмаған, сыйлық та бермеген баскаға. Дауысы жұтылған ішінде, Жаңғырық тұтылған көңілде, Гүл теріп жүретін түсінде, Күл төгіп жүретін өңінде. О, бізге аз ба еді бар қайгың, Шаттығың көп пе еді? ...Мен сені қалайша қорғаймын, Екі мың он екі көктемі?! Көз жасы
Кінәмшіл сезімдер кешірткен кезімнің Бұлты ауып барады басымнан. Мен биік тұруды үйрендім, Өзімнің Бір тамшы жасымнан. Бала-аңсар сағымы ойнаған даланың төсінде, Кезінде көктемгі жаңбырдың, Алғашқы көз жасым тамғаны есімде – Бр тамшы уыты тағдырдың. О, сонда сезсемші, Өтемін Қаншалық азапты боларын төлеудің: Әлемнің өзгеріп кетерін, Өзгеріп кетерін өлеңнің! Бұл дүние тым басқа болатын, Жас ыршып түскенше жанардан, Сол бір жас – қара түн, Ақ нұрдан жаралған, Тырс етті... Қара жер дір етті!.. Топырақ болмысы өзгерді: Өзгертті ол гүлдерді, құстарды, жүректі... Сөз де енді Білсемші келмесін қалпына бұрынғы, Ауытқып кетерін ғасырдан! ...Үйрендім мен солай биікте тұруды Көзімнің бір тамшы жасынан. Содан соң... Таулар да жылаған, Дала да жылаған, Ешкім де болмады себебін сұраған, Себебін білмеді бір адам. Олар да өзгерген, Өзгерген өлеңмен... ...Бір тамшы жас тамып кетпеуін көздерден, Күзетіп келем мен О, сол бір тұманды жылдардан! Кешсем де басқа мұң, Мен енді жоқтаман жылдарды ұрланған, Мені енді жылата көрмеші, Аспаным!..
Дәл қазір... Дәл қазір... тек басқа қалада, Сен жайлы ойланды бір адам, қалаға, жымиған, жылаған, дәл қазір арылған күнәдан, дәл қазір күнәға бататын, қарады ол: сен жайлы ойланды, терезе алдына байланды, есіне түсірді жайдарлы, кезіңді, кезіңді жабыққан, оның шын сүйерін жаңа ұққан кезіңді, кезіңді сүйікті болудан жалыққан, сүюге ұмтылған өзгені, өзгеге арналған сөздерің, өзгеге қараған көздерің, мұңайтып тұрғанын сезбедің, дәл қазір... тек басқа қалада, сен жайлы ойланған адамды, өзіңе айналған адамды, өзіңе байланған жанарды... Дәл қазір... тек басқа қалада... Қараусыз бақ
Қала ішінде қалың орман секілді, Жастығымның әні қалған секілді, Арманымның таңы қалған секілді, Бақ бар еді қараусыз: Қараусыз бақ. Қарға даусы. Қара түн. Қара түннен айдың нұры таматын. Қарауылы – сонда келер ғашықтар, Тұтқыны да сол ғашықтар болатын. Соқпағы бар сойдақ-сойдақ шөп басқан, Көсемдердің мүсіндері тот басқан... Ескі ағаш орындықтар, Қайыңдар Көктем сайын дегбірімді ап қашқан... Түкпірінде өзен жылап ағатын, Көпірі бар – сынған құстай қанаты. Орындықта – ойып жазған есімдер, Әр сезімнің тарихындай қалатын.
Қараусыз бақ... Табиғаттың өзіндей, Табиғаттан бой алмаған сезімдей, Жас сұлудың боялмаған көзіндей, Менің де әлі аяулы, адал кезімдей...
Күтілмеген. Ұмытылған. Ескірген. Ештеңе де сұрамайтын ешкімнен. Көктем күліп, күзде жылап жататын, Сол бір бақта өстім мен.
Биыл барсам... Кеткім келді бұл маңнан: Кәрі ағаштар қырқылыпты ырғалған, Соқпақтарға тас төселген, тұлданған, Ескі ағаш орындықтар сырланған...
Қайран жастық, қайттім сені-ай ұрланған!?.
- *
Өзіңде - Өзің, Өзімде де - Өзің, Өз, өз, өз... Өзеуреп бүгін өзіңді ойлар кез емес. Еркіндігіңді құрметтей алам мен сенің, Еркінсу бірақ есіру деген сөз емес. Өзімшіл ұлдың бірі мен едім, мен едім, Тәкаппар еткен Тәңірім менен Өлеңім! Мен бірақ, күнім, еркіндік деген дүниенің, салдарын емес, құрметтеуші едім себебін. Еркіңді, ойды, таңдауды, арды, төзімді – тәуелсіз еттім, боданың еттім сезімді. ...Өмірді мынау өзгертіп кетем деп жүріп, Өзгертіп әлде алдым ба екем Өзімді?! Жүрегімді сақта
Жүрегіңді сақта, Жүрегімді сақта, Бұл алағай шақта, бұл бұлағай шақта! Күнге керек жүрек, Түнге керек жүрек, Саған құнсыз болса, Гүлге керек жүрек! Жүрегіңді жеме, Жүрегімді жеме, Өзің сүймеген соң, Өзге сүймес деме. Жүрегіңді қорға, Жүрегімді қорға, Соғып жүр ол зорға, соғатындай сорға. Жүрегімді тыңда, Жүрегіңді тыңда, Шақырмашы құзға, батырмашы мұңға. Жүрегіңе – рахым, Жүрегіме – рахым, Жүрек деген – сұлу, Жүрек деген – ақын. Жүрегіңді сақта, Жүрегімді сақта, Я, Тәңірім, көз бер, Жүрек көзі жоққа!
- *
Осы бізде сезім көп пе өміршең? "Сені сонша жек көремін!" дедің сен... Бірақ неге сен қуандың мен жеңсем, сен жыладың жеңілсем? Айтпа, айтпа, сезер ішім ар жағын, мен сезбеген айтшы, кұрбым, бар ма мұң? Мені солай жек көруің арқылы, жақсы көре алмауыңнан қорғадың. Бір сезім бар бізді жылатпай тұрған, дәл көктемдей... әлі бүр атпай тұрған. Қорықпаймын – айтып ұнатпағаннан, Үрейленем – іштей ұнатпайтыннан. Шыда, шыда көркем көктем келгенше, бұл көктемді күте алды ма ел менше? Мені солай таза, адал жек көрші, кісімшілдеу, кіршіл жақсы көргенше! Менің атым – Тәуелсіздік
...Алып қорғанның құлағанын көрдім, Небары алты жасымда, Алып тұлғалар жылағанын көрдім, Бастарын сүйеп ғасырға. Алып таулардың шайқалғанын көрдім, Алты жасымда соны ұқтым: Алып сөздерді айта алғанын көрдім Кіп-кішкентай халықтың. Алып кітаптар торыққанын көрдім, Сол сәтте-ақ одан безінгем, Алып ойлардың қорыққанын көрдім, Ең бір нәзік сезімнен. Алып сағаттар тоқтағанын көрдім, Өлшенді уақыт жаңадан, Алып жүректер ақталарын көрдім, Алты-ақ жасар баладан. Алып құрлықтар теңселгенін көрдім, Темір бұғаулар тозғасын, Алып заңдардың кемсеңдеуін көрдім – Империяның көз жасын! Алып мұхиттар толқығанын көрдім, Бір тамшы суға байланып, Алып тәждердің балқығанын көрдім,
Елтаңбаларға айналып. Алып мүсіндер қирағанын көрдім, Сұлаған жаудай жебеден, Алып саналар жиналарын көрдім, Тұрғызу үшін жаңа әлем! Құрыштардың да шірігенін көрдім, Сен боса, болат, тас егіл! Темір шымылдық түрілерін көрдім, Сахнаға шықты жас өмір! Алты жасымда! Жылаған жоқпын, сұраған жоқпын анамнан, Жұмыстан жаңа әнұран айтып оралған, Сол түні неге ұйықтамай маған бір аңыз айтып шыққанын Ұл жайлы күннен жаралған. Түсінбесем де тыңдаймын, Онсыз да оны жесірлік салған жасытқан еді мұң-қайғы. Көзінің жасы сөйлеген түнді ұқпасам да, Аңыз ұнаған Жаралған күннен ұл жайлы. Деген де шығар «бодандық жайлы білмесін»: Сен түсін, дәуір, сонау бір қанды жыл кешір! Тарихтан дәріс оқитын менің анашым орта мектепте Ұлына бірақ айтпапты кісен, құлдық пен түрме бүргесін. Ерлікті айтқан, үйретпеді ол ездікті, Ұстатқан қалам, ұстатпады ол кездікті. «Құлыным, сенің тарихың басқа» деген тек, Көп сөйлеген жоқ. Сөз бітті. Ал бүгін, енді Тарихты өзім білемін, Жолдарды сезем жонарқамменен мыңжылдар өткен ұлы елім. Ұлылық жайлы ойлайды басқа, Жап-жас шақ Ұлы қорғандардың күйреуін көрген жүрегім – Алты-ақ жасында ақырын көрген алыптың! ...Тәуелсіздік ше? Ол – менің тегім, ұлдарыма оны дарыттым. Тәуелсіздік – мен, ол – менің асқақ аңызым, Болмысы ол ұлдың өзіңнен туған, Жарық Күн!!!
Дұға Күлтегін күннің ұлы екен, Күлтегін мәңгі тірі екен! Өлі өмір емес, тірі өлім: Баяны қалды, бас кетті. Қағандардың жүрегін Тарихшылар тас депті. Күлтегін күннің ұлы екен, Күлтегін мәңгі тірі екен! Жат өмір емес, өзге өлім: Аяны қалды, тіл кетті. Қағандардың сөздерін Тарихшылар құм депті. Күлтегін күннің ұлы екен, Күлтегін мәңгі тірі екен! Ау, мынау Тетис түбінде, Қағанды, қайтер, шақырсақ? …Бөрілер түркі тілінде Тәңірге дұға оқыр шақ! Күлтегін күннің ұлы екен, Күлтегін мәңгі тірі екен! Менің жолым Мойнына бұршақ сап тілеген даланың тұңғышы, Мен емес шығармын. Киелі қандағы қасиетті өрліктің үлгісі, Мен емес шығармын.
Ұлы түз, о, сен деп ұлыған бөріде абадан, Мен емес шығармын. Қазан ат – қан кешкен ғасырдың өтінде жараған, Мен емес шығармын. Тәңір көк еркесі – қыранның шаңқылдақ жалғызы, Мен емес шығармын. Алаулап атқан таң шапағы жүректей алқызыл, Мен емес шығармын. Білмеймін, Бұл кәрі далалық тәкаппар жас халық Менен не күтеді?! Білерім: Мен үшін барлық жол қазақтан басталып, Қазақпен бітеді! Қазақтан кешірім сұрау
Ояндым шошып қап-қара түннің даусынан, Күңіренген дала, Күрсінген, бәлкім, тау шығар?.. Кешірші мені, Қарашы қара басқанын, Жаралы жерім, қаралы аспаным, Сен жаурап қалыпсың ғой, Аулақ қалыпсың ғой, Әр жұлдыздың түбіне тығылып, Қырық құбылып. Не періштегі айтпаппын, Не жеңіспен қайтпаппын, Тым болмаса Тілімнің астына салып та алмаппын, Тым болмаса Омырауыма тағып та алмаппын, Жастығымды жас сұлуларға арнап ем, Үйренбеген соң әнді де айтып хорменен, Жалғыз қаңғып ем, Оралмастай мәңгі мен. Шашылған, шашылған қауырсындарың-ай, Жаныммен ауырсынғаным-ай, Өзімнен қорынып, Қасиетті суларға шомылып Келмекші ем... Кешірші мені! ...Бұл ғасыр нешінші еді? Кімнің кезегі еді? Ненің кезеңі еді? Ұйықтап қалғанымды қарашы, Жылатып алғанымды қарашы, Таулар ояу ма, жолдар сергек пе? Не болып жатыр жер-көкте?! Кешірші мені, Бәрін де реттеймін, Енді кетпеймін, енді кетпеймін! Кешірші, ертеңің үшін мені, Қазір, қазір, Күнді тұтатамын, Желді босатамын, Жерді жұбатамын, Абайды оятамын!.. Ішімдегі...
Таңғы ән Ұлыма Әр күні сенің күнің келеді, Әр таңда күн сенімен бірге! Бұл сенің, сенің нұрлы әлемің, Жарияла ресми түрде: Бұл – менің күнім, Менің бүгінім! Бұл – менің жырым, Менің ғұмырым! Бұл – менің ісім, Менің жеңісім! Мен – әлем үшін, Әлем – мен үшін! Әр адам саған бауыр, шын досың, Сөйлейді бәрі де бір тілде. Бәріне, бәріне сен үн қосып, Жарияла ресми түрде: Бұл – менің досым, Менің бауырым! Бұл – менің көшім, Менің дәуірім! Армен таңдарға, Түнге – өремен! Мен бар – сен барда, Бармын! – Бар Әлем!
ӨЛІАРА
(цикл) Қалада – кешегі уақыт, Дымқылдау қараша демі. Жылатып, тағы да жұбатып, Үлгерді ол мені. Көшелер – өлеңнің жолы, Ешкім де табылмас оқыр. Автобус тағы да толы – Тағы да бос келе жатыр. Бос кетіп барады көңіл, Көңілсіз радио үні. Қалада кешегі өмір – Мұңымның алғашқы күні. Сезінген алғашқы күнім, Жалғыздық, жалғыздық сені, Семдірді-ау көңілдің гүлін, Ызғарлы қараша демі. Бір топ тұр біреуге қарап, Қабаттан құлаған биік. Ол байғұс ішіпті арақ, Пышақтың жүзіне құйып. «Өлгенше ішкені несі, Ақылдан адасқан болар?!» Меніңше, тым дұрыс есі, Білмейді олар...
Мейірімсізге өлі жатып, Қарсылық көрсетер, бәлкім... Қалада кешегі уақыт – Уақыт сұрап жүр әркім. Өзімде өзімнің мұңым, Өзіме уым да балдай. Жылағым келеді бүгін, Ешкімді жылатып алмай. Қымсынар несі бар елден, Бәрі жәй көрінер бекем. Шын жылап алғысы келген, Жассыз-ақ жылайды екен. Дымқылдау қараша демін, Жұтамын бар жандай өші. Бір досым бар еді менің – Ал оның жоқ екен досы. Автобус келеді үнсіз, Радио тұншығып сөнген. ...Сіз қайда жүрсіз, Мен кеше жаныммен сенген?! Сендіре алмадым ба әлі, Ақынға сенбей ме бақыт? Уақыт сұрап жүр бәрі – Қалада кешегі уақыт.
Келемін тұнжырап түндей, О, қайда барарым білмей. Әлдене өзгертетіндей, Әлдекім өзгертетіндей... Тәңірден, қоғамнан жырақ, Соңғы өлең лап етіп ойда, Әлдекім тағы өлді-ау құлап... Әйтпесе, мен сенген қайда? Жеті түн, желексіз көңіл... Ән салғым келгені несі? Көшеде – баяғы өмір, Баяғы көңілдің досы. Бәрі де... мүлде енді басқа Мендегі өмірдің әні. Көзімнен тамбаған жаста Ұрланған күндердің жаны. Дауыл тұр, нөсер құй, жел соқ, Бәрібір селт етпес ақыл! ... Кеудемнің ішінде селсоқ әлдекім ыңылдап отыр. Бір уақ шешедей боздап, Бір ауық сыңсиды қыздай. ... Балконда... һәм ауа жаздап ауаны қармаймын мұздай.
Төменде төбелес ызғын – Дүлей бір жастықтың десі. Жылаған дауысы қыздың... Жымиғым келгені несі?! Құс қонған балконда шаттық, Тойлауда туған күн кешін. Априори. Амигос. Аптық. ... Жылағым келгені несі?! Білмеймін... ән салғым келді, Нендей ән? Нендей ән ауыр? Жесір түн, жетімек шерді Қайтейін жүрекке бауыр?! Тәңірім, осы бір сәттің Ешқандай жауабы жоқ па? Мен бүгін – өзіме жатпын, Бауырмын – өзіне жатқа! Ән салсам... – керек ол кімге, Кім мұнда расұл?! ...Бетховен естиді түнде Гомердің құлаған жасын... Лә-лә-лә, келем, лә-лә, Тұманда қалқып кешкі. Жанымда бәрі жаңа – Ойымда бәрі ескі.
Тұманды іңір жыры – Күмәнді ойдың меңі. Өмірде бәрі тірі – Көңілде бәрі өлі. Сұр үйлер – үйілер, үйілер, Сұр көше – көше, көше... Жан бүгін жалғыз билер Естіген күйге кеше. Ешкімге сенгім келмей, Ешкіммен күлгім келмей, Ешкімді көргім келмей, Ештеңе білгім келмей, Еш әнге салғым келмей, Ешкім де болғым келмей, Ешқайда барғым келмей, Ешқайда қалғым келмей, Лә-лә-лә, келем, лә-лә, Тұманға сіңіп кетем. Өзім де, өзге де, қала – Мен жайлы ән емес екен! Қала – тарих соңы – Бабыр мұнарасы... ...Данышпандық меңі – Ақымақтың басы... Ұмытылған аңыз – Бізді туған дала. Жеті жасар абыз, Жетпіс жасар бала.
Сен өлмеші, ұят, Болмысымның жасы. Ең ақырғы тұяқ – Жаңа ұлттың басы! Сен өлмеші, тегім, Мен қағанның ұлы. Сенің кеткен кегің – Ғұмырымның ділі. Сен өлмеші, кие, Ием табар ақыр. ...Қала – шөккен түйе, Шөккен түйе соқыр. Ең алғашқы жаста Ең ақырғы демім. Адамдардан басқа, Ешкімім жоқ менің. Ең ақырғы жаста, Ең алғашқы демім. Жер шарынан басқа Ештеңем жоқ менің. Беу, әжімді күндер, Беу, сақалды көктем... Қала – соқыр інген, Күл үстіне шөккен. Көр, көр дүние, көрім, Көр, көр мұны, көрің: Үйретілсең – өмір, Бейімделсең – өлім! Құпия Жап-жас қайың, кәрі бақ, Бәрі де бар, жоқ бәрі: Не ойлама – бәрі де А.Қ., Не сезінбе – А. Қ. бәрі.
Ақ па қара, қара ма ақ? Күн сүргенді түн сүрер. ...Жас жүрегін жаралап, Жап-жас ақын күрсінер. Тү-С.,І.,М. – пайғамбардыкі, Өңім – пенде, Ақын кім? О.-й – мұңлықы, Зарлықы – сезім кешіп жатырмын. Ара ұшады: Ж.,Ж.,Ж., Гүлге қонар: М.,М.,М., Дүниенің Қ.-ы-З.-ығы – Дүниеде құмығы. Тоқылдағы: Т.,Т.,Т., И.,И.,И.-ір емені. Дүниенің сұқыты Сұлу деуге келед-І. Кәрі бақт-А. бір кісі С.-үйеніп тұр еменге... Бақи – Ф.,Ә.-нидің түсі Жорамалы – Ө.-лең бе?! Ұ.-ят тірі, Е.-с бүтін, Ә.-лем Д.-есе – бар өлең! Кешіп өтсе кешті кім, Кешпегімді берер ем! Тану ма бұл? Таңдану! Қарсы тұрса ғасырға ар! Жас сұлудың таңбалы Жастығында басым бар.
А.Қ. қой бәрі, бәрі де А.Қ., Ақтан бастау – керегі. ...Бір уақытта кәрі бақ Айға қарап: «Е» деді... Shoot the moon Жалғыз шеше елде қалды, Жалғыз ұл... Жалғыз ұлы жолда қалды, Ақсады... Армандарым қайда қалды алқызыл, Алған жарым ойда қалды сап-сары. Алған жарым ойда қалды сарғайған, Текке кетпей, неге ерттім артымнан. Ой, мені де салса біреу маңдайдан, Ой, мені де алса біреу алқымнан. Жалғыз шеше елде қалды шошайып, Жалғыз ұлы жолда қалды қарайып. Оянамын: «Бас ауғанға қашайық!» Ұйықтаймын: «Қой, осында қалайық!» Мен Кешеден өте алмадым Ертеңге, Қайда қашып құтыламыз Бүгіннен? Ой, өліара құбылады желкемде, Ой, өліара шұбырады тілімнен.
Ой, дәстүрін елеу керек жат елдің, Желеу керек қууға да жат үшін. Ой, ақысын төлеу керек пәтердің, Аштықтың да төлеу керек ақысын. Біз босаға тұтып келдік қай елді, Босағада неге тұрмыз, сүйікті? Ой, не етеміз ұзын тырнақ әйелді, Ой, қожайын болса тағы иықты. Үмітімді ақтамаған әкемнің, Мен де бүгін жоқтамадым хақысын. Ой, ақысын төлеу керек пәтердің, Жастықтың да төлеу керек ақысын. Жалғыз шеше елде қалды – жаңбырлы, Су тимеген енді неміз сүйікті?! Ой, не етеміз ұзын тырнақ тағдырды, Ой, қиындық болса тағы иықты. Алған жардың ойларына сап-сары,
Сурет салып... ой, қараймыз тамсана: Бір мекенде гүлзарлы да бақшалы, Ой, гүл теріп жүр екенбіз ән сала. Алған жарым маған ұзақ қарады, Гүлін теріп жүрміз бе әлде жат елдің?! ... Ой, ақ сүтін өтеу керек ананың, Ой, ақысын төлеу керек пәтердің. Жалғыз шеше елден келер, жалғызын, Жалғыз ұлын жолға қамдар уақытта. ... Бір ақ таңда осылардың барлығын, Айырбастап алармыз біз бақытқа. Алматыға – бәрібір! Ең алғашқы оқылған жыры есімде, Ең алғашқы айтылған сыры есімде, Ең алғашқы жалғыздық түні есімде, Алматыға – бәрібір! Білесің бе?!
Тағдырыңның келгенмен зарын бұлдап, Оңың – тайғақ, ортаң – ор, солың – бұлғақ. Қарсы алмайды Алматы сені гүлмен, Шығарып та салмайды қолын бұлғап. Ар болмаса, зарыңды бұлдамағын, Бұлданғаны бұйым ба бір баланың?! Ақындардың жырымен жазылады, Жазылмаған заңдары бұл қаланың. Бәрі алғашқы қадамнан басталады, Қадамындай кәдімгі жас баланың. Алматыда ұлы ақын бола алмайды, Алматының өзінен басқалары. Алматыға – бәрібір! Сезесің бе? Төзесің бе, жоқ әлде безесің бе, Көзің қалар сұлудың жанарында, Сезім қалар шайырдың көзесінде.
Алматыға – бәрібір! Не күлермін, Не жылармын, жеңермін, жеңілермін. Сағынамын сонда да неге, неге? Неге, неге келеді сені көргім?! Еркеліктер – сезімнен, ойдан – бүлік, Құпияңды көбірек қойғам біліп... Сол «бәрібір» барлығын бір етеді, Бірді тағы бәріне айналдырып.
- * Асқақтық туралы аспанда, Азаттық туралы ақ жұлдыз, Ақпанар нұрын шашқанда, Ойладым... өзің туралы; Жабығу туралы жылдарға, Жалғыздық туралы шыңдардан, Зарыға қарап тұрғанда, Аңсадым... өзің туралы; Көз жасы туралы нөсерде, Өткен күн туралы ауыр бұлт, Күрсініп терең көшерде, Жыладым... өзің туралы; Сағыныш туралы түндерде, Ай нұры әлсіз түскенде, Үмітім туралы гүлдерге, Мұңайдым... өзің туралы; Мәңгілік туралы жолдарда, Қарсы алу туралы құштарлық, Мүсін боп қатып қалғанда, Қол создым... өзің туралы, О, менің Тәуелсіздігім!
- *
Қуанудан қуанбауды үйрендім, Мұңаюдан мұңаймауды үйрендім, Хас үлгісін көрсете алам өрлеудің, Хас үлгісін көрсете алам күйреудің.
Оқылса өлең уақыттың атынан, Ар жаралса сол өлеңнің затынан, Аралап кеп сезім мұражайларын, Ойдың кітапханасында отырам.
Биік-биік армандардың тұсынан, Үнсіз ғана үміт құсын ұшырам. Мен жердегі жұлдыз болып алар ем, Аспандағы жұлдыздардан қысылам.
Көктемінде ең бір асыл мұраттың, Бақ үшін бе, сор үшін бе... бүр аттым, Қап-қараңғы ғасырлардың ұстазы, Өзін көру үшін жаққан шырақпын!..
- *
Ауырсынып шықты бүгін түн мені, Жыларын да, күлерін де білмеді, Қуарын да, кетерін де білмеді, Ауырсынып шықты бүгін түн мені. Бұл түн мені ауырсынып өткерді: Сағынышты, жалғыздықты, өкпемді; Қаралады, мазалады, жек көрді; Бұл түн мені ауырсынып өткерді. Ай «аз ғана тынықшы» деп өтінді, Жұлдыз «бәрін ұмытшы» деп өтінді. Құшақтады, сүйді, өпті бетімді, Содан маған жеңіл болар секілді. Аңыз айтты, әрі мұңлы, әрі ізгі, Айта алмады аманатты, парызды, Айтты, айтты қарашаны, тамызды, Мен ертекке алданатын тәрізді.
Бір мезгілде «ұйқы бер» деп сұрады, Бір мезгілде қып-қызыл боп жылады. Бір мезгілде, таусылды ма шыдамы, Талықсып кеп, талығып кеп құлады.
Ауырсынып шықты мені түн бүгін, Ауырсына көрмеңдерші, құлдығым... Екі ғашық секілдендік екеуміз, Жек көретін бір-бірін... Ауырсынып шықты мені түн бүгін.
- *
Құстар қайтты топ-топ боп, тоқтасын ба, Бау тағарға бірі де жоқ қасымда. Көкке қарап қанатсыз пенде қалды, Ақыраптың ақырғы аптасында.
Қалдым солай, қасында қалғандардың, Қала-қала қатыгез болғандардың. Қатал болып кетермін мен де бір күн, Ақырына жеткенде армандаудың.
Ай, азабым ішімде, айтам ба әр күн, Көктем келмей құстарды қайтарған кім!? Қарашы енді бойымның тоңазуын, Алматыға бір барып қайтам, бәлкім... Тоңазу ма, шымырлап тараған мұң, Жоғалған іздеріндей жағалаудың?.. ...Тек ұшақпен ұшпаймын, қарай алман, Көздеріне төменнен қарағанның. Элегия
Жетімек қозы күйін кешсем мен, Әкемнің жолы болмаған шығар, достым. Көктемгі таңды сүйіп өссем мен, Анашым долы болмаған шығар, достым. Көзімнің жасы әлі кеппесе, Көкем деп біреу сүртпеген шығар, достым. Есік қағуға батылым жетпесе, Ешкім де мені күтпеген шығар, достым. Тентіреп жүрсем сөздің өтінде, Сырласып олар көрмеген шығар, достым. Сопайып тұрсам топтың шетінде, Сұрайтын адам келмеген шығар, достым. Ешқайда бүгін асыға қоймасам, Зарығып бір жан тоспаған шығар, достым. Айқара тағы құшақ жаймасам, Елжіреп құшақ ашпаған шығар, достым. Қайтейін, бәрін ұғып тұрамын, Сонда да сүйем, сене білемін, достым. Таңертең үйден күліп шығамын, Күліп оралғым келеді менің, достым.
Бір қара Көзімнің ұшында бір қара – Сезімнің жетінші жұмбағы. Көзімнің ұшында бір қара, Қолдарын қатыгез бұлғады. Көзімнің ұшында бір қара, Қай жаққа қарасам – көремін. Көзімнің ұшында бір қара, Қусам да жете алмай келемін. Көзімнің ұшында бір қара, Құбылып-құбылып барады. Көзімнің ұшында бір қара, Ол неге мазамды алады?! Көзімнің ұшында бір қара, Нүктеге айналды – жоғалды. Көзімнің ұшында бір қара, Нүктеден қайтадан оралды. Көзімнің ұшында бір қара, Бір кезде мен жаққа жүгірді. Көзімнің ұшында бір қара, Көзімнің ішіне тығылды. Көзімнің ішінде бір қара, Өзіме ұқсайтын секілді. Көзімнің ішінде бір қара – Бір бала кекілді. ...Келеді
Кей-кейде сөйлегім келеді бәрінің атынан, Айқайлап жібергім келеді. О, сосын түнеріп отырам, Өйткені, түнергім келеді. Түнергім келеді қаһарлы қағандай, Жүзінде ғасырдың сесі бар. Күмілжір бұл әлем кілтімді таба алмай, Иә, әлем! Несі бар?! Кім айтар ондай ұл тумас деп бұл дала, Толағай. Дүние, кеудеңді бұлдама, Менің де кеудем бар даладай! Кей-кейде күлкім де келеді бәрінің атынан, Қарқылдап жібергім келеді. ... жай ғана жымиып отырам, Жылағым келмейді, себебі. Жымиғым келеді бір сайқымазақтай, Қартайған, қажыған, ашынған. Күлуге болады өзіңді мазақтай, Ұруға болады басыңнан.
Келеді, келеді, бәрі де келеді, Әйтеуір, жүрген соң өлмей құр. Келгені – кетеді, туғаны - өледі, ... Кімдікі келмей жүр?! Сен жылама, досым! ( досым Біржан Сейсенғалиевке) Сен жылама, досым, Адамның көз жасы сондай терең, Тұншықтырып аларсың оны. Ол – аппақ шашты өлең – Дүниенің меңі. Сен жылама, досым, Оның жанына жып-жылы қанат бітті, Ол – сағыныштың қанатты өлеңі. Оны Аспан күтті, Тоқтата алмайды Жер оны! Сен жылама, досым, Ақ тамақ көгершін еді, Мойнына тағдыр қызыл бау тақты. Оны да, сені де, мені, Жүрегімен құшақтап жатты.
Сен жылама, досым, Тәңірі қызғалдақты өз бағына алды, Самалы – жұмақ демі. О, сонда да бізге ақырғы жылау қалды – Бір ғасырлық ең кемі.
- * Майлы бояу май айы, Жан-тәніңе түн жұғар. Көктем – мезгіл әйәйі, Құмары бар, тынжы бар.
Әлі кебе қоймаған, Күн шуағы таңдағы. Әлі сөне қоймаған, Жаңбыр ізі – жап-жарық.
Тағы тұрып... түн іші Бір ғасырға көнердім. Түзде – қоғам жұмысы, Үйде – ісі өлеңнің.
Тағы түнмен таласып,
Бір ғасырға жаңардым. Түзде – адам баласы, Үйде – әкесі адамның.
Сана – заман шалығы, Көңіл – құстың тауысы. Ит даусының жарығы, Ай нұрының дауысы.
Түннің жады – қыз жады, Жуар бәрін жаспенен. Жазу керек бізге әлі, Жазылмаған баспенен.
Абдыру бар, алаң бар, Армандар бар құлаты. ...Жасарады адамдар, Қартаяды уақыт.
- *
Түнімен ауырды бұлттар, Желтоқсан жөтеліп шықты. Ештеңе таппадым ұрттар Уайымнан мықты.
Жаңа жыр жазбадым түнде, Түсімде құстарды көрдім. Күбірлеп беймәлім тілде Шошына бердім.
Көбелек ұшпайды қыста, Сағыныш – көшпелі алтын. Көрші қыз шықпады тысқа, Ақ қардан ұялды, бәлкім...
Кешікпей көктем де келер, Газетке шығармыз күліп. Әлдекім бізге де сенер, әлдене біліп...
- *
Қараңғы бұрыштардан, Қараңдап көрінемін. Бармаған жұмыстардан Қайтуға ерінемін.
Басқаның келісімін, Өзгеден сұрар тұста, Телефон желісінің Ішінен шығар тұста, Алдымнан сен кезіктің, Артында пешененің. Екеуміз тең кезіппіз, Алматы көшелерін. Қараңғы бұрыштардан, Қараңдап көрінеміз. Алмаған жұмыстарға, Баруға ерінеміз. *** Ұйықтап жатып, жылап шықтың түнімен, Сен күліп ең, мен де содан күліп ем. Неге, неге, бейсанаға ендің сен, Неге, неге, бейуақта жүріп ең? Тұзың ба әлде, өзің де әлде жеңіл ме ең? Жүректі ая жаралмаған темірден. Тәңір саған бермегенді, ботам-ау, Неге іздедің, неге іздейсің өмірден?!
Жүрекке ауыр – көңіліңнің кемсеңі, Жүрекке ауыр – сеніміңнің өлшемі, Жүрекке ауыр – жалғыздықтың көз жасы, Қалай ғана қорғай алам мен сені?
***
Сезім серіден болғанда, ойым өрден, Құсалы өткен күндердің қайыры елден. Бұлтты күні не амал боздағаннан, Көп адамға не абзал кейігеннен?!
Өзегімнен шымырлап шықты мұңым, Айтшы соны қай кісі ұқты, күнім? Саған мәлім, қалқатай, мен мұңайсам, Айға ұлыған арманға күптілігім.
Сыртқы барды түгендеп, ішкі жоғын, Тәңір жақты тұспалдап түсті жолым. ...Жүрегімнің басында қып-қызыл шоқ, Аузымды ашсам ұрады ыстығы оның.
- *
Мені көп сақтайды іштегі бір ұстам, Өзгермес кенеттен, құбылмас оқыстан: Солтүстік батыстан, Оңтүстік шығыстан, Солтүстік шығыстан, Оңтүстік батыстан, Жел соқты, жел соқты, қай тұстан, білмеймін, Түстік пе, терістік? Соғады-соқпайды, Айтпаймын, ашпаймын, жыламан, күлмеймін, Іштегі бір ұстам мені көп сақтайды. Тауларым, көлдерім, орманым, жолдарым, Желменен жіберді өңдерін-түстерін, Жел соқты, жел соқты, жеткізді ол бәрін, Мені көп сақтайды бір ұстам іштегі. Жел соқты, жел соқты, сергітті соққан жел, Ауырлау-жеңілдеу, азырақ-көбірек, Сен келсең, сен келсең жел соқпас жақтан кел, Іштегі бір ұстам сақтайды мені көп!.. Элегия
Жаңа Париж.* Көктем. Кеш. Бастилия. Жаңбыр. Мұң. Бастан адам өткермес, О, несі бар тағдырдың?!
Ертеректеу мұнан сәл Соның мәнін ұқтым ба? Бір сағыныш, бір аңсар Бастилияда тұтқында.
Бет пердесі темірден, Жоқ жібек пе, тор дей ме?.. Көзін сүртіп өмірмен Қарауытқан сол бейне...
Жанын елден жасырып, Сыр да ашқысы келмейді. Сен кешірші, жас үміт, Ол бүгін гүл бермейді.
...Не естімей лебізін, Не соңғы сәт көрмеген, Сол наурыздың сегізі, Ол әжесін жерлеген.
- Жаңатас қаласы
- *
Сенгем бүгін! Жаңа күн шуағы да, Теңіздің толқыны да, Қараша тұманы да, Найзағай жарқылы да, Сәуірдің жаңбыры да, Таулардың киесі де, Құстардың тағдыры да, Жолдардың иесі де, Таңдардың сәлемі де, Кешкілік сүйісу де, Даланың селеуі де, Кітаптың иісі де, Ағаштың тамыры да, Гүлдердің ғұмыры да, Көкжиек сағымы да, Қанаттың қыбыры да, Әлемнің жұмбағы да, Мәнгілік мұңдары да, Махаббат құрбаны да, Сағыныш құлдары да, Күнтізбе күндері де, Ғасырлар жаны мұңлы, Сағаттын тілдері де, бәрі де бәрі білді: Жыр жазғым келгендігін! Шалық Білмеймін, қашан мен жолға шықтым, Оятты, о, кім ғарыш ұлын. Айкезбелік пен ойкезбеліктің, Арасын кезген жолшымын.
Жүреді жарты ай жанымда қалқып, Ашылса түннің жанары. Басымның сол сәт сүйегі балқып, Шыраққа ұқсап жанады. Қалықтап көкке көтерілемін, Сеземін бір күш бүргенін. Сеземін суық ғарыштың демін, Сеземін жанның дірдегін. Шақырады аспан жұлдызды жолға, Құс салып өткен жолым бар. Ояна бастап таулар да сонда, Мұхитқа келіп шомылар. Көшпенді-жүрек кеудемде-ғалам, Бір жолаушы едім адасқақ. Мың бір шырақты әлдебір шаман, Жолымды жүрер аластап. Биікке кетем, бәрінен жырақ, Шақырмаңдаршы, сұранам! Қарасам төмен, кетем-ау құлап, Періште сынды құлаған. Бір күні мен...
Бір күні мен ауысқам бір жұлдыздың түбінде, Құрсағынан анамның, құрсағына ғаламның. Бір күні мен құдайдың құдіреттілігінде, Үңгірінде қоғамның қапияда жоғалдым. Бір күні мен айтамын ұл туғанын атадан, Жалғыздардың жүрегі – жаратқанның сүреңі. Бір ойларым қашаған, бір ойларым жатаған, Бірі үйге түнеді, бірі түзде жүреді. Бір күні мен күлемін күрек тісім көрініп, Сезім әлі тірі деп, төзім жаны сірі деп. Бір күні мен жылаймын көз жасыма беріліп, Сордың соңы бір тамшы, бақтың басы бірі деп.
Бір күні мен аттанам ар жағына айнаның, Жаралмаған аралға, жасалмаған қамалға. Бір күні мен хат жазам ғашығыма беймәлім, Ерініне сезімнің үркер жұлдыз қонарда. Бір күні мен мәңгілік күбірінен құтылам, Мені мезі еткеннің, менен безіп кеткеннің. Бір күні мен жұлдыздың жанарына жұтылам. Ақырында өткеннің, әуелінде көктемнің. *** Сізге айтамын, мәртебелім, тыңдаңыз, Сізге айтамын, өз ойының құрбаны, Арасында кебісі мен бөркінің Әркімнің-ақ өзіне аян кім бары. Сіз құдайсыз өзіңізге, байқадым, Бірақ маған еместігін айтамын. Бір құдайды сүйіп келгем әу баста, Сол құдайды сүюменен қайтамын.
Сізді және жек көрмеймін Себебі: Жек көре алсаң – махаббатың өледі. Жаным менің жылап-жылап болған соң, Көз жасынан шарап жасап береді. Ләйліп кетем содан кейін, масаң күн Мұңлы бастан ауғанынша қашанғы. Қораланған айымды да құтқарам, Күн тұтылған көгімді де ашармын. Сіздің неге еткіңіз бар көктей тұл? Онсыз дағы жасытты ғой көп бейпіл. Жығып алып мәз болады ортаға, Тек қана енді ду шапалақ жетпей тұр. *** Қисық аяқ, қыли көз, Ей, бүгінгі, ұғымым, Бұл не деген құбылу, бұл не деген құбылу?! Өмір – неге – өзгенің қабағының астында, Жалт қарауға бата алмай жанұшыра жүгіру!?
Қас түбінен құлақтың піл түшкіріп қалғандай, Әлем қойған сұрақтың өзегінде толғанбай. Мезгілінде мен неге шыға алмаймын құрсақтан, Қанатыммен қалайша жер сабадым қорланбай. Әлеуметтік ғаріптік түсінігін кім ұғар, Отанилық обалдың өзегімде мұңы бар! Соғыс көрген даланың доланасы қышқылтым, Соққы жеген баланың тым ащылау тілі бар! Қайда менің биігім, қайда менің түбірім, Жүгіремін – сүріну, қайта тұрам – жығылу. Сексеуілден сүйегі, жусан сөлі – қаны бар, Мен де мына ғасырдың ессіздеу бір қылығы. Шайырға Серік Томановқа Керегі не әлдекімнің есебі, Керегі не әлдекімнің өсегі, Шор маңдайға сор бітеді бес елі, Сол бес елі бақыт екен деседі!
Бес елің бар, Кеселің де басқарақ, Қадіріңді қайдан ұқсын қас-қабақ?! Аспағанға Алатау да алты адым, Баспағанға Бетпақ дала бес қадақ. Ғұмырың бар – олар үшін тансық ән, Неткен бақыт, неткен қорлық қаңсыған!!! Сенің жаның – ізгіліктің ақ гүлі-ау, Ұлы мүсәпірлік табан жаншыған. Ал, ақындық – тарихпен де тең тұру! Қос әлемнің арасында тентіру, Күнде өзіңді махаббатпен жаратып, Күнде өзіңді күрсініспен өлтіру! Күллі әлемге кіндігіңмен байланып, Ақын барда – сен барсың, деп тыншығу. Күнде өзің сұлулыққа айналып, Құбыжықтың құшағында тұншығу.
Баянсызын фәнименен некеміз, Сезбей келіп, безінумен кетеміз. Жатыры асыл жақсылардан жиіркеніш, Тегі жаман тентектерден теперіш, Көрсетпеуін, бәлкім, тілеп өтеміз, Не етеміз?! Үміттер көп уһілеген – көп шөңге, Маңдайыңда, өзегіңде, өкшеңде. Хан ұлына лайықты жүрекпен Қайыршының күйін кешкен тек сен бе?! Қайыршының күйін кешкен тек мен бе?! Қылт Көңіліме бір қылт кірер кешқұрым, Қасиеттен жұрдай болып құбылам. Қасақана қылығынан естінің, Есалаңның сайқымазақтығынан. Көңіліме бір қылт кірер бесіннің, Сақалына жармасқанда күнбағыс. Сатқындығы сақалданса досымның, Ұзындығы болса және мың қарыс.
Көңіліме бір қылт кірер іңірде, Тас жүрекке айналамын есесі. Сұлулардың махаббатсыз тілінде, «Сүйем» деген сөздің өлсе шешесі. Көңіліме бір қылт кірер екінді, Күнді жалап өшірерде тілімен. Қолтырауынның көзінің жасы секілді, Адамдардың мейірімсіздігінен. Көңіліме бір қылт кірер ымыртта, Кім кекілін сақалым деп жолықса. Жер бетіне жаңа түскен жұмыртқа, Жерден ауып кетемін деп қорықса. Көңіліме бір қылт кірер құтпанда, Ұлы өзеннің жылатқанда қайтысы. Жұрт таңданса оны құрдым жұтқанда, Сол құрдымның тереңдігін айтысып.
Міне, осылай, туылады мұңлы өлең, Болмысымен жек көрумен өмірді. Құбыжыққа айналсам да түнде мен, Сұлулықпен кісендеймін қолымды. Жек көрудің бола алмадым құрбаны, Атар таңнан үмітім бар себебі, Түсінбеймін, Тәңірімнің құлдары Сол кісенді неге үзгісі келеді? Неге? Өттім Алып қала – алаңғасар, аңғал тым, Алданады қасынан да, досынан. Марғау бұлттар мағынасыз маңған түн, Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан. Тұрды жігіт, қызды құшып, иіскеп Шылым иісі сіңіп қалған шашынан. Мен де талай, бәлкім солай сүйіскем, Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан.
Духаналар – жүзім қаны, нан жасы, Қайрауықтың күйіндей ме, ғасыл ән?! Көңілімде келер күннің таңбасы, Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан. Вокзал, вокзал... Қайда асығар адамдар? Мен ғой менің ғасырыма асығам. Әлдеқайда әлдеқалай қараңдап, Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан. Қаңғыбастар, қайыршылар, кезбелер, О, арымды қайда апарып жасырам?! Сезім де өлер, сенім де өлер, сөз де өлер, Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан. Үнпарақтар, қорғандағы жазбалар, Жарнамалар, жол бойында жосыған. Бойжеткендер... Нені бұлдап назданар?! Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан.
Тұрғын үйлер – берілмейтін, берілмес, Көшпес ақын, көше алмайды қосынан. Мұңлы жырдай тағдырыммен көрінбес, Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан.
Сезбей сезіп, ойсыз тағы ойланып, Кітаптардан күдіктеніп шашылған... Бәлкім бәрі бір-біріне байланып, Өтіп бара жатты ма үнсіз қасымнан?!
- *
Бізден бұрын жаратылған Дала бұл, Сізден бұрын жаратылған Ана-қыр, Одан бұрын жаратылған Ата түз, Бізден соң да қалады.
Біз де содан жаратылған ұланбыз, Сізге өмір бергенін де ұғармыз, Оған өмір беруін де сұрармыз, О, мың алғыс, мың алғыс!!!
Дала бізге, біз далаға иеміз, Сіздің мұнда обалыңыз, киеңіз, Оның мұнда бабасының сүйегі, Сондықтан да сүйеміз!
Атамыздың жағасынан алдырмай, Анамызды күрсініске салдырмай, Арман жоқ-ау ажал құшсақ арлы ұлдай, Топырақты қор қылмай!
- *
Дала, дала, ұлы дала, Ақылы – Аға, есі – Еге, Қайғысы – Ақын, мұңы – Дана, О, тәкаппар пешене!
Мен көтере алар ма екем, Сен көтерген киені, Маған жеңіл болар ма екен, Бабалардың сүйегі!?
Дала, дала, ұлы Ұйық, Ұят – қызы, ары – ұлы, Болмысы – асқақ, сыры – биік, Жазмышымның жарығы!
Мен көтере алар ма екем, Сен көтерген орданы, Маған жеңіл болар ма екен, Балалардың арманы?!
Ұлы дала, ұлы аспан – Уақыттың жүзігі. Күні – аңыз, түні – дастан, Маңдайымның сызығы!
Қапер (әңгіме)
Тағы жерідім, тағы да айныдым, Тағы да кірді ғой ортаға қара түн... Қош келдің, Жалғыздық, Қош келдің, қайғылым, Жан таппай мұң шағып баратын, Жан таппай жанымды ұғатын, Сенделтті бұл шаһар көшесі: Дәл осы көшеде ұрланып мұратым, Жоғалған арманның нешесі. Көзімнің ұшында Көшелер өледі... Ар жағы мәңгілік арманның мекені. Кей-кейде сол жаққа тартқым-ақ келеді, Ал шешем не етеді?! Көк базар-дүние жайлар бұл беткейді, Білмейді ол бірақ ақшада жас барын. Ойлансам, ойымнан қайыршылар кетпейді, Ол бәлкім өзіммін, ал мүмкін достарым. Түнгі оттар шақырар алыстан-алыстан, Жолаушы-жүректі қайда ерттің көшелер?! Оянсам – нақұрыс, ұйықтасам – данышпан, Көшелер секілді шып-шиыр пешенем. Көшелер – пешене, Түкпірлер не түрлі, Әр жерде өткеннің өрнегі. Көшелер ескірген ленталар секілді, Есіме салады әрнені: Мына бір еңселі үй селт етпеу, таң қалмау, сенбеуге ескерткіш екенін кім ұғар?! Бір кезгі жүрек бұл: арманшыл, аңғалдау, Ал қазір бірі жоқ, тек қана мұңы бар. Жарығы сөніпті... енді ешкім кірмейді, Шықпайды енді ешкім еркелеп. Неліктен? Ешкім де білмейді, Бір сұлу тұрғанын біледі ертерек. Ол жайлы жан таппай шындықты сұрайтын, Ойымнан шығарам, сөйтетін көбісі. Мұңайса – күлетін, қуанса – жылайтын, Хат жазып жүретін өзіне о кісі... – Ол – мендік махаббат, биікке ұмсыну, кештеткен онсыз да кешіккен көктемді.
Ол – бәлкім – құбыжық, болмаса – тым сұлу, Қайсысы болса да, жалғыздық боп келді! Сұлулық бірде оған өкініш тілінде, Ертегі айтыпты обалы бес елі, Сол күні ол ұйықтап бұ дүние түнінде, О дүние таңында оянған деседі. Өлді ме? Мүмкін, жоқ! Өкініш өтпей ме?! Тірілтіп алған да шығар-ау кей көктем... Біреулер айтып жүр, қарайды деп кейде, Сол сұлу жаңбырлы түн сүйген әйнектен. Міне, енді, сол көше, Қараңғы күндіз де, Бұзылған секілді келісім: Сұлуды «Бақытты!» деп айтты кім бізге? Ақын да бақытсыз сол үшін! Бір сәтте табылдым, бір сәтте жоғалдым, Махаббат көшесі жоғалған! Мен содан түңіліп, іздеуді доғардым, Мен содан тасжүрек боп алғам! Тағы да жерідім, тағы да айныдым, Тағы да кірді ғой ортаға қара түн... Қош келдің, Жалғыздық, Қош келдің, Қайғылым, Тек қана ақында болатын!
Кербақ (ыза жыры) «...Нәлет біздің жүріске!» Асан Қайғы
Сөзімнің алты атасын, Сезімнің бес енесін, Саудалап, Бұлданған бұл басымды, Қарғыс бағының қарғалары қаумалап, Сері маңдаймен салтанат құрмасымды, Сездіре алмас демедім, Бездіре алмас демедім, Ұғынғам: Желігім – жезтырнағым, мастығым – мыстаным, Ой құрсағында кейіпке ене алмай құбылған өз басым – жалғыз дос, жалғыз дұшпаным! Жыртық шекпен ішінде, Олигархиялық пішінде, Жеткенге, Жетісіп тұрып ұшындым: Күнкөріс дүкені кіргізбегенде шекпенде, өзім түгілі үміт те жоғын түсіндім. Жылан құйрықты қылығы, Дар арқаны – бұрымы, Масаңда, Жалынсыз құшақта қалыңсыз құшқаным. Құмырсқаға көтерткендей қос алма, Сонша гөзәл болса да, Осы ма еді-ау аңсаған ұшпағым?! Жүректің ғайып-еренін, Көңілдің қырық шілтенін, Мазақ қып мастанған бұл күніме түкіріп, бүінімді өлтіріп, «Жасасын азаттық!» деп, кеткім келеді ертеңіме жұтылып! Көзінде құдайды өлтірген, Сөздері сайтан келтірген, Бейуақ, Төрге қарап сәлем берген,
Бүкіл әлемнің наласын қарашығына құйып ап, Сүрінгенін Құлап жатқан сенен көрген, «Сүйкімділермен» сүйісіп, «Құрметтілірмен» күйісіп, Оу, мен не етпедім?! Желге қарап ысқырғам, Шығарып сап пәктігімнің соңғы көктемін, Жиылмаған көңіл төсегін ібіліске құштырғам. Жүректегі хаты Алламның, Алғашқы аты арманның – Өлеңім, Өлі әлемімді кезіп жүрген тірі елес! Жыладым – жалғыз, күлгенде көп едім, Жә, кетейік, Біздің үйір бұл емес!!! Манифест Далқын сала, сала далқын, Біздің маусым жаңбырлы. Калғулы кеш қала халқын, жылы сөздер тоңдырды. Өниет пен Әдебердің, туды ұлы заманы. Ей, жас жүрек, неге келдің, бұл кезеңге жаралы?
Нені іздедің, үміт ұлы, жас ойлардың бауыры? Басталғанда ұмытылу, ұмытылу дәуірі... Жалғыздық – дос, серт адамға, өмір сүру – ой кешу. Қалдыр бәрін Керқаламға, Өзі жайлы сөйлесін. Кеттік, достым, назалы шер, жеңер бізді, себебі: бұл кезеңде таза өнер – ол – үндемеу өнері!.. Ғасыр Моно Лизасы Олар тағы қуыршақ ойнады, Қуыршағы сен бе деп сескендім... Неге ойладым, Неге кеш келдім?! Тапырақтап жүгірді біреулер, Жан терезесіне лай атты. Ақ үмітіңді мысық тілеулер, Қып-қызылға бояпты. Құс жолына шейін тінтідім, Таппай... шошындым түсінен: Қара түн байғыздың сұңқылын, Қайталағанда ішінен.
Тұтаттым ең соңғы сезімді, Үдерде жанның бүрсеңі. Күнге тапсырсам деп ем өзіңді, Жібермеді түн сені!.. Тым кеш ояндым, Ерте асылдың... ... Осынау қалыңдығы бояудың, Сұлулығы ма ғасырдың?! Сіз кедейсіз...
Сіз кедейсіз, Ақылдысыз несіне? Несіне күрсінесіз кей түнде?! ... Қоғамдық пікірлер есінеп, Қоғамдық көліктердегі қариялардың кейпінде, Тұр әне..! Немересінің достары, бәлкім, (Айналдым!) Отыр. Көзінің шырағы, Ардагерлері болашақ майданның. Сіз кедейсіз. Сіздің ақылыңыз – сол қарияның шашы ағарған, Кедейлігіңіз – оның көңілі, Күрсінісіңіз – қатыгез жылдарға тоналған Өмірі! Кедейдің ақылы Оның аш қалуына толық жетеді. Адалдық жайлы ұрандардың мәтіні жазылған қағаздарды кемірудің не екенін сіз білесіз, тегінде, Ол қағаздар айналмайды ақшаға! Менің де Кедей болуға басым жетті, жақсы аға! Құрметтеудің дәуірі өткен кедейді, Сондықтан, Көбінің кедей болуға батылы жетпейді... ... Еңбек етпеген нан жемейді! немесе Нан жемеген еңбек етпейді!
Инкогнито Менің мұңлы ойларымның ішінде: әлем, тағы өлең асқақ пішінде. Сыртында оның өмір мәңгі ұйқыда, Өмір... мені көріп жатыр түсінде. Аласұрып, байыз таппай әлемде, Айналамын өлеңге. Мендік ғұмыр – сүю жайлы жасыл түс, Өлген тілде жорып қойған әуелде. Сұп-суық тер маңдайында ғұмырдың, Түңілдім. ... Өмір мені көріп жатыр түсінде, Ал мен оның өңіне қарай жүгірдім, Сосын, шошып... өзіме қарай жүгірдім... Оянуға асықпаңдар, адамдар! 2012 жыл Таныс дауыс естілсе үй тұсынан, Балкондағы көршінің иті шығар… Өлең жазып шыққандай түні бойы Қала бүгін кеш тұрды ұйқысынан.
Таңғы газет кешікті… кешігеді, әтеш болмас ит әлі неше үреді. Өткен түннің баянын айтпақшы ма, Сымда отырған торғайлар есінеді. Мемлекеттің мерейлі естілді әні, Ол да таныс ақынның ескі ырғағы. Әдетінше кеш жатқан қала түнде, Әдеттен тыс несі екен кеш тұрғаны? Қала бүгін кеш тұрды… шар айналар, Шырайналар, айналған – арайланар. Жарық күнді көргендей мың жылдан соң, Неге аспанға үздігіп қарайды олар? Қамсыз жатқан халықты қара-құрым, Мешіт пенен шіркеуге қамады кім? Пенде болып ұйықтаған түнде ғана, Пайғамбар боп оянды қала бүгін.
Бір сәтті де қия алмай түңілуге, Бір-біріне адамдар үңілуде. Бірі ойлады: «Өлуге бола ма екен?», Бірі ойлады: «Бола ма тірілуге?». Сонша үрейлі болар ма көк түнегі, Көрінбейтін көз неткен өткір еді! Тым құрыса, суретке түсіп қалар, Бір пайғамбар келсе екен деп тіледі. Қиын екен адамға көк сынағы, Болмыс әлі о, талай көп сынады. Келмеді ОЛ. Сонда олар бір-бірінен: «Пайғамбар емессің бе?» деп сұрады. Ізгі хабар әлдекім таратар ма, Таратар ма, тағар ма қара таңба? Сақталмаған түн өтті ешбір еске, Ақталмаған үміттің таңы атарда.
Көктен сол түн әулие емес, сенім кепті, Адамзаттың күнәсі жеңілдепті. Ешкім бұғауланбапты жартасқа да, Айқышқа да еш адам керілмепті! Ештеңе де болған жоқ. Әлем аман. Сәл мысқылмен қарайды өлең оған. Таңғы газет кеп жетті, жазыпты олар: «Пайғамбар боп шығыпты пәлен адам!». Күнтізбенің жыртылған парағы – алтын... Жыртты, әлде жыртпады қала халқы. ...Сондай ма еді, япыр-ау, есімде жоқ, Януардың біріне қараған түн. Бумеранг Шаршатты бары, аңсатты жоғы, Сертінен дүние тайды ма-ай? Мен – Оғылан ем – Түркінің оғы, Адырна таппай, Адастым көкем Қайғыдай.
Солықтап, өксіп, ауырды басым, Қырға да алаң, жырға алаң. Жыласа енді сәуір жыласын, Жыламаймын мен, Нұрлы адам!
Бұйығы өткен бала шағым-ай, Булығып шыққан шер – өлең. Мұңайсаң енді, қараша, мұңай, Мұңаймаймын мен, Жар әлем!
Емексіп жүріп өлем бе, құрысын, Еміренбесең – назым қай? Оқылса енді өлең оқылсын, Оқылмаймын мен А сызықты жазудай!
- *
Туған айды керілген, Жаңа шыққан күнімді, Сүйілмеген, сүйілмеген ерін мен Сипалмаған, сипалмаған бұрымды, Жаңа жырды жаттаған, Қонақтарды күтпеген, Ақ жағаны әлі галстук тақпаған, Иықтарды әлі жұлдыз бітпеген, Жас үмітті – ақ шәлі, Мен жүрмеген жолдарды, Саусақтарды санамаған ақша әлі, Әлі құлып ұстамаған қолдарды, Көзін ашқан бұлақты, Құрақ сылқ-сылқ күлгенді, Мақтау естіп үлгермеген құлақты, Ғайбат айтып үйренбеген тілдерді, Шырақты әлі жанбаған, Жаз гүлінің қауызын, Ешнәрсенің дәмін алып болмаған, Сәбилердің сүп-сүйкімді ауызын, Адал неке жүзігін, Жүректердің дүрсілін, Лап ететін бет ұшының қызылын, Жер шұқыған бәтіңкенің тұмсығын, Құрметтеймін!!!
- *
Көктем – жас көңіл ғой, жүдесе болар күз, Өзгелер тонайды, өзіміз тонармыз... ...Ұсқынсыз ғасырды амалсыз сүюмен, Біз басқа дәуірді оятып алармыз.
Оянған жүректің беймаза ұлуы, Оятар арманның ұйқылы сұлуын. Жыласа, жыласын ақынның жүрегі, Қайтарып беруге қайғының күлуін.
Қайтарып беруге дәуірдің үмітін, Жыласын жүрегі, жыласын күні-түн. Көз жасың әлемді құтқара алса егер, Жылаудан қорықпа, жігітім.
Һәм бүкіл ғарыштық кеңестің түнінде, Ақынның жүрегі күбірле, күбірле. Тіл үнсіз қалғанда сөйлейді жүректер, Сөйлейді жүректер өлеңнің тілінде.
Кеңеске мүше еді ол тумай-ақ – туғалы, Сол түні шешілер әлемнің жұмбағы. Бар ақын сол түні бір ақын болады, Бір ақын болады сол түннің құрбаны.
Құрбандық сол ақын – өлген ол-өлмеген, Сөйлейді күнменен, сөйлейді желменен. Ақындар, ақындар – Абылдың ұлы ғой, Ешқашан өмірге келмеген.
Мәңгі сөз жарату – ерегіс өліммен, Ақындар жеңілмес! Патшалар жеңілген! Бәрінің артынан күледі ол тарихпен, Көз жасын сүртеді өмірмен!
Көктем – жас көңіл ғой, жүдесе болар күз, Өзгелер тонайды, өзіміз тонармыз... ...Ұсқынсыз ғасырды амалсыз сүюмен, Біз жаңа дәуірді оятып алармыз.
- *
Мен кеше, Нөсердің астында қалудың ең үздік үлгісін көрсеттім көктемге! Мен кеше, Жымия қарадым өткенге, кеткенге. Мен кеше, Нөсердің астында қалудың ең үздік үлгісін көрсеттім жарыма! Мен кеше, Сүйем деп айттым ғой тағы да. Мен кеше, Нөсердің астында қалудың ең үздік үлгісін көрсеттім бәріне, Мен кеше, Бір жасар ұлымды жұмсадым дәріге. Елден келген Бұл да бір бейнет көрген бала дерсің, Жә, болсын, біздің үйде-ақ бола берсін. Тарпаңдау түзден келген туғаным ғой, Қыдырсын, қызық көрсін, қала көрсін. Ас көтер, әй, жеңгесі, артық тартып, Сорпасын бір ішейік сарпып-сарпып. Ет жесе бала жесін елден келген, Құмығып, құшырланып, қарпып-қарпып.
Қыз көрсін қыр баласы – қыздар бағын, Қаланың балконда өскен қызғалдағын. Менде бар үш көйлектің біреуін бер, Және бер топылиды... қызғанбағын. Күлгенде жүзі емес, жаны күлсін, Бұл жұрттың жайдақтығын тағы білсін. Ел жайлы сөз айта алмас құрдастарын, Көтеріп бөренедей алып ұрсын. Тіл айтса, тамыздырып елден сөйлер, Кең сөйлер, көркем сөйлер, төрден сөйлер. Бір аңыз былтыр жазда бітпей қалған, Дәл сол бір бітпей қалған жерден сөйлер. Бұл жақта бір ағам деп кеп қалғасын, Риза қыл, жақсылықтан шет қалмасын. Нағашым насыбайын шырт түкіріп: «Бұл жиен ел болмады» деп қалмасын. Әлем жанына хат (бесінші элемент)
Жан ханы, ойлар қағаны, Сұлтаны сезім біткеннің, Ол неге, сені жіберді, Мен оның өзін күткенмін. Қалайша, лайықсыз неме, Келуге батылың барды?! Сайтанға үлестірген бе, Періштем шақыруларды? Шақыру хаттарын жазғам, Қарсы алу аңсарыменен. Келмеді... Күтпеген келді, Әлде ол шаршады менен? Жап-жасыл жасым ағады, Күп-күрең көзімнен менің. Сезгенді ауырсынамын, О, сосын, сезілмегенін. Лайықсыз, қалайша келдің, Қалайша хабар сұрадың? Айтайын, амалым нешік, Айтпауға обалсынамын. Айтып бар, Әлем жанына, Аманат аһ ұруларым. Жоғалған күтулерменен, Адасқан шақыруларым.
Айтып бар, жүрегім тозар, Сүйкімсіз сүйретулерде: Айналдым бейімделгенге, Айналдым үйретілгенге. Бұл кәрі кезең ішінде, Жас жаным шыбынша айналды. Үйретті Ыза ұлуды, Мен оған тілін шайнауды. Жүректің тісі қышыды, Уақыттың тілін шайнадым. О, сосын, өзімді емес, Мен оны бірінші ойладым. Өзімді өзім ұқпадым, Ұқса, сол ұғатыны анық. ... Мен жүрмін күлегеш оймен, Сезімді жылатып алып. «Кешпейді!» Бір әкенің ұлы болған, Оның аты – Қаратау. Бұл ақынның жыры болған Өмір аты – Қаратау. О, білмедім шын аты ма, Лақабы ма – Қаратау. Жете алмаған мұратына Қатарында – Қаратау.
Он жылдықты озат біткен Күні, ісі үшін артық бір, Қайран әке қазақтықпен Қамшыменен тартып бір Жіберіпті, мал қамы үшін Бала ұруға бола ма? Соңғы балға барғаны үшін, Бала ұруға бола ма?! Сол бір күні кейіп те кім, Сөгіп те кім жақ ашқан? ...Менің мұңлы кейіпкерім Ақыл-естен адасқан. Содан қала Қаратаудың Қанша гүлі көктеді. Содан бала Қаратаудың Басынан бұлт кетпеді. Біреу айтты: солай, солай Әке қолы тиген деп, Біреу айтты: о, бейшара-ай Пері қызын сүйген деп. Біреу айтты: қайғы кімде, Сол, у дәрі ішкен деп. Біреу айтты: айлы түнде, Көлге жалғыз түскен деп. Біреу айтты: дуаланған, Жылатқан деп бір қызды. Біреу айтты: қуады арман,
Іздейді деп жұлдызды. Біреу айтты: құс келгенде, Қанат бітер болған деп. Біреу айтты: түс көргенде Түстен шықпай қалған деп. Жылап па едің, сүйіп пе едің, О, кім білсін, не кештің? Менің мұңлы кейіпкерім, Түсінбейді сені ешкім. Сол Қаратау жүрмейді екен, Жүгіреді тынымсыз. Ештеңе де білмейді екен, Сезбейді екен, ұғымсыз. Неден қаштың, қаштың кімнен? Өзіңнен бе, өзгеден? Доссың кіммен, қассың кіммен, О, дерттенген кезбе өлең? Бір әкенің ұлы болған, Оның аты – «Кешпейді!» Бұл ақынның жыры болған Өмір аты – өшпейді! Жолшы Жолшы, жолшы, жолшы, Қасыңа ерейін, қабағыңды берші. Жолшы, жолшы, жолшы, Жүзіңді көрейін, қайырыла көрші.
Жолшы, жолшы, жолшы, Жалғызымды шалайын, қонағым болшы. Жолшы, жолшы, жолшы, Жастығың болайын, жаныма қоншы. Жолшы, жолшы, жолшы, Жолыңа қарайын, хабарың салшы. Жолшы, жолшы, жолшы, Қайғыңды алайын, қайғымды алшы. Жолшы, жолшы, жолшы, Қызметіңді қылайын, кідіре тұршы. Жолшы, жолшы, жолшы, Саулығыңды сұрайын, саулығымды білші. Екі де дүниенің екілеу арасын, Баян қылмайсың, жолшы, Айыбым қайсы, жолшы, Жан арбайсың, жолшы. Аял қылмайсың, жолшы, Қайырылмайсың, жолшы, Оралмайсың, жолшы, Мені іздеп әлі кетіп барасың. Ромбтар Ол – Ғашық Ғарышқа – Тәңір мәні: Оның жаны – Алысқа Асық Жол ***
Сен – Сезім Жылатқан, Жұбатқан да. Сынақтарда Шыдатқан Төзім – Мен. *** Түн – Теңіз Шалқытқан, Тебіренткен. Еміренткен, Толқытқан Егіз – Мұң. *** Гүл – Көңіл Сүйкімді, Махаббатты. Шапағатты, Сиқырлы Өмір – Нұр. *** Бақ – Аспан Еркесі – Тәңір құсы. Әмір-мысы Ел сесін Басқан – Тақ. *** Жан – Әлем Жұмбақты, Сағым-нұрдан. Табындырған Қымбатты Өлең – Ән. *** Тіл – Тәңір Дарытқан Киелі асыл. Сүйегі асыл Халыққа Тамыр – Діл. Беймезгілде көрген түс
Шынымды айтам, жерді жұтқан мен емес, Мен емес, мен емес! Айды жұтқан сен емес, Сен емес, сен емес! Күнді жұтқан ол емес, Ол емес, Ол емес! Шыныңды айтшы, бүгін күнді көрдің бе? Көрдің бе? Көрдің бе? Ай көрмедім мен мүлде, Мен мүлде! Мен мүлде! Елесі жоқ жердің де, Жердің де! Жердің де! Үшеуміз-ақ, үшеуміз-ақ тіріміз, Мен, сен, ол ғана. Бірімізді біріміз, Алдамайық, алдама! Мұңымызға мұңымыз, Арымызға – ар ғана! Бұл – үрейлі қара түн, Кім болады серпуші? Ол – іздеуші болатын, Мен – қарауыл, сен – тыңшы. Кім бар таба алатын, Бар ма әлде Төртінші?.. Дуалогтар
- Бұл кім? - Адасқан сәлеммін бейуақ... - Бұл кім? - Жоғалған соқпақпын кенет... - Бұл кім? - Босаған көңілмін кейуақ... - Бұл кім? - Азанғы азына жел ек. - Бұл кім? - Ғайыптан оралған жолшы! - Бұл кім? - Сен ести қоймаған есім! - Бұл кім? - Бұл сенің ертеңгі көршің... - Бұл кім? - О,бәлкім ертеңгі досың. - Бұл кім? - Қашқынмын - өзінен қашқан... - Бұл кім? - Бұл дала көп күткен ұлмын! - Бұл кім? - Жазыла қоймаған дастан. - Бұл кім? - Жаттала қоймаған Жырмын. - Бұл кім? - Ентіккен жігіттің демі. - Бұл кім? - Теңіздің астындағы ағыс. - Бұл кім? - Тұтқынмын еркіндіктегі... - Бұл кім? - Есігін таппаған қағыс! - Бұл кім? - Бұл кім?!
- Мені ертең оятпа, досым. - Ұйықтасын дейсің бе әлем? - Тағы да сол үшін кешір... - Кешпейді Өлең! - Бізсіз де орнында бәрі... - Ағартпа жүректің шашын! - Ұйқыда Әлемнің Жаны! - Оята алмай ма Ғасыр?! - Ол үшін Мыңжылдық қажет. - Пайғамбар күтерсің, бәлкім?.. - Бір Ғұмыр – бір ғана мезет. - Қорлама Мезеттер Даңқын! - Бір ғана мезетте не тұр? - Мезеттер – мыңжылдық Жаны! - Бір емес сақал мен кекіл. - Сол Кекіл – сақалдың Мәні! - Бір ояу қалқыды Ой көкте... - Жанған ой! Жанған ой, сөнбе! - Өзгеріс рухы – бір Сәтте! - Сол сәттің белгісі – Сенде! - Сүйемін түнгі ақ Мұңды! - Аппақ мұң – жүректің Гүлі. - Сүйемін Ұйқысыз Түнді! - Ұйқысыз түндердің ұлы!
- - Суығын қарашы кештің. - Тоңдырған кеш емес... Ғасыр! - Адамға сенбейді ешкім... - Қағазға сенеді жасыл! - Өзіне сенбейді тағы әм. - Өзгеге сүйейді арқа. - Ортаны жасайды Адам. - Жоқ, адамды жасайды Орта! - Балшықтан жасай ма бала? - Бұл ойын – Қуыршақ Ойнау. - Мидағы жара! - Тамырды байлау! - Бір парыз досты іздеп келмек... - Бізді енді іздейді... Шүкір! - Армандау – кедейге ермек! - Көнбістік – қоғамдық пікір! - Сұп-суық дірдек бар ойда... - Жүректі аяймын бейбақ. - Текке әуре болдың ғой шәйға... - Сөзге – шәй, көңілге – қаймақ. - Шәй жақсы, ащысы болса... - Тұрмыс бар! – Кешеден қалған... - Бөлмені желдетіп алса... - Сөз естіп жүрерміз шалдан. - Газетті көрдің бе бүгін? - Құттықтай салайық...көңіл... - Сонда да ашпайды-ей сырын. - Өмір!.. - Балыққа шықса ғой, шіркін! - Ауылда тамаша қазір. - Осылай өлеміз бір күн. - Иә, өмір – сәтсіздеу әзіл! - Ә, сол бір жақсы дос қайда? - Базарда. Он бес жыл... шәй...тұз... - Сұп-суық дірдек бар ойда. - Жүректі аяймын байқұс. - Адамдар байыған сайын... - Е, қазір қарайсың кімге?! - Сорпадай сіңді ғой шәйің... - Бір демдеп әкелейін бе? - Жә, болар, болармыз күпті. - Бұйымтай... Жүрістің жөні? - Әуресі қажеттіліктің... - Е, қайсың іздедің мені?!
- Сен мені көрмедім деші... - Түн бізді сатады бірде. - Өзінде бар ма оның өші? - Гүлдер! - Қуыршақ ойнайды өмір. - Құстардан хат келмей жүр ғой..! - Мұң деген – балқыған темір! - Шыңғырып жіберер бірде Ой. - Қабырға көрсетті тілін! - Айнадан біреу тұр қарап! - Тойлап жүр ол өлген күнін... - Өзі өзін тонап! - О, неге ашылды есік? - Бәрібір бер жағы да түз... - Қыздардың көз жасын кешіп... - Бөлмеде жат із! - Берірек итерші тауды. - Тсс... Жұлдыздар шоқынып отыр. - Мм... Сағат жиырма беске ауды. - Ол әлі ұйқысыз жатыр. - Бір уыс сәуле әкеп шашшы... - Жымиып кім отыр мұнда? - Үнсіздік дауысы – ащы! - Қар жауа бере ме жылда? - Мені өзім шақырып алдым. - Мені де шақырған өзім. - Өзімді сен бе деп қалдым... - Ұқсайды көзің. - Ей, қайда кеттің? Қашпа! - Бұл әлем Адамға сараң! - Өзіңді апарып таста, Өзімді шығарып салам!
- Есікті кім теуіп кеткен? - Қайыршылар жүр еді мана... - Бәрі де бір той ғой көппен... - ...Бейімсіз тұрмысқа жаңа. - Телефон шалды ма біреу? - Банктен ... Шақырды сотқа... - Әй, бар іс – сорыңды күреу. - Бәрі бар – тек біздер жоқта. - Көршілер той қамына әуре. - Несие аламыз деген... - Ол да бір дәурен. - ...Керең. - Аяқтан сыз өтті мүлде. - Болмайтын іс дедім ол да... - Кептіре салсаң ғой түнде. - ...жылиды зорға. - Сағындым бозбала күнді..! - Қартайып тұрсың ба, түге. - Жүрегім қартайған сынды... - Саулығың тіле! - Әжімді арманның жүзі... - Бар ауа – бір сенің демің. - Әй, қайын атамның қызы! - Ең ұлы ақыным менің! - Жұмақ қой жаныңдағы әр күн! - Әр сөзің – әулиедей емші. - Болашақ не деген жарқын!!! - Нан алып келші...!
- Біреуің шам жақсаңшы енді... - Артынан көшейік күннің. - Қанатты бір хабар келді! - Кезегі кімнің? - Ойлар – бір адасқан ұлдар. - Соқпағын іздей ме жоқтың? - Неге үнсіз қатыгез жылдар? - Неге оның есігін қақтың?! - Тұншығып шығады жалын... - О, өртеп отырсың нені? - Жанымның жапырақтарын... - Аяшы мені! - Сен енді тоңбайсың, күнім! - Жылайын сол күлді өбе. - Бұл жүрек – бір жетім құлын... - Кісіней береді неге? - Қарашы өртенген сөзді... - Суына қоймапты әлі. - Ұмытпа осы бір кезді... - Жалғыздың алғашқы қары! - Көз жасың не деген көркем! - Жылау да бір бақыт екен! - Сені алып кетеді ертең... - Қайтара көрмеші, көкем!
- Жаңа жыл келеді дейді... - Аяз шал тірі ме еді әлі? - Е, келсін, мейлі... - Келмесе әні..! - Бұл да бір балалық құштар. - Аяулы сәттердің бірі. - Аппақ қар – ақ қанат құстар! - Тек ұшып жүргенде тірі! - Анау дос біледі мұны... - ...Тек ішіп жүргенде тірі! - Қазір гүл – бір қыздың құны. - Қымбат қой қыздардың мұңы. - Түу, мына көлікті қара... - Ішінде біз жоқпыз оның. - Бізге тек – сұқтану ғана. - Сұқтану – тегін! - Түнімен шулады жастар. - Тыпыршып шыққаным деші... - Е, қайда кешегі достар?! - Өзгенің досы! - Бір-бірінен аумайтын күндер. - Ол да бір өтпелі кезең. - Бақыт бар қонғалы жүрген. - Мен де бір жақсылық сезем! - Ақынды түбі ақтар жыры! - Орғандай қылма тек пішен..! - Не істейсің жаңа жыл күні? - Әкесін танытып ішем!
- Сен шырақ жақпадың неге? - Оятып алармыз түнді... - Бір әуен қалқып жүр көне... - Киелі мұңды! - Қайтеміз сөздерді өлген? - Жүрекке көмейік оны. - Жан – сұлық ғайыптан келген... - Қасиет меңі! - Кәрі ұят хал үсті жатыр... - Даусыңды шығара көрме! - Ауа да сатылды ақыр. - Сатылып кетіпті жер де! - Джоконда мазақ қылады... - Тыңда... - Жоғалды адамның жады! - Ешкім жоқ мұнда! - Тезірек таң атса екен. - Біз күнді көрмейміз енді... - Біреу бар есімі – Бөтен. - Бір сұлу бар дейді Меңді... - Бет-ауызы қисайды Ойдың! - Медуза сүйкімді неткен! - Суретін сақтап қал Айдың... - Жоғалып кеткен! - Жерде тек жалғыз гүл қалды! - Сол үшін соғыс болады! - Көрдің бе кешегі Шалды? - Басында бәрінің жады! - Мәңгілік тірі жүр екен... - Алғашқы Адам дейді Оны! - Осы күй – ендігі мекен... - ...Өлімнің соңы!
- Кезеңнің тәкаппар бір ұлы, Құшақтап құлапты шөлмекті – Шаршатып көздердің сыбыры! - Е, менің нем кетті?! - Тасжүрек ғасырдың құрбаны – Сұлуға ешкім де сенбепті - Лақтырып кетіпті жылдары! - Е, менің нем кетті?! - Дәуірдің ең ұлы шайыры Хрестоматияға енбепті Жоқшысы жоқ екен айыбы! - Е, менің нем кетті?! - Ауылдан бір жігіт келіпті, Ала алмай қаналған енбекті - Қалада қаңғырып өліпті! - Е, менің нем кетті?! - Кешегі соғыстан бір жесір, Айта алмай тағдырын кермекті, Жарының құшыпты мүрдесін! - Е, менің нем кетті?! - Үмітсіз тудың ба, досым-ай, Көш жүрді, ілгері ел кетті, Қалдың ба осылай?! - Е, сенің нең кетті?!
СӘУІРДІҢ ТАҢЫ
Саған, саған Саған, саған таңнан бұрын жетемін, Тауда болсын, қырда болсын мекенің. Терезеңді айқара ашып, Жастыққа Бір тал дала гүлін қойып кетемін. Саған, саған түннен бұрын барамын, Сансыз шамы сөнгенінше қаланың. Қымтай жауып ақ көрпеңді, Жастыққа Бір тал гүлін қойып кетем даланың. Саған, саған бұрын жетем өзімнен, Бұрын жетем сағыныштан, төзімнен. Есімімді ести алмай аузыңнан, Келбетімді көрмесем де көзіңнен. Саған, саған бұрын жетем мұңдардан, Бұрын жетем бұл қатыгез жылдардан. Сәтсіздіктен, тағдырыңнан, сынғаннан, Жалғызсырап, жыламсырап тұрғаннан.
Бұрын жетем үміттен де, арманнан, Керексіз боп, лақтырылып қалғаннан. Қартаюдан, жас өмірің солғаннан, Сені ұға алмас жай кездейсоқ жандардан. Бұрын жетем көз жасыңнан төгілген, Сәттеріңнен шегінген де жеңілген. Күннен, түннен, мұңнан, жастан қорғаушы Періштеңе айналамын сенің мен. Қатал уақыт қайраңдатсын, тежесін, Қатал адам қара қолын кезесін. Тым алыста жүргенімді білгенмен, Тым жақында тұрғанымды сезесің. Көрген түсте кездессек біз, өң деп біл, Тар кезеңде жолықсақ біз, кең деп біл. Қара аспанда бір ақ сәуле жалт етсе, Саған, саған бұрын жеткен мен деп біл. Өмір вальсі
Қап-қара түн – қара шайдай, Жарты лимон – қызыл Ай... Қара түнмен жараса алмай, Маңдайымның қызуы-ай.
Әлдеқайда жұлдыз күлген, Нені білсін ол дағы. Білсе мені, бір қыз білген, Оның өзі алдады.
Әлдеқайда үркеді Бақ, Маңдайымнан сүймейді. ...Жібек шәлі бүркеніп ап, Раушан гүлдер билейді.
Билейді олар... Биге мені Шақырады ымменен. Мен билеуді үйренемін, Билеу үшін гүлменен.
Раушан гүлге айналамыз, Сосын Өмір екеуміз, Шыр көбелек айналамыз, әлдеқайда кетеміз.
Қап-қара түн – қара орамал, Ай – азалы ақ ару. ...һәм азапты оралулар, ...һәм ләззатты жоғалу.
- *
Аққан жұлдыз, өткен қызды бақылап, Күттім оны, күттім оны не керек?! Сағатыңыз қанша болды, жапырақ, Сағатыңыз неше болды, көбелек? Ол кешікті, жол кешіпті ол қалай, Адасты ма, кір шалды ма қанатын? Уақытты айтшы маған, толған ай, Уақытты айтшы маған, қара түн! Құлады ма, жылады ма, білмедім, Сыңары ма, тұмары ма ол басқаның? Сағат тілі қанша болды, гүлдерім, Сағат тілі қанша болды, тастарым? Жаңа жырым бар еді оған оқымақ, Жаңа сыйым бар еді оған керемет. Сағатыңыз қанша болды, жапырақ, Сағатыңыз неше болды, көбелек? Наз Менсіз де келеді бұл көктем, Менсіз де сүйеді ол сені. Жандағы үрейлі дірдек пен, Күмәнді көңілдің кемсеңі
жүректі о, талай жылатқан, Сенсіз де жұбата алармын. Барыңда өзімді ұнатқам, Содан соң... көрместей болармын. Ақ жауын жауар сен жыламай, Көрерсің, мен күлмей күн шығар. Өтер күн ешкімнен сұрамай, Тәуелсіз тағы да жыр шығар. Артыңнан бармауға сертім бар, Онсыз да адасқан сәтім көп. Кетуге дәл қазір еркің бар, Ал қайтып келуге хақың жоқ. Жыласып алайық күз келмей, Ұмытылар бәрі де күзден соң. Бәрі де бар еді біз келмей, Бәрі де болады бізден соң. Жоқ, енді жылама, құлатпа – Киелі тамшысын Тәңірдің! ...Қоштаса алмаспыз бірақ та, Дәстүрі бойынша жанрдың. Сұлудың мұңы
Ұсқынсыз, неге, сұлудың мұңы, Бола ма әлде бағы кем?! Шын махаббатты білудің құны Өлшене ме екен тәнімен?! Сұлулар неге жылайды осы, Жылатып жүрген кім деймін?! Жалған сезімнің лайлы көші, Тұншықтыра ма...Білмеймін..! Сұлуға мінез жараса қалар, Тәкаппар болшы, жарығым! Сенің жаныңа араша болар - Біздің жүректің халі - Мұң..! Маңдайы қыздың тар шеңбер, неге, Маңдай біткеннің қоры ма?! Сұлулар түнде кемсеңдер, неге, Ақын жанының сорына? Жанарын ешкім ластамасыншы, Қашанғы жылауық болайық! ...Тесік моншақты тастамасыншы, Алқа қып тағып алайық!
Бас бермегенмен асау да қанша, Әлсіздігі де сезілер... ...Жігіттің көзі жасаурағанша, Жүрегі қыздың - езілер!!! Сұлудың көз жасы Мұңайды сұлу, жылайды сұлу, Көзінің жасын бұлайды сұлу, Жанып та барып жастығын құшып, Талықсып соған құлайды сұлу. Ыстық та жасы ерінін өпті, Ыстық та мұңы көңілін өпті. Үздігуші еді, үміті сөнді, Сүйінуші еді, сенімі кетті. Кірпігі жастан зілмендей болды, Ащының дәмін білгендей болды. Көзінің астын көлеңке шалды, Ерінін тістеп, тілгендей болды. Жастығын жаспен сулайды сұлу, Жүрегін оймен улайды сұлу. Не керек, бір түн есейтті оны, Көбелек те енді қумайды сұлу.
Талықсып жатып, талып та кетті, Асығып жүріп қалып та кетті. Көктемде туған жауқазын еді, Жаз шыға бере жанып та кетті. Жылама, сұлу, мұңайма, сұлу, Жасу да салма шырайға сұлу. Жасына қыздың тұншығар әлем, Мұңыңа жүрек шыдай ма, сұлу?! Бесінші маусым Өткен көктем, құстардың қиялынан, Өткен жаз да, гүлдердің түстерінен, Өткен күз де, жапырақ жүрегінен, Өткен қыс та, ақ қардың арманынан, Өткен бәрі, Сені еске жиі алудан, Жиі-жиі сен жайлы түс көруден, Жиі-жиі сені ойлап түнеруден, Жиі-жиі сен жайлы толғанудан, Өткем мен де...
Өткен құстар, көктемнің аңсарынан, Өткен гүлдер, жаздың да самалынан, Өткен жапырақ, күздің де көңілінен, Өткен ақ қар, қыстың да бауырынан, Өткен бәрі, Кешкілік ән салудан, Басқан ізге әр күні оралудан, Өзге жұртқа есуас көрінуден, Сағынудан, күтуден, жауығудан, Өткем мен де...
Міне, солай бесінші маусым келген.
Жүрмегей деп өкпелеп бекер бізге, Бір гүл тастап кеткем мен кетерде ізге, Бір жыр жазып кеткем мен өтер күзге. Жолдарды шөп басқанша, Шөптерге шық тұнғанша, Шықтарға күз қонғанша, Ақ қарда із қалғанша... Жолығу керек пе осы екеумізге?...
- *
Жек көрдік. Сүйдік. Жалықтық тағы. Сезімді сонша тез кештік. Жолықпау үшін жолықтық дағы, Кездеспеу үшін кездестік.
Ақ бұлтым едің өтпелі менің, Болмадым, бәлкім, биік шың. Жек көрмеу үшін жек көріп едім, Сен сүймеу үшін сүйіпсің!
Керексіз құлдай ешкімге бүгін, Дерексіз жырлар жазамын. Өстім бе, әлде өштім бе, күнім, Ол – менің ғана азабым.
Жолықшы. Енді жолықпаймын ғой. Тыңдарсың сосын жат әнін. Жалғыз қалудан қорықпаймын ғой, Жалғыз қалғаның... батады.
- *
«Мен жалғыз емеспін!» деді, Жылады, жылады сосын. Мен сезе алмадым нені? Сен айтшы, досым.
О, сол бір жалғыздық жолы, Қай тұста бітеді екен? ...Кейіпкерсіз романның соңын, Жаза алмай келемін, көкем. «Мен жалғыз емеспін!» деді, Жылады, жылады қатты. Ыстық жас, ып-ыстық демі, Кеудеме аяздай батты. Қайғым да, мұңым да өзге, Кетейін. Өтейін сертін: Жалғыздық – сонау бір кезде, Мен оған жұқтырған дертім... «Мен жалғыз емеспін!» деді, Жылады. Айықты дерттен. ...Түн кетіп барады мені, Соңынан ерткен. Қызжымиған Айна тауып алдым мен, кәдімгі айна, Бұл айнаға бар әлем шағылғай ма, Бұл айнадан басқа әлем көрінгей ме, Бұл айнадан басқа жан табылғай ма.
Айнаға кім қараған-қарамаған, Мерейлі адам, ол әлде жаралы адам? ...Бір сәтте сол айнадан қыз жымиды, Жап-жарық боп көрінді жанары одан. Қыз қарады айнадан, қыз қарады, Мұздатты ойды бойымның мұздағаны. Қараған кім айнаға ең соңғы рет, Қамаған кім о, мұнда қыз баланы?! Қыз қараған айнадан, ай қарады, Ойланады, сезім боп байланады. Джоконданың жұмбағы секілді еді, Шаттыққа да, қайғыға айналады. Шашылып қыз жинаған жүк қалды ма, Құртты ма ол өзі-өзін, құтқарды ма? Қарады ма көркіне көңілі толмай, Көзі тоймай, о, бәлкім сұқтанды ма?
Қарады ма сол бір қыз шаттанғанда, Жанарынан жалт етіп от жанғанда. Қалдырды ма қапыда айнаны ұмыт, Кездесуге асығыс аттанғанда? Қарады ма сол бір қыз жылап тұрып, Тағдырынан жұбаныш сұрап тұрып, Бір бақытын таба алмай өтті ме екен, Кетті ме екен сол сәтте лақтырып? Қайта тауып алды ма, таппады ма, Назаланып нариза шақтарына, Көз алмай қарай-қарай қайран ару, Өз жанын осы айнаға сақтады ма? Күндерінен бір қайыр күтті ме өткен, Күмәнді күз өткенде, күпті көктем. Ібіліске жүрегін сатып қай жан, Жас сұлуды айнаға тұтқын еткен?!
Ханның қызы болды ма, қайыршының, Аша алмаған сұлу ма шайыр сырын? Қайтарды ма меселін бақсы ұлының, Арбауына түсті ме ойыншының?
Сүйген серттен тайған ба, дос алдаған, Күнді күнге жан ба екен қоса алмаған. Қызжымиған бұл айна мылқау, соқыр, Қыз жанының жұмбағын аша алмаған.
Біле алмадым қай жан ең, қай ғасыр ең, Түсте сүрем мен соны, ойда сүрем. Мұңды, назды, шаттықты, бәрін жұтқан, Қызжымиған дүние-ай айна ішінен.
- *
Мадағыңа да құштар емес ұлылық, Мақтауыңа да іңкәр емес сұлулық, Бұл сендегі тәкәппарлық мағынасы, Бұл мендегі менмендікке тығырық.
Болмысымның бет-әлпеті құбылып, Мойындаудың ауырлығын ұғынып, Ой мен сезім неке суын жұтындым, Махаббаттың жайнамазына жығылып. Сені бір сәт көрмегеннен суынып, Сен туралы ойланудан жылынып , Жанарыңның шағылысынан мерт болдым, Кірпігіңнің қағысынан туылып. Қарғам-ау, сен жүрген жердің ауасы, Жеті жылау, бес боздаудың дауасы. Мен әзірге аңдып жүрмін сыртыңнан, О, ол да бір мәртебелі лауазым! Қызыл ернің қақпан болды, құрбым-ау, Қара шашың болған кезде қыл бұрау. Мемлекетімнің тарихында бұл кезең: Ерланияда психологиялық құлдырау, Ерланияда экономикалық құлдырау!
Ерланияда солқылдақтық саяси, Мені аяса, Тәңір ғана аясын. Саған мұнша тарлық етер демеп ем, Менің бүкіл танымымның аясы, Сен туралы сөйлемеймін мен енді! Ғайып
Біз – мәңгілік кездесе алмаудан ағарған көңілдің самайы, Ешқашан ашылмаған табысу хатындағы мыңжылдық мөрі. Сағынышы басылмаған жүрек – жабайы, кісікиік, жараланғыш, о, бәлкім, өлі. Мен – қарашада тау кезіп кеткен жігіттің салған түнгі әні, Түн құшағындағы ауылдарды жылатқан тағы. О, бізге нені бұлдады, Әлі суына қоймаған сезімдердің шоғы?! Сен – кестелі орамалға сіңіп қалған сап-сары көз жасы, Он тоғызыншы ғасырдың аспанына қадайсың көзіңді. Әлде, Уәлихановтің, әлде, Затаевичтің тым ескі жазбасы, Үнсіз есіме салады өзіңді... *** Гүл менен көбелек – Сергек өлеңге классикалық, символикалық әсем нұсқа. Әрі керемет, Әрі қысқа.
Мыңжылдық мағына, Бір сәттік өлең. Оларға тағы да, Тағы да келем. Айтар сәт баянды, Дәл бүгін емес. ...Санамда оянды, Әлдебір елес:
...Ешкімді күтпеген, Ештеңе сұрамаған, Өзгеден, Әсіресе олардан (Гүл менен Көбелектен) Басталып кетіп белгісіздеу бір нүктеден, Беймәлім нүктеде кенеттен жоғалған, Жалығыс пен көнбістік жіптеріне ілінген, Ескі, Тым ескі Әдемі таңданыс пен әнтек жымиыстың көнерген Суреттері бар еді, әлдебір тұсы бүлінген, Бүлінген тұсын қартайған шебермен Бірге желімдеп, жаңартқан кезде Суретке тырс етіп көз жасым тамды... Ең ауыр сөз де Дәл бұлай ауыртпас жанды!.. Ол көктемнің суреті еді кешіккен, Ол сүйіктімнің суреті еді гүл терген! ...Азан дауысы естілді мешіттен, Қоңырау дауысы естілді шіркеуден. Ал мен... үнсіз қалдым!.. Сәуірдегі силуэт
...Жылауға, жылауға аспан шах, Шақ қалған. Сәскенің тұсы еді. Сәуірдің сәулесі жасқаншақ, Қорғаншақ көлеңке түседі. Сәскенің тұсы еді. Сәкіде Отырды сұлулар сырласып. Уақыт сұрауға бекіне, Келдім мен бір тоқтап, бір басып. Жүрек не сұрамақ? Тіл нені? Лирика, қайтеді шегінсек? Сезімтал сәуірдің гүлдері, Сәуірдің бұлттары көңілшек. Жат еді желпілдеу, елбектеу, Бір мінез байлады, байлады. Сәуірде сезім бар сергектеу, Сәуірдің жалқаулау ойлары. Қуат жоқ аяқты басатын, Бар қуат ішімде алысқан. Сәуірдің ақ таңы – жас ақын, Сәуірде қоңыр кеш – данышпан.
Елемей өткенді, өзгені, Тербелген көз алды неше гүл. Сылқылдап күлісіп өздері, Сыбырлап мәз болды жас өмір. Жымиып қоямын мен содан, Мен соған өзімше алданып. Бір қылық білместей ерсі одан, Жапырақ қарайды таңданып. Кешірші, жапырақ, бармаймын, Сұлудан уақыт сұрама! Кешірші, жақындай алмаймын, Алыстай да алмаймын сірә да. Осылай тұрайын, қарайын, Сұлуға, сәкіге, сәуірге. Жаныма көшіріп алайын, Көшіріп берейін дәуірге. Сәуірде мен білер сыр көптеу, Бұл дағы бір сырдың өлеңі. Сәуірде сұлулар үркектеу, Ақындар мазасыз келеді. Білсе егер уақыт мөлшерін, Сұлулар асығыс кетеді. Білмейін уақыт өлшемін, Ол мені білгені жетеді. ***
Түннің қағандығында, Тәннің билігіндегі, Тағдыр құмар шыңына, Бізді бірге сүйреді. Жүрек – ләззат бесігі, Жанар – аңсар шырағы. Ерін – жұмақ есігі, Тілің – кәусәр бұлағы. Сезім – жанның лүпілі, Мұңың – сонғы күпірлік, Сөзің – бақыттың гүлі, Ал, біз – мәңгі бүтіндік! *** Сезінуге мұрсат берші сенің әдемілігіңді, Ерініңнің тәттілігін... Тіл үйірер ме екен-ау?! Қызыл шарап еркелігі секілді бұл қылығыңды, Құдайымның алдына да айтып барам, көкем-ау. Пешенеме көптеу көрме ерініңнен бір өбуді, Саған деген осы жырым – Жас көңілдің жаршысы. Тым күйдіріп бара жатыр төзе алмастай жүрегімді, Қара түнен тамып түскен Жалғыз құмар тамшысы.
Не етем десең қалауыңда, Жаным, тәнім құзырыңда, Періштелер елшілігі секілді ойы ғашықтың. Біздің сезім – құлақ ұшы лап ететін қызылы да, Біздің тірлік – әуре ме әлде сыртындағы есіктің?! Сенің көзің махаббатпен қарау үшін жаралғандай, Кірпігіңнің бір талында жеті түннің әлдиі... Саусағыңнан бір сүйгізсең, Құдайымнан қол алғандай, Қалқып тұрған тыныштықтың құшағында қалғиын. Муза
Әлде көктем, әлде күз, әлде, әлде... білмедім, Әлдеқайда мен жалғыз, әлде адасып жүргенім. Әлде алжасып жүргенім, әлденеге маспын ба, Әлдекімге жете алмай, әлдекімнен қаштым ба? Мен білмеймін, білмеймін, білгім де оны келмейді, Көз алдымда әлдене көлеңкесі көлбейді, Көлеңкесі болған соң, күні барын сеземін, Қырауланған үмітім жылынарын сеземін. Әлденеге ауады арманымның аңсары, Әлдекімді күтуден, бәлкім, ол да шаршады. Әлде мені ұмытты, әлде мені алдады, Әл береді үмітім, әуреледі қалғаны. Әлдеқалай сезімім жүрегімді тербеді, Әлде, әлде бәрі де еріккеннің ермегі? Әлдебіреу шақырса еріп кетсем не етеді, Әлдененің елесін көміп кетсем не етеді? Әлдекімге күбірлеп «қош» дей бергім келгені, Әлденеге көңілден көш дей бергім келгені. Әлдеқашан адасқан күшіктері сананың, Әлденен-ақ қысылап жүрек көзін жалады. Әлдеқандай күн туса бәрі дағы өледі... ...Сол сұлудың мен үшін сыйдан артық сәлемі!
*** Көздерің неткен суық, неткен улы, Сұлулық, солай ма едің? Жүрегім осыншама жек көруді, Көтерер қалай менің?! Жылауға жас та жоқ-ау, жас шыласа, Сеземін жылынарын. Мен емес, шыдар, бәлкім, тас шыдаса, Ызалы мұңыңа бұл. Сан арман жерленді ме қарашыққа, Үмітті таптатқанда, Әлде сен ашындың ба адасып қап, Жоғалған соқпақтарда? Жастығың тез өтті ме жүрегіңде, Оны кім тоқтатыпты?!. Әлде сен өзге жанға тіледің бе, Өзіңде жоқ бақытты?.. Көп қарап тұрдың ба әлде терезеден, Күздегі терезеден... ...Мен өлең жаза алмадым ережемен, Сен, бәлкім, сүйе алмадың ережемен... Ерлан ЖҮНІС ***
Мені түнге кетіңдерші қалдырып, Құшағына енейін. Ай сұлудың аққу мойнын талдырып, Танға шейін өбейін. Жұлдыздарды балдыздардай көрейін, Бал қылығын татайын. Қалыңдықтың жұпар иісті мерейін, Бұрқыратып жатайын. Мамырлайын мамығына бұлттардың, Тамашалап билерін. Айдың мөлдір ризалығын ұрттармын, Гүлге айналып сүйгенім. Жел-жеңгемнің желігі бар затынан, Сөз болармыз біз анық… Ести сала қызғаныштың отынан, Күн шығады қызарып. Қоштаса алмай тұрар сонда мөлтеңдеп, Жұлдыз бикеш сызылып… Құтпан ауа күтем сені, еркем, деп, Ай қалады үзіліп. Махаббатқа ода
О, махаббат қасиетті, о, махаббат киелі, Мендік сезім – ақ қанатты періштелер биі еді. Мұхаммедке берілген ол пайғамбарлық еді ғой, Ғайса үшін алып келген әулиелердің сыйы еді. О, махаббат ғажайып-ау, о, махаббат керемет, Қарғалардың махаббатсыз ғасырынан не керек. Гүл ернінен сүйген сәті мәнгіліктен биіктеу, Бақытты ғой бір-ақ күндік ғұмыры бар көбелек. О, махаббат қасіретті, о, махаббат дұғалы, Сағынышпен дуаланған сарғалдақ күн шуағы. Аяулы айдың көз жасысың аппақ гүлге айналған, Мәңгілік те тарқата алмас қара түннің құмары.
О, махаббат қатыгезім, о, махаббат қатал-ақ, Күзгі бұлттың бауырынан көңілім жасы боталап, Мауыздай бұл дүниеде қауыздай бір орны жоқ, Енді менің сезімімді кім қалайша атамақ?!. О, махаббат мейірімді, мейірімің, кәні, енді, Оны сүйіп – махаббатпен жаратпақ ем әлемді. Енді ол сұлу қалай ғана жетімегін жұбатар – Жүрегінің құрсағында қалып кеткен өлеңді?! Сонет
Жанарыңнан жалғандықты көрсем де, Менің саған сенгім келе береді, Менің соған көнгім келе береді, Сен сыясың-сырғақтаумен келсең де, Мендік осы ақымақтау өлшемге. Сезім өлсе тек сенбеуден өледі, Сенімімнің ең бір адал өлеңі, Саған сенем,сенем саған өлсем де! Махаббатты келмеген соң жерлегім, Сенің тәтті өтірігің мен үшін, Талай шындықсымақтардан жоғары! Бәлкім бұл да менің осал еңісім, Алдауыңды біле тұра сенгенім – Махаббаттың ақиқаты болады!
- *
Өмір – Өмір! Басқа атауы бар ма оның?! Таңда өзің ауыры мен жеңілін. Өмір – сенің үмітің мен арманың, Қуанышың, қайғы-мұңың, сенімің. Маңызды емес қашан, қайдан басталды, Соңын іздеп, не етесің, дос, не үшін деп!.. ...Сағындырып тұру керек достарды, Сағынышын басу үшін «досым!» деп. Қойшы, қалқам, пәлсапаны, түйгенді, Бір анық қой түбіне оның жетпесің. ...Өкпелетіп қою керек сүйгенді, «Жарығым!» деп жазу үшін өкпесін. Осы ғана! Жеңісің ғой – әр күнің, Болады оның жемісін де жыюға. ...Ауырлаптау өзгелердің тағдырын, Айтшы, күнім, бізге сонша қиын ба? Көктеменің күні бар құбылмалы…
Көктеменің күнінің құбылуы-ай, Көк терегі көңілдің жығылуы-ай, Ерке қыздың ерсілеу қылығын-ай.
Бұлтқа күннің бұйығып тығылуы-ай, Жүрегімнің кеудемде құмығуы-ай, Тұншықтырып тындың-ау, құрығыр-ай.
Бұлттан шықса шүйіліп сұғынуы-ай, Жердегі тоң жылымнан былығуы-ай, Көз жасымның еріксіз шұбыруы-ай.
Өкпек желдің өкпемнен ұруын-ай, Тулап кеткен көңілдің тұнығы лай, Көкіректе сезімнің ұлуын-ай.
Өксіп тұрып оның да тынуын-ай, Махаббаттың көзінің жұмылуы-ай, Жолаушының гүлімді жұлуын-ай…
Ойлап па едім болар деп мұны бұлай?! Ерке қыздың ерсілеу қылығындай, Көктеменің күнінің құбылуы-ай.
- *
Жүрегім – жердің серігі, Айнала ұшар ол сені. Ауыр ма ақын өмірі, Дәуір ме оның өлшемі? Білдік біз ненің өлшемін, Сездік пе мәнін тағдырдың? ...Түсіңе кірсем мен сенің, Шырақ жақ түнде, жан құрбым! Сен кешір, мұңлы бір мен бе, Өңінде халді сұрар кім? Адасып жүріп түндерде, Түсіңе кірген шығармын... Жүзімді елден жасырдым, Жалғыздығымның атынан!.. Мен ақын – мұңлы ғасырдың Түсінде өлең оқыған! Жол қарау Сен қазір келесің ғой, өмір гүлім, Құдайға сенгенімдей сенімдімін. Асығып жеттім дейсің алыстардан, Туылған күнің үшін сенің бүгін!
Сен қазір жетесің ғой, құралайым, Құттықтап келіп бітті бұл ағайын. Тек өзің із салмаған жүрі жолдың, Түбіне бүк түсіпті жылап айым. Әдемі көйлек кидім, сен келер деп, Әдемі сөйлеп тұрмын, жөн көрер деп, Көшеге дембіл-дембіл көз саламын, Адасып бейуақта сенделер деп. Жайлауда жұрттың дені, күздеуде Мен, Кімді енді жылытпақпын сыз кеудемен? Ешкім де күтпеген бұл топ ішінен, Отырмын бір жалқыны іздеуменен. Көңілді көп үмітпен бүтіндеп ем, Дәл бүгін қашты менің құтым неден, Мен неге әрбір туған күнім сайын Тұрамын сол бөтенді күтуменен?! Дертлім Есі-дертім, Кешір, дерттім, Есім кетті, Көшім кетті, Кеттім!.. Не үшін келдім? Не үшін кеттім?!
Сезімнен қорғағым келді, Сол үшін кеттім мен. Өзімнен қорғағым келді, Сол үшін кеттім мен. Ойымнан қорғағым келді, Ойран бұл шағымда. Уайымнан қорғағым келді, Сағынба, сағынба! Ашудан қорғағым келді, Ашынып өлмейін. Жасымнан қорғағым келді, Жасыңды көрмейін. Мұңымнан қорғағым келді, Өтінем, ақтама. Жырымнан қорғағым келді, Жырымды жаттама! Болдым да, болмадым, міне, Жоғалдым әр күннен. Өзіңді қорғадым, міне... ...Қорғансыз қалдым мен! А, Ұмай
Дәл төбемнен жұлдыздар зуылдайды, а, Ұмай, Ал менікі жоғары, Сен де айтшы биік деп. Ертең бәрі қалады, Маңдайымнан сүйіп кет. Көз жасымдай бұл жұлдыз, Қайта айналып тұнбады. Жаным сүйген сүмбіл қыз, Бір қайырын қылмады. Өкініштің қанаты суылдайды, а, Ұмай, Өкіндірді бұл сұлу, Қасіретті тұтқызды. Өз ішімде тұншығу, Сөз ішіне жұтқызды. Дұғай сәлем өмірге, Дұғай сәлем өмірден. Махаббатым Тәңірге, Махаббатым Тәңірден. Еркіндікте махаббат туылмайды, а, Ұмай, Оны сүйген сәтімді, Мекен етем мәңгі ертең. Оны ойласам ақынмын, Ақымақпын һәм көркем. Оған не деп жазайын, Жат тағдырмен таласып, Көк түбінде көзайым, Су түбінде қарашық.
Еркіндікте махаббат туылмайды, а, Ұмай, Өкініштің қанаты суылдайды, а, Ұмай, Дәл төбемнен жұлдыздар зуылдайды, а, Ұмай, А, Ұмай, Ұмай! Құсқанат Қараша, Құс қайтқанда – күзгі қайғы, Күзгі қайғы жанымды сызғылайды, Сызғылайды жанымды күзгі қайғы, Бөлмеде теріс қарап қыз жылайды. Бөлмеде теріс қарап қыз жылаған, Сол түні гүл таба алмай қызға ұнаған, Сол түні жыр жаза алмай қызға ұнаған, Бармақпен шылым шоғын мыжғылағам. Бармақпен мыжғылағам шылым шоғын, Іздесем, табар едім гүлін соның, Іздесем, табар едім жырын соның, Ал өзін табар ма едім бірінші оның?!
Сол түні сол ойменен биік қалғам, Сол қызды қайтейін мен сүйіп қалған, Қайтейін сол қызды мен сүйіп қалған, Жүрегі бармақтай боп күйіп қалған. Қалдым мен сүйе алмауды жеңіс санап, Сен жыламау үшін бе-ей, е, құсқанат?! Бейуақ, кәрі ұятым секілденіп Бөлмеде қыз жылайды теріс қарап. Бозбалалық романс Бозбала күні сүйгені, Жадынан ердің кетсін бе, Сәлеметсіз бе, миледи, Қалқатай, сәлеметсің бе? Нәби де нәркес, жан нұрлы, О, қайдан теңеу таппақпыз?! Қызыл гүл – қыз тағдырлы, Гүл тағдырлы аппақ қыз! Сарғалдақ гүлді сүйгенсің, Көктемі ме еді ол ойыңның, Алқызыл көйлек кигенсің, Жеткені ме еді ол бойыңның.
Сыйладым ақ гүл – достық па, Алқызыл көйлек – қызғаныш? Тағдырды ойша қостық па, Аштық па жаңа біз ғарыш? Жо-жо-жоқ, аңғал ой аз ба, Сезімге сұлу арбалып, Сүйіскен жоқпыз аязда, Нөсерде жазғы қалмадық. Есейе бердік ашылмай, Есейген сайын жабыла. Сары, қызыл қосындысындай, Бір бояу сіңді жаныңа. Сол бір түс маған тым бөтен, Бейтаныс етті сені де, Сол бір түс маған тым бөтен, Бейтаныс етті мені де. Уақыт бәрін биледі, Бәріне уақыт жетсін бе? Сәлеметсіз бе, миледи, Қалқатай, сәлеметсің бе?! Акация
Акация, акация – сары гүл, Маған да енді, саған да енді бәрібір! Гүлдің тілін жек көреді ол енді, Жек көреді мен оқыған өлеңді, Жек көреді қала түнін құмарлы, Неон шамын, қолшатырды, тұманды... Қара сиқыр, о, дұғалы, қара жыр, Ол дұғасын неге оқыды жаралы ұл? Жоқ, жазғырма, жоқ ақынның күнәсі, Бәрі-бәрі акация кінәсі! Гүл сыйлауды ойлап едім қайдан бұл?! Акация, сұлу тілің байланғыр! Акация, үнсіз қалсаң не етеді?! Ақын, қызға гүлсіз барсаң не етеді?!
- *
Тулайды жүрек, туғанда айдың жаңасы, Аулада біздің гүлдеді алма ағашы. Бойжеткен қыздар бүр жарып сезім әлдебір, Үңіліп соған, үздігулерін қарашы.
Осындай ағаш бар еді Тараз бағында, Барушы ем соған сонау бір балғын шағымда. Сол сезім бүгін, сол бір мұң... әнтек, әдемі, Айырмашылығы – ұлым тұр бүгін жанымда.
Гүлденген шақта Таразы бақта: жоқпыз-бар, Күз келген сосын, өткен-ді жылдар, өтті ызғар. Сол көктемнен соң жыр жазып кеттік көбіміз, Сол көктемнен соң... үйленіп кеткен көп қыздар.
- *
Мінездің асылдығы түптен болар, Жібектің мықтылығы жіптен болар. Астына балконының келуімді, қалқатай қара кештен күткен болар.
Көңілдің дерттенуі сөзден болар, Темірдің тоттануы жезден болар. Астына балконының келерімді, қалқатай ұйқылы-ояу сезген болар.
Өлеңнің қонғандығы пірден болар, Пір түссе, пері жүрек дүрден болар. Астына балконының келгенімді, Қалқатай қарамай-ақ білген болар. Алақай! Періште маған хат алып келді, Хат алып келді, алақай! Есімім хатта аталып келді, Аталып келді, алақай! Аспан үстінен бір кісі келеді, Бір кісі келеді, алақай! Аспан астында тұрғысы келеді, Тұрғысы келеді, алақай! Аспан үстінен бір кісі келеді, Бір кісі келеді, алақай! Мен жайлы оның білгісі келеді, Білгісі келеді, алақай! Жүректе өмір сүргісі келеді, Бір кісі келеді, алақай! Махаббат билік құрғысы келеді, Бір кісі келеді, алақай!
Солай деңіздер сұрағандарға, Сұрамағанға да нұр жаусын! Қарсы алысатын бір адам бар ма, Бір адам болса, нұр жаусын! Аспан үстінен бір кісі келеді, Келмейді деме, сенбеймін! Аспан астының күлкісі келеді, Мен енді хабар бермеймін! Қарашаның жетісі Туған жерден 26 миль. Қауыс. Жұлдыздар ауысқан түн. Таң. «Күн шықты, Сир!» Рахмет! Ерек! Кімге, Рахмет керек? Күнге! Фаренгейт: 19.4. Жөтел. Дерт. Өтер. «Миледи, кофе қайнатыңызшы». Бұл күн келді! Келді Бүгін! Енді? Не етеміз? Бүгін – туған күнім! «Сир, кофеңіз... Коньяк қосылған, және шылым»... Шашымнан сипаңызшы... Күнім! Ол – менің күнім! Бүгін еркелетуіңізге болады, миледи!... Біздің өлке
Неліктен бізге көктеме ерте келеді? Өйткені біздің сұлулар ерке келеді. Неліктен біздің сұлулар ерке келеді? Өйткені бізге көктеме ерте келеді. Неліктен біздің еркелер сұлу келеді? Өйткені оған көктеме жылу береді. Неліктен оған көктеме жылу береді? Өйткені біздің еркелер сұлу келеді. Неліктен ғашық көктеме біздің еркеге? Өйткені ғашық көктемге біздің ерке де. Алғашқы раушан бүр жарып біздің өлкеде, Ең соңғы лала солады біздің өлкеде. Күнім
Күнім, Маңдайымның иісіне хат жазып берші, Жусанды даламдай аңқысын. Жүзімнің нұрына хат жазып берші, Сенің сәулеңдей шалқысын. Күнім, Сөзімнің киесіне хат жазып берші, Өмір сүйетінімді ұға алсын. Көзімнің жасына хат жазып берші, Жыласам – жетімдер жұбансын. Күнім, Алақан ыстығына хат жазып берші, Тас бауырларды жылытсын. Көңіл суығына хат жазып берші, Көрген жәбірін ұмытсын. Күнім, Жан парағына хат жазып берші, Оны уақыт оқысын. Саусақ таңбасына хат жазып берші, Ешкімнің жемесін хақысын. Күнім, Мені өзіңе шақырып алшы, Алып кетсінші құс аппақ. Ақ бауырыңда бұйығып жатайын, Сәби дүниені құшақтап. Кездесу
Не істей алар екенмін сен үшін мен? Балдың, удың... құдай-ау, көбі ішілген. Қараймын да жүзіңе, ойланамын, Әлденені айтамын... тек ішімнен. Іші-бауырым езіле, емірене, Емірене қараймын, тебірене. Саған ғана айтатын сырларым бар, Саған енді айтпаймын соны неге? Өңім тағы құбылып өрт кешкендей, Көңіл тағы құбылып дерт көшкендей, Сақтау үшін бір ұлы құпияны, Үндемеуге екеуміз серттескендей, Үндемейміз. Үнсіздік ұнағандай, Үндемейміз, іште бір кінә бардай. Маңдайыңның қараймын сызығына, Хал-жайыңды солардан сұрағандай.
Жанымызды, жүректі тұмшаласып, Қайда жүрдік жолықпай мұнша ғасыр?! Маған қарап күрсініп қоясың тек, Білем, білем, ішіңнен мұң шағасың, Мұң шағасың, сеземін, мұңаясың, Мұңайғаның әдемі, құдая, шын. Мен сені аяп отырмын, сен мені аяп, Аярлықсыз осылай кім аясын. Кісі көңілі көктемге сенеді екен, Сол сенімдер боп еді неге бөтен? Бізді айырған бір кезгі жегі сөздер, Үнсіздікте осылай өледі екен. Үндемеші. Осылай наз айтылар. Қайбір сұрақ көңілді қажай тұрар. Үндемеймін. Іште сөз жанып-сөніп, Бізге бүгін керегі өзі айтылар.
Өткен өмір – ұмтылған түстей ғана, Енді бізге ешкім де түспейді ара. ...Өтіп кетер ме екенбіз бұл өмірден, Күбірлесіп екеуміз іштей ғана.
- *
Күнменен ілесіп кеттім, Айменен ілесіп келдім. Өзіммен күресіп кеттім, Өзгемен күресіп келдім. Сыртынан ашылды есік, Ішінен ілдім бе, жоқ па? Келдім мен ғасырды кешіп, Сен оны білдің бе, жоқ па?!
Арқамды көйлектің қыртысы қажады, Жүйкемді қыздардың күлкісі қажады,
Адал қосағым, қинап не етесің, Балаңның әкесін?!
Шәй іштім – өлеңші шәйін, Ас іштім – көшенің асын. Теніздей терең шым уайым, Сыздап жүр кешелі басым. Екі күн тойладым есе, Екі күн ойладым – мұңым. Пышақты қайрадым кеше, Топсаны майладым бүгін. Жастыққа бас қойсам – тас қойған секілді, Ойларым – он итті бос қойған секілді, Адал қосағым, қайтсаң не етеді, Төркінге – төрт күн жетеді!. Сәт
Жұлдыздан жарық жеткенше, Сағынып үлгердім сені, Жанымнан тұрып кеткенше, Сағынып үлгердім сені, Көбелек қанат қаққанша, Сағынып үлгердім сені, Қалалар шамын жаққанша, Сағынып үлгердім сені, Бір тамшы тамам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Бір шырпы жанам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Бір ойдан қайтам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Бір сөзді айтам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Құс ұшып қонам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Қу көңіл қалам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Зарыңды тартам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Жүгіңді артам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Перронға шығам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Бәрін де ұғам дегенше, Сағынып үлгердім сені, Сағынбан енді дегенше, Сағынып үлгердім сені, «Махаббат өлді» дегенше, Өлтіріп кетші мені!
Ерте көктем
Біздің елге көктем ерте келеді, Біздің жұлдыз жұмақпенен көрші еді. Содан жаным ауырады, Себебі, Үр қызына ұқсатушы ем мен сені. Біздің елге көктем ерте оралар, Көктем сайын күрсінеді бір өлең. Көктем сайын бір көктемім жоғалар, Сені аңсаған, тілеген. Біздің елге көктем ерте қайтқаны, Пайғамбар деп күтеді ғой ақындар. Қайтқан құстар сенен сәлем айтпады, Қанатында оқылмаған хатым бар. Оқымауға, бәлкім, сенің хақың бар! О, ләйлілік асқақ сордың құрбысы, Жан ауырту қылмысының білгіші, Қуанышымның, қуанышымның кенжесі, Өкінішімнің тұңғышы! Алаңғасар, арманшылдау ақ таңы, Содан бері неше көктем бүр атты. Бұл көктемнің күліп келе жатқаны, Мені неге жылатты?! Жүрегімнің жалғыз аңсар соқпағы Неге, неге, жолаушысын тосады? Көбелектің жайлап қанат қаққаны, Неге, неге, жүрегімді осады? Һәм жек көрдім, һәм өзіңді сағындым, Еске алуға, ұмытуға батпадым. Қап-қараңғы түкпіріндегі жанымның Үсік шалған үміт жапырақтарын, Тағы таптап, неге таптап барасың, Сытырында – шыңғырысы үміттің. Сен мәңгілік сол көктемде қаласың, Ал мен оны келеді ғой ұмытқым, Біздің елге көктем келер тағы да!
Дертті түн Тұмауратқан көктеменің түндері, Маңдайымды сыздатасың сен неге?! Өмірді емес, өмір оны сүргені Керемет пе пендеге?! Сен булығып, мен қыстығып обал не, Бір жылауға батылымыз жетпеген. Жындымыз ба, мұңдымыз ба, жоқ әлде, Оған кімнің басы ауырсын, көктемем! Сенің шерлі көкірегіңде тұншығып, Түз желіндей менің еркін ғұмырым: Түніменен мұңлы көгім күрсініп, Ай ойнаса сезімімен тірінің, Жанып-сөніп сауабым да, обал да, Алмасады бір қуаныш, бір өкпем. Бәсекеге қабілетті қоғамда, Бәсекеге қабілетсіз жүрекпен жалғыз мен бе, бұйығып, Өз ішіне кіріп кеткен шыдамай. Сүйдім оны, көрмесем де сүйіліп, Содан болар өкпелеуім тым оңай.
Желқайықтай өр теңізді кештім де, Жағалауға жете алмадым туғалы. Өтінемін, Айта көрме ешкімге, Менің жалғыз екендігім туралы. Ақын қызға Таулар ақын болар ма еді тым биік, теңіз ақын болар ма еді тұңғиық, жолдар ақын болар ма еді тағдырлы, мезгіл ақын болар ма еді жаңбырлы, құстар ақын болар ма еді ерікті, гүлдер ақын болар ма еді көрікті, алқызыл таң, алқоңыр түн құмарлы, тастар ақын болар ма еді шыдамды, аспан ақын болар ма еді сүйеусіз, құрбың ақын болар ма еді күйеусіз, бәлкім, ақын болар ма еді кең дала, неге ақын болдың екен сен ғана?!. Қыжылдақ
...Құлықсыз, құмарлықсыз кесімсіздің кейпіне енді-ау дәурен есіл, біздің. Барады батпырауық ойнай-ойнай, Атсыз жыл, ныспысыз ай, есімсіз күн! Уай, дәурен, сіздің сертке бойлай да алмай, бас қойып, бар мен жоқты ойлай да алмай, Атсыз ой, сойсыз сезім, есімсіз мұң, барады батпырауық ойнай да алмай! Сырласу, қасам ішу, тілдесусіз, кезеңге тап келгенім бір кешусіз... Барамын батпырауық секілденіп, дос – атсыз, дұшпан – сойсыз, құрбы – есімсіз!.. Мұңұрған
Күз неге жылайды, мен бе екем жылатқан?! Жапырақ құлайды, Құлатқан – мен емес тағы да! Кешірді ол басынан не дәуір? О, бірақ осының барлығы жаныма, Соншалық неге ауыр? Неліктен кінәлі сезінем өзімді, көзінің жасына? Сүюді, сезуді, үйреткендегің осы ма, Қыркүйек? Дертіңді көтерту үшін бе? Жұтқызып жасыңды? Күзгі бак ішінде қаңғыртып басымды? Сұранам, сездіргің келеді о, нені? Жапырақ құлаған – жылаған жүректің өлеңі екенін өзім де білемін! Есіме салмашы! Дерт – өлген! Жүрегім – онсыз да, күз, сенің кітабың... Қараша түнінде өртелген! Оянған
Сағатың, сағатың соғарда, Уақытқа, тарихқа, заманға, Әлемге, қоғамға, адамға, Оған да, маған да Сен қарсы жүресің, білесің – бұл сенің ғұмырлық үлесің! Ғұмырлық үлесің: тоқтатпау – Өмір мен Өлімнің күресін... О, жердің тәкаппар тұрғыны, О, жердің тәкаппар тұрғыны, Сен қарсы жүресің, білесің: Өзіңді тапқанша бір күні!.. Өзіңмен бетпе-бет келгенше, Өзіңді жүзбе жүз көргенше, Өзіңді майданда жеңгенше, Өзіңді өзің кеп көмгенше! Ғапыл
Жүректің тасқа айналуы үшін, қасірет шегу міндетті емес, Бауырға тастың байлануы үшін, жасыңды төгу міндетті емес: бір ғана сөз жетеді – жемір! Көз жетеді – шегір! Бір ғана сәт жетеді түңілу үшін, лағыл тасты құрт тесуі үшін; Ал тастың құм болып үгілуі ушін, құмға гүл өсуі үшін, жеткіліксіз өмір! Қайырым
Өзгерткің келсе де өзгерте алмайтын, Бір жол бар, екі рет жүруге болмайтын, Өзен бар, екі рет кешуге болмайтын, Жұмбақ бар, екі рет шешуге болмайтын, Есік бар, екі рет ашуға болмайтын, Перне бар, екі рет басуға болмайтын, Бір сыр бар, екі рет білуге болмайтын, Өмір бар, екі рет сүруге болмайтын, Қанат бар, екі рет кағуға болмайтын, Шырақ бар, екі рет жағуға болмайтын, Ол – қыздың жүрегі: жарық күн, қара түн, Екі рет, екі рет кешіре алатын! *** Ақылға сыяр айыптағаның, Арманыңдағы болмадым. Асықпа, жаным, ғайып боламын, Көзіңді жұмсаң болғаны.
Тістелеп үнсіз ерніңді үлбір, Ойлана қалшы өзіңше. Ұшып та кетер өмірім бұл-бұл, Жалт ете қалған сезімше. Болмаса, бір сәт жамалды бөтен, Аңсашы... әлі кеш емес. Бұлбұлды бақша, маралды мекен, Бәрі де, бәрі... бос елес. Жылап тұрғандай ішінен күлкім, Күлкілі неткен көз жасым. Бұйырам кейін түсіңе, мүмкін, ...Сағынуға жазбасын. *** Мен кетем, мен кетем, Дертімді емдетем, Сен салған, сен берген, Сенімен тең бөлген, Шыға алмай сенделген, Шығамын шеңберден, Бола біл сен бөтен, Боламын мен бөтен.
Келмеске кетермін, Күтпестей етермін, Оралма өткенге, Өтінем, жек көрме, Күн кешіп көпке ер де, Күліп бар көктемге! Мен ғана бекермін, Қатыгез екенмін. Мен кетсем – келме сен, Сен сүйме шөлдесем, Жалғыздық түрмесі Рухымен тілдесіп, Жүрермін күн кешіп, Сен оны білмеші, Осылай сөн десең, Осылай сем десең. Өзіңмен – жалығыс, Өзіңсіз – жабығыс, Алдымда мұнар күн, Мұнарда құмар түн, Сапарға шығармын, Сағымды қуармын, Сабылыс, жаңылыс... Не табам? Сағыныш! Мен – тұтқын маталған: Өзіңнен от алған, Сезімдер тербетті, Дертімді меңдетті, Басымды сенделтті, О, сенің нең кетті?! Тосса да жат алдан, Кете алман, кете алман! Қараңғы көшелер
Қараңғы көшелер Ұмытқан құдайды – Тамұқтың жолдары сыңайлы. Бойжеткен Бұрышта әлдене сұрайды, О, нені сұрайды?! Жапалақ жанарлы, жарқанат құлақты Көшелер жанымды жылатты. Қараңғы бұрышқа О, кімді құлатты, О, нені сұратты?! Кер шаһар Удай мас Ындынды ләйлітті – Көтере алмаған байлықты. Сол түні ол мені айнытты, Сол түннен қаймықтым... Жүрек-ай – қанатын от шалған көбелек, Бұл маңнан өзіңе не керек?! Бұлқындың – Не білдің? Ұмтылдың – Шегіндің, Бұйыға тығылдың неге кеп?! ...Қараңғы көшені түн жұтты. Жоғалды. Артында... Тастанды Пәктік пен Обалды Көтеріп барады киелі жүректер – Аспан жанарлы. Сүмбіле. Су суыды.
Тараз. Күз. Саябақ. Жеңілген жүрек пен Желге ұшқан жапырақ. ...Әлдебір жас жігіт сұлуды аялап, Аяулы тілекпен... Тағы бір ақымақ соларға қарайды қараша бұлтындай түнеріп. Ей, жүрек, қойсаңшы бұлқынбай, Бүгін ол, Бүгін ол – тірі өлік! Бір жырдың артында – қаншама сұлудың көзінің ып-ыстық жасы бар, Ол соның азабын тартуда, Ол соны қайда енді жасырар? Соқпақтар бақтағы өмірдің жолына ұласар демеді, Өзі-өзін ақтады, Ақтады – өлеңі. Ақымақ! Тағы үнсіз келеді, Енді оған кім сенер?! Ол бүкіл өлеңі бір тамшы жасты ақтай алмасын білсе егер...
Қайтармыз біз де, қайырылмай қаншалық шыдармыз, Хаттар жазармыз, жырлармен аңсар ұқтырармыз. Жаз өтер бір күн, қу кетер сыңқыл да сыңқыл, Жылауық күзді жан-жақта қарсы алып тұрармыз. Терезелерден сол шақта тысқа да қарармыз, Сағыныш мұңын саз еткен құсқа да қарармыз, Бір бірімізге құшақ боп ашыла қалармыз, Бір-бірімізге найза боп ұштала қалармыз. Өткінші бәрі, қашанғы қараша сұрайды, Күзгі аспан неге бізбенен таласа жылайды?! Көзінің жасын қорғамай жерге құлатқан, Аспан дегенің адамнан аласа сыңайлы. Деуші едім бұрын, дегенім келгенін қарашы, Сұрағанымды тәңірім бергенін қарашы, Тағы да, қалқам, бір жұлдыз сөнгенін қарашы, Тағы да, қалқам, бір гүлдің семгенін қарашы. Өзгеріп кеттің, өтелмес өші бардайсың, Көзіңнен мені бұлайша көшіре алмайсың, Біресе кел деп, біресе кет деп те қаласың, Өзі де мұңлы жүректі несіне алдайсың?! Кешіре алсаң, кешікпей кешіре алғайсың, Кешірмесең көңілден өшіре алғайсың, Сұрқай да күзде сұр жігіт суық қараса, Есі бір кеткен Ерланды есіңе алғайсың!
О, жалған, күзгі бақтың келбеті неткен мұңлы, Жоғалған арманым мен еске алдым өткен күнді. Сұрқай жел семдіріпті-ау сумақай сөз секілді, Бір үміт бақыт үшін бұрындау еккен гүлді. Артымнан қыңсылайды өткеннің құр сүлдері, Қолымнан не келеді, бірақ ол білсін нені?! Бақ астан-кестен еді, ұйыған меңіреуден, Адасқан махаббаттың естілді күрсінгені. Құлазып көшкен жұрттай көңілім қайда қалды? Аяныш сезімімен аймалап айналамды. Бір сұлу суюші еді бұл бақта серуендеуді, Бір жігіт ұнататын сол жайлы ойлағанды. Солғын өң теректер де, қайыңның боз реңі, Мүлгіген кәрі емен тұнжырап көз іледі. Гүл меңді жапырақтан қиылған жылай-жылай, Үзілген үміттердің дірілі сезіледі. Мылқау бақ тіл қатпады, Беймәлім өкінгені, Беймәлім сағынғаны, беймәлім бекінгені... Шылаған солған шөпті шық қана дірілдейді, Жылаған жүректердің көз жасы секілді еді. Тұншығып, Жапырақтың соңғы әнін тыңдадым да, Тыншыдым... Жыладым ба, білмеймін, жырладым ба?! ...Сұрланған айға қарап күзгі бақ күрсінді де, тіршілік қалғып кетті, көзімді жұмғанымда.
2001 жыл Түнгі аңыз Қап-қара түн – құпиялы менің қойын дәптерім, Соған мәлім жұлдызды мұңлы-нұрлы сәттерім: Қасиетті қорлану, асқақ азапталуым, Жымиысым тәкаппар, жылауға аз-ақ қалуым. Ағып түскен жұлдыздай өлең ағып барады, Көңіл шіркін қанатын қағып-қағып барады. Ұйқыдағы сұлудай ұйықтап жатқан әлемді, Дәптеріме көшіріп ала қоям мен енді. Талықсыған арудың ерінінен сүйемін, Жалғыз өзім билеймін, жалғыз өзім иемін. Білесіз бе, бұл әлем түсінде не көреді, Сәл ыңғайсыз, әйтпесе айтар едім мен оны. Екеумізге ғана ортақ бар сезімнің көктемі, Қап-қара түн құпиялы – менің қойын дәптерім.
Оянса әлем тәлпіш-ау, о, түнде де қылықты, Таңға жуық тым асау, онысын кім біліпті?! Ал таңертең мүлде өзге кісімшілдеу күйге еніп, Шыға келер білместей түнде кімнің сүйгенін. Құлпырарда дүние күнге шыққан құндыздай, Өлең ағып түседі ағып түскен жұлдыздай. Ойлар қонып жатады баппен қағып қанатын, Анау менің терезем: ояу жүрек жанып тұр... ... Менің қойын дәптерім – құпиялы қара түн. Қайдасың? Қай қаланың аспанынан маңдайыңды көрейін, Сол аспанды шаю үшін көз жасымды төгейін. Қай жұлдыздың жарығынан көз нұрыңды табайын, Сол бір жұлдыз сөнбеуі үшін мен өртеніп, жанайын.
Қай жемістің шырынынан ернің дәмін сезейін, Сол жемісті табу үшін дүниені кезейін. Қай даланың гүлдерінен жұпарыңды жұтайын, Сол даланың топырағын маңдайыма тұтайын. Қай бір құстың қос қанатын қолдарың деп сенейін, Сол бір құсқа сағынышымды бау қып тағып берейін. Қай жүректің лүпілінде махаббатың қалды екен, Сол жүрекке құл болғаннан артық бақыт бар ма екен?! Күзгі көңіл Қиқулап көкте құстардың өткенін қара, Содан ба, менің мазамның кеткенін қара. Мына күз – менің жанымның көрмесі ме екен, Көңіл күй ме ме екен әлде бір өтпелі ғана?!
Білмедім, білгім келмейді ештеңені де, Өкпеледім бе, әлдекім қош дегені ме? Әлдекім ерте шықты ма жұмысқа қарай, Әлдекім бүгін үйіне кеш келеді ме?
Білмеймін, кезіп келемін қаланы бүгін, Жаныммен сезіп келемін даланың жырын. Дәл бүгін өмір сүруге болмаса, мейлі, Дәл бүгін өлең жазуға болады, күнім!
Жыр жазсам – жүрек басқаша соғар ма екен? Кешегі достар... ал бүгін олар да бөтен. Тұтатып бердім шылымын бейтаныс жанның, Мен үшін шырақ бір адам жағар ма екен?!
Жүр екен кербез күндерім қас керіп қайда? Алқызыл асау сезімдер бас беріп пе ойға? Әлде бір сұлу жатыр ма жас болып жүзі, Әлде бір ақын отыр ма мас болып... айда?
- *
Пай, ақындық пешенеме тән сенім, Сен болдың ба ғұмырымда осынау. Бірақ сезім сөнер оттай жасыды-ау, Өзі-өзіңе ғашықтығыңнан сенің.
Беу, қайысқан қабырғамның бөлшегі, Осы ма деп ұлы мейірім қыздағы, Жас жанымның ақ бауыры мұздады, Өзі-өзіңе тәңірлігіңнен сенің.
Пәлі-ай, бейбақ күндерімнің өлшемі, Соңғы үміттің сарсаң болған санасы, Мені ызадан жылатқанын қарашы, Өзі-өзіңе мазақтығыңнан сенің.
- *
Қыздар мені іздепті бақ ішінен, Жүректердің беймаза қағысымен, Сезімдердің беймезгіл ағысымен, Қайтқан құстың сағынған дауысымен, Қыздар мені іздепті бақ ішінен.
Қыздар мені іздепті қыраттардан, Кездерімде бәрінен жырақ қалған, Кездерімде жабығып жылап қалған, Кездерімде жалыққан сұрақтардан, Қыздар мені іздепті қыраттардан. Қыздар мені іздепті таң сәрінен, Баян менен Жібектің аңсарымен, Шаруалардың кешкілік шаршауымен, Жоқ іздеген кісінің сарсаңымен, Қыздар мені іздепті таң сәрінен. Қыздар мені іздепті биік таудан, Биік таудан бір кезде сүйіп барған, Биіктерге таласқан иықтардан, Кездерімде айылымды жиып қалған, Қыздар мені іздепті биік таудан. Қыздар мені іздепті айдындардан, Аққуы ұшып, артында қайғым қалған, Күн күрсінген шақтарда, ай мұңданған, Қыздар мені іздепті айдындардан.
Қыздар мені іздепті көк қаладан, Аруының үмітін ақтамаған, Ақынының жырларын жаттамаған, Қыздар мені іздепті көк қаладан. Таба алмапты ақынның бұл мекенін, Біле алмапты жүрегі бірге екенін. ... Алма жинап жүр ме екем оларға арнап, Соларға арнап гүл теріп жүр ме екенмін!? Сен жылаған түні Сен жылаған түні Еріксіз жасым сорғалап, шошып оянғам, Түн деген сап-сары сағыныш екен деп, Қара түске шашы боялған, Кім білген, дүние-ай, мұны. Сен жылаған түні, Зағип түннің көзінен нұр іздеп жатқам, Жан-жағымды сипалап шам таба алмай, Кірпігімді көз жасыммен тұтатқам, Өртеніп өзегімнің бүрі.
Сен жылаған түні Ащы жасыңды жұтқан жастықты қарғап, Қара түннің қабырғасын тіліп, Өзімше сені солайша қорғап, Ұлыған шарасыздық мұңы.
Сен жылаған түні, Бұл өмірдің күлкісін жек көріп кеткем, Жымыңдаса жұлдыз, мазағы ма деп, Күлімдеген айды кеудеге тепкем – Бір тамшы жасыңның құны.
Сен жылаған түні, Он екі мүшем егілуші еді, жаным, Түн қойны мұздап сала беріп кенет, Мен неге шошына бастадым тағы, Мен неге жатырмын тірі, Сені тағы жылатқанда мына түн?!
- *
Қайтқан құстың қанатының суылы... Сенің жаның, бәлкім, содан суыды, Менің жаным, бәлкім, содан жаурады... Уыз емген үміттердің уілі, Еркелескен еріндердердің күбірі, Көшкен бұлттай көкіректен аунады.
Мен шықпаған арманыңның таулары, Сен кезбеген бақытымның баулары. Білесің бе, мазалайды мені кеп... Құс арманы қанатынан саулады: Есалаңдау осы нөсер жауғалы, Бір жылағым келетіндей еңіреп.
Қаз қаңқылы, қу сыңқылы қайғылы, Аласұрған ақ аспанның айдыны, Күрсінеді күзге ұрынып көңілсіз. Жалғыз келем көкірегім шайлығып Қарауға да дауаламай қайырылып, Не өмiрсiз, не өлiмсiз – өзіңсіз...
- *
Даладан, таудан асыға, Гүл теріп саған келдім мен. Гүлдесте тағып шашыңа, Гүл қойып сүйсем ерніңнен. Сезімнің қоңырауы ма, Бір әуен жүректе, міне. Ақ гүлді омырауыңа, Көк гүлді білектеріңе, Тағайын, тағы жыйнайын, Іздейін ең бір әсемін. Әр адамына сыйлайын, Сен жүріп өтер көшенің. Бәрін де теріп келемін, Бәрін де жиып беремін. Әдемі гүлдер көп еді, Ең әдемісі – сен едің! Гүл теріп жүрген шақтарым – Ол, бәлкім, өмір сүргенім. Ал сені бірақ таппадым, Сен өсер жерді білмедім. Даланың ең бір төрінен, Таулардың ең бір шыңынан, Кездестірермін сені мен, Кездестірермін, шұғылам!
Махаббат, бәлкім осы ма? Табатыныма сенемін! ...Даладан, таудан асыға, Гүл теріп саған келемін.
- *
Құрбым деймін, құшағың құрдым деймін, Мың тазарып, өзіңмен мың кірлеймін. Мерейіңнен алдында мылқауланып Мейіріңің алдында міңгірлеймін.
Қарашығы көзіңнің жылым деймін Жұтып бара жатса да күлімдеймін. Ессіз сезімдерімнің періштесі Көзсіз сенімдеріңнің піріндеймін.
Көліліңнен, кербезім, дала көрдім. Сол даланың аңсарын ала келдім. Ерініңнің қып-қызыл сәулесімен Арманымның суретін сала бердім.
- *
Кетті, келген соң кеткісі, Бөтен жар, басқа үй... Сейфуллин проспектісі, Такси.
Көзі – алқызыл сүрмелі, Алқызыл плащ. Ол ештеңе білмеді, Білмедім... рас.
Қарлы, Желтоқсан басталды, Сәл күтсе нетті?! Ештеңе жоқ астарлы: Кеткісі келді, кетті.
Себеп те жоқ тілдесер, Салдары – ауыр... Жүректерде бүрлесе Кінәмшіл сәуір...
Күлкі – екеу, мұң – жалғыз, Кетті... Мен де кетем. Аялдамада тұрған қыз – Бөтен.
- *
Көз жазып қалдым қараңнан, Қауыша да алмай мұнша күн. Сары өлеңдерім жаралған, Сағынышымның құрсағын,
Елесіңе енді сипатып, Сарғая бердім май шамдай. Көкірегімнің сипаты Жаңбырлы түнгі лайсаңдай,
Астаң да, кестең болғаны Адыра қалып арманым. Үрей тісіне салғаның Үмітімнің де бармағын.
Қайтасың қашан, жыл құсым, Қанатыменен құстардың. Келер күнімнің күлкісін Бүгін естуге құштармын.
- *
Мендік ғұмыр – сенікінің елесі, Күлкім болса көздеріңнің үніндей. Жалт етіп бір қарағанша келесі, Мұңданушы ем қарашаның түніндей.
Жүргенімде ақыл-естен жаңылып, Есалаңдық жабысады-ау демеп ем. Желігімнің жөргегіне таңылып, Жанарымды жұма қалдым неге мен?!
Өткен күндер оралмасқа қалғаны – Қайтқан құстың қанатына қолтаңба. Қалғып кетіп айырылғандай болғаным Қарап тұрып таң алдында шолпанға.
- *
Күздің түні – қыз баланың мұңындай, Жүрек қылын шертiп кететiнi бар. Ғашықтардың ессіз балалығындай Бұл нөсердің сенде нендей құны бар?!
Мәз боласың нөпір суға малына, Жаңбыр тілін сен ұқпасаң кім ұқсын?! Балапаным, жақын келші жаныма, Алақаным білегіңді жылытсын.
Тұрған кезде әрнәрсені ойыңа ап, Жаңбырдан да қызғанады екенсің. Іңкәр көңіл кінәмшіл де кей уақ, Сүйген жүрек болады екен секемшіл.
- *
Сүйемін деп тағы да қайталашы, Қайталашы, қанша рет айта аласын. Жүрек барда – шайырдын көзесіндей, Көңіл барда – сұлулар шайханасы.
Тілін жүр ем үйреніп түнерудің, Арманымның елінен күле кірдің. Құшағымда ай жатты аласұрып, Жырын жұтты жұлдыздар жүрегімнің.
Іңкәрлігің құшағын жайса маған, Безіп кете жаздаймын ой-санадан, Кекіліңнен айналдым күн тараған, Кірпігіңнен бір-бірлеп ай санаған.
Неге мұнша сезімдер күрделі еді?! Күрделі етіп жіберді бірге мені. Кеудемдегі бірдеңем сені көрсем, Бірдеңе деп айтады бірдеңені.
- *
Ғұмырым да жетпестей ұғысуға, Талай сөзім мерт болды тіл ұшында. Саған жазған хатым да сарғаюда, Жүрегімнің төртінші бұрышында.
Күн қайтқанда, кешікпей түн келеді, Кірпігінде жылтылдап сүрмелері. Солай сені басқа ма қызықтырған, Айырбастап барасың кімге мені?!
Жалғыздықтың жанарсыз көзін көрдім, өзің келші сол көзден безінген күн. Шашар едім жолыңа жұлдыздарын, Шолпан туған шақтағы сезімдердің. Сүю деген... Сүю деген – көкірегіңде жүрек барын түсіну, Сүю деген – сезімталдық дертіменен ұшыну. Сүю деген, сүю деген – тысың бал да, ішің у, Бойжеткендік ұялу мен бозбалалык қысылу. Сүю деген – қаперіңнен өзге үшін ұмтылу, Сүю деген – нәрестелік көздеріңе мұң тұну. Жұлдызды түн көзді жұмып, ерініңді тiстелеу, Жігіттегі құмарлық пен арудағы ынтығу.
Сүю деген – күлгін таң мен күрең кештен қызғану, Бұл ғаламның мұңындағы бар обалдың ызғары. Ай сәулесі жылу беріп, күн нұрынан сыздану, Тәңірін де сескентетін сезімдердің құздары. Сүю деген осы десем, неге, гүлім, сенесің, Сүю жайлы сұрамашы, ол немене демеші, Мені сүйіп көрді ғой деп ойлайсың-ау сен осы. Күздің сағынышы, қыстың пәктігімен іздесең, Көктемде жүрер бәлкім махаббаттың елесі. Ғай, ғай... Қара түннің түкпірінен шығып жатқан күбірге, Ей, жүрегім, жын шалды ма, жығыласың, жүгірме! Мына әлемде Ләйлі жоқ қой сені Мәжнүн қылатын, Айша жоқ қой мерт болатын Сүмбіленің түбінде.
Нәркес үміт қарсы келген қарашықпен қабысқақ, Бірақ әлі ешкімге де кете алмадым табыстап. Бүгін менің естен тана ғашық болғым келгені, Тұл бойыма тұйықталған бар сезімді бағыштап. Көзді көргем жүрегі үшін жауап бере алмаған, Ерінді де сезімдердің бір бүртігі қалмаған. Мына әлемде Ләйлі бар ма мені Мәжнүн қылатын, Бар ма, адам?! Жаздым Еркелей қарап, елігім менің, Ерніңді тостың... Ес кетті. Елігіп едім, желігім жеңіп, Әттең-ай, әттең не істетті?! Ентігіп демің, дір етті ерін – Ұлы сезімнің үрейі. Ерінді сүю – жүректі өбу екенін қайдан білейін.
Қаншалық жаның ұнатқан сайын, Өзімді сонша жек көрдім. Сезімің сұлу бүр атқан сайын, Ішімнен қурап кеткенмін.
Кінәдан көңіл, күнәдан жаным, Күйеді білем, күйсінші. Сүймеймін енді, сұрама, жаным, Шын сүйген ғана сүйсінші.
- *
Бұлдырамашы, құлап кетпеші, Етпеші мені жаралы. Жарық жұлдызым, жырақ кетпеші, Жанарым талып барады. Аспанды бақсам аңсарымды алдың, Сұлу ғаламның нышаны. Таңдайы менен тамсанулардың, Қарсы алулардың құшағы. Жұлдыздар көкте жамырағанмен, Сен жалқы тұрсың, жарығым! Биіктен мені танымағанмен, Төменнен сені таныдым. Заңы ғой ол да ғұмырдың мына, Басқаша деймін болсашы. Жасырынғанша шымылдығыңа, Қолыма менің қонсашы. Жалғыз анам бар асыл да жүрек, Саған да ана болады ол. Бауырым болшы қасымда жүрер, Келе ғой, нұрым, қона көр... Ынтық Бал да бардай, у да бардай, Өзегіңе жалғанам. Он төртінде туған айдай, Ерініңе арбалам.
Ай көргенде аман көріп, Баяғыдай күн көрем. Жан ләззатын саған беріп Омырауыңда гүлденем.
Жарылқа деп таңда сүйем, Есірке деп түн сүйем. Сүйгендеймін алғаш, ием, Ақырғыдай сүйші, ием!
Ғашық жаны – ерінінде, Тіршілігі – өбуде. Көктем бүрлеп көңілімде, Сай-сүйегім еруде.
Сөз тұтанып, ой балқыды, Жұтты бәрін ғажап түн. Сезімімде Ай қалқыды Қанатындай ләззаттың.
Көңілімді қытықтады, Түннің тілі күбірмен. Таң жұлдызы құттықтады, Аман қалғандығыммен.
- *
Өмір мынау – у құйылған аяқтай, Тағдыр мынау – екі ұшы бар таяқтай. Беу, дүние-ай, безе алмаспын сонда да, Ақтық демім шаранамды оятпай.
Жүрек мынау: дауасы не, дәру кім?! Уызынан бал іздеймін бар удың. Ол да өмірден жерінбес-ау, қалмаса, Ақтық сөлім ерінінде арудың.
Санам мынау – сандырағы Заманның, Адам болып тұру үшін алаңмын. Күн артынан көшіп барам қалса деп, Ақтық сөзім ауызында Ғаламның.
- *
Арманыммен аман жеткен ақ таңнан, Үмітіммен үлпілдеген, тілеулі. Дәл өзімдей әлдекімнен шаттанған, Мен де, бәлкім, шаттандырдым біреуді.
Сезіміммен жұлдызынан жаңылған, Төзіміммен кісендеулі, шідерлі. Дәл өзімдей әлдекімді сағынған, Мен де, бәлкім, сағындырдым біреуді.
Көңіліммен көктемеге зарыққан, Жүрегіммен жаз келгенше жүдеулі. Дәл өзімдей әлдекімнен жалыққан, Мен де, бәлкім, жалықтырдым біреуді.
- *
Бақыт құсы бола алам ба басқаның?! Бір үмітім сеніп еді – сезгенмін. Бір күдігім жерiнеді – төзгенмін, Барлығын да келетіндей тастағым, Барлығы үшін келетіндей өзгергім,
Күлер едім: жыламаған секілді ем, Жылар да едім: жат па маған сор да сыз, Күліп сонда сүйесіз бе бетімнен, Көз жасымды сүртесіз бе сонда сіз?!
Бір боздаса мұраттарым боздасын: «Ей, дүние, көкірегің ақ па?»деп. ... Менің жаным – тәңірімнің көз жасы, Сіңіп кеткен қара топыраққа кеп.
- *
Қайран жүрек қол жетпесті қалатты-ау, Жаңа оянған өмірімнің көзінше. Өмір болса – ән секілді шолақтау, Әркім келіп айтып кетер өзінше.
Сен де айтқансың, ол да айтыпты жанымен, Күллі арманның көкірегіне ән енді. Менде сол бір ескі әуенге салып ем, Жұбатсам деп әлемді.
Даусым саған жетер ме екен, таң атқан, Даусым саған жетер ме екен, қара түн. Жанға ғұмыр жазбаса егер жаратқан, Қайырмасын шырқай алмай қалатын.
- *
Ей, өмірім, сүт ұсыншы сусын деп, Балыңа да рахмет – сүйсінбен. Тозаңы ұшып сайқымазақтығыңның, Жанарымды жыламайын жусын деп.
Сүйем сені, бәлкім, соңғы деміммен, Сүйем сені, аппақ қара өлеңіммен. Сүйем сені, сәби сезімдеріммен, Сүйем сені, қанша безінгеніммен.
Сені көрем арманымның түсінде, Кейде шошып оянам да, түсінбей, Қарашықтай жаутаңдаймын үрейлі, Өліараның аңғалағы ішінде.
- *
Қара жебе секілді көз Ұлымның Қадамашы арқасынан сұғыңды - - Қолым емес - дейді анам аластап - - Қолы – деумен - Би Пәтима Пірімнің.
Үлкендерден сұрап жатар бата да, Бақ дарысын дей ме екен ботама. Қашан көрсең түтіндетіп жүргені, «Жарылқа - деп - маңдайыннан От Ана».
Тәңіріме тәу етумен сыйы үшін, Өз ойыммен тұрып қалам түйісіп. Жүрегімді иіткенде шымырлап, Пайғамбарлық мейірімнің иісі.
- *
Жалғыз райхан... Ол да қурап қалғалы, Өткенімді алмаушы едім есіме. Сенің мұңлы жанарыңдай сондағы, Бүгін аспан жылады екен несіне?
Кетем деп ең, Қал дегенім жоқ тағы, Менсіз саған жеңіл болар тәрізді. Ессіз нөсер сонау жүрек жақтағы, Жаңғыртам деп шайып кетті бар ізді.
Қураған гүл… Сонғы демі сезілді, Сол бір демнен әлсіз әуен естілді: Аяр болсаң өзіңді, Аямайсың ешкімді!
Сөніп барып, лап ететін өрттей боп, Суып барып, қайта өзімді жылыттым. Айығарда бір соғатын дерттей боп, Ақырғы рет аңсадым да... Ұмыттым.
- *
Саған сенгем басқасын былай қойып, Мәпелер деп жүректің сағынышын. Шатты күні туылған шырайлы ойым, Жасып қалды көзіңе шағылысып.
Сенен күтпей жүректі тілгілер мұң, Тектен-текке сезімім бүршіктепті. Дір-дір еткен үміттің үлбір ернін, Сүйе білмес сезімдер қыршып кетті.
Базарым сен болғанда, байлығың ем, Бу боп ұшып жатқандай бар ұлылық. Айдынына арманның ай нұрымен, Қармақ салып отырар кәрі күдік.
Барлық мазақ мысыққа айналып ап, Қармақты аңдып... Тынып тұр жұрт ішінен, Күнге де бұл тіл бітіп, айға құлақ Күллі әлемнің қалдым-ау күлкісіне.
- *
Жалынамын, жоламашы, Шақырып ем сенгендіктен. Сен пері де бола аласың, Періште боп көргендіктен. Жалынышты қарамашы, Неменеңе жағынасың? Һәм сүйікті бола аласың, Мені сүйіп не қыласың?! Қай сасқаным – желіккенім, Тұрар ма едім мүмкін шыдап?! Мен көрмей-ақ көрікті едің, Мен сүймей-ақ сылқым, шырақ. Жоқ сезімге қаталаппын, Кешір енді, кетем бүгін! Маған таңсық махаббаттың, Саған қаңсық екендігін, Кеш ұғындым көтеріп мен, Еркелеу мен есіруді. Пендеәуи қателікке Пайғамбарлық кешірімді Көп іздеппін, қарамаппын, Бәлкім, сонда жаңылысу? Бар әлемді қаралаппын, Сені ақтап алу үшін.
Ұнадым ба, ұнаттым ба, Әй, сезімнің тұрағы жоқ. Мен – жауапсыз сұрақпын да, Сен – жауапсың сұрағы жоқ!
- *
Кейде көңіл қайтар құстай қайғылы, Қажып бітер қос қанатын жайғанша. Оралғанша қайтемін деп айдыным, Сатқындықтың шалшығына айналса...
Өздерінен өзгелерді жасаған Жандар да көп, Аяуыма обалы. Бар дегенім тас лақтырса тасадан, Жоқ дегенім болады екен жоғары.
Соңғы сөзде сарқылар деп сиям қай, Танымастан жүзін дос пен қастың да, Жанарымның ақ жаңбырын тыя алмай, Басым жатар жастығымның астында.
- *
Мылқаулығы сананың тас құлағын жарардай, Сүзіледі сұп-сұр ай сорға біткен жанардай. Жанның көзі кіртиген, күлгін қала, мас көше, Көлеңкелер жөңкілер бір-бірімен өштесе... Түнгі шамның көзінде көлбеңдейді көйлектер, Қара далап, ақ опа... және екі бойжеткен. Қызыл тұмсық етіктер өкшесінің би өңді, кыпша белді күлкісі қытықтарға сүйенді. Көз алдымда кетті әне екі жігіт жұтылып, Қалқып қалды орнында темекінің түтіні... Жауып сордың есігін қара құмар таңбалы, Босағаға жармасты екеуінің аруағы, Ұзақ тұрып қос Елес ой жанында шеткері, Бірі көкке қарады, бірі есікке беттеді. Сөне берді сұп-сұр Ай сорға біткен жанардай, Бұлт еткенде бір бөксе мені баурап алардай.
- *
Хұсни іңір таранар қоздантып сезім бүртігін, Кермиық күннің күлтелі дірілдесе кірпігі. Қара түнек қыранның қанатындай көрінсе, Жәудірейді дүние жанарындай түлкінің. Бұлықсиды тіршілік бүрілерде шарасыз, Иманды айдың жүзінде құмарлық тұр тобасыз... Жасаураған жанардан жас боп тамып ояндым, Беу, дүние, жұмылып, қайда батып барасыз?!
- *
Сен әлі тым жассың... Сезіміңнің дір-дір етіп кірпігі, Ерініңнің бүр жармаған лаласы, Сәл шыдашы... кейін... кештеу... бір күні Махаббатттың тәкәппарлау баласы Көз салады ғайыптан кеп, гүлім-ау, Құтқарады қасиетсіз өлуден. Сүю жайлы ойлау деген – жылылау, Тіпті ыстық, сүю болса тоңу мен тітіркену, қалтыраудан тұрады, Солса гүл де сүйгені үшін семеді. Бірақ кейде аңсаулардың шырағы, Әнтек қаққан кірпіктен де сөнеді. Сен әлі тым жассың... Алуан гүлге құмар болма, сұранам! Жауқазыны, бар тағы да жалбызы. Қарамастан өтіп кетер бір адам – Махаббаттың өркөкірек жалғызы.
- *
Тыңдашы сәл, нәркес ғұмыр-нәзігім, Сүю жайлы тағы да айтқым келеді: Көбелектер күз келгенде, Жазының Сезіміне беріктіктен өледі! Ал, көктемде тіріледі қайтадан, Қысқы кешке сипатпастан қанатын. Содан оны махаббат деп айта алам, Пайғамбарлық жүректерде болатын. Қара аспанның қар жауса да көзінен, Тау ерніне мұз қатса да көкпеңбек, Қар астынан күбірлеуін сезінем, Шалажансар жапырақтың «көктем»деп. Мен де содан, нәркес ғұмыр-нәзігім, Көктемені күтуменен келемін. Сенің болса, сенің барлық жазығың – Жапырақтың тілін түсінбегенің.
- *
Ермегі ме – дейтұғын – есі өлең бе? Жалғыз сауал қойылса пешенемде, Ту сыртыңнан өзіңді көрсетер ем, Кездеспей-ақ кеттің-ау көшеден де. Барлығына дер едім сен кінәлі, Жүрегіңе байланған жан құмары. Хан сәлемін алмайтын көңілді өлең Қиығына көзіңнің зар қылады. Сен кінәлі бәріне, жазалысың, Мақпал түнде ұрланған мазам үшін, Өзегімнен дірдектеп аңсар жасы, Сол тамшыдан жаралған ғазал үшін. Еріні – Ай, көзі – Күн Меңді Ғалам, Қайтсем сені кеудеме қондыра алам?! Сен өлгенде – әлемнің өлетінін, Көрсетер ем, Жолықпа енді маған!
- *
Келбетіңнің болмас деп жерде өлшемі, Ерек көрдім мен неге елден сені. Жүрек берген кеудеге сүю үшін, Сүйе білмес адамға бермеуші еді. Жаралған деп ойлаушы ем сені маған, Сезім адал, біздегі сенім адал. Сүйе алмаған жүректің өзіне обал, Қатыгез боп кетпейді өмір одан! Күлгенің де – мендегі қуанышқа, Әлде ол да жалғандау жұбаныс па?! Кірпігіңмен жазасың неге, гүлім: «Енді мені көргенде құрақ ұшпа!» Бірге көрмек өмірді, бірге сүрмек, Мерт болғандай ең соңғы тілдесуде. Адам көзін жұмғанмен қайта ашуға, Ешкім қолын жумайды кірлесін деп!
- *
Өмірді ұғар секілденіп, ой кешіп, Жүргенің де әурешілік кейде осы. Біреу маған ақымақсың деп кетті, Сезімдермен отыр едім сөйлесіп... Өмір деген театр ғой көне тым, Әртістердің екі түрі енетін: Ақымақтар, және деймін басқалар, Ақымақ боп көрінгісі келетін. Деп күлемін Езуімен әзілдің, (Өзі-өзіммен әзілдескен мәз ұлмын) Мен де кеше ақымақты іздеп ем, Мұңның қара тізіміне жазылдым. Талай сенім табан асты тапталды, Талай үміт дар алдында ақталды. ... «Кемеңгерім!» деп ем сонда біреуге, Ол да маған «Данышпаным!» деп қалды!
- *
Жалқы туған бәйшешекті аядым, Жер жүрегін жібітеді қалай деп. Күн ернімен сүйіп-сүйіп қоямын, Самал болып сипаладым талай кеп.
Неге ерте туылғанын сұраймын, Көктем болса ән салып жүр елесте. Ал бәйшешек өкінбейтін сыңайлы: «Оятатын біреу керек емес пе?!».
Ертесіне үсік жүрді, ол семді, Семді, бірақ сол бір ақсақ пішінмен. Оянар деп мыңы бірі өлсе енді, Мен шыңғырып бара жаттым ішімнен.
- *
Көрік берсе, көздерге ұнау үшін дер ме екен, Ерік берсе, өзіңді сынау үшін дер ме екен, Серік берсе, бір бүтін құрау үшін дер ме екен, Бәрі бүтін әлемде, ал бүтінің нөлге тең, Дер ме екем.
Сенім берсе, сенімнен шығамысың дер ме екен, Төзім берсе, ол дағы шыдау үшін дер ме екен, Сезім берсе, сезімді ұғамысың дер ме екен, Ең жақынмын – ұға алсаң, ұға алмасаң – ең бөтен, Дер ме екем.
Самғау берер қанатқа құлау үшін дер ме екен, Жас та берер жанарға жылау үшін дер ме екен, Жыр да берер жаныңды сылау үшін дер ме екен, Өзім жатқан бесікті өз қолыммен тербетем, Дер ме екем...
- *
Жазылмаған өлең – сүйілмеген ерін, Сүйілмеген ерін – жазылмаған жырсың! Екеуі де керім, Екеуі де тылсым!
Жазылмаған өлең – оралмаған құстар, Оралмаған құстар жылы жаққа кеткен. Бізден жырақ тұста, Әрқашан да көктем!
Жазылмаған өлең – оқылмаған дұға, Оқылмаған дұға қалшылында жанның. Оқылатын шығар, Алдында бір таңның. Дүр, оқылған шақта Құран менен Өлең, Тұр, басыңды көтер, жүр, жақында маған, Ей, сүйікті Әлем, Ей, сүйкімді Адам!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру