TELEGEI

Home

Біржан сал өлеңдері

Біржан сал Қожағұлұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Біржан сал өлеңдері

Қазақ поэзиясын табан асты өлеңдерімен толықтырған – Біржан сал Қожағұлұлы. Ақын өлеңдері әнмен біте қайнасып кеткен. Халықты жаңалықты тануда ерінбеуге, тынымсыз еңбектенуге үндейді. Қаншама қиындық кездессе де тәуекелге барып, табандылық танытуды міндет етеді. Ақыл-білім арқылы адамгершілікті, ...

ӨЛЕҢДЕР

Баласы Қожағұлдың, Біржан салмын1
Адамға зияным жоқ жүрген жанмын.
Адамға анау-мынау бас имеймін,
Өзім сал, өзім сылқым кімге зармын!

Жасым бар жиырмада, жасырмаймын,
Басымнан дұшпан сезін асырмаймын.
Елімнің еркелеткен серісімін,
Сен түгіл патшаға да бас ұрмаймын.

АЙТБАЙ

Атымның қақ тұрады сауырына,
Қос тепкі салып келем бауырына.
Қолынан шай құйдырып ішейін деп,
Келеміз Айтбай сұлу ауылына.

Мамекең Айтбай десем күлімдейді,
Сұр жорға астымдағы сүрінбейді!
Аққудай аспандағы жүз құбылтып,
Сал Біржан ән салуға мүдірмейді.

ҚАЛАМҚАС

Мен жаздым сәлемдеме қаламқасқа,
Сүйгенім болмаған соң сенен басқа.
Бір жауап құрбысына қайтарар деп,
Жалынып мұңымды айттым сұлу шашқа.

Қайырмасы:
Қаламқас, қалдың кейін, мен не дейін,
Барармыз дәм бұйырса, кешке дейін.

АЛТЫН БАЛДАҚ

Қолыма асынғаным алтын балдақ,
Мен келдім Әсемкерді суға жалдап.
Құйрығын екі-екіден талдап өріп,
Қылмитып мініп шықтым қалқаға арнап.

Болғанда кешке таман апақ-сапақ,
Алдымнан шықты сәулем — аппақ шапақ.
Кигені қара қамшат оқалаған,
Басында бір шоқ үкі бұлғалақтап.

Атымның шаужайынан ұстай алды,
Мен кеттім сол қалқаны сөзбен алдап.

АҚСЕРКЕШ

Бір атты сатып міндім елу беске,
Болмайды шапсаң дағы қара кешке,
Бозбала, бекер сал боп неге керек,
Салып қал шын сал болсаң «Ақсеркешке»:

Бәйгеден озып келген атты алайын,
Ер жігіт сынамай ма бақ-талайын.
Жиылып үлкен-кіші отырғанда,
Толқытып «Ақсеркешке» ән салайын.

Жем жейді қара арғымақ «түрт» дегенде,
Аяғын әсем басар «қық» дегенде.
Жерлерге үш күншілік болады азық,
Аузынан жан қалқаның «үп» дегенде.

Бір атты сатып алдым елу беске.
Ертеден болдырмайды қара кешке.
Аралап неше дуан жүрсем-дағы
Өзімдей жан салмайды «Ақсеркешке».

СОҚПАЙ-АЙ СОҚ

Мінезі жүйрік аттың соқпа-ай, соқпа,
Айтамын мен өлеңді осынау топқа,
Сөйлеп қал, қызыл тілім, өлмей тұрып,
Өмірің бір азырақ бар ма-ай, жоқ па?

Қайырмасы:
Хайрым-хайрым-хайрау-хайрау-хайрай.
Ал десе еркін жүйрік азғындаған,
Ақылға кейбір надан бағынбаған.

Жігіттік бойға таққан бір гауһар тас,
Қартайсаң қайта айналып тағылмаған.
Қайырмасы :
Хайрым-хайрым-хайрау-хайрау-хайрай.

КЕРКЕКІЛ

Астымда Керкекілім бұлаңдайды,
Сұлу қыз кербезденіп сылаңдайды.
Ауылын сүйген жардың іздеп бармай,
Көңілім еш уақытта тына алмайды.

Жадағай-жайсыз жерден жүре алмаймын.
Жадырап сенсіз жерде күле алмаймын.
Жасымнан ғашық болып сүйген сәулем,
Басқаны бір өзіңнен біле алмаймын!

БІРЛӘН

Қарағым, айналайын, көз көргенім,
Жоқ сенен көңілімде өзге менің,
Сөзің бал, тісін, меруерт, беу қарағым,
Есімде «мен сендік» деп сөз бергенің.

Қайырмасы:
Ахау Бірлән.
Әнім түрлен,
Ән еді, жаңа шыққан, ахау үри-ай.

Көрінер сұлу жирен жарағанда,
Шаштарың гүл-гүл жайнар тарағанда,
Таңданып жығылуға таянамын,
Мойныңды бұра тастап қарағанда.

Қайырмасы:

ҒАШЫҒЫМ

Ғашықпын тағат-сабыр ете алмаған,
Мұратқа көп ізденіп жете алмаған.
Қайырса қара қарға қаз алмайды,
Жібекті жүн қылады, түте алмаған.

Қайырмасы:
Ғашығым, асылым, қайғың менен-ай
жасыдым.

ҒАШЫҚ ЖАР

Қиын екен жалғанда сүйген ғашық,
Сөйлеспесе екеуі мауқын басып.
Қайырмасы:
Ғашық жар енді аман бол!

Жапырақ жарған ағаштай, жан сәулешім,
Топ ішінде тұрса екен шоқтығы асып.
Қайырмасы...

ЖАЙМА-ШУАҚ

Қарқаралы басында жалғыз арша,
Хатқа жүйрік сол қалқа мұсылманша.
Кішкенеден бірге өскен сәулем едің,
Ғұмырың аз ба, көп пе, әлде қанша?,

Қайырмасы:
Өттің жалған, кештім сайран.
Уә шіркін қыз бала-ай!
Жастықтың әсерімен еттім сайран!

Көл жағалай бітеді көкше құрақ,
Ән салмағың қайда еді-ау Ләйлім шырақ!
Қозыбайдың үйінде мәжіліс боп,
Біржан салған ән екен «Жайма-шуақ».

Қайырмасы:

ЖОНЫП АЛДЫ

Аты еді бұл әнімнің «жонып алды»
Алғандай сұлу жонып өрім талды.
Жасымнан сүйіп айтқан ән болған соң,
Жаңылмай әлі күнге есте қалды.

Жан едім, әсем әнді сүйіп айтқан,
Жағымды көпке бірдей, жұрт ұнатқан.
Келетін нақысына жүз құбылтып,
Кейде өрлеп, кейде шалқып, баяулатқан.

Кім сүймес көкке өрлеген әсем әнді,
Көңілдің күйін шерткен көркем-сәнді,
Болғандай бойға қуат, ойға азық,
Балқытып еріткендей тербеп жанды.

СЫРҒАҚТЫ

Ақ тұйғын құс, қолымда сырғақты ма?
Басып-басып алайын ырғақтыма,
Бозбала, саған айтар өсиетім:
Жақын жүр әлпештеген ардақтыға.

Жанып тұрған жас өмір ал қызыл гүл,
Сипаттауға қызығын жетпейді тіл.
Жауқазын желбіреген жастық шақта,
Өмірдің мағынасына түсіне біл.

АҚ ҚОШҚАР

Өрісім өрдегі «Алтай Қуандық-ты»
Әр кімге көрсетіпті жуандықты.
Аққошқар — Сайдалының заманында,
Бір көлден қырық мың жылқы суарыпты.

Көлі бар «Аққошқардың» саумал атқан,
Бір көлден қырық мың жылқы ішіп жатқан,
Байлығын «Аққошқардың» баян қылсам,
Бес жүз ат Орынборға бір күн сатқан.

АҚТЕНТЕК

Қызы едің Ақтентектің Шұға, Мақпал.
Әр жерде сабырлы ерді тәңірім сақтар.
Көңілі бір-біріңмен болса ғасыл,
Ауылын сұлу қыздың жігіт жақтар.

Қайырмасы:
Гей-гигей-гек-гек-гей-гигей-гек-гек.
Лиллай-лиллай, Лиллай-лиллай,
Лиллай-лиллай-лай-лау.

Қызы едің Ақтентектің Ажар атың,
Еш кімнен кейін емес салтанатың.
Алыстан ат терлетіп келіп едім,
Жүрмісің есен-аман, перизатым!

Қайырмасы....

МАҚПАЛ

Сайына Шағырайдың-ай-ау ағып кеттім,
Жыраға тырнағымдай-ай-ау неғып кеттім.
Бұрымда жаңылмайтын-ай-ау байғұс басым,
Неліктен осы жерде-ай-ау қапы кеттім.

Қайырмасы:
Үриау, үриау, үриау.
Ей Мақпал, мен разы-ай-ау, сертке жетсең,
Жер жерден қиын-қыстау-ай-ау, аман өтсең.

Жанымды бір тиындай-ай-ау, көрмеуші едім,
Өзің біл ғашығыңды-ай-ау, зар еңіретсең.
Қайырмасы:
Шаһардің Иранбағы-ай-ау, гүліндейсің,

Зайтундей ерте піскен-ай-ау, күлімдейсің.
Көп ішіп бойға сіңген-ай-ау, апиындай,
Денеме қанша айтсам да-ай-ау, білінбейсің.
Қайырмасы:

***17
Жігітке кедейшілік ол сергелдең,
Жоқ болса жалғыз атың, өлгенмен тең.
Үйіңе құрбың келіп құр аттанса,

Не керек дүниеде үміттенген!
Шешеннің сөз шығады таңдайынан,
Жұмақтың сізге мекен қандайынан?
Бар болып, байлар кімді асырайды,

Әр кімнің жазған алла маңдайынан.

БУРЫЛТАЙ

І ТҮРІ

Таңбасы жоқ, ені жоқ Бурылтайдың,
Сағасы өткел бермейді терең сайдың.
Құба жонға жүгіртіп шыға келсем,
Жұрты жатыр, өзі жоқ қалқатайдың.

Қайырмасы:
Ақау бикем, жар-жар,
Алма мойын, ақ сұңқар.
Қош есен бол құрбым-ай!

Құрбылықпен жүрдім-ай,
Ақау айдай, жариям айдай,
Жардың көңілін қалдырма қыз қалқатай.

ІІ ТҮРІ

Таңбасы жоқ, ені бар Бурылтайдың,
Сағасы өткел бермейді-ау терең сайдың.
Жүгіріп құба дөңге-ай шыға келсем,
Жұрты жатыр, өзі-ай жоқ қалқатайдың-ау.

Қайырмасы:
Шалушы-ед түйе барып талдың басын,
Кетіп ем болжау қылып, ай-ау, жардың тасын.
Жеріңнен болжалдасқан-ай табылмасаң,

Сыпыра төгіп кетем, ай-ау көздің жасын.
Қайырмасы:

ІІІ ТҮРІ

Қамшы бастым асыға Бурылтайға,
Өткел бермей тоқтатқан терең сай ма?
Жұрт жаңғыртып орнынан бір күн түнде,
Қалқатайдың ауылы кетті қайда?

Қайырмасы:

КӨКЕК

Аты жоқ құс болады көкек деген,
Алдында терезенің секектеген.
Ойымда үш ұйықтасам бар ма менің,
Айрылып сені, сәулем кетед деген.

Қайырмасы:
Ей, ат жоқ көкек бей, ат жоқ көкек!
Кім сүймес шешек атқан көкек айын,
Бейне жаз, менің сүйген сәулетайым.

Ақ қалқам отыр ма екен, жатыр ма екен?
Ей, көкек, ұшып барып білші жайын!
Қайырмасы:
Шекеңе селдіретіп айдар тағып,

Көкек — деп бос жүргенше секең қағып,
Қосайын өле-өлгенше мен әніме,
Қалқадан хабар әкел ұшып барып.
Қайырмасы:

ТЕЛҚОҢЫР

І ТҮРІ

Телқоңыр қайтып кетті елге таман
Ит-құстан барар ма екен есен-аман?
Ит-құстан аман-есен бара қалсаң,
Сәлемді үш қайтара айттым саған.

Жүгіріп жалаң аяқ шықтым қырға,
Басқаға жолда тұрған мойның бұрма.
Кеткенде аулың шалғай, беу қарағым,
Салсайшы өзімдей қып «Телқоңырға!»

ІІ ТҮРІ

Жүйрік ат, қыран бүркіт, қазан атым,
Құлақ сал «Телқоңырға», азаматым!
Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Тез жеткіз Телқоңырдың аманатын.

Телқоңыр қайтып кетті елге таман,
Ит-құстан барар ма екен есен-аман.
Қалқаға үш қайтара айттым сәлем,
Ит-құстан бара қалса есен-аман.

ІІІ TYPІ

Телқоңыр қайтып кетті елге таман,
Ит-құстан барар ма екен есен-аман?
Ит-құстан барса жақсы есен-аман,
Дау-жанжал бүліншілік елім жаман.

Жібердім Телқоңырды елге бар деп,
Жүруге бұл өлкеде жолың тар деп.
Жаныма бағалаған жануарым,
Шығардым осы әнімді саған арнап.

ІV TҮРІ

Телқоңыр қайтып кетті елге таман,
Ит-құстан барар ма екен есен-аман?
Ит-құстан қалса егер есен-аман,
Қалқаға үш қайтара-ау, шіркін, айттым сәлем.

Жүгіртіп жалаң аяқ шықтым қырға,
Басқаға жолда тұрған, шіркін, мойның бұрмай
Басқаға жолда тұрған мойның бұрсаң,
Біржанды зар қыларсың «Телқоңырға».

ЛӘЙЛІМ ШЫРАҚ

Ләйлім шырақ дегенде, Ләйлім шырақ,
Таудан аққан құм қайрақ сен бір бұлақ.
Қайыс болсын, жіп болсын, неге керек,
Шідерімнің бағасы қырық қысырақ.

Қайырмасы:
Өзіме бер, шідерімді тауып алсаң,
Елу теңге берер ем, сүйінші алсаң,
Жерде шіріп қалса да өзіме бер,

Шыбын жаным қиналсын, бітім алсам.
Қайырмасы:
Ләйлім шырақ, дегенде, Ләйлім шырақ,
Мен де өзіңдей жас едім жаңа талап.

Біреуге Ташкент барған алдырып-ем,
Қызыл жібек, қырмызы, пұт-бес қадақ.

КӨЛБАЙ — ЖАНБАЙ

Ар жақта отыратын Көлбай — Жанбай,
Шідерімді кім алды Ләйлім алмай?
Балағы шідерімнің алтын еді,
Асығыстан барамын сұрай алмай.

Қайырмасы:
Көлбай, Жанбай дегенге, Көлбай, Жанбай,
Тізгінімді кім алды, Ләйлім алмай?
Көлбай — Жанбай, тыңдашы, асыл тасым,

Біте қайнап, бірге өскен замандасым!
Көктен жел, жерден шайтан әкеткен жоқ,
Ұрлап алған — өзіңнің қарындасың.
Қайырмасы:

Сегіз би съезіне бердім жөнге,
Шідерімді таң қалар көрген пенде.
Шідерімнің бағасын сұрасаңыз,
Бағасы болады оның жүз мың теңге.

Қайырмасы:
Көлбай — Жанбай дегенге, қалқам шырақ,
Ағып жатқан құм қайрақ, сен бір бұлақ.
Бағасын шідерімнің сұрасаңыз,

Шідерімнің бағасы — қырық қысырақ.
Қайырмасы
Көлбай — Жанбай дегендер асыл сүйек,
Бір тәңірден мен жүрмін тілек тілеп,

Форымын шідерімнің сұрасаңыз,
Сап күмістей балағы, алтын тиек.
Қайырмасы:

ШІДЕР

Көлбай — Жанбай дегенге Көлбай — Жанбай,
Шідерімді кім алды қыздар алмай?
Шідерімнің бағасы атыммен тең,
Ақырында қоймаймын сенен алмай.

Қайырмасы:
Шідеріме сен, Көлбай, қылма зорлық,
Шідерсіз ат тұрмайды, о да — қорлық.
Ат-көліксіз қалам ба, шідерім жоқ,

Шідер үшін, сіздермен араз болдық.
Қайырмасы:
Өзі жалғыз, өзі асау күрең төбел,
Жексем — арба, мінсем — құс, жүрер жедел.

Сатпаймын да, бермеймін еш адамға,
Қолқа қылсаң, басқаны ал, шідерді алма!
Қайырмасы:

АЙЖАН ҚЫЗҒА

Айжанның разы болдым құрметіне,
Жайылар бұл құрметің ел шетіне.
Мал мен бас, ықыласың бәрі бірдей,
Оралған бәрі тегіс ниетіңе.

Қызы екен Айжан сұлу Ақжол байдың,
Құрметін көріп едім мен талайдың.
Бұралған нәзік белі тал шыбықтай
Бұралған жағасында аққан сайдың.

БІРЖАННЫҢ ОМБЫДА БІР ҚЫЗҒА АЙТҚАНЫ

Сіз бұрын естіп пе еңіз Біржан серді?
Бұл Біржан аралаған талай елді.
Жалғанда ырысың бар жан екенсің,
Құлағың естігенде көзің көрді...

АТЫМ БІРЖАН

Алтын мен тең түспейді інжу-маржан,
Асылдан кем болмайды алмас-бірлан.
Әніме сегіз дуан таңырқаған,
Баласы Қожағұлдың атым Біржан.

ОРЫНТАЙ

Дегенге Орынтай-ды, Орынтай-ды.
Қыздардан биыл менің жолым тайды
Қолымды Орынтайға бір жеткізсең,
Берер ем жеңгелікке торы тайды.

Ғашықпын бір өзіңе, Орынтайым,
Басқаны жолда тұрса не қылайын!
Ойымнан жатсам-тұрсам бір кетпейсің,
Жолыңа сәруәр1 еткен бір құдайым.

Орынтай, сен бір күн — нұр естен кетпес»
Сен үшін не болсам да уақа етпес.
Жолыңа шашсам-дағы дүние малын,
Сонда да, Орынтайым, қолым жетпес,

ҚАЛҚАМА

Қалқама хат жаздырдым алақандай,
Тоғыз қыз бір өзіңнің садағаңдай.
Айналып дүние сұмға қолым тимей,
Талпындым көк қауырсын балапандай.

Өлеңім ағын судың басындай-ды,
Найзағай аспандағы тасындай-ды.
Алмасаң тар қойныңа өзің тартып,
Мойныңа өзім барып асылмаймын.

Басынан Бүркіттінің түн қатайын,
Шылбырын Кершұбардың шұбатайын.
Кершұбар маған десе арамқатсын,
Іздеп келген қалқама тіл қатайын.

ПАР ЖЕКТІМ

Пар жектім қос күреңді сүмеңдетіп,
Жеріңе уәғада еткен келдім жетіп.
Уәғадан, өткен айдың жүзінде еді,
Барады әлденеше күндер өтіп.

Қарағым, қарақаттай — көз жанарың,
Ерігіп жаңа келді сөз ажарың.
Жармеңке — жас уақыт өтіп кетіп,
Бұл күнде тоқталып тұр сол базарың.

ҚАРАША

Қараша қыстың басы болады күз,
Дәм жазып осы ауылда болдық қой кез.
Сіздің ел, біздің елмен не деспейді,
Құрбым-ау, оған бола қамықпаңыз.

OH ЕКІ ЗВОД

І ТҮРІ

Қapa нар жүк көтермес бел кеткен соң,
Кең жайлау құлазиды ел кеткен соң,
Бірге өскен кішкенеден қалқатайым,
Жүремін кіммен ойнап сен кеткен соң.

Қайырмасы:
Беу, өттің дәурен,
Өттің сайран,
Жігіттік дағуасына қалдым қайран.

Шалшық су құдық болмас қазбаған соң,
Сабырдан ат өте алмас саздаған соң.
Жете алмай мұрадыма болдым ғарып,
Әуелде тағдыр өзі жазбаған соң.

Қайырмасы:
Беу, өттің дәурен,
Өттің сайран,
Жігіттік дағуасына қалдым қайран.

Қазғанмен су шықпайды тау басынан,
Бір лексе сөз кетпейді сау басыңнан.
Ер жігіт бір қисайса түзелмейді,
Әуелде жаңылған соң тәубәсінан.

АХАУ, АРИ-АЙДАЙ

Ахауға мен салайын ари-айдай,
Артымда құрбыларға сөзім қалды-ай,
Үш жүздің баласына еркеледім,
Әншілік бұдан артық болсын қандай?

Ахауға мен салайын он екі алуан,
Сөзімде менің айтқан жоқ тұр жалған.
Арасын Орта жүздің аралап ем,
Өтерсің бізден-дағы, дүние жалған!

ОРЫНБОР

Жігітке жарамайды ызақорлық,
Дауысқа келмесе де, еттім зорлық,
Бозбала, сала білсең осы әнге бас,
Аңызым жаңа шыққан «Орынборлық».

Қолыма ұстағаным қу қарағай,
Не болды, дауысым, саған сырғанамай!
Күлмейін, ойнамайын десем дағы,
Барады өтіп дәурен бір қарамай.

Ажарың ақ түлкінің ажарындай,
Құс кетпес айдын көлден күз арылмай
Ауылдан қыз кеткен соң, қызық кетер,
Тарқаған жәрмеңкенің базарындай.

Домбыра алдым қолға сегіз перне,
Қызығы бұл шіркіннің тарқар жерде,
Қолға алып арлы-берлі тартқанымда,
Жаны жоқ кеудесінде адам дерге»

ТАЛАЙ ЗАМАН

Мен Біржан болғалы талай заман,
Пар келмеген еш әнші тіпті маған.
Бір сұлу қыз Найманда бар дегенмен,
Бек мұқтаж көруге болдым соған.

Мен Біржан болғалы биыл емес,
Өлең шіркін біздерге қиын емес.
Алты қырдың астынан ән шырқасам,
Дауысым отарбадан кейін емес.

Қарайып қара көлде қамыс қалды,
Ауылы ғашық жардың алыс қалды.
Ауылы ғашық жардың алыс қалып,
Сағынғаннан қараумен көзім талды.

ЖЕТІСУ

Мен өзім Жетісуға барып қайттым,
Манабын жақсылардың көріп қайттым.
Қыздары Жетісудың сұлу екен,
Жиғаным-тергенімді беріп қайттым.

АҚЖОРҒАЖАН

Басына кәмшат бөрік қиғашырақ,
Қыз сапы бас болғанда, біз — шам-шырақ.
Ала үйрек, алма мойын перизатым,
Болмаппын сізбен таныс бұрынырақ.

Қайырмасы:
Ақжорғажан, Ақжорғажан,
Жігітке қыз сыйласа-ай-ау болмайды арман
Мінгенім дәйім менің Сұрқызылтай-ай,

Көңілім сізді көріп бір бұзылды-ай.
Көзіме әйбаттанып көрінесің,
Бейіште сегіз сарай хор қызындай.
Серінің серменуге көңілі ауды,

Ойландым бастайын деп бір хиялды.
Түсті ғой, жолдастарым, сәуле еске,
Ап келші қамыс құлақ Бозқоянды.

ІІ ТҮРІ

Боз үйден таң алдында шығар күйеу,
Артынан жары қарар бетін басып.
Келгенше енді айналып кім бар, кім жоқ,
Қарағым, бір сүйгізші, аха-хай-ау,— аузыңды

ашып, ей-ау....

ЖАСТАРҒА

Ер жігіт дүниені көрген артық,
Дүниеде не бар-жоғын сезген артық.
Түскендей аспан жерге іс болса да,
Бел байлап, тәуекел деп төзген артық...

Қол берген қиын жерде жолдас артық,
Бас тартқан жолдасынан оңбас артық.
Өзіңмен бірдей жанып, бірдей күйген,
Досыңнан қатын-балаң болмас артық.

Жігітке сайран етіп жүрген артық,
Жігіттік бір кеткен соң келмес қайтып.
Дүниеде үйде жатып босқа өлгенше,
Жан-тәнің бірдей жанып күйген артық.

Осылай бозбалаға салдым нұсқа,
Өмірің зайып болар бекер босқа.
Көргенің бір күнгідей болмас сірә,
Міне ажал, келді наубат2 деген тұста.

ҚОСДӘУЛЕТКЕ

Үйімде жатыр едім көрінбей-ақ,
Ән салсам кез келгенде ерінбей-ақ.
Қолым қысқа болған соң, амал бар ма,
Бір биеден құлын туар өзіңдей-ақ!

Ұсынсам қолым жетпес туған айға,
Айтсам да арызым жетпес бір құдайға.
Жылына бес жүз теңге тапсам-дағы,
Жақпадым өзім әкем Тұрлыбайға,

ҚАСЕНГЕ

Кетейін сөйлеп-сөйлеп сөз келгенде,
Түзелер қисық ағаш тез келгенде.
Өлеңді мұнда айтпаған, қайда айтамын,
Жақсылар, тату жолдас кез келгенде.

Қасеке, Назар, Нияз-ата-бабам,
Сөйлейін бір азырақ келсе шамам!
Тоқсан түйе, тоғанақ жүгіменен,
Бай-батшаңыз келді ме есен-аман?

БАЙПАҚҚА

Ей, Байпақ, өлең айта келдім саған,
Қалтаңда бір сом болса, берші маған!
Біржанды өліпті деп естігенде,
Сабаң мен азаң болсын салған маған.

КҮЛЕН-МАЙМАҚҚА

Сен өзің туғаныңнан маймақ едің,
Есіл бойын Көкшолақпен жайлап едің.
Қаңғырып Қызылжардың көшесінде
Қылжаңдап арақ ішкен парнақ едің.

— Атандың дәулет бітіп Күлен-Маймақ,

Жігіт болар, мінекей, осындай-ақ.
Жігітке бақыт бітсе, гүлденеді,
Кешегі қалыбыңа тартпа бірақ.

ШОРМАННЫҢ МҰСАСЫНА

Ассалаумағалейкүм, атың Мұса,
Жүзіңді бір көруге едім құса!
Қуандық-Сүйіндіктің қазығысың,
Кешегі етіп кеткен әкеге ұса.

Шорманнан туған екен төрт асылтас,
Дәуірлеп орнап отыр мал менен бас.
Мұстафа, Аужан, Иса, Мұса мырза,
Ығыңды паналаған дос пенен қас.

Атың Мұса болғанда, әкең — Шорман,
Артық қылса, әр кімді тәңірім қылған.
Өзің сұлтан болғанда, інің — болыс,
Егіз болып бар ма екен сендей туған?

Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Адамға зияным жоқ, жүрген жанмын.
Өлеңнің бес-алты ауыз арқасында
Үш жүздің баласына ашына-жаймын.

Сіз шыққан арғы атаңнан шынжыр балақ,
Орнаған сізге бақыт аямай-ақ.
Мұсеке, сізге өтірік, маған шын,
Тай-құнан топтан озып, болдым саяқ.

Мұсеке, біздің әнге кенелерсің,
Әнімді естігенде бұлбұл дерсің!
Ән салсам дауысымды көкке шырқап,
Бұл үйдің сындырамын терезесін.

БАЛҚОЖАҒА

Балқожа, сенің әкең — Құдайберген,
Әрқашан жаман болмайд жақсыға ерген.
Кешегі жаңа закон шыққан кезде,
Оязнай елге шығып бала берген.

Иіс-қоңыс, іріп-шіріп жатқанында,
Қолыңнан Азынабай ұстап берген,
Көтерем аусыл болған өгіздерше,
Жаңа шығып келесің биік өрден.

«Көн құрысса, қалпына барад» деген,
Атаңды мен қайтейін аштан өлген.

ТҰРЛЫБЕККЕ

Тұрлыеке, үміткерміз бір құдайдан,
Қарада хан өтпепті Абылайдан.
Тұсында Абылайдың құтпан болған,
Сөйлейін баян қылып Жолдыбайдан.

Сұрасаң руымды Алтай-Қарпық,
Мен келдім дуаныңа шеру тартып,
Алым жоқ, рамат та жоқ, ел жайында,
Шен алдың осы күнде, ол бір анық.

Болғанда өзің советник, Жүсіп қазы,
Әулие боламысың бұдан артық.
Мал мен бас, бақыт, өнер — бәрі түгел,
Теңіздің мұқитындай тұрсын, шалқып.

АЛТЫН ҚЫЗҒА

Алтынжан, сен де Керей, мен де Керей,
Ән салсам бүлкілдейді айыр көмей!
Алтынжан, домбыраңды маған берші,
Тағы да істеп берер арық Керей.

Алтынжан, домбыраңды сұрағаным,
Домбыраң маған тіпті ұнағанын.
Құбылтып неше түрлі әнге қоссам,
Қояр еді жас бала да жылағанын.

Алтынжан, домбарыңды берсең маған,
Риза боп жүрер едім мен де саған.
Дәм жазып бір жат елге бара қалсаң,
Еске алып, барып жүрер Біржан ағаң.

ЖАНБОТА

Жанбота, осы ма еді өлген жерім,
Көкшетау боқтығына көмген жерің?
Кісісін бір болыстың біреу сабап,
Бар ма еді статьяда көрген жерің?

Қайырмасы:
Жанбота өзің — болыс, әкең—Қарпық,
Ішінде сегіз болыс шенің артық.
Өзіңдей Азнабайдың поштабайы

Қолымнан домбырамды алды тартып.
Тартса да, домбырамды бергенім жоқ,
Есерді поштабайдай көргенім жоқ.
Қамшымен топ ішінде ұрып еді,

Намыстан, уа, дариға, өлгенім жоқ...
Қайырмасы:

АДАСҚАҚ

Созады Біржан даусын қоңыр қаздай,
Басқаға бір өзіңнен жүрмін жазбай.
Бас қосқан мәжілісіміз болады деп,
Жанбота, мазамды алдың ала жаздай.

Біржанды өзің қойдың, еркелетіп,
Салады Біржан әнді ентелетіп.
Есерге поштабайдай көз алдыңда,
Біржанды қойғаның ба желкелетіп?!

Қайырмасы:

ЖАНБОТАҒА

Жанбота, жоқтамадың, кетті кегім,
Өтпеді басқа елге болыстығың!
Неше жыл арасында өтсе дағы,
Бір жоқтар сүйегімді Иса інім.

ЖАНБОТАҒА ТАҒЫ БІР АЙТҚАНЫ

Бұрынғының биіндей би қалмады,
Бүгінгінің биінде ми қалмады.
Хатым — құран болмаса молдалардан,
Өлікке тамнан басқа сый қалмады.

Бұрынғының билері тамам болды,
Ендігінің билері жаман болды.
Арғымақтың аяғын арқан шалып,
Есек озып бәйге алған заман болды.

ӘЙЕЛІ ӘПІШКЕ АЙТҚАНЫ

Үш жүзге бойың жеткен биік аршын,
Үш жүзден таңдап алған ғашық жарсың.
Именбей ақ төсіңнен аймалатшы,
Иіскеп шыбын жаным сая тапсын.

Жайлауы еліміздің — мидай дала,
Түріндей масатының күрең ала.
Ел кезіп, өз үйіме оралғанда,
Мұңдасым, көңіл ашар Әпіш қана.

Жылама енді, анасы, сен де бекер,
Біржанға уақыт жетті алыс кетер.
Артымда жастай қалған құлындарым,
Тірлікте әлі-ақ бір күн, өсіп жетер.

АТЫҒАЙДЫҢ ЕЛІНІҢ АДАМДАРЫНА АЙТҚАНЫ

Атығай қайран елім, қоныстасым,
Бар еді, құрбы-құрдас, шын мұңдасым.
Құданың құдіретімен уақыт жетті,
Барады алыс жолға ғарып басым.

Сәлем айт, Атығайдың баласына-ай,
Жасы кіші, жасы үлкен ағасына-ай.
Ортаңда түрлендіріп ән салғанда,
Біржанға қалушы еді таласып-ай.

Сәлем айт, құрбы-құрдас замандасқа,
Көп еді мұңдастарым ауылдаста.
Саулықта ойнап-күліп жүретұғын
Мұңшылдық түсіп тұр ғой ғарып басқа.

Қазғанмен су шықпайды қыр басынан,
Бір іліксе сөз қалмайды сау басыңнан.
Ер жігіт бір қисайса оңалмайды,
Басында жаңылған соң тау басынан.

ЖАНБАС СИПАР

Ұшына орамалдың түйдім сусар
Көп жылқы көкалалы көлде жусар.
Кешегі ел қыдырған есер шақта,
Ән еді Біржан салған «Жанбас сипар».

Деген соң біз қартайдық, біз қартайдық,
Белгісі қартайғанның серттен тайдық.
Қанекей, соныменен шыққан мүйіз,
Қасына сұлулардың көп жантайдық.

Берген соң тәңірім әмір, ақ бас болдық,
Бала мен ағайынға жақпас болдық.
Көрген соң, көзі құрғыр шыдай алмай,
Ойланып адам ебін таппас болдық.

КӨКЕЙКЕСТІ

Ай қараңғы көрінер солған сайын,
Пенде азар кемеліне толған сайын.
Адамға ашу — пышақ, ақыл — таяқ,
Таяқ та мұжылады жонған сайын.

Мінгенім дәйім менің — күрең бесті.
Жүрісіне жануардың көңілім өсті.
Есіме сен түскенде, қайран елім,
Шығарған әнім еді «Көкейкесті».

Мінгенім ел көшкенде көкше бесті,
Жәкейден Мамай көлге елім көшті.
Есіме түскенінде құлындарым,
Елжіреп іші-бауырым жерге түсті.

ЖАҚСЫ МЕН ЖАМАН

Біреудің аспанда жүр даражасы,
Біреудің көкте қолы, жерде басы.
Жақсының жаман менен айырмасы —-
Ойласаң, жер мен көктің екі арасы.

Жігітке ақыл — пана, уайым — қорған,
Сабыр сақтар жігітті қазған ордан.
Көрмегенді көрдім деп айтқан адам —
Білсеңіз, ол бір жаман хайуаннан.

БҮРКІТШІ

Бүркітті, асуыңнан талай өттім,
Қалың ну орманыңда сайран еттім.
Айнала Жөкей көлдің жағалауын,
Шіркін-ай, бір көруге арман еттім.

МӘТІ — ДӘУЛЕН

Ар жақта Керей Уақ, Мәті — Дәулен,
Сайланған жігіттікте бұл бір дәурен.
Ішінде осыншалық формың артық,
Жаратқан құдай артық жалғыз сәулем.

ТЕМІРТАС

Біржан деп атым шықты алты алашқа,
Құдайым берсін ғұмыр Теміртасқа.
Жасына алпыс бестің келгенімде,
Құдайым берді науқас ғарып басқа.

БІРЖАННЫҢ ҚАРТАЙҒАН ЖӘНЕ СЫРҚАТТАНҒАН КЕЗІНДЕ ШЫҒАРҒАН ӨЛЕҢДЕРІ

1

Ал, дүние, өтеріңді біліп едім,
Білдірмей серілікпен жүріп едім.
Бұл күнде арық қойдан бағам кейін,
Үш жүзді сайран қылған Біржан едім.

Қарасу есік алды лайланды,
Бай қылмақ, кедей қылмақ құдайдан-ды.
Қамзолдай қысқа пішкен дөңгеленіп,
Дүние өтерінде шыр айналды.

Ағаш үй от жаққаным қобылап пеш,
Құдай-ау, ғапу етіп күнәмді кеш!
Теміртас, Асыл, Ақық — қарақтарым,
Байлаулы арқандағы қолымды шеш.

Теміртас, Асыл, Ақық қалдың зарлап,
Ежелден мирас екен зарлап қалмақ.
Көз көрген құрбыларға сәлем деңдер,
Дұғасын оқи берсін әдейі арнап.

Ел кездім кертөбелмен арықтатып,
Жақсыға сөз сөйледім анықтатын.
Үш жүздің ортасында Біржан едім,
Бұл күнде қойды құдай шалықтатып.

Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,
Кем қылмай өсіріп ем салтанатты.
Әкең, ем аяйтұғын жанын, ашып,
Шешсеңші, білегіме арқан батты!..

2

Саясы кем болады қу қайыңның,
Жігіттер керегі не құр уайымның.
Келгенде алпыс жасқа қонды қонақ,
Білмеймін не қыларын құдайымның.

Ақ үйдің ай көрінер маңдайынан,
Шешеннің сөз шығады таңдайынан.
Теміртас, Асыл, Ақық қарақтарым,
Сүйгізіп жүрсеңдерші маңдайыңнан.

Теміртас, Асыл, Ақық қарақтарым,
Үкідей жақсыларды балақтадым.
Бірге өскен құрбы-құрдас замандастар,
Есікке келе ме деп алақтадым.

Салғаным ағаш үйге взвотты пеш,
Жаратқан мен пенденің күнәсін кеш.
Сан денеме қыл арқан жаман батты,
Қайдасың, Асыл, Ақық, қолымды шеш.

Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,
Қинауға салады екен адамзатты.
Үкідей желпіндірген қарақтарым,
Шешсеңші, білегіме арқан батты!

3

Арқаның түгел көрдім кәрі-жасын,
Ұмытпас құрбы-құрдас замандасым.
Ойланам, ауруымның түрі жаман,
Біржанның кім ұстар деп домбырасын.

Аурудан ақыл кетіп адасам ба?
Жақсымен бұрынғыдай жанасам ба.
Білмеймін бұл аурудың не қыларын,
Егерде алам десе таласам ба?

4

Жәкейдің ат суардым тұнығына
Ажалдың кім ілінбес құрығына.
Кешегі ел қыдырған есер кезде,
Қызыл су жұқпаушы еді жұлығыма.

Туған ел, көрші-қолаң қоныстасым,
Нағашы, қайын жұртым, ауылдасым.
Аз күнде алыс жолға сапар шегем,
Аман бол, бәрің-дағы бауырласым.

Қара нар жүк көтермес саздаған соң,
Су шықпас ойпаң жерден қазбаған соң.
Жете алмай мұратыма болдым қапа,
Тағдырда хақ-тағала жазбаған соң.

Жұрт қойған «Біржан сал» деп атымды атап,
Олжаға батушы едім қысырақ матап.
Елімнен озып шыққан ақын едім,
Біржанды сырқат деген шыққан лақап.

Секірткен тау мен тасқа қарақтарым,
Дүниеде баға жетпес, шырақтарым.
Сол құдай, Шөжені алған, мені алмай ма ?
Тиыш болар бір аздан соң құлақтарың.

Теміртас, Асыл, Ақық, затың басқа,
Құдайым өмір берсін Теміртасқа.
Келмейді көп айтуға менің шамам,
Сәлем айт, құрбы-құрдас замандасқа.

Алдымда шам-шырағым, Теміртасым,
Тілегім сенің ұзақ болсын жасын,.
Хош болыңдар бауырым, балапаным,
Байқаймын ажал шіркін құтқармасын.

Білмеймін таң атып, күн батқанын-ай,
Аяқ-қолым байлаулы жатқанын-ай.
Үш жүзге мәлім болған Біржан едім,
Дариға, қолға арқанның батқанын-ай.

Теміртас, Асыл, Ақық қарақтарым,
Алдында жақсылардың бұлғақтадым.
Өгіздей ерге тартқан әкең өлсе,
Не болар сонда күнің, шырақтарым.

БІРЖАНҒА ХАТ

Мінсе берік, шапса жүйрік қазан атым,
Құлақ сал «Телқоңырға» жамағатым.
Баласы Қожағұлдың Біржан салға,
Жіберген хат пен қалам, аманатым.

Мінуші ем кербестіні жылқы жия,
Біржанға арнап ақ қағаз, алдым сия.
Сібір мен Орынборға атым шыққан,
Баласы Басығараның Қанапия.

Тас бітер тау басына қия-қия,
Қолыма қалам менен алдым сия.
Әдейі үш-төрт ауыз Біржанға арнап,
Сөз жазған осылайша Қанапия.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙