TELEGEI

Home

Армян жазушыларының әңгімелері. Ованес Гукасян. Кішкентай кекшілдер

Ованес Гукасян

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Армян жазушыларының әңгімелері. Ованес Гукасян. Кішкентай кекшілдер

Ованес Гукасян - «Армян жазушыларының әңгімелері. Ованес Гукасян. Кішкентай кекшілдер» шығармасы.

ОВАНЕС ГУКАСЯН

КІШКЕНТАЙ КЕКШІЛДЕР

(Повестен үзінді)

Аударған Әзілхан Нұршайықов

ӘКЕ ӨЛІМІ. МИР ФАРУХ

Әкем өлгенде мен он жастан енді ғана асқан едім.

Әкем керуен сарайда жүкші болып істейтін. Өмір бойы ауыр жүк арқалағандықтан уақытынан бұрын қартайды. Ол жағы суалып, көзі бозғылт тартқан, бет-аузы мыж-мыж келген еңкіштеу кісі еді. Біз өте кедей тұрдық, әкемнің тапқаны тамағымызға әрең жететін. Оған жұрттың кірін жуып шешем көмектесетін. Менің әкем жұртқа ұқсап, төсек тартып жатып өлген жоқ. Ол бай саудагер Теймурханның қоймасында, баспалдақ үстінде өлді, ауыр көп шұға арқалап бара жатқанда омыртқасы үзіліп кетті. Жүкші жолдастары түс кезінде оны үйге алып келді. Науқас. шешем ағыл-тегіл боп жылады. Мен не болғанын ұққамын жоқ. Маған әкем бұрынғысынша жүк тасып, бұрынғысынша түні бойы жөтеліп, «аяғым», «белім» деп қақсап шығатын сияқты боп көрінді. Менің ойлағанымдай болмады, жұрт әкемді ақ кебінге орап, арық ат жегілген арбаға салып алып кетті. Әкемді ораған ақырет пен оған жаназа оқыған молдаға ақы төлеу үшін шешем ескі-құсқымен сауда қылатын жамағайынымызға үйдегі мыс қазанды, үш қаңылтыр легенді және ең қымбат мүлкіміз боп саналатын кішірек жасыл кілемді сатты. Бақалшы Бәшірге беретін борышымыз бар екен. Сол үшін ол іші көптен бері қаңырап бос тұратын шешемнің төркінінен келген әдемі жасау сандығы мен үйіміздегі жалғыз көрпені алды. Бәшірдің мұны азырқанып, ескі-құсқы саудагерінің қолындағы біздің мыс қазанға жармасқаны әлі күнге дейін есімде. Ол қазанды бермей, қимылсыз жатқан әкемді нұсқап:

— Ұятың қайда сенің! Өлген кісіні жерлеу керек пе, жоқ па?— деп баж ете түсті.

Әкемді кебінге орағанда аяқ жағында алақандай ақырет артық боп салбырап қалған еді. Шарт жүгініп алып, жаназа оқи бастаған молданың көзі бір кезде соған түсіп кетті. Ол жаназаны тоқтата қойды да, ұмтылып барып артық ақыретті жыртып алып, қалтасына салды. «Орамал болсын» деп міңгірледі де, қайтадан «ағузыға» басты. Әкемнің зират басынан қайтқан жалба-жұлба киімді төрт жүкші жолдасы шешемді жұбатпақ боп біздің үйге соқты. Күн бата, кішкентай қызы Бибиді жетектеп шешемнің кір жуушы жолдасы Айша келді. Айша есіктен дауыс айта кіріп еді, әкемнің жолдастарын көрген соң үнін өшіріп, бір тізерлеп шешемнің қасына отырды. Содан соң «берік бол» дегендей, барбиған, қып-қызыл саусақтарымен шешемнің қолын алып, алақанына қысты. Айша апай американ банкир! Вильям Смиттің үйінің кір-қоңын жуатын еді. Әкемнің жолдастары Айшаны жасыл шадырасынан ғана білетін, олардың бірде-бірі оның бетін кермеген болатын. Өйткені ол кезде бізде еркектер отырған жерде әйелдер бетін ашпайтын еді ғой. Айша апай солқылдап жылағанын қойып, шадыра бүркеулі басын қайта-қайта шайқап, күйініш білдіріп отырды. Шешесінің қасында тұрған Биби не болғанын ұқпай, маған жалтақ-жалтақ қарайды. Шешесі оған біз душар болған қаза жайында ештеңе айтпапты. Жұмыстан келе сала біздің үйге жетуге асыққан. Биби метлица жапырағының қолына жұққан бояуын да жумастан келіпті. Сегіз жасар кіп-кішкентай Биби сыпырғыш сататын көршісі Жабар ағайға көмектесіп, күніне төрт шай — иран тиінін табатын. Ол менің әкемді зиратқа алып кеткенін әлі білген жоқ. Бұдан былай оған мейрам күндері менің әкемнің бір уыс қуырылған бұршақ пен жүзім әкеп бере алмайтынын да білмейді. Менің әкем беретін бір уыс тәттіге Биби қандай қуанушы еді шіркін! Жүзім мен бұршақты ол кезектестіріп жіпке тізіп, алқаға ұқсатып мойнына салып алатын. Сол кезде ол маған керемет сүйкімді болып көрінетін еді! Абдулла ағайдың енді келмейтінін білгенде Биби өксіп-өксіп қатты жылады... Мен шыдап тұра алмадым, подвалдан шыға жөнелдім... Қайта айналып келсем, үйшігіміздің іші әкемнің жолдастары ұзын сапты трубкалардан қосыла тартқан ащы түтінге толып кеткен екен. Олардың көптен бері сақалдары алынбаған ажымды, қара күрең жүздерінен қайғының табы танылады. Шешем бұрыштағы жыртық төсеніштің үстінде бір уыс болып бүрісіп қалыпты, Айша апай әлі күнге дейін басын шайқаумен отыр. Ал Биби болса әкемнен қалған жалғыз белгі — жүкшілердің арқасына салатын ершікке көз алмай бақырая қадалуда екен... Мен басымды көтерместен әкемнің ершігінің қасына келіп отырдым да, оның жыртығынан көрінген сабанды шұқылай бердім. Жүкшілер әлде не жайында өзара қызу айтысып отыр екен.

— Қарындасым, тыңдашы,— деді, ақ сақалды қартаңдау біреуі.— Жолдастардың ақылымен бүгін мен Теймурханның піркәшігі Мир Фарухпен сөйлестім. Теймурхан сіздерге бірдеңе төлеуге тиіс. Біздің сор маңдай жолдасымыз, сенің ерің ол дүниеге кетті. Біздің ойымызша бүгін болмағанмен ертең Мир Фарух саған келіп кетуге тиіс. Келгенде сен одан күйеуіңнің құнын сұра!— Қарт сөзін бітіргенде оның ақ сақалы дірілдеп кетті.

— Иә, иә, құнын сұра!— деп басқалар да бас изесті.

— Алла, алла!— дегеннен басқа ештеңе айтуға шешемнің шамасы жоқ еді.

Кір күмәжініктеріңде қалған ақшаларын шешемнің етегіне төгіп, олар аяқтарын ауыр басып, біздің подвалдан шықты.

Шешем етегіндегі қара бақырларға ұзақ қадалып, үнсіз отырып қалды... Күндіз, төбеде жарқырап күн тұрғанда әке өлімі маған оншама қорқынышты боп көрінбеген сияқты еді. Жұрттың бәрі кетіп, подвал іші қараңғы тартқанда әкемнің қан-қан ерні есіме түсіп, өксіп-өксіп жылап қоя бердім. Шешем аяғын сүйрете әрең басып қасыма келді де, мені етсіз тарамыс кеудесіне қысып, ол да ағыл тегіл боп тағы да жылады. Оның ыстық жасы бетіме тамшылады. Өне бойым діріл қағып, мен оған одан сайын жабыса түстім. Біреу есік қақты. Шешем мені кеудесіне одан сайын қыса түсті де, екеуіміз шала жабылған есікке елегізе көз салдық.

— Ұйықтап қалғаннан саумысыңдар? Қалай ерте жатқансыңдар?— Есік сыртынан әлде кімнің осылай деген шиқылдақ үні естілді.

— Мир Фарух келді!— деп шешем маған сыбырлады да, әрең қозғалып орнынан тұрды.

Қора біздің табалдырықтан биікте болғандықтан менің көзіме алдымен екі үлкен бәтіңке, сабадай кең көк шалбар, одан соң үстінде сағаттың салбыраған алтын бауы жарты ай тәрізденіп салбырап тұрған жуан қарын көрінді. Содан кейін барып жылтыраған екі кішкентай көзі бар құшақ жетпес үлкен қарбызға ұқсаған бастық мөлшері танылды. «Мир Фарух дегені мынадай екен ғой!» деген ой келді маған. Қорыққанымнан мен әкемнің ершігінің артына жасырына қойдым. Бірақ мұның маған пайдасы болмады. Өйткені ол бөлме ішін көзімен шолып өтті де, жайғасатын жақсы орын таппағаннан кейін, пысылдап кеп ершіктің үстіне отырды.

— Үйлерің не деген қараңғы?— деп бастады сөзін Мир Фарух.— Шам жақан жоқсыңдар ма әлі? Еһе-һе-һе!— деді ол сықылықтап.— Үнем болсын дейсіңдер ғой? Оларың жақсы екен...

Шешем төмен қараған күйі ләм деп үн қатқан жоқ. Егер бұлай деп біздің көршіміз тігінші Асад айтқан болса, мен оған біздің керосиніміз алдақашан таусылған дер едім. Бірақ қорыққандығым сонша, мен дыбыс шығармастан отырып қалдым.

— Сенің үйіңді адасып әрең таптым,— деді Мир Фарух тілін шайнай, пысылдай сөйлеп шешеме.— Кездескеннің бәрінен сұрадым. Маған жүкші Абдулла ана үйде тұрады деп кемі он үйді нұсқаған болар жұрт. Тіпті болмаған соң мен бүгін... неткен Абдулла деп едім...

Шешем қатты өксіп қоя берді.

— Жыла, жыла!— деді Мир Фарух.— Бәрі де алланың қолында. Бәлкім, кім біледі, осының өзі дұрыс шығар.

Мен таң қалдым: мынау мес қарын менің әкемнің өлгенін дұрыс деп есептейді! Міне ғажап! Сонда менің әкемді алла әкеткен екен ғой! Осы күннен бастап мен алланы ешкімге жаны ашымайтын жалмауыз жан болар деп есептедім. Әкем сияқты қайырымды адамымызды алып кеткен ол мейірімсіз жалмауыз болмағанда кім болмақ. Мир Фарух қалтасынан темекі салған кисетін, жалпақ белбеуінен ұзын сапты трубкасын алып темекі толтырып тартты.

— Солай, қарындас,— деді ол тілін шайнап, темекі түтінін бұрқырата түсіп.— Мені саған қожамыз Теймурханның өзі жіберді. Ол маған, алдымен, көңіл айт деді, сонан соң, өйткені кһе... кһе... Абдулла...

Әкемнің атын естіп шешем тағы да жылады...

— ...Өйткені Абдулла... былайша айтқанда ол біз үшін қаза тапты ғой. Менің қожам Теймур-ханның адал қызметкерінің семьясына көмектескісі келеді. Сіздер менің қожам Теймур-ханның қаншама кедейге көмектескенін білсеңіздер! Мына менің басымда қанша шаш бар екенін санап шығуға болар, ал оның жақсылығына есеп жетпес сірә...

Шешем тағы жылады, ал мен Мир Фарухтың тақыр басына көз жүгірттім: онда санауға боларлық бір тал да шаш жоқ еді!

— Бүгін,— деді Мир Фарух тамсанып,— Теймурхан көзінен жасы сорғалап тұрып... иә, жасы сорғалап тұрып, менен сіздерге қалай көмектесеміз деп сұрады. Әрине, мен сіздерге ең қолайлысын айттым. Сенің байыңның Теймур-ханнан қарызға азын-аулақ ақша алғаны саған, әрине, аян болар.

— Не?—деп шешем шошып кетті.

— Тоқтай тұр, қарындас, қорықпа,— деп Мир Фарух күле басын шайқады.— Иә, қарызға азын-аулақ ақша алған болатын...

— Ол туралы марқұм маған ештеңе айтқан жоқ!

— О не дегенің, қай еркек әйеліне сыр айтушы еді! Құдай біледі бар ғой, мына мен де айтпаған болар едім. О дүниеге барғанда кездесесің ғой, сонда байыңнан ақша алып па едің деп сұрарсың... Ал ол алуы алған болатын!.. Менің қожам қайырымды, мейірбан Теймур-хан міне сол қарызды сіздерге сыйлады.— Мир Фарух бұл сөздерді көтеріңкі үнмен айтты.— Мен қайтайын,— деп ол орнынан тұрды.— Менің қожам ертең молда мен Абулланың жолдастары алдында сол вексельді — қарыз ақшаны төлеуге жасалған міндеттеме қағазды әйелінің қолына беремін деді, маған соны саған айт деп тапсырды.

Шешем үндемеді. Екі шекесін қос қолдап қысқан күйі бүрісіп, бөлменің бұрышында отыра берді.

— Еһе!— деді Мир Фарух кенет мені көріп қалып, содан соң таяғын көтеріп алды.— Сен құдайға налып отырсың, ал мынадай азамат ұлың бар екен ғой өзіңнің!

Мен орнымнан тұрып, бұқшиып төмен қараумен болдым.

— Әрине, сен, әкең сияқты, жүкші болатын шығарсың, солай ма?—деп Мир Фарух таяғымен мені иығымнан қағып балпылдай жөнелді.— Байқа, бала, жігіт боп өс, әйтпесе саған қиын болады!

Осылай деп ол мені бүйірімнен таяқпен қатты түртіп кеп қалды. Таяқ тиген жерімнің ауырғаны сондай, көзімнен жас шығып кетті. Аузымнан қалай шығып кеткенін білмеймін:

— Жүкші болу жақсы болса, теңдерді сенің ұлың-ақ тасысын!— дедім мен.

— Аһ, жаман күшік!— деп Мир Фарух ақырып, маған таяғын сілтеп қалды.

Өне бойы дірілдеп шешем жан ұшыра ұмтылып менің қасыма келді. Мен оның жыртық етегіне басымды тығып жан сауғаладым.

— Бұдан кейін жұртқа жақсылық жасап көр! — деп Мир Фарух өз-өзінен күңкілдеп баспалдақпен көтеріліп бара жатты.

— Алла, алла!—деп күбірледі шешем.— Жетім балаға таяқ жұмсауға ұялсашы!

Сөйтіп, мен жетім қалдым, бірақ оның мәнін әлі түсіне қойған жоқ едім. Шешем бетімнен сүйіп, мені қайта-қайта аймалай берді. Екеуміз бүрісіп жұқа, жыртық төсенішке жантайдық. Әкемнің ыңырсыған үнін естімеу маған бір түрлі ерсі боп көрінді. Сөйтіп жатып мен ұйықтап кеттім. Ал түсімде мен Мир Фарухты тағы көрдім. Ол таяғын шошаңдатып, өзінің әйел дауысымен шәңкілдей айқайлап соңымнан өкшелей қуып жүр. Ал мен тығылатын не бір ашық есік, не бір таса таба алмастан жан ұшыра қашып келеді екенмін деймін.

ЖЕТІМ. ЖАЛҒАН ВЕКСЕЛЬ. АНАНЫҢ АУЫРУЫ.

Таңертең мен шешемнің қатты жөтелген дыбысынан ояндым. Дереу басымды көтеріп, төсек үстінде отырған күйі есінеп, ұйқылы-ояу көзімді уқалай бастадым. Көзімді ашқаннан кейін әкемді қойғанымыз, оның мұңды жолдастары, сұмпайы Мир Фарух — бәрі есіме түсті.

— Гасан, ұлым,— деді шешем дауысы сыбырлай шығып,— терезенің алдында бір жапырақ нан болуға тиіс, соны алып жей ғой.

Менің ештеңе де жегім келмеді. Көрпесіз ұйықтағандықтан бойымды суық алып, дел-сал болып қалыппын ештеңе татпастан сүйретіліп қораға шықтым. Біздің қорамыз шағын ғана болатын, оның үстіне өзі әлде бір шыңыраудың түбі сияқты бои көрінетін. Өйткені қорамызды үш жағынан қоршаған биік қыш дуал оны сыртқы дүниеден бөліп тұратын да, ол төрт бұрышты қалбырға ұқсайтын. Қорадан көшеге шыға бере құрдастарыма кездестім. Опыр-топыр болып, дуалдың түбінде аспанға ақша лақтырып, оң-теріс ойынын ойнап жатыр екен. Олардың ортасынан бай көршілеріміздің балаларын және полицмейстер Сәлім мырзаның ұлы Мұртұзды байқап қалдым. Мұртұз жарқырауың түймелі мундирі мен ағаштан жонған қылышына өлердей мақтанатын. Ол барып тұрған жалқау болатын, сондықтан да үнемі сабақтан қашып кететін. Мен Мұртұз бен оның мектепке баратын бақытты достарына қызыға қарайтынмын. Өйткені олар кітап оқиды, мұғаліммен сөйлеседі, олардың көрген жақсы заттары және көп. Олар маған күлетін, кейде, ермек үшін, мен сұрағанда суреті бар кітаптарын ашып көрсететін. Ол кітаптарға жүрегім лүпілдеп, тесірейе қарап қалатынмын. Мен әліпті таяқ деп білмейтіндігім үшін өзімді бақытсыз санайтын едім. Олар мені мазақтап, басымнан ұратын, тіпті кейде шашымнан алып сүйрететін. Олар мені ойыншы жетпей қалса ғана қастарына шақыратын. Секіргенде де, жарысқанда да, доп ойнағанда да өзінен озып кететінім үшін Мұртұз әсіресе қинайтын. Оларға жақындап келіп, дуалдың бір күн шуақтау жеріне келіп тоқтадым. Сол арада олардың ойындарына көз жібердім. Мұртұз ұтылып, ақшасы азайып бара жатқаннан кейін бейпіл ауыздана бастады. Оның қалтасында әрқашан да ақша жүретін. Оның бірде кеш сайын біздің үйге көп кісі жиналып карта ойнайды, ұтқан ойыншылар маған бір сомнан ақша береді деп мақтанғаны есімде. Кейде ол әкесінен ақша ұрлап алатын. Мұртұздың бүгін жолы болмады. Іші күйгендіктен ол арлы-берлі жүгіре берді. Бір кезде оның маған көзі түсті де:

— Әй, қара қожалақ, неғып тұрсың? Ер болсаң бізбен келіп ақша ойна,— деді кемсіте сөйлеп.

— Ақшамен ойнамаймын,— дедім мен жай ғана.

— Ойнамайсың, өйткені сенің соқыр тиінің жоқ. Жүкшінің жалғызы!

— Егер ақшам болған күнде де ойнамас едім,— дедім мен мақтанышпен.— Мен әкеме ант бергенмін!

Мұртұз ызаланып аузын қисаң еткізді:

— «Ант бергенмін!» Антшылын мұның. «Мен әкеме ант бергенмін!»— деді ол мені мазақтап.— Сенің антыңның бір тиындық құны жоқ қой, қайыршы-ау!

— Мені ыза буып көмейіме жас кеп тығылды. Менің оған көп нәрсе айтқым келді. Бірақ жылап жіберемін деп, жағымды қатты тістеніп алдым. Кейін бұрылдым да, үйге қарай жүгіре жөнелдім.

— Же-е-тім!.. Же-е-тім!— деп айқайлады Мұртұз артымнан.

— Же-е-тім!..— деп оның тобындағы балалар қосыла және қиқулады.

Мен жүгіріп келіп подвалға кірдім.

Подвалда әкемнің екі жолдасы шешеммен сөйлесіп отыр екен. Оның біреуі кешегі ақсақалды қарт.

Мен жалаң аяғымның башпайлары тарбиып, суық қабырғаға сүйеніп тұрдым.

— Жалған қағаз!— деді ақсақалды кісі тістеніп.— Ақша төлеуден қашып бұл қарақшы жалған вексель жасаған. Бұл залымдықты біз бәрібір ашамыз, қарындасым. Жүр бізбен бірге, осы қазір баруымыз керек!

Өңі аппақ қудай боп кеткен шешемнің баруға зауқы соқпады.

— Құдай атсын оларды!— деді күбірлеп.— Байда қашан ар болып еді? Абдулланың қаны олардың көмейіне кептелсін. Бір тиін бермесе бермей-ақ құрысын солар. Абдулланың адал қанынан садаға кетсін!.. Ол қанішерлерден ештеңе де сұрамаймын, сұрамаймын!..

Қарт басын шайқады!

— Ол вексельді одан алу керек,— деді ол.— Олардың ертең, тағы не істейтінін ойла. Олар жалған вексельді сотқа беріп, өтірігімді өндіріп бер деуден тайынбайды. Өзіңді аямасаң да, мына балаңды ая, шырағым!

— Оны өздеріңіз істеңіздер,— деп күрсінді шешем.— Мен Теймур-ханға бармаймын, бәрі бір заң оның ашса алақанында, жұмса жұмырығында.

Әкемнің жолдастары шаң басқан өршіктерін арқаларына салды да, бір-бір күрсініп біздің дымқыл подвалдан шықты.

— Анаңа қамқоршы бол, ол науқас,— деді ақсақалды қарт менің құлағыма сыбырлап.— Осы үйдің ендігі иесі сенсің.

Олар кеткеннен кейін шешем жатып қалды, кеш түсіп, түн ортасы байланғанға дейін маған бір ауыз тіл қатқан жоқ. Анда-санда қатты ыңқылдап, су сұрайды. Шешемнің өне бойын діріл билеп, маңдайы мен екі беті оттай боп лаулап тұрды. Мен оған қыш аяқпен су ұсынғанымда қу сүйек боп қалған ыстық арық қолдары дірілдеп, суды аузына жеткізе алмай төгіп алды. Менің көшеде естіген қорлығымды айтуға батылым бармады. Оны шешемнің білмегені де жақсы болды. Одан басқа да көп нәрсені ол білген жоқ. Шешем өлгеннен кейін де мен қаншама қасірет кештім десеңші.

АНАНЫҢ ӨЛІМІ. ӘКЕМНІҢ ЖОЛДАСТАРЫНЫҢ МЕНІ

ҚАМҚОРЛЫҚҚА АЛУЫ

Ертеңінде мен тым кеш ояндым. Күн көтеріліп, оның сәулесі бөлмеге кішкентай кір терезеден сығалап тұр екен. Шешем сол қалпында, бір қырынан, тізесін құшақтаған күйі жатыр. Қарным ашқан мен терезе алдында қатқан нан барын есіме алдым. Нанды қара суға батырып, әрең жұтып жатырмын. Кенет шешемнің үш күннен бері аузына түйір дән салмағаны ойыма түсті. Ақырын, аяғымның ұшымен басып, шешемнің қасына келдім де, бір тіземді бүктім. Мені шешемнің тып-тыныш және жөтелместен ұйықтап жатқаны таңдандырды. Оның арық бетін бүршік-бүршік тер басыпты. Сирек қара шашы арса-арса боп сүйегі көрінген жағын жауып кетіпті. Ол біркелкі, бірақ ауыр дем алып жатыр. Менің шешемді оятқым келмеді, өйткені ол екі күн бойы көз шырымын алған жоқ болатын. Мен ептеп, сыбдырымды білдірмей кейін шегініп кетейін деп едім, шешем кенет селк етті де, көзін ашып алды.

— Гасан, ұлым! — деген сөздерді әрең айтып, маған қолын созғандай болды.

Мен қолымды мойнының астынан жіберіп, шешемнің бетіне бетімді бастым. Шешемнің денесі балбырап жатыр екен, он бойын сұп-суық тер жауып кетіпті.

— Гасан,— деді шешем сөзін жалғап,— мен... мен әкеңнің қасына кетемін... Сені мектепке жібере алмадым, бұл күнәмді кеш, ұлым... оған күй келмеді, қарағым... Ер жетерсің, сонда бұған біздің кінәлі емес екенімізді өзің де ұғынарсың...

— Апа!..— дедім мен тамағыма тас тығылғандай болып үнім әрең шығып.

— Әкең сені өлерінде көре алмай кетті, бірақ сен сорлы әкеңді ұмытпа. Ол сені көзінің қарашығынан артық көретін еді... Ер жетерсің, жақсы адам боларсың...

— Апа... апатай!— дедім мен өксіп жылап.

— Әкемдей боламын деп уәдеңді бер маған. Арақ ішпе, карта ойнама, жақсы адамдарды жәбірлеме, еңбек сүйгіш бол, қалқам. Тағы айтарым: кек ал, Гасан, жауға кекті жіберме!..

Жылап отырып мен шешемнің басын кеудеме қыса бердім, бірте-бірте шешемнің тарамыс қолы суып бара жатты.

Кенет шешем селк еткендей болды да, біржола үнсіз қалды.
Мен ағыл-тегіл боп жылап, қайта-қайта апаладым. Бірақ шешем жауап бермеді.

Мен көп өксідім. Көзімді бір ашқан кезімде жанымда көршілер мен әкемнің екі жолдасы отырғанын көрдім. Жас жүкші баладай еңкілдеп жылап, ақсақалды қарт шешемнің денесі қасында бір тізелеп алып, әлде кімді қарғап-сілеп отыр.

— Уа, қарғыс атсын, сендерді қылмыскерлер, қан ішкіштер!— дейді ол қатуланып.

Оның қатал жүзіне қарап, мен бұл сөздердің қарт досымыздың шын жүрегінен шыққанын аңғардым. Біздің үйде іліп алуға жарарлық нәрсе жоқ еді. Шешемді жерлеуге жұмсайтын ештеңе болмады. Жүкшілер қалталарындағы ең соңғы тиындарын шығарып, шешемді өздері қойды. Зират басынан қайтып келсем, біздің бұрынғы мекенімізді бақалшы Бәшір иемденіп, өзіне қойма жасап алыпты. Әкемнің достары мені далада қалдырмады, қолымнан жетектеп ақсақалды қарт Мазлум Әли өз үйіне ертіп әкелді. Ол менің әкемнің ең жақын досы еді.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙