TELEGEI

Home

Еңлік - Кебек. 1943 жылғы нұсқа

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Еңлік - Кебек. 1943 жылғы нұсқа

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

ЕҢЛІК-КЕБЕК

Төрт актылы, бес суретті трагедия

(Жаңадан түзелген түрі)

1943 жылғы нұсқа

ҚАТЫСУШЫ АДАМДАР:

Кебек — жас батыр.
Еңлік — сүйген қызы.
Есен — батыр.
Нысан Абыз — кәрі ойшыл, ақылгөй, ақын, дана.

Кеңгірбай — Қабекең (би).
Қараменде — би.
Көбей — ол да.
Еспембет, Жомарт — найман билері.

Жапал — қойшы бала.
Кембай — тобықты кісісі
Матақ— ол да.
Жәуетай, Қалдашбай— тобықты жігіттері.

БІРІНШІ АКТ

Бірінші сурет

Абыз мекені. Қоңыр, күңгірт үйде күңгірт сәуле. Ауыр мұңға батып Абыз отыр. Қолында қобызы. Жаңа ғана күй толғап тоқтаған. Абыз. «Көкей кесті», «Көкей кесті» күй не дейсің? Уа, не қыл дейсің? Тынбаған көңіл, талмаған көкей (жымиып) күшік!.. (Қобызына жағын сүйеп, ырғала толғанып.) Пак пәруәрдігәр!.. Бе-еу! (Ыңыранып, Асан қайғының күйіне үн қосып.)

Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтып күн көрер!
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтып күн көрер!

Ащы зарлы Асан сен ең, алыстан сарын қосқан Нысан мен ем...
Тұнығым ылай болды,
Уа, тұнығым ылай болды,
Қуғыншым құмай болды.

Құтылар қайран жоқ,
Сор қамар сынай болды.
(Асанша толғап)
Алданар жоқ, арман көп,

Кәрін қайтып күн көрер!
Жарастық жоқ, жалын жоқ,
Жарым қайтып күн көрер!
Барары жоқ, байлау жоқ,

Ерім қайтып күн көрер!
Бәріңнің де нәрін жоқ,
Елім қайтып күн көрер?!

Кәрі көңіл о бір зәр. Күні еңкейіп көлеңке басқан бейуақтай. Самал желі мұздай, көк майсаны сыздай етті. Ызғар сезген бойым бар. Панасыз ел баладай... Аспанда қара бұлт ақ бұлтпен шарпысып, телегей ойнап дауылдатып ол келеді. Соны білмей бұл бала тасошақтың басында от шашып ойнайды, от шашып ойнайды. Қамыққан қамқор қапы... Бек буынған бағлан батыр қаны. Қайта сарындап, қобызды күңірентіп кетеді. Көбей кіріп, үндемей отырады, қасында үнсіз жолдастары — ол Кембай, Матақ. Абыз сарнап отыр.

Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтып күн көрер.
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтып күн көрер!

(Ыңыранып, бір ырғақты сөзсіз міңгірлеп айтып кеп, аяғында.) Елім қайтып күн көрер! (деп тоқтайды). Көбеймісің, жарқыным? Аз ауыл тобықтың не күйде? Елің, ерің аман ба, ұлдарым?

Көбей. Ел тыныш, ер аман, баба!
Кембай. Күйің қалай, жақсы аға?

Абыз. Күйдің несін айтайын. Тобына ере алмай, жырылып қалып, бір қуыс шатты мекен еткен кәрі бұғы қайтушы еді? Тек өздерің бар бол! Көбей. Көптен келіп алдыңнан да өтпедік. Оң жүрміз бе, теріс боламыз ба? Анда-санда бір өсиетің тездей болушы еді, қарт баба!

Абыз. Барыстарың қалай, шет пе еді, ел іші ме?
Көбей. Ел ішінің бір сөзі болып, би шақыртқан екен, соған барамыз.
Абыз. Ел ішінің не сөзі бар, сөйлеп кет.
Көбей. Дәл бүгінгі белесте соны айтайын дерлік даурық жоқ, баба!

Абыз. Ұлым, маған сөздің кешегі, бүгінгі дейтін сүрі, жасының парқы жоқ қой... Табанды би майталман шығар ма, еліне қайырым қылар ма? Текпілі батыр бәйшөгел шықты ма, бетінен жау ықты ма?

Матақ. Еліне еңбегі асқан ұлы кім, соны білмек қой.
Көбей. Айтайық, айтайық, баба, оларың бар бүгінде, жоқ емес...

Абыз. Әлі береке десе кер кетіп, пәле десе жұлынған тоқсан сусар тон берсеңде, тоқсан қара нар берсең де бітпеймін деп басқа шауып, төске өрлеген матай бауырыңмен бітім таптың ба, табыстың ба, түге?

Көбей. Таптық, тындық қой, баба.

Абыз. Қай ер қандай қамқор қайрат етті? Қайтып тыным таптырады? Ұзаққа табыстың ба, жоқ алданыш аял ма? Еміреніп ел табысты ма? Көбей. Баба, матай сөзінің басы таудай болып келсе де, аяғы сиырқұйымшақтап келіп, қылдай болып кетті.

Абыз. Не дейсің... Есе бермедім, еңсеріп ұттым дейсің бе?

Көбей. Басында бұрқ-сарқ етіп келген бетінде ашуы құйып тұрған нөсерге өшпес алау атып тұрған өрт еді. Бірақ біздің бидің айбыны мен айласы сол ашуын басты ғой.

Абыз. Сол қара шал жақсы дер ем, тек жау таппай, бауыр таптырса екен еліне? Көбей (күліп). Батыр болсаң бопсаға шыда дегендей...! Ерліктің, ептің үлкені бопсаға шыдау екеніне көзіміз жетті. Жүрек қобалжымай, табан таймай, қасқайып тұрып салысуға шыдастық. Би солай сілтеді. Содан матай шырайлана бастады емес пе?

Кембай. Жарықтық біздің би сырттан ғой... Тобықтының асқар белі емес пе? Абыз. Бұл да бір анда-санда кезігер, өткел сындай жер еді. Таптың, таппадың ба, болжау қиын. Есебім озды деймісің? Есесі қалды десеңші. Ауылдастың тайы озып тұр ма әлде! Алдың тыныш дей алмадым-ау... Қасың қазақ! Қазақ халқың... Құрсауың бүтін көрсемші... Шоғырың ғана бүтін-ау... Батырың қане, ол не дейді? Бар ма бағлан?

Көбей. Бар ғой, баба, ер тумаса ел бола ма?
Абыз. Аташы атын.
Көбей. Аты Кебек.
Матақ. Кебек деген ерек боп тұр.

Абыз. А-ау, ана бір естігенім болар ма, Тоқтамыстың інісі ме?
Көбей. Сол, баба!
Абыз. О кімді алды? Алыс па еді, жақын ба еді сілтегені семсерін?
Көбей. Тағы сол матай ғой. (Абыз солғын, Қарайды.)

Матақ. Алысқан соң алыс, жақын деп тұрсың ба?
Кембай. Е, күш атасын тыңдар ма! Бұл өңірдің бұдан асқан ері жоқ.
Матақ. Бақ берсін бақырға, тайталасар тұрғысы жоқ...

Көбей (көтеріліп). Матайдың алғашқы екпінін су сепкендей басқан да сол Кебектің бір өзінің қайраты ғой. (Абызға) Матай қолын бастап келе жатқан өңшең ығай мен сығай, көкжал бөрі дәл жортуыл басы он бес батырға жалғыз өзі майдан берген. Қандай қып берген десеңші! Қиын шақта жапа-жалғыз соқтығып, жетеуін бірдей бірінің үстіне бірін ұмар-жұмар түсіріп, сегізін түре қуып кеткен... Сонда қалың қол бассыз қап, боранды түнде қасқыр шапқан жылқыдай ықпасын ба? Кебек жаңағы қашқан сегізін бірдей тағы түсірген. Бар батырын бір батырға байлатқан қол енді қайтып ес жисын? Кебек қырық қана жігітпен бар матайды бидайықтай бүрген кеп. Сонымен жерден қумақ, қор қылмақ боп келе жатқан матай еріксіз кеп біздің бимен бітім, байлау сөйлесіп, жолға түсіп, жөнге көшетін болғаны емес пе? (Күледі.) Таяқ батқан соң есі кіріп қапты... Матақ. «Құштарым берекең бе еді, ерекең тұр ғой қайтейін» деп, матайдың өз ішінен де сылтың айтып кеткен дер бопты. Кембай. Сылтың айтар, бірақ шер айтқан да болыпты ғой. Кебекке орай ер шығармасам ел болмайын десіпті. Кебектен осы кегімді әперер ер шықты деген күні өлсем арманым жоқ депті бір батыры. Матақ. Анау он бестің бірі Көшен батыр екен... Сол еліне барып, кек дегеннің табынан сары ауру боп жатып, құстадан өліпті деседі. Көбей. Рас, солай деседі, баба, Кебек ұлыңның туы солай шалқып тұр, бүгін аз ауыл тобықтыңның үстінде. Абыз (өз-өзінен шөккендей, сырт айналғандай мұңға кеткен. Қобызына таянып қапты).

Барары жоқ, байлау жоқ,
Ерім қайтып күн көрер!
Бәріңнің де нәрің жоқ,
Елім қайтып күн көрер...

(Көбейлер бір-біріне қарасады да, иіліп қош-қош айтып, шығып кетіседі.)
Әреке деген көк ауру, сені тияр талқы жоқ
Ішті жеген жегінің жерге кірер қалпы жоқ,
Барар бетің батпақ сор, күн түзелер тарпы жоқ,

(Құлақ күйіне басып.)
Бәріңнің де нәрің жоқ,
Елім қайтып күн көрер..,
Есен кіреді.

Абыз. О, қай ұлсың?

Есен. Уа, баба, арғы атам Найман, бергі атам Сыбан, өз атым Есен, елім қосқан атым батыр Есен.

Абыз. Мерейің ассың, ұлым!
Есен. Алдияр, дегенің келсін.
Абыз. Ұлым, не жаймен жүрсің?

Есен. Алдымда бәсеке деген екі тосқауыл кезең тұр. Бірінен өту үшін түгі шыққан жүрек, балуан білек керек. Енді бірінен өту үшін тәңір үстем қып жаратқан талап керек. Титығымды сол құртады. Осы екеуіне де өзіңнен бата алайын деп келдім. Абыз (аз кідіріп). Ұлым, екеуіне де кеудесі қуыс пенде қосар күш болар ма. Ұрынамысың, ұрынтармысың, бір өзіңнен көрер ме екенсің. Айтып көрші мән-жөнін. Есен. Баба, жылқы ішінде аладай, аз тобықтының ағасы емессің. Елімнің Абызы деп келдім. Алғаш айтқан кезеңім, алапаты асқардай батырмен күш сынаспақпын. Кездескелі ізденіп жүргенім өзіңнің іні батырың Кебек! Өшім бар сол тобықтыда. Ағам Көшен жан кемітер ер ме еді! Кебектен көрген күйіктен, құсадан өлді. Кемімес кегім бар деп, өлерде өсиет қып кетті. Аямастық антым бар. Бірақ қапыда алмаймын. Қасиетімді жоймаймын, сертім осы. Себің тигіз, бата бер! Содан қалған бір кезең қастық, албырттық кезеңім. Матай қызы жесірім інімді менсінбей кетем дейді. Ерден кетсе де, елден кетірер мен бе едім? Бірақ қыз-қырқылжың түлкідей болғанда, мен шынымды айтайын, айласызбын. Су бүркіті сасқалақ сарыдаймын, ілінбей жүр, ілгізбей жүр тау тағысы көкшулан. Шеңгеліме сол түссін. Бейілің бер, бата бер. Абыз. Батыр десем... белге шықпай ойда ойнақшыр бейпіл ме ең. Азамат десем ауыл үйдің тентегі ме ең? Мақтамаймын Кебекті, құптамаймын сені де. Кегім десем - зықымды алған зұңғарды айтсам не етуші еді? Ашуды айтсам, Ақтабан-шұбырынды ма еді ұмытарым, тастарым. Елдігім қайда сондағы? Қусам соны қусамшы. Кесескенім Кебек болса ертсемші сол жолға, салыссамшы, жарыссамшы сол жауға қарсы сілтеген қайқы қара жолында... Елің үшін ермесе, сонда алсаңшы бар есеңді. Төңірегіңді торыған жатты көрмей, жағаласар жауың жақының бопты. Жарқыным, мен емес ертер серігің! Есен. Болды, баба! Тоқта, баба, толас бер. Жеңілдім, жеңдің сен мені... Тек осы кебің Кебекке жетпей жүрмесін... Жеңілдім, жеңдің... жеңдің, бай-бай, сен мені! (деп атқып жүріп кетеді.)

Абыз. Әрекетте алқын зор,
Береке мұнша неге қор?
Кеселді іске керме жоқ.
Қаусырмалап қалың тор,

Халқым қайтып күн көрер!
Күн кейпінде тағы сор,
Алдым тағы қара нор,
Жарқын жүзді жақсы жоқ.

Асылымның бәрі бор,
Халқым қайтып күн көрер!

Кебек келеді. Ол батыр пішінді емес, сұлу сәнді бозбала. Сыпайы түрде иіліп тағзым етеді. Абыз таңырқап, қызыға қарайды, күтпеген оқшау жан тұр.

Мерейін биік шоқыдай,
Келіс көркің тотыдай
Қызықтырған қай ұлсың?
Кебек. Армысың, әз аға! Асыл аға!

Абыз. Бар бол, немен жүрсің, жарқыным?
Кебек. Ойдағымның бірін ірікпей, барын айтсам болар ма екен, әз аға?

Абыз. Айтарсың, ұлым, айтарсың. Жат айтпассың, жақсы айтарсың. Ажарыңнан аңғарам... Жауың бар ма, соны айтшы?

Кебек. Бірде бірге өшім менен қасым жоқ... Жауым жоқ менің!
Абыз. Бәрекелде, баламсың! Досың бар ма?

Кебек. Өз көңлімді барласам дүниенің бәрі дос. Жарқыраған күн де дос, тұнжыраған түн де дос. Бәріне де жаным шат! Бірақ, баба, бір деп бекем ұстаған анық досым өзі жоқ... Айып қылма, әз аға. Сүйерім мен сүйсінерім мүлде көп. Сауық құрам, — ән сүйем, саят құрам — аң сүйем, жалын ұрам — жар сүйем. Қазір де міне сүйгендеймін, ынтығам. Бірақ қайда сол, кім сол өзі, кезікпедім, таппадым. Тек алдымда нәркес қана қара көз: «ізде мені, тап мені!» — деп, тұнжырап қана бір қарап, наз тастап қана бір кетеді! Кезігермін бе, табармын ба мен соны? Көрмес бұрын сүйген ем, көрермін бе сол ғана бір көз нұрын? Абыз (күлімсіреп, ұққандай). Қайтсын-ау, сыңқыл-сылтың... сылтың-сыңқыл тілейді-ау жас бейбақ! Көктемнің көркін-ай... Мамырдың бір нұр шуағы дермісің! Жасты көрсем, осылай көрсемші!.. Бақ талай баршындай! Кебегім болармысың осы сен?

Кебек. Сол баланың өзі едім, баба.

Абыз. Қас демейсің, дос көксейсің. Сүйсінемін бұныңа. Қас іздесең, алыстан ізде. Алысқа қара қырандай.

Кебек. Алдияр ата, ақылыңды құп тұттым!

Абыз. Тілегенім менің де сол жолдағы талайын болсын... Бірақ жаңа нені анттың? Алдыңда бұлдыр сағым ішінде бұлыңдаған бір кезең боп сол тұр ғой! Соқпай өтер дей алмаймын. Не табарсың, не көрерсің сол белде? Ұшырарсың, ұшыратарсың сен оны! Ұшырамас түрің жоқ. Тек ұрынып, ұрынып қаласың-ау, балам, жан балам! Толастар күн, тоқтатар күш тағы жоқ. Кімге кезігерсің? Тым болмаса қылымсыған қырмызыдан сақтаншы! Тым болмаса, ең болмаса биыл ұрынбашы, бұл түріңде таппашы... Албырт көңіл тақат қоймай апкетердей түрің бар... Содан, содан қорыққан мұңым бар... Апкетер-ау еңсеңді.. Кебек. Бағымды ашсын, батаңды бер, әз аға... (Қойнынан құндыз алып, Абыздың алдына салып.) Ақбас құндыз алдымды ашсын, бата бер.

Абыз.
Адалдан бер, ақтан бер!
Бәлекетін жатқа бер.
Ер маңдайын баққа бер!

Абырой асар жаққа бер!
Қара түндей қазаны
Қас ойлаған жатқа бер!
Сөнбес күндей шат көңіл

Жазығы жоқ жасқа бер!
Адал жолды аққа бер
Мерейі асқан өренім
Кебек сынды таққа бер!

Шымылдық.

Екінші сурет

Тау іші, жартас. Әндетіп Жапал шығады, қойда жүр. Айналаға көз салады, тастан-тасқа шыға жүріп әндетеді. Қойшы әні.

Жапал.
Шек-шек, шек-шек, шегенек!
Мал ішінде көбелек.
Тасты көрсең телмеңдеп!

Жүгіресің жебелеп!
Тынымы жоқ, тыныштық жоқ
Құртты құйрық кебенек!
(Құшырланып қайырады)

Шек-шек, шек-шек, шегенек!
Қош-қош, қош-қош, қошақан.
Майлы құйрық момақан.
Бөрі көрсе бор кемік.

Бар буыны босаған
Тауда тарлау, ойда өлең
Тапса бойы жасаған
Қош-қош, қош-қош, қошақан!

(Биік тас басына шығады. Айналаға көз салып.) Шыңғыс! Қара қойтас қан Шыңғыс! Оңда Шыңғыс, солда Шыңғыс... Анда Шыңғыс! (Жан-жағына қол созып.) Анда Шыңғыс... Анда Шың... Шың? Тоқта, бұл не? Жұлындай жерден жіптіктей түтін емес, шаң бұрқ етті... Тағы, тағы! Бұрқ-бұрқ... О-о, будақ-будақ шаң шықты. Төбелес, барымта... қуғын... Тағы және шабуыл да сабуыл... Қайран Шыңғыс, күнде осындай жойқын төбе! Жортуылшы. Тентек батыр, жентектесті тағы да! Пай-пай! Шіркін, батырда да арман бар ма екен? (Басын шайқап.) Әй, бірақ осындай қойшыдан батыр шығушы ма еді? Жо... шығады. (Қиялға кетіп.) Астымда мейіздей қатқан ақ бедеу, қолымда мейіздей қатқан қара шоқпар. Ай тастай қараңғы... Жау қатты. Күндіз әлгі бір жаман қойшы бала қызыл тасқа бесінде кеп бекінген. Тобықтының түстері суық, өңшең көк темірге құрсанған ығай мен сығайы... Қалың жауын көріпті. Я, ауыл шошынып тұр. Жылқышының бірі қорқып-пысып жүр... Бірталайы: «Е, қайтушы еді, Жапал бар!.. Жапал ағам бар... Жойқын Жапал батыр бар!» деп ағаңды арқа тұтып жанасалап жүр. Үркер көтерілетін кез болды. Taп түн ортасы... Жылқыны қомақтап жусатқалы келе жатыр ек... Ағаң қалың жылқының тең ортасында келе жатыр еді. Ақ бедеудің құлағы қайшыланып, елең ете түсті. Сол-ақ екен «қеу-қеу-қеу-қеу, қе-еу!»— деп қалың жау қаптап қоя берді! (Тастан секіре бере.) Уай, немене, сонда ағаң кеп, ақ бедеуді жамбасқа салып-салып жіберіп тапап берді-ау!.. (Өзін-өзі қамшылап, тасты бауырлап жүгіре беpіп, қызып айғайлап.) Қайт-қайт! (Деп тап бергенде дәл бүйірдегі тастан аса бере Еңлік бұның өзіне дүрсе қоя береді.)

Еңлік. Ұрып таста! Ұрып таста! (Жүгіреді.) Жапал (оқыс шошынып қап, жалт беріп, жата кетіп). Ойбай, олда! Ағатай! (Қырылдап қалады, даусы да шықпайды.) Еңлік (күліп, мазақтап). Ойбу бетім, батыр шөгелім-ай! Барың сол-ақ па? (Күледі.) Жапал (есін жинап). Е-е, қорықты ғой деймісің, тапқан екенсің... қорқағыңды. Еңлік (күліп, мазақтап). Е, мына тасты құшақтап жатқаның не, тасбақадай тарбиып? (Күледі.) Жапал. Бәрекелде, мынаң қара! Төбелес тәсілінен түк білмейтін қызды қара... Масқара!

Еңлік (күліп). Масқара... Төбелесіп қырып жатырсың ғой, тегі. Жапал. Ой, бәлі... Айбалта, сойыл тимесін деп ат жалына еңкейіп, жабыса шапқаны емес пе? (Тұрады.) Еңлік. Ай, батырым-ай, қоянның бойын көріп қалжасынан түңіл дегендей, осы сен екеуміз батыр болмай-ақ қойсақ не етер еді?

Жапал. Неге? Батырлық жаман ба?
Еңлік. Неге жаман болсын.
Жапал. Батыр жаман ба, әлде?
Еңлік. Жоқ, о да жақсы...

Жапал. Ендеше дәл осы өзің батыр болар ең-ау, Еңлік апа. Бірақ керегі не, мал берген жетеді де! Кетерде... (Еңлік боп ойнап жылап.)

Ақ көйлектің етегі төкпелі-ай,
Мен әкеме өкпелі-ай...
(Еңлік күледі.)
Өкпелемей қайтейін,

Бір-екі ай маған көп пе еді-ай!..
Қайран апа, кете барасың-ау жаманға...
Еңлік. Қимаймысың сондайға?

Жапал. Жаманға қимаймын. Тек батырға ғана қияр ем... Не өзің батыр бол. Садақты қандай тартасың, жүрегің де сескенбейді. Ерсің... Не болмаса батырға, таңдап жүріп ең елден асқан батырға ти. Соған серік бол дер ем...

Еңлік. Жаным-ау, оны маған кім береді?
Жапал. Е, жоқ па сондай. Бар ғой осы өңірде.
Еңлік (кіналай қарап). Немене тағы, Есенді айтайын деп пе ең?
Жапал. Жоқ, ол емес...

Еңлік. Енді кім?

Жапал. Бар дейді ғой талай батыр! Кебек деген елден асқан бар дейді, естімеп пе ең атағын?

Еңлік. Естіп ем, көп естіп ем. Көп мақтайды. Бірақ көріп білген емен.
Жапал. Атағына ақылы мен көркі де сай дейді. Бөлек дейді ғой, Еңлік апа!
Еңлік. Тірі болсын азамат, асыл ер!
Жапал. Бірақ тілеуін көп тілемей-ақ қой, пайда жоқ.

Еңлік. Е, неге айныдың?
Жапал. Ол бізге жат, бөтен ғой... Тобықты емес пе?
Еңлік. Ә, солай ма еді?
Солғын оймен шет кете береді. Ән айтып бара жатады. Кетеді.

Жапал сол әнге алыстан қосылып қалады.
Ата-ана әлпештеген баласымын,
Көзінің ағы менен қарасымын.
Аға жоқ, бауыр да жоқ, жалғыз басым,

Кәрілер сүйеу көрген дарасымын...
(Кеткен.)

Жапал (тастан қарап). Мынау кім? Тағы келеді екен. Тауда Еңлік әні естілсе болды, қоянды қуған қасқырдай салаң ете түседі. Тоқтай тұр!.. Ақырын баспалап қарап, жаңағы әнді айтып, тасты айнала береді. Еңлік үніне салып айтады. Аздан соң Есен көрінеді. О да баспа қып келеді. Бірақ жүрісі сөлекет. Есен (тастан айналып келе жатып). Еңлік! Аспанда қалқып келе жатқан қас қыран... Тастан қылп етіп асқан ал қызылдың жонын шалып қалғаны, Еңлік, көрінші енді көзіме!.. (Айналып кетеді. Жапал әндетіп баспалап қашып жүріп, көрінбей айтады.)

Жапал. Еңсесі кетіпті... Әукесі түсіп жүр! (Кетеді.) Есен (іздеп келеді). Еңлік! Ойнама, Еңлік, Қашпа, жаным... Көрін менің көзіме. Бұл қайда мүлдем! Еңлік Еңлікжан, уа мен!.. (Ән алдында кетеді. Жапал әндетіп тағы айналып шығады.) Жапал. Қоян қуған құтаяқтай. Барыққанша көрмессің. (Кетеді. Есен тағы айналып шығады.) Есен. Уай, Еңлік деймін, қашпа менен, қашпа, жаным, қинама. Қайда ғана батып жүр, тоба! Әй, бәлем, тұра тұр... Ойнайсың ғой. Ендеше тәңір бергені. (Қайта бұрылады. Жапал да қайта айналады. Ән. Есен ыза бола бастайды.) Уа, болды... болды, Еңлікжан! Көрін... көрін, ойбай, көзіме! Уау, ойбай... Қайдасың, Еңлік... Арлы-берлі сарп ұрады. Киімін жұлып тастап ұмтылады. Жапал әндетіп шығып, киімін алып кетеді.. Есен тағы шыққан, мүлде талғам. Сиқыр ма бұл, ой тоба! Жын ба, сайтан ба?.. Уа, Еңлік, ойбай (Taп береді де тастан айнала берген Жапалды құшақтай алып.) Айдалайын, бал тәттім! Бал тәттім! (Жапал ақыра қарайды.) Өй, әрмән! Сілемді әбден қатырдың ғой, түбің түскір! Сен сүмелек неге жүрсің?

Жапал. Е, қойда жүрмін...

Есен. А-а, қой, қойда... Рас, қойда жүрсің! Жапал, е-е қой, қойда (Күліседі.) Әй, жаман бала, уа бер ке... Жә, ал айт!

Жапал. Нені?
Есен. Қызды айт деймін.
Жапал. Қай қыз?
Есен. Ой, түбің түскір, Еңлікті айт деймін!

Жапал. Еңлік?
Есен. Жә, ал! Өзі немене... былай? Немене... Жақсы ма?
Жапал. Жақсы.
Есен. Мінезді ме, былай?

Жапал. Мінезді.
Есен. Ақылды ма өзі, былай?
Жапал. Ақылды
Есен. Ал, сонсоң, ақсақ қой айдағандай немене өзің? Айт, айтсаңшы енді...

Ж а п а л. Нені?
Есен. Ой, түбің түскір, айтсаңшы былай... өзі немене, мінезді ме?
Жапал. Білмеймін...
Есен. Жаманаты жоқ па, былай?

Жапал. Білмейім...
Есен. Уа, жігіті жоқ па, былай?
Жапал. Білмейім...

Есен. Ой, түбің түскір. Біл ендеше соны! Аңды, Ұқтың ба? Аңды... Үндемей, бар жүрісін аңди бер, былай! Жапал. Рас па? (Оқыс ойнақшып.) Ал Еңлік келеді. Есен қалбақтап, сасып қалады.) Есен. Ой, жаман бала, сен түбің түскір, айтпа әлгіні ол қызға... (Еңлік келеді. Есен қызығады.) Еңлікжан, айдалайын, Еңлікжан! Қызығам!.. Қызығам-ау, қайтейін.

Еңлік. Алда, батыр-ай, солай ма едің? (Күледі.)
Есен. Солай... солай емей қайтейін... Тақатым қаны, Еңлікжан.

Еңлік (күліп). Батыр, батыр, бұ қалай... Неге мұнша бүлініп тұрсың? Бұның нең?

Есен. Еңлікжан, сынама... сынама тек... Бейілің бер, шырайың бер.
Еңлік (салқындап). Не дейсің, Есен?

Есен. Еңлікжан, сөйле... Сөйлеші маған! (Еңлік салқын, үндемейді.) Неге үндемейсің... (Түңіле бастап.) Сөйле деймін.

Еңлік. Саған айтпақ сөзім бар ма еді, не айт дейсің?

Есен (қатайып). Ерке қыз, бұл кемсіту ме, мазақ па? Найманның неше ұлын алдамақ ең. Бірақ, мені алдау құр кетпейді... Мен батырмын. Еңлік. Батырлығыңды қайтейін, аңғалсың. Алдайын деген кісіге кез келсең, елдің алдымен сені алдар.

Есен. Уа, не қыл дейсің, жөніңді айтшы осы маған.

Еңлік. Менің затым әйел, қайратыңмен жұмсатам деме, ебіңмен кел... Жөніңді өзің айт, аңғал батыр. Есен (тағы жұмсап). Еңлікжан, сенің ісің құрулы садақ, құрсаулы жаудан қиын болды-ау осы маған. Ерден кетсең де, елден кетпе. Аталы рудың келінісің. Аруақты қорлама. Інімді менсінбесең, өзіме ти. Мен саған құштармын дедім. Не дедің сен осыныма? Еңлік. Ата намысын қуған ұл болсаң, өз құлқыныңды қоя тұрар ең-ау!.. Тегі көрде жатқан аруақтың басын ауыртпай-ақ қойсаңшы. Одан да ініңнің намысы қайда! Ол сенің мойныңа қарыз емеспе? Мен әлі ініңе бармаймын деген сөзді айтқаным жоқ қой. (Күліп.) Аздырып алмақпысың, осы өзің қалайсың?

Есен. Уа, доғар, доғар, сайқал қыз.
Еңлік. Е, ендеше сөйтіп жөнге кел...

Есен. Атама, атама мүлдем. Ата-анаң атастырған ініме тием десең дауым жоқ. Онда үнімнің өшкені. Ал тек бірақ көңілің оған тұрақтамаса... тынбаса... басқа жанның ортағы жоқ, сен өз Еңлігім боласың, менікісің. Еңлік. Ондағы күнді көзің көрер. (Күліп.) Бірақ бүгінгі күнде әдепті бол, қайнаға, қайнағалық жолыңды біл... Мен үйреткенім мақұл болмас, рас емес пе? (Күледі, Жапал бірге күледі.) Есен. Тоқта... Тоқтат, қыз, тіліңді (Жапалға.) Ой, жаман бала, жоғал! (Еңлікке.) Сенің жараң онсыз да маған жеткен, шанышпа, шанышпа, қыз, тағы да. Бірақ бұл жолы сен жеңдің. Амалым жоқ, артын тосам бұл сөзіңнің.

Еңлік. Бәсе, ер болсаң сабырлы бол сөйтіп.

Есен. Сабырлы бол! Алдымен сен сабырлы бол! Сен азған күні менен сабыр сұрама. Мен енді күндегі ізіңді аңдимын. Алдасаң кегім бітпейді... Осыны тоқы жадыңа. (Жапал Есенді мазақтап, үніне салып дабыстап қалады.) Жапал. Еңлікжан! Айдалайын, Еңлікжан, уау. Еңлікжан! (Еңлік күліп жібереді. Есен сезіп қалып атып тұрады.) Сөйле, сөйлеші. Мал кетті ғой, Еңлікжан!

Есен. Ой, түбің түскір, жаман бала!

Жапал. Еңлік апа, осы кісі ылғи түбің түскір дейді. Мені күбі шелек дей ме, немене? Есен. Ой, әрмән, жаман бала? Ал, Еңлік, мен кеттім, қош тұр! Ұмытпай тұр кебімді. (Кетеді.) Еңлік. Қош, ұмытпаспын кебіңді... Бірақ қорқып қатын да болмаспын мен саған!

Жапал. Немене, Еңлік апа, мынау өзі алам дей ме, не дейді?
Еңлік. Сен немене, менің сырласым болайын деп пе ең?

Жапал. Жоға, тек матай, сыбанда осыдан артық батырдың өзі де жоқ дегенім ғой. Еңлік. Телиін деп пе ең осыған? Батыр сұрадым ба мен сенен. Құтылуға ынтықпысың әлде? (Күледі.) Жапал. Жоқ, апатай, кетпе! Бірақ қартайғанша өзің де отырмайсың ғой. Кәрі қызда қадір де жоқ деседі ғой.

Еңлік. Жаманға бар деймісің?

Жапал. Ойбай, оны да айтпаймын, апатай. Ел құрығандай ер шықпай-ақ қойды ғой әйтеуір. Өзі батыр, өзі көркем... Өзі думан, өзі сері, келсеңші тек біреуі...

Еңлік (сүйсініп барып, жүдеңдеп).
Мекенім, жерім, тауым көп...
Тауы толы тағы көп...
Көңілімде арман көп...

Айығатын шағы жоқ.
Басыбайлы Еңлікті
Арашалар бағы жоқ...

Осы кезде сахна сыртынан сарын естіледі. Дабылдатып аң қуған ба, тасырлатып жау қуған ба, сондай бір үлкен сарын. Еңлік пен Жапал елең етіседі.

Тоқта, бұ не?

Жапал. Жау ма тағы? Бұл неткен шабуыл? (Жүгіріп тасқа шығысады.) Қодыға. Аңшы екен! Әне! Ана кетті!.. Еңлік (садағын жұлып aп, тас басына жүгіре шыға табан тіреп тұра қап). Тимеді оғы. Былай атсашы оны. Мә!.. (Атып жібереді. Алыстан «атпа!» деген үн шығады.)

Жапал. Жығылды! Омақата жығылды... Әй, апатай... Өзіңнен асқан кімі бар?
Жігіт жүгіре шығады, ол Кебек.

Кебек. Кімің аттың? (Еркекше киінген Еңлікті танымай.) Сенбісің, бала, атып жыққан? Неге аттың?

Еңлік. Екі ататын сен емеспін, мырза, қодығаң болса, тағы көрсет! (Күледі.) Кебек. Қап, не дедің, сен бала? (Қызық көріп жақындап, ойнай сөйлейді.) Атып бер деп қашан айттым? Қуып атып келе жатқан өзім ем. Қызығын өзім көрмек ем. Еңлік. Қызғанғаның қодыға болса, ол алысқа кеткен жоқ қой, жігітім. Жапал, алып келіп қодығасын байлап бер мына мырзаның жанына. (Күледі, Жапал жүгіріп кетеді.) Кебек. Мен қызылына қызықпаймын, бала... Қуғаным қызығы еді. Атқан өзің, өзің ал. Еңлік. Неге? Қуған сен. Еңбек те, жол да өзіңдікі. Біздікі әншейін еріккеннен сілтей салған бір шығасы оқ емес пе еді? (Жапал қодығаны алып келеді.) Кебек (Еңлікке қайран боп қарап). Менің алар жөнім жоқ, бала мырза... Мергендігіңе сүйсіндім, со да менің олжам болсын, өзің ал! Және арқар да жеріңнің аңы еді. Өзіңде қалсын!

Жапал. Тобықты екен ғой өзі!

Еңлік. Мырза, жүгірген аң жер иесінікі емес, жеткендікі болады да. Және біз атқа мініп найза ұстаған аға азамат емеспіз. Жалғыз түп көде мен ұрттам суға таласып матай, тобықты боп шабысатын солар ғой, сіздер ғой... Кебек (қасына таңырқап жетіп кеп). Япыр-ау, жаным, сен кімсің осы? Сөзің қалай ұрымтал еді! Жөн-жосығың кім деймін, ә?

Жапал. Өзі кім екен, өзін сұрашы!
Еңлік. Жөн-жосық әуелі жүргіншіден болмайтын ба еді?

Кебек. Оның тағы тура. Алды-артымды орап, қамап болдың-ау, жарқыным. Ендеше мен тобықты жуантаяқ ем... Атым Кебек.

Жапал. Кебек? Батыр Кебек қой, Еңлік?
Кебек. Еңлік? Атыңа қанық ем, құрбым.
Еңлік. Мен сізді көрмесем де білуші ем.

Кебек. Бәсе, еркек десем ептісің, бала десем бидейсің. Айтып сояр ақ малымнан адал екен, Еңлікке кеп кездестірген қодыға неткен құтты еді! (Жапал қолынан алып Еңліктің алдына әкеп салып.) Көргенге де көңілім өсті, айып етпе, жақсы құрбым! Еңлік. Көргеніме мен де ырзамын, батырым! Бірақ тағыларша тауда табысып тараспайық. Қадірмен күтер қонағым бол... Үйіме жүр! Мына қодығаның да дәмін сонда көрерміз... Ас иесімен тәтті болсын. Кебек. Сен бастасаң ермес жерім болмас менің, Еңлікжан. Ұмытпаспын бұл сәтті мен... Еңлік. Батыр (күліп), сырда сабыр болсын да... Есіз тауда ойда жоқта оқыс кездескен қыз құрбы алабұртар көңілді. Бірақ алдынан айтқызған сөздің арты өкініш еді ғой! Кебек. Әр лебізің алтындай... Теріс айтасың деп тайталасар дәрмен жоқ. Тек айтарым: ойдағымды, мұңдағымды іркерлікте жайым жоқ. Кіналама... теріс көрсең де айтқызып ал, Еңлікжан?! Дәл осы сәт, осы кезге сүлдерім ғана жеткен десем не дерсің аңсағанға? Еңлік. Тағы да сабыр тілеймін батырдан. Жаман да, жат та демеймін әзірше. Бірақ үйіме жүр, қадірмен қонағым бол. (Екеуі қозғала береді.) Анық Кебек сен болсаң өзім де айтар жайым бар. Жүр, батыр! (Кете беріседі. Жапал әндетіп қалады. Аздан соң Кебек, Еңлік тасты айналып қайта шығады. Сыр үстінде.) Аз сөзіме көңіл бөл. Көрінгенге көз сүзген әлдеқандай деме, Кебек. Шынымды айтсам түсінер деп келем. Кебек. Әлі күнге менің көңіліме жаман ой кіргізетін сөз сөйлеген жоқсың, Еңлікжан! Еңлік. Олай болса менің арызымның, мұңымның ең үлкені өз басым. (Тасты айналып кетіседі. Тым-тырыс. Жапал әндетеді. Еңлік пен Кебек тағы айналып шығады.) Кебек. Шын ба, Еңлікжан? Есенмен күш сынасып бір кездесіп едім. Енді бақ сынасып тағы кездесем екен. Ол менімен таласқанда мен онымен таласпай ма екем? Сені барлап сөйлеп ем бағанадан... Көрген жерде ауған көңілім ай, күнін таптым деген жоқ па еді? Жаным, Еңлікжан, жолыңда шықсын шыбын жан. Еңлік. Батырым! (Кеш бола бастаған. Жарқырап жалғыз жарық жұлдыз туады.) Дүниеден жасырған жалғыз көңіл жарасын атқан таң, батқан күнмен, айықпас мұңдай қосып ем. Осы бір ғана үнсіз меңіреу тасқа шер шағушы ем. Жарқырап бағым туғандай жалғыз жарық жұлдыз туыпты. Айғағым бопсың, ақ сәуле! Аз өмірде шақ тілегім бар еді. Бақытым, басшым да өзің бола гөр, жалғыз жұлдыз, жарығым. Кебек. Бақ жұлдызы бола гөр, бейуақтағы қоңыр аспан әсем көркі! Бақтым саған, жүр енді, жүр, Еңлікжан, үйіңе! (Кетіседі.) Жапал. Тілсіз тасқа күнде айтатын мұң бар еді. (Тарқа.) Есіттің бе әлде сен? Сен берерсің бе арман еткен арысын! Маған да, маған да бер, берсеңші енді маған да, қиғаш қасты, қолаң шашты, қиғаш қасты, қолаң шашты... (Кетеді.)

Шымылдық

ЕКІНШІ АКТ

Үшінші сурет

Сол жартас. Алыста биік тау. Алыстан ән келеді.
Еңлік.
Жар көрсе сүйінеді сағынған жас.
Толқытпай ауған көңіл ерікке қоймас.

Сұраймын уәдені ұстап келді ме деп.
Бауырыңа, жан батырым, айтшы жартас!
Батырдың бүгін еді келмек күні
Тәңірдің өтпеп пе еді күн мен түні.

Сағынып көрмегелі апта болды,
Естілші тым болмаса жалғыз үні!

Асыға ма алып ұшқан үмітім. Бар тілекпен бір сапарға бет қойдым... Жазғырармысың, бұлдыр күн? Жазығым бар ма?.. Жазығым бар ма, кінәлімін бе, әлде мен? Атам, анам, туған үйім, кеш мені. Баурыңда өскен балапан бағын тілеп ұшам деді қияға. Кінәлімін бе, кәрі тас?! Ойласаң менің мұңымды, ұқсаң керек барымды! (Орамалын тасқа әлем қып байлайды.) Төкпеген жас, шешпеген шер бар ма еді бауырыңда. Игілік пен сәт сәскеде келтір жалғыз арман жанымды... жалғыз тірек жарымды!.. (Есен оқыс шығып қалады. Еңлік үлкен сұмдық көргендей, үріккен жүзбен өзіне.) О, жасаған, бұл еместі тілегенім, жаратқан! Тіксінеді, сескенеді-ау жүрегім. Қалай жаман жора болды бұл келіс!? (Есен жерде тұрып ән салады.)

Есен.
Ерке қыз, елсіз тауда не қып тұрсың?
Құрбысыз жалғыз көрген көзім құрсын,
Шыңғыстың шыңында өскен тағы болып

Таста ойнап ор қояндай не қып жүрсің?
Қадалған қара көзің мөлдіресін.
Үніңді досың естіп елжіресін.
Сырнай мен жау тартатын сыбызғыдай

Белгіні кімге беріп келтіресің?
Еңлік.
Беретін бұл сөзіңе жауабым жоқ,
Аңдысар сеніменен көңілім жоқ.

Сақ жігіт ізді қуған сен бола ғой
Әзілдеп жала жабар дәрменім жоқ...

Есен (жақындап). Еңлік, жетті енді алдауың. Аңқау, нанғыш болғандағы сенен көрген сыйым осы ма? Не ойың бар, жөніңді айт.

Еңлік. Не айтқызбақшысың маған? Білгеніңді өзің айт әуелі.

Есен. Бикеш, күлгірсіме. Мен сенің артыңнан бақпай жүрген шығармын. Аптасында осы жерге бір келесің, кімді тосып жүрсің? Айт осыны. Еңлік (күлімсіреп). Батыр, сөзіңе сенем. Аңдитының рас, ол мінезің маған белгілі. Мен аптасында емес, күніне бір келемін. Көргеніңді айтшы сондағы.

Есен. Мен өзім бағып жүргенім жоқ.

Еңлік. Оның да бір тәуір екен, олай болса бағып жүрген кісіңнен көргенін сұрап кел.

Есен. Бұлтарма, шыныңды айт, қасыңа келгенді көрген. Оны қайда тығасың. Еңлік. Көрсін, тасқа талай кісі келеді, талай кісі кетеді. Оны айтсаң батырсың ғой, Шыңғыстың тауынан кісі жүргізбе! Далада жүргенде аң қуған аңшыны, жау қуған батырды, жоқ қуған жоқшыны көрдім. Қыз қуған бозбала сені де көрдім. Аңдыған кісің бәрін тізсін ендеше. Есен (наныңқырап). Өтірік айтасың, іздеген кісің бар. (Еңлік күледі, тым-тырыс. Қолын созып.) Еңлікжан, шыныңды айтшы. Қинамашы, көңіліңе алған кісің болса, білдірші маған, мен жайыма жүре берейін. Еңлік (Есеннің тымағын алып, күліп). Батыр, сабырсыз болма. Мен әйелмін ғой, сыр білдіріп кішірейме. Есен (қуанып). Еңлікжан, ақылың асқар таудай емес пе. Айтшы осындай сөзіңді, мен сенен жеңілейін, сеніп кетейін жалғыз-ақ. Еңлік. Батыр, көңіліңді орнықтыр, күдікті кетір. Үш күннен соң осы араға кел. Байлаулы жауабымды естіртемін. Әзірше қайт. Аңдыған кісің тағы да таңар өсекке. Есен. Енді өсектің керегі жоқ. Жұрт сөзіне нанбаймын, өзіңе нандым, болады. (Жүруге ыңғайланады. Түсін суытып.) Еңлік, менің көңлім бір саған әбден ауған, мазағыңды көтермейді, соны ұмытпа жалғыз-ақ!

Кете бергенде Кебек шығады.
Есен (Кебекке қарап, Еңлікке). Мұның кім, Еңлік?
Кебек. Бұ кім, Еңлік?
Еңлік. Әуелі жатқа жақынымды таныстырайын, мынау менің қайнағам батыр Есен.

Кебек. Есен?
Еңлік. Мына жігітті аң қуып жүргенде бір көріп ем, ұмытпасам аты Кебек.
Есен. Кебек? Кебек?!
Кебек. Есен?

Еңлік. Неге аңырып тұрсыңдар? Лайығы жоқ, болса да жол мен жөнді мен айтайын ба? Жауласқан елдің ұлдары болсаң да, біріңе бірің амандықты қимайсыңдар ма? Кебек. Бикеш, сөзің дұрыс. Аңнан басқа жан жоқ деп келе жатқанда ойда жоқта алдымда бір қыз, бір жігіт тұрған соң мен өңім бе, түсім бе деп таңырқап қалып ем. Біріңе бірің бөтен кісі емес екенсің, Қайда кездессеңдер де оқасы жоқ екен!

Еңлік. Батыр, сен не айтасың? Бұл кісі бізді көргеніне таңырқапты ғой. Есен. Жұрт жаласынан жасқанбаймын! Көлденең келген көк аттыға сынататын жайым жоқ. Құдай қосқан жесірімсің, сенде не жаласы бар? Менде не ақысы бар! Кебек. Батырлықтың бір міні тасырлық деуші еді. Өзге өнеріңді білмеймін, тасырлығың бар көрінеді-ау! Есен. Сен де тіл-жағыңа сүйеніп ұрынба бос. Қыз сынына толам десең, өзің биязы бола бер. Еңлік мені сынап болған. Кебек (Еңлікке қарап). Рас айтасың! Дөң астында кездесетін келін қайнағасының сырын білетін болар. Қайнағасына да келіннің сыры мәлім болар. Бірақ өткен-кеткенге, дос-дұспанға әйгі еткенің не? Әлде келініне ол да жаға ма екен? Есен (ашуланып). Доғар енді сөзіңді, қалай-қалай тигізесің тіліңді. Ізденіп тұрған жаумысың? Кебек (саспай, қатты). Іздегенде не қыласың, өтпес жарлық, бойға қорлық! Айбынды батыр сен болып, қашып кететін қатын мен болыппын ба? Көрсетші тағы ашуыңның артын. Есен. Қысқарт! Көрейін мен соқтығатын сойыңды! Сен іздесең мен де сені көп тосқам. Шық, жекпе-жекке! Кебек. А-а... кел-кел. Бәсе, ер егесі еңісте! Сырлас келініңнің алдында мақтанайын деген шығарсың. (Екеуі ыңғайланады.) Шық, былай!

Есен. Мен емес шыдар мазаққа. (Еңлік тастың үстінде.) Еңлік. Әй, жігіттер, батыр болсаңдар тоқтаңдар. (Екеуі қарайды.) Екеуіңнің ортаңа әйел басыммен мен төрелік айтпасам, басқа кісі жоқ. Кебек (ашуланып). Бикеш, сен де мұның кісісің, төрелігіңді алмаймын. Екеумізге тең кісі болсаң айт қазір. Еңлік (Кебекке). Батыр, шараңнан аспа, сен адасатын іс болған жоқ. (Есенге сыбырлап.) Жел сөзге шалынысып ұрысқаныңа ренжимін, ол табалаушы дұспан. Жұртқа жаман атым жайылады. Қызғаншақтығыңды мен-ақ білейін, тоқтат ашуыңды. Кебек. Бикеш, оңашалап айтқан бітіміңе ырза емеспін! Айтатын болсаң екеумізге бірдей қылып ашып айт. Еңлік. Мен айтсам екеуің де тентексің. Алдымен жақынымның тентектігін айтайын (Есенге.) Сен менің басымды қорғамақ кісі болсаң олақтық қылып тұрсың.

Кебек. Бәсе, ақылды, дұрыс қыз болсаң, өз намысыңды өзің қорғасаңшы сөйтіп. Еңлік (Есенге). Қорғамағың мен болсам ырза емеспін бұныңа. Батыр жаққан күйесінен ақтамайсың бұнымен. Есен. Олай болса әзілің жарасқан батырың екен ғой, жағынам деп жаның бер. Өзіңді өзің ақтай бер. Тентегің мен бе екен сонда? Еңлік. Жалғыз сен тентек емессің. (Кебекке.) Қонақ батыр, сен де тентексің. Батырлықтың жөні бар, бір жақтағы матай қызының намысын жыртып, жөн-жосығын білмейтін жат біреумен арандасудың саған да орны жоқ. Кебек. Ара түскен айыбым болса, ақылыңа көнейін, амалсыз-ақ көнейін мен, мақпал қыз! Еңлік. Енді екеуіңе айтарым: қастарыңнан мен кетем. Тек аңғарыңдар, батырлар, мал үшін, жер үшін талассаң да мен үшін таласпаңдар. Әрекет жетер онсыз да, менсіз де сылтау аз емес қой, табылар! Екеуің де жөніңді тап, жайларыңмен жүре бер! (Екеуі де бақылап, аңдып қалады. Еңлік кетіп бара жатып ән салады.)

Еңлік.
Шын батыр уәдесінде удай тұрар,
Кездесіп қира-кезік тұрған шығар.
Бой беріп сабыры мен ақылына

Уәделі сәтті тосып әлі шыдар.
Есен (теріс қарап). Маған айтқан жұмбағы ғой. Уәделі үш күніне шыдармын.
Кебек. Маған айтты! Кетіп қалма, тос деген.

Есен (Кебекке). Кебек, сенімен мұндай жерде кездесем деп ойламап ем, бірақ ниетім қай жерде кездессем де шайқаспақ едім. Қыздың сөзі тоқтатып кетті. Кебек. Ізденіп жүрсең несі бар? Тоқтаймын десең әлі де ерік өзіңде. Батырдың кегін қыз билеуші ме еді?

Есен. Жоқ, мен қыздың сөзін мақұл көрдім.

Кебек. Олай болса бағанадан несіне арам тер болдың, әуелі қыздан ақыл сұрап алмай? Есен. Ендігі сөзім мынау. Бұл қыздың турасынан бұдан былай кездеспейік. Кездессек сол жерде оң-терісімізді найзаның ұшы, білектің күші айырсын. (Кетуге ыңғайланады.)

Кебек. Мақұл, мен кездесуді тіледім ендеше.

Екеуі екі жаққа кетеді. Тым-тырыс. Тасты жағалап қойшы Жапал ән салып шығады. Жапал. Қап, қап, қапы болды-ау осы жол! Кезігіп қалды-ау кер азу Есен. Өкпелейді-ау енді Еңлік. Бұны аңды деп Есен маған тапсырғалы дәл алты ай болып еді. Содан бері аңдығаным Еңлік емес, сол Есеннің өзі боп еді. Кебектің жотасын бірде-бір шалдырмай, Еңлік сырын алдырмай келіп ем. Мұрнын тескен тайлақтай қып, Есенді былай келе жатса былай бұрып салып, қаңғытып қоя беруші ем. Ылғи Еңлік көңілі өзімде деп қаңқиып сала беруші еді Есен, бойына сенген түйедей боп!.. Тоқта, Кебек келеді екен, ашулы ма немене, жалтара тұрайын бетінен...

Кетеді. Кебек шығады.

Кебек. Тас қияға жолым жетті. Тартынам деп жеткем жоқ. Қиын белге мен бассам, сыналар жерде жұртым да тұр. Бұзарың мен сотқарың емес ем. Ала көңіл, арамдығым жоқ еді. Арамза десең не дермін, ағайын. Ешбіріне қасым жоқ. (Ойда.) Қайта кездессек қанжар айтпақ кесікті. Жазығым жар сүйгенім болса, бердім барды Еңлігімнің жолына. (Еңлік шығады.) Келші, жаным, күпті қылмай, сертіңменен келдің бе? Еңлік. Келдім, батыр, бар тілегім жолыңда. Оң сапар бер. Ақ тілекпен аттанам деп кеп тұрмын. Жасырын өтіп, жарыңмын деп жарыққа шыға кеп тұрмын. Кебек. Алдым қабыл! Ақ тілеуің басшы болсын алдымда. Кіналама, жазықсызбыз. Адал жолым куәсі бол, кең дүние! (Айналаға қоштасқандай.) Жүр, жаным! Еңлік (айнала қарап). Кең дүние... Тар ғана бір жол тарттым, қызғаныш етпе, кең дүние. Мұңдасым да сырласым ең, туған жер. Еркелеп, еркін болып кетермін деп ем. Қашқындай жасырынып барамын сенен. Әке-шешем қолынан аттандырып, құтты жеріне қондыратын баласы ем. Олардың оң батасын алмай барам. Туған ел, өскен жермен қоштасып, бір-екі ауыз үн қатайын сендерге. (Әнмен.)

Ата-анам, ақ батаңды аттап кеттім,
Тентек ел талқысына тастап кеттім.
Болсам да шұбар жылан іштен шыққан
Қарғамас, деген сенім сақтап кеттім.

Туған ел, амандасам жас-кәріңе,
Бірге өскен құрбы-құрдас дос бәріңе
Жарасқан әзіл-сауық, аға-жеңге,
Аласың мені не деп естеріне!

Аман бол, Найман шоқы, тоғайлы өзен,
Өрістеп қой асатын тұмсық кезең.
Берлі мен батыр шыққан Қарауылым
Ен дала көркі болып жалғыз безен.

Білмеймін қандай асу жолда жатыр.
Құз ба екен, қия ма екен таңдай татыр
Сыйынып аруақ пен бір құдайға
Ұстадым етегіңнен баста, батыр!

Екеуі жөнеле береді. Жапал жүгіре шығады.

Жапал. Еңлік апатай! Қайда кеттің? Жай жарастық қызығыңды бағып қорғап жүрмін деп ем... Не деп барасың... Бетіңді суыққа салып па ең?

Еңлік (тоқтап). Менің жолым осы болды, Жапал! Бұлай болмас жөн бар ма еді? Жапал. Ұқтым, aпa. Арманыңды бірге арман етуші ем. Осыған келер-ау деп өзім де топшылаушы ем. Бірақ айтып кетсең нетуші еді? Еңлік. Қимағаннан, қысылғаннан еді. Өзің білдің, жаным Жапал! Жалғыз... Жалғыз күңіренген екі кәрім қап барады қолыңда. Баласы бол, қасында бол!.. (Жылап көріседі.) Жапал (бірге жылап). Қайтып қиям, апатай, іздеп барам, бауырым жоқ деме... Жолыма жанын қияр бауырым Жапал бар деп кет... Еңлік. Қайда жүрсем біліп жүр, ұмытпай жүр Еңлігіңді. Жақсы күнде, жарқын жүзбен көрістірсін жасаған. Қош, бауырым!.. (Кетеді. Жапал жылап қалады.)

Шымылдық

ҮШІНШІ АКТ

Төртінші сурет

Кеңгірбай бидің үлкен ақ үйі — кең ордасы.

Би (жалғыз). Жағаласу жетпеді ме?.. Тәңірдің әлде болса олқысы бар дегені ме? Енді қандай сыбаға тартар екен. Найманды даңды судай тасқызып, бұрқ-сарқ еткізіп, мұнда әкеле жатқан Кеңгірбайдың соры ма? Әлде алалы жылқысы, ақтылы қойдың тері ме? Найман бұл жолы келсе, ашынып келеді. Білемін, матайдың талайдан тобықтыда жүрген есесі бар. О да найманды шүйелемей қоймас. (Ойланып.) Тағы да тебінгіден тер, қабырғадан қан жаудырам ба? Жоқ, қылша мойын талша деп бас ием бе? (Басын шайқап тоқтайды.)

Көбей, Кембай келеді. Амандасады.
Би (Көбейге). Жарқыным, аз ауыл тобықтың аман ба? Ер азамат не күйде.

Көбей. Ел тыныш, ер аман, найман кісісі ел шетіне келсе керек. Бүгін осында келіп түспек дейді. Шамасы жүз қаралы кісі болса керек.

Би (түнеpіп). Сөз ұстап келе жатқан басшысы кім екен?

Көбей. Басшысы қисық Еспембет. Онан соңғы Жомарт дейді. Тағы Кебек алып қашқан қыздың әмеңгері Есен деген найманның батыры дейді. Ішінде қатты өршеленіп келе жатқан сол болса керек. Би. Бітімі жоқ, безбүйрек Еспембетті салғаны ма? Найманның аужайын түйдім ғой. Артындағы елі қол жиып отыр екен ғой. Одан алған хабарларын бар ма? Көбей. Хабар келіп отыр. Айтқаныңыз рас. Найманның еркек кіндікті азаматы қалмасын деп жар салып шоқтай жиылып, Қартпай би тарқатпай тосып отыр дейді.

Би. Ендеше белді бекем буғаннан басқа не қалды? Елге жар салдыңдар ма? Көбей. Кеше сол хабарды естіген соң ел-елдің басты-басты адамдарына кісі шаптырып жібердім. Құлама бесін кезінде олар да келіп қалар. Би. Елге көп сөзді даңқтырмаңдар. Не істесек те найманның бетін көріп істерміз. Ел жи дегенім — қандай заман болса да, құлағы түріңкі отырсын. Көбей. Мақұл ғой. Көп ел жиылса, өз құлағымен естіп кетер, қапысыз болармыз.

Би. Кебек ел ішінде емес қой?
Көбей. Ел ішінде емес.

Би. Бұл екі елдің сөзінде көлденең ағайынның көз-құлағы болса мақұл болар еді. Арғынның өзге елінен келетін жан бар ма екен? Көбей. Кебек арғын ішінде сүйеу қылған бір бабам леп Қараменде биге сөз салдырған екен. Мен де сәлем айтып жіберіп едім. Бүгін келеді деп отырмыз. Елінен шықты деген хабар келді. Би. Ағайынның аужайын байқайтын бір кезеңге келіп тұрмыз ғой, не болса да... найман келетін болса тосып аларсыңдар. Мен атқа мінейін. Көбей. Мақұл, мінсеңіз мініңіз. (Тым-тырыс.) Тек біздің ұстайтын сөзіміздің нұсқасы не болады, би? Би. Тобықты соры ашылмаған ел ғой, қай қияға соғарын болжай алмаймын. Мына жотасы көрінген екі сөздің екеуі де біздің елге жайсыз. (Тоқтап.) Бірін ұстасам елдің сағы сынады. Бірін ұстасам зықысы шығады. Амал не, аралық қандай бітім болса, соған тоқтарсыңдар. Көбей. Мақұл, не болса да бетіне қарай іс қылатын болдық қой, кәне, енді жүресіз бе?

Би. Жүрейін. (Кембай, Көбей кісесін буындырады.) Көбей. Біздің осы бітімшілерге тіккізген үйіміз дайын болды ма? Үй жетпей қалып жүрмесін. Ондай ел сыныққа сылтау таба алмай, түймені түйедей қылатын. «Елемедің, ескермедің» деп. Кембай. Жүз кісінің мөлшері деген соң он кісіге бір үйден, он үй тіккіздім. Күтушілерін де, сойыстарын да қамдаттым. Ол жағынан мін таба алмас. 1-жігіт (алыстан айғайлап). Қырамысыңдар, өздерің шетімізден! Не жазығымыз бар саған, келмей жатып басқа, көзге төпелеп. (Билер аңырып қарайды.) Қай басынғаны бұл? Қоя берші, анау отырған биге барамын.

Көбей. Бұл немене шаң-шұң? Кімнің даусы?

Кембай. Осы жаңа ас басшылыққа қойған Қалдашбай ғой деймін. Наймандар келіп қалды ма? (Тағы шаң-шұң.)

Көбей. Білші, барып!
Кембай. Мына біреу келе жатыр ғой, осында.

1-дауыс. Ал, ұра ғой тағы, кәне ұршы енді, көрейін! Тіпті қалай-қалай асқақтайсың өзің? Ісініп келесің ғой, түге, Биге барамын. 2–дауыс. Бара ғой биіңе. Сенің биің болса мұндағы елдің зәресі ұшар деп пең? Кембай баруға ыңғайланады, Қалдашбай жұлқына кіреді, беті қан. Кембай қақтығып қалады.

Көбей. Не болды саған? Немене жұлқынып жүргенің?
Кембай. Шаң-шұң не? Не қып жүрсің, түге. Найман келді ме?

Қалдашбай (қатты.) Келіп, қырып бара жатқан жоқ па солар? Алдынан тосып алып, аттарын байлап, үйді-үйіне кіргізіп жүр едім. Әне бір ісінген біреуі қып-қызыл жосадай қылып отырғаны мынау. Бұл не қорлық осы? Көбей. Жә, өрекпімей-ақ қой! Бас жарылса бөрік ішінде, шегің шықпас. Айтқандарын істеп, дауласпай, төбелеріңнен тік тұрып күтіңдер.

Қалдашбай. Жоқ-ау, төбелесейін деген пенде болса, бұйырмасын.
Кембай. Жә, болды деді ғой енді.
Көбей. Кембай, бұл не қылғаның?!
Кембай. Бұл уақытта келеді деп ойламадық қой!

Көбей. Ей, бар болсын, келмей жатып шаң-шұң шығартып.
Кембай. Өзім барайын енді әлде болса да... (Шығады.)

Көбей (жалғыз). Бидің айтқаны рас қой! Терісіне сыймай келгендерін естіп отырмын. Еспембеттің қылығы ғой бұл. (Басын шайқайды.) Қараменде биді екі жағынан екі жігіт сүйеп алып кіреді. Қасында Қосдәулет, Матақ. Е, қарт бабам да жеткен екен ғой. Ассалаумағалейкүм, баба! (Бір жағынан сүйемелдеп қарсы алады.) Қараменде (тұрып). Аз ауыл тобықтының баласы болып қиыр жайлап, шет қонып, жалғыз жүріп запы болған ел едің. Тосқауылдың тар кезеңінде кездесіп отырмыз ғой, ала көңіл артта қалсын. Құшағыңа құшағымды қосайын, қарағым, келші, Көбей! (Көбей екеуі көріседі, бәрі де отырады.) Ел-жұртың аман ба, жарқыным?

Көбей. Ел әзір аман, баба! (Тым-тырыс.) Қараменде. Істің қазіргі ұсқынына қарағанда, береке бітіммен тынатын беті жоқ. Менің де дәнекерлігім аз болар. (Тоқтап.) Кебек тентектің екі ауыз сәлемі үшін келдім. Арғында бел қылған бір бабам тірі ғой деп, бір тентектік қылып едім деген екен.

Тым-тырыс, Найман кісілері шығады.
Көбей (сәлемдесіп). Жолдарың болсын.
Жомарт. Айтсын.

Көбей (Кембайға). Мына кісілерді сусындатып, ас қамдатыңдар! Жолдан қажып келген шығар. Еспембет. Жол қажыта ма, жоқ қылығың асып, қырыс тобықты, сен қажытамысың? Қайсысы екенін қайдан білейін әйтеуір найманның қажығаны айқын. Көбей (күліп). Қажыдым дегенің сөздің кезегіне айта салған бір қырың ғой, әйтпесе, Еспембет, сен қажитын күн болған жоқ. Еспембет. Тобықты, құрыш қара болат емеспісің екі жүзді алмас кеспейтұғын. Сенің қаттылығыңа найман қайтып шыдасын, қайтып қала берет те. Көбей. Сол тобықтыға төтеп берем деп келіп отырсың ғой, сен де жалғыз өзің! Ет-бауырың елжіреп бара жатса көреміз ғой! Еспембет. Білмеймін, көңіл шіркін күдікті болып қалыпты. Тобықтының биі құйрығын сыртқа саларда майталманым деп бетіне сені ұстайды деуші еді. Сенің қаншалыққа жұмсағаныңды біз де көрерміз, түбінде көмейдегі көмескіні болжайтын табаны бұдырлы би сенсің, біз үлгіні сенен аламыз ғой. Көбей (Еспембетке). Сен шырға тартасың ғой солай, бірақ түбірлі сөздің түйіні сенде көрінеді ғой. Қай жаққа тартсаң да ерік өзіңде. Қаттылық деген қалпың болушы еді. Әлде машығым деп соныңа тартпасаң. Еспембет. Сенің еліңнің сынына толып, қызын алайын деп жүргенім жоқ, тобықтының шешені мен ділмарынан алған мақтанмен найманның арылған етін семіртіп, аш бүйірін тойғызам ба? Құдай ежелден жүргізген бетіме көшірсін.

Жомарт. Бұл би қайда, бір жаққа жолаушылап кеткен бе?

Көбей. Жолаушылап ұзаққа кете қойған жоқ. Бір ағайын арасының сөзі болып, соған шақыртып кетіп еді бүгін.

Жомарт. Қашан қайтады?

Көбей. Осы бүгін де қайтып қалар. Сіздердің хабарларыңызды естісе көп бөгеле қоймас. (Тым-тырыс.) Жомарт (Еспембетке). Жә... онда да тамам елді иіріп кеттік. Мұнда да масайрап жатар күн емес! Келелі сөзге көшіңдер, билер!

Көбей. Мақұл, би Жомарт, көшейік! (Тым-тырыс. Еспембет қамшы тастайды.)
Жомарт. Еспембет, сөйле!

Еспембет (ызғарланып). Уай, тобықтының баласы, матай-тобықты болып тұрған күніңде атыстың, шабыстың араздыққа сылтау таба алмай, түймедейді түйедей қылып бұл ісің алты алашқа әйгілі болған. Тобықты, шаялығыңды қылдың ба, білегі жуандығыңды қылдың ба? Алалы жылқы, ақтылы қойын жосылтып алдың. Ата қонысынан іргесін аудардың. Ел-жұртты шұбырттың. Айрандай аптап, күбідей пісіп жүргеніңде ай дер ажа, қой дер қожа болған жоқ. Енді міне шарпуыңды матайдан асырып, найманға тигізіп отырсың. Жетіп отырған жесірімді бір тентегің ат сауырына салып әкетіп отыр. Ағайын, ұзында өшті, қысқада кекті емессің. Бітім сұрап, кісі салсам бақайыңнан келтірмейсің. Мына найманға алынбай жүрген кегің, тимей жүрген есең болса оныңды айт. Әйтпесе мен тобықтының қоңсысы емеспін, мынауыңа кесігіңді айт (Көбей қамшы тастайды.)

Жомарт. Сөйле, Көбей.

Көбей. Еспембет, сөзің шын. Ұзында өшті, қысқада кекті ағайын емеспін. Найманның елдігіне істеп отырған жаулығым болса, аруақ, құдайға тобықты шет болатыны шын. Матай мен тобықтының бүлігіне бұл елдің қайсысы себеп болды? Мен оны қазбаймын; даудың қарасын көбейтем деп құлындағы сақау, құнандағы тісеуді осы сөздің үстіне әкеліп үйгенің лайықсыз. Матай қой аузынан шөп алмайтын момын ел болып отырғанда бұл сөзің сияды. Тентектік ылғи тобықтыдан шығады дерсің. Бірақ сол матай мен қалған найман неге жауласады? Бүгінгі найман мен шиеленістіріп отырған сылтауды алсам, ол ел таразысын аңдамаған албырт жастардың шалалығы. Рас, тентек болса тобықтының тентегі иесіз демеймін. Ағайын жолымен бітісейік, билікті маған бергенің шын болса, мен айтайын. Жалғыз-ақ түбір сөзді түйінді сөз қылғанымыздың лайығы жоқ.

Жомарт. Сөйле, Еспембет Еспембет. Көбей, мен билікті саған айтқызсам, өз ойдағымнан асырып түсіреді деп айтқызам. Егер есі-дертің менің дауымды жасытпақ болсаң, жайдақтап жадағайлатпақ болсаң, мен билікті айтқызбаймын. (Қатты.) Мен тұщы етіме ащы таяқ тиді деп отырмын. Шолақ байталдың құйрығындай тобықты, өктемдігің асты деймін. Тасқын судай кемеріңнен асып отырсын сен (Көбейге сөз береді.) Көбей. Еспембет, кеден кеден болды, кедергі неден болды деп отырсың, мен саған бұл дауың орайсыз деп отырғаным жоқ. Екі елдің сөзін екеуміз ұстап кездескен соң дәнекер болатын жағын қарастырайық дейім. Болмаса қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса сақа қой. Жақпаса билігіңді өзің айт. Сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын болсаң, мен билік айтпаймын. Тағы айтарым — тобықтының азды-көптігін сарапқа салар жер емес бұл. Көп болғанда кімнің басы кімнің қанжығасында жүр еді? Тобықтының найманға істеген өрлік өктемін көргенім жоқ. Керіс неге керек? (Тым-тырыс.) Еспембет. Олай болса, сенің қырмызыдай талдап шығарған сөзіңе мен ере алмадым, менің билігіме тобықты баласы тоқтайтын болсаң, өз тентегің ана Кебек, қыз — атамның аруағына қастық қылған менің тентегім, екеуін шығарып бер былай! Мойнына арқан таққызып өз қолымнан өлтіртемін. (Тым-тырыс.) Қазір етем осыны. Әкел, ұстат қолыма!..

Жомарт. Сөйле, Көбей.

Көбей. Еспембет, тобықты да рулы ел, «иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар», сенің мына айтып отырғаның береке бітім емес. Найман мен тобықтының арасына ердің құны, нардың бұлының дауын саламын деу. Мұның арты ата-ұрпаққа кететін үзілмес қан кегі болғалы отыр, ер қанын мойныңа жүктеймін деме. Бітім іздесең дүниеге тоқтасайық. Бауыр елдің арасына бұндай сұмдық сөз тастағанша би атанбай, жерге тықсамшы бұл жасымды.

Жомарт. Сөйле, Еспембет.

Еспембет. Жоқ, мен ондай емексіткен сөзге еліге алмаймын. Менің кесер сөзім әлгі. Бір емес, екі таңдау тастадым. Аяғаным сол-дағы. Тоқтасып бауыр болам десең көнесің айтқаныма. Көнбейтін болсаң арам алыс алашпын. Оразаның түбіне мақсым жетер, азған елдің түбіне тақсыр жетер! (Қатты). Тобықты, сені аялағаным жеткен. Бұдан артық менен бітім іздеме! Бұл айтқаныма көнбейтін болсаң, екінші сөзім — тағы бір берер таңдауым — тура тұрысатын жеріңді айт, менің қолым жасанып дайын отыр. Тобықтының жығасы жығылмайды екен ғой бұл... көрдім, күттім, ал міне, жауабымды қазір бер! (Тым-тырыс, Көбей үндемейді.) Жомарт (жан-жағына қарап). Ағайынды екі рулы елдің баласы, сөздеріңде әлі күнге бітім жотасы көрінбейді. Тағы сөйлейтінің бар ма? Жоқ па? (Тым-тырыс, тобықтылар күбірлеседі.)

1-дауыс (тобықтылар өз кісілеріне). Күн бұрын еңсесі түсіп неғып кетті?
Жомарт. Сөйлеуші бар ма? (Тым-тырыс.)

1-дауыс. Енді бір айтқан соң сөз бітеді ғой. Еспембеттің соңғы сөйлеген сөзі сөз болады ғой.

2-дауыс. Бұларға не болып кетті.

Жомарт. Жә... сөйлеуші болмағаны ма? (Қараменде ақырын қозғала түсіп қамшысын тастайды, тым-тырыс.)

Жомарт. Сөйле, қарт би!

Қараменде (аз отырып). Сөз ем болудан кетіп, ауыздан шыққан жел есебінде болған заман ғой. Сондықтан сөйлер, сөйлемесімді білмей көп отырдым... Бәрің де замандарыңа қарай туған ұл екенсің. Туысыңда қапы жоқ. Бірақ бізге жат дүние екен. Содан байқағанымды айтайын: азған заманның белді биі бойлауық жылқы секілді бой бермейтін қисық болады екен. Не еп іздеген ысқаяқ келеді екен. Ағайын ел араздыққа сылтау таба алмай, түймедейді түйедей қылып, өсек, жыбыр әрекетке белшесінен батқан екен. Жас ұлғайып, сақал, шаш ағарған күнде біртобына кездескен екем, туысқан, ажарыңнан түңілдім. Көрмесем деген заманым еді, бұған жазалы мынау құп-қу болған сақал мен шаш та! 1 - дауыс (жанындағыларға). Жарықтық, алты арыстың қамқоры емес пе, күйініп отыр ғой, қайтсын...

2–дауыс. Не десін... күймей қайтсын...

Қараменде. Араңа кедергі болып отырған сөзге келсем: о бір заманда бұл түс шайысатын іс емес еді. Қатынды не ел шауып, егер қылып жаттан аларсың, не ағаңды өлтіріп жеңгеңді аларсың деген аталарыңның кешегі айтқан сөзі еді. Ер жігіттің жесірін өзіңдей жігіт алса, еркек болып туған ұл өз кегін өзі алушы еді. Рулы ел болып тайлы таяғын қалдырмай шұбырып жүріп, жас жігітке қатын әперген жоқ еді. Бұ да жаңа заманның жаңа бір түрі екен. (Есен ашуланып күбірлейді.)

Дауыстар (наймандарға.) Тобықтыға бұрып отыр. Дәл осылай! Көрерміз!
Жомарт. Найманның баласы, тақат қыл!

Қараменде. Ағайын, көзіңе қан толып, түгіңді сыртыңа теуіп бүгінгі сөзге осынша түйіліп отырсың. Осының артынан ертеңгі сөзге, ертеңгі бәлеге көзіңді салдың ба? Айтып отырған сөзіңнің жеңілі білегінің күші бар, жүрегінің түгі бар, осы отырған аламанның маңдай алды бір туысқан баурының қанын төгем дейсің, немесе екі ру елдің еңкейген кәрі, еңбектеген баласының қанын төгіп жасын ағызамын дейсің. Ел шырқын бұзамын дейсің. Қай сөзіңде мақұлдық бар? Қай сөзіңде қасиет бар? Неңді қадір тұтайын! Қайран халқым, азғаның ба әрекемен осындай! (Жым-жырт. Аздан соң.) Арадан жол тап, тыныштық ойла. Артыңдағы етегіңнен ұстаған еліңнің мойнына артқан қарызын ойла. Бізді апарып арандат, жаңа жерден жау тауып әкел деп ешқайсыңның елің де тапсырған жоқ. Жомарт (аздан соң). Қазаққа қамқор болған Қараменде деп аталып едің! Ұғушы құлақ болса, айтылмай қалған сөз жоқ! Батагөй қарттың сөзін сенің аузыңнан естіп отырмыз. (Наймандар ыза болған пішін білдіреді. Тым-тырыс.) Жә, бидің сөзінен соң сөйлейтіндерің бар ма? Жоқ... сөз тоқталды деп санаймыз ба? (Тым-тырыс.)

Дауыс. Бабамнан соң кім сөйлейді?

Есен (ашулы, Еспембетке). Найманның түгел сөзінің түбін ұстаған белді деген бидің бірі сен едің! Сөйлеймісің, Еспембет, жоқ па? Еспембет. Алдыма Жомарт туысқаның кедергі салып қойды. Не сөйлеуші едім? Менің де би деген атым бар. Ылғи кер тартып, кесір шығара беретін қарғыс атты мен-ақ ала берем бе?

Есен. Би сөзінің құйрығы маған соқты ғой. Ендеше маған рет бер.
Жомарт. Сөйле, олай болса, батыр Есен! (Бәрі Есенге қарайды.)

Есен. Айтты ғой сонау би, шын батыр өз кегін өзі іздеп алушы еді деп. Мен арысы найман, берісі өз кегімді қуған батырмын. Менің басыма сөз қалса, осы жолда кездессем Кебекті ең алдымен жекпе-жекке шақырам. Өз қолыммен өлтіремін. Онан соң елде жиылып отырған найман да, мұнда келіп отырған жиын да менің намысымды жыртып келіп отырған жоқ. Ел намысын қуып кеп отыр. Бекер ме еді, айтшы кәне? (Наймандарға қарап.) Іркілетін жерім жоқ. Найманның алғашқы айтқан екі сөзі сөз. Мұнда келген билердің табанында бұдыр жоқ болып тайғанаса өзі қатын болсын. Бірақ мен ұстадым ел кегін. Мына найман ерлері бірге ұстайды менімен.

Дауыстар. Рас айтады! Сөз осы!.. Сол! Сол-ақ! Солай-ақ!

Есен. Әне, болды біздің сөз. Тобықты билерімен сөйлесіп жауабын берсін. Не Кебек пен қызды бер! Болмаса тұрысатын жерінді айт! Қайдасың осы сөзге еретін найман, тарт менің соңымнан. (Барлық найман түрегеледі. Есен билерге айналып наймандарға.) Жә... тарт, не тұрыс бар! Найманның ішінде де шіріген жұмыртқа бар дегендер шықпасын. Көрермін мен оны да! (Шығады. Жомарт, Еспембет іркіліп барып шығып кетеді.) Қараменде (Наймандар кеткен соң). Жә... сөз бітті... Екінің бірі... Екінің бірі... Көбей (назаланып). Қайтесің енді. Қолыңмен істегенді мойныңмен көтересің деген осы. Бастан атқуылдап отырғаннан-ақ сезіп едім.

Кембай Жә... біз бұған не айтамыз! Биге де үлкен дерт болды ғой, бұл. Көбей. Кімге дерт болмай отыр. Ел намысының тапталғаны ма! (Би шығады. Көбей басын көтеріп өзгелерге.) Сендер шыға тұрыңдар! (Көп тобықты кетеді. Қараменде, би, Кембай, Матақ, Көбей, Қосдәулет қалады.)

Көбей. Еспембет құлаш ұрып шарықтап тұр, шағулы жерге келетін емес, би!
Би. Айтшы кәне, қайтсең тыным табам дейді?

Көбей. Матай мен тобықты, сендердің араңда қандай жаулық болса да, мен қатынасқаным жоқ. Мынау тұста найманнан туғаным шын болса бұл қорлықты көріп отыра алмаймын. Не Кебек пен қызды шығарып бер! Болмаса қолым дайын тұр, тура тұрысатын жеріңді айт дейді. Анау, жер түбінен ұстатып жіберген сөзі осы көрінеді. Би. Не сұмдық? Қандай қорлық күн жеттің? Қуарған қатал өлім күн! Не еріңнің қанын бер... не мынау келіп төніп тұрған қараша-қауыс үстінде, ақ қар, көк мұз алдында жөңкіліп босқан жұртыңның көз жасын төк .. Зарын бер! Осы ма еді, осындай ме ең мені тосқан қу ажал!? Көбей. Екі сөзімнің қайсысына болса да байлауын би айтсын деді. Жауапты өзіңнен естігісі келеді. Би. Найман көп! Көптің ісі кеудемен келмей неғылсын. Табандасып шыдайын десем, көлденеңнің көзіне әшкере болған ісім бар. Тентектік менде!.. Алмас қылыш жүзіне табан басқан қылығым бар. (Тым-тырыс. Даладан дабырлаған дауыстар.)

Дауыс (далада). Сен бар, сен бар, айтып кел.

Жігіт. Баба... тыста тұрған ел-жұртың, ер-азаматың жіберді мені. Кебек арғыннан асқан ардагеріміз емес пе еді. Одан артық ұл туып па еді тобықтыдан? Кім етіп еді оның еткен еңбегін! Қолымыздан оққа байлап бергенше, қырылсақшы ел болмай! Жағасы жақыт кіреуке жебесі жетіп жүн болғанша шыдастық. Найманның не пәлесі болса да көтердік. Кебекті бермесін дейді... Би (қатты). Мен тобықтының намысын сатып ағарттым ба, сақал, шашты. Билігіме ара түсем деген қай бассыздық! Шық!

Көбей. Бар, орынсыз жерге килікпе!

Жігіт шығады. Бірақ тыстағы сәл даурық бөгетті бұзып кимелей, екпіндей басып Абыз кіріп келеді. Қолында ұзын ақ таяқ, үстінде өзге қазақтан бөлек ұзын ақ кебентай. Басында ақ бөрік. Кіре бере екі биге қатты қадала, қатып қарап қалыпты. Абыз. Е-е-й, өңкей би! Жас кірмесе мен кірем!.. Жұрт есітпесе мен есітем кесігіңді... Баса кірдім үстіңе... Келдім қаралы қуыс шатымнан жаралы бауырымды сүйретіп!.. (Адымдап төрге шыға береді.)

Би (жақтырмай, Көбейге). Кім еді бұған атой берген, түге!..

Абыз. Өзім... өзім. Тарт жалаңды жазықсыздан... Айта бер айтпақ нарқыңды!.. (Екі би Абызға қарасады да, амалсыз көнген ажар байқатады.)

Би. Неге келдің жел аударған қаңбақтай?!
Абыз. Шер ыршытты шабақтай. Сездім, Кеңгірбай, сездім сұмдық салқынын.

Қараменде. Ер азаматтың әлгібір сөзінде жалын тұр ғой, елдік тұр. Тобықты сағы сынғалы отыр. Кебекті қолыңнан өлтіріп қойып бәрібір тыныш отыра алмайсың. Сені мен маған да қиын кезең болмас осындай? Дадаңның баласы да Кеңгірбайға өкпелі едім деп отырып қалмас. Шексіз шыдам жоқ. Бермеу керек Кебекті!

Би. Уай, Көбей... Осы мына бабаңның өзінен басқа келген бар ма елінен?
Кембай. Әзір келген кісі жоқ. Бидің өзі ғой...

Би. Қолсыз сайраған тілді қайтейін. Қызыл тіл мен қу жақтан бұндағы тобықты да кенде емес қой. Өз артына қарамасаң басқа шығар жол жоқ.

Қараменде. Өзің болсаң, өзіңе сен! Бәрібір шық найманның қарсысына!
Би. Қыздырманың қызыл тілі ғой!..
Қараменде (ашуланып). Қасқырша өз күшігіңді өзің жейін дедің бе?

Би. Даданның улы тілін ауру денеме тағы да сұқтың ба кезін аңдып? Бауырлығыңды бұдан бұрын да сынағамын. Елжіреген жүректі көргем жоқты. Көбей. Билер, бұларың не? Ескі жараны білтелемей, мына сергелдең болған елге жол табатын жөндеріңді айтсаңдаршы! Абыз (Қарамендеге). Уа Қараменде, сені жұрт баба десе, мен сенен де гөрі кәрімін! Қостамаймын Кеңгірбайды, құптамаймын сені де. Елің... елің жоқ па еді дадандай! Елің болса, қолың кәне? Тіпті тобың болмасын, тобырың кәне?! Не тұрысың... Не көмекке, қай керекке келдім дедің? Ер сәлемі әкелсе, ерте келмес болар ма, ер-азамат тұрғысын! Сылдыр сөзбен шығарып сап, сынайын деп кепсің ғой. Көлгір сөзбен көлденең болғың кепті ғой. Алданбаймын... алдамаймын!

Қараменде. Жетті... жетті тілің сүйегіме! Тоқтат, Абыз!..
Абыз. Өзің айт... барыңды жиын да, тек баурыңды сүйіп айт, Кеңгірбай.
Би. Бауыр... бауыр! Менің атам Әнет бабам емес пе еді?..

Абыз. Не дейсің! Не деп келесің сен? Әнет бабаң, Әнет бабаң серік пе саған... бұ шақта! О-о-о!.. Сонау... сонау ма? Қалқаман — Мамыр етпек пе ең? Сұмдық. Ерінің жаны бөрінің аузына түскен сұмдық заман! Сұм заман!..

Би (ақырып). Доғар тіліңді! Жоғал!

Абыз. Сездім, Кеңгірбай, кетермін! Кетермін, сұмдық салқынын сезгеннен кетермін! Жақын елдерді екі жарып алып, жарғылап тұр тағы да! Жетісерсің сонымен би мен бек! Үздім күдер сендерден, елімнен — сонау найман елімнен сұрап алам жас жанын! Араша тілей соған барам! Соған сенем, сенем мен! Б и. Жоғал бәрің көзімнен! (Көбейге.) Шығар... Шығар мынау екі қаңбақ шалыңды!.. Бар... бар, есіттім үндеріңді!.. (Көбей, Кембай... Қараменде мен Абызға ойысып күңкілдейді. Анау екеуі қатар тұрып екі бөлек шыға береді. Қосдәулетке.) Шақыр. Шақырып бер маған Еспембетті!.. Еспембетті шақыр қасыма!.. (Қосдәулет шыға жөнеледі.)

Көбей (екі шалды шығарып). Еспембет! Еспембет!

Кембай. Бұларды кетіріп қасына алары кім? Еспембет пе? Би. Керек еттім жау биді... Иә, иә! Арыламын өзінен!.. Өз құлағыммен өз аузынан есітем!.. Сыртта «Еспембет! Еспембет, Еспембет!» деседі.)

Би (Көбейлерге). Сендер де барыңдар, оңаша... оңаша бер маған Еспембетті!.. Дауыстар: «Еспембет! Еспембет!» деседі. Көбейлер шыға беріп, есік шалқасынан ашылады. «Еспембет! Еспембет!» дескен дауыстармен қатар, қатты адымдап Еспембет кіріп келеді. Екі би үнсіз қарсы қарасып қалған.

Шымылдық

ТӨРТІНШІ АКТ

Бесінші сурет

Тау арасы. Тоғай. Аласа қос.. Есігі ашық. Ішінде Еңлік ұйықтап жатыр. Жанында құндақтаулы баласы. Кебек қостың жанына келеді. Кебек (есіктен қарап). Тыным алшы, аз да болса тыныштық тапшы сөйтіп, Еңлігім. Әлінің аздығына қарамай, азғантай көзім ілініп кетсе, басымда ғана отырады. Қимасым-ай, қанатым-ай, қанатым-ай, талдың-ау, талдырды-ау сенген жұртым! Аң болып, адам көзінен тығылып көрген өмір құрсын. Жалғыз болсам, бір сәрі еді ғой. Тартар едім таймас жолға, табар едім, қаза болса ер қазасын. Еңліктің өз басы болса да бір сәрі еді. Қалар ма еді жанымнан, қалысар ма еді қайратта? Екеумізге бірдей жұбаныш та өзі боп, ауыр жүк те өзі боп кішкентай бір қошақаным, балапаным жатыр мінеки. Бағың ашылатын күн болар ма — әлде сорға туған сорлымысың, бишара. Япырым-ай, елі болса да, жауы болса да келетін уақыт болып еді, әлі де бір елес жоқ! Не деп келер? Не десер! Екінің бірі: я ұл атанып ел табам, я қанішер қайқы болаттың қайратын сарапқа салып өлтіремін! Өлісем!..

Еңлік. Батырым, не деп тұрсың? Сөзің қалай жат еді.
Кебек. Еңлікжан, мен не айттым? Жай бір өлең емес пе?

Еңлік (сыртқа). Ойын менен жасырады. Жасытпайын, үрейін ұшырмайын дейді ғой. (Кебекке.) Ендеше менің құлағым қақас естіген ғой. Кейде шырт ұйқыда жатсам да, ояу жүрсем де құлағыма әлдеқандай жаман сөздер саңқ етіп естіліп қалғандай болады. Кебек. Өзің де бір уақыт тыным алып, тыныш ұйықтамайсың. Соның өзі-ақ талдырмай ма! Тасташы осы, сен ғана тасташы күдікті. Маған қалдыршы соның бәрін. Жадырасыншы жүдеу, кейіс қабағың. Долы дүние тулап жатсын айнала. Кетсін мұнар. Кетсін мұнар, кетсін тозаң толықсып туған айымнан! Қосыл! Қосылшы, жаным, әніме! (Ән салады, екеуі құшақтасып отыр.)

Бір мен деп ата-анадан безген, сәулем,
Қорқыныш жас жүрегін езген, сәулем.
Мықты ұстап етегімнен, басын байлап,
Қауіпті жапан түзді кезген, сәулем.

Қан жауған қамалдарды бұзған күндер,
Қандырған білек құршын ұзақ түндер.
Бәрі де жан жарыма жеткен емес,
Құриды қызығыңа бойда сүлдер.

Еңлік. Өзге тілек тілемеймін осы құшағым жазылмай кетсін. Айырмасын арам қол. Қуанышым, өтінетін бір-ақ қана тілегім бар... Осы күн, осы кезбеден мені қажиды-ау, әлсірейді-ау дей көрмеші.

Кебек. Неге айттың оны, Еңлігім. Неге үйдейсің?

Еңлік. Не сергелдең болса да, серігің болдым деп аттанып ем. Артымда аяр нем қап еді. Бауырыңда панаңда кешкен жалғыз күндік тірлігіме бұрынғы барлық ұзақ жылдарымды теңемеуші ме ем. Тек мынау біраз күн... Әлсіздік, аналық шақ... Кебек. Айтпа... айтпа, атама оны. Бұл шағыңда әлсіз деуге аузым барса, азғаным болар... Еңлік. Болды ендеше. Азғантай бір түйткілік қана сол еді. Жуып-шайдың, жоқ еттің ғой бәрін, батырым. Қуанттың ғой.

Кебек. Соның шын болса ән салып бер.
Еңлік әдемі, мұңды ән айтады. Жәуетей шығып қарап, ән тыңдап тұр.

Жәуетей. Екеуі ғана. Екеуден-екеу-ақ... Сонда да рулы елдей. Сүйеніскен егіз марал!.. Әттең екі бейбақ...

Кебек (селк етіп). Жәуетей, аман ба, жаным.
Еңлік. Е, мынау... ел-жұртың аман ба, жаным.
Жәуетей. Ел аман, өздерің де есен-сау жатырсыңдар ма?

Кебек. Біз есен-сау болмай не болушы едік. Кәне, не болды, жұрт не деп жатыр. Айтшы тез!

Жәуетей. Жұрты құрсын, елдігі кеткен ел емес пе біздің тобықты.
Кебек. Не болып қалды?
Еңлік. Жарқыным, сөз аяғы бұзылды ма?

Жәуетей. Енді бізге бұл жерде тұруға болмайды, қаптайды жауыздар. Тез бұл жерден кету керек.

Еңлік. Бәсе, жүрегі құрғыр осыны сезген екен ғой.
Кебек. Айтшы, не болды!? Неге тоқтады? Ұстап бермек болды ма?

Жәуетей. Ұстап бермек емес, бірақ қорғамайтын болды. Өзің ұстап ал да, өз дегеніңді ет деді! Найман қаптап іздеп келеді.

Еңлік. Жасаған-ай... Не деген тасбауырлық!
Кебек. Бұл билікті кім айтты, найман ба, Кеңгірбай ма?

Жәуетей. Бәрін айтып тұруға болмайды. Қаптайды ғой жауыздар! Жүріңдерші, жөнелейік! Кебек. Жәуетей, билікті кім айтты дейім? Тобықты оңай көнді ме? Айт бәрін. Әлде бізге қашу да керек емес шығар?

Жәуетей. Олай деме, досым!

Кебек. Дос болсаң, жасырмай бәрін айт, жасқанбай-ақ. Мен осыны естімей ешқайда қашпаймын. Жәуетей. Билікті әуелі Еспембет айтты. Тобықты көпке шейін көнбеп еді. Найман ішінде Есен деген батыр бар екен, бәле басы сол болды. Қараменде де көп таласты. Сол бидің сөзінен кейін найман тоқтағандай да болып еді бір кезек. Бірақ жаңағы Есен сөйлеп, бар найманды артынан ертіп алды. Кернеп кетті. Сонан соң би... Кеңгірбай би жаңағы жауапты айтыпты... Айтқаны құрсын жалғыз-ақ, қара бауыр қатал би! Өз көңілімде күдік көп... сенбеймін! Еспембет оңаша сөйлесіп ап кесті. Қандай айла шешті? Қаншалық саудаға түсті сенін басың? Есіл жасым! Тас қараңғы сыр қалды. Бірақ не дермін, дегені болды, дегені болды ғой Еспембет пен Есеннің! ,

Еңлік. Есен! Әлі де бұл соңымда ма еді?

Кебек. Ел кісілері қара көңіл биге — Кеңгірбайға ерген соң, ер-азамат соларға берген соң, ар жағында не қалды, айтыңдаршы? Күні-түні қашып-пысып аң болып, тағы жүргенде көңілдегі медеуім не болды, кім болды, айтыңдаршы?

(Есен кіреді.) Есен. Кебек! (Кебек екеуі тап беріседі.) Бір-екі ауыз сөзімді айтқыз әуелі...

Кебек. Семсер жүзінде айтылған сертті ұмытқам жоқ, шық!
Есен. Кебек, батыр болсаң дегбірің қашпасын, үрейленбе!
Кебек. Шық!

Есен. Кебек, сен мені іздеп тауып тұрған жоқсың. Мен сені іздеп кеп тұрмын. Найман тобымен бірге келсем олар мені жекпе-жекте алыстырмас деп ұрланып әдейі кеп тұрмын. Менің мәнімді осыдан біл. Бар айтпағым осы ғана. Енді келсең келе бер! Кебек. Олай болса, ер екенсің, кел. Арғын, найман берекесі екеумізге қарамай-ақ қойсын! Есен. Сенімен туғанда жұлдызым қарсы боп туған, ағам Көшен кегі де қарыз мойнымда. Сені өлтірмей тынбақ емес көңілім! Кел бермен! (Екеуі қатты алысып, қанжарласып жүреді. Кебек жеңіп құлатады.)

Еңлік. Жасаған, жарлығыңа ырзамын. Жарығым, жаның аман қалды ма? Кебек. Кеудемді жеген бір құрттан құтылайыншы тым құрса! Өліс депті ғой. Ала өлмей неге кетем?!

Жәуетей. Ал енді кетелік, болшы, жандарым!

Кебек. Жәуетей, несіне жабыса бересің сөйлеп. Кебектің дәурені кеткен, оның елге керегі жоқ. Оның орнына қуыс қурай. Қашпаймын мен, осы жерде тосып алам найманды! Дұрыс айтып тұрғам жоқ па, Еңлікжан? Еңлік. Батырым, сені мен менің ғана басым болса бір сәрі (жөргектегі баласын көрсетіп), мына сорлыны қайтеміз! Соры ашылмаған сорлы бейбақ осы болмай ма? Осының қарызы үшін кетейік, жаным!

Кебек. Шын айтасың ба, сен де тілейсің бе, қалқам?
Еңлік. Жалынамын, жаным, қайтемін!

Кебек. Олай болса дайындалыңдар. Мен атты әкелейін. Ал енді біз қашқынбыз! Өмір бойы қашқын боламыз. Қоян жүрек қорқақ боламыз! Көрінген адам баласынан тығылып, бұзып қашатын тау тағысы боламыз? Ал біз қаштық. Жәуетей мен Еңлік дайындалады. Тас арасынан найман қолы кернеп, жинала бастайды.

Дауыс. Жау мұнда! Қапта, қапта!
Еспембет. Тоқта! Мынау Есен ғой, өлтіріп кеткен екен ғой.
Дауыс. Ойбай, бауырым...
Жомарт. Қанішер тобықты, қанқұйлы тобықты, қылған екен ғой...

Еспембет. Доғар... Есен бұл күнге дейін найманның батыры болса, қазірде тобықтының жығылған жығасын қайта тұрғызған найманның бір шіріген жұмыртқасы. Жекпе-жекке шыққанда тапқаны ғой. Жылаған көз жасымның садағасы. Бір ауыз сөз айтпастан өлексесін былай апкет. Мұны жайлап қашқан ғой Кебек.

Дауыс. Мына қатын біледі ғой, айтқызу керек осыған!
Дауыстар. Айт жаныңның барында.
Еңлік. Мені ұстағаннан кейін оны да ұстадыңдар ғой!

Еспембет. Бұл күлгірсіп тұр. Ол қашса да ұзаған жоқ. Мына шатқалды аралап шық шапшаң!

Кебек шыға келеді.
Дауыс. Ә, батыр, келдің де ажал айдап?

Кебек. Келдім. Мен Еңлігім өлген жерде өлем деген уәдем бар, сол үшін келдім. Тағы да жастығымды ала жатайын ба. Ажалсыз қай найман барсың, көрінші менің көзіме (Садағын кезене береді.)

Еспембет. Ат, мына мен бар. Найман құрып қалса көремін.

Еңлік. Сәулем, атпа! Тілеймін! Арғын, найманның қалған елі қарғамасын. Өлсек те жазықсыз өлейік. Кебек (садағын кезеп тұрып). Ей, сотқар би, ұлып-ұлып табысыпсыңдар ғой бөрідей, табысарда сойған көк қасқаң елдің ұлы-қызы біз болдық қой! Көк бөрі демей не дейін, қан сорпамды ішпесең көңілдерің көншімес. Лағнет болсын сендерге. Бірақ сені қарғасам да қарғамаймын сорлы елімді. Ер қадірін білер сол ел, елдеп шыққан не білер! Сонда менің қанымды қарғыс етіп басар сенің маңдайыңа! Мә, білгеніңді істей бер! (Садағын тастайды.)

Еспембет. Ол сөздің керегі жоқ! Байла!

Еңлік. Ей, азаматтар! Өлтірерде үш тілек бар емес пе? Үш-ақ түрлі тілек айтам.

Дауыстар. Керегі жоқ, тыңдамаймыз.
Еспембет. Тоқта! Айт, не тілегің бар?

Еңлік. Кебекпен арыздасайын. Екінші, өлтірген соң бір жерге көміңдер. Үшінші, соңғы тілегім: бізде жазық болса да мына бишара сорлыда жазық жоқ қой. Ата-анамда ұрпақ жоқ, зарлап өтіп еді, енді мен екеш мен де жоқпын соларға табыс етіңдер. Жетім қозы бұл зарлық зарласа солар баурында зарласын. Бар айтарым осы еді.

Еспембет. Жарайды. Босатыңдар. Қоштаса ғой жарыңмен.

Матақ. Кебек, ел болып, Көбей болып енді мені саған жіберді, еркек тоқты құрбандық деген еді. Елге, бізге айтар сөзің болса айт. Кебек. Тобықтының баласына менің сөзім жоқ. Ендігі сөзім жетіп олардың жүйесін босатпай-ақ қойсын. Тобықты осы қаталдығынан таймасын, менің арызым, Еспембет, сенде.

Еспембет. Айт, менде болса.
Кебек. Мойныма арқан тағып өлтірме! Қорламай өлтір!
Еспембет. Босат олай болса, қызбен екеуінің қолын!
Кебек. Еңлікжан, қимасым, құштарым, кеш маған...

Еңлік. Жалғызым, өзің де кеш!..

Құшақтары айқасады. Еспембет садақпен атады. Екі жастың құшақтары жазылмай денелері айқасып түседі. Жұрт жым-жырт. Қаралы сұмдық іс бітті, енді бет-бетімен жым-жырт тарап барады. Құндақтағы баланы ешкім алмайды, Жапа-жалғыз қала береді. Сол кезде Жапал шығады. Еңліктерге үнсіз қарап үңіліп тұр. Екі иығы дірілдеп, үнсіз жас төгіп тұрғаны білінеді. Жай жылжып балаға келеді. Бір жақтан Абыз шыққан, ақ шапанды, ақ сақалды. Өзгеше тіксініп, тұла бойын өрт шалғандай боп келеді. Бұған дейінгі қанды уақиғаның эпилогі түрінде кетеді. Жапал. (Абызды көрмейді. Құндақтағы баланы көтеріп, бауырына алып). Сорлы қозым! Қошақаным! Жетпей қалған, жетім қалған, бауырым. Алдым сені бауырыма. Тастап кеткен. Елсіз, есіз далаға тастап кеткен тac бауырлар, бөрілер! Абыз (бір қабат ақ шапанын шешіп, өліктердің үстіне айқара жауып). Аһ, заман! Құшақтарың айқасып кеткен шерменделер! Жапал (айналып көріп, баланы көрсетіп). Көрші, көрші міне, қам-көңіл ата! Мынаны өлсін деп аш бөріге тастаған. Осы ма еді ел деген? Көріп пе едің аямасты, ататай? Абыз. Ата!.. Атамын мен аңыраған! Мен ата, сен немере! Бауырыңдағы шаранасы кеппестен шырылдап қалған шөбере! Бауырым өрт, үнім зар! Бауырым өрт, бетім жас... Ата, немере, шөбереміз — үш зарлық! Ел олар емес, ел бізбіз, ұлым, жан балам! Қара тастай қатал күндер ішінде туар, келер біздей толқын-толқын ата, бала, немере... алып кетсін, жазықсыздар аттарын сақтап өтсін... ақтап өтсін арыстарым арманын... «Жадыңда тұт, жасыма!.. Жадыңда тұт, жасыма» де, ес кіргенде (баланы нұсқап) бауырыңа... Бүгін мен өсиет еткендей, өсиет ет сен оған, шағың жетіп өлерде! Жадыңда тұт, жасыма десін арғыларға, ұрпаққа. Жадында тұт, жасыма, ұлым, елім шермендем!...

Шымылдық

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙