Жарық пен жылу
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Жұмекен Нәжімеденов
Жұмекен Нәжімеденов Жарық пен жылу Жазушы
ӘЙЕЛ…
Әйел! Әйел!– қай тілде де әдемі, әйел деген сөздің өзі – сүйікті ән. Құмарлық пен махаббаттың әлемі жаралған ба ақ тамақ пен иықтан! Қаймақ-ерін сәл ашылса күлгелі, күлмес бұрын көңіліңе келеді үн. Сонда оның жеңіл алған бір демі сатып алар жүз ақынның өлеңін!
САҒАН ЫСТЫҚ ЕСТІЛЕДІ ӘУЕЛГІ ҮН…
Саған ыстық естіледі әуелгі үн, сезім – тұман, басар ол да мұнартып; Пәтерінен кейде сұлу әйелдің көкше мұздың көшкен орны мың артық. Саған әйел тілер едім жалғаннан, Кейде одан бақыт тапқан жан емен. Кей әйелге ғашық болып жанғаннан, сөнген артық – жазып шығып жаңа өлең!
СОНАУ БІР СОҒЫС КҮНДЕРІ
Көкбеттеніп тұрды аспан, Құмның жүзі қарасұр. Жел суыпты күн асқан,– Аласұр, қияқ, аласұр. Ұлылығы не керек – Уілдеп тоңып дала тұр. Дір-дір етпей ебелек, Бір тасаға бара тұр. Сұлыбас – жас, мұрт – кәрі, Шықсаң, сұлы, биік шық. Желпілдейді жұрттағы Ұмыт қалған қиық шыт. Сыйдаң бұта – суылдар, Суық пен жұт – егіз мұң. Арық-тұрақты қуыңдар, Ауласына семіздің. Тартса қарт қой құрсағын, Қойшы қартаң бүрсеңдеп, Кемпіріне ұрсады: «Не бітіріп жүрсің деп». Ол бітірмей жүр несін – От жанады жылтырап. Итарқаның іргесін
Ит қазады жұлқылап. Жоқтық пенен суықтық! Әніңді айтып жаңағы, Көрпе астына қуып тық Жалаңаяқ баланы. Жалт-жұлт еткен табандар, Жылт-жылт еткен танаулар, Көрпе астынан қараңдар: Келе жатқан адам бар. Тұр ғой оны шал боқтап, Тоңса – кімнен көреді? Екі етегі далбақтап Бригадир келеді...
СОНАУ... СОНАУ ЖОТАЛАРДА ҚАЛДЫ ІЗІМ…
Сонау... сонау жоталарда қалды ізім. Жолым менің... арты – қысқа, алды – ұзын, Көзім менің түрлі бояу көрсе де, Көңілім менің ести алар жалғыз үн. Көп жүрген жер – көк езу жол, ақтабан, Бір мақсатқа екі жетіп таптаман. Ойламаймын басамын деп өзге ізді, Тек қана осы... өз ізімнен сақтанам. Қазығымды қағар ма екем олқы ғып, Ойда шыдам, бойда қуат мол тұрып; Көңілім менің толқи-толқи ортайса, Қос жанарым берер ме екен толтырып?! Көктем елі, шаңқай аппақ түс елі, Қызығыңды – екі көзім ішеді. Алатаудың қабағына бұлт қонса, Көленкесі өлеңіме түседі. Айып етпе, айып етпе мені елім, Кей көңілден алыс қонса өлеңім. Көрмеген соң көп көңілдің көлемін, Қайта-қайта сарқыламын, өнемін. Неге керек бір шындықты екі ұғып, Екі айта алман – бір жүрекпен отырып. Өмір – біреу, өлім – біреу, мен – біреу, Екеу болса – біреуі оның өтірік!
СУРЕТ
Қып-қызыл кеш. Аппақ айдын. Қоңыр үн. Жанып тұрған бір шүйке бұлт жаңағы Басам дей мен лапылдаған көңілін – Тұнық суға төсін малып алады. Теуіп шығып ақ бетіне қызыл қан Айдын жатыр... Құтырынды сәуле ойнап. Жағадағы көне тамдар бұзылған Әлденені ымырт құсап қалды ойлап. Шалқайса да мен-мен аспан көкірек, Жұлдыз жылып көл төсіне жабысты, Төбелері қылт-қылт етіп шоқы көп Суға түсіп тұра-тұра қалысты.
СӘБИ КЕЛДІ...
Ол – келді, сәби келді, келді міне, Келді ие бүгінгіге, ендігіге. Келді ол, табылды бір азамат-қол Әкенің қамшысы мен белдігіне. Келді ол қызыл-шақа бетте мүлде Жоқ, тіпті үміттену, кектену де. Титімдей жүрек қана талпынардай Сүюге және мықтап жек көруге. Без тірлік безек қағып іңгәлаған, Тым жәйлі емес дей ме мұнда маған?– Сәбидің алғаш шыққан ащы даусын Ең соңғы тәтті үмітпен тыңдады Адам... Келді ол байтақ баба даласына – Бір бұлақ ақты шапшып, аласұра. Асфальтты шықты жарып бір тал шыбық, Бір тамшы қосылды көл шарасына. Ай аппақ, әлем ұйып болды жым-жырт, Бір жұлдыз тағдырына көнді мүлгіп. Бір арман көкіректен көтеріліп, Шыңына Алатаудың қонды бір бұлт. Шайқалып шарап кесе – шабыт жанды, Көңілдер көгенінен ағытты әнді. Манадан түссіз тұрған әке байғұс Бір бокал ақ арақты қағып салды...
ҚАРАҒАЙЛАР СЕНДЕЛЕДІ ЫҢЫЛДАП…
Қарағайлар сенделеді ыңылдап, Іші пысқан бойдақтардай кешқұрым. Тас төбеде үңірейіп аспан тұр, ақ тісі жоқ ауызындай кемпірдің. Жымың етіп жабысса егер ақ жарық кеберсіген ерініне сұр тастың, Сол тастың да көкірегін қақ жарып, ағатындай от аралас бір тасқын. Асфальт көше қайқаң-қайқаң етеді, Көтере алмай көлеңкені түскен кей. Зәулім үйдің төрт бұрышты көздері Сұйық-түнді сылқылдатып ішкендей... Жапырақтар би билейді шарқ ұрып, әндетеді бұтағынан айналып. Кәрі емен тұр өз-өзінен сарқылып: «Бұ тіршілік бара жатыр қайда алып!»
Сездірмейді тістеніп ап маңай түк, Жел еркелеп тал мойнына оралды. Бар дүние теңселеді ән айтып, Мен ғана үнсіз.– Тыңдау үшін сол әнді.
ҚАСҚА ЖОЛДЫҢ ҮСТІНДЕ ЕКЕН БҰЛ ЖҮРЕК…
Қасқа жолдың үстінде екен бұл жүрек – Ылғи ғана отырамын күтініп. Біреу өтті риза боп, елжіреп, Біреу өтті түкіріп.
ҚЫЗ ҚҰЙҒАН ШАЙ
Бұдан тәтті не бар дейсіз әлемде, Бұдан ащы не бар дейсіз әлемде, Тәттілігі: сол қызға бір тік қарауға бата алмау, ащылығы: шешесінің болатыны қаталдау. Әкесін де тағдыр тағы жасапты ғой қатты ғып – Қой, қой достым, біле білсең мұның өзі тәттілік. Сәл өкініп ұсынасыз тас-ақты жазып сіз, Жай отырып қысыласыз, жазықсыздан-жазықсыз. Жұтқан шайың тамағыңда тарсылдайтын секілді, бұққан сайын – күнәң ауыр, аршылмайтын секілді. Әжесін де маңдайыңа жылжымас қып жазыпты-ай, ақ тартқаны болмаса бұл, әйел емес қазық қой. Көк дастархан мына жатқан – бейне түпсіз көк теңіз, Көк теңізде маяк құсап төрт көз жанды – сөкпеңіз; екеуі оның – жерде отырған момын қыздың өзі де, екеуі оның – төрде отырған қонағының көзі де! Қызға қарау қызық-ақ қой, ал аңдысу – ауыр жәй, аман кетсек жарар еді біреуіміз ауырмай. Қыз құйған шай – одан ащы не болады, білмедім, Қыз құйған шай – одан тәтті не болады, білмедім.
Ащылығы – тым ертерек әке болып қалғаным, тәттілігі – айлар бойы аялайтын арманым.
ҚЫЗЫЛ ГҮЛДЕР, САРЫ ГҮЛДЕР, АҚ ГҮЛДЕР…
Қызыл гүлдер, сары гүлдер, ақ гүлдер, Әр гүліңді – бір шам қылып жақтың жер. Мені-дағы гүлге жаны жақын дер – Бөбегіме бір гүліңнің атын бер. Мен – тасты да жылытуды аңсап ем, Шіркін, от боп мендегі әрбір жанса дем! Болса егер әр сөзімде бір-бір көл, Оны да мен гүлге құйып тауысар ем. Гүлдер, гүлдер! Көз жасымды төгер ем, Тек сонымен десең егер көгерем. Сені... сені көрсетпес ем бұл түнге, Сәуле болса егер менің күлкімде.
ҚЫМЫЗ САТУШЫ
Ата-еке-ау, болдыңыз сіз неден кедей, Өзекті қойыңызшы тегі өртемей; ақ саттың қалт-құлт етіп, адам емес адамнан құлап түскен көлеңкедей. Мұрынды барады әбден жарып қымыз, қымыз ғажап, рас, танып тұрмыз. Күн ыстық. Қаңсыйсыз кеп. Қалқып ішпей – сатасыз, неден ғана тарықтыңыз?! Дейді ол: «Келін – ғалым, балам – әкім», болса олай, кім әкеткен қанағатын. Қымызын біреу ішті; қалтасына тиындар сыңсып түсіп бара жатыр. Айтайын айтарымды (ақыр кетем), мен сізді деп тұрғам жоқ: ақылды етем, дәл қазір тиын түгіл, мың сомың да қымызды бір жұтқанға татыр ма екен! Түсінем, сізді базар ақтайды ғой, сондықтан кінәлауға батпайды да ой. Аппақ қой сақалыңыз, атажан-ау, ешкімге ағын-адам сатпайды ғой?..
ОТЫРҒАМ ЖОҚ ҰНАТҚАННАН ЖЫР ЕТІП…
Отырғам жоқ ұнатқаннан жыр етіп, – Соғыс деген неткен жайсыз сөз еді! Сол соғыстың жоғалмайтын суреті – Кәрі ананың тілім-тілім өзегі. Соғыс деген жарды жалғыз түнеткен Жетім төсек – жеті қабат Жан мұңы. Соғыс деген сырқыраған сүйек пен Денеңдегі осколканың қалдығы. Соғыс деген самайлардың ағы мен Үзім нанды арман еткен бала ойы. Қалып еді, қалып еді тағы нең, Айтпағанда тізелердің жамауын? Ей, қаламдар! – Оқымасын жат хабар, – Жазбаңдаршы соғыс деген сөзді осы. Сүртіңдерші аппақ, адал мақталар Сол соғыстың жеңісінен өзгесін!
ОТ АТАУЛЫ ЖАНАР ЕДІ БІЛІНБЕЙ…
От атаулы жанар еді білінбей – Көріп қойса айқай салар ел оны. Ол да кейде, өсекшінің тіліндей, әділетсіз келеді. Сол секілді, ой да жалын, тіл жалын, тіл шіркінмен талай қағаз былғадым. Аппақ туды отпен жудық, от-жалын Айтты әлемге көк дауылдың соққанын. Ақ ту жанып: қып-қызыл ту болды ақыр, Сол қызыл ту алдына кеп тоқтадым... Махаббат бар – қызыл деймін мұны да, Қызыл ұшқын шығады ұшып ызадан. Қоңыр бояу көп жағылса жырыма, Қызыл бояу алдында мен қызарам. Қызыл бояу – жану үшін. Жалғыз үн: Мен жарықты қараңғыға сынатам. Жүрек – қызыл, ерін – қызыл, қан – қызыл, Сол үшін де қызыл бояуды ұнатам.
МЫСҚАЛ АСЫЛ ТАБА АЛМАСАҢ КЕЗІНДЕ…
Мысқал асыл таба алмасаң кезінде кеудеңдегі кеніңді айтып бұлдама. От болса егер өсекшінің сөзінде бар дүниеден қалар еді күл ғана.
ӘКЕ ТУРАЛЫ
Үзіліпті сол өмір... Жо, жоқ, өлген жоқ бірақ. Тек ерлік пен еркіндіктің өлеңін Айтар болдық бұрынғыдан қаттырақ. Тек оны ешкім шақырмайды дауыстап, Алматыда көре алмайды әке ұлын. Бірте-бірте құлақтардан алыстап Бара жатыр аты оның. Бұдан өзге тіршілігі сол күйі – Әйнек салған рамада бейнесі, Оған арнап, «ас береді» енді үйі, Жумайд бірақ ешкім оның жейдесін. Соғыс бітті, біткенде ме бар айып,– Соғыс, соғыс... ұмыттырмас ол атын. От өшкен соң осылайша қарайып Орны қалар болатын. Ұмытар ем соғыс атын, ел оны Бес құрлыққа таратыпты бес бөліп. Және соғысты ұмыттырмай келеді Әкелер жайлы естелік.
МАХАМБЕТ ТУҒАН ЖЕРДЕ
...Бұл бұтаны шалды талай ат арық, Талай-талай тамырларда тасты қан. Бір ғасырды қазып алсаң қопарып Махамбеттің ізі шығар астынан. Үзілген жол – түсіп қалған тұсаудай, Қара қаудан – жалындай торы айғырдың. Тас шоқылар – ер қасына ұсардай, Батыр баба, қамшыңды сен қайда ілдің?!
Шектеп қойған кәрі құлақтай дала бұл, Ерттеп қойған арғымақтай дала бұл. Бір баспаса сағынады табаным, Жылда жаңа бір ізімді саламын. Мынау құмдар кімнен ғана қалмады, Торы айғырға кімдер тақым салмады; Күйшілік пен жыршылықтың қонғаны – Махамбет пен Құрекеңнің әруағы. Көк сүңгінің шаншылған бір жері бұл; Көрінбейді бірақ одан тамған қан; Кеудесіне біткен жырдың желігін Айырбастап калдырыпты арманға... Қазір мұнда той боп жатыр деседі, Басыңызды көтерерсіз бүгін сіз? Өзіңізді туған төбе кешегі Жата ала ма дүбірсіз!
МАҚТАЛЫ АЛҚАПТА
Шалықтап еседі бір самал тұрып, Қойнауға тығылады шаң алқынып. Жалаңаш балтырлардан «кәріқыз» бүрсе, Көк сүйрік құм астынан табан тіліп. Бұл елдің жілігі де илігеді, Бұл жердің шілігі де би біледі. Аяқты аттап қалсаң, майлы топырақ Бұрқ етіп тобығыңа үйріледі. Қоңыр шаң, барлық маңай қоңыр тұман, Шаң емес қоңыр, мүмкін, көңіл шығар? Әйтеуір мұржалардан қашты түтін Исін ап бауырсақтың қоңырсыған. Бұл жерге еңкеймеуің – айып тіптен, Ақ мақта – алақаның жайып күткен. Жүйектер кетіп жатыр батып-батып Жіп құсап қалың күпіні қайып тіккен. Болса ғой шіркін бір топ емен, терек, – Тамсандық суық су мен көлеңке деп. Қыздардың плащын ап «күрке» тіктік, Суырып ақысына өлең төлеп. Жел сонда етектерді бітті түріп, – Тақасын отырды қыз тық-тық ұрып. Таңдайға тұрып қалған тілді қозғап, Қояды біреу әппақ сүт түкіріп. Мақта әппақ – қауашағын ашыпты үміт, Ақтықты адалдыққа ғашық қылып Кетесің өлке жәйлі ұзын ойға, Қып-қысқа көлеңкеңді басып тұрып... Сұп-сұр боп шыға келер қара жейде, Шаң өзі қашып кіріп жаға-жеңге. Төзімін тістеп тартсаң жыртылмайтын Май сіңген кенеп сын-ды дала кейде. Аймалап аптап ыстық-ерке құшақ, Ойнаса шаң мен құйын жер тегіс-ақ. Тесіліп шұр-шұрқ болып алқап жатты Мақтасы шыққан көне көрпе құсап...
МЕКЕНІМЕ
Ей, мекенім, көркейе бер, өсе бер – Көгер жапырақ, теңсел теңіз, көкте гүл; Қайтесің сен қартайғанын шешелер, аталардың дүниеден өткенін?! Неғыласың: құлай берсін кәрі емен, саған одан шыбық артық ендігі. Ол да қурар, тағы да өсер, және өлер, тағы да ұшар сары жапырақ жел күні. Мен әлі де тірі келем – болғаны, жата бер сен, сол тірлікке жылын да. Мен не ойладым – шаруаң қанша ондағы, саған оның бәрі бір ғой шынында.
МЕН ДЕ ОЛ ҚҰСАП СОҒАР ЕДІМ ӨТІРІК…
Мен де ол құсап соғар едім өтірік, Күзгі көлдің толқынындай көпіріп. Сөз көбігін тілмен шайқап шашар ем, Жағалауда жартас болып отырып. Сапырар ем толқынымды – барда өлең, Ұйқасты да қалар едім әр неден. Желік барда мынау жалпақ әлемде, Сөз болып па жаға деген, жар деген! Бірақ, шындық ұрып тұрсың көзге сен,– Қалай ғана, қалай ғана кездесем! Соғар ем мен, өтіріктің бәрінен Өзім кейін өлерімді сезбесем...
МЕН КЕТЕР ЕМ ӨЛЕҢНЕН…
Мен кетер ем өлеңнен, үмітіммен, мынау шөкім-денеммен, бүкіл осы тірлігіммен кетер ем. Кетер едім, айыптар ем ішімнен адамдарды – мені ақын деп түсінген. өзімді-өзімді келеке етер едім мен. Тілегім де болмас еді басқа онша – Тек бір адам мені шындап жоқтаса...
МЕН – ӨЗІМНЕН ӨЗГЕЛЕРДІҢ БАРЛЫҒЫН…
Мен – өзімнен өзгелердің барлығын Құдай тұтам – құлшылығым жоқ бірақ. Мен сыйлаймын жаманның да барлығын, Жақсыларсыз – тіршілігім жоқ бірақ. Мен – сыйлайтын ағаның Кебісін де аяғыма ілмес ем, Бірақ ондай аға қайдан табамын, Өзім өмір іні бола білмесем. Мен сыйлаймын иттің иттік кезін де, бірақ одан қорықпаймын – қимаймын. Мен сыйлаймын жағымпаздың өзін де, бірақ оны... қорыққаннан сыйлаймын.
МЕНІҢ ЖАУЫМ – ОСЫ ЖЕРДІҢ ҮСТІНДЕ…
Менің жауым – осы жердің үстінде, Біткен болса әділетсіз күш кімге Кімнің қолы адамды атса – сол жауым; Менің жауым – осы жердің үстінде. Менің жауым – бар құрлықта, бар елде Жаман ойлы Адам болса әлемде, Жақсылықты танымаса, және де ол Айырмаса адалдықты бәледен, Қанша қырсық келген қолдан сол мықты, Келмесе егер жеңу қатер қорлықты; Кім бағалай білмесе ыза кек күшін – Соның бәрін менің жауым деп түсін!
МОМЫН ДАЛА…
Момын дала! Әр көңілдің түбінен Тебіреніп туатұғын ел әні; Сол тереңге әлі де мен үңілем, Сол көмейден ән күтемін мен әлі. Құмы, суы, жыңғылдары... кешкі жел – Бәрі, бәрі жаралды ма ән үшін. Кездерімде қарға даусын естіген, Келер менің бұлбұл күнгі намысым. Бір кезде есті әрі көңіл, әрі бой, Сендегі бар – бар бола ма басқаға. Тары деген – тауық үшін тары ғой, Бұлбұл үшін – бір қиыршық тас қана...
МУЗА МЕН МҰҢ АУЫРЛАТТЫ БІР-БІРІН…
Муза мен мұң ауырлатты бір-бірін, Қатпар-қатпар бұлт үстіне бұлт қонып. Елден ерек өсіп еді бір гүлім, Ол да міне... жатыр екі бүктеліп. Көңіл деген – бір үлпілдек мақта ғой, Кірлі қолдар ұстауға оны қымсынбақ. Таң алдында қармағымды қапқан ой Қалтқымды батырады шым-шымдап. Мен де ұнатпай отыра алман «Мен» деуді, Менің қолым – көп жағада кеткен қол... Қоңыр далам, көрсетер ем бейнеңді, Ми жетпейді, момындығым жеткенмен. Жүз күдікке қарсы жалғыз келді үміт, Майдан ізі көп өлікті санатты. Оған да мен кете бердім көндігіп Қайқаң етіп бір шытқан соң қабақты...
ҚҰМ ТЕҢЕУЛЕРІ
Жайдақ құмдар суырлып Жалын сияқты ағатын. Жалпылдаған туырлық – Жапалақтың қанаты. Шегірткелер тобы ұдай Қып-қызыл боп қанаты, Ақтікеннің шоғындай Пышыр-пышыр жанады. Шұбырады құлан-қыр, Дөңнің беті тары нандай. Түскен жері қыранның Мамық жастық жарғандай. Атшалман бар – қуа алсаң, Күнге күйсең – өстіп күй. Тоғай ғой деп қуанып Жетіп келсең– бес түп ши. Сұрғылт жылан, ол-дағы Бұл жер үшін – жау жаман; Түсіп қалған жолда бір Дойыр қамшы аумаған, Таңдай-таңдай құм ұйып, Ат ізі – тамшы сияқты. Күн тұрады жымиып Қабығында қияқтың. Ал, аспанның өзін мен Жырлап мінсіз бола алман, Ол бір – мөлдір сезім мен Түпсіз жатқан мол арман.
ҚҰРМЕТТЕЙМІН ЕРТЕ АШЫЛҒАН ГҮЛДЕРДІ…
Құрметтеймін ерте ашылған гүлдерді, Ерте атқанын ұнатам мен таңның да. Қандай жақсы үйден шыға келгенде
Аппақ болып таң жатқаны алдыңда. Қандай жақсы қалса ашылып қабағың, Әр шыққанда жаңа күн. Қандай жақсы аттағанда әр адым, Таңға салса алғаш ізін табаның! Келер сонда тек шығысқа қарағың. Шық-моншақты жіп керек-ау тізуге, Әр тамшы шық – бір-бір көз боп жанады. Шық үстіне басылды алғаш ізім де, Таңғы ауаға жүзіп кетіп барамын. Алдым – жарық!.. Бір жанатын кезім бұл, Жанбасам да қызғанымды сезіндім. Тек жарыққа қарсы жүрем мен кейде, Көлеңкемнен қашқан кезде өзімнің, Ғажап! Ғажап таңды көзімше атырдым,– Келді бәрін дауыстап кеп шақырғым. Дөңгеленіп ып-ыстық шар-күн тұрды Иығында Алатау мен ақынның...
ӨЗІҢЕ
Білсең егер қастерлей, Қастерлей гөр даланы. Жауға шапсаң әр бұтағы – әскердей, Жаурап қалсаң – пана бола да алады. Төбе болса шығар едім, әттең бір, Дейсің ғой сен алыс кетсең құмартып. Тауларынан жат жердің Өз жеріңде тандап шығар қыр артық. Шық та қара, бабаңша емес, бірақ та, Төбелердің момындығы қойдан ғой. Келсе сонда бота даусы құлаққа, Өз жерімде отырмын деп ойлай ғой. Мұхит асып бара қалсаң сен анда Ала кетші жалғыз уыс құм-жұпар,– Кілемі де кір боп жұғар табанға, Балағыңды тікен емес, гүл жыртар... Қастерлей гөр қарт далаңды төзімді; Саулығы үшін қалада өсер балаңның. Қаппас үшін балтырыңды өзіңнің Әрбір итін адам қыл.
ЕЙ, ДОСТАРЫМ, ТІРЛІКТЕ КӨЛЕҢКЕ ЖОҚ ДЕДІҢ БЕ...
Ей, достарым, тірлікте көлеңке жоқ дедің бе, Күнге он рет сен оған кездесесің кемінде. Десең егер жер үсті тек күншуақ мекені, Күншуақтар жайлы жыр жазу сенің не теңің!
Бүкіл дүние тек қана қуаныштан тұрса егер, Қайғы-мұң бар дегенге күлден өзге кім сенер. Бүкіл дүние тек қана қасіреттен тұрса егер, Куаныш бар дегенге Күннен өзге кім сенер. Сенім керек дүниеге, сену керек, ағайын, Өмір үшін бәріне көну керек, ағайын. Бір тиынның қос беті секілді өмір! Төледі Құнын оның шаттық пен қасіреттің өлеңі. Бір беті оның – қосылу, айрылысу – бір беті, Қай бетінен көрсең де танисың ғой сен оны?! Тану керек дүниені, тану керек, ағайын, Сөну үшін дұрыстап – жану керек, ағайын. Көреміз де бұтаны – көкпеңбек жыр бер дейміз, Сол бұтадан құлаған көлеңкені көрмейміз. Көргім келед мен бәрін – көру қолдан келе ме? Күдіктене қараймын көлеңкесіз денеге; Көлеңкені қолдан мен жасай алман – сенсең ғой, Биік болса көлеңкең – ол да өзіңнің еңсең ғой...
АППАҚ БОЛЫП БАРЛЫҚ МАҢАЙ ТҰР ЖАНЫП…
Аппақ болып барлық маңай тұр жанып, Жоқ қой ешкім ақ жарықты кірлеткен! Тасқа түссе бұл жарық, тасқа-дағы қараймын мен құрметпен. Құйылып тұр, құйылып тұр нұр-жарық – емен, шырша шыға келді бүр жарып! Жарық түссе қасіреттің өзі де кетер еді нұрланып! Жарық, жарық! Мынау жердің бетінде көлеңкелер ұқсайды екен жетімге, Нұр-әкенің жанарынан тыс қалған. Жарық болып көкірекке түсті арман. Жарық деген – ең әйгілі есім бұл, бөбегімді сәуле болып өсірдім. Бұл өмірдің көктемі мен шуағы – Махаббат пен мейірімнен шығады. Жарық деген әлемдегі ең әдемі, демен, бірақ тек жарықпен жанасың; Жану үшін –қызу керек әуелі, Ол қызуды – өзің іздеп табасың.
КІШКЕНЕ БАЛЛАДА
Ақын жатыр табытында, қаралы Жар егіліп, жұбатады ел оны. Қазір, қазір... суық топырақ жабады,
Мынау сұлық денені. Шықты біреу ауыр басып мінбеге, (Сықырлады тақтай біткен сол күні) Ол тамағын алды әуелі бір кенеп, Көзін сүртті... алғашқы үн толқыны Шөп басындай қозғады Тұнып тұрған көп ойды... Ытқыды сөз бір-бірінен озғалы Керней ағып көмейді. Сөздер – ыстық; өлік жатыр – салқын қан, Цитат болып жарқылдады көп өлең. О, адамдық, айналайын салтыңнан, Өлгенді де демеген. О, ғажайып! Кенет ақын табыттан атып тұрып сөз тастады шаңытқан: «Ей, халайық, тыңда мені, тыңда әлі, Көп болған жоқ мен көзімді жұмғалы; Рас болса айтып тұрған сөздерің– Мен енді осы... өлік емен, өзгемін. Неге айтпадың, ағайын-ау, сөзді бұл, Кетпей тұрған кездерімде көз нұрым. Тірлігімде сөйлегенде осылай Мұнша асығыс өлмес ем ғой, досым-ай. Өздеріңе қиғаныммен өлеңді, табытыңа қия алмаймын денемді– Қалғым келед енді мәңгі тік тұрып, ақындардың өлмейтінін ұқтырып»,– Деді де, ол тас мүсінге айналды, Жанарында жібімеген ой қалды; Ортасында қасірет пен бақыттың Ол – өзіне ескерткіш боп қатып тұр. Ал біреулер тас-мүсінді сол тұрған бүріп алып жағасынан, алқымнан, Әр күн сайын қараң-құраң – дүрбелең Сол өлікті, қайтадан табытына түсіре алмай жүр білем...
АУА ЖАСЫЛ, СУ ДА ЖАСЫЛ, ҚЫР ЖАСЫЛ...
Ауа жасыл, су да жасыл, қыр жасыл, Жасыл бояу құрғамасын, құрғасын! Қызыл бояу – қызартады... ал енді Жасыл бояу жасартады әлемді. Жер – жап-жасыл, көңіл дағы жап-жасыл, Күн қалайша қып-қызыл боп жанбасын! Қызыл күн мен жасыл жердің ортасын Өзге бір түс бұза ма деп қорқасың...
ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ МЕШІТІ
Сырлы сурет, сиқыр сезім, ой анық. Айта алады бұл өнерге қой деп кім – Көне тілмен күмбір-күмбір сөйлеп тұр Тасқа жаққан әрбір бояу оянып. Тас байлауы – байлауындай жұмбақтың, Шеше алмайтын секілді ме оны ешкім? Үнсіз жырды қалдым мен де тыңдап бір, Бірақ... түк те түсіне алар емеспін. Ұлылық деп осыны айтса – көнем де, Сұлулық деп осыны айтса – сыятын. Қарап тұрып жеті ғасыр төменге, Сүйсінуге ғана жетті қуатым. Осы болар биіктік деп жүргені, Бұдан артық биіктікке шыдар кім. Таңдантып ед Байрон жазған жыр мені, Содан соңғы таңдануым шығар бұл. Мұндай өнер күтіп пе екем мен тегі, Шын құдірет жығылмайтын секілді. Әрбір тасы – ғажайып бір ертегі, Бірақ саған да ұғылмайтын секілді. Сол шеберің... барлық адам көрсін деп Құдіретін құпиямен бекітті? Жұмбақ болса – түгел жұмбақ болсын деп Өз атын да жұмбақ қылып кетіпті.
ДАЛА ДИДАРЫ
Қырларындай таспаның – қыры өткір қияқтың, ала бұлтты аспаның – айран шалап сияқты. Жалбыр-жалбыр қаңбағың – түрікменнің бөркіндей,– жата алмайды бұ жақта топырағың да желпінбей. Бидай ақтап жатқандай бұрқырайды құм үсті, сай қуалап ағады ұры-жолдар жымысқы. Құдығы да терең кіл – мағынасындай өлеңнің, көз жеткісіз айнала – көлбеп жатқан көлем бір. Құм-шағылдар үйілген алтын қырман секілді, Мұнша жылдар сүйіп жел – алқындырған секілді, бір басылып кеудесі, дем алғандай бір шығып, Шайырындай бураның боз жусанның бүршігі, Бүкірейген қу бұта – саусағындай кемпірдің, Қыр сауыры дөңгелеп – сұр құлынды келтірді, Жылт-жылт еткен ебелек – жылап аққан су сын-ды,– ...өз тіліңнен жоқ өзге басатұғын сусынды... О, дариға, осынау қарап тұрып далаға, тым құрыса, бір минут мұңаймасқа бола ма; сояулар тұр сап-сары – кәрі тістей ыздиып,
көбелектер жүр ұшып бал орнына тұз жиып. Тек қана анау төбеге көтеріліп, күш қылып, бір машина барады «жанын сүйреп», ышқынып, Қырларындай таспаның жол тіліңді – құйғыды, суырылды ақ шаңы – кометаның құйрығы. Бірте-бірте келеді таспа-жолдар көбейіп, бірте-бірте келеді көкжиек те кеңейіп...
1945 ЖЫЛ
Көкжиек кең. Көңіл жомарт – береке, Аспан асты – тұнық ауа, тұнық үн. Кемсең қағып киіп жатты кәрі әке Киімдерін қайтпай қалған ұлының. Түтін исі. Сұр шинель мен кирзі етік, Қайыс белбеу қалыңдығы – төрт елі, Кей көңілді қуанышпен тербетіп, Кей өзекті аяусыз-ақ өртеді. Ақ жаулық пен ақ самайлар өтті алдан От ішінен аман шыққан мақтадай. Барлық бала бес-алтыға кеп қалған, Олар-дағы қарттардай. Мықтап ұстар бір күдіктің ұшынан Одан кіші бала көрсе ел тегі. Екі-үш жасар бір сәбидің тұсынан Екі-үш кемпір бетін шымшып өтеді. Кемпірлерде шаруамыз не біздің,
Сол бір сәби байғұстарға биіксіп, Мүйізіне маубас қызыл өгіздің Тағып едік қып-қызыл бір қиық шыт... Жеңіс аты – қызыл жалау... нан деген Сәби ойы – айта алмайсыз бекер деп. Енді ойлаймыз: Жеңіс: тамшы қан менен Өз күшіңе мықтап сену екен деп.
ҚЫЗДАР…
Қыздар! Сіздер жайлы көп жазғам жоқ-ау, сірә мен – ерте үй болып қойыппын, Соның үшін кінәлі ем. Ыңғайсыз ғой қыздарға өлең арнап бүліну, Жар отырса жаныңда талдап өріп бұрымын. Мынау ағаң байғұстың қиын халін түсін, кел, бірақ әлі сендерге бұрып тұрам ішімнен. Қайран ғана жырымның жылытуға келсе ебі,
Құлап тұрып мақтар ем, мақтар едім мен сені; Қара шаш деп мақтар ем – Жарымда да бар ол шаш, Қара қас деп мақтар ем – өз жарым да қаламқас; Мүсінді деп мақтар ем – мүсінсіз де емес ол, аяғы да әдемі – сәл қисықтау демесең. Жоқ, жоқ, бітті… бүлдірдім, бүлдірді ғой сөз мені, аяқ емес, сөз қисық! Білмеймін мен өзгені. Жарым менің жақсы адам, Жақсы адам ол – шыным дәл, Жалт етіп бір қарайды-ау жанарымен ұғынған. Жар деген бір жақсы сөз, тіпті жақсы қыз деген, тәтті сөз ғой қыз деген – өзге бояу іздемен. Бояу деген сізде анау... сөмкеңізде жетерлік, бояу кейде қыз түгіл өлеңге де бекер жүк. Кейбіріңді мен сырттай көрем енді суреттеп, бұл – ғашықтық емес тек – ұғыныңдар құрмет деп.
Ал, оқи ғой, ойшылым. Міне, алғашқы жол дайын, Тек қана анау жеңгеңді... ренжітіп алмайын?!
ҮЙ ІШІ
Семьямыз бүгінгі, Әке болдық анық біз. Үбірлі де шүбірлі, Кәдімгідей халықпыз. Мұның өзі тым жайлы болмаса да, Күнұзын Қонцерт емес, тыңдаймыз балалардың шуылын. Бірі қағып кесені, бірі құлап... қолы әне. «Папа ұрыспайд» десе егер – Ұрыспауға болады. Қуыршағын әлдилеп бірі алданып қалды анда. Үйретеді сәбилер алдануға, алдауға. Кейде шаршап бітем мен... Жо, жоқ өлең қалады. Тамақ тасып дүкеннен, Жұбатамын баланы. Жаялыққа жүгіріп, ойыншықты көтеріп; Папиросты суырып, отырамын жөтеліп.
(ӘЗІЛ - ШЫН)
Махаббат деп атар едім мен нені? Тастамаса сезім байғұс кеудені: махаббат та қиял дер ем, алдымен сол қиялға шомып жатып қалғыр ем. Сұлулыққа ғашық болсаң сен егер, Рас, одан әйел заты сый алған, ақыл сұрап жылдам маған келе гөр бірақ олар сұлу емес қиялдан. Бірін жақсы – бірін жаман деп жүріп, қарағанын көрмей қалсаң телміріп, Ерке мінез, еділ-көңіл бір қыздың – қатемізді кешіреді кім біздің? Сары қызың, қара қызың – бәрібір, тек көңілі аппақ болсың жарығым. Ұнамаса құлағы не бұғағы, басқа бірін іздегің кеп тұрады? Ал, қанеки, ғашық болшы, көр де сен, бір бұжыр қыз табайын мен өлмесем,– жаны қандай! Міні болса дененің, нең кетеді, қиялыңмен өңдесең. Құлағымда сенің әлі тұр үнің: «Неткен ғажап балтырың мен бұрымың!» Шаш ағарар, көңіл қалар, нұр таяр, түбі оны да «байғұс-ай» деп жұрт аяр. Өшер бәрі бейне күлкі, жаңғырық; сен де өтерсің «ақ балтырды» ән қылып. Нағыз сұлу – қиялыңда болса егер, махаббат бар, және де ол – мәңгілік!
МАЙ ШАМ СЫН-ДЫ КЕЙДЕ АДАМ ӨМІРІ…
Май шам сын-ды кейде адам өмірі, адам да әлсіз жаралған ба әуелде? Қараңғыны аңсар кейде көңілі, өз жарығын бұлдау үшін әлемге. Май шам-дағы жанғасын өз отымен тағдыр отқа қыңыр қарар өшігіп. Кетер кейде сол май шамды, атымен, уақыттың желі соғып өшіріп. О дариға! Өшу деген – бір ұғым, өшпесең де тағылмайды аз айып. Әрбір май шам сөнген сайын, жарығым бара жатқан секілденер азайып...
АЛМА
...Жағып тұр бұталар қып-қызыл шырағын, Жымыңдап ағады бір ағын – Көрсем де көп қызыл алманы алмадым – шыдадым. Өзімді жеңдім мен – алмауға келгенде, Бірақ бұл жеңісім – баянды болмады. Қып-қызыл бір сәуле күн бата бергенде, Боп-бозғылт ернімде құтырып ойнады. Бір жанға болып па аз айып – Бұтақтан үзілді бір алма. Осындай сәттерде ғажайып, Бақыт боп сезілер кінәң да... Көңілім тек күн шыға айықты – Бір ана таяғын тасқа ұрды; Бір жігіт алмасыз қалыпты, Бір қыздың көзінде жас тұрды..
ЭПИГРАММА
«А, дүние» деп бастап еді өлеңді, сонау кезгі ұлыларға ұсап қап. Бар әлемді құшпақ еді, ол енді қалды мынау бос ауаны құшақтап. Салқын тартып сала берді сөзі де, көп ұстаздың тасасында бұқпақтай, «а, дүниені» қаратып ап өзіне Отыр білем айтатұғын түк таппай.
ТОҒАЙ АРАСЫНДАҒЫ ЖОЛДА
Ат – шабан, аяғы оның ептеп басқан Көзіңді, көңіліңді шектеп тастар. Қызыл гүл қалтырайды, дәл жаныңда жатады шімірікпей көк бет-тастар. Кетеді жас бұтадан ыршып кептер; Итініп шабан атпен бір шық деп пе ең –
ну ағаш жібермейді желді де алдан, шығады самайыңнан бүршіктеп тер. Тізеңді көмсе кейде жасыл шалғын, пысқырып бөрте дөнен басын шалды. Сығалап қарт қайыңның қолтығынан қояды жалт-жұлт қарап ашушаң күн. Жолдың бар қиындығын үмітке артып, емес қой ойлану да жігітке артық. Шапақтап екі жақтан ерке-бұта қалады қалпағыңды іліп-тартып. Алады аш маса мен ара беттен, ізіңді шөп бүркейді жаңағы өткен. Тым сирек тиед жерге ат тұяғы, бейне бір жалқау шапқан қара кетпен. Ақ жіп-жол – барар жері қиыр шеттей, жіп қайтсін ұзындықтың күйін шертпей. Сол жіптің ең ұшында бір жолаушы секілді титтей қара түйіншектей....
ТУҒАН АСПАН. ҚЫЗЫЛ ШАПАҚ – КЕШКІ БҰЛТ…
Туған аспан. Қызыл шапақ – кешкі бұлт Қызыл тудың қанатындай десті жұрт. Жалт етсе егер найзағайдың қанжары – Қан майданның үні тұрар естіліп. Жылт еткен от, жылу тартқан әр жанар Ол күнгідей жасауға енді арланар. Бір көлеңке көлбеп түссе кешкі отқа, Өткен күндер қиялыңда жанданар. Тып-тымық боп жатыр сұлап жол әне, Әлде қайда ол шақырғандай болады. Батқан күннен қалған шапақ күп-күрең Сол күндерді есіне әкеп салады. Батыс жақта қызыл бояу, қызыл нұр Кешкі ауаның мұхитында жүзіп жүр. Туған жерді ымырт болып сүзіп жүр Сол күн жәйлі қайғылы жыр, қызық жыр… Көкжиекті орман мүлгіп отырды. Гүр етті бұлт– Жалғыз тамшы секірді. Сол майдынның оғына ұшқан бір батыр Бүгін ғана құлап түскен секілді. Желге мініп таратады ел әнін, Көңілдерге күркіреп кеп толады үн. Кешкі бұлттың көрген сайын салынын – Ерлік отын жаққандаймын тағы бір, Тағы бір ту көтергендей боламын…
ТУҒАН ЖЕРДІҢ АУАСЫНДАЙ ЖҰПАРЫН…
Туған жердің ауасындай жұпарын, Құнығып кеп, суырып кеп жұтамын. Саусақтары – қызыл гүлдің сабағы,– байқап ұста үгітіліп қалады! Жанары оның – шілдедегі түн асыл, жасырады бақыты мен кінәсін. Сол бір жанар жасын төксе егіліп көздің өзі кететіндей төгіліп. Үні– әндей, әні бірақ – ынжық ән, керуендей әрең-әрең жылжыған. Аяқ басса билегендей болады, бірақ оның биін көргем жоқ әлі. Отырғаны, не тұрғаны сезілмей, қарайды ол бәріне де төзімдей! Кеудесі тоқ – талапсыздың көңіліндей, шашы қара – қасіреттің өзіндей...
ТУҒАН ЖЕРДІҢ ОЙПАҢЫ НЕ, ӨРІ НЕ…
Туған жердің ойпаңы не, өрі не, Қос қарашық қараған соң құмартып. Жалған айтып күлдіргеннен гөрі де, Шынымды айтып жылатқаным – мың артық. Жез жалтылдап еліктейді алтынға, Саф алтынның салмағы бар дегенге. Мынау жүрек ұрынса сол салқынға, Жез секілді жеңілдейді денең де. Саф алтынға еліктемек жоқ ойым, Қолда барды жез болып-ақ төгейін. Солқ еткізіп соғар күшің болмаса Кімге керек сұңқылдаған көмейің? Кімге керек ауырлығы алтынның, Білмесең сен қандай қолмен өлшеуін. Кімге керек аспандағы алтын күн Жарығы мен жылуы жоқ болса оның!
ТҮН ЖЫРЫ
Бұталардың арасында қап-қалың Ұйыған түн жатты іркілдеп, бөкпе боп, Бір абайсыз ашпақ еді қақпаны – Күдірейіп түрегелді көк төбет, Содан кейін... тістеп көріп шынжырын Өз-өзінен өзі айналды тіміскіп. Қара судай тұнық екен түн бүгін, Бірақ суда қайдан болсын тыныштық – Толқиды түн... үнсіз тілмен түнгі ызғар Сора-сора бозартуға аз қап тұр. Сабырлы аспан сәл қозғалса, жұлдыздар Тамып кете жаздап тұр...
ТӨБЕ КЕРЕК – ШЫҒУ ҮШІН ТАУДЫ АСЫП…
Төбе керек – шығу үшін тауды асып, көне керек – жығу үшін дауласып. Жол да керек – жүру үшін адаспай, молдық керек – алу үшін таласпай. Дана керек – өкіндіріп өлуге, бала керек – қарттығыңды көруге. Ерлік керек – жауың үшін емес ол, бірлік керек – ауыл үшін емес ол. Қол да керек алу үшін емес ол, аяқ керек – із қалмасын демесең. Қасиетіңді танымаса жар да елеп, қасіретіңді көтеретін нар керек. Мықтылық та керек екен шын осы – тым құрыса, мықтымын деп жүресің. Осалдық та керек, бізге бір керім мықтылықты күндеу үшін жердегі. «Құдай» керек– сиынбауға сайтанға! (құдай жоқ қой, жай, әншейін айтам да) Бәрінен де жүрек керек... Көп керек, аз ғұмырға кету үшін де өкпелеп.
ШАХТАДА
- * Қара аспанды көтеріп тұр бағана, біздің осы лавада. Көлбеп түскен көлеңкесі тіреудің терең қазған орға ұқсайды алдыңда – түсіп кетер секілдісің– аттасаң, ал мұнда крепильщик жата қалып іргеге Жатыр сол бір қара аспанды шегелеп – О, керемет! Жүзі де оның қап-қара, қос қара аспан жеп барады бір-бірін! Аспанымен лаваның мөл-мөлт етіп ақ тамшылар ағады, ақ тамшылар жетеді. Сол жігіттің күйе басқан жүзінен
ақ тамшылар біртін-біртін үзілген Метеордай ізін тастап кетеді...
- * Қайла... Күрек... Көмір қара, көз қара, мөлтілдер тек аппақ тамшы сүт-шамдар. Алақанын алдырыпты бозбала, алқынды шал... ащы ауаны жұтпаңдар! Аппақ жарық ақтарылды аңқа сып, Қоп-қою шаң тұнып жатса тымырсық. Өз шыдамын жеді әрбір жан таусып, Сым бойында жасыл ұшқын жүр ыршып. Қос рельс – мандолиннің қос шегі, қара вагон күмбірлетті – жүгір, шық. Мұндағы күй – күш тілейді, өстеді – Бұлшық еттер бейне темір шығыршық...
- * Қара бұйра сел алса, Қара вагон толып шығар біртіндеп. Қара толқын аяқтарға оралса, Мотор-жүрек соғып кетті зіркілдеп. Қараңғыны шаммен іреп жүр кеме, бақытты еді шам қандай! Екі-үш адам сәл жантайса іргеге, екі-үш үйдің оты сөніп қалғандай. Екі-үш бұлшық тулап кетсе толқын боп, мың-сан көңіл рақатқа батады. Екі-үш тамшы тер төгілсе мөлтілдеп,– жылынар деп бүкіл байтақ Отаным.
- Тозбаса егер тізелер мен табандар, Заулайды Жер. Шұбартады дала бұл, Түк аңдамай қарайды тек аңқау күн, Заулайды Жер, Жанарында дананың, Жамбасында жалқаудың. Қиялшылдар қаламының астында Ұқсайды жер ала-бурыл тасқынға. Заулайды Жер. Өзін-өзі қиған күн, Неғылады шапағатын «иманның!» Заулайды Жер, табанында тағының, Тізесінде тиранның, Көрген кезде диқаншының күрегін, Екі ой түсер: бірі – топырақ, бірі – өмір. Осы екі ойға бір кеудеңнен пана бер, Қайда барсаң қос көлеңке қараңдар... Әлдеқашан тозар еді қара Жер. Іші қуыс, сырты бар.
Ұйысқан шаң – түнгі ойлардай қалың-ды. Қара жалын секілденіп бұрқырар қара көмір кәдімгі. Әр білекті жүз қан-тамыр шертеді, жем шоқыған құс тұмсығы – көп қайла. Қағып жатқан секілді ме кеудені тиген балға тақтайға? Жеңілме, дос, жеңілме – қайратыңды құмарлыққа қосақта!.. Кен – әуелі жанады да көңілде, сөнеді ғой ошақта.
- * Электрдің станциясы мен де бір, ток өткізгіш секілденді әр тамыр. Тас қараңғы түкпіріне кеуденің өт-өзенін жіберемін, тартамын Жүрек бейне вольтметр іспетті, Метр, метр – метрлерге тірелген. Енді менен күш кетті – электрдің қуатымен жүрем мен. Мүмкін, мүмкін айналармын күлге де, миым менің – оқ-дәрідей үрейлі. Тиіп кетсең өртенердей бұл денем, не өртейтін секілдімін біреуді. Жүрер менің электрлі әмірім электрлі заманда Менің осы көкшіл тартқан тамырым ток өткізгіш бола алса, ол – жаман ба?
- * Жарық! Көрем сені жанарынан тамшының, шешендердің таңдайынан көрем мен; Көрем сені көмейінен әншінің, ал, кейде бір... туып кеткен өлеңнен. Көрем сені күлкісінен сәбидің, соған деген мейірінен ананың. Тұтанған от ошағында әр үйдің, саған, саған келе берер қарағым. Көрем, көрем! Көру-дағы өзгерер, Жарық, жарық, көрем сені құнығып.. Көрінбейтін жарық болса көзге егер, Оның да аты – жылылық!
ШЕГІНІС
Солай, достым, кәріміз ғой қашаннан – Он бес жаста Кошевойдың шашы ағарған деседі. Төрт жаста біз жетім болдық аяулы,
Сегіз жаста колхозшы боп Күннен бұрын ояндық; Он сегізде әке болдық қой бағар, Жиырма бесте он жылдықты бітірдік, Институтқа енді түсу – ойда бар. Біз осындай адамдармыз, ағайын, Отыздамыз дәл бүгін. Бірге ауырды жанымыз – Доктор қазып шығарса Денелерден бомбалардың қалдығын. Сонда сынған қабырғамыз біздің де – Сырқырайды әлі күн. Сонда өртенген ормандар Әлі бізден жасырады жалынын. Көрген жоқпыз бас қамдап, Оқ жоғалса – жүректерден шығады. Сонда оқ тиген жас солдат Құлай алмай тұр әлі. Сонда атылған жалғыз оқ Келе жатыр әлі ұшып Уақытпен алысып Уақытпен жарысып – Сонау баста осы оқпен Ойнап атқан адамды іздеп келеді ол, Іздейді ол космостан, төсектен, Әрбір жапа шеккеп кекті денеден. Сол оқты атқан адамның Табылары маған хақ. Оқ – әлемдік құныкерді тауып ап Маңдайына мықтап тұрып қадалмақ... Жасалмасын қиянат, Отыз жаста қартаймасын деп адам, Денелерге осколка емес, Жылы шуақ ұялап, Қайғы атаулы жоғалсын деп санадан, Мылтығымызды оқтап қойып жауға атар, Көгершінді асыраймыз мәпелеп – Мұның бәрін ойлаймыз біз – қайда апар, Отыз жаста бір яслиге әке боп.
ШЕКАРАДА
Казарма. Түн. Тұнды Жер. Ол осында – түн ұйқысын бөлсе кім. Түйреп тұрды үш қырлы көк сүңгілер Аспанның бір алақандай бөлшегін. Жылы түнмен келер еді жұғысқың – Қарулар тұр қырауланып, түксиіп. Миығында қайсар кәрі қылыштың Жасыл сәуле жүгіреді сұп-суық. Жапырақтар тітіркенді бір түрлі, Шөпті тінтіп іздеп жатыр жел нені? Мылтық керек бұзу үшін ұйқыны, Тыныштықты қорғау үшін Жердегі! Қандай жақсы ақ қылыштың бір кәрі Өз қолыңда тұрғаны! Ескіре ме? Ескірмейді қырдағы Махамбеттің қылыш жайлы жырлары.
ШЫҚТЫМ, ШЫҚТЫМ ӨЗ СӨЗІМНЕН – ШЕҢБЕРДЕН…
Шықтым, шықтым өз сөзімнен – шеңберден, Қайла, күрек, қайдасыңдар – кел бермен! Қағаз, қалам, сия сауыт – кет аулақ, Шабыт тауып жарымадым сендерден. Енді алдымда: қызыл ұшқын тұр борап, Қара тасқа қадалады сұр болат. Менің орным – жалын атқан лава іші, Менің сөзім – темір шеге бір қорап. Қағылады ол таба алса егер өз орнын, Таба алмаса?– Қобдишада жатады. Басып озса – қалай ғана төзермін, Ақын даңқын бұрғышының атағы! Жо, жоқ, достым, атақ емес мұрадым, Жақындаған сайын оған бір адым, адал аққан әр тамшы тер алдында бөркімді алып тұрамын!..
ЖЕРГЕ ЕЛІКТЕП ӘЖІМ ТҮСТІ БЕТКЕ ДЕ…
Жерге еліктеп әжім түсті бетке де, Бұлтқа еліктеп ұйысады жабағы. Ошақтағы от күнге еліктеп көктегі, Ол да өзінше қып-қызыл боп жанады. Кейбір жігіт шабытына құрайлап, Бәріне де бар шығар деп бір өлім. Сахнада өліп өшіп жүр ойнап, Ақындардың ролін.
ҚЫРАН ҚОНҒАН
Қар да жұқпас .. түк жұқпас, Дала – әппақ, ол – қара. Қайсар шоқы, ынжық тас, Қайғырмайды сонда да. «Қыран қонған» деседі, Қыран – тегін қонбайды. Қыран қонған жерлерді Сыйламаса болмайды Қыран қонса – несі мін, Ұшты ғой ол қайтадан. Сонда шоқыны осы бір Секілді ме шайқаған? Қайсар қара тұр тұнып; Қомданады ұшардай. Әлде ұшам деп ұмтылып Қалғандайын ұша алмай. Ұмтылады ол алға – «Қыран қонған» атануы содан ба? Әлде қыран қонғанында ақырғы Дәмелентіп кетті ме екен «пақырды»?..
БЕТПАҚ ДАЛАДАҒЫ ШОҚ ГҮЛ
Бетпақ дала... Жалғыз шоқ гүл тұр дөңде, Неткен ерлік жалғыз гүлдің өмірі! Әлде тағдыр оны әдейі берген бе Қарт даланың қалмасын деп көңілі. Құм, құм бәрі; сезімің – құм, жігер – құм, Тек жалғыз гүл. Аңызақ жел бетке ұрды. Сол бір гүлді аяп... жылап жібердім Көз жасты да күн ыстығы кептірді. Құм ағысын қақ айырып екіге Қызыл шоқ гүл тағдырымен тұр ойнап, Бетпақ дала бедірейген бетіне Ойнап шыққан қызыл қандай бір оймақ...
БІЗ ДЕ БІРАЗ КҮН ӨТКІЗДІК, КӨКТЕДІК…
Біз де біраз күн өткіздік, көктедік, Шахта, вокзал, театрда, түрмеде. Соның бәрін жалғыз жүрек өткеріп, Соның бәрін көтеріпті бір дене! Бар қайғыны жуып кетті бір бақыт, Бар шаттықты жуа ала ма бір қайғы? Сол бір күндер алсам нені ұрлатып, Бұл күн соған іздеу салмай тұрмайды. Мен – іздеймін сол күндердің төзімін, Бейнеті мен қасіретін емес тек. Кім қуанса, соның үні – өз үнім, Кім қайғырса – соғыс кетер елестеп…
БОЯУЛАР ТУРАЛЫ
Бояуы бір ақша бұлт пен ақ қардың, Көк аспан мен шалқар көлдің түсі бір. Сен де өзіңше талай ойды ақтардың – Мықты болсаң дәл осыны түсіндір. Ақ көбелек айналады ақ гүлден, Көк көбелек қызыл гүлге қонар ма. Гүл шырынын «татырмайды жат тілге»– Өзге түстен сақтанады олар да. Туыстық бар көлеңке мен қойнауда, Асқақ шың мен алтын шапақ сықылды. Қоңыр бояу – жаралғандай ойлауға, күннің күлуге жаралғаны сықылды. Ақ, қара, көк, қызыл, қоңыр – әр алуан, Әр қайсысы өз мінезін баяндар. Осыншама көп бояуды көре алған Екі көзде бәрінен көп бояу бар.
БІР МЕЙІРІМ ТӨГІП ТҰРДЫ КҮН-ДАҒЫ…
Бір мейірім төгіп тұрды күн-дағы, Бүкіл дүние шуақ әнін тыңдады – Бір тал қу шөп басын жерден көтерді, Бір түйір дән аунап түсті құмдағы. Алатаудың бұлт-шарқатын жел түрді, Ол – көңілді бір үмітпен толтырды. Күн мейірлі, мейірленді жер-әже, Қос мейірім арасында мен тұрдым...
БҮКІЛ ӘЛЕМ МАХАББАТТАН ТҰРАДЫ…
Бүкіл әлем махаббаттан тұрады – Таңғы шапақ – от боп жанған еріндер. Бүкіл әлем мейірімнен тұрады – Әжелердің әжім жүзін көріңдер. Жаса десе дүниенің картасын Көл орнына көз салар ем тұп-тұнық. Алатау мен Балқан таудың ортасын Бір тал шашпен жалғар едім мықты ғып. Білеу-білеу қырларының орнына Білегімнің сүгіретін салар ем. Өрбіп жатқан өзендердің орнына Қан-тамырдың сүгіретін салар ем. Бүкіл әлем – мейірімнен тұрады, Бүкіл дүние – махаббаттан тұрады! Жуады ғой қатып қалған қайғыны Жаңа туған бала күннің шуағы. Көрсет десе ғұмырыңның бар сырын Күн көзіне тосар едім күректі. Жаса десе, жаса десе жер шарын Сүгіретін салар едім жүректің!
БҰЛ ДҮНИЕДЕ БАР ЕКЕНІМДІ ӨЗІМНІҢ…
Бұл дүниеде бар екенімді өзімнің сені көріп, саған қарап түсінем – Мен айтпаймын өзге жанға сөзді бұл, сен тыңдама менен өзге кісіден. Әлемдегі жарық құнын, от құнын уғу үшін тоңып қанша керегі! Онсыз-дағы жанған оттың көптігін сөнген күлдер соқыр боп-ақ көреді. Семсер ұстап көрген емен бас кесіп, бас қадірін білмегеннен емес ол, Мен де қалам кейде жұртпен бәстесіп, сол бәсіңді ала алмадың демесең. Тұрар едім жауым бар деп аттан сап, достарым мен ұятымнан именем. Жауды керіп өз күшіме мақтансам, досты көріп сол күшімнен жиренем...
ДАЛА ТӨСІН ЕСКЕ АЛУ ДА – СҮЙЕНІШ ҚОЙ, МЕДЕТ ҚОЙ...
Дала төсін еске алу да – сүйеніш қой, медет қой, Ана төсін аңсау үшін – құмды еске алу керек қой. Достарыңа өкпелесең жоқ деме сен жебеушім – топырағың туралы ойлап, өзіңді-өзің демеп қой. Саф-құмардың сұлулығын көрмеген көз – саңлау ғой, ақ шыңдарды көргені оның көрген емес– алдау ғой. Жұпар иісін жаның емес – денең сезу керек қой, Сезбесе оны терің сенің – тері емес, жай кенеп қой. Туған жердің топырағын сезе алмаса табаның саған біткен аяқ емес – ат қазық қой, терек қой. «Өз жерімді сүйем» деген бос сөз болып шығады, Жатпаса оның өн бойыңда қасіреті мен шуағы...
ДАНЫШПАНДАР СӨЙЛЕЙДІ...
Данышпандар сөйлейді: «Бүкіл әлем – тозаңдардан тұрады». Сонда осы адамдар да тозаң ба? Көне алмаспыз о заңға! Тозаң, тозаң... тірілерден шығады, Ал, өлінің кетеді өзі тозаң боп. Кім ойлаған: тұрғанда күн шуағы тозаңдарды жазам деп. Тозаңдар да үйір екен шуаққа, шуақ әні – өз әнім. Қағып-сілкіп жанымды ұшырамын тозаңын. Аяғыңа қуып жүріп жұғады, Тозаңның да болады екен өз әлі...
ДАРИҒА...
Дариға! Басқан сайын әр адым бір нүктеге жақындап-ақ барамын, Жеткенім жоқ бірақ әлі, ол – алыс Кетті тағы... қайдан болсын демалыс! Сәл кідірсем... кідіре алам мен қайтып – алардаймын сол нүктені жоғалтып. Тағы аттаймын, аттадым ба мен осы? Не күтіп тұр қырқалардан келесі? Әр жанарда қараңдайды бір нүкте, дәл осынау алқынысқан тірлікте. Өмір – кітап сөзден шебер қалаған, оқып бітуге асығады әр адам... Кейбір жанның жолы тіпті қойды өнбей, Көке-мылжың құрып қойған сөйлемдей, өз нүктемді мен де қуам, қуам мен бойымдағы бар желікпен, шыдаммен – Жетер ме екем? Жетпеспін-ау, әй тегі! Ал, кенеттен...жетіп қалсам қайтемін?
ДАҢҚ...
Даңқ!– Мынау тас бетінде жүр жүзіп, бәз біреудің жанын тірі тас қылып; бәз біреуді демеп тасқа мінгізіп, бәз біреуді кетті таспен бастырып. Жалақтап кеп жанады от, Қызыл ұшқын ұшады кеп шырқырап. Көріне ме көз байғұсқа жаңа боп ескі ошақтан шыққан әрбір жылтырақ? Есер көңіл еспе сөзге жүзіп тұр, Мендегі ұшқын бір жылт етіп көз жұмды. ...Тұтандырар түк таппаса қызыл тіл айналып кеп өртейді екен өзіңді...
БАСҚАН ІЗ БЕН ЖАНАРДАН ЖАРЫҚ СӘУЛЕ БАСТАЛАР…
Басқан із бен жанардан жарық сәуле басталар, Кейде көзге, кейде ізге бітеді екен от деген – Көздің оты сөнеді, жұмылса егер қос жанар, Ізге біткен от бейне дән секілді көктеген. Жеңіл әйел көзіне біткен ұшқын – көп күлген, Тұтанар тек еркекті кезіктірген сәттерде. Бейне қағаз шоғындай жылыта алмас ешкімді ол, Өлі түскен сөздердей немесе осы дәптерге. Мынау дүние аз тыңдап, қанбапты ғой сырға әлі, Бір мұхитта жүзіп ем – жұлдыз алдым, сүзіп ем. Жұлдыз теред тіршілік, жұлдыз теріп жүр бәрі Жалғыз ғана Маркстің жүріп өткен ізінен.
АҚ НӘРСЕНІ БІЛЕЙІКШІ ҚАСТЕРЛЕЙ …
Ақ нәрсені білейікші қастерлей – Сенем аққа, қалай сенсе арға адам; Әйел жаны жазылмаған дәптердей. Жазу үшін дайын тұрар әр қалам. Абайла, тіл, алма сөзді бүлдіріп, Ақ нәрселер тез кірлесе – несі айып? Біз әйелді білмесек те күлдіріп, ептеп-ептеп ұнайтын жыр жасайық. Мықты болсаң ақ нәрсені қорғап көр! Оған үйір кір мен бояу не түрлі. Біреу үшін – шимайланған сол дәптер, Біреу үшін – басталмаған секілді. Ақ параққа талай сөздер жазылар – «Махаббат» деп, «қасірет» деп, «күлкі» деп. Ал кейде бір жазылатын шағы бар: «Бәрінің де көшіп кеткен жұрты» деп.
АҒА ЖЫРЫ
Қартаяр ем мен осы, ойланбаған аз айым. Кітабымды келесі Қарттық жәйлі жазайын. Кәрілік бар, ызғар бар, Жоқ уақыт «алжуға». Бір қарасақ қыздарға Жасарамыз он жылға. Жасырғанмен құлаққа Шашқа қырау қонады. Аяғымыз бірақ та Үшеу болған жоқ әлі. Қайда қарттық! Өзі біз Жаспыз десек болады. Біздің екі көзіміз Төртеу болған жоқ әлі. Қарындастар кемеңгер, Өздеріңсің өрен жыр. Бізді кәрі демеңдер – Жеңгелерің ренжір. Біздің әр із – есепте,– Тұлпар ма бұл, есек пе? Қартаяйық десек те Құтылмадық өсектен... Қарындас-ай, қыздар-ай, Көңілімізді бұзған-ай, Сізден көңіл мұздамай Қартаярмыз біз қалай!
"ҚҰДАЙ" ОНЫ АДАМ ЕТІП ЖАРАТТЫ…
«Құдай» оны адам етіп жаратты, Адам болып жүруді ол да жөн көрді. Ауыз берді сімірсін деп арақты, Рюмкасын ұстасын деп қол берді. Ішіп алып әлдекімге тістенсе, Тіс те берді керек болады ғой деп. Бас та берді – ауырсын деп ішкен соң, Аяқ берді – анда-мұнда жүрер деп. Бірақ «құдай» білмепті ғой, ақымақ, Бұл «пәндесі» ішетінін жатып-ап.
АЙ ҚАРАЙДЫ СЫҒАЛАП АЛА БҰЛТТАН…
Ай қарайды сығалап ала бұлттан, қос қарайған келеді иықтасып. Қызған ерін қыз демін алады ұрттап, ай қарайды сығалап ала бұлттан. Бала бұлақ мәз болып күліп жатыр,– қос қарайған кетеді біреу болып. Тиіп кетсе қапыда жұмыр балтыр. шөп бастары тұрады үрейленіп. Ай қарайды сығалап – амалы не. Ауыл жым-жырт, тек қана екі шетте екі-ақ үйдің сөнбепті шамы әлі де...
АЙҚАЙ САЛДЫМ. ШЫҢНЫҢ ШҰБАР ТАСТАРЫ …
Айқай салдым. Шыңның шұбар тастары дүркіреп кеп түсіп жатты табанға. Жиырма жылдық желікті оймен бастағы айналаны бір сілкінтсең – жаман ба! Жо, жоқ, баурым, қызғын тілдің сөзі бұл, Мен – шың үшін үн қатамын шалғайдан. Жаңғырықсыз ұлылығын өзінің білер еді шың қайдан?!
АЛА БҰЛТ
Мына алапты сең тоғытып бара ма, Теңбіл, теңбіл, қара теңбіл, ақ теңбіл – Көлеңкелер келед жөңкіп, қара ала алашасы секілденіп әпкемнің. Будақ-будақ қара шуда-көлеңке Тамағыңды қытықтайды – сілкін қыр; Бірі мынау дөң үстінен жөнелсе, Бірі сонау сай табанын сүртіп жүр. Бұлттар бірақ сонау биік тұр көкте, Көлеңкесі жерді кезед дірдектеп. Қаптайды кеп көлеңкелер топаны,– Қырлар жатты қара маңдай, ақ маңдай. Қара ала шыт келеді ағып, о тәңрі, Бұталарға мизамдардан жіп керіп, Бір станок мата тоқып жатқандай. Ей, достарым, сезіне бер, сезіне, Ештеңені бере алмаймын түйіп мен. Сұрапыл ғой көлеңкенің өзі де Түссе егер биіктен...
АЛАТАУДЫҢ ШАРҚАТЫНАН…
Алатаудың шарқатынан тарқатылған ақ бұлақ ат сүйреткен кендір арқан боп ағып, Шаңытады әр бұтаға қақтығып, Әр бұтаның аяғына оралып. Ақ қайыңдар дір-дір қағып, дір қағып, Жіліншігін тұсау қаққан асаудай, Өзі-өзінен ауырсынып тұрғаны, Жалғыз аттап баса алмай. Тастар жатыр шекелері жылтырап,– жүргендеймін тайғанақтап, тайып мен. Дөң үстінде бұрғы-құйын бұрқырап. Жатыр сұлап көкшіл, жалпақ қайыс-бел... Арқан-бұлақ жер өңдесе екен деп, бұрғы-құйын тереңдесе екен деп; тас пен жылу жақындаса екен деп, Мен отырмын осы жерді мекендеп.
АЛЫСТАҒЫ АУЫЛДА
Жұлқынып шығып мұржадан барады маңып, паң қарап Жап-жасыл түтін; Қонды ол табанын сайдың таңдап ап. Бүгін бір қонақ келер деп қабаққа анау ең биік Ұмтылып шығып бір жаман атымен тұр ғой шал қарап. Қажыдың, достым, білемін сенің атың сүріншек, Табармыз тағы бір емін, сіріңке міне – шылым шек. Құрт жайған сөре бұж-бұж боп, қоңырайып кепкен ет мынау – Уһ, дариға, күн барда бір қараға жеттік-ау! Сарыжағал серке мүйізін сұрақ белгідей тұрды иіп, Қос тентек лақ бір-бірін ала алмай жатыр тырбиып. Қарала бұзау бас жібін шұбата қашып айнала, Қарала бұқа шыңғыртып қара күшікті жүр қуып. Мейлің ұял досыңнан, мейлің күйіп-піс мейлі – Көк-шулан төбет ырсаңдап ат құйрығын тістейді. Көрпесін қағып шешелер, Әкетіп барад үйге қыз, Күшіңіз болса «тағдыр-ау», бізді де солай сүйреңіз. Келдік қой, достым, ауылға, Атыңның басын ірке бер; Анекдот түгел таусылды, Тек шылым қалды бір шегер.
Көк түтін көлбеп барады жұлқынып шығып мұржадан, Көреді күнін төрге тек ұмтылып шығып мұнда адам – Қысылма, достым, бұра бер, қай үйге түсе қалсаң да Атыңды сенің байлайтын бар шығар інің бір жаман?!
АППАҚ ШУАҚ АРАЛАСЫП КҮЛКІМЕН …
Аппақ шуақ араласып күлкімен Сәскедегі көл бетіндей кілкіген; Көңілдердің күдігі мен күмәні Мұнар болып көкжиекке тұнады. Кілкиді кеп ақ айдын, Сіміреді ол сұлулығын маңайдың. Көк аспанды жамылып ап төсіне алданады ол,– паңданады несіне?!.. Шуақ, шуақ! Жалғыз талмап жұт мені,– Ақ қағазға түскен қара нүктені. Көлеңкесіз болса егер бір дене, Ол дененің – жатқан жанға біткені! Шуақ жатыр жарқырап, Қарайды кеп жез кірпігін күн тіге. Шай бетінде шама құсап қалқимын Шуақ пенен күлкіге!
АРЫЗҚОЙҒА БӘРІ БІР…
Арызқойға бәрі бір – Кімге болсын арыз айтса – жетеді. Кейде ол да қалад дейді тарығып Таусылып бар мекеме. Сыбырла оның құлағына күп-күрең: «Құдай» – екеу болыпты де. Аман бол, жазбаса арыз біреуінің үстінен Маған кел!
АСЫҚПАЙМЫН ЖЕҢІСІМДІ ТОЙЛАУҒА…
Асықпаймын жеңісімді тойлауға, Қартаюға асықпа да жап-жас жан. Дүниеде ақыл барда, ой барда Үлес алып қалсам деп ем ақ шаштан. Қайран! Талай ақ шаштылар қалды өліп, Өз кеудемді өртер ме екен өз демім. Алсам деп ем мен де сондай шал болып, Шалдары бар кезде бұл… Алыстатып барады өмір мақсатты, Мен кейін қап барам ба әлде күнбе-күн? Достарыма тілеймін де ақ шашты, Қиындатам жауларымның міндетін. Ақ шаш сыйын аямаймын ешкімнен, Ақ шаш – менің ізгі ағам. Қиям оны мақтаншақ пен кещеге, Тек... жендеттен қызғанам.
АШЫЛА ТҮС – ГҮЛІҢ БОЛСА ЖАНЫҢДА…
Ашыла түс – гүлің болса жаныңда Тікен болса – гүлдеме. Тыңдар құлақ болмаса, Байланбайды тіл неге! Бір басыңда арпалысты жүз ұғым, өлер болсаң, ауруыңа Төзбедің не, төздің не... Ей, дүние, жоқ болса егер қызығың, Керек бопты көз кімге!
ДОС ЖЫЛАСА – МЕН ҚАЛАЙША КҮЛЕ АЛАМ...
Дос жыласа – мен қалайша күле алам, жылар едім – жылата ма Дос мені, Жуа алмасам Дос жанын мұң-кінәдан бұл тілімді жауым неге кеспеді! Дос қолтығын сүйемесе, қол мына Неге керек – Күншуақпен қосыла, сол баяғы қызыл тіл мен домбыра бір ләззат бере алмаса досыма?! Адалдықпен өлшенсе егер ар құны, Мен – үйренгем бәрін... бәрін зор тұтып. Жақсы досқа жанды қию арқылы өмір сүрем жаман жауды қорқытып!
ДҮНИЕ – МЕНІҢ ТҰРАҒЫМ...
Дүние – менің тұрағым. Дүниеде жалқы ұғымға орын жоқ: Күн тұрса егер – көлеңке де тұрады. Жақсы рольді жаман бұрсаң – сынады. Жаман кезден жақсы досың шығады.
Жамандыққа үлгергенше қайғырып, Жақсылығы жадыратты кеудені... Жатқан кілең егіз ұғым, егіз ой, Әрі-сәрі ғып бітірді ғой пендені. Көлеңкеде қалса егер бір бетің, Шуақ жақта – бір бетің. Найза салсаң біреуге, Біреулерге жасаған ол құрметің. Қабат көрем жексұрын мен сұлуды – Көңілім бейне – айна болып барады. Біреулерге сыйға тартқан семсерім, Біреулерді қан жоса ғып салады... Жақсылыққа жұмсамақ ем бар күшті! Алғыс етіп жібермек ем қарғысты! Амал қанша, ұясынан кей қаздың Жаман шірік сауысқан мен қарға ұшты. Көңілім бар ақша бұлтқа ораған. Қарамасаң қоңырқайлау өңіме, Тағы біраз уақыт бер, о, маған! Жамандығын көріп безген жеріме, Жақсылығын көріп қайта оралам – ...Дүние – менің тұрағым.
ЕКІ АЙНА ТҰР: БІРІ ҚОҢЫР, БІРІ АППАҚ...
Екі айна тұр: бірі қоңыр, бірі аппақ, Бір тар жолмен келемін мен өткелі. Екеуі де бір нүктеге тұрақтап, Екеуі де көретіндей тек мені – Бірі менің жеңісімді көреді, Сондықтан да ылғи күліп тұрады ол. Бірі менің кемісімді көреді, Сондықтан да қоңырайып тұрады ол. Ал, мен келем екі айнаға жалтаң боп, Бейне екі қыз бірдей сүйген жас жігіт: Бірі қирап қалатындай талқан боп, Біреуіне қарамасам қас қылып.
КЕЗІМ ЕДІ КӨЗДЕН ТАМШЫ ЖАС ШЫҚҚАН…
Кезім еді көзден тамшы жас шыққан, екі бетті теуіп еді шапшып қан; Сонда менің көңіліме аптыққан көрінген ол көйлек киіп ақ бұлттан. Сол ақ бұлтқа талмай қарап келем мен, Безгем және бұлттан өзге теңеуден. Бір ақ бұлттан отыр едім өңгеріп, Бір ақ бұлтты көрдім тағы төбемнен – Сол қос бұлттан бір найзағай ырғып кеп, Салды мені қабырғамнан бір бүктеп. Қос ақ бұлттың іле алмаған біреуін Кәрі шыңдай теңселеді жүрегім...
КІММІН ОСЫ...
Кіммін осы? Не бердім мен? Не берем? – Алушы еді пенде не. Лақылдатып жалынды жыр төгер ем – Тарлау екен кеуде де. Қырсыз ойдан күйініш пен ыза алдым, Жан екенмін тас маңдай... Ақырында өз-өзімнен қызардым, Таң алдындағы аспандай.
КІТАП СЫН-ДЫ, ҚАЛЫҢ-ҚАЛЫҢ ТҮБІМЕН…
Кітап сын-ды, қалың-қалың түбімен төңкеріліп, күндер жатыр алда көп: екі көзді жағып алып үңілем оқитыны бар ма деп. Ашып қалып абайсызда, кей бірін жапқанымша асығамын тағы да. Жақсы кітап – көктем болып, мейрімін төгер менің енді көктер бағыма. Көп кітапты оқығаным жоқ әлі, көп күндерді көре алмаспын деп кестім. Жаман кітапты – оқымауға болады, жаман күнді қалай ғана кешпессің!
КҮЗГІ КӨҢІЛ
Терек, қайың; гүл мен тікен; жас, кәрі – қалтылдайды сап-сары шөп бастары. Көңіл желін бұлтпен басып тастады; күзгі өңірдің шаттығы да сап-сары. Сары бәрі, тек асау шың тұр аппақ, Теңселеді алтын емен күңіреніп, әр бұтағы бір-бір батпан мұң болып. Сап-сары жел бәрін-бәрін қуғындар, боз аспан тұр қылау бүркіп, суытып. Жас жігіттен сырт айналар сұлулар көктемдегі ғашықтығын ұмытып. Қызыл перде қыз әйнегін жаңағы, жігіт емес, сары жапырақ қағады... Күн сараңсып сарғыш сәуле құяды, сарғыш тартқан секілді ғой сия да? Қыз алдында көктемде айтқан сөздерін Жігіт те енді есіне алар ұяла...
КҮЛКІ ДЕГЕН КӨП ТЕГІ…
Күлкі деген көп тегі, Күліп қана жеткізе ме жұрт үнін? Күн күлмесе көктегі Ұқпас едік жылылығын күлкінің! Кей күлкімді жүрегіне жауымның Оқ қып атам – өлтірем деп сенбеймін. Бір күлкіммен онашада ауырдым – Бір күлкіммен емдеймін. Күлкі шіркін күліп шықса кеудеден Әйел құсап рақатқа батамын. Бірақ барлық күлкілерді кейде мен Жалғыз тамшы көз жасына сатамын.
КҮЛІМДЕУДІҢ ЖОҚ СЕКІЛДІ КЕРЕГІ…
Күлімдеудің жоқ секілді керегі, Күлмесе де жып-жылы оның жанары. Жұмыр иық, жуас біткен денені Қақ айырып қара бұрым ағады; қара бұйра толқындары бұралып, бүлк-бүлк етіп ағып жатыр қос бұрым – Алматының аспанындай қуанып сылқылдаған судың үнін естідім. Ақша бұлттай үлпілдейді тамағы, аузын ашса – отырасың ән күтіп. Кеудедегі егіз шыңды, табиғат бір-біріне қойды ма екен аңдытып? О, дариға, жан тыныштық іздеп ем, болмады ақыр... бір керемет жыр құшты ой. Бәрінен де... аты әдемі-ау қыз деген, Қыз болған соң – сұлу болмау қылмыс қой!
КҮН КҮЛЕДІ, КҮЛМЕГЕНДЕ НЕМЕНЕ…
Күн күледі, күлмегенде немене жайлап алса бүкіл дүние төбесін. Күлдің-дағы бір күлгісі келеді жылыта алса суып қалған денесін. Ей, тіршілік! Суық күлдің сұр түсі болар мүмкін өлілердің күлкісі?! Ғашық болып ошақ пенен өмірге от өшіпті, тірі адамдар көмілген – Күлкі керек! Күле білмес пендеге құпиямды көрсетемін мен неге! Көл күледі, күлмегенде қайтеді – жасырған соң ылайы мен қоқтығын. Мен де күлем, күлмегенде қайтемін – жасыратын жоқ түгім.
ҒҰМЫР ДЕГЕН БІР ҰЗАҚ КҮЙ БОЛАДЫ…
Ғұмыр деген бір ұзақ күй болады, бар ғой менің сатып алған домбырам. Перне сайын өрмелесем жоғары, егіз ішек бола алады жол бұған. Жылдар – перне; саусақтарым сабылып… әр пернеден бір-бір арман жанады. Бір пернені бассам кейде жаңылып, одан әрі тартқым келмей қалады.
ҚАЙЫҚШЫНЫҢ АҚЫЛЫ
Ес, ес балам, қайығыңды есе біл,– Жерің алыс, желің қарсы, толқын сұр. Қайық – қыңыр, есе білсең – есегің, ес, ес балам, қайығынды есе біл. Ықтай көрме – сол тілек, Тағы ойлама өз күшіңді олқы деп. Балам менің құдіретін көрсетсін,– Соқ соқ дауыл, толқы дария, толқы көк. Тағдыр деген бүйіріне өш қайықтың, Соғар жерін білер болар жел-дағы. Саған артқан үмітке атаң байып тұр, Өзге дүние қонбай жатыр қолға әлі. Қайықшыға мін тағушы көп болар, Мінің болса, өзің түзе жоқта олар. Қош, қош балам, қалам енді мен алыс, Сенің үшін – мен бір қара нүктемін. Бір-ақ бағыт ұстау керек – тек желге, Сәл бұрылсаң – біткенің. Қарсы жүрсең – қайсарлыққа үйренер Қамсыз ойың, қасиетті маңдайың. Өлгеніңше өзіңді-өзің сүйреп өл,
ал, әйтпесе мен ақылшы болмаймын!
ӘЖЕЛЕР
Қызық қой қызы бар әже, Қызықпыз ғой біз де тым, Сәл сынасам әжені – оған деген ізетім: Толтырсаң да қыз жәйлі дәптеріңнің жүз бетін, Жүрген жоқсың қыз аулап, Қыдырғаны – қызметің. Сен жымисаң – қорқады ол, Қорқа ма адам күлкіден,
Бірақ мықты құмға өскен ши секілді бір түп ол. Әр қимылың әйтеуір береді оған бір күдік,– Жалт қарасаң қау құсап жанатындай дүрлігіп. Әбігер боп ине іздеп – шай алады дорбадан, Іздейді есік кілітін – өмірінде болмаған. Жаулығының ұшымен сүртіп бір сәт кебісін, деп қояды күбірлеп: «бала-шаға не білсін!» Кім біледі онымен не қоярын, не бітіп – Қызы жәйлі сөйлейді төрт-бес жасты кемітіп. Бойжеткенді сәби деу, ойлап көрші, обал, ә? Онсыз-дағы... ұғады, ұғады ғой о бала. Бұдан кейін... ішінде «бұзық» бұғып тұрады, Аузын жапқан ақ сандық – қызықтырып тұрады. Тегін емес мінезі аза шыбын-жан дейді, Ерін емес бұл өзі – таза шырын-бал дейді... Қамшыңды алсаң сол әже бәрін бір-ақ ұмытып: «Түгеншежан, ағаңды аттандырып сал»– дейді. Қызық-ау бұл әжелер, Қызықпыз ғой біз де осы; Бізден қызық пендені бұл дүниеден іздеші! Қанша іздесең алдыңнан әже шығар жаңадан, Кеткен қыздың соңынан көзін сүртіп қараған.
ӘЙЕЛ ДЕГЕН – БІР ДРАМА КҮРДЕЛІ…
Әйел деген – бір драма күрделі, Дүние емес драма деп жүргені! Салыстырсаң мінезімен әйелдің Жай нәрсе боп көрінеді әлем бұл. Бірде күлкі, бірде қайғы, бірде наз – Дәл осыны шын бағалап жүрген аз. Сан сахна, сан шымылдық... сан қилы Кейіпкер бар, әне, бірі жан қиды, Сол әйелдің күлкісі үшін тірі өлді – Тым беріліп ойнап еді рольді! Бір жымиып, күрсінсеңіз бір тұрып Драмаңыз сала берер құлпырып! Ұлы тартыс, шым-шытырық сезімдер,– маған, маған тағы біраз төзім бер; Айып етпе! Әйелдердің көзінде Бір рольді ойнап келем өзім де.
ЗАЛ ОРТАЙЫП БАРАДЫ…
Зал ортайып барады – тесік қазан секілді. Жыр ортайып барады – несіп-тағам секілді: бір-бір іліп әрқайсы салды аузына бұ жырдан,– тұрды күліп біреуі, бірі мұрнын тыжырған. Дәмсіз болды, білемін – тамсанбады таңдай көп, Автор деген жанға бұл – не десең де көнеді, арнап тартқан ақ дәмін – жемесең де көнеді. Тек елесең оны – келсең болды жерге осы, серілердің ойы мен сергектердің зердесі. Кешіреді ол бетіне күл шашсаң да долдана, есінемей тыңдасаң – бақыты оның сол ғана... Көтерілді орнынан, әне, бір топ дүркіреп, Әне, бір топ күңкілдеп тез бітуін тұр тілеп. Зал ортайып барады – тесік қазан сықылды, Жыр ортайып барады – несіп-тағам сықылды. Көбі ағып кетіпті – кәдімгі су сықылды, Сиресе де адамдар әлі қалған сықылды, Суы ағып таусылып, дәні қалған сықылды. Ағызса егер көп суын мынау үлкен қазан-зал, Мүмкін сол бір суменен дән жуылып тазарған? Керек, керек тазарту! Айналайын өлең-ау, Сені де бір сүзетін тесік қазан керек-ау.
ЖҰМЫР МОЙЫН, ТАР МАҢДАЙ…
Жұмыр мойын, тар маңдай, Шаш иықта бос қалар. Қос алмасы – армандай, Күдікшілдеу қос жанар. Етегі тар, тізе аппақ, Жүрмес белін буынбай, Сөзі шығар сызаттап Шыңыраудың суындай. Байқамайды әр адам Шүлжіңдігін тілдегі. Сөйлегеннен гөрі оған Жарасады күлгені. «Күлкі қымбат»– түсінсең, аз күледі ол – сөкпе көп. Бір күлкісі үшін сол көп керек-ау, көп керек. Алыс қой деп той әлі, бұрылып-ақ кетер ең,– үмітті ғып қояды Кеберсіген қос ерін...
ЕКІ КӨЗ ТҰР – ЕКІ ЖҰЛДЫЗ ЖАНАДЫ...
Екі көз тұр – екі жұлдыз жанады, бірін-бірі көріп тұрған жоқ, бірақ. Ақ қағазға екі нүкте тамады, бірін-бірі көріп жатқан жоқ бірақ. Екі нүкте көрер болса бір-бірін қос нүкте емес, сызық болар еді ғой. Екі көзің көрер болса бір-бірін бір басыңды бұзып болар еді ғой.
ЕКІ САТУШЫ
Әйел ұстап тұрады көне кепка кейде бір, жігіт сатып тұрады әйелінің көйлегін. Кепка ұстаған – Күйеуін еске ала ма күйіне, көйлек сатқан жас жігіт неге қайтпайд үйіне! Түрлеріне қарасаң – жұпыны емес секілді, осы екі жан бірақ та бүтін емес секілді. Күйеуі өлсе – кепкада исі қалай қалмады, әйелі өлсе жігіттің – күні бар ғой алдағы? Жас келіншек, кепканы сатпа, апарып іліп қой, кепка деген тұсыңда тұрса ілулі – үміт қой. Күйеуіңмен кеште бір қайғырысқан шығарсың. ішіп келіп «тентегің» – айырылсқан шығарсың. Қайта ал, жігіт, көйлекті, сен де апарып бөлек қой, қосылсаңдар қайтадан – сатып алу керек қой?!
ЕКІНШІ ЕСКЕ АЛУ
Ол күндері жап-жасыл ем, жас ем мен, Секілді едім Алматының көктемі. Ақылыма алғаш тиген әсерден Жүрек байғұс жарылып-ақ кетпеді. Қуанып па ем сол күні мен? Білмеймін, Өкіндім бе? Есімде жоқ о-дағы. Әйтеуір тек... сол жоғалған күндей бір Әлденелер еске түскен болады. Нені ұмыттым? Ұмыт болдым ба әлде өзім? Неткен бақыт – ұмыта алсаң өзіңді. Енді бүгін... оятады әлдекім Сол күндері оянбаған сезімді: Махаббат бар – бәрі қызық, бәрі бақ, Бәрін, бәрін ойлаймын мен қызарып... Өңменіңді өкінішпен қарып ап, Үмітімен үрлейді өмір ыза ғып. Көзім кейде гүлден өзге көрмеді, Бір ыстық леп шарпып өтті бетімді... Бұл күндердің маған арнап бергені – Сол күндерден алмағаным секілді...
ЕРЕЙМЕН ТАУЛАРЫНДА
Жатыр дала аяқталмай, басталмай, Ұлылығы – Данте жазған дастандай. Жылығы – кәрі ананы аяудай, Сұлулығы – Репин жаққан бояудай. Аспан биік – Әсет айтқан ән сын-ды, тастар – киік, үрке-үрке таусылды. Бір шоқыға шығып алып шырқасаң, бүкіл дүние еститіндей даусыңды. Жасыл таулар, ойдым-ойдым қайыңдар, бір суреттен бір суретті дайындар. Бала-бұта, иықты қыр, киік-тас, мен сендерді қия алмайтын жайым бар. Жүрген жақсы машинамен желдіріп, жақсы одан да тұрып қарау телміріп – түседі еске өткен ойшы, жыршылар: «Ерейменге бүркіт ұстап бір шығар»... Ерейментау! Неғып тұрсың мақтанбай! Кейде аспаның оңып кеткен мақпалдай. Дөңдер желіп, жапырақтар жаутаңдап, бәрі маған еріп келе жатқандай – көңілде бір дала құсап басталды ой. Сұлулығы – Репин жаққан бояу ғой, жылылығы – сүю және аяу ғой...
ЕСКЕ АЛУ
Сол бір жанның асылын Сезгем бала шағымда. Жұмсақтығы шашының Әлі алақанымда. Әлі жасап келеді Көзі менің көзімде, Жылылығы – денеде, Сұлулығы – сезімде. Жан қадірін білгелі Кім артты одан тегінде, оның қоңыр үндері – домбырамның шегінде. Домбыра ғой – досым ғой, онсыз менде күй жоқ қой; билейтін ол осылай,– он саусағым, билеп қой. Әр бір жақсы түн маған Сол бір жаздың, түніндей. Әр әдемі үн маған Сол бір жанның үніндей. Үнді, күйді бүгін мен Ұғынбас ем жөнді-аса, Көңілімнің түбінен Көтерерім болмаса...
ЕҢКЕЙ АСПАН, ТӨМЕНДЕ БҰЛТ, ТӨК ЖАҢБЫР…
Еңкей аспан, төменде бұлт, төк жаңбыр, Қорықпаңдар, біздің кеуде толған нұр. Қара жерді қақ айыра толғандыр, Еңкей аспан, төменде бұлт, төк жаңбыр! Жарқылдасын алтын бұтақ – жай атсын, Тапсыншы бір тентек дүние тоят шын. Қара бұлт пен найзағайдың рухы Қалғып жанған көп оттарды оятсын! Көк сағым боп кезе-кезе тау үстін, Қойнаулардың құпиясын тауыстым. Толқынынан құтырынған бұлақтың Келіп отыр қос алақан тағы ішкім. Сілкін, жапырақ, бір сілкінсең – нең кетер, Сен сілкінсең – бүкіл дүние желдетер... Мен көтерем сендегі бар салмақты, Ей, қара жер, мына мені сен көтер!
Қиналады ол жанарынан жас тамбай, Жатыр ағып аяқталмай, басталмай. Бұлтым болса – мен де биік болар ем Дәл осы бір аспандай.
ЖАЛПАҚШАҒЫЛ ШӨЛІ
Мезі болып тынбай соққан сар желден Дала жатыр – қоңыр айдын көлбеп бір. Сулы сорлар көрінеді әр жерден Құмға батқан сынығындай шөлмектің. Желдің демі, құстың даусы, шөп үні – Сол құлақты қанша жатты кеміріп? Сор-тақырдың жалақ болған еріні Қатып қапты қимылдауға ерініп. Айғыз-айғыз әжім жыртқан шықшыттай Дала жатыр, жалғызсырап жатыр мұң; Шимайлана, шимайлана түк шықпай Ұмыт қалған парағындай ақынның.
ЖАН БІР– БӨЛМЕ, КӨҢІЛ ЕСІК – ҚАҒЫП КІР…
Жан бір– бөлме, көңіл есік – қағып кір, Сыр баспалдақ – көтерілсең жоғары. Ақыл байғұс босағасын бағып тұр, екі көзім – қос терезе болады. Тағдыр маған өмір берді аямай, сенім-шамын қоям ылғи бұқтырып. Қорықпаңдар, бір бөлмеде аядай мен бәріңді күте аламын тік тұрып. Бұған шейін келмесең сен – келме енді, Кеш қалдық қой, үлгірмеспіз сырды ашып. Онсыз-дағы бір бөлмелі кеудемді кеп ойлардың ақ түтіні тұр басып. Тек есіктен енгендерді сүйемін, тәтті сезім шарабынан ұрттатам. Ал, әйнектен түсе қалсаң біреуің, Сол әйнектен тас кесекше сыртқа атам. Жо, жоқ кешір! Кешірмесең – сол керек, кім келмесе – күтем соны құнығып, Қараймын кеп, дүниеге дөңгелек төрт бұрышты терезедей үңіліп. Жалғыз бөлме болса да, сол бөлме егер көзіңді алса – көре бер. Тізеңді бүк, неғып тұрсың соншама, босаға бар, қашық болса төр егер...
ЖАҢА ЖЫЛҒА
Келдің бе, жыл? Әлде саған мен келдім, Қарай-қарай компас пенен сағатқа. Мен – нашарлау есепші едім, тең бөлдім Бар жүгімді тәуекел мен талапқа. Жүгім менің – өткен жылдың есебі, Жүгім менің – содан қалған көп үміт. «Бала, саған ауырлау ғой» – деседі, Әлдекімдер қыр астынан көрініп. Қандай жыл да ортайтпаған көңілін Біздің ел де – бір керемет ел еді. Күншуақтың өлмейтұғын өмірін Көлеңкенің өзі жасап келеді. Бір арманды баспалдақ қып бір арман – Бәз біреуді ең биікке шығарған. Бәз біреулер қалт-құлт етіп жүр сапта, Бәз біреулер әлі жатыр құрсақта... Саған айтар тағы да шын сөзім бұл: Ұзақ ғұмыр туралы адам толғады, Өлгендерді тірілтпесең – өзің біл, Тірілерді өлтірмесең болғаны!
ЖЕР ЕЛЖІРЕП, САМАЛ ЕСТІ БІР ЖІБЕК…
Жер елжіреп, самал есті бір жібек – Таң келеді, таң келеді үлбіреп Әйелдердің ақ тамағы секілді. Гүлдер жүрді жасыл жаға, ақ маңдай – Жұпар иіс – алақаны мақпалдай Сыйпайды кеп менің ашық бетімді. Су сылқытып әлденені жұтады, Селк еткізіп серіппелі бұтаны Тиін-тамшы иығыма секірді. Алыс тартып әкетер ме көз мені, Көре алмаса осы таңнан өзгені Бұл көз маған – көз болмайтын секілді.
ЖЕҢІЛ МІНЕЗ ТАСҚА БІТСЕ, ТАС-ДАҒЫ…
Жеңіл мінез тасқа бітсе, тас-дағы Безер еді атағынан бұрынғы. Қайтер еді Алатаудың аспаны Менің мынау шөп-басылау жырымды! Бәрі, бәрі ұрар еді маңдайдан, Бәрі, бәрі тұрар еді мелшиіп. Жапырақта болар еді қандай жан, Сыбдырлатып тұрмаса оны жел сүйіп. Бірақ, бірақ... жеңіл күйлер сөнбейді, Жеңіл ойлар туғаны үшін әлемде. Жеңілдікке алғыс айтам мен кейде Біткені үшін кей әдемі әйелге.
ӘЗІЛ-ШЫН
Махаббат деп атар едім мен нені? Тастамаса сезім байғұс кеудені: махаббат та қиял дер ем, алдымен сол қиялға шомып жатып қалғыр ем. Сұлулыққа ғашық болсаң сен егер, Рас, одан әйел заты сый алған, ақыл сұрап жылдам маған келе гөр бірақ олар сұлу емес қиялдан. Бірін жақсы – бірін жаман деп жүріп, қарағанын көрмей қалсаң телміріп, Ерке мінез, еділ-көңіл бір қыздың – қатемізді кешіреді кім біздің? Сары қызың, қара қызың – бәрібір, тек көңілі аппақ болсың жарығым. Ұнамаса құлағы не бұғағы, басқа бірін іздегің кеп тұрады? Ал, қанеки, ғашық болшы, көр де сен, бір бұжыр қыз табайын мен өлмесем,– жаны қандай! Міні болса дененің, нең кетеді, қиялыңмен өңдесең. Құлағымда сенің әлі тұр үнің: «Неткен ғажап балтырың мен бұрымың!» Шаш ағарар, көңіл қалар, нұр таяр, түбі оны да «байғұс-ай» деп жұрт аяр. Өшер бәрі бейне күлкі, жаңғырық; сен де өтерсің «ақ балтырды» ән қылып. Нағыз сұлу – қиялыңда болса егер, махаббат бар, және де ол – мәңгілік!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру