Алаш жолы
Бейбіт Қойшыбаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Белгілі жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың оқырман назарына ұсынылып отырған «Алаш жолы» рисәләсі қазақ азаттық қозғалысы тарихынан сыр шертеді. Қолдарыңыздағы кітапқа рисәләнің «Аңсау», «Тамыр», «Айбат» атты бөліктері енген. «Аңсауда» – Алаш қозғалысын өмірге әкелген ХХ ғ. басындағы отарлық ахуал, саяси-әлеуметтік тыныс-тіршілік суреттеледі, халықтың мұң-мұқтаждықтары туралы үкіметке петициялар беруге рұқсат еткен ақ патшан
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ
АЛМАТЫ
«ДӘСТҮР»
Рисәлә
ӘОЖ 94(574) КБЖ 63.3 (5Қаз) Қ 60 Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді Қойшыбаев Б. Алаш жолы. Рисәлә / Б.Қойшыбаев. – Алматы: «Қаратау КБ»; «Дәстүр» баспасы, 2015. – 400 бет. ІSBN 971-601-7505-13-4 Белгілі жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың оқырман назарына ұсынылып отырған «Алаш жолы» рисәләсі қазақ азаттық қозғалысы тарихынан сыр шертеді. Қолдарыңыздағы кітапқа рисәләнің «Аңсау», «Тамыр», «Айбат» атты бөліктері енген. «Аңсауда» – Алаш қозғалысын өмірге әкелген ХХ ғ. басындағы отарлық ахуал, саяси-әлеуметтік тыныс-тіршілік суреттеледі, халықтың мұң-мұқтаждықтары туралы үкіметке петициялар беруге рұқсат еткен ақ патшаның белгілі рескриптіне сәйкес, қазақ интеллигенттерінің Қарқаралы жәрмеңкесіне жиналып, тарихи тілекхат әзірлеуі әңгімеленеді. «Тамырда» алғашқы орыс революциясының дүмпуімен жалпыресейлік мұсылман қозғалысының күшеюі, ашық әрекетке шығуы, тұңғыш съезін өткізуі, оған қазақ қайраткерлерінің қатысуы сөз болады. «Айбатта» қазақ жерінде жаңа өркениетке сай демократиялық өзгерістер жасау үшін күресу нәтижесінде еліміздің болашақ қоғамдық-саяси келбетінің алғашқы нобайлары түзілгені көрініс табады. Аталмыш шығармалардан оқырмандар Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Серәлі Лапин, Жақып Ақбаев, Исмаил Гаспринский, Әлимардан Топчибашев, Әбдірәшит Ибрагимов, Шаһмардан Қосшығұлов сынды тарихи тұлғалардың азаттық қозғалысының бастапқы жылдарындағы қызметімен танысады. Кітап қазақтың ұлттық азаттығын көксеген Алаш қозғалысы тарихымен әуестенетін көпшілікке, жастарға арналған. ӘОЖ 94(574) КБЖ 63.3 (5Қаз) ІSBN 971-601-7505-13-4 © Қойшыбаев Б., 2015. © «Дәстүр», 2015. © «Каратау КБ» ЖШС, 2015. Қ 60
АЛҒЫСӨЗ «Алаш жолы» рисәләсінің оқырмандарына «Алаш жолы» рисәләсі өткенімізден бүгінімізге арнап сыр шертетін және болашағымыздың баянды рухи негізін нығайтысуға атсалысатын жолдау секілді қабылданудан үміттенеді... Баршамызға белгілі, біз тым ұзақ уақыт бойы толық тарихымызды тани алмай келдік. Өйткені империялық өкімет патшалық заманда да, кеңестік кезеңде де оны отарындағы бодандарына терең танытуға құмар болмады. Еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігі дәуірінде сол олқылықтың орны толықтырылуда. Арнайы мемлекеттік бағдарламалар жасалды. Соларға сәйкес ауқымды ізденістер жүргізілуде, ірі зерттеулер, іргелі ғылыми еңбектер жарық көріп жатыр. Алайда сүбелі деген ғылыми еңбектердің өзі қалың оқырман қауымға, әсіресе жастарға жете қоймайды. Дұрысында, қатардағы көпшіліктің, оның ішінде жас ұрпақтың, яғни тәуелсіздігімізді баянды етуге тиіс қызжігіттеріміздің оған тісі бата бермейді. Ал ел болашағы осынау желкілдеп өсіп келе жатқан жас құрақтай жасөспірім азаматтарымыздың шынайы тарихымызды білгенін керек етеді. Демек, оларға қорытуға жеңіл, сіңімді, құнарлы рухани азық ұсыну қажет. Ондай нәр тарихи деректердің көркемсөзбен астасатын тұстарында жатыр. Қазақтың мыңдаған жылдық тарихының бертіндегі аса маңызды кезеңдерінің, шешуші үзіктерінің бірі екінші мыңжылдықтың соңғы ғасырына дөп келеді. Жүздеген жылдар Ресей империясының отары болып келген еліміз жиырмасыншы ғасырдың басында елдігін өркениетке сай күрес тәсілімен жаңғырту жолына бет бұрды. Туған халқымыздың саяси тұрғыда оянуы мен қаз тұрып, мақсатын айқындауы сол жүзжылдық табалдырығынан аттағаннан соң басталды. Біз бүгіндері Алаш қозғалысы деп атап жүрген құбылыс – қазақтың ұлттық азаттық жолындағы қозғалысы сол шақта дүниеге келіп, жылдан жылға өрістеді. Сөйтіп, «халықтар түрмесін» бұзуды көздеген жалпыимпериялық революциялық қозғалыс толқынына толқын болып қосылды. Кедір-бұдыры, ой-шұқыры көп жолмен, болашақта тәуелсіз ел мәртебесіне жеткізуге тиіс деп санаған даңғылға түсті. Сол жолда жасалған алғашқы қадамдар мен алғаш қол жеткізілген нәтижелерді осы жолдар иесі көркем зерттеу жүргізетін нысанасы етіп алған еді. Бұндай кең ауқымды іске кірісуіме әуелде алыс заман куәгерінің қолыма кездейсоқ тиген күнделік, естелік іспетті жазбаларын оқуым түрткі болды. Осы бір көне дәптерлер менің қолыма совет заманында тиген-ді. Оған менің бірінші орыс революциясының сексен жылдығы қарсаңында жария еткен шағын зерттеу мақалам себеп болған еді. Мақаладан Ресей қалаларының бірінде тұратын бір қандасымыз өз атасының аты-жөнін көрген екен. Сол кісі менімен хабарласып, атасының өз отбасылық мұрағатында сақталған қолжазба мұрасын – бірнеше көне дәптерді маған
аманат етті. Бұл бір баға жеткісіз сый еді. Сонау баға жеткісіз қолжазба менің көз алдыма жиырмасыншы ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси тыныс-тіршілік көріністерін елестетті. Қазақтың мемлекеттілігін қалпына келтіру мәселесін азаматтарымыздың сол шақтағы озық саяси ой деңгейінде парықтай бастағаны жайынан нақты мағлұмат берді. Алыс заман куәгерінің көрген-білгендерін уақытында қағазға түсіргені мен үшін ғаламат дерек көзі болды, оның жазбаларын мен ширек ғасырдан бері пайдаланып келемін. Бұларға кейіннен көптеген зерттеушілер және менің өзім де жүргізген тынымсыз ізденістердің нәтижелерін қосып, көркем зерттеуге алған кезеңімді көңілімдегідей, артық ештеңе қоспай, мейлінше тарихи дәлдікпен кестелеп бейнелеуге тырыстым. Кей ретте оның естеліктерін өз қалпында пайдаландым. Солардың баршасы қосыла келе, империядағы ұлы өзгерістер макрокосмын өзімнің шығармаларымның микрокосмына сыйғызсам деген ұмтылысымда маған жақсы жәрдемдесті. Осылай, қолдарыңызға алып отырған он бөліктен тұратын рисәлә – Алаш дастаны сынды этюдтер топтамасы дүниеге келді. Мен топтаманы құрайтын туындыларды қандайда бір әдеби жанрға жіктемедім, әр шығарманы өзінше бір этюд, рисәләнің бір бөлігі деп таптым. Және топтамаға, аңғарып отырғандарыңыздай, ортаазиялық шығыс прозасының ортағасырлық жанрын айшықтайтын бөрік кигізгенді қош көрдім. Маған бұл бөріктің рисәлә деп аталуы және оның түпкі мағынасы ұнайды. Рисәлә тұңғыш рет өмірге, сол заманғы қолданылу ретіне сай, жолдау деген мағынамен келген болатын. Біртіндеп араб, парсы, түркі қарасөзінің өзіндік жанрының атауына айналған. Мен сол жанрлық атауды жаңғыртуға бел байладым. Ойға алған мақсатыма қызмет етеді деген сеніммен. Тамыры ғасырларға кететін ұлттық қозғалысты бейнелеуді мұрат еткен «Алаш жолы» рисәләсі – бүгінгі ұрпақты тарихпен тәрбиелеу үшін жария болып отырған жолдау. Рисәләнің алдарыңыздағыдай ретпен түзілуі Алаш қозғалысының күрделі жолын мейлінше тарихи дәлдікпен бейнелейді. Еліміздің тәуелсіздікке дейінгі шежіресі күреске толы екені ақиқат. Жиырмасыншы ғасырдың басында Қазақ елінде азаттық үшін күрестің жаңа түрі пайда болған. Заманауи өркениеттің талаптарына сай түрі. Алғашқы орыс революциясымен бірге. Тіпті оның қарсаңында. Иә, Ресейдегі бірінші революция басталар шақта Алаш қозғалысының бастапқы ұшқындары дүниеге келді. Одан бері, міне, жүз он жылдай уақыт өтті. Содан араға бір мүшелдей уақыт салынғанда, ұшқыннан от тұтанып, лаулап, саяси өмір ерекше жанданды. Ақыры, озық саяси оймен қаруланған жаңа тұрпатты ұлт қайраткерлері қажырлы күш-қуат жұмсай отырып, отаршыл ел құрдымға кетірген байырғы мемлекеттігін жаңғыртты. Заман талабына сай жаңғыртты. Ұлттық автономия құрды. Ұлттық автономияның үкіметін – Алаштың Ордасын сайлады. Оған да жақында бір ғасыр толады. Осы қос юбилей құрметіне түзілген «Алаш жолы» атты рисәлә Алаш қозғалысы сынды ерен де ерек құбылысты бүгінгі дербестігіміздің, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің тамыры, оның
мың жылдық ғұмырын қамтамасыз ету жолындағы күрестің тамыры ретінде танытуға тиіс. Осынау өзіндік дастанды Алаш ұлт-азаттық қозғалысының тууын және оның Алаш-Орда шаңырақ көтергенге дейінгі өрістеуін, тиісінше, қазақ қоғамдық-саяси ойының дамуын көрсететін тарихи-танымды этюдтер тізбегі құрайды. Тізбекте жалпыресейлік революциялық қозғалыспен, империядағы жалпымұсылмандық қозғалыспен астаса өрістеген Алаш қозғалысының, Алаш саяси ойының даму дәуірнамасы іспетті әлем түзіледі. Оған үлкенді-кішілі он деректі хикаят – «Аңсау», «Тамыр», «Айбат», «Ақ бата», «Мұнара», «Сағым», «Тұмылдырық», «Жекпе-жек», «Шабуыл», «Мәңгі бастау» – рисәләнің бөліктері, тармақтары болып енген. Рисәләның табалдырығы, бастапқы бөлігі – осынау Алаш эпопеясын ашатын алғашқы тарихи-танымды туынды – «Аңсау» деп аталады. Онда Алаш қозғалысын өмірге әкелген жиырмасыншы ғасырдың басындағы отарлық ахуал, саяси-әлеуметтік тыныс-тіршілік суреттеледі. Халықтың мұң-мұқтаждықтары туралы үкіметке петициялар беруге рұқсат еткен ақ патшаның белгілі рескриптіне сәйкес, қазақ интеллигенттерінің Қарқаралы жәрмеңкесіне жиналып, тарихи тілекхат әзірлеуі әңгімеленеді. Одан кейін келетін «Тамыр» хикаятында алғашқы орыс революциясының дүмпуімен жалпыресейлік мұсылман қозғалысының күшеюі, ашық әрекетке шығуы, тұңғыш съезін өткізуі, оған қазақ қайраткерлерінің қатысуы сөз болады. Жаңа өркениетке сай демократиялық өзгерістер жасау үшін күресу нәтижесінде, қазақ жерінде еліміздің болашақ қоғамдық-саяси келбетінің алғашқы нобайлары түзілген. Олар рисәләнің кезекті бөлігі, бір тармағы сынды «Айбат» этюдінде көрініс табады. Империялық Ресейдегі жалпыхалықтық революцияның жеңісі іспетті бағаланатын тұңғыш Мемлекеттік дума шақырылғанда, оған барша жұрт қатарлы, қазақ та үміт арта қарады. Мемдуманың империя астанасында жұмыс істей бастауы көзі ашық азаматтарды ерекше сергітті. Бұл кез «Ақ бата» хикаятында әңгіме болады. Ал «Мұнарада» жер-жерден Думаға сайланып келген халық өкілдерінің жасампаз өзгерістерді парламенттік жолмен жүзеге асыруға ұмтылысы бейнеленеді. Парламенттік күрес тәсілінің өрістеуі, империяның астарлы саясатын әшкерелеу, қазақ өмірінің өзекті мәселелері ІІ Мемдума мінберінен қалай көтерілгені «Сағымда», саяси күрестегі бұл бағыттың ІІІ Думаға ұлттың маңызды мәселесін қарата алмаған қазақ қайраткерлері үшін тоқырауы «Тұмылдырықта» әңгімеленеді. Ұлттық қозғалыс бойындағы бір дүмпу – императордың 1916 жылғы 25 маусым жарлығына орай бұрқ еткен халық көтерілісі болды. Қазақ оқығандарының соған орай ширыққан бір сәті, ағымдағы жағдайға сай жасаған өзіндік әрекеті рисәләнің «Жекпе-жек» тармағында көрсетіледі. Түркістан, Дала өлкелерін соғыс өртіне ораған көтерілістің Дума мүшелері мен ұлт қайраткерлерін қалай толғандырғаны, империядағы шетін оқиғаның ІV Думада қаралу тарихы «Шабуылда» баяндалады. Ал «Мәңгі бастау» азаттық қозғалысының 1917
жылдың ұзына бойында күрделі даму сатыларынан өтіп, қилы саяси айтыс-тартыс, күрестен соң тұңғыш ұлттық автономия құрумен түйінделгенін суреттейді. «Алаш жолы» рисәләсі осындай ретпен түзілген бөліктері арқылы Алаш эпопеясын жаңғыртуды көздейді. Кітаптан оқушы белгілі үш орыс революциясы мен олардың қайраткерлері және ұлттық мүддені көздеген орыс, түркі – татар, әзірбайжан, башқұрт, өзбек, қазақ зиялылары, олардың уақыт талабына сай іс-әрекеттері жайында әсерлі мағлұмат алады. Алаш автономиясының үкіметін құрып, қазақ мемлекеттігін қалпына келтіруге тырысқан алғашқы қадамдармен танысады. Рисәләнің жоғарыда қысқаша мазмұндалған тараулары іспетті шығармалардан туындыдан туындыға ауысып жүрген кейіпкерлерді, солардың қатарынан нақты іс үстіндегі белгілі тарихи тұлғаларды көруге болады. Бұлардың ішінде Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Серәлі Лапин, Жақып Ақбаев, Сәлімгерей Жантөрин, Көлбай Төгісов, Мұстафа Шоқаев, Жанша Досмұхамедов, Шаһмардан Қосшығұлов, Халел Досмұхамедов, Ғаяз Исхаков, Зәки Валидов, Исмаил Гаспринский, Әлимардан Топчибашев, Әбдірәшит Ибрагимов, Тимофей Седельников, Александар Керенский, Михаил Родзянко сынды басқа да көптеген қазақ, түркі-мұсылман, орыс азаттық күрескерлері бар. Алаш қозғалысының тарихы, шартты түрде алғанда, ғасырларға созылған отарлық кезеңнің ақырғы мүшелін – 1905 жылдан 1917 жылғы жеңісті шыңына шыққанға дейінгі мерзімді қамтиды. Бір мүшелдей даму жолын. «Алаш жолы» рисәләсі осынша уақыт бойына созылған қазақтың жаңа тұрпатты азаттық қозғалысындағы маңызды оқиғалар жайынан сыр шертеді. Алаш эпопеясының бүгінгі ұрпаққа тәлімді боларлық түрлі кезеңін бейнелейді. Отан тарихын, отар қазақтың империядағы жалпы революциялық қозғалыспен, мұсылман қозғалысымен астаса дамыған ұлт-азаттық қозғалысын, сол орайдағы қоғамдық-саяси ойының даму тарихын алға тартады. Осылайша, біздің бүгінгі тәуелсіздік арайындағы тыныс-тіршілігімізге қуат беретін ұлттық қозғалыс әлемін жаңғыртады. Белгілі тарихи кезеңді бейнелейтін Алаш дәуірнамасы секілденеді. Сөйтіп, барша оқырманды, жастарды тарихпен тәрбиелеу ісіне атсалысуды мұрат етеді. «Алаш жолы» рисәләсі атты бір шаңырақ астына біріктірілген осынау тарихи этюдтер тізбегі қазақтың ұлттық бостандығын, тәуелсіздігін көксеген азаттық қозғалысы тарихымен әуестенетін барша жұртқа, көпшілікке, жастарға сәл де болса пайдасын тигізсе – еңбегімнің ақталғаны деп білемін... Автор
31 қаңтар 2013 жыл.
АҢСАУ
Санкт-Петербург, 9.01.1905; 18.02.1905; 17.04.1905.
Қоянды жәрмеңкесі, 26.06.1905.
Бірінші тарау І. Жазғытұрым, мамыражай мамырдың соңғы күндерінің бірінде, қарағайлы, аршалы жасыл белдердің етегін орағыта ирелеңдеген қос табан қара жолмен үстінде екі жолаушысы бар жеңіл ат-арба келе жатты. Жұтынған қарагер жануар сапарға таң ата емес, тап қазір шыққандай лыплып желуде. Еңіске түскенше алға итермелеп, қырға көтерілгенше кері тартқылаған қос терте тацулы қамытты тіпті де елең қылмайды. Күтімі келіскен жарамды жылқы деп міне осыны айт! Делбе ұстаған талдырмаш жолаушы одан сүйсінген көзін аудармай: – Тайбурылдан бір кем түспес, – деп қойды. – Қалай ғана бізге көзі қиып берді екен? Жымиды. Бақытты күлкі үйірілгенде қараторы жүзі мүлдем сәби өңге еніп, жайнап қоя берді. Өзі де балалықтан көп ұзай қоймаған-тын. Бұл – мұрты енді ғана тебіндеп келе жатқан он алты-он жетілердегі жасөспірім еді. Бозбала делінетін шақтағы жасөспірім. Ол тақиясын маңдайына түсіріңкіреді. Қырқалар мен ағаштардың төбесін жалай келіп аттың жалында ойнаған күн нұрына көңілдене қарады да, қолындағы жалпақ қайыс божыны бір қағып қалды. Қарагер сар желіспен, екі дөңгелекті солқылдақ пәуескені жеңіл сүйреп, шуағы мол дөң басына қарай тарта жөнелді. Екінші жолаушы жас серігінің қуанышын бөлісе қоймады. Көсем бестіні қатулы қабағымен немқұрайлы шолып өтті де, түк естімегендей, ойға шомып отыра берді. – Тайбурыл! – деді бала жігіт басын сүйсіне шайқап. Ересек адам оған көз қиығын тастады. Сәл езу тартты. Қас қағым ғана. Сосын жолға қарап үнсіз отыра берді. Ат-арба екпінін тежеместен заулап келеді. Со беті алдағы кезекті бір төбе үстіне де желдіріп шыға келген. – Ой, рахат-ай!.. Жолаушылардың бет-жүзін қоңыр самал жуды. – Шіркін, мынау бір ешқандай пәуеске-арбаға жекпей, баптап мініп жүретін сәйгүлік екен де! – Өтеміс шырақ, – деді бір кезде қасында күнұзақ түксиіп тым-тырыс отырған еңгезердей ересек жолаушы жуан даусымен күңгір ете түсіп, – бұндай Тайбурылыңның мыңын ұстап отырған төреге бір кезде менің еңбегім сіңген, бүгінде сен де сол үшін тер төгіп жүрсің, ендеше оған екеуімізге бір мәрте ылау бермейтіндей не көрініпті?
Үні жылығандай болды. Әйтсе де өңі – тарамысша қатқан жүдеу бетәлпеті суық қалпында қалды. Бұл адамның түріне қарап жасын ажырату қиын еді. Бірақ көпті көрген, тағдырдың сан тауқыметін тартқан жан екені әжім сызғылаған бетаузынан да, әлдебір кек бүккен өткір жанарынан да аңғарылатын. Сақалмұрт қоймаған. Қырған белгі де байқалмайды. Сірә, көселігінен шығар. – Рас-а-а-у... Өтеміс таңдайын қақты. Делбені ақырын қағып қойды да, сәлден соң, көсе иегін саусақтарымен бүре сипаған көршісіне қарап: – Рас-ау, – деді тағы да. – Апырай, Еркіндік көке, солай екен-ау? Алайда сіздің сұлтанда қызмет істегеніңізді білмеуші едім. Мен тіпті нендей кәсіппен шұғылданатыныңызды да білмеймін ғой, сол жайында ешқашан ойлап та көрмеппін... Еркіндік күрсінді. – Қайдан ойлайсың, сен ол кезде мүлдем сәби болатынсың, Өтемісжан. – Жүзі жібіп, даусында білінер-білінбес елжіреңкі леп пайда болды. – Ой-бо-о-ой, бала едің ғой сен ол шақта... – Шын, көке... Әкем екеуіңіздің көтеріліске шыққан шақтарыңызда мен он төрт-ақ жаста екенмін... Өтемістің үні бұзылыңқырап кетті. Көмейіне жас тығылды. Кішкене толқығаннан үндемей қалды. Сосын бір жұтынып барып, сөзін былай жалғастырды: – Сіздер мені біресе Ақмола, біресе Көкшетауға оқуға апарып тастап жүргенде, мұнда сұлтанның шаруасын да жайғасқан екенсіздер ғой?.. – Мен бұл төреңнің сауда істерін жөнге қойысқанмын, – деді Еркіндік қайтадан қатқылданып. Оған Өтемістің көңілі босағаны ұнамады. Біраз уақыт үндемей, көкорай белдерге, ирелеңдеген қара жолға көзін сығырайта сүзіліп қарай берді. Әлден соң, асықпай күңгірлеген қалпы: – Төре үйінің шаруасына сенің қожайыныңды да мен қосқанмын, – деді. Тағы да тоқтап қалды. Өтемістің өзіне ынтыға құлақ түргенін барлады. Сосын баланың қызық әңгіме тыңдауға құмарлығын оята түсер жүрекжарды сырының ұшығын шығарып: – Және басқа талай алаяқты саудагер еткенмін, – деді. – Иә, бір құдай куә... Сөзін естелігімен сабақтай бастады. Өтеміс аузы ашыла тыңдап келеді... 2. Еркіндік ақиқатын айтып отырған. Ол шынында да, бір кездері осы өңірде замана лебімен дүниеге келіп, тез қаз тұрып кеткен сауда-саттық "спрут-сегізаяқтарының" бірінің маңызды ағзасындай еді. Айналасына жыланша ирелеңдей сұғынып, іліккенді жанын шығара сығымдап жатқан осынау жалмауыз сынды тойымсыз "сегізаяқтың" сумаңдаған ілгешектерін қимылға келтірушілердің бірі болған-тын. Мұндай қызметке ол кездейсоқ алынған жоқ-ты. Былай болған...
Алдымен сауда "спруттары" қалай туғанын шолып қарайық. Өзіміздің тарихтан білетініміздей, 1861 жылғы реформадан кейін Ресей империясы маңызды өзгерістерді бастан кешіп жатты. Барша өзгерістің басты жемісі сол – шапшаң қарқынмен капитализм дами бастады. Ал бұл кезде қазақ жайлаған жалпақ өлкені метрополияға қосу аяқталып біткен. Әскери күш пен айлакер дипломатия астаса әрекетке кірісіп, көздеген жерін басып алуды батыс аймақтан бастаған. Біртіндеп ел аумағының ішіне сұғына отырып, аш көздер солтүстікке, шығысқа, оңтүстікке жылжыған. Отарлау былықтары жаңа жер игеру, жабайыларды өркениетке жеткізу сынды алдамшы сылтаулармен шынайы жүзін жасыра жүргізілген. Не керек, бұл тарихи процесс – қазақты елдігінен айыру үдерісі – әбден шыңына жеткенше, талай ұрпақты қалжыратып-түңілтіп бір жарым ғасыр уақыт өте шыққан еді. "Елу жылда ел жаңа" дейтін қазақтың, осы өлшеммен қарағанда үш мәрте жаңарып үлгеруіне жетерлік бұл мерзім ішінде, елдің тыныстіршілігі шынында қатты өзгеріске ұшырады. Отарлаушы өкімет жүргізген баяу, баяу да болса тегеурінді, бағзы заманның қайыра айналып соғуына мүмкіндік берместей ауқымды әрекеттер тиісті нәтижесін берген. Үйреншікті тұрмыс салтынан алыс, бөтен, бейтаныс өзгерулердің түртүрін Ұлы дала біршама көнбістікпен бастан кешіп жатты. Небір бұлқынысты бастан кеше отырып, халық, ақыры, тәуелді тіршілікке мойынсұнды. Осынша ұзаққа созылған тәуелділік кезеңде дербес клеткалардың қосылып, бір организмге бірігу үдерісі жүріп жатты. Яғни, екі елдің арасы жымдасып, өзара кірікті. Етке ет жабыса бітісіп, қан тамырлары жалғасты. Сөйтіп, орыс капитализмінің күре тамырлары қазақ даласында жалғасын тапты. Метрополияның капиталист-базаршы сипатты жүрегі алқына соқты. Соққан сайын базар айналымын тірілткіш қан екпіндей ағып, тың тамырлармен де жүгірді. Сөйтіп, қазақ ішіне сауда капитализмінің жайыла бастауына мүмкіндік туды. Капитализм империялық орталықта пайда болысымен, тоқырамай, сол мезетте бірден шет аймақтардан бой көрсетті. Мұның осылай болуы әбден табиғи құбылыс еді. Орыс капитализмі екі жақты дамуды – әрі тереңдеп, әрі қанат жайып өркендеуді бастан кешті. Оған осындай ерекшеліктің тән болғаны бұл күнде әрбір сауатты адамға мәлім. Ғалымдар дөп басып талдаған осынау қос бағыттың екіншісі – кеңею бағыты – ұлт аймақтарын, соның ішінде қазақ жер-суын қамтыды. Өйткені мұнда отаршыл патша үкіметінің және енді ғана қаз тұрған орыс буржуазиясының тәбетін оятып, аранын ашар ыңғай мол болатын. Біріншіден, бұл ыңғай – қазақ халқы мекендейтін алып аумақтағы табиғат қойнауында жасырынып жатқан шылқыған қазба байлық-тұғын. Екіншіден, бәлкім, әдепкі көз тіккені де осы шығар, бұл ыңғай – құйқасының майы шыққан ұлан-ғайыр құнарлы жер-тұғын. Үшіншіден, бұл ыңғай – тау-кен өндірісіне ап-арзан жұмыс күші ретінде, түптің түбінде көшпенділік салтынан айрылуға мәжбүр жергілікті бұратаналарды пайдаланудың өте-мөте тиімді әм қолайлылығы-тұғын.
Төртіншіден, бұл ыңғай – мал баққан қазақ арасының аса тиімді, түсімі шаш-етектен, пайдасы зор сауда-саттық жүргізер аймақ екендігі-тұғын. Осы ыңғайлар көзі аш қасқырдай қанталаған патшалықты ұшы-қиырсыз кең даланы тездетіп және асқан "шаруақорлықпен игеру" жөніндегі нақты қадамдарға итермеледі. Сондағы нақты қадамның бірі ретінде жасалған шара сол – бұратаналар мекені жалпы империялық сауда жүйесіне бекем енгізілді. Сауда-саттықты дамыту үшін Россия сауда фирмалары капиталдарын қырға жұмсады. Олар ашқан магазиндер, дүкендер мен қоймалар орыс капитализмінің қазақ арасына ұшып жеткен тұңғыш қарлығаштары тәрізді-тін. Тарихтан мәлім, жиырмасыншы ғасырдың басында тек Қызылжардың өзінде, жылдық айналымы төрт миллион сом болатын төрт жүз елудей сауда орыны жұмыс істеді. Міне, осындағы сол жүйе қаз тұрып қалыптасып жатқан алғашқы кезде, қайраты тасыған жас Еркіндік орыс және татар көпестеріне жүкші ретінде жалданып жұмыс істеген еді. Алайда бұлшық етке негізделген романтикасы оны бұл салада ұзақ тұрақтатпады. Сөйтіп, ісінің дәмін дұрыстап татпаған күйі, Қызылжардан Омбыға тауар алуға барған бір сапарында, қожайынының рұқсатынсыз-ақ, сонда қалып қойды. Ертіспен бойлап жүзіп жүрген бір кемеге от жағушы болып жалданды. Күнкөріске Еркіндік секілді тек қара күшін емес, ақыл-айласын жұмсап машықтанған пысықтар бұл кезде заман жаңалығына шапшаң бағдарланған-тын. Олардың алдыңғы сапында дала алпауыттары жүрді. Солардың арасыңан небір делдалдар іркес-тіркес бой көтерді. Заман аңысын аңдаған ірі байлар өз сауда жүйесін орнықтыруға асықты Солардың ішінде қазір ғана Өтемістің Еркіндік көкесі аузына алған Қайыр төре де болған еді. Ірі шонжар, патшаның өзі дворян атағын берген апайтөс феодал. Ол өзінің басқа шаруашылығымен қатар, саудагерлік қызметін де алғашқылардың бірі боп бастаған. Яғни, 1897 жылғы бүкілресейлік санақ деректері бойынша, Қазақ даласында саудамен айналысты делінген қырық мың адамның жуан ортасында жүрген-тін. Бұл есепке біздің жолаушыларымыздың кіре қоймағаны анық. Өйткені қарт Еркіндік саудаға санақтан кейін кірісті де, тастап үлгерді, ал жасөспірім Өтеміс кейінгі жылдары, приказчиктің қолбаласы ретінде ғана араласуда. Дегенмен бұлар қырдағы сауда капиталын әрқайсысы өз кезінде, өз әлінше дамытысқан "тетіктер" мен "бұрандалардың "типтік өкілдері еді. Олардың бұл іске келу жолдары қандай? Қызық мәселе осы. Жоғарыда атап кеткеніміздей, Еркіндік ертеде, бар болғаны, сауда-саттық жасаушылардың жүгін ғана тиіп-қашып көтеріскен. Яғни сол іске бейімдігін соншалықты таныта қойған жоқ-тын. Өзіне де, өзгеге де. Соған қарамастан, оның икемін нақ басып айырып, шаруасына қосатын адам табылды. Ондай адам осы өңірдің алпауыты Қайыр сұлтанның өзі боп шықты. Еркіндік Қайырға кезіккенге шейін өмірдің сан талқысынан өткен, небір қиындыққа түсіп ысылып-шыңдалған, заманына сай амал жасаудың қыр-сырын меңгерген жігіт ағасы дәрежесіне жеткен-тін. Оның жәй
ғана қара жұмыспен нан табу қамында жүргеніне қарамастан, сауда капиталының дәмін татқан ірі масштабтағы делдал үшін таптырмас қызметкер бола алатынын Қайыр мырза бірден ұқты. Ұқты да, өзінің сауда істері жөніндегі көмекшісі етті. Бұдан жеті жыл бұрын. Үміті толығымен ақталды. Еркіндік оған қаламен жақсы байланыс орнатып берді. Сенімді сауда агенттерін, толып жатқан піркәзшік-приказчиктерді таңдап тауып отырды. Өтемістің қожайыны да солардың қатарынан-тын... Алыстан түйе жеккен арба қиғаштап келе жатты. Қапталдаса жүріп, осы қара жолға қосылатын сыңайлы. – Өтемісжан, ана жолаушыларды тосайық, – деді Еркіндік. – Бағытымыз бір тәрізді, елден тіл біле жүрейік. Өтеміс тізгінді тартты. Қарагер аяңға түсті. Ә дегенде: – Еркіндік көке, елді қатты сағыныпсыз-ау өзіңіз! – деп күле дауыстап жіберді. Одан, артынша ернін тістеді: өзінің айдай аян нәрсеге таңданғанынан әбестік қылық көріп, қысылып қалды. Сәлден соң ақталғандай болып: – Жоқ-ау, туған жерден еріксіз алысқа айдалуды айтам да... – деді. – Көз көрмеген бір қиырда ұзақ жүруге мәжбүрлік елге деген сағынышты мүлдем арттырады да... Еркіндік ештеңе естімегендей. Меңіреу кескінмен, дөңнен бері құлай берген түйе-арбаға көз тіккен қалпы отыр. "Жанды жараның аузын тырнағандай болдым ба..." – деп берекесі кете ойлады Өтеміс. Көкесіне ескіні еске түсіртпейтіндей әңгіме тауып айта алмай келе жатқанына өкінді. "Әттеген-ай!.." Ол кешелі бері әрі қуанулы, әрі толқулы еді. Қуанғаны – соңғы жылдары біркелкі, сүреңсіз, таптаурын сүрлеумен әупірімдеп жыбырлап жылжып бара жатқан өміріне Еркіндік көкесінің көктен түскендей болып ойда жоқта киліге кеткендігі-тін. Ал толқығаны – көзден көптен бұлбұл ұшқан Еркіндік көкесінің пайда болуы нәтижесінде жүрегі шым етіп, есіне өз әкесі түскендігі болатын... 3. Осы өңірдің асқан байы, болыс, кәдімгі орыстың помещигі секілді алпауыт, ақ патшаның өзінен ақсүйектік айырым қағаз алған Қайыр сұлтанның құзырына бағынып қызмет істеуге Өтеміс бұрнағы жылы келген. Қызмет дегенде бар қол жеткені – Қайыр сұлтанның бөлшек саудасын жүргізетін толып жатқан приказчиктерінің бірінің қолбаласы болғандығы еді. Алғашқы жылы бар ынтасын салып істегенмен, кейінгі кездері "алып кел, барып кел, ананы бері әкел, мынаны анда апар" іспетті қарабайыр тірлікті атқарудан тұратын бұл кәсіптен жеріп, жалығып жүрген жайы бар-ды. Қолы қалт еткенде кітап оқитын. Күндерде бір күн Пушкиннің "Капитан қызы" дейтін кітабының қазақша тәржімасын кезіктірді. Оқып, есі кетті. Одан орысшасын тауып алды. Соны қазақшасымен салыстыра оқу арқылы білетін аз тілін байыта түсті. Сөздік қоры көбейген сайын көңіл
сарайы ашылып, дүниетанымының көкжиегі кеңейе берді. Ол заманын түсінуге осылай, билік тілін үйрене жүріп бет алған болатын. Не керек, қолына іліккен орыс кітаптарын оқыған сайын істеп жүрген жұмысын қомсынатынды шығарды. Амал нешік, оған әзір өз бетінше тұрмыс құрып, адам боп кету оңай емес-ті. Әйтеуір өзі солай ойлайтын. Сөйтетін де, піркәзшік-қожасының айдауымен ұшы-қиырсыз біркелкі жұмыстар соңында салпақтай беретін. Ойына келмеген жәйт кеше орын алды. Ал кеше олар қырдан кештетіп оралған-тын. Алыс-алыс ауылдарды жарты айдай аралаған. Арбаларына – арбаға орнатылған қораптың жылжымалы жәшіктеріне сықап тиеп алған түрлі тауарды жарты айда түгін қалдырмай сатып қайтқан. Сауда жақсы жүріп, приказчик көңілді келе жатқан еді. Бірақ, үйге кіріп шығысымен нілдей бұзылды. Қақпаны жауып, аттарды жайғап жүрген Өтеміске келді де, аяқ астынан түнеріп кеткен жүзін тақап, ақырын, бірақ ызалы үнмен: – Үйде қатырғыдан қашқан қарақшы отыр, – деді. Өтеміс селк етті. Аттың жүгенін сыпыра берген қалпы, состиып тұрып қалды. – Ол кім? – деді сосын. – Енді не істейміз? Приказчик қолын сілтеді. Есіл-дертін шарасыздық пен күйініш билегені байқалды. Әлденеге қатты өкінгендей. Басын шайқады, түкірді, жер тепті, ақыры Өтеміске қарап, былай деді: – Ұзама. Осында бол. – Сәл ойланып, саусағын шошайтты: – Дұрысы, шаруаңды тез бітір де үйге кір, керек боп қаларсың. Сосын сенделе басып кері оралды. Өтеміс әуелде сескенгендей болған. Дегенмен, көлікті қораға байлап, жем-суын беріп шыққанша, жастықтың серпіні болар, бойын әуестік билеп, каторгадан қашып жүрген қарақшыны көргенше асықты. Ақыры, жуынып-шайынып, киімін жеңілдетіп, мейманжайға кіргенінде, таңырқағаннан тілі байланды да қалды. Төрде малдас құрып, екі қолымен екі тізесін тіреген алып адам көзіне оттай басылды. Осынау қарқарадай боп еңсе түзеп, үйіне келуімен-ақ приказчикті шошытып отырған кісі – Еркіндік көкесі еді. Пештің маңдайшасында пілтесі ұзара жанып тұрған майшам жарығы бір қылтанақсыз ақсары жүзін ап-анық көрсетуде. Ал қасында аяғын созып бір солдат отыр. Айдап келген бе? Есіне бұрнағы жыл түсті. Қасында екі жігіті бар Еркіндік өңкей қатын-қалаш пен бала-шаға ғана қалған жүдеу ауылға Өтемістің әкесі Батырбайдың мәйітін әкелген-тін. Сонда, ауыл жылап-сықтап, ел ағасына жоқтау айтып жатқанда, қаралы үйге сау етіп бір қора әскер кірген. Кірген де, өкіметке қарсы бас көтерем деп оққа ұшқан жолдасының басында қасіретке батып отырған Еркіндікті ұрып-соғып, байлап-матап алып кеткен. Өліктің жаназасын шығартып, жамбасын жерге тигізуге қаратпай әкеткен. Адамшылығы жоқ, ар-ұяттан жұрдай, ұрда-жық әңгүдіктер еді олар. Өздері көп болатын.
Ал мынау иман жүзді, әрі жалғыз екен. Өтемістің Еркіндік секілді ел қорғаны болған батыр көкесіне ол мына түрімен қайдан жападан-жалғыз ие болсын... Өзінде мылтық та жоқ па, немене... Басында миының бар жықпылын қуалай атой салған осындай қилықилы ойлар. Сол ойлармен табалдырықта сәл аялдаған да, төрге имене басып келіп, екеуіне кезек сәлем берген. Еркіндік оны таныды, көзіне жас алды... Ішке приказчик енді. Бір құшақ киім-кешек көтеріп әкепті. – Ереке, мыналардан таңдап, дұрысын киіңіз, – деді ол даусы бұзылып. – Бары осы, әйтпесе сізден аяймын ба... Еркіндік үн-түнсіз орнынан көтерілді де, үстіндегі шоқпыттарды шешіп, еденге лақтырып тастай бастады. Шешініп болған соң, өзіне арнап әкелінген киімдерді жазып қарап, қажетін таңдап, бойына өлшеп жатып: – Саған айтар тағы бір тілегім бар, піркәзшігім, – деді. – Қоныс саудагер, Өтемісті он шақты күнге менің қарамағыма бер. Қазірден бастап. Тап қазір мені Қайыр төреге апаруға ат-арба әзірлесін. Келінге айт, дәмге қарамаймыз, қонақасы, бұйырса, сұлтаннан болар... Приказчик күлімдеп қоя берді. – Жүгір, Өтеміс, – деді, – пәуескені әзірле... Өтеміс бастырма астындағы жеңіл арбаға ат жегіп болғанша, олар да аулаға шығып үлгерді. Ықшам, жинақы, татар үлгісіндегі киім жұпыны болғанымен, тұлғасына жарасымды болып қона кеткен екен. Айдың жарығымен Еркіндік көкесі мүлдем айдынданып, еңгезердей жігіт тәрізді болып тұр. Өзі де зор ғой. Өтеміс оған сүйсіне қарады. Қоныс приказчик құрақ ұшып жүгіріп жүр. Манағы өрт сөндіргендей түнеріңкі мінезінің ізі де жоқ. Елпектеп, Еркіндікті де, қасындағы солдатты да пәуескеге қолтығынан демеп отырғызды. Одан лыпылдап барып, қақпаны екі айырып өзі ашты. Ат-арба ақырын ырғалып ауладан шыға бергенде, қақпаның сыртқа айқара ашылған қос жарма қанатын жүгіре басып кері қайтарды да, жылдамдатып тасыр-тұсыр жауып алды. Жолда Өтеміс бұлар туралы приказчиктің "қатырғыдан қашқан" деген сөзін жадына түсірді де, анық-қанығына жетпек оймен: – Еркіндік көке, аман-есен құтылдыңыз ба, әйтеуір, айдаудан? – деп сұрады. – Біржола босатты ма? – Құтылдым, Өтемісжан, – деді Еркіндік күңгірлеп тұрған жуан қоңыр даусымен, – бірақ босатуын тосқан жоқпын... Қасындағы солдат күлді. – Мәз боласың ғой, Ғалымжан, әйткенмен ақ патшадан өзі қайыр бере қояр-ау деп күтіп отыруға болмайды, – деп, Еркіндік те кешкі қараңғылықты басына көтере күліп алды. – "Берсең – қолыңнан, бермесең – жолыңнан"... Міне, тек осылай ету ләзім.... Бір мезет бәрі тына қалды. Ат тұяғының дүбірі ғана естілді. Сәлден соң Еркіндік сөзін сабақтады: – Сендерге мынадай қызық айтайын: қатырғы деп айдап апарған ит тұмсығы өтпес нулы Ібір-сібір жерінен мен талай қазақ көрдім. Ғажабы
– бәрі мұжық боп кеткен... "Бұл қалай? " – деп сұрастыра келсем, патша ағзам оларды бір кезде жалпақ қазақиямның күнбатыс тұсынан, өкіметке наразылық білдірген түрлі қылықтары үшін, тіпті исі әкімнің бетіне тік қарағаны үшін ұстап алып, арестантская рота деп аталатын, тұтқындардан құралатын жасаққа іліктіре берген екен де... Сосын сол тұтқындар жасағын өздерінің барсакелместеріне жұмсаған көрінеді... Еркіндіктің түсінгені – әлгілердің алдының сонда қоныстанғанына үш-төрт мүшел өтіп кеткен сияқты. Талайы өліп қалыпты, ал тірілері – өңкей сақалдары сапсиған шал-шауқан. "Ел-жұртқа неге қайтпайсыңдар?" – деген сауалға жауап ретінде, ауыл сыртында жыпырлаған көп бейіт пен аула-аулада өріп жүрген қатын-қалаш, бала-шағаларын мегзейді. Ібір-сібірді өз зираты, өз отаны бар ата-мекеніне айналдырыпты. Тек, құданың құдіреті, әлгілердің тұрмыс-тіршілігі құдды біздің мұжық, тіпті содан өздерінің сырт бейнесі де, шүлдірлеген тілдері де аумай қалған. Алғашқыда оларға үкімет ішкі жақта қылмысты болған маржаларын жиып-теріп апарып, үлестіріп берген екен. Солардан бір қауым жұрт өсіп-өніп, өрбісе керек. Сөйтіп осынау жаңа мұжықтар ұрпағы пайда болған көрінеді... Солардың арасынан Еркіндік ақ патшаның қара істері туралы көп естіді. – Патша ағзамның жасар-ау деген жақсылығын қол қусырып тосып отыра берудің салдары ауыр келер, ә, Ғалымжан? Өзің айтшы құдайлығын, отарбадан әдейі қалып қоймағаныңда, ақ патша сені, жапонмен соғысып қан төккеніңе қарамастан, басқа бір соғысына салмасына кепіл бола алар ма едің? – Бола алман, Еркіндік әбзи, – деді Ғалымжан аталған солдат. – Патша ағзамға мен түгіл, менімен қатар Мукденде соғысқандардың да ешқайсысы сенбейді. Жапонға батыра алмаған қаруымызды, құрығанда, еңбекақысын талап етіп ереуілдеп жатқан құрқол жұмысшыларға жұмсатары анық. Еркіндіктің дауысы қатулана шықты: – Міне, міне – ақ патшаңның әскерінің күші бейбіт халықты қыруға ғана жетеді! Пәуеске жеңіл ырғалды. – Боздақтар-ай! – Еркіндік күрсінді. – Күн көруіме кеңістік бер! деген тілегін айтуға тәуекелдік еткені үшін ғана өлімге қиылған есіл ерлерім-ай! Үні дірілдеп кетті. Қайтып сөйлемей қалды. Еркіндік көкесінің осы сәтте бұрнағы жылдың қайғылы оқиғаларын тебірене есіне алғанын ұққан Өтемістің де көмейіне өксік тығылды. "Жан әкем-ай, әскердің оғына ұшпағаныңызда ғой, бәлкім, өкіметтің айдауынан Еркіндік көкеммен бірге қашып келер ме едіңіз... " Делбені қос қолдап көтеріп қағып қалды да, айдың бозғыл сәулесімен көшені басына көтере желдіртті. Аттың басын Қайыр сұлтан үйінің әңкиген емен қақпасына тіреле бір-ақ ірікті. Іштен ит абалады. Еркіндік жерге жеңіл қарғып түсті. Мойнын бұрып: – Өтемісжан, осында шамалы тұра тұр, – деді де, Ғалымжанды ертіп, кішкене есік арқылы аулаға кіріп кетті.
Көп ұзамай сұлтанның қызметшілері қақпаны ашып, пәуескені ішке енгізді. Сұлтанның кең сарайдай ағаш үйінде Өтеміс көңіліне үш нәрсе түйді, өзіне өзі үлкен-үлкен үш жаңалық ашты. Алғашқысы – Еркіндік көкесінің мына алпауыттар арасында айрықша беделі бар екендігі еді. Дастарқанның етегін ала, өзіндей бірер жас жігітпен табақтас болған Өтемістің құлағы да, көзінің қиығы да төрде болды. Сұлтанның қадірлі, бас мейманы боп отырған – керекулік Темірғали қажы көрінеді. Қасқа бас, қалың, дүрдік ерінді, бұжыр қара кісі екен. Еркіндік көкесін соның оң жағына отырғызыпты. Бер жағында – сұлтанның өзі. Қажы екеуі Еркіндікке кезек сұрақ береді. Еркіндік сабырмен, байыппен, дауысы күндей күркіреп, жалғыз сөйлеп отырды. Әредік қажыдан әріде жантайған Айық деген байдың қасында, ілкі төменірек жайғасқан Ғалымжанға қарап бірдеңе деп, өзінің айтқандарын мақұлдатып қояды. Ғалымжанымыз – Ғалымзян екен, омбылық ірі татар саудагерінің баласы. Қайыр сұлтанға құдандал адамдар тәрізді. Татарлар әскери қызметке баруға міндетті ғой, Ғалымзян да сол парызын өтеуге шақырылып, орыс–жапон соғысынан бір-ақ шығыпты. Жапон дегеніңнің түрі тура қазақ екен, соғыстан қайтқанда әдейі суретін ала кетіпті, міне, қалтасында тұр, көрсін бәрі, аумайды-ау аумайды... Кәдімгі қан майданды көзімен көрген, соғыс сұмдықтарын күллі жандүниесімен, былай айтқанда, терісімен сезінген солдатқа сөзінің бір ұшығын тірей отырып, Еркіндік көкесі патша әскерінің масқара жеңілісі туралы әңгімеледі. – Менің қатырғыда танысқан орыс тамырымның айтуынша, патша бұл соғысқа еш дайындықсыз, әйтеуір елдің назарын басқа жаққа аудару үшін кіріскен көрінеді, – деп күркіреп берді Еркіндік. – Халықтың есілдерті майданға ауса – ереуілдегенін қоя ма деген есек дәмесі болған екен біздің ай жүзді ақ патшамыздың! Кекесін, мазақ, әжуә араластырып айтқанын Өтеміс оның үнінен айқын сезді. Қайран қалғаны – мына дөкейлердің ақ патшасын масқаралап жатқан каторожникке қарсы ләм-мим деп ауыз ашпаулары. Күллі Қарқаралы үйезінің ең басты адамы, үйездегі халықтың іс жүзіндегі қожайыны, міне, жақ ашпай отыр. Ал ол – осынау ақ патша уезд деп басқару аймағы еткен, қазақша үйез, ояз деген икемді сөздермен қазақылана, жалпақ тілге кіріге аталып кеткен аумақтағы ең сыйлы адам. Барша ру, тайпа, ата біткен оған деген құрметінің белгісі ретінде, орайы келген сылтауды қалт жібермей, үйір-үйір жылқы, қора-қора қой айдап әкеп сый-сияпат көрсетуді мәртебе көреді. Қалай таңғалмасын, осындай әйгілі сұлтанның өзі мұның Еркіндік көкесінің алдында құдды елеусіз әлдекім секілді. Қызық, күні кешегі өз қызметшісін, көп жыл өзінің тапсырған шаруаларын атқарып жүрген, кейін патша әкімдерінің қаһарына ұшырап, Ібір-сібір аталатын барсакелмеске айдалған қарасүйекті, ақсүйек төре бүгін тең кісідей қабылдап отыр. Тең дейді-ау, онда да тек
жатпай, бұғауын үзіп, сонау итжеккеннен қашып келіп отырған бүгінгі қашқын-каторожниктің қасында, төре тіпті, кішіпейіл боп қапты. Шамасы, сұлтан басымен ол да орыс-жапон соғысының шын жағдайын Өтеміс тәрізді енді естіп-біліп отыр-ау... Ғалымжан да небір қызық жәйттерді әңгімелеуде. Қалтасындағы жапондардың суретін қолдан қолға ауыстырып, барлығы тамашалап шықты. Жапоның қазақтан аумайды екен. Алыс бір туыс болса керек. Ғажап. Осындай-осындай сырлы әңгіме-дүкен нәтижесінде, Өтеміс дұрыс бағамдай алған болса, сұлтан өзіне өзі ірі жаңалық ашып отыр білем... Сосын алдыңғы екі жаңалыққа да бергісіз бір айтулы жәйт болған-ды... Өтеміс бақытты жымиыспен жолға қарап отырып, тәтті естелікке шомды... Ет желініп, сорпа ішіліп болған соң, үлкендердің кеңесіне кедергі келтірмес үшін, дастарқан етегіндегі үш-төрт жас жігітпен бірге басқа бөлмеге ауысқанын, сонда бәрінің айрықша ғаламат, қор қызындай екі бойжеткенді көргендерін есіне түсіріп, көз алдына елестетті. Жігіттердің бірі, сұлтанның іс жүргізушісі, осы үйдің өз адамындай боп кеткен пысық Сарман қыздарды әңгімеге тартты. Ол сұлтанның қызына қарындасындай ізетпен қарайды екен, сыпайы тіл қатып: – Қатиражан, бізге мейман құрбыңды таныстырмаймысың, – деді. Қатира таныстырды. Қонақ бойжеткеннің есімі Ғалима екен. Ол Қатираға ғана емес, жалпы Қарқаралы өңіріне мейман іспетті байқағандарға, себебі жердің түбі қияннан, сонау Ақтөбеден келіпті. Нағашысына – Айық ағайдың үйіне түскен екен. Өтеміс біледі, ол кісі де дәулетті жандардың бірі. Айық бай дегенде елең етпейтін жан жоқ. Бірақ жаңа Өтемістің көзі көрді ғой, ол да Еркіндік көкесіне тең келмейді... Ғалима ашық, өжет, ізетті қыз боп шықты. Қатира өзі туралы баяндағанда ілтипатпен бас иіп қойды. Жігіттер аты-жөңдерін айтып, өздерін таныстырып жатқанда, жүздеріне именбей, тік қарап отырды. Сосын Сарман қолына домбыра алып, бұрауын келтірді. Қос ішекті әлдебәр әуезге ыңғайлап, қағып-қағып қалды. Тамағын кенеді, қыздарға бір көз тастап қойды. Сосын "ауылдың алты ауызын" айтуға кірісті. Тәп-тәуір ән шырқады. Сәлден кейін Қатира орнынан тұрды да, ішкі бөлмеден үкілі қызыл домбырасын әкелді. Бір ән салып, Ғалимаға берді. Ғалима тартынбастан, ала салып, күмбірлете күй тартты. Разы жұрт қолпаштай кеу-кеулеп, тағы ойнауын сұрап еді, бәлсінген жоқ. Кішігірім сауық кеші болды да қалды. Өтеміс аузы аңқиып, екі қыздан көз алмады. "Неткен сұлу қыздар", – деп ойлады ол ішінен. Үлбіреген жүздері, үзілгелі тұрған қылдырықтай белдері бірінен бірі өткен көркем. Малынып киінгендері тіпті жарасып тұр. Үкілі кәмшат бөріктері, күміс қапсырмалы қанқызыл қыжым қамзолдары, желбіршектері сәндене төгілген торғын көйлектері, не керек, тұрған бойлары түп-түгел көздің жауын алады. Мүлдем есі кетті. Сарманның көпшілдігі, тойшылдығы жақсы болды. Елді ду-ду күлдіріп, әзіл әңгімелерін өлең-жырмен негізінен бір өзі әрлеп отырғанда, бұл көзі тоймай, қос бойжеткенге кезек тесіліп қарай берген.
Ақыры Өтеміс аңсарының Ғалимаға көбірек ауа бастағанын сезді. Ғалиманың нәзік саусақтары пернелерді дәл басып, домбыраның жіңішке ұзын мойыны бойымен кібіртіктемей, әсем жүгіреді екен, қос ішекті шанақ үстінде әдемі қағып, не бір күйіңді майын тамыза құйқылжытады екен. Ғалиманың сырғасының сыңғырының өзі бір әлем... Осылай ойлауы мұң, Өтемістің тұла бойы қазірдің өзінде шымырлай жөнелді... 4. Өтеміс божыны ақырын қағып қалды да, көзінің қиығын Еркіндікке тастады. Көкесі ойлы кескінмен, назарын қапталдан қиғаштай тақалып келе жатқан арбадан алмай отыр еді. Маң-маң желген қызыл нар едәуір жүк тиеулі арбаны сықыр-сықыр сүйреп, сонадайдан көлденеңдеп барады. Ақыры оны қара жолға оқ бойы ілгеріден түсірді. Арбакеш бұйдасын тартқан соң, басын кегжите бір бақырып жіберді де, тоқтай қалды. Жеңіл дөңгелеген пәуескені Өтеміс қара жолдан шығара бағыттап, арбамен қатарластыра апарып қойды. – Тамыр! – деп ақырын гүр ете түсті Еркіндік. Бұйда ұстаған шоқша сақалды қазақ қасындағы мұжыққа қарады. Қаптарға арқа сүйеп отырған қауға сақал көзін таңырқай бақырайтты. Басын жұлып алып, пәуескеге қарай жылдам ұмсынды. Сол сәтте-ақ: – Еркіндік! – деген қуанышты даусы естілді,– мәс-саған! Шұғыл орнынан көтеріліп, жерге секіріп түсті. – Тірімісің? – деді құшақ жая ұмтылып. Солқылдақ көлігінен түсер-түспесте-ақ Еркіндік онымен төс қағыстырып тұрды.. Екеуі құшырлана, сілкілей қол алысып, қуанышты үнмен әлде-не айтып самбырласады. Одан қайыра құшақтасып жатыр. Өтеміс олардың өте жақын адамдарша сәлемдесулерін бір сәт толқи, таңырқай бақылады. Сосын қос қолын ұсынып, арбадағы шоқша сақал қартпен амандасты. Өтемістің сәлеміне ол ықыласты жауап қайырды да, асықпай сақалын сипап тұрып: – Әкеле жатқаның кім, балам? – деп сұрады. – Еркіндік деген кісі, елге екі жылдан кейін оралуы... – Не дейді? – Жалма-жан бұйданы арбаның жақтауына байлап, жерге аяғын созды. – Алда ерім-ай!.. Бәсе... Өтеміс оның қолтығынан демеді. – Алла разы болсын, балам... Ол қауышқан екеуге қарай ұмтылды. Аналар құшақтарын енді жазған. – Міне, Еркіндік, тағдыр дегенің қандай... – Қауға сақал мұжық Еркіндікті қарынан жігерлене соғып қалып, тұла бойына бастан-аяқ сүйсіне көз жүгіртті. – Әйтсе де сені аман-есен көргеніме қатты қуаныштымын, қымбаттым!.. – Ассалаумағалейкүм, Ереке!
Қастарына қалбалақтай жүгіріп келген қартқа Еркіндік қос қолын берді. – Әлейкүмәссәләм, ақсақал... – Біздің Степан тамыр сенің де тамырың екен, – деді анау сәлемдесіп болып, – бөтен болмадық. Біз өзіңе тілектес бір қауым кірешілер едік... – О, Еркіндік менің ең бірінші тамырым, дала өлкесіне келгенде тапқан бірінші тамырым. Еркіндік менің жанымды алып қалды, күллі қатын-бала, серіктерімнің жанын алып қалды. Мен оған, Қайыңбай тамыр, өле-өлгенше борыштымын... Степан қазақша таза, бірақ жыпылдатыңқырап сөйлейді екен. Өтеміс оны неткен елгезек те бауырмал жан деп ойлап үлгерді. Жанына амандасуға барып қол бергенінде, бетіне қадала қарап тұрып: – Сен Батырбайдың баласы емеспісің? – деп сұрап алды. – Иә, – деген таңырқаулы мақұлдауын естір-естіместен, қолын жібермей ұстап тұрған қалпы: – Бәсе! Аумай қапсың! – деді. – Біз сенің әкеңнің шапағатын көріп адам болдық, жігітім. Бір қыс сенің үйіңде тұрып жан сақтадық. Сонда сені қалаға апарып мектепке бердік дейтін әке-шешең, міне енді, өзің де зіңгіттей жігіт бопсың... Өтеміс тебірене тыңдап, көзін жыпылықтата берді. Еркіндік аяғын көлік тепкішегіне салды. – Жол жүрсе өнеді, жол-жөнекей әңгімелесейік, тамыр... Қос табан қара жолдың сол жағына пәуескенің оң доңғалағы, оң жақ табанына ауыр арбаның сол доңғалағы түсті де, қорапқа қорап түйісердей тақалып, қарагер ат пен жалғыз өркеш түйе қатар жүріп берді. Еркіндік пәуескенің жақтауынан арбаға қарай, ал Степан бері асылып, екеуі мүлдем иық тіресіп алған. Көлікті әңгіме-дүкенге жайлы жүргізуге тырысып, Өтеміс демін ішіне тартқан қалпы, делбесін сергек ұстап отыр. Еркіндік әңгімеге Қайыңбайды да тартып қояды. Белуарынан жоғары қисайып, кеудесін мүлдем арбаға бұра отырған қалпы, жолаушылардан мұжықтар мен кірешілер тұрмысын сұрастырды. Білетін кісілерін атап түгендеді, жай-күйлерін ықылас қоя тыңдады. Бұл адамдармен Еркіндіктің тағдыры ертеден қосақталған болатын. Өткен он тоғызыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарының аяқ кезіндегі суық қыстың бірі еді. Әлдебір кезекті сапары үстінде Еркіндік қар жапқан құла дүзден өтіп келе жатқан. Сонда, кездейсоқ, аязға үсіп, жел өтінде аштан өлгелі жатқан бір топ орыс қоныс аударушылардың қотанына тап болған-ды. Өлген өгізі мен жалғыз арбасының ығын паналаған мүскіндерге талғажу ете тұруы үшін, дорбасынан малта таратып берген. Тілсіз түсініскен бишара күйдегі бөтен текті адамдарға қазақшалап: "Шамалы шыдаңдар, ұзамай оралам", – деген. Аналар бастарын үнсіз изеген. Кемсеңдеп, көздері жәудіреп, осынау құдай кез қылған дала адамына үміт арта қараған-ды. Бұл қолымен көкжиекті нұсқап, өзінің не істемегін ыммен баян еткен. Сосын атына мініп алып, өзі бет түзеп келе жатқан Батырбайдың
ауылына қарай шаба жөнелген. Бірнеше қайратты жігітті ертіп, тез қайтып келген. Ат-көлік әкелген. Сөйтіп, шалажансар мұғажыр-переселендердің бәрін жүдеу жүгімен Батырбайдікіне тасыған. Ауыл болып ас-суларын ауыздарына тосып, беттерін бермен қаратып алған. Ішкі Ресейден қазақ сахарасына бақ-дәулет іздеп шыққан мұжықтардың Степан бастаған сол бір тобы Еркіндік пен Батырбайға содан бері ажырамас тамыр боп кеткен. Кейін олар жер алды. Батырбайдың жайлауы, қонысы болған шұрайлы өзен аңғарын өкімет адамдары тартып әкеткен еді. Переселен қорына керек деп алған. Қазақ жері деген жоқ, жер мемлекеттікі, ал мемлекет оны кімге береді – өзі біледі деп ұғындырған жұртқа. Сол жер-су мұғажыр болып келіп өлім аузынан қалған осы бишараларға тиді. Жер еме біледі екен, тұрмыстары қоңданып қоя берді. Қазақтармен туыстай араласты. Тілді де жедел үйреніп кетті, кейбірі тіпті қазақша мақалдап сөйлейтінді шығарды. Әсіресе бұрнағы жылғы толқуда Степан мен оның ауылдастары қазақ тамырларына деген нағыз тілектестіктерін, өздерінің адамгершіліктерін, шын мәніндегі іріліктерін танытты. Ол бір халықтың шыдамы ширатылып шегіне жеткен шақ-тын. Әкімдер қазақтарды Ақбұйраадыр алқабынан қуған. Көкөзектің Нұра өзенінің сағасы Соқырға құяр тұсынан және жалпы сулар бойынан, әсіресе Сарысудың бастауынан аластаған. Түрлі теперіштері күннен күнге үдей түскен. Зорлыққа зорлық қосылып, дінге қысым түскен. Мешіт, медресе, мектептерге тыйым салынған. Міне сонда төзімі түгесілген бірқыдыру ер атқа мініп, Батырбайға, Еркіндікке ерген еді. Тура осы кезде өкімет өзінің арамзалығын танытқан. Ереуілдеген бұратаналарына ойнақ салу үшін қарулы әскерін аттандырғаны аздай, таптату көршілер арасын ушықтыруды ойлаған. Қоңсы қонып, тамыр боп отырған мұжықтарды қазақтармен жауластыруды көздеген. Үлкен қалалардан келген өкімет адамдары оларға "төніп келе жатқан қатер" туралы байбалам сала ескерткен. Орыс шаруаларына "бұратаналардан қорғанулары үшін" кәдімгі оқ-дәрісімен мылтық таратып берген. Біраз қоқыраңбай-ноқайдың мылтық асынып, өкімет үйреткендей, орыс мүддесіне қарсы бас көтеруге батылы барған "жабайыларды" жазалауға дайындалғаны рас. Бірақ Степан мен оның ықпалындағы мұжықтар өздерінің қиын сәтте қамқорлығын көрген тамырларына адалдығын жоғалтпаған еді. Батырбай мен Еркіндікке осы Степанның өзі түн қатып суыт келіп, жағдайды түсіндірді, сөйтіп, өкімет жарақтандырған қарудың ешқашан бұларға қарсы көтерілмейтініне сендіріп кетті. Шынында да, переселендер мен көтерілісшілер арасында титімдей де қақтығыс болған жоқ. Қайта олар, құрқол ереуілдеген көшпенділерді жоққа сылтау іздеген қарулы әскердің қырып жібергенін көргенде, басқаша әрекет етті. Өздеріне өкімет таратып берген мылтықтың біразын жиып әкеп, осылардың қолына ұстатты. Міне қандай болды! Олардың тамырлықтары осындай дәрежеге жеткен! Кейін атқа мінген қазақ атаулы жазаға тартылып болған соң, өкімет оларға да алакөздене қарап, айыптары үшін үлкен сомада ақша кесті.
Содан, табыс табу мақсатымен, Степан бірер жолдасымен Нілдіге кеткен. Аз жерін әйелі мен балалары ұқсатып отыр. Осы сапар соларға соғып келеді. Бала-шағасының қыстай жан сақтаған, жегенінен қалған картоп төрт-бес қап боп міне, Қайыңбай тамырының арбасында жатыр. Сәтін салса, Қояндыда саудаға салмақ... Қыр астынан ауыл көрінді. .. – Сусындап алайық, – деді Еркіндік. Қайыңбай қария мен Өтеміс бала көліктерін солай бұрды. 5. Шағын ауыл ортасындағы еңселі, бірақ туырлығы жүдеу тартқан қоңырқай үйдің қонақжай төрінде құдайы қонақтар қымыз ішіп отырғанда, бірі кәрі, екіншісі жас екі арбакеш өзара жиірек әнгімелесті. Сұрастыра келе, Қайыңбай Өтемістің ағаларын танитын болып шықты. Үлкен ағасы Өтеген кенішке жұмысшы болғалы екінші жыл. Неге білмесін. Рас, тау тескендер қазір қала боп кетті. Солай. Нілді тұрғындары бүгінде үш жүзге тарта ошақ болып түтін түтеткен бір қауым жатақ ел. Ал Қайыңбай, ұдайы жол үстіндегі тынымсыз қартың, бала Өтеміс біліп қойсын, жайсыз кепе-баспаналарда қысылып-қымтырылып қиналған сонау жұртты түгел таниды. Тау тесіп, ін қазып жүр ғой бәрі. Адал еңбегімен тиын-тебен таппақ. Сол мақсатпен, бірінің үстіне бірі үйіліптөгіліп барып жатыр. Қайыңбай қарт солардың баршасын, араларына күні кеше қосылғандарына дейін біледі. Өтеген, шүкір, қол күшін күнкөріс көзі етуге тәп-тәуір машықтанып, көндікті... Тұрмыстары ауыр, бірақ, тәуба, ел қатарлы... Төлегенді де былтыр бірнеше көрген... Қайыңбай Сарысу зауыты мен Нілді кенішінің арасында, Нілдіден Ақбұйраадыр зауытына, Қарағанды көмір кенішіне, Ақмола, Қызылжар, Омбы, тіпті, ақша соғатын Екатеринбор қалаларына, қала берді, түстіктегі Әулиеата, Тәшкен шаһарларына талай қатынап жүр ғой. Түйе керуенмен кен тастарын тасиды, көмір тасиды. Хисапсыз көп мәрте – азық-түлік, киімкешек саудагерлерінің жүктерін сан-алуан базарларға жеткізіп берді. Не керек, үнемі жол үстінде емес пе. Сондай бір сапар кезінде, Өтемістің кіші ағасы Төлегенмен де кезіккен. Соңғы рет Сарысу өзенінен қашқан бір су маңынан, ұмытпаса, Бозкөл жағасынан орын тепкен үйінен дәм татып, бір түстеніп өтіп еді... Есінде – мұңын естіген, жайлауынан әкімдер қайта-қайта қуып жүр деген-тін. Шуды қыстап, көктемеде басқа қоныс іздеймін дегентін. Ұзынқұлақ биыл оның көшін осы Қарқаралы үйезіне келді дейді... Өтеміс өткен күзден бері ағаларына хабарласпаған екен, сәтін салса, осы жаз екеуін де араламақ ойда көрінеді... Үй иесі мен Еркіндік шүйіркелесе кеткен бір тұста, Степан: – Қайыңбай, сенің осы, бұрнағы жылғы қозғалысқа қатысың болды ма? – деп сұрады. – Е, Степан тамыр, қатыссақ қатысар ма едік, кім біледі, – деді Қайыңбай ойлана сөйлеп. – Бастаушымыз келіскенде, шығар ма едік дүрлігіп, шықпас па едік, кім білген. Жаңғырығы жеткеннің өзінде елеңдесіп қал-
ғанбыз. Бірақ содан аспадық. Жұмысбастылыққа мойынсұнған бишарамыз, кіре тартып кете барғанбыз. Ерекең Батекеңе оң қол болып, ел бастап, әскерге қарсы шығыпты деген хабарды Ақбұйраадыр зауытының мысын Ертіске әлгі пароход дейтін кемеге тиету үшін тасып бара жатып естіп едік... Нәлет, зілмауыр темірмен ырғалып ұзақ жүрдік. Жүгімізді түсіріп, бос оралмай, көмір ала қайту үшін, керуенімізді Қарағандыға апардық. Содан арба-арба боп тиелген қара тастарды әуелі Ақбұйраадырға, одан Нілдіге сықыр-сықыр сүйретіп жеткіземіз деп жүргенде бәрі бітіпті ғой... Біздің жұмыскерлер де қатты толқыған, алайда күшті сорлыны аяй ма. Қожалары ешқайсысын қия бастырмады... Кайыңбай кірешілер әулетінен-тін. Ол жастай, бесіктен белі шығаршықпастан жүк тасымалына жегілген-ді. Нілдідегі мыс, Қарағандыдағы көмір кеніштері мен Ақбұйраадыр мыс қорыту зауыты орналасқан аймақтың өндірістік өзара қарым-қатынасына көптен қызмет ететін. Осынау ұштаған арасында, жалпы, Баянаула, Қарқаралы, Сарысу, Ақмола үйездерінде тау-кен өнеркәсібі алғаш ірге көтергеннен бері, осы өңірде кіре тартып жүрген қазақтардың бірі еді. Олардың қатары едәуір, мың қаралы болатын. Түйемен жүк тасымалдау ісі бұл әлеуметтік топтың тұрмысының мәніне айналған. Бұлар – кірешіліктен басқа кәсіпке жоқ халық-тын. Сонау бір жылдары кірешілердің ішінде Еркіндік те болған. Орыс қалаларына керуен бастап апарып, барып-келіп тұрған. Қожайындардың әлде-қандай есебімен зауыт жабылуға ыңғайланып, кірешілер де, кеншілер де керексіз боп қалуға тақалған кез туды. Сонда, көзі ашық, орысшақазақша хат танитын осы Еркіндік даланың ең бір үлкен әкімінің атына күллі жұмысшылардың мүддесін бейнелеген арыз жазып, тиісті жеріне тапсырудың басы-қасынан табылған-ды. Кайыңбай ол кезде жас, Еркіндік сақа жігіт – араларында пәлендей таныстық жоқ-ты. Әйтсе де, атқа мінген көшпенділер басында Еркіндік те бар екен деген қауесет шыққанда, оны білетін байырғы кірешілер, жүкшілер мен жер тесіп, тас ойған кеншілер мұның да санасын шым еткізіп, гу ете түскен. Солардың арасында бұл да оны, Еркіндікті, еске түсіріп, бәрімен бірге сүйсініскен. Рас, әлдеқашан пролетариат қатарына қосылған осы бір қауым ел тыныс-тіршілігінде жер таршылығын сезінуді қойған еді. Есесіне, аз мезгіл ұйқыға кеткен уақытынан басқа кездің бәрінде әлеуметтік қанау зардабын көретін. Олар күшеніп кен қазғаннан өзге қызық көрмеу, не онысына жарытып ақы ала алмау, бала-шағасына киім-кешек тауып бере алмау, дастарханына талғажу етерлік тағам әкеле алмау секілді реттерде күніне мың өлу азабын шегіп жүрген. Бұлқынып та қалатын, тек қыспақ кішкене босаңқыраса, яғни зауыт қожайындары не аздаған тиын-тебен, не ләпкесінен бір үзім нан босатса болғаны, көнбіс өгізше қамытқа қайта мойын сұғатын. Кеніштегі еңбеккерлермен жылдан астам қоян-қолтық араласып, ащы терді бірге төгісіп келе жатқан Степан бұл жәйтті әбден түсінген. – Иә-ә, әскермен соғыспады демесең, ақысын жеген билеп-төстеушілерге жұмысшылардың қарсылық көрсетуі, арасында жүрміз, сирек оқи-
ға емес қой, – дейді ойлы жүзбен. Бұйраланған тығыз жирен сақалын саусақтарымен ақырын тарай отырып: – Анау-мынау обырларын сабап та жіберетінін білеміз, – деп қосты. – Қашанғы шыдасын... Қайыңбай да ырза дауыспен: – Қыста ғана Бекбосын* бас боп, жұмыскерлер Қарағандының шахталарын екі-үш күн бойы тұралатып қойды, – деді. – Естіп пе ең, Степан? Сондай хабарды құлағы шалғанмен, Степан оның анық-қанығын білмейді екен. Қабағын керіп, ереуілдің себебін долбарлаған сауалын қойды: – Уақтылы жалақысын бермеген бе? Үй ішіндегілер түгел елең ете қалды. Оқиға бәріне беймәлім еді. – Одан да сорақы, – деді Қайыңбай. – Жертөлелеріндегі пештеріне от жағуға көмір бермепті. Қатының, бала-шағаң не болса о болсын, тоңбаса – үсіп кетсін дегені де... – А–а–а, – Степан "түсінікті" дегендей кейіппен басын изеді. – Ой сұмдық-ай, өздері қазған көмірді өздерінен қызғанған ба? – деп, әңгімеге отағасы араласты. Айран-асыр кейіппен: – Сатып алсын дегендері ме екен? – деді. – Қайтерсіз, солай да шығар. – Степан мысқылдай күлді. – Ұртынан майы тамған қожайындарға кедей кеншінің жеркепедегі қатын-баласының жайы не керек. – Иә-ә... – Кен қазушының өзі жер астында жүрсе болды, зауытшы-байдың есебі түгел. Ал жұмыскерінің ошағындағылар үсімек түгіл, тас болып қатып қалсын, өлмесе өмірем қапсын... – Астапыралла! – Үй иесі жағасын ұстап, қатты ойланып қалды. – Е, есектің еңбегі адал, еті арам деген сол да, – деп гүр етті Еркіндік. Степан Қайыңбайға қарады. Айтсыншы тамыры, тез тынышталғаннан ба екен, Степан естімепті, немен тынған еді сонау ереуіл? Тәжірибелі жұмысшы дағдысымен, ереуілшілер әрекетінің нәтижесін егжейтегжейлі сұрастырды. Бір кезде мосқал жүзін бір сипап, басын шалт көтеріп алған үй иесі: – Ағайын, дәм тартып келіп қалған екеңсіндер, біле отырыңдар, біз де сондай іс қылдық, – деді. – Иә? – Степан оған жалт қарап, шапшаң үн қатты. – Айта бер, Ордағазы, – деп, сұраулы назарын тікті. Бәрі үн-түнсіз отағасының аузына қарады. – Кеше кешкісін ауылға үш-төрт жасауыл сау ете қалды, – деп бастады әңгімесін Ордағазы. – Күбірнәтірға, биік мәртебелі жандарал мырзаның өзіне ылауға ат аламыз дейді. Бермедік. Оған көнер жасауыл бар ма, есірік немелер, бағзы әдеттерінше қоқанлоққы жасай бастады. Қамшы үйірді. Сонда қаны қайнап жүрген біздің жігіттер де, "ал ендеше" деп, шетін іске бас тікті. Әп-сәтте бәрін байлап тастады да, аттарына теріс мінгізіп, жөндеріне қоя берді... ---------------------------------- * Сиқымбаев, кенші, 1904 жылғы желтоқсанның соңында жұмысшылар ереуілін басқарды, кейін, 1916 жылы, көмір, мыс кеніштерінде, зауыттарда істейтін 500 көтерілісшіге жетекшілік еткен.
Үндемей қалды. – Ойпырмай, қатты кеткен екенсіңдер, – деп бас шайқады Степан. – Әттеген–ай... Олардың енді үлкен жасақпен оралуы ғажап емес. – Жақсы істегенсіздер, – деді Еркіндік. – Дұрыс! Бұға берсең – сұға береді. Өтеміс тым-тырыс, әңгімені жіті бағып, іштей сүйсініп отыр. Еркіндік көкесінің мақұлдағаны үй иесіне қуат болған тәрізді. Үні жарқындау шықты. – Кім біледі арты не боларын, – деп күлді. – Әлгінде сіздер төбе басынан көрінгендеріңізде – қорқып қалғанымыз рас... – Қой? Ха-ха-ха! – Степан қарқ-қарқ күліп, Еркіндікке қарады. – Біздің жазалаушыларға ұқсас болғанымыз ба? Бір сәт бәрі көңілдене күліп алысты. – Е, үрпиіңқіреп қарсы алғаңдарыңыз содан екен ғой! – Қайтейіқ, қорыққанға қос көрінеді деген... – Бәсе, әр үй алдынан одырайып күн салып тұрғандар байқалып ед... Бар дауысты Еркіндіктің жуан үні көміп кетті. – Жә, болар іс болған екен, енді мынаны да айта отырыңыз, батырекесі: неліктен ондай оқыс қимылға бардыңыздар? Әлде шаруашылық мүлдем күйзеліп, шарасыздық итерді ме? Ордағазы байсалды да ұзақ әңгімені бастап кетті. – Төре біткенге сыпырып-сиырып ұсына-ұсына, төрт түлігімізді таусып та қалдық. Сұраса болды – жиып бере беретін артық-ауыс малдың бұл күнде қалмай бара жатқаны да рас. Бірақ, негізгі себеп мынау: осылардың басынып, төбемізде ойнақтауы өтіп кетті ғой деймін. Соның алдында ғана сөз етіп ек. Жеті атамыздан көшіп-қонып, жаз жайлап, қыс қыстап жүрген жеріміздің қалай тарылғанын еске алғанбыз. Ашынып отырған-тынбыз. Әрі осы қыста болған Петербордағы қырғын жайын сөз еткенбіз. Қалың жұрттың патша алдына ақ тілекпен өтініш айта барып, оққа ұшқанын көзімен көрген кісілерді тыңдап, күйінгеніміз барды. Солардың баршасы қосыла келгенде, алды-артымызды ойлатпай жіберді білем... Әңгіме-дүкен сабақталып, осынау тіршілік үшін мәні зор арнамен аға берді. Қаңтардың тоғызында, орыстың аптасына бір келетін демалысында, жексенбі күні, тапа-тал түсте, ақ патша сарайының тура алдында орын алған қанды оқиға баршасын толғандырды. Оның мән-жайы қайта пысықталды. Ол жайында хабар әкелгендер еске алынды. Қанды жексенбі жайлы ұзынқұлақ бұрындары жеткенмен, толық мәліметке қыр енді ғана қанығып жатқан. Ордағазы осында бір қонып өткен қонақтан – ішкі жақтан келген оқыған жігіттен естігендерін айтты. Патша әлгі қырғын салдарынан біраз әкімін жұмысынан босатыпты. Сосын кейбір жеңілдіктер жариялауға мәжбүр болған екен. Елдің тікелей өзіне тілек білдіруіне кеңшілік етіпті. Мұны ол уәзіріне жолдаған, езгідегі халық үшін оң нәтижесі болмақ пәрменінде айтса керек. Сол хақында әркім құлағы шалғанын ортаға салды. Қырғынның алды-артындағы үкімет әрекеттерін өз біліктерінше талдады.
Кенет Өтеміс түрулі іргеге қарап селк ете түсті. Кереге көзінен сырттағы әлдеқандай абыр-сабыр жүгіріске түскен ел көрінді. Ізінше шаңшұң дыбыс естілді. Айқай шықты. – Аттан! Жау келеді, атта-а-ан!.. – Жігіттер, атқа қон!.. – Аруақ! Аруақ! Ауыл іші лезде айқай-шу, апыр-тұпыр болды да кетті. Ат тұяғы дүбірледі. Біреулер бермен қарай жүгіріп келе жатты. – Ақыры оралған екен-ау... – Ие, сондай секілді... Үй иесі қобалжып, дастарханға қарады. – Міне, дәм де рәсуә болды, сіздердің де берекелеріңізді алдық, – деді, – шолақ пішіп жіберіппіз... Еркіндік ақырын қозғалып, сабырлы үнмен: – Абыржыма, батырекесі, – деді. – Бірге көрелік. Екі қолымен бетін сипады да, дастарханның шетін қайырды. Ұстамды жүзбен Степанға бұрылды. – Тамыр, иық тірестірер кез келді. – Нартәуекел! Баста, Еркіндік! Қайыңбай Өтеміске ширақ үнмен: – Біз де қалмайық, балам, – деді. Бәрі іркес-тіркес Еркіндіктің соңына ерді. Ауыл тайлы-тұяғы қалмай тысқа шыққан. Он-он бес жігіт атқа мініп үлгеріпті. Жаяу еркек кіндікті қолдарына бақан, айыр ұстап, шеткі үйден асып барады. Еркіндік тобы соларға қосылды. Күллі жұрт назары – алыстан шоқытып келе жатқан салтаттыларда. Ауыздығымен алысқан арғымақ үстіндегі тас діңгектей сесті, басын сары орамалмен шалт таңған қара сұр мығым жігіт осынау ауыл қорғаны болуға әзір сарбаздардың жетекшісі секілді. Қиқулатып тарта жөнелуге жұлқынып әзір тұрған серіктерін іріккен ыңғайда. Оларға қайрылып әлдене дейді де, сойылын ыңғайлап, тақымына қысады. Сөйтеді де, тізгінін тартқан қалпы, сонадайдан екпіндеп келе жатқан дұшпанға қасқая қарсы қарайды. Қару асынған сонау топ шынымен ауылға заулатып, қылышын жалаңдата, зәр шаша кірмек-ті, тек мынандай қарсылау "рәсімі" әзірленіп жатқанын көздері шалысымен, қарқындары баяулап, пиғылдарынан айнып қалды. Сөйтіп, пристав бастаған жеті-сегіз қарулы салтатты бір сәт ойлануға мәжбүр болды. Аялдады. Мылтықтарын қолдарына алды. Сосын иықтарына қайта ілді. Ақыры кері айналып, шоқытып кете барды. Ауыл адамдарының арасын қуанышты үн кернеді. – Жау қашты! – Қу, нәлетті! – Ақсарбас!
– Аруақ! Жауынгерлік ұрандарды жаяу жүрген жас та, кәрі де екілене қайталады. Бақандарын, айыр, таяқтарын бастарынан асыра бұлғады. Бірақ парасат жеңді. Ордағазы ел алдына шықты. Ал ол ауыл ағасы еді, оны халайық тыңдайтын. Ол дауыстап, атқа мінген жігіттердің басшысын қасына шақырды. Сосын тоқтам айтты. Өтеміс Еркіндік көкесіне қарады. Оның күндей күркіреп сөйлеуін күтті. Мына дүйім жұртшылыққа әлдебір кесімді сөз, ақылды кеңес айтуын тосты. Осы аз күн бірге, атшысы болып қасында жүргенде, әбден көзі жеткен – Еркіндік көкесіне Итжеккен екі қыс ішінде талай нәрсені білгізіпті, бай-сұлтандардың өзі оған тектен-тек құламаса керек... Түйсігі Өтемісті алдаған жоқ. Әне, Еркіндік көкесі жөткірінді. Иығындағы шапанын дұрыстап жамылды. Содан соң аяғын салмақпен нық басып, Ордағазының қасына барды. Жұрт Ордағазы айтқан байлауға бір басылып, бір дуылдап тұр еді. – Ашуды сабырға жеңгізер сәт осы, халайық, – деген ол. Қарамызды көріп жасқанды, жасқанып қашты, соның өзі аз емес деп бір түйіп қойған. Ендеше осыны қанағат ету жөн. Жауды түре қуып тастайық деп елірудің қажеті жоқ. Осылай бастап, одан арғы айтқандарында – ондай қызбалықтың қате болмағын дәлелдей сөйлеген. Алайда әуелде ұйып қалған тыңдаушылар артынан күдік білдірген-ді. Естеріне күні кеше ауылдарында болып, патша мен оның жандайшаптарының қылмыстарын әшкерелеген сөздерімен көздерін ашып кеткен бейтаныс жігітті түсірісті. Ол патшаны да, патша қойған әкімдерді де ел басынан аластар күн туып келеді деп еді ғой! Ендеше бұлар неменеге мәймөңкелеу керек? Несіне қорқа береді? Өстіп тағы бір желпіне бастағандарында, екпіндерін қайтадан Ордағазының уәжі басады. Халайық, ұмытпасын – өкіметте әскер бар, оқ-дәрісі жалындаған от қару бар. Біздің сойыл оларға шыбын ғұрлы зиян тигізбес... Осы сәтте ортаға шыққан, кешегі жас жігіттен кейін көрінген тағы бір бейтанысты – зор денелі Еркіндікті көріп, жұрт сілтідей тына қалды. – Бұрнағы жылы біз ереуілдеп, атқа мініп көрдік, – деп бастады ол сөзін. Сосын қысқаша болған жәйтті баяндады. Содан бергі каторгада өткізген уақытында көрген білімді де білікті адамдарын санамалады, олардың не үшін айыпты болғандарын әңгімеледі. Патшаға қарсы шыққан нағыз орыстармен кеңесе келе, көп нәрсені ұққанын, соның ішінде өздерінің неліктен жеңілгендерін түсінгендігін айтты. Дауысы таудың тасындай жаңғырыға, күңгірлей түсіп: – Патшаны жеңу үшін барлық жапа шеккен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білу керек. Жеке шауып қырыла бермей, тұтасып қимылдайық, – деді. – Ал тұтаса алу үшін көзі ашық оқығандарымызға құлақ түрейік. Жылына бір өтетін жәрмеңке ғой, олар да осында соғып қалар. Әсіресе биылғы дүбірі айрықша молайып тұрған жылда ел қамын күйттеу орайымен бас қосып пікірлесуді ойламас деймісің...
Екінші тарау 1. Оссовский өзін Россия империясы үкіметінің шет аймақтағы, аймақтың әммесінің емес, әрине, бірақ тап осы Қарқаралы үйезіндегі аса қырағы көзіне айналдым деп есептейтін. Оның өзін өзі мұндай ойға күдіксіз сендіріп жүргеніне биыл үшінші жылға айналды. Ал осынау асқақ та көңіл тойдырарлық сенімге бөлеген себеп оның қолына мүлдем кездейсоқ түскен болатын... Иә, мүлдем кездейсоқ... Сонда, шытыр-шытыр жанған пеш дыбысына әлсін-әлсін құлақ сап қойып, үйездің өмірін сипаттайтын сүреңсіз цифрларына көмілген қалпы отыра берсе... әлдекімнің үстінен өзіне, оязнайға, әлдеқандай шағым жасау үшін келген әлдебір бұратана ғой деп, сол туземдікті сондағы мезетте қабылдамай, қайтарып жіберген болса... – онда, бәлкім, бәрі басқаша болар еді. Сондағы бақытты сәт – табан астында аспаннан түскендей боп, өзін кенеттен кенелте салған, сөйтіп, тасын өрге домалатып, бағын күрт жоғары көтерген бақытты сәт – қайта айналып соғар ма еді, жоқ па еді, кім білсін. Ойлаудың өзі қорқынышты. Қолына қонғалы тұрған бақыт құсы үркіп кері ұшып, басқа біреуге кетер еді. Иә, онымен бірге бүгінгі абырой-беделін жинау бағытынан айрылып, бас кезінен-ақ сусытып, уысынан шығарып алған болар еді. Оһ, төбесіне үйірілген бақыт құсын танымай қала жаздады ғой ол... Қабылдағысы келмеген-ді. Есінде, сол бұратана туралы алғашқы хабар оған таңғы поштамен бірге жеткен. Кеңсенің бас іс жүргізушісі жеткізген. Алдына қаралуға тиіс қағаздарды реттеп қойып беріп болып: – Мәртебелі Юрий Иванович мырза, – деген оған сыбырдан аз-ақ көтеріңкі именшек үнмен, – бүгін ертемен бір киргиз сіздің дәргейіңізге бас ие кіріп әлдебір арызын айтуға сұранып отыр... Бұл жақтырмаған. Әсем ширатылған жез мұртын сұқ саусағымен ақырын сипай отырып, оны ала көзімен ата қараған. – Білем ғой, мәртебелі тақсыр, қазір сіздің пошта қарайтыныңызды, қолыңыздың бос емес екенін білем ғой, – деп құрақ ұша күбірлеген анау. – Мен, жалпы, уақытыңыз болғанда, киргиздің өтінішін тыңдауға ықылас білдірер ме екенсіз дегенім ғой... Жауап тоспай-ақ бір жанымен сырғып, бөлмеден тезірек кеткенше асықты. Кейінірек тағы кірді. Семейге, облыстық әскери губернатор генерал Галкин мырзаның кеңсесіне жолдануға тиісті есептің писарь тазалап, әдемілеп көшірген нұсқасын әкелген. Қибыжықтап кішкене тұрған да, ақырын кері айналған. Тамағы қанша жыбырлағанмен, манағы қозғаған мәселесін тағы көтеріп байқауға батылы бармастан-ақ, кабинеттен қайта шыққан. Оссовский оны сол жолы, көкейіндегісін түсініп тұрса да, дымын білдірмей, мысқылды жүзбен шығарып салған еді. Қушиған арқасына, мойны салбырап, бүкшең қаққан жүрісіне ішкі бірі әжуә сезіммен қарап
отыра берген. Кабинеттен дыбыссыз шығып, есікті сыртынан абайлап жапқанынша одан көзін алмаған. Сосын назарын терезеге аударды. Терезеден қысқы ақсұр аспанға, қар басқан үйлер мен ағаштарға, көшеде көтеріле бастаған жаяу борасынға ұзақ қарады. Қарай отырып, әлгі өзінің бүкшиген бас іс жүргізушісі жайында ойлады. Әрі мысқылдай, әрі разы бола ойлады... Ол, әрине, үйез бастығының алдында ғана бүкшиіп тұр. Мына кабинеттен ұзасымен оның арқасы жазылады, кеудесі қайқайды. Содан шалқақтап барып өзінің үстеліне қонжияды. Сосын өзінің жолын тосып, есік жақта отырған, қас-қабағын үнсіз бағып, мөлиген бұратанаға әлдеқандай оралымды сылтау айтады. Анаусы, әрине, маңдайы жерге тигеніне иіліп, жалынады... Сөз жоқ, туземец оның тамағына кемі бір қой тығып жіберген, – тап сондай әрекеттің күні бұрын, өзіне таңғы пошта әкелінгенге дейін жасалып қойғанына Оссовский еш күдіктенбейді. Оны бас іс жүргізушінің сөз саптауы мен кескін-келбет, жүріс-тұрысы айқайлап айтып-ақ тұр емес пе. Тым жарамсақ түрде көрінді ғой кәззап... Оязнай алаң ортасында суырыла ұйтқыған қар құйынына терезеден селсоқ қадалған беті: “Иә, біздің чиновниктеріміз Азияның осынау қиыр қуысында мүлдем жаман тұрмайды... Мүлдем жаман емес... – деп масаттана ойлады. – Қойма ғой бұл дала жабайыларының арасы. Қойма, қазына, байлық қоймасы! Кілтін тапсаң – есігін айқара ашады. Бұлардың иті де бізге пәре беруге дайын”. Тағы бір аз мезгіл жаңағы шенеунікті – үйез басқармасының іс жүргізушісін көз алдына елестетті. Оның осы кабинеттен шыққан бетте, өзін үлкен үмітпен тықырши тосып отырған бұратанаға қалай қыр көрсеткенін елестетті. Оған жалынышты боп мүләйімсіп отырған киргиздің кейпін елестетті. Қанша қыр көрсеткенімен, басқарма чиновнигі тамағынан өтіп кеткен пәрені ақтауы керек. Ендеше, ол туземдіктің өтінішін мұның алдында тағы көтеруге тырысады. Сонда бастығынан енді қандай жолдармен аудиенция сұрауы ықтимал екенін күле, қызықтай ойлады. Содан соң бәрін ойдан шығарды, мүлдем ұмытты. Облысқа ұсынатын есептік жазбаны оқуға кірісті. Іс жүргізуші өзін басқа ретпен еске салды. Рас, өзі көрінген жоқ, бірақ, орайын келтіріп, өтінішін басқа ауыз арқылы айтқызды. Көмекшісі кірді. Ол мұның алдында өзін еркін сезінетін. Алдымен есептің сапасы жайында сұрастырып, сөз арасында жұмбақ та немқұрайды үнмен: – Юрий Иванович, таң атқалы бір адам кеңседен кетер емес, – деді. Бұл да түк білмегенсіген. Самарқау түрмен немкетті сұрақ қойған: – Не керек дейді? – Сізге кіргісі келеді. – А-а-а! Алайда, менің қолым тимей жатқанын көрмеймісіз, көгершінім? – Даусын қатайта бастады. – Неге оның шаруасын сіз бітіре салмадыңыз?
Анау тосылар емес, еркінсуінен жаңылмай: – Білесіз бе, Юрий Иванович, бұл әдеттегідей киргиз емес екен, – деді, – оны, шынында, тек сіздің қабылдауыңыз ғана қанағаттандыра алады. – Неліктен бұлай ойлайсыз, көгершінім менің Лазуткин? – Себебі ол писарь, Юрий Иванович, күллі уезд бойынша болыстарда істейтін писарьлардың ішіндегі жалғыз киргиз. – Уезд бастығының көмекшісін болыстық писарь да менсінбейтін болғаннан сау ма? Көгершінім, сіздің алдыңызда болыс управителінің өзі құрдай жорғалау керек қой. Мен сіздің есіңізге облысымыздың әскери губернаторының былтырғы әкелік ақылын тағы бір мәрте салуға мәжбүр боламын. – Столының тартпасын ашып, асықпай, керек қағазын іздеді. – Мен онымен сізді таныстырған едім ғой, ұмыттыңыз ба? Сізден кейін барлық чиновниктерге оқып бергенмін. Құпия басшылыққа алынатын кеңес, жолбасшы-қағаз ретінде бәріңізге көрсеткенмін. Байқаймын, ұмытып қапсыз. Міне, есіңізге түсіріңіз. Суырмадан бір уыс құжат шығарды. Арасынан әлдебір қалың хатты суырып, көмекшісінің қолына ұстатты. Көмекші хатқа көз қиығын салар-салмастан: – Юрий Иванович, мен мұны білем, – деп, кері қайтармақ болып еді, Оссовский түсін суытып: – Ештеңе етпейді, тағы біліңіз, – деді. – Дауыстап оқыңыз, мен де тыңдайын. Хаттың өзін емес, үстіндегі парақты оқысаңыз жарайды. Сіздің борышыңызды еске салуға сол парақша – кішкене де болса сыйымды, сөзге тар, ойға кең нұсқаулық әбден жеткілікті қызмет етер деп ойлаймын. Оқыңыз. Орайы келген сәтті пайдаланып, көмекшісін азын–аулақ қуырып алғысы келген. Өткен қыстың соңын ала, көктем қылаң бере, Дала генерал-губернаторы облыстарға жергілікті халық арасында жүргізілетін істерде ұстанылмақ саясат хақында циркуляр хат жіберген болатын. Соған байланысты облыстағы әскери губернатор да циркулярға өз тарапынан мазмұнды бұрыштама – резолюция жазған екен. Соны көшірмелеп, хатпен бірге үйез бастықтарына жолдаған-ды. Онда барлық әкімшілік қызметкерлерінің – уездный начальниктерден бастап, учаске, крестьян бастықтарының, пристав, полицмейстер, урядниктердің хаттағы жетекші нұсқау-нақылдарды сөзсіз басшылыққа алып, орындауға міндеттіліктері айрықша пысықталған болатын. Оссовский жоғарыдан келген бұл құжаттарды шырт ұйқысынан жұлқып оятып сұраса – жатқа айтып бере алады. Бағынышты шенеуніктерінің де құжатқа тап өзіндей қарауын қалайды. Сондықтан да қазір айрықша қитығып қалды. Ол көмекшісінің де, бас іс жүргізушісінің де әлдебір бұратанамен, құдай біледі, не бір қойға, не бірер елтіріге сатылып ауыз жаласуларына шәк келтірмей, шекесі тырыса, қолымен столды тықылдатты. Қасақана ерегісіп, санасында сайрап тұрған бұрыштама сөздерінің мәнерлеп оқылуын талап етіп отыр. Іс жүзінде мәнерлеп... Көмекшісі ақырын үнмен жыпылдатып оқи бастап еді, тоқтатты. Дұрыстап, дауыстап, түсініп, түйсініп, тәурәт яки інжіл сөздеріндей жанын сала, сүйсіне оқуы қажеттігін ескертті. Көмекшісінің маңдайы тершіп кетті.
Оссовский басын орындығының биік арқалығына рахаттана сүйеді. Көмекшісіне отыр деп айтпады. Анау үйез бастығының дағарадай столы алдында түрегеп тұрған қалпы, қолы сәл дір-дір етіп, көзін қағаздан айырмай, әскери губернатордың бұрыштамасын қатты дауыспен оқып шықты. Жақсы оқыды. Түсін жылытпағанмен, Оссовский іштей оның оқуын солай бағалады. Өйткені ол оқуды ә дегенде даусы діріл қаға үздігіп, күллі денесімен қалтыраған қалыпта бастаса да, бірте-бірте қатайып, нық аяқтады. Оқып бола бергенінде даусы мүлдем саңқылдап кетті. Қағазының дірілдеуі де тез тоқтады. Оның қағаз бетінен оқығанын үйез бастығы іштей өз санасында жатталып қалған жолдармен салыстырып отырды: – “Со своей стороны рекомендую отнюдь не упускать из виду необходимости быть всегда на почве закона по отношению ко всем обывателям, без различия национальностей, быть всегда особо твердым в сношениях с туземцами, помня, что всегда и во всем русское имя и русские интересы должны главенствовать. В области у нас на первом плане должны быть казаки и с ними крестьяне и мещане, а на втором плане – туземцы, ибо хотя все равны, как члены одной великой семьи, но и в семье есть братья старшие и младшие. В программу вообще нашей всей служебной работы следует положить тот простой взгляд, что мы живем не в Азии, где русский элемент еще слаб и лишь начинает водворяться, а в русской области, где временно еще доживают старые азиатские обычаи и нравы, судьба коих может быть только одна: или слиться с общеимперской гражданственностью, или исчезнуть. Туземцы нас должны интересовать только как материал, из коего в близком будущем должны вырабататься русские крестьяне, хотя мусульманского вероисповедания. Поэтому их и надо ввести в дух строжайшего уважения ко всему русскому. Те из них, кто вздумает этому не подчиниться, испытают несомненно печальную судьбу: они или останутся безземельными нищими и перемрут, или Россия с ними расстанется. Все это надо иметь на уме, но без излишних разговоров на эту тему...” * --------------------------- * – “Өз тарапымнан мынаны ұсынамын: барлық тұрғындармен, ұлттарын ажыратпай, әрдайым заң негізіндегі қарым-қатынаста болу қажеттігі ешқандай да естен шығарылмасын, әрқашан және барлық жерде орыс аты мен орыс мүддесі жетекші орында тұруға тиістігін есте тұта отырып, туземдіктермен қатыс-байланыстарда әрқашан айрықша бекем болу керек. Облыста бізде бірінші орында – казактар және олармен бірге крестьяндар мен мещандар, ал екінші орында туземдіктер тұруға тиіс, өйткені, бір үлкен отбасының мүшелері ретінде бәрі тең болғанмен, алайда бір ошақ басында да ағалар мен інілер, үлкендер мен кішілер бар. Біздің жалпы барша қызмет бабындағы жұмысымыздың бағдарламасына мына қарапайым көзқарасты салған жөн: біз орыс элементі әлі де әлсіз, енді-енді ғана енгізіліп келе жатқан Азияда өмір сүріп отырған жоқпыз, біз азиялық көне ғұрыптар мен әдептер әлі де уақытша сақталып тұрған орыс облысында өмір сүріп келеміз, ал әлгілердің тағдырына тек қана бір-ақ жол қалмақ: не – жалпыимпериялық, азаматтық үлгіде сіңісіп кету, не – жойылу. Туземдіктер бізді жақын болашақта, тіпті мұсылман дініне сенетін болып қалса да, кәдімгі орыс шаруалары жасалатын материал ретінде ғана қызықтыруға тиіс. Сондықтан да оларды орыс атымен аталатынның бәріне аса қатаң құрметпен қарайтын рухта ұстау керек. Олардың бұған бағынбауды ойға алатындары бола қалса, ондайлардың қайғылы тағдыр кешеріне күмән жоқ: олар яки жер-сусыз қайыршы боп қалып, өліп таусылады, яки Россия олардан ат-құйрығын үзеді. Мұның бәрін әрдайым миыңда ұстау қажет, бірақ бұл тақырыпқа артық-ауыс әңгіме қозғай бермеген жөн...”
Міне, Юрий Иванович... мәртебелі уезд бастығы мырза... бары осы. Маған бұл рекомендациялар жақсы мәлім, жоғары мәртебелім, мен қашанда өзімді тап осы жоғарғы дәрежелі нұсқауларда айтылғандай ұстап келем... Ал мына писарь... – Немене, ол писарь? – деп, Оссовский көмекшісінің кібіртіктеген сөзін зілді үнмен үзіп жіберді. – Айрықша жаратылған, киргиз ішінде көйлегімен туған бұратана ма? Көмекшісінің әдеттегі еркінсуі сап басылған. – Юрий Иванович, мәртебелім, ол мемлекеттік маңызы бар құпия хабар айтам дейді... Күмілжіп, салмағын екі аяғына кезек ауыстырып тұр. Қолындағы қағазын столға қоюға да батпай, бір түсіріп, бір көтереді. – Әкеліңіз! – Оссовский қолын созды. – Міне, әкетайым, Юрий Иванович... – Көмекші қалбалақтап, бастығына құжатты ұстатқанша асықты. Қағазды шалт қимылмен жұлып алып тартпасына сүңгіте салды да, Оссовский қарқ-қарқ күлді. Лазуткин көзін жыпылықтатты. – Сізге күлкілі емес пе, көгершінім? Бұратана-киргиз және мемлекеттік құпия... Жарасып тұр ма сіздіңше? Иә, айтпақшы – ол неге құпиясын сізбен бөліспейді? Сенбей ме? Уезд бастығының көмекшісіне тіпті ешқандай чині жоқ туземдік те сыр айтып ашыла беруді өзінің дәрежесінен төмен көретін болғаны ма? Өткір мысқылмен аяусыз түйреді. Әуелде еркін, көңілді, өзіне өзі сенімді боп кірген көмекшісінің жүні едәуір жығылып, кәдімгідей монтиды да қалды. Қазір ойлап қараса, сонда өзінің ептеп артықтау кеткенін, бишара көмекшісін еріккеннің ермегіндей етіп тым жазықсыз илеп жібергенін іштей мойындап қояды. Қайтерсің бірақ, қоластындағы қызметкерлерін анда-санда өстіп тәрбиелеп тұрмаса тағы болмайды. Дегенмен көмекшісінің тым-тырыс зытып отырмай, соңғы мәрте тәуекелге бел буғанына, сөйтіп, үркектеп тұрып, ақырғы уәжін айтқанына Оссовский күні бүгінге дейін бек ырза. – Юрий Иванович, мәртебелі мырзам, – деген ол үрпие шегініп бара жатып. – Егер сіз қабылдамасаңыз, киргиз-писарь Семейге аттанбақ. "Губернатор тақсырдың өзіне кірем, себебі, айтпағым – уезд ғана емес, күллі облыс, тіпті Дала өлкесіндегі империя мүддесін қорғайды" деп ескерткен еді... Қайтейін? Облысқа бара бер дейін бе? Кенеттен бір болжам жайдың оғындай зу-зу етіп, миын шарлап кетті де, Оссовскийдің ширығыңқы жүйке талшықтарын тарқатып жібергендей болды. Сонда ол даусын жібітіп, көмекшісін өзіне шақырған: – Бері тақал, көгершінім Петр Алексеевич, – деген оны тіпті аты-жөнімен атап, – қайда кетіп барасың? әңгімеңді тамамдамаймысың? Сен өзі, сол киргиздің шынымен маңызды сөз айтарыңа иландың ба? Қане, айтшы? Бастығының жылы сөзі, әсіресе жақын тұтқанда ресми “сізін” тастайтын әдетімен “сен” деп сөйлеуі Петр Алексеевичті балқытып, әлгін-
дегі тұла бойын қарып жіберген аяздан кейін құдды жанрахат моншаға түскендей әсер еткен. Буын-буыны босап, жүзі албырап қоя берген. Бұрынғысынша еркін сезіну сезімі бойына қайта оралған. Қайта сергіген елгезек үнмен: – Иә, Юрий Иванович, – деген. Сосын киргиз-писарьға өз басының сенгенін айтқан, бірақ сырын алдымен өзіне аш деп қолқаламағанын, өйткені сонша маңызы зор құпияны сүйікті Юрий Ивановичтің өзі тікелей және бірден естісін деп түйгенін айтқан. Сонда: – Жарайды, мұның дұрыс, Петр Алексеевич, – деген бұл да, кеңпейілдене күліп. – Ертіп кір онда. Құпиясы мол киргиздің сайрағанын бірге тыңдайық... Дұрыс істеді. Райынан дер кезінде қайтып, келісімін дер кезінде берді. Бақтың қонғалы тұрғанын дер кезінде сезіп, дер кезінде торын жая қойды. Бұл бір көзі бадырайған, тығыршықтай, екі беті бүйрекше бұлтиған жылтыр қара жігіт екен. Жылмиып кірді. Бөркін қолына алып, бүгіліп тағзым етті. Сосын тонының өңірін ашты. Қойнынан әлдебір бүктеулі қағазды суырып, Оссовскийге ұсынды. Қазіргідей есінде, Оссовский сол қағазды жеркене ұстаған. Екі саусағының арасына қысып тұрып, әрі-бері аударыстыра, едірейе қараған. Қос беті де араб әріптерінің шимайына толған жазу екенін, әрі қағаздың майланыңқыраған түсі гектографтан шыққанын айғақтайтынын шамалап, столының үстіне тастай салған да, құлдық ұрып тұрған алдындағы бұратана писарьдың түсінігін тыңдаған. Бұл қағаз үкіметке қарсы бағытталған үндеу – кәдімгі прокламация болып шықты. Оссовскийдің шекесі дуылдап, жүрегі дүрсілдеді. Есіне сарт етіп, өзінің Түркістанда әскери қызметке жүрген шағы, әйгілі Әндижан көтерілісі түсті. Өзіміздің Түркістан, Орыс Түркістаны деп жүрген өлкеде фанатик басурмандар көтерілгелі жатыр деп тірі жан белгі бермеп еді. Ал олардың арасында тап осы қағаз секілді, барша басурманды "дінсіздерге" (күлкілі! "дінсіздерге", яғни өздерін нағыз дінге тартуға – шоқындыруға келген асыл текті орыстарға!) қарсы "қасиетті" ғазауат соғысына шығуға шақырған прокламация кең таралғаны кейін, тергеу кезінде мәлім болды... Қателік айқындалды, ол – туземдіктердің ішінде сенімді сүйеніштерінің, әр бөтен пікір хақында уақтылы хабардар етіп отыратын саққұлақ тыңшыларының болмауында жатқан. Иә! Сонау бүліктің түп-тамыры – билікке адал жансыздар жүйесін өрмекшінің торындай тоқып, бұратаналардың баскөтерерлерін түгел шырмайтындай етіп жасап алу ісіне әкімшіліктің мән бермеуінде еді ғой. Тарих қайталана жаздаған ба? Құдай сақтады! Оған осынау ойда жоқ кездейсоқтық қандай баға жетпес жәрдем берді... Ол, Қарқаралы уездный начальнигі Оссовский, киргиз прокламациясын әкімшілік үшін тұңғыш қолға түсірген лауазымды адам болып шықты. Сондықтан да әуелі Семей облыстық әскери губернаторының, одан
соң тіпті Дала генерал-губернаторының өзінің арнайы алғыстарына ие болды. Дала өлкесінде, Оссовскийдің ұсыныстарына сәйкес, қылмыстың алдын алуға бағытталған кең көлемді шаралар жүргізілді. Барлық уезд бастықтарына (мұндағы басурмандарша: оязнайларға) Оссовский үлгі ретінде дәріптеліп, мадақталды... Міне осылай болған. Абырой-беделінің күрт өсуіне бақытты кездейсоқтық осылай әсер етті. Оған да, міне, үшінші жылға аяқ басып барады... Бірақ табыстан басы айналатын адамың Оссовский емес, ол содан бергі екі жылдан астам мерзімді текке өткізген жоқ. Бұл бұратаналарыңның керемет осал жері бар. Шетінен мақтан сүйгіш, атаққа, мансапқа құмар. Сыйлық алғанды, әсіресе әлдебір ұсақ сый-бұйым–наградамен, қағаз грамотамен марапатталғанды сұмдық жақсы көреді. Және ондайлары көбіне жарамсақ, жағымпаз келеді. Арманына жеткенінше табаныңды жалауға әзір жүреді. Тайпаластарына шекесінен қарап, кеуделеріне нан пісіп жүретін осынау ақылман және атқамінер туземец-басурмандар орыс әкімшілігі дегенде құрдай жорғалайды... Жөн! Билік алдында олар өздерін солай ұстауға тиіс! Оссовский осылай қоқилана ой түйіп қойды. Құдайға шүкір, ол бұлардың осындай қасиеттерін кейінгі жылдары өз мүддесіне – ұлы орыс империясы мүддесіне! – тәп-тәуір-ақ пайдаланып келеді. Қазір туземдіктердің арасында біреу-міреу орыс чиновниктері туралы өсек айтар болса – ізінше Оссовский біліп отырады. Сол баяғы туземдік писарь Қоқымбаев бүгінде мұның қырдағы ең тұтқыр құлағы мен ең бір өткір көзі болып отыр. Сонда, прокламацияны қолына тапсырып, тәржімалап бергенде-ақ, Оссовский оған: – Мен сені өз қызметіңе қайта бекітемін, – деген. Уәдесінде тұрды. Мәселе оның жұмыстан қуылғанында болатын. Иә, волостной управитель, киргиз, бұл лауазым бұратана тілінде жәй ғана болыс деп аталады, мұның писарьлық орынын тартып алыпты. Қоқымбаевтың өз айтуынша, екеуі прокламацияға орай сөзге келіп қалған: писарь мұндай қағаздың ел аралауы заңсыз екенін айтса керек, мұны өкімет орындарына көрсету ләзім десе керек. Сонда волостной управитель писарьға: “Нашар адамсың, сен песір болмайсың, кет”, – депті. Қоқымбаев кеткен, бірақ жәй кетпей, жасырып, прокламацияның біреуін ала кеткен. Себебі, адал адам ретінде – Россияға, өзінің Отанына, бәріміздің ортақ Отанымыз Ресейге пайдасын тигізуді ойлаған. Әне, оның қандай пиғылы болды! Қоқымбаев сынды киргиз өз оязнайы алдында ағынан жарылып осылай сыр ашқан... Оссовский оның иығынан қақты. Мақтау сөзімен марапаттады. Қызметіне қайта алғызды. Ұзамай, үкіметке қарсы үгітке жол берген болыс басқарушысын жер аудартып жіберді. Орнына басқа бір жомарт кісіні сайлатты. Управительдіктен, дәулеті шағындығына қарамастан, Қоқым-
баев та дәмеленген. Құрғақ қасық ауыз жыртады, оны өзі де ұқса керек. Әрі тыңшының өз орыны болуға керек қой... Оны басқаша жолмен риза етті. Разы. Адал қызмет етіп келеді. Әрине, осынау бұратана писарьдың сондағы қызметінен айрылуы турасында айтқан аңызына Оссовский сенген жоқ. Кейінірек, ішкі пікірінің дұрыс болғанына көзі жетті де. Бұл туземец-киргиз болыстағы хат танымайтын жабайыларды алдап және қорқытып, өз пайдасына мал жинаумен шұғылданған көрінеді. Оның жымысқы, заңсыз әрекетін біліп қалған волостной управитель, яғни әлгі киргиз болысы, оны, писарь Қоқымбаевты, жоғарыда айтылғандай жолмен жазалаған. Сонда, болыстан кегін қайтарып, өш алмақ болған бұл қасқаң прокламацияны ұрлаған да, бері қарай зытқан ғой. Болыстық песір Қоқымбаевтың “Россияға адалдығы” мен “отан сүйгіштігінің” осындай астары болған, мұны уездный начальник Оссовский дәлме-дәл ұқты. Ұқты, білді, бірақ бәрібір, оны Қоқымбаевтың бетіне басқан жоқ. Өйткені оған тап осындай адамдар пайдалы. Ұсақ қылмысын қандай аспандатқан сөздермен бүркемелесе де, мейлі, өзі білсін, әйтеуір, мемлекеттік өкімет мүддесін жоқтайтын, әкімшіліктің көшпелі бұратаналарды бұғаудан шығармай, тырп еткізбестен ұстап отырудағы ісіне жәрдем ететін құл-қызметшіліктен таймаса, сөйтіп, жалпы билік кәдесіне асар кез-келген мағлұматты дер уақытында жеткізіп, қалың бұратана арасынан сөз тасып отырса – болғаны. Әрине, жалғыз Қоқымбаевқа сеніп қарап қалуға болмайды. Ақпарат жан-жақты да толық болуға керек. Ол үшін бұл жабайыларды біріне бірін айдап салып, аңдытып отыру пайдалы. Бұлар өздері де бірінің үстінен бірі арыз айтып жүргенді жақсы көреді, соны ебін тауып дамыта түсу қажет. Оссовский солай жасап жүр де. Биылғы дүрбелеңді жыл басынан бері оның туземец-жансыздары қырдан талай өсек әкелді. Солардың негізінде таяуда облыстық әскери губернатордың кеңсесіне кең көлемді ақпар түсірген. Түсіруін түсірді-ау, бірақ онысы тап осындай әрекет жасатып қалар деген ой үш ұйықтаса түсіне бір кіріп пе... Сонау Семейден Қарқаралыға, алдын ала хабар берместен, суыт жүріспен, тосыннан тосын генерал Галкиннің өзі жетіп келді... Облыстық әскери губернатордың қоңыраулатқан солқылдақ пәуескесі атты стражниктер мен урядниктердің қоршауында, жасыл желекке малынған шағын қаланы басына көтере, байырғы салтанатымен еніп, қаланың ортасындағы алаңды кесіп өтті де, үйездік басқарма кеңсесінің алдына тоқтады. Уездный начальник Оссовский бастығының келгенін сонда ғана білді. Хабар кеш тигендіктен, іштен кешігіп шыққан беті, қалбалақтап кеп, пәуескеден түскелі жатқан генералдың алдына сымдай тартылып тұра қалды. – Его превосходительство... – Жә, штабс-ротмистр... – Галкин шаршауды жүзбен қолын сермеді. – Мен сізге ойда жоқта соғып тұрмын, аз уақытқа ғана. Қане, кеңсеңізге бастаңыз...
Губернатордың жүзі сынық. Оссовскийдің көңілі пәс тартып, ойы әр саққа жүгірді. Генералды ішке ертіп әкеле жатып та, көмекшісіне аса жоғары мәртебелі мейманның тынығуы, оған қонақасы берілуі, тағы басқа ұсақ-түйек ұйымдастыру шараларының жасалуы жөнінде нұсқау-тапсырмалар беріп тұрып та, тіпті, кабинетіндегі ресми сүхбат-әңгіме тұсыңда да, әлденеден секемденген күйден құтыла алмады. Ал шынтуайтқа келгенде, Галкиннің келісінде де, пиғылында да тап осы жолы Оссовский секемденетіндей дәнеңе жоқ-тын. Жақында, барлық үйез бастықтарының соңғы баяндама-ақпарлары қолына тигеннен кейін, оларды қорытып, өз кезегінде, әскери губернатор генерал Галкин де Омбыға, Дала генерал-губернаторының кеңсесіне облыстағы ахуал жайында тиісті шолу-баяндама жөнелткен. Оның ішінен, әрине, Қарқаралы уездный начальнигінің хабары да, оғаштау көрінгендіктен, тиісінше орын алды. Әсіресе былай дегені көз алдында: “... независимо чего штабс-ротмистр Оссовский в своем рапорте доносит, что по личным его наблюдениям степь неспокойна: киргизы внимательно следят за всем происходящим в России, в степь проникают лица из соседних областей и даже из Букеевской орды, разъясняюіцие по собственному усмотрению высочайший рескрип 18-го февраля с. г. и явно неправильно толкуюіцие все правительственные распоряжения...”* Міне тап осы жерлер генерал-губернатордың кеңсесінде қызмет атқаратын офицерлердің назарын өзіне қатты аударды. Содан барып түрлі тексерісті көздейтін сұрақ жауып кетті. Дала генерал-губернаторлығының қожайыны генерал Сухотиннің өзі де бұған арнайы хат жолдады. Ол хатында облыс халқының арасында көтерілуі ықтимал толқуларды болғызбау үшін полициялық қадағалау шараларын күшейтуді тапсырды. Дала генерал-губернаторының шегелеп көрсеткен нұсқауларының ішінде мынандай алдын алу шарасы да бар болатын, жаңылыспаса, алтыншы тармақ: “поручить уездным и крестьянским начальникам совместно выяснить, в каких глухих или далеко отстоящих от уездного города поселках полезно было бы снабдить крестьян огнестрельным оружием на случай возможности возникновения враждебных действий со стороны кочевого населения”. ** --------------------------- * “... неліктен екенін, штабс-ротмистр Оссовский өз рапортында, өзінің жеке бақылауына сүйеніп, даланың мазасыз күйге енгенін хабарлайды, қазақтар Россияда болып жатқанның бәрін мұқият бағып отыр, қырға көрші облыстардан, тіпті Бөкей ордасынан әркімдер келуде, олар үстіміздегі жылғы 18-ші ақпандағы аса жоғарғы рескрипті өз қалауларынша түсіндіруде және барлық үкімет жарлықтарын көпе-көрнеу бұрыс талдаумен айналысуда...” ** “Қандай меңіреу түкпірлерде немесе үйездік қаладан шалғай жатқан поселкелерде, көшпелі халық тарапынан жаулық әрекеттердің бой көрсетуі ықтималдығына орай, шаруаларды оқ-дәрілі қарумен жабдықтаған пайдалы болар еді, осыны үйез және шаруа бастықтарына бірлесіп анықтауды тапсырыңыз. “
Міне, қызмет бабында бой көрсеткен осындай мәселелерге байланысты, Галкин шұғыл облыс аралау сапарына шығып кеткен-ді. Жағдайды өз көзімен көріп, жер-жердегі уезд бастықтарымен бірге талдауды мақұл санаған. Әскери губернатордың сауалдарына орай, Оссовский үйездегі жайкүйді мейлінше толық сипаттап берді. Бірақ оның ішіне не түйгенін біле алмай, көңілсіз ажарының сырын аша алмай дал болды. Өзі айтпаса, бәлкім, беймәлім қалпы қалар ма еді... Бірлі-жарым бұзақылықтарын санатқа қоспағанда, негізінен момақан келетін көшпенді бұратаналар осы сапар генералға ылауға ат беруден бас тартыпты. Жо-жоқ, Галкин бұл қылмыстан уезд начальнигінің бостығын көріп отырған жоқ. Ол жалпы, штабс-ротмистрге ешқандай кінә артпайды. Қайта, болған оқиға Оссовскийдің хабарын растай түседі. Ол, даусыз-дамайсыз, өз уезінің хал-ахуалын жақсы біледі, ол тыныс-тіршілік тамырын дөп басып ұстап отыр... Оссовскийдің төбесі көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Құлшынып, рұқсат сұрады. Генерал мырза жүгенсіздерді жөнге салып қайту үшін жергілікті команданы тез жасақтап аттандыруға пұрсат берсінші... – Қажеті жоқ, – деп генерал шаршаңқы қабағын төмен түсірді. – Мұндай қимыл, штабс-ротмистр, қазіргі жағдайда тек залалды болып шығуы мүмкін... Уездный начальник оны түсінді. Көшпенділерді аумалы-төкпелі боп бара жатқан мына заманда орынсыз ашындырып алмайық, абайлайық дегені. Дана генерал.... Сосын генерал Галкин шамалы демалғысы келетін ыңғай танытты. Бұл күтулі шаруа-тын, үйез бастығының құлағына көмекшісі әлгінде ғана тиісті есеп-хабарды сыбырлап баян етіп кеткен. Ләббай, тақсыр... Оссовский оны арнайы жасандырылған үйге түсірді. Қызметшілердің ізетпен лыпылдап, құрметті мейманға қажет бар жағдайды жасауға әзір тұрғанына куә болды. Сосын генералды бірер сағат қисайып жатып тынығуға қалдырды да, қайта айналып кеңсесіне келді. Келгені дұрыс болған екен, кіреберісте Қоқымбаев аяғына орағытыла кетті. Оссовский оған жылыұшырай қарап: – А, Қоқымбаев мырза, – деді сыпайы үнмен, – келіңіз, кіріңіз... Күн еңкейген мезгіл еді. Аспан шырағының жарық сәулесі Қоқымбаевтың терісі майлы, бауырсақша томпиған бет-аузына шағылысып, қызыл-қоңыр өңін нұрландыра, жылт-жылт етеді... – Мен елден түсте келіп едім, уезд бастығы мырза, кеңсеге әкелген қағаздарымды өткіздім... – Жақсы... – Әлгінде бір ұзынқұлақты естіп қалдым да, соны сізге айта кеткенді жөн көрдім... – Не тұрыс? Жүріңіз ішке... Қоқымбаевтың бұл жолғы әкелгені де көңіл аударарлық мәлімет тәрізді. Оның пайымдауынша, бір топ киргиз, беделді киргиз адамдары құпия мәжіліске жиналып жатқан секілді. Өйткені түнде ғана осында,
Қарқаралыға, басқа үйездерден, көрші облыстардан келген әлденеше кісі Ақпаев мырзаның үйінде қонақ бопты. Кейіннен оларға әлдебір майданнан оралған солдат және ана жылы Ақмола облысындағы бүлік кезінде ұсталып, сотталған, Ақпаевқа жақын жүретін біреу келіп қосылыпты... – Рахмет, Қоқымбаев мырза, құлағыңыз түрік жүрсін! Соңғы жаңалықты Оссовский Галкинге қонақасына отырар алдында айтты. Аз-кем пікірлескен соң, Оссовский Ақпаевтікіне шабарман жіберді. Ол үйінде жоқ боп шықты. Жәрмеңкеге кетіпті. – Биылғы сауда маусымы ашылғалы сіз онда болып па едіңіз? – деп сұрады Галкин. – Жоқ, генерал мырза... – Сізбен біз ендеше Қояндыдағы ахуалды көзбен көргеніміз мақұл. Әлгі мәліметті жаны бар деп қарау керек. Сондай ірі жәрмеңкелерде, сонда тігілетін ауқатты киргиз үйлерінің бірінде олар жасырын мәслихаттарын оп-оңай өткізе алады... Ертеңіне олар Қоянды жәрмеңкесін бетке алып жүріп кетті. Күн арқан бойы көтеріле, межеге де жетті. Жәрмеңкеде бұл кезде өзінің әдеттегі тіршілігі жанданып, ел сапырылысып жатқан. Қаз-қатар жайма дүкендер, жаймаларға қойылған түрлі-түсті мата, қызыл-жасыл бұйымдар. Еңді бір қанат былғарыдан тігілген аяқ киім түрлеріне толған. Аса бір сәнді жайма дүкендерде зергерлік бұйымдардан көз тұнады. Бақалшылар орналасқан қатар өзінше бір қызық әлем. Соның бәрін жағалай топырлаған ығы-жығы халық... 4. Жәрмеңкенің мал базары орналасқан аймағы кенеттен ел назарын аударып, қатты дүрлікті. Шаң-шұң айқай, у-шу шықты. Ел жиылып қалды. Уезд бастығы штабс-ротмистр Оссовский бұл кезде облыстық әскери губернатор генерал Галкиннің қасында, жәрмеңке жаймаларын тамашалап боп, пәуескеге беттеп келе жатқан. Сонадайдағы әлдебір түсініксіз гуіл, қатты-қатты шу көтерілген жаққа қарап еріксіз елең етті. Қарақұрым боп жиналған тобыр бермен қарай лықсығандай көрінді оған. Басын кегжите, көзінің қиығын тастады. Оның ығымен тілмаш та іркілді. – Штабс-ротмистр, – деді оған Галкин пәуеске үстінен, – не жағдай болғанын біліңіз. Үні қалжыраңқы, баяу естілді. Пәуескені қаумалап тұрған қазақтың игі жақсыларына назар аудармай, жұмсақ орындыққа шалқайып, тақалып келе жатқан қалың топқа немқұрайды кескінмен көз тікті. – Аса қадірменді Сергей Ефремович, сіздің пәуескені бастай берейік, – деді алтын оқалы шапан жамылған, әлгінде губернаторды күймеге қолтығынан демеп мінгізген кісі еркін үнмен. – Рұқсат етіңіз. – Асықпаңыз, Ақпаев мырза, уезд бастығы шаруасын бітірсін, тоса тұрайық. Жасауыл арасын жарып урядник келді. Тапырақтап, ентіге басып, Оссовскийге бес-алты қадам жете бере қақшиып тұра қалды:
– Мәртебелі тақсыр, – деді демін екі иінінен алып. – Әлгінде ғана бір киргиз бұзақылық қылмыс үстінде ұсталған еді... Бірақ тобыр оны абақтыға жапқызатын емес, стражниктерді қоршап алды. Бұзақыны босатуды талап етіп тұр. – Киргиз қандай бұзақылық жасады? – Қарқаралы командасының жабдықтаушысын және Сіздің ұлыңызды ғайбаттады, мәртебелі тақсыр... Көзі алақтап, сымдай тартылды. Оссовский оған қадала қарады. Үндемеді. Үн-түнсіз қалпы көзін әрмен аударды. Топ жақындай түскен. – Оязнай ғой анау, – деген дауыс та естілді. – Айту керек. – Тілмәші қайда оның? – Әне, артында тұр. Айтыңдар, жазықсыз екенін... Бірақ тілмәштің қажеті болмай шықты. Қалың тобырды ентелетпей, қарумен жасқап тұрған стражниктердің арасынан біреу жарып шықты. Европаша киінген, дөңгелек сақал-мұртты, жүзі бозарыңқы бір жас жігіт Оссовскийге қарай өтті. Нық басып кеп қарсысына тоқтады. Сосын көзіне көзін қадап тұрып: – Уезд бастығы мырза, жаңа ғана сіздің адамдар жазықсыз жанды жәбірледі, – деді ол салқын шыраймен. – Мен куә болдым. Босатуыңызды өтінемін. Бұл халық талабы. – Сіз кім боласыз? – деп ежірейді Оссовский. Сұрауын сұрағанмен, бұл арашашыны ол бірден танып еді. Бұдан бірер жұма бұрын болыстарды аралағанында, сыртынан көріп қалған. Қасында бейтаныс орыс кісісі бар-тын. Тыңшылары жиған мәліметтердің де тап осы жігіт туралы екеніне күмәнданбаған. Түр-түсі суреттегендерінен аумайды. Галкин мырзаға донесение жолдағанында да негізінен соны ойда ұстаған. Теріс үгіт жүргізуші. Бұл оған іштей “Кезбе үгітші” деген айдар таққан еді. Жүріс-тұрысы өте күдікті адам. Пәлсафашыл. Зиянды пәлсафа. Дегенмен Оссовский сұрағын дұрыс қойды. Өйткені ол бұл кезбе философтың кім екенін, қайдан екенін шын мәнінде білмейді. Бөкей ордасынан деген жобаны донесениесінде соншалықты нақты дерекке сүйенгендіктен жазды деу артықтау болар еді. Алайда кезбе философ өзін таныстыруға асықпады. – Әскери губернатор мырза, – деді ол пәуеске жаққа мойнын созып, дауысын көтеріңкіреп. – Осындағы команданың бассыздық жасап жүргеніне назарыңызды аударам. Ешбір кінәсі жоқ жанды әлгінде ғана солар соққыға жықты. – Есіңізді жиыңыз, – деп ысылдады Оссовский. – Кімге айқайлап тұрсыз? Кімге жала жаппақсыз! Кезбе философ оның ашулы ескертпесін құлағына қыстырған да жоқ. Ояз бастығы – қазақ ішінде қысқаша оязнай аталатын осынау жергілікті әскери әкімге елеусіз, бірақ жиренішті назар тастап қойды да, тап сол салқын, жек көрген көз қарасын облыс орталығы Семейден келген губернатордан айырмаған күйі, алға әнтек ұмсына, қаздиып тұра берді.
Тобыр үн-түнсіз. Шамасы олар мұны бір ауыздан жетекші деп таныған болар, не айтқанын түсінбесе де, өз мүддесі қорғалып тұрғанына сенгендіктен шығар, айтылып жатқан сөздерге тырп етпей құлақ тосып, билік өкілдері мен арашашыға жіті көз тіккен. – Орыс армиясының офицері атағына ылайықсыз қимылы үшін, жәрмеңкедегі халықтың ашу-ызасын тудырған солдафонды өзіңіз жазалап кетіңіз, әскери губернатор мырза, – деді қабағы қаршығаша түйілген Кезбе үгітші. – Және жарлығыңызды жариялаңыз – бұдан былай жазықсыз елді жәбірлегенін қойсын! Оссовскийдің езуіне мысқыл күлкі үйірілді. Галкин де оны ашық жақтырмай тыңдады. Ол мына аузынан от шапшыған сылыңғыр жігітті кеше ғана өзіне ылаулық ат бермей, тірі масқаралаған ауыл адамдарын үгіттеуші деп білді. Не далада осындай тіл мен жағына сүйенген, үкімет өкілдерін елемейтін бүлікшілдер қаптап кеткен, не – тап осының өзі... Иә, киргиз-қырғыз аталатын момын қазақтарға желік тастап, теріс пиғыл тудырып жүрген теріс үгіт иесі дәл осы... Қайдағы момын? Генерал қабағын түйді. Тоғыз жүз үшінші жылы ғана емес пе еді, үкіметке қарсы сөз айтып, топ құрып, қарулы әскерге құрықпен қарсы шауып жүргендері?.. Жоқ, дегенмен момын, жуас халық. Себебі, сонда да әкімшіліктің салған қанды қырғындарын, бар кінәні бұратаналардың өздеріне артып, өлісін өлі, тірісін тірідей жазалағандарын мойынсұна көтеріп алды емес пе... Көнбіс халық. Оны бұзатын – мына сияқты оқығандар... – Әскери команданың міндеті – тәртіп бұзушылықты болдырмау. Сіз секілді көзі ашық азаматтар парасатты сөзімен сол команданың өз парызын ойдағыдай өтеуіне жәрдемдессе керек еді, – деді Галкин байсалды кескінмен. “Көрдің бе?! ал, арыздан! ” – деген әжуәлі кескінмен оған Оссовский одырая қарады. – Губернатор мырза, өзіңіз айтып отырған оқыған азаматтар сіздердің демагогияларыңыздың артынан шын пиғылдарыңызды танып алуға қабілетті екенін ойлайтын мезгіл жеткен жоқ па? Аңқау елге цивилизаторлық жалаумен бүркемелеп, арамзалық жасағандарыңыз қашанғы ізтүзсіз, зауалсыз өте береді деп ойлайсыз? Әкімдер состиып тұрып қалды. Не қаһарын шаша алмай, не мына ділмардың аузына қақпақ қоя алмай, үн-түнсіз тынды да тұрды. Кезбе философ дауысы жер жара, жеке-дара, жалғыз саңқылдап кетті. – Сіздердің пасық та дөрекі саясаттарыңыз солдафондарыңыздың мылтығының оқпанында, мырзалар, сол себепті ешқашан халықтан қолдау таппайсыздар. Ғинуардың тоғызыншы жұлдызында Сарай алаңындағы қанды оқиға жалпақ Россияға революцияның кекті ұрығын шашты, біліп қойыңыздар мұны! Империя түгел ұрықтанды, мырзалар. Өздеріңіз табанға таптап, басыбайлы иемденген дала өлкесі де қабыл алды сол революциялық ұрықты. Біліп жүріңіздер мұны. Ұзамай сіздер Ұлы Дала бойына біткен нәрестенің бұлқынысын айқын сезінетін боласыздар. Айтпады демеңіздер, бұл солай. Біліп қойыңыздар осынау қаһарлы
шындықты! біліңіздер де қалтырай беріңіздер, ақ патшаның әміршіл құрылысының қара жалдаптары! Губернатор мен оны қоршаған ығай мен сығайға бұл сөз ашық күнгі найзағайдай әсер етті. Орысша жақсы түсінбейтіндер жалпы нобайын ұғып, бірі ырзалықпен, енді бірі шошына қараса, мүлдем түсінбейтіндер, негізінен, шу шыққан жақтан Кезбе үгітшіге ілесе келген топ, сөздің сарынынан-ақ өз мүдделеріне бола айтылып жатқанына күдіксіз сеніп, айбаттанып, жалдары күдірейе қарап тұр. Галкин сонау қарашалар тобырына түйіле көз салып, қасындағы ақсүйектерге жайбарақат бұрылды да: – Зиялы жастарыңыз халықты дүрліктіруге кіріскен бе? – деді ақырын, бірақ наразылық табы айқын аңғарылған дауыспен. – Естеріңізде болсын, мемлекеттіктің негізін мансұқтайтын мынандай сөз үшін көзі тым ашылып кеткен мына оқығандарыңызды түрмеде шірітуге тиіс боламыз. – Мәртебелі тақсыр, – деп, Қайыр сұлтан сәл бөгелді. Сосын бір жұтынды да: – Қоянды жәрмеңкесі қазір жеті жолдың торабы іспетті ғой, бұл біздің елдің адамы емес, – деді. Губернатор оған әбден шаршаған, жалыққан кескінмен бажырая бір қарады да, Оссовскийге басын бұрып: – Штабс-ротмистр, халықты тыныштандырыңыз. Ұсталған бұратана босатылып, тәртіп бұзушыларға тиісті түсінік берілсін, – деді де, сәл мүдіріп барып: – Қазіргі сәтке ескерту жарар деп ойлаймын... Жүрелік! – деп түйді. 5. Қайыр сұлтан облыс әскери губернаторы мен үйез бастығын жәрмеңкеге орай тігілген кең сарайдай он екі қанат ақ үйінде қонақ етті. Табиғаттың әсем пұшпағында жасыл кілем үстіне төңкерілген шыны кеседей болып көз тартқан ақшаңқан әдемі киіз үй маңы сол күні ерекше жайнап тұрды. Сары пүлішпен тысталған үлкен мамық жастықты шынтақтап, кеудесін көтеріңкі ұстаған генерал Галкин сырлы тостағанды аузына апарып, жұпар иісі мұрынды жарған қымыздан сүйсіне бір сімірді. Сосын әлсін-әлсін дәмін ала, түйсініп ұрттай отырып, тәртіп сақтау, бүлікке жол бермеу хақындағы нақыл сөздерді сыздықтатты. – Алдыңғы жылы ғана көшпенділердің орынсыз өрекпігенін көріп, әупірімдеп тыныштандырған сияқты едік, – деді ол. – Байқаймын, биыл да бір желігу бар сияқты. Және ең қобалжытатыны – кейбір жел әңгіме біздің ең сенімді адамдарымыз санатында жүрген сіздердің де араларыңызда жүрген тәрізді. – Ол дастарханды айнала отырған игі жақсыларға, сөзін тілмаш тәржімалап біткенше, барлай, сынай қарады. Генералдың аяқ жағын ала отырған орыс кескінді талдырмаш әскери адам әңгіме-дүкенді сөздің ара-араларындағы тыныстауларда ілесе аударып отырған-ды. Галкин қазақ атқамінерлеріне үлкен салмақ артқан сөзін бөлмей, тұтас айтып тастады да, бір-ақ дамылдады. Тілмаш үздіксіз монолог аяқталысымен, генералдың ешбір сөзін ұмыт қалдырмауға тырысып, байыппен тәржімалай бастады. Ойлана сөйлеп, сөз мақамына түпнұсқадағыдай екпін беріп отырды.
Бір сәт түгел тым-тырыс боп қалды. Сосын үй иесі Қайыр сұлтан қозғалақтады. Даусын бір кенеп алып, сабырмен: – Бұл үйде отырғандардың ешқандай еліртпе сөзге ермейтініне мен кепіл, аса мәртебелі губернатор мырза, – деді. – Біз үкімет мүддесін жақсы түсінеміз, әрі қолдан келгенше үкіметке жәрдемдесуден аянбаймыз. Есіңізге салайын, мәртебелі тақсыр, әлгінде өзіңіз ауызға алған ана жылғы бүліншілікті осы отырған зиялылардың ешбірі қолдаған жоқ. – Е, рас... Үрейіміз ұшты ғой тіпті, – деп бір гүжбан қара дәу гүр ете қалды. – Иә, солай болды, – деді тағы біреу. – Әйтсе де, Ақпаев мырза, айтыңызшы? маған жеткен деректерге қарағанда, сіздер осы жәрмеңкені пайдаланып, киргиз съезін шақырып отырғанға ұқсайсыздар ғой? – деді губернатор мәселені төтесінен қойып. Бойын түзеп, тостағанын дөңгелек үстелдің шетіне қойды. – Рұқсат сұрамай жиын жасауды қалай түсінейік? бұл тәртіп бұзушылық емес пе? Әлдекім ақырын тілін кәлимаға келтіріп жатты. – Астапыралла, – деп күбірледі манағы гүжбан қара. – О не дегеніңіз... Қайыр сұлтан саспай, губернатордың көзіне көзін түйістіре отырып, ұзақ сөйлеп жауап берді: – Аса мәртебелі тақсыр, сізге кімнің қандай мәлімет жеткізіп жүргенін, әрине, мен білмеймін. Әйткенмен, сіздің сөз саптауыңызға қарағанда, кім де болса бізді, – отырғандарды иегімен айнала мегзеді, – алдыңыздағы мына қырғыз игі жақсыларын теріс пиғылдағы адамдар етіп әспеттеген көрінеді. Бұған не айтуға болады? Сәл кідіріп, терең бір тыныстап алды. – Біріншіден, дұшпансыз емеспіз, шаруамыздың өрлегенін көре алмайтындар жеткілікті. Сондайлар түрлі әдіспен әйтеуір аяқтан бір шалып қалуды мақсат қылады. Сонысы үшін жоқтан бар етіп, жоғарыға қилы өсек тасиды, ел арасына қисынсыз өтірік қауесет тарата береді. Осыны ескерсеңіз. Тілмашқа қарады. Ол аударып болғаннан кейін: – Екіншіден, мәртебелі тақсырым, өзіңізге мәлім, менің сауда-саттық істерім жаман емес, – деді. – Байланысым дала өлкесінің шартарабына, тіпті Ресейге де кеткен. Яғни осы жәрмеңке кезінде маған жұмыс бабы бойынша келетін саудагер, алыпсатар, көпес аз болмайды. Оның салмақты шырайына қарап, тілмашқа құлақ тоса келе: “Ақылды атқамінер”, – деп ойлады Галкин. Ал Оссовский: “Сұм киргиз”, – деген ойға кетті. – Үшіншіден, Қояндының жылда 25 мамырдан 25 маусымға дейін қызу жұмыс істейтін бір ай мерзімін қазақ мереке-думанға айналдырып алған. Мұны сіз жақсы білесіз. Ел қысқы мимырт тіршіліктен кейін бір еңсесін көтеріп, ойын-сауық көруді мақсат етеді. Сол орайда қазақтың бар өнерпазы осы жерде бас қосады. Бұл – жәрмеңкенің сонау Ботов көпестің іргесін қалаған заманынан – бақандай жарты ғасырдан бергі, қанға сіңіп үлгерген ғадет. Түйіп-түйіп, баппен, ара-арасында үйде отырғандарға қостата баяндалған уәжді ұлықтар сабырмен тыңдады. Сабырмен тыңдай келе, осында өнер
мерекесін өткізудің әдетке айналғаны жөнінде айтылғанда – екеуі де бас изесті. Галкин, тіпті, сәл күлімсіреп, былай деп қыстырыла сөйлеп қойды: – Бұл маған мәлім, Ақпаев мырза, жақсы мәлім. Сіз маған әлденеше рет, жыл сайын деуге болады, түрлі думангерлер өнерін тамашалатқансыз, биыл да сондай қызық ұйымдастырарсыз деп ойлаймын... Ақпаев оның тілегіне іле жауап берді, бірақ негізгі ой желісін жоғалтқан жоқ. – Әлбетте, жоғары мәртебелім... Жәрмеңкенің ән-күй, жыр отауларын кызықтауға да халық жарлы-жақыбайына шейін әр тұстан ат сабылтып келеді. Іштерінде, әрине, мені құрмет тұтып, сәлем беруге ниеттенетіндері де кездесер. Мен және осы отырған елдің белді кісілері тіккен үйлерден жылда мейман үзілмей, асып-тасып жататын, биыл да кенде болмас. Ендеше оны қалай сияз демекпіз? Қандай тәртіп бұзушылыққа жатпақ ол? “Бас ұлықтың күдігі тағы қалай қылт етер екен? ” дегендей, игі жақсы, атқамінер бұратаналар түгелімен демдерін іштеріне алған. Галкин бәріне тесіле көз сап шықты. – Қисынды әңгімелейсіз, тек сол түрлі ретпен келгендер сіздің мейманжай үйіңізді үкіметке қарсы үндеу тарататын орын етіп алмаса болғаны... – деді жайымен. – Мырзалар, бұл менің бәріңізге айтар ескертпем... Мырзалар бастарын шайқап, адалдықтарын әр жерден аз сөзбен сездіріп жатты. – Құдай сақтасын, – деп бастады бәрі үшін айтар түйінін Ақпаев мырза. – Мәртебелі тақсыр губернатор, игі жақсылар дастарханда бас қосқанда, әдетте, ел ішінің жай-күйі тілге тиек болмай қалмайды, бұл рас. Бірақ патша ағзамның тәртібіне қарсы тұру турасында сөз қозғауды айта көрмеңіз. Мен сізді бұған ақ дастарханымның үстінде нан ұстап отырып сендірейін: осы жердегі әңгіме-дүкен, кеңес біткен тек қана үкіметтің рұқсат еткен ауқымында ғана жүреді. Ертең жәрмеңке тарап, қонақтарым аттанысымен, сіздің құзырыңызға өзім арнайы барып, күллі болып өткен кеңесмәжілістің мазмұнын егжей-тегжейлі баяндап беруді мойныма алам. Мына түрі орыстан аумайтын әлде татар, әлде башқұрт аудармашы, өзі бұл қызметіне жақында келген болу керек, бір иманды жан екен. Соншалықты келістіре тәржімалағаны анық. Ұлықтар өздерімен тура қазақша сөйлесіп отырғандай, бәрін дәлме-дәл түсінгендей көрінді. Сонымен, жайсыздау әңгімеге нүкте қойылғандай болды. Одан соң ел арасының, жәрмеңкенің суреттерін көңілді түрде елестетіп отыратын әзіл-оспақ, жеңіл әңгіме-сұхбат айтылған. Сондай күймен ортаға мүше-мүшесімен астау-астау болып ет келген. Оны бәрі де серпіліңкі, жақсы көңілмен орталасқан. Қол жуып, ақшаңқан орамалмен сүртініп отырғанда, оязнай Оссовский кенет, мана ұмыт болған нәрсені қайта көңірсітті. – Бәрі жақсы-ау, сұлтан мырза, сіз тек, күтіп жүрген қонақтарыңыздың бір парасын бүгіп қалдыңыз ғой, оныңыз қалай? Көзін сығырайта қарады.
– Астапыралла! – Акпаев жағасын ұстады. – Неге мені күнәкәр қыласыз, бастық мырза? Айтып өлтіріңіз? Атқамінерлер қайтадан қобалжып, жыбыр-жыбыр етісті. Ақпаев шын мәнінде айран-асыр боп, басын шайқай берді. Оның бетжүзінен де, сөзінен де еш жасандылық нышанын аңдай алмаған губернатор Галкин сұраулы кескінін үйез бастығына бұрды. Сәл езу тартып, бір сәт қазақтар жағына шыққандай түрмен: – Штабс-ротмистр мырза қалжыңдай ма? – деді. Штабс-ротмистр мырза қалжыңсыз сөйлеп тұр-ау алайда... Әлгіндегі мәз-мейрам көңілдері су сепкендей басылған көпшілік ұлықтарға қайтадан шошына көз тікті. Галкинге кешірім өтінгендей жүзбен қарап алды да, Оссовский: – Оқымысты қазақтар ше? Әлде сіз оларды шақырған жоқпысыз? – деп өп-өтірік күлді. Бұл Галкин естімеген, Оссовскийге кеше Қоқымбаев жеткізген соңғы деректердің бірі-тін. – Уһ, – сұлтан жадырап қоя берді, – еһе-һе, – жеңілдене күліп алды, – бастық мырза, ел құлағы елу деген осы! Маған, шынында, Омбыдағы ұлымнан кеше ғана хабар тиген-тін. Ол маған жәрмеңке қызығын тамашалауға жолдастарыммен барам деп сәлем айтыпты. Жаңа осында кірерде байқаған боларсыздар, таяқ тастам жерде бір топ әйел шаңыраққа уық шаншып тұрған еді ғой? Сол үйді бүгін арнайы тіккізіп жатырмын, Омбыдағы баламның сәлеміне орай көтермекпін. Жастарға да демалуларына жағдай керек, алыс жолдан келеді... Аспай-саспай, кіші ұлық тақпақ болған айыпты, естіген бетте, жоққа шығара салды. Оссовский күлкісін жиып алды. Үндемей, тырсиып қалды. – Сонымен бұны да бұрмаланған мәлімет деңіз? – Уезд бастығына губернатор арашаға келді. Ақпаев тік жауаптан қашып, орағыта жөнелді. – Генерал мырза, қазақ ешқашан қонақтан қашпайды, бұл өзіңізге мәлім... Мен ол жастарды шақырған жоқпын, бірақ келеді екен, әрі оларды менің өз ұлым ертіп келеді екен, – ендеше бәрі түгелдей менің де қадірлі мейманым. Ана жылы өзіңізге құлаққағыс еткен едім ғой, – менің балам ұлы мәртебелі император ағзамның қасиетті Петрбордағы университетін тамамдаған. Бүгіңде Омбыдағы округтік сот палатасында қызмет етіп жүр. Жолдастары да өзі секілді оқығандар. Баршасы да мына өзіңіздің тілмәш құралпы жас жігіттер болуға керек. Шетінен үкімет қызметіндегі азаматтар ғой деп ойлаймын. Аударма жасалып болғанша ұлықтан көз алмады. Сосын келмек меймандарын тағы да былай деп үстемелей ақтады: – Жоғары мәртебелі мырза, егер кездессеңіз – олар сізге сөз жоқ ұнаған болар еді. Өйткені сол балалардың бәрінің де үкімет сеніміне кірген оқымыстылар екенін көрер едіңіз. Олардың империя мүддесін әбден жақсы түсінген, ақ патшаның дала өлкесіндегі сүйеніші болатын зиялы
жастар екеніне күмәнім жоқ. Тақсыр, біздің халық балаларының Расея астанасында жоғары білім алғаны үшін кімге борыштар екенін ешқашан ұмытпайды. Бұлт сейілді, күн қайта жадырады. Үлкен ұлық шын ықыласын білдірді. – Жақсы, жақсы. Әрине, мен сізге әрдайым арқа сүйеймін. Сіздің ыстық ниетіңіз мені әрқашан қуантады... Кіші ұлық та қарап қалмады. – Ақпаев мырза біздің үйездің көркі ғой, Сергей Ефремович. Оны барша киргиз қадыр тұтады... Сергей Ефремович қанағаттанған үнмен: – Демек Ақпаев мырзаны Ұлы Россияның да адал қызметшісі деңіз. Бірлесіп жұмыс істеңіздер, мырзалар, – деді. Ақпаев мырза разы, басын изеді. – Губернатор мырза, сіздің келу құрметіңізге аздап өнер көрсету үшін жиналған бірер әнші, күйшіміз бар, соларды үйге шақыруға рұқсат етіңіз? – Ондай ләззатқа неге рұқсат етпеске? Шақыртыңыз! Қайыр сұлтан жүзін есікке бұрды. Мырзасының белгісін тосып отырған босағадағы бір жігіт сыртқа ыта жөнелді. Үшінші тарау 1. Нөкерлері мол, сән-салтанатқа малынған күйме, пәуескелер жәрмеңке аймағынан шығуға бет алысымен, полиция қызметкерлері жиылып қалған көпшілікті таратуға кіріскен-ді. Оларға әлгінде ғана тиісті нұсқау берілген болатын. Бағана үйез бастығының алдында абдырап тұрған урядник енді, оның тұп-тура өзінен жауапты тапсырма алысымен, еңсесін көтеріп, жалын күдірейтіп шыға келген. Соңындағы әмірін тосқан серіктерін тездетіп тобыр алдына жіберді. Сосын айналасына кәрлене қарап: – Шуламаңдар! Тәртіп сақтаңдар! Сауда жасаушылар, алармандар, орын-орындарыңа барыңдар! – деп ақырды. – Ойын бітті, қайтыңдар! – Қане, тарқаңдар! – Кетіңдер! – деген сөздермен оны стражниктер қостап, халықты жасқауға, иірілтпей, тезірек қуып жіберуге тырысып жүр. Әркім-әркім беймәлім үмітпен бағанағы арашашыға көз тастап қояды. Дөкей ұлықтардың өзінің аузын жапқан айбынды жігіт мына шәуілдеген шибөріге әлдеқандай қайрат көрсетпес пе екен? Тілектері қабыл болған тәрізді... Кезбе үгітші жұпыны шапанды, келте бешпентті момын бір топқа тап-тап берген урядниктің желке тұсынан тақалып: – Өкімет өкілі мырза! – деп дауыстады. – Бері қараңыз! Қуанып кеткен кішкене мыртық шал тоқтай қалып: – Әй, артыңа бұрыл! – деді.
Ол урядниктің айқайы мен ішіп-жеп баратқан қанталаған көзінен ығып, көппен бірге шегіншектей бастаған еді. Табан астында бойына қуат құйылды. Қолын көтеріп, сұқ саусағымен әкімді көзге шұқығандай етіп, иығынан асыра мезгеді: – Қарасайшы! Саған сөйлеп тұр! Жұрт ду күлді. – Өй, қайтеді... – Бар бол, қартым! – Сөйтіп бетін қайтарып қойшы кәпірдің... Өңмеңдеген урядникті мына жарбиған жаман шал мес қарнынан тіреп тоқтатқаңдай, мәз болысты. Түсінбесе де, өзіне жақпас сөздер айтылып жатқанын аңдаған урядник семіз бет-аузы түтіге, көзі шатынап: – Молчать! – деп, тамағын жырта айқайлады. Сосын өзінің жалпақ белдігінен шап беріп ұстай алды да, ауыр денесімен жеңіл қозғалып, Кезбе үгітшіге жалт қарады. Анау оған жеркене көз тігіп: – Вольно, – деді жайымен. – Енді мына әкіреңдеген өз адамдарыңызды түгел ертіп, бұл арадан тайыңыз. – Қалай? – Урядник өз құлағына өзі сенбеді. – Тез тайғаныңыз жөн! Естимісіз? Урядник әлі де естігеніне сенер-сенбесін білмей, қалшиып қатып тұрған қалпы: – Немене? – деп тағы сұрады. Сонда Кезбе үгітші қан-сөлсіз ашаң жүзі сұстанып, жайбарақат дауыспен: – Мен сізге жәрмеңкенің тыныштығын бұзбауды ұсынамын, – деді.– Соған байланысты өзіңіз бас болып, барлық полиция қызметкерлерінің ел көзінен кетуін өтінемін. Еңді түсінікті ме? Урядниктің көзі шарасынан шығып бара жатты. Тұтығып, не айтарын білмеді. Аттылы-жаяулы халық арасынан: – Не дейді? Не айтып жатыр? – деген сөздер естілді. – Тәржімалап жіберші тіл білетінің... – Әлгі тілмаш бала қайда? – Түйелі кісі аспаннан төмен иіліп, әлдекімді жаяулар ішінен күн сала іздейді. – Е, міне... Ей, қалқам, сен бізге айтып тұр ананың сөзін... Ел сыбыр-күбірмен екеуін қаумалай бастады. Ақыры урядник есін жиып алды. Кезбе үгітшіге түйіле қарап: – Сіз бүлікшілсіз! – деді. – Сіз бұратаналар тобырына үкіметке қарсы сөз үйретіп жүрсіз! – Қазір мен сізге бүлікті болдырмаудың жолын үйретіп тұрмын, – деді Кезбе үгітші беймарал, сыпайы сөйлеп. – Мен айтқандай істесеңіз – үлкен ретсіздіктің алдын аласыз. Салқынқандылықпен қолын кеудесіне айқастырып, урядниктің едірейген мұртына менмен көз тастады. Анау екіленіп кетті. Ауызды жаба қобыраған едірең мұрты жыбырлап қоя берді:
– Мен сізді тұтқындаймын! – деп зіркілдеді. – Маған сондай бұйрық берілген! – Сонадайдағы полицейді шақырды. – Қарауыл! Түсінгендердің аудармасын біріне бірі шапшаң жеткізіп, жұрт тіксініп қалған еді. Артынша: – Әттеген-ай! Осы бір маңызды бұйрықты орындауға сіздің тап қазір шамаңыз жетер ме екен? Асылы, аптықпағаныңыз жөн, – деген, түк сасу, абыржу белгісі жоқ жауапты естігеннен кейін, жеңілденіп сала берді. Талтайып, жуан қарнына байлаған белдіктен қос қолдап ұстап, екі бүйірден жоғары тарта, қызыл жолақты шалбарын көтеріп тұрған сұсты урядник енді қаһарлы емес, күлкілі көрінген. Қара халық оны ашық менсінбеуге айналды. Мазақтаған одағай сөздер шығып қалды.. Маңайындағы киргиз-бұратаналар қарасының көбейе түскенін урядниктің өзі де жақсылыққа жорымаған. Олардың өзара не тілдескенін естігенмен, түсінбеген, бірақ көп ұзамай, сарынынан әлдеқандай зіл мен зәрді де, әжуәні де айқын сезген. Сөйтсе де, қызмет бабының буы өзін Кезбе үгітшінің алдында асқақ ұстауға итермеледі. Әлгінде күш көрсету, әзірге сөз жүзінде күш көрсету әрекетін ойланбай-ақ білдірген. Бірақ, мына тобыр тұрғанда, оны қамай алмайтынын өзі де сезеді. Қоянды түгіл, Қарқаралы түгіл, күллі облыс қожайынының алдында тілін тартпаған бұл жүгенсіз ділмәрдің әуселесін ол әлі көрер бәлем. Тек сәл кейін. Сәл кейін... Түнерген қаһарлы топ үн-түнсіз ентелеп, Кезбе үгітшімен екеуінің арасына сыналап ене берді. – Что за безобразие? Бұл неткен бассыздық? Әңгімеге неге кедергі жасайсыңдар? – деді урядник, лезде тұмсығының алдынан құрыла салған қалың адам-қабырғадан сескене шегініп. – Тәртіп, мырзалар, тәртіп!.. Даусы бейшара күйге түсіп бара жатты. – Мынауың үнін өшірер емес қой-ей? – деп, біреу күліп жіберді. – Не айтып барады өзі? Әй, тіл білетінің несіне аянасың, естіртсеңші бәрімізге! – Е, бұнда не жартымды сөз бар, тәртіп сақта дейді... – А-а... Өзі емес пе тәртіпті бұзып тұрған? Ал кәнеки! Топ ортасындағы әлдебір денелі жігіт бар даусымен: – Әуп! – деді де, алдыңғы жағында ығы-жығы ентелесіп тұрған кісілерді екі құшағына сыйғанша орап, итеріп қалды. Адам-қабырға урядникке қарай лықсып кетті. Құдды жылдамдата тасыған таудай толқын. Тұтаса жылжыды. Жан-жағынан қысып, құласа, таптап кетердей болып, төніп келеді. Ол шегінгенді қойып, тез кері айналды да, домалана қашты. Артынан ешкім қуған жоқ. Бәрі қайырылып, Кезбе үгітшінің жанына үйірілді. – Алла разы болсын, айналайын, өзіңді арқа тұтып бір желпініп қалдық қой, – деді мыртық шал. Қасында тұрған, қамзолын жалаң етіне, тақиясын көзіне түсіре киген еңгезердей кісі кеңк-кеңк күлді. Күлкісін үзіп:
– Желпінгенде де желіп кеттіңіз-ау! Өкіметке қарсы шаптыңыз-ау! – деген мадақ сөздермен қарттың иығынан қақты. – Ананы қараңдар, – деп, біреу разы үнмен айқайлап жіберді, – мыналарың, шетінен судан шыққан сүліктей боп, сүмірейіп қалыпты ғой?! Бәрі сілтенген жаққа жалт қарады. Сонадай жерде урядник өз кебін киген кіші шенді полицейлермен бас қосып тұрған. Ұсқындарынан ежелгі айбар сезілмейді. Тіпті бері қарауға жасқанғандай. Көзбе-көз жылыстап, әрмен қарай жүрді. Халық қаһарынан сескенген стражник біткен урядниктің соңынан шұбырып, жәрмеңкенің орталығына бастайтын жолмен кете барды. Екі қолын кеудесіне айқастырып қойған қалпы, айналасын үнсіз бақылап тұрған Кезбе үгітші: – Міне бұлар уақытша жеңілді, – деді баяу, ойлана сөйлеп. Көпшілікке емес, өзіне-өзі сөйлегендей-тін. Бірақ тақау тұрғандар да, сөзін былайғы құлағы шалғандар да тез қасына шоғырланып, аузына қарады. Одан үлкен әңгіме тосқандай, дымдарын шығармайды. Бірақ анау үндемеді. Ақыры біреудің оған айран-асыр көңілмен қойған сұрағы естілді. – Уақытша? Сонда олар қазір әскер алып келе ме? Халық ішінде Қайыңбай да бар болатын. Шоқша сақалы шошиып, елдің арт жағында мойнын соза жағалап жүрді де, бір қапталдан адамдар арасымен сыналай жылжып кірді. Әңгімеші жігіттің айтқаны анық естілетіндей жерге тақала алды. Түрін де жақыннан анық көрді. Бетінен қаны қашқан, аппақ қағаздай жан екен. Боп-боз болған жұқа өңі саулығын жоғалтқандығын көрсеткенмен, сөзі ірі, түйеден түскендей, сұмдық ерен. Булығып жатқан, әлгі ертегілердегі шөлмекке тығылған жын секілді, бұрқ ете түсуге әзір әлдеқандай күш-қуатты танытып тұр ма қалай... Міне не деді: – ... қалт-құлт еткен патша тағын қаттырақ шайқап, біржолата құлатқанда ғана түбегейлі жеңіске жетуге болады... Қайыңбай қайран қалды. Осыған ұқсас пікірді ол Ерекеңнің де айтқанын естіген. Ойпырмоу, бұлар несіне сеніп олай дейді? Айтпақшы, Ордағазының ауылында бұлардан бұрынырақ болып кеткен бала осы емес пе екен? Түр-түсі де, сөз саптауы да сондағылардың аузындағыдай... – Ресейде жұмыскер қауымның мүддесін көздейтін ұйым бар. Сол ұйымның, сол партияның түйген ойы мынау, бұл – социал-демократиялық ойдың қазіргі жеткен шырқау шыңы, тыңдаңыздар: халықты аяққолын матаған бұғаудан құтқару үшін, бірінші кезекте самодержавиені жою керек! Патша мен оның жексұрын үкіметі басшылықтан аласталғанда, өкіметтің жер-жердегі жаңағы урядник, полицейскийлер секілді сақшы, қызметші төбеттері үрулерін доғарып, адал адамдарды әй-шәй жоқ қаба берулерін тоқтатқанда, ескі аппарат түгелдей таратылғаңда, орнына елді басқаруға халықтың өзі келгенде – ағайын, сіз бен біз шын мәнінде еркін тыныстайтын боламыз! Әр сөзіне екпін қоя сөйлеп, даусын көтере аяқтап еді, демі жетіңкіремей шаршап қалды ма, булығып, үстін-үстін жөтелді. Кайыңбай оның аяқ астынан қысып кеткен тық-тық жөтелді тоқтата алмай, беторамал-
мен аузын басып еңкейе түскен тұлғасына алдында тұрған адамның иығынан мойнын асыра сығалады. Шын жаны аши қарады. Бишара балаай, науқас екен-ау... Боп-боз келбеттен көз алмастан, көңілсіз ой түйіп тұра берді. Айналасындағылардың әлгіндей сөзге таңданыстары мен кейбіреулердің қысқа пікір білдірулері назарынан қағыс қалды. Есесіне, жөтелі басылған Кезбе үгітші жасаураған көзін сүртіп, бойын түзегенде: – Қалқам, ел ішінде сен Петрборда адам қырғыны болды деген хабар айтыпсың, ол не өзі? – деп айқайлап сұрады. Жұрт тына қалды. Кезбе үгітші жүзін Қайыңбайға бұрды. Топ арасында өңешін созып, айқайға басып тұрған қайыстай қатқан қара шалды көріп, білінер-білінбес күлімсірегендей болды. – Ә, иә-ә, айтып ем, – деп бір тоқтады. Қайыңбай оның бет-жүзіндегі тағы бір өзгерісті таңырқай бағдарлады. Бағана ұзақ та арқалана сөйлегенінде қос жанары қос шырақтай жанып тұрған тәрізді еді, енді сол екі жарық шам мүлдем сөнуге бет алған сипатта – көмескі, әрсіз, тура бір жаны жаһаннамға кеткен қойдың көзіндей өлімсірейді. "Әй, кесірлі дертке ұрынған баласың-ау", – деп жаны түршіге ойлады Қайыңбай. Алайда кешікпей-ақ, сонау ауру баланың кескіні, өзі қойған сауалға орай сөйлей бастағанында, жылдам жанданып шыға келгенін аңғарды. Тықылдаған қу жөтел нұрын тайдырған жанары қайта жарқырады. Бұл жігіттің өмірін маздатып жағып тұрған отын – ішкі әлемі екен, жұртқа жаймақ пікірі екен... Империяның алыс астанасындағы шетін оқиғаны білмекке талап қылған осынау момын жұртқа ол Қанды жексенбі туралы толық әңгімелеп берді. Тұрмысы әбден күйзелген жұмысшылар туралы айтты. Олардың ақ патша атына өтініш түрінде арнайы талапнама-хат жазып, жиналыстарында талқылағанын, шаһарда тұрып жұмыс қылатын ондаған мың адамның оған қол қойғанын, сосын бәрінің сонау тілек-ғарызнамаларын патша ағзамға өз қолдарымен тапсыруға ниет қылғандарын айтты. Қаңтардың тоғызы күнгі аязда, алып шаһар Петрбордың тоғыз жерінен сап құрып, жұмысшылардың қала ортасындағы Сарай алаңына қарай беттегенін айтты. Шеруге шыққандардың мерекелі көңіл-күйде болғанын, саптың алдындағылардың үш түсті жолақ ту мен патшаның үлкен суретін, сосын, әрине, діни ғибадат-бейнелерді көтергенін, күллі халық қосылып елдік, азаматтық ән шырқап жүргенін әңгімеледі. Көше-көшемен ағылған шеруді атты полиция жасақтары бастап жүргенін, мұның өзінің соншалықты бір тәртіптілікті көрсететіндей әдемі көрініс болғанын айтты. Көпірлердің жиектерінде, алаң айналасында лық тола әскер тұрғанын, сап түзеген соншама мол әскерилерді көргенде, жұмысшылар: "Солдаттар тәртіп пен реттілікті сақтау үшін қойылған", – деп ойлағанын, тіпті, шерулері үстінде: "Ура, солдаттар!" – деп сәлем жолдап жүргенін айтты. Сосын құрқол, бейбіт мақсатпен алаңға шыққан, ақ, әділ, құдайдан бір кем көрмейтін патшасына жалынышты тілегін тікелей тапсырмаққа әкеле жатқан жаяу адамдарды атты казактардың қылышпен қалай
шапқанын, сапта тұрған солдаттардың қаз-қатар мылтық кезеніп, қарусыз жандарды қалай атқылағанын әңгімеледі. – Үкімет сол Қанды жексенбіде тек қана көшеге шеру құрып шығып, алаңға барғандарды атты десек – аз айтқанымыз, – деді Кезбе үгітші дауысын көтеріп. – Үкімет Сарай алаңында үш мың адамның өзін атқылап өлтіріп қана қойған жоқ, сол қылмысымен империядағы миллиондаған жанның патшаға деген аңғал, аңқау иланым, сенімін қоса өлтірді... Қайыңбай одан көз айырмады. Сүйсіне тыңдап, сүйіне ой толғады. Сөз саптасын-ай, мына баланың! Жүректен алады ғой, пәтшағар... – Бұл күн жұмыскерлер үшін төңкеріс жолына түсудің бастауына айналды! Мұнысы не дегені? Төңкеріс жолы деп – ақ патшаны тақтан төңкеруге шақырып тұрғаннан сау ма? Астапыралла! Бірақ, алла қаласа – бәрі ықтимал... Қайыңбай іштей ой жарыстыра отырып, оны ынтыға тыңдады. Кешегі кеште айтылған Степан мен Ерекеңнің пайымымен бір үндестік бары хақ. – Егер біз соларға тілектес болсақ, қажеттілік туған күндерде солардың қатарынан табылсақ – самодержавие неге жойылмасын! – Ал жойылсын, одан әрі не болмақ? – деп сұрады тері қамзолды дәу. – Теңдік, бостандық туады! – деп іле жауап қатты Кезбе үгітші. – Ағайын, жалпақ Ресейді мекендеген сан ұлт пен ұлыс революцияның, төңкерістің отын маздатып жатыр! Орыстың өзі бастап, барша халық оянуда! Біз де қарап қалмайық! жетер осынша ұйықтағанымыз, сергиік! еркіндік алғысы келетін жұрттан қалыспайық! Төпей төккен ұрандарын аяқтай бере, жөтел қысты білем, тағы да еңкейіп, аузын орамалмен басты. Ел уілдесіп кетті. Әркім әртүрлі ой-пікір білдірді, әрнені сұрады. Едәуір мезгіл у-ду кеңес құрды, тәжікелесті. Ақыры, екеу-үшеуден бөлініп, естігендерін өзара талқыға салуға көшті, сосын біртіндеп тарай бастады. Комақтырақ топ ортаға Кезбе үгітшіні алып бара жатты. 2. Жәрмеңкенің мал базары басталар ауызында әлгіндегі елді дүрліктірген шудың бас айыпкері қимылсыз жатып қалған-ды. Қолын қайырып, итше тепкілеп, сүйретіп келе жатқан жасауылдар оны сол жерге тастай салған да, ұлықтар аттанысымен, жөндеріне кете барған. Өздері "қылмысы үшін тұтқындаған бұзақыны" босатқан түрлері. Жөндеріне кете бара, бірі кері қайрылып: – Повезло тебе, – деген де, онсыз да былқ-сылқ боп тіршілік белгісін байқатпай жатқан жігітті ауыр керзі етікпен бастан теуіп өткен болатын. Көріп тұрған көпшілік ішінен әлдекім шар ете түскен. Енді бірі ұстамды үнмен: – Айуан-ай, – деп, шошынғанын білдірген. Сонда әлгі әпербақан:
– Әттең, бұйрық болмағанда, – деген сөздермен оларға одырая қарап, кіжінген де, жүгіре басып кете барған. Әріректегі қалың топты қуып жібермекке әлектеніп жүрген стражниктерге қарай беттеген, лезде-ақ әріптестеріне қосымша күш ретінде қосылған. Ал соққыға жығылған жігіт бетімен жер сүзген қалпы жатыр, тырп етер емес. Шөбі аяқпен әбден тапталып, топырағы шыққан жол үстінде қимылсыз қалған. Басын көтеріп бәйек болғандардың бірі: – Әйтеуір кірпігі қимылдайды, – деді. – Жауыздар... Үш-төрт адам жан-жағынан жабыла, абайлай көтеріп, оны шөбі таза алаңқайға апарысты. Астына біреу иығындағы шапанын төседі. Әлдекім өзеннен жанторсықпен су әкелді. Бір жігіт тізерлеп отыра қалып, жарақат алғанның бет-аузының қанын жуды, шекесіндегі жарықты тазалады. Кезбе үгітшінің мәжілісі тарқап, мал базарына беттеген ел қатарлы Қайыңбай да осында келген-ді. Топ әңгіме-дүкенін үзбей, ортаңғы жолмен ілгерілей берген. Ал бұл шеткеріректе күйбеңдегендер жағына бұрылған. Жәй ғана әуестік жетегімен. Ол бері жағалағанда, жаралы есін едәуір жиып қалған еді. Кеудесін көтеріп, құтқарушыларына қарауға, бірлі-жарым тіл қатуға жараған халде болатын. Сол сәтіне кез келген Қайыңбай: – Төлегенбісің, қалқам? – деп, оған сонадайдан ұмтыла берді. Емпеңдей басып кеп тізесіне сылқ отыра кетті де, төске төс қағыстырды. – Ойпырмай, не жазып қап ең сен соларға? – Е, Қайың қария, – деп күрсінді Төлеген. Көзіне жас үйірілді. – Осылай болды жазу... Болған оқиғаны бес-алты ауыз сөзбен ғана, қысқа қайырып айтты... Шатақ ойда жоқта бұрқ еткен. Бар пәле мал сатып тұрған Төлегеннің бір-екі әскери адаммен келісе алмай қалғанынан туған еді. Қатардағы, әдеттегі оқиғалар санағында есептелетін ұсақ жәйттің ірі бұлқынысқа себеп болуын, яғни Төлегеннің әскерді ашындырардай сонша қатты ширығуының мәнісін түсіну үшін оның өмір жолын аздап білген артықтық етпес. Шамалы шолу жасайық. Тағдыр соққысын әсіресе соңғы екі-үш жылда ол көп тартқан болатын. Батырбайды атып тастағандары өз алдына, бүлікшілерді басқарған адамның отбасы ретінде, әкімдер нақты жағдайды елеп-ескерместен, қаралы үйді тәртіпсіздік туғызушы деп айыптаған. Жазасына ауыр салық салған. Сол салықты өтеу үшін, марқұм Батырбайдың ошағындағылар бар жиған-тергендерін жіпке тізгендей қып өкіметке өткізген-ді. Жетпегенін жақын туыстарынан жиып берген. Сөйтіп, осыған дейін азын-аулақ шаруашылықты тап-тұйнақтай етіп бірге ұстап, маңдайға біткен ірі қара, ұсақ тұяқтарын өсіріп-өндіріп, әжеттерін өтеп отырған ағайынды жігіттер таяқ ұстап, түксіз қалған. Амалсыздан, тоз-тоз боп бөлінуге мәжбүр болған. Одан әрі күн көру, реті келсе, тіршіліктерін түзеу мақсатында. Қос жігіт ақылдаса келе, Өтемісті, ең кіші інілерін, жеке жіберуге ұйғарды. Там-тұмдап болса да орысша-қазақша сауаты барлығын, әрі соқа
бас, ошаққа байланбаған бойдақтығын ескеріп, приказчик Қонысқа қолбалалыққа жалданғанын орынды көрді. Іс үйрену үшін. Бәлкім, одан әрі өз жолын тауып шығар. Бәрінің үлкені Өтеген кенішке кетті. Нілді тауын тесіп, мыс тас қазып жатқандардың қатарына барды. Жер астындағы қол жұмысына түсті. Таудың бір бүйірінен ойып қазып, жер үй салып алды. Сонда бала-шағасымен көшіп кетті. Ал ортаншы ұл Төлеген жұтаған дәулеттен сақталған, оған мына жағдайға орай қайын атасы қосып берген бірлі-жарым қой-ешкімен жан бағып, қара шаңырақты ұстап қалған еді. Әкесіз, аға-інісіз өткен екі жылда Төлеген өмір қатыгездігінің небір түрін бастан кешті. Талай құқайды ол шаруа бастықтарынан көрді. Жер өлшеушілер суы мол, шөбі шүйгін жер біткеннен мұны қуа берді. Бәрі қазынаның жері, бәрі алыстан келуге тиіс мұғажыр-шаруалар қоныстанатын жер көрінеді. Бұратанаға, әсіресе күні кеше елде бүлік шығарған бұратана жетекшісі Батырбай Өмірбековтің ұрпағына қазынаның жерін, әсіресе мына Қарасай бұлағының маңы секілді шұрайлы жерді мекен ету айтуға болмайтын күнә көрінеді... Сондай қуғын тіршілікте жүріп, қыр аралаған алыпсатарға тап келген. Сорына тап келген. Өйткені, содан былтыр көктемде несиеге алған кездеме, қант-шайдың құнын қайтару қажеттігі туған еді. Ал ол, өсімімен есептегенде, он алты қойға айналып кеткен-ді. Соларды алдына салып берді. Ол аздай, былай да болды... Соның алдында, бұрнағы қаралы жылы, бір өсімқор он екі сомға төрт қойын сатып алып, бағып-қағуға өзіне қалдырып кеткен-тін. Ақша Төлегенге ауыл аралап келіп қалған саудагер ләпкесінен балаларына керек-жарақ көр-жер әперу үшін аяқасты керек боп қалып еді, өсімқор да соны аңдығандай сап ете түскен. Сол пайдакүнем екі жылдан соң, осы көктемде бір-ақ оралды. Екі жылғы төлін қоса шотқа салып есептеп, күллі ықтимал өсімге дейін даулады, сосын өкіметтің күшімен қолында бардың бәрін сыпырып алды. Сонымен, тіршілік үшін малшыға аса қажет екі шарт – жайылым мен мал өстіп бірте-бірте азайып, ақыры, тіпті, жоққа айналды. Содан соң, шарасыздықтан, Төлеген күнкөрістің өзге тәсілін іздестіруге мәжбүр болған-тын. Және ол, ізденістің алғашқы кезеңінде, қолындағы соңғы он шақты тұяғын сатып жіберуді ойлады. Әрі өсімқорлар мен алыпсатарлардың жеміне айнала бергісі келмей, өзі саудаламақ үшін, Қояндыға айдап әкелді. Ойы – орташа бағамен, әр қойдан үш сомнан айыру да, осы Қарқаралы өңіріндегі көп зауыттың біріне жұмыскер боп кету. Еріккеннен емес, артық байлығын ақшаға айналдырып қайту үшін емес. Тағдырдың мойынға түсірген тауқыметін тартқандықтан, еріксіздіктен, мәжбүрліктен. Бұдан әрі көшпенді малшының әдеттегі өмірімен күн көре алмайтынына көзі жеткендіктен. Төлеген, міне, мұнда осындай себептермен ғана келген еді. Келісімен базардың мал тұратын қатарынан шағын ағаш қоршау алған да, қойын қамап, атын қаңтарып, алармандарды тосқан. Алайда озбырлар қолынан әкесі қаза тауып, әулетінің басынан бақ тайған жігіттің жолы бұл орайда да болмады. Бірінші кезіккен өркөкірек
сатып алушы жүйкесі жұқарып тұрған Төлегенге өзінің күллі бақытсыздығының себепкеріндей әсер етті. Бітеу жарасы тырналды білем, көзі қарауытып, ойсыз іске барып қалды... Шыдай беруге де болар ма еді, қайтер еді... Қарқаралы әскери жасағының интенданты қасына екі солдат пен бір бала жігітті ертіп, мал қамалған қоршауларды жағалап көріп келе жатқан. Кенет ол Төлегеннің қасына тоқтай қалды. Бірақ оған көңіл аудармай, әуелі көзімен қоршау ортасында үйелеген қойларды жылдам санап шықты. – Киргиз, – деді сосын, – сенің он қойың бар екен, мен бәрін алам! Төлегенге тура қарап, үш саусағын тарбитты: – Үш сомға! Қолымен қоршауды орап көрсетіп, тағы да үш саусағын тарбита, Төлегеннің бетіне тақалтты. – Түсіндің бе, киргиз, бақандай үш сом берем. Төлеген тіл білмегенмен, бұл әскери үлықтың қандай ойы бар екенін ым-қимылынан айқын ұғынды. Бір сәт тамыр-тамырын қуалап ыстық қан емес, күні кеше айрылған Қарасай бұлағының суық суы аққандай болды: тұла бойы мұздап, қалтырап қоя берді. "Қалай? – деп шошына ойлады ол. – Сонда менің мына тайыншадайтайыншадай қойларымның әрбірі небары отыз-ақ тиын тұрғаны ма? Қыр аралап, елден арзанға мал жиып әкететін ең бір жебір деген делдалыңның өзі әр қой басына бұдан кемі бес есе артық құн төлеуші еді ғой? Аулақ, ұлығым". Сұп-сұр боп, басын шайқады. – Немене, арда киргиз, азсынып тұрмысың? Интендант ежірейе қарады. Бұл жолы оның не айтқанын Төлеген бірден ұқты. Тістенді. Көзіне көзін түйістіріп, бағжиған қалпы түйіліп, үнсіз түра берді. Оның, бұратана-туземдіктің, тоңмойынданып, ел иесі өкілінен ықпауы қалай? мұны, империя солдатын, туземецтің жақтырмағанын ашық көрсетуі қалай? Бұратана біткен орыс атымен жаралғанның бәріне, әсіресе орыс қаруына маңдайы жерге тигенше тағзым етіп тұруға тиіс! немене, оны мына жабайы білмей ме? Әскери адамдар да, сымдай тартылған, әсем киімді оқыған бозбала да іштей осылай ойлады. – Тыңда, бұралқы бұратана, орыс армиясының айбынды жауынгеріне мыңғырған қойыңның бір онын теп-тегін сыйлай салу – сен үшін үлкен мерей болу керек, білдің бе? – Интендант зілденіп, зәр шаша сөйледі. – Бірақ мен кеңмін, мен сенің малыңды босқа алмаймын! мен сенің мына он қойыңа бақандай екі сом беремін! – Қолымен тағы да шарбақты қоршаған ауаны бір сызып, Төлегеннің тұмсығына екі саусағын тіреді. – Екі сом! Қылышы салаңдаған дәудің ұзақ монологын тіл білмейтін Төлеген, әрине, тағы түсінбеді, алайда оның астамшылық аңқыған сөз саптауы мен маңдай терін төгіп бағып-қаққан малына төлемек құнын дәл айырды. Және оның бұл қылығын өзін өте-мөте кемсітіп, масқаралап тұрғандай қабылдады.
Яғни жиырма тиын... Арыстай бір қойға, бұл кемі үш сомға сатам деп қиялдаған, қоңды, үлкен бір қойға мына әкім жиырма-ақ тиын, яғни бірақ аршын шыттың бәсін бермек... "Осынша тәлкек ететіндей не жазып ем мен саған? Мә, ендеше!" – Тфу! Бетіне былш еткізіп түкіріп жіберді. Тағдырдың салған барша талқысы, қиянаттан, зорлықтан туған, бойын кернеп, шығуға сылтау іздеп тұрған күллі ашу-ызасы запыран, қақырық боп атылып шықты. – Уһ! – Денесін жайлаған уыттан құтылғандай болды. Көз алдындағы кісі жиренер албастыдай бет-әлпетті зіл тұнған түкірігімен көме сала, күрт жеңілденіп қалды. Тарбиған қос саусағын сауданың бәсін кесіп біткен риза көңілмен түсіре бергенінде, өзі шыбын ғұрлы көрмейтін мына жабайы пенденің тап осылай айбат шегуі интендантты бір сәт қатты абдыратты. Бір сәт қана. Ізінше әлгіндегі он қойдың жалпы бағасын саусағымен санағандай етіп көрсеткен қолының алақанымен түкірік жапқан бетін сипай сүртті де, екінші қолымен ауыр жұдырықты қақырата сілтеп, Төлегенді құлақшекеден қонжитты. Көзді ашып-жұмғанша тағы бір періп жіберді. Төлеген қолдарымен басын жауып, қорғанған болды. Анау ізінші іштен теуіп үлгерді. Мұны өздеріне берілген белгі ретінде қабылдаған екі солдат та лезде іске кіріскен де кеткен. Сонымен біткен бәрі... Әрең сөйлеп отырған Төлегенді айнала қоршап тұрғандардың бірі: – Ой-бо-ой, қатыгез ғой бұлар, – деп шошынды. Екіншісі оның көкала қойдай ұсқынына үрке көз жүгіртіп: – Құрысын, аяушылықты білмейді, – деді түңілген үнмен. – Асылы, қолдарына түспейік те, – деген сақтандыру сөзін айтты үшіншісі. – Осы ғой көретініміз... Төлеген күрсінді. Жан-жағына – түрегеліп тұрғандарға, жүресінен, бір тізерлеп, шөкелеп, малдас құра жайғасып отырғандарға, әріректегі аттылы-түйелілерге сүзіле қарады. Тұнжырап: – Ағайын, таяқ жесек те жан қалды. Шүкіршілік, – деді. Жұртшылық қауқылдасып қоя берді. – Е, шынында, жан олжа да. Өлтіріп кетсе қайтер ек... – Абақтысына жауып қоймағанын айтсайшы... Қайыңбайға бұл күңкіл ұнамады. Есіне манағы Кезбе үгітші сөзі түсті. – Қалқаларым-ай, мыналарыңнан гөрі жігерлірек бірдеңе неге шықпайды ауыздарыңнан? Қашанғы басындыра бермекпіз бұл нәлеттерді? – Ара тұрдық емес пе... – Одан артық не істе дейсіз, ақсақал-ау? Білесіз өзіңіз... – Айналайын халық қой сес көрсеткен... – Ағайын, осы арашаңа мың да бір рахмет, – деді Төлеген әлсіз үнмен, қажыған жүзін жоғары көтеріп. – Алладан қайтсын... – Шіркін, бағанағы қаршыға қабақ өткір жігіттей жарқылдап, бастаушың келіссе, өкіметтің бес қаруын асынған ғаскерінен де қорықпауға болар, сірә...
Барша жасыған дауысты баса, ер көңілмен, дарылдай айтылған бұл сөздің аяғы қарқылдаған күлкіге ұласты. – Көкелерін көздеріне көрістірер едік! Қалай, халайық, а? Ха-ха-ха... Жұрттың бәрі жалт-жалт қарасты. Ел артындағы кішкене байтал үстінде еңгезердей боп отырған, басын орамалмен шалт таңып, белін белбеумен буған палуан пішінді адам екен барлығын селк еткізген. – Ай, Садуақас-ай, – деді құндыз бөрік, жарғақ шалбарлы қасындағысы оны жақтырмай. – Артыңды ойламайсың. Не керек босқа мәз болып... – Торы айғырын бір бүйірлете шегіндірді. – Пәлеңді жұқтырарсың... Садуақас атанған жігіт ерге бір жамбасымен жайғаса бұрылып: – Ей, Майлықожа, сен менің бір әжем болдың ғой. Көппен көрген ұлы той... Не тантып тұрсың өзің? – деп шытынады. – Садуақас, бір ашуыңды бер, – деді төменнен бір жігіт ағасы қолын көтеріп. – Майлықожаның күдігіне жол болсын, естиік? – Е, айт, Майлықожа, бір білгенің бар шығар? Елдің сол сауалға тоқтап, тына қалғанын көрген соң, Майлықожа үзеңгіге шіреніп, тамағын кенеді. – Айтсам, бір әңгүдік бастап берді де жеңдік деп қуанасыңдар, ал ол болса – осы отырғандарға түгел, жәрмеңкеге келген баршамызға зиянын тигізді... – А? Тарт тіліңді! – Айтсын! – Ол, құдды, сүтті іріткен мәйек. – Майлықожаның дауысы шаңқылдап кетті. – Ойлаңдар өздерің. Елді дүрліктірді де тайып отырды. Ал сәлден соң көп ғаскер келіп, бейбіт жәрмеңкемізді ойрандамасына кім кепіл? – Қорыққанға қос көрінеді, – деп мырс етті Садуақас. – Қайдам! Күні кеше осы әңгүдіктерің есірткіш сөздерімен еліртіп кеткен Талды болысында не болғанын білемісіңдер? – Майлықожа мағыналы кескінмен қамшысын жоғары көтерді. – Не бопты? – Ақыры бастадың, түгел айт енді! – Халық старшындарға бағынбай, әдетте жинап беріп жүрген салығын төлеуден бастартқан! – Е, неменесі бар оның? – деп Садуақас қолын салғырт сілтеді. – Бүгінде не көп – салық көп. Әшейіндегі түтін салығының өзін жылда өсіріп келеді, бәрін төлей берсең – шашың жетер ме... Майлықожа қызара бөртіп, екілене сөйледі. – Ал сонда, бермегеннен не тапты деп неге сұрамайсыңдар? Старшын болысқа ғарызданды, болыс оязнайға шапты. Содан пристав урядниктерін ертіп әкелді де, халықты шетінен таяқтың астына алды. Әне, сөзге ергеннің "пайдасы"! Әңгімеге Қайыңбай қарт араласты. – Әрқайсысы әр жаққа тартса – әрине, солай болады, – деді ол тақиясын жоғарырақ ысырып қойып. – Мен сендерге әлгі Петрбордың
жағдайын білетін бала аралап кеткен мына іргедегі Ордағазы ауылынан көргенімді айтайын... Айтып берді. – Міне ер-азаматтар! – деп сүйсінді Садуақас. – Жетісер! Ендігі, әскер де жетіп, ауылы ойран болған да шығар, – деді Майлықожа. – Әлін білмеген әлектерге де сүйсінеді-ау. Тіпә! – Теріс қарады. – Қой, бұл берекесіз әңгіме-дүкен бүгін таусылмас, қайтайық, – деп біреу шеттей жөнелді. Өзгелер де орындарынан іркес-тіркес көтеріле бастады. – Дұрыс, енді шоғырланғанды қою керек... – Шіркін, жанның тәттісі-ай, – деп басын шайқады да, Садуақас байталынан түсті. – Зытыңдар, – деді тыржиып. – Қой, сақтықта қорлық жоқ деген... Ымырашылдығы басым ел тез тарады. – Тіл алсаң, Төлеген, сен біраз уақыт бой тасалай тұр. Ғаскердің құрығы ұзын, көп ұзатпай, қайтадан қамағысы келсе қайтесің? Жанашырлығын соңғы рет осылай білдіріп тастады да, Садуақасты көзінің қиығымен елеусіз барлаған Майлықожа торы айғырының басын кері бұрды. Іле текіректете шоқытып, өз шаруасына жөнелді. Төлеген тұрмақ боп еді, тізесін жазып көтеріле алмады. Таяқ өткен тәнінің жараларын ауырсына, ыңырсып, қайта отыра кетті Қасында Қайыңбай мен Садуақас қана қалды. Азын-аулақ пікірлескен соң, Төлегеннің қойларын Садуақас өз малына қосып жая тұрмаққа келісті. Қайыңбай қарт оның байталын мініп кетті. Көп кешікпей, жәрмеңкенің арғы бетінде картоптарын сатуға ыңғайлап, жаймадан орын алған Степанның қасында тұрды. Степан сөзге келген жоқ, жүгі жартылай түсірілген арбаны тез босатып берді. Сәлден соң Қайыңбай шөгерулі нарды тұрғызды, арбаға жекті, сосын бұйдасынан жетелеп, көлікті жетекке алды. Төлегенге әкелді. Қайратты Садуақас әп-сәтте қорапқа бір құшақ етіп шөп орып салды. Жалғыз өзі көтеріп, Төлегенді үстіне жатқызып берді. Басының астына ертоқымды қойды. Атты бас жібімен арбаның артқы жақтауына байлады. Сөйтті де, оларды байталымен біраз жерге шығарып салып, қоштасып қайтып келді. Төлегеннің он қойын шарбақтан шығарып, өз қотанына қарай қайырмалап айдай бастады. Төлегендер екі қыр асып, тау қойнауына тереңдей берді. Күн ұясына қонбай-ақ межелеріне жетті. Төлеген қосқа баларлық қараша үйін қарағай арасына, сылдырлаған кішкене бұлақтың жағасына қондырған екен. Келіншегі екі баласымен қолдарында қалған екі-үш қозылы қойды әрі бағып, әрі сауып отырса керек. Ә дегенде үрпиісіп қалды. Сосын аманесен қауышқандарына қуанысты. Біраздан кейін Қайыңбай оларға бүгінгі сергелдеңнің әлегімен ұмытып кете жаздаған хабарын – өзінің Қояндыға Өтеміспен бірге келгенін
айтты. Бұл нағыз қуаныш сыйлаған хабар еді. Бүгін кеш боп кеткендіктен, балалары мен келіншегін Төлеген ертең, Қайыңбайдың көлігімен, Өтемісті тауып әкелуге жіберетін болды. Содан соң олар алдағы тұрмыс жоспарын талқыласты. Қайыңбай Төлегеннің Қарқаралы өңіріндегі бір кішкене зауытта істемек ойын қостамады. – Өтеміспен де ақылдасасыңдар ғой, көрерсіңдер, ал менімше, Өтегеннің қасына барғандарың, дұрыс-ау, қалқаларым, – деді. – Нілдіде жатақ көп, не де болса – "көппен көрген ұлы той"... 3. Жәрмеңке қалашығындағы Еркіндік алғашқы кеште түскен үйден Өтеміс те өз теңін кезіктіріп, тез жақындасып кеткен. Ертеңіне екеуі ұзақты күн бірге жүрді. Жәрмеңкені жаяу, асықпай аралады. Еркіндік Ғалымзянды тауып алған да, делбені соған ұстатып, арбамен ауыл аралап шығатын болған. Екеуінің әлдеқайдағы бір шаруасын жайғастырып қайту үшін. Сондықтан да Өтеміске бүгін өзінше бір еркін қыдыру пұрсаты тиген болатын. Жаңа танысының қолы бостығы осы орайда тіпті тамаша еді... Әңгімелесе келе білді: түр-әлпеті өзі қатарлы көрінгенмен, ептеп ересектеу екен. Дегенмен оның ашық-жарқын көңілі, бауырмалдығы, Өтемісті жатсынбай, бірден ішке тартып сөйлесіп кетуі екеуінің арасындағы аздаған жас айырмашылығын сездіртпей жіберген. – Рақымжан, естимісің? – деді бір кезде Өтеміс тұра қалып. Жақын маңдағы бір үй ішінде ән шырқалып жатқан. – Жүр, барайық, – деді Рақымжан. – Е, анау Қалмұраттың қымызханасы ғой. Думандатып жатыр, пай, шіркін десейші, тезірек жетейік... Рақымжан Қарқаралыда туып-өскен. Сыртта жүргенмен, елге жиі кеп тұрады, жылда жәрмеңкені жібермейді, сол себепті базаршылардың да, думаншылардың да көбін таниды. Қояндыда қымызхана ұстайтындар да, қымызханаларда өнер көрсететіндер де мол. Ақыр екеуі солардың қасына келген екен, әнші, күйші, жыршыдан Қалмұрат "сарайына" кімдердің бас сұққанын көре кетсін... аздап сусындай отырып, солардың өнерлерін тамашаласын... Губернатордың Қояндыға кірген сәтін, оның сауда жаймалары тізілген қатарларды аралағанын, арғы мал базарына ауысар аймақтағы Кезбе үгітшімен дидарласуын, тіпті одан кейінгі оқиғаларды да бұлар қымызханада отырғандықтан, білмей қалды. Дұрысында, тікелей көрмей қалғаны болмаса, сәл кешірек, сол жақтан оралған нақты куәлер қымызханаға соққанда естіді. Сыртқа атып-атып шығысты. Бұл кезде халық жәрмеңкенің әр түкпіріне сіңіп біткен-ді. Тек ортаңғы жолмен Кезбе үгітшіні қаумалаған шағын топ қана әлі әңгімені қыздырып келе жатқан. Смирнов балағанының тұсына жете бергендерінде, оларға қапталдасып, бір шеттен екі адам – қалаша әдемі киінген екі жас орыс жігіті шықты. Бірі екіншісінен сәл озып барып, топқа тақалды да: – Джасай! – деп дауыстады.
Кезбе үгітші тоқтай қалды. Сосын оған қуана қарап: – О, Саша! – деді де қарсы жүрді. Екеуі құшақтаса кетті. Одан шүйіркелесіп әңгімелесті. Ілесіп келе жатқан жұрт аңтарылып біраз тұрған да, өзара сыбырласып, тарқауға ыңғайланған. Сол кезде Жасай атанған Кезбе үгітші оларға мойын бұрып: – Мына жолдасыммен көріспегелі біраз болған еді, ағайын, – деді. – Айып етпеңіздер. Сұқбатымызды жалғаудың реті келер әлі... – Е, дұрыс, біраз сөйлестік қой, – деді мосқал жігіт. – Шаруа да тосып қалды, сау болыңдар. Әңгімеңе рахмет, көзімізді аштың көп нәрсеге. Ал, не тұрыс? Қоштасып, алғыстарын жаудырып, шағын топ лезде ыдырады. Өтеміс пен Рақымжан балаған алдында тұрып қалды. Осында тұрып, жаңа қауышқан жолдастардың кеңесіне куә болды. Екі орыс жігітті Рақымжан сырттай біледі екен. Екеуі де қарқаралылық, кейінгі – оязнайдың баласы, алдыңғы – соның көршісі, бәлкім екеуі туыс та болар. Ал оларды тосып алған қабағы түйіліңкі ашаң жас қазақ бұған беймәлім боп шықты. Оны, артынан келіп сәлемдескен серігіне, Саша: – Джасай Куватович Куликов, – деп таныстырды. – Мен саған, Костя, ол туралы көп айтқанмын, білесің ғой. Жасай бозғыл реңін Костяға байыптап бұрып, қолын ұсынды. Олардың танысудан арғы кеңесі бөгде адамдардың тыңдап тұруы ерсі қабылданбайтындай сипатта дамыды. Балағанның ағаш қоршауына бірі арқасын, екіншісі шынтағын сүйеген Рақымжан да, Өтеміс те сол үш жігіттен назарын алмай, сөздеріне тым-тырыс құлақ салды. Костя бозбалалық жас шамасына тым жараса қоймайтын, ақсүйекше ерекшеленген асқақтығымен сыздап: – Менің досым сіз туралы маған өте әдемі мінездеме айтты, Куликов мырза, – деді. Басын сәл кегжите, өркөкіректеніп, өте жоғарыдан сөйледі. – Әйткенмен сіздің бүгінгі тәртіпсіздікке ұйытқы болуыңыз мені қайран қалдырғанын айтуым керек. Ұлы мәртебелі императордың оқу орындарында зиялы білім мен тәрбие алып жүрген біздердей жастарға бұл аса жараспайтын қылық! – Костя, – деп қысыла кібіртіктеді Саша. – Не қажет мұнша ресмилік... Оның қибыжықтап, сыпайы түрде білдірмек болған наразылық сөзін: – Ештеңе етпейді, Саша, – деп, Жасай үзіп жіберді. – Әңгіменің орынды қозғалғанын атап айтуға тиіспін. Костя... Константин... әкеңіздің атын ұмыттым, Оссовский мырза, ғафу етерсіз... сіз оқыған, зиялы кісілердің тәртіпсіздіктерге жол беруге баруын жарасымсыз қылық ретінде өте дұрыс еске салдыңыз. Мұныңызды мен де қостаймын. Осы орайда, дегенмен, кейбір жәйтті анықтап алған жөн. Айтыңызшы, өзіңіз ауызға алған тәртіпсіздіктің тууына кім көбірек кінәлі: құрқол киргизді солдаттарға сабатып, бұрыш айналып жып берген сіз бе, әлде сол жазықсыз жәбірленген жанды түрме торынан құтқарып қалуға септескен мен бе? Әр сөзін шегелеп, әрәдік ауаны сызып кетіп тұрған оң қолының сабырлы қимылымен үстемелеп, ақырын, бірақ өте-мөте айқын сөйледі.
Кіші Оссовский өзінің әскери команда интендантымен бірге мал сатушылар арасына барғаны тап осылай алдынан әшкере боп шығар-ау деп ойламаса керек, ә дегенде тосылып қалғандай болды. Артынша тез бойын жиып ала қойды. Мұндайда қолданылуы ләзім ең оңтайлы тәсіл – өз әрекетіңді әрқашан дұрыс санау, кемшілігіңді елең қылмау, яғни қазіргі жағдайда оның төте сауалын жауапсыз қалдыру болып табылады. Және әрине, ес жиғызбай, қарсыласыңның өзін басқа жағынан шабуылдау. Ебін тауып, кез-келген сылтауды ілік ету, сонымен көзіне шұқи беру, күллі назарды тек қана соған аудару... Тап солай! Костя Сашаға қарап: – Александров, – деді селқостау, жасанды кісілігі шалқыған үнмен. – Сенің досың менің досым бола алар ма екен өзі? Үкіметтің саясатын жамандайды! Масқара! Халықты патшаға қарсы қоюмен шұғылданады! Бұдан өткен сұмдық бола ма! Жасайдың боп-боз өңінен білінер-білінбес мысқыл ескен күлкі табы жүгіріп өтті. Қолын кеудесіне айқастырып, жайбарақат тыңдады. Костяның үкімет пен патшаға адал берілгендігі және оларға сын айтуға батылы жетіп тұрған жаңа танысымен ымыраға келе алмайтындығы бұған түк әсер етпеген сияқты. Дегенмен жауап қатуға ыңғайланып, сұқ саусағын шошайтты. Оларға қарап Сашаның берекесі кетті. Басын шайқап, екеуіне кезек-кезек: – Қойсаңдаршы, достар, – дей берді. Жасай аузындағы сөзін жұтып қойды. – Тастаңдаршы дауды, – деді Саша, – саясат мәселесінің тап біздерге еш қажеті жоқ.. Мен сендерді өзімнің ең жақын достарым ретінде, бір-біріңмен таныстырам ба десем, алдымен татуластыруға мәжбүр еттіңдер ғой... Әжептәуір қапаланып сөйледі. Жасай оған беймарал жүзін бұрып: – Бекер ренжисің, Саша, – деді. – Көзқарастарды айқындап алғанның несі айып? Бұл өзі, тіпті, қазіргі уақыттың рухына сай емес пе... Костя оның сөзін іліп әкетті. – Әсіресе қаңтар оқиғасына көзқарас, – деді тістеніп. – Менің ұғуымша, тоғызыншы қаңтар тәртіпсіздіктерінің айыпкерін Куликов сарай алаңына шыққан жұмысшылар деп есептемейді. Кінәні патша ағзамның өзіне артады... Солай емес дей аласыз ба? Жасайға тесіле қалды. – Дәл солай, – деді Жасай көзін оның көзіне түйістіріп, – Әлде Оссовский басқаша ойлай ма? – Иә, мен басқаша ойлаймын – деді Костя. – Мен Ұлы Россия империясына адал, мемлекеттік тәртіпті бұзуға жаны құмар бүлікшілерді иттің етінен жек көретін азамат ретінде былай пайымдаймын: жұмысшылар зауыт-фабрикаларда ереуіл жасап, көшелерге шеруге шыққандықтан, сөз жоқ айыпты. Олар, рас, арандатушыларға ілесіп кетті. Бізде, Омбыда мәлім болғанындай, жұмысшыларды жапон тыңшылары қырық сегіз миллион сомға сатып алып, тәртіпсіздіктерге айдап салған көрінеді. Олар сонда да айыпты. Арандатқанға неге ілеседі? Өз бастары қайда? Саша ернін тістеп, екеуіне алма-кезек қарай берді. Аналар мұны көзге ілер емес. Бірін-бірі іліп әкетеді.
– О-о, алысқа шаптыңыз, кіші-Оссовский мырза, өте алысқа. Айтыңызшы дегенмен: сіздің Омбыға мына мәселе мәлім болмап па екен? Жапондар сіз айтып тұрған тәртіпсіздіктер басталмас бұрын, кәдімгі ұсақ шоқылы көркем Манчжурияны, күш-қуаты жағынан Қара теңіз жағасындағы алты Севастопольға татитын айлақты – Тынық мұхит аузындағы Порт-Артурды қайтарып алған екен дегенді естімеп пе сіздің омбылықтар? патша уәзірлерін жиып, бар есіл-дерттерімен қарусыз жұмысшылардың қанын ағызу әдісін ойластырып жатқанда, сол жеңімпаз жапондар өздерінің соғыс өнерін одан әрі ұштай түсумен айналысқан еді деп ойламап па екен олар? Империя астанасының қақ төріндегі Қанды жексенбіден кейін көп ұзамай, Қиыр Шығыстағы Мукден түбінде орыс армиясының тас-талқан боп жеңілгені, масқара болып, тоқсан мың жауынгерінен айырылғаны император жаңдайшаптарының қауқарсыздығынан, әміршіл жүйенің іріп-шірігенінен еді деп ойламап па? Тоғызыншы қаңтар оқиғасын жапон жансыздарына жабу дегенің мүлдем қисынсыз өтірік, қатын өсек болып шығар-ау деп ойламап па? Қызына, екпіндей сөйлеген сөзін аяқтай бере, Жасай жөтеліп қалды. Саша қолын шарасыздана жайып: – Боже мой, осы даудан не өнбек? – деді. – Константин, сен үндемеші енді... – Тоқтағын, Александров, мұның астарында үлкен көзқарас жатыр! Россияны кім сүйеді, ал кім жек көреді деген сұраққа жауап жатыр мұнда, біле-білсең! – Константин саусағын шошайтып, көзін маңғаздана сығырайтты. – Және бұдан Куликов қандай белгілерінің салдарынан Россияға сенімді ұл бола алмайды деген мәселені ұғуға болады. – Мұндай талдауыңды бөтендер хақында жасай бер, Костя, мейлің! бірақ достар, әсіресе мына менің достарым өзара сынаспай-ақ қойса қайтеді? Саша бала кезден бірге өскен Костяны да, Петербургте танысып достасқан Жасайды да жақсы көретін. Таныспай жатып кетісіп баратқан екеуін қайтіп ымыраластырарын білмей, дал болған кейіпте. Басқа амалы қалмағандай, тіпті: – Сеңдер тым болмаса, мені сыйлаңдаршы, – деуге дейін барды. Жөтелі тиылған Жасай: – Біз ұрсысқан жоқпыз ғой, Сашок, – деді. Орамалын қалтасына салып жатып: – Солай емес пе, менің досымның досы?– деп қойды жәй ғана. – Иә, – деп, Костя да жұмсарғандай үнмен басын изеді. – Біз пікір алмасып тұрмыз. Енді мен өзімнің жаңа досыма біздің Омбыға әйгілі мына хабарды айтқым келеді. – Естиін? – Қайтадан! Түу-у... Саша тағы бір кикілжің басталады-ау деп қынжылды. Анау оны елең қылмай, Жасайға қарап сөйлей берді. – Біздің Омбы әлгі айтқан қанды жексенбіңіз үшін жұмысшылардың қатты опынғанынан жақсы хабардар. Тоғызыншы қаңтар оқиғасы-
нан кейін іле-шала, сейсенбі күні, ірі кәсіпорындарда істейтін саналы, үлгілі жұмысшылар жиналып, патшаның қабылдауына арнайы барған да, жексенбіде орын алған ретсіздіктер үшін ұялғандарын айтқан. Алаңда болған санасыздар атынан патшадан кешірім сұраған. Өздерінің араларынан сондай ақымақтардың шыққанына өкініш білдірген. Мұны білмеуіңіз мүмкін емес. Жасай беймарал кейіппен басын изеді. – Білем. – Сонда ұлы мәртебелі император өзінің асқан кеңпейілдігімен, Сарай алаңына әлдебіреулердің азғыруымен алданып, шұбап барған қарапайым жұмысшылардың айыбын кештім деген. Жәй ғана кешіріп қоя салмаған, мұқтаждық көріп жүрген, тұрмысы ауыр жұмысшыларға жәрдем ретінде, өзінің қалтасынан суырып, елу мың сом қаржы берген. Жұмысшылардың жағдайына ұдайы қарасып, қамқорлық жасап тұруға ұйғарған. Сол үшін сенатор Шидловскийді төраға етіп, арнайы комиссия құруға жарлық шығарған. Осыдан кейін де патша ағзамға кінә тағуға қалай дәтіңіз барады? Костяны басын шұлғи тыңдап тұрған Жасай: – Қанды оқиғаны патша басымен елеусіз қалдыру қиын, – деді аспайсаспай. – Атап айтпаса да, өз айыбын ашық мойындамаса да, басқалау жолдармен халықты алдаусырату керек емес пе... – Сіздің қаныңызда созылмалы дерт бар екен, – деді Костя күйініп, – сондықтан сіз үшін ақ та – қара, қара да – қара... – О не дегеніңіз! Сізге солай көрінеді. – Сіз мен айтқан аз мысалдың мысқалын да жоққа шығара алмайсыз ғой, ендеше неге өз бетіңізше қисаясыз? Жасайдың сабыры ғаламат. Байсалды реңмен, қысыла тыпыршыған Александрды, құдды тыныштандырғандай, қарынан ақырын қағып қойды. Сосын қаршыға қабағы біркелкі түйілген қалыпта, асықпай сөйлей берді. – Сіздің Омбыға әйгілі хабарды бекер дей алмаймын, рас. Бірақ, біздің Санкт-Петербургке сонау хабарыңыздың астары да әйгілі. Аса құпия болмағандықтан, оны сіздің білмеуіңіз де мүмкін емес. Тек жалған намыс, қазыналық отаншыл сезіміңіз мойындатпайды, шыныңызды сыртыңызға шығартпайды... Костя шытыр ете түсті. – Өзге ештеңе білмеймін. – Онда тыңдаңыз, айтайын. Біліп жүретін боласыз. Костя маңғаз кескінмен: – Тыңдайық, – деп, сыздаңқы үн шығарды. – Тыңдаңыз. – Жасай басын қанағаттана изеді. – Осы оқиға қарсаңында патша Петербургті соғыс жағдайында деп жариялаған құпия бұйрық шығарған-ды. Ал үкімет халықтың алдын ала белгілі болған бейбіт шеруін әскери өнердің барлық ережелеріне сәйкес атқылаудың егжей-тегжейлі жоспарын жасаған. Сөйтіп соны жүзеге асыратын офицерлерге нақты да дәл нұсқаулар берген-ді.
– Сандалыпсыз! Жала! – Патша өзінің биік лауазымға тағайындағанына жарты жыл да толмаған ішкі істер министрі Святополк-Мирскийді қантөгістен соң бірден орнынан босатты, – ол да жала ма? Әулие Петр шаһарының генерал-губернаторы етіп Мәскеу оберполицмейстері Треповті бекітті. Бұл ше? Оның Петербургте қалабасы болған әкесінің, сіз бен біз дүниеге келмей тұрғанда, саяси тұтқындарға қатыгездік жасауымен аты шыққаны белгілі, содан бері табаны күректей ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, ұмытылған жоқ. Сонысы үшін оған әділет күрескері, жаужүрек қыз Вера Засуличтің кек алмақ болып оқ атқаны әлі есте. Халық есінде! Енді кіші-Трепов оның орнын басыпты! Сіз майын тамызып, патшадан кешірім сұратқан "жұмысшылар депутациясын" таңдаған – сол! Депутацияны ынжық, мақсатсыз, сауатсыз жұмысшылардан жинап алып, арнайы жасақталған мамық, әдемі вагонмен Патша Селосына жеткізген – сол, генерал-майор Трепов, Санкт-Петербургтің іс жүзіндегі жаңа қожайыны. Ал жұмысшылар өздерінің "депутациясы" мен оның патшадан алған қайыр-садақасы жөніндегі жаңалықты қалай қарсы алғанын білемісіз? Оны да айтайын ба? Костя ызадан тырс-тырс етті. – Сіз тәртіп сақтауға жәрдемдесер шараларды қолдаудың орнына, қайдағы бір лас өсектерді жинап жүреді екенсіз, Куликов. Жасай қолын жайды. – Мен шындықты айтып тұрмын. – Сосын жорта аңқаусып: – Ащы ма? Жақпай ма? – деді. – Сіз тобырды бүлікке шақыратын нәрселерді айтып тұрсыз. Ал бұл, Куликов, мемлекеттік қылмысқа барабар. – Кеудесін қыжыл кернеп, Костя мүлдем жарылардай болып тұр. – Мемлекеттік қылмыс дегеніміз: мемлекетті өзінің үлкен отбасы деп білмеу, оны – барлық мүшесі де қажет, тірі, жанды организм санатында басқара алмау, – деген пәлсәфа соқты Жасай міз бақпай. – Мұндай пайымыңызды бізге ғана айтып тұрған болсаңыз – бағыңыздың барлығы. – Костяның танауы делдиіп кетті. Екі иінінен дем алып: – Нағыз түрмеде шіритіннің өзі екенсің, Куликов, – деді. – Константин, – деп ыңғайсыздана дауыстады Саша. – Түрмені басқаратындардан сый мен алғыс алып қалуға мүмкіндігіңіз бар, – деп, Жасай кекесінін жасырмай күлді. – Іске кірісіңіз, бала Оссовский. Костя ернін қыршып ала жаздады. – Достар... балалар! қойсаңдар қайтеді? – деп Саша қолын екеуінің арқасына артты. – Әне, бізді Смирнов мырза тосуда... – Шыда, Саша, ойымызды таратып болайық... – деді Жасай. Костяға бұрылып, жайбарақат сөйлей берді. – Иә, сіз патшаның қамқорлығы ретінде ауызға алған комиссияға келейік. Мен мынаны айтайын сізге. Революциялық ұйымдармен кұресу үшін өзі жалдап алған жасанды күрескерлерді ұйыстырып, псевдореволюциялық ұйымдар құру – үкіметтің ескі әдісі. Патшаның айла-шарғысын әбден зерттеген адамдардың түсіндіруінше, Шидловскийдің комиссиясы тап сондай тәсілдің жемісі
еді, ол – сөзбұйда мәслихаттармен бастарын айналдырып, нағыз жұмысшыларды ақымақ етіп ұстауды көздеген мемлекеттік фокустар комиссиясы-тын. Шыны солай болса керек, сіздің Омбы да естіген шығар ендігі, сол комиссия сайланып бітпей жатып, тарқап кетті ғой... Костя сәл тосылып қалғандай болды. Соны пайдаланып, Саша балаған алдынан өздеріне қарап көз тіккен елді иегімен мегзеді: – Костя, анда көз сал. Джасай, мен өтінем сенен, қойшы осы саясатты. Қазір... – дей бергенінде, сөзін Жасай үзіп жіберді. Ол басын құлшына шұлғып тұрып, былай деді: – Қарсы емеспін. Тек бір ауыз сөз, әлгінде Костенька ұғуға тырысқан бір мәселенің шешуін ғана айтайын. – Айтпауыңызға болады, Джасай, – деді үнін зорға жылытқан Костенька.– Мен оны әлдеқашан ұққанмын. Сіздің ішіңізде Россияға деген жеккөру сезімі лықылдап тұр, сіздің империяға қаныңыз қарайған, өйткені сіз бөтенсіз... – Тағы басталды... – Саша басын шайқап, таңдайын қақты. – Міне, міне, емеурініңізді енді нақтыладыңыз. Сіз менің тегіме сілтейсіз, мен не демекпін оныңызға? Орыстың ірі ғалымдары шығармаларын жинап, былтыр ғана бастырып шығарған штабс-ротмистр Шоқан Уәлиханов жауап берсін сізге. Кстати, сіздің Омбыда оны жақсы біледі, кадет корпусының түлегі, генерал-губернаторға, орыс армиясына адал қызмет атқарған офицер. Ол жайында сіздің де естіген болуыңыз ғажап емес. Міне сол тамаша қазақ, империя азаматы, мынандай сөз айтқан: егер шетелде Россияның итін ұрып жатса, қаным қызып, жан-дәрмен болысам, ал егерде сол ит Россияда тайпаласымды қауып жатса – бүйрегім тайпаласыма бұрады және бұл ретте де өзімді россиялық сезінемін... Міне мені де Россияның адал ұлы ететін сезім – осы қос сүйіспеншіліктің бірлігі, Костенька... Шын-өтірігі ажыратылмас сарынмен, Костя: – Браво! – деді де қол соққан ишарат жасады. – Тамаша формула... – Ал, жүрелік, – деп қуанып кетті Саша. Жасай жайбарақат үнмен қайтадан сөйлеп қоя берді. – Түсін, досым, алайда осынау сезімнің құлпыра ашылуына патшамыздың әміршіл үкіметі мүмкіндік бермейді. Тіпті қолдан тұншықтырады. Мұны айтпасам, шындыққа қиянат жасап, жағымпаз көрінуім ықтимал.. Костя үндемеді. Саша: – Тағы да түнерген ойлар... – деп бір тоқтады да, шешімді кескінмен: – Қой, кеттік ішке, әне, қожайын бізді тықырши күтіп түр, – деді. – Ал, достар, Жасай, Костя, балағанға кірейік, қане... – Шынында, жүрейік, – деді сұлық үнмен Костя да. – Пікір жарыстыруды стол басында да жалғастыра аламыз ғой. – Кеттік! – Саша екеуінің ортасына түсіп, қолтықтарынан алды да, ширақ жүріспен балағанға қарай бағыттай жөнелді. Оларды шарбақ қақпасы алдынан балаған иесі иіле сәлемдесіп қарсылады. Іле, екі жарылып тұрған қосшыларының арасымен, ішке қарай бастады.
Балаған тұсында аялап, пікірталас сынды әңгімеге куә болғандар ақырын-ақырын жылыстап, сауда дүкендері мен жаймаларын жағалап кетіп жатты. Біраз уақыт тіс жармай, тұрған орындарынан қозғалмай, іштен тынып ойға батқан Өтеміс пен Рақымжан да аяңмен жолға түсті. Жәрмеңке қыз-қыз қайнайды. Бірақ сауда жасаушылардан гөрі сөз көрігін қыздырушылар көп сияқты. Жаймалардағы тауарлар жанында үймелеген таныс, бейтаныс адамдар ду-ду етеді. Бірақ сауда-саттық бәсін қозғап емес, бүгінгі күн оқиғасына байланысты әңгімелерді тірілтіп жатыр. Достар осындай бірнеше топтың қасынан құлақ түре өтті. Солардың айтқандарын тыңдап, ақпаратқа әр қырынан қанығысты. Ой желілері тек сол төңіректе өрбіді. Естігендерін әлденеше мәрте еске түсірді. Әр маңызды деп тапқан сәттерді екеуара қайта талқылай келе, ақыры өз толғамдарын да туындатты. Рақымжан әрі ересек, әрі саяси тіршілік тұрғысынан көргені де көп болған себепті, оңаша сырласу барысында, Өтемісті ширатар едәуір сөз айтты. Кешкі самалға кеуде тоса, кішкене өзенді жағалап келе жатқанда: – Жаңа ғасыр басталды деп қуандық, осының өзі қазаққа жұт боп кірді ғой, – деген сөздерімен, ол үлкен де көңілсіз пайымдарын суыртпақтай бастаған. Серігі оны түсіне қостады. Көз алдына Еркіндік көкесі мен өз әкесі бастаған ереуіл және оның қайғылы салдары келген. Қазақ елдігінен айырылды. Күннен күнге тоз-тоз боп барады. Бұған екеуі де күмәнданбады. Осылай, пікірлерін тарата сабақтай берген. – Бас көтерер бір азамат табыла қалса – өкімет оны лезде қамап тастайды, – деді Рақымжан. – Көрерсің, әлгіндегі ойлы әм өжет Жасайды да ұстайды әлі. Жаңағы үйез бастығының баласы-ақ оны сатып жіберер-ау... – Иә, пиғыл-пікірін аңдадық, ғажап емес... – Ақ патша дейміз, нағыз қара патша аталуға лайық адам. Өзін жоғарғы билікке таққа отырғаннан-ақ қан арқалап келді дейтін... Бар пәле соның заманында айрықша көбейді... Өтемістің де бұл тұрғыда өз түйгендері бар екен, хал-қадерінше ой қосып келеді. – Солай, иә. Бұл күнде патша қазақты халық санатынан өшіруге ашық кірісті... Өтемістей емес, көргені көп, тиісінше қарымы кең Рақымжан қоғам өміріне байланысты ауқымды ой айтып, қорыта алатынын, пайымын молынан піше алатынын көрсетті. – Алысқа бармай-ақ, өз көзіммен көрген жәйітті айтайын, – деп бастады ол әлгі пайымына дәлелін. – Семейдегі мен оқыған медресені жауып тастады. Мұғалімдерді куғын-сүргінге ұшыратты. Әркімнен сұрастырып қарасақ – бұл жер-жерде болып жатқан оқиға екен. – Иә, мен де білем, өзім куә болғанмын, – деді Өтеміс. – Менің шәкірттік біраз дәуірім өткен Көкшетау мешітінің мектебін де сондай күйге ұшыратты. – Ал айтшы ендеше, неге өйтеді? – Медреселерді жапқанмен, орыс-қазақ мектептерін ашып беріп жатқан жоқ па? – Қандай мақсатпен?
Өтеміс тосылып қалды. Рақымжан өз сұрағына өзі жауап беруге кірісті. – Алдыңғы жылы ағарту министрлігінің журналына шыққан бір мақалада патшаның түпкі ойы ашық жазылды. Тыңда. Көз алдыңа өзің оқып тұрғандай елестетіп, мән беріп тыңда! – Рақымжан даусын өзгерте көтеріп, құдды сол мақаланың авторы айтып тұрғандай сарында, мынандай үзіндіні аян етті: – “Бұратаналар тілінде мектеп ашу, олардың тілінің грамматикасын жасап, оқулық шығару – о, сұмдық! – бұл тұтас бір ұлтты оятып, қатарға қосып жіберу деген сөз!». – Сосын сөзін өзінің әдеттегі ырғағымен сабақтады. – Бұған не дейсің? Ақ патша саясаткері неге бұлайша шошына жазды деп ойлайсың? – Өзің қалай дейсің? Алдыңғы жақтан жарқын-жарқын дауыстар шыққан. Жағада алқа-қотан отырғаны бар, түрегеп тұрғаны бар, бір шоғыр қыз-жігіт көрінді. Өтеміс сұраулы жүзін серігіне бұрып, аялдады. Көпке тақалғысы келмеген. Тап қазір екеуара қозғалып келе жатқан әңгіме таяқ тастам жердегі жастықтың тартымды-ақ шалқуынан қызығырақ та, маңыздырақ та еді. Рақымжан да тоқтады. Өзен суының бұлқына домалап ағуына көз сап тұрып, сөзін жалғастыра берді. – Себебі император мен оның жандайшаптары орыс мемлекеті бағындырып алған жұрттың бәрінің орысқа айналуын қалайды. Бұлай болуы үшін өзге тұқым біткеннің балалары да тілі шыққаннан орысша сөйлесін дейді. Сонда бұратана біткен бір ұрпақ ауыспай жатып-ақ, өз шалдырбатпақ тілсымағын ұмытады, сөйтіп оның орыстан айырмасы болмай қалады дейді, орыс туы әрдайым биік болады дейді. Көрдің бе? Түсіндің бе енді? Ойлашы, “баланы – жастан“ деп қазақ қалай дәл айтқан! Отаршыл орыс та солай дейді, тек ол – баланы жастай орыстандыруды мақсат қылып отыр. Егер қазақша сауаттанса – бала өскенде өз ұлтын өркендетеді. Сондықтан оны өз тілінде оқитын жағдайдан айыру керек. Міне, қазақ мектептері мен медреселерін жаппай жабудың сыры қайда жатыр! Ал мына туземдік мектептер дегеніне келсек, мұның өзі-ақ патшаның миссионерлік қара пиғылын жүзеге асырудың нәзік бір жолы екені анық... – Неге... – Өтеміс бұған шәк келтіргендей болды. – Орыс мектебінде мен бір қыс оқып едім, кәдімгідей көзім ашылды... Рақымжан қолын бір-ақ сілтеді. – Мен де оқығанмын, – деді. – Талай қазақ баласы қазір де оқуда. Мәселе мынада – солар одан не біліп шығады? – Өтеміске алая қарады. Сосын өзі жауап берді. – Тек әйтеуір, орысша оқи білуді, жаза алуды және қарабайыр арифметиканы – алып-қосу амалдарын ғана үйретеді ғой онда. Не – үлкен мәдениетпен сусындарлық қорек бермейді, не – өзіміздің мәдениетімізді өскен жұрт қатарлы тануға әрі дамытуға жетерлік азығы және жоқ. Патша әкімшілігінің талабын орындаушы ғана болып шығасың. Одан әрі білім алуға, айталық, университетке түсуге ол оқытқаны тағы жарамайды...
Өтемістің бірен-саран келіспеушіліктерін, өзіне-өзі сенімсіздеу үнмен білдірген рабайсыз қарсылықтарын Рақымжан тез тойтарып отырды. Өз айтқандарын жаңа уәждерімен тірілте келіп, оның бірлі-жарым күдігін әбден басты. Сосын әңгімені жаңа қырынан одан әрі сабақтай берді. – “Дала уәлаятының газеті" деген жалғыз жазба мінберіміз бар еді ғой, білетін шығарсың? Негізінен үкімет жарлығын жариялап тұрды. Биліктің өзі ашқан газет-тін. Соның бейресми бөліміне өзімізше ерекше мән бердік, ішінде түрлі сөз жазушы едік. Газет, әйтеуір, халықтың көзін аздап та болса ашсақ деп тырбанатын жалғыз ғана құралымыз болатын. Не керек, оны да жапты. – Неге? – Себебі, өзің ойлашы: әлгі айтқан ойды орындауға, турасын айтқанда – қазақтың тілін біржолата жоюға мұның не жәрдемі бар? қайта, қазақша хабар таратып тұрған мұндай басылымның болуы ондай мақсаттың жүзеге асуына өте-мөте кедергі келтіретіні түсінікті емес пе? Мұны Өтеміс зайыр ұқты. – Залымдар, – деп басын шайқады. Сосын ойына әлде-не сарт түсіп: – Рақымжан, – деді жұлып алғандай. – Сен сонда істедім деп едің ғой, айтпақшы? Омбыдан шығарып тұрдыңдар ғой, иә? Не сылтау айтты? Не үшін жабамыз деді? – Істедім, – деп жымиды анау. – Мен сол газеттің шаруасына мүлдем бала кезімнен, қазіргі сенен де кіші кезімнен жегілдім білем. Ей, Өтемісжан-ау, біз оған он жыл өмірімізді бердік қой! Терең бір күрсініп алды да, естелікке берілді. Шама келгенше елжұртқа пайдалы болсақ деген армандары жайында әңгімеледі. Сонау Әулие-Петербургтен оқып келген Ешмұхамед, Дінмұхамед деген ағалардың газетті қалай басқарғаны туралы айтты. Олардың өкімет тапсырмаларын орындай жүріп, ара-арасында халыққа керек жәйттерді күйттеген сөз қозғап отырғанын еске түсірді. Баяғы өткен тарихтан, ел бастары мен батырлар тағдырынан газет қилы әңгімелер басатын. Қазіргі ел жағдайы мен болашақта өмірді қалай құру қажеттігі жайында өздері де жазып, жазу білетін басқаларға да жазғызып, орысша жазылғандарды тәржімалап беріп отыратын. Шаруашылықты тиімді ұйымдастыру, жаппай білімге ұмтылу қажеттілігі көп-ақ уағыздалды. Сондай-сондайлар әкімшілікке ұнамаса керек. Бірақ оны үкімет ашып айта ма тіріде... Ал газетті жабу үшін, жәй ғана, қаржы жоқ деген сылтау да жетіп жатыр... Өтеміс өзінен ересек, әрі көрген-тоқығаны мол Рақымжанның тереңнен ойлай алатынын мойындаған. – Бұған на шара бар енді? – деп ақыл күтеді. – Қайдам. Дәл айта алмаймын. Мен газет жабылған соң заң мектебіне түсіп оқығанмын. Одан сол Омбыда қызмет атқардым. Сондағы бір білгенім – Николайдың қарусыз жұмысшыларды қырғынға ұшыратуы елдің ашу-ызасын тудырған. Кеудесінің сәулесі бар әркім-ақ патша тағының
шайқалғанын ашық мойындайды. Қазір Омбыда социал-демократтар танымал болып алды, осы күндері солардың большевикпіз дейтін бір бөлігі пәрменді үгіт жүргізуде. Олар мәселені төтесінен қойып отыр. Самодержавиені жоямыз дейді. Мына Жасай да большевик-ау, сонымен жақынырақ танысып, сөз тартайықшы... Жасайдың ауызға алынуы Өтемістің де оны тыңдасам деген құмарлығын туғызды. – Қайдан табар екенбіз қазір? Олар ақсүйек, алтыбақанға келмес? – Келсе – келді, келмесе – ертең өзіміз іздеп барайық... Төртінші тарау 1. Еркіндік Өтемістің жүрегін зырқ еткізді: – Өтемісжан, бүгін Айық байдың үйінен түстенеміз.. Екеуі көлік тоқтайтын орынға бірге келді. Өтеміс кермеден Тайбурылын шешіп алып, пәуескеге жекті. Еркіндік солқылдақ арбаға жайғасып отыра бере: – Сонау жел жаққа жүре бер, – деді. Көл жағалай қонған ел бірталай екен, араларына жарты шақырымдай жер тастап үш-төрт үйден қауымдаса орналысыпты. Қарсы кездескен салт атты жөн сілтеп жіберді де, олар іздеген ауылын бірден тапты. Ошақтан беріректе, әлі таптала қоймаған кермеде бір-екі ат байлаулы екен, Өтеміс көлігін сонда бағыттады. Олар ортаңғы үлкен ақ үйге беттеді. Ошақ жанынан өтіп бара жатып, Өтеміс, неге екенін, қайнап жатқан қазанға қарауға кімнің келуі ықтималдығын ойлады. Ал қарсы алдындағы, өздері кіруге беттеп келе жатқан киіз үйдің түсірулі ши пердесі дір еткенін көргенде, аржағынан аңсаған жаны шығып келе жатқандай, тұла бойы ысып қоя берді. Іштен қызметші жігіт шықты. Ши пердені лып-лып орап, маңдайшаға бекітті. Сөйтті де, бұларға қарсы жүрді. Сәлемдесіп, үйге енгізді. Төрге шығарды. – Дамылдай тұрыңыздар, мең Айекемді хабардар етейін, – деп, қайта шығып кетті. Аздан соң Айық бай келді. Ол есіктен көрінген бетте Өтеген орнынан атып тұрды. Құрақ көрпе үстінде көлденеңінен түсіп жатқан Еркіндік басын көтерді. Айық есік көзіне кебісін шешті. Желбегей жамылған жеңіл шапанын бір түзеп қойып, жұмсақ мәсісімен маңғаз басып келді де, Еркіндікке ізетпен қос қолын созып сәлем берді. Өтемістің сәлемін алды. Сөйтті де, Еркіндіктің қасынан сәл төменірек, малдас құрып отырды. Қырбық мұртты дөңгелек байсалды жүзінен бір естілік еседі. Сол ішкі ақылының айтуы шығар, жақында ғана Қайыр төренің үйінде көрген, мән-жайына едәуір қанық қонағын жатсынбай, сыпайы жымиып қойып, іштарта, хал-
жағдай сұрастырды. Ел ахуалын, өз шаруаларының жайын да әңгімелей отырды. Сөз арасында: – Жәрмеңке қызығын өгейсіп қалмаппысыз, Ереке? – деп сұрап қойды. Алайда онысына жауап тоспай-ақ, биылғы базар жаңалықтарын әр қырынан өзі-ақ әңгімелей берді. Сырттан келіп жатқан, ел ішінен сатуға шығарылған дүние түрлерін айтты. Өнерпаздар туралы сөйледі. – Е, Ереке, мұндай тамашаны бұрын талай көрдіңіз ғой, ұмытылмауы өз алдына, қайта, сағындырған шығар? елден шалғайда осынша ұзақ болу оңай ма, тәйірі... Ішке қызметші жігіт кірді. Иығына үлкен сүлгі асып, екі қолына жез леген мен шойын құмған ұстаған екен. Ибамен сәл кідірді де, үй иесінің иек қаққан белгісін көрген соң, төрге өтіп, Еркіндікке тақалды. Ол көтеріліп отырды. Қолын жуып, ауызын шайды. Асықпай сүртінді, алғысын айтты. Сосын, қызметші жігіт легенін Өтемістің алдына қарай жылжытқанда, бетін Айыққа бұрып: – Итжеккеннен бойымды елге деген сағыныш билеп қайтқаным рас, Айық бай, – деді дауысы күңгірлеп. – Сағынып келсем де, мұндағы тамашаға қанағаттана алмай, көңілімнің ортайып тұрғаны да рас... Әлденені іркіп тұрғаны аңғарылғандай, бірақ оны Айық байқамағансып: – Сабыр етіңіз, Ереке, қызықтың бәрі алда ғой, – деді. – Жастардың думаны енді басталады, өнерпаздардың не бір дүлдүлдері кешелі бері ғана жиналып жатқан жоқ па... Қызметші жігіт Өтемістен оралып өзіне келіп қалған еді. Асықпай бұрылып, бипаз қимылмен құманның шүмегімен сорғалаған жіңішке мөлдір ағын суға екі қолының саусақтарын тосып қана сулады. – Өнерпаздар дейсің бе? – Еркіндік сол мүдіріп, ойланып қалғандай болды. Сосын дымданған саусақтарына түкті сүлгіні басып-басып сорғытып отырған Айыққа сынай көз тікті. – Өнерпаз жастарды, үлкен ұлықтарыңның көңілін көтеру үшін, сендер шақыртқансыңдар ма дедім ғой? Сұрақтың өзі ештеңе емес-ау, тек соны қойған даусының ырғағында бір пәле жатты. Мысқыл ма екен? яки кінә артқандай, тіпті мұқатқандай сарын сезіле ме қалай? Айық солай таныса да, сыр бермей, ұстаммен: – Ереке... мейманға, әсіресе губернатор секілді қадірлі мейманға бар сый-сияпатын жасап, сән-салтанатын көрсету – асыл текті сұлтанға жарасатын қылық қой, – деді биязы үнмен. Оның сыпайылықтан жазбауы арыстанды торға қамап, жыртқышқа шығар тесік қалдырмай қойған тәрізді еді... – Рас-ау... – Еркіндік терең күрсініп, басын изей берді. – Рас... Бірақ тордың есігін абайсыз ашып алғанын Айықтың өзі аңдамай қалды. Сыпайы әдетінен танбай: – Әлдебір өкпеңіз бар ма, қалай, – деген-ді. Соның өзі арыстанның күркіреп шыға келуіне жеткілікті болды. – Өкпе емес, күдік пайда боп еді көңілімде, – деп бастады Еркіндік айтылуға сылтау таппай тұрған сөзін. – Алайда оны асыл текті сұлта-
нымыздың өзіне айтқаным жөн секілді... Әйтсе де, Айекем, сен де ел ішіндегі белді байдың бірісің. Әкеңнен озғаның қашан, – деп бір қойды. – Бұл жағынан Жолсарының аруағы саған ырза болар. Ақтадың әке үмітін. – Сүзіле қарап, басын изеді. – Мен де разымын, шын айтам. Айық қозғалақтап, ақырын үнмен рахмет айтты. Еркіндік: – Төреге жақынсың, – деп сөзін сабақтай берді. – Тіпті, кей ретте, көмбең ортақ... Бұрнағы жылы бұғып қалғаныңды айтпай-ақ қояйын. Бірақ, кешегің не? Түнеугүні ғана төренің дастарқанында бір табақтан ас жеп отырып, үкіметтің көрсетіп отырған қиянаттарын әшкерелескеніміз қайда? Көзіміз көріп жүрген зорлықшыл әкімдердің ығында жүре бермеуге ант ішіскеніміз қайда? Неғып сөзге тұрлаусыздық жасайсыңдар? Ұлық көрсеңдер табан астында өзгеріп, жампаңдап шыға келетіндерің қалай? Қайыр төре содан бері жоқ. Екі әкімге ілесіп ел аралап кетіпті деседі. Сен айтшы, не ойларың бар? Өмірлерің өстіп түлкі бұлаңмен өте бермек пе? Екі қолымен екі тізесін таянып, қыранша қомданып алған. Ақырын сөйлесе де, дауысы шатқал ішінде домаланған қойтастардай күңгір-күңгір етеді. Түндіктен түскен жарық бір соны таңдап шомылдырғаңдай. Көсе бетжүзі жарқырап кеткен. Тұлғасы ерекше айдынданып, жалы күдірейіп отыр. "Ой-бо-ой, Еркіндік көкем нағыз сұлтанның сұлтанындай кісі екен ғой!" – деп сүйсіне ойлады Өтеміс. Оның кескінінен назарын алмай, сөзіне мұқият құлақ түрді. Жігіттікке енді иек арта бастаған жасөспірім санасына Еркіндіктің сырт пішінімен қатар пайым-парасаты, әр сөзін нақтап, асықпай, баяу, бірақ салмағын сездіре айту әдеті қатты әсер еткен-ді. Әсер етіп қана қойған жоқ, миының иілме-бүгілме-қатпарларын қозғалысқа түсірген. Ол Еркіндікке ілескелі өзі куә боп жүрген әр әңгіме-дүкендерде тілге тиек болған жәйттердің мәнін түсінуге талпыныс жасай бастаған. Мұндайда Өтеміс ілгеріде, әкесі тіріде көрген-білгендеріне ойша шолу жасайтын да, кезінде балалықпен терең діттей алмаған жағдаяттарды казіргі есейіңкі көңілімен жаңаша сараптайтын. Еркіндіктің мына сауалға толы монологын тыңдай келе, ол тағы да ойға шомды, әкесінің қаны төгілген жылғы дүрбелеңді еске түсірді. Шынында, қаншама кісі салып, шабарман жібергенмен, Қайыр сұлтан, Айық бай секілді ел ағалары Батырбай ақсақалдың бас көтеруіне үн қатпай қалған екен-ау. Батырбай ол кезде Ақмола үйезінің Ақбұйраадыр деген жерін жайлап жүрген, өкімет соны артық көрді ғой. Күллі ауылын – өз бала-шағаларын, інілерінің, ағайындарының отбастарын, мұның қолтығын паналаған барша ауылдастарының үй-іштерін түгел күштеп көшірді де жіберді. Себебі, бұларға тіршілік көзі сынды Соқыр өзенінің бойы олардың сол маңға тақау жерден ашылып жұмыс істеп жатқан зауыттың шаруашылығына керек болып шықты. Батырбай ауылының жайылымы мен шабындығы өкімет кәдесіне асуға тиіс көрінеді. Ал мемлекет меншігіндегі жерде босып жүрген бұлар секілді көшпенді бұратаналар, яғни бөтен тек тұқымдары, өкіметтің тілімен айтқан-
да – инородецтер сол босқан қалпы, жел қуған қаңбақтай, кең даладағы әлдебір бұтаға іліккенше домалай бермек. Әйтеуір басы ауған жаққа емес, төсінде жеті атасынан аунап-қунап жүрген жер-суының өкіметке әзірге керексіз жағына ғана қаңғуы жөн екен. Бұл пенделерді сондай шырғалаңға түсіру ұят-ау, бұл бір бұрыс іс болды-ау деп қиналатын әкім жоқ көрінеді. Сонда шал ашуға мінген-ді. Көшін сол кезде жат көзге іліге қоймаған Қарасай бұлағына бағыттаған да, жан-жаққа жаушы аттандырған. Бар сүйенері – өзіне қарасты жиырма-отыз түтіннен шыққан жігіттер-тін. Соларды шартарапқа жұмсап, солар арқылы әр аймақтың игі жақсыларынан хабар алдырып тұрған. Жасақ құрған. Төңірекке жар салып жүріп жиған азын-аулақ қолдың мәйегі де сол өз ауылының жігіттері еді. Терістігіндегі Көкшетау үйезінен көңіл тыныштарлық хабар келмеді. Ол жақта Батырбайға ілгеріден ел жағдайы хақында хабар беріп, көкейтесті мәселелер жөнінде пікірлесуге шақырып жүрген сенімді адамдар бар еді. Алынған хабарға қарағанда, өкімет оларды істі қылып, алдын абақтыға жаба бастапты. Түстігіндегі Қарқаралы үйезінің атқамінерлері үнсіз қалыпты. Ол жақтан соңына он шақты жігіт ерткен Еркіндік қана келді. Келді де, табан аудармастан, үлкен тәуекелге бел буған Батырбаймен бірге болды. Екеуі ақылдаса келе, әуелі ұлықтарға хат жөнелтті. Алайда ұлықтар бұлардың елшілерін дүрелеп қайтарды. Сонда жігіттер ереуілдеген де кеткен. Ең алдымен, аруақты шақыра атойлап, жер-су бетіндегі жат белгілерді бетке ұстай шапты. Шұрайлы атақоныстарын межелеп бөліп тастаған жер өлшеушілердің қадаларына атпен шапқылай жүріп құрық салды, арқан-тұзақ тастады. Бірінен соң бірін сүйретіп, жұлып, түгелімен құлатып шықты. Одан, әкіреңдеп келген пристав пен оның жан-жақтан самсатқан жасауылдарын сойылмен жасқады, тіпті кейбірін соққыға жықты. Сосын одан да іріге кетті: Соқырды тоғандап, әкімдердің игілігі үшін жасап алған су қоймаларының бөгенін бұзды. Су лық етіп еркіндікке шықты. Өзен арнасы қайта толып, етектегі елді қарық қылды. Есесіне Батырбайға қарсы қарулы әскер шықты... Бұл алпауыттар со бір қиын шақта әкесіне болыспап еді. Еркіндік көкесі, міне, соны мегзеп отыр ғой. Жәй ғана ишаралап мегзеген жоқ, тікелей кінәлады емес пе. Кінәлап қана қойды ма, әшкерелеп, масқаралап жіберді десейші! жағымпаз екендіктерін көзге шұқығанын қайда қоярсың. Енді қайтер екен, не жауап табар екен мына алпауыт?.. Өтеміс көзін Айыққа аударды. Айбат шеге жайылған қос қанаттайын, қос қолын малдасына айбарлана тіреп, бүркіт сынды қабақпен шүйіле қараған Еркіндіктің алдында ол шынымен жыртқыштың жемтігі іспеттеніп отыр. Момақан қозыша томпиып қалыпты. Жүзі алабұртып, жанарын төмен салды. Қызметші жігіт көтеріп әкеп ортаға жая бастаған дастарқанның бір шетінен ұстап, көмектескен болды. – Ереке, ішіңіздегі қыжыл кетпеген екен, – деді содан соң аса сыпайы сарынмен. – Егер сонда ел ағасы түгел ереуілдесе не болмақ? Баршасы сіздің кепті құшар еді. Өйткені өкіметтің жасағы сайлаулы. Бас көтерер
ер-азамат біткенді сүттің қаймағын қалқығандай етіп, оп-оңай ғана, байлап-матап алар еді. Атып, асып та жіберер еді, оны өзіңіз білесіз. Сонда қаймағы алынған көк сүттей құнарсыз боп бытыраған, басшысынан айрылған ел қандай күн кешпек?! Сұраулы жүзін көтеріп, Еркіндікке көзін сығырайта қарады. – Жоқ, Ереке, заманына қарай – амалы... Олай етпесең – елде елдік қалмайды. Өкіметтің құрығы ұзын, бүгін ұстай алмай қалса да, ертең құтқармайды. Еркіндіктің әлдене демекке тамағын кеней бастағанын аңғарды да, қолын көтеріп, өзінің әлі cөзін аяқтамағанын сездірді. – Сонау Торғайда менің құдам бар еді, сіздермен қатар ол кісі де атқа мініп, қол бастаған болатын. Ұстатпай, сәтті шайқасып жүрген. Екі жыл қарсыласты. Не керек, ақыры биыл тұтылды. Залалы өзінен асып, балаларына тиюде. Мемлекет қызметінде жүрген оқыған ұлдары қуғын көріп, тіпті немерелері оқудан шығарылып жатыр. Алда соты бар. Не болады, нендей жаза тосуда оны, бір құдайым білсін. Қолын жайды. Күрсінді. Сосын сөзін былай түйіндеді: – Міне сол себепті, сіздің бізді бұғып қалды деп айыптауыңыз, Ереке, бізді Батекең қатарлы "оққа ұшып мерт болмадыңдар", немесе өзіңізбен бірге "итжеккенге айдалмадыңдар" деп өкінгендей сыңайыңызды аңғартады, ғафу етіңіз... Әдепкіде қысылыңқырай бастаған әңгімесін біртіндеп жаймашуақ сабақтай келе, одан, ақырғы бір тынысында Еркіндікке қарсы шауып, қатқылдау аяқтады. Кіріп-шығып дастарқан жабдығын тасып жүрген қызметші жігітке сөзінің барысында көз қиығын тастай отырған. Сөзінің тура соңында оның ішке үлкен, ауыр шарамен енгенін көріп, сәл кідірді де, даусын жұмсарта, баяғы биязы үнімен: – Міне, қымыз да келді, Ереке, – деді. – Дәм ала отырыңыз. Созылып бір бауырсақ алды. Шетінен кішкене бір түйіршік үзіп аузына салды. Бірақ Еркіндік алдымен көмейіне тіреліп тұрған сөзді айтып алуды мақұл көрді. Түйіліңкіреп, өзінің сабырлы қоңыр күңгірінен жазбай: – "У ішсең – ұруыңмен" демеуші ме еді, Айық бай, – деп бір қойды. Терең тыныстап алды да: – Сұлтан бастап, сен қостап, исі қазақ бір жағадан мойын, бір жеңнен қол шығарып жатса, бізге ұлық қорлығың көрсете алар ма еді? – деп жалғастыра берді. – Құй ренжі, құй ренжіме, Айеке, бар пәле сендердің ел мүддесін сатып кеткендіктеріңде! Зілді сөз болды. Өтеміс солай санады. Қалай қатты айтты көкесі... – Ұлықтарың Қайыр сұлтан секілді байларға арқа сүйейді, ал өзгені көзге де ілмейді, әрі адам-ау деп аямайды да. Күні кеше, оязнай түгіл, губернатордың өзімен ауыз жаластыңдар. Енді олардың елге тұтқа деген сендерді уысында ұстап, сәл бөтен пікір білдірген әлсіздерді қырып салмасына кім кепіл? – Төндіре бермеңізші, Ереке, – деп, Айық күлгенсіді. Осы кезде Өтемістің жүрегі шым ете қалды. Көзінің алды біресе жарқырап, біресе бұлдырап, денесі бір ысып, бір суып қоя берді.
Ішке бетінен қаны тамған келісті әйел енген. Ал оның артын ала, үлбіреген уыздай жас қыз – біздің бозбаланың жан-тәнін шырмап, есін алған кәдімгі Ғалима кіріп келе жатыр еді. 2. – Амансыз ба, қайнаға, – деді әйел жарқылдай сөйлеп. Қолында үлкен сырлы тостақ пен қымыз сапыратын қос бүйрек ожау. Басын сыпайы иген бойда, сырмақ үстімен мамырлай басып барып, дастарханның оң жақ шетіне қызметші жігіт қойып кеткен шараның жанындағы көрпеше үстіне тізе бүгіп отырды. – Сәлеметсіздер ме, – деп сыңғыр етті Ғалима да. – Бармысың, келін... Жақсы ма, қалқам... Еркіндік салмақпен екеуіне кезек басын шұлғыды. Өтеміс те күбір етіп, амандасу рәсімін жасады. Өз дауысын өзі естімеді. Ол Ғалиманың қос қолымен ыдыс көтеріп келгенін, қабатталған керден кеселерді дастарқан шетіне түсіріп, қымыз құюға ыңғайлап қоя бастағанын, ең ғаламаты – тап өзінің қасына, қол созым ғана жерге жайғасқанын берекеті кете бақылады. Екі ұдай күй кешті. Шылқып бақытқа кенелгендей, масайып кетті. Сөйте тұра, сонысын отырғандар сезіп қояр ма екен деп, қуыстанғандай болды. Көңілінің тебіренісін құпия сақтауға тырысты. Алайда оның ішкі жан дүниесінде құйындатып жатқан алай-түлей сезіммен ешкімнің жұмысы болған жоқ. – Біссіміллә, – деп, Еркіндік көкесі нан ауыз тиді. Бәйбіше қымыз сапыруға кірісті. Қымыз іліп алған ожауын кербез көтеріп: – Қайнаға, алыс сапардан аман-сау оралуыңыз қайырлы болсын, – деді. Сусын шараға созыла, сорғалап құйылды. Танауды жарардай ғажап иісі аңқыды. Ашық, бала мінез Ғалима таңдайын қаға тамсанды да, кеселерді шараның маңына иін тірестіріп тізе бастады. – Алла разы болсын, – деді Еркіндік. Сосын бала-шағаның есендігін сұрастырды. – Қалай, Зипа келін, кішкентайлар қолғанат болуға жарады ма? Отау иесі жасына жеткендей еді ғой алды? Еркіндіктің бұл үйге жақындығы ертеректе қалыптасқан-тын. Ол жасында Айықтың әкесі Жолсарымен дос-жаран болу бақытын бастан кешкен-тұғын. Жұтқа ұшырап, қыстан таяғын ұстап шыққан, бірақ қиындыққа мойымаған Жолсары атты қайсар жігітті тағдыр оған алыс бір заманда кезіктірген еді. Екеуі тау-кен ісімен шұғылданушы кәсіпкерлердің жүктерін тиеп-түсіріп жүріп танысқан. Тез тіл табысып, сол бойда, тіршілікті түзеу үшін бірге арпалысуға бел буған-ды. Бірінші кезекте екеуі де кен алпауыттарына қызмет етті. Қарқаралы тауларының қойнау-қойнауын тескілеп жұмыс істеп жатқан кеніш-
зауыттарды отынмен жабдықтауға міндеттенді. Сосын жаз бойы тапқан тиын-тебендерін қосып, орыстың ағаш шеберлерін үй соғуға жалдаған. Білектерінің күшін әм біріктіріп, солардың қасында, бірлесіп жұмыс істеген. Сөйтіп олар суық түскенге дейін, бар болғаны бірнеше ай ішінде шағын баспана мен қора-қопсы тұрғызып алды. Жолсарының қайтадан дәулет құрауының басы сол-тын. Еркіндікпен бірге салған сонау жылы үйге отбасын кіргізді. Міне содан бастап оның тасы өрге домалап берді. Еті тірі баласы, әрине, әкесі жиған байлыққа байлық қосып, шаруашылығын нығайта түсті. Бай атанды. Елге тұтқа белді адамдардың санатына кірді. Кезінде құлағына әкесі де сіңірген болу керек, өз әулетінің аяғына тұрып, нық басып жүріп кетуіне Еркіндіктің қаншалықты үлес қосқанын Айық білетін. Айрықша ештеңе бөліп берер ниет танытпағанмен, үйіне әкесінің көзін көрген Еркіндік ат басын тірегенде, құшағын риясыз жаятын. Ең жақын туысқанындай қарсы алатын. Ереуілді жылға дейін солай болды. Әлгінде осынау құрметті кісісінің сол ана жылғы дүрбелеңге байланысты айтқан өкпесі көңілге кірбің түсіргендей көрінді. Әйтсе де Айықтың мәмілегерлігі өткеннің келеңсіздіктерін жуып-шайғандай. Әрі оның ақылды әйелі де, шынын айтқанда, үйге дер кезінде кірді. Зипа қымыз құя отырып, Еркіндіктің балалар жөнінде қойған әр сауалына тарата жауап берді. Ұл-қыздарының нағашыларын қыдырыстап кеткенін айтты. Әне-міне оралуға тиістігін, олардың келуін Ғалимаштың да шыдамсыздана тосып жүргенін әңгімеледі. Сонда Ғалимаштың қай бала екендігі жөнінде сұрақ туды. – Ғалимаш біздің жиеніміз, апамыздың баласы, – деді Зипа Ғалимаға нұрлы жүзін мейірлене бір бұрып қойып. – Ақтөбеден келген мейман. Сөз тізгінін күйеуі алды. – Ақтөбеде Ғалимаш қыздар гимназиясын тамамдады, ал ата мекені – Шалқар маңы, – деп, Айық әйелінің сөзін тірілте түсті. – Үлкен әкесі Мырзағұл бай болады. Мана қозғаған сөз орайында өзіңізге айтқан біздің құдамыз со кісі. Жайлау-қыстау, өзен-суын қызғыштай қоримын деп, мылтыққа қарсы айыр алып шыққан жаужүрегіміз. Содан бері өкіметпен тіл табыса алмай жүр. Ал біздің Ғалимашымыздың жөні бөлек... Қарсысында, Өтемістің қасында мөлдіреп, сүйріктей саусақтарымен қымыз құйылған кеселерді әдемілеп ұстап, дастархан айналасындағыларға үлестіріп отырған жиені Ғалимаға сүйсіне қарады. Жалпы, әйелі екеуі алыстан келген бұл қонақ қыздарын керемет жақсы көреді екен. Сөзінен де, ықыласынан да ап-анық білініп тұр. Өтеміс іштей осылай түйіп, әңгіме-дүкенге құлақ түре түсті. – Біздің жігітке бергісіз ер Ғалимаш, біздің ерке Ғалимаш атасы жұдырықпен шешпек болған дауды ақылдың, қаламның күшімен ғана ретке келтіруге болатынын әбден түсінген... Айтып-айтпай не керек, Ереке, біздің бұл қызға сіздің өзіңіз әлі-ақ риза боласыз. Ғалимашжанды, тірі жүрсек, исі қазақтың маңдайына біткен сирек жарық жұлдыздың бірі ретінде бәріміз мақтан етеміз әлі...
– Ой, нағашы... – Ғалиманың беті ду ете қалды. Қысылып төмен қарады. Басын шайқады. – Ой, нағашы-ы-ы... Айықтың әзіл-шыны аралас ірі болжамы Өтемісті әрі қуантып, әрі мұңайтып отыр еді. Біріншіден, өзінің аңсары қатты ауған бойжеткеннің көптің біріндей еместігі есін алып, көңілін шалқытып жіберген. Екіншіден, дегенмен, тап сол елден ерекшелігі оны өзінен алыстата түсуі ықтималдығын да ойлаған. Сөйтіп бір сәт қорқып кеткен. Ғашықтықтың табиғатына таңғаласың – көзді ашып-жұмғанша жыл маусымын әлденеше алмастырып, көңіл-күйдің небір реңкін түрлі-түсті тастарша құбылта, алдыңнан көлденең тартуға қабілеті жететін құдіретті сезім ғой бұл: келесі бір қас қағым мезетте жаны жай тапқан тәрізденді. Өйткені Ғалиманың жүзі алаулап тұрып ұялғанын көрді. Ал бұл жәйт оның соншалықты қол жетпес қордың қызы еместігін, кәдімгі дүнияуи пенде екендігін танытатын. Тыншудан соң іле-шала әлдебір нәзік сылдырды естіді. Естіді де жүрегі шымыр ете түсті. Ақын айтатын сорлы асықтың табиғатын, көңілін – өзіндік ерекшелікке ие, өзге ештеңеге ұқсамайтын айрықша тітіренткіш түйсігі бар таңғажайып та ғаламат әлем ретінде – тағы бір таңырқай мойындамасқа лажың жоқ. Өтемістің жүрегін тулатқан әлсіз дыбысқа басқа ешкім назар аудармаған шығар-ау, бірақ қайтерсің, жақсы көру, ғашық болу сиқырына арбалып, алабұртқан бозбала қыз шолпысының шылдырлауынан да жан тебірентерлік ән, әсем әуен таба береді. Айтпақшы, оны елеңдеткен нәрсе жәй ғана шашқа тағылған теңгелердің сылдырмақша соғылуы деп бағалайтын біреу-міреу табыла қалса, ондай адамды Өтеміс өзінің намысына тиген қас-жауындай қабылдап, қатты қорланар еді. Бәлкім қолыңда өлер ме еді, қайтер еді. Өйткені оның құлағы күміс сырғаның күміс сыңғырын шалды. Ол қателескен жоқ, оның қателесуі мүмкін емес. Ол бұған сенімді. Себебі, оның бұл сиқырлы сыңғырға тәнті болуы бірінші мәрте емес. Бойжеткен қыздың домбыра тартқан сәтінде бұл ғажапқа ол алғаш куә болған. Сұлу таққан сырғаның ертегідей таңғажайып нәзіктікпен сыңғырлауын бір өзінің ғана естуі ықтимал. Тап солай болса екен, осы кереметті өзінен өзге ешкім білмесе екен деп те армандайды ол... Бойын қуалаған тәтті дірілге масайып, Өтеміс өзіне сәл қырын отырған Ғалиманың сырғасына тесілді. Бұл айтып жеткізгісіз ғаламат дүниені айтулы зергердің айлап-жылдап соққаны күмәнсіз... Хас шебер бүйірінде қиық саңлаулары бар, іші қуыс, кішкентай күміс допты күміс шынжыр-зер жіпке іліп қана қоя салмапты, сырғаның сол жұмыр бөлшегінің ішіне ғажайып сиқыр шашар күллі әлемін қоса орнатыпты! Өтеміс жіңішке терезешелерден көз жасындай жылтыраған бір тамшы асыл темірді аңғарды. Көрінер-көрінбес жібек қыл ұшында дір қағады. Жалтыр түйірді айналдыра қоршаған қауыздай ашылулы перне-тілдер байқалады. Осынау асыл тамшы-түйірдің жіңішке тіл-пернелерді нәзік те көркем саз шығарардай етіп қағып қалғалы тұрғанын ғашық бозбала анық ажыратты.
Әне, сыңғырлақ сиқыр! Қос сырға тербетіліп, сым-тілдерді тарыдай балғашалар сүйкеп еткенде – тек Өтеміс қана естір, тек махаббат өрті шарпыған Өтемістің ғана құлағының құрышын қандырар ғажап сыңғыр шығатыны кәміл. Міне тағы да естілді... Кішкене аспап... Қалқыған сазды әуез... Ғаламат!.. Өтемістің өзіне сұқтана қадалып отырғанын сезді ме, немене, әйтеуір Ғалима оған жалт қарады. Бозбала селк ете түсті. Бойжеткен ботадай көздерін оған мөлдірете тастап, ұзын кірпіктерін жалп еткізіп бір қаға бере, тез нағашысына бұрылды. Екі жастың елеусіз сезім шарпысуы назардан қағыс қалды. Айық жиен қарындасының ыңғайсызданғанын қызық көріп, күлді. Зипа да жымиып: – Нағашың шын айтады, айтқаны келсін, – деді. Еркіндік бұған мән бермегендей. Аз уақыт ойланып отырды да, кенет, Айыққа қарап, жұлып алғандай: – Мырзағұлың қай Мырзағұл? – деп гүр етті. Айық оған сәл таңдана көз тікті. Сосын иығын қозғады. – Сіз біле бермессіз, Ереке, – деген сөздермен сыпайы үн қатты. – Көші-қоны ұдайы Торғай, Орал облыстарының жерінде өтті. Өкіметпен шатақтасқанға шейін негізінен Шалқар көлінің жиегін мекендеген. Біздің елге маңайлаған емес. Үлкен келіні, мына Ғалимажанның анасы маған немере қарындас болып келеді. Қарқаралыға Мырзағұл құда ретінде баяғыда жалғыз рет қана келді-ау... – Шыманның Мырзағұлы болды ғой! – Иә, – деп қалды да, Айық таңырқай қасын керіп: – Құданы сіз де көріпсіз-ау, ә? Менің есімде қалмапты, – деді. – Көргенмін, бірақ саған құда боп келетінін білмеппін, – дей берді де, Еркіндік көзін басқұрға көтере, ойланып қалды. – Қалай? – дейді аң-таң Айық жымиып. – Мырзекеңді әкем марқұмның өзі қарсылады ғой. Сіздер сол кезде... – Ыңғайы, ол кезде Мырзағұл келін түсіре қоймаса керек-ті, жас еді, – деп Еркіндік Айықтың сөзін бөліп жіберді. Оның айтқанын құлаққа ілместен, өзіне өзі сөйлеген тәрізденіп, назарын сол керегенің уық байланған тұсынан түсірмей, баяу гүрілдей берді. – Мен оны алғаш көргелі бері екі мүшел молынан айналыпты, сонда да сол кездескен сәтіміз тап қазіргідей есімде... Бәрі Еркіндіктің аузына қарап қалған. – Ойпырмай, Ереке, сіз Торғай жағын да аралағанбысыз? Айық таңданғанын жасыра алмады. Ол, шындап келгенде, Еркіндіктің өмір жолын мүлдем білмейтін. Әкесінің жолдасы, Қайыр сұлтанның сенімді адамы, иә, сосын ана жылғы бүліктің ұйытқыларының бірі, – міне, оған мәлім барлық деректің сиқы осы. Ол Еркіндіктің тегі жөнінде әлі күнгі жібі түзу бірде-бір әңгіме естімепті. Ошағының басын да көрмеген. Қайдан келіп, қайда жүріптұрғанынан, тіпті оның жас шамасынан да бейхабар еді.
Расын айтқанда, осынау соқа басты жұмбақ адамды бүге-шігесіне дейін түгел танығанмын деуге тірі пенденің аузы бармас. Өйткені ол ешқашан ешкімге ақтарылып, ағынан жарылған емес-тін. Өз сыры өзінде, тұйық жүретін жан еді. Айықтың таңырқауы Еркіндікті көңілдендіріп жіберді. – Е, оны бір жердің шеті деймісің, ол түгіл Итжекеннен әрі де толған ел көрінеді, – деп күлді де, қымызды ұзақ сімірді. Дастархан басы тым-тырыс, назардың баршасы Еркіндікте. Ол кесені орталап, алдына қойды. Сосын тұңғыш рет Ғалимаға тіктеп көз тікті. Жүзі жылып: – Ой, шіркін, қалқам атасының аузынан түскендей екен! –деді. – Рас, – деп мақұлдады оны Айық та. Еркіндік ұзақ әңгімеге көшетін сыңаймен дұрысталып отырып алды да: – Мырзағұл баяғыда жапсарлас облыс қазақтарының мен қатысқан үлкен жиынында сөйлеген. Сонда жас та болса бас екенін, дүйім елге аға атануға ылайық екенін көрсетіп еді, – деді. – Ал игі жақсылардың сол мәжілісіне мен Ақмола үйезінен мына отырған Өтемісжанның әкесі Батекеңмен бірге барғанмын... Ғалима Өтеміске әнтек бұрылып, көз қиығын салды. Бұл жолы Өтеміс бойынан бір ерекше қуат тауып, қыз жанарына тура қарауға батылдық етті. Басының кербезденген сәл-пәл қимылынан-ақ тербеліске келген, содан құдды самал лебімен шайқалып, алыстан естілген шөптің сыбдырындай боп, ақырын, толқындана жеткен сырғаның нәзік сыңғырын құлағы қапысыз шалды. Сөйтсе де манағыдай масайған жоқ, масайрамады да. Бірақ жылы сезімге оранып, балқып, әйтсе де есінен айрылмай, қыз қарашығына өз қарашығын түйістірді. Бозбаланың көз қарасынан не ұққанын кім білсін, әйтеуір бойжеткеннің жанары жылдам тайқыды. Өтеміс разы. Тіпті қуанышты. Ол қыздың жаутаңдаған үлкен де әсем көздеріне өзінің сүйіспеншілік кернеген жүрегінен хабар берерліктей астармен қадала қарағанына мәз. Дөп басып ұға қоймаса да, қыздың құпия сырға тұнған жанарын кездестіргеніне мәз. Қала берді, қызбен екеуінің әулеттерінің тағдырларынан да ортақтық байқалғанына мәз. Айекең айтты емес пе, Ғалиманың үлкен әкесі өкіметке қарсы шығам деп абақтыға түсіп отыр. Ал Өтемістің әкесі сондай әрекетінің салдарынан құрбан болды ғой. Ендеше осы жәйт те оларды жақындастыра түсер, ә? Иә, сөйтуге тиіс. Еркіндік көкесінің тегін адамдармен жақын жүрмейтіні анық, ал үлкендердің оңды үлгісі кейінгілерге жұғысты болмаушы ма еді... Өтеміс бар ынтасымен Еркіндікке құлақ түрді. Іштей Ғалима да әңгімеге өзі секілді пайым жетегімен ықылас қойып отыр-ау деп тәтті үмітке толы ой түйіп қойды. Еркіндіктің естелігі, шынымен, Өтеміске пайдалы болды. Махаббат тұрғысынан деу қиын, қисыны да шамалы. Бұл – күннен күнге санасы толысып келе жатқан бала жігітке қажет мәлімет беру жағынан кәдеге
асар әңгіме-тін. Елеусіз болса да, айқайлап тұрмаса да, түптің түбінде әлеуметтік зерде мен таным көкжиегін нақтылауға жәрдемдесері анық әңгіме-тін. Еркіндік ширек ғасырға тарта уақытқа шегініс жасап, отырғандарға, әсіресе мына екі жасқа қызық көрінген естелігін суыртпақтатып әңгімелей берді... Бесінші тарау 1. Нілді жабылып, кіре тартушылар керексіз боп қалардан бес-алты жыл бұрын Еркіндік Ұлытау қойнауына асып кеткен-ді. Сонда Қорғасын зауытыңда шамалы уақыт от жағушы болды. Одан кенішке түсті. Бір қыс тас қопарып, таудан шұбатылған ін қазысты. Күндерде бір күн, жер астында қайламен тас ойып жатқанында, желкесінен келіп орынсыз қыдыңдаған смотритель деп аталатын жұмыс жүргізуші бастықпен тілге келіп қалды. Тіпті жағаласуға мәжбүр болды. Содан қолды бір сілтеді де, жұмыстан шығып, бағзы кезбелігімен тағы ел аралап жүре берді. Ел аралап жүріп, Кішітаудың бір жотасын қалқалай қонған Батырбайдың қыстауына тап болды. Үйіне құдайы қонақ ретінде кірген Еркіндікке ол ашық, базар көңілін көрсетті. Пікірлері жарасты. Содан араларында достық қарым-қатынас басталды. Бұл екі адамның мінездерінде де, өмір салттарында да ұқсас жәйттер көп-тін, сол себеп болған шығар, тез бауырласып, аз мерзімде бірін бірі туыстан жақын тартып кетті. Олардың екеуі де туғанынан тұрақ таппай көшіп жүрген көшпенділер болатын. Тек бір айырып айтар нәрсе бар. Ол мынау. Көшпелі тұрмыс малшы Батырбай мысалында – ата дәстүрі іспетті-тін. Ал Еркіндікке келсек, оның көшпелі тіршілігі мал бағуға байланысты емес-тұғын. Оның қазақтың мәңгі көшіп-қонып жүретін ахуалында көрінуі – жәй ғана, оның көшпенділігінің сыры сол дағдылы кәсіптен еріксіз қол үзуі салдарында жатқан еді. Оған қазақ елінің мемлекеттілігінен айрылып, күші мен өнері мол көршісінің қол астына түсуі, тиісінше, жер-суынан, дәстүрлі өмір салтынан, өз еркінен айрылу кезеңін бастан кешіп жатқаны себеп болған-ды. Қырдағы дәуірлей түскен бодандық жағдай, сол ретте үдей соққан өзгерісшіл алапат дауыл талайды күйзелтті. Әлеуметтік сұрапыл құйын иірімі көппен бірге Еркіндікті де жаңа тұрпатты көшпенділікке ұшыратқан. Оны мәжбүрлік, өмір сүруге құштарлық пролетарландырды. Сондықтан да оның көшпенділігінің сипатын содан іздеп, ата-бабадан жалғасқан қалыпты өмірінің бұзылған жағдайына көндіге алмай аласұруының көрінісі ретінде тану – ақиқатқа дәлірек келеді.
2. Қазақ даласында отаршыл өкімет туғызған, жолындағыны сыпырыпсиырып жүйткіп өткен құйынды борандар Батырбай мен оның әкесі Өмірбек секілді мың-сан малшының көшпенді тіршілігіне айрықша абыржу мен тынымсыздықтан тұратын соны екпін теліді. Бір орында байыз тауып отыра алмайтындай етті. Күнкөріс қамымен амалсыз көшіп, жиі қоныс аударып отыруын жеделдетті. Бұл былай болды. Он сегізінші ғасырдың алғашқы жартысында қуатты орыс императиясы әлсіз қазақ елін, қорған болу желеуімен, протектораты етті. Ал екінші жартысында – тәуелділіктің бұл түрін өзгертіп, басыбайлы отарына айналдыруға ашық кірісті. Патша қазақ жер-суын мемлекет меншігі деп жариялап, халқын боданы қылды. Содан соң, бодандыққа алған осынау жұртына өзге текті-инородцы, бөтен жерлік-туземцы, жалпақ тілде – жабайылар, қазақы түсінікте – бұратаналар деп ат таққан. Тілі келмей емес, ниеті болмай, атам заманғы аталуының өзін киргиз-кайсак деп бұрмалаған. Сонымен бірге, қазақ елінің жер-суын, тарихи қожайынын тықсыра отырып, тегеурінді әскери–феодалдық күшпен отарлауды жүзеге асыруға кіріскен. Қарулы казак-орыстар жалпақ даланың құйқасы құнарлы, суы мол өңірлерін тіміскілей іздеп, күштінің құқымен иемденуді жүзеге асырған. Бір ғана Орынбор казак-орыс әскері қазақтардан жеті жарым миллион десятина жерді тартып алды. Атамекенінен айырды. Байырғы қоныстанынан құнарсыз далаға қуды. Малшылардың үйреншікті аумақтағы көші-қонына рұқсат етпек түгіл, бос жайылымдарға түліктерін жаюына тиым салды. Өмірбек ол кезде тепсе темір үзетін қайратты шағында-тын, ал Батырбай әлі дүниеге келе қоймаған. Ор өзенін Өмірбек ата қонысы көретін еді, қылышын жалаңдатқан әскер лықсып келіп, оны қу медиен далаға ысырды. Шөбі шүйгін жайылымынан айырды. Аз мерзімде мол пішен дайындап алатын шабындығынан айырды. Өмірбек бұған қатты назаланды. Алайда бұл жалғыз оның басына туған күн емес-тін. Ағайындарының бәрі орманды алқаптардағы, су аңғарларындағы барша шұрайлы да жайлы ата қоныстарынан аласталды. Босқан ел көп еді. Жер тарылды. Жүйке жұқарды. Көшпенділердің жайлауға таласып өзді-өзі қырқысуы жиіледі. Сондай кезде Жайықтың арғы бетінен ұрандатқан біреу қол жинап келіп қалды. Қатын патша тағынан тайдырған нағыз ақ патшаның – Үшінші Петр ағзамның өзі екен, тағын қайтарып алуға шығыпты, десті жұрт. Тақсыз патшаның уәзірлері мен елшілері қазақ ішін аралады. Үгіт жүргізді. Шын патшаның жасағына қосыл, тағын әперіс деді. Есесіне, тақты қайтарып алысымен, ол қысым көргендерді жарылқайды, жәбірленгендерді жебейді деді. Шын патшаның оң қолы боп жүрген бір қазақ жігітімен Өмірбектің өзі де сөйлесті. Естігені әлгілер болды. Сонда ол жерін зорлықпен тар-
тып алғандардан кек қайтаруға бел буды. Сөйтіп, өрт боп қаулап келе жатқан осы көтерілісшілер қатарына қосылды. Мұндай шешімге келген жігіттер көп екен. Шын патшаны Нұралы ханның өзі қолдайтын бопты. Оның құзырына азын-аулақ сарбазымен Досалы сұлтанды аманатқа жіберіпті. Содан соң хан халыққа «жиылсын» деп жар салыпты. Осындай хабар шығысымен, баршасы атқа міністі. Қолда бар қаруларымен жарақтанды. Бірі – садақ, екіншісі – айыр, келесісі – сойыл, тағы біреулері шоқпар мен кәдімгі шаңырақ тірейтін бақан көтерді. Тас-түйін боп жауға аттанған қалың нөпірдің жуан ортасында құла айғырын көкке шапшытып, палуан тұлғалы Өмірбек те кетті. Жебе толы қорамсасын тағынды. Жағы жас еменнің діңінен иілген, адырнасы құлан терісінің таспасынан иіріліп керілген садағын асынды. Сусын құюлы жанторсығын ердің басына ілді. Он екі өрім дырау қамшысын сағақтан сығымдап оң қолға ұстады. Жігіттер жауға жасын боп тиді. Күрс-күрс етіп темір доп құсқан жау зеңбіректерінен сескенбестен, арғымақтарымен ағызып барып қанды шайқасқа қойып-қойып кететін. Әлденеше шағын қамалды алысты. Одан Орынборды шабуылдап, қаланы айнала жүйткісті. Сонда Өмірбек те, өзге сарбаздар да өздері сенген Нұралы ханның Орынборға, ондағы қатын патшаның әкімдеріне енді басқаша, бөтен райдағы хат-хабар жөнелтіп жатуы ықтималдығын ойламады. Кейін, Үшінші Петр патша дегеніміз жалған патша боп шығып, қатын патшаның Суворов дейтін атышулы қолбасшысы басқарған әскер оны, ақыры, тірідей қолға түсірісімен, көтеріліс өртке су сепкендей басылды. Шаруалар – соқасына, малшылар қотанына оралды. Міне сонда – хан тақсырдың шынайы бет-жүзі де бар болмысымен көрінді. Далаға дікеңдеп жазалаушылар шыққан еді – сол кезде ол жігіттерге қорған болуға жарамады. Ал бұл ханның қарашаларының көңіліне келді. Қатын патша пәрменіне сәйкес, Оралтау етегі мен Жайық бойындағы қоныстарынан қазақтар көпе-көрнеу қуылды. Ақыры, сондай шақта, патшадан да, ханнан да түңілген бір қауым елмен қатар Өмірбек үй-ішін, ағайынын көтеріп, шығысқа қарай үдере көшті. Бірақ қай жерде де қазақтың көшпенді тіршілігінің негізі шайқалып, берекесі кете бастаған еді. Жер-су дауы, қоныс дауы Өмірбектің ұзақ ғұмырының ажырамас серігіне айналды. Нәтижесі – мәңгі мазасыздық, мәңгі қозғалыс. Жөңкіліп біресе онда, біресе мұнда көшеді. Терістік пен күншығыстан Сібір казак-орыс әскерлері далаға жайыла, дендей еніп, қазақты шұрайлы жер біткеннен тағы ығыстырды. Мұндай жәйт Өмірбек секілді өз қонысынан еріксіз ауып, өзге ағайын арасына келген кірмелерге айрықша ауыр тиді. Апшысын қуырып, тұрмысын нашарлата түсті. Мұнысы аздай, ақ патша қазақ жерін қазынаға алғанын, көшпенділерге тек пайдалана тұру үшін бергенін жариялады. Патшаның 1822 жылғы Сібір қазақтары жайында устав деп аталатын заң-жарғы шығарып, тағайындап берген тәртібінің салдары жаман болды. Сөйтіп, алпыстан асып ақсақал болған Өмірбектің Арқадағы тіршілігі күннен-күнге қиындай берді.
Қарт қатты ширықты. Ақыры, бөтен ел патшасының жемқор жыртқыштай жебірлік әрекетіне қарсылық көрсетуге, сол патша ту-талақай еткен қазақ тағын қайтаруға тәуекел еткен бір жас пері табылғанда, қатты қуанды. Өмірбек ақсақал өзіне қарасты шаңырақтардан от-жалын жігіттерін ертіп, атқа мінді. Әлгі сол жас перінің – Кенесары сұлтанның – ашынған халық ішінен тез жиып алған жер қайысқан қолына қосылды. Атыс-шабыс, қуғын-сүргін, суыт жортуылдарға он жыл шыдас берген шал, дұшпанына он жыл алғызбаған қайран қарт сарбаз, ақырында мазасыз ғұмырын тоқтатты. Мүлдем кездейсоқ мерт болды. Өмір бойы азабын тарттырып келе жатқан жауының емес, өзімен тағдырлас қазағының қолынан қаза тапты. Барша қыр жұртын өзіндей көріп, бәрінің өзінікімен ортақ мүддесін жоқтап, елім деп от-жалынды майданға сан кірген, оқдәрілі мылтығы самсаған жауына, жаудың шойын доп құсқан зеңбірегіне солар үшін қасқая қарсы шауып жүрген жасамыс батырды артында көлеңкесін сағалаған өз ел-жұртының арасындағы бір әңгүдік мерт етті. Бірақ сол өзі кездейсоқ жағдай ма екен? Кім біледі, кім біледі... Со бір әпербақан ауыл ортасына тапырақтата ат ойнатып кіріп: – Әй, Кірме Өмірбек, – деп айқайлаған-ды. Өмірбек қария шапанын жамылып есік алдына шыққан. Айқайға басып, еліре шауып кеп атының басын өз үйіне тіреген бұ байғұсты жыға тани алмады. Шошақ тымағынан су тамшылап, киімі дымқыл тартқан. Күздің тұманытқан, ұсақ та ұзақ жаңбыры себелеген даламен көп жүргенге ұқсайды. Аты да су мен терге әбден малшынған. Өзі де екі иінінен дем алып тұр. Бірақ екі көзі шоқша жайнап кеткен. Еліріңқі. Сөз саптауына қарап қана, қоңсы отырған бақас ағайындардың бірі болар деп шамалаған. Олар қоныс орнының азаюын елдігінен айрылуынан емес, патшаның пейілі тарылуынан емес, өз ағайындарынан көреді. Елі мен жерін алған зордың қуғынына ұшырағандықтан, жан сауғалай, қаша көшіп келіп, іштеріне енген Өмірбек секілді бірлі-жарым кірмелерден көреді. – Тыңда, Кірме Өмірбек, сенің сардарыңның жаны жаһаннамға кетті! Ат басымен алысып, таяқ тастам жерден шаттана айқайлайды. Өмірбек шапанын қаусырынып, даусын жақтырмай көтеріп: – Не дейд? Не шатып тұр мына антұрған? – дейді. – Өзің антұрған! Жетісуға ауған періңнің басын қақшитып тұрып қағып алыпты деймін! Сауап бопты деймін! – Көзі жайнаң қағады. – Иманды болғыр, – деп күбірледі шал. – Мына бишараның қуанғаны несі? – Кім үшін соғысқанымызды түсінуге санасы жетпегені ме? – Сосын салтаттыға қарап дауыстады: – Әй, ол қалың қазақтың бас ханы емес пе? Сенің де ханың емес пе еді? Ол саған бола қан төкті ғой! – Тантыма! Ол өзінің көкейін тескен құрты жолында соғысты. Ол қазақты патшадан бөліп алып, жалғыз өзі хан болуды армандады! Ол жеке өзі билік жүргізгісі келді. Сондай мақсатпен халықты қырғынға айдап салды. – Астапыралла... – Қарт жағасын ұстады.
– Сен де өз арманыңды күйттедің, осы жерге сіңісіп кетсем дедің! – деп өндіршектеді анау. – Бәрібір кірмесің, Кірме Өмірбек! – Иә-иә-ә, өз жерімізге өзіміз кірмеміз, маңдайының соры бес елі қазақпыз, құдай берген атауымыздан да айрылған... – Кірме Өмірбек артынан келіп етегіне оратылған кішкене немересін басынан сипады. – Ел болсақ дедік... Ізгі ниетіңді бүрып алу оп-оңай екен-ау, ә? Әй, айналайын, сені мұнда кім жіберіп еді? Кімнен сәлем әкеп тұрсың? Аттан түсіп, жөніңді айтпаймысың? Салтатты атының басымен алысып тұрып, ащы айқаймен: – Сандалма! – деді. – Енді ешкімді алдай алмайсың! Сосын көзі еліре жарқ етіп, үкім айтқандай болды: – Сен де жөнел сардарыңның соңынан! Есесіне бізге тыныштық болады! Ойнақшып тұрған атын тебініп қалды да, тақымынан жалт еткізіп аппақ сойыл суырды. Көзді ашып-жұмғанша Өмірбекке атты омыраулата тақалып, сойылын бар пәрменімен сілтеп қалды. Сатыр еткізді. Сөйтті де, қоңырқай үйдің тап іргесінен ытырыла шауып өте шықты. Оқыс соққыдан Өмекең тізесі бүгіліп, жығыла берді. Қасындағы немересі бақырып жіберді. Іштен бала шар ете түсті, сонымен бір мезгілде ойбайлаған қыз үні ауаны жарды. Екі қанатты ала қауымдасып тігілген қараша үйлерден үрпиіскен жандар көрінді. Әйелдердің дауыс салғанын ести сала, біразы қарашаңыраққа қарай жүгірісті. Бір қырынан құлаған Өмірбек ақсақал соларға қарап, тезірек жетулерін тосып жатқан тәрізденді. Бөркі анадайға ұшып түсіпті. Боз қырау шалған жалаң басы мен сақал-мұртын, қуқылданған бет-аузын қызылала қан жауып кетіпті. Көзі ашық, бірақ жансыз – қария не қаза тапты, не естен танып қалған. Екі-үш шал тілдерін кәлимәға келтіре тұрып, оны ақырын, абайлап көтеріп, шапанының үстіне шалқасынан салды. Сосын әйелдер мен бала-шағаның жәрдемімен ішке алып кіріп, төрге жатқызды. Ауылда бұл кезде жігіттер жоқ болатын. Көбі Кенесары қолымен оңтүстікке ауысқан сарбаздар қатарында жорыққа кеткен. Ал алыс сапарға шықпай қалған аз азамат тіршілік қамымен жан-жаққа ертемен тарап кеткен еді. Кешке қарай оралды. Мән-жәйді білісімен, жауды қууға, ауылын тауып, шауып алуға бекіністі. Сондай бәтуәмен иіріліп, бата алуға үлкен үйге беттеген. Бұл кезде жылқысын қарап қайтқан Батырбай әкесінің бас жағында, аузына телміре тесіліп отырған-тын. Аздаған тәуіптігі бар бір қарияның жараға құрым күйдіріп басуы сеп болды ма, қан тоқтап, Өмірбек шал тіршілік белгісін танытқандай көрінген. Жүзіне қатқан қан жуылып, сүртілген соң, ұлына тіпті, әкесі ұйықтап жатқандай болған-ды. Шынында да Өмекең оянды. Сөйтіп, жан-жағынан қаумалаған кемпіршал, қыз-келіншек, бала-шағаның, табалдырықтан аттай бере ошарылған жігіттердің көзінше, ұлы Батырбайға былай деді: – Балам Батыржан, жаман ағайыннан өш алуды ойлап өміріңді өксіте көрмегін. Ұмытпа, алтау араз болса ауыздары кетеді деген. Үш жүздің
баласы үшін кектенер жау біреу-ақ, ол кәдімгі ақ патшаның нақ өзі. Басқаша ұрыс-төбелеске араласпа, балам... Өмірбек ақсақал сол күні түнде жан тәсілім берді. Батырбай жас та болса, ауылдың басы боп қалды. Әкесінің өсиетін қатаң ұстанып, Арқадағы ағайындармен қарулы қақтығысқа бармай, бос деген жерлерге көше жайылып жүрді де, бір жылдары ата-мекеніне қайтуға ұйғарды. 3. Батырбайлар оралғанға дейін дала өлкесінің күнбатыс бөлігі талай қиямет-қиындықты бастан кешкен. Он тоғызыншы ғасырдың бірінші жартысында Орынбор генерал-губернаторлары қазақтарды жер-суынан айыруды жалғастыра отырып, олардың егіншілікпен айналысуына да, өздерінің ата-бабаларынан қалған дәстүрлі көшпенді өмір салтынан қол үзуіне де тыйым салумен келе жатқан. Ғасырдың орта тұсында казак-орыстар әскері Жайықтың күллі сол жағалауын, су жайылатын көгалын, сазды алқабын қазақтардан түгелдей тартып алды. Қасіретте шек болмады. Мұндай саясат көшпелі жұрттың халық ретінде жер бетінен жойылуын ғана көздейтін-ді. Бірақ осынау мал соңында жүрген көшпенділер елдігінен айрылуды қаламайтын. Олардың өздігінен өлгісі келмейтіні әм түсінікті болса керек. Нәтижесінде батыс аймақтың әр тұсынан іркестіркес бұлқынып, көтерілістер туды. Сондай әрекеттерімен халық патша әкімдеріне сес көрсетіп жатты. Сырым батырдың он төрт жылға созылған әйгілі қозғалысы, араға шамалы ғана уақыт салып басталған, он үш жыл бойы толастамаған Қаратай сұлтанның көтерілісі, он бір жыл тыныштықтан соң ұзын-ырғасы тоғыз жылды алған Қайыпқали сұлтанның, Исатай би мен ақын Махамбет батырдың, тоғыз жыл өліарадан кейін бұрқ етіп, он бір жылға ұласқан Есет батырдың көтерілістері патша үкіметіне ой салмай қалған жоқ. Үкіметтің бүйтіп ойлануы Батырбай ауылының ата қоныс аймағына қайта іліккен жылдары орын алған еді. Батырбайдың бар жүгі алты-жеті түйе қомына сыйып кеткен жүдеу көші Орынбор губерниясы жеріне кірген. Сөйтіп бірер үйір жылқысы мен азын-аулақ ұсақ тұяғын айдаған жігіттерімен қоныс іздеп жүрген. Сол уақыттарда, ал бұл – бодандарды басқару ісіне кезекті реформа жүргізу кезеңі-тін, патша әкімдері елде көп бүліншілік туғызған репетсіз тыйым салуларын жоюдың жолдарын қарастырып жатқан. Сол шамада Орынбордың қақ ортасынан орын тепкен зәулім де сәулетті тас сарайдың кең, еңселі әрі жарық, әкімшіліктің басты бөлмесінде, сарыала шекпенді қос ұлық – Орынбор губерниясының генерал-губернаторы мен Торғай облысының әскери губернаторы – қазақ жайы жөнінде ұзақ пікірлескен еді. – Бұратаналардың азаматтық-қоғамдық өмірін бір қолайлы ізге түсіру керек, – деген төрдегісі. – Әйтпесе бұл көшпенді туземдіктеріңе сену қиын. Ол күллі губернияның қожайыны болатын. Қабылдауында отырған екіншісі – тұтас бір облыстың әміршісі. Ол генерал-губернаторды:
– Иә, қаншама тәртіпсіздік туғызды, – деп қостаған. – Шылбырды келтелеп ұстап, қанша асау болса да тырп еткізбей, ел иесі кім екеніне көзін ашып қарауды үйрету ісін дұрыстап қолға алған жөн. – Жабайыларға мәдениет әкеп жүргенімізді көзге шұқып, бадырайтып көрсетер көз жетті. Башқұрттарды қандай мәдени сатыға көтердік, есіңізде ме? бұларды да сол жолға салмай болмас... Бұзақылық та тыйылар еді сонда. – Бұратаналарды тәртіпке салып отыру үшін, – деп қалды облыс әміршісі, – кезінде оларды өзара қадағалатып, өзді-өзін бақылату әдісін тәуір пайдаланып келген едік... Генерал-губернатор түсінбеген раймен қасын керді. Сонда облыстық әскери губернатор, империя шекарасын шығысқа қарай кеңейту тарихының білгірі ретінде, өзінің жоғары мәртебелі бастығына байырғы басқару тәсілдерінен аз-кем сыр шертті. Аса құрметті генерал-лейтенант мырза естіп пе екен, бұратаналарды уыста ұстаудың ең оңтайлы әдісін Шекара экспедициясының бірінші бастығы ұсынған-ды. Ол ұсынысын киргиз-кайсактарды бодандыққа алған сонау алыс жылдардың өзінде-ақ айтқан, сөйтіп, келелі ойын өткен жүзжылдықтың отызыншы жылдарында нақпа-нақ тұжырымдаған еді. Генерал-майор мырза кімді тұспалдап тұр екен? Кириллов емес пе айтпағы? Дәл өзі. Кириллов мырза түземдік бұралқыларды Россия әскерін қозғамай-ақ, жұмсаң – жұмырығыңда, ашсаң – алақаныңда болғызатынын дөп басып айтқан көрінеді. Қайтіп? Жабайы бодандарды бір-бірімен ешуақытта татуластырмау арқылы, оларды, есебін тауып, ұдайы жауластырып отыру арқылы басқару керек деген... Иә, иә, сол жылдарғы башқұрт бүлігін басу ісінде осы губернияның ең биік креслосында отырған ізашары Неплюев мырза асқан тапқырлық көрсетті дегенді генерал-губернатордың құлағы шалғаны бар. Жаңылыспаса, киргиз-қайсақтардың ақсүйектеріне хат жазып, олардың бабалары бодандыққа алынған он сегізінші ғасырдың отызыншы жылдары айтылған шартты естеріне салған. Олар Ресейдің дұшпанына – дұшпан, досына – дос болуға уағдаласқан еді ғой. Содан, генерал Неплюев қарамағындағы бұратаналар билеушілеріне: "Башқұрт бүлінді, демек Россияға жау болды",– деп жазған. Ендеше, киргиз халқының бас адамдары, уәделерің бойынша, жаудың бетін қайтаруға жәрдемсіңдер деген. Дәл солай. Нәтижесі қандай тамаша болып еді! Таяқ жеп – орыс әскерінен емес, жабайылар жасағынан! – жүні жығылған башқұрттар есін жиған соң, өш алуды ойлайды. Бірақ олар кек қайтару үшін өз беттерінше далаға шауып ала жөнелмейді. Не істеді дейсіз ғой? Ақсақалдары бас иіп тағзым ете келіп, губернатор Неплюевтен киргиз-бұзықты шабуға рұқсат сұрайды! Міне қалай! Саяси мүддеге мықты губерния қожайыны, әрине, оларға ашықтан-ашық батасын бере қоймайды. Ол мұны астыртын түрде жасайды: Неплюевтың сенімді тілмәштары башқұрт ішін үлкен ұлықтың өз атынан аралап, құпия үгіт жүргізеді.
"Генерал сендердің Жайық сыртына жорық жасауларыңа рұқсат ете алмайды, – дейді олар. – Өйткені ондай жақсылық жасау – мемлекет тыныштығын өз қолыңмен бұзғанда барабар болады. Мұны башқұрттың дана қарттары түсінуге тиіс. Генерал сондай үмітте. Бірақ генерал башқұрттардың іштерінде қайсаққа деген кек қайнап жатқанын түсінеді. Сол тұрғыдан қарағанда, башқұрттардың өзіне деген өкпелері қара қазандай боларын әм ұғады. Сол себепті құпиялап айтары мынау: жорыққа өз беттерінше-ақ бара берсін, генерал жолдарына кедергі қоймайды. Жабайыларды армансыз шауып, құмарларын қандырсын. Кеткен кектерін қайтарсын, өштерін алсын, және қорықпасын. Олардың Жайық сыртында жасаған әрекет-қимылдары үшін ешқайсысына ешқандай жаза қолданылмайды". Мұндай сөзді башқұрттар қуана тыңдайды. Орыс әскері қасынан емінеркін өтіп, тұтқиылдан қазақ ауылдарын шауып қайтады, сондай қимыл көрсетулерімен губернатордың құпия тілегінің үдесінен шығады. Бұратаналарды өзара қырқыстырып қою, түптеп келгенде, империя мүддесіне саятын шаруа-ды. Бірақ, қажет кезінде, оны да шектеп отыру керек болатын. Айталық, сол жолы башқұрттардың ойда жоқта жасаған шабуылынан қайсақтар қансырап қалған. Алайда өздеріне тән шапшаңдықпен, қысқа мерзімде жалпақ даладан жиырма-отыз мыңдық армия құрып алды емес пе бұл дала қасқырлары. Масқара. Қауіп төндіретін қол. Тек башқұртқа емес, өздері бағынып отырған патшалықтың жалпы тыныштығына да қатерлі қол. Генерал Неплюев сол шақта да көрегендік көрсетті. Бұратана санатындағы қос тайпаның бірін-бірі харап етуін іштей қалап-ақ тұрса да, бес қаруын сайлап шыққан киргиз-қайсақтардың башқұртқа өтер жолын солдаттармен бөгеді. Неге дейсіз ғой? Себебі, ұшарын жел, қонарын сай білетін бұл көшпенділеріңнің сонша көп сарбаз жиған жасағына немқұрайлы қарау тым бейқамдық болып шығар еді. Айлакер, әккі, ат құлағында ойнайтын осынау бұратаналардың бастары қосылып тұрғанда – жаппай тәртіпсіздік туғызып жіберуден тайынбауы да мүмкін болатын. Орыс әскерінің өзімен шайқаса кетуден тайынбайтын-ды олар. Баяғы пугачевщина дәуірінде көрсетті емес пе бұлар бет-жүздерін. Осы Орынборды алып қоя жаздаған бұл жабайылар. Бодан болғанмен, сенімсіз. Сондықтан бұлардың басын біріктіруден қашқан абзал. Есесіне тапқыр генерал шекарадан астыртын түрде қалмақтарды жиіжиі өткізіп жіберіп, киргиз ауылдарын шапқызып тұрды. Ол, сөйтіп, қалмақтарға, бір кезде өздері оңбай таяқ жеген дұшпандарынан кек алуларына жәрдемдесетін. Ал түптеп келгенде, осындай әдіспен екі жақтың да бағзы жаулықтарын мәңгі ұмытпайтындай етіп, естеріне салып қоятын. Осылай болуы керек еді. Өйткені олардың ежелгі дұшпандықтарының нәтижесінен тәңірі жарылқағыр Неплюев мырза империя саясатының мәуелі жемісін көретін. Таңырқаймысыз? Алайда мұнда таң қаларлық түк те жоқ, генерал. Бір бұратананың екіншісіне тұтқиылдан тиісіп, қырғынға ұшыратып кетуі империя үшін өте тиімді, сол себепті бұл жәйт оны қанағаттандыратын. Сон-
дықтан да әрбір сәтті арандатудың нәтижесі жайында ақпарат алған сайын, алдынан жарылқағыр Неплюев асқан ризашылықпен, мұртынан күлетін. Мақұл, мұны үлкен саясат мүддесі дейік. Тек, осы өңір тарихынан білімпаздық көрсетіп отырған жас генерал мынаны айтсыншы: сол заманда генерал Неплюев неліктен тек бір жақты үгіт жүргізген? Қалмақ пен башқұртты киргиз-қайсақтарға құпия айдап салып отыруы дұрыс болсын, жарайды, бірақ, неге бұл тәсіл кері бағытта да қолданылмаған? А-а! Оның өте маңызды себебі бар. Өйткені, біріншіден, бұлардың жері қандай үлкен болса, саны да сондай көп. Бықып жатыр. Екіншіден... екіншіден, ерік беріп қойсаң – жебір шегірткеше қаптап кететін бұлар саны аз тайпадан не қалдырмақ? жоқ қылады ғой. Ал бізге олар – қалмақтар мен башқұрттар – әзірге сол аз қалпында керек. Солардың қимылымен тым болмаса кенеттен, күтпеген жерден соққы беру арқылы, осынау қара-құрым киргиз-бұратаналарды қырып-қаусатқыза беру үшін... Сіздің ізашарыңыз бүл жабайы халықты әп-әжептеуір білген. Бұларға сенуге болмайтынына көзі жеткен. Сондықтан ғой, жоғарғы үкіметке түсірген арнайы баяндамасында: "Киргиз-қайсақтарды біржола бағындырып алудың – оларды жаппай бауыздағаннан басқа әдісі жоқ",– деп жүргені. О, генерал-майор көне тарихты жатқа соғуда ғой! О не дегеніңіз, бұл әншейін, генерал Неплюевке ризашылығының белгісі ғана... Әттең, деймін, неліктен ғана сол бір қажырлы адамның жоспарын іске асырудан тайқыдық екенбіз деймін де баяғы! Әскери губернатор мырза не айтпақ ойда? Не айтушы еді. Мемлекеттік Кеңес сонда, ұмытпаса – он сегізінші ғасырдың қырқыншы жылдарының орта кезінде, киргиз-кайсақтың Орынборға қараған бөлігін жойып жіберу турасында құпия қарар қабылдады ғой, генерал-губернатор мырза бұл жайында естімеп пе? Сол қарарды соңғы сәтте, атты казактарды қылышын жалаңдатып, әне-міне жауып жібергелі тұрғанда, әлдекімнің орындаудан бастартып, либералдық көрсеткеніне өкінеді де... Сонша қатыгездіктің керегі не, генерал? қарарды біртіндеп жазалаушылар жасақтары жүзеге асырып жүр емес пе? О, жоғары мәртебелім, губерния басы мырзам, сіз де либерал көзқараста секілдісіз ғой? Қазіргі заман үшін оныңыз дұрыс та. Мен өткен шақтардағы мүмкіндіктер хақында айтам әшейін... Айтпақшы, мұндай отрядтар сол ұлы ізашар генерал Неплюевтің бастамасымен туған-тын. Ол Жаңа дүниедегі – сонау жердің арғы бетіндегі ақ халықтың қызылтәнділерге деген көзқарасы мен іс-әрекеттерін жақсы білгендіктен және соны қолдайтындықтан солай етті. Ал айтыңызшы, біз өзіміздің жазалаушы жасақтарымыздың қайсысына жүгенсіз қырғын жасадың деп ұрсыппыз? Күні бүгінге дейін, киргизкайсак бұратаналарды, далаға шыққан сайын, түз тағысын аулағандай тырқыратып қуып, малына мал қосып қайтатын казактардың қолынан қағып көрдік пе? Жоқ, қаққан жоқпыз. Жорықтарын жалғастыра берсін. Бұл туземдіктер жайлаған қырда олар неғұрлым үстем бола түссін. Бізге керегі де
сол. Сонау Әулие Петр шаһарындағы Жоғарғы инстанция да үнсіз ғана, біздің жасақтардың жабайыларды тәртіпке салу әрекеттерін құпия қостап, мақұлдауда. Иә! Жаңылыспаса, бұл да өткен ғасырдың соңғы ширегінде болған-ды, Мемлекеттік кеңес бұратаналарды жуасытудың қолайлы тәсілдерін түзіп, сараптаған. Солардың қатарындағы бір әдіске ерекше мән берген. Естуіңіз керек, туземдіктердің іштеріне от тастап, өзара араздық, келіспеушілік туғызып отыру жолын тиімді тәсіл есебінде атап айтып еді ғой. Міне біз сол тәсілді ұтымды әдіс-қару ретінде әлі де қолданып, басшылыққа ала беруге тиіспіз... – Бірақ бұл құжынаған көшпенді жұртқа, даланың аңынан бетер көп туземдікке сенуге болмайды, генерал-губернатор мырза. Өздерінің түз тағысынша көбеюінде де есеп жоқ, қырып тауыса алмайсың... – Либералдар мұндай әрекеттерді құптай бермесе керек, генерал-майор, – деп наразылық білдіргенсіді генерал-губернатор. Бұл екеуі де сол он тоғызыншы жүзжылдықтағы алпысыншы жылдар әкімдерінің көпшілігі тәрізді, өздерін заман рухына сай либерал етіп көрсетуге, жабайыларды мәдениеттендіру жолында жандары ауырып жүрген қайраткер, ағартқыш етіп көрсетуге тырысатын. – Иә, жоғары мәртебелім, менің айтпағым мынау еді: бұратаналардың қаңғыбастығы, өздерінің ұшы-қиырсыз кең даласында тынымсыз жортуылдап жүруі – әрі тыныштығымызға қауіпті, әрі біздің мәдени шаралар жасауымызды қиындатады... – Сіздің бұл пайымыңызда кәдеге асар ой ұшығы бар, генерал. Киргиз-кайсактар әрқайсысының тұрақты үй-жайы мен өзіне тиесілі мекенжайы бар белгілі бір жер пұшпағына байлаулы болған жағдайда ғана нағыз орыс боданына айналады... – Сіз оларды отырықшы еткен дұрыс демекпісіз? – Дәл таптыңыз. – Алайда олардың жер тістеп орнығуына кедергі келтіруді жөн көріп, назарда ұстап отырған өзіміз емес пе? Мұны саясатымыздың сара бағыты етпеп пе едік? – Әлгінде ғана сіз бұратаналардың қаңғып жүруінің империяға қатерлі боларын тура басып айтқан сияқты едіңіз. Іс жүзінде либерал және мәдени-ағартушы болу керек, генерал. Аса жоғары мәртебелі император азғамның құзырына осы тарапта қандай ұсыныс жасарымызды ойлайық... Империяны нығайта түсуді көздейтін шара алуды ойлау ләзім, бүгіндері мүлдем жаңа бағыт ұстану керек... Ал әлгінде есіңізге алған саясат бүгінгі таң үшін көнерді...
4. Бұл әңгіме Батырбай Орынбор өлкесіне, ескі ағайындарының ортасына оралған 1868 жылдың жазында болған-ды. Сол жылғы қара күзде үкіметтің арнайы пәрменімен қазақ жерін бөлшектеу одан әрі жалғастырылды. Бұрын, 1822 жылы Сібірді және 1824 жылы Орынбор өлкесін
мекендейтін қазақтарды басқару жайында жарғылар қабылданып, ұлттық мемлекеттің басқарылу тәртібін біртіндеп өзгерту жүзеге асырылып келе жатқан болса, енді, 1868 жылы сол үлкен аумақты Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарына бөліп басқару жайында уақытша ереже деп аталған заң шығарылған-ды. Осы заң бойынша жетілдіріліп құрылған әкімшілік құрылым жалпақ даланы да, даланы мекендеген халықты да жаңаша бөлшектеді. Бұрынғы рулық ретпен басқару әдетін бұзып, ішкі Ресейдегідей аумақ-территорияларға бөліп билеу тәртібін енгізді. Бұл қазақ даласындағы патша әкімдерінің ұсыныстарына сәйкес жасалды, ал оған, жария ұрандар бойынша, бұратаналардың кезбелігін тиятындай, оларды басқаруды жақсаратындай мақсат арқау болған еді. Орынбор губерниясының генерал-губернаторы маңызды жиналыс жасады. Дәргейіне Торғай және Орал облыстарының әскери губернаторлары мен жаңа құрылымға сәйкес киргиз-бұратаналардың ден ортасыңда қызмет атқаруға тағайындалған барлық шен-шекпенді чиновниктерін жинады. Солардың алдыңда 1868 жылғы 21 қазандағы Пәрменмен бекітілген Уақытша ереженің мәнін әңгімелеп, асқан разы түрмен мынаны атап айтты: – Біздің Азиядағы осынау ұлан-ғайыр иелігімізді жаңа территориялық бөліністерге – облыстар мен үйездер ішін болыстарға бөлуде ірі мақсат бар, мырзалар. Бұл біздің қырдағы қоғамдық және шаруашылық өмірді өз тарапымыздан үздіксіз бақылап-қадағалап отыруды жүзеге асыруымыз болып табылады. Тақау маңнан басқарып, қалауымызша өркендетуге бет алуымыз болып табылады. Сондықтан да біз әрбір уезд, болыстарды қамтитын орыс бюрократиялық мекемелері мен орыс чиновниктерін қырға батыл енгізіп, бекем орнықтыруға тиіспіз! Мырзалар, бұл жаңа заң көшпенділер тарихында бұрын-соңды болмаған шешуші бетбұрыс кезеңді ашады! Жаңа низам даланың өткені мен болашағы арасына айқын да анық шекара қойып отыр, біз осыны мықтап түсініп, жүзеге асыруға міндеттіміз! Дуылдап ұзаққа созылған қол шапалақтау губернатор кеңсесінің ішін кернегені сондай, тас жабығын жарып жібере жаздады. Бәрі риза болды. Отаршылдар да, оларға қызмет етуші, мәдениеттер тоғысының жалына іліккен озық ойлы бұратаналар да. Қысқасы, империяға адал барша қызметшілер разы. Бірақ, әкімдер жаңа заң шарттарын өмірге оп-оңай енгізе алмады. Қыс бойы дайындап, жаңа әкімдердің құрамын, олардың аппараттары мен қарамақтарында істейтін үлкенді-кішілі жауапты ұлықтарын тағайындап, қызмет орындарын айқындағандары сол-ақ екен, жаңа низамға күллі Орынбор өлкесі жаппай толқумен жауап берді. Біздің либералдарымыз илегенге көнбеген көшпенділерді ауыздықтау үшін өлкеге ірі армиялық корпустар шақыруға мәжбүр болды. Олар құрықпен қаруланған жабайыларға қарсы кәдімгі соғыс қимылын жүргізді. Ал "либералдардың" ниеті адал – олар қазақ даласында қанды ойнақ салып, жаппай қырғын жасап жүрген жазалаушыларын "бүлікші көшпенділерді тәртіпке салушылар" деп атады. Дала төсіндегі елді қырғауыл атқандай етіп қыру үш-төрт жылға шейін тыйылмады. Мыңдаған адамды жазалаушылар әйтеуір көзіне көрінгені
үшін ұстап алып, өлімші етіп ұрып-соғып, түрмеге жапты. Олардың бірқатары түрмеде қаза тауып жатты. Тірілерге сот болды. Біржақты айып тағудан шығарылған сот үкімі нәтижесінің өзі жан түршіктірерлік еді: төрт жүзден астам көтерілісші өлім жазасына кесіліп, дарға асылды, жүздеген адам Сібірге, каторгаға айдалды. Батыс өлкенің отарлаушылыққа қарсылық білдірген соңғы бұлқынысы осылай аяқталды. Көтеріліс аяусыз жаншылды. Жаңа низам күшіне енді. Дегенмен патша әкімшілігі заңды дала халқына күштеп қабыл алдырумен ғана шектелген жоқ. Бұл тарапта негізінен қазақты тікелей билеушілер бас ауыртты. Қыр тағдырының тізгінін мықтап ұстаған Орынбордағы үш қабат тас үйдің жуан желке қожайыны да көтеріліс табиғатын ұғуға тырысты. Ол вице-губернатордан көзін айырмай: – Біздің тәртіпке наразы, әкімшілікке өкпелі болған бүлікшілердің басты армиясы – көшпенділер көрінеді. Әрі баршасы, негізінен, кедейлер, – деп, саусағымен столды ойлана тықылдатты. – Иә, кедейлер... – деп оны анау ықыластана қостады. – Айтыңызшы, олардың өздері текті сословие өкілдерін жек көріп, іштей жауласып келгені күні кеше еді ғой? Енді неліктен олар бүгін соларға – Шыңғыс хан тұқымы боп табылатын сұлтандарға үміт арта қарайды? Неге олардың соңдарына ықыластана ерді? Неге олар бізге қарсы шықты? Бір кезде біз олардың қанын сорып келген хандарын тақтарынан тайдырып, жойып жібермеп пе едік?! Өздерін өздері басқаратын етіп, күллі бұратананы Россия азаматтары қатарына қосқан жоқ па едік? Губернатор және Орынбор казак әскерінің наказной атаманы өзімен өзі дауыстап сөйлесіп отырғандай, естіртіп ой толғағандай еді. Сондықтан да бұл сұрақтарына вице-губернатор емес, өзі жауап берді. – Былай қарағанда, текті топтың ереуілін түсінуге болады, – деп пайымдады ол. – Сонау бір жылдары олар хандықтың жойылуына көндіккен-ді. Өйткені олар сұлтан-правитель лауазымымен бәрібір билеуші болып, ел басқарған еді ғой. Ал алпыс сегізінші жыл заңы енді күллі хан ұрпақтарын биліктен қуды және біржола қуды. Міне, сондықтан да сұлтандардың бізге наразылықтары мен реніштері зор болды... – Онда қисын бар-ау, бірақ әлсіз көшпенділердің өздері жек көретін билеушілерін олар басшылықтан кеткен соң қолдауы қалай? – деп үн қатты вице-президент. – Неғып төре-сұлтандарын кенеттен жақсы көре қалды? Жаңа низам хан тұқымына жақпағанмен, оларға әлдеқайда тиімді емес пе? – Әлсіз көшпенді дегенді дұрыс ауызға алдыңыз. Бұл заңда тап сол әлсіздер мүддесі ескерілмеген. Бар себеп соңда. Вице-губернатор үндемей қалды. Оны Наказной атаман әм губернатор мырзаның кенеттен кедей-кепшік туземдіктің намысын жырта қалуы таңырқатты. Сорлысы түгіл, талайлысын көзге ілмейтін көкжалдың аяқ астынан бұратаналарға жаны аши қалып, жоғарыдан бекітілген заңды сынауы қызық екен... Тым-тырыс құлақ түрді. – Тыныштықты түбегейлі қамтамасыз ететін, терең, жан-жақты ойластыратын әділ заң жасау – болашақтың үлесінде, – деп пайымдай берді
жуан желке. – Мына көтерілістің себебін түсіну жөн, ол үшін – бұратаналардың текті сословиесінен басқа да әлділері барын ажыратып, тани білуіміз керек. Білсін вице-губернатор, сол әлділер таза көшпелі өмір кезінде қалыптасқан ата-баба салтын 1868 жылғы заңның біратола, қайта оралмастай етіп бұзғанын басқалардан бұрын сезді. Және ол заңның тек қана орыс мұжығындай отырықшылыққа көшкен қайсаққа ғана пайдалы болмағын айқын түсінді. Сондықтан да олар осы заң бойынша бұрынғы ата қоныстарын – әлсіздермен ортақтасып мекен етіп жүрген жайлауларының ең жақсы, шұрайлы және, әрине, ең көп бөліктерін тез иеленіп, заңдастырып алды. Түсінді ме орынбасары? Ал әлсіз көшпенділерге мұндай бөлістен –пышыраған пұшпақ, құнарсыз жырынды ғана тимек еді. Әлсіз туземдіктер соны ұқты. Яғни тіршілікке қолайлы жер-судан мүлдем айрыларын көрді, көшпелі малшы орайындағы мүддесіне аяусыз нұқсан келерін көрді. Содан бар пәле... Бар пәленің емі біреу – боданыңды үреймен бұғаулап ұстау. Ал бәрін жан-жақты, терең қарастыратын әділ заңды бүгін-ертең жасау қажет емес, өйткені ширығып тұрған дала жабайылары бекерге бұғауды бұзып, тулап кетуі ықтимал. – Әйтсе де киргиз-қайсақ өте көнбіс халық, – деп, жуан желке ризашылық білдіреді. – Әр тулауын қан-жоса етіп бассақ та, ұмытып жүре береді ғой. Сосын кеңсесін қобырата толтырған сансыз арыз-шағымға нұсқайды: – Қазіргі әрекеттері маған ұнайды, – дейді. – Олар өзара ғана қырқысып, бізге ұдайы осылай төрелікке жүгініп отыруға тиіс! – Саусағын маңғаздана шошайтады. – "Жер-су даулап өкіметке қарсы көтерілгеннен түк өнбес, одан да бірімізден біріміз – әліміз жеткен әлсізден тартып ала берейік", – міне, оларға тарих берген сабақ осындай. Я өлім, я – итқорлық тіршілік. Екіншісі тәтті, өйткені ол қанша дегенмен – өмір! Күн астында күн көру! – Бұл да тыныштықты бұзады екен, жоғары мәртебелі губернатор мырза, – дейді кіші ұлық сексенінші жылдардың бас кезіндегі бір жазда. – Әлбетте, демек біз жаңа шара ойлауға тиіспіз. Тыныштыққа залалдары тимес үшін, біз оларды өзара ымыраластыратын съездерге шақырып тұруды ойластырайық. Жүріп-тұрар, көшіп-қонар, жайылар жерлерін өздері келіссін. Әрине, съездер орыс мүддесіне қол сұқпайтын дәрежеде өтуге тиіс... Биік кеңседегі осындай ой пішуден соң ұзамай, үйездер мен облыстар арасындағы қоныс дауын арнайы жиналыстарда талқылап шешіп тұру мәселесі қолға алынған-ды. Еркіндіктің Мырзағұлды көрдім деген жиыны – жоғарыда айтылған ретпен Ақмола және Торғай облыстарын мекендейтін көшпенді малшылардың жер-су мұқтаждығын алдын ала келісіп шешулерін көздеген 1882 жылғы облысаралық съезд болатын... Жүгі жеңіл, малы шағын Батырбай ауылы батыстағы көтеріліс лапылдап тұрған жылы қаша ұрыс салып, өртті аймақтан негізінен аман құтылған-ды. Содан соңғы он шақты жыл бойы Ақмолаға қарасты
жерге шығып кеткен де, жер-суға да, оңды қоңсыға да жарымай, көшпелі тіршілігімен бір орынға байыздап тұрақтай алмай, ертеңгі күніне сенімсіз қараумен жүріп жатқан. Ұлықтардың қазақы жер дауын шешіп бермекке сияз шақыруын ол қуана қарсы алды. Ауылына кездейсоқ тап келген еті тірі Еркіндік өзімен тез бауырласып, сиязға бірге бармақ болғанда, тіпті қуанды. 5. Еркіндіктің "көшпенділігі" де, жоғарыда нобайлап үлгергеніміздей, тарих талқысынан туған, бірақ, мал-жансыз, дүниені жалаңаяқ кезген жаяу "көшпенділік" еді. Оның жалғанды жападан жалғыз жаяу кезе бастауы он тоғызыншы ғасырдың қырқыншы жылдарына дөп келеді. Алайда бұл бастан кешкен жаңаша "көшпенділіктің" негізі одан көп бұрып қалана бастаған болатын. "Көшпенді бұратана қайсақтарды тек жазалаушы отрядтар күшімен бағындырып, тәубасына келтіріп отыруға болады", – деген пікір патша өкіметінің басқарушы топтарында сонау Неплюев заманынан бері үстем болып келе жатқан. Жазалаушы жасақтарды ол кезде сыпайылап "летучий", яғни жеңіл жылжымалы отрядтар деп атайтын. Кейінірек қазақ арасына қарулы күштерін Сухтелен мен Перовский секілді генералдар "барлау жүргізу" сылтауымен енгізіп жүрді. Олар көшпенділерді ауыздықтап ұстаудың ең оңтайлы әдісі – осындай "барлаулар" деп білді. "Жүрдек" жасақтар да, "барлаушы" отрядтар да дала жорықтарына қанқұйлы, жымысқы түпкі мақсаттарын бүркемелейтін түрлі ізгі ұран көтеріп шығатын. Даладан сол бейбіт мақсаттағы тапсырмаларын орындаған секілденіп қайтатын. Алайда қарулы жасақ іс жүзінде қырда тек қана халықты бақылаусыз тонап, масқаралаумен, қырып, жоюмен шұғылданатын. Уақыттан жеңілмейтін құдірет жоқ. Кезінде асқан мемлекеттік құпия болған істердің өзі, уақыт өте келе, жәй ғана, тарихтағы бір дерек болып қалады. Сарабдал уақыттың сынына түскенде – бір қоғам ауызын ашып, көзін жұмған ерлік іспетті тірліктің екінші жағы, жауыздыққа парапар беті ашылады. Пролетар идеологиясымен қаруланған, жаңаша отарланғандық кезеңде де, бүгінгі тәуелсіздік дәуірінде де ойшыл ұрпаққа Өмірбек пен оның ұлы Батырбай және оның үзеңгілесі Еркіндік өмір сүрген замандардағы қазыналық отаншылдықтың астарын түсіну соншалықты қиын шаруа болған емес. Батырбай далада, желмен жарыса, жылдам қимылдап, үкімет әскерінің шашыраған жасақтарымен соғысып жүрген сол он тоғызыншы ғасырдаақ, патшалық Мемлекеттік Кеңестің мұрағаты Санкт-Петербургте тасқа басылып шықты. Мемлекеттік Кеңес құрылғалы бергі қабылданған шешімдер, сөйтіп, кітап болып қолға тиді. Ал оның ішінде содан жүз жыл, тіпті ғасырдан астам уақыт ілгеріде қазаққа қатысты қаралып, бекітілген құпия қарарлар жария болды. Содан, қылмысты шешімдер қатыгез патша заманының өзінде одан әрі құпия болудан қалды. Империя
тарихшыларының өзі "летучий" және "барлаушы" жасақтардың қырда көрсеткен "ерліктерін" зерттеулерінде жазып қалдырып жатты. Жиырмасыншы ғасырдың таптық көзқарас кезеңі мен, жүзжылдық түгіл, мыңжылдықтың аяқталар тұсындағы ұлы оқиғаны – отаршылдық қамытын сыпырып тастаған бақытты сәтті бастан кешкендерге сонау "ерліктердің" ішкі сыры әлдеқашан мәлім болған. Мәселен, он тоғызыншы ғасырдың басында капитан Часовщиков пен майор Морозовтың отрядтары, ресми желеуге қарағанда, Уәли ханның ұлы Ғаббас сұлтанның қонысында "тыныштық пен бейбітшілік" орнату үшін жасақталды. Бірінде 225 атты казак, екіншісінде екі рота солдат бар осы жасақтар әлгі тәтті ұранды жамылып, дала балаларына өлім септі. Ойлы зерттеушіге қазір отаршылдардың одан да сорақы қылмыстары жасырын емес. Езгіге қарсы бас көтеруге батылдық еткен қыр түлектерін жазалауды патша әскері аса мұқият жүргізіп отырды. Сол ғасырдың жиырмасыншы жылдары жол салу үшін шыққан инженер-офицерлерге шейін жазалаушылық қызмет атқарды. Мәселен, араларына бір-екі жылдан салып, құрамында 2500-ден астам солдаты бар Милорадовичтің, бес қаруы сай Назаровтың, Бергтің отрядтары ереуілдеген ауылдарды ойрандап, қырғын салды. Отызыншы жылдары Данилевский, Мансуров, Геке, Падуров жасақтары көшпенділер қанын селдей ағызды. Жазалаушылардың жүгенсіздіктеріңде шек болған жоқ. Олар қылмыстарын: "Бодан бұратана Россия-Анаға қарсы, империя режиміне қарсы көтерілді", – деген желеумен бүркемеледі. Сөйтіп, көтеріліске тікелей қатысқандарды былай қойғанда, тағдырдың мойынға салғанына не де болса көнген сыңаймен, моп-момақан қоңыр тіршілік қамын күйттеп тыныш отырған ауылдардың өзінің шаңырағын ортасына түсіріп кетіп жатты. Олар халықты қарақшыларша тонап, зорлық-зомбылықтың, айуандықтың "озық үлгісін" көрсетті. Және бүл іске бойларының үйреніп алғаны сондай, халық өз тарапынан оларды қаһарландырарлық ешқандай ілік ұстата қоймаса да, жортуылдап далаға келе берулерін әдетке айналдырды. Жазалаушы жасақтар кейде өкіметтің дала төсіндегі "беделін" көтеріп қайту үшін де жорыққа шыға салатын. Ал атты казактардың үстем, бай, озбыр топтары үшін күллі дала – саванна, ал даланың төл тұрғындары саваннадағы аң-құс іспетті еді. Ал бұл құла дүзде жабайыларды жоқтай қоятын ешкім жоқ-тын. Сондықтан да олар осынау ұшы-қиырсыз қазақ сахарасында ойларына келгендерін істейтін. Генерал Перовский бірде "тазы ашуын тырнадан аладының" керін жасады. Ол Хиуаны бірден басып ала алмай қалды да, сол сәтсіздігі оның құдды киргиз-қайсақ даласындағы "абыройын" да айрандай төккен тәрізді қымсынды. Сөйтті де, бұратаналарға айбарын, мықтылығын танытып қайту үшін және ықтимал-ау деген қаңқу сөздің алдын сол тәсілмен алу үшін, арнайы ірі отряд жасақтады. Құрамында мың үш жүзден астам солдаты бар, алты зеңбірек сүйреткен жасақ қыр бетінде қара құрымдай қаптап, бейбіт ауылдардың берекелерін алды.
Солар және тағы сондай ондаған әскери бөлімдер – әлдебір әкімнің бойына туземдіктер отар өкіметін "құрметтемеді" дегендей секем енсе, немесе бұратаналар тарапынан чиновниктердің кей әрекетіне наразылық білдірілсе болды, "жуасыту" шараларын қолданатын. Көшпенділердің қонысын жайрату, адамдарды соққыға жығып, өлтіріп кете беру қатардағы оқиғаға айналған-ды. Сондай сансыз оқиға ішінен біздің әңгімемізге тікелей қатысы бар біреуіне бөліп тоқталайық. 1841 жылы күзге салым подполковник Гаюс жасағын казарма алдындағы алаңға жиды. Оған линия маңында тұратын халықтың малы ұрланғаны хабарланған-ды. Тиісінше сол ұрыларды тауып, жазалау керектігі жөнінде ресми тапсырма берілген болатын. Подполковник Гаюс кеудесін керіп, сап алдына шықты. Ұшы ширатылған жез мұрты қайқайып кеткен. Шегір көзі жасағын қатулана шолды. Сосын бар даусымен айқайға басып: – Казактар! – деді. – Жабайылар линияға келіп ұрлық жасапты! Біздің міндет – оларды сол қылығы үшін жазалап қайту! Жүздеген дауыс қосылып, құдды керней тартылғандай болды: – Ура-а-а! – деп, алаңды басына көтерді. Оларға мұндай жорықтар ұнайтын. Әрқашан сейілге, аңға шыққандай қуанатын. Солардың араларында үш жас жігіт бар еді. Жасақтастары оларды Үш Иван дейтін. Ал осы үшеуін бірімен бірін шатастырмау үшін, жекелеп шақырғандарында анық ажырату үшін, есімдеріне түр-түстеріне байланысты таққан лақап аттарын тіркейтін. Үшеуі де он жеті жаста, әскер қызметіне биыл ғана алынған бозбалалар еді. Ұзын Ванька Седельников пен Шабдар Ванька Оссовский түп-тамырымен казактар әулетінен де, Сұрбет Ванька Александров казак ортасында кейіннен пайда болған. Оны ашыққан қайсақтардан бір жасамыс казак бала кезінде сатып алған-ды. Асырап, іле шоқындырған. Содан оның да казак ретіндегі өмірбаяны басталған. Жасақтағы ең жасы – үшеуі, сондықтан олар біріне бірі жылдам үйіріліп, дос боп кеткен. Жатын орындары қатар, ұйқыға бір мезгілде енеді, бірге орындарынан тұрады, әскери жаттығуларда да, бос уақыттарында да бірге жүреді. Міне осы достар дала жорығына бірінші рет шығып бара жатқан. Дегенмен олар ондай сапардың ішкі сырынан бейхабар емес-ті. Жасақтас байырғы казактардың қырдағы сейілдері жайындағы лепірме әңгімелерін құдайдың құтты күні еститін. Әр кеш сайын, төсекте шоқиып отырып, ауыздарының суы құри тыңдаған. Тәжірибелі жауынгерлердің жап-жазық түз төсінде ағаш сырықты ғана қару-қауқар қылған жабайыларды қалай алмас қылышпен сырығымен қоса сыр еткізіп турағандарын естіген. Одан, жеңімпаз ретінде, қасы қара, көзі от, қанды қыздырып, жүректі ойнақтатар тағы қыздарды қайтіп иемденгендері туралы тамсана тыңдаған. Сондай ғажап ерліктер неше мәрте түстеріне кірген. Не керек, алғашқы барлау-сапарға олар өздерінше бір романтикалық үмітпен аттанған-тын.
Отряд Карақұмға іліге бере-ақ бір ауыл кезіге кетті. Бейбіт ауыл екені күмәнсіз. Еңіске текіректеп түсіп келе жатқан қалың салт аттыларды біреулер күн салып қарап, киіз үй алдында тосса, екіншілері әлдебір жаманшылықты сезгендей, ішке тығылды. Сол кезде команда бір кісідей қылышты суырып, төбелерінде үйірді де, аттың бүйіріне шпорларын қадап қалды... Апыр-топыр, астан-кестен дүние... Айналасы бір аптаның ішінде сексеуілді алқапты мекендеген қырық жеті ауыл ойран болды. Үш Иван алғашқы күні-ақ "ауызданған". Келесі күндері біртіндеп тәжірибелері молыға берді де, төртінші, яки бесінші күнгі шапқында бала Еркіндікке ұшырасты...
6. Олардың сондағы ұшырасуы Еркіндіктің алаңсыз балалық шағын быт-шыт қылды. Ол бір тұтқиылдан киліккен кесепат болатын. Алдағы азапты да ұзақ ғұмыры бойы жүрегінің терең түкпірінде шерменде боп байланып жатпақ ауыр қайғы-қасірет болатын. Сол жара жанына өле-өлгенше жазылмастай боп салынған жылы Еркіндік он-ақ жаста екен... Ол бір үйдің кенжесі еді. Әрі кенже, әрі жалғыз ұл болатын. Алты қыздан кейін көрген, сағынып көрген ер кіндікті сәбиге ата-анасы солай, қуанышының белгісі ретінде, Еркіндік деп ат қойған. Әрине, олар бұл есімнің кейін басқа мән білдірер тұспалын болжай алған жоқ. Олар тек, зарығып көрген бұл перзентінің алты қыз ішіндегі жалғыз ұл, еркек кіндік ерек ұл екенін, шаңырақ құлатпас мирасқор, мұрагер боларын ғана ойлады. Сондай-ақ, әкесінің Еркіндікті өз өнеріне мұрагер етсем деген үміті мол еді. Ал оның ата кәсібі – зергерлік болатын. Шағын ауылдың тұрмысында пайдаланылып жүрген сәндік күміс әшекейлер мен қыз-келіншектердің алқа, шолпы, жүзіктерінің денін Еркіндіктін әкесі Қайып шебер соғып беретін. Өз қыздары тұтынар әсемдік бұйымдарды бірінші кезекте жасайтыны былай да түсінікті. Бес қызының жасауын безендірген зергерлік нақыс, өрнектер өз қолынан шықты. Алтыншы қызын айрықша жасаулап, сән-салтанатына өзінің ғана емес, өнеріне мұрагер ұлының қолтаңбасы да түспек әсем мүліктермен ұзатпақ еді. Амал не... Ошақ басы ойда жоқта ойран болды. Жалғыз бұл ошақ қана ма? Жеткіншек Еркіндік көрген сол күнгі сұмдық сурет, содан бері мүшел төрт айналса да, жасамыс, шал Еркіндіктің көз алдында... Күллі ауылдың шаңы аспаннан шықты емес пе. Үйлері қаусап, жаппай өрт жалмады емес пе. Қою түтінге шашалып, тығылып жатқан жерлерінен тысқа шыққандар қайқы қылыштың жүзіне ілікті емес пе. Қан сасыды емес пе барша ауыл... Сондай масқара аласапыран кезінде жеткіншек Еркіндік, бесіктен белі шықпаған он жасар жас бала, әке-шешесінен айрылды. Қылыш үйіріп қиқулаған атты казактар момақан қой қотанына түскен көкбөрідей жауыз-
дық жасаған. Ата-анасының қай жерде, қандай жағдайда дұшпан қаруының құрбаны болғанын біле де алмай қалды ғой. Сексеуіл арасына бас сауғалай қашып, әупірімдеп тығылып үлгерген саусақпен санарлық аз топтың ішінде олар болмай шықты. Оған кейін көзі жетті. Есін жиғанда... Оның көз алдында жан түршігерлік хайуандық жасалған еді. Ол шырылдап, хайуандыққа әлінше қарсылық білдірген. Сол сәтте басына зілмауыр соққы тиген де, есінен танып қалған болатын. Малғұндар аяқ асты қып кеткен ауылдың қаңырап қалған жұртына оралған босқындар еңіреп жүріп, жұдырықтай баланы жерошақ ішінен тауып алған. Бетіне су шашып, аузына су тамызған. Есеңгіреп өлім аузында жатқан жерінен тірілткен. Сұмдықтың салдарын содан соң ғана көрді. Қасіреттің көкесін естіп білді... Сол күннің соншалықты егжей-тегжейлі белгілері есінде қалмапты. Әйтеуір түс ауа әпкесіне еріп әлдеқандай ойын-сауыққа бармақ-тын. Анық жадында қалғаны – төбеден жай түскендей болған қаралы сәттің қарсаңындағы әпкесінің бақытты жүзі. Кенжебике, Кенжеш, әке-шешесінің ұлдан үмітін үзіп қалғандай, мүлдем кенжесіндей қабылдаған ең кіші қызы. Кенжеш пен шаңырақтағы шын кенже Еркіндік екеуінің араларында бес жас айырмашылық бар-ды. Соған қарамастан, тай-құлындай тебісіп бірге өскендіктен, тап со бір қаралы күнге дейін өздерін ажырамас достардай, я құрбылардай ұстап келген еді. Олардың мінез-құлықтарында, ойындары мен күнделікті тұрмыстіршіліктерінде ер балалардың да, қыз балалардың да әдеті кездесетін. Әпкелі-інілі бұл тете балалар өте тату болды. Бірінің ұл, екіншісінің қыз бала екенін ажырату қиын еді. Әйтсе де ептеп бөлектену сезімін әуелі Кенжешке құдіреті күшті табиғат сездірді. Ұзамай ол еркекшора киімін тастап, бойжеткенше киінді. Сонда бала Еркіндік те әпкесінің әшекейлері көбейе бастағанын, әрі оны әкесі өзі соғып беріп жүргенін аңғарды. Біртіндеп, әкесінің зергерлікке баулуының арқасында, Кенжештің киімдеріне тағылар оқа-нақыштарды жасауға бұл да машықтанды. Өз бетінше бірнеше шытыр, түйме, қапсырма соқты. Әкесі шебер қолымен бір айналдырып, кішкене балғасымен ақырын тықылдатып өткенде, Еркіндік жасаған дүниелер де кәдеге асатындай күйге еніп, жарқырап шыға келді. Зергер әке бой жетіп келе жатқан қызына арнап ғажайып алқа соққан. Бұл жұмысқа шама-шарқынша Еркіндік те қатысып еді. Балғын саусақтарымен асыл тастарды шымшып ұстайтын да, Қайып үйреткен тәсілмен қайрақ маталарға үйкеп, өңдейтін. Әшекейлі салпыншақтарын да жасасты. Не керек, әкелі-балалы зергерлер жабылып соққан алқа көздің жауын алатын, гауһары, лағылы, әсем өрнекті алуан зері жалт-жұлт еткен, майда күміс шынжырлары жібек шашақтай төгілген керемет бұйым болып шықты. Хан қызында болды ма екен тап осындай әсем алқа... Кенжеш есі кете қуанды. Сол күні Кенжеш ертемен малынып киініп алған еді. Жүрегі лүпілдеп, түстен кейінгі тамашаға әзірленгені ме екен, кім білсін. Кеудесінде әдемі
алқа жарқырап, қамзолында, үкісі шоқпардай тақиясында інісі жасаған күміс шытырлар, түрлі-түсті, әр текті, алуан мөлшерлі моншақтар көз тарта, жарасымды өрнек құрып тұрған-тын. Ойбай-ой, әпкесінің сондағы ажары-ай! Ай мен күндей дейтіннің өзі еді ғой. Аңыз-ертегілерде сипатталатын қор қызы немесе ханшайым еді ғой нағыз. Сондағы қалыңдықтардан бір кем емес-тін. Еркіндіктің күні бүгінге дейін есінде: тап сол таңда ұзақ уақыт шекемтас ойнап отырған. Өз-өзінен жымиып қоятын. "Қандай қиял биледі екен сені сол шақта, жарығым, әпкешім..."– Ойға батқан қарт осылай елжірей күбір етті. Бала Еркіндік со бір соңғы сағаттарда айналсоқтап, апатайының қасынан шықпаған еді ғой. Екеуі асықпен хан-талапай ойнаған. Сосын Кенжеш оған қисса оқып берген. Шындап кетсе, Еркіндіктің өзі де оқи алар еді, өйткені хат танитын. Қыс сайын осы ауылға жалданып жатып, көктем шыққанға дейін бала оқытып қайтатын молдадан бұл да едәуір сауат ашқан. Бірақ әпкесінің оқуы басқаша болатын. Мәнерлеп, дауысы сыңғырлап, өлеңді мүлдем құлпыртып жіберетін-ді. Еркіндік сол шақта төрде етпетінен тырп етпей жатып, оны аузын ашып тыңдаған. Иә. Әлі есінде. Оның Кенжебике әпкетайы қисса әлеміне беріле, жүзі алабүртып, кітап беттерін көркем үнмен тірілтіп отырған еді-ау... Ауылға алақұйындатып атты әскер кіргенін олар білмей де қалды. Тасыр-тұсыр, айқай-шу тақаудан шыққан кезде ғана үрейлене елең етісті. Үрпиіп ұшып тұрып, есікке жүгірген. Екеуі екі босағадан сыртқа сығалаған. Сонда ақырзаман кейпін көргендей болып еді. Шошынып, ішке қайта сүңги бергендері сол, арттарынан алшаң басып, қарулы жендеттер кірді. Аспаннан түскендей. Қылыштарын жалаң ұстап, жалақтай кірді. Үй ішіндегілердің түрін көргенде ғана демдерін басып, ыржиысты. Қылыштар қындарына салынды. Бұл үйге тап келген – Үш Иван-тын. Шабдар мен Сұрбет аттарынан секіріпсекіріп түсісімен ішке қойып кеткен, ал Ұзын ат қасында қалған болатын. Құтырған қасқырдай көзі жайнаған Шабдар қолын созып, қыздың иегін көтерді. Кенжеш төрге шегіншектеді. Анау өңмеңдеп ұмтыла берді. Еркіндік шар етіп ара түсті. Атып барып, әпкесін иығынан ұстаған Шабдардың озбыр қолына жармасты. Тісімен жауыздың білегін ызалана қыршыды. Сол кезде артынан жетіп келген Сұрбет оны желкесінен жұлқып өзіне тартып алды да, есікке қарай қатты итеріп жіберді. Еркіндік керегені басымен сүзе жығылды. Үстіне адалбақан құлап түсті. Киімнің астында қалды. Серпіп тастап, қайта ұшып тұрды. Шабдардың Кенжешті қаусыра құшып, жанұшыра шыңғырғанына қарамай, алысып жатқанын көрді. Жыларман боп, жұдырығын түйіп ала жүгірді. Бірақ алдын Сұрбет орағытты. Шекесінен қылыш сыртымен сарт еткізіп қойып қалды. Есін жиғанда, құлаған жүк ортасында жатқанын сезді. Басын көтеріп, көрпелердің бір саңлауынан дұшпанды көзі шалды. Екі езуі екі құлағына жеткен Шабдардың жексұрын жүзін ап-анық көрді. Қолында – Кенжештің алқасы. Бауын созып қарады да, мәпелеп жиып, қалтасына тықты. Еркіндік айқайлайын деп еді, үні шықпады. Бірақ, әйтеуір, жанталасып, орнынан көтеріле берді.
Шабдар оған таңырқай көз тікті. Ізінше қылышын суырып алды. Осы жерде Ұзын араласпағанда, қанішер неме өткір қылышты тартып жіберер ме еді, әлде қайтер еді... Әйтсе де ол, Ұзын ара түсіп тұрғанның өзінде, арам істеріне кедергі келтірмек болған қаршадай баланы қақ бастан өлімші етіп тепкілеп үлгерді. Еркіндік одан арғысын білген жоқ. Бірақ, әйтеуір, ерсілі-қарсылы шапқан ат тұяғына тапталмаған болып шықты. Жалаңдаған өрт тіліне ілікпепті. Оны Ұзын Иван сүйретіп апарып жерошақ ішіне жасырып кеткен екен. Үстіне әкеп дәу қара қазан төңкеріпті. Аман қалуына әуелі бір құдай, содан соң осы жәйттердің себі тиген тәрізді. Бұл жорықтан Ұзын сүлесоқ, тіксіне, жүрегі лоблып оралды. Мұның жан-дүниесі адамгершілік сезімнен ада емес-тін. Кейін ол Еркіндікті жігіт болған шағында кезіктіргенінде, оны өзі танып, сол жоғалмаған адамшылығының арқасында достық қолын ұсынған болатын. Ал Шабдар мең Сұрбетке келсек, бұлар жорықтан айрықша айдынданып, көтеріңкі көңілмен қайтқан. Шабдардың қойын қалтасында Еркіндіктің әпкесінің көздің жауын алар әсем алқасы, екеуінің де тақымында екі арлан қасқырдың өңделген терісі жатты. Хас батырдай, екеуі де бастарын шалқайта ұстаған. Әсіресе Сұрбет Иванда шалқу мол, өйткені ол қаршадайынан күш культіне табынған еді. Енді міне, өзі де сол жуан білекке айналып келеді. Ертеде ол да, мүлдем сәби кезінде, тап осындай шапқыншылықтан күйреп-құлазыған ауыл орнында қалған екен. Сонда оны да әлдекімдер тауып алыпты. Тірі туысы қалмағандықтан, шекарадағы казак-орыстарға бірер қапшық жармаға айырбастап кеткен екен. Ол Иван атанды. Кісі есігінде жүрді. Қарт казактың қолбаласы болды. Әскери сипаты басым жаңа өміріне жылдам көндікті. Біртіндеп тегін ұмытқан. Қандастарын, тіпті, жеккөріп те үлгерген. Мұның белгісі сол – шапқыншылық жорыққа тұңғыш қатыса тұрып, бейбіт ауылдарға жасалған бірінші шабуылдаақ ол өзін айбарлы ұстаған. Қарусыз қандастарын аяусыз шапқан, оларға қасындағылардікінен бір кем түспейтін түрлі қатыгездігін көрсеткен. Жасақ артынып-тартынып, линияға қайтып келді. Подполковник Гаюс шекара комиссиясының басшылығына тапсырманың орындалғанын, ұрлық жасап тәртіп бұзған жабайы бұратаналарды жуасытып, жазалау шаралары мұқият жүргізілгенін баян қылды. 7. Аз күннен соң Орынборға бетінен қаны қашып, көзіне қасірет ұялаған мұңды азиат келді. Европаша киінген жігіт ағасы. Пәуескеден түсіп, губерниялық кеңсенің былтыр ғана салынып біткен үш қабатты еңселі ғимараты алдында аз-кем аялдады. Маңдайшаға бедерленген "1840" деген цифрға қарап, күрсінді. Сыртқы есік ашылды. Кіреберістен көрінген кезекші чиновник оған ізетпен бас иіп: – Хош келдіңіз, Джантюрин мырза! – деді.
Джантюрин мырза сәлемдесіп, жасауылдар жанынан өтті де, ішке беттеді. Бұл – Неплюев атындағы Орынбор кадет корпусын бітірген, білімдарлығы, әдебиет пен ғылымды тәп-тәуір білетіндігі, орыс тілінде таза сөйлеп, өте сауатты жаза алатындығы, ең танымал газет-журналдарды жаздырып алып, үзбей оқып тұратындығы, кітапханасында Пушкин мен Карамзиннен бастап, әлем көркем әдебиетінің таңдаулы туындылары мен тарихи еңбектер жинақталғаны орыс зиялы қауымына әйгілі, сонысы үшін қатты қадірленіп, құрметке бөленіп жүрген Ахмет Жантөрин еді. Бұдан отыз шақты жыл бұрын бақталас туысының қолынан қаза тапқан Жантөре ханның ұрпағы. Ол билеуші-сұлтан қызметіне биыл ғана кіріскен болатын. Аяғын ауыр басып, сәнді сатымен екінші қабатқа көтерілді. Қазақ істері жөніндегі чиновникке кірді. Одан шығып, губернаторға барды. Наразылық білдірді. Шарасыздана шағынды... – Сіз Гаюс комаңдасын сайын далаға ұрыларды анықтауға жібердік дейсіз, жоғары мәртебелім. Ал олар ұры іздеп қиналған жок, олар бар болғаны, құм қойнауын мекендеген екі ру елдің ішінде қойға түскен қасқырдай, оңды-солды ойран салып қайтты, – деді ол таусыла сөйлеп. – Казактардың қатыгездігі мен жыртқыштығын көрсеңіз – жаныңыз түршігеді. Олар киіз үйлерді қаусатып, дүние-мүліктерімен қоса өртеді, әйелдерді зорлады, балалар мен кемпір–шалдарды нысана етіп, мергендіктерін сынады... Генерал-губернатор мырза, Ресей әскери жасағы Ресей-Ананың киргиз бодандарын жазықсыз қырғынға ұшыратты! Масқаралап, адамдық қадір-қасиетін қорлады!.. Бірақ оны тыңдаушысы жақтырмай қалды: – Бояуын қалыңдата бермеңіз, ойланып сөйлеңіз. Олар, дегенмен, тәртіп орнатқан болар, – деп, аузына жағымды сөз салды. Алайда, өкіметтің өзі сұлтан-правительдікке тағайындағандықтан да, Ахметтің күйзелісі тым қатты еді, айрықша қапалы болатын, сол себепті дөкей ұлықтың түзетуінің мәнін діттеуді жөппелдемеде ойлаған да жоқ. – Нақты сурет менің, айтқанымнан көп қорқынышты, – деп, мәселені ашына баяндай берді. – Бұл ауылдардың, онда тұратын адамдардың аяусыз шабылғаны сондай, олардың тірі қалғаны некен-саяқ. Олардың өзі – өліп–өшіп, құм ішіне әрең қашып құтылғандар. – Жазаланып жатқандар өздерін жазалағандарды қашанда қатыгез деп есептейді. Бұл табиғи ахуал, оны еш ұмытпаңыз, әрқашан есіңізде болсын, сұлтан-правитель! Бұратана халқыңыз, одан да, жазалау шараларына ілікпеудің жалғыз жолы – тәртіп бұзбау екенін парықтамай ма? Бұл ереже сол бұратаналарыңызды басқару сеніп тапсырылған сізге де қатысты екенін ойлап қойыңыз!.. Алайда сұлтан-правитель бұл жолы өзіне қатысты ереже мазмұнына ой жүгіртпеген сыңайлы. – Генерал мырза, менің жиған деректерім бойынша – осынау айтып– жеткізгісіз бақытсыздыққа тап болған киргиз-қайсақтар линияға ешқашан тым тақау көшіп келген емес. Олар ылғи Қарақұмда, Сырдария жағында жүрді. Толық есепті, міне, хатқа түсіріп, құзырыңызда қарауыңыз үшін
кеңсеңізге тапсырғалы отырмын. Орыс солдаты атын былғап, қарақшылыққа салынған команданы жазалауыңызды өтінем, жоғары мәртебелім. – Немене дейсіз, Джантюрин мырза?! – деді қату үн. Билік сенім артып, өкіметтің оң қолы санатына алған Жантурин мырзаның бұратана намысын жыртудан да асып, айыпкер іздеуі және құрықты тап бұлайша сілтеуі, әкім тарапынан, сөз жоқ, ұнамсыз қылық ретінде қабылданды. Сондықтан да Ресей патшалығы үкіметінің қазақ жерінде орын тепкен басқару буынының қожайынын оған: – Біз сізді, сұлтан, правительдікке тағайындағанда, сіздің парасаттылығыңызға сенгенбіз, билеуші-сұлтан ретінде сіздің үкімет мүддесін жақсы түсінетініңізді ескергенбіз, – деген салқын ескерту жасауға мәжбүр етті. – Мен мұны әрдайым есімде ұстап жүрмін, жоғары мәртебелім... – Міне мұныңыз дұрыс, – деген үлкен ұлық. Содан соң: – Мына жәйтті ешқашан жадыңыздан шығармаңыз – орыс солдаты далада тыныштық пен бейбітшілік орнату үшін жүр, – деп қосқан. – Ал бұл сіздің жабайы тайпаластарыңызға мәдени ықпалды арттыру үшін, оларға қазіргі озық өркениетті дарыту үшін керек, – деп пысықтаған. – Сіздей көзі ашық кісі мұны айқын түсінуге тиіс, – деп, көзге шұқып қойған. Сосын: – Сіз сұлтан-правительдік қызметіңізді енді ғана бастап отырған адамсыз, ойланыңыз, – деген ызғары бар ескертпе сөздерін көзіне қадала отырып айтқан. Сұлтан-правительдік мансап айналасындағы міндеттерді сонысымен және өзге де дәйектерімен ишаралап, "билікпен санаспаса – қол жеткенінен айрылатынын" сездіріп қойған. Қысқасы, өзіңнің жайыңды ойласаң – бұратанаға жаның ашып басың ауырмасын, биліктің айтқанынан шықпа... Сөйтіп барып, жайма-шуақ, жасанды жадыраңқылықпен: – Келіңіз, одан да озық ой жаңалықтары жайында пікірлесейік, – деген. Ондай пікірлесуге ілікті де өзі тауып, нұсқай қойды: – Сіздің ана қағазыңыздың астындағы журнал "Северная Пчела" сияқты ғой? Соңғы нөмірі ме? Оһо, сіз "Русский инвалидті" де оқимысыз? Тамаша!... Тағайындалған лауазымымен Ахмет Жантөрин тағы он жыл қызмет атқарады. Ұлық пиғылын ой қазанында ойдағыдай қорыта алғандығының тигізген пайдасы шығар... Алайда жазалаушылар ізі тым үрейлі-тін. Сондықтан оған батыс бөліктің көп жылдан бергі билеушісі де үн қатпай тұра алмады. Бұл – сұлтан-правитель Баймұхамед Айшуақов еді. Айшуақ ханның ұлы. Өлкеде әрәдік тұтанған ұлт-азаттық көтерілістерді басудағы белсенді әрекеттерімен орыс өкіметіне еңбегі сіңген. Былтыр ғана орыс армиясының полковнигі шенін алған. Міне, сол әкім, билеуші-сұлтан Айшуақов қалың хат дайындап, қарасуық түсе, шекара комиссиясына келді. Оған хатын кеңсеге қалдырып кету ұсынылды. Ал хаттың қаралу нәтижесін білу үшін кейінірек соғуы жөн... Бастық іс жүргізушіні жібермей, хатты жүгірте оқыды да, былай деді:
– Тыңдаңыз, біздің сұлтан-правительдер немен айналысатын болып кеткен өзі? Біздің әскеріміздің әрекеттерін ревизиялаушы ма? Мынаны қараңыз. Гаюстың командасы... – қағазға көзін түсіріп, әр жерінен оқи бастады, – "көзіне көрінгеннің бәрін ешқандай аяусыз шауып тастай берді..." һым-м, шамасы, біздің сұлтан-правитель Айшуақов соны өз көзімен көріп тұрған ғой... "Бұл қырғыннан... адамдардың қалың сексеуілге тығылып үлгерген шағын ғана бөлігі тірі қалды... Сосын әйел жыныстының бәрін команда масқаралап шықты". Һым-м, султан-правитель Айчуваков мырза мұны да тікелей өзі көрген бе? Көрмеген болса, орыс әскері жайында негізсіз өсекті неге тасиды?! "Бұдан кейін олардың қорыққандарынан әлдеқашан естерінен танып қалған балаларын, емшектегі сәбилеріне дейін, кескілеп, отқа тастады да жағып жіберді", һым-м... "Үй дүние-мүліктері мен өздерімен бірге әкетуге келмейтін үй жиһаздары түгелдей күлге айналдырылды..." Һым-м, яғни айбынды орыс солдаты – жабайыдан өткен жабайы... Сол ма айтпағы?! А?! – Бастық басын көтерді. Көзі ежірейіп кеткен. – Сұлтан-правитель осыны айтқысы келіп отырған жоқ па? – Команда бұйрықты орындады, – деп, іс жүргізуші шапшаң, жаттанды жауапты алға тартты, – ол тәртіптің не екенін білмейтін жабайыларды ұрлық қылғаны үшін жазалап қайтты... – Міне! Бұл біздің тәртібіміз темірдей қатты болу үшін қажет шара! Сұлтан-правитель Айшуақов біздің ісімізге араласпасын. Бізді сынайтын, біздің іс–әрекетімізге баға беретін ол емес. Ол өзінің бұратаналарын біздің заңдарымызға сай дұрыс басқарып, уақтылы салық жинап берсін, бәрін тәртіпке бағындырып отыратын болсын! Оның міндеті – үкімет жарлығының бұратана ішінде орындалуын жүзеге асыру. Оған солай деңіз... Іс жүргізуші Баймұхамед сұлтанға өз тарапынан да ұғынықты түсініктер берді: – Лауазымыңызды сақтағыңыз келсе – өкімет өкілдерімен бірауызды болуыңыз қажет. Ол сіздің парызыңыз. Осылай етуге сіз, тіпті, міндеттісіз, султан Айчуваков. Әйтпесе... есіңізде болсын, правительдікке жете алмай жүрген сұлтандар көп. Түсіндіңіз бе? Түсінді... Өкімет сұлтандардың хан болу құқын жойғанмен, тек сұлтандарға берілетін билеуші лауазымын тағайындап еді, соған да тәубә дескен. Енді соған да тықыр тақалып қалғандай... Басқарушы-сұлтан Баймұхамед Айшуақов ескертпеден тиісті қорытынды шығарды... Адал қызмет етіп, билік тілегін бұлжытпай орындап тұрғаны сондай, Баймұхамед сұлтанды бес-алты жылдан кейін патшаның өзі қабылдады. Генерал-майор шенін береді... Көкірегі ояу ел ағаларының жұртына қорғаныш болған түрлері сол-ақ еді. 8. Қансыраған, кеудесінде әйтеуір шыбын жаны қалған аз топ бұйратбұйрат құм, белдеу-белдеу, ойдым-ойдым сексеуіл араларынан үрпие шығып, ойран болған жұртына келді. Жоқтай жүріп, шейіт болғандардың жүзін жасырды. Жақындарынан айрылғандары аздай, үйсіз-күйсіз,
малсыз, дүние-мүліксіз қалғандарына көздері жетті. Жылап-сықтай келе, жан сауға жолында, басы ауған жаққа қаңғи берді. Жұртқа оралған қаралы ауылдастары тып-типыл ауыл орнынан тауып кішкене Еркіндікті алған. Ол жерошақ ішінде, үстіне Ұзын Иван төңкеріп кеткен дәу қара қазан астында жатқандықтан, кездейсоқ тірі қалған болатын. Қасіретке батып құбырған ауылдастары оны жетелей кетті. Жолда оған адам айтқысыз жауыздық келтірген апат салдарынан бір күнде қартайып кеткен жігіт ағасы назар аударды. Күздің суық түнінен бүрсеңдеп әрең шыққан жүдеу мүскіндер ілбіп алға жүріп келе жатқан. Сонда, орталарында қалқиған жұдырықтай Еркіндікке қарап: – Қалқам-ай, Қайып зергердің үлкен шаңырағынан, бір үйлі-жаннан жарық дүние саған ғана бұйырған екен... нәлеттердің қаһарынан құдай сақтап тірі қалған пенде бір сен болдың, – деп егілді. – Тәубә, көретін жарығың бар екен, қалқам... Бірақ... айналайыным-ай, саған кім қамқор болар... Кім сені сүйер, кім демер, кім жеткізер... Қарашы, түріміз мынау... қарақан басымызды қорғар, асырап-сақтар қауқарымыз жоқ... Еркіндік, бар болғаны он-ақ жастағы көк өндір, айтылып жатқан қайғылы ақиқат пен уәждің бірін түсінсе, бірін түсінбейді. Әлдеқандай алыс бір түйсікпен сезетіні – өзін қатыгез тағдырдың бұл дүниеде мүлдем жалғыз қалдырғандығы. Мына жақ жүндері үрпиіп, жанарларына үрей ұялаған бишара жандардың алдағы күндерінің қандай боларын шамалай алмай отырғанын, кімді паналарын білмей шарасызданып келе жатқанын түйсінеді... – Қайда жүрсең де аман бол... Тірі болсаң – сормаңдай ағайындарыңды ұмытпассың. Әке-шешеңе, аға-апаларыңа, туысқандарыңа, ауылдастарыңа кәрдің қайдан және кімнен келгені есіңде жүрер... Өздері жетім етті, ендеше өздері жеткізсін дейміз де... Бақыл бол, қалқам, қалақтай өскін... Хош... Оны тыңдап отырғандар бас изесіп, көздеріне жас алысты. Сосын бәрі, шұбырған беті, шекараға, казак-орыстар мекеніне тақалды. Еркіндіктің қамын жегені хақ, әйтсе де өздеріне жүрек жалғарлық талшық табуды да ойлаған. "Кісі есігінде, тіпті кәуір есігінде жүрсе де – тірі болады ғой, – деп пайымдаған-ды бұл мүскіндер. – Күшін пайдаланған жан аузына нан салуға таршылық етпес... Құл болсын, бірақ тірі болсын..." Бекіністе Еркіндікті олардан бір дәулетті казак-орыс төрт қалта ұнға сатып алды... Патшалықтың шет аймақта ұстанған саясатының осы бір түрін білмей, оның отарлау және жаппай панрусизм, яғни орысшылдық ұрығын егу жөніндегі іс-әрекеттерін аяғына дейін түсіндім деу қате. Бұл саясаттың кейбір ресми кезеңдері мынандай: көпестерге және дворян емес интеллигенттер – разночинецтерге үйлерінде басыбайлы құл ұстап пайдалануларына сенат 1757 жылы арнайы қарарымен рұқсат берген-ді. Мәңгі құлдықта ұстау үшін, негізінен бекіністерге әкелініп саудаға салынатын түрлі текті тұтқындарды сатып алуға болатын еді. Мұны империядағы көпестер мен дворяндыққа жатқызылмаған зиялылардың талайы пайдаланды. Осы жағдай әлденеше ондаған жылдар бойы күшінде тұрды.
1808 жылғы 23 мамырда патша жаңа заң шығарды. Онда жұтқа ұрынудың, басқа да, бірлі-жарымын жоғарыда әңгімелегеніміздей, қолдан туғызылған апат құрбандығына ұшырағанның және өзге де қилы тағдыр талқысына түсудің салдарынан қайыршылыққа ұшыраған бодандардың болашағы ойластырылды. Бұл заң бойынша – ендігі шаруашылығының барысында күн көру, жан сақтау мәселесі не өмір, не өлім шартымен өлшеніп көлденең тартылған жағдайда, талғажау қылар қорек табу үшін, қазақтар балаларын құлдыққа сатып жібере алатын болды. Халыққа, адам құқтарына осыншалықты қарсы бағытталған көлгір саясатының өзін патшалық ізгі адамгершілігі аңқыған ойлармен көмкеріп отырды. Жалпы, империя іргесін жаңа жерлер қосып алу арқылы кеңейте беруді ашкөздікпен жүргізіп келе жатқан патшалық жебірлігінің синонимін ұдайы отаншылдықты қытықтайтын әдемі сөздермен тұжырымдайтын да, соны жаппай ел санасына сіңірумен шұғылданатын. Сөйтіп, "линияларда киргиз балаларын сатып алуға... барлық россиялық азамат ерікті" екенін жариялап қана қоймай, ақ патша қырылып қалуы ықтимал боп тұрған "осы адамдардың тағдырын жеңілдету үшін" осынау пәрменімен әлгіндей рұқсатты беріп отырғанын атап көрсетті. Халық дана, халықтың ықылым заманнан тұжырымдалған даналығына қарағанда – күштілер әрдайым күші аздарды, әлсіздерді айыпты деп біледі. Мықтылардың көз алдында нашарлар қашаннан кінәлі болып тұрады. Немесе, күштінің арты диірмен тартады... Міне, сондай күші зордың шығарған пәрменінің мазмұны жоғарыда айтылды. Ал оның "адамшылығы" жоқ деп айта алмайсың, өйткені онда – баланы құл етіп ұстаған әркім оны жасы 25-ке толғанда бостандыққа жіберуге міндетті деген ескерту де бар-ды. Алайда сол ескертпенің орындалуын ешкім ешқашан қадағалаған емес. Тек демократиялық ой толқыны тегеурінді түрде лықсып, декабристерді сенат алдындағы алаңға алып шыққан сонау атақты жылда ғана оған тиісінше назар аударылды. Мемлекеттік органдарда ықпалы бар либералдар тобы үн қосып, құл ұстау деген жеркенішті қылыққа дем берген заңның күшін жойғызды. Дегенмен бұл әрекеттің әсері ауыр доңғалақты домалатып келе жатқандарды желкесінен бүріп ұстап, жолдан шығарып тастағандағыдай ғана болған-ды. Итерушілер аласталса да, дөңгелек өз екпінімен дөңгелей бермей ме – құл сатып алу, құл иемдену де соған сайды. Заң тыйым салғанмен, үйреншікті боп қалған іс жалғаса берді, өйткені негізгі себеп – бұратаналардың тұрмысының ауырлығы жойылған жоқ-тын. Қилы себеппен жұтағандар сондықтан, тұрмыс түзеу хақындағы ақырғы мүмкіндіктеріне иек артпай қала алмады. Сөйтіп, әрі өздері күн көру, әрі ұрпағының құлдықта жүрсе де, тіршілікте болуын қамтамасыз ету мақсатымен, қайыршылыққа ұрынғандар балаларын базарға шығара берді. Жұмыс қолын, қызметші, күтуші, жалшы қолын қажетсінген қауымның өкілдері оларды арзан бағаға сатып ала берді. Тек сатып әкелінген балалар бұрынғыдай құл деп
аталмайтын болды. Олар шоқындырылып, қожайынының фамилиясына енгізілді. Яғни отбасының бір мүшесі іспетті саналды. Ал атқаратындары негізінен үй қызметшісінің міндеті еді. Осындай әлеуметтік опа, сүре жағылған кейіпке түскен түз балаларының талайы кейін ішкі Россияға өтіп, оқып, адам боп кетті. Талайы казактар қатарын толықтырды. Ал Еркіндік сынды бірсыпырасы шыққан ортасына кейін түрлі жолмен оралып жатгы. Еркіндіктің өзіндік "көшпенділігінің" басы сол қызметші, қолбала боп сатылып кете баруында жатқан. Одан әрі ол Үш Иванды кезіктірді. Сонда, көкірегіне шер боп қатып, мәңгіге байланған қанды кек алды-артын ойлатпай, дұшпандарына оспадар, өжет шабуыл жасаттырды. Артынша казактар арасынан қол үзді. Содан ол саудагерлерге ілесіп жер кезді. Ертіс өзен пароходствосына еніп, кемеде ыдыс-аяқ жуды, көмір жақты. Үлкен Қалқаман кәсіпшілігінде аяғын тілгілеген тұзды көлді қара жамбастан кешіп тұз өндірісті. Одан қайтадан дала төсіне оралып, Қу тауындағы зауыттарға отын шапты. Ақбұйра адырында жүк тасыды, өндіріс қажетіне орай кіре тартты. Ұлытауда жер қазды. Енді, міне, көшпелі малшылар үшін шақырылған сиязға, Батырбай бармақ боп отырған, әкімшілік өткізетін жиынға қатысуға құлшынған...
9. Еркіндік өзінің Батырбайға ілесе барып куә болған мәжілісінің мән– жайын түсіндіре отырып: – Бұл бір елді ымыраға келтіретін сияз екен, – деді. Жер-су дауымен жиі тоқайласып қалатындардың алдағы көктемеде жүріп тұратын орындарын қайтіп анықтап алып жатқандарын айтты. – Батеке, – деген ол, – бұл өзі бір нағыз оңды шаруа болды-ау? қайда жайылатыныңды алдын-ала білген жақсы ғой, көш үстінде ағайынмен ренжісіп қалмас үшін. Батекең, жер тарлығынан әбден қорлық көріп жүрген қайран көшпенді малшы, басын ризашылықпен шұлғып, Еркіндікті мақұлдады. Өйтпей ше! Сиязда жұртшылық кеңесе келе, көшіп жүрген жалпы қазақтың еркін жайлап-пайдалануына берілетін жайлау аттары тіркелген тізімдерді белгіледі. Отырықшы және жартылай отырықшы болыстардың тізгінін тартты: олардың жергілікті де, тыстан келген де көшпенділердің, яғни көшіп-қонып жүрген малшылардың мүддесіне қол сұғуын шектеді. Ол былай жасалды. Бұл болыстардың қыстақтары мен жерүйлері маңындағы өздеріне тиесілі жер-су, шабындық, жаздық, қыстық жайылымдар мен жалпыға ортақ жайлаулар арасы айқын ажыратылды. Сөйтіп аралары тізімделген жерлер бойынша межелеңді. Енді, міне, екі жақ та сөз байласқалы тұрған. Әр жақтан келетін Батырбай сияқты көшпелілер тек қана тізімде көрсетілген жерлерде жайылуға міндеттенсе, отырықшылар көпшілікке арналған жерлерді өз беттерінше басып алмайтындықтарын айтып, басқаларды сендірмек. Былайша айтқанда, екі жақ та өзара шекараларын бұзбауға салтанатты түрде уәделерін берудің алдында-ды.
Еркіндіктің әлгіндей ризашылығын сездіріп, онысын Батырбайдың құптап жатқаны сол сәтте еді ғой. Міне осы кезде, бұлардың екеуара сөздерін құлағы шалған болу керек, қызыл шырайлы отыздардағы жігіт басын шайқап: – Жоқ, қуануға әлі ертерек, – деді де, орнынан тұрды. Төрге қарап: – Бастық мырза, мен бірер ауыз пікір білдірейін, – деп дауыстады. Сияз жұмысын басқаруға губернатордың өзі тағайындап қалдырып кеткен Торғай облыстық басқармасының чиновнигі оған сөз кезегін берді. Сонда оның айтқаны мынау болды: – Мырзалар, осы бөліске разымыз деп серттескелі тұрсыздар ау? Бірақ бұдан түк шықпайды! Мәслихатта отырғандар шу ете түсті. – Неге? – Неліктен? – Мырзағұл-ау, еңді бітімге келдік пе дегенде, тағы нені көңірсіттің? – деп жатты әркім әр жерден. – Себебі, – деді Мырзағұл бәріне айнала қарап, – бұндай уәдені бірінші болып отырықшылар бұзады. Өтірік десе – өздері айтсын, отыр ғой арамызда. Көшпелі ел қоныс аударысымен, басқа мезгілді айтып олардың адалдықтарына қиянат жасағандай болмайын, алғашқы ауыл жайлаудан кетісімен – әлгінде белгіледік деген шекарамыздан олар өтеді де кетеді. Сөйтіп, келесі бір көш келгенше, ортақ жайылым болады деп қазір уәделескен жеріңді, ертең, тап бір өзінікіндей етіп иемдене қалады. Отырықшылар намыстанғандай түр көрсетіп, гуілдесіп кетті. – Жаны бар сөз, – деді Батырбай ойға батып. Өмірі жүгі түйенің қомында келе жатқандықтан, ол Мырзағұлдың ойын бірден түсіне қойды да, оған жақтасып шыға келді. Ал жайлау, қыстауларың Еркіндікке тікелей тіршілік көзі болмағандықтан, оның үстіне, малшылықтан тым ерте қол үзіп алғандықтан, жаңа ғана тамамдалғалы тұрған әңгіменің бұлайша қайта тұтануы оған оғаштау көрінді. Несін жасырсын, жақтырмады. Бірақ Мырзағүлдың сөзін тыңдай келе, сонау ұшқарылау ойынан тез айныды. – Бар пәле отырықшылар мен көшпенділер тұрмысындағы өзгешеліктерде, – деді Мырзағұл, – соған сәйкес, екі түрлі тұрмыс салтын ұстанатын ағайындардың мүдделерінің де екі жарылатынында... Ол мәселені нақты мысалдармен ара-жігін айыра дәйектеуге көшті. Еркіндік оны ауызын ашып тыңдады. Қонысы тұрақты, жері шүйгін, уайым-қайғысы жоқ мына Айық, ана жалғанды жалпағынан басып жүрген Қайыр төре сияқты шынжыр балақ, шұбар төстер кейіс білдіріп жатты. – Бұл не? – десті. – Бүтін елді екі бөліп, біріне бірін қарсы қойып, бұл салғаның – қай іріткің? – десті. Оларға ұшарын жел, қонарын сай білетін, бәрін билеп отырған орыстың үкіметінің көзімен "қаңғыма" аталған нағыз көшпенділер қарсы дау
айтты. Қарсы дау айтушылардың ішінде Батекең де бар-тын. Ол салмақпен, бәріне басу айтқандай болып: – Бұл жас мырза отырықшы ел мен көшпенді ел арасындағы кереғарлықты болдырмайтын тәсіл ұсынам деп тұр ғой. Даурыға бермей, соны тыңдайық та, – деді. – Шартараптан ат сабылтып келіп, осында жиналғандағы мақсатымыз – көші-қон кезінде жер-суға байланысты орын алатын қарымқатынасымызды қайтсек тату-тәтті қоңсылық деңгейден түсірмейміз, қайтсек ушықтырмаймыз дегендік емес пе еді? Осы жәйтті ақылдаспаймыз ба? Ел Батырбайдың осы уәжіне тоқтады. Мырзағұл сонда бір көсіліп сөйлеп берді дейсің. Еркіндік білсе, көптің көкейіндегі сөзді айтты. Қышыған жеріне тигізіп, айызын қандырды әшейін. Мәжілісті басқарып, төрағалық жасап отырған шенеунік-әкімді ә дегенде бір састырып алғанын айтсаңшы! – Жер-су дауын о баста туғызған сенсің, мырза, – деді, – ақ патшаның ниетін бұрмалап, ойларыңа келгенді істейсіңдер, – деді, – "сен" дегенде тікелей сені емес, өңшең өзің тәрізді төрелерді айтам, – деді. – Патша ағзам баяғыда, қазақты бодандыққа алғанда, қанаттыға қаққызбай, тұмсықтыға шоқытпай, қорған болам дегенді айтқан. Ертең араңа сұғынтып әскерімді енгізем демеген. Шұрайлы жеріңді тартып алам дегенді ауызына алмаған. Мұны істеген – сендер. Енді келіп, тарылған жерге бастары сыймай жүрген қазаққа қазылық құрып жақсы атанбақсыңдар. Жұрт қозғалақтап қалған. «Шынында, солай-ау өзі» деген. Мырзағұлға ризашылықпен құлақ түрген. Анау сонда: – Оған да көндік, мейлің, – деп сөзін сабақтай түскен. – Бірақ, мұндай міндетті ақыр қолға алдың екенсің – әділ атқар. Ешкім өкпелемейтін болсын. Көзің көріп отыр, қазір қазақта шаруашылықтың екі жобасы бар. Осы екі жоба арасындағы келіспеушілік бәрімізді әуре-сарсаңға салып отыр. Мына мен көне көшпелі жолмен күн көріп жүрген жанмын. Ал мен сияқты таза көшпендінің тірлігі – алдындағы малының ығымен бір орыннан екінші орынға ауысып жүргенде ғана икемге келеді. Себебі менің байлығым мен саулығым – төрт түлігімнің жайылар жеріне тәуелді. Өрістегі жылқы, түйе, қойымның жағының қимылына тәуелді. Әлгіндегі тізіміңде көрсетілген жайлауға бір барармын-ау, алайда оған екінші мәрте бас сұға алмайтыным анық. Неге дейсің ғой? Өйткені замананың сонылығын оның ескен алғашқы лебінен сезіп, шаруашылығын жаңа отырықшы жобада жүргізуге көшкен мына отырған шонжарлардың да басты байлығы мал болып табылады. Ал малға жайылатын кең жер керек. Сондықтан да бұл қауым үйінің іргесіндегі иесіз жатқан, біз қазір көпке ортақ деп белгілеп отырған жайылымды бүгін бір шетін кертіп, ертең екінші пұшпағын жайлап дегендей, алыстан көшпенді көші жеткенше басып алады да қояды. Содан өкпе туады. Жоқ, сияз төрағасы мырзам, біз ымыраласар тұс басқа орайда. Сен әр болысқа қазақтың дәстүрлі "маңдайын" бекітіп, бөліп бер. Сосын "маңдай" жаңаша жетілдірілгенде қандай болу керектігін айтты. Еркіндіктің көзі көрді, құлағы естіді – оның әр сөзі Батырбай мен сол секілді талай жанның көкейіне қонып отырған-ды.
– Әр болысқа оңтүстіктен солтүстікке созылған жіңішке жер жолағы берілсе, – деген ол өзінің "маңдай" туралы ұсынысына нақтылық сипат бергендей ретте. – Әр сондай жолақтың түстігінде мыңғырған малымен бай қазақтар қыстаса, терістігінде кедейлеу қазақтар егін егіп, шөп шауып, отырықшы өмір сүрер еді де, жазда басқа елмен қатар жайлауда жүрер еді. Сонау сиязда Мырзағұл, міне, осындай мәселені айтты. Көпшілік оған ұйыды. Алайда жиынға қатысушылардың көбіне ұнаған бұл пікірге отырықшы өмірдің дәмін татқан ықпалды кісілер қарсы болды. Ақыры Мырзағүлдың жобасы қабылданбай қалды. Жақсы ұсыныстың қабыл алынбағанына талайлар өкінді. Батырбай да. Оған Еркіндік қосылды. Екеуі де әттеген-айлап өкініш білдірді. Мәжілістен соң олар Мырзағұлмен бірге қайтты. Соның ауылына бір қонып, үшеуі, Шыман қария қосылып, төртеуі ұзақ сырласты. Ойы өрелі, жас та болса бас болғалы тұрған адам екенін Мырзағұл айқын танытқан. Сол жолы Батырбай оған қатты риза болды. Олардың ата-бабаның көшпелі тәсілімен мал бағушылар ретіндегі мұңы бір еді, жылдам түсіністі. Содан кейін де олардың ұшырасып тұрған болулары ықтимал. Рас, Еркіндік мұны дәл білмейді... – Ереке, Ғалимаштың үлкен әкесін бізге әбден жақсы таныстырдыңыз-ау, – деді Айық күлімсіреп. – Біздің құдамыздың өкіметке қиғаш келуі оқыстан емес екеніне көзіміз жете түсті де... Тым ерте-ақ бейімделе бастапты ғой... Еркіндіктің қабағы түйілді. Ол Айықтың бұл сөздерін анық ұнатпады. Әбүйір болғанда, әңгіме арнасы сол екі арада жылдам өзгерердей жағдай туды. Қызметші жігіт буын бұрқыратып, қуырдақ салынған табақты көтеріп кірді. Қуырдақпен қоса әкелген хабары үйдегілердің назарын түгел өзіне аударды. Сол хабар Айықтың жағымсыздау естілген әзіліне орай бой көрсете берген қолайсыздықты тез ыдыратып жіберді. Ал ол табақты Зипа нұсқаған орынға қойып жатып: – Айеке, Жетісудан шыққан меймандар жетіпті, – деген. – Сарман жағдайды біліп қайтуға келіп тұр. Шамалыдан соң оларды Нақып мырзаның өзі бастап, осындағы әзірленген жайларға әкелмек көрінеді... Сосын Айықтың сұрақтарына орай, көл жағасындағы қонақтар түсетін үйлер, қонақтарға қызмет ететін адамдар туралы баян қылды. Өзінің Сарманға аялдай тұруына кеңес бергенін сөз арасына қыстыра кетіп, Айекесінің сұлтан ауылына айтар сәлемі бар-жоғын сұрады. – Сен, Бегімбет, сол шабарман боп келген Сарман баланы бері шақыр, – деді Айық. – Тілдесейік. Мән-жәйді өзіміз естіп-білейік. Әлгіндегі әңгіме жайына қалды. Алыстан келген және келе жатқан меймандар жөнінен молырақ мағлұмат естуге, ең алдымен, Еркіндіктің өзі әуестік білдірді. Өтеміс оның сабырлы жүзбен мүлдем басқа мәселені күйттеп кеткенін көргенде, ішінен кәдімгідей өкінді. Көзінің қиығын Ғалимаға тастап қояды. Неге екенін, осы қыздың үлкен әкесі туралы әлі де бірдеңе-
лерді естіп-тыңдай бергісі келетіндей. Бірақ оны енді кім айтар. Көкесі, ыңғайы, өзі білетін жәйтті түгел мәлім етті... Іштей бір күрсініп, кеңеске көңілсіздеу құлақ түрді. Еркіндік пен Айық әр жәйтті Сарманнан суыртпақтата сұрастырып отырды, Ұзамай, сұлтан ауылындағы қарбалас тіршілікке әбден қанықты. Қайыр сұлтанның Петрборда оқу тауысып, Омбыда адвокат болған, Дала генерал-губернаторлығы мәккамасында басқа да түрлі қызмет қылып жүрген баласы Нақыптың өзі бір топ жолдасымен түнделетіп оында келген екен. Олар Омбыдан Керекуге шейін кемемен, одан бері ат арбамен, бекет сайын көлік ауыстырып, Қояндыға суыт жүріп жеткен-ді. Жол соғып, шаршаған жігіттердің біразы әлі дамылдап жатқан. Ал Нақып әзір көз іліндірген жоқ. Өйткені, облыстың әскери губернаторын үйез бастығымен бірге Семей бағытына шығарып салуға Қайыр сұлтанның өзі кеткенін үйіне ат басын тірегеннен естіген. Күтулі меймандар хақынан да хабардар-ды. Сондықтан, әкесінің жолаушылап кеткен жағынан әлі орала қоймауы себепті, қонақжай шаңырақтың иесі орнында болғандықтан, алыстан арнайы ат арылтып келе жатқан жолаушыларды алдарынан шығып қарсылаған еді. Бір жақсысы, ол жалғыз емес-тін. Қасында Жиһанша есімді жолдасы жүрген-ді. Университетте бірге оқыған досы. Мана, шабарман Сарман келіп, ауыл маңына ілігіп қалған меймандардың хабаршысы жайында мырзасына сыбырлап айтып бола бергенінде-ақ елең еткен, олардың аты-жөнін Нақыптан бұрын сұрап алып, төсектен де Нақыптан бұрын атып тұрған. Жетісудан келген мырзалардың бірі оның жездесі екен. Бақытжан сұлтан. Кәдімгі үш жүздің қолын бастап, қалмаққа қазақ күшін тұңғыш мәрте кең даланың бар түкпірінде бірдей танытқан Әбілқайыр батырдың, кәдуілгі Әбілқайыр ханның ұрпағы. Әлде шөбересі, әлде неменесі... Жаңадан ашылған Орынбор – Ташкент темір жолымен саяхаттап, одан Жетісу аумағында қызсет істеп жүрген өзінің Петрбор университетіндегі курстас жолдасы Барлыбек мырзаның үйіне қонақтай барса керек. Сол жақтан екеуі зайыптарымен мұнда ел көрмек, жер көрмек ниетпен сапар шеге келіпті. Меймандарға сусын құйылып, жеңіл-желпі түстік дәм берілді. Сұлтанның үйінде содан бірер күн бұрын Керекуден келіп үлгерген Темірғали қажының жатқаны жақсы болды. Осы ауылдың өз адамындай секілденіп, меймандарды үйіріп отыр. Тәп-тәуір, жылы әңгіме-дүкен құрылуда. Сол үш кісінің жасы да, әуес әңгімесі де шамалас боп шықты. Әңгімелерінің жарасқаны емес пе, алыс жолдан соң сәл-пәл тынығып алу ойларына әзірге келер емес. Әйтсе де Нақып мырза қонақтардың көлге түсіп, салқындап-сергуіне жағдай туғызу орайында, бұрыннан берілген тапсырмалардың орындалуын пысықтап қойды. Сарман арқылы мұндағы үйлердің жай-күйін анықтап, құнттап білуді де ойлаған екен. "Айекең ауылда болса – келсін" деген хабарды қоса жіберіпті.
– Ереке, алыстан келген қонақтарға барып сәлемдескеніміз мақұл болар, – деді Айық. – Қалай қарайсыз?! Әлде маған бара бер дейсіз бе? Мен оралғанша дамылдап отыра тұрасыз ба? Үлкендердің өзара кеңесіп кеткен осы бір сәтінде Сарман жастарға мынандай жаңалықты мағлұм етті: – Ертең кешке үлкен бал болады. Ғалима қуанып кетті. – Қатира қашан келеді екен? Балға үлгерсе ғой... – Олар осында. Әлгінде ғана үйге күймеден түсті. Алдияр сұлтанның өзі жарлық беріп, алдарынан тың көлік жіберткен. Сонау Сиырлы бекетінен тосып алып келді. – Алақай! – Ғалима қолын шапалақтап жіберді. Қыздың сәбише мәз болуы дастархан басындағыларды түгел елең еткізді. Оған Еркіндікке шейін сүйсіне көз тастасты. Соншалықты пәк, шаттық сезімін шынайы, кіршіксіз таза пейілмен жария еткен аңғал жаратылыс, нәзік жан... Өтеміс жүрегі алқымына тығыла, басы айналғандай мең-зең күйге еңді. Өз-өзінен толқып отырып, Ғалимаға тіктеп қарауға да басқалардан жасқанды... Бұл жігіт кәдімгідей-ақ ғашықтық торына түсті. Бірақ биылғы жәрмеңкенің оған сыйлар кереметі осынау тылсым сезім ғана еместігін, тіпті, бұл құдірет есін кетіріп, жан-дүниесін жаулап алса да – түптің түбінде есіл-дертін махаббаттан да гөрі артығырақ билеп, азапқа салатын, егілтіп-тебірентетін бақытқа кезігерін ол сол сәтте түйсіне қоймаған-ды. Әйтсе де оны бір ғаламат күш Ғалима бар жаққа тарта берді. Қызды көрсін-көрмесін, әйтеуір соған жақындау ортаға аңсары ауды да тұрды. Сөйтіп, жүрегінің лүпілін тыңдаумен жүргенде, бұрын-соңды арнайы іздеп барып оқуың мүмкін емес мектепке түскендей болды, үкіметтің мектебінде жоқ ғажап дәрістер тыңдағандай болды. Бала жігіттің елгезектігі мен тапсырмаға тиянақтылығы, және, әрине, тыңдай білетін, көңілге тоқи алатын қабілеті айтып жеткізгісіз кәдеге асты. Жәрмеңкеге жиналған зиялыларға Еркіндік көкесінің танымал боп шығуы Өтеміске қандай жақсы болды. Ғалиманы жолықтыруы да, шынтуайтқа келгенде, осы көкесінің арқасы емес пе... Бақытқа масайған бозбала санасына осындай ой, мына жәрмеңке іргесіндегі көлдің жағаға оралып соғып жатқан толқынындай, күніне сан мәрте келіп-кетіп жүрді.
Алтыншы тарау І. Алыстан келген, оның үстіне тұңғыш рет келген қадірменді меймандарға атақты жәрмеңкені аралатып таныстыру рәсіміне Өтеміс те куә болды. Ол көкесіне ілесіп, үлкендер кеңесіне қызыға құлақ түрді. Сөйтіп, қанша келіп-кетіп жүргенмен, осынау думанды жерді жаңа көргендей, қайта танығандай күй кешті... Экскурсия жүргізуші рөлін Нақып мырза атқарды. Өтемістің байқауынша, мінсіз атқарды. Ол жәрмеңкенің қазақ тыныс-тіршілігі деңгейімен тығыз байланысты тарихын да, қазіргі ахуалын да бес саусағындай білетінін көрсетті. Болашағы жайында да пікірін білдіре кетті. Жауап ізделмек сұрақтар ұшығын да қылтитып қойды. Қонақтардың бәрі оны мұқият тыңдады. Қоянды, шіркін, Қоянды... Тоқпан тауы деп аталатын мына тамаша жасыл жоталар қоршап жатқан осы бір алқап жарты ғасырдан бері дүниенің кіндігі болып келеді ғой. Әуелде мұнда орыс көпестері ләпкелерін ашты. Көп ұзамастан базарды төрткүл дүниеден ағылған саудагерлер қыздырды. Бұл алқапты Талды жазығы дейді. Сонау Талды өзенінің аңғары болғандықтан да, соның атын иемденген. Жәрмеңке, міне, көріп тұрсыздар, жазық алқапты түгел алып жатыр. Ұзындығы он бір шақырым болады дейді білетіндер. Көлденеңі де молынан бес шақырым бар. Бір кезде кішкене бекет еді, қазір қала болып кетті емес пе. Танысу саяхатымызды чиновничий кварталдан бастайық. Міне мына кішігірім қалашықтан... Сауда қатарларының соңын ала орналасқан. Бұл – шенеуніктер маһалласы аталатын шаһар. Күллі сауда-саттық айналымының жүрегі іспетті шенеуніктер маһалласы осы. Анау тұрған – мемлекеттік банк. Өзі емес, әрине, уақытша бөлімшесі. Осы жазғытұрым шақта – жәрмеңке кезінде қызады оның жұмыстары. Мұндағы сауда-саттық айналы мың-миллиондаған соммен өлшенеді, естіген шығарсыздар. Бірақ, тап соңғы жылдары – нақты ахуал Қоянды жәрмеңкесінің басынан бақ тая бастағанын көрсетіп отыр. Енді баяғы дәулеттің қайта шалқуы қиын шығар, себебі қазақ қатты кедейленді емес пе... Жә, бұл ретте пікірлесу – алда ғой... Мына тұрған ғимаратқа назар аударыңыздар, бұл – пошта-телеграф конторы. Айта кетерлік жәйт – поштаны да, телеграфты да Қояндыға бірінші кезекте жеткізуге өкіметтің өзі мүдделі болған. Жәрмеңке қызған маусымда мұнда Қарқаралы үйезінің күллі әкімшілік басқармасы жиналады. Қояндыға іргелес бес болыстың лауазымды адамдары сияздарын, барша жиын, басқосу, мәжіліс-кеңестерін осында өткізеді. Билер төтенше отырыстары мен сияздарына осында бас қосады. Жер-су дауы осында қаралады. Маңызды-ау дейтін сот істері шешілетін жер де осы. Болыс-болыстан таңдап сайлау үшін белгіленген өкілдер – выборныйлар сиязы да осынау тоғыз жолдың торабында болады.
Салық жинаушылар қазақтар арасындағы қарыздарын тікелей осы жерде жинайды. Қырда шашылып жатқан көшпенді елді аралауға қиналса, бәрінің Қояндыда тоғысуын тосып отыра берулеріне әбден болады. Сөйтеді де. Өйткені мұнда өздері әкеліп, салық жинаушылардың алақандарына салып бергендей ғой. Ойласыншы әрқайсысы, үлкенкішінің, бай-кедейдің жәрмеңкеге ат басын тіремейтіні жоқ емес пе. Әр қожалықтың бір бұйымтайы бары сөзсіз, демек солардың әйтеуір бір адамы базардан бірдеңе іздемекке құрығанда бір келіп кетеді. Ал келдің екен – билік өкіліне тиісті төлеміңді де беріп кет... Міне мына үйлерде мейманхана жайлары бар. Ана біреулері – түрлі кеңселер. Сонау ұзын ғимарат – халық үйі. Үлкен жиындар сонда өтеді. Мыналардың бәрінде чиновниктер тұрады. Бұл жеке үйлердің ана тұрған еңселі, оқшау, ең әдемісі – Қарқаралы оязнайының баспанасы. Оң жағындағы – орыстың заңымен әрекет қылатын мировой судья тұратын үй. Ал одан беріректегі қатарласқан пәтерлер – полиция қызметкерлерінікі, мал дәрігері мен адам дәрігерінікі. Ал емханаларымыз – анау... мынау. Ана тұрған, қоңыраулы мұнарасы айтып тұр – шіркеу. Мешіт те бар, тек әріректе – мұсылман саудагерлері тұратын бөлікте, қымызханалар, нан жаймалары жағында. Сонау тұстағы моншадан да алысырақ... Тұрақты, қысы-жазы мекенделетін, кісі үзілмейтін үйлер мол, байқаған шығарсыздар. Бәрі шикі кірпіштен, бөренеден салынған. Балағандар да баршылық, олар, әрине, – маусымдық қана мекен-жай. Осы жәрмеңке кезінде іші бал арасының ұясындағыдай дуылдайды. Ал мына құжынаған киіз үй тігілгелі көп болған жоқ. Және жәрмеңке думаны тарқасымен жығылады. Былай жүрейік. Сонау тұрған – көлік кеңсесі. Транспорт конторы деп атайды. Күллі тасымал шаруасын ыңғайлайтын кеңсе. Бұл да, негізі, уақытша, маусымдық маһкама. Жәрмеңке аяқтала – есігіне құлып салынады. Сонау қанаттағы сауда қатарлары басталар тұста қоршалған қомақты үйге көз тастаңыздар, ол – тігін машинасының қоймасы. Зингер іс мәшинесі, кәдімгі, бұ күнде қазаққа кең танылып бара жатқан тігіншілер аспабы. Ол қазір қырда көп таралады. Бұл іс мәшинесі, керек десеңіз, қазақ қыздары жасауының ажырамас бір бөлшегіне айналып барады... Мына кеткен ортаңғы кең көшенің қос қапталындағы жаймалар, олардың желкесіндегі дүкен, ләпкелер – Ресей көпестері әкелген мануфактура мен бакалеяға, яғни матаға, темір, қаңылтыр бұйымдарға, дәмді тағамдарға, ұн, дән, қант-шәйға сықап тұр. Көрші қатарларда негізінен Түркістан өлкесінен келген саудагерлер жайғасқан. Ана тұстан сан-алуан кілем көресіз, жаныңызға не жағады – қалы кілем, түкті кілем, түркімен кілем, парсы кілем, тықыр кілем, тағысын тағылар... Жібек маталар мен бөздер де молшылық – тәшкенттіктер әкелген. Мына қатар түгел жеміс-жидек, көкөніс... кепкен, қақталған... өрік-мейіз, қауыншек, қауынқақ... Не керек, осынау көздің жауын алған ұзын төрт қатарға екі жүз сауда орыны қоныс тепкен. Осы жерлерде жабропа, азия тауарлары әрі сатылып, әрі өзара алмастырылып жатады.
Сырттан келген барша аларман-саудагерлердің көздерінің құртын жеп бара жатқан – сонау қоршаулар ішіндегі мыңғырған мал ғой. Бәрінің көздегені сол. Сутегінге әкетеді, бостан-босқа! Алмастыруға әкелген арзан бұйымдарымен алдап, қазақтың ірі қарасын да, ұсақ тұяғын да үйірімен, табынымен, қотанымен, отарымен алдарына салып айдап кетеді-ау, қайтерсің... Күйінесің де көнесің. Қазаққа әзір мал баққаннан басқа кәсіп жұқпаған. Тиімді алыпсатарлық тіршілікке де жоқ... Осы жәйт алға талай сауалды көлденең тартады. Жағдайды өзгерту тұрғысынан. Әсіресе қазіргі саяси ахуал арайында... Қояндыны аралай жүріп көргендері мен естігендерінен Өтеміс санасына сіңірер жәйттің көптігін аңғарды. Үлкен кісілерді тыцдай беруге құмартты, алайда бұл мүмкін бола бермейтін. Оған ұзамай көкесі жұмсаған жақтарға шапқылай беруге тура келді.
2. Чиновниктер кварталымен сейіл құрған киргиз-қайсақтың бұл игі жақсыларына Оссовский шал терезеден ұзақ қарап тұрды. Тесіле қарады. Араларындағы қолын жан-жағына кезек созып, әлдебірдеңелерді әңгімелеп бара жатқан жас жігіттің кім екенін бірден аңдады. Әсіресе оның айналасындағылардың бәрі бейтаныс болғандықтан да қапысыз таныды. Әрине бұл, сөз жоқ, Ақпаев мырзаның Омбыдағы судья баласы... Осы жердің өз адамы ретінде ана меймандарына Қояндыны аралатып көрсетуге шыққан ғой. Қасындағы өзіндей қалаша фасонмен, жіптіктей киінген үш-төрт жігіт те, сонау қаба сақалды, орта жастардағы, бәрі орталарына алған қысық көз мырза да, оның айналасындағы оқыған, дәулетті кісі екендіктері киімдерінен-ақ байқалатын туземдіктер де бұл жердің адамдары емес. Пәлен жасаған, пәлен жылдан бері осында өмір сүріп келе жатқан қарт Оссовский оларды шырамыта да алмады. Тәк-тәк! Мына біреуінің – бет-аузы киргиз-кайсак өңірінің, яғни осы бұратаналар мекендейтін дала өлкесінің көп пұшпағында жиі ұшырасып қалатын қу тақыры іспетті жып-жылмағай, татарша киінген еңгезердей біреуінің жүзі таныс па қалай... Қайдан көрді екен? Есіне түсе қоймады. Соңдарынан оты қайтпаған көзін алмай, сонау көше шетінде көліктерін тосып иірілгендерінде тіпті тімтіне тесілді. Арттарынан ақырын ілесіп барған пәуескелерге бөлініп отырғандарында да татар киімдіден жанарын айырмады. Ақыры, күймелер бұрыш айналып кеткенде барып терезе алдынан шегінді де, орындыққа құйрық басты. Ойынан әлгі татар шықпай ма немене... Кім еді сол? Таяғына айқастырып асқан қолына иегін тіреп, ұзақ уақыт ойға шомып отырды. Кәрі жүрегі құрғыр әлденеден сезіктенгендей, беймазалана, діріл қаға соқты. Бірақ жауап табылмады. Жастың ұлғаюы ми қыртыстарымен жүгірер жад толқындарының өзара байланысын азайтып, тежегіштерін көбейтіп жіберсе керек, мың-сан дәнекер талшық сезім-
талдығын жоғалтса керек. Зерденің көмескі тұсын жарықтандыруға, мұндайда, тікелей тітіркендіргіштер ғана жәрдемдесе алады. Қарт Оссовскийдің шау тартқан санасында алыс кезеңдер естеліктері әлдебір уақытта ер-тоқымын бауырына ала ойнақ салды, ал бұған өзіндік тітіркендіргіштер – бірнеше үстемеленген қоздырғыш жәйт себепкер болған-ды. Әуелі ол татар киімдіні тағы көрді. Дұрысында, дүкендерді жағалап жүргендердің ішіндегі татар киімді кісі бұны көрді. Кенеп бастырма көлеңкесінде отырған бір топ құрметті казак арасынан әлгі бұратана тап осыған назарын тоқтатты. Көргеннен-ақ көзімен ішіп-жеп бара жатты. Оссовский шал бүрісіп, бір уыс боп қалды, берекесі кетті. Әбүйір болғанда, әлгі көрінбес үрей шашқан түсініксіз тажалды ештеңеден бейхабар қасындағылар қолтығынан тартып, келесі жаймаға әкеткен. Бүлікшіл әм қарақшы киргиз, қашқын каторжник. – Отырғандар оны солай сипаттады. Жәй ыспаттап қойған жоқ, мұндай жанның – үкіметке қауіпті адамның емін-еркін, азат жүргеніне таң қалысты. Шамасы, уездің қожайыны білмейтін болар, Иван Казимирович қүлаққағыс ете салмас па екен баласына? Әлде өздері айтса ма екен? Айталық, құрметті казактардың біреуі Иван ағайға ілесіп үйіне барып... Әрине, Юрий Иванович жәрмеңкеге тағы бір оралғанда... Иван шалдың уезд начальнигі лауазымындағы ұлымен жүздесуге құмарлар қашанғысынша жетіп артылады. Кеңсесінің табалдырығын тоздыратындарды былай қойғанда, ебін тауып, әкесі арқылы аузын алуға тырысатын жарамсақ қаншама. Шал мұны түсінетін, бірақ жасы ұлғайып, санасы шаршаған себепті – бейтарап қарайтын. Әрі осынау ата сақалы аузына түскен баласы, үйезді шырқ үйіріп басқарып отырған үлкен ұлық бұ күнде әкесінің – әбден алжыған кәрі қақбастың ақыл-кеңесіне мұқтаж емес... Әйтсе де бүгін көкірегіне ұялаған түсініксіз үрей мосқалдық пышыратқан салғырт та әлжуаз зердесін тірілтуге, есінде сақталған жәйттерді қайта жинақтауына ұмтылтты, айналасындағы тіршілікке мұқият зер салып, гу-гу әңгімеге жіті құлақ түруге қамшылады. Баласы жәрмеңкеге жиі соғып жүреді, кейде осындағы кеңсесінде жұмыс істейді, ондайда әлденеше күн осы үйде тұрады. Мейманжайда өзіне сәлем бере келгендермен әңгімелеседі, түстік, кешкі асты бірге ішеді. Ондайда әкесінің әңгіме-дүкен тыңдап, қасында отыра беруіне қарсы емес. Бұрын Иван Казимирович шалдың өзі сырғақтап, қонақтар маңайынан кетіп қала беруші еді, енді араларында тапжылмай отыратын болды. Сөйтіп, келіп-кетіп жатқандардың хабарынан – ел ішінің тыныш еместігін, тап осы жәрмеңкеде де күдікті әм қауіпті кісілердің толып жүргенін әлденеше естіді. Шал көңіліне түсініксіздеу күдік ұялағалы бері мұндағы сөздерге қанша құлағын түрік үстағанмен, керек тілін біле алмады. Жасамыс казактардың өкілдері келіп, өзіне мәлім әңгімені ұлы алдында біраз күйзеді, бірақ олар тылсым бейтаныстың бейнесіне табиғатын айқындарлық
қосымша дерек қоса қоймады. Немересі Костя да оязнайға – өзінің әкесіне көрген-білгендерін мәлімдеп жатты, алайда оның қанын қайнатқан қылмыскер өз қатарындағы жастардан сияқты. Киргиз писарь мүләйімси кіріп, уезд бастығына ұзақ әңгіме айтты. Оның сөзіне қарағанда, оқыған киргиз біткен қылмысқа бір табан тақау тәрізді. Елеулі хабар содан шықты. Ол оязнайдың әкесін шошытқан қашқынның осындағы беделді бұратаналармен байланысы барын айтты. Айналасына соғыстан қайтқан татар, киргиз солдаттарды жиып алып, жәрмеңкешілер ішінде күдікті әңгімелер айтып жүргенін баян қылды. Мұның бәрі, үстемелене келе, Оссовский шалдың бойындағы түсініксіз үрейді үдете түсті. Бірақ, әлгі бір беймәлім корқыныштың неліктен пайда болғанын түсіндіре алмады. Әйтсе де жағалатып, себеп-үрей көзі жасырулы тоңды жібіткені анық. Ақыры, сәті келгенде, сананың тұмшаланған тұсын Жоғары Мәртебелі Кездейсоқтық жарқ еткізіп, ашып жіберді. Шал аулада, ағаш көлеңкесінде тынығып отырған. Шарбақ қақпа алдына солқылдақ арба келіп тоқтай қалды да, атшы бала тізгін тартып, көлікті қолайлы ыңғайға тұрғызып үлгерер-үлгерместен, арбадан ашаң жігіт жеңіл ырғып түсті. Түскен бетте аулаға екпіндеп кіре берді. Дауыстап амандасты. Шал оязнайдың үйде жоқтығын айтуға оқталғаны сол, жалпылдап хал-жағдай сұрастырған қонақ баланың Тима екенін тани кетті. Соңғы рет былтыр осы уақытта көрген еді, есіне түсірді. Полктас досының немересі. Әскери қызмет... одан бері талай заман өтті ғой. Досының марқұм болып кеткенін былтыр осы Тимофейдің өзінен естіген. Қылыш ойнатып қатар шапқан үш дос еді, үш Иван еді, үш атты казак еді, тәңірісі-ай, қазір қалқиып тірі жүрген бір өзі ғана екен-ау... Тима Қояндыға кеше қонаға келгенін, бүгін таңертең атасының ескі танысын көргенін, – ширақ, шал деуге келмейтін сол киргиз, шамасы, осы Иван Казимировичтен сәл-ақ кіші болар, – ризашылықпен баян қылды. Мына өзі мініп келген пәуескені атасының сол ескі танысының бергенін айтты. Осы кезде Оссовский қарттың санасында әлдене жылт етті. Мұның үстіне ол жәмшік киргизенокты таныды – бұл қырғыз балақайды каторжниктің қасынан, түсініксіз үрей бойына ұялаған күні көрген. Точно. Тұрысын қарашы, шарбақ сыртынан тесіле қарайды ғой өзі... Денесі тітір ете түсті. Кенет қарсысындағы үйдің сыртқы есігі сарт етіп шалқалай ашылды. Қарт солай қарай жалт қарады, ізінше басына қаны шауып, орнынан атып тұрды. Ә дегенде оның көніл-күйіндегі өзгерісті басқалар байқаған жоқ. Тимофей де, араларын ағаш шарбақ бөліп тұрған Өтеміс те оған емес, – іштен сыңғырлап күліп, есік алдына жарқ етіп шыға келген екі көркем қызға көз салған болатын. Кім болса да тамсанбай, қызықпай, сұқтанбай тұра алмайтын, талшыбықтай бұралған нәзік, әсем бойжеткендердің бірі – Иван шалдың немересі, екіншісі – оның құрбысы еді. Сонымен, жігіттер қыздардың сұлулығына тілдері байланып, арбала ауыздары ашылғаны сондай, Иван шалдың ұшып түрегелгенін аңдамай
да қалды. Оларды уыздай үлбіреген жас өң арбаса, мұның кәрі жанын жас өңге жарасып тұрған жансыз әшекей арбады. – Таста!– деп даусы тарғылдана айқай салды Иван Казимирович. – Таста, Вера! – Таяғын тақылдата шапшаң адымдап барып, Вераның өңіріндегі моншақтай ұсақ тастармен безендірілген күміс алқаны уыстап ұстай алды да, өзіне қарай жұлқа тартты. Ол солқылдаған сұлуды емес, өзінің жастық шағынан – Шұбар Иван кезінен қатерлі елес берген қазақы алқаны көріп есінен адасқан еді. Әрекетіне есеп беріп жатпастан, немересінің мойнындағы, баяғы бір заманғы қылмысына айғақ боларлық, өзін үрейге көміп қойған каторожникке сілтеме, ескертпе, қоздырғыш боларлық зергерлік бұйымды құртқанша асықты. Қабаған итше ырылдап, қайта-қайта жұлқылады. Ақыры, алқаны уыстаған қолын есінен тана аңырған қыздың басынан асыра көтеріп, шынжыр бауды сыпырып алды. Сөйтті де, қалш-қалш еткен беті, таяғын тақылдатып, ішке ене берді. 3. Сонау Жайық сынды ұлы су бойынан мына кішкене Талды өзені аңғарынан орын теуіп, атағы жалпақ даланы жарған Қоянды жәрмеңкесіне арнайы келген Бақытжан сұлтанды Темірғали қажы сырттай жақсы біледі екен. Қайыр сұлтанның қадірлі меймандарының қатарында оның осында шақырылуына қажы өзінің оң пікірімен азын-аулақ үлес те қосқан тәрізді. Тілекті екі етпей, шақыру қолына тиісімен, жер шалғайлығын елеместен осында жеткеніне, әрі өзімен бірге жер жұмағы Жетісудан Барлыбек мырзаны ерте келгеніне Темірғали қажы бек қуанышты. Бұларсыз – қалың қазақ балаларының бас көтерерлері шартараптан келіп тоғысатын атақты жәрмеңке қызығы өз алдына, тамаша тасасында, өкімет көзінен қаға берістерде, ел ағалары құрмақ маңызды мәслихат жетімсірер еді. Бақытжан сұлтанның келгені қандай жақсы болды. Өйткені исі қазақта орыс мемлекетінің төрінде қызмет атқарып, ақ патшаның атқамінерлерімен қатар жүрген, өкімет ісін өз ішінен танып-білген кісі жоқтың қасы. Ал бұндай тәжірибе осы таңғы кеңеске бек пайдалы болмақ. Қарсыласпасын сұлтан, бұл шынында солай. Жастар дей ме? Жастар өсіп келеді ғой, үміт артып отырған жігіттеріміз баршылық, шүкір. Бір парасы осында бас қоспақ, ұзамай Бақытжан сұлтанға сәлем беруге келіп те қалар. Бір өкініштісі, патша ағзамның сақтығы асып кетті ме, әлде жігіттеріміздің әлдебір қырлары кемшін тартып тұр ма, Бақытжан сұлтан бұдан он бес жыл бұрын дәмін татқан лауазымның деңгейіне әлі күнгі жете алмай жүр ғой ешқайсысы... Жә, Темірғали қажының айтпағы бұл емес, тіпті көкейін тесіп тұрған негізгі мәселелерін, өзекті, жүрекжарды сауалдарын да қазір қойғалы отырған жок. Себебі әр нәрсенің өз уақыты бар. Қонақасы дайын болғанша Қайыр сұлтан да оралып қалар, бар мұң-мұқтаж сонда күйттелер-ау. Әзірге бұлар өзара тереңірек танысып-білісе отырса жарар...
Бақытжан сұлтан да, Барлыбек мырза да бұл өңірге тұңғыш аяқ басып отыр екен, ендеше атына әлдеқашан қанық Қоянды жәрмеңкесін аралап көргендері мақұл болар. Бұл өзі әрі ас тарқатар, әрі кешкі кеңес алдындағы тамаша ой ширатар сейіл болар, сірә. Міне мына сәлем бере келіп отырған – Айық бай. Қарқаралы аймағындағы ел ағаларының бірі ретінде, ол да тап осы ұсынысты айтар деймін... Әлбетте, әлбетте... Әйтсе де меймандармен сәлемдесуге кірген үлкенді-кішілі мына жұртшылық ішінен өңірдің қадірменді қарттарының бірі Ерекеңді – нардың жүгін көтеріп, талай қиындықты бастан өткеріп келген Еркіндік ақсақалды айрықша бөліп таныстыру жөн, мұны Темірғали қажы өзінің парызы санайды... Сабырмен, әр сөзін салмақтап сөйлеген Темірғали қажы бұрнағы жылғы дүрбелең мен ереуілшілер ұйтқысының бірі болған Еркіндік тағдырынан қысқаша сыр шерткен. Сосын Бақытжан сұлтан ашық-жарқын көңілмен Еркіндіктің халжағдайын сұрастырды. Оның сараң жауаптарын ықыластана тыңдап болар-болмастан, өзі келген аймақта бой көрсетулі осындай толқуларды санамалай жөнелді. Есік алдында отырған Өтемістің жүрегі зырқ етті – құлағына мана көкесінің аузынан естігеннен-ақ өзі іштартқан есімі шалынып, санасында оның немере қызының жүзі жарқ ете қалған еді. Алайда Бақытжан сұлтан тізбесіне жекелеп аялдамады. – Барша бұлқыныс тұншықтырылуда, – деді ол, – өйткені күш патша ағзам жағында. Демек, күрес тәсілін өзгерту керек. Бұл сіздің батырлығыңызды кеміткендік емес, Ереке, бұл – ақиқатпен, шындықпен санасқандық. Еркіндік салқын шыраймен, көз қиығын оған бір тастап қойып: – Ол қандай тәсіл екен? – деді. – Е, оны ақ патшаның өзі ұсынып отыр емес пе, Ереке. Алда бұл жайында талай пікірлесерміз, алдымен жәрмеңкені аралап шығу дегеніңізге мен де қосылар ем... Өзінің о бастағы ұсынысына меймандар тарапынан қолдау тапқан соң, Темірғали қажы әңгімені дөңгелектеп, бәрінің тысқа шығуын жеделдетті. Күймелерге бөлініп жайғасқан қонақтар жәрмеңқе қалашығын да, сауда орындарын да аралады. Жаяулатып тамашалағанда орталарындағы жолбасшы, таныстырушы міндетін Нақып атқарып жүрді. Оның өз өлкесі жайында шерткен сыры қазіргі ахуалға түсініктеме берумен, ұлы мәртебелі император әкімшілігінің саясатына сыншыл көзқарасымен суарылып жатты, мұны ересек кісілер, әсіресе Бақытжан сұлтан жіті аңғарып, қызығушылық танытты. Мына танысу саяхатынан кейінгі отырыста бір тамаша әңгіме-дүкен қозғалары айқын-тын, бұған мойнын соза, үлкендердің аузынан шыққан әр сөзге құлақ түріп жүрген Өтеміс кәміл сенді. Кәміл сенді де сол ортада, Еркіндік көкесінің қасында жүре беруге сонша ынтықты. Алайда бұл мүмкін емес-ті, өйткені ол бар болғаны атқосшы бала еді де, ылау қажет тұста көкесі оны онда-мұнда жұмсай беретін.
Дегенмен, үзіп-жұлқып тыңдап жүріп-ақ ол жәрмеңқеге жиналып жаткан ығай мен сығайлардың бәрі тек сауда-саттық жасауға, яки ойынсауық, тамашаны қызықтауға келмегенін анық ұқты. Аса құрметті мырзалардың біразы әңгімелерінде бұрнағы жылғы дүрбелеңді шақтың – Өтемістің әкесі секілді едәуір кісі әр тарапта құрбан болған шайқастар жылының – биыл басқаша жалғасуы ықтималдығын тұспалдайтынын байқады. Сондай тұспал ойды аңғара – бойына әлдебір қызу құйылғандай сезінді. Ол бір ындыны кепкен мақұлық – сындарлы пайым мұхитынан жұта бергісі келеді, замана хақындағы қилы ой-пікірді тыңдай бергісі келеді. Бірақ, ақиқаты сол, ол жәй ғана қолбала-тын... Шенеуніктер махалласынан ұзап, қымызханада тізе бүккендерінде, Темірғали қажы патша ағзамның дін мұсылманға қалай қарайтыны жайында сұрақ қойды. Әлдеқалай құлағы шалыпты – таяуда ақ патша әлдебір жаңа заң шығарған дей ме... Бұл тараптан да Бақытжан сұлтанның айтары мол екен. Есіп сөйлейтін, көсіліп, қызынып сөйлейтін әдетімен ұлы мәртебелі император тақсырдың пәрмені жайында – дінге еркіндік берген, ождан бостандығын жария еткен, яғни мұсылмандыққа қыспақ салынбайтынын еғлан еткен биылғы 17 апрельде – сәуір айының он жетінші жұлдызында – атын жазып қолын қойған маңызды заңы туралы көп сөз айтты. Сонау ақ патша пәрмені арайында нендей мәселелерді реттеп алуға керектігі туралы қызық әңгіме тиегін ағытты. Мұсылманшылық жолы қалай дамымақ, қазаққа шариғат яки әдет құқығы тиімді ме, әлде орыстың сот құқығы жағымды ма дегендей пікірлерді де мен мұндалатып жалаңаштап тастады. Тартымды әңгіме, танымды, әңгіме. Әттең Ерекең, Өтемістің Еркіндік көкесі мұның көкірек сарайы қалай ашылып келе жатқанын бағамдамастан, жәй жәмшік ретінде, көлік қажет еткендерге жетектете бергенін қайтерсің... Бірақ, үзіп-жұлқып тыңдағандары ішінен Бақытжан сұлтанның таяуда шартараптан қазақтың игі жақсыларын жиып, ақ патша дәргейіне бастап апармақ ниеті барын, тіпті соның ретін император ағзам сарайындағы ірі ұлықтармен уағдаласып, келісіп қойғанын аян еткен сөздері құлағында қалып қойды. Неге екенін, бұл мәртебелі қонақтың, сенімді үнмен сергек білдірген жоспарына Темірғали қажы елітіп, қоштау білдірген сайын, Еркіндік көкесі қатулана түскендей болды. Әйтеуір, Өтеміске солай көрінді. Оның бүлікшіл көкесі, атқамінерлер ісіне наразы көкесі мына ымырашыл, жалынышты көңілмен маңдайды жерге соға тағзым етіп, әлденені өтініш айтып сұрап алуды көздейтін әрекетті құптамайды. Сұстана отырып, сондай ойын бүркемей айтты да. Оған Темірғали қажы ұзақ сөзбен қарсылық білдірді. Одан әрі пікірталас қалай жалғасты, құдай білсін... Өтеміс ат-арбасымен жолда келе жатып, соны ойлады. Не десті екен үлкендер?
4. Өлмелі шалдың оқыс та оғаш қылығы Өтемістің ойын ыдыратып, ұйқысын шайдай ашқан іспетті әсер етті. Оны көкесі әлгінде ғана өзі кезіктірген, қазақшаға судай жас орыс танысын керек еткен жағына тасымалдауға қосып жіберген-ді. Тайбурылын қайыс делбемен ақырын сергітіп қойып, сонау жігітті оязнайдың үйіне жеткізгенге дейін, үлкендер аузынан кейінгі кездері естігендерін ойша қорытып отырған болатын. Шарбақ жанында, пәуескенің жақтауына сүйеніп, аулаға қарап тұрғанында да сол ақпаратты – өзі үшін зор жаңалыққа толы түрлі сұхбаттар мазмұнын шиырлап, ой құшағынан шыға алмаған-ды. Шал-Оссовскийдің оқыс қылығы маужыраңқы көңілін шайдай ашты. Бұл бір күтпеген жәйт еді. Өрімдей қызға шаңқ етіп қарсы ұмтылғаны да ештеңе емес екен, жаманы – бойжеткеннің мойнындағы алқасын соншалықты тұрпайы қимылмен жұлып алғаны болды. Кісі қорқарлық көрініс еді. Мұнысы арқылы оязнайдың мына қарт әкесі өзін жан алғыш әзірейілдей көрсетті. Өтеміс шошына дір етті. Түс көргендей, көрген түсінен шошып оянғандай болды. Содан қыбыр етпей қалшиып, Тимофейдің қыздарға тақалғанына, оларға әлдебір басу, жұбату айтқанына, одан өзіне қарай беттегеніне меңірейе қарап тұра берді. Тимофей шарбақтан бері шықты. Өтемістің иығынан алақанымен ақырын қақты да, күймеге өтті. Сонда барып арбакеш бала есін жиды. Орнына, Тимофейдің қасына отырып, божыны қолға алды. – Қартың алжи бастаған екен, – деді Тимофей өзіне өзі сөйлегендей. Өтеміс үндемеді, анау әңгімесін енді бұған қарап сабақтады. – Иван ағай жас жағынан сенің атаңмен қарайлас, – деп, оған жүзін бір бұрып қойды. – Ал қалай қартайып кеткен! Әлгі асыл тастар жыпырлай қондырылған күміс алқа дүниеқоңыздығын қоздырып жіберсе керек... тірнектеп жинағандары көзіне ыстық көрінген шығар... Дүниеқоңыз қарттың немере қызына істеген қиянаты, бәрібір, Өтеміске түсініксіз. – Сонда қалай, жиған-тергенін балаларына қимағаны ма? – дейді таңдайын қағып. – Ақылынан алжасқан қақбас та, – Тимофей қолын сілтеді. –– Ондай кісінің әрекетін түсіндіру қиын. Старческий маразм. Біраз мезгіл екеуі үн қатпай отырысты. Күйме чиновниктер маһалласы көшесімен жұмсақ қана сызылтып келеді. Кенет Тимофей жадырай күліп жіберді. – Бұл алжыған шал да сендей жас болған... Иә, тыңда, батырым... Өтеміс оған әуестене қарады. – Әкем жарықтықтың бір әңгімесі есімде қалыпты. Сенің атаңның бұзықтығы жөнінде айтқан болатын. – Тимофейдің көкшіл көздері үшкын атты, қулана жымиды. – Жас кездері болса керек, оңашада жаңағыдай бір салпыншақ әшекейді әлгі Иван ағай менің әкеме көрсетіп, қызықты
бірдеңе айтып отырған екен. Қайдан келгенін, үйдің ішіне сап етіп сенің атаң жетіп келіпті де, – ол кезде осы сен тұрпаттас балажігіт шығар, – әй-шәй жоқ жағаласа кетіпті. Ғажабы, жападан жалғыз келіп төбелес ашқан сол өжет бұлардан жеңілмепті. Біріне бірі жақтасып, оған екеулеп жабылса да, қайтпапты. Екеуіне әл бермей төбелесіпті. Аяқ астында бөлменің опыр-топырын шығарыпты. Ақыры үшеуі де алқынып, әбден тұралап барып, шайқастарын доғарыпты. Және содан бастап татуласып та кеткен көрінеді. Әйтеуір, сенің атаң мен менің әкемнің жақсы тамыр болғанына өзім куәмін... Таңырқай тыңдап, әңгімешіге қосыла сақ-сақ күлсе де, Өтеміс оған мойнын бұрып, күмәнін жасырмай: – Оязнайдың әкесін танитынын Еркіндік көкемнің аузынан естімеген тәріздімін, – деді. – Атаң, бәлкім, Иван Казимирычтың мұнда тұрып жатқанын білмес. Шынтуайтқа келгенде, сонау Миасс түбінен келіп мына Қарқаралыдан қоныс тебермін деп Иван ағай да ойламаған шығар. Ақсақалды Орыс Азиясының тап кіндігіне әкеп жүрген – ұлының қызмет бабы ғой. Бірден емес, әуелі, жаңылыспасам, Юрий Иванович Түркістанда ұзақ жыл қызмет қылды... Ал, жігітім, тоқтай қал, мен осы жерден қалайын... Бір топ орысша киімді оқыған азамат иіріліп, кітап жаймасы алдында тұрған. Тимофей күймеден жеңіл ырғып түскен бетте, соларға барып сәлемдесті. Олардың жылы қауышып, амандасып жатқан сәттерін көзінің қиығымен барлады да, Өтеміс жандарынан шапшаң өте шықты. Тезірек ат-арбасын қаңтаруға, сөйтіп құрбыларына қосылмаққа асығып, атын қатты желдірте жөнеп берді. Сарман жастардың жиыны бар деп еді... Қыз-қырқын, бозбала біткен жиі жағалайтын жерлерді мұның да аралауы керек... Ойын-сауық, тамаша, алтыбақан, ақсүйек... Ойындар, ойындар... Сонда, шіркін, Ғалиманы көрсе.. бітпес қызықшылыққа кенелсе... Қайран қызық... көркем, көркем Ғалима... Арман!..
Жетінші тарау 1. Қалаша киінген бидай өңді қапсағай жігіт керегеге арқасымен сүйене кетті. – О, құдайым менің! – деді, қос қолының саусақтарын толқынданған қою қара шашына көме, басын шеңгелдей ұстап. – Ертегі! Жүзі нұр шашады. Үні тұнған мейір мен бақыттылық. – Европа цивилизациясынан алыс жатқан қара Азияда... – Құшағын жайды. – Сібір темір жолының өзінен жеті жүз шақырым қашықтықтағы осынау сахара төсінде... – Ілгері адымдады. – Менің сүйкімді жарым... – Келіншектің екі иығынан ұстап, көзіне көзін түйістірді. – Көшпенділер мәдениетінен рухани ләззат табар-ау деп ойлаппын ба... Өзіне тартып, шашынан мейірлене иіскеді. – Және қандай ләззат!..
Келіншегі қолын күйеуінің кеудесіне тіреп, ақырын бұлқынды. Сосын: – Қойшы, жаным, – деп наздана сыбырлады да, ернінен шөп еткізіп сүйіп алып, құшағынан лып босанып кетті. Со беті үй ішінде қалықтай жөнелгендей болды. – Ғажап қой мына бұйымдар... Көркемөнер туындысы... – деп тамсанды ол баяу дөңгеленіп жүріп. – Сүйемін! – деді жігіт оның соңынан ынтыға қарап. – Айтшы, милый, осынша сәнді тоқыма заттар, мына тамаша кілемдер далаға қайдан келген? Үнді елінен бе? Парсы елінен бе? Қандай шебердің қолынан шықты екен? Күйеуінің аузынан шыққан жанына жағымды, жалынды сөзді естігенде, бойы балқып, жүзі алабұрта түсті. Бірақ сыр бермегенсіп, үйдің жасау-жиһаздарын тамашалай берді. Сүйіктісі келіп қолынан ұстағанда да жүзін әсем бұйымдардан айырмады. – Ондай шеберлер әр үйде бар, Танечка. Әрбір бойжеткен тұрмысқа шыққанға дейін тықыр кілем, түкті кілем, қалы кілем тоқуды міндетті түрде үйреніп алады, ал мынандай алаша, басқұр, желбаулар тоқу, анандай өрнекті ши орап, сонау құлпыра төгілген шашақтар жасау қай-қайсысына да сөз емес. Танечка ықылас қоя тыңдады. Көзі күлімдей жалт етіп: – Да-а-а? – деді. – Шетінен ісмер ме, Ғали? – Тап солай, – Ғали басын мақтана изеді. – Жабайылар өмірінің бір парадоксы сол.. – Ғажап. Ал жігіттер ше? Мына ғаламат ою-өрнектерді, – Танечка сандықтар мен кебеже, кереует қасбеттеріндегі сүйектен ойылған нақыштарды, адалбақанның бедерлі күміс ілгешектерін нұсқады, – қыз-келіншек қолы жасамаған болар, Ғали? Ғали келіншегін қолтығынан демеп, қызыл пүлішпен қапталған, алтындалған имек бас сәкіге әкеп отырғызды. Өзі қарсысына, аласа орындыққа жайғасты: – Әрине олар ер адамдар қолынан шыққан, – деді содан соң. – Бірақ бұларың жігіт біткенге сын боларлықтай, әрі солардың әрқайсысы істей аларлықтай шаруа емес. Далада жігіт атаулыға тән басқа қасиет бар. Аспан көк көзі жайнаң қаққан Таня қабағын керіп, сұраулы жүзін тосты: – Қандай? – Жауынгерлік рух, – деді күйеуі іле тіл қатып, – жауынгерлік рух! Жігіт үшін, ата-бабасының ұраны көтеріліп жатқанда, үйде тығылып отырудан өткен масқара жоқ. Кімде-кім әлдеқандай әлгі тәрізді сужүректігінен тапқан бейопа тіршілігімен жалғыз рет қана көзге түскен болса, күллі өмірі өксіп өтті дей бер. Өзін-өзі сыйлайтын, өз басының қадірін білетін ешбір адал қазақ оған ешуақытта қызын тұрмысқа бермейді. Таня басын сәл шалқайтып, күліп жіберді. – Құдай-ау, менің Ғали-Бегімнің, менің далалық князімнің – мұндай шарт күшінде тұрса – ешқашан үйлене алмауы мүмкін екен-ау!
Ғалибек қолын айқастырып келіншегінің тізесіне қойды да, басын жоғары көтерді: – Танечка, сен мені қорқақ деп есептейді екенсің ғой? – Милый, көңіліңе алып қалдың ба? – деп елжірей үн қатты да, Таня нәзік саусақтарымен күйеуінің қою қара шашын сипады. – Иә, – деді жорта бұртиған күйеуі, артынша ернімен нәзік білекті іздеді. – Қолынан мынадай өнер тамған қыздардан жар тауып алмағаныңның сырын ұқсам дегенім ғой... Мен мына ғажап өнерден мүлдем құралақанмын, өзің білесің... Дегенмен, айтшы, сенің елең етер ұраның қандай, милый мой Ғали-Бек? Сұқ саусағының ұшымен милый Ғалибегінің еріндерін еркелей түрткіледі. Ері оны ұстай алды да, аялай өпті. – Ұранға ілеспей қалғаннан келер зиян жоқ маған, сүйген жарым қасымда... – Әйтсе де...– Зайыбы қолын тартып алды. – Қаталым... – Ғалибек түзеліп отырды. – Бұлтарма, менің князім... – Өзіңе талай айтып едім ғой, Таня, сенің күйеуің шыққан халық толып жатқан туыс түркі тайпаларының бірігуінен пайда болған, – деді келіншегіне оның князі. – Үш орданың құрамына енген сол тайпалардың арасындағы бауырластық сезімнің атам заманнан бері қатты сақталып келе жатқаны соншалық, егер сен біреуінен: “Кімсің?” – деп сұрай қалсаң: “Үш жүздің баласымыз,” – деп жауап береді. Егер ондай сауал менен шықса, онда сұрақ қойып отырған адамымыз не ордалардың бірін, не солардың ішіндегі әлдеқандай руды, яки соның елеулі тармағын атайды... Ерінің соншалықты байыпты әңгімеге көшкені зайыбын көңілдендіріп жіберді. – Түсіндім, Ғали, – деп сыңғырлады Таня әсем күлкісін бір төгіп қойып. – Орысқа біртұтас халықтан екенін айтқанмен, өзді-өзі, өз ішінде бөлініп кете береді... Ғали күлген жоқ. – Шамамен солай, – деп басын шұлғыды. – Сондай бөлшек-бөлшек әр тайпа, әр рудың өзіне ғана тән жауынгерлік ұраны болады Ондай ұран әдетте сол ру, тайпа, ата ішінде әлдебір замандарда өмір сүрген, әлдебір әрекеттерімен, әрине, ұрыс-шайқастарда жаужүрек, қаһарман ретінде көрсеткен ерліктерімен көзге түскен аса танымал адамның есімінен алынады. Жалпы қазаққа тән де ұран бар, қайдағы бір есте жоқ заманда елге белгілі болған, бүгінде аты аңызда ғана жүрген адам есімі үш жүз баласына да таныс, құлағына шалынса – елең етпейтіні жоқ. Алаш дейді оны. Ал саған, Танятай, мен туған аймақта көп айтылатын ұранды білу қызық шығар? Таня тіктеліп, әдемі жүзін қатуландыруға, ерке үніне сұс телуге тырысты. – Өте қызық. Сенің сол ұранмен айқасқа шыққан сәтің болды ма, оны білу де қызық, менің қырлық бегім.
– Ендеше тыңдай ғой. Таняның қырлық бегі орнынан тұрып кетті. Үй ішінде ақырын ерсіліқарсылы теңселіп жүріп, келіншегіне анда-санда бір көз тастап қойып, сөйлей берді. – Он тоғызыншы ғасырда Абылай деген хан күллі қазақ даласына әйгілі болған еді. Оның көрші мемлекеттермен қарым-қатынаста танытқан дипломатиясы да, ұрыс далаларында көрсеткен ерлігі де ел аузында күні бүгінге дейін жүр. Сол есім осы сапарда екеуіміз жерін басып жүріп келе жатқан Ақмола мен Семей облыстарында жауынгерлік ұран ретінде айтыла бастағалы жүз елу жыл болған шығар. “Абылай” деген ұран, керек десең, сібір казактарының – кәдімгі орыстардың арасына да сіңісті боп кеткен. Таня басын шайқады. – Ой, Ғали, айтасың-ау! – Айтам! Түнеугүні Омбыда бізді пәуескесімен өзен портына жеткізіп салған кісі есіңде ме? – деп, Ғали келіншегінің қарсысына тоқтады. Таня бір көзін сығырайтып, сәл ойланды. – Ерофей Тимофеевич? Маған жерлес болған көңілді казакты айтамысың? Әрине, есімде! Самарада тудым деген. – Ендеше тыңда, сол Тимофеич былтыр, баласын жапон соғысына шығарып салып тұрып, оған: “Шайқасқа «Абылай, Абылай!» деп киіп кет!” – деген сөздермен ақ батасын таза қазақша берді. Мен соны өз құлағыммен естідім. Оған не дейсің? Кейін, бәлкім, екеуіміздің ұлымыз боп, оны майданға шығарып салардай болсақ, мен де сондай бата сөз айтармын, ал әзірге өзіме арналған ондай шақыру-ұран естілген жоқ. Таня бір сәт үндемей қалды. Ғали оның қолынан тартты. – Сүйіктім, ұран хикаясын осымен тамамдайық... Әңгімеміздің әсемдікті төңіректегені әлдеқайда жақсы да жағымды емес пе... Көтеріле берген нәзік, солқылдақ, жұпар иісті сұлу келіншегін құшағына алып, масайып біраз тұрды. 2. Үйге егде тартқан етжеңді қазақ кірді. Кебісін шешті. Желбегей жамылған шапаны мен айыр қалпағын адалбақанға ілді. Дөңгелек тақиясын түзетіп киді. Сосын жұмсақ мәсісімен түкті кілем үстін майда басып, Ғали мен Таня тұрған қанатқа беттеді. Бұл ішке жөткірініп бас сұға бергенде-ақ, екеуі де бұған жалт бұрылған. Олар кереге басына ілінген әсем өрнекті аяққапқа осыдан сәл бұрын ғана сүйсіне қарап, осынау көшпелі тұрмыс бұйымының сәндік көріністен өзге жағын – атқарар қызметін әңгіме етіскен-ді. Ғали келіншегіне әзілдеп: – Ал, Таняжан, қазақы өмірге бейімделе алатыныңды байқатшы, қане, – деген. – Осы бір ою-өрнек пен әшекейленген киіз қалтаның ішінде қандай ыдыс бар? және оны сен қайтіп шығарып алар едің? Сонда келіншегі, күйеуіне сүйіспеншілікке толы жалтылдаған жанарын төңкере тастап:
– О-о, – деп назданған, – о, менің Бегім, сен менің шыққан тегімді ұмытпасайшы! – Бегінің жүрегін елжірете жымиған. – Мен кедейленген болса да, дворян семьясында тәрбиелендім емес пе. Мен ыдыс-аяққа араласпай, қызметші жұмсап өмір сүруге әдеттенгенмін! Сен мұны жадыңнан шығарма, сүйіктім менің Ғали-Бек! Сүйікті Ғалибегі оның иығынан құшақтап, шашынан иіскеді. Тұмсығын алтын түстес қолаң шашқа көміп жіберіп, құрғақ пішен иісті кеудесін кере, құмарта жұтты. Таня маңдайын ақырын ғана күйеуінің кеудесіне сүйеді. Елжіреп, ұзын кірпіктерін дірілдете айқастырды. Көзін балқи жұмған қалпы, күйеуінің мақтанышты лепірме әзілін үнсіз тыңдай берді. – Дворянкам менің! Сен де мынаны ұдайы есте ұстауға тиістісің: бас қосқаның, дворяндардың бұратана санап менсінбеуі ықтималдығына қарамастан, мақтан тұтуға әбден болатын, тегі асыл жерден шыққан қазақ. Соңғы ұрпағы мына мені жалаңаяқтау, кедейлеу десе де, білсін бәрі: орыс дворянкасын алған қырдың қара баласы тегін адам емес! Менің ата-бабам дала аристократиясы сапындағы нағыз асыл текті ақсүйектертін. Ал біздің ақсүйек әйелдердің еркелігі дворянкалардан еш осал соқпайды. Сөйтсе де... – Келіншегінің тәмпіш мұрнынан ақырын түртті. – Олардың қай-қайсысы да күйеуіне өзі қызмет еткенді айрықша мәртебе көреді... – Әлгінде саусағын тигізген тұсты шапшаң шөп еткізіп сүйіп алды. – Бұған қалай қарайды менің жан жарым? Жан жары күміс күлкісін төгіп жіберді. – Қисынын келтіруін қара! бірақ сенде мұндай салтанатты дәулет жоқ қой! Әйткенмен, үйренейік... Нәзік қимылмен күйеуінің құшағынан босанды да, аяққаптың алдына келіп, сүйріктей саусақтарын қақпақбауға апарды. Ғали жымиып, әрекеттерін мақұлдаған дыбыс беріп қояды. Таняның бауды шешуін шешкенмен, екі қапталдағы сүйектен жасалған тиекке сенімсіздеу көз тігіп кідіріп қалғанын әуелде олай-бұлай қызықтап, ақыры, көмектесуге кіріседі. Келіншегінің жылы, жұмсақ алақанын ернімен жыбырлата өбеді де, жібермеген қалпы, нәзік саусақтардың тиекті ілгектен ағытуына жәрдемдеседі. Міне – қақпақ ашылды, әне – ішінен көркем безендірілген сырлы табақ суырылды. Одан екеуі әлгі әдемі табақтың, тағы бір келесісінің түрін, ою-өрнегін, қолданбалылық мәнін, қолайлылығы мен әсемдігін тамсана тамашаласты. Сосын бәрін орнына салып, тиек-түймелерді екеулеп ілгек-бауға ілді. Ою-өрнек ажарландырған киіз қақпақты бұрынғысындай қиюластыра қаусырып, қошқар мүйіз оюды соза салбыраған жіп-бауларды қос қанатын жайған көбелекше жарастыра байлады. Бірақ байлам бірден ойдағыдай шықпады. Екі-үш рет қайталап шешіп, асықпай ілгектеп, мәнерлеп байлап барып, жобаға келтірген. Содан соң екеуі әсем түйінді соңғы рет саусақпен бірлесе басып, түзеп, ризашылықпен, бір-біріне сүйсіне қараған. Сол сәтте ішке қожайын енген болатын. – Меймандар дамылдай алды ма екен? – деді ол мейірбан жымиыспен. Меймандар езу тартып:
– О, жақсы... – дескен. Сосын жігіт үй иесіне алғыс сезімін білдірді. Үй иесі тағы сұрақ қойды. – Біздің келіннің көңіл-күйі қалай? Өгейсіп тұрған жоқ па? Таня күйеуіне бір назар тастады да, күлді. – Жоқ, – деді сосын қазақ тілінде, – бәрі сондай әдемі. Үй-ішіне, екі жағына кезек бұрылып, сүйсіне көз жүгіртті. – Келін қазақша сөйлейді екен ғой? Рахмет, айналайын. – Ой, әлі нашар... – Басын шайқады да, Таня жымың етіп, көзін күйеуіне сырғыта салып өтті. – Ұстазым мықты емес... Үй иесі жүзін сопайтып, қасын керді. Ғали мырс етті. – Мойындаймын, – деді. – Сондықтан да өзіңді ел ішіне алып шықтым емес пе? Халықтан өткен ұстаз жоқ. – Үй иесіне қарады. – Солай ғой, Қабеке? Қабекең мол құшағын ыржия жайып: – Рас, – деді. – Келін де солай ойлар? – Мың естігеннен бір көрген артық деген. Мен құлағына қанша құйып отырсам да – өзінің бір көргеніндей болмайды. Шын ғой, Танюша? Көрдіңіз бе, мақұлдайды... Осы оймен әдейі өздеріңіздей ағайындарды аралатып жүрмін, қазақы тіршілікпен “түпнұсқасынан” таныссын деп... Тікелей, өмірдің өзінен білсін дегенім ғой... Үй иесі мәз болды. – Ойбой, соған ықылас білдірген келіннен айналмаспысың. Арамызда біраз тұруға шыдамы жетсе – қазақ болып кетер еді ғой, шіркін... Ойын-шыны аралас сарынмен, Ғали былай дей берген еді: – Қабеке, елге тән салт, дәстүрлерді көрсете беріңіз. Татьяна алғыр, қағып алады. Әлгінде мен мына аяққаптың нендей дүние екенін айта бастап едім... Сөзін Татьяна ерке наразылықпен үзіп жіберді: – Ғали... Келінін ұялтпайын дегені шығар, артынша Қабекең киіп кетті: – Міне сол ауыл әдетін айтқалы кірдім үстеріңе – ауылдың кәрі-жасы түгел саған сәлем бергісі келеді. Келінді көруге де құмар шығар. Дәстүрді бұзып, оларды үйге мен жібертпей тұрмын. Жол жүріп келді, тынығар деген оймен. Жас жұбайлар бір-біріне қарады. – Біраз демалдық қой, кіре берсін, Қабеке, – деді Ғали. – Онда мынаны да естіп ал, мойныма қарыз болмасын, айтып қояйын: сені бүгін қонаға Қояндыда болсын деп алдыңнан пәуеске жіберіпті. Бірақ сенің де жүрегің лүпілдемесін, сұлтанның да иегі қышымасын – қонақасын жеп, дамылдап, ертең кешқұрым жететіндей боп асықпай аттанасың... Ескертпесі мен шартын баян етісімен, ішке Қояндыдан келген жәмшік әм шабарман баланы енгізді. Ал бұларды жәрмеңкеге алып қайтуға келген – өзіміздің Өтеміс еді. Еркіндік көкесі оны Қайыр сұлтанның меймандарын қарсы алуға тапсырма алған қызметшілер қатарына қосқан-ды. Сол ретте осында келіп
қалған беті болатын. Ол сыпайы сәлемдесіп, көлігінің тың, әзір екенін айтты. Қойнындағы арнайы хатты Ғалибек мырзаға табыс қылды. Мырза мен ханымды Қояндыдағы жұртшылықтың асыға тосып отырғаны туралы, ұялшақ үнмен кібіртіктей сөйлесе де, айқын мағлұм етті... 3. Ауылдың жасы да, кәрісі де түгел құлақтанып, “Нұрмұхаметтің Ғалибегі орыс әйелімен ел аралап жүр екен”, – деген хабар шыға, осылай қарай ағылған-тын. Қабыштан рұқсат болысымен, үйді лық толтырды. Оларды Ғали танымағанмен, олар Ғалиды танитын. Жыға танымаса да, атағына қанық-ты. Осы өңірден жастай оқу іздеп кеткенін, сонау Әулие Петр шаһарында дәріс алып, ішкі Ресейде біраз жыл қызмет істеп оралғанын бәрі естіген. Дәстүрлі аман-саулықтан соң, қарттар жағы бұдан соңғы хабар, жаңалық тосқан сыңай танытқан. Ғали саясатқа соққысы келмей, орыс жазушылары туралы ұзақ әңгіме айтты. Олардың халықты қалай жақсы көргенін, халықтың әділет пен бақытты қатты аңсауын шығармаларында қайтіп бейнелегенін тілге тиек етті. Адамдардың мінез-құлқын, тәртібін жақсарту жөнінде Лев Толстойдың қандай еңбек жазып, жұмыс атқарғанын, осынау орыстың аса дәулетті байының кедей-кепшіктің көзін ашу үшін өз иелігіндегі жерде нендей істі жүзеге асырғанын көпшілікке түсінікті жалпақ тілмен, майын тамыза, құмарта, құштарлана әңгімеледі. Халық ұйып тыңдады. Аз тыныштықтан соң бір шал: – Бұларың орыс емес болар, – деді ойлана сөйлеп. Таня да, Ғали да күліп жіберді. – Неге? Неліктен олай ойлайсыз? Қарт ыға қоймады: – Басқасын қайдам, әсіресе кісінің ар-ожданына ара түсіп жүрген әлгі жазушың, не дедің жаңа, есімін қазақшалағанда Арыстан болады дедің бе, тап сол орыс емес! – деп нығарлады. Сенімді үнмен айтты. Сөйтті де, ойлы жүзін айналасына тастады. Сол сәтте-ақ басқалар да сондай сарында дуылдасып қоя берді. – Бұлардың бәрі, шамасы, мұсылман болса керек. – Апырай, ә, солай шығар... – Мұсылман! – Әрине, басқаша болуы тіпті де мүмкін емес, ой-пікіріне қарасаңдаршы, – тура өзіміз ғой, өзіміз... – Ғали мырза бізге бүйрегі бұрып өзгертіп айтпаса... Алғашқы қарт сақалын тарамдап қойып, салмақты кескінін бұзбай: – Кім білсін, бәлкім солар өзіміз секілді қазақ та шығар, – деген пікір білдірді. Таня күйеуінің құлағына ақырын сыбырлады: – Бұл адамдар әзілдеп отыр ма? Ғали иығын көтерді. Сосын пікір білдірушілерге айнала қарап:
– Неге сонша күдіктендіңіздер? – деді. – Бұлардың қай-қайсысы да орыстың өз жазушысы! Түсінбедім?! – Қабышқа қарады. – Қабеке, халайықтың бұл шүбәсіне жол болсын? Әңгіме-дүкенге үн-түнсіз құлақ тосып қана отырған үй иесі ақырын күлімсіреді. Басын көтеріп, көзімен қарсысындағы адамдар арасынан біреуді іздегендей болды. – Рақима! Босаға жақтан: – Әу! – деген жұмсақ, жібек үн естілді. – Маған қағаздарым салынған қобдишамды әперші. – Қазір. Төгіліп киінген, әсем сәукелелі әдемі әйел орнынан тұрды. Таня оның елдің артына қарай шегінгенін көріп, көзін алмай қарап отырды. Жарасымды ұлттық киім мейлінше айшықталып тұр. Көз тартқан киім де, оған үйлесе нұр шашқан көрікті жүз де оған таңсық-тын. Әрі қызығушылық тәрізді әлде-бір сезім жүрегін қытықтай ма немене... Рақима отырғандардың сырт жағын ала жүрді. Жүрісі ғажап, құдды су бетімен іргені айнала жүзіп бара жатқандай. Әлдебір дала көлі шалқарын маңғаздана сызған кербез құс секілденеді. Таня оның түр-тұлғасына, шығыстық ғаламат сымбатына сүйсіне қарай берді. Ол төрге тақау іргеден орын тепкен жиһазға қарай жүрді. Сосын осынау өзіндік азиялық мәнермен соғылған, сүйек, ағаш араластырылған нәзік бедерлермен нақышталған кебеже-шкафқа барды. Оның жарма есігінің екі жағын айқара ашты. Ішінен әппақ сандықша шығарды. Одан шкафты жауып, сандықшаны қос қолымен көтерген қалпы мамырлай жүзіп келіп, Қабыштың сол иығы тұсынан тізе бүкті. Қабыш оған мол денесімен бұрыла қарап, алғысын тіктеп қадаған мейірлі жүзімен сездірді де, қолынан қобдишасын алды. Бұл адамның кең пішілген түр-тұлғасындай, мінезі де кең-ді. Елге өзінің сыпайылығымен, жайлылығымен, байыпты іс-әрекетімен танымал боп, беделі мен ықпалы артқан еді. Оның әйеліне деген қарым-қатынасының өзі ауылдастарына үлгі-тін. Қазіргі қысқа ғана қатыс-байланыстарынан да көпшілік, сырт көз Таня сықылды сүйсініп, керемет сыйластықтың белгісін, отасудың мән-мақсатын көргендей болған. Бәрі оларды жәй ғана қадағалап, отағасының не дерін тосып отыр. “Аса сыйлы, ықпалды кісі, – деп ойлап қойды Ғали. – Бір жұмбағы бар секілді. Ауылының адамдары да, үлкен-кішісі бірдей бірауызды боп, әлгі айтқан пікірлерін түйіндеуді осы Қабекеңе қалдырып отырғандай ма немене...” Татьяна өз тарапынан: “Неткен көрікті әйел, – деген тамсаныс ойға батқан-ды. – Күйеуінің өтінішін қалай текті ізетпен, әсем орындады... – Қыр аристократкасы дегеніміз осы құралпы болғаны ма екен?..” Үй-ішіндегілер тіс жармай, төрге тесілуде. Қабыш сандықша ішінен әлдебір қағазды алды да, бүктеуін жазып, Ғалиға ұсынды. – Мынаны оқышы...
Сырлы жымиысқа сабақтаса ұсынылған сырлы қағазға Ғали бір сәт таңдана көз салды. Осынау беделді ауыл ағасы нендей жұмбақты бүгіп отыр екен? Оның жұмбағыңа бұл хаттың қандай қатысы бар? Тез көз жүгіртті. – Қызық екен... өзі оязнайларыңызға жолданған ба... Қабыш басын изей отырып, баяу қоңыр үнмен: – Дауыстап оқи бер, – деді, – артынан тәржімаласаң да артық болмас... – Ал жарайды... – Ғали даусын көтере, мәнерлі ырғақпен оқи бастады. – “Омская духовная консистория имеет честь покорнейше просить Юрия Ивановича“... бұл оязнайдың аты-жөні болар... “объявить киргизу вверенного Вам уезда, Акмолинской волости, Кабышу Буранбаевичу, что на прошение его, препровожденное на имя Его Преосвященства, господином мировым судьею Акмолинского уезда 23 марта за № 233, о привлечении к ответственности Акмолинского священника, оскорбившего его и мухаммеданскую веру, резолюция Архипастыря 4 апреля за № 124 последовало такая: “Дерзкий кляузник киргиз забыл, что он живет не в Турции, а в России православно-христианской. Оставить без последствий“... Ел тым-тырыс. Енді не дер екен дегендей, Ғалидың аузына қадалған да қалған. – Бұл – Қабекеңнің ғарызына орай, наурызда жолдаған Омбыдағы орыс діни мәккамасының сәуірде жазған жауабы екен... Отырғандар бас шұлғысты. Ғали хатты мазмұндап айтып берді: – Өзін және өзінің мұсылмандық ар-ожданын, мұсылман дінін ғайбаттағаны үшін Ақмоладағы орыс молласын жауапқа тартуын сұрап, Ақмола үйезінің... оязының сотына... мировой судьясына... яғни биіне Қабыш аға түсірген өтінішті ол өздерінің Архипастырь деп аталатын қасиетті бас имамдарына жіберген көрінеді... Мынау сол дөкейдің Қабекеңнің ғарызына соққан бұрыштамасы.. Былай дейді: “Бетімен кеткен жалақор қазақ өзінің Түркияда емес, православиелік-христиандық Ресейде тұратынын ұмытқан екен. Ғарызы қанағаттандырылмасын”. Осынша озбыр да астам хаттың дүниеге келуіне құдды өзі айыптыдай, қалай басыла оқыса, солай басыла тәржімалады. Сосын өзін тыңдаушылардың ынта-ықыласын байқап, шолақ сөздермен болса да сездіріп қалып отырған ой-пікірлерін, жалпы көңіл-күйлерін іштей сараптай келе, бұл хаттың ұзын-ырғасымен олардың бұрыннан таныстығын шамалады. «Менің әлгінде орыс жазушылары туралы айтқан әңгімеме ұстамды үн қатқандары енді түсінікті болды, – деп ойлады Ғали. – Олар, әшейін, мені ренжітпейін деген екен ғой. Орынсыз күдік келтірмейік, бірақ ойымызды осы хатты оқу арқылы өзі-ақ түсінсін деген екен ғой. Әрі менің Танюшамды сыйлағандықтары шығар. Ал орыс халқының, орыстың ұлы ойшылдары мен суреткерлерінің қадірін жекелеген чиновниктер мен діни басшылардың кетіріп жүргенін біздің қарапайым қазақ қайдан білсін. Оларға орыстың бәрі бірдей сары орыс...” Көзінің астымен келіншегіне қарады. Ол мөлдіреп, еркелей көз түйістірді. Күйеуінің сүйеніші. Сене берсін. Сүйгенін өзіндей көре берсін... Сүйікті, сүйікті сүйген жар...
Ғалидың ойының бұлай шарықтауы өзінің қас-қабағын жіті бағып отырған ел назарынан қағыс қалмаған көрінеді: – Мырза, сіз, әсіресе ханымыңыз, бізді теріс ұғып қала көрмегейсіздер, – деді босаға жақтан бір жас дауыс. – Сәби өңді қараторы бозбала екен. Жұрттың түгел өзіне қарағанынан іркілмей, сөзін байыппен сабақтады. – Бәлкім бұл кісі естімеген шығар, біз шын орысты өзіміздің қазақтан кем көрмейтінімізді жанымызбен жеткізейік. Осы кісі аттас әнді айтайық, рұқсат болса. Әйтпесе әңгімеміз әкімдердің әңгір таяғына ойысып, мүлдем көңілсізденіп кететін тәрізді... Көпшілік қозғалақтап қалды. – Өй, айналайын Нұрқадыр, сөйтші,– деді Қабыш басын изеп. Әркім-әркім мақұлдағанын білдіріп жатты. Нұрқадыр іркілген жоқ. Өзімен ала кірген құрама домбырасын дұрыстап, құлағын келтіре бастады. – Қыздар! – деді екінші қанатта ұйлығып отырған бір топ қыз-келіншекке. – Қосылып айтайық! Домбыраны қағып-қағып қалып, шырқай жөнелді. Бір шумақтан соң бәрі қосылды. Терең сырға тұнған ән шырқалды. “Унисон айтылуда, ал, бірақ, қандай сазды, көркем, жанға жайлы естіледі”, – деп сүйсіне ойлады Татьяна. Ол енді әннің сөзін ажыратып түсініп көруге тырысты. Бар мән өлеңнің мазмұнында жатқан тәрізді. Әсем, мұңды саз әлдебір сырды тереңнен қозғай ма, қалай? Ұзақ жырланған, айтушылардың жан-дүниесін нұрландырып, сезімдерінен үйлесім тауып тұрған бұл өлең нендей тағдырды арқау еткен? Құлағын демімен шарпып, Ғали сыбыр етті: – Танечка, бұл Пушкин... Таня қасын керіп, қайран қалдып, әншілерге аспан көк көздерін тімтіне тікті. “Пушкинді әнмен айтып отыр ма? Жан–тәндерімен шырқауларын–ай, қолқаңды суырып алардай музыка қайдан табылған өздеріне? Қай өлеңі екен Пушкиннің? ” Күйеуі мұның ойын оқып алғандай: – Татьянаның хаты. Қалай? соңғы он бес жылдан бері Пушкин әр қазақтың үйіне осы героинясының тағдырымен бірге еніп кеткен, – деп сыбырлайды. – Ғажап, – дейді Таня да ернін әрең қыбырлатып. – Аударған кім? Әнін қандай композитор шығарған? Ғали басын келіншегіне қарай қисайтып, ақырын сыбырлайды: – Осы өңірде Абай деген ұлы адам болды, өзі ақын, өзі композитор, өзі философ... Дүниеден былтыр өтті. “Евгений Онегиннен” бірнеше үзінді алып, тәржімалап, Татьянаны қазақ қызымен мұңдас, сырлас етіп кеткен – сол алып... Іштей есіне әлгі хаттың мазмұнын тағы еске түсірді. “Халық көңіліне қаяу салатын не? Тұрпайы басқыншылық пиғыл ғой...“ ... Әуен күңіреніп, киіз үйді көтеріп кетердей кернеп тұр. Үй толы қыз-жігіт:
– Түсімде мені жұбатып, Жылы сөзбен сөйлесіп, Кетуші едің қуантып, Қалушы еді көңіл өсіп. Шыныңды айт, кімсің тербеткен, Иембісің сақтаушы? Әлде азғырып әуре еткен Жаумысың теуіп таптаушы? – деп, ойға шақыра шырқады. Халық бірінің үстіне бірі келіп жатыр. Ауыл біткен осында ағылғандай. Үнсіз кіріп, алқа-қотан отырғандардың артынан үнсіз тізе бүгеді. Босағадан сығалап, сыртта қаумалағандар қаншама. Бірі мүлгіп тыңдайды, енді бірі кеудесін кере тыныстап, қосылады: – Сен жаралы жолбас ең, Мен киіктің лағы ем. Тірі қалдым, өлмей әрең, Қатты батты тырнағың. Бұл кінә емес, әншейін наз, Сағынамын, айтамын. Досың-ақпын, тағдыр араз, Толғанайын, қайтемін. Ғашық-ақпын еш күмәнсіз, Ырыс емес, сор үшін. Көрісуге шыдамаспыз, Айрылысалық сол үшін... Ән аяқталғанда үйді бір сәт тыныштық жайлады. Сосын біреу ақырын күрсінді. Әлдекім жылап жіберудің аз-ақ алдыңда отыр екен, өзінөзі әрең ұстап, мұрынын тартты. Бір кемпір көзіне жас алып: – Қайран дүние-ай, – деді. Әлгінде ән бастаған Нұрқадыр деген жігіт дауысын көтеріп: – Қадірменді Татьяна ханым, – деді. – Біз бұл әнді сіздің құрметіңізге салдық. Айтыңызшы, ұнады ма? – О, иә, өте ұнады, – деп, Татьяна ықыластана жауап берді. – Сөзін жете айырмадым, бірақ Ғали түсіндірді. Ғажап! – Татьянамен тағдырлас қыздар қазақта жиі кездеседі, – деді Нұрқадыр тағы да. – Сондықтан оның хаты да, сөзі де өзіміздің жүрегімізден шыққандай. – Рас, – деп қалды әлдекім. Қыздар демдерін ішіне алғандай. Татьяна жанарлары суланған әйел қауымына әрі таңырқай, әрі сүйсіне назар салды. – Неткен сергек жанды адамдар, – деді ақырын ғана. Неге екенін, жүрегі шым ете түсті. Оның ойына да манағы құжат – шағымға берілген жауап хат оралды. Дөрекі, озбыр архипастырь. Оған бейтаныс қой мұндай сезім... – Күшті сезімге қабілеті жететін жандар екенін көремісің? Сондай ғой, иә, жаным? Сенің оларды түсінгеніңе қуаныштымын, Танечка, – деді Ғали. Танечка толқып кетті. Күйеуі келіншегінің ішкі тебіренісін қалай дөп басып айтты... Көзі алақандай боп, дымқылданып, қолқасына әлдебір түйнек тығылғандай болды. Нұрқадыр кең даусымен “Айттым сәлем, Қаламқасты” бастап кетті. Шаңырақтан сығалаған көк аспан, төбеден салбыраған шашақты желбау, күллі түрлі-түсті тоқыма, сүйріктей сұлу уықтар – бәрі-бәрі әншіні екі шекті ағаш аспаппен қатар дем бере сүйемелдеп тұрғандай. Мына ғаламат әуенге Таня мүлдем аузын ашты да қалды. Етене жақын, туыс саз бойын алған секілді.
Жастар тағы қосылып жатты. Жігіт сөзі де, қыз сөзі де толық айтылды, әрі екі сөзді екі қауым – жігіттер мен қыз-келіншек жағы кезек шырқасты. Кемпір-шал риза, сүйсіне, бас шұлғып тыңдады. – Қандай күшті романс, – деді Таня. Ғали оның нәзік саусақтарын ақырын ғана қысты. Сол сәт көзі көпшілік арасындағы Өтемістің көзімен түйісіп қалды. Ол жүзін бұлардан аудармастан қарап отырған-ды. Талдырмаш бозбала мына сауыққа қанша елтісе де, өзінің болмысымен-ақ, бұның алдындағы міндетті еске салып тұрғандай...
Сегізінші тарау 1. Оңаша қалған сәттерде Таня қайта-қайта манағы Қабыш көрсеткен хаттардың мән-жайын сұрай берген-ді. Соған байланысты бір ерекше құштарлыққа толы әңгіме-дүкен ұйқы алдында болды. – Танечка, соның саған керегі не, – деп, Ғали әуелде қарсылық білдіріп бақты. – Саясатты неғыласың, жаным. Мен саған даланың бүгінгідей думанды тұрмысын көрсетсем деймін. Қызықтың көкесі жәрмеңкеде. Сәл шыдашы, сол жақта тосып тұрған тамаша әсерлерінен әлі ес жия алмассың... Таня ернін бұртитты. – Мен сен туралы түгел білгім келеді. Ол күйеуінің мойнына қос қолымен еркелей асылды. Ғали келіншегін бауырына қысып тұрып, шашынан аялай сипады да, күлді. – О, құдайым, – деді, – құдды маған тұрмысқа мені танымай-білмей шыққандай болуын... – Көкпеңбек көздеріне тесіле қарады. – Үйленгенге дейінгі бірге жүрген уақытымызды былай қойғанда, пәлен айдан бері бір бөлменің ауасымен тыныстаудамыз ғой, жаным-ау! шынымен соның бәрі мені зерттеуіңе аздық қылғаны ма? – Ал сен тұрған бойың құпия адамсың. Бұған мен сені біліп алдым-ау деп ойлаған сайын, көзім жете түседі. Келіншегі сүйріктей саусақтарымен оның еріндерін жыбырлатты. – Қателесесің... – Ғали нәзік те ыстық саусақтар ұшын мәпелей сүйді. – Мен сені, әншейін, ерлердің ісіне араластырғым келмейді. Біз бірбірімізді сүйеміз, біздің махаббатымызға, біздің бірлесіп шаңырақ көтеруімізге саясаттың қатысы болған жоқ, солай емес пе? Ендеше ол пәле бізге бұдан былай да араласпай-ақ қойсын... – Жоқ, сүйіктім, – деп Таня басын шайқады. Көзі тұманданып, ынтық үнмен сыбырлады. – Мен сенің барлық тыныс-тіршілігіңді білсем деймін, сонда ғана көңілім тыншиды. Сен мені жай жар ғана емес, ақылдасар, сырласар серігің, досың, үзеңгілесің деп қарауың керек. – Жаным, жан жарым... – Ғали оның бет-аузынан шөпілдетіп сүйіп шықты. – Мен өзім де сені солай есептеймін ғой... – Құшағына тарта түсті. Ол нәзік қолдарын күйеуінің кеудесіне тіреп, ерке, назды үнмен қарсылық білдірді:
– Иә! Ең арғысы, Қоянды жәрмеңкесіне не үшін баратқанымызды да айтқан жоқсың! Сен мені жәй ғана алдайсың! Күйеуі өзінің одан ештеңе жасырмайтынын, оны ешқашан және ешқандай да ештеңемен өтірік алдаусыратпайтынын ынтық көңілімен аялай сездірді. Елгезек, ынтық еріндер солқылдаған жас келіншектің құлағын, мойынын, тамағын жыбырлата, елжірете, шымырлата аралап өбіп шықты. Ақыры, қайсар жарының өкпелі әрі құштар жанарына көзін тура түйістіріп тұрып, байыппен былай деді: – Мен саған, жаным, экзотикалық қырды таныстырсам деп едім... Өзің қалап тұрсаң, жалықпайтын болсаң – экзотика астарындағы шындықты да біл. Жарайды онда, мейлің, айтайын. Бұратаналардың запыранды даласы туралы тыңдай ғой... – Құшақтап, мейірлене иіскеді. – Моя Жанна д’ Арк! Бірақ бұл әңгіме көңілсіздеу болады-ау саған! "Жанна д’ Арк" ұзын кірпіктерін қайқайта, көзін кең ашып қарады. Жүзінен байсалды өжеттік ескендей. – Ничуть! Сен менен ештеңе жасырмауға тиіссің! Ғали күлімсіреді. – Құп, сүйікті менің жан жарым! – Ақырын мұрнынан шертті. – Бірақ бір нәрсені есіңе салуға пұрсат бер: менің бар ой-пікірім жазған қағаздарымда, үстелімнің үстінде жатыр ғой – сен оларды оқыған сайын, мені мейлінше тани түсер едің... Менің өзімнен гөрі, менің азын-аулақ шығармаларым – мен туралы жақсы айтып берері кәміл... Таня басын шайқады. – Милый, біз Омбыға қайтып барғанша қай заман! Мен қазір білсем деймін. Әсіресе, ішке сақтап келе жатқан ой-пікіріңді алдағы мәслихаттарыңа шейін естігім келеді. Мына жерде, – жұмыр да нәзік ақ білектерін Ғалидың иығынан жоғары көтере созылып, сүйіктісінің басын сүйріктей саусақтарымен шеңгелдей ұстады, – "Россияның" киргиз өлкесіне арналған томына кірмеген талай нәрсе жасырулы жатыр... – Ғалидың басын төмен еңкейтіп, маңдайынан шөп еткізіп сүйіп алды. – Тасқа басылмаған фолиант... Оның менен құпия болуын қаламаймын!.. 2. Ауыл адамдарымен, үй иелерімен қимастықпен қоштасып аттанғаннан кейінгі едәуір уақыт қошеметі мол меймандықтың әсерлерін еске алуға кетті. Ақыры, қос атты ашық күйме кебежесінен жасыл белдер мен көгілдір аспанға сүйсіне қаранып келе жатқан беті, Татьяна тағы да өзінің құмар тақырыбын қозғады. Аздан соң жас жұбайлар Өтемістің құлағына жаққан бір әңгіме-дүкенге көшті. Өтеміс демін ішіне тарта тыңдап, аттарды, тіпті, әрәдік аяңға түсіріп алып отырды. Тап желкесіндегі екеуара шертілулі сырға соншалықты құмартты. Өйткені онда шөліркеген жасөспірімнің сусынын қандырарлық нәр бар еді. Келіншегінің ығына жығылған Ғали ақырында:
– Асыл текті қыздар ннституты қабырғасында менің сүйіктім Ресей тарихы жөнінен әжептәуір мағлұмат алған болса керек? – деген-ді. Сүйіктісі күміс дауысымен сыңғыр еткен: – Үздік бағаммен мақтана алам! Ғали разы, жайдары, бақытты жүзбен басын изеді. – Тамаша. Онда, жаным, екеулеп империялық ұлт саясатына шамалы шолу жасап алайық. Мақұл ма? Бұл біздің қазақ даласындағы жағдайды екеулеп түсінуімізді жеңілдетеді. Күйме ырқымен ақырын шайқалып, сәл ойланып қалды. Көмекке Таняның өзі келді. – Алдымен еліңнің неге екі атауы барын түсіндірсең қайтеді? Қызық, баяғыда біліп алуға тиіс нәрсені сұрау қазірге дейін ойыма келмепті. Бір күліп қойды. Күйеуіне наздана қарады. Анау байсалды үн қатты. – Жалпыдан жекеге көшкеніміз мақұл да. Сонда бұл сауалың өз-өзінен түсінікті боп шығар еді. Бірақ, сұрап қалдың, мейлі, тыңда ендеше... Тамағын кенеді. Бірақ бастай қоймады. Келіншегі одан көзін айырмай, ынтық үнмен көңілдене сыңғырлады: – Құлағым сенде, – деді. – Ну, айтшы енді, милый мой? менің далалық князім, сөйлегін? Белден бел асып ұзақ жүретін жолды қысқартарлық бір жақсы әңгіме туған тәрізді. Өтеміс оған құмарта құлағын тосып, Таняның сұрағы таусылмауын тілеп келеді... Ол Ғалидың танымды дәрісін көңіліне ашқарақтана тоқуда... Танюшаның есінде болар, Россия әдебиетінде "киргиз" немесе "киргиз–кайсак" деген жалпылама атаумен өзара бауырлас, туыс болып келетін, әрқайсысы өзінше "ру" деп аталатын ондаған түркі тайпалары мен аталары біріктірілгені айтылады. Ал түркілер өте ерте заманда, тіпті Рюриктің – осынау варяг деп аталатын жалдамалы жауынгердің орыстарды билеуге келгенінен де көп бұрын, аса қуатты империя болған. Қазіргі киргиз, шындап келгенде, сонау ақбас тарих қойнауында қалған көне дәуірдегі империяның, сол кездің терминімен айтқанда – қағанаттың, қаһанаттың, яғни қаһанның, хандардың ханының, бас ханның басқаруында болған алып аумақты мекендеген көп хандықтардың, халықтың бір сынығы яки жарықшағы. Татьянажан мұны біліп қойсын. Ай астында мәңгі ештеңе жоқ. Жалғыз түркі империясы емес, оның соңында шашырап қалған тайпаларды жаңаша біріктіріп, әлемді жаңаша дірілдеткен Шыңғысхан империясы да ыдырады. Сосын тарих аренасына сол ру-тайпалардың күшті бір бөлігі Қазақ атын ту етіп көтеріп шықты. Ол атаман Ермактың өнеркәсіпшіл Строгановтарға жалданып, қазақтар мекенінің терістігін жаулап алуды жүзеге асырған жорықтарынан бір ғасыр бұрын болған оқиға, Танюша. Шығыс тарихында Үйсін, Дулат, Қаңлы, Жалайыр, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Уақ-Керей, Арғын және Алшын деген атаулармен әйгілі болған түркі ру-тайпалары, міне, өстіп өздерінің Ұлы Даласында Қазақ елі түтінін түтетті. Ал осы рулардың қайқайсысының да түлектері өздерін "қазақпыз" деген. Бұрын да, қазір де солай дейді. Орыстардың бұрмалауларына қасақана. Киргиз емес, – қазақ.
– Аңғарамысың, Танечка, басқы және соңғы дауыссыз дыбыстарды мен қатаң айтып тұрмын ғой? Ондай дыбыс орыс тілінде жоқ. Орыс алфавитіндегі әріптермен оны таңбалау қиын. Сенің оған тілің келе ме өзі, жаным? Жымиып, келіншегіне көзінің қиығын тастады. Анау тайсалмай, іркілмей жауап берді. – Келеді: "ка-зак..." – Күліп жіберді. – Келтіреміз... Тағы қайталайды, бірақ "қ" дыбысын айта алмайды. Сыңғырлап күледі. Күйеуі кеңпейіл көңілмен қолын сілтейді. Тез еңкейіп, тырысып баққан сүйкімді ауызды қаймыжықтай еріндерінен шөп-шөп сүйеді де: – Жә, үйренесің әлі, – дейді. – Ефрон-Брокгауз энциклопедиясында, тіпті, қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың былтыр шыққан еңбектерінің жинағында да халықтың өзін-өзі атауын әлгінде сен айтқандағыдай етіп, "казак" деп жазып жүр. Ал бұл, менің ойымша, соншалықты дәл емес. Әрі орыстағы "казак" аталымымен шатыстырулар туғызуы мүмкін. Ғалибек назарын Өтемістің басынан асыра, алдыңғы жаққа тастады. Қатар ирелеңдеген қос жыланша, маңдайдағы жасыл жонға өрлеп бара жатқан арба соқпағына көз тікті. Сол беті үндемей қалды. Таня оған көзінің қиығымен қарап: – Енді қайттік? – деп, елжірей күлді. Тым-тырыс. Таня оған ақырын ғана иығымен сүйкеніп, нәзік үнімен сызылта созды: – Ғали-Бе-е-ек! Ғали арқалыққа шалқайды. Қолын келіншегінің иығына салды. Сосын терең бір күрсініп алды да, сөйлеп кетті. – Табиғи естілуіне жақындау етіп, орыс әріптерімен де белгілеуге болады... Сонда былай оқылар еді... Тыңда: "қазақ" – "казак" – "казах". Қалай? Естілу айырмашылығын аңғарамысың? – Енді қалай! Жақсы байқалады, – деп мақұлдады Таня, – жақсы. Әрі ажыраңқы, басқа атау екені айқын, әрі біріне бірі өте жақын естіледі. – Рас, – деді Өтеміс те. Қалайша қыстырылып кеткенін өзі аңдамай қалды. Ыңғайсызданып: – Кешіріңіздер, – деп күбірледі. Бірақ оның қылығын оғаш көрген ешкім жоқ. Ғали қиялданған сарынмен көзін көкжиекке қадай сөйлеп келеді. – Халықтың өз есімін өзіне қайтарар күн де туар, – дейді, – сол кезде орыстар біздің халқымыздың атын осылай айтуға да, жазуға да тиіс. – Әдемі үміт... – Таня естілер-естілмес етіп сыбырлады. Толқығаны сезіліп тұрды. – Құдайым соған жазсын... Өтемістің жүрегі бұлқынып, алқымына тығылғандай болды. Тебіреніп бара жатты. Ернін тістеледі. Босаңсуын сездірмеуге тырысты. Делбені қағып жіберді. Пәуеске заулап, белге беттеді. Көшір бала жүзін жанға жайлы салқын самалға жуғызып, толқуын басты. Сосын дымын білдірместен, Ғалибектің аузынан шыққан әр сөзді аңди тыңдады. – "Кайсак" деген сөз "қазақ" атауын бұрмалаудан шыққан. Империялық астам, озбыр күштер бұратана халықтың орыс казактарымен аттас болуына төзе ме... Тағы бір мәселе. "Қырғыз" деп аталатын көне түркі
руы әдебиетте "каракиргиз" немесе "дикокаменный киргиз" деген атпен белгілі. Шамасы, әуелде ресми қағаздар, олардың артынша әдебиет "киргиз" деп атап кеткен сөздің төркіні – осы тайпаның атауында жатса керек. Тыңдаушылар тым-тырыс. Бірер мезгіл ешкім тіс жармады. – Жалықтырып алғаннан саумын ба сендерді? Ау, Танечка? – О не дегенің, менің князім, ешқандай да. Жалғастыра бер, өте қызық! Өтеміс те артына қайрылып: – Аға, – деді, – мен құдды бір ғаламат мектепте дәріс алып тұрғандаймын... Ағасы күлді: – Солай де?! Таняжан, ендеше, метрополияның өз отарларына көзқарасын шолуға көшеміз бе? – Көшейік! – деді Таняжан ширақ үнмен. – Мақұл... Дегенмен, бірінші кезекте, ғылым салаларының маңызды тұжырымдарын қайталап алайық.. Есіңе түсірші, Танюша, филология не дейді? Танюша ұшқын атқан аспанкөк көзін дөңгеленте бақырайтты. – Орыс тілі қазіргі орыс тайпалары үшін тарихтан бұрынғы заманда, дөп басып зерттеуге ешқандай да мүмкін емес алыс заманда ғана ортақ болған болса керек демей ме? – Ғали оған күлімдей қарады. – Қазіргі орыстың әдеби тілі барлық үш түрлі орыс тілінің негізінде емес, солардың бір арнаға құйылысуы арқылы емес, тек қана бір тілдік – москвалық сөйлеу мәнерінің негізінде, великорус тілінін негізінде жасалды демей ме? – Иә? – Антропологтар великорус, малорус және белорус антропологиялық үлгілерінің бірінен бірі елеулі айырмашылығы бар екенін айтып жүрген жоқ па? Жалпырус үлгісінің өмірде жоқ үлгі екенін, яғни оның жасанды екенін айтпай ма? – Рас. Оған этнография мен фольклор да куә. – Ал тарих не дейді? Ежелгі бір кезеңде қазіргі Россияның территориясын бірнеше дербес мемлекет жайлағанын жазбаушы ма еді? Москва княздігін олардың ішіндегі ең жас бірлік деп көрсетпеуші ме еді? Киев, Москва мемлекеттерінің, солтүстік орыс республикаларының тарихи дәстүрлері мен негіздері арасындағы өзара ортақ болардай нәрсе аз демеуші ме еді? Немесе мынандай көрнекі мысалды алайық: Галиция мен Буковина ғой – ешқашан, ешбір қырынан Москва мемлекетінің ықпал етер аймағына түскен емес. Бүгінгі таңның өзінде қазіргі Россия империясының аумағынан тысқары жатыр, солай ғой? – Милый, маған мақұлдатып алмасаң болмай ма? Мен қазір бәрін ұмыттым. Сен менің басымды айналдырып алдың! Таня еркелеп, шекесін Ғалидың иығына сүйеді. Көзін жұмды. – Ұмыттым деймісің? – Ғали келіншегін құшағына алып, шашынан иіскеді. – Иә! – деді назды үн. – Бәлкім соның дұрыс та шығар, өйткені метрополия үкіметі оларды көзге ілмейді ғой. Панрустық идеологияның ресми өкілдері орныққан онда. Ал олар өмірге мүлдем өзге шындықты орнықтыруда. Олардың іліміне салсаң – Карпат пен Орал тауларының екі арасында біртұтас
орыс тілінде сөйлейтін, әрдайым бір ғана тарихи тағдырмен өмір сүріп келген, біркелкі тарихи дәстүрлерге тәуелді біртұтас орыс халқы тұратын көрінеді. Және ең қызығы – орыс, рус деген сөз тек қана ұлы орыс, великорус мағынасында ғана түсініледі. – Ал бұл дұрыс емес демексің ғой? – Әлбетте. Жаңсақ пікір. – Мұндай жаңсақ пікір қайдан таралған онда? Ғали күліп жіберді. – Менің аңқау, аңғал, нәзік Танюшам! Впрочем, нақты түп-тамырын мен де білмеймін. Жалпы, тереңіректе жатса керек. Әйткенмен, өзім империяның қазақ өлкесін отарлау тарихына орай оқығандарымды саралай келіп, бір ірі мемлекет қайраткерінің қырдағы саясатына назар аударған едім. Кейін империялық панрусизм идеологиясының тұтқасы да соның қолында болғанына көзім жетті. Ол адам – әйел патша-тын. Ақылды да зымиян Екінші Екатерина патшайым. Оның дәуірі де бізге аса жақын кезге есептелмес. Есіме сонау Екатерина императрицаның бір хаты түсіп тұр. Содан бір үзік оқып берейін. Өз сөзімен. Катарина секунда өз қолымен мынандай маңызды нұсқау жазған... Қазір... Менің портфелім қайда? Еңкейіп, қағаздары салулы сөмкесін тапты. Ашты да, ішінен бір кітапты суырып алды. Терең, екі иінімен тыныс алды. Тағы бір мәрте кеудесін кере тыныстап алды да, "Орыс Тарихи Қоғамы жинағын" тізесіне қойып, шапшаң парақтап кетті. Жуан ортасынан іздеген хатын тапты. Сөйтіп, керек жеріне қадала қалды. – Сонымен, құлақ сала бер, Танька, бұдан бір жарым ғасырға жуық ілгеріде, дәлірек айтсақ, 1764 жылы Екінші Екатерина генерал-прокурор князь Вяземскийге жолдаған құпия кеңеснамасында былай деген: "Малая Россия, Лифляндия и Финляндия суть провинции, которые правятся конфирмованными привилегиями и нарушить оные отрешением всех вдруг весьма непристойно-б было; однако-ж, и называть их чужестранными и обходиться с ними на таковом же основании есть больше, нежели ошибка, а можно назвать, с достоверностью, глупость. Сии провинции, также Смоленскую, надлежит легчайшими способами привести к тому, чтобы оне обрусели и перестали бы глядеть, как волки в лесу. К тому приступ весьма легкий, если разумные люди избраны будут в тех провинциях; когда же в Малороссии гетмана не будет, то должно стараться, чтоб и имя гетмана исчезло, не токмо-б персона какая была произведена"*. Ғалибек кітапты жапты. – Міне, осы сырдан-ақ біраз нәрсені анғаруға болады... – Мен аңғармадым, Ғали, жеткізіп сөйлеші. Таняның бұл сұрағына Өтеміс те қуанып кетті. Ғали кітап үзігін қаншама асықпай, баппен, мәнерлі оқығанмен, ол да жете түсінбей қалған еді. -------------------------- * "Кіші Россия, Лифляндия және Финляндия оларға берілген артықшылықтар арқылы басқарылатын провинциялар болып табылады, осы тәртіпті кенеттен бұлардың бәрінен бастарту арқылы бұзу өте әдепсіздік болар еді, алайда оларды бөтен елдер деп атау да, сөйтіп олармен қарым-қатынасты осындай негізге құру да қателіктен де гөрі, одан зорырақ болып саналады, дұрысын айтқанда, ақымақтық деп атауға болады. Бұл провинцияларды, сондай-ақ, Смоленск провинциясын аса жеңіл тәсілдермен мынандай дәрежеге жеткізу керек – олар орыстанатын болсын және орманға қарап ұлыған қасқырдай болғанды қойсын. Бұған қол жеткізу өте оңай, бұл үшін сол провинцияларда [билікке] парасатты адамдар сайланса болғаны; Малороссияда гетман болмайтын кезде, қандай лауазымды адам жасалса да, гетман атының өзі де жойылып кетуіне қол жеткізуге тырысу ләзім".
– Империяның ұлт саясатында, жалпы алғанда, кедір-бұдыр көп. Бірақ жаңағы хатта аталған үш елдің ішіндегі Малороссияға көзқарас титімдей де өзгермейтін сара жолды көздеген. Сенің есіңде болу керек, тарих пәнінен белгілі ғой – империя үкіметінің қаулысымен украиндердің алғашқы гетманы Богдан Хмельницкийден бастап Скоропадскийге дейінгі барлық гетман сатқын деп табылып, елді басқару үшін "Малороссиялық коллегия" тағайыңдалды. Шындап келгенде, сол «кішіроссиялық алқаның» заты емес, аты ғана "кішіроссиялық" болатын. – Бұл – украиндарды орыстың бір тайпасы ретінде санаған көзқарастың салдары, – деп, Таня батыл тұжырымдады. – Солай емес пе, менің Бегім? Оның Бегі басын изеді. – Сондықтан да оларды орыстың дәл өзі ету мәселесі қолға қатты алынды. – Ал ондай жағдайға қол жеткізу мүмкін бе? – Неге мүмкін болмасын?. Ол үшін, ең алдымен, жұтатын халқыңның тілін жоюың керек. – Ғали, сен керемет қиялшылсың... – Жоқ, Таня, мен нақты деректердің кейбірін ғана еске алып отырмын. Мәселен, украиндарды орыстандыру үшін жасалған көп шараның бірегейі сол – олардың тіліне шектеу қойылып, тіпті тыйым салынды. – Қайтіп, қалай? – Не қалайы бар, ішкі істер министрі Валуев 1863 жылы: "Ешқандай да малороссиялық тіл деген болған емес, қазір де жоқ, болашақта да бола алмайды", – деп жариялады. Содан бермен – тиісінше әрекеттер үздіксіз жасалып жатты. – Ал? – Империя үкіметі үшін малороссиялық тіл жарамсыз, керексіз болғанмен, халыққа керек еді: империялық биліктің қуғын-сүргін жасап, құдалағанына қарамастан, қарапайым украиндар өз тілдерінде сөйлей берді. Рас, сол Валуев министрлігі мұндай ахуалмен есептесуге мәжбүр болған кез де ұшырасқан. Мәселен, поляк көтерілісі кезінде, Киев генерал-губернаторы Валуевтың өзінің рұқсатымен-ақ, Украина халқына үкімет прокламациясы орыс билеушілері үшін "жоқ" деп есептелетін "малороссиялық тілде" таратылған-ды. Көп ұзамай-ақ, поляк қозғалысы империя шекарасына залалын тигізбей, басылды. Алайда, артынша, сол қозғалысты басуға қолданған украин тілі, империялық үкіметтің қалауымен, тағы да құрдымға жіберілді. Не керек, қанша қысастық жасағанмен, малорус халқы тап Екінші Екатерина тілек білдіргендей дәрежеде орыстанып кетпеді. Рас, дегенмен, осындай көзқарас салдарынан оның дворяндары орыстанды. Шаруалар жалпыимпериялық басы байлаулылар – крепостнойлар қатарына қосылды. Украиналық өзіндік ішкі құрылым жоғалды, ұлт мектебі жабылды, өзін-өзі басқару тарқатылды – мұның бәрі жалпы империялық ережелер көздеген шаралармен алмастырылды. Тап осындай әрекет тағы бір орыс тайпасы болып есептелетін белорустарға да қолданылды. Ал бұлардың арасында панрустық, орысшыл-
дық идеологияны жүргізу анагұрлым оңай-тын. Неліктен дейсің бе? Себебі белорустар өздерін орыстар империяға қосып алғанға дейін мемлекеттілік құрып үлгермеген болатын. Олар өз іштерінде ұлттық басқару тәртібін қалыптастыра алмады. Оған украиндар тәрізді қол жеткізе қойған жоқ-тын. Сондықтан империя үкіметі белорустарға байланысты әлдеқандай "конфирмованные привилегии" жасау, яғни жоғарғы билікке бекіткізіп, қандайда бір артықшылық яки жеңілдік беру туралы ойлап бас қатырған жоқ. Тиісінше, белорустарды орысқа айналдыру әлдеқайда оңай, әрі жылдам қарқынмен жүзеге асырылып келеді... Үкіметтің орыстандыру саясаты азиялық бұратаналар тұратын шет аймақтарға да тасымалданғанын енді Таняжанның өзі де түсініп отырған болар... Оны түсінді-ау, сол орайдағы пиғылдардың кей түрін кеше қонақжай үй иесі оқытқан архипастырьдың резолюциясынан да аңдады, әйтсе де Ғали-Бегінің мәселені түсіндіріңкіреп айта түскені жөн... Жарайды, айтсын... Ғалибек терең тыныстап алды да, әңгімесін сабақтай берді. Қазақтың ұлттық мемлекетін патшалық жойды деді. Қазақтың жойылған мемлекеттілігі хандық деп аталатын. Қазақ халқының ежелгі рулық бірлестігі хандықтың басқару құрылымына кірігіп тұрған. Елді хан билейтін. Бұл атаулар әлгінде еске алынған украин гетманы тәрізді кеппен, бүгінгі саясатта мүлдем ұмыттырылды. Ал қазіргі таңда, бір жағынан, бұратана қазаққа өткенін ұмыттыру үшін, империя рухани шабуылын үдетуде. Екінші жағынан – бұратана баскөтерерлері патшалықтың бұл зымиян әрекетіне тосқауыл жасағысы келеді. Мұндай қалқан іспетті қорғанысты ислам насихаты күшейте түсетін түрі бар. Не керек, қазақ елін сақтап қалу жолындағы күрес бүгінде, жалпылап қарағанда, діни-саяси сипатқа ие болып келеді... Тым қорыта, ғылымиландыра сөйлегені ұғымға ауырлау тиюі себепті, Таня күйеуінен кей нәрсені ежіктей сұрады. Ғали жалықпай түсіндірді. Үкімет қолданып отырған қыспақ түрлерін санамалап айтты. – Жағдайыңды ойлаған болып, қамыңды жеген болып көлгірсулері аса қатерлі. Тіл мен діннен қалай айырылғаныңды байқамай қалуың ғажап емес, – деді. – Төндірмеші... – Ақиқаты сол, тап осы күндері көлгір сөз көлеңкесімен пәрменді әрекет те жасалып жатыр. Мәселен, әкімшілік қазақ ауылдарындағы бастауыш мектептердің мұғалімдері міндетті түрде орыс тілін білсін деген талап қойды. Далаға православие миссионерлерін өргізіп жіберді... – Неменеге? – Шоқындыру үшін де. Бірақ, әйтеуір, олардың қызметінің нәтижесі әзірге айтуға тұрарлық емес. Рас, Ямышево секілді бірлі-жарым елді мекендердің халқы тұтас шоқындырылған, көшпелі қазақтан бөлініп тасталған. Олардың тырнағына жетім балалар әлі де ілігуде. Қосылуды туыстары қоштамаса, ауылдан қашып, араларына ғашық жастар да барады. Дегенмен, тәуба, көп емес...
3. Өтеміс бұдан үш-төрт-ақ жыл бұрын, желбіреген жеткіншек шағында, үкіметтің Ғалибек әңгімелеп келе жатқан қитұрқы саясатындағы бір бетбұрысты танытатын оқиғаға куә болған еді. Сонда, күн еңкейген шақта, елді есік алдына тамағы жыртыла, сыңғырлап айқайлаған өрімтал бала дауысы алып шыққан-тын. – Ояз сияз шақырып жатыр! Си-я-яз! Бұлардың ауылына құнанымен тапырлата шауып келген беті, хабаршы бала осылай жар салған. Оның айналасына әп-сәтте шоғырлана қалған халық: – Ол қандай сияз? – деп сұрасқан. Әлгінде ғана жар сала жария еткен хабарымен қоса атынан қарғып түскен бала іле түсінік берді: – Ояз барлық болыстар мен билерді жинап жатыр! Ертең сәскеде келсін дейді. Өзіне аса жауапты тапсырма берілгеніне ризалықтан, әрі оны тап-тұйнақтай етіп орындағанына сенімділіктен жайнаң қағады. Екі езуі екі құлағына жеткенше мәз боп тұр. Айтарын айтып біткендіктен, тақиясын милықтыра киді де, жаман торысына қайтадан мінуге ыңғайлана берді. – Е, біздің ауылда оның бірі де жоқ, – деп қалды әлдебір жігіт. Бала ер үстінде үзеңгісін кере бір шіреніп: – Оязнай ұлық ауыл-ауылдағы молдаларды да шақырды, – деді. – Әй, Жаманшалдың баласы, саған соны оязнайдың өзі айтты ма? – деп күлімсіреді үлкендердің бірі. Жаманшалдың баласы сасқан жоқ. – Иә, – деді иегін менмен де мақтанышты түрмен көкке көтеріп. – Барлық шабармандар алдында шегелеп тұрып айтты. Бұл кезде Өтеміс топ арасынан өтіп, маңғаз кейіпке енген шабарманға тақалып қалған. Ақыры қасына жетті де, күні кешегі бірге ойнап жүрген өзіндей баланың жеңінен тартты. – Қарабай, – деп жұлқылады, – бүгін шомылуға барасың ба? Қарабай өзінің жаушылық қызметінің беделін төмендетер бұл сұрақты елеусіз тастап, Өтеміске көз де салмастан: – Батырбай көкем қалмай келсін деп болыс атамның өзі сәлем айтты, – деген айқаймен қаумалаған жұртқа жағалай назар тастады. – Ал мен кеттім, көрші ауыл молдаларын да шақыруым керек... Одан әрі сұрақ тоспай, алға қарай емпеңдей тебініп, торы құнанының сауырынан қамшымен бір тартты. Қарабай бала суыт жеткізген хабар ұзамай ауылға келіп-кеткен ересектер аузымен расталып жатты. Үйез бастығы бір-біріне тақау жатқан үш болыс елдің болыс басқарушыларын, билерін, ықпалды байлары мен молдаларын Ысқақ болыстың ауылына жинауға пәрмен еткен көрінеді. Кенже ұлын ертіп, Батырбай да сонда барды. Жасында медресе бітірген, көзі қарақты Батырбай молда болып бала оқытатын. Бірақ, дін қызметшілеріндей діни жөн-жоралғы,
рәсімдер жүргізуге қатыспайтын еді. Сонда да оны ел молда деп қадір тұтатын. Өйткені ол өз балалары мен ауыл балаларының сауаттарын түгелдей қазақша ашып, қала мектебіне барғандарына шейін тілдерін сындырып беретін. Рас, Өтемістен басқа балалары үйден ұзап шықпады да, өзі үйреткен дәрежеде ғана хат таныды. Ал Өтеміс әуелі мешіт жанындағы мектепте, одан орыс-тузем школында оқып, білгенін тереңдету жолында болды, орысша сауаттанды. Өтеміс зерек-тін, сол аз оқуды терең тоқыды. Өз бетінше түрлі кітап оқуға құмартып, қатарынан, әсіресе әлгі жаушы құрбысы Қарабайдан көш ілгерілеп кетті. Әлі білмейтіні шаш-етектен болғанмен, әжептәуір орысшасы бар азамат қатарына кірді. Мұның көбі кейінірек қолға түскен жетістік қой, ал сонда, ғасыр енді басталған шақта, ол бір сары ауыз балапан емес пе еді. Мешіт мектебінен мұсылманша азын-аулақ білім алып, ауылына жазғы демалысқа келген. Ойын баласы-тын. Рас, әкесі оны оқымыстыдай көретін. Сондықтан шығар, Қарабай хабарлап кеткен үлкендердің ірі жиынына әкесінің жетегімен барып қатысқан-ды. Шапанын иығына жамылып, малдас құрған Батырбайдың арт жағынан жүрегі лүпілдей тізе бүккен. – Оязнай, – деп хабар етті әлдекім. Жұрт тым-тырыс. Өтеміс демін ішінен алып, әкесінің оң қапталынан алға ұрлана сығалаған-ды. Сарыала оқалы әскери киімі мысты баса жалт-жұлт етіп, мұртының шалғысын қайқайта ширатқан айбарлы үйез бастығы көрінді. Еңселі үйден шыққан бойда, көк майсаға төсеулі текеметке дөңгелене жайғасқан қауымға қарай тік салып келеді. Қос қапталында – дала ақсүйектері, жұғыса жүріп, аузына емінген. Ширақ басқан уездный начальник – ояз бастығы алқалы топтың қарсына келіп тоқтады. Иығынан асылып, белбеуіне жалғанған қайыс таспаны оң бас бармағымен іле итеріп, тәлтиіп тұра қалды да, қаһарлана сөйлеп кетті. Ол елдің игі жақсыларын жоғарыдан жаңадан келіп түскен тәртіп жөнінде құлақтандыру үшін жиған екен. Әлсін-әлсін тілмәшінің аударып үлгеруіне жетерліктей уақыт ғана тыныстап, ұзақ сөйледі, көп ақыл айтты. Бәрі Өтемістің есінде жоқ, алайда негізгі сөздері, бәлкім кейін де ел ішінде, тіпті өз үйінде талай әңгіме болғандықтан шығар, санасында жатталып қалыпты... Оязнай аса жоғары жарлықты бұратаналарға аян етер сөзін: – Сендер, киргиздар, Ресей империясының – осынау зор отбасының бір баласысыңдар. Ал отбасында тәртіп біреу, үлгі тұтатын отағасы – семья басы – біреу. Ол – Россия үкіметі, – деп бастады. – Россия сендерге жақсылық ойлайды, сондықтан да сендерді, бұратаналарды, қазіргі заманғы озық тәртіппен, жаңа заңмен өмір сүруге шақырады. Тілмәштың тәржімасын ел тұнжырай тыңдады. Ұлық жағымсыз бірдеңені көңірсітпек тәрізді. Шынында солай екен:
– Сендер күні бүгінге дейін шариғат бойынша өмір сүріп келіп едіңдер. Бұл өзі кертартпа, болашағы жоқ, аса залалды мұсылман дінінің заңы. Естеріңде ұстаңдар, шариғат дегенің – әбден ескірген устав болып отыр. Сондай бір күні өткен жарғы. Қазіргі таңда ол жарғы-устав біздің жауларымызға ғана тиімді. Ұмытпаңдар мұны. Мәселен, түріктер осы уставты бетке ұстап, Россияға көптеген шпиондарын жіберуде. Сондықтан, көнерген уставты жетілдірген мақұл. Россия үкіметі солай ойлайды. Сөйтіп пәрмен етеді... Жұрт тым-тырыс. Әлсін-әлсін жұтына тағатсызданып, тілмәш аударып біткенше шыдай алмай тұрған әкімнен көз айырмайды. – Ең алдымен, шариғат заңы бұдан былай ауызға алынбайтын болсын. Үкімет оған тиым салады. Киргиз молдалар, естеріңде ұстаңдар, кімдекім шариғат заңын әдетінше одан әрі де уағыздайтын болса – енді, бұдан былай, жауапқа тартылады. Тыңдаушылар күңкілдей бастады. Оған назар аударған ұлық жоқ. – Жадыларыңа тоқып алыңдар, бұратаналар, бүгіннен бастап молдалардың күллі қызметіне тыйым салынады. Үйді-үйде бала оқытам деп әуре болмаңдар. Мұсылман мектептері жабылады, өйткені олар фанатиктер ордасына айналып барады. Балаларды орыс-тузем мектебіне беріп оқытуға рұқсат. Мұны үкімет қолдайды. Тіпті кей ретте, киргизбалалардың орысша білім алуына жәрдем көрсетуге әзір. Отырғандардың гуілі де, үйез бастығының дауысы да күшейе берді. – Киргиз-ардалардың игі жақсылары, ұғып алыңдар! ертеңнен бастап батаны билер береді. Некені ауылдағы старшын қия берсін. Ал, молдалар, айтпады демеңдер, үкімет шешімін орыңдамасаңдар – жазаға ұшырайсыңдар. Тілмәш соңғы сөздерін тәржімалап біткенде, үйездің қожайыны танауын көкке көтерген қалпы, отырғандарға ажырая қарап шықты. Сұсты. "Миларыңа құйып алыңдар, арда-бұратаналар", – деген нақылын жиреніш шашқан жанарымен айтып тұр. – Ай, мынау не дейді? Мына патша ұлығы не тантып кетті? – деді Батырбай оң жақ жанында отырған кісіге қайрылып. Өтеміс әкесінің түтіккен жүзін көріп, селк ете түсті. Көршісі үн-түнсіз. Батырбай кеудесімен ілгері ұмсынды. – Әй, оязнай, – деді қату үнмен қолын жоғары созып, – мына айтып отырған жарлығың қазаққа ақырзаман келді дегенмен бірдей ғой! Қалайша мен, жәй ғана бір ауылдың ағасы, діні бөтен әкім әмір етті екен деп, құдай жолында құлшылық етіп жүрген, қасиетті Құранның өзін оқи алатын молда, имамдармен таласпақпын? Мектепті жабу деген күнәкәрлікке қайтіп төзбекпін? Мынауың бізді тірідей бауыздағаның болды, оязнайым. Тілмәш тәржімасын жасап жатқанда, қолдау іздеп, айналасына қарады. – Рас па, халайық? – Рас! – Мына қалпында бізге енді шоқыну ғана қалады демекші ғой!.. – Астапыралла-ай... – Сұмдық қой мына низамы...
Халық күңіреніп кетті. Бірақ оған қабағы жылитын ұлық көрінбеді. Ел ағалары ұнжырғалары түсіп тарқады. Оязнай еғлан еткен пәрмен біртіндеп күшіне ене берді. Оған әкесі мен Еркіндік көкесінің қол құрып көтерілуі титімдей де кедергі келтіре алмады... Өтеміс қазір айқын бағамдап келеді: астарлы мәнін сезбестен, мына Ғалибек мырзаның пайымына дәлел боларлық бір ащы дәйекті өзі де біледі екен-ау, басынан өткеріпті-ау... 4. Пәуескемен бірге ақырын шайқалған Ғалибек ұзақ әңгімені сабақтауда. – Сүйікті Таня-ханым, өзің келін боп түскен халықтың саяси тыныстіршілігі – қазақ халқы үшін арнайы шығарылған Дала және Түркістан ережелері деп аталатын заңдармен межеленген, есіңде болсын. Осынау жалпақ қыр әлемімен ақыр танысқың келсе, таныс: сол заңдар бекіткен құрылым мен елдегі басқару жүйесін, сондай-ақ бұлардың астарын және оның шынайы келбетін көрсетіп байқайын. Қарсы емеспісің? Сүйікті Таня-ханым бақытты жымиыспен, күйеуіне көзін төңкере тастады. Қайдан қарсы болсын. Шекесін Ғалидың иығына сүйеді. Айта берсінші жан жары танымды мағлұматтарды... – Бұл маған да қызық, Ғали аға, – деді Өтеміс көзін жолдан айырмай дауыстап. – Сіздің әңгімеңіз маған дүниені жаңадан танытып келе жатыр... Ерлі-зайыптылар бір-біріне көздерін кең аша қарасты. – Жақсы, – деді сосын Ғали. – Онда жол бекерге өтпейді, мен өзімді екі бірдей адамға саяси сабақ беріп келем деп есептеймін... – Әңгіме, әрі, жол қысқартады... – Көрдің бе, сенің әңгімеңнің қаншалықты пайдасы болмақ! – Таня ерке жүзбен, кірпіктерін жалп еткізіп, күйеуінің жанарына тіктеп көз тікті. – Мұның бәрі дұрыс-ау, тек, әңгімеге, онда да жан сарайына пайдасы шамалы саяси әңгімелерге мүлгимін деп, мына әсем көріністерді байқамай өте шықпайық. Бізді қойшы, Өтеміс екеуіміз біраз жүрген жер ғой бұл. Мұнда бірінші келген саған, Танюша, өкінішті болады. Қарашы, жан сүйсінтер суреттер емес пе... Қапталдағы көкжиекке ұласқан тоғайлы тауды нұсқады. – Құлағымыз сенде, көзіміз табиғат тамашасында болады, Ғали. Бол, ынтықтыра берме... – Ал, шыдап бағыңдар ендеше... Ғалибек қазақ жерін отарлау, билеп-төстеу жолында патша үкіметі жүзеге асырған шараларды санамалады. Қазақ билеушілерін басқару буындарынан аластап, ішкі Ресейге жер аударғанын, содан бастап қазақтарды бұрынғы хандық жүйені аңсамайтындай, біржола ұмытатындай шаралар қолданғанын айтты. Сосын, империяға құдды өз аумағындай етіп қосып алынған қазақ елінде орнықтырылған басқару жүйесін түсіндіруге көшті. Қазақ жері, біріншіден, ішкі ресейлік жобамен жасалған әкімшілік аумақтарға бөлінді. Тиісінше, халықтың бұрынғы рулық бірліктері ау-
мақтар ыңғайымен бұзып-жарып кескіленді, бүгінде олар ауылдық қауымдарға бөлшектенген. Мұны орыстың сельский сходтарымен салыстыруға болар. Таня осынау бірлікті енді тәуірірек елестеткен шығар? Әр ауылдық қауымға бір жүзден екі жүзге дейін "податная кибитка", яғни "түтін салық" жиналатын шаңырақ біріктіріледі. Кемі жетпіс ауылдық қауым қосылып бір болыс болады. Болыстан жоғары тұрған бірлікті, яғни ондаған болыстың басын құрайтын әкімшілік кіндігін уезд дейді. Қазақша оны даланың батысындағыдай үйез немесе шығысындағыдай ояз деп атайды. Синонимдер. Иә, иә, мұнда Таня ұқпайтындай күрделі ештеңе жоқ. Сайып келгенде, бәрі де ішкі Ресейде қалыптасқан тәртіпке орайластырылған. Сонымен, ауыл адамдарының жиындарында бір жыл мерзім бойы қызмет істейтін етіп, көпшілік дауыспен ауылнайды, яғни аульныйды сайлайды. Бұл кәдімгі село старостасы деген сөз. Қазақ ауылнайының міндеті негізінен салық жинау ғана болып жүр. Айтпақшы, ауылнай сайланысымен қызметке кірісіп кетпейді. Оны лауазымына крестьян бастығы бекіту керек. Сонда ғана сайлануы күшіне енеді. Ауылнайдың қызметін қазақтың көріп-біле бастағанына талай заман болды. Қарапайым адамдардың, кедей-кепшіктердің одан көріп жүрген қорлығы мол, сондықтан да, ел арасында "ауылнай дегенше – дозақы десейші" деген пікір тарап кеткен. Дозақы – тамұқ тұрғыны деген мағына береді. Міне солай. Байқады ма екен Ғалидің тыңдаушылары, басқару жүйесінің ең төменгі буынындағы өкімет өкілі халыққа тамұқтың хабаршысындай әсер етіп үлгерген. Сүйікті Танечка да, құйма құлақ жас өркен Өтеміс те империяның бұратаналарға тигізген цивилизаторлық игі ықпалының дәрежесін содан біле берсін... Ауылдық қауымның жиналысы аульный-ауылнайды сайлаумен ғана аяқталмайды. Сонымен қатар онда тағы да сондай басым көпшілік дауыспен болыстық съезге, қазақша сиязға қатысатын өкілдер сайланады. Бұларды таңдап сайлаушылар, яғни выборныйлар деп атайды. Выборныйлар әр елу түтінге шаққанда біреуден сайлану керек. Яғни әр ауылдан екі-төрт сайлаушы іріктеледі. Сонда болыс бойынша олардың саны жүз қырықтан үш жүзге дейін болуы ықтимал. Сосын волостной выборныйлардың – болыс сайлаушыларының сияз деп аталатын жиналысы болады. Онда әлгі жетпіс шақты ауылдан келген үш жүздей сайлаушы ауыл жиындарындағыдай көпшілік дауыспен халық судьяларын – билерді сайлайды. Билер әр ауыл қауымына біреуден келеді, яғни жетпіс ауылға жетпіс би сайланады. Болыстық съезд сондай-ақ, ауыл билерімен қатар, болыс басқарушысын – управительді, старшын-старшинаны және осы қызмет-лауазымдардан үміткер кандидаттарды да сайлайды... Қазақ қауымының тыныс–тіршілігін реттейтін өкімет лауазымдары жайында қызыға тыңдаған Таня кей жәйттерді тіпті тәптіштеп сұрай жөнелді. – Народный судья дегеніміз мировой судья тәрізді қызмет атқара ма?
– Бөлекше. Мировой судья – оны ел ішіндегі би деп қазақшалауға болар, бәлкім, – империяның заң жүйесіндегі халық арасында зайырлы құқықтық сот шараларын жүргізетін маңызды тұлға ғой. Ал халық биі – народный судья – істі қазақтың әдет құқығы негізінде шешеді. Қызметіне кесімді жалақы алмайды, бірақ, істі қуушы кісі жұмсайтын шығынның белгілі бір пайызын өз мүддесіне, жеке басына пайдаланады. – Е, бар шаруаны тегін істейді десейші... – Соған бара-бар. Өкімет билерге еңбекақы төлемейді, бірақ назарынан қағыс қалдырмайды. Билердің қызметінің ауқымына шек қойылған. Бас кететұғын істердің айыпталушы адамды бас еркінен айыруы мүмкін түрлері, сондай-ақ қазақ пен қазақ емес адамдардың арасындағы істер қазақ халық сотының қарауына жатпайды. Қылмыстық нышаны бар ондай басбұзарлық істердің бәрін империя соттары шешеді. – Е, билердің қарайтыны – ұсақ-түйек дау-дамай болды ғой! – Ауылдардағы би делінетін кісілердің – народный судья болғаны ма? – Иә, ресми қағаздарда солай жазылады. Қарапайым жұрт, әшейін, оны халық биі деп шұбалтып жатпай-ақ, би деп қысқа қайырады. Волостной управительді, яғни болыс басқарушысы деген лауазымды да солай шолтитып, болыс дей салады. Айтпақшы, бұл екі қызметке де сайланған кісілерді сайлау өткен соң губернатор бекітеді. Бекітпейді екен – таңдап сайлап әуреге түскеніңнің жәй ғана ойыншық болғаны... – Яғни сайлаудың өзі қатаң бақыланады... – Ол жәй айтылған, жұмсақ айтылған сөз, Таня. Губернатор ешқандай сайлау-пайлауыңа қарайлап, елеңдемей-ақ, крестьянский начальниктің ұсынысы бойынша, кез-келген өзіне ұнаған қазақты қалаған лауазымға қойып-бекіте алады. Мейлі ол соның алдында ғана сайлаудан құлап қалған болсын – бәрібір. Өздеріне жағатын адам табылса – болды. Өздері шығарған заңды осылай белінен басып жүре беру – әкімшіліктің бүгінде аса көп қолданатын тәсіліне айналды... – "Закон – что дышло, куда повернул – туда и вышло". Таня күлді. Өтеміс ұғыңқырамай, сұрауға ыңғайсызданып отыр еді, Ғалидың өзі көмекке келді. – Өтемісжан, со бір қанатты сөзді былай тәржімаласақ түсінікті болар: "Заң дегенің – арбаның анау ат мойнындағы қамытқа байланған тертесі, тертені қалай бұрсаң – арба солай қарай жүреді". Ұқтың ба? Немесе, оны құдды самауыр кернейінен шығатын түтін іспетті деуге болады, кернейді қайда бұрсаң, түтін со жақтан шығады. Яғни, заңның өзі күштілердің қалауымен олай-бұлай бұрмалана береді. Жобасы осылай, ұғамысың? – Енді сондай жақсы түсіндім, аға, рахмет... – Өкінішке қарай, бұл мақал орыста туғанмен, тура біздің қазаққа арналған дерсің. Далада заңды қалтасынан шығарып айтушылар көбейіп барады. Өйткені осы жалпақ даланы мекендейтін көп қазақ отандастарымыздың заңмен жүру ахуалын қадағалайтын бір де бір қызмет қазақтың өзіне тимеген. Қазақтың қоғамдық басқару саласында істейтін лауазымды адамдары түгелдей полициялық тұрғыдан урядниктер мен
уезд бастықтарына бағынады. Ал юристік-әкімшілік жағынан келгенде, крестьян бастықтарының айтқанынан шығуға хақылары жоқ. Әр үйезде екіден төртке дейін шаруа бастығы бар, қазақ қызметкерлерінің әлі мен қауқарын содан-ақ біле бер. – Ғали, қазір орысша оқыған жастар көп емес пе? өзің сияқты, Алихан сияқты, Якуб сияқты, а? Неге басқаруға сендер араласпайсыңдар? Мен сенің управитель болғаныңды көргім келеді! – Оһ-һо! – Ғали күліп жіберді. – Сүйкімдім, – деді сосын. – Бұл сұрақтарыңа жауап, Әлихан мен Жақып секілді ондаған жоғары білімді жігіттердің билікке неге тартылмайтыны қазіргі әңгімемізден өз-өзінен қорытылып шығатын болса керек. Тыңдай бер. Кешелі бері талай естідің, Таня, тағы айтайын: Россияның барлық шет аймақтарында жүргізіліп жатқан орыстандыру саясаты өзінің "жеңісті шеруін" біздің өлкеден бастаған. Отаршыл-орысшылдар қазақ даласында атам заманнан орын тепкен. Қырдағы негізгі лауазымды қызметтің бәрінде не білім деңгейімен жарқырап көріне алмайтын, не жергілікті жағдайды жете білетіндігімен таныла алмайтын шала сауатты орыс чиновниктері істейді. Осылар жүргізіп отырған орыстандыру саясатының әдеттегі көрінісі – дөрекілік, басыну, халық қасиетті түтатын нәрсенің бәрін адам айтқысыз менсінбеушілікпен аяқ асты ету. Мұндай масқараға жол берудің бір себебі – дала болыстарында билік жүргізушілердің орынсыз менмендігінде, өздері билеп-төстеп отырған халықтың тілін білмеуінде жатыр. Олар халықпен тілмәш арқылы сөйлеседі. Ал, әдетте, ол қасқаларың да, тілмәштарды айтам, көбіне әлдебір деңгейдегі, біршама санасуға тұрарлықтай білімнен жұрдай келеді. Соңғы сөзін қынжыла айтты да, үндемей қалды. Бір сәт айналада жеңіл желген аттардың тұяқ дыбысы естіліп тұрды. – Төндіріп қойдың ғой бар бәлені, – деді әлден уақытта Таня баяу үнмен. – Соншалықты қараңғы емес тәрізді ғой? қыр адамдарын айтам... – Сен қыр тұрмысының бар қыртысын білмексің ғой – біл ендеше... – Қорқынышты жағын ғана айтасың ба деймін.... – Бары сол, қайтейін. Керек десең, қалың елді кей ретте уездный начальниктің – естігенсің, қазақтар оны оязнай дейді – сол оязнайдың аса епті тілмәші билейді. Крестьян начальниктерінің де тілмәштары құдайдай болады. Пысық тілмәш, сөйтіп, үйезде немесе учаскеде оязнай мен шаруа бастығының шексіз билігін нағыз диктаторша жүргізеді. Біздің қырда бәрі бар. Түрлі реңк тоғысқан. Мәселен, әскери қызметті уезд немесе крестьян бастығы лауазымына алмастырған бұрынғы армия офицерлері бар. Немесе, ең арғысы орта мектепті де тауыспай, кездейсоқ сәттілік нәтижесінде, бұратаналарға билік жүргізуге қолын жеткізіп алған алаяқтар да бар. Міне солар және солар түгіл, оқу-тоқуы молырақ тергеуші, тіпті судья да өз тілмәштарының ойыншығына айналатын жәйт сирек емес бұл далаңызда... – О, демек, жағдайды қазақтың өз оқығандары бүлдіреді десейші! – Түп-түгел дәл солай дей алмаймын. Қазақ істерін жүргізетін мекемелердегі штатта ескерілген тілмаштық орындар ылғи қазақтарға беріліп
жүрген жоқ. Ондай қызметтерді не қазақтың тілін білмейтін, не жазуын танымайтын орыстардың алып отыруы қазір жиі кездесуде. Ал бұл –әділетке айрықша нұқсан келтіреді. – Қойшы, тіл білмейтін адам қалай тілмаш болмақшы? – Алайда солай боп тұр. Омбыға оралған соң мен саған ішкі істер министрлігі кітап етіп бастырған даладағы чиновниктердің тізімін көрсетем, сонда көзің жетеді. Жалпы, мұндай қылықты әкімдер әдейі жасайды. Дала генерал-губернаторы канцеляриясының аға іс жүргізушісімен осы мәселе жайында пікірлесіп, наразылығымды айтып қалғанымда, ол маған былай деді: "Киргиздардың өздері біздің дәрежемізге көтерілуге талпынуы тиіс, ал біз болсақ – олардың тілін үйренуге міндетті емеспіз!" Міне шын көзқарас! Түсінемісің? мұндай пиғыл мен әрекет қайда апарарын шамалаймысың? – Ойпырмай... – Иә-ә-ә-ә... – Плевенің* кезінде крестьян бастықтары қазақ тілінде жазылған арызды қабылдамайтын, қазір де солай. Дала облыстарындағы күллі қатынас қағаздары орыс тілінде толтырылады, тіпті болыс басқарушысының кеңсесінде де іс-қағаз орысша жүргізіледі. Күллі болыс, тіпті управительдің өзі сауаты шала, бірақ пысық писарьдың уысында. Қара халық әлдебір өтінішін, немесе шағымын орысша жаздырып алу үшін сондай дүмшелерге жалынып, қыруар қаржы шығындауға, заңға қиғаш келетін адам айтқысыз ақы төлеуге мәжбүр. ---------------------- *Ішкі істер министрі, 1904 жылы өлтірілген. 5. Керімсал жұпар ауа. Жұмсақ, жайлы пәуеске. Лып-лып желдірткен арғымақтар. Әңгімесіне ұйыған тамаша тыңдаушылар... Ғалибек еркін көсілтті, ойындағыларын әр қырынан ақтара түсті... – Қазақ даласының, қыр тұрғынының орыс халқын алғаш рет билеуші-шенеуніктер мен қылышын жалаңдатқан атты казактар түрінде көргені көпке әйгілі. Кейінірек, жәрмеңкелерде – көпестермен танысты. Бұлардың қай-қайсысы да – жемқор, жыртқыш бюрократ та, алаяқ, пайдакүнем саудагер де – орыс халқының шынайы келбетін қазақ халқына қаз-қалпында көрсете алмады. Бұрмалап, жаңсақ кейіпте, озбыр, менмен, мейірімсіз етіп танытты. Себебі, далаға байлық іздеп келгендердің қылықтары сондай-тын. Мен былай айтар едім: қырға билеу үшін келген орыс өкілдері орыстың жалпыхалықтық дарқан жанына лас дақ түсірді! Қырдағы әскери-феодалдық экспанция кезеңдерінен бірер мысал келтірді. Сауда капиталы іске қосылғалы өрістей түскен аяусыз қанаудың жаңа түрін, бейбіт тәсілмен жүргізіліп жүрген, алайда жергілікті жұртты соғыстағыдай сорақы зардапқа ұшыратып жатқан түрін әшкерелей әңгімеледі. – Қарапайым халық қайдан білсін, көзі көрген небір сұмпайы, тұрпайы шен-шекпенділерге қарап, ел ішіне орныққан орыс билігін қабырға-
лы орыс халқының өзіндей көрді. Түрлі афоризм пайда болды. Біреуін-ақ айтайын, тыңдашы. Қиқар баланы ата-анасы былай: "Орыс келді! Орыс келді! Қасқыр келді. Қасқыр келді!" – деп қорқытады. Түсіндің, бе? – Соңда орысты қасқырдай көргені ме? – Таня көзі дөңгеленіп, күйеуіне жүзін үрейлене бұрды. Ғали қарқ-қарқ күліп жіберді. – Жаным-ау, өткен ауылдарымыздың қайсысында кім саған бөрі көргендей үрке қарады? Таня сыңғырлап күлді де, жайнаң қағып: – Өзің ғой қорқытқан, – деді. Ғалибек қолын жайды. Жайдары жымиыспен, түсіндіруге көшті. – Малшының басты жауы – қасқыр. Ал қазаққа келген чиновник, әскер, саудагер тек қана дұшпандығын, жауыздығын көрсетті. Сол себепті малшы жұртқа барша орыс та, орыстың үкіметі де бір кейіпте, жыртқыш бейнесінде көрінді. Сондықтан, әрине, орыс – қасқырға теңелді... Әңгіме-дүкен табиғи түрде Өтемісті де үйіріп әкетті. Ол жолдан көзін айырмаған қалпы, балаң дауысын көтере сөйлеп: – Ғали аға, қазір қарапайым орыс пен ұлық орыстың арасын, бір-бірінен айырмашылығын түсініп қалдық-ау, – деді. – Менің әкем марқұм ана жылы қарапайым орыспен дос боп жүріп, өкімет-орысқа қарсы көтеріліс ашып еді. Сонда шәй деспеген тамырларының бірімен осыдан сәл бұрын жәрмеңкеге бірге келдік. Көңілі баяғыдай, алалық жоқ. Бала жігіттің, бар болғаны делбеші, арбакеш ретінде қызмет көрсетуші бала жігіттің көсіліп, ашылып сөйлеуі Ғалиға да, Таняға да қызық көрінді. Әрі бұларға беймәлім дерек ұшы қылтиғандай. Екеуі кезек әуес сауал қойып, Өтемісті ұзақ тыңдады. Батырбай мен Еркіндік және олардың көпті бастап атқа қонған ереуілі туралы біраз сөз айтылды. Мырза мен ханымның бауырмалдығы оны баурап алды, осынау қала өркениеті түлектеріне ол бойын тез үйретті. Қыза-қыза, мүлдем еркінсіген көңілмен сыр шертті. – Ғали аға, жеңешеме қарап есіме түсіп отыр, – деді көкжиеккке қиялдана көз тігіп, – егер ауылдағы дүрбелең болмай, әкем дін-аман жүргенде, бәлкім, мен де сіздің қайын жұрттан жар таңдаған болар ма едім?.. – Қойшы? – Ғалидың ырза дауысы қатты шығып кетті. Жымыңдап, келіншегінің иығынан құшақтады. – Естимісің, Танюша? Түсіндің бе? Өтемістің не дегенін аңдадың ба? Көкорай белдер мен аңғарлар ішін жүргіншілер жарқын-жарқын дауыстарымен жаңғырықтырып жібергендей. Ерлі-зайыпты төрелердің, алыстан келе жатқан қадірменді жолаушылардың таза, кіршіксіз көңілмен мұны – кәдімгі жәй ғана көшірді жатсынбай, ішке тарта сөйлегені, тең әңгіме-дүкенге тартқаны айқын-тын. Бала жүрек елжіреп кетті. Сыр тиегі ағытылды. – Көкшетау мешітінің жанындағы мектепте оқыған жылдарымда болған оқиға ғой... Сейіт деген досым екеуіміз әрәдік орыс балаларымен ойнаушы едік. Солардың біреуі бізбен аса жақындасып жүретін. Кәдімгі
көк көз-ақ бала, әкесі әскери кісі, сөйте тұра бізді бұратана демей, араласатын. Намаз біткенше талай тосып тұрды. "Сендер маған туысқансыңдар, менің арғы бабам қазақ", – деп қоятын. Қарындастары бар, қарындастарының құрбылары бар, бәріміз бірге әлденеше мәрте Қопада қайықпен сейіл құрдық. Достасып кеткенбіз тіпті. Солардың арасындағы маған өте ұнаған қыз – жеңгем тәрізді керемет сұлу еді, есімі де әдемі, жеңешем аттас... Қалды ғой... Үндемей қалды. Жеңешесі сыңғыр етіп, демеу сөз айтты: – Мұңайма, Өтеміс, әлі-ақ кезіктірерсің ол қызды... – Қайда-ан... Өкімет мектепті жауып тастаған. Ал мұғалімімізді айдап жіберген. Естуімше, мешітті де жапқан дейді ғой. Бізді енді Көкшетауға кіргізбес... Әрі одан бері талай заман өтті емес пе... – Талай заман? Екі-ақ жыл... – Ғали қатты күліп, Таняға қарады. – Көрдің бе? Дүрбелеңі мол уақыт қалай есейтеді жас адамды! Өтеміс ағынан жарыла берді. – Ұмытып кеттік қой... – Шекесі ду ете түсті... – Танымас, – деді сосын көзін жыпылықтатып. Бишігін көтеріп, ауада сілтеп қалды. Есіне Ғалиманы алған еді. 6. Алдыңғы орындықта ат айдап отырған жасөспірімнің бет құбылысын көрмегендіктең, оның әлдебір тебіреніске бөленгенін Ғалибек аңдамады. Әрі ойына күндікі тілге тиек болған тақырыптың тағы бір парасы оралған еді. Ол келіншегіне бұрылып, былай деді: – Байқаймысың, Танюша, империя үкіметінің қитұрқы саясатының бір құрбаны біздің Өтеміс пе, қалай? Көкшетауда оқыса – ол өкімет қаһарына ұшыраған атақты ғалым, оқымысты, ғұлама молда Наурызбай Таласовты білетін боп шықты. Солай ма, Өтеміс? Өтеміс артына қайрылды. – Ой, аға, Науан хазіретті білмейтін қазақ болушы ма еді? Ол кісі бізге Мұхаммет әлей-әс-сәләм уағыздарынан дәріс те оқыған. Ғали басын құптай изеді. – Иә, иә! Наурызбай хазірет жалпақ жаһанға сол атымен таныс, ол Науан хазірет аталып кеткен. Бұл өзі оны құрмет тұтып, еркелетіп, сыйлап қойылған есім. Тәржімаланбайды, мәнін түсіндіру қиын. – Немене, Наурызбай деген есім аударыла ма? – Оның мән-мағынасын ашып бере алам, Таняжан. "Наурыз" деп мұсылманша жылдың бастапқы айы, Юлий күнтізбесі бойынша – басталуы марттың ортасына сәйкес келетін айды айтады. Демек Науан ерте көктемде, мартта туған. Ал "бай" деген жалғаудың – жақсы үміт, аңсаған арман жетегімен тіркелгені күмәнсіз. Сонымен – "наурызда дүниеге келген баламыз өскенде бай болсын", – әне, есімнің түп-төркіні сонда, түсіндің бе? Қазақ атты осылай-осылай қоя береді. – Қызық! Әсіресе қызығы – ол бай емес, молда болды, иә?
– Әрине. Көкшетау үйезіндегі сіңірі шыққан бір кедейдің баласы екен, жарлы-жақыбай ортадан суырылып шығып, ел аузына қарайтын адам бола қояр-ау деп әкесі де ойлай алды деймісің. – Ал ол бұған қалай жетті екен? Мұндай биікке? Татьянаның әуес сауалы Өтемістің де көкейінен шығуда. Алдынан дәріс алдым, шәкірті болдым десе де, Ғали мырзаның айтып келе жатқандары оған мүлдем тосын жаңалықша естілді. – Бұл бір ғажайып құбылыс. Бір кезде Мәскеуге сапар шеккен Ломоносовша, Наурызбай-Науан жаяу-жалпылап, күллі қиыншылықты бастан кешіп, Бұқараға аттаныпты. Тек қана өзінің аса ғаламат қабілеті мен дарынының арқасында оқуға ілігіп, тәуір нәтижеге жеткен. Тәуір деймін-ау, бұл ең төмен баға! Ол Бұқарада он бес жыл оқыған, жоғары мектепті бітірген, тамаша ғылыми мансап биігіне көтеріліп, жоғары мектепте оқытушы болып жүрген. Сол кезде оны Көкшетау қазақтары керек еткен екен. Айрықша елші жіберіп, делегаттар аттандыру арқылы елге шақыртып алған көрінеді. Наурызбай Таласов Бұқарадан оралған бетте халықты мұсылманша сауаттандыруды қолға алды. Шәкірт тәрбиелеп, өзінің жолын ұстағандарды көбейтті. Мұғалімдер, медреселер соның арқасында қаулап өсті. Көшпенді қазақ Ломоносовының табысы Таняны кәдімгідей тамсандырды. Бір адамның көпті көтерген осынша жемісті ісі жайында құмарта тыңдады. Құнарлы топыраққа түсіп өсіп-өнген дәндей әсер етеді екен. Тек... – Олар сонда ел арасында дінді уағыздайды ғой? Байсалды, риза кескінмен күйеуі басын шұлғиды. – Әрине. Алайда маңыздырағы басқада – молдалар ислам дінін ойдағыдай насихаттап, кең тарату үшін халықтың сауатын ашуға, бірінші кезекте соны аңсауға тиіс-тін. – Яғни дінді ұғындыру үшін әуелі кәдімгі ағарту жұмысын жүргізу керек демекпісің? – Әлбетте. Дүмшелерді ақтай алмаймын, бірақ қырдан жиі кездестіруге болатын, Науан секілді ғалым, оқыған, Самарқан, Бұқара, Константинополь, Қазан шаһарларындағы жоғары мұсылман мектептерін бітірген молдалардың қызметіне мен сенемін. – Ал бұл сенген молдаларың мына Өтемістей көзі ашық, оқу-тоқуы бар балалардан нағыз фанатиктерді дайындай ала ма? Келіншегінің ойын-шыны аралас сарынмен қойған сұрағына Ғалибек байыпты түрде былай жауап берді: – Сенің әзіліңде империя әкімдерінің стереотипті ойы жатыр, Таняжан. Қарашы өзің мына арбакеш жігітке: атақты Науаннан дәріс алғанын жаңа естідің, қане, бұның қай жері фанатикпін деп тұр? Таня сыңғыр етіп, күліп жіберді: – Шынымды айтайын, Өтеміс тіпті атымен дінге сенетін адамға ұқсамайды. Оның дінді мойындауы өзіміздің дәрежеміздей-ақ шығар. Солай ма, Өтеміс?
Өтеміс иығын қозғап, әлдене деп естілер-естілмес күбір етті де, көзін жолдан айырмай отыра берді. – Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед – оның пайғамбары, ал біз – пайғамбардың үмбетіміз, – деп болыса кетті оған Ғали. Сөйдеді де, келіншегінің кішкене жұдырығын алақанына алды. Ақырын сипалады. Күйеуінің еркіне елжірей беріліп отырған қалпы,Татьяна ақырын ғана: – Ал құдай біреу ғана-ау... – дей салды. – Иә, – деді жары оның қолын мүлдем өз алдына алып, нәзік саусақтарын кезек бүгіп-жазып ойнап отырып. – Тек сол баршаға ортақ жалғыз құдайға баратын жол әртүрлі. Орыстың мұсылман боп та кетуі ықтимал еді. Білемісің, жаным, мұны? Ол танымды дәрістің тағы бір тармағын суыртпақтай жөнелді. Орыстың бұдан мың жыл ілгерідегі діни сенім, иланым ахуалын, шоқыну алдында қандай таңдауды бастан кешкенін әңгімеледі. Батыстан православиелік христиан діні, шығыстан мұсылмандық алға тартылғанда, орыстың дархан көңілділігі ішкілікті сілтеп жүруде екені еске алынғаны, сөйтіп, ондайға кедергі қоймайтындықтан – Русьтің шоқындырылуды қалағаны, ал қыздырма ішімдік ішуге тыйым салатын мұсылман дініне арқасын бергені тілге тиек болды. – Ал қазақтар орыс еліндегі бұл бетбұрысқа дейін кемі бір ғасыр бойы мұсылмандыққа кірген халық болатын. Әйткенмен, негізінде ат үстінде жүрген көшпенді ел болғандықтан, дінді өзінің ата-баба әдетіне орайластырып алған да, осы исламның шарттарына, шариғатпен өмір сүру дегеніңе мүлдем немқұрайды-ақ қарайтын. – Қазір ше? – Қазір басқаша. Кейінгі онжылдықтарда ел мұсылмандықтың жайын көбірек ойлай бастады. – Себеп? – Меніңше, діндарлыққа қызығушылықты тудырған – әкімшіліктің қыспағы ма деймін. Мәселен, исламды насихаттауға жол бермес үшін, өкімет қазақ даласынан татар біткенді қуған кез де ұшырасты. Ал оның салдары сол – қуғын көрген адам қасиетті іс үшін азапқа түскен, жапа шеккен әулиедей бедел жинады, қырда ауылдан ауылға, үйден үйге жасырын ауысып, қазақ арасында қалағанынша жүре берді. Немесе мектепмешіт мәселесін алайық. Бұл екеуін өкімет біртұтас нәрсе деп қараған. Заң бойынша – мектеп ашу үшін де, мешіт салу үшін де айрықша рұқсат керек-ті, ал ондай рұқсатты, әдетте, орыс өкіметі бере қоймайтын. Мұндай тәртіптің нәтижесі сол – мектеп те, мешіт те құпия ашылып, құпия жұмыс істейтін болды. – Қызық екен... – Қызық. Мұндайды қазақ – ит үреді, керуен көшеді дейді... – Соңда осы жолмен әлдебір оқу-ағарту жұмысы айтарлықтай іске асырылады деймісің? Қанша дегенмен, жасырынның аты жасырын, астыртын дін уағыздау ісі қанатын қеңге жая алды ма екен...
– Әйтсе де, ауыл-ауылға молда алдырып, бала оқыту ісі кең өрістеді. Рас, мұсылманша сауат ашу мәселесі үкіметтен құпия жүргізілетіндіктен, қазақтардың қанша проценті хат танитынын кесіп айту қиын. Өйткені бұңдай мағлұмат статистикалық әдебиетке ілікпейді, губернаторлық шолулар қазақтың ұлттық сауат ашу мектептерін мүлдем ескермейді. Айталық, Өтеміс оқыған Көкшетау медресесі санаққа енбеген, ондағы шәкірттер де, ұстаздар да империя тізбелейтін сауаттылар санатына кіргізілмейді. – Милый, сен әлдебір таблицаларды қарап отырушы ең ғой, столыңнан талай көргенмін. – Олардың баршасы – қазақ балаларын орыс тілінде оқытатын төменгі басқыш мектептер жайындағы деректерден құралған. Қырдағы барлық төрт облыста қазіргі таңда жүз елудей орысша оқытатын ауыл мектебі бар, оларда екі мыңнан астам бала оқиды. Қыз балалардың үлес салмағы мүлдем төмен, әрине. Ал орта оқу орындары мен университеттерде оқитын қазақ жастарын, бейнелеп айтқанда, саусақпен санап алуға болады. – Алайда, менің князім, – деді ерке үнмен Татьяна, – мұсылманша оқудың жай-күйін сенің білмеуің мүмкін емес сияқты. Татьянаның князі күлімдеп, басын шайқады. – Әйткенмен солай. Кейбір деректі Щербина мырзаның экспедициясы жинады, мұны мойындау абзал. Бірақ, өкінішке қарай, аса мардымсыз дәрежеде ғана. Ол экспедицияда бізден Әлихан болды, нәтижесін жапжақсы біледі. Десе де, сол аздап жинағандарының өзі едәуір ой түюге жарайды. – Әп-бәсе! Қандай? – Қанша екен? – Мың жеті жүзден асады. Екі үйез бойынша мұсылманша хат танитындардың үлес салмағы келтірілген. Ақтөбе үйезінде бұл көрсеткіш қырық екі пайыздан астам, ал Қостанай үйезінде отыз сегіз пайыз болыпты. – Иә, әжептәуір. Біз ғой – Азиялық Россияны ортағасырлық қорғасынша зілбатпан ауыр да қараңғы түнекке әлі бөгіп жатыр деп есептейміз. – Бәрібір солай-ау, шындап келгенде, бұл соншалықты көңіл тыншытатын көрсеткіш емес. – Мейлі ғой. Алайда мұны Науан секілді ағартушылардың ісінің жемісі, қуантарлық жеміс деп бағалайтын шығармыз. Айтпақшы... Сонда Науан не үшін империялық үкімет қаһарына іліккен? Бала оқытқаны үшін бе? Ғали ойланыңқырап барып сөйледі. – Науан хазіретті қудалау – біздің чиновниктеріміздің тым шолақ ойлайтынын көрсетті. Таңдануыңның жөні бар – шынымен де, бала оқытқаны үшін қуғынға түсірді деп қарауға болады. Егер үкімет қазақ халқын орыс оқу-ағарту ісінен саналы түрде аластап, панисламизмнің құшағына қолдап итеруді мақсат етсе – тап сол шарасынан өтімді ештеңе ойлап таба алмаған болар еді. Танымал, халық жақсы көретін Науан мен сол сықылды білімдарларды қуғын-сүргінге салу – шын мәнінде, қалың қазақ ішінде үкіметке деген сенімсіздікті күшейтті, әрі, күні кеше өздері
бейтарап қарап келген мұсылмандықтың тура жолына енді түссек деген ынтаны арттырды. Мен саған мынадай қызық айтайын, Таня. Өткен ғасырда мұсылмандардың басты қаласы Меккеге құлшылық етіп барып қайтуға сұранушылар ілуде-шалу еді, солардың қатары ислам қыспаққа түскелі қатты есті. – Қызық құбылыс екен... – Зорлық әдетте қарсыласуды туғызады... – Сұрағанды жібере бере ме? – Әрине, жоқ. Кілтипанның өзі де сонда – жібере бермейтінінде. Әкімшілік ондай тілек білдірушілердің алдына бірінші кезекте тартатын заңға томпақ кедергі – болыс халқының алым-салықты тұтас өтеп болуы. Егер Меккеге баррысы келген қазақ тұратын болыста әлдекім салық төлемеген болса – бұл шетелге шығу паспортын алу құқынан айрылады. Осындай жағдаяттарға қарамастан, жекелеген адамдардың мұсылмандық жолды қууға деген ынтасы масқара күшті өсті және ебін тауып, Мекке сапарына рұқсат алып та жатыр. Бері шығарда білдім, биыл тек қана Омбының өзінен губернатор кеңсесі кемі бес жүз адамға Меккеге бару үшін шетелдік паспорт беруге мәжбүр боп отыр. – Бұл аз ба, көп пе? – Арыздың бәрі бірдей қанағаттандырылмайтынын айттым ғой, еркіне салса – бұдан да көбейер еді. – Ой-ой! – Шынында, аға, ұлықсат болса – халық керуен-керуен боп кетер еді-ау... – Науанды тұтқындау мәселесіне оралайық. Желеуін білгілерің келе ме? – Әрине! – десті тыңдаушылары. – Бар желеу – осыдан үш жылдай бұрын қазақ даласына кең таралған прокламацияның әкімшілік қолына түсіп қалуы еді. Прокламацияға орай қырдағы аса әйгілі, беделді қазақтардың, молдалар мен мұғалімдердің үйлеріне тұңғыш рет саяси тінту жүргізілді... – Ой-бой, ең арғысы, біздерді – шәкірттерді де тінтті ғой. Барлық оқулықтарымыз бен сабақ жазып жүрген дәптерлерімізді сыпырып әкетті! Астапыралла-ай! Татьяна көзі дөңгелене ашылып, бос қолымен жағасын ұстаған Өтеміске бір, мақұлдай бас шұлғып, әңгімесін сабақтаған күйеуіне бір қарады. – Иә, тінтушілер адам таңдаған жоқ. Өздеріне, яғни әкімшілікке жантәнімен қызмет етіп жүрген оқымысты қазақтардың да үйін астан-кестен етті. Тым шектен шығып кеткендері үшін кешірім де сұраған жоқ. Заң бойынша қазынаның жері деп есептелетін осынау жалпақ далада жеке иелікке берілген аз ғана алқап бар. Құдды тағдырдың ащы мазағындай. Саусақпен санарлық бірнеше адам ғана жеке меншіктеріне патшадан сыйға алған жерлерді мирас етіп қалған. Қалайша дейсің бе? Олардың ата-бабалары өкіметке пайдалы еңбек сіңірген деп есептеледі. Ал қазақ халқының мүддесі тұрғысынан қарағанда, "сіңірген еңбегі" аса күдікті-ақ екенінде ешкімнің жұмысы жоқ. Өзінің туған қазағына сатқындық жасап, абырой-атаққа ие бола беруге, сөйтіп сонысын қазақтың
өзіне бұлдауға біздің ұлт "бас адамдарының" еті үйреніп, тіпті соған әбден дәндеп алған. Отар елдегі сана-сезім дәрежесінің түрі осындай. Жә, прокламация іздеу әрекетіне оралайық. Кісі абыройын төгерлік тінту, тіпті, өкіметтің оң қолы болып жүрген соларға да жүргізілді. Және ешкімге де аяушылық көрсетілген жоқ, қалтарыс қалдырылмай тінтілді. Бәрінің жеке кітапханаларын, хаттарын тартып әкетті. Ықпалды-ықпалды деген ондаған зиялы кісіні жер аударды. Не керек, империя үкіметі отар халқын қорқытып ұстаудың, қорқыту үшін ең бетке шығарларының өзін әбден қорлап, кемсітіп алудың қолда бар тәсілін түгел қолданды. – Ужас, – деді Таня. – Сұмдық-ай... Ғали қорытып тұжырғаңдарына жекелеген мысалдар келтірді. Омбыдағы Таня білетін бірер адамның басынан өткерген сұмдығын айтып берді. Келіншегі үрейлі таңырқас білдіре, жаны түршіге тыңдады. Біраз әңгіме-дүкеннен соң жүрегі сабасына түсіп, мынандай пайым айтты: – Демек бар пәле прокламацияның мазмұнында болды ғой. – Дұрыс. Кез-келген империяның үкіметі қашанда қатыгез, кіді келеді, өйтпесе қанаушы бола ма... Қол астындағы құл басын салбыратып, көзін именшіктей түсіріп жүрсе, бұл отарлаушы үшін – қалыптағы дұрыс әдет. Бұл әдеттің өзгеруін, құлдың шындықты аузына алуын билеуші хакім көтере алмайды. Ал әлгі құл-құтан одан да асып, әділет іздердей болса – құрыды дей бер, оған отар үкіметі мүлдем төзе алмайды... Неткен ақылды, неткен жүректі еді Ғали мырзаның орыс келіншегі: – Россия империясын да одан бөліп қарау мүмкін емес., отаршылдықтың зұлымдықтарын ақтау мүмкін емес. Өтеміс демін ішіне тарта түсті. Аттардың да пысқырынбай, жайлы желуін, пәуескенің шайқалмауын тілеп келеді. Әлбетте, дейді желкесінен шыққан қоңыр дауыс, әлбетте. Қалай бұрғыңыз келсе де, шындық біреу: империя өзінің күш-қуатын көрші елдерді жаулап алу арқылы арттырып жүр. Жабайы деп аталатын халықтарды бақытсыз ете отырып, орыс империясы өз дәулетін шалқытып келеді. Өзгенің соры есебінен өзінің бағын жандыруда... Рас-рас, "Платон – менің досым, бірақ шындық – қымбатырақ... " Әйтсе де, әлгі қасірет әкелген прокламацияда не жазылғанын білуге бола ма? Неге болмасын... ... Қағазға араб әріптерімен ою кестелегендей мәнерлеп, көрнекі етіп жазылған сонау үндеуде белгісіз авторлар толып жатқан фактілерді келтіру арқылы империя үкіметінің орыстандыру саясатын әшкерелеген болатын. Сонау прокламацияны жазушылар Ақмола облысында 1902 жылдан крестьянский начальниктер институтының енгізілуін қатты сынаған. Оны жұртқа үкіметтің қазақтарды біржолата мұжыққа айналдыруға бет бұрған ұмтылысы деп түсіндірді. Ал қазақ балаларына арнап ауыл мектептерін ашу және оларда қазақша жазуды орыс транскрипциясымен үйрету арқылы үкімет қазақтардың ғасырлар бойы пайдаланып келген араб әріптерін ұмытқызуға тырысу-
да, ал бұл – қазақтарды православиеге бейімдеудің нақты жолы. Сондықтан ондай әрекеттерді прокламация авторлары айыптайды. Осынау шаралардың барлығы да – православный миссионерлердің ісіне көмек көрсетудің тәсілі екені анық дейді олар. Осыларды тізбелей келе, зиялы қазақтардың бұл әрекеттерді түгелдей өздерінің ата жазуы мен қасиетті кітабы құранға жасалған қастандық деп ұққанын, сөйтіп әкімшіліктен ауыл мектептерінде ислам ілімі мен қазақша хат тану сабағын оқытуға рұқсат сұрағанын айтқан. Алайда өтініштің қабыл алынбағаны, сөйтіп қазақ халқының заңды талабы отар қожайындары тарапынан қанағаттандырылмағаны нақты мысалдармен баяндалған. Не керек, халыққа жат империялық сұрқия саясат мейлінше жан-жақты, мол мысалмен ашылып-сипатталған. Содан прокламацияның негізгі ойы туындатылған. Үндеу орыс үкіметінің дін-исламға қасқөйлікпен қол сұғуына қарсы, қазақ халқын мұжық ету, шоқындыру әрекеттеріне қарсы күллі қазақ баласын бір кісідей көтерілуге шақырған. Гектографта көбейтіліп, жалпақ даланың бар түкпіріне таратылған екен. Көп назарына жеткен мұндай мазмұнды прокламация әкімшілікті қалай шошытпасын... Үкімет мұндай "қылмысқа тұнған" үндеуді жазуға үлкен ғұлама Науан–хазірет дем берді деп санаса керек... Қателеспеуі де ықтимал... – Өткен іс қой, – деді Өтеміс, – сол прокламацияны көшіріскеннің бірі мен едім... Шаһмардан ұстазымыз тапсырған-ды... Ол кісіні де айдап жіберді... Ғалибекті бұл дерек қатты қызықтырды. Медресе туралы, шәкірттер өмірі жайында көп сұрақ қойды. Көкшетау медресесінің мұғалімі Шаһмардан Қосшығұлов жөнінде сырттай естіген екен. Өтемістен сол жөнінде, оның әлгі прокламацияға қатысты істері хақында шұқшия сұрады. Өтеміс білгенін әңгімеледі. – Өзі – уыздай жас, ал қандай мәселелерге араласы бар, – деп сүйсінді Таня. Ғали оның иығынан құшақтады. Шекесінен ақырын иіскеді. Пәуеске жәрмеңкеге тақалып келе жатты. Тоғызыншы тарау 1. Жәрмеңқенің думаншылары өнер көрсеткен жерлердің бірі болмаса бірінен, әдетте, іздеген кісіңді тауып ала аласың. Өйткені алыс-алыс елдерден, қалалардан, қысқасы, шартараптан пайдалы сауда жасауға келген орыс, татар, өзбек, қытай көпестерінен бастап, жәрмеңкенің белгілі бір бөлшегін ғана тұрмыс мұқтаждығына орай өте асығыс базарлап қайтпақ болған осы өңір пенделеріне дейін, мұндай ойын-сауық көрсетілетін орындарға бір соқпай кетпейді. Шаршы топ ортасындағы өнерпазға бір көз салмай, шырқалып, тартылып, айтылып жатқан ән-күй, жырларға бір құлақ тосып байқамай – жәрмеңқе қызығын көрдім деп ешкім айта ал-
майды. Ойын-сауық десе ішкен асын жерге қоятын жастардың сондай думанды жерлерге үйіріліп жүрері өз-өзінен белгілі. Солайы солай-ау, әйтсе де, бірін-бірі тауып алғанша, біздің кейіпкерлеріміз думандатқан талай орынды адақтады... Тілі де, діні де, ділі де қилы-қилы, тиісінше қандарына сіңген мәдени дәстүр де әрқилы сан ұлт пен ұлыс адамдарын атышулы биші Зәуренбай өзінің әйгілі "Қоян" биімен сүйсіндірді. Оны сол тамаша өнерге тамсанған қалың көпшілік арасында тұрып, Өтеміс те, Төлеген де бір мезгілде тамашалады. Бірақ олар бірін-бірі көрмеді. Араларын сонда, бәлкім, жиырма шақты қадам ғана бөліп тұрған шығар, алайда араларында нөпір жұрт тұрған оларды жаратқан жалғыз сол жолы ұшырасуға жазбапты. Ағалы-інілі екеуі де жәрмеңкені ұзақ кезіп, бірін бірі іздеген. Не керек, арнайы іздесе де – өзді-өзін ұшыратпай, екеуі екі басқа адамға кезікті. Бірақ кездесуге, сұхбаттасуға құштар болған кісілеріне жолықты. Жолықты да, бір мезет бірін бірі ұмытты. Шынында да алланың құдіретіне шек жоқ... Төлеген соққы салдарынан төсек тартып жатқан алғашқы күндерінде, Қайыңбай қарияның ақылымен, інісін іздеуге әйелі мен балаларын жіберген еді. Таппай келді. Күйеуінің ауыр халі үрейін алған Бибі жәрмеңкені ұзақ аралауға шыдамаса керек. Тайталаса, тете өсіп келе жатқан екі кішкенесін – Мырзағазы мен Төреғазыны білектерінен қыса ұстап, дедектете жетелеген қалпы, жәрмеңкенің көпшілік жиналған орындарын зыр қаға бір айналып шыққан да, бір жерде тізе бүгіп бір шыныаяқ сусын ішуге дәттемей, кері оралған-ды. Төлегенге уақтылы ас-су беруге асыққан. Жарының жарақатын тым болмаса қасында отырып қоса ауырсыну арқылы жеңілдетпекке асыққан. Қайтсін енді... Жәрмеңкеге ертеңіне тағы бір барып қайтты, үшінші күні де соқты. Алайда қайнысын таппады. Ақыры Төлеген тәуір болып, өз бетімен жүріп-тұруға жарады да, Өтегенді өзі іздеуге бел буды. Аяғы дір-дір етіп әр қадамын әрең басқан әлсіз күйеуін әбден жазылмай жатып қайдан жалғыз жіберсін, келіншегі балаларымен бірге ілесе шықты. Қалақтай Мырзаш пен Төреш үлкен кісіше серік боп келеді. Байсалды түрмен, арба үстінде екеуі екі жағынан әкесіне қамқор көз тастап отырды. Осылай, жұбайы мен балалары қатаң бақылауға алған қалыпта, жәрмеңкенің мал базарына – өзінің өлім аузынан қалған жеріне Төлеген араға аз уақыт салып қайта қадам басты... Мұнда жәрмеңке тіршілігі әдеттегіше қыз қайнап жатқан. Бірер аларман саудаласып тұр. Екіншілері сатып алған, яки қазаққа ділгір әлдебір бұйымға айырбастап алған ірілі-ұсақты малдарын жетектеп барады, біреулері топтап айдап барады. Үшіншілері қоршауларды бойлай ақырын аралап, алар жылқы, түйе, қойларын таңдап жүр. Қысқасы, тап осы жерде бар болғаны он шақты күн бұрын Төлегенді жасауылдар өлімші ғып сабап кеткен еді-ау деген ойға ештеңе, ешбір белгі, еш көрініс жетелемейді. Әскердің киімін киген тірі жан болсайшы. Урядниктер, полицейлер көрінбейді. Құрысыншы кәпірлер... Төлеген жеңілдене дем алды.
Есесіне Садуақас бірден көзге жылыұшырай кетті. Еңгезердей болып, мал қамаған шарбақ бұрышына тігілген кішкентай қосының алдында тұр екен. Батыр тұлғалы, ер көңілді Садуақас. Құшақ жая қарсы алды. Аттың шылбырын қазық басына шапшаң орай салып, Төлегенді арбадан қолтығынан демеп өзі түсірді. Сосын жағдай сұрасты. Төлегеннің денсаулығы мен қасындағы бала– шағасынан бастап, жәрмеңкедегі қазіргі жағдайға дейін сөз болды. Садуақас оның қойларының үшеуін өткізіп қойғанын, жақсы бағамен сатқанын хабарлады. Келіншегі қазір балаларына базарлық қарай беруіне болады. Сосын тамыр-таныстар мен сауда-саттықтың жай-күйін, жалпы, осындағы тіршіліктің барысын, жалпы ахуалды біршама тілге тиек еткен соң, Төлеген бүгінгі келген негізгі шаруасын айтты. Осында деп естігенімен, әлі күнгі інісін көре алмай жүргенін, бүгін өзі іздеп шыққанын әңгімеледі. Садуақас Өтегенді танымайтын, ал Қайыңбайды, әрине, біледі. Бірақ ол бұл маңнан көптен бері көрінбей кетіпті... Жайма базарды байқасын. Бәлкім ойын-сауық жүріп жатқан жақтардан табар. Мұны інісінің өзі де іздеп жүрген болу керек емес пе, осы жерлердің бірінен жарқ етіп кездесетін шығар-ау. Аралау керек. Жүріп-тұруға қуатының шамалы екеніне қарамастан, Төлеген әйелі мен балаларының ортасында, жәрмеңке ішін шарлап кетті. Алайда ол күні де, ертеңіне де, одан кейіндері де Өтеміс көздеріне түспеді. Бірақ Кайыңбай ұшырасты. Бір хабарын содан естіді – өзі жолықпапты, естуінше – Өтеміс осындағы үлкен төренің тапсырмасымен ылау алып, алыстан келе жатқан мейманды қарсылауға кеткен көрінеді. Содан кейін де Төлеген жәрмеңкеге бірнеше келді. Күннен күнге қатайып, әл жинағандай болған соң, шаруасын күйттей жүрді. Малын сатты, бала-шағасына қажет дүние алды. Қайыңбай мен оның тамыры Степан үшеуі едәуір пікірлесіп, Нілді кенішіне қоныстанудың жай-жапсарын талқыласты. Әлдебір үміт жетелеген Төлеген бүгін атақты Зәуренбай бишінің өнерін тамашалауға жиналған халық ішін аралаған еді. Енді бір айналса, тіпті топты жарып жиырма қадам төте жүрсе – иін тірескен жұрт арасындағы Өтемісті көрер ме еді, қайтер еді. Бірақ, жан-жағына мойнын созғылап, әне-міне жүргелі тұрғанында, қарынан біреу ақырын тартқылады. Қараса – кәдімгі Қайыңбай қарт. Күлім қағып: – Төлеш, – дейді. – Төлеш қалқам, сені Еркіндік тосып отыр, жүр, – дейді. Төлеші аңтарылған, таңырқаған, қуанған жүзбен бері бұрылғанда: – Сен туралы Ерекеңе осы әлгінде ғана айтып едім, сені тез тауып, ертіп әкел деп өзіме қолқа салды, – деп хабарлайды. – Ерекеңді қай күні жолда кездестіріп, жәрмеңке ауылына бірге келген едік. Содан кейінгі көргенім осы қазір-ді. Басқа сөзге келмей, мені қуды да жіберді. Тездетіп, сені өзі отырған үйге алып келуге жіберді мені. Өтеміс қасында жоқ екен, біз жеткенше барар. Барған бетте өзіңнің осында екеніңді айтады ғой. Ал жүр, сонда жөнелдік...
Төлеген ұшты да кетті. Әкесінің серігін – Еркіндікті, батыр көкесін, сардар көкесін көріп қауышуға асықты. Інісін ақыры ұшырататынын, даладан емес, жан әкесінің жауынгер серігінің қасынан тауып алатынын ойлағанда, мүлдем жүрегі алып-ұшты. Қайыңбайдың соңынан жеделдетіп ере берді. Үй толы халық екен. Қайыңбай қарт босағада іркілді. Төлеген топ ортасын жарып барып, төрде отырған Еркіндікпен дауыстап тұрып жылап көрісті. Әкесіндей көретін, марқұм әкесінің ең бір сенімді үзеңгілесі болған Ерекең ғой ол.. Төлегенді әкесінен сұм ажал ажыратса, әкесінің осынау жан аяспас жолдасынан қатыгез әкімдер ажыратқан еді ғой. Төлеген тістенді. Жоқ, олай емес. Екеуінен де Төлегенді ұлықтар айырған. Бірін өлтіріп, енді бірін қатырғасына айдап... Құдай-ай, қатырғадан да тірі оралуға болады екен-ау... Ерекем, Ерекең көкем менің... Төлеген жүрегіне айрықша ұялаған осы адамның алдында тізерлеп отырып, күйзеле, күрсіне мұңын шақты... Төре мен әкім біткенге сенімсіз қарайтын, солардың безербет үкіметіне тіпті қаны біржолата қарайған кешегі ереуілші, бүгінгі қашқын қаторжник ондай мұңды зерек ұғуда. Ол өзінің айдалып кеткенінен бергі мезгілде ұдайы қорлық көрген, зорлық-зомбылықтан көз ашпаған, өкімет түртпектен еңсесін көтертпеген, тірлікте әбден қорланған жігітті – кешегі ұрыста мерт болған ел басы ақсақалдың, өзі туын бірге көтеріскен үзеңгілесінің ұлын, демек мұның да баласы болып келетін Төлегенді үн-түнсіз тыңдады. Жанды егілтер ауыр хикаясын естіген сайын қатулана түсті. Тіс жармай, түксиіп, қаршығаша қомданып алды. “Алда, қыраным-ай сұңқарым-ай, – деп сүйсіне ойлады шүйкедей шал Қайыңбай одан көзін алмай. – Атқа қонуға әзір отырсың-ау, қыраным, әттең! бірақ бүгінде сені қолдар сарбаз бар ма...” Ол іргені жағалай отырғандардың жанына, етекке тізе бүккен-ді. Ел назарында, нақ төрде таудай боп көз тартып отырған Еркіндік әлден уақытта: – Бұлардың қорлығы кімге өтпей жүр, Төлешжан, – деп ақырын гүргүр етті. – Мен өз басым осылардың сорақы істеріне қаршадайымнан куәмін. Небір басынған қылықтары әр кезде басыма тиген... Үй іші ұшқан шыбын ызыңы естілердей тып-тыныш. Ерекеңнің баяу қоңыр үні кереге көздерінен өтіп, тыста құлақ түргендерге шейін айқын жетуде. – Батекеңмен бірге, ана жылы, атқа мініп, атамыздың ақ туын көтеріп байқадық. Ел болып қозғалайық, тегі бөтенді басынтпайық деп едік, өзің білесің – шамамыз жетпеді. Күшіміз аз болды. Айламыз да кемшін соқты білем. Ол ереуіл белестерін аз-кем шолды. Сосын айнала отырғандарға сүзіле қарап шықты. Күрсінді. – Енді халықтың бас көтеруі қиын-ау деймін. Байқаймын – оқығаны көбейген сайын, осылардың құқайына көбірек мойынсұна түсетін сияқты. Оқыған сайын жүрексіне түседі жазғандар. Қорқақ шеттерінен. Елжұртымыздың бас көтерер деген азаматтарына оқу өтіп барады!
2. Еркіндік бұлай деп зиялы қауымнан көңілі қалғаннан айтып отырған. Жәрмеңкеге келгелі талайымен пікірлесті. Күллі Ресейдегі ахуал жайынан ой бөлісті. Саяси айыппен айдауда жүргендерден өзі естіп келген жәйттерді, соларға орай көкейінде туындаған сауалдарды қазақ тіршілігімен байланыста ортаға салды. Үндестік тапқандай болған. Бірақ ол – жалпы жағдайды бағамдауда ғана екен. Жасалуға тиіс әрекет тұрғысынан қарағанда – ойлары бір жерден шықпады. Бақытжан сұлтан патшаға қазақтың бір топ игі жақсы өкілдерін бастап бармақ. Сөйтіп тікелей аса жоғары құзырға ел мүддесін көздейтін өтініш білдірмек көрінеді. Ессіз. Еркіндік сондай ұйғарым жасады. Өзінің орысын тыңдамай, күні кеше сарайының алдында қырғынға ұшыратқан патша айдаладағы бұратана-қазақты тыңдайды дегенге кім сенбек. Ал бұл содан әлдебір үміт күтетін сияқты. Кіре алатынына сенімді. Сарай маңындағы адамдармен келісім бар дейді. Өзінің ағайыны, баяғы Жәңгір ханның баласы биік лауазыммен патша жанында да, үкіметте де қызмет атқарған адам, зейнетке шыққанымен сараймен, ықпалды адамдармен байланысын үзбеген көрінеді. Сол қамқор болмақ екен. Барлыбек мырза қазақ үшін дербес жарғы жасамақ, ол да ешқандай ереуілсіз, қағазбен күресу жолында боп шықты. Демек оның да ақылы асып тұрғаны шамалы, құдды-бір соның жазып берген ережесін патша мақұлдай қоятындай. Ал ана балалар, бала дейді-ау, оқып-тоқыған, өкімет жұмысына кірген, көзі ашық дейтін жас зиялылар мүлдем аңқау. Бейне-бір сұрағанын ұстата салатындай, өтініш жазып, халықтың қолтаңбасымен патшаға жолдауды мұрат тұтыпты. Жоқ, мұның бәрі Еркіндіктің көкейіне қонбайды... Ол Төлегеннің иығынан жайлап қағып қойды. Сосын сөйлей берді. Қаһарлы дауыс құйқаны шымырлатып, біртіндеп күшейе түсті. – Мен, бәрібір, сенің кегіңді қайтарамын. Өзімнің де жастайымнан жүрегіме қан боп қатқан кек бар, ала алмай жүрген өшім бар. Осы жасқа келгенше сол өшімді қалай аларымды, кегімді кімнен қайтарарымды білмеуші едім. Төлешжан, менің бала күннен жауласқан қас дұшпаным алыста емес, тап осында, Қояндыда, жәрмеңкеде екен. Жәй жау емес, үлкен жау, менің тікелей дұшпаным. Не керек, маған мұның әлі тірі жүргендігі, әрі өзінен бір көрген қорлығымды көптен бері тап соның баласынан да көріп жүргенім маған әлгінде ғана аян болды. Ескі тамырымның ұлынан естіп-білдім. Көкірегіме бала күнімнен байланған кек қайта тұтанды. Енді ол қайтарға керек. Мені басынған, күллі халқымды басынған қорқау қасқырдан, қарғыс атқыр найсаптан қайтуға тиіс. Ұлықтан! Жоқ, ұлықтың өзінен емес, әкесінен! Мен, Төлеш, сен үшін, өзім үшін, күллі жапа шеккен халқым үшін сол дұшпанымның жанын жаһаннамға жіберем. Мен оязнайдың әкесінің қанын ішем! Үйдің ішінде отырғандарды үрей шеңгелдеді. Түгелімен табан астында үрпиісіп, тым-тырыс болып қалды. Демдерін іштеріне тартты. Бақырайған көздерін Еркіндікке үрейлене тіккендей.
Есік жақта отырған Уақбай ә дегенде үйден жылыстап шығып кетпек болған. Тезірек үйез бастығына жетпекші еді. Мына қорқынышты мәлімдеме хабарын әдетінше оязнайдың өзіне шапшаң жеткізуді, сөйтіп сұмдықтың алдын алуды ойлаған. Бірақ, қимылдай алмады. Аяқ-қолынан жан кетіп қалған тәрізденді. Содан, амал жоқ, орнынан жылжымай, аузы аңқиып, әліптің артын бағып қала берді. Алайда Еркіндік қаһарлы сертін одан әрі өрбітпеді. Екпіні де саябырсыды. Үні жылыңқырап, Төлегенге мүлдем жадырай иек қақты: – Еңсеңді көтер, – деді. – Тірлік қылу керек. Өмір де, күрес те алда... Ұзамай әңгіме басқа арнаға ауысты. Еркіндік оның інісі екеуінің әлі кездеспегендіктерін естіп, таңырқады. Өтемістің бір сыйлы меймандарға қызмет көрсетіп жүргендігін, қазір осында соғып қаларын айтты. Алайда Өтеміс жуық арада келе қоймады. 3. Өйткені ол, біріншіден, дәл қазіргі сәтте ағасының Еркіндік көкесімен сұхбаттасып отырғанын білген жоқ. Екіншіден, Зәуренбай бишінің өнерін тамашалаушы қалың көрермен арасында, Төлегеннен таяқ тастам жерде тұрған Өтемісті ойда жоқта Рақымжан ілестіріп әкеткен. Бірден еріп кетті деу жарамас, обалы нешік, бастама көтерген Өтемістің өзі болатын: – Рақа, – деген. – Мен жәрмеңкеге кірерде жолшыбай бір орыс кісімен танысқан едім. Мана біразда сол адамнан ағам жайында хабар естідім. Үй-ішімен осында келген көрінеді. Былтырдан хабарсыз жүргенмін. Әрі мені біраз күннен бері ол да іздеп таппай жүрсе керек. Рақымжан қолын жайды. – Жәрмеңке жалпақ, қай жерінен кезіктіреріңді бір құдай білсін. Дегенмен мынадай тамашаға елдің бәрі бір соғуға тырысады ғой. Бәлкім, осында жиналған жұртшылық ішінен көріп те қаларсың. Тек, Зәкеңнің ең атақты биін тамашаладық қой, ол кісі ортаға қайта шыққанша бір орында тұра бермейік. Әншілерді тыңдай жүріп те іздеуге болмай ма? Жүр, мына жақтан былай қарай айналып шығайық. Олар шаршы топты айнала аралап етті. Төлеген, әрине, көздеріне түспеді. Бұл шақта оны Қайыңбай қарт басқа бағытқа – Еркіндік отырған үйге қарай жетелеп бара жатқан. – Мүмкін мұнда соға қоймаған шығар, – деді Рақымжан. – Дүкендер жағында ма, әлде сусын ішіп жүр ме, кім біледі... – Солай барып қайтсақ қайтеді?.. – Иә, аралайық, жолай қарармыз... Олар шаршы топ алдына шығып жатқан өнерпаздарға тағы аз-кем назар салып тұрды. Содан соң демалыс үйлері тігілген аймаққа беттеді. Бірнеше күннен бері көріспеген жастардың әрқайсысында небір қызық мағлұмат қап-қап боп жиналып қалған сықылды. Өзара пікірлескенде, екеуінің де біріне бірі айтары мол екен. Қызу әңгіме-дүкен барысын-
да ат-көпір ел жиылған осы жәрмеңкенің тек азын-аулақ көкірегі ашық жандарға ғана мәлім деректерімен де алмасысты. Алыс-алыс шаһарларда тұратын зиялыларымыз жәрмеңкеге не мақсатпен бір мезгілде жиналуда? Неліктен олар бірін-бірі арнайы іздеп келіп, танысып, қауымдасып жатыр? Мұнда үлкен мән бар. Баяғыда өсту керек еді! – Рақымжан сұқ саусағын көкке шаншып, жауабын тарата баяндады. Саясат хақындағы өзінің ой-пікірлерінен де хабардар етіп қойды. Өтеміс те қаражаяу емес. Ол Ғалибек сынды оқымысты жігітті бір көш жерден қарсылап, Қояндыға пәуескемен алып келді. Келгелі, тіпті, оның әлдебір жазбаларын көшірісіп, маңызды тапсырмаларын да орындап жүр... Ендеше Рақымжан сол Ғалибек мырза қатысқан үлкен мәжіліс ішінде болыпты. Сонда өкімет қызметінде істейтіндер мен осы Қарқаралы мектебінің мұғалімдері қазіргі ахуалға орай пікір қозғапты. Нақып, Әлихан, Жақып, Жаһанша, Ғалибек тәрізді заң оқуын бітіргендер, Ахмет, Аяған секілді озық көзқарастағы оқытушылар, өзге де Мұхсен, Көлбай сияқты көзі ашық азаматтар аса қызық ұсыныстар айтыпты. Бәрі мәслихаттаса келе – үкіметке үлкен тілекхат жолдасақ деген ұйғарым жасаған көрінеді... Иә-иә, Өтемістің көшіріп жүргені – тап сондай ретпен жазылған құжат нұсқасы... Құлақ асар ма екен үкімет? Қайдам... Тыңдауы да ықтимал... Әй, кім біледі... Мә-ә, мұнда да бір жиын болып жатыр. Қара да тұр, мұндағы әңгіме де маңызды. Көрерсің, мүлдем басқа сипатта. Жүр, шамалы тыңдап көрейік... Олар кенеп бастырма астында жиналған топқа тақап келді. Төрт-бес оқыған жігіт ел алдында пікір жарыстырып отыр екен. Түнеугүнгі өзі тасыған қазақшаға судай орыс жігіті Өтемістің көзіне оттай басылды. – Қасындағы қырбық сақал-мұрт қойған жігітті де танисың, – деді Рақымжан. – Тек оның сонда айтысқан орыс достары, неге екенін, қасынан көрінбейді. Өтеміс басын изеді. Қырғи қабақ өткір жігіттің жүзі таныс. – Жасай, – деді есімін бірден еске түсіріп. – Дәл өзі. Оязнайдың баласын біраз қуырып еді... Қызу да қызық пікірлесу болып жатыр екен. Бұлар келіп тұрғанда Тимофей көбірек сөйледі. Заңның нашарлығын, әрі сол кемшілігі көп заңдарды бұзатындардың әкімдер тарапынан көп кездесетінін айтты. Кенет оның аузынан Өтемістің тұла бойын шымырлатып жіберген бір хабар шықты: – Мен Орынборда істеген кезімнен қазақтың Мырзағұл Шыманов деген қадірменді мырзасымен жақсы таныспын. Ана жылдары, ОрынборТашкент темір жолы салынар бағытты айқындау ісінде, үкіметке көп еңбек сіңірген кісі. Жол қатынастарын жасау істерін басқарып жүрген министрлер мен әкімдер тарапынан әлденеше алғыс алған. Сол адам биыл өкімет алдында қылмысты болып түрмеге түсті. Тіпті пәлен жылға жазасы да кесілді. Сосын не болды дейсіз ғой? Шыманов мырза өзін соттатып отырған ұлықка жол тауып еді – заңның оның пайдасына жатқызу-
ға болатын саңлауы табыла кетті. Біраз шығындалды, есесіне, жақында абақтыдан босанып, аман-есен ауылына оралды... Өтемістің жүрегі аузына тығылды. Ғалима бүл жаңалықты естіді ме екен? Еркіндік көкесі де білмес? Ал Айық мырза ше? ол мүлдем күдер үзіп отыр еді... Ол Рақымжанға ризашылықпен бір назар тастап қойды. Осында ертіп әкелгені қандай жақсы болды... Солайы солай-ау, тек ендігі әңгіме оны әуестендіруден, өзіне тартудан қалып бара ма қалай... Жоқ, болмайды, құлақ сал, Ө¬теміс! келген екенсің – бұл кеудесі сәулелі кісілердің пайымдарын түстеп, түсініп, ажыратып ұғып алу ләзім... 4. Сонадайдан бермен бұрылған әсем күймеге, жүрегі бірдеңе сезгендей, жалт қарады да, айтысушылардың сөзін онсыз да бір естіп, бір естімей тұрған Өтеміс мүлдем оларға құлақ салуды қойды. Көзімен үш көсем күрең әсем желіспен қауырсынша сызылта сырғытып әкеле жатқан солқылдақ пәуескені ішіп-жеп барады. Құлағының түбінен Рақымжан: – Өтеміс, сені мына пікірталас қызықтырмай тұр ма, немене? – деп сыбыр ете түсті. – О не дегенің... Өтеміс селк етіп Ракымжанға қарай бұрылды да, көзін жыпылықтатты. Сосын ернін оның құлағына тақалтып, айыпты үнмен ақырын ғана: – Рақа, сен өзің тыңдай берші, мен бір жерге барып келейін, – деді. Рақымжан оған таңырқай қарады. Ананың мүләйім жүзін көріп, күлімсіреді. Үнсіз басын изеді. Өрнекті күйме бұрылуын бері бұрылғанмен, аса тақалмай, әріден өте шықты. Бірақ көп ұзамай, таяқ тастам жерден басталатын тәшкенттік саудагерлердің жайма дүкендері маңына аялдаған. Өтеміс ентіге басып сонда ұмтылды. Іздегенін көргендей. Талшыбықша бұралған үш-төрт бойжеткен пәуескеден іркес-тіркес түсті. Түсе салысымен, қызылды-жасылды киім-кешек, мата, орамал, алуан түрлі әшекей бұйымдар сықыған сауда қатарларын жағалап кете барды. Ол жеткенше едәуір ұзап кетті. Өтеміс қуалай жүгірген еді, пәуеске тұсынан өте бергенінде, аялдауға мәжбүр болды. Қарсы алдынан екі езуі екі құлағына жеткен Сарман шыға келді. Қуанышты айқайға басып, құшағын жайып тұр. Екеуі біраз әңгімелесті. Қызық жаңалық естіді. Ғалимаға қатысты... Қайыр төренің меймандарының алды елдеріне қайтқалы жатқан көрінеді. Бақытжан сұлтан Ғалиманы ала кетеді дейді, Петрборға оқуға түсіруге жәрдемдеспекші екен... Ертеңдері жүрмек. Ғажап... Жақсы, жақсы да болса өкініші басым хабар... Жүрегі толқып, Сарманмен қоштасқанша асықты. Сосын базар жаймалары арасына түсті. Ұзамай, іздегенін тапты. Дүкен сөресі алдында үйіріліп, шүйіркелескен қыздар арасындағы Ғалимамен қалай тілдесерін
білмей, ұзақ айналшақтады. Тек олар сауда жасап болып, алған заттарын бастары түйісе қызықтаған күйі күймеге келіп отырып жатқандарында ғана тәуекелге бел буып, дәл жандарына келді де: – Ғалима, – деді. Маңдайынан тер бұрқ етті. Қыздың мойнын бұрғанын көріп, жүрегі алқымына тығылды. Сосын тез-тез сөйлеп: – Ғалима, атаң абақтыдан босап шығыпты, – деп жіберді. Ғалима көзін кең ашып, қуанып кетті. Өтеміске мүлдем жылы жүзбен қарап: – Жақсы хабарыңа рахмет, – деді. Сырғасы сыңғыр етіп, күймеге жеңіл де жылдам көтерілді. Содан соң іштен, терезеден, Өтеміске риза назарын тастап, сүйріктей саусақтарын көтерді. Әнтек қана бас изеп: – Рахмет, – деді тағы да. Пәуеске жүріп кетті. Өтеміс соңынан көз алмай, сол орнында қимылсыз тұрып қалды. Ұзақ тұрды. "Еліңе қайтқалы жүрмісің деп сұрамаппын-ау... Шынымен осы кеткені кеткен бе?.." Жүрегі шымырлап кетті. "Ғалима, Ғалима... Кездесер ме екенбіз енді қайтып? Қашан?.. Ай, Ғалимаш, Ғалимажан..." Әдемі жүзін, әсем қимылын елестетті. Сырғасының сыңғырлағанын естіп тұрғандай болды. Сыңғыр-сыңғыр... Сыңғыр... Біртүрлі, арбалған торғайдай күйге түсіп, көзден әлдеқашан таса болғанына қарамастан, күйме кеткен жақтан назарын алмайды. Бір кезде со қалпы ілгері қадам басты. Ойынан Ғалима кетпей, жан-жағына бейжай көз тастап қойып, жүре берді. Тура құлағының түбінен біреудің: – Ба, мына жігітті қара! – деген таңырқаулы айқайынан бір-ақ селт етті. Құдды маужыратқан ұйқысы шайдай ашылғандай болды. Айқай иесінің: – Өтеміс! – деп құшақ жайып тұрғанын көріп, көзін жыпылықтата күлімдеді. – Степан аға! – Қарсы жүрді. Қуанышпен қауышысты. Степан өзінің жылдам сөйлейтін әдетімен амандық-саулық сұрастыра тұрып, базардағы жай-күйін әңгімеледі. Саудасының оңды болғанын айтты. Үйге қажет керек-жарақты түгендеп жүріп, жәрмеңкенің көпшілік көзіне түсе қоймаған кей қызықтарына куә болғанын айтты. Қызық деп отырғаны – орыстың екі-үш мас шалын көргені екен. Оның ішінде де, аса қызыққа балағаны – білетін біреудің “оязнайдың әкесі ғой” деп көрсеткен қарт адамның таңғаларлық күлкілі де аянышты қылықтары екен. Ол трактирде бірге ішіп отырған серіктерінің арасынан елді еріксіз көңіл аудартқан айрықша оғаш қылықтар көрсетіпті. Сонысымен Степанның есінде қалыпты. Бірде қоқиланып, әлденені айтып-айтып алады екен де, алдындағы жандырма толы ыдысты басына төңкере, тауысқанша дем алмай сіміреді
екен. Енді бірде, әлденеден қуыстанып, бүрісіп қалады екен. Әсіресе, ішке жаңадан біреу-міреу кіре қалса, отырған орындығынан төмен сырғи тығылып, мүлдем стол астына түсіп кетеді екен. Әлдебіреуден қорқатын тәрізді. Әйтеуір, сол елге белгісіз үрейінің салдарынан, қарадан қарап, қорыққанға қос көрінедінің керімен, трактирге бас сұққанның бәрінен үркіп, жаны шыға жаздап отырғанға ұқсайды. Оның мұндай қылығын бұрын-соңды сондағылардың ешқайсысы байқамаған сияқты. Сондықтан да трактир қызметшілерінің бәрі әрі таңырқап, әрі қорқып кетіпті. Степан ағаң бұл жәрмеңкеде Қарқаралы өңірін билеп тұрған оязнайдың әкесінің осындай қызық мінезіне куә болды, бауырым... Жирен қаба сақалды ағасының көңілді әңгімесі оны әлгіндегі масайыңқы, ұйқылы-ояу кейпінен тез сергітті. Тез ширап, оның айтқандарын өзі іліп әкетті. Е, Степан аға, айтып отырған шалыңыздың табиғатының өзі сондай да! Оның бір ерсі ісіне Өтеміс те куә болған. Күліп алды. Сосын Еркіндік көкесінің танысына ылау болып, оны үйез бастығының үйіне алып барғанында көргенін айтып берді. Степан қолын сілтеді: – Сайтан алсын кәрі маскүнем қақбасты! Білесің бе, Өтеміс, мен ертең жүрем. Қайыңбай тамырмен. Жаңылыспасам, сенің ағаң да Нілдіге барады деді ғой? Өтегенге? Сен онда соғасың ба? Жолға бәріміз бірге шығармыз? Бастырмалата қойған сұрақтары Өтемісті аң-таң қалдырды, артынша бұл да оған көп сауал берді... Аз-кем әңгімемен мәселенің мән-жайын біліскен соң, Өтеміс Қайыр сұлтанның ауылы жағына беттеді. Ғалибек мырза түскен үйге соқты. Сонда өтіп жатқан тағы бір топ зиялы қауымның мәжілісін сырттай байқастап біраз тұрды. Аспанкөк жанарлы жеңешесін көрді. Қысқа ғана тілдесті. Асығыстау көрінеді. Ол Өтеміс көшіріскен құжаттың нұсқасы жарамды деп табылғанын хабарлады. Оны қыздар әлдеқайда ертіп бара жатыр екен. Қатира бастаған бір топ қыз. Өтеміс оған сұрақ қойып үлгерді: Ғалима көрінбейді ғой? Қатира таңданып, қасын керді. Ол бұған неменеге керек боп қалды екен? Өтеміс қызарып кетті. Қысыла езу тартқан болды. Қайтады деп естіген, кетіп қалды ма дегені ғой... А-а-а, олар қазір кездеседі, сонда айта барар... Қыздар сылқ-сылқ күліп, ұзай берді. Өтеміс оларды көзімен ұзатып салды. Сосын ауылды аралап кетті, Еркіндік көкесін іздеді. Қай үйде екен? Сұрастырды, үйден үйді қарауға жөнелді. Ақыры, қайтып айналып келе жатып, әлгінде ғана жанынан өтіп кеткен бір үйдің алдында бой жазуға шығып тұрған Еркіндік көкесі мен ағасы Төлегенді көрді. Төлегеннің көңілі босап сала берді. Інісін бауырына басқан күйі, солқ-солқ жылап көп тұрды... Сол күні екеуі көп сырласты. Сосын, інісінің айтуымен, зиялылар әзірлеген тілекнамадағы үкімет алдына қойылған мәселелердің орындалуын сұраушылардың бірі өзі екенін, яғни Батырбайбаласы Төлеген болып табылатынын білдірді: петиция соңына тігілген ақ қағазға атын
жазып, бармағын басты. Содан кейін, тілекхаттың әлденеше дана етіліп көшірілген мәтіні қолдан қолға өтіп, халық жаппай танысып-қолдап жатқан кезде, от басымен Нілдіге көшу қамына кірісті. Ал Еркіндік тілекнамаға қол қоюдан бас тартқан. Өйткені, “оқу өтіп кеткен оқымыстылардың” халықты езіп отырған үкіметке “жалынышты хат” жазған әрекетін қош көрмеген. Онысына Өтеміс қатты өкінді. Қаһарман көкесінің мұнысы несі? Қарасыншы айналасына: бүткіл ел-жұрт осы ақ патшаның құзырына ұсынылмақ тілекхатты сөзге келмей қуаттап жатқан жоқ па? Жәй адамдар түгіл, тіпті, Қайыр төре де, Айық бай да... Қанша дегенмен, қазіргі сәтте қандай әрекет пайдалы болмағын ақ патшаның өз астанасында оқып, терең білім алған азаматтар біліп отыр емес пе? Абайлап айтып, осы ойын оған жеткізбекке талпынды. Еркіндік көкесі алынбас қамал сынды. Меңіреу. Сұп-сұр. Құдды мызғымас жартас. Сонда Өтеміс тәуекелге бел буып, соңғы дәйегін алға былай деп тартты: – Өзіңіз айтып едіңіз ғой, көке, “у ішсең – руыңмен” дегенді... Түнеугүні, Айекеңе?.. Еркіндік оған қарай ақырын мойнын бұрды. Өткір көзін сығырайтып, өңменін тесіп жіберердей қадалды. Сосын күректей алақанын көтерді. Жайлап апарып Өтемістің басынан сипады. Басын изеді. – Рас, – деді. – Бірақ ол жәйт бұдан өзгеше болатын. Бұдан түк шықпайды. Қайтадан түксиіңкіреп қалды. Сосын қолын Өтемістің алдындағы қағазға созды. – Қане, бері әкел! Қаламыңды да бер! Өтеміс қуанып кетті. Көкесі қолтаңбасын түсіріп болғанша жүрегі жарыла жаздап отырды. – Ой, қандай жақсы болды, Еркіндік көке! Енді біз жеңеміз, көресіз! Еркіндік мырс етті. Тағы басын изеді. Тек ештеңе демеді. Өтеміс қол жиыстыруды жалғастырып жатқанда, Төлегенге мәлім еткен уәдесін орындамаққа, яғни күресті өзінше жалғастыруға аттанды... 5. Қоқымбаев көңілді. Ол жәрмеңкеге жиналған сан-мың адам арасынан қажет кісілерін тапты. Бірімен танысып, сұхбаттасты, екіншісін сырттай бақылады, үшіншісі жөнінде басқалардың пікірін тыңдады. Ең бастысы – қолына өте маңызды құжатты түсірді. Ол қамзолының өңірін сипап қойды – өкімет үшін аса керек дерек! бұған оязнай ырза боларға тиіс! Өте-мөте! Ол оязнай Оссовскийді жәрмеңке бастығымен бірге жаймабазарды аралап бара жатқан сәтінде көріп қалды. Ә дегенде қуып жетті, бірақ, айналасындағы қосшыларынан өтіп қасына барудың есебін таба алмады. Жүрексінді. Ақыры, түс ауа оязнайдың Қояндыдағы жазғы кеңсесіне келді. Жолы бола кетті, Оссовский жалғыз екен. Бірден қабылдады.
Кейінгі он шақты күн бойы Қокымбаевтың біліп алғаны көп-тін. Қайсысынан бастап баяндарын қабылдауға жеткенше ойлап-пішіп қойғандай-ақ еді, алайда әкімнің алдына кіре, абдырады да қалды. Әбүйір болғанда, ояз бастығы оны жылы жүзбен, ескі танысынша қарсы алды. Столына тақауырақ отыруын өтінді, бауырына тарта сөйледі. Жағдайын сұрады. Салық жинаудың жай-күйі, соған байланысты парыз бен адамшылық, мейірбандық мәселелері туралы әңгімелеп кетті. Осы кезде, оязнайдың кәдімгі ет пен сүйектен жаралған жанша сұбхаттасуына елжіреп қалған Қоқымбаев, өзін ағайынымен сырласқандай сезініп, еркінси бастаған жансыз тілмаш, оған іштегі бір дәлелсіздеу күдігін айтып қоя жаздады.. Дер кезінде тілін тістей қойды. Егер осынау тоғыз жолдың торабындағы әйгілі жәрмеңкеге бұзық ой таратып жүргендердің аса бір қауіптісі саналатын қашқын каторожниктің кеше кешкісін оязнайдың әкесі жөнінде ауыр сөз айтып, дүйім жұрт алдында қорқынышты қоқанлоққы жасағанын айтса... Соны естіген сәтте өзінің қорқып кеткенін, іштей сонау оспадар бұзақының қадірменді қартты мерт қылуы ықтимал-ау деп ойлағанын айтса... Жалпы каторожниктерден, соның ішінде күні кеше патша әскеріне қол көтерген, тіпті, елдің сөзіне қарағанда, жазасын өтеп болмай, итжеккеннің өзінен қашып келген қатерлі қарақшыдан сақтану керектігін айтса... одан адамгершілік, иманды қылық, жалпы тәртіпті сыйлаушылық қасиет тосуға болмайтындығын айтса... Сақтық шарасын жасау жөн болмағын, яғни осынау сенімсіз қашқынды уақытша болса да абақтыға жаба тұру қажеттігін айтса... Иә, соның бәрін және соларды нақтылай түсетін басқа деректерін де айтса, ұлық оны түсінер ме екен? Бұл хабарымен ол, бәлкім, оязнайға жақсылық жасар-ау, болуы ықтимал қылмыстың алдын да алып қаларау... бірақ, бұған осынау лауазымды бастық сенер ме екен? Сенсе – құрақ ұшып, әкесін беймәлімдеу қатерден қорғау жолын ойлап кетер ме еді... Уақбайдың одан кейін айтпақ болып отырған басты да маңызды хабарын тыңдамай, бар есіл-дертін әлгі қашқын қарақшыны ұстатуға жұмылдырар ма еді... Онда негізгі мәселе артқа ысырылып қана қоймай, мүлдем тыңдалмай қалар ма еді, қайтер еді... Сенбесе...ондай жағдайда да басты хабарына со беті кезек тимес еді... Дұрыс болды орынсыз сыр шашпағаны... Оязнай ыстық ықыласын ақтарып болып, міне, өзіне қарай сұраулы жүзбен қасын керді. Көзінің сәл жылынғанына алданбағаны қандай жақсы болды. Аяқты асықпай, аңдап басқан жөн деген осы... Коқымбаев тамағын кенеді. Тәуекел. Төтесінен... – Уезд бастығы мырза, киргиз оқымыстылар өкіметтен құпиялап, міне, мынаны әзірлеп жатыр... Тыныс алмай, тілекхаттың мән-жайын баяндады. Тақылдап айтып бола бере, көзі Оссовскийдің суық жанарына ұшырасты. Тайсақтап кетті. Қарашығы көзінің шарасын айнала безектеп, бір орнында тұра алмай қалды. Қыбыжықтап, орнынан тұрды. Еңкейе емпеңдеп кеп, қой-
нынан қалың қолжазбаны суырды. Бүктеуін жазды. Қолынан түсіріп ала жаздады. Ақыры алыстан созып, Оссовскийге ұсынды. Бедірейе қараған оязнай тілмәштің әкелген құжатына назар да аударар емес. Қоқымбаев дір ере тұсті. Бойын біртүрлі қорқыныш билеп кетті. Кеше, Еркіндіктің үлкен Оссовскийді қорқау қасқыр деп балағаттаған қаһарлы сөзін естіген тұстағыдай, бүгін осы құжатты қолына түсіргенінде де дірілдеп кеткен еді. Алғашқысында үрейден, екіншісінде қуаныштан дір қаққан... Мұны оған Өтеміс берген еді. Үлкендердің жиынына қатысқанына масайып, бақыттан басы айналып жүрген балажігіт. Оқымыстылар шимайлап, құрау-сұрау қылған құжатты тазалап қайта жазып беру сынды соншама жауапты шаруа өзіне тапсырылғанына разы жасөспірім. Бұл тілек-хатты асықпай оқып шығу үшін өзіне беруін сұрағанда, мақтанышты кескінмен: – Алыңыз, Уақбай аға, мен тағы бір данасын көшіріп шығам, – деген, – өзіңіздей оқыған ағаларға ақыл қосыңыз, егер жақсы ұсыныс түсіп жатса, ақылдасу үшін бәрінің тағы да жиналуы ықтимал... Алған. Оязнайдан құпия жиналыс жасап жүргендерге Өтеміс айтқандай ақыл қосам деп емес, сондай жиын болмағын осынау ғарыз-хатты ұлықтың тікелей өзіне табыс ету арқылы білдіріп, оязнайды қуантам деген оймен алған. Алайда астыртын істің ашылуына шаттанудың орнына, сенген дөкейінің қабағынан қар жауып барады... Ұлықтың гүр ете түскен дауысынан тілмаш мүлдем бүрісе түсті... – Тағы прокламация ма? – деді Оссовский көзі шатынап. – Бұратаналар! Қоқымбаев кезеріп кеткен ерінін жалап-жалап жіберіп: – Тақсыр, мұны олар аса жоғары мәртебелі патша ағзамға ұсынатын сияқты, – деді де, салмағын екі аяғына кезек салып, сал кібіртіктеді. – Бүгін Ақпаев мырзаның үйінде талқылаулары мүмкін. – Ақпаев? Ах, сұмырай! Оссовский орнынан атып тұрды да, қатталған қағазды Қоқымбаевтың қолынан жұлып алды. Көзінің тұсына көтере, жеркене қарап, бас жағына көз жүгіртті. Сосын іле-шала кері қайтарды. Бұратаналар құжатын уыстай ұстаған қолын тілмәшқа қарай зілдене, жұлқа, шалт сілтей созып: – Оқыңыз! – деді. Ғарыз-хат шашылып қалардай буда-будасы шығып, салдыр-гүлдір етті. Тілмәш лып етіп, қос алақанын тоса қойды да, ұлыққа тастатып үлгертпей, қағып алды. Сөйтті де, өзі де таңғалған батылырақ үнмен: – Бастық мырза, мұны мен көшірме жасап жатқан баладан алдым, – деп түсінік бере бастады, – оның айтуынша, бұл ғарыз жобасы бірнеше зиялыға берілген. Олар мұқият қарап, түзеткен, алып-қосарын жасаған. Бала солардың бәрін тазалап көшіріп шығыпты. Енді, содан соң барып бәрі бірге оқып, келісімге келер түрге жеткен шақта – оған күллісі жабылып қол қоятын болса керек. Яғни бұл жазылғандардың император ағзамға тап осы қалпында жіберіле қоймауы мүмкін... – Оқыңыз... – деп ысылдады Оссовский.
Қоқымбаев тағы да ернін тістей алды. Көзін жыпылықтатты. Артымен шегіншектеп барып орнына отырды. Сосын есін жиып, терең бір күрсінді де, ғарыз-хатты терезе жарығына тосты. Қос қолын да алға, стол үстіне өктем ұмсындыра тастаған қабағы қатулы ұлық тас мүсіндей қатты да қалды. Оның ызғар шашқан сүсты сұрын бүткіл уақ болмысымен сезінген Уақбай дауысынан айрылып қалғандай. Оқығандағы үні сыбырдан сәл ғана ілгері шықты білем, наразы оязнай тіпті айқайлап жіберді. Ол: – Қаттырақ! – деп зірк ете түскенде, құдды ұйқысынан шошып оянған кісіше, Қоқымбаев орнынан ұшып кете жаздады. Әйтсе де, жүрегін жылдам басты. Сөйтті де, қайтадан оқуға кірісті. Ғарыздың алғашқы бетін көзіне тақалта ұстап, ә дегенде әр сөзді үстінүстін түйдектеп-төпелете: – “Ұлы мәртебелі Уәзірлер Кеңесінің Төрағасы мырзаға”, – деп, шыңғыра жөнеп берген. Оссовский мырс етті. – Сабырмен, Қоқымбаев мырза, жайырақ оқыңыз... – деді сосын кеңпейілдене. Ұлықтың жайбарақат басу айтуы кішкене қызметкердің алабұртқан көңіліне керемет шипалы әсер етті: толқығанын ұмытты, үркектігін, секемшілдігін ұмытты. Байыппен оқыды. Оязнай әлсін-әлсін ызалана үзіп отырған, оған да үйреніп алды. Елең қылмастан, ұлықтың ашулы қыстырма лебізі біткенше аялдай тұрады да, түк естімегендей, оқуын жалғастыра береді... Байсалды түрде, аспай-саспай, бірқалыпты сарынмен, тілекнама қағазды аяғына дейін түгел оқып берді. Оныншы тарау 1. Жәрмеңке үлкен омарта секілденіп уілдеп жатты. Сауда қатарларында, түрлі тынығу орындарында бас қосқандар аузында – өздеріне осында келгенде мәлім болған соңғы жаңалықтар. Осы жерге орталықтағы өмірден тіл алып келгендер. Солардың қатысуымен болған оқиғалар. Білетіндер солардың бәрінің теңдік сұрауға талпыныс жасауға апаратыны жайында болжам жасады. Мұның үлкен істің бастауы екенін, сондықтан ондай талпынысқа халық болып қолдау көрсету керектігін айтты. Өйткені, арнайы жиналған оқымысты қауым пәлен күннен бері осы мәселені күйттеп жүрген көрінеді. Күн сайын әр үйде, әр жерде бас қосып, талқылайтындары сол мәселе екен. Айтатындары ел мүддесі дейді. Азаттық, теңдік дейді. Сол орайда елдің мұқтаждықтарын айтып, патшаға хат жазыпты дейді. Біреулер сол хаттың мазмұнын әңгімеледі. Енді бір жерлерде кей жігіттер жұртқа соны тікелей оқып таныстыруға кіріскен. Ал бұл кезде Қоқымбаев сол тілекхатты – үкімет басшысына арналған петиция мәтінін – үйез бастығы алдында нақышына келтіріп оқи бастады:
– “В настоящее время, когда вся Россия заявляется о необходимости полного переустройства своей жизни, киргизские степи, связанные судьбою с Россией, не могут оставаться безучастными к переживаемым ею событиям и не заявлять о своих назревших нуждах”.* Ояз бастығы қабағын түйді. – Неткен жүгенсіздік! – деп столды ұрып қалды. – Қандай мұқтаждық бар екен бұратанада?! Үн-түнсіз терең бір тыныстап, Қоқымбаев ұлықтың зәрі тарқауын тосты. Ақыры оның тыңдауға бейімделгенін қабағының астынан аңдай қалды да, мәтінге үңіліп, оқуын сабақтай жөнелді. – “Благодаря обрусительной политике киргизы в последнее время настолько стеснены в своих религиозно-духовных делах, что они не могут сделать шага без разрешения администрации. Права давать или не давать разрешения на постройку мечетей, на открытие мусульманских школ, на паломничества в Мекку и прочее законом предоставлено администрации”.** – Ал бұратаналарша қалай болмақ екен? – деп ақырды оязнай. – “Но с каким трудом на практике даются эти разрешения, – құдды айқайды құлағы шалмағандай, біркелкі сарынмен, қолындағы қағаздан көзін алмаған қалпы, Қоқымбаев заулатып оқып жатыр, – как часто ходатайство о постройке мечетей, об открытии медресе и мектебе оставались без ответа. Трудно перечислить все те стеснения, которым подвергались в последнее время религиозные–духовные дела киргиз”.*** – Шіркіндердің кінәмшілін! – Ұлық тісін шықырлатты. Жансызы онысына назар аудармады. Басын қағаздан көтермей жалғастырды: – “Очень тяжело отзываются последствия подобных насильственных действий администрации в сфере религиозной мысли народной массы, которыя не может индиферентно относиться к вопросам веры и совести”.**** Оссовский тістеніп отырған қалпы, саусақтарын шыдамсыздана жыбырлатып, столды тықылдатты. – Тобырыңа жан бітейін деген екен ғой! Солай ма, Қоқымбаев мырза? Қоқымбаев мырза бүлк етпей, жауап орнына, қолжазбадан көз алмаған беті, мәтінді мәнерлеп оқи берді. ------------------------ * “Күллі Ресей өз тұрмысын толығынан кайта құру қажеттігін айтып жатқан казіргі уақытта, тағдыры Ресеймен қосақталған қазақ даласы онда болып жатқан оқиғаларға селсоқ қарай алмайды, сөйтіп, өзінің толғағы жеткен мұқтаждықтарын айтпай тұра алмайды”. ** “Орыстандыру саясаты нәтижесінде қазақтардың кейінгі кезде өздерінің діни–рухани істерінде көріп жүрген қыспағы сондай, әкімшіліктің рұқсатынсыз қадам баса алмайды. Мешіт салуға, мұсылман мектептерін ашуға, Меккеге құлшылық жасап хажға баруға және басқа да тәртіптер бойынша рұқсат ету немесе рұқсат етпеу құқтары заң бойынша әкімшілікке берілген”. ***“Іс жүзінде мұндай рұқсаттарды алу қандай қиындыққа түседі десеңізші, мешіт салу, медресе мен мектеп ашу жөніндегі өтініштер жиі-жиі жауапсыз қалады. Қазақтардың діни-рухани істеріне кейінгі кезде жасалып келе жатқан қысымшылықтардың бәрін тізбелеп шығу қиын”. **** “Діни ой саласында әкімшілік жасап отырған мұндай зорлық әрекеттер салдары ар-ождан мәселесіне бейтарап қарай алмайтын халықтың қалың бұқарасына аса ауыр тиюде“.
– “Не считаясь ни интересами народа, ни его историческими правами, преследуя лишь одну обрусительную политиқу, местная администрация стремится к уничтожению всего того, что стоит на пути этой политики. Администрация упустила совсем из виду, что киргизские степи не завоеваны, а добровольно перешли в подданство России”.* – Ах, кісімсуін қарай гөр мына номадтың! Ресейдің қоластына өз еркімен кірмегенде қайтпек? Қайда қашып құтылмақшы екен? Боданмын демесе – басы қағылар еді. Жан сақтаудың жалғыз жолы – орыс қаруы алдында тізерлеп тұрып, орыс билігін мойындау-тын. Солай ма, Қоқымбаев? Қоқымбаев оған жүзін бұрмастан басын изей салып, петиция мәтінін жалғастырып оқып кетті. Үйез бастығының көзі де, құлағы да тілмашта. “Әйтсе де, бұл киргиз оқымыстылары не деген мәймөңке қулар! – деп, іштей зу еткізіп бір ойлап қойды. – Шүйгін жердің бәрін орыс қаруының айбынымен тартып алғанымызды біле тұра, жер-суын қорғағысы келген бұратана біткенді қызыл қырғынға ұшыратқанымызды да біле тұра – “өз еркімізбен Россияға қосылдық” деп жампаң-жампаң етеді. Сөйдесек – мүсіркер, қаһарға ұшырамаспыз деген жағымпаздықтары да...“ – “Киргизы приняли русское подданство в видах внешней защиты, не предполагая какого-либо вмешательства во внутренние дела, в насильственном же вторжении государства в сферу религиозных дел киргизы видят явное посягательство на их веру и относятся с недоверием к действиям правительства вообще и к открываемым им школам в частности”.** Ұлықтың қаны қайнап отыр. Бірақ бұл жолы Қоқымбаевты бөлген жоқ. “Батылын қара мына тузем оқығандарының! – деп кіжіне ойлады. – Ай, патша-әкетайым, тым кеңсің-ау, осы дала жабайыларына тым жаның ашиды-ау... Ех!” – “Таким образом, плохо понятая и неуместная обрусительная политика, запрещая мусульманские школы и не завоевав доверие народа к русским школам, принесла только вред, задерживая развитие духовной силы народа”.*** Оязнай столды саусағымен ақырын тықылдатып отыр. “Құдайым менің! Ұлы мәртебелі император ағзам, естісең ғой мына мүскіндерді, – осындағы бодан бұратаналарың өздерін халықпыз дейді... оны азсынсаң – рухани күш туралы аспани сөз қозғайды... О құдай! ” --------------------- *“Не халықтың мүддесімен, не оның тарихи құқтарымен есептеспей, тек қана орыстандыру саясатын көздеген жергілікті әкімшілік осы саясат жолында тұрғанның баршасын жойып жіберуге тырысуда. Қазақ даласының жаулап алынбағанын, керісінше, Ресейдің бодандығына ерікті түрде көшкенін әкімшілік мүлдем естен шығарған”. ** “Қазақтар сырттағы жаудан қорғану мақсатында орысқа бодан болды, олар өздерінің ішкі істеріне әлдеқандай қол сұғып араласу жасалар-ау деп ойланған жок. Сондықтан да діни істер саласына мемлекеттің күш қолдану арқылы зорлықпен сұғынуын қазақтар өздерінің құдайға иланымына, дініне жасалған ашық қастандық деп ұғады, сөйтіп, үкіметтің жалпы іс-әрекеттеріне, оның ішінде, атап айтқанда, ашып жатқан мектептеріне сенімсіздікпен қарайды”. *** “Сонымен, нашар түсінілген әрі тым келеңсіз орыстандыру саясаты мұсылман мектептеріне тыйым сала отырып, орыс мектептеріне деген халық сеніміне ие бола алмай, халықтың рухани күшінің дамуын тежеп, тек қана зиян тигізіп отыр”.
– “Насколько обрусительная политика вредна культурному развитию киргизского края, – деп мәнерлей оқып жатты тілмәш, – настолько существующий порядок обезземеления киргиз вреден для их благосостояния. Экономическое положение в степи таково, что степь кормит скот, о скот кормит киргиз. Где скот сыт, там и киргиз сыт; где земля богата кормом, там и киргизы богаты”.* “Қарай гөр шіркіндердің пиғылын! – деген кекесінді ой жарқ етті Оссовскийдің санасында. – Жер жарықтық бірінші кезекте бұратананы емес, орысты асырауға тиіс! жердің тап сол тұрғыдан мемлекет меншігіне алынғандығын осынау “ғалым“-туземецтердің парықтай алмағандары-ау”! Қоқымбаев жалғастыра оқуда. Үні бірте-бірте қатайып келеді. – “Считая землю своей собственностью, приобретенную қровью отцов, занявших степь после кровавых продолжительных столкновений с калмыками, киргизы, при вступлении в русское подданство, не подумали, что государство позволит себе посягнуть на народную собственность, а между тем русское правительство создало законы, по которым без всякой мотивировки, просто по праву сильного все киргизские земли признаются государственной собственностью...”** – М-да-а... – Маңғаз кейіпті үйез бастығы саусақтарын шытырлатты. – Енді қалай! Тілмәш даусын көтере оқуда: – “... последствием чего создалось переселенческое движение в киргизскую степь, и самые лучшие земли отошли к переселенцам, а худшие остались за киргизами”. *** Ұлық суық езу тартып қойды. “Іштері күйіп барады де туземец-оқымыстылардың... Жандары шығуын...” – “Естественно, такая качественная и количественная убыль земли не могла не отразиться на благосостояние киргиз-скотоводов”. **** “Паһ, байқампаздарын! ” – “... заметное в последнее время обеднение населения объясняется именно насильственным отбиранием лучшей земли без всякого за то вознаграждения и с явным ущербом хозяйству коренного населения”. ***** --------------------- * “Қазақ, өлкесінің мәдени дамуына орыстандыру саясаты қаншалықты залалды болса, қазақтарды жерден айыру жөніндегі казіргі тәртіп олардың дәулеті үшін соншалықты зиянды. Даланың экономикалық жағдайы мынандай: дала малды асырайды, ал мал қазақтарды асырайды. Мал тоқ жерде қазақ та тоқ, пішенге бай жерде қазақ та бай”. ** “Қырды ұзаққа созылған шайқастардан соң қалмақтардан қорғап қалған ата-бабаларының қанымен келген меншігі ретінде санайтын қазақтар орыс бодандығын қабылдай отырып, мемлекет халық меншігіне қол сұға қояр деп ойламап еді, алайда орыс үкіметі ешқандай дәлелді себеп келтірместен, әншейін күштінің құқымен белінен басып, барша қазақ жерін мемлекет меншігі деп жариялаған заңдар қабылдады”. *** “Соның салдарынан қазақ даласына қоныс аудару қозғалысы басталды, ең шұрайлы жерлер мүғажырларға (переселендерге) әперіліп, қазақтарға ең құнарсыз жерлер қалдырылды”. ****“Жер-судың мұндай сапалық және сандық тұрғыдан азайып-кеміп кетуі, әрине, малшы қазақтың дәулетіне, хал-ахуалына әсер етпей қалған жоқ”. **** “...кейінгі кездері халықтың көпе-көрнеу жоқшылыққа ұшырауының байқалуын тап осы жақсы жерлерді зорлықпен тартып алумен түсіндіруге болады, жерлер ешқандай сый–ақы төленбестен, жергілікті халықтың шаруашылығына ашықтан-ашық нұқсан келтіре, тартып алынуда”.
– Сонда қалай болғаны, Қоқымбаев мырза? Мемлекет өз жерін өзі киргиз боданнан сатып алуға тиіс демек пе ана крамольник? Қоқымбаев иығын қозғап қойды да, оқи берді: – “Говоря короче, введение в стране “Степного Положения”, созданного бюрократическим путем без всякого соображения с истинными потребностями населения, неуважение к закону со стороны администрации, ставящего на место закона свое усмотрение, полное пренебрежение к правам личности и к чувству человеческого достоинства, административное насилие, вторгающееся во все стороны жизни, пренебрежение духовными и экономическими интересами, искусственно поддерживаемое невежество народной массы, все это привело население к обеднению и его культурное развитие к застою”.* Бір орнынан тапжылмай, құжатты тынымсыз оқып отырған Уақбай тілмаш тұңғыш рет өз еркімен тоқтап, тыныс алды. Келесі парақты аудармақ болып еді, қолы қарысып қалған екен – саусақтарын әзер қыбырлатты. Көзін жұмып, мойнын бұрады, қолын сілкіледі. – Болды ма? – деп шаңқ ете түсті ояз бастығы. Қоқымбаев бойын жиып алды. – Жоқ, мәртебелі мырза... – Тілекнаманы салдырлата парақтап қалды. – Бұдан ары мұнда шұбатылған ұзақ талаптар тізілген... Оссовский жез мұртын бір қайқаң еткізіп: – Оқыңыз! – деп шыдамсыздана ақырып жіберді... ------------------------ * “Қысқасын айтқанда, халықтың шынайы мұқтаждығымен ешқандай да санаспай, бюрократтық жолмен жасалған “Дала Ережесін” өмірге енгізу, әкімішілік тарапынан заңды сыйламаушылық, заңның орнына өз қалауын қою, жеке адам құқтары мен адамгершілік сезімін елемеушілік, тұрмыстың бар саласына қол сұққан әкімгершілік зорлық, бұқараның рухани және экономикалық мүдделерін менсінбеу, халықты қолдап надандықта ұстау, – міне осының бәрі жергілікті жұрттың кедейленуіне және оның мәдени дамуын тоқырауға әкеліп соқты”.
2. Оссовский сабасына түскен сықылды. Кеудесін кере тыныстап, Қоқымбаев: – Мәртебелі мырзам, бұратаналар талап қоюды мынандай сөздермен бастапты, – деді де, қағазға үңілді. – “Для приведения и предоставления народу возможности поднять свое экономическое положение, необходимо устранение нижеследующих недостатков нынешнеғо управления киргизским краем и принятие соответствующих современным условиям жизни населения мер. Первое. По действующему “Степному Положению” 25 марта 1891 года – духовные дела киргиз находятся в ведении Министерства Внутренних Дел. Местная администрация за последнее время приняла ряд репрессивных мер. Например, в 1903 году были произведены обыски у известных киргиз в Петропавловском, Кокчетавском, Павлодарском и Семипалатинском уездах и при этом были арестованы библиотеки, до сих пор не возвращенные хозяевам их. При чем киргиз Кокчетавского уезда Наурузбай Таласов и Шаймерден Кочегулов были административно высланы, первый в Енисейскую губернию, второй в Якутскую область за религиозные убеждения.
По 99 статье “Степного Положения” на открытие медресе (школ) и постройку мечетей, требуется разрешение Степного Генерал-Губернатора. Между тем не только не разрешается открытие новых школ и постройка мечетей, но администрация закрыла существующие мектебе в городах Семипалатинске и Кокчетаве. По этому же “Степному Положению” ведение метрических книг находится в руках аульного (сельского старосты) почти всегда безграмотного. При получении заграничного паспорта крестьянские начальники задерживают за недоимки, остающиеся за обществом и волостью. В виду изложенного необходимо: свобода совести, свобода вероисповеданий, организация особого для киргиз Степного края выборного духовного управления... ” * Бірінші. Қазір күшінде тұрған 1891 жылдың 25 наурызындағы “Дала Ережесі” бойынша – қазақтардың діни шаруалары Ішкі істер министрлігінің қарауында. Жергілікті әкімшілік соңғы кездері бірқатар жазалау шараларын қолданды. Мысалы, 1903 жылы Петропавл, Көкшетау, Павлодар, Семей үйездеріндегі белгілі қазақтардың үйлеріне тінтулер жүргізілді. Тінту кезінде олардың кітапханалары қамауға алынған еді, солар күні бүгінге дейін иелеріне қайтарылған жоқ. Көкшетау үйезінің қазақтары Наурызбай Таласов пен Шәймәрден Қосшығұлов өздерінің діни сенімдері үшін – алғашқысы Енисей губерниясына, екіншісі Якут облысына әкімшілік жолымен жер аударылды. “Дала Ережесінің” 99-ші бабы бойынша медреселер ашуға және мешіттер салуға Дала генерал-губернаторының рұқсаты керек. Алайда жаңа мектеп ашу мен мешіт салуға мұндай рұқсаттың берілмейтіні былай тұрсын, әкімшілік Семей және Көкшетау қалаларындағы мешіттердің жандарында жұмыс істеп тұрған мектептерді жауып тастады. Осы “Дала Ережесі” бойынша метрикалық кітаптарды жүргізу әрдайым дерлік сауатсыз ауылнайдың (аульный, село старостасы) қолына берілген. Қауым мен болыс тұрғындарынан салық түгел жиналмағаны үшін крестьян бастықтары қазақтарға шетелге шығу төлқұжатын (паспортын) беруді кешеуілдетеді. Жоғарыда айтылғандардан мынандай қажеттіліктер туындайды: ождан бостандығы, дін бостандығы, айрықша Дала өлкесі қазақтары үшін сайланатын діни басқарма ұйымдастыру...” Оязнай мейлінше шыдаммен тыңдауға тырысқандай, дегенмен, қыспақ түрлері санамаланған сайын, әлсін-әлсін ысылдап: – Неткен жүгенсіздік! – деп отырды. – Бұратана калбит! – “...независимо от ведомств установление явочного порядка постройки школ и мечетей и отмена цензуры на духовные книги на киргизском, татарском и арабском языках, передача метрических записей в органы духовного управления и установление законного порядка выдачи заграничных паспортов”.** ------------------------ * “Халыққа өзінің экономикалық жағдайын көтеруге мүмкіндік беру үшін өлкені басқарудағы төменде көрсетілген кемшіліктерді жою керек және халықтың казіргі тұрмыс ахуалына сай шаралар қолдану қажет. ** “...мектептер мен мешіттер салуды ведомстволардан тәуелсіз ету, қазақ, татар және араб тілдеріндегі діни кітаптарға қойылған цензураны қайтып алу, метрикалық жазбалар жүргізу жұмысын діни басқарма органдарына жүктеу және шетелге шығу паспорттарын беруге заңды тәртіп белгілеу”.
Осы талап оқылғанда, шыдай алмай: – Қоқымбаев мырза, – деді, – мына данышпандарыңыз сөйтіп өкімет бақылауынан шығып кетуден де үміттенер, ә? Уезд бастығының мысқыл атқан жүзіне жасқана бір қарап алып, тілмәш ақырын ғана иығын қозғалтты. Сосын ернін жалап жіберіп: – Мәртебелі тақсыр, екінші тармақты оқиын, – деді де, тілекнаманы көзіне тақалта көтерді. – “С 1902 года в Степном крае открыты так называемые аульные школы для киргизских мальчиков. В этих школах преподавание ведется на киргизском языке, киргизы просили, что в означенных школах преподавалась также киргизская грамота, но в этом им было отказано. В школах этих учат детей писать киргизские слова русскими буквами, которые не передают киргизской фонетики”.* Оязнай, яғни уездный, үйез әкімі сол сөздер құдды өзінің жансызы Қоқымбаевтан шығып тұрғандай, оған қадала қарап: – Ах, қандай трагедия! – деп мысқылдай мырс етті. Тілмәш көзін төмен салып, біраз уақыт үндемей тұрды. Қожайынының сабасына түскенін аңдап барып, оқуын жалғастыра жөнелді. – “Отказ в ходатайстве иметь учителя для преподавания киргизской грамоты и введение русского алфавита в киргизское письмо киргизы поняли в том смысле, что аульные школы преследуют нежели просвещения, а чего то неизвестного и вследствие этого они отказались отдавать своих детей в эти школы. Первый комплект учеников в аульные школы набирался под давлением административных властей из детей бедных киргиз или сирот, родственникам которых общество отпускало особую сумму, т. е. учеников в аульные школы нанимали”.** Оссовский мұртын ақырын сипап, әжуәлі түрмен күліп қойды. Ха-ха! Бұларға жақсылық жақпайтын болды ғой! Хат танытқанға наразы ғой өздері! “Бұратанаға бәрі мәлім бола беру керек пе екен, – деді сосын іштей. – Балаларын мектепке жалдап оқытсақ – көздерін ашсақ дегеніміз, соған алғыс айтсын, ал оның астары тек өзімізге мәлім...” – “С начала 1880 года во всех городах Степного края существовали интернаты для киргизских детей, где при среднем комплекте на интернат 30 человек, жили 300 человек, которые учились в приходских и городских училищах. В 1890 году интернаты были преобразованы в Сельско– хозяйственные школы, в которых не было и до сих пор нет никакой потребности в степи. -------------------------- * “1902 жылдан бері Дала өлкесінде қазақ балалары үшін ауыл мектептері ашылды. Бұл мектептерде сабақ қазақ тілінде өтеді, қазақтар мұнда қазақша сауат сабағын оқытуды да өтінген еді, бірақ бұл өтініш орындалмады. Осы мектептерде қазақ балаларын қазақ сөздерін орыс әріптерімен жазуға үйретеді, ал олары қазақ фонетикасын толық жеткізе алмайды”. ** “Қазақ тілінің мұғалімін ұстау туралы өтініштің канағаттандырылмауын және қазақ жазуына орыс алфавитінің енгізілуін қазақтар ауыл мектептерінің ағарту мақсатын емес, басқа бір беймәлім мұратты көздегені деп ұқты, соның нәтижесінде балаларын бұл мектептерге беруден бас тартып отыр. Шәкірттердің алғашқы тобы ауыл мектептеріне жергілікті өкіметтің қысым көрсетуі арқылы кедей қазақтардың балалары мен жетімдерден жиналды, олардың туыстарына қоғам айрықша қаржы бөлді, яғни ауыл мектептерінде оқыту үшін шәкірттерді жалдап алды”.
Несмотря па пятнадцатилетнее существование сельскохозяйственных школ, из них не вышел ни один сельский хозяин и ни один профессиональный работник по сельскому хозяйству. Как ученики сельскохозяйственных школ, так ученики бывших интернатов составили контингент интеллигентных киргиз, в чем нельзя не видеть потребности в киргизской степи в общем, а не профессиональном о6разовании”.* “Бұл интеллигентсымақ-крамольниктер жұмыс істеудің орнына, бұратана-тайпалар ішінде бұзық пікір таратуға құмар. Сайрауларын...” – “С 1880 года упразднен киргизский пансион при Омской гимназии, в которой воспитывались 25 человек. Немногие киргизы, получившие высшее образование, воспитанники этого пансиона. Ученики упомянутых интернатов и сельскохозяйственных школ продолжали свое образование в Омской центральной фельдшерских и ветеринарных школах”.** “Ендеше наразылықтарына жол болсын? Одан артық тағы қандай оқу керек боп қалыпты бұл туземец-жабайыларға? ” – “Киргизские дети с закрытием гимназического пансиона потеряли возможности поступать в гимназии, следовательно получать высшее образование”.*** – Алда, бишаралар-ай! – Оязнай мырза, мына бір жерде сіздерге де жала жапқан, тыңдаңыз: “Местная администрация, в распоряжении которой находятся киргизские стипендии, находит возможным выдавать эти стипендии не киргизским детям, а детям других сословий. Между тем спрос со стороны киргизского населения на образование огромный, о чем свидетельствует масса киргизских детей, обучающихся в городских училищах на свои средства, несмотря на обременительность этого расхода для киргизского скотоводческого хозяйства”.**** -------------------------------- * “1880 жылдың басынан бері Дала өлкесінің барлық қалаларында қазақ балалары үшін ашылған интернат бар еді, бұларда барлығы, әр интернатта орта есеппен 30 адамнан есептегенде, 300 бала тұратын, олар шіркеу және қала училищелерінде оқитын. 1890 жылы интернаттар ауыл шаруашылығы мектептеріне айналдырылды, ал бұлар Далаға бұрын да керексіз-тін, күні бугінге дейін де ешқандай қажет емес. 15 жылдан бері жұмыс істеп тұрғанына қарамастан, осы ауыл шаруашылығы мектептерінен бір де бір ауыл қожайыны, бір де бір ауыл шаруашылығының маман қызметкері шыққан жоқ. Ауыл шаруашылығы мектептерінің де, сол сияқты бұрынғы интернаттардың да шәкірттері интеллигент қазақтар қатарын құрады, бұдан қазақ даласының кәсіптік білімге емес, жалпы білімге мұқтаждығын көрмеуге болмайды”. ** “Омбы гимназиясы жанындағы 25 кісі тәрбиеленіп келе жатқан қазақ пансионы 1880 жылдан жабық,. Жоғары білім алған аз қазақ осы пансионда тәрбиеленгендер арасынан шыққан. Әлгінде аталған интернаттар мен ауыл шаруашылығы мектептерінің оқушылары одан әрі білім көтеруді Омбыдағы орталық фельдшерлік және мал дәрігерлік мектептерде жалғастырды”. *** “Қазақ балалары гимназия пансионы жабылуына байланысты гимназияға түсу мүмкіндігінен айрылды. Демек, жоғары білім ала алмайды. **** Жергілікті әкімшілік қарамақтарындағы қазақ стипендияларын қазақ балаларына емес, басқа сословиенің балаларына береді. Ал қазақ халқының білімге құштарлығы ересен, бұған қала училищелерінде өз қаржыларымен оқып жатқан қазақ балаларының көптігі куә, олар мұндай шығынның қазақтың мал шаруашылығына қатты бататынына қарамастан оқуға тырысуда”.
Оязнай мырза немқұрайлы жүзбен қолын сілтеді. Оқи бер дегені. “Пысықтарын... Үкіметтің ақшасынан дәметеді... Сатсын мыңғырған қойы мен жылқысын! Бұратананы да тегін оқытпақшы ма екенбіз?! ” Құлағын түрді: арызқойлар тым тереңдеп барады... – “В виду изложенного необходимо: правильная постановка просветительского дела в киргизской степи, для чего нужно допущение в аульных школах преподавание киргизской грамоты, преподавание в этих школах на языке детей и объязательное изучение государственного языка, восстановление упраздненных интернатов и пансиона при Омской гимназии, а также открытие пансиона для киргизских детей при Семипалатинской гимназии, увеличение числа существующих стипендий для поступлений в профессиональные школы и высшие учебные заведения. Для немедленного удовлетворения вышенамеченных просветительских нужд мог бы служить земский капитал киргиз Семипалатинской области, достигшей 80.000 рублей и находящийся в распоряжении местной администрации, которая безпроцентно ссужает этим капиталом третьих лиц. Например, выдана безпроцентная ссуда в размере 47.000 рублей на 23 с половиной лет на постройку дома для военного губернатора Акмолинской области”.* – Оһо! Оссовскийдің дауысы еріксіз қатты шығып кетті. Әлде таңырқағаны, әлде ашуланғаны белгісіз боп, тына қалды. Қоқымбаев іркілген жоқ. – Енді үшінші тармағын оқиын, жоғары мәртебелім... “Для выяснения текущих нужд киргизског народа необходимо издание газет на киргизском языке, для чего требуется установление явочного порядка на издание газет без предварительной цензуры и на открытие типографии”.** Оязнайдың жұдырығы түйіліп кетті. Кіжініп: – Қандай бассыздық! – деді. – Тағы не керек дейді?! -------------------------------- * “Осы айтылғандарға орай: қазақ даласындағы ағарту ісін дұрыс жолға қою керек, ол үшін ауыл мектептерінде қазақ, тілін оқытуға рұқсат етіп, бұл мектептерде сабақты балалардың өз тілінде жүргізу керек, міндетті мемлекеттік тілді оқыту жөн, жабылған интернаттар мен Омбы гимназиясы жайындағы пансионды қайта ашу қажет, сондай-ақ, Семей гимназиясы жанынан да қазақ балалары үшін пансион ашып, кәсіптік мектептер мен жоғары оқу орындарына түсуге арналған қазіргі бар стипендиялардың санын көбейту қажет. Оқу-ағарту ісінің жоғарыда көрсетілген мұқтаждықтарын шұғыл қанағаттандыру мақсатына Семей облысы қазақтарының земстволық қаражаты қызмет ете алар еді, қазір 80 мың сомға жеткен бұл сома жергілікті әкімшіліктің билігінде тұр, әкімшілік болса осынау қаражатты үшінші біреулерді өсім талап етпей-ақ қаржыландырып отыр. Мәселен, Ақмола облысыныц әскери губернаторына үй салу үшін 47 мың сом өсімсіз несие ретінде 23 жарым жыл мерзімге берілген”. ** “Қазақ халқының күнделікті тыныс-тіршілігінен хабардар болып отыру үшін қазақ тілінде газет шығару ләзім, ол үшін газетті алдын-ала цензурадан өткізбей-ақ шығару тәртібін белгілеу керек, сондай-ақ, баспахана ашуға да сондай тәртіп қажет”.
– Төртінші. “За последние 15 лет происходит колонизация Степного края. С каждым годом земли, находящиеся в пользовании киргизов, уменьшаются. Скотоводческое хозяйство по существу своему не может не быть экстенсивным и требует обширных пастбищ для своего существования. Под переселенческие участки отнимаются лучшие угодья и пресноводные источники, поэтому необходимо признать земли, занимаемые киргизами, их собственностью”. * “Көздерінің ашығын! Тапқан екен! ” – Бесінші. “Управление государственными имуществами в Степном крае производит отмежевание дач единственного владения казны, при этом киргиз выселяют от их прадедовских зимовок. Ввиду этого необходимо, чтобы киргизы не выселялись прн отмежевании указанных дач и оставлялась защитная полоса, ширина которой должна быть определена при участии киргиз. 6. Действующее “Степное Положение” не соответствует современным условиям киргизской жизни. Не вдаваясь в подробности, можно указать на статью 120 “Степного Положения”, по которому земли признаются находящими в общественном пользовании, между тем зимние пастбища, называемые “кыстау”, служат предметом дара или продажи по желанию единичного хозяина или несколько кибитковладельцев. Поэтому необходимо изменение “Степного Положения” при участии депутатов из киргиз, без чего оно будет безжизненно. 7. В волостных канцеляриях делопроизводство ведется на русском языке. Вследствие отсутствия контроля со стороны населения...** 6. Бүгінде күшінде тұрған “Дала Ережесі” қазақ өмірінің қазіргі жағдайына сәйкес келмейді. Егжей-тегжейіне тереңдемей-ақ, Дала ережесінің” 120-шы статьясын алайық – бұл баб бойынша жерлер қоғамдық пайдалануда тұр деп танылады, ал іс жүзінде “қыстау” деп аталатын қыстық жайылымдар жеке қожайынның немесе бірнеше түтін иесінің еркі бойынша не сыйға беріліп, немесе сатыла береді. Сондықтан да “Дала Ережесіне” қазақтардан сайланған депутаттардың қатысуымен өзгерістер енгізу қажет, онсыз бұл ереже өміршең болмақ емес. 7. Болыстық кеңселерде іс қағазы орыс тілінде жүргізіледі. Тұрғындар тарапынан бакылаудың жоқтығы себепті...” “Мына бұратана-интеллигентсымақтарың не тантып барады? – Оссовский бір қайнап, бір сабасына түсіп отырған қалпы, үн-түнсіз ойланып қалды. Тілмәшқа ежірейе көз тікті. – Рахаттана оқуда, калбит! ” ----------------------------- * “Кейінгі он бес жылда Дала өлкесін отарлау жүріп жатыр. Қазақтар пайдаланып отырған жерлер жылдан жылға азая тусуде. Мал өсіру шаруашылығы өзінің жаратылысанан экстенсивті бола алмайды, оған кең жайылым қажет. Ал шөбі шүйгін, шабындығы мен тұщы суы мол жерлер мұғажырлық (переселен) учаскелеріне арнап тартып алынуда, сондықтан да қазақтар отырған жерлерді олардың меншігі деп қарау керек”. ** “Мемлекет меншіктері басқармасы Дала өлкесіндегі қазына дара билік жүргізетін жерлерді межелеп бөліп алып жүр және бұл жұмыс кезінде қазақтарды ата–бабаларының қоныстарынан қууда. Осы орайда былай ету қажет: қазына жерлерін межелеп бөліп алу кезінде қазақтар жер аударылмасын, екі арада – кеңдігі қазақтардың қатысуымен анықталатындай мөлшерде қорғаушы жолақ қалдырылсын.
– “... последнее служит предметом эксплуатации писаря волостного управителя (волосного старшины). По особому распоряжению Степного Генерал-Губернатора приговоры и решения на чрезвычайных съездах народных судей пишутся на русском языке, что ведет к необычайному злоупотреблению писаря, вследствие отсутствия контроля судей и сторон”.* “Дегенмен дәл аңдаған мына иттер... Осы Қоқымбаев тәрізділер ғой айтып отырғандары, ал бұл ондай істің өзіне қатысы жоқтай, бейтарап түр көрсетіп отыр ма, қалай... Жоқ, жала жауып тұр дейтіндей наразылығы да байқалмайды...” Оязнай жансыз-тілмәшқа сынай қараған қалыпта, әрі оны мұқият тыңдап, әрі қилы ойға батып отыр. Анау оқи түсуде. – “По штату действующего “Степного Положения” полагаются переводчики киргизского языка в уездах и Областных правлениях. Между тем местная администрация должность переводчика замещает русскими чиновниками, не знающими киргизской грамоты, а иногда языка, прибегая в случае надобности к услугам третьих лиц”. ** “Шіркіндердің теңдеспек ойын-ай... заңшылын қарай гөр өздерінің...” – “Иные крестьянские начальники не принимают прошение на киргизском языке, что заставляет киргиз обращаться к подпольным адвокатам без всякой пользы для своего дела”.*** “Орысша білмесе – зиянын шеге берсін, онысы несі-ей...” Оязнай мырс етті. Шығындалғысы келмесе – тез мемлекет тілін үйренсін... Қабағын түйді. Бұратананы орыстануға мәжбүрлеудін төте әрі нәзік әдісін оңбағандар түсініп қойған екен. Байбаламдауларын... – “В интересах киргиз необходимо: введение делопроизводства в волостных канцеляриях и народных судах на киргизском языке, замещение должности переводчиков людьми, знающими киргизский язык и грамоту и восстановление нарушенных прав киргиз подавать прошения на своем родном языке”**** --------------------------- * “...іс қағазын орысша жүргізу болыс басқарушысы (болыс старшыны) писарьпесірінің тұрғындарды қанаумен айналысуына жағдай туғызып отыр. Дала Генерал-Губернаторының айрықша жарлығы бойынша халық соттарының төтенше съездеріндегі үкімдер мен шешімдер орыс тілінде жазылады, ал бұл судьялар мен тараптар жақтарынан бақылау болмағандықтан, песірдің міндетін асыра пайдаланып, шектен шыққан қиянат әрекеттер жасауына мүмкіндік беріп отыр”. ** “Күшінде тұрған “Дала ережесі” белгілеген штат бойынша үйездер мен облыстық басқармаларда қазақ тілі аудармашылары болуға тиіс. Алайда жергілікті әкімшілік тілмәш қызметіне қазақтың жазуын, кейде тіпті тілін де білмейтін орыс чиновниктерін алады, ал тым қажет болған жағдайда үшінші біреулердің көмегіне жүгінеді”. *** “Кей крестьян (шаруа) бастықтары қазақ тілінде жазылған арыз–шағымды қабылдамайды, мұндай жәйт қазақтарды істеріне еш пайдасы жоқ астыртын адвокаттар жалдауға мәжбүр етіп жүр”. **** “Қазақтар мүддесі үшін былай ету керек: болыс кеңселері мен халық соттарында іс қағазын қазақ тілінде жүргізу енгізілсін, аудармашы қызметіне қазақтың жазуы мен тілін білетін адамдар алынсын, қазақтардың арыз-шағым, өтініштерін өздерінің туған, ана тілінде беруі жөніндегі бұзылған құқтары қалпына келтірілсін”.
“Ого-го! Бұратана киргиз бара-бара менің де өздерінше сөйлеуімді талап етер мына түрімен?! Грамотеи! ” – “8. Необходимым условием правильного отправления правосудия является знание судом языка народа, которому он служит”.* “Заңқой бұратаналар! Тағы қандай тас лақтырмақ? Керісінше неге ойламайды екен? Туземец өзінің билеушісінің тілін білу керек емес пе екен сонда?!” – “Между тем в киргизской степи служат судьями и следователями русские, не знающие язык народа, а киргизские юристы почему-то не назначаются в уезды с киргизским населением, от чего страдает дело правосудия в Степном крае”. ** “Міне қайда мәселе! Вот где зарыта собака! Жабайы бұратаналар! ”: – “Поэтому необходимо, чтобы судьи знали киргизский язык и чтобы был введен суд присяжных в киргизской степи”.*** – М-да-а... – Ұлық тілмәш әм жансыз-тыңшы міндетін мүлтіксіз атқарып жүрген Қоқымбаевқа тесіле қарап отыр. – “9. В 1902 году в Степном крае стал действовать институт крестьянских начальников, которые не принося никакой пользы населению, увеличили число чиновников, вместо одного уездного начальника на уезд – стало четверо, отчего увеличили административные стеснения населения”. **** “Ах, арызқойлар! Бұларды, сонда, империялық қырағы көзді жұма тұрып, өз еріктеріне, бетімен жіберу керек екен ғой? Қара...” – “В 1905 году обещан также институт урядников, в услугах которых степь никогда не нуждалась и не нуждается”. ***** “Сұрайды екенбіз-ау бұл нақұрыстардан! Миғұлалар, урядник институты сендерге емес, бізге керек, сендерді өз билігімізде тұқырта түсу үшін керек! Үкімет шешімін ревизиялауға құмарын бұлардың! ” Алайда «миғұлалар» жәй «ревизиямен» шектелмей, талап қоя бастады. Мына жансыз-тілмәш оны келістіре, әмір іспеттендіріп, нәшіне келтіре оқуда, подлец... – “... в виду этого необходимо отмена институтов крестьянских начальников и урядников”. ****** -------------------------------- * “8. Құқықтық сотты әділ жүргізуге қажетті шарт – соттың өзі қызмет көрсетіп жүрген халықтың тілін білуі болып табылады”. ** “Алайда қазақ даласында бұл халықтың тілін білмейтін орыстар судья жәнө тергеуші боп істеп жүр, ал қазақ юристері, неге екенін, қазақ халқы қоныстанған үйездерге қызметке тағайындалмайды, соның салдарынан Дала өлкесіндегі құқықтық сот ісі зардап шегуде.” *** “Судьялардың қазақ тілін білуі және қазақ даласына алқа ағзалары (присяжныйлар) сотын енгізу сондықтан да қажет”. **** “9. 1902 жылы Дала өлкесінде крестьян (шаруа) бастықтары институты әрекет ете бастады, олар халыққа ешқандай пайда келтірместен, чиновниктер санын көбейтті, бұрын әр оязға бір әкім – бір ояз бастығы болса, енді оның орнына – төрт әкімнен келді, сөйтіп әкімшілік қыспағы арта түсті”. ***** “Сол секілді 1905 жылы урядниктер институтын кұруға пәрмен берілген, мұның қызметіне дала ешқашан мұқтаж болған емес, қажет етпейді де”. ****** “Сол себепті крестьян бастықтары мен урядниктер институттарын тарқату қажет”.
Ақыры Оссовский шыдамсыздана зірк ете түсті: – Қоқымбаев! – деді көзі ежірейіп. – Не шатып тұр мына бұратана-ғалымсымақ-арызқойлар?! Түтігіп отырған оязнайға қарай Қоқымбаев жүзін көтеріп, оның ашуын мақұлдаған кескінмен басын шұлғыды. Сосын: – Естіп отырсыз ғой, үйез бастығы мырза, бұлар өздерінің кім екенін ұмытып кеткен, – деді едәуір еркін үнмен. – Тұнған бұзық сөз... Аяқталып келеді өзі. Екі тармағы ғана қалды, мәртебелі тақсыр, оқып жіберейін... “10. На основании 17 статьи “Степного Положения” Степной Генерал-Губернатор имеет право высылать киргиз в административном порядке. Так как от применения означенной статьи пострадала масса невинных лиц, то в интересах законности права необходима отмена этой статьи с установлением законной ответственности за преступления перед судом”.* “Ал шауып ал! Бұратана-киргиз өз құқтарын жоқтан бар етуге дейін көтеріп, тіпті орыс құқтарына теңестіргісі келеді! ” Үйез әкімі шыдам танытып, мәтінге одан әрі құлақ түрді. Оны машық мақаммен оқуды Уақбай батыл сабақтап, енді, міне, аяқтап келе жатқан. – “11. Высочайшим Рескриптом 18 февраля текущего года Царь наш с высоты Престола возвестил, что ОН созывает “достойных доверия народа облеченных людей” в русское законодательное собрание. Для защиты интересов и прав киргизского народа необходимо участие его депутатов в означенном законодательном собрании”.** Міне, толық оқып бітірдім, жоғары мәртебелі тақсыр... Ұлық жез мұртын ширата сипады. Қоқымбаевты қайран қалдырып, даусын титімдей де көтерместен, тіпті сыпайы түрде, тілекхатты өзіне беруді өтінді. – Мінекейіңіз, тақсыр... Алдына алып, парақтады. Әр жеріне көз жүгіртті. Сосын басынан бастап оқуға кірісті. Тыңдап отырғандағы әсерін қайталамай, бейтараптау оқыды... Петиция мәтіні жазылған парақтардың қабатталуын дұрыстап, оязнайдың қолына құлдық ұра, бүгіліп ұстатқан қалпы, Уақбай Қоқымбаев дағарадай үстел алдыңда дағдарып біраз тұрды. Әкімнің бұдан әрі мұнда шаруасы болмай, қылмысты құжатты іштей өзі оқып шығуға мүлдем беріліп кеткеніне көзі жеткеңде барып, белін жазды. Одан, жарамсақ назарымен оның бет-жүзінің құбылысын жіті барлаудан жазбай, орындыққа ақырын құйрық басты. -------------------------------- * “10. “Дала Ережесінің” 17-ші бабына сәйкес, Дала Генерал-Губернаторы қазақтарды әкімшілік жолымен жер аударуға хақылы. Осы бабты қолдану салдарынан талай кінәсіз адам жапа шеккендіктен, құқық заңдылығын сақтау мүддесі орайында бұл бабтың күшін жою керек те, қылмысы үшін сот алдында жауап беретін заңды белгілеу қажет”. ** “11. Осы жылдың 18 ақпанында Аса жоғары Әмірімен біздің Патшамыз “халық сеніміне ие болған ылайықты адамдарды” орыстың заң шығару жиналысына ОЛ шақыратынын Тақ биігінен жария етті. Қазақ халкының мүддесі мен құқығын қорғау үшін оның депутаттарын осы аталған заң шығаратын жиналысқа қатыстыру керек”.
Осылай ұзақ отырды. Бар-жоғын сездірмей отырды. Ұлық тілекнама-хатты асықпай, тіміскілей оқып болып, тұнжыраңқы кескінмен ойға батқанда, Уақбайдың бойына сенімділік сезімі лық-лық құйылды. Ол өз жағдайының мына арызқой қылмыскер-оқымыстылардан әлдеқайда мығым екенін түйсінді. Оған әкімшілік қожасының өзі сенім артады! Сенеді! Демек бұл да үкіметтің сенімді адамы! Ақыры, құдды мұның көңілінің шалқуын білдіртпей аңдып отырғандай, үйез бастығы басын бермен бұрды. Тілмәшты жаңа көрген секілді таңырқап, қасын керді. Жұдырығын салмақтап, құжат үстіне сылқ тастады. Уақбай орнынан атып тұрды... Он бірінші тарау 1. Маусымның соңғы аптасы бастала бере, сауда қатарлары ақырғы қарқынмен, аларман жұртшылыққа бір толып кетті. Сосын сауда-саттық саябырсыды. Сатушылар да, жәрмеңке есепшілері де тауар айналымын санаққа алуға кірісті, базар дүрмегінің нәтижесін жинақтап, қорытындылай бастады. Жәрмеңке кызығы дөңгеленіп, аяқталуға бет алды. Ойын-сауық аланқайларында өнерпаздар сиреді. Бірақ халық нөпірі толастамай, қайта көбейе түсті. Ел-жұрт жаймалардан ауысып, әр жер-әр жерде шоғырланған топтарға қосылып жатты. Онда олар жаңа тұрпатты шешендер мен үгітшілерді көрді. Солардың сөздеріне, сол манда көптен түрғандардың есін алып, тіліне тиек болған гу-гу әңгімеге құлақ түре келе, оқыған азаматтардың осыңда құрған мәжілісінің түйіні жайындағы хабарға қанықты. Патша ағзамның өз кеңшілігімен қолға алынған іс жайын білді, оның үкіметіне жолданбақ өтініш-хаттың мазмұнымен танысты. Сосын соны қолдайтындықтарын құжатқа қол қойып, яки бармақ басып білдіруге тырысты. Сол үшін жан-жақтан жапырласып, ортадағы қағаз-қалам үстаған жігіттің алдына жетуге ұмтылысысты. Мұңдай жәйт жалпақ жәрмеңкенің барша түкпірінде орын алды. Жалаң етіне жеңсіз тері бешпет киген, еңгезердей, ер көңілді Садуақас та белсенді ұйымдастырушы-үгітші қатарынан табылған-ды. Ол мал базарынан сауда қатарларына өтер тұста даурыға сөйлеп, қалың бір топтың ұйытқысы болып тұр. – Тілегіңді ақ патшаның құзырына жеткізетін сәт туды, ағайын! Аянба! – дейді. — Сал таңбаңды. Ныспыңды жаз. Тура патша ағзамға арна! Біз де бармыз бұл дүниеде, орында тілекті де! Тәпелтек атына асылған қоржынның бір қалтасынан шиыршықталған қағаз алып, табақтай етіп жазды. Ердің үстіне жайды. Екінші қалта ішінен сиясауыт пен қауырсын қалам шығарды. – Тым ентелемеңіздер! Қане, ақсақал, сіз бастаңыз... Садуақастың қасыңда тұрған еңкіш қарт қауырсыңды алды да, асықпай сияға малды. Сосын өкшесін көтере созылып, параққа есімін түсірді.
– Әп-бәрекедді! Жазуыңыз қандай тамаша, маржандай ғой, тіпті! – Садуақас сиясауытын шалдың қолындағы қауырсынды алған келесі адамға тосты. – Кезек өзіңізде... Ту сыртынан біреу қарынан қағып: – Садуақас, мен қайтсем екен, жазу білмейтін едім, – деді. Садуақас қайрылып, оның қолын алды да, тыныштандырды: – Ең бастысы, ниетің түзу ғой? Көп тілегін құптайсың ғой? Болды! Бармағыңды бас әдемілеп. Мә, мына сиямен боя да, бас. Ал атыңды мен таңбаңның жанына анықтап тұрып жазып қоямын. Көрсін ақ патша! Петицияға қол қою науканы осындай рәуіште жәрмеңкенің түкпіртүкпірінде жүріп жатты. Өтеміс өзіне тапсырылған аймақта қол жинауын аяқтаған. Тұтас бір бума болған қағаздарды көтеріп, Ғалибек мырза тоқтаған үйге келді. Сонда хатшылық міндетін атқарып отырған жігітке апарып тапсырды. Сосын тез ауыл аралауға асықты. Қайыр сұлтанның ордасы жақтағы қарбаласқан жұртты көріп, солай беттеді. Жүрегі лүпілдеп еді, бірдеңені сезген екен. Онда төре алыстан келген сыйлы қонағын серіктерімен жолға шығарып жатқан. Ғалима солармен бірге аттанбақ. Өтеміс сол сәтке тап келді, бұл бір сәттілік болатын. Оның көңілінде елеулі мазасыздық бар еді. Қанша іздесе де, қалаулысын кезіктіре алмай қойған-ды. Дұрысында, әрәдік әр жерде көріп жүрді, бірақ, қанша құмартқанмен, тілдесудің сәті түспеді. Орайы келмеді. Бәлкім, орайын өзі келтіре алмаған болар... жүрексінгендіктен... Күрсінді. Қыз алдында тілі байланып қалатыны рас қой... Дегенмен, соңғы сәтте "тілсіз тіл" жәрдемге келді. Бұл қыздың тұп-тура ұзақ жолға шығып бара жатқаныңда болды. Екеуі екі топта еді. Бірі ересек серіктерімен бірге, жолаушы ретінде, күймеге беттеген. Екіншісі шығарып салушы шаршылар арасында тұрған. Сонда олардың жанарлары ұшырасты. Қас-қағым уақыт қана. Қас қаққандай ғана қысқа, бірақ мазмұнға тұнған тілсіз тілдесу. Жас жүректердің ең құпия сыр бүккен терең түкпірлерінен маңызды хабар алдырған айшықты мезет еді ол. Ыстық сәт. Сонда олар бір мезет біріне бірі ынтыға қарағаңдай болды. Өтеміске солай көрінді. Өзі жүрегі алып-ұшып, жақсы көрген қызына жете алмай тұрғандықтан шығар. Әйтеуір, сонау жаны қалаған, бір сөйлесуге құштар болған, бірақ қолы жетпес арманға айналып бара жатқан Ғалимасының топ ішінен өзіне көзін тайдырмай қарауын солай қабылдады. Жүрегі лүпілдеп, алқымына тығылды. Қыз бұған мөлдіреген жанарымен көп нәрсе айтты. Ой, қандай ғаламат мәлімет берді! жан тебірентерлік! Ақын дәл айтқан, ғашықтың тілі – тілсіз тіл... Өтемістің тұла бойын тер жауып кетті. Соңынан аттанса ғой, шіркін... Өзіне өзі ыза болды. Қашан құтылар екен осынау біреуге кіріптарлық ахуалдан? Өзін өзі билей алатын кезі бола ма, жоқ па? Әттең, қолдың қысқасы-ай!.. Бас мейманымен төс қағыстырып қоштасқан соң, Қайыр төре пәуескесіне отырып, жәрмеңке қалашығына қарай кетті. Оның оязнайға жолығатын шаруасы бар еді.
Айық бай мен тағы бірнеше атқамінер қонақтарды бір бел асырып, үлкен жолға салып жібермек. Соңдарында – дәм, сусын қамдап алып бара жатқан қызметшілері. Өтеміс меймандарды шығарып салуға аттанған салтаттылар мен олардың ортасындағы күймелер керуені соңынан біраз қарап тұрды. Сосын ешкімге көңіл аудармастан, өз бетінше жүріп кетті. Айналасы құлазып қалғандай көрінді. Жәрмеңкеде енді ешбір қызық қалмаған тәрізді сезінді. Түсініксіз ойға батып, ауылдан шықты. Қалашыққа енді.
2. Үйез бастығы штабс-ротмистр Оссовский жәрмеңке қалашығы ішіндегі жазғы кеңсесінде әлі жұмыс істеп отыр. Өз қарамағындағы аймақ бұратаналары атынан жазылып, империя астанасына жөнелтілмек ұжымдық тілекхаттың соңғы бетін төңкерді. Петиция мәтінін алақанымен басып біраз отырды. Сосын терезеден көкжиекке көз жүгіртті. “Туземец-киргиз тым сауатты, тым заңшыл боп барады, о құдай, – деп ойлады. – Тіпті жирендіретіндей дәрежеде! Түріне қарамайды. Аса Ұлы Мәртебелі Императордың аузынан сәл жылы сөз шыққан екен, қарашы, құдды өзіне арналғандай, еркінсуін... соған қалай жата жармасады... крамолалы петиция жазудан тартынбайды...” Ол қылмысты мәселе көтерген қолжазбаны әрі ысырды. «Ал бұл жақсы емес» деді іштей. Әрбір өзге текті бұратана құқыққа осылай жармасып, өз құқтарын бүйтіп бұлдай берсе – жалпақ империяда қандай тәртіп қалмақ? биліктің күні не болмақ? Қарай гөр бұларды, жабайы даланың тағы жануарларын!.. Өркениет пен мәдениеттің дәмі ауыздарына жеткен екен! Қабағын түйді. Қолын тартып алды. Еріксіз еске түсіп тұр: жеріміз тамаша, құнарлы, тек мұнда тәртіп пен реттілік жетіспейді... Рюрикке мойынсұнар тұста орыс елінде солай болатын. Қазір ше? Мың жылды артқа тастағаннан кейін? Өзіне осылай бір сұрақ қойып алып, күрсінді. Оның қандай екенін, ұлы империядағы тәртіп пен реттіліктің жеткен дәрежесін жабайы бодандардың мына құжаты көрсетеді... Оссовский столы үстінде жатқан тілекхатқа көз қиығын ызалана бір тастады. “Бұзақылар” деп, тістене бір ыс ете түсті де, қайтадан терезеге бұрылды. Қым-қуыт тіршілігі қыз-қайнап, мың-сан адамды ерсілі-қарсылы сабылтқан жәрмеңкенің жаймалары созылып жатқан көкжиекке қадалып отырған қалпы ойға батты. Қарғыс атқыр! Орталықты бұл ауызға алмай-ақ қойсын, бірақ Орыс Азиясын бөліп алып қарағанда – жалпы тәртіптің әлі де жақсарғаны шамалы... Әрдайым үлгі тұтып, сабақ, тағлым алып тұрарлық сол аңыз шіркін қалай еді... Аты ертегі сынды ауыздан ауызға көшіп, аңызға айналған новгородтық посадникке, яғни Новгородтың атақты боярларының жиыны сайлаған билеушіге телінетін... иә, сонау бір ерте заманда, Русьтің шоқындырылуынан да бұрын, яғни мың жылдан да ілгеріде өмір сүрген, мына бұратаналардың ақсақал атайтындары секілді тұлға – старейшина-посадник Гостомысл айтқан дейтін сөз бар ғой... Бәлкім осындай, бәлкім басқаша шығар... Қалай болғанда да, ықтималы, көп айтылатыны, сондықтан да шындыққа келетіні мынау...
Көне славян тайпалары ежелгі бір замандарда біріне бірі тәуелсіз жағдайда өмір сүріпті. Не істеймін десе де өздерінің еріктерінде екен. Бір кездердегі, тіпті күні кешегі, Ұлы Россияға бағынғанға дейінгі киргиз іспетті ме, қалай... Тайпаларын, әдетте, араларындағы ең мықты деп танылғандары билеп жүретін болса керек. Алайда билеушісі әлдеқандай теріс қылығымен көзге түсіп, көпшілікке жақпай қалса, бәрі жабылып, оны биліктен қуып жіберетін көрінеді. Тура бүгінгі бірінің үстінен бірі арыз айдайтын, бірін бірі жойып болмайынша тынбайтын дикий киргиз... Күндерде бір күн оларға өстіп, бас-басына қожайын боп жүрген жабайы еркіндіктері жақпай қалыпты. Не керек, реттілігі, тәртібі, жүйесі қалыптаспаған тағы-жабайы бостандықтан бастарын ерікті түрде алып қашыпты. Сөйтіп олар дана ойға бет бұрыпты! Әлде Гостомысл, әлде басқасы, тура кім екенін, анығын бір құдай білсін – әйтеуір славян бас көтерерлері екі өкпелерін қолдарына алып, алып-ұшып, варяг деп аталатын, тегі скандинавтарға тірелетін жалдамалы жауынгерлердің князьдеріне келіпті. Асыл текті Рюрик, Синеус, Трувор секілді ақсүйектер алдында маңдайлары жерге соғыла тағзым етіпті де, жүрекжарды өтініштерін айтыпты. – Жеріміз ұлан-ғайыр, құйқасының майы шыққан бай, құнарлы, бірақ адамдарымыз бетімен кеткен, – депті. – Жалпақ жерімізде тәртіп жоқ, келіп князьдік құрыңыздар, мына реттіліктің не екенін білмейтін біздерді тәртіпке түсіріп, басқарыңыздар, – деп жалыныпты. Пәтуасыз еркін өмірден жалыққан бишараларды варяг князьдері аяп кетіпті де, олардың жалбарынышты арыздарын жерге тастамай, араларына келіп, өз биліктерін жүргізіпті. Халық қалап тұрғандықтан да аянбай, өздерінің озбыр да өктем өкіметін – самовластиені орнатыпты. Орыс жеріне содан бері бақытты күндер нұр шашып, тәртіп пен реттілік патшалық құрыпты деседі білетіндер. Елдің түтіні түзу шығыпты. Найзасы қайралып, айбыны асыпты. Міне қандай! Соған үлес қосушылардың бірі – шалғайдағы жабайы бұратаналар арасында орыс даңқын асырып жүрген Оссовский болып табылады. Дәл солай! Ол кеудесін керді. Сондықтан да, содан, сонау варягтардан бергі орыс тарихының даңқын арттыруға игі ықпалын тигізіп келе жатқан самовластие, самодержавие деген оюмен әшекейленген қасиетті мемлекеттік құрылысқа құлдық ұрмаған адамды нағыз орыс емес деп есептейді. Орыс елінің іргесін жылма жыл кеңейтіп, бар билікті үш жүз жылға тарта уысында ұстап отырған Романовтар Үйіне қолқасын суырып беруге бейіл болмайтын адам нағыз орыс емес. Бұған Оссовскийдің сенімі кәміл. Ал бұратаналар үшін бүгінгі Рюриктер – Романовтар Үйі болып табылады. Жабайы киргиз тайпаларына мәдениет пен тәртіп әкелген орыс самодержавиесін олар өле-өлгенше сыйлауға тиіс... Жәй ғана құрметтеу аз. Олар да, штабс-ротмистрдің столының тартпасында жатқан маңызды нұсқаулықта көрсетілгендей, бара-бара кәдімгі орыс мұжығына айналуға тиіс. Иә! Олардың бақытты болашағы – осында!
Ал бұлар әлі күнгі жабайылық иісі аңқыған ескі әдеттерінен айрылғысы келмейді. Сөйте тұра осыларды да россиялық дейміз-ау... Романовтар Үйінің билігіне құлдық ұрмайтын бұратана шын россиялық емес. Ондай бұзық киргиз біткенге қандай жаза қолдансақ та артықтық етпейді. Осынау өз беттерінше көшіп-қонып, еркінсіп үйреніп қалған басыбұзықтарды баяғыда-ақ аң-құсша аулап, қырып, харап қылып жіберу керек еді, алайда... қайтерсің, император ағзам кең... Ал бұлар, рахметі жоқ, жақсылықты білмейтін жабайылар, дала тағылары, патша ағзам маңдайларынан сипаған сайын, яғни балалары ержетіп, Ресейдің оқуын оқыған сайын, білімін үйренген сайын – өздеріне қамқор болып отырған РесейАнаның өзіне наразылығын күшейте түседі... Ашылған екен көздері! Петиция бермек енді. Алайда оларынан ештеңе шықпайды! Түк те! Тәртіп те, реттілік те болады. Қалпына келтіріледі. Орнайды. Сөз жоқ! Оссовский бұл өрттің алдын алу жолын, шүкір құдайға, біледі. Алдымен ол бұзақыларды, ниеті терістерді тегіс әшкерелейді. Бұратаналардың осындағы баскөтерерлерін, Ақпаевты бас қылып, абақтыға жабады. Бұлардың басқа қалалардан қонақ болғансып келген оқымыстыларын да қамайды. Жо-жоқ, әуелі... Қазір әскери губернаторға да, генерал-губернаторға да құпия депеша жібереді. Семейге де, Омбыға да шұғыл түрде ең сенімді шабармандарын аттандырады. Сосын Қарқаралы командасын тез жасақтап, мына сауықшыл киргиз бунтарьларды жуасытуға жабады. Сөйтеді! Үйез бастығы көзін терезеден алды да, жұдырығымен столды қойып қалды. Сол сәтте назарына қайтадан тілмәш ілікті. Анау орнынан ұшып тұрған. Бұл оны жаңа көргендей, сұқтана қарады. Ах, Қоқымбаев мырза әлі отыр ма? Жылдамдатып бұзықтар арасына оралсын! Барлауын тереңдетсін, бақылауын күшейтсін! Петицияны нақты кімнің жазғанын, бұзақы оқымыстылардың қай-қайсысының ақыл қосқанын анықтасын. Тобырларды ұйымдастырушылардың аты-жөндерін бұған шұғыл жеткізсін. Әлсін-әлсін, мүмкіндігінше жедел хабар әкеліп тұрсын... Лажы болса, арыздың қол қойылған данасын қолға түсірсін... Түсінікті ме? Әлбетте. Неге түсінбесін. Құп болады, тақсыр. Тек, жоғары мәртебелі бастық мырзаға осынау алдында бас иіп тұрған бағынышты пендесінің және бір айтсам деген маңызды хабары бар еді... Ұлық зірк ете түсті. – Қазір сізге берілген тапсырмадан маңызды ештеңе жоқ! Іске кірісіңіз! Қаһарлы ұлыққа тік қараудан именіп, Уақбай бүгежектей тіл қатты: – Ләббай, жоғары мәртебелім... Ұлық қаламаса, қайтеді енді... Онда кейін-ақ, тапсырманы орындап болып-ақ, бұзық оқығандар жайында толығырақ мәлімет жиған соң бірақ баяндар... Қоқымбаев артымен есікке дейін шегіншектеп барып, бөлмеден шығып кетті. Оссовский столының бұрышындағы қоңырауды қақты. Есіктен қараған көмекшісіне шыдамсыздана дауыстады. Іс жүргізуші песір керек оған. Жылдам шақырсын... Сосын орнынан тұрып кетті. Портупеясын бас бармағымен іліп алып, бөлме ішінде ерсілі-қарсылы адымдап жүре бастады. Апырақтап жеткен қызметкеріне ниетін қатулы қабақ, шешімді
көз қарасымен сездірді. Анау оны дәл ұқты: «Писарь, шапшаң ана үстелге отыр, қағазыңды дайында, қалам ал қолға!» Ұқты да, үн-түнсіз шапшаң қимылмен қағаз-қаламын алып келді. Үстелге отырды да, бастықтың аузынан сөздерді жазып алуға дайындалды. Көзінің қиығымен оның жазуға әзір болғанын аңдаған әкім тамағын кенеді... 3. Үйез бастығы жоғарыға жолдайтын рапорттарын ауызша айтып, песіріне жазғызып біткен. Одан соң, оның қағазға түсіргендерін қайта оқып, облысқа жіберілетін нұсқасын әзірлеуді аяқтаған. Сол шамада, қабылдау бөлмесіне салтанатты жеңіл оқалы шапан киген Ақпаев төре келді. Қатынас қағаздарына қолын қойып болар-болмаста, ол жайында оязнайға көмекшісі хабар қылды. Оссовский қабағын керді. Таңқалды, бірақ аялдамастан басын изеді. Оны ішке шақыртты. Тесіліп қарап отыр. Киргиз байы ішке маңғаз кейіппен алшаң басып кірді. Иіліп, қос қолын ұсынып сәлемдесті. Орындыққа тізе бүгіп, кең шапанының желбегейін жия қаусырынды. Қасындағы аудармашы бола келген бозбала арт жағында түрегеп тұр. Өзінен көзін айырмаған оязнаймен аз-кем хал-жағдай сұрасып болған соң, Ақпаев байсалды үнмен: – Тақсыр, мен уәдем бойынша келіп тұрмын, – деді, – жағдайды тікелей өзіңізге баян қылмақпын. Тақсыр ынтыққандай түр көрсетіп: – Так-так, баяндаңыз,– деді. – Қыр қазақтарының мұң-мұқтажын әңгіме қылған игі жақсылардың менің үйімде бас қосқанын айтқалы келдім, тақсыр – деп, анау сөзін байыппен сабақтай берді. – Оқыған жастар бар, сырттан келген сыйлы меймандар бар, үкіметтің соңғы саясатын сөз қылысты. Бірақ үкіметке қарсы бір де бір пиғыл сезілмегенін мәлім етем, ұлық мырза. Ұлық түксиіп, тартпасында жатқан петицияның көшірмесін ойлады. Суырып алғысы келді, мына туземец байдың бетіне лақтырғысы келді. Бірақ өзін-өзі ұстады. Мұның оны білмеймін деуі мүмкін ғой. Бұлардың ішіндегі ең сенімді жансызы Қоқымбаевтан ең соны әм ең толық дерек жетсін, сонда көрер бұл бұратана киргиз оқымыстысымақтарының әуселесін. Сонда сазайын берер. Ана қағазды кұпиялап жоғары жаққа жолдағандары рас болса – мына мәймөңкелеген бай-мырзаның әлі-ақ жанын шығара шырылдатар... Қабағының астымен бұратана алпауытына қарады. – Бары сол ма? – деді суық үнмен. Ақпаев отырған орнынан ояз бастығына қарай сәл ұмсыныңқырады. – Үкіметтен, патша ағзамнан жазбаша тілек қылмақ иеттері бар зиялыларымыздың... – А-а-а, – деді ұлық. Тұмсығын қанағаттана көкке көтерді. – Не тілемек екенсіздер? – Мәртебелі тақсыр, олар айтады, өтінішімізді өзіңіздің кеңсе арқылы ұсынсақ дейді... Мәртебелі тақсыр оның сөзін аяқтатпады:
– Ах, қандай ақылды едіңіздер! – деді. Жақтырмай, едірейе сөйледі. – Кеңсе сіздің қызметшіңіз емес қой, менің қымбатты Ақпаевым! Оязнайдың қымбатты Ақпаевы қолын жайды. – Кешіріңіз, тақсыр, мұндай ой біздің басымызға келген емес, келмейді де... Онда, амал жоқ, поштамен жіберер... Оссовский жарылып кете жаздады. – Немене? Жалақорлардың, арызқой бұратаналардың шатпағын империя почтасы тасымалдамақ па? Сандалыпсыз, Ақпаев мырза! Ояз бастығы столды тоқпақтап ұрып-ұрып қалды. – Лазуткин! Ішке апырақтап көмекшісі енді. Кірген бетте әлдене айтпаққа аузын аша беріп еді, мұрша бермей: – Әмірімді тиісті адамдарға жеткізіңіз – киргиз арызы үкіметке тасымалдауға еш жерде қабылданбасын! – деп бастап, бұйрығын бастырмалата үстемеледі. – Полицмейстер оқымысты бұратаналардың үсті-басын, барша дүние мүлкін қарап шықсын, мұқият тінту жүргізсін, қағаздарын конфискаласын. Тәркілеп алғандарын маған шұғыл баяндасын. Күдіктінің баршасын тергесін, донесение берсін! Бәрі туралы! – Саусағын шошайтып Ақпаевты, терезеден сыртты көрсетті. – Бұл туралы! Аналар туралы! – Мәртебелі мырзам менің, – деді көмекші екі иінінен тыныстап, бастығының әр бұйырғанын басын шұлғи тыңдап бола бере. – Бақытсыздық... Сіздің әкеңіз, Казимирыч әкетай... – Не! – Оссовский даусы тарғылдана ақырып, орнынан атып тұрды. – Не шатып тұрсың сен! Көмекші сұп-сұр боп сілейді де қалды. Маңдайына шып-шып суық тер шықты. Шегіншектей тыпырлап барып, артымен есікті ашты. Сол сәтті тосқандай, бөлмеге урядник атылып кірді. Қолында бір буда қағаз. Орнына қайта отырған оязнайдың столына тірелгенше жүгіріп барды. – Мәртебелі уездный мырза, жәрмеңкеде киргиз біткен топырлап мынандай шағымға қол қойып жатыр, тартып алдым біреуінен. Міне... Қос қолдап көтеріп, столға, Оссовскийдің алдына қойды да, бойын тіктеді. Алайда оны ояз бастығының түнеріңкі сұлық түрі таңырқатты, оның соншалықты маңызды хабарға, қазақтардың қылмысына айғақ ретінде ұсынылған ұрлықы құжатына тиісінше мән бермей, салғырт тұруы абдыратты. Көзі жыпылықтап, бөлме ішшдегілерге қарады. Көз қиығымен киргиз байының аңырған жүзін аңғарды, одан, апырақтап қайта кірген оязнайдың көмекшісі мен оның соңынан ілесе енген әлдебір қарт казактар мен полицмейстерді көрді. Қалшиып, қақиды да қалды. Қаһарлы әкімнің мұрты салбырап, иегі білінер-білінбес кемсеңдеп кеткендей болды. Тістеніп, бұратаналардың бұлқынысын айғақтайтын құжатқа бір, сасқалақтап орнынан тұра келген, шапанын қаусырына берген Ақпаевқа бір қарады. Сосын жанарын кейіннен келгендерге, ішке еңселері түсе кіргендерге тастады. Жаманат хабар түрлерінен-ақ сезіліп тұр. Полицмейстер неғып жүр? Әкесі мана таңертең ғана шып-ширақ сияқты еді ғой? Не болған? Қарияның дүние салуы мына бұратаналар тәртіпсіздігі білінген сәтке қалай дөп кеп қалды?..
Тісін шықырлатты. Тым-тырыс. Кеңсе іші тым-тырыс тыныштық. Өлі тыныштық. Тіс жаруға ешкімнің батылы жетер емес. Үйез бастығы ауыр қозғалып, орнынан тұрды... 4. Алып жәрмеңкенің жұмыс істеу маусымы дөңгеленіп, соңына жетті. Соңғы қарбалас. Базар жаймалары жабылар сәтіндегі тыныс-тіршілігі өз ретімен жүріп жатты. Түрлі шаруасымен сапырылысқан жұрт саудасаттық аймағында да, кеңселер алдарында да толып жүр. Шенеуніктер маһалласы да толған жұрт. Оязнай үйінің алдында бір қора ел тұр. Онда қаралы оқиғаға байланысты көңіл айта барғандар иірілген. Жан-жағына бей-жай көз салып, сүлесоқ келе жатқан Өтеміс ол жиынның мәнін діттеген жоқ, аяндап әрі қарай өтті. Тура алдынан бір топ салтатты жішіт орталарына жолаушылар отырған бір солқылдақ арбаны алып, қалашық сыртына қарай беттеді. Пәуескеде отырған жігіттердің бірі таныс көрінді. Қалаша киінген бұл жігіт жәрмеңкеде ел назарын көбірек аударған саяси шешендердің бірі болатын. Ерекше пайымдарымен Өтемістің де есінде калған, негізінен қалалықтар мен орыстар арасынан көрінген Жасай қазір қазақы киінген адамдар арасында кетіп бара жатыр еді. Телеграф үйі алдында Рақымжанға кезікті. Одан түрлі соңғы хабарды естіді. Әуелі ол әлгінде өткен кезекті саяси айтыстың түйіні және оның негізгі кейіпкерлерінің бірі Жасай жөнінде айтты. Қызық пікірталас болған екен. Омбыдан келген Ғалибек мырза петицияны қалың көпшілік қолдап қол қойғанын айтып, қорытынды іспетті сөз сөйлепті. Оны Ахмет бастаған Қарқаралы мектебінің мұғалімдері мен Қарқаралыдағы ірі көпес Халиолланың күйеубаласы Жақып, Зайсан сотының қызметкері Көлбай, Омбы мен Семейден келген Нақып, Мұхсин, тағы бірқатар жігіт, қысқасы, баршасы мақұлдаған сияқты көрінген. Бірақ сол сәтте кереғар пікір туған. Кәдімгі, Өтеміс екеуі көзқарасын біршама біліп қалған, ішкі жақтан келген студент, қыран қабақ Жасайдың тарапынан. Айтыс содан кейін туған. Бірақ бәрін Жасайдың қисыны тәнті еткен көрінеді. Ол петицияны қолдағанмен, оған сенбей қарайтындардың бірі әм бірегейі екен. Құдды Өтемістің Еркіндік көкесіңдей. Соның дәлелін келтіріпті. Көңілге қонымды пайымдар айтыпты. Бірақ оның қатты жөтелетіні кей жігіттерді едәуір алаңдатқан құсайды. Соңғы күндері сол ретте оны үгіттеп-шақырып жүрген екен, ақыры оны өз дегендеріне көндіріп, жетінші ауыл азаматтары өздерімен бірге алып кетіпті. Ауылдарында мейман етіп, күтуге. Денсаулығына ем болатын шипалы бұлақ суы бар үңгірлі тауға апаруға. Қасиетті Шайтанкөлді көрсетуге. Келешектегі ұлы шайқастарға қалай дайындалу жөн болмағы жайында ақыл-кеңесін тыңдауға. Ауылда жүрген жігіттерді жинап, үлкен саясатты жақсы білетін осы азаматпен сұхбаттастыруға. Езгіден құтылуды аңсайтындардың басын қосып, Жасайдың көмегімен бағдар айқындауға, Жасаймен ақылдасуға. Не керек, әйтеуір келіскен екен. Жаңа ғана оның мейманханадағы қолжүгін алып, жігіттер жолға шығыпты. Бәрінің тау ішіндегі ауылдарына қарай беттеген сәтіне әлгінде Өтемістің өзі де куә болған көрінеді.
Ал Рақымжанның мұнда жүргені кездейсоқтық емес мүлде. Ол бұл жерге көпшілік жаппай қол қойған құжатты көтерген зиялылар соңына ілесіп келген. Үлкен істің салтанатты нәтижесіне куә болудан үміттенген еді, оның орнына, алайда, осында орын алған тағы бір озбырлық пен заңсыздықты көріпті. – Білесің бе, Өтеміс, мыңдаған адамның қолы, қолтаңбасы тіркелген хатты пошта қабылдаудан бастартты! Үкіметке жіберілмек, биік рұқсатты патшаның өзі берген петицияны поштамен тасымалдауға болмайды екен! Пошта қызметкері бұл тілекхатты алуға оязнай тыйым салған деп түсіндіріпті. Ал оның өзі, әкесін ана дүниеге сапарға шығарып салу қамында жүргеңдіктен бе, біздің азаматтармен кездеспепті... Тоқта, Рақымжан не дейді? Үйез бастығының әкесі қайтыс болған ба? Өтеміс шошып кетті. Еркіндік көкесінің қаһарлы уәдесін оқыс еске түсірген сөз болды бұл. Бірақ Рақымжан бұның секемін растарлық ештеңе айтпады, жәй ғана, табиғи өлім секілді әңгімеледі. Сосын өзінің де жол жүрмек жоспарын баян қылды. Өтемістің көңіліне түсініксіз қобалжу сезімі ұялаған. Оқыс қаза хабары оны мүлдем есеңгіретіп тастағандай. Рақымжанмен қоштасып, оңаша қалғаннан кейін де, ол іштей қатты мүжілген хал кешті. Бейжай ахуалдан көпке дейін арыла алмады. Оязнай үйін сырттай шолып оралды. Тұрғандардың өзара әңгімелеріне ақырын құлақ түрді. Сосын көкесін іздеді. Босап қалған жайма араларын аралады. Адамдар көрінген тұстарды жағалады. Кенет әлі де істеп тұрған қымызханалар есіне түсті. Солардың бірінен, ақыры, Еркіндікті көрді. Жайбарақат, қымыз ішіп отырған көкесі көзіне түскенде, аздап тыншығандай болды. Оның жүзіне қарап ештеңеден күдіктенуге болмайтын. Ол, тіпті, қуанышты еді. – Жақсы келдің, Өтемісжан, – деп, қасына шақырды. – Келін, менің балама қымыз құй, – деді қымызшы әйелге дауыстап. Өтеміс күдігін айтуға батылы бармай, көкесін жәй ғана тыңдай берді. Ал ол халықтың тілекхатты жаппай қолдағанын риза бола бақылапты. Өзінің жасқаншақ зиялылар хақындағы пікіріне өзгеріс енген тәрізді. Олар жазған хат мазмұнына разы. Хатқа он төрт мың бес жүздей адам қол қойып, бармақ басыпты. Ал бұл, Өтемісжан, үлкен күш. Бұл күрестің жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Осынша адамның тілегін үкімет аяқасты етер ме екен, көрейік... – Бірақ, Еркіндік көке, хатты пошта алмапты ғой... Еркіндік көкесі қолын сілтеді. Қиын қыпты деді. Пошта жалғыз Қояндыда, яки Қарқаралыда ғана бар деймісің. Басқа қалаға барамыз, иттей боп алады. Өтеміс біліп қойсын, енді біз жаңаша күресеміз және еш тоқтамаймыз. Ал шешуші күрестің бел ортасында, алла қаласа, Еркіндіктің осынау сенімді баласы жүретін болады... – Ертең ертемен біз жолға шығамыз, Өтемісжан, – деді ол әдетінше күңгір-күңгір еткен даусымен. – Алысқа. Күнбатысқа. Қоныс саудагер сені маған тағы да көмекке беретін болады, оны мұндағы төресінің өзіақ менің өтінішімді екі етпеуге келістіреді. Біздің аралайтын жеріміз көп. Өтеміс жеңілденіп сала берді. Жымың етті. Жүрегі әлдебір жағымды жаңалықты сезгендей болды. Аңсағанына сай сапар болғай...
ТАМЫР Ока өзені, “Густав Струве” откемесі, 15.08.1905. І Үлкен де биік тектерде бірнеше қатар боп ыдыс-аяқ тізілген. Күн нұрымен шағылыса, сары алтындай жарқырап жанып тұр. Сөре алдында иін тірескен алармандар төбесінен сыңсыған көп шамшырақша от ойнатады. Сонадайдан көз тартады. Оған базар жаймаларын жағалап келе жатқан топ ішінен бірінші болып ақ телпекті бір нәзік жкткіншек қыз назар аударды. – Ой, қандай әдемі! – деді ол жәудіреген көздерін кең аша, адамдар арасынан сиқырлы сәуле ойнаған жаққа құмарта тастап. – Бұл не? Мама, қарашы! Қасындағы әйелмен бірге жаймадағы әлдебір сый-бұйымға үңілген етжеңділеу келісті ақсары келіншектің қарынан тартқылады. – Мама, сәл бұрылшы енді! қара, қалай отша жалтырайды! – деп шыдамсыздана дауыстады. Мамасы бойын түзеп, қызы нұсқаған жаққа мойын бұрды. Күлімсіреп: – Иә-иә, әдемі, – деді де, жайылған тауарларды қарастырып тұрған көршісіне қайрылды. Көршісі толық жүзі дөңгелене жымиып: – Ал мұнда біздің кішкене бойжеткенге қызықты нәрсе мол! – деді. – Бермен тақал, Рәбияжан! Рәбияжан тақалды. Алайда әйелдердің сабаннан тоқылған бір әсем қуыршақты жаймадан көтеріп, айналдыра қарағаны, сонысымен мұны да қызықтырмақ болғаны оны еш елеңдете алмады. Ақыры, қызы қыңқылдай берген соң, Рәбияның шешесі жаймадан еріксіз кері шегінді. – Шыдасайшы, Рәбия, қазір барамыз ғой... – деп, сәл еңкейе, жұмсақ үнмен сыбыр етті. Шынында да, олар, ерлер мен қыз-келіншектер аралас топ, тез-ақ жүріп кетті. Қызылды-жасылды талай қызық дүние тізілген жаймаларға көп аялдамай, Рәбияны алыстан таңырқатқан сауда қатарына беттеді. Ұзын жаймаға тақалар-тақалмастан, оларды қиғаш жаға, кестелі ақ көйлек киіп, белін ширатылған қызыл жіппен буған таңқыш мұрын шикіл сары жігіт екпіндете, есе сөйлеген жарнамасымен қарсылады. – Сіздер таңғажайып алтын ыдыстар көрмесіне келдіңіздер! Еш жерде, өзге ешбір елде жоқ мұндай керемет! Міне, бұлар – біздің Хохлома алтыны! Қараңыздар! Сүйсініңіздер! Жарнамашы бұл меймандардың көпшілігінің еуропаша киінгендеріне қарамастан, шығыс жақтан және алыс түкпірлерден келгенін жіті аңғар-
ды. Көзі сөрелерге ынтыға қадалған кішкентай Рәбиядан жөн сұрап та алды. Сосын олардың жанында біраз уақыт болды. Әйелдердің сары жалқын от ойнаған ыдыс-аяқтар жайын сатушыдан сұрай бастағанын аңдап: – Елдеріңізге ескерткішке сатып ала кетіңіздер! – деді. Одан, әйелдердің жандарындағы ерлеріне қарап: – Мырзалар, ханымдарыңыздың тілектерін қабыл етіп, қалаған алтындарын алып беріңіздер! – деп үстемеледі. – Өкінбейсіздер! Жақындарыңызға сыйлық ретінде тартыңыздар! Естеріңізде болсын, мұндай тауарды патша сарайынан ғана көресіздер! Тап осындай ыдыс-аяқтан күні кеше тек патшалар мен бекзадалар ғана тамақтанған! Мырзалар сабырлы жүзбен құлақ тосып, ханымдарының арттарында тұр. Кезінде тек патшалар мен бекзадалар ғана тамақ ішкен ыдыстарды әйелдерінің ту сыртынан, алыстан ғана назарлайды. Ал әйелдердің жөні бөлек. Мадақ сөзбен көмкерілген әр бұйымды қолға алып, ұстап көргенше тыным таппайды. Сондықтан да, әйел затының әлсіздіктерін дәл білетіндіктен, таңқыш танау жігіт соларға қарап көсіле түсті. Сауда-саттық ісіне жарқ-жұрқ жарнамалық сөзімен қозғау салушы ретінде танылғаны көзге ұрады. Жаймадағы дүние-мүлікті қалауынша қозғап, сатушының жанына барды да, тауарларды тікелей жарнамалай жөнелді. – Міне, неткен әдемі тостақ! – деп сарнады ол. – ұстап көріңіз! Қандай ыңғайлы! Жақын тұрған ханым оны айналдыра қарайды да, растайды. – Мына шараны қараңыз! Көтеріңізші, неткен жеп-жеңіл дүние! Онысына да алармандардың көзін жеткізеді. – Ожауды көремісіз? Қасық ше, қасық қандай десеңізші, жұтынып тұрған! байқадыңыз ба? Мұндай ыдыстан ас ішкен де арманда, ішпеген де арманда! Сосын безендіру түрлерін біраз әспеттеді. – Ана алтындалған қасбет үстіне салынған суреттерді көремісіз? Көгілдір шырмауық, көк-жасыл шөп, иір-қиыр шөп, қан-қызыл гүл, тамылжыған жидектер! Ух! Ауыздың суын ағызады ғой тіпті! Ах, қандай түс! Алқызыл от! Самородок! Нағыз самородный сары алтын! Орыс шеберлерінің жасау құпиясы өздеріне ғана мәлім тамаша туындысы алыстан келген меймандардың таңдайларын қақтырды. Олардың жайма алдына ұзаққа аялдағанын, сатушыдан бұйымдар бәсін сұрастыра бастағанын аңдаған жарнамашы ақырын жылыстап бара жаты. Айналасын басына көтерген сипаттамасын біртіндеп сирете берді де, ақыры жәйлап шетке ығысып, келесі топты мен мұндалап бері тарту үшін, әрмен қарай ұзай берді. Әйелдер жағы алтын сырлы таңсық бұйымдардың түр-түрін бірден қолға алып көргенше асықты. Олардың алдыңғы жағында, анасының ұстаған ыдысына үңіле қарап, қызыққанын жасыра алмай, әсіресе өрнегі әсем қасықтарға қызығып, талдырмаш Рәбия тұрды. Осынау тамаша дүние-мүлік ішінен ұнатқанын, кез-келген қалаған затын өзіне әке-ше-
шесінің сатып әперетініне күдігі болмағанмен, бала көңілі алып-ұшуда. Ол оймышталған кішкентай сандықшалар мен қобдишаларды есі кете қарады. Ұстап көрді. Қақпақтарын ашып көрді. Өзіне алғысы келді. Құрбыларына сый-бұйым ретінде ала кеткісі келді. Мынаны Раноға апарса, ананы Наташаға сыйға тартса, мынаны Надюша Ростовцева ше, соған апарып тартса. Ох, қалай қуанар еді қыздары! Болады, болады. Аласың, Рәбияжан... Ах, мамочка, папочка, сендер қандай мейірімдісіңдер... Ыдыстар тіпті керемет... Оған қасықтың ана түрі де, мынаусы да ұнайды. Әнебір тостаған жақсы. Мына тостақ пен қасықты бір-бірден қазір Перовск жақтағы ата ауылында асыр салып ойнап жүрген сіңлісі Рахиля мен інісі Мірәлішерге сыйласа ғой. Ана шараны ожауымен әжесіне, ал сонау табақты, немесе мына шақшаны атасына апарса болмас па. Тіпті ананы да, мынаны да... Мыналарға Қоғалыкөлдегі тәтелері қалай қуанар еді... Үлбірген уыздай ханшайымның тілегі екі етілмейді. Тек әсершіл кішкентай ханшайым ғана емес, небір сән-салтанат, байлықпен таныс ханымдар да Хохлома кереметтері алдында тағат тауып тұра алмайды. Ағашты алтынға айналдырумен шұғылданып, хохломалықтар ғасырлар бойы әлемді аузына қаратып келе жатқан. Олардың өнері тым құдіретті. Жылтылдаған әрнеге әуес қаршадай Рәбия түгіл, толысқан, тоқтасқан әйелдер, тіпті олардың сабырлы да салқынқанды ерлері осынша көздің жауын алған әсемдікке шыдас бермеді. Күн нұрымен құбыла жарқыраған тектерде тізілген бұйымдарды қай-қайсысы да ұстап көргенше асықты. Ақыры хохломалық орыс шеберлерінің алтын сырлы ғажайып ыдысаяқтары мен сый-бұйымдары алыстан келген ханымдардың таңдауына сәйкес, түр-түрімен қатталып, жәшіктерге салынып жатты. Сосын жүктерді қаланың қақ ортасындағы, осынау қадірменді меймандар тоқтаған қонақүйге апарып беру хақында саудагерлер тапсырыстар алды. Мырзалар әмияндарын ашып, тиісті төлемдерін жасап жатты. – Мама, папа, қандай жақсы сыйлықтар алдық! – дейді Рәбия көзі жайнап. – Менің құрбыларым да, ата-әжем де қалай қатты қуанар екен десейші! Әке-шешесінің ортасында, екеуін қолтықтарынан алып, екеуіне алма-кезек қарап, бақыттан басы айнала күлім қағып тұр. – Біздің барышня* разы, демек дүние түгел, – деді мырзалардың бірі сүйсінген үнмен. – Серәлі мырза, баланың қуанғанына жетер не бар, шіркін! Шоқша сақал қойған, бойшаң, қапсағай денелі Серәлі мырза баласына сүйіспеншілікпен, мейірлене көз салып: – Иә, – деді сыпайы үнмен. – Тамаша айттыңыз, әпендім. Алла разы болсын. – Бұрылып, қасындағы фескалы мырзаның қолын алды. -------------------------- *бойжеткен қыз.
ІІ Серәлі мырза бұл сапарға зайыбы Зура ханым мен үлбіреген жеткіншек қызы Рәбияны әдейі ертіп шыққан еді. Оларға Ресейдегі ең үлкен жәрмеңкені тамашалату үшін, әрине. Келіншегінің нұр шашқан ақсары кескіні, қызының шат жүзбен әр көрген қызығына көзі дөңгелене таңырқай қарауы шешімінің орынды болғанын көрсетуде. Ал өзінің мақсаты – осында өтпек аса маңызды жиынға қатысу болатын. Және бұл ретте Серәлі жалғыз емес-ті. Ол ішкі Россиядағы бұл үлкен шаһарға Түркістан өлкесінің зиялы қауымы ішінен сайланып, топтасып шыққан серіктерімен – іс адамдарымен, көпестермен, діни және оқу-ағарту қайраткерлерімен бірге келген. Олар бері қарай пойызбен шыққан. Сарша тамыздың бас кезінде Ташкент қаласынан, бір вагонның жартысына жуығын бір-ақ алып, бәрі бірге аттанған-ды. Орынбор мен Ташкент арасына төселіп, пайдалануға биыл ғана берілген шойын жолмен жүрген. Теміржол бойымен паровозотарба апта бойы заулады. Тізбектелген бес-алты вагонды будақ-будақ түтін ата сүйретіп, көрген елді тамсандыра заулады. Отарбаның жолшыбай арнайы бекеттерде – әдемі вокзал ғимараттары алдында бірер мезет дамылдап алуы да бір ғанибет еді. Көрнекті вокзал ғимараттары алдына соңына тіркеген құрамасын келтіріп, өзі көзден тасалау жаққа шығып кететін. Сонда теміржолшылар қалтарысқа сұғына тоқтаған отарбаның көмірін, суын қамдайды. Ал бұл кезде ашық перрон алдына есіктерін ашып тұра-тұра қалған құрама вагондарынан жолаушыларының бірі түсіп жатады, енді бірі оларға мініп жатады. Отарба тоқтаған стансаларда бұларды жылы шырайлы жергілікті зиялылар тосып тұрды. Оларға жеделхат жолданып, делегация жайында алдын-ала хабарланған болатын. Содан, Түркістан мен Дала өлкелеріндегі шойын жол өтетін стансалар сайын бұлар бір қызық мерекені бастан кешкен. Хабарланған әр өңір зиялылары өзара бастарын қосып, пойызбен өтіп бара жатқан, орыс елі төріндегі үлкен жиынға өкіл боп баратқан сыйлы кісілерге барынша бауырмал, қонақжайлық көрсетуді парыз санаған. Сол себепті осынау ерекше жолдаушыларды бекеттерде дәмтұзбен, сый-сияпатпен қарсы алды. Аялдаған аз уақыттарын ән-күймен ажарландырып, олардың бара жатқан мақсаттарына орай тілек айтып, қысқа да болса мәнді пікірлерін білдірді. Сөйтіп, кездесулерін мазмұнды, қызықты өткізісті де, жолаушыларды сапарларын жалғастыра беруге шығарып салды. Әр сондай қауышудан соң шойын жолдың ешбір жанды көлік жегілмей, өздігінен арқырап жүретін қырға таңсық арбасы түтіні мен буы бұрқырап жөнеп береді. Сан түрлі жер бедерімен, көкжиекке шейін көзге түк ілінбейтін сайын даламен зулайды. Осынау көңілді қарсылаулармен астасқан ұзақ жол – Орынбор-Ташкент желісімен аптаға созылған сапар, одан Орынбор, Теке, Уфа, Қазан секілді шаһарларды басып өту, тиісінше олардың көрікті жерлерімен таныса өту – кішкене Рәбияны таусылмас әсерге бөледі.
Жолаушылардың түпкі бетке ұстағаны Төменгі Новгород қаласы еді. Осындағы Төменгіқала жәрмеңкесі. Базар жылдағысынша шілдеден бері істеп тұрған. Қарбаласқа толы. Баяғы Макария жәрмеңкесі аталып, төрткүл дүниені аузына қаратып тұрған заманынан төмендеңкірегенмен, алдыңғы орынды бермеген базар. Сауда-саттық жасаушылар қашанғысынша ағылып-төгіліп жатады, тауар айналымы бойынша әлі де империядағы бірінші орынды иеленеді. Мұнда қашанғысынша шығыстың да, батыс еуропаның да тауарлары мол. Көпестер әр қиырдың саналуан мүліктерін әкелген. Мата, ағаш, металл бұйым, мақта, жібек, үй жиһаздары, тоқыма заттар, тұрмысқа қажет өзге де көздің жауын алатын небір дүние-мүлік, сәндік зат, зергерлік бұйым, ауыздың суын ағызатын қилы дәм, жеміс-жидек, бал, сусын – бәрі осында. Сөйтіп осы күндері, 1905 жылдың тамызында, әсіресе айдың оныншы жұлдызына қарай, жәрмеңкенің тыныс-тіршілігіне өзгеше сипат енгенді. Осында, Төменгіқалада, шартараптан ағылған түркі зиялыларының жолы тоғысты. Меймандардың соңғы бір тобы су жолымен келді. Қазаннан шыққалы ақ Еділдің кең айдынымен бірнеше сағат жүзіп, сәскеге қарай Төменгі Новгород айлағына жолаушы откемесі – үлкен ақ пароход жеткен еді. Кемеден елдің алды болып, әдемі киінген бір қора жан түсті. Түркі зиялылары. Араларында еуропаша әсем шляпа киген де, алқымына шейін қымтайтын шәйі орамал тартынған да, қысқасы, талғампаздық танытатын киімімен де, бипаз жүріс-тұрысымен де тектілігін аңғартатын, зиялы қауым дәрежесіне сай сымбат-көрікке ие әйелдер де бар-ды. Біздің түркістандықтар да осы татар және башқұрт ішінен келе жатқан ерлер мен әйелдердің үлкен тобы ішінде болатын. Оларды бір топ жас жігіт қарсы алды. Экипаждарға бөліп мінгізіп, қала ортасындағы еңселі мейманханаға әкелді. – Мырзалар, – деді ішіндегі жағасы кестелі жейде киген жетекшілері. – Сіздердің қаперлеріңізге мынаны сала кетуге мәжбүрмін: біздің жоспарымыз ойда жоқта бұзылып тұр. Еш күтпеп едік, жұмысымызға амалсыздан өзгеріс енетін түрі бар. Яғни Нижнийдегі уақыт кестеміз бұрын хабарлағанымыздай күйде сақталмайды, тап ертең жиналыс ашыла қоймас. Кері шегерілетін сыңайлы. Таңырқаған мырзалардың бірқатары жамыраса сұрақ қойды: – Қай күнге? – Мәселе шешімін тапқан соң арнайы хабар береміз ғой, – деп, анау сырғыта жауап қатты. – Әзірге орналасып, тыныға беріңіздер. Біздің жігіттер қала аралауларыңызға жолбасшы болады. Егер мешітке қазір түскі намазға барамыз десеңіздер, осы жерден экипаждармен апарады. Базарға да солай...
ІІІ Меймандар орналасып, жеңіл тамақтанып алған соң, біраз бөлігі күтіп алушылардың бастауымен қала көріп, мешітке соғуға, одан әрі жәрмеңке аралауға кетті. Кейбірі баққа сейілдеуге шықты. Төменгіқала мешіті аса алыс емес екен, алғашқы бір көргеннен кейін кейбіреулер оған жаяу аяңдап барып-келіп жүрді. Бәрінің күткен оқиғаларына дейін, күтіп алушылардың басшысы сыпайы ескерткеніндей, едәуір уақыт бар еді. Олар түркі жұрттары орыс билігіне қарағалы тұңғыш рет шақырылған құрылтайға келген-ді. Мұның мүмкіндігінің өзі ақ патшаның биылғы ақпан мен сәуір айларындағы арнайы пәрмендеріне орай туған. Сөйтіп, шартараптан өкілдерді арнайы жиналысқа жинау – халықтың саяси және рухани тіршіліктеріне біраз кеңшілік берген осынау тарихи құжаттарды арқа тұтып барып жасалған шара болатын. Өткізілмек жиын жайында жер-жердегі зиялылар ерте көктемнен бері хабарланып келе жатқан. Ерте көктемнен бері соған сайлайтын делегаттарын іріктей бастаған. Сол күтулі съезд өтпек жер мен ашылмақ нақты күн белгіленген жеделхат та олардың қолдарына тигелі айдан асқан. Содан түркістандықтар да өкілдерін белгілеп, олар ұзамай, жолға жинала бастаған-ды. Ақыры, Түркістан мұсылман жұртының делегаттары сонау алыс қиырдағы өлкесінен ұзақ жол жүріп келіп, империя шартарабынан осында жиналып жатқан өзге де ресейлік мұсылман халықтардың өкілдері қатарына қосылған. Түбі бір түркілер бас қосып, ортақ мүддені қозғайтын жиналыс өткіземіз деген хабардың өзі жүрек тебірентерлік оқиға еді. Бірақ, жер-жерден әдейі жиналып жатқан жұртшылық өкілдері съезд басталады деген күннің қарсаңында, аяқ астынан, беймәлімдікке душар болған. Аңсап келген құрылтай қашан, қайда болады, бола ма, болмай ма деген сауал ойда жоқта күн тәртібіне сопаң етіп, күмән төге, жападан жалғыз шыға келді. Бұрын келісіліп қойған мәселе неғып аяқ астынан шиеленіскен? Серәлі серіктерімен бірге бұған тез-ақ жауап алды. Мұсылмандар сиезін өткізуге төменгіқалалық губернатор тыйым салыпты. Осынау Төменгі Новгород қаласы әкімінің тілін табу әзірге мүмкін болмай тұр. Оның жиын өткізуге деген қарсылығы бүгінгі таңда қолданыста тұрған заңға томпақ келетін. Солай бола тұрса да, бірлесіп биік құзырға тілекхаттар жазуға, үкіметке өтініш білдіруге еркіндік жариялаған патша сөзінің өзін белінен басыпты. Белінен басқаны сол, түркі халықтары өкілдерінің құрылтайы өткелі жатыр дегенге осынау төменгіқалалық әкім түсінен шошып оянғандай өре түрегеліпті. Оның ұғымынша, ондайға жол беруге болмайтын көрінеді. Бұратаналар тағдыры осындай. Осындай болған, солай бола бермек. Державаның басты халқының тірсегіне келмейді. Құқы төмен. Екінші сорт. Немесе, бейнелі түрде айтқанда, үлкен отбасындағы кіші бала.
Соны әлі күнгі ажырата білмейтін бағыныштыларына қала әкімі біраз сын-ескертпе жасап, өсиет берген тәрізді. Сөйтіп өзінше шешім шығарыпты. Не керек, съездің қала ішінде өткізіледі деп төменгі ұлықтармен келісіліп белгіленген жері мен мерзімі жазылған ақпарды, мұрнын шүйіре отырып, күлгін сиямен айқыш-ұйқыш сызған да тастаған. Қазаншының қайдан құлақ шығарса да еркі бар деген сөздің қоғамдық өмірдегі нағыз нақты көрінісі болды да шықты. Әкімнің аты әкім. Онымен заңды алға тартып салғыласудың пайдасыздығы айқын болды. Ымыраға шақырар келіссөздер жүргізудің, тіпті елеулі сый-сияпат беру тәсілдерінің ешбірі оң нәтиже бермей тұр. Жігіттер қанша жандарын салып тырысса да, жиналысты алғашқы алдын-ала келісім алынған, елге хабарлап қойылған уақытта, көпшілікке ортақ халық үйінің залында ашуға қол жеткізілмеді. Жалпақ елдің түкпір-түкпірінен жіберілген өкілдер Ақ Еділ айдынымен, шойын жолмен, тас жолмен, қара жолмен ағылып, осында тоғысқанда – тамыздың он бірінші жұлдызына жобаланған съезд уақытынан кешіктірілсе де, көп ұзамай ашылады деген сенім болған-ды. Бірақ сол сенім бірте-бірте бұлдыр күдікке ауысты. Түркі халықтары делегаттарының съезін өткізуге рұқсат алу мәселесі, осылай, ұйымдастыру алқасы мүшелерінің қазіргі сағаттағы басты бас ауруына айналған еді. Несін жасырарсың, тіпті жиынның мүлдем болу-болмауының да әзірге ресми тұрғыда шешіле қоймаған жайы бар. Бірақ әйтеуір анығы – басқосу өту керек. Өйткені бұл – жиналғандардың көкейіндегі асыл арман боп тұр. Бұл – шын мәнінде баршаның тілегі. Ал жан-жақтан ағылып келіп жатқандар бірнеше күннен бері шалқып, көңіл базарларын көрсетісіп жүрген. Тұңғыш көрісушілер өзара танысып, бұрыннан бірін бірі сырттай болса да білетіндер қуана қауышысқан. Баршасы лезде ұйыса қалатын шағын топтарға үйіріліп, қилы жерде – меймандықтарда, бақтағы сейілдерде, мешітте, дастархан басында шұрқыраса бас қосып жүрді. Не керек, бірнеше күн бойы әркім әр топта күн тәртібіндегі мәселе хақында әлденеше мәрте сыр шертіскен. Өзінің жақсы танысын Серәлі қонақүйге орналасқан бетте-ақ кезіктірген-ді. Баспалдақпен төмен түсіп келе жатқан қайқы мұрт қараторы жігіт: – Ба, Серәлі! – деп айқай салған да, фойеде тұрған бұған құшағын жая ұмтылған. Оны тани кеткен Серәлі де қуанышты үнмен: – Оу, Әлимардан бек! – деп, қарсы жүрген. Екеуі құшақтасып төс қағыстырды, одан, бауырмал да жақын жандарға тән әдетпен, екі жақ беттерін алма-кезек түйістірді. Олар алғаш Санкт-Петербургте табысқан-ды. Әлимардан бек Топчибашевтың бұдан екі-үш жас үлкендігі бар. Университетті тіпті, жаңылыспаса, одан ересектеу Бақытжан Қаратаевтан да бұрынырақ бітірген. Бітірісімен заң факультетінде оқытушы боп істеп жүрген. Сөйтіп Серәліге ұстаз болған да реті бар.
Астанада Серәлі Әлимарданмен, Бақытжанмен және Сәлімгерей Жантөринмен жақсы қарым-қатынаста болды. Пікірлес еді. Бірде осы Әлимардан Топчибашев мұсылман жастардың Питерде білім алуына жәрдемдесу мақсатын алға тартқан болатын. Сол орайда мұсылмандық қайырымдылық қорын құруға бастамашы болған. Сонда ол қазақ достарынан қолдау тапқанына қатты разы болған еді. Серәліге мәлім, ол Бакуде орыс тілінде «Каспий», әзірбайжан тілінде «Хаят», яғни қазақшалағанда «Өмір» деп аталатын газеттер шығарып тұрды. Күні бүгінге дейін үнпарақтары беттерінде әрдайым түркілердің өзекті мәселелерін көтеріп жүр. Осы Нижний съезі жайында да Серәлі бірінші рет содан, Әлимарданның өзіне, сонау Самарқандағы адресіне арнайы жазып салған хатынан білді. – Білесің бе, біздің көптеген достарымыз төменгіқалалық жәрмеңкеге, демек, өткізбек съезімізге келіп үлгерді, – деді ол қазір, досын құшағынан босата бере. – Тамаша сұқбат өтетініне күмән жоқ. Серәлі сабырмен тіл қатты: – Менің құрметті Әлимардан бек досым, дегенмен, әлгінде күтіп алған жігіттердің бізге мәлімдегендеріне қарағанда, кейбіреулер сол тамаша сұқбаттың өткенін қаламай ма, қалай? Серәлінің Әлимардан бек досы күліп жіберді. – Әкімдердің өйтпесе қарны ашады... Оны ойламайық, уақытша кедергі ғой. Мен сені бүгін-ақ Исмаил әпендімен таныстырсам деймін, ол әлгінде менен сен жайында сұрастырған. Серәлі қасын керді: – Ол кісі мені біле қойды деймісіз? – Неге білмесін! – Әлимардан Серәлінің иығынан қақты. – Ол келе жатқан түркістандықтар жайын сұрастырғанда, мен сені сыртыңнан-ақ таныстырғанмын... – Онда өзіміз сырттай, алыстан, терең құрметпен қарап жүрген қадірменді ағаның қолын алуға асығамыз. Әзірге, Әлеке, – жымиып, келіншегіне бұрылды, – менің отбасыммен таныс: зайыбым Зура, қызым Рәбия. – Сосын жүзін Зурадан айырмай, қолын Әлекеңе қарай жайды. – Ал бұл кісі, Зурочка: Әлимардан бек Топчибашев, менің Питердегі ұстазым, ағам және жолдасым. Сыпайы ізеттер. – О, демек, келін мен мына кішкентай қызым біздің қозғалыстың сенімді жанашыры болады енді! Алыс жол шаршатқан жоқ па сіздерді? Сосын Әлимардан оларға өз отбасы жайында әңгімеледі. Жандарына келіп қалған әзірбайжан өкілдерін таныстырды. Тиісінше Серәлі де оларды әлгінде ғана откемеден түсіп, осында орналасып жатқан түркістандықтармен танысты. ІV Сол күнгі кешкісін бәрі жиынға демеуші болып жүрген төменгіқалалық татар көпестерінің бірі жайған дастарханға шақырылды. Дастархан
басында Әлимардан Серәліні Исмайыл Гаспралы отырған үстел басына ертіп әкеліп: – Исмаил бей, сіз бен біздің тақауда ғана үміт арта әңгіме еткен түркістандығымыз – міне, мына жігіт болады, – деді. – Адвокат Серәлі Лапин. Исмаил бейдің өзіне тосылған жүдеулеу де шаршаңқы жүзіне тіке қарап, Серәлі: – Ассалаумағалейкум, ақсақал, – деді де, қос қолын ұсынып амандасты. – Біз сізді «Тәржіманыңыз» арқылы сырттай танып-біліп, жақсы көріп, құрметтеп жүрген жандар қатарынанбыз. Ол шынын айтып тұрған. Түркістандағы тек орыс намысын жыртатын саясатшылдар өлкеге мұсылмандықтың Қазаннан, Бақшасарайдан шыққан мерзімдік баспасөзін де, кітаптарын да кіргізбейміз деп қанша жанталасқанмен, олар қилы жол тауып келіп жататын. Және, зиялылар арасында астыртын қолдан қолға өтіп, әбден тозығы жеткенше оқылатын. Әр сөзі мұқият қаралатын. Серәлі де газеттің қолға түскен нөмірін әрдайым ризашылықпен сүзіп оқитын еді. Көзі жеткен: “Тәржіман” үнпарағы – отарлық езгіге түскен, пышырап, жойылу алдына келіп қалған түркі халықтарының мұңын жиырма шақты жылдан бері күйттеп келе жатқан орны ерекше басылым. Көз ашқыш, сананы оятушы, танытқыш, ең белсенді күрескер. Газеттің күллі түркілерге ортақ тіл жасау жайындағы бастамасын Серәлі дұрыс деп біледі. Ескі оқуды жаңа заман талаптарына сай реформалап, жаңа оқуды – жәдидті енгізуде дәйекті насихат жүргізуін құптайды. Ол осынау ғажап газет басында тұрған азаматтың отарланған түркі елдеріндегі азаттық қозғалысының қандай бағдар ұстауға тиістігін қорытып алға тартып отырған қайраткер екенін анық ұғатын. Тек өзге өмір деректерінен бейхабарлау еді. Оны манағы бір оңаша сырласу сағаттарында Әлимардан таратып айтып берген. – Исмаил бей Гаспринский* орыс армиясының прапорщигі отбасында, шамамен өткен ғасырдың ортасында дүниеге келген, – деген-ді ол. – Таңырқаймысың? Иә-иә, оның әкесі Мұстафа шынымен орыс әскерінде қызмет еткен. Орыс үкіметіне еңбегі сіңген кісі. Дворян тектілер кітабына бекерден бекер енгізілді деймісің. Серәлі Ысмайыл ақсақалдың әкесінің орыс қызметінде болғанына таңданған жоқ. Ондайға мысал өз өлкесінде де жетіп-артылатын. Қолдап таңылған бодандықты мойындау немесе соған құлшына мойынсұну секілді кезеңдердегі оқиғалар астары оған әбден таныс. Небір есіл ердің құрсау ішінде, сол құрсау берген мүмкіндік шеңберінде ғана өзін еркін сезініп, шектен аспай шаттануына мәжбүр еткен жағдайды осы күндері бүге-шігесіне дейін айқын түсінген. --------------------------------- *Гаспра ауылынан шыққан деген ұғымды білдіретін аты-жөн, әйгілі қайраткердің ныспысы қазақша – Гаспралық Ысмайыл (Исмайыл, Исмаил), қырым түркішесінде –Ысмайыл Гаспралы.
Сондықтан да ол Әлимарданның әңгімесін ұзын арқауы таныс жыр секілді қабыл алды. Әйтсе де қызық еді... Бала Исмаил әуелде туған жерінде – әсем Қырымның Гаспра ауылындағы мұсылман мектебінде сауат ашқан екен. Сосын оны әкесі орысша оқытыпты. Тура Түркістандағы ахуал – орыс оқуынсыз күн көру қиын болғандықтан. Мәжбүрлік. Орыс оқуын оқуға деген ұмтылыс – соған деген мұқтаждық, қажеттілік жасалғандықтан... Әлимардан Серәлінің пайымына қарсылық білдірмейді. Тіпті қостайды оны, аз десең. Себебі заман сондай болды. Қару сөйледі. Күш сөйледі. Әлсіз күштінің ыңғайына бейімделді... Исмаил бейді жеткіншек шағында әкесі алдымен Воронеж қаласындағы орыс мектебіне берді. Сонда тіл сындыртып, біраз сауаттандырды. Одан Мәскеуге апарып, кадет корпусында оқытты. Міне, оған әкесі осындай жағдай жасады. Өстіп Исмаил өнер-білім негіздерін, соғыс ғылымын үйренді, еуропаша зайырлы білім алды. Бірақ Исмаил әкесінің үмітін ақтамады-ау деймін, ол әскери адам болған жоқ. Және орыс үкіметіне басқаша қызмет етуді де қош көрмеді. Ол әкесінің бұл ретте сіңірген еңбегін жеткілікті санады. Құдай оған осындай тоқтамға келуді нәсіп етті. Оған не себеп болды екен дей ме? Кім біледі. Бәлкім, ана сүтімен бойға сіңірген түркі ділінен шығар. Қаршадайынан көз алдында өрбіген сурет: туған халқының ата қонысы болған жер-суынан ығысып, мекенін кірмелерге беру мәжбүрлігіне ұшыраған бишара тіршілігі санасында жаңғырған болар... Ғажап емес. Топырақ алдындағы парыз, перзенттік парыз – түптің түбінде, саналы адамды түйсінтпей қоймаса керек... Оған дау бар ма. Содан ол, Москва кадет корпусының түлегі, көркем де қасіретті Қырымына қайтты. Табиғаты жұмсақ, билігі қатыгез түбекте жас жігіт бірнеше жыл медресе мұғалімі болып істеді. Қырымдық туғандарының сауатын ана тілінде ашуға үлес қосты. Бұл, әрине, абыройлы да игілікті қызмет болатын, бірақ ол осынау зерделі де қажырлы жастың бойындағы шығармашылық мүмкіндігін ел мүддесіне бағыттап, толығымен ашуына тарлық ететін еді. Иә-ә... Соны ұғынғаннан шығар, ұзамай орыс патшалығы шекарасынан асып, француз елінің астанасы Парижге кетті. Оқыды, қызмет істеді. Одан Стамбулға ауысты. Түркияда жас түріктер ұйымына кірді. Мұның бәрі оның өмірдегі негізгі бағдарын айқындап, азаматтық көзқарасының тұғырын шегендей түсуіне жәрдемдесті ғой деп ойлайды Серәлінің әзірбайжан досы. Әрине-әрине, – Серәлі әзірбайжан досын қызына қолдады, – біздің елде көре-көре көсем боласың деген сөз бар... Әлимардан бек осынау күллі түркі халықтарының рухани көсемі ретінде танылған жақсы ағаның кемелдену жолын өмірбаяны мысалында тамаша түсіндіріп келеді. Жалғастыра берсін... Әлимардан бек басын қанағаттана изеп, әңгімесін сабақтай берді. Исмайыл әпенді содан соң, бұдан шамамен жиырма бес-отыз жылдай ілгеріде, еліне оралған екен. Біржола келіпті.
Сонда оның кең дүниетанымға ие кемел қайраткер әм ойшыл деңгейіне көтеріліп, қылшылдаған жігіт қалпында еліне қайтқанына халқы разы болыпты. Жұрты басына көтерсе керек. Еуропа білімімен тағаланып келген саналы азаматтың патшалық қорғаны боларына шәк келтірмегендіктен, оны өз тайпаластарын басқару ісіне тартуды орыс үкіметі де қолайлы көріпті. Содан ол Бақшасарай қаласының әкімі болып тағайындалады. О, Ысмайыл ақсақал бір кезде өзінің туып өскен Қырымлы* елінің астанасын басқарды десеңізші! Иә, Қырым астанасын биледі. Бірақ бұл сырт көзге ғана. Ол кез – баяғы хандықтың бас шаһары орыс қаласына айналдырылып үлгерген уақыт қой. Қырымлы елі тұтастығынан айрылып, елдігін жоғалтқан заман. Жаңа қожайынның «кеңшілігімен» өзінің қырымлы түркілері атауынан айрылған кез. Бір кезде орыс мемлекетінің билеушілері өз иелігіндегі жерлерден әріректе тұратын баршаға таңған татар сынды жалпылама атты еншілеп, қырым татары делінген шақ. Жалпы, жаулап алынғаннан кейінгі аз жылда-ақ Қырым түбегін бөтен тектілер жайлап кеткен. Бұл жаулап алушының еркімен жүзеге асып жатқан-ды. Қырымды жаулап алған елдің үкіметі оның төл түлектерін жан-жаққа шашырата ысырып, жер аууға мәжбүр еткен. Сөйтіп, өкімет тірегі болмақ өз азаматтарын әсем түбекке көптеп қоныстырған. Серәлі мұны әбден түсінеді. Бұл жәйт Түркістанды отарлаудан кемі бір ғасыр ілгеріде орын алған. Ал озбыр басқыншы басып алған жақсы жер-су атаулыны өзінің ата-бабасынан қалған мұрадай иемденеді. Үкіметтің бұл реттегі әрекеті қырық қатпарлы болып келетіні хақ. Кейінгі отыз-қырық жылда империя өкіметінің тарихи түркі елін Орыс Түркістанына қалай айналдырғандарына өзі де куә болып келеді. Демек, Қырымның басына түскендей екі жүз жыл бойы отар болу Түркістанның да маңдайына жазылған болса, сөз жоқ, онда да талай сорақы тәжірибе жасалуы ықтимал. Бұл оны түк таңғалдырмайды. Дұрыс, озбыр басқыншылығын отаншылдыққа балаған патша үкіметінің отарлау әрекеттері бар өңірде бірдей, егіз қозыдай ұқсас жүрді. Сондықтан да, әлем астанасы іспетті Парижден келген, яғни, еуропаланған Исмаил бек мұнда қалыптасқан нақты шындықпен санасады деп орыс әкімшілігі үміт арта жобалаған-ау деу көңілге қонымды. Олардың ұғымынша, Исмаил Гаспринский озық мәдениетпен тәрбиеленді, демек, өкімет сенімін ақтайды, өз мүдделестерінің біріне айналады... Рас-рас, қисынға келеді... Ендеше Серәлі мырза мына пайымға да қарсы болмас: билеушілердің оны әкімшілік жұмысқа тарту сыры, шынымен де, қырымлы жұртының қамын күйттегендікте жатқан жоқ. Отарлаушылардың Исмаил бек секілді қырымлы ұлына Бақшасарайда саусақпен санарлық қана қожалығы қалған тайпаластарын басқартуды көздегендіктерінен емес. Дұрыс па? Серәлі бұған толық келіседі. Дегенмен, досының пікірін білгісі келеді. Неменесі бар, естісін, білсін: Әлимарданның ойынша, сол қызметін үкімет бұған мұның тақ мүддесіне адалдығын сынағысы келгендіктерінен берсе керек. Бұл ойды Серәлі де қолдайды. Ықтимал. -------------------- *Қырымдық халық.
Бірақ, шүбәсі де бар. Сонау дәрежесі едәуір биік қызметте екі-үш-ақ жыл істеді дейсіз, сонда Ысмайыл ақсақал олардың үмітін ақтамады ма, қалай? Әлимардан басын жігерлене шайқады. Неге ақтамасын, ақтағанда қандай! патша әкімшілігі Исмаил Гаспринский тұрпатындағы адал да әділ қала басшысын жиі таба бермейді. Мәселе – Исмаил бейдің ой-арманына мэр лауазымы тарлық еткенінде! Тағдыр оның маңдайына бір қалаға емес, сан атыраптағы қалың түркіге қызмет қылуды жазған емес пе! Соны ұғынғандықтан да, ол әкімдік қызметпен қош айтысты. А-а, мэр лауазымынан кетуі, сөйтіп, бергі өмірінің мәніне айналған «Тәржіман» басылымын шығаруды қолға алуына орай болған десеңізші?! Солайы-солай, бірақ ол өзінің осынау ғұмыр бойғы ісінің тұғырын сол қалабасылық қызметті атқару кезінде соққан. Яғни? Яғни шартарапқа ең жүйрік сәйгүліктің жылдамдығымен тараған ойларын ол сонау әкім шағында қорытқан. Онысы қысқа мерзімде сан мыңдаған тілеулестерінің санасын жаулағаны белгілі. Не керек, Исмаил бей тұғырнамасын қалабасы лауазымынан кетер-кетпесте тұжырымдаған десе де болады. Қалай дейсіз бе? Бақшасарайдың тыныс-тіршілігін басқара жүріп, ол түркі халықтарының мүддесі хақында қалам тербей бастады. Әлимардан Ысмайыл Гаспралының шығармашылығы жайында әңгімеледі. Мерзімді басылымдарда жария болған ой-пікірлерін айтты. Осыдан ширек ғасырдай бұрын Симферопольде жеке басылым болып жарық көрген орысша еңбегі бар. «Орыс ішіндегі мұсылмандық. Мұсылманның ойлары, жазбалары және байқағандары» деп аталады. Атының өзі көп нәрсені аңғартып тұрған жоқ па? Сол кітабында ол зәрулігі мен өзектілігі күннен күнге артып келе жатқан біздің мұқтаждықтарымызды сөз етті. Содан бергі, әсіресе газет шығаруды жолға қойғаннан кейінгі барша рухани тіршілігі көз алдыларыңда ғой... Алыс Түркістанды мекен ететіндер дәл мұны қостай алмайды. Жер шалғайлығын, жалпы хабар-ошардың жетуі қиындығын былай қойғанда, «Тәржіманның» өзі қолдарына бірде түсіп, бірде түспейді, қалай қостасын. Жоқ, қостай алмайды. Ысмайыл ақсақал мұсылмандардың, әсіресе түркілердің мүддесін күйттеуде атқарған күллі іс көз алдымызда ғой деп бұлар айта алмайды. Дегенмен, мүлдем бейхабармыз демейтіндері де анық. Оның қырағы жандармерия құқайларын елемей асқан асулары, елді оятатын батыл сөз таратқан үнпарақ шығаруда өткен барша белестері жанпидалықпен өріліп жатқанын іштей бұлар да сезеді... Кенет Серәлі ойына бірдеңе түскендей, саусағымен щекесін нұқып қалды да: – Әлеке, – деді, – бұрнағы жылы бұл кісі қазақ жеріне де келіп қайтты емес пе? – Иә, барып қайтты, – деп анау қанағаттана бас изеді. – Әбдірәшит әпенді сол жылы Түркиядан елге қысқа мерзімге келіп қайтқан-ды, сол кезде оны өзімен ерте шығып, аралатты білем. Ол кісі өзі Сібір өлкесінің тумасы ғой. Әрі, жаңылыспасам, қазақ арасында діни қызмет атқарған.
Кеше ғана сол жақтан келген Шаһмардан деген қазақ молласының оның есімін құрметпен атап, Рәшит қазы деп отырғанын естідім... – А-а-а, әйтсе де, жәй ғана меймандыққа бармаған болар? – Әлбетте, сөз бар ма оған. Екеуінің де мақсаты бір, баяғы түркі мүддесі ғой жыртып жүргендері. ұйыстыру жұмыстарын жүргізуді көздеп саяхаттаған. Бірақ тек қазақ елінің терістігінде ғана болды. Орынборда, Теке мен Қызылжарда. Омбыға да соқты-ау деймін. Ал оңтүстікті көрмеген. Сондықтан да көңілі саған ауды білем... Онысы рас болып шықты. Әлимардан ертіп апарып таныстырған бетте Гаспралық Ысмайыл мырза бұған айрықша ықылас аударды. Қонақтар жиналып жатқан демалыс бөлмесіндегі төрде, кең диванда жалғыз отыр екен. Бурыл жұқа мұртын сипап, Серәліге тіке, зерттей қарады. Ашаң, шаршаңқы жүзіне мейір жүгіріп өткендей болды. Қасына отырғызды. V Серәлінің Ысмайыл ақсақалмен аз-кем пікірлесуінің өзі оған үлкен әсер етті. Міне, қандай кісі бұл жалпытүркі көсемі, деп сүйсіне ойлады ол. Неткен салиқалы жан... өзіне баурай түсетін жылы пейілін көрген, биязы дауысын естіген адам оған қалай құлай сенбесін... Ол әуелі Түркістан өлкесінен съезге кімдердің келгенін біліп алды. Одан жалпы Түркістан өлкесі туралы, ондағы халықтардың рухани жағдайы, тұрмысының жай-күйі жайында сұрастырды. Әңгіме барысында екеуі Серәлінің отаны мысалында отар ел халін едәуір қаузады. Сосын Ысмайыл Гаспралы өзінің кейінгі кезде өзі үшін бір жаңалық ашқанын әңгімеледі. Ол орыс ғұламаларының таңдайын қақтырған Шоқан Уәлиханов деген бір тамаша қазақ білімпазы болғанын, өкінішіне қарай, оны өткен қыста ғана білгенін айтты. Фәни дүниеде қысқа ғұмыр кешкен со оғылан хақындағы естеліктерді, онымен Сібірдегі кадет корпусында бірге оқыған орыс досының баспасөзде берген мәліметтерін қайта-қайта оқығанын мойындады. Суалыңқы жағы мен буырыл мұртын ақырын сипай отырып: – Содан соң мен оның жазған шығармаларымен* құмарта таныстым, – деді ол. – Қыс бойы оқыдым. Неткен нәзік аңғарымпаздық. Неткен жаужүрек саяхаткер. Ойы қандай. Тілі қалай еркін көсіледі десеңізші. Қаншама тың мағлұмат. Боз оғылан, мен сіздің сол ағайыныңыздың туындыларынан қандай әсер алды дейсіз бе? Ұлы сары даладан бастап, Орыс Түркістанынан асып, Қытай Түркістанына дейін өзім саяхат жасап қайтқандай болдым. Түбі бір түркі бауырлардың өмірін көрдім. Сіз ол кітапты білетін боларсыз? Серәлі басын изеді. Кеудесіне сол кітапты оқыдым деп отырған осынау ғұламаны құрметтегендік және оның авторы үшін мақтанғандық сезім толды. Ол Шоқан дүниеден өткенде әлі ес білмейтін сәби еді ғой, бірақ оған Жасаған Жалғыз Шоқанның көзін көрген әрі досы санатындағы кісінің шапағатын көруді нәсіп етті. ----------------------- *Шоқан туындыларының 1904 жылы профессор Н.И. Веселовскийдің редакциясымен Санкт-Петербургте шыққан тұңғыш жинағын меңзеп тұр.
Ал ол кісі – Ысмайыл ақсақал сүйсініп отырған кітаптағы естеліктердің бірінің авторы. Бір мезет сол жайында айтқысы кеп кетті де, тілін тістей алды. Қазіргі сәт мұның көсіле сыр шертуін көтермейді, қазір оған тек тыңдау керек. Дұрыс істеді. Сәлем бере келіп жатқан меймандардың сәлемін ала отырып, Ысмайыл ақсақал негізгі әңгіме-дүкен желісін жоғалтқан жоқ. Оның қолын алып, айналасына алқа-қотан тұра-тұра қалғандардың ортасында, өзінің көңілі қалаған түркістандық жаңа танысы Серәліге жүзін бұрып, ойын сабырмен сабақтай берді. Кезінде өмір жолын орыс білімімен қаруланудан бастаған Исмаил Гаспринскийге орыс кітаптары маңызды білім көзі болып қала бергенді. Орыстың жағырапиялық қоғамының этнография бөлімінің арай-аясында шығарылған әлгі кітап бұл жолы оған тек жаңа ғылыми таным, ілім-білім нұрын шашқандығымен ғана емес, исі түркі жазушы қолынан туғандығымен де аса ұнаған екен. Қазақтың өмірін, нанымын, салтын Ысмайыл ақсақал Шоқан арқылы шындап таныған тәрізді. Ол биязы үнімен Шоқан орысшасының шұрайлылығы жөнінде біраз сөз айтты. Жиһанкездің байқампаз қаламы бедерлеген Азияның алыс түкпірлері оған жақындай түсіпті. Ол қазақтың күллі түркіге ортақ тұсы көп әдетғұрыптары жөніндегі әсерлерін сүйсіне әңгімеледі. Сосын терең тыныстап алып: – Дегенмен сол кітапта бір әттеген-ай орын алған, – деді. – сонау ғаламат ғалым жазушы бір арнайы зерттеуінде қазақ түркілерінің мұсылмандығына шәк келтіре, өте сыншыл көзбен қарапты. Тіпті мұсылман болудың өзін кертартпалық жетегінде қалумен бірдей бағалапты. Оны тыңдап тұрғандардың бәрі тым-тырыс боп қалды, әліптің артын тосты. Аз-кем үнсіздіктен соң Серәлі сыпайы тіл қатты: – Қазақ елінде қараңғылық өрістеп тұрған заман... Ашынғаннан, сауатсыздықтың көзі көрген салдарын сынауы керек болғандықтан солай жазған ғой... Исмайыл бей алақанын ақырын апарып оның білегінің үстіне салды. Жымиды. – Дұрыс айтасыз, – деді. – Білемісіз, боз жігіт, мен сонысының жаны бар екен деп ойладым. Бойына бір жылы қуат құйылғандай сезінген Серәлі үнсіз бас шұлғыды. Сосын айнала қоршап тұрғандарды көзімен шолып өтіп: – Ол кез түгіл, Ысмайыл аға, дүмшеліктің қазақ ішінде әлі күнгі көп екені рас, – деп қалды. – Бұл шындық, – деп қалды тұрғандардың бірі. – Дүмше молда ел бұзар деген қанатты сөзді халық бекерге шығармаса керек. Серәлі басын көтеріп, қарсы алдынан бітік көз, тақиялы қазақты көрді. Қасында тұрған Серәлінің жерлесі Махмуд Қожа сәлдесін түзеп: – Шаһмардан мырза біліп айтып тұр, – деді. – Бұл кісі үкімет таяғын жеген күресушілер қатарынан...
Үкімет таяғын жеген күресушілер қатарындағы Шаһмардан мырза қоңырқай жүзі күреңіте, қысыла күлімсіреді. Исмайыл бей оларға сынай көз тікті. Сосын екеуінен жүзін айырмай: – Ендеше мұндай ахуал – бүгінгі ағартушылар алдында қыруар міндет тұрғанын көрсетеді, – деп түйді. Жиналып қалғандарға айнала қарап шықты. – Мәселе – соған баршаны жұмылдыра білуде. Құрылтайымызда бұл жайындағы ойларыңызды ортаға жүйелеп салуды ескеріңіздер. Бәрі үшін Серәлі жауап бергендей болды. – Иә, аға, – деді ол, – осы ретте жәдидшілдік қозғалыс өлшеусіз көп пайда келтіретін болар деген үміттеміз. Жиында айтарымыз бар, өйткені бізде де едәуір тәжірибе жинақталып қалды. Мәселен, міне, Махмуд деген еңбекқор жәдидші оқымыстымыз келді жиынға... Иегімен Махмұт Қожаны нұсқады. Сөйтті де салмақпен, әңгімесін сабақтай берді. – Ол былтырдан бері Самарқанда өзінің ашқан мектебінде өзі жазған оқулықтармен сабақ беріп жүр. Онда, жаңылыспасам, көбіне өзбек балалары оқиды. Алла қаласа, сол жұмысының қызық-шыжығын құрылтайда өзі аян етер. Мен де Сырдария алқабындағы бірнеше ауылға қазақ балалары үшін мектептер ашуға рұқсат әпердім. Оларда өткізілетін сабақтар да жәдидтік бағдарламаға ұқсас... – Егер оқу бағдарламасы қазіргі заман алға шығарып отырған талаптарға үйлесімді болса, одан артық не керек. – Ысмайыл ақсақал алақанын жайды. – Балдырғандарға тамырын танытуға септессе – жәдидшілдік деген сол ғой... Тұрғандар өзара сыбырласып, қауқылдасып қалды. – Әрине, қазіргі заманда тек қасиетті құранды жаттатумен шектелуге болмайды ғой, әпендім дұрыс айтады... – Рас, біз бүгінде жаратылыс білімдерінен дәріс беретін мұғалімдерді зайырлы мектептерден шақыртып жүрміз... – Біз, керек десеңіз, орыс тілін де пән ретінде оқыта бастадық... Ысмайыл Гаспралы оларды мұқият тыңдады. Әлсін-әлсін бас изеп қояды. Серәлі де естіліп жатқан пікірлерді қостап: – Мемлекеттік тілді үйретуіміз керек, ол мұқтаждық, – деді. – Өз отаныңда тұрғаныңа қарамастан, билеушілердің тілінде сөйлемей, әкімшіліктің есігін де аша алмайсың. Сол себепті біздің мектептеріміз оған айрықша көңіл бөледі. Бірақ тұғырлық білім ана тілінде берілуі қажет деген ойдамыз. Ысмайыл аға, бізге Бақшасарайдан жетіп жататын ой-пікірлер де соған саятын сияқты еді? Ысмайыл аға оны мақұлдады: – Оныңыз рас. Сосын былай деп қосты: – Дей тұрғанмен, мұнда құптарлық та, ақылдасарлық та нәрселер бар. Сондықтан оған қатысты кеңесті құрылтайға қалдырған жөн болар.
Келіскендері болар, ешқайсысы тіс жарған жоқ. Гаспралық Ысмайыл Серәліге бұрылып, Шоқан жөніндегі әңгімесіне оралды. Сонау қилы мағлұматы мол ғылыми шығармалар жинағын оқи келе, оның орысшыл екендігіне көзі жеткенін, оның себебін де түсінгенін әңгімеледі. Әйтсе де, егер ұзағырақ өмір сүргенінде – сөзсіз өз қатарларынан табылатынына сенімі зорлығын айтты. Сосын былай толғанды: – Алла Тағала оны бізбен қатарлас өмір сүруге жазғанда, немесе тым ерте әкетпей, ұзағырақ өмір сүруге нәсіп еткенінде – ол, сөз жоқ, біздің пікірлесіміз, дұрысында – ұстазымыз болар еді. Бәлкім, отар түнегінде адасып жүргендерге жол сілтеуші шамшырақ іспетті қызмет етер ме еді... Үндемей қалды. Бір сәт тыныштық жайлады. Қоршап тұрғандар да жақ ашпады. Көпшілігі әңгіменің кім туралы екенін білмейтін-ді, соны тез зерделеген Серәлі көпшілікке қарады. Тамағын сәл кенеп алып: – Мырзалар, – деді. – Ысмайыл бей орыс ғылымының аспанына жарқырай шыққан қазақ оғыланы жайында тебірене сыр шертіп отыр. Ол орда бұзар отызына жетер-жетпесте, бұдан отыз бес жылдай ілгеріде опат болған еді. Жазғандарының бірсыпырасы бір мұқаба астына топтастырылып, орыс достарының қамқорлығы арқасында былтыр ғана жарық көрді. Тілге тиек боп отырған – сол кітап... Мырзалар қозғалақтап, бір-біріне қарасты. Ақыры қаба сақалды мосқал кісі тыныштықты бұзды. Қазан университетінің оқытушысы Шора Меңдігереев екен. – Жағырапия қоғамының этнографиялық жазбалары, – деп, басын изеді. – Жиырма тоғызыншы том. Сырласуға тұратын кітап, – деді ол қолын кеудесіне айқастырып тұрған қалпы. – Оны аз десеңіз, автордың жеке басының өзі талай танымды әңгімеге азық бола алады. Әрі арамызда ол жайында толығырақ айтып бере алатын қазақ достар бар. – О, Шора әбзи, байқаймын, сіз де аз білмейтін секілдісіз... – Көп емес, Исмаил бей. Баспасөзде жария болған мәліметтерге қарағанда, Шоқан Уәлиханов ес білгелі орыс зиялылары ықпалын сезініп өскен. Киргиздің соңғы царевичі* ошағына еуропалық білім алған оқымыстылар жиі соғып жүрсе керек, содан балаң сана озық мәдениетпен суғарылып, құнарлы нәрін ізденімпаз бала бойына сіңірген де. Ірі жетістікке жету негізі сонда емес пе... – Иә, дәл аңғарыпсыз. – Исмаил бейдің көзі жасаурады. Күрсінді. – Алайда ол сондай ірі жетістікке жеткенімен де, егер құдай ғұмырын қысқа етпегенде, одан әрі үлкен мәдениет тұтқынында қала бермес еді... Мойнын баяу бұрып, жан-жағына қарады. Жым-жырт. Жұрт одан көзін алмай, тағы не айтар екен дегендей, үнсіз аузын бағып тұр. – Орыстың тәрбиесімен баулынып, білімімен шегеленген бүгінгі көптеген жастар түркі дүниесіне үмітті қозғалыс әкелді емес пе. – Гаспринский бойын тіктеп, кеудесін керді. Назарын Серәліге тастады. - Түсінемісіз, боз жігіт, менің бұл сеніміме сол дәлел. ------------------------------------ *Қазақтың соңғы ханзадасы.
Боз жігіт аузын ашып үлгермеді, тұрғандар бір сәт Гаспринскийді қызу қоштап, пікір білдірісіп қалды. – Жақсы айттыңыз... – Рас сөз, сеніміңіз орынды, қадірменді Исмаил бей... Біреу күрсінді: – Бірақ, қайтерсіз, алла оның орындалуын қош көрмеді... Екінші біреудің сенімді, оптимистік даусы шықты: – Шоқанның кешкен ғұмыры мен артына қалдырған еңбектері осы қалпында-ақ жәдидшілер үшін ғибратты... Оны қолдайтын пікірлер де естіліп жатты. – Оқудың, ілім-білімнің соңына түскен сайын азаматтық сезіміңнің де көзі ашыла түседі... – Қандай қарапайым да дәл сөз, – деді Исмайыл бей баяу үнмен. Исмайыл бейді әркім басын шұлғи, қызу қостады. Серәлі шын көңілімен: – Ысмайыл аға, біз сізді өзіңіз айтып отырған үмітті қозғалыстың көшбасы деп білеміз, – деді. Сол-ақ екен, Ысмайыл ағаны пір тұтқандар әр тұстан үн қатып, жүрекжарды сөздер ағытылып қоя берді: – Өзіңіз белгілеп берген мұратқа адалдық көрсету бізге парыз... – Сізге лайықты қосшы бола білсек қой шіркін... Мүлдем табиғи, ақ көңілден айтылып жатты. Осынау ашаң, ат жақты, шаршаңқы жүзді қарт кісіге баршасы терең құрметпен қарап тұрды. – Оғыландар, – деді ол баяу үнмен. Оғыландар тына қалды. – Сіздер дұрыс бағаламай тұрсыздар. Түркі дүниесінің бүгінгі үкілі үміті – өздеріңіз боласыздар... Түркі дүниесінің үкілі үміттерінің ешқайсысы тіс жарып үлгермеді. Араларына тез де жеңіл басып, атлас қамзолды толық адам келген, сол келе жарқылдай сөйлеп, киіп кетті: – Мырзалар, ас дайын!.. Исмаил бей, мархабат! Жүріңіздер!... Исмаил бейдің қасына тақалып, қолтығынан демеді. Орнынан шапшаң көтерілген Серәлі оны екінші қолтығынан алды. Сөйтіп екеуі ақсақалдың орнынан тұруына жәрдемдесті. Ақсақал алда разы болсын айтты да, қожайынмен бірге, топты залға бастады. Әлимардан бек Серәлімен қатарласа жүрді. Екеуі бір мезет бір-біріне сәл жымия көз тастасты. Серәлі досының бұл сыйына шын риза еді. Ол осы досының арқасында атақты ұстаз Ысмайыл Гаспралымен жүзбе-жүз танысты. Сөзін естіді. Екеуінің ортасында отырғанда, бұлар жайғасқан диван алдына кішіктік ілтипатпен топталып келіп, лебізіне құлақ түрген меймандар көзінше, одан, бәрі жапырылып меймандос дастархан жайылған залға ауысқанда, дәм үстінде, көпшілікке арнап айтқан ойпікірлерін ерекше сезіммен тыңдады. Әрбір пікір білдірушіні тыңдай отырып, осы қарапайым да ұлы адамға деген өзінің ішкі құрметі арта түскенін сезді. Ретін тауып тілдесе түсуге тырысты.
Осынау қадірменді кісінің аузынан естігендері өзінің өмір жолына сын көзбен қайырыла үңілуіне түрткі болды. Өйткені бұл түркі жұрттары көсемінің пайымдары тәлімді еді. Әсіресе туысқан тайпаларды, түбі бір түркілерді жақындастыру жолдарын пайымдау хақындағы сыр шертісулер оған қатты әсер етті. Жалпы, ақсақалмен әрбір сөйлесу құрылтай қуып келгендегі мақсат-мұратын айқындай түсті, ой қозғарлық әрі шын мәнінде есте қаларлық сұхбатқа айналды. VІ Туған топыраққа “Тәржіман” еккен дән орыс революциясы жауынымен ерекше құнарланып, жапа-тармағай өне бастаған-ды. Тез бүршік атты: Ресей орталығындағы оқиғалар түркістандықтарды да маужыраған салғырт қалпынан оқыс сергітіп, тың серпінмен бас көтертті. Жаңашыл түркістандықтарды. Сөйтіп олардың жаңа тұрпатты күреске шығуын жеделдетті. Қарумен емес, сөзбен.. Солардың бел ортасында Серәлі де жүрді. Бұл жаңашыл күрескерлер орталықтағы мұсылмандармен байланыс орнатуға оң иықтарын беріп тұрды. Жаңаша, жәдидтік оқуға көшуді көздеді. Мешіттер салуды көбейту мәселесін көтерді. Сосын соларда өткізілмек жаңаша уағыздар арқылы бұқараның көзін ашуды мақсат етіп қойды. Әдетте Сыр бойынан көктем белгі бере көтеріліп, терістіктегі Жайыққа дейін созылатын көші-қон жолымен жайлауға қарай қоныс аудара бастайтын, күздеуін де жолда жеп, дария қата бергенде ғана қыстауына оралатын көшпенді жұрт бағзы өмір салтынан бастартуға мәжбүр болғалы қай заман. Елу жылда ел жаңа дегенді халық неге айтқан дейсің. Жат жұрт билеушісінің табанына түскелі одан да көп уақыт болды емес пе. Тиісінше, тұрмысқа жаңаша бейімделу қажеттігі туды. Көші-қон жолы кесілген соң, амал бар ма, қысы-жазы Сыр бойында тұру, бір Қоғалыкөл айналасында жатақ сынды күн кешу қажет болды. Біртіндеп ел-жұрт діни-рухани нәр көзі қажеттігін сезіне бастады. Сонда Серәлі туған сонау көл жағасына тақау бір дөңге оның әкесінің Бәлтік деген аталас ағайыны әйдік мешіт салуды қолға алды. Ата-баба қалпындағы көшпелі тұрмысы жойыла бастаған жұрт мұсылмандыққа көбірек мойын бұрып, көп жерде осылай ете бастаған. Бірақ, дін қайраткерлерінің халықты мұсылмандық рухта тәрбиелейміз деген ниеттері ұқсағанмен, тәсілдері екі айырылған. Айналып келгенде, молдалар арасында ескі оқу жүйесін жақтайтын қадымшылар мен оқытудың жаңа тәсілін қолдайтын жаңашыл жәдидшілер пайда болған. Міне, солар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмады. Осы орайда рухани тіршіліктегі екі ағым арасында күрес туды. Бұл, әсіресе, еуропалық бөліктегі мұсылмандар арасында айқын көрінді. Жәдидшілер тек құранды жаттатумен шектелетін қадымшыларға қарсы тұрып, мектептерде жаратылыс негіздерін оқытуды қолға алды. Ал қадымшылар оларға қарсы болды және бұл қарсылық күресінде патша үкіметінің әкімшілігіне сүйенді. Қадыми молдалардің көзімен қарағанда, жәдидшілер – өздерінің іштерінен шыққан дінбұзар револю-
ционерлер сияқты еді. Сол себепті олар ғайыптан, билік намысын жыртып шыға келді. Сөйтіп, жәдиди тәсілге берілген молдаларды билікке «хұкімет тұғырын шайқауға кіріскен қаскүнемдер» деп танытты. Сондай жаламен құпия полицияны соңдарына салып қойды. Ал жәдидшілер бар болғаны ағартушылық жолда еңбек етуші мұғалімдер еді, қадымшылар соларды ел аман, жұрт тынышта қуғынға түсірді. Осы мәселенің Түркістан іс-дағдысындағы хал-жайы хақында Гаспринскийдің білгісі келетіні көп еді. Тиісінше, түркістандықтар да осынау үлкен ғұламамен тікелей сырласқанға құмар-ды. Серәлі де, Махмуд та сол кеште мүмкін болған сұхбат ауқымында онымен қызық пікір алмасты. Ақыл-кеңесін тыңдады. Дастархан айналасында отырған алқалы жиын алдында Гаспралық Ысмайыл ақсақал былай деді: – Қара мырза тұқымынан шыққан орыс тарихшысы айтпай ма: орыс тарихы – жаулап алулар тарихы деп. Менің елімнің жаулап алынғанына жүз жиырма жылдан асып барады. Көркем Қырымның басқыншы табанына басылғанына, әсем Бақшасарайдың қаусатылғанына – бір ғасыр әм жиырма жыл. Өз дәуірінде қырымлы оғыландары да қаһарлы болған, кеудесін ешкімге бастырмай, еңсесін биік ұстаған. Дүние – кезек деген осы... Енді заман бөлек. Ендігі заман күрес тәсілін өзгертуді талап етеді. Енді біздің халыққа қару күшімен жеңіске жету жолы келмеске кеткен. Енді тек оқу-тоқу, озық білімге арқа сүйеу керек. Зорлықпен таңылса да, Русия бұл күнде отанымызға айналды. Ендеше, ақыры ортақ отан тапқан екенбіз, ендігі мәселе – сонда өзге жұртпен құқық теңестіріп, түбі бір күллі түркінің қысымсыз өмір сүруіне қол жеткізуде. Орай келген реттерде қонақтар түрлі ойды ортаға салып отырды. “Тәржіман” біздің де сүйсіне оқитын үнпарағымыз дегенді баса айтты. Исмайыл бейдің көзқарастарын қалай түсініп қолдайтындықтарын әңгімеледі. Әбдірәшид қазының автономия хақындағы тамаша еңбегін ауызға алды: ол отырғандарға келешектегі міндетті түсіндіреді, түркі жұрты үшін – орыс демократиясы ауқымында өз мемлекеттігін құрып, өзін өзі басқаруға қол жеткізудің жарқын болашағымыз болмағын жақсы ұғындырады. Қазіргі таңда құдайдың бізге, түркі жұртына, осы екі ақсақалды бергеніне шүкір... осы екі ақылман нұсқаған жолмен жүру жөн... патша кеңшіліктер жасаған мүмкіндікті пайдалана отырып, жәдидтік жұмыстарды өрістету ләзім... Орыстың зайырлы оқу орындарымен үндесетін мектептер ашуды, жаңа мазмұндағы оқулықтар жазуды өрістете беру жөн... Бұл орайда түркістандықтар қарап отырған жоқ, отыздан астам жаңа мектебі жұмыс істеп тұр. Мына Махмұт қожа былтыр Самарқанда жәдидтік мектеп ашқан, биыл газет ашуға кірісті, бәріміз соған тілектес әрі жәрдемші болып отырмыз... Сырласу сағаттары бұл кешпен шектелген жоқ. Шартараптан баршасы аңсап келген съездің басталар уақыты созылған сайын, оның ашылуын тағатсыздана күтіп жүргендердің шыдамы ширатылып, түгесілуге тақалған. Бірқатары түрлі кішігірім басқосуларында
ағымдағы саяси жағдай жайындағы ойларын қызына төгетін. Енді біреулері пікірлерін салмақпен бөлісіп жүрген. Талайы қаралмақ мәселені өзара әлденеше мәрте әр қырынан талқыға салып үлгерген-ді. Одан біразы, уақыт өткізу үшін, түрлі қыдырысқа салынған. Көпшілігі сауда-саттық істерін жүргізетіндіктен, базар аралаған. Әйгілі жәрмеңкедегі сенімді іс жүргізушілерінің шаруаларына бағыт-бағдар беріп, тиісті адамдармен, немесе олардың делдалдарымен қажет келіссөздер жасап жүрген.
VІІ Ақыры, басқосуды ұйымдастырушылардан кеше, түрлі өзара сырласулар өткен күннің кешінде жаңа хабар келген-ді. Біршама нақтыланған жоспар жайындағы хабар. Серәлі зайыбы мен қызын ертіп, біраз қыдырыстаған да, бұл кезде бір топ серіктерімен бірге қала алаңында көрсетіліп жатқан көше өнерпаздарының ойынын қызықтап тұрған. Ойын-сауық көрушілердің арт жақ шетіне жеңіл ат-арба келіп тоқтады. Делбе ұстаған көшір жанындағы жас жігіт жерге ырғып түсті де, шеткерірек тұрған түркі зиялыларын тез тауып алды. Оның әкелген хабарын қырбық сақал-мұртты жігіт қанағаттана тыңдаған. Сәлден кейін ол ойын тамашалаушылар арасына енді. – Мырзалар, – деді сыбырмен. – Исмайыл бей бастаған өкілдеріміз әкімшілік кеңсесінен оралған екен. Маңызды әңгіме бар сияқты. Жолығып қайтайық. Ерлер жоспарларымен зайыптарын қысқа хабардар етті де, ақырын ығысып, шабарман соңына ілесті. Әйелдер жағы ойынды тамашалауларын жалғастыра берді. Зура мен Рәбияны ертуі Серәлінің Төменгіқала жәрмеңкесіне жеткенше – отарба мен откеме үстінде де, жолда басып өткен қалаларда да – ерлер қауымына алаңсыз үйіріліп, саясатқа қатысты қилы әңгіме-дүкен құрылған жерде көбірек болуына кедергі келтірмеген-ді. Қайта, саяхатқа отбасымен шыққанының орынды болғаны анық-тын. Сол жолы да олар түсіністікпен бас изесіп, әйелдер қауымы арасында қала берді. Исмайыл бей мейманхана бағының саясына қойылған тоқыма креслода отыр екен. Жан-жағында қаумалап, ұйымдастыру алқасының мүшелері тұр. Әлденені талқыласуда сияқты. Түркістандықтар келгенде, тұрғандардың бәрі бір сәт Ысмайыл Гаспралының аузына қарап, үндемей қалды. Ол көңілсіз кескінмен келгендерге көз тастады. Ақырын үнмен: – Мырзалар, губернатормен тіл табысу мүлдем мүмкін болмады, – деді. Шамалы үнсіздіктен соң: – Бірақ мына Жүсіп пен оның серіктері бұған мойып отырған жоқ, – деп, оң қол жағында түрегеп тұрған ат жақты, жирен шашты бойшаң жігітті шекесімен нұсқады. – Мұнда жұрт жер-жерден еріккеннен ат сабылтып келген жоқ қой дейді... Жүзі жылып, көңілденгендей көрінді. Біреу миығынан күлді: – Жүрек жұтқан...
Түркістандықтардың назары Гаспралы ақсақал асау батылдығын атап айтып отырған Жүсіп есімді жігітке ауды. Осынау өткір көк көзді Жүсіп Ақшора – орыс жандармериясының деректерінде Юсуф Акчурин деп таңбаланып жүрген отызға жете қоймаған жас жігіт еді. Ол осы Ресейде, Симбирск қаласында дүниеге келгені болмаса, түрік арасында өскен болатын. Есі кірмей тұрғанда оның отбасы Түркияға қоныс аударған. Қаршадайынан сонда, Стамбулда сауат ашты, оқыды. Жас түріктер ұйымына мүше болды. Сонысы үшін оны түрік әкімдері көп ұзамай әскери училищеден шығарып жібереді. Жәй ғана оқудан аластап қоя салмай, Стамбулдан қуады. Теңіз жағалауының алыс бір қиырындағы Триполиге жер аударады. Одан Жүсіп қашып шығып, мүлдем Түркиядан асып кетеді. Францияға өтіп, Парижге барады. Сонда саяси ғылымдар мектебіне оқуға түседі. Оны оқып бітіреді де, Сорбонна университетінде оқуға орналасады, сонда саяси ұйымдар тарихынан диссертация қорғайды. Өмірлік тұғырнамасы айқын, күресінің пәлсапалық негізі қаланған, ғылыми атағы бар оқымысты Юсуф Акчура былтырлары бірқатар маңызды еңбек жасады. Османшылдық пен исламшылдық көзқарастардың түп-тамырын, мән-маңызын талдауға алды. Олардың қазіргі дәуірдегі азаттық қозғалысында атқарар міндетіне тоқталды. Пайдалы әм залалды жақтарын қарастырды. Сондай тірнектеп келтірген дәйек-дәлелдерінің негізінде бүгінгі күні ұстануға тұратын көзқарас нобайын жобалады. Оны жалпытүркішілдік деп атауға болар еді. Түбі түркілердің бір болуын көздеу – азаттық қозғалысының қазіргі таңдағы бірден-бір тиімді жолы. Ал орыс империясының алпауыттары тап осы түркі бірлігін көздейтін қозғалыстан қорқады. Жүсіп Мысырда шығатын “Түрік” газеті беттерінде әлденеше мақала жазып, қазіргі таңда османшылдықтан, исламшылдықтан гөрі жалпытүркішілдік идеологиясы дұрыс болмағын негіздеді. Содан көп ұзамай Қазанға қоныс аударды. Сондағы «Қазан мұхбирі»* газетінде бүгінге дейін істеп келеді. Қаламы қарымды көсемсөзші. Әрі тамаша ұйымдастырушы да. Осы съезді шақырушылар қатарында, ең белсенділердің бірі ретінде танылып еңбек етуде. Серәлінің байқауынша, қылшылдаған жастық жігерімен, ортаға шетін ұсыныстар шығарып отырған секілді. Қазір Гаспринскийдің сөз ұшығын өзіне артқанын байқасымен, басын изеп: – Рас, – деді. – Губернатор тыйым салды екен деп, бұға беруге болмайды. Патша ағзамның өз кеңшілігімен берген еркіндігі баршаға мәлім. Қысқасы, біз әдейілеп жинала тұрып, съезімізді өткізбей кете алмаймыз. Ысмайыл Гаспралы қолын жайды. – Естідіңіздер ғой? Не айтасыздар? Тұрғандар арасынан: – Сонда қалай? – деген күдікті дауыс естілді. – Жиынымызды рұқсатсыз аша береміз бе? ---------------------------- *«Қазан тілшісі»
– Тап солай. – Жүсіп жігерлене басын шұлғыды. – Әбдірәшит әпенді, сіз не дейсіз? – Исмайыл бей сондадайдағы орындықта үнсіз отырған ірі жақ сүйекті кісіге бұрылып қарады. Әбдірәшит әпенді кеудесін кере тыныстап: – Реті келсе, рұқсатпен жұмыс істегенге не жетсін, – деді. «Ұрпақтар арасындағы айырмашылықтың көрінісі, – деп ойлады Серәлі. – Ересектердің сақтыққа бейім болатыны түсінікті-ау, бірақ биылға өзгерістердің өзі батылырақ қимыл жасауға итермелеп тұр емес пе. Әрі бұл кісі жасқанатындар қатарынан емес қой...» Ол Әбдірәшит Ибраһимов туралы тәп-тәуір білетін. Дұрысында, оның он шақты жылдан бері қолдан қолға өтіп оқылып жүрген “Чулпан иолдызы”* атты кітабымен таныс-тын. Отарлық бұғау түнегінде қиналған бауырластарға жарық жұлдызша жол нұсқайтын бұл шығарма түркі халықтары арасында кең тараған еді. Әбдірәшит әпендінің, немесе, көбіне жерлестері Рәшит қазы дейтін бұл кісінің өмір тарихы осында жиналып тұрғандардың көбіне мәлім-ді. Ол Тобыл губерниясындағы Тара қаласында туып-өскен, сонда сауат ашқан. Одан Бұхарада оқыды. Оқуын бітіргеннен кейін Тарада алты-жеті жыл имам, сосын Орынбордағы діни басқармада қази қызметтерін атқарған да, Түркияға қоныс аударған. Атақты кітабын сонда шығарды. Тапа-тал түсте қолына шырақ алып соңына түсіп жүрген патша тыңшылары, ақыры, оны өткен жылы тұтқындатып тынған-ды. Дұрысында, оны Түркия үкіметі қамауға алды. Орыс үкіметінің өтінішіне сәйкес. Артынша қол-аяғын бұғаулап, откемемен Ресейге жіберді. Сөйтіп, былтырғы тамыздың ортасына қарай, кісендеулі саяси тұтқын Одесса портына жеткізілген. Содан Рәшит қазы тоғыз-он күн бойына Одесса абақтысының дәмін татты. Осы Ысмайыл ақсақалдардың дем беруімен ұйымдастырылған қоғамдық пікірдің дүмпуіне, ақыры, абақты құлпы шыдас бермейді. Нәтижесінде, түркішіл азамат азаттыққа шығады... Міне, бұл осындай кісі. Түрмеден құтылғаннан кейін де тыным таппай, өз ой-пікірін жариялаумен жүр. Осы съезді өткізу қажеттігін батыл айтып жүрген кісілердің бірі де сол. Ендігі солқылдақтығы түсініксіздеу... Түсініксіздеу емес, түсініксіз. Өзінің айналасына үйіріліп жүрген жастарға мүлдем түсініксіз. Әсіресе оны қадір тұтатын Жүсіп Ақшораны серкесі ретінде танитын жастарға. Сонымен бірге құрылтайды әзірлеудің барша қара жұмысын тиянақтап жүргізіп жүрген жастарға. Міне, олар жетекшісіне қарады. Ал ол: – Алайда рұқсат жоқ қой! – деп, таусыла үн қатты. Рәшит Ибраһимов мол денесімен Жүсіпке қарай бұрылды да: – Барлық мүмкіншіліік қарастырылды ма, Жүсіп мырза? – деген сауал қойды. -------------------------------- *«Шолпан жұлдызы».
Жүсіп мырза басын изей тұрып, ахуалды түсіндірді: – Рәшит бей, қанша күн болды біздің сабылғанымызға. Өзіңізді де, тіпті Исмаил бейді де губернатордың қабылдауына алып бардық емес пе. Сырғыта жауап бергенін білесіз. Ал жандайшаптары артынан мүлдем жоқ қылды. Біз оларға осындағы орыстың небір жайсаңын салдық. Макарийден бері жәрмеңке айналымына бір өздері мол үлес қосып келе жатқан, әкім елемеуі мүмкін емес алпауыттарды да араға жүргіздік. Не шықты... Иығын қиқаң еткізіп, алақанын жайды. – Өкімет өкілін қатыстыратындай етсе ше? – О не дегеніңіз! Қайдағы қатысқан?! Олар мұсылмандардың жалпы бас қосуына мүлдем қарсы болып отыр емес пе?! – Неге солай? – деп, тұрғандардың біреуі шытынай үн қосты. – Хұсайын көптің көкейіндегіні қозғап жіберді ғой. Шынында, неліктен біз, россиялық адамдар, қалауымызша жиын өткізе алмаймыз? Оларға ащы кекесінді дауыспен үшіншісі қосылды. – Аяз мырза, россиялықтың бәрі бірдей емес, үлкен отбасында өз ұлы мен өгей ұлы деген болады, сіз сол өгейіне жатасыз. Өйткені сіз, менің қымбаттым, татарсыз, әне – башқұрт, мына кісі – қырымлы, ана тұрған – қазақ. Тағы бір масқарасы сол – бәріңіз де мұсылмансыз... – Жә, сабыр етіңіздер. – Рәшит қазы қолын көтерді. – Бізге өзімізді үкіметке қарсы қоймау жөн... – Біз емес, үкіметтің өзі ғой!.. – Дегенмен! – Рәшит қазы көзге ауыр көрінетін тұлғасын жеңіл көтеріп орнынан тұрды да, қолын шалт сілтеді. – Естеріңізде болсын, өрендер, бүгінгі империя аясында біз өзіміздің мүддемізді тек бейбіт жолмен ғана қорғай аламыз! Отырды. Шамалы үнсіздіктен соң біреу таңырқаған дауыспен: – Бірақ біз тек сол бейбіт жолды ғана ұстанып келеміз емес пе? – деп сұрақ қойды. Іле-шала екінші дауыс: – Иә, – деді, – біз тек бейбіт жолмен келеміз. Бірақ ол еш оң нәтиже берген емес. – Ендеше нендей айла бар енді? – Амал нешік, енді съезді өткіземіз деп иек қышытпау ләзім деңіз... – Жоқ, амал бар! – Жүсіп Ақшора естіле бастаған жүні жығылыңқы сөздерді шорт кесті. – Енді бізге губернатордың тыйымына қарамау ғана қалды. – Естимісіз, Исмаил әпенді? – Рәшит қазы көзін сығырайтып, әуелі Гаспринскийге, одан Ақшораға қарады. Сынай қарады. Сосын Жүсіпке тесіліп қарап тұрып, былай деді: – Біз, әр жақтан төменгіқалалық жәрмеңкеге жиналған келімсектер, осындағы губернатордың тыйымына қарамайды екенбіз, жарайды. Алайда мұндағы біз жиналысымызды өткізбек болып отырған көпестер
жиыны үйінің қожайындары да, қайдағы бір мұсылман келімсектерінің өтінішіне бола, өздерінің әкімінің әмірін тыңдамайды дегіңіз келе ме? – Мәселе көпестер үйіне қарап қалған жоқ, Әбдірәшит әпенді. – Жүсіп мағыналы кескінмен басын шайқап, саусағын шошайтты. – Мәселенің көкесі жиын өткізетін басқа орын табуда жатыр. Ал тапқан орынымыздың қожайынына біз съез өткіземіз деп жар салудың қажеті шамалы ғой деймін... Әбдірәшит әпенді сәл ойланды. Жан-жақтан естіле бастаған құптау сөздерге құлақ түрді. Сосын: – Мұнда қисын бар, – деді ақыры. – Мамырда жастардың үйлену тойы үстінде де маңызды қаулы шығара алған едік қой! Жұрт жеңілдене сөз қозғап кетті. Жазғытұрым ағымдағы мәселе бойынша ақылдасу мақсатымен, Чистопольде өткен Камаловтар тойында бас қосқандарын еске түсірісті. Сонда той дастарханы мұсылман қозғалысының толғағы жеткен келелі мәселесін талқылау жиналысымен жымдасып кеткен еді... – Абдурахман әбзи, есіңізде ме, той үстінде саяси ахуалды бірінші болып ауызға алған сіз едіңіз ғой? – О не дегеніңіз, Хусейн мырза, саясат мәселесін қозғауға мұрындық болғандар, менімше, ерлі-зайыпты Ямашевтер болатын. Жо-жоқ, Камаловтардың өздері екен ғой!.. – Қалай болғанда да, сол той мейлінше қызық және мазмұнды өтті: барша жұрт разы көңілмен тарқаған... – Рас-ау, осы өтпек құрылтай жобасына сол жолы келіскен едік қой... Біреу әзіл айтты: – Онда жас жігіттердің бірін шұғыл үйлендіріп жібереміз бе, қайтеміз? – Қалжың өз алдына, әйтсе де, сауық кеші ретімен бас қосуымызға әбден болады емес пе?! – Енді қалай! Міне ақырында ортақ ой қорыттық! – Даусы жарқынжарқын шыққан Юсуф Акчура қолын жігерлене сілкіп қалды. – Қазір мен өтініш айтқан жігіттер сол шаруамен шұғылданып жатыр. Бәлкім, ертеңгі кешкі ас кезі сиезімізге ұласып қалар... Исмаил бей баяу үнмен: – Алайда, өрендерім, ашылмай қалмайтын құпия болмайтынын ұмытпаңыздар, – деп, сақтандыра сөйледі. – Рұқсатсыз жиын өткізгеніміз үшін бізді билік бастан сипай қоймас... Сақтық шарасын мұқият ойластырыңыздар. Солай емес пе, Абдурашид әпенді? – Дұрыс айтып отырсыз, Исмаил бей. Аптықпаңыздар, жастар, жеті рет өлшеп, бір-ақ кесу жөн... – О, қадірменді ағалар, қобалжымаңыздар! Біз өкіметке қарсы сөз айтпаймыз, ешқандай да шетін ой жоқ бізде. Ал ел игілігіне бағытталатын тілектерді жүйелеп, үкіметке жолдай беруге патша ағзамның өзі пұрсат еткен... Біз де, кім біледі, сондай бір тілек жобасын жасайтын шығармыз...
VІІІ Көңіл біршама тыншыды. Аңсап келген құрылтайлары ертең кешке ашылатын болды. Кеңесті батамен тамамдады да, ақсақалдар ішке беттеді. Жұрт біртіндеп тарай бастады. Алаң жақтан әйелдер қауымы да оралды. Серәлі мен Махмұт сыртқа шықты. Олар түнгі ауамен тыныстап, бірер мезгіл көшеде сейілдеуді мақұл көрген-ді. Әрі ертеңгі жиынға орай ақылдасатын да шаруалары бар еді. Екеуі әңгімелесіп, есік алдында айналып жүрген. Бір кезде қарсыдағы трактирден бір топ жас шықты. Қызулау көрінді. Даурығып біраз уақыт бірге тұрды да, ақыры әр жаққа тарай бастады. Дауыстары қатты-қатты шығып, өзара айтысып келе жатқан бірнеше жігіт бермен жүрді. Мейманхана тұсынан өте бере, кенет, Серәлілерге қарай бұрылды. – Оһо, ұйқы алдында сейілдеп жүр екенсіздер ғой! Бұйра шашы қобыраған бір қою қасты жігіт тобынан ілгері озыңқырап, бұларға дауыстап сәлем жолдады. Сосын серіктеріне бұрылды. – Мырзалар, – деді ол жолдастарына маңғаздана қарап. – Мен сіздерге түркістандық озық ойлы интеллигенттердің бірін таныстырмақпын! Біліп жүріңіздер: присяжный поверенный* Сер-Али Лапин! Алайда оның мырзаларына присяжный поверенный Сер-Али Лапиннің аты-жөні пәлендей әсер ете қоймаса керек, бір-біріне қастарын керіп, сұраулы жүзбен қарағанмен, ешкім ештеңе деп тіс жармады. Серәлі мен Махмұт та ә дегенде үнсіз қалып, әліптің артын бағып тұрып қалды. Бұйра бас тыным таппай сөйлеп, Серәлінің биыл Сырдария жағасына қоныстанған ел-жұрт арасында үкіметке петиция беру науқанын жүргізгенін, сонысы үшін оның әр басқан қадамын полицияның бақылап жүргенін білетінін риза үнмен жария етті. Өзінің достарымен де таныстырып үлгерді. Сосын: – Сіздердің мұсылман съезіне келгендеріңізді естігенбіз, Лапин мырза, – деді. – Делегаттар арасында сіз секілді алдыңғы қатарлы адамдардың аз емес екенінен де хабардармыз. Қазіргі жастар фанатиктердің жетегінде кете бермек емес. Біз мұны ертең кешке сіздердің жиналыстарыңызда дәлелдейміз! Сау болыңыздар! Кездейсоқ кездескен жастармен қоштасқаннан кейін, ішке кіріп келе жатып, Махмұт: – Білесіз бе, Серәлі мырза, мына балалар, құдай біледі, шоқынған-татар мектебінің түлектері, – деді. Серәлі күлді. Мұндай мінез-құлықты тәрбиелеуге өз өлкелеріндегі орыс-тузем мектептері де септеседі дегенді айтты. Қазанда Ильминский мырза салып берген сара жолмен, орыстандыру тәсілдерін жетілдіре отырып, Ташкентте Остроумов мырза да тартып барады емес пе... Махмұт күрсінді. Тәубә дейтінің – олар азшылық әйтеуір... ------------------------------ *округтік сот немесе сот палатасы жанында мемлекеттік қызметте істейтін адвокат.
Әңгіме сонымен тамамдалған сияқты еді. Бүгін ертемен олар қайта еске түсті. Таңертеңгілік шәйден кейін, алыстан келгендердің бір бөлігі топтасып базар аралауға шықпақ боп тұрған шақ-тын. Серәлі әйелі мен қызын ертіп іштен шыға берген. Сол кезде оған Махмұт қожа қарсы кезікті. Дөңгелек көзілдірігін ортасынан саусағымен түрте көтеріп қойып: – Исмайыл әпенді хабаршы жіберіпті, – деді. – Иә? – Серәлі Рәбияны Зурамен бірге алға қарай демеп жіберді де, олардан сәл кейінірек қалып: – Ақсақал не айтпақ екен? – деп сұрады. – Ол кісінің шабарманы бүгін түсте мәжілісте бас қосып қалуымыздың ықтималдығынан хабардар етті. ұзамасын депті. Махмұттың жүзінен әлдебір алаңдаушылық сезілетіндей. – Түнде кезіккен балалар есіңізде ме, – дейді даусын бәсеңдетіп, – солар бізден кейін Рәшит әпендіге тиіскен сияқты. Шамасы, үлкен кісілер желіккен балалардың бүйректен сирақ шығаруы ықтимал деп тапқан-ау. Кешегі бәріміздің көзімізше белгіленген уақытты өзгерту – оларды жиналысқа қатыстырмаудың амалы ма деймін... Серәлі бұл хабарды жайбарақат қабылдады. – Е, жарайды, бұлары дұрыс, – деді ол. – Түске дейін бәрібір уақыт мол, сондықтан жәрмеңкенің көрмеген жағын бір шолып қайтуымызға болады. – Иә, хабаршы жігітке мен де соны айттым. Неменесі бар, жүрейік, ат-арба да дайын тәрізді... Сөйтіп олар Хохлома шеберлерінің қолтумаларымен асықпай танысып, сауда жасасқан да, келесі бір жайманы тамашалауға бет алмақ боп тұрған. Осы кезде қос дөңгелекті жеңіл солқылдақ арба мінген манағы шабарман жігіт жетіп келді. Съезді ұйымдастырушылар қайтадан жіберген екен. Маңызды бірдеңе айтылмағын сезген түркістандық қонақтар түгел соған қайырылды. Үнсіз шоғырланып, хабаршыға сұраулы жүздерін тосты. – Сіздерді тапқаным қандай жақсы болды, – деді анау. – Бәрі жиналып болып қалды. Тек сіздер қалдыңыздар. Мен сіздерді алып кетуге келдім, жүріңіздер. Мейманханаға соғасыздар ма? Әлде бірден жиын жаққа кете береміз бе? – Жиын жағыңыз қай жер? – Түс кезінде жиналамыз деген жоқ па едіңіздер мана ғана? – Ахуалға байланысты шешім де өзгеріп жатыр ғой, мырзалар. Шет жағасын кеше естіп едіңіздер ғой. Дұрыс түсініңіздер бізді, өтінеміз. – Әрине-әрине, жағдай билеп тұр емес пе еркімізді. Түсінеміз. Қам жемеңіз, жігітім... – Сонымен, қазір бас қосамыз деңіз? – Иә! – Қайда? – О, толқын үстінде! – Шабарман жұмбақ жүзбен күлім қақты. – Тез айлаққа жетейік, мырзалар. Біз көлік дайындап әкеле жатырмыз. Әне, мына қатардың сыртындағы жол үстінде. Ханымдармен бірге, қажет болса, қонақүйге тез кіріп шығуларыңызға болады. Тек шапшаңырақ жүріп,
солай қарай барыңыздар да, экипаждарға жылдам-жылдам отырыңыздар. Сіздерді өзен айдынында үлкен откемемен жүзіп жүріп, жағымды демалысты пайдалы іске ұластыратын ертегі сынды саяхат тосып тұр... – О, неткен тамаша! – Онда не тұрыс, барайық. Бастаңыз, жас жігіт... Сонымен, таңертең түс шамасында деп белгіленген жиналатын уақыттың мерзімі, енді, міне, одан да бері жылжытылыпты. Әрі нақты орыны да айтылған... Және күтпеген орын. Кім ойлаған, кеме үстінде съезд өтеді деп... Түркістандық топ пәуескелерге келіп отырды. Мейманхана алдында иіріліп тағы бір шамалы қонақтар тұр екен, аз уақыттан кейін бәрі едәуір керуенге айналып, өзен портын бетке ұстады. Лезде айлақ та көрінді. Кемеге олар, шынында, саяхатшылардың соңы болып іліккен екен. Бұлар мінісімен матростар палубаға апарар аспалы көпір ұшындағы қақпаны жапты. Бір ұшын жағаға байлап қойған арқанды ағытты. Сосын кеме оркестрі дүр еткізіп әлдебір көңілді сазды ойнап қоя берді. Откеменің мұржасынан түтіні қоюлана шықты. Музыканттардың аспаптарынан шыққан әуенмен қоса ысқырып, кеме ақырын жылжып кетті. Сөйтті де, біртіндеп жағадан ұзай бастады. Каютаға қолжүктерін қалдырып, Серәлі отбасымен палубаға шықты. Зура серіктес келіншектерімен үйірілісіп кетті. Рәбия қасында. Сапырылысқан ел. Жайлы ауа райы мен әсем жағалау көріністері баршасын ашық палубаға алып шыққан. Мұнда небір жүргінші жүр. Тынығуға шыққандар, яғни мұсылмандар құрылтайына еш қатысы жоқ жандар да аз емес сияқты. Сауыққой жұрт та баршылық көрінеді. Cерәлі кемеде түрлі топ өкілдерінің болуы себебін тез-ақ түсінді. Осынша үлкен откеменің саяхат үшін екі жүзден астам адам алып өзен айдынына шыққаны сырт көзге еш оғаштығы жоқ жәйт еді. Ал олардың басым көпшілігі – түркілер, үкіметтің мемлекеттегі негізгі ұлт пен оның нәсілдестерінен ажырату үшін қолданатын тілімен айтқанда – мұсылмандар болатын. Олардың бұлай шоғырлануында да ерсі ештеңе жоқ, өйткені осынау алып жәрмеңке ешқашан оларсыз өткен емес. Әрі түркілердің Төменгіқалада түпкілікті тұратын татар мен башқұрт тармақтары да молшылық. Ал, шынтуайтқа келгенде, кеме үстіндегілердің жүз елудейі құрылтайға келген өкілдер еді. Солай екені көп ұзамай белгілі болды. Палубада кемеге әдейі мінгізілген өнерпаздар көңіл көтеру сауықтарын бастап кеткенде, кеменің үлкен ресторанына құрылтайға қатысушылар жиналды. Залдағы адамдар столдарды айнала орналасып, орындықтарын кері бұрып отырып алған. Төрге Ысмайыл Гаспралы бастаған съездің ұйымдастырушылар алқасы шықты. Бәрінің көзі соларға ауды. Олар ақсақалды ортаға алып, көпшіліктің қарсысына қанаты жазыла тізілді. Сол кезде бір мезет жұрт орындарынан тұрып, баршасының құрылтайда бас қосу құрметіне қол соғысты. Азаттық қозғалысының құрметті көшбасы ретінде, құрылтайды Ысмайыл ақсақал ашты. Оның сабырлы да мазмұнды кіріспе сөзін шарта-
раптан келген өкілдер зор ынтамен тыңдады. Қарт ағартушы және күрескер аузынан шыққан ой-пікірлерден Серәлі өзіне көп үндестік тауып отырды. Өйткені ол қарапайым ақиқаттарды тарқата әңгімелеген еді... – Кейінгі екі ғасырда түркі халықтары түгел Ресей империясына қаратылды. Бүгінде біздің славяндармен отандас болып, қоян-қолтық өмір сүріп отырғанымызбен, езілуші отар ел екеніміз жасырын емес. Бірақ осы отандастарымыз да бақытты өмір сүріп жатқан жоқ. Сол себепті жалпақ империяның әр жерінде дүркін-дүркін бұрқ-бұрқ етіп, үкіметке қарсылық көрсетіліп келеді, – дейді ол. Орыс тарихындағы азаттық қозғалысының тууы сол тереңнен келе жатқан қилы әлеуметтік әділетсіздіктен екеніне баса назар аударады. Ал бұл жалпыға ортақ қозғалыс азаматтық бостандық пен теңдік бастауларын орнатуды көздеуде. Былтырдан бері, әсіресе биылғы жылдың басында, священник Гапон ұйымдастырған патша ағзамға петиция беру шеруі қанға боялғаннан кейін, бұл қозғалыс айрықша ширықты. Ереуілдер біріне бірі ұласты. Революция дауылы зор тегеуірінмен жер-жерде өріс алды. Ақыры император 18-ші ақпанда жария еткен рескриптімен* үкіметке халықтың талап-тілектерін тұжырымдап жазуына, сөйтіп петицияларын үкіметке жолдауына пұрсат берді... – Бұл актімен хазіреті император едәуір кеңшілік жасады. – Ысмайыл Гаспралы көпшілікке ойлана көз тастады. – Естеріңізде болар, бұдан аз уақыт қана бұрынырақ, әсіресе ішкі істер министрі Плевенің кезінде мұндай биік құзыр түгіл, одан төменгілерге өтініш білдіру дегеніңнің өзі бір қиямет еді ғой. Плевенің көп ойланып жатпай-ақ репрессиялық шаралар қолдануына аса көп іліктің де керегі жоқ-тын. Тек қана өз атына әлдекімнің арыз-шағым жазуын – оны жазалауға жеткілікті сылтау деп білетінін сол министріңіздің өзі жасырмайтын. Түрлі озбырлықтар естеріне түскен әркім-әркім ақырын үн қатып, қостап қойды. Гаспралық Ысмайыл сөзін сабақтай берді: – Биылғы көктем мен жаз бойына көзі ашық бауырларымыздың көбі осы петиция науқанына атсалысты ғой деймін. Ал күні кеше, сіз бен біз осы құрылтай қамымен жүргенде, алтыншы тамызда, маңызды заң шықты. Ресейде Мемлекеттік Дума болатын болды. Заңды ішкі істер министрі Булыгин әзірлепті. Ол патшаға кеңес беру ретімен заң жобаларын жасайтын сайланбалы органды – дәулет ойханасын, яғни мемлекеттік думаны құру жайында заң және мемлекеттік думаға депутаттар сайлау жөнінде ереже жасаған екен. Осынша ғаламат құжат жария болғалы бері бір-ақ жеті өтті, әлі ыстық-суығы басылған жоқ. Біздің бұл тұңғыш құрылтайымыз осы заңның шығуымен тұспа-тұс келіп тұр. Алда сол сайлауға әзірлік болуға керек. Тұңғыш рет өтпек маңызды науқан қарсаңында бас қосып отырмыз. Пікірлесейік. Орыстың азаттық қозғалысында біздің қатысымыз қандай болмақ? Өз мүддемізді қайтіп қорғаймыз? Жалпы, осы ұзақ жылдарғы отарлық тұрмыс байырғы даңқы мен айбары әлемге танылған түркі рухын бас көтертпестей етіп жаншып бітірді ме? Әлде ел болудан үміт бар ма? ---------------------------------- * Патшаның жалпыға бірдей мағлұмат беру мақсатында басылып шыққан хаты.
«Сананы қамшылайтын сұрақтар, – деп ойлады Серәлі. – Нағыз жан айқайы...» Ақсақал ойын қалай айқын дамытуда. Тайға таңба басқандай анық... Иә, империяның бюрократиялық үкіметі қатаң орталықтандыру саясатын жүргізіп келеді. Биліктің бәрі самодержец пен соның әкімдерінің қолында. Шынтуайтқа келгенде, бір қолға шоғырланған. Орыстандыру саясаты сонымен бір мезгілді жүргізілуде. – Самодержавие біздің тіршілік ерекшеліктерімізді күшпен, мәжбүр ету жолымен жоюды көздеуде, – дейді Ысмайыл аға жәй ғана, мемлекеттің ішкі мән-мазмұны мен пиғылын емін-еркін әшкерелеп. – Мұсылмандықтан айыруды да теріс көрмейтінін әрқайсыңыз жақсы білесіз. Осындай жағдайда бас қосып отырған біздерге ақылдасатын шаруа көп. Не істеу керек? Бірінші кезекте? Содан соң? Ақылдасайық... ІX Құрылтайдың басқару органдарын ұйымдастырушылар алқасы әзірлеген ретпен сайлап-бекітіп болғаннан кейін, Әбдірәшит Ибрагимов ағымдағы жағдай мен алда тұрған міндеттер хақында баяндама жасады. – Мен автономияға қол жеткізу жөнінде еңбек жазып, өзімді есілдертіммен Ресей ішінде сезінгеніммен, түрік елінде тұрушы едім, – деп бастады ол сөзін. – Бірлік пен прогресті мұрат тұтқан жас түріктер қозғалысын жақтайтыным рас болатын. Бірақ Түркия үкіметі мені ол үшін ұстаған жоқ. Түркия ішінде мені орыс патшасының құпия қызметі бақылап жүрген болып шықты. Мені Ресей үкіметінің өтінішіне сәйкес, түрік сұлтанының әмірімен, Стамбул полициясы қамауға алды. Бұл 1904 жылғы 8 тамыз еді. Артынша Түркия мені жасауылдың алдына салды да, Россияға асырып жіберді. Тұтқындап, өздеріне жіберуді сұраған елге. Кемемен Одессаға жөнелтілдім. Сонымен, бас бостандығымнан айырылған ахуалда, Қара теңіз толқынында тербетіліп, 12 тамызда Ресей айлағына әкеліндім. – Қарсысында жыпырлап отырған жұртқа жағалай қарап, тамағын кенеді. – Мырзалар, мұндағы саяси өмірдің керемет жанданып, бұрқ-сарқ қайнап тұрғанын мен Одесса түрмесінде жатып-ақ сезіндім. Исмаил бей мен оған серік болған сіздерге, орыс демократиялық қозғалысына, күллі тілестес қауымға мен шексіз ризамын. Былтырғы 21 тамызда мені абақтысынан босатты. Міне содан бері бір жыл өте шықты. Осы уақыт ішінде мен ресейдегі қоғамдық қозғалыстарды жақыннан тануға тырыстым. Оны өз мүддемізбен сабақтастыра танып білуге ұмтылдым... Әбдірәшит қазы орыс қоғамдық қозғалыстарының жетекшілерімен түрмеден шыққан бетте-ақ кездесе бастаған-ды. Осы ретте белгілі қоғам қайраткерлерінің бірі Михаил Стаховичпен сұхбаттасуы оған көп жаңалық әкеліпті. Олар Санкт-Петербургте сол былтырғы күзде, бұл азаттыққа шыққаннан кейін арада бір ай өткенде, дәлірек айтса, 20 қыркүйек күні ұшырасып, ұзақ кеңескен еді. Стахович оған Ресейдің мемлекеттік мұқтаждықтары туралы земство қайраткерлері әзірлеген баяндаманың бір данасын танысуға берген. Мұсылмандардың империядағы жалпы қозғалысқа қосылуы керектігі жайында ой қозғаған. Содан бастап Ибра-
гимов бұл мәселеге тереңірек ой жүгірте бастаған. Ресейдегі земстволық қозғалыстың өзге де көсемдерімен сөйлескен... Жарты ғасырлық тарихы бар бұл қозғалыстың земство мекемелері пайда болған 1864 жылғы реформадан бергі де, қазіргі таңдағы да мақсаты – жергілікті сайланбалы өзін-өзі басқару органдарының, яғни земствоның құқтарын кеңейту, земствоның өзін-өзі басқарушылығын жоғарғы мемлекеттік мекемелерге де қолдантуға тырысу. Яғни атқамінерлер сайланбалы болса деген ұсыныстарын олар күн тәртібінен еш түсірмейтін көрінеді. Сол орайда патшаға адрес* жолдауды, үкіметке ізденісті өтініш беруді әр кезде жүзеге асырып келеді. Қайтерсің, нәтиже шамалы. Соңғы бес-алты жылда құпия съездер өткізумен шұғылданып жүрген жайлары бар. Өткен жүзжылдық түгесілуге бет алғанда бұлар астыртын жұмыс істейтін үйірме ашты. Оған “Беседа”** деген қарапайым ғана ат берді. Үйірменің көздегені – Ресейде жоқтың қасы болып тұрған, аз ғана ұшқыны жасанды тәсілдермен тұншықтырылып жатқан саяси сананы ояту еді. «Сол «Әңгіме-дүкен» үйірмесі қоғамдық пікір тудыруға, адамдардың қоғамға қызмет етуге бел бууына мұрындық болуға тырысты, – деді Стахович. – Біз, земстволық либералдар, қоғамдық пікір беделінің әсіресе империя астанасында жоғары болуы қажеттігіне мән бердік». Қоғамдық пікірді қалыптастыруда, сөз жоқ, баспасөз орыны ерекше. Оны жас оқымысты Петр Струве өз қолына алды. Міне, үш жыл болды, әуелі 1902 жылы Германияда бастап, кейінгі кезде Францияда «Освобождение»*** деген атпен журнал шығарып келеді. Демократиялық құндылықтарды насихаттайтын бұл астыртын басылым қилы қуғынға қарамастан, құпия жолдармен тасымалданып Ресейде әкелініп, елдегі астыртын үйірмелерге таратылып жүр. Былтыр осы журнал төңірегіне топтасқан земствошыл қайраткерлер Петербургте “Союз освобождения”**** деп аталатын саяси ұйымын құрды. Ал Мәскеуде осы журналдың ықпалымен “Союз земцев-конституционалистов”***** дейтін саяси ұйым құрылды. Алғашқы “Азат ету одағы” ұйымы өзінің алдына конституциялық монархияға, жалпыға бірдей сайлау құқына, шаруаларға ішінара болса да жер беру мәселелеріне қол жеткізуді мақсат етіп, бағдарламасына тұжырымдаған. Ал “Земствошылдар-конституцияшылдар одағы” деп аталатын екіншісі елге конституция енгізу жөнінде патшаға үндеу әзірлеуді бірінші мақсаты етіп қойған көрінеді. Рәшит қазының байқауынша, жалпы земстволық қозғалыс ауқымында екі ұйым да елеулі жұмыстар тындырып келеді. Олардың жиналыстарына бірқатар мұсылман қайраткерлері де қатысып жүр, пайдалы ой-пікір жинақталып келеді, әрекет даңғылдары да байқалуда... -------------------- *жазбаша үн қату ** “Әңгіме-дүкен” *** «Азат болу» **** “Азат ету одағы” ***** “Земствошылдар-конституцияшылдар одағы”
Империяның ірі өнеркәсіп ошақтарынан тұтанған ереуілдер оты шартарапты шарпыды. Революция өртін сөндіру үмітімен, патша тарапынан биылғы 18-ші ақпанда жария жолмен ішкі істер министріне берілген тапсырма – белгілі ашық хат – азаматтарды жаңа қимылдарға қамшылады. Рәшит әпенді Ибраһимов, Жүсіп Ақшораоғлы, Әлимардан бек Топчибашев, Исмаил бей Гаспринский бастаған мұсылман қайраткерлері осыдан төрт ай ілгеріде – сегізінші сәуірде маңызды съезд өткізді. Олар Петербургте бас қосты. Сонда ақылдаса отырып шешкендері – жазғы жәрмеңке кезінде Нижнийде күлліресей мұсылмандары өкілдерінің құрылтайын өткізу керек деген мәселе еді. Төменгі Новгород – әр елдің көзі ашық, оқыған бас адамдары, саудагерлері, дінбасылары бір мезгілде жинала алатындай қолайлы жер. Іс адамдары онда әрі шаруаларын атқарады, әрі ақыл-кеңес құрады. Бір ауыздан солай ұйғарған. Сол басқосудан он шақты күн өтер-өтпестен, 17 сәуірде, патша ағзамның дін бостандығын жария еткен манифесі шықты. Бұл өте елеулі оқиға еді. Мұндай тамаша ахуал мұсылмандар қозғалысын дамыта түсуге ерекше қолайлылық жасайтын. Қайраткерлер бір-бірімен шұғыл хабарласып, пікір алмасысты. Тікелей, ауызба-ауыз отырып сөйлесу қажеттігі туған, кешікпей оның да орайы келді. Мамыр айының соңында баршасы Камаловтар тойында бас қосқан. Еділдің ірі сағасы Кама өзені бойындағы Чистополь қаласында. Сонда жиналған ығай мен сығай тойды құдды құрылтайша өткізіп, тағы осы ойға тоқтады. Отар елдерінің мүддесін күйттейтін күрескерлер жалпақ патшалықтың шартарабынан жиналуға тиіс. Жер-жерден таңдап сайлап жіберілетін өкілдерді Төменгіқала жәрмеңкесіне – көктемде империя астанасындағы съезде келіскен жерге – жинауға қаулы етілді. Сонау тойдағы мәжілісте қашанғысынша жастар белсенділік көрсетті. Ақсақал ретінде Гаспралық Ысмайыл оларға батасын берді. Құрылтайды әзірлеу мен өткізуге байланысты барлық ұйымдастыру жұмыстарын, ең алдымен – жер-жердегі түркі бауырларға хабар беруді Юсуф Акчура мен мұғалімдер мектебінің ұстаздары мойындарына алды. Сонда белгіленген шаралар нәтижесінде Қырым, Кавказ, Орал, Түркістан, Сібір және басқа да жерлерден түркі бауырлардың, сол жақтардағы мұсылман діни ұйымдарының барлық көрнекті саясат және қоғам қайраткерлері осында жиналып, міне бүгін, бір дастархан айналасында бас қосып мәслихат құрып отыр... X Құрылтай ашылмақшы бүгінгі мезетке дейін Серәлі Ысмайыл ақсақалмен әлденеше мәрте әңгіме-дүкен құрған-ды. Талай сұхбатқа қырымдықтар мен қазақтар және ноғайлылар арасындағы ортақ тамыр, әдебиет, мәдениет сынды алтын арқау себеп болды. Олар Алтын Орда дәуірінен бастау алатын даңқты дастандарды тілге тиек етісті. Әңгіменің бір орайында Серәлі «Қырымның қырық батыры» жайында жырлайтын жыршы-жыраулардың қазақ арасында, соның ішінде Сыр
елінде көп екенін Ысмайылға сыпайы сездірді. Бұл ретте де екеуінің ойы бір жерден шығып жатты. Тамыр ортақ. Қырымлы оғыландар* қазақ бауырларға да жақын. Қазақта ел қорғаушы, асқан батыр ретінде әспеттелетін, қаһармандық дүлей жыр кейіпкері Ер Тарғын қырымлы жұртында да көпке мәшһүр, белгілі. Оның қазақы дастанда Қырым асып кете баруы тегін емес қой. Қырымлы халқы арасында Тарғын жайындағы аңыз әңгіме көп. Яғни ол тек қазақ пен башқұрт халықтарында ғана танымал жыр болып қалған жоқ, ол түркі әлемі жауһарларының бірі. Тарғынның сүйікті жары, батыр мінезді Ақжүніс ше! Құдайым-ау, бұл бейнелер күллі түркі тұқымдарын жақсылыққа, ізгілікке, адалдыққа баулитын тұлғалар ғой! Ер Тарғын мен Ақ Жүніс бізді бауырластыра түседі. «Тәржіманның» жазылушыларының көбі қазақтар, қазақ ішінен газетке үнемі ой-пікір жазушылар да аз емес. Тілек бір. Қан бір. Тағдыр бір. Екі ел де бір басқыншының аяғы астында тапталды. Бір басқыншы өзінің қуатты мәдениетімен екі елді де тұншықтыруда. Шашырап қалған түркі-аралшалар ара-арасын жайлап, жиектерін шайып-жуып, кеміріп, жеп келе жатқан тасқын су болды бұл... Яки түркі-өскіндер арасын жайлап, бүршіктерді сығып-сорып, суалтуға, қуартуға бет алған арамшөп... Құрылтайдың басты баяндамасын жасаушы Рәшит әпенді терең мән бере ой толғап отырған орыс демократиялық қозғалысы сол залалды тасқынға бөгесін, арамшөптке отаушы бола алса ғой шіркін... Қандай өзіндік қалыптар бұзылып барады десейші... Олар көне тарихқа біраз шолу жасады, шолу жасай отырып, бүгінгі өзекті мәселені әңгіме етті. Серәліге Бозжігіт, Бозоғлан деп жылы, бауырмал ат қойып алған Исмаил бей Қырым мен Түркістан өлкесі жайында онымен құмарта пікірлесті. Қырым мемлекеттігі тарихынан сыр шертті. Алтын Орда ыдырауға бет алғаннан кейін орыс мемлекетінің мүлдем ес жиып, күш алғаны белгілі ғой деді ол. Күшейгені сондай, іргесіндегі елдерді қарулы әскерімен өзіне бағындырып, шекарасын кеңейтуге кірісті. Қырым түбегінде және ежелгі түркі бабаларымыз Ұзу деп атаған Днепрдің төменгі ағысындағы өңірде тарих сахнасына жеке мемлекет ретінде 1443 жылы шыққан Қырым хандығын, жалпы үш жарым ғасырға созылған тәуелсіздіктен кейін, 1783 жылы орыс әскері біржолата тұқыртып, бауырына басып алды. Бозоғлан мұның қандай кезеңдермен жүзеге асырылғанынан хабардар ма екен? Алтын Орда тұсында Қырымлы уәлаяты дербес құрылым ретінде өмір сүрген еді. Астанасы Солхат шаһары болатын. Көрші елдерімен қарым-қатынас жасап тұрды. Тіпті соғыс қимылдарын да өз ұйғарымымен дербес жүргізіп отырды. Он бесінші ғасырдың алғашқы жартысында уәлаятқа Дәулет Қажыгерей билік жүргізді. Оның терістік батыста одақтастары болған-ды. Соларға арқа сүйейтін. Литва ұлы князьдігімен --------------------------------- *Қырымдық ұлдар.
келісе отырып, ол Алтын Ордадан 1443 жылы біржола бөлініп шықты. Қырымлы халқының жеке де дербес мемлекеттігі осы жылдан бастау алған Қырым хандығы еді. 1475 жылы түріктер Қырым түбегіне басып кірді. Қырымлы мемлекеті Түркияның вассалы* болып есептелінді. Ағайын халық. Сондықтан шығар, күшін де өз дәрежесінде сезінгені болар, елдің экономикасынан туындайтын сан-түрлі мемлекет мұқтаждықтарын шешу орайында, он алтыншы ғасырда, Қырым хандығы орыс пен украин жеріне дүркіндүркін шабуыл жасап тұрды. Он жетінші ғасырда, тіпті, екі жүз мыңдай орыс әскерін тұтқынға алған жайы бар. Бозжігіт осыдан-ақ шамаласын, хандықтың әскери қуаты едәуір-тін. Орыс мемлекетінің Қырымлыдан қатты қауіптенгені сондай, өзінің елін, жерін қорғау мақсатында, оңтүстігінен шекара бекіністерін салды. Содан соң Ресей 1687–1689 жылдары Қырым хандығына қарсы басқыншылық жорығын жасап көрді. Ол кезде, шүкір, қырымлы жұрты жаулаушыға төтеп бере алды. Орыс империясы жасақтарының түбекке жасаған мақсатты жорығы сәтсіз аяқталды. Одан, ақыры, империялық Ресей Қырымлының сюзерені** Түркияға қарсы соғысқанында жеңіске жетті. Сөйтіп, 1768–1774 жылдарғы орыстүрік соғысында Ресейдің қарсыласын жеңуіне байланысты, Қырым хандығы Түркияға вассал болудан босатылды. Сонымен, Дунай жағасындағы Кіші Қайнаржа қалашығында 1774 жылы жасалған бітім бойынша, Қырым хандығы тәуелсіз ел ретінде танылды. Бұл оны Түркиядан айырудың тәсілі ғана еді. Алғашқы кезде Қырым хандығы бұдан былай Ресей туы аясындағы протекторат*** болуға өтті деп саналды. Ал содан араға он жылға жетер-жетпес уақыт өткенде, 1783 жылы, Ресей империясы оның шартты тәуелсіздігін біржолата жойды. Шеттегі бір аймағы іспеттендіріп, әкімшілік тұрғыда өзіне толығымен қаратты. Жаулап алынған жаңа жерді, адамдарын жанға жағымды түбекке ашық түрде апарып орналастыру арқылы, түбегейлі отарлауға кірісті... ----------------------- *тәуелді, бағынышты. **жоғарғы билеушісі. ***қуатты мемлекеттің өзі басып алған әлсіз елге саяси дербестігінен айырғандығын бүркемелеу үшін таңатын тәуелділіктің түрі. XІ Солай болды, Бозжігіт... Аз жылда орыс патшасы Қырымды өз жері етіп алды. Қырымлы жұртының бірқатары түрік еліне қашты, қалғандары басқыншы көзі түсіңкіремеген жерлерде тұрып жатты. Не керек, қырымдық түркілер атамекендерінен түрлі жолмен ығыстырылды. Бақшасарайдан бастап, жайлы елді мекендердің көбі босап қалды. Орындарына орыстар қоныстанды. Елу жылда ел жаңа дей ме қазақ? Екі елу жыл өткендегі елдің күйін не дейді? Қазір ата-баба отанында тұратындардың жартысынан астамы жаулап алған елден келген өзге тектілер.
Ауыз – көптікі, әсіресе сол көп – билеуші тұқымынан болса, оның тілегі мен әмірі жүрмегенде қайтеді... Бағыныштыға, әрі азшылыққа – тек сол билікке сүйенетін көптің ыңғайына бейімделу ғана қалады... Ысмайылдың әкесі, мыңдаған өзге қырымдықтар тәрізді, орыс қызметіне тұрды. Орыстың тілін үйренді. Өйткені, әлгінде айтқанындай, тіршілік өрісінде басқа жол қалмаған-ды... Бозоғлан мынаны біле ме екен? Ысмайыл дүниеге келіп, одан ендіенді тәй-тәй баса бастаған жылдары болашақ Орыс Түркістанының әміршісі сол жұмақ өлкеде әскери қызметін бастаған. Иә-иә, Кауфман. Ол жиырма бір жасында империяның инженерлік бас училищесін бітірген де, екі-үш жылдай Кавказда әскери қызметте болған. Сосын, Ресейдің Таяу Шығысқа үстемдік жүргізу мақсатымен, жолындағы түрікті түріп тастауға ұмтылып, әуелі Кавказда тұтатқан 1853–1856 жылдарғы Қырым соғысына қатысты. Ресейдің жеңілісіне куә болды. Түркі халықтарымен таныстығы, бәлкім, сол шақта басталған болар. Ол орыс жеріне айналдырылған Қырым мен ондағы хан ордасына, көркем Бақшасарай әсемдіктеріне қылшылдаған жігіт шағында тап келді. Өзі сонда аяқ басқаннан жиырма жыл бұрын онда ақын Пушкин де болған. Лицей қабырғасынан шыққаннан кейін жазып жүрген еркіндік сүйгіш тақпақ, өлеңдері үшін патша қырына іліккен жас ақын Петербургтен қуылғаны мәлім. Оның жүріп-тұруына рұқсат етілген аймақтар қатарында Ысмайылдың отаны да бар-тын. Міне сол тамаша шайыр аралап кеткен жерлерде жас офицер Кауфман да болды. Бозжігіт бұған титтей де күдіктенбесін, сонда жүріп ол сезім серпілістерін өлең өлшеміне түсірген Пушкинді әлденеше рет оқыды. Пушкин Қырымды ертектегі Шығыстай қабылдаған ғой. Оның таңғажайып көріністеріне сүйсінген, өзге өркениетке тамсанған, ыстық күн, жанға жайлы жылы ауа, көк теңіз, аспанмен таласқан тау, Бақшасарайдағы хан ордасы оның есін алған. Хан сарайына келгенде, қараусыз қалғандықтан тозығы жеткен бұрқақ-хауыз – фонтанды, суы көздің жасындай мөлтілдеп әрең тамшылап тұрған тат басулы құбырларды көріп көңілсіз күй кешкен. Ақынның соларды өлмес жырларына арқау етіп, келер ұрпаққа мәңгілік мұраға қалдырған бейнелі сөздерін, кадет корпусының түлегі ретінде Ысмайыл бұған еш күмән келтірмейді, – жас офицер Кауфман жаттап алды... Ақсақал қателескен жоқ, сірә, өйткені Кауфман Түркістанда да өнербілімге жақын, сезімтал басшы болған деседі. Оның ағартушылық салада жасағандарын және Ысмайыл аға шығариаларын оқып-білгеніне қуанған Шоқан Уәлихановты бағалаудағы істерін естігендердің әрдайым көңілі толады. Жә, оның Бақшасарайда болғанына оралайық... Астананы Бақшасарайға Меңлігерей хан көшірген еді ғой. Өзінен үш ғасырдан кейін орыстың ұлы ақыны Пушкин сүйсінген көркемдіктің негізін сонау орта ғасырда сол қалады десе де болады. Ал Исламгерей Польшаға шабуыл жасады, ол жайында жыр бар. Жанмұхаметтің қаламынан туған. Тұтқынға түскен Мәрия атты поляк қызына Керімгерей
хан ғашық болыпты деген сөз ел арасында көп айтылған. Иә, қаһарлы Қырымлы ханының өзіне байлаулы пенде болған польшалық сұлуға ғашық болғаны жайында аңыз бар. Соны Кавказда әскери қызметте жүрген Кауфман да естіді, сөз жоқ. Сауатты, әсершіл, поэзияға құмар орыс офицері ретінде оған сол оқиғаның Пушкиннің қаламына қалай іліккені, одан қандай тамаша поэма туғаны белгілі болмауы мүмкін емес. Тағы бір кереметі – оқиға өткен жерді ол көзімен көрді. Түркі мүддесінің өз табанында қалай тапталып жатқанын сонда оның менмен көңілі аздап та болса түйсінсе керек... Сосын көне аңыздың ізімен жазылған Пушкин жырын сүйсіне оқығанына шәк келтірмессіз. Оған ақын қаламынан туған, “райхан гүлдерінің жұпар иісі аңқып, хауыз-бұрқақтардың сылдырлаған суы өткенге ой жүгіртуге шақырады” деп келетін жолдар жағымды естілетін. Оны әсем шоқылар, ормандар, жүзімдік сыңсыған сиқырлы өлке таңдантатын. Ол теңіз толқыны сүйген Аютау – қырымлы тіліндегі Аюдаг – жартастарына сүйсіне қарайтын. Бақшасарай бұрқағына жиі баратын, Пушкиннің қиялы қалпына келтірген хауыз-бұрқақтың сылдыр қаққан тынымсыз үніне, тозып қалған фонтан құбырларының “поэзиялық көз-жасына” ақынша ғашық болған. Іштей “фонтан любви, фонтан живой!”,* “фонтан любви, фонтан печальный!”** және “фонтан слез”*** сынды ақын метафораларын құмарта қайталайтын. Міне солай. Бірақ Кауфман ақын емес, әкім болды. Ол Серәлінің отанына отар басшысы қызметіне барар алдында жетекшілік бір белестен өтті. Иә, бір кездері Қырымлы мемлекетімен одақтас болған Литва ұлы князьдігінің жерін 1865 жылы Ресей империясының армиясы алғаннан кейін сонда құрылған Вильно әскери округін басқарды. Сондағы орыс әскерлерінің қолбасшысы болды. Содан кейін оған Түркістандағы орыстың жаңа жері – Орыс Түркістаны тапсырылды. Ол енді түркі елін орыс патшасы туы астында басқаруға, империяның іргесін одан әрі кеңейте беруге тиіс еді. Солай істеді де. Сірәлі туған Ақмешіт аймағы жаулап алушының есімімен Перовск үйезі аталып, Түркістан генерал-губернаторлығы құрамындағы Қазалы, Әулиеата, Шымкент, Түркістан, Ташкент, Жизақ, Ходжент үйездері қатарында Сырдария облысына енген. Беріде, генерал-губернатор Колпаковскийдің тұсында, 1886 жылы Жизақ пен Ходжент Самарқан облысына берілді. Ал Кауфман Самарқанды 1868 жылы басып алған-ды. Жаңадан жаулап алған жерлерінен орталығын Самарқан етіп, Зеравшан округін құрған. Ол 1871 жылы қытайлық Шығыс Түркістандағы Құлжаны да алған болатын, сол қала мен оның аймағы Қытайға он бір жылдан соң, Кауфман өлгеннен кейін ғана қайтарылды. Амудария аймағына Кауфман 1873 жылы жорыққа шыққан еді. Сол жолы Хиуа хандығын басып алып, оны Амудың оң жағалауындағы көп жерінен бас тартуға мәжбүр еткен, суверенитетінен**** айырған. Содан, одан ертеректе Самарқан түбінде қатты жеңіліске ұшырап, алғашқы тәуелділік шартын жасауға көнген Бұхар әмірлігі екеуін жеңімпаз Россияның протектораты етті. Сосын ол
1876 жылғы ақпанда Қоқан хандығын біржолата жойып, оның орнына Ферғана облысын құрды... Олар Кауфманды тілге тиек ету арқылы Түркістан тарихынан біраз сыр шертісті... ---------------------------- *«махаббаттың шапшыма-хауызы, жанды бұрқақ!» **«махаббат бұрқағы, мұңды бұрқақ!» ***«көз-жас бұрқағы». ****егемендігінен. XІІ Қоқан хандығын құлатқаннан кейін, әдетте басқыншы әскердің найзалы мылтығының соңынан ілесіп жүретін сан-сипатты отарлаушылар тасқыны жалпы Түркістан өңіріне, оның ішінде Ферғана алқабына да келіп қоныстана бастады. Әуелі әскери қызметшілер, казактар мен әкімшілік шенеуніктері орын тепкен. Артынша саудагері, кәсіпкері аралас, қарашекпенділер, мұжықтар делінетін шаруалар да төгілді. Бірақ солардың осынша жұмақтың төріндей аймаққа ағылу қарқыны алғашқы кезде әкімдердің ойлағандағыларындай емес еді. Өлкенің бас жағдайластырып-жайластырушысы санатындағы генерал-адъютант Константин Петрович Кауфман жаулап алу жорықтарынан қол босаған уақыттарында бұл орайда аз ойланған жоқ. Оның ой-жүйесі деректерді қорытып, талдауға бейім-ді, қай мәселеде де ол ғылыми дәйекке де, нақты тәжірибеге де әрдайым құлақ асатын еді. (Түркістанды билеп отырған бұл үлкен ұлық Санкт-Петербург Ғылым Академиясының құрметті мүшесі-тін). Сол әдетімен генерал-губернатор өлкедегі облыстардың губернаторларымен, ояз бастықтарымен, Ташкенттегі өзге де әкімшілік қызметшілерімен осы ретте талай пікірлесті. Жетісу облысының губернаторы боп жүрген, тәжірибелі әкім, қажет кездерде Ташкентке келіп өзінің орнына өлке генерал-губернаторы міндетін уақытша атқарып беріп-кетіп жүрген генерал-лейтенант Колпаковскиймен де көп сырласты. Олардың араларындағы жас айырмашылығы бір жыл ғана, құрдас дерлік-ті. Өлке іргесін кеңейтуге бұл да едәуір үлес қосқан: қоқандықтарды Ұзынағаш маңынан кері қуғаннан кейін араға бір-екі жыл салып, 1862 жылы, Пішпекті бағындырған жаулап алушылығы елге аян. – Дала өлкесін біздің иемденгенімізден бері талай су ақты, – деген-ді ол бірде, – Түркістан өлкесіне қожайындық орнатқанымыз да тап бүгін ғана емес. Бірақ, Герасим Алексеевич, осынау жаңа жерлерімізді игеру дәрежеміз ойдағыдай деп айта аламыз ба? Рас, бұл аймақтарға өз беттерінше көшіп келіп, тұрып жатқандар, шаруашылықтарын өз еріктерімен жолға қойып жатқандар бар. Олардың көбі – негізінен, жаңа жерлер туралы солдаттардан естіген, ішкі Ресейдегі жер таршылығынан қашып бері беттеген шаруалар, олардың жерлестері, туыстары. Бірақ жалпы саны шамалы ғана. Орталық аудандарда қысылып-қымтырылып отырса да, көпшіліктің бұл жаққа аңсары аууы соншалықты қажет деңгейге жеткен жоқ.
– Біз Жетісуды тәп-тәуір көтеріп қалдық-ау. Дегенмен, шынында, орыс деревняларын салатын тамаша қойнаулар әлі де жетіп-артылады. Қоныстанушылар легін молайтуға әбден болар еді. Қызығушылық неліктен төмен деп ойлайсыз? – Мәселені қиындатып тұрған жәйт мынау ма деймін – мұнда егістікті жасанды түрде суландыру жұмыстары жүргізілу керек. Басты себеп, мен білсем, осы болса керек. Орыс шаруасы жер суғарып дағдыланбаған. Оған мына арық қазып су салатын күн сүйген оңтүстік аймақтардан гөрі терістіктегі табиғаты қаталдау дала өлкесіндегі богарларда* дақыл еккен әлдеқайда тиімді. Қос генерал осы пікірді біраз қаузады. Бірақ осынау жер жаннатын қырдың қатал табиғатымен салыстыруға келе ме? Мұндағы өнім қандай! Тұрмысқа қолайлы ауа райы қандай! Тамсанысты. Соны неге ойламайды екен орыс мұжығы? Таңданысты. Әлде өз жерінің мүддесі үшін сушы міндетін қоса атқару соншалықты қиын ба екен? Бір сәт парасатты пайымдар да айтылды: – Мүндай диқангершілік үшін қосымша ақшалай шығын жасау керек, ал көшіп келген шаруада артық қаржы бола бермейді. – Ол рас, сондықтан да қоныс аударуды үкіметтің өзі материалдық жеңілдіктер жасау арқылы ынталандыруға тиіс. – О, ондай іс мол қаржы талап етеді. Алайда үкімет ондай шығынды көтере алар ма екен? Мұны ойға алудың өзі артық, нағыз отарлаушының санасында ешқандай күдікке орын болмайды: – Империя мүддесі қандайда болмасын шығыннан биік тұруға тиіс. Егер бір Түркістанды біржолата билеуді мұрат етер болсақ – өлкені тезірек орыстарға толтыруымыз керек. Дегенмен ескермеуге болмайтын жәйттер бар: – Алайда егіншілікке қолайлы жерлердің бәрі жергілікті тұрғындар иелігінде ғой. Байқаған шығарсыз, сонау терістіктегі кең далада қысы-жазы мал соңында, көшіп, орын ауыстырып жүретін киргиз-номадтардың өздері де, олардың мұндағы бұтақтары да мал шаруашылығына қосалқы түрде жер өңдеп, дақыл егумен де айналысады. Ал сарттар – мүлдем жер емген адамдар, диқандар. Олардың негізгі кәсібі сол. Жаулап алушының бір ойы тағы да ештеңемен санасқысы келмейді: – Болса ше? Өлке қожайыны кім? Біз Орыс Түркістанын құрып отыр емеспіз бе? Әйтсе де екінші бір ойы оны ақылмен жүргізу қажеттігіне бұрылады. Отарлау жұмыстарын баянды ету үшін... – Егер орыс қоныстанушыларын мол етіп әкелуді көздесек – бұлардан жерді аса қиналмай-ақ тартып алуға әбден болар да еді, бірақ мұндай әрекеттің көпшілік наразылығын тудырары анық. Әсіресе батыстағы өркениетті жұрттың айыптауына ұшырар едік. Ал оның өлкені игеріп-қорғау жолындағы жұмысымызға соншалықты пайда әкеле қоймасы белгілі ----------------------- *Қолдан суарылмайтын егістік жер.
ғой. Ана сахарада көшпенділерді өзімізге керекті жерден ың-шыңсыз ығыстырып жіберу аса қиынға түспейтін сияқты, әріптестеріміз солай жасап та жүр ғой. Шұрайлы жер-суды олардан тартып алуды оңайлатып тұрған жәйттің бірі – аумақтың үлкендігі болса керек, ондағы номадтарға жөңкіліп көшіп кете беретін жер көп. Әрі төзімді өздері, тақыр даланы да мекен ете береді. Ал мұндағы жұрт тығыз отыр. Бұларды әй-шәй жоқ орнынан қозғаймын деп, басқа бәле тілеп алуымыз ғажап емес. Колонизация мүддесін тереңнен ойластырып, байыппен іске асырған жөн... Бұдан жиырма шақты жыл ілгеріде Кауфман о дүниелік боп кетті, Колпаковский Дала өлкесін басқаруға аттанды. Бірақ Түркістанды отарлау бір сәт те тоқталған жоқ. Әкімшіліктің өзге ұлықтары өлкені билеуге келген бойда, отарлауды жаңа қарқынмен жасап жатты. Әрі оқымысты генералдың арманы орындалды – үкімет орталық аудандардан шаруаларды мемлекет қаржысымен көшіріп әкеліп, жақсы жерлерге қоныстандыру, қожалық мұқтаждықтарының шығыны көп бөліктерін мемлекет есебінен көтеріп, ынталандыру жолын кеңінен қарастыруға көшті. Өлкені отарлаудың жоспарын жасап та, жүзеге асырып та жатты. Патша әкімшілігінің бұл орайда қос саусағын бүккен есебі болған еді. Уақыт өткен сайын мұны Серәлі айқын ұғып келеді: олар орыс қоныстарын Түркістан өлкесіне көптеп салудың екі жақты жақсылығы бар деп есептеді. Біріншіден, орталықта күйзелген империялық азамат мұнда тұрмысын түзейді, ал екіншіден – олар мекендейтін қалашықтардың қай-қайсысы да туземдіктерді тыныштандыру тіректеріне айналады. Әкімшілік оларды, қажет болғанда, бұратаналарға қарсы жұмсай алатынына күмәнданбайтын. Өйткені жергілікті халықтың отар билеушілеріне наразылығы әлсін-әлсін бұрқ-бұрқ көрініп қалып жататын. Ал түкпіртүкпірдегі барша бүлікті басуға әскер жете бермес еді... Қанша дегенмен, үкімет пен оның қалам безеген жазармандары әлемге жар сала жарнамалап айтып жататын желеуі – «бұратаналарды өркениетке баулу» жайындағы ертектері кей-кейде отаршылдықтың зымиян астарын аса жасыра алмай қалатын. Әдетте, отаршыл-идеологтардың түркістандықтарды жер өңдеу кәсібіне баулып жүрміз деген дақпырттары – орыс шаруалары олардың тәлімгері, «егіншіліктегі жақсылыққа үйретуші ұстазы» болып табылады деген тұжырыммен кестеленетін-ді. Алайда бау-бақша баптап, түрлі дақыл егуді түркістандық отырықшылар атам заманнан білетін. Сол себепті, келімсек орыс, украин, белорус шаруаларының мәдени ықпалына көндіге қоймайтын. Әйткенмен олардың мәдени ықпалына, негізінен, жеті атасынан көшпелі салтпен өмір серіп келе жатқан жұрт – отырықшылыққа енді ауысу алдында тұрған қазақтар мен қырғыздар ғана түсті деуге болады. Әрі орыс қоныстары алғашқы кездерде көшпенділікпен күн көретін жартылай көшпелі малшылардың жайылымдарына ең алдымен салына бастаған-ды. Бастапқыда аса көп байқала қоймаған отарлау қозғалысы Әндижан көтерілісінен кейін қатты қарқын алып, өрістей түсті. Оны енді патша әкімшілігі өлкедегі қызметінің негізгі мақсаты етті. Сөйтіп ол жергілікті
халықты көтеріліске шығу пиғылынан айырудың, олардың бұзық ойын алдын-ала ауыздықтаудың ұрымтал әдісімен жымдасты. Пайдасы ғасырларға кететін, империяның мың жылдық болашағын қамтамасыз ететін іс-шарасы қолға алынды. Оның сәтті жүргізілуі осы аймақта империяға адал, сенімді азаматтар қонысын – кәдімгі «бесінші колоннаны» бекем орнықтыруға көп байланысты еді. Оның үстіне, Орта Азияда орыс аюы ағылшын арыстанымен бәсекеге түскен-ді. Екі жыртқыштың ұдайы бақталас болып тұруы ахуалында және сол ағылшын мемлекетінің құпия араласуы салдарынан іргедегі елдермен, әсіресе Қашқариямен арадағы жағдай шиеленісіп кеткен. Бұл да сол шараға иек артуға – орталықтан шаруаларды мейлінше көбірек көшіріп әкеліп, өлкеге қоныстандыруды белсендірек жүргізуге мәжбүрлеген. Содан барып орыс поселкелерін Қытай Түркістаны шекарасына тақау етіп салудың, сөйтіп оларды империяның негізгі азаматтарымен толтырудың маңызы арта түскен. Осындай әрекеттер пәрменді түрде орын алып тұрғанмен, сонда да өлкедегі еуропалықтардың, негізінен орыстар мен украиндердің үлесі негізгі халыққа қарағанда мардымсыз ғана болатын. Мықтағанда әр жүз адамның екеуі ғана империяның негізгі ұлтынан еді. Бірақ сол аз пайызға кіретіндер өздерінің билеушілер өкілі екендіктерін титімдей де естерінен шығармайтын-ды. Сондықтан да олар туземдіктер арасында әрдайым өз тәртіптерін орнатуға тырысты. Ал бұл жергілікті халықтар ішінде күллі орыс атаулыны жек көрушілік, оларға жауығушылық сезім туғызды. Бұған, әрине, бірінші кезекте үкімет органдарының христиан емес халықтарға қатысты жүргізіп отырған дискриминациялық* саясаты әсер етті. Тағы бір елеулі себепке айналған жәйт – өлкедегі мемлекеттік мекемелердің ресми қатынас жасау тілінің тек орыс тілі болғандығы еді. Жергілікті халықтардың өтініштері мен арыз-шағымдары орысша рәсімделмесе – генерал-губернатор мен ояз кеңселері түгіл, болыс кеңсесінде де қабылданбайтын болды. Ал бұндай ахуал – арызданбақ, яки әлдеқандай тілек білдірмек сұраншақтардың тілмәш іздеп шығындануына әкеп соқты. Тілмәштер қатарын бұл күнде жергілікті халықтардың орысша шала-пұла сауат ашқан өкілдері толтырып бара жатыр... Әйтсе де осы тілдік кедергіден өтуге біртіндеп жаппай ұмтылыс пайда болғаны білінді. Сол ретте бұл ұмтылыс, қанша дегенмен, туземдіктер мен келімсек еуропалықтар арасында жалпы түсіністікке бет алған жағдай орнай бастағанын да көрсететін болды. Тағы бір елеулі жәйт: Ресей Орыс Түркістанын толық игеру мақсатымен оның қалаларын темір жолмен жалғастыруды жүзеге асырды. Мұнысы арқылы алыс елді мекендермен байланысты күрт жақсартты. Өлкедегі жолаушы және жүк тасымалы күрт жанданды. Түйе керуендерінің дәурені өте бастады. Серәлінің өзі куә, оның талай жыл керуенші болған атасы пойыз артқан жүк мөлшеріне аһ ұрып таңдайын қаққан. Оны жергілікті жұрт көрмей қалған жоқ, отарбаның артықшылықтарын тез-ақ мойындады. Ұзамай үкімет күн шуақты -------------------- * Кемсітушілік.
Түркістанды стратегиялық дақыл өндірумен арқандаудың бастауын жасады – Америка мақтасын әкеліп екті. Өлке экономикасы елеулі түрде көтерілді. Прогресшіл бағыт ұстанатын зиялылар, іштерінде патша әкімшілігінің адамгершіл өкілдері де бар, жеке бастарының үлгісімен де, парасатты қызметтерімен де жергілікті халықтың орыс мәдениетіне, жалпыеуропа мәдениетіне жақындасуына әсер етті. Жергілікті түркістандықтардың орыстармен жақындасуы екі әлеуметтік арнамен жүріп жатты. Бұратана ақсүйектері жаңа билікке адалдықтарын дәлелдемекке жан сала тырысты. Оларды патша ұлықтары құшақ жая қарсылады. Себебі оларға үкіметтің отарлау саясатын қалың бұқара арасына қарсылықсыз өткізетін сенімді құрал, сүйеніш-тірек ретінде қарады. Сөйтіп, сондай мақсатпен, өз әкімшіліктеріне қызметке тартты. Аналар да жаңа билікке берілгендіктерін танытуға асықты. Әрі өз отандастары арасында жаңаша бедел жинау белгісін – отарды билеуші қожайынның маңына жақындығын көрсетіп қалмаққа жанталасты. Олар еуропаша киіне бастады. Тұрғын-жайларын еуропаша жиһаздады. Тіпті үйлерін де жаңаша салды. Бұрынғы томаға-тұйық етіп, бітеу қамалша қоршап қоятын дуалдан қашып, еуропалықтарша – терезелерін сыртқа, көшеге шығарып соқты. Орыстанудың бұл жолын шын жақындасу деуге келмейтін, әйтсе де осындай-осындай бағыттар бойынша, өлкеге қоныс тебе келген еуропалықтар мен жергілікті жұртпен екі арада табиғи үдеріс – интеграция жүріп жатты. Мұндай құбылыс содан екі-үш ғасыр ілгеріде, қитұрқы-агрессияшыл* жасақтардың татар, башқұрт елін, Еділдің теңізге құяр тұсындағы қазақ жерін жаулауынан бастау алған. Одан қазақ елінің терістік аймағын Жармақ сықылды басқыншылар жасағы бір алса, кейін, Әбілқайыр ханның орыс патшайымымен жасаған келісімшарты бойынша, қырға тереңдеу – бекіністер салу жолымен жүзеге асырылған. Содан бері, ақ патшаның қырда аяқ тірегеніне де, бір жарым ғасырдан асты. Соңғы елу жылда оңтүстікте алшаңдауда... Міне, қырымлы тағдыры жайында да естіді... Не керек, бір кезде дүниені тітіреткен түркі қағанатынан жұрнақ та қалмаған заман туды. Енді күллі түркі аман қалуды ғана ойлауға мәжбүр. Орыстанбай. Мұжық боп кетпей. Тілін, ділін, дінін және мәдениетін сақтау жолымен. Сол ретте жақындасу. Тілді, жазуды жақындастыру жолымен. Тағдырлас түркі, бірік... Топырақты ойла... Бозжігіт, бұл үшін өзіңіздей көкірегі ашық ұлдар болып, бас қосыңыздар, тамыры, тағдыры бір, ортақ, көңілі бірдей жабығулы түркі оғыландарына, заман талабына сай, білек қосып әрекет ету ләзім... Ысмайыл ақсақалмен сырласу сәттерінің бәрінде де осы ойлар нәрлі өзекше ызылған да тұрған. Бұл кісі әлгіндегі съезді ашар сөзінде де батасының түйініне соны арқау етті. Сол пікірді, міне, Әбдірәшит қазы да ширатып келеді. Бұл ақсақалдың пікірінде бір өміршең жаңалық бар тәрізді. Ол түркі мүддесін орыстың адамгершілікті, иманшылдығы мол, ойы еркін де әділ, либерал деп аталатын күрескерлері қатарына тұру арқылы қорғауды орынды көретінін айтуда. Серәлі оны қызыға тыңдап отырған. ------------------- *Шабуылшыл.
Кенет есік аузынан кеме капитаны көрінді. Төралқа отырған үстел жаққа жирен қаба сақалды жүзімен тесіле қарап, қолымен әлдекімді өзіне шақырғандай белгі берді. Жүсіп орнынан тұрып, капитанға беттеді. Ол тақала бергенде, капитанның: – Кемені сіздер фрахтылағандықтан,* бізді қуып келе жатқандар жайында мен сіздерге айтуға тиіспін, – дегенін тақау отырғандар қатарында Серәлі де естіді. Ана екеуі есік сыртына шықты. Ел күбірлеп кетті. Әлденеден секем алғандай болды. Көпшілік көңіл-күйі мінбедегі баяндамашыға да ауысқандай. Ол сәл кібіртіктеп, сөзін дөңгеленте бастады. Жүсіп кірді. Төрдегі Исмайыл әпендіге барып, құлағына әлденені сыбырлады. Ол басын шұлғыды. Сосын мінбеден шегіне берген Рәшит қазыға қарап: – Әбдірәшит әпенді, әдемі баян сөзіңізге алла разы болсын, – деді. Одан жүзін залға бұрды: – Бәлкім, оғыландар, сұрақтар мен пікірлер айту алдында қысқа үзіліс жасап алармыз? ------------------------ *Толық жалдап алғандықтан. XІІІ Өзен ортасына шығып алған откеменің Ока айдынымен түтіні будақтай сырғып келе жатқанына біраз болған-ды. Түркі зиялылары жиналыстарын ашып жатқанда, өзге сейілге шыққан жан, қарасы едәуір болып, көкке малынған жағаға палубадан сүйсіне қарап тұрған. Кенет бүйірден бір баркас* көрінді. Ескектерін жанталаса ескілеп, су бетін едәуір шапшаң жылдамдықпен қақ жара, қапталдан қатты жүзіп келеді. Біреулер ескекшілер ортасындағы алаңшада түрегеліп, қол бұлғайды. Құдды кемеге «жүрісіңді баяулат», немесе «аялдай тұр» деп белгі бергендей. Капитанның хабарламасына орай делегаттар жиынды үзіп, тез палубаға ұмтылған. Талайының, әсіресе съезді ұйымдастырушылардың жүректері күпті күйге түскен-ді. Қанша дегенмен, жиналысты олар губернатордың рұқсат бермегеніне қасақана, жасырын өткізгелі жатыр емес пе еді. Бұл қуып келе жатқандар соларын сезіп қойып, шұғыл әкімшілік шара қолдануды көздегендер болмаса неғылсын.. Баркастағыларға тесіле көз тастап кішкене тұрды да, Жүсіп жеңілдене күрсінді. – Исмайыл бей, Рәшид әпенді, – Ақсақалдарға бұрылып, көңілдене езу тартты. – Қайықтағылардың өкіметке еш қатысы жоқ! Ақсақалдар да оларды шырамытқандай болды: – Е, мыналар әлгі солшыл балалар екен ғой! Артынша өкініш табы сезілген үндер шықты: – Жүсіп айналайын, бұларды неменеге құлақтандырғансыздар? – Біздің жиынымызға тап солардың керегі жоқ... – Не істейміз? Жүсіп байсалды жүзбен: ------------------------------- *көп ескекті қайық
– Міне мына тұрған Әлимардан мырза куә, – деді, – олар кеше парасатты сөзге құлақ асатындай ыңғай танытқан. Бірақ, жалпы бірге пікірлесерміз дегенімізбен, кешегі кеңесте мәжілістің нақты уақытын да, болатын жерін де айтпаған едік. Ал бүгін, осылардан сақтанғандықтан, кеменің айлақтан кететін уақытын екі мәрте өзгерттік емес пе. Құлақтары түрік солақайлар, өздері біліп алған ғой. – Е, олардан несіне сескенеміз? – деді Серәлі шын таңырқап. – Мықтағанда, әлдебір шетін ойларын айтар, басқа не істейді?.. – Мейлі онда. Қатыссын. Шу шығара қоймас... – Әп-бәрекелді! – Капитан!.. Кеме жүзісін баяулатты. Баркас тақала түсті. Ақырын жанаса жүзіп келіп, кеме жанында қалықтап тұрды. Қысқа тілдесулерден кейін палубадан төменге аспалы көпір тасталды. Кейінгі үлгімен жинақы да әдемі киінген төрт-бес жас жігіт жоғары көтерілді. Серәлі араларынан түндегі бұйрабасты таныды. Махмұтқа қарады. Ол да таныпты. Басын изеді. «Солшыл балалар» атанған бұл жас жігіттер өздеріне сыни жүзбен көз тігіп тұрғандарға қарай жүрді. Ортада тұрған ақсақалдарға қос қолдарын ұсынып, құрметпен сәлем берді. Одан қасындағылармен амандасты. Бұйрабас Серәлі мен Махмұттың қолдарын ескі таныстарынша құшырлана қысты. Сосын оларды Жүсіп әпенді тұрғандарға таныстырып шықты. Ретімен аттары аталғанда, жігіттер сыпайы ғана бастарын иіп тұрды. Жүсіп оларға қысқаша жалпылама мінездеме беріп үлгерді: – Фуат, Ғаяз, Жасай, Шәкір, Тоқтар – бәрі де Петербургте оқып жүрген қазіргі озық ойлы жастар қатарынан. Бас білдірілмеген даланың тұлпарындай тыпыршып тұрған қызу қанды жігіттер. Ағалардың мәжілісіне қатысқылары келген екен... – Рахмет сізге, Юсуф мырза, – деді Шәкір атанған бұйрабас. – Біз ағаларды өте-мөте тыңдағымыз келеді. Бұл шын. – Сәлден соң ондай мүмкіндік туады, жас жандар. Әзірге тынығыңдар, өзен ауасын жұтыңдар. Тақау мезгілде бас қосып пікірлесерміз... Жігіттер үлкен кісілердің рұқсатын алып, палубаға тереңдей бергенде: – Жасай! – деген қуанышты дауыс шықты. Шәкірдің қасында келе жатқан қырбық сақал-мұртты ашаң жігіт жанына таңырқай қайырылды. Қарсысында күлімдеген қараторы жасөспірім тұр еді. Аңтарыла қарады. Дегенмен ашық-жарқын сәлемін ықыластана алды. Ол Өтеміс еді. Бірақ оны Жасай жыға тани қоймады. Соны сезген Өтеміс өзінің оны жазғытұрым Қояндыда көргенін еске салды. Сонда Жасайды жәрмеңке тарқасымен бірден еліне қайтып кетпей, демалысқа әрі шипалы сулары бар Қарқаралының әулиелі жерлерінде емделуге қалды деп естігенін де айтып үлгерді. Қашан оралды екен? Жасай күлді. Басын изеді. Жақсы тыныққанын, денсаулығын біршама дұрыстап алғанын қысқа қайырып айтты. Сосын оның арт жағында, қа-
зақы тақиялы жастау адамның жанында гүржиіп тұрған көсе Еркіндікті көрді. Қол берді. – О, қандай кездесу! Амансыз ба, ақсақал! Мына інімнен гөрі, менің есімде сіз жақсы сақталып қалыпсыз! Осынау қиырда кездесерміз деп кім ойлаған! – Иә, – деп, Еркіндіктің даусы күңгір ете түсті, – бұ дүниең, шындап келгенде, терінің пұшпағындай-ақ... – Ал мына кісі – менің ұстазым Шаһмардан молда, – деді Өтеміс. – Маған Көкшетау медресесінде дәріс берген. Есіңізде ме, жәрмеңкеде бұл кісінің айдалып кеткені жайында көп сөз болып еді ғой, үкіметке ұсынған тілек-хатқа да есімі атап жазылған-ды. Шәймерден аға, міне, сол айдаудан босанып қайтты... Жасайдың есіне түсті: Қоянды петициясы мәтініне әкімшіліктің озбырлықтарын ыспаттайтын дәлелдер қатарында осы кісінің жазығы айтылып, аты-жөні де келтірілген еді. Енді бұл кісі сонау жер аудару сынды айдаудан оралған екен-ау? О, онда сізден сұрап білуді қажет ететін нәрсе көп болады... Шаймәрден күлді. Мұндай жиынға келудің шарты да сол – пікір алмасу емес пе. Сұрасын, айтады білгенін. Мұның да сұрайтындары бар... – Жақсы-жақсы, мен де осында мына достарыммен бірге ақсақалдар кеңесіне құлақ сала кетпек оймен соқтым. Оның ілесіп келген достары революцияшыл жастар қатарынан еді. Бірімен өзімен Петербургте бірге оқитын. Екіншісі-үшіншісімен алғашқысы арқылы Петрборда, Қазанда танысып, тіл табысып, жақындасып кеткен. Бәрі де бір-біріне тонның ішкі бауындай жақын, пікірлес жігіттер-тін. Серәлінің аңғарғаны – бәрі де орысша тәрбиеге құлаған, батысшыл жігіттер екен. Мұны ол жіті ажыратты, өйткені батысшылдық сипат өз отбасында да бар-ды. Келіншегі өзі секілді орысша оқыған, екі қызы да, ұлы да орыс гимназиясында оқып жүр. Оқу өз алдына, өмір салтына да еуропашылдық бағыт сіңгені, сонау алыс шығыста, Самарқанда тұратынына қарамастан, айқын сезілетін. Ал Ташкентке сөз жоқ. Бірақ Түркістан өлкесі тап осы жақтағыдай тексіздене қойған жоқ. Ұлтына риясыз қызмет етуге бейіл, орысшаға да жетік жақсы жастар өсіп келеді. Серәлі бері жүрер алдында әкесі, бауырлары жайлаған Сыр бойындағы өңірге соққан. Бәлдік ағасының былтыр бой көтерген мешіті елді үйіріп, тәп-тәуір жұмыс істеп тұр. Ол кісі енді мешіт жанынан медресе салдырмақ ойда. Ал әкесінің ауылында ашқан мектебі төңіректегі балалардың тілін сындырып, кәдімгідей сауаттандырып келеді. Биылғы күзде ол, алла қаласа, жаңа оқытушымен нығайтылады. Сонда барып сабақ беруге Серәлі бір оқыған жас жігітті көндірді. Бөтен емес, өз көршілері. Қоғалыкөл жағасын іргелесе мекен ететін Қожықтың үлкен ұлы Қоңырқожа. Ана жылы Ташкенттегі өзі оқыған мұғалімдер семинариясын бітірген. Баяғы Остроумовтан тәлім алған, бірақ қарт миссионердің үмітін ақтамайтын талапты жастардың бірі. Пе-
ровскіде теміржолшылардың кешкі мектебінде сабақ беріп жүрген болатын. Көктемде полиция қырына ілігіп қалды. Елдегі толқулар сырын оқушыларына талдап түсіндіргені үшін деседі. Сол себепті оған да бір мезет жандармдар назарынан алыста жүрген мақұл. Болашағы зор, ақылды азамат. Тағы бір Мұстафа есімді жақсы жасөспірім Ташкентте гимназияда оқып жүр. Оның атасы Торғай Қоқан хандығы дәуірінде үлкен қолбасы болған кісі еді. Датқа атағын алған. Сол Торғай датқаның баласы, Мұстафаның әкесі Шоқай – осы дария бойындағы жұрт арасына атағы жайылған белгілі би. Бірақ орыс хұкіметі, шамасы, кезінде оның өзі мен әкесі түгіл, әйелі Бахтының да қыз күнінде түркістандық сарбаздар қатарында жаулап алушыларға қарсы соғысқанын ұмытпаса керек. Содан шығар, бірде Сұлутөбедегі жерін, енді бірде қыстық баспанасын тартып алып, Шоқай биге әлсін-әлсін әртүрлі қысастық көрсетіп қоятын. Олардың жекжаттықтары да бар: Торғай әулеті Лапы әулетімен ежелден құдандал. Қарым-қатынастары күні бүгінге дейін жақсы, жылы. Шоқай бидің балалары Серәліні ағасындай көреді. Іштеріндегі алғыры, оқубілімге өте зерек болып тұрғаны – осы Мұстафа. Қазір Ташкентте сол секілді талай тәуір бозбала оқиды. Орыстың тіліне де, мәдениетіне де жетік осы жастар қазақ тамырынан қол үзеді деуге Серәлі ешқашан сенбес еді. Алайда бес саусақ бірдей емес. Орысша оқуға жаппай ұмтылыс болып тұрғанда, бәрі бірдей патша өкіметінің емес, елдің мүддесін көздеп жүр деу қиын... XІV Құрылтай делегаттары әр жер-әр жерде шоғыр-шоғыр болып, өзара қызу әңгімелесуде. Біреулері кеме кемеріне сүйеніп, көгілдір аспанға, мөлдір өзен бойына қарауда, енді бір топ жиналыс залына қарай беттеп барады. Қайықтан түскен жігіттер кезігіп қалған таныстарымен шүйіркелесе әңгімелесуде. Серәлі олардың арасынан өтіп, кеменің тұмсық жағына беттеді. Онда көңіл көтерушілер тобы ойын көрсетуші өнерпаздарды айнала қоршап тұр. Қызық сол жақта. Серәлі кер маралдай керілген сұлу келіншегі мен талдырмаш та әсем бүлдіршін қызын көріп, соларға қарай жүрді. Сапарға Орынбордан қосылған Бақытжан сұлтан мен Уфадан келген Сәлімгерей сұлтанның, сондай-ақ бұларды Қазанда қарсылаған өзге де татар, башқұрт мырзаларының ханымдарымен Зура тез тіл табысып кеткен-ді. Заман ыңғайына қарай жастайынан зайырлы білім мен тәрбие алған көрікті де өжет келіншек олардың алдында өзін әрі сыпайы, әрі еркіндеу ұстады. Оның өзінің де шыққан тегі башқұрттан-тын. Ол Түркістанға белгілі зиялылардың бірі, тасы өрге домалап тұрған көпестердің бірегейінен саналатын Нұри Ахмеровтің қызы еді. Әйелдер қауымына Зураның өзі де, қызы Рәбия да ұнағаны сондай, олардың ыңғай білдірген тілегін басқалары сөзсіз қостай берді. Осы қалаға келгелі пайда болған сол әдет қазіргі демалыс кемесі үстінде де жалғасқан. Ерлер
жиналысқа кеткенде, олар палуба жиегінен өзен жағасына біраз қарап тұрды да, ақыры, музыка аспабының дыбысы естілісімен, откеме үстіндегі ойын-сауық алаңшасын айналшақтады. Кішкентай Рәбияжанның осы сапар бойы әсерленген жәйттері көп болды. Қай күні, жәрмеңкені аралап қайтуға бара жатқандарында, қала сыртында, үстіне күрке тігілген арбаның соңында шұбалып, көшіп жүрген сыған таборын көргені бар. Неге екенін, тұңғыш көріп тұрса да, құдды таныс көрініске куә боп тұрғандай, қызыға қараған да қалған. «Папа, – деген, – білесің бе? олар далада ана арбаларының дөңгелегіне сүйеніп отырып тамақ ішеді». Папасы күлген: «Неге олай ойлайсың, Рәбияжан? Тамақтанғанда, дөңгелекке сүйену – мүлдем шарт емес». Рәбия бір иығын көтерген де қойған. Сәлден соң: «Папа, бұл – Бессарабия ма?» – деп сұраған. Папасы жымиып, қызының тұлымынан сипаған: «Жоқ, қызым, бұл – Россия». Сосын оның мамасына қараған: «Естимісің, байқаймысың, Зурита, біздің сұлу да ақылды қызымыз кітаптардан оқығандарын өмірден іздестіріп келеді ғой?!» Зура күлген. Біледі, қызы кітаби қиялшыл... Серәлі еңкейіп, Рәбияның маңдайынан иіскеген. Сосын шамасы жеткенше түсіндірген: «Сығандарды Пушкин өткен ғасырда Бессарабияда көрді емес пе. Есіңде ме, ол сығандарды әлемнің ең басы бос, ең еркін тұрғындары ретінде жырлаған еді ғой. Олар бүгін – осы Ресей төсінде, ертең – біздің шығысқа да жетеді. Бұлар сондай көшпенді халық. Тобыр болып көшіп жүреді. Өмір салттары сондай». Сонда анасын кішкене қызы: «Табор», – деп түзетті. Серәлі езу тартты. «Дәл. Тура айтасың, менің кішкентай ханшайымым. Тек, бізше – сол сөз құдды тобыр дегеннен аумайды, мағынасы да сол». Бұл бұдан бірнеше күнгі әңгіме еді. Енді мына ғажапты қараңыз. Кеме үстінде бір топ болып өнерпаз сығандар жүр екен. Қара бұйра шаштары иықтарына түскен бір-екі жігіт гитара асынып алыпты. Егделеу біреуі қос қолдап, титімдей қоңыраулар шеңбер құрсауына жиектей, айналдыра ілінген дөңгелек дауылпаз аспап ұстаған. Және дөңгелек үлкен қара көздері шырақша жайнаған екі-үш қыз бар. Серәлі солай қарай беттегенде, олар ән мен биді қыздырып жатқан. Откеме өзен ортасына жетіп, ашық айдынға шыққан бетте-ақ, олар кеме тұмсығына тақау тұстан, қос қапталдан жағаға көз салған жолаушылардың ортасынан ойып тұрып орын алған да, тамаша концерттерін бастап кеткен. Сыған қыздарының ән айтып, би билеп өнер көрсетуі кішкене Рәбияға ғаламат әсер етті. Ол шешесіне еркелей қыңқылдап, солардың ойынсауық көрсетіп жатқан жеріне баруға, таңсық өнерді тақалып тамашалауға ыңғай білдірген-ді. Сымбатты, мүсіні мәрмәрден қашалғандай, ғаламат әдемі тұлғасы діріл қағып билеген сайын қатпар-қатпар кең етекті көйлек астынан
сезімді қытықтап көз тартқан тамаша қыз жан-жақтан сұқтанған еркектер түгіл, жұдырықтай Рәбияға да керемет ұнады. Жұртпен бірге сүйсініп, алақанын қызарғанша шапалақтайды. – Зара! У-у-ух! Жаса, Зара! – деп қыздыра түседі көрермендер. Ох, сондайда Зара қалай шырқайды, қалай жандырып тұрып тамаша билейді!.. – Мама, аты саған ұқсас екен, – дейді жасөспірім Рәбия одан көзін алмай. – Неге оның есімі Земфира емес? – дейді содан соң. – Зара-Земфира... Шешесі оны иығынан құшақтайды да: – Өмірде – Зара, ал кітапта – Земфира, – деп күледі. Ах, жанды тербей діріл қаққан даусы қандай! Неткен өнерпаз қыз! Үлкен сырғалы, ұзын бұйра шашты, жиегі жалпақ, қара қалпақты жігіт жүгіре билеп ортаға шықты да, Зараны шыркөбелек айналды. Бір кезде басынан шляпасын шешіп алды. Сосын оны қолына төңкере ұстап, қоршаған жұртқа тоса биледі. Көрермендер ол қастарына тақала бергенде, қалпағына қолдарын созып ақша салуда. Шеңберді бір айналып өткен соң, сыған жігіт аяғын тапырлатып Зараның алдына барды, сосын екеулеп, жандыра секіріп биледі. Гитара сен дауылдаздың сүйемелімен ғаламат думан жасады. – Мен де оған ақша берейінші, – деді Рәбия. Зура қасына келіп тұрған күйеуіне қарады. Серәлі жымиды, әмиянын ашып, қызына ішінен бір сомдық үлкен дөңгелек теңге әперді. Рәбия сөлкебайды алды да, ортаға шықты. Бірақ шляпасымен ел жағалап жүрген жігітке емес, тікелей сыған қызға тақалды. – Зара, – деді, – рахмет сізге! тамаша билейсіз! мен сізді көргеніме мақтанамын! Кірпіктері жалп етіп, мөлдіреген тұңғиық жанарын Зараға тосты. Даусы дірілдей, сыңғырлай, шын жүректен ақтарыла сөйлеген, жас ханшайым-бойжеткенше киінген жеткіншек қызбалаға менмен сыған қыз таңырқай және елжірей көз тікті. Сосын жылдам еңкейіп, бетіне бетін тигізді де, қолындағы теңгесін алып, екі саусағымен қыса ұстаған күйде жоғары көтерді. Артынша дөңгелене, тапыр-тұпыр жүзе билеп, ұзай берді. Рәбия бақытты кескінмен ата-анасының жанына оралды. Осы кезде топ ішінен біреу: – Ей, сұлу қыз, маған тақал! – деп айқайлады. Жұрт дауыс шыққан жаққа жалт-жалт қарасты. Көздеріне әдемі киінген мырза түсті. Қаладағы бай фабриканттардың бірі екен. Ақсары толықша жүзі алабұртып, тағы шақырды. Сосын қойын қалтасынан ірі купюралы алақандай қағаз ақша шығарып: – Мә! – деді де, ақшаны жалбырата жазып ұстаған қолын алға қарай созды. – Мен үшін бір би билеп бер! Өзі үшін арнайы бір би билеп беретініне шәк келтірмейтін тәрізді. – Бол енді, кел, сұлу қыз! – Ал мынау Алеко, – деді Рәбия ойланып.
– Тыныш тұр, выдумщица*, – деді шешесі мейірлене. – Ол ешқандай да Алеко емес. Рәбия ақырын үнмен: – Алеко, – деп нығарлады. Зура оның мұрнынан түртті. Серәлі көзінің қиығымен қызына қарап, сүйсіне мырс етті. Палуба үстінде тыпыр-тыпыр басып, жеңіл билеп, құдды жүзіп жүргендей әсер беретін сұлу қыз Алекоға тақала қоймады. Иығын дірілдете, әсем жылжып, сыған әуенінің жетегімен өзінің өнерпаз тобына беттеді. Со беті, көрермендерді сиқырлы қимылымен арбай билеген қалпы, гитаралы, дауылпазды серіктеріне қосылды. Сырғалы жігіт алдында көлбеңдей биледі. Фабрикант мырзаның төзімі таусылды білем, сыған қызды өкшелей қуып кетті. – Сұлу қыз, мен үшін – тағы бір би! Қасына жетіп барып, қолына ақшасын тықпалады. Зара үлкен көздері жалт етіп, оған бір жақтырмай қарады да, жүректі дір-дір қақтырар биін серігімен бірге билей берді. Мынау еркінсіп, ақшаны юбкасының белдігіне қыстырды. Сонда қыз оны алды да жерге лақтырып тастады. Жұрт ду күлді. Біреулер қол шапалақтады. Анау шегінді. Және, масқара болғанда, жерден ақшасын көтеріп алды. Өзі қып-қызыл болып, ашудан өртеніп барады. Шеттегі орнына оралды. Сонысымен ұмытылды. Көрермендер биші қыздың өнерін тамашалап тұра берді... ----------------------- *жорамалдап қиялдай беретін қыз мағынасында. XV Қонцертті тамашалауға келген делегаттар біртіндеп жиналысқа кетіп жатқан. Серәлі де қызының шекесінен өпті де, келіншегінің білегінен қысып, өзінің негізгі шаруасына оралатынын сездірді. Көзін көркем Зарадан алмай тұрған Рәбия нәзік қолдарын бұлғады... Ол ішінде Шәкір жүрген жастар тобымен қатарласты. Анау әлденені қызу талқыласқандар арасында келе жатыр еді. Жайдары мінезімен бұған құлшына бас изеді. Ығысып, жанынан орын босатты. Серәлінің құлағына Өтемістің даусы шалынды: – ...Ал Еркіндік көкем екеуіміз Петрборға барып қайттық. Патшаны көрдік. – Жасөспірім үнінен мақтаныш табы сезілді. – Елге оралғанда білдік, Шәймерден аға айдаудан келіп, осы жаққа жиналып жатыр екен. Содан, міне, оны осы басқосуға бастап әкелдік... Өтемістің Шәймерден ағасы бұл кезде Махмұт қожаның қасындағы орындыққа құйрық басып, жай-күй сұрасып отырған. Олар бірін бірі Бұхарадан білетін болып шықты. Махмұт – ұстаз, Шаһмардан – шәкірт болған бір шақтар бірге өткен секілді. Олар Серәліні орындарынан тұрып қарсылады. Содан үшеуі қатар жайғасты, шешендерді бірге тыңдап,
аз-кем пікірлесіп отырды. Басқалар сияқты, бұлар да құрылтайда ағымдағы міндеттерге байланысты өз ойларын ортаға салды. Қағылездеу Шәймерден молданың жас та болса, үкімет қуғынын көріп келгеніне орай, оған құрылтай тарапынан ерекше құрметпен қараушылық байқатылды. Сөз берер алдында оны Ысмайыл бей патша абақтысы жасыта алмаған Рәшит қазы тәрізді дәріптеді. Бұл ретте, шартараптан жиналып орыс жерінің төрінде бас қосып отырған түркі зиялыларына, оның бастан кешкен оқиғаларын білу қызықты еді. Шаһмардан соны әңгімелеп берді. – Мен өкіметке қарсы қандай да бір қастандық әрекет жасадым деп есептемеймін, – деді ол. – Бар болғаны бала оқыттым. Сосын елдің елдігін сақтау жайын ақылдасып көрмекке ниеттенген жиын өткізуге талап қылдым. Жазығым сол ғана... Кезінде өзі осындай жиналысты қазақ ішінде ұйымдастыра алмағанын, жазған хаттары да, хаттарды алып оқып, ой қоспақ болған азаматтар да түгелге жуық ұсталғанын, көп азаматтың үкімет қырына ілігіп, істі болғанын, мұны ұстазымен екеуін жер аударғанын айтты. Билік көзімен қарағанда, ол – бұратаналар арасына мұсылмандық діни фанатизмді насихаттап, үкіметке қарсы үгіт жүргізген теріс пиғылды насихатшы еді. Сонысы үшін әкімшілік жаза тартып, Якутияда айдалған. Екі жыл сахалар арасында, итжеккенде жүрген. Содан жақында ғана оралғанды. Ол айдаудан мерзімінен бұрын, биылғы халық дүмпуі нәтижесінде жарияланған амнистия орайында босанған болатын. Сонау 1825 жылы империядағы биліктің түрін өзгертуді армандаумен Сенат алаңына сап түзгендері үшін айыпталып, Сібірге жер аударылғандардың ұрпақтары, одан беріде азаттық аңсап көтерілген поляктар мен түрлі жасырын ұйым, ереуіл, маевкаларға қатысқандары үшін жазаланып, сонда орын тепкен орыс саяси тұтқындары қатарында бұл да азаттық алған. Көкшетауға келісімен, хабар тиіп, аз уақытта Төменгіқала жәрмеңкесіне сапар шегуге өкілдік алды. Өзін сайлағысы келгендермен бірден келісті, ойы – жалпыға ортақ жағдайды талқылауға қатысу. Жалпы, Шәймерден білімі де, білігі де бар, діни ілімді тәп-тәуір игерген, беделі де әжептеуір, азаматтық көзқарасы айқын жігіт-тін. Әкімшіліктен қорлық көруі оның танымалдығын арттыра түскен. Әрі ол өзімен бірге істі болып, Енисей губерниясында өткерген айдауынан мұнымен бір мезгілде оралған өзінің ұстазы Наурызбай хазіреттен жас та еді. Сондықтан, ішкі Ресейде күллі мұсылман мүддесін көздейтін құрылтай шақырылып жатыр, халық атынан өзінің соған қатысып қайтуын Науан хазірет те қалайды дегенде, жеп-жеңіл көтеріліп жүре берген. Ол сақа елінде осы озбыр отаршылдық жеткізген айрықша күйзелудің бір айтып-жеткізгісіз қайғылы салдарына куә болды: қазақтың киіз үйіне ұқсас, яранга деп аталатын баспаналары алдында тұтас бір ауылдың адамдарының бәрі бір мезгілде өздеріне өздері қол салып, қырылып қалғанын көрді. Бұл – патша әкімдерінің ел еңсесін түсірген өрескел қылығына, арақ сынды отты суымен суарған сұрқиялық «жақсылығына»,
шоқындыру, орыстандыру әрекетіне бишалардың қолдарынан келген қарсылығы-тын. Соны көру – қорқынышты еді, бұл көрініс осынау зорлықшыл империяның арамзалығын, мақсатының арамдығын танытатын. – Егер одан қорғанбасақ, шарасыз сақаларша солай қырылып қалмасақ та, – ел болудан қаламыз... Бұрынғы айдау алдындағы ойынан еш айнымаған. Қайта, тайгада өткізген уақыты оның азаттыққа ұмтылысын бекемдей түскен-ді. Сондықтан да осылай түйген. Тек сол қорғану жолы қандай болмақ, осынау құрылтайда соны бажайлармын деген үмітте... Құрылтайға жиналғанның баршасының ішкі тілегі сол ғой деген ой келді Серәліге. Империяның әлдебір аймағында саяси езгінің қорлығын көрмеген жер қалды ма екен, қорлану сезімін түйсінбеген жан қалды ма екен... Шешендер қазіргі ахуалды әр қырынан қозғап, үкімет саясатын сыни талқыға салып жатты. Орынды сөздер. Орынды сын. Тек Серәлі солардан әзірге орнықты да нақты ұсыныс аңғара алмады. Бір кезде мінбеге Бақытжан сұлтан шықты. Сонда бір сергіп, елең етті. Алғаш Петерборда танысып, он шақты жылдан бері сыйлас боп жүрген әрі аға, әрі дос көретін осынау кісінің ой қарымын ол білетін. Сондықтан да ойлайды: ол мына құрылтай мүшелері алдында ұстануға тұратын татымды бірдеңе айтуға тиіс... Оның сөзінен жалғыз Серәлі емес, талайлар әлдебір жаңалық күткен сыңайлы. Делегаттар қызығушылық танытып тыңдады. Сұлтан Бақытжан Қаратаев күні кеше, осыдан бір айдай уақыт қана бұрын, қазақ депутациясымен патшаның қабылдауында болған-ды. Сөзінің басында соның жайын қысқаша әңгімеледі. Императордың діни еркіндікті, халықты таңдаулы адамдарын өкілдік жиынға шақыру ниетін растағанын айтты. Таяудағы, алтыншы тамыздағы заң сол сөздердің шынға айналғанын көрсетті деді ол. Демек, ендігі міндет – алдағы қызу саяси тіршілікке осы бастан әзірлену... Ол едәуір ұзақ мерзім бойы Кутаисиде заң қызметінде істеген-ді, грузиндердің бас адамдарымен жақсы таныс-тын. Көбімен байланысын үзбеген екен. Қазіргі ағымдағы жалпыға ортақ саяси ахуал кезінде олардың не істеп жатқандарынан, хал-жағдайларынан жақсы хабардар болып шықты. Елеулі бір әрекеттері жайында әңгімеледі. Үлгі алуға болатын мысал ретінде соны ортаға тастады. – Мына дерекке ой жүгіртіңіздер: Кутаисидің қалалық думасы осыдан екі ай бұрын облыстық автономия мәселесін қарады. Елестетіп көріңіздерші? Біз ол кезде петиция науқанымен бас қатырып жүрген сияқты едік қой? – Қаратаев төрдегі Ысмайыл Гаспралыдан бастап, залды айнала қарап шықты. – Мырзалар, бірақ бізге ондай кезеңнен де өту керек еді. Құдайға шүкір, өттік. Енді бізге одан ілгері жылжу керек. Ол үшін империяда бой көрсетіп жатқан пайдалы тәжірибелерге құлағымыз түрік болғаны жөн. Ал мен сіздерге аян еткелі тұрған мәлімет тура сондай кәдеге асыруға сұранып тұрған тәжірибені көрсетеді. Сонымен, Кутаиси думасы... Ол Екінші Николайдың белгілі рескриптінен кейін өз іштерінен, қаладағы белгілі ел азаматтарын тарта отырып, айрықша комиссия
сайлапты. Оған мемлекеттік оң құрылымды жетілдіре түсу және халықтың жағдайын жақсарту жөніндегі мәселелерді зерттеуді тапсырыпты. Зерттеген жәйттерінен қорытып, оңтайлы ұсыныстар әзірлеуге міндеттепті. Міне сол арнайы сайланған ерекше комиссияның мүшелері өздерінің қорытындыларын 15-ші маусымдағы қалалық дума мәжілісінің қарауына ұсынған екен. Маған грузин достар құжат көшірмесін берді, сондағы кейбір тұжырымдарды оқып берейін, назар аударыңыздар... Қалтасынан бүктеулі қағаз алып, асықпай жазды да, көзілдірігін түзеп, сөзін жалғастыра берді: – Тыңдаңыздар, мырзалар, осы ерекше комиссия ең бірінші етіп мынандай ұсыныс қорытыпты: «біздің халқымыздың еркін ұлттық-мәдени дамыуын қамтамасыз ету мақсатында – басқаруды орталықсыздандыру қажет». Түсінемісіздер? Түркілердің көкейіндегісін дөп басып тұрғандай емес пе? Екінші етіп сол децентрализация* ұғымының қандай мазмұнда түсінілетінін тұжырымдапты. Міне: «Шет аймақтарға қатысты айтқанда, орталықсыздандыру – оларға кең өрісті саяси өзін өзі басқару құқын беруден көрінуге тиіс, яғни Россия империясының құрамына кіретін барлық бөліктердің арасындағы мемлекеттік бірлікті сақтай отырып, облысқа автономия енгізу». Қараңыздаршы, бұл біз сияқты отарларды қайтадан нағыз мемлекеттілікке апаруды дәйектейтін пайым ғой! Демдерін іштеріне алып, тым-тырыс тыңдап отырған делегаттар арасынан, ақыры, күдік білдірген үн қатулар естілді. – Сұлтан, сіз тым аңқау қуаныш білдіріп тұрсыз ба деймін... – Сіз қазіргі үкіметтің билігін орталықсыздандыруды шынымен мүмкін деп ойлаймысыз? – Мырзалар, ұмытпаңыздар: патша ағзамның өзі ел тіршілігін жетілдіруге қатысты ұсыныстар беруге пұрсат берген... – Жарайды, мырзалар, сөзді бөле бермейік. – Құрылтай төрағасы үстелді тықылдатты. – Айтыңызшы, сұлтан, дегенмен, грузиндердің ойы қалай? Олар автономияны қалай жүзеге асырмақшы екен? Сұлтан оны айтуға әзір тұрған. Қолындағы қағазын көтеріп, жұртқа көрсетті де, сөзін сабақтай берді: – Бұл жөнінде әлгі аталған комиссия өз ұсыныстарының үшінші тармағында былай деген: «Грузия автономиясының Тифлисте жұмыс істейтін сеймі** бар, ол жалпыға бірдей сайлауда, құпия және төте дауыс беру арқылы сайланатын халық өкілдерінен құралатын болады, ал автономия жергілікті ұйысушы-құрылтайшы жиналыста жасалатын органикалық статутқа*** сүйенуге тиіс». – Ал автономия аумағы қандай болмақ екен? – деген сауал естілді залда. Қаратаев іркілмей: ---------------------- *Орталықсыздандыру. **Мемлекеттік биліктің жоғары органы, парламент. ***Автономияның ішкі мәніне, негізіне қатысты, онымен ажыратылмайтын байланыстағы ішкі жарғы, ереже.
– Ол жәйт былай көрсетілген, – деді де, қағазын оқыды: – «Грузия қазір Тифлис және Кутаиси губернияларынан, Закатальск және Сухуми округтерінен, сондай-ақ Батуми облысынан құрылған, осының бәрі бір автономиялық бірлікті құрайды». Бұл бесінші тармақта. Енді әлгінде айтқан Россия империясының құрамында болу деген қағидаға келейік. Онысы төртінші тармақта былай деп шегеленген көрінеді: «Грузия автономиясының конституциясы жалпыорыс парламентінде бекітіледі»... – Мынау шынында да қызықты үлгі екен. – Төралқа үстелінде шынтағын тіреп отырған Рәшит қазы шекесін ойлана сипады. – Қазір түркі жұрты бөлшектеніп жатыр, – мойнын бұрып, жанында жиынды басқарып отырған Гаспралыға қарады, – сондықтан бізге тап сондай құжат жасап ұсынудың қисыны келмес. Қалай ойлайсыз, Исмаил бей? – Анау үндей қоймады, бұл да жауап тосқан жоқ. Ойына келіп қалған тағы бір шүбәсін Қаратаевқа бағыттап айтты. – Ал грузиндер қанша тұтастанып отырғанмен, Бақытжан сұлтан, олардың арасында да біздің бауырларымыз бар, өзге де қаншама ұлыс өкілдері тұрады... Бақытжан сұлтан мүдірмей тіл қатты: – Ондай ахуал мына құжатта былай ескерілген, құлақ салыңыз. – Мәнерлей оқыды. – «Грузияда тұратын, бірақ азшылық болып табылатын барлық ұлыс грузин халқымен тең құқтарды пайдаланады». – Қағазын бүктей бастады. – Жалпы, Әбдірәшит әбзи, әлден ауызды қу шөппен сүрту жарамайды. Мен ойласуға себеп болады деген оймен – осынау біз секілді отар кейпін киіп отырған, бізден әлде-қайда жері де, халқы да аз елдің тірілік, елдік белгісін қалай көрсетіп жатқанын айтып отырмын... Бұл ұсыныстар ғана ғой. Оның өзін өкімет қызметкерлері емес, әлгінде айтқанымдай, оқуы, тоқуы, еліне сіңірген еңбегі бар беделді адамдардан сайланған комиссия жасаған. Мынаған назар аударайық: соны қалалық дума талқылаған. Ұсыныстарды негізінен заман талабынан туындаған, орынды, дұрыс деп бағалапты. Мазмұнына пәлендей әсері жоқ ішінара ғана түзетулер енгізген екен. Сосын зиялылардың ақыл қосуынан туған сол жазбаны империяның министрлер кеңесіне ұсыну жайында қаулы алыпты. Бізге осы жәйттердің тәлімді тұстары бар емес пе, мырзалар? Мырзалар мысалдың тәлімділігіне келіскеннің белгісі ретінде, қол соқты. Бақытжан сұлтан орнына беттеді. Жарыссөз жалғасып жатты. XVІ Бақытжан сұлтанның Кутаиси тәжірибесі жайындағы әңгімесі көңілдегі көп жәйтті қозғады. Серәлі ойға батты. Қазіргі отарлық жағдайда ел болу деген не, елдік белгісі неден танылмақ? Жалпы, ойлап көрсінші, тап өзінде, яки өзі білетін азаматтарда – мемлекеттілікті сезіну немесе өз мемлекеттілігіңді аңсау бар ма? О, бұған жауап табу үшін – сол мемлекеттілік сезімнің қалай жоғалтылғанына да ой жүгіртіп қойған жөн болар... Серәлі Түркістан өлкесінің төсінде отаршыл әскер еркімен айқыш-ұйқыш соғып, өмірді жаңаша тыныстандырған қоғамдық дауыл өнімінің бірі еді. Ол дүниеге келгенде – туған жерінің Ресей құрамына алынып,
елінде империялық әкімшілік-аумақтық басқару жүйесі орнатылғанына жыл да толмаған-тын. Басқаша айтқанда, ол еркін еңбектеп, біртіндеп қаз тұра бастаған шағынан-ақ өлкедегі жаңа биліктің еркімен қалыптасып жатқан тіршілік ықпалына түсті. Тиісінше, оны жаңа қоғамдық-саяси және әлеуметтік-тұрмыстық ахуал өз илеуіне алды. Ал оның ата-бабасы бұл өңірдің байырғы тұрғындары қатарынан-ды. Ел аралап, жер көруге құмар боп өскен бір жас жігіт бұдан жүз шақты жыл ілгеріде өз шаңырағынан еншісіне тиген жалғыз атымен ауылынан бөлініп шыққан да, қара жолмен ағылған керуенге ілесіп, Ақмешіттегі базарға келген. Келген де, кірешілер қатарына қосылған болатын. Өйткені олардың төрткүл дүниені аралап жүретін өмір салтына бұрыннан қызығып жүретін-ді. Дария бойымен ерсілі-қарсылы өтіп жататын түйе керуенді талай көрген. Ақ Масжид шаһарына – кәдімгі Ақ Мешіт қаласына бір тоқтап, одан қара жол бойымен Ташкентті, яки Хиуаны бетке ұстаған талай шетелдік көпестерді қаршадайынан көзімен ұзатып салатын. Жеткіншек, жасөспірім шағында ол ауылдастарының көшімен қазақтың кең даласын көктей өтіп, терістіктегі орманды алқаптарға дейін талай барған. Сонда жылма-жыл жаз жайлауын өткізіп қайтатын. Сонау көшпелі жұрт Сыр бойына қалың қамыс арасында қыстау үшін ғана оралатын. Кейін тыныс тарыла бастады. Терістікте олардың жер-суына, ата қонысына көз алартатын жыртқыш көрші пайда болды. Біраз ел бұрынғыша көш түзеуден қалды. Содан ол ауылынан кетіп, кәсіп өзгерткен: көпестерге қосшы болып жалданған да, сауда керуендерімен өлкені жастай кезген еді. Сырдария, Ферғана алқаптарынан, жалпы Қоқан, Бұқара, Хиуа хандықтары аумақтарынан ұзап, үнді, қытай, парсы, араб жұрттарын да аралады. Қызметін қатардағы ат айдаушыдан бастаған ол бірер жылда керуен басының көмекшісі болды, бара-бара өзі де кіре тартты. Қоқандағы Омар хан, терістіктен сұғынып келе жатқан жаулаушыларға қарсы қорғанысты күшейтпек мақсатпен, Ақмешітте қамал салдырды. Сонда ол да керуен жүргізу кәсібімен қатар, Ақмешіттен бір көш жердегі Қоғалыкөл маңындағы ағайындарына қарайласа жүріп, ақыры солармен бірге біржолата сонда қоныс тепкендей болған. Бұл – болашақ ұрпағы есімін ататегі ретінде таңбалауға алатын Лапы деген кедей жігіт еді. Көзі қарақты, сергек, жер аралаумен ерте ел танып, тиісінше ер де танып жүрген Лапы заманындағы базарлық қарым-қатынасты, тұрмыстық бәсекені зерек түсінді. Тапқан табысын бекемдей түсудің және еселеудің жолын қапысыз аңғарды. Бірақ шық бермес Шығайбайша емес, Атымтай жомартша өмір сүрді. Қарт атасының бауырында өскен Серәлі оның болмыстық ұстанымының жөн-жобасын жақсы білетін. Кейін шығыс дастандарынан оның бейнесін танығандай болған. Орайы келгенде, елінің ықылас танытқан жыршыларына қаһармандық «Шаһнамадан» бастап, небір тұрмыстықәлеуметтік мәселелерді тақырып еткен дастандарды мазмұндап тәржімалап беретін. Содан соң сол ауызекі аудармасының ақын-жыраулардың шығармашылық қазанында қорытылып жаңа жырға айналғанын, сөйтіп
олардың қазақы нұсқаларының домбыраға қосыла жырланып, елге кең таралып жатқанын ризашылықпен бақылайтын. Ерімбет шайырдың көне «Қиссасул–әнбия» қолжазбасындағы оқиғадан өрбітіп, өзінше жырлаған осынау Атымтай жомарт жайындағы жырын ол бертінде әлденеше мәрте тыңдаған. Жыр Серәлінің ата-бабасының ғұмырының мәнісін дәл ашатындай еді: Атымтай барша жанға кеуілі бірдей, Қонақсыз ас ішпейді ойнап-күлмей. Сұраусыз сырттан алса біреу малын Кетеді көзі түгіл, көңіліне ілмей. Біреуге ат, біреуге тон беріп жатыр, Қалады кім екенін тіпті білмей. Шайырдың жасаған түйіні қарапайым да түсінікті болатын: Кетпейді дария тасып ішпегенменен, Азаймас өзен суы ішкенменен. Ал ондағы нақыл да әркімге түсінікті: Жарандар, шамаң келсе сақилық* қыл Сақидың** жүрген жолы болар абад.*** Дәйегі де дау туғызбайды: Тумақ бар әр пендеге, өлім дайын. Өлімнің кім білмейді мәнін, жайын. Тірлікте, ер-азамат, сақилық қыл, Көзде тұр ғаріптердің әл-жағдайын! Мал жинап ішпей-жемей өткендер көп, Тірлікте ойламайтын абыройын. Содан әрбір азаматқа жарасар ұстаным ұсынылады: Қорықпай тәуекел ет, ерлер, дәйім, Өтіпті таусылмай-ақ сақи ерен. Бұл жолдар Серәлі санасында жатталып қалған-ды. Олардан белгілібір дәрежеде қазіргі уақыт талабы үдесінен шығуға тиіс азаматқа қажет сапалық қасиеттерді көргендей болатын. Халық мүддесін күйттеуге керекті күрескерліктің белгісі де сол өлең жолдарында тұжырымдалған деп білетін. -------------------------------- *Жомарттық. **Жомарт, қолы кең кісі. *** Бай, берекелі, думанды, базарлы мекен.
Лапының керуенінің әр сапардан аман-есен оралуына қаладағы үзеңгілес серіктері түгіл, Сыр бойында мал соңында салпақтаған ағайындары мен күллі ауылдастары тілеулес болып жүрді. Ол малшылық кәсіптің өнімдерін базарлау жайын өзара тиімді жайғастырып, баршасын разы етіп отырды. Өзінің үйлі-жайлы болуын, ұрпағының заманына ылайық тұрмыс құруын қамтамасыз етуді де армандамай қалған жоқ. Ақмешіттегі кірешінің кішкене лашығынан өрген балалар жүкшілер маңында да, сауда жаймаларында да, хандық қамалының күзетінен де, қала іргесіндегі малды ауылда да өз орындарын тауып жатты. Өлке орыс патшасының иелігіне қаратылғаннан кейін де, Лапының өзі үйреншікті кәсібінен қол үзбей, балаларының қай-қайсысына да тіршілігіне қажет деңгейде сауат ашып, дәулет құрауына жәрдемдесті. Ал қартайғанда, қолында тұрған Кішкене есімді баласынан немере сүюді ұзақ армандады. Түріктен алған келінін қасиетті әулие сағанасына түнетіп жүріп, ақыры, аңсаған перзентін құдайдан сұрап алғандай болған. Атасын мұңайтпайтын бала осы болар деп жорамалдаған. Онысы расқа айналды. Немересі Мұңайтпас көңілінен шықты. Атына сай болды. Атасын, әкесін еш мұңайтқан жоқ. Жарлы болса да, арлы делінетін қасиетімен дәулет те, абырой да жиып, ел ішінде жоғары беделге ие болған атасы Лапының қолы ашықтығын мұра етті. Түлкі заманын қауымдасқан ағайындарымен бірге тазы боп шалуды мұрат етті. Шаруашылығын сауатты жүргізді. Ата мекенінде ерекше дәулет құрған жанға айналды. Атасы Лапы мен әкесі Кішкене өз кездерінде тарыққандарға мал үлестіріп беруді әдетке айналдырғанын білетін, соны сонау Атымтайлардың баласы ретінде, Мұңайтпас та жалғастырды. Есесіне елдің алғысы ұшан-теңіз еді. Жерге де, малға да уақыт талабына сәйкес иек арта отырып, ата кәсібін кеңейте толықтырды. Қызметшілерінің еңбегін жемеді. Малшылықты өркендете түсетін дәрежеде жер өңдеуді, түрлі дақыл егіп өсіруді, өнімінің артығын базарға шығаруды дамытты. Ағайындарымен бірге үлкен ауыл болып, Сыр бойында тұрақты қоныс тепті. Ел арасында беделі арта түсті. Өлкені орыстың әскери күші соғыспен бағындырғаны мәлім. Алдымен Сырдың төменгі ағысына, Арал теңізіне келді. Одан дарияны өрлей отырып, бұдан жарты ғасыр ілгеріде, жазғы айларда, Ақмешітті қоршауға алды. Қамалды жиырма күн шабуылдап, ақыры басып кірді. Орыс патшасының әскери қолы одан бұрынырақта Жетісу жақтан Қапал қамалын салған, одан Үш Алматы алқабына ат тіреген. Сондағы Алматы қамалын Ақмешіттен екі-үш жылдай бұрын талқандады. Сөйтіп Жетісудың Алатау етегіндегі шұрайлы да мәуелі, жеміс-жидекті алқапқа –қазақтардың байырғы қонысына орналаса бастаған. Және көпке созбастан, біржолата орныққандарының белгісі ретінде, көне Алматы іргесінен бекініс салған. Алдымен онда, Омбы генерал-губернаторының тапсырмасына сәйкес, әлдебір майор мен инженер-поручик бастаған зерттеушілер жасағы болған-ды. Сонау шолғыншылар ақбас Алатау етегіндегі Бірінші және
Екінші Алматы шоқыларын, олардың араларындағы алқапты мұқият зерттеген еді. Олар сондағы ертеден егіншілікке қолданылған, кескілеп салынған арықтары көрініп жатқан жазықтың түрлі дақыл егуге сұранып тұрғанын көрді, айналадағы құдды шабындыққа жаралғандай масаты көкорайларды көрді. Тұрақты мекен салуға жақсы жер екенін, сол маңнан бір-бір көш әрідегі Есік пен Талғар аңғарларынан гөрі көп қолайлы екенін байқады. Тиісті қорытынды жасап, жоғарыға ұсынды. Қабыл алынды. Содан барып әскери қамал салынды емес пе. Жаулап алушылар оны өздеріне адал бекініс болуға тиіс деген сеніммен – Верный, яғни Сенімді деп ат қойған. Кейін, фон-Кауфман өлке билеушісі болып келген жылы, қамал сол аттас қалаға айналды. Бірақ қазақтар оны әрдайым елді мекеннің байырғы атауымен – Алматы атымен атайтын-ды. Тіпті содан жиырма шақты жыл өткеннен кейін де, Ташкенттен шығатын, үкімет ашып берген «Түркістан уәлаятының газеті» атты қазақ тіліндегі апталық үнпарақта да оны тек қана Алматы деп жазып жүрді. Қазақтар үшін ол күні бүгін де – Алматы... Сол Алматы аймағынан бергі оңтүстік өңірдің көп бөлігі ол кезде Қоқан хандығына қарайтын. Баяғы Ақтабан шұбырынды, Алқакөл – сұлама заманындағы бір еңсе көтеруден кейінгі, яғни қалмаққа қарсы азаттық соғысының тиісті шыңына жеткізілмеген жеңісті белесінен кейінгі уақыттардан соң-ақ бұл атамекенді қазақ мемлекеттік құрылымы құрамында деп айтудың қисыны келмей қалған. Жолбарыс ханның қоластында болған шақтан бергі кезеңде, орыс патшасы қазақ жеріне шындап көз тіккен уақыттардан бастап, Түркістан қаласын орда еткен қазақ хандарының мұндағы ықпалы біртіндеп мүлдем азайып кеткен-ді. Өңір, соның ішінде Сыр бойындағы Қоғалыкөл жағасын қоныс еткен ауылдар да, Қоқан хандығының қол астына түскен. Мойындау керек, тамыр тұрғысынан бұл қазаққа тым жат мемлекет емес-ті, бірақ, уақыт өте келе, қоқандық салық жинаушылардың ел арасына қару асынып, кернейлете, дікеңдей келетін әпербақандықтары жұртты ығыр еткен. Қожайынның әлімжеттігін қылып, олар әлсін-әлсін елдің берекесін алып кететін. Тиісінше, езілулі халықтың өшпенділігін туғызып, көкірегіне кек байлатып кететін... XVІІ Осынау сүйкімсіз езушілерден азат болсақ деген қазақы ел-жұрттың табиғи тілегін патша әкімдері құштарлана қолдады. Сөйтіп олардың азаттықты аңсау сезімін өздерінің отарлаушылық әрекеттерімен астастыра ұштады. Қазақ жерін тереңдете отарлауға, орайын келтіріп, қазақтардың өздерін пайдаланды. Мәселен, Жетісуда, осыдан қырық бес жыл ілгеріде, орыстардың қарулы күшіне қазақтар барынша көмек беріп, он мың сарбазы бар Қоқан әскерінің Ұзынағаш түбінде жеңілуіне септесті. Ал сонау әскер орыстардың Жетісуға қоныстануына қарсылық көрсете келген болатын. Аңғал қазақ сөйтіп, анда-санда соғып салық жинап кетіп жүретін түркі оз-
бырларынан құтылсам деп жүріп, арасына шырмауықша кіріп шырмап, сөлін тамшысына дейін сығып алатын өзге озбырдың аранына түскенін аңғармай да қалды. Содан үш-төрт жыл өткенде, Қоқан билігіндегі Меркі қамалы құлады. Мұздай құрсанған патша әскері от шашқан зеңбіректерін сүйретіп, өлкеге тереңдеп сұғына берді. Қорғаушылары қанға бөктіріліп, Әулиеата, Түркістан, Шымкент қалалары басып алынды. Күрс-күрс шойын доп құсқан зеңбірек, соңынан лап беріп қырғын салған қалың қол қамал соңынан қамал алып келе жатты. Түнеугүні Гаспралық Ысмайыл ақсақал былтыр жарық көрген шығармаларын оқығанын айтқан Шоқан сол науқанға қатысқан-ды, сонда көзі көрген алғашқы қанқұйлы қатыгездіктен соң-ақ ол шошынып, ұрыс даласын тастап кеткен... Халық қастерлеп Әзірет сұлтан деп атап кеткен Қожа Ахмет Йассауи кесенесі артиллериямен атқыланып, құлаудың аз ғана алдында қалды. Басқыншылар жергілікті жұрттың көңілін аулау үшін, кесене іргесіне кірпіштен тіреу қалап, қабырғаны сүйеп-түзеген болды. Одан бұл жаулаушылар Ташкентті алған-ды, оған да қырық жыл бопты. Артынша-ақ орыстың Екінші Александар патшасы оны Ресей құрамына қосқандығы туралы пәрменге қол қойды. Араға жиырма жыл салғаннан кейін, осындағы Түркістан мұғалімдер семинариясында оқыған Серәлі үздік үлгерімі үшін осы патша атындағы стипендия алып тұрды... Мұнда патша әкімшілігі көптен қару еткен оңтайлы әдісін қолданды: Ташкент өңіріндегі белгілі атқамінерлер мен зиялылардың өтініш хаты ұйымдастырылды. Олар сол хатында жаулап алушыға маңдайымен жер соға иіліп тағзым ете тұрып, бармақтарын басып, қолдарын қойған, жеңімпаздардың өздерін іштеріне келіп басқаруын қиылып сұраған. Сөйтіп, «халықтың өз сұрауы» империя пиғылымен сәйкестендірілді – өлкені басқару орталығы Ташкентте орналастырылды. Ысмайыл ақсақал да біліп отырғандай, Түркістан генерал-губернаторлығының қалыптасуы, оның алғашқы қадамдары, іргесін кеңейтуі оның бірінші генерал-губернаторы генерал-адъютант Константин Петрович фон-Кауфман есімімен байланысты. Бақшасарайда Пушкин поэзиясымен сусындаған бұл әскери әкім 1867 жылы Ташкентке жаңа лауазымға тағайындалғаннан кейін, Бас штабтың жоспарына сәйкес, Орта Азияны жаулап алуды тікелей басқарды. 1867 жылғы 11 шілдеде бекітілген “Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы ереже” бойынша – Ресей империясы Бас штабының Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды. Оның құрамына осы жылы ұйысқан Сырдария және Жетісу облыстары кірді. 1886 жылы “Түркістан өлкесін басқару жөніндегі ереже”, 1891 жылы “Дала облыстарын басқару жөніндегі ереже” қабылданды. Қазақтардың негізгі құрамы осы екі өлкеде шамамен екі-екі миллионнан екіге бөлініп өмір сүріп жатты. Екі өлке де экономикалық және рухани тұрғыдан аяусыз қанауға түсті. Осындай отарлық жағдайда да қазақтың өз мемлекеттілігіне қол жеткізуді көксеген өз батыры болмай қалған жоқ. Тек, ондайлар отар-
лаушының дарына асылып, бұзақы ретінде, қара бояумен таңбаланып жатты. Ал мемлекеттілік туралы ой, шындап келгенде, әр кәлләға сіңген арман бола қойған жоқ. Өйткені ондай қиялдың орын алмауы әкімшілік тарапынан мұқият ойластырылып, әрбір жылт еткен ұшқын саналы түрде өшіріліп келеді. Дала өлкесінде тұратын медресе мұғалімі Шаһмардан Қосшығұлов сол орайдағы құрбандықтың бірі. Ол отаршылдар қыспағы салдарынан бас бостандығынан айырылу қияметін тартып келгендіктен, күллі отар аймақтарға ортақ пікірін осынау тұңғыш өтіп отырған күллі мұсылман құрылтайында батыл аян еткен. Бірақ ол не істеу керектігін білмейтін. Кутаисиден оралғалы Теке аймағында заң қызметінде жүрген Бақытжан Қаратаев үлгі ретінде әңгімелеп отырған грузиндердің автономия құруға ұмтылысы да жалпы түркі түгіл, қазақ үшін де алыс арман тәрізді. Өйткені жалпы түркі – бытыраңқы, ал соның ішіндегі қазақ – тым еріксізтін. Қазақ тұрмысы отарлаушылар ығымен, соларға қатты бейімделіп кетіп бара жатқан... Алысқа барып қайтеді, өз басының-ақ мысалын алып қарасыншы... Түркістан өлкесінің билігі орыс патшасы әкімдерінің қолына өткенде, Серәлінің әкесі Мұңайтпас солардың өмірге енгізген әкімшілік жүйесінің бір тетігіне айналды. Болыс басқарушысы болды. Үрім-бұтағын өкіметтің оқу орындарына кіргізуге мүдделілік танытты. Балаларына орыстың тілін, білімін, мәдениетін үйретті. Сонда, жаңа әкімшілік талаптарын орындауға бейімдігімен, үлкен баласы Сейдалы көзге түсті. Билік мекемелерін еркін аралайтын болды, бірте-бірте әкесінің шаруашылығын түгел өз қолына алды. Ал Мұңайтпастың екінші ұлы Серәлі оқу соңында кетті. Империя оқу орындарында зайырлы білім алды. Мұғалім, заңгер, шығыстанушы, тілмәш, адвокат... Жалпы, Мұңайтпастың үш әйелінен өрген он тоғыз бала мен әзірге үлкендерінен көріп отырған он шақты немересі бірте-бірте оның негізгі байлығына айналды. Бір кездегі ең дәулетті болыс енді байлық жағынан басқалардан едәуір қалып қалғандай еді. Өз ағайындарынан да, өзге дәулеттілерден де. Сонда ол өзін: «Олар мал өсірсе – мен адам өсіріп жатырмын», – деп жұбатты. Балаларының бәрінің мұсылманша сауат ашуына, одан орысша білім алуына қамқор болды. Онысының көзге ұрып тұрғандығы сондай, көршілері әзіл-шыны, разылығы-кекесіні-қызығуы аралас сарынмен: «Мұңайтпастың иті де орысша үреді», – дейтін болды. Оның үйіне орыс төрелерін ертіп те, өз қалауымен де Ресей Бас штабы Түркістан генерал-губернаторының тілмәші Шаһмардан Ибраһимов жиі келіп жүрді. Ол тек қонақ болып қана кетпей, қарт Лапы мен оның ел басқаруда танылып, болыс басқарушылығына сайланған ұрпағы Мұңайтпастан ел аузындағы әңгімелерді, қазақтың ертегі-аңыздарын тыңдап, жазып әкетуді ұнататын. Сондай меймандықтар кезінде тілмәш Ибрагимов Мұңайтпастың құлағы түрік, зерек баласы Серәліге назар аударды. Оны әуелде Ақмешіттегі орыс оқуына түсіруге кеңес берген-ді. Ақмешіт патша әскері тарапынан басып алынғалы бері Перовскіге айналған, орыс
мемлекетінің тірегін нығайту үшін лнда да орыс мектебі ашылған болатын. Кейін Серәлінің Ташкент гимназиясына баруына, одан Түркістан мұғалімдер семинариясына қабылдануына көмектескен де сол жігіт еді. Әкімшіліктің бодандардың жер-суын ғана емес, санасын да отарлауға шешуші мән бергеніне Серәлі, жылдар өте, анық көз жеткізе бастаған. Ол Ташкентте мұғалімдер семинариясында оқыды. Түркістанды зерттеп білуді мұрат еткен өлкетанушылар үйірмесіне қатысты. Парсы, араб тілдерін игерді. Жақсы оқыды. Бітіргеннен кейін, сол өзі оқыған семинарияда репетитор болды, Санкт-Петербург университетінде оқып жүргенінде де бірер жыл сонда жаттықтырушы қызметін атқарды. Ол орыс семинаристерін туземдіктердің – қазақтың, өзбектің тілін игеруіне, сол тілдерде сөйлей білуіне үйрететін. Семинария бастығы – миссионер* Остроумов. Николай Петрович. Оқымысты адам. Түркістанда істегенініне біраз болған. Осындағы орыстандыру саясатын өмірге енгізушілердің ақылгөйі. Үкімет өлкедегі басқару ісін насихаттау үшін ашқан «Туркестанские ведомости» газетінің алғашқы редакторы осы Остроумов-тын. Соның қосымшасы ретінде, бір мүшелдей уақыт бойы, қазақша «Түркістан уәлаятының газеті» шығып тұрды. Оны редактор ретінде генерал-губернатордың аудармашысы Шаһмардан Ибраһимов (оны Шәймерден Ибрагимов деп те атайды) басқарып тұрды. Көкше өңірінде туып өскен, Шоқан Уәлихановтан бес жас кіші, бірақ онымен жолдас, пікірлес болу бақытына ие болған адам. Ол өзінен екі жас үлкен ағасы Шаһмұратпен бірге Сібір кадет корпусында, кәдімгі Шоқан тәрбиеленіп шыққан оқу орнында, біраз жыл онымен қатар оқыған-ды. Кейін, Петербургтен қайтып келе жатқан Шоқанның биліктегілерге қолқа салуымен, бірер мезгіл Көкшетау округтік приказында Шоқанның әкесінің – аға сұлтан Шыңғыс Уәлихановтың хатшысы болып істеді. Сонда Шоқанның қолжазбаларын көшірісті. Одан ертеректе, Шаһмардан Омбыда орыс-тузем мектебінде мұғалім болып жүрген кезде, Шоқан генерал-губернатор кеңсесінде, басқарманың заң комиссиясында жұмыс істеген-ді. Ол орталықта шаруаларды азат етуден кейін жүріп жатқан ең ірі шара – сот реформасына сәйкес, қазақ сотын реформалау мәселелерімен шұғылданды. Осы кез екеуінің жиі кездесіп, әр салада пікірлескен уақыты болатын. Шоқан бұл қызметке Атбасар округінің аға сұлтандығына сайлауға түсіп, өте алмай, Омбыға келгенінде орналасқан еді. Ол қазақтарға оқыған аға сұлтанның пайдалы екенін көрсетпек-тін. Себебі ол халқының ұлттық жақсы қасиеттерінің Еуропа мәдениетімен ұштастырылуын қалайтын. Сол тұрғыда, округті басқарушы ретінде үлкен істер тындырмақ болған. Сондай үмітпен аға сұлтан лауазымын алуға дәметкен-ді. Бірақ бас адамдардың екіжүзділігі, олар белшесінен батқан сыбайластық пен парақорлық алдынан кесекөлденең шыққан. Солар бұрмалаған сайлау оны алдына қойған мақсатымен бірге әділеттен де күдер үзуге мәжбүр етті... --------------------------- *мемлекеттің отаршылдық саясатын қолдау рухында христиан дінін уағыздаушы.
Дегенмен осынау дүниетанымы мен көзқарасы озық азамат халқына пайдалы болудың тағы бір жолына барып көрді: ол 1864 жылдың көктемінде Ресейге Түркістан өлкесін қосып алуды мақсат еткен әскери экспедицияға қосылды. Өлкені соғыс қимылынсыз, халықты қантөгіске ұшыратпай, келіссөз жүргізу, үгіттеу тәсілдерімен қарату – генерал Черняевтің міндеті болатын. Империяға өте берілген, түркі тілдерінде жақсы сөйлейтін штабс-ротмистр Шоқан Уәлиханов оның бейбіт әрекеттеріне көмектесуге бекінген-ді. Алайда ақиқат басқаша болды. Черняевтің қанқұйлы қаталдығы жан түршіктірді. Экспедицияның басқыншылық табиғатын жергілікті бас адамдардың бірі де Шоқанға көзге шұқығандай етіп айтты. Сонда ол сол жылғы шілдеде, Әулиеата түбінде, Черняевтан ат құйрығын үзісті... Шаһмардан оның Жетісудағы Тезек төре ауылына тоқтағанын, сол жақтан Омбыға, Батыс-Сібір генерал-губернаторлығы басқармасының басшыларына хат жазып тұрғанын естіп білді. Содан хабардар болысымен, өзі де хат жазып, хат алды. Ол Шоқанды туған ағасындай көретін. Өйткені ол Шаһмарданның досы ғана емес, ақылшы ағасы еді. Шоқан мұның этнографиялық ізденістеріне байыппен қарап, білікті кеңестерін беретін. Кейін Шаһмардан Ибраһимов фон-Кауфманның Түркістан өлкесінде ғылыми ойға, ағарту ісіне еңбек сіңіріп жүргеніне көзі жетіп, оның сол қасиетіне арқа сүйеген де, оған Шоқан туралы әңгімелеген. Шоқан ең алдымен өзімнің туған халқымды сүйем деуші еді, сосын Сібірді, одан күллі Ресейді, содан кейін барша әлемді жақсы көрем дейтін. Қараңғы халқы исламмен уланбаса, орысша оқыса, соған үкімет көмектессе деп армандаған-ды. Кадет корпусының түлегі, орыс армиясының офицері, батыл барлаушы, жиһанкез, тамаша ғалым, қаламгер, өмірден ерте кеткен азиаттың осынау ізгі гуманистік қасиеті жайында генерал-губернатор Кауфман таң-тамаша қалып тыңдаған болатын. Өзінің өлкедегі ағартушылық жұмыстың мән-маңызы хақындағы ойының келешегі зор екеніне, оның туземдік жастарды орыстандырып тәрбиелеу жолымен дұрыс үндесетініне көзі жете түскен. Жарық жұлдыздай жарқ етіп ерте сөнген асыл азаматқа Түркістан әміршісінің көңілі құлағанын Шаһмардан зайыр аңдаған. Бастығының сол қадірлеушілік сезімінің әсіресе алғашқы Жетісу сапарында мүлдем ұлғая түскенін көрген. Өйткені онда генерал Колпаковский бар еді. Тезек төре ауылында ауырып жатқан озық ойлы, сол ойлылығы нәтижесінде көп нәрсеге қапалы болған Шоқанмен осынау Жетісу әскери губернаторы хат жазысып тұрған. Ол Шоқанды жақсы білген, құрметтеген. Сондықтан да генерал-губернатор Кауфман мен оның адъютанты Ибрагимов мырзаны империяның өмірден жас кеткен адал ұлы Уәлихановтың басына өзі ертіп апарды. Алтынемелдегі зиратына бәрі бірге барып, оның рухына тағзым етті. Сол сапар Ибрагимов мырза сыпайылап қана білдірген өтініш-тілек нысанасына дөп тиген-ді. Ол – Шоқан бейітіне ескерткіш құлпытас қою мәселесі-тін. Не керек, Шаһмардан өлке әкімінің Жетісу
губернаторына тиісті тапсырма беруіне ұйтқы болды. Бұл 1870 жылдың күзі еді. «Генерал-губернатор Алтынемел бекеті мен Қоянкөз бекетінің ортасында өтіп бара жатып, ...Шоқан Шыңғыс сұлтан баласы Уәлихановтың моласына барды, – деп жазды Шәймерден Ибрагимов, – ...дүниеден көшкен Уәлихановтың сүйегін қадірлеп сыйламақ үшін және орыс-қазақтың есінен шықпастығына генерал-губернатор, генерал-адъютант фон Кауфман қалыптас деген тасты тегіс тақтайдай қылып даярламаққа бұйрық қылды. Бұл тасқа молаға кім қойылғаны, неге мұнша қадірлі, сыйлы болғандығы жазылар. Осы тасты Алматыдағы асқан ұстаға тез уақытта даяр қылып жеткізіп бермекке бұйрық қылды». Кауфманның тапсыруымен мәрмәр тас, ақыры, Екатеринбургте жасалды, одан Омбы, Семей арқылы Алтынемелге жеткізілді. Ақыры Шаһмардан Ибрагимов Алматыға келді де, Жетісу әміршісімен және Шоқанның ғылымдағы достарының бірімен бірге Тезек ауылына аттанды. Алтынемел жотасына қойылған Шоқанның қабіріне туыстары күйген кірпіштен соқтырған күмбезге тағы бір тағзым етті, сөйтіп, досының басына құлпытас орнатты. Ескерткіш таста былай деп жазылған-ды: “Бұл жерге 1865 жылы дүние салған штабс-ротмистр Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов қойылған. Уәлихановтың ғылымға сіңірген еңбегі үшін осы ескерткішті 1881 жылы Түркістан генерал-губернаторы 1-Кауфманның тілегі бойынша генерал-лейтенант Колпаковский қойған”. Тасқа қашалатын жазудың алғашқы нұсқасында Шәймерденнің қаламынан шыққан: «Бұл құлпытас бәріміздің сүйікті және құрметтіміз марқұм Шоқан Уәлихановқа қойылды» деген сөздер бар болатын, оны әлдебір әкім көкірегі қош көрмегендіктен, жұмыскер тасты оюға кірісер алдында өшіріп тасталды... Шаһмарданды билік оңтүстікте қызмет атқаруға Шоқан қайтыс болған уақыттан екі жыл өткенде жұмсаған еді. Омбыда оқытушы болып жүрген-ді. Сол шақта, 1867 жылы, фон-Кауфман Түркістан генерал-губернаторы болып тағайындалған. Сонда ол Шаһмардан Ибрагимовты парсы және түркі тілдерінен аударма жасайтын тілмәш ретінде өзімен бірге Ташкентке әкеткен болатын. Мұнда ол генерал-губернатор кеңсесінің сыртқы істер бөлімін басқарды. Тілмәш болды. Орысша-қазақша сөздік жасады, мұны ол – сүйікті отаны Ресейді жақсы біліп, жақсы көруіне септесу үшін, халқына өзінің берген жәрдемі деп санады. 1870 жылдан қазақ және өзбек тілдерінде “Түркістан уәлаяты газетін” апта сайын шығарып тұрды. Ғылыми мақалалар жазды. Ұзамай, Сібірдегі ағасы Шаһмұрат Ибрагимов әуелі Сырдария облыстық басқармасына, одан генерал-губернатор кеңсесіне аудармашылық қызметке алынды. Шаһмардан сыртқы байланыстарды жүргізетін саланы басқаратындықтан, Хиуа, Бұхара, Шәуешек жақтарына елшілік сапарлармен шығып тұрғанда, ағасы оның орнына газет шығарушысы ретінде қол қойып тұрды. Осы қызметінен әуелде Қашғарға, одан Хиджазға – қасиетті Мекке өңіріне дипломатиялық жұмысқа жіберілді. 1891 жылы сонда қайтыс болды. Серәлі сол қаралы хабарды
аулына айтып келгенінде – әкесі мал сойғызып, құран оқытқан-ды. Ол бұл әулетке қадірлі адам болған еді... XVІІІ Өлкені қару күшімен бағындырғанмен, оны түбегейлі ұстап тұру үшін – халқының есіл-дертін де жаулап алу керек-тұғын. Сана үшін күресушілердің алғы шебінде Ташкенттегі Серәлі білім алған Түркістан мұғалімдер семинариясының директоры Остроумов тұрған-ды. Ол жас жағынан осы Ысмайыл ақсақалмен шамалас. Білімді адам. Қазан діни академиясын бітірген. Магистр дәрежесін алған. Сонда, Қазанда, 1874 жылы “Критический разбор мохаммеданского учения о пророках”* деп аталатын өзінің магистрлік диссертациясын жеке кітап етіп шығарған. Қазан діни академиясында біраз уақыт тарихтан, ислам діні ілімінен сабақ берді, татар және араб тілдерін оқытты. 1876 жылы “Татар-орыс сөздігін” шығарды. 1877 жылы “Мохаммеданский пост в месяц Рамазан”** деген еңбегі де Қазанда жарық көрді. Оның алғашқы еңбектерінің өзі нысаналы зерттеуге құрылды. Ол зерттеулерінде болашақ миссионерлік қызметінің міндеттерін, миссионерліктің мұсылмандықты жеңуге бағытталатын жерлерін айқындап отырған болатын. Оның діни-ғылыми ізденістері және түркі тілдеріне бейімдігі өзінің миссионерлік жұмысын жүргізетін аймағын нақты көрсетіп тұрғандайды. Ақыры ол ұзақ жылдар қоныс теуіп, жемісті қызмет ететін жаңа өлкеге жіберілді. Оны Ташкентте генерал-губернатор фон-Кауфман жылы қарсы алды. Ғылымға оң қарайтын әкім екеуінің ортақ тақырыбы ағарту саласынан табылды. Содан, Остроумов Түркістан мұғалімдер семинариясының директоры әрі “Түркістан ведомостары” газетінің редакторы болды. “Түркістан ведомостары” газетінің қазақша қосымшасын басқармада қызмет істейтін Шаһмардан Ибрагимов басқарған. Остроумов қазақша қосымшада әкімшіліктің жарлықтарынан басқа, бейресми бөлім болуына, оның ішінде, қазақтарға таныстыру ретінде арнайы материалдарды – орыс тарихын, оның патшаларының өмірлерін, түрлі өзге де мәліметтерді де беріп тұруға ашық қарсы болған жоқ. Ол, тіпті, осы отар елдегі орысша баспасөздің атқарған рөлін Бірінші Петр заманындағы «Ведомостардың» Россияға сіңірген еңбегіне барабар бағалап жүрді. Соның қатарына қазақ газеті де кірсе керек-ті. Бірақ кейін, Кауфман қайтыс болған соң, оның орнына генерал-губернатор болып келген, баяғы Ташкентті жаулап алушы Михаил Черняевтің бұйрығымен, қазақша қосымшаны шығарудың тоқталуына ықпал етті. Серәлі солай ойлайды. Олай ойлайтыны – өзі ведомостардың редакторлығын тастап, бірыңғай ғылыми және миссионерлік жұмыстармен шұғылданып кеткенде, оның қазақшасы жабылып қалғанына еш қиналмады. Себебі, Серәлінің сенімі бойынша, соған Остроумовтың өзі ---------------------- * “Пайғамбарлар туралы мұхаммедтік ілімді сыни талдау”. ** “Рамазан айындағы мұхаммедтік ораза”.
тікелей әсер етті. Өйткені өзінің ол кісімен азды-көпті пікірлесіп жүруінде соған көзі жеткен. Ол қазақтардың тек миссионерлік бағыттағы мағлұматты оқуына ғана төзім көрсететін. Жалпы, ұлт баспасөзінің болуы – оның өлкені христиандандыру хақында алға қойған міндетін орындауға кедергі келтіреді деген сенімдегі адам еді. Ол Серәлінің бірге оқыған семинариялас жолдасы Саттарханды көп пайдаланды, соның көмегімен британдық інжіл қоғамының тапсырмасын орындады – Четвероевангелиені* сарт тіліне аударды. Оның пиғылы бұратаналарға тек осындай әдебиетті оқытуға ғана бұрылып тұратын. Осы сарт тіліне байланысты Серәлі осынау Остроумов сынды ұстазымен келіспеушілікке барған. Сарт тілі деген – жоқ, ол – өзбек тілі деген бұл. Ал Остроумов екеуін екі халық деп есептеген. Петербургтегі үлкен шығыстанушы Бартольд та осы пікірде болды. Түркістанға ғылыми сапармен келгенінде, шығыс тілдері хақында өзінен кәдімгідей-ақ дәріс алғанына қарамастан, «Лапин мырза сарт тілін жоққа шығарады» деген мағынада мұны қатты-ақ сынға алды. Ал Серәлі мұндай әдетті олардың көнедержавалық «бірінен бірін бөліп тастап, бөлшектеп билеу» ережесіне бұрып тұрғандығынан деп санады. Остроумовтың өзбек және сарт тілдерін ажыратып қарауы – оның миссионерлік жұмыстарына оңтайлы көзқарас-тын, соған қызмет ететін. Жалпы, ел арасына өзге дінді тамырландыру үшін, оның маңыздылығы рас еді. Ол мұсылмандардың қасиетті кітабы жайында да “Құран және прогресс” деген сыни еңбек жазған адам. Ал оның “Историческое и современное значение христианских миссий среди мусульман”** деген еңбегі орыстандыру мен шоқындыру жұмыстарының мән-маңызын, солардың осы уақытқа дейін жинақталған тәжірибесін қарастырады. Ол семинариясында Түркістан өлкесінде кейінгі жылдары қанат жайып келе жатқан орыс-тузем мектептеріне мұғалімдер дайындап беріп жүр. Ал сонау болашақ оқытушыларды даярлауда ол шәкірттерінің санасына осы өзінің көзқарастарын сіңіруде. Туземдіктердің өзге елдерден, ең арғысы Қазаннан діни әдебиет алдыртуына Остроумов мүлдем қарсы. Татарлар жіберіп жүрген діни әдебиетті түркістандықтар үшін өте зиянды деп есептейді. Шынтуайтында, олар империя идеологтарының, өз миссиясының бұратаналарды орыстандыру, шоқындыру мақсатына кедергі келтіреді деп санайды. Ол Ильминскийдің Қазандағы крещено-татарcкая школасы*** өздерінің Түркістандағы ағарту жұмысына негіз болуға тиіс деген сенімдегі қызметші еді. Ильминскийдің түркі жұртын бөлшектеу саясатын мұндағы Остроумов сынды миссионерлер**** түгіл, жалпы державашылдар түгел түптұқиянымен қолдайтын. Олар татарды қазақтан, қазақты өзбектен, қырғыздан, сарттан бар жан-тәнімен бөлектеп әуреге түсетін. Ол жәй әуре емес еді, оның астары терең-тін, ол түркілерді ұсақтап бөлшектеу арқылы орысқа сіңіру саясатымен ауыз жаласып жататын. -------------------------- * төрт інжілші жазған деп саналатын төрт інжіл жинағы бар шіркеу кітабы. ** “Мұсылмандар арасындағы христиандық тапсырмалармен жіберілушілікті орындаудың тарихи және заманалық мәні”. *** шоқынды-татар мектебі. ****діни ұйым, шіркеу өз дінін насихаттау және өзге иланымдағыларды өз дініне тарту мақсатында жіберілген адамдар.
Әлгінде откемеге көп ескекті қайықпен қуалап келіп мінген, енді, міне, шешендерді көппен бірге тым-тырыс тыңдап отырған жігіттердің кемінде бір-екеуі сол шоқынды татар мектебінің түлегі. Жандармерия қырағы көздерін сондайлардан жасақтайды. Мына келістері тегін емес, тап сол тыңшы балалардың бірлі-жарымы бұл рұқсат етілмеген құрылтайға арнайы мақсатпен келіп жүруі ғажап емес. Солай ойлады да, Серәлі өзіне ерекше ықылас көрсетіп жүрген бұйрабас бала жаққа қарап қойды... XІX Түркістан семинариясын талай жас бітірді. Серәліден кейін де онда қанша түркістандық оқып жатыр. Бірақ оған о баста негізінен орыс балаларын алу көзделген еді. Аздаған жергілікті ұлт балалары орыс-тузем мектебін үздік бітірген, орысшаға жетік болған жағдайда ғана қабылданады. Оқу тек тілімен ғана емес, күллі мазмұнымен орысша. Онда тек қана империя-ұйыстырушы халықтың ұлылығы мен дархандығы жайындағы тұжырымдар санаға өшпестей дәрежеде сіңіріледі. Осындай ахуалда, рухани жағынан мейлінше тұмшаланған қалың жұрт ішінен Махмұт Бехбуди секілді саналы жастардың алға шығуы көңілге үміт ұялатады. Серәлі онымен Самарқан облыстық басқармасында тілмәш болып қызмет атқарып жүрген жылдарында ғана танысты. Ол Самарқанда орыс билігі орнағаннан кейін бірнеше жыл өткенде дүниеге келген. Ал Самарқан орыс әскері шабуылына төтеп бере алмай, Серәлі туған жылы құлаған-ды. Яғни Махмұт бұдан бес-алты жас кіші. Серәлі Ташкенттегі Түркістан мұғалімдер семинариясында оқып жүргенде, ол Самарқанда медресе бітірген. Сосын бірнеше жыл Мысырға, одан Түркияға сапарға шығып, білім көтеріп қайтқан. Одан Қазан мен Уфадағы ағарту ісінде жинақталған тәжірибелермен танысып келген. Ақыры, түнеугүні Ысмайыл ақсақалға айтқанындай, Самарқанда жәдид мектебін ашып, бала оқыта бастаған-ды. Жағырафия мен ислам тарихынан жазған оқулықтары, өлке картасын жасап бастырып шығарғаны бір ерлік еді. Бұлары ағарту ісіне зор серпін берді. Махмұт Серәлінің шығыс сәулет өнерін зерттеудегі жұмысына, күнделікті қолдануға арналған орыс-өзбек қалта сөздігін жасағанына риза болатын. Сол орайда да екеуінің арасында пікірлестік сезім қалыптасты. Серәлі парсы, араб тілдерінен едәуір хабардар болғандықтан, Регистан кешеніндегі ғимараттарды сәндеген көне жазуларды оқуға ден қойған. Соларды оқу барысында өзінің бабаларының бірінің сол құрылыстарды салуда елеулі із қалдырғанын ашқан. Жалпы, көне қолжазбаларды оқуға, талқылауға, жинауға құмарлық танытқан. Осындай қасиеттері оның мұндағы діни зиялылар арасында беделін көтерген-ді. Оларға Серәлі ертеде Самарқанды билеп тұрған, бүгінде рухы Шаһи-Зиндада тыншып жатқан Жалаңтөс батыр туралы айтатын-ды. Оның қазақ жерін Жетісу тұсынан басып алмақшы болған жауға тойтарыс беріп жатқан Салқам Жәңгір ханға қалай көмек бергенін, өзінің сол майданға тікелей үлкен қол бастап барғанын, ондағы ғаламат шайқас жайын
әңгімелейтін. Ал Жалаңтөстің кейінгі бір ұрпағы Айтық – қазақтың үлкен бір бөлігінің Шеген биден кейінгі төбе биі болған, Әйтеке би деген есімімен ел құрметіне бөленген қасиетті адам. Әулие кісі ретінде, оның Нұратау басында жатқан қабірінің басына жұрт күні бүгінге дейін тағзым етуге ағылып барып жатады... Осындай деректерді Махмұт та қызыға тыңдайтын. Орыс әскері Түркістан өлкесін басып алғалы халық көп бұлқынды: өзбек те, тәжік те, түркімен де, қазақ пен қырғыз да. Серәлі туып өскен Сыр бойындағы Жанқожа батырдың қозғалысы неткен ірі көтеріліс болды. Халық жадынан өшпейді. Ол қазақ азаттығы үшін алысқан батыр. Қоқан мен Хиуа хандықтары тарапынан жасалған шапқыншылықтарға, зорлық-зомбылыққа қарсы шайқасып, бұл ретте әуелде орыс әскерімен де бірлесіп қимыл көрсеткен. Кейінірек, әкімшілік елді мазаламаймыз деген уәдесінде тұрмай, орынсыз алым-салық салып, оны патша әскерлері күштеп тартып алумен шұғылдана бастаған. Сонда, осыдан қырық алты-қырық жеті жыл ілгеріде, қол бастап, азаттық қозғалысына шығады. Бірнеше ауыр шайқас болады, ақыры мұздай боп қаруланған жазалаушылар жеңеді, ауылдар шабылып, тоналады, Жанқожа өлтіріледі. Бірақ олардың бәрі Серәліге тым алыс заман соғысындай еді, өйткені сонау қасіретті-баһадүрлік оқиға Серәлі дүниеге келгенге дейін өткен. Оны ол ауыздан ауызға беріліп келе жатқан қаһармандық әңгімелер мен орыс әскери жылнамасындағы ақпараттарды қорыта қарап біліп жүр. Елдің күйзелгені айтып-жеткізгісіз-тін: халық қырылған, тірі қалғаны тоз-тоз болған, мал-жаны ауыр шығынға ұшыраған. Ондай қайғы ұмытыла ма... Азаттықты армандаған соңғы ірі бас көтеру жайын Серәлі жап-жақсы біледі. Ол әлі жарасы жазыла қоймаған көтерілістердің бірі. Осыдан алты жыл бұрын орын алған оқиға еді. Ресми құжаттарда Әндижандағы мұсылман фанатизмінің бүлігі ретінде аталған. Іс жүзінде, басқыншылардың озбырлығына шыдамағандықтан бұрқ етіп шыққан халық бұлқынысы болатын. Әндижан көтерілісі барша Ферғана облысына жайылды. Ал Ферғанаға – Қоқан, Марғұлан, Әндижан, Наманган, Ош үйездері кіретін. Облыс шеңберінен де асып, күллі өлке халықтарының ниеттестік сезіміне ие болды. Мәселен, Сырдария облысындағы Қазалы үйезінің тұрғындары сарбаздарын аттандыруға даяр екендіктерін айтып, Әндижанға хабар жіберген. Жер-жердегі мешіттерде көтерілісшілерге арнап құран оқылған. Өкімет бұл көтерілісті тіміскіленген шетелдік жансыздардың әрекеттерінің нәтижесі және қараңғы халықтың дінге көзсіз илануының, соқыр сенімінің салдары етіп көрсетуге тырысты. Бірақ өлкедегі көзі ашық азаматтар оның шын сыры неде екеніне ешқашан күмәнданған емес. Мәселе әкімшіліктің шектен шыққан озбырлығы, қанаушылығы, отаршылдығы және тіршілікті, сананы, тілді орыстандыру әрекетінде жатқан болатын. Көтеріліске рух берушілердің басында Мыңтөбелік Мұхаммедәлі ишан тұрды. Ол бір жұмсақ, табиғатынан сыпайы кісі еді. Күн қаққан қызылқоңыр жүзіне аппақ сақал-мұрты мен биік сәлдесі ерекше салта-
натты сән беріп тұратын. Келбетінің өзі құрмет сезімін туғызатын. Сөзі әсерлі, сенімді естілетін. Ол ешқашан даусын көтермейтін. Ақырын сөйлейтін. Түркістан өлкесінің жылы жақ екені мәлім ғой, онда жәй ғана жылы емес, ыстық аймақ та мол. Ташкент – жазда жанып тұратын қала болса, оның оңтүстігінде мүлдем қайнап тұрған бір жер бар. Бір көш жерге созылған шөл адыр. Адамдар аптап күн астында сол адырлы жазықты кесіп өтіп, мұсылмандардың қасиетті бір әулиесіне барады. Сонда түнеп, құлшылық етіп қайтуды парыз тұтады. Әлгі жолды көбіне кедей кепшік жаяулап өтеді. Тұрмысы оңалмаған ол жандарды бишаралар деп атайды. Міне сол бишаралар талы түгіл, қылтанағы жоқ адыр бетіндегі соқпақпен, шақырайған күн астында, арып-аршып, өзегі талып, сүйретіліп, әулиені бетке алып жүре береді. Бір ғажабы – төменде, құз түбінде, Шәріқан сайымен жіңішке өзен ағып жатыр. Бірақ шаршап-шалдығып келе жатқан жолаушының сонау сайға түсіп сусындауы бір қиямет. Тіпті мүмкін емес. Міне осындай шақта тірі жанға беймәлім бір жас шәкірт өзінің риясыз еңбегімен ел көзіне түсіп, көптің құрметіне бөленеді. Ол әулиеге зиярат етуге сапар шеккен жолаушылар өтетін жолдың орта тұсында, сай түбіндегі судың биік жартасты жағасына күрке тұрғызады. Өзі сонда орнығады. Сөйтіп, еріндері кезерген тәуәп қылушыларға қызмет етуге кіріседі. Төмен түсіп, сайдағы өзеннен торсыққа су құйып алады. Су толы торсықты арқалайды да, тауды қиялай өрлеп, жоғары шығарады. Күн сайын сөйтеді. Ағаш күбіні дүркін-дүркін суға толтырады. Күркесінің жанына екі түп ағаш отырғызған. Соларды суарады. Зиярат жасауға өтіп баратқан жолаушыларды күркесіне дамылдатып, әл жиғызады, ыдыстарына су құйып береді. Дәрет алуына, намаз оқуына жағдай жасайды. Оның қырқа басына еккен ағаштары өсіп, бірер жылда қанат жаяды. Сөйтіп, күн күйдірген адырлар үстімен өткен-кеткенге көлеңке болады. Бұл дуалшы және ұршықшы Мұхаммедәлі еді. Терге малшынып, топырақтан дуал тұрғызатын. Қора-қопсыдан бастап, гүл-бақшасы жайнаған, ортасындағы хауызы әрі ыстық ауаны салқындататын, әрі аулаға көрік беретін, жанға жайлы тұрғын-жай кешенін салатын. Жалпы, түрлі құрылыс соғатын. Жүн, мақта, зығыр иіруге арналған қарапайым ұршықтан бастап, еңбек құралдарының сан атасын жасайтын өнерпаз болатын ол. Күндерде бір күн әулие басына түнеп қайтуға шыққан да, қиын жолды өз басынан өткерген. Содан, құдайға құлшылық етушілерге жәрдем беруді өзіне парыз санаған. Оның ұстазы сопылық жолды уағыздаушы ірі діндарлардың бірі болған Сұлтанхан ишан екен. Мұхаммедәлі ыстық күнде жүз сажындық шыңырауға пәлен рет түсіп-көтеріліп, арқасына таңған торсықпен, тіршілікке нәр беретін суды жоғарыға шығарып тұрады. Талайдың сауабын алады. Жанқиярлық еңбегі ауыздан ауызға ілігіп, лезге көпке тарайды. Жас күнінде осылай елдің сауабын алған Мұхамедәлі діни білім алуын жалғастырады да, бертінде біржолата Мыңтөбеден орын тебеді. Есімі
біртіндеп Мұхамедәліден Мәмедәліге өзгеріп, ақыры қысқа да сүйкімді Мәдәліге айналады. Шәріхансай өзенінің биік жарқабағында аспанмен таласып екі бәйтерек күні бүгінге дейін өсіп тұр. Ондаған жыл бойы тақуаларға көлеңке болып, тынығатын, дәрет алып, намаз оқитын, сөйтіп құдай алдындағы бір парызын үлкен жол үстінде алаңсыз орындап алатын жерге айналған. Онда болғанның бәрі, күллі өткен-кеткен Мәдәлі ишанды, оның жамағат қадірмендісіне айналғанға дейінгі төккен адал терін сүйсіне әңгімелеп, құрметпен еске алады. Мыңтөбеге жолы түсіп, сонда болып өткендер, ишанды көріп, дәрісін тыңдағандар оның ізгілікті уағыздарын ауыздарының суы аға әңгімелейді. Бірақ заман тыныш құлшылық етіп жүре беруді көтермейтін. Мәдәлі ишанның көз алдында өлке жат жерлік басқыншылар табаны астына түскен. Тіршілік қиындаған. Жер тарылған. Дінге қыспақ салынған. Халық бұған оп-оңай көне салған жоқ, неше мәрте бас көтерді. Дар ағашы осы екі үйездің бас қалалары Әндижан мен Маргеланның орталық алаңдарында пәлен рет құрылды. Бұдан жиырма жыл бұрын, яғни 1878 жылы, жаулаушыларға қарсы көтерілген Мәмет пен Жетімхан ондаған жәрдемшілерімен Әндижанда дарға асылды. Одан үш-төрт жыл өткенде тағы сондай қырғын болды. Тағы екі-үш жылдан кейін Дәруішхан қозғалысы да сол күйге ұшырады. Осыдан бес жыл ілгеріде Қоқаннан Сабырхан көтерілді. Дін исламның жасыл туын желбіретті. Жігіттерді сырттан келген имансыздарға қарсы қасиетті ғазауат соғысына шығу үшін жанына топтастырды. Соның алдында Ташкенттегі бөтен өкімет қалада бұрқ еткен оба ма, тырысқақ па, әйтеуір бір көз көріп құлақ естімеген індетті баспақ сылтауымен ата-баба зиратына тиіскен. Соны тегістеп көміп, қала сыртына көшірем деп, халықтың намысына тиген. Алайда наразы ел-жұрт орыс әскерінің оқ жаудырып атқылауына душар болған. Мәдәлі ишан мұның бәрін есепке алды. Ғазауат себептерін дәйектеуге мұндай мысал жетіп артылатын-ды. Және ол жалғыз емес-тін. Көтеріліс жан-жақты ойластырылды. Оны дайындауға өлкедегі Ферғана алқабын мекендейтін бас көтерер азаматтың бәрі қатысты. Жергілікті сайланбалы әкімшілік те соның ішінде еді. Өйткені отаршылдардан құтылу идеясы соншалықты еліткіш, көптің көкейіндегі арман болатын. Содан шығар, астыртын әзірлікке кіріскен қарсылық соғысының жайжапсарын билеушілер сезбеді. Басталар қарсаңға дейін ешқайсысы ештеңеден күдіктенген жоқ... Мәдәлі ишан халықты елін, жерін отарлап, қанап жатқан кәпірлерге қарсы қасиетті соғысқа көтерілуге шақырды. Оның ғазауат жариялаған үндеуі өзінің жеке мөрімен расталып, елдің белді адамдарына жіберілді. Кейін бұл құжат орыс әкімшілігінің қолына түсіп, сот айғақтарының біріне айналған. Содан мәлім болды, үндеуге аймақтағы он екі беделді тұлға қолдау көрсеткен екен. Олардың ішінде, яғни ғазауат жариялауға рұқсат еткендердің ішінде белгілі болыс басқарушылары, Әлібек датқа, Сәтібай мырза, Омарбек датқа, мұғалім Зияуиддин дамулла, тағы бас-
қа елге сыйлы кісілер бар-тын. Зияуиддин дамулла Мәдәлі ишанның оң қолы болып, көтерілісті әзірлеуде, әсіресе көтеріліс шарасын жүргізуде жаңқиярлықпен еңбек етті. Шайқас кезінде қаза тапты. Ол көтерілісті белгіленген мерзімнен бұрын бастау керек деген ұсынысын ишанның алдында көтеріп, табанды түрде дәлелдеді. Ақыры келісімін алды да, көтерілісшілерді соңына ерте білді. Ал ондай әрекет жасауға себеп – сатқындық жайында өзіне дерек түскенінде болатын. Ат арытып, түнімен шапқылап, таң қараңғысында Мыңтөбеге Ош үйезінен екі бозбала келген. Әуелі Зияуиддин дамуллаға келген, өйткені олар оның алдын көрген шәкірттері еді. Сосын үшеуі Мәдәлі ишанға барған. Дамулланың дем беруімен жүректерін басып, секем алған жәйттерінің мән-жайын баяндаған. Асыға-үсіге, жарыса сөйлеген. Осы кеште Қарабек болыстың үйіне үйезден Ибрагим Чанышев атты тілмәш келгенін, қонақ болғанын, сонда оған болыстың бір-екі күнде ашылмақ қасиетті ғазауат жайында сыр шашқанын, осы жөнінде өздерінің естіп-білгендерін алқына отырып әңгімелеген. Тілмәш болыстың үйінде қонып қалды, ал бұлар бері асықты. Қарап жүрген жылқы табындарын, қожайындарына білдірмей, иесіз қалдырып кетті. Соны айтты да, қос балажігіт енді тездетіп ауылына оралуға рұқсат сұрады. Мейірлі жүзді ишанға маңдайларынан сипатып, тапсырмасы мен батасын алды. Сөйткен де, екі бала ай жарығымен кері шауып ала жөнелген. Не істеу керек? Әрине, отаршылдардың алдын орау керек! Қайтіп? Әрине, көтерілісті шұғыл түрде бастау жолымен! Олар ес жиып үлгермей, әскерін жауып үлгермей, тез шабуылға шығу арқылы! Осылай ету керектігіне Зияуиддин дамулланың сенімі кәміл. Айналайын балалар, алланың адал құлдары, сендер енді тездетіп қайтыңдар. Бірақ Омарбек датқаға Мәдәлі ишаннан хабар ала барыңдар. Ол Ошқа жасалатын шабуылды басқаруға тиіс. Міне қазір хат дайын болады. Мұны оған қайткенде шапшаң және дабырасыз жеткізіңдер. Сақ болыңдар, дұшпанның қолына түсіп қалмасын... Күмән жоқ, көтерілістің құпиялылығы ашылды. Тілмәш бастығына оны тап қазір, таң атысымен баян қылады. Демек, отаршыл үкімет тіміскіленіп, күні бойы оның алдын алу шараларын жүргізеді. Ишан мен дамулла осылай жорамалдады. Жаудың сыры белгілі, басқаша болуы мүмкін емес... Ендеше, қимылға кірісу ләзім. Балалар парыздарын адал орындады. Ақ тер, көк тер болып, Омарбек датқаға хатты жеткізді. Ол да шұғыл әрекетке көшті. Көшпенді жұртқа тиісті хабар жіберді. Науқат болысындағы мүриттер астыртын да асығыс қимылдап, кешке қарай үш жүздей жігіттің басын қосты. Олар Оштан жиырма шақты шақырымдағы Ақтеректе бас қосып, шешуші шабуылға белгі тосып тұрды. Түн ортасына қарай, Қыркөлсайдан келген жігіттермен кездесті. Басшылар кеңес құрып, ақылдасып отырған. Сол сәтте әскери қосындардың қимылы жайында хабар келді. Тілмашы Ибрагим Чанышевтан тиісті мәлімет алған бойда, үйез бастығы әскери басшылыққа шұғыл хабарласқан. Тиісінше Төртінші Түркістан линиялық батальонына Ош қаласын қорғауға тапсырма берілді. Қыз-
метшілердің бәрі қаруландырылды. Қаладағы роталар толық жауынгерлік дайындыққа келтірілді. Аңшылар командасы Сүлеймен тауына шығарылып, ескі қаланы бақылап тұру үшін күзетке қойылды. «Бүлікшіл бұзықтарды» жуасыту мақсатымен, үйез бастығының тікелей өзіне бір рота солдат бекітілді. Ол ротаны бастап, 17 мамыр күні түн жамыла, Науқат болысының басқарушысы Қарабек Хасановтың ауылына шыққан. Осы жайында естіген көтерілісшілер қақтығысқа барудан тартынды. Біртіндеп тарап кетуді мақұл көрді. Сонымен, Ош үйезін көтеріліс өрті шарпымады. Оның алдын алуға өлшеусіз зор көмек көрсеткен Қарабек болыс өмір бойы жыл сайын 300 сом пенсия алып тұратын болып, үкімет марапатына ілікті... Жаушы жастарды шұғыл аттандырып салып, ишан мен дамулла басқа да атқамінер азаматтарға хабар жіберу ретін ақылдасты. Мешітте азан шақырылып, таңғы намаз өткен соң, ең алдымен Әндижандағы Махмұтәлі-байбатша есімді аса қадірлі адамға жаушы жөнелтілді. Жасы жетпістен асқан бұл ақсақал өз қаржысына салдырған үлкен мешіттің – жәмидің күмбезі астында, мыңтөбелік қадірменді ишанның хабары мен тілегіне сай, мәжіліс өткізді. Жәмиғат ішіндегі аса сенімді жігіттерінен құрылған жасаққа батасын беріп, ғазауат жеңісін тіледі. Асығыс қимылдау керек, шұғыл іске кірісу керек. Ертең кеш болады. Міндетті түрде бүгін... Мамырдың он жетісінен он сегізіне қараған түні қасиетті соғыс шаралары басталды: Әндижан мен Маргелан арасындағы телеграф сымдары үзіп тасталды. Қарақұрым ғазауатшы – ұзын саны екі мыңдай адам, шоқпар, сойыл, қылыш, қанжар, найза секілді байырғы қару түрлерімен жарақтанған көтерілісші жорыққа шықты. Оқ-дәрілі мылтық, оқшашар, зеңбірекпен қаруланған орыс әскерінің Әндижан түбінен қоныс тепкен жеріне – солдаттардың казармаларына түн жамылып баса-көктей басып кірді. Шырт ұйқыда жатқан жерлерінен басты. Құдайды: “Аллаһу акбар”, – деп ұлықтаған айқаймен, дінсіздер деп білетін, жер-суын тартып алған имансыздар деп санайтын жаулаушылар жатқан барактарға ойран салды. Жауынгерлер оянып, естерін жиып үлгергенше, қолдарына түскендерін қырып салды. Жандәрмен мылтықтарына ұмтылған солдаттар тез қайрат қылды. Жан алып, жан беріскен шайқас өтті. От-жалын шашқан озық соғыс қаруымен мұздай боп құрсанған империя әскері өз биігінен табылды. Отар көтерілісшілері қырғын тапты. Мәдәлі ишан енді, міне, тұтқында. Оның қылмыстық ісін қараған соттың бір сәтіне Серәлі куә болды. Ақ сәлде, беті әжім-әжім, бірақ әжімдері арасындағы сайлардан мейірім есіп тұрғандай. Отарлаушыларды мүсіркеп тұрғандай. Ұзын қыр мұрын. Қысық өткір көз. Шашы, сақал-мұрты қудай. Сақалы ұзын, жалбыраған. Үстінде ақ көйлек. Қолында кісен. Екі қолын шынжырмен матап тастаған, ортасында құлып салбырап тұр. Еңсесін түсірмей, тергеушіге тік қарайды, әдеттегі сабырлы үнімен баяу сөйлейді. Ғазауат жөніндегі үндеуге қойылған мөр өзінікі емес екенін айтты. Дәлелдеу керек болғанда, түпнұсқасы жоғалып қалған деді, бірақ нағыз өз мөрінің таңбасы өзінің жақын таныстарына жазған хаттарында бар екенін айтты. Алайда олардың ешқайсысын атағысы келмеді.
Бұл орайда былай деп мәлімдеді: аттарын атасам, жазықсыз адамдар тек қана менімен таныс болғаны үшін жапа шегіп қалады, мен оған жол бере алмаймын... Көтерілісші Ғайып Құл ғазауат туралы ештеңе естімегенін айтты. Мәдәлі ишан туралы да түк білмейді. Тергеуші оны ишанның көрсетулерімен тықсыруға тырысты. Сонда Ғайып: Егер Мыңтөбе ишаны мұны, Ғайыпты, өзінің мүриті деп көрсетсе, онда солай болғаны. Ол әділ адам, ешқашан ғайбат сөйлемейді. Әрқашан шындықты айтады... Азаттықты, дербес мемлекеттілікті аңсаған қозғалыс тұншықтырылды. Дегенмен тұншықтырушы жақ онысымен де тез байыз таба алмады. Бағындырылған Түркістан соншалықты біржолата табанға басылмаған екен. Оны бұдан отыз жыл ілгеріде жеңіп алдық дегенмен, оның шын жеңіс еместігі айқын болды. Соны ойлағанда, мұндағы әскери қызметкерлер мен әкімшілік чиновниктері түгіл, осы жаққа бақ іздеп келіп, тырмысып еңбек етіп жүрген қатардағы орыс адамдарына шейін, тіпті алыс терістік астанасындағы биік тақта отырған ақ патшаға дейін қорқып кетті. Өш алу, кек қайтару сезімі бәрінің көкейінде алаулап тұрды. Олар азаттық көтерілісшілерін бандиттер деп ұқты. Солай таңбалады. Солай жарнамалады. Өздерін биік өркениетке, жарқын болашаққа бастап бара жатқан ұлы империяға қарсы тек басыбұзық, қаны бұзылған бүлікшіл фанатиктер ғана көтеріледі... Көтерілісті басуға кіріскен кездегі қатыгездікте шек болмады. Бірақ өкімет оған қанағаттанған жоқ. Бас көтеруге батылы барған туземдіктерді қорғасын оқпен жүздеп, мыңдап қыру да аз болды. Тірі қалғандарына шығарылған сот үкімдері мен әкімшілік шараларының мейлінше қатал болуына да назар аударылды. Көтеріліс басталған күннен екі апта өте, маусымның 3-ші жұлдызында, Екінші Николай патша басқарушы буындардағы тиісті тұлғаларға – “надлежащим начальствующим лицам” – былай деп нұсқау беруге әмір етті: “...виновные в нападении на войска в Андижане должны быть наказаны с примерною строгостью”* Биліктегі отаршылдар Түркістан өлкесінің күллі тұрғындарына көтеріліске қатысы бар деп күдік келтірді. Әндижан, Маргелан, Ош, Қоқан, Сырдария, Жетісу аймақтарының байырғы тұрғындары түгел сенімсіздікке ұшырады. 1898 жылғы 20 қыркүйекте император Екінші Николай соғыс министрінің баяндамасын мынандай ұйғарыммен бекітті: “Одобрить проектированную генерал-лейтенантом Корольковым меру об отчуждении всей полосы, по которой прошла шайка Ишана Мадали – от кишлака Мин-Тюбе до Дон-Кишлака, с выселением жителей и устройством русских поселений, но без переселения туземцев в пределы Российской империи”.** ---------------------------- * “...Әндижанда қосындарға шабуыл жасаудағы айыпкерлер үлгі боларлық қаталдықпен жазалануға тиіс”. ** “Мәдәлі ишанның бұзақы тобыры жүріп өткен бүткіл жолақты – Мыңтөбе қыстауынан Дөңқыстауға дейінгі аралықты бөліп алып, тұрғындарын шығарып жіберу және онда орыс мекендерін жасау жөніндегі генерал-лейтенант Корольковтың жобалаған шарасы мақұлдансын, бірақ бұл туземдіктерді Ресей империясы шегіне қоныс аудартпай істелетін болсын”.
Ишан мен оның ең жақын бес көмекшісі дарға асылды. Жүздеген көтерілісші аяқ-қолы кісенделіп, алыс та суық өңірлерде каторга жұмыстарын атқаруға айдалды. Ишан тұрған елді мекен жермен жексен етіліп қиратылды. Қыстауды жер бетінен жойып жіберу өз алдына, артынша оның орнына орыс поселкесін салуға кірісті. Орталық Ресейден отаршылдардың бесінші колонналары көшіріліп әкелінді де, жұмақтай тамаша жерлерге қоныстандырылып, орналастырыла бастады. Сөйтіп, Әндіжан үйезінің Мыңтөбе болысындағы бірнеше қышлақ жер бетінен жойып жіберілді. Орнына Орыс селосы бой көтерді. Селоға келіп қоныстанғандарға жеке меншіктеріне суармалы жерден мол-мол телімдер кесіп берілді. Осылай, ғазауатшылар ізі жер бетінен уақытша жұққан кір іспетті сүртіліп тасталды. Соғыстан қазына шеккен шығын 130 мың 556 сом деп бағаланып, ол көтерілісшілер мен олардың жақын-жұрағаттарынан өндіріліп алынды. Өркениетті ел зиялылары арасына Әндіжан оқиғасы – мұсылман фанатиктерінің қылмысы деген ұғым таратылды. Үкіметке осындай сылтау қолайлы еді. Биліктегі кейбір лауазымдылар: «Бандиттер халық мүддесіне жат Қоқан хандығын қалпына келтіруге тырысты», – деген ұйғарым жасаған-ды, онысы салыстырмалы түрде шындыққа келетін болғанмен, отарлаушылардың ниетіне қарама-қайшы еді, сондықтан ондай пікірді тым әйгілемеуге тырысты. Екі мыңнан астам адам қатысқан бұл көтеріліс іс жүзінде басқыншылардың отарлық әрекеттеріне қарсы бағытталған антиколониялық бұлқыну болатын, алайда оны өздерінің озбыр отарлаушылықтарының салдары еді деген ойды патшалық қызметшілері өз ойларына алмайтын, және ондай ойдың басқалардың да бастарына келмеуін қатты қадағалайтын. Кертартпа дін, көзсіз соқыр сенім иелері, басурмандар ұлы халықтың цивилизаторлық жәрдеміне өздерінің басурмандық жеккөрушіліктерімен қарсы шығып жүр – осындай сылтау одан әрі де ұялмай билей берулеріне қолайлы-ды. Есесіне басурмандардың түн ішінде, ұйқыда жатқан солдаттарға жасырынып келіп тиіскен айуандықтары әсірелей баяндалатын. Туземдік панисламшыларға сенуге болмайды, олар жақсылықты білмейді, өздерінің соқыр иланымымен өзге қараңғы жұртты да улап жүр... Күшті алдында – әрқашан әлсіз жазықты. Көтеріліс шыққан аймақтың халқының діни иланымын қорлаудың жіңішке тәсілі жүзеге асырылды. Орыс жандаралдары Әндижан жәмиіне дінбасыларды жиды. Мешіт қабырғасына Екінші Николай патшаның суретін ілуге мәжбүрледі. Ол аздай, діни қайраткерлер, бастарын сәждәға тигізіп намаз оқу кезінде, діні бөтен басқыншы тарапынан масқарапаздықпен қорланды. Алтын оқалы мундир киген отарлаушы жандарал маңдайын жайнамазына тигізіп құлшылық етіп жатқан Махмұтәлі-байбатша ақсақалдың желкесінен әдейілеп тұрып басып, төрге қарай өтті.
Мұндай шектен шыққан қорлауға куә болған діндарлар демдерін іштеріне алып, шарасыз кейіппен, іштен тынды. Осы қорлық жайында өлкедегі үлкенді-кішілі күллі туземдіктер естіп білді. Баршасы іштей қорланып, үнсіз тістенді. Сондайлар қатарында Серәлі де, Махмұт та бар еді. Мұндай құқайды көрмеген мына-бір әулекі балаларға, батыс арбасына мініп шапқылай беруді мақұл көретін осынау айтыскер жастарға не дерсің?! Оны жап-жас Шәкір мен Жасайдың қастарындағы жолдастарымен бірге кезек-кезек өзеурей сөйлеп, әлдебір шетін ойларды тықпалай бергені қапаландырды. Отарлық қамыт кигелі өздері өз болып тұңғыш рет өткізіп отырған мұсылман құрылтайын бұлар кемсітіп, тұқыртуға тырысты. Бұл жиынды ұсақ панисламдық күйбеңнен аса алмаушылық деумен болды. Үлкендердің сабырлы ескертпелеріне құлақ аспастан, едәуір салғыласты. Шешендердің бәрін мұқият тыңдап отырған Өтеміс жазғытұрым Қоянды жәрмеңкесінде Жасайдың қарапайым жұртқа арашашы болуымен даңқы шыққанын есіне түсірді. Қызығы, Қояндыны тап сол сәтте мінбеде тұрып, Жасай да еске алды. Онда да тап осындағыдай болбыр мырзалар жиналып, үкіметке жалбарынышты тілекхат жазумен ғана шектелген деді. – Мырзалар, сіздер орыс буржуазиясының соңынан жыбырлап әрең ілесіп келесіздер. Бар қолдарыңыздан келетіні – жылаңқы наза ғана. Назаланудан, құр қайғырып, жабырқаудан бір сәт асып көрмейсіздер ме? Патшалықтың үкіметін ұсақ мысалдармен даттаудан аса алмайсыздар. Оның өзін тек өз орталарыңызда жасайсыздар. Езуші империя отарларын ғасырлар бойы жаншып келеді. Оны атап айтудан қорқасыздар. Күрестеріңіздің түрі мейлінше жасқаншақ, батылсыздық сипатта. Жүректеріңіз әйтеуір, петиция жазуға ғана шыдады. Оны ғой – үкімет алған бетте себетке лақтырып тастады... Жасай мен оның жолдастары, Ысмайыл қарт күдіктенгендей, бұл жиынға еш қажеті жоқ, тіпті алауыздық ұрығын себуші алакөз топ болып шықты. Олардың ойынша, қазіргі таңдағы зәрулік панисламизм де, партүркизм де емес, басқа – қазір шұғыл түрде орыс жұмысшыларымен күш біріктіру керек. Ең дұрысы – социал-демократтар ұйымы, солардың большевиктер дейтін қанаты. Мақсат – езушіні лақтырып тастау. Патшалық самодержавиені құлатып, халық самодержавиесін орнату. Жеке иеліктегі байлықты қоғамдық меншікке айналдыру. Барша дәулеттіні жою. Мұны істейтін күш – пролетариат. Соның арқасында ғана отарлық күйден құтылуға болады... олар осылай ұрандатты. Солақай жастардың шу шығаруға бейімдігі көзге ұрып тұр. Ғаяз Исқақов, Фуат Тоқтаров, Жасай Қуатов, Шәкір Бейісовтер бірінен соң бірі, тіпті өзгелердің сөзіп үзіп, әлденеше рет сөйледі. Сөздерінің әр қырында саяси күрестегі социал-демократтар тұғырнамасын алға тартумен болды... Мыналар тым болмаса, қаналып отырған халықтардың ұлттық мүддесі дегеннен хабарсыз болды-ау, деп қынжыла ойлады Серәлі. Олардың пікіріне қарағанда, күллі езілуші бірігіп, қанаушыны төңкеріп тастаса –
есеп түгел. Қанаушы, біздің отар елдердің ұғымында, – күллі орыс отарлаушылары. Алайда аналардың ұғымы бөлек. Олардың ойынша, баршамыздың орысша өмір сүруіміз – құдайдың өзі қалаған жағдай. Кедергі келтіруші – меншік иелері... Серәлі күрсінді. «Үкімет туземдіктерді тапқа бөлмей-ақ қорлады», – деп ойлады ол ішінен. Ал мыналарға салсаң – қорлық көргендер құдды тек жұмысшылар секілді. Әрі-беріден соң, бұлардың ұғымындағы жұмысшы дегенің Түркістанда жоқ та ғой. Империя құрамындағы отар елдер үшін – біртұтас халықты екі жармау маңызды. Азаттықты тұтаса отырып іздеу қажет. Бұған Серәлі де, осындағы Ысмайыл аға бастаған қайраткерлердің бәрі де құлайды. Бірақ солай болу керек екендігін мына саналары беймәлім іліммен уланғандар ұғар емес. Олардың жоғары мектепте оқығандағы түрлері осы болса, не жорық... Бұл нені көрсетеді? Жас ұрпақты Остроумов әдістемесімен тәрбиелеудің қателігін көрсетеді. Ондай көрсоқырлықтың бізді болашағымыздан айыратынын көрсетеді. Болашақ – түркі жұртының өз қалпында сақталуында. Татардың татар, қазақтың қазақ болып қалуында. Ол үшін талқылауға тұратын қазіргі таңдағы бірден-бір міндет – тамырдан қол үзбеу жолын іздестіру. Мына солшыл жастардың арттарынан қуып жетіп, солақайлана өрекпуі – олардың балғын шақтарында ана сүтін аз татқанын көрсетеді. Тіпті, бөтен ділмен ауызданғанын тағы да дәлелдей түседі. Тек ұлт мүддесі тұрғысынан ұлттық тарихты оқып-білу, оның қасіретті белестерінің қыр-сырын ажырата алу ғана болашақ азаттық күрескерлерін қалыптастыра алады... XX Серәлі осы ойларын тұжырымдап айта келіп: – Рас, наразылық көрсетумен іс бітпейді, – деді. – Алайда қолға қару алып күресу – айтуға ғана оңай, іс жүзінде – мүмкін емес шаруа. Және дұрыс та емес. Барлық содырлы қара күш – патша үкіметінде. Біздің қару – тек білім, тек сана үшін күресу болуға керек. Ағарту, тағы да ағарту. Біз күллі түркі жұртына кім екенін ұғатындай, сенімді болашақ үшін не істеу қажет болмағын түйсінетіндей, өзара ұғынысу мүмкіндігінен айрылмайтындай дәрежеде қолғабыс етуіміз керек... – Орынды, Серәлі мырза, – деді Жүсіп Ақшора, – біз ағарту майданының жауынгері болуға тиіспіз... Жастардың түсінуге ауыр тапшылдығын қатты сынай келіп, ол түрікшілдіктің болашағы жайында ұзақ дәріс оқуға бейіл екенін білдірді. Бұл ретте Жүсіп осынау батысшыл жастармен арнайы кездесіп, кеңірек әңгіме өткізуге даяр. Бірақ қазір олар мынаны білсін: Юсуф Акчураоглу исламшылдықты да, османшылдықты да хош көрмейді. Егер осы жиын мұсылман атымен шақырылып отырса, ол әншейін, күн тәртібіндегі мәселені шешу жолы ғана. Мұсылманшылдық – дін тұрғысынан емес, ортақ тамыр, ортақ тек тұрғысынан ғана айдарланған термин. Ал түркілердің тәңіріден де, исламнан да айырылған, христиан шіркеуіне
табынған тармақтары да бар. Егер тым болмаса, Исмаил әпенді уағыздайтындай, баршамызға түсінікті болатын ортақ тіл жасап ала алсақ, жақын арадағы міндетіміздің орындалғаны деп білуге болады... Оның пікірін өзгелер де сәтімен сабақтап жатты. Мінбеге шыққан Махмұт Бекбуди төралқа жаққа бұрыла қарап тұрып сөйледі: – Исмаил бек, сіз біздің – жәдидшілдердің – үлкен ұстазысыз, – деді. – Сізден тәрбие алдық деп баршамыз да сеніммен айтамыз. Өзіңіз секілді, өзіңіздің ізіңізбен жүруді мұрат етуші біз де – түркі халықтарының ерікті, бостан, азат әрі мәдениетті болуын қалаймыз. Біз мынаны айқын түсінеміз: бұл үшін ағартушылық қызметімізді жолға қойып, кең қанат жаятындай жағдай жасауға тиіспіз. Қазіргі таңда біздің түркістандық қауымда нендей ахуал бар екенін осында отырған түркістандықтардың бәрі жақсы біледі деп ойлаймын. Бізде – рухани тоқыраушылық бар, болашақты айқын болжай алмаушылық бар. Бұл – өлкенің орыс қаруына бағындырылғанынан бері орын алып келе жатқан жағдай. Сондықтан да бізде соңғы мәрте, осыдан алты-жеті жыл бұрын, үлкен ғазауат әрекеті болды. Сәтсіздікке ұшырады. Әлгі айтылған себептен. Демек, бізге асығыстық жасамау ләзім. Менімше, бұным – Ресей шартарабындағы күллі түркі жұртына жүретін пікір. Халықтың көзін ашайық. Ағарту ісіне шындап кірісейік. Серәлі оның өлкедегі соңғы ірі қозғалысты – қанды қозғалысты, салдары аса ауыр болған Әндижан көтерілісін еске алғанын және оның жеңілу себебін дөп басып айтып отырғанын ұғып, разы болды. Махмұт Қожа Бехбуди аса бір салмақты, ойлы жігіт. Көзін ашқалы дін оқуымен келе жатса да, озық пен тозықты ажыратып үлгерген. Ажыратып қана қоймай, озық тәсілді оздыруға тырысып жүрген жандардың бірі. Серәлі де ел қамын ойлаудың туған топырақтан нәр алатын тамырдан қол үзбей ғана жасалуымен, тек сондай жолмен ғана құнды болмағын түсінді. Бірақ ол бұған орыс оқуы арқылы, соның пайдалы және кедергілік сипатын аңғару жолымен жетті. Өлкедегі орыс саясаты қазақ және басқа туземдік балаларды орысша оқытуға итермелейтін. Өкімет, Остроумовтардың қызметі нәтижесінде, халықты орыстандыру, реті келсе шоқындыру жолына түсіруді қалайтын. Ал ондай шараның жүзеге асу салдары тым көңілсіз көрініске әкелер еді... Соны бажайлай келе, ел-жұртты тек дәстүрлі діннен айырмау ғана оның елдігін қорғауына, өз ұлттық келбетін сақтап қалуына мүмкіндік беретінін ұқты. Ұққандықтан да, ағасы Бәлтік – әкесімен ағайын болып келетін дәулетті кісі – осыдан бірнеше жыл ілгеріде Қоғалыкөл жағасындағы биіктен мешіт салу ниетін білдіргенде, қуана қолдады. Құрылыс шеберлерін Самарқан, Бұқара шаһарларынан шақыртуына жәрдемдесті. Кешенді жобалайтын сәулетші мен құрылысты жүргізетін маман тауып берді. Кірпіш зауытын салатын әрі онда істейтін жұмысшылар тез жиылды да іске кірісті. Қалыппен қыш құйып, пеште күйдірді... Мешіт былтыр салынып бітті. Аймақ ақсақалдары бас қосып, құдайы жасап, ауылдарында тұрғызылған құдай үйін салтанатты түрде ашты. Мешітті айнала салынған құжыра-баспаналар мен қызметтік үй-жайлар-
дан әрірекке медресе салу көзделген-ді. Ол да салынып жатқан. Молдалар сонда жәдидтік сабақ беруді қолға алуға қарсы емес-ті. Ал өз әкесі ауыл мектебін ашып, балаларының орысша, қазақша сауаттарын ашуды әлдеқашан жолға қойған болатын. Әкесі қартайды, сондықтан да болар – әулеттегі билік үлкен ұлы Сейдалының қолына көшіп баратқалы көп болды. Ол өз үйін, құдды әкесінің үйінің төбесінен қарап тұратындай етіп, келесі бір дөң үстіне салып алған. Серәлінің осынау тете ағасы тым ерке еді, кейде әпербақандық та мінез танытуды ерсі көрмейтін. Ол бұл жаңа қонысымен бір ата балалары ішіндегі өз орнын көрнекі түрде көрсеткендей еді. Әрі онысын өзі де күлкі араластыра жарнамалайды, төмендегі үй шатырына қолын соза нұсқап: «Көремісіңдер, мен мұнда шалдың үстінен қарап отырамын» деп қоятын. Әзілінің астарында шындық та жатқаны рас. Ол тым өр мінезді, өркөкірек, кеудесіне нан піскен менмен адам болып өсті. Әлі күнгі әдеті: ауылдарда тымағын өзі секілді ерекше сәнмен киген біреу көзіне түссе – оны әй-шәй жоқ қамшымен тартып жібереді. Қалада шляпасын бұған ұқсата, көзіне түсіре қисайтып киген әлдекім көрінсе – соры қайнады дей бер... Серәлі соны алғаш естігенде – күлген де қойған. Кейін ойланды. Себебін іздеді. Себебі, әрине, сан-алуан... Көп себептің бір парасы – орысшаны тіршілікке қажет деңгейде ғана үстірт оқуда жатыр. Елдік мүддені ойлатпайтын тәрбиенің жемісі. Діннің ұңғыл-шұңғылында оның шаруасы жоқ. Көйлегі көк, қарны тоқтықтың, бар болғандықтың шалығы. Ал қазақты, және әрине, жалпы түркілерді қараңғылықтан алып шығатын жолдың бірі – осы жәдидшілдік. Жәдидшілдік – отарлаушылардың қыспағына, олардың елдің рухын, тілін, дінін, тіпті ділін де алып жатқан саясатына қарсы тұруға жағдай жасайтын тәсіл. Ол үшін мұсылмандық оқу жүйесін заман талабына сай қайта құруды батылырақ қолға алу керек. Соңғы кезде бұл ретте де патшалық озып барады. Ол орыс-түзем мектебін ашып жатыр. Жәдид мектептері солардың бағдарласмасынан бір кем түспейтін дәріс береді, тек ана тілінде. Ал туземдік үкімет мектептері тек орысша оқытады. Түптің түбінде, олардың балаларды тамырынан айыруды көздейтіні анық-тын. Осы Махмұт былтыр Самарқанда жәдид мектебін ашты. Алдында Қазанды, Уфаны аралап, жәдидшілдердің тәжірибесін үйреніп қайтқан. Өзі жазған оқулықтары қандай тамаша, бала жеңіл қабылдайды. Жағырапия мен мұсылман тарихы шәкірттерінің ұғымына лайықталып әдемі берілген, оларды, тіпті, Серәлі де сүйсіне оқып шықты. Махмұттың Түркістан өлкесі мен Бұхара, Хиуа хандықтарын көрсетіп сызған Орта Азия картасы да ерекше танымды ғой. Осыларды біле тұра, оның бағытына қалай сенім артпайсың... Жиналыста жәдидшілдер басым екен. Франциядан келген Садри Мақсуди – сөз жоқ, болашағы зор жас жігіт. Сорбоннада оқып жүр, өзі жазушы. Сауатын Бақшасарай медресесінде ашқанмен, оқуын орысша жалғастырып, ақыры Парижде зайырлы білім алуда. Юсуф Ақшорамен танысып, елдегі жағдайды біліпті, сосын осы съезге арнайы ат басын бұрған көрінеді. Сол да тамырдан қол үзбеудің жолы – жәдидшілік екенін айтып, қолдау көрсетіп жатыр.
Түнеріңкіреп тыңдап отырған Санкт-Петербург мешітінің имамы қолын көтерді. Алтын зерлі жұқа ақ шапанын қаусырынып, сәлдесін түзеді де, әуелі қысқа аят оқыды. Сосын мінбенің жақтауынан қос қолдап ұстап тұрып, құдай сөзі, құдай жолы хақында салмақты сөз сөйледі. Алланың өзі де, сөзі де хақ. Оған күмән келтіруге болмайды. Оны халыққа жеткізуге шек қоюға әм болмайды. Ал жәдид деген жаңа ілім жасаушылар қалыптасқан қасқа жолды бұзып барады. Бұған төзуге болмайды. Осынау сыйлы жиынға келіп отырған мырзалар ұқсын да көмектессін – қадыми оқуға жәдидшілер кесірін тигізбесін... Алайда бұл құрметті дінбасының айтқанына көпшілік келісе қоймады. Жәдид құдай жолын бұзбайды деді. Жәдид құдай жолын әрі кеңейтіп, әрі ұзарта түседі деді. Пікірталас орайында орнынан тағы көтерілген Шәймерден жалпы ел жайын осылай талқылап, ақылдасудың маңызына тоқталды. Өзінің осыдан екі-үш жыл ғана бұрын сондай шаруамен қызу айналысып, істі болғанын, жер аударылып, биылғы берілген еркіндіктің арқасында айдаудан босап елге оралғанын делегаттар есіне және бір сала келе, мәселенің – қадымшылдық пен жәдидшілдіктің өзара күресуінде емес, жалпы рух, иман туын құлатпауда болмағын ескертті. Үкіметтің орыс дінін уағыздау шаруаларымен шұғылданып қана қоймай, қиюын келтіріп, адамдарды шоқындыру жолына салып жатқан саясатына мұсылмандықтың қарсы тұра алуы керектігінде екенін айтты. Қазан медресесінің бір жас мұғалімі: – Дегенмен, қадымшылар арасында жәдидті шариғатқа қарсы әрекет деп айыптайтындар шығып жүргенін елемеуге болмайды, – деп тұжырды. – Олар, қадимшы дінбасылар, беделдерінен айрылып қалудан қорқады. – Келесі бір дамулла осындай ойын аян етті. Университет оқытушысы Шора әлгі екеуінің пікірін қостап, бұл екі ағым жайындағы ойларын былай дамыттты: – Қадим мектептері тек алла сөзін оқытумен шектеледі, ал жәдид жаратылыс пәндерін, түркі халықтарының тарихы мен әдебиетін оқытуға ерекше көңіл бөледі. Бұл, керек десеңіз, орыс-тузем мектептерімен тайталасқа түскен ағарту жолы. Революцияшыл жол. Дінбасылар жәдидшіл жастарды осылай – революцияшыл деген айдар-таңбамен мінездеп, өкіметті шошытып жүр, сөйтіп олар қазір бүкіл халықтың қарғысына көмілулі үкіметпен бірауызды болуға тырысуда. Олардың есіл-дерттері – қайткенде жәдидшілдікке жол бермеу. Бірақ, бәрібір, жаңаның жолына кесе-көлденең тұру қиын – күнбе-күнгі күреске қарамастан, бізде, орталық Россияда, жаңашылдар мектебі ашылу үстіне ашыла түсуде. Сондай-ақ қазір, әлгінде өкілдері айтты ғой, алыс Түркістан өлкесінің өзінде отыздан астам жәдид мектебі бар... – Шора мырзаның айтқандарын толығымен қолдаймын, – деді Әлимардан өз сөзінде. – Жәдидшілер ұлтты еуропа мәдениеті негізінде жаңғыртып, түлету мақсатын көздейді. Бұл ұранын олар Түркия ықпалымен көтеріп отыр дегенді патша әкімшілігі айтады, бірақ үкімет жаңсақ айтады, жаңсақ та емес, әдейі солай дейді. Өйткені үкімет «бұратаналарды
әлдеқашан тыныштандырғанбыз, оларға керегі – тыныш өмір, озық өркениет, оларды біз беріп отырмыз, ал біздің онымызды көре алмайтындар елдің тыныштығын қасақана бұзады» деп уағыздайды. Іс жүзінде – ешқандай да Түркияның емес, осы Исмайыл ақсақал шығарып жүрген үнпарақтың шипалы әсері. Отаршылдар «берген» басы байлаулы тыныштыққа көнгендік емес, еркін ұлттық дамуды аңсағандық. Қадымшылар көне көзқараста: молла ескіше оқытуға жабысады, тіл сындыруға бір өзі ғана хақылы деп санайды, зайырлы білім негіздерінің медреседе оқытылуына қарсы, бұл тұрғыда, қаласын, қаламасын – ол, қадыми молда, кәдімгі озбыр билікті, яғни әділетсіздікті қолдаушы болып табылады... Келесі шешен Орынбор мұсылмандарының діни-рухани жиналысы мыңдаған указной молданы – имамдарды өргізіп жібергенін әңгімеледі. Мұны Рәшит қазы нақты ақпарат бұлақтарынан естіп отыр, дәл біледі. Солардың бәрі патша үкіметінің саясатын қолдайтындар. Өйткені оларды басқарып отырған муфтидің өзі патша пәрменімен тағайындалады. Саяси тұрғыда сенімді, ешқандай мұсылмандық құндылыққа бұра тартпайтын, үкіметке адал адам. Сол муфтиіңіз мұсылмандардың діни-рухани жиналысына емес, үкіметтің ішкі істер министріне тікелей бағынады. Бұл біздің құрылтайдың назарын аударуына тиіс жәйт болса керек... – Рәшит қазының пікірінде сөкеттік жоқ, өте орынды. Оның дұрыс шешім табу жолын да бұл кісі өзінің баршамызға әйгілі еңбегінде әлдеқашан дәлелдеп, көрсетіп берген, – деді одан кейін сөз алған шешен. – Ол – елдігімізді қалпына келтірудің түрі... Мінбеге шығып сөйлеп тұрған – башқұрт ішіне сіңіп кеткен қазақ сұлтаны Сәлімгерей Жантөрин еді. Мұсылман қозғалысының ірі қайраткерлерінің бірі. Серәлі оны ана жылдары Әлимардан ұйтқы болып, Петербургтегі жастардың оқуына қамқорлық жасау ұйымын құрған кездерден бері жақсы таниды. Жақсы біледі, сыйлас болып келеді. Серәліден төрт жастай ғана үлкен, ал атқарған істері төрт есе елеулі, жинаған беделі ересен зор. Ол жастайынан жұртшылықтың көз алдында жүрген адам. Өзін ел құрметіне бөлеген еңбек жолын Сәлімгерей сұлтан Белебей үйезінде үш жыл мировой судья,* төрт жыл земство бастығы болып бастаған. Одан соң үш жылдық мерзіммен үш рет Уфаның үйездік және губерниялық земстволарының басында тұрды. Қазіргі таңда Уфа губерниялық шаруа істері бойынша присутствиесінің** міндетті мүшесі болып қызмет атқарып келеді. Сәлімгерей сұлтан самайының қасқасы ұлғая бастаған басын көтеріп, пенснэсін түзеді. Ақырын жөткірінді. Мұртының ұзын шалғыларын ширата сипады. Сосын жігерлі қоңыр даусымен сөзін сабақтай берді. – Бүгінгі көптен аңсаған құрылтайымызда бас қосқан кезімізде – осы кісі нұсқаған сонау маңызды мәселені сөз етпей, жаңғыз Бақытжан сұлтан келтірген мысалмен шектелу жарамайды. Мен Рәшит қазының тамаша баяндамасының кей саласын тірілтпекпін... ------------------------ *Сот жүйесінің төменгі буынының судьясы. **Кеңес, мекеме.
Ол земство қайраткерлерінің таяуда, шілде айында өткен съезіне қатысқанын, жалпы, өзінің осы қозғалыс іс-шараларынан түйгенін тілге тиек етті. Земстволық конституционалистер* алға тартып жүрген ұсынысқа тоқталды. Автономия мәселесін көтеріп жүрген Польша, Украина қайраткерлерінің көзқарастарын түркі мүддесі тұрғысынан талдады. Сосын қазірге таңдағы осы құрылтайға қатысушылар үшін ең өзекті деген тақырыбына екпін қоя сөйледі: – Алып Россия империясында, осынау сан түрлі тайпадан тұратын орыс мемлекетінде өрт боп лаулай жөнелгелі тұрған аса бір нәзік сала бар, ол – ұлт мәселесі, – деді ол. – Әлгінде Бақытжан сұлтан айтқан мысал секілділерден – облыстық автономиялар жасау жайындағы ұсыныстардан оны жеке бөліп алып қарамай болмайды, олай етпей тұра алмаймыз... Жұрт елең етті де тына қалды. Оның жүйелеп келтірген пайымына үнсіз құлақ түріп, іштей ойға батып отыр. Ал Сәлімгерей сұлтан мұсылман қайраткерлері созбұйдаға салмай күн тәртібіне қоюға тиіс және ықтимал шешім жобаларын жан-жақты ойластырып қарастыра беруге тиіс деп санайтын сұрағын ортаға тастай берді. Оның ойынша, метрополия-отар түйініндегі ұлт мәселесінің дұрыс шешім табуы үшін – мәселені мынандай үш бағытта қарастыруымыз жөн. Мұның алғашқысы – империядағы азаматтардың бәрінің, ұлтына қарамай, тең құқықты болуы жайында. Екіншісі – әрбір ұлттың тілін, әдебиеті мен мәдениетін сақтау және еркін дамыту жолындағы барлық кедергіні жою туралы. Және үшіншісі – жергілікті және қоғамдық орындарда, сондай-ақ мектептерде түрлі ұлт пен ұлыс тілдерінің тең құқықты болуы хақында. Осы салалар бойынша империяның титулды** халқымен және оның тілімен отар жұрттарды тілдерімен бірге теңестіруге, езілген елдерді теңдікке жеткізуге тырысу – қазіргі азаттық қозғалысының мәні мен мақсаты болуға тиіс. – Мырзалар, Ысмайыл Гаспралы ақсақал барша түркі бауырлардың бірлігіне қол жеткізу жолында риясыз еңбек етуде. Біз бұл кісіге көп жылдан бері жүргізіп келе жатқан осы жанқиярлық еңбегі үшін шексіз алғыс сезімімізді әрқашан білдіріп отыруымыз керек... Сәлімгерей Жантөрин төралқа жаққа кеудесін бұра қарады да, басын кілт төмен иді. Делегаттар қол соғып, оған қосылғанын, осынау қарт ұстазға шексіз алғыс сезімін білдіретінін танытты. Серәлі де алақанын ықыластана соқты. Күллі түркі құрметіне бірден-бір ылайық адам... – Барша түркі туғандарға түсінікті ортақ жазу, ортақ, түсінікті тіл қалыптастыру жұмысы бір мезет те тоқтатылмай, жалғасын таба беруге тиіс, – деді Жантөрин залға қарап. Зал оны қуаттады. Тағы қол шапалақ. Көкейдегі тілек сол, неге қостамасын... ------------------ * Конституцияшылдар. ** Басты, негізгі, мемлекет құрушы.
– Дегенмен, бізге, ағымдағы саяси тыныс-тіршілік мұқтаждығына байланысты, мына бір жәйтті ескермеуге болмайды... Шешен сәл тыныстады. Зал оқыс әлде-не тосқандай, ешкім тырс етпеді. – Мырзалар, түбі бір түркі туыстарымыздың Еділ бойындағы, Кавказдағы, Сібірдегі, Орта Азиядағы тармақтары – іс жүзінде, ең алдымен әрқайсысының араларындағы қашықтыққа, жер шалғайлығына байланысты, баршасына ортақ бір түркі автономиясына біріге алмайды... Үнсіз көпшілік ішінен кенет баяу күбір жүгіріп өткендей болды. Санаспауға болмайтын шындық... Рас, рас... – Осы ретте, бірінші кезекте, бауырларымыздың әрқайсысының өз аймағында өзінің автономиялық отауын тігуіне қамқор болуымыз қажет. Міне мынау қызық ұсыныс. Нақты ұсыныс. Сөзіңді сабақтай бер, сұлтан... Отырғандар бір-бір қозғалақтап қалды. – Әлгінде айтқан жәйттерді әуелі түркі тармақтарының бәрінде жеке-жеке жүзеге асыру ләзім. Бүгінде орыс тілі қажет болсын-болмасын, түркі арасында міндетті болып, мүлдем сіңіп барады. Жергілікті мекемелерде, соттарда істерді, ұлт тілі тұрғанда, орыс тілінде жүргізуге нендей мұқтаждық бар? Мәселен, қазақтың мировой судьясының сот ісін қарап отырғанда орысша сөйлеуі, өз тайпаласымен тілмәш арқылы түсінісуі қаншалықты парасатты талапқа жатады? Міне мынау нағыз өмірді қозғаған сөз болды. Айта түс, сұлтан... Сәлімгерей жыл басында поляктардың Мәскеуде орыс земство қайраткерлерімен бірге өткізген съезіне қатысқан-ды. Оған украин қайраткерлерінің де көзқарасы таныс: олар Россиядағы мемлекеттік тәртіптің негізі – мемлекеттік құрылымның федеративтік бастауын орнатуда болуға керек дейді. – Осы орайда біз қазіргі саяси мезет талабына сәйкес әрекет етсек жөн болар еді. Бізге бір сәт жалпытүркілік бірлік ұранын сәл кейінге ығыстыра тұрып, шұғыл түрде әр өлкедегі түркі халықтарының автономиясын құруға назар аударуымыз қажет. Сөйтіп, барша түркілік отауларымызды федерацияға енуге әзірлеуіміз керек. Сәлімгерей сынды белгілі қоғам қайраткері осылай ойлайды... Түркі ұлыстарының дербес ұлттық отауларын тігу арқылы, тең дәрежедегі құрдастықпен, топтанып, Россияның баршаға ортақ мемлекеттік федерациялық құрылымынан табылу жоспары жарыссөз отын жаңаша лап еткізді. Шешендер мінбеге бірінен соң бірі ұмтылысты... XXІ Ыңғайы, пікір алысылмаған тақырып қалған жоқ. Осынау ұлы Еділге еніп жатқан кең шалқар су үстіндегі саяхат жер-жерден жиналған өкілдер үшін жаман өтпегені анық. Көп жәйтке көзқарастарын салғастырды. Нақтыласты. Енді бұдан әрі жарыссөзге қосылуға тілек білдірген ешкім байқалмайды. Құрылтай мүддесінен шыққан болар, ендеше оны дөңгелектеу ләзім... Жұрт көзі Ысмайыл Гаспралыда.
– Мен әлгінде бірер шешенге жиынның түйіні боларлық шешім алуға ұсыныстарын беруін өтінген едім. Қарсы болмасаңыздар, сол комиссияны өздеріңіздің алып-қосарларыңызды ескере отырып, дауыстарыңызды берулеріңіз арқылы заңдастырғым келеді... Ол қағазына түртіп қойған тізімін оқыды. Делегаттардың ұсыныстарына құлақ түрді. Сөйтіп, съезге қатысушылар ішінен қарар жобасын дайындайтын топты сайлау мәселесін дауысқа қойды. Сосын ағымдағы саяси ахуал мен содан туындайтын міндеттер хақында негізгі баяндаманы жасаған Әбдірәшит Ибрагимовтың қорытынды сөз сөйлеуіне мүмкіндік берді. – Рәшит әпенді, – деді ол, – жарыссөзден түйген ойларыңызбен бөлісерсіз, бәлкім? – Әлбетте! Ибрагимов орнынан жеңіл ұшып тұрды. Құштарлана сөйледі. Бүгінгі құрылтайда түркі қайраткерлерінің тұңғыш рет бірге бас қосып, мұқтаждықтарын бірлесіп талқылауы оған өте қатты әсер еткенін әңгімеледі. Оның жасаған баяндамасы көкейдегіні қозғайтындай түрткі болса – болған да шығар, бірақ, мырзалардың оның қарапайым пайымдарына шартараптан әкеліп қосқан өз үлестері біздің ортақ ой-қазанымызды керемет байытып жіберді. Азаттық күрескерлерінің алдағы жұмыс бағытын неғұрлым дәлірек айқындай түскендей болды. Баяндамашы бұған кәміл сенеді. Осында отырғандардың қай-қайсысы да тап солай ойлар деген үмітте. Жалпы, империяның алыс түкпірлерінен келіп, бір-бірімізді көруіміз, армандарымызбен бөлісуіміз – айтып жеткізгісіз ғажап болды ғой, осының өзі бір ғанибет емес пе... – Алла разы болсын, Әбдірәшит әпенді! – Гаспринский көзімен бір бұрышта оқшауланып отырған топты іздеді. – Біздің комиссиямыз ұсыныс беруге әзір ме екен? – Сұрауын сұрағанмен, олардың жауабын тоспады. – Айтпақшы, әзірге біз негізгі бір мәселе хақында ортақ ой қорытып алсақ дұрыс болар еді. Әрі бұл – комиссияның жұмысын да жеңілдете түседі... Делегаттар оның аузына қарады. Ысмайыл ақсақал нендей байламды алға тартпақ екен? Ақсақал ұсынысын кідірткен жоқ. – Иә, осы құрылтайда біз аңсаулы да басты шаруамызды тиянақтап тұрып келісуіміз керек. Жәй келісіп қана қоймай, нақты қаулы қабылдағанымыз дұрыс. Ол не шаруа дейсіздер ме? Әрине! Қандай қаулыны? Не туралы? Мұны тезірек білгілері келгенде қандай! Ысмайыл ақсақал нені меңзеп тұр екен? Айтсын да тезірек... Ол жұрттың сұраулы жүзін барлады да, тамағын кенеп, даусын көтерді: – Бізге – мұсылмандар ұйымын құру ләзім. Күлліресей мұсылмандары құлақ түріп отыратын, мұң-мұқтаждықтарын ортаға салып талқылайтын баршаға ортақ бір ұйым жасасақ. Осындай шаруа тұңғыш құрылтайымыздың нақты нәтижесі болар еді... Мәжіліс залы болып отырған кеме асханасының іші дүр ете түсті. Күндікі ширығып, төрағаның жұмбақ ұсынысын ынтыға тосып отырған делегаттар дуылдата қол шапалақтап, жеңілденіп сала берген еді.
– Жаса, Исмаил бей! – Бізге өз ұйымымыз әбден керек! – Жақсы... Онда оны жалпыроссиялық мәжіліс деп атаймыз ба, қайтеміз? Жалпыроссиялық мұсылмандар мәжілісі. Мұсылмандар одағы. Иттифак ул-муслимин. Қалай қарайсыздар? – Исмаил бей, ең бастысы – ұйым құруды қуана қолдаймыз, – деп дауыстады Шора Меңдігереев орта тұстан. – Ал аты бола берер, қазіргі мәселе – атында емес, затында ғой! – Рас! – Қандай тамаша, өрендер, бұл – біздің бүгінгі үлкен құрылтайымыздың айтулы жеңісі болғалы тұр. Енді тек, ол үшін арнайы ұйғарымға келуіміз керек. Дауыс беріп, арнайы қаулымен бекітейік: жалпыроссиялық мұсылмандар ұйымы құрылсын деген өкілдердің орындарынан тұруын сұраймын... Гаспралық Ысмайыл ақсақал сатыр-сұтыр орындарынан көтерілген делегаттар орманын қанағаттана шолды. Отыруларын өтінді. – Егер негізгі келісімге қазір қол жеткізсек, сіздердің бұл ұсынысқа көрсеткен қатынастарыңыз оның солай болғанына куәлік етіп тұр, онда – одақтың бағдарламасы мен жарғысын әзірлейтін адамдарды тағайындауға тиіспіз. Таңдап сайлайық. Ол кісілер құжаттар жобасын келесі басқосуға дейін терең зерттеп жазып, талқылауға дайындасын. Менің ойымша, оғландар, мұндай жауапты істі орындауға Әлимардан Топчибашев пен Әбдірәшит Ибрагимов қолайлы болуға керек. Қалай ойлайсыздар? – Дұрыс! – Сұрайық осы кісілерді! – Мерзімін белгілеуіміз керек, қанша уақытта бітірсін деп сұраймыз? – Келесі басқосу қашан болады? – Неғұрлым шапшаң дайындау жөн. Баршамызға мәлім, Булыгин мырза сайлау мәселесімен шұғылданып жатыр. Біз бұл науқанға белсене араласуға тиіспіз. Булыгин думасы ауызға іліккенде, солшыл жігіттер өре түрегелді. Жарыса сөйлеп, ол жайында сын айтты. – Оғландар, біртіндеп сөйлесеңіздер қайтеді? Жолдастарынан ортасынан Жасай көтерілді. Бойын тіктеп, айналасына, өзіне бағытталған көп көзге қарады. – Мен айтып байқайын, – деген сөздермен, кібіртіктеніңкірей бастады. Ссосын сәл кідіріп барып: – Алтыншы тамыздағы патша манифесінен не көрінеді? – деп сұрады. Адамдар жақ ашпай, оған әліптің артын баға қадалып отыр. Ол бір кезде құдды дүр сілкінгендей болды. Көсіле сөйлеп берді. Өтеміс оның Қояндыдағы қаршыға кейпін қайта көргендей күйге енді. Аузы аңқиып, сүйсіне тыңдады. Ол сөздерін түйдек-түйдек лақтырды: – Мынаған назар аударыңыздар, мырзалар. Заң жобасын жасап, ұсыну құқы берілмек думаға халықтың өкілдерін таңдап сайлауды жүргізу туралы шет аймаққа қатысты ерекше ереже жасалатыны айтылды. – Саусағын шошайтып, жағалай көз тастап шықты. – Заң шығарушы думаға
емес, заң жобасын жасаушы думаға. – Аңғарамысыздар айырмашылығын? Соның өзіне депутаттар сайлауға – сословиелік* сипат негізге алынған, сайлауды үш дәрежемен өткізу көзделген. Ал бұл – орыс қоғамының таңдаулы озық ойлы бөлігінің өзін қанағаттандырмайды. Сіздер неменеге мәз боласыздар? Қазір елде не болып жатқанына көздеріңізді ашып қараңыздар, мырзалар! Осынау төрешіл заңға, сословиешіл, ататек қуған заңға қарсылық, наразылық жер-жерде өршіп барады. Соған үн қатудың орнына, сіздер патшаға құлдық ұру сөздеріңізбен шектелмексіздер. Қайдағы сайлау? Сайлауды Булыгин жобасы бойынша өткізуге қарсылық білдіру керек. Ол Россиядағы мұсылмандар түгіл, орыс халқының өзінің мүддесін көздемейді! Демек сіздер үшін – сайлауға дайындаламыз деп құлшынудың еш реті жоқ!.. Жұдырығын түйіп, қолын құшырлана сілкіп қалды да, орнына отыра кетті. Жолдастары оның қолын риза түрмен сілке қысып, жүздерін төралқаға тосты. Зал тым-тырыс. Бір сәт төралқа үстеліндегілер де тіс жармады. Ақыры Исмайыл Гаспралының сабырлы даусы шықты. – Сәйгүлікше тыпыршыған оғландар, пікірлеріңізге алла разы болсын айтамыз. Сіздердің алаңдаушылықтарыңызды біз түсініп қабылдауға тиіспіз. Бірақ, оғландар, қазіргідей күрделі заманда – құқы шектеулі отар бодандарына ақырын жүріп, аяқты аңдап басқан ылайық болмақ. Сіздер ортаға салып отырған жәйттердің бәрін, сөз жоқ, зерттеуіміз керек. Онымен, алла қаласа, өзіміз әлгінде тұсауын кесуге қаулы қылған ұйымның басқарушы буыны шұғылданатын болар. Қазір, енді көпке соза бермей, құрылтайымыздың қарарының мәтінін нақтылап алайық, қабылдайық. Содан соң келер съезге дейін тұрақты жұмыс істейтін басқармамызды сайлайық. Сол басқару алқасына сайланған оғландар сіздер айтқан мәселені түбегейлі зерттеп, ахуалға сәйкес шешім қабылдап отыратын болсын... Төраға тікелей өздеріне қарата сөйлеген оғландар да, өзге делегаттар да үн қатпады. Бәрі оның пайымымен келіскенін танытты. – Онда мінбеге қарар жасау тапсырылған комиссия өкілін шақырайық. Мархабат! Әлимардан бек, сіз бе? А, Серәлі мырза баяндай ма? Келіңіз, Бозжігіт! Серәлі Лапин салмақпен басып мінбеге барды. Қолындағы жазу түсірілген қағаз парақтарын алдына қойды. – Мырзалар, құрылтай қаулысы ретінде біз сіздердің қарауларыңызға мына мәтінді ұсынуды жөн көрдік. – Мәнерлеп оқи бастайды: – «Империяның барлық губерниялары мен облыстарынан келген түрлі сословие мұсылмандары Төменгі Новгородта өздерінің құрылтайында бас қоса отырып, дәлірек айтқанда және нақтылап атап көрсеткенде: Ока өзенінің айдынында жүзіп жүрген “Густав Струве” откемесі үстінде 1905 жылғы 15 тамызда өткізген өкілдер жиналысында – Ресейдің қазіргі заманғы мемлекеттік өмірі алға тартқан мәселелерді қарастырып, сондай-ақ ағымдағы оқиғалар тұрғысынан мұсылмандардың арнайы мұқтаждықтары мен қол жеткізілуі жөн болмақ пайдалары хақындағы барлық мәселелерді талқылай келе, мынандай ойға тоқтады: ---------------------------- *Заңмен бекітілген мұралық құқтары мен міндеттері бар әлеуметтік топқа жататындық.
Біріншіден. Ресейдің барлық облыстарының мұсылмандары орыс тыныс-тіршілігіндегі қоғамдық-мәдени, саяси сұраныстар мен міндеттер негізінде бір-біріне мейлінше жақындасуы қажет және оның қазіргі уақытта нағыз дер кезі келді. Екінші тармақ. Бұл мәселелердің шешілуіне қол жеткізу үшін, мұсылмандардың прогресшіл бөлігі, озық орыс қоғамының мұраттарына іштарта отырып, елде құқықтық тәртіп орнату жолында ерікті түрде таңдап сайланған халық өкілдерінің заңнама жасауға және мемлекетті басқаруға қатысуы ретімен әрекет етеді. Үшіншіден. Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу – орыс халқымен тең дәрежеде, бірдей құқтармен пайдаланғанда ғана мүмкін болмағын ұға және мойындай отырып, мұсылмандардың прогресшіл бөлігі барша заңды құралдарды пайдалану жолымен, қолданыстағы заңдылықтар мен үкімет жарлықтары, әкімшіліктің іс-дағдысы белгілеген барлық алып тастаулар мен шектеулерді жою мәнінде әрекет етеді. Сөйтіп мұсылмандарды орыс мемлекетінің тұрғындарымен барлық: саяси, азаматтық және діни құқтар бойынша толығымен теңгеруге ұмтылады. Төртінші. Мұсылман қайраткерлері өз қызметтерін нақты шындық пен жалпымемлекеттік өмір қажеттіктері мен сұраныстары алға тартуы ықтимал мәселелерге сәйкес құрады. Олар мұсылмандардың мұқтаждықтарына жауап бере алатын әртүрлі мектептер ашуға әрекеттенуі тиіс. Олар кітап, газет, журнал, кітапхана, оқу залдары және солар тектес ағартушылық сипаттағы мекемелер жәрдемімен, қазіргі өмірдің идеялық бастауларын көпке таратуға және танымал етуге тырысады. Бесінші. Белгіленген мақсаттарды табысты түрде тиісті деңгейіне жеткізе орындау үшін жер-жерде мұсылмандардың дүркін-дүркін өткізіліп тұратын құрылтайларымен басқарылатын өз мәжілістерін құру қажет». Басын қағаздан көтеріп, залға қарады: – Бұларға, әрине, әлгінде бәріміз қабылдаған басты шешімді де қосып жазған дұрыс болуы мүмкін. Әлде жеке қаулымен рәсімделе ме? – Мойнын төралқаға бұрды. – Ысмайыл аға, мұның бәрін енді өзіңіз дауысқа қою ретімен шешетін шығарсыз. Мәтінді тапсыруға рұқсат етіңіз... Қағазды төралқа үстеліне апарып берді де, орнына барып отырды. Сәлден кейін, қаулыны бекіту және ұйымның басқару органын сайлау үдерістерінің соңын тоспай, тысқа шықты. Борттағы тынығушылар бір сәт палубаның әр-әр жерінде шоғырланып, қос жағаға көз тігіп тұрған. Откеме кері оралып келе жатқан болатын. Ән-күй толастаған сыңайлы. Сығандар да топ ішіне ыдырап, ел ортасына түсіп қалыпты. Қыздар бал ашып жүрген тәрізді. Серәлі өзінің кішкентай Рәбиясын манағы биші қыздың алдынан көріп қалды. Зайыбы қасында тұр екен. Қызық, не айтып жатыр? Солай беттеді. Тақалды. Оның келе жатқанын көрген Зура оған қарап жымиып, саусағын ерніне апарды. Жіңішке білегін алға созған талдырмаш Рәбия cымбатты сыған қызына ең байсалды кескінмен қарап тұр. Өзінің кішкене алақанындағы
сызықтарға үңілген бойда, оның әлдене айтып жатқан аузынан көзін алмайды. Айтқандарына бар ықыласымен құлақ салуда. – Сен, балапаным, сұлу қыз боласың. – Ұзын кірпіктерін жалп еткізіп, аласы көп қара көзін жарқырата, Рәбияға бір қарап қояды. – Сенің соңыңнан көп жігіт жүгіреді. Сен үлкен де әдемі шаһарда тұрасың. Көрікті әскери жігітке тұрмысқа шығасың. Екеуіңнің өзің сияқты тамаша көркем қыздарың болады. Сосын... – Кенет сыған қыздың түсі бұзылып кетті. – Болды! – Рәбияның алақанын тез жібере салды да, кері бұрылды. – Сау бол, балапаным! Зура оның жүзінің құбылысын дәл аңдамады, сондықтан да болжалын шорт кесуін өзінше жорыды. Сөйтіп күйеуіне еркелей тіл қатты: – Жиналысыңда отыра тұрсаң болмады ма? Қарашы, жаңағы балшы қыздың сен келе бере тоқтай қалып, болжамын аяқтамай кеткенін! Сенен қорқып кетті білем. Біздің Рәбияш осы сапар бойы соған тәнті болды ғой. Биін тамашалады, өзің білесің, көрдің – Пушкин жырын есіне алды. Енді қарашы, көзі жайнап, оның бал ашқанына мүлдем құлап тұрған еді... – Қызбаланы жаман үйретпе, – деп күлімдеді Серәлі келіншегіне. – Бұл ұрпақ, біле білсең, Зуражан, өз бақытының ұстасы болады және тап сол құқын ешкімге, әсіресе кездейсоқ жорамалдаушыларға бермейді. Есіңде болсын, біздің Рәбияжанды жарқын болашақ тосуда, біздің кішкентай ханшайым өз бақытын өзі құрады. Біз сондай заманға беттеп келеміз, Зуратай... Рәбия әлгі балгеріңе қасақана, өз бақытына өзі ұсталық жасайтындардың нағыз өзі болады... Рәбия әкесіне асылып, бетін кеудесіне басты. Серәлі оның телпегін көтеріп, маңдайынан сүйді. – Алла жар болсын... – Келіншегі оны қолтығынан алды. – Не болды, жиналыс қашан бітеді? – Негізінен аяқталды. Мен сәл ертерек шығып кеттім. Бәрі жақсы. Ойдағыдай. Біз келешектің келелі іргесін қаладық... Қане, табиғатты тамашалайық... Олар палуба кемеріне барып тұрды. Күн қайта бастаған. Жағада қармақпен балық аулаушылар көрінеді. Откеме күн нұрымен ажарланып жатқан өзен толқынын тіліп, төменгіқалалық айлаққа беттеп келе жатты...
АЙБАТ Петергоф, 17.10.1905; Қарқаралы, І5.11.1905; Нілді, 6.12.1905; Теке, 25.12.1905. СӨЗ БАСЫ Алдамшы уәделер немесе Қоғами зілзала тұтатқышы Билеушілердің ғаламат тәсілі бар. Оны уәдемен алдаусырату деп атауға болады. Тақ биігінен жоғары мәртебелі уәде беру – ширығып тұрған ахуалды жадыратып жіберудің таптырмас құралы. Қару қолдануды қажет етпейтін, мақсатқа тәтті сөзбен-ақ жеткізетін әдіс. Ең бастысы – ушығып тұрған жағдайдың ең шиеленісті сәтін қапы жібермей, халқына көрсетпекші жақсылығы хақында дер кезінде жария ету. Сонда мемлекеттегі аумалы-төкпелі ахуалды жіті қадағалап-бақылап отырған Әмірші бары жұртшылықтың есіне салынады. Қажеттілік пісіп-жетілген шақта жарылқайтын – тек Сол, тек Соның Өзі екеніне ел-жұрттың көзі жетеді. Императордың патшалық рахымшылығымен әлдебір мәселеде кеңшілік жасауға әзірлігін көрген барша бодан оған разы болады. Содан, әдетте, Аса жоғары мәртебелі Билеуші сөзіне қалың көпшілік құлай сенеді. Болды. Уәде бердің – жұрт тынышталды. Іс бітті, қу кетті. Содан соң аяғы сиырқұйымшақталып кете барады. Берген уәдені орындау – патша үшін міндетті емес. Әрине, әдетте, уәдеге берік көсемді халық сүйеді. Бірақ ондай басшы, өткен алыс заманның осы мәселені арнайы талдаған ойшылы көрсеткендей, өмір тайталастарында, өз қарсыластарынан көбіне жеңіліс тауып жатады. Жеңіске негізінен басқалар – берген уәдесін ағымдағы ахуалға сай оп-оңай өзгерте алатындар, қарсыласын қапыда қалдыруға әккілігі жететін, тіпті белгілі дәрежеде жәдігөйлік қабілетке ие аярлар мен алаяқтар жетіп жатады. Сондықтан да, ел басқардың екен, уәдені сақтамауға әрқашан дайын болуың керек. Оны кез-келген уақытта қолайлы да сыпайы сылтаумен бұза салуға болады. Ал ондай сылтау әрқашан табылады. Билеушілердің ғаламат үміті осында жатыр. Осы құбылысты зерттеген ойшыл мұны орта ғасырда-ақ аңғарған, содан бергі бірнеше ғасыр бойында оның табиғатына еш өзгеріс ене қойған жоқ. Ахуал ширығып, мемлекет тізгіні қолдан шығып бара жатқанда, император Екінші Николай сол тәсілге әлденеше мәрте жүгінді. Патша тарапынан айтылған өтірік қашанда көп адамға нағыз шын сөз болып есті-
леді. Патша да, бодан да өз пиғылындағы жеңіске жеттім деп үміттенеді. Бірақ ол, шынтуайтқа келгенде – баянсыз үміт... Қазақ елін құрамына қосып алған империялық Ресей азаматтары бостандық аңсап толқығалы қай заман... 1812 жылғы Отан соғысында басқыншыларды жеңген, ат ойнақтатып Еуропаның төсіне барып қайтқан жеңімпаз жауынгерлердің озық ойлы жетекшілері шет елдерде тұрмыстың мұндағыдан гөрі жақсырақ екенін көрді. Мұндағы тұрмыстың төмендігінің түп-тамыры – елді бір адамның шексіз билік құқымен билеуінде, озбырлық көрсетіп, жеке-дара басқаруында екенін түсінді. Яғни өкімет тізгінін тек император ұстаған мемлекеттік құрылыстың кемшілігінде жатқанын шамалады. Сол төңіректе ой қорытты. Пікірлесті, ақылдасты, ұйымдасты. Ақыры, 1825 жылы астанадағы сенат алаңына шықты... Дарға асу, жер аудару шаралары азаттыққа құштар ойды тұншықтыра алмады. Жаңа қозғалыс туды. Қозғалыс қайраткерлері «азат етуші патша» 1861 жылы шаруаларды басыбайлылық құқықтан босатқанға да қанағаттанбады. Қайта, қозғалыс жаңаша серпін алып, алға жаңа міндеттер тартылды. Демократиялық талаптар, самодержавиені конституциялық монархияға ауыстыру ниеттері либерал топтар тарапынан күн тәртібіне шығарыла берді. Ауыр науқас әкесін өмірден алып кеткендіктен, таққа 1894 жылы Екінші Николай отырды. Империя тағына тым тез, 24 жасында ие болды. Либералдар жаңа да жас патшаға үлкен үмітпен қарады. Өзгерістер жасар деп ойлады. Алайда ол тәж кию салтанатында, империя тағының биігінен, өзінің ешқандай «босаңсуға» жол бермейтінін мәлімдеді. «Босаңсуға» жол бермейтінін мәлімдеген император еліндегі қилы сілкіністерді, қоғамның қаймағы сынды зиялылар қозғалысын елемейтінін сездіріп еді. Алайда елемеушілігі баянды болмады, он шақты жылдан соң мәлімдемесін ұмыттырып, ақыры, шегіністен шегініске барғызды. Сонда ол кеңесшілерінің ақылымен, әр шегінісін абайлап-ақ жасады. 1904 жылғы 12 желтоқсанда – тәтті уағда ғана берілген, орындалар нақты уақыты көрсетілмеген, тіпті атап айтар нақты ісі жоқ пәрмен шығарды. Бұл пәрменінде патша әділетті қоғам құруды жетілдіре беретінін, бодандарының қамын күндіз-түні ойлап жүргендігін айтып, елді бір алдаусыратқан-ды. Зиялы қауым, шынында, соны да алданыш етті: ел игілігін көздейтін түрлі тілектер айтылатын банкеттер өткізіп, бір серпіліп қалғандай болды. Бірақ қаналып жатқан еңбекші жұрттың, жұмысшылардың толқуы өрістей берді. Сонда патша қоғамдағы күллі наразылықты басқа арнаға бұру тәсілін қарастырды. Шығыста жапон елімен соғыс ашты. Орыс қаруының жеңімпаз шеруі салтанатымен іштегі толқуларды елетпей, ұмыттырып жіберем деп дәмеленді. Алайда әскері құрлықта да, суда да масқара жеңіліс тауып, күйінішті ұлғайтты. Одан соң тіленші халқының қанын астанада, тура Сарай алаңында аздап ағызып, қорқытып көрмек болып
еді, онысының үрейлі салдарынан өзі қорқып кетті. Қасірет ауқымы тым зор еді. Сондықтан, 9 қаңтардың артынша, өзінің ірі шегіністер жасауына тура келді. Уәзір ауыстырып көз қылу өз алдына, 1905 жылғы 18 ақпанда ішкі істер министріне тапсырма-хатын – рескриптін жария етті. Бодандары үшін тағы да алдамшы уәдеге толған құжат. 17 сәуірде діндерге еркіндік берген заң қабылдады. Тағы бірнеше ай өткенде, 6 тамызда, ішкі істер министрінің патша тапсырмасын орындау орайында дайындаған құжатын дұрыс көріп, шартараптан сайланатын халық өкілдері бас қосатын ойхананы – Мемлекеттік Думаны шақыру тәртібі түзілген заң шығарды. Бірақ мұның бәрі ұзақ алданыш бола алмады. Жартыкеш жақсылық көрсетпек 6 тамыз заңына қарсы ереуілдер күллі империяны жайлап кетті. Ақыры, Питерден патша резиденциясына қарай Россияның мемлекет қайраткерлері мінген откеме шықты. Откеме Балтық теңізінен ескен күзгі қарасуық жел толқытқан Фин бұғазының қорғасын толқындары жалымен жүзіп, Петергофты бетке ұстады. Соның алдында императорға жаңа құжат жобасы ұсынылған. Елдегі саяси ахуал жайындағы баяндама мен патша тарапынан елге берілуге тиіс жаңа уәде – маңызды манифест жобасы Биік құзырда талқылануға тиіс-тін. Сарайға патшаның етжақындары – ұлы князьдер де жиналды. Патша сарайының қара күз суығында да сәнін кетірмеген, әсем бұрқақтар кешенінде өзді-өзі керемет үйлесіп, су-жіп өрнектері айқыш-ұйқыш шапши жуып тұрған қилы алтын мүсіндер безендірген қас бетіне жоғары дәрежелі чиновниктер келді. Толғанысты күйде, кең баспалдақпен салтанатты кіреберіске көтерілді... Осы күні әйгілі Он жетінші қазан манифесі дүниеге келді. Елге бостандық пен конституция уәде етілді. Ал мұндай уағда, барша алдампаздығына қарамастан, сан ұлт пен ұлысты құрсаулап, езіп келе жатқан, отарланған халықтардың ортақ түрмесіне айналған империя ішіндегі ғаламат жаңалық еді. Көзі ашық барша азамат оны күрт бетбұрыс, ұлы тарихи оқиға ретінде қабылдады. Сонымен, 1905 жылғы Он жетінші қазанда империяның күллі халқы, әзірге қағаз жүзінде болса да, рухани және азаматтық азаттық алды. Ғасырлар бойы қыстығып, еркіндік аңсап келген халықтар атынан, белсенділердің бір қатары бөріктерін аспанға атты. Бұдан былай өз ойларымыз пен пайымдарымызды жиындарда ауызша да, баспа бетінде жазбаша да емін-еркін білдіре беретін боламыз деп шаттанды. Жанымызды жеген, яки қызықтырған мәселелерді бірлесіп талқылау үшін, еш шектеусіз, қалаған уақытымызда және қалаған жерімізде бас қосып жинала аламыз, түрлі қоғамға бөлініп, үлкен мақсатта біріге аламыз деген сенімде болды. Табиғатымыз қалаған діни иланымды еркін тұтынып, оның шарттарын еркін уағыздай аламыз деп қуанды. Бұдан былай халықтың атынан өкілдік алған бостан азаматтар елді басқару ісіне шақырылатын болды деп шаттанды.
Жер-жерден баратын өкілдерден құралатын ұжымдық ойхана – Мемлекеттік Дума мақұлдамайынша бір де бір заң күшіне енбейді дегенге иланды. Бұдан былай елдің дамуын, тыныс-тіршілігін басқаруға тағайындалған биліктің қызметін, оның заңға сәйкес жүргізілуін халық ішінен таңдалып сайланғандар қадағалап отыратын болады деп үміт артты. Не керек, манифест әкелген ой серпілісі осындай арналармен көкке шарықтады. Осындай арналармен отар ұлттар азаттығын аңсаған саяси ойлар мен әрекеттер өрістеді. Өйткені, императордың жоғарыда аталған кеңшіліктерді жасайтынын халқына осылай, жазбаша, манифест түріндегі салтанатты құжат арқылы хабарлауы таңғажайып жәйт болатын. Жеке адамның шектеусіз озбыр билігі орнатқан қапаста тұншығып тұрған санаға төңкеріс жасаған революциялық оқиға еді... Бұл революциялық құжат алып Ресейдің шалғай әм қараңғы түкпіріне айналдырылған қазақ елінде де қоғамдық сілкіністер тудырды. Отарлық қамытты сыпырып тастауды көздейтін, бостандыққа, теңдікке жетуді армандайтын, сол арманға жету үшін жұртты ұйыстыруға бел буған азаматтар жарыққа шықты. Соларды ұйтқы болуымен жаңа тұрпатты Алаш ұлттық қозғалысы дүниеге келді. Сана ояна бастады. Не керек, революция жандандырған отаршыл Россиямен мың-сан дәнекер жалғап тұрған шалғай отар ел болып табылатын Қазақияда да революциялық зілзала орын алды. Қоғами зілзала. Біз соның – орыс революциясының алғашқы жылында қазақ жерінде өзінше дүмпіген қоғами зілзаланың – өз кейіпкерлеріміз куә болған үш сілкінісін атап айтпақпыз. Алғашында ол қазақ жерінің бір пұшпағындағы қоғамдық құрылысты жетілдіруді көксейтін Республикалық режим* болып дүмпіді. Содан соң көрініс тапқан құбылыстар өнеркәсіп бейнетқорларының мүддесін қорғаудан туған Ұлттар одағы, одан, өркениетті жолмен тарихи әділеттілікке қол жеткізуді көздейтін Ұлттық саяси партия** ретінде бой көрсетті. Осынау мимырт тіршілікті тітіркендіргіш секілді сезілген сілкіністердің бәрі де – бұдан жүз жыл бұрынғы, бірақ керемет заманауи, бүгінгі заманғы тәрізді көрінетін, Алаш қозғалысының даму, өрістеу барысында орын алған қоғами зілзалалар еді. Біздің бүгінгі ұлттық және мемлекеттік тәуелсіздігіміздің алғашқы қарлығаштары, жасампаз алғышарттары болатын. Алдарыңыздағы әңгіме осылар жайында... ----------------------------- * Мемлекеттегі басқарудың, билеудің республикалық, яғни сайланған органға тиесілі тұрпаты. ** Өз ұлтының мүдделерін қорғау үшін саяси ұйымға біріккен неғұрлым белсенді, көкірегі ояу азаматтардың бір бөлігі.
БІРІНШІ ДҮМПУ Республика Үйездік басқарма алдындағы алаң түске қарай халыққа толып кетті. Жаяу-жалпы қала тұрғындары мен айналадағы ауылдардан келген салт аттылар басқарма ғимаратының кіреберісін дөңгелене қаумалаған. Басым көпшілігі қазақтар. Бәрі әлдебір ерекше жәйтті тосқандай. Табиғат та қарайласқан іспетті – ауа райы тып-тымық, жел жоқ, аспан ашық. Күн жылытпаса да, жарқырап тұр. Қара күздің қарасуығы түк сезілмейді. Тысқа сырт киім кимей, мундирмен ғана шыққан үйез бастығы күннің жайлы боп тұрғанын қуана ойлады. Мына өрекпіген қалалық холоптар* мен елірген бұратаналардың тырысқан шекелерін жазуға оңтайлы күн ғой бұл. Қазір, патша ағзамның ұлы пәрменін естігенде, жадырамай қайтпек олар... Жасыратын не бар, ол аса жоғары мәртебелі пәрмен мәтінін халыққа жеткізуді ойына да алмаған-ды. Осындағы қаны бұзық бүлікшілдердің тіміскілеп жүріп, құжаттың оязнай кеңсесінде пәлен уақыттан бері тығулы жатқанын біліп алғаны пәле болды. Күнде мұның құлағының құрыш етін жеген. Түрлі жолмен. Өздері көрінбейді, тығылып жатып, басқаларды айдап салады. Қилы депутация жібереді. Соңғы бір депутацияға оязнай манифест жайында ресми хабардар етіп, бұратаналардың бәрін қуанту ойында барын айтқан. «Қашан?» - деп қадалған қаланың өзара тіл табыса қалған орыс-қазағы аралас бұзықтары. Мұсылмандардың айт мейрамы кезінде. Қай жерде? Мешіттерде. Көнсін бе оған оңбағандар. Өзара астыртын байланысқан оқығансымақ белсенділер бірін-бірі ертіп әкеліп, басқармадан шықпай қойған. Солардың үгітімен қала думасының гласныйы**, басқа да бірқатар белгілі және беделді мырзалар оған ел атынан келген. Ақыры әлгі көрінбейтін ұйымдастырушылар соңғы әрекетке барған: алаңға күллі үйез халқынан өкілдер жиямыз деп хабар берген. Басқармадан рұқсат сұрамай-ақ. Әрі айтқандарында тұрды. Сонда оязнай, басқа амалы қалмағандықтан, олардың қойған талаптарымен «кеңпейілділікпен» келіскен. Тіпті олардың құжат қазақ тілінде таныстырылу керек деген талабын да орындауға уәде берген. Сөйтіп өзінің сенімді көзі мен құлағын – қаладан таяқ тастам жердегі болыстың кеңсесінде істейтін киргиз-песірді шұғыл басқармаға аудармашылық қызметке шақыртқан-ды. Яғни бүгінгі күнге штабс-ротмистр Оссовский толық дайындықпен келді. Ол қазір жұртты орынсыз дүрліктірген бүлікқұмарлар мен өрекпіген аңқау тобырдың аузын жабады. Ақ патшаның атынан! ----------------------------------- * құл-құтандар, малайлар, жалаңаяқтар мағынасында. ** сайланбалы мүшесі, қазіргі тілмен – депутаты.
Осындай сеніммен топқа қарай ілгері баса бергені сол – құдды төбесінен біреу оқыстан лақ еткізіп суық су төгіп жібергендей, тітіркеніп кетті. Оның көзі жиылған көпшіліктің алдында, жеңіл шекпенінің өңірін ағытып тастап, атының жалына шынтағын тіреп сүйеніп тұрған еңгезердей қазаққа түскен еді. Бір сәт қалшиып тұрып қалды. Бейне-бір жыланға арбалған торғайдай болды. Буын-буынынан еркі кеткендей күй кешті. Ә дегенде одан көзін айырмады. Сосын есін жиып, тез жанарын тайдырып әкетті. Иін тірескен жұртты жүгірте назарлап, оң қолдағы сонау қалалық бақ кіреберісінде аспанмен таласып тұрған еңсесі биік шойын айқышқа жүзін бұрды. Православиелік Ұлы Русьтің мың жылдығын ұлықтайтын айбынды ескерткіш. Алып та қуатты Ресейдің мына жабайы Азияға салған құрығының бекемдігін ұлықтайтын маңызды ескерткіш. Шоқынды. Қасиетті крест. Россия солдатына жеңімпаздық сес беретін ғажайып күш. Русь рухы. Тағы шоқынды. Ол бойына жаңа қуат құйылғанын аңдады. Мундирін түзеп, бойын тіктеді. Басын кегжите, танауын жоғары көтерді. Сосын батыл қадаммен ілгері жүрді. Үйез бастығы тақсырдың әнтек абдырап қалғанын да, онысының себебін де тілмәш Қоқымбаев бірден діттей қойды. Өйткені шынтағын ат иығына артқан қату қабақ зор адам оның да көзіне бірден түскен еді. Тани кеткен. Оны кім білмеуші еді... Бет-аузының бір түгі жоқ, жүзге келсе де түс бермеуі ықтимал сайтан. Еркіндік. Атының өзі бәле шақырып тұрған пәле. Қарақшы. Ана жылы Ақмола үйезінде үкіметке қарсы ереуілдеймін деп айдалып кеткен-ді. Бұл жаққа көктемде каторгадан қашып келген. Осы жазғытұрым Қоянды-Ботов жәрмеңкесінде қалың тобырға үкіметті жамандап теріс үгіт таратқандардың бірі. Қылмыстық ойы болғанына сөз жоқ. Оязнайдың әкесінің жанын жаһаннамға жіберем ден кіжінгенін жәрмеңке басында, он екі қанат үй толы қонақтармен бірге, Қоқымбаев өз құлағымен естіген болатын. Артынша, сол Қояндыда, жәрмеңкеге жиналған базаршылар тарқап үлгерместен, тура жәрмеңке жабылар күні, үйез бастығының қарт әкесі о дүниеге сапар шекті. Кенеттен. Оған бұл қарақшының, пиғылын елге айқайлап жария қылып жүрген қанішердің қатысы болмағанына кім кепіл... Алдын ала хабардар ете алмаса да (оған оязнайдың өзі кінәлі, тек алдындағы петицияға есі ауып, Уақбайды тыңдамай қойған-ды), тәуекел етіп, өзінің сондағы естігенін штабс-ротмистр мырзаға орайын келтіріп әңгімелеп те берген. Со бір қаралы күндері. Оязнай әкесін жерлеген күннің ертеңінде. Жәрмеңкеге тігілген үйлердің бірінде өзі куә болған жәйтті қаз-қалпында айтқан. Үкіметтің өзімен тайталасуын қоймай жүрген осынау басыбұзық қарақшының қалай ант ішкенін, күллі жұртқа жар сала, анық етіп тұжырған қорқынышты уәдесін еш өзгертпей естірткен.
Бірақ үйездің қожайыны боп отырған бас полицейский әкім әлдеқандай шара қолданып үлгермеді білем, өйткені бұл зып беріп жоғалып кеткен еді. Бір пәле істемесе – қаша ма. Үш жарым айдан бері көрінгені осы. Тағы бірдеңе бүлдіргелі жүрмесіне кім кепіл. Сақ болу керек. Қоқымбаев іштей қоқырайып, қабағын түйді. Ол жоғары мәртебелі тақсырын өкшелей адымдап келе жатқан. Бұлай жүруге өзінің соңғы аптада қол жеткізген мансаптық басқышы міндеттейтін. Бұл, болыстық песір Уақбай Қоқымбаев, өзінің үкіметке адал болуының арқасында, оязнайдың өз қасында қызмет атқаратын тілмәш болып, басқарма шенеуніктері қатарына қабылданған-ды. Осы лауазымына сәйкес, бүгінгі жауапты жиында үйез бастығының аузын бағып, дер кезінде қажет тәржімә жасап тұрмақ. Сол үшін әкіммен қапталдаса, маңғаз кейіппен, қала жұртшылығына қарсы жүріп келеді. Басқарманың стол бастықтары ғимараттан шығысымен оязнайды ортаға алып, қос қапталға жазыла бастаған. Ұзамай Қоқымбаев олардың үйез бастығымен қатарласпақ оймен мұны мүлдем ығыстырып бара жатқанын аңдады. Сонда алға қарай тез ұмтылды, иығымен сыналай ентелеп, ұлықтың оң қолынан тиісті орынын алды. Басқарма чиновниктері арасында мұның қандай салмағы барын халайық өз көзімен көрсін... Ол аяғын нық басып, тәкаппар кескінмен жүзін жоғары көтерді. Ұлық шаршы топқа тақала бере тоқтады. Бір сәт өз ойымен боп келе жатқан Қоқымбаев оған соқтығысып қала жаздады. Қалт тұрды да, тез есін жиып ала қойды. Жұртшылық алдында болып жатқан көріністі енді бажайлады. Сонадайда тұрған қарақшы Еркіндіктің қасынан біреу берменірек шығыпты. Орта бойлы, жирен сақалды орыс. Баскиімін умаждай ұстаған қолын жоғары көтерген. Көпшілікке айнала қарағыштап, айқайлай сөйлеп тұр. Қоқымбаев құлақ түрді. – ... біз әлі өзара көп пікірлесеміз, қадірменді халайық, – дейді анау. – Ал әзірге үйез бастығы мырзаның аузынан аса жоғары дәрежелі пәрмен сөзін тыңдайық... Аттылы-жаяулы иін тірескен топ тым-тырыс. Басым көпшілігі қазақ болғанмен, тәржіма тілеген жоқ, оның не айтқанын аудармасыз-ақ ұққан тәрізді. Алдарына келген оязнайға тесіле қарайды. – Мархабат етіңіз, мәртебелім... Сөйлеуші бері бұрылып, басын иді. Қоқымбаев оны енді таныды. Осындағы оқымысты орыстардың бірі. Ауылшаруашылық мектебін басқарады. Қаны бұзықтардан. Елдің дүрлігіп, осы жиынға ағылуына дем берушілердің бірі. Бәлкім бірегейі, ұйтқысы. Қоқымбаевқа мәлім, ол соңғы кездері ылғи бұратана-мұғалімдермен де жасырын жиналыстар өткізіп тұрды. Міне, енді, бәрі мына тобыр алдында жұбын жазбай тұтасып тұра-тұра қалыпты. Ал олардың сонау орталарына алып тұрғандары – Омбыдан, Семейден келгендер,
яғни сол орталықтарда – дала өлкесі генерал-губернаторының кеңсесі маңайында және Семейдің облыстық мекемелерінде істейтін қазақ қызметкерлері. Өздері келді деймісің, осындағы ауыз жаласқан бұзық ниеттілердің өзара сөз байласып, осы митингіге арнайы шақырып алулары әбден ықтимал... Арт жақтағы салтаттылар әлде-не деп гуілдей бастады. Орта тұстан біреу оларға бұрылып қарап, қазақша дауыстады: – Тыныштық сақтаңыздар! Қазір оязнай патша ағзамның жарлығын айтады дейді! Халайық, сабыр! тыңдайық! Жұрт сап тиылды. Оссовский жөткірінді. Маңғаз түрмен тамағын кенеп: – Мырзалар! – деді. – Ұлы Россияның бодандары! Қарқаралы үйезінің орыстары, казактары мен татарлары! Киргиз бодандар! Біздің бәріміз отан игілігі үшін тату-тәтті, тыныш тіршілік етуіміз керек, ал мұның жолын бізге Ұлы Мәртебелі Император Екінші Николай өзінің аса маңызды жаңа манифесімен нұсқап отыр. Мен ең алдымен сіздерге сол аса жоғары мәртебелі құжатты түпнұсқадан оқып беріп, патша әмірінен тікелей хабардар етуді парыз санаймын. Сосын сіздерге, өз тарапымнан, баршамыз орындауға жататын қажет шаралар жөнінде әңгімелеймін... Оссовский сәл дамылдап, көзінің қиығын Қоқымбаевқа тастады. Анау түсіне қойды. Томпақ бетінің ұшына қызыл бояу ойнап шыға келді. Батыл бір қадам басып үйез бастығымен қатарласты да, шырылдақ үнімен тамағы жыртыла айғайлады: – Оязнай тақсыр айтады: бодан қазақтар, тыныштық сақтайық дейді. Патша ағзамның пәрменін екі етпейік дейді. Қазір ақ патшаның құдіретті сөздерін еғлан етіп оқып берем дейді. Лып беріп кері шегінді. Алаң толы халық тым-тырыс. Ат екеш ат та пысқырынбайды. Оязнай Оссовский қолындағы мұқабалы құжатты айқара ашып ұстап, бір жөткірінді. Сосын әр сөзіне екпін қоя, салмақтап, оның мәтінін оқуға кірісті: – “Божьей милостью мы, Николай Вторый, император и самодержец Всероссийский, Царь Польский, Великий Князь Финляндский и прочая, и прочая и прочая, объявляем всем Нашим верным подданным: Смуты и волнения в столицах и во многих местностях Империи Нашей великою и тяжкою скорбью переполняют сердце Наше. Благо Российского Государя неразрывно с благом народным, и печаль народная – Его печаль. От волнений, ныне возникших, может явиться глубокое настроение народное и угроза целостности и единству Державы Нашей”. * ------------------------------ * – “Құдайдың шапағатымен біз, Николай Екінші, Күлліресей императоры және самодержеці, Польша Патшасы, Финляндияның Ұлы Князі, тағысын тағы, тағысын тағы, тағысын тағы, – Өзіміздің барлық адал бодандарымызға жария етеміз: Біздің Империямыздың астаналары мен көптеген мекендеріндегі бүліктер мен толқулар ұлан–ғайыр да ауыр қайғы-қасірет ретінде біздің жүрегімізді шарасынан асыра толтырып тұр. Ресей Государінің игілігі халық игілігінен ажыратылмайды, сондықтан да халық мұңы – Оның мұңы. Қазіргі таңда пайда болған толқулардан халықтық терең құлазушылық көңіл-күй пайда болуы мүмкін және Біздің Державамыздың тұтастығы мен бірлігіне қатер тууы ықтимал”.
Үйез бастығы қағаздан басын көтеріп, екі ұшы қайқайған жез мұртын сипады. Елгезек тілмаш өзіне кезек берілгенін шамалады. Тағы да шалт қимылмен ілгері ұмсынды. Алақанын аузына апарып жөтеліп алды да: – Күллі орыс елін уысында ұстаған император әм толып жатқан басқа халықтардың падишасы Николай ағзам өзінің бодандарына айтады, – деп, Қоқымбаев ширақ тәржімәлай жөнелді. – Көп жерде көрініп қалып жүрген тәртіпсіздіктер жүрегімізді ауыртады дейді ақ патша. Бұзақылықтар халқымыздың тыныштығын бұзбаса екен дейді. Тершіген маңдайын саусақтарының ұшымен сипай сүртіп, алғашқы орнына ығысты. Өзін аттылы-жаяулы иін тірескен халықтың тым-тырыс тыңдағанын түйсінді. Мына алғы қатардағы иірілген оқыған қазақтардың өзі ықыласпен құлақ түріп тұр. Білсін бәлемдер... Қоқымбаев іштей өзіне өзі ризашылық сезіммен, бойын тіктеп, түсін суытты. Оссовский манифесті мәнерлеп оқуын жалғастыра берді. – “Великий Обет Царского служения повелевает Нам всеми силами разума и власти Нашей стремиться к скорейшему прекращению столь опасной для Государства смуты. Повелев надлежащим властям принять меры к устранению прямых проявлений беспорядка, бесчинств и насилий в охрану людей мирных, стремящихся к спокойному выполнению лежащего на каждом долге, Мы, для успешнейшего выполнения предназначаемых Нами к умиротворению государственной жизни мер, признали необходимым объединить деятельность высшего правительства. На обязанность правительства возлагаем Мы выполнение непреклонной Нашей воли:»* Тілмәш ұлықтың тәржімә үшін кідіргенін аңдай қойып, тез ілгері бір қадам басты да: – Ақ патша айтады, – деп шапшаң іліп әкетті. – Мемлекетке қауіп төндіретін бүліншілікті басып отыруды падишаһтық парызым дейді. Бұл жайында тиісті өкімет адамдарына пәрмен бердім дейді. Бұзықтық жасағандарға шара қолданылады, адамдардың тыныштығы қорғалады дейді. Мемлекеттің қалыпты жұмыс атқаруы үшін ұлұғ билік қызметін күшейтіп жатырмын дейді. Үкіметке өзімнің мына әмірімді жүзеге асыруға бұйрық етемін дейді... Үйез бастығының дауысында ерекше салтанатты екпін пайда болды: – “Первое. Даровать населению незыблемыя основы гражданской свободы на началах действительной неприкосновенности личности, свободы совести, слова, собраний и союзов”. ** ------------------------- * – “Патшалық қызметке берілген Ұлы Ант Бізге Өзіміздің барша ақыл-парасат және билік күшімізбен Мемлекет үшін осынша қауіпті аласапыранды тез тыюға тырысуды бұйырады. Қарамағымыздағы өкімет орындарына ретсіздік, тәртіпсіздік және зорлық-зомбылықтардың тікелей көріністерін жою, өз мойындарындағы парыздарын жайбарақат орындауға ұмтылып жүрген бейбіт адамдарды қорғау жөнінде шара қолдануға әмір етіп, Біз, мемлекеттік тыныс-тіршілікті татуластырып-үйлестіруге бағытталған жалпы шаралардың табысты түрде орындалуы үшін, жоғарғы үкімет қызметін біріктіруді қажет деп таптық. Үкімет міндетіне Біз Өзіміздің қайтпас ерік-жігерімізді орындауды жүктейміз:». ** – “Бірінші. Халыққа жеке тұлғаның ешкім қол сұқпайтын шын мәніндегі дербес құқығы, ождан бостандығы, сөз бостандығы, жиналыс жасау және одақтар құру еркіндігі негіздеріне сүйенетін азаматтық бостандықтың мызғымас іргетастары сый етіп тартылсын”.
– Ура! – деп айқай салды әлдекім. Ізінше екінші біреудің жуан даусы оны басып кетті: – Тоқта, аударсын! Уақбай мырза, тезірек қазақшала! Уақбай мырза шырылдай жөнелді: – Ақ патша өзінің жарлығының бірінші бабында айтады: халыққа бас бостандығын сыйладым дейді, дініңді ұстай бер, мәжілістерде бас қосып, ойыңдағыны сөйлей бер дейді... – Ай, көсегең көгергір ақ патшам-ай! – деп сүйсіне дауыстады бір атты қазақ. – Апырай, – деп қалды қасындағысы ер үстіне жайлана отырып, – бұл не деген батпан құйрық... – Бостандық берілді, азаматтар, ұғамысыңдар!? – Оязнай келгенде сөйлеп тұрған орыс тағы көпке жүзін қаратып, қолын көтере айқайлады. – Ура-а! – Ура-а!!! – Е, орыс қостаса – рас шығар... Ғажап... – Ағайын, сабыр ет, ар жағын тыңдайық! Оссовский маңғаз кейіппен алаң толы халыққа басын көтере қарады. Гуілдей бастаған дауыстардың толастауын тосты. Ел тыныштала бере, қолындағы ашық қатырма қағазына қайта үңіліп, мәтінді оқуын жалғастыра берді: – “Второе. Не останавливая предназначенных выборов в Государственную Думу, привлечь теперь же к участию в Думе, по мере возможности, соответствующей краткости остающегося до созыва Думы срока, те классы населения, которые ныне совсем лишены избирательных прав, предоставив, засим, дальнейшее развитие начала нашего общего избирательного права вновь установленному законодательному порядку”.* Аттылы-жаяулы иін тірескен жұртшылық манифест мәтініне тым-тырыс құлақ түруде. Көздері тілмаш пен оязнайда. Алдыңғы қатардағы оқығандар тобына бұл құжаттың бұрыннан мәлім екені күмәнсіз. Орысына да, қазағына да. Тек олар соның ел-жұртқа үкіметтің ресми өкілінің аузымен жеткізілуін үнсіз, жайбарақат бақылап тұр. Іштеріне не бүккендерін құдай білсін, қайткенде де Уақбайдың аудармасына наразылықтары жоқ болса керек. Сабыр сақтап, ел қатарлы тыңдауда. Тыңдай берсін. Уақбай оларға немқұрайлы көз тастап қойды да, сенімді кескінмен тәржімасын жалғастыруға кірісіп кетті. Ол оқылып жатқан құжаттың маңызды көрінетін тұстарын дәл ұстауға тырысты. Оның жіңішке ащы үні басқарма алдындағы алаңды толтырған ығы-жығы халыққа патша сөзін: ------------------------------ * – “2. Мемлекеттік Думаға арналған сайлауды тоқтатпай, қазірдің өзінде Думаға қатыстыру үшін, мүмкіндік болуына қарай, Думаны шақыруға дейін қалған мерзімнің қысқалығына сәйкес, халықтың бүгінде сайлау құқығынан мүлдем айырылған таптары тартылсын, бұл ретте біздің жалпы сайлау құқығымыздың негіздерін одан әрмен дамыту ісі жаңа тағайындалған заң шығару тәртібіне беріледі”.
– Екіншіден, патша ағзам сайлау құқы болмаған халықты Государственная Думаның сайлауына қатыстыруға бұйрық қылады, – деп таратты. – Ал оның жолы сайлаудың жаңа тәртібінде көрсетіледі дейді... Қасына келіп, тілмәші аудармасын жұртшылыққа аян еткеннан соң, әдетінше кері шегінген. Ол артқа шегінісімен, әкім тамағын кенеп, маңғаз дауыспен: – “и Третье, – деп, оқуын сабақтады. – Установить, как незыблемое право, чтобы никакой закон не мог восприять силу без одобрения Государственной Думы и чтобы выборным от народа обезпечена была возможность действительного участия в надзоре за закономерностью действий поставленных от Нас властей. Призываем всех верных сынов России вспомнить долг свой перед Родиною, помочь прекращению сей неслыханной смуты и вместе с Нами напрячь все силы к восстановлению тишины и мира на родной земле.”* Оязнай мойнын бұрып, тілмашқа қарады. Анау қамшы салғызған жоқ. – Жарлығының үшінші бабында ақ патша барлық заңды Государственная Думаға шығартатынын шегелеп айтады. Енді күллі халық отан алдындағы борышын ойлансын дейді, мына масқарапаз бүліншілікті тоқтатсын дейді, тыныштық орнатсын, бейбіт өмір сүрсін дейді... – Үйез бастығы мырза! Қоқымбаев аудармасын айтып болар-болмастан бір ашық дауыс осылай саңқ етті. Оғаш шыққан үн баршаның назарын аударды. Тағы баяғы ауылшаруашылық мектебінің орыс бастығы. Тілмаш оған күдік келтіре қарады. Қаны бұзық пәле енді не демек?.. ------------------ * – “және 3. Мемлекеттік Думаның мақұлдауынсыз ешбір заңның күшіне енбейтіні және халықтың сайлаушыларына Біздің тарапымыздан қойылған өкіметтің іс–қимылдарының заңдылығын қадағалауға нақты қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету мызғымас құқық ретінде белгіленсін. Ресейдің барлық адал ұлдарын Отан алдындағы парыздарын еске алуға шақырамыз, осынау масқара бүлікті тоқтатуға жәрдемдесіп, туған жерде тыныштық пен бейбітшілікті қалпына келтіру ісіне Бізбен бірге күш жұмылдыруға шақырамыз”. Ел дымын шығармай, құлақ тігіп тұр. Жирен сақал алаңды басына көтеріп: – Айтыңызшы, мархабат етіп, үйез бастығы мырза, манифеске қашан қол қойылған екен?! – деген сауал тастады. Қоқымбаевтың басында: “Бұзық оймен сұрайды, әрине, бостан бос емес”, – деген пайым суылдап тұрып алды. Мысқыл бүккен жүзін қарашы кәпірдің... Тегіннен тегін топ алдына суырылып шығып тұр деймісің... Оязнай сұрақ қоюшыны жақтырмай, тістене сөйлеп: – Белдыцкий мырза, мен сізге оны толығымен, сөзбе-сөз оқып берейін, – деді, – өзіңіздің ауылшаруашылық мектебінің тәрбиеленушілеріне айтып барыңыз...
– Олардың бәрі осында, – деді анау міз бақпай. Оссовский манифест мәтіні басылған қағазды топқа қаратып көтерді. – Қараңыздар... – Төмен түсіріп, ежелей оқыды: – “Дан в Петергофе, в І7-ый день октября, в лето от Рождества Христова тысяча девятьсот пятое, Царствования же Нашего одиннадцатое. На подлинном Собственною Его Императорского Величества рукою написано: НИКОЛАЙ.”* Разымысыз? Белдыцкийге ежірейе қарады. Содан көзін алмай, мәтін салынған қатырма папканы жапты. Анау ықпастан: – Түсінікті, – деп түксиді. Сосын терең бір тыныстады да, екі иығын қомдап, ілгері жүре бастады. Оссовский оған қайтіп көңіл бөлген жоқ, оның саудасын бітірдім деп есептесе керек, шаршы топқа арнап сөз сөйлеуге кірісті. – Қарқаралы үйезінің азаматтары! – деп бастады ол барынша маңғаз сарынмен. – Әлгінде ғана өздеріңіз естігендей, біздің аса ұлы мәртебелі... Белдыцкий оның сөзін қатты дауыспен үзіп жіберді. – Қажет емес! – деді ол қос қолын көтеріп. – Тоқтатыңыз, Оссовский мырза! Оссовский бір қызарып, бір бозарды. Мұрты жыбырлап, ернін тістеледі. – Сіз міндетіңізді орындадыңыз, үйез бастығы! халықты манифест мәтінімен таныстырдыңыз. Болды! Енді сіз қатардағы тыңдаушысыз. Бұл митингті басқарып тұрған сіз емес, – мен! Енді сөйлейтін де сіз емес, – мен! “Астапыралла! – Қоқымбаев көзі шарасынан шыға шошынып, жағасын ұстады. – Қалай сөйлейді, мына кәпір, астафыралла! – Азаматтар! – Белдыцкий қолдарын аспандата сілкілеген қалпы, жұртшылыққа бұрылды. – Қарақаралы өңірінің тұрғындары! – Не деп жатыр? – Айтып жіберсеңші тіл білетінің?! Әр тұстан осындай күңкілдер шықты да, ізінше әркім сөз нобайын қасындағыларға қазақша түсіндіріп жатты. Алаңның әр жерінен әркім өз біліктерінше, тәп-тәуір ілеспе аударма жасап тұрды. – Қазір ғана бәріміз естідік – Ресей тағының биігінен Николай патша бізге еркіндік жариялады! Енді еркін жұрттың пікірін әкімдер тыңдасын! – Есіңізді жиыңыз, Белдыцкий, – деп ысылдады Оссовский. --------------------------------- *– “Петергофта, Қазанның І7-ші күні, Христостың Туылуынан бергі мың тоғыз жүз бесінші жылда, Біздің патшалық құруымыздың он бірінші буынында берілді. Түпнұсқада Оның Императорлық Ұлылығының Өз қолымен: НИКОЛАЙ деп жазылған”. Оған “есін жия қойған” Белдыцкий жоқ, екі қолын сермелеп, айқайға баса берді. Ол аздай, оны, әне, қарақшы Еркіндік қот-қоттап тұр. Атын жетелеп ортаға шығарды. Қолтығынан демеп, Белдыцкийді ерге отыр-
ғызды. Енді анау құдды шіркеудің мінберіне мінгендей, үзеңгіге аяғын тірей шіреніп, дүйім жұртты өзіне ұйыта, қыршаңқы сөзін түйдек-түйдек лақтырып, сөйлей берді. Қоқымбаев бір сәт үрейлі таңырқаныспен сілейді де тұрды. Мына бұзық та, ана қалың жұрт та оязнайды шыбын құрлы көрмейтіндей... О сұмдық... – Аңғардыңдар ма, азаматтар? – деп арбайды тыңдаушыларын мына Белдыцкий деген сұм. – Жалует царь, да не жалует псарь! * Әр сөзін шегелей сөйлеп, ат үстінен айналасына маңғаздана қарайды. Жан–жағындағы салтаттылар арасында тәржімәлаушылар күбірі басыла бере, айқын да ащы үнімен қайта саңқылдайды. – Милует царь, но не милует псарь! ** – Белдыцкий!– деп зірк етті ұлық. Алайда Белдыцкий бұған құлақ аспады. Бұл ызадан жарылып кете жаздап тұр. Мына ауыл шаруашылығы мектебінің меңгерушісі отпен ойнай бастағанын сезе ме екен өзі? Сөзді әдейілеп құбылту арқылы өзін қалай масқаралай тұспалдағанына үйез бастығы әрең төзіп тұр. Артына бұрылып, көмекшісіне сыбыр етті: – Жасауыл шақырыңыз! Белдыцкий оны елең қылмай, сөзін тәржіма жасауға ыңғайлы түрде үзіп-үзіп, шегелеп айта берді: – Назар аударыңыздар – ақ патшаның ақ сөзі ұрланды! Бұлар бізден аса жоғары мәртебелі манифест мәтінін бір ай бойы жасырып келді! Шындықты “Семей парақшасы”*** да баспады. Патша ағзамның халыққа ождан бостандығын сыйлағанын, жиналыстар өткізуге, ұйымдар құруға еркіндік тарту еткенін біз ол газеттен оқи алмадық. Әр адамның ешкім қол сұға алмайтын дербес құқын патша ағзамның барлық пендесіне сый еткені жайында “Парақша” емеурін де білдірмеді. Оның бәрінің ұлы мәртебелі пәрменде қалай жазылғанын үйез бастығы – оның өзінде, халық талап еткендіктен ғана! – әлгінде, бәріңіз куә болдыңыз, құжатты елге көрсетіп оқуға мәжбүр болды! Жұртшылық ұйып тыңдаған. Әлсін-әлсін тұс-тұстан жамыраған ерікті тілмаштар аудармасы кезінде қысқа гуілдесіп алатын да, одан қайтадан сілтідей тынып, шешенге құлақ түретін. Өздерімен өздері. Ояз басқармасының алдында тұрмыз-ау, тап қарсымызда әлгінде ғана патша ағзамнің пәрменін оқыған оязнай тұр-ау дегенді қаперіне алуды қойды. --------------------------------- * Патша қадірлейді, бірақ ит бағушы қадірлемейді! ** Патша есіркейді, бірақ ит бағушы есіркемейді! *** "Семипалатинский листок" газеті.
Қоқымбаев айналасын шошына бақылап тұр. Жұрт жіптіктей әскери мундирімен оқшаулана, ызғар шаша сұстанған оязнайға, үйездің осынау әкіміне құлақ асуды қойған. Сөйлеушілердің тамақтарын жырта айтып жатқан сөздері топ арасында тәржімәланып жатқан шақтарда ол әлденеше мәрте қаһарлана дауыс көтеріп көрді. Алайда осынау қаһарлы өкімет өкілін ешкім көзге ілмеді. Тобыр да, сөйлеп тұрған шешенсымақ Белдыцкий де. Масқара! Ақыры, Белдыцкийдің сөзіне аударма жасалып болғанша аузын жауып тұрған қысқа үзіліс кезінде, үйез бастығы оған: – Сіз мемлекет тыныштығына қауіпті сөз айтып тұрсыз, мектеп басқарушысы мырза, – деп түксиді. – Сіз халықты үкіметке қарсы арандатып тұрсыз! Абайлаңыз! Мектеп бастығы мырзасы оған быға қоймады. Сыни сөзін жалғастыра берді. Оны айтасыз, Белдыцкийдің артынша, сөз сөйлеу үшін аяғын үзеңгіге салып, ерге қонған сот тергеушісі Михалевич те одан бір қалыспады. – Мен сізді тұтқындаймын, Михалевич мырза, – деді Оссовский тістене сөйлеп. Одан түтіккен жүзін Еркіндік қарақшы жаққа бұрды. Дәлірек айтқанда, соның қасына барып тұрған мектеп басқарушысы мырзаға бұрды. – Сізді де, Белдыцкий мырза! Алайда ананың миығынан күлгенін Уақбай анық аңғарды. Ал қоршап тұрған ел ішегін ішіне тартты. – Абақтыға жабамын деп жатыр! – деп, салтаттылар арасынан біреу қазақша қатты сыбыр етті. Белдыцкий мырзаның кекесін үні естілді: – Бостандық күнінде ме? Әліңізге қараңыз, күні өткен заманның ескірген күзетшісі! Күні өткен заманның ескірген күзетшісі күйіп кетіп: – Городовой! – деп ақырды. Ауыр етіктерімен тапыр-тұпыр басқан екі полиция қызметкері іркестіркес ел алдына шықты. Оязнайдың қасына келіп тұрды. Бірақ әкім одан әрі аузын ашып үлгермеді, мінбер-ат үстіндегі Михалевич бір сәт Оссовский жаққа қайрылып, бар даусымен: – Сіз әлгінде ғана өзіңіз жария еткен Жоғары мәртебелі манифестен түк ұқпаған екенсіз, үйездік полиция басқармасының бастығы штабсротмистр Оссовский мырза!– деді. Ояз бастығы мен оның жанындағы жасауылдарға осылай сес көрсете, жоғарыдан менмен үн қатты да, көпшілікке бетін бұрды. – Әміршіл жүйе қызметшілері қалай жанталасады, көремісіздер, азаматтар? Бірақ енді мұндай әрекеттен түк шықпайды! Үзеңгіге табанын тірей көтеріліп, сот тергеушісі тобырдың қышыған жерін қаситын бүлікшіл сөзін сабақтай берді. – Бізге сөз бостандығы сыйланды! Біздің жеке басымыздың қол сұғулардан аман болуына патшаның өзі кепілдік берді! Ал осындай бос-
тандық таңы атқан тамаша күнде мына кішкене төрешік бізге неге билік құрмақ? Әр тұстан қысқа гуілдесіп, тіл білетін әркім ілеспе аударма жасауда. Еркіндік разы. Белдыцкий мысқылды күлкімен жайбарақат қарап тұр. Ал ана ділмәр әр сөзін шегелеп, тобырдың басын бұзық үгітпен айналдыруда: – Сонда не боп тұр өзі? Мінеки, көріп тұрсыздар: шынтуайтында, дарует царь, но не дарует псарь!* Мұндай бастық бізге несіне керек? Жөніне кетсін! “Қыршаңқы тілді пәле ғой мынау да, – деп ойлады Қоқымбаев көзі бадырая, оязнайдың арқасына қарай ығысып. – Орыс ойына келгенді істейді деген осы екен-ау, қалай арттарын ойламайды? Ертең-ақ сазайларын тартады ғой бұл мүскіндер! ” Үйез бастығы, еркіне салсаң, – ертең емес, бүгін, тап қазір сазайларын тартқызып жіберуге бар-тын. Бірақ тура осы сәтте, табан астында соған шамасы жетпейтінін сезуде. Сонда да, тілмәшінің ойын оқып қойғандай, оған көзінің қиығын бір тастады да, топқа қарап ақыра сөйлеп, соңғы күшін көрсетіп қалды: – Қоқымбаев мырза, жеткізіңіз бұратаналарға: тарқасын үйді-үйіне! бұдан арғы жиын заңсыз! Тілмаш тез ширап, алға ұмтылды. Үйез бастығының жанынан суырыла шықты, сосын ат үстіндегі шешеннің үнін көміп кетуге тырысқан шырылдақ ащы дауыспен айқайға басты: – Халайық, оязнай енді үйді-үйіңе қайт дейді! Бұдан арғы мәжіліс заңға томпақ дейді! Орыстардың бөтен сөзіне ілеспейік!.. – Уақбай тілмаш! – деп гүр етті біреу. Бұл түксиіп қарсы қарап тұрған Еркіндік болатын. Уақбай селк ете қалды. Көзін жыпылықтатып, тосылып қалды. – Аузыңды жап та тыңда! Иегімен ат үстіндегі Михалевичті меңзеді. – Дұрыс! – деп қалды әркім. – Әй, Уақбай мырза! – Топ ішінен біреу айқай салды. – Айтсайшы оязнайға: ел қатарлы сөз тыңдасын! Уақбай мырза кері шегінді. Оязнайға оны аудармақ түгіл, бетіне қарауға жасқанды. Жұртқа оязнайдың сөзі өтпейтіні айқын еді. Оны Оссовскийдің өзі де ұғып, одан әрі беделін түсіре бермейін дегені болар, кері айналды. Басын кекжите, аяғын зілдене басып, ішке беттеді. – Долой Оссовского!** Алаңға жиналған қалалықтардың көкірегі ашылып қоя берді. Оларды айнала қоршаған атты қазақтар да бар дауыспен қостады. – Долой! Қарасы батсын! Керек емес мұндай оязнай! – Долой полицию!*** – Жасауылы құрысын! Көзі жойылсын! До-лой! До-лой! ------------------------ *...патша тарту етеді, бірақ ит бағушы тарту етпейді! **Оссовский жоғалсын! ***Полиция жоғалсын!
Басқарма алдындағы алаң толы халықтың көкірегін жарып шығып, аспан астын кернеген ұрандар үйез бастығының берекесін ұшырды. Бұрын-соңды естімеген лағнат сөздер оған аса жайсыз тиді. Құдды бір ғаламат күш жонынан соққандай. Тура бір мына бұратана қазақтардың дырау қамшысымен арқасынан аяусыз осқылағандай. Қорланып кетті. Сездірмей, аяғын асыға басты. Уақбай соңынан ұмтылған. Бірақ оязнай оған назар аудармады. Жолшыбай көзімен іздеп, көп ішінен көмекшісін тауып алды. Анау қалбалақтап қасына тақала бергенде: – Маған шұғыл Гомбинскийді келтір! – деп, қысқа қарқ етті. Осылай шолақ әмір беріп, Қарқаралыдағы әскери команданың бастығын өзіне тездетіп шақырып әкелуді тапсырды. Жиыннан бері жөңкілген стол бастықтарының өзін жан-жағынан қаумалай бастағанын көрді де, тісінің арасынан сыздықтатып: – Бәріңіз жұмыс орындарыңызға барыңыздар! – деді. Ішке кіре бере, артында өкшелеп кім ілесіп келе жатқанынан күмәнданбайтын сенімді үнмен: – Қоқымбаев, жақындаңыз бермен, – деді ақырын ғана. Жүрісін тоқтатпастан, тілмәшінің тездетіп қатарына шыққанын байқасымен, бас бармағымен артына, алаң жаққа нұсқады: – Ал сіз андағы әңгімені тыңдаңыз, ахуалды мұқият қадағалаңыз! Екпінін тежемей екінші қабатқа көтерілді. Кеңсесіне команда бастығы келіп, қабылханасына кіргенге шейін кабинетінің ішінде ерсілі-қарсылы жүрді де қойды. Есіктен көмекшісі сығалады. Табалдырықтан имене аттап: – Мәртебелім, команда бастығы поручик Гомбинский келіп тұр, – деп хабарлады. Әкім қалт тұра қалды да, шапшаң, жұлып алғандай: – Кірсін! – деді. Бірақ кіруін тосуға тағаты жетпеді, көмекшісінің артын ала өкшелеп, қабылдау бөлмесіне өзі атып шықты. Беліндегі қылышын түзетіп, ыздия қалған, мұндай оқыс “қабылдауға” көзін жыпылықтатқаннан басқа қайрат көрсетуге қапелімде шарасы болмаған кіші лауазымды әскери адамға ентелей төніп, саусағын безеді. – Поручик, сіздің жасағыңыз мына тобырлар жиналысын шұғыл түрде қуып тарқатуға тиіс, – деді. – Холоптар мен киргиз біткенді үйді-үйіне қуыңыз! Тазартыңыз алаңды! Жез мұрты едірейіп, түкірігін шаша сөйледі. – Құп болады, штабс-ротмистр мырза! Етігінің өкшесін жігерлене қағып қалшия қалғанмен, поручиктің үні сенімсіздеу шықты. – Кірісіңіз! – Құп!
Поручиктің қабылханадан шығуын тосқан жоқ. Оның абдыраған жүзіне қайтып көз де салмады. Күрт кері айналып, адымдай басқан қалпы бөлмесіне кірді. Ал алаңдағы тіршілік ағымдағы ахуалға сай қыз-қыз қайнап жатқан. Халықтың үйез бастығында енді мүлдем шаруасы жоқ, оны ұмытып та кетті. Әлгінде ғана “тағынан таюын” талап етіп айқайға басу арқылы жеңілденіп қалғандары сондай, оның жиын ортасынан шығып кеткенін, тіпті, аңғармай қалған сияқты. Митингіден қуылған оязнаймен, оның соңына ерген күллі басқарма шенеуніктерімен бірге жылыстай жөнелген Қоқымбаевтың қайта оралып, топ ішіне сіңіп кеткенін де ешкім көзге ілмеді. Жұртшылық тек шешендер сөзіне бар ықыласын аударды. Қызық сонда болатын. Олардың қай-қайсысының да аузынан бұрын-соңды естілмеген пікірлер шығып жатқан еді. Көлбай Төлеңгітов көптің көңілінен шықты. Қапсағай келген қара жігіт. Ана жылдары Зайсанда сот тілмашы болып жүрген. Өзі сол жақтың тумасы. Уақбай шамалас. Бірақ алғыр екен, Уақбай болыс кеңсесінен аса алмай жүргенде, ол Семейден бір-ақ шықты. Сондағы сот кеңсесінде қызмет етіп жүр дейтін. Жазда жәрмеңкедегі петиция дайындау науқанында белсенілердің бірі болған. Ендігісі мынау. Бұл түрімен енді сот кеңсесінде ұзақ қала қоймас. Қалдырмас, турасын айтқанда. Мұндай бейпіл ауыздарды өкімет тайраңдата бермес. Әрине! Осылай ойлаған да, іштей қанағаттанған сезіммен, Уақбай оған мүсіркей көз тігіп, немкетті құлақ түрген. Ал тағдырын Уақбай шешіп-пішіп қойған Төлеңгіттің Көлбайы сөзін алаңда иін тірескен жұрттың баршасы ауасын жұтып, суын ішіп отырған мына тамаша Қарқаралының осынау жалпақ сары дала бетіндегі ең бір әдемі жер пұшпағы екендігінен бастады. Солай болғанмен, ең құдай ұрған, қарғыс атқан тұсы да екенін, алып Ресейдің шаңырағын дүңк-дүңк сілкіп, құлатып жіберердей күшпен шайқалтып жүрген оқиғалардың тап осы Қарқаралыға тым кеш жетіп жататынын тілге тиек етті. Мұндағы кілтипан біздің кішкене қалашығымыздың патшалықтың мәдени өмірі қыз-қыз қайнаған орталықтарынан шалғай жатқанында ғана емес дегенді айтты. – Мәселе біздің әкімде! – деді Көлбай қолымен басқарма ғимаратын нұсқап. – Ол патша ағзам шығарған пәрмендерді халыққа жеткізуге асықпайды. Ешқашан. Естеріңізге түсіріңіздерші, халайық: ақ патша ғой, қыста, хұттың* 18-ші жұлдызында, халқына өтініш-тілек білдіріп хат жолдау пұрсатын берді. Ал біздің әкіміміз ол жайында бізді хабардар етті ме? Жоқ! Керек десеңіз, ол біз бен патша арасында тасқорған боп қатып қалды! ----------------------- * ақпан айы
Ол біздің, яғни халықтың, императормен тікелей тілдесуіне кедергі болды! Ол іргедегі Қояндыда жәрмеңкеге келіп бас қосқан мың-сан адамның мұқтаждықтарын патшаға айтып, тілек етіп жазуын көре алмады! Ол он төрт жарым мың кісі қол қойған петицияны Санкт-Петербургке жіберуге тыйым салды! – Рас! – деді мұғалімдердің бірі. – Не Қояндыдан, не Қарқаралыдан поштаға сала алмадық! Уақбай Қоқымбаев өз ауылдасы Жарас Аяғановтың даусын таныды. Ол Еркіндікке тақау тізілген оқымыстылар тобы арасында тұрған болатын. Тура жанында Жарас сабақ беретін мектептің басқарушысы тұр. Байтұрсынның Ахметі. Бірақ ол үндемейді. Шындап келгенде, талай сұмдықтың түп-тамыры тура соның өзінде жатуы ғажап емес. Оның анық-қанығына Уақбай әлі-ақ жетеді! Түк білмегендей болып тұрғанын қарашы, нәлеттің. Уақбайдың Жарас сияқты даңғой жерлесін айдап салып, өзі аузына құм құйылғандай, тіс жармайды. Мынау болса білгішсініп, өршелене түседі: – Ал заң бойынша – халықтың үкіметке жолдаған тілегін ояз бастығы астанаға өз кеңсесі арқылы тасымалдауға тиіс еді! Бойшаң Көлбай аяғымен үзеңгі тірегенде мүлдем сорайып, жаяулардың төбесінен төне қарап тұрған. Жарастың төменнен, топ арасынан, даусын көтере айтқандарын: – Дұрыс, – деп қостады да, жүзін алаңда сығылысқан аттылы көпшілікке көтеріп, сөзін сабақтай берді. – Одан өзге ештеңе тізбелемейақ қояйын. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, ақырап* Манифесімен патша күллі Ресейге ортақ игілікті – азаматтық бостандықты орыс-қазағымыз аралас бәрімізге тарту етті ғой! Өткен айдың 17-ші жұлдызында! Содан бері төрт апта өтті! Бір айдың жүзі! Осынша уақыт үндемей келіп, бұл жайында біздің әкім бүгін ғана аузын ашты! Оның өзінде, халықтың қатаң талабынан бұлтара алмайтынына көзі жеткеннен кейін ғана! Айтыңыздаршы, патшаның сөзін халқынан бір ай бойы жасыру дегеніңіз қылмыс емес пе? – Қылмыс! – деп дүр ете түсті тыңдаушылар. Қоқымбаевтың денесі тітіркеніп кетті. Ал Төлеңгітов қанаттана түскендей. Қомданып қояды, ыңғайы, тағы бірдеңе көңірсітпек. Міне ол, тобырдың қосыла қолдауы басыла бере, қайта сұңқылдай жөнелді: – Әлгінде осы қаладағы құрметті адамдардың бірінің сөзін тыңдадық. – Қолымен Белдыцкийге нұсқады, сосын оған қарап, алақанын кеудесіне басып, басын бір иді де: – Ағайын! – деп кеудесі қақ жарыла айқайлады, – біз отанын шын сүйетін ұлдың сөзін естідік. Бостандық хабарын, осынша зарықтырған қымбат хабарды ел-жұрттан жасырған әкімге оның қандай күйініш білдіргенін мына жарғақ құлағымыз ап-анық естіп, бітік көзіміз тұп-тура көрді. Біз, қазақтар мен татарлар, арамыздағы аз ғана орысты құрметтесек, тек қана осындай әділдігі үшін құрмет етеміз. Бірақ бәрін емес. Біз жек көрсек – жаңағы һарам әкім секілділерді жек көреміз. Біз бүгінгі жиын үстінде патша құжатын жариялауына оны мәжбүр еттік. Ол, алдыңғы күні ғана, қолы-
мызға Омбыдан жігіттер әкелген “Ведомостардың”* қосымшасында басылған Манифестің нақты мәтіні тигеннен кейін, еріксіз, алдағы айт мейрамы күндері мешітте жекелеген адамдарға ғана аян етіп қоя қоймақ болды. Керек десеңіз, бүгін, талап етпегенімізде, орысша мәтінін оқып берумен ғана шектелетін еді. Біздің – халықтың қаһарынан сескенгендігінен ғана, ол аса биік пәрменді қазақша иғлан етуге кеңшілік жасады. Халайық, жаңа орыс ағайындар орынды ұран көтерді, ол бізге ылайық бастық емес. Жоғарыдағылардан оны ауыстыруды талап етейік! Қоқымбаев аң-таң. Не тантып тұр мына Көлбай? Бұл не сандырақ? Дені сау ма? Әй, қайдам. Мынау шынымен есі ауысқан неме шығар... “Есі ауысқан неме” елді «тантыған» «сандырағымен» әбден разы етіп, адал орыстар туралы тағы көп сөз айтты. --------------------------- * “Акмолинские областные ведомости” газеті. Сосын қазақтар осындағы шіркеу қызметшісінің айтқандарын қанағаттана тыңдады. Омырауындағы креші салпақтаған попты Еркіндік Белдыцкийдің жанынан қақпалап атқа әкелген де, қолтығынан демеп, ерге отырғызған. Митингті басқарушы Еркіндіктің әрекетін қуаттап: – О, осылай дұрыс! Бастаңыз, Геннадий әкей! – деді. – Баршаға көрініп те, естіліп те тұрасыз! Белдыцкийге мақұлдағандай бас изеді де, священник жүзін топтан асыра, көкке бұрып, шоқынып алды. Сосын сөйлеп берді. Патша ағзамның күллі империя халқына ождан бостандығын сыйлағаны құтты болсын деді. Аса жоғары дәрежелі пәрменнің құдіреттілігін, оның көктегі жаратқан жалғыздың пенделеріне жіберген шарттарымен үндестігін айтты. Бәріміз бір құдайдың құлдарымыз, шіркеу де, мешіт те құдайдың үйі, өзге дінге төзім көрсетуді жаратушының өзі маңдайға жазған деген пікірін жария етті. Қысқа да дәмді сөз болды. Жұрт ұйып тыңдады. Адамдар орманының әр тұсындағы ерікті аудармашылар жасап жатқан тәржімә аяқталғанда, “мінберге” тақауырақта тұрғанмен, қолымен тымағының оң құлағын көтере тыңдаған бір салтатты кеудесін кере, разы үнмен: – Әй, мынау исі мұсылманның ойынан шықты-ау! – деп қалды. – Рас! – деді қасындағысы. Топ ортасынан біреу айқайлап: – Әй, орыс молдасы, мектебіңе берген баланы енді шоқындырмайсың ба? – деген сұрақ қойды. Түсінбеді-ау деген күдікпен, ізінше, жаяулар арасындағы мұғалімдерге қарады: – Әй, оқымыстылар, біреуің орысшалап жіберші! Белдыцкий де солай қарай, жергілікті мұғалімдер қатарына көз жүгіртті. – Аяғанов мырза, өтінеміз...
Аяғанов мырза тартынған жоқ. Бір жөткірініп алды да, священникке тура қарап, сауалды орысша тұжырымдап айтты. Геннадий әкей ұстамды жауап берді. Оның айтуынша, приходская школа, шіркеуге келушілердің мектебі, яғни, қазақ түсінігіне салғандағы жәмият мектебі болып табылатын бұл бастауыш оқу орыны ағарту мақсатын ғана көздейді. Білім алу үшін қабырғасына кірген қазақ балаларына мемлекеттік тіл мен ғылымның негіздерін ғана үйретеді. Орыстың діни қызметшісі осыны таратып айтты және осындай пікіріне жұртты сендіруге тырысты. Жарас та оларын қазақтың көкейіне қонымды сөздермен түсінікті етіп аударды. – Шіркеуге келушілердің мектебіне киргиз адамдары балаларын қорықпай бере беруіне болады, – деп батыл жария етті Геннадий әкей, – оған оқуға кірген өзге діндегі оқушылар міндетті түрде христиан дінін қабылдасын деп ешкім зорлық қылмайды... Уақбай Жараспен жарыса, іштей тілмәштік жасап тұр. “Жақсы аударады екен, антұрған“, – деп қызғана ой жүгіртті. Әр тұстағы ерікті аудармашылар да поптың сөзін жанындағыларға жалпақ тілмен түсінікті етіп жеткізуде. Қай-қайсысы да мектептің шоқын демейтінін, бар болғаны жас өскіндерді орысша сауатқа үйрететінін айтып жатты. “Орыс сөзін білетіндер көбейіп кетіпті-ау“, – деген көңілсіз ой басына сап ете қалды да, Қоқымбаев қабағын түйді. – Әп-бәрекелді!– десті жұрт. Шылбырды сол білегіне іліп, шешендерге мінбер қызметін көрсетуші аттың басын ұстап тұрған Еркіндік сол кезде священник Геннадийге қарап сөйлеп берді. Қою қоңыр дауыспен күңгірлеп: – Ақыр сөз болып қалды, шіркеу молдасы, бағанағы пікіріңді көпке аян қыл! – деді. – Мә, мына қағаздың жай-күйін де жұртқа жария ет! Солай дұрыс болады. Қойнынан әлдебір бүктеулі қағазды алды да, бүктеуін жазып, ер үстінде отырған шіркеу молдасына ұсынды. Шіркеу молдасы – священник Геннадий басын изеп, қағазды алды. Ол бұл өтініш хаттың өзіне арналған бір данасын Еркіндік ертіп келген әйелдің қолынан мана таңертең алып оқыған-ды. Сөйтіп ол әйелге қанағаттандырарлық жауап та берген. Іркілмей сөйлеп кетті: – Халайық, ождан бостандығын патша ағзам көктемде жария еткен, ал қазандағы құжат, бүгін баршамыз өз құлағымызбен естіген манифест, оны мүлдем нығайтып отыр. Бұл қағаз – осынау аса биік мәртебелі пәрмендерді басшылыққа алып жазылған өтініш-жеделхаттың көшірмесі. – Геннадий әкей хатты басынан асыра көтерді, тәржімә жасалып болғанша, бүкіл денесімен жан-жағына айнала бұрылып, көпшілікке көрсетіп тұрды. Сосын қолын төмен түсірді. – Облыстық әскери губернатор мырзаға жіберілген екен, әлі жауап алынбапты. Біздің бюрократия бұған жауап бермес те. Өйткені ол императорымыздың ұлы өзгеріс жасауының мәнісін түсінген жоқ, яғни әділетке беттеген ұлы көшке қазіргі әкімшілік ілесе алмайды. – Тамаша! – деді Белдыцкий. – Күні өткен билікті әдемі әшкереледіңіз! Халық алдыңғы қатардан сөйлеп, хатты оқуды сұраған Аяғановқа, одан араларындағы тілмаштық еткен жігіттерге мұқият құлақ түрді.
– Тыңдаңыздар, – деп, священник хатты бетіне тақалтты, – мұнда былай делінген: “Вследствие Высочайших Манифестов 17 апреля и 17 октября 1905 года прошу Ваше Превосходительство сделать сношение с епархией о зачислении меня с детьми, прижитыми от киргиза-мусульманина, в магометане, в киргизское общество Таскудукской волости, так как предки мои и дети тайно исполняли религию Магомета и происходим от киргиз. Раккия, по спискам Лукерья Игнатьевна Ямышевская”.* Тәржімәлау жүріп жатқан кезде священник хатты Еркіндікке қайтарып берді. Сосын тым-тырыс тына қалған жұртшылыққа мынандай әңгіме айтты: – Мен былай деймін: адамдарды зорлықпен шоқындыру – қате. Әркім дінді таңдауда ерікті болуға тиіс. Әкімшіліктің қазақтарды дәстүрлі дінінен айырып, христиандыққа күштеп бұрған жағдайы болды, рас. Мұндай әрекет әр жерде, әсіресе, сол Ямыш қалашығында жаппай орын алды. Жасыратын не бар, бірен-саран мысал бізден де табылады, бірақ бұл дұрыс емес. Біздің шіркеуге бұратана өкілдері негізінен өз тілегімен келеді, азаматтар... Бірлі-жарым күдік келтіріп, күңкілдей бастағандар табылғанда, басын шайқап, қолын көтерді. Елдің тынышталуын осылай сұрады да, бар даусымен дәлел айтты: – Мысалға, ана жылы біздің шіркеуге бір жетім бала келді, – деп бастады. – Ол өзінің апайының орыстан туған Лауыр дейтін баласы секілді әскери адам болғысы келеді екен. Сол жиен ағасының өзіне мұның жолын түсіндіргенін айтты. Әскери адам болу үшін өзінің ұстанатын дінін өзгерту керек депті... Священник мұнда ешқандай күштеп мәжбүрлеу орын алмағанын, тек жағдайдың соған мәжбүрлік туғызғанынан барып, мұсылман баланың православиеге өткенін байыппен әңгімеледі. Әлгі жетім балаға нағашысы мақсатына жету жолын түсіндіргенін, бұл орайда баланың не істеуі керектігін үйреткенін айтты. Хорунжий Егор Корниловтың әйелінің туыстарынан екен. Жиен ағасы оған өзі басқаратын жауынгерлік қосынына кіргізуге уәде етіпті. – Шіркеуге келген жас адам осылай ағынан жарылып, сырын ашты, – деді Геннадий әкей, – сөйтіп ол, өзінің тілегіне сай, православиені қабылдады. Апайының баласының Корнилов деген фамилиясына жазылды, содан ұзамай әскерге кетті. Биыл естідік, жерлесіміз Лавр Георгиевич Корниловтің қарамағында жапондарға қарсы ерлік көрсетіп соғысыпты. Әне қандай! Біздің күрделі өмірімізде сондай-сондай жақсы мысалдар да бар. Алайда, қазіргі заң бойынша, өтініш білдірсе – ол да, Раккия да өз дініне қайтуға хақылы. Өкіметіміз әлгінде бәріңіз естіген хатқа ертелі-кеш тап осындай жауап береді деп ойлаймын. Ождан бостандығы жасасын! ------------------------ * 1905 жылғы 17 сәуір мен 17 қазандағы Аса жоғары дәрежедегі Манифестер нәтижесі ретінде, мені мұсылман-қазақтан тапқан балаларыммен бірге, Тасқұдық болысының қазақ қауымына қосып санау жөнінде епархияға қатынас-қағаз жолдап, рұқсатын әперуіңізді Сіздің Мәртебелі Артықшылығыңыздан өтінемін, себебі менің ата-бабам мен балаларым Мұхаммед дінін құпия ұстанып келді, әрі біздің тегіміз қазақ болып табылады. Рақия, шіркеу тізімдері бойынша Лукерья Игнатьевна Ямышевская”.
– Жарайсың, поптың бәрі сендей болсын! – деді қалалық оқығандардың бірі. Екінші біреу жұдырығы түюлі қолын аспандата көтерді: – Жаса, дін бостандығы! – Тыныш, аудармаға мүмкіндік беріңдер, – деп, үшіншісі тағатсыздана, жақтырмай айқай салды. Геннадий әкей тез-тез шоқынды да, еңсесін көтере, тәржімәға құлақ түрді. Түсінбесе де, мұқият тыңдады. Жатық сөздерден және тыңдаушылардың ықыласынан аударманың түсінікті шығып жатқанын аңдады. Разы көңілмен, жұрттың өз айтқандарын қалай қабылдағанын жайбарақат бақылап, айнала қарап тұрды. Ілкім тыныштықтан кейін: – Мына молданың айтқаны рас, – деген дауыс шықты. Шүбә келтіргендер де болмай қалмады: – Әй, қайдам... – Осы орыс молдаңның сөзі мен ісі екі бөлек болмасына кім кепіл?! Тымағын қоқырайта, көзіне түсіре киген жүкші жігіт жатақтар арасынан: – Әй, поп, ана шіркеу сыпырып жүрген Ракельді қайда қоясың? – деп айқайлады. – Ол біздің Рақила еді ғой! Оқытушы Аяғанов оны жылдам тәржімалап берді. Священник мақұлдап, басын изеді. Сосын жауап берді. Сөзін салмақтап, бөліп-бөліп сөйлеп, тыңдаушыларына түгел аударылып жеткізілуіне мүмкіндік жасап тұрды. Қалада, шынында, мана ғана ел есіне салғанындай, әр түрлі жағдаймен Христ дініне кіргендердің бар екенін әңгімеледі. Ракель де бір жұт жылы шіркеуді паналауға мәжбүр болған көрінеді. Бірақ, әлгінде айтқаны айтқан, бұдан былай Ракельді де, Раккияны да, басқаны да православие қатарында күштеп ұстау деген болмайды. Оған осынау Қарқаралы сынды ғаламат қала мен әулиелі, киелі орындары көп ғаламат өңірді отаны еткен қалың жұртшылық еш күмән келтірмесін. Өйткені бұл божий помазанник* пәрменінен туындайтын тұжырым, бұған бір құдай куә. Христианға да, мұсылманға да тең бір құдай. Халықтың өзін ұйып тыңдауда екенін аңдады, сондықтан да осынау алаңда иін тірескен орыс-қазағы аралас құдайдың құлдарын өз сөзіне сенуге шақырып сөйледі. Ұмытпайық деді, жалпақ елді мекендейтін халқына дін еркіндігін, ождан бостандығын барша әлемді Жаратушының Өзі маңдайына қасиетті су жағып, айрықша әулиелік дарыту арқылы ерекшелеген күллі Ресейдің жеке-дара билеушісі, асыл текті Екінші Николай патша берді. Оны әлгінде үйез бастығы мырза мағлұм етті емес пе. Мұндай құқықтың баршаға, соның ішінде бұратана-қазаққа да ортақ болмағына кім күдіктенбек?! --------------------------- *құдай патша етіп тағайындағанының белгісі ретінде маңдайына май жаққан, бақ қондырған адам; пешенесін құдай ашқан адам; машайық (мәсіх, мәшиях).
Поптың сөзін оқытушы Жарас Аяғановтың өте түсінікті етіп, майын тамыза аударғаны сондай, халық оған ризашылығын білдіріп дуылдады. Аттан түскен шіркеу өкілі де разы. Мойнындағы крешін салпылдатып, жүгіре басып барып оның қолын алды. Жалпылдап алғысын айтып жатты. Бастығының тапсырмасына байланысты топ арасында жүрген Уақбай Қоқымбаев, оязнайдың ресми тілмәші Қоқымбаев, соның бәріне куә болып тұрған. Соның бәріне куә бола келе, ол түсініксіз бір сезім бойын билей бастағанын аңдады. Өзінің аудармашылық біліктілігіне бір сәт өзі күмән келтіріп, өзін-өзі қомсынып қалды. Священниктің Аяғановқа елпектеп жетіп баруы мұның, тіпті, біртүрлі қызғанышын тудырды. Ол аздай, орыс молдасы қасынан өте бергенде, Еркіндік те оны мақұлдап, қарынан қақты. Қарақшы және қашқын каторожник! Ойына оралған осы анықтама Уақбайға кішкене бір жеңілдік әкелгендей болды. Ақыры қатуланды. Қабағын түйді. Ат-мінбеге пенсне киген жалаңбас қазақ оқығаны көтерілді. – Жақып мырза! – деп шу ете түсті көпшілік. – Мынау Жақып мырза ғой! Тыныш! Жақып мырза шашын кірпіше тікірейтіп қырыққан ашаң жігіт екен. Шынжыры салбыраған көзәйнегі жарқ-жұрқ етіп, көсіле сөйлеп берді дейсің! Даусы саңқылдап, халық толы алаңның төрт бұрышына түгел еркін жетті. Жұрт жым-жырт, ынтыға құлақ салуда. Оның ел есін алған жалынды сөзіндегі үкіметке қарсы деген жерлерін қолдарын қозы қарыны үстіне айқастыра қойып, Қоқымбаев іштей тізбелеп тұрған. Бұл оның кім екеніне сырттай қанық-тын. Осындағы бір байдың баласы екенін, бірінші гильдиялы аса дәулетті көпестің күйеу баласы екенін, оқуды Петрборда тауысқанын, Омбыда беделді қызмет атқаратынын білетін. Жазғы Қоянды жәрмеңкесі кезіндегі бұзақылық құжатты жасауға, өзі секілді оқымыстылармен бірге қатысы болғанына, көрмесе де, шүбәланбайды. Қазір тұңғыш рет тыңдап тұр. Оның ойын қалай өрбіткенін естіген сайын: “Тіл мен жағына сүйенген пәлекет қой мынау! – деп ойлады. – Мұның не айтқанын оязнай тәтпіштеп сұрайтын шығар-ау». – Ағайын, айналаңа қара, – деп сұңқылдайды анау, – өз елің, өз жеріңде отырғанмен, сен – құлсың. Ақ патша шенеуніктерінің алдында – олар көзге ілуді де қажет деп таппайтын тілсіз мақұлықсың. Хұқтан жұрдайсың. Сені орыстың төресі түгіл, ол қызметіне жалдап алған, сенің өзіңнің ішіңнен шыққан шаласауат тілмаш та басынады. Мына ділмәр тура бір өзін нұсқап сөйлегендей, Қоқымбаев бір ысып, бір суынды. Бойы бусанып, тершіп кетті. Қозы қарны үстіндегі бір қолын маңдайына апарды. Саусақтарымен терін сүртті. – Патша бостандық бердім деп пәрмен шығарып отыр, – деп сайрайды анау, – соны пайдалана білейік! – деп ұрандатады. – Ойлаңыздар, біз бостандық күндерін бастан кешіп тұрмыз! Еңсемізді көтерейік, халайық!
Мұнысы бер жағы екен, бара-бара, ол тобырды арандату сөздерін үстін-үстін төпеп төгуге көшті. Нысанасы – өкімет. – Бізге арамызға келіп тұрып жатқан орыстармен бірдей қарасын! Кемсітпесін! – дейді. – Басқа еркіндік берілгені рас болса – крестьян бастықтары деп аталатын әкімшіліктің жаңа сатраптарынан* құтылайық! Енді бізге оязнай не керек? Шаруа бастығы делінетін қосымша әкімнің қанша қажеті бар? – Керегі жоқ! – деп қолдайды оны бұзылғандар. – Ендеше ана қарапайым қазаққа бүйідей тиіп отырған қарашекпендердің нәшәндіктерінен – хүкіметтің ел ығырын шығарып баратқан Рогалевич, Мурзаев деген пәлелерінен құтылайық! Сонау бір жұғымсыз да сүйкімсіз сүліктерін қазақ арасынан әкетсін! Крестьян бастықтары қазаққа керек емес! Қырып жіберердей кіжінуін қарашы! Қолын ербеңдетіп, жұдырығын түйіп тұрып сілкілейді. Құдды-бір әкімшілікті тап қазір ұрып жығардай... Иін тірескен жұртты ұйытқан бұл шешенді, шынында, Уақбай көктемгі жәрмеңкеде көрген-ді. Бірақ, петицияға қатысы бар деп енді күдіктенгенімен, ол тұста олай ойлай қоймаған. Қайыр төренің баласымен бірге жүрген көптеген жас қонақтар арасында ештеңесімен ерекшеленбей, аса еленбеген тәрізді еді. сол жәрмеңке науқаны басталардан бір айдай бұрын қайтыс болған, кезінде Қарқаралыдағы қала үйлерінің денін салғызған Бекметев байдың қызын алғаны баршаға мәлім-тін. Бұл сол жолы Омбыдан атасының қырқына келген. Ал Қайыр төренің жәрмеңкедегі ақ ордасына ана бұзық ниетті оқығандар одан бұрынырақ жиналған. Содан да Уақбай Жақыпты оларға кездейсоқ қосылды ма деп ойлаған еді. Кім білген, сөйтсе – мұның да тұла бойы тұнған запыран екен ғой... Осылай ойлауы мұң, әлгіндегі қарадан-қарап қысылған ахуалынан тазарып, бойына бір ерекше сенімділік құйылып қалғандай болды. Үзеңгіге аяғын шірене тіреп, аңқау елдің аузын алған сонау оқымысты мырзаның, шынтуайтқа келгенде, күнәҺар екенін бажайлады. Ол – бұқараны үкіметке қарсы тұруға азғырушы. Қылмысты үгіт жүргізуші. Иә! Басына сол ой сап ете түскенде, тіпті, қуанып кетті. Кекесінді, мысқылды сөздер тілін қышытып-ақ тұрды... Көйітіп қал, Жақып мырза, көкірегіңдегі қоқсықтарыңды. Ертең-ақ Омбыңа жетуге зар боларсың. Омбыдағы биік лауазымың көзіңнен бұл-бұл ұшар... Петрборда оқыған неңді алған?!... Саған ақ патша өзіме қарсы тұр деп білім берген екен-ау! Сосын кектене бастады. Тоқтай тұр, оқымысты-қылмыскер... сен тұспалдап соққанға Уақбай Қоқымбаевтың қылы қисайып, жүні жығыла қояр деп пе едің... Сен оны білмейсің, заржақ. Көрерсің әлі... Қоқымбаев іштей әбден қоқиланып алды. Жақыптың саңқылдай сөйлеп, орыс төрелері қазаққа көрсетіп отырған әділетсіздіктер мен қысымдарды санамалағанын да, тыңдаушылардың оны әлсін-әлсін: --------------------- * заңмен санаспай, өз бетінше билік жүргізетін қатыгез билеушілер, бұл жерде – әпербақандар мағынасында.
– Рас! – Әп-бәрекелде! – Дұрыс! – деп, ризашылықпен қопарыла қоштап қойғанын да танауын шүйіре, мысқылдаған кекесінмен, бір құлағынан кіргізіп, бір құлағынан ағызып жіберіп тұрды. Ал халық оның әр сөзін қалт жібермей тыңдады. Орыстарға дейін мұқият құлақ салды. Жақып мырза қазақша айтқанмен, күн тәртібіндегі баршаны толқытқан мәселе ауқымында түйдек-түйдек төккен от-жалынға ораулы жігерлі сөздері елге екпінімен-ақ түсінікті болып шығып жатты. Дегенмен ара-арасында қысқаша тұжырымдап орысшалап та тұрды. Ол көпшшіліктің көктемде Қоянды жәрмеңкесінде бармақ басқан, қол қойған, осы өңірдегі тамыр боп кеткен орыстарына шейін қолдау білдірген петиция жайын еске алды. Ояздың астыртын тапсырмасы салдарынан соны Петрборға жөнелтуге оның кеңсесі түгіл, поштаның да қабылдамағанын, ақыры он төрт жарым мың азамат қол қойған құжатты мүлдем басқа қиырға тасымалдап барып әрең жібергендерін айтты... – Халықтың тілегін ақ патшаға әмірші ағзамның өз рұқсатымен жолдауға кедергі болған мұндай әкім бізге не керек? – деп төтелей тартты ол сонан соң. – Император берген бостандықтың өзін уақтылы иғлан етпей, күні бүгінге дейін жасырып келген осынау оязнайға қалай көңілің жылыр? Ол – ел басқарушы білікті әкім емес, ол – қазақ даласын сатрапияға* айналдырған жендеттердің бірі, нағыз сатрап! Орыс-қазағы аралас қала жатағы мен оқығандар қол соқты. Айнала қоршаған аттылылар ду ете түсті: – Өй, жаса! – Тура! – Дәл айттың! Өркенің өссін, Жақып мырза! Жақып мырза ат үстінде қаздиып тұрып, қалың көпшіліктің көкейінен шығып жатқан сөзін түйдек-түйдек төге берді. – Әрі-беріден кейін, мұндағы жергілікті полицияның бастығы түгіл, алыс астанада отырған ай жүзді ақ патшамыздың өзі халықтың құлы. Ол халық не дейді – соны істейді. Бүгінгі бәріміз естіген пәрменмен жарияланған бостандықты патша баршамыздың игілігімізге өз еркімен ұстата салған жоқ! – деп ол айнала бір қаранды. Сосын тамағы жыртыла жаздағандай айқаймен: – Бостандық Манифесін халық күшпен тартып алды! – деді. – Верно! – Белдыцкий жұдырығын түйіп, көкке қолын сілке көтерді. Оны оқығандардың бірі бас изеп, екіншісі дауыс қосып қолдап жатты. – Әділдік деген солай болу керек, – деп, қанағаттанғандық сезіммен бір шегелеп қойды да, ат-мінбердегі шешен жаңа бір ой арнасына ауысты. – Әділет не дейді? Мынаған назар аударыңыздар! Осынау Қарқаралы халқының әрбір жүз тұрғынының тоқсан бесі қазақ екеніне ешкім --------------------- *ежелгі парсы елінде әскери-әкімшілік аймақты солай атаған, бұл жерде – әкімі алдында күллі бодандары дір қағып тұратын, құлақкесті құл жайлағын құқықсыз өңір мағынасында.
күмәнданбайды. Бірақ сол қалың қазақты саусақпен санарлық аз орыс басқарып отыр. Бостандық жағдайында, әділдік орайында енді керісінше болуға тиіс – үйездегі санаулы орысты қарақұрым қазақ билеуге керек! Масқара! Жабайы қазақтардың делебесі қозып, құдайы беріп қалды. Бір сәт риза көңілмен у-шу болған тобырға бір, ат үстіндегі арандатушы шешенге бір көз салған Уақбай не ойларын білмеді. Іштей абдырап, шошынып тұр. Ал Жақып мұның үрейін ала түскен осындай сөздерін одан сайын төпеп, қолын сілкілеп, қызына айта берді. Өз тағдырын елдің өзі шешуге керек деді ол. Сол себепті ақ патша кеңшілік етіп, жиналуға пұрсат беріп отырған өкілдер жиналысына қадірлі кісілерімізді сайлауға дайындалайық деген ұран тастады. Тақау күнде белгілі азаматтар арқылы ауыл-ауылдың пікірлерін жинастыруға шақырды. Сосын жұртшылық бір қызық көріністің куәсі балды. Шешен шиыршық атқан сөздерін тамамдай бергенде, креші салпылдаған священник Геннадий жүгіре басып ортаға қайта шықты да, аттың артына секіріп мінуге талпынды. Танырқай қасын керген Еркіндікке бірдеме деді де, анау қолтығынан демеп жібергенде, лып етіп, Жақыптың белінен ұстап, атқа мінгесіп алды. Бұл кезде Жақып мырза көзілдірігі жалт-жұлт етіп, жұмырығы түюлі оң қолын көкке көтере: – Хұкімет төрелерін бұдан былай басындырмайық, бауырлар! – деп шаршы топқа жар салған. – Ақ патшаның өзі халық талабына сай жағып берген бостандық шырағын маздата берейік! Аттылы-жаяулы иін тірескен тыңдаушы жұрт ішінен гу-гу ризашылық білдірген одағай сөздермен қабаттасып айқай салған священниктің дауысы жұртшылықты қайтадан тым-тырыс етті. – Азаматтар! Киргиз-кайсак туыстар! Құлақ салыңдар – мен мына мырзаның жаңағы айтқандарына түгелімен қосыламын! Бәріміз бір құдайдың құлымыз, бүгінгі қуанышты күн бәрімізге ортақ... Ол қоңсы қонған, аралас-құралас отырған әр нәсіл, түрлі ұлт перзенттерінің бәрі бірдей бір жаратушының пенделері болғандықтан, осынау Қарқаралы аспаны астында бастарын түйістіріп тұрған баршасының әрдайым татулықтан айрылмауларына тілек білдірді. Сосын, алдында, ер үстінде отырған Жақып мырзаны қарынан қағып: – Марқабат етіңіз, Якуб мырза, – деді, – тәржімәлап жіберіңізші... Жақып жалынтқан жоқ. Іле даусын көтеріп: – Халайық, – деді, – алдарыңыздағы орыстың молдасы өздеріңізге жақсы тілегін арнап тұр. – Терең бір тыныстап алды да, даусын көтере жалғастырды: – Күн астында бәрімізге орын жетеді дейд, мешітіміз бен шіркеуімізге бір алла деп мінәжәт етіп, туысқан боп қатар өмір сүре берейік дейд! Азаттық пен теңдік құтты болсын дейд! – Сосын артына қайрылып, құшағын жайды да: – Қане, священник әкетай, бауырласайық! – деді. Артында атқа мінгесіп отырған священникті есін жиғызбастан бас салып құшақтай алып, жүн-жүн бетінен қатты шөп еткізіп сүйіп алды. Сосын бойын тез түзеді де:
– Тфу! – деп жерге түкіріп тастады. Жұрт ду күлді. Өз қылығына өзі ыңғайсызданыңқырап қалған Жақып жартылай бұрылып, Геннадий әкейдің қолын көкке көтерді. Алдыңғы қатардағы қалалықтар қол шапалақтады. Оязнай терезеге перде тасасынан көз салып, жиынды бақылап тұр. Әлсін-әлсін кеңсесінің ішін кезіп, ерсілі-қарсылы жүріп кетеді. Далаға бөлме тереңінен де, терезеге тақалып та қарап қояды. Ол жез мұртын жиі-жиі ширатып, әлденеге дегбірсіздене берді. Оған себеп – сонау ұзақ-сонар сөзімен тобырға арнап крамолаға* тұнған қылмысты сөз айтып жатқан Омбы сот палатасының қызметкері, түбі осы қарқаралылық Якуб мырзаның шешендігі емес, басқа... Оның ана Геннадий Иванов сынды сатқын поппен ауыз жаласуы да мұны селт еткізіп тұрған жоқ. Ояз бастығын қобалжытқан жәйт, күллі үйез қожайынының дегбірін кетіріп тұрған жәйт – өзінің әлгінде Қарқаралы командасының басы боп табылатын поручик Гомбинскийге берген әмірінің орындалмауында жатқан-ды. Тобыр құжынаған алаңға терезеден көзі түскен сайын мазасызданады. Онда мазаны алар оқиға тоқыраудың орнына, өрбіп бара жатыр... Ана бүлікшіл Белдыцкий бірдеңелерді көйітіп-көйітіп тобырды қыздыра түседі де, сөйлегіштер бірінің соңынан бірі ортаға шығады. Аттың басын ұстап тұрған қарақшының жанында кезек тосып тұрғандары қаншама, әне! Оңбаған каторожник Еркіндік Қайыпов Белдыцкиймен ауыз жаласып алыпты. Қарғыс атқыр. Қоқымбаев айтып еді, мұның есімінің өзі бір пәлеге бастап тұрады деп. Туземдіктердің тілінен аударғанда, бізше, кәдімгі бостандық деген ұғым беретін көрінеді... Манифест шығып, қарашы, айы оңынан тууын... Ерекше бір ризашылықпен, кезекті сөзуардың аяғын үзеңгіге салуын қадағалап, қолтығынан демеп жібереді... Ал поручик Гомбинский бұларды әлі тарқатар емес. Тіпті оның өзі де көрінбейді. Ал тобырды үйді-үйіне тырқыратып қуып жіберуге тиіс команда – Гомбинскийдің қарамағындағы солдаттар – Оссовский ернін тістелеп, қалш-қалш етті – байқайды, қылмысты митингіні жасаушылардың қатарына қосылып кетті... Оязнай сөйлеушілердің біразын танып тұрған. Мынау – Аяғанов. Орыс– тузем мектебінің мұғалімі. Анау – округтік сот қызметкері Төлеңгітов. Бұлардың жандарына не батып жүр екен? Қоқымбаев айтып келер. Анаң қара! – Оссовский жұмырық түйіп, терезенің жақтауын ызалана соғып қалды. – Қатардағы солдат Кишкин тобыр алдында бірдеме деп айқайға басып тұр. Кетіңдер деп жатпағаны анық, елді еліртуін қарасайшы нақұрыстың. О сұмдық, о масқара! Қолында қызыл ту... басынан асыра бұлғаңдатады кеп... Тарс-тұрс басып, кабинетін ерсілі-қарсылы ұзақ таптады. Сосын үстелінің үстіндегі мыс қоңыраудың түймесін зілді қимылмен шалт ұрып, қаңғыр еткізді. Тағы, тағы... ------------------------- * революциялық әрекетке, саяси бүлікке апаратын қылмыстық нышанға.– Лазуткин!
Қалбалақтап кірген көмекшісіне дүрсе қоя берді. Едіреңкі мұрты жыбыр-жыбыр етті. Тістене ысылдады. Немене? Крамоланы тамашалап тұр ма? Қалай? Үйез басқармасының чиновниктері үйездегі бүліншілікті терезеден қызықтай ма? Ал оны ауыздықтауды кім жүзеге асырады? Кім? Алқынып бір-ақ тоқтады. Көмекшісі басын төмен салып, күбіжіктеді. Юрий Иванович ренжімесінші... Жоғары мәртебелім, Юрий Иванович көкетайым, сіздің сәл қабақ шытқаныңыздың өзі бізге соншалықты ауыр тиеді. Ана команда бастығы Гомбинский мырзаның өзінің қарамағындағы қатардағы солдаттарын, әсіресе әнебір Кишкин мен Глебовты қалай бетімен жібергенін қинала ойлап, алаңдары тобырға бір сәт көз тастағаны рас еді... Алайда үйез бастығы оның жарамсақтана ақталуын байыптап тыңдамады да. Ол көмекшісін аса ұнатпайтын. Қазір оған мүлдем сенімсіздене қарады. Қала тұрғындары мен атты бұратаналардың бірігіп митинг өткізуіне тура бір көмекшісі кінәлідей ежірейді. Сосын ойына бірдеңе түсіп: – Плаховты! – деп ақырып қалды. – Аялдамастан маған Плаховты жіберіңіз! Басқарманың іс жүргізушісі кабинетіне кірер-кірместен, тапсырма бере бастады. Ананың оларды қағазға түртіп алуына мұрша берместен, істелуге тиіс шаруаларды үстін-үстін төкті. Шұғыл жеделхат жолдансын. Семейге. Омбыға. Бүліншілікті басуға әскер жіберілуі сұралсын. Плахов жеделхат мәтінін тез қағазға түсірсін. Сосын мына тәртіпсіздікті жіпке тізгендей етіп хаттамаға түзетін болсын. Болды. Шапшаң қимылдасын... Жабайылар өлкесін уысыңнан шығармай, әрдайым аузыңа қаратып, баланың қуыршағындай емін-еркін билеуің керек. Ол үшін сол өлкені мекендейтін жабайы бұқараның қалың ортасында өз құлағың болуға тиіс. Бұратана пиғылынан уақтылы хабардар етіп тұратын сенімді жансызың. Тілмәш Қоқымбаев тап сондай жан. Империяға адал. Государь Императордың Орыс Азиясындағы жабайы киргиз жайлаған осы бір пұшпағына көз болып отырған штабс-ротмистр Оссовскийге адал. Тайпаластарының патшалық мүддесіне қиғаш қит етпесі сезілсе болды – ізін суытпай сыбырлап тұрады. Табаныңды жалауға әзір. Жарамсақ құл. Артыңа кіріп кете жаздап тұруы, рас, кейде жүрегіңді айнытады. Сонда да оның қасыңда барына разысың. Өйткені тап осы шала сауат, жағымпаз киргиз-тілмәш оған бұратаналар қауымының тамырынан саусағын айырмай, соғысын қадағалап отырудың мүмкіндігін туғызып, жағдайын жасаған оңтайлы құралына айналды емес пе... Тапсырма алысымен құрақ ұшып, басқарма ғимаратынан тобыр ішіне қарай шығып бара жатқан Қоқымбаевты Оссовский есікке шейін осындай көңілімен ұзатып салған-ды. Қазір екінші қабаттың терезесінен жиынға қатысушылардың төбелерінен қарап тұрып, оны тез тауып ала қойды. Дөңгелек қызыл түлкі бөркін тобыр ішінен қапысыз таныды. “Бұл бәрін тап–тұйнақтай етіп орындап келеді, – деді ол ішінен. – Жаба-
йылар мұны ұлықтың қасында жүрген өз бауыры деп біледі. Әлдеқандай жәрдемі болар ма екен деген есек дәмемен, бұған беймәлім құпия біткенді айқара ашып береді”. Біршама жеңілденіп қалды. Әрине, Қоқымбаев көрген-білгенін үйез бастығына жеткізгенше асығуға тиіс. Сонау оқымысты киргиз интеллигенттерінің қараңғы бодандарды әлдебір бүлікке бастап жүруі ғажап емес. Жиында бір дүрліктіріп тұр, міне. Соңынан не істемес дейсің. Бұларды мұқият қадағаламай болмайды. Ұлы Мәртебелі Император әкетайымыздың Биік Пәрменімен берілген кеңшілік жарлы-жақыбайдың делебесін әбден қоздырып тұр. Тілі қышығандардың теріс сөздеріне лап етіп ілесіп ала жөнеледі. Тағы ана жылғы мына Ақмола үйезіндегідей бүлік бұрқ ете түсіп жүрмесе болғаны. Көзін сығырайтып, қабағын түйді. Орнынан тұрып, ойға батқан күйі, кеңсе ішінде теңселіп біраз жүрді. “Самодержец-жарылқаушымыздың жүрегі бұратаналар үшін бекер-ақ елжіреген, – деген ой зу ете түсті оның миының бір қатпарынан. – Осы бұрқ-сарқ бүлік, тәртіптің бұзылуы, істің насырға шабуы – бұларды университеттерге алып оқытудың салдары ғой. Неткен қасіретті қателік...» Озық дәстүрлі, білімді орыс офицерлерінен көш кейін, өресі тарлау Оссовский шет аймақтардағы ұзақ жылдар бойы қызмет етуі нәтижесінде болмаса да ұқсап бағып, бейне-бір еркін ойлы қайраткерше, бір сәт патшалық мүддесін күйттейтін қилы пайымдарға берілді. “Бұратаналарға тілмәш дәрежесіне жетер-жетпес білім жетіп-артылар еді. – Ұлық терезеден қалалық бақ алдындағы шойын креш-ескерткішке көз тастады. – Әкімшілік әмірін жабайылар құлағына мазмұндап аударып жеткізіп, мыйына әйтеуір патша алдындағы парызын, әрдайым билікке міндеттілігін сіңірсе болғаны ғой. Мәселе бұлардың санасын мәңгі тұманнан сейілтпей, құдайдың өзі құлақкесті құл етіп жаратқан деген иланымнан артық ештеңеге бастарын ауыртпайтындай етуде емес пе. Біздің ағартушыларымыздың тым пысықсып кеткені хақ...» Ескерткішке тесіле қарады. Қолын кеудесіне айқастырды. Ағартушы мырзалар бағдарын шатастырып алған... Басына сап етіп келе қалған осы ойын ол қуана сабақтады. Әрине, олардың көз алдарында ұдайы православиелік Русь символы тұруға керек еді. Сонда бұратаналарды кертартпа магометантстводан* айырып, тезірек шоқындырған жөн болмағын бір сәт те ұмытпас па еді, қайтер еді... Сонау 1870 жылғы патша пәрменінің өзі басты жоспарды атап айтқан болатын, мәселені ашық, төтесінен қойған: бұл бөтен тұқым жабайыларды оқытудың мақсаты – бәрін міндетті түрде орыстандыру болуға тиіс деп... Кенет крестің шойын қара сұлбасы Оссовскийдің көз алдында көкке шаншыла көтеріліп, көз қарытар жарық шашқандай болды. Оссовский көзін жыпылықтатты. О, құдіреті күшті жаратқан жалғыз! Шоқынды. Даңқың арта берсін, жаратқаным!
Христианшылдық жол! Бұратаналарды оқытудағы мақсат сол – оларды христиандыққа бағыттау. Оны үлкен ағартушы-миссионер Ильминский әбден дәлелдеп те дәйектеп айтқан. Үкіметтің өзі қолдады емес пе оны. Халық ағарту ісіне арнайы “Ильминский жүйесін” енгізді емес пе! Ал іс жүзінде ше... Бізде, орыста, ылғи осылай – тәуір оймен бірдемені қолға алсақ та, арты бәрібір былығып жатады... бұратаналардың көзін өз сорымызға аштық. Қандай қиындық тілеп алдық басымызға... Күрсінді... Тұғыр түбінен бастап, ескерткіш крестің ұшар басына шейін сүзіле шолды. Сосын баяу қимылмен тағы шоқынып, терезеден кері шегінді. Есіне көктемгі жәрмәңке оқиғасы түсті. Оқыған бұратаналар Қояндыда бас қосып, бұзық ойларын петиция етіп рәсімдеген де, қараңғы тобырдан топырлатып қол жинаған. Білгендері өздерінің басурмандық** ирек сызықтары мен ноқаттарын түсірсе, жазу-сызудан мүлдем мақұрымдары сияға малып бармақтарын басқан. Бір емес, екі емес... Он емес. Жүз емес.. Тіпті мың да емес. Бақандай он төрт мың бес жүз туземец қуаттаған еді со бір шатпақты. Тфу! – Оссовскийдің ызасы кеп, түкіріп қалды. – Бұдан былай балаларымызды өз тілімізде оқытсақ деді-ау сол крамольниктер***. Дінімізді сақтасақ деді. Дәмелерінің зорын көрдіңіз бе. Әсіресе біздің басқару буындарымызға қарсы болғандарын қайда қоярсыз. Әне, бізді либералдарымыздың жеткізген жері. Туземдіктерді ағартудың залалды салдары. Ақ императордың кеңшілігін пайдаланып, соның бәріне қол жеткізе қоймақ болды-ау... Бірақ бұл сұмпайылар, дегенмен, әлдебір жетістіктерге біртіндеп жетіп келеді... Ояз бастығы жаздан бері күллі Ресейді дүрліктірген саяси оқиғаларға ой жүгіртті. Қарқаралы холоптары мен бұратаналары да елеңдеп, алақжұлақ етуде-ау соның бәріне. Әсіресе мына Манифестің бүлдіретін түрі бар ел ішін... Әй, сүйікті ұлы мәртебелі императорым-ай... Бодандарыңа неге сонша жаның аши қарайды екенсің, ә? Бүйте берсек, бұларды уысымыздан шығарып аламыз ғой... Бұл екі арада шешендердің қызу-қызу сөздері дөңгелене бастағаны байқалды. Әлгі Белдыцкий бұзақы мен киргиз белсенділері тобыр алдында кезек үн көтерісіп, жиынның түйінін жасауға бет алған сықылды. Мұны үйез қожайыны іште тұрып-ақ бажайлады. У-шу, ду-ду, гу-гу етісіп, өңкей крамольник жиынды басқарушылардың әлдебір тұжырымдарын қуаттасып жатыр. Дуылдасын, құмарларын қандырсын... оларды не құтыртып тұрғанын қазір Қоқымбаев келгенде бүге-шігесіне шейін біліп, мәнісіне қанығар... ------------------ * мұсылмандықтан. **мұсылмандық. ***бұл жерде – революциялық әрекет ұйымдастырушылар, саяси қылмыскерлер деген мағынада.
Оссовский қапысыз аңғарған еді, алаңда толқынша толқыған қалың жұрт митингтің қарарын жаппай тұжырымдасу өз алдына, гуілдесіп, елдің өзін өзі басқару алқасын сайлаған. Бұл бұрын-соңды болмаған уақиға болатын. Жиын ағалары әкімшілікті ескі де шіріген құрылыс деп атап, халықтың өз билігін орнатамыз деп ұрандатқан-ды. Әлгінде ел алдында пікір білдірген шешендер бар, әр болыстан басқа да елге танымал жігіттер бар, бәрін атап, басқарма ағзалары еткен. Сосын жиындағы ақсақалдардың бірі және бірегейі Еркіндік бата берді. Сөйтіп сонымен митинг аяқталды. Уақбай жылыстап, басқарма ғимаратының есігіне беттеген де, жиналыс соңы шеруге ұласқан. Жаяу қалалықтар баққа қарай беттеді. Орталарында жиналыс жанын кіргізген шешендер бар. Митинг нәтижесінен туындата сабақталған әңгімеге құлақ түріп, әрі атсалысып барады. Атына күжірейе қонған Еркіндік үлкен топты мұсылмандар зиратына бастады. Қала сыртында, қабірстан алдында бәрі аттан түсті. Зираттарға тақала бере тізе бүгіп, бір сәт баршасы ойға батысты. Жарты ай ойылып салынған бағандар қағылулы бейіттерге үнсіз де тұнжырай көз салған Еркіндік көп алдында тіс жармай ұзақ отырды. Оған қатарласа жайғасқан молда тымағын шешті, басына сәлдесін орады. Еркіндік көкірегі қақ айрыла күрсінді. Сосын күңгірлеген даусымен: – Әкімді тұқыртқан бүгінгідей күнді көре алмай кеткен боздақтар-ай! – деді. Үні дірілдеп кетті. Қайтып сөйлемеді. Малдас құрған тізесіне тымағын қойып, сәлдесін түзеген серігіне мойнын бұрды. Ақырын басын изеді. Сонда молда ашық та мұңды үнмен, күңірентіп дұға оқи жөнелді. Сөйтіп, бостандық үшін құрбан болғандар аруағына құран бағышталған. Сосын отырған қалыптарында, аз-кем уақыт беймезгіл опат болғандар рухын еске алысты. Одан бәрі тобын жазбай шоқытып, қалаға оралды. Бұл кезде солдаттар мен казак-орыстар туларын аспандата желбіретіп, көшекөшені әндете кезіп жүрген-ді. Салтатты қазақтар солардың сапына қосылған. Көңілдері көтеріңкі қалың нөпір үйез бастығын бұрынғыдан да әрмен шошытты... Кешке қарай жұмыстан үйіне қайтып келе жатып, Оссовский көкірегі қақ айрыла күрсінді. Ол 17 маусым манифесімен желігіп көше кезген тобырдың билікті тануды қойғанын, басқарылудан кеткенін, тіпті, өзін, үйез қожайынын, тапап жүре беруден тайынар еместігін көрген-ді. Бағы тайып бара жатқанын ойлады. Ойлады да, қорқып кетті. Ауласына кіре бергенінде, одан әрмен шошынды. Пәтер кіреберісінен әйелі шыға келген. Үрейлі жүзбен жүгіріп келіп, оны қолынан тартқан. – Юра, – деген алқынып, – аманбысың? Тез үйге кір! – Қақпа жақта тұрған қызына айқайлады: – Вера, калитканы жап, ілгегін сал, балаларды түгел ішке шақыр!
– Не боп қалды, Люба? – деді ол қабағын керіп, ішкі толқынысын сездірмеуге тырысқан бейтараптау үнмен. Бірақ Люба оған не боп қалғанын бірден айта қоймады. Күйеуін итермелеп ішке енгізіп жіберді де, аула ішінде жүрген балаларына оралды. Қақпаның бекітілуін қадағалады. Сосын бәрін ішке шақырды: – Күн суытып барады, үйге кіретін мезгіл болды, – деді. Дәлізде сырт киімін шешкен қалпы, абдырай аялдаған күйеуіне қобалжи қарап: – Ана көшеде жүргендер менің үрейімді қатты алды, – деді. – Әсіресе, көктемде жәрмеңкеге айдаудан қашып келген киргиз... Оссовский селк ете түсті. Тағы қашқын каторожник... Басқарма алдындағы алаңда өткен жиында көңіліне кірген секемді әйелі өстіп күтпеген жерден қайта жандандырды. – Не айтып тұрсың? Оны қайдан көрдің? Әйелі оны соңына ілестіріп, ішкі бөлмеге өте берді. Есікті ішінен нығыздап тұрып итере жапты да, Оссовскийге толқи сыбырлап, қарақшыбұратана туралы осы уақытқа дейін бұған беймәлім болып келген бір жәйтті баян қылды. Соны естіп, бұл оязнай басымен дал болған. Төбелеріне қызыл ту желбіретіп, көше-көшені кезген тобыр, қаланың интеллигент бұзақылары бастаған тобыр үйез бастығы екеніне қарамастан, тура өзіне де қыр көрсеткен. Сондай елемеушіліктерін тап пәтерінің алдында тағы бір танытқаны әлгінде ғана еді. Сонда шерушілердің алдында қасқайып топ бастап келе жатқан ана оңбаған қарақшы-қазақты әйелі тани кетіпті. Оны Люба көктемдегі жәрмеңкеден білетін. Қашқын қаторожник деген жаман аты шығып жүрген күндердің бірінде үйінің алдынан көрген. Үрей шақыра көрінген. Сұмпайы киргиз санасында содан жатталып қалған. Сондықтан да әлгінде көзіне оттай басылыпты. Несімен үрейлендірген дей ме? Күйеуіне сол шақта айтпаған еді, енді ғана тәуекел етіп отыр, тыңдасын. Сол қарақшы жайында әуелі қызы Верочка өзіне сыр ашқан. Сосын келініне атасы Иван Казимирыч те айтып берген. Және қорқынышты жәйтті әңгімелеген. – Люда, – деген атасы, жандырма құйылған ыдысты басына төңкере сіміріп, – Люда, мен ана қарақшыдан қауіптенем. Ол кек алғалы жүр. Верочкадан қорқам, пәлесі жұғып кете ме деп. Міне, мынаны немеремнің мойнынан өзім шешіп алдым, – деп, қалтасынан баулары көмескі жарық шашып сусылдаған зергерлік бұйымды әперген. – Сен ұста, берме Вераға, – деген, – дұрысы, әлгі қарақшы көзіңе түссе – соңынан лақтырып таста. Бар пәле сонымен кетсін, – деген. Әйелінің қолындағы асыл тастармен безендірілген күміс алқаны қолына алды. Шынжыр бауын, салпыншақтарын жазып қарады. Қымбат мүлік. Жас кезінде оны әкесі көшпенділер ауылын тәркілеу кезінде қолға түсірген екен. Соны әлгі қарақшы танитын сияқты. Ертеде араларында соған байланысты бір қақтығыс болған секілді. Уысына қысып, біраз ұстап отырды, сосын мундирінің қалтасына тыға салды.
Қоқымбаевтың айтқан сөзінің жаны бар болғаны ғой. Қарақшы әкесіне осы алқа үшін өштесіп жүрген екен-ау. Ал әкесінің өліміне ол сұмырайдың қаншалықты қатысы бар? Людмила бұл жайында күдіктенерлік ештеңе айтпады. Қарқаралыда, шүкір, көпес көп, ұзын саны, әй, жетпістен асып жығылар. Бірақ ішінде Қайыр төре Ақпаев тәрізді беделі күллі қырға тараған алпауыт не жоқ, не саусақпен санарлық. Оны қашанда шартараптан небір ығай мен сығай іздеп келіп жатады. Осы өткен жәрмеңкеде тіккен үйлері, Қоқымбаевтың донесениелеріне қарағанда, күллі хүкіметтен жасырын өткізілген жиындардың ұясына айналды. Тыныш елді дүрліктіріп, крамолалы* науқан ұйымдастырғандар – сол шонжарға ірі қалалардан қонақ болып келген оқығандар ғой. Олар алдарына Ақпаевты салып, петицияны Санкт-Петербургке үйез кеңсесі арқылы жібергілері келді-ау! Ах, қу сұлтан! Оязнайдың алдына қалай мәймөңкелетіп келіп еді ол! Бай да беделді бұратана. Дегенмен, соның өзінің, шындап келгенде, қала келбетіндегі алатын орыны шамалы-ақ қой. Қаланы іс жүзінде Рязанцевтер мен Бекметевтер салды деуге болады. Осы қос көпес әулетінің қолтаңбасы ғой мұнда сайрап жатқан... Қарқаралының кірпіштен салынған бөлігінің негізін ағайынды Рязанцевтер қалады, ал ағайынды Бекметевтер қаланың ағаштан тұрғызылған бөлігін салды. Олардың байлықтары ел аузында аңызға айналып кеткен. Андрей інілерімен күллі сауда тұтқасын ұстаса, Хамидолла мен оның бауырлары (ол да Андрей секілді үш ағайынды) одан асып, кәсіпкерлікке барған. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын Бекметевтер Балқаш көлі жағында кеніш ашты. Кеніш Хамидолланың інілерінің бірінің қызының атымен Гүлшат деп аталды. Сол жерде Гүлшаттың шикізатымен жұмыс істейтін қорғасын-күміс зауытын салды. Зауытқа сексеуілді отын етті. Ал ол жетпіс бес шақырымнан тасылды. Он жылдан кейін ағайынды Бекметевтер кәсіпорындарын көпес Деровқа сатып жіберген. Өйткені үкіметтің салыққа байланысты берген жеңілдіктерінің мерзімі аяқталған-ды, сондықтан одан әрі бұл кәсіпорынды ұстау тиімсіз болатын еді. Тағы бір және бірегей себеп – өнімді шығару базары алыс, жол қиын. Мұндай қиыншылықты кәсіпкерлердің көбі тартып жүр. Олар үйез бастығы ретінде Оссовскийге жақсы таныс. Мәселен, Қарқаралының оңтүстікбатысынан отыз шақырымдай жердегі көпес Маляхинский ашқан Крещенский қорғасын-күміс зауыты да көп жыл істемеді. Себебі, зауытта Күзеу Адыр кенішінің кені қорытылатын, ал бұл зауыттан кеніш жүз сексен шақырым қашықтықта жатқан жоқ па. Сексеуілді отыз шақырымнан таситыны тағы бар. Мұндайға кім шыдас берсін. Дегенмен Бекметевтердің соңғы жылдары қолға алған кәсіпорыны өрлеп тұр... – Талай естіген шығарсыз, ертеректе бір қызық болған. Бұл өзі күллі Қарқаралы өңіріне мәлім әңгіме. Күндерде бір күн Андрей Сильвестрович пен Халиолла Хамитұлы пәстесіп қалыпты. Неге дейсіз ғой? Байлық
таластырып. Жұртқа қызық керек, бәрі куә боп қарап тұрыпты. Ішіне бес шелек су кететін екі самаурын көпшілік ортасына қойылса керек. Отын орнына ақшасын жағып, қайсысы өзіне бөлінген самаурынды бұрын қайнатса – сол ұтады деп уағдаласыпты. Ол кезде бір қойдың бағасы қазіргіден бес-алты есе арзан – елу тиын болған ғой, бұлардың отқа жаққан байлығының мөлшерін содан біле беріңіз... Бекметев ұтқан екен. өйткені от отқа ақшасын шиыршықтап орап тастап тұрыпты, ал Рязанцев – бүктемей, жазып салыпты. Мұның отқа жапырақжапырақ боп қалықтап түскен ақшасы жалп етіп тез жанып кете беріпті, ал шиыршықталған ақша қызуы мол болып, ұзағырақ жанған көрінеді... Бүгінде Андрей Сильвестрович шау тартты, іске көп араласпайды. Інілері, балалары шаруалап жүр ғой, құдайға шүкір. Ал оның досы Халиолла Хамитұлы осы жазғытұрым дүние салды, қазір оның сауда-саттығы да, кәсіпорыны да інілері мен балаларының қолында. Айтпақшы, күні кеше ғана митингіде ұзақ сөз сөйлеп, елді бүлікке шақырған оқымыстысымақ Жақып мырза Ақбаев – соның күйеубаласы. – Қалай? Білмейді екенмін, Ақпаев пен Бекметев құда ма сонда? – Жо-жоқ, құрметті Юрий Иванович, олар фамилиялас қана. Сұлтан Ақпаев – чингизид,* төре тұқымынан. Ал мынау – жергілікті тайпадан. Беріктас болысындағы киргиз байының – Жандеркенің Ақбайы дегеннің баласы. Ақбайдың әкесі құлшылық етіп Меккеге барған, содан оралған жоқ – сүйегі араб елінде қалыпты. Байлығын бұл күнде ықтияттап ұстап, үстемелей түсіп отырған – Ыбырай деген үлкен баласы. Ал мына Жақыбы оқу соңына түсіп кеткен, Петербургте оқыды, бір-екі жылдан бері Омбыда. Қазірге дейін мировой судья** болған, бірақ кешегідей ділмәрлығы үшін одан айрылды. Ол осы келгенінде, меніңше, Омбыдағы революциялық жиындарға қатысып, үкіметке қарсы сөз сөйлегені үшін жұмыстан босап келді... Оязнай қызыға тыңдады. – Білемісіз, ол мұнда қайынатасы қайтыс болғанда бір келіп кеткен. Үлкен Бекметевтің дүние салған уақыты – жәрмеңке ашылардың қарсаңы еді ғой. Атасын жерлегеннен кейін қайтып кетті де, қырқына қайта оралды. Жәрмеңкенің қызған кезі еді. Қояндыдағы дүбірді ұйымдастырушылардың бірі сол. Сіз олардың арыздарын поштаға алғызбай қойып едіңіз ғой, сонда жолдастарымен бірге оны Омбыға алып кеткен. Жоғарыға сол жақтан жіберді. Астанадағы газетке жариялатуға септескен де соның Петербургтегі сыбайластары. Бұл хабарларды айтып отырған Төрегелді Шыңғысов кезінде осы атақты Бекметевтердің бірімен, сондай-ақ Корниловтардың үлкенінің тұңғышымен – осы күні жапондармен соғыста жеңілсе де, қаһармандығымен аты шығып, шен де, марапат та алып жүрген Лаврмен Сібір кадет корпусында бірге оқыған. Парасатты бұратана. Уақбай Қоқымбаевтай аса жағымпаз да емес, бірақ бұл да жусаннан аласа, бетегеден биік боп тыныш жүретін, империяға адал қызметші. ----------------------- * Шыңғыс хан ұрпағы. ** Ұсақ басбұзарлық және азаматтық істерді қарайтын судья.
Оссовскийге Шыңғысов бір көргеннен ұнады. Ол Омбыдан осында қызмет атқаруға келіп отыр. Түбі осы жердікі. Ел ішінің жайын, бас көтерер адамдарын, олардың жіктерін жақсы біледі. Бүгінгі таңда оязнайға осындай сенімді киргиз керек-ақ еді, дұрыс болды. Ол митингке үлгермеген екен, бірақ келе сала бәрін естіп, біліп алыпты. Қазір сол бүлік сипатты дүрлігіңкі күн оқиғасын жақсылап талдауға атсалысып отыр. Әрі ақпараты елеулі, әсіресе, Бекметевтің күйеубаласы жайында. Ортаға салынған ақпараттарды Қоқымбаев та үстемеледі. Ақбайдың Жақыбы ауыл-ауылдан атқа мініп еліріп, өсек-аяңға құлақ түре келген көшпенді бұратаналар тобын атасының жасыл шатырлы зәулім үйінің алдына иіріп қойыпты да, шатыр үстіне шығып, тағы да ұзақ-сонар, крамолалы, қылмысты сөздер айтыпты. Енді ел өзін өзі басқарады депті. Әр ауылдан бір-бір өкіл осындағы өздерімен тұрақты байланысып тұруы қажеттігін ескертіпті. Митинг аяқталған соң-ақ ана ауылшаруашылық мектебінің меңгерушісімен, тағы бірқатар керауызбен бірлесіп, үкіметке қарсы нақты жұмыстар жүргізуді қолға алыпты. Содан хабардар етіпті. Соның алдындағы, сондағы, одан кейінгі сөздері мен іс-әрекеттеріне қарағанда, Омбысына оралу ойында жоқ сияқты. Есіл-дерті осы ел ішіндегі үкімет билігінің мазасын алу тәрізді. – Ол, шынында, енді Омбыға өзінің мировой судья лауазымымен қызмет атқарамын деп орала қоймас. Мұнда әйелі жас босанып жатыр, өзі бұзық ниетіне сәйкес ермек тапты, енді осында біраз жүретін шығар... – деді Шыңғысов. – Бақылау қойылсын, – деп түйді Оссовский, – Қоқымбаев мырза, сіз оның әр басқан қадамын біліп отыруға тырысыңыз. Шыңғысов мырза, сіздің онымен тікелей байланыс жасап көргеніңіз дұрыс болар. Күні кешегі омбылық қызметкерлер ретінде ортақ сөздеріңіз болып қалар, жақсылап тұрып тамырын басып көріңіз... Оссовский шіркеу қызметшісі Рождественскийді қуырып отыр. – Бұл қалай, әулие әкей? Сіздерге не болған? Православие шіркеуі қашаннан божий помазанник еркіне қарсы жүре бастады екен? Әлде бұл тек Геннадий әкейдің шығарған өнері ме? Дьякон шоқынды. – Мәртебелі мырзам, священник Геннадийдің де, менің де басымызға ондай күнәкәр ой келген емес... – Солай дей тұрсаңыз да, крамолаға шылқып тұрған митингте крамольниктер жағында болып сөз сөйледіңіздер. Жә, жә, түсінемін, бастығыңыз сізден рұқсат сұрамайды ғой... Онысы үшін Геннадий әкейдің біздің шіркеуде бұдан әрі священник болар-болмасы басқа жерде таяу уақытта шешіліп қалар... Бірақ сіз байсалды дін қызметшісі ретінде, бұл бүлікті де, оған қатысушыларды да айыптайды деп ойлаймын. Әзірге, сол қадамыңыздың бастамасы болсын, мына құжатпен танысыңыз да, қол қойыңыз... Үйез бастығы алдындағы қағазды көтеріп, дьяконға ұсынды. Анау алдына алып, күбірлеп оқи бастады: – «1905 года, ноября 17 дня. Каркаралинский уездный начальник штабс-ротмистр Оссовский при участии нижепоименованных понятых: диакона каркаралинской Княже-Владимирской церкви Владимира
Александровича Рождественского, купцов Петра Селиверстовича Рязанцева, Василия Петровича Рязанцева и других нижеподписавшихся лиц – составил настоящий протокол о нижеследующем: 15 ноября сего 1905 года после объявления русскому и киргизскому населению города Каркаралинска высочайшего манифеста 17 октября, многочисленная толпа, крайне возбужденная против властей противозаконными речами некоторых лиц, направилась под красными флагами по улицам города с пением и криками “ура”».* – Басын көтеріп, әкімге қарады. – Иә, Юрий Иванович, солай болды ғой өкінішке қарай... Үйез бастығы салқынқандылық көрсетіп, жәй ғана: – Біз болған жайды ғана тіркеп отырмыз... – дей салды. Дьякон оқуын жалғастырып отыр. – «Около 4 часов вечера я, каркаралинский уездный начальник штабсротмистр Оссовский, вышел из здания уездного управления к себе домой. В это время толпа прошла уже мимо моей квартиры, но по знаку, данному из квартиры лесничего г-на Астреина, живущего против моей квартиры, толпа была возвращена обратно. Во главе толпы, состоящей большею частью из верховых киргиз, ехал под красным флагом помощник лесничего г-н Глебов, направивший толпу прямо на меня»...** Ойпырмай, құдайым-ай, бұл мырзалардың дендері сау ма екен өзі?.. Неткен сұмдық...Оязнай мұртын сипап, ақырын иек қақты. Одан әрі таныса беріңіз дегені. – «Когда я поровнялся с толпой, на крыльцо квартиры господина лесничего вышел он сам, г-н Астреин, управляющий сельскохозяйственной школой г-н Белдыцкий, учитель сельскохозяйственной школы г-н Чемоданов и рядовой каркаралинской местной команды Кишкин».*** Дьяконның даусы шықпай қалды. Жұтынды. Сосын әрмен қарай оқыды. – «Все эти лица стали кричать: “Долой полицию! ” и платками и шапками подавали толпе знаки на меня, явно возбуждая толпу против меня, как начальника полиции».**** О құдай, имансыздар... ----------------------------- * «1905 жылғы қарашаның 17-ші күні. Қарқаралы үйездік бастық штабс-ротмистр Оссовский төменде аталған куәлердің: Қарқаралыдағы Князь Владимир шіркеуінің диаконы Владимир Александрович Рождественскийдің, көпестер Петр Селиверстович Рязанцевтің, Василий Петрович Рязанцевтің және төменде қол қойған басқа да адамдардың қатысуымен – төмендегі туралы осы хаттаманы жасады: Биылғы 1905 жылдың 15 қарашасында Қарқаралы қаласының орыс және қазақ тұрғындарына 17 қазандағы аса жоғары дәрежелі манифесті жария еткеннен кейін, қалың тобыр, кейбір адамдардың заңға қарсы сөздерімен өкіметке қарсы шектен шыға қозып, қала көшелерін аралап кетті, төбелеріне қызыл тулар көтерді, әлдебір қоздырғыш әндер шырқады және «ура» деп айқайға басып жүрді». ** «Кешкітұрымғы сағат төрт шамасында, мен, қарқаралылық үйездік бастық штабс-ротмистр Оссовский, үйез басқармасы ғимаратынан шықтым да, үйіме беттедім. Бұл уақытта тобыр менің пәтерімнің қасынан өтіп бара жатқан-ды. Бірақ, менің пәтерімнің қарсысында тұратын орманшы Астреин мырзаның пәтерінен берілген белгі бойынша, тобыр кері қайтарылды. Тобырдың көпшілік бөлігі салт ат мінген қазақтар болатын, солардың алдында атқа мініп қызыл ту ұстаған орманшының көмекшісі Глебов мырза келе жатқан, сол тобырды тура маған қарай бағыттап жіберді». *** «Мен тобырмен қатарласқан кезде, орманшы мырзаның пәтерінің кірер аузына оның өзі, Астреин мырза, ауылшаруашылық мектебінің меңгерушісі Белдыцкий мырза, ауылшаруашылық мектебінің мұғалімі Чемоданов мырза және қарақаралылық жергілікті команданың қатардағы жауынгері Кишкин шықты». **** «Осы адамдардың барлығы: “Полиция жойылсын!” – дегеп айқайға басты, сөйтіп орамалдарымен және баскиімдерімен тобырға мені нұсқап, белгі беруге кірісті, солайынша олардың тобырды полиция бастығы ретіндегі маған қарсы қоздырып айдап салуға тырысқаны анық көрініп тұрды».
– Сіз оларды көрсеңіз ғой... – «Остановиться или бежать было бы не только унижением правительственной власти, но и позором офицерского мундира, который я имею честь носить...» * Қандай әдемі тұжырымдағансыз бұл ерлік әрекетіңізді, мәртебелі мырзам. – Одан әрі де іштей оқып барып, әкімге тік қарады. – өте салмақты, нағыз үкіметтің сенімді адамының сөзі... Дәл, құрмет тұтатындай салтанатты дәрежеде, қысқа да нұсқа айтыпсыз. Офицер айбарымен, өр кескінмен, аспай-саспай, үйіңізге өткеніңізді жақсы беріпсіз. Қағазға қайта үңіліп, күбірін жалғастыра берді: – «В группе русских должностных лиц я видел явное издевательство над правительственной властью и гнусное желание вызвать кровавую расправу толпы, опьяневшей от произнесенных злонамеренными лицами зажигательных речей, со мной, как представителем правительственной власти. Полную нравственную оценку этого интеллигентного хулиганства устанавливает тот факт, что лица, желавшие кровавой со мной расправы толпы, хорошо видели, что в окно смотрела моя жена, а у ворот стояли мои дети».** Басын көтеріп, үйез бастығына қарады: – Бұл не сұмдық, Юрий Иванович? Любовь Николаевна қарап тұрды дейсіз бе? Костя, Вера, Оля, Сема – балалардың бәрі бұл жүгенсіздікке куә болған екен-ау? Дін қызметшісінің оязнайдың үй-ішін жақсы білетінін сездіріп, тым ежелеп бара жатқанын жақтырыңқырамағандай сарынмен, әкім: – Костя Омбыда, оқуында, – деді. – Ол жәй куә боп қарап тұруға шыдамаған болар еді. – Шынында, қызу қанды жастардың мұндай пәледен аулақ жүргені мақұл... «После проезда толпы мимо моей квартиры лесничий Астреин, рядовой Кишкин и учитель Чемоданов вышли из квартиры г-на лесничего и, проходя мимо окон моей квартиры, кричали: “Долой полицию! ”. О таковых возмутительных действиях г-д Астреина, Белдыцкого, Чемоданова, рядового Кишкина и Глебова я, каркаралинский уездный начальник, постановил записать в настоящий протокол и представить таковой его пр-ву, г-ну семипалатинскому военному губернатору для привлечения виновных к ответственности по суду».*** Дұрыс жазған екенсіз, Юрий Иванович, әрине қолдаймын... Юрий Иванович сиясауытты дьяконға қарай жылжытты. --------------------------------------- * «Аялдау немесе жүгіре жөнелу тек қана үкімет билігін қорлау ғана емес, өзім киіп жүру құрметіне ие болған офицер мундирін масқаралау да болып табылар еді». **«Орыстың лауазымды адамдары тобынан мен үкіметтік билікті анық мазақ етіп қорлағандықты және пиғылы жаман адамдардың қанды қыздыратын сөздеріне естері кетіп масайраған тобырдың үкіметтік билік өкілі санатындағы менімен қанды есеп айырысуға ұмтылуын туғызғысы келген пасық ниетті көрдім. Осынау интеллигенттік бұзақылыққа сай келетін толыққанды адамгершілік бағаны мына дерек белгілейді: тобырдың менімен қанды кек алу жолымен есеп айырысуын аңсаған адамдар терезеден әйелімнің қарап отырғанын, ал қақпа босағасында менің балаларымның тұрғанын айқын көрген ед». * «Салтатты тобыр менің пәтерімнің жанынан өтіп кеткеннен кейін орманшы Астреин, қатардағы солдат Кишкин және мұғалім Чемоданов орманшы мырзаның пәтерінен шықты да, менің пәтерімнің терезелері алдынан өте беріп: “Полиция жойылсын!” – деп айқайлады. Астреин, Белдыцкий, Чемоданов мырзалардың, қатардағы солдаттар Кишкин мен Глебовтың осындай ашу тудыратын әрекеттері жайында мен, қарқаралылық ояз бастығы, осы хаттаманы жазуға және сол қалпында оны жоғары мәртебелі семейлік әскери губернатор мырзаға, айыптыларды сотпен жауапқа тартуы үшін, ұсынуға қаулы еттім».
Дьякон бөлмесінен шыққаннан кейін, әкім жоғарыға жіберілуге тиіс түрлі ақпар, хат, ақпаратқа қол қойды. Іс жүргізушісі қол қой ғ ы з у ғ а әкелген соңғы қағаздарын алдынан әкеткеннен соң ғана орнынан тұрып, бойын жазды. Иығынан ауыр жүк түскендей, кішкене сергіп қалғандай болды. Ақырын басып бөлме ішімен жүре бастады. Со кезде кабинетінің есігі серпе ашылды. Әкім таңырқаған жүзбен кері қарай мойнын бұрды. Ішке нық басып, гүржиген Еркіндік кіріп келе жатты. Қолында салмақтай ұстаған дырау қамшысы бар. Оязнай дірілдеп кетті. Қалай? Мына қарақшы бөлмесіне қайтіп еніп кетті? Кім оны бұған кіргізіп жіберген? Кезекші қайда? Көмекшісі қайда жүр? Миында сан сауал сумаң-сумаң бой көрсетіп, басының бар қатпарын зу-зу шарлады. Бойын жиып, қатулануға тырысты. Әй-шәй жоқ ентелеп төне берген енгезердей қарақшының екпінінен сәл шегіншектеген оязнай, дегенмен, өзін айбарлы ұстауға тырысып: – Сіз кімсіз? – деді. – Сізді мұнда кім кіргізді? Үні соншалықты суық шықпады, тіпті өзіне құмығыңқы естілді. Салқын шырайлы Еркіндіктің сескенер түрі жоқ, оған өңмеңдей тіреліп: – Оязнай, сенің әкеңде менің кегім кетіп еді, – деді күңгір-күңгір еткен даусымен, жап-жатық орысшалап. – Мен оны тұншықтырып тастауға тиіс едім. Оссовский кері шегінді. Арқасы қабырғаға тигенін сезді. – Бірақ оған Жаратқан Жалғыздың Өзі ара түсті, Ол әкеңді Өз иелігіне менің көмегімсіз-ақ алып кетті. Мына күтпеген ахуалдан айран-асыр сүмірейіңкі күйге түскен әкім: “Шүкір құдайға, әкемнің өлімі мына каторожниктен келмеген екен, әйтеуір,”– деп ойлап үлгерді. – Бірақ кек қайту керек. Өзінен болмаса – тұқымынан! Оязнайдың бойы мұздап кетті. Каторожник өндіршектеп алға жылжып келеді. Мұны құдды қабырғаға жапсырып тастайтындай. Төбе құйқасы шымырлап, денесі қалтырап қоя берді. Қалтасынан кеселді алқаны шынжырын шұбалта суырып алды. – Мә, әкемде кеткен дүниеңді өзің ал! Еркіндік бір сәт аңырып қалды. Асыл тастары жарқыраған күміс алқа, зергер әкесі кенже қызына арнап соққан әшекей, бала Еркіндіктің тал шыбықтай бұралған балғын әпкесі Кенжештің көркіне көрік қосқан әсемдік... Сонау алыс жылдардағы мәңгі ұмытылмас қаралы оқиға ескерткіші... Еңгезердей қарақшы нәзік бұйымды қос алақанына аялай салып, бір мезет оған тебірене үңіліп қалды. Көзі тұманытып кетті. Шықшыты тұсынан бұлшық еті бұлтиды. Шамасы, алқа әлдебір естелікті тұтатып, содан толқығандығынан қатты тістенсе керек. Ал оң білегінде – қайыс бауымен ілінген темір өзекті он екі өрім ауыр ұрыс қамшысы, зілдей боп, сабынан жазыла, зәр шаша салбырайды. Түюлі қаршыға қабаққа сескене көз салған әкім: ”Осынша үрейлі басбұзар, жауыз... ал өзі жылап тұр”, – деп ойлады. Үрейлі басбұзар және жауыз Еркіндік қос алақанында жатқан жанына қымбат алқаға бетін тигізді. Сосын басын көтеріп, әкімге қаһарлы жанарын қадады.
– Оязнай, – деді ол. – Әкең тозақ отына күйіп сазайын тартты ендігі. Мына алқаны соққан менің әкем мен оны таққан әпкемнің аруағы, мыңдаған жазықсыз жапа шеккен менің туысқандарымның аруағы атты әкеңді. Көзін оязнайдан айырмай, алқаның нәзік шынжыр баулары мен салпыншақтарын абайлап жинастырды. Қойнына тықты. Сосын қаһарлана шыққан қорқынышты даусымен: – Енді саған да кезек келді, – деді. – Халық ояздағы билікті өз қолына алды, естимісің, оязнай? – Шүйіле қарап тұрып, сәл ойланды. – Енді сенің тіршілігіңде мән қалған жоқ. Сенің барың не, жоғың не. Мен сені жаһаннамға аттандырсам ба деп едім, – сыртынан қойнын сипады, – бірақ, қидым жаныңды. Сен енді тездетіп табаныңды жалтырат, Қарқаралыдан қараңды батыр! Естимісің? Өз еркіңмен көзіңді жоғалт! Әйтпесе... Дырау қамшысын сағағынан мыта ұстап, қолын салмақтай сілкіп қойды. Сосын сабасына түсіп: – Ұқтың ба? Саған мұнда енді жұмыс қалған жоқ, – деді. – Келген жағыңа, әйтпесе тағы бір тоятын жағыңа көшіп кет! Мен саған осыны естіртемін, кәззап!!! Тілден айрылып, қимылсыз сілейіп қалған әкімге төбесінен тағы бір түйіле көз тастады. Сосын кері бұрылды. Кең адыммен бөлмеден шығып жүре берді. Қабырғаға сүйенген қалпы Оссовский есін жия алмай едәуір уақыт тұрып қалды. Біртіндеп бойына байырғы қуаты құйылды. Жүзі қалыпты түрге енді. – Лазуткин! – деп айқай салды. Лазуткин келе қоймады. Әкім ашулана басып барып есікті жұлқа ашты. Қабылханасында тірі жан жоқ екен. – Сұмпайылар! – деп күрсінді ол. Сосын ашық тұрған қабылдау бөлмесінің есігінен дәлізге қарай басын бұрып: – Плахов! – деп зірк ете түсті. – Шұғыл бермен келіңіз! Дәлізден асыға басқан аяқ дыбысы естілді. Митинг өткеннен бергі аз уақыттың ішінде Семей облысының әскери губернаторы, Дала генерал-губернаторы, империя астанасындағы Ішкі істер және ағарту министрліктері үрей қысқан Қарқаралы қожайыны рапорттарының астында қалды... Омбыда, Дала генерал-губернаторының кеңсесінде, лауазымды чиновниктерін кабинетіне шақырып алған зиялы жүзді генерал Сухотин ақырын дауыспен: – Мырзалар, біз темір жол бойы қауіпсіздігін сақтау жолында біраз іс тындырдық, – деді. – Бірақ кейбір облыстарымыздағы алыс үйездерде мазасыздықтар орын алып тұрған сияқты. Алдында жатқан құжатқа көз салды.
– Семей облысында жағдай шиеленісіп тұр білем. Міне, Қарқаралы үйезінің бастығы не дейтінін тыңдаңыздар. Оның жағдайы мүлдем мәз емес. Қағаздан қызыл қарындашпен асты сызылған жолдарды оқи отырып, әлгінде естірткен ойын сабақтаған сипатта сөйлей бастады: – “Тысячная толпа, с участием верховых киргиз, с красными флагами ходила до вечера по улицам города, у станицы с пением и лозунгами”...* – Отырғандарға жағалай сүзіле қарап шықты. – Шамасы, революциялық әндер айтып жүрген болуға керек. Ұрандары да, тиісінше, мемлекеттік құрылысты мансұқтауға бағытталған болар... Міне, не деп айқайлап жүргендерін де көрсетіпті: “...со стороны группы русских чиновников: “Долой полицию! ”, со стороны киргиз – “Долой крестьянских начальников!” ** Ал мұны сіздер қалай бағалар едіңіздер? Қандай шара қолданғанды жөн көрер едіңіздер? Орынбасарларына, департаменттер бастықтарына сұраулы жүзбен көз салды. Алайда жауап тосқан жоқ. – Мына қарқаралылық бас полицмейстер былай дейді: “Мной не произведено ни одного ареста, не сказано резкого слова, были приняты все меры успокоить народ мирным путем”.*** Бұған не дейсіздер? Жұртты ашындырып алмау үшін солай еткен дұрыс та болар. Бірақ ақыры неге апарды дейсіздер ғой? Тағы да тізіліп отырған қарамағындағы шенеуніктеріне сынай көз тікті. Ешкім былқ етер емес. – Тыңдаңыздар: “В данное время в Каркаралах группой чиновников организован революционный комитет; местная команда деморализована влиянием сосланных в команду, команда участвовала в демонстрации, солдат нес красный флаг...**** Бұл не? Жаппай бұзылу болғаны ма? Революциялық комитет құруға дейін жол беру дегеннің не екенін сіздер елестете аламысыздар өзі? Тым-тырыс. Генерал Сухотин сұсты жайбарақаттықпен жалғастыра берді. – Көшпенділер, бұл уездныйдың пікірінше, үлкен қауіп төндіретін сықылды. Міне: “По долгу присяги докладываю, что положение серьезное, среди киргиз, при таких условиях, национальное движение возможно, степь возбуждена до крайности”.***** Мырзалар, бұл елеулі ескерту. -------------------------------- * “Ұзын саны мың қаралы тобыр, оған аттылы қазақтардың қатысуымен, кызыл ту көтеріп, кешке дейін қала көшелерінде, станица түбінде ұрандатып, ән шырқап жүрді”. ** “Орыс шенеуніктері тобының тарапынан: «Полиция жойылсын!», қазақтар тарапынан: «Шаруа бастықтары жойылсын!» – деген ұрандар тасталды”. *** “Мен бір-де-бір адамды тұтқынға алған жоқпын, қатты сөз айтпадым, халықты бейбіт жолмен тыныштандырудың барлық шараларын жасадым”. **** “Қазіргі кезде Қарқаралыда чиновниктердің бір тобы революциялық комитет ұйымдастырды, жергілікті әскери команда арасына жіберілген үгітшілердің ықпалымен қожырап кетті, команда демонстрацияға қатысты, солдат қызыл ту көтеріп жүрді...” ***** “Ант жүктейтін парызыма сәйкес баян етемін: жағдай ауыр, қазақтар арасында, осындай ахуалда, ұлттық қозғалыс тууы ықтимал, дала шектен шыға еліріп тұр”.
Жаңылыспасам, генерал Галкин Семейден Қарқаралыға жасақ аттандыру шаруасын қолға алды. Жағдайды шұғыл зерттеу керек. Офицерлердің қаламұштары шиқ-шиқ етті. – Далада соғыс жағдайын жариялауға рұқсат сұрауымыз керек болар. Генерал-губернатор көзәйнегін түзеді. – Тездетіп барша дала қалалары бойынша анықтама жасаңыздар және тиісінше шапшаң жүзеге асырылуға тиіс ұсыныстар әзірлеңіздер. Қарқаралы үйезі бастығының үрейлі жеделхаты мен басқа да ақпараттары ресми айналымға алынып, Дала әкімшілігі кең көлемді нысаналы ұйымдастыру шараларын жүзеге асыруға кірісіп кетті. Үйез әкімінің зәре-құты қалмай шошынатын реті бар-тын. Қарт күрескер Еркіндік оның кабинетіне баса-көктеп кіргенде, іс жүзінде, елдің еркін білдіре келген-ді. Ел-жұрттың көңіл-күйін Қоқымбаев пен Шыңғысов секілді сенімді жансыздары да тура жеткізген. Табанының астындағы жер жылжып кеткен тәрізденді. Шын қорықты. Өйткені көкірегінде сәулесі бар қарқаралылық орыс-қазағы аралас жігіттер, қалалық жиналыста ел сеніміне ие болған бетте, ел басқару ісін өз қолдарына алған болатын. Олар Манифест арайында бостандық күндері туды деп есептеді. Бостандық күндеріндегі көтеріңкі көңіл-күйге сай, әміршілдік құрылыс күзетшісі болған ескі режимнің күні өтті деп санады. Үйез бастығының кетуін талап етуге қаулы алды. Жастардың мүндай шешімтал әрекеттеріне риза бола тұрып, Еркіндік өзін тұңғыш рет кәрі сезінді. Ана жылы серіктерімен қопарыла көтеріліп, халықты ереуілге бастағанындағыдан қазір заман мүлдем бөлек еді. Онда жастар мұның аузына қараған. Жауға атойлап шабуды бастасын деп. Енді керісінше, бұл оларға қарады. Жұртты білімге негізделген жаңаша күреске бастасын деп. Сол ретте жастарға сенді және үміт артты. Қазіргі жас күрт озған екен. Тіпті көктемгіден де көп ілгерілеген. Ол ә дегенде жәрмеңкедегі бас қосуларда патшаға өтініш айту тәсілінің мақұлдануына қынжылған. Үкіметке тілекхаттың жазылуын да, оған жұрттың жапа-тармағай қол қойғанын да ә дегенде қош көрмеген. Егер әлгі бар болғыр Өтеміс (көтеріліс басында тұрған, көтерілісте оққа ұшқан үзеңгілес досы Батырбай батырдың баласы, демек мұның да баласы болып табылатын қаршадай Өтеміс) табанды түрде түсіндіріп, үгіттемегенде, сол петицияға мүлдем қол да қоймаған болар еді. Енді бүгін жастар өскен, көзі көрді – үлкен істі қолға алды. Бостандық күні туды дейді, ылайым солай болсын. Бұдан әрі мұнда Еркіндік істейтін іс қалған жоқ. Ол жүрек тұсын қыздырып тұрған қымбатты алқаны қамзолының сыртынан алақанымен басты. Жалғыз басты қартқа енді өз болашағын ойлау ләзім – мына ата-анасының, қымбатты-қымбатты әпкетайының қайғылы тағдырын еске салып тұрған, алланың жазуымен жарты ғасыр-
дан астам уақыт өткенде барып өзіне қайтып оралған көзін адал да дұрыс ұрпаққа аманаттауы керек. Ол қар жапқан далаға қарады. Дала төсіндегі ұшы-қиырсыз жолды ойлады. Оны тағы да жол шақырады, оны алда мәңгі қозғалысқа байланған тағдыры тосып тұр... – Сіз ұлы іс тындырдыңыз, – деді оған Белдыцкий. – Священниктің ағынан жарылуына себеп болдыңыз. Ождан бостандығының сақталуын енді біз қадағалайтын боламыз. Шіркеу зорлықпен шоқындырылғандарды азат етеді әрі енді қайтып ондай әрекетін қайталамайды. Біз оған жол бермейміз. Бізді ұмытпаңыз. Сәт сапар, қарт жауынгер! Қарт жауынгер Қайыр төренің қорасынан ылау алды да, жолға шығып кетті. Жас күрескерлер бастаған істерін жүргізе берді. Олар құрған революциялық комитет тәп-тәуір қоғамдық өзін-өзі басқару тетігін жасады. Қаладағы басбұзарлыққа жол бермейтін тәртіп қорғаушылар жасағы құрылды. Бұл жоба қалалық думаға мақұлдатылды. Содан қала азаматтарынан құралған жасақтар күнбе-күн, кезек-кезек көше кезіп жүретін болды. Түн баласы бұзақылар үйір келетін орындарды, әсіресе қалалық бақты назарда ұстап, қауым тыныштығын күзетісті. Ешқандай арандату әрекеттеріне жол берілген жоқ. Үйездегі барлық жиырма бір болыста да бас адамдар бас қосып жатты. Сол жиындарда үйез орталығындағы кеңеске тұрақты қатысып, ел пікірін жеткізіп тұрулары үшін, арнайы уәкілдер сайланды. Болыстарынан тиісті өкілдік алған уәкілдер атпен, шанамен іле жолға шығып, белгіленген жерге тез жиналды. Әуелі Қарқаралыдағы көпестер үйінде, одан Қояндыдағы халық үйінде бас қосты. Әлденеше жиын өткізді. Революциялық комитеттің басшылығымен жоғарғы жақтарға, үкіметке ұсыныстар әзірледі. Оязнай да, оның қаптаған шаруа-бастық, урядник, городовой, полицейскийлері де іс жүзінде қызметсіз қалды. Үйез тіршілігін бостандық буына мас болған еркін азаматтардың қоғамдық негізде лезде ұйысқан ұйымы, аз уақытқа болса да, өз қолына алды. Қарқаралы іс жүзінде республикалық режимге көшті. Шамалы мерзімге... ЕКІНШІ ДҮМПУ Одақ
Белуардан жалаңаш кенші қайласын құлаштай сермеп, қайланың үшкір ұшын тас жарға шақ-шақ қадай ұрғылап тұр. Ақыры, әрең дегенде, үлкендеу бір кесек кентасты морт сындырып аяғының астына құлатты. Сосын білегімен маңдайының терін сүртіп тастады да, майшам жанына келді. Бұл – Төлеген. Кен өндіру жұмысына осы жазда, отбасын асырау мақсатымен, мәжбүрліктен жалданған. Ол ұсақ тастарды күрекпен қоларбаға салып жатқан ағасына қарап біраз тұрды.
Ағасы мұнда келгелі – үшінші қыс. Әбден көндігіп үлгерген. Қиыршық кентасты біркелкі қимылмен күреп алып, арбаға тиеп жатыр, тиеп жатыр. Сосын арбаны сүйретіп, мына ішектей қуыстың арғы ұшына әкетеді... Төлеген қорап ернеуінен асып төгілген тастарды қайламен ағасына қарай жылжытты. Содан соң қайласын жерге тастай салды да, жүрелеп отыра кетті. – Өтеген, – деді ақырын, – мен осы інге түсуге қайбір жетіскеннен келді дейсің, өзің білесің ғой. Бірақ, жер астынан тас қазуға келісім бергенімде, құдай біледі, мұндағы бейнетім дәп осылай болар деп ойлаған жоқ едім. Тозақ қой мынауың... Өтеген жұмысын доғарып, белін жазды. Сосын күрегіне қос қолдап сүйенді. – Шаршадың-ау... Көрші қолтықта кен шауып жатқандар да дамылдаған. Қаракөлеңке штрек* іші бір мезет, жұмыс доғарылғанда, тым-тырыс боп қалды. – Қалай шыдап жүрсің? – Төлеген басын жоғары көтеріп, өзіне төбесінен үңіліп тұрған Өтегенге қарады. – Алғаның маңдай теріңе татымайды ғой, ағашым-у! – Иә, жұмыс ауыр... – Мәселе онда ма, беретіні жоқ боп тұр ғой! Қанша күн болды: дүкенде тұрған ұнын сатып алуға жететін тиын-тебен қалмады! Ал бұларыңның жалақымызды көрсетпегелі қай заман! Өлмесең – өмірем қап дейтіндей... Әне бір шетелдік ит бастық тіпті басынып болды... Әттең тілін білмеймін, әйтпесе ит терісін басына қаптар едім... – Мұндай жәйт болып тұрады, Төлеш... Қожайындық етеді де, қолдарында тұрған соң... екі жылдан бері мен бұларды көріп те, төзіп те келем ғой. – Өтегеннің үнінен көнбіс сарын сезіледі. – Бәрібір береді ғой, кішкене шыдайық... Төлеш күрсінді. Басын шайқады. – Қайдам. Осы шұбатылған қараңғы көрге таң алдында түсіп, жер бетіне түнде бір-ақ шығамыз. Ақысын жемейік дейтіндей қожайын көрінбейді... Бүгін бір күн де болса Өтемістің қасында болғанымыз жөн еді... Осы киген қамытымыз, әй, бізге мойын бұрғызбас... Ертең жолға шығуы керек еді, шығарып та сала алмаспыз... Неткен жанға жайлылығы жоқ қу тіршілік... Қастарына аласа бойлы, төртпақ Ысқақ келді. Төлегеннің мұңын шағуына үнсіз құлақ түріп біраз тұрды. – Төлеш-ау, біз жалданған жандар емеспіз бе, – деп, оған Өтеміс басу айтып жатыр, – шамалы төзім танытқанымыз жөн де... – Әй, бұларға сенуге болмайды-ау... Кеше ана жұдырықтай Өтеміс ініміз не деді, есіңе түсірші... Орыстың қалалары неге бүлініп жатыр дейсің... Сөзге Ысқақ араласты. Ол Өтеміс айтты деген хабарға елең ете қалған еді. Соның мән-жайын білмекке, әрнені шұқшия сұрастырды. Қане, мына ағайынды жігіттер дұрыстап түсіндірсінші, әлгі інілері қайдан келген еді? Ол орыстың қалалары қайтіп бүлініп жатыр дейді екен? Неліктен? Себебін қалай түсіндіріпті? Сонда Төлеген жадырап сала берді. Өтеген екеуінің бауыры болып табылатын кішкене Өтемістің сонау Петрбордан келгенін айтты. Оның сондағы татарлардың газет басатын мекемесінде жұмыс істейтінін, мұнда сол ---------------------- *Жер астындағы тау-кен жынысы өндірілетін көлбеу қуыс, пайдалы қазындылар алу үшін жасалады, бірақ жер бетіне тікелей шығатын аузы болмайды.
атқарып жүрген қызметінің ыңғайымен, осы өңірдегі зиялыларға әлдебір сәлемдеме әкеліп, жауаптарын әкетіп бара жатқанын, сол жақта оқуға да орналаспақ ойы барын әңгімеледі. Ал орталық жақтағы бүлінудің жәйі – жұрттың үкіметке наразылығының салдарынан дейді. Өтеміс оны ұзақ сөздермен сипаттаған-ақ еді, бұл ұмытып қалыпты. Әйтеуір, жатқан бір тынышсыздық. Масқара! Арты не болатынын кім білген. Тіпті, Ысқақ-ау, мына тұрған Қарқаралы да дүрлігіп кетті дейді ғой! Не боп барады бұл дүние... Күнкөріс одан сайын қиындайды білем... Қайтадан қамығып қалды. – Мұңайма, Төлеген батыр! – Ысқақ мығым денесін қомдап, саусақтарын быртита, алақанын жайды да, тас-түйін жұмды. – Берсе – қолынан, бермесе – жолынан деген... Орталықтағылар дұрыс істеуде екен, біз де бұлармен басқаша сөйлесерміз... Төлеген риза боп қалды: – Өй, Ысқақ, сен ер жігіттің сөзін айттың ғой! – деді. Маңдарына өзге жұмыскерлер де жинала бастады. – Айналайын-ау, неңе сеніп тұрсың? – деп, Өтеген оған шүбәлана көз тастады. – Шыдам ширатылып шегіне жетті емес пе! – Ысқақ оған одырая қарады. – Кімге сенбекпіз: ашынған, қорланған, қор болған өзімізге сенеміз де. Біздің төбемізге жұмақ орнатып бере қоятын басқа кім бар деп ең? Оған не дейсің? Өтеген иегін күрекке тіреген қолдарының үстіне салып: – Оған не деуге болады? Ол үшін сен осы зауытқа бастық болуың керек, – деп мырс етті, – ал ондайдың түске де кімейтін қиял екенін өзің де жақсы білесің. Демек, біздің төбемізге жұмақ орнатып бере қоятын адам – сен емес. – Бойын жазды. – Мен де, анау да, мынау да емес. Сондықтан бекерге елеңдемейік. Құдайдың берген қуатына шүкір, шетелдің байына керек кентасты қопарып, терімізді төге берейік, бұйырса, бір өтеуі болар... – Өтеке, – деді Ысқақ быртық саусағын шошитып, – ұмытпа, менің әкем Қошқарбай ана жылы бір ауыз сөзге келместен атқа қонған да, үкіметке қарсы ереуілдеген сенің әкең Батырбайдың соңынан ерген де кеткен... Өтеген күрегін жатқызып, қоларбаның жиегіне құйрық басты. – Жә, жұмбақтай берме енді. Майшамды ортаға алып, жеті-сегіз адам алқақотан орналасты. – Сен құдды біздің Еркіндік көкеміз секілді боп тұрсың, сөзіңмен де со кісіні еске түсіресің, – деді Төлеген. Ысқақ күліп жіберді. – Ол кісіні мен де білем, – деп іле жауап қатты. – Жазда осында соғып кетіп еді ғой. Әттең, жасы келді, Әйтпесе, біздің қожайынымыздың бермесін суырып әперер адам нағыз сол кісі болар еді. Ал маған ондай болу қайда! – Боласың! – деді келіп отырғандардың бірі жігерлі үнмен. – Дәл қазір біздің арамыздағы серке – сенсің. Баста! – Жарайды, Сүлеймен! Сенің айтқаның келсін-келмесін, бәрібір, оған қарап тұрған ештеңе жоқ. Мен өзіме мәлім жәйтті сендерге жеткізуге тиіспін. – Ысқақ алагеуім жарық шашқан шамның от үйірілген білтесіне қарап отырып, ойлана сөйлеп кетті. – Жұмыла көтерген жүк жеңіл демей ме. Қожайынның езгісіне жеке-дара күңкілдеп, оған жеке-жеке мойынсұнып, ләббай тақсырлап көне бермей, оған жұмыла қарсы тұруға әрекеттенуіміз керек...
– Астапыралла... – Шошитындай ештеңе жоқ. Сонда ғана қарсылығымыздың оң нәтиже беруі ықтимал. Ысқақ қабағын түйді. – Біз осындай бір орынсыз жасқаншақтығымыздан есемізді жіберіп жүрміз... Арт жақта түрған мосқалдау жігіт: – Есемізді жіберейік дейміз бе, есебін таппай жүрген шығармыз, Ысқақ, – деді. – Бізге жөн сілтейтін кім бопты? Сөге берме, одан да – білгеніңді айта берсейші. – Ып-рас. – Ысқақ басын шұлғыды. – Айтсам, жағдай мынандай... Кейінгі күндері Әли аға орыстармен сөйлесіп жүр. Олар маған да сөз салған. Бізбен күш біріктіргілері келеді. Олардың бізге қарағанда көзі ашықтау, білесіңдер. Орталықтағы өмірден хабарлары мол. Әлекең солардың айтқандарын істегеніміз жөн дейді. Мен өзім де сондай ойдамын. Күллі қазақ-жұмысшы жиылып, орыстармен тізе қосып көтерілуіміз керек. Жалақыны көтерсін, Әйтпесе мына тастарды енді қайтып қазбаймыз да, жер бетіне шығармаймыз да. Егер бәріміз бірдей осындай талап қойсақ, көздегенімізге жетеміз... – Дұрыс-ау, – деп әлгі мосқал жігіт, – бірақ мұның айтар ауызға ғана оңай тірлік пе деймін. Бұл қалай жүзеге асады деп ойлайсың? Бізді кім тыңдайды? Тілегімізді кімге айтпақпыз? Қандай әрекет жасауымыз керек? Оның үнінен бірдеңе бітіруге деген құлшыныс сезіледі. Ол, бастаушысы келіссе, қайтайын деп тұрған жоқ. Төлеген оған көзін тастады, ырза пішінмен қарады. Ол жерден кентастың шағын сынығын көтеріп алып, салмақтап, сөйлегендерге үнсіз құлақ тосып отырған. Мына Қабылбек жігіт екен-ау, атқа қонуға дайын тұр ғой... Қабылбектің төпеп берген сауалдары Ысқаққа да ұнап кетті. Ол: – Әкімшілік алдына қоятын талаптарды орыс тамырлар жүйесін келтіріп дайындап жатыр, – деді. – Біз қолдай білейік. Сондай талап қоюшылық әрекет жасауға ішкі дүниемізді әзірлейік. Бүгін-ертең баршамызға хабар тиіп қалуы ғажап емес. Бәріміз бір-біріміздің жүзімізге қарап тұрып, жиылыста келісімге келуіміз керек. Оған зауыт бастықтары қатысса керек. Соларға тікелей бәріміз айтпаймыз ба... – Әй, сол төрелерің бізді шынымен тыңдай ма екен? – Айтайық, не қорқатыны бар! – Келе қойса... – Орыстар келтіреді! Гу-гу етісіп, жұрт көңілдене бастады. Әр наразылық білдірілуге тиіс жәйтті еске түсірді. Жұмыс жайынан да, тұрмыс жағынан да шешілмеген түйін тым мол, біртіндеп солар хақындағы әңгіме тиегін ағытуға көшті. Кенет біреу бәрін қазіргі тіршілік ақиқатын аударды: – Әне, шамы жылтылдайды – смотритель* келе жатыр! Гуіл сап тиылды. Әңгіме-дүкенге қатысушылардың назарлары штректің қараңғы ұшынан көзге шалынған әлсіз отқа ауды. Отырғандар орындарынан тұрды. Өтеген күрегін, Төлеген қайласын алды. Ысқақ ақырын ғана: – Мақұл, жігіттер, естігендеріңді ақылға сала беріңдер, – деді, – енді қу тірлігімізге оралайық... Кеншілер жұмыс орындарына тарады. ------------------- *Бақылаушы, қадағалаушы.
Жер үстінде бұл әңгіме біраздан бері пісіріліп келе жатқан еді. Нілді тауының қойнауындағы жұмысшы жатағын түгел ақшаңқан қар қымтап, қытымыр аяз дәуірлеп тұрған күндердің бірі-тін. Дүкеннің сыртын айналып, біреу сықыр-сықыр қар кешіп келеді. Қойма жаққа беттеген. Түлкі тымағының құлағын алқымына тартып байлап алыпты. Сырма шапанының белбеуін түзеді, суықтан икемге келмей тұрған саусақтарын жазып, алақанын ысқылады. Сөйтті де есікті ашты. Іште қоймашы Иван Низовитин отырған. Ол кірген адамды: – О, Әли, – деп жарқылдай қарсылады, – сені не айдап кеп қалдың маған? – Қолғап бар ма? – деп сұрады анау. – А, қолың тоңды ма, бәлем! Ақшасын қазір төлейсің бе? – Жазып қой, ақша жоқ. – Жазайық. – Низовитин қалың дәптерінің қарындаш салынған бетін ашты. – Старшын-нарядшы Әли Байшегіров, қолғап, бір пар... Мә! Әли қолғапты алды. Киді. – Мен қазір кеңсеге соқпақпын. – Жолымыз бір екен, жүр, бірге барайық... Екеуі кеңсеге келді. Кіреберісте смотритель Петр Топорнин ұшырасты. Сұсты, ұзынтұра жігіт. Артынан жас жұмысшы Иван Прилепский ілесіп келеді екен. Қолына бір қағаз ұстап алыпты. Топорнин оған аялдай тұр дегендей белгі берді де, Низовитин мен Байшегіровке, сәлемдесіп болар-болмастан: – Жақсы келдіңдер, – деді. – Сен, Әли, қазақтарыңның арасында әңгіме өткізіп, мына қағаздағы жазылғанның мәнін түсіндір. – Саусағын артына қарай созды. – Міне... Қолымен Прилепскийді өзіне қарай шақырды. Қасына келгенде, қолындағы қағазын көрсетіп, оны иығынан қақты. – Ал, кірісіңдер, – деді. – Мен қазір шахтаға бір түсіп оралам... – Оның не еді, Петя? – Бұл киргиз мүддесіне Әбден керек қағаз. Оқып жібер, Ваня! Әбден түсіндір... Тысқа шыға берді. Ал мына үшеуі кеңсе дәлізінің терезесі алдына келді. Сосын Прилепский қолындағы қағазды дауыстап оқыды: – «Біз, Өспен кенішінің жұмысшылары, капитализммен күресу үшін және жалақымызды өсірту үшін орыс-қазақ одағын құрамыз...» – Оһо! – Сен, Ванюша, қалжыңдап тұрған жоқпысың? – Титімдей де. – Жап-жас жігіт шикіл сары өңін байсалдандырып, ұстамды жауап қатты. – Бұл – әбден ойластырылған ұсыныс. Біз осы бастаманы қолдайтын адамдарға қол қойғызып алмақпыз. Мұндай бірлесу одағын құрамыз дегенді тек жұмысшылар ғана емес, кеніштегі қызметкерлер де түгел қолдар деген ойдамыз. – Ал бұнымыз не жақсылық әкеле қоймақ? – Низовитин күдігін баса алмай тұр. – Таяқ жеп қалмас па екенбіз? Прилепский жасының кішілігіне қарамай, мына екі жасамыс жігіт алдында өзінің санасы олардікінен әлдеқайда есейгендігін танытуда.
– Одақ құру деген – патшаның өзі рұқсат еткен іс-қимыл, – дейді ол байыппен. – Есіңізде ме, Ваня ағай, жаңылыспасам, Әли, сіз де қатысқансыз, – түнеугүні осы Петя ағай Топорниннің өзі көптеген газеттерден астана жаңалықтарын оқып беріп таныстырды емес пе? Білесіздер, жер-жерде болып жатқан ереуілдер жайындағы хабарларды айтқан. Біздің тау-кен өнеркәсібіндегі өндірісімізге керек заңдарды оқып беріп көзімізді ашқан еді ғой?! – Есте, есте, – Низовитин құлақшынын шешіп, шекесін қасыды, – тек басымыз бәлеге қалып жүрмесін... – Осы қағазыңсыз-ақ келісе бермейміз бе? – деп, Әли кетуге ыңғайланды. – Онсыз да тамырмыз. Сенеміз ғой... Сыртқы есік ашылды. Ішке шапшаңдатып Топорнин еніп келе жатты. – Мен әдейі оралдым, – деді ол, – жеке басымның үлгісін көрсетпей кетіп бара жатқаным есіме түсіп, стволға* жетпей кері қайттым. Қане, Ваня, бері әкел. – Прилепскийдің қолынан қағазды алып, терезе алдындағы тақтайға жайды да, қаламын ыңғайлай бастады. – Міне, менің өзім бастап қол қоямын. Қолын қойды да, қарындашты қағаздың үстіне тастады. – Али-дос, киргиз жұмысшыларының кеніштегі ең саны көп, бірақ, ең құқы жоқ қауым екенін білесің ғой! Түсіндір оларға: ағылшындар біздің қанымызды соруда, Әсіресе сенің туысқандарыңның қан-сөлін сүлікше сорып алып жатыр. Барлық қара жұмысты сілелері қатып істеп жүрген солар, табыстары түкке тұрмайды. Біздің алғанымыздың жартысын да алмайды. Осындай қорлауға төзе беруге бола ма? Низовитинге бұрылды: – Иван, сен киргиз тілін білесің ғой, сөйлес олармен. Әлимен бірге арала. Үйді-үйге, барактарға барыңдар. Егер біздің ойлаған одағымыз құрылса – біз бұл шетелдіктерге айтқанымызды сөзсіз істетеміз... ---------------------- *Оқпан, тік шахтаның түбіне түсетін қуыс, құдық. Өтеген мен Төлеген шахтадан шығып келе жатқандарында, қапталдан: – Жігіттер, сәл аялдаңдар, – деген дауыс шықты. Жігіттер үйірілген ымыртты жара естілген дауысқа жалт қарады. Таныс дауыс. Таныс дауыс иесі қарлы көшені шықыр–шықыр басып бұларға қарай жылдам адымдап келеді. – Степан аға, армысыз, – деді Төлеген. Қысқы тонының көтерулі жағасына құлағын ызғырық желден қорғай тығып, Степанға қарсы жүрді. Олар қолдарын құшырлана соғысып амандасысты. Степан тез сөйлейтін әдетімен, аузы аузына жұқпай: – Сендерді кездестіргенім жақсы болды ғой, – деді, – әйтпесе осы түн ішінде сонау бір шеттегі үйлеріңе баруға тура келер еді. – Е, не боп қалды, тамыр? – Өтеген таңырқай сұрақ қойды. – Үйге жүрсең – кеттік, өзімізбен ертіп апарамыз. – Жоқ, жігіттер, сендер шаршап келесіңдер, қазір барып тынығыңдар. Мен сендерге мынаны айтпақ едім: ертең таңертең жұмысқа шықпай-ақ, бірден кеңсе жаққа келсеңдер жақсы болар еді. Мен сендерге осыны айт-
паққа бұрылдым. Қазір әлгі қоймашы Иванмен кездесуге жүгіріп бара жатыр едім. Ол екеуіміз барақтарды аралауымыз керек. Сонда жататын қазақ жұмысшыларына мән-жайды түсіндіру қажет болып тұр. Осындағы орыстардың ішіндегі қазақша сөйлей алатын – сол екеуіміз ғана ғой... Төлеген күлді: – Не боп қалды сонша? Оларға не айтпақ едіңіздер? Өтеген де: – Ысқақты қопаңдатып жүргендердің кім екенін енді білдім, – деп күліп жіберді. – А, мән-жайды сендерге Ысқақ түсіндіріп қойған ба? Бірақ, сеніңдер, мен онымен тілдескен емеспін, ал сендерге жетуге уақытым болмай жүр еді. Есесіне бүгін Өтемісті тауып алдым. Мектеп жақтан көрдім. Екеуіңнің балаларыңның ортасында, екі құлағы екі езуіне жетіп, мәз болып келеді екен. Кездестіргенім жақсы болды. Мен әлгі ереуілшіл орыстардың кеңседегі жиынына бара жатыр едім, ертіп алдым. Содан күні бойы бірге болдық. Ол біздің белсенді орыстарға жақсы жәрдем берді. Өтеген таң қалды: – Орыстарға жақсы жәрдем берді дейсің бе? Қызық екен! Қандай? Степан оның иығынан қақты. – Ал сен Төлеген екеуің оны бала көресіңдер ғой? Қателесесіңдер! Ей, ол Питер қазанында қайнап жүрген жігіт емес пе! Ол осы бір жаз бен күзде қатты есейіп кетіпті, жігіттер! Азамат! Естеріңде ме, Қояндыдағы биылғы жәрмеңке кезінде ол аузынан ана сүті кеппеген сәби сияқты еді ғой? Төлегенді сол жақтан осында көшіріп келген кезді ұмытқан жоқсың ба, Өтеген? Ол мүлдем бала болатын... Көптен тамырлары болып табылатын Степанды олар ықыласпен тыңдады. Жұмыстан шаршап келе жатқандары ұмытылды. Өздері танысқалы бергі әр белесті еске алысты. Сосын Степан кеніште күннен күнге үдеп келе жатқан наразылық пен әзірлену үстіндегі ереуіл жайын әңгіме етті. Оны толығырақ бұларға қазір үйлеріне барғандарында Өтеміс баян етер... – Өтеміс кеткеннен кейін, осы әлгінде ғана, тағы мәжіліс өткіздік. Таңертең кеніштің күллі тұрғындары мен жұмысшыларының басын құрап, жалпы жиналыс жасаймыз деп қаулы алдық. Шаруа шаш етектен. Ал сендер, жаңа айттым ғой, қалғанын Өтемістен естірсіңдер. Ол ертең жол жүрмекші екен. Айтыңдар, жиынға қатыссын, сапарына жиналыстан кейін шығар. Жаңылыспасам, ылаудың ыңғайы да солай болуы керек... Олар тағы аз-кем пікірлесіп тұрды. Сосын Степан өзінің асығыстығын тағы ескертті де, қоштасты. Көшенің екінші бетіне қарай шапшаңдата беттеді. Өтеген оның соңынан ойлана қарап: – Ойпырмай, осы дүрлігістің аяғы қайда апарып соғар екен, – деп күбірледі. Төлеген, керісінше, қанаттана тіл қатты: – Ағатайым, қорықпа, бұл біздің де ес жия бастағанымыздың белгісі, – деді. Орыс-қазақ одағын құру, жұмысшы одағын құру, орыс-қазақ ереуілін жасау жайында жеке-жеке қысқаша жазбалар түсірілген қағаздарды қолдарына ұстаған үгітшілер екі-үш күннен бері жұмысшыларды аралап жүрген-ді. Ондай бастама жайында әуелде Ысқақтан естіген бетте, Төлегеннің көңілі-
не керемет серпіліс енген болатын. Степанның кезігуі оны мүлдем үстемелей түсті. Енді ағасын тыныштандыра отырып, тезірек Өтемісті көруге асықты. Екеуі әуелі Өтегеннің жертөлесіне келді. Өтеміс сонда екен. Оның ертең кететіндігіне байланысты, екі отбасы бір шаңырақ астында бас қосып, отағаларын тосып отырған сыңайлы... Өтеген інілері мен жеңгелеріне үлкен қала қызықтарын айтып отырған. Ағалары жұмыстан оралған соң, орталықтағы саяси оқиғалар тілге тиек болды. Ақыры, Нілдідегі жұмысшылар мен қызметшілердің белсенді тобы ұйымдастырып жатқан қарсылық шарасы жайында пікір қозғасты. Өтеміс, шынында, Степанның қолқа салуымен, олардың маңызды жиынына қатысып келген көрінеді... Олар басшылыққа қоятын талаптарын бірлесіп тұжырымдау үшін, кеңсеге жиналған-ды. Бірін бірі толықтырып, петиция мәтініне не жазу керек екенін айтып отырды. – Қазақтарға аударып берген жөн болар еді, – деп, біреу ұсыныс білдірді. Оны бәрі қолдады, сонда Степан бұл жұмысқа Өтемісті жекті. Өзі сол жерге оны алып барғанына керемет қуанды. – Міне, Өтеміс, сенің Нілдіде болған аз күнің енді мазмұнды болып өте шығады. Жазбаша аударып берші, жұмысшылар арасында бүгіннен бастап оқыла берсін... Табельші жасөспірім елдің келісіп айтқан сөздерін жазып отырды. Оны артынша Өтеміс те қазақшалады. Тіпті олар ереуілдің егжей-тегжейін ақылдасып жатқанда, бұл талап-хатты үш дана етіп көшіріп те берді. Петицияға кеніште істейтіндердің бәрі қолдарын қояды деген ұйғарымға келісті. Дей тұрғанмен, талап-хатқа қол қойса да, кей жұмыскерлер қызметін тоқтатпауға тиіс деп келісіп жатты. Сол орайда, мәжбүрліктен орын алатын наразылық шарасы кезінде, кеніштегі тұрмысқа залалы тимес үшін, ереуілге шықпайтын қызмет орындары белгіленді. Жиналысты басқарып отырған ұзын бойлы ақсары жігіт: – Менің ойымша, азық-түлік қоймасына жауап беретіндер, су тасушылар, көмір әкелушілер, дәріхана, тағы сол сияқты тіршілікке аса қажет қызметтегілер ереуілге шықпай, өз міндеттерін атқара беруге тиіс, – деді. Оған бәрі қолдау білдірді. Көп созбай, жалпы жиналыс өткізейік деп шешті. Бүгіннен бастап өзара кеңесіп, жағдайды бір-біріңе түсіндіре беріңдер деген тапсырма беріп жатты. Қазақша білетін орыс жігіттері сұрақтарға жауап беріп, жалпы жағдайды түсіндіру үшін қазақ үгітшілермен бірге барақтарды араласын деген ұсыныс айтылды... – Ал жиналыс ертең таңертең ашылатын болыпты, – деді Төлеген. Ол бірден-ақ бастаманы қызу қолдаушылар қатарында жүретінін танытты. Сәлден кейін көрші жігіттердің бірқатарын есік алдына алып шығып, аязды далада қызу әңгіме көрігін қыздырып тұрды... Кеніш басқармасының алдына жұрт жиылып жатыр. Төлеген де солай қарай беттеді. Зауыттағы қазақ жұмысшыларының староста-старшыны Әли Байшегіров бір топ орыстың арасында, ортада тұр. Қасында – кеніш смотрителі болып жүрген Петр Топорнин. Олардың қос қапталынан бұрғышы Степан Невзоров пен жұмысшы Владимир Мартылога көрінеді. Мартылога-
ны жұрт Мартыновский деп те атайды. Оның жанынан кезінде қырда әкесімен тамыр болып, жақсы араласқандықтан, өзі күні бүгінге дейін аға тұтатын жұмысшы Степан Соколов орын алған. Қастарында Төлеген жыға тани алмаған тағы бірнеше орыс көзге түседі. Өзінен сәл ерте келген Өтегеннің мен Өтемістің жанына барды. Ел қарасы көбейді. Сонда Топорнин қолын көтеріп, жұртқа арнап сөз айтуға ыңғайланды. Степан көзімен іздеп, Өтемісті тауып алды да, ыммен өзіне шақырды. Оны аңғарған ағалары Өтеген мен Төлеген жанында тұрған інісін ілгері демеді. Өтеміс өзіне тақалғанда, Степан одан жиында орысша айтылатын сөздерді тәржімәлап тұруын өтінді. – Өтеміс, кішкене қолғабыс ет, – деді, – тілмаш болып бер аз уақыт... Олар бұл істі алдын-ала келісіп те алған болатын. Өтеміс басын изеп, оның қатарына өте бастады. Ел алдында тұрған кішкене шал артына қалбалақтай бұрылып: – Өй, айналайын Өтеміс! – деп сүйсіне дауыстады. – Қашан келіп қалғансың? – Ассалаумағалейкүм, Қайыңбай ата, – деді Өтеміс, – келгеніме бір-екі күн болды... Жанынан өтіп бара жатып қол берген балажігіттің сәлемін Қайыңбай қарт емірене алды. Оны Топорниннің қасына барып тұрғанға дейін көзімен шығарып салды. Көктемгі Еркіндіктің көшірі болып жүрген шағынан көп таралған екен деп ойлады, бойы да сұңғақтана түскен бе, қалай. Қандай әдемі ашылған... Өтеміс ел алдына батыл шығып, тымағын қолына алды да, қой терісінен тігілген қысқа тонының өңірін ашып тұрған қалпы, Топорниннің сөзіне іле аударма жасап, жатық сөйлеп кетті. – Орыс болып, қазақ болып, баршамыз осы кеніште аянбай істеп жатырмыз дейді бұл кісі. Бірақ біздің ауыр еңбегімізді тау-кен жұмысын жүргізіп отырғандар ұятсыздықпен қанауда дейді ол. Кішкене кідіріп, шешенді тыңдап алды да: – Бізді өз үкіметімізден де гөрі, шетел капиталистерінің тонауы жанға батады дейді ол. Қанша ай болды, жартымды жалақы бермейді. Ал зауыт ләпкесіндегі киім-кешек те, тамақ та қымбат. Ең арғысы, арақтың өзіне үстеме баға қосатын болды. Бұдан әрі төзуге болмайды. Әлдекім күліп жіберді. – Арақты қойшы, ұнды айтсайшы! – Арақ оның атасының асы ғой! – Шуламаңдар! Жалғастыра бер... – Бұл ағылшын қожайынның елі кешегі орыс-жапон соғысында біздің дұшпанымызбен одақтас болған. Енді, онысын біз білмейді дей ме екен, ұмыт қалдырып, бізді өз ішімізден қанап, еңбегімізді жеуде. Соған қарсылық білдірейік дейді. – Әп-бәрекелді! – Орыс-қазақ одағын құрайық. Одақтассақ, бір ауызды болсақ – тыңдайды дейді. – Е, жақсы, одақ болсақ болайық! – Ол не сөз, онсыз да тамыр боп жүрміз емес пе...
Топорнин өз сөзінің бірден талқылауға түсіп жатқанын аңғарды. Одақ құрудың мәнін түсіндірді. Өтемістің тәржімасы қалай қабылданғанына құлақ түрді. – Бұл кісі былай дейді: одақтасып қойған талаптарымызды зауыт директорына береміз. Сөйтіп, оларды орындасын деген тілек айтамыз. Егер орындамаса – жаппай ереуілге шығамыз дейді. Осы жоспарды қолдаңыздар деген ұсыныс айтады. Қалай қарайсыздар? – Құлақ сұраймыз деп бастан айрылып қалмайық... – Қандай талап қоюымыз керек? – Мұны байырғы жұмысшылар, Әсіресе осы Нілдіге келгенге дейін орталық зауыттарда жұмыс істеген тәжірибелері бар адамдар құрастырып та қойды. Маған аударып бер дегеннен кейін, мен қазақшаладым. Міне мына кісі соны оқып бер деп отыр. – Е, оқы! Өтеміс қойынынан қағазын суырып алды да, басынан асыра көтеріп көрсетті. – Осында жазылғандарды айтайын. – Қолындағы қағазда бетіне тосты. – Ең алдымен, бізге берілетін азық-түлік бағасын арзандатсын дейді. – Дұрыс! – Бұл ретте, мәселен, бір пұт ұнның бір сом болып отырғанын айтып, оның қымбаттаған себебін ашады. Ал Ақмолада сол ұнның бір пұты қырық тиын ғана екен. – Өй, нысапсыздар-ай! – Жалақыны көбейт дейді. – Әй, жарайсың! Әрине көбейту керек! Жарық көрмей, жеті қабат жер астында тас қазғанда, алатынымыз жиырма сом, оның өзін түрлі себеппен ұстап қалады, сол қалдығының өзін бермегеніне, міне, үш ай болып барады... – Ылғалды забойларда* істейтін жұмысшыларға су өтпейтін киім бер, етік бер дейді. Ол заң бойынша тиесілі, соны орында дейді. – Өй, айналайын орысым, нағыз тамырсың сен! – Орыс-қазақ мектебін земство мектептері секілді үш бөлімнен тұратын етіп тез арада жетілдіруді сұрайды. Қазіргі мектеп не тұрақты жұмыс атқармайды, не дұрыс білім бере алмайды дейді. Жәй ғана оқып, жаза білудің өзін жарытып үйрете алмайды дейді. – Біледі-ау, ә? Біз ғой, әйтеуір, балаларымыз мектепке барып бірдеңе үйреніп жүр, оқып, жазып үйренуді ермек етіп жүр деп алданыш қыламыз, соған қанағаттанамыз... – Қазақ жұмысшылары жататын қазармаларды шұғыл жақсарту керек дейді. – Қайран тамырым-ай, терезеге әйнек орнына салбыратып қап іліп қойғанымызды көріп жүр ғой, қайтсін... – Талаптарымызды орындауы үшін әкімге бес күн пұрсат береміз дейді. – Астапыралла! – Ал орындамаса ше? – Орындамаса – былай істейміз деген ұйғарым бар... – Өтеміс көзімен қағаздың әлдебір жерін іздеді. – Иә, міне... Талап мерзімі ертеңнен, яғни жетінші желтоқсаннан есептеледі. Егер талаптар орындалмаса, не бұл талап-тілекке жауап беру кешіктірілсе – онда орысы бар, қазағы бар күллі жұ- -------------- *Кеншінің жұмыс орны, ол кентастарды тереңдеп үңгіп қазып ала беруге байланысты ұдайы ауысып-жылжып отырады.
мыскер он екінші желтоқсанда жұмысты мүлдем тоқтатып, жаппай ереуілге шығады. – Сонда қалай? Жұмысқа шықпасақ – зауыттан біржолата шығарып жібермей ме? Өтемістің ту сыртынан: – Тамыр, олай қорқуға болмайды, – деген дауыс шықты. Өтеміс артына қайырылып: – А, Степан аға, – деді. Шегінді. – Мен міндетімді атқарып болдым білем, енді қалғанын сіз түсіндіріңіз... Жирен сақал-мұрты бет-аузын жапқан Степан ілгері басып, қолын көтерді. – Мына Петр Топорнин деген жігіт Төменгі Тагил зауытында талай жыл жұмыс істеп келген маман, оны кеншілер тілінде штейгер* деп атайды. Осы Петр – ішіміздегі ең тәжірибелі кенші. Орталықтағы жұмысшылардың өз құқтары үшін қалай күресетінін жақсы біледі. Сол ақыл беріп отыр. – Ә-ә, білетін адам де... – Бұл өзі – біздің кеніштің смотрителі ғой! Е, оны бәрі біледі емес пе! Біреулер көңілдене күлді. Жасыратын несі бар, шахтада істейтін жұмысшылардың біразы одан сескенетін. Бірен-сараны ғана оған қарсы сөз айта алатын. Соның бірі – Ысқақ. Ол, тіпті, жаңадан келген штейгер мұны алғаш көрген бетте қыдыңдап, ұрсып, кентасты қалай шабуды үйретпек болғанында – төбелесіп қала жаздаған. Енді қазір Ысқақ – оның оң қолы, өзге жұрттың да көпшілігі өзін біртүрлі іштартып тұр... Жә, Степан сөзін аяқтасын. Ол да, басқалар да біледі: Петрдің жеке өз басының жағдайы жаман емес! Оның жанына бататыны – бәріміз сияқты қатардағы қарапайым жұмыскерлердің қиналғаны... Степан жатақханада жататын жұмысшыларға қарап: – Өздерің жатқан барақты көрген сайын Петрдің жүрегі қан жылайды, – деді. – Терезелеріңді салдырып беруге қанша мәрте әйнек сұратты! Әкімшілік соны әлі әкелмей жүр. – Неге? Мына Қайыңбай ағамыз жүргізетін жүк керуені мыс зауытына кентасты апарып беріп, бос-ақ қайтып жатады ғой? Жоқ шығар? – деді жұрт алдында тұрған жігіт. – Әлде сіз тасымалдаудан қашып жүрсіз бе? – Қуланып, қасындағы кішкентай шалға қарады. Біреулер мырс етті. Степан шамалы тыныстап, сөзін сабақтады. – Жоқ дейсіз бе? Бар! Спасскідегі қоймада толып тұр! Тек, бергілері келмейді. Оларға өздерінің орысы керек болмай тұрғанда – бұратана деп санайтын қазақты қайтсін. Егер орыс пен қазақ бір ауызды болып, қатаң талап қойса – тырп ете алмайды. Бәріміз бір кісідей жұмыла үн қосып, даусымызды көтерсек – ешкімді де жұмыстан босата алмайды. Қайта, бізді қайткенде де зауыттың өз қолдарынан келмейтін қара жұмысына салу үшін, жалынып, айтқанымызды істейтін болады. Петрдің сөзін әлгінде естідіңдер. Міне, мына менің аттасым, алмас бұрғы жүргізуші Степан Невзоров та менің осы сөзіме қосылады. ----------------- *Кеніш жұмыстарын басқаратын тау-кен шебері.
Ығысып, аттасына орын берді. Ол зауыттағы шетел қожайындарының озбырлығы жайында айтты. Өз елімізде өзімізді қайдағы бір ағылшын тау-кен кәсіпкеріне қанатып, билетудің мүлде қисыны жоқ деді. Тағы біраз орыс зауыттағы талайдан қордаланып қалған мәселелерді, тіршілік кемістіктерін тілге тиек етті. Қазақтардан Әли мен Ысқақ сөйледі. Ақыры, Петр жиынды қорытындылады. – Кеніште орыс-қазақ одағы құрылды деп есептейміз бе? Дауысқа салып, қаулы алайық! Кім осы ұсынысты жақтайды? – Жақтағанда қандай! – деп айқайлады Төлеген. – Қолдаймыз! – Одақ деген – жақсы сөз ғой! Жұрт шу ете түсті. Адамдар дауыс бергендерін білдіріп, айқайға басты. Ақырында, біртіндеп сабасына түскеннен кейін, Петр басқа мәселелерді де жиын шешімімен бекітіп алуға кірісті. Петицияның мәтініне алып-қосарлары бар ма екен көпшіліктің? Жоқ дей ме? Дұрыс па? Қабылдадық қой? – Иә, иә, – деп шулады тұрған жұрт. – Бәрі орынды айтылған! Топорнин: – Онда, біріншіден, оған бүгінге дейін қол қойып үлгермегендер қазір қолдарын қойсын, екіншіден, оны зауыттың ағылшын қожайынына тапсыру ләзім, – деді. Көпшілік тағы шу ете түсті: – Қоямыз! Тапсырылсын! Біреулер: – Сауаты жоқтар қайтеді? – деп сұрады. – Орнына басқа адам кім үшін қол қойғанын жазып барып қол қойса – болады, – деді Топорнин. Оның сөзін аударып болып, Өтеміс: – Кәдімгі, қазақша – бармақ басу да жетеді, менің ойымша, – деп қосты. – Бұл шешілді, жиын бітісімен ана үстелге келіп қол қойыңыздар. Енді петицияны адресіне жеткізу мәселесі... Оны кім істейді? – Топорнин айналасына қарады. Аз-кем пікір алмасу орын алды. Кімі несі, деген таңырқау сөз шықты, оны осы жиынды жүргізіп тұрған жігіт жасамай ма? Өзі былай да бастық, кеніштің бақылаушысы... Алайда жүргізіп тұрған жігіт оның басқа жолын айтты. Бұл орынды сөзау, деді, бірақ мұндағы шетелдіктер ештеңе шешпейді. Қожайын мұнда емес, Спасскідегі мыс қорыту зауытында отыр. Петицияны соған жеткізу жөн. Ол үшін тура бүгін Спасскіге шабарман жіберу керек. Қалай, оны жиналыс қостай ма? Қостағанда қандай! Онда ағылшындардың атқорасынан, олардың өздерінен рұқсат сұрап әуреге түспей-ақ, қазір жарамды көлік қамдалсын деген қаулы алайық. Жиналыс бұған келісе ме? Жақсы. Ендеше бұл шаруаны орындау – қазір митинг аяқталысымен ұйымдастырылады. Және осы талап-тілектің мәтінін орталықтағы газеттерге бастырған дұрыс болады. Сонда жұмысшылар талабын қалың жұртшылық біледі. Сөйтіп оның пәрменділігі арта түседі деген ой бар.
Тасқа басып шығарамыз дей ие? Шығарсын, бұл тұрған жұрт оны міндетті түрде қолдайды... Осылай деп табар болсақ, мұны да қалай жүзеге асыруға болатынын ойластыруымыз ләзім. Міне, Степан айтып тұр, мына аудармашы болған жігіт бүгін Питерге қарай жол жүреді екен, содан беріп жіберейік. Сондағы астаналық үнпарақтардың біріне тапсырсын. Оған көпшілік қалай қарайды? Дұрыс қарайды! Ала кетсін, айналайын Өтеміс. Жолы болсын... Жиынды ұйымдастырушылар да, оған қатысушылар да жеңілденіп қалғандай болды. Арқалары кеңіп, иықтарынан үлкен жүк түскендей, көптен көкейде жүрген парызды өтегендей күй кешті. Митингіні жабар алдында, Топорнин ендігі міндетті еске салды: – Мынаны ұмытпайық: біз әлгінде өзіміз дауыс беріп бекіткен петиция мәтінінде қашан ереуілдейтінімізді жазып қойғанбыз, сол мерзімді сақтауға тырысайық. Енді қазірден бастап жұмысымызға кіріскеніміз жөн. Егер қойған талаптарымызға оң жауап берілмесе, яки оны әкімшілік тіпті қарағысы келмесе – онда жаппай ереуілімізді бастаймыз. Сосын ұран тастады: – Жасасын орыс-қазақ одағы! Кеңсе алды толы жұрт орысша, қазақшасы аралас үн қоса жөнелді: – Жасасын! – Ура! Сосын Топорнин жастар иіріліп тұрған қанатқа қарап: – Қане, Ваня, біздің ұран-әнімізді шырқаңдар, – деді. Ваня Прилепский қасындағы жолдастарына көңілдене иек қағып қалды да, ән бастады. Жолдастары қосыла жөнелді. Жігерлі де әсем ән. Қазақтар аң-таң ауыз ашып қалған. Бірлі-жарымы ғана еріндерін жыбырлатып, тек әуеніне ғана ақырын қосылып тұр. Дегенмен кеңсе алдын кернеген тосын әуен баршаға ұнады. Үлкенге де, кішіге де. Тіпті кеңсе алдындағы алаңның арғы шетіндегі ағылшындар тұратын үйдің терезе пердесі ысырылып, іштегілердің бұларға зерттей көз тіккені, жұрт қосыла шырқаған әнге таңдана құлақ тіккені байқалды. Осынау әсерлі әнді, әсіресе, митингілеушілердің күншуақ қапталында топтасып тұрған жеткіншектер қызыға тыңдады. – Неткен керемет ән, – деді бойшаң, көрікті жеткіншек Сәкен тамсанып. Сосын қасындағы құрбысына қарады: – Мырзағазы, мынаның әуенін біз де үйреніп алайық, жарай ма? Ән шырқаушылардан көз ала алмай тұрған Мырзағазы басын изеді. – Өтеміс ағама айтайыншы, үйрет деп... Оны алдында тұрған інісі Төреғазы шынтағымен түртіп қалып: – Иә, саған, – деді. – Өтеміс ағам бүгін кетіп қалады! – Онда мұғалімнен сұраймыз. Иә, Сәкен? – Иә... Тыныш, тыңдайық... Өтеміс осы күз бойы қатысудың реті әлденеше келген Петербургтегі студенттік сходкаларда* және жерлестердің кездесу кештерінде талай естіген, содан көңіліне жатталып қалған «Марсельезаны» бірден таныған еді. Ыңылдап, қосылып та кетті. Ыңылдай тұрып, таңырқай ойлады. Жалпақ ел
дегеніңіз – алақандай-ақ екен-ау өзі, сонау батыстың бір қиырында жасырын айтылатын ән осынау шығыс шалғайға да мәлім дегенді кім білген, қызық... Мұны түсінуге де болады, бұл әннің бір құдіреті бар! Қарай гөр, мына жұдырықтай інілері де осы әуен шырмауына түсіп, әсем сазына арбалып қалыпты... Тарқап бара жатқан адамдардың ара-арасынан жүгіре өтіп келіп, өзін қоршап алған жеткіншектерге бұл ән жайында өзі білетін мәліметтерді айтып берді. – Мырзаш, Сәкен, Төреш, біліп алыңдар: бұл бұдан жүз жылдан да бұрын шыққан ән, – деді. – Франция деген елдің Марсель деген қаласындағы әскери қызметке ерікті түрде келіп жасақ құрған жауынгерлердің жорық әні ретінде шығарылған екен. Әсем ырғағы, келісті екпіні халықтың жүрегін тым тез-ақ жаулап алыпты. Содан әуелі француз халқының революциялық әніне айналып кетсе керек. Марсель қаласында дүниеге келгендіктен де, әннің аты солай – «Марсельеза» деп аталып кетіпті. Артынша бүкіл дүниені жаулауға көшкен-ау деймін. Бұл әнді осы күндері орталықта көп шырқайды. Сезімтал Сәкен арманын тағы қайталады: – Біз де үйреніп алсақ қой, шіркін! Өтеміс аға, сөзін жазып бересіз бе? – Бұл қиын емес. Әне, ана Ваняның қолында дайын мәтін бар, жаңа аңғарғанмын... Сонадайда адамдар кезектесіп – петиция соңына, оған тіркелмек параққа қол қойып жатқан. Сол қол қою рәсімін қадағалап, үстел жанында тұрған Прилепскийге Өтеміс барып, бірдеңе деді. Анау оны тыңдап алып, басын изеді. Сосын балаларға қарады. Оларға қолын бұлғады. Қалтасынан бүктеулі қағаз алып, Өтеміске берді. – Көшіріп алсын, – деді. Аналар жандарына имене тақалғанда: – Ал сендер әуенді жаттап үлгердіңдер ме? – деп, ыңылдай бастады. Сәкен қуанып кетті... Өтеміске олардың ән үйрену сәтін тамашалаудың реті келмеді. Оны Топорнин кеңсе ішіне кіріп шығуға шақырды. Онда ол петиция салынатын пакетті Өтемістің өзімен бірге ала кетіп, мыс зауыты арқылы жүргенінде, кеңсеге қалдыра салуын өтінді. Сосын екеуі конторщик* Мардарий Ивченко отырған бөлмеге барды. – Мардарий Андронович, – деді Топорнин сұсты сыпайылықпен, – сіз қол қоюдан бастарттыңыз, дегенмен, қызметіңіздің ретіне орай, бізге екі үлкен конверт беріңіз. Петицияны және қол қойылған парақтарды салуымыз керек... Ивченко берер-бермесін білмей қобалжыңқырады. – Бұныңыздың қызметке еш қатысы жоқ... – деп күмілжіді. – Саспаңыз, қатысы әбден бар! – Бірақ... – Ешқандай да бірағы жоқ, міне мына жігіт біздің курьер** болады, қазір жол жүруі керек, тездетіңіз. Қаласаңыз – жазып қойыңыз: тау-кен кәсіпкері Карно мырзаға пакет жіберу үшін берілді деп... Осы кезде бөлмеге кірген біреу: ------------------ *Кеңсеші, кеңсе қызметкері. **Жедел де шұғыл тапсырмамен жіберілетін тұлға.
– Сіз жұртқа теріс өнеге көрсетудесіз, Петр Николаевич, – деді. Топорнин артына бұрылды. Келген – фельшер Евдоким Костенко еді. Ол да петиция беруге қарсы Ивченкомен бірге тұрған-ды. – А, Евдоким Захарьиныч, – Суық жүзбен ұстамды тіл қатты. – Білем, сіздіңше, жақсы өнеге – штейкбрехерлік* қой. Біз ондайды құп көрмедік, кешіріңіз... Костенко бір сәт абдырап қалғандай болды. Күбірледі: – Басты нәрсе – тәртіп сақтау... Содан соң даусын сенімдірек етіп шығарды: – Мен мүлдем басқа мәселеге – сіздің адамдардың әлгінде хормен айтқан әніне байланысты теріс үлгі нышанын көрдім... – Солай ма? Оныңыз жайында таратыңқырап айтпас па екенсіз? Бірлесіп ән шырқау неліктен теріс өнегеге есептеледі екен? Бұл өте қызық, Захарьиныч, мархабат... Захарьиныч қамшы салдырған жоқ. Шекесінен қарап тұрып, сыздаңқы үнмен: – Сіз, өзіңізді шетел капиталымен күресуші күрескермін деп есептеп жүрген адам, егер шын мәнінде сондай патриот** болсаңыз – жастарға алыстағы бір бөтен елдің гимнін*** емес, өз отанымыздың гимнін айтқызып үйретер едіңіз! – деді. Өтеген Топорнинге көз тастады. Анау сабырлы кескінін бұзған жоқ. Тосылмай, байыппен жауап берді. – Өз отанымыздың гимнін үйрету керек деймісіз? Яғни біз әлгінде: «Құдайым, патшаны сақтай гөр!» әнін діни хор секілді күңірене қосылып айтуымыз керек екен ғой? Костенкоға тесіле қарады. – Айтыңызшы, – деді сәл үнсіздіктен кейін, – сіз осыны гимн деп ойлайсыз ба? Костенко үндемеді. Топорнин терең бір тыныстап алды да, сөзін былай жалғастырды: – Евдоким Захарьиныч, біріншіден, ол – Россия мемлекетінің салтанатты әнінен гөрі, православие шіркеуінің жаратқанға деген жалбарынышына толы дұғасына көбірек ұқсайды. Екіншіден, сіз бөтен елдің гимні болғандықтан жек көріп отырған «Марсельеза» – еркіндік аңсаған әркімнің көкейіне қона кететін әсерлі де сырлы ән. Ол, бәлкім, бертінде француз мемлекетінің ұлттық гимніне айналса – айналған шығар, бірақ оны біз сонысы үшін емес, біз оны – бір ғасырдан астам уақыт бойы шырқалып келе жатқан бостандықтың салтанатты жыры ретінде қадірлейміз. Ол – азаттық жыры, революциялық жыр. Сондықтан да – әділдік аңсаған қалың көпшіліктің сүйіп айтатын әні. Жастар оны білгеннен елін кем сүйеді дегіңіз келіп тұрса – оныңыз шындыққа томпақтау болады-ау... Топорниннің сөзінің аяғын бір қатты дауыс іліп ала жөнелді: -------------------------------- *Ереуілшілердің талабын жүзеге асыруға – өз қылықтарымен, мәселен, жұрт ереуілдеп жатқан кезде, кәсіпорындағы жұмыс орнын тастамай, қызметін тоқтатпай, қожайынға мойынсұнып істеу жолымен кедергі келтірушілік. ** Өз отанының мүддесі үшін жанқиярлыққа әзір тұратын, өз елін сүйетін адам. *** Мемлекеттік бірлік белгісін білдіретін салтанатты ән.
– Ал, жалпы, фельдшер мырза, құдайдан – патшаны сақтауды емес, елді патшадан құтқаруды сұрау керек! Бәрі жалт қарады. Табалдырықта еңгезердей Мартылого, төртбақ Ысқақ пен талдырмаш Прилепский тұрған-ды. Арт жақтарында тағы бір топ жұмысшы бары байқалады. Өтеміс топ арасынан мойын созған Төлегенді көріп қалды. Ол жиын мақсатын қуана қолдаушылар қатарында жүрген еді. Мартылого сөзін аяқтай бере, соңындағыларды ілестіре, ішке ентелей кірді. Әй-шәй жоқ, төрге ұзады. Биіктегі қабырға сағатына салынған патша суретін саусағымен шұқи көрсетіп: – Бұл – патша емес, нағыз ақымақтың өзі! – деді. Ешкім тіс жармады. Ивченко Өтемістің қолына аузы ашық үлкен конвертті үн-түнсіз ұстатты. Өтеміс оны алды да, Прилепскийге көз тастады. Ол талап-хат пен оған қойылған қолдар тіркеулі қағаздарды қабаттаған қалпы қос қолдап ұстап тұрған. Өтеміс оған: – Ваня, кел, әкел бері, хаттайық, – деді. Бәрінің назары пакетті әзірлеу үдерісіне ауды. Өтеміс Ваняның қолындағы петицияны конвертке салды. Аузын желімдеді. Топорнин Ивченконың алдындағы қаламұшты алды да, сиясауытқа малып, конверт сыртына адрес жазды. – Іске сәт, хлопцы!..* – деді сосын Ивченкоға қаламсабын қайтарып тұрып. – Біздің сәлемдемемізді Карноның басқармасы бүгін-ақ алар деп сенейік! Мартылого кеудесін керіп: – Бұл дұрыс болар еді, – деді, – тек ол үшін шұғыл да суыт жүру керек болар... – Тап солай болады. Топорнин пакетті Өтеміске беріп, қолын қатты қысты: – Өтеміс, сізге өлшеусіз зор үміт артамыз... Тағы бір бір сағатқа жетер-жетпес уақыттан соң Өтеміс туған-туысқандарымен де, кеніште біліскен жаңа таныстарымен де қоштасып болып, арнайы әзірленген көлікке отырды. Жараулы ұшқыр ат жегілген шана жеңіл сырғи жөнелді. Тау қойнауынан тез шығып, қар жамылған даламен жүйткіп келеді. Шана үстінде екеу отыр. Бірі – жәмшік, екіншісі – пошташы. Ал пошташы дегеніміз – кәдімгі өзіміздің Өтеміс. Қойнындағы пакетті Нілді кенішінің қожайыны отырған кеңсеге апарып тапсыруы қажет. Сонысымен оның осы екі арадағы пошташылық міндеті аяқталады. Содан соң ол одан әрі өз бағытымен кете бермек. Ал оның сапары әуелі Көкшетауға, одан Орынбор, Теке арқылы Питерге қарай бағытталады. Жолшыбай қанша жерге соғып, қанша адаммен сөйлесуі тиіс... Жол ортасындағы бекетте атты дамылдатып, жемдетті. Өздері де шәйпәй ішіп, сәл бой жылытып алысты. Сосын тымық күн оларды тағы жолға шақырды... – Хатты кеңсеге тапсырармыз да, бірден Жексенбектің үйіне өтіп кетерміз. Сонда жылынып, бұйырса, қонақасын жерміз. – Өтеміс тымағын көзіне түсіріп, тұмсығын тонының жағасына тықты. – Содан мені ертемен қолайлы көлікке салып жібере алсаң – жолымды жалғастыра беремін ғой... ---------------- *Жігіттер
Алыстан көк түтін будақтатқан көкжиек шалынды. Біраздан соң қарауытып, мұржалары аспанмен таласқан Спасск мыс қорыту зауыты көрінді. Лезде кеш қарайды. Нысаналы ауылға көз байлана жетті-ау. Ат-шана зауыт кеңсесі алдына тоқтады. Пошта тасушы Өтеміс шанадан түсті де, аязды ауада ауыз-мұрнынан буы бұрқырай керіліп, бойын жазды. Сосын қойнындағы пакетті алды да, қарды сықыр-сықыр басып, ішке беттеді. Кіргенінен шыққаны жылдам болды. Кіреберістегі есіктен өзіне қарсы беттеген іс жүргізуші қызметкер пакетті сөзге келмей алып қалғандықтан, тез кері айналды да, кеңсе есігінен атып шықты. Жәмшік аттың айылын түзеп орала бергені сол еді, жүгіріп келіп, шанадағы орнына гүрс етіп отыра кетті. – Бітті шаруа! Кеттік! – деді. – Кеттік, Жорабай, тезірек ыстық шәйға жетейік. Жорабай делбені қағып қалды: – Шүу, жануар! Іс жүргізуші қызметкер конвертті алып, зауыт басқарушысының бөлмесіне кірді. – Анатолий Сергеевич, пошташы Успенский рудниктен* пакет Әкелді... Анатолий Сергеевич қолын созды. Алды. Тартпасынан қайшы алып, пакеттің бір жиегін қиды. Ішінен қалыңдығы едәуір болып тұрған хатты суырды. Бірнеше бүктелген қағаз екен, табақтай етіп жазды. Шұқшиып оқи бастады. Сосын басын жұлқа көтеріп, шошыңқы үнмен: – Фелль мырза кетіп қалған жоқ па екен? – деп сұрады. – Қараңызшы? Іс жүргізуші оның оқыс шыққан үрейлі даусынан селк ете түсті. Бір сәт тұтыға тұрып қалды да, артынша: – Жоқ, кеткен жоқ, Анатолий Сергеевич, – деп шапшаң жауап берді. – Фелль мырза өз кабинетінде отыр. Анатолий Сергеевич басқа ештеңе айтпай, іс жүргізушіге қайтып көңіл аудармастан, орнынан ұшып тұрды. Ұшып тұрды да, хатты қолына ұстаған күйі бөлмесінен шыға берді. Жүгіре басып, дәліздің төріндегі Фелль мырзаның есігіне беттеді. Нельсон Фелль – шетел кәсіпкері Карл Карноның қазақ жерінде ашқан тау-кен кәсіпшілігінде нақты басқарушы лауазымын атқарып отырған тікелей өкілі. Ол өз кабинетіне апырақтап кіріп келе жатқан мыс қорыту зауытының жергілікті басқарушысын көргенде, көзінің қиығын алдында жатқан қақпасы ашық қалта сағатына тастады. Кешкі алты. Терезе тас-қараңғы. Жұмыс соңында мұны не айдап келеді екен? Басын көтерді. Мыс қорыту зауытының жергілікті басқарушысы бұның үстеліне тақала бере, қобалжулы дауыспен, ентігіңкіреп: – Мистер Фелль, – деді, – қазір Өспен кенішінен петиция келіп түсті. – Фелльдің алдына қобыратып қағаздарды қойды. – Басқарма атына жазылған. Басқа ешқандай қоса жолданған мәтін жоқ. Тек тілек-арыз және оған қойылған жүз қаралы қол. Киргиз жұмысшыларының біразы, жазу білмейтіндіктен, бармақтарын басыпты. -------------------------- *Өспен кенішінен.
– Сіз не айтып тұрсыз, Павлов мырза? Өзіңіз алдымен отырыңызшы. Жайырақ сөйлесеңіз еді, мен аса түсіне алмадым... Павлов мырза тым бастырмалата, жылдам-жылдам сөйлегенін ұғып, ғафу өтінді. Отырды. Алқынған демін басты. Сосын дәл осы сәтте өзінің жаңа пошта алғанын және оның мәнісін асықпай айтты. Жалпы, Фелль орысша тәп-тәуір біледі. Тек жүгірте сөйлегенді және, әрине, күрделі сөздерді ұға алмай қалатыны бар. Мәселе петиция мәтінімен танысуға тірелгенде, ол өзіне аудармашы қызметі көрсетілуін қалады. – Айтпақшы, Братцев мырзаны шақырып жіберіңіз, мұндағы жазуды менің толық түсінуіме жәрдемдессін... Павлов қабылханаға шығып, кеңсешіні жұмсады, анау оны тез тапты. Кішкенеден соң олар талапхатты оқуға кірісті. Дұрысында, Павлов оқыды. Асықпай, әр сөзін айқын, түсінікті етіп оқыды. Братцев қажет болған кезде ағылшынша мағынасын түсіндіріп отырды. Фелль шетел кәсіпкері иелігіндегі кәсіпорын жұмысшыларының неліктен наразылық көрсетіп отырғанын ұғуға тырысты. Әуелі Павлов петицияның кімге арнап беріліп отырғанына назар аударды: – Тау-кен кәсіпкері сэр Карноның басқармасына деп арнайы көрсетіп жазылған екен... – Иә, – деді Фелль, – не айтқылары келіпті? – Былай дейді... «Мы, служащие и рабочие Успенского медного рудника горнопромышленника К.Э. Карно – французского гражданина, сплотившись между собой для борьбы с капитализмом, на общем собрании 6 декабря 1905 года пришли к тому заключению, что исполнять свои обязанности при существующих условиях жизни на руднике можем лишь в том случае, если эти условия будут улучшены»...* Петицияда, негізінен, шетел кәсіпкері иелігіндегі кәсіпорын жұмысшыларының наразылық көрсетуі жайында сөз боларын шамалап отырған Фелль, дегенмен мәтінді дәл түсініңкіремей: – Кіммен күресеміз дейді? – деп сұрады. – Капитализммен күресу үшін топтастық дейді. – Братцев ағылшын тілінде түсініктеме бере бастады. – Бұл жерде олар капитализммен күресу дегенді «еткен еңбегіміз үшін ылайықты ақымызды алуымыз керек» деген мағынада айтып отыр ғой деймін. – О не дегеніңіз, бұл тұнған революциялық тіркес, – деді Павлов. – Жалдап алушылар өздерін ауыр жұмыстарға салып пайдалана тұра, еңбегінің өтеуін толық бермей жүр, сондықтан да жалдамалы жұмысшылар қанаушыларға қарсы бірігіп жатыр деген ұғым жатыр онда... – Хм-м-м... Жарайды, әрі қарай оқыңыз... ---------------------------- *«Біз, тау-кен өнеркәсібі кәсіпкері – француз азаматы К.Э. Карноның мыс кенішінің қызметшілері мен жұмысшылары, капитализммен күресу үшін өз ішімізде тығыз топтасып, 1905 жылғы 6 желтоқсандағы жалпы жиналысымызда мынандай қорытындыға келдік: кеніште орын алып тұрған өмір сүру жағдайында біз өз міндеттерімізді тек қана осы жағдайлар жақсартылғанда ғана атқара аламыз»...
– «...ввиду чего мы постановили требовать: Первое. Немедленного понижения цен на все продукты, отпускаемые нам в оплату, так как существующие в настоящее время цены считаем высокими и незаконными. Разъяснение бывшего присутствия по горнозаводским делам при горном департаменте, пункт 2, говорит: «смыслу закона (статья 141 устава о промыслах) учреждение промысловых и заводских лавок отнюдь не должно иметь характера коммерческого, почему и оборот таких лавок должен быть рассчитан не на прибыль, а лишь на безубыточность операции и т.д.»...* – Шынымен мұндай құжаттар бар ма? Павлов мырза, мұны тексеріп көру керек шығар. Нілдіде азық–түлік расымен қымбат па? – Кеніш шалғайда, тауарды оған жеткізгенше, саудагерге едәуір шығындалуға тура келеді. Шеккен залалы бағаға аударылады да. Бұл табиғи жәйт қой... – Олар бұған мысал келтіріпті. Тыңдаңыз: «Что же мы видим здесь? Здесь происходит явное нарушение этого закона, так как магазин приносит ежемесячно чистого дохода 250 рублей в среднем и, значит, он представляет коммерческое предприятие. Повышение же цен на продукты первой необходимости, как, например, на муку, происходит и оттого, что мука до привоза на рудник проходит через несколько рук – комиссионера магазина Спасского завода, а потому и достигает такой чрезмерной цены, как 1 рубль за пуд, тогда как в городе Акмолинске стоимость ее 40 копеек».** – Қызық екен, заттың құнын базар мен бәсеке анықтайды емес пе... – Әйтсе де бағаның екі жарым есеге өсуі реніш білдіруге тұратын ілік... – «Второе. Повышение заработной платы месячным, поденным и подрядным: получающим до 50 рублей в месяц – 25 процентов, а свыше 50 рублей – 15 процентов».*** – Қалай ойлайсыздар, кеніштегі қызметкерлер мен жұмысшыларға жалақы өте аз мөлшерде беріле ме? – Түк те аз емес! Орташа елу сом дегеніңіз көп-ақ ақша емес пе? – Онда неге мұндай талап қойылады? – Мистер Фелль, қазір күллі Россия талапшыл болып тұр ғой... ---------------------------------- *«...осыған байланысты біз мынандай талаптар қоюға қаулы алдық: Бірінші. Бізге төлем ретінде беріліп отырған барлық азық-түлік түрлерінің бағасын еш аялдамастан төмендетуді талап етеміз, өйткені олардың қазіргі таңдағы бағасын жоғары және заңсыз деп санаймыз.Тау-кен департементі жанындағы тау-кен-зауыт істері бойынша бұрынғы алқаның түсіндірмесінің 2-ші тармағында былай делінген: «заңның (кәсіпшілік туралы жарғының 141-ші бабы) мәнінде кәсіпшіліктер мен зауыттардың дүңгіршектерін ашу ешқандай да коммерциялық сипатта болмауға тиіс, сондықтан да мұндай дүңгіршектердің айналымы табыс табуға емес, тек қана операцияның шығынсыз болуын қамтамасыз етуге ғана есептелуге тиіс және с.с.»... **«Біз бұл жерден не көріп отырмыз? Мұнда осы заңды ашықтан-ашық бұзу орын алып отыр, өйткені дүкен ай сайын орта есеппен 250 сом таза пайда түсіруде, демек, ол коммерциялық кәсіпорын болып табылады. Тіршілік мұқтажы болып табылатын күнделікті сұранысқа ие азық-түлік өнімдерінің бағасын көтеру болса, мәселен, ұнды алайық, ұн кенішке жеткенге дейін бірнеше қолдан – Спасск зауыты комиссионерінің (сауда істеріндегі делдалдың) қолынан өтетіндіктен қымбаттап отыр, сондықтан да оның құны шектен шыққан бағаға, бір пұтының бағасы 1 сомға дейін өсіп отыр, ал сондай ұнның Ақмола қаласындағы бағасы 40 тиын». *** – «Екінші. Ай бойы, күнделікті және мердігерлікте істейтін жұмыскерлердің еңбекақысын мына мөлшерде көтеруді талап етеміз: бір айда 50 сомға дейін табатындарға – 25 пайыз, ал 50 сомнан артық алатындарға – 15 пайыз»...
– «Третье. Снабжение непромокаемою одеждою и обувью рабочих, работающих в мокрых забоях, от конторы рудника бесплатно, согласно существующих законов».* – Жұмыс киімі беріліп тұрады, бұл да, әйтеуір, заманына қарай амалы ретімен айтыла салған нәрсе ғой... – «Четвертое. Устройство в непродолжительном времени постоянного русско-киргизского училища по типу земских школ с 3 отделениями. При отдаленности нашего рудника от просвещенных мест мы не имеем возможности дать своим детям не только порядочного образования, а даже и того, чтобы они умели читать и писать».** – Не керек дейді? Братцев талапты ағылшынша мазмұндады. Фелль түсініңкіремеді: – Мектеп ашып едік қой? Братцев Россиядағы земстволық оқу орындарының сипатын әңгімеледі. Сонда Фелль тарапынан жаңа сауалдар туындады. Ал бұл сұрағандарындай мектептің ол жерге қажеті бар ма? Бар болса, оны біз бе екен ашатын? Үкіметтен сұраулары керек шығар? Қысқасы, бұл да орынсыз талап деп табылды. – «Пятое. Немедленного улучшения помещений – казарм для киргиз-рабочих. Казармы без рам, с завешенными вместо стекол мешками, кошмами вряд ли могут удовлетворять всем требованиям гигиены, а между тем администрация правления горнопромышленника, французского гражданина К.Э. Карно, относится, повидимому, к тому положению вещей слишком безучастно, так как только этим можно объяснить непосылание на рудник необходимого стекла, хотя требования на это стекло посылались слишком часто».*** – Мұны қарау керек. Орындауға болатын шаруа ғой. Павлов мырза, олар шынымен кеніш құрылыстарына шыны сұратып тұрған болса, оны біз жібермеген болсақ – әрине, бұл дұрыс емес, тексеріңіз... – «Шестое. Уволить служащих Успенского медного рудника, фельдшера Е.З. Костенко, конторщика М.А. Ивченко, как несогласных с нашими требованиями».**** ----------------- * – «Үшінші. Ылғалды забойларда істейтін жұмысшыларды су өтпейтін киіммен және аяқ киіммен жабдықтау, қолданыстағы заңдарға сәйкес, кеніш кеңсесі тарапынан тегін жасалатын болсын». ** – «Төртінші. Үш бөлімшелі земство мектептері тұрпатындағы тұрақты жұмыс істейтін орыс-қазақ училищесін ұзаққа созбай ашуды талап етеміз. Біздің кеніштің оқуағарту жолға қойылған орындардан шалғайда жатқандығы себепті, біздің балаларымызға қалыпты білім беру түгіл, оларды оқи және жаза алуына жетерліктей сауаттандыруға да мүмкіндігіміз жоқ». *** – «Бесінші. Қазақ-жұмысшыларға арналған қазармаларды – үй-жайларды шұғыл жақсартуды талап етеміз. Қазарма терезелеріне жақтаулар салынбаған, әйнек орнына қаптар мен киіздер ілініп қойылған, бұл қалпында гигиенаның барша талабына қайдан жауап берсін, алайда тау-кен кәсіпкері, француз азаматы К.Э. Карно басқармасының әкімшілігі, шамасы, мәселенің мұндай ахуалына тым жайбарақат және өзінің қатысы жоқтай қарайтын болса керек, өйткені кенішке әйнектің, сол әйнекті сұратқан талап-қағаздардың тымақ жиі жолданғанына қарамастан, жіберілмеуін тек осымен ғана түсіндіруге болады». **** – «Алтыншы. Өспен мыс кенішінің қызметкерлері фельдшер Е. 3. Костенко, кеңсеші М.А. Ивченко біздің талаптарымызбен келіспеушілер ретінде, жұмыстан шығарылсын».
– Мен фельдшер Костенконы жақсы білем, байыпты, орнықты адам. Оның бүлікшілдерді қолдамағаны жөн болған. Братцев мұндағы мыс қорыту зауытында дәрігер болып істейді. Кеніштегі әріптесінің осынау талапхат жолдаушылармен сыбайластыққа бармағанын білгенде, қуанып кетті. Павлов кеніштегі кеңсе меңгерушісінің де тәртіптің адамы екеніне назар аударды. – Иә, бәрі бірдей бүлікшіл емес екені анық. Іштерінде бізге адал кісілер бар деңіз... – «Подавая настоящую петицию правлению горнопромышленника – французского гражданина К.Э. Карно, даем сроку для удовлетворения таких требований пять дней, считая с 7 декабря сего года»* – Шарты қатаң болды ғой?! – Яғни ертеңнен бастап есептегенде – бес күніміз бар... – «В случае неудовлетворения наших требований или промедления с ответом объявляем с 12 декабря полную всеобщую русско-киргизскую забастовку».** – Онда олардың жаппай ереуілін болғызбауымыз қажет... – Қандай жолмен? – Міне бұған бәріміздің біраз бас ауыртуымыз керек, мырзалар. – «На том же собрании постановлено: отправить копию настоящей петиции для напечатания в столичных газетах».*** – Жетпегені осындай шу еді... – Ол қоқанлоққыға мән бермей-ақ қояйық. Қазір Россияда не көп – осындай орынсыз талапшылдық көп. Бұларың ешкімді селт еткізбейтін жағдайға жетті қазір... – «Под настоящей петицией подписуемся...»**** О, неткен ұзын тізім... Смотритель Петр Топорнин, бухгалтер Леонид Ерофеев, қабылдап алушы Леонид Старков, жұмысқа келу кестесін жүргізуші Иван Белоглазов, алмаспен бұрғылауды басқарушы Степан Невзоров, штейгер міндетін атқарушы тау-кен нарядшысы, смотрительдің көмекшісі Федор Засыпкин, төбені шегендеу жұмыстары бойынша нарядшы Михаил Жилин... тіреу орнатушы Тимофей Низовитин, машинист Василий Патаров, жұмысшы Иван Прилепский, Нілді кеніші дүкенінің қоймашысы Иван Низовитин, жұмысшы Мартылого, һм-м-м... кеніште істейтін орыс текті персонал түгелімен тізілген, ыңғайы, Әлгі петицияда көрсетілген екеуден басқасы қостаған тәрізді... киргиз біткен де старшина-нарядшы Әлімжан Байшегіровтен бастап түп-тұқиянымен тіркеліпті, міне мына ноқаттар мен иректерді қараңыз, ал мұнда тіпті бас бармақтарын сиямен мөр ғып басып таңбалаған... --------------------- * – «Осы тілек-талапты тау-кен кәсіпкері тау-кен кәсіпкері – француз азаматы К.Э. Карно басқармасының әкімшілігіне ұсына отырып, осынау талаптарды қанағаттандыру үшін, үстіміздегі жылдың 7 желтоқсанынан бастап санағанда, бес күн мерзім береміз». **– «Біздің талаптарымыз қанағаттандырылмаған жағдайда немесе жаувап беру кешіктірілсе – 12 желтоқсаннан бастап жаппай толығымен шығатын орыс-қазақ ереуілін жариялаймыз». *** – «Сол жиналыста мынандай қаулы алынды: осы петицияның көшірмесі астаналық газеттерде жариялау үшін жолдансын». ****«Осы ұжымдық тілекхатқа біздер қолымызды қоямыз...»
Олар бірнеше параққа жыпырлата қойылған қолдарға, басылған бармақ таңбаларына біраз уақыт қарап отырды. Одан пікірлерімен бөлісті. Ақыры, кеңесті Фелль былай қорытындылады: – Қалай дейді, сіздерде, орыстарда: кештен гөрі таңның даналау келетінін айтушы ма еді? Бір мезгіл осы ақылды сөзге жығылайық. Ертемен бас қосып, кеңесерміз... Қазандықтың ыстық жалын атып тұрған оттығына қара терге түсіп көмір лақтырып жатқан екеу ақыры қимылдарын баяулатып барып тоқтатты. Біреуі вагонетка түбіндегі көмір қалдығын күрекпен қырып алып, пешке тастады. Екіншісі оттықтың қақпағын жапты. Содан соң сырт киімдерін жүре киіп, арбаны итерген қалпы, көмір қоймасына беттеді. – Түнде біздікіне Өтеміс келіп қонып кетті, – деді бірі, – есіңде ме, ана жылғы ереуілбасы болған Батырбай ақсақал бар ғой, сол кісінің кенжесі. Нілдіден келе жатыр екен... – А, ондағы ереуіл жайында сол айтып келді ме? Ел құлағы елу деген, мана таңертең ел гуілдесіп жүр еді... Жолшыбай олар кентас уатушыларға соқты. Тасқа шақыр-шұқыр соғылған ауыр балғалар дыбысы бір сәт толастап, жұмысшылардың екі-үшеуі қоршаудың бергі жағына шықты. Бірі алақанын жігерлене уқалап: – Жексенбек, нілділік бауырларға ынтымақтастық көрсетеміз ғой? – деді. Қасына ілесіп келген жігіттердің бірі: – Желпініп-ақ тұрсың-ау, Сиқым, – деді, – тек жер түбіндегі туыстармен қайтіп ынтымақтасуға боларын білмейсің де ғой... Сиқым оған қасын кере қарады: – Әлгінде не деп ек? Сен не, Тұрарбек, аспаннан түскендей болып тұрғаның? – Жо-жоқ, сенің ол ұсынысыңды мына Жексенбек пен Тұрсын естіген жоқ қой, ал бұлардың қасында істеп жүрген жігіттер мүлдем білмейді. Соны айтам да... Жексенбек оларды үнсіз тыңдап тұрды да, ішінен Өтемістің әңгімесінің маңызды деген жерлерін қайталап пысықтап барып, былай деді: – Білесіңдер ме, кеніштегі жігіттер орыстармен қоян-қолтық көтеріліпті ғой. Әрі әрекеттерін патша ағзамның өз пәрменімен рұқсат берген құқтардың аясында жасапты. Ал біз бұлардан бейхабарлаумыз ғой. Олар, зауыттың орысы мен қазағы, келісіп, одақтасу жолымен бірауыздылық көрсетіпті. Біз де солай етпейміз бе? – Оның дұрыс, онда осындағы заң-зәкүнді жақсырақ білетіндермен ақылдасайық, ә? Жексенбек басын изеді – Әсіресе орыстармен сөйлесіп көру керек. – Мен әлгі балқыған мысты құюшы Сашамен бүгін-ақ ақылдасып көрейін. Жұмысшылардың ішінде жалақыны ең көп алатын сол, бірақ соның өзі алатын ақшам сіңірген еңбегіме татымайды дегенін талай естігенмін. Яғни біздің ойымызды қуаттап қалар... – Содан кейін барша қажет ететін тілектерімізді қағазға орысша түсіріп бере алатын біреуді табуымыз керек...
– Болады, біздің осындағы мына Митрий шебер де соған жарап кететін адам... Олар тағы шамалы пікірлесіп тұрды да, жұмыс соңында тағы кездесіп кеңесуге уағдаласып тарасты... Бұл кезде Нельсон Фелль бірқатар шаруаның басын қайырып үлгергенді. Басқармада ертемен мәжіліс өткізіп, атқарылуға тиіс шаруалар ауқымын белгіледі. Павловпен оңаша ақылдасты. Оның Ақмолаға барып, үйез бастығына мәселенің жай-жапсарын баяндап қайтуын қош көрді. Жол жүргенге дейін зауыт жұмысшыларының жалпы жиналысын өткізуді тапсырды. Сосын өзіне көмекшісін шақырды. – Нілді болысының басқарушысына менің атымнан хат дайындаңыз, – деді оған. – Былай деп жазыңыз... Хатқа түсірілуге тиіс ойын мазмұндап айтты. Ол жазып болған соң, дауыстап оқытты. Ескертпесін айтып, кей жерлерін түзеткізді. – Міне осылай деп, тазалап көшіріңіз. Соңынан менің лауазымым мен аты-жөнімді анық етіп жазып қойыңыз... Көмекшісі айтқанын тап-тұйнақтай етіп орындады. Ірі әріптермен маржандай етіп түсірілген жазуларға сүйсіне қарап, ежелеңкіреп оқып шықты. Мақұлдады. – Әкеліңіз, қол қойып берейін... Кеңсешіге айтыңыз, сэр Карноның гербілі конвертіне салсын... – Құп, тақсыр... – Енді мұны тасымалдайтын сенімді адам табу керек. Түсінемісіз, Никитин? Болыс басқарушысы Мұстафинге осы хатты тездетіп апарып беретін шұғыл шабарман жіберуді ұйымдастырыңыз... Жексенбек серігімен вагонетканы көмірге толтырып, пешке сүйретіп апара жатқанда, зауыт кернейі гуілдеп қоя берді. – Не боп қалды екен? – деді ол таңырқап. – Қалай ойлайсың, Құлантай? – Кім біледі, түстік үзіліске әзір ертелеу сияқты еді... Олар пешке тақала бергенде, әріден бір топ жұмысшы көрінді. – Жігіттер, жылдамдатыңдар, – деді біреуі, – жұмысшыларды цехтың кіреберісінде болатын жалпы жиналысқа шақырып жатыр... Не үшін жинап жатқанын ешкім біле қоймады. Дегенмен ішкі бір түйсік әлдеқандай төтенше жағдайдан хабар беретіндей еді. Зауытқа қожайындық ететін ағылшын төресінің төрге шығып келе жатқанын көргенде, Жексенбектің санасын сол түйсік-секемі жойқын екпінмен жайлады. Фелль Спасск мыс қорыту зауытының жұмысшыларын түгел жинауға әмір берген-ді. Жиналысқа зауыт дәрігері Сергей Братцевті ертіп келді. Ол шетелдік директорға аудармашы болып қызмет етті. Оның азын-аулақ білетін қазақшасы мен ағылшыншасы кәдеге асты. Фелльдің ағылшыншасы көбірек сөзін әуелі орысша айтады, сосын қазақтарға түсіндіреді. Жақсысы, жұмысшылардың арасында орысша тәуір сөйлейтіндер жеткілікті болатын, сондықтан тәржімәсі жеткілікті дәрежеде шығып жатты, түсіндіре алмай қиналған жоқ. Ал Фелльдің көздегені – қарапайым тәртіп, өндірісте жұмыс ырғағының бұзылуына жол бермеу еді. Сондықтан, зауыттың орыс билігі тағайындаған басқарушысын үйез орталығы Ақмолаға жұмсаған. Орыс әкімін тыныштандыру үшін. Сөйткен де, өзі жұмысшылармен пікірлесуге келген. Өзі сөйле-
ген. Нілді мыс кенішінде тәртіпсіздіктер орын алып тұрғандықтан, сонау тәртіпсіздіктердің өзге кәсіпшіліктерге де әсері тиюі ықтимал. Соны ойлағандықтан, дерттің алдын алу мақсатында, ол осылай етуді мақұл көрген болатын. Түскі үзіліс алдында, гудокты ертерек бергізіп, жиналыс ашқаны содан-ды. – Сіздер біздің кәсіпшілігімізде не болып жатқанын біліп отыруға тиіссіздер. Бірақ мұны ұзынқұлақтан емес, ресми ақпарат көздерінен естігендеріңіз жөн. Сондықтан да мен сіздерді соңғы жаңалықтар жайында өзім хабардар етпекпін, – деді ол. Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. – Кешелі бері біздің кәсіпшілігіміздің маңызды бір буыны болып табылатын Өспен мыс кеніші бүліншілікке жол беріп тұр, – деп, Фелль төтесінен тартты. –Ал бұл жақсы емес, бұл – баршамыздың қызметімізге залалын тигізетін жәйт. Содан соң тиюі мүмкін зияндар ауқымынан хабардар етті. – Міне, кешелі-бүгін кен тасып әкелуге тиіс керуен зауытқа келмей қалды. Егер осылай жалғаса берсе, зауыттағы шикізат – кентас қоры түгесіледі, сөйтіп енді екі-үш күнде мыс қорыту жұмысы тоқтайды. Яғни, қарадан-қарап, бәріміз де тиесілі жалақымыздан қағыламыз. Жұмысшылар бір-біріне қарады. Түсінікті-ақ сөз. – Егер Қарағанды көмірін тасушылар керуені келмей қалса – тіпті нашар болады. Пешке жағатын отынымыз, бүгінгі ахуал бойынша, таусылуға тақау. Көмір уақтылы жеткізілмесе – онда зауыт мүлдем тұралайды. Шетелдік бастық өзге кәсіпорындардағы тәртіпсіздіктер салдарының өздерінің тіршілігіне қалай әсер ететінін айта келе: – Ал егер сіздердің өздеріңіз ереуілдесеңіздер – жағдайымыз тіпті жаман болады, – деді. – Жұмыста кемшілік кездеспей тұрмайды, тек соны ілік етіп, ала-құйын болып, ереуілдеп, шапқылай бермеген жөн. Наразылық туғызатын жағдайлар орын алып тұрған болса, зауыттың әкімшілігіне айтыңыздар: сіздердің барша тілектеріңізге мұқият құлақ қойып тыңдайтын біз бармыз. Жәй тыңдап қана қоймай, кетік-кемістікті мүмкіндігінше түзететін боламыз. Одан ақыл-кеңесін аян етіп, бірер уәдесін де берді. – Ең бастысы, – деді ол, – бөтен сөзге ермеңіздер. Өспендіктер мұндай тірлікке соншалықты парасатқа жүгінгендіктен барып отырған жоқ. Керісінше, өте ақылсыз тірлік. Мен сіздерге сондай келісімсіз қылықтың алдын ала біледі, қаңқу сөзге ермейді, отбасы үшін маңдай терін төгіп еңбек ете береді деп сенемін. Жалақыларыңызды ешбір кешіктірмей, уақтылы алатын боласыздар. Бұған сене беріңіздер... Содан соң Фелль өзінің зауыттағы ерен еңбектерімен мыс қорытуды қамтамасыз етіп жатқан жұмысшылардың парасатына сенетінін айтты. – Қай-қайсымыздың да мақсатымыз – жақсы тұрмысқа қол жеткізу, ал адал еңбек – соған апаратын бірден-бір даңғыл жол. Құдай сіздердің ауыр да игілікті еңбектеріңізге жар болсын!.. Жексенбек Құлантайға көз тастады. Ол да, өзгелер де қожайын сөзін жайбарақат тыңдап тұр еді. Қандай әсер алғандарын, шамасы, жиын соңынан анықтасар...
Аспанды қорғасындай ауыр сұр бұлт қымтаған. Зауыт мұржасынан шыққан түтін аласара түскен көк көрпесіне сіңе, ери ұшып жатыр. Қар жапқан Нілді таулары арасында жатқан жұмысшы қалашығы әлдене күткендей, тым-тырыс кейіпте. Кенет алыстан, ауылға сырттан кіретін үлкен жол үстінен, қос ат жеккен көлік көрінді. Сол кезде ғана мұнда әлдебір қыбыр-жыбыр пайда болғандай сезілді... Зырлаған шана түс ауа кеніш кеңсесі жанындағы еңселі үйлердің бірінің алдына тоқтады. Осы кезде әлгіндегі түсініксіздеу қыбыр-жыбыр көрнектілік сипатқа енді: жолаушылар шанадан түсіп, пәтерге кірген бетте, үйдің алдын жиырма шақты адам қоршап алды. – Бауырым, сен көлігіңді атқораға апар... Ылау шетке әкетілді. Ішке ешкім кіргізілмеді. Жәмшік өзіне қандай жарлық берілерін білмекке оқталып еді, қоршауды басқарып тұрған малақайлы ұзынтұра жігіт: – Болмайды, – деп түксиді. – Ағылшынмен біздің өкіл сөйлесіп шықпайынша – еш адам іштегілермен ешқайда қатынас жасай алмайды. – Мақұл, – деп жәмшік көне кетті. – Мені сұраса – көлікті жайғап жүр дерсіздер... Іштен әлгінде жолаушылап келгендердің бірі көрінді. Оған қоршау тізбегінде тұрған жігіттердің бірі қарсы жүріп: – Қайда барасыз? – деп сұрақ қойды. – Кеңсеге. – Болмайды. Онда баруға рұқсат жоқ. Бұл Братцев еді. Өзінің жолын бөгеген жігітке, одан үйді қоршағандарға түйіле қарап шығып, үн-түнсіз кері айналды. Бұлардың ешкімді сыртқа шығармауға бекігені анық еді. Ұзақ тыныштықтан кейін тағы да үйдің сыртқы есігі ашылды. Қалың орамалын алқымына орай тартып, сырт киімін киіп алған жас үй күтуші әйел көрінді. Аңырып қалған жігіттер ауыз ашып үлгергенше, ол қоршау шетіне ілікті. Ақыры олар естерін жиып, оған сауал қойысты: – Сен қайда барасың, Даша? – Ей, сұлуым-ау, неге ентелейсің? – Дашенька, көзіңе қарасайшы! Алдың жабық емес пе?! – Жол болсын? Келіншек араларынан өтіп кетпек болып: – Онда жұмыстарың не, – деп сыңғыр етті. Алдын қабағын түйген жігіттер кес-кестегенде, амалсыз тоқтады. Араларынан басшыларын көзімен іздеп, ақыры, сол деп білген болар, сонадайдағы бойшаң жігітті шақырды: – Федя, бері кеп, мына қырандарыңа айтсайшы, мені жолдан қалдырмасын! Федя баяу басып жанына келді: – Қайда бара жатыр едің? – Маған Мардарий Андроновичті шақырып келу керек. Дашаның кеңсеге жұмсалғанын естігенде, оның да шұғыл кері оралуына, екінші қайтып табалдырықтан бері аттауына тыйым салынды. – Онда оны өздерің шақырып беріңдер. Келген кісілер тосып отыр... – Тапқан екенсің малайды...
Қоршау жасап тұрғандар ду күлді. Әйткенмен, көп ұзамай, іштегілердің іздеген адамы өзі де төбе көрсетті: Фелльдің шанасы ауылға кіргенін көргеннен бері, кеңсеші Ивченко оған жолығудың амалын ойлап отырған еді. Ақыры тәуекел етіп, олар түскен пәтерге беттеген. Бірақ оның алдынан да кісі өткізбес қақпа болып адам-қабырға тұрды. Ивченко жасы үлкендігін арқа тұтып, сабырмен: – Мен Фелль мырзаға кеңседегі бөлмесі дайын екенін айтуым керек, балалар, – деді, – бұл сендердің өз пайдаларың ғой... – Біз онымен осы өзінің туысқандарының үйінде-ақ сөйлесеміз. Кіруге болмайды. Шешімтал жауап. Кеңсе қызметкері қыбыжықтан кішкене тұрды да, ақыры кеніш басқармасы үйіне қарай кетті. Ызғырықтан қорғанып, мойнын бөкебайына тарта тығып алды. Қилы ойға батып, аяғын көңілсіз басты. Қарсысынан орыс-қазағы аралас бір топ жұмысшы ұшырасты. Оларды Топорнин бастап келе жатқан сықылды. Ивченко байыптап қарады. Иә, сол. Жан-жағынан қаумалаған серіктерінің әлдеқандай сауалдарына байланысты әлденені әңгімелеуде. Ол да мұны көрді. Бірақ назар аудармай өте беріп еді, бұған оның қасындағы жолдасы, ереуілшілердің бір белсендісі Тимофей қайырылып: – Немене, Мардарий, – деді, – қожайыныңа шағынбақшы ма едің? Мардарий қолын сілтеді: – Әй, қойшы сендерді! – Қойғанды көресің, сол қожайының сені әлі қызметіңнен қуады, біліп қой! Біз солай талап етеміз! Мардарий жылдамырақ адымдап, үнсіз ұзай берді. Онымен мына топтың арасы тез алшақтай түсті. Ықтасында отырған Игілік байдың еңселі ақ үйінде мәслихат өтіп жатқан. Мәслихаттың бір толастаған шағында Нілді болысы басқарушысының лауазымынан дәмелі ресми кандидат Исқақ Жамантық баласы тысқа шығып кеткен еді. Шыңылтыр аязды ауаны рахаттана жұтып, біраз сейілдеді. Қыстың көкте жарқыраған қызуы жоқ шырағына бір көз салып, кері оралмақ бола берген. Сол кезде көкжиектен әлдененің тұманыта қарауытқанын аңдады. Тесіліп қарай қалды. Ту сыртынан: – Неге тұрып қалдыңыз, аға? – деген дауыс шыққан кезде ғана селт етіп, артына мойнын бұрды. – Мен сізді іздеп келем... – Жәй ма, Байсейіт? Исқақ бойшаң келген ақ өңді бозбалаға жымиып қарады. Анау шапанын қаусырынып, қолындағы бөркін басына киді. – Сізбен бірге кішкене қыдырыстайын деп едім. – Онда жүр, былай қарай бір айналып қайтайық... Екеуі ауыл сыртына қарай беттеді. Исқақ Байсейіттің песірлік жұмысқа қалай төселіп келе жатқанын сұрастырды. Оқуын қашан жалғастырмақ ойы бар екендігімен де әуестенді. Ол кезінде Кенесарының ту ұстаған сарбаздарының бірі болған Мыңжасар батырдан өрбіген бір бұтақтың үлкені-тін. Оның әкесі Әділ Исқақтың
осы өңірдегі аға тұтып құрметтейтін адамдары қатарынан. Баласын орыс тамырлары арқылы Ақмолаға оқуға орналастырғанына бірнеше жыл болған еді, нәтижесі міне көз алдында. Байсейіт жап-жақсы сауат ашқан, болыс кеңсесінде тәп-тәуір қызмет етіп жүр. Осы қыстан кейін қала мектебіндегі оқуын жалғастырмақ. Исқақтың сұрақтарына байыппен жауап қатып келе жатқан Байсейіт кенет оның назары басқа жаққа ауғанын аңғарды. Мана көкжиектен нышан берген сұлба айқындала бастаған-ды. Сәлден кейін екеуі де шана табаны таптаған жолдың қарын бората шауып келе жатқан салтаттыны көрді. – Мынаның жүрісі суыт қой? Кім болды екен? – Әлдебір хабар әкеле жатқан жаушыдай... Олар басқа ештеңе демеді. Үн-түнсіз күтіп тұр. Салтатты атының басын Исқақтың тұсына келіп бір-ақ ірікті. Ат үстінен шолақ сәлем жолдап амандасар-амандаспастан: – Мен Спас зауытының ағылшын төресінен келем! – деді. Алқымындағы бауды ағытып, тымағының құлағын қайырды. Жап-жас бала екен. Жас шамасы Байсейіттей-ақ болар. Аяз сүйген екі беті қызыл шырайланып тұр. Өзіндей көргеннен бе екен, Байсейітті көзге ілмей, қысқа ұстаған жүгенімен алысып тұрып, бірден Исқаққа қарады да, мүлдем ересек кісіше: – Отағасы, маған болыснай Жәкен ағай керек еді, қай үйде екенін айтып жіберемісіз? – деді. Отағасы жымиды. – Аптығыңды бас, айналайын, – деп, ат үстіндегі жасөспірім шабарманға өзі қол ұсынды. Шабарман ат үстінен секіріп түсті. – Кешіріңіз, – деді қысылған үнмен. Исқақ кеңпейілдене бас изеді: – Оқасы жоқ... Жасөспірім оған қос қолын беріп амандасты. Байсейітке де сәлем берді. – Асығыс жүр едім, – деді, – әдеп сақтамағандай көрініп қалдым-ау. Талай ауылды араладым. Керек кісімді таппай келем. Содан кейін ғой ат үсті сәлемдесіп жүргенім... – Ештеңе етпейді. – Байсейіт те ересек кісіше байсалдана тіл қатты. – Енді тауып тұрсың. Бұл кісі болыснай Жәкен ағайыңның орынбасары болады. Исқақ аға... – Менің атым – Сүлеймен, Дәуітбектің баласымын. – А, білем, – деді Исқақ, – сенің әкең жас кезінде әйгілі балуан болған дейтін. Ол кісі қалай, күйлі-қуатты ма? Бес-алты ұлы бар ғой, сен кенжесі боларсың? Сүлеймен қысқа-қысқа жауап беріп тұр. Ол сөзін аяқтай берген бір сәтте Байсейіт өзін қызықтырған сауалды қойып қалды. – Сен ағылшын төреден қандай сәлем әкеле жатырсың, ай, Сүлеймен? Сонда Сүлеймен өзінің мойнындағы парызын еске алды. Тонының сыртынан кеудесін қағып қалып: – Хат әкеле жатырмын, – деді, – Исқақ аға, мен Жәкен ағайға жылдамырақ жолығайын... Исқақ иегімен Байсейітті нұсқады.
– Атыңды Байсейітпен бірге апарып ана кермеге байла. Байсейіт, сосын Сүлейменді үйге бастап бара бер. Мен солай қарай аяңдай берейін... Топорнин бастаған жігіттер ағылшындар пәтерін қоршаған топқа келді. – Иә, қалай, Вася, қонақтар тыныш па? Вася жағдайды қысқаша баяндады. – Ағылшындардың қасындағы Спасскіден келген біреу кеңсеге қарай шықпақ болып еді, шығармадық. Оларға Ивченко да кірмек болды, жібермедік. Так что, өздерімен өздері тынығуда. Кухарка* әлгінде бірдеңені көңірсітіп жатқан секілді еді, соған қарағанда, дәл қазір тамақ ішіп әлденіп, жылынуда шығар... – Что ж, қонақтар тойынды және жылынып болды деп есептейік. Солай ма? – Әрине. – Онда қалай, жігіттер, кеттік пе? – Жеңіп оралыңдар. Табыс тілейміз... Топорнин, Невзоров, Мартылого, Қошқарбаев төртеуі есікке беттеді. Үйдің ортаңғы кең бөлмесінде оларды іштегілер жиылып тосып отыр екен. Фелль төрге жайғасқан. Түсі суық. Кіргендерге бажырая қарады. Бұл үйде мыс кенішінің жұмысын ағылшындар тарапынан басқарушы Роберт Мессен мен кеніштің инженерлік бөлімнің меңгерушісі Эрнест Гиббер тұрады. Олар бүгін жұмыста береке қалмағанын, жұмысшылардың пыш-пыш әңгімемен шоғырланып жүруді жиілетіп кеткенін, жұмысшылардың бұларды, бұрынғыдай емес, мүлдем тыңдамауға ойысқанын көріп, үйге түске қарай қайтып келген-ді. Сол шақта Спасскіден зауыт директоры Нельсон Фелль жеткен. Дәрігер әрі аудармашы Сергей Братцевті ерте келген. Үй ішіндегілер оларға жалпы жағдайды келген бетте баяндаған болатын. Бірақ олар келгелі кеңсемен байланыса алмады. Бәрі, үй күтуші мен аспазға дейін еріксіз қамалып отырған. Сол уақыттың ішінде Мессен мен Гиббер екеуі соңғы кездері кәсіпорында орын алып тұрған ахуалды әр қырынан, мейлінше толық айтып берген. Ереуілшілердің ішінара бүліктерімен-ақ жұмысқа тигізген кесірі, оған өздерінің куә болғандығы жөнінде әңгімелеген. Топорнин тобы бөлмеге кіргенде – Фелль мәселеге әбден қаныққан қалыпта, әлдебір шешімін ойластырып, тас-түйін боп алған еді. Ойқыш-ойқыштау орысшасымен оларға дүрсе қоя берді. – Жұмыс неге тоқтап тұр, смотритель мырза? Неге бүлікке жол бересіздер? Мартылого қызбалана алға ұмтыла беріп еді, оны жеңінен Қошқарбаев кері тартты. Анау таңырқап артына қайрылғанда, көзімен Топорнинге нұсқады: «Сол сөйлесін, біз оны осы тұрысымызбен-ақ қолдаймыз», – дейтін тәрізді. Ондай тәртіппен Невзоров та келіскендей сыңаймен, әнтек бас изеді. Олар жетекшісін алға шығарыңқырады. – Сізге дұрыс ақпарат бермеген, директор мырза, – деді Топорнин саспай. – Жұмыс толық тоқтаған жоқ. Негізгі учаскелердің бәрі де қалыпты ырғақпен істеп тұр. --------------------- *Аспаз әйел.
Ал бірақ оның бәрі де тоқтап қалуы ғажап емес. Біз шартымызды петицияда түсінікті етіп аян еткенбіз. – Сіздер сонау петиция деп атап отырған қағаздарыңызда көпе-көрнеу қисынсыз жәйттерді тізбелеуге жол бергенсіздер. – Фелль Топорнинге тесіле қарады. Сосын назарын жанындағы жұмысшыларға аударды. – Сіздердің өндірістік тәртіп жайындағы түсініктеріңіз теріс. – Содан соң сырлы сарынмен, сыздаңқыраған даусын соза сөйлеп, былай деп қосты: – Мұндай көзқараспен кеніште жұмыс істеуге болмайды. – Дегенмен, директор мырза, біз негізгі талаптарымызды петицияда тұжырымдадық. – Топорнин даусын қатайта сөйледі. – Қазір біз соған жауап естуге келдік. Оған қосып айтарымыз да бар. Бір парасы мынау – тау-кен жарғысында көрсетілген шарттарды зауыт әкімшілігі қатаң сақтап және дәл орындайтын болсын. Шахтадағы тіреуіштер мен шегендер ойдағыдай емес, бақытсыздық әкелетін оқыс жағдайлардың орын алуы мұндай жағдайда әбден мүмкін. Штольняда,* штректерде орнатылуы тиіс барлық креп** біткен тиісті тәртіппен соғылуы керек. – Инженерлік жұмыстар арнайы есеппен және мұқият жүргізіледі. – Фелль оң жағында отырған шетелдік жігітке қарады. – Міне, Гиббер мырза отыр, ол мұның жай-күйін ұдайы бақылауда ұстап келеді. Гиббер ағылшынша әлдене деді. Братцев оны депутация үшін аударып берді: – Ешқандай ереже сақтамау дерегі кеніште орын алған емес. Инженерлік бөлімді басқаратын Гиббер мырза осылай деп отыр. Фелль қабағын түйді. Топорнинге көзінің астынан қарап: – Демек, оған бола ереуілдеудің керегі жоқ, – деді. Мартылого шыдамады: – Ал сіздің бұл мырзаңыз жер астына түсіп көріп пе екен? Оны Невзоров пен Ысқақ Қошқарбаев та қостады. – Ол қазақтар тас қазып жатқан түкпір түгіл, мен бұрғы салған жерлерді де көрген емес! – деді Невзоров. – Егер ол біздің жұмысшылар қайламен кентас шауып жатқан штректің ахуалын көрсе – бұлай демес еді! – деді Қошқарбаев. Топорнин серіктерінің сөздерін қанағаттана тыңдап алды да, Фелльге қарап: – Міне, естідіңіз, директор мырза, нақты шындық осындай, – деді. – Енді мынаны қаперіңізге алыңыз: біздің жұмысшылардың жалақысы сіңірген еңбегіне сәйкес емес. Көбейтіңіз. Бұл – петицияда жазылған талап. – Ал басқарма сіздердің бұл талаптаыңызды қисынсыз деп біледі. – Фелль терең дем алды. – Неліктен солай ойлайсыз? Табыстарыңыз мүлдем жаман емес, сіздердікіндей жалақыны Ақмоланың ешбір чиновнигі алып отырған жоқ. – Сіз олай қарамаңыз! Шетелдіктер, – ол Фелльдің оң қанатынан төменгі жағында отырған Мессен мен Гибберге назар тастады, – бізбен бірдей, тіпті бізден гөрі азырақ жұмыс істесе де, қиналып маңдай терін төкпесе де, жалақыны бізден он шақты есе көп мөлшерде алады. Біз мұны дұрыс емес деп есептейміз. -------------------- *Жер бетіне тікелей шығатын аузы бар, жер астындағы қазба жұмыстарына желдету, су ағызу секілді өзге де қосалқы қызмет көрсетуге пайдаланылатын оқпан, кені алынған тау-кен үңгірі. **Жер астындағы кентастар алынған үңгірлерді шегендеп бекітетін материалдар, тіреуіштер деген мағынада.
– Топорнин мырза! – Фелль қасын таңдана керді. – Сіз шетелдіктерді көзге шұқуға қалай ұялмайсыз! Олар елін, жерін тастап, осы жердің масқара аязы мен омбы қарына малтығып жүргенде... Жоқ, мұндай мәселені ауызға алудың өзі ұят! Олар отанынан жырақта, алыс бір қиырда жүр! Топорнин мырс етті. – Олардан осынау шалғайға келіп, бейтаныс өлкенің аязына тоңа қой деп кім сұрапты! Депутация мүшелерінің өздеріне өштесе қарағандай кейіптерін шетелдіктер үнсіз барлады. Олардың серкелері назарын қайтадан тез Нельсонға аударды да, әр сөзін салмақтап, ұзақ сөйлеп кетті. – Фелль мырза, – деді ол, – сіз ғой – қожайынның өкілісіз, оның осындағы тау-кен кәсіпшілігінің жариялы емес директорысыз. Яғни бізде, заңмен мойындалмағанға қарамай, тұрақты қызмет атқарып келесіз. Мынау мұнысымен не айтқысы келіп тұр? Құдды осындай сауалына жауап тапқысы келгендей, Фелль мырза алдында түрегеп тұрған Топорнинге көзін сығырайта, қабағының астынан қарап отыр. – ...Сонда да сіздің жылдық жалақыңыз – алпыс мың сом. – Төртеуі де бұны көздерімен жеп барады. – Ал зауыттардың ресми директоры болып саналатын Павлов мырза екі мың бес жүз сом мөлшерінде ғана жылдық жалақыға разы болып, іс жүзінде бар жұмысты жүргізіп жүрсе де, соны малданып отыр. Осы әділ ме? Фелльдің оң жағында, оған түсінбеген сөздерін аударып беруге әзір отырған Братцев, тәржімәға кіріспес бұрын, күліп жіберді: – Петр Николаевич, сіз қожайын мен жалданбалы қызметкер арасында айырмашылық барын ескерсеңіз қайтеді?! Петр Николаевич оның ұсынысын шорт кесті: – Қожайын мен жалданбалы қызметкер арасында айырмашылық парасатты үйлесімге негізделу керек! Братцев басын шайқады. Фелль үн-түнсіз тыңдай берді. – Ал біздің ішіміздегі ең саны көп киргиз жұмысшыларын алыңыз. Білуіңіз керек – олар шахтадағы күллі ауыр жұмыстарды атқаруда. Сіздерге шылқыған байлық әкеліп жатқан кен тастарын шауып құлатады, жер бетіне шығарады, одан, түйелерімен Спасскіге апарады. Міне, солардың алатыны – айына жиырма сом, яғни жылдық жалақысы екі жүз қырық сом ғана. Павлов мырзаның табысынан он еседен астам, сіздің табысыңыздан екі жүз елу есе аз! Бұл не деген масқара! Біз осы әділетсіздікті түзетуді талап етеміз. Әрі көп те сұрап отырған жоқпыз, петицияда мөлшері көрсетілген. Осыған нақты жауап беріңіз, Фелль мырза! – Фи, қандай әділдік қуушы әділ күрескерлер едіңіздер сіздер! – Фелль мырза тыжырынды. – Алайда, сіздер қазір соншалықты намысын жыртып отырған киргиз жұмысшыларының жалақысын көбейту – сіздердің петицияларыңызда көзделмеген де ғой! Топорнин кеудесін керіп, даусын көтерді: – Онда жазылмай қалса – міне айтып тұрмыз! Алдыңызда, көріп тұрсыз, – Қошқарбаевты қолымен нұсқады, – олардың тірі өкілі тұр! Төрбақ, мығым денесін қомдап, Ысқақ ағылшын өкілдің бетіне тік қарады. Анау тосылып, ә дегенде үндемей қалды. Ойына әлдене түскендей, назарын жоғары бағыттады.
– Директор мырза, – деді Петр, – тағы да есіңізге салғым келеді: біз орысқазақ одағы атынан тау-кен кәсіпшілігі басқармасына берілген петицияға жауап беруіңізді талап етеміз. Біз, алдыңызда тұрған депутация, қазір соны сізден тыңдағалы келдік. Фелль орнынан көтерілді. Бойын тіктеп, костюмін түзеді. Сосын ресми салқын дауыспен: – Тек сол петицияға қол қойғаныңыз үшін, сіз, Топорнин мырза, өзіңізді өзіңіз кеніштегі қызметіңізден ығыстырып тұрсыз, – деді. – Сондықтан мен сізді жұмыстан шығарамын. Топорнин мырза оның өзін қызметтен шығаратыны жайындағы хабарламасын құлағынан ағызып жіберіп, әр сөзін нығарлай сөйледі: – Біз сізден мәселенің негізгі мәні бойынша нақты шешім естімек ойдамыз. Нілді мыс кенішінің қызметкерлері мен жұмысшыларының талабына қандай жауап бересіз? – Мен жауабымды бердім ғой деп ойлаймын. Оған қосарым: сіздің мына қасыңыздағы серіктеріңіз де, тек қана осындай қисық ойды қостағандары үшін – қызметтерінен айрылатын болады. Әрбір сөзге түсінгісі келмейтін, өндіріске тек залалын тигізуді ойлайтындардың баршасының көретіні сол. Ереуілдеу емес, жұмыс істеу керек, мырзалар! Қарын тоятын жағдай – сонда! Тәртіптілікте! – Ағылшын мырзалар, сіздер, ұлыбританиялық бодандар, мұнда, Ресей даласының төрінде, адасып жүрсіздер! Естеріңізде болсын, бұларыңызға әлі көп өкінесіздер. Қазір біз сіздермен бұдан әрі қалай сөйлесу керектігі жайында ақылдасамыз... Топорнин жолдастарына бас изеді де, кілт кері айналды. Оған ілесіп, бәрі де үйден шығып кетті. Нілді болысының басқарушысы Жәкен Мұстафин салық жинау мәселесіне байланысты ел аралап шыққан еді. Игілік байдың үйіне осы аумақтағы бірнеше ауыл старшындары мен билерін жиып, міндеттерін нақтылап айтып берген. Бірақ, ойламаған жерден кедергі кездесті. Кедергі – Қарқаралы жағынан ел аралап келе жатқан басыбұзық қарт Еркіндік. Үкіметке жақпағандығынан қуғында болған, бірақ, билік тілімен қанша қарақшы десеңіз де – ел сыйлайтын қадірменді адам. Сол мұның іссапарының үстінен түсіп қалды да, қисынсыз әңгімелерімен Жәкеннің тапсырмаларының берекесін кетірді. Бір жағынан, оның әкелген хабары әрі үрейлі, әрі қызық еді. Ол Қарқаралы жұртының жарты патша сынды оязнайдың өзін қалай тығырыққа тірегенін хабарлады. Қазір оны жұртшылықтың іс жүзінде биліктен айырғанын, елді халықтың өзі сайлаған алқа басқарып жатқанын айтып шошытты. Шын мәнінде шошытты. Өйткені бұл – болыстың осында отырған ығай мен сығайының ақылына кірмейтін құбылыс болатын. Бұлар өздерінің үйезінде, Ақмоласында, шүкір, ондай дүрбелеңнен аман жағдайда өмір сүріп жатыр. Әрине, ана жылғы осы Еркіндік ақсақал топ бастаушылардың алдыңғы қатарында жүрген ереуілді есепке алмағанда. Мұның бәрі ештеңе емес екен, мәселе – жәй ғана хабардар етіп қоя салумен шектелмейтін тәрізді. Еркіндік осынау игі жақсылардың жиынында елден салық жинау жай-күйін әңгіме еткенін ұнатпады. Үкіметке үстін-
үстін бере беретіндей – елдің артық малы жоқ деді. Қысқасы, бұл қарт елді бүліншілікке бастайтын мәселені қозғады... Осындай дауға айналған, билікке қарсылықты уағыздаған кесірлі мәжілістен жылыстап кеткен Исқақ қайта оралғанда, әркім өз пікірінде қалып, әңгіме басқа арнаға ауыса бастаған-ды. Сондықтан олар жаңа хабарға бірден назар аударды. Орнына өтіп, жайғаса бере, Исқақ болысқа қарап: – Жәке, Спас мыс зауытынан шабарман келді, – деген. Жәкен оған сұраулы жүзін тосты, ал жұрт елең етісіп, тына қалды. – Ана жылы Ақбұйра адырынан терістікке қарай қоныс аударған Дәуітбек ақсақалдың кіші ұлын жұмсапты. Таң қараңғысынан ат сабылтып іздеп келеді екен... Әне, өзі де келді. Байсейіт жарма сықырлауықты ашып, ішке қолына пакет ұстаған Сүлейменді енгізді. Сүлеймен іргені жағалай отырған игі жақсыларға дауыстап сәлемдесті: – Ассалаумағалейкум! Бірден төрдегі болысқа барып қолын берді де, артынша оған хатты ұстатты. Сосын елді жағалап қол бере бастады. Зауыт бастығы Фелльдің хатын Жәкен болыс кеңсесінің іс жүргізушісіне көмекші болып жүрген жас тілмәш Байсейітке оқытты. Жұрт демін ішінен алып, үн-түнсіз, болыстың аузын бағып отыр. Оның құлағы аудармашысында. Байсейіт мәтіннің әр сөйлемін әуелі күбірлеп оқып шығып, артынша тікелей тәржімәлап берді. – Былай дейді... Құрметті волостной* Жәкен Мұстафин мырза! Мен парасатты адам ретінде сізге өтініш білдіргім келеді: сіздің Нілді мыс кенішінде істейтін тайпаластарыңыз бүлік шығарып, әлденеге әлдебір наразылық танытып жатқанға құсайды. Соларға жөн сөз айтып, аптықтарын басу үшін, араларына сіздің баруыңызды сұрар едім. Мен тоғызыншы желтоқсанда таңертең кеніш кеңсесіне жетермін деген ойдамын. Сіз де сол уақытта сонда келсеңіз. Есіңізде болсын, мен сіздің жәрдеміңізге қатты сенемін... Міне осылай деп жазыпты. Мынау – аты-жөні мен қолы: Нельсон Фелль... Байсейіт баяу үнмен сыбырлай сөйлеп, түгел түсіндірген соң, Жәкен әсем безендірілген аппақ қағазға әріптерді әдемі қолмен оюлап-мәнерлеп жазған хатты қолына алып, өзі әр жер-әр жерін ежелей шолған болды. Сосын: – Иә, сонымен, кеніштегі жігіттер бүлініп жатыр деңіз, – деді. Еркіндік серпіліп, ерекше елең етті. – Хат тасушы бала қосымша ештеңе айта ма екен? Құлшына сұрады. Не болған екен? Жұрт не дейді? Жұмысшылар неге наразы бопты? Қандай талап қойыпты? Не сұрапты? Шетте тізерлеп отырған Сүлеймен жартымды еш нәрсе қоса алмады. Әйтеуір, Өспен жұмысшылары зауытты тоқтатып қойыпты дегенді ғана естіген екен. Сол хабарды естіп, нақты тапсырма алысымен, Спастан аттанып кеткен көрінеді... – Ереке, өз басыңыздан кештіңіз ғой, осы, үкіметке қарсы болғаннан келетін не пайда бар? Ағылшын тамыр, міне, хатында жазып отыр: Нілдідегі тайпаластарыңыз ереуілдеп жатыр дейді. Соларды тыныштандыруды сұрайды. Осы, – хатқа қарап, өзінің назарын аударған сөзді іштей ежелеп бір оқып алды, – protest** деген пәле не жақсылық әкеледі дейсің. Тыныш қана, жусаннан аласа, бетегеден биік болып, жұмысын істеп, берген жалақысын алып жүре бермей ме... -------------------- *Болыс басқарушысы. **Басшылық әрекетіне келіспей, қатты қарсылық білдіру мағынасында айтып тұр.
– Тоқта, Жәкен болыс, ұмытпа, жер қазған қазақтар ағылшынның құлы емес. Егер олар ереуілдесе – себебі болғаны. – Еркіндік күңгірлеген үнімен зілдене сөйледі. – Ана жылы Батекеңдермен біз де атқа еріккеннен қонды деймісің. Тоқта, болысым. Алақанын ойып, тастан ін қазып жатқандар бас көтерсе – тегін болмағаны. Жәкен тақиясын көтеріңкіреп қойып, ойлы жүзбен былай пайымдады: – Біздің адамдарымыз – маңдай терін төгіп шайпұл таппаққа барғандар ғой. Олар тәртіп бұзбаса керек еді. Менімше, кейбір елірме жастар ғана орыстың бүлікшілдеріне еріп жүрген сықылды. Еркіндік мысқылдай күліп: – Білдің бе, болысым, орыс неге бүлікшіл? – деп сұрады. – Оларға не жетпейді? – Кім білген, орыс ойына келгенді істейді деген емес пе, Ереке. Жалпы, менің байқауымша – оларға түк жақпайды... – Олай күстаналама, болысым, орыстың да орысы бар... Еркіндік қаршығаша қомдана отырып, ұзақ әңгіменің тиегін ағытты. Мынаны парықтасын осы отырған игі жақсылар: Әне, күні кеше, сонау Қарқаралы үйезінің қазағы бар, орысы бар, татары бар, сарты бар – барша халқы бір кісідей өре түрегеліп, айтқанын істетті. Оязнайды сүмірейтіп, судан шыққан сусүліктей етті. өйткені бұл биліктің тізесі батпаған жан жоқ, көрсеткен қорлығы жетіп артылады... Ешкім қарсы сөз айтқан жоқ. Еркіндік енді Жәкеннің өзіне шүйілді. – Ал ағылшын төресін тамырым деп отырсың ғой, болысым, соның қылығы қайбір қазақ қамын ойлағандық деп едің? Жер қойнауындағы байлығыңды сыпырып-сиырып алуда. Сап-сары сары алтыныңды да, алтындай етіп, мысыңды да сенің өз қолыңмен өндіртіп алып, алыстағы өзінің еліне әкетіп жатыр, әкетіп жатыр. Сол ағылшының орысыңа да опа берген жоқ. Кешегі жапон соғысын алайықшы. Менің қатырғыдан* қайтып келе жатып ұшырасқан жерлесім – әлгі Ғалымжан деген татар малайы – соғысқа солдат болып қатысып келді. Қырғынды өз көзімен көріп, патшаның жандаралдарынан жүрегі айнып келді. Сол Ғалымжан айтты маған: ағылшындар жапондармен одақтас болыпты деп. Сол ағылшын, іс жүзінде орыс үкіметіне қарсы соғысқан ағылшын – орысқа қараған қазақ жерінде тайраңдап, жұмысшыларды қойша айдап жүр. Бұл қалай? Оған орыс неге көнеді? Әлде біз орыстың билігінен азат болып кетіп пе едік? Жәкен күрсінді: – Ереке, біздің ақылымыз жете қоймайтын мәселені айттыңыз, – деді. Дегенмен ақыл жететін бір жәйт – қазақ елінің орыс билігінен азат болмағанының көрінісі – көп ұзамай бой көрсетті. Олар бір мәмілеге келіп болар-болмаста, Ақмоладан ақ көбік болып тағы бір шабарман жетті. Қолында үлкен пакет. Байсейіт оны да әуелі Жәкенге құлағына сыбырлай отырып оқып, оңаша аударма жасады. Хаттың мазмұнын үйде отырған игі жақсыларға Жәкеннің өзі айтып берді. Оязнай надуарный сауетник** Александр Нехорошков та зауыттағы бүлік жайында қысқаша хабарлап, болыс басқарушысына шұғыл түрде Нілді кенішіне қарай шығуды тапсырыпты. ---------------------------- *Каторга. **надворный советник, сарай шегіндегі кеңесші – жетінші класты азаматтық шен.
Шамалы ойға батып отырды да, кесімді шешімін аян етті. Мырзалар ой жүгіртсін: Нілдідегі жұмыскерлердің көпшілігі біздің болыстың адамдары ғой. Табыс тауып қайту үшін бір қыс барақта жатып, шахтаға түсуге кеткендер бар, сол жерде тұрақты жатақ сынды баспана салып алып жұмыс істеп жатқандар бар. Бәрі – осы отырғандардың өз ағайындары. Билер, старшындар, ауыл-ауылдың бас көтерерлері – баршасы Жәкенмен бірге солай қарай жолға шықса дұрыс болар еді... – Жүріңіздер, ағайындарымызды бәледен қорғайық. Бүліктен аулақ болсын. Айтайық. Кешке дейін бүгінгі тілге тиек еткен әңгімеміздің ұшығына жетуге тырысайық та, ертемен Өспен қайдасың деп шығып кететін болайық... – Мен де барайын, – деді Еркіндік. – Сығыр старшын, маған шанаңнан орын табыла ма? – О не дегеніңіз, Ереке, әлбетте... – Ереке, осы уақытқа дейін сізді өзіңіз айтқан Шалқар өңіріне асырып жіберу жайын ойластырып жүрген едік? Бағытыңызды өзгерткеніңіз бе? – Мына жәйт ойламаған жерден килігіп тұр емес пе, мұндағы жағдайды көзіммен көріп қайтуым керек. Әрі онда менің Батекемнің балалары бар, орыс тамырым да бар. Солардың амандығына көзімді жеткізіп қайтпаймын ба... Ал Шалқар және одан арғы ел-жұртқа сапар шегуім – ұзақ сапар болмақ, оған содан кейін шығамын... Жәкен үндеген жоқ. Сәлден соң ақылдасу орайында: – Елден сәлем-саухат ала барған дүрыс болар, – деді. – Қалай қарайсыздар? Әрқайсыңыз өз ауылдастарыңызға арнап, тіске басар болсын деп, бірер ұсақ тұяқтан ала шығасыздар ма? Қара жұмыста жүрген жандар ғой. Әсіресе қазармада жатқандар қайбір тойып тамақ ішіп жүр дейсіз... Роберт Мессен терезеге қарап тұрған. Кенет сырттағы әлдебір қозғалысты байқап: – Эрнест, ана жақ тағы мазасыздана бастады, – деді. Гиббер орындықтан тұрып, оның қасына барды. Братцев те түрегелді. Аяғын үстелге көтеріп қойып, диванда шалқалай қисайып жатқан Фелль оларға басын бұрып қарады. – О, Робби, аналар тағы да бізге келе жатыр ғой! – Дәл. Жаңа депутация. Жоқ, манағылар сияқты. – Сергей, бәлкім сіз қарсыларсыз? – Несі бар, қарсы алайық... Братцев дәлізге шықты. Сыртқы есіктен Невзоров пен Мартылого көрінді. Арттарынан Қошқарбаев келе жатыр екен. Топорнин жоқ болып шықты. Братцев оларға сынай көз тігіп: – Қандай хабармен қуантпақсыздар, мырзалар? – деп сұрады. Невзоров күрсінді: – Біз қуантайық, қуантпайық, жақсы мырза, бірақ айтарымызды тек директор мырзаның өзіне ғана, тікелей, көзбе-көз айтуға міндеттіміз. Братцев жақтырмай, иығын қиқаң еткізді: – Алайда ол қазір демалып жатыр...
– Демалысын үзсін. – Мартылого ілгері ентеледі. – Маңызды әңгіме бар деңіз. – Тыныш, тыныш, мырзалар! – Братцев алақандарын жая көтеріп, шегіншектеді – Мен қазір айтып көрейін... – Біздің рұқсат тосып тұруға уақытымыз жоқ, жақсы мырза! Үшеуі бірдей төніп, оны ішке тықсырып кіргізді. Дәліздегі әңгіменің соншалықты өркениетті сипатта өтпей тұрғанын ағылшындар шамалаған. Шамалаған да, көтеріліп, оларды бөлме ортасында түрегеп тұрып қарсылаған. Қаһарлы үшеу Братцевті ығыстыра-мығыстыра, есіктен бері қарай өтіп, бұлармен бөлме ортасында бетпе-бет келген. Келген бетте Невзоров шегелегендей дауыспен: – Біз сізге орыс-қазақ жұмысшылар одағы атынан мынаны хабарлауға уәкілдік алдық: қазір жаппай орыс-қазақ ереуілі басталады! – деп салды. Ағылшындарда үн жоқ. Қошқарбаев Братцевке бұрылды: – Тәржімалаңыз... Фелль аудармасыз да ұғып тұрған, дегенмен, қарсы болған жоқ. Братцев мыналардың сөзін мазмұндап болғанша, ойын сан саққа жүгіртіп, тығырықтан шығар жол іздей берді. – Ереуіл ағылшын әкімшілігі петицияда тұжырымдалған талаптарды орындағанға дейін жалғаса береді, – деді Невзоров. Мартылого саусағын салмақтай безеп тұрып: – Енді біз ешнәрсеге жауап бермейміз, – деген шешімді жария етті. – Зауыт мүліктеріне Фелль мырзаның өзі қарауыл тауып қойсын. – Әне, машина тоқтады! Бу қазаны бұдан әрі әрекет етпейді! Сырттан ащы гудок естілді. – Болды! – Оң шешім қабылдауларыңыз ғана жағдайды түзей алады. Бұл естеріңізде болсын! Келгендер кері бұрылып, келген іздерімен қайта шықты. Бөлме ішін тыныштық басты. Естігендерін енді ғана қорытқандай, Фелль: – Мырзалар, олар өндірісті тоқтатты! – деді. – Біз оқиғаның соңына ғана ілесіп отырмыз! Жоқ, ілесе де алмай отырмыз! Серіктеріне кінә арта қарады. Бірдеңе ойлап табу керек. Тездетіп. Ұсыныстарын айтсын. Тез, тез... Үйқамақта отыруға мәжбүр болған Фелль ойы әр қиырға шарқ ұрып, бөлме ішінде ерсілі-қарсылы теңселіп жүрген. Братцев асүй жақта әйелдермен сөйлесіп отырған-ды. Тысқа көбіне Гиббер мен Мессен бірге, кейде кезеккезек көз салып кетеді. Міне екеуі терезеде алдында қатар тұрып, кеңсеге, өндіріс ғимараттарына үңіле қарауда. Олар басқарма үйі жақтың таныс пейзажы мен оған түрлі сипат беріп жатқан жұмысшылар қозғалысын біршама жіті бақылап тұрған. Бұдан бұрынғы тыныш күндері кеніш басқарушы ретінде әмірі жүріп тұрған Роберт Мессен оған әсіресе күйіне қарады. Бір кезде Эрнест Гиббер инженерлік бөлім орналасқан бөлікте тұратын биік сатының кеңсе алдына әкелінгенін байқады. Ұзамай оның бойымен бі-
реулер жоғары өрмелей жөнелді. Сәлден кейін ол кеңсе шатырына қызыл ту көтерілгенін көрді. – О құдайым менің, мына бұзақылар ғимарат төбесіне ту орнатып жатыр. Қызыл түсті. Міне саған революция... – Немене дейсің, Эрни, қане? – Бұл бер жағы ғана... Роберт, бүлікшілдер тағы, қосылып ән шырқауда, естимісің? – Естігенде қандай. «Марсельеза». О құдайым... Неткен бақытты адам болды екен әлгі Руже де Лиль деген капитан. Оның бір болымсыз жасақ үшін жазған жорық әнін жүз жылдан кейін алыс Азияның бір түкпірінде азиаттар өз әніндей айтып жүреді-ау дегенді кім ойлаған... мұндай болашақ әлгі композитордың түсінде де көрмеген болар... – Әсіресе революциялық ұран іспеттендіріп айтар дегенді... Егер тап сондай ой оның басына келген болса – табан астында жынды болып та кетуі ықтимал еді... Олар ызалы күлкіге ерік берді. Шарасыздық құрсауындағы шарасыз күлкі... Егер олар өздерін осындай бишаралық күйге бөлегендердің, тіпті солардың алдыңғы сапындағылардың кімдер екенін білсе... Оларды күнделікті өндірістік тіршіліктерінде осы екеуі де қара жұмыс атқарушы малдай ғана санайтын, көздеріне ілмейтін қазақтар екенін дәл танып-айырып көрсе... Онда, бәлкім, жаңа ғана өзінің революциялық ән шығарғанын білмеді деп атаған композитор жайында болжаған ахуалға өздері түсер еді... – Жігіттер, біз бас көтергенімізді сездіретін тірлік жасайық! – Мына зауыт бастықтары отыратын ғимарат үстінен бостандық жалауын желбіретпейміз бе?! – Бізде Абылайдың ақ туы деген болған, әйтпесе, пайғамбардың жасыл туы. Қайсысы дұрыс?.. – Үш жолақ ше? Андреев туы? – Атай гөрме! – Мен сендердің ол туларыңның мәнісін аса білмеймін, бірақ баршаға ортақ – қызыл түс қой деп ойлаймын. Қанқызыл түс – күрес туы. Азаттық үшін жан бергендерді еске алатын, әрдайым азаматтық парызды еске салып тұратын түс. Орталықтағы жұмысшылар тек қызыл туды ғана қадір тұтады. – Мынауың дұрыс екен. – Онда осыған келісейік. Кім қызыл мата тауып әкелер екен? – Мен! – деді Төлеген. Ол келіншегіне келді. Жазда Қоянды жәрмеңкесінен көрпе тыстауға сатып алынған қызыл сәтен есінде еді. Содан қалғанын сұрап алды. Соны орыс тамырларына әкеп берді. Сырық сапты да өзі жонысты. Сосын туды кеңсе төбесіне тігуге де белсене қатысты. Мектеп те оқуды доғарған. Балалар көтерілісшілерге араласып кетті. Зыр жүгіріп, әлдеқайдан саты әкелді. Үй төбесіне шығу үшін ыңғайлап, қабырғаға сүйеп қойды. Ту ұстаған жұмысшылар жоғары көтеріле жөнелгенде, иін тіресіп, сатыны ұстап сүйемелдесті. Сосын көпшілік қатарында, желбіреп көкке шаншылған қызыл туға тебірене қарап тұрды. Одан жұмысшыларға қосылып, «Марсельеза» әнін шырқады. Бұл күні, бір топ жолдастарымен бірге, Мырзағазы мен Сәкен айрықша қуанып жүрді...
Ереуілді ұйымдастырушылар алқасы мәжіліс өткізіп отыр. – Біздің ұсыныстарымыз бен талаптарымыз орындалуға тиіс, – деген кесімді сөз естілді. – Әрине. Бірақ бұл біз қаншалықты пәрменді шара қолданамыз – соған да байланысты... – Төтесінен, тікелей және ең алдымен, бірінші кезекте – сол біздің жасайтын әрекетімізге байланысты. Бізге жәй ғана талап етумен шектелмеу қажет. Біз оларды өз талаптарымызды орындауға мәжбүр етуіміз керек. – Нақты ұсыныс бар ма? – Неге болмасын? Оларды біз нағыз тұтқын етуге тиіспіз! – Отыр ғой қамауда. Одан артық не істейсің? Біздің түрмеміз жоқ... – Одан басқа да мәжбүрлеу шарасын қолданған жөн... – Атап айтқанда? Петр ойланып қалды. Әлиге қарады. – Ағылшындардың пәтерін отын-сумен қамтамасыз етуге сіздің адамдар бөлінген емес пе? – Е, тасып берушілер... иә, қазақтар ғой... – Міне сол өзіңіздің қазақтарыңызға айтыңыз. Барша жабдықтау жұмыстарын доғару ләзім. Ағылшындар тұратын үйге тұрмыс мұқтаждықтарын апаруды тоқтатсын. Қоймашыларға да ескертіңіз – ешқандай ішім-жем, дастархан қажетімен қамтамасыз ету жұмысы жүргізілмесін... – Міне дүкен қоймашысы... Иван Низовитин... Сіз ағылшындар үшін азық-түлік босатуды тоқтатуыңыз керек... – Онда пәтердегі аспаз әйелді кері шақырып алайық та? – Дұрыс. Үй күтуші әйелді де қайтару керек. Әкімшілік адамдарына қазірден бастап, біздің талаптарымызға оң жауап бергендеріне дейін – ешқандай тұрмыстық қызмет көрсетілмеуге тиіс. Тиісті шешім шығарылды. Ереуілшілердің Михаил Жилин бастаған өкілдері алқа қаулысын орындауға жөнелді. Қажетті нүктелерді аралап, ағылшын басшылар тұратын үйге азық-түлік бөлінбейтін етті. Сосын іштегі қызметші әйелдерді шақырды. Есіктен сығалаған әйелдерге Жилин: – Дарья, Варвара, тез киініп, сыртқа шығыңыздар! – деді. Олар азық-түлік қабылдармыз деп ойлады ма екен, тез шыға келген кезде, Жилин жымиып: – Ал енді үйлеріңізге қайтыңыздар, – деді, – біраз уақыт демалыңыздар. Күйеулеріңізге көбірек көңіл бөліңіздер... Көмір мен су да тасылмады. Қазақтар ереуіл алқасының тапсырмасын ықыластана, бұлжытпай орындады. Еріксіз бишара күйге түскен зауыт қожайындары өзді-өзі: – Мыналар қайтеді, – деп шарасызданды, – бізді тұтқынға алғандай етті-ау! Сәлден соң Фелль мен Братцев жұмысшылармен тікелей сөйлеспекке әрекет қылды. Есікті күзету кезекшілігінде тұрған жұмысшы Северцев: – Сіздерге өкілдер өздері барады, ал бізбен үгіттеп сөйлесулеріңізге болмайды, – деді. – Бірінші кезекте Топорнин қойған талапты орындау жөніндегі уәделеріңіз керек... Ақыры бір оңтайлы сылтау айтылды: – Бізге дәрігер қажет, үйдегі адамдар суықтан ауырып жатыр.
– Кеніште дәрігер болған емес, – деді Северцев. – Федор, не дейсің? Қонақтар ауырып қалыпты! Федор күліп жіберді: – Нілді сізге қала болып көрінген екен ғой!... – Дегенмен науқасқа қолдан келер көмегімізді көрсетейік? – Жарайды, фельдшер барып қайтсын. Саня, кеңсе жақта жүрген шығар, шақырып келші... Көп ұзамай, қоршау ортасын жарып фельдшер Евдоким Костенко келе жатты. Ол дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-сайманы салынған сандықшасын көтеріп ішке кірді. Оны Братцев қарсы алды. Екеуі жылы амандасып, хал-жағдай сұрасты. – Алаң болмаңыз, Евдоким Захарьиныч, – деді Сергей оны бірден тыныштандырып, – бәріміздің деніміз сау, тек, рас, аурудың алдында тұрмыз. Фелль мырза қатты қобалжулы. Жүріңіз, өзіңіз жүздесіңіз ол кісімен... Директор ахуалды оқиға ішінен келген адам аузынан естуге құмартты: – Айтыңызшы, не болып жатыр онда? – Өздеріңіз білесіздер ғой – ереуіл. Менің оған қатысым жоқ, сене беріңіздер. – Білеміз, сондықтан да ашық әңгімеге шақырып тұрмыз. Костенко сөзінің ара-арасында, сұраққа орай, кейбір жәйттерді нақтылаңқырап айтып, асықпай әңгімеледі: – Дүрлігудің басталғанына бір жұмадай болды. Ұйтқысы, менің ойымша, смотритель Топорнин мен бұрғышы Невзоров. Ал олар өздерінің жақын сыбайластарымен бірге көптен бері түрлі кітапша, прокламациялар оқып, бірігіп талқылап жүрген-ді. Олардың түрлі жасырын жиындарына басқа да белсене қатысушылар толып жатыр. Солардың бәрі осы күндері ереуілдеп кетті. Өзіне сұрақ қойып отырған Фелльге ойлана қарады. Киргиз жұмысшылары олармен бір ме деймісіз? Бір болғанда қандай! Бұратаналар ереуілшідерді толығымен қолдауда. Ал киргиз-жұмысшы кеніште өте көп, осынау бастық мырза мен оның серіктерінің өздері де білер, – қара құрым. Ал сол қара құрым көп жұмысшылардың жағдайлары, тұрмысы, яғни, – мәз емес. Костенко бір-ақ мысалды айтсын... Тұрақтары... олардың жатақханаларын көрсеңіздер – күйлерінің нашарлығына өздеріңіздің де көздеріңіз жетеді. Осында жұмысқа орналасқаннан кейін өз беттерінше жертөле салып алғандар да жеткілікті, бірақ олардың үй-жайы да келісіп тұрған жоқ. Таудың бір бүйірін жарлап, ойып тесіп, кіреберісіне есік орнына киіз іліп, баспана етіп отырғандар да бар. Костенко ағынан жарылып, сөзін былай аяқтады: – Мен петиция сол орайда жазылса, және оны жұрт ереуілге шықпай, жәй ғана, ашық та заңды жолмен орындауды сұрайтын болса – қол қоямын дедім. Оған олар көнген жоқ, сондықтан мен – өз алдыма, олар өз алдына... – Біз сізге сенеміз, фельдшер мырза. Сіз еш қобалжымаңыз. Тек мынаны айтыңызшы: енді не боп тұр, қазіргі жағдай қандай? – Ереуіл толық ретімен жүріп жатыр деп ұға беріңіздер. Кеңсе төбесінде қызыл ту желбіреп тұр. Баршасы жұмыс орнын тастап кеткен. Мектеп те сабағын тоқтатқан ба, білмеймін, балалар көп, Әлгі ереуілдегендерге қосылып әлсін-әлсін Ән шырқап кетеді. Кеңсе маңында киргиз біткен қаптап, өріп жүр. Жалпы, негізгі мәселе соларда ғой деп ойлаймын. Олар көп, оларсыз кеніштің кен қазу, кен тасу жұмыстары жүрмейтіні белгілі... – Сіз бізге киргиз депутациясы келетіндей жәрдем бере аламысыз?
– Таза киргиз өкілдерін Топорнин жібере қоймас. Жекелеген киргиз жұмысшыларын олар өздері құрған депутацияға қосып жүр ғой деймін... – Жанды болжам... – Жоқ, дұрысы, былай етіңіз... Нілді болысының басқарушысы кенішке келуі тиіс еді, соны конторщик Ивченко екеуіңіз табуға тырысыңыз. Есебін келтіріп, маған жолығатын етіңіз... – Қазіргідей қорған-күзет қоюлы ахуалда бұл мүмкін емес қой, директор мырза... – Мұныңыз рас екен-ау... – Біз оған хат жазып жіберейік, қалай қарайсыз, мистер Фелль? Костенко мырза апарып берсін... – Орынды. Братцев мырза, сіз жазыңызшы. Киргиз жұмысшыларын парасатқа шақыруыңызды сұраймын деп... – Мистер Фелль маңдайын тіреп, кішкене ойланды. – Өтініш өз алдына, әлдебір ынталандыру мәселесін де уәде ету керек... Гм-м-м... Тура бүгін жұмыс орнына барған әрбір киргиз бес сомнан сыйақы алады деңіз... Еркіндік қолқа салған Сығыр старшын ілгеріде жәй ғана Сығыр болатын. Бетпақта көшіп жүретін бір байдың онда-мұнда жұмсап тұратын жігіті еді. Барымташы, жылқы ұрысы ретінде аты шыққан-ды. Негізімен қожасының айтуымен жүретін. Өз бетінше де оңтайы келген олжаны іліп кете беретін жайы болатын. Күндерде бір күн, кәсібінің ағайын арасын ушықтыратындай дәрежеге жетіп, тым асыра сілтеніп кетуіне орай, қожайынымен сөзге келісіп қалды. Содан онымен ат-құйрығын үзіскен де, өз бетімен күн көруге бел байлаған. Сол тұста Еркіндік оны бір Қарқаралы көпесінің жұмысына жекті. Бірақ бұл да өз бетінше еркін жүріп дағдыланып қалған жігіт болғандықтан, көпестің байлаулы қызметшісі тірлігіне көп көндіге алмады. Қорқау қасқырша даланы кезіп, маңдайындағы жалғыз керқұласымен көп жүріпті. Ақыры бірде, Ақмоладан бір көш қана жерде ғасыр бойы ел құрметіне бөленіп тұрған көне күмбезге – Шәйгөз әулиеге зиярат ете барған мүскіндер тобына кезігіпті. Әулиенің басына түнеп, құдайдан шапағат тілеуді мұрат еткен бір момын жандарға тап келіпті. Солардың құрбандыққа мал шалып, ет асып жатқанын көріп, араларында едәуір аялапты. Күздің жауынынан олар күркелеріне тығылғанда, бұл әулие сағанасына келіп түнепті. Ойы – таң алдында тұрып кету, сөйтіп аналардың ұйқыда жатқан шағын пайдаланып, осында мініп келген аттарын айдап әкету... Шырт ұйқыда жатқанында: – Тұр, балам, – деген дауысты айқын естиді. – Тұр да, сыртқа шық: бір үйір боп суатқа өз жылқың келді, соны айда да кете бер!.. Басына жастанған ер-тоқымын көтеріп сағанадан шығады да, қаңтарулы атына беттейді. Жаңбыр басылған, тымық. Айлы түнде көкжиектен қарауытқан жылқылар сұлбасын көреді. Қос түбінен өтіп, солай қарай беттейді. Шынында, ол иесіз бір қора жылқыны жолықтырады. Сығыр соны айдап кетеді. Іздеушісі болмайды. Сол мал оған құт боп дариды. Үйлі-баранды болады. Міне соны Еркіндік ақсақал білетін.
Қазір Нілдіге неге өзімен бірге жүргісі келіп отырғанын, әрі, болыснай Жәкен сәлем-саухат жайын ауызға алғанда, неліктен бұған сұраулы жүзбен қарағанын бұл түсінді... – Қысыр қалған бір бием бар, соны тартам, талғажу қылсын ерлер, – деді. Еркіндік риза болып қалды. Ереуілшілер алқасы зауыт қожайынына тағы бір депутация жіберіп алды. Бұл жолы да келіссөз нәтижелі бола қоймады. Топорнин Фелльге жолыға алмай оралған топтың әкелген хабарын тыңдап болып, түнеріңкі түрмен: – Сөйтіп, олар бізді тыңдағысы да келмейді деңіздер, – деді. – Тыңдағысы келетін болады! Біз олармен сөйлесуге жаңа депутация жібереміз. Қалай, жолдастар? Кімдерді өкіл етейік? – Мүлдем жаңа адамдар болсын. Бұл ереуілдің бұқаралық сипатына ағылшынның көзі жетсін! – Айтыңдар! Шамалы пікірлесіп, Степан Соколов, Төлеген Батырбаев пен Федор Засыпкин үшеуін жіберуге тоқтам жасасты... – Жолдарың болсын! Ұятқа қалдырмаңдар, жігіттер! Жігіттер табалдырықтан қарсылаған Братцевке өздерін директор мырзаға апаруды талап етті. – Біз ереуілге шыққан жұмысшылардың сайлап жіберген депутаттары боламыз, – деді Соколов. – Сондықтан бізге тек дөкейдің өзімен сөйлесу ләзім. Даусы жеткілікті дәрежеде қатал шықты. Братцев артық сөзге келмей, оларды ішке кіргізді. Фелль депутацияны мұқият тыңдады. – Директор мырза, біз петицияда жанымызға батып жүрген жәйттердің кейбіреулерін ғана жазғанбыз, – деді Степан, – егер солардың өзін қанағаттандырмайтын болсаңыздар – ереуіл тоқтамайды! Федя мен Төлеген шешімді кескінмен: – Иә, тоқтатпаймыз! – десті. Директор мырза терең тыныстап, басын шайқады: – Бірақ олардың бәрі бірдей орындауға жатпайды. Бұл анық. Дегенмен, өздеріңіздің ең наразы өкілдеріңізбен мен бас қосып, талаптарыңызды талқыласып көруге әзірмін, – деді.. – Бұл үшін – біріншіден, кеңсеге баруға жол ашыңыздар. Екіншіден, сонда өздеріңіздің өкілдеріңізді жинаңыздар. – Болады, – деді Соколов, – бұған, мен сеніммен айта алам, біздің ереуіл алқасы келісімін береді. – Тағы бір шартым бар. Және ол – принципті: петицияларыңыздың алтыншы тармағынан бірден бастартыңыздар. Кездесуімізде ол мүлдем көтерілмейтін болсын! – Ол қайсысы еді? Степан қасындағы жолдастарына қарады. Төлеген де, Федя да иықтарын қозғады да қойды. Фелль сынай көз тігіп, тосып тұр. Степан оның бетіне тік қарады. Ақыры, оған сұрақ қойды: – Фельдшер мен конторщикті қызметінен босатуды талап еткеніміз бе? – Иә.
– Біз оны жалпы жиналыста көп болып шешкенбіз. Сондықтан одан – жиналыс қаулысынан – алдыңызға кірген үш адам сіз өтініп тұр ғой деп бас тартуға қақылы емес. Бұл шартыңызды сол өзіңіз қатысатын жалпы жиналысқа айтқаныңыз жөн. – Тағы бір шартым – келіссөз жүргізушілер жиналатын жиналыс ішінде Топорнин мырза болмауға тиіс. – Неге? – Мен оны жұмыстан шығардым. Ол енді Нілді кенішінің смотрителі емес. Ереуілшілерлің өкілдері бір-біріне қарады. – Біз бұған келісе алмаймыз, – деді сосын. Фелль ызалы түрмен: – Онда сіздер де кеніште жұмыс істеуден босатылатын боласыздар, – деп қалды. – Мән әкімшілік әмірін тыңдамайтын жандармен есеп айырысуға мәжбүр боламын. Және кеніштен біржолата көшіп кетулеріңізді сұраймын. Ысқақ Степанға қарап қазақша сөйледі: – Мынауың зауытты біздің мүлдем тоқтатып қойғанымызды сезбей тұр ғой деймін. Степан түксиіп тұр. Жирен сақалын қасып: – Неге білмесін, – деді. – Оның күш көрсетуінің басқа бір астары бар шығар... – Сіздің мұндай жауабыңыз бізді қанағаттандырмайды, – деді Федор. – Неліктен қанағаттана алмай тұрсыз? – деп мысқылдады Нельсон. – Себебі сіз отпен ойнап тұрсыз! – Иә! Сіз өзіңіздің не айтып тұрғаныңызды парықтай қоймаған сияқтысыз! – Біз біріміз үшін – бәріміз жан беруге әзір адамдармыз! Жұмысшылардың дауыстары батыл да сенімді екпінмен шығып жатты. Фелль мен оның серіктері үн-түнсіз тыңдап тұр. Бір кезде Братцев басу сөз айтты: – Менімше, сіздер директор мырзаның тілектерін ескере отырып, жалпы жиналыс өткізіп байқауларыңыз жөн. Талаптарыңыздың дұрыс деген тұстарына жиын үстінде бұл кісі өз жауабын береді ғой. Спастан ертіп келген тілмәшінің айтқандарына директор мырза: – Бірақ жиналысқа бұрынғы смотритель кіргізілмеуге тиіс, – деп, нығарлай қосты. Степан жолдастарына қарады: – Жігіттер, басқа не дейміз? Көзқарастар айқындалды-ау? – Кеңсеге өкілдерімізді жинаймыз деген тоқтамға келісуге болар? – Бәрі түсінікті. – Онда қайтқанымыз жөн шығар... Степан қарсысында тұрған әкімшілікке сүзіле көз тастады. – Директор мырза, сізбен екі арада өткен бұл әңгімені біз қазір ереуіл алқасының мәжілісінде толығымен баяндайтын боламыз. – Баяндаңыз. – Директор мырза салқын шыраймен басын изеді. – Егер сіз айтып тұрған алқа менің шарттарыммен келісер болса – жиналыстарыңызға тура қазір барып қатысуға әзірмін.
Топорнин депутацияның есебін тыңдап, егжей-тегжейлі талдай келе: – Демек, бұлармен әлдеқандай ымыраға келу мүмкін емес, – деп қорытындылады. – Ендеше ереуілдей береміз! – деді, жастық жігері көкшіл көздерінен ұшқын атып тұрған Белоглазов. – Ақылдары кіргенше жұмысқа шықпайық, қып-қызыл залалға батқандарын түсінген кездерінде, өздері жалынар, бәлемдер... – Бірақ біз өзіміз де зиян шегеміз ғой? Ереуіл жасағанымыз үшін бізге біреу ақы төлер деймісіз? – Біздің ақымызды капиталистер жеп отыр, олар бізге қарыз. Сондықтан, кеніш дүкенінде сақтаулы барлық киім-кешек пен азық-түлікті бүгін бөліп алуға толық қақымыз бар. Топорнин жұмысшыларға тап қазір тауар алатын кітапша таратып бермек ойын айтты. Олар сол есеп айырысатын кітапша негізінде қоймадан қажет дүниелерін жазғызып алуына болады. Бұл ұсыныс жұртты разы еткендей еді, тек қоймашы Низовитин шошып кетті. – Бұл – заңсыз, – деді ол. – Ондайға бармайық, жолдастар. Ертең оны зауыт басшылығы қабылдамайды, өз мойнымызға өзіміз қисынсыз қарыз іліп не керек... – Заңды! – Топорнин салмақтана сөйледі. – Заңды болғанда қандай! Ереуілге шығудың мақсатының өзі сол емес пе! Берсе – қолынан, бермесе – жолынан... Жұмысшылар дуылдап, Низовитинді тыңдауды қойды. Оларға Топорниннің сөзі майдай жақты. – Біз бұл жердегі ереуілімізді әлі Спасскі мен Қарағандыға барып ұластырамыз! – деді ол. – Жолдастар, біз капиталға қарсы аяусыз күрес аштық! – Ура! – деп қалды Яков Попов. – Біздің Екатеринбургте осылай істер еді! – Көріп отырсың, – Леонид Старков оған қарап қулана иек қақты, – сенің Екатеринбургіңнен біздің Успенский де еш кем емес! Жұрт күліп жіберді. Жаппай көңілді ахуалда олар айтылған ұсынысты жүзеге асырды: Топорнин текшесінен алып, толтырып, үлестірген кітапшаны рахаттана қабылдап, қалталарына салып алысты. Сосын топтарын жазбай, аязды далаға шықты. Тағы да жігерлі «Марсельеза» көкті кернеді. Жұмысшылар топтасып дүкенге келді. Низовитинді іздеген де жоқ. Өз беттерінше құлыпты жұлып ашты да, сөредегі тауарларды бөліп ала бастады. Ереуіл желеуімен, зауыт дүкенін ашықтан-ашық тонауға кіріскендеріне шарасыздана көзі жеткендіктен, Низовитин, ақыры, олардың алғандарын жазып үлгеруге тырысты... Кеңсе іші осылай – жұмысшылардың уылдап-шуылдап жиналыстарын өткізіп болып, есеп айырысу кітапшасын алудың ызу-ғызу қарбаласына толып тұрған. Осы шақта Костенко мен Ивченко олардың арасынан ақырын жылыстап, тысқа шықты. Әкімдер үйі алдын тізбектеле қоршағандарға алыстан бір көз тастады да, көше бойлап жүріп кетті. Дүкен мен қойманы шабуылдаған тобыр әрекетін сонадайдан бақылап біраз тұрды. Олар даладан поселкеге кіретін үлкен жолға қарай беттеді. Костенко бір кезде:
– Мардарий Андронович, – деді, – ойланып көрдіңіз бе, неге жұрт осынша еліріп, тәртіпсіздікке жол беруде? – Мен оны қайдан білейін, Евдоким Захарьиныч... Шамасы, мәселе – адамдардың әлденеге тез құныққыштығында болар... Дүние деген қызыл көз пәле... – Мұныңыз рас та-ау, әйтсе де... Евдоким Захарьиныч киіз байпағының тұмсығымен қатқан қар жентегін теуіп қалды. – Сіз бен біз бұлардың ереуілдеуін қолдамадық. Әрине, сонымыз дұрыс та болды. Бірақ бұлардың наразылықтары жөнсіз де емес-ау түсінген кісіге... Мардарий Андронович екеуі бәр сәт парасатпен парықтап көрсінші... Зауыт басқармасына наразылықтар ұдайы-ақ орын алатын, рас. Бірақ, әсіресе биыл, қилы күңкіл жиі естіле бастаған-ды. Кейбір орын алып тұрған тәртіпке келіспеушілік жиі-жиі білдірілетіні мәлім. Кімге құпия дейсің, әкімшіліктің күнбе-күн тұтынатын дүниеге қымбат баға қоюлары кейістікке ұшырататын. Жалақы орнына тауар беру жолымен, іс жүзінде тап сондай төлем жасаудың есебінен, табысты одан сайын мардымсыз етті ғой. Жейтін тамаққа жарымау деген қиын емес пе. Ұн қымбат. Нан қымбат. Ет деген тіпті қымбат. Атамыздың асы іспетті сусынымыз, бұрындары су тегінге келетін арақтың өзінің құны шарықтап кетті... Иә-иә, Евдоким Захарьиныч та естіп жүр ғой, осыған дейін жыл бойына жұмысшылар кеңсе арқылы хат жолдап, зауытты басқарушыларға және округтік инженерге шағымданып көрді. Бір рет те емес, екі мәрте. Екеуі де жауапсыз қалды. Яғни, Мардарий Андроновичтің бұл дерегінен шығатын қорытынды сол, бұлардың сұраныстарына әділ көзқарас танытайыншы деген бір әкім көрінбеді. Осындай ахуалда оларға тек бір бастаушы ғана жетпей тұрған-ды. Ұзамай ол да табылды... Сосын олар сол табылған жетекші хақында пікір алмасысты. Топорниннің кеніш смотрителі болып келгеніне үш-төрт-ақ ай болған шығар-ау. Алғашқыда жұрт оған наразы еді, өйткені ол өте қатал болатын. Жердің астында да, үстінде де жұмыс істейтіндердің бәрі өзінің аузына қарап тұрса екен дейтін. Оны ә дегенде киргиз жұмысшылары жек көріп кеткен еді, тіпті, онымен төбелесіп қалған жағдайлары да болған... Кейін ол, кеніштегі жаңағыдай жағдайды көрген соң, жұмысшылар арасында саяси насихат жүргізе бастады. Патшаның патшалық қалыбын күрт өзгертетін манифесі жайында айтты. Оларға түрлі газеттер, кітапшалар оқып беретін болды. Зауыт-фабрика мәселелері жөніндегі қолданыста болуға тиіс заңнама мен кеніштегі нақты ахуалды салыстырды. Орталықтағы ұқсас жағдайлармен таныстырды. Ол Орал тау-кен техниктері қоғамының мүшесі болатын. Сол қоғам басқармасынан келген түрлі нұсқаулықтардың жұмысшылар пайдасына жұретін жерлерін үнемі айтып отырды. Костенко да, Ивченко да титімдей де күмән келтірмей, бірден ортақ қорытындыға келген жәйт мынау: үкіметке қарсы мазмұндағы сөздерді батыл айтуы – оны жұмысшылардың қалтқысыз құрметіне бөледі. Үкіметтің басқару жүйесінен, дұрысында, еңбегімізді қанауда деп санап жүрген кеніш әкімшілігінен қорлық көрушілер оны жақын тұта бастады. Қазақтар тарапынан оған сенушілікпен қарайтындар көбейді. Оның әрдайым жұмыскер мүддесін күйттеп жүруі естерін алды. Сөйтіп, мұны барша жұрт тыңдайтын
дәрежеге жеткізді. Не керек, көпшілік Топорниннің сөзіне, ол не айтса да, иланатын болды. Ол жұмысшылардың өз адамы болып кетті... – Сол өз адамдары, мен білсем, бүгін оларды қатты арандатып отыр, – деп, Ивченко ойлана тіл қатты. – Дұрыс айтасыз, Мардарий Андронович, бұлар қанша орыс пен қазақ бірігіп одақ құрдық деп өзеурегенмен, құрған одақтарына осы қылықтарымен-ақ сызат түсірді ғой деймін... Мардарий Андронович түсініңкіремеген ыңғай танытты. Евдоким Захарьиныч айқынырақ айтпас па екен: қандай сызат? Бірақ Костенко қайтып сөйлемей қалды. Олар біраз жер үнсіз жүрді де, ауыл сыртынан едәуір ұзап кеткендерін аңғарып, кері бұрылды. Көз байланыңқырағанына қарамастан, олар алыстан-ақ аңғарды: дүкен маңындағы жұрт тарауға ыңғайланған-ды. Бірі қолшанамен, екіншісі құшақтарына, қолтықтарына қысып, олжаларын үйлеріне алып қайтуға бет алған. Бірқатарының сол жерде-ақ, аязды күнге қасақана, шөлмектердің біразын босатып, көңілдене даурығып тұрғаны байқалады... – Қараңыз, мен білсем, бұлардың арасында бірде-бір киргиз жоқ! – Ах, Евдоким Захарьиныч, сіздің әлгі айтқаныңыздың мәні менің санама енді жетті ғой!.. Олар тағы бірер мезгіл үнсіз жүрді. Сосын Костенко көшпенді киргиз болыс басқарушысының кеніш поселкесіне енді қазір келе қоюы екіталай-ау деген күмәнін айтты. Күн батып барады... Ивченко қоштады. – Әйтсе де тағы бір шамалы уақыт кеңседе тосып отыра тұрайық. Кім біледі, бәлкім түс ауа шыққан шығар... Олар басқарма ғимаратына беттеді. Жәкендердің аттылы-шаналы үлкен керуені кенішке келесі күні түске қарай бір-ақ жетті. Кеңсе ішіне кірген Жәкен болыс пен оның тілмәші есебіндегі Байсейітке Ивченко ұшырасты. – Сәлеметсіз бе, Мұстафин мырза! Мұнда кіріңіз. Қалай жеттіңіз? Байсейіт болыс басқарушысы мен кеніш кеңсесі меңгерушісінің арсындағы әңгімеге дәнекер болып отырды. Ұзамай оларға фельдшер келіп қосылды. Жәкен әзір зауыт директорымен кезіге алмайды, оның мынандай себептері бар... Бірақ, ол бұл кісіні тықырши тосуда. Арнайы сәлемхаты міне, оқысын. Тілмәш жігіт аударып бере ме? Жақсы, тәржімаласын. Түсінді ме, міне жағдай осындай... Олар жағдайды кеңсе ішінде естіп отырғанда, сыртта, жұртшылық арасында, Еркіндік пен Нілді болысының игі жақсылары, ереуілшілермен кеңесіп тұрды. Ахуалды естіп білді. – Ағылшындар өз үйінде тұтқында отыр. Әне, үй алдындағы сонау жарты ай тәрізді адамдар тізбегін көремісіздер? Олар – қарауыл. Жұмысшылар олардың үйін абақтыға айналдырды. – Кешелі бері үйге от жағылмады. Су берілген жоқ. Олар ыстық тамақ та ішкен жоқ. – Қайдан білесің?
– Ереуілшілер іштегі аспаздарды шақырып алды да, қайтып жібермей қойды. Парманбайларға көмір мен су апарып беруге тыйым салды. – О, қатты кетіпті! Аналар қалай, бұлардың тілегіне көнетін түрі бар ма? – Сөйлесіп жатыр ғой. Қайта-қайта өкілдер барып, келіссөздер жүргізіп қайтады. Бұндағы жұмысшылардың бастығы келіспесе, басқа өкілдер сайланып, олар жаңадан келісімге келуге аттанады. – Өй, ерлер, дегендеріне жетсін! – Еркіндік ашық ырзалық білдірді. Бірақ ол жалғыз еді. Өзгелер сабыр сақтап, ішке кірген болыстың нұсқауын тосқан сыңайда. Ал жиыла бастаған кеніш тұрғындары бұларға келіп сәлем беріп, мұңдарын шаға бастады... Іштен Жәкен шығып, игі жақсыларымен тілдесті. Жұрттың мазасызданбауын өтінді. Жылы жерге барып, дәм алып отырып әңгімелескеніміз мақұл деді. Ала келген сәлем-сауқатты кеңірек жерге дастархан жайып, ортаға алуға шақырды. Соятын мал да бар... Араларындағы басшылары, е, мына Әли бар ғой, соларды ұйымдастырсын... Әли елден келген үлкен кісілерді кеніш асханасы орналасқан үйге қарай бастады. Кеңсе үстіндегі қызыл туды көрген Еркіндік түсі жылып: – Ананы кім ілді? – деп сұрады. Мырзағазы кеудесін мақтаныш кернеп: – Менің әкем Төлеген, – деп жауап берді, – ол оны төбеге орыс жұмысшысымен бірге апарып тікті. Байсейіт таңырқап, шегін тартты. – Ал орыс жұмысшысы, Еркіндік көке, сіздің тамырыңыз Степан ағаймен бірге біздің бараққа келгенде, қабырғада ілулі тұрған патшаның суретіне қарап: «Мынаны патша деп дәріптейсіңдер-ау, бұл барып тұрған ақылсыздың өзі ғой», – деп соғып жіберді. Ол өзі сондай бір батыл орыс. Еркіндік оның басынан сипады. – Тағы, білесіз бе, менің ағам Өтеміс, ал ол тура сіздей жігіт, – деді ол Байсейітке қарап, – жұмысшылардың ағылшын төреге айтқан талаптарын қазақшаға ауларып берді. – Ол ағаң қайда жүр? – деп сұрады Байсейіт. Мырзағазы мақтаныш ойнап шыға келген жүзін көкке көтеріп: – Ал ол кетіп қалды. Патша тұратын шаһарда маңызды жұмыстары бар, – деді. Қасында мектепте бірге оқитын бірнеше бала тұр. – Ал Сәкен бәрімізге осы ереуілші орыстардың әнін үйретті, – деп сөзін сабақтай берді Мырзағазы. – Біз оны оларға қосылып бірнеше рет айттық... Сәкен Бәйсейіттің ауылдасы болып шықты. Сұңғақ бойлы, сымбатты балаға: – Жақсы оқы, Сәкен, – деді Байсейіт. – Патша жандайшаптарын дұрыстап соға алу үшін, мемлекеттік тілді жақсы білуіміз керек. Мен ауылға сені көргенімді айтып барам. Кеніштің аязды ауа райы жылып кеткендей болды. Аязды күн жылып кеткендей. Сығыр старшын бір топ жұмысшымен зауыт асханасы алдында тұр. Олар ол әкелген жылқыны аяқтарын шідерлеп, жыққан да, бауыздамаққа әрекет қылып жатқан. Ағаш шаралар, үлкен пышақтар әзірленіпті. От жағылып
жатыр. Ішек-қарын аршуға әйелдер дайын. Ет асу қамын жеп, қазан-ошақты әзірлесуде. Кеңсе жақта ереуілшілер алқасының мүшелері бас қосып қалыпты. Олар қазақтардың тіршілігіндегі күдікті жанданушылыққа қарап қойып, әлденені сыртта тұрып-ақ қызу талқыға салуда. Асханадағы үстелдің бір бұрышында Әли мен Жәкен әңгімелесіп отыр. – Әлеке, мұндағы жұрт сізді тыңдайды ғой, айтыңыз, бекерге дүрліге бермесін, – дейді бір болыс елдің ағасы, болыс басқарушысы Жәкен Мұстафин. – Мәселе неде, жағдайды жақсартуда емес пе? Ол жайында біз кеніш қожайындарымен сөйлесіп жатырмыз. Жаңа ғана ағылшын төренің өкілімен әңгімелестім. Маған хат жазып жіберген екен, соны оқытып алдым әлгі Байсейіт балаға. Хатында менің ағылшын тамырым уәдесін бірден беріпті: қазақтардың жағдайын жақсартам депті. Өзіміздің қазақ бауырларға бес сомнан бірден үлестіріп беретін болды. Жұмысқа шықсаңдар болды – бірден таратып береді. Бүгін кешке, қараңғылықты пайдаланып, зауыттың пелшірі* екеуіміз олардың үйқамақта отырған жеріне барамыз. Сонда барлық жағдайды қосымша келісіп қайтармыз, алла қаласа. Айналайындар, сол сыйақысын алысымен, аялдамай жұмысқа шығыңдар. Қисынсыз бүлікке жел беретіндерге көзсіз ілесе беріп не керек... ------------------ *Фельшер. Қызыл ту ілінген шатырға көңілсіздене көз салып, Топорнин ішке кірді. Ол ереуілшілердің депутациясын бастап, директормен соңғы мәрте сөйлесіп қайтқан. Сол келіссөзінің нәтижесін серіктеріне жария етті. – Басқарма біздің талабымызды орындаудан үзілді-кесілді бастартып отыр, – деді, – онысы аздай, міне, ағылшын директордың сенімді түрде қайта-қайта айтуына қарағанда, менен бастап біразымызды жұмыстан босатқаны аныққа шықты... Ереуіл алқасының бөлмеде отырған мүшелері тым-тырыс, ойға батып отыр. – Бұл қалай? Әлде біздің талап орынсыз ба еді? – О не дегенің. Дүкендегі баға Рязановтар кезінен елеулі түрде өсіп кетті. Құлақшын төрт сом жетпіс бес тиын болды. Қолғапқа бір сом сексен тиын төлейсің... – Жолдастар-ау, шаршап келгенде бір тартып, тамақ жібітіп алатын ішімдік те қымбаттап кетті ғой! Арақтың әр ширегіне, яғни бір стақанға жиырма тиын қосып сататын болды... – Өмір қымбаттап кетті. Тапқаның тамағыңнан артылмайды. Соны бұл директор ұқпай ма? – Өз қарны тоқ, қайдан ұқсын... – Күйдіретіні – осы бір ағылшындардың дөрекілігі. Өз бастықтарың аздай... – Өкінішке қарай, бүгін, әне, киргиз жұмысшылары шахтаға түсеміз деп жүр. Тағы бір тобы балғаларын көтеріп, кен-байыту бөлімінде, кентастарды уатуға кірісіп те кетті. Ал аналар қазандыққа от жақпақ болып әлектенуде.
Яғни, ереуілге опасыздық жасалды. Бұндай жағдайда мен кеніште қала алмаймын. Достарым, мен енді көп аялдамай, Нижний Тагилге кетем... – Онда бұл кеніште біз де қалмаймыз. Екатеринбургке кетеміз. Тоғыз адам екенбіз, біреуіміз де қалмай, өз отанымызға қайтамыз. Өз елдеріне оралуға бекінген бұрғышы Невзоров, өндірістің түрлі буынында жұмыс істеген ағайынды Петр, Яков, Александр, Федор Поповтар, Иван Белоглазов пен Михаил Жилин кеніштегі әділетсіздіктің жалғаса беруіне өздерінің бұдан әрі шыдай алмайтындарын жарыса айтты. – Төрт жыл істедім, сонша уақыт шыдап келіп, ақыры, төзім таусылғанда, тұңғыш рет ереуілге шығуды қолдадым. – Жилин қолын жайды. – Әділетсіз жеңіліс күйінішін елге барып ұмытайын... Жоғары шығарылған кентастарды қабылдап алушы болып істеген Леонид Старков штейгердің міндетін атқарушы Федор Засыпкинмен бірге Қарқаралыға қайтпақ болды. Бұдан әрі Нілді мыс кенішінде жұмысын жалғастыруға ешқайсысының құлқы болмады. Бұл жөнінде Топорнинді толық қолдайтындықтарын мәлімдеді. Директор оны жұмыстан шығардым деп хабарлаған екен, ал бұлар өз еріктерімен шығады... Баршасы да ереуілдің көздеген мақсатына жете алмағандығына өкініш білдірді. – Жеңіліс таптық, бірақ біз оны әділетті деп санамаймыз! Қоштасар алдында тағы да «Марсельезаны» қосылып айтты. Тек баяғы жігер, екпін сезілмеді. Хор көңілсіздеу шықты... – Исқақ, – деді Невзоров, – өзің куә, жағдай осылай: туды жықпай тұра алмадық. Ана тамаша жігіт Төлеген екеуің оны мұқият шешіп алып, тығып қойыңдар. Күндердің күнінде әлі талай желбіретерсіңдер. Біз отанымызға кеттік. Ал сендер өз еліңде емессіңдер ме. Біздің де көшеде той болады! Сау болыңдар! – Қош, жігіттер, – деді Қошқарбаев, – сендер бізге Оралтаудың тамаша жұмысшылық дәстүрін үйреттіңдер. Біздің намысымыз бір. Әлі талай ұшырасармыз. Жолдарың болсын! Дүмпіп жатқан ел-жұрт қатарында біз де бармыз. Азаттыққа жетпей, кешегі петициямызда қойған азын-аулақ талаптарымызды қанағаттандыртпай – біздің де ісіміз біте қоймас! Қош! Пәтер алдын күзетке алған жасақ тарқады. Нельсон Фелль басқарма кеңсесіндегі директордың кабинетінде отыр. Өзінің сөзін жерге тастамағаны үшін қазақтың жергілікті бас адамына – болыс басқарушысы Жәкен Мұстафинге алғыс айтты. Ол өзінің орынбасары Исқақ Жамантықовқа жағдай әбден тынышталғанша кеніште бола тұруды тапсырыпты. Фелль Мұстафиннің бұл шешімін ризашылықпен тыңдады. – Біз сізбен әрдайым тату жұмыс істеп келеміз, волостной мырза, мұныңызды біз ерекше бағалаймыз, – деді. Кәсіпорындағы жұмысты жандандыруға бағытталған іс-шараларды ойластырды. Сенімді адамдарының басын қосып, мәжіліс өткізді. Кеніштен кеткен қызметкерлердің орнына, орталық өнеркәсіп орындарынан жаңа маман адамдар алдырғанша істей тұратын етіп, еті тірі жігіттерді тағайындады. *** Төлеген сырықтан ағытып алған туды бүктеп, қойнына тықты. Ауыр ойға батып, үйіне алып келді.
«Бес сомға алдандық, ә!? – деп, өзін өзі іштей қинала қамшылады. – Неге?» Өзі көнбес еді, бірақ одан не шығады? Бұдан шығатын қорытынды, Степан дұрыс айтады, – ұйымшылдықты күшейтіп, жаппай сауат ашуды жолға қою керек. Орыс жолдастар училище ашу жөнінде орынды мәселе қойды. Оған қол жеткізгенге дейін осы кішкентай мектепте балалардың білім ала беруін тоқтатпау ләзім... Көзді ашатын – білім екен ғой... өздеріне де оқу керек-ау... Еркіндік көкесі қатулана айтып кеткен істерге бара білу үшін. Жаздағы Қоянды серпілісіне, күні кешегі Қарқаралыдағы дүрбелеңге бас боп жүрген – оқығандар емес пе. Ал мұнда – өңкей әліпті таяқ деп білмейтін жігіттер... Мұндайда ереуіл қайдан баянды болсын... Жоқ, оқу керек. Міндетті түрде. Өтеміс айналайын да соны айтып кетті ғой... – Әке, – деген дауысқа елең етіп, жалт қарады. Мырзаш. Қасында Сәкен мен Төреш. Үшеуі оған қарсы келе жатыр екен. – Қайда барасыңдар? – Мектепке, – деді Мырзаш. – Біз мұғалімімізбен кездесуге бара жатырмыз. Ол кісі бүгін орталықтағы жағдай мен біздің кеніштегі оқиға жөнінде әңгімелесеміз деген!.. Төлеген оларға әрі таңырқай, әрі риза бола, шындығында, үміт арта көз тастады... ҮШІНШІ ДҮМПУ Партия Құпия агент Василий Щеглов Петербургте бір жұмадай болды. Дала өлкесінен империя астанасындағы биік құзырларға жолданған түрлі шағымдарды, жандармерия* департаментінде ашылған полиция бақылауындағы далалық тұлғалардың істерін қарады. Қайтып келе жатып, Москвада аялдады. Сонда өткен съездер мен оған қатысқан қыр бұратаналары туралы мәліметтермен танысты. Сосын Оралға соқты. Қазақтар Теке деп атайтын бұл қалада бір кезде өзі жұмыс істеп кеткен еді. Әрі ол қаланың обер-полицмейстері** Арон Қаратаевты жақсы танитын. Дос-жаран тәрізді-тін. Орынбор жандармериясы бастығының Оралдағы бөлімше бойынша көмекшісі Иван Сериковпен, осындағы өзге де әріптестерімен мәлімет алмасатын шаруаларын бітіргеннен кейін, едәуір уақытын соның кабинетінде, екеуара сыралғы кеңесумен өткізді. Олар бір сәт елдегі саяси ахуалды әңгіме қылды. Қаратаев Щегловқа оның келер алдында ғана қолына түскен бір құжат туралы айтты. Ондай құжаттың Мәскеуде осы соңғы күндері ғана өмірге келгенін естігенде, өзінің сонда болып, барша саясатқа қатысты жиындар хақында мағлұмат біліп қайттым деуі бекер болмағын ұқты. Ұқты да қайран қалды. Қалай ұйымдасып үлгерген бұл нәлеттер?! --------------------- *Елдегі ішкі тәртіпті бақылап тұру, саяси сақшылық пен құпия іздестіру жұмыстарын жүргізу, революциялық қозғалыспен күресу үшін құрылған айрықша қызмет. **Қалалық полицияның аға бастығы.
Империядағы ұзын саны жиырма тоғыз болатын темір жол тораптарынан барған делегаттардың және бүкілроссиялық теміржол одағы орталық бюросының конференциясы өтіпті. Москвада. Және осы таяуда ғана. Конференция жаппай саяси ереуілге шығуды ұйымдастыру жөнінде қаулы қабылдаған да, жан-жаққа жеделхаттар жолдаған көрінеді. Күні кеше сол конференция өтті делінген Мәскеудегі әріптестерімен жүздесіп келе жатқан Щеглов бұл жайында ештеңе білмейді. Ақылға кірмейтін іс. Қалай десе де, солай болып тұр. Енді тек оның мазмұнын біліп алуға керек... Қаратаев оны жасырған жоқ. Байыппен, құжатты қолға ұстап отырып мазмұндап, мейлінше толық түрде айтып берді. – Білемісіз, Василий Андреевич, бұл жеделхат – құдды баяндама, мәтіні сұмдық ұзақ. – Алдында қабатталып жатқан бес-алты парақты көтеріп бір көрсетіп қойды. – Мұнда олар былай дейді: қазан айында өткен жаппай ереуіл қысымына үкімет төтеп бере алмады дейді. Содан соң патша өзінің «төрттағандап тұрған позициясынан» шегінді дейді. Үкіметті былай қойғанда, Ұлы мәртебелінің өзіне осылай, келісімсіздеу сөздер айтып жіберген. Ол сановниктерінің самодержавиені қайтсек сақтап қаламыз деп аласұрған үгітіне көнді дейді. 17 қазандағы жоғары мәртебелі манифесті жариялауға мәжбүр болды дейді. Сөз еркіндігін, жиналыс жасау, одақтар құру бостандығын және жеке бастың ешкім қол сұғуға қақысы жоқ қорғандылығын амалсыздан беріп отыр дейді. Байқаған шығар, Аронның құрметті досы Василий Андреевич, әрине, аңдады ғой, – императордың еліне тартқан осынау ғаламат сыйының өзін мына ойы бұзылғандар тонын айналдырып, адресаттарына бұрмалап жеткізуге ұмтылған. Жасаған жақсылығын өзіне кінә етіп артпақ. Ақыр, білуге қызығушылық танытып тұр екен, онда Василий Андреевич өзінің Омбысына орталықта туған бұл жеделхат жайын толық біле кетсін. Мұның мәтіні мүлдем шетін. Шындықтың өңін өзгерту хақында әлгіндегі Қаратаевтың айтқаны мәселенің бер жағы ғана, мұнда олар үкіметті: «биліктегілер өз манифестерінен өздері бас тартуда» деп айыптайды. Қоятын кінәраттары мынау: патша тарапынан уәде етілген сөз бостандығын орнықтырудың орнына – ел қолдан қолға тигізбей оқып жүрген таңдаулы газеттерді үкімет түрлі сылтау тауып, тәркілеуде, одан әрі шығаруға тыйым салып, мүлдем жабуда дегенді айтады. Одақтар құру еркіндігін жүзеге асыруға жәрдемдесудің орнына – құрылған одақтарды қуып, тарқатуда деп сәуегейсиді. Одақтардың мүшелерін түрмеге тығамыз деп қорқытады дейді. Жеке тұлғаның қол сұғуға болмайтын дербес құқықтылығын қамтамасыз етудің орнына – жүздеген жұмысшы депутаттарды қамауға алуда деп бәле салады. Қазір біздің төбемізге пансиондық* және жинақ кассаларына салған тапқантаянған қаржыларымызды жоғалту қаупі төніп тұр деп байбаламдайды... Жалпы, Василий Андреевич, бұл жеделхат – құдды бір үлкен баяндама. Қараңыз, онда мынандай сұмдықтар айтылған... Қаратаев мәтінге көз жүгірте отырып сөйледі: 17 қазан манифесімен тақ биігінен жария етілген бостандықтарға тыйым салып әрі оны бұзып отырған – үкіметтің өзі. --------------------------- *Өзін тамақ, киім, тұрғын-жай, т.т. сондай қажеттіктермен толық қамтамасыз етуді көздейтін.
Мұндай тұжырым қалай, сізге ұнай ма? Осы жеделхаттың ұйғарымына қарағанда, демек ол, империя үкіметі – бүлікшіл және саяси қылмысты болып табылады. Өйткені императордың қолын қойғызып шығартқан заңдарды үкіметтің өзі құрдымға кетіруде. Міне, конференцияшылар ойларын осылай бір түйіндеп қойып, бұған «үкімет әлі жауап береді!» деп кіжінеді. Таңғала ма? Енді мына жолдарға мұқият назар аударсын: «Жолдастар, бұдан әрі күтудің реті жоқ: бізді үкіметтің өзі жаңа шайқастарға шақырып тұр. Қабыл алайық. Оның қасіретті салдары бойынша айыптылық – Петербургтегі қылмыскер үкіметтің мойнына артылады». Ұқты ма екен, үкімет тіректеріне зиян тигізу пиғылындағыларды әшкерелеу қызметіндегі осынау ескі әріптес, Қаратаевтың сыйлас адамы осы тіркестің байыбына барды ма екен: олар өздерінің күллі басыбұзықтық әрекеттері үшін – өздерін емес, үкіметті жауапты деп санайды. Қалай бағалайсыз? Мұндай масқара тонын айналдырушылықты Василий Андреевич бұрын-соңды естіп көрмеген шығар-ау... Арон Бисәлиевич тура айтып отыр, – Щеглов өткір көздерін мәтінге тастады, – дегенмен, осы жеделхат тек жала жабумен ерекшеленеді дей алмаймыз-ау... Бұған дау жоқ. Василий Андреевич ақиқаттан қорықпайды екен, онысы жақсы. Жалпы, оның қызметіндегі адамдарға ащы шындықты білу және оны іштей мойындау жарасады, мәселен: «фабрикалар мен зауыттардың мыңдаған жұмысшыларын билік далаға лақтырып тастауда», немесе: «ашыққан шаруаларды үкімет генералдар мен олардың оқшашарларының жәрдемімен жуасытуда», «бас көтерген солдаттар мен матростарды билік жаппай сотқа тартуда» деген жолдардағы баяндау мәнерін қабылдамағанмен, деректі жоққа шығару дұрыс болмас еді. Тыңдаңыз: «Жолдастар, экономикалық жағдайымыздың жақсармай тұрғаны – мәселенің бергі жағы ғана!» – сонау үлкен жиналысқа қатысқандар атынан жеделхат жолдаушылар осылай дейді. Оны азсынсаңыз – экономикалық жағдайымыздың бұдан да құлдырап, нашарлай түсуі ықтимал екені қазірдің өзінде аян, мұны бәріміз түсінеміз деп қояды. «Үкімет үлкен банкрот* болу алдында тұр» деп үкім де шығарып тастаған. Василий Андреевичтің қалай қарайтынын білмейді, бірақ Қаратаевтың өзі мұндай өрескел қорытындыға ашу шақырмай тұрып, мәселені шындап зерттеу жөн деп есептейді. Щеглов та сондай ойда екен. Өзгеше ойлаушылармен күресу үшін – олардың пайымдарының ақ-қарасын алдымен өзіңе айқындап алуың керек... Орынды-орынды, жөн сөз. Мұндай байлам нені көрсетеді? Бұл: бірі – батыста, Оралда, екіншісі – шығыста, Омбыда қызмет етіп жатқан байырғы әріптестердің азаматтық көзқарастарының тұғырнамаларының ортақтығынан хабардар етеді. Жә, енді жеделхаттың тұздығына назар аударарлық... Василий Андреевич құлақ салсын. Еліміздің шартарабын шырмаған күллі жиырма тоғыз темір жол торабынан келген депуттаттардың конференциясы Бүкілодақтық теміржол одағының Орталық бюросымен бірлесіп, Петербург пен Москва Жұмысшы депутаттарының кеңестері қабылдаған қаулыға қосыла отырып, жаппай саяси ереуіл жасаймыз деп жария етеді. Жетінші желтоқсаннан бастап. Жаппай саяси ереуіл. --------------------- *Шарасыздыққа ұшырау, күйреу.
Бұған мән беріп тұр ма әріптесі? Санкт-Петербург мен Москва – дүрлігіс алдында. Оларда орын алмақ үкіметке қарсылық шарасы күллі империяны шырмаған теміржолшылар ұйымынан да қолдау тапқан... Яғни, Василий Андреевич өзінің Омбысына жеткеннен соң көп ұзамай-ақ, Қыр мен Сібір өмірін қадағалайтын билік үшін тағы бір бас ауруы басталғалы тұр... Жеделхатта, сондай-ақ, үкіметтің масқараланғанын паш еткен орыс-жапон соғысы біткелі бері елге жете алмай жатқан әскери қосындарды Манчжуриядан Россияға қайтарып алып келуді теміржолшылар өз мойындарына алады деген де хабар жазылған. Оны үкіметтен гөрі жылдамырақ тасып әкелетіндерін айтып, жауынгер-бауырларға осы ретте өтініш те білдіріпті: жол бойының ұйымдарына жәрдем берсе, жолда ереуіл кезінде ұсталып қалған жолаушылар үшін белгіленген тәртіпті сақтатуды қолдаса деген. Мұндай анархияға не дейсіз? Оу, мыналар үкіметті мүлдем көзге ілуді қойған боп шықты-ау! Ал мына тұжырымға ше, қосылар ма едіңіз: «Үкіметтен ештеңе тосуға болмайды, өйткені ол – өзін өзі тоқыратты». Бұған кім иланар екен? Анық, базыбұзық тоғышарларға арналған сөз... Жағдайды тек қана Ұйыстыру жиналысы – Құрылтайшы жиналыс қана түзейді, «Россияны қылмыскер үкімет бетпе-бет келтірген ауыр ахуалдан» тек сол жалпыресейлік өкілдер басқосуы ғана құтқарып алып шыға алады дегенге сенемісіз? Щегловқа мәлім сөздер – орталықтағы солшылдар тап осылай ауырып жүр... – Әйткенмен, қазір жалғыз бұлар емес, күллі ұйқыдан оянған Россия қауымының есіл-дерті осы ойға саяды. Демек, сіз бен бізге, Василий Андреевич, желдиірмен қалақтарымен соғысқан әлгі әңгідүктей, қызық күйге түсуге тура келуі ғажап емес... Шәк келтіре алмайсың, солақай күрескерлердің пиғылы айқын. Соғыс жағдайы сақталып тұрғанда, қоғамда күшейтілген күзет орын алғанда, яғни, тиісінше – сөз, баспасөз, жиналыстар, одақтар бостандығы мен жеке адамның дербестігіне қауіп төніп тұрғанда – олар жаппай саяси ереуіл отын маздата түседі. Ереуіл еш тоқтатылмайды, олардың пиғылына сай жалғаса беруге тиіс. Осылай ойлайтындықтан да, олар бірін бірі: «Сонымен, жолдастар, күллі халықты азат ету жолындағы күреске батыл да тату көңілмен, бірлесе аттанайық», – деп үгіттейді. Өздерінің қатарында тек қала пролетариаты емес, тек еңбекшіл шаруа ғана емес, сонымен бірге – әскерилер, жауынгерлер де бар екендігінен жұртшылықты хабардар етіп қойыпты. Бұл солақайларың осылай, барша күшті біріктіріп тұрмыз дейді. «Армия мен флоттың саналы бөлігі халық бостандығы үшін, жер үшін бас көтерді, алға, жолдастар!» деп ұрандатады... – Міне, Василий Андреевич, бізге осындай жалынды сөздердің өтінде жұмыс істеуге тура келуде. – Қаратаев мәтінді қатырма папка ішіне салып, үстел шетіне ысырып қойды. – Осындай бүлдіргі құжаттардың өртегіш қасиетін дөп басып, алдын алуымыз керек. Сіздің алдыңызда ғана біз мәжіліс құрғанбыз. Күтулі саяси ереуілге профилактика жасау орайында бірер іс жүргізіп жатқан жайымыз бар-ды. Сол шараларымыздың жолға қойылу барысын талқылаған едік. Оң нәтижеге жетерміз деген үміттеміз... – Арон Бисәлиевич, осынау үкіметке қарсы құжатпен мені соншалықты толық таныстырғаныңызға рахмет. – Щеглов оған елеусіздеу көз тастады. Елеусіздеу, бірақ, сынай көз салды. – Бәлкім мен қателесермін, бірақ маған сіз осы мәтін авторларына іштартатын тәрізденіп кеттіңіз.
– Құпия қызметтің кереметінің өзі осында – мемлекеттің сенімді адамдарының өзіне сенбеуде болса керек. – Қаратаев едірейген мұртын сипап тұрып, қарқылдай күлді. – Қалай, таптым ба? – Құдай сақтасын! О не дегеніңіз, Арон Бисәлиевич! Керісінше, дұшпанды жеңу үшін – оның ойластырғанын өзінен артық білуге тырысу жөн. Сонда ғана жеңіске, қазір өзіңіз үміт етіп отырған оң нәтижеге жетуге болады. – Мұндай әдет сіздің кәсіпке де өте-мөте қажет, – Арон Бисәлиевич мұртынан күліп, басын изеді, – сондықтан сіз мені дұрыс түсініп тұрсыз. Щеглов көкейінде тұрған бір сұрақты сыздықтата шығарды: – Ал сіздің бауырыңыз қалай ойлайды? Бақытжан Бисәлиевич Қаратаевты айтам? Ол кісі бұл жеделхатпен таныс па екен? – Аронның таңырқай қасын кергенін көре сала, өзінің тым ерсі сұрақ қойғанын сезіп, сасқалақтап қалды. – Кешіріңіз, жалпы осындағыдай пікірлерге қалай қарайды дегенім ғой... – Егер тәртіп бұзушылар ішінде өз ағам жүретін болса – мен, оның інісі, қаланың бас полицмейстері ретіндегі міндетімді қалай мінсіз атқара алған болар едім?! Жоқ, Василий Андреевич, бұл мүмкін емес. Сұлтан Бақытжан Қаратаев – империяның ең заңға құлақ асқыш, тек заңмен жүретін азаматтарының бірі. Мен мұны дәл білемін және оны осысы үшін мақтан етемін. Ол Щегловқа тіке қарады. Императордың 18-ші ақпанда ішкі істер министрінің атына берген әйгілі рескрипті* есінде шығар Василий Андреевичтің? Есте ғой дей ме? Сол құжат барша жұртқа, шартарапқа, ең шалғайдағы түкпірге мәлім болып, бұқараға ерекше серпіліс әкелген тілекхаттар науқанын туғызды емес пе... О, иә, Щеглов біледі – Министрлер кеңесіне жолданған петициялар жазда жаңбырша жауып кетті. Ал, бірақ, ол сондай бір зор аты бар, алайда атына сәйкес заты жоқ мекеме болатын... Министрлер кеңесі ретінде, тым болмаса, бір жылда бір мәжіліс те өткізбейді екен ғой. Үкімет деген – аты ғана. Кеңсе тек қағаз жазумен ғана отыратын-ды. Рас, Қаратаевқа да мәлім – министрлер тікелей императордың өз тапсырмасымен ғана жұмыс істейтін. – Минкеңес қызметінің пәрменді сипат алып, жақсара бастағаны – тек қана енді, 17-ші қазаннан кейін ғана емес пе... – Дұрыс айтасыз, – деді Қаратаев, – бірақ оны жалпақ жұрт қайдан білсін. Білмейтін. Олар жанға батқан мәселелерін тілек етіп тізгендіктен, петицияларын үкімет оқиды да, түйінді шешіп, қанағаттандыра салады деп ойлайтын. Қара халық билікке құлай сенді. Жә, оның айтқысы келгені – басқа... 17 қазанда император қолынан тек әлгі тарихи манифест қана емес, сонымен бірге, елдегі тәртіпті сақтауды көздеген тағы бір маңызды құжат шыққанын көпшілік біле бермейді. Бірақ оны бұқара білмегенмен, елдегі тәртіп сақшылары санатындағы сіз бен біз жақсы білеміз ғой. Щеглов мырзаның есінде шығар, ол – халық арасындағы үйлесімсіз көңілкүйлер мен бүліктер және түрлі тәртіпсіздіктер хақындағы манифест болатын. Көше шерулері мен жиындарды өткізу тәртібі одан кейін жария болды емес пе... Екеулеп, еске түсірісті: сол манифесте зымиян пиғылды көсем-жетекшілердің бүлікшіл қозғалыстар туғызып, Россияның негізгі тұғырларына қасақы қастандық, бұзақы шабуыл жасап жүргені айтылған-ды. Арам ниетті көсемдердің мақсаты – өткенмен табиғи сабақтастықты бұзу, қызмет жасап тұрған мемлекеттік құрылымды қаусату екені құжатта атап көрсетілген бо- -------------------- *Патшаның мемлекеттік чиновникке, жұртқа жаппай жария ете отырып, тапсырма берген хаты.
латын. Сондай-ақ, соңғы кездерде көрініп қалып жүрген ішкі үйлесімсіздіктердің сыры да сол құжатта жақсы талданған-ды. Ой-санадағы ауытқушылықтар мен алуан түрлі теңселулер салдарынан ел ішінде бұзық пиғыл көбейген. Адамдарды тәртіп бұзушылыққа арандататын сөздер тарату көбейген. Соларға байланысты, барлық билік буындарында алда тұрған нақты міндеттер айқындалып, белгіленген еді. Ал заңды сақтау және қорғау жұмыстарын жүргізгенде, үкімет мекемелері бірінші кезекте, ел ішіндегі таққа адал азаматтарға сүйенеді. Олардың тақ алдындағы парыздарына адалдық танытуын, әрекеттерінің бәрін заңға сәйкестендіріп жүргізуін баршаға өнеге етеді. Сондай өнегелі, заңға берік те адал азаматтардың бірі – Аронның ағасы Бақытжан Бисәліұлы. Ол осы жазда өкіметтен заңға сәйкес тиісті рұқсат алып, ел ағаларының, дінбасыларының жиынын өткізді. Үкіметке петиция жазып, беделді кісілердің қолдарын қойғызды. Әлгі аталған жиналыс сайлаған депутацияны бастап барып, патша ағзамның тікелей өзінің қабылдауында болды. Әрине, ол өзінің қоғамдық жұмыстарын халқының мүддесін ойлап істеп жүр. Бірақ оларын ешқандай да тәртіп бұзушылыққа жатқыза алмайсың. Халқы үшін патшаның өзіне барып өтініш айту дегенің – нағыз заңды жол емес пе? Щеглов оған келісті. Сөйтті де өзіне басқа да жәйттер мәлім екенін аңғартты: – Жақында сіздің ағаңыз жан-жақтан киргиз қайраткерлерін жинап жиналыс өткізген дей ме? Арон Қаратаев қолын жайды. Ондай жиналыс Бақытжанның туған інісіне беймәлім. Съезд жасаған дейді? Бес облыс делегаттары келген дейді? Шеглов мырзаның айтып отырғаны – ағасының түнеугүні земство қайраткерлерінің Москвада өткен съезінен кейін, жиында бірге болған бір топ жолдастарын жолда пойыздан түсіріп алып, өзінің осындағы үйінде қонақ еткені болар? Олар, шынында, қазақтар тұратын облыстардың бәрінен, жалпақ елдің әр түкпірінен келген-ді. Василий Андреевич олардың аты-жөндерін, шамасы, бұдан артық біледі-ау. Егер білмейтіні бар болса, ол – солардың баршасының Аронның ағасы Бақытжан Қаратаевқа университеттес жолдастары, туысқан інілері болып табылатындығы шығар. Меймандыққа келіп, үйінде бірер күн қонақ болды да, қайтып кетті. – Ағамның оларды бірнеше экипажбен хан тоғайына сейілдеуге апарғанына, арнайы кеме жалдап, Жайық бойымен саяхатқа шығарғанына мен де қатыстым. Жасыратын несі бар, жолдарының қауіпсіз болуына қамқорлық жасадым... Арон куә ретінде растай алады: олар рахаттанып тынықты. Ойын-күлкі, әзіл көп болды. Орманда, су үстінде таза ауамен тыныстай жүріп, қилы сыр шертісті. Сондағы бір сөз Аронның есінен кетпейді. Елдің тарихына қатысты айтылған еді. Бәлкім Василийге де ой салар, құлағын түрсін аз мезгіл... Бәрі самодержавие атауының пайда болуы төңірегінде туған пікірталастан басталды... Василий Андреевич біле ме екен, Жайық жағасында бүгінде жермен жексен боп, орта ғасырлық Сарайшық қаласының орны жатыр ғой. Сол шаһар кезінде қазіргі орыс жеріне билігін жүргізген, орыстар Орда деп атаған, бертінде Алтын Орда атанған Жошы ұлысының алғашқы астанасы еді. Қағанаттың Еділ бойындағы Бату мен Берке салдырған Сарай атты орталықтары
бой көтергенге дейін. Жер-дүниені тітіреткен әйгілі Шыңғыс ханның сонау ерте заманда іргесін қалаған, балалары керегесін батысқа қарай батыл кеңейткен империясы, ақыры, ыдырады.п, Сарайшық әуелі Ноғай Ордасының, одан, Бұрындық хан тұсындағы Қазақ Ордасының астанасы болған. Ал Бұрындық хан – Қазақ Ордасының үшінші билеушісі. Ел тағын Жәнібек ханнан кейін иеленген. Сөйтіп, қырық жылдан астам, 1511 жылға дейін, хандықтың аумағын Еділсу мен Амудария арасын қамтып, бір шаңырақ астына біріктіріп, билеп тұрған. Орыстың тұңғыш патшасының замандасы. Москваның ұлы князі Үшінші Иоанн, өзіміздің бүгінгі түсінікті орысшамызша – Үшінші Иван Васильевич біріне бірі бағынбайтын ұсақ князьдіктерді тұңғыш рет бір орталыққа ұйыстыруға осы Бұрындық хан тұсында кіріскен. Ол да қырық жылдан астам жүргізген күресі нәтижесінде, Ярославль, Ростов князьдіктерін, Новгород республикасын, Тверь ұлы князьдігін, Вятка жерін, одан кейін – Рязань, Псков жерлерін, Ұлы Литвамен соғысып жүріп – Чернигов, Гомель, Новгород Северский, Брянск сияқты жерлерді бағындырып, Москва князьдігіне қаратып алды. Сөйтіп, ұсақ құрылымдарды тұңғыш рет бір орталыққа қарайтын етіп жинап, он алтыншы ғасырдың басында дербес Орыс мемлекетін тарих сахнасына шығарды. Өзі бұдан былай орыс патшасы атанды. Патшалығын «өзіміз ұстайтын мемлекет», яғни егемен ел ұғымында – самодержавие деп атады. Бұл, әрине, Василий Андреичке бесенеден белгілі ғой. Осы жерде мына бір дерек сұранып тұр: қазақтың Жәнібек пен Керей атты екі сұлтаны 1456 жылы қазақ атымен хандық мемлекет құрды. Көріп отырсыз – біріккен орыс мемлекетінен жарты ғасырдай бұрын құрылған. Василий Андреевич осы бір мәліметке зер салып, көңіл аударсыншы... Бүгінде орыс мемлекеті құрамында бұратана-киргиз атанып өмір сүріп жатқан қазақтың өз мемлекеттілігі болған. Және қандай мемлекет! Тарихы – бай, тамыры – тереңде: Ақ Ордадан да, Алтын Ордадан да әріде. Ол біліп қойсын, қазақтың мемлекеттігінің бастауы алтыншы ғасырдан бері өмір сүрген көне түркі қағанатына, яғни бүгінгі қазақтың арғы аталарының империясы дәуіріне кетеді. Оһо, Арон Бисәлиевич тым асырып жіберген жоқ па екен? Титімдей де. Мұның бәрін ол атақты тарихшылардың еңбектеріне сүйеніп айтуда. Ал орыс мемлекетінің шашыранды нышандары тоғызыншы-он екінші ғасырларда пайда болғаны белгілі. Бұл Василий Андреичке құпия емес қой. Жарайды, әлгі әңгіме сабақталсын... Жоғарыда айтқанымыздай, алғашында самодержавие деген атау – орыс жерінің Орда билігінен азат болғандығын әйгілейтін. Яғни, орыс тарихнамасындағы анықтама бойынша – «татар-моңғол езгісінен» құтылғандықтың, өзін өзі билеуге көшкендіктің белгісі ретінде айшықталатын. Бұл әріптесіне әбден мәлім жәйт болса керек. Сөз бар ма... Әйтсе де, бірлесіп тағы бір еске түсірейік... Сонымен, жеке-жеке князьдіктер бір ту астына жиналғаннан соң жасалған мемлекеттік құрылымның бұл анықтамасы – орыс елінің өзін өзі билеуге қол жеткізгенін көрсетеді. Яғни, бұл анықтама, әлгінде айтқанындай, Русьтің Алтын Орда билеушілерінен тәуелсіз болғанының белгісі ретінде дүниеге келді. Ал содан екі ғасырдай уақыт өткен соң, он сегізінші жүзжылдықтың басында, оған өзгеріс енгізілді. Қандай дей ме? Ұлы Петрдің өзгертуі ше. Ол самодержавие терминін жаңа мазмұнмен байытты. Орыс елінің егемен мемлекет екенін білдіретін анықтамаға бүгінгі қуатты мағынасын теліді. Патшалық ұдайы жаңадан жаулап алынған елдер есебінен ұлғай-
тылып келе жатқандықтан, батыстың үлгісімен, империя сынды өркениетті атау алды, ал император – шексіз билік иесі мағынасындағы самодержец атанды. Иә, бұл солай. Әріптесі тарихтың майын тамызады екен... – Сөйтіп, он алтыншы ғасырда пайда болған самодержавие – монархтың шексіз билігіне негізделген мемлекет есебінде, біздің күнімізге дейін жетті, – деді әріптесі мақтауға назар аудармай. – Василь Андреич, тура ма? – Әлі біздің немере-шөберелеріміз өмір сүретін заманға да жетеді, – деді Василь Андреич мақтанышты үнмен. – Сіздің бұған шүбәңіз бар ма, Арон Бисәлиевич? Арон Бисәлиевич бұған шүбәланбайды. Тек уақыт талабымен ептеп түрін өзгертіп тұрар, бәлкім. Мәселен, енді, міне, самодержавиелік билік жүйесі 17-ші қазан манифесімен өзгертілді емес пе. Императордың шексіз билігі шектелді. Ұлы Россия конституциялық монархияға айналып отыр. Аронның ағасы Бақытжан мен оның жолдастарының ойынша, самодержавие атауы бұдан былай – Үшінші Иоанн дәуіріндегі алғашқы мағынасында ғана қолданылатын болар, сірә... Тірі болсақ – көре берерміз... – олар осы ойға тоқтады. Щегловтың жүретін уақыты болып қалған еді. Теміржолшылар съезі белсенділерінің жеделхаты билікке Щеглов Омбыға жеткенге дейін-ақ әбден мәлім болған-ды. Оның көшірмесін депода қолдан қолға өтіп жүрген жерінен жандармерия жансызы қолға түсіріп, басқармаға алып келген еді. Осы бір теріс үгітке толған жолдаудың залалды мазмұнын ел ішіне таратпау ләзім. Бұл жөнінде әскери губернатор мен округтік сот прокурорына өтініш білдіру қажет деп табылған. Тиісті хат та әзірленіп қойылған. Жандарм басқармасы бастығының көмекшісі Леваневский іссапардан оралған құпия агентке қылмысты құжатты көрсеткен. Щеглов оны тани кетті: тура сол, бір сөзінде өзгеріс жоқ, Оралда обер-полицмейстер Қаратаевтың кабинетінде танысқан мәтіні... Ол батыстағы әріптестерінің профилактикалық шаралары хақында көмекшіге де, бастыққа да әңгімеледі. Саяси ереуіл уақыты тақалып қалғанына қарамастан, оның алдын алу үшін, әлі де ұтымды түрде жүзеге асыруға болатын іс-шаралар жайындағы пікірін айтты. Ақыры, осы құжат жайында генерал-губернатор кеңсесінде де қобалжулы әңгіме болды. Дұрысында, мәжіліс өлке қалаларында орын алып жүрген саяси жиындар жөнінде генерал-губернаторға мәлімет беруден басталған. Содан соң хабарлама біртіндеп, Мәскеуден жан-жаққа жолданған жеделхатқа, оның Омбы теміржолшылары арасынан ұстап алынған данасына ауысқан. Мәселені баяндап отырған генерал алдымен Батыс-Сібір серіктестігі откемелерінің қызметкерлері мен жұмысшылары көтерген мәселені айтты. Олар Павлодарда митинг өткізіп, қожайындары алдына нақты экономикалық және әлеуметтік талаптар қойған боп шықты. Бұл хабар үлкен әкімді аса мазасыздандыра қоймаған. Өйткені биыл жер-жерде жағдайларын жақсартуды сұрап үстін-үстін петиция жазып жатқандар көп-тін. Бұл да сондай тілекхаттар қатарынан табылса керек. Сол себепті үйреншікті оқиға ретінде қабылданды. Біршама ойландыратын жәйт Семейден түскен хабар еді. Ол жақта пошта-телеграф кеңсесінің қызметкерлері ереуілге шыққан екен. Жаманы, олар өздерінің империя бойынша ұйысқан одағының орталық бюросы қабылдаған шешіммен қаруланған. Яғни, орталық бюро ұйымдастырған жер-жердегі
ереуілдерді қолдай отырып, билік алдына қойған экономикалық талаптарының орындалуын талап етуде. Ал Корсаков деген ауылшаруашылық мектебінің меңгерушісі өзін-өзі Заречная слободка қауымының депутаты деп атап, облыстың әскери губернаторы алдында қоғамдық басқару мәселесін көтеріпті. Генерал Галкин дұрыс істеген екен. Оның заңсыз әрекеттеріне астыртын бақылау жүргізіпті. Соның нәтижесінде, Корсаковтың өзі басқаратын мектепке шамамен елу шақты қазақ пен татар және отыз шақты орыс адамдарын жинағанын, жиналыста өкімет органдарына бағынбайтын басқарма құру мәселесін талқылағанын біліп алыпты. Қазір оны сотқа тарту жайын ойластыруда... Өскеменде Орест Костюрин деген саяси сенімсіз аума 17-ші қазан манифесін елдегі әр-әр жерде болып жатқан келеңсіз оқиғалармен байланыстырыпты. Сөйтіп, халық үйінде өткізген жиналыстарында оны өз қалауынша бұрмалап түсіндірумен шұғылданыпты. Әлденеше мәрте солай етіпті. Пәре алады деп, әкімшілікке жала жауыпты. Бостандық жолының қиындығын әсірелей суреттепті. қызыл ту көтергендердің қандай игі мақсат көздейтінін айтып бөсіпті. Балаларды қазына есебінен оқыту, жұмысшыларға сегіз сағаттық жұмыс күнін белгілеу және жағдайын жақсарту, сондай мақсатты көздейтін ереуілдерге шығу құқын беру секілді социалистік талаптар тұжырымдалған солшыл партиялардың бағдарламаларын баян етіпті. Толып жатқан бастықтардың, «куропаткиндер мен треповтардың»* жалақысын азайтып, қатардағы солдаттарға үлестіру, ал олардың лауазымдарын сайланбалы халық өкілдерімен алмастыру керектігін уағыздапты... Хабарлама түгесілді. Генерал–губернатор Сухотин саусағымен столды тықылдатып: – Қандай шара қолданылды? – деп сұрады. Жағдайды баяндап отырған оның орынбасары генерал Свиридов іркілген жоқ: – Облыс әскери губернаторының заңды алға тартып әрекет етуі өте ұтымды шығып келеді, жоғары мәртебелім. Костюриннің үстінен іс қозғалды… Сосын соңғы күндердің қаһарлы жаңалығы баян етілді. Үлкен әкім теміржолшылар ұйымы атынан сонау Мәскеуден жіберілген ұзақ жеделхаттың мәтінін қабағын шыта тыңдап, ақырында: – Неткен көбік ауыздар! – деп тыржиды. Орынбасары тіс жармады. Сәлден кейін оған генерал-губернатор ойлана қарады: – Айтыңызшы, генерал, мына революциялық хат қала ішінде, жалпы өлке аумағында қаншалықты таралған екен, оны зерттедіңіздер ме? – Біздің ақпараттандырушыларымыздың мәліметтеріне қарағанда, жеделхат түскен бойда гектографпен** көбейтілген тәрізді. Қолдан қолға ауысып жүргелі бірнеше күн боп барады. Депода бірлі-жарым топ құрып талқылап жүргендер байқалған... --------------------------- *Соғыс өнерін меңгере алмаған дарынсыз қолбасшылар мен қатыгез жауыздықтар жасайтын полиция бастықтары мағынасында (А.Н.Куропаткин – әскери министр, орыс-жапон соғысында ол басқарған қосындар ірі жеңіліске ұшыраған; Д.Ф.Трепов – Мәскеу обер-полицмейстері, 1905 жылдың соңына қарай, яғни Өскемендегі оқиғалар Дала генерал-губернаторына баяндалып жатқан шақта Петербург генерал-губернаторы болып тағайындалған, Ресейдің екі астанасындағы революциялық қозғалысты аяусыз басуымен аты шыққан генерал). **Түпнұсқадан жүз данаға дейін көшірме жасай алатын аспап.
– Гм-м-м... Генерал-губернатор оның түпнұсқасын табу, өзге даналарының кімдерге таратылғанын анықтау жайын сұрастырды. Жандармерия агенттері, күллі жансыздар желісі түгелімен осы іске жұмылдырылғанын естіп, мақұлдады. Сосын тапсырмаларын айта отырды. Орынбасары ұйымдастырсын және қадағаласын: әкімшілік буындарының баршасы қимылға келтіріліп, үйлесімді жұмыс жүргізуге тиіс. Қолда бар мүмкіндікті түгел түгел қолдану арқылы, қоғамдағы естен адасушылыққа бақылау күшейтілсін. Теміржолдағы ахуалды ұдайы және айрықша назарда ұстау жөн. Жол бойында соғыс жағдайы шаралары түгел сақталуда ма, орынбасары соны тексеріп қоюды ойынан шығармасын... – Сондай-ақ, генерал, қалада соғыс жағдайын жариялауға министр мырзадан рұқсат сұрауымызды тағы бір мәрте, дәйекті мысалдар келтіре отырып қайталайық. – Әрине, жоғары мәртебелім. Тек пәрменді шара алуға келгенде, қаламен шектелмеу керек. Солай екенін күнделікті оқиға үстін-үстін дәлелдеп келеді. Екі облыс та* тыныш емес... – Нақтырақ айтқанда? – Өзіңіз білетіндей, Семей облысындағы Қарқаралы үйезі көптен бүлініп жатыр. Енді оның қатарына Ақмола облысындағы Ақмола үйезі де қосылды. Мұнда – үйез аумағындағы зауыттарда дүрлігу бар тәрізді. Нілді– Спасск–Қарағанды үштағаны бір-бірімен өндірістік тұрғыда тығыз байланысты болғандықтан, бірінде тұтанған өрт екіншісіне де ауысып кете ме деген қауіп қылаң береді. Осы мәселе жөнінде бізге Ақмола үйезінің бастығы надворный советник Нехорошков жолдаған рапорт бар. Оған өзіңіздің мақұлдауыңызға сәйкес тапсырмалар берілді. Успен руднигіне** уездныйдың*** өзі тікелей барып, мән-жаймен таныссын, тергеу жүргізсін делінді. – Жақсы... Генерал-губернатор мырза атқарылған өзге жәйттерді де біле отырсын. Далалық солтүстік тау-кен округінің округтік инженеріне Өспен кенішіндегі ереуілдердің өзге де кәсіпшілдіктерге, әсіресе онымен тығыз байланыста жұмыс істеп тұрған Спасск мыс қорыту зауыты мен Қарағанды таскөмір кені орындарына теріс ықпалдарын тигізуі ықтималдығын ескертіп, ұсыныстар білдірген хат жолданды. Онда ереуілдің басты ұйымдастырушысы болып шыққан штейгер Топорнинді қылмыстық жауапқа тарту мәселесі айтылды. Сондай-ақ, сол қатынас қағазбен Орал тау-кен техниктері қоғамының басқармасына сол қоғамның мүшесі болып табылатын Топорниннің тәртібі туралы хабарлау өтінілген... – Мұның бәрі дұрыс. Ақмола облысындағы ең мазасыз болып тұрған нүкте – сол мыс кеніші ғой, демек, соған мұқият назар аударылсын, генерал. Ал Семей облысы, шынында, тым мазасызданып кетті білем. Әлгіндегі орынбасарының баяндауларынан аңғарғаны – Семей қаласының өзінде де, облыстың өзге қалаларында да тынышсыздық байқалады. Алдын алу шаралары жасалып жатыр деді, бұл көңілге медет. Тек Қарқаралы... Қане, соны толығырақ баяндасыншы... -------------------------- *Бұл кезде Дала генерал-губернаторына тікелей негізінен Сарыарқа төсіндегі алып аймақта ұйымдастырылған Ақмола мен Семей облыстары ғана қараған. **Өспен (Нілді) кеніші. ***Үйез (ояз) бастығы. Генерал басын изеп, қағазына әлдене жазып қойды.
– Қарқаралы үйезінің бастығы қобалжуын бір тияр емес. Тыңдаңыз, мәртебелім, соңғы жеделхатында ол тағы былай деп байбалам салыпты: «Имею честь доложить Вашему превосходительству, что политические беспорядки, бывшие в городе Каркаралинске 15 ноября, внесли в степь почти полную деморализацию. В данное время степь крайне возбуждена...»* Бұған не дейсіз? Біздің не істегеніміз жөн болмағын да айтыпты: «Полагаю безусловно необходимым почтительнейше просить Ваше превосходительство о командировании в город Каркаралы сотни казаков, так как только при этом условии возможно установить престиж правительственной власти и быть спокойным за мирную жизнь уезда...»** Бізге әскери губернатордың кеңсесінен хабарлады: жеделхатты алысымен генерал Галкин Семейден бір рота жасақ жіберуге жарлық қылыпты. – Дұрыс істеген. Енді қалай екен, жағдай қалыпқа түсіп пе? – Никак нет,*** генерал мырза. Міне екі айдай болды, мойындау керек – Қарқаралыда штабс-ротмистр Оссовскийдің билігі іс жүзінде нөлге теңелген. Бұл үйез – құдды өз алдына бір республика. Ондағы белсенділер бар билікті өз қолдарына алған. Өкіметтің ояздық басқармасымен санаспайды. Шамасы, шұғыл шаралар қолдануға жігері мен ебі жететін басқа бір адамды оязнайлыққа бекітіп жіберу керек шығар... – Оссовскийді кері шақырып алған жөн дегіңіз келе ме? Ол империяның ең бір адал қызметшісі емес пе?! Оның бізге талай еңбегі сіңді! – Ол рас, мәртебелім, алайда ол кейінгі революциялық оқиғалар толқынына көміліп қалғалы қашан! Ол көштен тым кешікті... Мәртебелі генерал-губернатор мырзаның есіне орынбасары соңғы жарты жылғы деректердің кейбірін сала кетуді жөн көріп отыр. Міне, мына қалың папкада тігулі қағаздар нөпіріне көз салсыншы... Жазғытұрымғы петициясынан кейін, жаздың бір қайнаған күнінде, қарқаралылықтар, дәлірек айтқанда, үйез құрамындағы жиырма бір болыстан уәкілдік алған өкілдер телеграфпен ақ патша атына тағы бір өтініш айдағанды. Жақында, жергілікті пошта-телеграф конторына сенбегендіктен, сол жеделхаттарына қосымша, Министрлер Кеңесінің төрағасы атына мынандай қаулыларының көшірмесін жолдаған көрінеді: «В своей телеграмме на имя Государя Императора 22 июля текущего года мы, уполномоченные 21 волости Каркаралинского уезда, просили, при избрании членов в земский собор, о применении всеобщего избирательного права».**** ------------------- *«Сіздің жоғары мәртебеңізге мынаны баян етемін: Қарқаралы қаласында 15 қарашада орын алған саяси тәртіпсіздіктер далаға толық дерлік рух азған бей-берекет ахуал енгізді. Қазіргі уақытта дала шектен шыға дүрлігіп тұр...» **«Сіздің жоғары мәртебеңізден Қарқаралы қаласына іссапарға казактар жүздігін жіберуіңізді құрмет тұта өтінуді қажет деп білемін, тек осындай жағдайда ғана үкімет билігінің абыройын нығайтып, үйездің бейбіт өмірі үшін алаңсыз болуымыз ықтимал...» ***Ешқандай да. ****«Біз, Қарқаралы үйезінің 21 болысының уәкілдері, үстіміздегі жылғы 22 шілдеде Государь Императордың атына жолдаған өзіміздің жеделхатымызда: земство соборына мүшелер сайлау кезінде жалпыға ортақ сайлау құқығын қолдануды сұраған едік».
Сонда олар біздің қызметімізді де сынап хат жазып үлгергенін айтқан: «В Омске совещание чиновников различных ведомств, в главе с генералом Сухотиным, высказалось против допущения представителей от киргизов в земский собор в духе проекта министра Булыгина. Подобное недальновидное решение объяснимо лишь незнакомством с характером, развитием и стремлением главной массы населения Степного края, на которое это устранение произвело удручающее впечатление».* Генерал-губернатор Сухотин тісінің арасынан сыздықтата сөйлеп: – Біздің бұратаналарымыз өзімізбен тайталасатын дәрежеге жеткен екен ғой, – деді. – Да-а-а... Сосын орынбасарының жағдайға шолу жасауын жалғастыра беруін өтінді. Бұл бүлінушіліктің дамуын рет-ретімен есе түсіріп алған да жөн... Орынбасары папкасын аударыстырып отырып, баяндамасын сабақтай түсті. Әлгі болыстық уәкілдердің баяғы ақпан рескриптін уәж етіп алға тартқанына назар аударуын сұрады: «Киргизы, населяющие огромную территорию, примыкающую к Китаю и Афганистану, связывают свою судьбу и интересы с судьбами всего государства, считают себя равноправными с другими народностями и знают о решении Вашего Величества «привлекать достойнейших, доверием народа облаченных, избранных от населения людей».** – Демек бұратаналар ішінде біздің бақылауымыздан тыс, біз білмейтін үгіт-насихат кең жолға қойылған... Солай боп тұр-ау, генерал? Орынбасар-генерал күрсінді. Басын шұлғыды. Генерал-губернатор мырзаның пайымының жаны бар... Неге ондайға жол береміз дей ме? Оның себебін біздің өз менмендігімізден іздеу керек шығар. Біздің чиновниктеріміз бұратаналар бұқарасынан тым алыс... Міне, мына бір үзіндіні естісін де, генерал-губернатор мырзаның өзі олардың пікіріне бір сәт ой жүгіртсін. Құлақ салсыншы, олар қашанғысынша, бізді кінәлауды ұмытпаған: – «Нас не знают и не желают знать, считают чем-то низшим. Бюрократия смотрит на нас свысока и пренебрежительно. За это отношение приходится нам расплачиваться дорогой ценой. Во всяком случае мы неповинны в том, что нас не знают те, кому сие надлежит знать...»*** – Бұлар, сонда, ой-санасының дамуы жағынан бізден қалыспайды дей аламыз ба? – Солай ма деп қорқамын, мәртебелім. Күллі Ресей Булыгин Думасына қарсылық білдіргенде, бұлар да одан тысқары қалмайтынын айтып, жоғарғы жаққа арнайы хабар берген, міне былай деп: --------------------------- *«Омбыда түрлі ведомстволардың генерал Сухотин басында тұрған шенеуніктерінің мәжілісі қазақтарды министр Булыгин жобасы рухындағы земство соборына жіберуге қарсы болып сөйледі. Мұндай көрсоқыр шешімді тек Дала өлкесі халқының басты бұқарасының мінез-құлқымен, дамуымен және ұмтылысымен таныс еместік ахуалмен ғана түсіндіруге болады, ал оған бұл тыйым есеңгіретерліктей әсер етті». ** «Қытай мен Ауғанстанға шектесіп жатқан алып аумаққа қоныстанған қазақтар өз тағдыры мен мүддесін күллі мемлекет тағдырымен байланыстырады, өздерін өзге ұлыстармен тең құқықтымыз деп есептейді және Сіздің Ұлы Мәртебеңіздің «аса ылайықты, халық сеніміне ие болған, тұрғындар тарапынан сайланған адамдарды тарту» жайындағы шешіміңіз туралы біледі». *** «Бізді білмейді және білгілері де келмейді, өте төменгі дәрежедегі бірдеме деп санайды. Бюрократия бізге көктен мұрнын шүйіре және көзге ілмей қарайды. Осы қаты-
нас үшін біз тым қымбат баға төлеуге мәжбүр болып жүрміз. Қалай болғанда да, бізді білуге тиісті адамдардың өзінің бізді білмейтіндігіне – біз айыпты емеспіз...» «Из Царского Манифеста 6 августа явствует, что по отношению к окраинам будет выработано особое положение о выборах в законодательную думу. Законодательный акт 6 августа, в основе которого положена сословность и трехстепенность выборов, сами по себе не отвечает политическим требованиям лучшей части русского общества и поэтому является вполне понятным единогласный протест России против этого буржуазного и сословно бюрократического закона. Если единодушно забракован закон 6 августа, то отношение России, в частности окраин, к специальным узаконениям всегда тенденциозным и явно создающим привилегии одной части населения на счет другой будет вполне понятным. Казалось-бы, что наше правительство, имеющее пред собой уроки истории других государств, будет считаться с политическим течением многомиллионной России и, зная, что упорство его, есть его гибель, откажется от своих прежних программ, приведших Россию почти к политическому самоубийству. Не будь русско-японской войны, родина наша еще продолжала бы страдать от существующего у нас деспотического* режима».** Көрдіңіз бе, бұратаналардың өзі бізді осылай масқаралауға батылдық еткен. Олар соңғы оқиғаларды, тіпті, үкіметтің орашолақ әрекетінің салдары етіп көрсетеді. Тыңдаңызшы өзіңіз: «Раз благодаря этой позорной войне раскрылись у граждан глаза и прояснилось сознание, то предсмертное стремление официального правительства опять окружает народ мраком тьмы фактически ускоряет задачу сторонников свободы, которые, если не сегодня, то завтра окажутся у кормила государственного корабля».*** – О құдай, бұратаналардың үкіметке үкім айтуға батылы барған ба, немене?! – Барған! Және сырттай да емес, үкімет жұмысын тікелей басқарып отырған императордың өзіне шағым жасау арқылы! – Біз бұлардың көзін өз сорымызға ашқан екенбіз-ау? – Солай боп шығатын тәрізді... ----------------------- *Деспоттық – биліктің озбырлығымен, азаматтардың құқықсыздығымен ерекшеленетін өкімет, шексіз монархия, самодержавиелік өкіметтің түрі. **«6-шы тамыздағы Патша Манифесінен мынау айқын аңғарылады: шет аймақтар үшін заң шығарып беретін думаға таңдап сайлау туралы ерекше ереже жасалатын болады. Негізіне сайлаулардың сословиелілігі мен үш дәрежелілігі қойылған 6-шы тамыздағы заң шығарып берушілік акт орыс қоғамының таңдаулы бөлігі қойып отырған саяси талаптарға өздігінен жауап бере алмайды, сондықтан да осы буржуазиялық және сословиелік-бюрократиялық заңға Ресейдің бір ауыздан қарсылық білдіруі толығымен түсінікті болып табылады. Егер 6-шы тамыз заңы бір ауыздан жарамсыз деп табылып отырса, онда Ресейдің, атап айтқанда шет аймақтардың, көпе-көрнеу әрдайым біржақты және халықтың бір бөлігіне екіншісінің есебінен анық артықшылық жасайтын арнайы заңдастыруларға көзқарасы мейлінше түсінікті болуға керек. Бір қарағанда, өзге мемлекеттер тарихтарының сабақтары көз алдында тұрған біздің үкімет көп миллиондық халқы бар Россиядағы саяси ағыммен санасатын болса керек еді, сөйтіп, өзінің тоңмойындық көрсетуі өз өлімі болмағын біле тұрып, Россияны өзін өзі саяси тұрғыда өлтіруге барабар дерлік жағдайға әкелген өзінің бұрынғы бағдарламаларынан бастартса керек еді. Егер орыс-жапон соғысы болмаса, біздің отанымыз бізде орын алып тұрған деспоттық режимнен әлі күнге дейін зардап шеге берер еді». *** «Ақыр осы масқарапаз соғыстың арқасында азаматтардың көзі ашылып, санасы айқындалған екен, онда ресми үкіметтің ажал алдындағыдай жанталаса, халықты қайтадан қараңғылық түнегімен қымтауға ұмтылуы іс жүзінде, егер бүгін болмаса, ертең мемлекеттік кеме меңгерігінен табылатын бостандық жақтастарының міндетін жеделдете түседі». ***Патшаның мемлекеттік чиновникке жұртқа жаппай жария ете отырып тапсырма
Мәртебелі Дала генерал-губернаторы мырза бұратаналардың енді мына бір қатынас қағаздарында не дегендеріне құлақ түрсін: «Принимая во внимание, что победа не обходится без серьезных жертв, сотни тысяч людей, пожелавших во имя свободы, жертвовать высшим благом – жизнью, мы уполномоченные, решили обратиться к Вам, как к человеку дальновидному и имеющему пока влияние к сфере управления страной, с заявлением о необходимости предупредить начавшуюся братоубийственную войну гражданскую у нас на родине своевременным предоставлением народу законодательной власти. Поэтому мы, уполномоченные 21 волости Каркаралинского уезда Семипалатинской области, глубоко сочувствуя убеждениям и политическим чаянием многомиллионной России, постановили: потребовать от правительств созвать учредительное собрание для выработки основных и прочих законов Российской Империи и формулы народовластия, при чем члены собрания должны быть избраны всем народом на основе пропорционального представительства без различия пола, религии и национальности, путем тайного, равного, прямого и свободного при выборе лиц голосования. Только при этом условии можно спасти нашу родину от гниения и разложения и предупредить начавшуюся гражданскую войну. Копию упомянутого постановления, как единогласное решение киргиз Каркаралинского уезда, сообщаем Вашему Сиятельству».* Соңына «Қарқаралы үйезінің 21 болысының уәкілдері» деп, міне, жыпырлатып қолдарын қойыпты. Жақында осы Қарқаралы үйезінің 21 болысы сайлаған өкілдер өздерінің мәжілістерінде үйез бастығының қызметі туралы мәселе қарай келіп, ақ патшаға мынандай жеделхат жолдады: «Петербург. Его Императорскому Величеству Государю Императору. Всемилостивейший Вашего Величества Манифест 17 октября сего года, даровавший всему населению Российской Империи незыблемые основы гражданской свободы на началах действительной неприкосновенности личности, свободы совести, слова, собраний, союзов, вселили в сердца наши, Ваших верноподданных, живейшую радость и упование на лучшее будущее нашего народа».** --------------------------------- *«Жеңіске елеулі құрбандықсыз жетудің мүмкін болмайтынын, жүздеген мың адамның бостандық жолында ең жоғарғы игілікті – өмірін құрбандыққа шалуға тілек білдіргенін есте тұта тұрып, біз, уәкілдер, алысты көретін және әзірге елді басқару саласында ықпалы бар адам ретінде, Сізге – біздің отанымызда басталған бауырын бауыры өлтірмекші азамат соғысына тоқтау салу үшін, халыққа дер кезінде заң шығару билігін беру арқылы оның алдын алу қажеттігі туралы мәлімдемемен үн қатуға бел байладық. Сондықтан біз, Семей облысы Қарқаралы үйезіндегі 21 болыстың уәкілдері, көпмиллиондық Ресейдің иланымы мен үміт-арманына терең ниеттестігімізді білдіре отырып, мынандай қаулы қабылдадық: Россия Империясының негізгі және өзге де заңдары мен халық билігі формулаларын жасау үшін – ұйысу (құрылтайшылық) жиналысын шақыру үкіметтен талап етілсін, бұл ретте жиналыс мүшелерін – жынысына, дініне және ұлтына ажыратпай, тұлғаларды таңдау кезінде құпия, тең, төте және еркін дауыс беру жолымен, пропорционал өкілдік жасау негізінде – бүкіл халық сайлайды. Тек осындай шартпен ғана біздің отанымызды шіру мен ыдыраудан сақтап, басталып бара жатқан азамат соғысының алдын алуға болады. Аталған қаулының көшірмесін Қарқаралы үйезі қазақтарының бірауызды шешімі ретінде Сіздің Нұрлы Мәртебеңізге жолдап-хабарлап отырмыз». ** «Петербург. Оның Императорлық Ұлылығы Мәртебелі Государь Императорға. Ресей Империясының барлық халқына жеке тұлғаның шын мәніндегі қол сұғуға болмайтындығынан, ар-ождан, сөз, жиналыстар, одақтар еркіндігінен бастау алатын азаматтық бостандықтың мызғымас негіздерін сыйға тартқан Сіздің Ұлылығыңыздың Баршаға мейірлі 17 қазандағы Манифесі Сіздің адал бодандарыңыз болып табылатын біздің жүрегімізге аса бір жанды қуаныш және біздің халқымыздың бұдан да жақсы болашағына деген үмітті сенім ұялатты».
Бұған генерал-губернатор Сухотин мырза не дей алар екен? Бұратаналар осы бір жеделхаты патшаның өз қолына тие қоятындай, былай деп жылап та алыпты: «Вдали от Вашего престола, политической и общественной жизни, на границах Вашей Империи, мы, киргизы, до сего времени лишены были всех лучших благ: просвещения, справедливости, правомерной власти, не говоря уже о какой-либо гражданской свободе». * Содан соң шағымдарының мәнін ашқан: «Даруя Высочайшим Манифестом нам, Вашим верноподданным, драгоценнейшие право личности, столь необходимые для блага всей нашей родины, Ваше Императорское Величество дали нам и право на ничем не стесняемый и свободный крик души о всякой неправде, о всяких дерзновенных поступках неверных Ваших слуг. В дерзновенном ослеплении, в преступном устремлении продолжать свою неправномерную власть, боясь грядущего ответа перед народом и судом, неверные Вашего престола слуги лживо доносят о событиях, не имевших места в действительности, дабы тем самым вызвать репрессии и усиление своей власти. До нас, Ваших верноподданных, дошли прискорбные и глубоковозмущающие сердца наши слухи, что наш уездный начальник Оссовский, донес о каких-то беспорядках в Каркаралинском уезде и городе – о беспорядках, клонящихся к противодействию поставленным от Вашего Величества властям. В страшном возмущении от дерзкого поступка одного из слуг Вашего Величества, мы, уполномоченные от 21 волости Каркаралинского уезда подвергая свои верноподданнические чувства, дерзаем просить Ваше Императорское Величество не верить лживым донесениям неверных слуг Ваших».** Патшаға генерал Сухотиннен бастап, қыр өлкесіндегі үкімет қызметінде жүрген күллі шенеунікті арамдап-әшкерелеп бергендей қысыр сөзді өз «адалдықтары» жайындағы жүрекжарды сырларымен орап жібергенін қайтерсің: --------------------- *«Сіздің тағыңыздан, саяси және қоғамдық өмірден жырақта, Сіздің Империяңыздың шекараларында біз, қазақтар, осы уақытқа дейін, әлдеқандай азаматтық бастандықты былай қойғанда, барлық таңдаулы игіліктен: ағартудан, әділдіктен, құқыққа сүйенген биліктен қол үздірілген едік». **«Аса Жоғары Манифест арқылы Сіздің адал бодандарыңыз болып табылатын біздерге жеке адамның біздің күллі отанымыздың игілігі үшін соншалықты қажет аса қымбатты құқығын сыйға тарта отырып, Сіздің Императорлық Ұлы Мәртебеңіз бізге қандай да болсын жалғандық туралы, Сіздің бейадал қызметшілеріңіздің қандай да болсын шалыс қадамдары туралы да ештеңемен қыспаққа алынбайтын және азат жан айқайымызды шығаруға құқ берді. Сіздің тағыңыздың бейадал қызметшілері көздері қарығып, өздерінің құқыққа қатыссыз билігін жалғастыра беру мақсатындағы қылмысты ұмтылысымен, алдағы уақыттағы халық пен сот алдында жауап беру сәтінен қорыққандарынан, өмірде болмаған оқиғалар жайында өтірік ақпарлар беруде, солары арқылы репрессиялар жүргізуді тудырудан және өз билігін күшейтуден үміттенуде. Бізге, Сіздің адал бодандарыңызға, біздің жүректерімізді суытып, ашу-ызамызды тудыратын қаңқу сөздер жетіп жатыр, соларға қарағанда, біздің үйездің бастығы Оссовский Қарқаралы үйезі мен қаласындағы әлдебір тәртіпсіздіктер жөнінде – Сіздің Ұлы Мәртебеңіз қойған өкіметтерге қарсы әрекет жасауға икемделген тәртіпсіздіктер жайында жеткізіпті. Сіздің Ұлы Мәртебеңіздің қызметшілерінің бірі көрсетіп отырған бұл оспадар қылыққа қатты ашу-ызамызды білдіре келе, біз, Қарқаралы үйезінің 21 болысынан уәкілдік алғандар, өзіміздің адал бодандық сезімімізді сынға сала отырып, Сіздің Императорлық Ұлы Мәртебеңізден өзіңіздің бейадал қызметшілеріңіздің жалғандыққа шылқыған ақпарат-баянхаттарына сенбеуіңізді өтінеміз».
«С горячею благодарностью принимая Высочайший Манифест 17 октября, мы стали еще более верными сынами Вашего Величества и нашей родины, и верим, что под новым солнцем свободной гражданской жизни не будет иметь места произвол и гнет со стороны ослепленных своей властью неверных Ваших слуг, сосавших до сего времени наших отцов и детей.»* Осылай деп, аяғына баяғы жиырма бір уәкіл қолдарын мұқият қойып шыққан. Орынбасар алдындағы қағазды жоғары бір көтеріп қойды. Бірақ оған қарауға бастығы ниет қылған жоқ. Тек уақытында қандай шара қолданылғанын сұрады. – Бұл жерде, рас, біз ояз бастығының донесениесі** бойынша Қарқаралыға Омбы сот палатасы прокурорының жолдасы*** мен жандарм ротмистрін жіберіп алғанбыз, – деді анау. – Олар барды, тексерді. Алайда көзге ұрып тұрғандай қылмыс таппай, тез бері қайтқан-ды... – Демек, мұндай хаттардың арандатушылық сипатына айық көзбен қарай алуымыз керек...
--------------------- * «17 қазандағы Аса Жоғары Манифесті ыстық алғысты сезіммен қабылдай келе, біз Сіздің Ұлы Мәртебеңіз бен біздің отанымыздың бұрынғыдан да адал ұлдары болдық, әрі біз мынаған: өзінің билігімен көзі қарығып, осы заманға дейін біздің әкелеріміз бен балаларымыздың қанын сорып отырған Сіздің бейадал қызметшілеріңіздің тараптарынан жасалып келген озбырлық пен қанаушылық азат азаматтық өмірдің жаңа күні астында орын алмайтынына сенеміз». **Хабарламасы, білдіруі. *** Орынбасары. Дала өлкесінің бас кеңсесінде қыр тіршілігін биліктің дегенімен жүргізу жолдары көп сөз болды. Жергілікті әкімшіліктердің атқарып жатқан істері талданды. Қолданылулы шараларға әрдайым тиісті толықтыру, түзетулер енгізіліп отыратын. Сол орайда Қарқаралыдан көтерілген жаңа ұсыныс әкімдер арасындағы кезекті бір әңгіме арқауына айналды. Оссовскийдің басқармасының іс жүзінде аяқ-қолы буылып қалғаны жайындағы хабарды орынбасар-генерал оң сипатта жаңғыртты. Ол алдындағы іс-қағаздар папкасының жаңа бетін ашып отырып: – Дегенмен біздің оязнай да қарап жатқан жоқ, – деді. – Ол қарамағында істейтін туземдік тілмәштарды үкімет мүддесіне тамаша пайдалануда... Генерал-губернатор мырза бұратаналардан келген мына бір хатқа көңіл бөлсін. Тыңдасыншы: «Мы, истинные сыны степи, заявляем, что представленные после 17 октября киргизами Каркаралинского уезда графу Витте телеграммы и постановления не имеют ничего общего с жизнью степных киргизов и что подобные телеграммы и постановления фабрикуются незначительной группой ученых киргизов-отщепенцев, потерявших всякое общение со степью».* -------------------------------- * «Біз, қырдың шынайы да төл балалары, Қарқаралы үйезінің қазақтарынан 17 қазаннан кейін граф Виттеге берілген жеделхаттар мен қаулылардың дала қазақтарының өміріне ешқандай да ортақтасарлық қатысы жоқ және мұндай жеделхаттар мен қаулыларды қырмен қандайда бір байланысын әлдеқашан жоғалтқан оқымысты шірік қазақтардың елеусіз тобы ойдан шығарып жүр деп мәлімдейміз».
Жақсы ғой, ә? Генерал-губернатор мырзаға хат сарыны ұнай ма? Әлбетте! Бізге осындай берілген адал адамдар керек-ақ, олардың бұратаналар арасында бары қандай жақсы! Сухотин көңілденіп қалды. Адал құлдарды ынталандырып тұру қажеттігін де айтып жіберді. Орынбасарының миынан титімдей де шықпасын: ондай туземдіктердің бірлі-жарымын көтермелеп, мадақтап, ретімен марапаттап қоюды ұмытпау керек. Мұны әкімшілік буындары әрқашан есте ұстасын. Оларға тиісті ескерту жасап қою ләзім. Келістік пе? – Иә-ә, бұл орайда штабс-ротмистр Оссовский сенімді ақтап-ақ тұр... – Орынбасар қастары түйіліп, ойлана жауап қатты. – Мұны сондайлық орынды және әдемі ұйымдастырған деп ойлаймын. – Сіздің сөз саптауыңыздан әлдебір күдік аңғарылады... – Өкінішке қарай, оның үйездегі таққа адалдар тарапынан қиюын келтіріп түсірген бұл хаты – бізді алдаусыратудың тәсілі ғана. Өмірмен байланысы аз. – Дәлеліңіз? – Генерал мырза, сіздің мәртебеңізге қалай көрінетінін қайдам, алдыңыздағы пақырыңыз мұндағы сөздердің бірде-біріне сенбейді. Міне мына бір жерін тыңдап жіберіңізші: «Мы, киргизы, всегда были верными слугами Царя и останемся таковыми навеки; враги Царя – наши враги и друзья его – друзья наши. По нашим религиозным постановлением Царь есть лицо священное постановленное управлять народами самим Господам Богом и наше дело повиноваться воле Его, а не предъявлять требования, огорчающие Царя»* Осылай болуға керек, бірақ іс жүзінде олай емес. Мыналар жалған сөйлеп отыр. – Әйткенмен, неге сенбейтініңізді айта отырсаңыз? Оған дәлел көп қой. Мынаны-ақ еске алсын. Мәселен, маусым айында он төрт мың бес жүз адам қол қойған петицияны. Ол – Оссовскийдің өзіне сенімді бұратаналары он жерден «жалған қаулы» десе де, кімді болсын елең еткізбей қоймайтын құжат. Жақында, қыркүйек айының басында, «Сын Отечества» газеті мәтінін басты ғой. Тұжырымдалып қойылған он бір талапты түгел берді. Қолымызды жүрегімізге қойып тұрып мойындайықшы, генерал-губернатор мырзам, – олардың бәрі ойдан шығарылған нәрселер емес қой. Шынын айтқанда, киргиз талаптарының бәрі – біздің мұндағы отарлау бағытында атқарып жүрген істеріміздің туындысы болып табылады. Солай емес пе? Немесе мәртебелімнің өзі күні кешегі, үйез бастығы Оссовский қайта-қайта жеделхат жолдап, әлденеше мәрте, әр қырынан хабарлаған бүлікті еске түсірсін... Иә, он бесінші қарашадағы оқиғаны. Үйез басқармасы алдындағы алаңға үш жүздей адам жиылған. Оязнай «сөз бостандығы» дегеннің мәнін түсіндірісімен, киргиз біткен бар дауыспен: «Шаруа бастықтары Рогалевич пен Мурзаевты алып кетсін, ояз бастығы Оссовскийді әкетсін» деп, оның көзінше-ақ мәлімдеген. Білесіз. Енді соларды мына бір «даланың төл ұлдары» болып атана қалған біреулер оп-оңай жоққа шығара салмақ. Күлкілі. --------------------------- *«Біз, қазақтар, Патшаның әрқашан адал құлдары болдық және мәңгі-бақи солай болып қала береміз; Патшаның жаулары – біздің жауымыз және оның достары – біздің де досымыз. Біздің діни ұстанымдарымыз бойынша, Патша – Әулие тұлға болып табылады, оны Жаратушы Құдайдың өзі халықтарды басқаруға қойған, ал біздің міндетіміз – Патшаны ренжітетін талаптар қою емес, Жаратқанның еркіне бағыну».
Жақып Ақбаев деген бір бұратана заңгер Питерден университет бітіріп келіп, осы Омбыда бірер жыл қызмет істеді. Әуелі сот палатасында, сосын қаланың бір учаскесінде. Мировой судья. Жағдайы жаман емес-тін. Сол бұратана 17 қазан манифесі әйгі болған күндері митингтен митинг қуып кетті. Сонау Қарқаралысына жеткенше жер-жерде жиналыс өткізіп, бостандық идеяларын насихаттаумен болды. Павлодарда, Баянауылда, әсіресе өзі туып-өскен, отбасы тұрып жатқан Қарқаралыда оның не істеп, не айтқаны біздің ақпаратшыларымыздың баяндауы бойынша түгелімен түзіліп қойылған. Әлгінде шолған құжаттарымыздың біразында соның қолтаңбасы бар. Оны қалай қыр өмірінен қол үзген деуге болады? Осындай деректер тұрғысынан қарағанда, мынау – әйтеуір бір шатпақ. Күлмегенде қайтерсің... Алайда осынау ақылман сарапкер чиновник, дегенмен, күлмесін. Генералын тыңдасын. Оссовскийдің бұл әрекетінде тереңге кететін мән бар. Бұл хатты газетке жариялау қажет. Қоғамдық пікір қалыптастыру жөн, қымбаттым. Ал оязнайды кері шақырып алу керек шығар... Құп болады, тақсыр генерал... Орынбасар кеңседегі лауазымдыларға шұғыл тиісті тапсырмаларын беріп, бас әкімнің нұсқауларын орындауды ұйымдастырумен шұғылданды. *** Бірнеше күннен кейін оязнай Оссовский алдына әкелінген поштаны қанағаттанғандық сезіммен қарап отырды. Губернатор кеңсесінен сонау Петербордағы ішкі істер министрі Дурновоның оқу-ағарту министріне жазған хатының көшірмесі тиісті нұсқаулар қоса тіркеліп, Қарқаралыға жіберіліпті. Мазмұнына риза болды. Губернатордың бұрыштамаға жазған шешімі тіпті көңілден шықты. «Осылай, киргиз бодандар! – деп, масаттана, мұртын ширатты. – Өстіп есеп айырысам мен сендердің бәріңмен! Сәл шыдаңдар, оқымыстысымақ бұратаналар!» Риза көңілмен тағы бір оқып шықты: «Из доставленных степным генерал-губернатором сведений о происходивших 15 ноября 1905 года в городе Каркаралинске Семипалатинской области, беспорядках революционного характера усматривается, что означенные беспорядки, возникшие под влиянием преступной агитации злонамеренных лиц, были устранены при объявлении только что полученного там высочайшего манифеста от 17 октября. Когда был прочитан означенный манифест уездным начальником на городской площади, находившиеся в толпе агитаторы стали произносить возмутительные речи, а вслед за ними было организовано демонстративное шествие толпы по городским улицам с красными флагами, пением и криками: “Долой полицию, долой крестьянских начальников!”. В устройстве этих беспорядков принимали активное участие и некоторые должностные лица, примкнувшие к противоправительственному движению, в числе коих находился учитель местного русско-киргизского училища Аяганов, ходивший вместе с прочими агитаторами в толпе демонстрантов по улицам. Сообщая об изложенном Вашему сиятельству, имею честь присовокупить, что, по моему мнению, дальнейшее оставление Аяганова на службе
ввиду проявленного им противоправительственного образа действия едва ли допустимо...».* Сосын жүрегінің талмасы ұстап қала жаздады. Тынысы тарылып, көзін жыпылықтатты. Өз көзіне өзі сенбей, алдында жатқан келесі бір қатынас қағазды қайтақайта оқыды. Со бір қорқынышты хатта оның Қарқаралыдағы лауазымынан кері шақырып алынатыны айтылып, қызметін таяу күнде орнына баратын ізбасарына өткізуге әзірлене бастауы тапсырылған еді... *** Оссовскийдің орнына тағайындалған чиновникті Қарқаралыға апарып таныстыру хақында Семей облысының губернаторына тиісті нұсқауын беріп болып, генерал Сухотин қатты ойға кетті. Оның да Дала өлкесіндегі қызмет ету мерзімі дөнгеленіп, түгесіліп келе жатқан. Бірақ, астанаға оралар уақыты тақалған сайын, қыр өміріне тереңірек бойлай түскісі келетіндей ыңғай танытты. Орынбасарымен көп сырласты. Өлкені жаулап алу тарихын еске түсірісті. Мақұл, туземдіктердің кеудеге түйген кектері бар шығар, ал осы өзіміздің орыстың беделді адамдарына не жетпейді?! Графтарға, дворяндарға?! Тфу! Үкіметтің шешімімен ашылған земствоны сол биліктің өзіне қарсы пайдалануға тырысуда. Земство төңірегінде самодержавиелік басқару тұрпатына қарсы қозғалыс ұйымдастырып, үкіметті састырып жүргендеріне қанша жыл болды. Біздің бағалы агентіміз Щеглов мырзаның баяндамасына қарағанда, биыл оған бұратаналар да көп қосылды. Шартараптан. Жаппай емес шығар? Әлбетте. Негізгі белсенушілер – бұратаналардың орысша оқыған бас көтерерлері. Кімдер дейсіз бе? Мысалға, батыста – белгілі юрист Бахит-Джан Каратаев деген сұлтан бар. Оралда тұрады. Сол Бақытжан Қаратаев земство конституцияшылдарымен қатты араласып, пікірлесетін көрінеді. Башқұрт ішінде тұратын султан Салим-Гирей Джантюрин оған әрі туыс, әрі пікірлес. Оның да түбі – батыс киргиздарынан. Сәлімгерей Жантөрин қазір Уфадағы ең танымал земство шешені болып табылады. ------------------------------------ *«Дала генерал-губернаторы Семей облысындағы Қарқаралы қаласында 1905 жылғы 15 қарашада болған революциялық сипаттағы тәртіпсіздіктер туралы берген мәліметтерден мыналар көрінеді: зұлым пиғылды адамдардың қылмысты үгіті ықпалымен пайда болған аталмыш тәртіпсіздіктер оларда тап сол кезде алынған 17 қазан манифесін жария ету кезінде жасалған. Үйез бастығы аталмыш манифесті қала алаңында оқып берген соң, тобыр ішінде тұрған үгітшілер арандатпа сөздер айта бастаған, сосын тобырдың қала көшелерімен қызыл ту көтеріп, ән шырқап, «Полиция кетсін, шаруа бастықтары кетсін!» деген айқайға басып, қыр көрсете, шеруге шығуы ұйымдастырылған. Осы тәртіпсіздіктерді жасауға кейбір үкіметке қарсы қозғалысқа қосылып кеткен лауазымды тұлғалар да белсене қатысқан, сондайлардың ішінде жергілікті орыс-қазақ училищесінің мұғалімі Аяғанов та болған, ол басқа да үгітшілермен бірге көшелерді кезген демонстранттар тобыры ішінде жүрді. Осы айтылғанды Сіздің жарқын мәртебеңізге хабарлай отырып, мынаны қоса кетуді орынды көріп отырмын: менің ойымша, Аяғановты, үкіметке қарсы әрекет көрінісін көрсеткені үшін, қызметте бұдан былай қалдыруға жол берудің қисыны келмес...»
Бұлар (бұлар деп, құпия агент Щеглов киргиз оқығандарын айтып отыр) бүгінде осы земстволық қозғалыс орайында белсенділіктерін арттырып келеді. Әлгі екі сұлтанмен қоса, күні кеше, Москвада өткен земстволық және қалалық одақтар съезіне біздің өңірден орманшы-оқымысты Алихан Букейханов қатысып қайтты. Түркістан өлкесінен адвокат Сер-Али Лапин барған тәрізді. Серәлі Лапин бір кезде Самарқанда басқарма чиновнигі болып істесе керек, қазір сонда, дегенмен, көбіне Сырдария облысында тұратын көрінеді. Әйтеуір, үкіметке қарсы әрекеттерімен сол жақта байқалған. Ал Жетісу облысынан – Барлыбек Сыртанов деген бұрынғы чиновник қатысқан сияқты. Жақында ғана «Семипалатинский листок» Бөкейхановтың съезде сөйлеген сөзінен үзінді беріпті... Баяндаушы папкасынан газетті алды. Міне, мәртебелімнің өзі көз салсын... Облыс газетіндегі жарияланымға қарағанда, Әлихан Бөкейханов делегаттарға өзін Оралдан Алтайға дейінгі алып аумақты алып жатқан төрт миллиондық қазақ халқының өкілі боламын деп таныстырған көрінеді. – Осы жерде поляк, малоросс, латыш және басқалардың айтқанын естіп, мен құдды ескі кітапты оқығандай болып тұрмын, – деген екен ол содан соң. – Бізде де қазақ тілінде оқытатын мектептер қуғындалып жатыр, бізді де цензура қысымға салуда. Бұл ретте өзінің он үш айдан бері Крылов мысалдарының қазақша аудармасын бастыра алмай жүргенін алға тартты. Орыстың әйгілі Крыловын қазақша сөйлетуге цензура рұқсат бермепті. Қалай ойлайды екен генерал мырза, сол 46 мысалды шығаруға қарсылықтың астарында не жатыр? Әрине, астарлы сөзге, Эзоп тіліне жүйрік киргиз оларды өзінің басыбұзық пайдасына бұрып алар деген сескеніс жатқан болуға керек! Ал бұл – үкімет мүддесі емес пе?! Ендеше, цензура дұрыс істеген. Оған дау бар ма, бірақ бүгінгі айғайшыларға мемлекеттік тірліктің бәрі жақпай тұр ғой. Осы тузем оқымыстысының одан арғы айтқанына назар аударайық: – Қырдағы шаруа бастықтарының көпшілігі – бұрынғы ротмистрлер. Олар іс қағаздарына қазақ тілін маңайлатпайды. Байқаймысыз, мәртебелім, Бөкейханов мырзаның түсінігі теріс. Ол, шамасы, империяда бұратаналар тілі емес, мемлекет тілі жұмыс істеуге тиіс деп ойламайтын болуға керек... – 18-ші ақпан пәрменінен кейін қазақтар жиылды да, өз мұқтаждықтарын петицияда баян етті. Алайда оны Петербургке жіберу мұң болды: пошта қабылдаудан бастартты, петиция салынған пакетті өкілдер ең тақау деген 400 шақырым жердегі қалаға апарды, онда да алмады, тек 760 шақырымнан астам қашықтықтағы екіншісінің мейірі түсіп, қабыл етті... Бұл әлгі Қоянды тілекхатын мегзегені ғой... Мұнысымен не айтқысы келген екен? Белгілі емес пе, мәртебелім, тырнақ астынан кір іздегіштер барша қызметтен ілік іздей беретін болып тұр ғой... Қарқаралы оязнайы – оңбаған, оны генерал-губернатор кеңсесі қолдады, демек... Иә, сөз бостандығы дегеннің зиянды көріністері осындай болып жатыр... «Қазақтың бірінші кезекте шешілуге тиіс мұқтаждығы – ана тілін қолданудағы еркіндік» депті Бөкейханов мырза сол Мәскеу съезіндегі сөзін қорыта келе. Ана тілін, яғни киргиз тілін қолданудағы еркіндік оған тақалып қалған сайлау алдындағы үгітті ойдағыдай жүргізу үшін қажет екен, соны жария етіпті... Неткен өркөкіректік! Неткен өзіне өзі сенімділік! Генерал назардан бір сәт те шығармасын, сайлау науқанына байланысты жүргізілетін шараларды мұқият ойластыру керек! Жобаланған бағыттар әбден пысықталсын, түсінікті ме? Құп, тақсыр, мұны орынбасары ерекше ыждаһаттылықпен қолға алады, бар шаруаны жан-жақты қарастырады...
Мәртебелім мынаған құлақ салсын, орманшы-оқымысты Бөкейханов сөзін былай аяқтапты... Оқиды: – «Жергілікті тілдердің құқтарын шектеу біткеннің бәрін шұғыл жою жөнінде съезден арнайы қаулы алуды сұраған жолдастарға қосыламын» депті. Қарай гөріңіз... Ал? Съезд сондай қаулы қабылдап па? Бірақ ол съездің өзі не, сөзі не... Агент Щегловтың айтуынша, бұл земстволықтарыңыздың енді қайтып съез жасай қоюы екіталай, тіпті еш қисынға келмейді. Сонау 17 қазан манифесінен кейін олар түрлі партия құрып алған, бүгінде іс жүзінде отау-отауға бытырап кетті. Демек, ыңғайы, бар күштерін сондағы түрліше бағдармен топтасқан қызметтеріне аударады... Мына «Семей парақшасы» баспаса, сол жиын туралы ешкім ештеңе білмес те еді... Бұлар да елді дүрліктіргіштер болып алды. Баспасөз бостандығы деген пәлені желеу етіп, үкіметке қарсы сөздерге беттерінен қалай болса солай орын бере салады. Генерал мырза, осы газеттерді ауыздықтайтындай бірдеңе ойлап табуымыз керек-ау деймін... Әрине! Ақылмен әрекет етсеңіздер – кінә тағуға ілік боларлық сылтау дегеніңіз жетіп артылуға керек... Айтпақшы, жаңағы қайраткерлер Мәскеуден қайтарда Орал қаласына соғып, Қаратаевтың үйінде бас қосқан деген хабар бар. Сонда саяси жағдайды талқылап, әлденеге келіскен сыңайлы. Омбыға қайтып келгелі Бөкейханов қатты белсенділік көрсетіп жүр. – Соңынан қатаң бақылау қойыңдар. – Құп! Солай етіп те жатырмыз, мәртебелім... Бөкейханов жиі-жиі сапарға шығып қояды. Сыбайластарымен жиі кездеседі. Оларының қатарында әлгі қарқаралылық Ақбаев та жүрген тәрізді. Мұның өзі де сол жақтан шыққан ғой. Қарқаралыда, Павлодарда, Семейде күдікті бірнеше оқыған адам тұрады. Мұның бәрімен байланысы бар... Бәрін көзден таса етпеу ләзім. Құп... Қалақтай болған кішкене Шаһзада қос қанатын жая, сақылдай күліп, жүгіріп келеді. Қарсы жүріп барған әкесі оны жерден көтеріп алды да, құшағына мейірлене қысты. Күні бойы шанамен сырғанап, қарда аунап ойнаған бала әбден тоңған екен, бет-аузы мұп-мұздай. Арон қызын бетінен сүйді де, жерге түсірді. Оның үйге кіргісі жоқ, әлі ойнай түскісі келеді. Сонадайда шана сүйреткен ұл-қыздар иіріліп тұр... – Бара ғой, тек көп жүрме... Бөрігін дұрыстап кигізіп, алқымындағы бөкебайының байлауын иегіне көтере түзетіп берді. Қазір шешесі үйден шығып, өзі ертіп әкелгенге дейін ойнаса ойнай тұрсын... Арқасынан қағып, ойын алаңшасына қарай демей бергенінде, қызын қоянның көжегіндей сүйкімді ете түскен әппақ қоян ішіктің қалтасынан шиыршықталып шығып тұрған қағазды көріп, суырып алып қалды. Шаһзада оған көңіл аударған жоқ, жүгіріп кете барды. Арон қағазды жаза бере, мырс етіп күліп жіберді. Ызалана күлді. Кейінгі уақыттарда қаптап кеткен көп прокламациялардың* бірі. Жұдырықтай баланың қалтасына оның қала полициясын басқаратын әкесі үшін арнайы салған түрлері ғой... Балаларға қарады. Алаңсыз, бейкүнә жаратылыстар. Әне, Шаһзадамен бірге жыпырласып, шанаға таласа мінуде. Шаттана күліп, бірін-бірі жұлмалап, асыр салуда. Таяу маңнан ересек адам көрінбейді... ------------------- *Үгіттеу сипатында жасырын тасқа басылып шығарылатын үндеу-парақша.
Түнеугүні Щеглов өзінің сәбиін еске түсіретін кішкентай Шаһзаданың есіміне таңырқаған. Не мағына беретінін сұраған. Оған орыс мәдениетімен тәрбиеленіп, орысы басым қаланың обер-полицмейстері болып отырған азаматтың перзентіне еуропалық дәстүрге ылайықтап ат қоймағаны таңсық көрінген еді. Сонда Арон: – Білемісіз, Василий Андреич, бұл нағыз супер-еуропалық есім болып табылады! – деген. – Тікелей, сөзбе-сөз мағынасы мынау: заты – шаһ, яғни шаһ текті, патша текті тұқым. Түсінемісіз? – А-а, дегенмен неліктен олай атағансыз, Арон Бисәлиевич? Арон Бисәлиевич езу тартып күлді. – О, оның үлкен себебі бар, – деді. Сосын әулетінің шежіресіне қысқа шолу жасады. – Менің арғы атам ұлан-ғайыр қазақ жерін шығыстан шабуылдап, батысқа бірақ жеткен басқыншылардан азат ету соғысын басқарған адам, – деп бір қойды. – Ірі мемлекет қайраткері. Біздің тілде – хан. Қазақ қызылбас деп атайтын парсыша айтқанда – шаһ, орыс императорын біз, тап солардай мемлекет басы ретінде, патша дейміз. Енді, мына қызыққа қараңыз: есімі өзімнің фамилияма айналған шал әуелі ұзақ жылдар бойы орыс әскерінің жаулаушылық жолына тосқауыл болуға тырысқан кісі еді, артынан патшаға адал қызмет ету жолына түсті. Ал оның шөбересі болып келетін мен – орыс тағының басыбайлы қызметшісімін. Ендеше, қанымыздағы ақсүйектік, асыл тектілік тірлікте көрініс таппағанмен, тым болмаса, балаларымыздың есімдерінде сақталуға тиіс қой деп неге қиялдамасқа... Бәлкім олар бізден асып, бабаларына тартып қалар... Күлген. Щеглов та: – Неменесі бар, ылайым тартсын, – деп жымиған. – Патшайым болсын! Тарихта Екінші Екатеринадай бір қыз көптен көрінер емес... Омбылық әріптесі осындай тілек білдірген болашақ патшайымның ойынына шамалы көз жүгіртіп тұрды да, қақпаға беттеді. Біреу ту сыртынан: – Арон, – деп дауыстады. Селк етіп, артына қайырылды. Өзімен-өзі ойға шомып кеткен екен, құдды ұйқысынан шошып оянғандай болды. Пәуескеден түсіп келе жатқан ағасын көрді. Қарсы жүріп, қолдасып амандасты. – Қалай елеусіз келіп қалғансың, байқамаппын, – деді. – Бас полицей болғаныңа болайын! – Бақытжан әжуә-әзілмен езу тартты. – Дүбірлеткен ат-арбаны аңғармағаны несі-ей! Ол, әне, әлі тұр. Мені тосуда. Сенің сырттан кездескенің де жақсы болды. Үйге кірмеймін енді. Қажетті әңгіме-дүкен үшін тосып отырғандар бар. Солардың ортасында азкем аялдайды да, үйге қайтады. Ертеңгі жиналысқа соңғы дайындықтарын жасауы керек. Аронға асығыс соғуының өзі соған байланысты. Халық үйіне көп жұрт жиналатын түрі бар, соның тәртібі сақталуына көз қырын салсын... – Мынауың не? Арон қызының қалтасына біреу салып жіберген қағазды әлі қолында ұстап жүргенін енді байқады. – Прокламация, – деді, – әлдекім біздің Шаһзадамызға саяси үгіт жүргізе бастапты. Мә, таныса ғой! Бақытжан қағазды жазып қарап, көз жүгіртті: – Оһо! «Царь-недоросль»* отырған тақ шайқалып тұр!» Қалай-қалай сілтейді?! Әрі қарай оқыған жоқ. Мұндай үндеу-қағаздардың Арон істейтін кеңсенің мұрағатынан орын алуға сұранып тұрғанын айтып күлді. ---------------- *«Пісіп жетілмеген, толыспаған шала патша».
– Ата! Шаһзада жүгірген бойда Бақытжанның қолына жармаса кетті. Атасы еңкейіп, оның маңдайынан сүйді. Қалтасынан тақта шоколад алып берді. – Ата, Софья келді ме? Қайда ол? Бақытжан күлімдеді. Аронға қарап: – Әркімге өз теңі керек, – деді. Бір қолымен тәттіні ұстаған қызбала: – Неге ертіп келмедің, ата? Қайда Софа? – деп, екінші қолымен оның жеңінен жұлқылайды. – Сүйкімді біздің балапан, – деп қояды атасы рахаттана күліп, – сенің құрбың үйде, ал мен әлі жұмыста жүрмін. Ол саған ертең келетін шығар... – А-а! – Шаһзада шоколод сыртын жүгіре ашып, ойынына кете барды. Арон Бақытжанды пәуескесіне шығарып салды. Түстен кейін, жұмысқа барысымен, тиісті шендерге тиісінше тапсырмалар берді. Сосын жедел ақпараттарды қарастырды. Қаланың кәсіпорындарында, мекемелерде, оқу орындарында, депода қалыпты тыныштық сақталып тұр. Жалпы, теміржолдың бәріне дер кезінде әскери күзет қойылған, жол бойына жарияланған соғыс жағдайының іс-шаралары ықтияттап өткізілуде. Соның бәрі, сөз жоқ, оң нәтижесін беруде. Көзделген бүліктің орталықта да, әсіресе қазақ жерінде де орын алмасы анық. Профилактика ойдағыдай жасалды... Арон телеграф таспаларымен жетіп жатқан қысқа мәліметтерге көз тастай отырып, осылай ойлады. Тыныштықтан артық не бар. Ұрпақ үшін, болашақ үшін керегі – осы бүгінгі өмір сүріп отырған қоғамымыздағы қалыптылық, тұрақтылық емес пе... Арон бүлікшілдер тарапынан өзіне кішкентай қызы арқылы жолданған прокламацияны үстелге қойып, қағаздың қыртысын жазды. Оқып шықты. Сосын іздестіру бөліміне жіберді. Жұмыс істесін... Ұзамай телеграф агенттіктері орталықтан қорқынышты хабарлар әкеле бастады. Үкімет түрлі алдын алу әрекеттерін жүргізіп қанша сақтанғанмен, империяның екі ірі қаласында бой көрсеткен ереуілдер үдей түсті. Әсіресе Мәскеуде олар, жәй ғана шеру жасап ұрандатқан саяси толқу түрінде қалмай, қарулы көтеріліске ұласты. Жұмысшылар көшелерге баррикадалар* құрып, үкімет әскерімен атысуға дейін барды. Арон сызықшалар мен нүктелер жыпырлаған шұбалмалы қағаз таспаны операторға ұстата салып, қасындағы жандармерия бөлімшесі бастығына мойын бұрды: – Айтыңызшы, Иван Иваныч, сіздің орталықтағы әріптестеріңіздің білуі мүмкін бе, бұл жұмысшыларға осынша жауынгерлік қару-жарақ қайдан келген екен? – О, неге білмесін, Арон Бисәлиевич, әрине, біледі. – Иван Иваныч тез және сенімді жауап берді. – Первопрестольный да, Питер де астыртын әкелініп жатқан герман ақшасынан зардап шегіп тұр! – Сіз мұндай мәлімдемеңізбен не айтқыңыз келіп тұр, қымбаттым менің Иван Иваныч? Олар терезе алдына келіп, сыртқа қарады. Орал жандармерия бөлімшесінің бастығы Сериков шүңірек көзімен қарлы көшені нұсқады: – Міне, біздің алдымызда қала алаңы жатыр. Осы жерге адамдардың өз беттерінше, әлдеқайдан түрлі заттар тасып әкеліп, қорған орнатуы мүмкін бе? Осы қыста? Ал қазір екі астанада да аяз, құдайға шүкір, бабында тұр. ------------------- *Көше шайқастарын жүргізу үшін, өтер жолға кесе-көлденең етіп, қолға түскен бөрене, ағаштардан, темір-терсектен,топырақ салынған қап, тас, өзге де түрлі үйінділерден тұрғызылған жасанды кедергі, қорған.
Аязы бет қарыған қыстың күнінде жүздеген жұмысшы, әрқайсысы су жаңа бесатар асынып, қорған тасасында, үкіметтің әскери жасағын оқпен қарсылап жатып алуы ықтимал ма? – Мен ондай жағдайдың болуын қисынсыз деп есептер едім. Алайда, ана таспалар жеткізіп жатқан хабарға сенбей тұра алмайсың. Дегенмен, сондай қарсы шығу орын алып тұр. Ендеше, бұдан: «неліктен?» деген табиғи сауал өз-өзінен туындайды. – Әлгінде айтқан жоқпын ба, Арон Бисәлиевич. Бар тіршілікке, әсіресе бүлдіру қозғалыстарына әмірді ақша жүргізетіндіктен туындайды! Екі астанада да жұмысшы депутаттарының кеңесі деген ұйым құрылды. Бүліншілікті ұйымдастырудың басықасында сол екі ұйым жүр. Олардың күнкөрісін қамтамасыз етіп тұрған – сол баяғы ақша. Ақшаға қару да сатып алады, адамдардың ерік-жігерін де сатып алады... – Демек, жұмысшыларды дүрліктірумен шұғылданатын ақшалы топ бар... – Тобыңыз не, ұйым! Партия! Және ол Россияны ірітіп-шірітуге мүдделі елмен жең ұшынан жалғасқан! Төбесінде Парвус деген біреу тұр, шетелмен астыртын байланыс жасаған қу, құпия қаржы соның қалтасынан шығатын көрінеді... – Жандармерия неғып оны тұзақтай алмай жүр екен? – Жақында ұсталар деп ойлаймын. Оны қамаумен бірге, мына қарулы бұзақылық та басылар. Баррикада регулярлы қосындарға* қанша төтеп берер дейсіз. Сосын өмір қалыпты арнасына түседі. – Ылайым солай болсын деп үміттенейік... *** Ондай ұйым мен партия жайында Оралға орталықтағы оқуларынан қысқы демалысқа оралған студент жастар да айтып келген-ді. Олар Питерде, Мәскеуде естіп-білгендері мен көргендерін таныстарына құлшына әңгімеледі. Саясат мәселелерін бас қосқан сайын қызу талқылап жүрген. Сол жігіттер, ақыры, белгілі заңгер Бақытжан Қаратаевтың айналасына топтасты. Бұл олардың араларындағы белсенділігімен танылған, мойындалған, серке іспетті жолдастары болып табылатын Ғұбайдолла Бердиев арқылы жүзеге асты. Ғұбайдолла жыл басында елді тітіреткен Санкт-Петербургтегі Қанды жексенбіге орай болған студенттер ереуіліне қатысқан. Соның салдарынан қудаланып, оқудан шығып қалған болатын. Оралға келген. Оралға оның соңынан жергіләікті полицияның оны қадағалауға алуын сұраған қағаз қоса жеткен-ді. Арон осы бір көзі ашық жас жігітпен сөйлесе келе, оның полициялық қадағалауда жүргендегі мінездемесінің оң болуына септескен. Ағасына таныстырған. Ашық, зерделі жасты ол да ұнатты. Қазандағы малдәрігерлік институтқа оқуға түсуіне таныстары арқылы жәрдем берді. Сол жігіт жолдастарының Қаратаевпен кездесуіне дәнекер болған-ды. Олар Сабиров шәйханасындағы үлкен дөңгелек үстел айналасында бас қосты. Жасы үлкен ағамен бірге шәй ішті. Кездесу барысында Ғұбайдолла Мәскеудегі жұмысшылардың қарулы көтерілісі жайын әңгімеледі. Қазан саясатшылдарының аузынан естігендерін қосу арқылы деректі байытып, өзінше талдауымен ерекшеленді. Ал Санкт-Петербург Императорлық әскери-медициналық академиясының студенті Халел Досмұхамедов ұстамды сөйлеп, сол қарулы көтерілісті аса қолдамайтынын сездірген. Сонда ИСПУ** студенті Жасай Қуатов дүр сілкініп, сөз тасқынын лекітті. --------------- *Әскери құрылым-тәртібі қатаң ұйымдастырылған және жоспарлы түрде әскери дайындық сабақтарын алып отыратын тұрақты әскер. **Императорлық Санкт-Петербург университеті.
Оның екпінді де жалынды пайымдары тыңдаушыларын бөгетті бұзып-жара тасыған селдей шошытты. Ол жұмысшылардың мылтық алып, үкімет әскеріне қарсы, қантөгісті көтеріліске шығуын қызулана қолдады. Әрі жалғыз Мәскеу емес, империяның барлық қалалары, солардың қатарында осы өздерінің Оралы да сондай сілкіністі бастан кешу керек деп санайтынын айтып салды. – Тек осы жолмен ғана саяси билікке қол жеткізуге болады, – деді бұл шетін ойлы шешен қолын құштарлана сілтеп. – Ойлаңдар: барлық өндіріс құралдары аз ғана топтың қолында! Ал қалың көпшілік солардың жалдамалы жұмысшысы болып, соларға бұлшық етінің күшін арзан бағаға сатумен күн көруде. Қанаушылыққа төзудің де шегі бар. Міне, сол шек кемеріне жетті! Сондықтан да орыс патшалығының алғашқы астанасы Мәскеу жұмысшылары езгіге қарсы көтерілді. Тап солардай болып барша жұмысшы бас көтерсе – қанаушылар тізгінделеді. Пролетарийлер* елдегі саяси билікті өз қолдарына алуы тиіс! Сонда пролетариат** патша самодержавиесінің орнына халық самодержавиесін орнататын болады. Әне, сондықтан да, олардың жанкештілік әрекеті жан-жақты қолдауға ылайық! Жасайдың төпей төгілген сөзі сәл сабасына түсе бастағанын аңдып тұрып, Халел қыстырыла кеткен. Халел: – Менімше, бұл көтеріліс сол Мәскеуден бері аса қоймас, – деп қалды, – өйткені, ол шетел агенттерінің үгітімен, солар арқылы келген лас ақшаның күшімен жасалып жатқан көтеріліс... Бұл ескертпе Жасайды мүлдем құтырынтып жіберді. – Әлдебір оқыс көрінген оқиға соңын құрдымға жіберу алдында, соның бәрі шетел агенттерінің ісі екен деген өсек тарату – үкіметтің ескі әдісі, – деп түйдектете түсті ол. – Сендер бір ақиқатты ұмытып тұрсыңдар. Қазіргі өркениетті заманда мемлекеттер араларында сауда-саттық ретімен барыс-келіс, өзге елде жұмыс істеп табыс тауып қайту немесе саяхат жасау мақсаттарындағы жүріс-тұрыс, басқалай да алмасу үдерістері қызу жүруде. Солар арқылы тығыз байланыс орнағалы соншалық, жұмысшылардың азаттық қозғалысы әлдеқашан халықаралық сипат алып кеткен. Түсінемісіңдер мұны? Сондықтан да халықаралық социал-демократия әлемнің шартарабынан бір-біріне тіл қатысып, мұңдасып жатады. Осы орайда әр елдегі бауырлас ұйымдардың бір-бірімен байланыс орнатып, өзара жәрдемдесіп, біріне бірі қолұшын беруі әбден ықтимал. Әрі, ондай харекет – қажеттілік! Тек қана патшаны құлатып, оның биік тағын күллі жүйесімен қоса күйретіп-қаусатқан кезде ғана әділеттілік орнатып, мұқтаж әлеуметтік өзгерістерге қол жеткізуге болады! Ал әміршіл құрылысты аяусыз төңкеріп тастауды – бұдан әрі жоғалтатын ештеңесі қалмаған жұмысшы табы ғана жасай алады! Бұл – хақ!.. Олардың пікірталасына Бақытжан Қаратаев үнсіз куә болуда. Алдындағы ыстық шәй толы кесесінен анда-санда бір ұрттап қойып, бәрін құмарта тыңдап отыр. Жасайдың шетін пайымдарға толы сөз тасқыны сәл толастаған сәтте: – Жасайдың екпіні сұрапыл екен, – деп, жымиды. – Жарайсың, жігітім. Саяси айтыста – мұндай сенімділік, ойды айқын айта білушілік қашанда ұтымды болмақ. Бұл, сөз жоқ, керемет қасиет. Бірақ, осы айтқандарың түпкілікті дұрыс пікір бола қояр ма екен? Жасайжан, сен өзіңе өзің күдік келтіріп қарауды үйрен. Шындықты іздеуден сескенбеу керек. Жасайжан қаршыға қабағын керіп, таңырқаған үнмен: – Бірақ мен көзім жеткен жәйттерді айтып тұрмын ғой, Бақытжан аға?! – деді. Бақытжан ағасы басын шайқады. Оны тағы қайсысы қолдайды екен дегендей сұраулы кескінмен, отырғандарды айнала шолып қарады. Сосын көпке арнап: ------------------------------- * Өндіріс құралдары жоқ жалдамалы жұмысшылар. ** Өзінің қол күшін өндіріс құралдарының қожайындарына сатуға мәжбүрлердің – жалдамалы жұмысшылардың, яғни пролетарийлердің табы.
– Мен Жасайға: тап осы иланымыңда қатып қалуға болмайды, ізден, өзгелерге де құлақ түр дер едім, – деді. Одан Жасайдың жүзіне үңіле қарады. Одан көзін алмай, жағын қолына сүйеп, пайымын тарқата әңгімеледі. Жасайжан мынаған ой жүгіртсін... Айталық, осы әлгінде өзі өте-мөте жалынды, жандырмалы сарынмен айтып отырған көзқарастың қазақ қоғамына қаншалықты жарасуы ықтимал? Мақтап отырған жұмысшы табы дегенің қазақта жоқ қой, дұрысында – жоқтың қасы. Солай емес пе? Демек, Жасайдың айтып тұрғаны – қазаққа қолайлы жол емес те. Түсініңкіремей қалды ма? Бақытжан ағасы қарулы бас көтеру жайын айтып тұр... – Әрі, қан төгілетін күрес бізге қажет емес, – деді ол, сұқ саусағын шошайтып, – себебі, біз ол жолдан әлдеқашан өтіп кеткенбіз. Жастар түсінді ме екен? Қазақтар ақ патша елінің отары болғалы отаршылдар әскеріне қарсы аз соғысқан жоқ. Сан мәрте қолға қару алып атқа мінді. Тек сол соғыстардың ешқайсысында да жеңіске жете алмады. Келешекте де жетпейді. Бақытжан ағалары мұны халқының намысына сенбегендіктен емес, нақты ақиқатты білгендіктен айтып отыр. Ал ол ақиқат баршаңа белгілі – жақсы қаруланған әскери күш, озық соғыс өнері мектебі патша үкіметінің қолында... Өздері құрметтеп, орталарына алып отырған Бақытжан ағаларының дәйегімен келіскендерін сездіріп, жастар бас изесті. – Бізге жарайтын жол, азаматтар, біреу-ақ. – Бақытжан дөңгелек үстелді айнала тізіліп отырған азаматтарға жағалай көз салып шықты. – Оны білулерің керек... Бәрі демдерін іштеріне алып, аға емеурін жасаған жарамды жолды білетінбілмейтіндерін сездіре қоймады. Тым-тырыс күйде, оның не айтарын тосуда. – Бізге керегі – бейбіт жол, – деді Бақытжан әр сөзін шегелей айтып. – Біртіндеп өзгеру жолы. Абайлап даму, аяқты аңдап басып, елдігімізді әр қадамымызбен түзеу, түптің түбінде қалпына келтіру жолы. Яғни, бізге қажеті – революция емес, эволюция. Орталық қалалардағы қантөгіске апаратын дүрлігушілік бізге қол емес. Біз қасіреті мол болмақ төңкеріске емес, парасатқа, ақыл-ойға жүгініп, орыс демократиясы шеңберінде, орыс мемлекеті ауқымында – өз мүддемізді заңмен шешіп алуға тырысуымыз керек. Жасай жұлып алғандай, шапшаң тіл қатты: – Бақытжан аға, самодержавие сіресіп тұрғанда – сіз айтып отырған жолды жүзеге асыру да еш мүмкін емес! Сенімді жол – самодержавиені жою! Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Бір кезде Бақытжан көзілдірігін түзеп қойды да, ақырын сөйлей бастады: – Айналайын Жасайжан, мен сені жазда мұсылмандар құрылтайында да тыңдағанмын. Сенің батыл ой-пікір тұжырымдап, жасқанбай айта алатындығыңа тәнтімін. Сен жақсы насихатшысың. Сұрарым, Жасай қалқам, өзіңнің тамаша мүмкіндігіңді тым шетін және залалы мол болуы ықтимал үгітке арнай берме. Есіңде болсын, еркіндік дегенің, өзінше бостан тәрбиені қабыл алған шешендікпен өрілген еркіндік дегенің – көздеген нысанаңа ылғи да сәтімен жеткізе бермейді. Парасатқа жүгінгісі келмейтіндер сөз бостандығына балайтын шешендік бар, ал ол бетімен кеткенде – кәдімгі зияны шаш етектен қызыл сөзге, құр тіл безеушілікке айналады. Ондай жағдайда шешендік өнер бізді алдымызға қойып отырған нақты мақсатымызға жеткізе алмайды. Ең жаманы, қалайық, қаламайық, – бас білдірілмеген шешендік өнер түрлі бүліктердің ұйтқысына, серігіне, басыбұзық тобырды қоздырудың құралына айналып кетеді. Жасайдың қасында отырған Өтеміс көз қиығымен оның үнсіз бас шұлғығанын аңғарды: иә, оның Жасай ағасы тыңдай біледі! Оның ондай қасиетіне Төменгіқаладағы мұсылмандар құрылтайында да көзі жеткен...
Содан соң Бақытжан Бисәліұлы қазіргі саяси мезет күн тәртібіне шығарып отырған жәйтті әңгімеледі. Әлгінде таңдауға ылайық деп жария еткен бейбіт даму жолымен жүру шартын сөз етті. Негізгі және бірінші кезектегі мақсаттың халықты саясатқа оятуда жатқанын айтты. – Сол мақсатпен, жас өрендер, мен сендерді қазақ саяси партиясын құрысуға, әрі соның қозғаушы, жүргізуші күші болуға шақырамын, – деді ол, сөзінің түйіні секілдендіріп. – Сендердің жігерлерің, алып жүрген білімдерің, қазіргі саясаттан тоқығандарың, шешендік өнерлерің пікірімізді ел ішіне таратуға септеседі. Біз өркениетті жолмен, орыс саяси партиялары қатарында, солармен қызметтес бола жүріп, өзіміздің туған қазақ халқының мүддесін көздейтін саяси жұмыстар жүргізетін боламыз. Елге белгілі, қадірлі кісінің айтқандарын жігіттер ұйып тыңдады. Оның саяси пікірін қолдайтындықтарын бірден сездірді. Осы отырған өздерінің қатарына қаладағы ойы сергек, еті тірі бозбалалар түгел қосылады деп сендірді. Орталықтағы түрлі саяси толқуларға қатысып келген Ғұбайдолла, Жасай, Халел секілді студенттер де, қаладағы орыс-қазақ мектебін бітірген Мұхамбетқали Мұқанов пен реалды училище оқушысы Жанша Досмұхамедов те, сонау қырдағы ел ішінде орын алған қозғалыстарға куә болып оралған Өтеміс те, тағысын-тағы солар сияқтылар да білек сыбанып, Бақытжан Бисәліұлы сынды аға басшылығымен, жаңа іске кірісті. Олар өсіп, Россия империясында қаһарлы революциялық қозғалыстар дүмпіген алғашқы жылдың соңына қарай, Теке қаласында қолға алынған тұңғыш қазақ саяси партиясын құруға белсене ат салысты. Ұйысу жиналысын ұйымдастырудың бел ортасында жүрді. Ауыл-ауылды аралап, жұртқа ағымдағы жағдайды баян қылды. Көтерілген істің мән-жайын насихаттады. Жиналыс материалдарын әзірлесті. Бағдарлама жобасын көшіріп көбейтісті. Жобаны осы мәжілісте бас қосуға ынталы болып жүрген адамдарға таратты. Оның мазмұнын түсіндірді. Жиналыс өтетін халық үйі залына болыстардан делегат болып келген, жалпы, шақырылған адамдардың уақтылы келіп, тіркеуден өтіп, орындарына отыруына бас-көз болды. Жалпы, тәртіп сақтауды ұйымдастырды, жиналыстың тыныш та өнімді жұмыс істеуіне қажет шаралардың басы-қасында болды. Өтеміс Көкшетаудағы зиялы топтың жазбаша сәлемін астанадағы мұсылмандар алқасына алып келе жатқан-ды. Жолшыбай осында соқты да, аялдап қалды. Өйткені ол, біріншіден, Еркіндікті тосуға тиіс еді. Еркіндік бұл жерге Торғай, Шалқар жағынан елдің бас адамдарын аралай келіп соқпақ-тын. Көкесі өзі сөйлескен кісілермен келіскен мәселелерін Петрбордағы алқаға Өтеміс арқылы жолдауы керек. Әңгіме мұсылмандар ұйымының қаңтарда өтуге тиіс екінші құрылтайына дайындық жайында болатын. Екіншіден, өткелі тұрған мына қызық жиынға қатысуға Өтемістің өзі де құштарланып тұрған. Әрі, бұл съез жайындағы хабарламаны мұсылмандар алқасындағы қайраткерлердің де білгісі келеріне күмән жоқ. Жәй құмарлықтан ғана емес екені түсінікті ғой... Жиын қарсаңында Текеге жеткен Еркіндік те бұл оқиғаға қызығушылық білдірді. Онысы Өтемісті қатты қуантты. Жалпы, отаршылдармен тек күшпен сөйлесу бағытын ұстанатын көкесінің көктемнен бері ойы өзгере бастағаны, күресуге құр ереуілдеуден гөрі саясат өнерін тәсіл етуге көндіккені байқалатын. Соған көзі жете түсті... Не керек, Өтеміс Питерге Жасаймен бірге қайтпақшы болды. Қазақтың осынау тұңғыш партиялық құрылтайынан кейін. Қазақ партиясының шаңырақ көтергеніне куә болып, қабылдаған құжаттарының көшірмесін өзімен ала шықпақ...
Революция дауылы тек орталықты ғана емес, шет аймақты да қалтыратып жіберген болатын. Дала генерал-губернаторы генерал-лейтенант Сухотин 17 қазан манифесі шығардан бірнеше күн бұрын, дәлірек айтқанда – 14 қазан күні соғыс министріне арнайы жеделхат жолдады. Онда өлкедегі ахуалды бүге-шігесіне дейін баяндаған. Мынандай пікір айтып, өтініш білдірген: – Телеграф агенттігі еңбек пен қызметтің барша саласында орын алып жатқан жаппай ереуіл жетекшілерінің табыстары жөнінде күн сайын хабарлап келеді. Осы ретте қайран қалдыратыны – өкімет өкілдерінің тыныштық сақтау орайында қолданып жатқан іс-шаралары мен әрекеттері туралы жақ ашпайды. Ал бұл ел-жұртқа естен тандырарлықтай әсер етуде. Жаппай үрей туғызуда. Мазасыз элементтерді қоздыра түсуде. Мен былай ойлаймын: телеграф агенттіктерінің реляциялық* қызметін тоқтатудың уақыты келді! Мұндай мұқтаждық туғанын сіз мойындамас па екенсіз? Бұдан бұрын да, менің құзырымдағы аймақта түрлі алаңдатарлық жағдайлар орын алған кездерде айтып жүргенімдей, Сібір губерниялары мен Дала облыстарын соғыс жағдайында деп жариялау өте-мөте қажет болып тұр. Жоғарғы билеушіден осыны сұрамас па екенсіз? Тәртіпті сақтату да, қорғау да күн өткен сайын қиын болып барады... Мұндай шарасызданған хабарларды жер-жердегі әкімдер орталыққа шартараптан жолдап жатқан-ды. Күллі елді революция атты тежеусіз зілзала жайлап бара жатқаны аныққа шықты. Алып империяны шайқап тұрған дүлей күш табиғатын ең алдымен империякеме штурвалын ұстап тұрғандар тануға тырысқан. Сөзсіз солай. Қазан айындағы «Үкімет жаршысын» шұқшия зерттеп, өзінің орталықтағы, татарлар мен башқұрттар арасындағы пікірлестерімен сыр шертісе келе, Оралдағы Бақытжан Қаратаев бұған титімдей де күмәнданған жоқ. Қоғами зілзаланың сілкіністерін реформа жасау арқылы ауыздықтауды ойлайтын қайраткерге орыс қоғамының сан түрлі қатпар-қабаттарын жайлап кеткен толқудың себебін дәл түсіну ләзім. Оны мемлекеттік және әлеуметтік қалыптардың ішінара кемшіліктері салдарынан орын алып тұр деп ойлағың келеді, бірақ ол жартыкеш қана шындық болса керек. Немесе оны тек қана көзсіз радикал, шетін партиялардың ұйымдастырған істерінің салдары деп бағалайын десең – ондай пайымның да соншалықты дұрыс болмасын сезесің. Қаратаев мемлекет қайраткерлерінің жан тебіренісін шамалайды: осынау алапат толқудың нәр алар тамырлары, сөз жоқ, тереңде жатыр. Бұл тамырлар – орыстың ойлай алатын қауымының идеялық ұмтылыстары мен осы орыс қауымы өмірінің сыртқы түрлері арасындағы бұзылған тепетеңдікте жатыр. Ресей қазіргі құрылым түрінен өсіп шықты, оның бойы өсті – оған енді ескі жейде сыймайды. Ол жаңа да сәнді киімге – азаматтық азаттыққа негізделген құқықтық құрылысқа ұмтылуда. Патшаға арнайы баяндама тапсырып, қоғамдық құрылысты жетілдіру туралы манифест жариялауды енді кешеуілдете бермей жүзеге асыру қажеттігін дәлелдеу барысында статс-секретарь** граф Витте, әрине, осындай ойларды басшылыққа алды. Патша пәрмені иғлан болды, конституциялық манифест жарыққа шықты. Содан бері – Қаратаев саусақтарын бүкті: қараша... желтоқсан... – екі ай болды! Алда Мемлекеттік думаға депутат сайлау ісін жүргізу науқаны бар. Сосын Мемлекеттік дума арқылы заң шығару санкциясы жолға қойылуға тиіс. -------------------------------- *Бұл жерде – теріс ықпалды хабар тасу мағынасында. **Патшаның ауызекі бұйрықтарын хабарлауға хақылы жоғары дәрежелі чиновниктің сарай ішіндегі құрметті атағы.
Ал оған дейін, осы екі ай ішінде, үкімет құқықтық құрылыстың негізгі элементтерін өмірге енгізуді жүзеге асыра бастауға тиіс болатын. Ал құқықтық құрылыстың негізгі элементтері – баспасөз, ождан, жиындар, одақтасулар еркіндігі мен жеке адамның ешкім қол сұқпас дербестігі хақындағы құқтар. Үкіметтен осы құқтарды іске қосу талап етілген. Императормен сонау қазан айындағы кездесуінде Витте сынды ірі мемлекеттік шенеунік алға осындай міндет тартқан. Мұны үкімет өзінің бірінші кезектегі міндеті деп білуі жөн деген. Солай деп санап, биліктің барлық буындарындағы мемлекеттік қызметті қамтитын жетекші принциптерді атаған. Бұл жетекші принциптері төрт түрлі еді. Олары төмендегідей болатын. Патша тарапынан халыққа сыйланатын азаматтық азаттықтың игілігін жер-жерге енгізуге деген құлшыныс – бір. Осы бостандыққа кепілдік жасауды көздейтін ашық та шынайы іс-әрекет – екі. Қоғам мен мемлекетке тікелей қауіп төндірмейтін шалыс қадамдарға қарсы шара қолдануды тоқтату – үш. Анық қауіпті әрекеттер орын алса, заңға сүйене отырып және қоғамның парасатты көпшілігімен рухани тұрғыда бірлесе келе, оларға қарсы тұру – төрт. Ең бастысы – орыс қоғамының саяси тактіне* сенген жөн. Граф Витте Ұлы Мәртебеліні осыған, осындай сенімге арқа сүйеуге шақырады. Ол патшаны осылай тыныштандырғысы келеді. Орыс қоғамы күллі үрей алатын сұмдығы ілесе жүретін күресті ұнатады деуге, яки, мемлекеттің бөлшектенуіне апарып соғуы ықтимал анархияны қалайды деуге аузың бармайды. Ол мүмкін емес. Ұлы Мәртебелім бұған шәк келтірмесін... Екінші Николай ұзақ толқудан кейін, Петергофтағы резиденциясында отырып, манифестке қол қойды. Ал Виттеге Министрлер кеңесінің қызметін жаңаша үйлестіріп, біріктіру жолында арнайы шаралар жасауды тапсырды. Бұған дейін патша әр министрмен тікелей өзі байланысып, тапсырмасын тікелей өзі беріп тұратын да, Министрлер кеңесі төрағаның пәлендей үкіметбасылық рөлі байқалмайтын. Осы тарихи оқиға 1905 жылғы 17 қазанда орын алды. Осы күні монарх өзінің елді шексіз билеу құқын өзі шектеді. Елге конституция беруге уәде етті. Буырқанған ел-жұрттың қалағаны сол. Демек, баршаны дүрліктірген революциялық қозғалыстың талабы орындалды. Сондықтан, елді жайлаған қатерлі тасқын толастайды деген үміт оты тұтанды. Патша мен оның биік дәрежелі әкімдері революцияны резолюция ауыздықтайды деп сенді. Осы сезім тақ айналасындағылар мен патшаның жақындарын қуанышқа бөледі. Елдің айтысына қарағанда, сол күні патша әулеті Он жеті деген санды киелі көріп, қасиет тұтыпты. Содан он жеті жыл ілгеріде және тура қазан айының он жетінші жұлдызында Үшінші Александр патшаның отбасы теміржол апатына ұшырап, ғайыптан аман қалған екен. Император отбасымен бірге жолаушылап келе жатқан пойыз Борка стансасы маңында рельстен шығып кетіпті. Оларды ажалдан құдай қаққан болса керек. Сонда аранын ашқан ажал аузына түсе жаздаған отбасы мүшелерінің ішінде тақ мұрагері, Романовтар әулетінде құдай таққа отыруды бұйыртқан он жетінші адам, бүгінгі патша ағзам Екінші Николай да болған көрінеді. Бүлініп жатқан Россия бүгінде өзінің революциялық от-жалынымен азаттықты және демократияны талап ете келе – қазіргі патша әулетіне қауіп төндіріп тұр еді. Оның өзіне және тақ мұрагеріне. Құдай жарылқап, тобырдың аузын алатын әдіс табылды. Граф Витте бастаған сановниктері жалмауыздың жұлмыр аранын жабатын құжат әзірлеп әкеп, патшаны ажалдан алып қалды. Осы еңбегі үшін оны және оған ілескен өзге де әкімдерді құдай жарылқасын... --------------- *Мәселенің ықтимал ауқымын, шегін сезіну қабілеті.
Тағдырдың ойыны ғаламат. Оны түсініп болмайды. Патшаның ет-жақындары ол манифест беруге келіскенде – шын қуанды. Манифеске қол қойылған күнге байланысты, Он жеті деген цифрды кие қонған сан деп біліп, сол санға қатысы бар күндерді толқи атап отырды. Олардың мұндай көңіл-күй құбылысын сарай маңындағылар білді. Оларға жақын жүретіндерден жоғары мемлекет қызметіндегілер естіді. Сондайлардың кейбірімен көңілі жақын Қаратаевтың да құлағы шалды. Алайда ешқайсысы да бұл санның шынымен патша тағдырында тағы бірнеше рет тағдырлы, жазмышты түрде кезігетінін білген жоқ. Білуі мүмкін де емес еді. Алда әлі бір мүшел уақыт бар-ды. Талай сын алға тартылатын белестері болатын бір мүшел. Сонша уақыттан кейін – монархты биліктен кетуге мәжбүрлеп, патша әулетін тақтан мәңгіге ысырған Он жетінші жылдың ақпаны және патшаның өзін де, мұрагерді де өзге отбасы мүшелерімен бірге Екатеринбургте ажал тырнағына іліндірген 1918 жылғы Он жетінші шілде... Ал әзірге... Отар қазақтың мүддесін конституциялық монархия ауқымында қорғау жөн. Сол мақсатпен, езілген қазақтың жойылған елдігін қалпына келтіру үшін әрекеттенетін саяси партия құру қажет. Монархтың өзі халқына жасаған кеңшілігін пайдалана отырып, аталған ұлы мақсат үшін күресетін қазақ саяси партиясын дүниеге келтіру керек... Қаратаев партияның ұйысу құрылтайында жасайтын баяндамасын қайта қарай бастады... Халық үйі лық толы. Арнайы сайланып келген делегаттардан басқа, осы залға Текенің күллі көзі ашық қазақтары мен татарлары жиналғандай. – Тек қала емес, – деді Жанша, – мұнда облыстағы көптеген болыстың бас адамдары отыр. Осынау жұлқынып тұрған сылыңғыр бозбала болыстардан өкілдер келуін ұйымдастырушылардың жуан ортасында жүрген еді. Бәрін білетін. Сондықтан, елдің сиезге келіп отырған бас адамдарын орталықта оқитын студенттерге сырттарынан таныстырды. – Әне, сонау ортаңғы қатарға барып отыра бастаған кісілерге қараңыздаршы... ел ағалары өз алдарына, ахундар, молдалар қалмай келген сияқты. Солар түгел ел ішінен жиналып отыр. Жымпиты, Қызылқоға, Шыңғырлау, Жетікөл, Индер, Шалқар, Қарасу, тағы басқа болыстардан... Жігіттер қатарында залға қарап тұрған Өтеміс одан: – Ал Еркіндік көкемдерді қайда отырғызсақ екен? Сен алыстан келгендерге орын қай жерден белгіленгенін білемісің? – деп сұрады. – Әрине! – Жанша ширақ жауап қатты. – Өзге облыстардан жиналып жатқандардың бәріне де орын белгіленген. Алдынан. Ол кісіге айтылған да шығар, қасында кімдер жүр екен? Білмейтін болса, ертіп апарайық... Алайда оның қажеті болмай шықты. Өтемістің Еркіндік көкесі өзіндей жер ортасына келген төрт-бес кісінің арасында солай қарай беттеп бара жатты. Жалпы, зал жылдам толып кетті. Өтеміс жігіттермен бірге арт жақтан орын алды. Сахнаға қойылған төралқа үстеліне сұлтан Бақытжан Қаратаев бастаған үлкен кісілер тобы көтерілді. Елдің тынышталғанын кішкене тосып тұрды да, Бақытжан сұлтан қысқа кіріспе сөз сөйледі. – Ақ патша тарту еткен бостандық арайымен бас қосып отырмыз, – деді ол. – Осындай күнді аңсап, әр жылда атқа мінген талай ер опат болып еді, төгілген қандары нахақ болмапты! Құдайға тәубә, бұл күнге біз жеттік. Жұмысымызға кіріспес бұрын ақсақалдардан бата алып, азаттық жолында шейіт болған азаматтар аруағына құран бағыштайық!
Кең шапанды, құндыз бөрікті, әппақ сақал-мұрты өңіріне түскен қария қолын жайып, тебіренген даусымен бата берді. – Е, Алла Тағала, – деді ол көкке қарап, – халқымызды жарқын жолға бастасақ деген азаматтарымыздың ниетін қабыл ете гөр! Азаматтарымызға шапағатыңды тигізіп, олардың елі үшін тер төгіп еткен еңбегіне жар бола гөр! Алла жар, азаматтарымыз! Сіздердің бастарыңызды бәйгеге тіккен ұмтылыстарыңызды Жаратқан Жалғыз әрдайым қолдап отырсын! Ау-у-ми-ин! – Аумин! – деп беттерін сипасты көпшілік. Сосын ақ сәлделі, бұйраланған қалың қара сақал-мұртты молда ашық дауыспен, жүрекке жеткізе мақамдап, құран оқыды. Жиналыстың бұлай басталуы Өтемісті қатты толқытты. Ол алқымына өксік тығылғанын сезді. Көзін жыпылықтатып, терең дем алды. Сосын баяндамашының әр сөзін қалт жібермей, мұқият тыңдады. Қаратаев сөзінің басында қоғамдық қозғалыстың қалай дамығанына шолу жасаған еді. Жаз соңына қарай мұсылмандар құрылтайы өткені мәлім деген ол. Соның алдында – шілдеде, ал бұл Қаратаев бастаған оралдық қазақ депутациясының патша қабылдауында болғанынан кейін өткен-ді, – земстволық конституцияшылдар съез жасап, партия құру жайында шешім қабылдаған болатын. Сонау партияға ұйысу хақындағы мәселені пісіріп, иін қандырып даярлау үшін – жиырма адамнан тұратын комиссия құрған. Ал сол жиырма адамдық комиссия өз ішінен ауыр да қара жұмысты тікелей атқаратын төрт-бес адамдық шағын топ бөлді. Міне солар жаз бойы жұмыс істеген. Мақсаттары ұқсас қоғамдар мен топтардың бағдарламаларын қарастыра отырып, құрылмақ партияның жобасын нобайлағандай болған. – Біздің мұсылман құрылтайынан кейін «Азат ету одағы» өз съезін өткізіп, әлгіндей партия құру мақсатында, партия бағдарламасын жазу үшін қырық адамнан тұратын комиссия сайлады. Оның жартысына жуығы земство конституцияшылдары комиссиясының мүшелері еді. Міне солар да әлденеше мәрте мәжіліс өткізіп, партиялық бағдарламаның бірнеше нұсқасын талқылады... Ақыры, партияның ұйысу съезіне, өзара тұтасып кеткен осы екі комиссия мүшелерінің бәрі жабылып, ортақ ой қорытқан арнайы құжаттар дайындап берді. Земство конституцияшылдары мен «Азат ету одағының» бірлесіп ашқан бұл партиясы Ресейдегі тұңғыш жария партия еді. Бұған дейін тек жұмысшылардың астыртын социал–демократиялық партиясы, сондай-ақ былтыр ішкі істер министрін өлтірген әлгі терроршыл социалист-революционерлер партиясы жұмыс істейтін. Әйгілі 17 қазан манифесі конституцияшыл-демократтар съезінің жұмысы жүріп жатқан кезде шықты. Онымен танысқан съез делегаттары жедел арнайы қаулы қабылдап, өз көзқарастарын білдірді. Манифесте солғын айтылған жәйттерді белгіледі. Соларды айта келе, жеті тармаққа түзілген талаптар кешенін тұжырымдады. Және сол талаптарының билік тарапынан орындалуын тоспайақ, іске кірісе беретінін сездірді. Манифесте уәде берілгенмен, заңдардың дәл анықтамаларымен айқындала қоймаған саяси бостандық шарттарын жүзеге асыра беруді партия өз міндетіне алады деп мәлімдеді. Бұл батыл және тартымды қадам еді... – Жаңбырдан кейін жыпырлай бүршік жарған жауқазын гүлдердей көз тартқан саяси партиялар ішінен біз өз жолымызға қолайлы деп конституциялықдемократиялық партияны қаладық. Өйткені бұл партия – биліктің бюрократиялық тұрғыда қатаң орталықтандырылуының бітіспес дұшпаны. Бұл партия – еңбекші таптар мүддесіне зиян тигізетін күрестердің ешқайсысын қолдамайды. Бұл партия – өндіріс құралдарын бүтіндей қоғам қарауына алуға да қарсы. Қара тобырдың бей-берекет билікке келуі ретінде ұғылатын республика орнату
талабын да қолдай бермейді. Дегенмен, осындай қилы көзқарастағы күрескерлермен ортақ мақсатқа қарай бірге жүре аламыз деп есептейді. Партия өзінің мақсат-мұраттарымен батыста әлеуметтік реформаторлар деп аталатын топтарға тақау тұр. Ол – жергілікті автономиялық құрылымдарды жасауға заңды жол ашу жағында. Сондықтан да біз осы партияның бағдарламасын ұнаттық. – Дұрыс! – деген дауыс шықты залдан. – Орынды! Рас! – десті әркім. – Екі айдан бері еліміздің бетке ұстар азаматтарымен бірге, орыс конституцияшыл демократтары партиясын үлгі етіп ала отырып, соның бағдарламасының негізінде өз тұғырнамамызды айқындаумен шұғылданып келеміз. Өткен қараша айының соңына қарай Мәскеуде земство және қала қайраткерлерінің съезі өткенін, соған тұңғыш рет қазақтар тұратын облыстардан да қазақ өкілдері қатысқанын еске салды. – Солар осы Оралда болып, біздің ниетімізге қолдау білдірді. Қазақтың саяси тыныс-тіршілігін жолға салуға орыс партияларының ішіндегі ең қолайлысы осы конституционалист-демократтар партиясы деген пікірді бір ауыздан қуаттады. Сондықтан да біз осынау озық ойлы партияның бағыт-бағдарын үйренуге тұрарлық үлгі ретінде қарастыра отырып, өз ұлтымызға қызмет етуді көздейтін өз партиямызды құрғанымыз жөн болады деп отырмыз. Әлгінде айтқанындай, қазақ партиясын құруды облыстағы барлық бетке ұстар азаматтар ¬– болыстардағы, қалалардағы бас адамдар мен дінбасылар мақұлдап отыр. Мына отырған Сағынгерей сұлтан, Қуанай қазірет, Ахмет қалпе, Иса, Тұрар, Оспан мырзалардан бастап, бүгінде оқу соңында жүрген Ғұбайдолла, Халел, Жанша секілді шәкірттерімізге дейін бағдарлама мәтінін жетілдіруге атсалысты. Ал ана Жасай есімді жігіт тым өткір пікірлерімен Қаратаевтың өзін біраз қамшылап, ойын ширатуға мәжбүрледі. Осындай айтыс-тартыс нәтижесінде жетілдірілген құжат бүгін құрылтай талқысына ұсынылып отыр. Енді оны көп болып бір пысықтап, барлығы құп көрер болса, қабылдаған дұрыс... Содан соң Қаратаев партия құрылтайына қатысушыларды бағдарлама жобасымен таныстыруға көшті. Алдымен орыс конституционалистік-демократиялық партиясы бағдарламасынан қабыл ала отырып, қазақтың мүдделеріне бұрып дамытқан тұстарын айта кетуді орынды көрді. – Мәселен, – деді ол, – ка-дэ партиясы ұстанатын азаматтардың негізгі құқтарына қатысты бағдарламалық он екі бабты да қабыл ала отырып, кей тұсын өз бағдарламамызда былай дамыттық... Тамағын кенеп, көзілдірігін түзеп киді де, қағазына үңілді. – Бірінші тармақта – Ресей патшалығының барлық азаматтары жынысына, дініне, нәсіліне қарамай, бәрі заң алдында тең болуы қажеттігі айтылады. Азаматтарға бай не кедей, немесе чиновник, ақсүйек яки қарасүйек нәсілі деп артықшылықтар мен шектеушіліктер жасалынбауына назар аударылады. Осыған біз: қазақ жерінде қоян-қолтық өмір сүріп отырған қазақ, татар, башқұрт, поляк, еврей, солар секілді өзге де халықтардың шекесіне орыс болмағаны үшін тиіп келе жатқан таршылықтар мен кемсітушіліктер түбірімен жойылсын деген міндет қосып отырмыз. Қазақ партиясы осы үшін де күресетін болады. – Әп-бәрекелді! – Ал ождан бостандығы жайындағы тармақты біз өз бағдарламамызда былай тұжырымдадық... Қаратаев қағазын көтере көзіне тақалтып, жоба сөздерін оқыды: «Әрбір азаматтың діни сеніміне кеңшілік беріледі. Осы күнге шейінгі өзінің діни сенімі
үшін, яки дінін өзгерткені немесе діннен бүтіндей шыққаны үшін және дін жөніндегі пікірі үшін ешкім ешқандай жауапқа алынып, жазаға тартылмайды. Әр азамат өзінің діні бойынша ғадат қылып, оны насихаттауға кеңшілік алады. Мұсылман дініне, сондай-ақ православие дініне және басқа да діндерге үкімет араласпауға тиіс». – Осыны дамыта түсу орайында біз сөз еркіндігіне арналған тармақта әрбір азаматқа тілмен һәм хатпен пікірі мен көңілін білдіріп, газеттерге жазуға немесе басқа да жолдармен халыққа мөлім етуге ерік, кеңшілік берілуі керектігін айттық. Сондай-ақ, осыған кедергі келтіретін цензураның* жойылуы тиістігін атап өтіп, Құран Шариф һәм Хадис Шарифтер цензурасыз басылсын деген шартымызды белгіледік... Жұрт разы үнмен гуілдесіп кетті. Осыған дейін қыспақ көріп жүргендіктен, дін жайының бұлай толғануы жүректі қобалжытатындай болып шыққан еді. Бақытжан сұлтан зал ішінің тынышталуын сабырмен тосып тұрды. Ақыры, ел өзінің аузын баға қалғанда: – Қазақ саяси партиясының бағдарламасында біз Ресей патшалығының қол астындағы барлық азаматтарға, қазақтар мен қазақтардың ішіндегі өзге тұқым адамдарына ортақ бостандық шарттарына қол жеткізуді белгілеп отырмыз, – деді де, ол шарттарын, қолын жігерлене сілтеп, әр сөйлемінің әрбір құрмалас бөлігіне екпін қоя, қағазға қарап оқып тұрып тізбеледі. – Атап айтқанда: далада немесе ғимарат ішінде болсын бірігіп жиылыс жасауға, кеңесуге ерік берілуін, хакімдерден рұқсат сұрамай-ақ бас қосып, жиналыстар мен мәжілістер өткізуге! партия құруға баршаның ерікті болуын! жалғыз кісіге және көпшілікке, сондай-ақ партияларға арыздануға, шағынуға ерік берілуін! әр азаматтың жеке басының, отбасының дөулетіне еркіншілік берілуін! соттың үкімі болмайынша ешкімнің тұтқындалмауын, жерінен қуылмауын талап етіп! егер бір кісі орынсыз, әрі дәлелсіз тұтқындалса, оның шығынын тұтқын қылушы лауазым иесі төлеуге тиістігін шарт қылдық. Азаматтар кінәлі болған жағдайда – тек соттың үкімі бойынша ғана жазаға тартылатынын айтып, әркімнің емін-еркін жүріп-тұруға, көңілі қалаған шетелге шығуға қақысы бар! деп тұжырымдадық. – Дұрыс! – Әділ! – деп шу ете түсті әркім-әркім. – Осы айтылған еркіндіктер мен кеңшіліктер Ресей империясының негізгі заңында жазулы болуға тиіс! Және сол құқтарды сот арқылы қорғау – әр азамат үшін қамтамасыз етілуге тиіс! Қазақ партиясы келешекте осылай болғызамыз деп білек сыбанады. – Әп-бәрекелді! Бақытжан Бисәліұлы одан әрі империя азаматтарының бір-бірімен азаматтық және саяси тұрғыда тең құқықты болуына қол жеткізу қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, халықтардың мәдени тұрғыда өзін өзі еркін айқындауы мәселесінің маңызын әңгімеледі. Одан әрі сөзін былай сабақтады: – Бұл орайда біз орыс партиясының тұжырымдарын қабылдай отырып, он бірінші және он екінші тармақтарда өз мүддемізді былай нобайлап отырмыз: Ресей империясының барлық мұсылмандары, соның ішінде қазақ пен татар халықтары және басқа діндегі халықтар өздерінің жиналыстары мен мәжілістерінде өз ана тілінде сөйлеуге ерікті екендігі империяның негізгі заңында атап көрсетілетін болуға керек. Сол негізгі заңмен халықтарға өз ана тілінде газет-журнал, кітап шығаруға ерік берілуі қажет. Хакімдерден рұқсат сұрамай-ақ мектептер мен медреселер ашуға еркіншілік болуға тиіс. Бастауыш мектептерде балалар қазына қаражатына оқытылатын болсын. Яғни өскелең ұрпақтың жаппай сауат ашуын үкімет тегін жүзеге асыруға міндетті деген ұйғарым біздің бойымызды билеуде. -------------------------------------- *Баспасөзге қандай да бір қадағалау, бақылау жасау.
– Е, алла, қолдай гөр! – деп қалды әлдекім залдан. – Міне, қазақ конституцияшыл демократтарының партиясы халықты бостандықтың осындай асыл қасиеттеріне жеткізуді көздейді, – деді Қаратаев залға айнала қарап. Алдыңғы қатарда отырған фескалы кішкене қарт: – Әмин, – деп, тілек білдіре бет сипап, бата қайырып алды да, мінбеге қарап: – Дегеніңізге жетіңіз, сұлтан! – деп дауыстады. Сұлтан басын сыпайы ғана, білінер-білінбес изеді. Сөйтті де қағазының келесі бетін аударып: – Мемлекет құрылысына келейік, – деді. – Біздің халықтың тыныш өмір сүріп, өркениетке сәйкес дамуы және жоғалтқан елдік нышандарын қалпына келтіре алуы соған қатты байланысты болады... Терең тыныстап, залға қарады. Сосын бар дауыспен: – Біз боданы боп табылатын патшалық бұдан әрі қандай болуға керек? – деп сұрады. Тына қалған жұртшылықты бір сәт көзімен шолып өтті. Сосын сауалына өзі жауап беруге кірісті. орталықта ұйысқан конституцияшыл демократтардың партиясы алға қойған мақсат өздерінің, яғни отар ел қайраткерлерінің талабын негізінен қанағаттандыратынын әңгімеледі. Солардың жолын үлгі еткен қазақ саяси партиясы өзі қол жеткізуге ұмтылатын патшалықтың қалпын қалай елестететінін айтты. Мұны жеті бағдарламалық тармақта баян ететінінен хабардар етті. Алғашқы және басты талап: Ресей империясында 17 қазан манифесімен уәде етілген конституциялық қалып тұтылатыны Негізгі заңда ашық көрсетілуге тиіс. Одан кейінгі маңызды мәселе – Мемлекеттік Думада мәжіліс құрып, заң шығаруға қатысатын халық өкілдері, яғни депутаттар – дініне, нәсіліне және жынысына қарамай, тегіс, тікелей, құпия түрде тас салып, таңдап сайлануы керек. Орыс партиясы бағдарламасында халық өкілдігін ұйымдастыру хақында партияның өз ішінде пікір қайшылықтарына жол берілетіні айтылады екен, ал қазақ партиясы оны өз тұғырнамасында арнайы ескермей-ақ қоюды жөн көріпті. – Біздің бағдарламамызда мынандай мәселелерге назар аударылды: халық өкілдері халыққа қолайлы һәм лайықты заңдар шығаруға атсалысады, – деді баяндамашы, – осы орайда патшалықтың түсімі мен шығынын кесіп-пішеді, хакімдердің істерінің заңға қайшы келетін-келмейтіндігін тексеріп тұрады. Алдыңғы қатардан күдікті үн естілді: – Ойпырмай, мұндай мүмкіндік бере қояр ма екен... Баяндамашы оған назар аударған жоқ: – Мына жәйтті ерекшелеп айтқанды мақұл көрдік: халық өкілдерінің қарауынан өтпеген кез-келген ереже, бұйрық пен пәрменнің күш-қуаты болмайды. – Астапыралла, ақ патша бұған жол бере қояр ма екен... Алайда Қаратаев жұртшылықтың ішегін одан әрі тартқызып, басқа да бағдармалық шарттарды шегелеп оқыды: – Патшалықтың түсімі мен шығынын халық өкілдері әр жыл сайын қарап, әр жылда бюджетті бекітіп тұрады. Олардың карауынсыз ешқандай салық салынбайды, сондай-ақ патшалықтың пайдасы үшін деп несие алынбайтын болады. Халық өкілдерінің жиылысында әр өкілдің заң шығару хақында өз пікірін білдіруге ықтияры болады. Министрлер өздерінің қызметі туралы халық өкілдері жиылысында есеп береді. Сондай-ақ, халық өкілдері министрлердің істерін тексеріп тұрады. Зал тым-тырыс. Біреу ақырын: – Бұл шынымен ықтимал ма? – деп қалды.
Оған да әдейілеп жауап беруді қош көрмеген Қаратаевтың одан арғы баяндағаны елдің мүлдем есін алды. – Бағдарламамызда халықтың өзін өзі билеуі жайына үлкен тарау арнадық, – деді ол. – Мұнда империя ауқымындағы отар еліміздің еңсесін көтеріп, елдігін қалыпқа келтіру, автономиялық сипатқа қол жеткізу жолдарын белгілеп отырмыз. Солай деді де, бұл ұлы мақсатқа жетудің ретін егжей-тегжейлі түсіндірді. Қазақ партиясы бұл ретте бүкіл Ресей империясында әр облыстың, әр губернияның өз билігі өзінде болуын жақтайды. Яғни олардың әрқайсысына сайланбалы басқару органы – земство берілуі жөн деп санайды. Және соған қол жеткізуді мақсат тұтады. Құрылымның бағыныс жүйесінде әдеттегі тәртіп сақталуын партияның жөн көретінін жұрт әліптің артын баққандай сыңаймен тыңдады. Атап айтқанда, деді шешен, губерниялық, облыстық земствоға – үйездік, ал оған – болыстық, болыстық земствоға – ауылдық земство қаратылу керек. Облыстық земство өз кезегінде империяның орталық мекемесінің құрамына кіретін болады. Мұнысын түсінікті делік, бірақ ескі тәртіпті қайталайтын онда жұртқа қандай тиімділік бар екен? Шешен оны былайша ұғындырды: партияның ойынша, халықтың өзін өзі билеуі осы буындарға басшыны өзі таңдаудан басталады, сондықтан соны жүзеге асыру орынды. Мәселен, земство мекемелеріне өкілдерді халық өзінің жиналысында сайлап қойсын: облыстық земстволарға – үйездік земстволар, үйездік земстволарға – болыстық земстволар, болыстық земстволарға – ауылдық земстволар өкілдер сайласын. Партиямыз осы науқандардың ел көңілінен шығатындай әділ, заңды жолмен өтуіне күш жұмсаса дейміз. Ал сайлау көпшіліктің қатысуымен, тікелей, жасырын дауыс беру арқылы жүргізілетін жағдай жасалу ләзім. Сайлаушылар мен сайланушылар нәсіліне, дініне, жынысына қарай айырылмасын, бұл – партияның қатаң ұстанатын көзқарасы. Залдың бұл пайымға ұйығаны аңғарылды. Қаратаев сөзін әрі қарай сеніммен сабақтай берді. – Осы ретте бағдарламаға мынандай бір қағидатты тұжырымдап қойсақ деген ойға келдік: Қазақ Елінің халқы земстволарға өз өкілдерін сайлағанда, олардың ортақ іске адалдығын ең алдымен ескеріп, қай тұқымға жататынына – қазақ, орыс, татар, еврей, поляк және тағы басқалар екендігіне қарамауға ерікті болсын. Теңдік мәселесін осылай бір түйіп тастап, өзге де бағдарламалық мәселелерді таратып айта берді. Земство құзырын көтеру мәселесі де ойластырылған көрінеді. Облыстық земстволарға өзара қауымдасып, біріккен жиналыстар еткізіп туруға ерік берілсін деген пікір қорытылған екен. Мұндайға құқылы болу – Қазақ Елінің баршаға ортақ мүддесін әр аймақ өкілдерінің бас қосып ақылдасып шешуіне мүмкіндік береді. Партия осы күнге шейін әкімдері тағайындалатын облыстық басқармалар мен үйездік басшылар атқарып келе жатқан істердің бәрі бұдан былай сайланбалы земстволарға берілсін деген ойда. Империяның қаражаты үшін халықтан алынып келе жатқан алым-салықтан земстволарға жетерлік ақша бөлінсін деп есептейді. Орталық үкіметтің және губернаторлардың тағайын еткен адамдары земство қызметінің заңға сәйкестігін тексеріп тұрғаны жөн. Губернатор мен земство арасында бір мәселе бойынша талас туа қалса, оны арнайы құрылатын тексеруші сот қарайтын болсын. Барлық губернаторлар мен облыстық басқармалар хақында ерекше заңдар шығарылуы ләзім. Қазірге шейін облыстық басқарма мен губернаторлардың міндеттерінде болған істер негізінен облыстық земст-
воға берілуге керек. Партия осындай бөліністерді дұрыс көріп, солай болғанша күресе береді. Қазіргі таңда елдің озбыр төрешілдіктен әбден күйзелуіне себеп болып жүрген крестьян начальниктері мен үйездік начальниктер дегендер жаңа құрылымда мүлдем болмасын. Олар атқаратын істер үйездік земствоға тапсырылсын. Партияның ұстанымы осындай. Бұл орайда Степное положение* және крестьян начальниктері мен облыстық басқармалар туралы заңдар бұзылып, жанадан земстволарға лайықты заңдар шығарылсын. – Міне, қазақ партиясының ескі басқару тәсілін өзгертуді көздейтін осындай ойлары бар. Мұнда да тағайындау әдісін доғаруды қалаймыз. Облыстық басшылар мен үйездік старшиналар құпия дауыспен тікелей сайлансын дейміз. Ал сондай жолмен таңдап сайланған облыстық басшылар мен үйездік старшиналар земство істеріне жауап беретін болсын. Және бір атап айтатын жәйт – осы уақытқа дейін жиі қолданылып келе жатқан доверенный** арқылы сайлау жойылсын деген пікірдеміз. Көпшілікке түсініксіздеу болды ма, іштен тынып, үнсіз тыңдады. Есесіне, алда отырған бас адамдар белсендірек дауыс қосып отырды. Қысқа сөзбен бірі қолдап, енді бірі соның бәрінің жүзеге аса қоярына күдік білдірді. Бірақ, Қаратаев жасаған қажетті түсіндірмелерден кейін, бағдарламалық тұжырымдарды баршасы дұрыс деп тапты. Сосын Бақытжан Қаратаев сот мәселесіне арналған тарауды баяндауға ауысты. Сол орайда ол: – Қазақ конституциялық-демократиялық партиясы осы күнгі қазақтар арасындағы народный сот, яғни халық соты дегенді жою жолында күреседі, – деді. Бұл хабары ә дегенде күрт наразылық туғызды. Қаратаев абыр-сабыр бола кеткен залды бір сәт үнсіз бақылап тұрды. Наразы үндер негізінен, болыстардан келген билер тарапынан шыққан тәрізді. – Мұныңды түсінбедік, Бақытжан сұлтан! – деді бір ашулы дауыс. Ортаңғы тұстан дөңгелек жүзді бір кісі орнынан тұрып: – О заман да бұ заман, ел ішінде қилы бұзықтық, жанжал болмай тұрмайды, сонда биге жүгінбегенде не болмақ? – деді. – Орыс та олай етпес?! Екінші бір қанаттан бір жас дауыс іле үн қатты: – Мәселенің өзі сонда – біз орыс сотын енгізу жағындамыз! – деді. Анау мүлдем шошып кетті: – Не дейд? – Дауыс шыққан жаққа бір жалт қарады, сосын көзін мінбедегі Қаратаевқа аударып: – Сұлтан, ондай шаруа ел бұзуға апарар, байқаңыз! –деді де отыра кетті. Сұлтан терең дем алып, күрсінді. Содан соң осынша дау туғызып отырған мәселе жайындағы пікірін таратып айтуға кірісті. Алдымен ел ішіндегі беделді билердің жақсы істеріне тоқталды. Баяғы заманда өмір сүріп, елге сіңірген еңбектерімен, аталы сөздерімен халық жадында бекем сақталған атақты би бабалардың дәстүрін олардың жақсы жалғастырып келе жатқаны көптің қуанышы екенін айтты. Әділ билік танытқан ұлағатты сөздерімен ғасырлар тереңінен үн қатқан Шеген би, Әйтеке би, Арқадағы Қазыбек би, түстіктегі Төле би бейнелері әрқашан ұмытылмайды, олар – өшпес үлгі. Бірақ, қазіргі таңда санаспау мүмкін емес ахуал орын алып тұр... Одан әрі, санаспау мүмкін емес ахуалды бейнелеу орайында: -------------------------------- *Дала ережесі. **Сенім білдірілген адам.
– Біздің әйгілі билеріміздің заманынан бері жүз елу-екі жүз жылдай уақыт өте шықты, – деді. – Дәуір бөлек. Бұрын қазақтың елдігі өз қолында, тұтаса көшіп-қонып, жауымен ашық майданда соғысып жүрген болса, қазір – отар, күшті мемлекеттің қамытын киген құл. Ара-арасына сыналай кіріп алған өзге жұрт әсерінен тұтастығы сетінеп барады. Бұрын билерді халық танып, өзі көтерсе, қазір – отаршылдар аппараты тағайындайтын болды. Соның салдарынан бейәділ шешім көбейді. Парақорлық деген дерт пайда болды. Тағы да айтам, мен мұны барша биді қаралайын деген оймен айтып тұрған жоқпын... – Қысылмаңыз, сұлтан, сөзіңіздің жаны бар! Мұндай қолдау сұлтанды қанаттандырғандай болды. Дегенмен билер тақырыбына қайта соқпай, сөзін: – Қазіргі өркениетке иек артқан тұста біздің ғадет-ғұрып жарғысына негізделген сотымыз көнерген сот боп барады, – деп сабақтады. – Заманымызға бейімделіп, көшпелі дәуіріміздің ғадетін жетілдіргеніміз жөн, ал ол – еуропалық құқықты игеруімізде жатыр. Сөйтіп ел ішіне құқық сотын кіргізуімізде... Осы кезде біреу залдан даусын көтеріп: – Егер біз ел ішіне әділ сот орнасын десек – онда шариғат сотын қабыл алуымыз керек. Еуропаңыздың сот тәртібі біздің мұсылманға жат емес пе, – деді. Ел бір дуылдап басылды. – Шынында, өзіміз мұсылманбыз, бірақ осы уақытқа дейін мұсылман сотын қабыл алмаймыз... – Қазыларды көбейту керек... Пікірлер айтылып болғаннан кейін, Қаратаев тағы да, байыппен, дауға түскен мәселеге өз дәйегін келтірді. Шариғат құқығын басшылыққа алатын соттың қазіргі таңдағы әдет құқығына негізделген халық сотына қарағанда – әділ кесім айта алатын артықшылықтары бар екені рас деді ол. Солай деп мойындай отырып, тағы да еуропа құқығы пайдасына біраз сөз айтты. Бұл жолы жұрт үндемей тыңдады. – Орыс мемлекетінің боданы болып өмір сүріп келе жатқан қазақ өзін мемлекеттік құқық соты билеуін қаласа – ол өз дәрежесін империяның басты халқымен теңестіруге тырысқаны болып табылады. Алайда бұл, әрине, ғадет-ғұрып құқығы тіршілік сахнасынан бірден ығыстырылады да, табан астында барлық жерде жаңа сот орнайды деген сөз емес. Партия сол бағытта біртіндеп жұмыс істемек... Осы орайда өзгертіп-жетілдіру үдерісін бастан кешкен орыс сотындағы қырық жылдан бері елдің аузын өзіне қаратып келе жатқан сот шешендері мен олардың әділдікке қол жеткізудегі алар орындары хақында біраз сөз айтты. Орыстың ең атақты қорғаушысына айналған сот қайраткерін – ертеректе Троицк маңын мекендеген Алдар байдың жиені Плеваконы да ауызға ала кетті. Ақыры, тыңдаушылар құлақ асқандай болды. Сонда әлгіндегі дау тудырған бағдарын: – Бүгінде біздің арамызда осы саладан университет білімін алғандар көбейіп келеді, солар еліне қызмет етсін, – деген де дәйекпен үстемеледі. – Бірақ ескіше би болып емес, жаңаша, империядағы сот жүйесінің тең қақылы қызметкері ретінде, қазақтар құқын қорғауға қызмет етсе деген түпкілікті жоспарды көздейміз. Сол үшін де хұкімет алдына талап қоймақпыз: қазақ ішіне құқық сотын жүргізетін мировой судьялар жүйесі кеңінен енгізілсін және сол құқықтық соттың алғашқы буынындағы судьяларды халық сайлайтын болсын. Народный сотқа тапсырылған істердің бәрі мировой судьяларға берілсін. Мировой судьялар Ресейдегі сот реформасына бастау болған император Екінші Александр хұзіретінің 1864 жылғы 20 қарашадағы “Судебный уставтары”* негізінде әрекет етсін. --------------------------------- *“Сот жарғылары”.
Империялық сот жүйесіне кірігудің қолайлы болмағы залда отырған өкілдер санасына ұялаған тәрізді. Соны сезінген соң, Қаратаев присяжныйлар* сотын да қазақ ішіне әкелу жайын партия алдына бағдармалық міндет етіп қоймақ деген жоспарды аян етті. Осы жүйенің қазақтағы билер алқасының сот жасауына ұқсастығы бар екенін айта кетті. Оның қылмыс белгілері айқын, ауыр басбұзарлық істерді қарағанда мейлінше әділ болатынын, әрі сатып алушылық, басқаша ықпал етушілік шараларынан мейлінше аулақ тұруға кепіл болатынын түсіндірді. Және өзінің осынау сенушілігін орыс сотында орын алған шулы істерді мысалға келтіре отырып уағыздады. – Бағдарламаға осы орайда мынандай нақты тұжырымдар жаздық, – деді ол, – оқиын: «Округтік сот абақтыға жабу және одан да қатал жазалар белгілеу секілді істерді қарағанда – халықтан жеребе салу арқылы сайланған он екі адамнан тұратын алқаның қатысуымен үкім шығаратын болсын. Округтік сот жұмысын император Александр Екінші хазіретінің «Сот жарғылары» негізінде жүргізсін. 17 қазандағы патша манифесі бойынша берілетін еркіндік, теңдік, кеңшіліктерге сәйкес азаматтық құқтарды белгілейтін және қылмыстық істерді қарайтын заңдар шығарылсын». Сәл дамылдады. Сосын мәтінінің келесі бетін аударып, көзімен керек жерін іздеді. Ешкімнің тырс етіп үн шығармады. Халықтың келісушілік ыңғайда құлақ салып отырғаны анық еді. Қаратаев баяндамасын біртіндеп одан әрі дамыта берді. – Өздеріңіз білесіздер, руханият саласында қазақтың көріп жүрген киыншылығы көп. Баршамыздың көкірегімізде сайрап тұрғандықтан, тап қазір соны тізбелемей-ақ, тікелей жолымызды айтпақпын. Жалпы дін мәселелері жөнінде партия белгілі-бір ұстамда болса деген ойдамыз. Олар мынандай. Біз империядағы діндердің ешбіріне таршылық та, кеңшілік те жасалынбағаны жөн деп білеміз. Сол себепті муфтилерді, қазыларды және молдаларды сайлау – қауымның өз ықтиярында болсын деп есептейміз. Мешіт, медресе салуға үкімет тарапынан мұсылман қауымдарына және земстволарға кедергі жасалынбасын. Партия мұны назарда ұстауға тиіс. Ислам дініне Ресей империясының заңдары қатыспасын – осындай бағдарламалық талапты тұжырымдап отырмыз. Оған, әрине, күресіміздің барысында қол жеткізуіміз керек. Қауымдарға дін туралы мәселе қарау керек болғанда – хакімдерден рұқсат сұрау міндетті болмасын. Міне осылар біздің мұсылмандыққа қамқор болу орайындағы партиялық жолымызды белгілейді. Зал ризашылықпен гу ете түсті. Әр аймақ өкілдері бұл тарауға қатысты қатты қолдаушылық білдіріп жатты. ------------------------------ *Белгілі бір сот ісін қарау үшін арнайы сайланып, адал болуға ант беріп қатысатын адамдар. Жиналыстың ерекше мақұлдауына ие болған, баршаға аса бір мәнді көрінген жәйт – жер-су тағдыры жазылған шағын тарау еді. – Баршаңызға мәлім, – деді Бақытжан Қаратайұлы баяндамасында, – империя құрсауына түскен біздің елімізде қазіргі таңда жер мәселесі мейлінше өзекті болып кетті. Орыс патшасы жерімізді қусырып келе жатқалы талай жыл болды. Орман-тоғай, шалғынды жер-судың көбінен айрылдық. Жаулаушылар жайылымды тарылтып, қоныстарымызды бірінен соң бірін алуда, шұрайлы аумақтар келімсектер қолына өткелі халық өте кедейленіп барады. Жұрт демін ішіне алып, тістенгендей көрінді. – Рас, – деді әлдекім қысқа ғана.
– Үкімет өзінің заңдарымен қазақ жерін мемлекет меншігі етіп жариялады. Бұл бізге қатты соққы болып тиді. Залдың екі иығынан ауыр дем алып, күрсінгені сезілді. – Жер мәселесінде қазақ партиясы байырғы ата-баба мұрасын өзіне қайтарып алу және сақтау жолында күреседі деп ұйғарып отырмыз. Бұл үшін бағдарламаға мынандай мақсатты тұжырымдап қоюды жөн көрдік. – Бақытжан сұлтан әр сөзін шегелей, бар дауыспен былай деп оқыды: – «Қазақ халқының жері мен суы мәңгілік өзіне тән, қазақ жерінің заңды қожайыны – қазақ. Және оған ешкімнің ортақтығы жоқ». Жұрт жеңілдене шу етті. – Дұрыс! – Әп-бәрекелді! – Осылай деген ақиқат шындықты империяның негізгі заңына жазып қою керек, – деп, Бақытжан Қаратайұлы өзімен бір үнді боп тұрған өкілдер алдында саңқылдап сөйлей берді. – Сондықтан да партия Мемлекеттік Дума жасауға тиіс сонау негізгі заңда әлгіндей жолдар болуына қол жеткізу үшін күреседі. – Жаса, сұлтан, алла алған бетіңнен жарылқасын! – Озбыр өкімет «қазақтардың жері – қазына жері» дегенді империя заңдарына жазып қойғанымен тынбай, осы қазына жерлеріне орыс мұжықтары орналассын деген де заңдар шығарғанын білесіздер. Ал олар біздің елдігімізді ешқашан жаңғырта алмауымызға апарады. Осының бәрі бұзылып, жоқ қылынсын деген мақсат – партия бағдарламасының басты көздегендері санатынан болмақ. Үкімет адамдарының біздің жерімізге қарашекпендер мен мұжықтарды топырлатып жіберулеріндегі мақсаттары – өздерінің алпауыт байларын іштеріндегі жер тапшылығына байланысты туындап жатқан жанжалдан құтқармақ-дүр. Ал оның біздің есебімізден жасалуы дұрыс емес. Қажет еткендерді жермен қамтамасыз етуді өз елдерінде де реттеуге болады. Біз сол орайда партия бағдарламасына «орыс мұжықтарының жері өздерінің отырған жерлерінде көбейтілсін» деген ұстаным жазып, соны қорғамақпыз. Біздің сеніміміз – қазақтардың жерін өздерінің рұқсатынсыз ешкім ешқашан ала алмайтын болуға керек. Бағдарламада соны тұжырымдаймыз да, оның империяның негізгі заңына кіргізілуі үшін күресеміз. Қазақ жері мәңгілік өз қарамағында қалуы жөн, оны орыстар ала алмайтындай болсын дейміз. Қызу мақұлдаған шағын сөздерден соң, Бақытжан сұлтан келесі тармақтарға түсінік беруге ауысты. Алым-салықтар жайындағы партия көзқарасы жеке тарауға жазылып отырғанын айтты. – Мұнда біз алым-салықтардың жеке тұлғаларға салынуына тоқталдық. Бұл кезде оның мөлшерін анықтауға дифференциялық ретпен келуді ұсынамыз, – деді ол. – Сондықтан, партия бағдарламасында алым-салықтардың әр адамның табысына, еңбегінің жалпы түсіміне, дәулетіне қарап алынсын деген талапқа қол жеткізуді тұжырымдап отырмыз. Ал салықтардан құралған қазына ақшасының орынсыз жерлерге жұмсалмауын, оны тек халық мұқтажына ғана шығындау керектігін, әрі сол жолда тынымсыз күрес жүргізетінін партия өзінің бұлжымас көзқарасы ретінде белгілейді. – Хұкімет мәккәмалары оны бақылата қойса... – Күрестің мәнінің өзі сол хұкіметіңіздің еркіне көнбеуде емес пе! Сіздікі дұрыс, сұлтан! – Партия ел-жұрттың, әркімнің тұрмысының жақсаруын ұдайы назарда ұстайтын болады. – Міне бұл – нағыз ел болу жолына түскендік!
– Осы орайда қазақ партиясы тұрғындардың күнделікті мұқтаждықтарын қанағаттандыруға бағытталған сауда орындарының жұмысына да тиісті көңіл бөледі. Сол ретпен бағдарламаға сіріңке, керосин, шай, шекер секілді халық күнделікті тұтынатын заттар арзан болсын деген нысананы жазып қоюдамыз. Бұл бұйымдарды арзандату жолы бар, партия соның ретін белгілеп, сол үшін күреспекке бел буады. Мамандармен ақылдаса келіп, қазынаға акциз* алынғаны жөн деген ойға тоқтадық. Акциз тауарды көп қымбаттатпайды. Тұтынушыларға сол қолайлы деген ойдамыз. – Әнебір қазынаға алынады дегеніңіз не нәрсе, ұғынықты етіп айтсаңыз екен? Қаратаев басын шұлғыды: – Акцизді сұрап тұрсыз ғой? Ол – салықтың сатып алушыға көп салмағы түспейтін түрі. Мәнісі мынада. Мәселен... Ол жергілікті зауытшылар мен көпестердің саудаға шығаратын тауарларын мысалға алып, талдау арқылы, акциздің тиімділігін жатық та танымал түрде түсіндірді. Сосын басқа да бір қымбатшылық көзін әңгімеледі. Ресей империясына шетелден әкелінетін халық тұтынатын товарлар тым қымбат деді ол. Өйткені, шекарадан өткізілгенде, оларға салынатын баж салығы зор. Соның есебінен құны артып, елге сатылатын бағасы да жоғарылап тұр. Ал осы заманда біздің халық шеттен жеткізілетін техниканы шаруашылығына қатты қажетсінеді. Бүгінде қожалықтың қай-қайсысы да таза көшпенділік тәсілмен мал бағуды қойған. Қазіргі қожалықтарға пішен шабатын, егін оратын, жер жыртатын, астық бастыратын машиналар керек, бірақ олар өте қымбат. Мұны залда отырғандардың бәрі біледі. Тек партия оны қалай шешпек екен? – Осыған байланысты, партия өз жұмысында ел экономикасын дамытуға қажет шараларды жүзеге асыруға ұмтылатын болады. Ол шаралардың бастысы ретінде, сырттан әкелінетін тауарлардың құнын тым жоғары көтеруге мәжбүр етіп отырған жәйтпен күресетін болады: ол – баж салығының жоғары болып отырғандығы. Салықтың бұл түрінің халыққа залал келтіріп тұрғанын Қаратаев өзге бір жәйтке байланысты да атап көрсетті: – Баж салығы жоғары болғандықтан, мұсылмандардың діни сенімдерінің жоралғысын жасауға керекті тәспілер, жайнамаздар Ресейге аз мөлшерде келуде. Оларды ішке жеткілікті көлемде енгізу қажет. Ол үшін шекарада салынатын кеден салығын төмендетпей болмайды. Ождан бостандығын жария еткен үкімет оған кедергі жасамау керек. Партия осы үшін де күресетін болады. Жұрттың ең алдыңғы жағында отырған бір кішкентай қажы шал: – Ой, айналайын сұлтаным, – деп тамсанды. – Жалпы, шеттен тасылатын тауарларды тұтынушылар сатып ала алатындай арзан қылу үшін – баж салығы аз салынуы лөзім, біздің ұстаным осындай. Бұлар да, өзге тарауларға қатысты пайымдар да, жұртшылық көңілінен бірден шығып жатты. – Жұмысшылар жайында орыс партиясы ұстанымдарын толығымен қолдаймыз, – деді баяндамашы, – тек қазақ арасында олар мардымсыз болғандықтан, бөлек-жара алып-қосарымыз жоқ. Атап айтарымыз, жұмысшыларға өздері тілеген кеңшілік, еркіншілік берілу керек. Сондай-ақ, оларды дүниеге мұқтаждық етпейтін, қай-қайсысының да лайықты өмір сүруін қамтамасыз ететін заңдар шығаруға қамқор болуды партия өзінің парызы деп біледі. ------------------ *Халық жаппай тұтынатын тауарларға салынатын жанама салықтың түрі, өндірушілер мен сатушылар оны үкіметке төлейді, ал шығынын, бағаны қымбаттату арқылы, тұтынушыларға артады.
– Орынды. – Мектептер мәселесіне партия ерекше ынта қоя қарайды. Нәсіліне, дініне, жынысына қарамай, әркімге оқуға, білім алуға рұқсат берілсін деп есептейді. Одан әрі Қаратаев бағдарламада жазылған жолдарды мәнерлеп оқып шықты: – Мынандай нақты атқарылуға тиіс жұмыстарды белгіледік: «Әр адамға және әр қауымға мектептер ашуға рұқсат берілсін. Кіші дәрежелі мектепті аяқтаған соң, жоғары дөрежелі мектептерге оқуға түсуге әзірлейтін әртүрлі мектептер ашылсын. Университеттердің және басқа да оқу орындарының өзін-өзі басқаруына мүмкіндік берілсін. Студенттерге оқу арзан болсын. Студенттердің мәжілістер, жиналыстар өткізіп тұруына рұқсат етілсін. Қазақ балаларына университеттерде оқу үшін стипендиялар көбейтілсін. Гимназия, реальды училище секілді орта дәрежелі мектептер көбейтілсін. Оларда оқу арзан болсын. Қазақ балаларына, басқа тілдермен бірге, міндетті түрде қазақ тілі де оқытылсын». – Міне, ел болу жолы осындай болса керек! – Ортада біреу жұдырығын жоғары көтерді. – Біздің орталықта оқыған біраз балаларымыз тілді ұмытып барады емес пе! – «Кіші дәрежелі мектептердегі оқу тегін болсын. Қазақ балаларына сабақ ана тілінде жүрсін. Бұл мектептер земстволардың қарамағында болсын. Қазақтар ішінде мұғалімдер мектебі көп болсын. Онда да қазақ тілінде оқытылсын. Орысша оқытатын барлық дәрежедегі мектептерде қазақ балалары үшін ислам дінінің негіздерін оқу ләзім болсын». Разы сөздер тасқыны лақылдай жөнелді... Жиналыс көтеріңкі көңіл-күймен бағдарламаны мақұлдап, қабылдады. Сосын Қаратаев партия жарғысы жайында бірер ауыз сөз айтуға сұранды. – Өзіміз үлгі ретінде таныған конституционалист-демократтар партиясы – орыс либерализмінің* сол қанатын біріктіретін партия. Мұсылмандарға жағымды жағы мол. Оны Сәлімгерей сұлтан секілді земство мекемелерінде істеген, земстволық қозғалыстың мән-жайын жақсы білетін қайраткерлер бірден түсінгегн. Сондықтан сонау земство конституцияшылдары болашақ саяси партияның сұлбасын жасап, ізін сала бастағаннан қолдаған. Ка-дэ партиясы интеллигенцияның жоғары қабатынан құралды. Әлеуметтік құрамы да сондай. Партия ашық, жариялы болғанмен, оның жарғысын билік мақұлдамады деген сөз бар. Өйткені партия күштің кім жағында екеніне иландыру, сендіру тәсілі ретінде кеңінен қолданылып жүрген үкімет террорын** айыптаған да, онымен күрес тәсіліне айналған революциялық террорды мойындағандық сыңай танытқан. Сол себепті біз оның жарғысын толығымен үлгі ете алмадық. Біз өз ережемізді өз ыңғайымызды ескере отырып жасадық... Жұрт тым-тырыс боп қалды. Қаратаев түсіндірме сөзін сонымен дөңгелектеп, жарғы мәтінін оқуға кірісті: – Жоғарыда аталған мақсаттарды жүзеге асыруды көздейтін қазақтардың саяси ұйымы “Қазақ конституциялық-демократиялық партиясы” деп аталады. Атауына келісесіздер ме? – Әлбетте! – «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының бағдарламасын қабыл алған, жылына кемінде бір сом жарна төлейтін, балиғат жасқа жеткен әрбір азамат партияға мүше бола алады». Бұл шартқа қалай қарайсыздар? -------------------- *Кәсіпкерлік пен саудадағы шексіз еркіндікті, жеке адам мүддесін, парламенттік мемлекет қалпын, демократияны жақтайтын саяси және идеологиялық ағым. **Саяси қарсыласын күш жұмсау жолымен жуасытып, басып, құртып жіберуге дейін баратын қорқыту саясаты. --------------------------------------
– Неменесі бар, қабыл етуге болар... – «Партияның мүшелері өздерінің арасындағы кейбір мүшелердің жолдан ауытқымауын қадағалайды және партияның бағдарламасын мойындайтын адамдарды партияға тартуға тырысады». – Бұл да жөн, тәртіп керек... – «Егер партия мүшесі уақыт өте келе партияның мақсаттарын қабыл көрмесе, онда ол есеп айырысып, мүшеліктен шығарылады». – Әділ шарт. – «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының орталық комитеті болады және белгілі бір мерзімде партия мүшелерінің съезі өткізіліп тұрады. Орталық комитеттің төрағасы және оның мүшелері болады. Санын, талқылау барысында, съез анықтайды. Оларды партия мүшелерінің съезі сайлайды». – Демек, осы жиналысымыз де? – Әрине! Қаратаев қыстырылған сөздерге көңіл аудармай, сабырмен, алдындағы мәтінді мәнерлі дауыспен оқи берді: – «Орталық комитетке тиісті істерді съез белгілеп, әзірлейді. Орталық комитетке тиісті істер қатарында – ең алдымен съездің шешімдерін жүзеге асыру және партияға тиісті түрлі істерді қарап, орындау тұрады. Ресей империясындағы конституциялық-демократиялық партиямен және басқа да партиялардың орталық комитеттерімен байланыс орнату керек. Партияның қаржысын басқару және партия мүшелерінің жарна төлеуін қадағалау да маңызды жұмыс. Партия газетін шығару және оны басқару да орталық комитет құзырында болмақ. Ол халықты партияның мақсаттарымен таныстыруды ұйымдастырады. Пайдалы кітаптар мен плакаттар бастырып шығарып, оны партия мүшелеріне, халықка таратады. Сөзге ұста партия мүшелерін қазақтар арасына жіберіп, насихат жұмыстарын жүргізеді. Қазақ ішіндегі сайланбалы лауазым иелерін партияға мүшелікке тарту және оларды сайлауға араласу да орталық комитет назарынан түспеуге тиіс мәселе. Кезекті партия съезін дайындап, күн тәртібін және онда жасалатын баяндамаларды белгілейді, оны ұйымшылдықпен өткізуді ұйымдастырады». Міне осындай жарғылық шарттар болса деген ұсынысымызды алдарыңызға тартып отырмыз... Қағаздарын жиыстырып, залға қарады. Зал ду ете түсті: – Жаса, Бақытжан сұлтан! Бақытжан сұлтан орнына орала бергенде, жиналысқа төрағалық етуші: – Айтқали мырза сөйлеуге сұранып отыр, – деп хабарлады. Мінбеге аяғын салмақпен басқан бір жігіт ағасы көтерілді. – Қымбатты ақсақалдар, ел-жұртымыздың бас адамдары, дін-мұсылман жолын жүргізуші қасиетті кісілер! – деп бастады ол сөзін. – Көп жыл түнекте тұншығып келе жатқан қазақ үшін жөн сілтерлік осындай бір ұйымның керегін түйсінуші едік, бірақ, несін жасырамыз, оның қандай боларын білген емеспіз. Соны халқымыздың озық ойлы азаматтарының көшбасшысы болып танылған атақты заңгеріміз Бақытжан сұлтан қолға алған екен, осы кісіге алғысымызды айтып, жұмысының жемісті болуына барынша жәрдем етейік. Бұл партия біздің халқымыздың көзін ашуда серке болсын деп тілейік. Ертең орыстың мемлекеттік думасына сайлау басталады. Сол науқанды саналы түрде өткеруге осы партиямыз көмектесер. Сонда өз мүддемізді қорытып, тапсыратын аманатымызды жүзеге асыруға қабілеті жетеді деген өз өкілімізді депутаттыққа ұсынайық!.. Айтқали мырза көптің көкейіндегі ойды қозғаса керек. Әрі, көз алдарында тұңғыш саяси партия құру сынды тарихи оқиға болып жатқанда, оған үн қоспай тұра алмағандық та шығар, әйтеуір, ол сөйлеп бітпей-ақ, сөйлегісі келетіндер лезде мінбе жанына барып, тізбектеліп кезекке тұра бастады.
Салиқалы да байыпты сөздермен өрілген жарыссөз барысында партия құрылтайының ойластырылған мәресіне жеткені байқалды. Солай ұйғарған бір жігіт залдан ақырын жылысып сыртқа шықты. Тез киініп, басқармаға жөнелді. Біраз уақыттан кейін ол Теке жандармериясының бастығы Иван Сериковке қазақтардың саяси партия құру хақындағы аяқталуға бет алған съезінің мән-жайын баяндап отырды... СӨЗ СОҢЫ Түйін немесе Жаңа сілкіністер алғышарты – Міне, сіз бен біз жиырмасыншы ғасырдың бесінші жылында отар Қазақияда орын алған қоғами зілзаланың үш сілкінісіне көз жүгірттік. – Иә. Дегенмен, сіз әлденені жеткізе айтпаған сияқтысыз. – Ықтимал. Білемісіз, бұл – ұйқыдағы аюдың апанында аунауы, дұрысында – тұншығулы Қазақ Елінің ұлы өзгерістер алдындағы айбат шегуі ғой. – Жарайды, солай дейік. Бірақ ол кімге айбат шегіпті, неге ол көздегеніне жетпепті – сіз соны аша алмадыңыз ба деймін. – Ғажап емес. Революциялық дүрбелеңнің ұлан-ғайыр алыптығы – оның құшаққа симайтынын дәлелдейді. Менің міндетім – орыс жеріндегі дүбірлі оқиғалар көлеңкесінде қалған қазақтың ояну сәтіне назар аудару болатын. Ал әңгімемнің түйіні – Қазақиямның езушісіне үш түрлі жолмен сес көрсетіп тына қалғанын айту еді... – Неліктен тына қалды дейсіз? – Оны түсіндіру үшін жаңалық ашудың қажеті жоқ. Ай астында айтылмай қалған ой бар ма екен. Мәселе – төмендегі бұқара қыңқылын тыныштандыруға жоғарыдағы билік тұтқасын ұстаушының айласы мен амалы қашанда жететінінде ғой. Қадым заман ойшылы оның нәрленер тамырын дөп басқан: ел билеуші үшін қандай да бір күрес тәсілі жат емес. Ол өз жауымен екі түрлі әдіс қолданып күреседі. Ал ол екі түрлі әдістің бірі – дұшпанын тұқыртуға заңды пайдалану, екіншісі – күш жұмсау арқылы тұқырту. Заң – адам өміріне тән нәрсе, оны қолданып жеңіске жетудің бір шарты – бодандардың бәрінің саналы болуында. Өзіміздің көне тарихымызға қатыстырып айтсақ – аталы сөзге тоқтайтын иманды бодан бар жерде заң табысты жұмыс істейді. Яғни әркімнің бойында қазақ әлі ұмыта қоймаған сөз бағалау қасиеті болуға керек. Жүйелі сөз айтылғанда ішкен асын жерге қоятын, көтерген шоқпарын беліне қайта қыстыратын аңғал қазақтың мінез-құлқын империяның барша халқы игеруге керек. Бірақ ол мүмкін емес. Біз шолған жиырмасыншы жүзжылдықтың бастапқы жылдарының өзінде – өзге түгіл, қазақтың өзі де сөзді бағалаудан қалып бара жатқан-ды. Сондықтан да ашынған халықпен заң арқылы күресу – жеткілікті бола бермейді. Демек, еріксізден еріксіз күш қолдануға тура келеді. Заңның әділдігіне иландырудың әдісі – тиісті ретімен күшке салу. Бұдан туатын қорытынды сол – орта ғасыр ойшылы айтқандай, ел билеген патша адамның да, аңның да табиғатында бар қасиеттерді бойына сіңіріп алуы қажет. Ал аң біткеннің ішінен патша еліктеуге ылайықты екеуі бар. Олар – жыртқыштар төресі арыстан мен бұлаң қаққан қу түлкі. Арыстандай қаһарлы, түлкідей әккі болу – біздің заманымызда кеңінен қолданылатын «шыбыртқы мен тәтті нан» тәсілінің бастауында жатса керек. Патша бодандарына түлкі қулығымен «тәтті нан» ұсынып көрді. Алайда бодандар оған қанағаттана қойған жоқ, алдану ойларына да келмей, тағы бірдеңеден дәме етті. Ал патша оларды жәй ғана алдап соққысы келген болатын. Сондықтан, енді арыстан қаһарын көрсетуді ойлады.
– Ол қандай көрініс тапты? – Оның көрінісі – биліктен кеткісі келмейтін әміршіл жүйенің уақыт талабына бейімделіп, түс құбылтуы. Ол халқының қамын жеген боп көрінеді, іс жүзінде қарақан басын ойлайды. Ол демократ болып көлгірсиді, анығында автократтық әрекетпен жең ұшынан жалғасып жатады. Өзіңіз ойлаңыз: патша халқына күллі демократиялық құндылықпен ажарланатын бостандықты сыйладым деді. Шынтуайтқа келгенде, соған өзін алапат қоғамдық бұлқыныс мәжбүр еткеніне қарамай, күллі кеңшілігін өз еркімен жасаған сықылданды. Содан көп ұзатпай-ақ, сол берген бостандығын уысынан шығармаудың қитұрқы әдістерін ойластырды. – Тізгінді тарта ұстаудың шараларын жүзеге асырды дейсіз ғой? – Иә. Сол шақтағы маңызды құжаттың мына бір үзігіне зер салыңыз... «Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін және Дала генерал-губернаторлығы шегінде болып жатқан тәртіпсіздіктерге тоқтау салу үшін Біз: ... Ақмола және Семей облыстарына соғыс жағдайын жариялау... қажет деп таптық». Тоғыз жүз бесінші жылды ақ патша қазақ елі үшін осылай қорытындылады. Өзінің Патша Ауылында өз қолымен астына «Николай» деп жазып бекіткен жарлығымен Дала генерал-губернаторына 1906 жылдың 4 ғинуарында соғыс жағдайында қолданылатын айрықша өкілеттер беріп, қазақтарды тыншытуға пәрмен етті. Ондай ерекше қатал қарау шаралары қазақтар тұратын бар аймақта жасалды. – Және соларыңыз – қазақты жуасытуға жетіп жатқан шара болды. – Соншалықты тура солай да емес. Әрине, құпия полициясымен, жария полициясымен, күллі әскерімен патша билігі – қазақ үшін алынбас дұшпан. Бірақ ол да толымды жауап бола алмайды. Қазақтың бар жауы жалғыз сол деу қате. Одан басқасы да бар. Қазақты тым еркінсітпеудің өтімді тәсілі жүйеге қоса тоқылған. Империя жаратылысына табиғи түрде кірігіп жатқан. Ол – отарлау сипаты. Билеуші ұлт өкілдерінің басып алынған бөтен ел ішін арамшөпше жайлап алғандығы. Өктем астамшылығы, қанға сіңіп кеткен әсіре отаншылдығы. – Өзінен басқада намыс бар-ау деп ойламаушылық... – Шамамен солай. Бірақ жаппай емес, біз оны қоғами зілзала табиғатын ашуда көрсетуге тырыстық. Биліктің жөні бөлек, тіпті либерал деген, озық партия құрды деген орыс зиялыларының өзі бұратаналарды өздерімен тең санамайтын. Олар біртұтас елдің қамын жеп жүргендей болатын. Бірақ сол біртұтас елдің бір бөлшегі болып табылатын бұратана бұлқынысын өзі мойындайтын шеңберден асырмауға ұмтылатын. Сол себепті оның ұлттық астамшылықтан ада болуы неғайбыл еді. Бұған қосымша, бұратаналардың орыстанған бөлігінен келер зардап шаш-етектен-тін... – Қысқасы, соның бәрі – әлгі сілкіністер қабатында жүрген тежеуші күштер. Екі күш біріне бірі теке-тіреске түскендей ахуалда, мың да тоғыз жүз бесінші жылды тыншумен аяқтады. – Солай. Дегенмен бұл ұлы жылдың мәні – қазақтың саяси тыныс–тіршілікке оянғанында. Біз бүгін мақтаныш тұтатын Алаш қозғалысының бастауы сол ұлы дүрбелеңді кезеңде жатқандығымен де бұл жыл ерекше атақты. Оның осы жылғы, біз ашып көрсетуге тырысқан үш сипаты – тарихи төңкерістерімен өмірге ұлы өзгерістер әкелген кезеңнен кемі бір мүшел ілгеріде орын алды. Азаттық аңсаған ұлттық қозғалыстың Тарих сахнасына арыстандай арқырап шығар алдындағы айбат шеге тыншуы осы бесінші жылға сай келді. – Демек бұл тыншу – уақытша құбылыс. – Иә, оның жаңа сілкіністер алды екені анық. Бесінші жыл жаңа сілкіністерге алғышарт жасап берді. Ал Қазақияның алып денесіне қалай қан жүгіріп, дүр сілкіне тулады, бұлар жайындағы сөз – біздің кейіпкерлеріміз жайында айтылатын келер әңгімелер еншісінде...
МАЗМҰНЫ Алғысөз. «Алаш жолы» рисәләсінің оқырмандарына...........................3 АҢСАУ Бірінші тарау..................................................................................................7 Екінші тарау.................................................................................................26 Үшінші тарау................................................................................................43 Төртінші тарау..............................................................................................65 Бесінші тарау................................................................................................75 Алтыншы тарау..........................................................................................106 Жетінші тарау.............................................................................................115 Сегізінші тарау...........................................................................................126 Тоғызыншы тарау......................................................................................149 Оныншы тарау............................................................................................162 Он бірінші тарау........................................................................................175 ТАМЫР...................................................................184 АЙБАТ Сөз басы. Алдамшы уәделер немесе Қоғами зілзала тұтатқышы........267 Бірінші дүмпу. Республика.................................................................................................271 Екінші дүмпу. Одақ...........................................................................308 Үшінші дүмпу. Партия.........................................................................................................355 Сөз соңы. Түйін немесе Жаңа сілкіністер алғышарты.........................................397
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ
Рисәлә
(Қазақ тілінде)
«Каратау КБ» ЖШС, «Дәстүр» баспасының директоры –
Қасымхан БЕГМАНОВ
Редакторы: Асан Қарамырза
Техникалық редакторы: Талғат Әлімжанұлы
Безендірген: Мейрамбек Еңсепбай
Басуға 07.08.2015ж.қол қойылды
Қаріп түрі «Tіmes New Roman». Офсетті басылым.
Пішімі 60х90 1\16. Шартты баспа табағы 25
Таралымы 2000+120дана.
Тапсырыс №
«Каратау КБ» ЖШС, «Дәстүр» баспасы
Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы,
Абай даңғылы, 143. офис 400
Тел.: +7(727)3944293, Ұялы тел.: 87772119934.
Эл.пошта: dastur_09@maіl.ru
Тапсырыс берушінің дайын файлдарынан басылып шықты.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру