TELEGEI

Home

Түнгі сарын

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Түнгі сарын

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

(пьеса)

Төрт актылы, алты суретті пьеса

ҚАТЫСУШЫ АДАМДАР

Майқан – "Жыландының" болысы. Олжай руының ең жуан ауылынан, 40 жаста.
Бибіш – әйелі, "Жүзтайлақ" деп атанған сұлу, 28 жаста.
Нұрқан – болыстың інісі және кандидаты, 28 жаста.

Кәрім(Кәкен) – қазақ адвокаты, ұлтшыл оқығандардың бас адамдарының бірі, Майканның досы. Жүніс (Жүке) – оқыған. Қарсақ руынан. Жазғы демалыста елде жүрген қызметкер. Зор денелі, мықты жігіт, жасы 25-26-да.

Сапа – мұғалім. Жасы 30-да. Ғалия шәкірттерінен.

Жантас – кедей. Езілген аз ру. Борсақтан шыққан балуан, әрі мерген. Жас шағы болыс қолыңда жалшылықта өткен, жасы 30-да.

Мөржан – қалыңдығы, болыс ауылындағы кедей қызы, 19-да.
Ояз Казанцев – қазақуар, тіс қаққан, ескі ояз.
Жұмажан – Мөржанның бауыры, жасы 17-де, болыс ауылының биешісі.
Сәруар – мұғалімнің әйелі. Татар қызы. Өзі де мұғалім. Пікірлі әйел, 28-де.

Қыдырбай (Қыдыш) – болыстың оң қолы, партия басы, ақсақалы, руы Олжай, жасы 60 шамасында.

Тәнеке – Борсақ руының өткір шалы, кедей, жасы 50-де.
Ділда – Жантастың шешесі, 50-де. Болыс үйіндегі малай қатын.
Шатақан – болыстың жылқышысы, тілеулес.

Бөрібасар, Бойбермес – Болыстың малшылары, бірінің аты Қыдырбай, екіншісінің аты Нұрқан еді. "Жүзтайлақ" жаман иттің аты "Бөрібасар" деп, екеуіне де өз иттерінің атын қойып, солайша атап жіберген.

Семенов – подъесаул. Карательный отряд бастығы (казак-орыс), офицер.
Жігіттер, әйелдер, шал, әскер.

БІРІНШІ АКТ

Бірінші сурет

Болыс аулының сырты. Шалғын. Аз ғана тоғай, бұлақ. Жүзтайлақ серуенге шыққан. Басында қара мақпал шапан, қолы толған алтын жүзік, жұмыр білезіктер. Құлағында алтын сырға – шеңбер сырға. Аяғын шайпаң басады. Артын ала Мөржан құманын ұстап келе жатады.

Көрініс

Жүзтайлақ. Ей, қыз, неге үндемейсің?
Мөржан. Не айтайын мен.
Жүзтайлақ. Не дедім мен саған? Неғып сазарып қалдың?
Мөржан. Айтсам да ауыр, айтпасам да ауыр.. Енді айтайын!

Жүзтайлақ (паңданып, сырт қарап). Бәсе айт, жетті енді. Бұрын көнбей келіпсің, енді міне мені салып отыр. Ол саған аз сыбаға ма? Мөржан (тамсанып). Япырай, жеңеше-ай, маған шен беріп тұрғандай сөйлейсің-ау!

Жүзтайлақ. Күйіп кеткірдің зілдісін... Тілімді қайрайын деп пе едің?
Мөржан. Буынсыз жерге пышақ салған соң қайтейін...

Жүзтайлақ.Тоқтат енді қылымси бермей. Мен айтқан соң буынсыз болмайды. Кімнен тартынасың? Біздің ауылдың буы ғой асқақтап тұрғаның (Тоқтап.) Не қыласың, сорлы! Мен айтқан соң өлдің ғой! Сөз сол.

Мөржан. Жоқ, жеңеше, Бұл жерде тіліңді алмаймын...

Жүзтайлақ (бастырмалатып). Немене? Кімнен әулие едің? Тең көрмей тұрмысың әлде, бекзада неме?

Мөржан. Жантастың көзіне шөп салмаймын.

Жүзтайлақ. Е, ол сенің көзіңе шөп салмайды ғой (кекетіп), көзің жеткен ғой, тегі! Жантас кімнің Жантасы? (Сықылықтап күліп.) Біліп пе ең?

Жүніс, Нұрқан шығады, екеуі де жақсы киінген.

Көрініс

Жүніс (қалжақтап, ойнап). Бәрекелді, жолы болар жігіттің дәйім жеңгесі осылай келсеші! Жеңешемдей болсашы! (Бибішке үйіріліп.) Әттең, дәурен! Жүзтайлақ (бұған салқын қарап, басындағы шапанын иығына түсіріп зілмен). Немене тәйтіктеніп? Шырағым, байқа, құрбың бар ма мұнда? Жүніс. Ойбай, жеңешетай, ренжіп қалдыңыз ба? (Қысылып күліп.) Менікі жай еркелегенім еді! Жүзтайлақ (Нұрқанға). Ағаңмен екеуіңнің қасыңа ергеннің бәрі дәйім өстіп, асып кеткенін сезбей қалады-ау, Мырза жігіт. Нұрқан. Жеңеше-ау, асып не қылды? Кісі басынатын кісі сен емес қой. Несіне ұялтасың? Жүзтайлақ (тыңдамай, Нұрқанға). Қойшы, Мырза жігіт... Әмісе орныңды ұмытасың!

Нұрқан. Ай, жеңеше-ай!
Жүзтайлақ (жарыса). Мына біреу күң де тең-тұсың бола қапты, жауап қатын!

Нұрқан. Е, бәсе, Мөржанды айтсайшы! Мен десе аза бойы қаза тұрады. Тәрізі, қорықса керек менен. Не жазған кісі екем осы мен? Білдің бе, жеңеше?

Жүзтайлақ (жақтырмай). Сөзіңе болайын!
Нұрқан (жалт қарап). Апырау, тағы не жаздық?
Жүзтайлақ. Ат-шапанынды неге атамайсың одан да?..

Жүніс (Нұрқанға). Тәйірі, Мөржан сенің тіліңді қайырайын деп жүр деймісің арадағы кісі жаңсақ айтып жүрген де! Нұрқан. Өзім де солай ойлаймын, ең соңғы рет жеңешемнен айтқызғаным сол ғой.

Жүніс. Енді жеңешем салмақ салған соң болғаны ғой! Не сөз бар?
Мәржан. Сіздерге ойын керек қой.

Жүніс. Бәрекелде, ойнамайтын, күлмейтін жастық бола ма? Ойынымыздан айырмасын. Мөржантай!

Мөржан. Қақпай тас ойнағандай.

Нұрқан. Ажар салатын жеңешем, айтқызатын мен. Сенің әлі де олқың бар ма осы?

Мөржан. Жөнге жұмсаса бір сәрі... Мазаққа...

Нұрқан. Менімен жақын бол деген саған мазақ көрінеді екен? Теңің емеспін ғой, тегі... Солай дерсің әлде? (Күледі.)

Мөржан. Арам жүріске не деп мәз болайын, мазақ демей...

Жүніс. Махаббат, жастық, онда арам, адал деген болмайды, Мөржан. Ондай сөзді қой сен! Нұрқан (кекетіп). Әлде нақ сүйерім болмақ шығарсың (Күліп.) Әлемнен асыпсың ғой, сен!

Мөржан. Әркімнің өз нақ сүйері бар шығар.
Жүзтайлақ. Көргенсіздің сөзін...
Мөржан. Сізге тең болмағанмен өз теңім табылар.
Жүзтайлақ. Шатқызба енді мынаны...

Жүніс (Нұрқанга). Не понимает, дура!
Кетеді.

Көрініс

Жүзтайлақ (жалғыз). Сені адал қатын, жақсы қатын дегізіп, онымен тәтті дәурен сүргізіп, тыныш қарап отырармын мен. Сіңірі шыққан күң, менің иығымнан түскенге сен неге місе қылмайсың! Мырза жігіттен қалған сарқытқа Жантас неге шүкірлік етпейді? Болыс төсегін арамда да, өзіңдікін тағы амандап қал (Кекетіп күліп.) Жоқ, шырақ, өйтсең ойын бұзылады (тоқтап), Жүзтайлақ сүйсе де тістеп сүйіп әдеттенген.

Жүніс қайта шығады.

Көрініс

Жүніс. Жеңеше, айтпасам ішке қату боп байланады.
Жүзтайлақ (күліп). Енді қату деген сөз шықты ма?
Жүніс. Я, теріс пе?

Жүзтайлақ. Бұдан бұрын "өрт еді, уланды, дерттенді" деп едің. Енді мына бір пәлесі тағы шықты. Осы сіздің ішіңіз-ақ ластан арылмайды екен! (Күледі.)

Жүніс. Соққыңыз қатты, неге аямай серпесіз?
Жүзтайлақ. Олай болса ашулансаңызшы! (Күледі.)
Жүніс. Ынтықпын, сондықтан ашулана алмаймын. Аямассыз ба?
Жүзтайлақ. Бала, не қыласың бізбен ойнап?

Жығылып қалсаң мұрның қанайды (күледі.) Жылап жүрерсің...

Жүніс. Сонда да талмаймын. Бәрібір сізсіз атар таң, шығар күн жоқ. Қаната, жылата бер. Жүзтайлақ. Біздің сын ауыр келеді... Бұғанаң қатпаған. Салмағым салсам майысып қаларсың. Жүніс (жақындап). Тым құрмаса саусағыңның ұшынан бір сүйейінші (ұмтыла береді.) Жүзтайлақ (зілмен). Тарт... (Анау тоқырап қалады.) Өзің айтып (күліп), неменеңе қызығайын? Қояберген шашыңа қызығайын ба әлде? (Күледі.) Жүніс. Япырай, қорламасаңызшы, сынаңызшы. Сүйгендігім үшін отқа түс десеңіз отқа, суға десеңіз суға түсейін. Жүзтайлақ. Батыр, осы у, от дегенді қойшы. Мен бір көрікші ме едім, "отқа сал да суға сал" деп қара темір ұстағандай (күледі.) Жүніс. Не деген нұрлы, не деген сиқырлы! Бірақ неткен алыс сұлу. Дариға оң көзіңе ілінетін күн болар ма, жоқ па? Жүзтайлақ (қарап тұрып, аз емексігендей болып, жақындап күліп). Жарайды, сынайын... Бірақ асықпайсың, көп сынаймын, төзесің. Біздің көмей үлкен көмей, бала... Өкініп жүрме тек.

Шығады. Артынан қуанып Жүніс те кетеді.

Көрініс

Жантас пен мұғалім шығады.
Мұғалім. Ие, қиын күн туды. Сын кезең. Милләт халі мүшкіл.
Жантас. Алғаш, алады дегенге бір-ақ ай өтті. Енді міне спескі.
Мұғалім. Ел өзі мына Майқанмен сөйлесті ме?

Жантас. Ел Майқанды сөйлеспей-ақ біледі ғой. Жалғыз-ақ, осы сіз қалайша дәме қыласыз? Соныңызды айтсаңыз екен! Мұғалім. Қалайша деп, өзгені қойғанда оның да жан күйері бар емес пе? Қия ма?

Жантас. Жан күйерінен бірде-бір ісісі кетпейді. Орналастырып жатыр.
Мұғалім. Қойшы!

Жантас (кекетіңкіреп). Бәрекелде, өте жақын адамдары тіпті спесіктерде жоқ, ал.

Мұғалім. Өзге елді, көпті қайтеді? Кіммен кісі болып отыр?

Жантас. Көп дейсіз бе? (Күледі.) Көпке сеніп қора салғызып жатыр, ұқтыңыз ба?

Мұғалім. Қора дейді, о несі?

Жантас. Биыл мал көбейеді. Бұрынғы қора тарлық қылады дейді. Тыңнан. Борсақ жерінен мал қора салғызғалы жатыр. Мұғалім. Ғажап. Менің күтпеген характерім бұл кісіден. Онсыз да Олжай сіздің елді жылатумен келмеп пе еді? Бұл әлі осындай ма еді өзі?

Жантас. Жылату ма? Борсақ, Борсақ eмеc, бұларға бауырсақ қой.
Мұғалім. Хикмет, бұ да көп болыстың бірі болғаны ма?

Жантас. "Ұлықтан шен алып, дәреже де алып отырған бай, болыс әр жерде өз елін сатып отырады", – деп өзіңіз айтпап па едіңіз? Мен сол сөзіңізден бері қарай, тап осы Майқан болыстың басқан ізін бұлжытпай танитын болып едім. Мұғалім. Әлде, сен бірақ жағынан қарайтын шығарсың? Бұл газет оқиды, пікірлі адам, Кәкендей адвокат, милләтшіл, басшы, оқыған досы да бар. Жантас. Дос емес, сол адвокатыңыз Майқанмен қыз беріп, құда болмақ дейді ғой. Мұғалім. О да ғажап екен.... Қалайша? Бұл өзгелерден бөлек болса керек еді ғой. Жантас. Мен сіздердей көзі ашық адам емеспін, бірақ ер батқан соң жорғалық шығады. Біз болыстың айласы мен салмағы арқамызға аяздай батқан елміз. Сондықтан көргішірек болған шығармыз. Мұғалім. Онда елдің басшысыз болғаны ма? Жоқ, ең болмаса, ана адвокат Кәкеннің пікірін білу керек.

Жантас. Оны өзіңіз сынарсыз... Әйтеуір елдің шыдамы таусылып барады.
Мұғалім. Ел не істей алады?.. Адасады ғой сорлы!

Жантас. Бәрібір тасты жапалаққа ұрсаң да, жапалақты тасқа ұрсаң да жапалақ өледі деген. Елге де сын, басшыға да сын болар.

Мұғалім. Мүшкіл, мүшкіл хал.

Жантас. Мұғалім! Мектебіңізден оқымасам да қасыңызда жүріп көп тәрбие алып едім. Туған әкемнен көрмеген ұстаздық көрдім, тіпті көп алғыс айтам осы үшін... Мұғалім. Бар болғыр, оның несін айтасың? Мен де сенің ерлігіңді көз алдыма тұтып, жақсы көрмеймін бе?

Жантас. Бәрекелде. Жақсы айттыңыз, ендеше, бір нәрсе сұрайын.
Мұғалім. Сұрама деген кісі бар ма? (Күліп.) Сен немене саптаса сатып?

Жантас. Ендеше, өзгені қояйық, осы өз басыңыз кіммен боласыз. Ел сізді біледі. Жақсы көреді. Сіз болсаңыз болады... Мұғалім. Мен бе? Ойлану керек. Кәкеңмен бір тілдеспей болмайды. Бірақ түбінде ел қажығалы, қайғылы бір халдің үстіне келіп, болыс бір бөлек, көпшілік бір бөлек кететін болса, мен әрине сендермен, көпшілікпен болармын. Жантас (жылдам басып мұғалімнің бір қолын екі қолымен қысып сілкіп). Бәрекелде!.. Менің естімегім осы еді... Мұғалім. Сенің түбің Борсақ болғанда менікі де сонан қашық емес қой. Болыс емес, жыныстасым сенсің ғой. Жантас. Аузыңнан айналайын, мұғалімеке! Өзің айтқан сорлы елің жылағалы тұр. Соның көз жасын сүртер болсаң жынысыңды ақтағаның. Осы кезде сырттан Мөржан даусы шығады. Жантас, мұғалім тыңдайды. Аздан соң Нұрқан Мөржанды қуа шығады. Алыс-жұлыс. Мөржан. Шыбын құрлы болма дейсіңдер ме? Шыбын да жанын қорғайды! Көнбеймін қорлыққа. Қорлыққа көнгенше өлгенім артық. Нұрқан. Күң, қатыным болғанға неге қуанбайсың, сен күң. Осы сені менің қолымнан кім алады. Нұрқан ұстап сүйе берем дегенде, Жантас шығады. Артынан мұғалім, Жүзтайлақ, Жүніс шығады.

Көрініс

Мөржан (Жантасқа қарай жүгіріп). Жантас-ай, ниеті қалай еді мыналардың!.. Жантас (қарап жіберіп, жайды ұғып). Нұрқан мырза, Бұл не ойлағаның? (Жүзтайлақ сазарып, түйіле қарап тұрады.)

Нұрқан. Жарайды, сен таусылатын ештеме бола қойған жоқ әзірше...
Жантас. Е, басыңа ойнақтасам да көтере бер дейсің ғой!
Нұрқан (Жүністен темекі алып тартады). Айтып тұрғаның не өзі.
Жантас. Ұқпай тұрған шығарсың?

Нұрқан. Ал ұқтым. Сонда Борсақтың қызын аяйын деп пе ең менен? Жантас. Борсақтың қызы, Борсақтың қатыны, оған есетендік болушы ма еді дейсің ғой.

Нұрқан. Жә, тіл-жағыңа беземей! Сенімен шешендік салыстырар уақытым жоқ.
Сәруәр шығып тыңдап тұрады, қолында гүл, роман.

Көрініс

Жантас. Салғыласар уақытым жоқ! Өйткені уақытың біреудің қалыңдығын жұрт көзінше масқаралауға кетіп жүр ғой. Әттең, астың-ау, бірің болыс, бірің кандидат болып aп. Нұрқан. Не айтады мынау? Не естіп тұрмын? Мұғалім, сенбісің мынаны құтыртып тұрған? Мұғалім. Мен емес екенімді білесің, Нұрқан мырза. Бірақ сіздің мінезіңіз дұрыс емес. Сіз ел ағасы адамсыз.

Жүзтайлақ. Мұғалім, Борсақтың сойылын сен де соғайын деп пе едің?
Мұғалім. Бұндай қиянатты менің мәслягім көтермейді.

Жүзтайлақ. Мәстегің көтермесе жайыңа жүр (Жүніс мәз болып күледі.) Әлде маған, сен көтеретін жүк емес екені рас. Жантас. Мың асқанға бір тосқын деген. Күн бір жауса, терек екі жауып... Онсыз елдің жылауы, дерті аз боп тұрған жоқ бұл күнде. Мынадай қан жылап тұрған күнде көзге шұқымасаңдар етті тым құрмаса. Нұрқан. Күннен қорқасың ба? Ендеше, тіліңді тый. Әйтпесе епті неме, кетерінде өңгере кетерсің окопқа. Жүніс (келіп). Жантас! Сен ақымақ болғансың өй! Құдай деп айтайын түк те болған жоқ. Әншейін қалжыңға ыза боп, даусын шығарып жүр Мөржан. Және мен бар емеспін бе? Мені қурай көремісің өзің? Тапа тал түсте саған жаманшылық істетіп қояр ма ем мен (Естірте). Бар жолыңа. Бол, доғар сөзді! (Жылдам басып Нұрқанға кеп.) Итті алдамасам болмас. Сыр берме, не қыласың! Бөгеу бола береді, қайтейін деп ең (Күліп арқаға қағып). Пай, батырдың тұқымы. Мықты екен балалары, жігіттікті де осылай кесек істейсіндер-ау.

Кетеді.

Жантас (кетіп бара жатқан Нұрқанға). Қап-қап, болмас. Борсақ болғалы көрген қорлығымның үлкені дермін осыны, Нұрқан мырза. Жүзтайлақ (Жантасқа). Жә, сенікі не әлі осы? Мен Мырза жігіт көзінше үндемедім, не дедің осы сен?

Жантас. Бәсе, сен не дедің? Өзің не, қаспысың, доспысың?

Жүзтайлақ. Менікі сол, не десең о де! Саған адал қатын керек... Өзгенің не дәті шыдайды екен? Жантас. Өзгенің еркі өзінде, ерікті кісі не тілесе соны істейді. Онда менің жұмысым жоқ. Жүзтайлақ. Не дедің? Сен еріксіздікке ұшырап жүр ме едің? Еркінді алып жүр екеміз ғой, тегі! Кімді қиып, кімге ара түсесің? Жантас. Онсыз да еркі аз адамға істеп жүрген зорлығың аз емес, соны айтам! (Мөржанды көрсетіп). Мыналарың сол ғой.

Жүзтайлақ. Ендеше, менен әулие ме еді. Борсақтың шөп желке қызы? Сәруар (ашуланып). Уллаһи, бү нинди хиянат! Әйтәрсің әллә нинди ханша. Ниләр суйли.

Жүніс. Сәруәр, қойсаңшы сен! Айт-үйт жоқ, немене бас-аяғын білместен.
Сәруар. Шаярмаңыз сіз! Біләм шу мен. Білмәгәнда, мына сіз білмисіз!
Жүніс. Нені дейсің өзің?
Сәруар . һәммәсін... Алар итақ та рәнжітә Мөржанні!

Жүзтайлақ (Жантасқа қадалған қалпында). Жауаптаспақ екенсің ғой. Ендеше, алдымен маған жауап бер. Кімді әулиесітесің? Мен кім, ол кім еді? Жантас. Ендеше, сені мен зорлағам жоқ. Онсыз да күйіп жүрген адамбыз, күйдірме, білдің бе?! Жүзтайлақ. "Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас", өзім-ау жал бітірген.

Жантас. Олай болса маған, малға бөккен бай қатыны, өзің тілегенсің. Жүзтайлақ (қатты ашуланып). Ендеше, өжет неме оны да айтарсың, шын саттың ба мені Борсақтың сасық қызына (Жантас үндемейді.) Мөржан. Опырай, не сұмдық айтып тұр мына кісі? Жантас-ай, елім бе ең, жауым ба ең, тегі! Не денді, неге үндемейсің? Сәруар. Әя, синің ярың икән әйтсін ул хазір, құдайым нинди қорлық, аһ Жантас, нинди син хиянатшы! Мөржан әллә сиған сунди кішіміни?

Мұғалім. Сәруәр, саған не болған? Жындымысың?

Сәруәp. Кирәкми сөзің, жінни сен. Шунди аждаһа хатынга міни сатырга Мөржанні! Мөржан. Жантас, мендік босаң жауабын бер, басымды әуре етпе. Онсыз да көрген мазағым аз боп па? Өзіңді базарға сап саудалатайын деп пе ең?

Жантас. Шын айтамысың?

Мөржан. Жүзтайлақтан көрген тепкім аз ба еді? Азар болса өртеп жіберер, өзі тілеп тұр ғой, мен де тілеймін, айт айтатыныңды. Жүзтайлақ (тайқи беріп Жантасқа). Сүйгенімнен күйіп тұрмын-ау! Аяғыма отырғызып па ем өзгені? Қадір білгенің осы ма, сен тексіздің? Жантас. Жүзтайлақ, бүйтпес едім, қылығың асты. Ендеше, Мөржан менің жарым. Бұл маған әрі жар, әрі дос. Саған мен бір түндік. Олай болса, өзің қандай болсаң мен де сондай. Сен де маған көптің бірісің. Сен деп есімнен айрылғаным жоқ, білдің бе? Қанжығаңда кетейін бе? Жүзтайлақ (қатайып aп). Ә, солай ма? Асылың сол ғой? Ұстасқан екеміз ғой, кінә өзіңнен. Бір жолғы спискеге кіргізбеген мен едім, енді міне кеткеніңді бірақ білерсің, көрермін өзгесін. Жантас (Бибішке). Қылдан тайсам ерегісетініңді білемін, осыған жеткенің жеткен-ақ. Бірақ көріп алдым. Қайтейін.

Мөржанды алып кетеді.

Көрініс

Сәруар (Жүніске). Нинди зур сөзләр сүйли, бу йүз түйә?
Жүніс. Ой, Сәруәр-ай, оны айтасың ғой.

Сәруар. Инді нені әйтіргә. Якші болса йүз түйә дигән исімгә қорлансашы. Адамзатты йүз түйә диләр, бірбірі сатқан, икіншісі сатып алған, ә ул. Подумаешь важничает! Ишкәкі, йүз түйәгә сатып алған уны!

Жүніс. Тәңір-ай, сол сөз бе екен?
Сәруар. Ну, инді ни кирәк сиңә. Атан башымыни шул?

Жүніс. Жантаспен жақын екен ғой, ойбай? Осынша қол жетпей-ей асын шынар! Аяғының ұшына жанды отыртпаған такаббар сұлу! Таңдағаны, талғағаны мынау ма еді? Жантас құрлым бағым жоқ, шынақ жолсыз ба едім тәңірі мен?! (Бекініп.) Жоқ олай болмаспын (Тез-тез басып шығып кетеді.) Сәруар (бұның сөзінің тұсында таңданып тұрады да). Қаһар, әллә нинди шиғыр оқимыни десем... Сихырланған бит мұнысы да! Артынан кетеді. Мұңайып отырып қалған мұғалім. Ол Бибішті тамашалауда. Бибіш иығында шапаны, мұңды, ашулы түрмен жүдеп отырып қалған. Енді ғана серпіліседі.

Көрініс

Жүзтайлақ. Япырай, не жазып едім мен мынаған, мұғалім! Кем басын теңге алғаныма, сүйгенімнен жаздым ба? Өмірі мұндай қорлық көріп пе едім? (Жылап жібереді.) Мұғалім. Бибіш ханым! Ұғыспағандық қой! Жастықта болады ғой. Бірақ сүйген жүрек, жастық махаббатты (күрсініп.) Әсіресе соның ішінде сіздің махаббат, сіздің ықыласыңыз қандай асыл, қандай нұр, нәзік сый болар еді. Жүзтайлақ. Ұқты ма, бағалады ма соны? Лақтырып, серпіп кетпеді ме? Менің осы ел ішінен жапа-жалғыз таңдап алғаным сол емес пе еді?

Мұғалім. Сізді сүюші аз ба? Білсеңіз еді кімдер сүйетінін.

Жүзтайлақ. Сүйгенімнен көргенім мынау ма? (Ашуланып.) Бірақ енді өкінбесін! Таңдайына татырармын. Үйелменімен өртемесем Жүзтайлақ атым құрысын. Таңдағаны Мөржан екен ғой. Оны Мырза жігітке күң қатын қып әпергенімді көрерсің. Осы сертіме сен куә бол, мұғалім. Мұғалім. Олай демеңіз, шын махаббат рахымды, кешірімді болады. Жантасқа кек ойламаңыз.

Жүзтайлақ. Адыра қалсын махаббат. Ар-намысымнан садаға.

Мұғалім. Құрметті Бибіш ханым. Не қылған сұлу, не қылған нұр сәулесіз. Ашуланған жүзіңізден де нұрдан басқа еш нәрсе көре алмаймын. Сіздің нұрыңыздың бір сорлы тұтқыны менмін, білермісіз? Көз саларсыз ба?

Жүзтайлақ. Мені сүйген кісі менің сойылымды соғады.

Мұғалім. Жаным, сіз осы сөздерді айтқан сайын тұңғиық аспан жұлдызындай болып менен алыстап бара жатқан сияқтысыз. Рахым етсеңіз болмай ма? Бір назар тастасаңыз ғаси пендеге тірлік қуатты болмас па еді? Жүзтайлақ (қатты). Мұғалім, қойшы күйіс қайыра бермей. Ана құманды ал онан да.

Мұғалім (селк етіп, қатты күйініп). Не дедіңіз, не деген күпірлік?
Жүзтайлақ (күліп). Сынға толыңыз, солай болады...
Мұғалім. Мені надан құрым санадыңыз ба?
Жүзтайлақ (күліп). Ана құманды алыңыз деймін.

Қолымен нұсқайды, мұғалім құманды алып ұстап тұрады.
Ділда шығады.

Көрініс

Ділда (Бибіиікт жақындай беріп). Болыс пен Кәкең кеп қалды екі пәуескемен. Келін қарағым, ауыл әбігер болып жатыр. Жүзтайлақ. Жә, болды, ел қашты, жау жетті демей! Әбігер боп, қонақ көрмеп пе ең? (Жүре береді.) Ділда (мұғалімге). Қарағым-ау, Нұрқан ашуланып кеп Борсақ деп ауылды бүріп жүр. Жантас бірдеме етті ме деп шошып жүрмін, күн жаман боп барады. Аман ба еді біздің жалғыз?.. Өзіңді ылғи ес көреді, қарағым!

Мұғалім (серпіліп). Шеше, ә, әншейін... Ә, дәнеңе жоқ. Е, әлгі кеткен бе?
Қолындағы құманды көтеріп қарайды.

Ділда. Қарағым, маған берші мына адыра қалғырын, не қылайын деп ең бұнысын ұстап әлдекімше... Ойбай, паң ғой бұл Жүзтайлақ, сиқыр ғой... әдейі бір қыры ғой саған істеген... Бекер ұстағансың ғой, қарағым, соңыңнан қалмайды сонан соң. Бері әкелші, бермен (Алады, кетеді.) Мұғалім (жалғыз аңырып қалып, артынан). Я, пірәдәр түсіндің бе? Бұл әйел нендей жыртқыш! (Басын изеп, бәйітше.)

Ей, Сұлтани Махмуд, не қылар сәп!
Мәгәр халқында юқ болса вахбуд (әндетіп.)
Жас бала жайып саусағын!..
Талпынған шығар айға алыс!..

Міне сәңә дәріс әпендім!..
Шыға береді.

Шымылдық

Екінші сурет

Болыстың үйі. Жасаулы сәнді кілем, түскиіздер, үлкен варшава кроваты. Төрде ақ жастықтарға шынтақтаған адвокат Кәрім. Ақ көйлек, кара желетке, алтын сағатты. Төсек жанында Бибіш, оң жағында Қыдыш, Бибіштен төмен Нұрқан. Ол үлкен тегенедегі қымызды сапырып құйып отыр. Бибіш Көкеннің аяғына қымыз құйғызып өзі ұсынып отыр.

Кәрім. Бибішті де ренжіткен екен ғой бұл ел...

Жүзтайлақ. Жоға деймін, тіпті малшы, қосшымызға дейін құтырғанын айтамын-ау.

Кәрім. Кімдер осы? Осы елдің әбігерін бастап жүргендер кім өзі?
Жүзтайлақ. Кім деріңіз бар ма? Ауызға алар біреуі де жоқ!
Кәрім. Жоқ, сонда да бірі бастап, бірі еретіні болмай ма?

Нұрқан. Е, көп шуылдақ, көп суыр, малшы, қосшы. Өңшең елден шыққан келімсек, қырық ру. Қыдыш. Онысы рас, соған сол жігітім кете ме деген тәуір елдің өзі де құрық бергендей! (Ділда кіреді.) Әттең, қолды байлап отырған сол ғой.

Көрініс

Жүзтайлақ. Ей, қатын, қазаныңды баптап қайнат, балаң ұлық боп жеткенше жұмсай тұрайық әйтеуір (Кекетіп.) Бір басшы мына өзіміздің кемпірдің баласы дейді, Кәке. Қыдыш. Көбі осындай, осы өзіміздің ығымызда жүрген адамдар. Тіпті пәлен дейтіні жоқ ішінде.

Кәрім. Бишаралар босқа сорлайды ғой.
Нұрқан. Жол біліп, жөн сілтері жоқ, бір сор түртіп жүр, не қыласыз.
Жүзтайлақ. Ажалды киік адырға деп, қаза түртіп жүрген де.

Кәрім. Қаза екені рас. Қазіргі жаза қатал ғой. Тоқтатпай болмайды. Обалына қалармыз бос қырғызып. Ділда. Құдай-ай, сақтай гөр. Қарағым-ау, жарығым-ау, айтсаңшы, Нұрқан-ау, күнім-ау, құрбысы емес пе ең, тыйсаңшы! Жүзтайлақ. Олай дегенше ана түлен түртіп жүрген балаңның өзіне айтсаңшы. Бізден кетіп, дәм-тұзды аттап, жолы болар деп пе ең?

Ділда. Сәулем-ау, менің ол қырсыққа ертелі-кеш қақсағаным осы емес пе? Нұрқан. Жоқ үндеме, жеңеше, дегеніне барсын, не қыларсың? Мойны қайрылғанын көрейік. Қайта қоя бер. Қыдыш. Дастарқан аттаған оңбас. Кемпір, осы балаңмен жетім-жесір боп қалғаныңда, осы үйге әкеп, осы Майқанның етегінен ұстатқан мен едім. Бізде қарызың жоқ еді, байғұс. Тағы бір достық айтайын. Жынданған бала жындана берсін, тап өзіңе айтарым, осы босағадан өлігің шықсын. Тапжылма, не қыласың, байғұс. Мына Бибішімді күте бер. Айтқаныңа тоқтамаса ана жынды балаға қарғысыңды айт. Ділда. Садағаң кетейін, қарағым... Айтайын мен оған, айтайын... Бірақ тілімді алмайды, менің өлігімді осыдан ал деп тағы айтайын.

Жүзтайлақ. Бәсе, сенің тілінді алып, сені аяй ма ол.

Ділда. Аямайды, аямайды, ойбай, ол қу жалғыз, бишара! Бірақ, тілін алса алатын бір кісісі бар, соны ғана бір айтсам деп ем.

Қыдыш. Айтсаңшы, байғұс-ау, оның несін іркіп жүрсін?

Ділда. Ендеше, әлгі мәлім бар ғой... Мәлім, молда, әлгі осындағы Сапа. Сол айтса тоқтар еді деймін, содан жанын аямаушы еді...

Кәрім. Онысы кім?

Қыдыш. Мұғалім! Тегі, соған сіз бірдеме айтып қоймасаңыз болмас өзі, тәрізі мынаның мына сөзінің жаны бар.

Нұрқан. Шақыртшы сол мұғалімді.

Жүзтайлақ (кемпірге). Бар, болды енді! Мұғалімге хабар қылдырт, біз шақыртады де! Ділда. Қарақтарым, қойғыза көріңдер енді, ұлықтың теріс хатына іліндіре көрме, қуатым, Кәкітайым (жылайды.)

Нұрқан. Бол енді, айттың ғой, жүре бер (кемпір кетеді.) Кәрім. Өзі, бір кемпірдің жалғыз баласы екен, бұндайлар мына списокке ілінбесе керек еді ғой.

Нұрқан. Өзі ілінгісі келген соң бола ма?
Жүзтайлақ. Ілінбейтін қылығы бар ма?
Болыс кіреді.

Көрініс

Кәрім (болыс отырған соң). Немене, Майқан, не хабар бар?

Болыс. Отқа түсер деймін, Бұл жынды көбелек құсаған есалаң ел, список тексермек дейді. Нұрқан. Е, соған ұсағандар аз деймісің? Мына көрші болыстар: Қарабұжыр, Көксуда да осындай ылаң басталыпты дейді. Береке-бірлік десе қандай табылмас еді. Әрекеге шұрқырасып, табысып жатқанын көрмеймісің? Қыдыш. Құтырар бұл Борсақ, Қарсақ, сауырын алғызайын деген екен, бір шайнап тастамаса болмас тегі осыны, бәлемді. Болыс. Борсақ, Қарсақ құтырып не қылар дейсің, тұтас тұрса қалың Олжайға не қылушы еді? Тегі, өзге елдің таразысын бақпай болмас. Өзі тұтасып, ұласып бара жатқан сияқты. Нұрқан. Өзге елді Қыдыш екеуіңіз қолға алыңызшы, дәл Борсақтың әптігін өзім басайын. Тәнеке, Жантастық жын өзімнен де табылады. Байлатып алса деп отырмын қазір екеуін.

Болыс. Оны қой әзірше, шырға керек. Болмайды.
Мұғалім кіреді.

Көрініс

Қыдыш. Мұғалім, мынау ел сенің тіліңді алады дейді. Кәкең болса, міне келіп отыр. Не ойлағаның бар сенің осы? Тыясың ба, жоқ, қырылсын деймісіңдер осы қазағың? Біреуден біреу желік алып, міне пәле ұлғайып барады десіп отыр, міне! Мұғалім. Сіздің бұлай деуге қандай қақыңыз бар! Елдің басшысы мен бе екем? Сіздер емес пе?

Болыс. Мұғалім, қашыртқыға салғыңыз келе ме?
Мұғалім. Мен түсінбеймін!

Болыс. Тоқтау айтыңыз. Сіз айтсаңыз тыйылады дейді. Әне, өрттей қаптап келе жатыр. Мұғалім. Бұларыңыз маған мәжбүри реуейіште қойылған мәселе ме? Шарт па? Немене өзі, болыс әпәнді? Кәрім. Жоқ, сіз де, біз де осы елдің бір жарасын емдеуге мәжбүрміз, солай емес пе?

Мұғалім. Әлбәттә!

Кәрім. Сіз көбіне таныс болсаңыз, тіліңізді алса, араласыңыз, мұны мен де қажет деп білемін.

Мұғалім. Бұл бізге сын ба өзі, тегі? Жоқ, жай тегі, ел қамын ойлау ма? Жүзтайлақ (күліп). Сын десе қашайын деп пе едіңіз, мұғалім? Сын дегеннің тандайыңызға татығаны бар ма еді әлде? (Күледі.) Қадам баспай жатып саудаласқан сияқты боп. Мұғалім. Жоқ, Бибіш ханым! Көп тілегі сол болса, мен сөйлесуден тартынбаспын. Бірақ тәсрім болар деп сенбеймін.

Кәрім. Не де болса араласу керек, сөйлесу қажет.
Мұғалім. Кәке, сіз шаһардан келдіңіз. Менің сізге бірнеше сәуәлім бар.
Кәрім. Айтыңыз...
Мұғалім. Осы мәселеде өз пікіріңіз қалай? "Қазақ" газетінің пікірі қалай?

Кәрім. Бар үлкен қалалардағы қазақтан шыққан зиялылармен хат алысып отырмын...

Мұғалім. Я, соны айтыңызшы! Мен үлкен дағдарыста жүрмін.
Кәрім. Ол азаматтардың пікірі, менің пікірім бәрі бір...
Мұғалім. Не дейсіздер?
Кәрім (күліп). Халыққа айтамын, сонда естисіз.

Мұғалім. Мақұл, айыпқа бұйырмаңыз.

Кәрім. Еш нәрсе етпейді, мұғалім... жалғыз-ақ, сіз өз жағыңыздан мына ел басшылары айтқан сөздің жөнін айтып көріңіз...

Мұғалім. Ел үшін қажет пе сол?
Кәрім. Керек.
Жүніс кіреді. Бибіштен төмен кеп отырады.

Қыдыш. Жақсы келдің, Жүніс шырағым. Олар Борсақ болса, сен Қарсақ, әрі оқыған азаматсың.

Жүніс. Я, не бұйырмақ едіңіз!
Жүзтайлақ. Дұрыс, бәсе осылай сөйлемес пе жас жігіт!
Қыдыш. Мен соларға қарсы сені қосам ба деп отырмын.
Жүніс. Қосам дейсіз? Бұл өзі бәйге екен ғой, тегі...

Қыдыш. Қарағым-ай, сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл емес пе? Ойында озған, шында да озады. Кел, Жүке, осыны екеуміз бәйге қылайық. Нұрқан (Бибішке). Ал, Қарсақ, Борсақ жарысы болады. Жеңеше, балуаның қайсысы, бәйгенді тік.

Болыс. Қой бұл ойын емес, шын ғой, әзілді қойыңыздар.

Жүзтайлақ. Әзіл емес, біздікі де шын. Мен өзім көптен осы Жүкең деген кісімін (Жүніс қарайды.) Оны өзі біледі.

Жүніс. Мазақ болмаса көрерміз, жеңеше.
Жүзтайлақ. Мазағың не? О не дегенің?
Ділда кіреді.
Нұрқан (қасына таман ымдап шақырып aп). Кемпір, айтпай істесем қарыз болар.

Жүзтайлақ. Бәсе білдіріп қой өзіне.

Нұрқан. Ана келе жатқан елдің ішінде балаң да бар дейді. Міне, не ол елді де тоқтатып, өзі де тоқтайды. Немесе осындағы келініңді де бұйыртпаймын, білдің бе? Балаңнан бір, келінің екі айрыласың... міне, айттым да қойдым... Ділда .. Қарағым-ау (Нұрқан мен Бибішке), қолдағы бишараң емес пе ем! Не қыласың! Менің зәремді алып? Жалғыз жұбанышым сол Мөржан емес пе? Қарақтарым...

Нұрқан. Ә... Солай ма? Бәрібір мен күнәлі болмаймын...
Жүзтайлақ. Әлін білмеген әлек деген сол болады, кемпір.
Сырттан шаң-шұң шығады.
Болыс. Келді ғой! (Қыдышқа.) Үстімізге кіргізіп отырамыз ба басынтып.

Қыдыш. Кірмесін, түге. (Дауыстар.) Сый қонақ бар мұнда....

Жүзтайлақ. Төрімізге шығарып, төбемізге ойнатушы ма едік? Әкелмеңіздер Кәкеңнің үстіне. Болыс. Қайда Шатақан! Шатақан! Бұнда кірмесін, тысқа түссін демеп пе ек, қайда жігіттер!

Нұрқан. Тәйірі, немене өзіңіз ыққан кісідей, қымтанып.
Кәрім. Бәсе, немене бұл өзі, қорқушы ма едік өз елімізден?

Шатақан (тыста есік алдында). Уа, бұнда кірмеңдер... Сый қонақ бар! Құда бар. Кәкең!

Дауыс. Болсын. Сол Кәкеңмен сөйлесеміз, кіреміз.

Нұрқан (есікке таман барып, ақырып). Бұл не бассыздық?! ІІІығамыз қазір, түссін тысқа! Тәнеке, Жантас, Бөрбасар, Бойбермес кимелей басып кіріп келеді, арттарында Шатақан бажылдайды, көп елдің кернеп келіп тұрғаны көрінеді. Нұрқан кейін басады.

Көрініс

Тәнеке (кіріп тұрып). Құба құстың тұмсығы етіңе тисе, атаңның төрі түгіл көріне кірерсің, кір, жігіттер!

Жігіттер сыймай есікті кернеп тұрады. Мөржан, Сәруар да кірген.
Төбеме көтере-көтере болғанмын, әулие тұтып. Аманбысың, Кәрім мырза!

Қыдыш (өтірік күліп). Жұлқынып жүрген кім десем, тағы сен бе едің, қайыс аяқ? Тәнеке. Тағы мен! Тағы мен! (Қолымен жігіттерді көрсетіп). Міне мен! Мына тұрған көген көздің бәрі мен! Жылап келген тағы мен, жылатушы тағы сен, Қыдырбай. Болыс (күліп). Тәкең жастарға қосылып, жасарып алған ба, немене? Жастар айтатын сөзді айтып жатыр ғой. Тәнеке. Бәрекелде, жақсы болыс, жасармасы бар ма? Жасартып жатырсың ғой көгертіп. Ана окобыңа мені де жаз. Борсақ, Қарсақ сияқты, жаман-жәутіктің жігіті жетпей жатыр, солардан үш жүзге толтыра алмай сен қысылды деген соң әдейі келдім. Мені де жаз жастардың қатарына... Өзге ісіңнен қиын боп па?

Мұғалім күледі.
Сал, әпкел мұнда спесігіңді, жетпегенін толтырайық деп келдік, түге.

Болыс. Ауыртпалық көтерісейін деген екенсің ғой. Бүйтпесең елдік істейтінің рас, Тәке! Жантас. Ауыртпалық біздің ауыртпалық қой. Ел болып келгеніміз сол. Сондықтан спесікте біздің спесігіміз болсын. Тәкеңнің айтқаны рас, спесікті беріңдер.

Бөрібасар. Спесікті қолымызға беріңдер, келгеніміз сол.
Дауыстар. Беріңдер! Шығарыңдар, көреміз!

Болыс (Жантасқа). Спесікті қайтпексің? Өзің кімге қарсысың, спесікке ме, ұлыққа ма? Дауыстар. Ұлыққа да, саған да қарсымыз, ал! Ұлықтың атқан оғы болсаң алдымен саған қарсымыз. Ұлық деп жотасын көрсетуін, ең алдымен ұлығыңмен боламыз, бер спесікті!

Нұрқан. Спесікті саған беріп болыс пен кандидат құрып қап па?
Дауыстар. Құрыса құрысын! Неге құрымайды ұлығы, болысы бәрі де.
Бөрібасар. Енді асқақты қой, Нұрқан! Жетті. Көзімізді ойып болғансың.
Жантас. Ең әуелі бізге спесікті көрсет!

Жүзтайлақ. Тіл бітейін деген екен, өзіміз-ау тіл бітірген, "сен" деп сөйлеуін, семіп қалғырдың! Жантас (шапшаң). Олай десең әуелі өзің жақсылап сыйлап аларсың, Жүзтайлақ, қыздырмай отыр тілімді. Жүзтайлақ. Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты деп, қара мұның аяқ астынан!

Жантас. Бәсе, аяғыңның астынан шығар саған пәле шыққанда.
Жүзтайлақ (бұрыла бере). Құл құтырса құрыққа деп!

Сәруар. һаманда сіз уждансыз залым сезіп сүйлисіз, ә, өзіңіз яқшы, бәйбіше хисапланасыз!

Қыдыш (Сәруәрға). Шырағым Салдуар келін (болыстар күледі.)
Болыс. Сәруәр деңіз.

Қыдыш. Құдайдың кәлимасына келмеген тілімді бұл жерде қайта тудырам ба? (Нұрқандар күледі.) Шырағым Салдуар, осы сен екеуміз орысшыласпай-ақ қояйықшы осы, ұғыспаймыз, қайтеміз! Жантас (болысқа). Біз қарсы болғанда күн бір жауса, терек екі жауғанына қарсымыз. Болыс. Неғыпты, не бола қапты? Екі жауып? Алыпқаштыға, көптірген өтірікке сеніп жүрсіңдер ғой.

Қыдыш. Бәсе, лаулап жүргендерің бәрі өтірік лақап қой.

Жантас. Ендеше, сол өтіріктің кілтін аша қойыңдар – иесі бар? Кәне, мынау Олжай ішінде 30 ауыл Мықтыбай едің, сендерден неше жігіт? Ана 6070 үйлі Борсақ, Қарсақ сияқтылардан қанша жігіттен? Көрсете қойыңдар?.. Бөрібасар. Бұндай спескі жасайтын болсаңдар біз мына окобыңа бармаймыз, ел жігітін бермейді. Дауыстар. Бармаймыз, көнбейміз. Болыс пен ұлығы шауып алсын, міне бізді (болыс сырғып қысылады, Қыдышқа қарайды). Қыдыш (тамағын кенеп, жүгініп алып). Ә, әрмән әрі, көп шуылдақ, жынымды келтірмей! (Ақырып.) Үйтіп жіберерсің сен мені! Омай... Қайтер екен десем ырық бермейді ғой.

Бөрібасар. Уай, Қыдыш болсаң қайтейін, қиналмай-ақ қой үйтіп.
Бойбермес. Елдің құйрығын қарға шаншып болғансың.
Дауыс. Әкімсуің, билеп-төстеуің жеткен.
Қыдыш (ақырып). Жеткен жоқ, тыңда, мына мен енді айтамын!

Бөрібасар. Не айтасың, не айтасың?

Қыдыш. Уә, кімге келдің? Не деп тұрсың, түге! Мұнда кім отырғанын көрмеймісің? Бұл Кәкең. Қазақтың ақжүрек азаматы, басшың міне! Сендерге айтпақ сөзі бар. Тыңдамас, андамас болар ма! Осы өл десе өліп, тіріл десе тірілмекпіз бәріміз де. О несі екен улап-шулап, үлгісі, ұстазы жоқ елдей. Тәнеке. Жарайды, ал, олай болса тыңдайық. Кәкеңнің атағын біз де еститінбіз, тыңдамаймын деген кісі жоқ.

Нұрқан. Ендеше, немене ұлыған қасқырша шуладыңдар, көргенсіздік қып?!
Мұғалім. Неге керек сондай сөздер, Нұрқан мырза? Қояйық, Кәкең сөйлесін.

Жантас. Сөйлесін Кәкең, біздің бәріміз де көзсіз елміз, басшының басшылығына құштармыз. Кәрім (ырғалып). Сөйлесек, ел аңғарын байқап отырмыз. Мәселе списокта емес сияқты, список деген сылтау.

Болыс. Рас сылтау, құр сылтау.
Жантас. Списокте де көп мән бар, сылтау ғана емес.

Кәрім. Шын түйін: ұлық не тілейді, сен не тілейсің, сонда ғой. Біз сенің тілеуіңді тілеген, сенің ішіңнен шыққан балаңбыз. Сенің жарға ұрынғаның бізге де тұрғызбастық дерт болар еді. Бірақ біз тілеген пәле емес, біздің еркіміз де емес. Патшалық үкімет әлі әзір күшті. Ол айтқанын істете алады, көнбегенді көндіре алады. Әлсіз ел, айласыз ел босқа арандайды мұндайда. Менің сөзім қысқа. Әдейі сендерді арандатпай тыяйын деп келдім. Барлық қазақ басшысының пікірі осы. Тілді алсаң елге де, кемпір-шал, бала-шағаға пәле тілеме. Бүгінгі заң жаман, әскери сот үкімі ауыр. Біз бұны ойлап, толғап болғамыз. Байлау сол, әкесі өлгенді де естіртеді, жігітіңді бересің. Бір қазақ емес, әлемге келіп жатқан апат, жігіттер, сол окопқа барасыңдар, басқа айла жоқ.

Дауыстар. Әдейі келгенде айтарың сол болса, келмесең де болушы еді ғой.
Бөрібасар. Бұл – елге жаны ашығанның сөзі емес қой.
Қыдыш. Қой енді, тағы лауылдамай, не айтты: сабаңа түс, ойлан!
Жым-жырт.

Мұғалім (жұрт аңыра қалады). Жаңағы жігіт рас айтты. Ел басына келген мұндайлық жаһалат-зұлмат күнінде сол милләттің адал ұлы деген азамат мұндай сөзбен елге келмесе де болар еді.

Кәрім. Не айтпақсың, мұғалім? Мен елден бос шығын шықпасын деймін. Мұғалім. Қой да аман, қасқыр да аман болсын дейсің, бірақ қой амандықтан кетті, бәрібір кетті ғой.

Кәрім. Елді бүлдіріп, жарға жығайын деп пе едің?

Мұғалім. Сенген қойым сен бе едің? Ел деп не қыласыз сіз? Еліңіз кім екені танылды ғой. Кәрім. Тегі, сені сор түрткен молда екенсің. Ең алдымен кетер жеріңе сен кетерсің, ендеше. Мұғалім. Тұрғы келсе мен сонда кеткенімді абзал көрем. Шунки сіздің қасыңызда қалуға езіме ләзім деп білмеймін. Сарала түйме таққан төренің қазақты алғаш сатқаны бұл емес.

Тұрып жүре береді.

Тәнеке (бірге тұрып.) Садағаң кетейін, мұғалім, шын елім сен екенсің ғой. Ал енді спесікті бер, не тұрыс бар? ,

Дауыстар. Бер, шығар. Түсір, болыс, спесікті.

Жантас (тұрып). Болыс, қазір бересің спесікті, кетіскен жер осы, не елмен, не шенмен боларсың бұдан былай. Нұрқан. Шын кетісейін деген екенсің, Жантас. Онда мына артыңды (Мөржан, Ділданы нұсқайды) өртеп кетерсің?! Ділда (Бибіштің қасынан тұрып, Жантасқа жабысып). Қу жалғыз, қақсаттың ба мені? Қуарған, неғып бүлдірдің ойбай, өлтіріп кет мені! Жантас. Өлтірмеймін, жүр, алып кетемін. Мөржан, сен де! Сендерді әкеткелі келдім! Ділда. Мені осы арада бауыздап кетесің, мен дастарқан аттамаймын, сұмырай! Кетсең, міне (теріс бата қып) Жортқанда жолың... Тәнеке (қолын қағып жіберіп). Жағыңа жылан жұмыртқаласын, есі шыққан сорлы. Тарт былай... Неге өлмейсің осымен бірге, елмен бірге! Жантас шешесі жабысқанда). Анам едің, жаман сөз айтпаймын, бірақ қайтейін, кімнен кім айрылмай жатыр, тек тірі бол (Кемпір дауыс салып болмайды). Мөржан, сен не дейсің? Нұрқан. Мөржан біздің қолымыздағы нашардың қызы, мына Жұмажан оның иесі, біз оның ықтиярынсыз саған жетектетіп жібере алмаймыз!..

Жүзтайлақ. Тамам қолды жиып кеп қатын алмақ екен ғой.

Ділда. Бармайды келінім, өлтіріп кет, өртеп кет, ақ сүтімді садаға қып кет, жуадай солғыр (жылап жабысады). Мөржан (Сәруарға). Мен не дейін, апатай-ау! Ел түрін көрдің ғой. Мына жауыздар міне. Осы пәленің қолында қалам ба? Сәруар. Булды. Мүгалима дә, мин дә, китәміз буннан. Мин һәммәсін дә ойладым. Жүр қазір Жантас білән. Жантас. Мөржан! Мыналар зорлық дейді ғой, мен сені зорламаймын, жарықтығым! Мендікпісің, жоқ өлде мазағына жүрем деймісің? Мендік болсаң еріп жүр.

Мөржан. Мен еремін.

Жұмажан (бұны Нұрқан түртіп тұрғызған). Жоқ, ол сөздің керегі жоқ, шорт, Мөржан кетпейді, мен де кетпеймін. Анау үйде өлмелі шешем бар, оны мына Ділдаша жылатып кетпейміз, шорт!

Сәруәp. Ә, Мөржан өзі тіләсә нешлисің, ул аның яры бит!
Жантас (Мөржанға). Ерік өзіңде, Мөржан. Мен тілегеніңше істеймін.
Мөржан. Мен кетемін, керегі жоқ Жұмажан сөзінің.
Жұмажан. Жоқ, кетпейсің дедім, кетпейсің, шорт!

Жантас. Сені итаршы қып тұр ғой, бишара, есалаң!

Нұрқан. Итаршынықтан өз басың арылып болса неге тәңір жарлығын айтпайсың? Болды, Мөржан, қал былай, біз кедейімізді жылата алмаймыз. Берілмейді Мөржан! Жантас (ашуланып ілгері басып). Боқты бермессің! Баяғы күнім бар дейтін шығарсың, шығып көр бүгін, ендеше!

Нұрқан. Тарт тіліңді, жерге қағып жіберемін.
Бөрібасар. Арам болар, жанасып көр (екі-үш жігіт ілгері шығады.)

Болыс (Нұрқанды басып). Қой (жігіттерге), сендер де ереуілдемеңдер. Қалыңдықтың өзінікі екені рас, барамын деп тіленіп тұрғаны анау, ешкімнің ақысы жоқ, бар. Алып жүре бер Мөржанды!

Жұмажан (атып турып). Жоқ, мен көнбеймін, шорт!

Болыс (ақырып). Оттама, тек отыр, алар малыңды алып болғансың! Шырағым Мөржан, бара ғой! Жолың болсын. Терістік бізден болмасын, өздеріңнен болсын тек!

Жантас Мөржан мен Сәруәрді шығарады.

Көрініс

Тәнеке. Жә, болыс, адал жұмыс істейін деген екенсің, енді міне елдің келген тілегі сол: спесігіңді көрсет. Қыдыш. Ей, Тәнеке, алдыңа түсіп, дегеніңді істеген сайын аса берме, сен. Осы кешегі Борсақ қайдан жуан шықтың сен, төбеме ойнап? Тәнеке. Борсақ жуандық істеп жүрген жоқ. Бірақ тұяқ серіппей өле де алмайды.

Қыдыш. Асқан екенсің. Айттық, болды енді. Тұяқ серіпкішін мұның. Тәнеке. Ей, Қыдырбай, жылаған мен жаны күйген бүгін кеп тұрған! Біз қу жанды шүберекке түйіп кеп тұрмыз, білдің бе? Сен де шараңнан аса берме! Қыдыш. Асқанда қайтушы ең? Бойыма сыймаушы ма еді менің? Қалың Олжай құрып кетті деп тұрмысың! Селдей басармын. Тәнеке. Мақтансаң ана аман алып қалған отыз ауыл Мықтыбайыңмен мақтан. Бүгін саған тұтас тұрған Олжай да жоқ. Теңелгенім осы міне менің сенімен. Енді дегенімді істейсің, міне, спесік туралы жауабыңды бер, қай елден қанша кісі тіздің. Нұрқан. Олжай сендік шығар. Борсақ пен сімтік Қарсақ сияқтылар шығар сендерді құтыртып жүрген, өңшең құнсыз кедей? Жантас. Рас айтасың, мырза. Борсақ пен Қарсақ сияқтының кедей екені, аз екені рас. Сондықтан сенің жемің, жентің болғаны рас. Жерден айрылған, малдан айрылған, адамы қорлық тепкіңде шіріген. Бүгін міне, төрт жүз жігіттің нешеуін сол Борсақтан тізіп бердің? Жемің екеніміз рас, құн төлемей құнсыз қып келгенің де рас. Енді нешеуміз кетейік? Сонда анау отыз аулыңнан тышқан мұрны қанай ма екен? Бірде-бір жігіт кете ме екен, соны кәне білейік, кәне жауап берші! Жүзтайлақ. Сен кетпей, адам баласы кетуші ме еді! Тауқыметімді көтермесе Борсақ, Қарсағым неге бопты? Ей, Жүніс, сен неге айтпайсың? Жоқтаған Қарсағыңның бірі сен емес пе ең? Жүніс (бағанадан түнеріп отырған). Жеңеше, мені сөйлетпесең қайтеді, қорлыққа шыдаған, намысы жоқ шығармын мен? Жүзтайлақ. Е, неден таусыла қалдың? Өз басынды өзің түсіріп, мұның не? Сөйле!

Жүніс. Шын айтасыз ба?
Жүзтайлақ. Сөйлемесең ырза емен!

Жүніс. Ендеше, әй, Тәнеке, Жантас! Сұрап тұрғаныңды мен айтайын, бермен қара. Қыдыш. Бәсе міне, Қарсақтың бір баласы. Оқыған ақжүрек азаматың, спесік деп дікілдегенше мына Жүністің сөзін тыңда! Бөрібасар. Жүніс, жасақшы болсаң сөйлеме. Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді деп еді, намысың жоқ болса үндемей өл! Жүніс. Айтайын мен, мен көрдім списогін (екі жақ та қалта қарап қалады.) Болыстың өз қолымен тізілген списогі былай: дәл санға келгенде Олжай алты старшын, жүз сексен тоғыз жігіті бар екен. Барлық керек жігіт торт жүз екен, соған Олжай бар, өзге руы бар, барлығынан екі жүз жігіт алынады. Ал Борсақ, Қарсақтан жүз-жүзден екі жүз жігіт алынады. Міне, сендерге керек болса әділет! Барлық керек жігіттің қақ жартысын Борсақ, Қарсақ, сен бересің. Саның өзге елден бес есе аз. Міне, саған тендік!

Бөрібасар. Бәсе,тыққыштап отырған списогің сол ғой.

Жүніс. Тоқтай тұр, отыз ауыл Мықтыбайды сұрап едің ғой, халық! Одан жігіт тумапты. Списокте отыз ауылдан бірде-бір жігіт жоқ. Жантас. Міне, көрдің бе, ел? Жыра қуғаны, оққа байлағаны кім екенін білдің бе?

Дауыс. Бұдан үлкен қасы бола ма елдің, көптің?

Жүніс. Тоқта, әлі де тұра тұр. Борсақ, Қарсақтың екі жүзге жетпегенін қайдан алған?

Дауыс. Бәсе, соны айт! Соны айт!
Қыдыш. Жауымның үлкені сен бе едің, Жүніс?
Нұрқан. Жылымқұрт боп іштен жайлапты ғой мынау...

Жүніс. Жетпегеніне жасы өткен шалды, жасы толмаған жасты сүйреп салыпты. Тізімге ілінбейтін жалғызды, жартыны тығыпты. Ал, білмегің сол болса, мен болдым...

Жантас. Олай болса бері шық бермен, Жүніс.

Бөрібасар. Не сөз болушы еді мұндай дұшпанмен? Отырған орнымен өртеу керек тек! Артымызда бүгінде бес болыс ел. Ана Қарабұжыр, Көксудың болысқа қылғанын естімедік пе? Неге тұрмыз?

Дауыстар. Қыру, жою керек?!

Бойбермес. Бауыздаймын, лақша бауыздаймын (пышағын жалақтатып суырып алады. Жантас ұстай береді.) Жіберші былай, не қылмап еді?!

Бөрібасар. Не көрмеп едік, не тұрыс бар? (Ентелей береді.) Болыс. Ей, ағайын! Жарты ауыз сөзге құлақ сал. Істемегеніңді содан кейін істерсің (тоқтап.) Жә, сөз қылғандығың список екен ғой. Мына Жүністің айтқаны рас. Бірақ ол бітпеген, толмаған шала список. Арман қылғандарың, жырып алып қалды дегендерің Мықтыбай ғой. Ендеше, міне. Сол отыз ауыл Мықтыбайдың барып тұрған тұрғысы мен едім ғой, өй, Жүніс, бері кел! Сен оқыған жігітсің ғой, ал, қаламыңды! Список анау стол үстінде тұр, Нұрқан, тұр, қолына бер.

Жұртпен бірге Жүніс те аңырады. (Жүніске.) Жаз. Міне, списоктің қақ басына мені жаз. Жасым қырықта, мен де ілінуім керек (қатты.) Жаз! Екінші мына Нұрқанды жаз. Жасы 28-де, жаз! Неге тұрсың? (Халыққа.) Жанын аяп жүр дейді екенсің ғой түге сенен. Бірге кетемін. Тобында болам. Өлсем бірге өлем. Елім, жұртым сенсің. Немді аяйын, міне көр! (Жылаған болады, отырған Қыдыш та еңкілдейді. Жұрт сілтідей тынады, жігіттер арасында босаңсыған сыбыр, дағдарыс.) Бірақ әңгіме списокта ма еді? Мен ұлық қолына бермек пе ем бұны? Сол ұлықтың сырт көзіне осылай етіп қойып, ізденбек емес пе ем? Мына Кәкең адвокатты неге әкеп отырмын? Екеуміз сендерге айтып, алдарыңнан өтіп, сапар жүрмек емес пе едік? Жоғары жандаралға, министрге, тіпті патшаға барамыз деп, жігітімізді амандаймыз деп, ізденеміз деп отырғамыз жоқ па? Ұқсаңшы, бишара ел?! Қыдыш . Ой, атадан туса туғыр, қарағым! Жолын қыла гөр! (күрсініп.) Аһ, дүние жалған (Кәрім тұрады.)

Болыс (Кәрімге). Говорите осторожно!

Кәрім. Мен де саған бір еңбек етуге жарармын деп жүрген ұлың, азаматыңмын. Сен үшін ізденбекке бел байлағам. Сенің табаныңа кірген шөгір біздің мандайымызға қадалсын, деген еліміз сен емеспісің. Ана патшасына, министрге, Петерборына барайық па сен үшін, жоқ па?

Дауыс. Бар, бар. Жолың болсын, бар, е... Бәсе, осылай десеңші бағанадан! Кәрім. Бар десең, жаңағы айқайды қой, Бұл пішінді таста! Менің қасыма жол көрген, жөн білетін Майқанды қосасың, біз солай байладық, бүгін жүреміз. Қыдыш (орнынан тұрып, мойнына белдігін салып). Иә, құдай, иә, аруақ, міне, осы тілеуден шет жайылған кісіні аруақ-құдай ұрсын... Пәле, қаза соның басына жаусын. Міне, мен айттым бір көк қасқа сол екі арысымның жолына (алақанын жаяды.) Жас та болсаң бас едің, бер, Кәке батаңды. Кәрім (қолын жайып). Е, құдай жолымызды болдырып... елдің. Не... жігітін аман сақтап...

Қыдыш (айтып жібереді). Тілегін оңғара гөр!
Кәрім. Иә, тілегін оңғара гөр, бысмылда аллау ақпар. (Бата қылады.)
Жүзтайлақ (Жүніске кеп). Айтқан жерден шыққаның осы ма?
Жүніс. Шықпадым... Шыға алмадым!

Жүзтайлақ. Қайтып қарарсың енді менің бетіме?!

Жүніс (қатаң). Бірақ бетіңе қарай алармын, Жүзтайлақ! (Қарасып тұрады.) Сол!

Шығып кетеді.

Жантас (тарай берген елмен бірге серпіліп). Болсын айтқандарың. Бір жолға тағы сынайық... көп болса жата тастағаның болар. Тосты мынау елің, тосады!

Елмен бірге кетеді.

Болыс. Жарайды, шырағым, тос. Кездесеміз әлі сен екеуміз, кездесеміз, тұра тұрайық. Сүт көп, көмір аз! Жүзтайлақ (болысқа жақындап). Есебін қалай табасыз! Сүйсінетін іс істедіңіз-ау, болыс! Қыдыш. Е, тәйірі-ай, келін-ай, сөйтпесе бұны он бес жылдай ұдайы болыс сайлаушы ма ем?.. (Бәрі күліседі.)

Шымылдық

ЕКІНШІ АКТ

Үшінші сурет

Облыстық қалада. Европаша жақсы жасаулы бөлме. Қала байының үйі. Үш терезе қора ішіндегі бақшаға шығады. Терезеден әр алуан ағаштар, гүлдер көрінеді. Бөлме ішінде жақсылап әзірленген биік стол. Ішкілік, жем. Айналасында ояз Казанцев, адвокат Кәрім және болыс. Бұлар іше отырып, карта ойнап отыр, күтіп отырған Бибіш, сырттан ас-су әкеп жүрген екі даяршылар. Бірі әйел, бірі еркек.

Көрініс

Ояз. Жақсы болыс, как раз осындайда жақсы болып, ақылды болып шығатын керек. Біз его превосходительство губернаторга да мен Майқанды сондай деп характеризовать етем... Ел мына жұмысқа көнеді ғой?.. Айттың ғой ақымақ болма деп, солай емес пе? Болыс. Айтылды ғой, бірақ кейбір ақымақтар бар. Бастыңыз ба? (Өз картасын қарайды.) Ояз. Жартысына... кетті... (ақша салады.) Кімдер? Оны білдір маған... Мен саған как всегда помагать етем... (Бибіш арақ ұсынады. Казанцев Майқанға басын иіп, Бибішке рақмет айтып.) Міне, жақсы болыс, Бибіштен еш нәрсе аямайды. (Арқаға қағып.) Мен оны жақсы көрем... Сен, Майқан, бізге керек кісі. Жүзтайлақ. Біз де сізді жақсы көреміз, тақсыр. Елдің ішіндегі ақымақтар болса мен тіпті өзім-ақ айтам сізге. Ояз. Айтыңыз, сіз жаман деген кісіні, сізді ашуландырған кісіні мен аямаймын, білдіңіз бе? Бастым.

Болыс карта береді.
Жүзтайлақ. Жарайды, тақсыр, осынымыз уәде болсын.

Ояз. Уәде ме! Жарайды, мә менің қолым (қол алысады, Бибіштің қолын сипайды.)

Болыс. Ел бізді патшаға бар деп ақша беріп жіберіп отыр, тақсыр.
Ояз. О неменеге? Біз мұнда білмейміз бе? Алынады. Барып неге керек?
Кәрім. Петиция, петиция берсек дейміз оған, сіз қалай қарайсыз?

Ояз. Окопқа жігіт жіберу керек. Болмаса Германия жаман, көресің бе! Правительствоны поддерживать ету керек, оны сен білесің, Майқан!

Болыс. Ел "бар" деп ақшасын беріп күтіп отыр.

Ояз. Е, бар дей ме? Ақша бере ме? (Күліп.) Ну, что же! Петероградқа барып көріп қайт. Жақсы путешествие! Ол патша тұрған, біздің патшамыз тұрған жақсы қала... Барыңдар, сізге де советовать етем. Кәрім Сеилович, қызық көріп қайтасыңдар. Кәрім. А, мына указ туралы, петиция туралы не ойлайсыз? Басқа Қарабұжыр, Көксу... Қызылжар, Теректі болыстары да осы Жыланды болысы сияқты, біздің хабарға қарап қалды. Майқан елді осымен басып кетті. Ояз. Ну, ел успакоиться етіп тұрсын, а, Майқан, сен ходатайствовать етпе. Пайда жоқ. Біз его превосходительство губернатор мен қазақ болыстары жігіт береді, бергелі жатыр деп донесение жасап қойдық. Керек емес.

Кәрім. Еш нәрсе шықпай ма? Отмена болмас па?
Ояз. Шықпайды, Бұл окончательно, Майқан! Керек емес.
Болыс. Ел жайын өзіңіз жақсы білесіз, әйтеуір қысылсақ сенетініміз сізсіз.

Ояз. А, кончено! Майқанды обижать еткізбейміз. Майқан біздің уездегі почетный кісі. Және сендердің істерің өзге болысқа пример болады. Қазір білесің бе? Сендердің бес болысың өзге бір уезд елді жаманға бастап кетуге болады. Жігіттерді жақсылап тез бергізесің. Болыс. Иә, енді әйтеуір, өз көмегіңізбен көреміз де. Банк сіздікі... Бибіш, құйсаңшы тағы (Бибіш бәріне ұсынады.)

Шатақан кіреді, елден келген беті.
Болыс. Е, амандық па, немене? Не қып жүрсің?
Шатақан. Ел іші тынышсыз болуға айналып жатқаны, Нұрқан мен Қыдыш жіберді.
Болыс. Немене, Борсақ па?

Шатақан. Иә... Бастығы сол Жантас, Тәнекелер.
Кәрім. Не қып жатыр олар?

Шатақан. Қол болып жиналып, ел жігітінің көбін бір араға топтап алып, қару-сайман қамдап жатыр дей ме, немене, әйтеуір.

Ояз. Ол кім? Не айтады мынау?

Шатақан. Тіпті кеше кешке келіп, бізге аткөлік керек, сойыс керек деп өзіміздің жылқыдан бес жүз жылқыны іріктеп айдап кетті.

Жүзтайлақ. Не дейді, бұл не деген сұмдық, бәтір-ау!

Ояз. Бастықтары кім? Айтыңдаршы маған қазір, Бұларды ұстап үйрету керек, тез ұстатамын (Кәрімге) Сіз не дейсіз? Сіз онда болғаныңыз қайда? Кәрім (сасыңқырап). Болып ем, бұнысы бұзықтық екен, айтқаныңыз рас, ұстап жазалау керек.

Болыс. Ал ізден, Бұл бұзық ел туралы?

Кәрім. Не сөзі бар, жігіттерінің списогін реттеп, елге ұлық шығарып отырып, алдын жүргізуге қамдану керек. Ізденсек артынан іздене жатармыз. Бірақ ел сөйтіп бізді ұятқа қалдыратын болса, ізденіп керек емес.

Болыс. Бәсе, өзіміз арандармыз.

Кәрім. Орынбор мен Самардағы жігіттерден хабар күтіп ем. Бүгін хат келді, тілдеріңді алған елді көндіріңдер, жігітін берсін депті. Ол жақтағы бастық азаматтар елге шығып, тоқтатып жүрген көрінеді (Оязға.) Міне, Бұл мәселеге біздің көзқарасымыз осындай.

Болыс. Тіпті солардікі дұрыс.

Ояз. Конечно, ізденген керек емес, еще мынадай жаман ел болып отырғанда керек емес. Бұларды только примерно, наказать ететін керек. Кәрім. Бір жақсы арыз жазып, петиция қып жібереміз... Ал өзіміз ел тынышталғанша біраз жүріп қайтайық. Одан бері де қазір мына его высокоблагородие господин уездный начальник бұйрық етіп, елге тығыз поручениемен кісі шығарсын, менің байлауым осы.

Қыныш кіреді, қасында Ділда, елден, жолдан келген.

Көрініс

Болыс. Е, немене, жандарым-ау, үсті-үстіне! Қыдыш аға, немене? Қыдыш (оязбен амандасып). Е, жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан деп, тақсыр ояз да мұнда екен, келе айтайын – мұңымды шағайын деген кісімнің өзі осы кісі еді.

Ояз. Но, немене? Тағы не болды?
Кәрім. Өзіңіз, тіпті қысылған кісі сияқтысыз ғой, Қыдыш.

Қыдыш. Қысылмасы бар ма, қарағым-ау, тіпті мұндай құтырған ел көрген емеспін бұрын.

Жүзтайлақ. Бүйтпеуші еді, ақкем мына бір кемпірді де ала кепті. Қыдыш. Мына Шатақан айтқан шығар. Байдың аулына біткен жылқыдан бес жүзді алумен тұрмай, кешке келіп қорадағы сауда қойынан бір қора қойды да алып кетті. Сойып, қырып, тойлап жатыр дейді.

Болыс. Ал, оның үстіне?

Қыдыш. Оның үстіне сол түн ішінде келіп Нұрқанды қамап, ауылға орнап жатыр. Сен список жібересің, қалаға шағым бересің. Майқан қайтқанша, жақсылық хабар болғанша тура осылай ізіңді бағып отырамыз дейді. Мені де кепіл қып тапжылтпай қойды, поле үлкейіп кетті. Ана жақта Қарабұжыр, Көксу, Қызылжар болыстары да бүлініп жатыр дейді. Кәрім. Міне есуастық! Бұл не антұрғандық, батыр-ау! Өстіп отырып та жоғын жоқта дей ме Майқанға! Қыдыш. Уа, сенбейді, Майқан бізді қулыққа салып алдап кетті... Ол шағым ап кетті, елдің жоғын жоқтайды деген бекер деп, тамам елдің қолтығына дым бүркіп апты. Олжайда тексіз аз ба, соның талайы қосылып кетіпті.

Болыс. Өзің аяғы қашып шықтым десеңші?..

Қыдыш. Рас, тіпті шынын айтайын, қашып шыққаным рас. Мына кемпірді әдейі сол Тәнеке, Жантастардың жатағына апарып сөйлестірем деген боп ілестіріп шықтым. Жолшыбай кездессе, Жантастар болса, осының септігі тиер деп ойладым.

Жүзтайлақ. Ойпырай, енді неге отырсыз, не қалды?

Ояз (ашуды шақыра бастап). Бұның аты жаман жұмыс, бұны тіпті не деп атарға білмеймін, білесіңдер ме, бұл военнополевой суд тексеретін іс, осындай бұзықтар сенің еліңде... Әй, Майқан, не қып сен осындай антұрған адамдарды көрмей қалдың? Сен не қарадың, Қыдыш?! Қыдыш. Ұятты болдық, ұятты, қор қылды Бұл елді. Бұзық ел, соны өзім әдейі сізге ауызба-ауыз айтайын деп келдім. Несін айтасыз? Болыс. Ендеше, несі бар? Обалы өзіне! Әбден өрісіне жібердік, даңдайсып шарасынан асып алған екен... Ояз (өтірік күліп, суық жымиып, біресе картаны лақтырып тастап, әкімше). Басынан қыспай, аз ғана ықтияр берілген... Оны бұл халық былай мазақ қылған. Но жарайды. Енді Бұл елді только өртейтін керек. Бұл величайший указға қарсылық... Бунт. Подумаешь, біздің государь императордың подцанствосында – рахат, тыныштықта отырып, ақ патшаның жерінде отырып, білесіңдер ме, бұзылғандар сендер!.. Сендерге ол көп болған. Дикий, невежественный ақымақ халық! Оған патшаның жерінде мал бағып отырған аз болған, ә?.. Айтыңдар қазір (жерді теуіп), сейчас же, сендерше не істеу керек? Кәрім. Мен пікірімді айттым, ваше высокоблагородие... Өзіңіз айтқандай аямай жазалау керек.

Ояз (болысқа). Сен ше? (Қыдышқа.) Сен ше? Жолын айтыңдар!..

Болыс. Мен өзім де жапа шегіп отырған кісімін, көрдіңіз ғой. Менің панам сізсіз! Маған салсаңыз өртеңіз сол Қарсақ, Борсақты. Ана Олжайдың бұзылғандарын да сөйтіңіз. Отырған жерінде былтыр поселкеге аламыз деп, әзірше алмай қойып еді, өзі көшіріп, қырып-өртеп жіберетін ел.

Кәрім. Не дедің, не деп барасың, Майқан-ау.

Ояз (адвокатқа). А, сіздер сонда ходатай болмадыңыз ба? Арыз жазбадыңыз ба! Ходатай! Петиция...

Кәрім. Жоқ, честное слово, мен емес арызын жазған.

Болыс. Осы бүлікке бүлк етіп, ат салысқан кісі болса бәрін ұйпау керек тек. Олжай болса Олжай болсын, бәрібір маған қазір... Қыдыш (баяу). Дұрыс қой... Бірақ тамам елді қусақ поле ұлгая бере ме деймін. Көпшілікті құртпай, қайта жиып алар ма едің, қалай? (Оязға.) тақсыр, мен ең әуелі шаруаны айтайын, ұнатпасаңыздар қалар.

Ояз. Айт...

Қыдыш. Ең әуелі, бір жолға жалғыз бастықтарын атап, соларды жыра қуса! Өзге ел тез тыйылса, манифест болады деп, хабар шығарып, аналарды іріктеп шығарсақ деп ем, жеңіл болар еді...

Болыс. Онда кім-кімді айтамыз?

Жүзтайлақ. Кім болушы еді? Жантас! Тақсыр, ең үлкен жау – Жантас, айттым міне мен (Ояз басын изеп, қағазға жазады.) Болыс. Содан соң Тәнеке. Онан соң әлгі бір Сапа дейтін мұғалім және Жүніс дейтін оқыған жігіт (Ояз жазады.)

Жүзтайлақ. Оларды қойыңызшы, ауызға алуға тұрмайтын.
Болыс. Жоқ, барсын, тегіс...

Ділда (Бибішке). Сұмдық-ай, өртке түскен басым-ай, қарағым Бибіш-ай, мұндай ма едің?

Жүзтайлақ. Шығарма үніңді, оттамай отыр!

Шатақан. Қой, кемпір, не бетіңмен сөйлейсің? Ашпа аузыңды. Байдың үйінің малын судай шашып отырған жаудан не аяушы еді?

Ояз. Ендеше, міне, сол Жантас, Тәнекелер қашқын. Үкімет жауы.
Кәрім. Әуелі тексеру шықпай ма? Елде отырып анықтамай ма?
Ояз (ақырып). Не анықтайды?! Тағы не керек?!
Кәрім. Өздері ақымақтығын біліп тоқтамас па деп ем, айтса, ұғындырса!

Ділда. Сәулем, жарығым, демей көрсеңші, бірдеме десеңші! Елдің дәмесі сен емес пе ең?

Кәрім. Сөйлемеші, кемпір, мен ондай бұзықтың досы емеспін. Елді айтам. Болыс. Болды (оязға.) Тақсыр, сол айтқаныңыз дұрыс. Солай деп, қашқын деп жариялансын және өзге елге соларды ұстап беру міндеті тапсырылсын. Ояз. Болды, ендеше, Жантастың, Тәнекенің басына пұл кесіледі, кімде-кім соларды ұстап берсе әрқайсысы үшін бес мың сом сый беріледі.

Қыдыш. Міне, бәрекелде, міне, осындай бір шара ғой менің ойлағаным.
Болыс. Дұрыс тапқан ақыл!..
Кәрім. Әттең, қандай іске куә боп отырмын?
Ояз. Екінші жағынан елге отряд шығып, оларды қазір қуады, ұстайды...

Болыс. Ие, әрине, онсыз болмайды. Міне, ең дұрыс жол (Кәрімнен басқалары оязды шығарып сала тысқа шығады.) Кәрім. Не дермін?! Тарих алдында не айтармын? Біздің трагедия осы да (Тоқтап.) Көр, бала ел? (Бекініп.) Жоқ, жоқ, өзің, өзің. Өзің виноват. Мен не істей алам. Сен мені де подводить ете жаздадың... Ендеше, өзің, өзің... (Үйде қалған кемпір жылап аяғына жабысады) Сорлы кемпір! (Аздан соң.) Жоқ, жоқ, аулақ, аулақ (кетеді.)

Қыдыш, болыс, Бибіш кіреді.

Ділда. Қарағым Бибіш, өз құлың емес пе еді? Бөтенге, ұлыққа неге өлтірттің. Жесір ем ғой. Жүрегімді қарс айырдың ғой, қарағым Майқан? (Аяғын қуша береді.) Жүзтайлақ (аяғымен серпіп, теуіп жіберіп). Тарт . ыңыранбай, бүйте берсең өзіңді бергіземін ұлыққа, сорың құрғыр, жаны ашығанымды көремісің, білемісің сендей тексіз! Болмаса айтпас па ем мынау шешесі деп! Ділда (қатайыңқырап). Бүйткенше берсең етті! Шірітсең етті абақтысында, соның жолында. Қуарған қу басым, етегіңнен ұстап неге өлмедім? Жүзтайлақ. Ауылымыздан қатын тартып алғаның жетпеп пе еді. Ұмытты деп пе ең біз оны? Енді мынаған жеттің бе. Енді егескен соң әуелі сол қатыныңды көзіңше әкеп Мырза жігітке күң қатын қып қоймасақ атымыз құрысын. Болыс. Намыскерін Бұл құлдың. (Кемпірді нұсқап.) Міне, міне намыскер болсаң мынаны көрсең еттің! Адыра қал! Жігерлі жігіт! Шыққан жері, шешесі, тегі қайда екен қазір! (Нұсқап.) Жетілдім деген күнде де басың аяғымның астында жатқанын сезіп пе ең, біліп пе ең, міне!

Есік ақырын ашылып, Жантас тұра қалады, қолыңда жалаңаш сапы.
Жантас. Білгенмін... Жауыз дұшпан екеніңді бұрыннан білдіргенсің.

Отырғандар шошып, алақ-жұлақ етеді, терезеге қарасады, терезеден Бөрібасар, Бойбермес тағы бірнеше кісі мылтықтарын үңілтіп тұрады. Тұр, анам! Адасқан, қаңғырған сорлы анам! Көзің жетті ме? Көреріңді көрдің бе? Көрсетті ме? Мені қарғасаң да сені қуа келдім. Ділда (ұмтылып). Жарығым, жалғызым! Әпкет, әпкет, әпкет мені мына ысқырған айдаһардан!.. Мына дозақы дажалдан! Қуатым, жалғызым, садағаң кетейін! Жантас (болысқа). Елді алдап, сытылып шығып шағым жүргізіп жатырсың. Елдің қырғынына тойлайын деп отырсың. Солай ма? Бауыздайын ба осы жерде, жауыз...

Болыс... Мен елге әлі өтірікші болғам жоқ. Жүргелі отырмын.

Жантас. Шығарма үніңді, алдайтының бір біздің ел емес, бүгін бес болыс, тіпті бір дуан ел қарсы шықты. Құтылып көрші осы селімнен, бәлем Майқан!

Болыс. Не тілейсің менен?

Жантас. Тілейтінім бе? Қазір мына шағымыңды тоқтатып, әскерді шығартпайтын қыл! Ел тынышталды де, ұқтың ба? Істеймісің?

Болыс. Істейін.

Жантас. Жоқ, құр сөзің болмайды, сыр мінезбіз ғой... Өзің әдісің. Жаныңды бер... Болмаса істейтінімді шын көресің!..

Жүзтайлақ. Арам болармыз.

Жантас. Ендеше, бәйбіше, уәде болсын (Қатты.) Күн жетер, сонда ақ шабақтай қайранға соғып, мына жігіттерімді сенімен тояттатармын (Болысқа.) Бер жаныңды, бересің бе, жоқ па?

Болыс. Бердім.
Жантас. Берсең, Мықтыбай аруағымен ант ет!

Болыс. Осыдан өтірік айтсам, ел тілегін орындамасам, атам Мықтыбайдың аруағы атсын.

Жантас (Қыдышқа). Сен міне осы анттың басыңдасын. Айт сөзіңді.
Қыдыш. Есіттім, куәмін.

Жантас (болысқа). Енді алдында жалғыз кезең, жалғыз ақ кезең! Бірақ оған жеткенде кінә бізде болмайды. Жаңағы айтқан аруағыңа шет болғандықтан соның өзі атты дерсің! (Тоқтатып, суық жымиып.) Мен уәдемді айтайын. Бізді жеңіп шығатын күнге жеткенде де игілігін Майқан сен көрмейсің. Мен қу жанды шүберекке түйгемін. Жығынсам, үлкен жастық құшақтай жығыламын. Сенің антыңа сертім осы!.. Тарт, жігіттер!..

Жөнеле береді.

Шымылдық

ҮШІНШІ АКТ

Төртінші сурет

Болыстың кеңесі. Кешкі уақыт. Үлкен ақ үй, іші жасаулы. Сол жақта стол. Жұмсақ диван, екі-үш орындық және кеңсе қағазының шкафы. Үйдің содан басқа жері тегіс кілем, жүк. Оң жақта жақсы төсек, босағада сәнді ертұрман, кеңсе жақ бөлмеде бір қылыш, бір винтовка және сары жезді атшабар сумкесі ілулі тұрады. Кеңседе Нұрқан винтовканы қарастырып, сыртылдатып отырады. Босаға жақта Жұмажан.

Көрініс

Нұрқан. Тұқымыңды құртып мынамен басып салсам ғой серейесің де қаласың. Қолымнан кім алады сонда сені? (Жұмажан ыржыңдап күледі.) Ауылға кеп, жасағым боп отырған әскер анау... Жұмажан (күледі). Апырымай, ә!.. Басып салса табаныңнан жатқызар еді-ау, ә?.. Өзі неше атылады дейді осы, Нұрыш аға!

Нұрқан. Неше атылғанын не қыласың, сілтейін бе осы, ә?.. (Оқталады.)
Жұмажан (басын қорғап күліп). Е, жазығым не?
Нұрқан. Жазығың сол, боққа жарамайсың!

Жұмажан. Жарамаймын деп жүрмін бе? Өзің емес пе жаратпайтын (Күліп.) Нұрыш аға, әлгі бір айтқаның бар еді ғой. Әлгі уәдең! (Күліп.) Соны енді... Қашан болады... Нұрқан (өзгеріп). Киші өзің ана сумкені мойныңа! (Жұмажан қуанып киеді.) Мына жағаңа ана қылышты сал (анау салады, мәз болады.) Міне, адам боп қолыңнан іс келетін болса, осындай қылмас па ем мен сен итті! Жұмажан. Енді өзің айтшы, сол істе дегеніңді, шорт! (Ыржыңдап.) Түрікпеннің төрінде болса да бір көрейін (Сумкені қағып қожаңдайды.)

Нұрқан. Астыңа сарқурай атты мінгіземін.
Жұмажан. Рас па, әттең бір сыдыртса-ау, желмая ғой, сорлы!
Нұрқан. Төбеңді көкке бірақ жеткізейін бе?
Жұмажан. Істесеңші енді солай, Нұрыш ағатай?

Нұрқан. Иесі Борсақ жетпеген шенге жеткізем. Болыстың атшабары дегенді білесің ғой. Жұмажан. Бәлем, ана жылы Шатақан қандай атшабар болады, сондай бір болайын (Сумкені қағып.) Пай, Шатақан дегенде елдің жылаған баласы уанды-ау сонда.

Нұрқан. Окоптан да алып қалам.
Жұмажан. Айтшы енді сол айтатыныңды.
Нұрқан. Олай болса Мөржанды қайтып алып кел.
Жұмажан. Қайтып, ойбай-ау, жолын айтшы?

Нұрқан. Ертең әскер оларды қуады, Мөржан оларға ерсе бір жерде оққа ұшады, не солдаттарға жем болады, білдің бе?

Жұмажан. Бәсе, сорың құрғырды сөйтіп сор түртіп жүр ғой.

Нұрқан. Сен бұрын бар да, қасынан айналдыра бер! Қайт, үйге жүр де. Әйтеуір оңашалап қақпалай бер, мен өзге бір ер жігітке тағы тапсырам. Орайы келгенде ұстап басып қалыңдар да, еріксіз алып келіңдер. Жұмажан. Жарайды, ойбай... осы ма тәйірі, Нұрыш аға! Мен әкелейін оны, әкеп тұрып Бибіш екеуіңнің қолыңа берейін, шорт.

Нұрқан. Мұны істесең тағы бір сын бар.
Жұмажан. Ол не? Ол қандай? (Ыржаңдап.) Қолымнан келе ме, әйтеуір.
Нұрқан. Келтірем десең келеді.

Жұмажан. Келсе болды, шорт, мен аянбайын, ол десең өліп, тіріл десең тірілейін, сөзім солақ. Немене енді? Нұрқан. Оны мына әскердің өзі де істейді. Бірақ бірдеме етіп қолдарынан келмей, ұстай алмай қалса сонда сені салам (анау түсінбейді.) Жантас туралы, бірақ ол кейін. Жұмажан. Ә, кейін болса болсын, жарайды, әйтеуір мені (ыржаңдап) қайрап-қайрап сала бер дедім ғой! Айдай бер. Осы бар ісіңе жараймын, Нұрыш аға, көрерсің.

Нұрқан. Ендеше қазір ат қамдап әзірлене бер.
Қыдыш кіреді.

Көрініс

Қыдыш. Е, қарағым Нұрқан, не ойлап отырсың?

Нұрқан. Өз ойыңды айтыңызшы, Қыдыш аға. Болыс ағам да келмеді. Мен әзір мына оязға, әскерге не деп мәслихат беруді білмей, байлай алмай отырмын. Қыдыш. Мен осы туралы айтайын деп едім. Біздің келінге сол жақтан бір жіңішке лақап хабар кепті. Ол жерде Борсақ үстем боп, содан қол арасында жік туатын түрі бар дейді, білдің бе? Нұрқан. Жігі бар болсын, тарап құрып болғанша біздің барлық малды құртты ғой, өңшең сімтік, шашты ғой мүлкімізді, Қыдыш аға! Қыдыш. Қарағым, бүгінше оны уайым қылмай тұра тұр. Елді қайта баурап алайық, олқысын бір-ақ күнде толтырамыз. Нұрқан. Осының ашуымен сонда жүргеннің бәрін ақ-көк демей, Олжай болса Олжай болсын, тұтас қырса деймін. Қыдыш. Мен нақ сол жеріңді айтпақшымын. Майқанның ақылы, менің ақылым басқа еді.

Нұрқан. Жұмсатайық дейсіңдер ме?

Қыдыш. Жұмсақтау емес, жол сол. Елге қазір хабар таратайық, әсіресе қолға жетсін сол хабар.

Нұрқан. Не деген хабар?

Қыдыш. Қалың ел пәлен күн ішінде тарасын, сонда манифест болады дейміз. Керегіміз жалғыз Жантас пен Тәнеке дейміз, ана қу мұғалімді де ұстату керек. Қазір бір-екі кісіні бөгде қып шапқызсақ деймін. Бара берсін.

Нұрқан. Ендеше, әй, Жұмажан, сен сарқурай атқа мін де шап!
Жұмажан. Сарқурай? Шын ба? Маған мінгізгенің ғой, Нұрыш аға!

Нұрқан. Ұрлап мініп қашып шықтым де! Қолға жете бере жаңағы сөзді жосылтып тарта бер... Ұқтың ба?

Жұмажан. Ұқтым... Жөнелейін бе! (Ыңғайлана береді.) Қыдыш. Ей, ана мойныңдағы сумкені таста. Бұл тұқымың құрғыр есалаң бір нәрсеге жараушы ма еді, Нұрыш-ау!

Нұрқан. Барсын, жарайды.
Жұмажан (ыржыңдап). Е, жарамайды деп, о не дегенің, Қыдыш аға-ау?
Қыдыш. Бар, бар, сенің қолыңнан бәрі келетіні рас.

Нұрқан. Ей, әлгі бағанағы айтқанды қолыңа түсіргенше, соның орайын тапқанша, сол жерден қайтпа! Қыдыш. Е... рас! Әбден сенімін алып, бауырына кіріп ал Жантастың, білдің бе! Балдызы емеспісің, құдай атқыр! Нұрқан. Ал жөнел! (Жұмажан ыржыңдап жөнеледі.) Тағы бір-екі кісі жөнелсін солай, қазір.

Бибіш кіреді.

Көрініс

Жүзтайлақ. Немене, Мырза жігіт? Ағаң жоқта ел тауқыметі ауыр тиіп отыр ма? Немене? Нұрқан. Ауыр тиіп отырғаны рас. Ақыл қосшы, жеңеше, осындайда бір жол табушы едің ғой. Жүзтайлақ. Ай, шырағым-ай, менің көмегім шын керек екен ғой. Ендеше, мен ана жақтан хабар алдым.

Қыдыш. Осы сенің хабаршың кім, қарағым Бибіш?
Нұрқан. Бәсе, сол жансызыңды неге айтпайсың бізге?
Жүзтайлақ. Айтпаймын. Оны не қыласыңдар? Уәдеміз солай!
Қыдыш. Ал не хабар қыпты?

Жүзтайлақ. Бүгін кешке басшы кісінің бірі барады. Бүлдіргіштің бірі сол депті және қолдың ертең қайда қонатынын айтыпты.

Нұрқан. Не дейді? Қолмен келіп, қамсыз қап жүрмейік!..

Жүзтайлақ. Сөйлесуге келсе керек, бірақ қамданып отыратын осыған бір шара істеу керек, арттағы қол да сол істің ретімен болады депті.

Ояз және подъесаул Семенов кіреді.
Отырғандар Бұларды қарсы алады.

Көрініс

Ояз. Господин подъесаул! Сіз жүрер алдында мен мына болыстан біраз көмек алып бермекпін сізге! Семенов. Слушаюсь, ваше высокоблагородие (тітіркеніп.) Аа, жайлау суық па, Бибіш! Үй суық па? Неге сіздің үй мұндай? Мен сізді мұндай деп ойламаған (күледі.) Жүзтайлақ (күліп, қозғалып барып сандықты ашып, қымбатты ішік алып, ояздың иығына әкеп жауып жатып). Біз суық емеспіз, тақсыр! Сізді тоңдырайық деген ниетіміз жоқ. Ояз. Рақмет (тұрып, қолын қысып.) Рақмет! Әй, жақсы, жақсы хозяйка Бибіш, тамыр біздің (Арқаға қағып, Бибіш сызылып тұрады.) Жүзтайлақ. Тоңдырсақ айыбымыз үшін мына ішікті жаптым. Менің сізді жылытқаным осы, тақсыр (күледі.) Семенов. Ваше высокоблагородие, какая она необыкновенная. Для киргизки, я бы сказал решительно, необыкновенная. Ояз. Оо, сіз білмейсіз, ол Бибіш! Ол на то единственная достойная киргизка (Нұрқанға) Жо, мына господин Семенов қазір әскерімен жүреді?! Осыған жерді жақсы білетін басшы керек. Қазір соны табыңдар. Нұрқан. Бұған кім дұрыс болар екен? (Қыдышқа.) Өзіңіз қалай болар едіңіз, басында болсаңыз...

Ояз. Ә, дұрыс! Мен де соны дұрыс деймін.
Қыдыш. Кім біледі, кәрі кісімін, ере алмай жүрмесем?
Ояз. Жоқ жақсы болады. Барасың, Қыдыш, бар.
Қыдыш. Жарар енді, солай ұйғарсаңыздар болсын солай.

Ояз. Не істейтініңді господин Семенов өзі біледі. Біз онымен қазір ақылдасып, бәрін шештік. Семенов. Да сендер аз ғана помощь бересіңдер. Көрсетесіңдер. А бунтовщиктерді қалай наказать етеді. Оны біздің карательная сотня өзі біледі. Біз ана көрсеткен Қарабұжыр, Көксу болысында (күледі.) Ну, общем көресіңдер! Только жер білетін кісі керек. Қыдыш (Нұрқанға). Бізге ақыл салмай-ақ өздері шешкен екен ғой, бұл кісілер. Бұнысы қалай? Бірақ осы ғой... Ә... солай ма? Ояз (Нұрқанға). Онан соң, Нұрқан, сен ол қолдар жатқан жерді білесің бе? Сенде хабар болуға керек. Ертең таңертең қайда болады? Господин Семеновке ол да керек. Нұрқан. Оны білуге болады, тақсыр. (Бибішке.) Жаңағы айтқаның бар еді ғой, жеңеше! Жүзтайлақ. Е, айтайын мен (Оязға.) Тақсыр ертең Ақтомар деген жерде қонбақшы дейді. Семенов. Прекрасно, олай болса біздің жұмыс бітті. Қазір жүреміз, ваше высокоблагородие.

Үйдегілермен қол алысып қоштасып. Қыдыш екеуі жөнеледі.

Көрініс

Ояз (Жыланды болысының он шақырымдық картасын ашып, қабырғаға іліп қойып, қызыл карандашпен сызып отырып). Жыланды болысы! (Сызып.) Алтыншы ауыл, төртінші ауыл, үшінші ауыл! (Нұрқанға.) Жетінші ауылдың жартысы. Мына жақ Қарабұжыр, мынау Көксу, олардың жері де осы арада, солай ма?

Нұрқан. Не туралы дейсіз, тақсыр?
Ояз. Міне, мына жерде, Сарыкөл айналасында...

Нұрқан. Ие, тақсыр, солай, 6-ауыл Борсақ, 4-ауыл Қарсақ, анау 3-ші, 7-ші біздің Олжай жері, бірақ ол да жаман ел болып отыр. Мына жақтарында көрші болыстардың елі, олар да жаман. Ояз. Борсақ және мына 4-ші, 3-ші, 7-шілер бәрі де бұл жерде болмайды. Мына Сарыкөлден он шакырым жерде (көрсетіп) Романовский станциясы бар. Оларға жер, жаңа жер керек. Мына Семенов командасыңдағы карательная сотня солар, жер береміз деген оларға. Жыланды жаман болыс болды... Бұл жер де соларға берілетін керек. Нұрқан. Осыны переселен кеңесі көктемнен бері тағы сөйлеп жүр ғой деймін. Әлгі Тәнеке, Жантастар елді ерткенде осы жер жайын, жер тарлығын айтумен тағы да құтырып жүр. Ояз (кекетіп). Жер тар... Оған аман жүрген, ауылда жүрген тар болған, ну что же! Жердің үстінде тар болса, жердің асына кіріп кең жерді табады (Бәрі күліседі.) Онда жер көп-көп!

Нұрқан. Көрсін болыс ауылын шапкан-ды.
Тәнеке, Бөрібасар кіріп келеді.

Көрініс

Нұрқан (сасқалақтап оязға, Тәнекеге қарап). Е, тақсыр, міне, өздері де келді ғой... Мынау әлгі... Тәнеке! Тәнеке. Саспай-ақ қой, сөйлесуге келдік. Ел жіберді міне мені. Жалтақтап артыңды тығып отырғаныңды білеміз. Ояз. Не сөйлейсің, айт! (Бибішке.) Сіз барыңыз, біз болыс екеуміз сөйлесеміз онымен, әлгі кісіні шақыртып жібер мұнда (Тәнекеге.) Да, не айтасың?

Бибіш кетеді.

Тәнеке (Оязға). Бізді ел жіберді. Ұлық келді, сіз келді деген соң: "Алдына бар, елдің мұңын айт. Не тілейтінімізді жеткіз!" – деп жіберді. Мына болыстікінде жатыр деген соң, олар өтірік шағым жүргізіп, елді жазықсыздан былғайды, бос жамандайды, ел айыпты емес, соны білдір деп жіберді.

Ояз (есікке қарай беріп). Ну, не тілейсіңдер, не айтасың?

Тәнеке. Біз осы Жыланды болысындағы ылғи кедей, әлсіз, зорлық көрген елміз. Бізді ұлық бір ренжітеді... Бес старшын елдің қыстау, жайлау қылған алақандай жері бар еді. Сарыкөл. Соны бұрын үш рет кесіп-кесіп алып қатты тарылтқан еді. Қазір тағы алды деп есітеміз. Біз қайда бармақпыз. Былтыр жер азайып, пішендік кеміп қалып, қалың елге қатты тарлық болды. Екінші мына болыс зорлық етеді. Ол да сол жердің қалғанына қол сұғып қыстау салам деп отыр. Оның үстіне мына паверкеге баратын жігітті ылғи біздің елден жазды. Өзінің бай ру, жуан ауыл Мықтыбайы 30 ауыл, содан бірде-бір жігіт жазған жоқ. Осы не қылық? Бізді әдейі сорласын, басын тауға, тасқа ұрсын, содан барып қырғын тапсын деген қылық па немене? Содан басқа жоқ деп білеміз. Мына ел бүлінбесін десеңдер, ең әуелі жерімізді қалдыр. Екінші мына тізімді елмен отырып, өзіміздің келемізге салып отырып шешіңіз. Болыстың жалған, арам списогіне көнбейміз, оған бала бермейміз, одан да осы жерде қырып сал дейді мына ел. Бұл барлық ел тілегі. Ояз. Болдың ба? (Тәнеке үндемейді, солдаттарға.) Заберите их, подлецов! (Солдаттар ұстап, қаруын алады.)

Тәнеке. Ай, ояз, ел жіберген елшіге істегенің осы ма? Ұлық-ақ екенсің!
Ояз (алдына кеп жер теуіп, ұрсып). Сендер ақымақ ит! Ел талаушы!

Тәнеке. Сені кісі деген мен ит екем. Ендеше сол ел үшін мен-ақ құрбан болайын. Білгеніңді қылып қал.

Нұрқан. Оңбағандардың көзін ою керек.

Бөрібасар. Бәлем, Нұрқан, жазаңды ел берсін (Бөрібасарды Нұрқан теуіп жібереді.) Ояз. Сен бұзық! Антұрған ит! Саған не керек? Оны көрерсің! Нұрқан, қамат мыналарды, ертең қалаға жүреді. А, я поеду сейчас за отрядом.

Ояз шығады.

Көрініс

Нұрқан. Шатақан! Ендеше, қолдарына кісен керек, аяғына да кісен сал, Шатақан, әпкел, кісен әкеліңдер мына иттерге! Көгендетермін бәлем! Шарасынан асқан, тәубесінен жаңылған қулар... тәубеңнен жаңылған екенсің! Аулыма шабатын, құтымды шайқайтын немесің ғой. Тәнеке. Итаршы екеніңді ұмытып, өзің қылғандай боп тұрсың-ау. Менің арманым жоқ. Өмір бойы басымды қостырмай тоз-тоз ғып, әр жерге шаңға аунатып келіп ең. Тамам жылауларды соңыма ертіп, артыма қыруар ел жиып кеп тұрмын. Соның көшін бастап өлсем арман емес маған, кәрің өтпейді, білдің бе, болыс! Нұрқан (қолдарын өзі байлап жатып). Құл қылмақ едің ғой! Қолың қысқа екенін біліп пе ең, иттің тұқымы?!

Тәнеке. Не ел тұрар, не сен тұрарсың.

Нұрқан (ұрмақ боп ұмтылып). Иә, тұрарсың сен, тұрарсың, тұрғызармын, байла итті, кісенде тексіз итті! Бер сыбағасын.

Жантас, мұғалім, Бойбермес бастаған бір топ қарулы кісі келеді.

Көрініс

Жантас (тап беріп Нұрқанды бір-ақ бүктеп, алып ұрып). Бәсе, беріссең беріс сыбағаны!

Мұғалім (Шатақандарға). Тапжылма бірде-бірің!
Бойбермес. Шығарма үндеріңді!
Жүзтайлақ. Сұмдық-ай, мына сұмдар тағы жетті-ау.

Жантас. Жетпей, сенер деп пе ең сендерге? Қайтер екен десем, қайратын бұның (Тәнекені босатып.) Осы иттерге сеніп қолсыз кетіп... Арандай жаздамадық па аңғалдықпен! Бөрібасар. Өлтіріп кетеміз, алдымен мына тұрған итті өлтіріп кетеміз (Қанжарын суырады.) Бойбермес. Үнін шығармай өлтір. Ac шаңыраққа! Желбауды! Өз шаңырағына асамын (Нұрқанды Бөрібасар сүйретіп ортаға әкеледі.)

Бөрібасар. Сал, сал, мойнына арқанды!
Бойбермес мойнына арқанды салып жібереді.
Сәруәр, Мөржан кіреді.

Нұрқан (шошып, қалбақтап). Ей, жандарым, ей, ағатай, ей, Тәнеке ағатай! Шыбындай жаным, шыбындай жаным!! Кеш, кеше гөр, құлың болайын (Аналар асуға айналады.) Жүзтайлақ (ұмтылып, мұғалімді құшақтап, жабысып). Мұғалім, жарығым... сәулем, жалғыз тілегім (құшақтап.) Не тілесең садағаң болайын, өлтіртпе! Жалғыз ауыз сөзімді тыңда.

Мұғалім (құшағынан босанып). Ей, жігіттер, тоқтай тұр! Өлтірме!
Бөрібасар. Ара түспе, мұғалім ағатай! Жібер, босат бізді. Рұқсат ет!

Мұғалім. Жоқ, мен десеңдер өлтірме! Тұра тұр! (Жұрт тоқтайды. Бибішке.) Не айтасың, Бибіш ханым! Жүзтайлақ. Тілекке тілек орай еді ғой, сөзіңнің қадірін ұқпап ем, бірақ ұмытқан жоқ едім. Қуатым, ара түс. Сонан соң мойныңа жіп тағылған күңім де! (Жылап жібереді.) Ууһ... (қалтасынан хат шығарып.) Мынау саған, сенікі, оқышы әуелі. Мұғалім (асығып ашып, оқып). Мүмкін емес, жоқ рас, соның қолы, "Қазақ" газеті идарасынан. Ең басшы, ақжүрек азаматтың өзінен (Отыра кетеді.)

Жантас. Не депті, не бопты?

Мұғалім (оқып). "Елдің наразылығына сен де қосылатын түрі бар деп есітемін. Біз мұныңа барымызша қарсымыз. Ол бүлікті қостама. Жігіттің берілгені игі. Біз солай ұйғардық. Миллат деген саналып азамат енді қайта жігітті бастап фронтқа барсын. Тез қатеңді түзе. Басқа жол жоқ. Біз тілімізді алған елдің бәрін де тоқтатып көндіріп жүрміз, елге жаның ашысын. Мағлумың!"

Жүзтайлақ. Мен сен үшін, амаңдығың үшін сақтаған едім.
Сәруәр. Неңди сихыр Сапа, син нешік ни ішләп аңшылық хур боласың?

Мұғалім. Жоқ, жоқ! (Отырып қалған жерінен.) Ондай сөз керек емес (Жігіттерге.) Жігіттер, өлтірмеңдер, өлтірмеймін мен, ара түстім!

Жантас (жігіттерге). Босатыңдар!

Тәнеке. Қарағым, мұғалім-ай, адастың ғой, өкінесің ғой, өкінесің ғой. Өкіндіреді ғой бұлар. Мұғалім (отырып, басын ұстап мұңайып). Мен білмеймін, қателескенім бе? Бұл нендей мүшкілдік? Жантас. Тәйірі, мұғалім-ай! Ер болып төбе басына шыға алмағаның ба? Не көрсек те елмен көрдік деспеп пе едік?

Мұғалім (хатты көрсетіп). Мынаны қайтем?

Жантас. Алыстағы сәлемнен әзір тұрған құшағым игі демес пе ем мен болсам! Еліңнің құшағы емес пе?

Болыс кіріп келеді, жолдан келген беті, сәлем беріп, аңырып тұрып қалады.

Көрініс

Жантас. Ә, міне-міне, жараңды емдейтін шын дәрің міне! Өзі келді, жігіттер! Жүзтайлақ (шошып айқайлап). Сорлы қылған құдай-ай! Қайдан келе қалып ең ажалдың ортасына?! Болыс (айнала қарап тұрып, күліп жіберіп). Әй, не сөйлеп тұрсыңдар өздерің? (Күліп.) Неғып келгенімді білдіңдер ме менің?

Мұғалім. Немене (дәмеленіп.) Не болды?

Болыс. Сүйінші, шап! Хабар тарат! Сұра сүйіншіні! Босатты, азат болды, жігіттер. Бүгін түсте жандаралдан шықтым, әдейі, ұшып жеткенім осы.

Мұғалім. Қайдан кепті? Кім бұйрығы?

Болыс. Петербордан, Сенаттан! Ал шап! Не тұрыс бар? Мұғалім, саған Орынбордағы жігіттерден сәлем әкелдім... Айтам... Шап, Шатақан! Шабыңдар! Есіктен төрге сүйінші!

Шатақан. Сүйінші, сүйіншің Садағаң кетейін, Майқан-ай, сүйінші!
Қуанып шығып кетеді.
Жантас (болысқа). Сүйінші ме? Рас па? Болыс. Рас емей!

Жантас. Ендеше, мұнда жер тар. Даурықпайық! Сүйіншің сүйінші! Бірақ осыны қазір өзің жүріп, анау жиылған елге өзің барып мәлім етесің! Жүр! Дауыстар. Дұрыс, дұрыс! Жүр, жүр, өзің жүр! Бөрібасар. Дұрыс, өзің жүр... Өзін апарамыз!

Жұрт кимелеп, болысты ортаға алып әкетуге айналады.

Жүзтайлақ. Өңшең елден шыққан бүлік. Жақсылық әкелсе де қадірін білмейін дей ме? Мұғалім, жаным, сенің жолыңда мен айтқан тоқтың. Сәулем! Бар сен де! Тапсырдым саған. Тұр, бар!

Мұғалім ойда, зорға тұрады.

Мөржан (шығатын жұртпен кетуге ыңғайланып). Арын сатқан арсыз еді. Аю қатын екенін білмеуші ме ең, мұғалім? Сізге не болды, жібің босап. Мен айтайын ба ақылды, бұныңыз не? Сәруар (мұғалімге). Ни болған, ни болған соң сиңә. Ни ішләрмін. Ни әйтіргә. Әне Мөржан әйтті бит синә. Ол білә бит ол қаһарні (Түртіп оятқандай болып.) Ни диәрмін, нәрсе диәрмін мин, мұнан соң синің хақыңда? Жүзтайлақ (Мөржанға). Құтыра тұрыңдар бәлем. Ішіңнен жайлармын, астыңнан қырыққанымды көрерсің.

Мөржан. Күймесең өртеніп өл. Енді ұсынсаң да қолың жетпес.

Жүзтайлақ. Тұра тұр, жетпес деп саспа! Әлі-ақ аяғымның астына түсерсің! Менің кісім, керек кісім, тап ортаңда! Білерсің, төбеңнен ұрған күні.

Сәруар. Уаллаһи ни айта бұл? Харап болдың бит, Сапа! (Мұғалімге төнеді.)
Мөржан. Сұмдық қой мынаның айтқаны. Жүріңізші өзіңіз.
Мұғалімді алып бара жатады.
Мұғалім (түк ұғынбаған пішінмен). Қош, Бибіш ханым!

Жүзтайлақ. Қош, жарықтығым, болысқа пана бол, тапсырдым саған. Нұрқан. Әттең, әскердің кетіп қалғаны-ай. Ауылда даяр жігіт жоқ, қайда, қайда ояз?

Жүзтайлақ. Үш, үш енді оязға!

Нұрқан. Әкпетті, әкпетті ғой, ойбай! Арыстанның аузына әкпетті ғой, қайран ағатайым!

Жүзтайлақ. Қайда, әскер қайда? Шап, шап әскерге!
Нұрқан шығып кетеді. Бибіш жылап, сілейіп отырып қалады.

Шымылдық

ТӨРТІНШІ АКТ

Бесінші сурет

Тау іші, кешке жақын, әр жерде қос түтіндері, тас арасында қайнаған қол. Құралдар, найза, айбалта, аздаған мылтық. Әр жерде тас басыңда қарауыл. Қолдарыңда қызыл жалау, найза. Қол бейбіт. Сондықтан кейде шырқаған, қосылып айтқан әндер естіледі. Дырду күлкі. Сойыл қағып, найза тіресіп, сапыласып өздерінше әскер ойындарын ойнап: "Қайт-қайт! Қашпа-қашпа! Қайда-қайда! Жекпе-жек, жекпе-жек!" десіп сахнада өтісетіндер де бар. Арасында қалмақша алысып, үш-төрт рет дөңгелесіп өтіседі. Алдыңғы бір таста мылтығына сүйеніп жалғыз Жүніс отырады. Түнерген.

Көрініс

Бір шал, бір кемпір шығады. Жүністі көріп қалады.
Жүніс (селт етіп, басын көтеріп қарап). Ей, сендер, кімсің!..
Шал. Уһ, қарағымай, ел екенсің ғой, зәрем кетті ғой (Талған күйде отырады.)
Жүніс (қастарына келіп). Не болды? Қайдан жүрсің? Кімсіңдер?

Кемпір. Қырды ғой, шырағым, қан жоса қылды ғой, ойбай!
Жүніс. Қай ауыл, қай елсіңдер, не болды?
Кемпір. Уа, Олжаймыз, Жаманай ауылынікіміз!

Шал (бет-ажары қан, есін жиып). Жетті ғой әскері, бастаған Қыдырбай, бір жерде отырған бес ауылдың жігіті Жантас, Тәнекеге еріп кетті деп ұйпап салған жоқ па, бүгін!

Жүніс. Не істеді, анықтап айтшы?

Кемпір. Бес-алты ауылды түгел өртеді, малдың бәрін айдап алды, басып қалды, бауырын көтеріп қыбырлаған жанның бәрін қырды (Зарлап.) Қаршадай қызым, сәулем! Он жасар балам шыға алмай оттың ортасында қалды. Шал. Аң боп кеттік қой, қарағым, бостық қой. Осы жол бойы ылғи адамын қырып, аулын өртеп, қан жоса қып келеді.

Жүніс. Қашан бастады?

Шал. Борсақтан бастап, жолда Қарсақты, одан қала берсе Олжайға да ауыз салды.

Жүніс. Олжайға да тегіс тиді ме?

Шал. Жоқ. Оған аралатып тиіп жүр. Әлгі көріңде өкіргір Қыдырбай жүр ортасында. Шықты ғой тажал боп.

Тағы екі қатын шығады.
Алдыңғысы кеудесін басып жығылады, бүйірі қан.

Көрініс

І қатын. Жеттік пе, ойбай! Қайда азамат? Қайда әлгі, қол жиды, қарсы тұрады деген азаматы қайда? (Жұрт жиыла береді.)

Дауыс. Не болды, уа, не болды?
Көп дауыс. Әскер жетті, қырды... Елді қырып жатыр дейді.
Жүніс. Ой, жігіттер, тоқтаңдар, естідіңдер ме мынаны?
Дауыстар. Уа, не дейді? Не бопты? Айтсаңдаршы жөндеп?

Жүніс. Өзен жағасында отырған елге Қыдырбай бастаған әскер кеп, ауылдарды өртеп, елді шетінен қырып жатыр дейді.

Дауыс. Уай, ол ел тыныш ел емес пе еді? Бізге ермей қалған ел еді ғой. ІІ қатын. Ермегені не керек? Мынау Борсақ, мынау Қарсақ деп атап-атап қырып жүр (Жылайды.) Шал. Көрмеген сұмдық, дозақ заман жетті ғой басымызға! Қарағым, тілеуіңді тілеген азаматым не қып тұрсың, ойбай, түге? Қырды ғой мына болыс, мына Қыдырбай, өртеді, қырып салды әні, туған бауырларыңды. Ат тұяғына ездірді ғой қызыл шиет баланы...

Дауыс. Ой, жігіттер, Бұл не тұрыс?
ІІ Дауыс. Бәсе, Бұл не? Қайда Жантас! Қайда Тәнеке?
Жұрт қарайды. Жүгіріп Шатақан шығады.

Көрініс

Шатақан (жүгіріп). Уа сүйінші! Сүйінші! Қайда мұның қолы, сүйінші (Жүністі көріп.) Жүніс, Жүке. Жүніс. Шатақанбысың, ей? (Анау жүгіріп кеп қолына хат сияқты бірдемені суға салады.) Ақырын, не болды? Немене? Шатақан (айқайлап). Сүйінші (Жүніске жылдам.) Болысты әкеле жатыр, зорлықпен әкеледі ұстап, Жантас, Тәнеке! Жүкетай, жаны қалар ма, жоқ па? Сүйінші! Сүйінші тілеп ұш деп еді Жүзтайлақ – Бибіш!.. Жүніс. Бибіш, шіркін! Қысылып па едің? (Атып тұрып.) Жүгір-жүгір, сұрай бер! Құлақтандыр сүйіншіңді!

Шатақан (жүгіріп). Сүйінші, сүйінші, болыс келді.
Екінші жақтан Бөрібасар, Сәруәр, Мөржан шығады, қарай қалады.
Манифест! Болыс келе жатыр өздеріңе, сүйінші, сүйінші!

Дауыстар. Не дейді мынау? Нені айтады мынау! (Сүйінші деген дауыстар сахна сыртына тарап бірден-бірге кетіп жатады.) Бөрібасар (сүйінші деп жалаңдап жүрген Шатақанды ұстап aп). Ей, сен болыстың итаршысы едің ғой, тұра тұр, көп бүлінбе!

Шатақан. Не дейді мынау, езуіңді!.. Сүйінші десем, жақсы тілеу үстінде. Бөрібасар (халыққа әйгілеп). Сенікі қай сүйінші осы? Ей, жігіттер, мынаның сүйіншісін білдіңдер ме?

Дауыстар. Уа, не? Немене, айтсаңшы? Қай сүйінші?

Бөрібасар (Шатақанды жібермей). Тұра тұр, тапжылма! Бұның сүйіншісі осы қазір ашылады. Әлде бұл болысты – Майқанды ұстап әкеле жатқанға сүйінші сұрайтын шығар. Солай ма? Дәм-тұзын ақтаған екен, шіркін, сен де дастарқан аттадың ба? Шатақан. Ой, құдай жүзін көрмегір, кәпір! Кәпір екенсің ғой! Жаман иттің аты Бөрібасар деп Бибіш текке қоймаған екен ғой.

Дауыстар. He дейсің? Баста, ой, жаңағың! Жүр, жүрші былай.
Мөржан, Сәруәр қалады. Сәруәр мұңды.

Көрініс

Жүніс (Сәруәрдің түсін байқап). Сәруәр, немене? Сен неғып тұрсың? Осы Жантастармен ауылға сендер де еріп бардыңдар ма, немене?

Сәруәp. Иә, бу Мөржан анасын кургісі килді. Ә, мен!..

Жүніс. Иә, сенші! Ауылда не қызық көрдіңдер? (Мөржанға.) Айтсаңдаршы, о не? Кімді көріп едіңдер, не көрдіңдер?

Сәруар. Бибішті көрдік, Бибішті. Сиқырлы аждаһаны көрдік.
Жүніс. Бибіш, Бибіш сайқал ғой. Не дейді, не деп отыр?

Мөржан. Не десін? Қолда, басшы кісшеріңнің ішінде жансызымыз бар, кісім бар дейді. Басқан із, бар сырыңды біліп отырам дейді. Жүніс (атып тұрып, өңі қашып сұрланып). Не дейсің? Ол қу, қанды қармақ, не деді екен тағы, ол пәле.

Сәруар (мейірленіп сеніп) . Барым Жүніс! Харап болдық бит. Ни әйтірмін! Жүніс (Сәруәрға тесіліп қарап, өзгеріп). Сәруәржан, айтшы, рас па? (Жылдам.) Атын атады ма?

Сәруар. Атамады игу... Атарміни суң аңди мазлума?!

Жүніс (өзгеріп). Жауыз ғой ол... Істейді ғой қулықты (Жылдам басып кеп кезек қарап.) Әлде әдейі айтқан шығар. Сездірді ме кім екенін?

Мөржан. Сездірді.
Жүніс (қайта өзгеріп). Ендеше кім? Кім деді? (Мөржанға.) Айт!

Сәруар. Ниңди кіші кімі? Анысы мұғалім түгіл шул, оммә біз шүбәләнәміз. Мин шоңәр қайгырам бит, багырым Жүніс (Жылап жібереді.) Ол хатын яуыз мәлгүн, Сапаны хорли бит! Жүніс (өзгеріп ақырындау). Не дейді? Не дейді, ойбай, құдай-ау (Ақырын.) Мұнда ма еді? Не деді мұғалім туралы? Сәруар. Ул мұғалімгә Нұрқаңды қоргатты, Сападан аны қорғауын талап етті, шарт етті.

Жүніс. Ал Сапа ше?

Сәруәp. Ә, Сапа (жылап.) Аның тілін тыңдады. Сихырланды. Сихырланган түгілміни соң, Жүніс досхайым! һәммә халық алдында мұғалім өзін неңди хор етіп көрсетті? И... Білсәң иді мәнім дәртімді (қатты.) Мұғалім ол хатын алдында тілсіз, көзсіз, пікірсіз құл болды бит!

Жүніс. Өзі қайда? Қалып қоймады ма тек!
Сәруәр. Юх, қалмады. Біз Мөржанбілән аны алып шықтық, килә!
Жүніс. Бәсе, бәсе (тістенген пішінде.)
Мөржан. Немене? Немене? Сіз не айтпақ боласыз, Жүніс, айтыңызшы?

Жүніс. Мен бұрын ішіме түюші ем... бірақ.
Мөржан. Бірақ, кәне, кәне, айтыңызшы!
Жүніс. Бірақ ешкімге білдірмейін, сыртқа шығармайын деп ем.
Сәруар. Жүніс, иләр айтасың син (талып кетеді, Мөржан құшақтайды.)

Мөржан (Жүніске суық, қатаң). Қинамаңыз мына кісіні!
Жүніс. Ә, рас, мынаны айтасыз ба?
Мөржан. Иә, соны айтам (қатаң.) Әр дүниенің шегі бар. Бұл жазықсыз адам.

Болысты алып Жантас, мұғалім, Тәнеке, басқалары шығады, ел бір жерге жиналып қалады. Жантас (айнала қарап Бөрібасарды қолымен ымдап шақырып, оңашалау). Қарауылда тұрған адамдарың босаң кісілер көрінеді. Қазір сенімді, мықты жігіттерді жіберіп, ауыстырсақ (халыққа.) Уа, жұрт, бері жиыл, бері келіңдер, азаматтар.

Ел жақындай береді, болыс жалпылдап әрқайсысымен амандасқан болады. Міне, мынау болыстарың. Кешегі кіжінген, кектенген осы болыс болатын. Сенің басыңа көр заманды туғызып ұлық тұрса, оның үстіне ширықтырған осының кылығы еді. Бүгін ауылына оязын әкеп, әскерін төгіп, ұлығына сүйеніп те, сипанып та отыр. Ал, осы болыс және сүйінші сұрайды. Біз әдейі сендерге ауызба-ауыз өзі мәлімдесін деп алып келдік осында. Тыңдаймысың, жұрт, мұның сүйіншісінің жөнін, жоқ па?

Бойбермес. Тыңдамаймыз, тағы алдайды.
Дауыс. Керек емес, тыңдамаймыз.
Екінші дауыс. Жоқ, тыңдаймыз, айтсын!

— Айтсын, жақсылығы бар шығар.

Айтқызыңдар... естиміз.
Жантас. Жарайды, ендеше, кәне, болыс мырза, айта ғой сүйіншіңді.

Болыс. Ендеше, жігіттер, сен кешегі менің елім емес пе ең. Осы сенің қырылғаныңды, босып, тозып құрығаныңды мен тілейді деген қайдан шыққан сөз? Сен жоқ болсаң мен кіммен кісімін?

Дауыс. Бәсе, кіммен кісісің?
Бұрыннан неге айтпадың мұныңды?

Болыс. Бұрын ел боп менен сұрадың ба? Бұрын мұндай қауіп көп пе еді басымызға. Бұрын мен де құтырып жүр екемін. Алды-артымды ойламаппын. Қайран елім, енді міне аппақ сүйек боп осы тау-таста қаласың ба, қырғын табасың ба деп қорықпадым ба мына мен бүгін. Шошындым ғой мен сен үшін!

Бойбермес. Уа, сүйіншің, сүйіншіңнің жөнін айт.
Дауыс. Уа, соны айт, соны айт.

Болыс. Сүйінші сүйінші, біз әнеукүнгі адвокат Кәрім екеуміз жер дүниені шарламадық па? Орынбор, Самар, Петербор бәріне бардық. Арыз бердік, сөйледік, өтіндік, жауабын кейін жібермек болды. Содан өзіміздің облысқа қайттым. Бүгін таңертең хабар жоқ па екен деп жандаралға кірдім. Кірсем жақсылық. Босады, қазақ азат болды деген хабар кепті.

Дауыс. Е, тілеуіңді берсін. Е, солай десеңші!
Екінші дауыс. Петербор хабары ма екен?
Болыс. Е, Петербордан, патшадан, министрден.
Мұғалім. Бағана Санаттан дегенің қайда?

Болыс. Санаты не, министрі не? Біз оқымаған қазақ дәлін білеміз бе? Мұғалім, о не дегенің? Тіпті Кәрімнен де телеграмма бар.

Мұғалім. О да солай деп пе?
Болыс. Солай, солай депті.
Дауыс. Уа, ендеше, рас болғаны ғой.

— Шын болғаны ғой ә, құдай, берерсің!

— Уа, шын тыныштық болғаны ма енді сөйтіп?

— Е, тыныштық емей.

Жантас (болысқа). Рас па осы айтқаның? Рас болса Кәрімнің телеграммасын көрсетші кәне, мына мұғалімге.

Бойбермес. Иә, кәне, рас, рас.

Болыс (қалталарын қараған боп). Е, телеграмма бар. Міне... қайда еді? (Таба алмайды.) Қап, үйде чемодаңда қалып қойыпты ғой. Қап, ескермегенімді-ай, әттеген-ай.

Дауыс. Рас деген соң рас болғаны ғой.

— Барған жерінің бәрін айтып тұр, болды ғой.

Тәнеке. Ой, халық, тұра тұр! Жә, кеңшілік болса мына оязың, әскерің не істейді? Мынау елді, жігіт бермеймін деген осы жұртты қайтеді? Тыныш қайта ма, ана ұлығың?

Бөрібасар. Бәсе, соны айт, соны айтшы, кәне?
Дауыстар. Иә, қуғынға ұшыратпай ма?

— Ел тынышталғанмен әскерің кеп қырып салса қайтеміз?

Болыс. Әскер тимейді. Әскер бұрынғы дақбыртпен шыққан! Ол қайтады. Жантас. Солай деймісің? Ендеше, әскердің Борсақ, Қарсақты қырып жатқаны несі, мынау өзен бойында? Сенің осының алдау, бөгеу емес пе, әскерді тосып тұрған жоқпысың? Болыс. Әскерді мен көрдім бе әуелі? Аттан түскенім сол емес пе? Өз көзіңмен көрдің ғой! Жантас. Ендеше, мына ауылдағы ояз бен әскерге жандарал бұйрық еткен шығар. Қырғынға шыққанын біледі ғой, сол бұйрығын істеді ме?

Болыс. Істеді, қайтсын деді!
Жантас. Кәне, ендеше, сол бұйрығын көрсетші! (Тым-тырыс.)
Болыс (сасыңқырап). Жоқ, бұйрық менде жоқ.

Жантас. Сен елдің қамын ойлаған кісі екенсің, әскер шыққанын білесің, неге шыққаны өзгенің бәрінен бұрын саған мәлім. Олай болса жандаралға "Жыланды" болысына шыққан әскер жайында айтпайды екенсің, оныңды қалай дейік?

Тәнеке. Бәсе, сұрасаң осыны сұра!
Бойбермес (елге). Міне, босқа желпінесің, көрмеймісің тағы алдап тұрғанын.
Дауыс. Қарағым Жантас, жақсы лепес, жарым ырыс деп еді.

— Айтқан хабары жақсы еді ғой.

ІІ Дауыс. Рас шығар әлде, неге сенбейміз?

— Ай, кім біледі, аяғы сұйылып кетті ғой.

Бөрібасар. Өтірік, бәрі өтірік, білмеуші ме ең
сырын?

Жантас. Ей, жұрт, мен бір сөз айтайын. Болыс сөзі рас болар деп дәме қылатының бар екен, олай болса тосайық. Жарайды. Дегенің болсын. Бірақ жақсы хабар шын боп, аныққа шыққанша мына болыс біздің ортамызда болсын, кетпесін. Не көрсе бізбен бірге көрсін. Бұған не дейсің?

Дауыстар (шулап). Дұрыс, дұрыс.

— Бізбен болсын, болсын.

— Ортамызда болсын, тапқан ақыл.

Бөрібасар. Жібермейік, осында ұстайық, көзіміз
жетсін.

Жантас. Екінші, ел ішінде әскер, ортаңа келіп қырғын салып отырған ояз мынау. Қарсы болған жалғыз біз емес. Бес болыс ел, солармен хабарласамыз. Олар болыстарына не қылды екен, көреміз. Бар болысты бір арада ұстаймыз, кепіл, кепіл!

Дауыстар. Дұрыс, дұрыс, хабаршы кісі шаптыр! Олар да болыс-биін ұстаған.
Тәнеке. Е, дұрыс міне, тоқтасақ, қайтсақ сол елмен бірігіп отырып қайтайық!

Жантас. Үшінші, жаман айтпай жақсы жоқ, сақтықта қорлық жоқ деген. Әйтеуір жігіт алмайды екен ғой, ендеше, мынаның да керегі жоқ (жанынан көп қағаз шығарып.) Мынау список! Бүгін ояз бен Нұрқан өз қолдарымен тізген сендердің списогің! Жаңа әдейі барып осыны тартып алып келдім (списокті көпке лақтырып, шашып жіберіп.) Мә, мынаның көзін жоғалт.

Жұрт дар-дар айырады, улап-шулап қайта түзеледі.
Бөрібасар. (Бойбермеске). Ал мына болысқа әзір сенім жоқ. Мықтап күтіңдер.
Дауыстар. Дұрыс, дұрыс, қашып кетпесін.

— Кете алмасын, жібермеңдер!..

Тәнеке. Жә, жігіттер, онан соң болыс сөзі өз алдына. Бірақ мынау әскер мен Қыдырбай қылығын естідіңдер ғой. Өзен жағасындағы ел не көріп жатыр? Ереуілге шыққаның, шықпағаның бәрі бір. Бұл құртамын деген қылық. Солай ма, солай емес пе?

Дауыстар. Солай, солай емей немене?
Тәнеке. Ел қырылды, жер кетті, неміз қалды. Өлісеміз.

Жантас. Бәсе, соны айт! Ендеше, жүр, қамданайық, жараңдар! Тегіс атсайман қамдаңдар. Не олар өзі келер үстімізге, не біз соқтығайық (Жұрт тегіс дүрк тарайды. Жүніс пен Тәнекеге.) Жүріңдер, қолды аралайық. Әзірленейік.

Бұлар жөнеледі.

Сөйлеген жұрттың ар жағыңда, төрдегі тастың біріне байланып қалған болыс көрінеді. Бәрі де дәл шетте. Мұғалімді Мөржан мен Сәруәр ұстап қалады.

Көрініс

Сәруар (мұңды). Халық! Бақытсыз халық! (Қызына, рухтана.) Ол өлсе де шатлықбілән улә біләді! Ә, біз кім? Біз ни болармыз!

Мұғалім. Не дейсің? Не айтасың, Сәруәр?

Сәруар. Ни әйтіргә? Нигә шықтық, нигә ердік біз бұл халыққа? Ей, Сапа, ей, мұғалім, халықтың сүйгән, ишанған мүғалимі! Нишләдің? Нишләдік біз? Шуңди міни сізнің мидрәсәдәгі хиялларыңыз. Сіз милләтка қызмет деп янған тугілмә идіңіз!

Мұғалім. Білмеймін, білмеймін, хияли болған шығармын.

Мөржан. Неге олай дейсіз, мұғалім! Сіз басшы, бәрін үйреткен, барлығын баулыған – бәріміздің ұстазымыз сіз емес пе? Не болды сізге? Мұғалім. Бәсе, не болды маған? Тілім ғана бар, қолымда қайрат жоқ. Жүрегімде дерт бар, жазылар шарам жоқ. Мен бір газиз бәңдә.

Мөржан. Шын айтасыз ба? Мұғалім ағатай-ау!?
Мұғалім. Бәсе, не болды? Не істедім осы бүгін мен? Халық не деді?
Сәруәp. Нәрсе дисін халық, аздың син.

Мұғалім. Рас (мұңайып.) Аздым, аздым, гүнәһәрмін. Хат! Газет басыңдағы басшы азамат хаты. Мен не істейін, адасқан сияқтымын. Сәруар (қатты). Мүгалим хайыр, мин синің тугырыңда хаталасқан икәм. Мин сізні уждаңді дисәм. Син қара куңіл...

Мұғалім (селк етіп атып тұрып). Тек, қой, Сәруәр, тоқтат! Мен ондай емес.
Сәруар. Юх, син башқа түгіл.
Мұғалім (басын қорғагандай). Жоқ, жоқ, жоқ, олай деме! Олай емес.
Сәруәp. Ә, син атап әйтіргә қорқасың, син хазір син шпик. Міне син кім?

Мұғалім (тұрып қатайып). Ой, сендер не дейсіңдер? (Мөржанға.) Не деп тұрсыңдар осы? Нені айтасыңдар? Мөржан. Сіз қатты айтасыз. Одан бұрын, әуелден аман емес, қиянат жолына бұрын шықты деп сезіктеніп тұрмыз ғой біз. Мұғалім (қатты). Қандай қиянат! Қайдан алдыңдар Бұл сөзді. Мен Нұрқанды арашалағанымды, халықты наразы қылғанымды ғайыбым деймін.

Мөржан (ұмтылып). Сол ғана ма, мұғалім ағатай-ау?
Мұғалім. Енді не?
Мөржан. Ойбай-ау, бізді, Сәруәрді өртеген Бибіш сөзі емес пе.
Мұғалім. Қандай сөз? Неге айтпайсыздар?

Мөржан. Қолда, басшы кісі ішінде тыңшы бар, жансызым бар. Барыңды сол айтады, ашады. Түбіңе жетеді деген жоқ па сіздің көзіңіз ше?! Мұғалім (ашуланып кеп). Мен нені айтады десем, Бұларың не? Нендей масқара? Сәруәр, мен бе екем сондай кісі? Қайтып ал қазір сөзіңді, қайт, болмаса мен өлермін, өлермін қазір, мұндай газаптан баддүга оқып өлермін саған (жылап жібереді.) Сәруар (жүгініп кеп құшақтай алып). Багрым; багрым Сапа, ғафу ет. Мин гайыплі! Біз гайыплі икәнбіз. Мөржан ишандым аңгар, ол ялган әйтми, көрәсің мә?

Мөржан. Уһ, жүрегім жаңа орнына түсті ғой.
Сәруар. Уһ, кім суң иңді, ол яуыз хатынның сөзі.

Мұғалім. Бәсе кім? Кім, жүр, жүр тез қазір, Жантасты табайық, білдірейік, білейік ол кісіні?

Жөнеледі.
Бөрібасар, Бойбермес шығады.

Бөрібасар (болысқа келіп). Ә, болыс, мен Бөрібасар, Бөрібасар! Өздерің қойған ат! Сен бәрінің үлкені едің, мен Бөрібасар екем! Танып қойғанбысың, қалай? Бойбермес. Уа, мен Бойбермес! Әлде аузына құдай салды ма екен Бибіштің – Жүзтайлақтың, сені бөрі қып, бізді Бөрібасар қып? Болыс. Қарақтарым, көресіні көрдім ғой, дәм-тұзым сіңбеп пе еді. Босатыңдар!

Бойбермес. Е, мен Бойбермес қой! Өз айтқаныңнан өзің қайтармысың.
Бөрібасар. Сендер қойған атты ақтамасақ бола ма? Дәм-тұзың атпай ма?
Болыс. Өле-өлгенше жақсылықтарыңды ұмытпайын, қарақтарым.

Бөрібасар (күзетшіге). Мықтап бақ. Не жаныңды аяйсың мына болысыңнан. Ол 15 жыл баққан. Қарызы қайда? Дәм-тұзы атады. Не қыласың, байғұс.

Бойбермес екеуі кетеді, аздан соң Жүніс шығады.

Көрініс

Болыс (дәме қып). Жүніс қарағым, Жүніс, Жүке!

Жүніс (күзетшіге қарап тұрып). Тыңдамаймын, айтпа! (Күзетшіге') Сен, ана жерде, Бұлақ басыңда менің атым тұр. Соны алып кел, мен күзетем (жігіт кетеді.) Жүніс. Болды! (Жылдам кеп шешіп жібереді.) Жөнел, мына тастың түбіңде менің атым тұр. Болыс. Ұмытпаспын, ұмытпаспын (тac жаққа қарап жұдырығын түйіп.) Бәлем өңшең бөрі ала!

Жөнеле береді.

Бөрібасар (шыға бере). Тоқта! Тоқта, қатырамын, тоқта! (Анау қаша береді. Басып салады, болыс серейіп құлап түседі.)

Тәнеке, мұғалім, Жантас, Мөржан, Сәруәр тағы бірнеше кісі жүгіріп шығады.
Дауыстар. Қашты ма, бұ несі?

– Кім босатты?

– Кім?

Бөрібасар Жүністі көрсетеді.
Жантас. Неге? Неге босаттың?

Дауыстар. Неге аттың, неге аттыңдар? Бүлдірдіңдер ғой, ел бетін көрмейтін қылдың ғой, түге, түбімізге жететін болды ғой, енді ұлық. Пәле ме еді іздегендерің? Тәнеке (ақырып). Е, қайтушы еді? Аянатын нең қалып еді?! Алдағанын енді көрсеңші, міне! Адал болса, неге қашады?

Бөрібасар. Қашқан соң атпай қайтушы ек? Барып әскер әкелейін деді ғой. Жантас (Жүніске). Жүніс, жауабын бер мына елдің? Ел емес пе еді қалсын деген?

Жүніс. Ел қалсын десе де өлсін деген жоқ. Көр ана көптің ниетін.
Жантас. Неге қашырасың?

Жүніс. Кетірейін деген мен. Рас, мен босаттым. Біз ұлықпен алысып жүрміз. Қазақтан жау көбейтіп керек емес. Кеткені ақыл еді.

Мөржан. Істеуін істеп ап ақталады екен!
Жүніс (ашуланып). Ақталмағанда қаралайын деп пе ең?
Мөржан. Жазықсыз кісіні де қаралап ең ғой.

Жүніс (айқай салып). Уа, қайдасың, Қарсақ-Борсақ, Олжай, Қарсақ, шыға ғой олай болса! Өлейін мен мұның қолыңда. Қайдасың мен деген ел. Шық мен жаққа, керегі жоқ! Асқан екен бұл Борсақ! Тамам елдің төбесіне шығып. Қатынына шейін басыма ойнатайын ба?

Сырттан шу, айқай шығады. Аттан-аттан деседі.
Жантас. Ал, жау қаптады, ұста тегіс қаруыңды!
Жұрт жапыр-жұпыр қаруына жүгіреді. Жүніс пен Тәнеке қалады.

Тәнеке (Жүніске қатаң). Әне, жау келе жатыр. Өзің ниетің не? Болдым мен сені естіп. Бөтен ойың болса бетіңнен жарылғасын. Әне, кете бер, бар, жібердім! Болмаса ірітпе елді, білдің бе? Мына Майқанның өлігінен аттап өткен соң, енді өлі-тірінің арасындамыз бәріміз де! (Ашумен.) Қылыш үстіңде серт тұрмайды, Жүніс, біліп қой. Бер жауабыңды, қайда барасың.

Мылтық тарсылдайды.

Жүніс. Не айтып тұрсың өзің, Тәке! Битке өкпелеп тонымды отқа салмаймын, мен бірге өлемін. Баста, Жантас! Жантас (шыға кеп). Е, жүр олай болса! (Тасқа шығып айқайлап.) Мына жақта, мына келеді! Шегіне-шегіне ат (Өзі атып-атып жібереді.) Тәке, Жүніс! Кейін осы шатты өрлеп, кейін бастыра беріңдер. Біз бөгейміз!

Он шақты мерген шығып жатып атады, шегіне беріседі.
Дәл байлап ат!

Бөрібасар. Мынау Борсақ үшін! Ұшты ма? Мынау жазықсыз қырылған кемпір-шал, қан жылаған ел үшін! Серейді ме? Мынау Қарсақ үшін! Мә, ұлық, мә, төре! Саған, саған атамын, қылжиды біреуі тағы да.

Жөнеліп кетіседі.
Аздан соң ояз, Қыдыш, Нұрқан, Семенов тағы басқа әскер ілгері шыға келеді.

Көрініс

Қыдыш (айнала қарап, жылдам басып болысқа кеп). Ойпырым-ай, сұмдық-ай, арысым-ай.

Нұрқан. Ойбай-ойбай, бау-у-ырым!

Қыдыш (Оязға). Кескес! Ойбай, тақсыр ояз! Он мыңнан кес! Тәнеке, Жантас басына! Ұстат, дарға ас! Өрте мына қырылғырдың елін!

Шымылдық

Алтыншы сурет

Найзатастың бауыры. Жантастың соңғы бекінген жері. Аз ғана тоғай, үйілген тас, төрде шаншылған биік жартас, арты көлбеп, үлкен жар боп сахнаның сол жақ төріне қарай кетеді. Тас бауырыңда от жаққан жер. Қазан-ошақ, шәугім, киіз, көрпе, жастық, сүйеулі қару-сайман. Сахнада Жантас, Тәнеке, Мөржан, Ділда, Сәруәр, мұғалім, Бөрібасар, Бойбермес.

Көрініс

Жантас. Айналаны қусырып келеді, ә?

Тәнеке. Қарабұжыр, Көксу, Теректі, Қызылжар болыстарын тегіс басты. Бастықтарын ұстапты. Жігіттерін тізіп жатыр дейді! Онда да момын елдің қырғын, шығыны мол. Қыласыны қылды ғой мынау ояз!

Мұғалім. Рас па осы хабар?
Тәнеке. Рас, анығын жаңа білдім.

Жантас. Тізе қоса алмадық. Болмаса бұл қанішер ояз, қанішер ұлыққа әлекті салар едік. Тәнеке. Бірінен бірі айырып әкетті. Ел-елдің болыс-биі астынан ит жүгіртіп, үстінен құс ұшырған жоқ па аңқау елдің! Жантас. Көр боламыз ғой, басшылық ете алмадық білем. Бір шығар бет, нұсқар жол бар ма? (Мұғалімге.) Не істейміз? Не істе дейміз? Бөрібасар. Қайда барамыз? Не істейміз? Анада бір Қытай деп еді, соған кетеміз бе? Мына жақта құм бар дейді, сонда барамыз ба? Әскер бейбіт елді қырып барады.

Жантас. Ендігі істейтін іс туралы не ойлайсыз?
Мұғалім. Білмеймін, еш нәрсе айта алмаймын.

Тәнеке. Соғыс созылса патшасы құлайды, азат боламыз деп едіңіз, сонымыз қайда?

Мұғалім. Ие, соғыс болып жатыр, ә патша әлі тұр.
Жантас. Әйтеуір түбі бір саңылау болатын болса шыдап көрер ек.

Мұғалім. Түбі болар. Бірақ қашан болар? Ел шыдай ма? Менің ойым онға, саным санға бөлінеді, осыны ойлап. Бірақ, шығар жол көрсете алмаймыз. Қытай алыс. Құм ба? Құмға, алыс құмға көп халықты тағы жеткізе алмаймыз. Тәнеке. Ой, жігіттер, бірдемеге байлайық. Біз ғой, неде болса қайтар жолды кескен кісіміз. Әйтеуір түбін күткен адамбыз. Ел толқыса ықтияры, жіберейік.

Бөрібасар. Ие, қалған аз ғана ел соның жауабын күтеді.

Жантас. Болды, ендеше. Елді таратайық та, қалғанымыз екшеліп кетейік. Ерем дегені ерсін, өзгесін, өзгесіне рұқсат. Біз енді қашқын боп күнелтеміз. Сол құмға қарай барамыз. Тәнеке. Байлау осы, соған міне осы отырғаның не дейсің? Еретініңмен баталасамын.

Мұғалім. Мен өз басым білмеймін, бөгет болармын деймін.

Жантас (тым-тырыстан соң). Мұғалім, сіз қысылмаңыз. Сізге де рұқсат, Бұл күнге шейін ақылыңыздан пайдаландық. Енді уақыт солай болған шығар, бүгін шығарып саламыз сізді. Бұл маңайға тоқтамаңыз, басқа бір жақтан барып шығыңыз. Мұғалім. Түн. Қара түн! Тұяқ серпіп еді. Елді көрсетіп еді. Бишара миллат ә, зүлмат түні әлі баста... Арылған жоқ. Жантас. Еш нәрсе етпес. Еттен өтіп, сүйекке жеткен қорлық, зорлық еді. Әйтеуір соған қарсы бір де болса қылыш суырып, оқ аттық. Қалғаны не болса да арман емес. Маңдайымызға жазғанын көріп аламыз.

Тәнеке. Өкініш жоқ.

Бөрібасар. Тәйірі өкініп, неге өкінейік. Кетеміз ана құмға, қолына тіпті де түспейміз. Жантас. Міне, осы байлау. Ал, мұғалім, Сәруәр, сіздердің жолдарыңыз болсын. Біз былай көшеміз, сендер енді жолға қамданыңдар. Мұғалім. Әлде окопқа барармын, жігіттерді бастармын, солардың ішінде болармын.

Сәруәp. Мұғалім, син шыныңда да Жантастардан қаласың, айрыласың міни?
Жантас. Жоқ. Сәруәр, жолдарың болсын, бөгелме!
Сәруар. Ұят тугілміни?

Жантас. Олай деме. Біздің жол қиын, ол қашқындық. Апа, Мөржан, осы сендер қайтер екенсің?

Ділда. Қарағым, жарығым, өзің біл, өзің айт! Не қыл дейсің?
Мөржан. Қалып қор болғанша, не болса да бірге көреміз, ереміз біз.

Мұғалім. Мөржан бауырым, жақсысың, ерсің сен. Жақсы айттың, құрметті қарындасым. Сендей адал, жақсы жар туғызған ел өлмес.

Үш кісі келеді. Көптің елшісі.

Көрініс

І кісі. Е, Жантас, Тәнеке, ақылдасып болдыңдар ма? Ел жауап күтіп тұр.
Жантас. Немене ел асығайын деді ме?

І кісі. Асықпағанмен мезгілі өтіп барады. Бір суткенің ішінде келетіні келіп болсын депті. ІІ кісі. Сендерді қимағаннан тұр ғой мынау елің. Болмаса ұрланып-жырланып кетіп жатыр ғой әне талайы.

Жантас. Жарайды, онысына рақмет елдің!
ІІІ кісі. Ел әйтеуір екеуіңнің тілеуіңде!

І кісі. Әскері тағы молайды дейді. Қыдыш пен Нұрқан қазақтан да үш кісі қосыпты. Өздері тағы бастап шығады дейді. Жантас (тұрып тac басына шығып). Жарайды, мен енді халыққа барып, қайтқысы келгеннің бәрін қайтарайын. Сөйлесіп екшейін. Сендер: aпa, Мөржан, мұғалім, Сәруәр, сіздер де қамдана беріңдер. Қазір жөнелеміз. Тастан әрі түсіп кетеді, келген үш кісі бірге кетеді. Жұмажан, Жүніс бір жақтан шығады. Арттарынан Бөрібасар кіреді.

Көрініс

Жұмажан. Ассалаумалейкүм! Амансыңдар ма? Аман жатырсыңдар ма! (Мөржанды көріп ұмтылып.) Мөржан, апатай, зар қылдың ғой бір көруге. Шешең зарлап жатыр. Басыңды қатерге байладың той, апатай (Құшақтамақ болады.)

Мөржан. Тоқтат! Неғып жүрсің? Қайдан жүрсің өзің!

Жұмажан. Ойбай, сендерді мен іздегелі қашан? Ылғи адасып әбден діңкем құрыған жоқ па, шорт.

Жүніс. Қарауылда отырсам қалқалақтап келе жатыр, алып келдім.
Тәнеке (Жұмажанға). Қайдан шықтың өзің?
Мөржан. Иә, жөніңді айтшы?

Жұмажан. Ойбай, діңкем құрыған жоқ па іздеп. Әнеугі бір күн жатақтарыңа жаңа жете бергенімде тарсылдап мылтық атылып, жүрегім тас төбеме шықпады ма, шорт. Арада саңдалып жүріп оққа ұшармын деп, қайта қаштым.

Мөржан. Бізді не қылайын деп осы іздейсің?

Жұмажан. Көрмеймін бе сені, аман-жаманыңды білмей отырамыз ба? Тіпті ана кәрі шешең жанымды жағамнан алған жоқ па?

Бөрібасар. Ал, сарқурай атты, Нұрқанның сарқурай атын мініп жүргенің не?
Тәнеке. Не дейді?
Мөржан. Ал, оның не?

Жұмажан. Қашып шықтым, о несі екен? Сендерге баратынымды айтқам жоқ, әйтеуір қашқан соң деп сарқурай атты мініп қаштым, шорт. Бөрібасар. Сен оны мініп жүргеңде өзгелері қайда екен? Шатақан қудың көзі неғып шалмады? Жұмажан. Бәрі тік көтеріле кеткен жоқ па? Ауылда тірі тышқан жоқ. Биенің бас сауымы бола бергенде, желі басында тұр екен, сарқурай атты жылқы қайырамын деп мініп алып, ызғыттым-ау.

Тәнеке. Ал, Нұрқандар қайда? Қайда кетті? Әскері қайда?

Жұмажан. Жүзтайлақ болыстың өлген жеріне бата оқи кетті, өзі осы арадан жақын екен ғой! Сол жерде құран аудартып, хатым қылдырмақ. Елдің бәрі сонда.

Жүніс. Әскер өз бетімен кетті. Мына Көксу болысына жігіт жөнелтпек дейді.
Тәнеке. Неғып бәрі бейбіт бола қалды?

Жұмажан. Е, тіпті бейбіт деймін, айтам ғой. Тіпті құлаққа ұрған танадай, шорт. Бұл жақты тоқталды деседі. Жантас пен Тәнекенің басына бәйге тігілді, өзге ел азат. Сондықтан қол тарап қайтқалы жатыр деп хабар соғып жүр.

Мөржан. Тағы хабар беріп пе?
Жүніс. Оттапты, о не қылған алып қашты?
Бөрібасар. Ел құлағы елу, есітпей тұра ма?

Жұмажан. Оларың рас па, тегі, Мөржан апатай? Енді не болса тыныштық болғанша қасыңда болам, шорт. Болмаса ана шешең қарғап-сілеп өлтірер болды.

Мұғалім. Онда бұл жерден көшпесе де болар ма, қалай?
Жүніс. Көшем деген кім?
Бөрібасар. Бұнда солай деп қамданып жатырмыз.

Жүніс. Жоқ, көшпейміз, осы күнде қайда екеніңді білмейді, бата оқыр жасап бейбіт жүрген жау анау.

Тәнеке. Ей, шырағым, білмеймін. Осы сенгіштікті қойсақ екен.
Жантас шығып тыңдайды.

Жүніс. Жүре берсең көзге түсесің қайта! Енді ел тарайды, аз кісі боламыз. Әбден ел арылып болған соң, барақ жалт береміз.

Жантас. Сен өзің еремісің? Солай байлағаның шын ба?
Жүніс. Неге ермеймін? Енді мен қайда бармақпын?
Жантас. Біз мұғалімді қайтсын дестік, ол кісі жүргелі отыр.
Жүніс. Неге қайтады? Келіп келіп тастап кете ме?

Мұғалім. Менің ықтиярым әлі өзімде шығар, Жүніс әпәндә?
Жүніс. Жан тәтті ме екен? Бізден ардақты болайын деп пе ең?
Мұғалім. Мен сізді білмеймін.
Жүніс. Ендеше, біліп болғанша кетпейсіз!

Мұғалім. Не айтпақ боласыз?

Жүніс. Ақжүрек азамат атанасыз! Қысылған жерде жалт бермексің. Әлде Жүзтайлақ бір көрсем деп айтады дейді. Соған соғатын шығарсың. Мұғалім. Мені хақараттамауыңызды сұрар едім (Жантас, Тәнекеге.) Мен сіздермен Бұлай ажырасамын деген жоқ едім. Батаға да кірмедім. Тәнеке. Жоқ, мұғалім, біздің сізге ренішіміз жоқ. Жолыңыз болсын, біз батаға кірмеді деп айтпаймыз.

Жүніс. О не қылған бата?

Жантас. Біз бірге өлеміз деген кісімен баталастық. Мұғалімді өзіміз азат қылдық. Тәнеке. Қырғын болса, бәріміз кеткен жақсы ма? Тым болмаса бірен-саран болса да артымызда айта жүрер қалсын, аман болсын... Жүніс. Мен неге болмаймын ол батада? Немене, сендер осы жасырынбақ ойнаған кісідей? Жантас. Біз сені ермейді ғой дедік. Көзі қарақты адамсың. Біздей надан емессің, басқа бір жарыққа шығып кетсең күн көруің де оңай. Біздікі енді тар жол, тайғақ кешу ғой.

Жүніс. Мен неге қалам, не деп қалам?
Бөрібасар. Ойбай-ау, біз сізді бүйтер деп ойламадық қой.

Жүніс (Жантасқа). Ой, шіркін Жантас, сен мені танымай жүр екенсің ғой әлі. Мен естіп келдім. Қарабұжыр қимылына бастық болған адамның бәрін ұстапты. Ішінде мен сияқты орысша оқыған біреу бар екен, білдіңдер ме не қылғанын?

Жантас. Неғыпты?

Жүніс. Халықтың көзінше дарға асыпты. Асқызыпты анау ояз Казанцев. Оның қолы қатты. Қылышынан қан тамып тұр. Білмеймін бе мен? Мұғалім, саған қайтпа дегенімде де сол болатын, бірақ сен өзің біл.

Мұғалім. Мен бұл жақта, Бұл уәлаятта тұрмаймын, солай кетермін. Жантас. Жарайды енді, біз де аяйды деп жүргеміз жоқ. Біз жазғанын көрерміз, болдың ба, Сәруәр?!

Сәруәр әзір, Мөржанмен сөйлесуде.
Жүріңдер, біз де жөнелеміз.

Тәнеке. Әйтеуір түбінде бір саңлау болса болды, неде болса қалған өмірді жағаласын өткізем сол ұлығымен, бұзығымен. Болды. Ал, қарағым мұғалім, жолың болсын енді. Сәруәр әзірлеп Мөржан, Ділда, басқалар қоштасып жөнеле береді. Оны Бөрібасар бастайды. Мұғалім бөгеліңкіреп қалады.

Көрініс

Мұғалім (Жантастың қолын ұстап). Қош, азаматым, бауырым. Әлсіздігім болса ғапу ет. Қош, қайран ағам, Тәнеке (Ділдаға қоштасып.) Қош, ана! (Мөржанның бетінен сүйіп.) Қош, бауырым, адал ниет, ақжүрек ұмыттырмас! (Жөнеле беріп.) Бірақ, тез көшіңдер! Бүгін де болса бұл жерден жөнеліңдер!

Жантас қоштасып, шығарып салып, аздан соң қайта кіреді.

Көрініс

Жантас. Ал енді біз де көшеміз, болыңдар, киініңдер.
Жүніс (саспай). Жоқ, мен киінбеймін. Тап осы жердей бүгін алатын жау жоқ.
Тәнеке. Бұл жері құрғырды немесіне қимай отырсың?

Жүніс. Апыра-ай, Тәке, бала ма едіңіз! Кететін елдің арты әбден сейілсін! Олай беттегенімізді ешкім білмейтін болады деп отырмын! Тіпті болмайтыңдарың не?

Мылтық атылады.
(Ішінен. ) Бөгеп отырғаным осы еді.
Мылтық тарс-тарс атылады.
Дауыстар. Қапта-қапта!

— Түс-түс!

— Пли! Пли!

— Бей! Бей!

Бойбермес пен бес-алты жігіт жүгіре кіреді.
Жантас. Тос, алдын тос.
Жігіттер мен Тәнеке атысып ілгері басып шығады.
Дәл байла!

Өзі де тастан тасқа секіріп бұғып атып жүреді.

Aпa, Мөржан, шық тасқа, тасқа шыға бер. Осы биік тастың басымен әрі жоталап тарта бер. Біз бөгеп тастап жетеміз.

Бір топ жігіт артта мылтық даусы шыққан жаққа қарай кетеді.
Тас-тастың арасында бұғып жүрген Жұмажан Мөржанды етегінен тартады.

Көрініс

Жұмажан. Барма, жетті, ерме енді оларға! Өзім алып кетем, сарқурай дайын тұр.

Мөржан. Қуарған, не деп тұрсың, Жантастан қалушы ма ем?
Сыртта атыс.

Жұмажан. Қал деймін, шорт, керегі жоқ. Бір қашқынға талақтай жабысып не құдай атты сені. Әдейі алып қайтқалы келдім, ересің, шорт!

Мөржан. Аулақ менен, ендеше. Сорлы сұмырай. Құлқынына сатылған есік қақты! Жұмажан. Шын айтамысың, ендеше міне, шорт, байың Нұрқан! Күң қатын қып беремін тура соған (алысып жібермейді, екеуі де тас басыңда.) Мылтық атыла-атыла жақындайды. Қаша ұрысқан Жантас, Жүніс, Бойбермес тағы бес-алты кісі қайта шығады. Жантас әр жерде секіріп атады. Ал серпіле беріңдер, атқа, атқа қарай. Ата отырып шегін, түге, Тәнеке, Тәнеке, ой, Тәнеке қайда?

Қайта ілгері басып бәрін жиып алады. Мылтық даусымен Жұмажан қаша жөнеледі. Бойбермес (Жантасқа). Саспа, Тәнеке аман! Атына барып мінді, Қыдышты сілейтіп кетті, кегін алды. Көрдіңдер ме? Бөрібасар Сәруәрды алып құтылды!

Жантас. Анық па, көрдің бе?
Жүніс. Көрдің бе не дейсің, рас па?

Бойбермес (ата жүріп). Көрдім, кетті, ал біз де кетеміз. Атты әкелеміз, бөгей бер.

Жантас (ата жүріп). Бар жылдам, тез әкпел, әкпел!

Жүніс (ата жүріп). Қап, қап! Қысып кетті, молайып кетті. Бері, Жантас, бері, маған, маған таман. Жантас әp тасқа секіріп атып жүріп, аяғы Мөржан мен Жүніс тұрған тастың бер жақ жотасына, бір мұрыншығына шығып жатып атады. Сонда жан-жақтан, жоғары-төмен орыс-казак қаптайды. Мөржанның ар жағынан да найза көрінеді.

Мөржан (отыра қап). Қаптады, қоршады ғой, қош, жаным Жантас?
Жантас. Тұра тұр, жастығым, жастығым.
Төменнен бір бұрыштан ояз, Нұрқан шыға береді.
Жантас (Оязға оқталып). Ә, келдің бе, әйтеуір. Бәлем, қанішер ояз!

Мылтығын қайырып ата бергенде, сыртынан Жүніс бас салады, тым-тырыс.
Жүніс. Ә, Жантас, бір алысатын кезегім келген еді! Тосқаным осы еді.

Жантастың мылтығын сыртынан қайыра жұлып алады, жұрт қаптап шығады. Алдында ояз, Нұрқан. Бұлар төменде.

Жантас. Ә, сен осындай ма едің?

Екеуі алысады. Жантас Жүністі таудан төмен қарай кеудеден серейте ұрып құлатып жібереді, артынан мылтығын кезеп тұрған Нұрқан атып қалады. Жантас құлап түседі. Бибіш шығады. Киімі қаралы, шаршысын шорт байлаған. Ояз (келіп Жантасты теуіп жіберіп). Ә, жаман сасық малай, саған ұлыққа қарсы тұратын керек болған.

Мөржан (тac басына шыға келіп). Ал құдай мені де...

Жүзтайлақ (селк етіп жоғары қарап). Ә, жүзіқара, бақыты күйген сорлы күң, сен әлі де аяғыма шырмалып жүр ме едің? Әкпеліңдер ұстап ана күңді!

Мұғалімді, кемпірді алып шығады.
Мөржан. Қош, қош, мұғалім ағатай.
Күз тастан атыла секіріп түседі.
Жүз тайлақ (тасқа отырып). Суытып ең бауырымды. Құшағымды серпіп ең, жат!

Ділда (өліп жатқан Жантасты көріп). Ойбай, жалғызым, жарығым, ойбай, ал, құдай, мені де (талып үстіне құлайды.) Мұғалім (жан-жағына кезек басын изеп). Қош, қош, жарықтығым. Түн еді, меңіреу қара түн еді, үміт қарлығаштары! Қанды тырнақ қара жау, темір бұғау шырмады ғой тағы! Ояз (жылдам басып кеп). Сен не айтасың. Мен көрсетермін, көрсетермін, Бұл шпион – түрік шпионына! Мұғалім. Көрсетсең көріп алармын, бәлем, сенің де күнің бітер... Өтер зұлмат түні!

Ояз (қатты). Таптармын мен сені, өртермін тегіс, дұшпан!
Мұғалім. Дұшпан екенім рас. Дұшпаным сен.

Саған оқ атқан (Жантасты көрсетіп) мынау асыл ұлдар! Өлтірдім дейтін шығарсың! Жоқ, бұл сияқты әр ұлдарыңның қолымен біздің де дала дабыл қақты. Сарын қосты, сол даланың азаттығына біз құрбанбыз. Нұрқан (Оязға). Ойбай, тақсыр, әлгі Тәнеке, Бөрібасар, Бойбермес аман кетіпті, қусын, қырсын әскер. Ояз (әскерге). Қу, ұста! Бұларға қосылғанның бәрін, бәрін, барлық елді қыра өлтір. Білсін олар Казанцевтің – ұлықтың жұдырығын. Мұғалім. Ажал сағатың соғар. Түбіңе жетер осы сарын. Тұсау кестің, қанат қақтың, қанат қақтың қайран елім, жаса, көгер, елім!

Шымылдық.

Соңы.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙