Бір жарық
Есей Жеңісұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ақын, танымал журналист Есей Жеңісұлының өлеңдері мен шығармалары сан-салалы тақырыпқа арналған. Тілге жеңіл, шымыр ұйқасты өлеңдері мен әлеуметтік тақырыптардағы туындылары оқырманын бірден баурап алады. Жазушының түпкі ойын, идеясын танытып, өмір-өзендегі адамның түпсіз сезімін айғақтайды.
І БӨЛІМ
Жиырма бес
Жиырма бес – дариға-жас менен де өтті,
Жастық шақ алаңдатты, елеңдетті.
Қуаныш сыйлап менің бойыма шақ,
Маған лайық мұң болып өлеңдетті.
Білмеймін оны қалай аңсарымды,
Әйтеуір өткердім ғой ән-шағымды.
Жастықтың тәттісінен татып жүріп,
Көкірек көтерілді, тау шағылды.
Жақсы іске ұмтылғанмен, тырысқанмен,
Көп жүрдім қалқалармен, қуыстармен.
Әр күнім ақылсыздау қате жасап,
Бар күнім өтті соны дұрыстаумен.
Ұшырдым да балалық ақ арманын,
Мен де жандым, өртендім, алауладым.
Өмірімнің бағытын көп іздедім,
Жігіт-күннің ерлігін таба алмадым.
Жиырма бес, көзімдегі сағымды аштың,
Жолыма нұр төседің, жалын шаштың.
Сен боп өткен күндерді аңсағанмен,
Өкінішті сен берген сағынбаспын...
* * *
Досқа
Сен кешір мені...
Кешіре алмасаң өзің біл,
Басымды иіп, кінәмді білген сөзім бұл.
Салмақтамастан ауыр сөз айтып жібердім,
Бір ұят менің тұла бойымды кезіп жүр.
Жүрміз біз қатар достықтың жүгін арқалап,
Тұрам ба шыдап құласаң кенет шалқалап?..
Мен сақтандырам «тайып кетпесе екен» деп,
Жолыңнан сенің кездеспесе деп жарқабақ.
Шақырса сені бір биіктен соң бір биік,
Көрінбей көзге қалады, бәлкім, ылди-ық.
Бүгін ренжісу, ертең табысу – өмір сол,
Өмірдің сыры біз ойлағаннан тұңғиық.
Сен кешір мені...
Кінә бар бірақ сенде де,
Экспонат боп тұрған жоқпыз ғой көрмеде.
Қолыңды ұсын да, арқадан қағып жүре бер,
Бір түйін бекіп қалмаса болды кеудеге.
* * *
Тағы да саған жүгінем,
Ей, менің дана ақылшым.
Қол үзіп тірлік жібінен
Сен неге үнсіз жатырсың?
Көнерді жолым таңдаған,
Бастасам деймін бір істі...
Екінші «өзім»,
сен маған
Жақсылап тұрып ұрысшы.
Сен маған қатал қара да,
«Салбырап, сасып жүрме» де.
Әйтпесе, тыныш жағаға,
Әкетіп барад бір кеме.
Қолдарыңменен қарулы,
Сүйре теңізге бұрқасын.
Марғау тәнім мен жанымды,
Толқындар қақпақылдасын.
Оятып бойда сезімді,
Жимасам есті бүгін дәл –
Өзгені емес, өзімді,
Жалықтыратын сұрым бар.
Созылмас үшін бұл қанша,
Сен маған қатты ұрысшы.
Ішімнен сынап тұрғанша,
Сен өзің іске кірісші...
Ей, менің «менім»!
* * *
Жарастық па екен жастығыма тән –
Сағынышым да сарыуайым.
Көзіме тұнса, жасты да ұнатам,
Шарасыз қалған жандайын.
Еркімді уақыт шын-ақ ұрлады,
Білмеймін, өтті қанша ай-күн.
Жүрегімдегі, қиялымдағы,
Ертегі-күнді аңсаймын.
Жатқандай, сірә, барша қызығым,
Артылмай қалып бүгіннен.
Сыртымда әлем ашады гүлін,
Беймаза ішкі дүнием...
* * *
Бір сәттік қана торығу
Мәніс кетті.
Тірліктен мәніс кетті,
Мен аңсаған керемет алыс кетті.
Бірде қырға, бірде ойға домалайды,
Менің басым доп іспетті.
Орындалмай жоспарым, ойлағаным,
Жіңішкердім,
күнде жүз қайраламын.
Бір сәт әйтеу қояды алдандырып,
Қиялыммен ойнағаным.
Теріс тартып тірлігім орамалын,
Киіп алған көзіне томаға күн.
Жалғыз жүріп алыстап барлығынан,
Жалғыз жүріп ораламын.
Сөйтсем-дағы жақсыдан үміттімін,
Тек әзірше бағымда сынық гүлім.
Тәтті мұңға шомылып өтсін мейлі,
Менің жалын жігіт күнім.
Мың ойланып, берсе егер біреу сыртын,
Тәлтіректеп, баса алмай жүр ем, шіркін...
Кейін осы мазасыз күндеріме
Аянышпен күлем, мүмкін...
* * *
Сыбаға көріп кеңдігін көптің,
Құры кеудемді тіреу ғып,
Әңгүдіктігімді ерлігім деппін,
...Неғылсын мені шын ерлік.
Көзімнің алдын көре алмай тұрып,
Көкжиек жаққа үңілгем.
Көлденең жұрттар таусылмас үміт,
Байқаса дегем түрімнен.
Ерекше болу ішінде көптің,
Өзгеше болу дұрыстай –
Басқалар мені түсінсе деппін,
Өзім түсінуге тырыспай.
Ей, шала басым, сезінші, не бұл –
Бәріне құлқым тойған шын...
Өзеуреп тұрған өзімшіл көңіл
Өзгені қайтіп ойларсың?..
* * *
Өмірді кітап демес кім,
Тағы бір бетін қайырдым.
Түкке де дайын емеспін...
... Бәріне-дағы дайынмын!
Болмасты кейде шүбә ғып,
Сөнемін.
Қайта от өрем.
Өзімді жоққа шығарып,
Лезде көкке көтерем.
Әр күнді жұмбақ өткеріп,
Жаныма табам дауа мың.
Өзімді лезде жек көріп,..
Лезде сүйіп қаламын.
Бәрінен кейде безінем,
Көңлімнен шықпай көргенім...
... Өзгеге емес, өзіме,
Қарама-қарсы пендемін...
* * *
Қанағат қылмай түкке де қарысып отырмын,
Өзіммен-өзім оңаша алысып отырмын.
Жаным – домбыра, күй болып қағысып отырмын,
Өзімді-өзім жұлып жеп, тауысып отырмын.
Білмеймін, тіпті, білмеймін не керек маған?
Өртеніп, отқа түскендей ебелек қағам.
Қай тұстан, қайдан іздесем керемет табам,
Жанарымда шыр айналды-ау көбелек-ғалам.
Алаулап жанып тұр, әне, аспанда күнім,
Керек пе таңғы тынық шақ ашқанда гүлін,
Бір сезім мені жұбатар шашқанда нұрын... –
Бәрінен бірақ белгілі бас тартатыным...
Дарақтай жалғыз дағдардым жол өтіндегі,
Айдың сәулесі, аулақ кет, өбетін мені.
Қараптан-қарап көңілім неге кірледі,
Жүрегімді дал-дал айырып көретін бе еді?..
Өзгеше сәтті бұл көңіл күткенде қандай?
Сұмырай ойлар, санамнан шық төрге бармай!
Дәл қазір біреу кіріп кеп, сөйлесер болса,
Әңгімелесіп кетем-ау түк болмағандай...
* * *
Қамшылап...
қанға бөктірдім,
Сауырын мінген жабымның.
Әттең-ай, соны текке ұрдым...
Тұлпар-ау дедім.
...жаңылдым.
Тұлпар деп таңдап мінгенім –
Арқасы жауыр жабағы.
Сүйреткен құры сүлдерін,
Күндерім өтіп барады.
Арман ба?
Онда кеуде жоқ,
Жабының жағын қан қылып,
Атойын салмақ...
– сөнген от,
Ар жағы құры жаңғырық.
Қателеспесем керек-ті,
Аңсадым биік.
Тым алыс.
Өткен күндерім – тек өтті,
Келетін күндер – қуаныш.
Алдымда тағы бір бекет,
Алдымнан сыйын шақтаған.
Жабымен соған түнде кеп,
Арғымақ мініп аттанам!..
* * *
Бұл тірлікте сіз де, біз де жолшымыз,
Жолда тұрмыз.
Қадам бассақ қалсын із.
Сол бір жолда кездейсоқтау кездескен,
Әдемісіз, тамашасыз, көрші қыз.
Көңілімнің тарқамай ма құмары –
Сізді ылғи көргім келіп тұрады.
Көрген жанның кеуде тұсын қозғайтын,
Сіздегі үнсіз бір ұяңдық ұнады.
Қатар тұрып жүрем сізді сағынып,
Аялайды алдандырып ақ үміт.
Тұрады ылғи көрші есікпен сіз ашқан
Кеуде тұсым бірге ашылып, жабылып.
Көзіңізде жалт еткенде тұнық нұр,
Әлемімде қалар нәзік тұнып жыр...
...«Көрінер» деп бір үмітпен қарап ем,
Көрші қыздың есігінде құлып тұр...
* * *
Көңлімде күн батып, кеш кірді,
Тәтті мұң тербесін.
Жабықсын...
... Ар жақтан дауысың естілді,
Ауылдан сен келіп қалыпсың.
Сағыныш...
Арада сым ғана,
Басталды әдемі әңгіме.
Осылай сөзімді тыңда да,
Отыра берші сен мәңгіге.
Сен тыңда, мен сөйлей берейін,
Айтатын жаңалық көп менде.
Қиялға ілесіп жөнейін,
Екеуміз кездескен көктемге.
Әзіл де табамын сен үшін,
Жымиып, күліп қой, қылықтым.
Сағынып қалыппын сені шын,
Өзімнен жасырып жүріппін.
Аққуым, қондың ба айдынға,
Жаныңа нұр сеуіп, күлсін күн.
... «Жақсы» деп тұтқаны қойдым да,
Ішімнен қатты бір күрсіндім...
* * *
Кешқұрым шақ. Күн батқан кезі жаңа.
Троллейбус. Сөз ада, сезім ада.
Жалғыз келем, келеді аңсап жүрек,
Бір нәрсені – білетін өзі ғана.
Баяғы жол... бұрылыс...
баяғы бақ.
Ойланғанға көліктің аяңы ұнап,
Ыңылдаймын жай ғана бір әуенді,
Сыртқа қарап, жағымды таянып ап.
Аялдама.
Сол таныс мекен аман,
Ойларыммен тағы да жеке қалам.
Арқамдағы сөмкені түзеп қойып,
Араласып жұртпенен кете барам.
Өзгеріс жоқ. Көңілдің әуені – күз...
Түсіп қалдым...
Мінді, әне, әдемі қыз.
Троллейбус жұлқынып жөнеп берді.
... Пақыр, неткен бақытсыз жан едіңіз...
Бұлт бұлқынып, жаңбыр да жауып кетті,
Найзағай жүр оңды-сол шауып көкті.
Троллейбус сүлдемді қалдырды да,
Жүрегімді өзімен алып кетті.
* * *
Сен менің тылсым әнім ең,
Сағынып жүріп тауып ем.
Жалығар ма екен сенен де,
Жалыққан жүрек бәрінен...
Көктемім еткен күзімді,
Көкорай еткен ізімді,
Сағыныш тұнған тылсым ән,
Сорғалап барып үзілді.
Өзіме болмай керегім,
Бәрінен жеріп келемін.
Қоштасып кетпек, апыр-ай,
Ең соңғы жүрек медеуім.
Тылсым да тылсым ән едің,
Жанымның тапқан дәл емін.
Сап-сары саз ғып айта жүр,
Сол шақтың айтқан сәлемін.
Аз күндік көңіл ардағым,
Несіне сені таңдадым?
Сағыныш тұнған әлемге,
Сапарлас бола алмадым.
Сен менің тылсым әнім ең,
Сағынып жүріп тауып ем.
Жалғызсыратып кеттің ғой,
Жалықтырдың да бәрінен...
* * *
Мен дей бер
Жалығып әбден жүрістен мынау қаптаған,
Жантая түсіп, жатқанда тынып от-қалам.
Аялдамада тұрса егер біреу қарамай,
Автобустарға ыңырсып келіп тоқтаған...
Күндізгі барлық қуаныштарды жалғап бақ,
Алаңда, сыртта шырқалған кезде ән қаптап.
Би кештеріне, гүл-аруларға бас шайқап,
Бара жатса егер біреу аяңдап, аулақтап...
Дос жүректердің сәті кеп нарқы өлшенер,
Қоштасар кезде жанардан құлап, тамшы өлер...
Қос ғашық жанды шығарып салып алысқа,
Сол біреу жалғыз перронда тұрып қалса егер...
Ығына тартып беймаза мынау тіршілік,
Өрт болған жерге жатқанда қайта гүл шығып,
Сәкіде ыстық сүйіскендерге бір қарап,
Егер сол біреу баратса үнсіз күрсініп...
мен дей бер...
Өйткені...
жалғыз жүргенім батпас деймісің жаныма,
Жалғыз өрледім өзіме биік тауыма.
Күндердің күні жалғыздығымнан құтқарар,
Отырып менің сезіміме тән тағыма,
Сағыныштарға ғашықпын...
* * *
Ара – шалғай:
сізде – күндіз, менде түн.
Біздің жақта түн қымтаған жер бетін.
Сіздің жақта қызып жыбыр тіршілік,
Әлдекімді алдап жатыр әлдекім.
Ара – шалғай...
ойлап жүрмін сізді мен,
Сағыныш боп сыбырлайды күз күрең.
Арадағы алып мұхит өріне,
Қалтылдаған қайығымды жүздірем.
Ара – шалғай...
біздің қала ұйқыда,
Ән де тынған, қалған және күй тына.
Терезеден ай қарайды мазақтап,
Қиял кешкен бір бейбақтың сиқына.
Ара – шалғай...
сізде де күз, бізде күз,
Екі жақта екі әлемге енгеміз.
Ұйқыдағы қала жақта бір жүрек,
Сіз деп соғып жатыр десе сенбеңіз...
Ара – шалғай...
көріспеспіз күн-айлап,
Сіз келгенше өзгерер-ау бұл аймақ.
Мен оянсам, сіз ұйықтайтын шақ туар,
Көз іліңіз мені де сіз бір ойлап...
* * *
Мына өмір серуен десек те,
Дәл қазір қызықтан алыспыз.
Купеде, үстіңгі төсекте,
Ұйықтап жатыр бір орыс қыз.
Көздерін кірпігі көмкеріп,
Пысылдап жатқаны сүйкімді.
Сан ойлар санамды төңкеріп,
Ұрлады менің де ұйқымды.
Бұлт ауып, батысқа күн көшкен,
Уақыттың білінбей дерегі.
Ал пойыз ештеңе білместен,
Сол қызды тербетіп келеді.
Осыдан дәл екі ай бұрын,
Өзімді түсінбес шақта мен,
Жанымның жандырып ай-күнін,
Сол жерде сен ұйықтап жатқан ең...
Сезім кеп жанымды кеш өпті,
Сағыныш өзіңе ізгі анық.
Купені, үстіңгі төсекті,
Келемін сол қыздан қызғанып...
* * *
Мұхит
Жатпағасын күнде шайып іргені,
Мұхит жайлы ойланбаппын әсте мен.
Құшағына алып тылсым түндегі,
Енді осынау алып суға қашты өлең.
Қиялымнан қайық жасап мен бүгін,
Сағат сайын сол мұхитқа жіберем.
Жүрегімді желкен еткен ерлігім,
Айлағыңда аялдар деп тілегем.
Алып суда таң да атар, батар күн,
Толқын тұрса – бөтен бақыт, бөтен той.
Көкжиегі көз талдырып жататын,
Мұхит деген мың сағыныш екен ғой...
Ұшып өтер қанат қайсы, амал жоқ,
Қиял ғана құшағында тербейді.
Сәлем айтып жіберер ем саған деп,
Біздің жаққа шағала да келмейді.
...Алып мұхит, кеудемдегі дертімді ал,
Тынысыңды жаңалыққа жаршы етем.
... Сен демалған жағаны ұрған толқындар,
Біздің жаққа жауын болып жауса екен...
* * *
Балама сыр
І
Білмеймін мен – кім болады есімің,
Қашан өмір ашар саған есігін?
Бірте-бірте әкелікке жақындап,
Теріп келем талайымның несібін.
Бір күнімнің қызығы асып бір күннен,
Шақтарым көп босқа жүріп, құр күлген.
Сен түгілі, саған шеше болатын,
Жанға әлі кездесе алмай жүрмін мен.
Қадам сайын мына өмірді танып мен,
Алға бастым жөн деп тапқан бағытпен.
Саған Ана болар жанның есімі,
Жазылды екен маңдайға қай әріппен?
Бақыт ала келетіндей таң маған,
Әр күніме тәтті үміт арнағам.
Кездестіре алмай жүріп Анаңды,
Сен жайлы да ойлап қоям, жан балам...
Әзірше тек қағазға айттым бар сырды,
Әр ұзақ түн жанарыма тамшы ілді.
Саған Ана болатын сол адамда,
Мендегі жоқ қасиеттер бар сынды.
Қиялыма арманымды тең бөлеп,
Ойлар баста отырады төрге кеп.
Сырт адамға арқаланып қоямын –
«Жұбым жолда, бала деген белде» деп.
Өмірімде сыры өзгеше жай ма бұл,
Алыстаса ажарланар айда нұр.
Сонша ұзақ күттіргені несі екен,
Айтшы, балам, әлгі шешең қайда жүр?..
ІІ
Жасырып қайтем өзгеден,
Өзім де білем, жасықпын.
Кезінде біліп-сезбеген,
Армандар қалай қашық тым?
Мен ұл боп келдім әкеге,
«Жалғасым» деп ол қуанған.
Өмірімнің жүгін көтере,
Өткізер сынын құп алғам.
Әкемнің бөлек жолынан,
Бағыма тағдыр жазылды –
Қуанышы да молынан,
Ой-шұқыры да көп қазулы.
Сәл уақыт салып араға,
Сағыныш болып қарайтын,
Менің де ұлым болады, ә,
Мені еш қайталамайтын.
Маған сен, ұлым, ұқсама,
Алдыңнан арай таң күлсін.
Тәнімді жарып шықсаң да,
Талайы бөлек тағдырсың.
Келесің болып бір Адам,
Жанымның шоғын мың үрлеп.
Қазірден саған сұранам,
«Жұқпасын жасықтығым» деп.
Жөн ерек жол да тапқаның,
Соқпақтар ізде арайлы.
Әкеңнің өткен шақтарын,
Түсіне білсең...
жарайды...
* * *
– Кездестім, – дедім, – көктеммен,
– Шақ осы, – дедім, – таңғы уыз...
Алыстап менен кеткенмен,
Өлеңім болып қалдыңыз.
«Сүйінші!» дедім абатқа,
Мелшиіп тұрды бұл әлем.
Тағы да аппақ параққа,
Аһ ұрып түсті бір өлең.
Сезім-ай мұнша қиын ба ең,
Келмейді, сірә, бақ тегін...
– Осындай сенің күйіңмен,
Таныспын, – деді дәптерім.
Тынышымды бекер кетірген,
Сәттер-ай, сізге не дерміз?..
Қалдыңыз дәптер бетінде,
Тағдырым емес, өлең-қыз...
* * *
Мен сені сағындым ғой...
білесің бе?
Кездескен күн есімде, түн есімде.
Санамда қалған сенің суретіңді,
Елес қып, айналдым ғой түгесуге...
Беймаза шақтарыммен ере көшкен,
Жалықтым күндерден мен ерегескен.
Мөп-мөлдір махаббатты тілейсің сен,
Менің сол мөп-мөлдірім сен емес пе ең?
Сен әлі ерек, бөлек бақ ұстайсың,
Сол бақпен қауышқайсың, табысқайсың.
Мен саған әр хатыммен жақындаймын,
Сен менен әр хатыңмен алыстайсың.
Отырмын тағы, міне, жанып ішім,
Талпындым жүрегіңде от жағу үшін...
... Бір күні шоқ боп барып сөнесің-ау,
Сыңарсыз қайран менің сағынышым...
* * *
Менде сенің төрт суретің бар...
Егер білсем, шын бақытты күнің бұл,
Бір суретте жанарыңда діріл тұр.
Терезеден жарық болып сүйеді,
Ай жүзіңді шілде күні шіліңгір.
Қабағыңа кеп тығылған, тасулы,
Бір күлкіңді мына сурет жасырды.
Бетіңдегі шұңқырды сәл көрсетіп,
Алақанмен желпіп қапсың шашыңды.
Енді отырсың терезеден алыстап,
Қара шашты ақ білегің тағы ұстап.
Езуіңе өзінің бар сүйкімін,
Кеткендей-ақ әлем сыйлап, табыстап.
Соңғы сурет, берілдің бе сезімге,
Біртүрлі бір мұң тұр сенің көзіңде.
Қас-қағымда кімді ойлады екенсің,
Объектив бір шырт еткен кезінде.
Төрт бейнеден көкірегіме тұнды өлең,
Төртеу – сенсің.
Бақытты екен кім менен?
Фотограф төрт мезгілді сыйлады –
Діріл, күлкі, сүйкім және...
мұң деген.
* * *
Кеудемді тербетіп арман,
Ояттым ұйқыңнан сені.
Дүние шаршаған, талған,
Жайнаған жаз кеші еді.
Ұялшақ бозбала сынды,
Нөмірді қорқақтай тердім.
Жүрегім алқынып тұрды.
Сен алатыныңа сендім.
Ояттым ұйқыңнан сені,
Мезгілсіз қоңыраулатып.
Бүр жарып көңіл көктемі,
Жымиып тұрғандай бақыт.
Әдемі түсіңді қиып,
Келдің бе еріне басып?
Даусыңа қалдым мен ұйып,
Ойлаған сөздерім қашып.
Жайнаған жаздың кешінде,
Ояттым.
Кінәлі емен.
Санаңнан мені өшірме,
Өшірмейтініңе сенем.
Қиял ғып бейнеңді елес,
Көруге боп тұрдым құмар.
Оятуға ғана емес,
Сүюге хақым бар шығар...
* * *
Жылап тұр Алматы көктемі,
Қайғысы көп пе еді?..
Бұл кеште бұйығып отырмын,
Сол үшін сөк мені...
Ғашықтар табысып жолда тұр,
Қайың-тал – қолшатыр.
Арудың маңдайын сүйгіштеп,
Тамшы әуре боп жатыр.
Машина көз жасын сүртеді,
Аспан нұр бүркеді.
Жылаулы Алматы көктемі,
Сезімді түртеді.
Бір толып, қуанып тас жылға,
Күлер су астында.
Алты ай хан Алатау ақ қары,
Сен шыңға қаштың ба?
Қу қыздар, жігіт тұр гүл алып,
Тезірек шығалық.
Бозбала көп күтіп қалмасын,
Мойнына су ағып.
Сұлу-ақ Алматы көктемі,
Қайғысы жоқ, тегі...
Тамшы боп терезең үстіне,
Тамғым кеп кеткені...
* * *
Сен неге көзіме көріндің?
Жүрек бір бұлқынып қалды, әні...
Өзім де түсінбес өмірмін,
Бітпейтін қиялы, арманы.
Мен сені ұмытып кеттім деп,
Сендіріп қойған ем санамды.
Кеттің-ау қоламта отты үрлеп,
Шақтарды тірілтіп аяулы.
Мен сені сүйгенмін... сүймегем...
Анығын өзім де біле алман.
Өзімнің отыма күйген ем,
Толқынға тербеліп бір алуан.
Бірге өрлеп үнсіз, тар көшемен,
Айрылысып кеткенбіз екеуміз.
Мен үшін сен, қалқа, кешеде ең,
Ал бүгін басқамыз, бөтенбіз.
Таныдық. Сен күлдің, мен күлдім,
Көңіл де сол кезді кетті аңсап.
Баяғы күнгідей мен жүрмін...
Бүгіннен тәтті екен өткен шақ...
* * *
Бәрі де өз еркіммен...
бәрі, бәрі,
Менсіз де шырқалады әнің әлі.
Қайырылмай өткен шаққа жүрсем де мен,
Бір жүрген күнді көңіл сағынады.
Ай ауып, күн де еркімен дөңгеледі,
Ұмытып кеттің, мүмкін, сен де мені...
Аялдама тұсында тұратын ем,
Шамды аңдып сен отырған бөлмедегі.
Қиялды асқақтатып, желіктіріп,
Арбайтын сендегі ерек көрік, қылық.
Қасымнан өте беріп бұрылушы ең,
Әдейі көрмегенсіп көріп тұрып.
Үзіліп сосын кенет достық әні,
Жетелеп кетті бізді жастық әрі.
Кешқұрым сабағыңнан шыққаныңда,
Қазір сол аялдама бос тұрады.
Сезімнің бағы неге кеш гүлдейді?
Бір сәттер толқыныңды кештім, мейлі...
Кешқұрым сенің ерке, нәзік даусың,
Тұтқаның ар жағынан естілмейді.
Екеуміз жан емеспіз сертін үзген,
Ортақ ән шырқалмайды енді бізден.
Мүлде бөлек бағытқа бет алдық па? –
Бәрі де өзіміздің еркімізбен...
* * *
Сүйкімді еркесі даланың,
Сыртыңнан сүйсіне қарадым.
Білдірмей ұнатып жүрем де,
Мен сенен көз жазып қаламын...
Қарағым...
Бүгін де сені ойлап ояндым,
Жабырқап жылжиды баяу күн.
Қонбаған бақытым, мен сені,
Жоғалтып алуға таяумын...
Аяулым...
Жас жуды жанымның бір төрін,
Ешкімге көрсетпей сүртемін.
Лықсыған сезім мен сөзді де,
Айта алмай, көрсетпей іркемін...
Үркегім...
Саяқтау жүретін жан едім,
Сен келдің, жымиды әлемім.
Шегіне жеткізіп кетесің,
Жүректің мұңдылау әуенін...
Әдемім...
Осылай арнадым саған ән,
Алыстап кетесің жағадан.
Мен болсам, қатты бір күрсініп,
Баяғы күндерге оралам...
Шағалам...
* * *
Асыл тас тауып алып ем,
Қапыда қайта жоғалттым.
Өкініп қалдым тағы мен,
Апыр-ай, неткен олақпын?
Аялап оны көрсем деп,
Түсіріп қалдым қолымнан.
Бақытым неткен өлшеулі ед,
Кездескен менің жолымнан.
Тағдырым, қамшы үйірме,
Түсті ме көктен жай кенет?
Асыл тас менің үйімде,
Жарқырап тұрса қайтер ед?
Сүйсінген сансыз көздердің,
Сақтайтын едім сұғынан.
Асылды мендік сезген кім?
Кімнен көремін, ұрынам?
Қазынам еді, сақтамай,
Айырылдым, жүріп тасынып.
Жүрегіме де, әттең-ай,
Үлгермей қалдым жасырып.
Шаттығым ұшты, басылдым,
Шараға мөлдір жас тұнар...
Иесі барлық асылдың,
Бары да, мүмкін, рас шығар...
* * *
Футбол ойнап жатырмыз...
Шуақ нұрлы.
Жанкүйерлер шуынан құлақ тұнды.
Жұртпен бірге қолдарын шапалақтап,
Білдірместен бір сұлу жылап тұрды.
Қарсыласты қойдық біз анық тұсап,
Қарсы қақпа алдында қауіпті сәт!
Қатты соққы!
Доп тиді маңдайшаға...
Жүгіретін кез еді жайып құшақ.
Мұндай шақта әзіл мен күлкі мақұл...
Сол қақпаның таптық-ау кілтін ақыр.
Біздер жеңдік!
Қуанған тілеулестер,
Шын ниетпен қолды алып, сілкіп жатыр...
Қарамайтын жанбыз ғой шамасына,
Сіңіп кеттік достардың арасына.
...Көзілдірік киіп ап жылаған қыз...
Неліктен жас толды екен шарасына?
Самал соқты, аймалап шуақ нұрлы.
Көкейімде жалғыз-ақ сұрақ тұрды:
Көзілдірік көздерін жасырса да,
Сол сұлу қыз неліктен жылап тұрды?
Сол сұлу қыз неліктен алаңдады?
Жұмбақ болып барады маған бәрі.
... Арман қане, дариға-ай, сол бір ару,
Жылап тұрса мен үшін алаңдағы...
* * *
Жазғырмаймын жүректі сенгені үшін,
Ақыл емес, сезіммен сенделісін.
Күнде көрем сол қызды,
көрген сайын,
Бір бұлқынып қалады кеуде тұсым.
Баяғыша сөзі де, қылығы да,
Әлі шолпы тақпайды бұрымына.
Тік қарайды адамға бұрынғыша,
Мүмкін емес көзінен сыр ұғу да.
Қатар жүріп, арамыз алыс қанша...
Селт етпеймін іштегі дауысқа онша.
Сөйлесеміз достардай ашық-жарқын,
Әзілдесіп қоямыз таныстарша.
Көремін ғой кездессе алдан бәрін,
Жүре берем аралап арман бағын.
Өкініш сол – сәт сайын сөніп жатыр,
Көкірегімде сол жанға жанған жалын.
Аңдап қарап тірліктің тербелісін,
Алға басам сырғымай, өрлеу үшін...
Күнде көрем сол қызды,
көрген сайын,
Ақылыма көнбейді кеуде тұсым...
* * *
Жасырып әуре болмашы,
Көзіңде тұр ғой бәрі де.
Сезіммен іштей жауласып,
Қатайып жүрсің әлі де.
Ұнатар ерке елтуді,
Құштарлық бірден неге өлсін...
Көнгісі келмес еркіңді,
Билеуге сондай шеберсің.
Келіп жүр болғың жатқа құт,
Аппақ күн туғай алдыңнан...
Өзіңнен артық бақ-бақыт,
Сұрамас едім тағдырдан.
Өмірдің дәмін татарсың,
Зәру боп ашық сырласқа.
Сыртыңнан маған қаталсың,
Ішіңде бірақ үн басқа.
Арал ма өзге мекенің...
Тыншымай тұр-ау безбенің.
Жаныңның мендік екенін,
Айтып тұр, әні, көздерің...
* * *
Сені ойлау – мұңға бату тұңғиық,
Шомып жүру еңсе басқан мұнарға.
Сені көру – арман көру тым биік,
Асығатын сезім құшып құлауға.
Сені ойлау – шектен асқан сыршылдық,
Күллі әлемнің күйін тыңдау ұнатып.
Сені көру – жұмбақтық пен тылсымдық,
Ұмытылу өзіңді іштей жұбатып.
Сені ойлау – жерге түспей қалықтау,
Самғап жүру мәңгі мөлдір аспанда.
Сені көру – ешқашанда жалықпау,
Ұрлап қана көз қиығын тастауға.
Сені ойлау – қиялға кеп таңылған,
Жаным сүймес жауаптардан арылу,
Қас қағым сәт алыстасаң жанымнан,
Сол мезетте-ақ сені, қалқа, сағыну.
* * *
Сыртымнан жұртқа нұсқап, күлме бекер,
Мәнсіз де мағынасыз күндер өтер.
Беймаза, берекесіз шақтарым да,
Ілесіп сол күндермен бірге кетер.
Сен жерден таба алмассың сонда мені,
Жан болам алқара аспан болған емі.
Шарықтап ұшып жүрем заңғар көкте,
Жолыма көзің талдыр, қолда мені!
Сен мені еңбегі бос бала көрме,
Соңымнан тілеу тілеп қалады ел де.
Жалғанды түу биіктен шолып жүрем,
Табаным кейде тиіп қара жерге.
Таң болып атам әлі алауыртқан,
Сыр болып төгілемін жан ауыртқан.
Мен сонда сәлем жолдап жүрем саған,
Ақ бұлттан, қара бұлттан, ала бұлттан.
Жанымның оты лаулап жағылар шын,
Қанатыма бағынар, табынар шың.
Сонда ғана түсініп, сен де мені
Мен сені сағынғандай сағынарсың...
* * *
Бүгін сенің туған күнің...
Сыртта құйып тұр жауын.
Терезеге жақын келіп, жаңбыр үнін тыңдадым.
Тамшы асығып, тырс-тырс тамып, салып жатыр есіме,
Өткен күндер ырғағын.
Ғұмыр кешіп жатырмыз біз адам айтса сенгісіз,
Бір күніңнің алданышы бір күніңе бергісіз...
Тасқа сіңген тамшы сынды ізі де жоқ сол күндер,
Қалай өтті, белгісіз.
Бірде сен де тауысып ең көңілімнің тағатын,
Ақ таң күліп сен деп атып, сағат сен деп соғатын.
Таяп тұрып, табыса алмай кеткен шақта екеуміз,
Ақ қар жатқан болатын.
Содан бері жүрек үнін мылқау етіп, тілсіз ғып,
Махаббат деп жазылатын кие сөзді бір сыздық.
Содан бер сөнді бәрі, екеуміз де бөтенбіз,
Содан бері... үнсіздік.
Сол шақтарды еске алуға ақылдың жоқ түк халі,
Біз өмірді түсінбедік, өмір бізді ұқпады.
Бүгін сенің туған күнің...
Мен құттықтап қояйын,
Өзің көтер тұтқаны...
* * *
Хатқа жауап
Бәрін дұрыс аңғарғансыз,
Мен дәл сондай адаммын.
Таудай биік қорғандарсыз,
Бөлшегімін қоғамның.
Жазғырыңыз, кінәлаңыз – мен осылай жаралдым.
Жүрек жайын сұрамаңыз,
өрт боп іштей, жанармын.
Тыныш қана жүрген жанмын,
мейір күтіп өзгеден,
Арманыма күнде алдандым,
жери қалар тез менен.
Бір тағдырға қарауылмын, кірпік қақпай көздеген,
Ақыры оның не болады?
Оны біліп-сезбегем.
Сіз айтпақшы, жүрген шығар
көзім тұнып, ашылмай,
Жарқ ете қап бірден сынар
қалпым да жоқ жасындай.
Әрбір күнім мағынасыз...
мағыналы ғасырдай,
Алға қадам басып келем
тасынып та, тасынбай.
Қайғысы жоқ жан емеспін,
кеудесінде мұңы өлген,
Әр күніммен ерегестім,
әр түніммен түнерген.
Желкен сынып жатса-дағы,
көңлім қалып біреуден,
Тым ақымақ жан емеспін,
өлер жерім білем мен.
Түсіп жатыр маңдайыма тірлігімнің іздері,
Жармасамын шалғайына,
несібемді үзгелі.
Сүрінсе де құламаған
жағдай осы біздегі...
Өтінемін,
көрмей тұрып,
сынамаңыз сіз мені...
ІІ БӨЛІМ
Өмірді сүю
«Құшсам» деген ғажап, үлде-бүлде нұр,
Көкірегімде баяғы арман бірге жүр.
Қапылыста қағып қалды қылтамнан,
Қиқаң ете қалып едім...
күлді өмір.
Тәтті үмітпен аттанып ем ауылдан,
Өзім ғана ыңылдайтын табылды ән.
Сынағынан қорғалап ем басымды,
Өмір қатты тартып салды жағымнан.
Тағдырымнан ала алмастай ақымды,
Асықтым-ай талқанымды татуды.
Суға кетіп қалып еді қайығым,
Өмір мені ескегіммен батырды.
Өмір қызық: кешпесімді кешірді,
Түсінбедім, несі өнеге, несі үлгі?
Төрге ұмтылдым, лақтырды өмір аямай,
Босағада бір-ақ жидым есімді.
Орны бар ма жүріп өткен ізімнің?
Тағдырыма қарауыл боп тізілдім.
Құлап тұрып, мен де кеттім батыр боп,
«Өмір, саған көрсетем!» деп кіжіндім.
Осы жауап өміріме ұнады,
О-һо, оның көзі сондай қырағы!
Минут сайын бөгеті әзір өмірдің,
Сынағынан тағы өткім кеп тұр әлі...
* * *
Аршаның иісі, аршаның,
Шөліркей жұттым, тамсадым.
Ұмыттырдың да жібердің,
Күнімнің әуре-сарсаңын.
Үйіме қайдан келгенсің,
Қиядан, әлде өрденсің?..
Аңқыған сенің жұпарың
Кеудеме менің дем берсін.
Мінеки, менің тұрмысым,
Ешкімге болмас үлгі шын.
Аядай менің бөлмемді,
Бәледен сақтап тұрмысың...
Тірліктің тұтқан қармағын,
Адамдар толы жан-жағым.
Солардан мені адаспай
Жөн болған тауып алғаның.
Аршаның иісі, аршаның,
Ұмытылды шын шаршауым...
Шоқтанып тұрып арша өскен,
Көк қия, сені аңсадым...
* * *
Неге екен, неге?..
Өлеңім қашып жүр менен,
Күндіз шақырам, іздеймін оны түнде мен.
Тып-тыныш қана айдыным жатыр жел аңсап,
Жалыны сөніп, шоққа ұмсынған құр денем.
Қашып жүр менен құрыққа көнбес асауым,
Үмітпен күнде жолына арқан тосамын.
Біліп тұрамын жаныма бір сәт жақындап,
Жалт беріп сосын кеудемнен бір-ақ асарын.
Жатырқап қалды,
әлде ұмытты, жатсынды,
Тағдырын, бәлкім, басқа тағдырға тапсырды.
Қашып жүр менен өлеңім – бір-ақ қонатын,
Ұстап ала алсам қайта ұшпайтын бақ сынды.
Жолаушы едім, бекет те бекет, аты – лау,
Сапарым ұзақ, шын жолдас керек, батыр-ау...
Қашып жүр өлең – қия алмай мені жүр өлең,
Екеуміз қайта табысар күн де жақын-ау...
* * *
Бұл жолы көп қинады, ойланды Өлең,
Жатқан-ды жүрегімде қайнауменен...
Желкенін желге төсеп кетті-ау жүзіп,
Мезгілсіз қайырлатып қойған кемем.
Бей-жаймын, құрығандай бар амалым,
Күрсінем, бәз қалпыма ораламын.
Ақ кемем қашанғы ұзақ мекен етсін,
Жанымның құлазыған жағалауын...
Оған да ерке, ойнақы толқын керек,
Ол сүйген теңізінде серпін де ерек.
Ол мені қалдыруға бекінді ме,
Мен бірақ жан емес ем сертім бөлек.
Бостан-бос қаңтарыппын қайраңымда,
Басқаша бақ табам деп ойладым ба?
Кемемді-өлеңімді, оралар деп,
Отырмын күтіп тағы айлағымда...
* * *
Достым-ай, уақытқа айтшы – «тоқташы» де,
Сыр бердім шыдай алмай көп бәсіне.
Көшінен қалмау үшін жанталасып,
Жабымның теуіп келем өкпесіне.
Тоқташы, аял қылшы, арғымағым,
Көшіңе ілесем деп барлығамын.
Белгісіз бағыттарға ала қашып,
Әрі-сәрі еттің ғой жан құмарын.
Қайтесің қайғы сыйлап, өкіндіріп,
Өткенім қалды өзіңнің өтіңде ұлып.
«Бәрі де алда» деумен, алдарқатып,
Алдымнан жүгіртесің кекілді үміт.
«Алда» деп дәмеленген анық тойдан,
Еншімді алар екем тауып қайдан?
Түсімде балалығым былдырлайды,
Томпаңдап керуеніңнен қалып қойған.
Бұл пенде аңсар дерсің күнді қандай,
Шаршаймын да тамсаймын мұңды балдай.
Елмен бірге емпеңдеп жүгіремін,
Ойдағы істің бірін де тындыра алмай.
... Достым-ай, уақытқа айтшы – «аялда» де,
«Азырақ дем алайық саяңда» де.
Тағы да таң атады, күн батады...
Дариға-ай, өтеді өмір...
баян қане?..
* * *
Өлді адам.
Өмір немене?
Сөнді де тірлік көрігі,
Топырақ өсті төбеде,
Адамдар бірге кеміді.
Жақынды салып қайғыға,
Ажал мұң сыйлап танысқа.
Тән кіріп жердің қойнына,
Жан ұшып кетті ғарышқа.
Естелік болып көңілге,
Жүрісі, сөзі, күлкісі,
Тым суыт келген өлімге,
Ілесіп кетті бір кісі.
Теңселді сыңсып бар ағаш,
Жақсылық ісі айтылды.
Төбеде тілсіз қара тас,
Төрт тұстан қиық ай тұрды.
Тұрмайды уақыт, ағар күн,
Келеді кезек басқаға.
Болғанын мұндай адамның,
Есіңе салар тас қана.
Қалқайған құлпытас қана...
* * *
Былғанышпын, әттең-ай, былғанышпын,
Шошаңдатам найзасын кір намыстың.
Қою шаңға белшемнен батып тұрып,
Шыңға да ұшқым келеді, шыңға да ұшқым.
Сақтай алмай періште-ақтығымды,
Кешіп келем өзіме жат ғұмырды.
Іздеп тауып, басыма қонып тұрып,
Әні басқа арымнан бақ түңілді.
Алдағанмен өзімді тазамын деп,
Қатал ойдан шегетін азабым көп.
Дарытып ап қылды да, қыбырды да,
Соным үшін жанымды қажадым кеп.
Жаздан жадау нұр сіңіп, күзден – күрең,
Жалықтым-ай таптаурын ізден кілең.
Өзім қолдан ұшырып алғаннан соң,
Періштелік әркімнен іздеп жүрем.
Басқа мінез жамайды жылдар маған,
Дегенімде тырысып тұрған болам.
... Мені қайта сәби ғып әлдилеші,
Қойнауына тазалық тұнған ғалам!..
* * *
Қақпақыл болып, бір сеңнен көшіп, бір сеңге,
Осынау шақта өзімді таппай жүрсем де,
Көзімнің алдын жап-жарық етіп кетеді,
Жақындай алмай, алыстай алмай бір сәуле.
Булығып кейде, қыстығып кейде, тұншығып,
Түнекте жүрсем, бір батып барып, бір шығып,
Жалқы сәулеге емінтіп менің жанымды,
Миықтан күліп тұрады қарап тіршілік.
Барлық арманым, барлық мақсатым былай қап,
Мұңданып жүрсем, көңілдің көлін лайлап,
Бір сәуле ойнап көзімнің келіп алдына,
Еркімді менің еңіретіп бір сынайды-ақ.
Қалпыма мынау кетердей кенет нұр тамып,
Түсімде жүрем кеудеме қызыл гүл тағып,
Ояна кетсем, өбектеп мені жатады,
Жақындап келген, алыстамайтын бір жарық...
* * *
Есейдім ғой, жігіт болдым, Әке, мен,
Қадам бассам бас айналды қатеден.
Бұрынырақ ауырсынар ер жүгін,
Бүгін енді мойынсұнып, көтерем.
Өмір деген қызық екен, кім білген?
Шу боп жатса – бақыт па сол – күнде іргең...
Есіміңді өшірмейтін бұл ұлың,
Көресісін көріп жатыр бір-бірден.
Кейде жылап, кейде күліп, түңіліп,
Көрсеткісі келіп кейде ірілік,
«Арғымақ боп шапсам» дейді бұл ұлың,
Екі езуі қан боп тұрып жырылып.
Ілестіріп керуеніне көш мені,
Күдер үзіп, балалық та «қош!» деді.
Мен сыйындым қиналғанда өзіңе,
Қайығымның қалтылдаса ескегі.
Көкжиегі көрінгенде ақылдың,
Сені талай «көмектес» деп шақырдым.
Саған ұл боп келгенменен дүниеге,
Өзім болып ғұмыр кешіп жатырмын.
Иә, Әке, мен де енді жігітпін,
Алға басып бір ұтылдым, бір ұттым.
Біреулердің шаужайына жармастым,
Біреулердің жақсылығын ұмыттым.
Әрбір келген жаңа күнге бақ теліп,
Әрбір таңда жаңартамын ат-көлік.
Жүріп келем адалдықты дос етіп,
Қажет жерде қулықты да шақ көріп.
Өктем шығып, сөз асса егер басымнан,
Жасып қалам, оның несін жасырам?..
Ондай сәтте оңашада ширығып,
Өзімді-өзім қажап барып басылам.
Біздің көңіл кейде нәзік шарайна,
Осы осал тұсым таныс талайға.
Солай, Әке, өмір сүріп келемін,
Көппен бірге құштар болып оңайға.
Осылайша жыл артынан жыл ауып,
Күндер өтті айлар жылжып, түн ағып.
Мені ұмытып кеттің бе әлде жердегі,
Түсіме де енбедің-ау бір ауық...
* * *
Әттең, әттең...
бәрін қиып кетер ем,
Өртенгенмен ішім мың,
Баяны жоқ ісім – мұң.
Ай-хай, өмір, кеше ғана, төтеден,
Сенде ешбір қызық жоғын түсіндім.
Сенім. Сезім...
бәрі әншейін әңгүдік,
Бірі кетсе, біреуі,
Алдарқатып жүреді.
Ал айналаң өзіңді де таң қылып,
Саусағыңды шошайтқанға күледі.
Күнә қалып әрбір басқан ізімде,
Аспанымнан күн көрмей,
Қап-қараңғы түнге өрлей.
Сәт сайынғы қара ісімді тізуге,
Шайтан-екең жатыр мүлде үлгермей.
Өмір мәні ұрпақ қой деп ойлағам,
Билігіңді айт, уа, ғұмыр,
Әлде саған бәрібір...
Құр күлкіге бар тірлігін байлаған,
Мендей біреу келсе қайтем тағы бір...
Әттең, әттең...
солай арнап өмірге ән,
Айтып тірлік өсегін,
Атып күнә кесегін,
Өзімді алдап, қызық жасап қолымнан...
Сөйтіп ғұмыр кешемін.
* * *
Таң атып тағы, әбігер етіп халықты,
Тағы бір күннің түймесін тірлік ағытты.
Таныс бір жолмен аяңдап келем жұмысқа,
Осы жол менен жалықты, сірә, жалықты.
Кеш батып тағы, әбігер етіп баршаны,
Талған тізелер тыныш ұйқыны аңсады.
Таныс бір жолмен үйіме мен де асығам,
Осы жол менен шаршады, сірә, шаршады.
Көзімді жұмсам, жатталып қалған көңілге,
Адаспай табам: ылдиым мынау, өрім де.
Таптаурын ізбен тепеңдеп тағы келемін,
Құлқым жоқ мүлде тағдырды сынап көруге.
Көтеру үшін мық деместен-ақ ер жүгін,
Жетпей жатыр-ау жасықтау менің ерлігім.
Жыбыр да жыбыр, өнбес тірлікке қол артқан,
Баяны кемшін қайран да менің кер күнім...
Бұл үшін кімді, бұл үшін нені сөгермін,
Қуаныш көшіп, кеудемді тырнап сөнер мұң.
Қалтылдап қалмай қадам аттасам қуанған,
Жастық шағым-ай...
Сен жайлы кейін не дермін?..
* * *
Басқаша еді аңсарым жүрегімдегі,
Иеленіп алды да бір өмір мені,
«Оймен де, қырмен де жүре біл» деді.
Осылай өту тірліктен тілегім бе еді?..
Бір пақыр болдым шайқалған миы,
Кеудемде жаным өзіме сайқал налиды.
Айналам – көзге көрінбес шайтандар биі...
Діңі бос мені олар қайдан таниды?
Әлсіз бұлқынып ар-намыс деген,
Өтірік сөзбен дос болдым, жалған іспенен.
«Тазарамын» деп ертеңді алданыш көрем,
Бір кезде аппақ парақ едім ғой таңба түспеген...
Қызықтап жүріп тәннің құмарын,
Өзімді ұмыттым, қаңғырды қаным.
Бағынып жүріп, бәрін сынадым,
Бағынып біттім.
Енді... бағындырамын.
* * *
Анда-санда ақыл кіріп, ес кіріп,
Ойлай қалсаң, санаң – сарсаң, ішің – у.
Ең қиыны – шаршап келіп кешкілік,
Бір күніңнің босқа өткенін түсіну...
Пенде үшін мынау тірлік – күнде өлім,
Қиял орап қойса да үлде-бүлдеге.
Күнде ертемен арғымақ деп мінгенің,
Аяңы да іш ауыртар бірдеңе.
Дәл өзіңдей мың мұңлықтың қолын ап,
Өмір дейсің, бостан-босқа жүріп те.
Тойдырмайтын нәпсіде де жоқ ұят,
Жоқ ұят та таусылмайтын үмітте.
Күнә құшып, қараясың, кірлейсің,
Сәттік қызық – жаныңа жұп астана.
Қайда бара жатқаныңды білмейсің,
Тек тәубеңе түсіреді кеш қана.
Қалжырап кеп табысасың төсекпен,
Бір сарынды неше айлар, неше жыл.
Кешке қарай күнге өкінсең бос өткен,
Амал қанша, ертең тағы осы өмір...
Өкінішің өзекті өртер, өткен күн,
Бұл тірліктің шуағы әлсіз, сызы көп.
Анда-санда бір жарқ еткен сәттердің,
Тым құрыса жұлдыз құрлы ізі жоқ.
* * *
Шыбық-өмір келе жатты бүр атып,
Күллі әлемнің қуанышын сұратып.
Ерте есейіп, жылдам өскім келгенмен,
Мен асықтым, асықпады уақыт...
Бала доспен бар қызыққа құмартып,
Ойын қудық жылатып та құлатып.
Бірте-бірте көңілімізді суытып,
Жолдастықтың жібін үзді уақыт...
Жүрегіме сезім орнап бір ақық,
Бір сұлуды жүрдім сүйіп, ұнатып.
Арман болған ең бір асыл нәрсеге,
Қара күйе жаға салды уақыт...
Тағдырымды талайыма сынатып,
Жолға түстім шаңымды артта шұбатып.
Жайбарақат, жанға жайлы жер іздеп,
Асықпадым, енді асықты уақыт...
Сонда ғана өкініштен жылатып,
Сонда ғана алдарқатып, жұбатып,
Өмір-дария толқынына лақтырып,
Алға түсіп жүре берді уақыт...
* * *
Бүгін ай туды...
Қиық ай.
Бетіне сәуле де тұрақтай алмай.
Жайлы ай боларсың-ақ талайға...
Күбірлей бердім:
– Есіркеп едің ескі айда,
Жарылқай гөр, – деп, – жаңа айда.
Өмірім менің үмітсіздіктен құралған,
Жаңа ай сынды жақсыдан уәде етеді.
Ей, қиық ай,
Сен толғанша бір арман,
Мені әлдилеп, өбектеп жүрсе, жетеді.
Алданғышпын ғой...
өзімді-өзім тағы алдап:
– Ай тігінен туды, жақсы ай болады, – деп тұрмын.
Несіне күрсінем?
Тірлік боп қонған маған бақ,
Бәріне көнем, бәріне көнем тепкіңнің.
Қиық ай – менің қызық мінездерім секілді,
Өз уақытыңда сен де күлерсің, жыларсың.
Мен де күндерді өткізем бастан не түрлі...
Бос өткен күнге пенде несіне қуансын?..
Бүгін ай туды...
Сәулесі аз оның, сәл өлеусіреп жанады,
Жаңалық күтіп қарау да бекер тамсанып.
Үмітсіз өмір ғой...
Ескі айда есіркегені шамалы,
Жаңа айда жарылқай қояр дейсің қаншалық...
* * *
Кешегі ізін қайта басуға құмар күн,
Көлегейлетіп әлсіз сәулесін мұнардың.
Өзіме-өзім күн сайын беріп мың уәде,
Түк бітірместен мен қартаятын шығармын.
Кешегі күнім қайталануға әуес-ақ,
Кешегі күннен айырмасы жоқ болашақ.
Уақытпен келген сабырым ғана – сүйініш,
Ертеңім – тағы тұтанбай жатар жерошақ.
Осы бір марғау шақтарға әбден жан шыдап,
Өзімді-өзім ширата алмадым қамшылап.
Өзгемен бірге өзектің қамын ойладым,
Телмірдім көкке төпелесе деп тамшы бақ.
Кешегі нұрын қайта төгуге мақұл күн,
Кешегі қызық қайталанса деп қапылдым.
Бірінен-бірі аумайтын күндерге ілесіп,
Тіршілік деген керуенде келе жатырмын...
* * *
Таңертең. Трамвайда
Әне, біздің трамвай жақындады,
Мен осылай қарсы алам күнде күнді.
Кондуктордың таңдай тақылдады,
Көрсетейін жолақы-билетімді.
Жұрттың бәрі жұмысқа асығулы,
Жол сыңсыта шығарар баяғы үнді.
Бір көлікке мың тағдыр жасырынды,
Қарындас-ай, баспаңыз аяғымды.
Бұл қаланың талайға бесігі – ырыс,
Қуанышы, мұңы да баяу ғана.
Түспейтін ем, мен қазір, кешіріңіз,
Қандай еді келесі аялдама?
Бұл көліктің талай жан тосар толын,
Жаңа күнге жайменен бәрін бастар...
Көзімменен іздейін, босады орын,
Отырсыншы аналар, қарындастар.
Өңірлерін түзеген, жөндеген боп,
Бозбалалар қыздарға жалт қарайды.
Бір машина тұр, әне, көлденеңдеп,
Неге олар ереже сақтамайды?
Жүргізуші, жолымды бөгемеші,
Мен уақтылы жетейін жұмысыма.
Көңіліме жалғыз-ақ медеу осы,
Ыстық мекен қаланың қуысында.
Тек сол жерде бәрінен тұнып ойым,
Мен өмірге қажетті бола аламын.
Жұмыс істеп моторша күні бойы,
Трамваймен үйіме ораламын...
* * *
Қуанышқа тұр едім жүгіргелі,
Кенет қара жер неге дірілдеді?
Кең көшеде зулаған бір машина,
Қағып кете жаздады бүгін мені...
Қасіретті жүргем жоқ сұрап емге,
Қарайламай жүгірдім, кінә менде.
Қас-қағымда кетуге сәл-ақ қалдым,
Өзім сонша қорқатын бір әлемге.
Төгілместей кеудемнен қайта өлеңім,
Өмір, кенет үзілсең қайтер едім?
Қайтер едім қопарып топырақты,
Құлап түссе бүр жарған бәйтерегім?
Жасым жеткен қария болмасам да,
Ойлайтын ем өлімді анда-санда.
Өмірге пенде дайын болмағанмен,
Өлімге дайын екен әрқашанда.
Бас айналды, құлағым шыңылдады,
Бір-ақ көрдім көліктің бұрылғанын.
Тындырмаған ісім көп, сен әзірше,
Шырылдай тұр кеудемде, шыбын жаным...
* * *
Кім біледі?..
Табиғаттың өз заңы өктем шығар...
Бүгін бірақ сәуле жоқ көктен сынар –
Мезгілсіздеу қонақ боп келсе-дағы,
Сүп-сүйкімді жауып тұр көктемгі қар.
Кім біледі?..
Табиғат та өзінше жарым көңіл,
Сағат санап, күн санап ағуда өмір.
Ерте көктем ақ қар боп амандасты,
Жас-жаңбырын жасырып ағыл-тегіл.
Кім біледі?..
Табиғатқа тән емес пендешілік,
Өз уағымен әр мезгіл төрге шығып...
Бір толқытып көңілді көктемгі қар,
Тамшы болып кетеді жерге сіңіп.
Кім біледі?..
Табиғат та жаңылар ырғағынан,
Көктемгі қар... сыр емес, мұң жамылған.
Қыста – жауын, жаз күні қар аңсайтын,
Біздің көңіл – бір тамшы жылға қуған...
* * *
Өткен күндерден өшіру сені – қасірет,
Мейлі, сен менің ақ жүрегімді басып өт.
Жаншып өт менің шарасы мөлдір жанымды,
Төгіле берсін оның да үнсіз жасы көп.
Білгенің дұрыс, емессің елес өткеннен,
Сендей бақытты аңғарғаным жоқ, жоқ көргем.
Жүрегім менің ызаға тұнып, күліп тұр,
Жасыл бағымды сен құлазытып кеткенмен.
Жазып алғам жоқ жанарыма да бейнеңді,
Қуаныш емес, кеудемде мұң мен қайғы өлді.
Сыртыңнан сенің сүйсіну енді жат маған,
Сен аққу болып мекендесең де қай көлді.
Өткеннен қашу абырой емес пендеге,
Жыр-тұлпарымды байламан сенің кермеңе.
Адами бақыт бар шығар маған жерде де...
деген ой тұнды күрсініс толы кеудеме.
* * *
Жазған-ай, осы күйден арылмадым,
Неге мен сөнер жерде жағылғамын?
Жатырқап отырысым мынау енді,
Әлемді, дүниені...
бәрін, бәрін.
Жоқ едім күйімді осы тілеп алған,
Қай кезде шығып кеттім күре жолдан?
Алдайды алабұртып бақыт мені,
Мысқылдап жымияды, күледі арман.
Сүйгемін, сүйе берем өмірді мен,
Мың сұрақ болып шықсын жолым кілең.
Бір мұңды жүрегіме артып алып,
Өзіммен-өзім әуре болып жүрем.
Көзімнен кетпей қойды сағым қанша,
Мен алыс көрмеп едім тауымды онша.
Жөн еді өрлегенім, талпынғаным,
Белгісіз әлденені сағынғанша.
Жазған-ай, осы күйді қайдан таптым?
Мен оның қазығында айналмақпын.
Өмірді сүйемін мен...
өмір мені,
Қажет деп біле ме екен?
...ойланбаппын.
* * *
Мамыр бітті,
маусым келді.
Сезілмейді ақ таңнан сыз.
Мен естиін даусыңды енді,
Петербордан хат жазған қыз.
Қызықтырып тарттың мені –
Әлде дақпырт-атағы ма...
Петербордың ақ түндері
Тұр ма орнап шаһарыңа?
Өлеусіреп жанған оттар...
Тынып барша жаратылыс...
Мүлгіп үйлер, ғимараттар,
Нева баяу...
қала тыныш...
Ай жоғалған...
Уақыт бөтен.
Шолпан да жоқ таңда туар.
Ақ түн деген –
...бақыт па екен?
Ақ түн деген –
...арман шығар.
Ал біздің түн тым қараңғы,
Көліктің көп көшті легі.
Көңіл шіркін мұңға оранды,
Әуен талып естіледі.
Біздің қала от шашты мың,
Елегізіп, бақтым да ерек –
Алатаудың ақ бас шыңын
Ай сүйгенін ақ түн бе деп.
Құрбым, солай жыр арнағам,
Ұйықтағым жоқ елден кейін.
Ақ түніңді жібер маған,
Таңға дейін серуендейін...
* * *
Мен бәрін де түсіндім...
Сен деп тіккен туымды, келмеп еді түсіргім.
Менің аққу мүсіндім,
Қош айттым да өткенге,
Өртенсе де от-кеуде,
Сені көкке ұшырдым.
Жерге түспей қалықта,
Қанатыңды сермей бер бақ нұсқаған бағытқа.
Шарықтаудан жалықпа.
Шарла жетіп ай төсін,
Сен де түсіп қайтесің
Пенде сыяр қалыпқа?
Көкіректе арман көп.
Мойынсұнып жүрейін алыс кетіп қалған деп.
Мынау өмір – жалған деп.
Жаныңды әсем жырлатып,
Бақыт жетсін түн қатып,
Аяласын таңнан кеп.
Түсінгенмін мен бәрін.
Қиялыма құмартып, тағы өзімді алдадым.
Менің мұңым – арда мұң.
Сен қайырылма, үңілме,
Жүрегімнің түбінде
Сен деп салған қалды әнім...
* * *
Мен өзім қарлығаш-өмірмін,
Ұшсам деп қатайтқан қанатын.
Желігі желпінткен көңілдің,
Самғаса аспан тар болатын.
Құлшына көз тігіп қияға,
Мен көкті болжаймын ырыс деп.
Сәт сайын жып-жылы ұяма,
Тістеп кеп төсеймін сынық шөп.
Бөлендім тіршілік ырқына,
Кейде мұң, кей шақта күлкі үйір...
Тасып кеп, ұямның сыртына,
Саз балшық жағамын бір түйір.
Сеземін, жаздың бір таңында,
Ұяма орнайды құт бекем.
Алдырмас жауынға, дауылға,
Мен іздеп тапқамын ық мекен.
Сол ұям биікке ілінген,
Беймаза жаныма гүл бөлер.
Тағы бір қарлығаш-ғұмырмен,
Тағдырым табысар күн келер.
Ұлы істер күтіп тұр қанша сан,
Бақыт қой, келмейді жаңылғым –
Жем тасып жүруден шаршасам,
Аузына балапандарымның.
Әзірге бейнет те баяғы,
Әр қылын өремін күн-түні.
Қарлығаш-өмірдің баяны –
Ұямды бітірем бір күні.
ІІІ БӨЛІМ
Адамдарға наз
Өзгеге бақ қонса жайым жоқ күндер,
Ойға оранып өтіп жатыр көп күндер.
Қуанышы, шаттығы мол адамдар,
Неге мені жалғыз тастап кеттіңдер?
Ғұмыр қысқа, бақытыңды еселе,
Өкініштен көгермейді көсеге.
Бәрің маған қарайсыңдар жатырқап,
Автобуста, аялдама, көшеде.
Өмір деген бір сапарға шыққасын,
Көздеріңнен іздеп келем ықтасын...
Ешкім сұрап жатпағасын халімді,
Шаң басып тұр телефонның тұтқасын.
Жан едім ғой жүрегіме жыр құштар,
Бәріңді әлде биледі ме тұрмыс-хал?
Мен ауыр сөз айтпап едім ешкімге,
Және ешкімге ренішім жоқ бір мысқал.
Мезгілсіз кеп кеудеме жүр түнеп мұң,
Сол бір мұңды сағынышты сыр еттім.
Адамдар деп аталатын теңіздің,
Толқындары тарамдаған түбекпін...
Сендер мені жақынырақ тартыңдар,
Бір барайық болашаққа алтын жал.
Барлығыңа ырза болар көңлім бар,
Барлығыңды ырза етерлік қалпым бар.
Салмақтаңдар, ерге лайық бағам бар,
Адам ғана адам үшін алаңдар.
Неге мен жалғыз тастап кеттіңдер,
Адамдар-ай, адамдар-ай, адамдар?..
* * *
Қыс жылжыды.
Көктем өтті.
Келді жаз...
Мұң иектеп, күлкі қысып, ерді наз.
Келер күннен күтіп жүріп керемет,
Өмір кешіп тастаппын-ау мен біраз.
Аялдағам анау шағын айлақта,
Ән шырқағам мынау ғажап аймақта.
Түу биікке шыққым келіп ұмтылып,
Намыс шіркін түсіп еді қайраққа.
Мына тұста қалтылдады қайығым,
Кей сапарда бос тартылды айылым.
Соңғы тиын санап беріп досыма,
Марқайдым да, көңіліммен байыдым.
Ойдан шаршап, санаға оны күш қылып,
Өтті кейде босаған шақ қыстығып.
Қиялдан да медеу таппай жүргенде,
Көкірегімнен келер күнге ұшты үміт.
Мына жерде көшке ергемін даурығып,
Той тойлағам сауық жасап, сән құрып.
Қабағымнан өмір көшіп барады,
Маңдайыма ғана ізін қалдырып.
Танып қаппын уақыттың әз күшін,
Жас деместен көрсетпепті аз қысым.
Өмір кешіп тастаппын-ау мен біраз...
Өкінсем де... сүйінсем де...
жазмышым.
* * *
Сызат тез сызылып сенімге,
Санаға жүк болып сөз бөтен,
Осынау ғұмырда, өмірде,
Көңілдің қалуы тез екен...
Ақжарқын күлкі жоқ кешегі,
Төнгендей кенеттен қара аспан,
Бейбақтай сор-мұңы бес елі,
Жандай боп қаласың адасқан.
Өзіңді дағдартып ісің кей,
Сиқыры тартпай еш елестің,
Өзің де ешкімді түсінбей,
Түсінбей қояды сені ешкім.
Бұртиып бекерге балаша,
Әлемді жаулардай өкпемен,
Қала алмай өзіңше, оңаша,
Жүре алмай жүресің көппенен.
Шайқайсың басыңды ой сіңген,
Іздейсің қайтадан жарасым.
«Бәрі де өтеді» дейсің де,
Бәрін де кешіре саласың...
Кешірмей сен қайда барасың?..
* * *
Мұң туралы екі өлең
І
Керуенші сынды бос келген,
Сапардан алыс мың күнгі,
Тойлардан, сауық кештерден,
Мұңданып қайтам біртүрлі.
Өзгермегенмен түр-өңім,
Ойларға кетем тоналып,
Бір уыс қана жүрегім,
Бір уыс мұңға оранып.
Жұртпенен бірге шаттанып,
Қуанып тұрып тост айтам.
Жанымды түгел ақтарып,
Үйіме сосын бос қайтам.
Не дер ем көңіл-құсыма,
Оған бір медеу жоқ, тәйірі.
Такси де менің тұсыма,
Мұңданып келіп тоқтайды.
Қарайып қалып көп кеңсе,
Ай нұры қашар жылғамен.
Жол бойы үйге жеткенше,
Барамын тыңдап мұңды әуен.
Керуенші сынды бос қайтқан,
Сапардан алыс мың күнгі,
Кештерді қызық тост айтқан,
Сағынып жүрем біртүрлі...
ІІ
Өмірге базаршылап барған ермін,
Жай ғана алушы емес, саудагермін.
Айқай сап, назарларын аударамын,
Айналама жиыла қалған елдің:
– Халайық, мұң сатамын, мұң сатамын,
Мен емен шығарар жан құлша атағын.
Арда мұң менікіндей таба алмассың,
Жер-көктің араласаң мың шаһарын.
Мінеки, мына мұңға ойлар әуес,
Мына мұң шақырады қайдағы елес.
Батпандап алыңыздар қоңыр мұңды,
Адамды ол еш бей-жай ғып қойған емес.
Жатыр ма жан-рухыңның байлығы өсіп,
Жүрмісің ақылыңа сай күресіп?
Өтінем, жоқ нәрсені сұрай көрме,
Мен мұңға сата алмаймын қайғы қосып.
Жүлгесі бағаланар қанша малға,
Мына мұң өте тәтті тамсағанға.
Ал мынау қылдай нәзік, қимас мұңым,
Лайықты ақылына аңшы адамға.
Мұң сатып, өспесе де өрге бағам,
Қажет деп ұғынбасаң келме маған.
Тезірек тізіліңдер кезек алып,
Меніңше, мұңсыз адам – өлген адам... –
... Базарға келген едім, сенім берік,
Бәріне «мұң алыңдар» дегім келіп...
Апыр-ай, әпенде екем, мұнда адамдар
мұңды жүр бір-біріне тегін беріп...
Біздің шал
Тыйыла қалып тіршілік салған ізгі үн сәл,
Өмірден мынау ертелеу өтті біздің шал.
Арсыздау ажал ар жаққа ала жөнелді,
Қолынан оның босаған кезде тізгін сәл.
Қарт болар ма еді дуалы ауыз, баталы,
Иегін қаптап өсер ме ед сары сақалы.
Алыптай арқа тұтатын ба еді немере,
Уақыт қана шөктірген нағыз атаны.
Тиетін еді оған да орын төрден де,
Сөйлейтін еді үлкендер сөйлер жерлерде.
Тікенек мұрты жыбырлап батып иіскер ед,
Сапардан алыс біздер бір шаршап келгенде.
Қанша есейсек те тыңдар ек оның ақылын,
Торы төбел ат тоздырар еді тақымын.
«Ашуы келіп қалыпты біздің шалдың» деп,
Аяқ ұшымен жүрер ек басып ақырын.
Қанымызда жүр сол шалдың қазір қаны ойнап,
Тіршілік болса, қонар ед оған талай бақ.
Тұратын едік тәуекел етсек бір іске,
Рұқсат күтіп, қара шаңырақ жаққа қарайлап.
Алдында оның айтар ек сөзді жүйелеп,
Ақсақал болар еді ол әні, күйі ерек.
Қапысын тауып, шыбыққа мінген шалдуар,
Шалдың баласын шалға көрсетпей сүйер ек.
Ертелеу алып кетті оны алыс, ақ сапар,
Қадамын әрбір жұрт қазір ылғи жақсы атар.
Қаншама жылдар өтсе де қырық төрттегі,
Қалпында қалды біздің шал,
біздің ақсақал...
«Жылама»
Жаздың таңы жаманатын әкелді,
Бір жүректі тоқтатуды ұйғарып.
Жылап тұрдым, шығарып сап әкемді,
«Жылама» деп кете барды қиналып.
Жылап тұрдым, тоғыздағы бала едім,
«Жазылады» деді көрші ағалар.
Ешкім таппай науқасының дәл емін,
Ажал келді, оған қандай бар амал?
Адам күні айықпайтын нала екен,
Бұл қайғыңа сірі жер де, сірі көк.
Кетерінде «қош» деді мен жан әкем,
Көз алдына жылап тұрған ұлы кеп?
Көз алдына келіп қара баласы,
Жұбатқысы келіп, мүмкін, талпынды.
Жасқа толып кеткен болар шарасы,
Жаны сонда жылап, мүмкін, шарқ ұрды.
Әкем кетті, жыл артынан жыл өтті,
Тіршілігін қаузамай ма тірі адам?
Бірақ сонда қозғап кеткен жүректі,
Баяғы мұң көкірегімде жүр аман.
Үмітпенен деп «биікке жетермін»,
Ұмтыламын, сындар неткен көп еді...
Дағдарғанда, көз алдыма әкемнің,
«Жылама» деп қиналғаны келеді.
Анама
Бола бермес уақыт та өктем ұдай,
Бәрін жайлап реттейді көкте Құдай.
Өміріңнің жазы тез өте шықты,
Күрең күзі көсіліп кеткенін-ай...
Тіршіліктің кім шырқар аз күн әнін?
Жылытады жанымды әз шуағың.
Қабағыңнан кірбіңді тағы байқап,
Қиналамын, өзімді жазғырамын.
Сеземін ғой, жарыңды сағынасың,
Оймен кезіп өткенді, сабыла шын.
Бір балаңның бүгілсе белі кенет,
Бәрін тастап, қасынан табыласың.
Бейнетін де бір тартып немеренің,
Бәрімізді бақытқа бөлегенің.
«Ана», «апа», «әже» деп жамыраймыз,
Қасиеттім, киелім, өнегелім.
Кешегіден тәтті күн бүгін кешкен,
Жүзіңді әжім торлады-ау білінбестен.
Жүре берші, Анашым, иілместен,
Жүре берші, Анашым, бүгілместен.
Аз көрмесем, көңілім сағынулы,
Әнің үлгі біздерге, арың үлгі.
Жапырағы жайқалған бәйтерегім,
Тереңдерге байлай бер тамырыңды.
Қарабұлақ
Әр тасы ән салатын,
Алыстан танылатын,
Таңды кеш қарсы алатын,
Түнді ерте жамылатын,
Киелі Қарабұлақ.
Орайды асқар шыңы,
Басына көк мұнарды.
Сыңғырлар тастан суы,
Тұп-тұнық ақ тұмаңды,
Сүйемін, Қарабұлақ.
Сұлулық тұрар тұнып,
Табиғат көрмесіне,
Тәңіртау тұмар қылып,
Қадаған кеудесіне,
Өзіңді, Қарабұлақ.
Шежіре – топырағың,
Қанша асыл басып өтті?!
Табынып отырамын,
Қартыңның қасиетті,
Сөзі үлгі, Қарабұлақ.
Ізім бар бөктеріңде,
Жанымның тамырысың.
Алыстап кеткенімде,
Өзіңе сағынышым,
Тәтті екен, Қарабұлақ.
Сен десе, жүрегімде,
Шаттық гүл атады екен.
Жайнай бер, түле, гүлде,
Ғажайып атамекен,
Ақ мекен, Қарабұлақ!
Көлбастау
Бозала таңның сығалағанда сәулесі,
Осы ауылдың басталар тірлік әуресі.
Бейнетке батып, зейнетін тамсап жатса, да,
Дәл одан асқан қасиетті мекен бар деші!
Қылықты қыздар, жанары жанған от ұлдар,
Сендермен менің мақтануға зор хақым бар.
Тұнық мейір бар аналарымның жүзінде,
Ақсақалдардың әжімінде де ақыл бар.
Тірліктің кейде салмағы батып, жүдетсе,
Ауылға тартам ұясын тапқан түлекше.
Осы мекенде ұйыған керім бірлік бар,
Қалқа бар қорғар маңдайдан күйіп күн өтсе.
Осы ауыл – менің аяқталмайтын ертегім,
Нұрлы үмітпенен елестететін ертеңін.
Аппақ көңілмен ардақтайтұғын асылын,
Қабағымен-ақ тиятын телі-тентегін.
Замана желі соқса да кейде дауылдай,
Осы ауылдың ниеті тұрар тарылмай.
Қуаныш болса, жар салып күллі әлемге,
Көтере білер қайғыны қара нарыңдай.
Өлшеусіз татып сендегі ырыс шекерін,
Оралып соғып, алыстап тағы кетемін.
Қайда жүрсем де жылытар кеуде тұсымды,
Сенсің, ауылым – қасиетті менің мекенім!
Біздің ауылдың өлеңдері
1. Құлағанжар
Бір таудан ағып түскен құлап аңғар,
Ел оны атап кеткен «Құлағанжар».
Топталып тобылғы өскен маңайына,
Жан-жағы құба белдер...
құба адамдар...
Мұңлық тау не аңсады, не тіледі –
Бір күні жыртылыпты көкірегі.
Әлде ол тек тау болып тұра алмайды,
Әлде ол өткеніне өкінеді?..
Бұл да бір таудың кешкен өмірі еді,
Осы тау – жан дауасы, көңіл емі...
Иір жол ауыл жаққа бұрылғанда,
Алдымен «Құлағанжар» көрінеді.
Асығып, қауышпаққа қауымменен,
Бір ысып, бір суыйды тәнің, денең.
Тау тұр ма, «Құлағанжар» орнында ма –
Ә, онда аман-сау ғой ауыл деген...
Шалы да, баласы да машықтанып,
Бұл таудан жатыр қанша асып халық...
Сол елдің қасіретін жатқан сынды,
«Құлағанжар» көшкіні басып қалып.
Кие ғой «Құлағанжар», «Құлағанжар»,
Жан-жағы құба белдер...
құба адамдар...
Ей, тауым, естимісің? – мынау ұлың,
Біртүрлі қимай жүрген бір адам бар...
Не істесем екен енді, «Құлағанжар»?..
2. Көктем. Қой кезек
Маңымыз – таспа соқпақ, сайраған із,
Шертіліп қайдағы сыр, қайдағы аңыз,
Көктемде Рүстем ағам екеуіміз,
«Құлағанжар» үстінде қой бағамыз.
Кеудені кернеп керім көңілділік,
Жатады тас та балқып, өңір күліп.
Екеуміз әңгімеге кірісеміз,
Қой кетер күнгей қырдың көгін қуып.
Астына аткөрпені төсеп алып,
Қос батыр бөстекі сөз бөседі анық.
Екеуі батырлықтың ауылына,
Келеді неше жетіп, неше барып.
Қарашы енді мына масқараны,
Аз еді ауыл-үйдің басқа дауы –
Қой алды қарағайға кіріп қалған,
Бітті енді, ит-құс қазір бас салады...
Жас төгіп, сыңсып жылай баста, мейлі,
Ит-құсың саяқ малды қашса жейді!
Ыза боп, жыламсырап тұрған маған,
Рүстем «қорықпағын, саспа» дейді.
Ағатайым қолына ойнатып ап,
Лақтырады аспанға, айға тұмақ,
Киімнен, қиқулаған үннен үркіп,
Иіріліп қалатын қой да ақымақ...
Осылай өте шыққан бір күн қандай,
Қалғандай ойын қанбай, күлкің қанбай...
Кешке үйге сүйретіліп ораламыз,
Күнімен дүние ісін тындырғандай.
Сәлден соң бұлттан шығар қамалып ай,
Мұндайда жылы анамның қабағы ұдай.
...Қыр үстінде қой кезек бағып жүрген,
Мен сені сағынамын, балалық-ай!..
3. Ән салып жүрген жеңешем
Бұзауды айдап ертемен,
Жотаға шықсам жаз күні,
Естілуші еді ерке әуен,
Көрші жеңгейдің назды үні.
Бар ауыл осы жеңгейдің,
Ерекше даусын білетін –
Күндіз де ән айтып жүретін,
Түнде де ән айтып жүретін.
Ән оның жүрек сыры ма,
Жанының әлде сол емі?
Көп еді оның мұңы да,
Бейнеті тіпті көп еді...
Өмірін әнмен өрнектер,
Жеңгейге кейде «обал-ақ» –
Жыл сайын жаңа жөргектер,
Жыл сайын қарадомалақ.
Тіршілігінің мәні ме,
Мәңгі әуез және мәңгі әуен?..
Қағынған жүгермегіне,
Ұрсатын тіпті әнменен.
...Жолы алыс алып қаладан,
Ауылға жетсем кешіге,
Ауаға қалқып тараған,
Ән оралады есіме.
Бәрі де аман, ел есен,
Тірлігін жатқан мәнді етіп.
Баяғы әнші жеңешем,
Сәлемімді алды әндетіп...
4. Асық
Сағынып, сыздап жүр кеудем,
Елес жоқ бала күндерден...
– Ойнайық омпы, үштапан!
– Шеңбер сыз, қане!
– Кім мерген?
– Ал, иір, иір сақаңды!
– Алшы тұр, күнің тақалды!
– Сен қарау баспа, әйтпесе,
Шақырып келем атамды.
– Жылатпа сараң немені,
Ыңырси қалу – өнері...
– Кел, сақа айырбастайық!
– Құлжа ғой маған керегі.
– Өліктен асық жиятын,
Ұятың жоқ қой, ұятың!..
– Ұта алмай жүрмін, сақама,
Қорғасын бар ма құятын?
...Сақаны сайлап, шымыр ғып,
Сөреден көздеп... жүгірдік.
Сәл кейін өмір жолына,
Біз де асық болып тігілдік.
Орнымыз мүлде өзгеріп,
Сыналар сәтке кез келіп,
Тағдырдың өткір көзімен,
Көзделіп тұрмыз, көзделіп.
Елес жоқ өткен күндерден,
Шеңберде тұрмыз түрленген.
– Жанай кеп тиіп, жығылтпа,
О, тағдыр-еке, сұрмерген!.. 5. Кеш
Тәмам болып тағы да бір сапары,
Таудан шығып, таудан тауып тұрағын,
Күн шоқтанып батып бара жатады...
Қыр үстінде көлеңке боп тұрамын.
Өткен күннен өшер-өшпес із қалып,
Ауыл жатар түн алдында таранып.
Күннің соңғы шапағын да қызғанып,
Тауға апарып табыстайды қара бұлт.
Бір тыныштық келе жатыр далалық,
Өткен күнге жоқ ешкімде түк қыжыл...
– Ата, ауылдың үсті неге ала бұлт,
Ал, батыстың бұлты неге қып-қызыл?
– Бұлтың тұр ғой, балам, бізге сыр ашып,
Жасыратын құпиясы жоқ, сірә.
Алматының ертең болар күні ашық...
Алматыда ашық болса бопты да...
...Алматының кеші мынау келіскен,
Мұнда бірақ көздің басқа көрері –
Қозы емес, көлік қайтып өрістен,
Қидың емес, мотор иісі келеді.
Тұтасып ап жер мен көктің арасы,
Алматыда бәрі көнген ызыңға...
– Балконыңа шығып, достым, қарашы,
Ауыл жақтың бұлты қандай?
қызыл ма?..
6. Жанбақы
– Жүр, қарашы, кәрі қой өліп қапты...
– Түу, жанары не деген суық еді...
– Аяқтары байғұстың семіп қапты...
– Кеше ғана ақ қозы туып еді...
...Биылғы қыс мәңгі қыс секілді өзі,
Бұрын мұндай болмаған,
жұрт біледі.
Тұмсығымен ұмтылып жетім қозы,
Енесінің желінін түрткіледі...
...Жетім қозы енесін көп іздеді,
Титтей қарны тоюды тек тілейді.
Қанша қойға телідік, емізбеді,
Аямайды жазғандар, тепкілейді.
Өз жағдайын ол сорлы сезгені шын,
Білді ме әлде тағдыры сыналғанын –
Бір қой жатса емізіп өз қозысын,
Жабыса қап еметін сыңар жағын.
Иесінің оған да таныс әні,
Берсе жылдам бермей ме жемін енді...
Бөтелкеден сүтті де тауысады,
Қолымыздан нанды да жеп үйренді.
Көктем шыға отығып алса-дағы,
Түрткілейтін аяқты албаты кеп.
Балақайлар бір көріп қалса оны,
Құшақтайтын «бұл – біздің жанбақы» деп.
...Бақыт құсы басыңды таңдайтындай,
Үміт үзбе, еңсеңді көтере жүр.
Бір тоюды ойлаған Жанбақыдай,
Әр нәрсеге түртініп өтер өмір... 7. Күн райы
Қапырық ыстық қуырып жерді, ауаны,
Бала-шағаның аппақ шаң болып балағы,
Шілденің күні миыңды тесіп тұрғанда,
Әп-сәтте ауылым әбігер бола қалады.
- Ошақтың үстін, ойылған көңді жабалық!
- Көзін бітеңдер, кетпесін жырып дәу арық.
- Не болып қалды, шақырайып тұр ғой мына күн?
- Торайғыр үстін келеді қаптап қара бұлт...
Торайғыр тауы алыстау біздің ауылдан,
Сол заңғар биік еліме бақ боп танылған.
Бұлт қаптап кетсе Торайғыр-таудың төбесін,
Біздің ауылға хабар келеді жауыннан.
Бұл таудың көпке мәлім-ақ даңқы, атағы,
Аңқыған жусан, қыналы тастар – шапаны.
Соған қарайлап, шабысқа шалдар ұлдарын,
Шалғысын беріп, шығарып салып жатады.
Елдің ішінде күн райы үшін уайым көп,
Бір тамшы тамбай, өртейді аптап айың кеп.
Құдайдан тілеп, тасаттық беріп жатсаң да,
Торайғыр үстін бұлт қаптамаса, қайыр жоқ.
Сенесің бұған бәрі де тура келгесін,
Елім тілесе, ақ жауын жаусын, селдесін.
... Торайғыр, сені ораса орап қара бұлт,
Ауылымның көгін қара бұлт қаптай көрмесін...
8. Көкпар
Бері ауып қиқу бараққа қарсы беттегі,
Намыстың даусы жалындап қысар өкпені.
Жан-жаққа қарап, таба алмай атын ерттеулі,
Сырлыбай ағам додаға қойып кеткені...
Білекке сенсең, санаңда болмас аяу бір,
Қызынып алған, көк лақты тартып, жаяу жүр.
- Жынды ма өзі, кірісе кетті қайдан бұл?
- Намысым кетті! Тартыңдар өңшең қоян кіл!
Қымтап келеді бар маңды қою, қара түн,
Көршінің ұлы көлденең тартты көк атын.
Бұл кезде бірақ дәл аңдып сәтін сағатын,
Көкпарды қырғыз тақымдап алған болатын.
Белсеніп шығып жайлаудың жайсаң бір ұлы,
Жұлып алды да, жұлдыз боп ақты, құрыды!
Сырлыбай ағам жүзіне шаттық жүгірді,
Быт-шыт боп жатты ақ шыны көзілдірігі.
Ұмытқан мүлде манағы ыза, өкпесін,
Олжаны беріп, бола жаздады-ау көпке сын.
- Соқыр боп қалсам, қалайын мейлі, әттесін,
Көк лақпен бірге намысым жатқа кетпесін!
... Азамат болдық, қалды артта неше көктем, күз,
Арманға мініп, алысқа сапар шеккенбіз.
Көкпар-өмірдің сынынан талай өткен біз,
Додаларына жаяулап қойып кеткенбіз.
Көлсай
Асқар тау аймаласып ерке күнмен,
Айнала сыбырлайды ертегі-үнмен.
Бұлттары еркін қалқып, шудаланып,
Төменде аспан жатыр төңкерілген.
Атағы жерде де емес, айда жүрер,
Апыр-ай, Көлсай ма осы, сайдағы көл?
Ахахай, шалқы шабыт, серпіл көңіл,
Соқ жүрек, тасы қаным, қайна жігер!
Қарағайын тербетіп, гүлін тағып,
Көл жатыр самал желмен діріл қағып...
Тірліктің таусылмайтын әуресінен,
Мұндағы бір-ақ сәттік ғұмыр жарық...
Сәлден соң іңір түсіп, түн келеді,
Асқар шың зораяды, түрленеді.
Көлсайдың бетіне кеп тізіледі
Жұлдыздар жоғалтқандай бірдеңені.
Осындай жұмақ мекен қайда тағы?
Көлсайды құшып сүйіп ай батады.
Жағада қол ұстасқан ғашықтарға,
Осы шақ нұрлы өмірді ойлатады.
Шұғыла-арай сыйлап қабақтарға,
Еркелей, емірене қарап тауға,
Түндегі ғашық сырын құпия етіп,
Көлсай көл оянады таң атқанда...
* * *
Бұл хабар жанымды налытты,
Жалған сөз емес-ті, анық-ты:
Томарсаз тартылып қалыпты...
Түскенін сездім де нарқыңның,
Балықтай қайраңдап, шарқ ұрдым.
Тәңіртау жанары секілді
Көлім-ау, сен неге тартылдың?
Көлім-ау, сен неге сарқылдың?
Сенде өтіп еді ғой бала күн,
Базары бітті ме жағаның?
Тәңіртау, айбыным, айбатым,
Айтшы сен, неге ақты жанарың?
Басыңнан тайды екен бақ қалай?
Баяғы бақытты шақтар-ай...
Көкпеңбек көгімдей Томарсаз,
Жылға боп жылап ол жатқаны-ай...
Айна көл, тұп-тұнық, дөңгелек,
Тағдырға тап болдың сен бөлек.
Барымды бағалай алмаған,
Өзіме сол керек, сол керек...
Суыңды сүйсіне кешкемін,
Қайтадан жана ма өшкенім?
Оралмай кеттің-ау мәңгіге,
Амал не, қош, көлім...
Қош, көлім...
Бұзылған үй
Құпиясын, қазынасын көп күннің,
Кеш те болса сезінгім кеп, кеп білгім,
Бұзылған үй,
бүгін сенің орныңа,
Мен есейген жігіт болып кеп тұрмын.
Он-он бес жыл өте шықты арада,
Уақыт деген жұлдыздайын ағады, ә.
Ұя едің ішің толы балаға,
Қорғандары – жан әке мен жан ана.
Таң қалысып көрмегенге, көргенге,
Ойнайтынбыз сенің кең-кең бөлмеңде.
Өлеусіреп өткен күннің елесі,
Өксік болып сөніп жатыр кеудемде.
Бақытты едік сол шақтарда біз қандай!
Тұрғанын-ай содан жалқы із қалмай...
Қатал жандар менің сәби күнімнің,
Ең сәулетті ақ сарайын бұзғандай.
Тірлік кештік таласа да тармаса,
Жоққа жол сап, назар қоймай барға аса.
Орныңды да бүгін сенің таппас па ем,
Әкем құйған іргетасың қалмаса.
Жүрегімді мұң кернеді бір ауыр,
Баяғыны аңсау шығар, сірә, бұл.
Мүлде ұмытып біздің ғажап күндерді,
Тіршілігін жалғап жатыр бұл ауыл.
Бұзылған үй...
сен биік ең, еңселі ең,
Құр топырақ боп жатырсың белшеден.
Сол шақтағы өзімді де көре алмай,
Тағы алыстап кетіп барам мен сенен.
* * *
Жоқсың сен үйде де, тыста да,
Дедің бе: «Іздесін, ойласын».
Көңіл – күз, сағыныш. Қыс – дала,
Қайдасың, қалқа қыз, қайдасың?
Екеуміз еге едік сезімге,
Уақыттың сынымен екшелер.
Қайтесің, ойланған кезімде,
Жүрегім жарылып кетсе егер?
Жарылып кетсе егер жүрегім,
Іздейтін бе едің сен себебін?
Әлде сәл түнеріп реңің
Дейсің бе: «Кінәлі мен едім»...
Екеуміз сезіммен егіз бе ек,
Бақытын тапқандай жанымыз.
Қаладан, даладан сені іздеп,
Кеудемді тебеді сағыныш...
Әдемі сыр айтам өзіңе,
Уақыттың тізгіндеп көп көшін.
Қалқатай, көрінші көзіме,
Жүрегім жарылып кетпесін...
* * *
Пендең едім мейірімге қаталаған,
Қандай тағы еншің бар атамаған?
Естимісің, ей, әлем, түрші құлақ,
Естимісің, мен енді әке болам!
Ұрпақпенен татымды ғұмыр дәмі,
Жабырқаған көңілге шырыл – дәрі.
Таң алдында жан жарым оятты да,
Құрсағында нұр барын сыбырлады.
Қол ұстасып, шыққанбыз жолға қашық,
Арман, үміт шақырған алға қашып.
Ей, әлемнің мейірі, бар жылуы,
Жүрегіме алшы сен орналасып.
Мен мынау алтын таңның нұрын сүйем,
Торғайыңның сайраған үнін сүйем.
Ей, әлем, естимісің, әке болам,
Естимісің, ендеше, сүйінші бер!
Шоқ үрлеп, жүрек қалай жанбас бұдан,
Мен өлі күндерді енді алмастырам.
Бабамның, жан әкемнің ұрпақ жолын,
Мен де енді Әке болып жалғастырам.
Басы осы ма бақытқа жолығудың,
Тұрдым, қайта отырдым...
томырылдым.
...Жүрегімнің түбінде осы күнді,
Қатты күткен екенмін, соны білдім...
* * *
Сіз білесіз,
бір ай өте аз уақыт,
Татып тіпті үлгермейсіз мәз бақыт.
Бір ай бұрын ашты өмір есігін,
Менің қызым жүрегімді маздатып.
Жақсылықты жүремін мен мәңгі іздеп,
Қуанышым, мұңым менің –
жалғыз... көп...
Сол бір айда менің гүлім мөлдіреп,
Өсіп кетті үлкен қыз боп, дәу қыз боп.
Ұйықтатпай, әке, ана, апаны,
Күн тез батып, таң да жылдам атады.
Қызығымның екі көзі тұп-тұнық,
Сол тұнықпен қарайды да жатады.
Бүршігіме ұзақ ғұмыр сұрайын,
Әрбір күнін мәнді ете гөр, Құдайым!
Оянғанда үрпіні іздеп ернімен,
Балақаным қалдырды артта бір айым.
Білген дұрыс,
бір ай өте көп уақыт,
Ұрпақ сүю, әке болу – зор бақыт.
Бір ай болды, көкірегіме мен тағы,
Бір жүректі алғандаймын орнатып.
* * *
Ауырмашы, жазылшы, бөпем, бөпем,
Ақ тілегім Аллама жетер ме екен?..
Дәрігерлер дәру-ем таба алмауда,
Бөпем неге қысылып жөтелді екен?..
Ұлым менің, жалғасым, қарашығым,
Сен әлемнің сыйладың бар асылын.
Тез сауықшы, келтірші отбасымның,
Берекеге ұйыған жарасымын.
Жаным бөлек емеспін, әнім бөлек,
Бар әлемнің берейін сәнін бөлеп.
Үміттендім телефон дауысына,
Терезеңе еміндім «тәуір ме?» деп...
Үміт деген бір сөніп, жағылады,
Сен қызықтың көресің бәрін әлі.
Түсінбеймін, көлденең кесел деген,
Сенің титтей тәніңді неғылады?..
Тез жазылшы, сергі, ұлым, құлыншағым,
Артта қалар ауырған күнің сағым.
Біз баратын сапарлар күтіп жатыр,
Сан көліктің шығарып ыңыршағын.
Сен кіресің өмірдің базарына,
Тамсанасың сұлулар ажарына.
Атажұрттың ауасын жұтамыз біз,
Тәу етеміз бабалар мазарына.
Атажұртың аты да, заты нұрлы,
Қасиетімен өзіңді шақырулы.
Тоқым салып, асау тай үйретесің,
Қысып ұста сол кезде тақымыңды.
Біз тірліктің сүйрейміз көшін алға,
Өмір деген – тасыған жосын арна.
Шөп шабасың шалғыңды сыртылдатып,
Қайрағанда қолыңды кесіп алма.
Мұнда болмас құр бекер жүріс мүлде,
Елігесің мақпалдай тыныш түнге.
Көк сиырды бададан күтіп алып,
Қойкезек те бағасың қыр үстінде.
Күндер жылжып, ай жылжып өтсін, ұлым,
Жақсылықтың бәріне жетші бұрын.
Кешке қарай ақ бұзау еміп қойып,
Апашыңның иіскейсің көк шыбығын.
Атажұртта дәмдірек, ыстық асың,
Сан былғанып, тазарар үсті-басың.
Сұранбастан сытылып шығып кетіп,
Сұлу- үйдің сыртынан ысқырасың.
Сен ауылдың қарсы алып ала таңын,
Мүйізденер еңбектен алақаның.
Азамат боп өсесің сен осылай,
Топшың солай бекиді, балапаным.
Көру үшін осыны ауырмағын,
Мен тіледім дәрудің табылғанын.
Ауырып та, сауығып көру керек,
Көру керек өмірде бәрін-бәрін.
Мен сенемін, алдыңнан тосады арай,
Адамға өмір болушы ед қашан оңай?..
Бөбегіме сәулелі ғұмыр беріп,
Сауықтыршы, жалынам, Жасаған- ай...
* * *
Бүгін тағы көшемін.
Көшпендімін...
Көшіп жүрсем, ол менің өскендігім.
Қорап көлік үстінде көрпе-жастық,
Көкірегімде – мұңдылау ескен жырым.
Не көргенің, көрмегің – бұйрық ісі,
Тіреледі қай тұсқа тірлік ұшы?..
Бір қуысы ұзатып Алматының,
Бізді күтіп тұрады бір бұрышы.
Бұл тірлігім тұрса да пайда бермей,
Көшіп жүрмін өркенін жайған елдей.
Жайлау, қыстау, күзегін жылда аралап,
Жайланбас-ау айтулы бай да мендей.
Көшіп жүрмін,
кезім жоқ дамылдаған,
Ұлан едім тауы бір шағылмаған...
Түюлі жүк үстінде талқанын жеп,
Дайын отыр көшуге жарым, балам.
Біздей жанға болмайды ақыл қайғы,
Мен не десем, жарым да мақұлдайды.
Отырықшы делінген өркениет,
Қазір бізді өзіне шақырмайды.
Көкірегімде – мұңдылау ескен жырым,
Көшпендінің ұрпағы – көшпендімін.
Тігілетін жерді іздеп қара қосым,
Мың үмітпен сол болды кешкен күнім...
* * *
Амстердам.
Әуежай абыр-сабыр.
Гу-гулескен әр тұста қалың шоғыр.
Алабұртып аспанға телміресің,
Алматыны жүрегің сағынса бір.
Бұл сезімді бір сәттік шалық деме,
Ұшпақ қазір бізді алып алып кеме.
Апыр-ай, жылжымайды уақыт қалай,
Дәл мендей асықпайды халық неге?
Алматымды сағындым, шын сағындым,
Жүрмін қазір ішінде мың сағымның.
Бір шаһардай керілген әуежайда,
Өткізе алмай күнімді, құр сабылдым.
Мен сағындым тау таңын, дала таңын,
Көзім жұмсап, шарықтап баратамын.
Ұйқысынан оянып жатыр ма екен,
Менің абат Алматым, Алатауым?
Сан әсерге бұл сапар бөледі көп,
Жұмақ болсын, жат өлке керегі жоқ.
Күтіп мені жатыр ма алма-қалам,
«Ұлым бүгін алыстан келеді» деп.
* * *
Әркімге ыстық өзінің шеккен мұңы,
Тағдырының қаталдық, өктемдігі.
Жанталасып, жарыққа ұмтылғанмен,
Мына өмірдің қызығы беп-белгілі.
Бұзыларсың, бір күні жөнделерсің,
Бұйырғанын бағына пенде көрсін.
Санаң мен адамдық келбетіңді,
Сынақ үшін киініп келген ерсің.
Маңдайыңда тұрғанды құп алғайсың,
Өзгені емес, өзіңді мың алдайсың...
Өз санаңнан бәрібір аса алмайсың,
Қалыбыңнан бәрібір шыға алмайсың.
Әр тәттіні құмартып, татып көріп,
Құшатындай күтесің бақыт келіп.
Біреудің ерте, біреуді сәл кешірек,
Ақиқатқа жеткізер уақыт желіп.
Бақыт, шаттық...
Бәрі де үзік елес,
Әжім келіп түспейді жүзіңе кеш.
Ақиқат сол: бұл өмір – ылғи сынақ,
Ақиқат сол: өмір еш қызық емес.
Тіршілікте бәрі де құрықтаулы,
Жалықтырмас жалғыз-ақ үміт мәңгі.
Ақиқатты ұққанша...
амал қані,
Болар болып, бояуы сіңіп қалды...
* * *
Абориген
Жармаспа бекер жағаға,
Азабым аз ба көрмеген?
Туғанмын осы далада,
Аборигенмін мен деген.
Қосшысы емен айтақтың,
Сөзімнің осы жүйесі –
Дариға мынау байтақтың,
Мен болам нағыз иесі.
Төбеңе қара, қарағым,
Шаңырақ, деме, өрнек құр.
Жаңбырдың, желдің, ауаның,
Иесі мұнда бар деп біл.
Мың ғасыр қамсыз жайлағам,
Мен – күзі, жазы, көктемі.
Әр тасы үшін ойланам,
Аборигенмін, өйткені.
Бар мұңын оның сезермін,
Бәрінің құнды нарқы бар.
Азайса суы өзеннің,
Тамырымда қаным тартылар.
Мұңайып қалам баладай,
Қалмастай бойда күш сенер –
Қартайған биік қарағай,
Күрсініп құлап түссе егер.
Дәл мендей қамқор жоқ бөтен,
Есіңде ұста ұдайы!
Жасымды төгіп көктетем,
Қурап бір қалса қурайы.
Бұл жерде менмін дарабоз,
Тек маған бәрі жарасар.
Кием сол – мөлдір қаракөз,
Ақ шашты ана, қара шал.
Заманның көргем талайын,
Жебем де тасқа кетілген...
Оңымнан туды ақ айым,
Сүрініп жүріп жетілгем.
Құмар аранды құрықта,
Асқанның болар жазасы.
Ең үлкен наза, ұмытпа,
Аборигеннің назасы.
Көрсем де мыңын азаптың,
Бұл күнде – биік – ұшқаным.
Аборигенмін, Қазақпын,
Отаным – Қазақстаным!
* * *
Уақыт деген құрықтың,
Арқаны түспес кей адам...
Отызға толған жігітпін,
Қалайша жаспын дей алам?
Салмақтан талып білегім,
Санамды қажап өткір ой,
Арпалыстардан жүрегім,
Қартайып әбден кетті ғой.
Ойсызға ғана бар тыным.
Артты да жүгін зілмауыр,
Жүзімнен жастық жарқылын,
Көшірді тез-ақ бұл дәуір.
Білемін тегім-жөнімді,
Ұятым үшін ар мекен.
Отызға келіп, өмірді
Танымайтындар бар ма екен?
Мен отыздамын.
Жаспын ба?
Жастықтық кештім өртін көп.
Қырық тұр қырдың астында,
Елу де келер елпілдеп.
Таныған өмір өрнегін,
Отызға келген «қартыңмын».
Көп шығар әлі көрмегім –
Дайынмын.
Сымдай тартылдым.
Құлын-ғұмыр
Құлын едім...
Ерке едім, ебі жел ем,
Үрпіге ауыз салғанмын еміне мен.
Тұмсығымен таңымнан түртіп қойып,
Еміреніп тұратын Өмір-енем.
Қуаныштан жазғандай бұйрығымды,
Көретінмін таусылмас сый ғұмырды.
Айхай, шіркін, андыздап кетуші едім,
Көкке шаншып күлтелі құйрығымды.
Тұлпармын деп құрсақтан жаратулы,
Тұяғымнан бар әлем ағатын-ды.
Құлағымның түбінен жел ысқырып,
Сайын дала қуырылып қалатын-ды.
Төгіп тұра берердей шапағын мың,
Қызық еді атар таң, бататын күн.
Көкке тойып, қызыққа әбден тойып,
Күн астында керіліп жататынмын.
Сауырыма тимеген таспа бұрын,
Жабағыдан тай шықтым.
Бас таныдым.
Маған сыртын беріп тұр Өмір-енем,
Бауырына жабысып басқа құлын.
Ілестіріп әкетті сүргін мені,
Қара жерді қар басты...
Қыр гүлдеді.
Тұрман қонды арқамды жауыр қылып,
Қамыт киіп алыппын бір күндері.
Етім өлді қамшыға бағынудан.
Баяғыдай аңсап ем тағы думан,
Өмір-енем жалымнан тістеп алып,
Қос аяқтап бір тепті бауырымнан.
Оралмасын түсіндім бұрынғының,
Ізін салды жүгенім, мұрындығым.
Бұл күндері түсіме жиі енеді,
Ештеңеге алаңсыз құлын күнім...
* * *
Ығы-жығы көліктер,
Ығы-жығы адамдар.
Басылмаған желіктер,
Жасалмаған қадамдар.
Таңданған да сұқтанған,
Ығы-жығы бастағы ой.
Ығы-жығы бұлттардан,
Арылмаған аспан-ай...
Тоғысады қуыста,
Жаманың да, жақсың да.
Ығы-жығы жұмыста,
Ығы-жығы тапсырма...
Тіршіліктің аралы,
Ығы-жығы өрнегі.
Бастап алып барады,
Ығы-жығы жол мені.
Ығы-жығы толқынды,
Көл бетіндей көгілдір –
Тірлік күйі шертулі,
Ығы-жығы өмір бұл...
* * *
Өмірге мынау жай келмей, тамсана келгін,
Байыз таппайды-ау бақытты аңсаған көңлің.
Ерлігі дұрыс бағасын ала алмай, бекер,
Қалды екен сайда қу басы қаншама ердің...
Армандар неге тез өлім құшады жиі?
Өмірдің сыйы көбірек құсалы, қилы.
Арқырап келген арынын су сепкендей ғып,
Қаншама ерді тірліктің тұсауы қиды...
Жауырлы жабы көретін ақтаңгер ұлды,
Еңбектен емес, ештен дер аққан теріңді...
Белсеніп түйіп беліңді, бекініп шықсаң,
Алдыңнан алты қабатты арқан керулі.
Намыста нұсқа қалмаған, ақылда – тұспал,
Мейірім түгіл, жылу жоқ жақынға мысқал.
Қара басыңды қаңсытып, билік айтуға,
Қазаннан бұрын қайнайтын қатын да құштар.
Өткенің үшін сұрама қайтадан сауға,
Айналаң бәрі – күн үшін қайнаған сауда.
Ей, қоғам!
Ердің ерлігін түсінбесең де,
Сенен өтінем, бекерге байбалам салма...
Жүрекке алғыс
Кешемін тірлік бір таңнан асып бір таңға,
Тырысып бағып етек-жеңімді қымтауға.
Адам боп туып, шыр еткенімде,
о, жүрек,
Кеудеме сені орнатқанына мың тәуба.
Білмей жүрсем де өмірдің мынау бағасын,
Келер күндерге үмітпен алып барасың.
Аттаған сайын әрбір ісімді безбендеп,
Әміршім менің, тынбастан бүлк-бүлк соғасың.
Алдамшы болар амал-айлаға көнген ар,
Өзінің құнын қайдан айырсын пенде дәл?
Өзгеден кейде таппайтын ізгі мейірім,
Нәзігім менің,
байқаймын, сезем, сенде бар.
Досты да кейде қалатын сәт бар ұға алмай,
Қалатын сәт бар әділет үшін бұға алмай.
Сол кезде менің қаныма дауыл тұрғызып,
Бұлқынасың кеп кеудемді жарып шығардай.
Қылыққа салар, көлденең көрсе, бала дер,
Ерлікке жұмсар еркімнен бөлек бар өнер.
Сенің мейіріңмен махаббат толы көк аспан,
Сенің пейіліңмен ғазиз да ғажап қара жер.
Кей-кейде болам ақылы кемел атадай,
Еркемін кейде ақылды тентек ботадай.
Пыш-пыш сөздерді, сен қаламасаң, дегдарым,
Құлақ түбінен өткізе салам оп-оңай.
Өзің сыйладың дариға сезім, тұмса мұң,
Санама кейде перде тұтасың мың сағым.
Кеудеме сені орнатқанына мың шүкір,
Қатал уақытта бүлкілдеп тұрған жұмсағым...
* * *
Ертең біздің өлкені қар басады...
Бар тіршілік аппақ боп жалғасады.
Алатаудың басында қара бұлт,
Түнеріп, отыр құрып малдас, әні...
Көктемгідей жоқ мүлде ұшпа желік,
Қалтырап тұр дүние құштары өліп.
Терезенің сыртында жылайды күз,
Мезгіл тағын қаһарлы қысқа беріп.
Қыстың осы неліктен тар қабағы?
Сап тыйылып торғайдың таңдағы әні,
Күздің жасын – қыз жасын бүркемекке,
Ертең біздің өлкеге қар жауады.
Күнде жылу қалмаған, айда – шырақ,
Қыс келеді қар болып жаймашуақ.
Ертең біздің өлкені қар басады,
Алты ай бойы жатпақшы жайласып ап.
Қара жолды қалдырып панасына,
Қасарысып бағады ағашы да.
Мойындайды... ұлпаны төге салып,
Өтіп жатқан жандардың жағасына.
Ертең біздің өлкені қар құшады,
Басқа әлем боп оянып таңғы сәрі.
Бар айнала бүрісіп, дірдектейді,
Қирап, сынып қалғандай мәңгі сағы....
Ертең біздің өлкеге қар жауады...
* * *
Естіліп қыстың зар әні,
Төбеден билеп жауар қар.
Бүрісіп кетіп барады,
Жағасы патша жарандар.
Табиғат-Ана пәрмені-ай,
Түйіп тұр аспан қабағын.
Сәнге бай дала, әнге бай,
Жамылған аппақ жамалын.
Ұялшақ үй тұр көзіне,
Пәрәнжі жауып сүңгіден.
Арудың әппақ жүзіне,
Ұялап қапты мұң кілең.
Тыныштық тұнған аулаққа,
Тартады кейде көңілді.
Жалма-жан сүйіп алмаққа,
Аңдиды аяз деміңді.
Ашу бар ала таңында,
Адуын жатыр қаншама!..
Қыс отыр шіреп тағында,
Көктемді әзір аңсама...
* * *
Санаулы сағаттардан соң,
Ескі жыл,
демің бітеді.
Үмітпен дос боп арман шын,
Жаңаша күндер күтеді.
Ескі жыл, саған разымын,
Ұсындың қызық алдан көп.
Айналып тірлік қазығын,
Орнымды шаң ғып қалғам жоқ.
Шырқап та биік кетпедім,
Қалмадым және төменде.
Жастықтың сендік көктемін,
Жыр етіп қостым өлеңге.
Мың түрлі адым аттадым,
Сан рет жандым, өртендім.
Бәрібір атып ақ таңым,
Шақырып тұрды ертеңім.
Ескі жыл, қош бол, амал не,
Сен қалдың...
алда күнім бар.
Саламын мүлде жаңа әнге,
Қуаныш бер де,
мұңымды ал.
Ескі жыл, есті үнімді,
Разымын шын-ақ мен саған.
Кеп қалған Жаңа Жылымды,
Қараша ғана қарсы алам...
Өмір фәлсафасы
Адамдар іздейді сыңарын,
Жол кешіп қым-қуыт, нешеме.
Таппайды жүректен тұрағын,
Оқылмай тұрғанда пешене.
Күмәнсіз бағына балайды,
Бір сұлу жолықса гүл өңді.
Кейде өзін тым биік санайды,
Байқамай сүйсінген біреуді.
Бір күні соғады сағаты,
Тағдыры сыналар уақыт кеп.
Қалмайды төзімі, тағаты,
Біледі оны шын бақыт деп.
Содан соң суынып жүрегі,
Болғандай бақытқа тар маңдай,
Өз-өзін түсінбей жүреді,
Мәңгіге адасып қалғандай.
Белгілі екі рет келмесі,
Бақытты қайталап күтпесі...
Махаббат – өмірдің пердесі,
Парасат – өмірдің нүктесі.
* * *
Сары ала таңда сарылып,
Сағыныштарға бағынып,
Санамды жаулап сүме мұң,
Сарытап күннен жалығып,
Сенімім ғана сауығып,
Саяқсып жүрген ұл едім...
Еншімнен ада қалардай,
Есірік оттай жана алмай,
Еңіреп топқа түспедім.
Ентігіп босқа борандай,
Езумен отап шөп алмай,
Ернімнен ғана тістедім.
Болжауға халді ел шебер,
Босаса айыл, теңселер,
Бойкүйез тірлік осы ма?
Болмысы мұндай болса егер,
Босбелбеулерге қонса егер,
Бақыттың ұрдым басына.
Жалғанға мынау кім ие?
Желпінген тірлік күйіне,
Жақын да, жат та сенер шын.
Жәркештенбедім биіңе,
Жайнаған жарық, дүние,
Жалп етіп сен де сөнерсің...
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру