TELEGEI

Home

Өтірік өлеңдер

Ілияс Жансүгіров

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өтірік өлеңдер

Ілияс Жансүгіровтың кез келген шығармасы ақын дарынын, ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасын көрсетеді. Тақырып өрісі кең, көп қырлы шығармашылығы – өнімді еңбектің нәтижесі. Кез келген туындысы елдің тұрмыс-тіршілігі, халық тағдыры тақырыптарына арналады. Қуатты суреткерлік дарыны шығармаларының бояуын...

МЕЙІРБАННЫҢ ӨТІРІГІ

Мейірбан — албан, қызылбөрік руынан. Бұл күнде ұрпағы Алматы уезінде Қызылбөрік болысында. Өтірік өлеңдегі «Бүркіттен» бастап, «Кер бие, торы құлын», «Торы тайды» айтып «Шыбынды» да шығарады.

МЕЙІРБАННЫҢ ӨТІРІГІ

Жағалай Құрөзекті ауылым қонды,
Үй тігіп, жүк жиғанша ымырт болды.
Білге қара асынып аң іздедім,
Үйде нағып отырсың, Мекен сорлы.

Жағалай Құрөзекті шыға салдым,
Таңға жақын бір елік атып алдым.
Бүйрек майын шыжғыртып ішіп алдым,
Таң қыланда мызғымға жатып қалдым.

Нанбаңыз айтқаныма болса жалған,
Сауданың сөзі емес сатып алған.
Күн шығарда оянып дөңге шықсам,
Қияда бір бүркіт тұр ұя салған.

Қайта ойға, қуандым да, түсе қалдым,
Ұзынша бір құрықша кесіп алдым.
Желмей, жортпай қиядан құсты алуға,
Басына балапанның тұзақ салдым.

Балапан да бұлқынды асаудайын,
Тартынғанды тарпаңдап баса алмаймын.
Тас құлатып, тау бұзып торлағанда,
Бақайын баса сүзді бас маңдайым.

Қойымды қоңыр ақсақ айтып сойдым,
Ши қоршап балапанды қойып қойдым.
Шығармай шып-шырғасын түгел асып,
Бүркітке арқа-мойын жемге қойдым.

Сынаттым Байтоғашқа келген күні,
Бар екен әр жерінде белгі жүні.
Бұл менің шұбарыма ұқсайды екен,
Жабысты маған бер деп күні-түні.

Ертеңіне ап шығып аңға салдым,
Салған күні үш қасқыр, бес түлкі алдым.
Келесі күні он қасқыр, он қарсақ ап,
Шаршаған соң, тау асып жатып қалдым.

Түсімде түлкі алғаным есімде бар,
Түлкіме етік алыппын өкшесі бар.
Таң атқан соң жорыттым үлкендерге,
Бір жақсы ат мінесің деді жорушылар.

Әркім-ақ бұл бүркітке қолқа салды,
Он екі ай ұдайы салдым жануарды.
Бір саятта шіркінге көз өтті ме,
Қолға оралмай, тас болып қатып қалды.

КЕР БИЕ, ТОРЫ ҚҰЛЫН

Ауылым тұрған көктеп,
Асы жайлап,
Пендені жүреді екен нәсіп айдап.
Бөктерге жазға салым түсіп қонып,

Қой қоздап ақ шықты ғой, сүтке аймақ.
Ауылым Асы жайлап,
Түрген көктеп,
Жүр едім жауыр кер биеге жем-қом ептеп.

Бір жағын жем-қомымның қылмен көктеп,
Саудагер сарт кеп қалды мата жүктеп.
Қасына саудагердің бардым енді,
Көзімді көлігіне салдым енді.

Қарасам кер биенің әрпі тәуір,
Атыма айырбастап алғым келді.
Қызықтым кер биенің тұлғасына,
Мінетін бедеу екен ұрғашы мал.

Жабыстым «Айырбаста» деп шаужайынан,
Мекеңнің беріп кет деп құласына.
Соңынан сарттың түстім бері беттеп,
Құланды мақтап жүрмін тұлпар еді деп.

Қостырып оны-мұны тағы үстіне,
Ат беріп, айырбастап алдым ептеп.
Атым да кәрі-ақ еді тісі кеткен,
Сырғанап шыға алмайды қия беттен.

Атымды аса мақтап үсті-үстіне,
Мата алдым, бес қалам мен сексен кетпен.
Бір ішім тамыр дәрі, қырық құшала,
Қос уыс сарт санадан қосты және

Қызыл бояу, қалампыр, можысымен,
Ине-түйме алыпты қатын бала.
Көп айтсам өтірікті болады өсек,
Ашудасы тостағандай екі кесек.

Нәрселер ондай-мұндай тағы да бар,
Алыпты айна-тарақ келін-кешек.
Құлжадай тірі апиын, тотияйын,
Сартыңнан да асырдым сауда жайын.

Көріктей кер биені кезіне айдап,
Берді ғой деп қуанам бір құдайым.
Сарт кеткен соң сауданы есептеймін,
Тотияйын, ашудас — кесек деймін.

Кәрі атыма жас бие, бұйым алып,
Сауда сайын сартты естіп жесек деймін.
Ойласам, бес қаламды о да бір қой,
Құнына қырық дәрінің жете ме ой.

Айна, тарақ, ине жіп, қалампырды,
Жігіттер, ол не болар есептеп қой.
Жігіттер, жөні бөлек жақсы малдың,
Бір бием, ат та бар деп көп қуандым.

Бар еді бір айғырым озып жүрген,
Қосақтап үйіріне қоса салдым.
Бұл бием маңдам екен соныменен,
Құйрығын алдым күзеп жалыменен.

Маңдамын үш қидырып жіберіп ем,
Солқылдақ қыстан шықты бағымменен.
Мойнына жануардың тақтым тұмар,
Мінбекке құлындатып болдым құмар.

Сол жылы алты ай қыстай жылқы бағып,
Деп жүрмін жануарым қашан туар.
Сол жылы жылқы бақтым жылқышы боп,
Кер бием, ат табар деп көңілім тоқ.

Айғырдың үйіріне жетіп келсем,
Кер бием ұшты-күйді, зым-зия жоқ.
Желіні тор биенің толған екен,
Жылқышы бір ауылға қонған екен.

Күні бұрын арқандап бағып алмай,
Менен де бір қапыстық болған екен.
Желіні кер биенің жеткен екен,
Жылқышы бір ауылға кеткен екен.

Басыма кер биені байлап жатпай,
Менен де бір надандық өткен екен.
Желіні кер биенің жеткен екен,
Жылқышы бір ауылға кеткен екен.

Жүгіртіп торы айғырмен ізін шалсам,
Шелекті баса-көктеп өткен екен.
Бір айғырым құр жүрген салмай тоқым,
Байқаушы едім, сақ жейтін тұяқ отын.

Сол айғырды үйірден ұстап мініп,
Қуып келем биенің шашқан боғын.
Құр жүрген айғыр жазы, күзіменен,
Биенің соғып келем ізіменен.

Күн жауып Кіндіктаста, ізін шайды,
Сонда да келем жортып көзіменен.
Торпақтап торы айғырды шықтым өрден,
Болжаушы едім жас күнімде талай жерден.

Меркіннің ар жағында бір қара тұр,
Көзім де көз емес пе соны көрген.
Бұттап ап жосып кеттім ылди төмен,
Сенбейсің бұл сөзіме айтқанымен.

Көзіме көрінеді алас-бұлас,
Бауырында абажадай қоңыр белең.
Мінгенім дәйім менің қара жал сұр,
Қайырып қаршығама ілдім бір құр.

Жүгіртіп қарайғанға жетіп келсем,
Меркіннің жағасында құлындап тұр.
Дегенім алас-бұлас енесі екен,
Белесім құлынымның денесі екен.

Тұрқы бар тоғыз құлаш жануардың,
Тұлпардың тұлпарының төресі екен.
Құлыны құмай келген торы құлын,
Жануар мен көрмеген шын зор құлын.

Қақпақ бел, қамыс құлақ, бөкен мойын,
Ағы бар алақандай тобығының.
Әндіжанның жалы майда жібегіндей,
Қол еті жолбарыстың жүрегіндей.

Сауыры кебеженің тақтайындай,
Сүбесі Іленің бар түбегіндей.
Шамсытпай жануарды жақын бардым,
Биенің де мойнына білек салдым.

Бием арық, айғырым жүрмеген соң,
Шандырлап торы құлынды мініп алдым.
Шандырлап торы құлын мініп алдым,
Қамшымды жерде жатқан іліп алдым.

Айғырымды бектеріп, бие еңгеріп,
Күн еңкейе Меркіннен үйге салдым.
Биемді іздеймін деп кеше шықтым,
Қасыма ешкімді ертпей жеке шықтым.

Бие өңгеріп айғырды бөктеріп ап,
Меркіннің бер жағына өте шықтым.
Жануар өрге салсам дүрілдейді,
Мұз тауда мұзға салсам сүрінбейді.

Баяғы сарттың қолы құтты екен деп,
Мұртынан Мекең дағы күлімдейді.
Ақжардың ауылым қонған өзегіне,
Сөзімнің қараңдаршы кезегіне.

Бие өңгеріп, айғырды бөктеріп ап,
Асының желіп шықтым кезеңіне.

ТОРЫ ТАЙ

Торы құлын келер жылы шықты тайға,
Оқи бер бата-құран туған айға.
Қуанышым қойныма күнде сыймай,
Құмалақ салдырамын жаңа айда.

Торы тайға бір күн мініп шықтым желіп,
Аттым тастан он бұғы, елу елік.
Шығармай шып-шырғасын артып алып,
Тайымды таң асырдым үйге келіп.

Тайымды байлап қойдым таң асырып,
Тұрмайды қызған неме аласұрып.
Төрт аяқ шабыс тілеп ойнап-билеп,
Тұр екен омыраумен көрмені ұрып.

Ақжарды ауылым қонған жайлайын деп,
Жылқышы бие айдап жүр байлайын деп.
Торы тай ертең-ерте қоя берсе,
Бүк түсіп жата кетті аунайын деп.

Торы тайым аунап кетті жүре желіп,
Он бұғы артып келген елу елік.
Суық көзден сақтай гөр құдайым деп,
Ішімнен бір мал айттым үйге келіп.

ШЫБЫН

Отырмын бір мал айтып, көңілім тасып,
Сол малды айтып сойып, көңіл басып.
Малдың етін таратып, жеп жатқанда,
Балалар түйе баққан келді сасып.

Сорпа ішіп жатыр едік, мал етін жеп,
Қойшылар аттан салды: «жау тиді» деп.
Ауылдан атты-жаяу, барлығымыз,
Төбеге түгел шықтық атой сап кеп.

Торы тай тұлпар туған құлын екен,
Сойған сірке терісі жырым екен.
Түйеші мен қойшының қорыққаны,
Шеріктен асқан үлкен шыбын екен.

Ажалдың өзім көрген асқаны екен,
Тұмсығын тұмсыққа кеп басқан екен.
Тауды, тасты қопарып қонған кезде,
Қой үркітіп, қойшылар да қашқан екен.

Алдырдым бір баладан мылтығымды,
Таяп келдім бетке алып бір тұғырды.
Алыстан қара құстай көрінеді,
Сайладым тағы бірге құрығымды.

Мылтықты алдым дағы тайға міндім,
Қапталдай үлкен сайды бойлай жүрдім.
Он қырқа, отыз құлаш өткеннен соң,
Нысан жерің осы деп тосып тұрдым.

Тайымнан атайын деп түсе қалдым,
Тайыма тарылдыртып шідер салдым.
Бұтағын шідерімнің ұстап тұрып,
Шыбынның үлкеніне қайран қалдым.

Кигенім аяғыма мықшима етік,
Басқаны білінбейді тырс-тырс етіп.
Мылтығымды қолға алып бір тізерлеп,
Бүкектеп қызыл тасқа бардым жетіп.

Мекең де соған барған батыр екен,
Шіркіннің атқанына татыр екен.
Жалтылдап шаңырақтай екі көзі,
Бағжайып, бақырайып жатқан екен.

Атқан оқ дәл бүйректен барып ұрды,
Таңырқап, бұл не деп мойын бұрды.
Шыбынның шыдамдысын содан көрдім,
Жығылмай бір оғыма қарап тұрды.

Мылтығыма оқ салдым маймен сылап,
Құдайға мәніжат қып қолдау сұрап.
Тақыр қолтық осы-ay деп тартқанымда,
Жыраға салдыр-гүлдір кетті құлап.

Кісен бар он салпыншақ сегіз сала,
Жүгірдім қожантымды қолыма ала.
Қарағай қапсай қирап, тас-талқан боп,
Шыбынның түскен жері дала-дала.

Қожантым кескен пышақ, өткір ұшты,
Шыбынға Мекең мықтап міне түсті.
Алла деп күресінен тартқанында,
Отаудай опырылып басы түсті.

Жылқышы жылқысынан шыға шауып,
Мылтықтың жеткен екен даусын танып.
О, тоба, мынау неткен аң еді деп,
Аузынан суы ағып, тұр таңдай қағып.

Жылқышы ел шетіне келді барып,
Мекең шыбын атты деп хабар салып.
Қаруым, қанша айтқанмен, бар күнінде,
Өзім-ақ даярладым бұзып жарып.

Жылқышы ел шетіне барып кепті,
Хабарын рулы елге салып кепті.
Шыбынның етін артып жеткізуге,
Он өгіз, тоғыз түйе алып кепті.

Қоңырбай құндап келді қара нарын,
Қасына ертіп келді алған жарын.
Бақайшықтың ішіне кіріп кетіп,
Түйреп шықты іш майын тоғыз қарын.

Шыбын да мұндай үлкен туады екен,
Шыбынның нақ семірген уағы екен.
Тобығы тоғыз қарыс қазандай бар,
Жілігі бір өгіздей жуан екен.

Бөктердім төрт өгізге бүйрек майын,
Шарбысын тағы да алдым, уа, құдайым,
Қарынның қатпаршағын атанға артып,
Бүйенді тастай салдым, не қылайын.

Ет тізген он бір арқан, жеті желі,
Сонда да қайыспады тайдың белі.
Кіреді жерді басса тізесінен,
Кіреді тасты басса жуан елі.

Терісін тоғыз күндей суға салдық,
Қырық құлаш таспа қып тіліп жардық.
Қарық болып иіріп аулымызбен,
Қайратып тоқсан пышақ жүнін алдық.

Сонда да шет пұшпағы босқа қалды,
Құдай бізге берді ғой мұндай малды.
Керегенің кеткенін көктейміз деп,
Әнекеңнің ауылы жинап алды.

Ауылым Түрген көктеп,
Асы жайлап,
Жүр екен енді ойласам нәсіп ойлап.
Шыбынның жілігінен науа салып,

Сол жылы батып қалдық егін айдап.
Мекең сөйтіп шыбынды атады енді,
Атып келіп аулына жатады енді.
Мекең биыл үлкен аң атыпты деп,

Қырғыз, қазақ айтады даңқын елі.
Қырғыз бенен қазаққа даңқты болды,
Ет аңдитын қонақтың салты болды.
Әлімнің Аққызының дауыменен.

Он үш дулат үйіме баса қонды.
Желкілдеп қатын-бала суға барды,
Қазанға бір жілігін бұзып салды.
Алдына ұсақ турап қойып едім,

Тауыса алмай табақта ет артылып қалды.
Аң қудым ертеңіне Текесті өрлей,
Екпіні торы тайдың соққан желдей.
Отыз бұғы, он марал қуып ұстап,

Аяңдап үйге қайттым бәрін теңдей.
Отыз бұғы, он шақты марал атып,
Бәрін байлап жаныма салаңдатып.
Тайымды таң асырып байлап қойсам,

Қалыпты тайым өліп жамандатып.
Торы тай арыстай боп жатыр сұлап,
Өгіздей боп өкірдім тайға жылап.
Ағайын албан-суан көңіл айтып,

Бата оқып келіп жатыр құда, жегжат.
Осының жалған емес бірде-бірі,
Бұл бір бастан кешкен іс доңыз жылы.
Сенбесеңдер жан үшін құран ұста,

Сондағы Шалқыбай ит әлі тірі.
Айттым да өтірік өлең айла қылдым,
Кесіп ап бегегені найза қылдым.
Шыбынды үш қонаққа сойып беріп,

Жарты етін алып қалып пайда қылдым.
Соғымға баяғыда тышқан шықты,
Жабылып он бес жігіт зорға жықты.
Өзгем өтірік болса да осыным шын,

Басқасы бүйрек майдан бес қап шықты.
Артқаным бір қоянға бес қап тұзды,
Басады қатыр-құтыр жалтыр мұзды.
Екі күн жүрсем дағы ішін тартпай,

Қампиып қардың бетін қарны сызды.
Шыбын сойып елімді қарық еткенмін,
Тұқылын тұмсығының балта еткенмін.
Сойғанда қара шыбын қазан толып,

Соймасқа енді шыбын ант еткенмін.
Міндім де тасбақаға, аяңдадым,
Қудым да құмдауыттан қоян алдым.
Қояны сол араның семіз екен,

Көтеріп тасбақаға қоя алмадым.
Масаның кішкенесі батыр екен,
Көк сона діннен шыққан кәпір екен.
Үйіне сол кәпірдің жетіп барсам,

Ac беріп әкесіне жатыр екен.
Көнектей көбелектің жұмыртқасы,
Құдайым тап осылай жарылқасын.
Бір қызын инеліктің алып қашып,

Бітпей жүр баяғыдан барымтасы.
Міндім де қара тышқан Мекке кеттім,
Жеткізбей қуған елге жеке кеттім.
Тышқаным сөйтіп жүріп жауыр болып,

Екі үзік, бір туырлық жел-қом еттім.
Айдадым бес сауысқан Петерборға,
Жануар өзі жүйрік, өзі жорға.
Өзгем өтірік болса да осыным шын,

Келемін кекілік артып бес жүз нарға.
Жүк артып инелікке ерте көштім,
Шүйкелеп сары майдан арқан естім.
Мұртына шегірткенің ат арқандап,

Дегенше өлдім-талдым әзер шештім.
Қайныма қарға мініп ұрын бардым,
Күйеуден өзім қатар бұрын бардым.
Айғырын тасбақаның ұстап мініп,

Алдынан қайын атамның қырындадым.
Отыным жаздай жаққан мұздан болды,
Салымым сексендегі қыздан болды.
Былтырғы жерошаққа жаққан отын,

Тұтанып биыл ғана қызған болды.
(Құрманәліден)

РАДЛОВ ЖИНАҒЫНАН

Міндім де осырақ қоңыз аяңдаттым,
Болдыртып аяғына қоянды аттым.
Апырым-ай! Сол қоянның семізін-ай,
Көтеріп қоңызыма қоя алмаппын.

Үш жаста мергеншілік кәсіп қылдым,
Ши оқпен мың құланды атып қырдым.
Ауынан өрмекшінің кілем тоқып,
Ұялмай жүз тоқсаннан сатып тұрдым.

Айттым да өтірік өлең, жұртқа жақтым,
Балықтың қабыршағын отқа жақтым.
Бір сонам асыранды қашып кетіп,
Меккеден он жыл іздеп азар таптым.

Ақылдан ер жеткен соң болдым жарым,
Бір суыр мал дегенде қолда барым.
Қатыным ту қоянды жаздай сауып,
Түйреді сары майдан екі қарын.

Міндім де осырақ қоңыз сона қудым,
Үш жұма үш ай жүріп, қона қудым.
Қумасқа белді байлап тұрып едім,
Дегенге жеңгем жерік бола қудым.

Бай болдым төрт түлікке тумай жатып,
Балама қалың бердім барым сатып.
Білімін мал жиюдың ерте біліп,
Сондықтан кедейлікке қалдым батып.

Байлықтан азап шектім ақырында,
Бір түйір мал болмады жақынымда.
Малымның бәрін жинап отқа жағып,
Отырмын кедейліктің тақырында.

Қамыстан жылқы ұстауға құрық қылдым,
Жусаннан үйге тіреу сырық қылдым.
Бір талын сақалымның кесіп алып,
Көшкенде мал айдайтын шыбық қылдым.

Жиынға салтанатқа кидім құрым,
Қытықтап зорға айтқыздым ханның сырын.
Келгенде қалыңдығың сексен төртке,
Қайныма бес жасымда бардым ұрын.

Жүз салған қорғасыннан қара балтам,
Шықпады он матадан сыңар қалта.
Дәулеттің құдай берген арқасында,
Көшемін жүз түлікке жүгімді арта.

Мен көрдім қара шіркей бала қаздай,
Жүк арттым бес қарсаққа ала жаздай.
Түлкісін қырдың қызыл жайлаймын деп,
Қан түсті аяғыма өле жаздай.

Тамырға өтірікті қап-қап бердім,
Найзасын нар қамысқа саптап бердім.
Жүйрігін тасбақаның ұстап мініп,
Түлкіге төмен қашқан тап-тап бердім.

Басына Қап тауының қора қылдым,
Бітер деп бес мың жылқы жора қылдым.
Топан су тау басына дамыл бермей,
Қылмасқа енді қора тоба қылдым.

Баласы қасқа айғырдың бөлтірікті,
Айтпаймын өлтірсең де өтірікті.
Мың кісі бір тышқанға мінгескенде,
Апырым-ай, бәрін тулап өлтіріпті.

Мен өзім кішкенемнен қарға бақтым,
Қашырмай сол қарғаны зорға бақтым.
Біреуі жануардың жүйрік шығып,
Мойнына ақ киізден арқан тақтым.

Мизамның сілемейін желі қылдым,
Шымшықтың жұмыртқасын келі қылдым.
Қамыстан сегіз қанат үй істедім,
Бір қызын кесірткенің келін қылдым.

Шымшықтың шылым шектім бақайынан,
Қоянның атым үрікті топайынан.
Тазымның нағашысы етікші еді,
Көртышқанның етік қылдым шоқайынан.

Басына бәйтеректің тіктім орда,
Көкорай шалғын екен қора-қора.
Қос атпен күні-түні бірдей қуып,
Қашаған бір битімді тұттым зорға.

Мен өзім өтірікпен жалт еткенмін,
Биялай бит терісін қалта еткенмін.
Етіне бір шіркейдің қазан толмай,
Соймасқа қайтып шіркей ант еткенмін.

Мыс егіп көбік қарға, алтын ордым,
Ініне абжыланның қақпан құрдым.
Шегірткем мініп жүрген тулап еді,
Жалғыз тал қыл қамшымен өлгенше ұрдым.

Түгестім саптаяқпен Сырдың суын,
Он нарға артып жүрмін қыздың буын.
Еншіге әкем берген мың қоянның,
Соғымға қырып алдым таңдап туын.

Тілімнің келмейді ебі өтірікке,
Тақсыр-ау, осыным да өтірік пе?
Қырық байтал қалың малға санап алып,
Қыз бердім отау тігіп кекілікке.

Биені қымыз іштім мұзға байлап,
Тышқанды жауыр қылдым үш жыл жайлап.
Қырық тоғыз мүшелімде әкем туып,
Жүгірдім қуанғаннан алақайлап.

Қошқардың қағанақтан күйегі бар.
Шідердің мұздан жонған тиегі бар.
Жұртым-ау, осыған да нанбаймысың,
Қырық арба, бір қаншырдың сүйегі бар.

Шымшықтың шылым шектім қу басынан,
Жалған емес, айтайын турасынан.
Қырық қарға, отыз сона құда болып,
Инелік киіт киді құдасынан.

Серік боп құрылтаймен қылдым сауда,
Айналды серіктіктің арты дауға.
Борсыққа жарап жүрген мініп шауып,
Ұрандап бір бүйірден тидім жауға.

Дариға, тоған бастым ебелектен,
Жаратып қасқыр қудым көбелекпен.
Жығылып тас кенеден мойны үзіліп,
Бір кемпір ә дегенше өле кеткен.

Аспанға алты жерден тіреу қойдым,
Тіреуге құрқылтайды байлап сойдым.
Жүрегін құрқылтайдың төрт бөліп жеп
Нансаңыз өмірімде бір-ақ тойдым.

Сауысқан әлден асты аққуды іліп,
Елімді қызғыш шауып салды бүлік.
Қақайып кеше кешке жеген еттен,
Қолқамда бес жыл тұрды кәрі жілік.

БАУЫРСАҚ ШАЙНАҒАНДА БАЛАЛАРДЫҢ АЙТАТЫНЫ

Нәйім-нәйім бауырсақ,
Қойға қарай жүгірсек,
Қой ішінде көк ісек,
Жақсы бала малсақ,

Жаман бала үй күшік.
Нәйім-нәйім бауырсақ,
Бауырсақты қуырсақ.
Жақсы бала малсақ,

Жаман бала ауылсақ.

ӨТІРІК ЕРТЕК, ҰСАҚ ӘҢГІМЕЛЕР

ЖҮЗ АУЫЗ ӨТІРІК АЙТҚАН ТАЗША

Баяғыда бір хан болыпты. Ханның сұлу қызы бар екен.

Бір күні хан: «Кімде-кім жүз ауыз өтірік айтса, қызымды беремін!», — деп жариялапты. Таланттының бәрі де өтірік айтамын деп одан-бұдан құрап айтса, не дәмін келтіре алмай, не жүзге толтыра алмай, ханға басын алдыра беріпті. Сонда бір сиыр баққан тазша бала: «Ханға мен жүз ауыз өтірік айтамын», — деп мәлімдепті. Хан: «Айт!» — деп рұқсат қылған соң, Тазша бастап кетіпті: «Болмаған бозбала күнімде, тумаған атамның ту жылқысын бақтым. Атам арнап ұрғашы ала тайға ен сап берді. Ала тайым ай жасап, жыл жүріп бала байтал болды. Байталымды айғырға қостым, бұзау болды. Бір күні желіні жетіп жүрген ала бием бошалап кетіпті. Әкемнің сары биесіне шығып көздесем, көрінбейді. Атымның үстіне құрығымды шаншып шығып қарасам, көрінбейді, құрығыма қамшымды шаншып қарасам, көрінбейді. Қамшыма пышағымды шаншып қарасам, көрінбейді. Пышағыма бізімді шаншып қарасам, көрінбейді. Бізіме тебенімді шаншып қарасам, алты дарияның ар жағында, бес дарияның бер жағында айға қарап құлындап, күнге қарап оттап тұр екен. Құлын биенің белінен былай бір аттап, былай аттап түседі екен. Құрығымды қайық қылып, әлгі дариядан ә дегенше сырғып өтіп қасына жетіп бардым. Енесіне мініп құлынды өңгеріп едім, көтере алмай омақаса жығылдым. Құлынына мініп, енесін еңгеріп алып, алты дарияны аттап, бес дарияның бер жағынан өте шықтым, — дегенде Хан: «Ой, ол дария деп дардай ғып айтып отырғаның шұқанаққа жаңбырдан іркілген шалшық-мал-шық, — депті. Тазша:

— Шалшық-малшық емес екенін содан байқаңыз, бер жағынан ертемен ұшқан тұрымтай кешке ар жағына азар шығып қонды.

Хан:

- Әй, оның тұрымтай емес, қанаты жетілмеген балапан-салапан ғой.

Тазша:

- Балапан-салапан емес екенін содан біліңіз, тұғырға байлағанымызда томағасы тоғыз қанатты үйдің шаңырағынан асып тұрды.

Хан:

- Ой, оның үй емес, балалардың ойын күркешігі ғой.

Тазша:

- Күркешік-мүркешік емес екенін сонан байқаңыз, есігінен өкірген өгіздің дауысы төріне естілмейді.

Хан:

- Ой, оның бір тайынша қашқанның бұзау-мұзауы да.

Тазша:

- Оның бұзау-мұзау емес екенін сонан біліңіз, бір сапарда алпыс кісі мінгесіп жүріп, кісі басына алпыс алтыдан қоян алдық.

Сонда хан:

- Ой, өгізің құрысын, бағанағы биені өңгеріп құлынмен қайда кеттің? — депті. Тазша:

- Дариядан өтіп келе жатсам, еспеген қоян өре қашты. Тебеніммен тіреп тұрып, инеммен екі салып, біреуін соғып қалдым. Пісіріп жейін деп, бір етек тезек теріп әкелсем, барлығы да бөдене екен. Ұйықтап ши түбінде жатқанда, теріп ала беріппін. Әкеліп төгіп салғанда, ұшты да кетті. Қайта барып шын тезек теріп әкеліп, қоянымды қақтап жеп, майын етігіме жағып, биемді бір қазыққа байлап жатсам, ұйықтап қалыппын. Бір мезетте жау шапқандай тарс-тұрс төбелес шығады. Шошып оянып кетсем, аяқ жағыма тыққан екі етігім қызылшеке болып төбелесіп жатыр. Бір етігім біріне: «Маған су жақты, саған май жақты!» — дейді. Жанжалы осы. Ұрыстың басы былжырамадан шыққанын білдім де, екеуін екі қойып, орны-орнына тығып қойдым. Тағы ұйықтап қалыппын. Таң қыланда тұрсам, май жаққан етігім жатыр, су жаққан етігім өкпелеп, қашып кетіпті. Қанша ұзады дейсің деген оймен сыңар аяқтап, ізімен кеттім. Бием қазыққа байлаулы қала берді. Желе жортып күн қуыппын. Ең аяғында етігімнің ізі шырмаяқ шырдың үлкеніне соғып, адастырды да кетті. Не болса да осы елден сұрайын деп, жақын жердегі бір ауылға келсем, шыбын-шіркейдің рулы аулы екен. Атақты бір адамы қаза болып, қасқа шыбын сойып, ас беріп жатыр екен. Сұрастырсам, қашқан етігім сол аста табақшы болып, табақ тартып жүр екен. Көрінген жердей көзімді алартып едім, қорыққаннан қос табақ, сасқаннан сан табақ әкеп тартты. Етті жеп, етігімді екі құлағынан тартып, тебіне киіп, қайтып келе жатсам, бағанағы еттің тұзы ашты болып қатты шөлдеп кеткенім. Күн ми қайнаған ыстық. Су ішейін деп құдыққа барсам, құдықтың суы қатып қалыпты. Балталасам ойылмайды, тескілесем тесілмейді. Тепкілесем болмайды. Шекеммен ақырын ғана нұқып қойып едім, мұзы ойылып кетіп, мөлдір суы көріне кетті. Ішіп, жуынып, қанып алып, қайтып ауылға келе жатсам, жолдағылар: «Жаным-ау жарты бас қашан болғансың, шекеңнің жартысы қайда?» — деп күліседі. Бұлар не айтады деп сипап көрсем, шекемнің жартысы бағанағы мұз ойған құдықта қалып қойған екен. Қайта жүгіріп келсем, шекемнің шарасына алпыс үйрек ұялап, қырық қаз жұмыртқалап қалған екен. Барлығын үркітіп жіберіп, шекемді орнына орнатып, биеме қайтып келе жатсам, алдымнан алпыс құмырсқа шығып: «Ауылға жүріп, түстеніп кетіңіз!» — деп жік-жапар болып болмағаны. Қабырғаммен кеңесіп едім, үй-түзін көре кетелік дегендей қылған соң, құмырсқаның аулына келдім. Төменгі үйдің төрінен, тоғыз бөлмелі үйдің көрінен орын беріп отырғызды. Үй иесі: «Мына кісіге бураның санын бұзып, қазанға сал», — дегеніне, бұл шіркіндердің бурасы қайсы деп отырсам, шегірткенің сүрлеген саны екен. Алдыма әкеліп қойғанда, қара көздікпен жамбасты қайшылай турағанымда, қайқайма табақ ет шықты. Артылғанын асатып, қалғанын қатын-баласына беріп, қайтып келе жатсам, жамбасымнан жанжал шықты. «Бұл не?» — деп, құлағымды салсам, қыным мен пышағым күңкілдесіп ұрысып келеді екен. Қын пышаққа: «Ішіп- жеп аласың да, ішіме жатып аласың», — дейді. Пышақ: «Тұмсығымды тамағалап, танауымды пысылдатып, ішкен-жегенімді мұрнымнан шығарып келесің ғой», — дейді. Ұрысы осы, мұртымнан мырс етіп күліп жүре бердім. Бияда бес күн жаяу, жалғыз баяғы бие байлаған жерге келсем, бие байлаған қазығым шоңкиған қасқырдың мойны екен, құлынымен қоса бір жапырағын қалдырмай жеп кетіпті. Осымен тама жүз ауыз болды, ханеке, — депті Тазша. Хан сонда Тазшаны арқаға қағып, қызын қосыпты.

(Талдықорған уезі, Ғали Орман ұлынан және басқалардан)

БАЙСАРЫНЫҢ ӨТІРІГІ

Ақжол шабдар атым бар, Ақшамға азан айтып, аллаһу әкбар дегенде, Алматыдан шығып Ла-й-ла-һа-ил-ла-ла дегенде Қарғалыны қақ жарып, Ұзынағашқа бардым. Сол жерден бір ауыз тиіп аттанып, бұлаң құйрықпен қазан қайнап жатқанда, Қазан қаласына бардым. Қазан қаласында бір жомарт адам бар еді. Баяғы қонақ келді деп атымды шаужайынан ұстай алды, — депті.

(Алматы уезі Байжарас ұлы Рақметқалидан)

ӨТІРІКТІ АЙТҚАН ЖАҚСЬІ,

ҚОСТАУШЫСЫ ТАБЫЛСА

Екі өтірікші бірі бастап, бірі қоштап, ел аралап, өтірік айтпақшы болыпты. Біреуі бір күн ілгері жүріп, ел аралап қонған, түстенген жеріне, жолыққан адамына өтірік айта бермекші болыпты. Екіншісі бір күн кейін жүріп жүріп, сол жөнмен алдыңғы өтірікшінің айтқанын растамақшы болыпты. Өтірік бастаушы бір ауылға келіп қоныпты. Ауыл адамдары: «Жақсы-жаманнан не тіл бар?» — десе, өтірікші: «Ел аман, жұрт тыныш. Жалғыз-ақ көкті көбелей, аспанды аралай көшіп бара жатқан елді көрдім», — депті. Ел нанбапты. Енді келесі кешке сол ауылға қостаушы өтірікші келіп қоныпты. Ауыл адамдары тағы да: «Жарқыным, жақсы-жаманнан не тіл бар, кеше бір қонақ, көкті көбелей, аспанды аралай ел көшіп бара жатыр екен дейді. Онан не білесің?» — дейді. Қостаушы: «Болса-болар, өйткені аспаннан анда-санда көрегенің сағанағы түсіп бара жатқанын көрдім», — депті. Бұл өтірік содан кейін лақап алып елге тарап кетіпті. Келесі күні өтірікті бастаушы енді бір елге келгенде, тағы да естіген-білгенді сұрағанда: «Бөтен айтарлық сөз жоқ, жалғыз-ақ жолда бір үлкен көл өртеніп жатыр екен», — депті. Ел нанбапты. Енді келесі кеште алдыңғы уәдемен қостаушы өтірікші келіп қоныпты. Ауыл адамдары тағы да: «Жарқыным, жақсы-жаман не тіл бар. Кеше бір қонақ келіп, жолда бір көл өртеніп жатыр деп кетті. Онан не білесің?» — дейді. Сонда қостаушы: «Жолда бір кепкен көлдің табанынан піскен балық жеп, қайран болған едім. Мынауыңыз сол жер болар», — деген екен. Бұл тапқырлыққа риза болған ел: «Өтірікті айтқан жақсы, қостаушысы табыл-са», — деп мәтел етіп кетіпті.

ШӘРКЕЙ

Шәутен деген бала бар еді. Оның бір әдемі ақ қозысы бар еді. Шәутен ақ қозысын жақсы көруші еді. Қозысының енесін апасына өзі саудырушы еді. Қозысын өзі көгендеп, өзі ағытушы еді. Шәутеннің аяғында шәутиген ғана шәркейі бар еді. Ағытып жатқанда қозысы Шәутеннің аяғын басып, шәркейінің ұлтанын түсіріп, жыртып-жыртып кетті. Шәутен шәркейіне жылап жіберді.

Апасы:

- Қой, балам, жылама! Осы қозының өзінің жүнін шәркей ғып берем, онда қайтер екен, — деді.

Ақ қозы үлкен марқа болды. Кішкене күндегі әдемі ақ бұйра жүндері ұзыннан-ұзын болып кетті. Шәутен де өсті. Жамаулы жаман шәркейі кішкенеден-кішкене болып, аяғына симай қалды.

Шәутен:

- Апа, шәркейім аяғыма симай қалды, — деді. Апасы:

- Ендеше ақмарқаңды қырықтырып әкеле ғой, балам, — деді. Шәутен Сансызбайға марқасын қырықтырды.

Шәутен апасына:

- Апа, марқаны қырықтырдым, жүнін әкелдім, енді шәркейім болды ма? — деді.

Апасы:

- Жоқ, балам, жүнді сабайын, — деді.

Апасы тұлақ жайды. Ауылдың қатын-қалашын жинап, жүнді сабады.
Шәутен апасына:

- Апа! Шәркейім енді болды ма? — деді. Апасы:

- Жоқ, балам, шиге тартамын, — деді.

Қатындар жүнді шиге шабақтады, аппақ майдасын бетіне тартты.
Шәутен апасына:

- Aпa, шәркейім енді болды ма? — деді. Апасы:

- Жоқ, балам, су құйып, сүйретеміз, — деді.

Су сеуіп, шиге орады, екі кісі тартып, өзгесі тепті. Шәутен апасына:

- Aпa, енді шәркейім болды ма? — деді. Апасы:

- Жоқ, балам, білектейміз, — деді

Апалары білектеді. Бір жазып, бір бүктеп, көп-көп білектеді. Шәутен апасына:

- Aпa! Шәркейім енді болды ма? — деді. Апасы:

- Жоқ, балам, шәркейді енді қарпимыз, — деді. Апалары киізді тікті, қайта-қайта қарпи берді. Шәутен апасына:

- Aпa, енді шәркейім болды ма? — деді. Апасы:

- Жоқ, балам, кепсін, — деді.

Апасы киізді таза жерге жайып тастады. Шәутен апасына:

- Aпa, шәркейім енді болды ма? — деді. Апасы:

- Жоқ, балам, енді пісіреміз, — деді. Қайтадан қайта-қайта білектеді. Шәутен апасына:

- Aпa, шәркейім енді болды ма? — деді. Апасы:

- Жоқ, балам, тағы да кепсін, — деді. Апасы киізді тағы далаға жайып қойды.

Шәутен апасына:

- Aпa, шәркейім енді болды ма? — деді. Апасы:

- Жоқ, балам, пішемін, — деді.

Апасы қайшымен екі шәркей пішіп алды. Шәркейлердің желкесі қыжырайып, басы ақмарқаның кішкене күніндегі сықылдана қалды. Шәутен жымың етті. Шәутен апасына:

- Шәркейім енді бітті ме? — деді. Апасы:

- Жоқ, балам, жүн шүйкелеймін, — деді. Апасы шуда шүйкеледі. Шәутен апасына:

- Aпa, шәркейім енді бітті ме? — деді. Апасы:

- Жоқ, балам, жіп иіремін, — деді. Апасы жіп иіреді.

Шәутен апасына:

- Aпa, шәркейім енді болды ма? — деді. Апасы:

- Жоқ, балам, сыримын, — деді.

Апасы жіпті инеге сабақтап алып, көп-көп тігіп, сырыды. Шәутен апасына:

- Aпa, шәркейім енді болды ма? —деді. Апасы:

- Жоқ, балам, ұлтарамын, — деді. Апасы ұлтан салып ұлтарды. Шәутен апасына:

- Aпa, шәркейім енді болды ма? — деді. Апасы:

- Иә, балам ... болды. Кел, аяғыңа ки, — деді.

Шәутен киіп алды. Аяғына шап-шақ қана, әдемі, ақ шұбар шәркей болыпты. Шәутен қуанды. Апасын құшақтап, бетінен сүйді. Шәутен марқасына келіп:

- Міне, бәлем! Менің шәркейім, — деді. Марқасы:

- Ім-ім-ім-ім... — деді.

(1929 жыл. Латын әрпінен түсірілген).

МАЛТА

Құлыншақтай қу шұнақ,
Құйрық-жалсыз, сұр шұнақ.
Балаға берді апасы
Сұрша малта, жұмыршақ.

Алды бала қуанып,
Кетті аузынан су ағып.
Бала:

- Жымың-жымың күлдірген,

Жып-жылмағай малта ғой.
Малта-малта малтақай,
Қайдан шықтың, айта ғой.
Жоғарғы ерні қыбырлап,

Төменгі ерні жыбырлап.
Малта сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:

- Жайылып желін толтырған,

Қоңырша қойдың сүті едім,
Қатын қақтап сауған соң,
Шелекте қалып бүркендім.
Қазанға күйді пісірді,

Пісірді де түсірді.
Тостағанын томпайтып,
Ауыздарын қомпайтып,
Көбігімді ұлы алды,

Қаймағымды қызы алды,
Жуындымды —күшігі.
Ұйытқы қойып ұйытқаның,
Ұғындым да ұйықтадым.

Айран беріп балаға,
Құя салды сабаға.
Тентек піспек түскені-ай,
Күлдір-күлдір піскені-ай.

Пісіп-пісіп толқыды,
Бетімде май көлісіді.
Қылшықтады, шайқады,
Тұзын татып байқады.

Бағанағы балалар:

- Aпa, маған да! — деп айтады.

Апасының қарағы
Алақанға салады,
Жылпылдатып жалады,
Жалап-жалап алады.

Тұрды қатын азаннан,
Құрт қайнаған қазаннан,
Құрт ішкенде тойынды,
Шұрқ-шұрқ қайнап қойылды.

Түсірді де, суытты,
Қапқа сүзіп қойыпты.
Серең сирақ сүреге,
Жайып қойды үреге.

Үреде күннің өткені-ай,
Шақылдап шекем кепкені-ай.
Қыстың күні болғанда,
Қыстауға ауыл қонғанда,

Тары көже пісіріп,
Қопарып қазан түсіріп,
Қатын қабын сөккені,
Салдыратып төккені.

Шым-шым суға шомылып,
Құрттың жібіп бөккені.
Қос білегін сыбанып,
Қос уыстап бір алып,

Салдыр-салдыр езді ғой.
Саған апаң берді ғой,
Жей бер, батыр, сөзді қой.
Бала айтқанды тыңдады,

Тыңдап қана тұрмады.
Малта аузына жылп етті,
Екі ерні сылп етті.
(1929 жыл. Араб әрпінен кирилицаға түсірген — Ғазиза Исахан).

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙