Ақиық
Бабалар сөзі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
"Бабалар сөзі" сериясының 23-томына "Нәзігүл", "Нұрден мен Мәриямның хикаясы", "Алтын балақ ақ сұңқар", "Қамарзаман", "Әбдікерім", "Сәнуар патша", "Бердібек пен Шаһизат", "Ақиық", "Қайраңдаған кит" атты хикаялық дастандар енді
«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН
ХИКАЯЛЫҚ ДАСТАН
Есімжан жас кезінен құс салатын,
Жыл сайын құспен талай аң алатын.
“Есекең құстың тілін біледі” деп,
Рулы ел өнеріне таң қалатын.
Сонымен жылдар жылжып өтіп жатты,
Жайылды сол өңірге құсбегі аты.
Талайлар әдейілеп кеп құс сынатып,
Осыдан “құсбегі” деп атақ апты.
Қар жауса “қансонар” деп көңілденіп, 10. Бүркітін баптай білген жемін беріп.
Құс салу әрі өнер, әрі қызық,
Талайлар алған түлкі жанына еріп.
Қыран құс алатын көксеп жайды,
Ширығып тұғырында тыныш таппайды.
Мұнысын иесіне білгізгендей,
Сілкініп ауық-ауық пыштақтайды.
Осылай отырғанда баптап құсты,
Құс салып өткізбек боп осы қысты.
Шалғайда атағы бар құсбегіге, 20. Бірнешеу құс көтерген келіп түсті.
Бұлар кеп Есекеңе сәлем берді,
Амандық, ел жай-күйі түгенделді.
Бәрі де өз жерінің саятшысы,
Құс жайлы әңгіме боп жөней берді.
Дәм толы дастарқаны, қаймақты шай,
Жөн білген қараған ба қонаққа жай.
Мал сойып, бас-жамбасын тартты әкеліп,
Қазақтың қоналқада жайы осылай.
Аттанды таң сәріден бүркітшілер, 30. Әрбірі өз құсының жайын білер.
Бүркітін Есім шыға қоя берді,
Артымнан әдеті деп ере жүрер.
Тұсына Үлкен Нұра жете бере,
Зулады Есім құсы әлденеге.
Байқауға құстың түсер беталысын,
Кезеңге шықты бұлар шаба, желе.
Көкжалды ат дүбірін ести қашқан,
Қыранның көзі шалды мойнақты асқан.
Дағдылы қыран іліп бастан ұстап, 40. Арланды шеңбектепті қозғалтпастан.
Жан-жақтан бүркітшілер келіп жатты,
Бағасын қыран құстың беріп жатты.
Қасқырды бүркітінен босатып ап,
Есекең мақтанғандай жымың қақты.
Біреулер “Шіркін, құстың ұшуын” деп,
Біреулер “Аңға қайтпай түсуін” деп.
Бас қосып бүркітшілер дуылдасты,
“Қасқырды көрдік бүктеп қысуын” деп.
Емес пе қыран құстың қияғы ортақ, 50. Олжа салу атаның жолы болмақ.
Шақырып ағайынның берекесін,
Ұсынды “Жасы үлкенің қасқырды ал” деп.
Байлады жасы үлкенге жол берісіп,
Бұл үшін тұрғаны жоқ сөз керісіп.
Тағы да сонар қуа атқа мінді,
Бүркітін әрқайсысы көтерісіп.
Білетін бүркітшілер жердің сырын,
Шарлады аң бар жердің ой мен қырын.
Бәрі де осы күні олжалы боп, 60. Күн бата ат болдыртып, қайтты ақырын.
Үйлеріне разы-хош тарасады,
Әрі олжа, әрі қызық жарасады.
Қазақтың бұрынғы өткен құсбектері,
Өткізген өстіп талай тамашаны.
Қос тігіп бірнешеуі қыс күндері де,
Баратын аңы молаң, шалғай жерге.
Байланып оң-солына аң терісін,
Келетін шалбуырындап қайтып елге.
Өзі де құс салудың емес пе өнер, 70. Игерген құстың тілін адам шебер.
Өзі үшін түз тағысын пайдаланған,
Не қилы өтті деңіз құсбегілер.
Есім шал жылдар өте дүние салды,
Байлаулы тұғырында құсы қалды.
Мұрат пен Күлайы – бір ұл, бір қыз,
Майсара шалын ойлап қайғыланды.
Ел көшсе Мұрат қолға бүркіт алып,
Әкенің жолын қуды жемдеп-бағып.
Бас кезі қарашаның таяғанда, 80. Бүркіті етін жиды қылмың қағып.
Кей күні түн жарымнан пыштақтайды,
Тіленіп күндіз де ылғи тыныш таппайды.
Бүркіттің өткен-кеткен қимылынан,
Майсара көз жазбады бір сәт тағы.
Есағаң құсты осы кез қайыратын,
Май етін ақ жем беріп айыратын.
Бір мезгіл атқа алып, мал қайырып,
Ұшырып қанаттарын жаздыратын.
Майсара шалын ойлап жылайды енді, 90. Қамығып Мұратқа кеп былай деді:
– Бүркітке аң көрсетер шақ жетіпті,
Құсты алып, сынап көрсең қалай енді?
“Оқ жонар ата көрген” деген, балам,
Өмірден әр нәрсені ұғады адам.
Атаңның атын мін де, бүркітін сал,
Пәлендей құс бабына болмай алаң.
– Атама құс салғанда ергенім бар,
Көп істі көзімменен көргенім бар, –
Деп Мұрат құс салуға мақұл болды,
100. Сәтті күн шықпақ болып, болса сонар.
Майсара құс салудың айтып жайын,
Ұқтырып баласына күн-күн сайын.
Күндіз-түн ерекше бір күйге салып,
Аң көрсе құтқармасқа етті дайын.
Майсара құс бабына жетік адам,
Ертеден Есімжаннан көп жаттаған.
Есекең үйде-түзде болса дағы,
Талай жыл Майсара өзі құс баптаған.
Ақша қар жауып қалды, бейне мамық, 110. Мұрат та атқа мінді құсын алып.
Бабына келген қыран тым үскінді,
Аң шолып жалтақтайды, қылмың қағып.
Ежелгі түлкі жатар нұраларды,
Бұл күні емін-еркін аралады.
Бүркіті кез-келгенді құтқармады,
Қызыққа батып Мұрат қуанады.
Оралды кешке таман қайтып үйге,
Қыран құс шаңқылдайды түскен күйге.
Майсара әзірлеген жемін беріп, 120. Боп кетті тілдескендей құспен мүлде.
Сонымен ұлан құстай бүркіт салып,
Көптеген қасқыр, түлкі аңдар алып.
Атағы Мұраттың да тарады елге,
Бірлікте қыран құспен бағы жанып.
Бір күні құсын алып шықты аңға,
Қызықпен барып қалды иен тауға.
Зулаған ауа тіліп алып бір құс,
Тамаша боп көрінді көз салғанда.
Түйіліп атқан оқтай түсті сайға, 130. Көп жылдар келмеген құс бұл маңайға.
Баспалап келсе артынан желе шауып,
Бір қасқыр ілініпті қыран паңға.
Адамды көрді дағы ұшып шықты,
Құс екен құс болғанда ерен мықты.
Қасқырды шалажансар сүйрей ұшып,
Мұратты салған жерден елегітті.
Таң қалып Мұрат бұған қайтты үйге,
Бұл маңға келіп жүрді әр мезгілде.
Айтарға иен жерден аң қараса, 140. Аңсары бұл бүркітке ауды мүлде.
Ақиық, ала қанат, ала құйрық,
Шіркін-ай, ұстар ма еді болып бұйрық.
Бұлдырап зеңгір көктен көрінеді,
Зымырап аң көрінсе кейде құйғып.
Бағдарлап құстың ұшып қайтқан бетін,
Мұрат та болды әтейлеп көп келетін.
Алтайдың Ұлытауын бетке алып,
Ол құс та бір бағытпен жөнелетін.
Бір күні келді тағы бүркіт салып, 150. Күндегі әдетінше түлкі қағып.
Ойда жоқ әлгі арман құс шыға келіп,
Бүркітін домалатты бір-ақ қағып.
Бүркіті түсті жерге қанат жайып,
Ақиық әдетінше болды ғайып.
Сындырып бір топшысын жіберіпті,
Еңіреп кетті Мұрат көре салып.
Бүркітін жас балаша бөлеп алып,
Үйіне қайтты Мұрат қатты налып.
Майсара ерте келген баласының, 160. Жүгіріп шықты алдынан көре салып.
Мұраты болған істі баян етті,
Шешесі бәйек болып құсты шешті.
Топшысын баптап таңып қойды лезде,
Мұндайға Майсараның қолы епті.
– Бұл бүркіт түлкі алудан қалды биыл,
Көрерсің кем болмаса келесі жыл.
Мертікке алаң болмай шаруаңды істе,
Мұратжан, – деді анасы, – ақылым бұл.
Осы құс еді әкенің мұрасындай,
170. Уайым неге бала қылмасын-ай!
Өштік пе, құмарлық па құсбегілік,
Мұратта жүрді бір ой сыры ашылмай.
Қыс өтіп таянғанда көктем жуық,
Ызғары арылған кез қысқы суық.
Екі атты ұзақ жердің жолаушысы,
Осы елге келді ұзақтан жекжат қуып.
Жанында жолдасы бар қарт Сүйімбай,
Әтейлеп келген елге жолаушылай.
Ертеде Есімжанның жолдасы еді, 180. Үйіне келді іздеп сұрай-сұрай.
Сүйімбай Майсараға амандасты,
Майсара көрген жерден төкті жасты.
Көп жылғы Есімжанның серігі еді ол,
Аң аулап құс салғанда қосқан басты.
Өлгенге құран оқу, тіріге аман,
Жалғасқан елдің елдік салты атадан.
Досының құсын да бір көрмекші екен,
Сүйімбай бұл да атақты құсбегі адам.
Кең маңдай, қияқ мұртты, қыран қабақ, 190. Әр сөзін баппен сөйлеп, қадағалап.
Жарасқан келбетіне ақ сақалы,
Тұрғандай бейнесіне адам қарап.
Жасынан мол денелі, сымбатты адам,
Әңгіме айтса естіген қалатын таң.
Кішіпейіл, қарапайым мінезіне,
Разы боп қайтатын әрқандай жан.
Қыран құс, түзу мылтық, жүйрік аттың,
Әділдік, батырлықтың айтып бәрін.
Шешіліп бүгін де әтей кең отырды, 200. Тамызып арғы-бергі сөздің майын.
Бір кезде оралды кеп қыран құсқа,
Айтқаның бұрынғының бәрі нұсқа.
“Жарлы байып, жас өсер” дегендейін,
Мұратты да сөз етті осы тұста.
Майсара кірісті кеп сөзге іркілмей,
– Қала ма деуші ем құстың бабын білмей.
Мұратым құс көтеріп шыққанда үйден,
Екі елі төбем көкке қалды тимей.
Кешке жақын Мұратым келді қайтып,
210. Сол күнгі аңшылығын жыр ғып айтып.
Қанжығасы қомақты, олжалы екен,
Қуаныштан көңілім кетті шалқып.
Ана мұны айтқанда жай айтты ма
Ақ пейілі ап-анық санаттыға.
Бір үйлі жан түнімен дуылдасты,
Сүйімбайдай кез болып қарақтыға.
Мұрат та енді сөз етті құс салғанын,
Әр жолда олжалы боп аң алғанын.
Сол таудан бір ақиық қыран құстың, 220. Кезінде тұлғасына таң қалғанын.
– Қасқыр менен тауешкі, еліктерді, –
Деді ол, – кез келгенін жемтіктеді.
Бір күні шалғайдан кеп бір ақиық,
Содан болды құсымның мертіккені.
Қақпан құрып, осыған тор да тіктім,
Ала қыстай соңынан талай түстім.
Ұлытау, Алтай жаққа кетеді ұшып,
Мекенін ұға алмадым сол бүркіттің.
Шіркін-ай, өзін ұстап алар ма еді,
230. Қайырып аңға баптап салар ма еді.
Ұшырсаң ұзынды күн қызық қуып,
Қанаты бұл қыранның талар ма еді.
Осылай қызынғандай Мұрат бала,
Қиялы кетті шарлап жырақтарға.
Ақ тілекті азамат арманына,
Отырды үйдегілер құлақ сала.
Бір кезекте Сүйімбай қарай қалды,
Сымбат тұлға түнгі отта алаулады.
– Бүркітті бұрынғылар айтуында,
240. Бірнеше тұқымдас деп баяндайды.
Нарынкөз Шын жерінің ақ бұршағы,
Ерентауда бар дейді өзін ұзын сары.
Қаратаудың қыраны қара шолақ,
Алтайда ақиықтың тұқымдары.
Алтай тау – атақты тау, заңғар биік,
Бұлт қонған шоқылары күнді сүйіп.
Ну орман қалың аңның мекені екен,
Сол тауды мекендейді әлгі ақиық.
Мұратжан, жөні келсе ізде соны, 250. Бұл құстың нақ мекені Алтай жоны.
Таба алсаң балапанын ғажап емес.
Сан құсбек арман еткен жетпей қолы.
Тарихта болып өткен Байназар сал,
Салыпты ақиық құс деген сөз бар.
Құмардан шыққан екен аңды қырып,
Деп айтып жыр ететін бұрынғылар.
Сүйімбай соны айтқанда арман етіп,
Ағарып қалған еді таң да жетіп.
“Арман – қызыл түлкі ғой” деді дағы, 260. Домбыраны жіберді шертіп-шертіп.
Аттанды ертесінде қошын айтып,
Көрмедік Сүйімбайды содан қайтып.
Алтайдың ақиығы арманы еді,
Кетті ме орындалмай сапар тартып.
Мұраттың есі-дерті ауды құсқа,
Көктем мезгіл кеп жетті осы тұста.
– Іздесем тау аралап осы құсты,
Апа, қалай қарайсыз бұл жұмысқа.
– Ұзақ дейді Алтайды, тауы қиын,
270. Жүруге жалғыз қайтіп келер күйің.
Иен жер, біреу олжа қып кетер ме,
Қойсаң қалай осыны, ей, жарқыным?!
– Ей, апа, сол құсты іздеп барайыншы,
Табылса балапанын алайыншы.
Іздей алмай арман қып жүргенімше,
Іздеп барып арманнан шығайыншы.
Ұлының тоқтамасын білді ана,
Қиын-ақ елден шығу жеке-дара.
– Кешіксең анаң қалай көне алады,
280. Тіл алсаң осы құсқа барма, бала.
– Анашым, рұқсат ет, бер батаңды,
Тоқтатпа, жолға шықсын мен ботаңды.
Келемін аман-есен әлі-ақ қайтып,
Сақтаса Тәңір бойда шыбын жанды.
Деп Мұрат анасына қойды басты,
Майсара қимай көзден төкті жасты.
– Кешікпей орала көр, құлыным, – деп,
Елжіреп қимай отыр ғазиз жасты.
– Астыңа Сарыбауырды мінесің ғой,
290. Ұзақ жер, қиын жолда жүресің ғой.
Тұлпардың тұқымы еді, жануарым,
Ежелден сырын қанық білесің ғой.
Қуса жетіп, қашса егер құтылатын,
Ат сақтар қосылғанда ердің басын.
Асқарды асып, ағынды судан өтсең,
Сенімді болсын, қозым, мінген атың.
Майсара ақсарбас қой сойды айтып,
Олжалы келуі үшін аман қайтып.
Шақырып дуалы ауыз үлкендерді, 300. Бата алды баласының жөнін айтып.
Сәтті күн шықты жолға Мұрат бала,
Бет алды бүркітті іздеп жырақтарға.
Баласын аттандырып, ақ жол тілеп,
Майсара қала берді жылап қана.
Жол тартты шалғай жерді алып бетке,
Дәм айдап елден алыс шықты шетке.
Не болса да нар тәуекел келе жатыр,
Көз салып алыс-жақын төңірекке.
Сарыбауыр еліреді жүрген сайын, 310. Мұрат та көп білмейді жер ыңғайын.
Ай жүріп, талай жерді аралап кеп,
Ілінді Жон тауына сонда Алтайдың.
Ағынды өтті кешіп өзендерді,
Асқар тау асты талай кезеңдерді.
Аң атып, азық етіп жүре берді,
Күн сайын тамашалап жүрген жерді.
Жон тауын Алтай, Қобда аралады,
Ну орман, шалқар сай мен салаларды.
Құс шулап, орман бүрлеп, аң төлдеген, 320. Көркіне Алтай таудың таң қалады.
Жүргенмен күндегі іске аңсары ауып,
Жыртқыш аң талай жерде болды қауіп.
Елсізде жолбарыстай жортқан Мұрат,
Талайын домалатты ебін тауып.
Ер жүрек Мұратта бар таудай талап,
Айбалта тақымында, белде садақ.
Тар жерден ұмтылғанда бір жолбарыс,
Тартынбай айбалтамен шапты қадап.
Терісін сойып алып жүре берді, 330. Даланың жыртқыш аңы біле ме ерді.
Аюды ұйықтап жатқан талай соқты,
Осындай Мұраттың бар ерліктері.
Таң атса көзбен шолып төңіректі,
Ай аунап, апта жылжып, күндер өтті.
Сан бүркіт нелер шыңнан кезіксе де,
Бәріне аялдамай жүріп кетті.
Іздегені ақиық, емес бұлар,
Көз қанған ақиыққа қуып сонар.
Бұл тауда бар ма, жоқ па жөнін білмей, 340. Ниеті байқалмайды үйге оралар.
Шөп гүлдеп, орман бүрлеп, айлар өтті,
Жайқалып Жон Алтайдың шөбі ер жетті.
Шың-құзға көз талдырып қарай-қарай,
Ақыры Қанас атты көлге жетті.
Қанастың тауын құлдап жағалады,
Көзіне шалынбады қарағаны.
“Сарыбауыр демін алып тынықсын” деп,
Кемді күн жол бойында аялдады.
Көл бетін жаздың құсы қымтай жауып, 350. Әр тұстан қиқулайды ауық-ауық.
Жосылып қоңыр аңдар топ-тобымен,
Жағаға түсіп жатыр беттен шауып.
Майысып алуан гүлдің иісі аңқып,
Ну орман, гүл бәйшешек жатқан шалқып.
Беткейде жыршы құстар әнге басса,
Суында асыр салды ойнап балық.
Тауешкі, бұғы, марал, ақтаң елік,
Көз тартып сонадайдан беткейде өріп.
Сәулетін Қанас көлдің арттырмаққа, 360. Әтейлеп жиналғандай көлге келіп.
“Табиғат байлық жиған жерімісің,
Шыр еткен тау еркесі, серімісің.
Болмаса жаннат деген осы жер ме,
Жаралған бұл дүниеге көрік үшін”.
Деп Мұрат әсерленді табиғатқа,
Көз салды тамашалап әрбір жаққа.
Болса да өзі жалғыз қорқыныш жоқ,
Дәм айдап келді осылай көркем баққа.
Көп жортқан үйден ұзап Мұрат бала, 370. Қисайды тамақтанып, демін ала.
Самал жел, салқын ауа жанды баурап,
“Шұр” етіп кетті бірден ұйықтап қана.
Маужырап түнгі ұйқыда бар табиғат,
Шақырған аң мен құстың үні шығад.
Түс көріп, тәтті ұйқыда Мұрат жатыр,
Елеңдейді анда-санда Сарыбауыр ат.
Ұйқыда жатып Мұрат түс көреді,
Түсінде шырма-шату іс көреді.
Қолында жат біреудің жатқандай боп, 380. Оянып көрген түстен сескенеді.
Таң атты, алтын арай күн де шықты,
“Түс түлкінің боғы ғой” деп ол мықты.
“Шын іздеген табады мықан ағаш”
Деген оймен жалғасты жолға шықты.
Заңғар тау, екі беті қалың орман,
Әтейге жасағандай адам қолдан.
Күркіреп көкжал өзен шатаң бойлап,
Сан бұлақ құйып жатыр оң мен солдан.
Тартады оң қабағы дүркін-дүркін, 390. Жориды жақсылыққа көңіл, шіркін.
Жапанда жалғыз жүріп ойға батып,
Бір мезгіл есіне алды елі-жұртын.
Таяды күн батуға таудан асып,
Кей жерден бұғы, марал, елік қашып.
Жол қиын, ұзап тіпті жүре алмады,
Түнеді бір бұлаққа күн де батып.
Атақты Қанастағы Қаражарық,
Ақиық мекен еткен ұя салып.
Зымырап балапанға тартты қыран, 400. Күндегі әдетінше жемін алып.
Басынан бұлт кетпейтін бұл бір биік,
Таңсәрі сол биіктен ұшты ақиық.
Қуанып кетті Мұрат көрген жерден,
Табылып іздегені бағы жанып.
өрмелеп қарсы бетке Мұрат шығып,
Ұяға көзін салды жолын ұғып.
Қараса отыр жалғыз дәу балапан,
Адамды көрді дағы жатты бұғып.
Шошытпай Мұрат ұзақ бақылады, 410. Балапан сілкінеді, шақырады.
Қиянға көз тастаған асыл қыран,
Керіліп, таранып та отыр әлі.
Аздан соң қайта оралды әлгі ақиық,
Елікті алған екен жерден іліп.
Бала үшін бәйек болған құс төресі,
Ұяға іркілместен қонды келіп.
Қуанып Мұрат жатыр таяп бетте,
“Еңбегім кетпеді, – деп, – бекер текке”.
Ұяға шығатұғын жолын болжап, 420. “Алармын, – дейді, – Тәңір нәсіп етсе”.
Тың біткен, сұрғылт түсті қара жартас,
Қыран құс тым оңайға ұя салмас.
Бір қия сол ұяға жалғасыпты,
Жеріне бұдан басқа жан бара алмас.
Ақиық жемін тастап кетті ұшып,
Етекке Мұрат қайта алды түсіп.
Төрінде Есімжанның отырғандай,
Қуанды жалғыз өзі шайын ішіп.
Арқандап Сарыбауырды ерін алып, 430. Кетпестей аяғына шідер салып.
Арысқа түсетұғын балуанға ұқсап,
Тас түйін бола қалды дайындалып.
Бір үміт, бір қорқыныш ойды тербеп,
Қиямен шықты Мұрат жартасқа өрлеп.
Тұрса да қадам сайын ажал төніп,
Ерлік қып тартынбастан істеді еңбек.
Бүркіттің шықты өрмелеп ұясына,
Қараса айныр жүрек қиясына.
Құласаң барар жерің беп-белгілі, 440. Өмір тұр қас пен көздің арасында.
Ұяға жетті Мұрат “а, Құдайлап”,
Бөледі балапанды әбден жайлап.
Шығуы ғой шықса да ет қызумен,
Енді қатты қысылды түсуді ойлап.
Әке әдісін мұндайда бір істетіп,
Жіберді балапанды еңістетіп.
Бұ да болса қолдауы Құдіреттің,
Жасаңға қанат жая қонды ол жетіп.
Сонан соң Мұрат беттен сырғанады, 450. Қан шығып тізе, қолдан тырмаланды.
Шығу бейнет болғанда, түсу ажал,
Үрей сұм қимыл сайын бойды алады.
“Енесі балапанын көрсе келіп,
Көзімді шоқыр ме екен етке жерік”.
Деп қорқып өлмеген жан келед жылжып,
Болғандай ақылына қайрат серік.
Дірілдеп буындары тамшылап тер,
Жұтқалы тұрғандай-ақ сұм қара жер.
Қоштасып бұл дүниемен анда-санда, 460. Ойына қай-қайдағы түсті нелер.
Тұрғанда талып қол мен аяқтары,
Ақиық қайта айналып таяп қалды.
Үлгертпей тағы біраз қармануға,
Қиядан адамзатты көзі шалды.
Күйінген балапанға көк тағысы,
Келе ме мұндайда әсте тоқтағысы.
Зымғап кеп қанатымен қағып өтті,
Шаңқ етіп естілгендей оқ дауысы.
Қиядан ұшып кетті Мұрат бала, 470. Құлады бүкіл дене болып жара.
Білмейді не болғанын, ауды есінен,
Әйтеуір қалды бойда жаны ғана.
Жапанда қауіп төнді ғазиз жасқа,
Арқандаулы ат қалған сұр жартаста.
Балапан бір жасаңда ол да жатыр,
Маңайда еш нәрсе жоқ бұдан басқа.
Үштасқа жанат елі алғаш келіп,
Мекендеп тұрған кезі қоныс алып.
Жақаның бір баласы Жал үйіне, 480. Қонған кез бие байлап, жылқы салып.
Жақаның бір байы бар малға бөккен,
Жәмила байдың қызы бойға жеткен.
Бір күні мал қайырып араласа,
Үйірі екі айғырдың Қанасқа өткен.
Қайраты жігіттерден емес те кем,
Толғамды, бал мінезді, ақылға кең.
Көргендер бір тамсанып қалатұғын,
Сол байдың ұлы да екен, қызы да екен.
Жәмила қамшы салып көкжалына, 490. Қанастың көзін салды ар жағына.
Қарасы жылқысының көрінген соң,
Өзеннен өтіп шықты қас-қағымда.
Жылқы өрлеп барған екен Қаражарық,
Қайырды алдын орап, қиқу салып.
Көз көрім бір жылқының ішіндегі,
Бір атты қалды қыздың көзі шалып.
Жылқыны еңістетіп жіберді де,
Қарашы Жәмиланың жігеріне.
Өрлетіп шауып келсе әлгі сайда, 500. Бір ат тұр арқандаулы, шідерлі де.
Жұп-жұмыр Сарыбауыр ат тұлпар мүсін,
Болжады маңайынан ат иесін.
Қараса бір айналып аттың маңын,
Бір із бар өрлеп кеткен сайдың ішін.
Қыз қарап маңайына айғайлады,
Көтерді қара жартас айғайды ары.
Аз тұрып ат үстінде тыңдап көрсе,
Маңайда ешнәрсенің жоқ хабары.
Өрледі осы ізбен қадағалай, 510. Із өрлеп шыға берді бетке қарай.
Селт етіп ат үріккен жерге барса,
Жасаңда жатыр біреу өлген жандай.
Қыз көріп ат үстінен дауыстады,
Жауап сөз қарсы жақтан ауыспады.
Дерек жоқ маңайында бұл бір жұмбақ,
Жан ба деп көктен түскен қайрандады.
Қарсы алды заңғар биік қара жартас,
Бір шың екен басына жан шыға алмас.
Қараса көрінеді бүркіт ұя, 520. Осыдан құлады ма бұл уыз жас.
Көп қарап жан-жағына қайран қалып,
Маңайын байқап көрді тағы шалып.
Жасаңда қанат жайған балапан құс,
Ол жатыр баяу ғана тыныс алып.
Торулап жүрген анау көкте биік,
Күйінген балапанға болды ақиық.
Балаға жан-жануар бәрі бірдей,
Айналып кете алмай жүр оны қиып.
Жартастан балапан ап құлаған жан, 530. Серіксіз екені анық болды бұған.
“Істейін, – деп ойлады, – бір жақсылық,
Көріп ап тастап кетсем арға жаман”.
Жәмила аялдамай түсті аттан,
Адамға жақындады сұлқ жатқан.
Бейбақтың халі нешік кім біледі,
Әр жерде жарақаттан қан бар аққан.
Байқаса бір жас жігіт ер тұлғалы,
Ұнаған әлгіндегі ат, ер-тұрманы.
Жып-жинақ өзіне сай қаруы бар, 540. Қандай күш бұл қияға келтірді оны.
Бәрі де Жәмила үшін бұл бір тылсым,
Білмейді аты-жөнін, елі-жұртын.
Екеуін қиуасыз иен жерде,
Әйтеуір кезіктірді тағдыр, шіркін.
Жәмила көрді байқап сүйеп басын,
Көзінің сүртті аққан қан мен жасын.
Аузына су тамызды, дыбыс тыңдап,
Қолынан келер істі неге аясын.
Астына аю тері салды жайып, 550. Жастады жолбарысын басқа апарып.
Далада қайдан болсын жайлы төсек,
Жатқызды еппен ғана тыныстатып.
Иен тау, Мұрат жатыр тілсіз сұлқ,
Қарсы алды Қаражарық тұр түксиіп.
Алтын күн баяу жылжып таудан асып,
Күн батып түсті түнгі қараңғылық.
Атының арқандады ерін алып,
Алаңдап ешнәрседен қылмай қауіп.
Төбе қып отын жиып от та жақты, 560. Мұраттың қалтасынан шақпақ тауып.
Жәмила болды әбігер айдалада,
Бейнетке себеп болмай жан қала ма?
Аузына түніменен су тамызып,
Білдірді жанашырлық жаралыға.
Бай ауыл, төбешікте топты адам тұр,
Көңілінде әр адамның әртүрлі сыр.
Жәмила күн батқанша малдан келмей,
Жиналған сол қауіппен халайық бұл.
Мінеки, қас қарайып, күн де батты, 570. Байды да, бәйбішені алаңдатты.
Бұл байдың қызы да сол, ұлы да сол,
Жігіттер іздеп кеткен таба алмапты.
Ауыл боп не болды деп алаңдасты,
Шешесі Жәмиланың төкті жасты.
Жиналып бай үйіне үлкен-кіші,
Таң сыза іздемек боп сөз байласты.
“Келмеуі Жәмиланың емес, – деп, – жай”,
Аттанды он жігітпен ертесі бай.
Сонылап жайылымнан із шалғандай, 580. Көп жылқы ылдилапты суға қарай.
Айдаусыз жайылған мал соны қуып,
Көз салса көрінбейді жерде жуық.
Жусаған тай, құлынның жерлері бар,
Айдалып кеткен емес, не қуылып.
Еңкейіп түсті бұлар су бойына,
Өзеннен өтер деген жоқ ойында.
Кетіпті судан өтіп ізі жатыр,
Кеңесіп тұрды бұлар аз ұйлыға.
Жылқыны Жәмила-ақ болсын қуған, 590. Ол жалғыз неге өтеді мына судан
Абайсыз суға кетіп қалды ма деп,
Әркімге алуан-алуан туды күмән.
Жігіттер бос ұйлықпай өтелік деп,
Жылқыға ізбен қуып жетелік деп
Тез бекіп, тез қимылдап сайланысты,
Алдыда бар қалай бір қатерлік деп.
Жігіттер ақ өркешті суға түсті,
Асты тас, шұғыл өзен, ағын күшті.
Шұрқырап ар жағына әрең өтті, 600. Көбінің су ішінде зәресі ұшты.
Бітеу жер, қарашірік, баспаған жан,
Көркіне осы өңірдің қаласың таң.
Көрінді жылқы жоны аз жүрген соң,
Ішінде көк шалғынның қылтылдаған.
Үйірі екі айғырдың саяқ еді,
Ішінде мол жылқының қаракөгі.
Ұйлығып шоқтай болып тұра қалды,
Көп адам маңайына таяп еді.
Бұлардың артын ала келді бай да: 610. – Жәмила көріне ме, – деді, – қайда?
– Жоқ, – деді, – жылқы жатыр біз де аң-таң,
Сол бала келе алды ма осы жайға?
– Ғажап іс болып кетті бұл не деген,
Бір дерек те шықпады кең өңірден.
Сонылап із шалыңдар, айналып кең,
Осылай жоғала ма адам деген?
Ұмтылып із шалғандар тұс-тұс жақтан,
Бәрі де бас шайқасып таңдай қаққан.
Өлдік-талдық дегенде кезікті олар,
620. Бір ізге сайдың ішін өрлей тартқан.
Кетіпті аттың ізі өрлеп сайға,
Мұны да хабарлады барып байға.
Екпіндеп топты жігіт шыға келсе,
Екі ат тұр арқандаулы анадайда.
Тоқтады бұлар аттың басын тартып:
“Із біреу, мынау екеу болды қайтіп?
Ұры ма әлде жатқан жасауыл ма,
Ат қойып алаңқыға, шырға тартып”.
Кісінеп Көкжал сонда дыбыс алды, 630. Аты еді Жәмиланың тани қалды.
Жайдақ тұр ер-тұрмансыз екеуі де,
Іркілмей іздеушілер жетіп барды.
Салқы төс, сары бауыр ат, жалпақ жая,
Тұлғасы жануардың бейне мая.
Көргенде топты адамды елегізіп,
Айналып осқырады баяу ғана.
“Иесі мынау аттың батыр ма екен,
Ұстап ап Жәмиланы жатыр ма екен”.
Деген ой әр жүректі лүпілдетіп, 640. Азырақ үрей салды ойға бөтен.
Шешілмей тұрған кезде бұл бір жұмбақ,
Адамға кезігеді-ау осындай шақ.
Төбесін топты адамның көрген жерден,
Жәмила айғайлады қолын бұлғап.
Бәрі де шаба, желе келді жетіп,
Арыстай жігіт жатыр естен танып.
Бұйрықша бұл адамға жолыққанын,
Жәмила сөйлеп кетті баян етіп.
Жігіттер жабырласып түсіп аттан, 650. Адамға көзін салды тілсіз жатқан.
Кейбірі балапанды тамашалап,
Кейбірі Жәмилаға таңдай қаққан.
Бай демде-ақ ат сабылтқан ұмытты істі,
Қызы емес балапанға төніп түсті.
Шешкен соң бөлеуінен құсты ақырын,
“Көрмеппіз, – десті, – бәрі мұндай құсты”.
Сілкінді ол қанат қағып жылдам-жылдам,
Құс өтпес алып екен десті бұдан.
Қарашы, аппақ екен екі топшы, 660. Ақиық осы емес пе дейтін қыран.
Бір мезет Мұрат сол кез ашты көзін,
Пайда боп денесіне біраз сезім.
Қарайды маңайында тұрғандарға,
Үзіп-үзіп айтады ұқпас сөзін.
“Су” дейді, “апа” дейді, “бүркіт” дейді,
Басқа көз тіліне әзір ілікпейді.
Айтады сандырақтап әңгімесін,
Сөздері бытып-шатып бірікпейді.
Көтеріп сүйемелмен басын биік, 670. Торсықтан қымыз, суын берді құйып.
Аузына ұстағанда сусын іш деп,
Қалғандай болды сонда есін жиып.
Келбетті, орта бойлы жігіт екен,
Шалқақ төс, кең иықты, бітімі кең.
Сүйекті тұтас біткен балуан дене,
Көрген ел деп қалатын батыр ма екен.
“Ас – адамның арқауы” дейді халық,
Жатқандай сусын іздеп аз тамсанып.
Айнала адамдарға көз салады, 680. Қалайша жатқанына қайран қалып.
Отырып топты жігіт ақылдасты,
Далада тастау қиын есіл жасты.
“Бір жақсылық жігітке істейік” деп,
Ауылға апаруға мақұлдасты.
Жігіттің сүйегі де емес аман,
Еттері талқандалған өте жаман.
Жүре алса атқа өңгеріп жүріп көрсек,
Жеткізсек жақсы-ақ еді елге таман.
Әкелді Сарыбауырды ерін салып, 690. Қарады сонда жігіт атын танып.
Көтеріп еппен ғана мінгізді атқа,
Бір жігіт мінгесті артқа алдына алып.
Алдына аң теріден жасады өбек,
Бір адам жүрді ақырын ат жетелеп.
Топ жігіт ортасына ап келеді,
Абайлап бірі сүйеп, бірі демеп.
Бүркітті аткөрпеге бөлей салып,
Бір жігіт оны дағы алдына алып.
Бір жігіт, бір бүркіт боп бай олжасы, 700. Ауылға тартты бұлар қайта салып.
Қарайлап қайта-қайта ол Мұратқа,
Жәмила алдыға озбай келеді артта.
Әр жерден ат үстінде сусын беріп,
Іркіліп оралады осы жасқа.
Олжалы оралды бай ауылына,
Сыртта екен бай мен манап қауымы да.
Анталап бай үйіне бәрі келді,
Жәмила аман-есен табылды да.
Байекең жауап берді көпке қарап: 710. – Бар біздің Жәмилада таудай талап,
Бір жігіт, бір бүркітті тауып апты,
Жатқанда жараланып, далада қап.
Дегенше Жәмила да келді шауып,
Айықты әр жүректе тұрған қауіп.
Шешесі маңдайынан сүйіп жатыр,
Егіліп мейірлі ана шөлі қанып.
Ауылға ел келіп жатыр жапырылып,
Құйылды сары қымыз сапырылып.
Шөл қанып, күпті көңіл орнықты да, 720. Жүректер жайраңдады тұрған тынып.
Адамның ардақтысы ісі адамшылық,
Айрылу адамдықтан жаман қылық.
Емделіп осы үйде жатты Мұрат,
Жақыннан шапағатшы жәрдем қылып.
Оңаша оратқайға салды төсек,
Бай ауыл қамқорлығын етті кесек.
Әзірлеп жаңа киім, ас-су, сусын,
Бәйек боп жүгіргенде болмады есеп.
Жарақат емдейтұғын сынық таңып, 730. Алдырды Қалдыбайды іздеп тауып.
Сау жер жоқ жаралыны көрген жерден,
Белсене араласты ол етпей қауіп.
Атақты сынықшы еді бұл Қалдыбай,
Азаттың Байғарасы емес ол жай.
Күл болған сынықтарға сүйек салып,
Адамды өлер деген жазған талай.
Түнімен жанында боп күзет қылып,
Қасына босып алды екі жігіт.
Жәмила түн ішінде неше келіп, 740. Тұрды оның сусын беріп, халін біліп.
Екі күн жатты Мұрат сұлық күйде,
Білмейді қайда жатыр мұны мүлде.
Жарақат, ат жүрісі жанға батып,
Бір мезет болмай қалды дыбыс, үн де.
Дегенде үшінші күн ашты көзін,
Ұқпады ешкім де оның бұлдыр сөзін.
Әйтеуір кеуде тыныс алып жатыр,
Кейде ашып, кейде жұмып екі көзін.
Болғанда төртінші күн жинады есін, 750. Сонда да қозғай алмай бар денесін.
Қайырып үзіп-үзіп сөз айтады,
Өмірге су ішерлік бұрып бетін.
“Япырым-ау, қайда келгем, жаттым қайда,
Жартастан өзім алған бүркіт қайда?
Иен тау емес пе еді жүрген жерім,
Бұл жерге қалай келіп, болдым пайда?”
Деп Мұрат өзіне-өзі болады таң,
Жарақат бүтін деді ол таңылған.
Қозғалу өздігінен мүмкін емес, 760. Әйтеуір шыбын жаны шықпай қалған.
Ойлады әрбір істің басын шолып,
Жанары мөлдірейді жасқа толып.
Есіне асыл ана кетті түсіп,
Жатқан мүсәпірлік басқа келіп.
Бетіне қан жүгіріп, жайнап көзі,
Күн сайын тұнықталып айтқан сөзі.
– Қай елсің, қайдан келдің, – дегенді ұғып,
Мән-жайын, аспай-саспай айтты өзі.
– Руым орта жүзде қыпшақ елім,
770. Боғда тау мекен етіп тұрған жерім.
Әкеміз құсбегі еді, атым – Мұрат,
Атақты Есімжанның баласы едім.
Әкем өлген, бар шешем, қарындасым, –
Деп Мұрат ойға батып төкті жасын.
Алтайдың ақиығын іздеп шығып,
Осындай күйге түсті ғазиз басым.
Қиядан бүркіт соғып ұштым құлап,
Білмеймін одан соңғы істі бірақ.
Далада қанша жаттым, кім әкелді, – 780. Деп Мұрат уайымдап кетті жылап.
– Жігітім, алыста екен елі-жұртың,
Батырға лайық екен дене-тұрқың.
Әкелді жылқышылар сені тауып,
Бар осында атың да, сол бүркітің.
Бөтендік жоқ қазақтың баласымыз,
Танысып ал, таныспаған алашыңбыз.
Оташы Қалдыбай кеп емдеп жатыр,
Абақтағы біз жәдіктің жанатымыз.
Осылай келте ғана ұғылды жөн,
790. Дәм тартса қайда бармас адам деген.
– Күтіңдер бұл жігітті жақсы қарап, –
Деді бай, – жақсы атаның баласы екен.
Емделіп осы үйде жата берді,
Күн шығып, талай таңдар ата берді.
Жәмила өз қолымен сусын беріп,
Қалекең жалықпастан емдей берді.
Жазылды жарақаты, сынық бітті,
Емдетіп көңіл бөле бай да күтті.
Балдақпен кіріп-шығып жүрді есіктен,
800. Ермегі ертелі-кеш сол бүркіті.
Бір күні Қалдыбайға қойды басын,
Көзінің мөлдіретіп төгіп жасын.
Күндіз-түн дауалаған оташыға,
Ұсынды орамал қып жалғыз атын.
Қалдекең адам еді жайсаң көңіл:
– Көп болса сынық таңдым, онда не тұр,
Алмаймын бір сабақ жіп сенен, – деді, –
Істелген талай жанға қамқорлық бұл.
Бай деді: – Осы бала бірдей көпке,
810. Жиналды естігендер төңірекке.
“Орамал тон болмайды, жол болады”,
Бір тайын Жәмиланың ал жетекке.
Мұрат та Қалдекеңе егіліп тұр,
Аузынан алғыс сөзі төгіліп тұр.
Қалдыбай қайтты еліне қошын айтып,
Осылай кезінде өткен тарих бұл.
Зерігіп жатты Мұрат, айлар өтті,
Кей мезгіл ән шырқады, өлеңдетті.
Қолына домбыра алып, күй де толғап, 820. Боздатып “Боз інгенді” безілдетті.
Бір мезгіл шертіледі “Ақсақ киік”,
Мергеннің жараланған оғы тиіп.
Шерткенде “Мұңлы қызды” тамылжытып,
Тыңдайды кәрі мен жас сүттей ұйып.
Ауылдың кәрі, жасы, қыз, бозбала,
Біртіндеп жақындасты Мұратқа да.
Өнерлі жігіт екен сегіз қырлы,
Ауылда үлкен-кіші айтты баға.
Жазылды Мұрат аман жарақаттан, 830. Айықты ауруынан жанға батқан.
Кештерде бай, бәйбіше шақырып ап,
Күй шертіп, әндер айтып думандатқан.
Жәмила өлең менен әнге құмар,
Қол жетпес бай үйінде бұл бір шынар.
Мұратқа ән айтқызып анда-санда,
Көңілін көтерсін деп сауық құрар.
Аралап әр ауылды жігіттермен,
Ел жайын, ауыл жайын көзбен көрген.
“Жәмила тауып алған жігіт бұл” деп, 840. Бір жүрген жастар жағы әзіл қылған.
Ерте-кеш бүркітінің жемін беріп,
Байқайды әр тұлғасын сынап көріп.
“Қанды көз нағыз қыран боларсың” деп,
Ішінен көрген сайын көңілденіп.
Жетіліп қанат-құйрық, өсті дене,
Пыштақтап шақырады әлденеге.
Мұндай құс көрмедік деп келген-кеткен,
Аттанып жатады әйтеу баға бере.
Болған кез жайлау сүркей шөбі қашып, 850. Бай ауыл қонды етекке қайта көшіп.
Бүркітін қолына алып Мұрат көште,
Келеді ой қиялы асып-тасып.
Ойлайды Алтай жақсы жер екен деп,
Кең қолтық керей деген ел екен деп.
Қақпады кәрі-жасы маңдайынан,
Жарасқан ел екенсің берекең деп.
– Мейлі мен мал қайырып, от жағайын,
Не десең қызметіңде тұрам дайын.
Ажалдан арашалап алып қалған,
860. Сіздерден барымды аяп не қылайын.
Деп Мұрат айтты байға жүрек сөзін,
Биледі борыштылық ыстық сезім.
– Біздікі шықпас жанға себеп қой, – деп,
Мақтаудан ұстады алшақ бай да өзін.
– Дәм тартып ұзақ жерден келдің, бала,
Білемін осы кезде көңілің де ала.
Барасың еліңе де аман болсаң,
Біраз күн тамашалап елді арала.
Бұл сөзге Мұрат іші кетті жылып,
870. Адамдық қасиетін тұр ғой біліп.
– Ақсақал, мейіріңізге разымын, –
Деп Мұрат тұрды орнында басын иіп.
Зеріксе атқа мініп мал қайырды,
Аралап, қымыз ішті, көрші ауылды.
Той болса жігіттермен бірге барып,
Қызықтап қайтып жүрді көп қауымды.
Бір қыз бар сол ауылда Нұржан деген,
Нұржан барған той болар думанды өлең.
Бір тойда Досбай деген ақын жігіт,
880. Мұратты ертіп айтысқан Нұржанменен.
Нұржан қыз сан құбылтып әнге салған,
Жоқ дейсің қай адамда асыл арман.
– Досбай-ау, жаныңдағы мына жігіт,
Емес пе Жәмиламыз тауып алған.
– Жәмила тапқан емес ұзақ жерден,
Бүркіттің балапанын іздеп келген.
Жартастан құлап кетіп мертігіпті,
Жәмила малда жүріп мұны көрген.
Жәмила – бір жылғы төл замандасың,
890. Демеңіз тауып алған адам басын.
Тауып алса олжа деп сұрамақ па ең,
Сұрадың не мақсатпен бұл арасын?
– Жігітің жарайды екен құс салатын,
Өнер ғой бүркіт баптап, аң алатын.
Дегенге тауып апты шамдандың ба,
Зат емес оңай-оспақ байланатын.
Көргенде замандасты өлеңдетем,
Саятшың бүркіттен де қыран екен.
Әзілдеп қалжың үшін айтып қалдым,
900. Әйтпесе ниетім жоқ алабөтен.
Мұраттың ойнап шықты бетіне қан,
Жігіт қой ол намысшыл, жаны жайсаң.
Өтеді таяқ еттен, сөз сүйектен,
Деген сөз ауыр тиді “тауып алған”.
– Атым – Мұрат, айтайын мен де аз өлең,
Бір сөзіңнен, Нұржан-ау, еттім елең.
Жоғалтқан бар ма әлде адамыңыз,
Отырсыз белең беріп әлденеден?
Әзіл үшін жарасар ойнап-күлген,
910. Бүркітке түлкі алдырар бабын білген.
Алтайдың қырмызысын көзім шалса,
Қыранмын жерге түспей таңын ілген.
Деп Мұрат өлеңдетті аспай-саспай,
Сөзі үшін Нұржаннан ары таспай.
Ақиық Алтай таудың қыраны боп,
Жіберді төгіп-төгіп жыр құлаштай.
– Біздің ел сіздің елмен құда-жұрат,
Жарайсың, – деді Нұржан, – ақын Мұрат.
Қайтқанша талай түлкі әпересіз,
920. Онда өзіңнен алармыз олжа сұрап.
Деп тартты Нұржан ақын бауырына,
Сездірмей тойдың қалың қауымына.
– Төбеден шабыт берем, түстен тоят,
Келерсің әлденеше ауылыма.
Түлкі ішік кигізер ем, қасқыр ішік,
Егерде өзін тіксең, өзің пішіп.
Арасы екі ауылдың жақын екен,
Кетпесе құрбыларға көзің түсіп.
Айтылды талай әзіл тілді безеп,
930. Шоқ түсіп іштеріне, өртенді өзек.
Басқа сөз болмаса да аралықта,
Көз алмай қарасады алма-кезек.
Уақыт өтіп жатыр талай-талай,
Өткізді күздің күнін санай-санай.
Арасы екі ауылдың жақын қоныс,
Ауылға барып жүрді тамашалай.
“Жолаушы елде жүрген жалғыз атты”
Деп, өсек елдің ішін дуылдатты.
Бәрін де елемеді Мұрат мұның, 940. Сөздерге алып-қашпа буыны қатты.
Алтын күз жетіп келді, салқын рай,
Етекке көшті ел де таудан құлай.
Жаратып Сарыбауырды Мұрат мініп,
Бүркітін қолына алды томағалай.
Жетілген қанат-құйрық, дене толып,
Ақиық мұзбалақтың өзі болып.
Суреттей барлық бітім жарасымды,
Тұрады қызыл қанға көзі толып.
Шұбар төс, қалың топшы, кең иықты, 950. Шоқпар сан, аю тұяқ, күшке мықты,
Жылан бас, ине шуда, шүңірек көз,
Қылыш тұмсық, кең танау, беті түкті.
Алдынан аң құтылмас нағыз қыран,
Артылмас құс баласы, сірә, бұдан.
Өзі екен ақиықтың алып тұлға,
Баға алды сан осындай саятшыдан.
Сынады талай рет қоя беріп,
Айғайласа ұшады арттан еріп.
Бір мезгіл қолына алып сылап-сипап, 960. Тойғызады дәндетіп жемін беріп.
Баптап жүр қылшылдатып күйге салып,
Балапан кетпесін деп бұдан арып.
Ішін тағы тазартты бірнеше рет,
Ауызына құсының қоя салып.
Қылаулап қарашада қырбақ түсті,
Баулитын мезгіл жетті қыран құсты.
Мұраттың бүркітіне түлкі алдырып,
Жәмила көрмек болды қызық істі.
Балапан ұстамаған бұрын түлкі, 970. Түлкі алмай болар ма екен елге күлкі.
Әйтсе де аң көрсетіп бір байқауға,
Бүркіттің еті біраз көтеріңкі.
Әділбек, Жәмила мен Мұратқа еріп,
Аң көрсетіп келмекші қызық көріп.
Ақша қар, сауысқан із сонар болды,
Бүркіт сап шықты олар үйден өріп.
– Төленсе жақсы болды еңбектерім,
Бүркіт үшін аз емес бейнеттерім.
Бау ашпаған балапан көңілі қайтпай,
980. Тап бермеден аң көрсе болар көрім.
– Әділбек, жер жағдайын білесің ғой,
Жыл сайын мал қайырып жүресің ғой.
Мекенді түлкі жатар жер ыңғайын,
Бетке алып қағуылдай жүресің ғой.
Деп, Мұрат жан-жағына көзін салды,
Белеске шықты дағы томаға алды.
Бір түлкі табан асты қашып еді,
Балапан таңнан іліп басып қалды.
– Бармалық дәл үстінде желе шауып,
990. Түлкіден айырайық жаяу барып.
Бұрын түлкі алмаған балапанын,
Шошынып қала ма, – деп қылды қауіп.
Жаяулап енді жақын барды Мұрат,
Түлкінің аяғынан алды Мұрат.
Ақырын еппен ғана ірей салып,
Көрсетті салақтаған санды Мұрат.
Әділбек, Жәмила да көңілденіп,
Қызықтап тұр жанында жақын келіп.
Адам менен түлкіге кезек қарап, 1000. Балапан салды ауызын аңға жерік.
Түлкіден босатпады аяғын құс,
Сан етті жұлып жатыр тым асығыс.
Жем басар тегеурінін қолмен қозғап,
Биялайға қондырды құсбегіміз.
Ақырын сылап-сипап ұстап құсын,
Жұлдырып сіңір менен тарамысын.
Бүркітті томағалап қолына алды,
Тым көркем көрінеді құс алып мүсін.
Түлкі екен қоңыр ала, күміс жүнді, 1010. Терісін сойып алып көңіл тынды.
Жанына Жәмиланың байлап беріп,
Тағы да түлкі қағып атқа мінді.
Келеді қағуылдап әлгі жерді,
Бір ізбен талай қырат асты белді.
Еңкейіп күн бесінге таяғанда,
Түлкіні сылаңдаған тағы көрді.
Балапан көрген жерден ұшты қуып,
Таңынан іліп алды бүрістіріп.
Түлкіні астындағы бұйым көрмей, 1020. Қарайды жан-жағына мойын бұрып.
Артынан келді бұлар желе-шауып,
Құс түлкіні қанатымен отыр жауып.
Ақиық тым үскінді, күші басым,
Мытып-мытып қояды ауық-ауық.
Лезде өлтіріпті болат тұяқ,
Көрді оны салған жерден ұстап Мұрат.
Босатып құс аяғын бірден-бірден,
Қондырды биялайға еппен сылап.
Қолға алып жұлдырды жем шолақ сандап, 1030. Түлкіні Әділбекке тастады арнап.
– Мұратжан, қанжығамыз қандай екен,
Құс салсаң жүрсең болар бізді ырымдап.
Жәмила Әділбекке сылқ-сылқ күліп,
Сөйлейді бірін-бірі қағып-іліп.
Бүркітті томағалап қолға алып,
Беттеді кеште ауылға атқа мініп.
Әділбек өлеңдетті әнге басып,
Жас жігіт көтерілді көңілі тасып.
Мұрат пен Жәмиланы әзілменен,
1040. Қытықтап жүрек сырын қояды ашып.
– Қолында саятшының бар бүркіті,
Қыраннан құтылмайды қашқан түлкі.
Аңсаған арманға қол жетпесе де,
Әйтеуір болды көңіл көтеріңкі.
Деп, Мұрат өлеңдетті баяу ғана,
Ауылға қалған кезде таяу ғана.
Жәмила бір жымиып күліп қойып,
Деп қойды: – Болса өлеңің айтшы жаңа.
Айтқан әзіл көңілге жарасады,
1050. Қыз-жігіт бір-біріне қарасады.
Аяңдап ауылға да жетіп келді,
Өткізіп күнге қызық тамашаны.
Жәмила үйге кірді түлкісі бар,
Жүзінде ойнап шыққан күлкісі бар.
Әділбек бір түлкі алып ол да келді,
Қазақтың түлкі байлау үлгісі бар.
Әлімбай қыран құстай түсті төніп,
Түлкіні қолына алып ұстап көріп.
“Тымаққа жақсы екен” деп аңқылдады, 1060. Шешесі Жәмиланың о да келіп.
Жәмила айтып жатыр бастан-аяқ,
Бүркіттің түлкі алғанын қалдырмай-ақ.
Түлкіге баға берді ақсақалдар,
Болар деп мұндай түлкі некен-саяқ.
Әлімбай осы күні көңілді тым:
– Дәл мұндай туа берсін олжалы күн.
Бұрын аң ұстамаған қол бала ғой,
Жарайды, – деді, – қыран бұл бүркітің.
Ауылдың ақсақалы, үлкен-кіші,
1070. Үй толы дуылдаған өңкей кісі.
Жәмила бүркіт салған олжасы үшін,
Әлекең алып ұрды бір тоқтысын.
Есіктен тоқты сүйреп кірді Әділбек,
Жәмила түрегелді “әумин” деп.
Шұбыртып шешен шалдар берді бата:
“Көп жаса, жылдан-жылға бақ қонсын!” деп.
Мұратқа еріп Жәмила құс салғаны,
Бір күнде екі бірдей түлкі алғаны.
Жайылды ертеңінде күллі өңірге, 1080. Талайдың белгілі ғой таң қалғаны.
Осылай Мұрат құсын сала берді,
Ақиық қашқан аңды ала берді.
Әлімбай да сайрандап сахараны,
Талай рет құс салған балаға ерді.
Бір күні бүркіт салып келді Мұрат,
Сағынып елі менен жерді Мұрат.
Есіне түсіп кетті қайран ана,
Қайтуға байлады анық белді Мұрат.
Сағынып шешесі мен қарындасын, 1090. Көл қылып екі көзден төкті жасын.
“Не күйде отыр екен қайран анам”,
Деп жылап мұңға орады ғазиз басын.
– Ақ сүтің тартсын елге, асыл анам,
Жасымнан әлпештеген едің панам.
Алдыңда көз жасыммен ант етейін,
Мінеки, енді үйіне қайтты балаң.
Отырған бай-бәйбіше шайын ішіп,
Түлкі ішік әңгіме боп, қасқыр ішік.
Кірісіп әңгімеге Жәмила да,
1100. Дегендей бірі өлшеп, бірі пішіп.
Есіктен кірді Мұрат сәлем беріп,
Әлекең отыр төрде көңілденіп.
Істемей әдепсіздік жөнін айтты,
Болса да қайту-қайтпау өзінде ерік.
– Әлеке, шешей де отыр, Жәмила бар,
Жаралы жанымды емдеп жаздыңыздар.
Рұқсат етсеңіздер ықыласпен,
Үйіме қайтсам деген бір жайым бар.
Отыр ғой шешем байғұс күнде жылап,
1110. Жыртқыш жеп өлді ме деп таудан құлап.
Хабарсыз кеткеніме болды он бір ай,
Дәм айдап ел шетінен шықтым жырақ.
Әкемдей жайған ыстық алақанын,
Кеңпейіл көрдім сыйын әр атаның.
Өлгенше борыштымын, қалсын менен,
Сіздерге тарту болып балапаным.
Әлімбай осы сөзге көңілденді:
– Шырағым, болсын қайтсаң жолың! – деді.
Бір ат ал жетегіңе Жәмиладан, 1120. Тапқаның жөн, – деді ол, – еліңді енді.
Жәмила сөзге шұғыл араласты,
– Құсыңды бізге беру жарамас-ты.
Шыққаның үйден іздеп осы бүркіт,
Бұлай деп өзіңді не қара басты?
Құсыңды қолыңа ал алдыменен,
Құс беріп күтпей-ақ қой шалды да ерен.
Мұндағы қауым елден ұят болар,
“Жанаттар құсын алып қалды” деген.
Бүркітті ап қапты әкем дегізбеңіз,
1130. Азамат басын сыйлау біздің негіз.
Еліне аман барса айта жүрсін,
Жақсылық түбегейлі істесеңіз.
Әлімбай бұған тағы мақұл деді,
– Айтқаның, Жәмилажан, ақыл, – деді.
Беріңдер жол жабдығын әбден қамдап,
Баратын емес жері жақын, – деді.
Мұраттың кеткенін ел білмей қалсын,
Жәмила, бір атты бер жетекке алсын.
Артынан олжа қуып түссе жаман, 1140. Жетімек шешесіне аман барсын.
Бір қабат киіндірді жаңа киім,
Үйіне сәлемдеме салды бұйым.
Дайындап жолда жейтін азықтарын,
Тас түйін алды әзірлеп жол жабдығын.
Әлімбай көп сөз айтты ақыл қылып,
Мұрат та тыңдап отыр мақұл біліп.
Қош айтып Әлекең мен бәйбішеге,
Дүйсенбі сәтті күні кетпек жүріп.
Бүркітін ап атына мінді Мұрат, 1150. Қош айтты қимастықпен жыламсырап.
Әділбек, Жәмила да атқа қонды,
Қош айтып қайтамыз деп шығарып сап.
Жарым күн жүріп бұлар түсті аттан:
– Мен едім өлген Мұрат, тілсіз жатқан,
Жәмила, сізге не деп алғыс айтам,
Жүрегім сіз деп соғар айнымастан.
– Кел, – деді, – қайта айналып, ұмытпасаң,
Аман бол көзден тайып суықтасаң.
Айлық жол қанша ұзақ ер жігітке,
1160. Бұл істі мен де ойлағам әлдеқашан.
– Шешемді, бауырымды көрейін бір,
Ұзасам айналармын бір-екі жыл.
Арыммен адамшылық серт етемін,
Айтылған ат жалында уағдам бұл.
Әділбек, осы сөзге куәгер бол,
Серт еттім аттың үсті міне ұзын жол,
Жолаушы жалғыз атты делінем бе,
Тағы да жүректегі бір сұрау бұл.
Қош деді Мұрат сонда сөзін жиып,
1170. Құсын ап Сарыбауырға алды мініп.
Құс та болса әйтеуір бір сезім бар,
Жүрерде пыштақтады енді ақиық.
Жәмила, Әділбекпен екеуара,
Барады Мұрат кетіп жалғыз қара.
Бетке алып батыстағы көкжиекті,
Қарасы бұлдырады бара-бара.
Көрінбей ұзаған соң мінді атқа,
Жалт беріп қайтты бұлар ауыл жаққа.
Айналды төбесінде қиял құсы, 1180. Көзі алда болғанымен, көңіл артта.
Жәмила күн еңкейе келді үйіне,
Көңілінің жарымдығы тұр біліне.
Сонан соң-ақ әке мен шешесіне,
Мұратты әңгімелеп жүрді күнде.
Кеткелі Мұрат үйден болды он бір ай,
Мұнша ұзақ айналғаны емес қой жай.
Майсара көзінен жас моншақтатып,
Арықтап кәрі дене болды қурай.
Самайын қырау шалып, қайғы батты, 1190. Көз ілмей талай-талай таңдар атты.
Сағынып жалғыз ұлын жүрген ана,
Түс көріп рахатпен ұйықтап жатты.
Түсінде ақсақалды келіп адам,
“Олжалы келе жатыр, – деді, – балаң”.
Бір құс кеп шаңыраққа қонған екен,
Анасы мұны ешқашан ойланбаған.
Мұратын иіскегенде бетін сүйіп,
Тартылған омырауы сүт боп иіп.
Қуанып төсегінен тұра сала, 1200. Дөңеске есік алды шықты биік.
Майсара осыдан соң тіпті алаң,
Біреу келсе дей ме деп келді балаң.
Ертелі-кеш дөң үстінде отырады,
“Мұратым, зарықты, – деп, – асыл анаң”.
Көңілін бір қуаныш алды кернеп,
Емес ол бұрынғыдай өте сергек.
Өсіріп балапанын айналды ғой,
Уақыт болды дейді енді келмек.
Бір үміт, бір қуаныш алаңдатып, 1210. Ойлайды көп істерді ойға батып.
Тәтті үміт көлбең қағып көз алдында,
Көрінгенге қарайды көзін сатып.
Жапан түзде келеді жортып Мұрат,
Әр нәрседен кей кезде қорқып Мұрат,
Салқын тиіп күн сайын етін жия,
Жүрген сайын елірді Сарыбауыр ат.
Ел шетіне ілінді бір ай жүріп,
Кей жерде дем алды атын тынықтырып.
Жол бойы кезі келген қоңыр аңды, 1220. Ақиық көрсе алады бүрістіріп.
Осылай талай түлкі, қасқыр алды,
Терісін қосарына теңдеп алды.
Азық қып арқар менен тауешкіні,
Үйіне өстіп жүріп келіп қалды.
Майсара ішіп отыр түскі шайын,
Сөз етіп анда-санда Мұрат жайын:
– Тартады оң қабағым, қуанам ба,
Мұратым келіп қалды-ау, айналайын.
Мұрат кеп омырауым иігендей,
1230. Япырым-ай, бір қуаныш білінгендей, –
Дегенше ала мойнақ үріп шығып,
Келгендей таныс адам қалды үндемей.
“Апа” деді есіктен кірмей жатып,
Таныс дауыс, Майсара тұрды атып.
Жүрегі кеудесіне симай кетті,
Көзінен моншақ жасын жамыратып.
Боздады боз інгендей Майсара да,
Оңай ма іштен шыққан, шіркін, бала.
Ағасын құшақтады қарындасы, 1240. Жылады шұрқырасып үшеу ара.
Шешесі: – Ботам, – дейді, – қозым, – дейді,
Баламды аман көрді көзім, – дейді.
Жылайды омырауын жаспен жуып,
– Он бір ай қайда кеттің өзің? – дейді.
Байлаулы мама ағаштан көріп атты,
Көршілер жүгірісіп келіп жатты.
Атасы Есімжанмен дәмдес болған,
Көршілік байланыс бар аса қатты.
Біреулер жасын іркіп көздеріне, 1250. Тығылды көмейіне сөздері де.
Жүгіріп анадайдан қолын алып,
Мұраттың қуанысты келгеніне.
Сойды әкеп арнап қойған ақсарбасты,
Шақырды алыс-жақын ауылдасты.
Ақ шашты, ақ шылауыш әз аналар,
Мұраттың қосына әкеп шашу шашты.
Шоқпардай иығына үкі тағып,
Отырды Мұрат құсты қолына алып.
Көргендер “Құс баласы бұдан өтпес”, 1260. Деп мақтап жатыр бүркіт көзге жағып.
Мұрат та баяндады жүрген жерін,
Алтайды мекендеген керей елін.
Ұядан ұшып ессіз жатқан шақта,
Бір байдың үйге апарып емдегенін.
– Жазылдым қамқорлықпен аман-есен,
Жарайтын жандар екен қалай десем.
Өзінің баласындай аялады,
Секілді мейірлі екен туған шешем.
Сағынып апамды да, ел мен жерді,
1270. Ақсақал, рұқсат ет, қайтсам дедім.
“Құп, сәлем айт, балам, ауылыңа”,
Жүрерде азық-түлік, бір ат берді.
Шығартты жарым күндік жолға мені,
Мейірлі екен төтенше керей елі.
Секілді жер бетінің жаннатындай,
Жер екен Алтай деген мекендері.
Тамаша Алтай деген жерді көрдім,
Жанаттан Әлімбайдай ерді көрдім.
Қоштасып аттанарда, уа, дүние-ай, 1280. Қия алмай еңіреген елді көрдім.
Қыс өтіп, жайнаған жаз аяқталды,
Күз бітіп қыстың басы таяп қалды.
Ақиық осы жазда жақсы түлеп,
Жетілді теп-тегіс боп қанаттары.
Міне, бұл оның шыққан тірнек жасы,
Жұп-жұмыр өсіп толды бар тұлғасы
Айбары барлық аңға татығандай,
Бүркіттің болды ішінде тамашасы.
Қар жауып алып шықты бүркітті аңға, 1290. Жібермейд көрген аңын қыран паң да.
Қасқыр, түлкі, елікті қойша қырып,
Атағы тарап жатты осы маңға.
Қасқырбай – сол ортаның азулысы,
Ұштасқан байлығымен билік ісі.
Қызыл көз қарақшы еді қаны сұйық,
Мағұлым сол өңірге надан күшті.
Мұраттың мақтап барды біреу құсын,
Бұл мақтау Қасқырбайдың күйдірді ішін.
Шаптырды шабарманын тез арада, 1300. “Келсін, – деп, – Мұрат өзі алып құсын”.
Жөнелді бір желпақым бұйрықты алып,
Бір сөзді екеу қылып айтты барып:
– Қақаң би бүркітін ап келсін деді,
Құрам деп саятшылық аңға барып.
Білмеді сенерін де сенбесін де,
Қасқырбай ол Мұраттың теңдесі ме?
Мұрат пен Майсараның жүректері,
Дүрсілдеп сыймай кетті кеудесіне.
Біледі Қасқырбайдың сырын халық,
1310. Зарлатқан сан адамды қырына алып.
Иті де осы өңірдің оған үрмей,
Тұмсығын жататұғын ішіне алып.
Майсара ойлап отыр осы жөнді,
Қасқырбай еңіреткен талай елді.
Не шара тартып алса үйге келіп,
Бармауға бүркіт алып буды белді.
Тұнжырап Мұрат отыр терең ойда,
Арылмай ата мінез біткен бойға.
Ежелден қасқыр істер қасқырлығын, 1320. Кездессе қашан кеткен шаппай қойға.
– Мұраттың астындағы аты да арық,
Қыс бойы азып кетті аңға салып.
Мән-жайды жеткізіңіз толығырақ,
Қақаңа жөнін айтар өзі барып.
– Бұл үйге келмедіңіз бір талай жыл, –
Деді ана бір түлкі әкеп күрең қызыл.
“Орамал тон болмайды, жол болады”,
Кигізген басыңызға тымағым бұл.
Солай деп жолға салды шабарманды,
1330. Шабарман зар жылатқан талай жанды.
Қазірше алдап-сулап аттандырды,
Ол қалай риза етер Қасқырбайды.
Шабарман үш күн жүріп қайтып барды,
Мән-жайды түк қалдырмай айтып барды.
“Мұраттың өзін ертіп келмедің” деп,
Қасқырбай жерді неше тарпып та алды.
Тістеніп, шабармаға зеки түсті,
– Қашанда бітірмейсің барған істі.
Көрермін ол жетімнің әуселесін, – 1340. Деп Қасекең азуын баса түсті.
Арада жағымпаздр тасып өсек,
Қоздырды қастандықтың отын көсеп.
“Қақаңа құс бермеген қандай сорлы”
Деп олар өздерінше жасады есеп.
Кейбіреу Қасқырбайға жағып жүрді,
Мұрат та сырттан тыңдап бағып жүрді.
Жамандап Мұратты әтей жаныстырған,
Ортада өсек-аяң ағып жүрді.
Құдасы Қасқырбайдың ол бір жуан, 1350. “Қыран құс тауып берсін” депті бұған.
“Алмаймын қалыңға мал, уәдем сол,
Бергені аю алар болсын қыран”.
Соны айтып кетіпті елші осы қыста,
Байекең дей ме бұған қолым қысқа.
Ат жетер жерден іздеп жүргенінде,
Дөп келіп Мұрат қапты бұл жұмысқа.
Алдымен көрмек сөзбен алдап-арбап,
Бермесе зорлықпенен тартып алмақ.
Мүбәдә, құс қолына қона қалса, 1360. Құдаға масаттанып өзі бармақ.
Мұраттың бір жақыны келді шауып,
Деді ол: – Осы құстан төнді қауіп,
“Ұры деп елден шыққан ұстатамыз”,
Деп жатыр, кет бұл жерден ебін тауып”.
Мұраттың жүрегіне күмән орнап:
– Кімім бар, – деп ойлады, – ол қалар қорғап.
Қасқырбай сары ізіме түскен екен,
Құсымнан айырылармын шын-ақ сорлап.
Онан да кеткенім жөн Алтайға ауып,
1370. Бір түнде кетсек аман, жоқ қой қауіп.
Кемді күн көштің қамын әзірлейін,
Сапарға қажет мүлік іздеп тауып”.
Соны айтып шешесіне қосты ақыл,
Майсара жасын төгіп болды мақұл.
– Көктеуге көшем деген сылтауменен,
Ауылдың үлкендерін үйге шақыр.
Шақырды шайға бір күн ауылдасын,
Дастарқан жайып қойды достық асын.
– Көшкенде көктеулікке айтпадың деп,
1380. Көршілер, көңілдерің айырмасын.
Деп назбен меңзеп өтті көңіл күйін,
Хош қылды ауыл, туыс, келіндерін.
Балалардың қалтасына дән толтырып,
Бәрінің аулады әбден көңілдерін.
Зираты Есімжанның дөп-дөңгелек,
Басына ай орнатқан әшекейлеп.
Жұма күн жолға шығып үш мұңлы адам,
Арнайы сол зиратқа беттеп келед.
Майсара қос қозысын қасына ертіп, 1390. Басына Есекеңнің келді жетіп.
Қоштасып оңашада аруақпенен,
Жылады үн шығарып еңіресіп.
– Қош! – деді Мұрат жылап, – қайран атам,
Басыңа келіп тұрған мен бір ботаң.
Айналдым мүрдең жатқан зиратыңды,
Кеше гөр ағат басқан болса қатам.
Сағынып елесіңді тұрмыз келіп,
Кететін болғандықтан бастан ерік.
Жатарсың ұл-қызыңды қорғап-қоршап,
1400. Іс түсті басымызға қатер төніп.
Соны айтып Мұрат қатты еңіреді,
Көз жасы жаңбыр болып төгіледі.
Жалтақтап анасы мен ағасына,
Күләй тұр, жас қой әлі, не біледі?
Майсара үн шығарып кетті жылап,
Көз жасын мүрде үстіне төкті бірақ:
– Арысым, ақыреттік қош бол енді,
Кетпекпіз сені тастап елден жырақ.
Жау шықты Қасқырбайдай шабатұғын,
1410. Әлсізге қанды құрық салатұғын.
Ұры деп үстімізден арыз беріп,
Ұлыққа пара беріп жағатұғын.
Талайды рақымсыз еңіретті,
Бізге де аязы оның келіп өпті.
Еріксіз елден ауып кетер болдық,
Туған жер, тастап таныс төңіректі.
Қош, енді бір Аллаға аманатсың,
Мақшарда кездесейік саламат күн.
Душар боп Қасқырбайдың қақпанына, 1420. Орнады басымызға ғаламат түн.
Бұл жерде қосағымның басы қалды,
Қабірге тамып көздің жасы қалды.
Дүниеде Қасқырбайдай жауыздарға,
Бір зауал Тәңір жазған бар шығар-ды.
Деп ана Құран оқып қолын жайды,
Жас парлап көздерінен, бет сипайды.
“Қош-қош!” айтып ақыры түрегелді,
Басса да иығынан ауыр қайғы.
Күңірентіп қасіретпен ұлы аумақты, 1430. Үш адам әке әруағын бір аунатты.
Кім білсін, енді олардың күні нешік,
Бір сағым алдарынан бұлаң қақты.
Сенбі күн әзірленді ерттеп көлік,
Көршілер жүк артысты ерте келіп.
“Көктеуге көшем” деген сөз бойынша,
Қамданады ұзақ жолды сертке берік.
Артуға кедей жүгі қанша қиын,
Лезде теңдеп болды келген жиын.
Күләйға түйелерді жетектетіп, 1440. Майсара қолына алды ақиығын.
Сездірмей еш пендеге ішкі сырын,
Еріксіз кетті шалғай елден қырын.
Мол жүріп, сол жүргеннен дамылдамай,
Жеті күн дегенде алды бір-ақ тыным.
Кезікті жол-жөнекей талай адам,
Бүркітті Майсара әтей бөлеп алған.
“Ілгері аулымыз көшіп еді”
Адамға деп қояды жөн сұраған.
Бұлыңғыр не болады жол алдағы, 1450. Ежелден момын жұрттың қонар бағы.
Кездесті екі жігіт – бір семья,
Босқынның біреуі екен олар дағы.
Сонымен екі үйлі жан көше берді,
Еріксіз артқа тастап ел мен жерді.
Ерулеп малды оттатып талай жерге,
Кең Алтай өңіріне жетіп келді.
Қасқырбай ұлып қалды көшкен жұртта,
Жауыздық Мұратты айдап шықты сыртқа.
Айырған ұл мен қызды туған жерден, 1460. Сұм заман, қилы-қилы өткен жоқ па?
Қасқырбай іздетсе де тінтіп елді,
Аралап шабармандар талай жерді.
Мұраттың бар-жоғынан хабар таппай,
Бұқадай жер ошақты сүзе берді.
Жол қалды екі күндік елге жетер,
Шілденің қызған кезі мидан өтер.
– Алдымен тілдеселік байға, – десті,
Тосыннан жетіп барсақ олар не дер?
Іліндік ел шетіне аман келіп,
1470. Кемді күн осы араға ерулейік.
Кір жуып, ас дайындап, еру елге
Бағдарсыз ауған елдей көрінбейік.
Айтпалық Қасқырбайдың жауыз ісін,
Бүлдірген деп жүрмесін елдің ішін.
Паналап келдік десек өзіңізді,
Қайткенмен аяй қоймас бізден күшін.
Екі адам елге қарай басты қадам,
Мұраттың көңіл-күйі біраз алаң.
Байлаған қалың бие бай ауылға, 1480. Ілінді қоналқада кешке таман.
Әлімбай отыр еді дөң басында,
Бірнеше ақсақалдар бар қасында.
Мұрат сәлем бергенде аттан түсіп,
Кәрия танымады алғашында.
– Уағалейкумассалам, қай баласың,
Аттан түс, елің қайда, қайда қосың?
– Мұратпын былтыр кеткен қолыңыздан, –
Деп Мұрат құрметпенен иді басын.
– Жарайды, татқан дәмді ұмытпаған,
1490. Есен бе елі-жұртың, шешең, балам?
Бәрі кеп отырған жұрт амандасты,
Кісідей кездеспеген неше заман.
Әділбек амандасты Мұратқа кеп,
Жүрегін жылы мейір шуақ бөлеп.
Әзілдей Мәриям да қол ұсынды,
Кідірмей ортадағы сұраққа көп.
Әділбек осы байға жылқы бағып,
Күн кешкен суын әкеп, отын жағып.
Ұнатып бай-бәйбіше екеуін де, 1500. Малай деп көрген емес сөзбен қағып.
Бірі аға, Жәмилаға жеңге бірі,
Ағаның атасына еңбегі ұлы.
Бір үйдің адамындай күн кешіп жүр,
Толықсып татулықтың теңге гүлі.
Әлекең бастады үйге қадам басып,
Жүгірді Мұрат алға есік ашып.
Артынан үлкендердің үйге кіріп,
Қол берді бәйбішеге амандасып.
Жәмила амандасты қолын алып, 1510. Бір жалын кеткендей боп бетін шалып.
Мұраттың келгеніне қайран қалды,
Былтырғы жыл кездескенді есіне алып.
Аяқтап аман-сәлем, елдің жайы,
Құйылды қонаққа арнап қойған шайы.
Әлекең бата жасап мал сойғызды,
Қонақта ықыласы, арман-ойы.
Таңертең шәй ішкенде үйдің іші,
Жоқ еді танымайтын бөтен кісі.
– Мән-жайды айтар болсам, – деді Мұрат, –
1520. Басымнан барады ұшып бақыт құсы.
Үйіммен көшіп келдім ұзақ жерден,
Осылай тарттым сізге көзім көрген.
Келіп ем сәлем бере жөн айтқалы,
Айырылған оңай емес өскен елден.
Мәриям шыныларға шайын құйып,
Қарады Жәмилаға бір жымиып.
Талайды көрген жерден тамсандырған,
Жәмила – осы үйдегі ол да ақиық.
Әлімбай деді: – Балам қай жерде үйің, 1530. Көші-қон, қалай болды жай-күйің?
Жаныңа адам ал да көшіріп кел,
Жалғыз үй жолда отыру болар қиын.
– Отырған жанымдағы мынау жігіт,
Ауғанның бұл да бірі елден шығып.
Кезігіп орта жолдан бірге келдік,
Жан сақтау мақсатында тірлік қуып.
– Тау асып, өзен кешіп, шөлді басып,
Келгенде ұзақ жерден күн-түн қатып.
Ертіп ап Әділбекті мен барайын,
1540. Мұраттың апасына амандасып.
Бұл сөзін Жәмиланың мақұлдасты,
Қымыз ала баруды ақылдасты.
Көшіріп келмекші боп ауылына,
Төртеу боп келген ізбен қайта басты.
Дүрілдеп жастар ара кетті күліп,
Мұратқа Жәмиланы әзіл қылып.
Әділбек деді: – Жұмыс басталғанша,
Сақтаңдар құпияны ішке бүгіп.
– Мінеки, біздің ауыл осы болар,
1550. Шошайған көшкен елдің қосы болар, –
Дегенде су көтеріп Күләй келед,
Майсара таңырқап тұр кім деп бұлар.
Су алып үй қасына келді Күләй,
Сұлулық болмаған-ау сірә, мұндай.
Жәмила аттан түсіп амандасты,
Еліктің тым сүйкімді лағындай.
– Баласы Әлімбайдың Жәмила аты,
Әділбек сол кісінің қолғанаты.
Амандық сұрап, апа, сізге келді, –
1560. Деп Мұрат таныстырып айтып жатты.
Майсара Жәмиланың бетін сүйді,
Жәмила әдеппенен басын иді.
– Ажалдан алып қапсың Мұратымды, –
Деді ана, – қонағым жоқ сізден сыйлы.
Өмірің ұзын болсын, жанып бағың,
Құлпырсын күннен күнге жастық шағың.
Анаңа сені өсірген рақымет,
Дүниеден мұңнан таза өт, қарағым.
Құйды әкеп дастарқанға дайын шайын,
1570. Майсара төкті солай сөздің майын.
– “Достың асын дұшпандай же” деген бар,
Тартынбай алыңдаршы, айналайын.
Шақырды Күләй барып көрші үйін,
Мінеки, екі үйлі жан болды жиын.
Толтырды сары аяқпен жағалатып,
Жәмила сары қымызбен жасап сыйын.
– Ей, апа, қонақ келді қосымызға,
Қонақтар сияр ма екен осымызға.
Үй тіксек үлкенірек жөн секілді,
1580. Кеңірек жатар еді досымыз да.
Лезде үй тігілді дайын болып,
Майсара бәйек боп жүр майын қойып.
Тілеп ап анасынан Мұрат бата,
Қонаққа тартты табақ, қойын сойып.
Күн шыға жүріп кетті Мұрат көші,
Талайдан қалыптасқан әдет осы.
Дәл түсте бір бұлақтан сусын ішіп,
Тігілді ықшам ғана дамыл қосы.
Шағын көш келе жатыр, аз ғана мал, 1590. Қолында Майсараның бүркіті бар.
Сары жайлау, малды ауылға келіп жетті,
Мөлшері кіші бесін дегенде дәл.
Жиналып ауыл жатыр жүк түсіріп,
Бір жақтан жас келіндер үй тігісіп.
Қазақтың мейірбандық салтыменен,
Бәрі де келіп жатыр жапырылып.
Көршінің көшіп келген тігілді үйі,
Жастар жүр әзілдесіп жиі-жиі.
Үй-жиһаз көрер көзге ұнасып тұр, 1600. Сырлы аяқ сыры кетсе де кетпес сыны.
Майсара жас шағынан іске шебер,
Төгілген он саусақтан түрлі өнер.
Талай жан таңдай қағып, бас шайқады,
Істелген үй-мүлкіне көркем нелер.
Біреу қой, біреу қозы сойып әкеп,
Толассыз келіп жатыр ерулік деп.
Қазақтың бұл да тәтті берекесі,
Қоятын туыстық деп, көрші едік деп.
Әлімбай кемпірімен екеу ғана, 1610. Хал сұрап келе жатыр Майсараға.
Алдынан Мұрат шығып есік ашты,
Қол беріп амандасты жайсаң ғана.
– Бәйбіше, қонысыңыз жайлы болсын! –
Деді бай салт бойынша бұл бір жосын.
– Айтқаныңыз келсін, – деп тосырқамай,
Сөйледі Майсара да ашық-жарқын.
– Ел-жұртты артқа тастап іздеп келдік,
Соншалық алыс жерден сіз деп келдік.
Тапсырдым Мұратымды өзіңізге,
1620. Әрқашан отырыңыз ақыл беріп.
Қоян жон жайды әкеліп дастарқанды,
Үй іші көз тартарлық көркем сәнді.
Иіліп қонағына құрмет еткен,
Ұнатты Майсарадай жайсаң жанды.
Есіктен кірді Мұрат қозы сүйреп,
Майсара тұрды орнынан “әумин!” деп.
Әлекең ықыласпен бата істеді,
Жүрегін бір мейірбан сезім билеп.
Шақырды Жәмиланы Күләй барып, 1630. Келді ол Мәриямды ертіп алып.
Жанына анасының кеп отырды,
Майсара қойған еді сырмақ салып.
Тартылды бас, жамбас пен асық жілік,
Отырды мейман-достар ду-ду күліп.
Тамақ жеп, шай ішіліп болғаннан соң,
Қонақтар қайтпақ болды қолды жуып.
Зер сала өзі істеген, өзі пішіп,
Алынды ақ сандықтан қасқыр ішік.
Жапты әкеп бәйбішенің иығына, 1640. Майсара бәйек бола құрақ ұшып.
– Бұл менің сіздерге алғыс орамалым,
Қайтыңдар өкпелемей даналарым.
Баяшат күн кешкіріп бұл өмірде,
Иләһим мұңсыз өссін балаларың.
Деп ана үйдің ішін шаттандырды,
Татулық жарық берді оттан нұрлы.
Майсара, Күләй, Мұрат бәрі шығып,
Мейманын алғыспенен аттандырды.
Ауыл боп “Май апаң” деп сыйлап бәрі,
1650. Қоғадай жапырылды жас пен кәрі.
Әлімбай, Ғазизалар өзі бас боп,
Асырды мәртебесін онан ары.
Аз күнде рулы елге шығып аты,
Құлағын тікті күллі әйел заты.
Не мырза, келіншек пен бәйбішелер,
Үйіне із құрғатпай келіп жатты.
Рулы ел Мұратқа да бек таңғалды,
Қыс бойы жылқы бағып, бүркіт салды.
“Бір сырлы жігіт екен сегіз қырлы”, 1660. Деп халық азаматты ауызға алды.
Жәмила мал шетіне шықпады көп,
Кей-кейде атқа мінді зеріксе тек.
Қамқор боп әкесі мен шешесіне,
Бекінді қартайғанда күтейін деп.
Бос кезде Майсарадан үйреніп іс,
Осылай өтіп жатты жаз бенен қыс.
Жел ауыз ел ішінде өсекшілер,
Таратты өсек-аяң сыбыр-сыбыс.
– Бетім-ай, Әлекеңнің Жәмиласы,
1670. Ес жоқ па, қалай өзі табиғаты.
Кірме жігіт Мұратқа тием депті,
Әйелдің бұл не деген бейшарасы.
Атаның атағы бар, анау малы,
Ұлындай өсіріп ед Жәмиланы.
Маңына жолатпайтын әуел десең,
Құдалық сөйлестірген сан мырзаны.
Болса егер мырзаға кеп, байға келіп,
Әкесі айдар еді қалың малын.
Жылы судан айырмай қол-аяғын, 1680. Атанбай ма әуелі Жәміш ханым.
Қарашы, ел ішінен тапқан байын,
Елі жоқ, туысы жоқ, несі дайын?
Көлден безген бейбақ қой, шөл аңсаған,
Деген өсек қаулады күн-күн сайын.
Рулас кейбіреулер білектенді,
Елден қуып салам деп Мұратты енді.
Туған елдің бетіне салық болар,
Құс құмар бір кедеймен қыз кеткені.
Ғазиза бұл өсектен хабар тауып, 1690. Білдірмей Әлімбайға қойды жауып.
Реті келген күні анасына,
Жәмила айтты жайды ебін тауып.
– Айтатын бір сөзім бар – деді, – шешем,
Өсек көп ел ішінде ала бөтен.
Кәртейген шақтарыңда бас ауыртып,
Сіздерді мұнда тастап қайда кетем?
Болармын өле-өлгенше жандарыңда,
Сіздердің есен-саулық қамдарыңда.
Ағайын айтатынын айта берсін,
1700. Бір жазу тұрған шығар маңдайымда.
Мал емес, бүгін маған адам керек,
Мұратты ұнаттым мен елден ерек.
Қыздарды шал алмайтын, мал алатын,
Сатылу мал орынына неге керек?
Ата-ана, тек өздерің рұқсат бер,
Өсегін айта берсін арадағы ел.
Сендерді тастап алыс кете алмаймын,
Мұрат ол бізден асып қайда кетер?
Ғазиза айтты байға осы сөзді, 1710. Бел буып бір байламға келді өзі.
Әлекең терең ойға кетті шөгіп,
Нұрланып, күлімсіреп екі көзі.
– Жәмила ұлым да осы, қызым да осы,
Сол үшін қажет маған көңіл хошы.
Бай мен би, қалың малдың қажеті не,
Айтатын әкесінің жауабы осы.
Жәмила біліп әке-шеше сөзін,
Жүрегін шарпып өтті ыстық сезім.
“Ата-ана ақ сүтіңді ақтаймын” деп,
1720. Арманға белді байлап бекітті өзін.
Жәмила Мәриямға айтты жайды,
– Айтып қой Май апама бұл мән-жайды.
Қарайды әке-шешем қабағыма,
Болмасын ала көңіл бұл іс жайлы.
Мәриям Май апа деп кірді күліп,
Күләй бар, отыр еді жіп иіріп.
– Әкелдім өзіңізге жақсы хабар,
Айтпаймын сүйіншімді алмай тұрып.
– Ал! – деді, – сүйіншіңді, Мәриямжан,
1730. “Жақсы сөз – жан азығы” дейді, балам.
Хабарын қуаныштың тез айта ғой
Тартынбай еш нәрседен болмай алаң.
Майсара Мәрияммен ақылдасты,
Әз ана шат мерейге жақындасты.
Жәмиланың сәлемі үшін ана,
Басына Мәриямның шашу шашты.
– Шының ба, Мәриямжан, қалжыңың ба,
Сенем бе, сенбеймін бе мен мұныңа.
Әлімбай Майсарамен құда болса,
1740. Беретін малым, қане, қалыңына?
Осындай лықсып жатқан әйгілі бай,
Адамның біреуі емес немесе жай.
“Жалғыз үй, өзі кедей” деп жүрмесе,
Мәриям сүйіншіңді ал, аузыңа май!
Тәңірдің нар тәуекел салғанына,
Көз көріп жетсем болды арманыма.
Ғазиза, Әлекеңдер көрсе лайық,
Алланың ризамын алғанына.
Сол сәтте есік ашып кірді Мұрат, 1750. – Мәриям қалжың айтты бұрынырақ.
Майсара жеңіл ғана сөз бастады,
Бұл істің ұқпақ болып жөнін сұрап.
Мәриям сүйіншілеп келді маған,
Қояйын бір сұрауды енді саған.
Бұл іске қосыла ма бай-бәйбіше,
Мәнісін ұғындырып айтшы, балам.
Алдында апасының Мұрат бала,
Жымиып күліп қойды біраз ғана.
– Қосылған әкесі де, шешесі де,
1760. Сөзі бар ағайынның ішін ара.
– Ағайын не демейді арадағы,
Бастысы – атасы мен ана жағы.
Сөзінде басқалардың не тұр дейсің,
Ант-серт бұзылмаса баладағы.
Деді де Майсара мәз күліп кетті,
Мәриям сүйіншісін іліп кетті.
“Ел құлағы елу” деп осы әңгіме,
Ел ішіне таралып ду-ду етті.
Бір үміт, бір қорқыныш тербеп ойын,
1770. Майсара тік көтерді өрге бойын.
Көліне қуаныштың кетті сүңгіп,
Армандап Мұратының болар тойын.
Қабақтан сезілмейді суық ырай,
Сый-құрмет бәрі орнында бұрынғыдай.
Біріне-бірі іңкәр екі үй ара,
Шаттықпен өткізіп жүр күнін ұдай.
Майсара Ғазизаға сырын айтты,
Көңілде көптен жүрген шынын айтты.
“Бала ғып Жәмиланы аламын” деп, 1780. Ағынан ақтарыла күліп айтты.
– Бұл жайды жақсы білем дәл осындай,
Атасы басқаларды қосар Құдай.
Сөзі бар ағайынның арадағы,
Жүріңіз бұл туралы сіз шошымай.
Ықылас бермекшіміз баламызға,
Суық сөз түспеу үшін арамызға.
Майсара бек қуанды алақайлап,
Деп айтқан Ғазизаның жауабына.
Ойланды бай Әлібай талай істі,
1790. Өзіне зілдей ауыр салмақ түсті.
Ортада ағайынның сөзі мынау,
Қалай ғып шешеміз деп бұл жұмысты.
Ғазиза айтты сонда бір ойды анық:
– “Ат берсең ауылыңмен” деген халық.
Алдымен берекеге шақырайық,
Рулас ағайынды жинап алып.
Оларға ашық айтып көзқарасты,
Шешелік алажаңқа тайталасты.
Айтпасақ үлкен дауға шырматылып, 1800. Істікке шанышпайық бір алашты.
Осыған бай-бәйбіше болды мақұл,
Шақырып ағайынды салмақ ақыл.
Қолына қондырмақшы берекені,
Өкініп іс артынан қалмай қапыл.
Ақсақал, ауыл басы, руласын,
Көршісін, ағайынын, ру басын.
Шақырды бұл кеңеске Әлімбай бай,
Іштегі айтпақ болып құпиясын.
– Шақырды әтей дәмге үлкен-кіші,
1810. Өсек көп, дуылдаған елдің іші.
Жалғыз үй бір кедейге бала берем,
Сол үшін қажет елдің берекесі.
Жәмила әрі қызым, әрі ұлым,
Бәріңе мәлім еді менің сырым.
Көзімнің тірісінде өз іргеме,
Бір отау тұрғызбақпын, айтар шыным.
Болады майлығым да, сулығым да,
Ағайын қалай дейсің ал, мұныма?
Болса деп Жақа атаңның бір баласы, 1820. Мұны мен айтпақшымын барлығыңа.
Енжар сөз шығара алмас ел арасы,
Бәрінің болса бірдей көзқарасы.
“Қыз-күйеу” деген сөзді былай қойып,
Болса екен Әлімбайдың бір баласы.
Бұл сөзге үлкен-кіші бәрі ойланып,
Тым-тырыс бола қалды сөзден қалып.
Жетелеп ақсарбас қой “әумин!” деп,
Жәмила кірді есіктен қолын жайып.
Ғазиза “әумин!” деп ол да тұрды, 1830. Үлкендер бір-біріне мойын бұрды.
Қол жайып алдыменен Маман ата:
– Бақытты бол! – деп, – балам, – бата қылды.
Малға бата бермеске болмай қалды,
Риза етті Жәмиланың қол жайғаны.
Ашу сөз, арынды сөз бәрі қалып,
Жүректер қуанышпен нұрға айналды.
Ақиық құсын еткен асыл арман,
Азамат бақыт тапты тосын алдан.
Замана қай-қашанда қасиетті,
Осындай жастарменен жасыл орман.
Сан алуан содан бері заман өтті,
Мұраттан талай ата ұрпақ өсті.
Ақиық соңғы ұрпаққа аңыз болып,
1844. Қалықтап ел аузынан бізге жетті.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру