TELEGEI

Home

Дандан мен Нәркес

Kitap.kz

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Дандан мен Нәркес

Дандан мен Нәркес

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ҒАШЫҚТЫҚ ДАСТАН

Бастадық біз осылай жазып хатты,
Береді Тәңір өзі бақ пен тақты.
Қосады оңы келсе тағдыр өзі,
Көріспей ғашық болған асыл затты.

Дүниенің бұл туралы мысалы көп,
Мен мұнда жел сөз айтып тұрғаным жоқ.
Нәркес пен батыр Дандан оқиғасы,
Келеді өрнек болып осыған дөп.

Өтіпті тым ертеде Дандан – Нәркес, 10. Халайық, тыңдап көрсең бұл бір кеңес.

Кез бопты олар көптеп қауіп-қатерге,
Мұндағы айтылғаны кейбір елес.
Мекені бұл Данданның Шын-машын дер,
Ол өзі жасынан-ақ боп туған – ер.

Әкесі падишалық құрған екен,
“Елінен шыққан, – дейді, – көп саудагер”.
Аты екен әкесінің Ибраһим,
Ол өзі әділдікпен ел сұрайтын.

Шаһарын саудаменен төлежітіп, 20. Әркімнің өнеріне жол қоятын.

Болыпты бір саудагер бұл шаһарда,
Жері жоқ ол бармаған бұл жаһанда.
Ол өзі Ибраһимнің досы еді,
Келетін сәлем беріп анда-санда.

Талайдан көрінбес сол саудагер,
Ақылды шешен еді, әрі шебер.
“Ол досым қайда кетті хабары жоқ,
Болып еді уақыты да мұнда келер?”, –

Деп досын патша да есіне алған, 30. Өйткені одан көптеп несіп алған.

Жаһан кезіп ол айтқан хабарлармен,
Таңғалтып талайлардың есін алған.
Қиялмен патша үйінде отыр еді,
Саудагер сәлем беріп жетіп келді.

Екі дос жөн сұрасып көп отырды,
Саудагер таныстырған барған жерді.
Саудагер көп шаһарын аралапты,
Өзіне қажет малын саралапты.

Бұл жерден жүзді алса, онда барып, 40. Пайдасы мың түмендеп балалапты.

Саудагер шығып тысқа және келді,
Қолына бір сандығын ала келді.
Бұл шақта атасына еркелеген,
Жүгіріп жас жеткіншек бала келді.

Осы еді Дандан деген бала батыр,
Көзінен көрінеді аспан жалтыр.
Қасына атасының келді дағы,
Көтерген сандығына қарады ақыр.

Саудагер ол сандығын берді ханға, 50. Басылған көп жеріне түрлі таңба.

– Алыстан ала келген аз тартуым,

Көз сүрінер мұндағы асыл жанға, –
Деп саудагер сандығының айтты сырын,
Естіртпей баласына өте ақырын.
Падиша көрмек боп асығып ед,

– Көрсетпе балаңызға, – деді, – ақылым.

Патша:

– Шығып тұршы, балам, – деді,

Бала да бір іс сезіп алаң еді.
“Шық деген соң шықпасам жарамас”, – деп,

60. Тысқары шықты басып қадам енді.

Саудагер сонан сандық аузын ашты,
Ораулы қағаз жұпар иісін шашты.
Патша тұр елегізіп, “бұл не екен” деп,
Тесілтіп қос жанарын, керіп қасты.

Қағаздан қыз суреті көрінді ерен,
Қалам қас, оймақ ауыз, күлімдеген.
Көрген жан ғашық болмай қалар емес,
Нұр төгіп көрген көзді сүріндірген.

Мұндай сұлу болмайды жан баласы, 70. Сәулесі сағым шашқан айналасы.

Бұл қызды бір патшаға берсең егер,
Тұп-тура басқа патша болар қасы.

– Суретші қыз мүсінін алған тартып,

Дәулеті Бағдатында өскен шалқып.
Жасаған суретінің бір паршасын,
Беріп ед мың ділдәға маған сатып.
Жеткіздім сол қаладан өзім алып,

Ішіне алтын сандық берік салып.
Я, тақсыр, бір асыл зат болғандықтан,

80. Тарту қып әкеп тұрмын сізге алып.

Сондықтан қауіптендім ұғылыңыздан,
Бұл сурет талай жастың шырқын бұзған.
Егерде бұл суретті көріп қалса,
Ғашық болып кетеді ол ырқыңыздан.

Ибраһим дейді: – Рас осы сөзің,
Суреттің ғашық болар көрсе жүзін.
Ұғылым тұр ғой бір сәт те сабырым қалмай,
Ғашық бола жаздадым менің өзім.

Ойпырмай, хор қызы ма, пері қыз ба, 90. Әлемде теңдесі жоқ сері қыз ба?

Суретші де керемет келтіріпті,
Көрген жан жолыққандай тірі қызға.

– Оның рас, суретші тым-ақ шебер,

Қолынан кереметтің бәрі келер.
Бұл қызды аудармастан тартқан екен,
Кім көрсе, көрермін деп оған ерер.
Суретті сандығымен мықтап сақта,

Балаңа көрсетуші болма әсте.
Егерде ойламаған істер туса,

100. Тек қана жалынасыз жалғыз Хаққа. –

Деп саудагер қоштасып шығып кетті,
Патша оны ұзатып қайтып кепті.
“Апырым-ау, сандықтағы не нәрсе?” – деп,
Жас жігіт Дандан терең ойға кетті.

“Бар екен бұл сандықта қандай тылсым?
Далаға шығарды екен мені не үшін?
Көрейін ебін тауып не де болса,
Ашып ап оңашада сандық ішін”.

Бір күні кірді Дандан қоймасына, 110. Сандықты көрмек болған о да асыға.

Қазынадан тінтіп жүріп ақыр тапты,
Сандықты іліп қойған дорбасына.
Сандықтың шағып аузын ашып қалды,
Ораулы топ қағазға қолын салды.

Суретін сұлу қыздың көрген кезде,
Аңырып қатты дағы, естен танды.
Қарады бір уақытта есін жиып,
Өртенді ғашықтықтан іші күйіп.

Қойынға қыз суретін салды дағы, 120. Шығып кетті сандықты тығып қойып.

Өзінің хұжырасына келді Дандан,
Суретті “тірі қыз” деп әбден нанған.
Қараса қайта-қайта ол суретке,
Нұр өтіп улатқандай естен танған.

Сарғайды ол күн-түн сайын ғашық зардан,
Ұйқы-тамақ, мал-мүлік шықты ойдан.
Есінен жатса-тұрса бір кетпейді,
“Табам деп ғашығымды қай шаһардан?”

Бар еді бір уәзір Хакім атты, 130. Көрсетер қысылғанда кереметті,

Данышпан, өзі ақылды, терең ойлы,
Патшаға жаққан істеп ғаламатты.
Жас Дандан сол Хакіммен жақын еді,
Өзіне айтқан сөзі ақыл еді.

Бір күні Хакім кеп хал сұрағанда,
Ер Дандан “іште қайғы бәрін” деді:

– Хакім ата, не дауа бұл дертіме?

Бір қыздың ғашық болдым келбетіне.
Ойым бар сол сұлуды алсам деген,

140. Болса егер, жүрсе тірі жер бетінде.

Хакім айтты: – Суретті алып келші,
Көрейін қызғанбашы, маған берші.
Бар болса жер бетінде іздеп тауып,
Жеткізем талабыңа, маған сенші.

Шаһзада Дандан барып алып келді,
Суретті бар зейінмен Хакім көрді.

– Жаңа тартқан екен бұл қыз суреті,

Сахибің дүниеде бар, шын, — деді.
Сұрайын саудагерден қыздың жайын,

150. Қылмаңыз табылмас деп сіз уайым.

Ғашығыңды қайтсек те іздеп тауып,
Әкелеміз жол берсе бір Құдайым.
Боламын қызметіңде өзім бірге,
Бір Алла әл-қуатын берсін сізге.

Саудагерден қыз жайын өзім ұғып,
Хабарын жеткізейін сіздің үйге.
Сөйтті де саудагерге кетті Хакім,
Ұқпақ боп қыз мекенін, жөнін, атын.

Барса әлгі саудагер өліп қапты, 160. Кезікті туысына қазған ақым.

Уәзір санын соғып қайтып келді,
Естіген, білгендерін айтып келді.
Балық жеп, қылтанағы тұрып қалып,
Өліпті деп іркілмей тартып келді.

Уәзір айтты: – Сөз тыңда, шаһизадам,
Айтайын мен бір амал енді саған.
Екеуміз тез арада сапар шықсақ,
Мұнымыз мен ойласам болмас жаман.

Қайтсек те үш күннен соң жүрейік жол, 170. Бұйырса Жаппар Құдай береді жол.

Алтын ал қазынадан жиырма мың,
Екеумізге жол азық болады сол.
Жүреміз қайықпенен теңіз кешіп,
Жол берсе бұл сапарға Тәңірім несіп.

Түн жамылып шығамыз ел көрместе,
Жүрмесін әлдебіреу жолды тосып.
Дандан да бұл кеңеске мақұл болды,
Айтқаны уәзірдің ақыл болды.

Қазынадан жетерліктей алтын алып, 180. Әйгіленген ақ жарқын батыл болды.

Киімді де киінді неше түрден,
Кең қолтық, кейбірінің белін бүрген.
Әр елдің өзіне тән салтанаты,
Осыған да ұмытпай көңіл бөлген.

Қамданып дайындығын толық қылды,
Теңізге төртінші күн төніп кірді.
Ұрланып ел-жұртына білдірместен,
Кемеге екеу ғана болып кірді.

Сонымен тәуекелге бұрып бетті, 190. Екеуі сұлуды іздеп жүріп кетті.

Көрем деп сахибімнің нұр дидарын,
Қуанып Дандан ерің күліп кетті.
Патша іздеді ұлын қапаланып,
Хакімге айтпақ болды іздеп барып.

Барса онда уәзір де жоқ боп шықты,
Соққандай болды жүрек кеуде жарып.
Суретті іздеді ол қоймасынан,
Көмескі жерге қойған дорбасынан.

Сандық тұр, суреті жоқ болғаннан соң, 200. Қайғысы түсті ауыр қорғасыннан.

Іздеді патша досы саудагерін,
Әйтсе де тапты оның тек көмген жерін.
Сонымен қалай кеткен із таба алмай,
Падиша қала берді тістеп ернін.

Падиша қайран қалды қапылынан,
Көрмеген қашанда опа жақынынан.
Бір медеу тапқандай-ақ болар еді,
Тек қана Хакімнің кең ақылынан.

Дандандар он күн жүрді океанда, 210. Келеді жүзіп кеме өтіп алда.

Көрінді бір құрлық таяу маңнан,
Төңірекке көзді тастап отырғанда.
Кемені сол құрғаққа келді айдап,
Қуанды жер көргенге көзі жайнап.

Талапқа жететұғын күн болар ма?
Келеді екеуі тең соны ойлап.
Құрғаққа кеп кемені жайғастырды,
Киімдерін үстіге алмастырды.

Жағадан жаңа тағам жесіп алып, 220. Ендігі барар жерін қарастырды.

Таяуда бір бау-бақша көрініпті,
Екеуі сол бақшаға көзін тікті.
Дандан: – Соған бар да сұра, – деді, –
Көрсетіп адам болса бұл суретті.

Қылышын шаһизада алды қолға,
“Бір Алла бергін осы жолда”. –
Деп сиынып бақшаға жетіп барды,
Бір адам отыр екен сол арада.

– Ассалаумағалейкум, ей, ағайым,

230. Өзіңе медет берсін бір Құдайым.

Бір ісім бар келгенім сапар шегіп,
Рұқсат па, сол жөнін мен сұрайын?

– Мен жүрген тазалықшы қызметкер,

Уақытың мұнда тұрсаң бекер кетер.
Сұрағың, ісің болса қожайыннан,
Болса да қандай шаруа солар білер.
Суретті сонда Дандан алып шықты,

– Жетпейді айтсам тілім ғашықтықты.

Табылып осы сұлу бұл дүниеден, 240. Болар ма дертіме бір шипалықты?!

Әлгі шал суретті алып көзін тікті,
Сөз айтты Дандан ерге бір үмітті.

– Жаңа сурет екен ғой ғашығыңыз,

Шырағым, бетіңе ал күншығысты.
Ешнәрсе бұйым емес зерделі ерге,
Шырағым, көп тоқталма әрбір жерге.
Бір қызға ғашықтықтан дертті болған,

Он жетіде алпысқа шықтым, міне.
Ғашықтық кәртеймеді, мен кәртейдім,

250. Бұл сөзім ғибрат болсын, ғашық ерім.

Ғұмырың тоқтай берсең өте берер,
Мақсатқа жеткін, ерім, сол тілегім.
Хакімге шаһизада келді қайтып,
Шайыхтың айтқан сөзін түгел айтып.

Қайыққа мініп тағы жүріп кетті,
Сапары күншығысты бетке алып.
Теңізге сол дария кірді барып,
Теңізбен жүзді олар бір ай ағып.

Көрінді осы кезде бір құрғақтық, 260. Бет бұрып осы жерге шықты барып.

Тұр екен бір жас жігіт балық аулап,
Ауымен балықтарды көптеп қармап.

– Сонша көп не себепті ұстайсыз? – деп,

Жігіттен ұқпақ болды Хакім сұрап.

– Білмейсіз бұл шаһарда меймандар көп,

Барады жұртымызда азық түгеп.
Бір балық бір алтыннан ақша болар,
Сондықтан да болып тұр бұл харакет.
Айтайын шаһардағы мейман жайын,

270. Жолаушым, сіздерден мен жасырмайын.

Патшамызда бір сұлу ханша бар,
Жол қалар сұлулықта туған айың.
Қанша патша баласы соған ғашық,
Неше мың ләшкерменен жатыр басып.

Бір балық бір алтыннан сауда болып,
Болып тұр осы күнде маған кәсіп.
Суретті алып шықты сонда Дандан,

– Қараңыз көз тоқтатып, дос, мынаған.

Осы қыз ба, емес пе, айтыңызшы? 280. Барады ішім күйіп ғашықтықтан.

– Суреті осы, – деді жігіт танып,

Осының заһирі екен дейді анық.
Безгек болып ауырып жатқан кезде,
Суретші бұл суретті алған тартып.
Хакім айтты: – Бізді апар хұжыраңызға,

Жетерлік алтын алғын хақыңызға.
Тыныстап біз де жатып демалайық,
Кез боппыз Құдай айдап шаһарыңызға.
Мақұлдап жігіт ертті Хакімдерді,

290. Сарай іші бір құжыра пәтер берді.

Қыз жайын сұрастырып ұғып жатыр,
Сонымен аралықта төрт күн қонды.
Ғашықтық шаһизадаға қатты батқан,
Сарғайып күннен-күнге семіп қатқан.

– Ғашықтар ертең келсін сәнәм баққа, –

Деп жаршы айғай салды көше жақтан.
Таңертең Дандан кетті бақша жаққа,
Жиылған нелер жігіт осы баққа.
Талай патша баласы, байдың ұлы,

300. Нәркестей ғашық болған асыл затқа.

Дүние жігіттерге бекер еді,
Бұл Нәркес суретімен жетеледі.
Нәркесті бір көрмесе барлығы да,
Дүниеден диуана боп кетер еді.

Бақша іші қатар қойған орындықтар,
Сая боп гүл-гүл жайнап толқиды тал.
“Нәркес шықса көрсек”, – деп, кірпік қақпай,
Тағатсыз жас жігіттер болған құмар.

Самал жел соқты, баяу гүлдер толқып, 310. Еседі жұпар лебі майса шұлғып.

Нәркес те осы кезде келіп жетті,
Бұлттан жаңа шыққан күндей балқып.
Нәркестің бөлек екен жаралғаны,
Болмаған мұндай сұлу адамда әлі.

Өмірде мұратты боп өтер еді,
Әркімнің сондай болса алған жары.
Жығылды көргендердің есі кетіп,
Бір жан жоқ қыбыр еткен тұяқ серпіп.

Бәрін де маңғаздардың жансыз етіп, 320. Ордаға Нәркес сұлу қалды кетіп.

Кетсе де Данданға көз салып кетті,
Өзі баяу, көңілі талып кетті.
Ғашықтық Нәркесті де билеп алып,
Орнына өзі тұрған әрең жетті.

Жігіттер өліктей боп қырылыпты,
Тәуіптер ұшықтасып су бүрікті.
Сескеніп бәрі дағы есін жиып,
Орнынан сенделісіп тұрысыпты.

Хакімге келіп айтты: – Көрдім қызды, 330. Бір Алла аяр ма екен пақырыңызды.

Әкетіп басқа біреу біз зор кеп,
Өксітіп кетер ме екен өмірімізді.

– Батыр туған Данданым,

Орындалар арманың.
Уайым етпе, жарқыным,
Нәсіп болса аларсың.
Бүгін жатпа жайланып,

Қалмасын бағың байланып.
Қарауылшы қорыммен,

340. Қылыш ал алмас сайланып.

Аяғың мен қолыңа,
Таймастай етіп жолыңа.
Болаттан тырнақ кигізем,
Түсерсің бірер садынға.

Күзетші берік ордада,
Жақын барып жамбылға.
Қақпадан кіру саған жоқ,
Жамбылдан ас жабыса.

Шаһизада Нәркес жаққа жүріп кетті, 350. Сәнәмнің бақшасына барып жетті.

Көрінбей қарауылшы лашкерлерге,
Жамбылдың қалтқысына кіріп кетті.
Мысықтай асып түсті қыз бағына,
Ұқсайды Дандан бейне қанаттыға.

Тұр екен бір кәнизак палау басып,
Қыз үйінің қиыстау ар жағында.
Бір кезде сол кәнизак кетіп қалды,
Дандан да қазан жаққа жетіп барды.

Есінен тандыратын дәрі салып, 360. Қалқада қайта келіп тұра қалды.

Жиылып кәнизактар жеді палау,
Ойлайды мұндай жерде қайдағы жау.
Сылқиды тойған кезде бәрі дағы,
Жемеген Нәркес ғана отырды сау.

Бұл жайды ақылды қыз аңғарады,
Қолына қылыш алып жабданады.
Жігіт боп жақтырмайтын келсе егер,
Тастауға басын шауып сайланады.

Жантаяды ұйықтаған боп төсегіне, 370. Ғашығы бақшадағы тұр есінде.

Ол егер келген жігіт болмай қалса,
Өлтіреді мойынын кеседі де.
Сол кезде шаһизада келді кіріп,
Ғашығын көрген жерде мың құбылып.

Қарсы алды Нәркес дағы құшақ жая,
Бағана көрген жерден жазбай біліп.
Мұратқа жетер пенде етсе талап,
Ғашықтар құшақтасты етпей тағат.

Жақындап таң атарға қалған кезде, 380. Шығарды қыз жігітті сыртқа қарап.

Данданды Нәркес тамнан асырады,
“Кеш қалмай кел, жаным”, деп асығады.
Көрмесе екі ғашық тұра алмайтын,
Болысып кеш батуға асығады.

Тірілтті кәнизактің бәрін келіп,
Тұрыпты су бүріккен соң тітіркеніп.
Білмейді не болғанын олар дағы,
Қалыпты таң ағарып, жұлдыз сөніп.

Таң атты, маужырай күн де шықты. 390. Бақшада бұлбұл әнді сан құбылтты.

Шомылып ғұсыл-дәрет алмақ үшін,
Бір көлге Нәркес сұлу келіп түсті.
Бір кезде отырды шашын тарап,
Нұр шашқан алтын күнге тамашалап.

Қарап тұр дидарына кәнизактар,
Нұрланған бүгін тіпті Нәркес ғажап.
Сол кезде бір бұлт шықты көк аспанда,
Құдиып жетіп келді қас қаққанша.

Жерге кеп қыздар тұрған тұманданып, 400. Нәркесті алып ұшты тік аспанға.

Нәркестен қыздар қалды тірі айрылып,
Көрген бе адам пенде мұндай қылық?!
Патшаға жүгірісіп хабар берді,

– Нәркесті ап кетті, – деп, – бір бұлт келіп.

Падиша қапаланды, назаланды,
Бұл не бір хикмет деп аң-таң қалды.
«Құдайым өзі беріп, өзі алды», – деп,
Қызына іші күйіп зар жылады.

Тәуіпші бұл шаһарда бір зада бар, 410. Падиша әр кезекте бал аштырар.

Аты Зәһира шарапатты адам еді,
Сөзіне бұл шайыхтың жұрты нанар.
Ауырлап ішіндегі қайғы-зары,
Алдырды патша ортаға Зәһираны.

– Ей, шайхы, бал салып көр, қызым қайда?

Бір хабар болар ма екен істің жайы.
Заһира балын шашып күбірледі,
Кейде ренжіп, кей кезде күлімдеді.

– Мәртебелі патшамыз, Аллаға сен,

420. Бір жігіт қызыңызды әкеледі.

Бар екен Қап тауында бір топ дию,
Оларды оңай емес күшпен жеңу.
Ежелден қызыңызға ғашық екен,
Солардың бір мықтысы Қаққа дию.

Диюлар сұлуларға болар ғашық,
Адаммен өте алмайды жамандасып.
Апарған қызды салып алақанға,
Қарайды неше рет мауқын басып.

Қызыңды Қаққа алып ұшып кеткен, 430. Іздейміз енді оны зеңгір көктен.

Беремін бір көгершін қолыңызға,
Құс еді шарапатты баққан көптен.
Жиыңыз ды бар патшаның балаларын,
Қызыңа ғашық болған сардарларын.

Айт дағы Нәркес жайын жігіттерге,
Ұшырып көгершінді аралатқын.
Көгершін кімге қонса сол әкелер,
Басқаның іздегені құр арам тер.

Патша, сол жігітке бұйрық қылғын, 440. Шақырт та ордаңызға батаң бергін.

Патша шақырыпты жігіттерді,
Бәрі де маңғазданып түгел келді.
Нәркесті бұлт әкеткен айтқан шақта,
Жігіттер қаны қайнап тітіренді.

– Жиырма патша баласы келгендерің,

Қызымды болды кеше көргендерің.
Нәркесті біреуіңе берсем егер,
Он тоғызың маған жау болар едің.
Ұшырам әзір бір құс бақтарыңа,

450. Қонады біреуіңнің бастарыңа.

Бұйрығы кімге болар, азаматтар,
Мен кәрі қапаланба шалдарыңа.
Көгершін кімге қонса, іздейді сол,
Қап тауы ешкімге бермейді жол.

Қаққа деген диюдың басын кесіп,
Қызымды батырлықпен әкелер сол.
Дегенде: “Разымыз”, – деді олар,
Бұйырса бақыт құсы келіп қонар.

Неше шара бәрімізге бұйырмаса, 460. Нәркесті ақ бұлттан алып қалар.

Ұшырды патша сонда көгершінді,
Көгершін айналып жүр әр-әркімді.
Тіленіп “қонса екен” деп басын төсеп,
Қаз-қатар барлығы да тыныш тұрды.

Жүрегі жігіттердің алып-ұшқан,
Қуаныш па, қайғы ма төніп тұрған.
Басынан бәрінің де қалқып өтіп,
Данданға барып қонды шетте тұрған.

Көгершін сонда айтты Дандан ерге: 470. – Ұқсайсың, ей, жігітім, перілерге.

Диюлармен соғысып Қап тауында,
Шыдармысың дәуменен жекпе-жекке.
Басқалар бұл сөзді естіп тарап кетті,
Дандан да Хакіміне келіп жетті.

Баяндап Нәркес жайын берген кезде,
Шақырып патшадан да елші кепті.
Падиша, Хакім менен бата берді,

– Я, Құдай, сақтай гөр, – деп жас селдеді.

Данданның мейірлене басын сипап, 480. – Жолың болсын, – деп олар қалады енді.

Хакім мен Дандан жолға шығып кетті,
Қайықпен көк мұхитқа кіріп кетті.
Барады толқынменен бірге толқып,
Сан рет дауыл тұрып қатер жетті.

Екеуі сол теңізбен талай жүрді,
Тауыса алмай шалқып жатқан алып суды.
Жиырма күн дегенде жол жүргелі,
Аман-есен бір құрғаққа ілінді.

Теңізден шыққан жерде бір ағаш тұр, 490. Жауыпты бар денесін жапырақ-бүр.

Шұлғиды көк шыбығы мәуеленген,
Жапырақта шарапатты жазулар тұр.
Дұғаның оқып көрді құдіретін,
Көрген жан бұл ғажапқа таңқалатын.

“Бір сүйкесе жазылар деп жазыпты,
Сынған, күйген, жұлынған құс қанатын”.
Тағы да шыбықтары былай деген:
«Ап алсын бұл шыбықтан керек еткен.

Дию, жын, пері соққан кісі болса, 500. Бір атса шыбықпенен жазар», – деген.

Жапырақ пен шыбықтан алып алды,
Су менен құрғақтықты сағалады.
Біраз жер осы арадан жүрген кезде,
Ұша алмай жатқан құсты көзі шалды.

Құс айтты тілі шығып: – Ей, адамзат,
Сіздерден болар ма екен бір мархабат?
Көңілге алған жерге жеткізер ем,
Шапағат Алла тағала берсе қанат.

Жапырақпен сүйкеді құс қанатын, 510. Жай күн емес ойланып-толғанатын.

Не көрсе соған байлап тағдырларын,
Алатын Нәркес үшін жан салатын.
Сілкіді сонда әлгі құс қанатын,
Мһтшам, ей, адамзат, менің атым.

Баламды бір айдаһар жылда жұтар,
Ұшарға қанат бітіп болса жақын.
Ойсоқты боп ұшыппын байқамастан,
Көрінбей көз алдымда жер мен аспан.

Соғылып бір ағашқа топшым сынып, 520. Кезім ед қозғала алмай мына жатқан.

Мықты жер ұя салар іздеп едім,
Таба алмай бұл жаһанды талай кездім.
Ұшуға балапаным жақын қалған,
Ұмытпас айдаһар да жейтін кезін.

Хакім де өз жайларын түгел айтты,
Қалт етпей құс тыңдады бұл жәйтті.
«Мұқтажбыз бәріміз де көмек үшін,
Қаққаға апарам», – деп сертін айтты.

– Шығыңдар, екеуіңді арқалайын,

530. Ұшамыз үш күн, үш түн бір Құдайым.

Ұяма менің салған барып түсіп,
Данданды содан әрі ап ұшайын.
Екеуі шықты құстың арқасына,
Жатты олар көкке қарап шалқасына.

Жел гулеп, боран соғып кеткендей боп,
Тоңған соң кірді ұлпа қалқасына.
Қуарып келеді құс алып-ұшып,
Кей жерде су ішеді жерге түсіп.

Қайтадан көкке шығып ұшқан кезде, 540. Еш нәрсе көрінбейді көзге түсіп.

Екпіні неткен қатты алып құстың,
Барады оқтай жарып көктің үстін.

– Көрмегеніміз көп екен, – деді Хакім,

Легіндей бір келеміз көрген түстің.
Осы кезде көрінді жердің үсті,
Құстың қанат екпіні сондай күшті.
Көрінді айдаладан алып терек,

Шулады балапандар көріп құсты.
Мһтшам ұясына келіп түсті,

550. Орнынан балапандар ұмтылысты.

Жерге әкеп адамдарды қойды дағы,
Баласын қанатымен қатты қысты.
Дандан мен Хакім отыр кеңес құрып:

– Берелік айдаһарды біз өлтіріп.

Мһтшам сені апарсын Қап тауына,
Кетпесін, мен қалайын, жүк көп болып.

– Бұл сөзді мен – Мһтшам мақұлдадым,

Бауырымда, – балапаным талпынарым.
Өлтіріп айдаһарды берсеңіздер,

560. Құлмын, – деп, – өле-өлгенше бас ұрармын.

Сол кезде қатты ысқырған дыбыс шықты,
Қорыққан балапандар қатты бұқты.
Дандан айтты Мһтшамға:

– Хакімді әкет,

Көрейін айдаһарды қанша мықты.
Бір биік шынар еді ұя салған,
Көлденең неше жерде бұтақ жарған.
Қаруын алмас қылыш алды дағы,

Отырды бір бұтақта батыр Дандан. 570. Аяғын орнықтырып мықтап басып,

Қайраты тұла бойға сыймай тасып.
Тұрғанда дәу айдаһар ирең қағып,
Келеді ауызынан заһар шашып.
Жиырылып олай-бұлай бұлқынады,

Маңына аузын ашып жұлқынады.
Заһарын алыс жерге шашыратып,
Жұтқандай дүниені қылқынады.
Дандан да қарап отыр көзін жазбай,

Қарайды бұл жауызға өші бардай. 580. Қолында алмас қылыш жалтылдайды,

Ол, сірә, қанбас басын кесіп алмай.
Айдаһар ұмтылады жалмаң қағып,
Әр жерден аяқтары тарбаң қағып.
Қарайды алып терек бұтағына,

“Жұтсам, – деп, – балапанды жалмап алып”.
Астынан келіп өтті бұл мақұлық,
Жұтпаққа балапанды мойын бұрып.
Бас көтере бергенде ұрды Дандан,

Басы бөлек мойнынан кетті үзіліп. 590. Өкіріп ширатылып шықты жаны,

Жаудың өзен болды аққан қаны.
Мағұрып-машұрықтың арасында,
Дыбысын естімеген жан қалмады.
Айдаһар балапанға азық болды,

Құс қуанып шалқыды шат көңілді.
Қалдырып Хакім қартты осы жерге,
Ертеңі көк аспанға көтерілді.
Жеті күн тоқтамастан көкте ұшты,

Құшақтап Дандан отыр Самұрықты. 600. Сегізінші сөткеде алдарынан,

Соғысқан екі биік тау жолықты.
Жол ол арадан өте алмады,
Тым биік асып одан кете алмады.
Өтуге ортасынан мүмкін емес,

Соғылса қандай шапшаң құтқармайды.
Баяғы қасиетті шыбықты алды,
Қорамсақтан садаққа оқ қып салды.
Ортасын екі таудың көздеп тұрып,

Шірене садақпенен тартып қалды. 610. Тау шөкті екі жаққа жапырылып,

Мһтшам бір қуанды қатты күліп.

– Алла берген, Дандар ер, саған қуат,

Ашылды бағым саған мен кезігіп.
Мһтшам тағы кетті ұшып заулап,
Алты қабат аспанда алыс самғап.
Бір жеті күн өткенде тағы алдан,

Көрінді жанған бір от таудай лаулап.
Бір құс тұр ортасында шыр айналған,
Белгісі сиқырменен ол байланған.

620. Қасиетті шыбықты алды дағы,

Тағы да садақпенен тартты Дандан.
Оқ тиді, құстар өлді, от та сөнді,
Мһтшам бұл арадан ұшып өтті.
Таяуда бір мағыра көрінеді,

Мһтшам: – Бұл Қаққаның жұрты, – деді.
Құс қонды мағыраға жақын барып,

– Бар, – деді, – Дандан ерге қаруланып.

Мынаны керек болса күйдір, – деді,
Бір талын қанатының жұлып алып.

630. Бір үйге келді Дандан қадам басып,

Ешкімге қорықпайды асып-сасып.
Үйіне сол диудың кіріп барды,
Таныс бір адамындай есік ашып.
Қараса бір қыз отыр күн мен айдай,

Көрген жан қалар емес ғашық болмай.
Ол қыздың тізесіне басын қойып,
Бір дию ұйықтап жатыр қарағайдай.
Мөлдіреп қыз көзінен жас тамшылап,

Сағынған адамзатқа отыр қарап. 640. Данданды жүгіріп кеп құшақтауға,

Отыр ғой қазандай бас алдына сап.
Қыз айтты: – Бұлар дию, қаны харам,
Бұл жерге қалай келдің, шаһизадам?
Мыналар көріп қалса өлтіреді,

Қор болдың осыларға сен бейшарам.
Қылышын Дандан сонда қолына алды,
Диюдың мойынына салып қалды.
Жерінен ұйықтап жатқан қозғалмастан,

Әпіләс сол арада дүние салды. 650. Данданға жалғыз Алла болды ғой жар,

Жарандар, бұл сөзіме құлағың сал.

– Ай, шаһим, маған рақым қыла көр, – деп,

Аяғын қыз құшақтап жылады зар.

– Сөзімді менің айтқан тыңдағын сен,

Рақым қылып мені құтқар залымдардан.
Машұрық тарапында Бекен шаһар,
Моғұл деген патшаның қызы едім мен.
Ей, жігіт, Мәлике бану менің атым,

Жеті жыл болды елден айрылғаным. 660. Қайтсаңыз елге бірге ала қайтшы,

Өлсем разы болсын әруағым.

– Мәлике, жұмысым бар іздеп келген,

Нәркес қайда екенін білдің бе сен?
Бірге ала кетермін, сен тұра тұр,
Таба алсам ғашығымды аман-есен.
Ағылтты Мәлике бану көзінен жас,

– Шаһзада, мына жақтан бір есік аш.

Нәркес Қаққа екеуі осы үйде,
Күш жиып, ей, батырым, қаруыңды ас.

670. Бұл үйге Дандан тағы жетіп барды,

Нәркес те қуанғаннан біраз талды.
Тізесіне оның да басын қойып,
Бір дию қорылдаған ұйықтап қапты.
Диюдың басын жерге түсірді еппен,

Сарғайып Нәркес сұлу жүдеп кеткен.
Жүгіріп кеп Данданды құшақтапты,
Бір сәтке құтылғандай қайғы-дерттен.
Қорылдап ұйықтап жатыр дию кәпір,

Жылайды: – Өлесің, – деп, Нәркес пақыр. 680. Қылыштың ұшын шаншып аяғына,

Диюды оятады Дандан батыр.
Қаққа да орнынан тұрды үгіліп,

– Нәркесті іздеп келдің қайдан біліп?

Нәркеске ошағыма от жақтырып,
Етіңді жеймін, – дейді, – кәуәп қылып.
Дандан да осы кезде қылыш алды,
Қаққаны қылышпенен шауып қалды.

Данданның бір ұрғанын көтере алмай,
Ол дағы сол арада дүние салды.

690. Тапсырып жаһаннамға Қаққа жанын,

Дандан ер құтылдырды Нәркес жарын.
Екеуі бір сәт сонда құшақтасты,
Тұрса да көмескі жау төгіп кәрін.
Қалдырып Дандан мұнда Нәркес жарды,

Бануды ап келуге кетіп қалды.
Қайта айналып келгенше Нәркесі жоқ,
Бұл іске Дандан дағы таңырқады.
Ойлады ол: “Бұл диюдың қылған ісі,

Мерт болар мұнда қарап тұрған кісі. 700. Онан да Мһтшамды шақырайын,

Келеді ол қанатының шықса ысы”.
Шақырып сонда Дадан Мһтшамды,
Күйдіріп қанатының ысын салды.
Сол сәтте жетіп келіп Мһтшам да,

Данданның маңына кеп қона қалды.
Айтты Дандан себебін шақырғанның,
(Күші қайтар бостан-бос ақырғанның).

– Нәркес жарым лезде жоқ боп кетті,

Білмедім қандай жаудың қас қылғанын? 710. Құс айтты: – Бұл диюлар көп болады,

Бірі өлсе, біреуі жоқ болады.
Қаққа, Әпіләс, Арзақ деп бір тұратын,
Бұл мекенде олар бір топ болады.
Көмескі үйлері бар бәрін ізде,

Боламын мен көмекші қазір сізге.
Екеуі өлсе Арзақ бар, шешесі бар –
Салады ол хайланың бәрін бізге.
Нәркесті Арзақ ұрлап тығып алған,

Шешесі Хисылаға ол хабар салған. 720. “Екі ағамды өлтірді бір адам кеп”,

Дегендіктен кемпір де қаһарланған.
Мһтшам дию жайын айтып жатыр,
Тыңдап тұр қалт жібермей Дандан батыр.
Бір кемпір осы кезде анадайдан,

Табаққа күл салып ап келе жатыр.
Мһтшам: – Оқ ат, – деді, – бұған шапшаң,
Өлтіред әзір бізді тез атпасаң.
Үшкіртпей қолындағы күл ұшқынын,

Садақпен қасиетті отын атсаң. 730. Дегенде-ақ Дандан оқты атып қалды,

Оқ барып ол мыстанға дәл қадалды.
Жығылып қалды кемпір тепкіленіп,
Оқ қадалған жерінен қан саулады.
Аққан қан жын-пері боп ұшты аспанға,

Бәрі кеп жабылады бір Данданға.
Қолында шыбық та бар, қылыш та бар,
Тобымен құлайды олар әр атқанда.
Жын-пері қуығына жел толтырған,

Сонымен көтеріліп көкке зытқан. 740. Бұл бәрі әлгі өлген кемпір жыны,

Ажалға батыр Дандан жолықтырған.
Жын-пері жерге түскен жаяуласып,
Данданға төніп келед анталасып.
Мәлике бану Данданның қылышын ап,

Шетінен өлтіріп жүр бірден шауып.
Шетінен мықтылары қырылғанда,
Бассыз жау қарсыласар шама бар ма?
Бәрі де бірден зытып жоқ болысты,

Жабылып пар келе алмай бір Данданға. 750. Мһтшам Дандан ерге айтты сонда:

– Батырым, темір есік үй тұр мұнда.

Нәркесті Арзақ сонда алып барып,
Есігін мықтап тартып тұр қасында.
Жүз пұт тас Дандан сонда алды қара,
Көтерді “Я, Алла!” деп қаһарлана.

Ұрғанда пәрменінше сол есікті,
Күл талқан темір есік болды пара.
Данданның күші кетіп шаршаған-ды,
Диюмен алысарлық шама аз қалды.

760. Мәлике бану қылышын бере берді,

Арзақ та Дандан ерге қарсы барды.
Мәлике бөлекше қыз парасатты,
Алладан ол да тілек тілеп жатты.
Қылышты арт-артынан бере беріп,

Данданға көмек үшін жанталасты.
Дыңылдап ұшып жатыр сынған қылыш,
Сұрапыл осы майдан болып ұрыс.
Тигізбей қаруларын бір-біріне,

Соғады бар әлінше бермей тыныс. 770. Арзақтың қақ бөлінді бар қылышы,

Тарылды жауыз жаудың жан тынысы.
Табуға енді қару дәрмені жоқ,
Болып тұр қызыл қолда барлық күші.
Жығылды Арзақ сонда қылыш тиіп,

Домалап кеңірдектен қаны ұйып.
Қуанған Дандан сонда құшақтады,
Ардақты Мәликені құшып сүйіп.
Нәркес те келе құшты екеулерін,

Сүйініп ерлігіне Мәликенің. 780. – Сен дағы сүй Данданның бір бетінен,

Қызғанышым жоқ, – дейді, – Мәликешім.
Сонымен олар мінді Мһтшамға,
Кеп түсті Мһтшам да ұясына.
Хакімге күтіп жатқан сәлем беріп,

Көргенін баяндады данышпанға.
Сол жерде Мәлике бану оқыды оқу,
Өнерліге қиын ба бақыт қону.
Алдарына бір тақ кеп тұра қалды,

Мақсаты ұшып тақпен елге жету. 790. – Қош, – деді Мһтшамға, – ардақты құс,

Біз жүрміз бір мезгіл болдық туыс.
Қайда жүрсең балаңмен аман бол, – деп,
Тағына Дандандарды етті ұсыныс.
Бәрі де қоштасыпты Самұрықпен,

Талпынып балапандар о да білген.
«Жол болсын!» деп қош айтып Самұрықтарға,
Тақпенен біраз жерге ере жүрген.
Бекеннің шаһарына олар келді,

Мәлике ата-анасын аман көрді. 800. Істерін көрген-білген бастан-аяқ,

Үйіне Мәлике қыз айтып берді.
Мақтауын Дандан ердің асырады,
Көрмесе о да бір сәт сағынады.
Болса да қанша өнерлі Мәлике бану,

Данданның бұйрығына бағынады.
Жылайды Моғұл патша бәрін құшып,
Жүрегі қуанышпен тулай түсіп.
Данданға Мәликені бермек болып,

Патша жүр өз ойларын іштей пішіп. 810. Жайылды Дандан ердің хабары елге,

Жетпей ме мұндай хабар қандай жерге.
Нұғым патша баласы Сансыз деген,
Нәркеске ғашық еді ең ежелде.
Сол Сансыз жинап келіп жүз мың әскер,

Шаһарды қылмақ болды әптер-тәптер.
“Нәркесті қорлық көрмей тез берсін”, – деп,
Данданға елші салды боп қара тер.
Елшілер бұл хабарды кеп жеткізді,

Сансыздың даңқы асқан деп жеткізді. 820. Хакіммен ақылдасып Дандан батыр,

Мәликені беруге сөзді өткізді.
Бүйткенге сес қылмасын Сансыз ерің,
Төккен жоқ Дандан мұнда босқа терін.
Ар болса, істесін адамшылық,

Күшті деп ойламасын әскерлерін.
Қорыққаннан бергенім жоқ Мәликені,
Дандан оңай болмайтын жаудың жемі.
“Егескеннен келіскен артық” деген,

Келсін мұнда тең көрсе егер мені. 830. Тапсырды осыларды елшіге айтып,

Елшілер де Сансызға кетті қайтып.
“Менімен Дандан қайтіп тең болмақ”, – деп,
Сансыз бай кетті өзінше қапаланып.

– Шаһарын Бекен деген ойран етем,

Сонымен Нәркесті алып дәурендетем.
Былшылын қойып, Дандан қызды берсін,
Болмаса қырамын да, типыл етем. –
Деді ол, тағы елшісін аттандырып,

Елшілер жетті тағы мақтан қылып. 840. – Бермесеңдер Нәркесті болмайды, – деп,

Күш көрсетті Данданға сақтандырып.
Қожаңдаған жауыз жау ұқсын нені,

– Онда ертең майданға шықсын, – деді.

Өмірде жаудан Дандан қорыққан емес,

– Көріне онда Сансыз түссін, – дейді.

Елшілер осы сөзбен кетті аттанып,
Ішіне “әттең” деген кек сақталып.
Сансызға бара салып жеткізгенде,
Айғай салды ләшкерге ол бапталып.

850. Лек-лек қып ләшкерлерін жиыстырды,

“Бекенді басамыз, – деп ұйыстырды.
Еркектің бірін қоймай қырып тастап,
Қыздарын аламыз”, – деп күлістірді.
Деді ол: – Нәркес менің ғашық жарым,

Тұрмайды оны алмасам менің жаным.
Ханды өлтіріп, Нәркесті алған шақта,
“Бекенді” думандатып той жасаймын.
Тарқатты осылай деп ләшкерлерін,

Кім білсін көрді қазып тас кеулерін. 860. Сансыз бай түнгі ұйқыға кетіп еді,

Көрді ол аяқ-қолы, бас терілерін.
Оянып түн ортасы шошыды ол,
Тұрғызды төңірегінен қосынды мол.
“Апырай, әл-қуатым құрып барад”, –

Деді де өне бойын қасытты ол.
Данданның сұры оны басып еді,
Сонымен қорқып қаны тасып еді.
Ләшкерге бұл сырларын айтсын қайдан,

Ішінен құмша егіліп жасып еді. 870. Шығыстан алтын арай таң да атты,

Сәулесі маужыратты шартарапты.
Тек қана шаһар халқы үрейленіп,
Сұмдықтар тыныштықты бұзып жатты.
Оңай ма, жүз мың әскер қаруы бар,

Бастығы қара ниет, көңілі дал.
“Зауал тапсын Данданның жаулары” – деп,
Тілеген қалың жұрттың тілегі бар.
Дандан да осы кезде даярланды,

Майданға керектінің бәрін алды. 880. Осы кезде Мәлике бану тағзым етіп,

Ел-жұртқа бір жақсы істі хабарлады.
Нәркестің мұнда іскен жылап көзі,
Ол айтты: – Қатаң ғой бұл жау мінезі.
Бір Дандан қалың жауға қайтіп төтер,

Мына елдің жәрдем қылар бар ма кезі?

– Жылама бостан босқа, Нәркесім-ау,

Алатын Дандан ерді қайдағы жау?
Көріңдер жауларыңды көздеріңмен,

890. Сансызды бір зынданға жаптым анау, –

Деп еді Нәркес қош боп құшақ ашты,
Естіген іштегі жау тұра қашты.
Дандан мен Хакім дағы шат болысып,
Банудың сөздеріне құлақ асты.

Мәлике пері оқуын білетұғын,
Сонымен жауын ұстап жүретұғын.
Сансыздың арсыздығын естіген ол,
Түнімен “Афсүн оқып” жүретұғын.

Төртеуі зынданды ашты бірге келіп, 900. Жатты Сансыз мұнда дір-дір етіп.

Қалайша бүйткенін де білмейді өзі,
Қарайды алақ-жұлақ ыржың етіп.
Сансызды жүрді айдап өз жеріне,
Көрінді өлген ләшкер көздеріне.

Мәлике сиқырменен қырыпты да,
Қалғанын қуалапты өз еліне.
Қуанды бұған Хакім Дандан менен,
Жойылды жауыз жауы жалмаймын деген.

Көптеген алғыс айтып Мәликеге,
“Сенімен орындалды арман” деген.
Ер Дандан сүйген жанын жары етті,
Аралап үш шаһарды тамаша етті.

Көрсе де көп мехнат Дандан, Нәркес, 914. Ақыры мұратына түгел жетті.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙