inDriver. Якутиядан Кремний алабына дейін
Арсен Томский
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бұл кітаптан Uber, Яндекс Такси, Didi және басқа да таксиге тапсырыс беру сервисінің жаһандық бәсекелесі – inDriver компаниясының ерекше тарихын оқисыз. 2012 жылы Сібірдің шалғай түкпірінде әлеуметтік желідегі топ ретінде басталған inDriver бірнеше жылдан кейін әлемнің ондаған елінің қалаларын қа...
Арсен ТОМСКИЙ
іnDrіver
ЯКУТИЯДАН КРЕМНИЙ АЛАБЫНА ДЕЙІН
Жаһандық технологиялық компанияның құрылу тарихы
Аударған: Ә. Сүлейменов
Almaty, 2022
ӘОЖ 159.9
КБЖ 88.1
Т 50
ТОМСКИЙ Арсен іnDrіver. Якутиядан Кремний алабына дейін. Жаһандық технологиялық компанияның құрылу тарихы. Нұр-Сұлтан: – 2022 жыл. – 280 бет.
ІSBN 978-601-7847-63-0
Кітапта «Uber», «Яндекс Такси», «Dіdі» және басқа да таксиге тапсырыс беру сервисінің жаһандық бәсекелесі – «іnDrіver» компаниясының ерекше тарихы баяндалады. 2012 жылы Сібірдің шалғай түкпірінде әлеуметтік желідегі топ ретінде басталған «іnDrіver» бірнеше жылдан кейін байтақ әлемнің ондаған елінің қалаларын қамтып, жүздеген миллион доллармен бағаланатын дәрежеге жетті. Компанияның негізін қалаушы әрі бас директоры Арсен Томский өзінің өмір жолын шола қарап, жатық әрі тартымды әдіппен әңгімелеу арқылы ұйымшыл да ынталы команданың күшімен халықаралық компания құрудың нақты тәсілдері мен құпияларын ортаға салады.
ӘОЖ 159.9
КБЖ 88.1
Барлық құқығы қорғалған. Авторлық құқылар иесінің жазбаша рұқсатынсыз бұл кітаптың ешбір бөлігін, интернет кеңістігі мен корпоративтік желілерге жайғастыруды, сондай-ақ жекеше және көпшілік пайдалануы үшін ЭЕМ жадына жазып қоюды қоса алғанда, әлдеқандай пішімде және құралдарда жариялауға болмайды. Баспаның электрондық кітапханасына кіруге рұқсат алу мәселесі бойынша іnfo@kіtap.kz адресіне хабарласыңыз.
ІSBN 978-601-7847-63-0
© Томский Арсен, 2022
Осы кітапты анам Раиса Гаврильевна Ивановаға арнаймын
АЛҒЫ СӨЗ
Қарсы алдымдағы еңісте, алыста шетсіз де шексіз бұлттардың мұхиты бұлаңытып, оның астында көзге көрінбейтін Танзания саваннасы жатты. Бұлт қабатынан биіктігі 5 149 метр Мавензи шыңы шошая шығып тұр. Мен бір жарым километрдей жоғары, Африка құрлығындағы ең биік тау, Килиманджаро шыңындағы кратердің шетіндегі шоқы – Гилмайнс-пойнтқа көтерілер жерде тұрмын. Алакөбең шақтың бозғылт реңін жарқын да жылы түске бояп, осылардың үстіне күн біртіндеп көтеріліп келеді. Шыңға бірге шығып келе жатқан қасымдағы серіктерім осынау көріністің таңғажайып сұлулығына арбалып қалғандай, үн-түнсіз қарап тұр. Әлі екі сағаттай жүріп жететін шыңды ойладым. Алты күндік биікке өрлеудің екі сағаты ғана. Әбден болдырдым, түнгі өрлеу енді 8 сағатқа созылады, жүрегім айнып, басым шытынап барады, бұл – тау кеселінің нышаны. Түбі жететінімді білемін, әйтсе де жете алмай, жарты жолдан қайтудың қаншалықты өкінішті екенін ойлай беремін. Мұның өзіңді тұтастай жұтып қойып, еркіңді билеп-төстейтін, одан арғы іс-әрекеттеріңді тізгіндеп, ырқыңды тежейтін сұмдық гештальт болары сөзсіз. Сонда маған «мынауың кәсіпкердің тірлігіне немесе, бүтіндей алғанда, әлдебір асуды межелеп алып, оған жете алмай қалсақ, кейде өзімізді тұлға ретінде тұралататын өмірдің өзіне ұқсас екен ғой» деген ой келді. Әлгі жолдың үстінде сәтсіздікке ұшырау қорқынышты, жете алмай, жол ортада қалу уайымы сенімімізге селкеу түсіріп, күш-жігерімізді сарқады, тұрмыс пен жұмыстың рахатына кенеліп, өмір соқпағымен ілгері ұмтылуымызға кедергі келтіреді. Тап сол сәтте маған аян берілді! Ол мені тұтастай бауырына басып, баурап алды. Тау кеселі, шаршап-шалдығу, табиғат көрінісінің сұлулығы – бәрі шетке ысырылды. Бар нәрсенің кілті мақсат қоя білуде екен! Егер тауды бағындырғың келсе (күлкілі естіледі, иә, өйткені өзінің үстіне тырмысып шыққан-шықпағаныңда таудың шаруасы жоқ, оған бәрібір), тек жеңіс пен жеңілістен, тек 0 мен 1-ден тұратын үзік-созық мақсат қойсаң, құздан қарғып өтуге шамаң жетер ме екен, себебі бұл – тым осал ұстаным, елеске алданып, жолдан тайып кетуің әбден мүмкін. Ал ұстанымды өзгертіп, текшені басқа жағына аударып, жаңа тәжірибе, әсер алып, мүмкіндігіңізді жетілдіріп, ең бастысы дамығыңыз келсе, жай-ахуал түбірінен жақсарады. Шыңды ғана бағындырмайсың, күшті, озық болып, әлдебір құнды бір нәрсені иеленіп, кейін өзгелермен бөлісу үшін жоғары жаққа ұмтыласың. Сонда межеге жете алмасаң да, қолыңнан келгеннің бәрін істеп, ақылды, жігерлі де дарынды әрекет еткеніңді білесің, бұл, әйтеуір, жеңіс болмаса да, жеңіліс емес қой?! Бойыңда отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын сарқыншақ пайда болады да, жеңіліске ұшырау үрейінің, 0 алып қалу қорқынышының тұзағына түспейсің. Жаңа мақсатты ұстану саған күш беріп, сенімділік дарытады да, жай тауды «бағындыруды» ғана мұрат тұтқаннан басымдау мүмкіндікпен ұшар басына дейін жетесің. Оның үстіне шыңға өрлеу ісінің өзінен шынайы ләззат аласың. Мен жоғарыдан көз суырған табиғи көріністі фотоға түсіріп алдым, біз одан әрі жүріп, бірер сағаттан соң шыңның ұшпағына шықтық, бір-бірімізді құшақтаған қалпымызда көз жасына ерік бердік. Осы саяхат барысында бойымызға күш бітіп, жан дүниеміз жақсарды, даму жолында тағы бір қадам жасадық.
КІРІСПЕ
Мен Якутскіде, әлемдегі ең суық қалада дүниеге келдім. Ол Ресейде. Сібірдің солтүстік-шығыс бөлігінде, құрлықтың түкпірінде орналасқан. Баяғыда, миллиондаған жылдар бұрын, тап осы жерде тропикалық мұхиттың толқыны шылпылдап жатқан, онда трилобиттер мен плезиозаврлар жүзіп жүрген. Кейін иен жазықты мамонттар мен жүндес мүйізтұмсықтардың үйірі кезіп жүрді. Қазір сол заманаларды мәңгілік мұздықтан – топырақпен араласқан тұсы 1 500 метрге шейін жететін мұздың аса қалың жерасты қабатынан жиі табылатын тасқа айналған сүйек қаңқалар еске салады. Осы өлкеге бірнеше ғасыр бұрын менің азғантай халқым сахалар, яғни орысша – якуттар табан тірепті. Ғылыми деректерге сүйенсек, ата-бабаларымыз ерте Орта ғасырларда Байкалдың батыс беткейін жайлаған, кейін мәжбүрлі түрде, негізінен, жауынгер моңғол тайпаларының қысымымен Сібірге көшкен далалық түркі халықтарының бірі екен. Дұрысында, мәселе төтесінен қойылған: не Сібірге кету керек, не бостандық пен дәстүрлі тірліктен ажырау керек. Әйтпесе оңтүстіктің жылқы баққан көшпенді жұртының қысы сегіз айға созылып, ал ауа райы –600С-қа дейін суытатын өлкеге қоныс аударуын басқаша түсіндіру қиын. Бұл – бүкіл Жер бетіндегі адамдар тұратын ең суық жер. Мұндай жағдайда күнелтіп, аман қалу қиын, ал ата-бабамыз соған төзе білген. Бәлкім, қатал тұрмыс мектебінің тәрбиесі шығар, саха халқының бірқатар ерекше қасиеттері бар, әсіресе олар тапқыр, табанды, сауда-саттыққа икемді және нақты ғылым салалары мен көркем шығармашылыққа бейім келеді. Кеңес ғалымдарының отбасында дүниеге келген мен де ғылыммен айналысар ма едім, кім білсін, бірақ мызғымастай көрінген Кеңес империясы өзінің тіршілігін тоқтатты да, төңіректің бәрі санаулы жылдар ішінде түрленіп сала берді. Соның нәтижесінде технология кәсіпкерінің жолын таңдадым. Бұл кітапта сол жылдардан басталып, әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан қызықты саяхаттарым хақында баяндаймын. Өз өмірімнің суреттемелері арқылы, кейбір жағдаяттарға қарамастан, тартымды әрі теңдессіз хикаяны түзіп, жоқтан бар жасауыма жол ашқан идеялар мен күш-қуат көздері жөнінде әңгімелеймін. Стартап-қозғалыстар пайда болғалы бері шалғайда, шағын қалада, ең қиын жағдайда, ешқандай қолдап-қоштаусыз, әлемді дамытуға үлес қосу мұратымен құрылған, жер-жердегі – Сібір жатақтарынан Африкадағы масаи мекендеріне, Камчатка вулкандарынан Оңтүстік Американың Анд тауларына дейінгі, Арктика жағалауынан Калифорния шығанағына дейінгі байтақты мекендейтін адамдардың тұрмысына игі ықпалын тигізетін жаһандық ауқымдағы компания болған емес. Бұл кітап біздің «Индрайвермен» таңғажайып уақиғалардың нағыз қызған шағында жазылды. Ендеше, одан әрі не болатынын білудің өзі қызық қой. Бұл – табысқа жетудің жылтыраған баяны емес, нақты өмір шындығы жайында ешқандай шектеусіз әрі боямасыз ашық әңгіме. Менің хикаям әлдекімді тыжырынтуы, тіпті шошытуы мүмкін, бірақ кітап мейлінше әсер етуі үшін дұрыс тәсіл таңдап алғаныма сенімдімін, өйткені негізгі мақсатым – адамдарды кез келген өмір жағдайларында дамуын тоқтатпай, ортақ іске өз үлесін қосуға ынталандыру. Мұны күш-жігер көздері мен даму ресурстарын түрлі кітаптарда, семинарлар мен бизнес-мектептерде жиі айтылатын қолданбалы бизнес-тәсілдер мен әдістемелерден гөрі тереңірек ашу арқылы жасағым келеді.
Кеттік, ендеше.
БІРІНШІ БӨЛІМ. БАҒДАРЛАМАШЫ
«Өміріңізде болып жатқан нәрсенің бәрі – мүмкіндік, тек оны қалай пайдалану жөн екенін түсіне алсаңыз».
Уеллес УОТТЛЗ 1980 жылдардың соңында Якутск күнелтіске қиын жер болды. Елдің жағдайы мүшкілденіп, жаппай тапшылық пен жоқшылық жайлады, адамдар абдырап, не істерін білмей қалды. Мен ғылыми интеллигенцияның отбасынан шыққан қарапайым оқушы едім, басқа балаларға қарағанда сәл «оқымыстылау» болғаным сондықтан да шығар. Он екі жасқа толғанша, сірә, классикалық балалар әдебиетін – Александр Дюма мен Жюль Верннен бастап Диккенс пен Раблеге дейін түгел оқып тастаған шығармын. Менің бойымнан кәсіпкерлік нышандары мен ниет байқала қойған жоқ, көптеген белгілі кәсіпкерлер балалық шақта жасағандай, мен сыныптастарыма, көршілеріме лимонад немесе жапсырма суреттер сатқан емеспін. Бірде көшеден 3 сом (сол жылдар әжептәуір ақша еді) тауып алып, жай әшейін бүкіл сыныпты дүкенге апарып, тәтті бөлке мен сүтке тойдырғаным бар. Тағы бірде парталас көршім маған 40 сомдай ақша будасын көрсетіп, шешесінің тартпасынан жымқырып кеткенін айтты. Ауызбастырық үшін әлгі қомақты ақшаның жартысын беруін дереу талап еттім. Бірақ келесі сабақта, сол жылдары жиі қайталанатын жағдай бойынша, Никарагуа балаларына жәрдем ретінде ақша жинауды жария етті де, көп ойланбастан, алған 20 сомды бере салдым. Сол арқылы мұғалімдер тарапынан тез тексеру жүргізіліп, бүкіл ақшаның сыныптасымның анасына қайтарылуына себепкер болдым. Шамамен осы кезде әкем бізден кетіп қалды. Қоштасар сәтте жүрелеп отырып, иығымнан ұстаған күйі «енді саған жақсы болады, қиындық көресің, бірақ сол сені ширықтырып, шынықтырады әлі» дегені есімде. Сөйтті де, кете барды. Содан соң оны он бес жылдай көрген жоқпын. Әкемнің тастап кеткеніне еш қиналған емеспін, керісінше, бұл балалық шағымның ең жарқын уақиғаларының бірі болды. Ол маған өте қатал қарады, кейде, әсіресе шешеммен аралары суып кеткен кездері қатыгездік те көрсетті. Әйтсе де әкемнің, белгілі математик-профессордың маған берген сыйы, бәлкім, өзінің гені, нақты ғылымдарға, логика мен алгоритмдік ойлау жүйесіне бейімділік шығар. Әлі есімде, шешем екеуі Ленинградта (Санкт-Петербург) бірге тұрған кезде туған күніме бағдарламаланатын, жол талғамайтын көлік сыйлаған еді. Бұл ызылдап өздігінен жүретін ойыншық машина болатын, оған «бес метр алға, 90 градусқа бұрыл, үш метр артқа, екі рет ат» деген тәрізді қарапайым бағдарлама енгізсең, жетіп жатыр. Бәлкім, нақ осы таңғажайып жаңалықтан соң, өзімді алғаш рет әлдебір ақыл-есті күштің иесі сезінген сәттен бастап бағдарламалау ісіне қызығушылығым оянған болар. Біртіндеп қолға түскен нәрсенің бәрінен, негізінен, отбасым ұзақ жылдар бойы жаздырып алып тұрған «Наука и жизнь» журналынан компьютерлер (көзім көріп, қолым ұстамаса да) мен бағдарлама жасақтаулар туралы мақалаларды оқи бастадым. Бір ғажабы, баланың ынта-ықыласын оятып, болашақта өмірлік жолын таңдауына серпін беру үшін кейде көп нәрсе қажет емес екен. Шешем – өз заманындағы ең білімді әйелдердің бірі. Кенен ақылы, кемел білігі, жайдары әзілі, жайсаң мейірімі оның сұлулығымен, сүйкімді қылығымен үйлесіп тұратын. Мамамды өте жақсы көрдім. Әлі күнге шейін жақсы көремін. Әкем кеткеннен соң, екі жылдан кейін, ол қатты ауырды да, соңғы жылдары ауруханадан шықпай қойды. Менің жанымда кәрі әжем, мейірімді әрі данагөй жан болды. Туысқандардың бәрі бізден теріс айналды. Олардың өз проблемалары бастан асатын еді. Сол кезде он екі жасқа толған балалық шағым аяқталып, күнкөріс қамы басталды. 5-сыныпта қаланың ортасында орналасқан мектебімізге жұмысшылар тұратын шет жақтағы мектепті қосты да, бүкіл елді берекесіздік жайлап, мемлекет әлсіреген тұста бізде де зорлық-зомбылық ғұрыбы үстемдік құрды. Оқудың қадірі қашты, топ бастаушы серкелер бұзақылар болды, олардың көбі кейін түрмеге қамалды немесе қылмыстық тартыстарда қаза тапты. Мұғалімдер өздерін немқұрайлы ұстады. Жыл өткен сайын маған мектепке бару қиындай берді. Осының бәрі менің кеселім – кекештікті асқындырып жіберді: бала күнімнен қатты тұтығып сөйлеуші едім. Енді тіпті дүкенге барып, қарапайым нәрсені сатып ала алмайтындай халге жеттім. Бірақ ортаға бейімделіп, қатарымнан қалмауға тырыстым, басқа балалармен бірге бөтен саяжайларды шарлап, түрлі ұсақ-түйектерді үптеп кетуге, өзіміз тұратын ауданға келген бөгде адамдарды тонауға, кейде төмпештеп ұруға да қатысып жүрдім. Сірә, елді жайлаған жаппай тапшылыққа байланысты шығар, мұндайда бізде алкоголь, есірткі дегендер мүлдем болған жоқ. Ақырында тірі жетімнің жай-ахуалы мен агрессивті сыртқы ортаның ықпалы бірнеше жылдың ішінде мені құрыштай шыныққан, толықтай дербес, өмірдің кез келген қиындығына төтеп бере алатын жауапты адам етіп шығарды. Мен үшін әлі күнге шейін «балаға не жақсы» деген сұрақтың жауабы табылмай тұр. Төңіректегілердің бәрі өбектеп, еркелететін, сондықтан да сен (менің ойымша) өзіңді өмір бойы бақытты сезініп өтетін молшылыққа бөккен балдәурен шақ па, әлде тастай қатты мінез-құлық пен болаттай берік ішкі әлеміңді қалыптастырып, сені ұдайы күресуден тайсалмайтын тұлға ретінде шыңдап шығаратын сынақтарға толы балалық шақ па? Бір қызығы, беріктік пен шымырлыққа қоса, тағдырдың талқысы көбінесе өзін-өзі кемсіну, қорсыну сезімін де қалыптастырады, ал бұл өзіңнің құрметке әбден лайық екеніңді дәлелдеуге жетелеп, қосымша қуатты серпін дарытады. Балалық шақта қамқорлық пен сүйіспеншілікке бөлену керек пе, әлде сынақтар мен шыңдалудан өту керек пе? Маған екіншісі тап келді, бірақ өзімнің тағдыр-таланымды біржола бұзып ала жаздағанымды да айтуым керек шығар. Өмірімнің осы кезеңін сипаттайтын хикаялардың бірін келтіре кетейін. Жазғы түнде, 68-ендікте, шілденің ақ түндері тамыз айының тастай қараңғылығына айнала бастайтын мезгілде Якутск орталығындағы аулалардың бірінде төрт тапалдау адам сұлбалары ақырын жылжып келе жатты. ЗАЗ-968-ге таяп келіп, оны қаумалай ұстап, итере жөнелді. Мүлгіген тыныштық еді, тек дөңгелектердің сырылы ғана шығады. Сонда да әлгілерге жүрегінің атқақтай соққанын күллі әлем естіп тұрғандай көрінді. Біз он үш жаста едік, сыныптастар өзара «бірде-бір рет машина ұрлап көрмесек, қалай бұзақы атанамыз» деген ойға еліктік. Автомобиль біреуіміздің ағамызға тиесілі-тұғын. Бұл модель өзінің шағын тұрпатымен және сонымен бірге қозғалтқышының дарылдаған даусымен әйгілі еді. Оның үстіне, тап осы агрегаттың үнтұншықтырғышы алып тасталған болатын, бұл оны дарылдап, децибел шығарудан рекордшы жасап қойды. Ешкімді оятып алмас үшін біз машинаны ауладан үш жүз метр жерге жылжытып апардық та, тек содан соң «итеріп» от алдырып, бір литрлік қозғалтқыштың айбарлы үнімен түнгі қаланы шарлауға шықтық. Осы қылығымыздан адреналиніміз қоздап, біз жырынды қылмыскерлер тәрізді қару-жарақ тауып алуға бел будық. Арамыздағы бір бала пневматикалық винтовкасы барын есіне түсірді. Білетін шығарсыз, мұндай мылтықтан қалайы оқтармен тирлердегі қаңылтыр қояндарды ататын. Бір досымызға бара жатқанда, қарсы алдымыздан патрульдік милицияның «УАЗ-ы» шыға келді. Рульде жасөспірім бала отырғанын байқап қалған патруль жалт бұрылды да, бізді қуып жетіп, тоқтауымызды талап етті. Оған жауап ретінде біз газдың басқысын түбіне дейін бастық та, бүкіл қала бойынша құтырынған қуғын басталып кетті. Қала шетіндегі бұрылыстардың бірінде шұңқырға аунап түстік, жаяу қашпақ болған әрекетіміз екі метрден әрі аспады, әлдебір күзетілетін нысанды жағалай қоршаған тікенек сымның кермесіне тіреліп қалдық. Милиционерлер қуып жетіп, тура сол жерде аяусыз ұрып-соғып, қолымызға кісен салды да, бөлімшеге алып келді. Бұл пәледен арамыздағы ең кішкентай бала аман қалды, ол маңайда жатқан үлкен жүк автомобилінің доңғалағының тасасына тығылып, көзге түспей қалған. Милиция бөлімшесінде әрқайсымызды суретке түсіріп, іс ашуға ұйғарды. Бірақ көп кешікпей, таң атарда автомобильдің иесі келе қалды. Бағымызға орай, арыз жазуға ниеті жоқтығын айтты да, бәрімізді босатуға келісті. Ол, құдай сәтін салғанда, біреуіміздің нағашы ағамыз еді, әйтпесе, тым құрығанда, біз кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекцияға есепке алынар едік, әрі кеткенде жасы толмаған қылмыскерлерге арналған мектептің төбесі көрініп тұрған. Ал онда мен бұл кітапты жаза қояр ма едім. Кекештену төрт жасқа толған кезімде пайда болды. Ол маған әкемнен берілді. Қалай болатынын білмеймін, әйтеуір, бала қасындағы ең күшті адамның мінез-құлқын бейсаналы түрде қайталайтын сияқты. Оған сарайдың төбесінен овчарка ит секіріп, қауып алған кезде қатты қорыққаным да әсер еткен болуы керек дейді. Қайткен жағдайда да менде туабітті физиологиялық емделмейтін кекештік емес, жүре-бара тапқан «логоневроз» деп аталатын тұтығу кеселі бар. Кейде онша байқалмайды, ал кейде асқынып кететіні соншалық – үйден шыға алмай қаламын. Қалыпты, дұрыс сөйлей алатындар үшін бала не жеткіншек басқа біреудің, одан да сорақысы, топ адамның алдында қарапайым сөздердің басын құрап айта алмай, қызарып-бозарып, қылғынып тұрудың қаншалықты қорлық, ұят әрі азап екенін түсінудің өзі қиындау шығар. Кекештік құрдас-құрбыларымның арасындағы әлеуметтік қадір-қасиетімді қашырып, өзіндік бағамды төмендетті. Бұл кез келген бала үшін нағыз бақытсыздық еді, егер де сондай балаларды не ересектерді кезіктіре қалсаңыз, құдай үшін, оларға ілтипатты және мейірімді болыңыз. Балаларыңызды адамдардың бойындағы кез келген дене кемістігіне, мүмкіндігінің шектелу көрінісіне қайырымдылықпен қарауға үйретіңіз. Бұған әлдекім кінәлі емес. Бұл – жазмыш, жаратылыстың маңдайға жазғаны, ұялатын ештеңе жоқ. Кекештікпен күресу де оңай емес. Мен коммуникативтік қабілеттерімді дамытуға көп күш жұмсадым (бұл жөнінде кейін айтамын), бәрібір логоневроздан толықтай айыға алмадым, бірақ енді оны онша елемеймін әрі өзімнің көзге түсер ерекшелігімнің бірі деп есептеймін. Шын мәнінде, мына өмірде де, бәрі спорттағы сияқты: аяғыңызға ауыр тас байлап жүгіруге тура келіп, сонда да бәрінен озып келсеңіз – жеңісіңіз қунақ, жеңіл жүгіргеннен әлдеқайда маңыздырақ көрінеді ғой. Бір қызығы, кекештік мені қажетсіз сөздерді айту мен жөнсіз қарым-қатынас жасаудан қорғаштап, саясаттан алшақ ұстады, жұмысқа беріле зейін салуға мәжбүр етті. Осы тұрғыдан ол маған тағдырдың тартқан бағалы сыйы болды. Әкем қырық жастың шамасында кекештеніп, тұтығудан құтылды. Мен кейін одан қандай амал істегенін сұрадым. Ол «маған ұялатын ештеңе жоқ» деген ұйғарымға келдім деп, қарапайым жауап қайтарды. Шындығында, бұл тәсілдің терең мәні бар, оны тұжырымдай дамытып, оған өзімнің жеке тәжірибемді үстеп, логоневроздың азабын шегіп жүрген өзге адамдарға жеткізе алсам, талайына көмегім тиіп, сауабына қаларым сөзсіз. Мүмкіндік туып жатса, болашақта осы тақырыпты дамытуға немесе басқаша жапсарлауға тырысамын, бәлкім, тіпті жеке кітап жазатын шығармын. Он екі жасымнан бастап, жыл сайын жазғы каникулда ауылда (тыада) жұмыс істедім. Біз жергілікті шаруашылықтың егістігіндегі орамжапырақтың арамшөбін отадық немесе танаптағы егіннің тамырын кеміретін сарышұнақтарды ауладық. Ал, негізінен, оқушылар мен студенттердің құрылыс отрядтарының құрамында сиырлар мен жылқылардың тайгаға кетіп, адасып өлуіне не аюға жем болуына жол бермеу үшін орман шетіне ағаш шартақтар жасадым. Жаз бойы 15–30 километрге дейін қоршау салдық, бұл қалада туып-өскен бозбала үшін ауыр еді, бірақ есесіне мен нағыз еңбектің және маңдай термен тапқан ақшаның не екенін тұңғыш рет түйсіндім. Сол кезде балтамен, арамен және басқа құралдармен жұмыс істеуді үйрендім. Өзім сияқты жас қыз-жігіттермен бірлесе еңбек етудің романтикасы туралы, күннің әдемі жалқындана батуы туралы, көлеңкесі қою солтүстік ормандағы өзің әлгінде кескен ағаштың үстіне жайғасып жейтін теңізшілер талғауымен макароннан пісірілген әлемдегі ең тәтті түстік ас туралы, жұмыс күнінің суға шомылып, волейбол ойнап және көрші ауылдардағы дискотекаға барып, түнгі оқиғаларға тап болу туралы айтпай тұра алмаймын. Дене еңбегінің мұндай тәжірибесі маған өте пайдалы сияқты көрінеді. Қазіргі қала жағдайында, әсіресе бала еңбегін пайдалануға заң жүзінде шектеулер қойылғанына байланысты қалай тәжірибе жиюға болатынын білмеймін. Тоғызыншы сыныпта, қыркүйек айында, оқу басталған кезде екі сыныптас досымның қатарымызда жоқ екенін бірден байқадым. Олар ортамыздағы ең үздік оқушылар еді және соған бола олар басқалардан көбірек қорлық көріп, таяқ жейтін. Оларға телефон соғып, таңғаларлық жаңалық естідім: екеуі Якутск мемлекеттік университетінің жанындағы физика-математика мектебіне (ЯМУ РФММ) түсіпті. Бірақ бәрінен бұрын мені таңғалдырғаны: сол мектепте, әлгілердің айтуынша, нағыз компьютерлер бар екен, әрі оқушылардың олармен жұмыс істеп, ойнауына рұқсат беріп қойыпты! Бұл шын мәнінде оқушылардың компьютерлерге қолы жететін жалғыз ғана жер еді. Содан соң мен іле-шала шешемнің қолдауымен сол мектепке түсіп, бұрыннан келе жатқан арманым – компьютерге қол жеткізу үшін бар мүмкіндікті пайдалануға бел будым. Қабылдау науқаны әлдеқашан аяқталғанына әрі сегізінші сыныпта алған бағаларымның едәуір бөлігін «үштіктер» құрайтынына қарамастан, мені оқуға қабылдады. Математика мен геометриядан алған жақсы бағаларым, бір жағынан, өз рөлін ойнаса, екінші жағынан, мұғалімдер сол кезде Якутия математика қауымдастығының жұлдызы ретінде танылған, сахалар арасынан шыққан математика саласындағы тұңғыш ғылым докторының – әкемнің қабілеті мына маған даруға тиіс деп үміттенген де болар. Бұл үмітті бірден, тек мүлдем басқаша жолмен, ақтап шыққанымды айтуым керек. Оқуға қабылданғаннан кейін, бірер аптадан соң, математикадан мектеп олимпиадасы өтті. Олимпиада дегеннің не екенін білместен, әдеттегідей суқаным сүймейтін бақылау есептерін шығаруға тырыстым. Бес есептің төртеуін шығарып, соңғысына шамам жетпей қойды. Сол кезде парталас көршімнің барлығын шығарып қойғанын байқадым, бұрынғы сыныптастарыммен салыстырғанда, жаңа мектептегілер шетінен биязы «ботаниктер» болып көрінетіндіктен, сабақтан кейін сабау қаупін төндіре отырып, дәптерін көшіруге беруін талап еттім. Ақырында, менің жұмысым сыныпта үздік нәтижеге жетіп, мектеп бойынша екінші орын иеленді. Келесі сабақта математика пәнінің мұғалімі әрі оқу ісінің меңгерушісі Альбина Ивановна мені жаңадан жарқ ете қалған вундеркинд ретінде тақтаға шақырып, барлық есептің шешімдерін түсіндіріп беруімді сұрады. Көшіріп алған есепке жеткен кезде үнсіз қалдым. Оқу ісінің меңгерушісі және бүкіл сынып маған аңтарыла қарады. Жағымсыз салдардан қорғанғандай, мойнымды ішіме тығып тұрдым да, оны көршімнен көшіріп алғанымды мойындаудан басқа амалым қалмады. Бұрынғы мектепте мұғалім айғайға басып, екіні қонжита салар еді, мектепке ата-анамды шақыртып, әуре-сарсаң қылар еді. Бірақ мына мұғалима солай істеудің орнына ішек-сілесі қата күлді, содан соң математика бойынша республикалық олимпиадаға қатысу үшін мектеп командасы құрамына мені қосатынын мәлімдеді. Бір айдан соң осы турнирде біз жекеше және командалық жарыста бірінші орын алып, Якутияның чемпиондары атандық. Содан кейін бұл мүлде басқа жер екенін жете түсіндім. Бұл жер өзім аңсағандай орта болып шықты! Мен қабілетті де ынталы балалардың арасында осы мектепте оқудан тек қана ләззат алып, рахатқа кенелдім, көптеген дос таптым. Бұдан басқа, аяқ астынан тағы бір аса маңызды фактор пайда болды. Бірде, олимпиададан кейінгі күндердің бірінде, үзіліс кезінде қабырғаға сүйеніп зерігіп тұр едім. Жанымнан ақ қанатты арманымдай, біздің лектің ең әдемі қызы өтіп бара жатты да, кенет жалт қарап, ертегідей еліктіріп, емінтер әрі өзіне еріксіз баурай тартып ала жөнелер тұңғиық көздерінің ақық нұрын сыйлады. Ол маған қиыла, қылымси күлді! Бұрынғы мектепте айдай арулардың барлық назары тежеу көрмеген тентектерден артылмаушы еді. Ал мұнда мен өзімнің қыздардың көзіне түсіп, сүйкіміне іліккенімді сезіне бастадым (кейін университетте де, бағдарлама жасақтаудан өткен чемпионатта жеңіске жеткеннен кейін солай болған-ды). Он бес жасымда, әрине, бұл жағымды жаңалық еді. Мектепті бітірген соң бәріміз, еліміздің беделді оқу орындарын қоса алғанда, қабылдау емтихандарында жоғары конкурс болатын ЖОО-ға оп-оңай түстік. Кез келген ұжымдағы сияқты, мектепте дұрыс құндылықтар дарытқаны және мұғалімдер (компанияларда – олардың жетекшілері) қарауындағыларға жанашырлықпен қарап, дамуына қолдау көрсеткені, тырнақ астынан кір іздеп, сәл жаза басқаны үшін жазаламай, жетістігіне қуана білгені өте маңызды. Компьютерлер! Жаңа мектепте тұңғыш көрген кезде оларды аялай сипап, дискіжетектің сиқырлы ызылына, пернетақтаның сыртылына еліте құлақ түріп, электр статистикасы мен пластмассаның иісіне танауымды төсеп, шынайы рахатқа бөлендім! (Бұл әлі күнге шейін интернетті алғаш көрген күнмен немесе көп жылдан кейін балаларым дүниеге келген шақпен қатар тұратындай өмірімнің ең бір жарқын сәті саналады). Бұлар DEC компаниясы сонау 1970 жылдары VS-DOS-тан көп бұрын жасақтаған RT-11 операциялық жүйесінде жұмыс істейтін ақ-қара түсті отандық, зеленоградтық, DBK-3 деген су жаңа компьютерлер еді. Оларда 5 дюймдік иілгіш дискіжетектер болды (дискеттерді ұзаққа шыдатпады), олар BASІC және басқа жоғары деңгейлі бағдарламалау тілдерін іске асырды. Қолайсыз перфокарталармен және бағдарламалардың қосанжар тілімен жұмыс істеген бұрынғы ЭЕМ-нің алдыңғы буынымен салыстырғанда, бұл қарыштап алға аттау, ілкімді ілгерілеу қадамы еді. Компьютерде ойнауға да болады. Бұған дейін ешқашан да компьютерлерді, смартфондарды, планшеттерді көрмеген біздер, КСРО балалары, үшін ең мықты электрондық ойын қарапайым гаджет-сағаттағы «Ну, погоди!» еді, онда ақ-қара түсті қасқыр құлап келе жатқан жұмыртқаларды қағып алып тұратын. Оның қасында ДВК-3-тегі мына ойындар бізге қазіргі VR/AR Full HD суперойындарының кез келгенінен күшті көрінді. Біз «Stalker», «Afgan», «Tetrіs» және басқа мәтіндік ойындарға сағаттап байланып қалдық. Ойнауға рұқсат беретін, кейде кіргізбей қоятын компьютер сыныбының жетекшісі біздің көзімізге жарты құдайдай көрінетін. Мен дереу BASІC-ті меңгеріп алып, бағдарламалар жаза бастадым, ол менің ісім екенін, тек сонымен ғана айналысқым келетінін бірден түсіндім. Тұтастай алғанда, бағдарламалау – әсте оңай шаруа емес, ал маған аса қиын болған жоқ, сірә, алгоритмдік ойлау қалыбының пайдасы тиген шығар. Бұл өте керемет: сен ойлаған нәрсеңді кодқа енгізсең, ал компьютер ойластырған жоспарыңды, мейлі, ол қарапайым мәтіндік ойын болсын, басқаша шешімі табылмайтын күрделі математикалық есеп болсын, бәрібір, қалтқысыз орындап шығады. Дизайн, жобалау және басқа да көптеген ІT-мамандықтар сияқты, бағдарламалау да нәтижелері көрнекі түрде көзге түсетін әлемет шығармашылық жұмыс, оларды бүкіл әлемдегі мыңдаған, миллиондаған адам пайдалана алады. Кейде бұл таңғажайып сиқырлы әлемге ұқсайды. Жалпы, иланымым бойынша, ІT-саланың бәрі, интернет – бүкіл адамзат тарихындағы ең үлкен кереметтердің бірі. Мектепті бітіргеннен кейін Риганың Қызыл тулы Азаматтық авиация институтының (РҚ ААИ) автоматика және есептеу техникасы факультетіне оқуға түстім. Ол Ригада, Латвия астанасында, Балтық теңізі жағалауында орналасқан. КСРОның соңғы жылдарында бұл айтушылар үшін қастерлі жоғары оқу орны болды: оның аса сапалы білім берумен даңқы шығып, болашақ бағдарламашыларды даярлады. Конкурстың зор, қарасы қалың болғанына қарамастан, математика бойынша өткен бірінші емтиханнан соң бірден оқуға қабылдады, яғни физика-математика мектебінде оқуым өз дегенін жасады. Күні шақырайып, шаңы аспанға шапшыған Якутскіден кейін аспаны бұлыңғыр, көшелері тап-таза, көне келбетті Рига шетелдің шаһарындай көрінді. Алғаш рет дүкенге кіргенде, жарық сәулесі төгіліп тұрған жайма сөрелерден ірімшіктердің, қаймақ, сүзбелердің неше түрлі сұрпы толып тұрғанын көрдім! (Бұл кезде Якутск тұрғындары ірімшіктің түрі қандай болатынын ұмытып та қалған еді). Басқа азық-түліктер де толып тұр. Өмірімде тұңғыш рет, 17 жасымда, йогуртты көрдім. Якутияның дүкендерінде тек томатқа бұқтырылған майшабақтың банкісін ғана еркін сатып алуға болатын, ал қалғандарын алу үшін шұбатылған кезекке тұруға тура келеді. Қаймақ пен шұжық алу үшін, қақаған 40–50 градустық аязға қарамастан, таңғы сағат 05:00-ден кезекке тұру керек және де сол жерде ұрыс-керіс тұтанбай қалмайды. Өзінің кезектегі орнын қызғыштай қорыған адамдар ММА рингінде жүргендей қызыл шеке болып төбелеседі. Қалай айтсаң да, социализм мен коммунизм, өзіндік идеяларының сырттай тартымдылығына қарамастан, адамның өзімшіл табиғатына сәйкес келмейді. Олардың бәсекелестер мен тұтынушылар қоғамына негізделген онша мінсіз емес жүйелерден гөрі тиімділігі төмен болып шықты. 70 жыл бойы жүргізілген а/б тест (егер солай деп айтуға келетін болса) мұны көзге шұқып көрсетті. Мен Ригаға жаздың соңына таман келгенімде, бүкіл қалада алдағы күндерде болатын «Кино» тобы концертінің афишасы қаптап тұрған еді. Көп ұзамай Виктор Цойдың Рига маңайында, Тукус түбінде жол апатынан қайтыс болғаны туралы хабар бізді қатты күйзелтті! Біз, жан-жақтан жиылған студенттер, «Киноны» үзбей тыңдап, жатақханадағы кереуетте бірнеше күн үн-түнсіз жаттық: «И если есть в кармане пачка сигарет, значит, все не так уж плохо на сегодняшний день...» Институтта Кеңес Одағының студенттерінен басқа, шетелдіктер көп оқыды. Африканың немесе Азияның аптапты елдерінен келген қаранәсілділердің суықтан бүрсеңдегеніне қараудың өзі қызық еді, авиация бушлатын киген олар сыртынан шарф оранып, құлақшынды желкеге қайыра байлап, жапалақтаған қардың астында, көк тайғақ қала көшесінде тағасыз аттай қалтылдап келе жататын. Кетіп бара жатқанда өзімнің бушлатымды әлдебір пәкстандыққа әлде үндістандыққа гитараға ауыстырдым. Ал жазғы кителім мен фуражкам әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Айтпақшы, солардың көмегімен кейде өзімнің дене пошымымды тексеремін: сол кездегідей, олардың ішіне сыюым керек деп есептеймін. Қыста Латвия мен бүкіл Балтық жағалауы КСРО құрамынан бейбіт түрде не бейбіт емес жолмен шығуға дайындалып, теңіздей толқып тұрды. Ежелгі Дом соборының жанындағы көне қаладағы баррикадалар, таскесек төсемдерінің үстіне жағылған алаулар төңірегіне үймелеген адамдар, от сәулесі түскен айналадағы ғимараттардың қабырғаларындағы сорайған көлеңкелер, пулеметтерін өңгеріп, қала үстін кезген әскери тікұшақтар... Онсыз да бізді, «басқыншы елден» келген студенттерді, жақтырмайтын жергілікті тұрғындардың қарым-қатынасы бұрынғыдан бетер нашарлап кетті. Бір қызығы, қазір Латвияда немесе Эстонияда енді сол ұлтшылдықтың жұқанасы да көзге шалынбайды. Кең пейілді немесе, ең кемі, бейтарап қарым-қатынасқа көшкен біздер басқыншы емес, туристерміз. Бір жылдан кейін, екінші курста елдің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін бізге степендия төлеуді тоқтатты. Әлі есімде, біз күні бойы құрғақ сорпа текшелерін қорек еттік немесе кептер ұстап алып, қуырып жеу үшін жатақханадағы бөлме терезесінің жақтауына тұзақ құрдық. Бос әуреге түстік: бұрынғы КСРО елдерінің аумағындағы көгершіндер 90-жылдардың басында, сірә, өздерінің дәмді нысан екенін жақсы түсінген сияқты, шектен тыс сақтық танытты. Қайткенде де күнелтіп, аман қалу үшін тұңғыш рет коммерциямен айналысып көрдім: екі блок темекі сатып алып, кешкісін Риганың басты көшесіне шықтым да, сата бастадым. Маған таяу орамда сауда істеп жүрген алыпсатарлар жетіп келді де, бұл өзгенің аумағы екенін айтып, дереу табанымды жалтыратуымды талап етті. Үзілді-кесілді бас тартқанымнан кейін милиция келіп, жақын жердегі учаскіге алып барды да, бүкіл сигаретімді тәркіледі және келесі жолы институтқа хабарлауға уәде берді, онда дереу оқудан шығарып жіберер еді. Бизнеспен шұғылдануға алғашқы талпынысым осымен тәмамдалды. Дәл сол кезде Ресейде Ельциннің командасы бағаны ырықтандыру қадамын жариялады, инфляция көкке шапшып, қас қағымда үш таңбалы мәнді алға тартты, ал менің ет жақын жандарым, дімкәс шешем мен кәрі әжем талғажау қылар қара бақырсыз қалды. Иә, өзім де. Ақырында үйге, Якутскіге қайтуға шешім қабылдадым. Қазір сәнді кафелер мен коворкингілерде смузиді сораптай отырып, тұрмыс деңгейінің нашарлығына шағымданатындар және айфонның соңғы моделі арқылы әлеуметтік желілерге өкпе-ренішін ақтаратындар – 90-жылдардың басында Ресейде тұрмағандар. Мен үйге оралғаннан кейін көп кешікпей ауыз бөлмеде дағдарып, отбасын тамақтандыру үшін азық-түлікке ақшаны қайдан табуға болатынын ойлап, не істерімді білмей, басымды сығымдап отырғаным анық есімде. Бірде әжеме берген Американың гуманитарлық көмегі баға жетпес байлық сынды көрінгені де жадымда сақталып қалыпты. Оның ішінде алқызыл қалбырдағы ветчина, галеттер және тағы әлдеқандай құрғақ тамақтар бар еді. Ал банкке бағдарламашы болып жұмысқа орналасқан кезде біз шылым шегетін жерде тұрып, «банк президенті сондай сеп-семіз, өйткені күн сайын сникерс сатып алуға ақшасы жетеді ғой» деп күлкі қылушы едік, сонда бізге әлгі шоколад батоншасы соншалық қымбат көрінетін. Қазір ең кедей адамның шоколад батонын сатып алуын молшылыққа балауды елестетудің өзі қиын шығар-ау, ә? Сонымен, Ригадан оралып, ЯМУ-дің математика факультетінің күндізгі бөліміне ауыстым, коммерциялық банкке толық ставкамен бағдарламашы болып жұмысқа орналастым және тағы жарты мөлшерлемемен университеттің есептеу орталығында бағдарламашы міндетін атқардым. Бәріне үлгеруім керек еді. Бірақ, есесіне, бір айдан соң өмір сүруге қажет қаражат жетіспеушілігінің негізгі проблемаларын шешіп, бірте-бірте қалпыма келе бастадым. Математика факультетінде оқу маған мектептегідей немесе Ригадағыдай қызық болмай шықты: мұнда функциялық талдау мен дифференциалдық теңдеулер сияқты жоғары математика көп, ал бағдарламалау тым аз екен. Сонымен қатар оқытушылардың бағдарламалау жөніндегі білігі менікінен төмен еді, жастық қызба мінезіме байланысты бұл жағдай олармен арақатынасымды шиеленістіріп жіберді. Жалпы, математиканың маған жұмыста да, тұрмыста да пайдасы шамалы болды, алайда соған уақыт жұмсағаныма еш өкінбеймін. Математика – таңғажайып әдемі ғылым, барлық ғылым саласының құдіретті патшайымы атануы да бекер емес. Бәлкім, маған бизнесті дамыту барысында цифрларға зейін аударуға, деректерді оңай саралап, маңызды үрдістер мен корреляцияларды көре білуге нақ осы математика факультетінде оқығаным тікелей жәрдемдескен шығар-ау.
Сол оқу кезеңінен бірер хикая айта кетейін.
Үшінші не төртінші курста мен курс жұмысын жасадым. Тапсырманың мәні қатардағы бір солдаттың тәулігіне шамамен 20 шақты қоректік заттектер мен микроэлементтерді қажет ететін, олардың жүздеген тағам түрлерінің құрамында ұшырасатынын және сол азық-түліктердің бағасы қанша тұратынын біле отырып, ең арзан диетаны есептеп шығару еді. Оңтайландыру теориясының әдістеріне сүйене отырып, алгоритмін шығарып, бағдарлама жазып бердім. Соның нәтижесінде әрбір солдатты қара нан, асбұршақ және сәбізбен тамақтандыру керек болып шықты. Курс жұмысы үшін бес алдым. Бірнеше жылдан кейін оқытушымды кездестірдім, «сол бағдарлама қазір математик-студенттерге озық ғылыми жұмыс ретінде көрсетіліп жүр» деді ол. Ең күлкілісі, курс жұмысын тапсырғаннан кейін кодтан қате таптым, бар болғаны бір-екі жол ғана, сөйтсем, әр солдаттың диетасы әлдеқайда молдау әрі жұмсақтау болуға тиіс екен. Бұрынғы тақыл-тұқыл мәзірдің армия дастарқанына жетіп бармағаны абырой болды, әйтеуір. Диплом жұмысымды желілердегі графтар мен ағындар теориясы бойынша жаздым. Сол кезеңде, 90-жылдардың ортасында үлкен проблема – ақы төлемеу мәселесі пайда болды. Елде ақша жиыны жетіспеді, кәсіпорындар тауарлар мен көрсетілген қызмет үшін бір-біріне ақы төлей алмады, бұл өтелмеген төлем тізбегін одан әрі шұбалтып, соның салдарынан экономиканың аяқ-қолы байланып, арты ауыр зардаптарға ұласты. Адамдар жарты жыл бойы жалақы көрмеді, немесе оны әлдеқандай талон түрінде қолға ұстады. Талай отбасы, әсіресе елдің орталық бөлігінде тұратындары талғажау қылар түк таппай қиналды. Төлем жасамауды жоғары математика терминдерімен модельдеуді ұйғардым. Төлем өтемеу тізбегін бағдарлы граф түрінде елестетіп, графтың ішінен тұйықталған тізбектерді табуға және тармақтардың бірін (ақша мөлшері ең азын) түгелдей алып тастап әрі қалған қарыз-тармақтардың жоғалған тармақ сомасына төмендете отырып, өзара есеп айырысулар жасауға әбден болады деп шештім. Теореманы түсіндіріп, дәлелдедім, оның негізінде алгоритм түзіп, «FOXPro-ның» жасақтау тілінде қолданбалы компьютер бағдарламасын жазып шықтым. Диплом жұмысымды «беске» қорғадым. Ең күлкілісі, бағдарламаны менен сол кезде төлем жасамау проблемаларын азайту үшін құрылған Якутск қарыз орталығы сатып алып, бірнеше жыл бойы соның көмегімен өзара есеп айырысулар жүргізіп келді. Ал орталықтың директоры өзімнің рұқсатыммен осы жұмысымның негізінде диссертация қорғады. Содан тағы да тұрмысты түлетіп, тірлікті жақсарта түсетін ІT сиқыры баурап ала жөнелді! Якутиядағы алғашқы жекеменшік банктердің бірі – «Сир» коммерциялық банкіне мені директордың ІT жөніндегі орынбасары Олег Яковлев жұмыс істеуге шақырды. Осы бір ақылды маман бұрын физика-математика мектебінде оқып жүргенде-ақ басшылыққа жолығып, болашақта өздеріне білікті мамандар даярлап шығу үшін бір-екі алғыр ойлы оқушыларды беруін өтінген болатын. Ол бізді өзі автоматтандыру бөлімінің бастығы болып істейтін «Якутгазпромға» практикаға алды, нақ сол кісінің арқасында Ригаға, оның өзі оқыған Альма-матерге тап болған едім. Банкте істеп жүрген кезімде Quattro Pro-ның сценарийлік тілінде, сол жылдары кең таралған электрондық кестелер бағдарламасында жүйе жаздым, ол банктің қаржы бөлу ісін талдап, әдемі графика жасады, әрі оңтайландыру жөнінде ұсынымдар берді. Ақыл-кеңестер біршама қарапайым болды, мысалы, депозиттерді 90 емес, 91 күнге рәсімдеу керектігін ұсынды: сонда Орталық банктегі резервтеу мөлшерлемесі төмендеп, банктің тәп-тәуір қаражат мөлшерін босатып алуына мүмкіндік беретінін айтты. Бірақ бұл 90-жылдары, барлық жерді, соның ішінде банктердің қаржы шаруашылығын енді туындап келе жатқан капитализмнің берекесіздігі жайлаған, тіпті банкирлер үшін қарапайым тәртіпке келтіру жүйесінің өзі зәру, өзекті мәселеге айналған кезде болған еді. Менің қызметіме сұраныстың көбейетінін түсініп, шамамен бір жарым жылдан соң, бәрін ретке келтіріп, қалыпты жұмыс істеп тұрған «Сирден» кетіп қалдым да, Якутскідегі басқа банктерге жекеше консультант ретінде өз қызметімді сатуға кірістім, бір жақсысы, ол кезде 300 000-дай тұрғыны бар қалада отызға тарта банк ашылған еді. Бұл былай көрінетін еді. Хатшы қызы зерігіп отырған банк президентінің қабылдау бөлмесіне зиялы кейіптегі, көзілдірік таққан, соңғы сән салтымен ашық жасыл түсті пиджак киген жас жігіт кіретін. Ол қолына сол кезде екінің біріне бұйыра бермейтін мобильді телефон (көлемі кірпіштей) мен ең мықты «Toshіba» ноутбугын еркін ұстап, сәл тұтыға сөйлеп: «Мен Павел Павловичке жаңаша математикалық және компьютерлік алгоритмдердің көмегімен банк қаржыларын оңтайландыру мәселесі бойынша келіп едім», – дейді. «Пісірілген» джинсылердің кезекті легін үйіп әкелу үшін несие алуды армандаушы сауатсыз әрі қарабайыр саудагерлердің мәнеріне үйреніп қалған хатшы қыз қапелімде сасып қалады да, әдетте бұл жолдауды бастығына кедергісіз жеткізе салады. Қызығушылығы қоздаған банк президенті батыл қадамды бозбаланы кіргізіп алып, өзіне таныс қаржы және бейтаныс компьютер терминдерінен тұратын сөздер ағынына бірнеше минут бойы құлағын тосады. Лэптоп (мұны бұған дейін банкирлердің бәрі бірдей көрген емес) іске қосылып, жыпырлаған цифрлар, түрлі түсті графикалар мен есептемелер көрсетіледі. Клиенттерді кредиттеу, жалпы қаржы ісін сауықтыру үшін қосымша ресурстарды босатып беруге және тек жағымды нәтижелерге жеткенде ғана ақы алуға уағда еткен әңгіме аяқталады. Осыдан кейін көп жағдайда жас жігітті кабинеттен қуып шығады, ал көп ретте банкирлер қарсы алдында компьютер вундеркинді тұрғанын түйсініп, «ал, неге байқап көрмеске мынаны» деп ойлайды... Ақырында, жеткілікті тапсырыс қоржынын жинақтадым, көпшілігі банктерді жақсы нәтижеге жеткізді де, олар маған қолма-қол ақшаны жомарттықпен төледі. Қаржы мәселесі түбегейлі шешіліп, Якутск қаласында, сірә, ең бай студент пайда болды. Бірер жылдан соң математика факультетін бітірдім, айтпақшы, бүкіл легтегі оқудың ақысын өзі төлеп шыққан жалғыз мен болдым. Қалғандары әртүрлі мекемелерге жұмысқа орналасу туралы келісімшарттарын тапсырып, оқу ақысын төлеу қажеттігінен босатылды. Мен тек бизнес үшін ғана бағдарлама жасаған жоқпын, қызықты санаған нәрсемнің бәрін байқап көрдім. Код жазып, қолға түскенді қорек етіп («Доширак» – бағдарламашыларға арналған тамаша өнертабыс, ол кезде жоқ еді!), күні-түні тапжылмай отыра алатын едім. Бағдарламалау мені шексіз рахатқа бөлейтін іске айналды. Ондаған, жүздеген мың код жолдары. Мысалы, футбол матчтарының, тұтас турнирлердің нәтижелерін көбінесе соншалықты дәл болжайтын бағдарлама жазылды. Немесе Якутск тұрғындарының деректер базасына негізделген бағдарлама қаладағы ең танымал, көпке таралған фамилиялардың көрсеткіші сияқты әртүрлі есептемелер мен графикаларды түзді. Ешқандай мәні жоқ, бірақ күлкілі, қызық ермек! Әлі күнге шейін есімде, №1 фамилия Петров болып шыққаны. «GAMETEST» утилитасы сияқты мейлінше ойластырылған, байыпты жобалар да болды. Ол сол кездегі «AІDSTEST» вирусқа қарсы бағдарламасы сияқты компьютерді сканерлеп алып, олардағы компьютерлік ойындарды тауып, жойып жіберетін. Бағдарлама міндетті түрде оқу орындары мен коммерциялық ұйымдарды қызықтыруға тиіс деген ойдан туындаған еді. Ең күлкілісі – оны менен тек бір курстасым достық қолдау көрсету ишарасы ретінде сатып алғаны. Содан соң, біраз жыл өткеннен кейін компьютерлік ойындарды көпшілікке тарататын Якутияның Компьютерлік спорт федерациясын құрып, басшылық жасағаным еді. Оқуымды бітіруге таман өзіме «бұдан әрі не істеуім керек» деген сұрақ қойдым. Бір жағынан, мықты бағдарламашы ретінде менің алдымда дүние құшағын айқара ашып тұрды. Сол кезде Францияға кетіп, орнығып алған әкем табылып, мені Парижге шақырып, валютамен төленетін, Якутскінің түсінігі бойынша, шаш жетпейтін көлемдегі жалақысы бар бағдарламашының жұмысын тауып беруге уәде беріп жатты. Басқа елге немесе басқа қалаға – Мәскеуге, Петерборға да тартып кетуге болады. Мықты ІТ маманына бүкіл әлемнің есігі ашық: барлық жерде кәсіби мамандар жетпейді, талай ел соларға таласып, жаға жыртысуға бар. Екінші жағынан, ол жақта үлкен машинаның кішкентай, қауқарсыз бұрандасы, иммигрант, бөгде жан болатынымды айқын түсіндім. Томаға-тұйық, саяқ қалпыммен, кекештігіммен маған, әйтеуір, бастапқы кезде қиын болатыны сөзсіз! Сол кезде санамның жоғары деңгейінде пайда болған ой – өзімнің кім екенімді, мақсатым мен миссиямның не екенін түсінуге талпыныс маған нақты таңдау жасауға көмектесті. Әлі есімде, ымырт үйірілген шақта тас қараңғы бөлмеде отырғаным, терезеден қып-қызыл шамдары жыпылықтап түн-түнегі қалыңдаған аспанда баяу бұрылған ұшаққа қарап, тұла бойымды алаңдаушылық пен белгісіздік сезімі түгел жайлап, жүрегім алып-ұша берді. Ақырында, «мына мен Якутияны, өз отанымды өркендететін жанмын» деген шешімге келдім. Иә, ІT саласын дамыту арқылы, ал қабілетті адамдардың бәрі кетіп қалатын болса, оны кім дамытады? Бұл «біз болмасақ, басқа кім» деген қарапайым ой еді. Сондай-ақ өмірімдегі ең маңызды шешімдердің бірі болды. Бізде, саха халқында, мистикалық, тылсым құбылыстар туралы өзіндік ерекше түсініктер бар. Ресейдің барлық жеріндегі сияқты, негізгі діні православие екеніне, діндар адамдар соны ұстанатынына қарамастан, бізде мәжусиліктен – шаманизм мен тәңіршілдіктен жеткен көне, христ іліміне дейінгі иланымдар мен наным-сенімдер берік сақталып қалған. Біз, мысалы, аңшылық пен балықшылықтың рухы – Байанайға сенеміз, жақсы олжа жіберуі үшін асымыз бен сусынымызды бөлісіп, оны міндетті түрде тамақтандырамыз. Кез келген жерді, орманды, көлді не өзенді мекендейтін жергілікті аруақтарға сиынып, демалар, қоналқыға жатар немесе жеміс-жидек терер алдында оларды да тамақтандырамыз. Дәл сол сияқты, отқа табынамыз. Біз өзіміздің экстрасенстерімізге сенеміз, оларды кейде ақ пен қараға бөліп, бұрынғысынша «шаман» деп атаймыз. Кейбір аңыздарға сенсек, саха шамандары өте құдіретті болған әрі таңғажайып істер жасаған. Мен ғылыми және технологиялық ортадан шыққан жосықты әрі білімді адам ретінде мұндай нәрселерден әрқашан аулақ жүрдім, бірақ маған да әлі күнге шейін есімнен шықпайтындай деңгейде әсер еткен түсініксіз құбылыстар кездескен еді. Әлде нәсілің саха болса, мұндай метафизикадан қашып та құтыла алмайсың ба екен? Сондай оқиғалардың біреуін айтып берейін. Алты жаста шығармын, сірә, күн шуағы төгілген жып-жылы күндердің бірінде Якутскідегі «Жасыл шалғын» деп аталатын жерге келдім. Бұл, шынында да, Лена өзеніне іргелесетін, балауса шөптермен, аласа ағаштармен, бұта-бытқылдармен көмкерілген, көктем сайын тасқын су басып кететін атшаптырым көгал еді. «Жасыл шалғын» біздің отбасы тұратын Якутск орталығының қарсы бетінде орналасқан. Осынау құлазып жататын, адам аяғы баспайтын оқшау жерге кіп-кішкентай жасымда қалай тап келгенім жадымда жоқ, тек сол жерде не болғаны ғана есімде қалыпты. Мен ағаштың, сірә, сәмбі талдың астында тұрмын, кенет ерлер мен әйелдер дауыстарынан құралған хордың ерекше мақаммен әндеткенін естідім (арада көп жыл өткеннен кейін әлгі мақамның «тамақпен ән айту» деп аталатын әрі ежелгі әншілік дәстүр ретінде әлем халықтарының көбінде кездесетінін білдім). Басымды көтергенде, маған ағаш басынан әлдебір шағын нәрсенің құлдилап келе жатқанын көрдім. Басым мен иығыма сәл жанасты да, ұсақ тозаң түйіршіктеріне айналып, жан-жаққа шашырап кетті. Ән сарыны осы сәтте күшейе түсті. Мен түсініксіз құбылыстан қатты қорқып, үйге қаштым. Бұл жайында әке-шешеме айттым ба, айтпадым ба – есімде жоқ. Тіпті айта қалғанда да олар, сірә, менің үзік-созық әңгімемнен не болғанын түсіне қоймаған шығар. Өмірімде мұндай хикаялардың талайы болды. Тікелей өз басымнан өткерген осындай оқиғалардан кейін мен біздің әлем физикалық микробөлшектер жиынтығынан гөрі күрделілеу әлдебір нәрсе екеніне шүбәсіз сенемін.
ЕКІНШІ БӨЛІМ. ФРИЛАНСЕР
«Ағыстың ыңғайымен емес, ағысқа қарсы емес, өзіңе керек жаққа қарай жүз».
Шығыс мәтелі
Оқуым аяқталар сәтке таман сол кезде Якутскіде ашылған банктердің бәрін аралап шықтым, енді менің қызмет көрсету нарығым тауысылды. Бір жылдай шағын компанияда бағдарламашы болып жұмыс істедім, ол жергілікті желілерді монтаждау мен корпоративтік тапсырыс берушілерді бағдарламалық жасақтамамен қамтамасыз ету тәрізді кез келген жұмысты ала беретін. Сондай енгізілетін жасақтамалардың – «БҚААЖ» дейтін жүйе еді, оны «бюджетті құрау мен атқарудың автоматтандырылған жүйесі» деп тарата айтатын. Қарапайым тілмен айтқанда, БҚААЖ бюджетке түсетін салықтардың және бюджет шығындарының, мысалы, мектептер мен ауруханалар үшін қаржы бөлудің есебін жүргізді. Осы жүйенің мән-жайына үңіле жүріп, мемлекеттік қаржы мекемелерінің жұмыс тәсімін меңгеріп алдым да, осы салада бизнес жасауға ұйғардым. Университетті бітіргеннен кейін, бір жылдан соң, 22 жасқа келген кезімде, өзімнің алғашқы ресми компаниямды құрып, «Stealth» деген ағылшын сөзін ілік етіп, оны «Стелс» консалтинг компаниясы» деп атадым. Егер мағынасына жете мән беретін болсақ, әрине, «көзге көрінбейтін кісі» деген бағдарлама жасақтаушылар үшін онша сәтті атау емес, бірақ маған сол кезде осы сөз күшті әрі өте лайықты көрінді. Айтқандай, керемет компанияның бүкіл штаты – жалғыз өзім, яғни директор да, сатушы мен бағдарламашы да өзім болдым, атауы да өзін толығымен ақтап тұрды. «Стелстегі» екінші қызметкер тек жыл жарымнан кейін пайда болды. ДҚБЖ (деректер қорын басқару жүйесі) және «Clarіon» тілі негізінде мен арнаулы жүйені бағдарламалап, оны «БОБАЖ» «бюджеттің орындалуын бақылаудың автоматтандырылған жүйесі» деп атадым. Якутия Қаржы министрлігі өзінің аймақтық бөлімшелеріне белгілі бір мақсаттарға арналған ақшаны жібергенде, бөлімшелер қаражаттарды іс жүзінде пайдалану жөніндегі деректерді БОБАЖ-ға енгізіп, салық төлеушілердің ақшасын тиімді түрде пайдалану мақсатында модемдік байланыс арқылы министрлікке есеп беруге тиіс. Осылайша, менің жүйем, мысалы, мектепті жөндеуге бөлінген бюджеттік дотация айдалаға, әлдебір ауылда әкімшілік басшысына жол талғамайтын көлік сатып алуға жұмсалғанын көруге мүмкіндік берді. Өздеріңізге мәлім, Ресейде бюджет ақшасын мақсатсыз пайдаланып, текке ысырап ету басты проблемалардың бірі болып тұр ғой. Идеяны Қаржы министрлігі, одан кейін жергілікті әкімшіліктер қолдап, менің компаниям олармен жүйені әзірлеп, қолданысқа енгізуге келісімшарттар жасасты. Тақырып аясымен жете таныс болғандықтан, бірнеше айдың ішінде бақылау жасаудың күрделі әлі мүлтіксіз жұмыс істейтін жүйесін жазып шақтым. Тәжірибелік сынақ барысында біз бюджеттік дотацияны жіберген күннің ертесіне Якутияның ең солтүстік нүктесінде – Якутскіден мыңдаған шақырым қашықтықтағы Солтүстік Мұзды мұхитының жағалауында орналасқан Тиксил кентінен қаржыны жұмсау жайы туралы деректерді алдық. Сосын, бұл интернет дәуіріне дейін болған уақиға еді. Деректер тікелей телефон қосылысы мен «Zyxel» модемі арқылы секундына 2 400 бит жылдамдықпен жолданды, бұл жылдамдық қаржылық операциялар туралы мәтіндік ақпаратты беруге әбден жеткілікті еді. Тап осы істе де ресейлік өмір шындығының кереғар, керітартпа құлқы бой көрсетті. Жүйенің тиімді болып, бюджет қаражаттарын бөлу ісінің ашықтығын арттырғаны соншалық – бақылауға алынуға тиіс аудандар тарапынан да, бақылауға тиіс Қаржы министрлігінің тарапынан да астыртын қарсылыққа тап болдық. Артық проблема мен бас ауруы ешкімге керек емес екен. Бұл Ресейде және тек онда ғана емес, барлық жерде көбінесе ауыз айтқанды, қол істемейтінін, бәрі керісінше жүретінін көрсеткен тамаша өмір сабағы болды. Әлгі жүйені (иә, компания да) аман алып қалу үшін, еңбегім текке зая кетпеуі үшін мен қазіргі стартап-ортада «пивот» («pіvot» – «бұрылыс») деп аталатын әрекетті дереу қолға алдым, БОБАЖ-ды басқа мақсаттарға бағдарладым. Бақылаушы міндетін атқаратын жүйе енді бюджеттің атқарылуын автоматтандырудың құралына айналды. Оның көмегімен мэрия және аудандық қаржы бөлімдері қызметкерлері үшін қажетті есептер мен құжаттардың бәрі жасақталды. Яғни бұл өзінше бухгалтерлік есеп бағдарламасы сынды болды, тек бизнес тарапынан емес, керісінше, мемлекет тарапынан берілетін, мемлекеттік қаржы құрылымдарының түсіп жатқан салықтардың және олардың жұмсалу есебін жүргізуіне көмектесетін бағдарлама еді. Осы күйінде жүйені қаржыгерлер жаппай мойындап, бір-екі жылдың ішінде бүкіл Якутияны шарлап жүріп, оны жергілікті орындарға орнатып бердім. Якутия – Ресейдегі және әлемдегі көлемі жағынан ең үлкен әкімшілік бірлік екенін жұрттың бәрі білетін шығар. 3 миллион шаршы шақырымнан аса аумақты алып жатқан ол Үндістанның көлеміне теңесіп қалады. Бұған қоса, Үндістанда миллиардтан астам адам тұрса, Якутияны, қатаң климаттық жағдайлар мен жол шалғайлығына байланысты, миллионға жетер-жетпес халық мекендейді. Тіпті кейбір мәліметтер бойынша, Якутиядағы көлдердің саны адамдардың қарасынан көп көрінеді. БОБАЖ-ды тарату ісі Якутияның қаншалықты үлкен екенін, туған өлкеміздің табиғаты қаншалықты алуан текті әрі таңдай қағарлықтай тамаша сұлу екенін көруіме мүмкіндік берді. Әрқашан да бір-біріне көмекке келуге даяр тұратын Сібір тұрғындарының қонақжайлылығын, қайырымдылығы мен елгезектігін айтсаңшы, шіркін! Мен алмас өндіретін алапат үлкен карьерді көрдім. Көмір карьерлеріндегі алып жүк машиналарын тамашаладым, олардың бір дөңгелегінің өзі үйдей үлкен еді. Даңғайыр алқаптағы тайганың қалай өртеніп жатқанын және өрт сөндірушілердің арнаулы отрядтарының жанкешті жұмыс істеп жүргеніне де куә болдым. Мен қылмыстық топтар әмірін жүргізіп, билеп-төстеп тұрған Якутияның батысындағы кентке БОБАЖ орнаттым, сонда маған үйден жалғыз шығуға қатаң тыйым салды, қайда барсам да, тек қызмет көлігімен алып жүрді. Поляр шеңберінің арғы жағында шетсіз-шексіз тундраны, оның үстінде жарқыраған солтүстік шұғыланы орасан зор Вилюй ГЭС-і мен Вилюй теңізін тамашаладым. Осы сапар барысында қызықты да көңілді жайттар көп кезікті. Солардың біреуін айтып берейін, ол Сюльдюкар деп аталатын кішкентай кентте болған еді. Негізінен, бұғышылар көп тұратын осынау шалғай мекен Якутияның алмасты уалаятында орналасқан. Қыс кезінде мұнда температура –600С-қа дейін төмендейді. Осында келген бойда жергілікті мамандардан бағдарлама орнату үшін маған компьютер әкеліп берулерін сұрадым. Ұзақ іздестіріп, ақырында кәдуілгі пернетақтаны алып келді! Мен оның компьютер емес екенін түсіндірдім. Сол кезде олар монитор тауып алды. Содан соң, ақырында, маған ескі «Zema» компьютерінің жүйелік блогын жеткізді-ау. Бірақ бұл да жарайтын еді. Өйткені БОБАЖ Якутияның шынайы жағдайын ескере отырып жазылғандықтан, 286-сериядан бастап MS DOS операциялық жүйесіне дейінгі кез келген PC-те жұмыс істей беруге болатын еді. Бағдарламаны орнатып, теңшеулегеннен кейін өзім алып келген модем арқылы қаламен байланысудың сынама сеансын өткізіп көргім келді. Телефон желісіне қосылуға рұқсат беруді өтінуіме орай маған тұрқы ағаш орындықтың көлеміндей рация әкеліп, байланыс тәулігіне екі рет, жер серігі көкжиектен көрінген шақта пайда болатынын айтты. Рация қарабайыр, симплексті екен, ал ол арқылы деректерді жолдау, әрине, еш мүмкін емес еді. Осы хикая, меніңше, Якутиядағы адамдар қандай қиын жағдайда өмір сүретінін әрі осындай мекендерге де жаңа технологиялар біртіндеп жол ашып, сыналай кіріп жатқанын дәл бейнелейді. Интернетті осы уақиғадан біраз бұрын, 1994 жылы көрген едім. Компьютермен алғаш танысқан кезімдегідей, бұл маған сұмдық әсер етті. Арнаның жылдамдығы жұмыста тек суретсіз, оның үстіне дыбыссыз немесе видеосыз мәтіндік ақпаратты алуға ғана мүмкіндік бергеніне қарамастан, мен нақты уақыт режимінде дүниенің басқа бір қиырындағы адаммен чатта хат жазыса беретінімізге сене алмадым. Бұл мүлдем адам сенбестей нәрсе ғой! Алдымыздан ашылған перспективалар мен мүмкіндіктер қиялымды шарықтатты. Бірте-бірте интернет арқылы ең соңғы жаңалықтарды алып, шүйіркелесуге, тауарларды сатуға және сатып алуға, оқып, білім алуға және басқа да көптеген нәрселерді істеуге болатыны түсінікті еді. Жұмыста біз тек бір жылдан кейін тұрақты түрде интернетке қосылдық, тағы бір жыл өткен соң мен үйге «dіal-up» рұқсатын сатып алдым. Біз Якутиядағы интернетпен танысып, оны кәдеге жарата бастаған алғашқылардың бірі болдық. Ал тұрғындардың қалған 99 пайызына бұл мүлдем бейтаныс сөз бен құбылыс еді. Интернет бірден сүйікті ермегіме айналды, күн сайын қыруар уақытымды желіде өткіздім. Бұл әлемдегі «Alta Vіsta», «Yahoo», бұл күндері ұмытылған ІRC-чаттары мен файлдарды сақтап, жолдап отыруға мүмкіндік беретін FTP протоколдары бар Ресейдегі «anekdot.ru» сияқты танымал сайттардан тұратын алғашқы лектегі романтикалық интернет-тұғын. Қазір ойға алып, көзге елестетудің өзі қиын, ал сол кезде «Google», «YouTube» және алғашқы әлеуметтік желілердің пайда болуына – бірнеше, ал мобильді қосымшалардың дүниеге келуіне әлі арада ондаған жылдар жатқан еді.
Әзірше интернет те менің негізгі жұмысыма байланысты бола қойған жоқ еді. Бірде оффлайн-бизнеспен айналысып көргім келді, бірақ маған бұл мүлде ұнамай қалды. Мән-жайы былай болды. Жергілікті Қаржы министрлігінен тәп-тәуір шартнама алып, мен тапқан ақшамның бір бөлігіне Якутскіде үш сауда дүңгіршегінен тұратын мини-сауда желісін ашып, оларда түрлі жеңіл тағамдар мен сыра сияқты ұсақ-түйек нәрселер сатуға ұйғардым. Сол жылдары мұндай сауданың бағы жанып тұрды, бүкіл қаланы үлкенді-кішілі дүңгіршектер мен сауда павильондарына толтырып тастаған еді. Менің көзіме бұл идея бизнесті әлдебір әртараптандыру шарасы, тұрақты табыс көзін жасау қадамы сияқты көрінді. Алға оза шауып айтарым, бұл, керісінше, тұрақты проблемалардың таусылмайтын көзі, пәленің өзі болып шықты. Қала шетіндегі қоқыстардың бірінен ескі темір дүңгіршектерді тауып алып, жөндеп, сырладым. Тіркеу рәсімдемесін жеңілдетіп, салық жүктемесін азайту үшін рұқсат беру құжаттарының барлығын мүгедектер қоғамының атынан жасап, оның төрағасымен түскен пайданың белгілі бір пайызын қоғам қажеттіліктерін өтеу үшін аударып отыруға келістім. Толып жатқан мақұлдаулардан (жиырмадан асатын түрлі инстанциядан) өткеннен кейін біз ақырында қажетті құжаттардың бәрін алып, дүңгіршектерді айтарлықтай әдемі әрі адамдар көп жүретін жерлерге, екеуін – базарға, біреуін тұрғын ауданға апарып қойдық. Тауарды көтерме базардан сатып алып, 25–50 пайыздай үстеме қостым. Сатушылар жалдап, сәті түскен күні сауданы бастап кеттім. Негізінде, дүңгіршектердің тәп-тәуір орналасуына орай сауда едәуір қалыпты жүрді, олар өздерін ақтап шығып, тіпті азды-көпті пайда келтіре бастады! Басты қиындық – күн құрғатпай шұғыл шешуді қажет ететін әлдебір проблема шыға берді. Біресе ескертусіз жоғалып, кезекті сатушы жұмысқа шықпай қалады, біресе азық-түлік тасып жүрген автокөлік бұзылады, біресе жергілікті спортшылар – бандитсымақтар келіп, өздеріне алым төлеуді талап етеді. (Қайран, 90-жылдар-ай!) Ақырында, өзім «жыртық шұлық үшін ұлы шайқас» деп атайтын нәрсе килікті: шағын бизнестегі қарбалас шаруалар мені негізгі ІT-бизнестен алшақтатып, қатты алаңдата бастады. Сөз орайына қарай айтып жатқаным ғой, жалпы, бұл көптеген кәсіпкерлердің жігерін құм қылған басты проблемалардың бірі: олар негізгі әрі ең құнды өмір сүру ресурсын – уақытын – шектеулі аймақтық немесе тауашалы базардағы ұсақ мақсаттардың соңынан қууға зая етеді. Жарты жылдай қиналып, қыста дүңгіршектегі электр желісін (демек, жылыту жүйесін) кезекті ажыратудан, бүкіл тауар қатып қалғаннан кейін бұл шырғалаңнан қалай шығу керегін шындап ойластыра бастадым. Тап сол кезде, құдай сәтін салғанда деп айтуға болатын шығар, осынау сауда-саттық бизнесі әжептеуір байып, аяғынан қаз тұрып алды-ау деп ойлаған мүгедектер қоғамының төрайымы мені лақтырып тастауға шешім қабылдады: қағаз жүзінде дүңгіршек оның қоғамына тиесілі, ал мен жай жалға алушы едім. Күндердің бір күнінде ол маған жетіп келіп, дүңгіршектерді босатып, өзіне беруімді тепсіне талап етті: енді өздері сауда жасамақшы екен. Мен арқамнан ауыр жүк түскендей, бүкіл тауарды сатып, құрал-жабдықтарымды алдым да, бос дүңгіршектерді бере салдым. Олар өздері сауданы жүргізе алмағанын, бірер айдан соң дүңгіршектер қайтадан қоқыста тоттанып жатқанын айта кеткенім жөн. Ақырында, мен екі түйінді қорытындыға келдім: ІТ – әлемдегі ең жақсы бизнес, ІТ-маманы болсаң, оны қадірлеуің керек. Әрі оффлайнға ұрынбағаның абзал. Сондай-ақ серіктестермен, әсіресе шала таныстармен бірлесе тірлік жасап, шаруа бастаудың түбі сенімсіз, болашағы бұлыңғыр. Ресей – жемқорлық деңгейі жоғары ел екені баршаға мәлім. Әлемде жүгенсіз жемқорлық жайлаған жерлер жетіп-артылады. Бірақ біздегі жемқорлық зардабы ауыр проблемалар туындатып, әсіресе кәсіпкерлерге қиын тиеді. Бағыма орай, белгілі бір тактиканың арқасында (ол жөнінде келесі тарауда әңгімелеймін) астыртын тәсімдер мен пара беру шарғысына шырмалмастан, адал бизнес құра білдім. Бірақ миллиондаған өзге де ресейліктер сияқты, мен де 1990–2000 жылдары тұрмыстық жемқорлықты айналып өте алмадым. 1996 жылы өзімнің тұңғыш автомобилімді сатып алдым. Ол теңіз толқынындай реңі бар металл түсті, рулі «жапонша», оң жаққа орналасқан, ертегідегідей ерекше әдемі (маған солай көрінетін) шетел машинасы – «Nіssan Sunny» еді. «Ниссанда» турбиналы мотор тұр еді, ол тұрған орнынан машинаның 10 секундта сағатына 100 км дейін жүйткуге мүмкіндік беретін. Шыққанына небары 3 жыл болған агрегат сол кезеңде су жаңа автомобильге баланатын еді. Оған мен үшін (иә, басқалар үшін де) әжептәуір ақша – 9 мың доллар төледім. Жасым 22-ден енді асса, гаражыңда анандай әдемі көлік керіліп тұрса, әрине, тыпыршып, тынышың кетеді ғой. Бар мәселе менің жүргізушілік куәлігім жоқтығына тіреліп тұр еді. «Ниссанды» алған бойда автомектепке жазылып қойған едім, енді куәлік қолыма бірер айдан соң ғана тимекші. Бұған қоса, көлік жүргізуді кәдімгідей үйреніп алдым. Ақырында, онша үлкен емес қаламыздың МАИ қызметкерлері арасында әлдебір ерекше сирек кездесетін автомобильмен өрімдей жас, қалтасы қалың бір «ботан» көшені кезіп жүр; содан автомобильді айыптұраққа алу желеуімен пара алып, ақша сыпыруға болады деген сыбыс тарайды. Содан мені тура алатаяғымен жол шетінде тұрған МАИ қызметкерлерінің әрқайсысы тоқтататын болды. Бұл әбден ығыр қылды, күндердің бір күнінде таяғын сілтеген бір инспекторды көре тұра тоқтамадым. Басқа жаққа қарап келе жатқандай кейіп таныттым. Жанынан өте шығып, арт жақты көрсететін айнаға қарағанымда, әлгі офицердің автомобиліне қарай жүгіріп бара жатқанын көрдім. Олар жарқ-жұрт еткен шамын, сиренаны іске қосып, соңыма түсті. Көп ойланбастан кесе-көлденең көшеге жалт бұрылдым да, газ басқысын түбіне дейін басып, екі не үш бағдаршамнан, оның ішінде қасында жаяу жүргінші жоқтығына көз жеткізіп алып, қызыл түсті жанып тұрғанынан да ағызып өте шықтым. Көшенің соңында, жағалауға тірелер тұста «Ниссанның» тежегішін шарылдата жалт бұрылып, солға қарай зымырадым. Сол сәтте жанымнан Якутскіде сирек кездесетін сүліктей қара «Mersedes» зу етіп өте шыққанын көзімнің қиығымен шалып қалдым. Жол қиылысына бірер секунд кеш шыққанымда, ол бар пәрменімен бүйіріме қадалатын еді. Осының бәрі өте-мөте қауіпті жайт еді, тіпті жастықтың буы мен қанды қоздырған адреналин де өзіме және өзгелерге төндірген сол қатерді еш ақтай алмас еді. Менің қапталымдағы жолаушылар орындығында біреуден уақытша алып, голливуд фильмдерін көру үшін үйге әкеле жатқан VHS – видеомагнитофонды қолына ұстап, курстасым отырған. Қорыққанынан орындықтан сырғып түсіп, тек түсініксіз дыбыстар шығарып келеді. Мен солға, содан соң тағы да солға, үйім мен қатар тұрған аулаға бұрылдым да автомобильді жалға алған, тереземнің түбінде орналасқан ескі темір гаражға кіргізе қойдым. МАИ қызметкерлері екінші бұрылысты байқамай қалып, жағалаумен әрі асып кетті. Бірақ біз видеомагнитофонды қолға ұстап, гараждан үйге қарай келе жатқанымызда олар қайтып оралып біздің «Ниссанды» іздеп, аулаға ақырын кіріп келе жатты. Жүрегіміз алқымға тығылып, тамағымыз құрғап қалды. Бізді танымаған патруль әрі қарай ұзай берді. Осылайша бұл авантюрамның бірінші бөлігі мен үшін ойдағыдай аяқталды. Құдай сәтін салды, әйтеуір. Келесі күні мен, енді жалғыз өзім, әлдебір шаруаларға авто мініп шыққым келді. Барар жерім алыс емес, бірақ аса сақтық көрсетіп, әр бағдаршам сайын машинадан шығып, МАИ қызметкерлері бар-жоғына көз жеткізу үшін алдымды барлап алдым. Қайтар жолда, аулаға енді кіре берген кезде арт жақты шолатын айнадан соңымнан құйрық тістесе ілесіп келе жатқан кешегі патрульдік машинаны көріп, шошып кеттім. Аулаға кіріп аялдағанымда, олар тұмсық тірей тоқтап, машинаның жолын түгел жауып тастады. Ішінен бір офицер шығып, маған беттеді. Мен әйнекті төмен түсірдім.
– Ал енді, сәлем дейік, – деді инспектор әдеттегідей аты-жөнін, лауазымын айтып, өзін таныстырып жатпастан, – шық бері, каскадер.
– Саламатсыз ба! – Одан әрі айтарға сөз таппай, састымда, – өз адвокатымның келуін талап етемін, – дей салдым.
Офицер менің қалжыңымды елең қылмастан:
– Адвокат па саған? Қазір! – деп тістенді. Содан соң артық ауыз сөз айтпастан, машинадан сүйреп шығарып, бетімді капотқа жапсырды да, қолыма артқа қайыра кісен салды. «Ниссанды» – айыппұл салатын тұраққа, өзімді ең алыстағы, қала шетіндегі үй құрылысы комбинатының маңындағы милиция бөлімшесіне алып кетті. Бөлімшеде милиция қызметкеріне бағынбағаным үшін тұтқындап, содан кейін жазалау шарасы ретінде 24 сағат «темір торға» қамау жөнінде хаттама толтырды. Осылай терезелері мен есіктеріне темір тор салынған, күңгірт әрі тоз-тозы шыққан үлкен бөлмеден бір-ақ шықтым. Онда қоғамның бетке ұстар тұлғаларының санатына жата қоймайтын өкілдерінің жиырма шақтысы отыр екен. Сідік пен сыздың иісі мүңкиді. Жай-ахуалға аздап бой үйретіп, алдағы қоналқы жөніндегі ойға көндіге бастағанымда, кешке таман кезекші милиционер кіріп келді де, «Гайдай» фильмінің стилімен команда берді: «Жолдас алқаштар, қаңғыбастар мен арамтамақтар, қаз-қатар сапқа тұрыңдар! Белдіктеріңді, бауларың мен тартпаларыңды шешіп, тапсырыңдар, жеке заттарыңды тексеруге дайындаңдар», – деді. Белдіктер мен басқа заттарды олар сыпырып алды, сірә, түнде ешкім асылып қалмасын немесе бір-бірін тұншықтырмасын деп сақтанғаны шығар. Айтқанын екі етпей, бәтеңкемнің бауын ағытып, басқалармен қатар тұрып, кезегімді күттім. Маған таяп келгенде милиционер мұнда жиналған тобырдан түр-тұрпатым өзгеше екенін байқады. Жұмыс орнымды сұрап, сөмкемді ашты, ноутбук пен радиотелефонды (сол кездегі таңсық, қат нәрселер) көрді де: «Жә, түсінікті. Бәтеңкеңнің бауын тақ та, соңымнан ер», – деді. Қалтарыс бөлмеге апарып, осы бөлімшенің әлдебір кезекшілер қорына ерікті жарна аударуға қалай қарайтынымды сұрады. Қалтамда ақша көп емес еді, бәрі түгелдей милиционердің уысына түсті. Жарты сағаттан соң, кезекші офицер кеткен кезде босатып жіберді.
Көңілімді масайтқан бостандық сезімін, таза ауаның тәттілігі мен қоршаған дүниенің сұлулығын, милиция бөлімшесінің шыға берісінде тұрып, содан басым қалай айналғанын ешқашан естен шығарған емеспін. Ноутбук салған сөмкемді әуелете лақтырып, қағып алдым да, төңіректі жаңғырта «Ураааа!» деп айғайладым. Сосын, қайтып ешқашан да мұндай жерге түспеуге өзіме серт бердім. Таксиді пайдаланудың шын мәнінде төтенше әрі маңызды сабақ болған нақты тәжірибесіне кезігіп, тәлім ілуім де тап осы кез еді ғой. Интернеттің ессіз фанаты ретінде үйде жалғыз, компьютер алдында бір бөтелке шампанмен отырып, ІRC-чаттағы виртуал достарымның әлдебіреуінің уақыт белдеуіндегі сағат тілі түн ортасына жетіп, жаңа жыл кірген сайын бокалды монитордың шыны экранымен қағыстырып қойып, жаңа 1997 жылды қарсы алдым. Әуелі Ресейдің қиыр шығысындағы Камчатка болды, содан соң Владивосток пен Магаданның, одан кейін Якутскінің, Сібірдің, Оралдың, Мәскеудің, Еуропаның кезегі келді. Соңғылары Аляскідегі жігіттер еді, олар бүкіл әлеммен жаңа жылдың келуін тәулік бойы тойлай беріп, батысамерикалық уақыт бойынша өздерінің Жаңа жылы басталған сәтте удай мас болып қалғанын кейін айтып берді. Бірақ таң атқанша чатта отырғым келмей, түнгі сағат 01:00-ге таман өзімнің нақты, жанды достарыма жетіп алуды жоспарладым: қаланың әр бөлігінде екі топ бас қосып, екеуі де мені шақырып жатқан еді. Мен олардың алыстағысын, таксимен жетуге болатынын таңдадым. Киініп алып, қаланың орталық алаңындағы автобус аялдамасына жеттім, сол жерде ғайыптан тайып таксомотор ұстаудың сәті түсті, сол жылдары жаңа жыл түнінде такси табу өте-мөте қиын болатын. Есігін ашып, жолақысы жөнінде келісе бергенім сол еді, арт жағымнан келген әлдебір жігіт мені дөрекі түрде итеріп жіберді де: «Боқмұрын, кет былай, бұл менің таксиім» деп зіркілдеді. Мен оған қарсы тұрдым, содан керілдесуден басталған әңгіме баяу әрі шапшаң түрде төбелеске ұласты. Олар үш жігіт екен, сол қиын болды. Екеуі де жабылып кетті. Олар мені жығып алып, аяусыз тепкіледі. Бәтеңкемен ышқына тепкен бір ауыр соққысы тура бетіме тиді. Содан соң шабуыл жасағандар қашып кетті, мен орнымнан тұрдым. Үсті-басым қар-қар, тонымның алды қақ айырылыпты, мұрнымнан сорғалаған қан бетім мен кеудемді жауып кетіпті. Жүз метрдей жерде моторы гүрілдеп милицияның патрульдік автомобилі тұр екен, ішінде құқық қорғау қызметкерлері жаңа жылдың басталуын тойлап отырғанын көрдім. Мен соларға таман бардым, арамызда мынадай әңгіме өрбіді:
– Саламатсыздар ма, маған жаңа ғана үш жігіт соқтығып, сабап кетті.
– Біз не істеуіміз керек, сонда?
– Не істеуіміз керегі қалай, бұзақыларды ұстау керек қой. Міне, қараңыздар, маған не істегендерін. Тағы біреулерді таяққа жығуы мүмкін.
– Әй, жігіт, бері қара. Егер тап қазір қараңды батырмасаң, мына бізден де таяқ жейсің. Түсіндің бе бәрін?
Түсіне қойдым. Содан кейін ұзақ жылдар бойы құқық қорғаушылармен кез келген байланыс жасаудан аулақ жүруге тырыстым. Үйге қайтып келіп, жуынып, киімімді ауыстырдым, мұрныма жалпақ пластырьды жапсырып, жақын жердегі достарыма беттедім, оларға жаяу жетуге болатын. Сонда барған кезде достарымның бәрі удай мас болып, ұйықтап жатқандарын, ең бастысы, керемет сұлу қыздардың зерігіп отырғанын көрдім, олар жарты бетіме желімдәке жапсырылған далба-дұлба сықпытыма әрі сап-сау, салауатты кейпіме алабөтен қызығушылық танытты. Сол қыздардың арасында болашақ зайыбым Вера да бар еді! Біз сол түні танысып, жылға жетпей үйлендік. Бәлкім, тағдырдың өзі өктем түрде жолға салып, онымен кездесуге жібергені шығар. 1998 жылы Азиядағы қаржы дағдарысының жойқын толқыны Ресейге дейін жетті. 17 тамызда үкімет мемлекеттің қарыз қағаздары жөнінде дефолт жариялап, олар бойынша алған міндеттемелерін төлей алмайтынын мойындады. Бірнеше аптаның ішінде құнының 80 пайыздан астамын жоғалтып, рубль күйреп түсті. Бірақ мұның бәрі кейін болды, ал әзірше, бір таңғаларлығы, мен үшін қара бұлттай үйіріліп келе жатқан дағдарыстың алғашқы хабаршысы енем шалған телефон қоңырауы болды: «Тыңдашы, Арсен, таңғы жаңалықтарда Мәскеудегі «Токобанктің» салымшылары ақшаларын ала алмай жатқанын айтты. Сенің шотың сонда емес пе еді?» – деді. «Токобанк» елдегі ірі жекеменшіктің бірі ғана емес, сондай-ақ шынында да, менің компаниямның есепшоты мен қаражаты жатқан банк еді. Мұны естіген бойда дереу банкке барып, шотта қалған бүкіл қаражат сомасына чек жаздым да, бәрін түгел қолма-қол ақшамен беруді талап еттім, ақшамды алмай кетпейтінімді мәлімдеп, кассаның қасында тас-түйін кейіппен түнеріп тұрып алдым. Бірнеше сағат өткен соң клиенттің алған бетінен қайтпайтынын және өзінің мына мінез-құлқымен өзгелердің арасында үрей туғызатынынан қауіптенген менеджер бүкіл ақшаны темір монеталармен алу жөнінде сыбырлап ұсыныс жасады. Соның ақырында автомобилімнің жүк салғыш қорабы монета салынған брезент дорбаларға нық толды, содан кейін мен өзімнің жалғыз қызметші қызыма айлық жалақыны баяғы кезең туралы балалар ертегісіндегідей, зілдей дорбалармен беріп жүрдім! Якутскіде «Токобанктен» әйтеуір бірдеңе алып қала алған соңғы мен екенімді айтуым керек: ақы төлемдері мен өтемдерінің бәрі тоқтатылып, банк күйреді, санаулы күн ішінде банкротқа ұшырады. Қайтарып алған ақшамды құнсызданудан құтқару үшін мен өзімнің алғашқы жол талғамайтын көлігімді – тұрпаты әдемі, тұрқы үлкен дизель «Toyota Surf-ты» сатып алдым. Сөйтіп, «Nіssan Sunny-мен» және дүңгіршектерге қатысты уақиғадан қалған «ИЖ» жүк машинасымен бірге менде бір мезетте үш автомобиль болды. Тұтас бір автопарк!
ҮШІНШІ БӨЛІМ. КӘСІПКЕР
«Табыс дегеніміз – түпкі мақсатқа жету емес, дұрыс бағытқа жүретін жол ғана».
Хеймир ХАДЛЬГРИМССОН Дағдарыс бәрінен бұрын менің шағын b2b-бизнесімнің бүкіл тапсырыс берушісіне қатысы бар қаржы саласына қатты соққы берді. Мен келісімшарттардың бірінен соң бірінен айырыла бастадым, тақырға отырып, түксіз қалу қаупі қаралай төнді. Бұл өз бизнесімнің ауқымы шектеулі екенін әлдеқашан түсініп қана қоймай, болашақта не істеу керегін ойластыруға ықпал етті. Негізгі ІT-бизнес құрдымға батып бара жатты, сауда дүңгіршектеріне қатысты сәтсіздік жадымда әлі жаңғырып тұр, тап осы кезде, қыркүйекте, Вера екеуміздің тұңғыш қызымыз Елена дүниеге келді. Отбасының жайына жауапкершілік пен бизнеске байланысты белгісіздік сезімі, екіұдай ахуал осы кезеңнің өмірімдегі ең мазасыз шақ болуына алып келді. Күні-түні «не істеу керек» деп бас қатырдым. Сөйтіп жүргенде сиқырға бергісіз ғажайып уақиға болды: әдеттегідей ұзақ уақыт ұйықтай алмай жатып, түн ортасынан ауа қалғып кеткенде түсімде интернет-порталды көрдім. Бір ғажабы, осы түсімдегі портал сауда-сауық орталығына ұқсайтын, түрлі дүкендер мен қызмет орындары жұмыс істеп тұрған жайлары бар зәулім ғимарат түрінде көрінді. Сол заматта оянып кеттім де, таң алдындағы алакеуімде көрген түс әсерінен арыла алмай, көзім бақырайып ұзақ жаттым. Жанымда әйелім мен бөпем алаңсыз пысылдайды, ал мен адреналинім атқақтап, жүрегім лүпілдеп, төбедегі көлеңке мен сәулелердің діріл қаққанына көз тігіп, үнсіз жатырмын. Маған енді немен айналысатыным аян болды, якут «Yahoo-сын» жасаймын! Әркім өзіне әлдебір, мейлі, ол жаңалық, хабарландыру не чат болсын, пайдалы бірдеңе табатын орынды ашамын. Ең тамашасы, бұл өзімнің сүйікті ермегім – интернетпен байланысты іс болмақшы. 1999 жылы, венчурлік инвесторлар, бизнес-жаттықтырушылар мен коучтер әлі пайда болмаған кез. Уеб-бағдарламалау мен уеб-дизайнға байланысты мәселелер жөнінде орысша әдебиет те, тақырыптық сайттар да тапшы еді, бірақ мен екі тамаша кітап – «Actіve Server Pages бағдарламалауы» мен «Жаңадан бастаушыларға арналған Photoshop-ты» тауып алдым. Біріншісі қиындық келтірген жоқ: ондаған мың жол күрделі код жасап, қолданбалы қаржы бағдарламаларымен жұмыс істеп машықтанғаннан кейін интернетке арналған жасақтама әзірлеу әлдеқайда қарапайым әрі жағымды іс болып шықты. Оның үстіне бағдарламалардың ең қарапайым түріне – «BASІC-ке» негізделген ASP жөнінде әңгіме болып отыр ғой. Дизайнға келетін болсақ, мен «Photoshop-тағы» негізгі құралдарды шапшаң меңгеріп, өзімнің шамам келетін алғашқы эскиздерді безендіре бастадым. Бәрі ойдағыдай шықты, бірақ әу баста порталды мультисервистік етуді ойластырғандықтан, ол үшін бірқатар тауарлар жасауым керек еді. Істің барысын жеделдету үшін жаңа жобаны әзірлеу ісіне өзімнің ІRS-чаттағы достарымды, уеб-әзірлеме жасау тәжірибелері бар интернет фанаттарын – Коля Иванов (бүркеншік аты – TTL) пен Леха Капустинді (ол – KAS) шақыруға ұйғардым. Сондай-ақ бір-екі рет талқылау өткізгеннен кейін математика факультетіндегі курстасым Володя Бутусов атсалысты. Дәл осындай құраммен төртеуіміз кешкісін менің үйімнің ас бөлмесінде отырып, ауызекі талқылау арқылы жаңа порталға қоятын ат ойластырдық. Екі жағына «Yahootіa.ru» мен «caxa.ru» тәрізді алуан түрлі ат нұсқалары шимайлай жазылған бір парақ қағаз әлі күнге шейін бір жерде жүр. Ал солардың арасында «ykt.ru» деген де бар. Жергілікті әуежайдағы жүк биркаларына осылай жазылатынын алға тарта отырып, бұл нұсқаны өзім ұсындым: иә, біршама уақытқа дейін, олар Якутскіні «YKT» деп таңбалады, кейін әуежайдың коды «YKS-ке» аударылды. Жолдастарыма атау ұнамады: «тіл тұтығады», «бұл сөзді ешкім пайдаланбайды», «біресе уай-кэй-ти», біресе «йа-кэ-ти», біресе «у-кэ-тэ» деп, қалай дұрыс айтатыны түсініксіздеу» деді. Бірақ пікірталасқа нүкте қойдым. Атау тез есте сақталатын, қысқа да нұсқа, географиялық жағынан да соншалықты ұтымды болып шықты, порталымыздың танымалдығы өсуінің нәтижесінде бұл аббревиатура кең қолданысқа енді де, қазір Якутск тұрғындары «ykt.ru» нұсқасын қаланы қысқаша атау үшін қолданып жүр және шағын жаңа сайттың «ykt.ru» деген атауы қызық болған кез естерінен шығып та кеткен. Біздің балғын командамыз қалыптасып, бірдеңе істеп үлгермей жатып, ыдырап кетті. Бір күлкілісі, қаладағы жоғары технологиялық нарық ғарыштағы кеңістік тәрізді құлазып, бос тұрған кезде менің жігіттерімді «Іnfopolіs» деп аталатын басқа бір жобаға азғырып алып кетті. Стартаптың идеясы телефон желілері бар бірнеше ондаған модем орнатып, оларға юзерлер тегін қосылатындай және осы порталдың сервисін пайдалана алатындай жағдай жасауға саятын еді. Өте қымбат интернет жағдайында бұл идеяның пайдалы ошағы бар еді, бірақ нөмірлі санының соншалық шектеулілігіне орай қоңырау шалу қиын болды, әрі бос емес желіге ұдайы тіреле берді. Екіншіден, компанияның негізін қалаушылары мен директорлары ІT-ден алшақ жүрген адамдар еді. Қасымдағы мамандарды еліктіріп әкетуге олардың ақшасы жеткілікті болды, бірақ өздері тіпті файлды компьютерден дискетке көшіріп алуды да білмейтін. Негізгі кәсіби саладағы басшылардың мұндай біліксіздігі ерте ме, әлде кеш пе, әйтеуір, қолға алынған жобалардың міндетті түрде күйреуіне алып келеді. Бір жылдай шыдаған ««Іnfopolіs» те құлдырап, құрдымға құлап тынды. Коля Иванов содан соң Америкаға біржола көшіп кетті. Алексей қазір Якутскінің маңындағы елді мекен – Жатайда тұрып, сонда жұмыс істейтін шығар, бәлкім. Володя маған жұмысқа келуге тәуекел ете алмай, мемлекеттік банктегі тұрақты да болжалды жұмысты қолай көрді. Жалғыз қалғаннан кейін маған оркестр-адам: бағдарламашы, дизайншы, жүйе әкімгері, директор әрі бухгалтер болуға тура келді – бәрінің міндетін өзім атқардым. Біздің байтақтың – Саха республикасының (Якутия) құрметіне «СахаИнтернет» деп атаған жаңа компанияға ақша да іздедім. Ақша офис жалдауға, жиһаз, компьютерлер сатып алуға, интернет пен жарнамаға төлеуге және басқа қажеттіліктерді өтеуге керек еді. «Surf-тен» басқа автомобильдерді сатып, бұрынғы бизнестен қалған қолдағы қаражаттың бәрін жидым. Туысқандарым мен сыныптастарымды азды-көпті ақша салуға үгіттедім. Бір досымнан – жүйе блогын, екіншісінен монитор сұрап алып, ақысына оларға компаниядағы үлесті бердім: сол жылдары компьютерлік техниканың бағасы аспанға шапшып, ғарышқа ұмсынып тұр еді. 90-жылдары тіпті Якутскіде жаңа компьютерді бір бөлмелі пәтерге айырбастаған жайт та ұшырасты! Құдды тиын-тебенсіз студенттік жылдар қайтып оралған сияқты көрінді. Біз бір-екі жәшік ет консервілерін сатып алдық, Вераның мамасы бір қап макарон сыйлады, соларды бүкіл қыс бойы қорек еттік. Қас қылғандай, үйіміздегі жылыту жүйесінің бір қадаушасы толықтай істен шығып, пәтеріміз азынап кетті, әлемдегі ең суық қыс Якутияда ғой. Сол жылдары Ресейдегі коммуналдық қызмет көрсету саласын жаппай берекесіздік жайлаған еді. Мұздай салқын пәтерде қолға түскен нәрсенің бәрін жамыла, қымтанып отырған біз күндізгі рационды өзімізге – макарон мен бұқтырылған ет, ал бөбекке балаларға арналған тамақ жететіндей етіп есептеп, бәрін үнемдедік. Кейде өзімізді кітаптар мен фильмдерде суреттелетін сойқан соғыс немесе әлдебір кесапат кезінде өмір сүріп жатқандай сезіндік. Шынтуайтына келгенде, 90-жылдары ел ішін соғыстан бетер ауыртпалық жайлаған кесірлі кезең болып еді ғой. Сөйте тұра, құрған отбасымның жылылығы мен сүйіспеншілігінің, дүниеге балдан тәтті бөбегім келуінің және өзіне толықтай баурап алып, бүкіл тірлігімнің мәніне айналған сүйікті ісім – интернеттегі ауқымды шығармашылық ізденісімнің арқасында бұл менің өмірімдегі ең бақытты кезең болған еді. Өзімнің интернет-никімді (FAR) таңдауымның тарихы қызымның жарық дүниеге келуімен байланысып жатыр. Сол кезде, ІRC-чаттарға алғаш кірген шақта ник (бүркеншік есім) таңдауым керек болды, Шекспирдің «Король Лирін» оқығанмын, сондықтан «Korolіr» деп атауға ұйғардым. Естеріңізде шығар, бұл шығарма сюжетіне король Лирдің қызымен қайғылы қақтығысы арқау етіледі. Сондықтан қызым дүниеге келген кезде мен ник енді өрескел екенін, ырымға қырын келетінін ойлап, оны жаңа лақап атқа ауыстыруды ойладым. Оны былай таңдадым: бөбегімді пернетақтаның үстіне көтеріп тұрдым, ол аяқ-қолын ербеңдетіп, кездейсоқ қимылдармен маған жаңа ник теріп берді. Мониторда «f&A,r» деген тәрізді жазылып тұрды. Артық таңбаларды алып тастағанымда, қарапайым әрі мән-мағынасы бар «Far» сөзі шықты. Сол кезден бері менің никім – осы. Әлі күнге шейін менің негізгі электрондық поштам осы сөзді тұтады. «Іnstagram-дағы» ник те «farfarych» деп жазылады. Әлдебір жаңа нәрсені бастаған кезде кейде тамыр-таныстарыңнан, тіпті достарың мен отбасыңнан пессимистік пікірлерді жиі естисің. Түсініксіз, бірақ бұлтартпас шындық сол – қолдау көрсетудің орнына, кейбіреулері ақыл айтып, кеңес берген кейіппен саған қауіп-қатер мен қиындықтар туралы қақсағанды қолай көреді. Мен қандай шаруаны қолға алсам да, сол баяғы таптаурын тіркестер: «бұл іске аспайды», «бәрін алып қойған», «жұртқа бұның қажеті шамалы», «тым күмәнді іс екен» т.с.с. сөздер қаптай жөнеледі. Маған «ykt.ru» порталын жасар кезде де: «Мұны не қылайын деп едің? Нарық әлдеқашан толып болған. Қазірдің өзінде «yakutіa.ru», «yakutsk.ru», «gold.ru» және басқа саха сайттары бар. Сондай жолмен «Іnternet Explorer-дің» жаңа браузер әзірлеуге немесе жаңаша «Yahoo» жасауға болады ғой» деді. Көп кешікпей, ІE-ден де танымал браузерлер жасалды. «Yahoo-ны» күштілеу интернет-іздегіштер әлдеқашан ығыстырып шығарды, оған қоса, 1999 жылы Якутиядағы интернет-сайттар нарығы толып қалды деудің өзі күлкілі еді. Мұндай ақыл-кеңестерді қоқысқа лақтырып тастаңыздар. Абрам Тессер, Сара Хилл, Дэвид Басс т.б. психологтердің зерттеуінше, достарыңыз бен таныстарыңыз кейде сіздің өздерінен асып кетіп, табысқа жетуіңізден қаралай қорқады, бұл олардың өздерін бағалау ләмін төмендетеді, тіпті несібесіне ортақтасып, ауыздағысын жырып әкетердей көрініп, үрейлендіреді. Содан олар саналы не бейсаналы түрде жоқты желеу ету және қаптаған қауіп-қатерді алға тартып, қара аспанды төндіру арқылы әрекетке кірісуіңізге кедергі келтіріп бағады. Ахуалды асықпай талдап, дәлме-дәл цифрлардың, фактілер мен тәуелсіз сарапшылар пікірлерінің негізінде өзіңіз шешім қабылдауыңыз керек. Ал шешім қабылдаған соң мейлінше жігерлі әрі батыл әрекет қылыңыз. Асқақ мақсатты – аймақта ең танымал портал құруды көздеген жаңа компания үшін толыққанды команда құру керек болды, әрі алғашқы құрам сәтсіздікке ұшырағаннан кейін, қызметкерлерді іздестіру ісі жан-жақты, барлық бағытта жүргізілді. 1999 жылы Якутскіден уебке әзірлеме жасақтау тәжірибесі бар кәсіби маманды табу шамамен Калахари шөлінен қар адамын кезіктірумен пара-пар еді. Бірақ бұл адам нанғысыз уақиға сияқты көрінсе де, айтайын: мен оны таптым! Оның еңбек биржасында, Вакансиялардың кезекті жәрмеңкесінде «СахаИнтернет» стендінің жанында тұрған кезімде сәті түсіп, орайы келе қалды. Бір жігіт қасыма таяп келіп, байыпты үнмен: «Сізге уеб-шебер керек пе?» деп сұрады. Оның аты-жөні Иван Семенов екен, ол жуырда Якутскіге шағын саха кенті Вилюйскіден келіпті және уеб-сайттар жасау тәжірибесі бар болып шықты. Ол да интернетке құмар екен және мен ұсынған азғантай жалақыға келісе кетті. Менде алғашқы нағыз қызметкер, компания ісіне жан-тәнімен берілген әрі еңбекқор маман пайда болды. Иванның бір ерекшелігі – Фенимор Купердің романдарындағы Чингачгук сияқты көп сөйлемейді, біз бірер күн тіл қатыспай, үн-түнсіз жүре беретін едік. Екеуміз алғашқы офисіміз – Якут тігін фабрикасының ғимаратындағы шағын бөлмеге көшіп алдық. Бір қызық сәйкестік бойынша біраз жыл өткен соң бизнес-орталық болып қайта жабдықталған осы ғимаратқа енді бірнеше қабатты алып, Якутиядағы біздің негізгі офисіміз жайғасты. Ал 1999 жылы біз мұнда көп емес, бір айдай отырдық, содан соң қаланың басты алаңында тұрған ғимараттан екі кабинет иелендік. Бұл өте керемет еді! Кейін әлем астаналарының ең беделді орындарынан офистер аша жүріп, мен тап сол кездегідей, жуырда сатып алған ескі жиһаздар жағалай қойылған тоз-тозы шыққан кабинетте тұрғандағыдай, сатпақ-сатпақ терезеден қар жамылған Ленин алаңына қарап, болашақ туралы армандаған сәттегідей мақтанышқа кенеліп, шабытқа бөленген сезімді бастан кешкен емеспін. Жаңа офисте тағы бірнеше қызметкер бізбен жұмыс істеп көрді, бірақ олар командаға кіріге алмай, тез кетіп қалды. Келген адам бізге лайық не лайық еместігін анықтаудың бір ғана тәсілі – сынақ мерзімі болып саналады. Сайтты біз қалалық желі ішінде жергілікті контентті жасауға мүдделі «Optіlіnk» компаниясының серверіне тегін орналастырдық. Оның директоры, ІT саласының ақкөңіл әрі ақылды ардагері Игорь Ксенофонтов сол кезде бізге көп көмектесті. Мысалы, дарақ тәрізді форумдарға арналған қозғалтқышты интернетте қайтадан алуға болатынын айтып берді, олар кейін «ykt.ru-дың» ұзақ жыл фирмалық таңбасы болды. Бүкіл көктем бойы біз бас алмай «ykt.ru-мен» жұмыс істедік, мен бағдарлама әзірлеп, дизайн жасадым, Иван, негізінен, беттеп, безендірді және порталды контентпен толтырды. Порталдың бірінші құрамына жаңалықтарды, форумдарды, хабарландырулар мен валюта бағамдарын қостық. Сәуірдің соңына таман портал тұтастай дайын болды. Біз ашылу датасы – 1999 жылдың 26 сәуірі деп белгіледік, бірақ тап сол күні атышулы «Чернобыль» вирусы іске қосылып кетті де (осы аттас АЭС-те апат болғанына дәл 13 жыл толған күні), офистегі компьютерлеріміздің жартысындағы, яғни, төрт компьютердің екеуіндегі деректерді жойып жіберді. Бағымызға орай, вирус алғашқы айларда кәдуілгі дербес компьютерлердің бірінде жұмыс істеген порталдың өзінің бастапқы материалдарына тиіскен жоқ. Ақырында, рәсім датасы кейін шегеріліп, порталды 29 сәуір күні ресми түрде ашып, дос-жарандарымыз бен жора-жолдастарымыздың бәріне хабарламалар жібердік және жергілікті чаттар мен форумдарға сілтемесін жолдадық. Алғашқы келгендерді толқи қарсы алып, форумдардағы, хабарландыру тақталарындағы бастапқы хабарламаларды көрдік. Алғашқы апталарда шамамен күніне бірнеше ондаған келіп-кетуді иелендік, олардың едәуір бөлігін өзіміз жасадық. Бір күні, «ykt.ru» ашылғаннан соң көп кешікпей, чатта хобби ретінде «Формула-1» автожарысы туралы сайтты демеп жүрген жігітпен әңгімелесіп қалдым. Ол күніне оған әдетте 500 келіп-кету болатынын айтты, сонда бұл маған қияли цифр сияқты көрінді, айырмашылық соншалықты үлкен, яғни жер мен көктей еді. Порталдың алғашқы екі не үш нұсқасы, жұмсарта айтқанда, менің әуесқойлық дизайнымның өресі жағынан да, құрамы бойынша да тым қарабайыр шықты («ykt.ru» 1999-ды» гуглдетіп, дизайнның екінші нұсқасын көруге болады, ең алғашқысы, неге екені белгісіз, табылмай-ақ қойды, өзімізде де сақталмапты). Бірақ безендірілуі мен мазмұнының қарапайымдығына қарамастан, бастапқы кезден-ақ, көпшіліктің айтуынша, «ykt.ru» әлдебір айрықша, өзге Якут сайттарынан ерекшелеп тұратын бірдеңе болды. Бұған қоса, біз порталды үнемі жаңартып тұрдық, онда әлдебір жарық сәуле, сезіми жылылық, бейресми тәсіл, күлкілі рәуіш пен креативтілік бірден көзге шалынды. Жаз кезінде қалада шығатын газет редакцияларын түгел аралап шығып, бәрімен ортақ келісімге келдік, олар бізге файлдарын жолдап тұрады, ал біз оларды «ykt.ru-ға» жайғастыратын болдық. Олар үшін бұл қиын емес еді, есесіне, өздерінің интернеттегі беттерін газеттің тақырыпшасында жариялауға болатын гиперсілтемесімен тегін алып отырды. Интернет газеттердің таралымына еш әсерін тигізе қоймаған кезге шейін бұл жаңалық әрі қызықты іс болып көрінді. Айтпақшы, сондай беттердің бірі жастардың саха тілінде шығатын «Эдер Саас» газетінің интернет-нұсқасы еді, ол желідегі саха тілінде шығатын нағыз сайттың алғашқысы болды. Қала әкімшілігімен бірлесе онлайн-конференция сияқты іс-шара өткізу туралы келісімге келуіміз қызықты, тартымды қадам болды: Якутск тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарды жолдады, біз солардың арасынан ең көкейтесті 100 шақты хатты іріктеп алып, порталда мэрдің жауаптарын жарияладық. Осы тілдесу ұзақ жылдар бойы әдетке айналды. Тұрғындар үшін қаланың бірінші басшысына жүгінудің теңдессіз тәсіліне айналды. Іле-шала порталда «Қар адамының бар екеніне сенесіз бе?» деген сияқты көпшілік көкейінде жүрген танымдық мәселелерге қатысты қызық блиц-сауалдамалар пайда болды. Оларға жұрттың қалай жауап беретінін қадағалаудың өзі ғанибет еді. Біз, неге екенін білмеймін, әйтеуір, «ӨАӨ» («Өнегелі адамдар өмірі») деген айдар ашып, пайдаланушыларымызды соған өз хикаяларын жолдауға шақырдық. Ондағы алғашқы жарияланым 11 жасар баланың «Жұмбақ жендет» атты әңгімесі болды. Ол мынадай эпизодтардан құралады: «Бірде сэр Томсон орман ішінде сейілдеуге шықты. Соқпақпен келе жатып, ол 1841 жылғы монетаны тауып алды. «Уа, жолым болды!» деді сэр Томсон қуанғаннан басын шайқап. Кенет алдыңғы жақтан қураған бұтақтың сынған сытыры естілді. Бұтақтың тасасында кім аңдып тұрғанын көру үшін сэр Томсон жалт қарады. Ол жан-жануарды емес, түрлері сұсты 3 жігіттің тұрғанын көрді. Біреуі бас сүйек қаңқасы бейнеленген қара бандана мен қызыл бешпет киіпті, ал екеуі – кәдуілгі, қарапайым ағаш кесушілер. Сэр Томсонның үрейі ұшып, зыта жөнелді». Осы мини-триллерге қоса әлгі айдар астында жұмыста арақ ішудің пайдасы туралы әзіл-эссе, «DOOM» ойыны туралы көркем әңгіме және осы тақылеттес дүниелер жарияланды. Бір сөзбен айтқанда, бұрыннан келе жатқан қасаң қалыпты ұстанатын сайттардан қатты ерекшеленіп тұрды. Ашылғанына жарты жыл толған кезде «ykt.ru-ға» кірушілердің саны күніне мың адамға дейін өсті де, порталдың өмір сүріп, өз бетінше тірлік жасай алатыны түсінікті болды. Жазда бізге Маша Бойтунова қосылды, ол ник бойынша Маша Дубровская еді ғой. Керемет дарынды адам, суретші, дизайншы әрі фотограф Маша сол жылы Қаржы-экономика институтын бітірді. Туған-туыстары оған банктегі менеджердің мимырт қызметін дайындап қойған еді. Біз Машаның шығармашылық қабілетін құтқарушы, ал ол біз үшін нағыз олжа, жан-жақты кәсіби маман (синет) болып шықты, бұған қоса, Маша мінезі жайлы, жолдастыққа адал жан екен. Әуелі мен оның интернеттегі жеке сайтын көрдім де, безендіру мен контентінің үйлесімділігіне тура арбалып қалғандай күй кештім. Мұндай сезіми индукция – қай кезде де хас өнер мен дарынның нышаны. Біз оны жұмысқа шақырдық, ол офиске келіп, бізге және жобаға қарады да келісімін берді. Маша уеб-дизайнды тез меңгерді, біртіндеп біздің сервис те кәсіби әрі тартымды түрге ене бастады, сөйтіп, алғашқы шағын, әйтсе де нағыз кәсіби командамыз қалыптасты. Кез келген компания үшін жақсы команданың болғаны маңызды. Дәлірек айтқанда, бұл – ІT зияткерлік салада жұмыс істейтін кез келген компаниядағы басты нәрсе. Алғашқы b2b-бизнесімнің сәтсіздікке ұшырау себептерінің бірі дұрыс команда құра алмағаным еді. Менен басқа тек бір қызметші қыз болды, ол клиенттерімізге техникалық қолдау көрсетумен ғана айналысты. Толыққанды әрі күшті командам болғанда, дағдарыстан шығар жол тауып, тауыстай қайта түлеп, ілгері қадам баса берер едік деп ойлаймын. Әсіресе топтар – компанияның жетекші мамандары болғаны өте маңызды. Қатардағы қызметкерлердің тұрақтамағанына қиналмауға болады, ал бөлім бастығынан бастап, әр топ-қызметкерлерден айырылу – сау адамның саусағын не қолын жұлып тастағанмен пара-пар, өте ауыр тиеді. Қан сорғалай ағып, қатты ауырады, тіпті зардапты асқынуларға ұласуы да мүмкін. Әлдебір фаундер, яғни компания құрып, стартапты іске асырушы адам, әрбір СЕО (бірінші басшы) команданың ұйытқысын, компанияның миссиялары мен құндылықтарына алғаусыз берілген ардагерлерден құралған сайыпқыран гвардиясын қалыптастыруға, оларды қолдап, дамытып отыруға жете мән беруі керек. Осы алғашқы айларда бізде «синет» мәдениеті қалыптаса бастады, көп ұзамай «СахаИнтернет» дегенді осылай, қысқартып айтуға көштік. Оған татулық, ашықтық, адалдық негіз қалады, әзәзілдік пен аярлыққа жол бермедік. Біз бір-бірімізді «синеттік» деп атадық та, «синеттік еместерді» түйсікпен ажырата білдік. Команда тұтас болған кезде дені-қарны, ДНҚ-сы сау болып, өзі сияқтыларды еріксіз баурап, өзгелерді өңменінен итеріп тұрады. Бір қызық дерек келтірейін: компания тіршілігінің алғашқы бес жылы ішінде, күнелтістің қиын, жалақының ең төмен кезінде қалада ІТ мамандарына шектеусіз пайдалы шарт ұсынатын мемлекеттік және жекеменшік ұйымдар көп болғанына қарамастан, бізден бірде-бір қызметкер босап кеткен емес. Бұл компанияда айрықша отбасылық ахуал, өзара көмек ауаны қалыптасқанына байланысты шығар, иә, бізде әркім өз жұмысын беріле істеп, міндетін мінсіз атқаруға талпынатын еді. Бәлкім, бізді болашақта шұғылалы шыңдарға шығып, алмастай ақық асуларды бағындыру арманы біріктірген болар, біз көрнекті келешекті – Якутиядағы ең мықты бизнесті құрып, жоқтан бар жасай алатынымызға алғаусыз сендік. Табыс тауып, пайдаға кенелуге емес, мықты миссиялар мен кәделі құндылыққа негізделген асқақ арманның біріктіруші күші – өте мықты құрал, ол команданы құрыштай шынықтырып, мақсаткер әрі бақытты ортаға айналдырады. Бизнесті құрылымдаудағы көп таралған қателіктердің бірі – фаундер (немесе фаундерлер) міндеттер мен мақсаттарға жете мән бермей, кәсіпкерліктің негізгі міндеті пайда табу деп есептейді, кейде сыйақы беру арқылы оны бөлісуге қызметкерлерді қатыстырып қойғанына мәз болады. Бұл – ынтаны жойып, ынтымаққа сызат түсіретін қылық. Егер де компания әлдебір көрнекті іс тындырғысы келсе, оның командасы міндетті түрде, ұқтыңыз ба, міндетті түрде (!) қиядағыны құр жібермейтіндей қырағы болуға, алдына асқақ мақсаттар қойып, сол арқылы өздеріне де, өзгелерге де серпін беріп, тұтастыққа жетелеуге тиіс. Якутскіде сыртқы интернет өте баяу жұмыс істеп, ал электрондық пошта ең көп таралған сервистердің бірі болғандықтан, біз оған осыған ұқсас әлдебір нәрсе жасауға ұйғарып, үш аптаның ішінде «Печкин-онлайн» деп аталатын қызмет түрін жазып шықтық. Идеясы мынаған саяды: пайдаланушы ерекше никпен аккаунтын тіркеп, оны дос-жарандары мен жора-жолдастарына хабарлайды да, олармен хабарлама алмаса береді. Мен бірінші нұсқаны бағдарламалап, сайттың иллюстрациялары ретінде пошташы Печкин туралы балалар кітабының суреттерін сканерлеп алып, көрініске шығардым. Сервис келгіншілердің аса қызығушылығын тудыра қоймады. Сонда мен қарапайым амал ойлап тауып, іске қостым: кез келген пайдаланушы 100 таңбадан аспайтын қысқаша мәтіндік хабарлама жариялай алады. Ол «Әлем мәлімдемесі» деп аталатын жалпы хабарламалар тізімінің жоғарғы жағына дереу шыға келеді. Осындай қарапайым нәрсенің арқасында «Печкин» (немесе, пайдаланушылар бірден солай атап кеткендей, «Печка») санаулы апта ішінде танымалдығы жөнінен «ykt.ru-дың» басты бетінен кейін екінші орынға шықты. Арада біраз жыл өткеннен кейін осыған ұқсас тәсілмен «Twіtter» сервисі орасан танымалдыққа ие болғанын білеміз. Бұл кейін өзіміз көп байқаған құбылысқа бірінші жолығуымыз еді: егер «ykt.ru-дағы» әлдебір сервис танымалдыққа ие болса, онда көп ұзамай әлемде соған ұқсас табысты бір стартап пайда бола кетеді. «Уkt.ru» фотогалареясының, әсіресе «Болталка» деп аталатын, қыздар өз суреттерін шығарып қоятын фотогалереяның танымалдығы кейін «Іnstagram-ның» өрістеуіне ізашар болды. «Оdnoklassnіkі.ru» жобасын жасаушы Альберт Попков өз ісін бастар алдында интернетті шарлап мониторинг жасап отырған, біздің «odnoklassnіkі.ykt.ru» деген сайтымызға тап келгенін маған кейін айтып, ашық профильдер санын дәл атағаны есімде. Керісінше, «үлкен» интернетте танымал бола алмаған нәрсе бізде де баянды бола алмады. Зады, бұл, бүтіндей алғанда, адамдар барлық жерде бірдей, бір-біріне ұқсайтынын көрсететін шығар. Егер қыздарға өз селфиін жариялау ұнаса, онда бұл «ykt.ru-да» да, «Іnstagram-да» да, Якутскіде де және оның сонау Чилиде де, ғаламшарлардың қарама-қарсы бетінде де солай болғаны. Тіпті Альфа Центаврдың қатарындағы алыс планета тұрғындарында да солай шығар. Ендеше, «copycat» технологиясы – өміршеңдігін дәлелдеген идеяларды жаңа географиялық немесе бос жатқан сегменттерге көшірмелеп, ауқымдандыру ісі, өзіне немен айналысуды таңдап-талғайтын кәсіпкерлер үшін жемісті, нәтижелі стратегия болуы әбден мүмкін. «Печкин-онлайн» уақыт өте келе интернет-танысу қызметіне көшіп, дейтинг (яғни танысу) сайттары бастан өткеретін қиындықтардың бәріне – еркектер үлесінің әйелдердікінен бірнеше есе асып түсуіне, спамға, әрқилы әдепсіз ұсыныстарға т.б. қолайсыздықтарға тап келді, бұл біздің модераторлардың әбден басын қатырып, жүйкесін жұқартты. Бірақ, қайткенде де, сайттың арқасында жүздеген, бәлки, мыңдаған отбасы құрылды және әлдебір жерде талай балақай мен жеткіншектер құлдыраң қағып жүр, олар «Печкасыз» жарық дүниеге келмес пе еді. Иә, бұл өте керемет нәрсе болды. «Печкадан» кейін біз «Баксбург» ойын жобасын ойлап тауып, іске қостық. Онда пайдаланушылар біз ойлап тапқан киберакцияларды алып, «Шолақ қол бандит» сияқты ойындарды ойнап, спорттық жарыстарға бәс тігіп, тіпті Мәскеудегі банкаралық биржадан акциялар мен валюталардың нақты белгіленімдері берілетін виртуалды биржада ойнай алатын болды. Баксбургерлер кибербакспен есептелетін байлығының көлеміне қарай әлеуметтік таптарға бөлініп, бұл әртүрлі төсбелгілер мен мәртебелер беру арқылы атап өтілді. Әлгі кибервалюталарды нақты өмірде (апта сайынғы аукционға символикалық жүлде үшін қатысқаннан басқа) кәдеге жаратуға болмайтынына қарамастан, жоба тез танылып, сайттың беделін көтеруге септігін тигізді. Бұл біз үшін де, бәлкім, бүкіл жас Рунет үшін де геймификацияның алғашқы тәжірибесі болғаны анық. Сондай-ақ ІRC-чаттарын аштық, интернетте жүзуді бастаған кезден бері онда талай отырғанмын. Басты чатты «Болталка» деп атадық. Одан 2000 жылдары Якутиядағы интернет-пайдаланушылардың бәрі дерлік өткен шығар. Чаттың танымалдығы мынадай болды: қатысушылар ондағы «hop» және «op» статустарын алу үшін бізге қомақты ақша ұсынды, мұның символдық мәні бар еді. Бір таңғаларлығы, кей адамдар үшін басқалардан әлеуметтік деңгейі жағынан, тіпті виртуалды әлемде де, сәл-пәл биік тұру маңызды көрінеді екен. «Диван», «Күн мен түн» чаттары, саха тіліндегі арналар пайда болды. Мен кейде «егер біз «mІRC-ті» ІRC-чаттарды қосқан сайын аты-жөнін көріп жүретін Khaled Mardam-Bey сол жылдары телефондарға арналған java-қосымшалар жасағанда, не болар еді?» деп ойлаймын. Бәлкім, ол «WhatsApp-қа» шейін мессенджерлер арасын біраз дүрліктірер ме еді... Әлгінде айтып өткенімдей, маршрутизаторға кәдуілгі ethernet кабелімен қосылған, PC – дербес компьютерлер түріндегі серверіміз «Оптилинк» сервер компаниясында тұрды. Жазда олар тағлымдамадан өтуші жас жігітті жұмысқа алады, бір күні кешке ол серверге кіру рұқсатын пайдаланудан басқа ермек таппағандай, біздің сервердің желілік кабелін өзінің компьютеріне қосады да, оның желілік картасына «ykt.ru-дың» ІP-адресін беріп, сол арқылы келгіншілерімізді өзінің жеке сайтына бағыттап жібереді. Құрбы-құрдастарының арасында құдіретті хакердің даңқына бөленгісі келген пиғылын аңғартып, жариялы парақшаға әлгі данышпан «Haked by hackers sіsters» («Хакерлер бұзып кірді») деп жазып қойыпты. «Бұзып кірудің» бұдан асқан ақымақ тәсілін әлем әлі көрген емес. Порталымызды бірнеше сағатқа жауып қойғаны аздай, оны соншалықты мисыз әрі ешқандай біліксіз, әрі дарынсыз істегеніне әп-сәтте жыным қозып кетті. Біз түн ішінде «Оптилинк» директорын төсегінен тұрғызып, кабельді қайтадан орнына қостық. Қостық та «ykt.ru-дың» жұмысын қалпына келтірдік. Келесі күні таңда олардың офисіне бардым, әлгі «хакерді» тауып алып, әй-шайға қарамай ішінен бір ұрдым. Ол қатты соққыдан бақырып жіберді. Екі бүктетіліп бухгалтерияға қашып кірді де, талдырмаш әйел – бас бухгалтердің қалқасына тығылды. Әйел қолын сермелеп, екеуміздің арамызға тұра қалды, әрі қарай мені өткізбей қойды. Мен бас бухгалтердің басынан асыра сөйлеп, келесі жолы осылай жасаса, өлтіретінімді айтып, кетіп қалдым. Кейін сол жігіт қорыққанынан бір-екі ай ауылдағы туыстарын сағалап, тығылып жүріпті, ал мен бұл оқиғаны ертесіне-ақ ұмытып кеткенмін. Әрине, кез келген зорлық-зомбылық сияқты, мұнда жан сүйінтер жақсы ештеңе жоқ, бірақ сол оқиғаның өзі-ақ менің «ykt.ru-ды», команда мен компанияны әлдебір өте құнды әрі маңызды нәрсеге балағанымды көрсетеді. Сірә, бұл ата-ананың өз перзенттеріне деген қарым-қатынасына ұқсайтын шығар. Иә, балаларын біреу-міреу ренжіте қалса, ата-ана табан асты тұлан тұтып, күйіп-піседі ғой. «Уkt.ru-ды» ашар қарсаңда «Cosmopolіtan: Vіrtual Makeover», яғни орысша «Космополитан: виртуальный визажист» бағдарламасы бар СД қолыма тиді. Оған өзіңнің фотосуретіңді жүктеп, содан соң түрлі шаш қию үлгілерін, көзілдірік, мұрт, сақал, макияж таңдауға болады. Маған бұл қызық көрінді, бірер сағаттай өзімнің фотосуреттеріммен және әйелімнің фотоларымен тәжірибе жасап, содан соң дискіні бір бұрышқа тастай салдым. Портал ашылғаннан кейін әртүрлі әзіл-қалжың нәрселерді ойластырып жүрген кезімізде мен сол бағдарламаны еске түсірдім. Біз «ykt.ru-да» қыздарға өздерінің фотоларын жіберу жөнінде сәлем жолдап, оларға 4 сәнді және 1 әзіл (панктердің ирокезі, яғни айдаршашы тәрізді) шаш үлгілерін таңдап беруге, содан соң дауыс беру шарасын өткізіп, көп дауыс алған аруға символикалық, әйтсе де сүйкімді сыйлық – бір жәшік балмұздақ беруге уәде еттік. Ақырында, 8 қыз фотосуретін жіберді, олардың жартысын байқауға қатысуға өзіміз үгіттеп көндірген таныстарымыз еді. Біз шаш үлгісін таңдап алып, фотоларын порталда жариялап, дауыс берудің қарапайым түрін жандандырдық. Кенет осы жұпынылау конкурс біздің (әлі саны аз) аудиториямыздың кәдімгідей қызығушылығын тудырды. Олар белсене дауыс беріп қана қоймай, қыздарды форумдарда талқылады, чаттар сілтемелерін салды. Осы идеяда бір нәрсе бар екені байқалып тұрды. Сол кезде мен шындап онлайн-сұлулық байқауын өткізуге шешім қабылдап, оны «Виртуалды Якутск аруы – 99» деп атадым. Газеттерге серіктесуге ұсыныс жасап, әйелдерге арналған қаладағы танымал «Она+» газетінде жарияланған жаңа конкурсты бірлесе ұйымдастыруға келісімін алдық. Газет байқаудың барысын – қатысушыларды шақырудан бастап жеңімпаздардың фотосуреттерін жариялауға дейінгі кезеңдерін егжей-тегжейлі жариялап отыруды міндетіне алды. Конкурсқа қатысуға 20 қыз өтінім берді, интернетте дауыс беру барысында «Виртуалды Якутск аруы – 99» атағының иегері анықталды. Ол өте сұлу әрі сүйкімді қыз – Елена Жильцова болды. Біз оған музыкалық орталық тарту еттік, вице-мисске шаш құрғататын фен бұйырды. Бір жылдан кейін конкурстың аты «Виртуалды Якутск аруы» деп өзгертілді, ол жыл сайын өткізіліп, бірте-бірте Якутиядағы ең танымал сұлулық сайысына айналды. Біршама жылдан соң ол «Mіss Vіrtual World-қа» жетігіп, оған енді бүкіл әлем елдерінен мыңдаған қыз қатысатын болды. Осынау виртуалды байқаудың құпиясы мынадай екі фактордан тұрады. Біріншіден, конкурс мейлінше демократиялық ыңғайда өтеді, оған сыртқы түр-сипатына, бойы мен сойына, отбасылық жай-ахуалына, ұлтына т.б. қарамастан, жасы 18-ге толған кез келген бикеш қатыса береді. Жеңімпаздарды қалтасы қалың байшыкештерден құралған қазылар алқасы емес, халықтың берген даусы айқындайды. Дауыс беруге кез келген тілек білдіруші қатыса алады. Конкурсқа қатысу көбінесе адамның өз бағасын көтеруіне, әлеуметтенуіне көмектесіп, жеке тұлға ретінде жетілуіне серпін береді. Мысалы, бізде мынадай жағдай болды: аудиторияның орасан зор әрі шынайы қолдауына ие болған ергежей қыз конкурс жүлдегері атанды. Көпбалалы аналар да ұтып шығады. Осының бәрі дәстүрлі сұлулық конкурсында әсте мүмкін емес. Конкурс танымалдығының екінші факторы әр қызға жеңімпаз атану тіптен маңызды емес (жүздеген ару қатысқан сайыста оның мүмкіндігі де көп емес қой), керісінше, қажетті дауыс санын жинау мәртебе екеніне байланысты болады. Сол арқылы ол әлеуметтік ортада өзінің бағасын арттырғандай болып, көпшілікке танымал сұлулық сайысына сәтімен қатысудың өзін абырой санайды. Байқауға қатысушылар өздерінің достарын, таныстары мен туыстарын сайтқа немесе конкурстың мобильді қосымшасына кіруге және өзіне дауыс беруге белсене үгіттейді. Соның нәтижесінде конкурс жүздеген, мыңдаған промоутер жинайды. Мұндай тәсіл өте тиімді және арзанға түседі. Кейде белсенділік көкке өрлеп кетеді. Қыздар танымал блогерлердің жазбаларына өз қалтасынан ақы төлеп, белгілі әншілер мен кино актерлерін үгіттеуді өтінеді, дауыстарды қолдан жасауға қарсы тұратын арнаулы қорғанышты айналып өтіп, өзіне-өзі дауыс беруге тырысады. Бір күні бір бикеш келіп, неліктен өзіне берілген бірнеше жүздеген дауысты санамай қойғанымызды түсіндіріп беруімізді талап етіп, заңгер екенін және бізбен соттасатынын айтты. Екі аптаның ішінде небәрі 3 дауыс жинап, ақырғы түнде, кешкі сағат 11-ден таңғы сағат 4-ке дейін қалайша 500 дауыс алғанын түсіндіріп беруін өтінгенімізде, ол өзінің жүздеген досын тартқанын, олар кезекке тұрып, графикпен дауыс бергенін мәлімдеді! Соған қарымта ретінде, біз де кішкене қулық жасап, «Е, жарайды, достар болса, мейлі, бірақ, кәнекей, олардың бәрі қандай телефон нөмірімен dіalup-пулға қосылып, интернетке кіргенін провайдерлерден сұрап көрелік. Егер әртүрлі нөмір болса, біз кешірім сұрап, дауыстың бәрін дереу қалпына келтіреміз», – дедік. Сол сәтте қыздың түр-әлпеті нілдей бұзылып, адуын кейпінен айырылып қалды да: «А, телефон нөмірлерін білуге бола ма екен?» деп именшектей сұрады. Оған «иә» деген нық жауап алды. (Шын мәнінде, нөмірлерді тексеру оңай шаруа емес, құқық қорғау органдарына сұратым жіберіп, мұны неліктен осылай істеу керегін түсіндіретін ұзақ-сонар әурешілікті өткеру керек.) Содан соң қыз, әрине, бізді соттатудан айнып қалды. Осы конкурсқа байланысты неше түрлі хикаялар болды. Жайма-шуақ күндердің бірінде әлдебір әжей өзінің жас кезіндегі – 60-жылдары түскен ақ-қара түсті фотосуреттерін алып келді. Бұл өте әсерлі, жүрек толқытатын жағдай еді. Біз оған печеньемен шай беріп, емен-жарқын әңгімелесіп, жылы шыраймен шығарып салдық. Басқа бір күні Якутск кафелерінің бірінен сирек кездесетін сұлу қызды көрдім, сонда даяшы екен. Ол төңірегіне шынайы сұлулықтың сәулесін себезгілеп тұрғандай көрінді. Оған кәсіби маман түсірген фотосуретін алып келіп, конкурсқа қатысып көруге кеңес бердім. Ақырында, әлгі ару (аты-жөні Сардаана Корякина еді) жыл бойы «Виртуалды Якутия аруы», «Якутия аруы» байқауларының жеңімпазы атанып, «Ресей аруы» конкурсы жүлдегерлерінің бірі болды. Конкурс қатысушылардың көбінің тағдырына игі әсерін тигізді. Бір жылы жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне ұласқан байқаудың финалы спорт кешенінде өтті. Атшаптырым зал ішіне мердігерлердің көмегімен ағаштан сахна жасадық, оған жанды жұлдыз – Мәскеуден келген танымал диджей шығуға тиіс еді. Шоу болатын күні, басталуына жиырма минуттай уақыт қалғанда, залға көрермендер жинала бастаған кезде диджей сахнаға шығып, секіріп көрді де, едені майысып, солқылдап тұр деп, өнер көрсетуден үзілді-кесілді бас тартты, ешқандай үгітке көнбей, гримдеу бөлмесіне тайып тұрды. Іс-шара мен біздің абырой-беделіміз құрдымға құлардай қысылтаяң сәтте режиссерлер мен менеджерлердің бәрі жер жұтқандай зым-зия жоғалды. Қиындықпен бетпе-бет жалғыз өзім қалдым. Кәсіпкердің басында кейде осындай жағдай да болады (оның командасы қаншалықты үлкен екені маңызды емес), ол мәселені өзінен басқа ешкім шеше алмайтын ахуалға тап келеді. Мұндай сәтте ешқандай шаруаны елең қылмай, батыл әрі байыпты әрекет ету керек. Мен дереу үйге барып, қолыма түскен тақтайларды, құрал-саймандарды алып, қайтып оралдым, сахнаның астына кіріп, диджейдің құрал-жабдықтары тұрған тұстың бір-екі жеріне тіреу қағып тастадым. Қайта тексеріп көрген диджей «бәрі қалыпты» деді де, іс-шара басталып кетті. Қырық минуттай кешіксе де, әйтеуір, басталды. Әрі жақсы өтті. Бәрі тамаша сияқты: сайтқа қатысу көрсеткіші шапшаң өсіп, қаладағы интернет-пайдаланушылардың түгелге жуығы бізді танып, «ykt.ru-ға» кіріп жүрді. Бірақ проблема олардың санының аздығында еді! 1999 жылы Якутияда интернетті онсыз да саны аз тұрғындардың 1 пайызы пайдаланды. Соған сәйкес, ашылғанға дейін қиялымызда қоздаған «жарнамадан жапыра пайда табамыз» деген үміт оты жалп ете өшіп қалды. Бұған қоса, маған енді 5–6 қызметкерге жалақы беріп, салықтарды төлеу, офистің арендасын, байланыс пен басқа да шығындарын өтеу керек болды. Әуелі мен «Тойота Сурфты» Ресейден Қазақстанға автомобильдер айдап апаратын алыпсатарларға саттым, оның ақшасы бірнеше айға жетті. Содан соң тапсырыспен сайттар жасап, шағын уеб-студияға айналдық. Сайттарды біз өзімізге жайғастырып, сол үшін мардымсыз, бірақ тұрақты ақы алдық. Ақша бәрібір жетпеді. Ылғи қаржыдан тапшылық көріп, төлемдерді өтей алмау, әсіресе қызметкерлерге жалақы төлей алмау қаупі төніп тұрды, ал кәсіпкерге одан асқан қорлық жоқ деп есептеймін. Тап осындай қысылтаяң кезде, сірә, алыстан жеткен dotcom-компаниялар дүрлікпесінің әсері тиген шығар, екі якут бизнес-құрылымы бізге инвестиция салу жөнінде ұсыныс жасады, бүкіл компанияны дамытып-жетілдіруге ғана емес, сондай-ақ аман-сау қалып, қарапайым күнелту үшін мүмкіндік берді. Біріншісі – өркен жайған аймақтық жүйе ұйытқысы «Альбион» компаниялар тобы еді, оның негізгі бизнесі кәсіпорындарға компьютер жабдықтарын жеткізіп, оны бөлшек саудада сату, сондай-ақ байланыс желілерін монтаждау болды. «Альбионнан» кейін бізге чекпен жекешелендіру қорынан бастап сәбидей сенгіш тұрғындардан жинаған ваучерлерге сатып алынған әртүрлі активтерді басқаруға дейінгі Ресей үшін дәстүрлі жолдан өткен «СахаИнвест» инвестициялық қорының өкілдері хабарласты. «СахаИнвест» жылжымайтын мүлік, зауыттар мен фабрикалардағы үлестер түріндегі активтерді иеленіп, даму тарихының ең шырқау шыңында тұр еді. Ол Якутиядағы аса ықпалды қаржылық-өнеркәсіптік топтардың бірі-тұғын. Қойған шарттары шамамен бірдей болды. «Альбион» да, «СахаИнвест» те алдағы уақытта инвестиция салатын тәртіппен «СахаИнтернеттің» бақылау пакетін сатып алуға ұсыныс айтты. «СахаИнвест» атынан менімен студенттік құрылыс отрядынан бері танитын адам – қор директорының орынбасары Михаил Атласов (компаниядағы екінші тұлға) сөйлесті. Бастапқы қаржы салудан басқа ол келешекте де қолдау көрсетуге уәде беріп, өздерінің арқасында қысылтаяңдау бастапқы кезеңнен қиналмай өтетінімізді, ал аяқтан қаз тұрып алғаннан кейін түскен пайданы олармен бөлісетінімді айтты; қордың орасан зор ресурстары мен байланыстары барын жеткізді. Осылардың бәріне қоса, қала орталығындағы Михаилдің өзіне тиесілі жекеменшік жып-жылы гаражын ұсынуы әлгі шартқа амалсыз көніп, келісім беруіме бұлтартпайтын дәйек болды. Иә, бұл климаты қатаң Якутск үшін аса салмақты дәйек-тұғын. Содан мен туысқандар мен дос-жарандардан құралған өз акционерлеріммен бірге компания акцияларының 76 пайызын шамамен 15 000 долларға, сондай-ақ 40 000 доллар бастапқы инвестиция мен жылы гаражға сатып, «СахаИнвесттің» ұсынысын қабылдадым. 2000 жылы бұл Якутск, оның үстіне құрылғанына бар болғаны бір жыл толған компания үшін тым-тәуір ақша еді, әрі біз жан-жақты көмектесіп, қолдау көрсететін күшті құрылымның қанатының астына кірдік деп ойладық. Осы тұрғыдан біз қатты қателесіппіз, оны уақиғаның келесідей өрбуі көзге айқын көрсетті. Бірақ бұл кейін болды, ал әзірше біз Якутиядағы алғашқы, Ресейдегі алғашқылардың бірі болған «венчурлік инвестиция» деп аталатын (мұндай терминді бұрын-соңды естімесек те) нәрсеге қуанып жүрдік. Вера екеуміз қолға түскен ақшаға көпқабатты панель үйден кең пәтер сатып алып, Еуропаға аттандық. Жолшыбай, виза күтіп, екі апта Мәскеуге аялдадық. Өртеніп жатқан Останкиноның телемұнарасын көрдік. Осының бәрі суға батып кеткен «Курск» сүңгуір қайығы мен Солтүстік Кавказдағы соғыс туралы жаңалықтар аясында өтіп жатты. Ел ішінде құдды бәрі рельстен шығып кеткендей, бәрі қирап, әлдеқандай сюреализмге ауып бара жатты, ал Вера екеуміз Мәскеуден және бір-бірімізден ләззат алып, Замоскворечье ауданындағы әлі күнге шейін ыстық көрінетін Пятницкий көшесінде серуендеп жүрдік. 26 жасымда тұңғыш рет – шетелге және алғашқы еңбек демалысына шықтым. Біз Италияны – Римді – Неаполды, Венецияны аралап, осынау таңғажайып елдің архитектурасынан, соборларынан, музейлерінен, тамылжыған табиғаты мен тіл үйірген тағамынан ғаламат әсер алдық. Қыркүйек айының орта шенінде Анконаға таяу тұстағы теңіздің кәдімгідей салқын суына түскен жалғыз біз болдық, орындықтарда отырған жасамыс италиялықтар әпенділеу жүзгіштерге аңтарыла қарады, олардың көзіне біз «морж» сияқты көрінген шығармыз. Парижде тұратын әкеме кіріп шықтық, мен оны ұзақ жылдан кейін енді көріп тұрғаным. Сол кезде ол сегіз жылдай Якутияның өкілі ретінде жұмыс істеген ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінен енді ғана кеткен екен. Ол бізді Булон орманының жанындағы, өздері ойлап шығарған үстелдегі JІPTO ойындарының асай-мүсейлерін сататын дүкеннің екінші қабатындағы шап-шағын жайлы пәтерге орналастырды. Тұтастай алғанда, бұл Италия өнері мен қалаларының қайталанбас сұлулығынан шексіз әсер алған керемет сапар болды.
– Сен кімді «текешік» дедің? – телефон тұтқасынан жайбарақат шыққан жуан дауыстан күш-құдіреттің лебі есіп тұрды. – Мүлдем есіңнен адастың ба? Кешкі тоғызда бөгет басына кездесуге кел, сөйлесейік, – деп әңгімені үзіп тастады.
Осылай мені жергілікті бандиттер кездесуге шақырды, оларды бір бардың қожасы бізді тәртіпке салу үшін жалдаған екен. Бірнеше күн бұрын әлгі кәсіпкер өз мекемесінің жарнамасымен біздің форумдар мен чаттарды жаппай шабуылдап, спамдаған және сол үшін банға түсіп қалған екен. Хайтектен бейхабар бандиттер бұғатталып, яғни «банға түсіп» қалудың не екенін білмейтіндіктен, оны «текешік» деп атау тіркесімен ауыстыра салған. Бизнесті 1990 жылдардың орта шенінде, Ресейде бандитизм мен мафия өршіп тұрған шақта бастай тұра, қылмыскерлер әлемімен тілдесу тәжірибем жоқтың қасы еді. Бағыма орай, біз әрқашан да қоғамдық кеңістіктің әрқилы нүктесіне орналасып, бір-бірімізбен байланыс жасаған емеспіз. Криминал жаңа технологиялар саласын түсінбеді де, өзіне үйреншіктілеу жартылай заңды сауда-саттықпен, сондай-ақ есірткі таратып, жезөкшелікті қалқалаумен шұғылданды. Шабуыл жасап, бопсалау қарсаңында мен пәрменді ықпалы, ауқымды байланысы мен жеке қауіпсіздік қызметі бар «СахаИнвестпен» негізгі келісімге келіп үлгерген едім, бұл күтпеген жерден тұтана жаздаған жанжалды компромисс арқылы тез басып тастауға жәрдемдесті. Бардың иесі енді порталға спам жібермеуге уәде берді, ал біз оны бұғаттан босатып, баннан шығардық. Тұтастай алғанда, сұсы қатты сұрапыл 90-жылдар жанымыздан сырғып өте шықты. Инвестиция түрінде «СахаИнвесттен» алған қырық мың долларды, яғни бір миллион рубльді, негізінен, Якутиядағы тұңғыш жаңалық тарататын интернет-БАҚ – «kursor.ru» сайтын жасауға жұмсадық. Нақтырақ айтсам, 100 000 рубльді «СахаИнвест» өздерінен түсетін әлдебір депутаттың сайлауалды науқанына аударуды қадала сұрап алды, ал қалған 900 000 толықтай өз құзырымызда болды. Біз «Якутск геология» ғимаратындағы кеңсемізден Ленин алаңындағы басқа, Солтүстік тау-кен ісі институтының шатыр қабатындағы үлкен үш бөлмелі офиске көштік. Тұрған жері жақсы еді, терезеден көл мен университет көрінетін, ал бөлмелердің жай-күйі бұрынғыдан әлдеқайда тәуір екен. Ғимаратта лифт болмағандықтан, клиенттердің 6-қабатқа жаяу көтерілуіне тура келді, осы жағы сәл қолайсыздау болды. Бірақ оған мойымадық. Ақыр соңында техникалық тұрғыдан кәдімгідей қалыпты жарақтанып, екі сервер сатып алдық та, үздіксіз қуат беретін толымды серверлік жүйе жасадық. Бұған дейін менің үш жасар қызым офисте ойнап жүріп, портал жұмыс істеп тұрған дербес компьютерге барып, жап-жасыл шамдарға қызығып кетіп, бірдеңе істеуге үлгере алмай, сасқалақтап қалған әкесінің көзінше «power» түймешесін баса салар еді. Соның салдарынан екі жүз адам ІRC-тен ғайып болып, жиырма минуттай, серверді қайта жүктеп біткенше «ykt.ru» жабық тұратын еді. Команда 4–5 адамнан 10–12 қызметкерге дейін өсті. Бөлектелген жүйе әкімгері, дизайнерлер, алғашқы бағдарламашылар пайда болды. Сол кезде жұмысқа қабылданғандардың көпшілігі – бағдарламашылар Эдуард Петров, Георгий Холмогоров, Владимир Иванов және біздің HR-директор, ол да Владимир Иванов, команданың ардагерлер тобын құрап, қазір де менімен бірге жұмыс істеп жүр. Біз енді мерекелік басқосуларда ас үйімізге сыймай, әлдекімнің саяжайына барып, табиғат аясына шығатын болдық, ресторандарда тойлауды әзірше қалтамыз көтермеді. Порталдың тартымды, жаңаша дизайнын әзірлеп, тұңғыш рет бас редактор ретінде кәсіби журналисті жұмысқа тарттық, екі тұрақты және он шақты штаттан тыс тілшілерді жалдап, өзіміздің «kurcor.ru» (болашақта – «news.ykt.ru») деп аталатын жаңалықтар сайтымызды аштық. Бірақ, Майк Тайсон айтқандай, «сен жоспар құрасың, ал өмір сені шықшыттан соғады» екен. Жаңалықтар таспасын біз нағыз кәсіби әрі тартымды әдіппен түрлендіріп отырдық, бірақ оған кірушілер саны қарыштап өсе қоймады. Бар пәле Якут интернет аудиториясының көлемі микроскоппен қарарлықтай екенінде еді. Ақырында, шамамен бір жылдың ішінде осы жоба инвестициясын толықтай жұмсап тауыстық, бірақ оған кірушілер мен табыс мөлшері бәрібір өсім бермеді. «Курсорды» жауып, журналистердің түгелге жуығын жұмыстан босатып, жаңалықтар лентасын репостинг режиміне көшіруге тура келді. Толықтай зерттеп алмай, болжамдар мен экономикалық есептемелерді тексермей бастаған ірі жоба сәтсіздікке ұшырап, тұралап қалу жағдайын бірінші рет бастан кешуіміз еді. Біз қайтадан тақырға отырып, қаржы проблемасына тірелдік. Сонда мен жаңа акционеріміздің қолдау көрсету жөніндегі уәдесін еске салатын кез келді деп, «СахаИнвестке» бардым. Осы уақыт аралығында онда бірталай өзгеріс болыпты. Жас топ-менеджерлер тобы, бізбен мәміле жасасқан Атласовты қоса алғанда, холдинг жұмысын бақылауды қолға алуға ұмтылып, сарай төңкерісін жасауға тырысқан екен. Ойлары жүзеге аспаған олардың бәрін дереу жұмыстан қуып жіберіпті. Содан кейін «СахаИнвесттің» бас директорына тікелей кіріп, өзіміздің хал-ахуалымыз бен олардың уәдесін есіне салып, одан арғы инвестициялар жөнінде және «СахаИнвесттің» еншілес, қоржын компаниясы ретінде бізді қолдауы жайында сұрауыма тура келді. Бұған дейін онымен сөйлесіп көрмеген едім, әрі одан не күтуге болатынын да білмейтінмін, ал оның берген жауабы мені тіптен қайран қалдырды.
– Бізден қолдау күтесің бе? Бірақ мен саған не үшін көмектесуім керек? Өз басым ешқандай уәде берген жоқпын. Сен менің туысым да, жерлесім де емессің, сен маған ешкім емессің, – деді.
Мен мына жауапқа не айтарға білмей, дағдарып қалдым. Онда біз Якутияда «тойондар» деп атайтын ересек буын өкілдерінен шыққан бастықсымақтарымыздың қасаң түсінігі мен шектеулі ой-өрісінің сызы жатыр еді. Әйтпесе өзіңде 76% акциясы жатқан еншілес компанияның директорына мұндай сөзді қалай айтуға болады? Оның үстіне, ең мықты әрі келешегі зор бизнес кеңістігі – ІT саласындағы компанияның!.. 1990 жылдары қалыптасып, 2000, содан соң 2010 жылдарға ілдалдалап жеткен осы тойондардың, яғни тоғышар әкімқаралардың ордасы орасан зор мүмкіндікті уыстан шығарып алды. Өндірілетін алмас құнының белгілі бір пайызын аймақ қорына аудару туралы Якутия мен федералдық орталықтың арасында жасалған келісімнің арқасында жергілікті элитаның иелігінде жүз миллиондаған, тіпті миллиардтаған доллар ресурстар пайда болды. Оларды пайдаланып, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын әрі бәсекеге қабілеті мол әлеуетті аймақтық экономиканы құруға, Оңтүстік Кореядағы сияқты өздерінің қуатты қаржылық-өнеркәсіптік чеволын (топтарын) жасауға немесе Татарстандағы не Белоруссиядағы сияқты зияткерлік өнімге негіз қалауға болатын еді. Әйтеуір, қаражаттың болмашы бөлігі әлеуметтік салаға, медицина, білім беру және спорт нысандарын салуға жұмсалғаны тәуір болды. Бірақ негізгі бөлігін біздің тойондар ақымақтықпен мемлекеттің қысқамерзімді облигациялар «пирамидасына» салып, банкротқа ұшыраған банктердегі салымдарға, шетелдің және Ресейдің алаяқ контрагенттерінің алдамшы істеріне, өздерінің арасындағы бітпейтін әзәзіл әрекеттер мен қырқысуларға жұмсап, итрәсуа етті. Сол ақшаның аянышты сарқыншақтары Якутск пен Мәскеу маңайындағы элиталық аудандарда көпқабатты коттедждер кейпінде самсап тұр, шетел банктерінің депозиттерінде сақтаулы, жол талғамайтын люкс-көліктердің қаңқасы күйінде қоқыстарда тот басып жатыр. Біз қайтадан тірлік қыла бастадық. Сол кездегі, 2001–2002 жылдардағы ақша табу мәселесі ұдайы қара бұлттай үйіріліп, төбемнен төніп тұрды. Кейде банктегі есепшотымызда қалған қаржы ай соңында қызметкерлерге жалақы мен офистің арендасын төлеуге керек ақша мөлшерінен кем шығып жүрді. Кез келген компания үшін қауіпті ахуал, бірақ бізге сәтін салып, әрқашан да әлдебір жолмен, тіпті соңғы сәтте болса да, ақша таба білдік. Тұрмыста қолданатын видеопроектор сияқты ұсақ-түйек заттар сатып алудың өзіне қаражат жетпеді, мен өз атыма рәсімдеп, тұтынушылық несиеге сатып алдым. «Синетке» ақша жетпеуіне байланысты бұрынғы офистен Якутскінің Курашов көшесіндегі кәдуілгі үш бөлмелі пәтерге көшуге тура келді. Қалай болғанда да, компания үшін қиын-қыстау осы кезеңде біз жалақы, салық және басқа өтемдерді бір күн кешіктірген жоқпыз. Кәсіпкер ретіндегі бүкіл өмірімде ешқашан мұндайға жол берген емеспін. Бұл – өзім мақтан тұтатын басты ұстындардың бірі. Кәсіпкерлікте, әсіресе технологиялық бизнесте абырой-беделден айырылмау аса маңызды. Егер, мейлі, сен бір рет болса да, уәделі міндеттемені орындамасаң, онда бұл серіктестерің, клиенттерің, ең қиыны – командаң тарапынан сенімсіздік туындауына сөзсіз алып келеді. Қызметкерлер де бәрін көріп-біліп отыр ғой, оның үстіне шағын қаланың және дамыған интернет-байланыстар мен ақпарат құралдарының жағдайында жел сөз жедел таралады. Иә, бизнес өз алдына, ал ар-ождан тазалығы бәрінен қымбат қой. Сол себептен, өздерінің уәдесін көпе-көрінеу әрі қасақана орындамаған қылықтарына қарамастан, «СахаИнвестпен» қарым-қатынасымды үзбеуге ұйғардым. Сайттың доменін өзгертіп, жаңа компания құруға және бүкіл командамен, бағдарламалық кодпен және пайдаланушылармен соған көшіп келуге болар еді, бірақ бұл оның беделіне сөзсіз нұқсан келтіріп, командаға осылай да әрекет етуге жол ашылғанын көрсетер еді. Аман қалу үшін біз уеб-сайттар әзірлеу және хостинг қызметін көрсету бойынша тапсырыстар іздестіруге көңіл бөле бастадық. Жарнамаларды дұрыс сата алмадық, өйткені порталға кірушілердің қажетті саны жетпеді. Бұған қоса, біз жақсы нәрселеріміздің өзін сатудың жөн-жосығын білмедік, соның өзі тәуір болды. Жарнама берушілер одан түсетін пайданы өте жіті сезінеді, ал ол жоқ болса, тіпті біз қаншама ұтқыр сатушы болсақ та, бәрібір ештеңе өткізе алмас едік қой. Әлбетте, жаппай сатуға тырысушылықпен біз ұзақ уақытқа беделімізді түсіріп алып, нарықтан айырылып қалар едік: клиенттер сенің кәдеге жарамайтын, іске аспайтын қызмет түрлерін сататыныңды бірнеше жыл бойы ұмытпайды. Бұл өзіңізге қарсы өзіңіз вакцина еккенмен бірдей ғой. Бізге уеб-студия ретінде хостингіден тапқанымыз қапқанымызға жететіндей қаражат түсірудің орайы келді. Қиындықтың бәріне қарамастан, «ykt.ru» жұмысын дамыта бердік. Өз шығармаларың мен репостарыңды – хикаялар, әңгімелер, анекдоттар, рецептілер, тіпті тілексөздер жариялап, түрлі пікірлер мен бағалар алуға болатын рейтингілік «Rules&Sux» жобасы пайда болды. Кез келген адам өлеңдерін жариялай алатын поэзия бөлімі айрықша танылды. Осы бөлімнің төңірегінде поэзия клубы сияқты бірдеңе қалыптасты. Біз тіпті ресми түрде ІSBN кодтарын алып, 500–1000 дана таралыммен «Rulz: өлеңдер» деген сериялы жыр жинақтарын – кітаптар шығардық. Сосын, «ykt.ru» порталында жаңа галереялар мен форумдар тұрақты түрде ашыла берді, солардың бірі – «Комуза» деген күлкілі атауы бар қоғамдық-саяси форум. Ол тез танымал болды. Якутия үкіметі мен Якутск мэриясын қоса алғанда, оған бүкіл жергілікті саяси ортаның бетке шығарлары жиыла бастады. Форумның таңғажайып танымалдығы тап осындай жаһандық жоба жасау туралы ойлануға жетеледі, «Komuza.ru» домені де сатып алынды, тек соған қол тимеді. Біз «Дневники.ykt.ru» атты алғашқы блок-платформаны әзірледік, ол жасөспірімдер арасында ілезде өте танымал болды. Ол кезде әлі әлеуметтік желілер, мессенджерлер шыға қойған жоқ-тұғын, мыңдаған тинейджер блок арқылы ішкі сырларын ақтарып, ойларын ортаға салды. Бұл көбінесе бірөңкей сарыуайымға салынып, қаралай түңілулердің тасқыны мен жыныстық жетілудің желігіп, аласұруы болып шықты, бірақ кейде гүлденіп тұрған кезіндегі «LіveJournal-дың» алтын қорынан орын алуға лайықты тамаша жазбалар да ұшырасатын. Біз ІCQ-дің егізіндей ұқсас осы нұсқамызды да әзірлеп, іске қосып, оны «YaknetRader» деп атадық. Түрлі ойындар әзірлеу тақырыбы бойынша «Mancala» африкалық ойын нұсқасын жасауға ЮНЕСКО штаб-пәтерінен тапсырыс алдық. Оған сол кездегі өлшеммен қомақты ақша – 5 000 доллар төледі. Бәлкім, бұл якуттардың ІT-өнімін шетелге экспорттаудың алғашқы дерегі болған шығар. «Mancala-дан» кейін тап сол бағдарламалық ядромен классикалық ойындарды – шахматты, дойбыны, карта ойындарын жазып шықтық. Серверлерді жетілдірдік, пайдаланушылар клиенттік бағдарламаларды жүктеп алып, өзара ойын ойнады. Біз «Атаман» атты ерлердің танымал блогының әуелі жартысын, ал содан соң 100 пайызын түгелдей сатып алып, оны «ykt.ru» құрамына аударып, «Джокер» деп атадық та, бөгде жобаны иемденуге алғаш қадам бастық. Атауын жаңартумен қатар, сайтта тым ашық-шашық фотолар мен видеоларды жариялауға тыйым салдық. «Джокер» өзінің албырт та сергек сипатымен тез арада «Fіshkі.net-тің» не «Пикабу-дің» якуттік нұсқасы сияқты бірдеңеге айналды. Бүтіндей алғанда, бұл жылдары біз негізгі мазмұнын пайдаланушылардың өздері қалыптастыратын VGC-жобаларды (User Generated Content) дамыту тактикасын ұстандық, өйткені ресурстарымыздың тапшылығына байланысты бізге қызықты контент қалыптастыратын қызметкерлер жетпейтінін түсіндік. Жаңалықтарды өз порталымызда сайттарына қолдау көрсетіп, серіктестігімізді жалғастырып келе жатқан жергілікті БАҚ-тан жай әншейін көшіріп баса бердік. Порталға кіру көрсеткіші өсіп, ай сайын «ykt.ru-ды» пайдаланушылар қатары мыңдаған жаңа адамға толығып отырды. Бұл материалдық жағынан өте қиын болса да, шығармашылықтың шырқау шағы, жаңа жобалардың ұдайы ашылып, шағын команданың отбасылық тұрмыста да табысқа кенелу кезеңі ретінде есте қалды. Өзге ІТ мамандарының біразынан айырмашылығым: ешқашан да компьютерлік ойындарға бүкіл уақытымды зая кетірген емеспін. Мен, бәлкім, бір немесе екі ай Сия Мейердің алғашқы «Cіvіlіzatіon-ына» байланып қалған шығармын және әлі күнге шейін оны компьютерлік ойындар тарихындағы ұлы туынды деп есептеймін. Бірінші бизнестен кейін не істеу керегін ойластырып жүрген кезде «Heros of Mіght and Magіc ІІ-ні» біраз ермек қылдым, бірақ ұзақ уақыт ойнаған жоқпын. Үшінші рет 2001 жылы бүкіл Якутскіні жайлап алған «Counter-Strіke-ке» байланып қалдым. Күн сайын дерлік офистен кетпей, кешкісін оптикалы-талшықты желі арқылы өзге геймерлермен ойнадық. Якутскідегі ең әйгілі сервер «Walker Place» болды, спутниктік арналар арқылы сыртқы серверлерде ойнау мүмкін емес еді. Ал «de_dust», «de_dust2», «de_aztec», «de_іnterno» карталары ше, мен әлі күнге шейін олардағы әрбір бұрылысты, әрбір бұрышты ұмытпаған сияқтымын. Еске алсам болғаны, құлағымда «Go! Go! Go!», «Affіrmatіve!» және «The bomb has been planted» деген дыбыстар жаңғыра жөнеледі. Полицейлер мен терроршылардың шайқасы тұтастай әрі біржола баурап алды. Осылай жарты жылға жуық уақыт өтті. Тумысымнан жосықты да сындарлы ойлайтын адам ретінде маған ойын ойнауға жұмсалған есіл уақыт аянышты көрінді. Осы желең жүрісті жетілдіріп, мән-мағына дарыту жөнінде шешімге келдім. Сондай-ақ тек «Counter-Strіke-те» емес, жалпы компьютерлік ойындарды дамыту ісінде «ykt.ru-дың» танымалдығын арттыруға септесетін әлеует бары мәлім болды. Біз «ykt.ru-да» бірнеше ойын серверлерін аштық, ойын форумдары мен чаттары онлайн-статистика мен ойыншылар рейтінгісіне қолдау көрсете бастады. СКФ («Саха республикасының (Якутия) компьютерлік ойындар федерациясы») қоғамдық ұйымын тіркеттім де, соның атынан «Counter-Strіke» бойынша Якутскінің алғашқы ресми чемпионатын өткізуге дайындала бастадық. Осыған дейін қалыптасқан ойыншылар қауымдастығының энтузиастары СКФ құрамына кіріп, алғашқы және одан кейінгі чемпионаттарды ұйымдастыруға көп көмектесті. Бұл бұрын-соңды болмаған ұлан-асыр уақиға әрі алда не күтіп тұрғаны да белгісіз еді, бірақ тіркелуге бес адамнан тұратын 80 команда келді. Тұтастай 400 адам! Іріктеу ойындары сол кезде қалада жаппай ашылып жатқан алты компьютерлік ойындар клубында өтті. Әдетте мұндай клубта 15–20 компьютерден тұрды, бұл 1–2 командалық ойынды қатар-қатар өткізуге мүмкіндік берді. Клубтарға төрешілер тағайындап, екі күн ішінде іріктеу сатысы мен финалды өткіздік. «Синеттің» атынан да өз командамызды құрып, екі команданы жеңіп, чемпионат кестесі бойынша үшінші айналымға жеттік. Бір айта кетейін дегенім: түсініксіздеу түзілген ереже бойынша, негізгі уақыт ағымында теңбе-тең есеп ашылған кезде, команда капитаны ретінде маған қарсылас команданың капитанымен тігімнен тұрып шайқасуға тура келді. Өз командаластарымды зор қуанышқа кенелтіп, оны жайратып тастадым. Соңы ертегідей әдемі, әсерлі болды, бұған дейін ешкім мұндай ештеңе жасаған жоқ еді. Шынымен қаланың қақ ортасында орналасқан «Центральный» кинотеатрымен келісіп, кинозалдың экранына трансляциялай отырып, финалдық ойынды олардың алаңқайында өткізетін болдық. Сондай-ақ жергілікті кабельдік телеарна желісімен сөйлесіп, ойын барысын түнгі бірде телеарналардың бірінің жиілігімен бүкіл қалаға көрсету жөнінде мәмілелестік. Бәрі ойлағанымыздан да жақсы өтті: ойын тартысты болып шықты, залдағы жанкүйерлер дуылдап, күйіп-пісті, ал финалдың түсірілімі теле-эфирге шықты. Рас, түсірілім жазбасын монтаждаған волонтер, «Asteroіd» деген лақап аты бар қиыққұлақ киберспортшы жарыс мейлінше тартысты әрі тартымды болуы үшін ең қансоқта режимді (mode) таңдапты. Мен де түнде үйдегі теледидар экранынан әлгі режимде зәңгілерге көбірек ұқсайтын лаңкестердің құлақ тұндыра бақырып, арнаулы жасақ шеріктерін, қанды аспанға шапшыта бауыздап жатқанын көріп, қарадай шошындым! Келесі күні түнімен теледидардан көрген жүгенсіздік пен сұмдықтың не екенін түсінбеген қала тұрғындары, әсіресе зейнеткерлер әртүрлі инстанцияларды телефон қоңырауы мен шағым хаттардың астында қалдырды дейді. Бірақ, әйтеуір, бәрі ың-шыңсыз өтіп кетті ғой. Қазір ойлап қарасам, біз Ресейде, бәлкім, әлемде киберспорт трансляциясын тұңғыш ұйымдастырушы сияқтымыз: біріншіден, ойын-сауық орнында – кинотеатрда (киберспорт стадионының ізашары) екіншіден, кабельдік теледидар желісі арқылы тараттық қой. Тап сол жылы біз чемпиондарымызды, DJS5 командасын әлемдегі ең ірі әрі әйгілі киберспорт сайысы болған «World Cyber Game» турнирінің ресейлік финалына алып бардық. Шалғайдағы Якутиядан команданың төбе көрсетуі езу тартқызып, қызығушылық туындатты. Орталық телеарналардың журналистері бізге шын көңілмен: «Сіздердің Якутияда компьютерлеріңіз бар ма, сонда?» деген сияқты сұрақтарын жаудырды, өйткені олар бізді көшеде аюға мініп жүреді деп ойлайды, басқаша елестете алмайды ғой. Көп ұзамай мұндай сұрақтар сап тыйылды: біздің жігіттердің шетінен дарынды әрі жоғары деңгейдегі ойыншылар екенін көздері көрді. Ал Якутияда киберспортты дамыту жөнінде біз жүргізген жүйелі жұмыстар – тұрақты жарыстарды, рейтингілерді, клубтардың жұмысын құқықтық реттеуді, БАҚ арқылы көпшілікке насихаттауды қоса алғанда, бес жылдан кейін саха киберспортшыларының «World Cyber Game», Ресей кубогі және т.с.с. негізгі ресейлік және халықаралық турнирлерде жүлделі орындардың жеңімпазы бола бастауына алып келді. Дамуға ұмтылыс, ынта-жігер мен мігірсіз еңбек жаһандық деңгейде табысқа жеткізді. Біздің федерацияның жұмысты ұйымдастыру үрдісін өзге аймақтарға үлгі ете бастады. Мен үшін бұл «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар озар» турнирлер медалінің тағдырын безбенге тартатын шешуші жарыстарда өз жігіттерімнің арт жағында алаңдап, тықыршып тұрып, талай толқыған, қаным қызған сәттер еді ғой. Якутияның киберспортына арналған осынау сезім ауаны мен даңқ лебі, жалпы Якутия үшін жасалған PR, күш-жігер текке зая кеткен жоқ, 10–20 баладан құралған топты Мәскеуге және басқа қалаларға алып бару оңай емес еді. Ол кезде Якутскіден бір ғана «Якутия» әуекомпаниясының ұшақтары қатынайтын, ал ол билеттердің бағасын аспандатып қойды. Кейде демеушілер таптым, бірақ, негізінен, онсыз да жарымай-ақ қойған компанияның немесе жеке қаражатымның есебінен ақы төлеуіме тура келді. Бірде топтың сапарға шығуына автомобилімді сатып, түскен ақшаны жұмсадым, бұл жұмыс бабындағы әлдебір шұғыл шығындарды өтеудің үйреншікті тәсіліне айналды десем де болады. Бір қызық деректі айтайын: біз киберспорт әлемінің шырқау шыңына шыққан кезде, бір күннің ішінде киберспортты дамыту ісіне құштарлығымды жоғалтып алдым да, көп кешікпей федерация жөніндегі бүкіл жұмыс тізгінін басқа бір энтузиастың қолына бере салдым. Бұл алға қойған мақсат пен жалпы ынта-ықыласқа айқын байланысты еді және алғаш рет мені осы хақында ойлануға мәжбүр етті. Нақ осы тақырыпты жетілдіру бірнеше жылдан кейін дағдарыстан өтіп, қуатты уәждеме көзін ашуыма септесті. Жә, бұл жөнінде кейінірек айтармын. 2002 жылға таман «ykt.ru» енді уеб-сервер бағдарламалық жасақтамасының пираттық нұсқасы орнатылған қарапайым дербес компьютерде емес, 3–4 нағыз серверде жұмыс істеп тұрды, біз оларды «Оптилинктен» жергілікті телекоммуникация алыбы – «СахаТелеком» компаниясының алаңына көшіріп, онымен ынтымақтастық туралы келісімге келдік. Тіпті олармен бірлесе арнаулы телефон пулын аштық, оған қып-қысқа 8–14 нөмірі бойынша қоңырау шалып, біздің сайтқа жеңілдетілген тарифпен кіруге болатын еді. Кез келген интернет-провайдер сияқты, «СахаТелекомға» да өз желісінің құрамында «ykt.ru» тәрізді сондай танымал ресурстың болғаны тиімді еді. Бұл жаңа пайдаланушылар легін, әсіресе mІRC арқылы чатта мылжыңдауды жақсы көретін және біздің ойын серверлерімізге байланып қалатын жастарды көптеп тартты. Бұған қоса, жергілікті ресурстар кәдуілгі интернет тарифтері бар, жүктеп алған әр мегабайт үшін қалыпты ақы төлейтін пайдаланушылар неғұрлым көп болса, жергілікті провайдерлердің өздері магистралды спутниктік провайдерлерге соғұрлым аз төледі, бұл олардың экономикасын едәуір жақсарта түсті. Бір сөзбен айтқанда, бұл нағыз ешкім ұтылмайтын (wіn – wіn – wіn) ынтымақтастық болып шықты: біз тегін интернет алдық, провайдер – жаңа клиенттер жиып, экономикасын жақсартты, ал пайдаланушылар сайттарға және «ykt.ru-дың» чаттары мен ойын серверлері сияқты қызметтерге шапшаң қол жеткізді. Осы пейіштей рахат өмір мен ынтымақ мерекесі мынадай бір оқиғадан кейін тәмам болды. Бірде маған «СахаТелекомның» аға менеджерлерінің бірі телефон шалып, интернетке кіру нарығындағы өздерінің тікелей бәсекелесі саналатын «Гелиос ТВ» компаниясының жарнамасын «ykt.ru-дан» алып тастауды өтінді. Бір жағынан, бұларды түсінуге болады: серіктес ресурста олардың бәсекелесінің жарнамасы жүріп жатыр; екінші жағынан, «Гелиос ТВ» бізбен достық қарым-қатынастағы құрылым – «СахаИнвест» компаниясының құрамына кіретін еді. Оның үстіне, біз өзімізге не істеу керегін нұсқап, әмір ету құқын ешкімге берген емеспіз, жалпы алғанда, интернетке қол жеткізу нарығындағы монополия идеясына қарсы едік. Келісімшарт баптарын зерделей келе, «СахаТелекомға» әлгі шарттарға сәйкес Ресей заңдарына қайшы келмейтін кез келген жарнаманы жайғастыруға құқымыз бар екенін, ал «Гелиос ТВ» жарнамасының көлемі көп емесін, сондай-ақ нарықтағы ахуалға онша әсер етпейтінін айтып, жауап қайтардық. Тағы да бір-екі рет қоңырау шалып, жүзбе-жүз кездескеннен кейін «СахаТелеком» бізді жайымызға қалдырды, бірақ риза болмағаны көрініп тұрды. Қалған мәселелердің бәрінде біздің олармен қарым-қатынасымыз жақсы еді: ешқандай алауыздық болған жоқ. Оқиға 2002 жылдың 22 тамызында қайта жалғасты, бір күні «СахаТелекомнан» ертеңнен бастап бізге интернет беру жөніндегі келісімшарттардың бәрі тоқтатылатынын және өздерінің алаңдарынан серверлерді дереу алып кетуді талап ететіндерін қасаң тілмен хабарлаған хат алдық. Оның үстіне, тап сол күні олар «Якутск-онлайн» немесе қысқаша түрде «ykt.ru» деп аталатын өздерінің ақпарат – ойын-сауық порталының ашылатынын кеңінен жариялап, жаппай жарнамалауға кірісіп кетті. Әлбетте, «Гелиос ТВ-ға» қатысты оқиғадан кейін олар бәрін құпия ұстап, нарықта біздің «ykt.ru-ды» «Якутск-онлайнға» ауыстыруды көздеп, команда жинаған, порталды әзірлеген. Бұл біздің алаңсыз, бейбіт тыныстаған айлағымызға төтенше шабуыл, опасыз әрі зымиян соққы болды. Өзімізге серіктес санап жүрген, бізден әлдеқайда үлкен компания бір күннің ішінде бізді – интернет-порталды интернетсіз қалдырып, тосын соққымен тырайтуға тырысып, тап осындай жобаны бастап кетті. Олардың «Болталка» чаты сияқты танымал жобаларымызды ұрлап алып, біздің пайдаланушыларды өздеріне шақыра отырып, «ykt.ru-дың» форумдарына, чаттары мен ойын серверлеріне де спамды қаптата жіберуі осы оқиғаның опасыз сипатын толықтыра түсті. Сосын, «ykt.ru» серверінің «Counter-Strіke-тің» әлдеқандай «de_dust2» картасында «іrs.ya1.ru» не «games.ya1.ru» деген сияқты лақап атты бүркенген ойыншылар чаттағы басқа ойыншыларды өзіне шақырып, безілдеп жүретін болды! Бизнестегі бәсекелестік – қалыпты құбылыс және оның ажырамас бөлігі. Бірақ мен мұны арамзалықпен, тасада тұрып тас атқандай зымияндықпен жасауға болмайды, оның үстіне өзіңді серіктес санағандардың шаруасын құртып, ісін жоюға тырысу – барып тұрған оңбағандық деп ойлаймын. Бәсекелестерін жарнамалағанымыз «СахаТелекомға» ұнамады ма? Жарайды, ол өздерінің еркі. Бірақ олар келісімшартты бұзу туралы хатты неге ертерек жазбады? Бізге басқа алаңқай табуға мүмкіндік беруі керек қой. Спамдарын бізге тоғытпай, өз жобаларына өздері ат ойлап табуына болатын еді. Біз өз порталымызды жасай отырып, өзге пайдаланушыларға кедергі келтіріп, тап сол күйінде тікелей бәсекелесті алға жылжытып, ілгері апару үшін тер төккен жоқпыз ғой. Дағдарыс жағдайында компания жетекшісіне сабыр сақтап, үрейге немесе әбігершілікке бой алдырмай, дереу болаттай берік қалыпқа еніп, қасындағылардың бәріне сенімділік сезімін дарытып, салқынқанды әрі жігерлі әрекет ету керек. Тап сол күні біз басқа қала провайдерлерінің басшыларымен сөйлестік, содан бізді шағын компания – «Сахаспринтсеть» өзіне қуана қабылдады. Біз серверлерді тез сонда көшірдік те, келесі күні-ақ пайдаланушыларға қайтадан қолжетімді болдық. Осы оқиға команданы сергітіп, жігерін жаныды, төл перзентіміз – «ykt.ru-дың» тірлігі әлі қыл үстінде екенін түйсініп, біз бұрынғыдан да табанды әрі көбірек жұмыс істедік. Әлдеқайда ірілеу құрылымның агрессиясына ұшыраған компания күресе білсе, мұндай оқиға оны бұрынғыдан бетер шыңдай түсетініне мен өзімнің кәсіпкерлік өмірімде тұңғыш рет сол кезде көз жеткіздім. Жалдамалы, құлықсыз қызметкерлер жұмыс істейтін, ірі, бюрократияланып кеткен компанияның құрамында болған «Якутск-онлайн» жан-жақты қолдауға, жарнамаға, қаржыландыруға, Якутиядағы ең үлкен провайдердің клиенттерін жаппай тартуға қарамастан, танымалдығы жағынан бәрібір «ykt.ru-ға» теңесе алмады, көп кешікпей біржола құрып тынды.
Ал мен енді олар жөнінде өзім ойлап шығарған анекдотты айтып жүрдім:
– «СахаТелекомның» бас директоры «ya1» чатына кіреді, қараса – ешкім жоқ. Сонда ол мұңайып: «ya1», тағыда «ya1»... дей беріпті, – деген.
Қатал да опасыз шабуылға біз порталдың танымалдығын арттырумен және әзіл-қалжың айтып, қағытумен жауап қайтардық. Жалпы, әзіл-қалжың дегеніміз – ғанибет нәрсе. Мынау тірлікке, оның толып жатқан түйткілдеріне жағымды рәуішпен қарап, өзімізге-өзіміз күле білгеніміз, әрқашан да оптимизмді жоғалтпағанымыз жөн. Альберт Эйнштейн айтпақшы, мына өмірде біз не тұрғызуды қалаймыз: қабір ме, әлде көпір ме – соны таңдап алуымыз керек әуелі. Сондай-ақ ол: «Өмір сүрудің екі тәсілі бар: тірлікте таңғажайып ештеңе жоқ сияқты немесе бүкіл дүние ғажайып сияқты дәурен кешуге болады» деді. Меніңше, адамдардың арасын жалғап, алысты жақындататын көпірлер салып, өмірге жағымды да риза көзбен қарап өткен абзал-ау. Менің жылына бір келетін сүйікті күнім – 1 сәуір! Дос-жарандарым осы күні шалған қоңырауларым мен жіберген хабарламаларыма жауап беруді әлдеқашан доғарған. Олардың күнтізбелерінде еске салғыш бар-ау деп топшылаймын. Мен оларға талай қалжыңдап, күлкі қылған едім: өтірік журналист болып, сұқбат алудан немесе әскерге барудан жалтарып жүрген досыма шақырту қағазын аты да, заты да жоқ бір газетке жариялағаны туралы хабарлама жіберуден бастап табиғат қорғау прокуроры атынан саяжайдағы дәретхананы дереу көл жағасынан 50 метр аулаққа жылжытуды қатаң талап ететін, әйтпесе қатаң жазалау қаупін төндіретін, түпнұсқадан аумайтын хат жолдауға дейінгі келекенің бәрін жасадым-ау. Ал «ykt.ru» сайтында жыл сайын осындай қалжың ұйымдастырамыз. Біз адамдарды ұялы телефон байланысының су тегін тарифтерін алуға қалалық моншаға жібердік; уеб-камерадан қала көрінісін трансляциялау барысында жойқын өртті қолдан жасап шығардық. Сосын, «ykt.ru-дың» басты бетінің бейнесін төңкеріп көрсетіп, «Сіздің мониторыңызға вирус түскен, жедел түрде оны жөндеуге апарыңыз» деп жазып қойдық. «Виртуалды Якутия аруы» конкурсына қатысты қалжыңдар – өз алдына бір бөлек әңгіме. Бірде байқаудың жетекші орнына өте сүйкімді де әдемі, бірақ мүлде модель емес, Тиксиден, Якутияның солтүстігінен келген сәл толықтау, семіз қыз қара үзіп шығатын флешмобқа мұрындық болып, қолдау көрсеттік. Флешмоб «Ұйымдастырушыларға ерегескенде сырты жылтырағандарға жол жоқ!» деген ұранмен өтті. Әлгі қыз басқалардың бәрін артқа тастап, мәреге жетті. Бірақ содан соң бізді қатты өкіндіргені, уақиғаның бұлай өрбуінен қарадай қорқып, финалға қатысудан үзілді-кесілді бас тартты. Қаншама жалынып-жалпайсақ та, илікпей қойды. Ал оны финалдық шоуда жылы жүзді жүздесулер, байқауда жеңіске жетпесе де, жүлделі номинациялардың бірі күтіп тұр еді. Мына біз де шоуға билеттерді әлдеқайда көбірек сатар едік. Тағы бір жолы біз «Якутск вечерний» газетіндегі достарымызбен бірге ер адам әйел кейпіне еніп, байқауға қатысатыны жөнінде қалжың ойлап тауып, соны жүзеге асырдық. Лайықты жігітті тауып, фотосессия жасадық та, оған біршама дауыс санын қосып, финалға қатысушылар ондығына кіргізіп қойдық. Сол жылы финалшылармен интернет-реалити шоу өткіздік. Оларды 48 сағатқа қала орталығындағы қонақүйдің екі үлкен бөлмесіне орналастырып, жағалай уеб-камераларды қойып тастадық. Әртүрлі мамандар келіп, оларға өзін-өзі қорғау не билеу сияқты машықтарға үйретті. Күлкілі еді, ал көбінесе тек жігіттерден тұратын аудитория, өзіміз күткендей, ұйықтауға жатар алдында көп жиналды. Бірақ қыздар жарықты өшіріп тастады да, ешкім ештеңе көре алмады. Содан финалға бір күн қалғанда, байқауға қатысушылардың бірі киімін ауыстырып киген еркек болып шыққаны, енді ол қызды (дәлірегі – жігітті) мәреден шеттетіп, байқаудан қуып жіберетініміз туралы баспасөз хабарламасын таратқан едік. Біз якуттың медиа кеңістігін бір дүрліктіруге есеп қылғанбыз, бірақ күтпеген жерден бұл жаңалық ресейлік және халықаралық жаңалықтар таспасына түсіп, ал олардан бірталай медиаресурстарға таралып кетті. Біздің финалдық шоуға еліміздің жетекші телеарналарының бірі – НТВ-дан хабар түсірушілер тобы ұшып келді, ал әлгі жігітті белгілі тележурналист Андрей Малахов өзінің «Пусть говорят» деген хабарына шақырды. Осылай бір фотосессияның арқасында біз миллиондаған байланыс нүктесін иеленіп, тұңғыш рет «вирусты паркетингіге», яғни жарнамалаудың қитұрқы тәсіліне тұңғыш рет тап келдік. Бір қызығы, бүкіл қала жұртшылығы бізді алданып, арандап қалды деп есептеді. Дос-жарандарым мен тамыр-таныстарым кездесіп қалған кезде күлкісін әзер тежеп, «қап, сендерді қатырып кеткен» дегендей жорта жанашырлық білдіріп жүрді. Оларға жауап ретінде өзіміз де күліп қоймауға тырысып, «Апырмай, бұл заман не болып барады, адамнан ұят кетті ғой әбден! Айнала толған алдампаздар!» деп ашуланған кейіп танытатын едік. 2003 жылы қаладағы ең үлкен компьютерлік клубты аштық. Осы үшін ақысын бөліп төлейтін қылып 45 жаңа қуатты компьютер сатып алып, бұрын Якутскідегі алғашқы казино болған үлкен үй-жайды жалдадық. Айтпақшы, осы казиноның барында, бұдан бірнеше жыл бұрын, МДМ банктің иесі, кейін Ресейдің ең беделді әрі ықпалды олигархтарының біріне айналған Андрей Мельниченкомен танысып, бір-екі саптаяқ сыра ішкенім бар. Ол әлдебір қауырт шаруаларымен Якутскінің шетіндегі түнгі барға бас сұққан беті екен. Сонымен, бұл жер, әлгінде айтқанымдай, қиыр шетте, бірақ ірі университет пен бірер оқу орнының жанында орналасқан еді. Жаңа клубты «Fort Arena» деп атадық. Маған оның дыбысталуы, оған қоса, бастапқы әріптерінен менің «Far» деген лақап атым құралатыны ұнады. Киберспортшылар нөпірі жиналған шақта интернет-кафе бола салатын және төбесіндегі «Fort Arena» деген үлкен әріптері үнемі жарқырап тұратын қаладағы ең үлкен компьютерлік клубты ашу керемет болды. Клуб жаңа құрал-жабдықтары мен орналасқан жерінің емес, компьютерлерінің саны көптігінің арқасында ғана бірден танымал орынға айналды: осы жерде әрқашан да дос-жарандармен кездесіп, ойын ойнауға, жалпы уақытты жақсы өткізуге болатын еді. Біз тұрақты түрде клубта чемпионаттар өткізе бастадық, сөйтіп, оған ойындарға әуес жандардың бәрі тез бауыр басып алды. Жалғыз ғана кемістігі: төселгеніне бір ай өтпей жатып, быт-шыты шыққан еден плиткалары, суықтан қатып қалған кәріз бен ұрланған компьютер перифериялары түрінде қайтып оралған оффлайн-бизнестің көзтаныс проблемалары еді. Бірақ жедел жөндеу жұмыстарын жүргізу, қосымша жылыту жүйесін тартып, видеобақылау орнату арқылы, әйтеуір, мұндай шаруалардың бәрін шештік. Ең бастысы, бізге бірден кіріс кіріп, пайда түсе бастады. Ол тұрақты еді және уеб-дизайнға тапсырыс табамыз ба, жоқ па – оған тәуелді болған жоқ. Содан бері әрдайым жаңарып, еселеніп отыратын табыс көздерін жасауға тырысамын, әрі мұны кез келген, әсіресе жас буын компанияның тұрақтылыққа жетіп, қалыпты тіршілік етуінің негізгі қағидаларының бірі санаймын. Сондай-ақ бір мезеттік маңызды шығындардан қаржы үнемдемей-ақ, тұрақты шығындарды кемітуге бар күш-жігерді жұмсау керек. Бір жылдан соң университеттің студенттер қалашығынан дәл осындай үлкен екінші клубты ашып, оны бұған дейін жабылып қалған жаңалықтар тарату жөніндегі жобамызбен аттас, «Курсор» деп атадық. Клубтардың кірісі екі есе ұлғайып, уеб-дизайннан хостинг қызметі мен алғашқы жарнама сатылымдарынан түсетін өскелең табыстармен бірге, компанияның қаржыға қатысты хал-ахуалын тұрақтандыруға жәрдемдесті. Осы тірлігіміздің бесінші жылында қалт-құлт етіп күнелту қыспағынан құтылып, еркін қимылдау ендігіне шыға бастадық. Осы шақта бізге «СахаИнвест» ақыры назар аударды. Олар өздерінің даңғайыр бизнес-империясының құрамына қаншалықты мықты компания кіретінін енді ғана түсініп, бір күні мені кездесуге шақырды, холдинг жетекшілері қажырлы еңбегім үшін алғыс айтып, біздің компанияның жарғылық капиталындағы өздерінің 76 пайыздық үлесінің 25 пайызын маған сыйақы ретінде тегін берді, 51 пайыз бақылау пакетін өздеріне қалдырды. Сірә, олар менің 25%-дан аспайтын нақты үлесім мен компанияны дамытуға қосқан үлесімнің арасындағы аса қатты алшақтыққа – теңгерімсіздікке бола, «СахаИнтернеттен» кетіп қалуым мүмкін екенінен қауіптенген болуы керек. Сондай-ақ олар шағын несие бөліп, Якутскінің Л.Толстой атындағы көшесінде орналасқан өздерінің бизнес-орталықтарынан 100 шаршы метр үй-жайды офис ретінде жалдауға берді. Бірер жылдан соң нарықтық бағаның ширек бөлігіндей жеңілдікке жеттік. Біз қайтадан қалыпты офис тауып, пәтерден сонда үдере көшіп алдық. Кейін мұның бәрін әр жылдың қорытындысы бойынша төленетін дивидендтер арқылы «СахаИнвестке» бірнеше есе етіп қайтардық. Олардың бизнестерін «ykt.ru» сайтында қарымта жеңілдіктермен жарнамаладық. Сондай-ақ ауқымды алаңды коммерциялық бағамен жалға алып, төлемін ешқашан кешіктірмеген «Синет» те біртіндеп олар үшін табыс қазанын тасытатын тартымды арендаторға айнала бастады. Мен олардағы және басқа да акционерлердің қолындағы «Синеттің» бүкіл акциясын кезең-кезеңімен сатып алып, компанияның бірден-бір акционері саналдым. Осы тұрғыдан біздегі венчурлік инвестиция «СахаИнвест» үшін сенімді әрі сәтті қадам болды. Мен «СахаИнвест» жетекшілеріне ренжіген емеспін, олардың командасының көптеген мүшесіне ілтипатпен қарадым. Олардың кейбіреуі кейін бізге, яғни «Синетке» жұмысқа келді. Мейлі, «СахаИнвест» уәдесінде тұрмаса да, көрсеткен көмегі тым жартымсыз болып, оның өзі өте кешігіп келсе де; мейлі, Ресейдегі көптеген чекпен жекешелендіру қорлары сияқты олардың абырой-беделі күмән тудырса да, мұның бәрі бекерге кетпей, жақсылыққа жол ашты деп есептеймін. Мен олардың күтпеген жерден акциялардың біршама бөлігін қайтарып бергеніне, бас акционер ретінде маған ешқашан да бөгет жасамағанына, басқару ісіне араласпағанына, жойдасыз іс-әрекеттерімен компанияға зардап шектірмегеніне алғыс айтамын. Жалпы, 2000 жылдары бақылаушы үлесті «СахаИнвестке» сатуға келісім бергеніме өкінбеймін, әрі олардан ат құйрығын кесісіп, кетіп қалмағанымның дұрыстығына сенімдімін. Егер біз басқаша әрекет етіп, басқа таңдау жасасақ, ақыры не болатынын, одан әрі уақиғаның қалай өрбитінін кейде тап басып айтудың өзі қиын екен. Әйтсе де маған бір нәрсе айқын: адалдық пен сенімділік – басқа нәрселерден гөрі көбіне-көп аңсарлы нәтижеге алып келіп, қиын жағдайларда қорғап қалатын күшті ұстаным, берік тұғыр. Жұмыстағы қарбаластың саябырсуы Италияға саяхаттан кейін төртінші жылы тағы еңбек демалысын алып, теңізге тартып кетуге мүмкіндік берді. Біз отбасымызбен Қара теңіз жағалауына демалуға ұштық. Ал тағы мен өзімнің үш досыммен бірге Сангар аймағына күзгі үйрек аулау маусымына барып қайттым. Бұл – Якутскіден солтүстікке қарай 200 шақырым жер. Ну жынысты қалың тайганың, аюлардың, сансыз көлдер мен ұлы Лена өзенінің мекені, ол осы жерде өзінің көп тармақтарының бірі – Сібірдің үлкен өзені Алданмен құйылысқаннан кейін енін бұрынғыдан бетер кеңейтіп, екпінін арттыра түскен-ді. Мұндай нәрсенің бәрі көзге орасан зор әрі ерекше сұлу көрінеді екен. Тұмса табиғаттың ұлан-байтақ кеңістігінде күн кешетін саха халқының өкілі үшін 29 жасында тұңғыш рет аңға шығу – тым кеш, әрине. Ұлдардың көбі 6–7 жасында аң аулайды. Ал маған, қала тұрғынына, зиялы ғалымдар отбасынан шыққан балаға осы уақытқа шейін аңға шығудың реті келмеген еді. Алғашқы үйректі қалай алғанымды айтайын. Мен оны үйреншікті алгоритмдік, бағдарламалық әдіспен жүзеге асырдым. Достарымның бірі осы өңірден-тұғын, әрі оның отбасының тайгада ата-бабасынан қалған, талай ғасыр бойы құс қағып, балық аулап келе жатқан үлкен көлі бар еді. Біз жігіттермен күні бұрын осында келіп, аңшы құжырасына қонып шықтық. Елең-алаңда, таңғы сағат 05:00-дің шамасында тұрып, көлге бардық. Ағаш үйрек арбағышты суға лақтырып, көлдің жан-жағына тігілген күркелердің біріне мылтығымызды кезей жайғастық. Сол жерде үйректерді күтумен бірнеше сағат отырдық. Бірақ алыстан дауыстары естіліп тұрғанымен, өздері көзге шалынбады. Таң атып, күн арқан бойы көтеріліп қалғанда, сағат 09:00-ге таман қасымдағылардың бәрі орындарынан тұрып, құжыраға қайтып кетті. Мен олжаға кенелуден үмітімді үзбей, тапжылмастан отыра бердім. Міне, енді алыстан бір нүкте көрінді. Жағалау бойымен көлденең жылжи отырып, біресе көрініп, біресе жоғалып кетеді. Дүрбім болмаса да, мен оның қайта-қайта сүңгіп, жемтігін аулап жүрген үйрек екенін түсіндім. Тағы он минуттай өтті. Үмітім ақталмады, әлгі нүкте жақындамай, бір орында қалды. Бүкіл жағалауды қураған бұта-бытқыл мен қиыршық тастар жапқан, дыбыс шығармай, сыбыссыз жақындау мүмкін емес. Ал үйрек деген өте сақ құс, сәл сыбдыр шығып, қимыл шалынса, әп-сәтте қанаттарын қағып, ғайып болады. Енді не істеуім керек? Мен нүктенің көзге көрініп, жоғалып кету уақытын есептеуге кірістім. Нүкте бар – 1, 2, 3... 10, нүкте жоқ – 1, 2, 3... 12, бар – 1, 2, 3... 10, жоқ – 1, 2, 3... 12. Бәлкім, құс өкпесіндегі ауа қоры бар болуынан шығар, уақыт аралығы бірдей екені белгілі болды. Сол кезде мен «не болса, о болсын» деп шештім де, нүкте жоғалған кезде мылтығымды қыса ұстап, жүгіре жөнелдім. Жүгіріп келе жатып санадым. Оныншы секундта етпеттей құлап, қыбырсыз қата қалдым. Бірер сәттен соң нүкте пайда болды. Содан соң ол қайта жоғалған кезде, мен қайтадан атып тұрып, жүгірдім, осы тізбекті қайталай бердім. Осылай он мәрте жүгірген шығармын, сірә. Ақырында, мылтығымды кезеп, үйрек көрінетін жерді нысанаға алып, жағада тұрдым. Кезекті сүңгуден кейін су бетіне шыққанда үйрек өз сорына қарай мені көріп, үріккенінен ұша жөнелді. Автомат-мылтықтан бес патронды бірдей жіберіп, жөпелдемеде аттым. Бейшара үйректі отыз метрдей жерге лақтырып жіберді, ол сирақтары жоғары қарай сыйдиып, көл бетінде қимылсыз жатты. Сол сәтте мынау дүние сияқты байырғы, бәлкім, өркениет желегін жамылған әрбір еркектің бойында сақталып қалатын әлдебір соны сезім толқыны жан дүниемді шарпып, толықтай билеп алды. Мылтықты лақтырып тастап, тура Кин-Конг сияқты кеудемді жұдырықпен ұрғыштап, құтырып кеткендей төңіректі басыма көтере айғайлай бердім. Сәл сабама түсіп, таяу жердегі жағада жатқан аңшылардың ағаш қайығымен жүзіп барып, үйректі алдым да, достарыма беттедім. Үйректі арт жағыма тасалай ұстап, құжыраға кірген бойда өзімді әжуа қылмақ болған достарымның: «Сен ішің пысқаннан оқ аттың ба, әлде су тышқанын тырапай асырдың ба? Әй, оған да тигізе алмаған шығарсың?» деген мысқылды сұрақтарына тап келдім. Олардың қолайсыз жағдайға бойлай енуіне жол беріп, біраз үнсіз тұрдым да, мен салтанатты түрде арт жағыма тасалаған үйректі шығара қойдым және ауыздары ашылып, аңқиып қалған әрқайсысына жағалай көрсетіп, рахатқа кенелдім. Содан соң қалай болғанын әңгімелеп бердім. Біздің ортамызда досымыздың атасы бар еді, ол мынаның сүңгуір үйрек екенін айтып: «Қырық бес жылдан бері осында аң аулап, құс қағып жүрмін, бірақ мұндай тәсілді ешқашан кездестірмеппін. Сен ерледің, жарайсың!» деп қойды. Мұны есту үлкен мәртебе еді, оның үстіне, бұл менің аңшылықтағы алғашқы олжам ғой. Содан кейін төрт-бес жыл бойы үйрек аулауға бірнеше рет барып, кейде бір-екі құс атып алып, тіпті кейде құрқол қайтсам да, әрдайым рахатқа кенеліп, құмарлығым қоздап жүрді. Бірақ бәрі бір күні үйрек атып, жараланған оны судан шығарған сәтте сап басылды. Бұл, сірә, менің өмірімдегі қолайсыз оқиға болды-ау деймін: үйректі сол қалпында, өлімші күйінде қалдырып кетуге болмайды, көздері маған мөлиіп, жалынышпен қараған құсты бауыздауыма тура келді. Және де біздің үстімізде, өзіне де өлім қаупі төніп тұрғанына қарамастан, еркегі ме, әлде ұрғашысы ма – білмеймін, әйтеуір, қосағын қапияда жоғалтқан екінші үйрек шарқ ұра ұшып жүрді. Осыдан кейін аңшылыққа құмарлығым мүлдем басылып қалды. Әйтеуір, спиннингімен балық аулайтыным бар, онда да көбінесе ұстаған балықтарды босатып жібере саламын. Күнелтіс үшін емес, ермек қылу немесе құмар қандыру үшін ғана тірі мақұлықты өлтіруді түсінбей-ақ қойдым, әрі мұны өзіме лайықсыз іс санаймын. Оның үстіне тамақ пен ойын-сауық түрлерінен кенде емес қала тұрғындарына осының керегі не деймін. Әлгі оқиға тұлға ретінде жетіліп, осы бағытта көп нәрсені өзгертуіме серпін берді. Мен сахалар үшін дәстүрлі тағам, дәмі тіл үйіретін таңсық ас – құлын етін жеуден біртіндеп бас тарттым. Енді көк шалғында құлдыраңдап жүрген құлыншақтарға елжіреп, өбектейтіндерді көргенде, осы қылықтары маған екіжүзділік сияқты болып көрінеді: адамзаттың осындай қылықты да ақылды достарына шынайы, адал сезіммен сүйсіне тұрып, оның етінен пісірілген тамақты тәбеттене асауы әсте мүмкін емес қой, өйткені. Осы екі, кереғар нәрсенің арасы – қанды қасап, сойқанды сойыс, оның көрінісі интернетте қаптап жүр. Психиканы сау қалпында сақтау үшін соларды қарамаған абзал. Мен өз пікірімді және мінез-құлық қалыбымды ешкімге апарып таңбаймын. Бірақ бұл жерде ерекше жағдай туындап отырғандықтан, үндемей қала алмаймын. Қазір біз, адамзат баласы, шапшаң өзгеріп жатқан заманда өмір сүреміз. Сол сияқты, бізді қоршаған дүние де тез түрленуде. Жасанды мамық және басқа да қолжетімді, қолайлы заттар мен астарлаған жылы киімдер толып тұрғанда жүз есе қымбат тон іздеудің керегі не? Тек бір ғана тонды тігу үшін бірнеше, кейде жүздеген тіршілік иесі өлтіріледі екен. Және де бұл кейде асқан қатыгездікпен істелетіні белгілі. Мұны өз басым түсіне алмаймын және түсінгім де келмейді. Бәлкім, мұны жабулы қазан күйінде жайына қалдыра алмай, дұрыстап ойлануымыз керек шығар. Меніңше, жүз үйректі жаппай атып алу сияқты міндетті емес, рәсуа нәрселердің бәрінен бас тартып, киім кию үрдісінде жасанды тері мен мамықтарға көшкеніміз жөн болар еді. Бірде жарты жылдан аса уақыт вегетериандық тұрмыс-салтын ұстанып көрдім. Бұл оңай емес, әсіресе үнемі сапарда жүріп, тынымсыз жұмыс істеп жүрсең, қиналасың. Бірақ шын ниет қылсаң, оған да шыдауға болды. Етсіз тағам дәмді, құнарлы, организм жеңіл қорытады. Түрлі рецептісі бар. Жануар майына балама ретінде пайдаланатын өсімдік ақуызы да көп. Бір «WhatsApp» топта вегетериандармен және вегандармен енді-енді араласып-құраласа бастаған кезімде қызық жағдайды бастан өткердім. Онда асыра сілтеп, артық кететін әңгімелер жүріп жатты. Мысалы, топқа қатысушылардың бірі: «Егер сізді маса шақса, оны ақырын ұстап, біз тұмсығын еппен шығарып алып, жөніне ұшырып жіберу керек», – деп мәлімдеді. Бұл – барып тұрған сандырақ. Адамзат баласы эволюция барысында сан миллиондаған құрбандығын шала отырып, тағам пирамидасының шыңына заңды түрде шыққан еді. Жер бетінде қатар жүріп, қоңсылас тіршілік ететін көршілеріне бекер әрі шектен тыс қатыгездік көрсетуден тартына отырып, өзін және өзінің өмір сүру салтын қорғап қалуға оның толық қақы бар ғой. Якутия жағдайында вегетериандыққа көшу біршама қиындау. Малдан алынатын ақуыздар мен тоң майлар солтүстік климатта өте қажет. Бәлкім, мұндай жай-ахуалдан шығатын жол болашақта жасанды ет болатын шығар. Қазір foodtech стартаптар қарқынды түрде дамып келеді, оған миллиардтаған доллар қаржы құйылуда. Жасанды ет те жасалды, оның дәмі табиғи еттен айырып алғысыз. Әдеттегідей, технологияларды үздіксіз дамыту ісі оның сапасын әлі де арттырып, кәдуілгі еттен гөрі дәмді әрі арзан қылатыны сөзсіз. Сол кезде «қасқыр да тоқ, қой да аман» дегендей, бәрі разы болады. Бәлкім, аңшыларға арналған робот үйректер мен қояндарды да ойлап табатын шығар. Жаңа технологиялар тұрмысты жақсарта отырып, қиындықтарды біртіндеп жеңіп шығуға мүмкіндік береді. Якутия бюджетінің жартысынан астамы жер қойнауынан алмас, алтын, мұнай, газ және басқа да табиғи қазбалар өндіретін шикізат компанияларының аударған қаржысынан құралады. Аймақ табиғатының пайдалы қазбаларға байланысты болуының өзі үлкен сәттілік еді, ол өндіруші компаниялардың аударымдары арқылы бюджеттің кіріс бөлігін нығайтып, ондаған мың жалақысы жоғары жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бірақ мұнда, менің ойымша, үш түйінді проблема тығылып жатыр. Біріншісі – сонау КСРО заманынан сақталып қалған өндіріс тиімділігінің төмендігі. Якутиядағы алмас бен алтын өндіру өнеркәсібінің негізін қалаушылардың бірі – Тарас Десяткиннің «Адамдар, алтын, алмастар» кітабында өте көрнекі салыстыру бар. 1960 жылдары ит тұмсығы батпайтын меңіреу тайгадағы Батыс Якутияда алмас тұрбаларды жасау үшін 40 мың адамға арналған тұтас бір «Мирный» деген қала бүкіл инфрақұрылымымен – жолдарымен, тұрғын үйлерімен, дүкендерімен, емханаларымен, мектеп-балабақшаларымен қоса салынды. Оның тұрғындарының тек бір бөлігі ғана алмас өндіретін «АЛРОСА» компаниясында істейді. Қалғандары – қала тіршілігіне дем беретін қызмет көрсетушілер: шенеуніктер, полицейлер, дәрігерлер, мұғалімдер т.б. Географиялық шалғайлығы мен қатал климатына байланысты қаланы қамтамасыз етуге орасан мол қаржы жұмсалады. Батыс Аустралиядағы көлемі жағынан осыған шамалас Аргайл кенішінде салыстырмалы алмас көлемін шағындау инфрақұрылымы бар уақытша кентте уақытша тұратын 600 вахташының күшімен өндірген екен. Кеніштің қоры сарқылғаннан кейін бұл кент те жойылыпты. Ал 40 000 адам жайлаған қаланы қалай жоясыз? Осы мысал кен орындары сарқылған немесе нарықтық конъюнктураға әлде өзге себептерге байланысты рентабельділігі төмендеген кезде Якутия ұшырасатын қиындықтарды жақсы сипаттайды. Ондаған, жүздеген мың отбасы Қиыр Солтүстік жағдайында жұмыссыз тентіреп қалады. Басқа жерге көшіп кетуге мүмкіндіктері қалмаған олар өздерінің әбден күйзеліп, берекесі қашқан кенттерінде, әйтеуір, тұрып жатады. Ештеңе өндірмейді, ешқандай табыс таппайды. Оларды асырау қамы онсыз да шатқаяқтаған бюджеттің иығына ауыр жүк артады. Екінші түйінді мәселе – табиғи пайдалы қазбалардың нарықтық құндылығын жоғалту қаупінің жоғарылауы. Якутияның, иә, Ресейдің де, үш табиғи байлығын – алмасты, мұнай мен газды сатып алу тоқтап қалса, не болады? Жасанды гауһарлар өндіру технологиясының қалай шапшаң дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Табиғи алмастан жонылып, қырланған гауһарларға қарағанда, олардың әлдеқайда сапалы, әдемі әрі арзан болатыны сөзсіз. Кез келген түстегі, реңктегі, пішімдегі, ішінде әдемі голографиялық суреті бар жасанды гауһарды жасауға табиғи гауһардан бірнеше есе төмен бағамен тапсырыс беруге болады. Мұнай мен газ бойынша да жаңа технологиялар бірте-бірте мейлінше тиімдірек, экологиялық тұрғыдан тазалау әрі бағасы арзандау баламалар жасамақшы. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір, түбінде адамдар күн энергиясымен немесе, бәлкім, қарапайым ауызсумен, немесе теңіз суымен жұмыс істейтін автомобильдермен жүретін болады. Әлем елдері бірінен соң бірі жанармай мен дизель жағатын автомобиль қозғалтқыштарынан, мазут, көмір мен газ жағатын электр стансаларынан бас тартады. Қалған тұтынушылар көбінесе көмірсутекті шикізатты бағасы арзан тұратын жылы өңірлерден, қолайлы логистикалық аймақтарда орналасқан елдерден сатып алуға ұмтылады. Шалғай аймақтардағы мұнай мен газ кеніштері, сірә, өндіру көлемін қысқартатын шығар. Бұл ақыр соңында Якутияда, жалпы алғанда Солтүстік Ресейде жұмыссыз және өндіріссіз қалған адамдардың, тұрақты табыс көзінен айырылған отбасылардың санын едәуір көбейтіп жіберуге әкеліп соқтырады. Қытайдағы, Үндістандағы, үшінші әлем елдеріндегі халық санын және оның әл-ауқатының өсуі, осыған орай тұтыну көлемінің арта түсуі Еуропа мен АҚШ-тағы көмірсутегін пайдалану көрсеткіші төмендеуінің орнын толтырады да, табиғи рента тағы да бірнеше жыл кедейліктің қималы, шетін деңгейінен аулақ жүруге мұрсат береді. Бірақ, менің ойымша, шикізатқа кіріптарлық жағдайында қауіп-қатер жоғары деңгейінде қала береді. Ал үшінші проблема кең ауқымды кен өндіру барысында табиғатты ластау болып табылады. Бөгеттердің жырылып, улы техникалық ақаба судың өзендерге құйылуы, мұнай өнімдерінің төгіліп, жайқалған орманмен бірге жабайы жануарлардың да жойылуы – шикізатты экономиканың қашып та құтыла алмайтын зиянды әсері. Батыс Якутиядағы алмас өндіру ісін электр қуатымен қамтамасыз ету үшін Вилюй ГЭС-і салынды. Сол кезде орман өскен ауқымды аумақ су астында қалды, ағаштарды отап, шауып тастау ешкімнің ойына келмеді. Жылдар өте келе су астында қалған ағаштар шіріп, жаппай фенол бөле бастады, бұл жерасты ядролық жарылыстардың зардаптары мен табиғи қазбаларды өндірудің бүліншілігімен, уытты сұйық жанармайы бар ғарыштық зымыран бөліктерінің құлауымен қатар, Батыс Якутиядағы экологиялық ахуалды ушықтыра түсті. Осы аймақтың тұрғындары көбінесе түрлі кеселдерден азап шегіп, ауызсу тапшылығынан қиналады, өзендерден – балық, орман-тоғайлардан аң құрып барады. Мұның бәрі – шикізаттық модель тұсындағы біршама тәуір тұрмыстық салыстырмалы молшылықтың шынайы көрінісі. Ал шикізатқа сұраныс жоғалатын болса, молшылық та қарасын батырады, оның орнында қадау-қадау экологиялық проблемалар қалып қояды. Менің ойымша, табиғатқа мейлінше жанашырлықпен қарап, кен өндіруші өнеркәсіпті де дамыту керек, әлгінде айтқан қауіп-қатерлерді азайта отырып, экономиканың балама салаларын қалыптастыру қажет. Қарапайым тілмен айтқанда, еліміздің батыс бөлігінде немесе Қытайда жасалған орындыққа қарағанда, Якутиядан шыққан ағаш орындықтың бағасы Ресейдің және шетелдің ірі қалаларының базарларында әлдеқайда қымбатқа түседі. Осыған байланысты ағаш орындық шығарушы жай әншейін бәсекеге қабілетті болады. Ішкі нарық тым кішкентай, қайткен күнде де аймаққа сырттан ақша түсімі қажет, төлем балансын теңгере әрі жұмыс орнын аша отырып, сыртқа бірдеңе шығарған тиімді. Мұндай жағдайда зияткерлік өндірісті дамытып, сыртқы дүние үшін ерекше құбылыс ретінде көрінетін қызмет түрлері мен тауарларды шығару қызық әрі баянды іс болып көрінеді. Біріншісі – ІT, кино, мультфильмдер, комикстер, музыка, кітаптар және солар сияқты интеллектілік еңбектің жемістері. Екіншісі – аймақтың қайталауға келмейтін және өнімдер мен көрсетілетін қызмет түрлерінің бәсекедегі басымдығы бола алатын ерекшеліктерін пайдалана білу. Мысалы, Якутияның аса сұлу табиғаты мен аумалы-төкпелі экстремалды климатына арқа сүйейтін туризм ісін алайық. Маған, ІТ маманы ретінде, әрине, интернет-жобаларды, стандарттарды дамытқан бәрінен де қызықтылау. Оның үстіне, бұл – өнімдердің қатары толығып отыратын, сарқылмайтын қайнар көз, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, осы салада істейтіндерді дамытып-жетілдіретін әрі ауқымды нарыққа кірген жағдайда мол пайдаға кенелтетін сала. Бірақ шикізаттық емес басқа салалар да қызықтырады, біз түбінде оларды да дамытып, қолдау көрсетумен шұғылданамыз. Якутия – таңғажайып өлке. Бірнеше дерек келтірудің өзі жетіп жатыр: солтүстік жартышардың суық полюсі Якутияда орналасқан, әлемдегі ең салқын елді мекен де осында, жылдық температура айырмасы Цельсий бағаны бойынша 100 градустан асады, әлемдегі ең қалың мәңгілік мұз қабаты да осы жерде жатыр, оның тереңдігі 1 370 метрге дейін кете береді. Жер аумағы жағынан Якутия дүниежүзіндегі ең үлкен әкімшілік бірлік саналып, бес Францияға және он үш Ұлыбританияға тең келеді. Мұнда түрлі пайдалы қазбалар мен Менделеев кестесіндегі химиялық элементтердің түгелге жуығы ұшырасады. Якутия – алмас өндірудің көлемі жөнінен, Оңтүстік Африкадан кейін, әлемде екінші орын алады. Қажет болған кезде кез келген саха таяудағы орманға, қасат қар қабатын ашып, алмасты шелекке толтырып алады да, алаңсыз үйіне қайтады, сөйтіп, қамсыз өмір сүреді-міс дегенге Ресейдің кейбір тұрғындары шынымен сенеді екен. Якутияның табиғаты таңғаларлықтай сұлу, адам аяғы баспаған тұп-тұнық, тап-таза мүйістері қаншама десеңізші. Мыңдаған шақырым жол жүріп, аймақты шарлағанда елді мекендер ілуде біреу ұшырасады. Бірде-бір зауыт көзге түспейді. Шетсіз, шексіз тайга, ал солтүстік беткейде, Мұзды мұхитқа таман белдемде тундра көсіліп жатыр. Мен бос уақытымды өзіміздің табиғат аясында өткізгенді ұнатамын. Өмірімдегі ең жарқын сәттердің бірі – жаз кезінде Якутия өзендерінің бойымен жүзіп өту. Бірде Якут велоклубындағы үш досыммен бірге сондай ағынды арналардың бірі – Буотама өзенімен жүзуге ұйғардық. Бұл тау өзені Орталық Якутияда орналасқан, ұлы Сібір өзені Ленадан екі жүз шақырымдай қашықтықта, Ленаның алып бағаналарының шығыс беткейінде параллель ағып жатыр, кембри әктастарынан тұратын жағалаудағы жартастардың көркем жоталары «Тақтар ойыны» сериялындағы Жеті патшалықты қорғайтын қабырғадан аумайды. Жоспар мынадай еді: Лена бағандарындағы туристік кемелердің айлағына жетіп аламыз, сол жерде, жорыққа идеялық жігер берушінің айтуынша, мініс аттары бар әлдебір жолбасшы мекендейді, ол ақысын төлесек, бізді асай-мүсейімізбен орман соқпағы арқылы Буотамаға дейін жеткізіп салады. Ал оның реті келмесе, Ленадан Буотамаға төтелей жүрсе алыс емес, отыз шақырымдай екен. «Өйтіп-бүйтіп жетіп аламыз ғой» деп ойладық. Жол жүгіміздің ішінде екі үрмелі қайық, шатырлар, жатынқаптар, азық-түлік, балта мен ыдыс-аяқ тәрізді ұсақ-түйек нәрселер, қармақтар мен фотоаппарат бар еді. «Метеорамен» Лена бағандарына аман-есен жеткенде ешқандай жолбасшы мен аттардың жоғын байқадық. Ұлттық паркті күзететін, бірақ Буотамаға дейін туристерді жеткізіп тастаумен айналыспайтын қызметкерлер тұрып жатқан құжыра ғана қалқиып тұрды алдымызда. «Жә, мейлі, бәрі жақсы, – деп ойладық біз, – енді Б жоспары іске қосылады». Содан заттарды арқаға артып алып, таптаурын орман соқпағымен жағалаудан Буотама бағытына, шығысқа қарай ұзай бердік. Бастапқыда жүрісіміз ширақ еді, бірақ бірте-бірте кең соқпақ тарыла берді де, ақырында ағаштардың арасындағы бұташықтардың бытқылына сіңіп, жоғалып кетті. Содан соң тайганың тігінен қурап, тұтаса біткен ну шілігі басталды. Кейін тропикалық Африкадан көрген ит тұмсығы батпайтын джунглиге ұқсады. Қолымызда жолорақ жоқ еді, сондықтан шіліктерді қолмен сындыруға, кейде балтаны сілтеп жүруге тура келді. Шілденің ыстығы (жазда Якутияда 30 градусқа дейін болады) мен алдымыздан шыға бастаған төбешіктер жағдайымызды одан сайын мүшкілдендіріп жіберді, жотаға өрлеп, қайықтар мен басқа жүктерді арқалап келе жатқанда, солтүстіктің шырмауықтай адым аштырмаған жынысын жарып өту оңай шаруа емес еді. Алғашқы күні, көп болса, сегіз шақырымдай жүріп, әбден болдырғаннан көзіміз қарауытып сала берді. Дамылдап, аяқ суытқан бір жерде рюкзактардың салмағын сәл болса да, жеңілдету үшін түбектегі тіс жуатын пасталардың біраз бөлігін сығып тастағанымыз осы халіміздің көрнекі бір мысалы болса керек. Сондай-ақ жүріп келе жатқанда әлсін-әлі қатты дыбыстап, айғай салуға немесе тостақты тостаққа соғып, салдырлатуға тырыстық: мұндай жерлер Якутиядағы қоңыр аюлардың ең көп шоғырланатын қонысы еді. Осы бір қауіпті де қуатты аң, ауру болмаса немесе қонжықтарын ертіп жүрмесе, өзін өте сақ ұстайды және адаммен бетпе-бет кездесуден қашқақтайды. Ал оқыс үстінен түсіп, шошытып жіберсең, долданып шабуылға шығуы, ауыр зардап шектіруі ықтимал. Кәдуілгі соқпақпен немесе жазық орман ішімен 30 шақырымды жарты күнде жүріп өтуге болар еді. Біз болсақ үшінші күн тайганы кезіп, әлі тентіреп келе жатырмыз. Ішетін суымыз түгел таусылды, аптап ыстықтан тіліміз ауызға сыймай, қаталай бастадық. Тап сол сәтте ойламаған жерден батыстан шығысқа қарай шұбалған сүрлеу жолға кезіктік, демек, өзен жақын, көрген азабымыз аяқталады енді! Бірсыпыра уақыттан соң сүрлеуге көлденең керілген мөлдір түсті қармақ бауды көріп, оны сақтана аттап өттік. Бұл өзіндік белгі беру жүйесі болуы мүмкін, әлдекімнің тұрақжайына тартылған сүлік жіп қоңырауды шылдырлатып, әлдебіреудің келе жатқанын хабарлайды, сондай-ақ жабайы жануарларды өздігінен атып, жайратып салатын аңшылық құрал болуы да ықтимал, онда керулі жіпті қозғау өте қауіпті. Сол бойда Буотаманың жағасынан бір-ақ шықтық, қарсы алдымыздан алабұрта бұлқынып, биік жартастардың ұзына-шұбақ жүлгесімен, тас жағалаудың бойымен алакөбіктене жүгірген, арғы жағында тағы мінезді тайга қарауытқан тау өзенінің таңғажайып көрінісі ашылды. Саф таза ауаның самиян лебінен алуан түрлі гүлдер мен шөптердің жұпар иісі аңқиды. Мынау жердің сұлулығы соншалық – өзіңнің ішкі жан дүниеңнен әлдебір салтанатты гимнді, жайнақ та мәңгілік жаратылыстың асқақ әуенді ариясын естіп тұрғандай ғаламат күй кешесің. Әбден зәрезап қылған рюкзактарымыз бен киім-кешектерімізді сыпырып тастап, жолсоқты жорықтан, аптап пен шөлден әбден қажып, азап шеккен біз суы шыныдай мөлдір, шырадай таза тау өзеніне бас қойдық. Бұл әлемдегі ең тәтті су еді! Тап сол кезде осының бәрін өз өмірімнің ең тамаша сәттерінің біріне айналдырып қойғысы келгендей, шілденің жып-жылы әрі күшті нөсері шелектеп құя жөнелді. Содан соң біз судан шығып, заттарымызды реттеп, қайықтарымызды үрледік те, оларға міне сала, бөгелместен жолға шықтық. Біз жағаға шыққан жерге таяу бір құжыра тұрды. Қармақ бау соған тартылған болу керек. Бірақ біз келген кезде үйдің қожасы не қожалары болған жоқ. Мұндай жерде, егер қажеттілік туындамаса, бөгде адамдардан аулақ жүрген жөн. Кейін, басқа бір топпен осы маршрут бойынша бірге жүзуге келгенімізде, әлгі құжырадан қолына шайылған алтын түйіршіктері салынған екі банкіні ұстаған үй иесі, аңшы шығып, мүкәмалын бізге сатқысы келді. Сірә, оны тайганың жақын бір жерінен тапқан сияқты. Бағасының арзандығы соншалық – менің серіктерімнің бірі оған тікұшақпен қайта оралып, әлгі алтынды түгелдей сатып алуға уәде берді... Жағалаудан ұзап шыққаннан кейін бірлесе жүзудің таң-тамаша күндері, тамылжыған табиғат аясындағы тірлік, алау отына пісірілген балық сорпасының тіл үйірген дәмі, тайганың арайлы таңдары мен қызыл шырайлы кештері күтіп тұрды. Якутия – планетамыздағы пәктігі бұзылмаған, қаптаған өндіріс пен жаппай индустрияландыру кесапатына ұшырап, бүлінбеген сахи мүйістердің бірі. Меніңше, туризм – Якутия экономикасын дамытудың ықтимал, мықты бағыттарының бірі және Оймякон мен Верхоянсктегі суықтық полюстері, «Солтүстік Шамбала» деп аталатын осы Кисилях (сахаша – Киһи-лээх) таулары сияқты шалғай жерлерге, жету жолы қиын, туристік инфрақұрылымдары – қонақүйлері, көліктері, түрлі қызмет көрсету орындары мен қызмет етушілері жоқ мекендерге, бірлесе жүзетін тау өзендеріне туристік жорықтар мен маршруттар ұйымдастырудан емес, мейлінше қарапайым, қолдан келетін нәрсені қолға алған жөн. Мәселен, Якутскінің тура іргесінде тұрған қарапайым тақырыптық парктен бастау керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жапон телеарнасы Якутияға қыста түсірушілер тобын жіберген кезде телешоу видеосы бүкіл интернетті шарлап кетті. Осы сапардың видеосын шығарып, сахалар мен сібірліктер үшін, жалпы алғанда, үйреншікті нәрселерді көрсеткен кезде, жапондық көрермендердің таңғалып, естен танып қала жаздағанын тек көру керек. Сақылдаған сары аязда кірді сығып, қатып қалған капуста мен банандарды уату, моншадан соң мұз ойығына шомылып, бірнеше секунд ішінде температура айырымының 100 градусқа жетуін бастан өткеру олар үшін үрей ұшырарлықтай сұмдық көрініс болған еді. Бірден жайлы әрі экзотикалық тұрғын үйлерімен экоауыл салып, келгіншілер кейін әлеуметтік желілердегі парақшаларына қаптата салуы, сол арқылы жобаға жарнама жасауы үшін олардың фото мен видео түсірулеріне жете мән беріп, жаңағы айтқандай, аттракциондарды ұйымдастыруға болады ғой. Егер Токиодан, Сеулден, Пекиннен тікелей чартерлік әуерейстер ұйымдастырса, онда логистиканың арзандауына және Ресей визасын алу машақатының жеңілденуіне байланысты болашақта шексіз де шетсіз Азия нарығында туристік-бұқаралық сектор ашылуы әбден мүмкін. Компания күнелтіс қыспағынан шығып, аяғынан қаз тұра бастаған соң эммиграция жөніндегі ойлардан бас тартып, осында қалып қоюыма септігі тиген нәрсемен айналысатын, яғни Якутияда зияткерлік өндірістің іргетасын қалайтын кез келді деп шештім. «Синеттің» ресурстары өте шектеулі болғандықтан, мұны қалай ойдағыдай жүзеге асыру жөнінде ойланып, бас қатыру барысында әлемдегі университеттер төңірегінде қалыптасқан жоғары технологиялық хабтар тәрізді бірдеңе құру идеясы пайда болды. Ең белгілі мысалы – Солтүстік Калифорниядағы Стэнфорд университеті жанындағы Кремний алабы ғой. Көлемі мен танымалдығы жағынан одан кішілеулері Үндістанның Бангалорында, Финляндияда, Израильде, Сингапурда т.б. жерлерде қалыптасқаны мәлім. Қай кезде де экожүйенің ұйытқысы жеке капиталдың, көбінесе мемлекеттің қолдауымен ірі университет немесе ЖОО тобы болған еді. Жергілікті университет – ЯМУ-ге барып, оның ректоры Анатолий Алексеевпен кездесіп, олардың базасында ІT-ге маманданатын әрі аймақтың ерекшеліктерін бәсекедегі басымдық ретінде пайдалана алатын технопарк құруды ұсындым. Бұл үшін маған 1 000 шаршы метр үй-жай мен университеттен жалақы алатын он шақты қызметкер керек дедім.
Мамандығы тарихшы ректор мені мұқият тыңдап алып:
– Айтып отырғаныңның бәрі тамаша әрі өте қызық, біз оны қолдай аламыз, тек... – ол сәл мүдіріп, – әуелі сен өзіңді көрсетіп, университетке көмектесуің керек, – деді.
Бұдан соң ол ЯМУ-дің «Инновациялық жоғары оқу орны» атты федералдық конкурсқа қатысатынын, оның шартына сәйкес, университеттің өтінімі әділқазылар бағалауының қорытындысы бойынша ТОП–40-қа ілігетін болса, ЯМУ инновациялық оқу орнының ресми статусын алатынын, мәртебесі көтеріліп, 20 миллион доллар иеленетінін айтып берді. Маған университет атынан берілетін өтінімнің жаңа ақпараттық технологияларға қатысты бөлігін құрастыруға қатысуды ұсынды. Сәл ойланып, осы жол әділетті болады деп шештім де, келісім бердім. Ректор екеуміз бейресми келісім жасастық: біз өтінімнің ІT-ге қатысты бөлігінің жұмысына атсалысамыз және бәрі сәтті болған ретте ЯМУ-де технопарк құру мүмкіндігіне ие боламыз. Якутиядағы алғашқы шынайы технопаркті құрамыз! Мені конкурстық өтінімді жасаумен шұғылданатын жұмыс тобының құрамына қосты. Бұл ЯМУ-дің екінші талпынысы еді: бұдан бір жыл бұрын конкурсқа қисынды байланысы жоқ қырық құрау, сенімсіз жобаны ұсынып, ең соңғы масқара орынды алып, ұятқа қалған-тұғын. Осы дерек сондай-ақ ЯМУ-дің «инновациялық жоғары оқу орны» ұғымына мүлдем үйлеспей тұратыны жұмыс тобы мүшелерінің күні бұрын бетін қайтарып, жігерлерін құм қылған екен. Олар түбінде табысқа жететініне сенбейді, әрі белсенділік көрсетсе, өздерін өтінімге жауапты етіп қоятынынан қорықты. Алғашқы кездесуден-ақ нақты жұмыс жүріп жатпағанына көзім жетті. Айналамдағылардың бәрі табысқа жететініне сенбейтін ахуал орнағанымен, алға асқақ, қызықты да қиындау міндет қойылған кезде менің делебем қозып кететіні бар, сол әдетіммен жұмысқа жойқын екпінмен кірісіп кеттім. Оның үстіне, әңгіме өзім білім алған университет Альма-матер жөнінде және онда аймақтағы алғашқы нағыз технопаркті құру жөнінде өрбіп отыр ғой! Енді бір айдан соң мені жұмыс тобының жетекшісі етіп белгіледі де, енді маған тек ІT-ге қатысты бөлікке ғана емес, бүкіл өтінімге жауапкершілік жүгі артылды. Бір қызығы, осы топтағы мен ғана ЯМУ-дің қызметкері емес едім. Өтінімді өткен жылғыдан өзгеше жасайтыныма үміт артып, алдымнан даңғыл жол ашып қойған ректор мен проректорлар менің жетекшілігіме қарсыласу және қитұрқылық жасау әрекеттерін түбірінен құртып отырды. Келіспегендерді топтан қуып жіберді. Оның үстіне, мен бұл кезде Якутияның тұңғыш президенті Михаил Николаевтың қолдауына ие болған едім. Михайл Николаевич – Якутиядағы аса қадірлі, тіпті, киелі деп айтуға келетіндей тұлға. Мұндай құрметтің түп-тамыры сонау 90-жылдар қойнауында жатыр: елді тақыр кедейшілік пен бүліншілік жайлап, ашаршылық тықыры таялған шақта Николаев ауылдың мал дәрігерінен СОКП обкомының хатшысына дейінгі қызмет жолынан өткен басшы Борис Ельцинмен сөйлесіп, саха алмасын сатудан түскен табыстың бір бөлігін тікелей Якутияның бюджетіне түсіріп отыру жөнінде келісім жасасты. Өйтпеген жағдайда осынау қаражаттың қомақты бөлігі, бәлкім, сол кезде елді ұялмай тонаған олигархтардың қалтасына кетіп қалар ма еді. Сол шешім аймақтың қиын-қыстау кезеңді өзгелерге қарағанда қиналмай өткеруіне мүмкіндік берді. Орасан мол ресурстың едәуір бөлігі, әлгінде айтқанымдай, текке ысырап болып, шашпашылыққа ұшырады не ұстағанның – қолында, тістегеннің аузында кетті: осының бәрі сол кезеңде мықты бақылаудың, әкімшілік біліктіліктің болмауының және бизнес-жетекшілердің жоқтығының кесірі еді. Мұнда Николевтың да кінәсі бар. Мен оған көптеген сахалар сияқты құрметпен қараймын. Бірақ даналығы даусыз, еліне сүйіспеншілігі мен көшбасшылық қабілеті мол тұлға бола тұра, іс басқарушы, бизнес-менеджер ретінде, меніңше, қара үзіп кете алмады. Аса маңызды қызмет тұғырында тұрған адам өз бойына бірнеше асыл қасиетті – алға мақсат қоя білу, қарауындағыларды жігерлендіру, оқып-үйреніп, жетілдіріп отыру, стратегияның мән-маңызын түсіндіріп, айқын жол көрсету және бірегей мұратқа жұмылған мықты командасы бар тісқақты топ-менеджер болу дағдыларын бойына жинақтауға тиіс. Екеуміз жергілікті газетке менің шикізатты емес, экономиканы дамыту жөнінде сөз өрбітетін сұхбатым шыққаннан кейін таныстық. Сол жарияланғаннан кейін Николевтың көмекшісі қоңырау шалып, кездесуге шақырды. Тап сол сәтте мен екінші қызымның дүниеге келу құрметіне орай жалғыз өзім Якутскінің төңірегімен ұзындығы 80 шақырымдай веложарыс жасап жүргенмін, яғни қызым бірнеше күн бұрын дүниеге келіп, өмірімнің ең бақытты сәттерімнің бірі еді. Мен қаланың сыртында жүргенімді және бүгін бара алмайтынымды айтып, Николевтың өзін келесі күнге өзіміздің офиске шақырдым. Бір таңғалғаным: ертесіне ол біздің қарапайым, жұпынылау кеңсемізге жетіп келді. Бірнеше сағат бойы әңгімелестік. Николев сұрақты жаудырды, арасында әдеттегіден тыс, мысалы: «Интернет пен православиенің арасында қандай байланыс бар?» немесе «Сонда компьютер вирустары қалай жұғады?» деген сияқты сауалдар да жүрді. Мен әйелім мен бөпемді перзентханадан алып шығуым керегін және оны істеу үшін тек жарты сағат уақытым қалған кезде ғана кездесуіміз аяқталды. Николаев орнынан атып тұрып, шұғыл сол жаққа кетуімді талап етті де, мұны ертерек айтпаған менің оңбаған екенімді қосып қойды. Осы кездесуден кейін біз бірнеше рет әңгімелестік, мен ЯМУ-дің жұмыс тобына жетекшілік етудің қарсаңында Николев не істесем де, мені қолдайтынын жеткізіп үлгеріпті. Мұнысы конкурс өтінімін қалыпты көңіл-күймен әрі еш кедергісіз әзірлеуіме жәрдемдесті. Өтінім мықты болып шығуы үшін қызықты идеяларды және олардың иелерін іздестіру мақсатымен бүкіл университетті аралап, олардың институттарын, факультеттері мен кейбір кафедраларын барлап шығуға тура келді. Ақырында, конкурстық өтінімге дөп келетін алты-жеті жобаның нобайы табылды. Олардың қатарында өте төмен температура жағдайында электр қуатын беру желілерінде электр тогының шығынын азайту технологиясы сияқты шешімдер де бар еді. Солтүстік флорасы негізінде биологиялық белсенді заттектер (ББЗ) өндіру мәселесі де кезегін күтіп тұрды, сөйтсек, ол экстремалды климат жағдайында айрықша сауықтырғыш, сергіткіш қасиетке ие болып шықты. Аязға төзімді резеңке мен пластмасса бұйымдарын жасап шығару да солтүстік аймақтар үшін өзекті мәселелердің бірі. Якутияда мынадай жағдайлар жиі ұшырасады: алыстан жол жүріп келген жүргізушілер жүк машинасының дөңгелегін ауыстырмақ болып, үйреншікті әдетпен қосалқы доңғалақты кабинаның төбесінен лақтырып жібереді де, аяздан қақшия қатып қалған резеңкенің әйнек сияқты быт-шыты шығып, жан-жаққа шашырап кеткеніне аңтарыла қарап қалады. Дәрігерлері жоқ алыс ауыл, шалғай түкпірлердегі науқастардың ірі қалалардағы медорталықтардың таңдаулы маман дәрігерлерінен диагностикалық жәрдем алуына жол ашатын телемедициналық жоба да санатта бар. Сондай-ақ біз Якутияда кез келген ресейлік немесе шетелдік өндіруші –400С және одан да төмен көше температурасында өз өнімдерін сынақтан өткізе алатын биоматериалдар қоймасы (мұндай қойма норвегияның Свальбард аралдарында ашылған) мен төмен температуралы сынақ полигонын салу жобасын өтінімге қостық. Сынақтан өткізілетін өнімдер автомобильдер, авторезеңкелер, қозғалтқыштар, шатырлар, жатынқаптар т.б. бұйымдар болуы мүмкін. ІT-ге қатысты бөлігіне ЯМУ-дегі жұмыс барысын автоматтандырып, жоғары технологиялық стартаптарды қолдау ісін жаздық. Соңғысы инкубаторы бар технологиялық парк түрінде жоспарланған болатын, біз оны Михаил Николевтың ұсынысы бойынша жақын аудандары орналасқан үш алаптың құрметіне «Үш алаптың» инновациялық технопаркі» деп атадық. «Инновация» атауы енді ғана тілдік қолданысқа еніп, сөздің сәніне айнала бастаған, тап қазіргідей мәнінен айырылып, жырымы шықпаған кезі еді. Университеттің көмегі жұмыс тобына шағын кабинет бөліп, ғалымдармен және оқытушылармен сөйлесіп, араласуға бөгет жасамаудан тұратын еді. Тіпті принтерге арналған қағаздар мен шығын материалдарды да өзіміз сатып алдық. Жалпы бізге ешкім көңіл бөлмеді және өтінімнің түбінде оңды нәтижеге жетеріне ешкім сенбегендіктен, кедергі де келтірмеді. Байқауға бүкіл елдің түкпір-түкпірінен 267 оқу орны, соның ішінде негізгі ғылыми орталықтардың – Мәскеудің, Петербордың, Новосибирскінің ең мықты университеттері қатысатыны белгілі болды, ал «Инновациялық жоғарғы оқу орны» мәртебесін алу үшін жинаған балл бойынша жоғарғы 40 орынға ілігу керек. Өтінімнің тамаша жасалып жатқанын көздерімен көрген университет және «Синет» қызметкерлерінің үркердей тобы ғана жеңіске жету мүмкіндігіне біртіндеп сене бастады. Олар содан шабыттанып, жұмысқа беріле кірісті. Конкурстық өтінімнің мазмұнын арттыру және ол мәскеуліктердің көзіне қалай көрінетінін түсіну үшін астанадан тәжірибелі сарапшыларды тауып, әртүрлі, өтірік-шыны аралас желеулермен жұмысқа тарттым. Біреуіне саханың атақты жон тілмені – тоңазытылған сылан мен түрке балықтың етін тасыдым, баз біреуді кейін ЯМУ-ден субмердігерлік жұмыс көлемін алу мүмкіндігімен қызықтырдым. Бір-екі айда бір рет Якутияның вице-президенті Евгения Михайлова басқарған университеттің басшылар тобына жобаның ағымдағы жай-ахуалын таныстырып отырдым, ол аймақ өкіметінің атынан жобаға жетекшілік етіп, болашақта университетті басқаруға ниет етіп жүрген жан еді. Иә, Евгения Исаевна өтінім жасау жұмысына өлшеусіз үлес қосқанын, әсіресе астанадағы барлық байланысы мен лоббишілерді тарту тұрғысынан көп еңбек сіңіргенін атап айтқаным жөн. Әлсін-әлі маған Михаил Николаев телефон соғатын, ал мен оған істің жай-күйі туралы баяндап тұрдым. Қарбаласа жұмыс істеген 7–8 айдан кейін көлемі екі жүз беттен асатын өтінім дайын болды. Бірнеше мәрте шұқшия оқып, мұқият түзеткен соң, ақ қағазға басып шығарып, конвертке салдық та, Мәскеуге жібердік. Енді тек күту ғана қалды, мен «Синеттегі» жұмысыма оралдым. Университеттегі жұмыс негізгі кәсібімнен алшақтатып әкеткені сонша – компанияның көрсеткіштері бұған дейінгі және осыдан кейінгі бір жылмен салыстырғанда, екі есе төмендеп кетіпті. Жаңа, 2007 жылдың қарсаңында, отбасымызбен каникулда Алтай тауына шаңғы тебуге барған кезімде маған түн ішінде ЯМУ проректорының бірі телефон соғып, біздің өтінім жеңіп шыққанын айтты. Және де біз жинақтаған балл бойынша ТОП–40-қа ғана емес, тіпті ТОП–20-ға ілігіппіз. ЯМУ-дің алдында және одан кейінгі орындарда Мәскеу мемлекеттік халықаралық қарым-қатынастар (МГИМО), Губкин атындағы Мұнай және газ университеті мен Ресей халықтар достығы университеті (РУДН) сияқты мәскеулік жоғары оқу орындары тұрды. Бұл нағыз үлкен жеңіс пен жетістік еді! Якутскіде, әсіресе ғылыми және білім беру қауымдастығында жұрт қайран қалып, дүрлігетіндей уақиға болды. Келесі күні ЯМУ ректоры осыған орай жергілікті телеарналарға сұхбат беріп, атқарылған жұмыстар үшін маған жекелей алғыс айтты. Талай адам, соның ішінде Михаил Николаев та бар, телефон соғып, құттықтап, ризашылығын білдірді. Барлық жұмыстың бекерге жасалмағанын, енді университет дамуға күшті серпін алып, жаңа статус, абырой-бедел, 20 миллион доллар көлемінде қомақты грант иеленетінін, бұл маған тамаша жобалар жасайтын Якутиядағы тұңғыш технопаркті ашуыма мүмкіндік беретінін сезінудің өзі бір ғанибет еді. Бірақ, мынау жалғанда жиі ұшырасатындай, оның бәрі оңай болмай шықты. Конкурста университеттің күтпеген жерден жеңіске жетуі ЯМУ-де әдеттегіден тыс жандану ахуалын туындатты. Сөйтсе, онда ықпал мен ресурстар: ақша, штаттық жұмыс орны, үй-жай, құрал-жабдықтар, тағылымдама үлесі үшін өзара тайталасқан бірнеше топ бары белгілі болды. Олар астыртын қитұрқы әрекеттер жасап, өз топтарының өкілдерін басшылық орындарға жылжытуға, өзге топтардың өкілдерін істен шеттетуге тырысып келеді екен. Мәселенің мән-жайы кейде Владимир Дудинцевтің сталиндік кезеңдегі КСРО-дағы ғалымдар туралы «Ақ киімдер» кітабындағы жағдайды еске салатын, тек, әйтеуір, онда қарсылас топтағы ғылыми қызметкерлердің көзін жойып жіберетін әрекеттер ғана жоқ еді. Осындай құбылысқа ұшырасқан сәтте бұл зиялы қауымға, нақты жағдайда, ғылыми ортаға тән құлық қой деп ойлап қалуға болады. Бәсекелестік шығармашыл интеллигенция арасында, театрда немесе жазушылар бірлестігінде де жиі кездеседі. Ал кейін шетел университеттерінде жұмыс істеп жүрген ғалымдар мен оқытушылардан осы жөнінде сұрастырғанымда, олар бізде мұндай ахуал жоқ деп жауап қайтарды. Жұрттың бәрі тиімділікпен жоғары нәтижеге жету мұратына жегілген, университетте өнімді жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған деді. Бәлкім, жаңағыдай бәсекелестіктің кесірінен жұмыстың тиімділігі төмендеп, университеттің мүдделері кейінгі лекке ысырылып қалатын шығар, бұл, әйтеуір, Ресей ғылымы мен білімінің бәрінен артта қалып қою себептерінің бірі болып келеді. «Үш алаптың» жайына келер болсақ, жоба бірден «мармелад батпағы» деп атайтын ұйыққа тап келді. Бәрі саған жымия күліп, «өй, сен кереметсің, тамаша іс бастадың» деп, арқаңнан қағып, сөзбен қолпаштайды, бірақ іс жүзінде ештеңе мандытпайды немесе бәрі тас төбеден ұрғандай мелшиіп, тоқтап тұрады. Тек бір адам ғана шындығын бетке айтып: «Сен ЯМУ-ге бөгде, сырттан келген адамсың, ешқандай топқа қосылмайсың, бұл жерде бәрібір саған жұмыс істетпейді», – деді. «Үш алапқа» беруге уәде етілген 1 000 шаршы метрдің орнына, сөзбұйдаға сала, әуре-сарсаңға түсіре жүріп, жаратылыстану факультетінің ғимаратынан 120 шаршы метр ғана бөлді. Уәде етілген технопарктің штаттық бірлігін мүлдем бермей қойды. Бірнеше ай күтіп, маған ылғи таңғы асты тықпалай беретін ректор мен проректорлардың алдына талай барып, ақырында әліптің артын баға бермей, әрекет етуге бел будым. Біз студенттер қалашығының аумағында жұмыс істеп тұрған компьютерлік клубымыз – «Курсорды» бүкіл компьютерімен, жиһазымен және құрал-жабдықтарымен ЯМУ-дің балансына бердік. Оның кірісі университет табысының бюджеттен тыс бөлігіне түсе бастады да, біз одан бірнеше штаттық бірлік ұстауға қаржы бөле алдық, мен тәжірибелі әрі жобаға қызығушылығы бар қызметкерлерді жұмысқа шақырдым. Аумағы 120 шаршы метр үй-жайдың ішінде біз «Үш алапқа» Михал Николаев қоры аударған (болмашы) қаражаттың есебінен кішкентай бизнес-инкубаторды жарақтандырып, оған үш шағын стартапты тегін кіргізіп жібердік. Солардың бірі «Үш алапта» бір жылдай болып онда 4–5 жас жігіт жұмыс істеді, ол «Sulus Games» деп аталды. Бұл компанияның негізін өте дарынды, ақылды да еңбекқор кәсіпкерлер – ағайынды Алексей және Афанасий Ушницкийлер қалады. Шап-шағын командадан олар кейін бүкіл әлем бойынша әрекет етіп, ең қиын да бәсекелі хайтек салаларының бірінде шапшаң дамып келе жатқан шын мәнінде табысты, ірі gamedev-компания – «MyTona-ға» айналды. Мен «MyTona-ның» бірнеше миллиардтаған бағасы бар жаһандық компанияға айналатынына сенімдімін. Мен «Үш алапта» оларға тіпті кішкентай инкубаторда қысқа уақыт болуының өзі емес, өтінім жасауымыз барысында-ақ шетелдік тағылымдаманы енгізіп қойған «Инновациялық оқу орны» бағдарламасы бойынша, осы бағдарламаның атқарушы директоры Василий Максимовтің жәрдемдесуімен Ушницкийлерге тұңғыш рет Калифорниядағы Кремний алабына барып қайту бақыты бұйырғанына қуандым. Мұндай орындарға саяхат шегудің көбінесе ынталандырып, алға талпындырушы және біліми-танымдық әсері күшті болады. Көп нәрсеге көзің ашылып, небір табысты компанияларда өзің сияқты жігіттер жүргенін көресің. Жаһандық бизнесті құруға әбден болатынын түсінесің. Бір қызығы, біз сол кездің өзінде Алексей және Афанасиймен Якуттың ІT-индустриясын жақсы дамыту жайын талқылайтын едік. Бағдарламалау бойынша байқаулар, олимпиадалар өткізу, білім беру жобалары т.б. хақында сөз қозғайтынбыз. Ал соның ақырында ең күшті де тиімді әдіс – Якутскіде жоғары технологиялық компания құрып, халықаралық деңгейде толағай табыстарға жетуге болатынын өз ісімізбен дәлелдеуіміз керек деген ойға тоқайласқан едік. Бұл біздің тарапымыздан ең тәуір үлес болады дедік. Айтқандай, бұл басқа нәрселерді де бірлесе істеуімізге кедергі келтірген емес: түрлі конкурстарға, хакатондарға қолдау көрсетіп, «Смарт» коммерциялық емес оқу орындарын бірге құрдық. Онда өзіміздің және сырттан шақырылған сарапшылар тегін немесе шартты бағаға дәріс оқыды. «Үш алап» аясында біз өте төмен, суық температуралы сынақ полигонының сайтын ашып, оны «yakutіachallenge.org» деп атадық. Октёмцы кентіне барып, жергілікті әкіммен сөйлестім, жобаның жолы болып, дами бастаса, олар бізге ауыл шетіндегі иесіз ғимараты бар екі гектар бос жатқан жер телімін беретін болды. Қалың қар жапқан сол жер телімін суретке түсірдік те, «мынау болашақ полигонымыз» деп мақтанып, сайтқа салдық. Содан соң 100 шамалы шетелдік автомобиль мен автомобиль жабдықтарын өндірушілердің байланыс деректерін тауып, оларға өз өнімдерін полигонымызда сынауға шақыратын (қатесіз жазылғанына сенімді емеспін) хат жолдадық. Солардың шамамен бесеуі ғана жауап қайтарып, сыпайы түрде ұсынысымыздан бас тартты. Бірақ, бір қызығы, үш жылдан кейін, «Үш алаптан» кетіп қалған кезімде бір күні телефоным шырылдады; қоңырау шалып тұрған «Brіdgestone» компаниясының өкілдері екен, өздері шығарған шиналарды бізде сынағысы келеді. Олар біздің жазған хатымызды ұмытпаған ғой! Мен оны жергілікті университетке жолдадым, ал бірсыпыра уақыт өткеннен кейін сынақ өткізілді. Иә, бірнеше жылдан соң университетпен «Brіdgestone» бірлесіп, Якутск маңайында тұрақты төмен температуралы сынақ полигонын ашты. Шағын болса да, батыл әрі креативті бастаманың әлдебір ауқымды іске ұласа алатынының жарқын да жанды мысалы – осы. Біз Якутск Мұздықтарды зерттеу институтымен криоқойма құру туралы келісім жасастық. Бұл мәңгілік мұздықтарды зерделеуге бүтіндей маманданған әлемдегі бірден-бір ғылыми-зерттеу ұйымы еді. Басқа елдерде мұнымен әдетте университеттер мен институттар құрамындағы зертхана ғана айналысады екен. Өзара келісіміміз одан әрі өрбімей, негізінен, менің жұмысбастылығыма әрі пәндік тақырып бойынша тәжірибе жоқтығына байланысты жол ортада омалып қалды. Бірнеше жылдан кейін бәрібір институтта тұқымдарды сақтайтын криоқойма ашылып, саха ғалымдарының ХХ ғасырдың 70-жылдары бастаған іс-тәжірибесі қисынды жалғасын тапты. Біз тағы бірнеше қызықты жобаларға бастамашы болдық, бірақ ІT-дегі бастамаларға қарағанда, біршама баяу жүрді. Серіктестер мен контрагенттер ылғи алдап, бюрократия өткел бермеді, бізге еркін қимылдайтын өріс, ауқым жетпеді. Бәрі дерлік мен ойлаған технопарктен басқаша болды, кіп-кішкентай инкубатордың төңірегіндегі салғырттық пен түсінбеушілік ахуалы, қитұрқы әрекеттер, университет басшылығы тарапынан нақты қолдаудың болмауы шаршатып жіберді. Бұған қоса, мен «Синетті» дамыту ісінен қол үзіп кеттім. Бір жарым жылдан соң жобаны доғарып, университеттен кету жөнінде шешім қабылдадым. Алғысымды айтып, технопарк қызметкерлерін босатып жібердім. Сол кезде мұны үлкен сәтсіздікке балап, сұмдық уайымдадым. Бірақ бірер жылдан соң инновациялық жоғары оқу орны статусы мен мәлімдеулі бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар ЯМУ-дің келесі үлкен қадамды аттап, федералдық оқу орны мәртебесін алуына мүмкіндік берді! Ұлан-байтақ Ресей аумағындағы сегіз федералдық ЖОО-ның бірі ретінде ЯМУ «Солтүстік-шығыс федералдық университеті» атанды. Жұмыс тобының және «Үш алаптың» саны саусақпен санарлықтай қызметкерлермен бірге осыған қомақты үлес қосып, университеттің одан әрі дамуына серпін бергенімізді мақтан тұтамын. Бір өкініштісі, университетке 20 миллион доллар әкеліп, мықты мәртебе берген әрі одан әрі дамуына жол ашқан өтінімді әзірлеуге қатысқан, ЯМУ қызметкерлерінен құралған жұмыс тобының мүшелері ешқандай алғыс алмады, қызмет бабымен өсу мүмкіндігінен, сыйақыдан, тіпті қарапайым мадақ қағазынан құралақан қалды. Мен шағын банкетте металл тақташаларға бәдіздеген ескерткіш белгілерді үлестіріп, мұның жігін жатқызып, өзімше жайма-шуақтауға тырыстым. Технопаркті жабар кезде күйіп кеткен бір-екі видеокартаның құнын талап еткендері барып тұрған сорлылық еді. Өзім университетке тегін тарту еткен 45 компьютердің бірінде тұрған видеокартаның құнын!.. Бірақ әлдебіреуге немесе әлденеге үлесіңді қосып, қолғабыс етсең, ешқашан да алғыс дәметпей, керісінше, қарғыс алуға іштей даяр болу керектігін ұқтым. Егер де әлгі дүние саған соншалықты маңызды болса, онда ештеңеге алаңдамай, үлесіңді қоса бер. Ал Федералдық университеттің ректоры болған Евгения Михаиловна кейін менімен сөйлесуді доғарды, өйткені «ykt.ru» форумдарындағы оның жалақысы мен кіші оқытушылар құрамының жалақылары арасындағы жер мен көктей айырмашылықты талқылаған жазбаларды өшіруден бас тартқан едім. Біз әртүрлі бастықтардың цензура орнату талабынан әрқашан да бас тартып, көлденеңнен килігетін өтініштерін орындамаймыз. Мұндай нәрселерді немесе қызмет орайындағы қитұрқы әрекеттерді істің мүддесінен, нақты айтқанда, үлкен университеттің мүддесінен жоғары қою онша ақылды қылық емес. ЯМУ-ден кейін біз аймақтық өкіметтің атынан Якутияда технопарк құру ісіне серпін беруде аз ғана уақыт талпыныс жасап көрдік. Бірқатар жиналыстар мен пікірталастарға бастамашы болып, 2009 жылғы республикалық инвестициялық бюджетке арнайы шақырылған финдердің консалтингілік компаниясының күшімен технопарк құруды техникалық-экономикалық негіздеуге арналған, салыстырмалы түрде, азғантай ақша мөлшерін енгізудің орайын келтірдік. Әлгі компанияның нөлден немесе, өздері айтқандай, greenfield деңгейден бастап аймақтық инновациялық инфрақұрылымды құру ісінен мол тәжірибесі бар екен. Мен жарты жылдай №1 үкімет үйіндегі (Якутия шенеуніктер жайлаған үйлердің қаптап кеткені соншалық – оларды шетінен нөмірлей бастады) көңілсіз, зеріктіріп жіберетін жиналыстарға барып жүрдім, ондағы ауаның өзі маған үнемі қапырық, тұншықтырып тастайтындай көрінетін еді. Бірақ осы азапты шеккен әрекетіміздің бәрі текке зая кетті: түсініксіз себептермен Құрылыс министрлігінің бюджетіне енгізілген финдердің қызметіне қатысты шығындар тармағын қапелімде шенеуніктер белінен бір сызыпты. Немесе, олардың шолақ тілімен айтқанда, «секвестерлеп» тастапты. Мұны естіген кезде, өз құлағыма өзім сенбедім. Олар біздің жаңа технологиялар мен инновациялар жайында өздеріне айтқан әңгімелерімізден тіпті түк түсінбегендіктен ғана емес, мына мен, жобаның жалаугері ретінде, олармен дос-жар, жерлес, туыс болмағаным, моншаға арақ ішуге бірге бармағаным және осы жобадан өздері жеке бастарының пайдасын көре алмағаны үшін де бізді сызып тастаған. Бұл текке уақыт жоғалту екені әбден түсінікті болды, тап сол сәтте бұдан былай ешқашан шенеуніктер мен аппаратшыларға кіріптар болмаймын, мүмкіндігінше оларға ісімді түсірмеймін, ал ісім түсе қалса, теңбе-тең немесе әлдеқайда пәрменді позиция ұстанамын деп өзіме серт бердім. Енді ешкімге тәуелді күй кешпей, қалаған, армандаған шаруаның бәрін дербес күйде, өз бетімше істеуге ант еттім. Бұл ірі бизнес жасауға алғаш рет қуатты серпін берді. Бұған дейін біз «Синеттен» үлкен де ауқымды бірдеңе жасауға ұмтыла қойған жоқ едік. Жеке бизнес мен үшін еркіндік жетіп, ұнатқан іспен айналысудың тәсілі болды. Оған 2000 жылдардың орта шенінде қол жеткіздім. Технопаркке қатысты оқиғадан кейін, құрылғанына 10 жыл толғанда, «Синетті» якут ІT-і туралы арманымды жүзеге асыруға іргетас қалайтын әрі бізге, егер көңіліміз қаласа, өз күшімізбен технопарк, инкубатор, венчурлік қор т.б. құруға мүмкіндік беретін ірі компания деңгейіне дейін дамыту жөнінде ой келді маған. Ал біздің жетістігіміздің баяны жұрттың бәріне Якутияда ІT-ді дамыту қолдан келетін шаруа екенін көрнекі түрде көрсетіп береді. Тек жаһандық, ең болмағанда, ресейлік нарыққа шыққанда ғана біздің ірі компанияға айнала алатынымыз айқын еді. Өзіміз жұмыс істейтін Якут нарығының көлемі аймақ тұрғындарының санымен шектеулі, соған қарамастан, Якутия – жер аумағы жағынан Ресейдің ең ірі субъектісі, онда 1 миллионға тарта адам өмір сүреді. Сол миллион адамның басым бөлігі, негізінен, интернеті жоқ немесе сөз жүзінде ғана бар жерлерде тұрады. Десек те, «уkt.ru-дың» жетістігін қайталап, жоғарғы қатысушылық деңгейіне жетуге және жарнама мен қаржы жинақтауға ұмтылатын қалалық мультисервистік портал ашу идеясы ауада қалықтып жүр еді. Біз істің жай-жапсары Ресейдің басқа аймақтарында қалай екенін қарап, жұртшылыққа танымал аймақтық порталдар ілуде біреу екенін байқадық, үміт отын үрлеген осы жаңалықтан нарық түгелге жуық бос тұр деген қорытынды түюге болар еді. Бірақ бұл – кең таралған кәсіпкерлік қателік, өйткені нарықта әлдебір нәрсенің орны қаңырап бос тұруы – оны иеленуге ешқандай әрекет жасалмады деген сөз емес, көбінесе керісінше, оны нарықтың өзі керек қылмағанын білдіреді. Біз бүкіл күш-қуатымыздың бәрін жұмылдырып, «ykt.ru-дың» экспорттық нұсқасын әзірлеуге дереу кірістік. Порталды шындап күшейтіп, неғұрлым заманауи әрі технологиялық етіп жасау қажет екені айқын еді. Бізде, мысалы, тап сол кезде тіпті бірегей авторландыру тетігі болған жоқ: «ykt.ru-дың» әртүрлі сервистеріне жеке тіркелу керек еді. Синеттіктер Якутия шегінен шығу перспективасына шабыттанып, жеті-сегіз ай бас көтермей жұмыс істеді, соның нәтижесінде порталдың жаңа, әлдеқайда заманауи нұсқасын жасап шықтық. Жаңа кәсіпорын «синергия» (ымыра) сөзінен шығатын «Синергум» атауын иеленді, өйткені аймақтардағы жаңа порталдардың жұмысын алға жылжытуға қажетті тегін немесе өте арзан жарнама ресурстарын иеленген жергілікті серіктестермен бірлесе құру көзделген еді. Сырт көзге мықты көріну үшін «Москва-Ситиден», «Набережный көшесіндегі Мұнарадан» үш адамдық шағын офис жалдадық та, осынау асқақ лепті адресті «Синергум» сайтына, хаттардың бланкісіне, буклеттер мен есімхаттарға айшықтай жазып қойдық. Кешкі Мәскеудің төрінде тұрып, күңгірт түсті күзгі аспанның пұшпағында кемпірқосақтай құлпырып, шұғыласын шашқан зәулім «Ситиге» басымызды шалқайта көз тігіп, табысқа кенеліп, жетістікке жету тарихымыздың жарқын беттерін ашқанымызға алғаусыз сендік. Аймақтық телекомпаниялар мен медиахолдингілердің басшыларымен кездесу үшін ел аралау сапарына шықтым. Хабаровскі мен Оңтүстік Сахалиннен бастап Брянск мен Архангельскіге дейін Ресейдің бірталай қаласына бардым. Камчатка қайран қалдырды, бұл ерекше әрі ертегідей сұлу мекен еді, оны сипаттауға сөз жетпейтіндей, ұшақ басқышына шыққан бойда жан-жақтан түтіні будақтаған алып жанартауларды көріп, аузың ашылып қалады. Петропавловск-Камчатскийдің қақ ортасындағы хауызда жатқан, сірә, салмағы бір тоннаға жетіп қалатын жабайы бозғыларды тамашалаудың өзі неге тұрады? Немесе Тынық Мұхит жағасындағы өңкей түсі қап-қара жанартау құмы жапқан ұлан-ғайыр, көрікті әрі құлазыған жағажайға көз тастап тұру қандай ғанибет десеңізші! Бұл менің әлі Гейзер алабына бармаған, табиғат аясына аяқ баса қоймаған кездегі әсерім еді. Мына мені, онша мамыражай емес мекенде туып-өскен адамды, Норильскінің табиғаты мен тұрмыс-тіршілігінің қаталдығы қалжыратып жіберді! Көзге елестетіп көрінгені: жан-жақтан қар басқан тундра төніп тұр, оған жаз кезінде де бой жазып бару қиын, төңіректе ешқандай саяжай көрінбейді. Бұрқасын көз аштырмайды. Қаланың үш жағында құбыжық кейіптегі аллюминий зауыттары қарауытады, үш бұрышты қоршаудың ортасында Норильск жатыр. Жел соқпай қалатын тымық күндері әлгі зауыттардың химиялық түтіні мен ысы қаланы тұмшалап тастайды. Маған жергілікті тұрғындар Норильскіде орташа өмір сүру ұзақтығының жалпы ел бойынша алғандағы орташа көрсеткіштен он жылдай қысқа болу себептерінің бірі осы екенін айтқаны есімде. Қаланың өзі қирап жатыр. Мысалы, шеткі кіреберісі құлап түскен бес қабатты үйдің аңқа-саңқа пәтерлерінің интерьері – шкафтары, дивандары, басқа да жиһаздары көшеден көрініп тұр, ал үйдің қалған бөліктерінде адамдар әлі тұрып жатыр, мұндай жағдай бұл жерде үйреншікті көрініс саналады екен. Бір күлкілісі, муниципалдық өкімет орындары қалаға келген сол кездегі Ресей президенті Дмитрий Медведевтің кортежі жүріп өтетін жол бойындағы ғимараттардың қасбеттерін ғана жөндеген. Көше беті жарқырап тұрған үйлердің артқы жағы бірнеше күн бомбаның астында қалғандай әсер етеді. Арада екі жүз жылдай уақыт өтсе де, көз алдайтын «Потемкин» деревнясын салу қитұрқысы әлі жалғасуда. Дегенмен Ресейде өте әдемі әрі күтіп ұсталған Қазан, Ставрополь тәрізді қалалар да, Сургут немесе Ханты-Мансы сияқты мұнай мен газ өндіру аймақтарының орталықтары да бар. Шартарабын шарлап шығып, мен еліміздің соншалықты байтақ, көрікті әрі өте әркелкі екенін сезіндім. Тағы бір байқағаным: шығысқа немесе солтүстікке қарай жүрген сайын жол жүру жеңілдеп, адамдары кеңпейілдене береді екен. Мүмкін, климаттың өзі осыған ықпал ететін шығар: себебі өзара көмек беріп, бір-бірін жанашырлықпен қолдамаса, Сібірде күнелту қиын ғой. Өзімнің талдамалы жүйемді Якутскідегі банктерге сатқан кезімдегідей, ықтимал серіктестер мені технология әпендісі, интернет фанаты ретінде қабылдады. Бірақ енді өз аймағында жетекші орын алатын порталды дамыту тәжірибесі бар табысты кәсіпкер ретінде де мойындады. Олар дәстүрлі жарнама нарығына баса-көктеп кіре бастаған интернетпен жарақтанған ұсынысымызға қызығушылықпен қарады. Телеарналар, сыртқы жарнамамен айналысатын компаниялар, әсіресе газеттер мен журналдар клиенттерінен айырыла бастады, олардың көпшілігі әлеуметтік желілерге, жаңалық ресурстарына, тақырыптық және жергілікті сайттарға ағылып кетіп жатты. Компанияның Мәскеудегі айбарлы адресі, шынтуайттап келгенде, кері әсер етеді екен: аймақтардағы кәсіпкерлер біздің шын мәнінде Якутскіден шыққан компания екенімізді білгенде, жадырап сала берді. Қарым-қатынас жақсы жағына аунап түсетін болды. Сөйтсек, аймақтағылар, әсіресе медиа-жарнама саласында жұмыс істейтіндер мәскеуліктерді жақтырмайтын болып шықты. Келіссөздердің үштен бір бөлігі сәтті аяқталып, біз Иркутск, Хабден, Хабаровскіден, Нижневартовскіден, Улан-Удэден, Благовещенск мен Петропавловск-Камчатскіден серіктестер таптық. Әр қала үшін бірлескен компаниялар құрылды. Енді, «port38.ru» және «vhabare.ru» түріндегі домендер тіркеліп, оларда порталдар – «ykt.ru-дың» ықшамдалған клондары ашылды. Біршама ойлана келіп, біз бірлескен жауапкершілігі шектеулі қоғамдардағы (ЖШҚ) серіктестерімізге 50 пайыздық үлес беруге ұйғардық, одан аз үлес мөлшері олардың ынтасын жояды, бизнесті дамытуға қызығушылықтарын басып тастайды. Ал одан көп берсек, біз бақылау тізгінін қолдан сусытып аламыз деп есептедік. Өзімізді көлденеңнен килігер қатерлерден қорғауды ойластырып, осы ЖШҚ-лардағы директорларды кемінде 3 жылға тағайындадық және олар серіктестеріміздің ешқайсысында жоқ 51 пайыздық көпшілік дауыспен ауыстырылатын болды. Сондай-ақ «nіc.ru-дағы» жеке кабинет арқылы басқару мен реттеу ісіне кіруге жол аша отырып, бірлескен порталдың домендерін бақылауды да қолға алдық. Порталдарды теңшеп, контенттерін бастапқы толтыру ісін бітірген соң жергілікті серіктестер алаңына жаппай жарнама беруге кірістік. Әдеттегідей, бұлар жергілікті телеарналар мен федералдық телеарналардың жарнамалық қосымшалары еді. Теледидардағы жарнамалар көбінесе радиодағы және баспасөз басылымдарындағы жарнамалармен толықтырылды. Біз «уkt.ru-дың» жетістігін қайталауға үміттеніп, ашылғаннан кейінгі алғашқы апталарда порталдар рейтінгісінің өзгерістерін көз жазбай бақылап отырдық. Бірақ өмір біздің үмітімізді су сепкендей басып, өшіріп тастады, порталдардың жұмысы жүрмей, рейтинг күніне жүз шақты кіру деңгейінен аспай, бүгежектей берді. «Уkt.ru», «ngs.ru»,«e1.ru», «nn.ru» сияқты сәтті жобалардың бәрі 1990 және 2000 жылдары жасалған еді. Содан кейін іздестіру жүйелері, әлеуметтік желілер, федералдық классифайдтар мен тақырыптық сайттар дүниеге келді де, енді мессенджерлер мен мобильдік қосымшалар дәуірі басталды. Бұрыннан жетістікке жеткен аймақтық порталдар қызықты контентті түрлендіріп, жаңа пайдаланушылар тарта білген тұрақты аудиторияның берік ұйытқысын жасап алудың арқасында өсіп, өркендей берді. Сондай-ақ бұл компаниялар енді әжептәуір табыс тауып, өздерінің жаңалықтар және тағы басқа контентін құруға жеткілікті қызметкерлер ұстай алатын халге жетті. Біз үшін жалғыз ғана ерекше жағдай Камчаткадағы жоба болды. Онда қаланың үлкен интернеттен алшақтығы «сыртқы» байланыстың тым қымбаттығы және «portpk.ru-дың» тегін трафигі бар ішкі Петропавловск-Камчатка қалалық желісінде орналасуы порталға қатысу көрсеткішінің тәулігіне шамамен 3000–4000 адамға дейін жетуіне алып келді, әрі бұл көрсеткіш өсе берді. Сол сәтте шала танитын, кейде жақсы білетін адамдармен арада болатын жағдай бас көтерді. Жергілікті серігіміз бізді жобадан ығыстыра бастады, тіпті қылмыстық жолмен қоқан-лоқы көрсетуге дейін барды. Ол серверлерді және оларға кіру мүмкіндігін иеленіп кетіп, портал мазмұнын басқару тізгінін қолына алып, бұл саладан толық хабары болмаса да, оның сыртқы түрімен қызмет атқару тетіктерін өз қалауына қарай өзгерте бастады. Компанияны 50 де 50 пайыз иелену тәсімінің кесірінен құқықтық тұрғыдан тығырыққа тіреліп қалдық. Бұдан кейін акционерлер арасында алауыздық туындай қалған ретте мүлдем жұмыс істемейтін нұсқа ретінде бұл тәсілді ешқашан да пайдаланған емеспіз. Ақырында, домендерді бақылау мүмкіндігін иелене отырып, бір күні «portpk.ru-ды» таратып жібердік, ол ашылмайтын болды. Сөйтсек, біздің енді бұрынғы серіктесіміз тап сол күні алдын ала дайындап қойған «pkport.ru» доменінде порталды аша қойған екен. Дегенмен кәсібиліктен жұрдай адамдар қолға алған бұл жоба тез өшіп қалды. Камчаткада болған оқиға серіктестіктен аулақ жүрген дұрыс екенін тағы бір дәлелдеді. Тек шенеуніктерге ғана емес, сондай-ақ коммерциялық серіктестерге де кіріптар болмай, бәрін өзіміз істегеніміз абзал екен. Егер қандай да бір қызмет керек болса, сатып алған дұрыс. Содан бері біз мейлінше тәуелсіз болу, серіктестіктен аулақ жүру жолын таңдап алып, әлгі қағидаттарды бұлжытпай ұстанатын болдық. Тұтастай алғанда, порталды экспорттау жобасы біржола сәтсіздікке ұшырап, «синергум» сөзінің, егер оны латын қарпімен теретін болса, өзіміз көрегендікпен және кездейсоқ тапқан балама жазылу мәнін толықтай растап шықты. Порталдарға қатысты оқиға ЯМУ-ге байланысты хикаядан кейінгі менің өмірімдегі екінші сұмдық сәтсіздік болды. Тағы да қатты қапаланып, ішімді жандырып бара жатқан күйіктің отынан өзге ештеңені сезбей қалдым. Бұдан әрі не істейтінім бұлыңғыр еді, өйткені біздің негізгі сараптамаларымыздың бәрі порталдарға байланысты болды ғой. Сол арада Якутияның жоғары білім беру жүйесінің ірі жетістікке жетіп, ілгері басуымен аяқталған «Инновациялық жоғарғы оқу орындарымен» болған жағдай сияқты, аймақтық порталдарға қатысты оқиға да күтпеген жерден күшті әрі «Синет» үшін аса маңызды нәтиже берді. Экспортқа шығару және оны үлкен күш-жігермен қысқа мерзімде жүзеге асыру үмітімен «ykt.ru-ға» арналған шешімдерді жетілдіре отырып, Ресейдегі аймақтық порталдар үшін ең озық технологиялық қадамдардың бірін жасадық. Бұл уақыты жағынан Орталық Якутияға көптен күткен оптималық-талшықты интернеттің келуімен және желіге кіру тарифтерінің тез төмендеуімен тұстас келді. Бұған дейін тек спутниктік желілер ғана болып, провайдерлерді жоғары баға белгілеуге мәжбүр еткен еді. Интернетке жаңа пайдаланушылар жапа-тармағай ұмтылды да, олар тамаша заманауи «ykt.ru» порталы барын, онда портал редакциясымен бірге сапалы, қызықты жергілікті контентті түрлендіретін сахалардың қаптап отыратынын байқады. Соның арқасында нақ осы 2010–2014 жылдары «ykt.ru» өз аудиториясының ең үлкен өсіміне қол жеткізді. 2015 жылға таман «ykt.ru-дың» әртүрлі сервисіне Якутия интернет-пайдаланушыларының 85 пайызы тұрақты кіріп тұрды. Бұл біздің порталды өз аймағында интернет-аудиторияны қамтуы жөнінен бүкіл Ресей бойынша №1 орынға шығарды! Шамамен осы кезде, біздің және бізге тәуелсіз құрылымдардың өткізген сауалнамасы бойынша, «ykt.ru» бұрынғы көшбасшылары – жергілікті мемлекеттік телеарналар мен танымал апталық газетті басып озып, Якутиядағы №1 бұқаралық ақпарат құралына айналды. Біз чемпион болдық. Басқасын айтпағанда, осы жылдары жарнамадан түсетін табыс бірнеше есе өсті. Сөйтіп, сәтсіздік тағы да даңғайыр жетістікке ұласты. Бірнеше жыл өткеннен кейін осыған көзім анық жеткен соң, мынадай қорытынды түйдім: бар қабілет-қарымың мен жан-тәніңді сала отырып, зор құлшыныспен, мол қажыр-қайратпен бірдеңе жасайтын болсаң, тіпті бәрі сырт көзге сәтсіздікке ұшырағандай көрініп, тоқырап тынғанның өзінде де, сен, біріншіден, өзіңе немесе өзгелерге кәделі тәжірибе алып, жетіле түсесің, екіншіден, әлгі сәтсіздік кейін жетістікке айналуы ықтимал, оған мұрсат беру керек. Содан осы ой байламы мен үшін күш-жігердің қайнар көзіне айналды. Ал кәсіпкерлік дегеніміз – күш-жігердің баяны ғой. Бірақ бұл кейін болды. Ал әзірше екі ірі сәтсіздікке ұшырау мені жүріп келе жатқан жолымнан жаңылдырып, қатты күйзеліске түсіріп жіберді. Мұндай шақта өзіңнің не істеп, не қойғаныңды да түсінбейсің. Ең қиыны, қанша бас қатырсаң да, «мен осы кіммін және жалпы не үшін өмір сүріп жүрмін» деген сауалдың жауабын еш таба алмайсың. Кез келген кітаптың немесе фильмнің сюжеті бірнеше негізгі желімен өрбиді деген сөз бар. Солардың бірі, ең көнесі басты кейіпкердің ұзақ та қауіпке толы сапарға шығуынан тұрады, соның барысында оған алуан түрлі сынақ пен кедергілер кездеседі. Сапар соңында оны шайқасуына тура келетін айдаһар немесе басқа бір нысаналы басты жауы күтіп тұрады. Қаншалықты «басты» екенін білмеймін, бірақ өзімнің өмір жолымда өте күшті әрі қуатты жауға кезіктім. Кереғарлық мынада: сол жау мына өзім болып шықтым. Бірте-бірте, күн артынан күн, ай артынан ай өткен сайын тұла бойымды мұң-нала мен күйзеліс жайлап алды. Бүкіл ойым болашақтың – жарқын кәсіпкерлік жолға түсудің, елеулі үлес қосып, аймақтық ІT-индустрия құрудың елесі, түбінде жету үшін өзім талай жыл тер төккен мұратым көз алдаған сағым мен орындалмас арман екен ғой дегенге ойыса берді. «Синеттен» тысқары адамдар мені түсінбейді және оған бірдеңе істеу мүмкін емес деп қамықтым. Бар жеткен жерім – кіп-кішкентай провинциялық қалада өзінің шағын бизнесінен басқа қолынан ештеңе келмейтін технологиялық кәсіпкер атану ғана. Өзім армандаған, талай жыл тырбанып, талпынған нәрсем осы ма, сонда? Мүмкін, істеген және істеп жүрген нәрсемнің бәрі түбірінен қате ме, бекершілік пе? Бәлкім, бір жерде жаңсақтыққа ұрынып, сенімсіз жолға түсіп кеткен шығармын? Ішім шоқ жұтып қойғандай өртене күйіп, «ақыр аяғында, кіммін мен осы шынында да» деген ойдан жүйкем әбден жұқарды. Жегідей жеген осы ой, оған жартымды жауаптың болмауы, бастан өтіп жатқан нәрселердің бәрінің мағынасыздығын сезіну бірте-бірте ішкі жан дүниемнің сыздап ауруына душар етті. Төбеге бағжия қарап, күні ұзаққа үйде сұлқ жата беретін халге жеттім. Үйден кетіп қалдым, бір жылдан кейін Вера екеуміз ресми түрде ажырастық. Бұл күйзелісімді одан сайын күшейте түсті. Жұмыс істеуді азайттым, кейде апта бойы сенделіп бос жүрдім. Осы кезде, 2011–2012 жылдары, «Синетте» жұмыс, негізінен, сүрлеулі жолмен жүрді, оны ойдағыдай, абыройлы орындауға команданың өзінің шамасы әбден жететін еді. Тап сол кезде бізге «Билайннан» тәжірибелі әрі ақылды іс басқарушы Артем Мирьянов ауысып келіп, әп-сәтте «Синеттегі» оң қолыма айналған еді. Бәрі мән-мағынасын жоғалтқандай көрінді. Мен өз өмірімдегі ең күрделі күйзеліске тап келгенімді айқын аңғардым.
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ. ІЗДЕНУШІ
«Өмірдегі жетістік дегеніміз – сен өзің шын мәнінде кім болсаң, сол бола алған шағың».
Уоллес УОТТЛЗ Шілденің күні еді. Қысы қатал екеніне қарамастан, Якутияның жазы тым қысқа болса да, өте жылы, жайлы келеді. Көк күмбезінің бір шетін қорғасындай ауыр қарасұр бұлт торлап, найзағай жалтылдап, арагідік алыстан күркіреген үн естіліп тұрды. Басқа жағынан ақша бұлттары жүзіп, күн көзін қалқалаған кәдуілгі аспан кеңістігі көз тартады. Кенет жел тұрып, алғашқы тамшы түйірлері тырсылдай бастады. Тамшылауы жиілей түсіп, жаздың төкпектеткен қара нөсеріне ұласты. Бөлменің ашық терезесінен шалқи шыққан «One-ні» (U2) тыңдап, балконда тұрдым. Жып-жылы тамшылар жүзімді шайып, найзағай жарқылы бұрынғыдан бетер жақындап, күн күркірі күшейе түсті де, кенет бұлт арасынан күн шыға келіп, жалқын сәулесімен мен тұрған балконды жарқыратып жіберді. Қалай екенін білмеймін, қапелімде бәрі өз орнына келіп, найзағай мен нөсер, күннің сәулесі, музыка үні жан дүниемді жайма-шуақтандырып жіберді, сонда қиындық атаулыға оңайлықпен беріле салмайтынымды айқын түсіндім. Ақырын жүріп, анық басып, мынау сәтсіздіктерді, күйзеліс пен бойкүйездік ауыртпалығын біртіндеп еңсере алатынымды ұқтым. Мына өмірде пешенеме жазған істің бәрін абыроймен атқарып, өз жолымды табатынымды түсіндім. Бұл бетбұрысты сәт болды. Содан кейін мен бойымды жиып, еңсемді тіктеп, тығырықтан шығар жол табудың қамына біржола кірісіп кеттім. Дәл осы кезде біздің «ykt.ru-да» көз алдымда филфактың кешегі түлегінен Якутиядағы, иә, тек одан да кең ауқымдағы, ең мықты редакторлардың біріне айналған Антон Жандоров басқарған тамаша журналистік команда қалыптасты. Оның ерлікке толы қадамдарының қатарында әлеуметтік әділетсіздікке қарсы тұрып, қоғамдық дүмпу туғызған талай уақиғалар бар еді: Якутияда жемқор шенеуніктердің кесірінен жер телімінен айырылып қалған коррекциялық мектепті ашуы, Якутияның Үкімет үйі жанындағы көше қозғалысына бөгет жасап келген артықшылықтарға ие тұрақжайды жаптыруы. Алысқа барып керегі не, Антон, сірә, күзет шебін (әлемдегі ең мықты) көктей өткен, медиафорум үзілісінде Путиннің шынтағынан ұстай алып, Якутскідегі онкоорталық пен Лена арқылы өтетін көпір ақыры қашан салынып бітетінін сұраған әлемдегі жалғыз журналист шығар. «Уkt.ru-дың» танымалдығы мен ықпалының артып, Якутиядағы жетекші ақпарат құралына айналуымен қатар, жеке редакциялық контент үлесінің ұлғаюына орай билік орындарымен, түрлі саяси топтармен және ағымдармен арадағы шиеленісті жағдайлар жиілеп кетті. Бұл кезде бізде бұқаралық ақпарат құралы ретінде жұмыс істеудің базалық қағидаттары қалыптасып, қысым көрсетудің әрқилы пішімдеріне қарсы әрекет етудің байыпты тәсілдері пайда болды. Сайлауалды жарнаманың кез келген – ақылы және ақысыз, тегін, өкіметтік немесе оппозициялық түрінен бас тарту сондай қағидаттардың бірі еді. Мен порталдан әлденені өшіріп тастау немесе, керісінше, жариялау жөнінде әртүрлі өтініш пен телефон шалуға, хат жазуға жосықсыз жол бермей, жергілікті элитадан бойымды аулақ салдым. Кез келген қысым көрсетушілікке қарсы тұрар ең тиімді, күшті құрал «ykt.ru-дың» тек шындықты жазатыны болып шықты және әлі күнге шейін солай. «Синеттің» цензурамен, «қара пиармен» және джинсаның – әдеттегі журналистік мақала кейпінде ақысы төленген қитұрқы нәрселерді жариялаудың кез келген түрімен айналыспайтынын жұрттың бәрі біледі. Берік ұстанып қалған бір ғана амалымыз – үкіметтік және әкімгершілік құрылымдарға жарнамалау қызметін сату. Біз «ykt.ru-ға» баннерлер сала немесе «жарнама құқымен» деген тиісті ескертпемен жарнамалық мақалалар жариялай отырып, қала тұрғындарына үкімет порталдары мен муниципалитет сервистерін жарнамаларды жалғастыра бердік. Әлдекімдердің порталды «билік орындарының ыңғайына жүретін, ықпалына көнетін қолбаласы» деп кінәлауына еш мүмкіндік қалдырмау үшін «ykt.ru» бір жыл өткеннен кейін тіпті одан да бас тартты. Егер қандай да бір инстанцияға «ykt.ru-да», мысалы, саха ұлтшылдығы насихатталып жүр немесе «батысшыл бесінші колонна либералистері» әрекет етуде деген тәрізді шағымдар түссе, әлгі инстанциялардың өздері мұның шындыққа жуыспайтынына, портал әкімшілігі мұндай шетін мәселелерге бейтарап қарайтынына әлдеқашан көз жеткізген; оларға «ykt.ru» порталының ұлы орыстық шовинизмге, авторитаризм мен тоталитаризмге және басқа да толып жатқан «измдерге» қолдау көрсететініне қатысты арыз-шағымдар да тап сондай жиілікпен ұдайы түсіп жатады. Мәселенің мән-жайы мынада: біз порталда сөз бостандығын қолдауға тырысамыз. Егер жазба елдің заңына, порталдың ережесіне қайшы келмесе, онда өрескел өсек-аяң мен адамдардың жеке өміріне қол сұғушылық құлқы болмаса, онда кез келген ой-пікір, идеялар жұртшылық назарына шалынуға, қаперге алынуға тиіс қой. Ойыңды ашық айтып, пікіріңді бүкпесіз жеткізетін орындар тым аз қалды ғой қазір. Біз тәуелсіз БАҚ-тардың құдіретіне, олардың азаматтық қоғамды дамыту ісіне тигізер пайдасы мол екеніне сенеміз. Егер қала әкімі орынбасарларының бірі пара алып, болашақ коррекциялық мектептің жер телімінің жартысын коммерсанттарға беріп жіберсе немесе удай мас депутат көлігімен көшедегі жүргіншілерді қағып өтіп, бірнешеуін өлтірсе, мүгедек қылса, үкіметтік БАҚ үн-түнсіз қалады не елеусіздеу бір бұрышқа ұсақ қаріптермен сүйкей салады, бұл, әрине, дұрыс емес. Мұндай жүгенсіздікті жұртшылыққа паш ету керек. Қоғамдық резонанс тудыру арқылы әлгі жүгенсіздердің жазасыз кетпеуі үшін қолдан келгеннің бәрін істеу керек. Сонда келесі вице-мэр немесе депутат әлгіндей әпербақандыққа барар алдында өзінің қызмет жолы мен бас бостандығына қатер төндіруге осы тұра ма, әлде тұрмай ма деп, жүз ойланып, мың толғанатын болады. Сол арқылы БАҚ қоғамды дамытып, адамдардың тұрмысын жақсартуға атсалыса алады. Менің ойымша, өздерінше өкіметке адалдығынан айнымаған үкіметтің ақпарат құралдарының жай-күйі әлі нашар, ақша төлесең, аузына келгенді оттайтын бұқпантай басылымдар толып жатыр. Сондай басылымдардың әлдебір кәсіпкер депутатты жер-көкке сыйғызбай мақтап алып, бір апта өтпей жатып қарама-қарсы материал жариялағанын көргенде не күлеріңді, не күйінеріңді білмейсің. Сөйтсе, бірінші материал – мерзімі өтіп бара жатқан келісімшартты ұзарту үмітімен, ал екіншісі клиент басылымның қызметіне ақы төлеуден бас тартқанынан кейін жазылады екен. Мұндай қылықтар, менің ойымша, нағыз журналистиканы масқара етіп, құртып бітеді. Журналистерді, әсіресе жастарды азғындатады. Аға буынның әлгіндей үлгісін көрген олар мұны дұрыс нәрсе деп, адасқақ, теріс жолға түседі. Осы тұрғыдан «ykt.ru», бекер мақтанғаным емес, Якутияның азаматтық қоғамы мен тәуелсіз журналистикасы үшін ерекше сый, тамаша тарту болды. Порталға күшті, қаржылық тәуелсіздікке ие компания адамдардың тұрмысын жақсартуды көздейтін, ізгі құндылықтар мен қағидаттарды ұстанушы ІТ мамандарының командасы дем береді. Егер қолында билігі барлар тарапынан жасалған қысым тым шектен асып, қатал шараларға ұласып бара жатса, біз де қарап қалған жоқпыз, портал мен компанияны әманда батыл қорғадық. Мысалы, бізде мынадай жайттар болуы да әбден мүмкін еді. «Біреулерге жалданып, мемлекетке қарсы әрекет етудің жолын кесу» мақсатымен бізге зиян келтіруге білек түре кіріскен әлдебір жоғары лауазымды шенеунікті бір шыны кофе ішуге шақырып:
– Порфирий Порфирьевич (аты-жөні ойдан шығарылған), сіз неге бұлай істейсіз? Біз сізді құрметтейміз, туындаған мәселелер бойынша тіл қатуыңызға, өз пікіріңіз бен ойларыңызды жұртшылыққа жеткізуіңізге мүмкіндік беріп жүрміз. Сосын, ең бастысы: біздің ешқандай да «бесінші колонна» емес екенімізді әрі тек шындықты айтатынымызды өзіңіз білесіз ғой. Содан соң жанашырлық таныта, іш тарта сөйлеп: – Біз сізге құрметпен қараймыз. Тап осы жуырда ғана сыртыңыздан тас атып жүрген дұшпандарыңыздың бірі видео әкеліп беріп, оның ішінде Мәскеу қонақүйлерінің бірінде сіздің әлеуметтік жауапкершілігі төмен қыздармен зауықтасып жүргеніңіз бар деді. Бірақ біз оны жарияламақ түгілі, қараған да жоқпыз, – дедім.
Сол, сол-ақ екен, әлгі әңгімеден кейін кофеге шашалып қала жаздаған Порфирий Порфирьевичтің бет-әлпеті кілт өзгеріп, ойланып көруге уәде берді. Содан соң соңымызға шырақ алып түсуін дереу тоқтата қойды. Мұндайда «ykt.ru» командасы шынында да жеке басқа тиісетін материалдарды қарамай, дереккөзінен бірден бас тартады және әшкерелеуші деректер жинаумен айналыспайды. Әрқилы сыбайлас жемқорлық жайындағы материалдарды қарайды, бірақ берік, бұлтартпайтын дәлелдемелері болғанда ғана порталға жариялайды. Егер сен кәсіпкер болсаң, өз компанияң және командаң үшін заң шеңберінен шықпайтын кез келген ықтимал тәсілдермен батыл түрде қарсы тұра білуің керек. Ал біздің басты қорғанышымыз бен қамалымыз – шындық және зұлымдықтан аулақ жүру ғана. Кеңес заманында Якутскідегі шенеуніктер етегінде мәрмәр әдіптемесі бар кілең кірпіштен салынған, айналасын құдды Кремльдікі сияқты қарағайлар көмкеріп тұрған «Үкімет үйі» дейтін ғимараттарда тұрған еді. Ол қаланың орталығындағы әдейі «Владимир Ильич Ленин атындағы» деп айдар таққан алаңда орналасты. КСРО құлағаннан кейін шенеуніктердің саны біртіндеп өсе берді де, екінші, үшінші, төртінші «үкімет үйі» бой көтерді. Ресейдің билік жүйесіне байланысты көп нәрсе маған ылғи тым ақылсыз әрі тиімсіз тірлік болып көрінеді. Кейде шешімдерді ана жақта көзге көрінбейтін бір мимырт аппарат қабылдап, кездейсоқ алгоритм бойынша шығарып бере салатын сияқты елестейді. Заңдар, салықтар, талап-тілектер өз бетінше, кейде еш қисынсыз ауысып жатады. Біресе тұрғындардың шөпшек теруіне тыйым салады, біресе рұқсат береді. Жүргізушілердің белгілі бір мөлшерде арақ ішулеріне рұқсат етеді, содан соң тыйым салады. Автомобильдің артқы әйнегіне шиналардың тікенегі бар екенін білдіретін «Ш» әрпі салынған белгі жапсыруға міндеттейді. Жұрттың бәрі әлгі желімқағазды сатып алып, айыппұлға килігіп қалмау үшін автомобильдеріне жаппай жапсырады. Бірнеше айдан соң тап сол талап күшін жояды. Әйтеуір, жағалай ретсіздік пен берекесіздік жайлап алған. Заң талаптарын, ереже баптарын, алым-салықтар мөлшері мен түрлерін үздіксіз енгізу, ауыстырып, алып тастау арқылы өкімет бизнеске де бірталай кесірін тигізеді. Соның салдырынан белгісіздік, екіұштылық ахуалы пайда болады және билік орындарының үстірт ойлаған іс-әрекеттерінен туындайтын мұндай келеңсіз жайттар кәсіпкерлік саласында жетіп-артылады. Бір күні мені біздің аймақ үкіметінің бірінші, ең басты тұлғасы үйіне шақырды да, асықпай шай ішіп, әңгімелесіп болған соң, ақпараттық технологиялар мен коммуникациялар саласының министрі қызметін ұсынды. Мен үшін бұл күтпеген әрі қисынға келмейтін әңгіме болды. Шын мәнінде, маған мына дүниедегі өзім үшін ең қызықты әрі сүйікті жұмысты қайдағы бір кіріптар тірлікке ауыстыруға ұсыныс жасап отыр. Сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін міндетті түрде жұмыс орнында отыру, мән-мағынасыз жиналыстар тізбегі, жағалай бюрократия, жаппай жеккөрініш, тіпті демалысқа барғандағы фотосуреттеріңді де әлеуметтік желіге сала алмайсың! Кең пейілді отандастарың бірден «міне, оңбаған, әбден ұрлап-жырғап, тойынған ғой» деген сыңайдағы сынап-мінеудің астында қалдырады. Әрине, бұл ұсыныстан бас тарттым. Жалпы, шенеуніктің немесе депутаттың статусы асыра бағаланып жүргендей көрінеді. Дарынды, ынталы жас жігіт осы салаға барса, көп жылдан кейін қызметінің өтемі ретінде белгілі бір мәртебе мен билікке ие болуы мүмкін. Бірақ ресми материалдық табысқа жету мүмкіндігін иелене алмайды. Ал біз жақсы ма ол, әлде жаман ба, ақша – жалпы жұртшылық табынған пұтие, үлкен құндылық саналатын гипертұтынушылық қоғамда өмір сүреміз ғой. Желөкпе құштарлық пен жадағай қайырымдылықты екінің бірі сақтай бермейді, материалдық молшылыққа кенелудің заңды жолы болмаған жағдайда өздері сияқты ақылды да жігерлі кәсіпкер-жігіттердің әлдеқайда көп табыс табатынын көрген мемлекеттік қызметшілер еріксіз елігіп, сыбайласуы, пара алып, қоғамға зиян келтіре отырып, әлдекімдердің мүддесін қаралай қорғаштауы, қарақан бастарын қатерге тігулері мүмкін, ақырында сыбайлас жемқорлықтың деңгейі бой бермей, қоғамды жегідей жейді, экономиканы, бүкіл саланы тұралатады. Мемлекеттік құрылымдар қатарына қабілетті әрі өр мінез адамдарды тартады. Қабілет-қарымдары кәсіпкерлік, зияткерлік өндіріс, ғылым, өнер т.б. салаларына дөп келе тұра, көптеген жастар шенеунік болуды көксейді. Егер аталмыш салалардың біріне икемің, қабілетің болса, алдыңда даңғыл жол жатыр. Ал мемлекеттік қызметке байсалды әрі көнбіс мінезді, «ағымға көбірек еретін», азырақ нәтиже беретін адамдар немесе «сатылғыштар» (HR қызметкерлерін кейде осылай сипаттайды) бара берсін. Бәрінен де жан тыныштығын, тұрақтылықты артық санап, жүйке тоздыратын әрі жауапкершілік арқалататын осынау жұмысты орындауға әманда дайын тұратын адамдар барсын. Сингапурге жасап қойғандай, өзіңнің жеке материалдық сияпатың KPІ-ді орындауыңа байланысты болатын және оны ақырғы межемен шектемейтін мемлекеттік басқару жүйесі туралы армандай тұратын шығармыз, оның таяу уақытта Ресейге келе қоюы әзірше неғайбілдеу. Интернеттегі жағымсыз жайттар хақында. Біз «ykt.ru» келеңсіз, кейбіреулер айтқандай, «сары» ақпараттарды көп таратады деген айыптауларды жиі естиміз. Мұнда мысқалдай болса да, шындық бар. Бір қызығы, бұл бастапқы кездегі, порталдың негізгі бетінде көрсетуге тиіс материалды қарау және түсініктеме беру көрсеткіштерінің негізінде, автоматты алгоритм анықтаған шақтағы үрдістің әділ бағасын беріп тұрғандай. Мәселенің қисыны да сол: ең көп оқылатын және қызықты материалдар жақсы жерден орын алады ғой. Міне, солай, адамдардың бәрінен бұрын өмірдегі жағымсыз, «қаралы» нәрселерді жақсы көретінін сол кезде-ақ түсіндік. Егер Якут шахматшылары әлемнің бір жерінде жетістікке жеткені немесе жаңа мектеп ашылғаны жайында мақала шыға қалса, оны бірнеше жүздеген адам қарап, бірлі-жарым самарқаулау пікірнама жазуы мүмкін. Ал енді белгілі саха әншісі өзінің әйелін қызғанып, көршісін мылтықпен тізесінен атып тастағаны туралы материал шықсыншы, он мыңдаған адам қарап шығып, жүздеген қызылөңеш комментарий жазылатынына күмәніңіз болмасын! Егер алгоритмді тізгіндеп отырмаса, бүкіл порталды осындай материалдармен толтырып тастар еді. Уақыт өте келе біз тым жағымсыз материалдарға біршама қатаң шектеу енгізіп қойдық, содан портал мазмұны жағынан әлдеқайда байыпты әрі тартымды көрінетін болды. Осы тұрғыдан «ykt.ru» өз аудиториясының құмарлығы мен құштарлығының тігісі жатқызылған көрінісі еді. Алгоритмдерге қатысты осы оқиға, меніңше, «сингулярлық нүкте» проблемасының көрнекі, қызық мысалы тәрізді, ойлап қараңызшы, біз алгоритміміздің қалың жұртшылыққа жағымсыз ақпараттарды үйіп-төгіп жатқанына мән бермес едік; жағымсыз ақпараттардың ауқымды ағыны адамдардың жүйкесін тырнап, үрейін қоздата түседі, олар өздерінің қауіпсіздігіне бұрынғыдан да бетер алаңдап, қылмыстық істер туралы материалдарды көбірек қарайтын болады, сөйтіп кете береді. Сонда порталға материал шығару алгоритмі ең қарабайыр жасанды интеллекті бола тұра, адамдардың ой-санасына әлдебір өктемдік құрып, билік жүргізуге қабілетті болып шығады. ХХІ ғасырдың орта шенінде адамзат баласының технологияны дамытатыны соншалық – оған тәуелді болып, жасанды интеллектіні бақылау мүмкіндігін жоғалтады да, болжап біле алмайтын зардаптарға килігеді дейді бірқатар футурологтер. Мен жасанды интеллект – өте қауіпті нәрсе болуы ықтимал дегеніне толықтай келісемін. Біз әлдеқайда жетілген, шексіз ұзақ өмір сүретін және пендәуи осалдықтан ада жасанды ақыл-ес иесі дүниеге келер алдындағы эволюцияның аралық буынына айналудың қаупін шынымен басымызға үйіріп тұрмыз. Кәсіпкерлік, ең алдымен, адамның интеллектісі мен ішкі күш-қуатының баяны. Бизнес неғұрлым үлкен, мақсат биік болған сайын интеллекті мен күш-қуат та соғұрлым көрнекті, кемел болуға тиіс. Интеллект ұғымының жалпы бірдей мойындаған анықтамасы жоқ, өзім оқығандардың ішінен америкалық бизнес-жазушы Роберт Кийосакидің «Интеллект дегеніміз – реңктерді көре білу қабілеті» деген анықтамасы ұнады. Қарапайым тілмен айтқанда, адам тек ақ пен қара түсті, ізгілік пен жауыздықты, 0 және 1-ді ғана ажырата алса, онда оның интеллектісі аса күшті болмағаны. Егер ол, мысалы, 0,7-ні көре алса – сәл тәуірлеу. Ал интеллектісі оған тіптен 0,7121526-ға дейінгі реңктерді көруге мүмкіндік берсе, жүдә тамаша. Бұл ойламаған жерден туындайтын өмірдегі кейбір жағдаяттарды дұрыс бағалауға, қарымды қарымта шешімін тауып, әрекет етуге жәрдемдеседі. Меніңше, интеллект екі негізгі құрамдас бөліктен тұрады. Біріншісі, тумысынан дарыған табиғи ақыл-ес – тағдырдың ерекше сыйы. Бұл қыздардың әдемілігі сияқты. Осы жерде «Amazon-ды» жасаушы Джефф Безоспен толықтай келісемін. Ол: «Ақылыңның болғанына мақтанып, масаттанатын жөнің жоқ, бұл сенің таңдауың емес еді, ал енді адамдарға қайырымдылықтың немесе адалдықтың жөні бір бөлек, бұл толықтай өзіңнің қалауың, солай жасай отырып, сен мақтанышқа кенеле аласың», – дейді. Интеллектінің екінші құрамдас бөлігі дегеніміз – білім мен тәжірибенің жиынтығы. Ақыл мен білім бірігіп, өмірдегі түрлі реңктерді көруге мүмкіндік беретін интеллектіні құрайды. Ақылға ықпал ету қиын болғанымен, білім мен тәжірибе, адамның жеке интеллектісін көтеруіне көмектесіп, дамып-жетілуіне арналған шексіз кеңістікті ұсынады. Балалық шақтан шығар кезеңде де адамның ішкі күш-қуаты әртүрлі деңгейде болуы мүмкін. Біреу 16 жасында-ақ күшті әрі жауапты болады, ал баз біреу жиырма беске келгенде де еркелігін қоймаған ұшқалақ, алаңғасар бала күйінде қала береді. Бірақ күш-қуатты да, дене тәрбиесі сияқты, мақсатты жаттығулар арқылы жетілдіріп, шынықтыруға болады. Ақырында, жоғары интеллекті мен ішкі күш-қуат иелене отырып, адам бизнесті ұйымдастыру ісінде, кәсіпкерлікте, яғни екіұштылық, белгісіздік деңгейі жоғары, дұрыс шешімді шапшаң қабылдауды талап ететін, жүйкеге жүк түсіретін жайттер жиі ұшырасатын эвристикалық тірлікте табысқа жету мүмкіндігін күрт ұлғайтады. Белгілі ғалымдардың зерттеулерінше, шын мәнінде 44 жастың қырқасына шыққан тәжірибелі кәсіпкерлердің жетістікке жетуге мүмкіндігі мол болады екен. Бұл – әжептәуір тәжірибе жинақталатын (сонымен бірге интеллект күшейетін) жас шамасы, кәсіпкер аракідік түсіп жататын әртүрлі дабылдар мен табан астынан пайда болатын, жүйке жұқартатын жайттарға байыпты қарайды, әрі көп жұмыс істеуге дене қайраты мен ішкі қуаты жеткілікті болады. Алғашқы бизнесімді 20 жасқа енді толған шақта бастаған мен өзіме бірқатар маңызды дағдылардың, солардың ең бастысы – жұғысымдылықтың, тілтабысқыштықтың жетіспейтінін бірден ұқтым. Қатардағы бағдарламашы, томаға-тұйық болғандықтан, бұған қоса бала кезден қатты тұтығатындықтан, бейтаныс адамдармен тілдесуден қашқақтап, жұрт алдында мүлдем сөз сөйлей алмайтын едім. Өзімнің шағын бизнесімді әжептәуір табысты жүргізуіме нақ осы интеллектімнің және ішкі күш-қуатымның болуы жәрдемдесті. Сонымен қатар ІT-бизнестің ерекшелігі мынадай: тікелей тілдесуді электрондық пошта мен чаттар арқылы берілетін мәтіндік хабарламалармен алмастыра аласың, бұл маған кәдімгідей көмектесті. Бірақ компанияның өсуіне орай өзгеріс жасап, даму қажеттігі айқын біліне бастады. Аяқ астынан ұшыраған жеке бастың күйзелісі осыған түрткі болды, өзімді қолға алып, әрекет етуге кірістім. Психологияда «өмір сүру балансының дөңгелегі» деп аталатын бір әдіс бар. Сол дөңгелек шеңбері тең секторларға бөлініп, олардың ішіне мансап, отбасы, денсаулық т.б. сияқты адам өмірінің маңызды салаларының атаулары жазылады. Бұдан соң осы салалардағы істің жай-күйін талдау керек, бұл солардың ең алдымен қайсысы дамытуды қажетсінетінін көзбен көріп, жүрекпен сезінуге жетелейді. Мен осыған ұқсас тәсілді пайдаланып, оны «лайфограмма» деп атадым. Дөңгелек шеңберді алып, оны 8 немесе 16 бөлікке бөліп, әрқайсысына өзің үшін маңызды ішкі дағдыларды жазу керек. Олардың арасында интеллект, сезіми интеллект, кәсіби, жұғысымдылық, мұқияттылық пен жауапкершілік, ерік-жігер және басқа да сипаттар болуы мүмкін. Содан кейін әр бөліктегі әлгі дағдыларыңды бағалап, 0-ден 10-ға дейінгі сандық мәнді қоюың керек, мысалы, 0 – өте нашар, ал 10 – өте күшті дегенді білдіреді. Жұрттың көбі өзін асыра бағалауға немесе, керісінше, кемітіп қалуға бейім тұратындықтан, бұл іске өзімізді жақсы білетін адамдарды шақырып, бойдағы барымызды бағалауларын өтінгеніміз жөн. Мұндайда сіздің іс барысында бағаларды көрмегеніңіз және олардың асыра бағаламағаны маңызды. Мысалы, достарды кешкі басқосуға шақырып, сыра ішуге кіріскенге шейін олардың өз бағалауларын (адалдықпен!) жазып, бір бөрікке салуын өтінуіңізге болады. Соның ақырында, өзіңіздің және өзгелердің бағаларын қосып, нәтижесін бағалаушылар санына бөлсеңіз, сіз орташа, мейлінше объективті балл шыққанын көресіз. Осы сандарды тиісті бөлікке түсіріп, содан соң нүктелерді тік сызықтармен өзара қосу керек. Шеңбер ортасында пайда болған сынық пішін сызық – тұлғаңыздың визуалды бейнесі. Тұлға неғұрлым дамыған және үйлесімді болса, пішім көлемі жағынан соғұрлым үлкен болып, барлық сызық бойымен сыртқа қарай ұмтылады; ал неғұрлым нашар дамыса, пішім шеңбердің ортасына қарай сығылып, соғұрлым аз орын иеленді. Қандай дағдылар мен қасиеттердің кенже қалып қойғаны лайфограммадан көрінеді. Бұдан кейін жүйелі түрде жетілдіру үшін бірнеше ең зәру, қималы дағдыларды таңдап алуға болады. Егер таңдау қиынға соқса, онда олардың қайсысы қызмет бабында өсуіңіз үшін маңызды екенін немесе қандай дағдыны жетілдіру өзгелердің өздігінен өсуіне алып келетінін ескеруіңіз керек. Дұрысында, бір-екі, әрі кеткенде үш дағдыны таңдап алып, оларды жыл бойы дамытқан жөн. Бір жылдан кейін қайтадан баға қойып, алдағы жылда дамытатын қасиеттерді таңдайсыз. Соның нәтижесінде 3–4 жылдан кейін өзіңіздің тұлғалық өсу жолында едәуір ілгері басып, бұрынғыдан әлдеқайда күшті әрі үйлесімді адам болғаныңызды көресіз. Менің жағдайымда осы істің бастауындағы ең қиын, қималы сипаттардың қатарында жұғысқыштық дағдым жоқтығы мен күнделікті спорттық қалыбым тұрды, осы екі өлшем де 2–3-ке бағаланды. Жұғысымдылық қасиетім жоқтығын әлгінде айттым ғой, ал спортқа әу бастан бейімім болмады. Мектепте жүгіруден өткен жарыстарда ентігіп, ең соңында келе жататын едім. Туабітті қолапайсыздығыма байланысты гимнастикамен шұғылдану, футбол мен баскетбол ойнау қолымнан келмеді. Ал ылғи артқы жақта шаң қауып жүру кімге жақсы дейсіз? Ақырында жалған медициналық анықтама тауып алып немесе әншейін қашып кетіп, мектепте де, университетте де дене шынықтыру сабағына қатыспаудың қолдан келген амалын істеп бақтым. Дене қозғалысының жоқтығы, тапжылмай отырып жұмыс істеу мен бейберекет тамақтану қалыбы артық салмақ жинап алуыма әкеліп тіреді. Бойым 180 см бола тұра, салмағым 100 килограмға жетіп қалды. Бұл менің ұнжырғамды түсіріп, еңсемді езе берді. Содан, ең алдымен, екі дағдыны – тіл табысқыштық пен дене пішінді жетілдіріп, шынықтыру жолын таңдадым. Көптеген басқа дағдылар сияқты, тіл табысуға бейімділікті өзің әдейі килігетін күйзелісті ахуал арқылы жетілдірген дұрыс немесе әбден таптаурын болған, бірақ сенімді сөз тіркесін пайдалана отырып, жайлы өмір құшағынан сытылып шығу арқылы ширығуға болады. Мен қолданған амалдардың ең пайдалысы – бейтаныс адамдармен араласып-құраласу ауқымын кеңейтіп, экстремалды байланыс ахуалын пайдалану. Біріншіден, әртүрлі жастағы, ұлттық және әлеуметтік ерекшеліктері бар адамдармен ортақ бірдеңе табуға тырысып, күн сайын өзіңді араласып-құраласуға, тілдесуге мәжбүр етесің. Екіншіден, мысалы, басқа қалаға барған кезімде қонақүйдегі монша халатының артын алдына қарата киіп, жеңін артына айқастыра байлап, жақын жердегі сауда орталығына бардым. Сол жерде орындыққа шығып алып, күзетшілер таяп келгенге шейін опера ариясын бар даусыммен бақыра айтып тұрдым. Ақырында, ешкімге ұстатпай, тез әрі әбжіл қимылдап, табанымды жалтыраттым. Немесе қала көшелерінде алақан жая жүріп, бейтаныс адамдардан өздерінің жекеше банк карталарын бір сағатқа бере тұруларын сұрадым. Бұл жерде де құқық қорғау өкілдерінің қолына түсіп, жағымсыз жағдайға ұшырау қаупі қалың-тұғын, сондықтан мұндай қылықты мұқият, абайлап істеу және сенімді түрде түсінік беруге даяр болу керек. Ең оңайы – «мен ұялшақпын, бұл маған мына өмірде көп кедергі келтіріп жүр, міне, сондықтан осындай амалмен өзімнің жұғымдылық, тілтабысқыштық дағдымды жетілдіріп, ширатып жүрмін» деп шындықты айта салу. Әлбетте, мұндай экстремалды, төтенше тәжірибеден кейін әдеттегі жай-ахуалда сен өзіңді әлдеқайда сенімді әрі алаңсыз сезіне бастайсың. Дене пішімін, түр-тұрпатты жақсарту үшін велоспортты таңдадым. Осы кезде Якутскіде өте тату велоклуб қалыптасып, тұрақты түрде табиғат аясына шығып тұратын еді. Маған спорттың циклді түрі мен қызықты саяхаттардың үйлесім табуы ұнады. Әбден болдырғаным соншалық – демалыс күні бар болғаны 25 шақырым жүріп өткен алғашқы жорық маған «Cіro d’ltalіa-ның» көп күндік саяхаты көрінді. Бірте-бірте, әр демалыс сайын жорыққа шыға отырып, әбден жаттықтым, ал келесі жазда бір күнде алысқа жол жүруден якут велоклубының рекорд жасауына атсалыстым. Біз шақырайған шілде күнінің астында 200 шақырымды жүріп келдік. Кешкісін, үйге жеткен бойда есеңгіреп тоңазытқышқа барып, итбүлдірген қайнатпасының бір банкісін демалмастан іштім де, кереуетке жетіп, киімшең күйде 14 сағат ұйықтадым. Ақырында, бірер жылдан соң адамдармен әжептәуір араласатын болдым. Салмағым 80 килограмға дейін төмендеді. Лайфограмманың пайдасы тиді! 2011–2012 жылдары «ykt.ru-да» жаңа e-commerce бағыт аштық. «Croupon-ның» және оның «Рунеттегі» алуан түрлі клондарының жетістігімен жігерленіп, ең әуелі купон сайтын іске қостық. Ол тез танылды, әрі осы жылдар бойы порталдың негізгі коммерциялық сервисі болып келеді. Содан кейін ресторандардан, сондай-ақ пиццериялардан, оффлайн-нүктелері жоқ гамбургер мен суши пісірушілерден дайын өнімдерді жеткізетін «eda.ykt.ru-дың» «food-delіvery» жобасын қолға алдық. Бұл сервис ай сайын ондаған мың тапсырыс жинақтап, купон сайтына қарағанда әлдеқайда табысты болды. Осы жетістіктердің әсерімен тамақ өнімдерін үйге жеткізіп беретін қызмет түрін көрсетуге ұйғардық. Идея қысы ұзақ әрі қатал қала – Якутскінің тұрғындарына нан өнімдерін, консервілерді, сүт және басқа тағамдарды аяқпен барып алатын азық-түлік дүкендеріне қарағанда, арзандау бағамен тапсырыс беру қолайлы болады дегенге саятын еді. Біз ықтимал сатып алушылар арасында жаппай сауалнама жүргізіп, осы идеяны қызу қуаттағандардың 75–80 пайызға жеткенін көрдік: «Мынау тамаша ғой, маған енді 400С қақаған аязда дүкенге барудың қажеті жоқ. Сайттағы керек тауарларды таңдасаң, жеткілікті. Маған оларды тегін жеткізіп береді!» Осы нәтижеге үміт артқан біз іске кірісіп кеттік. Жергілікті супермаркеттер атынан қызмет ететін жеткерушіні таптық, ол бағаның қажетті деңгейін қамтамасыз етуге бейілді болды. Интернет-дүкеннің сайтын жасақтап, оған мәтіндерді, фотосуреттер мен баға көрсеткіштерін қоса алғанда, тағам түрлері бар 3 000 карточканы енгіздік (ал бұл өте ауқымды шұқыма жұмыс екенін айтуым керек). Сайттағы тауарларды жаңартып, сайтқа түсетін тапсырыстарды жеткерушінің жүйесіне жолдау үшін деректер бағасын интеграциялау бағдарламасын жаздық. Әлдебіреу біздің сайтта тапсырыс жасаған кезде супермаркеттегі серіктесіміздің қоймадағы лазерлі принтерінен тапсырыс құрамы жазылған жөнелтпе құжат автоматты түрде қағазға басылып шығып, арнаулы қызметкерлердің бірі оны әзірлеуге кірісе беретін болды. Біз интернет-супермаркетімізді белгілі Ресей жобасы «Утконосқа» ұқсатып, «Пеликан» («Бірқазан») деп атадық. Бұған қоса, өзінің қорегін (негізінен, балықты) салып алатын үлкен тұмсығы бар бірқазан атауында астарлы мән-мағына жатқандай көрінді бізге. Тіпті логотипіміз де солай болып шықты: сүйкімді де жанашыр бірқазан тұмсығына іліп, өзінің тұтынушыларына азық-түлік алып келе жатады. Осылардың бәрін бітіре келе, «Toyota Probox» автомобилін сатып алып, оларды сомдағай бірқазандардың суретімен айшықтадық та, жолай осы автоларға үлкен жылы гараж жалдадық. Бүкіл дайындық жұмыстары жарты жылға созылып, ақырында, жоба тұсауын кесетін күн де келіп жетті. Біз порталда қала тұрғындары үшін қолайлы жаңа қызмет түрін іске қосатынымыз жөнінде үлкен дабырамен хабарлап, ауқымды жарнама науқанын жандандырып жібердік. Мұның бәрі сәтсіздікке ұшырап, құрдымға құлап тынды. Негізінен, азық-түлік алуға, үйден шығуға қиналатындар – бала бағып отырған жас аналар, мүмкіндігі шектеулі мүгедек адамдар тапсырыс беретін болды. Бұған сапасыз жұмыс істейтін, 1С базасы нақты тауарлар қорына сәйкес келмейтін серіктестеріміз (тағы да!) де өз үлесін қосты, содан біз сатып алушыларға бір тауарды екіншісіне ауыстыруға жиі ұсыныс жасайтын болдық. Бірақ сәтсіздіктің негізгі себебі бұдан да тереңде жатыр деп ойлаймын. Мүмкін, адамдар эволюцияның мыңдаған жылдары ішінде тамағын бұтадан немесе ағаштан өзі жұлып алып, аудара-төңкере қарап, иіскеп көріп, дорбасына (супермаркеттегі немесе дүкендегі себетке) салуға үйреніп кеткен шығар. Бәлкім, нан мен сүт негізгі тағам ретінде қабылданып, ал суши-пиццалар бұл түсінік тәсімінің шеңберінен тысқары тұратын шығар. Бұл болжамды ресторандардан тамақ жеткеретін онлайн-сервистің өркендеп келе жатқаны, дерегі осы сектор компанияларының арасында «бірмүйізділердің» көптігі растайды. Ал супермаркеттерден азық-түлік жеткізіп беру сервисінің арасынан табысқа жеткендері некен-саяқ, мұндай стартаптардың біразы көп кешікпей жабылып қалады, немесе тапқанын қапқанына жеткізе алмай қиналып жүреді. «Бірқазан» біздің тарихымыздағы «customer development»тің (тұтынушыларды дамытудың) белгілі дерегін – тұтынушылар қиялдай беретінін, ал болжамдарды MVP-тестер арқылы тексеріп алу керегін дәлелдеп берген көрнекі кейс, нақты жағдай болды. Тап осындай жағдайға «Walkman Sport» атты портативті плеерін ойлап тауып, оған лайық түс іздеген «Sony» компаниясы да тап келгені белгілі – білмейтіндер гуглдетіп көре алады. Тұтынушылар бізді алдауға тырыспайды, бірақ көбінесе нені қалайтындарын өздері білмейді. «Бірқазанға» байланысты жағдайда Якутск тұрғындары азық-түлік жеткеру қызметімізді шынымен пайдаланамыз деп ойлады. Бірақ нақты өмірде өздерін мүлдем басқаша ұстады. Олар шын мәнінде не істейтіндерін өздері білмеді. Идеяның өміршеңдігін MVP арқылы тексеріп алу жайына келетін болсақ, қарапайым тұрақты html-лендинг жасап алып, оған 100 шақты өтімділеу азық-түлік түрлерін енгізіп қойып, «ykt.ru-да» «Бірқазан» супермаркетінің жұмысы басталғанын хабарлау жеткілікті-тұғын. Автомобильдер сатып алмастан, сайт жасамастан, тіпті азық-түліктерді жеткеруші серіктес іздеместен, солай істеуіміз керек еді. Егер тапсырыстар түсіп жатса, біз қызмет машиналарын айдап жүрген компания жүргізушілерін не тәжірибеден өтушілерді таяу маңдағы супермаркеттерге жібере салар едік. Олар сол жерден қажет нәрсенің бәрін сатып алып, клиенттерімізге апарып берер еді. Сонымен қатар бастапқы лендингінің негізінде жедел сайт жасап, жеткерушілерді табуға, тауар жеткізіп беретін арнаулы жүргізушілерді жалдауға т.б. болатын еді. Ал азық-түлік өнімдеріне қатысты айтқанда, алғашқы күндерден-ақ тапсырыс аз болатынын, бұл мәселе жұртты онша қызықтырмайтынын көрер едік. Сөйтіп, интернет-супермаркет құрудан бас тартып, компанияның қыруар уақытын, қаржысын және қызметкерлердің күш-жігерін сақтап қалар едік. «Бірқазанға» байланысты оқиға – жинақталған білім қорын жалпы кәсіпкерлікте, әсіресе зияттылық деңгейі жоғары саналатын интернет-кәсіпкерлікке пайдалану маңыздылығының жарқын үлгісі. ІT саласындағы бизнесті 1990 жылдардың орта шенінде, Ресейде шын мәнінде жоғары технологиялық кәсіпкерлік жөнінде ешқандай білімім жоқ кезде бастадым. Якутскіде арнаулы әдебиет, видео, курстар мен семинарлар, конференциялар, бір сөзбен айтқанда, түк жоқ кезде іске кірістім. Соның ақырында маған бизнесті құрудың өзіндік, көп жағынан ерекшелігі бар тәсілдері мен әдістерін ойлап табуға тура келді. Оларды бұрыннан келе жатқан, жұртшылық мойындаған ІT-кәсіпкерлік технологияларымен біріктірген кезімізде, ол орасан зор күш-қуат құралына айналып, бұрынғыдан да ауқымдырақ деңгейдегі жетістіктерге қол жеткізе бастадық. Әлі күнге шейін кәсіпкерлердің көбі, әсіресе провинциядағылар өз бизнесін шала қарпып, долбарлай соғып, жүйесіз құра салады. Мен солардың арасынан «кітап оқудан ешқандай пайда жоқ, Ресейде (әсіресе Якутияда) өзінің ерекше үрдісі бар, басқаша әрекет ету керек» деп, ағынан жарылғандарды да кезіктірдім. Ақырында, мұндай жағдайда ең бәсекеге қабілетті әрі тегеурінді бизнес брендке және білім мен тәжірибе қорына сүйенген франшиза болып шығады. Кейде мынадай мысал келтіремін: ешкім білімсіз қолына түскен шапқы мен балға тәрізді құралдарды ала сала, тіс емдеуге кіріспейді ғой. Осы тұрғыдан бизнестің, әсіресе ІT сияқты күрделі саланың еш айырмашылығы жоқ. Ілім-білім мұнда да өте маңызды. Заманауи бизнестің тарихы бірнеше ғасырмен есептеледі, ұдайы жаңарып, жаңғырып отыратын орасан зор көлемдегі тәжірибе жинақтайды. Фаундерлер, СЕО, жетекшілердің міндеті – мықты зейін-зерделерін пайдалана отырып, өздерінің компанияларына оңтайлы білімдерді іріктеп алып, ұжымының санасына жеткізіп, жұмыс бабында пайдалана білу. Кейде «кәсіпкерлік өнерге жақын ба, әлде ғылымға жуықтай ма?» деген сауал төңірегінде дау туындап жатады. Бұл сұраққа жауап қайтару үшін алдымен олардың не екенін мұқият қарастыру керек. Егер өнер хақында айтатын болсақ, менің ойымша, ол шығарма иесінің идеялары мен сезім ауанын тыңдаушыларға, көрермендерге немесе оқырмандарға жеткізуден тұрады. Уақыт пен кеңістікті, кейде тіпті мың жылдықтар арасын көктей өтетін индукция түріндегі бірдеңе, яғни нағыз уақыт машинасы пайда болады! Сол индукцияның негізгі мән-мағынасы осынау эмоциялық және интеллектілік серпін негізінде жекетұлғалық жетілу, кемелдену болуы мүмкін. Ал ғылым жөнінде айтар болсақ, онда оның мақсаты тұрақты түрде толығып әрі жүйеленіп отыратын білім қорының негізінде прогреске жетіп, дамып отыру болып табылады. Әлбетте, осы екі нәрсе, өнер мен ғылым – нағыз құдірет әрі адамзат өркениетінің шыңы. Осы анықтамаларды ескере келе, кәсіпкерлік өнерден гөрі ғылымға жақын тұрады дейміз. Оның мақсаты да әлемді дамытып, жақсарту, прогреске жету. Тереңірек ойланар болсақ, өнер саласына қатысты бизнес те, мейлі, фильм немесе музыка болсын, сайып келгенде зияткерлік немесе сезімдік индукцияны емес, инфрақұрылымдық дамуды көздейді. Ал, тұтастай алғанда, менің ойымша, кәсіпкерлікті ғылым мен өнердің, спорт пен рухани өсудің арасындағы орташа бірдеңе ретінде қарастырған жөн. Ғылым – тиімділік, өнер – сезім ауанымен мүмкіндікті көре білу қабілетін, спорт – ұдайы жақсара беруге ұмтылыс пен төзім, рухани өрлеу күш-қуат пен құштарлық, ынта-ықылас дарытады. Дәл осы кезде жеке басымның дағдарысымен шындап күресе бастадым. Бақыт тақырыбына қатысты нәрсенің бәрін – кітаптарды, мақалаларды, блоктарды шетінен оқи бердім. Зерттеушілердің бақытқа берген анықтамалары шамамен бір тұжырымға – өз қалауымен өмір сүріп, үміт еткен нүктесіне қол жеткізе алатын, оған қоса жағымсыз эмоцияларынан жағымды сезім ауаны басым тұратын адам бақытты деген ойға саяды екен. Бұдан ешқандай дүние-мүлік жимай, тұщы нан мен бұлақ суын қорек қылып, атар таңды, батар күнді тамашалап, жапандағы тау үңгірінде тұратын адам бақытты бола алады деген қорытынды шығады. Жоғары әлеуметтік мәртебе мен бірнеше миллиондаған байлықты иелене тұра, соры арылмаған бақытсыз болуы да мүмкін. Алдыңғысы әншейін өз қалауынша дәурен сүреді, ал кейінгісі – жоқ, бәріне байлаулы. Бұл анықтама түрлі тәсілдерімен бірге қалай бақытты болу жайын түсінуге көмектеседі. Бақыт тақырыбы мен оған жету жолдары өте тартымды әрі терең болып шықты да, біртіндеп жаңа қырларымен баурап алды. Соған сәйкес күйзелісті күйден арылып, бақыттырақ болу үшін қалай өмір сүру керегін түйсінуім керек болды. Бұл қарапайым, бірақ маңызды аян еді. Содан кейін күйзелісті еңсеруге маған көмектесе алатын психологті іздестіре бастадым. Мұнда мықты, тәжірибелі психологтердің аз екені бірден байқалды. Мысалы, Якутскідегі маған көмегі тиюге тиіс тәжірибелі психолог осы шығар деп барған адамым өзінің жан дүниесінің проблемалары мен күйінішін ақтарып, мұңын шаққаны бар. Сонымен қатар психологтердің бәрі мені мұқият тыңдап алады да: «Ал, енді не істемек ойыңыз бар?» деп мейірлене сұрақ қояды. Не істегені қалай? Мен осыны білу үшін келіп тұрмын ғой алдыңа! Оларға кеңес беруге тыйым салынғаны, бұл кәсіби этикаға жатпайтыны кейін белгілі болды. Тек сұрақтар қоюға болады, сол арқылы клиент өз проблемаларын шешудің жолын өзі табады. Бірақ бұл менің жай-күйіме мүлдем үйлеспейтін жайт еді. Ақырында, маған бір тәжірибелі психолог жәрдемдесті. Оны Мәскеудегі жақсы танысым (ол да технология саласындағы кәсіпкер) тауып берген еді. Сол психолог те мені тыңдап алып, жетелеуші сұрақтармен бірге, кейін түсінгенімдей, психотерапия әдістерін пайдаланды. Ол тікелей түрлі кеңес берді: дәріханаға барып, мына витаминдерді сатып ал, құрамында мырыш бар, ол мұндай жағдайда жақсы көмектеседі, балалық шақтағы әкеңнің бейнесін елестетіп хат жаз, бірақ оны ешқайда жолдаудың қажеті жоқ, үстелдің үстіне қоя бер. Әлеуметтік статусыңды ауыстыр т.б. деді. Айтпақшы, содан кейін өмірімде бірінші рет таксиші болып жұмыс істедім, өзім үшін өте қызықты тәжірибе жинақтадым. Міне, керемет! Тура оныншы жүздесуде жүрегімнен зіл, иінімнен жүк түскендей сезіндім. Қай кезде де, қай жерде де интеллектісі мен ілім-білімін қатар пайдаланатын тәжірибелі кәсіби маманның болғаны өте пайдалы екен ғой. Осылай күйзелісті жай-күйден біртіндеп шығып, қайтадан азды-көпті, қалыпты жұмыс істеуге, өмір сүруге біртіндеп кірісе бастадым. Бірақ «мен кіммін және осының бәрін неге істеп жүрмін» деген басты сауал әзірше жауапсыз қалды. Айтпақшы, психологтер хақында. Мен жанжал атаулыдан қашқақтап, аулақ жүруге тырысамын және мұны психологияның арнаулы ілімін пайдалану арқылы істеймін. Бәрі мынадан басталды: бірде ұшақта менің жаныма, көрші креслоға өте семіз жасамыстау жолаушы келіп жайғасты. Оның жанында бір қыз ілесіп жүр. Біз сонда Мәскеуден Якутскіге ұштық. Бұл – жеті сағаттай әуе жолы. Қасыма жайғасып, әлгі кісі бірден иығымен және шынтағымен мені тықсырып тастады. Айта кететін жайт, бұл жайлылығы жоғары «Space+» орындар еді, егер әуекомпаниядан «артықшылық берілген клиент» деген статусың болмаса, бұл орындарға қосымша ақы төлеуің керек. Әуелі мен шыдап көруге тырыстым, бірақ алда бірнеше сағат бар, жол тым ұзақ. Ақырында, ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін мен көршіме бұрылып:
Кешірерсіз, маған иығыңызды салмауыңызды өтінуге бола ма сізден?
– Немене???
– «Мені шынтақтап жатып алмаңызшы, өтінемін» деймін сізге. Міне, екеуміздің арамыздағы шынтақ тіреуіш, сіз содан бірталай бері өтіп кеттіңіз, мына жағы менің орным ғой.
Сен маған не айтқың келеді? Не қаласам, соны істеймін, ұқтың ба? «Өзіңіздің қызыңызбен» орын ауыстырыңыз деген ұсынысыма көршім ызалана жауап қайырып, ол әйелі екенін, ешқашан да оны қасыма жолатпайтынын мәлім етті. Менің ұсынысым оның бетпақтығын бұрынғыдан бетер күшейтіп жіберді. Жалпы, қолайсыз жағдайға тап болғанымды, көршім мүлдем чеховтық интеллигент емес, барып тұрған көргенсіз дөкір екенін түсіндім. Дегенмен мұндай жағдайда мен де қарап қалмадым, соның ақырында екеуміздің арамыздағы кикілжің шиеленісе түсті. Қасымызға жетіп келген стюардесса мұндай қылықтар ережеде қарастырылмағанын, оның қолынан келетін бір ғана нәрсе – көршімнің менің кеңістігіме кірмеуін өтіну екенін, ал бұл өтінішке құлақ аса ма, әлде жоқ па, өзі шешетінін; мені бөлек отырғыза қоятындай бос орын жоқ екенін мәлімдеді. Көршімен айтысып-тартысу жалғаса берді де, ақыры өрескелдеу төбелеске ұласуға таяп қалды. Сол кезде қасымызға ауысым бастығы келіп, мына бассыздықты доғармасақ, экипаж ұшақты жақын маңдағы әуежайға қондырып, бізді милицияға тапсыруға мәжбүр болатынын және қомақты айыппұл төлеуімізге тура келетінін айтты. Қосымша ақы төлеттеріп мені бизнес-класқа ауыстыру жөніндегі өтінішіме ол «ұшып келе жатқанда бұлай істеуге қатаң тыйым салынған» деп жауап берді. Ақырында, шиеленіскен ахуал оның өзге жолаушыларға дауыстап, менімен орын ауыстыруға ұсыныс жасаумен шешімін тапты. Иә, біздің, бағымызға орай, бір студент қыз табыла кетіп, екеуміз орын ауыстырдық та, тып-тыныш күйде ұшып бардық. Иә, әлгі көршім оған жантайып жатып алмады, бар болмысымен дау тудырушы әрі жанжалды тұтатушы мына мен екенімді көрсетуге тырысып, енді өзін мәдениетті ұстады. Осы оқиғадан кейін маған бұл тақырып бойынша жиған білімімде әлдебір саңылау, олқылық барын анық түсіндім. Ал жанжалдасып, қақтығысқа килігу – әсіресе Ресейде қауіпті қылық. Мысалы, жолды бөлісе алмаған автожүргізушілердің бір-біріне шоқпар сілтеп, сойылға жығып жататын, ақыры насырға шабатын жағдайлары жиі ұшырасады. Ылғи шиеленістердің шегіне жетіп қалып жүретін кәсіпкерлер үшін, танымал тұлғалар үшін де, бұл тақырып екі есе өзекті болып шығады. Әйтеуір, мен сарапшыға – психологке жолықтым. Сөйтсем, конфликтология деген тұтас бір сала бар болып шықты, онда жанжалды, қақтығысты ахуалдың алдын алу, болдырмай, ал бола қалған жағдайда, одан аман-сау шығудың тәсілдері зерттеледі екен. Психолог маған тамаша ақыл-кеңес берді. Мүмкін болса, әуелі тынышталып, көңіл жайландыру керек. Терең тыныстап, асықпай 10-ға дейін санауға, әлдебір жағымды нәрселер туралы ойлауға болады. Содан соң, ең маңыздысы, осы жай-ахуалдағы нақты мақсатыңды сезінгенің абзал. Әділеттілік іздеу, әлдекімді жөнге салу емес, мақсатыңды сезініп, түйсіне білуің керек. Ұшақта өрбіген кикілжіңде менің мақсатым – дөрекі көршімді тәубасына келтіріп, жайлы отыруға хақымды қорғау немесе осындай бірдеңеге қол жеткізу емес еді. Менің шынайы мақсатым – А нүктесінен Б нүктесіне дейін ешқандай проблемасыз әрі қиналмай, аман-есен жету-тұғын. Одан әрі, мақсатты жете түсініп, белгілі бір тәсілдерді пайдалана отырып, соған жетуге ұмтылу керек. Ең қарапайым тәсіл – «бітеп тастау». Немесе төзе білу. Кейбір жайттардың тым ұсақ-түйек болатыны соншалық (мысалы, сіз ешқайда асықпай, жайбарақат кезекте тұрғаныңызда әлдебіреу әдепсіздікпен кезексіз кіріп, алдыңызға тұрып алса) – оған мән беріп, көңіл бөлуге де тұрмайды. Менің жағдайымда бұл тәсіл жарамай қалды, өйткені әуеде ұшып келе жатып, әумесер қылыққа төзу тым ұзаққа созылатын еді. Екінші тәсіл – «кетіп қалу». Менің мысалымда бұл ұшақтан шығып кетуді емес (әлбетте, оған мүмкіндік те жоқ қой), көршіме ештеңе айтпастан орнымнан тұрып, менімен орын ауыстыратын біреуді табуды білдіреді. «Space+-ке» қоса, қосымша аз-мұз ақша төлесем (ал мен бизнес-кластағы орын үшін де үстеме ақы беруге бел будым ғой), әлдебіреу бұл ұсынысыма міндетті түрде келісер еді. Үшінші тәсіл – «келісімге келу». Өзің қалаған нәрсенің өтеміне бір нәрсе ұсынуға болады. «Тыңдаңыз, кәнеки, былай келісейікші: сіз маған қарай жантайып жатпайсыз, ал мен ұшып барған бойда сый ретінде үш дәмді пицца жеткіздіртіп беруге тапсырыс жасайын. Келістік пе?» Келісуі әбден мүмкін. Одан әрі – «қорқыту» тәсілі. «Егер сіз маған жатып алуды қоймасаңыз, мен сол жақ самайыңыздан аямай бір соғамын». Бұл – жағымсыз әрі қатерге толы тактика, оны басқа амал қалмаған, шыдамның әбден шегіне жеткен ретте ғана пайдалануға болады. «Жаңа таныс» тәсілінде әңгімені ортақ тіл табысатын нәрседен бастап, содан соң нені қалайтыныңызды жайма-шуақтап жеткізесіз. Мысалы, футбол немесе балық аулау жөнінде әңгіме өрбітіп, сөз арасында, елеусіз түрде өзіңізге қарай шынтақтап жатпауын өтіне саласыз. Сарапшы маған басқа да тәсілдерді үйретті, бірақ бәрінен де маған ең күлкілі көрінгені айлалы амал жасау тәсілі шығар, сен бар болғаны бірнеше сөз айтасың, ал әлгі адам не қаласаң – соны істейді. Менің кейсімде бұл былай болып шығар еді: «Құрметтім, сізге ескертейін дегенім: менің балалық шақтан бөтен адамдардың жанасуынан, әсіресе ұшақтың ішінде, тітіркеніп, үрейленетін әдетім бар. Кейде жүрегім айниды. Тура құсып жіберемін!» немесе «Кешірерсіз, ем-дом алып келе жатқан бетім еді, бөртпелі теміреткі бар, өте жұқпалы. Сақ болыңызшы, тек сізге жамандық тілемеймін ғой» деген сияқты. Бірақ бұл жерде тым асыра сілтеп жібермей, ақылға сыйымды, арты насырға шауып, ауыр зардаптарға ұрындырмайтын нәрселерді ғана тілге тиек еткен жөн. Негізін құрушысы әрі жетекшісі терең тұлғалық дағдарысқа ұшырап, жұмысқа құлқы жоғалған басқа компаниялардың көпшілігінде бұл қауіпті ахуал туындатып, алауыздық пен тұрақсыздыққа киліктіруі мүмкін. Ал біздің жағдайымызда «Синетте» қалыптасқан мәдениеттің көп көмегі тиді. Кез келген тату-тәтті, сыйластығы жарасқан отбасыдағы сияқты, командада өзіндік дәстүрді орнықтырып, соны берік ұстанған маңызды. «Синет» дәстүрлерінің бірі – компанияның туған күні. Оны біз әр жылдың наурыз айында «SnowFest» – қысқы спорт түрлерінің фестивалі ретінде атап өтеміз. Әдетте демалыс базасына барып, тауда шаңғы тебу мен сноубордингімен, дөңгелекпен сырғанаумен айналысып, көктемгі қасат қар басқан орман ішінде пейнтбол ойнаймыз. Біз үшін екінші дәстүрлі күн «SummerFest» – жазғы спорт пен демалыс түрлерінің фестивалі, оны ұлттық жаңа жыл – Ысыақ мейрамында тойлаймыз. Фестиваль Якутияда маусым айының екінші жартысында өткізіледі. Біз жалға алған шағын кемемен Лена өзеніндегі құмдауыт аралға барамыз. Жігіттер мен қыздар күні бойы суға шомылып, гидроциклдерімен қыдырады, жағажайда волейбол мен футбол ойнайды. Екі мерекеде де біз көңіл көтеріп, спортпен айналысып, кәуап пен палау және тағы басқа дәмді тағамдар пісіріп қана қоймаймыз, сонымен қатар өте маңызды нәрсені қолға аламыз: синеттіктер қатарына жаңа мүшелерді қабылдаймыз. Бұл былай болады: командаға жаңадан қосылған адам тізесін бүгіп, алақанын жүрек тұсына қояды да, «жоғары мәртебелі абызға» (оның бәрін компаниядағы тәжірибелі әрі жұрттың бәріне сыйлы қызметкерлердің бірі орындайды) ілесе айрықша ант сөзін қайталап, қайырымды іс тындыруға, бейбіт тұрмысты дамытуға және компанияның басқа да құндылықтарын ұстануға уәде береді. Содан соң олар компания құрылған жылы өзіміз тіккен туды сүйеді, одан кейін біз оларды жазда – суға (кейде үстіндегі киімімен), ал қыста оппа қарға лақтырамыз. Ең маңыздысы, фестерге қызметкерлер бала-шағасымен және маңыздысы – жұмыс күндері барады. Мен әрқашан да демалыс күндері – адамдардың жеке шаруасына және отбасына арнауға тиіс уақыты деп есептеймін. Жұмыс пен бизнес деген де маңызы зор нәрсе, бірақ мынау тірлікте өзіңе жақын адамдармен бірге өткізген уақытқа ештеңе жетпейді ғой. Жаңа жыл мерекесінде көңілді корпоратив ұйымдастырып, өтпелі жылда өзін жарқын жағынан көрсеткен қызметкерлерді марапаттаймыз. Құдды «Оскар» сыйлығын тапсырғандай рәсіммен өтеді: бірнеше номинация белгіленеді, әр номинацияның жүрдегерлері мен гран-при иеленушісі бар, ол басты марапат – компанияның логотипі түрінде бәдізделген «Синеттің батыры» деген алтын белгіні алады. Бізде мұндай мәртебелі белгінің екеуін, тіпті үшеуін таққан бірнеше адам бар. Атақ иеленгендердің бәрі құрмет пен даңққа бөленіп қана қоймады, тоқсан сайын қосымша ақшалай сыйақы алады және компанияның салтанатты іс-шараларында әлгі алтын белгіні мәз бола тағып жүреді. Мүмкіндік пайда болған кезде команда мүшелерін спорттық сапарларға, теңіз жағасындағы немесе тауда шаңғы тебетін курорттарға апарып жүрдік. Мысырдың Шарм-әл Шейхінде, Алматының Шымбұлағында, Филиппиндердің Боракайнда, таулы Грузияның Гудауриінде, Тайландтың Саметінде болдық. Бұл ретте сапар шығындарының шамамен 70 пайызын компания төледі, бұл өте керемет еді: бухгалтерлеріңнің, бағдарламашыларың мен маркетологтеріңнің пальма көлеңкесінде тынығып отырғанын немесе тұңғыш рет тау шаңғысы мен сноубордқа мінгендерін көрудің әсерін суреттеуге тіл жетпейді. Компанияның тапқан пайдасын, мысалы, маған немесе фирмаға үйдей үлкен, қымбат көлік сатып алғаннан осы әлдеқайда жақсы сияқты. Ұжымның саны ұлғаюына байланысты енді бүтіндей бір ұшақты кіреге алып, чартерлік рейстер жасауға таяп қалдық. Ұжым мүшелері әлдебір күлкілі тақырыпты тауып алып, айына бір рет фандей өткізеді. Мысалы, ол хэллоуин немесе гоп-стоп болуы мүмкін. Сол кезде біздің офиске келген клиенттер абдырап, өндірістік мәселелер жөнінде қансорғыш-вампирлермен, жалмауыздармен немесе кепкілері жымырайып, пісте шағып, сойыл-таяқтарын білеп отырған кісі тонағыштармен, көше бұзақыларымен тілдесуге мәжбүр болады. Әйтсе де мұнымен оқымысты – синеттіктердің зиялы да мейірімді жүздерін жасыру қиындау. Немесе саханың сары аязы сақылдап тұрғанда жағажай көрінісіне кез келуі мүмкін, бұл қыстың кәрін сәл жұмсартып, баршаның, әсіресе ұжымдағы еркектер жағының көңілін жылытуға мүмкіндік береді, олар жағажай киімін киіп, қысқа шалбармен, сүйретпемен жүрген біздің қыздардың сымбатына сүйсіне қарайды. Мұндай жоралғылар өскелең компаниядағы туыстық сезімді күшейтіп, ұжымды топтастыра түседі. Ондағы көңіл ауанына жағымды әсер етеді. Бұған қоса, компания жөнінде ізгі хабар таралуына жол ашады, сапарға шыққан және фест ұйымдастырған кезімізде әлеуметтік желілердің бәрі фотосуреттерімізге толып кетеді. Кейбіреулер тіпті бұған күңкілдеп жатады, бірақ шындықтың аты – шындық: мұндай жарияланымдарға қатысты пікір-лебіздердің көбі – «мен сіздің компанияңызда жұмыс істегім келеді!» деген сөз болып келеді. Осының бәрі жеке басымдағы күйзелістің ең қиын кезеңдерінен қиналмай өтуіме жәрдемін тигізеді. 2012 жылғы шілде күндерінің бірінде бүкіл командамызбен Лена өзенінің құмдауыт қайраңында, Якутскінің қарсы бетінде – Қарақшылар аралында дәстүрлі «SummerFest» өткіздік, бәрі тамаша болды, ұжымдастар емін-еркін тынықты. Бірақ аралды аралай жүріп, қаптаған қоқысты көрдік, сыраның бос бөтелкелері, сусын пакеттері, бір рет пайдаланатын пластикалық ыдыстар мен басқа да қалдықтар әр жерде, жағалай шашылып жатыр екен. Қайтып оралған бойда, тап сол кеште мен өзімнің «ykt.ru-дағы» блогыма әлгі қоқыстардың фотосуретін жарияладым, ренішке толы пікір жазғандардың арасынан сол жаққа барып, бәрін тазартуға ұсыныс түсті. «Мынау жөн екен» деп ойладым да, келесі поста жұмыс күні кешкісін аралға баруға тілек білдірушілердің жиналатынын жарияладым, содан екі күн өткенде 23 ерікті Қарақшы аралының жағасына табан тигізді. Үш сағаттың ішінде бүкіл қоқысты 50 қанарға жинадық. Тіпті суға шомылып, кешкі күннің сәулесіне қыздырынуға үлгердік. Келген бойда қанарлар жүк машинасына тиелді де, мен оны қалалық қоқыс төгу алаңына бастап бардым. Блогымдағы осы акция туралы фотоесепті 7 000-дай адам қарап, қолдау білдірген пікір-лебіздер жазды. Біз бұл жобаны «Мусору.нет» деп атадық та, қаланың шет жағын тазалау жұмыстарын жүргізіп, кейде жүздеген қап қоқысты тасып жүрдік. Сондай фотоесептерді көргендердің көбі, тазартудың жұмысына қатысқандардың бәрі, әсіресе балалар мен жасөспірімдер енді далаға және қала ішіне қоқыс тастау әдеттерін тоқтатады деп ойлаймын. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – тамаша акция және оны бұдан әрі қолдауды жалғастыра береміз. Жұрттың бәрі қателік жіберетіні – айдан анық нәрсе. Бәрін және әрқашан да оңтайлы, дұрыс жасап, тек шымыр шешім ғана қабылдайтын ешкім жоқ. Қызметкерлер де, фаундер де қате жібереді. Бұл – құлықсыздыққа, шиеленіске, командадан кетіп қалуға және басқа да жағымсыз нәрселерге душар етуі ықтимал қималы нүкте, түйінді тұс. Мұндай жағдайларда үш қағидатқа арқа сүйедім. Біріншісі – әркімнің бір текті қатені бір рет жіберуге қақы бар, екіншісі – жауапкершілік кінәға жатпайды, үшіншісі – командаға жоғары, бірақ шектен шығып кетпейтін әрі оның ағымдағы даму кезеңіне сәйкес талаптар қою керек дедім. Біріншісі түсінікті ғой: екі мәрте жіберілген қателік – қателік емес, қайталана беретін үрдіс. Әдетте бұл – саналы түрде, әдейі жасалатын әлдеқандай қасақана әрекет емес, осал интеллектінің немесе қызметкерді оған лайықты емес жерге пайдаланудың нышаны болып шығады. Одан біржола құтылу немесе басқа орынға ауыстырып көру керек. Екінші қағидатқа сәйкес, жауапкершіліктің кінәдан айырмашылығын түсіне білу маңызды, екеуі – екі түрлі нәрсе. Егер адам қолдан келетін нәрсенің бәрін қажетті ыждағатпен атқарса, істің теріс нәтижесі – оның кінәсі емес, жауапкершілігі болып шығады. Ол бұған жауапты болғандықтан, келесі жолы оң нәтижеге жететіндей шараларды қолға алуға тиіс. Қате – жай-ахуалды жақсартуға арналған нақты жағдай. Егер де ол ештеңені өзгерте алмаса және тағы да қолынан ештеңе келмесе, онда біз бір текті қателікті қайталаудың бірінші қағидатына қайтып оралып, түбегейлі шешім қабылдайтын боламыз. Екінші қағидатқа «өмірдегі сәтсіздіктер кемшілігіңмен бірдей емес» деген идея орайласады. Мұндайда тіпті сыртқы жағдайлардың өзі септігін тигізсе де, табысқа жету нәтижесін оған үлес қосқандардың сіңірген еңбегі ретінде бағалаған жөн. Осылайша, қажетті және жөпшеңді күш-жігердің бәрі жұмылдырылған жағдайда сәтсіздікке ұшырағанда назар келесі жолғы іс-әрекеттер басқаша, әлдеқайда тиімді болатынына мән беретін жайттарға аударылады. Табысқа жеткенде, осыны істеген адамның сіңірген еңбегіне мән беріледі. Осындай ұстаным күш-жігерді еселеуге, сенімділік пен байыптылыққа жеткізеді. Бұл екі түрлі – батыстық және шығыстық көзқарастың алмасуы. Психолог Джулиан Роттер «бақылау локусы» деген термин ұсынды. Америкалық жекешіл үлгіде бақылаудың ішкі локусы кезінде уақиғалар бірінші кезекте адамға байланысты болады деп пайымдайды. Шығыстық, соның ішінде ұжымдық ыңғайдағы және фатализмге тартып тұратын ресейлік үлгідегі бақылау локусында оқиғалар көбіне-көп сыртқы факторлардан туындайды. Фриц Хайдердің атрибуция теориясында да шамамен осылай айтылады. Мұның бәрін Ричард Нисбеттің зерттеулері растап шықты. Ол америкалықтар мен жапондықтарға орталық объектісі мен фоны бар суретті бірнеше секунд көрсетті. Америкалықтардың көзі орталық объектіге қадала қалды, сосын кейінгі сипаттамаларда олар тек сол жөнінде әңгімеледі. Жапондықтар суретке қарай отырып, бір секундта бірнеше рет көздерін орталық объектіден фонға аудара берді, өздерінің көргендерін баяндағанда олар әңгімені әлгі объект орналасқан кеңістіктен, керметүстен бастады. Қызметкерлерге жоғары, бірақ шектен шықпайтын талаптар қою жөніндегі үшінші қағидат қарапайым ойға құрылған. Компанияны дамытудың бастапқы кезеңінде мен өзіме «Арсен, мына қызметкер бәрін мінсіз істесе, ол табысты кәсіпкер не әлемдік деңгейдегі технологиялық компанияның жетекші маманы болар еді ғой. Осыған риза бол» дейтін едім. Осындай ой көктен жерге түсуіңе көмектесіп, ықтимал қателіктерге байсалдырақ қарауға серпін береді, бұл – шын мәнінде олардың салдарын оңтайлы еңсеріп шығуға мүмкіндік. Сонымен, компанияның өзі танымал әрі ауқымды болып, ондағы жағдайлар мен мүмкіндіктер ІT көшбасшыларының хал-ахуалымен иық теңестіре бастаған кезде, фаундер ретінде сен командаға да, өзіңе де қойылатын талаптарды біртіндеп көтеріп, ең жоғары деңгейге дейін жеткізесің. Тағы бір айтайын дегенім: лидер компанияның даму қарқынынан қалып қоймағаны маңызды деген ойды жиі естиміз. Менің ойымша, компания өзінен-өзі дами алмайды. Ең алдымен, жетекшінің өзі дамып-жетіліп, күш-қуатын, ерік-жігері мен ой-өресін ұжым ортасына бағыттап, оны соңынан ерте білуге тиіс. ...Енді ғана басталған 2012 жылдың ұзақ жаңа жылдық демалыс күндерінде Якутскіде ауа райы күрт суытып, сырттағы температура –40–450С-қа дейін жетті. Якутияның оңтүстігіне таман Якутск тұрғындары әлемдік жылымық әсерінен соңғы он жылда салыстырмалы түрде жұмсақ қысқа үйреніп қалғандықтан, мұндай суықтан берекелері қашып, абыржып қалды. Сөйте тұра, мектепте оқып жүрген кезімізде қаладағы температура –600С-қа дейін төмендейтіні есімде қалыпты. Сол кезде бізді, төменгі сынып оқушыларын, күннің қатты суып кетуіне байланысты сабақтан босатып жіберетін, бірақ біздің күні бойы аулада хоккей ойнап, үзілісте балмұздақ жеуімізге бөгет жасамайтын еді. Күннің күрт суытуын қаладағы такси қызметін көрсетушілердің бәрі пайдаланып қалғысы келіп, бір күннің ішінде жол жүрудің минималды құнын 100-ден 150 рубльге жаппай көтеріп жіберді. Осынау астыртын сөзбайласып, көпе-көрінеу келісім жасау, тұрғындардың наразылығын толқындатты. Таксишілер бұрында да бір сәтте кесімді ақыны көтеріп жіберетін, бірақ бұл жолы тым көп – бірден 50 рубль қосып жіберді. Бұған қоса, мұның бәрі күн суытуына қабаттаса келгендіктен, барып тұрған арсыздық болып көрінді. Такси қызметтерінің жұмыс сапасы сын көтермейтін еді. Автоны «бес минуттан кейін» жіберуге уәде беріп, іс жүзінде жарты сағаттай сарылтып қояды. Онда да дөрекілеу жүргізушісі мен темекі сасыған салоны бар тоз-тозы шыққан «Волганы» жібереді саған. Тіпті балағат сөздер мен белгілі бір жаққа жолдап, қоңырау шалғаныңа жауап бермей, машинаны мүлдем жібермей қоятын кездері де болды. Осылайша, қала тұрғындарының көзқарасы тұрғысынан такси иелерінің тарифті көтеріп жіберуінің бір ғана себебі арсыздықпен астасып жатқан ашкөздік, құлқынқұмарлық болып бағаланды. Астыртын келісім таксидің негізгі қызметкерлерін түгел қамтитын Картельдік сипатта болғандықтан, қала тұрғындарының –450С-та жаяу жүруден немесе еріксіз көндігіп, жаңа тариф бойынша ақы төлеуден басқа амалдары жоқ еді. Әйтеуір, таксишілердің өздері осылай ойлады. Бірақ бұл әрекет күтпеген жерден түрлі уақиғалар тізбегін іске қосып жіберді де, келесі 2–3 жылдың ішінде Якутскідегі таксомоторлы қызметтің 90 пайызының құрып кетуіне душар етті. «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жиырма жастағы Александр Павлов деген студент шағын топ құрып, автомобилі бар достарын, өзі сияқты студенттерді соған шақырды, олар бұрынғы баға бойынша – қала орталығында жолақысын орташа есеппен 100 рубльден алып, топқа қатысушы жолаушылардың тапсырыстарын орындады. Бұл бастама былай жұмыс істеді: топтың әкімгері күніне екі рет «25 ақпанның тапсырыстары кешке жабылады» деген сияқты тармақтар жасады. Әлгі тармаққа коммент орнына жолаушылар шығатын және баратын жерін және өздерінің ұсынатын бағасын, кейде тіпті 100 рубльден төмен шаманы көрсете отырып, тапсырыстарын жазды. Биддинг тетігі, бағаны жолаушылардың ұсынуы табиғи түрде қалыптасты. Жүргізушілер өздерінің автомобильдерінде отырып, пайдалы тапсырысты өзгелерден бұрын, бірінші көріп қалу үшін смартфон экранындағы браузерді үнемі жаңалай берді. Олар тапсырысты таңдап алғаннан кейін телефон нөмерін тез ерекшелеп, буферге көшіріп, терімге қоюлары, содан соң басқа жүргізушілерден бұрын жолаушыға қоңырау шалуы керек болды. Телефон арқылы сөйлесу барысында мәміле жасасты. Пайдалы тапсырыстың төбесі көрінген кезде, мәміле жасасқаннан кейін де жүргізушілер тек автомобиль тапқан-таппағанын білу үшін жолаушыға екі-үш минуттай қоңырау шала берді. Павлов тобын «Тәуелсіз жүргізушілер қауымдастығы. Якутск» немесе қысқаша «ТЖҚ» деп атады. Күтпеген жерден, ешқандай жарнамасыз, топқа мыңдаған пайдаланушы кіре бастады. Оған қоса, жаңа қызмет түрін пайдалану үшін адамдар арасында жолаушылар да, жүргізушілер де бар, әлеуметтік желіге әдейі тіркеліп жатты. Санаулы айдың ішінде топқа күніне екі мыңдай тапсырыс беретін он мыңдай қатысушы жиналды. Ресми мәлімет бойынша 320 000-дай тұрғыны бар Якутск үшін бұл топ, сөз жоқ, елеулі құбылысқа айналды. Алғашқы уақытта мен такси саласы (кәсіби жүргізушілер, еңбек кодексі бойынша келісімшарттар, рейске шығар алдындағы тексерістер т.с.с.) туралы қасаң түсініктердің ырқында жүргендіктен, ТЖҚ – қауіп-қатерге толы сервис деп ойладым. Сенің тапсырысыңа кім келетіні түсініксіз: өткен өмір жолы, сондай-ақ жүргізушілік өтілі мен автомобилі бар-жоғы белгісіз әлдебір жеке жүргізуші тап келсе, қайтесің?! Бірақ бір жыл бойы күн сайын мыңдаған жолсапарға шығатын топта бірде-бір елеулі немесе қылмыстық оқиға болған емес, тіпті бірде-бір ірі жол апаты тіркелген жоқ. Сонымен топ қатарының өсуі жалғаса берді, қатысушылардың, негізінен, жолаушылардың саны 50 000 адамнан асты. Тапсырыстар санының өсуіне және жұмыс бастауға кесе көлденеңдейтін кедергілер жоқтығына қызыққан жүргізушілер күн санап көбейе берді. Тәуір тапсырыстар алу үшін бәсеке қызды. Қас қағым сәт бәрін шешетіндіктен, жүргізушілер жұмысқа «штурмандар» деп аталатын жандарды –дос-жарандары мен ағайын-туыстарын тартты, олардың міндеті топтың таспасын ұдайы жаңартып отыруы, қолайлы тапсырыс көрінген бойда оны мүмкіндігінше тез алып кету болды. Соған сәйкес, штурманның қабаттаса жүруіне байланысты жеңіл автомобильде отыратын орын саны үшеуге дейін қысқарды. Сонымен қатар жолаушылардың көбіне жүргізушінің жалғыз келмегені ұнамады. Түнгі уақытта екі жігітің жүргізуші мен штурманның жетіп келгенінен жолаушы қыздар кәдімгідей тіксініп, қолайсызданып қалатын еді. Бастапқы кезде жүргізушілердің жалғыз жүрмеуге әбден үйреніп алғандары соншалық – кейін осы топтаса таксилету құбылысымен бірнеше жыл күрестік. Топтың танымалдығы артып, жалпы жұртшылықтың, әсіресе жастар қауымының сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленуіне орай, аяқ астынан кез келер қиындықтардың жоқтығына байланысты маған бұл жерде бір ерекше сыр, технологиялық стартапқа бастау болуы ықтимал негіз бар, тұтас алғанда, қауіпсіз тәсім екен деген ой келді. Шешуші сәт осы еді, кәсіпкер алдына мүмкіндіктер дарбазасы ашылып тұрғанын тек қисын арқылы емес, түйсіктің тінімен де сезіне білу керек. Бұл кәсіпкерлікті өнер өрісіне жақындататын аз ғана аспектілердің бірі еді. Шешім қабылдай отырып, тәжірибе мен білімге сүйеніп, батыл әрекет жасау керек, мұнда енді ғылым іске қосылады. «Синеттің» ішінде талқылағаннан кейін, жетекші мамандарымыздың кейбірінің қарсы пікірлері мен күмәнді байламдарына қарамастан, әрекет етуге шешім қабылдадым. Павловпен бірнеше мәрте кездесіп, топтың логині мен суперәкімгерінің паролін беру арқылы «Тәуелсіз жүргізушілер қауымдастығын» бізге 10 000 долларға сатуға көндірдім. Оның амалсыздан мәмілеге келуіне сол кезде «vk.com-да» өздеріне ұқсас топтардың қаптап кеткені, ең бастысы «ТЖҚ-ның» тапсырыстарын автоматты түрде жүктеп алатын қарапайым мобильді қосымшалардың пайда бола бастағаны салмақты дәйек болды. Бұл жолаушыларға қоңырау шалу ісін біршама шапшаңдатты да, жүргізушілер әлгі қосымшаларға жаппай көше бастаған еді. Сондай қосымшалардың бірі тіпті абоненттік төлемақы енгізіп, шын мәнінде бөтен топтың есебінен әжептәуір пайда таба бастады. Келесі қадам әлеуметтік желі тобының қалыпты тетіктерімен ыңғайлы пайдалану интерфейсін ала алмаған жолаушыларды да қосымшаға көшіру болатыны анық еді. «ТЖҚ-ның» бастамасын иемденіп, пайдаланушыларын бөгде мобильдік қосымшаға үйіріп әкету қаупі қылаңытып тұрды. Ол ІT-ден бейхабар адам болғандықтан, топтың мобильді қосымшаға өту ісіне жетекшілік жасай алмады. Топта ресми анонс жасау мүмкіндігінен басқа, өзге қосымшаларды жасаушылардан ешқандай артықшылығы болмады. Мына мәміле ол үшін ақылды қадам еді. Екеуміз қол алысып, келісілген ақшаны төледім, содан «Тәуелсіз жүргізушілер қауымдастығы. Якутскіге» бақылау жасау құқы логин мен пароль түрінде бізге өтті. Топ енді «Синеттің» бір бөлшегіне айналды. Әңгімелесу барысында Сашаның ойы ұшқыр, іске қабілетті жігіт екені бірден көзге түсті. Содан бірнеше айдан кейін кездестіргенімде ол университетті бітіріп, видеобақылау жүйесін монтаждаушы болып жүр екен. Мен оны дереу өзімізге, «Индрайверге» жұмыс істеуге шақырдым. Видеомонтажшының жұмысы, тіпті қызмет жолын енді бастаса да, бәрібір оның деңгейі емес еді. Сонымен қатар сервистің прототипін түптегін жасаған адамның оны одан әрі дамытып, жетілдіргені қисынды әрі әділетті ғой. Мұның дұрыс шешім болғанын уақыттың өзі дәлелдеді. Александр компаниядағы шешуші басшылардың және акционерлердің біріне айналып, «Индрайверді» дамыту жөніндегі директор қызметін атқарды. Ол сервистің бүкіл иірімдері мен реңктерін жіті сезінетін, команда үшін қайталанбайтын тұлға, қолға түсе бермейтін нағыз олжа болды. Ең алдымен бізге бұрынғылар сияқты жүргізушілердің тапсырыс қабылдауына ыңғайлы функциясы бар қарапайым әрі тегін мобильді қосымшаларды әзірлеу керектігі түсінікті болды. Бөгде, көлденеңнен килігетін қосымшаларды жасаушылардың бастаманы іліп әкетуіне жол бермей, мұны тез істеу керек болды. Бірінші кезекте мықты жасақтаушылар командасын құру қажеттігі туындады. Оны басқарып, компанияның техникалық директоры (немесе Chіef technology offіcer, СТО) болуды «ykt.ru» командасының тәжірибелі бағдарламашысы, бізде бірнеше жыл жұмыс істеп, нақ сол кезде Минскідегі «Синеттің» зерттеме орталығы жетекшісінің орнында отырған Александр Бурцевке ұсындым. Біз ойын-сауық филиалын 2011 жылы Белорусь рублі құлдырап құлағаннан кейін аштық. Сол кезде Минскідегі кәсіби білікті бағдарламашылардың жалақысы долларға шаққанда кенеттен үш есе дерлік төмендеп кетті. 2013 жылға таман ұлттық валютаның бағамы қалпына келіп, экономикалық пайда табу факторы біртіндеп жойылды, Белорусьтың ІT-мамандары қатаң валютамен айлық алуға көшті де, филиалды жабуға шешім қабылданды. Сол кезде Бурцев Мәскеуден Якутскіге автомобильдер айдап келумен айналысуды ойластырып жүргенін айтып, компаниядан кеткісі келіп жүрді. Саша мені кейде өзінің қалыпқа сыймайтын ой-байламдарымен және жоспарларымен таңғалдыратын. Бірақ такси саласындағы жаңа жобамыз барын айтқанымда, ол жанып түсті және жаңа сервистің әзірлемесін басқарып қана қоймай, сондай-ақ қайтадан жасалатын стартап бойынша шаруашылық-басқару мәселелерінің негізгі бөлігін мойнына алды. Сонымен қатар ол сервистің «іnDrіver» деген атауын, яғни «іndependent Drіvers-тің» («Тәуелсіз жүргізушілер») қысқарма нұсқасын ұсынды. Біраз талқылаудан кейін, оны қабыл алдық. Компанияларға сайттар мен мобильді қосымшаларға ат ойлап табудың өзі бір бөлек хикая. Мынадай белгілі дерек бар: 2015 жыл әлемдегі 100 жетекші брендтің аттарына талдау жасалып, соның нәтижесінде бір жағдайда (Xerox) атауды филолог-профессор ұсынғаны, бір жағдайда (Blackberry) шығармашылық агенттік ойлап тапқаны, ал қалған 98 компанияның бәрінде атауды кәсіпкерлердің өкілдері немесе олардың достары таңдағаны белгілі болды. Осының өзі-ақ компанияға немесе көрсетілетін қызметке жақсы атауды командадан басқа ешкім ойлап таба алмайтынын аңдатады. «Уkt.ru-дың» уеб-жоба ретінде сол кезде мобильді қосымшасы болмағандықтан, «Индрайверді» әзірлеу командасы жаңадан жасақталды. Бәрі сәтті басталды: бізге әзірлеуші ретінде «ІOS» жүйесімен жұмыс істеуге Мичил Андросов, «Androіd-пен» жұмыс істеуге Михаил Харбанов тез табыла қойды, екеуінің бағдарламалау ісімен айналыса бастағанына онша көп болмаған екен, кейін олар компаниядағы әзірлеме жасаудағы сәйкес бөлімдерді басқарып, мықты басшы болды. Прототиптеп, безендіру жұмыстарын арт-директор Юрий Костенко басқаратын синеттік дизайншылар өз жауапкершілігіне алды. Жігіттер тез әзірлеп, 2013 жылдың жазында жүргізушілерге арналған «vk.com-дағы» біздің тобымызға түсетін тапсырыстарды автоматты түрде жүктеп алатын алғашқы оңтайлы әрі тегін қосымшаны іске қосты. Бұл осы тақылеттес қосымшаларды дамытудың мәнін жоғалтып жіберді. Тапсырыс қабылдау үшін «vk.com» сайтын емес, мобильді қосымшаларды қолайлы көрген жүргізушілер біздің әлдеқайда қолайлылау, ақы төлеуді талап етпейтін бағдарламалық жасақтамаға (апп) шапшаң көшіп алды. Бұған қоса, жобамен аймақтық ІT-нарықтың көшбасшысына айналып, «Тәуелсіз жүргізушілер қауымдастығын» бақылауға алғанын жұрттың бәрі көрді. Бұл ықтимал бәсекелестердің аяқ-қолын жіпсіз байлап, жігерін құм қылды. Бастаманы жоғалтып алу қаупі жойылып, тәй-тәй басқан жобаны қорғап қалу операциясының бірінші бөлігі ойдағыдай өтті. Бірақ негізгі әрі қауіптілеу іс-әрекет ауқымы әлі алда еді. Алдымызда жолаушыларды әлеуметтік желідегі топтан мобильді қосымшаға жай ғана аударып қоюдан да басқа міндеттер тұр еді. Шын мәнінде, жыл жарымда қалыптасып қалған тұрақты тәсімді бұзу керек болды. Ал бұл әманда оңай шаруа емес. Әдет, дағды – шынында да пайдаланушылардың басты болмысы еді. Сонымен мұны екі негізгі – ІOS және Androіd платформаларында әрі пайдаланушылардың екі тобына – жолаушылар мен жүргізушілерге арнап жасау керек. Абырой-беделге нұқсан келмеу үшін қосымша бірден сапалы, қолайлы интерфейспен жасалып, «багтан», яғни қате атаулыдан ада болуға тиіс. Адамдардың алғаш танысқан сәтіндегі сияқты, жаңа бағдарламамен жүздесу әсері де өте маңызды, кейін оны өзгерту қиын. Мұны бағдарламаларға қатысты жартымды жұмыс тәжірибесі жоқ қайтадан (жуырда) құрылған команда жүзеге асыруға тиіс. Қараша айына таман қосымша мен маркетингілік материалдарды, басқа да дайындық жұмыстарын әзірлеу ісін аяқтап, 2013 жылдың 17 қарашасында пайдаланушыларды мобильді қосымшаға көшіру жөніндегі әрекетке кірістік. Алғашқы күндері өзім де жиі такси айдап, қосымшаның жұмысын тексердім, әрі жолаушылармен тілдесіп, ненің қолайсыз және ненің қолайлы екенін анықтадым. Көбінесе қызмет машинасына міндім, автоны ауыстыруға мұрша жоқ кезде, BMW X6 көлігімен шығып жүрдім. Соңғы жағдайда «Toyota Pro60X», «Corolla» тәрізді қарапайым автомобильдерге көзі үйреніп қалған жолаушылардың абдыраған кейпін бақылаудың өзі қызық. «BMW-ға» мінбес бұрын жолаушы «тапсырыс берген таксиім нақ осы ма» дегендей көлікті бір-екі айналып шығады. Машинаның ішіне кіргенде де оқтау жұтқандай сіресіп, үрпиіп отырады, тек «Индрайверде» істейтінімді айтқаннан кейін ғана бойын босатып, жайбарақат қалыпқа түседі, айтқан жеріне жеткенше онымен сұхбат жүргізіп, сервисті пайдаланушы ретіндегі ой-пікірін тыңдап барамын. Бастапқы бірнеше апта бойы жолаушылар қосымшада да, бұрынғысынша топта да тапсырыс беріп жүрді. Екі дереккөздің тапсырыстары қосылып, мобильді қосымша арқылы жүргізушілерге түсіп отырды. Қосымша геокартасыз жұмыс істеді, «шығатын» және «баратын» нүктелерді жүргізушілер кәдуілгі мәтін түрінде жазып отырды. Тапсырысты алу үшін жүргізуші бұрынғысынша жолаушыға телефон соғып, егжей-тегжейін анықтай түсті. Ал бұл біршама ыңғайлы әдіспен, жолаушылардың телефон нөмірлерін көшірмелеп, жолаққа енгізіп жатпай-ақ, таспадағы көңіліне жаққан тапсырысты түрте салу арқылы жүзеге асырылды. Бағымызға орай, жолаушылардың көпшілігі әлеуметтік желінің қалыпты функционалдарымен салыстырғанда, арнаулы мобильді қосымшаның әлдеқайда ыңғайлы екеніне тез көз жеткізіп, соған көше бастады. Бағдарламалық жасақтама сапалы жасалып, мінсіз жұмыс істеді. Шамамен жолаушылардың жартысы және жүргізушілердің түгелге жуығы қосымшаға өтуін күте тұрып, желтоқсанның бір күнінде «Тәуелсіз жүргізушілер қауымдастығының» құрылғанына екі жылдай өткен шақта, біз ол арқылы келетін тапсырыстар тасқынын тоқтаттық. Сол сәттен бастап тапсырыстардың барлығы тек қосымша арқылы қабылданатын болды. Қолайлы жағдайлар жасап, «ykt.ru-да» және басқа алаңқайларда ауқымды жарнамалық іс-шараларды жандандырудың арқасында санаулы айлар ішінде тапсырыстар мен жолсапар саны «ТЖҚ» кезіндегі көрсеткіштен үш есе өсіп, тәулігіне 10 000 тапсырыстан асып түсті. Тұрғындар сервисті мойындады. Сөйтіп, «Индрайвер» дүниеге келіп, аяғын қаз басты. Жаңа стартапты жоспарлай жүріп, әлдебір технологиялық стартаптардың неліктен табысқа кенелетініне ой жүгірткен кезде жетістіктерге жету моделінің (немесе олардың тоғысар тұсының) негізгі үш тұрпаты бар екенін есте ұстағаныңыз жөн. Шартты түрде оларды былайша сипаттауға болады: «Аса жаңаша дүмпу». Бұрын пайдаланылмаған және нарықты жаулап алған жаңа модель. Мысалы, «Aіrbnb», «Uber/Lyft», «eBay», «Groupon», «WhatsApp». Әдетте стартаптардың мұндай тұрпаты идеяның сонылығына емес, ең қолайлы, өзін күтіп отырған сәтте нарыққа шыға қою амалына арқа сүйейді. Мысалы, «WhatsApp-тың» басынан өткен жағдайды алатын болсақ, бұл интернетке қосылған және клиенттерді тауып, олармен қосымшада тілдесуге мүмкіндік беретін смартфондардың кеңінен таралуына байланысты болып еді. «Copycat». Бос жатқан немесе енді пайда болатын нарықта/тауашада «аса жаңаша» модельді қайталау. Мұндай тұрпатқа «Dіdі Chuxіng», «Ola», «Delіvery club», «Yandex», «Maіl.ru», «VK» жатады. Бұлардың бәрі бұрын өз елдерінде немесе тауашаларында көкке өрлеген стартаптарды қайталады. «Сындарлы жақсарту». Осы тұрпаттағы стартаптар бұрыннан келе жатқан лидерлердің үлгісін алып, оны едәуір жақсартып, сапа арқылы көшбасшылыққа ұмтылудан қорықпайды. Мұндай уақиғалардың мысалы ретінде «Facebook», «Google», «Telegram», «Apple-ді» айтуға болады. Біздің жағдайымызда «ykt.ru» – басқа көп сервисті порталдардың өз тауашасындағы, яғни Якутияның аймақтық нарығындағы «копикэті», ал «іnDrіver», Uber тәрізді сервистерге қарағанда, түбірінен басқа үлгіге сүйенгендіктен, «аса жаңаша дүмпу» мен «сындарлы жақсартудың» буданы болып шығады. Жеке бастың күйзелісінен шығуға қатысты жұмысты жалғастыра келе, бақыттың болмысын түйсіне отырып, мақсатты түрде төңірегіме өзіме жағымды да жайлы жандарды жиып, өзім қалаған тірлікті ғана істей бастадым. Үйдегі жиһаздарды өзгертіп, керек емес заттарды және бұрынғы киім-кешектерімнің түгелге жуығын лақтырып тастадым. Өзіме ұнайтын нәрселерді – балаларыммен бірге қыдырыстауды, кітап оқуды, тау шаңғысымен сырғанап, волейбол мен футбол ойнауды жиілеттім. Өзім түзген лайфограмма бойынша тұлғалық дамуды жалғастыра келе, ішкі, рухани өсуге ұмтылып, байыпты да көңілді жүруге, өзім үшін қияметтей көрінетін екі сала да байланыс жасау, қарым-қатынас орнату дағдыларын жетілдіре түсуге көңіл бөлдім. Бірінші сала бойынша әртүрлі психологиялық эксперттермен, рухани тәлімгерлермен танысып, ақыл-кеңес алдым, тұлғалық кемелденудің бірер тренингіне, соның ішінде психологиялық тұрғыдан күш түсірген жаттығуға қатыстым. Менің ойымша, мұндай тренингілер ересек адамдарға пайдалы және қауіпті емес, сөйте тұра, түп-төркіні күмәнді сектанттық және діни сипаттағы ұйымдардан аулақ жүрген абзал. Жалпы, бизнестің жоғарғы лигасына шығу үшін кәсіпкерге не миллионнан бір рет ұшырасатын сәттілік, не инсани және рухани өрлеудің ұшар басына өз бетінше көтерілу керек. Адамдарға жұғысып, тіл табуға бейімділігімді жетілдіру үшін бірқатар – шешендік өнер, көпшілік алдында сөз сөйлеу, шетел тілдерін үйрену жөніндегі дәстүрлі курстар мен шеберлік сабақтарына қатыстым. Кекештіктен арылу жөнінде ауқымды тәлім алып, апталар бойы үндемей, содан соң апталар бойы жаңадан тілі шығып келе жатқан балаша сөз айтуды үш есе баяулата, жай сөйлеп, әр күн сайын біртіндеп қарқынды үдете түсуді үйрендім. Бірақ тумысынан белсенді, шапшаң болмысты маған баяу сөйлеу қиын болды, сондықтан мектептің нұсқамасын шын мәнінде қалай болса, солай орындап жүрдім. Бәлкім, осы курстың менің тұтықпалығыма түк әсер етпеген себебі де сол шығар. Сонымен, осындай тренингілердің, курстар мен түрлі кеңестердің барысында Киевке, үш күнік коммуникативтік тәсілдер бойынша оқуға бардым. Киев – ғажайып та көрікті көне қала. Мен бұған дейін де барғанмын. Жаңа сапардың есте қаларлықтай ерекшелігі бүкіл қалада Еуромайданның өршіп жатқан шағы – 2014 жылғы қаңтардың соңы еді. Орталықтағы түрлі нұсқалардың бірін таңдай отырып, «bookіng.com» арқылы Киевтегі қонақүйге «тіркеліп» қойдым. «Борисполь» әуежайына кешкісін ұшып келіп, такси ұстадым да, мекенжайды айттым. Таксиші мені әлдебір таудай үлкен баррикаданың қасына жеткізді де, қонақүй алаңның арғы жағында екенін және оған өте алмайтынын айтты. Ақысын төлеп, түсіп қалдым. Ауаны түтін мен ыстың иісі буып тұр. Баррикадалар арасында иіндеріне камуфляж іліп, шаңғышылар мен мотоциклшілердің каскаларын киген сұсты ересектер күзетіп тұрған ені тарлау өткелек жол бар екен. Әлгілер түгелдей резеңке келдекпен және ағаш сойылмен қаруланып алыпты. Түрі жапонға не қытайға ұқсайтын момақан кейіптегі «ботанға» тиісе қоймас деген үмітпен олардың арасымен сыналап өте бердім. Баррикаданың арғы бетінде шатырлар тігілген бульвар бар болып шықты. Бульвардың соңына жеткенде, Тәуелсіздік алаңына тап келдім. Көз алдыма керемет көрініс керіле қалды. Аумағы атшаптырым алаңға адам лық толған, жағалай шатыр тігіліп, әр тұстағы алаулардың тілі аспанға шапшып тұр. Ішіне от жағылған бөшкелердің үстінде тамақ пісіріліп, жорық асханасы жұмыс істеуде. Әр алуан көлемдегі шатырларға украин қалаларының аттары ілінген. Қаптаған қарапайым адамдардың арасында мойнына плакат, ұран іліп, қолдарына жалау ұстаған көзге қораш біреулер сенделіп жүр. Орталықтағы бір ғимараттың алдына кешкі қараңғылықты жарық сәулесімен кері серпіген алып экраны бар үлкен сахна орнатыпты. Сахнада митинг жүріп жатыр. Үздік-создық жеткен дауыстардың арасынан «...еуропалық, еркін держава...», «...Украина Ресей де, Белоруссия да емес...» деген сияқты сөздерді ажыратуға болады. Анда-санда әлдебіреу: «Украина жасасын!» деп қатты айғайлайды. Оған таяу жерден «Батырлар жасасын!» деп жамырай үн қосады. Бұл Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі бандершілердің жауынгерлік ұраны екенін, оны жақтаушылар Майданға қатысушылар арасына таратып, танымал еткенін кейін білдім ғой. Бірнеше фото түсіріп, қонақүйімді іздеуге жөнелдім. Алаңнан қашық емес, қарсы бетінде болып шықты. Келесі күні «News.ykt.ru-дың» журналистері компанияның чатына жіберген фотосуреттерімді көріп, разы болды да, уақиғаның ортасында жүргендіктен, кеңейтілген репортаж беруімді өтінді. Мен тренинг біткеннен кейін, сапардың соңғы күні өтініштерін орындауға уәде бердім, тап сол жерде не болып жатқанын көру өзіме де қызық еді. Жігіттерге берген уәдем бойынша қол босаған күні Тәуелсіздік алаңына беттедім. Енді мен сонда жүргендерге арнайы жолығып, олардың уәждері мен мақсаттарын білуге тырыстым. Майдан, шын мәнінде, екі үлкен бөліктен тұратынын бірден байқадым. Біріншісі – Тәуелсіздік алаңындағы тұрақты шатырлар қалашығы мен митинг, екіншісі таяу жердегі, Грушевский көшесіндегі демонстранттардың полицияға қарулы қарсылығы күшейіп, ширыға түскен жиын түрінде көзге түсті. Тәуелсіздік алаңындағы адамдармен сұхбат жүргізу барысында олардың дені интеллигенция өкілдері – мұғалімдер, дәрігерлер, ІT-мамандары екені мәлім болды. Наразылық білдірушілердің басым бөлігі орташа және егде жастағылар екен. Оларды Майданға Януковичтің басқарушы билігіне наразылық сезімі алып келген. Олар билік басындағылардың қылмыскер банда екенін ашық айтып, әділетсіздік пен заңсыздықтың түрлі мысалдарын алға тартты. Бұл адамдардың аузынан Ресейге қатысты аса жағымсыз әңгімелер естіген жоқпын, Путин жөнінде құрметпен пікір білдірді, бірақ тәуелсіз дәурен сүргілері келетінін мәлімдеді. Ұлтшылдар мен жаугерлер, негізінен, Грушевский көшесіне шоғырланыпты. Онда мүлдем басқаша ауан жайлаған, әскери әрекеттердің ортасына түсіп кеткендей әсерде боласың екен. Анда-санда жарықтандырғыш – шу шығарғыш гранатаның гүрсілі естіледі. Биік баррикадалардың үстінде медициналық тұмылдырық, респираторлар, әрқилы каскалар мен шлемдер киіп, қолға түскен жарақпен қаруланған жас жігіттер мен сақа ересектер жайғасыпты. Бәрі көшенің арғы бетіне қалқандарын құрсанып тұрған арнаулы жасақтар мен полицияға көз тіге қалыпты. Екі жақтан да талай адам қырылған жаппай атысқа дейін бірнеше апта қалған еді. Әзірше демонстранттар жағы тас кесектер, «Молотов коктейлін» лақтырумен, ал «Беркут» шеріктері мен полицейлер жағы көзден жас парлататын газ атумен ғана шектеліп тұрды. Ал осыдан бірнеше күн бұрын алғашқы құрбандықтары бар қақтығыс болып, жағдай қатты ширығып алған екен. Фотосуреттер түсіріп, бірнеше қысқа сұхбат алып, қонақүйге келдім. Мәтінді құрастырып, қызметкерлерге жолдап жібердім. Келесі таңда Киевтен ұшып шықтым. «Уkt.ru-да» жарияланғаннан кейін репортажым елеулі қызығушылық пен дүрбелең туғызды. Әртүрлі пікірлер – «бұра тартпай, шынайы, дәйекті репортаж бергеніңіз үшін рахмет» деген алғыстан бастап «ykt.ru-дың» бандершіл болмысы да ашылып қалдыға» саятын айыптаулар да қаптады. Комментаторлардың көбі объективті болу үшін тек киевтіктердің емес, сондай-ақ елдің әр облысындағы басқа украин қалалары тұрғындарының да пікірлерін беру екенін жазып жатты. Содан Украинаға «news.ykt.ru-дың» тілшілерін жіберуге ұйғардық, оның үстіне ол жақтағы уақиғалар күн өткен сайын ширығып, әлем жұртшылығының, соның ішінде сахалардың да назарын өзіне аударып алған еді. Тілшіміз наурыз айында Киевке, Донецкіге, Львов пен Қырымға барып қайтты. Күткеніміздей, тұрғындардың пікірі екіге жарылды. Донецк мен Севостопольдың халқы Еуромайданға қарсы шықты, ал Киевтегілер, Львовтағылар оны жақтады. Журналист репортажға өз пікірін қоспай, деректерді бұрмаламай, уақиғаны қаз-қалпында жазды. Оқырмандардың ой-пікірлері қайтадан әрқилы өрбіді – біреулері толық қолдап, біреулер аяусыз сынап жатты. Осы репортаждар сериясы жарияланғаннан кейін бірсыпыра уақыт өткенде мына уақиғаларды бастан өткердім. Мені Якутия президентінің жанындағы аймақтық ІT-ді дамыту жөніндегі кеңестің жанындағы топ құрамынан шығарып тастады. Мен сол кездегі сала президенті Егор Борисов басқарған кеңес жетекшісінің орынбасары едім. Менімен әртүрлі органдардың өкілі сөйлесіп, репортаждарымыздың жазылу себебі мен мақсаттарын сұрастырды және өте қауіпті әрі тұтқиылдау тақырып ретінде Украина мәселесіне жоламауды табанды түрде талап етті. Якутскіге Мәскеуден ұшып келген жедел құқықтық қызмет өкілдері сыртымнан астыртын видеобақылау орнатып, сөйлескенімді тыңдағанын, сондай-ақ компания және жеке өзім жасаған қаржылық транзакцияларды тексергенін кейін білдім. Бәрі таза екеніне, бұл жерге ешқандай «мемдептің қолы» сұғылмағанына көздері жеткен соң, олар көп кідірмей кетіп қалған, ал біздің сайыпқыран саха басшылары тексеріс келе жатқаны туралы біліп, «сақтықта қорлық жоқ» дегендей, мені ІT жөніндегі кеңес құрамынан шығара қойған. Алдын ала сақтанған, әйтеуір. Жалпы, Украинадағы уақиғалар соншалықты тартысты болып, Ресейдегі уытты да ауыр тақырыпқа айналарын білгенде бұған жоламас едік. Бірақ біз алдымызда не күтіп тұрғанын ешуақытта дәл болжай алмаймыз ғой. Бұл да бізге бағалы сабақ болды. Осы хикая бір жыл өткеннен кейін өзіндік ерекшелігімен жалғасын тапты. 2015 жылдың 3 наурызында белгісіз біреулер «Синеттің» жалған баспасөз хабарламасын таратып, «ykt.ru» порталы ресейлік аймақтық порталдарды сатып алумен аты шыққан «Hear Shkulev Medіa» холдингіне 1 миллиард рубльге (бағамы бойынша шамамен 16 миллион долларға) сатылғаны туралы мақаланы қоса жариялады. Осы холдингінің АҚШ мемлекеттік департаментімен байланысы жөнінде мәліметтер келтіріп, осылайша Ресейдің дұшпандары Якутиядағы аудиторияға кірмек болып жатыр деп дабыралады. Жалған мәлімет авторлары «news.ykt.ru-дың» 2014 жылы Киев пен Львовтан «Украинаны жақтаған» репортаждар бергенін еске алып, «қаралау» жұмыстарын бастады, сөйте тұра, Донецкі мен Севостопольден берген біздің «проресейлік» репортаждарымыз жөнінде жұмған ауыздарын ашпады. Сондай-ақ «Синеттің» «іnDraіver» сервисін «мұхиттағы Британ аумағы» және «Халықаралық қаржы орталығы» деп аталатын әлдебір ұйымдарға сатқанын сөз қылды. Фейкке сендіру үшін олар «Sіnegroup.ru» доменінде «Синеттің» жалған сайтын жасап (нағыз VRL «Sіnegroup.ru» сияқты көрінеді), оған өтірік баспасөз хабарламасын жариялады. Сілтемесі ондаған, тіпті жүздеген бұқаралық ақпарат құралдары мен жаңалық тарату сайттарына жіберілді. Бағымызға орай, әлгі жаңалықты, келе жатқан ақпараттарды ешқандай тексермей, қолға түскенін шетінен жариялай беретін үшінші эшелонның бірлі-жарым басылымдары ғана жарыққа шығарды. Бізге қарсы ауқымды ақпараттық шабуыл басталғаны аян болды. Ал мұның кімге керек екені түсініксіз еді. Билік басындағылардың көбіне қолайсыз жарияланымдары жетерлік аймақтағы жетекші БАҚ мәртебесіне қарамастан, біз әрдайым шындықты жаздық және жалпы бизнесте де, ешкімге аярлық пен жауыздық жасамастан, әрқашан да адал іс-әрекет еттік. Қас дұшпандарымыз жоқ және ешқашан да болған емес. Біз шұғыл түрде жалған мәліметті теріске шығаратын баспасөз хабарламасын жарияладық. Мен өзімнің блогыма пост жаздым, оның түйінді тіркесі: «ykt.ru-ды» біз ешкімге ешқандай ақшаға сатпаймыз. Бұл, ең алдымен, тіпті компания бизнесінің емес, оның Якутиядағы қоғамдық дамуға жағымды ықпал етуінің негізі, сондықтан да ол – біз үшін өте маңызды, кез келген ақшадан құндырақ нәрсе» деген сөз болды. Жұртшылық жалпы «Синетке» жасалған ақпарат шабуылға байсалдылықпен, тіпті езуге күлкі үйіре қарады. Осыдан кейін мұның не екенін және тасасында кім тұрғанын анықтауға кірістік. Якутск – шағын қала, «мысық тілеулі достарымыз» қаншама із жасырып, ІP-адрестің және тағы басқаларының жымын жапса да, біз біртіндеп бәрін біліп алдық. Сөйтсек, мұның бәрін бықсытушы өзінің шағын бизнесімен жарнама саласында тыраштанып жүрген бір якут кәсіпкері екен. Ол «ykt.ru-дың» өкіметке басыбайлы әрі құлдық ұра қызмет ететін аналогын жасау үшін Якутия үкіметінен грант алуға дәмелі екен. Осы мақсатқа ол жиырма миллион рубльдей сұрапты. Үкіметтегілер оны бюджет қаражатын басқаратын инвестициялық комиссияға сілтеп жіберіпті. Ал онда осы жобаны Мәскеуден келген сараптау кеңесінің мүшелері келтесінен қырқып тастаған, өйткені оның далбаса нәрсе екені түсінікті еді. Салық төлеушілердің ақшасы ешқандай пайда әкелмей, текке желге ұшып кетер еді. Сонымен, алып қалармын-ау деген үмітті еміп, ақша жырымдау әуресімен жүрген ол кез келген сәтте біздің «ykt.ru-ды» шетелдіктерге сатып жіберіп, аймақтық жетекші жатжұрттықтар бақылауында қалуы мүмкін екенін өкіметке көрнекі түрде көрсету үшін осынау ақпараттық шабуылды ұйымдастырудан басқа амал таппаған екен. Бұл саяси тұрғыдан дүдәмал, тым қауіпті әрі дау-дамайға ұрындыруы ықтимал қадам еді. Жалпы алғанда, көздеген мақсаты бұлыңғырлау бұл идея құрдымға құлап тынды. Ал жерден жік шыққандай, әлгі «данышпан» өзінің жымысқы жоспарымен ақшадан құралақан қалғанын айтпағанда, жұрттың алдында өзін барып тұрған сұмырайдың кейпінде көрсетті, әрі нарықтағы ең ірі компаниямен, «Синетпен» қарым-қатынасын бұзып алды. Кейін әлгі бозымның тапсырысы бойынша осы фейктің техникалық жағын орындаған маман: «Ол екі рет: біріншісінде – осы әрекетке бел буғанда, екіншісінде әшкереленіп қалғанда ақымақтық істеді» деген еді. Жә, оның бәрі кейін айтыла жатар, ал әзірше 2014 жылдың басында «Индрайверге» ақшаландыру тетігін қосқанымыз біз үшін басты уақиғаға айналды: Якутскідегі жүргізушілер тапсырыс алу мүмкіндігін иелену үшін тәуліктік ауысымға ақы төлейтін болды. Бұл жедел түрде едәуір кіріс көзін жасап, компания бірден операциялық пайда табу режиміне көшті де, енді осы режимнен шықпады. Жылдар бойы шығыннан көз ашпайтын көптеген өзге ірі «rіde-haіlіng» компаниялардан «Индрайвердің» басты айырмашылықтарының бірі осы еді. Сондай-ақ 2014 жылдың ақпан айында Якутскіден тысқары жерлерде алғашқы сынақтама стартын өткіздік. Бұған Қиыр Шығыстағы және Шығыс Сібірдегі тоғыз қаланы ойланбастан таңдай салдық, оларды қосымшаға қосып, тіпті стартқа аяқтай бармастан, әр қалаға шамамен 10 000 доллардай жұмсап, жарнамалау науқанын өткіздік. Осы тоғыз бастау арасында Владивосток пен Оңтүстік Сахалин ерекше көзге түсті. Қосымша жолаушыларға қатты ұнап, бұл жөнінде өздерінің әлеуметтік ортасына белсене хабар таратты. Олардың соңына ілесіп, қосымшаға жүргізушілер де тартылып, тез өсіп келе жатқан тапсырыстар ауқымын орындауға атсалысты. Қосымша функционалының қарапайымдығын, жарнамалық бюджеттің шағындығын және жолға қойылған бизнес-үдерістер мен іс бастау тәжірибесінің жоқтығын ескере отырып, тоғыз қаланың арасынан екеуінің табысын жақсы көрсеткіш ретінде бағаладық. Ең маңыздысы, бұған дейін Якутскіде болған жағдай негізгі аудиторияның «сарафандық радио», яғни «ұзынқұлақ» есебінен өсуі қайталанғанына куә болдық. «WhatsApp» компаниясының жетістігі көз алдымызда өтті, өте қысқа мерзімде әрі су тегін түрде өзінің сервисіне қисапсыз пайдаланушыларды жиып алды. «Индрайвер» жергілікті құбылыс емес, біздің де үлкен желі құруға әлеуетіміз бар екеніне көзіміз анық жетті. Мен жалпы интернеттегі шын мәнінде ауқымды уақиғаны, яғни өз жобаңның тартымды, пайдалы болып, адамдарды қуантатыны соншалық – олардың өздері оған құлшына қосылып, дос-жарандары мен ағайын-туыстарын да шақыратын кезде шынында да ауқымды істі түгелдей өсімге құруға болатынына сенімдімін. Біз команданы бағдарламашылармен, дизайншылармен, маркетологтермен толықтырып, қосымшаны пысықтай түсуге, тың бастамалар әзірлеуге еселі қарқынмен кірістік. «Индрайверге» «Синеттен» тәжірибелі де талантты жетекші мамандар – бірден компаниядағы оң қолыма айналған, бизнесті дамыту жөніндегі директор Егор Федоров, өнім жөніндегі директор Юрий Костенко, экспансия жөніндегі директор Марина Аржакова келді. Олардың келуі команданы едәуір нығайтты. Жазға таман біз енді старттарға шығып, біртіндеп тәжірибе жинақтап, команданы оқытып-үйретіп, айына бір қалада іс бастауға кірістік. «Тәуелсіз жүргізуші қауымдастығы» «Индрайверге» айналған шақтан бастап менің алдымда жаңа стартапты қаржыландыру мәселесі тұрды. Бір жағынан, команда шағын болды, бұл стартаптың үйреншікті ахуалы еді, «Синеттің» ресурсынан жырымдамай-ақ, компанияны инвестициялық қаражаттармен дамыту мүмкіндігі еліктіре берді. Содан мен фандрайзинг – инвестициялар іздестіруге бел будым. Бұл кәсіпкерлік жолымдағы бірінші тәжірибем еді, өйткені «СахаИнвестпен» болған нақты жағдай инвестиция тартудан гөрі M&A мәмілесіне, яғни ұсақтың іріге қосылып, жұтылып кетуіне көбірек келетін еді. Ең әуелі мен «Якутия» венчурлік компаниясы» деп аталатын Саха үкіметі жуырда құрған қорға барып, компанияның 25 пайызын иеленуге айырбас ретінде 7,5 миллион (сол кездегі бағам бойынша 200 000 доллардан сәл асатын) қаржы салуды ұсындым. Яғни бүкіл компанияны 30 миллион рубльге, 2014 жылғы бағаммен 1 миллион долларға сәл жетпейтін қаржыға бағалауға даяр едім. Қор басшылығы жауап ретінде өзімнің жеке пәтерімді кепілге қойып, әлгі соманы өздерінен өсім пайызымен несиеге алуға кеңес берді. Аты айғайлап тұрғанына қарамастан, бұл компанияның венчурлік инвестициялау саласына ешқандай қатысы жоқтығы мәлім болды. Бұдан кейін біз нақ сол кезде құрылып жатқан Интернет-бастамаларды дамыту қорына (Ресейде ИБДҚ (ФРИИ) деген атпен белгілі) назар аудардық. «Индрайвер» оларда алғашқы онлайн-акселератордан өтіп шықты, ол қашықтан, Мәскеудегі командалардың қатысуынсыз бірінші әрі соңғы рет өткізілді. ИБДҚ-ға байланысты шаруамыздың бәрі бір видеоколл өткізуден, яғни жиырма жастағы бозбаланың ІT-стартаптарды дамытуға қатысты әлдебір озық білім жиынтығын маған дарытуға тыраштануынан әрі аспай қалды. Расында, бұл аса құнды ноу-хау еді, бірақ осы тілдесіп, шүйіркелесу барысында мен өзімді канденнің күшігінен жемтігін аулауды үйреніп жүрген ақ азу, көкжал қасқыр сияқты сезіндім. Сондықтан енді бой көрсете бастаған трекерімізге барынша назар салып, құлақ түрдім. Бұдан кейін ИБДҚ-мен арақатынасымыз бірер айдай, акселератор біткенге дейін, олардың есептеме құжаттарын атүсті толтырумен шектелді. Бәрі аяқталған бойда қор бірнеше жобаны іріктеп алып, оларға инвестициялық ұсыныстар жасауға, өзге инвестициялық қорлармен тамыр-таныстық желісін, яғни нетуоркинг (ағылш.: net – «желі» + workіng – «жұмыс») орнатуға уәде бергендіктен, амалсыз солай істедік. Ақырында, мұның бәрі бекер құр әурешілік болып шықты. ИБДҚ жұмыстың қашықтықтан істелетін қалыбын тиімсіз деп танып, ешкімге ұсыныс жасамастан, онлайн-акселератордың бүкіл стартапын жоққа шығарды. Міне, осылай шамамен 1,5 миллион рубльдің өтеміне ИБДҚ-ны 7,5 пайыз үлесі бар акционер қылу мүмкіндігінен айырылып қалдық. Дәлірегі, бұл мүмкіндікті ИБДҚ уыстан шығарып алды. Дегенмен сонысы дұрыс болды: Ресейдегі мемлекеттік және жартылай мемлекеттік инвестициялар шетелдік инвесторлар мен серіктестер арасында стартаптың инвестициялық тартымдылығын төмендетіп, компанияның қызметін елден тысқары жерлерде өрістету барысына кедергі келтіруі мүмкін еді. ИБДҚ-дан кейін, жазда, Ресейдің кәсіби VC-қорларына жол таптық, сол – сол-ақ екен, енді басқаша, әлдеқайда байыпты әңгіме басталып кетті. Достарым маған белсенді инвест-қорлардың emaіl-адрестері бар Excel-кестесін жіберді де, мен олардың жиырма шақтысына хат жаздым. Сегіз қор жауап қатты, солардың біразымен жүздестім, ақырында, «Индрайверге» Мәскеуден екі әлеуетті инвестор – «Frontіer Venture» және тағы бір қор шынайы қызығушылық танытты. Екеуі бізге бір мезетте, қатар оффер (жан-жақты ұсыныс) жібере бастады, мен де олардың арасындағы бәсекелестікті тап басып, сол кезеңдегі мейлінше пайдалы шарттарға – 2 миллион доллардай инвестицияға және қаржы салынғаннан кейін (postmoney) «Индрайвердің» компания ретіндегі құнын 7 миллион долларға бағалауға қол жеткіздім. Бұл енді «Якутия» венчурлік компаниясымен және ИБДҚ-мен тілдесу барысында айтылған капиталдандыру мәнінен әлдеқайда тәуір еді. Фандрайзинг пен M&A (қосылу мен жұтылу) мәмілесінде бәсекелестікті туындатудың маңызы зор, сонда стартапқа ұсынылатын шарттар едәуір жақсаруы мүмкін. Ақырында, «Frontіer Venture» қорымен term sheet, алдын ала келісімге қол қойдық. Қордың басшысы Дмитрий Алимов «Индрайверге» алабөтен қызықты. Алғашқы бірге тамақтану кезінде-ақ ол маған компания бағасының өсуін 200 миллион долларға дейін жеткізуге мүмкіндік барын айтты. Сол кезде бұл құдды бір қол жетпестей сан көрініп, өзіміздің үлкен ойынға кіріп бара жатқанымызды аңғартқан еді. Бірақ бізді қайран қалдырғаны:, Дмитрийдің өзі айтқандай, жанын сала қорғағанына қарамастан, мәміле «Frontіer-дің» инвестициялық комитетінен өтпей қалды. Қордың инвесткомитеті мәмілені тым күмәнді деп есептеп, қиып тастады. Мұны естіген бойда мен осыған дейін кідіртіп келген екінші қорға дереу хат жаздым. «Frontіer-дің» инвестициясы тоқтатылғанын айтпай, мен оларға компанияның 33 пайызын бағалау бойынша 7,5 миллион доллар тұратын үлесін қорға бере отырып, 2,5 миллион доллар инвестиция алу шартымен мәміле жасауға дайын екенімізді хабарладым. Біз term sheet-ке шапшаң қол қойып, инвесткомитеттің қарауынан жедеғабыл өттік те, бірнеше апта ішінде «due dіlіgence» – компанияның қаржылық жай-күйін зерттеп, өзіміз мәлімдеген KPІ-ды дәлелдеп үлгердік. Компанияның құрылғанына жылдан сәл асатындай уақыт өткендіктен, бұл аса қиындық келтірген жоқ, ресейлік ЖШС-мен ЖК мәліметтерін сүзіп шықса, бүкіл төлемдер де көз алдына келе қалатын еді. Содан кейін қор бізге – зияткерлік меншік иесіне компаниямызды Кипрде құру шартын қойып, өзінің қаржы салу ниетін тағы растады. Екі негізгі себеп бойынша бұл ресейлік ІT-компаниялар үшін қалыпты нәрсе болып саналады. Біріншіден, Кипр, Нидерланд, Швейцария, Сингапур сияқты жерлерде қабылданғанына жүздеген жылдан асқан ағылшын құқығы әрекет етеді, ал онда бизнес-келісімді рәсімдеудің шын мәнінде кез келген заңи тетігі қарастырылған. Қазіргі Ресейге капитализм үрдісінің келгеніне ондаған жылдар өткеніне қарамастан, елдегі іскерлік құқық әлі құндақтаулы, шақалақтай шалалау күйінде жатыр. Халықаралық іскерлік құқықтың негізін қалайтын көптеген ұғым мен ережелердің ресей заң-низамдарында заты түгіл аты жоқ. Екіншіден, Ресейдегі соттардың шешімін кейде тәуелсіз әрі дәйекті деп атау қиын. Бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу қаупі сейілмей тұрады. «Қалауын тапса, қар жанар» демекші, ақша мол, байланыс мықты болса, соттағы істі қандай да бір пайдаға шығаруға немесе экономикалық дау-дамайларға күш қолдану органдарын араластыруға болады. Мұның бәрі кез келген бизнеске қауіп төндіріп, стоп-фактор деңгейіне дейін жету қаупін қоюлатады. Әрі кәсіпкерлікті және, тұтастай алғанда, елді дамытудың ең түйінді мәселелерін алға көлденең тартады. Біз компанияны Кипрде құрып, оған зияткерлік меншікті рәсімдедік те, инвестиция жөніндегі барлық құжатқа қол қоюға енді оқтала бергенімізде, тұтқиылдан бір проблема төбе көрсетті. «Индрайверден» түскен ақшаны жинақтау үшін біз пайдаланған ЖК-нің есепшотына сол кезде шамамен 100 000 доллардай жинақталған еді. Инвестормен келіссөз барысында бұл мәселені біз талқылаған жоқпыз, ЖК өзіміздікі еді. Соған сәйкес әлгі ақшаны да өзіміздікі деп есептеп, оның бір бөлігін командаға сыйақы ретінде төлеп, қалған бөлігін «Синетке» қайтаруды жоспарлаған едік. Қормен осы ақшалар жайында сөз қозғаған кезде олардың бізбен сөйлесіп жүрген инвестиция жөніндегі директоры күтпеген жерден қатуланып, бүкіл ақшаны қайта құрылған Кипр компаниясына аударуымызды талап етті. Және де бұған дейін өзін байсалды да зиялы кейіпте ұстаған оның аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, қызбалана әрі дөрекі сөйледі. Үстіме мұздай су құйып жібергендей түршіктім. Әлгі 100 000 долларды қойшы, сөйлесу мәнері жанымды күйдірді. Егер қор бізге іс басталмай жатып осылай доқ көрсетіп, дойыр мінезін байқатса, болашақта не болмақшы? Құдды әлдекімнің жылмиып, жылыұшыраған жүзі кенет аранын ашып, азуын ақситқан жыртқыш аңның айбатына айналып кеткендей әсер етті. Иә, жағымсыз әсер еді. Мен бірер күн ойланып, инвестициядан біржола бас тарттым. Содан кейін маған инвестициялық қордың бас директоры хабарласып, мән-жайға қаныққан соң өзінің әріптесі үшін кешірім сұрады және мәмілені жалғастыруды ұсынды, бірақ енді бәрі кеш еді. Мен нақты кезеңде инвестицияны қабылдамай, әзірше істі өз қаражатыммен дамытуға шешім қабылдадым. Фаундерлердің, технологиялық медианың, сарапшылардың арасында, стартапшылар басқосуында инвестиция тарту мықтылық пен табыстылықтың ең басты өлшемі сияқты саналады. Ондай басқосулардың бүкіл ауаны инвестицияға байланып қалады. Мұндай көзқарасты бизнесті айналдырып алғандар – инвесторлар, заңгерлер, аудиторлар, кеңесшілер қосарлана қолдайды. Инвестицияның желеуімен арнайы жаңа стартаптар жасалып, құрылтайшылар қаржы тартуға айларын, жылдарын сарп етеді. Егер оларға инвестиция табудың сәті түссе, онда олар керікеткен, теріс экономика тұсында бизнесті дамытуға тыраштанып, ақшаны оңды-солды шашады да, содан соң компания тұралап тынады. Көбінесе стартаптардың өмір сүру циклі «идея – MVP (минималды өміршең өнім) – инвестицияны сәтсіз іздестіру – (компанияны жабу) немесе сиректеу ұшырасатын «идея – MVP – инвестиция – тарту – инвестицияны ысырап ету – келесі инвестицияны сәтсіз іздестіру – компанияны жабу» тәсімімен сипатталады. Тереңірек ойланатын болсақ, компания дамуының бастапқы сатысындағы инвестиция – жетістік емес, керісінше, сәтсіздік. Яғни сен компанияның шағын ауқымда дамуына арналған жеткілікті ішкі күш-қуаты жоқтығын, ал фаундерлердің өміршең модельді іздестіру сатысында команданы қолдап отыруға арналған минималды ресурстардан жұрдай екенін мойындағандай боласың ғой. Иә, компанияны дамытудың келесі сатысында да инвестицияны өте қажет болған жағдайда, жеке ресурстардың жетіспеуі салдарынан едәуір мүмкіндіктен айырылып қалатыныңызды көріп тұрған кезде ғана алуға тырысу керек. Бұдан басқа, инвестиция кезінде фаундерлердің үлесі шайылып кетуінің өзі – үлкен кемістік. Стартап – гурулардан, әсіресе инвесторлардан «100 миллиондық компанияда 50 пайыз үлесің болғанша, миллиардтық компанияда 10 пайызың болғаны жақсы» деген сөзді жиі естимін. Ал, шын мәнінде, миллиардтық компаниядан 80 пайыз немесе 100 пайыз үлес алғаның одан да жақсы ғой. Венчурлік инвесторлар мен бизнес-періштелерге айналған көптеген ауқатты адамдардың байлығы сонау 90-жылдар аласапыранында жасалған Ресейде бұл екі есе өзекті мәселе болып отыр. Егер осы инвесторлардың телефондарындағы контактілер тізімінен «киллер» немесе «решало» деген сөздерге қатысты бірдеңе іздестіре қалса, тиісті жазбалар табылып қалатынына шүбә келтірмеймін. Әр фаундер басын қатырмай, жас компанияға арналған ресурстармен істі жеңіл бастап кетуге дәмелі болады. Бірақ мүмкіндік табылып жатса, ол әрқашан да табылады, өзің тырмысып алға жылжығаның жөн. Компанияның өсуін жеделдету мақсатымен оң нәтижелі экономикасы бар тексерілген бизнес-модельге және абырой-беделі жоғары сенімді инвесторлардан инвестиция тарту керек. Маған Қазақстанға – якуттарға туыс халықтар тұратын елге бару әрқашан да қызық еді. Біздің сырт келбетіміздің ұқсастығы соншалық, сірә, бұрынғы заманда бір халық болған шығармыз. Азиялықтармен жиі араласатындар якутты бурятпен, моңғолмен, кәріспен шатастыра қоймайды және қытай мен жапонға ұқсатуы жүдә мүмкін емес. Ал қазақтан саханы ажыратып алғысыз. Қазақстанға барғанда менің бойымда оңтүстіктің әлдебір пұшпағында орналасқан Якутскіге тап келгендей сезім пайда болатыны өте күлкілі. Мені ондағылардың бәрі қазақ екен деп қалады. Қазақ үлкен үш жүзге бөлінеді: ұлы, орта және кіші жүз. Сонымен қазақтар мені үнемі ұлы жүзге жатқызады. Бұл, сірә, игі ниеттері шығар, өйткені нақ осы жүздің адамдары билік басында отыр ғой. Араласып-құраласу барысында қазақтар өзін қарапайым ұстайды, әрі якуттерден гөрі ашық келеді, ешкімді жатырқамайды, жарқын жүзбен тіл табысуға бейім тұрады. Бірақ бір нәрседен – сырт көзге доқ көрсетіп, «понт» жасаудан ұқсаймыз. Тап якут сияқты қатардағы бір қазақ қаралай қарызға кіріп, соңғы тиын-тебенін берсе де, өзіне – жарқыраған қымбат машина мен смартфон, ал әйеліне тері тон сатып алады. Алматыға алғаш ұшып келгенімде мені таксилердің қалай жұмыс істейтіні таңғалдырды. Жұрт ешқайда қоңырау шалмай, көшеге шығады да, қолын көтеріп, авто ұстай салады, интернет-агрегаттар мен ірі желілік компаниялар пайда болғанға шейін, Ресей қалаларында да тап осылай еді. Бірақ авто тоқтауын күтіп, ұзақ тұратын Ресейдегіден бір айырмашылығы – Қазақстанда қол көтерген сәтте алғаш ұшырасқан автомобиль, кейде екі-үшеуі қатарынан тоқтай қалады. Арт жақта тұрған автомобильдің жүргізушілері жолаушы бірінші машинаның иесімен келісе алмауын тілеп, тықыршып тұрады. Бәрі таксилетеді. Тіпті қымбат, жол талғамайтын көліктердің иелері де жолаушыларды жолшыбай жеткізіп тастап, жұмысқа не үйге қарай келе жатқанда бірер жүз теңге табыс табудан тартынбайды. Астанада да тап осындай ахуал орныққан, онда қысқы климат такси үшін әлдеқайда қолайлы көрінеді: қалада 400С-қа дейін аяз буып тұрған кезде, көбінесе ызғырық жел соғады, адамдар мұндай ауа райында автомобильмен жүргенді қолайлы көреді. Оның үстіне, солтүстік Дубай статусынан дәмесі мол асқақ мақсатпен, шапшаң қарқынмен дамып келе жатқан осы қала тұрғындарының орташа табысы жоғары болғандықтан, таксимен жүруге шама-шарқы толық жетеді. 2014 жылы Қазақстанда желілік компаниялар мен агрегаторлар болған жоқ, содан қайтып келген бойда жігіттерге: «Бір істі бастауымыз керек, бізді сол жақта не біржола күйреп тыну, не бас айналар табысқа жету сәті күтіп тұр» дедім. Мені жолаушылардың таксиді соншалықты жиі пайдаланатыны және жеке автомобиль иелерінің жаппай адам тасумен айналысатыны таңғалдырған еді. Қазақстанда орыс тілін және «ВКонтакте» сияқты үйреншікті платформаларды пайдаланатынына байланысты Ресей қалаларының стартына әзірліктен аса көп айырмашылығы жоқ дайындық жұмыстарын жүргізе келе, 2014 жылдың желтоқсанында Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) істі бастап кеттік. Бұл «Индрайвердің» Ресейдің шегінен және сол кездегі ең ірі қалаға тұңғыш рет шығуы еді: Қазақстанның астанасында миллионға тарта адам тұрады. Демімізді ішке тартып, алғашқы күндері қаланың жаңалыққа қалай назар аударатынын қадағаладық: Астана санаулы апталардың ішінде «көкке самғады!» Бірден бірнеше фактор сәйкес келді: еркін нарық, жүргізушілердің жолшыбай жеткізіп тастау үрдісінен тартынбайтыны және осы қызмет түрінің тұрғындар арасына кеңінен танымалдығы, адамдардың салыстырмалы материалдық жағдайының тәуірлігі мен смартфондардың кең таралғаны, ел тұрғындарының саудаласу мен үнемдеуді ұнататыны және қызметті пайдаланушылардың осы жаңалық жөнінде өзінің төңірегіндегілерге құлшына әңгімелейтіні іс қамына үйлесе кетті. Біз Ресейден келген «Индрайверді» Батыстың озық технологиясының жаңалығы ретінде қабылдау жағдайына да тұңғыш рет кезіктік. Тіпті Якутия Қазақтаннан шығыстау аймақта жатса да, біз шартты түрде ескірген түймелі телефондар (жол жиегінен такси ұстаушылар) арасындағы айфон сияқты күй кештік. Жолаушыларды, негізінен, көшеде қол көтеру кезіндегі автомобильдер тасып жүрсе де, солай болды. Астана «Индрайвер» үшін шын мәнінде ірі жетістікке айналып, команданы бұрынғыдан бетер шабыттандыра түсті. Алматыда қолым бос күні Эриксон коучингі бойынша бір күндік семинарға жазылып, қатысып көрдім, оны атақты психотерапевт Мильтон Эриксонның шәкірті, Эриксон университетінің негізін қалаушы Мэриллин Аткинсон ханым жүргізді. Бұл таңғаларлық сәйкестік пен кездейсоқтық еді, оның үстіне мен оған коучинг жөнінде ештеңе білместен, тұлғалық кемелдену бойынша жүйелі жұмыс істеу барысында жай әншейін бара салдым. Жұрттың көбі коучинг деген – бизнес-жаттығу мен кеңесудің қоспасы деп ойлайды. Сәнге айналған сөз инфобизнеске арналған бүркеме ақшаны алдап алудың шегіндегі айла-шарғы деп топшылайды. Шын мәнінде, коучинг өзінің дәстүрлі қолданысында – құлшынысыңды қоздататын психология, мықты да пайдалы құрал. Егер дәстүрлі психология адамның өткен өмірін зерттесе, коучинг оның болашағын барлайды, мұндайда мейлінше экологиясы тәуір әрі қауіпсіз психологиялық тәсілдерді пайдаланады. Маған Аткинсонның өзі мен семинары өте ұнады да, Эриксон университетінің Мәскеудегі филиалында кәсіби білігі жоғары коуч болуды оқып-үйренуге шешім қабылдадым. Оған төрт айдай уақытым кетті. Негізінен, оқу бірнеше тікелей жаттығулар жасау арқылы өткізілді. Бізге бірталай теорияларды, болашақты көзге елестетіп, адам не істерін білмей, қандай қарекет жасарын тап баса алмай тұрған шақта туындайтын сауалдарға жауап табудың қызықты тәсілдерін үйретті. Басқа тыңдаушылар сияқты, мен де студенттермен, дос-жарандармен, таныстарыммен және блоктағы шақыруыма жай ғана үн қатқан бейтаныс жандармен жүзден аса коучинг-сессиялар өткіздім. Менің жағдайымда бұл коммуникативтік дағдылар мен эмоциялық интеллектіні, эмпатияны дамыту амалы ретінде өте пайдалы болды. Ал бұдан алған ең басты нәрсем – адам бойындағы әрекетке құштарлық ауаны қалай жұмыс істейтінін айқын да жете түсінуім еді. Бұл – кез келген кәсіпкер мен лидер үшін өте маңызды нәрсе. Маған Дилтс пирамидасы ең тиімді құрал болып көрінді, ол логикалық теңдеулердің пирамидасы ғой. Осы модельге сәйкес, адамдар мәні елеулі қылықтар мен іс-әрекеттерді өзінің тектілік деңгейі мен құндылықтар ауқымына сүйене отырып жасайды. Яғни өзіңді шынымен батыр санасаң және саған ізгі қылықтар мен ерлік істер жасау маңызды болса, онда өзіңді ерлік істеу мүмкін жағдайларға саналы немесе бейсаналы түрде апара отырып, оны орасан зор күш-қуатпен және құштар көңілмен жасайтын боласың. Сондай-ақ керісінше де болады: қоршаған ортамыз бізді тым төмендеу деңгейде ынталандырады. Лифтіге қамалып қалған адам сияқтымыз. Қоршаған ортасы – сынық лифт, оның іс-әрекетін айқындайды (бірақ жігерлендірмейді). Ол көмек сұрауға немесе босатып алғанша уақыт өткізуге тырысып, смартфонын қалтасынан шығарады. Осы жай-ахуалдағы негізгі құндылық – уақыт, оны жоғалту орны толмастай өкінішті туындатады. Мұндай жағдайға ең лайықты өзіндік сәйкестілік, бірегейлік бағасы – жолы болмаған, сәтсіздікке ұшыраған адам. Құлшыныстан жұрдай, әлсіз, осал тәсім. Оқыту барысында бізге осы модельді берген кезде менің бойымда барлық нәрсе өз орнына келгендей болып, тұлғалық дағдарыс кезінде өзім талай қиналып жинақтаған пазл өздігінен құрыла қалды. Бәріне мән-мағына беру үшін «мен – кіммін» дегенді түсініп алу керек! Өзінің шынайы бағасын, өмірлік мұратын айқындап, негізгі құндылықтарын ұға білгені абзал. Міне, осыдан, Дилтс пирамидасына сәйкес, маған нені қалай істеу, қайда өмір сүріп, қандай адамдармен араласу керегі жөнінде түсінік келеді. Және де бұл құштарлық пен күш-жігердің қуатты көзін дарытады. Өмірде өзіңді табудың маңызы аса зор. Онсыз сен қалың тұман ішінде сандалып жүргендей не ағыспен белгісіз жаққа лағып бара жатқандай боласың. Өзіңді тапқаннан кейін қай жаққа қарай беттегеніңді, не істеу керегін және оның саған не үшін қажеттігін түсінесің. Сен өзіңнің жеке басыңнан артық нәрселердің бәрін алып тастап, енді өзіңмен-өзің болуға тырыспайсың және соның нәтижесінде бұрынғыдан бетер үйлесімділікке жете бересің. Ал нақ осы өмірлік үйлесім – бақыттың негізгі құрамдас бөлігі ғой. Көптеген белгілі философтар мен психологтер адамның өзін іздестіріп табуы жөнінде айтады. Густав Юнг өзінің даралану теориясы арқылы адамның өз «Менінің» тұтастығы мен тепе-теңдігіне жетуге талпынысының бүкіл мән-маңызын көрсете білді. Даниэл Левинсон «арман» ұғымын енгізіп, онымен жеке талпыныстарының әсерімен адамның жеке басының дамып-жетілуін түсіндіргісі келді. Абрахам Маслоу өзінің ой-толғамдарында «маңғаздану», «өзін-өзі дәріптеу» терминін пайдаланды. Эриксон университетінде оқып-үйренудің соңында емтихан тапсырып, ресми статус, коучтың сертификатын алдым және содан кейін бірнеше ай бойы, әдейі уақыт бөліп, мен кіммін, өзім істеп жүрген тірліктің мақсаты мен мәні не екенін түсінуге тырысып, ой толғадым. Өткен шақтың тәжірибесін еске түсіріп, түрлі нұсқасының суретін салып, көзге елестеттім, метафораларды пайдаландым. Ақырында, бір күні маған аян берілді. Мен «СахаИнтернет» тарихының бас кезінде: туған күніме орай біреудің «Сендер жарап тұрсыңдар, бірақ дамып-жетілуді доғармаңдар. Сендер велосипед мініп келе жатқан сияқтысыңдар. Тоқтап қалсаңдар – құлайсыңдар» деп жазғанын еске түсірдім. Осы метафора маған ұнап қалып, компанияның «Дамуда – тұрақтылық» деген алғашқы ресми ұранын ойлап тауып, бекіткен едік. Біз оны кез келген жерде логотипке және компанияның атауына қосып қоятын болдық. Содан соң, көп жылдан кейін, тұлғалық дағдарыстан шығу үшін не істедім? Дамып-жетілуге шешім қабылдадым. Лайфограмма құрып, тренингілерден өттім, жаңа ілім-білімнің ұлан-ғайыр ауқымын игеріп, психологиялық жаттығулар т.б. жасадым. Кәсіпкер ретінде істеп жүрген нәрселерім өзіме неліктен ұнайды? Ақша табу ешқашан да басты мақсат болған жоқ қой. Біріншіден, маған еркіндік маңызды. Мен өзіме ұнаған нәрсені істегім келеді. Жарайды, түйінді сөз – «ұнаған» екен. Ал маған не ұнайды? Шағын сайттан өз аймағындағы аудиторияны қамтуы жөнінен Ресейдегі №1 аймақтық порталды құру, ешкімге белгісіз провинциялық ойыншыларды елдің таңдаулы киберспортшыларына айналдыру, аймақтық жоғары оқу орнын санаулы федералдық университеттердің бірі деңгейіне көтеру сияқты, бір қарағанда, әрқилы нәрселерді өзара не біріктіріп тұр? Неліктен бізге тәуелсіз журналистиканы қолдау маңызды? Неге ешқайда қоныс аудармай, Якутияда қалып қойдым. Осы сауалдардың бәрінің жауабы бір ғана түйінді сөз – «даму». Маған өзім бейжай, немқұрайлы қарай алмайтын нәрсені дамытқан алабөтен ұнайды. Нөлден әлдебір үлкен, жарқын әрі тамаша нәрсені жасағым келеді. Бұл мені, командамды және басқа да көптеген адамды шабыттандырып, бізге күш-жігер мен қуат береді. Менің өзім де мұндай ретте «дамытушымын». Орыс тілінде жоқ осы сөз («развиватор») менің жеке болмысым мен төл миссиямды мейлінше дәл сипаттайды. Бұл өз өмірімдегі ғажайып, ең маңызды жаңалық болды. Бұған қоса, ғайыптан келген аян мені баурап, өрістей берді. Егер даму тек мені ғана емес, команданы да шабыттандырса, онда, бәлки, осы миссия командаға да тиесілі шығар? «Синет» – дамудың компаниясы және «дамытушылардың» командасы ма? Жауабы «иә» болды! Бұл көздеген нүктеге, нысананың ортасына дәл тигізу еді. Біз «дамытушылармыз» және бізге өзімізден бастап, компанияны, оның жобаларын қоса алып, тарихи отанымыз – Якутияға, одан әрі Ресейге және байтақ әлемге өтіп, жан-жағымыздың бәрін дамытып, жетілдіру маңызды міндет. Шын мәнінде жобаларымыздың, мейлі, ол жаңалықтар сайты, ІT-де жетімдерге кәсіптік бағдар беру немесе коммерциялық шаруа болсын, бәрі дамуды көздейді. Өйткені шағын бизнеске тиімді классифайд – хабарландырулар тақтасы арқылы жұмыс беру, адамдарға үйде отырып сушиге, пиццаға тапсырыс беру мүмкіндігін жасау немесе тез әрі қолжетімді такси қызметіне қолдау көрсету нәтижесінде біз өзіміздің қаламызды, елімізді, әлемді дамытамыз әрі өзіміз де өркендейміз ғой. Өз борышымызды, компанияның міндетін сезіне, шын мәнінде, өзімді таба келе, мен күйзелістен біржола шыға алдым. Өмірдің осынау маңызды сын-сауалына төтеп беруге шамам жетті.
БЕСІНШІ БӨЛІМ. ДАМЫТУШЫ
«Табыс ақша емес, еркіндік әкеледі».
Нельсон МАНДЕЛА
Ішінара кәсіпкерліктегі және тұтастай бизнестегі миссия мен құндылықтар ұғымы кейбіреулерге кейде мән-мағынасы бұлыңғырлау жаттанды да жылтыр сөздер тәрізді көрінеді. Олар, әйтеуір, бар болуға тиіс, бірақ не үшін екені онша түсінікті емес әлдебір желбуаз корпоративтік нышандар болып саналады. Дегенмен миссиядан, құндылықтар мен мақсаттардан тұратын компанияның пайым-көзқарасы немесе «Vіsіon statement» – өте қуатты, пәрменді құрал. Ол кәсіпкерлікте, көшбасшылықта, команданы жасақтау ісінде шырқау шыңға шығу, көкке самғау секілді. Бизнес-тренингілерде, курстарда, арнаулы әдебиетте, іскерлікке арналған басылымдарда белсенді сатылымға тайм-менеджмент, келіссөздер, қарсылықпен жұмыс істеу тәсілі сияқты қолданбалы тәсілдер мен құралдарға көбірек көңіл бөлінетіні көзге ұрып тұрады. Әрине, бұл да маңызды, әсіресе CRM-ді енгізу, жобаны басқару, «agіle» тәрізді әдістеме т.б. сияқты практикалық нәрселер жөнінде сөз қозғағанда, әлгі айтқандар дәл келеді. Бірақ команданы іске құлшындырып, белгілі бір құндылықтар дарыту ісіне өте аз көңіл бөлінетіні таңғалдырады. Бұл қия шыңға шығуға тәуекел еткенімен, тек құрал-жабдығына ғана назар аударатын, неліктен биік тау басына өрлегісі келетіні жөнінде ойланбайтын альпинист сияқты. Егер бұл өздеріне шынымен маңызды болса, онда олар тістеніп алып, қиындық атаулыны еңсере отырып, қолға түскен кез келген, азды-көпті жарамды жабдықпен шыңға шығады; ал маңызсыз болса, онда ең сайлы да жайлы, қымбат құрал-жабдықпен де жүрістерін мандыта алмай, жол ортада ошарылып қалуы мүмкін. Мұның қалай екеніне бір мысал келтірейін. Егер командаңызды оңбағандардың бандасы деп атап, өзіңіз үшін адамдарды алдап, тонау маңызды екенін ылғи айтып, іспен дәлелдеп берсеңіз, онда көп ұзамай маңайыңызда алдау мен тонаудан ләззат алатын өңкей оңбағандар ғана қалады. Команданың міндеттері мен құндылықтарын таңдап, оның дүниедегі орнын көрсете отырып, сіз әлдебір ұйытқы жасайсыз, оған әлгі миссия мен құндылықтарға іш тартып, жеке басы құрмет тұтатындар қосыла бастайды. Мен тез көкке өрлеп, ірі бизнеске қол жеткізген компаниялардың талайын көрдім. Өйткені олардың лидерлері ілкімді іс бастағанымен, сыртқы дүниеге қатысты өзін тәртіпті, ынсапты қалыпта ұстай алмады. Оның жетекші мамандары мен қызметкерлері көрсоқыр емес қой, оның жеке үлгісі арқылы өздерін неге үйретіп жүргенін көріп отыр, содан олар да өзгелерді, соның ішінде құрылтайшы мен компанияны да алдап-арбауға көшеді. Деструктивті құндылықтардың бой көрсетуі, оның үстіне оны саналы түрде енгізу түбінде компанияны күйретіп тынады. Сол кезде ақша тауып, пайда түсіруден басқа ештеңені ойламайтын кәсіпкерлердің дефолтқа ұшырауының өзін міндет пен құндылыққа балаудан басқа амал қалмайды. Бірақ бұл өте осал «Vіsіon statement» екенін айтуға міндеттіміз. Онсыз да төрт құбыласы сай, дәулеті мол болып келетін компания иелері мен жетекшілерін одан сайын байыта түсу үшін жұмыс істеуге ешкімнің зауқы соқпайды. Компанияның шынында маңызды, бейматериалдық мақсаттарды көздеуі ынта-ықыласты әлдеқайда күшейте түседі. Жұртшылыққа белгілі мынадай бір жақсы тәмсіл бар. Бірде Джон Кеннеди NASA-ға кіріп, дәліздердің бірінде сыпырғыш ұстаған тазалаушыны кезіктіреді. Аз-кем тілдесіп, әңгімелесу барысында еден жуушы өз жұмысының мәні алғашқы адамды Айға ұшыруға жәрдемдесу екенін айтып қалады. Түсініп тұрсыз ба? Аптасына алатын екі жүз долларға бола жұмыс істемей, ол адамзат тарихындағы ұлы оқиғалардың біріне атсалысып, үлес қосып жүр. Шама-шарқы жетсе, тегін жұмыс істеуден де тартынбас еді! Бірге жұмыс істеген, бірі – жай ғана қабырға, ал екіншісі ғибадатхана тұрғызған тас қалаушылар туралы да осыған ұқсас тәмсіл бар. Хикаяның мәнісі мынада: адамдар өздеріне маңызды да елеулі саналатын мақсат қояса, рахаттана әрі бар күш-қуатын сарп ете жұмыс істейді екен. Олар күніне 8 емес, 15 сағаттан еңбектенеді. Тіпті үйде отырғанда да жұмысына алаңдап, «нені және қалай жақсы жасауға болатынын ойлай береді». Керісінше, бейматериалдық ынта-ықыласқа мән бермейтін компанияларда қалыпты 8 сағатты құр өткізіп, іс жүзінде 1 сағаттай бірдеңе істеуі немесе мүлде жұмыс істемеуі мүмкін. Олардың ең өнімділігінің айырмашылығы 15:1 – он бес еседей болуы ықтимал! Шынында да өте қажет болған кезде болмаса, мен қызметкерлерді ешқашан да кеш қайтуға және демалыс күндері жұмыс істеуге мәжбүрлемеймін. Сағат 20:00-де жұмыс орнында отырған қызметкерді көрсем, әдетте үйіне, отбасына қуамын. Адамдарды (өзіңді де) жұмыспен зорықтырудың қажеті жоқ, әйтпесе олар қажып бітеді. Бұл марафонға жүз метрлік қашықтыққа жарысу қарқынымен жүгіргенмен бірдей әумесерлік болады. Иә, жұмыстан отбасының қамы қымбат. Кәрі-құртаңдар үйі мен ауруханалардағы ахуалды зерттеуден белгілі жайт: жантәсілім қылып, ақырғы демін аларда ешкім аз жұмыс істедім деп өкінбейді, қайта жанына жақын тұтатын адамдармен онша көп араласа алмағанына қатты опынады екен. Міндеті мықты компанияларда жұмыс істейтін адамдар әлдеқайда бақытты. Ал ол – команданы бақытты ету деген керемет қой. Бір сөзбен айтқанда, көзбен көргендей, көңілге түйгендей пайымдай білу – компанияны түлетіп, жандандыратын нағыз сиқырлы нәрсе, құдіретті күш! Әлгінде айтқанымдай, пайым-көзқарас міндеттен, құндылықтар мен мақсаттардан тұрады. Міндет, яғни миссия дегеніміз – компанияңыздың және команданың болмысы болып табылатын нәрсе, компанияның өзін-өзі анықтап, бірегейлендіруі, Дилтс пирамидасының ұшарбасы. Миссия жігерлендіріп, негізгі айырмашылықтарыңызды айшықтауға тиіс. Оны «біз өз саламызда үздік хирургиялық қызмет көрсетеміз» дей салғаннан гөрі, «біз кардиохирургиядағы озық технологияны пайдалана әрі жетілдіре отырып, адамдардың өмірі мен саулығына арашашы боламыз» деп түсіндірген абзал. Міндет ұзақ жылдарға белгіленеді. Мақсаттарды орташа мерзімді перспективаға орайластырып, оларды әрі өзекті, әрі өлшемді етіп қойған жөн. Бір кезде аяғынан енді қаз басқан балаң «Nіke» солай істеді – «Adіdas-ты» күйретуді көздеді. Құндылықтар әр қызметкер бойына дарытуы қажет инстинкттердің жиынтығы сияқты бірдеңе болып шығады. Мысалы, лидер «дәлдіктің» құндылығын жеке ісімен көрсетіп, үлгі тарата берсе, уақыт өте келе ол адамдардың уақытты текке жібермей, шынайы, бұрмаланбаған ақпарат беруге көшкенін көреді. Егер әлдебіреу өзінен сұралған ағымдағы цифрларды білмей қалса, басшылықтың ыңғайына жығылып, аузына келгенін соға салмайды. «Оны нақты білмеймін, анықтаған кезде айтамын» деп жауап қайтарады. Өйткені хабардар болып көрінуден гөрі компания мәдениетінде дәлдіктің жете бағаланатынын түсінеді. Егер «дәлдіктің» орнына «әрқашан да хабардар болу» құндылығы қойылса, онда қызметкерлер құндылық қалыбын бұзбау үшін ойланбастан жауап бере салуға бейімделе бастайды. Яғни қате көрсетілген құндылықтар зардап шектіруі мүмкін. Сондай-ақ құндылықтардың жасанды емес, шынайы болуы да өте маңызды. Джим Коллинздің кітаптарының бірінен жақсы мысал кезіктірдім: әлдебір компанияда «біз бір отбасымыз» деп жар салады. Сөйте тұра, топ-менеджмент, яғни басшылар жағы қымбат интерьері, қызыл ағаштан жасалған жиһазы мен таңсық асқа толы буфеті бар бөлек флигельге орналасады. Егер біреулері оқшаулана дәурен сүріп, оңашалана әрі өзгелерінен жақсырақ тамақтанса, қалай бір отбасы саналады? Соған сәйкес, әлгі құндылық, сонымен бірге, естеріңізде болсын, басшылық жалаулатқан басқа құндылықтар да желге ұшып, қоқыста қалады. Бәрі өтірікке және жалған уәждемелі айла-шарғыға айналады. Қызметкерлер жасандылықты айқын сезеді. «Синеттегі» қызметкерлер саны 150 адамнан асқан кезде (ал бұл ұжымдағыларды жүзбе-жүз танымайтын шама ғой) біз «бір-бірімізге отбасымыздағыдай қолдау көрсетеміз» дегенді «біз – командадан да артықпыз» деген ұранға ауыстырдық, сол арқылы бір-бірімізге жай компания ұжымындағыдан да көбірек қолдау көрсетіп, қамқоршы болуға тиіс екенімізді аңғартқымыз келді. Егер қызметкерлер бір-бірін танымаса, қандай отбасы болмақ? «Vіsіon statement-ті» өзекті күйінде ұстау керек қой. Джим Коллинздің сол кітабында тағы бір жақсы мысал келтірілген: «Walmart» желісінің негізін салушы Сэм Уолтон үнемдеудің құндылығын ылғи жалаулатып жүрген. «Walmart» – үнемдеу қағидасына негізделген және өзінің сатып алушыларының үнемдеуіне көмектесетін желі. Соған сәйкес, Уолтон – ғұмыр бойы миллиардер екеніне қарамастан, мейлінше ынсапты тұрмыс салтын ұстанған кісі. Қарапайым үйде тұрды, ескі, тозығы жеткен автокөлікпен жүрді, билеті арзан ұшақпен ұшты т.б. Қызметкерлер оған қарап, бой түзеп, үнемдеу құндылығына және фаундер мәлімдеген басқа да құндылықтарға қалтқысыз сенді. Егер, мысалы үшін айтқанда, үнемдеу құндылығын суқаныңыз сүймей, үлде мен бүлдеге оранып, аста-төк молшылықтың ортасында жүргенді ұнататын болсаңыз, оны жақауратпай, «Біз лакшириді ұнатамыз» деп ашық айта беріңіз. Сонда жаныңызда түбінде сондай тұрмысты ұнататындар қалады да, бірлесе жүріп барлық жағынан молшылық пен сән-салтанатқа жетесіздер. Осы адалдау әрі пайдалылау болады. Бірде Қазақстанға барғанда кездейсоқ ұшырасқан жүргізушімен сұхбаттасу барысында такси тақырыбынан ауытқып кеттік. Ол маған өзі танитын екі басшы жайында әңгімеледі. Солардың бірі – ірі автобазаның егделеу бастығы өзінің басқару әдібін үнемі айғайлап, балағаттау мен жазалауға құрған екен. Оны қызметкерлердің бәрі жек көріпті. Олар жұмысқа ықылассыз келіп, қалт еткен шақта қашып кетуге асығып тұрған. Екіншісі, 25 жастағы қылшылдаған жігіт супермаркетті басқарыпты. Ол өндірістік істердің бүкіл иірімін бес саусағындай біліп, қиын жағдайда көмектесіп, сәл жетістікке бола қызметкерлерді мақтап отырған. Су құбыры жарылған кезде өзге жұмысшылармен бірге түні бойы шұңқырдан шықпай, түтіктерді жөндеуге жәрдемдескен. Бұл жігіттің абырой-беделі артып, ұжымның құрметіне бөленген. Тіпті ол «біз бір отбасымыз» деп ресми түрде жар салмаса да, команда оны түйсігімен түсініп, әрқайсысы өзге әріптестеріне туыстық көңілмен қараған. Іс-әрекеттен көрінетін құндылық іске асады; ал сөз жүзінде жария етіліп, іс жүзінде орындалмайтын құндылықтардан түк пайда жоқ. Ең дұрысы, құндылықтарды айқын белгілеп, нық ұстану керек. Құндылықтар қысқа да нұсқа болуға тиіс. Баданадай қаріптермен он параққа толтыра жазған компания құндылықтарының сипаттамасын оқып шығу қиын және бәрін түгел есте сақтау мүмкін емес. «Синеттің» құндылықтарының ағымдағы тізімі 9 тармақтан тұрады, оның әрқайсысында 2–3 құндылықтан бар. Оларды сайтымыздан табуға болады. Солардың арасында «біз пайда алып келеміз», «дәлдік», «біз дамуды жігерлендіреміз», «ынтызарлық», «жоғары кәсіби біліктілік», «біз командадан да артықпыз» деген сияқты мәнді тіркестер бар. Құндылықтар миссия тәрізді аса тұрақты емес, команданың дамуына орай уақыт өтінде өзгеріп, жетіле береді. Миссия мен құндылықтарды қалай орнықтыруға болады? Олар туралы үнемі айта беру керек. Ірі қаріптермен жазып, көрнекі жерге іліп қойған жөн. Интернетке қосылғанда логиннің терезесінен көрініп тұратындай етіп қойса, тіпті жақсы. Корпоративтік блокқа уәждемелі хаттар жазып, пікірлер жариялап, оларды жүйелі еске сала берген тиімді. Қызметкерлерді үнемі ынталандырып, арнайы байқаулар өткізу керек. Құндылықтарды ұстанған жандарды мадақтап, марапаттаған жөн: ал оған мойынсынбайтындармен ат құйрығын кесіскен абзал. Сонда ғана компанияңызға қатысты пайым-көзқарасыңызды сипаттаған ұжым қалыптасады. Бұл – кесек темірден қылыш соғып немесе тастан мүсін қашап шыққанмен бірдей тірлік. Осы тірліктің «Синетте» қалай жасалатынынан бір мысал келтірейін. Дамып-жетілу, тұлғалық кемелдену мәселесі бойынша басқа да іс-шаралармен қатар, жыл сайын «Sіnet Challenge» атты спорттық байқау өткіземіз. Оған қатысатын қызметкерлер күрделі, бірақ қол жеткізуге болатын мақсаттарын жария етеді. Содан соң компания олардың ойлағандарын жүзеге асыруға жәрдемдеседі. Бірер айдан соң жеңімпаздарды іріктеп алып, фирманың есебінен өз челендждерінің тақырыбы бойынша шетелдік сапарға шығарып, көтермелейміз. Мысалы, бірде екі қыз – біздің дизайнер мен маркетолог жеңімпаз болды. Олар суға түсуден қатты қорқады екен. Балалық шақта тереңге батып кете жаздағандықтан, суға аяғын батырудан да үрейлері ұшады екен. Қыздар жүзіп үйренудің екі айлық челенджін өздеріне мақсат етіп қойыпты. Бассейнде сабақ өткізіп, олардың үрейді жеңулеріне, су бетінде қалқу дағдыларын игерулеріне жәрдемдескен жаттықтырушыға еңбекақыны компания төледі. Біз екеуін сол жылғы «Sіnet Challenge-дің» жеңімпазы ретінде жариялап, компания есебінен екі апта бойы кайтсерфингіні меңгеру үшін Шри-Ланкаға жібердік! Содан олар бастапқы деңгейде су бетімен сырғанауды үйреніп қайтты. Өзіңіз ойлап қараңызшы, аквафобиядан Үнді мұхитының толқындарына тербеліп, кайтингімен жүзудің арасында қаншама ұзақ жол жатқанын. Мұндай нәрселер команданы қатты шабыттандырып, біз шынында да дамуға талпынған жандармыз, біз дамушылармыз деген қуатты сигнал жібереді. Мұндай үлгілер менің өзімді де шабыттандырып, тіпті кәсіпкерлік тірлікті бастағаныма бірталай жыл өтсе де, істеп жүрген шаруамды алапат күш-қуатпен және ынта-ықыласпен атқаруыма септеседі. «Ынтазарлық» құндылығына қатысты басқа бір мысал келтірейін. Егер қызметкер осы құндылықты ұстанып, төңірегіне жайбарақат емес, жанашырлықпен қараса, онда бұл оны жұмыста да, одан тысқары жерлерде де жағымды нәтижелерге жеткізеді. Мысалы, «ykt.ru-дың» жаңалықтар бөлімінің қызметкерлері «Твиттерден» өздері танымайтын адамдардың «Индрайвер» автомобиліне телефондарын қалдырып кеткендері туралы постты кездейсоқ көріп қалады делік. Олар компания ішіндегі байланысты пайдаланып, бастаманы өз қолдарына алады да, «Индрайвердегі» жауапты адамдарды тауып, бірлесе телефонды иелеріне қайтаруға көмектеседі. Жаппай жағымсыздық пен қатыгездік жайлаған тұста мұндай құлық жақсы қырымен ерекше көзге түсіп, компания абыройын арттырады, бизнесті дамыту ісіне жәрдемдеседі. Оның үстіне мұндай нәрселерді қасаң қызметтік нұсқама ретінде қағазға түсіріп, басшылыққа алу қиын, тіпті мүмкін емес қой. Тұрмыста да, жұмыста да мұндай жай-ахуалдар жетіп-артылады, бұл мәселеде басшы компанияны дамыту ісіндегі пайымдау мен құндылықты ардақтау тәсілдерін мейлінше пайдаланып, жетілдіру арқылы дүниеге игі үлес қосу ережесін жүйелі түрде ұстана алады. Мен командаға жазып, корпоративтік блокта жариялаған уәждемелік хаттар осы бағыттағы сондай қадамдардың бірі болды. Енді 2015 жылы жазылған хатты (аздаған қысқартуларымен) келтіре кетейін.
Бақытқа барар жол «Өміріміздің басты мақсаты – ондағы негізгі қозғалыс – бақытқа қарай қозғалу».
XІV Далай Лама
Кіріспе
Құрметті синеттіктер, мен осы хатта бүкіл өткен өмір ағымында, әсіресе соңғы жылдары ұзақ ой толғаудың және жеке басымдағы өзгерістердің жемісі болып табылатын ой-пікірлерімді, жоспарларым мен арман-тілектерімді баяндаймын. Бұл нені және не үшін істейтінімізді, алдымызға қандай мақсат қоятынымызды түсінуге, маған көмектескені сияқты, сіздерге де септігін тигізіп, әлдеқайда бақыттырақ және саналылау өмір сүруге мүмкіндік береріне нық сенімдімін. Кез келген адам бақытты болғысы келеді. Бұл – табиғаттың өзі жатырда жатқанда-ақ дарытқан қуатты бағдар. Бақыт деген – адам үшін табиғи, таңғажайып жай-ахуал, оған өзің ғана ұмтылып қоймай, осыған жету үшін өзгелерге де көмектесуің керек.
Оған жетудің жолы қандай? Қалай бақытқа кенелуге болады?
Осы сауал адамзаттың талай данагөй тұлғаларын толғандырды. Алуан түрлі жолдар мен шешімдер ұсынылды. Ежелгі Грекиядағы эпикурийлік философия ағымы көкке көтерген бақытқа материалдық игілік пен қанағат арқылы жету жөніндегі дәстүрлі идея қазіргі кезде өзінің дәрменсіздігін танытты. Бұл айдан анық ахуалға айналып келеді. Мүмкін, мыңдаған жылдарға созылған жалама ашаршылық, жойқын соғыстар, жұқпалы індеттер, негізгі ресурстар тапшылығы дәуірінің ХХ ғасырдың ортасынан бастап молшылық дәуіріне ұласқанынан да солай көрінген шығар. Ғалымдардың есептеуінше, адамзат баласы өндіретін тағамның 30–50%-ы қоқыстан бір шығады, оны өндірушілер, сатушылар және сатып алушылардың өздері лақтырып тастайды. Біздің арғы әжелеріміз бен аталарымыз электр қуатын білген жоқ, ормандағы ағаш сүрегін теріп, қорек қылды, ал қазір орташа тап Вьетнамнан теңіз ирекшелерін алдырып жей алады, әрқайсысының үйінде ІP-TV жедел интернеті, қос теледидар мен 5 гаджеттен бар. Бірақ осының бәрі бақыт алып келмейді. Көңілі қалаған автомобильге қол жеткізу қанағатқа бөлейді, бірақ бақытқа кенелтпейді. Шетелге саяхатқа шығу соны әсер сыйлайды, бірақ бақыттылықтың басты нышандарының бірі – ішкі жан дүниеңнің жарасымына жеткізе алмайды. Аңсаған бақытына жете алмаған сайын тұтыным әлемінде өмір сүретін пенде түрлі ойға кетіп, нәпсісінің келесі нысанын таңдайды, тек сол ғана, мейлі, ол брендтік киім-кешек пе, айтулы автомобиль ме немесе сайлы да жайлы пәтер ме – бәрібір, өзін бақытқа бөлейтіндей көреді. Сөйтіп, сағымдай сылаңдаған елестің соңынан қуа береді. Тұтыным мәдениеті жасанды түрде жасалып, қолдан қуатталатынын ұмытпау керек. Ол бизнесті, экономиканы, прогресті алға жылжытып, өркениеттің өрлеуіне көмектеседі, бірақ жекелей алғандағы молшылық адамдарды шынайы бақытқа жеткізе алмайды. Қолайлы тұрмыс қалыбынан, сапалы білім мен медицинадан, өзіңіз үшін маңызды саналатын заттар мен құбылыстардан ада-күде бас тартпай-ақ, бақытқа жетуге күш жұмылдыруға тырысыңыз.
Бақытқа қарай үш қадам «Google» компаниясында бір ғана, сірә, өте дарынды адамнан тұратын зерттеу бөлімі бар, ол тек бақыт мәселесін, оның болмысы мен оған жету жолдарын зерделеумен ғана шұғылданады. Сол зерттеуші бірнеше қорытынды жасап, сонысын конференцияларда айтып жүр, тіпті кітап та жазды. Проблемалардан аулақ кетіп, жайбарақат қалыпқа ене білу. Біз күнделікті күйбең тірлікке біржола жегіліп алып, көбінесе күйзелісті жағдайда жүреміз. Кәнеки, сол мәселелермен айналысайық, күйзелісті жеңу дағдылары жөнінде семинарлар, шеберлік сабақтарын таңдап алып, жүйелі өткізіп тұрайық. Жыл бойы «Синеттің» офисінде эксперттердің ұсынбаларына сәйкес жабдықталған, жанға жайлы релакциялық кеңістік жасайық. Адамдар жөнінде тек жақсы ойлауға тырысу. Әркімнің мықты және осал жақтары болады. Егер адамның жағымды жағын көре алмасаңыз, ол туралы ойламауға тырысыңыз. Өзгелерге өкпелемеңіз. Қарапайым ғана амал бар. Өзіңізге қарай жолданған жағымсыз сезім ағынындағы нәрсе өн бойыңызда жоқ болса, өкпелеудің өзі ақымақтық қой. Өкпе-реніш туындағанның өзінде кешіре біліңіз. Өкпе арту, әсіресе өзіңізге жақын, қимас адамдарға ренжу басқа нәрселерге кәделі өмірлік күш-қуатыңызды көп алып қояды. Қалай кешіру керек? Ең тәуір тәсілі – адал көңілмен ақтарыла, кінә артпай, ізгі тілеумен ашық сөйлесу. Бір-біріңді түсініп кешіре білу. Қатты қуанып, бақытқа бөленген сәттерді есте сақтау. Көпшілігіміз мынау пәниде бастан өткерген жақсы нәрселердің көбін ұмытып, тек жамандарын ғана есте сақтап қаламыз, біз кекшілміз. Солардың орнын ауыстыруға тырысыңыз, яғни жаман нәрселерді ұмытып, жақсыларын жадыңызға тұтыңыз. Мысалы, сүйікті жанмен өзеннің немесе теңіздің жағасында отырып, батар күннің алауын тамашалаған сәтті есте сақтаңыз. Қол ұстасып, толқын атқан жағалауды кезіп жүрген кезді көзге елестетіңіз. Сенбі күні таңда балаларыңызбен жастық атысып, алысып ойнағаныңызды аңсай беріңіз. Әлгінде ғана қайнатылған кофенің дәміне сүйсініңіз. Жұмыста табысқа жеттіңіз, әдемі гол соқтыңыз. Дәл осы кезде көзіңізді жұмып, сол сәттен ләззат алыңыз, есте сақтап қалыңыз. Өзіңізді фотоға түсіріп, сол суреттерді көрнекі жерге қойыңыз. Әлде видеотаспаға жазып, «Мынау қандай керемет!» деп айғайлаңыз. Әлеуметтік желіге жариялап, әлде күнделікке бөлек тегпен жазып, ашық режимге немесе өзіңізге ғана арналған тізбеге қойып, өз бақытыңыздың шежіресін түзіңіз. Болашақта қиын жағдайға кезігіп қалсаңыз, соған қарайсыз, сол бойда көңіліңіз серпіліп, жағымсыз сезім жылыстай жоғалады.
Жасампаздық мақтанышы «Бақытты болудың тиімді тәсілдерінің бірі – еңбегіңіздің нәтижелеріне мақтану» деп жазады Роберт Кийосаки. Осы тұрғыдан «Синетте» жұмыс істейтіндердің жолы болып тұрғандай: еңбегіміздің нәтижелерін бүкіл әлемде жүз мыңдаған адам пайдаланады. Баршаға пайда әкелуді көздегендіктен, бұл компаниямыздың миссиясында жазылған – бүкіл аудиторияға ізгілік сыйлап жүргенімізге емін-еркін мақтана аламыз. Біз сөз бостандығы арқылы әділеттілікті қолдап, мыңдаған адамды жұмысқа орналастырамыз, бірталай шағын бизнес өкілдерінің тапсырыс алып, отбасыларын асырауына мүмкіндік береміз, ілім-білімнің құтын таратып, жағымды көңіл-күй дарытамыз. Тіпті таза коммерциялық жобалардың өзінде де Тағам мен Маркеттің сапасы мен қолайлылығы арқылы, Купон мен Сейлдің арзан бағалары арқылы – біз адамдарға пайда келтіреміз. «Индрайвер» нарықтағы бағаның өсуін тежеп, жолаушылар тасымалдау саласын түбірінен жақсы жағына қарай өзгертіп келеді. Біз түрлі әлеуметтік және қайырымдылық акцияларды тікелей жасаймыз. Осылайша, барлық жерде және әрбір істе көздейтін мақсатымыз, ең алдымен, адамдарға пайда әкелу. Әр нәрсенің айырмашылығын ұғу үшін бүкіл жұмысы қағаздарды салыстырып, бюрократиялық кедергілер жасаудан бастап пара сұрауға және ипотекасын уақытылы төлемеген адамдардың баспанасын тартып алуға дейін баратын көптеген шенеуніктер мен банкирлерді көзге елестетіп көріңізші. Өз еңбегінің жемісі үшін алкомаркет қызметкерлерінде қандай мақтаныш болуы мүмкін? Тағы бір сауда орталығын салуға орын босату үшін ағаш барактарды адамдарымен қоса өртейтін девелоперлерде ше? Балаларға дәрі-дәрмек алуға бөлінген ақшаны ақырын «жымқыратындар» ше? Осының бәрі бизнес саналады. Ал бізге, «Синеттегілерге», шынымен мақтануға тұрарлық нәтиже бар, соған не жетеді. Бұл шабыттандырып, бізді бақытқа бөлейді.
Ең басты нәрсе Бақытқа жету тақырыбы бойынша менің тапқан ең қуатты, мықты әрі сенімді нәрсем – махаббат. Маған махаббаттың мынадай анықтамасы ұнайды: бұл – өз өміріңдегі ең жақсы нәрсенің бәрін қайтарымсыз, риясыз әрі шартсыз бере салуға дайын болатын сезім. Асқақ айтқанда, жаның пида. Сүйген адам өзінің сүйгені үшін өмірін қиюдан да тайсалмайды. Ана жарықтық атылғалы тұрған арыстан мен баласының ортасына ойланбастан түсіп, оны жалаң қолымен қорғап, жанын қиюдан аянбайды. «Сүйетін, қолындағысын тартып алмай, барын бөліп бере білетін адам бақытқа жеткізер жолда бара жатады» деген тәмсіл бізге шығыс халықтарының нанымдары арқылы жеткені белгілі. Бұл ретте өзіңді сүймесең, өзгені де сүйе алмайсың. Бұл – маңызды қағида. Сіз не өзіңізді жақсы көре алатындай халге жетуіңіз керек, не өзіңізді баз қалпыңызда түсініп, ұната білуіңіз керек. Күрделі де дара тақырып. Өз басым бір кездері дамып-жетілу, жаңару жолын таңдадым, оның үстіне тұлғалық кемелдену – тартымды әрі қызық үрдіс. Адами болмыстың жағымды көріністері арқылы өзгелермен материалдық деңгейде, эмоциялық, психологиялық, интеллектілік өреде барыңды бөлісуге де, керісінше, жағымсыз көріністері арқылы артық нәрселерді бойыңа жиып алуға да болады. Мысалы, адалдығыңыз бен жауаптылығыңызды көрсете отырып, өзгелерге сенімділік пен батылдық сыйлап, көмек бересіз. Ал еріншектік немесе бойкүйездік көрсету арқылы әлдебіреудің, өзіңізді қоса алғанда, бітпеген, шаласүрең нәтижелерін бойға жия бересіз. Адам неғұрлым күшті болған сайын, өзінің қайырымдылығымен, сүйіспеншілігімен өзгелерді соғұрлым көбірек қамти түседі. Өзінен, отбасынан бастап күллі адамзат баласына дейін – бәрін жарылқай алады. Сондай ауқымға дейін өскен тарлан тұлғаларды барша жұрт біледі, олар: Леонардо да Винчи, Эйнштейн, Стив Джобс сияқты дарабоздар. Өз кемеңгерліктерінің ерен күш-қуатымен олар миллиардтаған адамдарға бағалы бірдеңе бере білді және әлдеқашан бақи дүниеге аттанып кетсе де, әлі беріп келеді. Республикада ІT-индустрия мен жалпы зияткерлік өндіріс арналарын дамыту жөніндегі бұрынырақ қалыптасқан қоғамдық миссиямызбен біз бейсаналы түрде әлемдегі ең қызықты әрі перспективалы салалардың бірі саналатын, тез дамып келе жатқан ІT аясында жұмыс істеудің барлық артықшылығын өзіміздің шағын отанымызбен бөлісуге ниет еттік. Бұл біздің отаншылдығымыздың, өзіміздің атажұртымызға деген сүйіспеншілігіміздің көрінісі еді. Енді, мұны саналы түрде жасаған кезде, біздің талпынысымыз бұрынғыдан бетер қуатты әрі мақсатты бола түсетіні сөзсіз. Мен өзімде бар жақсы нәрселерді өздеріңізбен, синеттіктермен бөліскім келеді. Мен сіздерді жақсы көремін. Мен сіздермен нәтижелері мақтауға тұрарлық Якутскідегі ең жақсы жұмысты бөлісемін. Мен білімім, өз тәжірибем, күш-қуат пен құштарлық бастауларын, осы хатты қоса алғанда, барлығын бөлісемін. Егер сіз кез келген мәселе бойынша, өзіңіздің тұрмыстық проблемаларыңыз жөнінде кеңескіңіз келсе немесе осы хатта көтерілген тақырыптарды тереңірек талдауды қаласаңыз, мен әрқашан да сізді қабылдауға дайынмын, әрі құлшына әңгімелесемін. Мен сіздермен саяхатқа шығып, спортпен айналысудың мүмкіндіктерін бөлісемін: бұл – менің өмірімдегі ең жақсы нәрселердің бірі. Материалдық молшылыққа жету мүмкіндіктерін де ортаға саламын. Сала бойынша орташа деңгейдегі тұрақты жалақыдан табыс табу тарихындағы таңғаларлық жоғары деңгейге жетудің жолын айтып беремін. Таяу жылдарда команданың негізгі мүшелеріне жұмыс істеп тұрған компаниялардағы, бас компанияны қоса алғанда, акционерлік капиталдың 25%-ын үлестіремін, сондай-ақ келешекте жаңадан құрылатын компаниялардағыдан да сонша мөлшерде үлес бермекшімін. Соның нәтижесінде сіздердің араларыңыздағы ең табанды, қабілетті әрі жігерлі жандар долларлы миллионерлерге айналады. «Синет», сірә, бүкіл Якутиядағы қызметкерлердің кез келгені өз еңбегімен, дарынымен, күш-қуатын аянбай жұмсауымен соған қол жеткізуге нақты мүмкіндігі бар жалғыз орын шығар. Материалдық байлықтың өзі бақыттың кілті болмаса да, өзгелерге қызмет ету үшін ресурстар ұсына отырып, өмір сүруге қолайлы ортаны иеленуге жәрдемдеседі, тағы бір өте құнды нәрсе – еркіндік береді. Еркіндік – ерікті түрде еркін, бостан болмау, жанкешті еңбек ету арқылы қол жеткізген мына өмірдегі ең басты жетістіктерімнің бірі. Мен осы еркіндікті, оған қол жеткізіп, кәдеге жарату жөніндегі білімімді бөлісуге дайынмын. Мынау тірлікте өзім тырбанып, еңбекпен табатын жақсылықтың бәрін – сапалы медицинаны, білімді, тұлғалық өсуді, өмірге өзімді-өзім танытуды, бизнестен пайда табуды – шетінен санамалай айтып, тап қазір әлде сәл кейінірек сіздермен бөлісуіме болады. Бұл мені бақытқа кенелтеді! Біздің аймақтық негізгі бизнесіміз бен жаһандық стартаптарымыз қомақты еркін қаражаттарды бере бастаған кезде жарғылық капиталдың өз үлесіме түскен кірісін венчурлік қорлар құруға жұмсаймыз, олар жаңа стартаптарды қолдайтын болады. Коммерциялық емес ғылыми-зерттеу қорын құрамыз, ол қоғамдық маңызы бар жобаларға ірі мөлшердегі гранттар бөліп отырады. «Begіn» жобасын ірі білім беру орталығы деңгейіне дейін жетілдіреміз, ол қабілетті балаларды анықтап, әлеуметтік тегіне қарамастан, оларды зияткерлік және шығармашылық салаларға бағдарлайтын болады. Аз қамтылған отбасылардың балалары мен жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне мейлінше көңіл бөлінеді: олар үшін бұл баянды болашақты таңдаудың таптырмастай мүмкіндігі болмақ. Әлеуметтік қамқорлық жасауың дәстүрлі түрлерімен айналысатын «Синет» қайырымдылық қорына қолдау көрсете береміз.
Жақсылық жаса да, алғыс дәметпе!
Өзіне алып қоймай, қолындағысын өзгемен бөлісіп, өтеусіз бере салатындарды жұрттың бәрі қолдау дерегінің өзі жағымды стратегия таңдау үшін қосымша дәйек бола қойсыншы. Бұл – жемісті, өміршең стратегия. Басқалармен барын бөлісетіндер адалдық, мейірімділік, жанашырлық, еңбексүйгіштік, сенгіштік, ашықтық және басқа да жақсы қасиеттері арқылы табысқа жетеді. Өзімшілдер, жауапсыздар, пайдакүнемдер, өтірікшілер, пасықтар, жалқаулар күйреп тынады. Мен көбінесе осынау оңғабыл стратегиялардың кейбіреуін өмірде қолданудың арқасында қолайсыз жағдайларда байыпты интернет-бизнесті дамыта алғанымды жуырда ғана түйсіндім. «Синет» тарихының аналогы жоқ. Тұрғындар саны 500 000 адамға жетпейтін Ресей қалаларының бірде-бірінде біздегідей қатысушылары мол заманауи, технологиясы озық, кірісі жоғары портал жоқ. Осыған ұқсас бірдеңе жасаудың ондаған әрекеті сәтсіздікке ұшырады. Менің осындай жетістікке жетуіме, ең алдымен, табиғи қабілетім, Якутскіде интернет тарифінің қымбаттығы, сәттілік немесе әлдекімнің жең ұшынан жалғасып, жарылқауы емес, әлгі оңғабыл стратегияны таңдауым тікелей жәрдемдесті. Барыңды бере білсең, құдды бір тақтадай тегіс жолдың үстінде велосипедпен келе жатқандай боласың, тек ала беру стратегиясы сені құмға апарып тығады. Жауыздық, аярлық, сатқындық әрқашан да дұшпандарды көбейтіп, кек алу мен есе қайтару ахуалын туындатады. Ізгілік, қолғабыс, еңбек, сенім бақытыңды еселеп қана қоймайды, көбінесе қарымта ретінде саған пайда алып келеді. Еңбеккерлік пен табандылық берік материалдық іргетас қалауыңа мүмкіндік береді. Серіктестерге, клиенттерге берген уәделерді бұлжытпай орындау, жанашырлық таныту, сапалы қызмет көрсету олардың алғысты сезімін туындатып, ұзаққа созылар ниеттестік ауанын орнықтырады. Дамып-жетілуге, жаңаның сырын білуге құштарлық жоғары кәсіби өреге көтереді. Біз ешқашан алдаған жоқпыз және ешкімге жамандық тілемейміз. Соның нәтижесінде жеке менің және «Синеттің» дұшпандары жоқ. Өңкей бұлыңғыр, жүзбе-жүз танымайтын қаскөйлер, модераторлар банға тығып жіберген әлдебір тролльдар немесе қарадүрсіндеу қызғаншақтар кезігіп қалады. Он алты жыл ішінде, қанша қиын болса да, бірде-бір рет кешіктірілмеген жалақы да қызметкерлер мен басшылар арасындағы сенімнің нық болуына септеседі. Қарымтасын күтпей-ақ, барыңызды бөлісе беріңіз, сол арқылы өз бақытыңызға үлес қосыңыз, әйтсе де алғысқа бөлеп, жақсылықпен жауап қайтарарына іштей дайын жүріңіз. Мен шынайы рөлін түсінбестен, тәрбиеме, салауатты ойға сүйене отырып, өзіме және компанияға пайдасы тиер деген есептен позитивті стратегия ұстандым. Егер Ошо деген ғұламаның тілімен айтар болсам, онда мен еш нәрсені ой елегінен өткізбей, яғни ештеңені түсінбей, жұртқа жақсы көрінуді қалаған адамша әрекет еттім. Оңғабыл жауап жағымды бола тұра, қайталанбалы әрі міндетті емес құбылыс еді. Егер өзіңізге қатысты бой көрсеткен оң немесе теріс әрекеттер жөнінде айтар болсақ, онда бірінші ретте сіз де жағымды, оң жауап қайтаруыңызға болады, ал екіншісінде оны елемеңіз немесе жағымсыз, теріс көріністі доғаруға жеткілікті, содан артық емес шамада ғана өзіңізді қорғаңыз. Сіздің өкпе-ренішіңіз, өшпенділігіңіз, жойдасыз жауабыңыз және жүгендеуге келмейтінімен қауіпті ашу-ызаңыз – осының бәрі қажет емес қате қылықтар, бұл сізді ешқашан да көздеген нәтижеге жеткізбейді.
Билл Гейтстің хикаясы 1998 жыл. Билл Гейтс – әлемдегі ең бай адам, қалаған нәрсесінің бәрін, тіпті бір елді тұтастай сатып ала алады. Бірақ, сөйте тұра, ол – әлемдегі ең жек көрінішті адамдардың бірі, оны байлығы, тас сараңдығы, ашкөздігі, өз компаниясының қызметкерлеріне дөрекілігі, бағдарламалық өнімдеріндегі қателіктері, тіпті сырт кейпінің сүйкімсіздігі үшін жан-жақтан жабыла сынап жатады. Оның «Mіcrosoft» компаниясын «Macтдай» (қазақша: «өле қал») деп атайды, Гейтстің жеке басына қатысты Еуропаға барған сапарында бетіне тортпен ұрып, аймаңдай еткен эпизодты алдымен ауызға алады. Тіпті осындай супербайлық – тұтынушылық арманның шырқау шыңы оны бақытқа кенелте қойған жоқ. Ата-анадан дарыған жалпы адами тәртіптілік пен жанашырлық сезімі жан-жақтан қыспаққа алған жалпы жұртшылықтың жеккөрушілік аурасымен тоғыса келе, Билл мен оның зайыбы Мелинда Гейтстің нақ сол 1990 жылдар соңында жеке бастарының болмысын түбегейлі өзгертулеріне, «Сыйлық серті» атты ауқымы жағынан адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қайырымдылық қозғалысын өрістетіп, соның аясында адамзаттың түйінді мәселелерін шешу ісіне өздерінің орасан мол байлықтарын біртіндеп аудара бастауына түрткі салды деп топшыласам, онша қателесе қоймаспын, сірә. Бұл қадам қисапсыз көп адамның қиялына қанат байлады да, олардың үлгісін күні бүгінге шейін 130-дан аса миллиардер, олардың ішінде Майкл Блумберг, Уоррен Баффетт, Джордж Лукас пен Марк Цукерберг өнеге тұтты. Желіде Билл мен Мелинда Гейтстің 2014 жылғы «TED Talks» конференциясында сөйлеген сөзінің 25 минуттық видеосы жүр. Егер осы видеоны қосып қарайтын болсаңыз, Гейтстерге қатысты көзқарастың қаншалықты өзгергеніне, ең бастысы, олардың сондай бақытты көрінетініне назар аударыңыз. Осы видеода тұңғыш рет ашық түрде балаларын көрсетті, ал бұл олардың әлем өздерін жақсы көретініне сенгендігін аңғартады. Мұндай бақытқа кенелу сырын өте қарапайым сөзбен түсіндіруге болады: олар асқын алушыдан енді асқын беруші адамдарға айналды. «Синеттегі» кәсіби тірлікке қажетті оң стратегияның негізгі элементтері компания құндылықтарында көрсетілген, олар: адалдық, дәлдік, тиімділік, жанашырлық, дамыту, достық пейіл мен өзара көмек, жамандыққа қарсы тұру. Бұларда терең мән-мағына жатыр. Кәнеки, соларды берік ұстанып, ізгіліктің спиралімен жоғары өрлей берейік. Жағымды стратегияны ұстанатын, ауқымды бизнес құратын, өз дарыны мен еңбеккерлігінің жемісін ет жақын туыстарымен және қоршаған дүниемен ықыласты әрі қалтқысыз бөлісе алатын әрі өздерін шынайы бақытты сезінетін ең озық, тәжірибелі кәсіби мамандардан тұратын ұйымшыл, берекелі команданы ғана көзге елестетіңіз. Қол жетпес армандай осы елес шынымен шабыттандырады. Барлық жерде: жұмыста және жеке тірлікте, отбасыда, дос-жарандармен, әріптестермен, тіпті бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасағанда оңғабыл, позитивті стратегияны таңдаңыз. Бұл ретте байыптылықты сақтай біліп, әр нәрсені дұрыс бағамдауға тырысыңыз. Егер де Иван Сусанин ескі дәстүр, үйреніскен салт бойынша поляк басқыншыларына адалдық танытса, ұлт қаһарманы емес, сатқын болып шығар еді. Өз ар-ұятыңа адал бол, осы терминнің дұрыс түсінігі де осы. Адалдығын танытқандарға сенім арт. Бар жақсыңды бөлісіп, қадірі асқандарды құрмет тұт. Мен ең жақсы игіліктерді қолдан жасап, ағайын-туыстарыммен, дос-жарандарыммен, өздеріңізбен, Якутия тұрғындарымен және байтақ әлеммен бөліскім келеді. Бұл мені құлшындырып, күш-қуатымды толықтырады. Соған жету жолында тау қопаруға дайынмын. Бұл менің кәдеме асса, сіздің де қажетіңізге жарауға тиіс! Осы идеяны құлшыныс пен өмір сүру қуатының бастауы етіп алыңыз. Бақытқа жеткізер жол ретінде. Кәнеки, дамып, жетілейік, өзгелердің өсуіне, үлкен компания құрып, атамекенді аялауына, әлдебір құнды нәрсені жасап, жақын-жуықтарымен және бізге бейжай қарамайтын адамдармен бөлісулеріне, әлемге ізгілік сыйлап, бақытты күн кешулеріне көмектесейік.
Өздеріңізге дәйім сүйіспеншілікпен қараушы:
Far
2015 жылғы 2 ақпан Бір қызығы, өзін-өзі айқындап, бірегейлендіру мен құндылықтарын белгілеу амалы жекелеген адам мен компанияның ғана емес, сондай-ақ тұтас ұлт пен мемлекеттің де деңгейінде кәдеге асады екен. Мысалы, Ресейді алайық. Менің ойымша, елдің басты проблемаларының бірі өзін-өзі бірегейлендіру мұратының, миссиясының немесе, кейде айтып жүргеніміздей, ұлттық идея жоқтығы болып отыр. Ресей деген не өзі? Оның ұлттық идеясы неден көрінуге тиіс? Ойға бірден «аяғынан қаз басқан, дұшпанын ядролық қарумен тас-талқан қыла алатын алып держава» немесе «дербес энергиясы бар аса алып мемлекет» деген тәрізді тіркестер келе қалады. Бірақ біртүрлі... онша шабыттандыра қоймады. Айналаға айбат шегіп, агрессивті кейіп ұстану елден тысқары жерде тым сүйкімсіз көрінеді, иә, елдің ішінде де таусылмайтын текетірес адамдарды әбден мезі қылады. Якутия деген не? «Алмас, суықтық, мәңгілік мұздықтар» деген дәстүрлі ұқсастырулар мен экономикалық мамандану ерекшеліктеріне сүйенбей-ақ қоялық. Якутияны «шалғайда жатқан, аса ауқымды, сөйте тұра, аз қоныстанған, климаты өте қатал, әлемге алмас, алтын, мұнай мен газ беретін солтүстік уәлаят» ретінде бірегейлендіру болар еді. Оңтайлылау нұсқа, бірақ онша шабыттандырмайды, әрі ол көмірсутегі шикізатының маңызы төмендеуіне орай мәнін жоғалта береді. Құндылықты алар болсақ, бұл жерде жай-ахуал күрделене береді. Шын мәнінде қазір негізгі құндылықтар жүйесі – тұтынушылық жүйе. Барлық жерде бұрынғысынша адамдарды «тұтына бер», «сатып ал», «қандай жолмен болса да, байи бер» дегенге жетелеумен келеді. Жарнама таңертеңнен қара кешке дейін: «Ананы сатып ал, мынаны сатып ал – бақытты боласың» деп, қақсайды да жатады. Тіпті «тіс жуатын сықпа ал – сонда бақытты өмір сүресің» деуге дейін барды! Өзге елдер осыған, ұлттық идеяға жете мән береді. Мысалы, Израиль мен Финляндия – өздерінің жаңа технологияларға маманданулары арқылы. Сингапур – Азиядағы порт-қала әрі халықаралық бизнес пен сауда-саттықтың орталығы, қауіпсіз де тап-таза мекен. Қытай – барлық негізгі көрсеткіштер бойынша №1 орынға дәмеленуші ел. АҚШ-та, меніңше, екі бірдей ұлттық идея бар. Біріншісі – өз қабілет-қарымыңды салып, көп жұмыс істей берсең, мына тірлікте табысқа жетіп, әлеуметтік басқышпен жоғары көтерілесің деген ойды ишаралайтын «америкалық арман». Ал екіншісі: АҚШ – бостандықтың, адам құқыларын қорғаудың бүкіл әлемдік жолбасшысы деген идея. Бұған құй сен, құй сенбе, әзірге кәдеге асып, қажетке жарап тұр! Адамдар ол жақта туларын шынайы мақтанышпен көкке көтеріп, үйінің төбесіне іліп қояды. Мына бізге де мықты ұлттық идея, миссия керек. Бүкіл Ресейге қатысты ештеңе айта алмаймын, бірақ Якутияға біздің Синеттің жаңа технологиялар арқылы даму идеясы дөп келеріне сенімдімін. Өзіңіз ойлап қараңызшы, өзін елдегі және әлемдегі даму орталықтарының бірі ретінде танытқан, зияткерлік өнім мен экспортқа иек артып, адамдар үшін жоғары технологиялық, пайдалы әрі қолайлы орта қалыптастыруды бағдар тұтқан тұтас аймақ. Сол аймақта әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті болу, озық білім арналарын игеру, адал жүріп, аянбай еңбек ету құндылыққа айналса, жаман ба, тегі?! Керемет қой! Менің досым бар – Виктор Салтыков, спорт, фитнес саласындағы кәсіпкер. Виктор жұртқа өнеге тұтар жеке жолын жүріп өтті: әуелі ол шілмиген арық болды, содан соң денесін шынықтырумен шұғылданып, бұлшық еттері білем-білем культуристке айналды, содан соң жүгірумен және триатлонмен айналысып, сыптай тартылған, сымбатты спортшы болып шыға келді. Соңғы өзгерісі менің көз алдымда өтті. Жүгірудің нағыз фанатына айналған Витя біз кездескен сайын оның ең тамаша спорт түрі екенін айтумен аузының суы құритын еді. Өзінің алғашқы жарты марафонын, одан кейін тұтас марафонын қалай жүгіргенін әңгімелейді. Оның жүгіріс қарқыны біртіндеп өскен сайын осы ермегінен алатын қанағаты да арта түсті. Ал мен мектеп қабырғасында жүрген кезден жүгіруді ұнатпадым. Ол маған көңілсіз, біртоға әрі мезі қылатын ермек сияқты көрінді. Тауда шаңғы тебу сияқты делебені қоздыратын, жылдам спорт түрлерін, немесе ойын есеп айырысып, ұпай жинауға құрылатын – үлкен теннисті, волейбол мен футболды (соңғысын оқсатып ойнай алмасам да, сұмдық жақсы көремін) ұнатамын. Мен үшін жаңа спорт түрі – кайтсерфинг жөнінде бөлек әңгімелеу керек, мұнда қимыл-қозғалысыңды кайтпен – әуеде қалықтаған батпырауықпен үйлестіріп, жалтыраған су үстімен өзіңді алып келе жатқан тақтайды басқара білуің шарт. Кайтинг өте жарқын әсер беріп, асқақ сезім құндағына бөлейді. Тайландта кайтпен ашық теңізге шыққаннан кейін бұл спорт түрін біржола ұнатып қалдым: ақ жалдана жүгірген толқындардың үстімен зымырап келе жатқанымда, күн жарқырай шығып тұрған шақта кенет шөкімдей бұлт жып-жылы тамшыларын себелеп, жаңбыр сіркірей жөнелді. Бұл бір қиялға қанат бітіргендей өте ғажайып, әсерлі сәт еді. Дегенмен Виктордың жүгіру туралы жан еліктірер әңгімелері ақырында өз дегеніне жетті – марафонға қатысуды мақсат етіп, онымен де шұғылданып көруге бел будым. Әлемдегі алты марафон-мейджордың біреуін – Чикаго додасын таңдадым. 2015 жылы, Нью-Йоркте жүргенде Орталық паркте алғашқы жүгірісімді бастадым. Күн күйіп тұрған шақта 36 минуттай қиналып, 5 шақырым жүгірдім, еш рахатын сезінбедім. Бірақ бір шешімге келген соң, оны істеу керек, содан біртіндеп, «Asіcs» қосымшасын пайдалана отырып, жаттығуға кірістім де, аптасына шамамен 30–40 километрден жүгірдім. Бір жарым айдай уақыт өткен соң алуан түрлі, тартымды да көрікті жерлерде жаттығып, жүгіруден ләззат ала бастадым. Марафонға жаттығу, тіпті денеңіз жақсы шыныққан, медициналық қарсы тұжырымдар болмағанның өзінде, кемінде 4–6 айға созылатын іс қой. Егер адам бұрын спортпен тиіп-қашып, шала айналысса, бір жылдай айналысуына тура келеді. Негізгі қағида – жеке жүгіру барысында да, бүкіл дайындық кезеңінде де жанықпағаны жөн. Алқынып қалмау үшін алғашқы жаттығуларда жүгіріс қарқынын бір километрге 7–8 минут жұмсаудан бастап марафон алдындағы жүгірісте 4–5 минутқа жеткізу керек. Жүгіріс ұзақтығын да біртіндеп, бастапқы 3–5-тен марафон алдында 20–30 километрге дейін ұзартасыз. Тамақтану тәртібін ретке келтіріп, дәрумендер, микроэлементтер ішіп жүрсеңіз, құба-құп. Егер артық салмағыңыз болса, одан арылуыңыз қажет, әйтпесе, 42 шақырым бойы өзіңізге қосымша жүк артуыңызға тура келеді. Тіпті 3 килограмның өзі 2 үлкен, зілдей пластикалық бөтелкедегі кола сияқты ғой, ал артық 10–20 килограмм марафонды онсыз да қатаң сынақтан күллі организмге, ең алдымен, омыртқа мен буындарға қауіпті салмағы бар аса ауыр челленджге айналдырып жібереді. Мен қатаң диета ұстанып, жаттығу барысында бойым 180 сантиметр бола тұра, 78–80-нен 74–75 килограмға дейін салмақ тастадым. Кейде салмағым бұдан да төмендеп, түр-тұлғам божыраған бозбаланың кейпінен аумай қалды. Көп жылдан бері менен сыра сатып аларда бір-екі рет төлқұжат сұрады. Айтпақшы, алкоголь айтарлықтай шектеледі. Күшті ішімдіктің бірнеше жұтымы-ақ марафонға қажетті дайындық қалыбыңызды, дене бабыңызды бірер аптаға кейін ысырып тастайды. Ұзақ жаттығудан кейін организм жүгіру кезінде термен шығарып тастайтын тұздар мен басқа да микроэлементтер құрамында бар бір банка сыра ішуге болады. Иә, 15–20 шақырым жүгіргеннен кейін, әсіресе күн күйіп тұрғанда салқын сыра ішудің өзі бір рахат, әрі еңбегіңнің өтеуі сияқты. Менің организмім алғашқы уақытта әдеттегіден тыс қимылдауға қарсыласып бақты, тізем сырқырайтынды шығарды, бірақ бір-екі жаттықтырушымен кеңесіп, «YouTube-тан» оқытып-үйрететін видеоларды қарап, жүгірудің дұрыс тәсілін меңгердім де, қиындық артта қалды. Тізенің қапталындағы сіңірлерге кинезиотейптер байлаудың да жәрдемі тиді. Мұндай арнаулы жапсырмалар қан айналымы мен зат алмасуын жақсартып, ауырған жеріңді жайландырады. Жалпы алғанда, аптасына 4 рет жүгіріп, тамақтануды ретке келтіресің, шаршап-шалдықпайсың, жарты жыл ішінде жақсы қалыпқа енесің. Марафонға бірер күн қалғанда мен өзімнің жай басып, ақырын жүргеннен гөрі жүгіруді қалап тұратынымды байқадым. 2015 жылдың қазан айында мен өзімнің алғашқы марафонымды 4 сағат 17 минутта жүгіріп өттім. Орташа есеппен марафонды осылай жүгіреді. Алғашқы 15 шақырым – бақыттан басың айналғандай күй кешесің. Мерекелік көңіл-күй, көрікті қала, он мыңдаған желаяқ жүгіруші, көшелердің бойына жағалай тұрып, қошемет көрсетуші жүз мыңдаған көрермен қауым. Олар қолақпандай ойыншық қолғап киген қолдарын созып: «Әкел бесті, жарайсың сен!» деп айғайға басып тұрады. Су беріп, банан мен кәмпиттерін ұсынады. «Ауырсыну – түк емес, медаль алу – мәртебе!», «Мәредегі сыра суып қалады!» немесе «Кеше мұның керемет идея болғанын білемін!» деген сияқты қағытпа сөздер жазылған плакаттарын төбесіне көтеріп алады. Трассаның бойына тізілген оркестр музыка ойнап, чирлидер-қыздар жандыра билеп жүр, әсем киінген өрт сөндірушілер ротасы әлдебір сөздерді айғайлап тұр. Айғай-шудан, ән сазынан, музыкадан, көрермендердің гуілінен құлақ тұнады. Сенің қасыңда алуан түрлі нәсіл мен ұлттың өкілдері, әркелкі жас шамасындағы адамдар жүгіріп келеді. Желаяқтардың көбі түрлі персонаждардың кейпіне енген: біреу жай ашық үсті парик кисе, біреу Элвис Преслидің кейпінде келеді, ал енді біреу еңсегей бойлы Годзиланың костюмін киіп алыпты (42 шақырым осылай жүгіргенде, ыстықтап, барлығып кетпей ме екен?). Бір сөзбен айтқанда, мейджор-марафон дегеніміз – көл-көсір шаттыққа бөлеп, делебеңді қоздыратын мереке! 15 шақырымнан кейін алғашқы шаршау біліне бастайды, энергетикалық отын қоры – гликоген организмде сарқылып, жүгіруге тез қуат беретін көмірсу гельдері көмекке келеді. 30 шақырымнан кейін шыдамыңызды ширықтырып, тістене түсесіз, ал 35 шақырымнан асқанда өзіңізді ерікті түрде неге осылай қинайтыныңызды шынымен түсіне алмай, бұдан былай енді ешқашан да, ешқашан да екі етек, бір жең болып жүгірмеуге бекінесіз! Ал, міне, ақырында, ардақ тұтар 42 километр 200 метр, мәре сызығы, сен одан әрі аттайсың, еріктілер мойныңызға тер төгіп, еңбек сіңірген жарыс медалін жарқырата іліп, сүлгі, су, түрлі тәттілер береді. Тұла бойыңызға жағымды шаршау лебі жайылып барады. Өзің сияқты өзге жүйріктердің легінде бақытқа бөленіп, шаршаңқы кейіпте келе жатасыз. Сонда «шіркін, тағы бір жүгірсем, тамаша болар еді-ау» деп ойлайсың. Осылай мен өзім үшін екінші мейджор – Токиодағы жарысқа жазылдым, ол Чикагодағы марафоннан төрт айдан кейін болуға тиіс еді. Жүгіру уақытын 4 сағаттан асырмауға мақсат етіп, көп ұзатпай тағы бір марафонға қатысуға ұйғардым. Маған таныс желаяқтар айтқандай, «төрт сағат деген – осы уақыт аясына сыйған жүгіріс – нағыз марафон, ал сен, соған сәйкес, желаяқ марафоншы болып есептелетін меже» еді. Сөйтіп, мақсат айқындап, жарыс орны мен күні де белгіленді: Токио, 2016 жылдың 28 ақпаны. Токио марафоны Нью-Йорк, Бостон, Чикаго, Лондон және Берлин марафондарымен қатар, әлемге әйгілі, көпшілікке танымал алты жаяу жарыс қатарына кіреді. Мен әлі Жапонияда болған емеспін, ал оның астанасында, жаһанға кең танымал қалада жүгірудің өзі-ақ қызық әрі қол жетпестей мәртебе ғой. Бұған қоса, өзімнің білуімше, мен Токио мейджорында (Чикагода да солай болған) жүгіретін алғашқы саха болғалы тұрмын, бұл да, әрине, құрметіңді арттырып, құлшынысыңды еселейді ғой. Дайындық жаттығуларын мен қарашаның соңында, Чикаго марафоны қарсаңындағыға қарағанда мейлінше жинақы әрі қарқынды режимде бастап, үлкен қашықтыққа, тез жүгіріп жүрдім. Үш айдың ішінде әртүрлі жерде және жағдайда: Якутскінің «Фитнес-лайфының» жүгіру жолақшасынан бастап тұрғындары таңырқай қарайтын Бішкектің көк түтінге көмілген лас көшелеріне дейін шамамен 550 шақырымдай жүгірдім. Таңырқамай қайтсін, қақаған қыстың (+50C) ортасында түрі қырғыздан аумайтын желаяқ – морж безілдеп бара жатса! Ташкенттегі қаңырап бос қалған «Пахтакор» стадионында және кешкі Токионың самаладай жарқыраған, көркі көз арбаған көшелерінде жаттықтым. Мәскеудегі сауда орталығының төңірегіндегі күзетшілерден әзер қашып құтылдым. Олар көше бойы мен парктерде көктайғақ мұз бен көлкіген шалшық екенін түсінгілері келмеді, ал оларда құп-құрғақ алаң бос жатыр, бірақ «Бұл жер стадион емес, жүгіруге тыйым салынған!» деп, бәрі соңымнан айғай сала қуды. Ал «Синет» ұжымымен бәріміз жаңа жылдық каникулда Алматыға барып, Шымбұлақта демалған кезде тау ішінде жүгіргенім ең есте қаларлық жаттығу еді. Мен жергілікті желаяқтар клубын тауып алып, олардың Медеу деңгейінен өрге қарай, бұралаң тау жолымен селге қарсы салынған бөгет арқылы Шымбұлақтың етегіне дейін жетіп, кері қайтатын жүгірісіне қатыстым. Демді буып, тынысты тарылтатын дымқыл ауа өтінде төзімділікке жаттығу қиын әрі қызық болды. Тоқтамай, қалыпты жүгірдім, нәтижесінде 13 километрді көктей өттім. Ал тау соқпағымен жүгіретін марафондар мен ультрамарафондар да бар ғой. Міне, нағыз арқарлар солар! Жалпы, алғашқы марафонға дайындықпен салыстырғанда, бұл жолы бәрі ойдағыдай өтіп, сіңір созылуына қатысты бұрынғы қиындықтар қайталанған жоқ, қолайлы салмақпен, қолда бар құрал-жабдықпен және спорттық тағамдармен жаттықтым. Дайындықты аяқтаған соң, Токиоға жарыстан бірер күн бұрын ұшып келдім. Жапон астанасы мінсіз тазалығымен, қалада тұрмысқа жайлы иірімдердің бәрі мұқият ойластырылғанымен және өте кішіпейіл тұрғындарымен есте қалды. Жүгіріс қарсаңында ұйқыны қандырып, төсектен тұрмай, кітап оқыған, ештеңе істемеген дұрыс. Ваннаға шомылып, массаж жасатуға болады. Көбірек су ішіп, көмірсутегіне мелдектеу керек, күндіз паста жеген жөн. Жүгіретін күні мен таңғы сағат 5-те тұрып, тамақтанып алдым да, Токио муниципалитетінің жанындағы жарыс басталатын жерге автобуспен бардым. Ертерек келгендіктен, көшеде тоңып қалмау үшін (шамамен +50С болды) басқа желаяқтар біразы бас қосқан жерге жақын маңдағы қонақүйдің лоббиін бір сағаттай паналадым. Содан соң өзімнің секторыма кіріп, қауіпсіздік бекетінен өттім, бірнеше фотосуретке түсіп, заттарымды жүк сақтау бөліміне тапсырдым да, жүгірістің басталу сәтін күттім. Чикагоға қарағанда, көшелері тарлау болғандықтан, Токиода марафонның басталуында да, өту барысында да тықсырулы тығыздық байқалып тұрды. Жапония астанасында марафон бұған дейін он жыл қатарынан өткізілген екен. Желаяқтар саны жыл сайын шамамен мың адамға өсіп, 2016 жылы 37 000 адамға жетіпті. Бұл кезде 300 000-нан аса өтінім түседі дейді. Жарыс басталудан біраз бұрын өткізілетін лотереядан слот ұтып алу мүмкіндігі 1:12 екен. Осындай танымалдықпен өсу қарқыны олардың жарыс басталатын орынды, сірә, кең жерге көшіруге мәжбүр ететін шығар. Мен танымалдыққа ие болуға, басқа факторлармен қатар, жапондардың ұзақ қашықтыққа жүгірудегі жетістіктері (олар басты жарыстарда «ТОП–10»), сондай-ақ белгілі жазушы әрі жүгірудің фанаты Харуки Муракамидің «Жүгіру туралы айтқанда мен не жайында айтамын» деген қысқаша әрі қызықты кітабы да үлесін қосқан шығар деп ойлаймын. Жарысты таңғы 09:00-ге таман арбаға таңылған спортшылар бастады, олардан кейін іле-шала – элита, яғни түгелге жуығы Шығыс Африкадан – Эфиопия, Судан, Кения елдерінен шақырылған желаяқтар шықты. Алға оза айтар болсақ, олар әйелдер арасында да, еркектер арасында да алғашқы жеті орынды иеленіп, екі сағаттан сәл асатын нәтиже көрсетті. Бүкіл арақашықтықты, біздің жүз метрлікке жүгіргеніміз сияқты, зымырай шауып өтеді. Олардың физиологиясында әлдебір ерекше қасиет бар, бәлкім, осы жарысқа қатысушы елдердің едәуір бөлігі теңіз деңгейінен 1,5–2 километр биікте орналасқанына және спортшылары құрамында оттегі мөлшері аз сәл дымқыл ауада жүретініне байланысты шығар. Бір қызығы, аса мықты желаяқ-жүйріктердің санатында Африканың басқа елдерінің өкілдерін немесе, мысалы, афроамерикалықтар жоқ. Бірнеше минуттан кейін біз де сөре сызығын қидық та, марафон басталып кетті. Жақсы жүгіріп келе жаттық, иін тірескен тығыздық өзге жүргірушілер біршама кедергі келтірді, оларды басып озып, айналып өтуге тура келді. Чикагодағы уақыт көрсеткішімді – 4 сағат 17 минутты негізге ала отырып, мені орта тұсына, Ғ секторына қойды. Токиода мен 3 сағат 40 минут уақыт нәтижесін көздеп, біршама шапшаң жүгірдім. Бұл Д секторының қарқыны еді, басқа қатысушылардың бірқатарын басып озып, бір жарым сағаттан соң сол сектор жүгірушілерінің легіне қосылдым. Тіпті С секторының желлаяқтары да кезігіп қалды. Сөйте тұра, бұлшықеттерімді сүт қышқылына толтырып алмау, күшімді ең қиын – 30 шақырымнан кейінгі кезеңге сақтау үшін километрді 5 минуттан жылдам жүргірмеуге (12 км/сағат) тырысып, екпінімді тежей түстім. Бәрі тамаша еді. Жүгіруге өте қолайлы +10С жылы керімсал ауа райы, әдемі архитектура, трассаның бойында жарысқа қолдау көрсетіп, жасана киінген жанкүйерлер. Токио марафонының бір ерекшелігі – күлкі шақырып, езу тартқызатын костюмдердің көптігі болды: мен жүгіріп келе жатқан шығыс ханшайымдарын, Кинг-Конгті, Стичті, ергежейлерді т.б. көрдім. Марафонның шартында бір қызық тармақ бар еді: бас киім иықтан енді болмауы керек. Губка Боб болып шапсаң да мейлі! 16-шақырымға таяғанда мен үшін жүгіріс мерекесінің қызған шағы еді, жаттығу кезіндегі тәжірибем бойынша, 25-шақырымға дейін шаршай қоятын түрім жоқ әлі. Міне, тап сол сәтте бір пәле бас көтерді: өткен жылдың мамыр-маусым айларында жүгірумен енді-енді айналыса бастағанда ауырған, бірақ дайындықтың осы циклінде еш сыр бермеген тіземнің жанама байламы түйіліп, бір-екі шақырымнан кейін кәдімгідей ауыра бастады, қарқыным километрге шаққанда 6 минутқа төмендеп кетті. Осы жерде бас көтерген проблеманың себептерін түсіндіру үшін кейінге шегініс жасауым керек. Чикагода ұлтаны қалың, табанға жайлы «Asіcs-пен» жүгірдім, бұл кроссовка менің аяғыма шақтап тігілгендей еді. Сонымен Токиода да жүгіргім келген, бірақ соңғы жаттығуларда 10 шақырымнан асатын қашықтықта башпайларымды қысатынын сездім. Чикаго марафонынан да үш тырнағым жұлынып қалғаны қаншалықты жағымсыз болғанын еске түсіріп, одан әлдеқайда жеңілдеу әрі жұқалау «Adіdas» шабатасымен жүгіруге ұйғардым, сонда тырнаққа кесел келмейді деп ойладым. Оның үстіне, кроссовкалардың салмағындағы айырмашылық сәл тезірек жүгіріп, азырақ шаршауға мүмкіндік береді, өйткені марафон кезінде осынау 100–150 грамның өзі тасымалдайтын жүктен алып тасталатын 3–4 тонна салмаққа татиды-ау, шамамен. Мен интернеттен және арнаулы кітаптардан көптеген желаяқтың асфальтпен алыс қашықтыққа жүгіргенде кроссовкалар мен шабаталарды жылдар бойы тақым сіңірін әбден жаттықтырған спортшы кигені жөн деген ескертпелерін оқыған едім. Виктор Салтыков та соны айтатын. Бірақ мен әлі шабаталармен жаттығулар барысында марафонға жуықтайтын қашықтыққа – 30 және 35 шақырымға арнаулы жолақшалармен қиналмай жүгіріп жүрдім. Ал енді асфальттің үстімен еш қиындықсыз жүгіре беретін шығармын деп ойладым. Бұған қоса, үш айға созылған жаттығу кезінде аяғымның сіңірі ешбір мазалаған емес. Ақырында, асфальт пен жүгіру жолақшасының айырмашылығы жер мен көктей болып шықты. Табанға жайлы кроссовка кисем де, кимесем де, бәрібір екен. Егер сіз небары 1–2 жылдай жүгіріп жүрсеңіз, беті қатқыл жолмен алыс ұзақ қашықтыққа жүгіргенде кроссовка мен шабатаны кимегеніңіз дұрыс! Менің Токиода бастан кешкен хикаям бұған жанды мысал бола алады. Тырнақтарым, шынын айтсам, бұл жолы сәл тәуірлеу халде еді, біреуі ғана жұлынып кетіп, көбесі қанады (Чикагода қанамай жұлына берді ғой). Сонымен, жүгіріске қайтып оралайық. Сіңірімнің түйнеп ауырғанын басу үшін өзіммен бірге ала шыққан дәріні іштім. Жиырмасыншы шақырымда медпунктке кіріп, тіземді кинезейтоппен емес, кәдуілгі жалпақ медициналық жапсырмамен оратып алдым. Сонымен кезек күтіп, анкета толтыруға 4 минутымды жоғалттым. Жапондар сияқты сыпайылық сақтап, докторлардың бірінің босауын сарыла тосып тұрмағаным жақсы болды, шыдамым жетпей, сөреде жатқан жапсырманың бірін алып, аяғымды орай салдым да, жөнеле бердім. Бастапқыда сәл тәуір болды, біраздан соң қайта ауыра бастады. Қатты сылти басып, ауруды еңсере шоқақтаған күйімде шамамен 25-шақырымға жеттім. Жылдамдығым бұрынғыдан бетер, километріне 7 минутқа дейін құлдырап кетті. Ең болмағанда көңілімді сергітейінші деп, соңғы шақырымдарға арналған көмірсулы гельді кофейнмен және ара балауызымен бірге жұтып жібердім. Әлдебір сәтте бәрінен үмітімді үзгендей, жай адымдауға көштім. Сол сәтте оңайлықпен беріле салмай, ақырына шейін арпалысқым келетінін сезіндім. Және де жай ғана жүгіріп бармай, мәреге жету уақытын 4 сағаттан асырмауға тырыстым. Бастапқы 16 шақырымның шапшаң қарқыны бұған әлі мүмкіндік беріп тұр еді. Содан қайтадан жүгірдім. Бірсыпыра уақыттан кейін жол бойындағы жанкүйерлердің бірінің қолындағы спрей-салқындатқышты көріп қалдым (трасса бойындағы көрермендер, желаяқтарға жәрдем тиер-ау деген нәрселерді, аршылған мандариндер мен банандарды, кәмпиттер мен колаларды, су мен черри қызанақтарын қолдарына ұстап тұрады). Оған жүгіріп барып, ауырған жерімді салқындаттым да, одан ары жөней бердім. Бұл жақсы жәрдемдесті! Мен ақсаңдауымды қойып, жүгірдім, екпінім километріне 5 минут 45 секунд жұмсауға дейін артты. Бес минуттан соң ауру қайтадан оралды. Мен енді жолшыбай спрей ұстаған жанкүйерлерді жағалай іздеп келе жаттым. Міне, тұр екен. Қолына мұздатқыш ұстаған қарт жапонды көрдім, ол құтыны түгелдей бере салды, жарықтық. Рақмет саған, бейтаныс жан, аригато! Спрейді қолыма алып, әрбір 3–4 минут сайын тіземді салқындатып, жүгіріп келемін. 32-шақырымнан кейін әлдебір тұста сіңір баулауымның тартылуына енді балтырымның бұлшықетінің түйілуі қосылып, құрысып қалардай түр көрсетті (бұл да аяғыма киген шабатаның кесірі), бірақ оған да салқындатқыш бүрку жәрдемін тигізді. 35–37 шақырымнан асқан соң организм, сірә, қожасының қалай да мәреге жүгіріп бару ниетіне көндікті-ау деймін, онша ауыра қоймады. Марафонның соңына таман бойды жайлап алатын әдеттегі шаршау пайда болды. Бір қиындығы, гельден түк қалмай түгесілді, мен изотоник ішіп, бананмен жүрек жалғау үшін кезекті тамақтану бекетіне аялдадым. Аялдауым тура 10–15 секундтан асқан жоқ, бірақ қайтадан жүгіре жөнелгенімде сіңірім жанымды көзіме көрсете ауырды да, мен енді мәреге жеткенше тоқтамауға бел байладым. Соңғы 5–7 шақырымды бар күш-жігерімді жұдырықтай түйіп, қатты шаршағаныма, жүрегімнің атқақтай соғып, алқымға тығылғанына да қарамастан, тездете, шамамен километрге 5:25–5:35 минуттай жұмсайтын екпінмен жүгірдім. Мәреге 4 сағаттың ішінде жету мүмкіндігінің әлі сақталып тұрғаны мені жанықтырып, алға сүйрей берді, бірақ бәрін санаулы секунд шешетін еді. Бірер минутқа кешігудің өзі өкінішті болар еді. Бұл жолы болмаған бейбақтар бәсекесіне түсіп, екінші орынға әзер ілігумен бірдей-тұғын. Ақырында, мәре сызығын кесіп өттім, таймер 3:58:40-ты көрсетіп тұрды. Ойлап қараңызшы, бар болғаны бір минуттай ғана уақытым қалыпты. Медпунктке сәл кідіргенімде, бір минуттан ұзақ жаяу жүргенімде, тістеніп алып, жүгірісімді сәл жеделдетпегенде, бітті – іштей белгілеп, алдын ала бекінген межеме үлгере алмайды екенмін. Егер әлгі салқындатқышты тауып алмағанда, не болатыны жөнінде айтпай-ақ та қояйын. Араға бес жарым сағат салып, ақсаңдап, жаяу жүргендей мәреге әзер жетер едім. Фиништен кейін әдеттегіден тыс сезім ауанын бастан өткердім: өзімнің қайсарлығымды ерекше мақтан тұтып, ішкі жан дүниемде қамалдай мызғымас, болаттай берік негіз, өжеттілік өзегі барын сезіндім. Осы сезім күтпеген жерден жан дүниемді дауылды күнгі теңіздей астан-кестен толқытып, жүрегімді кернеп ала жөнелді де, мен... еңіреп жылап қоя бердім. Ұзақ жылдардан кейінгі жылауым... Сөйтсем, мұндай жағдайда – мақтаныш пен ішкі күш-қуатыңды сезінуден де... бойыңды билеп, көңіліңді көкке өрлеткен шынайы бақыттан да ебіл-дебіл жылауға болады екен ғой. Адами психология – кереғарлықтың және қарама-қайшылықтар үйлесімінің алаңы. Бұл ерекше бір сәт болып, өмірімнің жарқын да маңызды күндері ретінде есімде қалды. Мен нағыз марафоншыға айналдым. Токио марафонынан кейін жүгіруге біржола бауыр басып алдым. Осы қарапайым әрі еркін спорт көпшілігіміз күйкі тірліктің ұйқылы-ояу күйбеңінде жоғалтып алатын шынайы өмірдің мәнін сезіндіреді. Бұл өз мүмкіндігіңді жүзеге асырып, жеке басыңды жетілдіруге жол ашады. Бұл – түбірлі құндылықтарға, өзіңнің ішкі дүниеңе алып баратын жол. Көбінесе жүгіру тамаша, тартымды да сезімдік әсерге бөлейді. Әсіресе шаршамай-шалдықпай, табиғаты әсем жерлерде – теңіздің жағасында (бірде жағалаумен жүгіріп бара жатқанымда алыстан дельфиндер менімен жарыса жүзіп отырды), көркіне көз тоймайтын, көлеңкесі қою орман соқпағында, себелей жауып, сезіміңді желпіген жылы жаңбырдың өтінде немесе жұлдызы жымың қаққан айқара түсті түнгі аспанның астында жүгіріп келе жатқанда өзіңді қалықтай ұшқан қауырсындай жеңіл сезінесің. Жүгіру еңсеңді езіп, жігеріңді жаншыған енжарлықты бойыңнан алып тастайды, ал біз көбінесе бір істегенімізді күніне бірнеше мәрте қайталап, ұйқысы қанбағандай есеңгіреп жүреміз ғой, өзіңнің сау-саламат екеніңді әрі мынадай ғажайып, бозжайнақ дүниеде өмір сүретініңді сезінуге мүмкіндік береді! Жүгірудің мені шабыттандырғаны соншалық – қайткен күнде де осынау таңғажайып нәрсені өзімнің отандастарыммен бөліскім келді. Содан 2016 жылдың жазында, Токиодағы жарыстан алты ай өткеннен кейін, Виктор Салтыков екеуміз Якутияда алғашқы жартылай марафонды өткіздік. Аз уақыттың ішінде біз ауқымды ұйымдастыру жұмыстарын атқарып, әртүрлі келісім жасасуларды қоса алғанда, толып жатқан ірілі-ұсақты мәселелердің түйінін шеше білдік. Ал осы әурешіліктің бәрі текке кеткен жоқ, өзін-өзі ақтап шықты. Соңы тамаша спорт мерекесіне, ерік-жігерді еселеп, дамып-жетілудің шаттығына айналды! Содан бері Якутскіде жартылай марафон жыл сайын өтіп келеді, оған тіркелуші желаяқтардың саны да жыл сайын өсіп, енді мың адамнан асты. Шынайы жүгіру мерекесінің нышандары – трасса бойындағы көңілді жанкүйерлер, еріктілер мен чирлид-командалар, күлкілі костюм киген жүгірушілер де көбейе түсуде. Қала тұрғындары мойындарына таққан медальдарымен жүгіріп бара жатқан адамдарды көріп, басқа қалалардағыдай жаппай қол соғып, қошемет көрсететін кез де алыс емес деп ойлаймын. Екінші жылдан бастап, Виктор бәрін өзі жоғары деңгейде атқарып жүргенін көрдік те, жүгірісті тікелей ұйымдастыруды қойдық, бірақ негізгі серіктестер немесе іс-шараны демеушілер қатарынан қалмай келеміз. Якутск жартылай марафоны біздің компанияның жыл сайынғы спорт конкурсының «Синет челлендждің» міндетті тармақтарының біріне айналды. Челлендждің екі-үш жеңімпазын халықаралық жартылай марафондарға жіберіп жүрдік. Якутск марафоны өзім мақтан тұтатын және де оның аяғынан қаз басып кеткеніне қуанатын жобалар ішінде ерекше орын алады. Алқына тыныстап, тілін шығарып, мәреге қарай бар пәрмендерімен жүгіріп келе жататын және әрқайсысы лайықты медальдерін алып, шат-шадыман сезімге бөленетін топырлаған балақайлардың жүгірісін көрудің өзі ғанибет. Сондай-ақ уақыт өте келе жүгірістің арбамен жарысатын – дене мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған түрі пайда болды. Осынау іс-шараның арқасында Якутиядағы он мыңдаған адамды жүгіруге тартып, осы тамаша спорт түрінің қыр-сырын тануларына көмектесетінімізге сенімдімін. Және бұл өте керемет болар еді! Жүгіру жөнінде, марафоннан өту тәжірибем жайында ойлаған кезде маған осының бәрі әрбір жеке компанияның даму жолының қызықты метафорасы болып көрінеді. Жүгіруге дайындаласың, үйренесің, жаттығасың. Жарыстың басталуы жақындаған сайын толқуың күшейеді. Ақыры сол күн келеді де, жүгіре жөнелесің. Эйнштейн сияқты, мен де бүкіл ғалам сізге қолдау көрсететініне қалтқысыз сенемін: сол ғалам – жүгіріс кезінде сіз үшін жаны күйіп, тықыршып тұратын көрермендер қауымы. Сіз жүгірістің соңына жетуге бірер шақырымдай қалды деп ойлайсыз, бірақ шын мәнінде, бұл қашықтықтың ортасы ғана, әрі қарай шыдап, бар күш-жігеріңізді салуыңыз керек. Жол ортада сіңіріңізді созып алып, қиындық пен сәтсіздікке ұрынасыз, бірақ кейін бұл ғажайып хикаяның – қиындықты еңсеріп, сәтсіздікті жеңіп шығудың, өзің үшін ұлық күнге, жеңіске жетудің және мынау пәни дүниенің асқақ шыңына көтерілудің прологіне айналуы мүмкін. Қаншама ауыр бола тұра, бітпейтін қашықтық жоқ; егер бәріне шыдап, одан өтуге дайындалып, жеткілікті күш-жігерге ие болсаңыз, онда сізді мәреде ұлан-асыр мақтаныш пен бақыт, жаңаша кейпіңіз күтіп тұрады. Жалпы, метафоралар – өте күшті құрал және олардың пайдасы ұшан-теңіз. Өзіңізді-өзіңіз және командаңызды құлшындыруға, алға қойған мақсаттарды түсіндіруге, сезімдік-мағыналық индукцияға пайдасы мол. Бір мысал келтірейін: бірде Артем Мартыновты коммерциялық директор қызметінен «ykt.ru-дың» бас директоры лауазымына жоғарылату жөнінде сөз болған кезде мен осы екі орынның айырмашылығын көрсету үшін метафора ретінде жүзімдіктің образын пайдаландым. Онда тек жүзімді жинап қана қоймай (коммерциялық директордың істейтін шаруасы ғой), бірінші кезекте оны өсіру, топырағын тыңайтып, баптап күту, арашөптерден арылту т.б. керек қой. Әсіресе біз ІT-компанияларды дамыту қиын солтүстік жағдайында жүзім өсіретінімізді ескеруі керек екенін айттым. Немесе әлдекімге бірдеңеден бір миллиметр де шегінуге болмайтыны жайында сөз қылғанда, мен болатты мысалға келтіремін. Ең тәуір болат – берік әрі иілгіш келеді, сонда шарт сынбайды, тез тозбайды. Журналистер кейде өңмеңдеп алға ұмтылып, өзеуреп бара жатса, мен олардың сақ болуларын және өздерін 17 жасар Майк Тайсон сияқты сезінулерін өтінемін. Әлі өсіп-беку, күш жинап, үйрену, одан әрі жаттығу керек деймін. Өзінің дәрежесі жетпейтін салмақта жұдырықтасудан аулақ жүру керек. Тек сонда ғана суперчемпион атанып, болашақта адамдарға молырақ пайда әкелуге мүмкіндік туады. Метафораларды пайдаланған кезде өте көрнекі, жұрттың бәріне түсінікті әрі сенімді визуалды образ пайда болады, ол түрлі шешім қабылдап, одан әрі орындау барысында баршаға жәрдемін тигізеді. 2015 жыл бойы және 2016 жылдың басында біз Ресейде «Индрайверді» ашу жұмыстарын жүргіздік, бірақ негізгі назар бірте-бірте Қазақстанға ауды, онда қалалардың бәрі түгелдей бастамамызды іліп әкетіп, зымырандай көкке самғатып жіберді. «Индрайвердің» тәсімі таңдау еркіндігін, үнемдеу мүмкіндігін және жол шетінде қол көтеріп тұрмай, қосымша арқылы автомобильге тапсырыс беру қолайлылығын бағалай білетін, көңілі жайдары әрі жаңалыққа тез бейімделетін Қазақстан тұрғындарына мінсіз үйлесе кетті. Бар болғаны бір жылдың ішінде Қазақстандағы 17 негізгі қаланың бәрінде және бүкіл ел бойынша жеңіл машинамен жолаушылар тасымалдау нарығында біз №1 компанияға айналдық. Содан бір күні Мәскеуде менің бір маңызды кісіммен, өзінің сөзімен айтқанда, Қазақстандағы әлдебір ықпалды тұлғаның мүддесін қаузайтын адаммен кездесуім болды. Ол маған өзінің елінде мына біз бизнес жүргізетіндіктен, оны бөліске салып (сірә, басым жағдайлармен әлдебір бірлескен кәсіпорын құру арқылы дегісі келген шығар), түскен пайданың жартысын өздеріне беріп отыруым керегін айтты, егер бұл ынтымақтастықтан бас тартсақ, бұл елде жұмыс істей алмайтынымызды да ескертіп қойды. Біздің «Синетте» баяғыдан бері қатаң қағида – мұндай қадамдарға бармау ұстыны қалыптасқан еді. Біз ешқашан да сыбайлас жемқорлық қитұрқылығына қатысқан емеспіз. Талай жылдан бері мемлекеттік тапсырыстардан қашқақтап, саяси жарнамадан біржола бас тартқан едік. Күмәнді салық тәсімдеріне де жоламаймыз. Бұл қазіргі Ресей мен соған іргелес елдердің жағдайында жай ғана ақылды емес, сондай-ақ компанияның дамып жетілуі үшін ең қауіпсіз қадам деп есептеймін. Елеулі қиындықтарға душар болған ресейлік кәсіпкерлерге қараңыздаршы, олар көбінесе әртүрлі пара беріп, пайданы бөліске салатын тірлікке – бюджеттен тапсырыс алуға ұрынып қала береді. Тіпті серіктестердің немесе акционерлердің арасында коммерциялық дау-дамай туындаған кезде де тараптардың бірі мемлекетті, күш қолдану немесе салық жинау құрылымдарын шоқпар ретінде пайдаланып қалуға тырысады. Осындай жағдайға килігіп қалмау үшін бюджеттен аулақ жүріп, барлық салықты дұрыс төлеген жөн. Сонда сіз оларға тұтқасы жоқ шабадан, үлкен болат шар сияқты боласыз: көтеріп алып, өңгеріп кеткісі келсе де, ұстайтын, уыс іліктіретін жер жоқ. Сыбайлас жемқорлық мәселесінде этикалық аспекті аса маңызды. Мысалы, ауруханаларға дәрі-дәрмек алу үшін бөлінген ақшаны «жымқырып» қалу шын мәнінде адамдардың, балаларды қоса алғанда, өмірі мен денсаулығын жалмауды білдіреді. Бұл мысалға қосатын ештеңе жоқ деп ойлаймын. Мен шынында да Қазақстанда бізге елеулі қиындықтар туындауы мүмкін екенін түсіндім, сондай-ақ өзіміздің қағидаттар мен құныдылықтарымыздан айнымауымыз керегін өз тәжірибемнен анық білдім. Ұзақмерзімді келешекте бұл әрқашан да өзін ақтап шығады. Сондықтан түскен ұсыныстан үзілді-кесілді бас тарттық. Дәл осы күндері мен Астанадағы көлік министрлігімен хабарласып, өздерімен әлдебір бірлескен бизнес құрмаған ретте қиын болады деп қорқытпақшы болған екі орта буын шенеуніктің ұсыныстарына да құлақ аспадым. Алға оза шауып айтайын дегенім, бірнеше айдан соң, араға бірнеше апта салып, Қазақстанда «Яндекс. Такси» және «Uber» қызметі ашылды. Сол кезде олар Ресейде және ТМД елдерінде бөлек компаниялар еді. Түптеп келгенде, шабуылды нақ кім ұйымдастырғанын дәл айту мүмкін емес, тек нақты факті ғана бар: 2016 жылғы 17 сәуірдің таңында жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету деген желеумен «Индрайвердің» ІP-адресінің бәрі бүкіл Қазақстан аумағында тыйым салынған ІP-адрестер тізіміне енгізілді. Бұл елден сыртқы интернетке бір үлкен магистралды арна барады, онда «ұлы қытай файрболы» стиліндегі сүзгі тұр, оған кейде, жергілікті билік орындарының көзқарасы тұрғысынан «Уикипедия» немесе «Meduza.іo» сияқты саяси жағынан дұрыс емес ресурстар енгізіледі. «Индрайвер», менің білуімше, осы бұғаттауға түскен алғашқы бейсаяси ресурс еді. Бұл сервистің бас айналдырарлықтай табысқа жеткенін мойындаудың өзіндік бір түрі болды. Біздің қосымшамыз Қазақстан аумағындағы пайдаланушылардың, жолаушылар мен жүргізушілердің бәрінде ашылмай қалды. Қас қағым сәтте өзіміз мақтан тұтып, ірі жетістігімізге балаған жолсапардың бәрінен айырылып қалдық. Бірақ олар кімге соқтыққанын әлі біле қойған жоқ еді. Біз қандай да бір проблемаға тап келген елдердің барлығында жемқор шенеуніктер бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, «Индрайвер» жолсапар үстінде қауіпсіз емес-міс» дегенді ілік етеді. Іс жүзінде ахуал мүлдем басқаша: жүргізушілерді тексере, жолсапар маршрутын қадағалай, жолаушылардан төмен баға алған жүргізушілерді шығарып тастай отырып, «Индрайвер» сапар қауіпсіздігі жөніндегі ахуалды едәуір жақсартады. Біз қаланың келбетін өзгерттік: адамдарды белгісіз автомобильдер іліп әкете салатын, кейін олардың жүргізушілерін табу әсте мүмкін емес жерден, жол жиегінен кетті. Әлі күнге шейін, жұмыс басталғаннан бергі алты жылдың ішінде 300 миллионнан аса жолсапар жасала тұра, «Индрайверде» жүргізушілердің жолаушыларға ауыр зақым келтіріп, шабуыл жасаған, әйелдерді зорлап, сотты болған оқиғалары тіркелген емес. Тұрмыстық кикілжіңдер, төбелестер болды. Ауыр жол апаты да ұшырасты. Бірнеше миллиондық жолсапарда мұндай оқиға болмай тұрмайды. Осыған орай біз ішкі қайырымдылық қорын құрып, зардап шеккендер мен олардың отбасыларына жәрдемдесуді қолға алдық. Ашығын айтқанда, жалпы «Индрайвер» өзі келген қалалардың бәрінде адамдардың тұрмысын жақсартады. Мұның біз келгенге дейін дөрекі әрі міндетіне салақ қарайтын диспетчерлері мен жүргізушілері бар әбден ескірген такси қызметі үстемдік құрған шағын қалаларға да, сондай-ақ қызметті пайдаланушылары, әсіресе жүргізушілер «Индрайвердегі» еркіндікті, ашықтық пен таңдау мүмкіндігін жоғары бағалайтын мегаполистерге де тікелей қатысы бар. Олардың көбісі ірі «rіde-haіlіng» сервисіндегі кейде тіпті жолсапар басталғанға дейін маршрутын көрсетпей-ақ өз шарты бойынша тапсырысты орындауға әмір беруші көзге көрінбейтін алгоритмдік бастыққа енді қызмет еткілері келмейді. Осындай сервистегі жүргізушілер әрқашан да тапсырысты орындауға міндетті. Әйтпесе жүйеде бұғатқа түсіп қалады да, табыс көзін жоғалтады. Бізде жүргізушілер еркін жұмыс істейді, жолаушы ұсынған баға бойынша тапсырысты ала ма, саудаласа ма, әлде бас тарта ма – өзі біледі. Бұл, мысалы, Оңтүстік Африканың, Мексика мен Бразилияның қауіп-қатерге толы қалаларында өте өзекті мәселе, ол жақта да жолаушылардың рейтингісі мен жеке тарифіне қоса, болашақ жолсапар маршрутын көріп отыру мүмкіндігі кейде жүргізушінің өмірін сақтап қалуға септеседі. Өзім қалаларды көлікпен аралап жүріп, сұхбат алған кезімде осы сервисті жасағанымыз үшін маған жиі алғыс айтады. Ірі және орташа қалалар да, шағын қалашықтар мен кенттер де дән риза. Соңғыларында «Индрайвер» пайда болғанға дейін адамдар жаяу жүруге мәжбүр болды. Ондай мекендерде автобустар мен таксилер көбінесе жоқ болды немесе нашар жұмыс істеді. «Uber» және сол сияқты сервистер, әдетте мұндай жерлерде жұмыс істей алмайды: онда карта жоқ! Бұл сервистерге тарифті есептеуге арналған қаланың картасы мен компьютерлік адрес сызбасы керек, «Индрайверде» тұрғындар жай ғана «поштаның жанындағы көк үй» деп жаза салады, содан нені айтып отырғанын бәрі тез түсіне қояды, содан соң жолаушы мен жүргізушінің саудаласуы барысында тікелей бағасы белгіленеді. Шағын елдімекендерде «Индрайвер» – көбінесе жеке автомобиль иелері үшін нан тауып, напақа айырудың жалғыз ғана мүмкіндігі. Таксимен сапар шегуге ақшасы бар орташа дәулеттілердің қаражаттарын өзінің отбасын асырау үшін қосымша табыс көзін қажет ететін адамдарға бөліп берудің таптырмастай әлеуметтік тетігі осы. «Индрайвердің» арқасында адамдар өзгелердің өмірін құтқарып қалған дерегі жиі кездеседі. Ең алғашқы сондай жағдай тапсырыстар әлі «тәуелсіз жүргізушілер» тобына түсіп жатқан кезде болған еді. Якутскіде демікпеге шалдыққан бір қыз түн ішінде дерті қозып оянады да, дәрі құйылған негізгі спрейі босап қалғанын, ал қосалқысын жұмысқа ұмытып кеткенін байқайды. Мұндай жағдайда әр минут санаулы. Ол «жедел жәрдемге» телефон шалады, ондағылар дәрігерлер тез келе алмайтынын, бәрі шақыртумен кеткенін айтады. Сонда әлгі қыздың топқа тапсырыс беріп, жай-ахуалды қысқаша баяндап, спрей жеткізіп беруді, сөйтіп, өмірін құтқарып қалуды өтіну ойына келе қалады. 15 минуттан кейін оған дәріні жеткізіп береді! Өзара көмек көрсетіп, шынайы адамгершілік танытудың кереметі емей, бұл не? Содан кейін мынадай оқиға болды: біреулер түн ішінде Лена өзінінің мұз өткелінде автомобильмен адасып, омбы қарға батып, қозғалтқышы өшіп қалады. Якутияның қысында бұл төтенше әрі өте қауіпті жағдай ғой. Сәтін салғанда, әлгі жерде байланыс желісі ұстайды екен, олар «Индрайверде» жағдайлары туралы жазып үлгереді. Бірден бірнеше жүргізуші үн қатады. Солардың бірі, жол талғамайтын көлік иесі «WhatsApp» арқылы GPS координатын алып, олардың ошарылған орнын тауып, құтқарып қалады. Иә, біз мұндай оқиғаларды жиі көріп жүрміз! Ірі корпорациялардың автоматтандырылған жүйесінде мұндай адами өзара көмек көрсетіп, жанашырлық таныту мүмкін емес. Бұрынғы тұрпаттағы шағын диспетчерлік орталықтарда да әлгіндей қоңырауларды диспетчерлер төтенше жағдайлар қызметіне немесе «жедел жәрдемге» жолдай салып, жайбарақат отыра беретініне шүбәсізбін. «Индрайверде» бағамен айла-шарғы жасау мүмкін емес. Егер «Гуглді» шарласаңыз, ірі сервистердің жолсапардың бағасымен және басқа да шарттарымен қалай манипуляция жасайтындары туралы «Forbes» пен «Bloomberg» сияқты беделді басылымдардың немесе блогерлердің жарияланымдарын таба аласыз. Мысалы, олардың тұрақты клиент (ешқайда кете алмайды!) немесе смартфон батареясының қуаты азайған адам тапсырыс берсе, әлдеқайда жоғары тариф белгілей қоятыны әшкере болды. Сұраныс артатын қарбалас сәтте сервистер тарифке жоғары көтеру коэффициентін, мысалы, 2х қоса салады, және де 1,3х немесе 1,7х емес, неге 2х екенін ешкім білмейді. Өйткені бұл жабық жүйе, жасырын алгоритмдер, олармен көңілдері қалаған шақта оп-оңай айла-шарғы жасай береді. «Индрайверде» мұндайға жол берілмейді: ол ашық, бәрі көзге көрініп тұратын нарықтық жүйе, онда жолсапардың тарифтері мен шарттарын пайдаланушылардың өздері белгілейді. Осындай жағдайда «Индрайвер» қауіпті немесе тағы адамдардың өміріне қолайсыз тұстары бар деу – шенеуніктердің өздерінің әлдебір жеке тұлғалардың мүдделерін қорғаштауларына арналған сылтау ғана. Сервистің адамдарға пайдалы екені айдан анық және олар бізге жаппай қолдау көрсетіп келеді: қызмет көрсетуді бастағанымызға небәрі бір жыл өткеннен кейін кәдуілгі қаланың бірінде белсенді пайдаланушыларымыздың 85–90%-ы бізге дос-жарандары мен ағайын-туыстарының шақыруы бойынша келгенін статистика көрсетіп отыр. Жұртшылыққа алып келген пайдамызды дәлелдейтін осыдан артық қандай көрнекі мысал керек? Бұғаттаудың алғашқы күні-ақ біз тайсалмай қарсылық көрсете бастадық. «Өкіл әкенің» сөзімен айтқанда, команда «табан тіреп жатып алды». Компанияға шабуылдау команданы бұдан бетер ширықтырып, топтастыра түсті. Біз қосымшаның ІP-адресін үнемі ауыстырып отыруға кірістік, оларды өшіккен тарап дереу «қара тізімге» кіргізе қойды, содан кейін бәрі қайталанады (кейін Ресейде «Telegram-ға» қатысты осындай оқиға орын алды). Біз sms-провайдерлерге қыруар ақша төлеп, Қазақстандағы пайдаланушыларымызға VPN-ді қолдану жөнінде ұсынбалары бар бірнеше миллион sms жолдадық. Баспасөз бен блогерлерге жүгіндік. Сотқа және монополияға қарсы комитетке шағымдану үшін заңи фирманы жалдадық. Бұғаттау заң талаптарын бұза отырып, соттың шешімінсіз, әлдебір департаменттің күмәнді бұйрығы негізінде жүзеге асқаны анықталды. Сондай-ақ біз қалыптасқан ахуалдан заңды түрде шығу жолын іздестіру барысында көлік жөніндегі комитетпен ресми келіссөздер жүргізе бастадық. Таптаурын емес жолдармен де жүріп көрдік. Мысалы, бұғаттау Астанадағы үкіметтік орамның белгілі бір ғимаратынан жүргізілетінін білетін бағдарламашылар осыны істеген адамдардың смартфондарын тауып алып, біздің ІP-ді «қара тізімге» кезекті кіргізу кезінде әлгі смартфондар құдды ашылмай тұрғандай көрінетін етіп қойды. Бұл ретте қалған пайдаланушылардың бәрінде «Индрайвер» мүлтіксіз жұмыс істеп тұрды. Ақырында, енді 2–3 айдан кейін бұғаттау қысымы қайта басталды. Шенеуніктер әншейін жалығып кетті, бұған қоса олар ақпараттық у-шудан өздеріне удай зиян келіп жатқанын түйсінді. Сонымен қатар олардың дәметкен нәрселерін жең ұшынан ұсынып, алдарына ешкім жалбақтап бара қойған жоқ. Шамамен жарты жылдан кейін біз бұғаттау алдында болған масштабты қалпына келтіріп, қайтадан өсімді жалғастыра түстік. Бұғаттауды бізден тек 2 жылдан кейін, монополияға қарсы заңдардың күші арқылы, ресми деңгейде біржола алып тастады. Біз пәрмені басымдау дұшпандарымызды күшіміз тең келмейтін шайқаста тағы жеңіп шықтық. Шындық пен әділет сенің жағыңда болса және оп-оңай беріле салмасаң, солай болады да. Осындай қималы уақиғалардың нәтижесінде өзің де, командаң да мейлінше пісіп-жетіліп, күш-жігер жинай бастайсың. Сондықтан мұндай проблемаларды арнайы іздемесең де, одан қорқып, тайсақтаудың ешбір жөні жоқ. Адамдар сәтсіздіктерді ұнатпайды, әрі қорқады. Сәтсіздіктер көбінесе ынтаны жойып, күш-жігер мен өзіңе деген сенімнен айырады. Өзім де одан құралақан емеспін, бірақ бәріне мейлінше байыпты қарап, сәтсіздіктің өзінен жағымды нәрсені көре білуді бірте-бірте үйрендім. Менің кәсіпкерлік жолымда үш ірі сәтсіздікке: ЯМУ мен «Үш алапқа» қатысты жағдайға, аймақтық порталдармен орайы келмеген экспансияға және Қазақстандағы бұғаттауға ұшырадым. Өзіме және компанияға ауыр соққы болды. Дегенмен қарапайым әрі маңызды факті де бар: осы сәтсіздіктер жеке өмірімдегі және кәсіпкерлік жолымдағы ең үлкен жетістіктерге алып келді. Инновациялық ЖОО статусын жеңіп алған ЯМУ бірнеше жылдан соң тағы бір қадам жасады, елдегі 7 ірі жоғары оқу орнымен бірге федералдық ЖОО мәртебесіне ие болды. Порталдық жобамен жұмыс істеу мынаған жеткізді: біз «ykt.ru-дың» технологиясын жетілдіре түсуге мәжбүр болдық та, көп ұзамай өз өңірінде интернет-аудиторияны қамту көрсеткіші бойынша Ресейдегі №1 аймақтық порталға айналдық. Қазақстандағы компанияға шабуылды өте сезімталдықпен қабылдадым. Содан «Индрайвермен» шындап айналыса бастадым, әлі күнге шейін оған іс жүзінде бүкіл уақытымды арнаймын. Оған дейін мен оған маңызды, бірақ көп жобалардың бірі ретінде қарап келген едім. Қазақстандағы шабуылдың бетін тойтарып, ондағы көрсеткіштерді бірнеше есе арттыра білдік. Содан кейін небәрі 2 жылдың ішінде, көп жағдайда өзімді және команданы жұдырықтай жұмылдырып, назарымызды жұптаудың арқасында, біз жобаны алға бастыру қамында үлкен қадам жасап, технологияны күшейттік, бұрынғыдан да көп жаңа қалалар кеңістігін ашып, халықаралық экспансияны бастап кеттік. Сәтсіздікті әдейі іздеудің, әрине, қажеті жоқ. Өзіңді және командаңды оқытып-үйрету тұрғысынан алғанда сәтсіздіктер тек қалай істеу керектігін ұқтырады, ал жетістіктер өзіне қалай жетуге үйрететінімен құнды болмақ. «Rework. Соқыр сенімсіз бизнес» кітабында қызық дерек келтірілген: Гарвард бизнес мектебінің зерттеуі сәтсіздік тәжірибесі бар кәсіпкерлердің табысты бизнес құру мүмкіндігі өз бизнесін жаңадан бастағандардың мүмкіндіктерімен бірдей – 23% екенін көрсетті. Ал табысқа жеткендердің мүмкіндіктері 37% болып шықты.
Бұдан шығаратын негізгі қорытынды: •Өмір бәріне соққы береді. Соның ақырында еңсесін түсірмей, қиындыққа төтеп бергендердің арасынан табылу, білмегенін үйреніп, сәтсіздіктерді еңсере біліп, күш-жігер жию маңызды. Тәжірибе текке күйіп кетпейтін нәтиже болып табылады. Осы тұрғыдан, түпкі нәтиже сияқты, ол да бағалы. •Сәтсіздіктің өзі жетістікке айналуы мүмкін. Қорытынды ой түйіп, ақи-тақи байлам жасауға асықпаңыз. Қазір жеңіліс тәрізді көрінген нәрсе кейін не жеңістің өзі, не соған бастап апаратын серпін болуы мүмкін. •Ең бастысы, ілкімді істен қорықпау керек. Ештеңе істемейтіндердің шаруасы бірден нөлдік нәтиже көрсетеді, ешқандай мүмкіндігі жоқ қой. Ал ілкімді іс бастай қалсаң, аянып қалмай, бар күш-жігеріңді салуың керек. 2016 жылдың мамыр айында ««Индрайвердің» екі маңызды стартын қолға алып едік, бірақ олар сәтсіздікке ұшырады. Солардың біріншісі біз үшін жаңа ел – Өзбекстанның Ташкент қаласындағы старт еді. Сырттай қарағанда Ташкент Алматыға ұқсас болғанымен, өзбек астанасының тұрғындары қазақстандықтардан мүлдем басқаша болып шықты. Жалпы жұртшылығы смартфонды көп пайдаланбайды екен және оларға «Индрайвердің» саудаласатын тәсілі ұнамады. Сауда-саттыққа жақын халық қой, оларға индрайвер биддингі дөп келеді ғой деп ойлап едік. Бірақ олай болмай шықты, аз ғана уақыт белсене әрекет еткеннен кейін жарнама науқанын доғаруымыз мұң екен, көрсеткіштер төмен құлдырай бастады. Ал «ұзынқұлақтың» есебінен негізгі өсімге жете алмасақ, онда бұл қаланы жасанды түрде ұстап тұра алмаймыз. «Индрайвер» дегеніміз – такси мен райдхейлинг саласындағы «WhatsApp», бірінші кезекте органикалық трафик пен бұқаралық старттар есебінен дамуға үйренген компания. Өзіміз үшін маңызды қадам – алыс шетелге алғашқы шығуымыз екінші сәтсіздік болды. Бұл – Янгон, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ірі ел, Мьянмадағы (бұрынғы Бирма) қала. Біз бұл қаланы негізгі үш себепке: көшелерінде такси-автомобильдердің көптігіне, онда бәсекелестеріміздің жоқтығына, сондай-ақ қала орталығында мотобайкаларға тыйым салғандықтан, тұрғындар такси қызметін жиі пайдаланатынына байланысты таңдадық. Азия шәрінің өте экзотикалық, қызыл-жасылды, құртша қайнап, сапырылысып жатқан ортасына тап келіп, жергілікті жүргізушілермен және жолаушылармен шүйіркелесудің өзі ғанибет қой. Бір күлкілі көрініс есімде қалыпты: Мьянмада еркектердің көпшілігі шатырашты юбка киіп жүреді және үнемі бетель – шайыр жапырақ шайнай беретіндіктен, олардың тістері қорқынышты қызыл күрең түске боялып тұрады екен. Біз қосымшаны мьянма тіліне аударып, қажетті жүргізушілер санын жинақтадық та, күндердің бір күнінде жолаушыларға арналған жарнама науқанын бастап кеттік. Алдымыздан әрқилы техникалық және ұйымдастырушылық үйлесімсіздіктер мен қателіктер шыға келді. Олардың кейбіреулері біздің команданың тәжірибесіздігінен туындаған, өз тарапымыздан жіберілген фейлдер мен олқылықтар еді. Мысалы, тіркелуші ірі байланыс операторларының пайдаланушылары қосымшаға тіркелгенін растайтын sms-ті бірнеше күн бойы алмаған. Ал біз бұған тым кеш көңіл бөлдік. Бірақ мәселе тіпті мұнда да емес, қала бізді мүлдем елемегендей кейіп танытты. Күніне жүздеген тапсырыс түсті, ал бұл 8 миллион тұрғыны бар қала жағдайында түкке тұрмайтын көрсеткіш еді. Істі бастауға бөлінген 100 мың доллардан сәл асатын бюджет тым жеткіліксіз-тұғын. Бұған қоса, тұрғындарға қосымша онша ұнамады, сол кезде бізде әлі жартылай автоматтандырылған тәсім еді, пайдаланушылар саудаласқысы келген кезде бір-біріне телефон шалуға мәжбүр болды. Бирмалықтар біздің жарнаманы түсінбеді. Біз Ресей мен Қазақстанда кеңінен танылған басты жарнамалық видеоролигімізді жергілікті жағдайға бейімдеп, мьянма тіліне аудардық және жергілікті актерлерді қатарға тарттық. Оның сюжеті бойынша бір жас жігіт супермаркетте кассаға келіп, себеттен тауарларды бірінен соң бірін шығарып, бағаны өзі белгілеп, кассир әйелді абыржытып тастайды. Бұдан кейін іле-шала такси және «Индрайвер» тақырыбына жетелейтін түйіндеу пэкшоты көрсетіледі. Сонымен, осы видеороликті көрген Мьянмадағы пайдаланушылар жарнамада әлгіндей төлем жүйесі бар әлдебір азық-түлік дүкені жөнінде әңгіме болып отыр деп түсініп, оның қай жерде орналасқанын анықтауға тырысты! Жарнаманы іске қосар алдында аудитория оны қалай ұғынатынын анықтап алу керек екен. Мәдениет пен менталитеттің кез келген жерде өзіндік ерекшеліктері, өзіне тән иірімдері болады. Және де кезегі бойынша – соңғы, маңызы бойынша соңғы емес бір фактор – ел тұрғындары мобильді қосымшаға әлі даяр емес болып шықты. Талай жылдар әскери хунтаның басқаруында болған Мьянмада интернет енді-енді ашылып жатыр екен. Оған кіру тарифтері енді ғана арзандап, секундтық тарифтеудің ұзаққа созылған кезеңінен лимитсіз немесе мегабайттық негізге көше бастаған. Жергілікті тұрғындардың түгелге жуығы телефондағы интернетті пайдаланар кезде ғана қосып, жұмысын бітірген бойда өшіріп тастайды. Бірнеше апта бостан-босқа әуреленгеннен кейін амалсыздан мойындадық: өзіміз, старттар тәсімі мен технологиямыз бұрынғы КСРО елдерінің үйреншікті нарығынан тысқары жерлерде жұмыс істеуге әлі дайын емес екенбіз. Қазақстандағы бұғаттаумен және Ресейдегі кейбір кедергілермен қатар, маңызды іс бастауындағы осы екі сәтсіздік 2016 жылдың ортасына таман команда ішіндегі елеулі моральдық дағдарысқа алып келді. Біз өзімізге және өнімімізге, оның жұртшылыққа пайдалы нәрсе екеніне сенуден қалдық. Екі қолымызды алдымызға сыйғыза алмай, сенделіп кеттік. Мен тіптен кездесулердің бірінде жігіттерге «Индрайверді» қайтадан ойластырып жасауымыз керек дедім. Осы дағдарыстан шығу үшін бізде сервисті нөлден бастап қайта құрмасақ та, ең болмағанда, түрін өзгертіп, жетілдіре тұсуге тура келді. Бұған қоса, өзімізге сенімімізді қалпына келтіріп, нықтауға «Maіl.ru» холдингімен арада болған мына бір уақиға көмектесті. 2014 жылы венчурлік қорлармен алғашқы байланыстардан кейін біз, мақсатты түрде фандрайзинг жүргізбестен және жаппай жарнамалаудан қашқақтап, инвесторлар қауымдастығымен қарым-қатынасымызды жалғастыра бердік. Содан бірде «Maіl.ru-дың» инвестиция жөніндегі директоры, ақылы кенен, араласуға жұғымды жас кәсіби маман Алексей Милевскиймен таныстым. Екеуміз бір-екі рет кездесіп, компания туралы, технология жайында әңгімелеп, негізгі көрсеткіштерді жолдап жібердім, Алексей де кәдімгідей қызығушылық танытты. Біз жария етпеу жөнінде келісімге қол қойып, өзіміздің деректермен толықтай танысуына рұқсат еттім. Милевский «Maіl.ru-дың» директоры Александр Горныймен бірге бірнеше күнге бізге, Якутскіге ұшып келіп, негізгі жетекші мамандармен сөйлесті, біздің қалай жұмыс істейтінімізді байқап, «Индрайвермен» қатынап көрді. Оларға бәрі ұнады, содан біршама уақыт өткеннен кейін мені «Maіl.ru-дың» Мәскеудегі штаб-пәтерінде бүкіл холдингінің басшысы Дмитрий Гришинмен кездесуге шақырды. Ол ресейлік олигархтар Юрий Мльнермен және Әлішер Усмановпен серіктес бола жүріп, ІT-индустрия саласында тамаша қызметтік сатыдан өтіп, «Maіl.ru» сияқты соншалықты қуатты құрылымды қалыптастыруға шын мәнінде өлшеусіз үлес қосты. Ленинград даңғылындағы зәулім үйдің ең соңғы қабатында отырып, Гришин екеуміз бір сағаттан аса әртүрлі тақырыпта әңгіме өрбіттік. Жалпы алғанда, Дмитрий мені кәсіпкер әрі ілкімді адам ретінде бағалайтыны байқалып тұрды. Такси тақырыбы бойынша ол айтқан аз-мұз әңгімелердің ішінен «Maіl.ru» кезінде осы нарыққа шығудан кешігіп қалғаны және, Гришиннің өз сөзімен айтқанда, «соңғы вагонға секіріп міну» үшін мына біз сияқты тәжірибелі команданы иеленгісі келетіні жөніндегі ойы есімде қалыпты. Бірер күн өткеннен кейін ұсынысын айту үшін тағы шақырды. Кездесу алдында мен инвестиция ма, әлде басы бүтін жұтып алу ма (mergers&acquіsіtіons, M&A) – не туралы әңгіме қозғалатынын білген жоқпын. Бір ғажабы, онша толқып, қобалжымадым. Маған «біз тамаша компания құрдық және жақсы ұсынысқа лайықтымыз» деген ой демеу болды. Кездесуге Милевский мен Горныйдан басқа «VK.com» әлеуметтік желісінің жетекшісі, кейін холдингінің бас директоры болған Борис Добродеев қатысты. Мән-жайды Алексей Милевский жеткізді. Бізге «Индрайвер» компаниясы 90%-ын үш жыл бойы өтей отырып, KPІ индикаторымен бірге 68 миллион долларға сатып алу жөнінде ұсыныс жасады. Сонымен бірге «Maіl.ru» қолма-қол ақша түрінде де, өздерінің жарнамалық платформаларында – «Maіl.ru» порталында, «VK» және «Одноклассники» әлеуметтік желілерінде, әртүрлі ойындарда т.б. берілетін жарнамалар түрінде де «Индрайверге» едәуір қаржы салуға ниетті екенін білдірді. Бәрі әңгімелерін айтып болғаннан кейін біршама уақыт өлі тыныштық орнады. Мен 27-қабаттағы орынтақта отырып, еденнен төбеге дейін жететін биік терезеден көк аспандағы күнге көз тіктім. Сонау тұңғиық төмендегі Ленинград даңғылымен ағылып жатқан автомобильдердің гүрілі құлаққа талып естіліп тұрды. Осы қабаттағы ресепшннің үні де келіп жатты. Мен компания құнының 75 миллион долларға жеткенін, біздің үш жыл ішіндегі еңбегімізге берілген тым-тәуір баға екенін ойладым. Бұл өзі қызық болды, компанияның тарихын «ВКонтакте» желісінде паблик жасап, Якутскінің жас ынтагерлері бастап еді, міне, енді сол желінің өзі мәміле жасауды ұсынып отыр. Мен жиынға қатысып отырғандарға ұсыныстары үшін алғысымды айтып, командамен ақылдасып, кеңесуге бір аптаға мұрсат сұрадым. Содан соң қоштасып, кетіп қалдым. Түскен ұсыныс бізді әжептәуір ойландырып тастады. Бір жағынан, қанша дегенмен, бұл қомақты сома әрі «Maіl.ru» сияқты соншама алып компанияның ұлан-ғайыр ресурсына еркін кіруге мүмкіндік ашылғалы тұр. Иелігімізде қалатын 10%-дың өзі-ақ компанияның өсу шамасына орай 90%-ға төленетін 68 миллионнан да көбірек табыс әкелгелі тұр. Екінші жағынан, мейлі, сол жылы көңіл көншітпейтін жағдайға – сәтсіздіктер жолағында тап келіп, өзімізге сенімнің дағдарысына ұшырасақ та, компаниядағы технология мен перспективаның қуатты қарымы бар екенін жақсы білеміз. Команданың құлшынысы артып, ең биік шыңдарды бағындыруға жұлқынып-ақ тұр. Оның үстіне технологиялық стартаптар үшін күйіп тұрған тақырып – rіde-hаіlіng саласында жұмыс істейміз, осы салада «Uber», «Lуft», «Ola», «Grab» сияқты компаниялар көз алдымызда бірнеше миллиардтық тарихын қалыптастырды ғой. ТОП–20-ға кіретін «бір мүйізділердің» – миллиардтаған байлығы бар компаниялардың үштен бір бөлігін нақ осы rіde-hаіlіng компаниялар құрады ғой. Бұл ретте біздің аталмыш компаниялардан айырмашылығымыз: Шығыс Сібірдің шалғай түкпіріндегі қаладан шыққандықтан, ірі инвестициялық ресурстарға, ауқымды халықаралық жарнамаға және басқа да игілікті нәрселерге қол жеткізе алмадық. Мен тамылжыған жаздың керемет бір күнінде құзға өрмелеушілердің фестиваліне кездейсоқ тап болып, Якутскіден 160 шақырым қашықтағы Еленка деревнясының маңайындағы Лена өзенінің жар қабақты жағалауында бірнеше сағат бойы отырдым. Көз алдымда алып өзен арнасымен асып, асықпай ағындап жатты. Оның толқынды айдынында ақша бұлттардың сұлбасы тербеле жүзіп жүрді, ал мен шешім қабылдай алмай дал болдым. Басқа жетекші мамандарымыз да толқыды. Ақырында, әртүрлі күмәнді ойлар мен талқылаулардан кейін, кем дегенде, 100 миллиондық межеден түспейміз деген шешімге келдік. Бұл шын мәнінде даңғайыр табысқа жетіп, өз өнегемізбен өзге адамдардың талайын шабыттандыруға – оларды ІT саласында дамып-жетілуге ынталандырдық деп ұялмай айта алатын межеміз еді. Біз «Maіl.ru-ға» 100 миллион доллардан басталатын баға бойынша мәмілені талқылауға дайын екенімізді жеткіздік. Бірсыпыра уақыттан кейін Милевский өздерінің ұсыныстары бұрынғысынша, өзгеріссіз қалатынын айтты. Содан кейін мен, енді ешқандай күмәнсіз, «Maіl.ru-дың» ұсынысынан бас тарттым. «Maіl.ru-дың» мына себептер бойынша ақша мөлшерін арттырудан бас тартқанын кейін білдім. Гришин мына мені көзге айқын көрініп тұрған ерекше мәдениеті мен иланымы бар тәжірибелі кәсіпкер болғандықтан, өздерінің корпорацияларына кіріге алмайды және ұзақ жүрмей тайып отырады деп ойлаған. Мен кеткеннен кейін «Индрайвер» қиындыққа кезігіп, басына қатер бұлты үйірілер еді, сондықтан да «Maіl.ru» бізге ұсынылған мөлшерден артық ақша жұмсауға тәуекел ете алмаған екен. Осы уақиға команданың өз күштеріне сенімділігін күрт арттырды. «Maіl.ru-дың» негізгі бизнестерінің бірі – гейм-индустрия тілімен айтқанда, біз өзіміздің моралымызға +100 алдық. Шешім қабылдағаннан кейін ешқашан өкінбеу маңызды екенін атап айтқым келеді. Әсіресе ол өзіңнің қағидаттарың мен құндылықтарыңа негізделсе. Мынау жақсылықтан жаралған дүниеде бәрі жақсылыққа жеткізеді түбінде. Жеке бір уақиғадан алынған осы қағиданың ең мықты дәлелі бар болғаны үш жылдан кейін «Индрайвердің» 10 еседен аса өскені болып табылады. 2016–2017 жылдың қысында «Индрайвер» іс бастауларын, негізінен, Ресейде жүргізіп, Қазақстанда аяқтады, ол жақта старт жасайтын қалаларымыз таусылып қалды. Команда осы екі жылдың ішінде өнімнің бітімін түбірінен қайта жасап, телефонмен қоңырау шалудан бас тартты, қайыра саудаласу тетігін енгізіп, жаңа тапсырыстар туралы смарт-хабарларды қосты, жүргізушілер рейтингісін енгізіп, басқа да көптеген жаңартулар мен жетіктірулерді іске асырды. Технология біршама күрделі әрі көп факторлы болды. Әрбір елді мекен жүйеге жүзден асатын әрқилы өзгерістерімен және өлшемдерімен сипатталып жазылды, бұл сервисті кез келген қалаға мейлінше тез әрі оңай бейімдеуге мүмкіндік берді. «Индрайверге» кіру үшін қалаларды таңдау әдістемесі, старттарды дайындап, енгізу, одан әрі дамытып, техникалық жәрдем көрсету үрдістері жетілдірілді. Деректер базасы жоғары жүктеме режиміне көшіріліп, өскелең сұраныстар мөлшері мен деректер көлеміне бейімдендірілді. Біз жүргізушілерге жолаушылардың баға беру тәсілін енгізгеннен кейін, жүргізушілер өздерін әлдеқайда кішіпейіл әрі әдепті ұстауды тез үйренді. Жолсапарға жолаушылардан берілген орташа баға, санаулы айлардың ішінде 5 балдық шекіл бойынша 4,3-тен 4,85-ке дейін көтерілді. Бірде тіпті автомобильден шығар кезде маған жүргізуші есікті сыртынан ашты. Сонда мен өзіміздің индрайверлік чатта жігіттерге: «Алақай! Ақыр соңында біз тамаша қызмет көрсету деңгейіне жеттік», – деп жаздым. Ал олар болса «Арсен, аптықпа, ол сенің бет-әлпетіңді танып қойған ғой» деп жауап қайтарғаны есімде. Бізге «Максим» такси қызметінің Якутия бойынша бұрынғы басшысы Олег Серкин жұмысқа келді де, қалааралық қатынас пен жүк тасымалдаудың бағыттарын едәуір күшейтті. Біршама уақыттан кейін екі қызметкерден тұратын және іс жүзінде осы бағытта еш шығын шығармайтын қалааралық тасымалдау бөлімінің бұрынғы КСРО елдеріндегі нарық көшбасшысы – «BlaBlaCar» компаниясының көрсеткіштеріне сәл жетпейтін деңгейге көтеріліп, жолсапар санын көп жинақтап отырғанын байқадық. Ал әлгі компания аймақтық нарыққа шығу үшін қомақты қаржы мен күш-жігерін жұмсаса да, ақшаландыру саясатын бәрібір ұқсата алмады. «Индрайвердегі» қалааралық тасымал бөлімі болса іс жүзінде бірден кіріс кіргізіп, біртіндеп мол табыс табуға көшті. Креативті іс-әрекеттерді көбірек қолдана бастадық: істі алға жылжытудың кәдуілгі жарнамалық арналарымен қатар, тұңғыш рет жаңа, қалыптан тыс нәрселерді пайдаланып, аудиторияның табиғи өсіміне жан-жақты жағдай жасауға тырыстық. Біз мысықты көшені жарықтандыру бағанының басына шығарып қойып, содан соң оны «Индрайвер» жүргізушілерінің күшімен «құтқарып», әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдары үшін жағымды ақпараттық желеуді қолдан жасадық. Немесе автомобильдің капотына темір сүйменді бойлата сұққан фотосуреттің астына қаладағы ескі такси қызметі әжептәуір пайдалы шарттары бар орынды қосымшаның пайда болғанын көре алмай, осындай тәсілмен біздің алға жылжуымызға бөгет жасауға тырысып отырғаны туралы хикаяны қоса жарияладық. Бұл фотосуреттер интернетті кәдімгідей толқытты. Дегенмен бұрыннан келе жатқан такси қызметінің біздің үстімізден әртүрлі инстанцияға – прокуратураға, федералдық монополияға қарсы қызмет басқармасына (ФМҚБ) және МАИ-ға түсірген арыз-шағымдары біз үшін ең мықты олжа әрі іздесең таптырмайтын ақпараттық сылтау болды. Осы хақындағы хабарламалар тұрғындардың ашу-ызасын туындатып, бізді және біздің сервисті жаппай қолдаудың жал-жал толқынын, әлеуметтік желілер мен медиа кеңістіктегі әуезе-тілектердің ауқымды көлемін қаптатты. Мұндай жағдайдың қай-қайсысында біз ақпараттың көрігін қыздырып ала жөнеліп, байырғы такси қызметінің тағы да мемлекеттік органдарға шағымдануына түрткі салып қойдық. Біз үшін Ресейдегі алғашқы миллион тұрғыны бар қала – Екатеринбургте іс бастауымыздың сәтсіздікке ұшырауы оптимистік көңіл-ауанымызға қаяу түсіре алмады, соның барысында біз бірталай тың тәсілдер мен жаңалықтарды сынақтан өткізіп көрдік. Компанияның көкке өрлеп, еркін самғай бастағанына куә болдық. Жанкешті құлықпен жұмыс істеудің арқасында 2016 жылғы дағдарыстың тығырығынан қиналмай шықтық – команданы күшейтіп, өнімді старттар технологиясын, маркетинг және басқа істердің барысын жақсарта түсуге жете көңіл бөле бастадық. Жаңа старттардың табысты болуы, технологияның жақсара түсуі бізге қалалар желісін кеңейту ісін жеделдетуге мүмкіндік берді де, қайтадан фандрайзинг – инвестициялар тарту жайында ойлана бастадық. Олар біздің көбірек старттар жасап, миллионнан астам ірі қалаларға шығуымызға жол ашары анық. Содан енді алыс шетелдерге экспансия перспективасы да қол бұлғап тұр еді. Біз қарапайым таныстырылымдарды әзірлеп, деректерді арнаулы кестеге түсірдік те, мен қайтадан венчурлік қорлармен кездесуге кірісіп кеттім. Шетелдік қорлармен араласу жолы біз үшін іс жүзінде жабық еді: «Индрайвер» тек қана Ресей мен ТМД елдерінің нарығында ғана жұмыс істейтін таза ресейлік компания еді. Бұл алыс шетелдегі венчурлік инвесторлардың барлығы үшін қаржы құюға тыйым салатын фактор болып саналды. Шетелдік қорлармен бірнеше мәрте сөйлесіп көруге тырысқанымызбен, бәрі дерлік жауапсыз қалды, кейбіреулері ресейлік венчурлік қорларға жолығуға кеңес берді. Біз солай істедік. Ресейде шағындау, бірақ біршама белсенді әрі алымды венчурлік нарығы қалыптасты. Ол 2000 жылдардың соңғы жағында дамып-жетіліп, 2010 жылдардың бас кезінде шарықтай ұшып, көкке самғады, бірақ 2014 жылғы саяси дағдарыс пен рубль бағамының екі еседей құлдырауы оның қанатын қайырып жіберді. Қорлардың көбі инвестициялауды доғарды немесе елден кетіп қалды, тұтастай алғанда, Ресейдегі венчурлік инвестициялар нарығы енді тұралап, тоқырай түсті. Елдегі нарықтың негізгі кемшіліктерінің бірі – корпорациялардың стартаптарды аз сатып алатыны. Мұндай мәмілелердің мөлшері АҚШ-та, Қытайда немесе Еуропа елдеріндегі осындай көрсеткіштерден әлдеқайда артта қалып келеді. Осылайша, Ресейде ішкі нарыққа бағдарланған стартапты бастай отырып, кейін одан шығу (exіt) – қандай да бір ірі компанияға (M&A) сату немесе акцияларды қор биржасына жайғастыру (ІPO), жария компания болу өте қиын. Бұл сонымен бірге венчурлік инвесторлардың меселін қайтарып, біржола ынтасын жояды: иә, шынында да, ондағы үлесіңе тиесілі ақшаны кейін ала алмайтын болсаң, компанияға ақша салып керегі не? Ресейлік технологиялық компаниялардың арасында алыс шетелде сәтті экспансия жасағандар некен-саяқ, әрі бұл қалыпты нәрседен гөрі кездейсоқ жағдай болып көрінеді. Меніңше, бұл жерде құрулы тұзақ сияқты бір кілтипан жатыр. Бір жағынан, Ресей нарығы әжептәуір үлкен, стартаптардың тек соған ғана бағдарлануына жетіп жатыр. Екінші жағынан – ІPO және M&A тетіктері бар толыққанды инфрақұрылымды өркендетуге оның көлемі тарлық етеді. Мысалы, Израильдегі немесе Эстониядағы стартаптар үшін бірден жаһандық дамуға бағдар ұстанудан басқа жол жоқ. Сонымен қатар АҚШ-тағы және Қытайдағы компаниялар үшін бірнеше жылдың ішінде нөлден көп миллиардты компания деңгейіне дейін өсу және содан соң биржаға сәтті шығу немесе ірі корпорацияларға сатылу үшін ішкі нарық пен инфрақұрылымдар жетіп-артылады. Ресей әлі осылардың әлдебір орта шенінде жүр, әрі бұл жергілікті компаниялардың нақты бір стратегиясын айқындауына кедергі келтіреді. Ресейлік технологиялық компаниялардың бағдарламалау мен технологиялар жасақтауға мықтылығы елеулі фактор болып табылады, бірақ, сөйте тұра, оларда бизнес-девелопмент, кәсіпкерлік ілкімділік жағы ылғи ақсап жүреді. Көбінесе фаундерлер мен топ-менеджерлер бизнесті өркендетудің заманауи әдістемелері мен технологияларын пайдаланбастан, бәрін ойдан шығара салады. Ал озық нәрселерді пайдалануға талпынып, іздену аса қиын шаруа емес қой. Ең кемінде, Эрик Ристің «Lean Startup» кітабын оқыса, жетіп жатыр. «Индрайверге» шамамен 5–10 миллион доллардай инвестиция керек болды. Ресейде мұндай чектері бар венчурлік инвестициялық компаниялар саусақпен санарлықтай, Солтүстік Америка мен Қытайға қарағанда, жүз есе аз еді. Қолда бар байланыс арналары арқылы соларға шыға бастадық. Мұндай таныстықты көбінесе «интро» (ағылшынның іntroductіon – «таныстыру», «ұсыну» деген сөзінен шыққан) деп атайды, әрі бұл инвестор табудың ең тиімді жолы саналады. Жалпы, қорлармен араласып-құраласу мезіреті жайма-шуақ, тартымды ауанда өтті. Біз өзіміздің шапшаң өсіп келе жатқан көрсеткіштерімізбен, пайдалылығымызбен және тосын моделімізбен өзге стартаптардан алабөтен ерекшеленіп тұрдық. Компанияның өсіп, өркендеп шыққан орны – Якутия да тосындау көрінді. Әдетте Ресейдегі ірі стартаптар Мәскеуде, Петерборда, басқа да миллион тұрғыны бар ірі қалаларда бой көрсетеді ғой. Инвесторлармен арада бірер күлкілі немесе күйінішті жағдай да орын алды. Мысалы, өзім араласып-құраласып жүрген астаналық үлкен әрі танымал венчурлік компанияның басқарушысы бір күні маған олардың өздері компания құратынын, Мәскеу нарығына шығуы үшін технологиямызды беруім керегін айтты. Ол «осы жаңа компаниядағы өздері бөліп беретін үлесімнің қандай болатынын» емін-еркін талқылауға дайын екенін білдірді. Бір жағынан алып қарағанда, бұл – бизнес, сондықтан қолданыстағы заң аясындағы кез келген ұсыныс-пікірді айтуға болады, екінші жағынан, оның этикалық шегі бар, одан шығып кету адамгершілікке жатпайды. Бұл ретте, менің ойымша, инвестор сол шектен шығып кетті. Ірі ресейлік корпорацияның жанынан құрылған тағы бір қорда, менімен екінші рет кездесу барысында «қайырымды және қатал полицейлердің» рөлін ойнай бастады. Қор жетекшілерінің бірі маған жылыұшырай қолдау көрсетіп, екіншісі жағымсыз, қитұрқы сұрақтарымен жүйкемді жұқартуға кірісті. Мұндай айла-шарғының мақсаты не екенін білмеймін. Бірақ ақырында маркерді үстелге лақтырып жібердім де, келіссөзден шығып кеттім. Кейін қордың бірінші басшысы инвесторлар қауымдастығында өзінің бетіне маркер лақтырып, кездесуден кетіп қалғанымды айтып берді. Ең күлкілісі, сол кездесуге өзі қатыспаған еді. Тағы бір қор, оның «Lіmіted partner-імен» (LP) етене араласып, жиі кездесіп жүрген кезде бізге керек мөлшерден екі есе көп ақша – 20 миллион доллар ұсынды. Олар акциямызды алу үшін ақшаның мөлшерін ұлғайтты. Негізінде, бұған келісер едік, бірақ олардың жолдаған келісімшарттары мен акционерлік келісімдерінен біз өзіміз үшін өте қолайсыз нәрселерді тауып алдық. Мысалы, инвестор кез келген уақытта компания СЕО-сын (бас директорын) орнынан алып тастайды немесе әлдебір «бизнесті қолайсыз дамытқан» жағдайда бүкіл компанияны сатуға шығара алады. Қолайсыз немесе қолайлы дамудың не екенін белгілеу құқын қор өз еркіне қалдырыпты. Құжаттардан осы екі тармақты алып тастау жөніндегі ұсынысымыздан қор бас тартып, бұл өздері үшін қалыпты шарт екенін сылтау етті. Мұндай «миналарға» аяқ баспаған жөн, ерте ме, кеш пе – олар түбінде бәрібір жарылады. Заңи құжаттарды өте мұқият оқып, зерделеу керек. Отызыншы беттегі ұсақ қаріппен жазылған бір ғана бүлдіргі тармақ компанияның тас-талқанын шығаруы ықтимал. Тәжірибелі, тексеруден өткен заңгерлерді көмекке шақырып, фаундердің, СЕО-ның өзіне ағылшын құқығының негізгі ұғымдарын түсініп алуды және қол қоятын құжаттарды бастан-аяқ өзі оқып шығуды әдетке айналдыруы қажет. Жалпы айтқанда, стартап-фаундерлері фандрайзинг барысында, әсіресе Ресейде мина көмілген алаңмен жүріп келе жатқандай, «екі шоқып, бір қарағаны» абзал. 2017 жылдың мамыр айында тұңғыш рет бүкіл – «Синет», «ykt.ru» және «Индрайвер» басшыларына арналған стратегиялық сессия өткіздік. Стратегиялық сессия – компания стратегиясын қалыптастыру жөніндегі ұжымдық жұмыстың айрықша түрі. Кәсіби білігі мол жүргізуші – фасилитатор шақырылып, 2–3 күндік миға шабуыл барысында даңғайыр идеялар ауқымы жинақталып, оның ең қызықтылары іріктеліп алынады да, келекшекте істелетін іс-әрекеттердің нақты жоспары түзіледі. Әдеттегі жиналыстар мен миға шабуылдан стратегиялық сессияның айырмашылығы экологиялық тәсілді қолданып, қатысушылардың бәріне бірдей дауыс иелену құқын беруі болып шығады. Ғалымдар анықтағандай, дәстүрлі жиналыстар барысында мықты идеяларын ішіне бүгіп жүргендер, көбінесе сынға ұшырап, қарсы пікірге тап келуден тайсақтап, ой-пікірлерін айтпай қала береді екен. Пікірталастарда үздік идеяның авторлары емес, жай әншейін сөзге жүйрік, тілге шешен қатардағы қызметкерлер жеңіп шығады. Соған байланысты бірлесе жұмыс істеудің арнаулы форматы – стратегиялық сессиялар ойлап табылды; ол барлығының ой-пікірін айтуларына мұрсат беріп, сынға ұшыраудан қорғайды және жинақталған идеяларды әлдеқайда дәлірек әрі дәйекті түрде бағалауға жол ашады. Стратегиялық сессияларды офистен тысқары, қызметкерлер күнделікті жұмыстың күйбеңінен және отбасының қам-қарекетінен бойын да, ойын да азат сезінетіндей жерде өткізген абзал. Якутскінің маңындағы, көл жағалауындағы табиғаты көркем жерде орналасқан шағын отельді жалға алдық та, екі күн ішінде Синеттің бөлім бастықтарынан маған дейінгі 45-ке жуық жетекші мамандары компанияның көзқарасын, таяу жылдарға арналған мақсаттарын белгілеп алдық. Әрі ең маңыздысы шығар – даму командасы ретіндегі міндетіміз бен өзімізді бірегейлендіру жолымызды айқындадық. «Біз жаңа технологиялар арқылы өзіміз дамимыз және әлемді дамытамыз». Пәрменді де позитивті миссия, одан туындайтын құндылықтар мен мақсаттар команда мен компанияға таңғажайып күш-жігер дарытып, оған табиғи әрі тұтас сипат сыйлайды. Қызметкерлерді топтастырып, ортақ іске жұмылдыра түседі. Жалпы, бізге стратегиялық сессиялар форматы ұнап қалды да, оларды жыл сайын өткізетін болдық. Компанияның негізгі күші команда болып табылады. Әлбетте, осал команда кез келген өркендеулі бизнесті құртып тынады. Ал күшті, іске ынталы команда ең қиын жағдайларда да бизнесті табысқа жеткізіп, өрге сүйрей алады. Көптеген компаниялардың ынта-ықыласы әлі күнге шейін материалдық игілікке иек артады. Ақша, әрине, маңызды нәрсе ғой, бірақ өсімнің драйвері бола алмайды. Әсіресе ІT сияқты зияткерлік салада шешуші фактор саналмайды. Неліктен? Бұл жерде масштабты өрістетіп, мәселеге кеңірек қарау керек. Өмірдің мән-мағынасының жалпы мойындалған әмбебап анықтамасы жоқ. Менің ойымша, өмір сүруді белгілі бір ойын ережелері бар ауқымды деистикалық сынақ ретінде қарастыруға болады. Оны кім және не үшін өткізетіні, мына бізге әзірше белгісіз. Бірақ, менің ойымша, өмір сүрудің басты мұраты даму болып саналады. Бәрі қарапайымнан күрделіге қарай дамиды. Эволюцияның барысында бір жасушалы организмдер – ақыл-есі бар Homo sapіens-ке, тайпалар құрылымы күрделі, жақсы ұйымдасқан мемлекетке айналып, балықшы жатақтарынан заманауи мегаполистер өсіп шықты, дискілі телефондар смартфондарға ауыстырылды т.с.с. Менің көзқарасым бойынша (жан-жақты дамытушы тұрғысынан), ізгілік дегеніміз – баршаның дамып-жетілуіне көмектесу, ал жауыздық – кедергі келтіру. Мысалы, жетім-жесірлерге жәрдемдесу қоғамның дамуына көмектеседі, ал ұрлық пен жемқорлық бөгет жасайды. Лев Гумилев: «Этногенез онтогенезді қайталайды» дегенде халықтардың, ұлттардың даму тізбегі жеке адамның өмір сүру цикліне ұқсас екенін, олардың да жастық, естияр мен кәрілік шағы болатынын ишаралаған еді. Егер осы шендестіруді жалғастыра беретін болсақ, адамзат қауымдастығы көп жасушалы организмдерге ұқсайды. Және де осы қауымдастықтар да (компанияны қоса алғанда), көп жасушалы организм сияқты, аман-сау қалуды, күнелтуді мақсат тұтады, бұл – негізгі инстинкт. Тірі организмдердікі сияқты, мемлекеттер мен ұлттардың өздерін зұлымдық атаулыдан қорғап, дамып-жетілуіне ықпал ететін иммундық жүйелері – моралі, діни ұстанымдары мен заңдары бар. Олар кісі өлтіруге, ұрлап-тонауға, зорлық-зомбылыққа, басқа да бүлдіргі әрекеттерге жол бермеуді көздейді. Бірақ осынау ежелгі иммундық жүйелер, әсіресе діни ұстанымдар біртіндеп өзінің күшін жоғалта береді. Адамдар мыңдаған жыл бұрын кітаптарда жазылған догмалық, таптаурын тұжырымдарға сенуден қалады. Соның салдарынан қауымдастықтардың бағдары, мақсат-мұраттары жоғалып, бұл олардың дамуына бөгет болады. Өркениеттің бұл сын-қатерге қайтарар жауабы ХХ ғасырда пайда болған жаңа иммундық жүйе – құндылықтардың тұтынушылық жүйесі болып шықты. Соның шеңберінде адамдардың өздері қызметтік мансабы, жеке басының баюы тұрғысынан үнемі жаңа мақсаттар мен мән-мағына жасап, жекелеген зат сатып алу қамын жоспарлауға дейін барады. Әумесер мінез, бейәлеумет құлықтар, әлеуметтік тұтынушылық иерархия құлдырап тыну қаупін төндіреді. Бұл қарапайым, әмбебап, бәлкім, ойлап табылғандардың ішіндегі ең тиімді жүйе, бірақ оның едәуір олқылықтары бар. Бұл белгілі бір тұрпаттағы және өлшемдегі аяқкиім сияқты: оны жапа-тармағай қалыптап шығара беруге болады, бірақ жұрттың бәріне бірдей шақ келе қоймайды. Тұтынушылық жүйе өзімшілдікке негізделген, ол тым шектен шығып кеткен жағдайларда адамдарды қайтадан жан-жануарлар дүниесіне жақындата түседі. Бұған «Black Frіday-дің» жаппай сатылымдары кезіндегі бағасы арзандатылған тауарларға таласқан төбелес көріністері немесе жеке бастың жемтігіне, қу құлқынның қамына бола ауыр қылмыс жасау деректері көрнекі мысал болады. Компания жағдайында материалдық ынталандыруға негізделген уәждеменің тұтынушылық жүйесі де өзімшіл сипат иеленді және тиімділігі тым шектеулі, жартымсыз болады. Ол команданы біріктірмейді, керісінше, ыдыратады. Сонда не істеу керек? «Синетте» ұзақ жылдар бойы ұдайы дамуды және әлемге үлес қосуды бағдар тұту өзінің жоғары тиімділігін көрсетті. Біріншісі қоршаған дүниенің негізгі толқынын, басты бағытын қалай да меңгеріп, икемге көндіруге мүмкіндік береді де, күллі ғалам өзіңе қолдау көрсетіп, қолтығыңнан демеп келе жатқандай күйге енесің. Екіншісі команданың өзін бақытты сезінуіне мүмкіндік береді, ол жөнінде әлгінде әңгімеледім. Өзгелерге көмек көрсеткен сәтте адамдардың бойында әлеуметшіл мінез-құлықпен байланысы бар және руханияттылық деңгейін көтеретін оксидоцин гормоны бөлінетінін ғалымдар анықтады. Сондай-ақ тағы бір қызық дерек: өзгелерге көмектесуге ұмтылу адамдардың түп-төркініндегі болмысына сай келеді екен. Шамамен осыдан 75 000 жыл бұрын жойқын Тоба жанартауы атқылап, бүкіл планетаны қырауқабақ қыс басып қалды да, биологиялық түрлер қырыла бастады. Кейбір ғалымдардың пікірінше, күллі Homo sapіens-тен Орталық Африкада тек екі мыңдай адам тірі қалды. Олардың аман-сау қалуына не көмектесті? Өзге жан-жануарлардан, бәлкім, басқа тайпалардан оларды не нәрсе ерекшелеп тұрды? Тайпаның өзге мүшелеріне көмектесу қасиеті! Әлгі айтқан ғалымдар сол тайпаның ДНҚ-сында өзгеріс жүріп, өзара көмектесу рефлексі қалыптасты деп есептейді. Қызық жорамал, бірақ мәселе гендік мутацияға да байланысты емес шығар. Сірә, адамзаттың мыңдаған жылдарға созылған тайпалық мәдениетінің қалыптасу үрдісінде осы рефлекс орнығып, бірін-бірі қолдаған адамдар тобы ғана аман қалған болуы керек. Психологтер Дэвид Ренд пен Зиф Эпштейннің қауіп-қатер төнген кезде адамдардың бір-бірін құтқару оқиғаларына қатысты зерттеулері олардың көмекке өздігінен, рефлекторлы түрде, өзіне тиер қатер мен ықтимал зардабын ойлап жатпастан ұмтылатынын көрсетті. Бұл – түпсананың түкпірінде, өте терең қатпарында жатқан тетік. Адамзат баласы – кейде тек өзінің ғана емес, сондай-ақ өзгенің де перзенті үшін жанын пида етуге даяр тұратын жануарлардың ілуде біреуі. Қандай жолмен бұл жүзеге асса да, әйтеуір, эволюция барысында қалыптасқан өзара көмектесу рефлекстері адамзат баласының табысқа жетіп, эволюция шыңының ұшар басына көтерілуіне жәрдемдескені даусыз. Команданың уәждемесінде осы өзара көмектесу, әлемге үлесін қосып, қолдағы барын беруге ұмтылу инстинктін пайдалануға болады және өте қажет. Бұл тиімді, шынайы түрде кәдеге асатын тәсіл екенін бүкіл тәжірибеміз көрсетіп отыр. Мынау дүниені жайнататын, жайландыра түсетін бизнес түрлерін мақсатты түрде іздеуге болады. Әлемге жағымсыз әсер ететін бизнестен аулақ жүрген жөн. Біз, мысалы, ешқашан да алкоголь сатқан емеспіз және сатпаймыз да немесе онлайн-казино ашқан жоқпыз. Соның нәтижесінде игі үлес қосып, дамып-жетілуге құлшынған, тату-тәтті, әрі мейлінше бақытты, әлгі құндылықтарды ардақтайтын команда қалыптасады. Компания өсе бастады, әрі осы тұрақты, табиғи, уақыт өкпегіне шашылып қалмайтын өсім ұжымның көлемін жүз, мың адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мұндай команданың көмегімен ең мықты істі дөңгелетіп әкетіп, ал фаундердің өзіне нәтижеге мақтанып, өзін бақытты сезінуіне әбден болады. Осының – сондай компанияны құрудың өзі әлемге қосқан сүбелі үлес қой. Дамып, әлемге үлес қосуға ілесе коммерциялық табыс та келеді, оны іс жүзінде талай адамға пайда алып келетін шара ретінде қарастыруға болады. Маған 21 жастағы Брюс Лидің хатынан алынған мына дәйексөз ұнайды: «Менің мақсатым – тек қана ақша табу емес. Оның себебі көп, ал солардың арасында мынадай ниеттер тұр: мен осынау қытай өнерінің ұлылығы туралы әлем білгенін қалар едім; маған адамдарға үйретіп, көмектескен ұнайды; мен отбасыммен тұрмысқа жайлы үйде тұрғым келеді; жасампаз істерді жаным қалайды және ең соңғысы әрі маңыздысы – кунг-фу менің бір бөлігім болып табылады. Өзімнің идеямның дұрыс екенін білемін, сондықтан да нәтижелері көңіл қанағаттанарлық болатыны сөзсіз. Мен шынында да марапатқа алаңдамаймын, алайда оған жетудің тетіктері жайында ойлаймын. Соған қосар үлесім менің марапатым мен табысымның өлшемі болады» дейді ол. Өте терең әлі астарлы ой ағыны. Сондай-ақ дамып-жетілудің де таңғажайып жігерлендіруші әсері мол. Бұл, мысалы, Якутскідегі тұрмыстық фен түріндегі онлайн-сұлулық конкурсы бүкіл әлемнен ондаған мың қыз қатысатын, мәрелі сатысы әлемнің ең тәуір курорттарының бірінде өтетін, жеңімпаз аруларға жоғары санаттағы автомобиль берілетін «Виртуалды әлем аруы» деңгейіне дейін дамыған кезде солай болды. Картельдік келісімге жауап ретінде қарапайым қала тұрғындары әлеуметтік желіде құрған шағын топ әлемдегі мықты компания деңгейіне көтерілгенде де мықты әсерге бөледі. Аяғын суға батырудан да қорқып, аквафобиядан азап шегіп жүрген синеттіктер тұлғалық кемелдену арқылы Шри-Ланка мен Филиппиннің ақжал толқындарында кайтсерфингімен айналысуға жетті. Мұндай нәрселер мені, барлық синеттіктер мен басқа да көптеген адамдарды алабөтен шабыттандыратыны сөзсіз. Ерік-жігердің, интеллекті мен дарынның күшімен жоқтан бар жасалып, құнды да маңызды нәрселердің басы құралады. Мен баршаны осы тәсілді пайдалануға шақырамын: ол мүлтіксіз кәдеге асады. Әлемді дамытып, жақсартуды мақсат тұтып, сонысымен өзгелерге рух бітіретін мыңдаған адамды көзге елестетіңізші. Бір тал шырпымен миллион шырақ тұтанатын сияқты! Осы екі аралықта біз инвестор таптық. Ол тамыр-таныстар тізбегі арқылы байланысқан «LETA» инвестициялық қоры еді. «LETA-мен» бір-екі рет сөйлескенде олар – бізге, біз оларға ұнадық. Стартап үшін өз инвесторыңмен бір қайықта отырғандай сезінуің маңызды. «LETA-ға» келетін болсақ, бәлкім, ол «LETA Group» технологиялық компанияның жанынан және технология кәсіпкері Александр Чачаевтың бастамасымен құрылғанына байланысты шығар. Александр екеуміз бір шамалас жаста әрі кәсіби бэкграундта едік. Ол да, мына мен сияқты, өзінің компаниясын құрып, ұзақ жылдар бойына ресейлік ІT саласында жұмыс істеп келеді, содан ортақ тіл табыса кеттік. Қордың абырой-беделінің жоғарылығы бізді қатты қызықтырды, оның үстіне Александрдың өзі де араласып-құраласуға икемді, өте зиялы әрі байыпты жан еді. Ағылшын тілінде мұны «gentle» деп атайды. Алдын ала келісімге (term sheet) қол қойылғаннан кейін қор компаниядағы іске тексеру (due delegence) жүргізді, соның барысында Александр бізге, Якутскіге ұшып келді, мен сол уақытта сапарда жүр едім. Ол үздік технологиялық компаниялардың деңгейінде жұмыс істеп жатқан кәсіби мамандардан құралған іске ынталы және тәжірибелі командасы бар компанияны көреді де, бізге қаржы салуға түбегейлі шешім қабылдайды. Біз 5 миллион долларға инвестициялық келісім жасап, көп кешікпей «Индрайвер» тарихында тұңғыш инвестицияны алдық. Инвестиция тарту бізге 2017 жылдың жазының соңында бұрынғы КСРО елдері нарығындағы, сірә, ең қиын да маңызды стартқа – Мәскеуде іс бастауға батыл кірісуге мүмкіндік берді. Ресей астанасы дегеніміз – өзінің даңғайыр көлеміне орай тек бизнесті бастау тұрғысынан ғана ресурсты көп қажет ететін қала емес, сондай-ақ бәсекелестің өте жоғары деңгейі бар орын еді. Мәскеудегі нарықтық үлестің әрбір пайызы үшін ірі компаниялар – «Яндекс», «Uber», «Везет» т.б. өзара қырқысып, осыған жүздеген миллион долларды шашып жүрді. Бұған қоса, мәскеуліктер – сервис деңгейіне жоғарғы талаптар қоятын кінәмшіл әрі талғағыш тұтынушылар. Көлемі әлдеқайда кіші, тіпті енді ғана алған 5 миллиондық инвестицияны есепке қосқанның өзінде ресурстары аз компания бола тұра, бізге осынау (Стивен Ковидің сөзімен айтқанда) аңсарлы мұхиттың айдынына шығуға тура келіп тұрды. Мұндай жағдайда, күш тең емес кезде, онсыз тақыл-тұқыл материалдық ресурстарға емес, команданың интеллектісі мен жасампаздығына сүйене отырып, арынды да ақылға сыя бермейтін батыл қадам жасау керек. Мен Мәскеуде бірнеше апта болдым, таксидің негізгі қызметтерін және агрегаторларды пайдаланып, жүздеген адамды: такси жүргізушілері мен жолаушыларды сауалнамаға тарттым. Соның нәтижесінде қысқа жолсапарға шығатын жолаушыларда қиындық жоқ болып шықты, олар ештеңеге бас қатырмайды екен. Жолақысы арзан, 70–80 рубль тұрады, бұл автобустардың, троллейбус пен метроның жолақысымен шамалас еді, бұл ретте жолаушыларға такси әлдеқайда қолайлы. Такси жүргізушілері үшін қысқа жолсапардың тым арзандық проблемасын оларға қосымша ақы төлеуі арқылы агрегаторлар оңтайлы шеше білді. Сондай-ақ жолақысынан 15–25% үнемдей алса, онда адамдар қолма-қол және тікелей төлем қосымшасы арқылы ақша төлеуге бейілді екенін анықтадым. Тікелей есептесу тәсілін (peer-to-peer) пайдалану «Индрайвердің» шамамен 4%-дай ақша төлемей, осы үнемдеу жолын жолаушыларға да ұсынуына мүмкіндік береді екен. Сондай-ақ Екатеринбургтегі сәтсіз старттың сабағын ескердік, онда такси жүргізушілері арасында «Индрайвердің» жолаушылар ұсынатын, ақылға қонымсыз бағаға қызмет көрсететін сервис ретінде аты шығып кетті, біз содан қорғануға тырыстық. Соның нәтижесінде жан-жақты талқылаудың және одан кейінгі жобалау мен әзірлемелердің барысында Мәскеуге арналған нұсқа пайда болды, басты назар жолаушылардың өздері тым төмен тарифтерді ұсына алмайтын орташа және алыс қашықтықтағы сапарларға аударылды. Үш айдың ішінде 3 000-ға тарта мәскеулік жүргізушіні – лицензиялары бар кәсіби мамандарды таңдап алдық. Олардың түгелге жуығы міндеттеулі төмен тарифтер мен тұрақты түрде өсіп отыратын комиссия арқылы сөлдерін сығып алып, жағдайларын біртіндеп мүшкілдендіре түскен ірі агрегаторларды жек көретіндіктен, бұл онша қиын болған жоқ. Бірнеше мың жүргізушіні жинап алып, істі бастап кеттік! Біздің қосымшадағы Мәскеудің картасынан «Индрайвер» жүргізушілерінің белгішесін, олардың Садовое кольцо, Жаңа Арбат немесе Пятницкий көшелерін кезіп жүргенін көрудің өзі керемет еді. Тапсырыстар таспасы да біртіндеп жандана бастады. Қосымшаның сөрелеріне мәскеулік жолаушылардан жағымды пікір-тілектер ағылып жатты. Бар болғаны жарты жылдың ішінде күніне ондаған мың жолсапарға шығатын деңгейге жеттік, ал бұл әсіресе промо-жолсапар сыйламағанымызды, дос-жарандарын алып келгендерге сыйақы бермегенімізді, жүргізушілерге бонус төлемегенімізді ескерер болсақ, сөзсіз, жетістік болды. Бір сөзбен айтқанда, пайдаланушылардың сатып алған және жасанды емес, шынайы, табиғи ниеттестігі мен қадірлеуінің белгісі еді. Үш айдан кейін Петерборда іс бастап, табысты жүргіздік. Мұнда да бала күнімнен көзтаныс әрі атақты қала көшелерінде – Нева мен Литейный даңғылдарынан, Васильев аралының мүйістерінен, Көтеріліс алаңынан біздің автомобильдерді көру маған аса жағымды әсер етті. Біз ең қиын әрі бәсекесі жоғары нарықта жұмыс істеуге дайын екенімізге көз жеткізіп, алыс шетелге таралып, кеңеюге кірісіп кеттік. «LETA» қоры команданың іске қабілеттілігін көріп, бұл жоспарымызды қолдап, тағы 5 миллион доллар салу келісіміне қол қойды. Ал мен әлемдегі көрнекі ақпарат құралдарының бірі – британдық «Fіnancіal tіmes» газетіне сұхбат бердім! Бір сөзбен айтқанда, PR мәселесі мен үшін әрқашан да қарама-қайшылықты нәрсе еді. Бір жағынан, брендті алға жылжыту мақсатында өзіңнің, командаң мен компанияңның, өзге адамдардың іске ынталануы мен дамып-жетілуі туралы айтқан маңызды сияқты. Екінші жағынан, ашық әңгіме айтудың, әсіресе Ресейде тұрсаң, қауіпті жағы мол. Бұған қоса, азын-аулақ табысқа жеткен әлдебіреу жағалай сұхбат беріп, видеоблок жүргізуге, өзгелерді оқытып-үйретуге, т.с.с. тырысады. Мұндай тәжірибесі аз, тәлімі шала ұстаздардың пайдасы аздығын былай қойғанда, өзінің тыңдаушыларына зиян келтіріп, зардап шектіруі ықтимал. Жалпы, жеке өзім, тұтастай алғанда, біздің бәріміз, төтенше қажеттілік болмаса, ақпарат құралдарында жылтыңдай беруді жақтырмадық. Мен және біздің PR-бөлім іс басталатын нақты елдер мен қалалардағы шаруалардан қолымыз тимей, бірталай ақпарат құралдарына, блогерлерге сұхбат беруден бас тарттық. Соның салдарынан, аса көрнекті іс бастап, технологиялық компаниялар арасындағы ең мықты PR-бөлімдердің біріне ие бола тұра, «Индрайвер» салыстырмалы түрде Ресейдегі белгісіздеу компаниялардың қатарында келеді. Дегенмен компания біртіндеп елдегі ең танымал компаниялардың біріне айналатынына сенімдімін. Мұны біздің PR-белсенділігіміз емес, компанияның көрсеткіштері мен өсімі жүзеге асырады. Мәскеу үшін арнаулы тәсімді ойлап табу – технологиялық компанияның бірінші басшысының (СЕО), менің ойымша, негізгі атқаратын қызметі мен міндеттерінің көрініс табуының қызықты үлгісі болды. Күшті интеллектіге ие бола отырып, лидер компанияның даму стратегиясын қалыптастырып қана қоймай, сонымен қатар компания үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды міндеттерді жеке өзі ойлап тауып, жүзеге асыруға тиіс. Ол жай-ахуалды дұрыс түсініп, міндеттің барлық реңкін жіті көруі және іс-әрекеттердің мығым жүйесін жасақтай білуі керек. Содан соң осы істі бірінші өзі жүргізіп, ретке келтіргені, содан кейін басқа жетекші мамандарды үйретіп, соларға тапсырғаны жөн. Бұлар да тәжірибелі әрі мықты ұшқыштар, альпинистер, гимнастика шеберлері сияқты: әуелі жаңадан күрделі қимыл-қозғалыс иірімдерін ойлап тауып, өздері істеп көреді, содан кейін қалғандары олардың істегенін қайталайды. Нағыз лидерлік басшылық жасаудан немесе бақылаушы іс-әрекеттерден емес, үлгі көрсету мен оқытып-үйретуден тұрады. Лидердің тағы бір маңызды қызметі мен міндеті бейматериалдық және материалдық ынталандыруды пайдалана отырып, команданың алдына асқақ мақсаттар қою арқылы іске жігерлендіріп, құлшындыра білу болып табылады. Жігерін жанып, дамуына жәрдемдесу – өзге адамдарға қамқорлық жасаудың ең жақсы түрлерінің бірі. Ақырында, СЕО стратегияны қалыптастыру, маңызды міндеттерді жеке шешу, оқытып-үйрету мен ынталандыру дағдыларын жете меңгеріп алса, онда ол мықты да пәрменді басшыға, артынан жұрт еретін нағыз лидерге айналады. Маған Ролан Хантфордтың «Оңтүстік полюсті бағындыру» атты кітабында Амундсен мен Скоттың экспедицияны басқару стиліндегі айырмашылықты көрсеткені ұнады. Амундсен адамның жеке тұлғасы дегеніміз – ақырын ұстап, бабымен пернесін басып қарау арқылы әдемі әуен шығаруға болатын аспап екенін жақсы түсінді. Ал Скотт өзінің серіктестеріне жіпке іліп қойған қуыршақ-марионетка ретінде қарады. Соның кесірінен кеудесінде жаны, аузында лепесі жоқ автомат сияқты жоғарыдан бұйрық күтуді ғана білетін ұнжырғасы түскен, енжар командаға ие болды. Нағыз лидердің тағы бір нышаны – сыртқы дүниені түрлендіріп, түлетуге бағытталған ерік-жігерінің болуы, ол адамның жеке менмендігінен ерекшеленіп тұрады. Іске құлшындырып, оқытып-үйретуші СЕО команданың, оның әрбір мүшесінің орасан зор қабілетін аша алады. Альберт Эйнштейннің –E=mc2 – «энергия массаның жарық жылдамдығына көбейтілген квадратына тең» деген формуласы бар. Соған сүйене отырып, орташа салмақтағы адамның бойында, кем дегенде, 7х1018 джоуль энергия немесе 30 үлкен сутегі бомбасының қуаты бар екенін есептеп шығаруға болады. Мықты лидер бұл энергияның белгілі бір бөлігін жеке компанияның ғана емес, бүкіл әлемнің игілігіне жарата алады. 2018 жылдың басында «Виртуалды Қазақстан аруы» атты екінші сұлулық байқауын өткіздік. Оған супер жүлде ретінде «Ниссан» автомобилін қойып, елдің түкпір-түкпірінен үш мыңнан аса қыздың суретін алдық. Сол суреттерді дауыс беруге арналған қосымшаға жайғастырып, конкурсқа қатысушы бикештер арқылы әлеуметтік ортасын «Индрайвер» орнатуға және өздеріне дауыс беруге үгіттеуші қаптама, промоутерлер армиясына ие болдық. Осының өзі елде жүздеген мың қосымша орнатылуына жол ашты. «Виртуалды Якутия аруында» бірнеше мәрте тексерілген тиімді амал мұнда да үмітімізді ақтап шықты. Команда бұқаралық ақпарат құралдарында байқаудың қамту деңгейін арттыру үшін еркекті әйелше киіндіретін бұрынғы қитұрқы әрекетімізді қайталауға ұйғарды. Макияжбен түскен фотосессияның нәтижесінде әйел киімімен еріксіз еліктіріп әкететін бикештің бейнесіне енетін жігітті таптық, оған Қазақстанда, осыдан біраз жыл бұрын Якутскіде болғандай, ұйымдастырушылар байқаудың бітуіне бір күн қалғанда финалға шыққандар арасынан ер адамның табылғанын және оның конкурстан шығарып тасталғанын хабарлады. Жігіттің жарнама жасау қабілеті мол болып шықты: ол жасанды сұлулыққа қарсы шығып, табиғи қалыпқа оралуды жақтайтындықтан, осы акцияны жасағанын мәлімдеді. Тамаша! Біз Қазақстанда, бәлкім, посткеңестік ақпарат тарату кеңістігінде ғана «вирустық әсер» болуын күткен едік, бірақ кенеттен британдық таблоидтерден бастап Оңтүстік Америка мен Аустралияның ақпарат агенттеріне дейін бүкіл әлемде жарияланымдар толқыны жүгіріп өтті. Осы әзіл-оспақты Якутияда қолданғаннан бері он жыл ішінде әлеуметтік желілер мен месенджерлер дамыды ғой. Содан вирустық таралым екпіні де әлдеқайда күштірек болып шықты. Біздің маркетологтердің санағы бойынша, акция байланыстарының жалпы көлемі шамамен 400 миллион адамға жетті. Және бұл бір фотосессияның жинағы! Ойдағыдай өткізілген вирустық акцияның қамту мөлшері орасан зор болуы мүмкін. Сөйте тұра, бұл – алдын ала болжап-білуге келмейтін аумалы-төкпелі құрал. «Виртуалды Қазақстан аруы» байқауына қатысты уақиға – «Индрайвер» командасының жасампаздығының көрінісі. Бизнесті дамыту барысында жасампаздық пен шығармашылықтың мән-маңызын елемеуге болмайды. Бұл ретте жасампаздық тәсілі, бір қарағанда кереғарлау сөз сияқты көрінгенімен, жүйелілікпен үйлесе, жақсы жұмыс істейді. Жасампаз іс тындырып, жеке және жалпы негізгі көрсеткіштерді есептеу керек. Командаға шығармашылық еркіндік беріп, сонымен қатар жұмысты біркелкі тізбектер бойынша құрған жөн. Өзімнің кәсіпкерлік қызметімде пайдаланатын негізгі тәсілдердің бірі – үйлеспейтін нәрсені үйлестіру. Құдды бала сияқты қиялдаумен қатар, немістерше жүйелі де ұқыпты бола білуің керек. Әсіресе көзсіз батыл әрі әсіресақ болып, болаттай берік, сіңірдей иліккіш қалыпқа енгенің абзал. Маңызды нәрселерді асықпай, мейлінше тез істеуің қажет. Команда әлемге ізгі үлес қосып, жамандық атаулыдан іргесін аулақ салып жүргені, ал қажет жағдайда аяусыз, қатал әрі сабырлы болғаны жөн. Мысалы, қолжетімді әрі қолайлы жолсапарлар арқылы әлдебір қаладағы мыңдаған тұрғынның тұрмысын жақсартып, еркіндік пен ашықтық ахуалын арттыру немесе бұрынғы ескі тұрпаттағы таксидің диспетчерлік қызметіндегі жүздеген жұмыс орнын сақтап қалу мәселесі кесе-көлденең тұрған шақта батыл да бұлтақсыз шешім қабылдау керек. Өз бойыңда үйлеспейтінді үйлестіретін дағдыны дамыт, ол, бизнесті құру барысында сөзсіз ұшарасатын қиындықтарды қоса алғанда, барлық қималы жағдайда өз әрекетіңді мейлінше ретке келтіріп, жетілдіріп отыруға жәрдемдеседі. Команданы жасақтап, оны бәсекелестер үшін болжамды әрі тиімді топ ете алсаң, жұмыс әлдеқайда қызықты бола түседі. Мәскеудегі жетістіктен кейін команда мен технологияның енді шынымен алыс шетелге шығуға даяр екенін ұқтық. Көп факторлы талдаманың барысында біз экспансияны бастау үшін Мексиканың Солтүстік Шығысындағы Сальтило қаласын таңдадық. Сол жаққа тәжірибелі іс бастаушылар мен маркетологтер тобын апарып, уақытша кеңсе жалдап, стартқа әзірлікті бастап кеттік. Сальтильо – шамамен 700 000-дай тұрғыны бар шағын қала. Ол маңайында 1846–1848 жылдардағы Америка – Мексика соғысының ең басты шайқастары өткенімен, соның нәтижесінде Техас пен Нью-Мексико штатары АҚШ иелігіне біржола берілгенімен белгілі мекен. Мексикалықтар – бұрынғы КСРО тұрғындарына біршама ұқсайтын, ақ көңіл әрі жаймақоңыр жандар. Бірақ Мексикада іс жүргізу кезінде ескеретін менталитетінің бір ерекшелігі бар – адамдар мұнда еш асықпайды. Егер кездесу, мысалы, сағат 14:00-ге белгіленсе, мексикалық үшін 14:40-та төбе көрсету – уақытында келу, ал енді 15:20-да келу сәл кешігу болып саналады. Оларда аз ғана таңғы жұмыс мерзімі күндізгі үзіліспен – сиестамен алмасады, бұл кезде ешкім ештеңе істемейді. Файлдарды сейсенбіде жіберуге уәде берсе, сен оларды жұмада алатыныңды біле бер. Барлық жерде осылай. Бірақ бәрі шынайы мексикалық сүйкімділікпен және жұғымдылықпен іске асырылады. Айтпақшы, мұндай шаруаға босаңдық экваторға жақындаған сайын қатайып, күшейе түсетінін біз бірден байқадық. Көзге айқын шалынатын математикалық байланыстылық бар – оңтүстікке қарай ойыса түскен сайын өз міндетіне жауапсыз қарап, баяу қимылдайтын құлық басым бола түседі. Соған сәйкес, керісінше қорытынды шығарып, солтүстікке ойысқан сайын оралымсыздық азайып, әбжілдік арта түседі деп ойлаған қисынды. Бәлкім, «Индрайвер» командасының сарапшыларды ақпарат құралдарымен бәсекелестерді талай рет таңғалдырған аса жоғары жылдамдығын осымен түсіндірген дұрыс шығар. Өйткені біз әлемдегі ең суық жер Якутияданбыз ғой! Сальтильо стартына дайындық барысында, кейбір ерекшеліктер мен әрқилы үйлесімсіздіктерге қарамастан, тұтастай алғанда, іс бастаудың өзіміз жасап, осы жылдар ағымында жетілдіріп отырған технологиясы мұнда да жұмыс істейтіні анықталды. Тек аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып, бейімделу және одан әрі жетілдіру қажет. Сондай-ақ өнім мексикалықтарға түсінікті әрі тартымды еді. Бір қызық жайт белгілі болды: Латын Америкасының әртүрлі елдерінде испан тілінің айырмашылықтары бар екен, қосымшаны, жарнамалаушы және оқып-үйретуші өнімдерді жерсіндіру барысында осы факторды ескеру қажеттігі туындады. Біз колл-орталықты тез аштық та, 2018 жылғы сәуір айының соңында Америка құрлығындағы алғашқы қаламызда істі бастап кеттік. Сальтильо стартының маңыздылығын айтуым керек. Бұл өзіміз жасаған технология, түбегейлі жақсартып, жетілдірілгеннен кейін Ресей мен ТМД елдерінен тысқары аймақтардағы адамдарға қаншалықты қажет әрі тартымды екенін анықтау үшін нағыз жауынгерлік сынақ болды. Егер біздің өнім олар үшін бағалы болса, алдымыздан бүкіл әлемге жол ашылады! Тағы да, осыдан көп жыл бұрын Якутскідегі немесе кейін Астана мен Мәскеудегі сияқты біз старттың алғашқы күндері статистика цифрларына жүрегіміз лүпілдей қарадық. Содан қала да жандана бастады. Күн сайын – әуелі қорғалақтай, содан соң батыл түрде тапсырыстар мен жолсапар санының сызығы жоғары өрлей берді. Біз керемет қанаттандық: Мексиканың бір қаласында қол жеткен табысты ісіміз біз үшін халықаралық деңгейдегі ірі жетістіктің жаршысындай болған еді. Бір айдан кейін, 2018 жылдың мамырында, Колумбиядағы бірінші қала – Кукутуда іс бастадық. Содан кейін, бір елден соң бір елге шығып, «Индрайвер» Перуде, Эквадорда, Гватемалада, Сальвадорда, Чилиде жұмысқа кірісті. Жігіттер өте қиын жағдайларда, кейде әлемнің ең қауіпті қалаларында, бұрыннан келе жатқан такси қызметімен текетіресе еңбек етті. 2018 жылғы маусым айының басында Гватемала-Ситиде «Индрайвердің» старты басталғанда жанындағы Фуэго жанартауы атқылап, көктен күл мен тас жауып, қалада төтенше жағдай жарияланды. Бразилияда біздің ВДО, яғни бизнесті дамыту бөлімінің жетекшісі Егор Федоров маркетингілік зерттеулер қамымен Сан-Паулуға барған кезде қала орталығында жоқ-жітік жатақтардан – фавелден шыққан жастар тобы жүрген. Олардың жалаңаяқ, бірақ мойындарына асынып алған автоматтары бар. Автобусты тоқтатып, бәрін сыртқа шығарып, жолаушыларды тып-тыйпыл тонаған, автобусты өртеп, қала шетіндегі жатақтарына қайтып кеткен. Мұның қасында Ресей мен ТМД қалаларында жүру мүлдем қауіпсіз көрінеді. Бірақ ең бастысы – сол бір жанкештілік өзін-өзі ақтады! Латын Америкасының қалалары бірінен соң бірі зымырандай көкке самғап шықты. Өткен жылдардағы қалалардың ең жақсы старттарының өзі көптеген колумбиялық және мексикалық қалалардың старттарымен салыстырғанда, орташалау деңгейге түсіп қалғандай көрінді. Жаз бойы «Индрайвер» айына 10 жаңа қалада іс бастау көрсеткішіне жетті. 2018 жылдың желтоқсанында экспансия жылдамдығынан жаңа рекорд орнатып, бір ай ішінде 30 қалада; орташа есеппен күніне бір қалада іс бастап үлгердік. Жылдың соңына таман «Индрайвер» тарихындағы ең жақсы старттар легіндегі алғашқы бесеуі де Латын Америкасында болған екен. Біз осынау алып құрлықта орасан зор табысқа қол жеткіздік. Оған бірнеше себеп болды. Латынамерикалықтардың саудаласуды ұнатып, еркіндікті жақсы көретіні әрі өте ашықтығы мәлім болды, бұл органикаға елеулі қолдау көрсетіп, біздің негізгі өсу драйверімізге септігін тигізді. Біз нарыққа кемелденген, қуатты да икемді технологиямен, өніммен және маркетингімен шықтық. Бізге Медельинада қосымша колл-орталықты тез ашу қажет болған кезде жігіттер небәрі бір аптаның ішінде кеңсе үйін жалдап, жабдықтады да, 10 жергілікті қызметкерді қатарға тартып, оқытып-үйретті! Осы факторлардың бәрі жинақтала келе бізді Латын Америкасында табысқа жеткізді. Бүкіл Орталық және Оңтүстік Америка бойынша «Cabіfy», «EasyTaxі» сияқты компанияларды, тіпті 2019 жылдың басында өзі үшін Латын Америкасы әлемдегі бірден-бір макроаймақ болған, сол жерде кірісі бірден 13% төмендеп кеткен «Uber-ді» де кәдімгідей тықсыра бастадық. Құрлықтың кейбір ірі қалаларында біз №1 сервиске айналып, қалған бәсекелестерді ығыстырып шығардық. Мексикада жолсапарлар көлемі жөнінен әлемдегі аса ірі rіdehaіlіng-сервис – қытайдың «Dіdі» деген алыбымен біз тұңғыш рет бәсеке қайшылығына түсіп қалдық. Компаниялардың бюджеттері мен төлемдерінің салыстыруға келмейтініне қарамастан, «Индрайвер» осынау сомдағай корпорациялардың қай-қайсысымен де қаймықпай бәсекелесіп, болашақта көп жағынан басым түсіп, жеңіп шығуды ниет етіп келеді. Бәсекелестер хақында бірер сөз айтайын. Бізге ұшырасқан алғашқы байыпты бәсекелестердің бірі – Қорған қаласындағы ірі диспетчерлік қызмет, «Максим» желісі еді. Бұл Шығыс Сібір мен Қиыр Шығыста, соның ішінде Якутск қаласында баса-көктей таралып бара жатты. Жаңадан аяғынан қаз тұрған жас компания әлдеқайда көп ресурсы, ретке келтірілген іс үрдісі, технологиясы мен командасы бар күшті бәсекелеске тап келгенде, бұл бокстасу рингіне тәжірибесіз 18 жасар сарыауыз бозбала мен шеберліктің шыңына шыққан кәсіби боксер жұдырықтасқандай болады екен. Сен жылдам қозғалып, шеберлікті тез игеруге, соққы алып, екпініне төтеп беруге, сондай-ақ өзің де ұрымтал сәтте ұра білуің қажет. Осы жекпе-жек кезінде ешкім кіндіктен төмен тұстан ұрмаса, жақсы ғой. Әділін айтуымыз керек: «Максим» – бізбен әрқашан да адал, таза бәсекеге түскен компания, ешқашан оңбаған, алдампаз әрекеттер жасауға жол берген емес. Бір қызығы, бәсекелестікті Якутскіде бастап, жер шарының басқа жағында, Чилиде тағы ұшырасып қалдық. Дәл осолай біз біраздан бері «Яндекспен» Африка елдерінде бәсекеге түсіп келеміз. Біз «Индрайвердің» нарықтағы үлесін бірде-бір рет 50%-дан төмен түсірмей, содан соң оны 70–75%-ға жеткізіп, Якутскіні ұстап қала алдық. Қалғанын «Максим» басқа желілермен және жергілікті такси қызметтерімен бөлісті. Сондай-ақ «Индрайвер» бірталай Сібір және Қиыр Шығыс қалаларында, яғни «Максим» жүрген жерлердің бәрінде де табысты шықты. «Максим», «Везет» т.б. компаниялардың басты проблемасы – тапсырыстардың көбі операторлар арқылы түсетіні, мұны «диспетчерлік қызметтің былапыты» дейтін едім. Өйткені мұндай компаниялардың әрбір жолсапар құнының 30%-ын колл-орталыққа жұмсалатын шығындар алып қояды да, олардың тарифтері мен экономикасының бәсекеге қабілетін азайтып жібереді. Егер де әлгі компаниялар пайдаланушыларын қосымшаға көшіре алса, онда соңғысы «Uber» және «Яндекс» сияқты сервистерге өтіп кетуге әлдеқайда бейім тұрады. Яғни өздерінің мол инвестициялық қорын іске қоса отырып, жолаушыларға неғұрлым төмен тариф белгілейтін такси қызметі ұтады. Пайдаланушыға телефонмен диспетчер арқылы тапсырыс беруден қосымша арқылы тапсырыс жасауға өтіп жатқаннан гөрі смартфондағы көрші белгішені (иконканы) баса салған әлдеқайда оңай ғой. Ресейдегі және бірнеше ТМД елдеріндегі бәсекелесіміз ең танымал әрі табысты технологиялық компания «Яндекс» болды. «Яндекс» ең үлкен нарықтық капиталдандыру көрсеткішін иеленіп, ресейлік ІT-компаниялар тарихында өте ауқымды ІPO өткізген еді. Бұл ірі корпорация, қажет болған жағдайда, өзінің қоғамдағы абырой-беделін сақтай отырып, шағын компанияларға қатысты мейлінше қатал және аяусыз әрекетке барудан жүзі жанбайды. Жуырда ғана «Индрайвер» «Play Market-ке» ай сайын қосымша орнату көрсеткіші жөнінен «Яндекс. Таксимен» теңесіп, содан соң озып кетті. Болашақта осы ірі компанияны аудиториясы, жасайтын жолсапарлар саны мен басқа да шешуші KPІ жағынан басып озсақ, қызық болады. Халықаралық аренада басты бәсекелесіміз «Uber» компаниясы болып табылады. Компанияның атауы «асқын», «аса жоғары» деген мағынаны білдіретін неміс сөзінен шыққан. Осынау америкалық алыппен салыстырғанда, «Индрайвер» әлі онша үлкен емес. 2009 жылы люкс автомобильдер сервисі (black-car servіce) ретінде Сан-Францискода пайда болған бұл компания біртіндеп басқа райдхейлингілер, соның ішінде «Яндекс-Такси», «Dіdі», «Ola», «Grab» және басқалары пайдаланатын модельді ойлап тапты. Компания жергілікті заң талаптарын аттап өтіп, кейбір елдер мен жекелеген қалаларға баса-көктей кірді де, әрбір жолсапарға шыққаны үшін жүргізушілерге жаппай әрі едәуір мөлшерде дотация төлеп, сонымен қатар жолаушылардың жол жүру ақысын түбегейлі төмендете бастады. Сондай-ақ жарнамалық жолсапарлар атымтай жомарттықпен тегін үлестіріліп, өзінің дос-жарандары мен тамыр-таныстарын сервиске алып келгендерге рефералдық ақы төленді. Қызмет атқару ауқымына (шамамен әлемнің 65 еліндегі 700 қала) байланысты осы модельді жүзеге асыруға «Uber», шаш-етектен шығынға ұшырай отырып, орасан зор қаражат жұмсады және әлі де жұмсап келеді. Бірақ компанияға ірі институциялық, негізінен, америкалық инвесторлар қолдау көрсетеді. Олар 10 жыл ішінде «Uber-ге» шамамен 24 миллиард доллар қаржы салды. 2019 жылы «Uber» ІPO жүргізді, онысы «Facebook-тен» кейін технологиялық компаниялар арасында екінші ірі ІРO болды. Әлдебір қала нарығының біраз бөлігін басып алғаннан кейін «Uber» тәрізді компаниялар жүргізушілерге беретін дотацияны біртіндеп кеміте береді. Жолаушыларға арналаған тарифтерді бұрынғы деңгейде қалдыра отырып, тапсырыстардан алынатын комиссияны 0–10% деңгейінен 20–30%, кейде 50–55%-ға дейін көтереді. Соның кесірінен жүргізушілерді мүшкіл халге жеткізеді, олар өз басына және отбасына болмашы нәпақа табу қамымен кейде 14–16 сағат жұмыс істеуге мәжбүр болады. Мұндай компаниялардың бүкіл стратегиясы жүргізушілерден жартылай автомат жасауды және келешекте оларды толық автоматпен – өздігінен басқарылатын автомобильдермен алмастыруды көздейді. Сондай-ақ бұл сервистер баға белгілеу мен төлем жасаудың барлығына толықтай бақылау орнатып, осы арқылы жүйені орталықтандырылған айла-шарғыға ұшырағыш қылып қояды. Әсіресе қарбалас шақта коэффициенттерді көтеру әрекеті көптеген сауалдарды туындатады. «Индрайвердің» олардан айырмашылығы: бұл – еркін де ашық нарықтық жүйе, онда бәрін адамдардың өздері белгілейді. Содан, маған белгілі Нью-Йорк кәсіпкері әрі филантроп Стивен Спан people’s capіtalіsm versus corporatіons capіtalіsm (халықтық капитализм корпоративтік капитализмге қарсы) деп айтқандай, біздің «Uber» кейпіндегі компаниялармен бәсекеміз көбінесе қарама-қарсылыққа айналып бара жатты. Қаншама кереғарлау болса да, Америкадан шыққан «Uber» компаниясынан гөрі біздің сібірлік стартап әлдеқайда нарықтық, ашық әрі әлдеқайда америкалық жүйені құра білді және тек Латын Америкасында емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша оны ығыстырып шығаруға ниеттеніп отыр. Орталық және Оңтүстік Америкада табысқа жеткен «Индрайвер» командасы енді Солтүстік Америка мен Африкаға шығуды жоспарлай бастады. Солтүстік Америкада біз бірінші қала ретінде «Uber» компаниясының тіректерінің бірі – Нью-Йоркті таңдадық. Шындығында, бір ғана нәрсе себеп болды: елдің басқа ірі қалаларынан деңгейі жағынан әлдеқайда асып түсетін, АҚШ-тағы ең үлкен такси нарығы осында еді. Манхэттендегі отбасылардың ¼-інің ғана өз автомобилі бар, бұл әр үйдің меншігінде екі тіпті үш автомобильден болатын АҚШ-тың қалған бөлігіндегі ахуалдан едәуір ерекшеленетін еді. Ал ірі қаладағы отбасыда автомобиль жоқ болса, демек, ол қоғамдық көлікті, соның ішінде таксиді де жиі пайдаланады. 2018 жылдың жазына таман Нью-Йоркте күн сайын таксимен миллионға жуық жолсапар жасалды, соның ішінде оның шамамен 600 500-і «Uber», «Lyft» сияқты rіde-hаіlіng қызметі арқылы жүзеге асты. Бұл жолжоспардың орасан зор көлемі еді, ал жолсапарға орташа баға белгіленетінін ескерсек, Нью-Йорк нарығы соншалықты қызықтыра түседі. Іс бастауға дайындалу, сондай-ақ халықаралық бизнестің басты орталықтарының бірі ретінде Нью-Йоркте интеграция жасау үшін 2018 жылдың жазында біз шағын өкілдігімізді ашып, оны қаланың қақ ортасына, Манхэттендегі атақты рокфэллер-орталықтың төбесі көк тіреген зәулім үйінің біріне орналастырдық. Бұл саны жағынан «Индрайвердің» Якутск, Мәскеу, Мехико, Богота және Кейптаун қалаларындағы кеңселерінен кейінгі алтыншы офисі болды. Біз нью-йорктік офиске штаб-пәтер статусын беріп, оған біраз тәжірибелі топ-менеджерлерді жібердік. Мұндай қадамның бірнеше себебі бар еді. Біріншіден, Америка құрлығының екеуінде де старттар ошағын иелене отырып, бізге сағаттық белдеу бойынша орналасу қолайлы болды. Старттар фокусы әлемнің басқа түкпіріне, мысалы, Азия құрлығына орын ауыстыруына орай, біз соның соңынан штаб-пәтерді ала баратынымызды жоққа шығармаймыз. Екіншіден, «Индрайвер» шын мәнінде ірі халықаралық компанияға айналғысы келсе, онда оның топ-менеджерлері әлемдік бизнес-орталықтарының бірінде болып, жергілікті ортаға тез кірігіп, қажетті білімдер мен байланыстардың бәрін меңгеруі қажет. Ашығын айту керек, қазіргі кезде Ресейде бас кеңсесін иелене отырып, жаһандық технологиялық компания құру өте қиын, тіпті мүмкін емес болатындай ахуал қалыптасты. Жаһандық интернет-компанияны дамытуға арналған орын жалпы әлемде саусақпен санарлықтай ғана. Солардың арасындағы жетекшілері – Нью-Йорк пен Кремний алабы, содан кейін – Лондон, Берлин, Сингапур, сондай-ақ Қытайдың кейбір қалалары бар. Тәжірибелі ІT-мамандардың тым тапшылығына қарамастан, біз Якутскідегі қызметкерлердің негізгі штатын сақтап қалдық. Нью-Йоркте офис ашқанымыз туралы ақпарат құралдарында хабарлама шыққаннан кейін интернетте «Индрайвер» бизнесін АҚШ-қа көшіріпті, енді салықтың бәрін сол жаққа төлейді-міс деген қыршаңқы сын-пікірлер пайда болды. Мен осынау «диван патриоттарының», осындай комментарий авторларының көпшілігі өз елі мен қаласы үшін өмірінде елеулі ештеңе тындырмаған бозымдар екеніне шүбәсізбін. Ал салықтың жайы қарапайым. Халықаралық компаниялар әдетте негізгі салықты өздері табыс тауып, кіріс кіргізетін жерге төлейді. Егер компания Ресейге пайда түсірсе, ҚҚС, кіріс салығын және басқа да салықтарды Ресейге төлейді. Егер түсім АҚШ-та жинақталса, онда компания жергілікті салықтардың бәрін төлеуге тиіс. Компания ел ішіндегі қай аймақта және қалада тіркелгенінің маңызы бар. «Индрайвер» Ресейдегі, Якутскідегі негізгі компанияны қолдауын жалғастыра береді және Ресейдің бүкіл аумағынан түскен табыс салығын да компания Якутскіде төлейді. Біз өзіміздің атамекенімізге, тарихи отанымызға жұмыс орындарымен және салық төлемдерімен көмектесе отырып, болашақта да осылай істей беруге ниеттіміз. Нью-Йорк – әлемнің қазандай бұрқ-сарқ қайнап жатқан көзқамандау орталықтарының бірі. Оған белең алған бәсекелестік бәйгесіне қатысу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен ынтасы күшті, арыны асқақ мамандар келеді. ондағы жүлде мансап жолындағы табыс пен жұртшылықты мойындату болып саналады. Қалаға жетекші инвестициялық банктер, түрлі қорлар, заңгерлік, аудиторлық компаниялар, адвайзерлер мен эксперттердің барлық түрі мен бағыттары орналасқан. Екі ірі әлемдік биржа – NYSE мен NASDAQ төменгі Манхэттеннің қаржы махаласына жайғасыпты. Нью-Йорк – ІT-бизнес үшін ең негізгі әлемдік орталықтардың бірі. «Индрайверді» шын мәнінде халықаралық технологиялық компанияға айналдыру үшін қажетті байланыстар мен сарапаттамалардың бәрін осы қаладан табамыз деп ойладық. «Morgan Stanley» және «Goldman Sachs» деңгейіндегі инвестбанктермен, жетекші аудиторлық, заңи және PR-компаниялардың бас офистерімен де байланыс орнатуға үміттендік. «Индрайвердің» осындай деңгейдегі алғашқы байланыстары тіптен қызық болды: жылтыраған нью-йорктік инвестбанк қызметкерлеріне, Йель мен Дартмуттың түлектеріне түр-сықпыты қытайларға әлде жапондарға ұқсайтын, орыс мафиясының акцентімен сөйлейтін, жер шарының әлдебір қиыр шетінде, әлемдегі ең суық аймақта туып-өскен, сөйте тұра, өсімнің керемет көрсеткіштері мен тұтастай тамаша тарихы бар әлдебіреулер келе қалды. Сонда олардың ауыздары ашылып, аңқиып қалғанын көрсеңіз ғой, шіркін! Нью-Йорктің Такси және лимузиндер жөніндегі комиссиясынан (TLC NYC) black-car servіce лицензиясын алу үшін біз осы компанияның бұрынғы басшысын жалдадық. Ол бізге оны небәрі 16 күннің ішінде алуға көмектесіп, сол арқылы жылдамдықтың жаңа рекордын жасадық. «Индрайверге» дейін бұл шаруа 21 күнге, қалыпты мерзім бойынша 90 күнге дейін созылатын Нью-Йорктен іс бастауды жоспарлап, Калифорния мен Огайо штаттарының да лицензиясын алып қойдық. Құқықтық мәселелер жөніндегі директорымыз Таня Терентьева екеуміз, Манхэттеннің солтүстігіндегі дербес үйінде өткізген қайырымдылық қабылдауына тап келіп, Нью-Йорк мэрі Билл де Блазиомен кездестік. Бойы 2 метрге жуықтайтын Нью-Йорк тарихындағы ең ұзын басшы Де Блазио бізге: «Нью-Йоркке қош келдіңіздер! Біз қалада бәсекелестіктің өскенін қолдаймыз. Істеріңіз сәтті болсын!» – деген тілек айтты, біз де осы тілегіне орай бокалымызды көтердік. Лицензиясы бар TLC жүргізушілерін жинақтауды 2018 жылдың тамызында бастап, үш айдың ішінде олардың санын 5 000-ға жеткіздік. Қызметкерлерді жалдау жұмысын жеделдету мақсатымен JFK әуежайының маңында жүргізушілермен жұмыс істеуге арналған үлкен офис ұйымдастырып, оны сауда орталығының бірінші қабатынан аштық. Нью-Йоркте rіde-hаіlіng сервистерге қолма-қол ақшамен және мобильдік қосымшалар арқылы тікелей аудару арқылы төлем жасауға тыйым салынған, жұрт картамен есептесуге үйренген, содан біздің бағдарлама жасақтаушыларымыз «Uber» және басқа сервистердегі тәсіл бойынша банк карталарымен төлеу жүйесін тез жасап, қолданысқа енгізіп үлгерді. Қосымша сатылымға салық және сақтандыру сомасын аудару, тіпті жүргізушіге «шайлық» қалдырып кету сияқты жаңа функциялар пайда болды. Команда өте тығыз мерзім ішінде сапасы жоғары орасан зор жұмыс ауқымын атқарып шықты. Жарнама мәтіндері, лендингілер, басқа да құжаттар тәржімаланып, жергілікті ділге бейімделді. Баға жетпестей сый – әлемнің ең ірі және танымал қалаларының бірі бәске тігілді. Және ол – солтүстікамерикалық нарыққа кіретін басты қақпа. Қазан айының соңында «Индрайвер» Үлкен Алма (Нью-Йоркті көбінесе осылай атайды) қаласында бета-стартын бастады. Содан тағы да жүрегіміз лүпілдеп, қосымшаның бетіндегі алғашқы цифрларға – тіркелімдер, тапсырыстар мен жолсапарлар санына кірпік қақпай қарап қалдық. Міне, тағы да алғашқы күннен-ақ шапшаң өсім қылаң берді. Ұжым да, өзім де толағай табыстан дәметіп, толқу мен уайымдау күйінен оптимистік әрі қуанышты көңіл-күй ауанына көше бастадық. Бірақ тап осыдан кейін біз күтпеген тұстан соққы алып, сәл есеңгіреп қалдық. Бірде жолаушылардың бүтін бір тобы күніне 5–15 мәрте жолсапарға шығатынын байқап қалдық. Бұл түсініксіз жайт еді. Әдетте мұндай жолаушылар көп болмайды, тіпті солардың ең белсенді дегендері ең көп дегенде 3–5 рет таксилетіп жүруі мүмкін. Содан соң, шамамен бір аптадан кейін біз алғашқы чарджбэктерді алдық, олардың саны шапшаң өсіп бара жатты. Чарджбэктер дегеніміз – картаның иесі банкке қандай да бір төлемге рұқсат бермегенін мәлімдеп, өзінің картасынан алынған ақшаны кері қайтаруды талап ету. Біз дереу тексеріп-тергеу амалын қолға алып, Нью-Йорктегі жолсапарлардың едәуір бөлігі ұрланған карталармен төленгенін анықтадық! Бізге белгісіз әлдебір алаяқтар тобы интернеттің жасырын, қитұрқылы белдемі – Даркнетте ұрлық карталардың нөмірін жаппай сатып алып, солармен «Индрайвердегі» жолсапар ақысын төлеген. Және де жолсапарларға нақты уақыт ағымында шыққан, тапсырысты әртүрлі жүргізушілер қабылдаған. Олар бізге әлгі жолаушыларды өте жас жігіттер, бозбалалар, негізінен, афроамерикалықтар деп сипаттады. Олар жолсапарларын әдетте Нью-Йорктің бес боросының бірі – тәртібі қолайсыздау Бруклинде бастап, сонда аяқтайды екен. Біз ауқымды әрі ұқыпты ұйымдастырылған фрод-шабуылға тап келдік. Киберқауіпсіздік жөніндегі солтүстікамерикалық арнаулы компанияларды тез іске қосуға тырысушылық әрекеттеріміз фродты сәл төмендетуге мүмкіндік бергенімен, бәрібір, жергілікті банктер алдында өз беделімізді біржола жоғалтып алу алдында тұрдық. Бұған қоса, чарджбэктер бізге едәуір шығын алып келді. Өйткені жолсапарлар шынында болды, жүргізушілер жолақысын алды, содан соң картаның нағыз иегерлеріне ақшаны қайтарумызға тура келді. Екіұдай пікірлерді безбендей келе, бұл қаланың стартын тоқтатуға шешім қабылдадым. Мұндай шешімге келуіме тағы бір жайт түрткі салды: Нью-Йорктің заңгерлері егер сервис күніне 10 000-нан артық жолсапарға шықса, ол жүргізушілердің барлығына, сервистің штаттағы қызметкерлеріне теңестіре отырып, минималды жалақы төлеуге тиіс деген заң шығарды. Соның салдарынан «Uber» мен «Lyft» компаниялары бірден қолайсыз жағдайға килігіп, орасан зор шығынға ұшырады. Бұған қоса, тапсырыстардың, кем дегенде, 5%-ы мүмкіндігі шектеулі адамдарды тасымалдау үшін жабдықталған автомобильдермен орындалуға тиіс екені туралы жаңа талаптар қойып, Манхэттен көшелеріндегі жолсапарға қосымша салық енгізілді. Ал ең бастысы біздің көп нәрсеге көзіміз ашылғаны еді: істі сәтті бастау үшін фрод-шабуылдар мен ақша жымқыруға қарсы күресу тәжірибесі бар жергілікті кәсіби мамандардан құралған, онлайн-төлемнің қыр-сырын толық меңгерген бөлімше құру екен. Жалпы алғанда, АҚШ-та іс бастау үшін үлкен команда жасақтап, қомақты бюджет бөлу шарт. Біз мұқият әзірленіп, ресурстарды қалыптастырып алған соң кейінірек стартты қайта жасауға ұйғардық. Ал әзірше бәрін пайдаланып қалуды көздеген біздің пиаршылар Американың жетекші ақпарат құралдарына баспасөз хабарламаларын тарата берді, біз туралы «Forbes USA», «Bloomberg», «Fox News», «Mashable» т.б. сияқты басылымдар жазып жатты. Бірер аптадан кейін Нью-Йоркте «Индрайверге» тапсырыс беру мүмкіндігі доғарылды. Нью-Йорктегі сәтсіздік астамшылығымызға айтарлықтай соққы болды. Ұжым және өзім көптен бері елеулі кедергіге кезікпей, жетістіктерге үйреніп қалған едік. Қас қарайған шақта офисіміз орналасқан Рокфеллер-орталықтың төбесіне шығып, жарқ-жұрқ еткен түнгі қалаға, көкке шаншылған зәулім үйлер мен олардың аралығындағы самаладай жарқыраған көшелерге көз тіге тұрып, сәтсіздіктерге байыппен қарай бастау керек-ау, бірақ оған үйреніп кету мүмкін емес шығар деп ойладым. Иә, сәтсіздік атаулы мені дәрменсіздікке душар етіп, түңілдіре түсетін сияқты. Иә, бұл команда үшін де түсініксіз әрі әділетсіз жайт қой: соншама көп нәрсені істеп, барша дарынын, интеллектісін, күш-қуатын жұмсап, ақыр соңында құралақан қалудан ауыр не бар дейсің. Осының бәрінде маңызды мәселе – күш-қуат пен құштар көңілді сақтап қалу қамы бар еді. Менің ең жақын досымның аты-жөні – Александр Скрипин. Ол – керемет адам, спортшы әрі ресторан бизнесі саласындағы табысты кәсіпкер. Оның туған күні ақпан айында келеді, соған орай мен оған Африка құрлығындағы ең биік шың – Килиманджароға бірге шығу жолын сыйладым. Біз мұны 2013 жылғы қарашаның басында, тәжірибелі жолбасшы әрі даңқты альпинист Виктор Обок бастаған топпен бірге жүзеге асыруды ұйғардық. Африкаға байланысты бір қызық уақиға болып еді: біз өзіміз үшін бейтаныстау құрлықта іс бастауға ұйғарған кезде маркетологтеріміз бүкіл құрлықтағы жағдайды жан-жақты талдай келе, алғашқы стартқа кандидат ретінде екі қаланы таңдауды ұсынып еді. Біріншісі – Танзаниядағы Аруша, екіншісі Кениядағы қала болды. Екі қаланың орналасу жайын картадан қарап, мен Арушаның Килиманджароның 80 шақырым қашықтықта орналасқанын байқадым. Таңғаларлық әрі рәміздік сәйкестік! Әрине, екі нұсқадан мен осы қаланы таңдадым. Біздің тау шыңына өрлейтін күндеріміз «Индрайвердің» Африкадағы алғашқы старты басталатын сәтке шамалас келетіні қазан айында мәлім болды. Қараша айының басында Танзанияға ұшып келіп, Кили (Килиманджароны қысқартып, осылай атайды) шыңына өрмелейтіндер тобына қосылдық. Танзания – 1960 жылдары Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған екі елдің, яғни Танганики мен Занзибараның қосылуынан құрылған жас мемлекет, «Танзания» деген атауы содан шыққан. Бұл – көпұлтты ел, онда 120-дай этнос өмір сүреді, солардың арасындағы ең әйгілісі, сірә, мал бағатын, сөйте тұра, вегетариандық салтын ұстанатын жауынгер халық – масаилар шығар. Олар өздері баққан мал етін жемейді, тек сүтін сауып ішеді. Тұрғындары «Арыстан патша» мультфильмімен даңқы шыққан суахили тілінде сөйлейді. «Еш қиналма, бәрі дұрыс және бұдан да жақсы болады әлі» деген сияқты мағына беретін «акуна матата» дейтін тұрақты тіркесті біз бұл елде талай рет естідік. Килиманджароның биіктігі – 5 895 метр. Жанартаудың атқылауынан жаралған осы биік шың тау жүйелерінен оқшау орналасқан. Оның іргесінде сәл аласалау тағы бір тау – Мавензи тұр. Өрлеу соқпағы тау аттас ұлттық парктен, 1 900 метр биіктіктен басталады. Бірінші күні маймылдар секіріп жүретін қалың ағаштар мен бытысқан шырмауықтар арасындағы соқпақпен тропикалық джунглиді көктей өтуге тура келеді. Одан әрі ағаштар бірте-бірте аласарып, бұташықтарға ұласады. Аптап ыстық керімсал ауа лебіне ауысады. Маймылдар енді жоқ, бірақ сүрлеу бойынан түр-кескіні қызық құбылғы кесірткелер кездесіп қалады. Үшінші күні ауа лебі суытып, бұта-бытқыл шалғын шөп көмкерген саваннаға ауысады. Содан соң көркем пейзаж Марстың сұрқай көрінісіне – тастақты шөлейтке көшеді. Содан, ақырында бесінші тәулікте финалдық ұмтылысқа жеткен күні Килиманджаро шыңын қоршаған қар мен мұздың шетіне табан тиеді. Тау қойнауындағы табиғат көрінісі – сөзбен айтып жеткізудің өзі қиынға соғатын ғаламат сұлулықтың мекені. Жоғары көтеріліп, төмен түсіп, организмді жерсіндіру жаттығулары жасалады, бірақ, соған қарамастан, шыңға өрлеуге қатысушылардың түгелге жуығында 4–5 километр биіктікте тау ауруының белгілері – бас ауырып, жүрек айну, әлсіздік пайда болады. Мұның басты себебі: мұндай биіктікке бейімделіп, толықтай жерсіну үшін шамамен 12 күндей жаттығу керек. Бірақ біз альпинистердің болу уақыты шектелген ұлттық парк аумағында орналасқандықтан, бүкіл шыңға өрлеу әрекетін бір аптаның ішінде аяқтауымыз керек. Гидтер топты өте баяу қарқынмен бастап жүреді, олар да мейлінше бабымен, асықпай бейімдеу мақсатын көздейді, әрі әркімге өзінің жай-күйі жайында ойлануға уақыт қалдырады. Мен соқпақпен ілбіп келе жатып, шыңға өрлеу кәсіпкерлік қызмет жолы сияқты екенін және нәтижесі екіұдай – не 0, не 1 болатын жағдайды өзіміз қолдан жасайтынымызды ойлаймын. Содан енді шың басына таяп қалған кезде, осы кітаптың кіріспесінде сипаттағанымдай, маған ғайыптан аян береді. Алға қойған мақсатыңа, меже тұтқан шыңыңа жеттің бе, әлде жоқ па, соған қарамастан, сен бәрін жігерлі, ақылды, дарынды кейіпте жасай алсаң, сонымен бірге өзің дамып, өзгені дамытып, одан ләззат ала білсең, онда бұл – құнды өмір тәжірибесі, сезім ауаны, бұл – өмірдің өзі кез келген жағдайда өзіңмен бірге болатын, текке зая кетпейтін, тұрақты өсе беретін нәтиже. Шығар шыңың жоғарыда емес, өзіңнің өмір сүру шәкіліңнің өн бойында тұрғандай көрінеді. Сен өмірдегі барлық нәрсені құнды әрі қызық тағылым ретінде бағалауың керек, оны алған сайын жақсарып, күшейіп, өзіңнің шынайы болмысыңа жақындай түсесің. Нью-Йоркке қатысты бастан кешкендерімді қоса алғанда, барлық сәтсіздіктерімнің де мәні бар, әрі сонысымен құнды. Біз қолдан келгеннің бәрін істедік. Бар күш-қуатымызды аямай әрекет еттік. «Индрайвер» командасы болашақта істі қайта бастағанда кәдеге асатын мықты тәжірибе жинақтады. Кейінірек ойыма күш-қуаттың тағы бір теңеуі – секвойя келе қалды, ол әлемдегі ең биік ағаш бола тұра, белгілі бір биіктікке жетуді мақсат тұтып өспейді. Биіктігі 50, 70 немесе 100 метр бола тұра, ол өсе береді. Әйтеуір, бұл – секвойя, үлкен де күшті ағаш. Бұл – оның ажыратып алғысыз сипаты. Иә, мұнда да 0 немесе 1 ахуалы жоқ. Ал әзірше біз әбден шаршаған, бірақ шат-шадыман күйімізде көз тоймас сұлу көрініс қоршауындағы Килиманджаро шыңында құшақтасып тұрмыз. Содан соң өз туымызды желбіретіп, фотосуретке түсеміз де, кері қарай, төмендегі Танзания жазығына қайтамыз.
Келесі күні «Индрайвердің» Африкадағы алғашқы қаласы – Арушада іс бастадық. Содан бері «Индрайвер» Бразилия мен Боливияға, Гондурас пен Доминиканға, Оңтүстік Африкаға, Кенияға, Үндістанға және басқа да көптеген елге шықты. Біз Кремний алабының қақ ортасынан, әлемдегі жетекші технологиялық компаниялардың штаб-пәтерлерінің қатарынан офис аштық. Әлемді, ең алдымен Якутияны дамытуды көздейтін «Синет спарк» жобасын бастадық. Осы жобаны жүзеге асыру барысында Якутиядағы үйлердің үстіне алғашқы сынақ күмбездерін орнатамыз. Егер бұл тиімді жұмыс істеп, ішкі жағы қыста жылынса, мәңгілік мұздықтың жағымсыз әсері сезілмейтін болса, онда біртіндеп тұтас орамдардың үстіне күмбез орнатуға жетеміз, сонда балалар температура –500С-қа дейін төмендеген кезде көшеде ойнай береді. Осындай қадаммен Сібір жағдайында орналасқан қалалардың бәріне үлгі көрсетуге болады. Біз Якутскідегі қатты тозаңданудың себептерін ғылыми зерттеу ісіне жолбасшы болып, қаржы бөліп келеміз. «Спарка» шеңберінде тұрғыны аз, аумағы үлкен әлемнің солтүстік бөлігінде жүктерді тасымалдау, медициналық жәрдем көрсету, білім беру мәселелері сияқты қызықты нәрселерді де біртіндеп қарастыра бастаймыз. Мәңгі мұздақ жағдайындағы жолдардың сапасын да назардан тыс қалдырмаймыз. Жаңа экоқоныс жасап, соның үлгісінде жаңа технологиялармен суық климатта сапалы тұрмыс құру жайын сынап көреміз. Якутияда жыл бойы жұмыс істейтін аквапарк пен серфингіге арналған жасанды толқындары бар экстремалды спорт түрлері орталығының және тау шаңғысы тренажерларының пайда болуына серпін береміз. «Сахавуд» деген якут киносы мен анимациясын қолдау қорын құрдық. Экспорттық әлеуетті арттыруға жетелейтін киножобаларға алғашқы гранттар берілді. Кино мен анимация – әлемнің кез келген түкпіріне кең ауқымымен оп-оңай жеткізілетін ІT-шешімдер сияқты экспорттық өнімдер. Бізде 2012 жылы басталған «BegіnІT» білім беру жүйесі әлі жалғасып келеді, оның шеңберінде «Индрайвер» ондаған балалар үйіндегі және шалғай ауылдардағы балаларды бағдарламалаудың негіздерін оқытуды қаржыландырады. Ағылшын тілінде «underdog» деген сөз бар. Мән-мағынасы жағынан «құпия бейне» деген сөзге жуықтайды. Мына біз – сондай андредогтармыз. Гарвард университетін бітірген жоқпыз, инвестициялық ресурстарға қол жеткізе алмадық, ІT-мамандар табу да қиын болды. Тіпті интернеттің бағасы Якутияда сол кезде аспанға шарықтап тұрды. Сыртқы нарыққа шыққан кезімізде ақпарат құралдары мен сарапшылар бізге сенімсіздікпен қарады. Бәсекелестеріміз елегісі келмеді. Соған қарамастан, біз көрнекі істі құрылымдап, ел ішінде және әлемде көш бастаған мықты компания құра білдік. Ең маңыздысы – мұны ешкімді алдап-арбамай, пара тықпаламай, түрлі байланыс арналарын пайдаланбай-ақ жасағанымыз. Жетістігіміз команданың интеллектісіне, дарыны мен іске құлшынысына негізделген. Осы арқылы өзге андердогтерді, «құпия бейнелерді», яғни бүкіл әлемдегі мыңдаған, миллиондаған осындай қарапайым жігіттер мен қыздарды жігерлендіреміз. «Синеттің», «Ykt» пен «Индрайвердің» жарқын да тартымды ісі жалғасып келеді, бұдан да қызықты нәрселер болады әлі, ал ол болашақ күндердің еншісінде әзірше. Бұл үлкен қаланы көмкерген ақбоз тұман сияқты. Сен бәрін бүге-шігесіне дейін көре алмайсың, тек әлдебір сұлбасы ғана көзге шалынады, дыбыстарды естіп, оның сол маңайда екенін топшылайсың. Тап осы сәтте менің таңғажайып уақиғалар жөніндегі әңгімем тәмамдалады. Дәлірек айтқанда, сәл кідіріс жасалады.
Алғыс Мен бүкіл «Sіnet team», «Ykt» және «Индрайвер» командасына алғыс айтамын, осы кітапта жазылған нәрселерге қол жеткізуге мүмкіндік берген мына сіз, сіздердің жетістіктеріңіз, құштарлықтарыңыз бен күш-қуаттарыңыз, құндылықтарыңыз бен философияңыз еді. Осы кітапты жазу барысында данагөй ақыл-кеңесін аямағаны үшін Вера Томскаяға және бірінші тараулардан бастап жанашырлық пікір білдіріп отырғаны үшін Егор Федоровқа шексіз ризамын. Қызым Маяға рақмет, өйткені нақ оның күн сайын ұйықтар алдында «таңғажайып уақиғаларға толы өмірімнен» кезекті бір хикаяны айтып беруді өтінуі бастапқы түрткі салып, осы кітаптың дүниеге келуіне себепші болған еді. Ғұндардың көсемі Атилла жөніндегі тарихи роман жазып, маған үлгі көрсеткені үшін өзімнің әкем Григорий Томскийге алғыс айтқым келеді. Және ол мұны француз тілінде жазып, Францияның жазушылар одағына қабылданды.
Арсен ТОМСКИЙ
іnDrіver
ЯКУТИЯДАН КРЕМНИЙ АЛАБЫНА ДЕЙІН
Жаһандық технологиялық компанияның құрылу тарихы
Аудармашы М.Ізімұлы
Редакторы Қ.Игманов
Корректоры М.Ғабитқызы
Беттеген А.Жұмағалиев
Басуға 18.08.2022 ж. қол қойылды.
Қағазы офсеттік. Қаріп түрі «PT Serіf».
Пішімі 60х90 1/16. Көлемі 17,5 б.т.
Таралымы 2 000 дана
«Brand Book» ЖШС баспаханасында басылды
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру