Экспресс
Сәкен Сейфуллин
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Сәкен Сейфуллин – жаңа кезеңді жырлаған жаңашыл ақын. Ол қазақ әдебиетін тың мазмұнмен байытып, әдеби-мәдени тарихына ерекше із қалдырды. 1914 жылы «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағын жариялайды. Сәкен Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер ақын ретінде танылды. Оның «Асау тұл...
(1926)
ТАРТУ
(Бұл «Экспресс» деген өлең жинағым Жамалекеме тартуым.)
Сенің жасың маған шер боп,
Болдырып-ақ күйгемін.
«Теңдік алсам, өсіп, ер боп!» —
Жүрекке ант қып түйгемін.
Сол ой бұлт боп бастан кетпей,
Ойдан тымақ кигемін.
Өзімді артық ардақ етпей,
Апа-ау, сені сүйгемін!
Шын сүюді сенен көріп,
Сенен ғана білгемін.
Күлсең мен де саған еріп,
Қуанғаннан күлгемін.
1926жыл.
ҚАРА ЖЕР
Дүние тегіс,
Жалпы кеңес,
Қызыл туға бағынса.
Жалпы ғалем,
Қызыл әлем
Қызыл шашақ тағынса.
Болмай жәбір,
Жалпыға бір
Болса көптің жиғаны.
Қызықты еңбек,
Жалпы теңдік,
Махаббат боп иманы.
Мейрімді ана,
Еркін дала,
Қандай түрге кірер ең?
Жәннат болып,
Бақыт толып,
Көркем дәуір сүрер ең.
ОТАРБА
Белден асып,
Аттап басып,
Отарбада келеміз.
Айтқан жерге,
Керек елге,
Апарады — сенеміз.
Қысы өткен,
Қары кеткен
Заман дәл май жаз еді.
Масайрасып,
Кеудені ашып,
Жұрттың көбі мәз еді.
Алып бізді,
Тастап ізді,
Экспресс келеді.
Алып қашып,
Демін шашып,
Кейде бүлк-бүлк желеді.
Әйнекті ашып,
Көңіл тасып,
Терезеге төндім мен.
Жердің көркін
Емін-еркін
Сонда отырып көрдім мен.
Жаздың демі,
Дерттің емі,
Ыстық лебі тиген соң.
Көктен түсіп
Жерді құшып
Күйдіріп күн сүйген соң.
Ұшан-теңіз,
Жердің семіз
Тәні балқып иген соң
Жерді көрдім,
Енді көрдім,
Жасыл киім киген соң.
Балқып тәні,
Кіріп жаны,
Жасарыпты қара жер.
Мейірімді ана
Өбіп бала,
Босаныпты ағып тер.
Кеңсің дала —
Туған ана,
Көйлегің кең көк ала.
Жан беретін,
Тән беретін,
Мейірімді ана сен ғана.
Төсіңді емген,
Саған сенген
Жан-жануар баласы.
Төсін сүтті,
Бауырың құтты,
Сен тіршілік анасы.
Жібек жасыл,
Анық асыл,
Кестесі гүл киімің.
Көркем ана,
Сенде ғана
Тіршіліктің түйіні.
Жасыл шөбің,
Жұмсақ көгің
Жібек емей немене?
Төсімді ашсам,
Көкке бассам,
Күш толар ед денеме.
Жасыл мамық
Асыл анық,
Түрлі кілем жайғандай.
Түрлі шашақ,
Кесте жасап,
Шебер қолмен қойғандай.
Жасыл шөбін,
Жұмсақ көгің
Жібек кілем демес пе?
Қызғалдақты,
Сарғалдақты,
Кестесі оның емес пе?
Сары, қызыл,
Күлгін шикіл,
Кек шөп шұбар —
Сансыз гүл.
Түрлі кесте
Десте-десте,
Көк торғындай емес пе?
Түрлі гүлің,
Сансыз сырың,
Жұпар қылып аңқытты,
Жібек желмен,
Жылы деммен,
Желпіп жұмсақ қалқытты
Көкірек керіп,
Мас боп еріп,
Қанша жұтсам жұпар көп
Тоймаймын да,
Қоймаймын да,
Mac иісіңе құмар боп.
Әр мүшеңе,
Бар мүшеңе
Қараса көз тояр ма?
Сезгіш жүрек,
Еркін білек,
Жыр қылуын қояр ма!
Қалың орман,
Байлық толған,
Көлбеген көк бел анау!
Биік тауың
Күнде жауын
Аққан дария көл анау!..
1925 жыл.
МІНЕ КӨЛ
Көлің міне,
Күндіз, түні
Мың түрлі әнмен шулайды.
Кейде тынық,
Кейде күліп,
Кейде ашумен тулайды.
Шалқар көлім!
Жібек жерің
Беттен шөп-шөп сүйе ме?
Кейде жайқап,
Кейде шайқап
Тентек шіркін тие ме?
Айнала ұшып,
Қайта түсіп,
Қалың құсың ойнайды.
Қанат жуып,
Көбік қуып,
Суға шомып бойлайды.
Бойлайды да,
Ойнайды да,
Дөңгеленіп билейді.
Қосып бірге,
Әрбір түрге
Әсем күйін күйлейді.
Күйің жырлы,
Сансыз сырлы,
Құбылады мың түрлі.
Торғын буың,
Күміс суың,
Суда сұлу аққуың.
Әсем әнің,
Көркем сәнің
Көңілді айна ашпай ма?
Жұмсақ демің
Дертке емің,
Қасірет болса баспай ма?
1925 жыл.
ОРМАН
Орман міне,
Мұның да үні
Кейде жұмсақ, кейде шу.
Кейде тынық,
Кейде сулық,
Кейде дауыл гу де гу.
Қалың орман,
Ойға толған,
Тұнжырайсың иіліп,
Еңбек сырлас,
Сәулем құрдас,
Әр рудан жиылып.
Жоқ бір қалып,
Кейде ырғалып,
Сен де көлше шулайсың.
Басты шайқап,
Желді жайпап,
Аласұрып тулайсың.
Аппақ қайың,
Қарағайың
Қосылыпты табысып.
Сұлу терек,
Жасыл желек
Құшақтасып қабысып.
Кейде қыбыр,
Кейде жыбыр,
Кейде жұмсақ желбіреп.
Көйлегің көк,
Өрнегі көп,
Құлпырады елбіреп.
Сұлу терек,
Жасыл желек,
Сәулем, саған не керек!
Биік бойың,
Кімде ойың?
Жібек желге аш қойын.
Аппақ қайың,
Бұл не жайын,
Жасарасың жыл сайын?
Аппақ қайың,
Қалқатайым,
Mac қылады иіс майың.
Ақ көйлекті,
Сұлу текті,
Жасыл шашақ желекті.
Ырғаласың,
Бұраласың,
Көзді қайда саласың?
Қарағайым!
Жұпар майың,
Жібек желмен аңқиды.
Жұпар шаштың,
Көкірек аштың,
Мас болып тән балқиды.
Mac қылады,
Жас қылады
Жұпар иісің жүректі.
Дертке дәрмен,
Тасқын әлмен
Жігерлейсің білекті.
1925 жыл.
ДАЛАДА
БАЛАЛАР
Міне дала...
Бір топ бала,
Жүгіреді айнала.
Мінген таяқ,
Жалаң аяқ,
Табандарын көк бояп.
Жұлып сасыр,
Салады асыр,
Аунап жерге көкжасыл.
Жас тұлымшақ,
Тап құлыншақ,
Өңкей асау ұрыншақ.
Суы сасыр,
Салады асыр,
Ұлы ананың төсінде.
Совет — атаң,
Дүние — Отан,
Болсын інішек есінде.
Келер кезек,
Қылыш безеп,
Шығарсыңдар бой тежеп.
Туың қызыл,
Көлемі ұзын,
Інішектерім, тез тізіл!
1925жыл.
БОЗТОРҒАЙ
Міне, торғай,
Үйін қорғай,
Жер бауырлап зырлайды.
Шырқап биік,
Күнге күйіп,
Қалмай сайрап жырлайды.
Бозша торғай!
Толғай, толғай,
Қанатынды қағасың.
Ғашық жарың,
Бар ма зарың!
Кімге үніңді шағасың?
Жылаймысың,
Жырлаймысың,
Жырың моншақ тізілед.
Бірде ащы,
Бірде тәтті,
Бірде даусың үзілед.
Түрлі күйге,
Түрлі биге,
Құйқылжытып баса бер!
Жібек желге,
Жасыл жерге
Жетер, моншақ шаша бер
1925 жыл.
АҚҚУ
Сәулем аққу,
Сыңсып сұлу,
Суды сызып сылдыр су!
Сәулем сылан,
Аппақ қылаң,
Ақ көбікке шомылған!
1925жыл.
ОТАРБА
Отарба шу,
Түтін мен бу,
Шап, ырсылдап гуде гу!
Қайнат терді,
Айнал жерді,
Алып жүйткі қызыл ту.
Дүние тегіс,
Жалпы кеңес,
Қызыл туға бағынсын.
Жалпы ғалам,
Қызыл әлем,
Қызыл шашақ тағынсын.
Жердің көркін,
Емін, еркін,
Бұдан да артық көрейін.
Жаздың әнін,
Жердің сәнін,
Жыр ғып тағы берейін.
1925 жыл, мамыр,
Москва — Орынбор жолы.
САБАНШЫ
Қара шымды қатар тізіп,
Жер қыртысын сыдырсам;
Көк соқамен жерді сызып,
Айдаланы қыдырсам,
Еңбек жыры термен бірге,
Жерге түсед жазылып.
Қабағыма жермен бірге,
Сай түседі қазылып.
Қарым талып, қабақ қатад,
Төмен түсіп иінім.
Қажып қайрат, жанға батад,
Тіршіліктің қиыны.
Сонда гүлі қара жердің,
Күліп басын игенде,
Гүлді сүйген жібек желдің,
Демі бетке тигенде.
Үлбір гүлдер жұпар шашып,
Ойнағанда айнала,
Еркелеп, жел төсімді ашып,
Сүйгенінде аймалап,
Күш тасиды, түсім жылып,
Көтеріліп иінім,
Жадырайды тарқатылып,
Қабағымның түйіні.
Онда тұрып, мәз боп жаным,
Еңбегіме шаттанам.
Тағы жегіп көк соқаны,
Шым тізуге аттанам.
1925 жыл, 22-шілде.
КӘСІПШІЛЕРГЕ
(Қазақстанның кәсіпшілер ұйымының білім-ағарту бөлімінің нұсқауы)
Ленин
Еңбекші елін
Шақырды Ленин,
Білімге айқын нұсқады.
Білуге қарман,
Білмеуге арлан!—
Деді жалшы ұстазы.
Оқу
Оқу — білім қазығы,
Адамның азығы.
Оқу — өмірдің сәні,
Тіршіліктің шамы.
Сауатсыз надан —
Қор болған адам.
Ұйым
Ұйым бай тұзағын кеседі.
Ұйым байдың қарнын теседі.
Ұйымға жалшы кірмесе,
Болғаны байдың есегі.
Ұйым жалшыға пайда,
Жалдаушыға найза!
Жалшыға ұйым есігі ашық,
Ұйымға тез кіруге асық.
Ұйымға кір!
Ұйымға мүше болмасаң,
Пайдасыз сенің кәсібің.
Рабфактыңда, ВУЗ-дың да
Көре алмассың есігін.
Жалқау болма!
Мүше болсаң ұйымға,
Мүшелік төлеу қиын ба?
Мезгілден қалма, ерінбе,
Жалқауланба, керілме,
Мүшелік ақша — ұйымға қор,
Ұйым онымен зор.
Жәрдемдессең қорына,
Күш салыс, мұқтаждықтың торына.
Тырнақты шеңгел қолынан
Түспегің келсе, күш салыс
Жәрдемдестік қорына.
Әлді кезде ақша сал,
Әлсіз кезде көмек ал.
Жұмысыңа шебер бол,
Шеберден де асуды өнер көр.
Клубта демал
Басқа жерде демалыс —
Жеміссіз уақыт, бос кеткен.
Клубта ғана демалыс —
Уақыт емес босқа өткен.
Өз сөзіңді әуелі
Өзің орында.
Қалам еркі қолында,
Жаза білсең қарар.
Әуелі өзің орында,
Сонда ғана жарар!
АНАНЫҢ ХАТЫ
Байғұс ана хат жазыпты,
Депті «балам сағындым»,
Ұмыттың ғой бізді тіпті,
Бір келмедің неғылдым?
Оқу іздеп кеткеніңнен,
Ауылға бір қайтпадың.
Біз не көрдік жеткеніңнен.
Елге кеп уәз айтпадың.
Балам едің емшек берген,
Түн ұйқымды төрт бөліп,
Анаң едім жапа көрген,
Сені өсіру дерт болып.
Жас күніңде көп ойлаушы ем,
Сені әлдилеп тербетіп.
«Арманым жоқ» деп ойлаушы
Қалқам өссе ер жетіп.
Болмай шықты ойлағаным,
Сен жігіт боп жеткен соң,
Қалжырадым, ойла жаным,
Сен алысқа кеткен соң.
Талай жылап жүруші едім,
Сенің бала кезінде.
Неге екенін білуші едің,
Қалқатайым, өзің де,
Алданышым қалқам еді,
Сонда менің қуатым.
Сен тұңғышым — марқам едің,
Бар қайғымды жуатын.
Көрмеп едім жар қызығын,
Бір сен едің тілегім.
Бір сен едің бар қызығым,
Шыбын жаным, жүрегім!
Қарай-қарай көрінгенге,
Екі көзім төрт болды.
Еш қайғым жоқ сенен өзге
Аш өзегім өрт болды.
Ойла, енді кім мені күтті,
Қартайдым, кем саулығым.
Үсті-басым тозып бітті,
Тозды баста жаулығым.
Кетсең «балам» өз алдыңа,
Мен не болам, біл өзін.
Елестейді көз алдыма,
Бала күнгі мінезің.
Бала едің сен жыламайтын,
Еркелікті білмеуші ең.
Жоқты бер деп сұрамайтын,
Және орынсыз күлмеуші ең.
Отырғанда от басында,
Ертек айт деп қоймаушы ең.
Тұрымтайдай боп қасымда,
Тыңдауға бір тоймаушы ең.
Ертек айтсам нанушы едің,
Құмарланып, құлыным.
Көзінде от жанушы еді,
Салбырап қос тұлымың.
Қызық еді ойындарың,
Бәйге тігіп жарысқан,
Ұзын шыбық сойылдарың
Жаумен ел боп алысқан.
Өңкей бала екіұдай боп,
Намыс үшін дауласқан.
Кек алуға тегіс сай боп,
Жасақ құрып жауласқан.
Жауға жасақ сайлаушы едің
Үлкен болып саптанып.
Сен түсіріп байлаушы едің,
Келген жауды аттанып.
Сөйтіп кейде зорлық көрсең,
Жылап үйге қайтпаушы ең.
Іште сақтап қорлық, көрсең,
Жанға шағып айтпаушы ең.
Пәлен жерде сені сырттан,
Ұлық болды деседі.
Ағайының естіп жұрттан,
Гулеп желдей еседі.
Арманым зор, неғылайын,
Елге келіп тұрмадың,
Маған салып сары уайым,
Артқа мойын бұрмадың.
Сен де «халық биі» болмас па ең,
Болмас па едің комитет.
Елге сен де сый болмас па ең?
Тілімді алсаң нең кетед!
Сені дағы ел қадірлеп,
Түсер еді түрлі сый,
Мал жинар ең, сен де түрлеп,
Оюлы отау, тігіп үй.
Енді қалған өмірімді,
Келінім боп күтер ед.
Әлдилесем немеремді,
Бар арманым бітер ед.
Ойла, енді кім мені күтті,
Қартайдым, кем саулығым.
Үй іші де тозып бітті,
Тозды баста жаулығым.
Қалжырадым, сағындым мен,
Бір кеп көрін көзіме.
Ұмытқандай неғылдым мен?
Жауап қайыр сөзіме!
1925жыл, 25-желтоқсан.
АНАҒА ЖАУАП
Амансың ба, байғұс апа?
Денің саума, әп-еке!
Қартайдың ба, болып қапа?
Әжемдей боп Тәп-екең?
Қалжырадым, сағындым деп,
Елге қайт деп жылайсың!
Ұмытқандай неғылдым деп,
Тез хат сал, деп сұрайсың.
Апа-ау, бұл не қайғың тағы?
Неге сонша, қапасың!
Балаң қайда жүрсе дағы,
Неге ұмытсын апасын!
Әлі есімде мені талай,
Аш бауырыңа басқаның.
Ұмытылады, айтшы қалай,
Талай тамған жастарың.
Мені басып аш бауырыңа,
Ыңыранушы ең, ырғаушы ең.
Домалаушы ед жас бауырыңа,
Қасірет мұңын жырлаушы ең.
Жадымда әлі мені тербеп,
Талай айтқан жырларың,
Жүрегіме қатқан шер боп,
Қасіретіңнің сырлары.
Сонда-ақ білгем талай сырды,
Сол заманның жалғанын.
Қасірет көріп жас өмірді,
Көңілің сөніп қалғанын.
Сол уақытта-ақ әр сөзіңе,
Имандай-ақ нанғанмын,
Маған шаққан зар сөзіңе,
Мен де күйіп, жанғанмын.
Шындап сүйген жанның сыйын
Сенен ғана алғанмын,
Кемшіліктің зарлы күйін,
Сенен естіп қанғанмын.
Шын сүюді сенен көріп,
Сенен ғана білгенмін.
Күлсең, мен де саған еріп,
Қуанғаннан күлгенмін.
Ауыр еді бұрын күйің,
Бәрін айтып тергенде,
Ырза болушы ең, әжем үйі,
Қымыран, шалап бергенде.
Кейде болмай қымыран, шалап,
Үлкен үйде, әжеде!
Отырушы ең отқа қарап,
Болмай бидай көже де.
Кемшілікке ызаланып,
Кейде отырып жылаушы ең.
Жоқшылыққа назаланып,
Көктен жауап сұраушы ең,
Сен білетін біз емессің,
Көк пен жердің меңіреуін!
Жансыз мылқау қалай сезсін,
Сорлы жанның еңіреуін!
Сенің жасың маған шер боп,
Балдырымда-ақ күйгенмін.
Теңдік алсам, өсіп ер боп,
Жүрекке ант қып түйгенмін.
Сол ой бұлт боп бастан кетпей,
Ойдан тымақ кигенмін.
Өзімді артық ардақ етпей,
Апа-ау, сені сүйгенмін.
Көктен күтпей сол жауапты,
Жерден іздеп кеткенмін.
Әзірге оның жолын таптым,
Өтіп ұлы өткелін!
Тапқан жолым қазіргі осы,
Жат-ау саған тілдерім.
Біздің үкім әзірге осы,
Жалпы теңдік ілгері.
Ұмытқандай неғылдым деп,
Ұмытты деп ойлайсың,
Қалжырадым, сағындым деп,
Елге қайт деп қоймайсың.
Ердің ерін сынайтұғын,
Ұлы өткелден өткенмін,
Апа-ау, не бар, жылайтұғын,
Жолдан қайтсам, неткенім?
Жалшы үкімі тапқан жолым,
Ұлы өзгеріс өткелім.
Өткел дәмін татқан болып,
Жолдан қайтсам, бетке өлім!
Жоқ емессің бұрынғыдай,
Отыратын дағдарып.
Қазір бопсың тәп-тәуір бай,
Әже, айтпақшы, бағдарып.
Сиырың бар аш қылмайтын,
Жүк артатын түйең бар.
Шаруада қас қылмайтын,
Көз боларлық жиен бар.
Қайт деп, апа, жылай берме,
Жүремін ғой жазып хат.
Жазғытұрым барам елге,
Партком берсе рұқсат!
1926жыл, 6-қаңтар.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру