Мазмұнға өту
Home

Иматай. 3-кітап

Көбей Өтжан

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Иматай. 3-кітап

Көбей Өтжан — «Иматай. 3-кітап». ЖАЛҒАН ДҮНИЕ Трилогия Үшінші кітап ИМАТАЙ

/uploads/52715be7-993c-506d-a1ec-9a0ab0959137/cover.png

ЖАЛҒАН ДҮНИЕ
Трилогия
Үшінші кітап
ИМАТАЙ

БІРІНШІ БӨЛІМ
Нәлібай ата
1 – тарау

Ақсүмбінің асуынан асқан соң үш салт атты арттарына бұрылып, төменде жатқан Қаратаудың көгілдір тартқан тас шатқалдарына қарап, бір пәс кідірген. Айналадағы жасыл шөптер далаға да анау мұнарланып жатқан Қаратаудың тұтасқан бойына да ерекше бояумен өң берген. Ақсүмбенің биігінен қарағанда солтүстікке орналасқан Қаратаудың жалаңаш тау тастары таң қаларлықтай төменде жатыр,ол жақ опырылып, тасы да, жері де ойылып кеткендей, ал тауларының биік ұштары аяқтың астында қалғаны адамның көзіне тіпті ерсі көрінеді. Бұл ой оңтүстікке көз салғанда, әсіресе оңтүстік пен солтүстікті салыстырғанда адамды таң қалдырады,себебі оңтүстік беткей теп тегіс жусан өскен созылған дала. Ақсүмбенің асуынан асып мына үш адамның тұрған жерінен қарағанда бір жағың төменде жатқан тау болса ал енді екінші жағың аяқ астыңнан бастап жусан өскен, алысқа жайылған ен дала.

— Мен осы жерден өткен сайын бір тоқтап, жан жағыма қарап, осы көрініске таңырқап, жер жарықтықтың жаратылылысына риза боламын — деді Нәлібай жанындағы екі баласына. Бұл кісінің екі баласын ертіп, биылғы жайлауды аралап, жазғы қоныстарын көздерімен көріп, кері оралып келе жатқан беттері еді. Құланшы өзенінің мөлдір мұздай суына жуынып, бойлары сергіп, алла тағалаға риза болысып,осында өткен жас өмірлерін көз алдарына елестетіп,таң қаларлық оқиғаларды еске түсіріп, бақилық болған таныс, туыстарға,ата бабаларға,аналарға дұға оқып, тілек арнап, бойларынан жүк түскендей сергіп шыққан. Аттарының басын жусанды далаға бұрып, оңтүстікте жатқан ауылдарына қарай шұғыл жүріп кетті. Көктемнің жұмсақ лебі жусанның хош иісін кеңсіріктеріне толтырып, жандарына қанат байлап бергендей. Енді олардың алдарында жатқан жасыл дала тұп тұнық жасыл теңізге айналып кеткендей әсер қалдырып еді, сәлден соң олар өздерін сонда жүзіп келе жатқан қайықтың үстінде отырғандай сезінді.

Күн төбеден ауып қалған кезде Нәлібайдың үлкен ұлы Жұмат атын тоқтатып тұрып:

— Жәке, көзіңізге түсті ме ана жерде бір нәрсе қашып барады, қасқыр сияқты -деді қамшысын созып алдарындағы жыраны нұсқап.

— Қайсы, қай жерде ? — деп інісі Иматай мен әкесі Нәлібай қатар сұрақ қойып. Өздері Жұматтың қолымен көрсеткен жағына қарағыштап.

— Көрдім,қасқыр ғой ол — деді Нәлібай .—Ал балаларым,қуамыз, кеттік. Сен екеуің артына түсіңдер.

Нәлібай атының басын қасқырдың тау жақ бетіне қарай бұрып, қасқырдың жолын кесті, атына қамшыны аямай басты. Бұқпалап бара жатқан қасқыр енді ыршынып, ашық жерлермен қашты.Қасқырдың тауға қарай тездеп, өтіп кеткісі келген ниеті орындалмады. Нәлібайдың аты оның жолын кесіп, қатарласып шауып келе жатты,ал соңынан ентелеп, екі атты жақындап қалды. Тауда әлі тіске басатын мал жоқ болғасын қарны ашқан қасқыр далаға шыққан болу керек. Сасқалақтаған қасқыр жаны аузына тығылып, қорыққаннан даламен бағытын өзгертпей созылып, шауып бара жатты. Қыста жайы болмай қиналып, нашарлап қалған ба сәлден соң аяқтары тәлтіректеп, мазасы кете бастады. «Мына біреу бәле болды – ау» дегендей Нәлібайға мойнын бұрғыштай бастады. Ауызын ашып, тілі салақтап, ұзара түскендей. Далаға қарай бұрылып, қашып көріп еді, соңындағы екеудің бірі атын солай қарай бұрып, жетіп қалды, амал жоқ, не де болса тауға қарай бұрылып, көру керек дегендей қайтадан бұрынғы бағытына түсті.

«Осы бәледен күшім таусылмай тұрғанда құтылмасам болмас» дегендей ой келген болу керек қатарласып, келе жатқан Нәлібаймен араларын жақындата түскен еді бір кезде. Жолға мықты,жарамды аттар қыстан қалжырап, сілікпесі ғана ғана шыққан арланның қадамын екі үш орап, тақымдап қалды.Шарасыз халін сезген арлан қасқыр енді Нәлібайды оңтайлап, екі көзін соған қадап, тістерін ақситып, қатарласып шауып келе жатты. Бірақ бойдан қуаты кетіп, оның әлсірей бастағанын, енді не де болса өзіне бір шабуыл жасайтынын Нәлібай да сезіп еді. Жас кезінде нағашы ағаларының еліне қыдырып, барған күндерде олардың қасқырды қалай ұрып, алғандары туралы айтқан әңгімелері есіне түсті. Саусақтарын сығымдап, қамшысын қыса ұстап, бұқаның мойын терісінен тіліп, қысып, тарамдап өрген жуан қамшысына сеніп келеді. Күткеніндей болды, ойы дұрыс екен, бір кезде қасқыр Нәлібайға қарай атылды. Денесін жиырып, көз ілеспес жылдамдықпен қолын биікке көтеріп үлгерген Нәлібай биік аттың үстіндегі өзінің кеуде тұсына дейін көтеріліп, аузын ашып, тістеуге бет алған қасқырдың тұмсығынан бар күшімен қамшысымен осып жіберді. Сол қолымен аттың тізгінінен тартып, оның шабысын баяулатқан.Қара күрең ат аспанға алдыңғы аяқтарын тік көтеріп, арттағы екі аяғына салмағын сап, тұрып қалған болатын. Аяусыз күшпен жұмсалған соққы қасқырға оңбай тиген, жерге құлатқан еді. Ауадағы алдыңғы екі аяғын қара күрең де қасқырға бағыттап, күректей тұяқтарымен теуіп теуіп жіберіп, оның денесін төменге түсіргенде, жерге құлаған қасқырдың қабырғаларын тағы да күректей темір табандарына бар салмағын салып, жерге жабыстырып басып басып қалып, оның денесін оңдырмай күйретіп жіберген болу керек қасқырдың ышқынып, адамның жүйкесін түршіктіріп, жібергендей үнмен шығарған еріксіз қыңсылы естілді. Ол тек басын көтеріп, тістерін жан жағына, ақсита берді.Қатар келген арттағы Жұмат пен Иматай аттарынан сырғып түскен бойлары қара күреңді жасқап, итермелеп, өздері қамшыларымен қасқырдың басынан аямай ұрғылап, сәлден соң оны қозғалтпай серейтіп тастады. Ал қара күрең елеріп, ентігіп, үлкен көздерінің аларған ағын қасқырдан алмай аузындағы ауыздығыңың темірін қарш қарш тістеп, қасқырға қарап ұмтылып тұрды.

Елеріп кеткен қаракүреңнің арынын зорға басқан Нәлібай атынан түсіп, екі баласының тірліктеріне қарап, қанаттанып, ентігіп тұрды. Олар риза күйде сәлден соң арлан қасқырдың терісін бүлдірмей сыпырып алды.

— Басының терісін ажыратпаңдар, басы терісімен бірге қала берсін – деп Нәлібпай балаларына тапсырма беріп, соны қадағалады, аяқ астынан болған мына оқиғаны ішінен жақсылыққа жорыды.

...Олар ауылға түс қайтқан мезгілде жетті. Алыстан бұларды байқап, таныған Нәлібайдың ауылда қалған басқа балалары алдарынан шығып, қарсы алды.

Әкелерін аттан түсіріп жатса бірі, біреулері ағаларының аттарын жайғап жүріп, арлан қасқырдың жас терісін көріп, оған бәрі таңырқап, гуілдесіп жатты.

2 - тарау

«Әкелері Нәлібаймен бірге үлкен ағалары Жұмат пен Иматай екеуі қосылып, Жайлаудан қайтқан жолда арлан қасқырды қуалап жүріп, қамшымен соғып өлтіріп, терісін сойып әкепті» деген сөз ілез демде ауыл ішіне тарап кетті.Бала шаға үйді қоршап алған,сырттағы киіз үйдің есігінің босағасына жақын жерге тігінен қазып көмген бақанға ілінген арланның терісін қолдарымен ұстап, қозғап, мойын терісімен бірге сақтап әкелген, салбыраған басына таңырқап қарасады, ауызын ащып сояу тістеріне қорқынышпен үңіледі.

Нәлібай сегіз қанат қарүйдің төрінде жатыр, Балалары мен немерелерінің таңырқаған дауыстарын естіп ризашылықтан.кірпіктерін жұмып, еріксіз өткен күндерді ойлап, анасы Алтынның өзіне ғана белгілі мейірімді түр сипатын есіне түсіріп, көз алдына елестетеді. «Шіркін анам, мен сенің қадіріңді өмір бақи силап, ұмытпаспын. Кішкентай кезімнен ақ жылы алақаныңа менің кішкентай қолдарымды салып, қысып ұстап, жетектеп, ертіп жүретін ең. Нәлібайдан басқа бала көтермей қалдым деп, әулиелер жатқан қорымдарды жағалап,солардың басына түнеп, жалғыз балама серік, бауыр болатын бір бала бере гөр деп жатсаң тұрсаң алла тағалаға жалбарынатын ең, көзіңнің жасын көл ететін ең. Не осы жалғыз баламның өмір жасын ұзартып, оны көп баланың әкесі ете көр. Үрім бұтағын көп ете көр деп, құдайға жалбарынушы ең анашым» Нәлібай көзіне келген жастың бетіне қарай аққанына көңіл бөлген жоқ. «Бірақ мен жалғыз өссем де сенің тілегіңді алла тағалам орындады ғой, маған көп бала берді, әрине сен оны көре алмай кеттің, ал тірі болғаныңда қазір есіктің алдына жиналған,ана жүгіріп жүрген немерелеріңді көріп шүкіршілік етер едің.Алла тағалаға ризашылығыңды, рахметіңді қайта қайта айтар ең ау анашым. Ұмытпасам он жеті жасар кезімде ме еді осы есіме түсіп тұрған оқиғаның болған кезі. Аңнан қайтқан бетім анық есімде, жолда малшыларға соғып келе жатқаным да анық көз алдымда тұр. Қарсы алдымнан кездескен үйлерге бұрылып сәлем беруге кідіргемін. Ол Бәймен болыстың ауылы екен, есігінің алдында күтіп, қарсы алды. Ол кісі тәкәппар, менмен адам екен. Амандасқаныма риза болып бірақ, үйіне қарай ертті мені. «Уа, жас жігіт Құрымбайдың баласымын де», деп ыңылдап ойланып қалды. «Әлігі үлкен әйелінен көрген баласы жалғыз деп еді сол сен екенсің ғой, Анаң жақсы тәрбие берген екен саған»-деді.

Үйге кіргенде көзіме түскені жасы келген апа болған, сол кісіге ізет көрсетіп амандасқамын, төрге озып жайғасқанымды көріп, Бәймен маған:

— Таныдың ба балам, туысқан апаңды -деді бетін тыржитып жақтырмай сыртқа шығып бара жатқан әйел кісіні меңзеп. Жасы келген етженді апай екі жағына теңселіп жүреді екен басындағы шаштары қобырап, орамалы бір жағына қарай ысырылып, аяғындағы мәсісінің екі қапталы жаншылып қисайып кеткенін аңғардым,болыс Бәйменнің соны тұспалдағанын сездім. «Әйелін жақтырмайды екен», деп ойладым

—.Аяқ киімін тоздырмай киетін адамды етікші,ал ұзақ өмір сүрген адамды алла тағаланың өзі де жақтырмайды деген емес пе бұрынғылар — деп кідірмей жауап бердім. Болыс басын бұрып, ашуланып маған қарады:

— Не дейсің- әй, сен бала? Жағыңа жылан жұмыртқаласын. Жалғызыңнан жабысқыр.Бар кет, шық үйден — деді маған,— ақылыңды езіп басыңа жақ.

Сондағы менің бойымды билеген ашуымды сізге тілмен жеткізе аламын ба анашым. Ашуымды билеп, тежеп, оның жасының үлкендігін силап, бірақ орнымнан атып тұрып, бір сөз айтпастан қарүйден тез шыққан бойым атыма асығыс мінген күйім шаба жөнелдім. Ой, шіркін, он жеті жаста емеспін бе бетімді ешкім қайтармаған кез, намыс оты бойымды билеп, анандай қарғысты естіп, шыдап, оған үнсіз, жауап қайтармай кете беру үлкен күшке түскенін түсінерсіз анашым, бойымды билеген кек сезімі мен ашуымды аттан алып, қолымдағы қамшымен ол байғұсты сабалай беріппін ғой. Есіңізде ме, мен үйге асығыс түтігіп, кіріп келгенімде менің қас қабағымды айтпай танитын қалпыңызда:

— Ботам, тиыштықпа ? — дедіңіз.

— Тиыштық қой — дегенім есімде.

— Балапаным, не болды шыныңды айт ? -дедіңіз. Өмірімде сізге жалтарып, тура жауап бермей, алдаған кезім болған емес еді. Өтірік айтуға арым бармаған соң, болған оқиғаны болған қалпында сізге айтқаным есімде. Сондағы сіздің бұзылып кеткен өңіңіз өмір бақи есімнен кетпейді.Бозарып, қан сөлсіз өзгерген түріңізбен маған әмір бергенсіз:

— Тұр, киін, жолға шығамыз!

Бір тіл қатпастан сыртқа беттегемін. Екеуіміз атпен жол бойы ұзақ үнсіз жүрдік. Сізден қайда баратынымызды мен сұраған жоқпын, ал сіз айтпағансыз. Бірақ сәлден соң бағытымыздың Бәймен болыстың ауылы екенін сезсем де үндемедім, сұрамадым.

Есігінің алдына келген кезде қарүйінің есігін ашып, Бәймен болыс іштен шығып келеді екен. Бізді көріп сәл пәл кідіріп барып:

— Уау, Құрекеңнің бәйбішесі сізбісіз, көзіме сенейін бе сенбейін бе ? Хош келіпсіз. Әй, қайсың барсың, құрметті қонақты қарсы алыңдар – деді. Өзі қайтадан үйге кіріп кетті.

Әлі есімде. сіз сонда да өң берген жоқсыз Біз үйге кіргенде болыс төрінің қақ ортасына өзі орналасып, сыр бермей отыр екен, біз одан төменгі жаққа жайғасып, отырған соң үй жанның, малдың амандығын сұрасқан ілтипатты сұрақ жауаптар айтылғаны белгілі. Содан соң сіз бірден:

— Байеке, сіздің үйге келгенде менің сізге айтар өкпе- ренішім, өтінішім бар, бірақ оны айтпай тұрып, алып келген сыйымды, сыбағаңызды көрсетіп берейін -дедіңіз Қызметші үйге алып кіргізіп қойған қоржынның ауызын ашып, ішіндегілерін щығарып, көрсетіп,әр қайсысын бөлек қойдыңыз. Сүрленген қазы, қарта, жал- жаяны, майы сыртына шыққан еттен көрінбейтін үйеме жілік, жамбастарды бөлектеп, үйдіңіз.Содан соң:

— Байеке, сіз бұрыннан сыйласып, араласып келе жатқан қадірлі адамсыз. Бүгін сізге сәлем беріп, келген балама айқайлап ұрсыпсыз. оны айтпай -ақ қояйын, ашуланып,қарғыс айтып, үйіңізден шығарып жіберіпсіз. Біз бір аллаға мінәжәт етіп, осы жалғыз баламызға өмір тілеп, болашағымызды осы балаға байланыстырып отырған иә, өзіңіз сияқты адамбыз, түсінерсіз, сіз де ұл, қыз өсіріп отырған шығарсыз, баламызға айтқан қарғысыңызды қайтып алыңыз, сіз де алла тағалаға сиынған мұсылманның баласысыз, тілегім орынды шығар деп ойлаймын..Өтінішімді орындаңыз, бетімді қайтармаңыз.—деп Бәймен молдаға алақаныңызды жайып, қарағаныңызда оған деген қандай ойлардың басыма келгенін, менің қандай халде болғанымды сіз білген жоқсыз – ау апа. Ашу мен ыза, намыс пен дәрменсіздіктен жарылып кете жаздадым емес пе. Сізді оған жалынтып қойғаныма, өзіме деген реніш сезіміме, зорға еге болдым. Иә ана жаным, сіздің мені бұл дүниеге алып келген жақсылығыңыздан басқа мен өсіп жетілгенше тек менің тілеуімді тілеп, алла тағалаға жалбарынып, өзіңіз үшін өмір сүрмей, тек мен үшін пәни дүниені тәрк еткеніңіз бүкіл ғұмырыма ұмытылмас сабақ, үлгі екенін сезгенімді тірілігіңізде еш сізге айта алмағаныма өкінетінімді енді мойындап, аруағыңыздың алдында кеш те болса соны білдіріп, рахметімді мың мәртебе рет қайталап айтып, алғысымды арнаймын. Рахмет.Жаныңыз жәннәттә болсын анашым. Менің басыма зиян іс,айтылған қарғыс болмауы тиіс еді ғой сіздің түсінігіңізше.

Бәймен болыс байқадыңыз ба сіздің әлгіндей туралап айтқан сөзіңізден абыржып, тосылып қалды, білдім. Еріксіз кінәсін мойындады.

— Ойпырым – ай, Құрекеңнің үйіндегі қадірлі құдағи менің ойланбай ашу үстінде айтқан сөздерімді көңіліңізге ауыр алып, қатты уайымдаған екенсіз ғой. Сізге өтірік болып көрінуі мүмкін, имандай шыным, менің бетіме уәж айтып, қарсы шыққан адам болған емес осы жасқа келгенімше. Ал сіздің балаңыз батыл екен,сарт еткізіп жауап қайтарғанда ашудан көзімнің қарауытып кеткені рас,қалай және қандай жауап бергенім есімде қалмапты бірақ, ашу үстінде адам не айтпайды. Иә, осы үйдегі әлігі әйелі түскір себеп болып, айтылып кеткен жеңілтап сөзге енді өкініп отырғаным рас, рас айтамын, бірақ оған соншалықты зіл салып, мағына берген жоқ едім, айтқан сөз атылған оқ,тәңірімнің өзі куә, бірақ ниетімде еш арамдық ой жоқ болатын, ойланбай сөйлеген ауырмай өледі деген рас екен.Қолыңызды жайдыңыз ба ? Оқыстан ойланбай айтылған қарғыс, ғайбат сөзімді қайтып алдым, Алла тағала өзің кешіре гөр, Аумин — деп ол бетін сипағанда, анашым сіздің бетіңізден аққан көз жасыңызды көріп, тебіреніп ем.

Қазір сол оқиға есіме түсіп, көз алдымнан өтуде, төсегімде жатырмын, құлағым есіктің алдында сөйлесіп жүрген немерелеріңнің, ойнап жүрген шөберелеріңнің даусын естиді, ішімнен бұлар анашымның ақ тілегінен туған, пайда болған ұрпақтары ғой деп ішімнен тебіреніп, сіздің бейнеңіз көз алдымнан кетпей, сағыныштан жүрегім елжіреп, сізді ойлаймын. Анашым, сізге деген алғысымда шек жоқ, неге ғана адам осындай уақытша, аз өмір сүреді деп, өкініп жатырмын, өксігім тамағыма тіреледі. Мен қазір шал болсам да өзімді сізді сағынған жас балаша сезініп, сізді қаншалықты іздеп қиналатынымды білсеңіз ғой сағындым.» Нәлібай көздерінен аққан жасты сүртпей көз алдындағы анасының бейнесінен айрылып қалмайыншы дегендей көз жасының арасынан бұлдыраған анасына үзіле қарап жатты. Ал есік алдында Нәлібай аталарының үйдің ішінде анасын ойлап, сағынып, қиналып жатқанынан бейхабар балалары мен немерелері даудырап, атасы әкелген қасқыр терісіне таң қалысып, оның басын әрқалай аударысып, төңкерісіп, үңіліп, таңырқасып жатты.

Нәлібай орнынан тез тұрды да сыртқа беттеді. Кермеде байланған атына келіп, айыл тартпаларын тексеріп, асықпай мінді де ауыл аралап кетті. Жайлауға көшу қамын ойлап, баласы Мантайдың қарауындағы қызыл жорға атына көз салып, оның бабын білгісі келген. Ол жақындағанда тігілген қарүйдің ішінде ұстап, бағып жүрген аты иесінің исін сезгендей кісінеп қоя берді. Тыпыршып қарүйдің ішінде ойнақ салғаны білінді. Нәлібай атынан түсіп шылбырын кермеге іле салған күйі қарүйдің жаппа есігін шалқалай ашып кіріп келгенде, күтіп тұрған қызыл жорға оның беттерін жалап, иіскеп, оқыранып қоя берді, тұмсығын қолтығына сұққан. Анасы Алтын мінген бұл жорғаның Нәлібай үшін алар орны бөлек – тін. Сондықтан да қарүйде ұстап, жеке баққызатын. Енді жайлауға көшетін мезгіл келген соң бір қарап, көріп кеткісі келген. Атасының келгенін естіген болу керек келіні Құлқаныс қарүйге жүгіріп кірді, атасына иіліп сәлем берді. Аттың бабына Құлқаныс жауапты еді, көз қырын салатын – жем суын уақтылы беріп тұратын, себебі бұл қызыл жорғаға Атасының тапсыруы бойынша тауға жайлауға,не кері қоныс аударғанда көшті бастап, қызыл жорғаның үстінде бірінші болып, осы келін,Құлқаныс мініп жүретін. Көш бастаушы келісті, әрі көркем болуға тиіс. Әрине, басқа да талаптарға сай келуі керек. Оған Нәлібай қыз келіндердің ішінен Құлқаныс келінін лайық көрген. Аттың сергек көңіл күйіне қарап, оның бағымына риза болған ол аттың сауырынан сипап, мойынынан еркелетіп, алақанымен қаққан. Бұрын анасы мінетін қызыл жорғаның үстіне енді келіні Құлқаныс жайғасып, көшті сол бастап жүр. Оның көз алдына биік сәукеле киген, қызыл жасыл бүрмелі көйлекке малынған келіні елестеп, оған да риза болатынын сезінген соң Нәлібайдың көңілі орнына түсті, сыртқа беттеді. Кешкісін ас ішуге үлкен ұлы Жұмат отауына шақырған, соған баруы керек енді.

Нәлібайдың ұрпағы тегіс жиналып,тамақтанып болған соң, бұл оқиға ойламаған жерден басталды. Аяқ табақ жиналып, бата берілген, дүниеден өткен ата бабалардың аруағына арнап құран оқылған – тын. Нәлібайдың екінші әйелі, жас тоқалы Ақбөбек есіктен өзіне қарап, белгі беріп, шақырып тұрған малшыларының басшысына бармай: —.

-Кірсейші, не дейсің ?- деп шақырды.

Жасқана басып,шет шетпен бір қырындап, ол кірген бойы Ақбөбектің жанына тізесін бүгіп, әлденені сыбырлап айта бастады. Сыбыр сыбыр әңгімелері созылып кеткен соң отырғандардың ойы бөлініп, айтылып жатқан әңгімелері үзіліп, ақыр соңында бәрі соларға қарап қалды. Нәлібай кейісті үнмен тоқалына жақтырмай қарап: —.

— Не болып қалды соншама, малшыңды шақырып, үйде сөйлесетіндей – деді.

— Менің аузым бармайды айтуға – деді Ақбөбек.

— Әй, сен не айттың сонша, әйелімнің аузы бармайтындай,айтуға қорқатындай,айт жаныңнан безбесең - деді Нәлібай келген малшыға.

Ол кібіртіктеп,кідіріп қалған еді.

— Айт, тездетіп, әйтпесе.. – деді Нәлібай.

— Сіздің бөліп берген малдарыңызды балаларыңыз бөліп, айдап алып кетті – деді ол ақырында жәймен.

— Қандай мал,қандай балаларыңыз ?

— Ақбөбек апаға берген малдарыңызды, ана кішкентай бесіктегі баласы Омарға силаған еншіңізді мына отырған үлкен балаларыңыз бөліп алып, айдап алып кетті, өздеріне еншіге алған малдарына қосып алды, түйені де,жылқыны да, қойды да.. – деді малшы. Ақбөбек үнсіз басын төмен тұқыртып, пырсылдап отыр, жылағаны ма белгісіз.

Нәлібай басын төмен салып, аз үнсіздіктен соң үлкен балаларына қарамастан малшыға бұрылып: -.

— Сен кете бер,ертең малды апарып салады.—деді. Ешкім үн қатқан жоқ. Отырған жерлерінде бастарын көтерместен,тілдерін жұтып қойғандай мөлиіп отыр. Бәрі де әңгіменің мәнін түсінген. Бұдан екі күн бұрын Нәлібай екі әйелін, балаларын тегіс жинап қолындағы малын балаларына бөліп, еншілерін беретінін айтқан, солай еткен. Онда ешкім қарсы пікір айтпаған, үнсіз келіскен.Бөлген малды әрқайсысы өздерінің малшыларына айдатып, жекелеп баққызатын болған. Отау үйлерді бір жерге жинамай арасын алшақтатып қоныстандырған. Енді мына әңгіме сол болған іске қарсылықты,келіспеушілікті білдіріп отыр. Нәлібай кенет бойын кернеген ашуға ерік берді: —

— Мені өлмей жатып, тірі кезімде тыңдамай, басынайын дегендерің бе бұларың ? Менің шешімімді неге өзгертесіңдер? Омар бесіктегі бала болса да ол сендер сияқты менің балам,. сендерге бөтен емес, інілерің. Мына тірліктеріңнен мен шошынайын дедім. Мені қалай силайтындарың белгілі болды, кімнің бастағанын айтпасаңдар да маған барлығыңның мінездерің белгілі. Бұл тірлікті бастаған, басқалардың құлағын көтерген сенсің — деп саусағын Әшімге шошайтты. Беті ашудан түтігіп, баласына деген ренішін баса алмай,ентігіп: — Басқалардың ойына келмеген қулықты сен ғана білесің,сен, сен, нағыз бақылсың. Бауырларыңды айдап салып, көзге түспейтіннің нағыз өзісің, «әке балаға сыншы» дегенді білмейді екенсің бірақ, саған қатты өкпеледім. Ал саған не жоқ сен Әшімнен үлкен емессің бе? Қой, әкемізді силайық, ұят болады деп айтпадың ба? Құдай біледі ғой бірақ саған сенбеймін. Ішің түтін, ұят дегенді сен де ойламайсың, әкеміздің баласы ғой ол да, бесіктегі бала болса да деп аитудың орнына Әшімге ерген сен оңбайсын,сен өспейсің, өнбейсің қара да тұр — деді ол Әшімнен үлкен баласы Иманбердіге саусағын безеп тұрып. Ашуы басылмаған Нәлібай енді бетін басқаларына бұрып. — Ал сендерге не жоқ? Иманберді мен Әшімге еріп, әкелерің мені ұмыттыңдар ма? Екеуіне еріп, малды тезірек өздеріңе бөліп, қосып алуға асықтыңдар ғой. Сендерге не айтамын—деп Мантай мен Мампайға Кәрібайға шүйілді, түңіле қарады. Нәлібайдың балаларына деген ренішінде шек жоқ сияқты. Асықпай басын қатар отырған үлкен екі баласына бұрды. — Сен, Иматай бұған не айтасың? Болыс балам – ау, бауырларыңа адал, қамқор бол, елге ақылды басшы бол, деп өсиетімді айтқаным есіңнен шығып кеткені ме? Осы тірлікке қатысың болса сенен не үміт не қайыр, үлкенім деп, серігім деп сені, марқайып жүргенім бекер болғаныма — деп Нәлібай сонан соң Жұматқа қараған. Балаларының бастары төмен түсіп кеткен еді. Үнсіздікті Жұмат бұзды:

— Жәке, сөзіңіз орынды, бізден үлкен қателік өтіпті. Кешіріңіз, ашуыңызды басыңыз,бәрін сіз айтқандай қалпына келтіремін.Осы қазір кірісемін, бұл іске. Иматайдың да қатысы жоқ, босқа кінәламайық оны, ол білсе бірден маған айтатын еді, мен де бұны осы қазір өзіңізден есітіп отырмын. Рұхсат берсеңіз осы қателікті қазір түзетейік, біз тұрайық – деді Жұмат әкесі Нәлібайға.

— Жоқ, малды ертең орнына қоярсыңдар, менің сендерге бұрын айтпаған, басымнан кешкен уақиғаны осы қазір сендерге айтып бермесем болмайды,бір жағы сабақ болсын. Дастарханға сусын әкеліп қойсын келін,бұл әңгіме де жеңіл емес – деді Нәлібай.

3 - тарау

— Дәл осындай оқиғаны мен де өз басымнан өткергенмін – деді Нәлібай отырған балалары мен келіндеріне қарап, шамалы кідіріп. — Онда аталарың - менің әкем Құрымбай бізге яғни балаларына енші берген. Үлкен әйелі бәйбішесі Алтыннан туған жалғыз баласы мен болатынмын, ал екінші әйелі тоқалынан туған жеті баласы бар, кім екенін мен айтпай – ақ өздерің білесіңдер, олар әрине менен жас . .бар малын бірдей етіп, бөліп беретін болған. Ол кісіні түсінеміз, балаларының бәрін жақсы көреді,алаламайды. Мен де сол әкемнен көргенімдей етіп сендерге тең бөліп едім ғой малды күні кеше.Оны мына сендер түсінбей қарсы болыпсыңдар, әңгіме қайда жатыр. Ол кезде әкеме мен ештеңе де айтқан жоқпын, қарсы болмағамын. Бірақ менің анам Алтын риза болмады. Тіпті ол кісі қатты кетті. Әкеме талап қойды. Малды екі әйеліңе ғана бөлесің деді, теңдей етіп екіге ғана бөлесің деді. Малдың жартысын мен жалғыз иеленемін ал екінші жартысын жеті баланың анасы иеленеді не өзі соны балдарына өзі бөліп береді. Мұны естіген әкем Құрымбай қатты ашуланды. Маған әмір беретін сен кімсің деп анама ұрысты. Мен ол кезде он жеті жастамын, бала емеспін бәрі есімде қазір. Анам бір бет кісітін. Мен сенің берген сегіздің бір үлесін алмаймын деді әкеме. Әкем де бір бет кісі еді сенің айтқаныңды істесем онда еркек емеспін мен деді. Алмасаң онда малымды мен ана жеті балама тең етіп бөлемін де қоямын ал саған бір бөлік мал да жоқ деп жауап берді және солай етті.

Ертесіне анам жолға жиналды,еліне, төркініне кететін болды. Әкем тіл қатқан жоқ. Ал мен екі оттың ортасында қалдым. Әкемді түсінемін,оған сегіз баласының бәрі де бірдей. Анамды да түсінемін, айыбым бір баладан басқа бала тумадың деп кінәләйсың ба, менің жазығым жоқ оны әдейі істеп отырған жоқпын ғой, екі әйел алдың ба беретін малыңды екіге бөл де қой дейді ол кісі,әйтпесе сен мені қорлап отырсың дегенді айтады. Түсінгенімді қайтейін араларына дәнекер болып, билік айту қолымнан келмейді. Анам үнсіз жиналды да маған қарады, жалынған жоқ, ұрысқан да жоқ,түсіндірген де жоқ. Ал мен анамды қалай жалғыз жібермекпін, бір сөз тіл қатпастан ердім де жүре бердім. Анам ғой ол кісі. Анам қоңыршұнақ руының қызы, елі. Төркіні қаратаудың солтүстік беткейінде отырады. Сонымен мен нағашыларымның елінен бір-ақ шықтым. Анамның әкесі бахуатты болған кісі, бірақ сол кезде тірі емес, бахилық болған екен. Ал бірақ анамның бауырлары біраз екен, олар біздің келгенімізге қуанып қалды. Олар бізді қыдырып келді деп ойлады болса да. Нағашы көкелерім көп екен, мені кезектесіп аңға ертіп кетеді. Сонда ғой менің аңға деген құмарлығымның оянғаны, қай аңды қалай аулау керегін үйренгенім. Қасқырды қуалап, қалай ұрып алуға болатыны туралы әртүрлі әңгімелерді естігенім. Сонымен анамның бауырларының үйлері кезектесіп күнде күтеді, қонақ боламыз,бәріміз сол үйде жиналып, әңгіме шертеміз,ән айтылады, домбыра тартылады, көңілді болды. Біз не керек бір айдай уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалдық. Содан бір күні мені анам оңаша шығарып алып, ең үлкен ағасымен арасында болған әңгімені маған айтып берді.

— Әкеміз болса бақилық болған, балаларының үлкені менмін, менен ешнәрсені жасырма, мен әке орнындағы адаммын. Келгендеріңе айдан асқан уақыт болды,қайтатын адам сияқты әңгіме айтпайсыңдар,бұл тектен тек емес, бір реніш бар. Соны маған оңаша айт — деді үлкен ағам. Одан несін жасырамын, екінші әйелінің жеті баласын менің жалғыз балама қосып сегіз етіп еншісін бөлгенін айттым. Менің өкпем баламды жалғызсыратып қойды, алғашқы көңіл қосқан мені жалғыз баланың шешесі етіп силамады дедім. Ренішім сол. Малды екіге бөл де екі ауыл етіп, бөлек отырғыз деп айтқаным - кінәм. Ол мені тыңдамаған соң мен жиналдым да төркініме кеттім деп жүре бердім. Бар әңгіме осы дедім.

— Ашуыңды бас, кетпе деген сияқты әңгіме айтқан жоқ па Құрымбай ? – деп ағам сұрақ қойды маған.

— Жоқ дедім,солай емес пе балам ау – деді анам маған.

— Иә, деп келістім – мен амал жоқ анама.

— Ашуың басылды ма ? Алтын, енді не ойың бар — деді ағам.

— Ренжімесеңдер мен осында қаламын — дедім.

— Онда бір өтінішім бар,балаңмен ақылдас — деді ағам. — Жиеннің пікірін біз естиік,соны айтарсың.

Анама не айтуды көп ойланған жоқпын.

— Егер сіз ренгжімесеңіз біз елімізге қайтайық, әкем маған кет деген жоқ қой, ал ана жеті бала менің інілерім емес пе, әкеміз бір адам, анамыз бөлек демесек,олардың не кінәсі бар.Мұсылмандарға төрт әйел алуға шариғат бойынша рұхсат емес пе.Әкемнің кінәсі ұрпағым көп болсын деп армандағаны ма . Сіз ренжімеңіз тек маған - дедім анама. Ол үнсіз қалды. басы төмен түсіп кетті. Содан соң басын әнтек көтеріп алды да, басымнан алақанымен сипады, тіл қатпастан орнынан тұрып кетті.

Бір екі күн өткен соң біз анам екеуіміз елге қайтатын болдық. Жиналдық. Нағашыларымның елі тегіс шығарысып, бізбен құшақтасып қоштасты. Сондағы маған келген ой нағашыларға деген ризашылық сезімімде шек жоқ.Үлкен ағасы біраз жерге дейін бірге жүріп, оң сапар тілеп қалды. Ең соңғы айтқан ақылы анаңды сила деді. – Анаң екеуіңнің араларыңда болған әңгімені маған айтты, қоспасыз сол күйінде - деді нағашым. — Сенің ойың, шешімің дұыс, сенің орныңда болсам мен дағы осылай ойлап, шешімді өстіп айтар едім анама. Әкеңнің алған екінші әйелінің, оның туған балаларының не жазығы бар ?, әкеңнің ісіне олар кінәлі емес. Бала әке үшін ешқашан жауап беруге міндетті емес. Сенің анаңа айтқан уәжіңе мен түгелдей қосыламын. Әкең үшін бірінші, не екінші, үшінші әйелдің айырымы жоқ, олардан туған балалардың бәрі әке үшін бірдей болуға тиіс, ендеше ол балалардың бәрі саған бауыр. Елге, әкеме, бауырларыма қайтуымыз керек депсің, анаңа дұрыс айтқансың. Сендей ақылды баласы бар анаң, менің қарындасым бақытты, солай болуға тиіс. Анаңды ешқашан да ренжітпе, сила — деді нағашым. Бір күн жүргеннен соң бізбен бағыттас бір отар қой айдаған малшыға жолықтық. Ол бізге келіп амандасты, анамды таниды екен. Тездетіп әрі қарай жүрейік десем анам маған күледі, осы малшымен бірге боламыз деп. Бұл мал саған нағашыларыңның берген малы ғой дейді..Кешкісін бізді жолда күтіп тұрған жылқышылар, түйешілер кездесті. Олар бізге келіп амандасып жатыр,анаммен таныс екен, сөйтсем олар да бізге нағшыларымның берген малдарын айдап келе жатқан адамдар болып шықты. Сөйтсем нағашыларым анам үшін өз малдарынан енші бөліп беріп, малшыларымен қосып. біздің елге айдатып жіберген екен.

Менің қазіргі осы малым сол нағашыларымның бергендері түсіндіңдерме, мен мінеки сол малды сендерге енші етіп бөліп отырмын. Нағашылардан келген бетте біз жеке ауыл болып, бөлек көшіп жүретін болдық. Біздің ауыл Құрымбай аталарыңның бір ауылы болып есептеледі. Екінші әйелінің жеті баласы өзінше Құрымбай аталарыңның екінші ауылы болып есептеледі. Сұрақтарың бар ма маған қоятын ?» деп Нәлібай отырған екі әйеліне, балаларына , келіндеріне жағалай қарап өтті.

— Тағы да қайталаймын, екі әйелінен туған балаларына еншіге берген малдарын бәріне бірдей етіп бөлгенде әкем Құрымбайға мен ренжіген жоқпын,қайта риза болдым, бауырларыммен силасып бірге өмір сүріп жүрмін. Сол сияқты сендер де дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын, бұдан былай малға таласқандарыңды есітпейтін болайын. Мен айтып болдым, екі әйелімнің туған балалары менің балаларым, осыны ұмытпаңдар – деді Нәлібай.

Екінші бөлім

ИМАТАЙ — БОЛЫС

1918 жыл Иматай Жаңа-Қорған елінің сайлауына түсіп, билікке таласқан. Нәлібай әкесі болыс бол деп оған ақылын айтқан болатын. Шәймерден екеуінің де би болғысы келіп, сайлаудың қорытынды есебіне жүгінген. Дауысты көп алған би болса, аз алғаны болыстықпен қалатын. Әкесі Нәлібайдың тілегі орындалды. Иматай іштей билікті қанша жақсы көрсе де,соған ұмтылса да, елдің қалауы Шәймерден екен, сол дауысты көп алды, сол би, ал Иматай болыс болды. Әкесі Нәлібайдың тілегі орындалып сол кісі баласы үшін қуанды. Әрине бұған бауырлары, туыстары бір кісідей болмаса да бәрі қолдаған боп, құттықтап жатты. Басқа бауырларындай емес, қашанда ақ көңіл, риясыз таза, қулық сұмдықсыз адал бауыры, тете ағасы Жұматтың Иматай үшін шын ниетімен қуанғаны анық еді. Бүкіл өмір жолдарында бірін бірі іздеп, тілектес жанашырлықпен олар силасып өтті. Бұл Кеңес өкіметінің орнап қойған кезі-тін тек, әлі оның Қазақ жеріне қанатын жая қоймаған шағы еді. Сонымен екі туысқан, аталастар Шәймерденнің би болып,Иматайдың болыс болып істеуіне заман талабы өзгергендіктен мүмкіндік те, қажеттілік тумады.1920 жылы Иматай өз еркімен ұсыныс жасап болыстықты тастап болғысы келген басқа адамдарға өткізді. Ресейде болып жатқан жаңалықтарды елдің кеш те болса естіп, соны түсінуге құлшынып жүрген тұсытын.. Озық ойлы азаматтардың айтуының әсерімен замананың өзгеретінен хабардар азаматтар болыс, билерге бағынбауға, оларды силамауға бағыт алған кезі еді.

Балаларды оқыту керек. Білім алса ғана олар мына заманның адамы болады. Жұмат інісі Иматайдың бұл ойын мақұл көрген. Екеуі барып әкелері Нәлібайға болып жатқан жаңалықтарға сәйкес өзгерістерді жеткізген. Биліктің әлі қалай қарай бұрмалатыны белгісіз деп шешкен. Балаларын оқуға беріп, заман талабына сай өмір сүру керек екенін ұққан ағайындылар осы ойларын әкелеріне айтып ақылдасқан.

Иматайдың ұлдары екеу еді. Үлкені Шырдабайы жастайынан оқудың жолына түсіп болашағынан үміт күттіріп жүрген баласы-тын. Келешектің бар жақсылығы мен қызықшылығын соның оқуы мен болашақ істейтін қызметіне байланыстырды ол. Екінші ұлы Өтжан — мінезі момын,шаруаға бейім болғандықтан үйдің малына қарайтын. Иматайға аса көп салмақ салмаған баласы -тын, қайта көп жағдайда Иматайдың жан ұясы соның баққан-қаққан малын қанағат тұтып, күн көрістерін соның арқасында көп уайымдамайтын. Осы екі ұлдарына шүкіршілік етіп,әйелі Күлжамиланың көңіліне қарап біржағы Иматай бұлардан тысқары аналарынан аумаған қыздары Гүлсім мен Дариғасын қанағат еткен, ал тұлымдары желге желбіреген екі қызы әлі жас болатын. Әйелі Күлжамила кіші жүздің ішіндегі жаугер тама руының бахуатты,әрі елге аты кең тараған әйгілі Кенбай деген кісісінің қызы еді. Әкесі Нәлібай Иматайға таңдап жүріп,құда түсіп, осы Кенбайдың қызы Күлжамиланы алып берген. Елінде ерке өскен Күлжамила биенің сүтіне шомылып жүріп, бойжеткен сияқты. Айтса айтқандай аппақ, өңді әйел еді. Иматайдың еш оған ренжір себебі жоқ тұғын. Осындай өз үйінің жандарына риза ол осы тіршілігіне қанағат ететін.

... Өз өмірін осылай ойлап, көз алдынан өткеріп, таразылап, Түркістан шәріндегі базардың ішінде отырған Иматайдың ойын қарсы алдына келіп тұрып, тесіле оған қарап қалған сыған бала бөліп жіберді. Бойы жіңішке келген қасты бозбала. Оның көзімен өзіне сынай қараған Иматай « бұл ұзын бойлы, қарулы қыр қазағының қолына түссем мені оңдырмайтын шығар» деп қалай ойламайды ?

— Саған не керек? - деді сосын шыдамай,ашуын зорға басып, жан – жағына қарағыштап, баламен бала болып ұрысудың да есебін таппаған Иматай. Ол ауылдан келіп, Түркістанның базарын базарлап,өзіне бір хром етік сатып алған соң бір пәс тынығып алайын деп, тал суаратын арықт ың жиегіне отырған. «Қайдан шықты мына бәле?»

Сыған бала болса үнсіз.Тек бет ауызын қисайтып,мазақтап Иматайдан қаймықпайды, әлі сол орнында тұр.

— «Әй, кетемісің жоқ па,әлде менен таяқ жегің келіп тұрма?»

Ол әлі үнсіз.Бет ауызын қисаңдатып оны мазақтауын қояр емес.

Иматайдың ашуы шын келді. Серіппедей атылып, оған ұмтылған еді, сыған бала да жылдам неме екен ытқып, қаша жөнелді.Бірақ артына қарайлап, тоқтап, мазақтайды тағы.« Қап, сен баланың обалың жоқ шығар,Ұстап алып сабамасам болмас». Иматай енді бар ынты шынтымен оны қуалай жөнелді. Бұл базар емеспе. «Ығы жығы адамдардың ішіне бір таныс адам кездесіп қалса ұят—ау бұл» Әлгі сыған адамдардың ара арасымен сыналап қашып, бір сәтте -ақ жоқ болып, көзге көрінбей кетті. Ашуы тарқамай, не сыған баланы ұстай алмағанына намысы келіп, ол өзіне ренжіген күйі әлгідегі отырған орнына қайтып оралса хром етігі жоқ. ол жерде. Кеудесіндегі тарқамаған ашуға енді өкініш қосылсын. Шарасыздықтан тек екі алақанын ашып жұмып, саусақтарын қатты қатты қыса берді.

Кенет Иматайдың жанына бір орыс бала жақындап келді,қолында хром етік. Ол көзімен соны көрсетіп:

— Мына етік сіздікі емеспе? -деді орысша. Иматай аң-таң, оның сөзін түсінбесе де үнсіз оған қарап қалды, жүзінде сұрақ белгісі, «сен кімсің, мұны қайдан алдың?».

Орыс бала артына бұрылып, қолын созды да, орысшалап түсініксіз сөздермен сөйледі. Иматай оның көрсеткен жағына қараған еді басқа бір сыған балаға көзі түсті. Ол бала ашулы түрде орыс балаға жұдырығын көрсетіп тұр екен. Мән жайды енді түсінген Иматай орыс балаға мейірленіп қарап, оның арқасынан сипалады, қаққыштап, құшағына алды. Иматай хром етігін қолына алып, екінші қолымен орыс баланың қолынан ұстап, «менімен бірге жүрді» оған ымдап түсіндірді. Олар базардың ішімен Шайханаға келді. Иматай даяшыны қасына шақырып алды да оған екі адамға ас мәзірін әкелуді тапсырды. Екі палау, екі әсіп, күлше нанды жеп тауысқан соң ыстық қою шәйді әбден қанғанынша ішіп, екеуі терлеп отырды. Олар тіл қатыспай түсіністі. Жан жағына қарап, Иматай өздеріне жақын отырған жастау көрінген бөтен бір бозбалаға қарап:- Інім,орысша сөйлей білемісің?- деді. – Иә, аздап- деп ол жауап берді. – Сен онда менің сөздерімді орысшаға аударып жәрдемдесші, мына орыс баламен сөйлесейін, мақұлма, алла разы болсын, оның сөздерін маған қазақшалап айт-деді Иматай оған өтінген үнмен. Сосын:

— Аты кім екен, сұрашы орысшалап -деді

— Иван дейді.

— Әке шешесі барма екен?

— Жоқ сияқты.

— Қайдан келіпті ? Мұнда таныстары жоқ па екен?

— Ресейден. Таныстары жоқ.

Иматай үндемей сәл отырып, ойланып, сонан соң сұрақтарын жалғастырды:

— Иван, орысша оқып,жаза біле ме?

Иван басын изеп мақұлдады.

— Ол менімен бірге ауылыма барама? Менің балдарыма мұғалім керек еді. Басына жеке үй беремін, қарүйді айтамын. Астына мінетін ат беремін. Әке- шешесі жоқ екен, маған бала болса қайтеді ? Екі ұлым бар,ал ол үшіншім болады. Үлкен ұлым Шырдабаймен қатар сияқты екен көзге,жобаласам.

Иван Иматайға байыппен қарап,сонан соң басын изеп, келісімін білдірді. Иматайдың іштей ойлап, шешімін таппай жүрген бір мәселесі бар—тын, балаларды қайткенде де орысша оқыту керек, деп іштей ойланатын, ол ойы осылай өзінен өзі оңтайы келіп шешілді. Ауылға Иванды ертіп келген соң ағасы Жұматқа оны көрсетіп, таныстырды, сөйтіп етікті алып қашқан екінші сығанды Иванның ұстап алып, одан Иматайдың етігін тартып алып қалай өзіне әкеліп бергенін мақтанышпен айтып берді. Енді оны балаларға мұғалім етіп орыс тілін үйретсек деген ойы барын, оған ағасы Жұматтың пікірін сұрады. Жұмат інісінің бұл ойына риза болған, келісімін берген. Сонымен ағайындылар өз балаларының орысша сөйлеп үйреніп, қызметке қалай тұратындарын ойлап риза болысқан. Екеуі орыс баласы Иванды ертіп әкелері Нәлібайға барып, қайталап ойлаған ойларын айтқан, өз бауырларының балаларының орысша оқып, жазып үйренгендерінің дұрыс болатынын айтып, әкелерінің келісімін алған. Осы әңгімеден соң Иматай Иванға берген уәдесін толығымен орындады. Ұлдары Шырдабай мен Өтжанды, өзінің аға інілерінің ересек балаларын тілдерін сындырсын деп орысша жазып, үйренсін деп Иванға табыстады. Балалардың қалай үйреніп жатқанын көруге қызығып, сабақтарына қатысатын кейде.Ел бұл істі әртүрлі саққа жүгіртіп, пышың сөздермен сыртынан өсектеп,мінеп, тон пішіп жатты. «Иматай болыстығын тастап, еріккен екен, өзіне енді жетпегені сол орыс еді, ойбай-ау ол оны балам дейтін көрінеді, ал ол болса оның өз баласындай « жәке» дейтін сияқты, қазақша сөйлейтін болыпты.» Ал Иван болса бұл әңгіме өсектерден тысқары, жан ұямен араласып, етене үйренісіп, Иматаймен бірге көшіп, қонып, өзін осы үйдің баласындай сезініп, тірліктеріне араласып, сіңісіп кеткен еді.

Иматай Иванды оңашалап, қазақша түсінетін болған соң оның өмірін сұраған. Сонда оның көзіне жас оралып, өткен күндерін күрсініп отырып айтып берген еді.

Иванның әкесі оқыған, қызмет істейтін адам болыпты. Сол бір күні ұсталып, қамауға алынып, сотталыпты. Оның қолына кісен салып, соттан кейін ит жеккенге этаппен жер аударса керек.

— Анаң қайда ?—деді Иматай.—Ол кісі бар ма еді ?

— Иә, ол кісі есімде — деді Иван — Әкемді ұстап жер аударған соң қатты ауырып қайтыс болды.

Иматай жас балаға жаны ашып, оның басынан сипап,бауырына алып, құшақтап отырды.

— Қатыгез тағдыр ешкімді аямайды балам. Жалған дүние деген сол, адам өмірге келеді содан соң не бір қиыншылықтарды басына түскен сон көреді, бірақ соған шыдаған азамат қана алла тағаланың көрсеткен қызығын көреді. Қиын өмір сүріпсің балам. Ал әкеңді патша неге жер аударды ?

Иматай Иванның жүзіне көз салып қарап отырды.

Иван сәл ойланып отырып:

— Әкем патшаға қарсы шыққан, халықтың қамын ойлаған.

— Түсінікті, балам. Жалғыз қалған соң туыстарыңа бардың ба ?

— Жоқ, жәке олар араласпай кетті.Мен бардым,бірақ жақтырмады мені. Содан соң мен ойыма келгенін істедім күн көру үшін.

Неше түрлі бұзықтықтарды жасадым, ақыр соңында ақша ұрладым.

Оны бірақ пайдаланып жарата алмадым. Өзімді тұтқындады, ақшамды тартып алды, бірақ мен қашып құтылдым. Ол жерде тұру мүмкін болмаған соң, алысқа кетуді ойладым. Сұрастырып жүріп Ташкентке баруды дұрыс көріп , сонда өмір сүру керек деп шешкемін. Поезд Түркістанға келген кезде кідіріп қалдым.Сонда базарда әлігі екі сыған балдарының тірлігін көрдім. Біреуі отырған адамның жынына тиіп, қуса қашады екен, сол кезде екіншісі ол адамның орнында қалған заттарын алып басқа жаққа қашады. Екіншісін мен ұстап алдым да, сіздің етігіңізді одан тартып алып, өзіңізге силадым .Ол оқиға солай болған. Өзіңіз айтқандай тағдыр мені сізге солай жолықтырды.

— Иван, сен ол етікті маған бермей сатсаң біраз ақша табатын ең ғой-

деді Иматай

— Жәке, тағдыр шығар. Мың да бір рахмет алла тағалаға мені сізге жолықтырған. Басқаша болғанда менің өмірімнің қандай болып, өзгеретінін көз алдыма елестете алмаймын. Шүкір,сіздей адамға бала болдым, қанша бауыр таптым. Қазақ елімен араласып, бүкіл өмірім өзгерді. Басыма үй тігіп бердіңіз,қарным ашты демеймін, ішсем алдымда ішпесем артымда, мінсем атым бар, қайда барып келемін десем ешкім қой демейді .Жәке мен өмір бақи сізге ризамын.

2 - тарау

Көктем келіп жердің беті бусанып, жусан көгере бастасымен қыстаудан ел тау етегіне көшіп қоныстанатын. Әкесі Нәлібайдың Иматайға берген қонысы «Сасық бұлақ» аталатын. Тауға қарай өрмелеген қырдың беткейі оңтүстікке қарағандықтан жер бетіндегі қылтиған шөп атаулы күн тез жылынған соң ол да тез көтерілетін .

Нәлібайдың балаларының бәрі де қоныс өзгерткенмен, аралары қашық емес, Иваннан сабақ алатын Иматайдың аға інілерінің балалары күнде бір мезгіл «Сасық бұлаққа» жиналып, оқумен айналысып жүрді. Төрт түлік малдың төлдеп жатқан кезі, оқуға сондықтан уақыт аз бөлінетін. Бұл қоныс сондықтан да елдің есінде жақсы сақталып қалды, «Иматайдың керзісі» аталып кетті. Бұлақтың суы тұщы болатын. Жердің бетінде көрініп жататын сары жалпақ тастардың арасынан мұп мұздай бұлақтың суы төмен қарай құлдырап ағып, ойға жиналып, жайылып, жерге сіңіп, шөпті суарып, екі жиегіне көкпеңбек шөп өсіп кеткені сондай үйдің айналасынан шықпайтын қозы лақтарға жақсы жайылым еді. Мініске дайындаған тұсаула аттар күртілдетіп жұлып, көк шөптен бас алмай жайылып, айналып,алысқа ұзамайтын. Сәл әріректен бастап балақтап өскен жусан мен шағыр желге тербеліп тұратын. Кеңсірік жаратын жусанның қышқыл исі адамның танауын қытықтап, көңілін өсіретін, сол жерден алысқа көз тігіп созылып жатқан төмендегі тегіс далаға көз тігіп, алыс алыс жерлерге қарап, адамның еңсесі көтерілетін. Малдың аяғы төлдеп бітіп, жердегі өскіндерге толық жайылатын болған мезгілде ел жайлауға көшуге дайындыққа асығыс кірісті. Жасы үлкендер көш қамын ақылдасып, кім қайсы жайылымға қонатынын әкелері Нәлібайға айтып, келісіп,,қайсы күні қозғалатындарын шешіп жатқанда,балалар мінетін көлік, тайларын дайындау үстінде еді, ал әйелдер, келін кепшіктер жадырап, күліп, көңілдері өсіп жүрді. Алда үлкен кісілердің де бір айналысатын үлкен шаруасы күтіп тұрған. Ұзақ уақыт қолға үйренбеген асау жылқыларды ұстап, бас білдіріп, алыс жолға шығар алдында мініске үйретіп, дайындау керек болатын. Ағайындылардың әрқайсысы қажет еткен жылқысы бар үйірлерін айдап алып келген, үлкен ағалары Жұматқа көрсетпекші, оның аржағында осы ұнаған жылқысын ұстап берсеңіз деген өтініштері айтпаса да білініп тұратын.Нәлібай байдың балаларының үлкені Жұмат әкесінің барлық төрт түлік малына басшы еді. Шаруаға бейім, артық сөзге жоқ кісі, іні-қарындасқа қамқор, апа жеңгелерге силы, әке, аталардың көңілдерінен шығатын бауырмал,ақкөңіл, адал адам. Сонымен асау жылқыларды тізгіндеп, ұстауға ауыл болып, кірісіп кетті. Жұмат жәке алдынан айдап өткен жылқылардың қажеттісіне шылбырын лақтырып, мойнына дәл түсіріп, ұстап беріп тұратын болды. Қарулы кісінің қолынан асау жылқылар босап, құтылып көрген емес. Иван осы ауылға келгелі Иматайға ұл болып араласқалы бала оқытудан басқа бос уақытының бәрін қазақ өмірін зерттеп, үйренуге жұмсайтын, бүгін де осы топтың ішінде -тін. Аспанға шапшыған асау жылқыларды Жұмат жәкенің қолындағы арқан тырп еткізбей қалай тоқтатып,кідірткеніне ризалықпен қарап тұрды. Иматай жәкесіне ішіне симаған таңданысын сыбырлап айтады «Арқанды тартқанда жылқы шалқасынан құлайды екен,адамдар жүгіріп барып бәрі жабылып құлақтан ұстап, басын басып, ауыздық салып, ноқталап үлгереді екен». Жұмат жәке келесі бір үйірдегі жылқыларды күтіп тұрғанда бір тағы,асау жылқыға көзін салып тұрып:

— Мына асау жылқы семіз, әрі ірі екен мен оны құлатқанда пышақтарың дайын болсын, арқанды қатты тартпасам ол тоқтамайды, ал оның қатты құлауы мүмкін, солай болған жағдайда мойын омыртқасы үзілсе бірден өліп қалмауы үшін бауыздап үлгеріңдер, арам өлмесін – деді.

Иван таңырқап, Иматайға қарай берген., бірақ ол оған тіл қатпастан ағасы Жұматтың жанына барып тұрған. Қолындағы шиыршықталған қыл арқанды шұбырып алдынан шауып өтіп бара жатқан асау жылқыларға лақтырған сәтте Жұмат жәкенің аузынан шыққан:

— Я алла, пірім, қолдай гөр— деген сөзін естіді Иван. Аспанға шапшып, жерді солқылдатып шауып бара жатқан, аспанға секірген асау жылқы тура кейін қарай шалқасынан түсіп , қыр арқасымен құлағанын көрді Иван. Оның көзіне Жұмат жәкенің қолына орап алған қыл арқан түсті. Алғашында ол сымдай тартылып, жіңішкерген сияқты еді жылқы құлаған соң босап қалған екен, ал оның өзінің отыра қалып жерге тіреген екі өкшесі топыраққа кіріп кеткен екен. Ал қасында тұрған бір топ адамдардың бәрі бір кісідей жұмылып, құлаған жылқыға ұмтылған. Оның аяқтары серіппедей селкідеп жатты Оларға араласпаған Иматай Жұмат ағасының қолтығынан сүйеп, тұруына жәрдемдесті. Сосын:

— Жылқының мойын омыртқасы,үзіліп кетіпті, жұлыны жұлынған екен — деді ағасына қарап.

— Тездетіңдер, бауыздаңдар жылдамдап—деді Жұмат жәке— Пышақтаңдар тездетіп—деген дауысы қатқыл шықты Жұмекеңнің. Жылқыны біреулер бауыздап жатты, ал біреулері оның денесін қимылдатпай басып ұстап тұрды. Иван Жұмат жәкенің ентігіп тұрғанына, оның өңінің қарақошқылданып кеткеніне , бетінен тарамдалып аққан теріне көзі түсті. Иван Иматайдың жанына келіп:

— Жәке, атаның жанына барғанда шылбырдан сіз де ұстап жылқыны тартып құлатуға жәрдемдеспедіңіз бе?—деп Жұмат жәкені көрсетіп,оған жаны ашығанын білдірді.

— Ол кісі өзінің күшіне сенеді. Маған ұстасуға рұхсат етпейді – деді Иматай — Тек кедергі жасайсың -деп ренжи ме деп ойладым. — Ал егер « жаман айтпай жақсы жоқ» жерге тіреген екі өкшесі тайса, онда оны асау жылқы сүйретіп кететін еді, екі қолына орап алған шылбырдың шеті шықпай, босамай оны жылқы алып қашып бізге жеткізбей кете берсе ағамның аман қалу қалмауы белгісіз болатын. Ол кісінің өзі де түсінеді ғой мұны. Ағамның өзі күшіне сенгені ғой бұл. Ішімізден бір адамның қауіпті іске баруы керек қой әйтеуір. Ал Жұмат болса арамыздағы ең үлкеніміз өзі тұрғанда інілерінің қатерге баруын көргісі келмегені шығар...Ол кісі жанында ешкімді тұрғызбайды, бірақ маған айтқан емес, барып тұрғаным да сол себептен ғой. Бір жағдай болып қалса тез, уақтылы жәрдемдесуге дайын тұрғаным. Ол кісіні қалай болғанда да аман алып қалуым керек,. ондай жағдай болып қалса. Екеуіміздің жасымыз шамалас, сырлас тетеміз, ол кісі менен екі-ақ жас үлкен.

Жұмекең жылқының етін жіліктетіп әр үйге бір—бірден бөліп бергізді. Тауға,жайлауға көшуден бұрын бауырларының әрқайсысы басқаларын үйіне шақырып, қонақ асынан дәм татыратын. Әкелері Нәлібай бастап барлық бауырлары бүгін Иматайдың үйіне жиналған.. Есіктің алдында жер ошақтарда лаулаған отқа асылған қазандар оның айналасында абыр сабыр жүрген қызметкерлер, қыз келіншектер, жүгіріп, бірін бірін қуаласқан бала шаға. Айтылған орынды әзілге риза болғандардың еркін шыққан күлкісі бұл үйдің адамдары арасында силастық пен түсіністіктің жарасқан бірлігін сездіреді..Үйде отырған балаларына өткен кеткеннен ұлағатты оқиғаларды Нәлібай еске түсіріп, оның ерсі немесе күлкілі тұстарын бөліп суреттеп, әңгіме айтып отырды. Иван осы жиынның ішінде үлкендердің әзілдеріне құлағын төсеп, зерделеп үлгеруге тырысқан.

— Айтпақшы ұмытып барады екенмін, осы жақын арада үлкен бәйге болады. Мына көрші туыстарда ас беріледі, үлкен жиын болады, соны естен шығармаңдар, дайындалыңдар, баратындарды, апаратындарыңды әзірлеңдер. Туысқан атаның елінің адамдары ренжіп жүрмесін. Жұмат сен «Құбақанды» қолдан шығартпа, алысқа ұзатпай бәйгеге қосуға дайындат, атбегіге жағдай жаса, бірақ қатаң қара, кімді шаптырасыңдар осыны шешіп қойыңдар, оны да дайындаңдар осы бастан. Өткен жолғы бәйгеде бірінші келіп еді. «Құбақан» бабында ма? Бұл жолы да бірінші болып келетін болсын. Бапкерден «Құбақанның» жай күйін біл – деді Нәлібай.

— Жәке, ат бабында. Бапкердің аты Пәрмен ғой мен онымен күнде кездесіп,сөйлесіп жүрмін . Ал осы жолы Құбақанға Иматайдың үлкені Шырдабайдан кейінгі баласы Өтжанды мінгізсем деп отырмын. Біраздан бақылап жүрмін,кіп кішкентай болып, шаруаға өте бейім, тастай, үстіне мінгенде, аттың құлағында ойнайды. Иматай, сен қарсы емессің бе балаңның бәйгеге шапқанына? Онда келістік. Жәке, бәйгеге немереңіз Өтжан шапсын.

Нәлібай қарүйде отырған балаларына тегіс салмақпен, асықпай барлап қарап отырды. Астың дайын болғанын, қол жууға кірісу қажеттілігін еске салды үй қызметшісі. Иван елеусіз орнынан тұрып, сыртқа шығып кетті. Есіктің алдында ойнап жүрген кішкентай Өтжанды көзімен іздеп тауып алған соң қолымен оған белгі беріп,өзіне шақырды,оның иығынан құшып,оңашалап шетке беттеді:

— Өтжан, жаңа үлкен ата Нәлібайға Жұмат жәке сені Құбақанға мінгізіп бәйге атқа шаптырамын деді қалай қорықпайсың ба, шабасың ба? – деді. Өтжан ойланбастан екі көзі күлімдеп: — Шабамын – деді. Екеуі оңашаланып отырып, далада тостағанға салып берген еттен жеп алды. Сыртта қызмет етіп жүргендердің бәрі өз сыбағаларын талғап жеп жатты. Сөлден кейін іштегілердің құран оқыған дауыстары естілді,.сырттағылар да беттерін сипасты. Үлкен табақтағы қалған үйеме еттің ішіне екі қолын салып тұрып Күлжамила апай қызмет істеп жүрген жігіттер мен келіндердің аттарын атап үйдің сыртында жанына шақырып алып асатып жатты. Соларға қарап отырған Иван: — Өтжан, егер құлап қаламын деп қорықсаң бәйгеге қатысудан осы қазір үлкен ата барда сол кісінің көзінше бас тартатыныңды айтып қал.. Бір жағдай болып қалса, не құдай сақтасын құлап қалсаң, онда кейін кеш болады, онда неге ертерек айпадыңдар деп, аталар саған сол кезде ренжиді, Иматай жәкемізге, Жұмат жәкемізге сөз келеді, басқа бейтаныс ел, туысқандардың алдында үлкен атамыз Нәлібай мазақ,күлкі болып жүрмесін сол кезде, осыны қазір шеш ,ойлан.

Иван Өтжанның басынан сипап, бетіне үңіліп қарап отырды Сегіз жастағы Өтжан Иванның сөзін үнсіз тыңдап, сосын басын шайқады.:

— Иван, тәуекел, мен Құбақанға мініп шауып жүрмін ғой, сен уайымдама , шаба берейін. Жұмат атам өзі «Құбақанға» мінгізіп, аттың терін ал,ғ шаршағаныңша шап, бірақ байқа құлап қалма деп, рұхсат береді ғой — деді.

Асығып күткен күн де туды.Жақын маңда тұратын ауылдардың ес білетін жасы мен қариялары тегіс ас беретін ауылға—Қаратаудың етегіне,Сырдың жоғарғы дөңестенген даласына ағылған. Ас иелерінің игі жақсылары тігілген сексен қарүйге алыстан келген құда жекжаттарын, би болыстарды, байларды қарсы алып, жайластырып әбігерленуде. Даланың көз жетер тұсы қыбырлаған жан, жануарға толған. Асылған қазан ошақтардың қара түтіні аспанға көтеріліп, көкті керіп, көлбеп тұрды. Шырдабай Өтжандармен бірге келген Иван алыстан осы көрініске таңдана қарап, тамсанып тұрды. Әшейінде, бұл шексіз далада бір жан көзіне түспейтін еді, елсіз сияқты көрінетін осы далада осынша халықтың жиылуы оны қатты таңырқатқан еді. Бұлар келіп таныстарын жағалап, амандық сұрасып, жаңалық сұрасып жатқанда, қызмет жасап жүрген ат үстіндегі азаматтардың біріне бірінің естігендерін, көргендерін айтқан әңгімелеріне еріксіз құлақтарын түрген: «Арқадан арғын ағайындар,наймандар, ұлы жүздің де елінен адамдар келіпті, ал Ақмешіттің ар жағынан кіші жүздің де адамдары келіпті, тамалық Кенбай бай және аттары бейтаныс, беймәлім кісілер қаншама, іргелес теріскейдегі қоңыршұнақ руынан Әлімбет би, Сырдың бойындағы құйысқаныс Бидаш бай келіпті. Бәрінің жанындағы адамдардың жетегінде бір-бір бәйге аттары, тіпті кейбірінде бірнеше жүйрік сәйгүліктері бар екен.

Естіген әңгімелеріне құлақ түріп, оған өздерінше қорытынды жасаған Шырдабайдың тобы көптің ішінен Иматай жәкелерін іздеген.

Ортадағы ақ боз үйдің айналасы толы жиналып тұрған адамдар, кейін серпіліп тысқа шыққандарға жол беріп шегінгенде, олар өздері іздеген Иматайдың алдынан қарсы шықты. Ол амандасқан соң:

— Қазір бәйгені ұйымдастырушыларға еріп Өтжан жолды көріп келсін.Шабандоздардың саны жүз қаралы солардың бәрі баруға тиіс. Жолдың қашықтығы тоқсан шақырым, алты айналымнан тұрады. Әр айналым он бес шақырымнан. Бүгін таныстыру бітеді,ал жарыс ертең басталады. Шырдабай сен Иван екеуің Өтжанды жеке қалдырмай ертіп жүріңдер,жанында болыңдар қашан бәйге басталғанша ал бүгін демалыңдар.—деді.Олардың жанындағы атбегіге бұрылып: — сіз балаға бас көз болыңыз,атқа қараңыз, бірнәрсеге ұрынып қалмасын.

Иматай баласының жанына келіп, оның атының шылбырынан ұстап, оңашалап шығарды, сонан соң ақылын айтуға кірісті:

— Соңғы айналымға дейін атқа қамшы салма, атыңмен жел тұрған жақта ; шеттеп шап, Құбақан шаңның астында қалмасың көпшіліктің алдына шықпай орта деңгейде жүр соңғы айналымға дейін, сонан соң соңғы айналымда қабаттасып шапқан адамнан сақтан, одан тез озып кетуге тырыс, себебі саған қастандық жасауы мүмкін оның, ең соңғы айтарым— ұмытпа егер бірінші болып алға шықсаң, тағы да айтам ұмытпа, бар даусыңмен «Көкен» деп айғайлап шаба бер мәреге жеткенше, есіттің бе ?

— «Көкен» атамыздың атын ұран қып айқайлайын ба ? – деді Өтжан.

— Иә— деді Иматай сыбырлап, кішкентай Өтжанның басына қолын апарып, шашынан сипап тұрып, іштей күбірлеп алла тағалаға сиынғаны болар еріндері жыбырлап тұрды.

Ертесіне аламан бәйгенің кезегі келіп, басқарушылар жүз қаралы жүзіктің көзінен өткендей түрлі түсті аттарды бастап алаңға шығарғанда, соның қызығын көруге келген адамдардың гуілінен, дауыстарынан төңірек жаңғырығып, теңселіп тұрды. Көп аттың ішінде Өтжан мінген «Құбақан» көзге тіпті көрінбейді. Алдындағы аттардың қозғалып, шаба жөнелуі, еріксіз Құбақанға әсер еткен. Өтжан аттың тізгінін тартқылап, шетке қарай шаңнан қашып бұрмалағанмен онысынан ештеңе де шықпады. Басқа аттар «Құбақанды» жан жағынан қысып, оған ерік бермеді. Тек біраздан соң ғана ойлағанын іске асырды. Өтжан айналасына қарап, өзінің орта тұста келе жатқанын аңғарды. Ала шапқан аттардың аяқтарының дүрсілдері мен ырсылдаған кеуде дыбыстары, қимыл қозғалыс үндерінің бәрі қосылып, ат үстіндегілерге ерекше әсер етіп, олардың делебесін одан сайын қоздырып жіберген. Кейбірі өз еріктеріне ие бола алмай аласұрып, аттарын қамшының астына алып, сабалап, байқамай алға ұмтылған. Көзді ашып жұмғанша он бес шақырым артта қалғандай, бір айналым өтіп кеткендей көрінді Өтжанға. Бірақ бұл тек алғашқы әсер екен,алдамшы сезім сияқты, аттардың аралары ашылып, бірі озып, бірі қалып, топтасқан аттар созылып еркін шабуға кіріскен.Енді асықпай жан жағына қарап, есін жиғандай шабандоздар. Екінші айналымның уақыты ұзарып, кеткендей көрінді Өтжанға. Қарсы соққан желдің әсерінен көзінен парлап аққан жасты сол қолымен сүрткілеп әуре, тамағы кеберсігендей. Әкесі Иматайдың ертеде айтқан бір әңгімесі есіне түсті. Соны еске алып, маңдайына байлаған орамалды бір қолымен төмен ығыстырып, аузына түсіріп, желге тосқауыл жасады. «Құбақан» әлі де болса жұлқынып, басынан тартпауын сұрап келе жатқандай еді. Себебі қамшы тиген кей аттар алғашқы екпінмен алға түсіп, озып бара жатқан кез тұғын.Арт жаққа қала бастағанын аңғарған Өтжан «Құбақанның» ауыздығын сәл сәл босатқан. Еркіндіктің қосқан күшімен бірте бірте әлгінде өзінен озып кеткен аттардың орта тұсына үшінші айналымда қуып жеткен еді Төртінші айналым өзгеріссіз өтті деуге болғандай. Тек аттардың терге малшынып, түстері өзгергені болмаса. Өтжан аузын орамалмен таңған соң тамағының құрғап, кеберсігені басылғаннын сезді,тіліне үйірілген ылғалды там тұмдап жұтып, өзіне риза күйде келе жатты,тек жеңімен бетіне құйылған терді сүрткілеп қойғаны болмаса. Сәйгүліктердің кейбірі сыр беріп қалды – ау, алғашқы қарқын, шабыстан жаңылып, көздерімен өзінің тұсынан озып, өтіп бара жатқан басқа аттарға жақтырмай қарайтындай,аузындағы кісені қарш қарш шайнап, басын бұлғап бұлғап қоятын сияқты. Өтжан бірқалыпты әлі де болса басын тартпай босатуын сұрап келе жатқандай болған «Құбақанның» шабысына риза көңілін оның мойнынан кішкентай қолдарымен шапаттап, білдіріп келеді.Бесінші айналымға өткенде алдыда озып келе жатқан сәйгүліктердің қатары сиреп қалған еді. Содан соң байқағаны жиналған жанкүйерлердің қиқу айқайлары болды.»Құбақанға» бұл шу айқайдың әсері күшті болды-ау, тізгінді жұлқылап басын алға қарай соза берді, әлде қандай өзінде де бір ерен күштің пайда болғанын сезді Өтжан..Алтыншы айналымға өткенде алдында бара жатқан үш сәйгүліктің арасы өзіне жақын қалғанын сезді. Ал адамдардың дем беріп айқайлаған даусынан құлағы тұнды. Бүкіл болмысымен жауапты кезеңнің туғанын сезіп, аттың ауыздығын қалай босатқанын сезбей қалды. «Құбақанға» қанат біткендей еркін көсілді, мойнын ілгері созып, көтеріліп ұшатындай. Алдындағы келе жатқан үшінші аттың үстіндегі бала өзімен қабаттасып, озып бара жатқан кішкентай Өтжанға ашумен қарап, ызасына ие бола алмай қамшысын екі үш рет үйіріп, сермеп қалды. Одан бұндай зорлықты күтпеген Өтжан сәл сәл таңданып, аттың жалына еңкейді, қамшының қатты тимеуінен қорғанды. Ет қызумен арқасының ауырғанын сезген жоқ. Ендігі алда бара жатқан екінші аттың жанынан озарда қол созғанда жетпейтіндей ара қашықтықты сақтады. Алда бара жатқан жалғыз аттан озарында Өтжан «Құбақанға» бірінші рет сипап жайлап қамшы салды. Осы бір рет тиген қамшының өзі оны ыршындырып жібергендей, одан оп оңай ұзап, алға шықты.Артында қалған сәйгүліктің үстіндегі бала айқайлап, әлдене деп жатты, Өтжан оны естіген жоқ,оның екі көзі жақын қалған мәреде-тін.Жолдың бойында созылған халықтың нөпірі, олардың айқайлаған дауыстары енді анық естіле бастаған.Әкесі Иматайдың айтқан ақылы,берген тапсырмасы шыңылдап құлағында тұрды. Денесі қызған әрі терлеген Өтжан аузын таңған орамалды қолымен жұлып алып басынан асырып бұлғап кеудесін көтеріп өзінің қалай айқайға басқанын аңғармады:

— Көкен, Көкен — деп шырқырап шықты дауысы. Оның миында «Ата» деуім керек қой деген ой жылт етіп сәуле шашты. Содан кейін бар дауысымен шырқырап — «Көкен ата,Көкен ата, Көкен ата» — деп айқайлап келе жатты.Содан кейінгі оқиғалар оған бір өзгеше түс сияқты. Көзін ашса қауға сақал бейтаныс шалдар мен бүрын көрмеген көп кісілердің жоғары көтерген қолдарының үстінде сол адамдардың алақандарында биікте аспанда жатыр. Төңірек айқай шу «Көкен ата» деген дауыстар қайталанып гуілдейді. Енді біреулер әлдене деп сөйлеп жүр.Өтжан таң қалып, көзін салса кіл ақ шашты, ақ сақалды кәриялардың, шалдардың беттерінен аққан көздерінің жастары сақалдарын жуып, төмен сорғалап, жылап жүр екен. Беттері қисайып, бұзылып кеткен,ауыздарын ашып бірдеңе деп айқайлайды. Өтжан таңырқап үлгермей, басы айналған соң көзін жұмды. .Айналада «Көкен ата, Көкен ата, Көкен ата» деген дауыстар ұран боп ауаға тарап жатты. Өтжанды өрекпіген ел жерге зорға түсіргенде оның босауын күтіп, итерісіп, жанынан ұзамай жүрген Иван оны елдің қыспағынан жетектеп, оңашаға шығарған. «Жарайсың,жарадың» деп құшағына қысып қойып,қайтадан жетектеп, Шырдабайға әкелген. Иматайға апарған. Иматай Иванның тыңғылықтығына, балаларына бауырмалдығына таңырқамайтын, қамқорлығына көзі жеткен сайын оған тек риза бола түсетін, ал бүгін тіпті жақсы көріп кетті.

3 - тарау

Содан бері көп күн батып, көп таңдар атып, қаншама басқа оқиғалар арада өтіп жатса да, айтулы аламан бәйге ауыл арасында әлі күнге әңгіме болып тұрады, ұмытылған жоқ. Өтжанды бір күні көп балалардың арасында ойнап жүрген жерінде көріп қалып Нәлібай ата жанына шақырған, шашынан сипап тұрып, қолыңды жай деп өзі ішінен күбірлеп әлденелерді айтып, бетін сипаған, батасын бергені шығар немересіне.Қолын қалтасына салып ақ түйіншек алды,ақ орамалдың орауын жазып, ішінен бір жұмыр нәрсені алып, жұдырығын ашып, алақанын жазып, сары тасты көрсетті:

— Бәйгеде шауып алған жүлдеміз осы тай тұяқ алтын жамбыны сенің де көруің керек, еңбегің бар, — деді сосын күн жеген тер исі шыққан Өтжанның басынан иіскеді..Асықпай ақ орамалға тай тұяқ жамбыны орап, қайтадан щапанының қалтасына салып, сыртынан сипап қойды.

Бұл Өтжанның есінен кетпей, ойында сақталып қалды.

Бір күні кешкісін үйде отырған кезде осы болған жайды әкесі Иматайға Өтжан айтып берген. Біраз үнсіздіктен соң Иматай: — Атаң саған бәйгеде жақсы шапқаның үшін риза. Жүрген жерде сол бәйге әңгіме болса сені үнемі мақтап отырады, әсіресе мәреге бәрінен озып келе жатқанда «Көкен ата» деп айқайлап, ұран салғаныңды айтып, тебіреніп көзіне жас алады. Жарадың балам, алты атаның елі.

риза болып, сол жолы жылап, күңіреніп кетті ғой.Аталардың аруақтары бір аунап түскен шығар, рухтары елге тілектес, қамқор болып жүрген шығар ендігі. «Көкен бабаның» тірі жүргенде алты атаның ұрпағына жасаған жақсылығы көп болған ғой балаларым, сонан соң ел ол кісінің аты аталғанда тақ тұрады, оның атын ұран етіп, «Көкен аталап» мақтаныш көреді. Мен сендерге өзім естіген бір оқиғаны айтып берейін, бастарың қосылып қалған екен — деді Иматай балалары Шырдабай мен Өтжанға және баласындай болып кеткен Иванға қыздары Күлтан мен Дариғаға қарап отырып.

— Нәлібай аталарыңнан да үлкен аталарыңды білесіңдер ме? Қані айтыңдаршы ?—деп сосын сұрақ қойды.

— Көкен атаның бізге қалай туысқан болып қосылатынын айтайын ба жәке? — деп қарсы сұрақ қойып сосын Шырдабай өз сұрағына өзі жауап берді:

— Нәлібай атамыздың әкесі—Құрымбай ата, ол кісінің әкесі – Тәукебай ата, ол кісінің әкесі – Қоныс ата, ал Көкен ата Қоныс атаның туған ағасы, екеуінің әкесі – Назар ата.

— Жарайсыңдар — деді Иматай, ер жетіп қалған Шырдабайға ризалықпен қарап.

— Көкен атамыз би, батыр болған адам, қатар жатқан ел - алты атаның жоқшысы, қорғаны болған. Алты атаның аттарын айтып бере аласың ба сен Өтжан, айтшы білсең -деді Иматай кішісіне сынай қарап.

— Білемін ғой - деп Өтжан сөзін әрі қарай сабақтады — Алтый,

Қырғызәлі, Қараша,Қаракөкірек,Ақболат, Қайрақ.

— Жарайсыңдар — деді Иматай,кенжесіне де риза болып. – Кешегі аламан бәйгеден бірінші болып келе жатқанда «Көкен» атаның атын ұрандап келгеніңде риза болған ел сені басына бекер көтермегенін енді түсінген шығарсың,— деп қатты дауыспен күлді.

— Енді мен сендерге Көкен атаның бір ерлігін, батырлығын айтып берейін,ал сендер жақсылап тыңдаңдар. Нәлібай атаның – әкесі Құрымбай ата, ал ол кісінің әкесі—Тәукебай ата деп едім ғой, ұмытқан жоқсыңдар ғой, сол Тәукебай ата да батыр болған екен. Бұл сол Тәукебай атаның жастау кезінде болған оқиға екен, бұл кезде әкесі — Қоныс ата мен оның ағасы батыр Көкен ата тірі болса керек. Жаугершілік кез, әскері көп бөтен елдер, екінші бір алыстағы елге шабуыл жасап, сол елдің ер азаматтарының бәрін қырып, өлтіріп,бала шағасын, қыз келіншегін тұтқынға алып, алыс жерге әкетуге жарайтын жылқысын алдарына салып, айдап кетеді екен. Олар шауып кеткен жерде, арттарында тек қираған үйлер, қаусаған қаралы кемпір, шалдар зарлап жылап, қала береді екен. Міні осындай сұмдық - адам ойлауға қорқатын замандар өткен екен ата бабалардың басынан. Сол бір кезеңде Қоныс атамыздың ауылын алыстан келген бейтаныс халықтың әскерлері тұтқиылдан келіп шауыпты. Дәл сол күннің алдында Қоныс атаның өзі бастап атқа міне алатын ер азаматтардың бәрі жиналып, көрші елге қыдырып кетсе керек. Жау осыны пайдаланыпты. Айтушылар бұл істі ішімізде жүрген бір жансыздың көрсетуімен,айтуымен болған іс дейді.

Қоныс ата ауылға қайтып келгенде жау кетіп қалған сияқты,жас ұрпақтан ешкім қалмаған қыз келіндерді тегіс тұтқындап, айдап кеткен екен. Бұл қайғыны көру, көтеру ауылдың үлкені Қоныс атаға ауыр тисе керек, содан ол кісі басын көтере алмай жатып қалыпты. Қоныстары бөлек бауыры - ағайы Көкен атаның ауылы біраз жерде екен. Бірінші кезекте соған және басқа туыстарға хабар беріп, қол жинап, кеткен жауды содан кейін қуу керек десе керек, тойға бірге барған ер азаматтарға, өзінің ұлы жас Тәукебайға, бәрін жиап алып ақылдасқан сәтте. Бар үйдің адамдары — қыз келіндері тұтқын болған құлдыққа кеткен, қайғыға шыдамай ашу мен ызадан тұншығып, шыдамсыздық жасап, әскер жинамай, оны күтпей, жаудан айрылып қалмай тұрғанда оларды қуып жетіп, соғысып, адамдарымызды құтқарау керек деп тұрып алған көрінеді.Тәукебай атамыз солардың сөзін жерге тастамай қолдап, өзі шағын адамды бастап, жаудың соңынан қуып кетіпті. Баласы Тәукебай әкесі Қоныс атаны тыңдамай кеткен соң ол кісі жүре алмай жатса да таңертеңгілікте айналадағы биік дөңдерге дауысы күшті адамдарды жұмсап, хабар таратқызыпты. Азаншы адамдардың таңғы дауысы алыстағы көршілерге жетеді екен. Ол ауылдың азаншылары өз ауылындағы биік дөңнен айқайлап, одан әріректегі көрші ауылдарға жайсыз осы хабарды таратқан сияқты. «Қоныстың ауылын жау шапты» деген хабар осылай көршілес елдерге жетіп, олар адамдарын жинап,қаруландырып, көмекке жібергенше арада біраз күн өтеді екен. Бұл уақытта Тәукебай бастаған шағын әскер тоқтамай жаудың артынан қуалап жетеді... Асығыс қуған ел көп әскер жинап үлгермейтінін есепке алған жау әскері қуғыншыларды күтіп алып, соғысу үшін тосқауылға әскерінің жартысын қалдырса керек. Бойларын қайғы мен ашу,намыс буған Тәукебай батырдың шағын тобының алдынан бес қаруы сай жау әскері саулап, көлденеңдеп шыға келгенде бұлар өздерінің асығыстық жасағандарын ұққан екен,бірақ тоқтап, не кейін қайтуға намыстанып, шабуылға шықса керек.Топтың алдындағы Тәукебай:

— Жанкүйерің шық жекпе-жекке -деп айқайлап шауып келе жатса керек.— Жанкүйер, жанкүйер, жекпе жек,жекпе жек.

Жаудың ішінен шашақты найзасын қолына қысып ұстаған, үстіне.

сауыт киген біреуі Тәукебайға қарсы атпен шауып шығыпты. Тәукебай ашу қысқан бойына жиналған ерен күшпен тоқтамаған күйі екпінмен барған бойы найзасына оны іліп алып, атынан аударып кетіпті. Бұл жекпе жектен күш алған қуғыншылар қиқулап, өзінен көп жауға шабуылға шықса керек. Алғашқы сәтте олар жауларын жапырып, тықсырғанмен көптің аты көп,Тәукебайдың аз әскері жеңілген сияқты.

Жау әскері қанға бөгіп жатқандардың аттарын айдап, өлген өз адамдарын да жерлемей асығыс елдерінің бағытымен кетіпті.

Осы қантөгісте жаралы екі адам тірі қалған екен. Бірі басына қылыш тиген Тәукебай,екіншісі қансыраған жау адамы сияқты. Ол Тәукебайдың қылыштан жараланған бас сүйегін шылаумен орап, қысып, біріктіріп байлап, өзеннің жиегіндегі шөпке жатқызып кеткен екен.

— Қылышыңызды оң жағыңызға қойдым қажет болуы мүмкін,мені сіз танымайсыз,ерлігіңізге сүйсінген бір адаммын, егер біздің елге барып, оны жауласаңыздар менің жан ұяма сауға сұраймын, аман қалдыруыңызды өтінемін — деп өзінің атын айтып кетіп қапты.

Қай заманда болмасын туысқаныңның ішінен шығатын сатқындар бар болған және жаудың ішінде ерлікті мойындап, жәрдемін жасайтын адамдар кездескен.Адамгершілік қай елде болса да кездеседі, қылмысқа бейімдер туысқанның ішінен де шығады балаларым — деді Иматай.

— Жәке, ауылдан әскер шықпады ма ? Жаудың еліне шабуыл жасалмады ма ? – деді Шырдабай— Қанша адамды олар айдап кеткен жоқ па құлдыққа, күңдікке.

— Сұрағың дұрыс.Қоныс атаға бірінші боп келіп, хал сұраған би, батыр ағасы Көкен ата екен. Сонан соң бірнеше күн әскер жинап, қалың қолмен жорыққа шығыпты, жолай өзеннің жағасында жатқан Тәукебайды көріп жолығып, әскер бөліп, оны ауылға жеткізуді соларға тапсырыпты. Ал өздері тоқтамастан сұрастырып отырып, жау еліне жетіп, оларды шауып, адамдарды тұтқындықтан босатып алып, малды айдап, елге аман қайтса керек. Ол кісіде асығыстық болмаған сияқты. Көкен ата алты рудан тарайтын—елдің жоғын жоқтаушы, қамқоршы, қорғаушы, бітімгершісі екен, тура би деп аты шыққан мақтанышы екен,оның үстіне қол бастайтын батыр болса керек—деді Иматай.

4 - тарау

Жаңа – Қорғандағы сунақ руының азаматы Ержанға тұрмысқа шыққан Нәлібай атаның қызы Үрбибі қыдырып келген болу керек, себебі есіктің алдында жүрген Иматайдың әйелі Күлжамиланың дауысы көтеріңкі шықты: — Саламат па ерке қыз, үй іштерің аман ба ? Жиендерді алып келіпсің ғой. Сенің атың Айдархан емес пе, ал сенің атың кім кішкентай жиен ?

— Жәмішхан

Иматай жатқан орнынан тұрып, қарүйдің есікті жапқан киізін көтеріп, сыртқа шықты. Кең дала созылып жатыр. Көз жетер жердің үсті жап жасыл шөп. Олар көк аспанға жалғасып кеткен. Ақ бұлттар мақтадай ойдым ойдым болып ұшып жүр. Кең дала, кең дүниеге айналғандай. Әйелі Күлжамиламен сөйлесіп тұрған қарындасы Үрбибіні көрді сосын . Жанында екі баласы бар ерткен. Иматай алдарынан шығып, қарындасымен амандасты. Күйеу бала Ержан көрінбейді. Келмеген болу керек. Амандық сұрасқан соң үйге қарай бастады. Қарындасына іші елжіреп,рең басына сынай көз салған. Әлі сол көзге ыстық қарындасы , күліп тұр, сол күйі, баяғы күйі. Үрбибіні төрге шығарып, екі жиенге қарап қояды. Олар аналарының жанына жайғасқан. Иматай:-.

— Үлкен балаларыңды алып келмегенсің бе ?—деді — Аттары Шамұрат пен Мәмбетсалы еді ғой. Оларың жігіт болып қалған шығар.

— Иә,өсті ғой, оларды әкесіне көмектессін, үй шаруасына жәрдемдессін деп қалдырып кеттім.

— Жағдайларың қалай ? - деп, айтуын айтып алып, қарындасының көңіліне келмедім бе дегендей басын төмен түсіріп жіберді Иматай.

Жаңа – Қорғандағы отырықшы елдің тұрмыстары нашар деп естіген. Күн көрістері қиындап кеткенін білетін. «Бекер сұрадым – ау»

— Бірқалыпты – деді де қойды Үрбибі.

Күлжамила тегештерге құйып қымыз бен қымыран әкелді. Отыра қалып ожаумен сапырып сапырып алып, орта кеселерге құйып ұсына бастады.

— Кім қайсысын ішеді ?

— Әкеміздің үйіне соқтың ба ? — деді Иматай.

— Жәкеммен амандастым, Жұмат көкеме сәлем бердім,енді сізге кіріп шыққалы келген бетім.—деді Үрбибі.

— Біраз боласың ғой, жатып демалатын шығарсың ?

— Қайдан, бір үйдің шаруасы біте ме?

— Дегенмен қонып кет,асықпа. Күнде келмейсің ғой.—деді Иматай.

— Әй, кішкентай жиен, атыңды кім дедің ?

— Мен бе, Жамішхан.

— Сен атты жақсы көресің бе ?

— Кім жақсы көрмейді.

— Сен менің арқамды басып ауырғанын жазсаң, ақысына сенің өзіңе бір ат мінгіземін, қалай басасың ба ?

— Рас айтасың ба ? Алдамайсың ба ?-деді Жәмішхан қуанғанын баса алмай. – Алдамайсың бірақ.

Иматайдың көйлегін шешіп жалаңаш қалдырған арқасына ол аяқтарымен шығып, әрі бері жүріп баса бастады. Мұрынын тартқылап, әлі де болса нықтайын дегендей.

— Сен мені алдама,ат мінгіземін дедің сөзіңде тұрасың, өтірік айтсаң егер алдасаң сен адам емессің — деді Жәмішхан анасына қарап қойып.

Отырғандар тегіс үндемей қалған еді. Үрбибі ғана баласына ала көзімен қарап, жұдырығын түйіп тұрып:

— Қарыстыр жағыңды, менен таяқ жейсің әйтпесе — деді. Сосын: —

— Кешіріңіз көке, мен оны үйретіп қойғандай болдым ғой – деді.

Төмен қарап жатқан Иматай күлкіден денесі селкілдеп басын шайқай берді.

— Жиенім, жиенім көтіме шыққан сүйелім -деді де Иматай мойынын бұрып, басын көтеріп Жәмішханға қарап қалды - «Не айтар екен ?»

Жәмішхан сасқан жоқ мұрынын тартып қойды да:

— Нағашым , көтімді сүрткен ағашым — деді, қара өңі күреңітіп кетті.

— Уау, мынау не дейді — деді Иматай, аң таң қалып.

Кішкентай Жәмішхан Иматайдың арқасынан секіріп түсіп,ашық тұрған есіктен далаға ытып шығып қаша жөнелді.

Иматай қарқылдап тұрып күлді,кішкентай жиенінің сөзіне риза болғаны сондай біразға дейін өзін тоқтата алмады.

Үрбибі қарындасы ыңғайсызданып үнсіз отырды тек анда санда:

— Бала ғой, жиенің ғой, саған тартқан шығар — дей берді.

Кеш түсіп.,адамдар мал жайғап жүрген кезде Иматай баласы Өтжанды оңаша шығарып оның құлағына сыбырлап, бірдеңелерді айтып жатты.

Кешкі ас дайын болып, қолдарын жуып, бәрі ішке кіргенде Иматай кішкентай Жәмішханды шақырып алып, жанына отырғызды. Екі жиенге деп қолдарына жіліктер ұстатты, өзі әңгіме айтып, көңілденіп отырды.

Таңертең ертелеп Үрбибі жолға жиналды. Қып қызыл болып, алыстағы Қаратаудың үстіне өрмелеп, шапағын шашқан күн енді ғана жоғары көтеріліп келе жатты .Қарындасын атқа сүйеп, мінгізіп жатып: — Жәмішхан мына ат сенікі, барған соң өзің еге бол, барғанша апаң мініп барсын. Ал Айдарханға мына түйені, нарды силадым, қымыранын сауып ішесіңдер. Нағашыңа өкпелемейсің ғой енді мен сөзімде тұрдым, айтқан атымды мінгіздім. Дәу жігіт болып өсіңдер, аман сау барыңдар, мен көрмеген туыстарыңа тегіс сәлем айтыңдар — деп хоштасты, жиендері Айдархан мен Жәмішханды түйеге мінгізіп болған соң, ботаны түйеге қосып айдап жатып.

5 - тарау

Кеңестер Одағы бел алып, жер жерде елге ықпал ете бастағанын сезген Иматай болыстық дәрежесінен бас тартып, қызметін Бидәулет, Жандәулет деген ағайындыларға өткізді. Жаңа—Қорғандағы қазақ балаларының сауатын ашуға арнап, орыс патшасының ашқызған қыш мектебінде сол кезде мектеп директоры болып құйысқансыз руының адамы Бидаш байдың оқыған, білімді баласы Бексұлтан істеп жүрген. Кейін сол кісінің қолында оқып білім алған тәрбие көрген талай азамат ол кісіні ризашылықпен тебіреніп еске алды. Иматай сонда оқып сауатын ашқан Шырдабайын үйдегі Иваннан біраз орысша үйренген соң РАБ факта оқуы үшін Түркістан шәріне жіберуді ойластырды. Баласынан бір де кем емес Иванды ауылда ұстап, босқа сенделткенше оның өміріне де өзгеріс енгізуді ойлаған Иматай оны Түркістан шәәріне көшіріп, жеке үй етуді жоспарлады.

— Иван, сен енді Түркістан қаласына көшесің,өз алдыңа үй боласың, бөтен емессің, балаларымның біреуісің, бұған не айтасың ? – деді Иматай Иванды оңаша отырғанда жанына шақырып алып. Иван басын изеді,келісті, ренжіген жоқ.—Неге өкпелеймін жәке, айтсаңыз болды, қайта сондағы бір үйіңіз боламын – деді Иван—келіп тұрсаңыздар болды.

Сонымен Иматай Түркістаннан там сатып әперіп Иванды сонда көшірді, ал Шырдабайға сонымен бірге тұрып, оқуын жалғастырасын деген мақсат қойды. Еті тірі Иван қарап жүрмей жұмысшы,кедей шаруалардың қызыл әскерінің қатарына кіріп кетті. Шырдабай РАБфакқа оқуға түсті. Ал Иматайдың жеке басында өзгерістер болмағанмен отауына қосылған жаңа туған баласы Бижігіт пен одан кейін туған кенже қызы Әйнекүлі үйдің ішіне көп қуаныш әкелді.

Болыстықтан бас тартып бірыңғай шаруашылықпен айналысқан соң әкесі Нәлібайдың еншіге берген малының басын өсірді. Заман кедей шаруаларды қолдап, дәріптеп, соларды басшылыққа тартып, желіктіріп қойды. Теңдік деген осындай болады екен дегендей малы бар орташа шаруаларды бай болмаса да қудалап, кедейлер оларға дөң айбат көрсетіп, ауызға келген сөздерді айтып жатты. « Иматай деген байдың баласы тонын теріс айналдырып киіп, кедеймін деп өкіметті алдап, РАБфаққа оқуға кіріп алыпты, оны біз тез әшкерелеп оқудан шығартып аластаттық» деп газетке де басып елге таратты. Қанатын жайып енді белең алған Кенестік өкімет байлардың және малын бағып күнін көрген ауқатты шаруаны қыспаққа ала бастады, олардың балаларының оқып, білім алуына қарсы келіп, қудалауға кірісті. Ауыл онда Ақ жарда отырған. Ойын балалары үйлеріне үрейленіп кеткен жүгіріп кіргенде үлкендер оларға ұрсып жатты. « Үйге қарай неге жүгіресіңдер, жаман ырымды бастамаңдар, не болды соншама ентігіп.» дескен. Балалар қолдарын шошайтып, түстіктегі тау беткейді қолдарымен көрсеткен. Адамдар сыртқа шығып үрпиісіп, солай Қаратау жақтан келе жатқан бір топ аттыларға қарасқан. Әскер киімін киген, бастарында үшкіл шлемдері бар түстері суық адамдарға ауыл адамдары үрпиісіп, көз салған.

Айтса айтқандай үзеңгілері қағысып, аттары пырылдап, бір топ қызыл әскерлер жақындап қалған екен. Ең алдындағы түрі қазаққа ұқсамайтын өзге ұлттың адамы бәрін таңғалдырып, таза қазақ тілінде сарнап қоя берді:

— Ассалау ма ағалейкүм, аман есенсіздерме, мал жандарыңыз тегіс сау ма ? Біз бір топ қарулы қашқындарды қуып, іздеп келе жатырмыз. Сіздердің ауылға олар соқпады ма ? Көрмедіңіздер ме ?

Аңтарылып қалған ауыл адамдары жөпелдемде тіл қатпай үнсіз қалған.. Айналадағы қарүйлерден шыққан адамдар, бала шаға жинала бастаған.

— Бұл ауылдың үлкені кім ?- деді әскердің басшысы.

— Нәлібай, соның ауылы.

— Қараша ма руларың ? Ол кісі ауылда ма ? Мені апарыңдар сол кісіге.—деді командирі.Өзі аттан түсті де шылбырын жанындағы жауынгерге ұстатып, үлкен үйге қарай беттеді. Қарүйдің есігін кең ашып кіріп барды да тоқтап, төрге көзін салды. Жастықты шынтақтап жатқан Нәлібай басын көтеріп, сәл кідіріп орнынан тұрды.

— Ассалаума ағалейкүм Нәлібай ата.—деді ол қазақша жатық тілмен. Құрметпен шыққан дауыс таныс сияқты көрінді Нәлібайға.

— Танымай қалдыңыз ба мен Иматайыңыздың асырап алған орыс баласы Иванмын ғой, немереңізбін.

«Ой, құдайым-ау Иматайымның асырап алған орыс баласы ғой мынау». – Иван,айналайын Иван сен екенсің ғой,бұл кім деп отырмын.

Нәлібай Иванға жақындап, оның үстіндегі көкпеңбек әскер киіміне, беліне байлаған қылышына, басындағы төбесі үшкіл екі құлағын басып салбыраған екі құлақ бастырғышына, маңдайындағы қызыл жұлдызына қарап таңданып, таңырқап тұрып қалған, сәл сәл ілгері басқан, осы бір жүзі жылы орыс баласына іші елжіреп, құшағына қысқысы келген еріксіз.

Иван Нәлібайдың көңіл күйін түсінгендей, бір қолындағы бес атарын, винтовкасын керегеге сүйеп қойды да қарсы жүрді екі қолын қанатша жайып алған. Нәлібай ата оны кең құшағына алып бауырына басты: —.

— Иваным, Иваным — деп сыбырлады, қолымен төрді көрсетіп — жоғары шық отыр.

— Жанымда он әскерім бар еді – деді Иван

— Кім бар — ай есіктің алдында – деді Нәлібай, — Жұматты, Иматайды басқаларын тегіс шақырыңдар Иван келді деп айтыңдар.

Есіктен қараған адамға.-Тез — деді

Иван орнынан тұрып: — Мен әскеріме осында кідіретінізде айтып, жайғастырып келейін, ата рұхсат етіңіз -деді. Есіктің алдына шыққан соң кеудесін керіп терең дем алды. Көптен туған үйіне келмеген адамның сезімімен сағынышын баса алмағандай, жан жағына, ауылдың таныс күйбең тірліктеріне көз тастады. Жанына келген кішкентай баланың басынан сипалап, қолына көтеріп алып анадайда әлі топтасып тұрған әскеріне қарай беттеді. Асықпай баланы жерге түсіріп:

— Жігіттер, шаршаған шығарсыңдар.бүгін біз осында қонып, жолға ертең шығамыз, өзіміз сияқты аттар да дем алсын,ерін алып, тұсап жіберіңдер жайылсын — деді.

Әскердің үнсіз тұрғанын көріп:

— Бұл ауылда менің туыстарым тұрады, мен осында өскемін. Келмегеніме көп уақыт болды, қонбай кетсем ұят болады—деді—орындаңдар.

Сонадайдан көрінген, қарүйлерден шыққан адамдар асығыс, жылдам жүріп Нәлібай атаның үйін бетке алған. Сәлден кейін Иван көзіне жас алып, Жұмат жәкесінің Иматай жәкесінің құшағына кіріп, елжіреп тұрды. Жаңа келген көкелерімен құшақтасып, амандық сұрасып, мәз мәйрам болды да қалды.

Өзі орысша үйретіп оқытқандарына: — Здравствуйте,не забыли говорить по русский — деп әзілдеп қояды. Иванның қуанышында шек жоқ сияқты.Иматай мен Иван жауынгерлерді Нәлібай атаның қонақ күтетін бос қарүйіне жайғастырды.Дастархан жайғызып, қымыз, қымыран берулерін қызметшілерге табыстады.

Кешкісін Нәлібай атаның ұрпағынан өрбігендер тегіс жиналып, арнап сойылған жас құлынның керсендерге үйіп салған еттерінен жеп отырды.

Тамақты жеп, сорпа ішілген соң құран оқылып, ыдыс аяқтарды жинап алып, бала щағаны тарқатып, үйде тек ересектер қалды. Енді әңгімені.

тек Иван ғана айтып отырды. Теріскейде өкіметке бірлі жарым қарсы әскер жиып жүргендерді Кеңес үкіметі ұстап қамап жатқанын, Иван өзінің сондай бір топтың соңынан қуалап жүргенін айтты. Түркістанға көшіп барғалы қызыл әскердің қатарына кіріпті, ал қазір он адамға басшы екен. Иван өкіметтің байларға қарсы ұстанған саясатының беті қатты деді. Бірақ теріскейдің қазақтары жиналып, Советке қарсылық жасау үшін әрекеттеніп жатқан сияқты.

Әңгімемен уақыттың өтіп, түннің бір уағы болғанда дем алуға ұйғарым жасалды..Иван Нәлібай атамен хайыр хош айтысты. Ертелеп жолға шығатынын айтты. Иматайға еріп қонағаға үйіне барды. Күлжамила апасының қолын алып, бетінен сүйгізді,Өтжанды құшақтап, бауырына қысты,түнде қасына алып жатты. Иматай жәкесімен түнде тағы да ұзақ әңгімелескен. Өтжан қанша құлақ салса да түсінбеген, бірақ тыңдап жатырмын деп ойласа да қалай ұйықтап кеткенін аңғармай қалды.

Иматай таңертең ерте тұрып, Иванның адамдарының жиналып дайындалуларын қадағалады. Жолдарына талғау азық берді.Жаңа сауылған түйенің қымыранынан тегешке құйып бәріне ішкізді., жолға деп қолдарына ұстатты.Аузын жыбырлатып тілек тіледі. Жолдарың болсын, аман сау кездесейік деп бетін сипады. Өтжан ұйқыдан тұрып қасында жатқан Иванның орынын алақанымен сипап бос екенін көрді де далаға жүгіріп шықты, олар ұзап кеткен екен.

— Иван,Иван — деп бар дауысымен айқай салды сосын. Иван Өтжанның дауысын естіп, тоқтап, кідірді. Өтжанға қолын бұлғап қоштасты: -Көріскенше, сау бол. – деді. Иматай үнсіз көпке дейін кеткендердің соңынан қарап көзімен ұзатып салды. Көзіне Иванмен ең алғашта қалай кездескені елестеді. Өзінің оны соншалықты жақсы көретіндігін түсінді.

Иван Нәлібай атаны қайтып көрген жоқ,олардың осы кездесуі соңғы рет көріп, соңғы рет қоштасуы болды. Бұл бір мың тоғыз жүз жиырма жетінші жылы болған еді.Нәлібай ата осы жылы бақилық болды. Алыс жақын туыс, құда жекжаттардың бәрі тегіс құлақтанып келіп, қайғырып, соңғы сөздерін айтып, жаназасын шығартып, қоштасып жатты. Алла тағаланың сүйген ұлы сияқты еді ол кісі, елдің бәрі қимай шығарып салды. Нәлібай атаның тірі кезінде ешқандай аса ауыр қайғыны бастарынан өткермеген еді ұрпағы,ол кісінің көзі жұмылысымен эамананың қыспағы да күшейді, өкімет те қырына алды.

Оның ұрпағы үшін қиын кезеңдер басталды. Иван ауылға суыт хабаршы етіп Шырдабайды жіберді. « Өкімет жақын арада бай адамдардың мал мүлкін тегіс тартып алып кедейлерге бөліп береді» сондықтан тездетіп олардан құтылу керек, сатсын, қарызға берсін, дұрысы алтынға айналдырып тығып қойған. Иматай бұл хабарды кешкісін бар бауырларын үйіне шақырып, жиып, Шырдабайдың өз ауызынан есіттірді. « Бұл жанашыр қызыл әскерлердің командирі Иванның туысқандарына алдын ала айтқан құпия хабары»

Иматай жанындағы отырған бауырларына сұраулы жүзбен кезекпен қарап шықты. Оң жағында өзінен жоғары отырған ағасы Жұматтың басы төмен түсіп кетіпті. Өзінен төмен сол жағында отырған інілері Иманберді, Әшім, Мантай, Мампай, Кәрібайларда тіл жоқ,бәрі ойланып отыр. « Бұл өзі бұрын соңды болмаған оқиға»-деп бастады сөзін Жұмат аға.— Менің жеке басым ғана емес бәрің үшін шешім қабылдау шынымды айтсам маған ауыр тиіп отыр. Бәріміздің жанұямыз бөлек, жеке үй,бала шағалы болып отырмыз мені түсінер деген оймен көңілімдегі адал ойымды айтып отырмын. Бәріміздің әкеміз Нәлібай қайтыс болмай, ол кісі тірі жүргенде бір шешімді сол кісі өзі кесіп айтар еді ғой бәріміз үшін. Ол кісі бақилық болды,топырағы торқа болсын. Сондықтан шамалы күн ойланып, ақылдасып қабырғаларыңмен, басқа жақындарыңмен, бала шағамен дегендей тағы бір күні жиналайық, сол кезде әркім өз шешімін айтсын. Асықпай сол күні бір шешімге келерміз. Құдайдың өзі сақтасын,басқалардың да басына түсер бұл іс.

Малды тартып алу күні ертең бастала қоймас, құдай бұның бетін әрі қылсын – осы менің басыма келген ой, айтарым. Астан кейін құран оқып сауабын әкелері Нәлібайға бағыштап, қоштасып тарқасқан, бірақ әрқайсысының жүрегі күпті еді. Әрқайсысының көңілінде күмән, сенбестік ой бар еді «қалайша біреудің маңдай терімен жинаған мал мүлкін жылатып, еңіретіп, күшпен зорлық жасап, тартып алады, қой бұл тіпті ақылға симайтын қисынсыз ой, іс, шикі хабар. Әй, әшейін жәй долбар шығар, орыс Иванның ойына келген қиял шығар. Иматайдың баласы Шырдабайдың сөзіне сенуге де болмайды, тірлік істеп көрмеген, өзінше жүрген бір әуейі бала ғой әкесінің малына малданып, соны шашып, қыдырғаннан басқаны білмейтін» Ой жүйрік пе көк дөнен жүйрік пе дегендей алып қашпа күдік, пайымдар, әрқайсысының басына жиылып, паршалап, жандарын қинап жатты. Иматайдың басына нешеме ойлар келіп, нешеме ойлар жарамсыз саналып, кетіп жатты. Ол да Шырдабайды баласынайын десе қайақтаң, жасы жиырма жетіге келген адам бала санала ма ?, оның үстіне Иван өтірік болжам айтпайды, тәуекел ету керек. Бірақ малды шұбыртып, Түркістанға айдап бәрін сатқан деген дұрыс бола ма? Ал айдадық дейік, ал оларды саттық дейік, ау сосын не істемекпіз, немен айналыспақпыз, түскен ақшаны алтынға айналдырып, соның бетіне қарап отырамыз ба ? Ол бізге тамақ болама, тірлік болама, не іспен айналысамыз, басқадай тірлік жоқ қой айналысатын»

Иматайдың жатса да тұрса да осы ойы басынан кетпей қойды. Күндер өтіп жатты. Ағайын бауырлардың ешқайсысы «жиналып ақылдасайық та» демеді. Ауыл іші тым тырыс, ешқандай бір ақылдасатын шаруа жоқтай, ендеше бәрі Иванның хабарын қаперіне алмағаны. Тәуекел. Бір ой келді, соны Жұмат ағаға айтып, ақылдасуы керек. Кешкісін ел мал жайғап жатқанда Иматай Жұмат ағасын оңашалап сөйлесуге төбенің басына ертіп шықты. «Иван өтірік айтпайды оны білесіз — деді Иматай— ендеше ерте ме кеш пе малды алады, бірақ малды сату баланың ісі болатын сияқты. Менің ойлап ойлап тапқан шешімім сол малдарды ар ұяты бар жалшы, кедейлерге, құда, жекжаттарға тарату. Бақсын, қақсын, төлін өсіріп, мал жинасын. Менің көрсетер жәрдемім сол оларға, яғни төлін пайдалансын, ал кейінірек мал өзіме керек болған жағдайда берген малдың басын төлсіз қайтарса болды.Заман орнына келмей тұрмайды, ауысып қайта айналып орнына келеді,сол кезде малымды жинап алсам болды. Жұмеке сіз бұған не ақыл айтасыз? ». Жұмат аға ұзақ үнсіздіктен соң: — Иматай саған көңілімнің түзу екенін білесің басқаларға қарағанда, сенің мына шешіміңнің дұрыс екенін сезіп отырмын. Мен саған келісемін. Бетіңнен жарылқасын, құдай қолдап,ісің оңға бассын – деді,екеуі алақандарын жайып беттерін сипасты. Сәл үнсіздіктен соң: — менің сенімен бірге болып, бірге іс жасауым керек еді, өзімді айтамын, басқа інілеріміз үшін жауап бере алмаймын, оны білесің, оған себеп бар. Менің балаларымның басы барырақ, оларды тыңдасам әрқайсысының пікірі әртүрлі, айналып келгенде Иванның айтқанына сенбейді бір, малдан айырылғысы келмейді екі. Өзім саған бұл әңгімені барып, оңашада айтсам деп жүр едім, әңгімені өзің бастап ең саған жауап айтудың айтудың реті енді келді. Жағдайым осылай. Тауекел. Алла тағаланың басқа салғанын көреміз де.

Содан кейін ағайынды екеуі үнсіз көп отырған. Алда болатын көп өзгерістерді іштей түйсінгендей екеуі де.Бірақ ол туралы айтуға екеуі де батпаған, жаманшылықты шақырғандай болмайықшы дейтін сияқты.

Осы әңгімеден кейін Иматай ойға алғанын тездетіп, іске асыруға бел шешіп кірісті. Алдымен малынын басын есептеп алды, іштей тарататын адамдарының санына оны бөліп, пәлен бастап сол адамдарға айдатып, апарып берді.Олар төбеден түскендей болған тегін малға қуанып, рахметтерін жаудыра отырып, алып қалған. Иматайдың бұл тірлігі қанша құпияласа да ел ішіне тез тарап кетті. Бұны естіген Иван пәлендей ештеңе айтқан жоқ. «Малына иесі басшы». Бір күні астыртын жанашыр бір адамнан хабар келді. «Иматай бүгін басқа жаққа көшіп үлгермесе, ертең белсенділер үйіне барып, таратқан адамдарынан малын жинатып алып, өзін қамайды» деген. Қараңғылық түсісімен Иматай керек деген мүліктерді ғана қолға алып, қалғанын түйелерге артып, аттарға мініп, бала шағасымен жиналып, «сізбен бірге болайық» деген құда жекжаттарын ертіп, суыт Сырдария өзеніне қарай түнделетіп, аттанды.Жаңа Қорғанның тұсынан түннің жарымында өтті . Аспанда жұлдыздар жайылып жатты. Жапырайған үйлердің жанынан өткенде әлі ұйықтамаған иттер шәуілдеп үріп, көпке дейін қалмай еріп, шығарып салды. Көңіл көпті, бейуайым адамдар тып тыныш үйлерінде жылы төсектерінде бейқам ұйықтап жатыр, ал бұлардың ұзақ белгісіздікті бетке алып, көшіп бара жатқан түрлері мынау. Бұл бағытты көп ойланып, оңашада Иматайдың өзі қалап шешкен болатын. Сондағы ойы өзеннен өтіп, құмның ішімен жүріп, қуғыншылар болса оларға жеткізбей Өзбекстанға өтіп. ізінен адастыру болатын.

Ағайыннан ажырап, туған жерді тастап, маңдай термен жиған малды таратып, одан тегіс айрылып Иматай өзіне сенген жақындарын ертіп, бала шағасын бауырына басып, Кеңес өкіметінің қыспағынан қашып, азапты жолға шығып, тағдырдың бұйыртқан белгісіз, беймәлім алдағы күндеріне қарай тәуекел деп бет алған еді.

Үшінші бөлім
ҚУҒЫН
1 – тарау

Қараңғы түнді жамылып, Сырдария өзенінен өтіп алған соң,тоқтап, дем алмастан көш құмның ішіне ендеп кіре берді. Түйенің үстіндегі қомға отырғызған кішкентай төрт жасар қызы Әйнекүл түнгі үргін сүргін қозғалыс қимылдан шаршаған, ұйықтай алмаған соң, әрі түйенің итің итің жүрісінен тағы ұйықтай алмай енді ыңырсып, жылап келеді, Күлжамила апа еріксіз алдына алып оны жұбата алмай әлек. Айналада басқа еш бір дыбыс жоқ. Жан жануардың бәрінің дем алатын шағы туған таңғы сәт. Көштің басында атқа мінген Иматай келеді..Қара түндей ой қамақтың арасында басына келген қиял — ойларды қуып тастап, ендігі алдына қойған мақсатына сәйкес белгісіз дүниенің ішінен айқын жол іздейді, белең белең түнгі сусыма құмның ішіне кірген сайын көңілге күдік пен уайым ұялап, жанын жейді. Мына соңынан еріп келе жатқан адамдардың тағдыры өзіне байланысты: «жақсылыққа болса да , өкінішке болса да бір жерге апарып тынары анық», содан кейін олардың «қарғысы болса да алғысы болса да есітіп алар». Дарияның суынан өткен кезде олар местерге су қуйып алған,ал енді сол су біраз күнге жетіп қалса керек, әзірге су уайым емес,ендеше қуғыншылардан құтылудың бір амалы құмның ішіне бойлап кіре түскен дұрыс шығар. Не де болса тоқтамау керек, күн ысығанша жүру керек.

Дарияның жағасына қоныстанған ел ағайындардың да көзіне түспеген дұрыс. Су таусылуға жақындаған кезде көшті бұрып, су жағалап отырармыз, ал алда кездесетін елдердің адамдары бізді тани қоймас..Таң шапағы төңірекке жайыла бастаған сәтте осындай ойлармен алысқан Иматай көштің басын енді күн шығысқа қарай бұрды. Олар.

құмшауыт биік дөңдерді айналып, ара арасындағы сайларда соққан жел, құмын қуалап кеткен соң тақырланып қалған қатты жерлермен жүрді. Кәрі сексеуілдердің жуан діңдері,биік бұталары жоғарыдан салбырап орманды еске салады. Күн ысығанда көлеңке, қуғыншылар дүрбі салғанда, қалқан болары анық, із де байқалмайды оңайлықпен. Иматай өз ойына риза болып, таңғы салқынмен тоқтамай жүре түсуге бел буды «.Жолаушының жолы жүрсе бітеді» Ендігі ой оны ауылда қалған бауырларына бастады. Ерте тұрған Жұмат аға Иматайдың қарүйінің орнын жұрт ұйқыдан оянбай жатқанда барып, көрген шығар-ау. Шашылып жатқан дүние мүліктерді көзімен қарап, болған іске болаттай болайын деп іштей Иматайымен қолштасқан шығар,. көзіне жас алды ма екен ағасы, бауыры.

Иматайдың қырық жеті жыл бірге ойнап өскен ішшәй деп іренжіспеген бауырының бүкіл болмысы көз алдына елестеп, көңілі бұзылды..Күнге күйген, қарайған бет жүзіне ие бола алмады. Екі көзінен жасы сорғалап бетіне, сонан соң мұрты мен сақалына ағып келе жатты. Иегі кемсеңдеп.иықтары дірілдеп кетті,бірақ жағын қарыстырып аузын ашып дыбыс шығармады. «Енді біз кездесеміз бе, жоқпа,кездессек ол қашан?»

Қалтасынан жалпақ орамалшасын алып, бетін сүртті, көзін уқалап тазалады. Бойын тіктеп,аттың ауыздығын қағып, сілки тартты, аты ойнақшып шыға келді. Сонан соң ойы қайтадан ауылға қарай өзінен өзі бұрылды. «Иә, келген белсенділер Иматайды тауып бер, әйтпесе сені айдап әкетеміз, қамаймыз түрмеге, соттатамыз деп, айқайлап келе бірінші Жұмат ағаны біраз қысып, қинаған шығар. Айт, қайда кетті қайда көшті, қашып ол құтылмайды бәрібір,айтпасаңдар бала шағаңды бәрі-бәрін қамаймыз». Содан соң Иматайдың басқа інілерінен бір бірлеп жауап алған шығар. Біреуі болмаса біреуі айтты ғой. Белсенді жалшы шаруалар билік бізге тиді, енді елді біз басқарамыз деп есіріктеніп, ағасы Жұматтың, інілері Иманберді, Әшім мен Мантай, Мампай мен Кәрібай, Омардың малдарын тәркілеп, айдап алып кетпесе болғаны ғой. Қашқан Иматайын қуып жетіп, қол аяғын байлап, бишара етіп, Нәлібайдың балаларын тегіс пұшайман етіп, сосын ит жеккенге бәрін айдатып, көздеріне көк шыбын үймелетпесек пе деп, қамшыларын үйіріп, бала шағаны қорқытқан шығар. Сосын үзеңгілері сартылдап қызыл әскерлерін ертіп, Иматайды қуып жетпекке ентігіп, соңына түседі. Өткендегі ауылға әскер ертіп келіп қонып кеткен Иваны сияқты. Ол да әскерін ертіп қашқан қазақтарды қуып жүр еді ғой. Ей, жалған дүние -ай десейші. Баяғы заманда алыстан келіп, шапқан жаудан ел болып, бірге қорғанатын еді. Орыстар келіп, енді міні бай, кедей деп халықты екіге бөліп қойды, біріне бірін айдап салып, малын тартып алғызып, өздерін қуалап, ит жеккенге ел жұрттан қашыққа жер аударып жатыр. Айналайын қазағым -ай, ермесің ғой қайтейін. Өзімізді өзіміз қудалап, соғысып, не көрінді десейші. Айдаладағы мына орыстардың қорлығы өтті-ау. Тып -тыныш жатқан елімізді бұзды ғой. Ау, ана Иван да орыс емес пе? Мен оны орыстың баласы деп алаламай басына үй тігіп, астына ат мінгізіп, еркетотай баламдай етіп асырадым ғой. Бірақ шүкір ол дағы жатсынбай, жатырқамай баламдай болып, үлкенді силап, кішіге қамқор болып өсті. Сонда деймін – ау, адамгершілік деген қасиет ұлтына қарамауы керек қой. Қазақтарды енді неге бұл оқыған орыстар жік жікке бөледі, байлар болмауы тиіс дегені ме ? Халық болған соң адамның бәрі бірдей жаратылуы мүмкін емес қой. Әр адамның тіптен үйіндегі балаларының мінезі әр түрлі емеспе біреуі жалқау, біреуі еңбеккор, ал енді біреуі бұзық болса, біреуі момын дегендей, сонда еңбекқорының малы көбейсе оны қудалап, малын тартып алып, өзін ит жеккенге айдап, өлтіруі керек пе ?

Иматай көп ойдан басының ауырып кеткенін байқады. Атын тоқтатып, түс болып қалғанын күнге қарап байқады да көшті тоқтатып, адамдарды да көліктерді де дем алдыруды дұрыс көрді.

Иматай адамдардың көліктен түсіп, жиналғанын күтпей ердің басына байланған месті шешіп алып, жібін босатып, аузына тосып тұрып, сіміріп іше бастады. Қарны ашып та, шөлдеп те қалған екен. Сәл дем алып, қайтадан құмарлана ішті. Сосын жіппен местің аузын орап байлады да ерге жібтен іліп қойды. Аттың ауыздығын босатып, аяғын шідерлеп тұсады,жамбасынан алақанымен итеріп жайылуға жіберді.

Жайлап басып, құм таудың басына қарай беттеді,ең биік ұшар басына шыққан соң бетін өзі келген жаққа бұрып сонау алыстағы құмтаулардың көк аспанмен жалғасқан жиегінен бастап, өзі отырған құм шоқыға дейінгі аралықты көзбен барлап, ұзақ қарады. Содан соң қолын шапанының қалтасына салып, алты атарын алды.. Басқа қалтасынан жалпақ бет орамалын алып, жайып тұрып арасына алты атарын салып, бүктеп, орап, оны ысқылап сүрте бастады. Оқсаларын ашып ішіндегі патрондарын түгелдеді. Сол асықпаған қимылымен алтыатарды ішкі жанқалтасына салды. Бұл алтыатарды болыс болған кезінде алған еді. Қалай оқтауды, қалай атуды сонда үйренген. Анда санда бірлі жарым атқаны болмаса көп пайдаланбайтын. Жаздың күні тауға жайлауға көшкенде бір жылы ағасы Жұмат екеуі Қоспаның беткейінде кекілік атқандары есіне түсіп кетіп, мұңайып қалды. Сол жолы Жұмат ағасына қалай оқтап, қалай ататынын көрсеткен. Реті келсе бір алтыатар мен бесатар мылтық алып қою керегін уәделескен. Қазір құм шоқының үстінде отырғанда сол уәделері еске түсті. Көз жетер жерге қайтадан барлап, келе жатқан қуғыншылар көріне ме деп үңіліп, қарап отыр. Олар көзге көрінбесе де аттарының аяғынан ұшқан шаң аспанға көтерілуі керек, сол шаң көзге түседі. Киіз қалпағын басына жауып қойды.. Көзін жұмып еді еріксіз қалғып бара жатқанын байқап, бетін ысқылап, ұйқы ашар жасады.. Енді алысқа асықпай көзін салып отырды. Орнынан тұрып атына қарай жүрді. Сәл де болса тыңайып қалған шығар деп ойлаған атын. Тұсауың шешіп, шылбырынан жетектеп, отырғандарға келді:

— Шамалы да болса дем алған шығарсыңдар,қуғыншылар көзге түспейді, бірақ біздің олардан озып отыруымыз керек, күннің ыстығы басылайын деген сияқты. шамалы жүрейік, содан соң тағы дем алармыз. Жиналыңдар — деді— кеттік

Асықпай сын көзбен құда жекжаттардың тобына барып қарап, содан соң өзінің бала шағаларына, олардың жағдайларына зер салды. Түйелерді шөгеріп, Күлжамила оның қомына Әйнекүлді мінгізді, оның жанына өзі де жайғасты.Түйе аузынан жынын шашып, бір бақырып алып, иреңдеп, қырсығып, орнынан ерініп зорға тұрды. Балалары Шырдабай, Өтжан мен он жасар Бижігіті аттарына тез тез мініп алысқан, біз дайынбыз дегендей содан соң Иматай жәкесіне қараған. Есейіп қалған қыздары Күлтан мен Дариғасы да аттарына мініп үлгерген еді.

— Алла тағаланың өзі жар болсын – деп Иматай бетін сипады – Аллау әкпар.

Құмның іші өртеніп кетердей ысып, аптап бетті қыздырып тұрды..Адамдардың беттерінен тер сорғалап ақты. Иматай ашықтау тақыр жерге келгенде атын тоқтатып, жерге түсті. Айналада діңдері жуан сексеуілдер көп өскен екен. Атының шылбырын соның біреуіне байлады.

— Осы жерде аптап басылып, салқын түскенше дем алайық – деді Иматай. Содан соң адамдарға қарап тұрып, тапсырмаларын бере бастады:

— От жақпаймыз. Сен, Күлжамила түйелерді сауып қой. Ал сендер, балаларым түйелердің үстіндегі жүктерді шешіп, текемет, көрпешелерді,.кілемдерді босатып, бөлек бөлек буып, байлаңдар. Олар бізге бір кезде дүние мүлік болып қызмет етіп еді, енді уақыт басқа, қалы кілем деп, жібек көрпе, пүліш көрпеше деп, жайып тастап,мақтаныш көріп отыратын кездер өтті.Қазір бізге төсеніш, дүние керек емес, қолға түспей аман қалу керек, дүние қолдың кірі. Тек қол байлау. Ол түрме, ит жеккен, суық жерге айдалу, аштан, суықтан өлу, далада көмілмей қалу. Балаларым мына жерден төрт бұрыштап, шұңқыр қазыңдар. Мүліктердің сыртынан алашаларды ораңдар,шамалы да болса бүлінбеуге, шірімеуге сеп. Кім біледі қашан оралып, бұларды қазып аларымызды. Буылған үй мүлкін сол шұңқырға көмесіңдер Түйелердің жүгін солай етіп, азайтпай болмайды, олар бізге тамақ, сусын, көлік , сондықтан біздің өзіміздің тірі қалу қалмауымыз осылардың аман сақталуына яғни бір сөзбен акйтқанда тек соларға байланысты. Қажет болған жағдайда жүксіз жүріп кете береміз. Қазған шұңқырға мына жүктер, үй мүліктері сиятын болсын. Содан соң шұңқырлың бетін жақсылап қарағанда бідлінбейтіндей етіп жабу керек, бірақ басына белгі етіп сексеуіл қойыңдар. Ал сен Күлжамила бұртима сен аман бол, шалың аман болсын, дүние жиналады, бәрінен де балалардың аман болуын тілейік құдайдан. Маған ана сауған қымыраныңнан құй, ішейін, бұл жарықтық әрі сусын, әрі тамақ қой. Адамдарды тегіс тамақтандыр, сусындат қымыраныңмен, ал мен қарауыл төбеме барайын.

Иматай құм төбенің басына шығып, үстіндегі сексеуілдің түбіне күннен тығылып, көлеңкеледі. Леп бар екен,қалпақты, аяғындағы мәсіні шешіп, бөлектеп қойды.Келген жаққа көз тігіп біраз отырды, қуғыншылардың аттарының шаңдары көрінбейтін сияқты..

Өткен күндер есіне түсті. «Болыс болған екі жылдай уақытым көрген түстей болды ау, ел басқарып үлгі көрсетемін бе деп ойлаған ем, Көкен ата сияқты елдің ризалығын аламын ба деп ойлаған ем. Ойламаған жерден замананың құрылымы өзгерді., қазақтың бұрын басынан кешпеген құбылыстары адамдардың санасына әсер етті. Оқу білімі ілімі озық деген орыс ұлты қазақтардың арасына іріткі салды. Олардың үйретуімен қазақтар бай кедей болып бөлінді бірін бірі жек көрді, ала ауыздық туды . Солай болыстықтың мәні кетті. Содан соң өз еркіммен бас тартқан жоқпын ба ол атақ дәрежеден. Нәлібай жәкемнің еншіге берген малына еге болып, соны бағып қағып, басын көбейтіп, тып тыныш отыр едім, тартып алатын болған соң кедейлерден қашып, бас сауғалап, ендігі жүрісім мынау. Қандай жазығым бар, алла тағалаға не жаздым?

Кішкентай балапандарымның не күнәсі бар? Осындай азапты бастан өткеріп, не ұйқы жоқ, өлім халін кешіп, менің ұрпағымды қара басқаны несі. Е, алла тағала өзің жар бола көр. Жас балаларымның көз жасын көл етпе. Бауырларымнң басында не іс болып жатыр?».

Күннің ыстығына маужырап, Иматайдың сәлден кейін көздері жұмылып, ұйықтап бара жатты. Түс көріпті..Аспан өртеніп, қып қызыл от болып, лапылдап жанып жатқандай. Иматай бала шағасын ертіп, жетектеп, қашып бара жатқан сияқты.Жаны қысылып аман қаламызба, мына оттан деген үрей, уайым оны қамшылап, жаны ышқынып, қатты жүгіріп келеді, бірақ балалар қалып қоймасын деп артына қарайлайды, ыңырсып бірдеңелерді айтады. Сонан соң оттан аман есен құтылып шығып, оған қуанады, жан-жағына қараса қайдан шыққаны белгісіз биік таулардың етегінде келеді,таудың шың басына өрмелеп, өзі оған жақындап қалған сияқты. Артына бұрылып, балаларым қалып қоймады ма деп қараса, олар алыста жете алмай келе жатқандай қорқып кетіп, айқайлайын дейді: — Ей,тездетіңдер,жылдам жүріңдер, мына жақта ауа таза, жақсы екен, келіңдер.

Неге екені белгісіз даусы шықпайды,бұған өзі таңырқап, ашуланып, бар күшін салып айқайлағанда, өз дауысынан оянып кетті, ұйықтап қалған екен.Айнала тым тырыс. Адамдары тегіс ұйқыға кіріскен.Келген жағына үрейленіп көз тастаған еді алыстан шаң көрінді, иә шаң сияқты,. «қуғыншылар» деген суық ой денесін қарып өтті. «Тұрыңдар, тез тұрыңдар, қуғыншылар» деп айқай салғанын білмей қалды. Көш тез жиналды, жолға шықты. Жүктің көбін байлап жерге көмгеннен кейін түйелердің жүгі жеңілдеп, тыныққан аттар қамшы салғанда олардың жүрісі үдемеленгендей . Иматай шамалап келеді, күннің ыстығында дем алмаған қуғыншылар жақындап қалған – ақ екен, жобасы бұларды дем алып жатқан жерінде ұстаймыз деп ойлаған сияқты. Солай болуы мүмкін де екен, Иматай оянып кетпегенде, оларды байқамағанда. «Е алла тағала өзің қолдай гөр, бала шағамнан ажыратпа» деп Иматай құдайға іштей жалбарынып келе жатты. «Енді олардың аттары шаршаған болу керек әсте бүгін жете алмас. Күннің ыстығы өздерін де көліктерін де қажап жеп қойған шығар». Түсін ойлай бастады Иматай,жорығысы келді. «Аспанның өртенгені қуғыншылардың жақындағанын алла тағалам білдірген болды ғой. Уақытында оятып балаларымды оттан алып шығартты періштелер . Содан кейін тауға өрмелегеніме қарағанда балаларды аман есен қуғыннан құтқаратын шығармын. Олардан ұзап биік шыңға жалғыз өзім шығып кеткенімді қалай жоруға болады? Бұл нені білдіреді ?»

Аттың басын Күлжамиланың мінген түйесінің жанына бұрып жақындап қатарласып жүрді.

— Көліктерді қуаламай жайлап жүрсеңдер енді болады – деді керуенге

— Жамила, үйден алып шыққан тамақтан не қалды? — деді Иматай. – Сүр еттер таусылды ма ? Местегі сулар ще?

— Олар таусылды. Ендігі қолда қалғаны қарынға салған сары май содан соң қалталарда кепкен құрт бар. Иматай екі бетін сипап уқалап тұрып ойланып: — Бұлар да үлкен тамақ қой, түйелердегі қымыранымызды сауып ішсек қарын да ашпайды, шөлдемейміз де.

Күннің ыстығы Өзбек елінің жеріне жақындаған сайын күшейе түсті. Аспан айналып, төменге түсіп, жер дөңгелеп, жоғары көтеріліп, бәрі шыр көбелек ауысып, адамдардың басы ауырып қара терге шомылып, көліктер аяқтарын көтеріп баса алмай, сүйретіп келе жатты. Ыстық күн өтіп, жеп қойса еріндер жалақтанып, тілініп, кеберсіп, қан ағып кетеді, содан қорғанып, адамдар орамалмен желкеден тартып, ауызды жауып таңып алған. Төбедегі күн шеңберленіп оттай қызуына шыжғырып тұр Бұл күні Иматай күн батқанша тоқтамастан көшті ілгері бастап, жүріп отырды Кеш түсті,төңіректі қараңғылық басты. Иматай көшті тоқтатпастан ілгері жүріп отырды. Қараңғылықта жүру сәл қиындағанмен көш кідірмеді. Біраздан соң ай жоғары аспанға көтеріліп, төңірекке жарық түсті, енді жүру жеңілдеді. Құмның аптап ыстығы басылып, қоңыр салқын желдің лебі есті. Иматай түннің жарымы ауды-ау деген кезде көштің бетін сәл түстікке қарай бұрып,дарияға қарай бағыт алды. Біраз жүрген соң көшті тоқтатты. Шырдабай мен Өтжанды көшке бас көз болуға қалдырып, жанына басқа қалған аттыларды ертіп Дарияға қарай шаба жөнелді. Олар көп уақыт өтпей өзенге жетті, аттарын суарды, босаған местерге су толтырып өздері суға жуынып алды, содан соң кейінде қалған көшке оралды. Алқа қотан отырып, аздап тынығып алған соң жаңа сауған түйенің сүтінен ішіп отырып әл жиған, әңгімелескен. Бәрі ширақ, жолға дайын екенін құмбыл білдірген соң, олар қайтадан күн шығыстан сәл оңға таман бет бұрып, жүріп кетті. «Ақ жол болсын» десті.

Шыққандарына оныншышы күн толғанда көш Өзбектердің жеріне жетті, одан да асты, себебі жолай Жылға, Сарыағаш, Келес, сияқты қазақтар отырған елді мекендерден өткен, қазақтардың отырған соңғы жерлері Киров, Ильич артта қалды.

2 - тарау

Жетінші күн толғанда Өзбектердің жері ғой деп бір елді мекенге барғанда көздері кіртиген күнге әбден күйіп қарайған бұларға өзге адамдар тосырқай таңдана қарағанын байқады.Неде болса шекарадан қашықтай түсуге бекінген Иматай ішкерілеп, жүре түсті,бірақ бұрынғыдай емес. Жолда байқағаны түйелерінің аттардан көрі пайдалы екені, себебі жүктерін бір жерден екінші жерге жеткізе алмай жүрген адамдардың көптігі болды көзге түскені. Қолда бар көліктерден аттардың жартысын Иматай базарға шығарып сатып, сол ақшаға көп етіп, жүк көтере алатын бура, нарлардан сатып алды. Өстіп жүргенде қуғыншылардың өздеріне жеткенін жергілікті халықтан естіп,Иматай суыт көшті бастап Өзбек елінен безіп, Тәжіктердің жеріне қарай бет алды.Есіріктенген белсенділерге деген ашу, ренішінде шек жоқ еді. Осы ашу үстінде жылдамдатып жүріп Тәжіктердің жеріне ендеп кіре берді. Тиыш өмірге қол жетпесе, қуғыншылар артынан қуғанды қоймаса бір күні бұлар оларға қолға түсіп, тұтқындалады,сөйтіп тағдырдың басқа салғаны деу ғана қалады, бала шаға қаңғып, далаға босқын болмақшы,не осы бетте тоқтамай шет ел саналатын Ауған еліне асып өтіп барып қана қуғыншылардан құтылады.

Иматай ойлап ойлап осындай шешімге келді. Енді тоқтамай, алаңдамай көшін бастап, Самарқаннан асып Сталинабадқа беттеді. Тәжіктердің ең үлкен қаласы Сталинабадқа келген соң балалары Шырдабай мен Өтжанды барлау жасауға артта қалған өзбек жеріне жіберді, ал өздері олардан хабар күтіп жатты. Осында қолда қалған аттардан тек ересектер мінуге қажет дегендерін ғана қалдырып, өңгесін тегіс базарға шығарып сатып тынды. Ұзамай барлауға кеткендер оралды,олар көңіл құлазытар хабар алып келді.Қуғышылар Самарқанға жетіпті, сонда жүр екен. Енді қарайлайтындай, үміттенетіндей бір де себеп жоқ деп есептеген Иматай көшті бастап, Ауған елімен екі ортаны бөлетін, шекара деп саналатын ағыны қатты Вахш пен Пяндж өзендеріне қарай беттеді.Қашан осы өзендерге жеткенше тоқтамады. Келген соң демдерін алып, естерін жинап, ақылдасып, кеңес құрды. Пяндж – жалпақ, ағыны қатты өзен екен,ал Вахш одан кішілеу сияқты көрінді. Шекара күзетшілері аптасына бір рет өзен жағалап, бейсуат күдікті көрінгендерді ұстап, айдап әкететін сияқты. Арғы бетке өтетіндер бар екен. Солармен хабарласып, серіктесіп, өтуге болатындай. Солардың ақыл кеңесімен Иматай тәжіктерден көп ешкі сатып алды. Ешкілерді сойып, етін бөлгеннен соң, қарындарын босатып, ішіне жел үрлеп, керілген соң аузын байлап, суға салып сынады, ол суға батпайды екен,бірақ өзеннен аман өту үшін адам басына жел үрген кемі үш қарыннан қажет сияқты, сонда ауытқып, не бір аунап, адам суға батып кетпейді. Өстіп ойдың бәрі, дайындықтың бәрі тек Ауғанға қалай болғанда да өтіп кету болды. Уайым мына кішкентай балалар мен қыздар еді. оларды дариядан өткізу, местен аударылып суға батырып алмай, аман өткізу, өте қиын болатынын ойлады. Иматай өзеннен өзі жүзіп өтіп, сынап көруге тәуекел етті сосын.Өзеннің ағысы өте күшті екен. Ешкінің тазаланған қарнының үшеуіне жел үрлеп ауыздарын байлап, біріктірген соң суға түсті. Көңілдері уайымға толы қарап тұрғандар амал жоқ судың жағасында қалған. Иматай көмектесіп жүрген ер азаматтарға өзінің беліне арқан байлатты «Бұл не үшін» дегендей оған сұраулы жүзбен қарағандарға өзі жауап берді. « Суға батып кетсем жағадан жіптің ұшын тартып жәрдем бересіңдер». Судың арғы бетінің жағалауында бұлардың бұл тірлігіне сын көзбен қарап Ауғанстанның азаматтары тұрды. Иматай іштей алла тағалаға сиынып алып, жел үрленген местерді бауырына басып суға түсті. Ағыны күшті буырқанған өзен суы оның денесін жұлып ағызып ала жөнелді. Жел үрлеген местер оның денесін көтеріп, оны бірақ суға батыртқан жоқ.Есін жиып үлгерген Иматай екі қолын ескек етіп, өзеннің арғы жағалуына қарай бағыттады. Су оны ағызып бара жатты. Беліне байлаған арқанның ұзын болғаны мұндай оңды болар ма, артта қалғандар су жағалап, арқанды тарқатып жүгіріп, еріп келе жатты. Көбіктеніп буырқанған суға батып, шығып, шашалып, су жұтып, жүзіп, қалқып, келе жатқан Иматайдың бұл дүниеге деген реніш өкпесі шексіз еді, бүкіл өмірі қас қағым сәтте көз алдына елестеп, санасына әсер етті. Бүкіл өткен өмірін ойлап үлгерді. Қалай өскені, ойнағаны,туған жері, даласы, таулары есіне түсті. Қанша уақыт қиналғанын сезбеді, аласұрып, екі қолын ербеңдетіп, жан дәрмені жеткенше арғы жағалауға қарай ұмтылған. Қанша суға түншықпауға тырысса да ауамен дем алуға амалсыз аузын ашқанда кірген суларды жұтып, қақалып, шашалып, қатты есеңгіреді. Жалған дүниеге деген жек көру сезімі санасына, миына шаншудай қадалды, ашуын қамшылады, Кеңес өкіметін алып келген орыстарға деген ыза мен кек бойын кернеп, тітіркенген денесін жиырып, қасарысып, ессіз алға қарай ұмтылды. Әлде қайдан әкесі Нәлібай тіріліп кеп, қарап тұрғандай оған, күш бергендей. Иматай енді бір пәсте судың жиегіне жеткенін сезді. Солығын басып, айналасына жиналған адамдарға қарамай демін алды,орнынан асықпай тұрып, өзін қоршаған ауғандықтарға басын изеп күліп, амандасты;. «Ассалаума әлейкум!» Жағадағылар оған жақындап, қолдарын ұсынды. «Уағалейкум ассалам» Сәлден соң олармен өзбек тілінде Иматай сөйлесіп отырды, оларға өзінің арғы беттен бала шағасын алып келгісі келетінін айтты,бірақ оларға жүзіп өту қиын екенін, қиналатынын түсіндірді. Ал олар сал жасаудың әдісін үйретті. Осылай қарапайым ауғандық өзбектермен Иматай сөйлесіп тіл табысып, біраз кідірді. Олармен қоштасып, кейін қарай өткенде Иматай бірақ аса көп қиалған жоқ, арғы беттегі өзінің адамдары арқанның екінші ұшынан тартып, оны судан тез— ақ шығарып алды Өз ағайындары мен бала шағасының қуанышында шек болған жоқ.

Иматай қуғыншылардың енді тек өздеріне жақындап келуін күтті. Күндер өтіп жатты. Ол жерде қазақтар өте аз болғандықтан тәжіктермен хабарласып, тосын оқиғалардан Иматайлар құлаққағыс болып жатты. Қуғыншылардан сыбыс жоқ, бірақ күдік пен үрей қабаттасып, адамдарды жегідей жей бастаған соң Иматай тағы өзі тәуекел етіп, қуғыншылардың хабарын білуге жолға шықты. Әрі бері ойланып, жаман айтпай жақсы жоқ деген деп, өзі ұсталып қалғандай болса осында қалғандарға хабар жеткізетін адам керек қой деген оймен жанына баласы Өтжанды ертті. Суыт жүріп отырып, елді мекендерге келгенде қару асынған аттылы қазақтарды көрген көрмегендерін тәжіктерден сұрастырып, біліп отырды. Сталинабадтан асқан соң бірлі жарым тәжіктер бастарын изеп, олардың осында болғанын, жүргенін, сонан соң қазақтардың еліне қарай кейін қайтқандарын айтты. Бұны естіген Иматайдың қуанышында шек жоқ еді. Көзін жеткізіп, анық қанығын толығымен білу,анықтау үшін енді асықпай ары қарай тағы жүрді, тәжіктерден асықпай сұрастырғанда білгені алғашқы хабарды растай түсті, қарулы, атқа мінген бес қазақ келген, бірақ кейін елдеріне қайтадан қайтып кеткен деп, жауап берісті бәрі де. Иматайдың көңілі енді орнына түсіп, Вахш өзенінің бойында өзін күтіп жатқан адамдарына уайымсыз беттеді. Келе жатқандағы ойы басқа адам жібермей өзінің келіп құлағымен естігені дұрыс болды.. Қанша айға созылған азапты сапарының аяқталғанына сенер сенбесін білмей қуанған. Ауған елі қанша дегенмен жат жұрт, бөтен ел, ол жаққа өтіп кеткенде ондағы өмірлері қалай болатынына көз жеткізу қиын ғой. Анау асау ағысы қатты өзеннен бала щағаны тегіс аман алып өтудің өзі бір қиямет емес пе ? Иматайдың көз алдына өзінің өзеннен жүзіп өткен кездегі көрген азабы елестеді. Ал сол сияқты қиындықты әйел адамдар басынан өткерсе қандай болар еді, тіпті оларды қойшы өзінің жас балалары немесе қыздары оған шыдай алар ма еді? Суға қанша адамның батып кететіні белгісіз – тін «Құдай сақтады» Елді айтсайшы — ол осында, ал өздері Ауғанда, айдалада, сонда жүрсе туыстармен қауышу арман боп қалар еді ғой.Әке, шешенің басына барып құран оқи да алмайсың. Оны айтпағанда өзіңнің сүйегіңді шет жерге көмер еді ғой егер өлсең. «Алла тағалаға мың да бір рахмет»

Иматай Вахштың жағасында тұрып өткен өмірін ойлап, ауылда қалған бауырларының басынан өткеріп жатқан қиыншылықтарын ойлап, уайымға салынды. Қуғыншылардың бізді ұстай алмай елге барған соң қандай әңгіме таратуы мүмкін деген ой да туды. Әрине өздерін батыр етіп көрсетуге ұмтылады, «Иматай бізден қашқан күйі өзеннен жел үрлеген местермен жүзіп өтіп, Ауған жеріне ауып кетті» деп айтар,. мұны естіген бауырларым қапаланатын шығар.

Иматай өзеннің жағасындағы жардың басында көзге көрініп тұрған Ауған елінің адамдарына, олардың күйбең күнделікті тіршілік тұрмысына қарап тұрып,солардың арасында өзінің қалай жүріп, өмір сүретінін көз алдына елестете алмады. Осы өмірге қалай тап болды, оған кім кінәлі ? Өстіп елге мазақ болып, осылай бөтен елде қашып жүргені дұрыс па, бишарашылық емес пе ? Ер азаматқа лайық тірлік істеуі керек емес пе еді? Мысалы елден кетпей адамдардан әскер жинап, Кеңес өкіметіне қарсы шығып соғыс ашқанда қалай болар еді ? Ата бабалар мұндай кезде не істер еді ? « Көкен ата қолдай көр, ақыл бере гөр, не істеуім керек? Қайтсем елге жәрдемім тиеді ?» Өзінің дұрыс шешім таба алмағанына, батылсыздығына жыны келіп күйінді,,көзіне жас алды,намыстанып, айдалаға безіп кететін кездері көбейген еді.

Иматай қалың ойға батып осылай жиі күйзелетін кейінгі кезде.

Көпшіліктен оңашаланып, ұзақ ойға бататын. «Асыққан тірлік шикі болады, әзірге аңысын аңдып, соңын күтейін» болды бірақ оның соңғы тоқтамы.

Келесі күні көшті кейін қарай бастап Сталинабатқа қарай бет алды. Қаланың жанындағы бір қышлақтың шет жағына келіп жайғасты.

Бұлар қарүйлердің керегелерінен қабырғалар тұрғызып, уықтарды шаншып байлап, кішкентай қарүйлердің жобасын тұрғызып,оның үстіне киіз жауып,ішіне адамдар кіріп тұра алатын лыпалар жасады. Қышлақтың адамдарымен сөйлесіп, танысып алды.. Егер олар ақысын дұрыстап берсе Сталинабатқа апаратын жүктерін жеткізіп бере алатындарын айтты. Сонымен қаладағы егіс қабылдаумен айналысатын үкімет мекемелеріне барып колхоздың шығарған жеміс, арпа, бидай сияқты өткізуге тиісті өнімдерін соларға тасып беретін көлікші ретінде келісім жасап,Иматай өз адамдарына түйекеш деген лауазым әперді, Күнделікті тіршілік өзінің иіріміне алып, бұлардың өмірін бірқалыпты арнаға салды. Базарға барып жүріп, жер жерден әртүрлі себептермен келіп, тірлік етіп жүрген қазақ бауырларын тапты, олармен араласып тұратын болды. Тәжіктер фарсы елінің тілінде сөйлейтін болғандықтан олардың тілін үйрену керек болды, зейін қойған адамға қажет етсе аса қиындығы болмайды екен, ұзамай түсінісетін халге жетті адамдар.

Осы жерде ғой олардың Түркістаннан келген адамдармен танысқаны.

Ноғай руынан екен өздері. Қанша қалада оқып, қыдырып жүріп, өзіне.

лайық қыз кездестірмеген Иматайдың баласы Шырдабай осы Тәжіктердің жерінде Сталинабат қаласында өзіне ұнайтын қыз көріп соған көз салды. Бұйрық шығар, Иматай үлкен баласы Шырдабайды сол қызға үйлендірді. Келінінің аты Әсия екен. Күлжамиланың қуанышы өзгеше бөлек. Алғашқы келінім дегендей оларға өз алдына үй тігіп, еншісін берді . Әсия Күлжамиланың көңілінен шығатындай келін болды, сырбаз, салмақты,ашуынан ақылы басым. Не істесе де алдымен ойланып алып барып жасайды тірлігін,сөйлесе ойланып алып ешкімнің көңіліне тимейтіндей етіп риза қылатын. Оқыған Шырдабайдың мінезіне лайық іс қылатын. Бір жылдан соң ата енесіне Әсия немере силады. Оның атын Иматай Мырзабай деп қойды. Елден кеткелі өмір сабасына осылай түсіп, қорқынышты күндер артта қалғандай, көңілдегі қатқан тоң – күндер жылымыққа ауысып, бойға қан жүргендей сезілді, енді міні алғашқы қызығымен де қуантты. Иматай немерелі болды. Өмір орнында тұрмайды екен бірақ, әр күннің өз оқиғасына сәйкес адамның бастан кешер қиналыс, өкініштері мен сағыныш сияқты жан толқыныстары өзгеріп, соған лайықты құбылыстарға итермелейді екен. Түйекештің кәсібіне үйреніп, кіре тартып, өмірлері бірқалыпты өтіп жатты бірақ.

Төртінші бөлім
ЖАН СЕБІЛ
1 – тарау

Адам өз өмірін қанша болжап,басқарамын дегенмен ойлағаны тысқары қалып,көңілінен шықпай, басқа түскенді тағдыр ісі деп соған көндігіп, амалсыз жағдайатқа бас иіп, енді сол тығырықтан шығу үшін миы қатып, жол іздеп, қолынан келгенінше күреседі екен.

Жұмат інісі Иматайдың кәмпескеден қашып, малын елдегі көңіл жақындарға таратып беріп, ет жақындарын ертіп, құмның ішін баспаналап, қуғыншыларға жеткізбей Өзбектердің жеріне, одан әрі Тәжіктердің жеріне өтіп ұсталмай, қамалмай құтылып өкімет адамдарына.

бас имей,басына түскен тағдыр тауқіметіне мойымай, аман сау жүргеніне оңаша отырғанда іші елжіреп, тілеулес болып,еріксіз күбірлеп дұғасын бағыштап, алла тағалаға шүкіршілік ететін. Ала жіпті аттаспаған бауыр болғасын үлкендік жолымен бүкіл өмірінде соған өзі тілеулес, қамқор жанашыр болып, сол ісі қанына сіңіп кеткендіктен бе Жұмат Иматайдың хабарын өткен кеткеннен сұрастырып, біліп хабардар болып отырды. Тіпті қуғыншылар қайтып оралып, Иматай туралы әртүрлі қауесет таратып жатқанда да қиналып, оған жаны ашыған. Салт атты қуғыншылардың қолына түспей көшті басқарып, Тәжіктердің жеріне дейін ыстық құмның ішінде шыдап, қиышылыққа төзіп, қуғыншыларға жеткізбей аман қалғанын, Жұмат мақтаныш, ерлік сияқты көрді, өзі ғана білетін інісінің батырлығы деп білді. Иматай көшін бастап, сол қашқан күйі Ауғанстан жеріне өтіп кетті депті қуғыншылар өз жақындарына оңашалап .Бұл хабарды да естіп Жұмат іштей қиналған, өзі тәрбиелеп, қамқорлық көрсеткен інісінің өрлігіне бас иген, шет елге өтіп кету оның қолынан келеді деп іштей масаттанған да. Бірақ іштей уайымдап, Ауғанстанда қалай өмір сүріп жүр олар, деп оңашада күйзелетін. «Иматайдың айтқанына еріп, бірге кеткенде болар ма еді ?» Бұл оның ішкі ойы-тын.

Кедей белсенділер бір күні ауылға келіп Жұматтың, оның інілерінің малдарына ауыз салды, кәмпеске жасады. Ол аздай ер азаматтарды, жұмысқа жарайтын әйелдерді,келін, қыздарды Сырдарияның арғы бетіндегі елдің еккен мақталықтарына апарып жұмысқа салды. Сонда мақта шабығы мен оларды суарумен айналысты. Еріксіз еңбек арға тиді,қорлық көрінді. Жұмат балаларымен ақылдасып, мақтаның жұмысын тастап, жасырын түрде Сауран, Бесарық өткелектеріне , Түркістан қаласына бөлініп барып, поезға мініп, Тәжіктердің жеріне, Сталинабад қаласына қарай көшті. Бұл кезде Жұматтың оқыған баласы Жәлден сонда Халық комиссариатында қызмет атқаратын.

Жұмат пен Иматай міні осылай ойламаған жерден Сталинабадта жолықты. Ағайындылардың қуанышында шек жоқ болатын. Аумалы төкпелі заман қиялға келмеген істерді істетіп, баспаған жерлерге барғызып, жат жерде кездестірді. Ағайындардың бастары осылай қайтадан қосылды. Кіре тарту,түйе жұмсап күн көру кәсібіне бірігіп кірісті. Халықтың ең көп жиналатын жері базар. Осы базарда ғой Иматайдың Жұмат ағасының баласы Қалданның күресін қызықтағаны.

Қоладан құйғандай тас мүсінді Қалдан ортада тұр. Күресемін деп жұлқынып шыққан палуандарды қолын созып ұстаса болды олар ұшып барып, жерде құлап жатады. Намыстанғандар қайта шығып, ес жинамай қайтадан жер қабады. Өз күшіне сенген біреулер көкіректеніп келіп, күрескенмен Қалданның тастай қолдарының қысымына шыдамай жауырынын жерге иіскетіп алып, ентігін басады. Сол мыңдаған адам өріп жүрген үлкен базарда көпшіліктің алдында қарсыласатын, күресетін адам болмай Қалдан қасқиып жалғыз өзі ортада тұрды. Түрлі ұлттардың жиналған осы базардағы өкілдері оған риза болып қолдарын соғып жатты. Бірақ ағайындылардың бұл бас қосқан қуанышты күндері ұзаққа созылмады. Бір күні Қорған төбеде отырған Жұмат ағаны тобымен ұстап өкімет белгісіз жаққа алып кетті.

Иматай қаншалықты қиналғанмен, қимағанмен қолынан жасайтын көмегі жоқ еді. Бірақ Жұмат ағасымен Сталинабадта бірге болған күндеріне риза. Өстіп жүргенде бір күні ол базардың ішінде ойламаған адамы асырап алған баласы Иванға жолықты. Әлдекімнің таныс дауысы естілді.—Жәке, жәке сіз мені танымадыңыз ба ? Бұл мен балаңыз Ванямын ғой. Иматай жан жағына алақтап қарап,дауыс иесін ығы жығы адамдардың арасынан іздеп,таныс адам кездермеген соң кетіп бара жатқан. Иығынан ұстап тартып тоқтатқан адамға барлап қараса ол таныс сияқты, жүзі күлімдеп тұр.

— Иван, балам сенсің бе, құдайым – ау, құдайым—ау? — деп көзінің жасын жасырып қолының сыртымен сүрткілей берген. Иматай екі қолын қанатша жайып Иванды бауырына алды, кеудесіне қысты. Екеуі қалың елдің арасынан, бірінің қолын бірі жібермей шеткері шығып бұлай кездескендеріне таң тамаша қалысты. Амандық саулықтан соң біріне бірі бастан кещіргендерін асығып айта бастады Кәмпескеден қашқан қазақтардың Тәжікстанда жүргенінен хабардар Иван Иматайды іздеп шыққанын айтты.. Ауғанстанға өтіп кетпеді ме екен деген оймен Тәжікстан мен Ауғанстанның шекарасын бөліп ағып жатқан екі өзен Пяндж бен Вахштың жағалауларына барып, сондағы елдерден сұрастырыпты. Шекарашыларға жолығыпты. Сондағы адаимдардың айтқандарына ұқсас адамның — Иматайдың Ауғанстанға өтпегенін естіпті.

Сонымен ол жағалап сұрастырып отырып Сталинабадқа келген екен.

— Жәке мен қызыл әскерден шыққамын, содан соң Сарыағашқа көшіп келгемін,ал қазір сонда тұрамын. Бір орыс қызына үйлендім балаларым бар. Хабарсыз кеткенімізге көп болды деп ойлап ойлап сізді іздеп шыққан бетім еді – деді Иван Иматайдың мойнынан құшақтап қойып. Иматайдың Вахштан жүзіп өтіп көргенін естіп Иван шошып кетті. Оның қалай қиналғанын естігенде жаны ашып, басын шайқай берді.

— Құдай қолдаған екен сізді, аман қалыпсыз — деді сосын.

Иматай Иванды ауылына ертіп келді. Ауылдағылар тегіс қуанып қалды. Күні бойы бәрі онымен әңгімелесіп, жаңалықтарын сұрап біліп қуанысқан. Әсіресе оның үйленгенін естіп, балаларының барына таңырқаған. Күлжамила Иванның басынан сипап құшағына қысқан. Шырдабайдың үиіне кіріп, Әсиямен танысты, кішкентай Мырзабайды қолына алып Иван жоғары көтеріп оның бетіне түкіріп, жақсы жігіт болсын деп тілек айтты. Жәкемнің алғашқы немересі - менің інім ғой деген. Кешкісін тамақ ішіліп болған соң үлкендер өздері жеке қалып, ұзақ әңгімелескен. Жұмат жәкесін өкімет адамдары ұстап алып кеткенін естігенде Иван қатты мұңайды. Бұл Сталинабаттан көшкен дұрыс деп ойлайтынын айтты. Тәуекел етіп көпшіліктің іші Өзбектердің арасына Самарханға барып сол жерде түйекеш болған дұрыс деп ойын түйді Иван. Көпшілік оған сенді, ешкім де қарсы пікір айтқан жоқ.Отырыстың соңында Иван Қазақстанға келсеңіздер Сарыағашқа тоқтаңыздар, көріңіздер менің үйімді, мүмкін ұнаса сонда қаларсыздар деді күліп, шын ниетімен.

2 - тарау

Бас амандықты ойлап, енді бұл жерден тездетіп кетіп, елге жақындауды мақсат еткен олар Тәжіктердің жерінен көтеріліп, Өзбектердің аумағына көшуді жөн көрді. Тегістікпен көшетін болса жол ұзарады деп,Зарафшан тауларының үстіндегі жалғыз аяқ сүрлеумен жүрді. Жол сілтеген адамның айтуынша бұл жол таудың үстімен қиялап жүретін қиындығы болмаса тегістіктегі жолдан екі есе қысқа сияқты. Сүрлеудің бір жағы тау болса екінші жағы құлама құз, көзің салсаң басың айналып, еріксіз лоқсып,әбігерге түсесің, аттан ауып құзға құлауың да ғажап емес Қараңғылықта тіпті қауіпті екен,көліктің аяғы сәл қисық басса онда ол төменге қарай құлайды.Осы жолмен біраз жүргенде алаңқай кездесіп тұрады,ол демалыс үшін табиғат өзі арнайы жасағандай бейне бір. Осындай дем алыс кезінде Әсияның реңі бұзылып: — Жәке, Мырзабай немереңіз жоқ – деді. Бәрі шөгулі жатқан түйенің үстіндегі қомға қараған еді. Шынымен қомның ішіндегі Мырзабай жатқан бесік көрінбейді. Бәрі аң таң. Бірінші келген суық ой құзға бесік ауып түсіп, құлаған шығар болды. Үн түнсіз бәрі. Иматай атына қарғып мініп келген жаққа, кері қарай жүріп кетті. Ес жиып қалған, әдемі күлкісі бар бірінші немересі еді. Ең болмаса төменде жатқанын көрсем түсуге болатын болса өлі болса жерлейін деген ой келген. Жағалап келе жатып екі көзін төменнен алған жоқ, әрі қарай кете берді. Бір мезетте баланың жылағаң дауысын есітті,екі көзін төменнен алмай келе жатты. «Тірі екен» қуанғаннан жүрегі қатты соқты. «Төменде сияқты, төменде сияқты оған қалай түсіп, жоғарыға қалай алып шығамын».Иматай бесік төменде көрінбесе де қалай түсуді ойлап, тік құздың ара арасынан төмен қарай аяқ тірейтін қолға ұстайтын бұталарды қарастырды. Баланың жылаған дауысы әлі де шығады,бірақ төменнен емес жоғарыдан сияқты. Иматай басын көтеріп сүрлеудің бойымен жүріңкіреп бұрылысқа барса сонда, талға ілініп қалған бесіктің ішінде Мырзабай жылап жатыр.Даусы қарлыққан. Иматайдың иектері кемсеңдеп, атты тебініп, жақындап барып үзеңгіге шіреніп тұрып қолын созды, жетеді екен, бесікті абайлап қана бұтақтан щығарып алды, ат айналып бұрыла алмайтын болғандықтан, бесіктен мықтап ұстап, кері бағытта жүріп отырып, бір алаңқайға жеткенде барып, сол жерде атты кері қарай бұрып алды.

Көпшілік Иматай кідірген сайын үрейленіп отыр екен, ол бесікті бір қолымен көтеріп, көрсетіп келгенде бәрінің қуаныштан жүздері жайнап сала берді. Осы сүрлеудің қиындығын бастарынан өткеріп, бірақ басқа төтенше оқиғаларға жолықпай көштің адамдары өте мөте шаршаса да аман сау бір айға жуық уақытта Өзбектердің Самарқан қаласына жетті. Өзбектердің ең бір тарихи көне осы қаласы қай ұлттың болмасын ең көп жиналатын өзіне тартып тұрғандықтан сүйікті жері еді. Иматай осы қалаға қашық емес Қызыл туға келіп қоныстанды. Олар келгенде бұрын Түркістанның түстігінде отыратын қоңыршұнақ елінде бахуатты, елге белгілі би болған Әлімбет деген кісі балаларымен отыр екен. Олар сонда бірге қыстады. Үйреншікті жұмыстары түйекештікке кірісті. Әлімбеттің ұлы Жәнібекке араласа келе Иматай қызының үлкені Күлтәнді ұзатты. Әлімбет пен Иматай осылай бір біріне қадірлі құда болды. Осы қалада Иматай екінші қызы Дариғаны алтый руының қадірлі азаматы Ибрагимнің Пәйіз деген ұлына тұрмысқа берді.

Тұрмыс қиыншылығының әртүрлі себептерімен Өзбек халқының жеріне көшіп келген қазақтардың саны көп болатын.

Соны көре алмаған жергілікті ұлт өзбектің өкілдері орынды орынсыз оларға тиісіп, күш көрсететінді шығарды. Ілік тапса соны себеп етіп тиісетін. Иматай адамдарына соны түсіндіріп,ылажы болса бастарына еге болуды тапсыратын,кейде амалсыз ара түсетін.. Бір күні көрсеткен зорлықтарына шыдамай тіпті қара күшке салды. Құйысқансыз руының азаматы Бейсембектің Тұрар деген баласына еш жазықсыз өзбек милиционері тиісіп, атынан түсіріп, өкіметтің қажетіне жаратып, өзінің мінетінін айтып, мардамсып егеленгенін көргенде мұндай зорлыққа төзбей кетті.. Аттың үстіндегі өзбектің екі жағасынан ұстаған Иматай оның атына аяғын тіреп тұрып, оны ерінен көтерген күйі басынан асырып арт жағына лақтырып жіберді. Өзі Тұрарға: .

— Ал балам, атыңа тез мін дағы қаш, мен де кеттім – деді.

Бір күні базарда тұрып, өзбек милиционердің түйекеш қазаққа тиісіп, оның түйесін алып кеткенін көріп, бейтаныс қазақ үшін өзбек милиционердің соңынан еріп кетті. Әлігі қазақ кімге шағынарын білмей.кімнен көмек сұрарын білмей тұрғанда Иматай оның түйесін қалай алғаны белгісіз бұйдасынан жетектеп алып кеп бишара егесіне ұстатты. Сенер сенбесін білмеген қазақ жас жігіт қуанғаннан тек алғысын айта берді. Осындай елге оның жасаған жақсылықтарын бірінен бірі есіткен қазақтар Иматайды қорғаныш көрді. Өзбектердің арасында да бірақ оны силап болсын немесе қорқып болсын құрметтейтіндер көбейгентін. Бұлар түйекештің тірлігін атқарып күндерін көрді.

Өз еліне сидырмаған қазақ бауырлардан өзге елде Өзбек ұлтының жерінде ол осылай құрмет бедел алды. Иматайдың елдегі інісі Мантайдың балаларының бірі Мәлік елде күн көрісі нашарлаған соң көп қиыншылықтарды басынан өткеріп Самарқанға жетіп, Иматайға келді, жәрдем сұрады.

— Елдегі халықтың күн көрісі, тұрмысы қалай? — деп, Иматай туыстарының жағдайын уайымдап, Мәлікке сұрақ қойған. Мәліктің реңі бұзылып,күйзеліп отырып әңгімесін қиналып айтты.

— Өте нашар, өте қиын — деп бастады ол жауабын. — Ауылда ашаршылық, ауқатты адамдардан тартып алған малдарды жайлауға шығармай бір жерде қамап ұстады өкімет.Айналаның шөбі лезде таусылған соң ұзатып айдап жайғызды, ал күзге қарай жердің бәрі ай тақыр болды, шөп қалмады. Қысқа қарай Қаратаудың жайылымындағы бітік шөпті қалың қар басып қалды. Онда қыстау да жоқ, қыстап мал бағатын, сонымен бар мал ауылдың айналасында шаңы шыққан жерде жайылды..Азып кеткен малды күзгі жаңбыр одан сайын титықтатты, арықтаған мал өле бастады, қалғаны қыста тегіс қырылды ғой.Елдің күнделікті ішкен шегені сол мал екенін білесіз сол мал тегіс өліп, қырылған соң елге аштық жайылды. Сіз көрмеген соң сенесіз бе сенбейсіз бе білмеймін, адамдар өле бастады. Көктемге аман жеткендері босып, қаңғып, жан сауғалап, тегіс туыстарды жағалап кетті, солрдың тірі қалғаны да шамалы ау. Ауылдағы кедей адамдар қатты қиналды, тапқандарын балаларына беріп, өздері аштықтан ісіп, кеуіп, көктемге жетер жетпес өліп, жер жастанды. Ой, адамның басына бермесін, ауыл тозып кетті, ел қырылып қалды. Сіз білетіндерден ауылдағы Темірбай да, әйелі де бишаралар топырағы торқа болсын солай кетті. Екі баласы әкесінің Жаңақорғанда тұратын қарындасына кеткен. Ара қашықтық жиырма шақырым. Соған жаяу шыққан. Өздері аш, әбден әлсіреген ал кіші баласының жасы шамамен айтқанда екі үште шығар. Сол кіші бала жолға шыдамай Бірліктен өткенде өліпті. Ал үлкенінің де жасы жеті сегізде ақ, ілдәләп шаршап, шалдығып жеткен сияқты. Кіші баланың мүрдесі жерге көмілген көмілмегенінен хабарым жоқ.

— Өте қиын жағдай екен – деді Иматай.-Ішім жемге мал жоқ болса онда ел тегіс қырылады десейші.

— Бірлі жарым адамдардың күн көрісі бар. Қылмыс деген қаулап кетті. Адамдар үйден безіп, аң аулап,тамағын өзгелерден жасырып, жейтін болған. Дарияның бойына өскен қалың шеңгелдің ішіне кіретін жол жасап алған, былай қарасаң оған олардың қарай кіретіні белгісіз. Сирек жүретін аттылы болса оны тоқтатып, көзін байлап, қол аяқты матап, жүрмейтін етіп, атын сойып алады, бірақ ешқандай із қалдырмпайды. Қыбырлаған адам жоқ, ауылдарда тірлік белгісі білінбейді. Тек абайлап қараған адамның ғана көзіне түсетін қалың шеңгелдердің арасынан тек түнге қарай елп етіп анда санда түтін байқалады. Адам тонаушылардың, малы барлардың жасырын тамақ дайындап, ішкендерін содан ғана байқауға болады. Дарияның жағасындағы отырықшы халық балық аулап күн көрістерін жасап отыр деп есітеміз. Қырдың қазағы балық жеп көрмеген, жеркеніп.ұшықтап ауырып қалады ғой, әйтпесе тірі қалар еді, ең болмаса соларды жағалап, күн көріс үшін балық аулап үйренсе.

Иматай бұл әңгімені есітіп, екі үш күн тұйықталып, үнсіз жүрді. Ой деген жетіп жатыр, тірі адамға. Бұл өкімет малдың бәрін тартып алып, оларды қырғызып, қазақтарды тірілей азаптап,аштықтан өлтіруге шыққан сияқты. Олардың шын мақсаты сол болғаны ма ? Қарсы шығып, бас көтеретін де ер азамат қалмаған сияқты, егер Мәліктің айтқандары рас болса. Әйтеуір жақын туыс бауырлар аман сияқты.Бауыры Мантайдың баласы Мәлікке жаны ашыған Иматай оның басына қарүй тігіп , Гүлістан деген қызға үйлендіріп ,дүние мүліктен енші берді. Кіре тартып күнін көруі үшін бір қара нарын силады.

Осы Самарханда жүргенде Иматай өзінің ұлдары Өтжаны мен Бижігітін үйлендірді, кенже қызы Әйнекүлді ұзатты. Құдалардың бәрі елдің адамдары болатын. Өтжанға алып берген келіні Құйысқансыз руының елдегі беделді азаматы кәмпескеге ұшыраған Бидаш байдың қызы болатын,ал Бижігітке әперген келіні Киікші руының ауқатты азаматы Тілеубектің қызы еді.Ал кенже қызы Әйнекүлді Құйысқансыз руының аухатты азаматы Бейсембектің ұлы Тұрарға ұзатты. Кенже қызы Әйнекүлге құда түсіп келген кезде Иматай елдегі адамдардың өте қиын халде өмір сүріп жүргеніне інісі Мантайдың баласы Мәліктен естіген әңгімесінің растығына көзі жете түсті. Құда Бейсембекпен оның әңгімелері жарасқан еді. -— Біз Жаңа қорғанның Сүттіқұдық ауылынан 1932 жылы көтеріліп көштік. Өкімет малдың бәрін содан бұрын тартып алып, бір жерге жинап баққызған. Отырған жердің шөбі таусылып малдың бәрі әлсіреп, азып, сол жылы ақ күн суытқанда өле бастаған. Малмен күн көріп отырған кедей халық көлденең басқа түсім табыс болмағандықтан біржылдан соң ақ ашықты. – деді Бейсембек өте қатты қиналып, көзіне келген жасқа еге бола алмай бет орамалмен сүртініп отырып.

— Иә, елдің жағдайы өте қиын болыпты,келген ағайындардан естіп отырмын. Ал мен кеткенде 1928 жыл еді. Өкіметке малды кәмпескелетпей елге таратып бердім де осылай қарай қашып көшіп кеткемін – деп Иматай өз басының тарихын аздап әңгіме етті. Құданың көңілі басылсын деген оймен. — Бірақ ол кезде халық онша қиналмаған кезтін.Өкімет малды енді тартып алуға кіріскен еді ғой онда. Осы орыстардың не ойлағаны бар екенін ойлап ойлап түсінбеймін сонда да. Тартып алған малдың бәрін қырды, сонан соң халқы аштықтан өздері ақ өліп жоқ болады деген ойы болғаны ма? Әлгі біздің елдің басшысы болып келген сол кезде кім еді тілім жете бермейді айтып жіберші сен Шырдабай— деп баласына қараған.

— Атаңа нәлет Голощекин деген еді ғой оның аты – деп Шырдабай өкімет басшысына тілін тигізді. Бейсембек пен отырған құдалардың бәрі бұрылып Шырдабайға байыптап қарап таңырқасып қалған еді. Бейсембек көз алдынан өткен уақиға мен өлген адамдардың бейнесін кетіре алмады ма үзілген әңгімесін жалғастырды.

— Тіске басуға сойып алатын мал қалмаған талғажу ететін ештеңе жоқ аштықтан бүрісіп, бүктеліп кеткен, аяқ басып жүре алмайды, тіпті орнынан қозғала да алмай қалған. Арасында өлгендерін жерге көмбеген де, жұқпалы аурулар жайлаған еді сол кезде тіпті.Тірі қалғандарымыз бас қосып көшуге келістік. Жер кепеде қозғала алмай ауырып жатқандарды алып шыға алмайтын болған соң солармен қоштастық, құдайдан, олардан кешірім сұрап, құран оқып оларды сонда қалдырдық. Төбені ұстап тұрған тіреулердің төменгі жағына жіп байлап, ұшын сыртқа шығарып, содан өзіміз жабылып тартып, жатқан адамдардың үстіне құлатып, бастырып тастадық.Біз оларды өзіміз солай тірілей жерледік.

Отырған адамдар тым тырыс үнсіз қалды. Кейбір адамдардың пырсылдап, тығылып жылағандары естілді.

Иматай үнсіз екі алақанын жайып бетін сипап қойып сонан соң құран оқуға кірісті.

— Осында итшілеп, өлердің аз ақ алдында келіп, тіршілік етіп, қатарға қосылып кеттік қой. Тірі адам тырбанса қарын тояды екен, адам өткенін ұмытатын сияқты. Мына отырған бауырларым Жұпарбай, Жұмабектер,осыған куә, аманбыз. Қайтадан мал жиып, аз да болса кіре тартып, күн көріп жүрміз.

— Тұрар сіздің балаңыз екен ғой — деді Иматай — Жүзі таныс жаңа аңғарып қарасам, есіме енді түсті, екеуіміз базарда кездескенбіз.

Отырғандар ду күлісті. Тұрар басын төмен салып қызарып кеткен күйі ыңғайсызданып отырды.

— Иә, дұрыс айтасыз. Тұрар үйге келгенде сіздің оған қалай жәрдемдескеніңізді — Өзбек милиционерден атын сіздің қалай тартып әпергенінізді жыр қып айтқан. Самарханда тұратын қазақтарға сіздің қалай жанашыр болып жәрдемдесетініңізді бәріміз де естіп, көріп жүрміз.Солай ғой ? – Бейсембек жанындағы бауырларына қарап сұрақ қойды. – Біз құйысқаныс руының ішіндегі Алдиярымыз. Ауылдағы Байкенже деген жерде Жанайлар тұрады. Бәріміз туыспыз. Сол жерде өзі бай, ел ағасы Бидаш деген кісі болған. Ол кісінің қызын келін етіп алғаныңызды есіттік. Сонымен құда болып шықтық. Бидаштың бар малын өкімет тартып алып, өзін Оралға жер аударғанын білетінбіз. Ол кісі сонда жүргенде қайтыс болыпты. Әрі бері ойланып, кенже қызыңызды баламыз Тұрарға айттырып, құда түсуді жөн көрдік, біздің әңгімеміз осы.

Иматай құдаларға қарсы болған жоқ. Си сияпатын жасап келген оларға риза болды қайта.Осындай қиын кезде не десін, ел адамдары емес пе ? Бұйрық шығар.

— Сырттай естулеріңіз бар шығар. Біз де елденбіз. Руымыз қараша. Орта жүздің қоңыратынан тараймыз өздеріңіз сияқты. Бізді Нәлібай балалары дейді.Өзім тоғыз ағайындымын. Үлкеніміздің аты Жұмат,ал мен содан кейінгі ұлмын.Мен сол Жаңақорғанда 1918 жылдан бастап екі үш жыл болыс болдым. Конпескеден қашып осында келгенмін, ал ағам Жұмат пен інілерім Ақмолаға жер аударылды. Қазір олар осында болса бірге отырар еді, танысар едіңіздер. Көп болды хабарсызбын – деді Иматай.—Қысылмай отырыңыздар.

Құдалармен сұбхаттасып,оларды силап күткен Иматай осылай кіші қызын — Әйнекүлді ұзатты. Балаларын тегіс аяқтандырып көңілі жайланған Иматай осы жүрген жеріне үйреніп, басынан өткеріп жүрген тіршілігіне мойынсұнып,болмысына көндіккен еді. Үш ұлының қайын жұрты мен үш қызының ата енесі Иматаймен бірге Самарханда тұрып жатты. Көрсе қызықтарын бөлісіп, түссе қайғыларын көтерісіп,.

өздерінше бір қауым ел болып жүрді. Иматайдың көңілін алаңдатқан.

оқиға ағасы Жұмат бастаған бауырларын тегіс ұстап өкіметтің алып кеткені болды Жұмат ағасы ұсталар алдында Иматаймен екеуі оңаша отырып ақылдасқан -тын. Сонда ғы оның айтқан ақылы есінен кетпейді.

— Сен, Иматай ылажы болғанша ,әзір елге көшуге асықпа, болыс болдың, елдегілер оны өздерінше қылмыскерден кем көрмейді, малыңды кәмпескеге бермей өз қолыңмен ағайынға тараттың, қашып белсенділер мен қуған қызыл әскерлерге ұстатпай кеттің – бұл да көпке дейін олардың көкірегінде дық болып, ұмытылмайды оңайлықпен -деген еді. — Өз еркіңмен барсаң есіріктенген әпербақан белсенділер қуанып, бір қастандық жасап жүрер. Не жер аударып жібере ме құдай білсін олардың не істейтінін. Бәрі ұмытылып орнына түсті деген елден хабар келмейінше , амалдап осында жүре бер.

Ағасы Жұматтың айтқан сөзі, берген кеңесі осылай есіне түсіп, оны сағынып, уайымдағанда Иматай үнемі қамығатын.

Самарқанда адам көп, базар үлкен, мұқсылмандардың жиналған жері. Халықтың көп бас қосатын жерінің бірі палуандардың күресетін алаң болса ендігі басқа түрі көкпар шауып салым салатын жер. Осы сайыста атағы елге тараған бір тәжікті ешкім жыға алмай қазақтар пүшайман болса керек. Ол өзі тағы аты шыққан көкпаршы да екен. Өзбектердің колхозының бастығының көкпарға мықты аты бар екен соны Тұарар ұнатып сатып алыпты. Елден барған қазақтармен қосылып, жиналып оның қызықтайтыны осы жерлер екен. Тұардың жас кезі, денесі шағындау, бірақ қарулы, әрі епті. Өзі көкпарды өте жақсы көреді. Колхоз басшысынан алған аттың атын Ақтанау қойған, қараған адамдар атқа қызығып жүргізбейтін сияқты. Тұрардың арманы енді ана қарулы тәжіктен қайткенде де көкпарды тартып алып салым салу. Жиналған аттылы адамдарда есеп жоқ десе де болғандай,олардың арасына додаға түсіп көкпарды тартып алып шығу өте қиын, шыққан күнде астындағы аты жарамды болмаса сол қақтығыстарға шыдамайды, алып қашып та жетістірмейді.Адамның ойға алғаны орындалмаса ол өзіне риза болмайды емес пе. Жақында үйленген Тұрар атасы Иматайға барып Ақтанау атын көрсетті. Ана додаға кіріп тәжіктен көкпарды алып кеткісі келетінін жасырмады. Иматай күйеу баласының атына қарап риза болып тұрып, ана алып палуан тәжікке шамаң келмейді ғой деп айтуға Тұрардың көңілін қалдырғысы келмеді тағы, сонымен біраз ойланып алып ақылын айтты:

— Сен Тұрар ана Тәжіктің соңына еріп жүр, ұзап қалма, сонан соң доданы ол бұзып шығып қашқанда артынан қуалап, жанамалап шап ол екі қолымен көкпарды тақымынан босатқанда сен атыңа қамшыны салып қуып жет те, оның қолындағы көкпарды жұлып тартып ал, тек соған кешікпе сонан соң оңашаға қарай шап, құдай қаласа атың күшті шабады оған да ешкімге де жеткізе қоймас, сонан соң жалғыз барып көкпарды саласың.Содан соң жан жағыңа қарап мені тауып ал да маған қарай шап, мен де жақын маңда болармын. Бар, жолың болсын.

Иматай қара құрым көкпаршылардың арасынан Тұрарда тауып, одан көз жазбай өзі де атын тебініп соңынан еріп отырды. Тұрар Иматайдың айтқанын дәл орындады. Тәжік көкпарды тақымынан қолдарымен босатып алып үлкен мақтанышпен жерге тастамақшы болғанда, Тұрар еңкейіп, екі қолымен көкпардан шап беріп ұстап, өзіне жұлқи тартып алды да елдің ауызын ашқызып, таң қалдырып, жеке өзі оңашаланып шыға келді. Тәжіктің сондағы түрін көрген адамдар кейін жыр ғып айтып жүрді, ашудан қызарып, еліріп, Тұрардың артынан тұра қуды, өлтіргісі келген адамдай, қамшысымен атын сабалап бақты. Бірақ қанша оны аямай ұрса да Тұрардаң Ақтанауы атқан оқтай ұшып бара жатты, жеткізбеді. Тіпті ол ғана емес, Тұрарды тез қуып жетіп, одан көкпарды тартып алмақ болғандардың бәрі де шұбап далада қалды десе болады. Тұрар көмбеге жалғыз шауып барды да қуанып,өзіне сенер сенбесін білмей жан жағына қарап алып, көкпарын мәреге лақтырып тұрып салды. Бір екі айналып атының басын бұрғылап жан жағына қарады.Бұл кезде артынан ілесіп еріп шауып жүрген Иматай және оның жанындағылар Тұрарға тез жетіп тек өлгенше сабауды ойлап жын ұрып қуып келе жатқан Тәжіктен бұрын жетіп қаумалап оның қолын ұстап, қысқылап ал Иматай оны атттың үстінде отырып құшақтап, құшақтап ризалықтарын білдіріп жатты. Осының үстіне жеткен Тәжік ашудың буымен атымен кимелеп Тұрарға екі қолын созып ұмтылып, есіріп өзінше аузына келген боқтық сөздерімен сыбап жатыр еді Иматай қолындағы бұқаның терісінен тоғыз өрім етіп өрген үлкен қамшысымен оның жотасынан аямай бар күшімен тартып тартып жіберді. Қамшы қатты тиді ме Тәжік басын көтермеген күйі атын тебініп, Иматайдан қашып, әрірек оңашаға шыға берді. Содан соң артына бұрылып Иматайға қарап, тосылып, қорқып қалды. Иматайдың түтігіп кеткен түрінен адам шошырлық еді, тағы оның ұмтылып келе жатқанын көріп және оның жаныдағылардың рең бастарына қарап Тәжік атына қамшы салып безіп бара жатты. «Мына қазақтар өлтіруден аянбас» дегендей ой келді -ау оған жобасы. Бұл көкпар көпке дейін елдің аузында жүрді. Сол салымына Тұрар сиға екі жылқы алды.

Тәжік тек көкпармен ғана емес палуандықпен де бар атақ абыройды бір өзі жиып аты шыққан адам еді. Бұл Самархандағы бар қазаққа таңба болғандай әсер етті. Иматай осыған намыстанып жүрді. Осындай кезде бауыры Қалдан есіне түсіп, мұңайатын, оны өкімет ағасы Жұматпен бірге қосып, ұстап, Ақмолаға алып кеткен еді. Иматай құдасы Бейсембекпек ақылдасқан. Сонда Бесемибек елден келгендердің ішінде палуандықпен аты шыққан Тұрман палуанға Иматайды ертіп апарып таныстырды. Жасы келген кісі екен, Иматаймен танысып сөйлескен соң, ол өзінің балаларын шақырып алып, Иматайға көрсетті, таныстырды. Содан соң кенже баласын көрсетті.

— Бір жеңсе осы кіші балам оны жеңеді – деді Тұрман. – Бұл баламның аты Әләйдар. Иматай оны сынап қарап еді риза болды. Бойшаң екен, тарамыс, артық ет жоқ тағы сүйектері ірі екен.

— Тәжікпен күресесің бе балам? — деді Иматай. Қазақ бауырларыңның абыройын соны жеңіп бір көтерші, айналайын.

— Сіздің сөзіңізді тыңдаймын ғой, сеніміңізді ақтаймын — деді Әләйдар.Сонымен ертесіне олар базарға бірге баратын болып сөз байласты. Бұлар келгенде Базардағы күрес алаңында жиналған халық көп екен. Ортада Тәжік палуан жалғыз өзі тұрды. Буылтықтанған бұлшық етті үлкен оның денесіне қараған адам таң қалары сөзсіз. Онымен күресуге ешкімнің жүрегі дауаламайтыны анық.

— Әләйдар күреседі – деп Иматай оның қолынан жетектеп ортаға алып шықты. Тәжік шыққан дауысқа таңырқап, бұрылып Әләйдарға сын көзбен ұзақ қарады, содан соң қайдан шыға келдің сен шал дегендей Иматайға жақтырмай көз салды. Күрес халық күткендей ұзаққа созылған жоқ. Екеуі бірінің белінен бірі ұстасқаны сол Әләйдар оның қарынды денесін өзіне қысып ұстағанда ол қабысып қалған еді. Ес жидырмастан оның қолдарын денесіне жабыстырып қысып, Әләйдар оның денесін көтеріп алып, аяқтарын жерге тидірместен айналдырып айналдырып сол жағына қарап жерге атып ұрды.Тәжіктің үлкен денесі тақыр жерге дүрс құлап түсті. Ауырсынып қалған болу керек бір сәт ол қимылсыз қалыпта жерден тұрмай жатқанда, Әләйдар Тәжіктің денесінен аттап өтті де, былай шығып оған өзі жәймен қарап тұрды. Күресті басқарып жүрген адам аузын ашып аң таң қалыпта не істерін білмей сасқалақтап, кідірген еді, күрес алаңын қоршап, қызықтап, тұрған қазақтар риза болғандарынан шуылдап, айқайлап кетті:

— Жеңді, жеңді, жарайсың бауырым.

Иматай ортаға шығып Әләйдардың арқасынан қақты, оны құшақтап тұрды. Сонымен қазақтардың абыройын асырып, Әләйдар Самарханның балуаны атанды.

3 - тарау

Иматай үлкен ұлдары тегіс үйленіп, жеке дара үй болып, оңаша шыққаннан соң ең кіші ұлы Бижігітін үйлендірді,содан кейін көңілі шалқып, жайланып,соның қолына кірді. Бұл қуанышын айналадағы ел түсінгендей Иматайды іздеп, күнде келушілер, ақылдасушылар көбейді. Күлжамиланың төбесі көкке жеткендей қуанды. Елдегі қадірін сағынғандай, ауылға онан қала берсе үйге билігін жүргізіп отыруды қолға алды. Қонақ көбейген сайын оның көңілі шалқи түсті. Көрші қолаңдарға өзінің үстемдігін көрсеткісі келді. Алдымен қолындағы өзінің кіші келініне жекіріп сөйлеп, тұқыртып ұстауға кірісті, сол арқылы көрші үйлердегі құдағиларына өзін силатып, әмірін жүгізуді ойлады.

Бижіттің әйелі, қолындағы келіні енесі Күлжамиланың бұл озбырлығына алғашқы кезде үнсіз төзгенмен келе келе шыдамай қарсы сөйлеп, оған бағынбауға айналды. Елде жүргендегі болыстың әйелі болып, айтқан сөзіне ешкім қарсы келмейтінін бұл келіні көрмеген, білмейтінін көрсетті, солай болған күнде де оған бағынбайтынын білдірді. Сөйтіп ене мен келіннің ұрыс керісі көбейді. Үйдің ішінде беймаза күй орнады, ауыз біршілік, силасу болмады. Ел басшысы Иматай балаларының анасы— жасы келген Күлжамиланы оңашалап, жөнге салайын десе ол түсінбей шаптығып кетті. Ал өзінің кенже баласының әйеліне не айтса болады, әкем мен анамды неге силамайсың, неге айтқандарын істемейсің деп еркек болып баласы Бижігіт әйеліне тиым салмаса не түсіндірмесе. Енді оны Иматай айтуы керек пе ? Иматайдың ендігі көрмегені осы еді. Айналадан, көрші құдалардан ұят болатын болды-ау деп Иматай іштей қиналды, әрі ұялды. «Сонымен бұл үйге қонақ келіп, көршімен араласудан да қалатын болдық-ау» Осыдан кейін еркелетіп өсірген баласына көңілі толмай ренжісіп қала берді. Үлкен үйдің келім кетімі көп болғасын ба баласы мен келінінің қабақтары бір жазылмады..Иматай мен Күлжамила қонақтарынан ұялып, кемпір шалдың үйі сияқты күтіп ала алмай, пүшәйман халге түскен соң екеуі бір күндері енді өзара ренжісетінді шығарды. Еншілерін беріп қойған оңаша тұратын үлкен ұлдары Шырдабайы мен Өтжанының қолына барудан ұялды, оларды қойшы, құда жекжаттардан, көршілерден қымсылды.Бірақ ұрыс керіссіз кіші ұлдары Бижігіттің қолынан кетуді біржола шешкен еді. Осындай дүрдеараз халды бастарынан қашанғы кешсін бір күні екеуі амалсыз ортаншы ұлы Өтжанының қолына көшіп кіруді шешті. Өтжанға еншібасқа берген сауып сүтін ішіп отырған маяны ноқтасынан жетелеп Иматай кіші ұлы Бижігіттің босағасына апарып байлағанда сыртта жүрген Өтжаны мен келіні оған таңданып қарап қалған еді. Иматай қайтып келіп ботаның бас жібінен ұстап, жетелеп оны да Бижігіттің үйіне апара жатқанда келіні Сиякүл:

— Атажан оныңыз не, боталы маяны бізге берген едіңіз ғой, неге әкеттіңіз ? – деді Иматайға, өзі екі қолымен ботаның бас жібінен жібермей қарысып, ұстап тұрып. — Біз қымыранды қайдан алып ішеміз, түйе мен ботаны оларға берсеңіз ?.

Келінінен мұндай қарсылық,сұрақ күтпеген Иматай аңырып, тұрып қалды. Жан жағына қарады. Балалары Шырдабай,Өтжан, Бижігіт және олардың үйіндегі барлық келіндері есіктерінің алдында жәкелері Иматайға қарап тұрды. Өзінің бишара халінен ұялып, намыстанып, қорланған Иматай ашудан қаны басына теуіп, ботаның бас жібін қолынан шығарып жіберіп, алақандарымен бетін басқан күйі атына қарай тұра жүгірді. Содан соң қайтадан тоқтап тұрып, кейін бұрылып:

— Бала бағып өсірдім деп қуанып, мақтанып жүрсем бәле асырап жүр екенмін ғой,рахмет, бәріңе де рахмет. Болмай кетіңдер, бордай тозыңдар — деп бетін сипады да атына қарай жүре берді. Қарап тұрғандардың біреуі де қозғалмады,үн қатпады. Иматай еңкілдеп екі иығы қушиып еңгезердей бойы пәсейіп дауыстап, жылап бара жатты..

Балаларында не келіндерінде үн жоқ, жақтары қарысып қалғандай, не селт етіп орындарынан қозғалмады. Иматай байлаулы атына жетіп, аяғын үзеңгіге салғалы көтеріп жатты.

— Атажан, тоқтаңыз,кетпеңіз, маясы да, ботасы да бар болсын кетпеңіз. кешіріңіз, ешқайда кетпеңіз, үйге жүріңіз, үйге жүріңіз — деп Сиякүл келіні жүгіріп барып бір қолымен Иматайдың жеңінен ұстап, бір қолымен қолтығынан ұстап,үйіне қарай тартты.

Иматайға бәрі бірдей, бәріне де суыған көңілі бұл жалған дүниенің ендігі оңған парқын жаңа түсініп, баз кешкен қалыпта, үн түнсіз келінінің жетегіне еріп келе жатты. Осы уақытқа дейінгі мақсат,мүдде, қуаныш көрген тірлігін мансұқ еткендей. Иматайды сүйемелдеген күйі келіні оны төрге оздырып, жанына көпшік қойған. Өзі шегінген күйде есіктің алдына барғанда тоқтап,сұраулы жүзбен атасына қараған еді. Иматай басын көтеріп, келініне біраз қарап тұрып, өңі жылып:

— Қолыңды жай балам,— деді, өзі алақанын жайып тұрып — Өміріңде еш жаманшылық көрме,екі жалғанда алла тағаланың саған мейірімі түсіп шапағатына бөлесін, мен ризамын саған мына жалған дүниеде—деді.Келіні қалай бетін екі қолымен сипағаны есінде жоқ далаға риза күйде күліп жүгіріп шықты, ата енесіне ішетін шай дайындап бергелі самауырынды көтеріп далада , ең бақытты жандай осы қазір осы дүниедегі ең бір өміріне риза жалғыз адамдай риясыз көңілмен күйеуі Өтжанға қарап тұрды. Иматай мен Күлжамила ортаншы баласы Өтжанмен бірге тұру үшін осы күннен бастап, оңың үйіне көшіп кірді. Бұл оқиға бірақ әр кеудеге әр түрлі із қалдырды. Иматай балаларына деген өкпе ренішін баса алмай, көпке дейін тұйықталып жүрді. Осы баламды оқытып біліммен суарсам маған қуаныш әкеледі, деген Шырдабайы балалы шағалы болған соң қызмет іздеп, тауып орналасып, бәріне қорған болудың орнына үй күшіктеніп, алысқа ұзамай ауылдан шықпай қалды. Байдың баласы деп қызметке де алмайтын шығар бірақ. Шаруаға ебі жоқ, қол байлау, көңілі оған қалай қалмасын. Иматайды, шешесін қолына алып, үлкен үй болып, қадірін жоғалтпай, ең болмаса шаруасын дөңгелентіп, отыратын орны ғой. Ал енді Өтжанға өкпесі жоқ,ол қарапайым шаруа болып өсті, мал жайына ұқыпты, бірақ ол да әкесіне тартпаған, тым момын, өзімен өзі, оған ренжіп не айтады. Иматай Шырдабайына мақұл көңілі қалды, ендігі еркелетіп өсірген ең кішісіне не жоқ. Соның орны ғой әке шешесін қолына алып, мәпелеп отыратын. Ал ол болса тек өз басын ғана ойлайды, ерме, ана әйелі не айтса соны дұрыс көреді. Әке шеше деген ол үшін адам емес, бақырып беттен алып үйренген, қызба, ұр да жық, қол жұмсаудан да кет емес. Тоңмойын, ойлағаны болмаса дүние қараң , бауыр жат оған. Мұншалықты мінезі шешесіне тартар ма. Осындай болып өскен баласына не десін енді Иматай. «Ата енеміз ғой олар, сені еркелетіп өсіріпті, ренжітпейік те, қолымыздан шығып кетсе елге не бетімізбен қараймыз» дейтін адам емес ол келін, қайта есерсоқ баламды мақтап мақтап қоятын шығар енді. Осындай ұл өсіріп, соны қуаныш көріп, өмірім босқа өтіпті ғой. Ертерек білсемші бір баламның да өзіме тартпағанын, өмірімнің босқа өткенін, алдамшы үмітпен уақытымды босқа өткізіппін — ау, әй әлі де кеш емес, тұғырдан түсіп, отырған жайым жоқ. Иматай нешетүрлі ойлардың қамауында күнделікті күйбең тірлікпен уақыттың өткенін байқамай енжар жүрді.

4 - тарау

Кешкісін тамақ ішіліп болған соң Иматай баласына

— Өтжан, келін екеуің кідіріңдер, шамалы әңгімелесейік – деді, келіннің інісі Ерсұлтанға да қарап, содан соң қолымен белгі берді-«Сен де отыра бер».

— Келін, сенен сұрайын дегенім әкең Бидашты елде жүргенде белсенді кедейлер жиналыс жасап бай деп кінәләп, жиған төрт түлік малын кәмпеске жасағанын көзіңмен көрдің ғой. Соны айтшы.-деді

— Сырдарияның екі жақ бетінде тоғайда жайылып жүрген малдың барлығын айдап әкеліп бір жерге жинады. Құмдағы жылқыларды жинап айдап, судан түйе, ірі қаралардың барлығын, ұсақ малдарды да қалдырмай өткізгенде бір аптаға созылды дейді ғой елдің іші. Інім Ерсұлтан онда кішкентай ал мен алты жетілердемін. Үлкен ағам Бексұлтанның шешесі бөлек, өзі қыш мектепте көп жыл директор болған еді ғой соның алдында.Ол кісі алдынала білген -ау жұмысын Жетісай жаққа ауыстырып кеткен еді. Кәмпескенің кезінде сөйтіп ол кісі ауылда болған жоқ,яғни туып өскен жерімізде—Байкенжеде дегенім ғой.

— Болғанда қолынан не келсін, арашаға түссе байдың баласы әкесін кәмпескелегенде қарсылық жасады деп, өзін қамап тастар еді,соны білген ол жұмысын ауыстырып, үлгергені дұрыс болған екен – деді Иматай өзі ойға шомып, ұзақ үнсіз отырып.—Содан соң не болды ?

— Қызыл әскерлер бірер күн әкемді қамап ұстады , жер аударатын болды Орал деген жерге. Апам Ортай мен қалмаймын, бірге барамын, өлсем де бірге боламын деп жылап, әкемнен ажыраған жоқ. Апамыздың етегіне оралып, біз де бірге, ол кісіден қалмадық.Еміс еміс есімде, қызыл әскерлер бір күні бізді поезға мінгізіп Оралға алып кетті. Поезда біз көп күн жүрдік. Әр тоқтаған жерде біреулер түсіп, ал біреулер мініп жатады. Әйтеуір бір күні жеттік – ау, бәрі Оралға келдік деп жатқан, сол есімде. Бізді бір жерге әкеліп үйге кіргізген, сонда тұрдық. Кішкентаймын ғой,үлкендердің қандай іс істегендерін білмеймін, күндер өтіп жатты. Отырған жеріміз қаланың шеті екен. Айнала көк шөп, орман,сұлу болатын.Есімде қалғаны Оралдың қысы, қар өте көп жауады екен. Оған жел қосылғанда айналада ақ түтек бораннан ештеңе де көрінбей кетеді. Осындай кезде көрші үйге баратын адам адасып кетпесін деп арқан керіп қояды екен,.содан қолмен ұстап қатынасатын.

— Суық екен ғой – деді Иматай.

— Иә,ал қар көп түссе үйлердің бәрі қардың астында көрінбей қалады екен. Көрші үймен қатынасу үшін қардың ішін үңгіп жол ашады. Сол қардың астындағы жолмен жүру керек. Қанша уақыт тұрғанымыз есімде жоқ.

Әкем бір күні қатты ауырды. Апамның жылап жүрген кезі есімде. Сол аурудан ақыры қайтыс болды. Әкемізді жерлеген соң елге қайттық. Жол өте ауыр болды. Ақша жоқ, тамақ жоқ., поезбен де, жаяу да жүрдік. Жаңа - Қорғанға қанша уақыт жүргенімізді білмеймін.

Байкенжеге жеткенімізде, ағайын туысқан жиналып бәрі жоқтап, жылап көрісті.Құран оқып бата жасады.

— Содан соң қайда бардыңдар ? — деді Иматай

— Қу қарақан басымыз, қолда мал жоқ, ағайындардың өздері зорға күн көріп отырды. Апам бір күні Бексұлтан ағама барайық деген соң Жетісайға қарай кеттік.Сол ағамның қолына барып тұрдық, ол кісі бізге жаны ашып, қамқор болды. Мені мектепке оқуға берді. Ал жаздың кезінде оқушылар дем алатын лагерге жіберетін. Ол кісі оқу жағын басқаратын.Мені мұғалім дайындайтын курсқа берді, сонда оқыдым. Маған бітірген соң балаларға сабақ бересін, дейтін.

— Иә, сені келін етіп алғанда көрдім ғой, ағаң ізетшіл өте білімді, мәдениетті кісі екен. Менің Шырдабайым Жаңа-Қорғандағы күйген қызыл қыштан Николай патшаның кезінде соғылған мектепте, сол кісінің қолында оқыды ғой. Бізге күйеу бала ғой өзі..Қыраштағы Ақылбек інімнің қарындасы Айжанға үйленген өзі.

— Ал менің оқығым келмеді.

— Неге ?—деді Иматай.

— Бексұлтан ағам да неге деп сұрады,үгіттеді. Бізге лагерде жүргенде өлең жаттатып, мұғалімдеріміз ән салғызатын . Ал мен әннің «Байларды, молданы қойдай қу қамшымен» деген сөзін ұнатпайтынмын, себебі ол ән менің әкем туралы еді,ал менің әкемнің ешкімге зияны жоқ, қиянат жасамайтын адам болатын,оның Оралдағы көрген қиышылықтары, өзіміздің бастан өткерген азаптарымыз есіме түсіп, көз алдыма келгенде бұл әнді айтпақ түгілі айтқызып жүрген адамдарды жек көріп кеттім,олармен бірге жүріп, бірге оқығым келмейтінін түсіндім.Тіпті сол оқуды бітіріп, мұғалім болған күнде де оқушыларыма сол әнді айтқызуға тиісті болатынымды ойлағанда өзімді жек көріп кеттім.

Ағама осы ойларымды жылап тұрып айтқаным есімде. Бексұлтан ағам мені тыңдап алып, басқа сөз айтқан жоқ маған, заттарымды жинатқызып, мініп келген атының артына мінгестіріп, оқудан шығарып, үйге алып қайтты. Содан соң сіз құда түсіп келдіңіз, осында келдім.

— Иә балам,рахмет әңгімеңе — деді Иматай —, сосын бұл сендердің бастарыңнан кешкендеріңді тыңдап отырып, мені белсенділер қуып жетіп, егер ұстағанда бар ғой біздің де көретініміз осындай өмір болады екен ғой деген ой келіп отыр қазір. Ал оқуды тастап, өлген әкеңді жамандап, табалап ән салудан бас тартқаның адалдығыңнан ғой, арам ойыңның болмағандығынан, әкеңнің аруағын силағандығыңнан, рахмет саған, әкең марқұмның аруағы бір аунап түскен шығар,балалық парызыңды өтепсің, жаман болмассың ,әкеңнің аруағы бүкіл өміріңде сені қолдап өтетін шығар, жаман болмассың балам. Мен аруақтарға бағыштап құран оқып жіберейін — деді содан соң.

5 - тарау

Иматай балаларына деген ренішін баса алмады. Олардың өзін қолына алып бірге тұрудан бастарын алып қашқан соң, силамайды екен деген өзіне келген ойдың қаншалықты жанын қинайтынын ешкімге айта да алмады. Бүкіл өмірін арнаған балаларының өзіне деген ризашылығы осы болғаны ғой деген ой, өкініш миын шақты,жүрегіне салмақ болды.. Самарқанның базарына барып жүргенде бір күні басына қызыл орамал салған келбетті келген жөні түзу әйел баласына көзі түсті. Оның жанындағы ер адамның одан бөлініп, басқа жаққа бұрылып, келе жатқан кезінде алдынан шығып, тоқтатып, сұқбаттасты.

– Асалаума әлейкүм– деді Иматай амандасып.

— Әлейкүм ассалам аға — деді бейтаныс жігіт ағасы өзінен үлкен кісіге таңырқай қарап. Иматай одан кешірім сұрап алды да, оған өзін таныстырды. Содан соң оның атын сұрады, екеуі танысқан соң жаңағы оның жанында жүрген қыз баланың басы бос бос емесін білгісі келетінін айтты. Әлігі жігіт таңырқай қарап, ол қыздың басының бос екеннін айтты да өзі күлді: «Неге сұрадыңыз» деп қарсы сұрақ қойды. Иматай оның қыздың басы бос дегенін естіген соң көңілі орнына түсіп, ол да күлді «Оңаша шығып сөйлессек болама» деп әлігі жігітті қолтығынан ұстап шетке беттеді. Иматай оған өзінің үш ұл үш қызы барын қазір олардың бәрінің де үйленіп оңаша шыққандарын, сондықтан өзінің үйленетін әйел іздеп жүргенін жасырмай айтты. Егер жігіт дұрыс көрсе... онда жаңағы қызбен өзін таыстыруын өтінді. Әлгі жігіт ағасы ойланып біраз тұрды да келісті.

— Мен сізді қазір ақ таныстырайын менімен бірге жүріңіз—деді күліп.

Жігітке риза болған Иматай оның соңынан ілесіп, ере берді.

Таныстықтары осылай басталған Иматай Ділдамен тіл табысып, көп ұзатпай екеуі үйленетін болды. Балаларына ерегісіп, ешкімге ақылдаспастан, бір күні өзіме керек деп қарүй сатып әкелді, төсек орын дайындады,сауын түйе дайындады. Ойынан шыққан, өзінен жас, көркі ақылына сай Ділдәні ертіп келіп, некесін қидырып, үйленіп, жеке үй болып, бөлініп шықты..Не әйелі Күлжамиланың, не балаларының ойына келмеген іс жасады. Күлжамила баласы Өтжанның үйінде қалды. Бәрі ештеңе болмағандай қалып көрсетті. Мінезі момын Сиякүл қалған өмірін күйеуі Өтжанның көңілі үшін енесіне бір ауыз қарсы ғайбат сөз айтпастан өткерді. Иматай ғана оны түсінетін: «Сарғалдағым,алтын келінім шаршамай жүрсің бе?», дейтін кезіккен жерде еркелетіп. жаны ашыған адамның мұңлы дауысымен өзінің Өтжанның үйінен кетіп қалғаны үшін кешірім сұрағандай болып..

Уақыт өткен сайын Өзбектер басынып,жөнсіз тиісіп, тиыштық бермеуге айналды. «Қаңғыған қазақтар, обалдарың жоқ, өз елдеріңнен қашып, біздің елде не істеп жүрсіңдер, ақылды болсаңдар кетіңдер елдеріңе, сендерді құшақ жайып қарсы алса көрейік» деп дарақыланып, кекетіп күлетінді шығарды. Түйелердегі заттарды түсіртіп, тартып алу оларға әдет болды. Бір күні Дариғаның күйеуі Пәйіз бен Күлтәннің күйеуі Жәнібектің інісі Бахырамды базарда Өэбек милиционерлері ұстапты. Қоятын кінәләрі жоқ,бірақ жібермейді. Оларды апарып, биік тақтай дуалмен қоршаған қораға қамаса керек. Есігін сыртынан жауып, құлыптап тастапты. Үрейі ұшқан, қыр қазақтары емес пе, уайымға салыныпты. Өзбектердің не істейтіні белгісіз, қамай ма,жер аудара ма, ол жағы да беймәлім. Артынан іздеп келетін ешкім жоқ, себебі олардың ұсталып, қамалғанын өздерінен көрген адам жоқ. Милиционерлер кеш түскен соң жайбарақат үйлеріне кеткен, құдай білсін ерігіп жүріп, қамаған қазақтарының күй жайын естерінен шығарып, ұмытып кетулері де мүмкін. Түннің жарымы болғанда қамаудағы Пәйіз бен Бахырам естерін жинап,қашуды ойлайды. Қарауылдың бар жоғы беймәлім сияқты. Пәйіздің бойы Бахырамнан ұзын болған соң секіріп көрсе саусақтары дуалдың ұшына жететін сияқты. Қуанған Пәйіз бір екі рет қатты секіріп саусақтары жеткен соң тартылып тұрып, дуалға шығып алып, енді сыртқа секіріп түсіп, кеткелі жатса бойы қысқа Бахырам жыламсырап:

— Пәйіз, мені тастап кетесің бе ? — деді.

Тақтай дуалдың үстінде отырған Пәйіз өзінің асығыс шешімінен ұялып, жалғыз қалып қоюдан қорыққан Бахырамның күйін ұғып, қайтадан ішке секіріп түсіп, Бахырамды көтеріп, дуалға өрмелеткен соң, өзі қайтадан дуалға секіріп шығып, асып, сыртқа түсті. Олар естері шығып кеткен, өздері әбден қорыққан, жаяу түнімен жүріп, шаршап, ауылға таң ата келді. Болған оқиғаны Иматайға баяндап, бұл жерден кетпесе, не бәрі көшпесе болмайтындарын талап қойғандай етіп айтты.

Бұл әңгімені естіп отырғандар үнсіз, Иматайдың шешімін күтті. Тек кіші баласы Бижігіт қана қарсы пікір айтты.Өзбек милиционерлердің қудалайтынына күмән келтірді, үйреніскен жерден кетпеуді дұрыс санады. Баласы Бижігітті қолдайын десе құда бала Бахырамды, күйеу бала Пәйізді тыңдамаған болады, олардың өмірін қауіп қатерге тіккен болады, онда өзіне ерген адамдардың ойларына реніш сыналап, сенбестік сезім туады деп ұйғарым жасады Иматай.

— Өзбек милиционерлердің бұдан былай енді өшігіп, күн көрсетпеуі мүмкін. Елге жақындайық, не де болса өзіміздің қазақтардың жеріне көшіп барып, сонда қоныстанайық. Үйлеріңді жығып, көшуге дайындалыңдар тездетіп — деді жиналғандарға Иматай.

— Неге сонша асығыс, Самарханда сонша уақыт отырып, жаманшылық көрген жоқпыз ғой – деген Бижігітке Иматай қабағын түйіп тұрып,: — «Әке тұрғанда асығыс алдымен сөйлеген баладан без деген» бұрынғылар, сен ана келін - шауқым екеуіңе ризамын. Сен қала берсең болады, шауқым екеуіңе қарсы келмейтіін болдық қой, мен сені іздемеймін, бірге көшемін десең де енді рұхсатым жоқ, маған енді қосылмайсың,әкем деп силамадың, елге жұртқа масқара еттің, айтқанымды істемей қарсы шықтың, шыдамның да шегі бар мен саған теріс батамды бердім — деді баласына, өзі екі алақанын жайып, бетін сипады да сөз бітті дегендей бұрылып жүре берді.Бұл әңгімені естіген біреулер ыңғайсызданып бара жатса енді біреулер қуанысып қалды. Ұзамай ауыл тұрған жер босап, дала, алаң сияқты құлазып қалды, ал көш бетін Жетісай, Киров, Ильичке бағыттап, шұбап бара жатты. Құлазыған ауылда жалғыз бір үйдің сұлбасы ғана жетімсіреп қалбайып тұрды.

6 - тарау

Иматайдың құдасы Қоыршұнақ руының елде жүргенде он жеті жасында биі болған Әлімбет ол дағы осында болатын, сол 1936 жылы Қызыл Туда қыстаған. Тағдырдың жазуы шығар сол осында бақилық болды. Балалары оны Қызыл туда жерлеген еді. Сол жылы әкеден айрылған,арқа сұйер таудан айрылған соң баласының үлкені Орынбасар өздеріне қарасты төрт үйін ертіп елге көшіп кеткен еді. Ал Иматайдың қызы Күлтәнға үйленген Әлімбеттің бір баласы Жәнібек Самарханда, Иматайдың жанында қалып қойды. Бахырам Жәнібектің үйінде жүрді. Әлімбеттің Орынбасарынан туған немересі Мелдехан Иматайдың кіші баласы Бижігітпен, жас жағынан немере ағасы Бахыраммен шамалас қатар болатын. Елде жүріп Өзбек жерінде қайын жұртпен бірге қалған немере ағалары Жәнібек пен Бахырамды елге көшіруді жатса тұрса ойлап, екі рет келіп үгіттеп, оларды көндіре алмаған еді Мелдехан. Үшінші рет соларға барып, тағы да үгіттеу үшін Мелдехан бұрынғы көрген Самархандағы олардың отырған жеріне бет алды. Алдымен Қызыл -туда атасы Әлімбеттің жатқан жеріне соғып, құран оқып қоштасты. Содан соң құдасы Иматайдың ауылына келген сол жерден ағалары Жәнібекті, Бахырамды тағы да үгіттеп көнсе елге көшіріп алып кетуді ойлаған. Бірақ Мелдехан келгенде құдасы Иматайдың ауылының көшіп кеткенін білді. Жалғыз үй қалыпты. Мелдехан сол үйге барса Бижігіт отыр екен. Бижігіт Мелдеханды көріп қуанып қалды. Екеуі әңгімелелескенде Бижігіт әкесі Иматаймен сөзге келіп, ренжісіп қалғанын айтты.

Көңілі пәс Бижігіт,мұңайып отырды. Бөтен елде Өзбектердің жерінде жалғыз қалып, қиналып отырған сияқты.. Мелдеханның себебін сұраған сұрақтарына мандытып жауап бермеді.

— Шаухым екеуің осында қала беріңдер -,деді жәкем, бар айтқаны осы

— Шаухым деген кім ? — деп сұраған Мелдехан ойында ештеңе жоқ күйі, ақкөңіл райда.

— Әйелімді айтқаны ғой – деді Бижігіт.

— Ол не деген сөз ?

Бижігіт тілін шығарып көрсетті. Өзі ыңғайсызданып күлді. – Өзбектердің сөзі екен ғой. Мен көшуге қарсы болғамын.

— «Басқа бәле неден деп сұрағанда»,тілін көрсеткен екен деуші еді бұрынғылар – деді Мелдехан.

— Иә, жәкем бізге ашуланып жүр еді онсыз да, ертпей осында қалдырып кетті. Теріс батасын берді бізге.—деді Бижігіт.

Екеуі үнсіз отырып біраз уақыт ойға кетті. Мелдехан елдің жағдайын әңгімеледі. «Шошитындай емес, елде де тұруға болады» деді.

— Жәнібек көкемнің үйін, Бахырам ағамды елге көшірсем бе деп келдім — деді Мелдехан.— Қашанғы бөтен елде жүреді. Әрі қайын жұрпен бірге болған ер азаматқа ұят емес пе,.күшік күеу сияқты.

— Айтқаныңа келісемін,елдің аты ел, өзің көріп келіп отырсың, әр азамат өз елімен бірге болғаны дұрыс қой. Ал маған не ақыл кеңес бересін ? — деді Бижігіт.

— Өзің айтқандай ер азамат елімен, әкесімен бірге болғаны дұрыс, әке болған соң ұрсады баласына, тіпті ұрса да ерсі емес, ол тек жақсылық ойлайды, ренішін айтады.. Ал соған өкпелеп, ата анамен бет жыртысқан дұрыс емес менімше. Сен кінәңді мойындап, кешірім сұрап, әкеңнің алдына барып, басыңды игенің дұрыс. Ақылымды сұрасаң сол айтарым..Ал біздің әкеміз атамыз қайтыс болып кетті, ағаларымды бауырларымды жинап елге алып кетсем деген ой менікі, арманым сол

Ертең әкең отырған жерге сен де көш, соған барып қосыл, мен бірге барамын . Бөтен елде жалғыз қалып не істейсің «жалғыз ағаш орман емес» деген емес пе. «У ішсең руыңмен» деген де бар.Кешкі асты ішіп алған соң олар дем алған. Түнімен әйелімен ақылдасып өзі ойланған болу керек Бижігіт, ертелетіп үйін жығып, көшу қамына кірісті. Бұлар Жетісайға көшіп келгенде Иматай бірауыз сөз айтып, ренішін білдірген жоқ,қайта жас баладай қуанып қалды. Қанша дегенмен іштен шыққан баласын қалай жек көрсін әке. Мелдеханға жылыұшыраймен қарап, оның көзінше,бір ауыз реніш те айтпады, оның келгеніне ашуланған да жоқ, ризалығын білдірді. Ал бірақ Мелдехан көкесі Жәнібек пен Бахырамды елге көшуге қанша үгіттесе де оларды көндіре алмады.

Иматайдың күйеу балдарына деген адалдығы, осы бірге жүрген уақытта бір де бір оларға жасаған қиянаты болмаған соң оны силаған болу керек,ал алдағы кездесер қиыншылықтардың әлі болатынын ойлаған да шығар Жәнібек пен Бахырам.

Көшіп жүрген соң Кеңес өкіметінің жаңалықтарынан бейхабар ауыл адамдары Германиямен соғыстың басталғанын да кеш естіді. Оның соншалықты үлкен оқиға екенін де тиісті дәрежесінде түсінбеді. Елде машинаның аздығынан түйесі бар, тек жүк таситын түйекештердің қажеттілігін ойлап оларды соғысқа баруға шақырмайтын болғанын естіп, ел соған риза болып, қатты қуанған. Сонымен Иматайдың адамдары колхоздың шығарған өнімдерін орталықтағы қабылдау пункттеріне тасумен болды. Бұлардың жұмысы аса маңызды жұмыс деп есептелінді. Соғыс басталған кезде өкімет есінен танып, есеңгіреп жан жағына қарауға шамасы келмей түйекештерді алақанға салып мәпеледі. Әсіресе күздің кезінде жиналған өнімдерді күндіз түн пункттерге тасытты. Ол мақта болсын, жеміс өнімдері болсын, немесе арпа бидай сияқты астық өнімдері болсын, оларды тоқтатпай жинап алып, соғысқа аттандырып жатты. Бұл бір қауырт та қиын кезең еді.Уақыт өте келе бой бұған да үйренді. Апару керек деген тиісті жүктерді тасып үйренді. Соғыстың беті қайтыпты немістер өз жеріне қарай шегініп жатқан сияқты деген хабарлар жетті бір күндері. Осы кезде ғой түйекештерді де әскерге алатын болыпты деген сыбыстың шыққаны. Бұл хабар Иматайға, оның адамдарына ойламаған жерден жайсыз тиді. Малдан айырды, елден қуды. енді не істемек керек ендігі қалғаны соғысқа бару ма ? Қызыл әскерлер ел аралап, ер азаматтарды алдына салып айдап,аудан орталығына жинап соғысқа аттандыра бастаған кез еді. Енді құдайдың берген үш баласынан айырса Иматай не істемек. Айдаладағы өздерін әбден азаптаған орыс айдаладағы неміспен соғысқан екен деп үш баласын аттандырып, олардан да айырылуы керек пе сонда Иматайдың. Содан құтылудың жолын ойлап әбден басы қатты. Сондағы тапқан айласы ер азаматтарды жүк тасуға жібермеу болды.Жас балалар мен шал шауқандар шықты жүк тасуға. Ал әскерге жарайтын, соған алады дегендерді көзден тасалау қажет болды. Үйдің айналасына кезекке қарауыл қою арқылы алдын ала біліп, келе жатса аттарға мінгізіп, далаға шығарып жіберуді, қашан олар кеткенше күтіп, тек содан соң хабар жіберіп, оларды қайтадан шақырып алуды әдетке айналдырған. Бұл амал да бір күндері тиянақсыз бола бастаған соң Иматай әр үйдің ошағының жанынан адам сиярлықтай ғана ұра жасатып, тереңге барған кезде адам оған еркін сиып отыратындай етіп, шұңқыр қаздыртты. Әскерге алатындар келе қалса әр үйдегі азамат ұраға кіріп, тығылатын болды, ал оның бетіне қазанды төңкеріп жауып тастайды. Осы амалды қолданып Иматай ауылдағы азаматтарды соғысқа жіберткен жоқ. Жатса тұрса балаларының амандығына шүкірлік жасап, солардың тілеуін тілеп, дұға оқып отыратын. Бір күндері немістер жеңілді, соғыс бітті деген хабар елге тарап кетті.Аман есен оралғандардың ата аналары қуанып, ел еңсесін көтеріп қалды. Ал балалары өлген адамдар қара жамылып жоқтау айтып енді шын күдерлерін үзіп қайғырып жатты. Жаңа Қорғаннан туыстар келіп, елдің жаңалықтарын жеткізіп жатты тұрды. Олар Иматайға елге келе берсін, қорықпасын қудаламайды енді деген қуанышты хабарларды жіберетін болды. Алып ұшып елді сағынған ала жаңқа көңіл, енді от басып, аяғы күйген жандай асығыс тыпыршып, ақыры ең болмаса жақындайық дегендей Сарыағашқа қоныс аударып тынды. Күн көріс қамымен Иматайдың балалары жұмыс іздеп, қаланы аралап жүріп, баяғы әкелері Иматайдың асырап алған баласы орыс Иванға жолықты. Ол осында тұрады екен. Әскерден шыққан,соғысқа бармаған, бір мекемеде бас есепші екен. Иматайдың осында көшіп келгенін есітіп, балаларын бірге ертіп келіп, Иван сәлем берді. Иматайдың оны көргендегі қуанышында шек болған жоқ..Бірімен бірі қайта қайта құшақтасып сілкілесіп , аллаға мың да бір алғыстарын жаудырып жатты. Иван әйелін, балаларын көрсетіп Иматайға, Күлжамилаға, Ділдаға оларды таныстырды.

— Жәке, сіздің арқаңызда есейіп, ержеттім, азамат болдым,өмір бақи сізге рахметімді айтып өтемін.—деді Иван толқып отырып.

Иван Шырдабайды қарамағына есепші етіп алды. . Ал Өтжан мен Бижігітті отын базға жұмысшылыққа кіргізді. Басқа адамдардың бәрінің жұмыс тауып орналасуына жәрдемін аямады. Иван бірақ Иматайдың елге көшіп баруына қарсы болды. Екеуі оңашаланып, Сары-Ағаштың сыртына шығып көп сырласты, ақылдасты.

— Жәке, сіз көшіп барарсыз, туып өскен жеріңізді көріп аралап, көңіліңіз өсер, әрине ол қуанышыңызға ештеңе жетпейді, оны түсінемін.Алғашқы кезде менің де Ресейдегі туып өскен жеріме кеткім келген, сағынғанымды айтып жеткізе алмаспын сізге бірақ, ойлана келе одан айныдым. Жас кезімдегі адамдар бар ма жоқ па, Оның үстіне соғыс кезінде ойраны шыққан шығар туып өскен жерімнің. Анам болса өлген, ол жоқ, ал әкемнің өлі тірісі белгісіз. Сонда мен кімді іздемекпін? Ал мен қазақтың жеріне де, еліне де, бауыр басып кеттім емес пе. Оның үстіне өзім есейіп, міні елу жасқа таянып қалдым,ұл қыздар өсіріп, немере сүйетін жасқа келдім. Сол сияқты деймін ғой сіз де елге Жаңа Қорғанға бармай ақ қойыңыз. Бұл жерде мен бармын, араласып отырамыз,балаларыңыздың бәрі аяқтанған, жұмысқа орналасты. Енді құдай деп қымыранды ішіп отырмайсыз ба. Сары Ағаштың күні қазақтың барлық жерінен жылы, қысы аз уақыт қана болады. Сағынсаңыз бауырларыңызға қыдырып, барып келіп тұрасыз.

Шынын айтқанда ауылдағылар колхоз болып ұйымдасқан шығар бұл күнде. Колхоздың тіршілігі белгілі, таңның атысынан күннің батысына дейін бір тыным жоқ, бейнет ету керек,оған сіздің балаларыңыз, келіндеріңіз шыдай ала ма? Жоқ, Жәке мені тыңдаңыз, осында қалғаныңыз дұрыс. Мені бір рет тыңдасаңыз қайтеді. Өткенде де мені адам деп, жаны ашиды деп тыңдамадыңыз, малдарды сатып сатып жіберіп, алтынға айналдырып, бір қалаға - Түркістанға дейікші, көшіп келіп, отырғаныңызда болатын еді. Енді тағы да менің сөзімді жерге тастағалы отырсыз. Ойланыңыз. Асықпай балалармен ақылдасыңыз.

— Иван, айтқан ақылың құлаққа кіреді — деді Иматай - бірақ, бір барып, ең болмаса көзіммен көріп қайтайын да. Жұмат ағамды сағындыым, білесің бе, үйдегі ұлдың алғашқысы болғандықтан ба біздер әбден бауыр басқанбыз, сырласпыз әрине өзімнен кейінгі басқа бауырларымды да сағындым, олармен әңгімелесіп көңілім басылсын. Кеткеніме он сегіз жыл болыпты ғой. Әкем мен анамның басына барып, құран оқытайын. Он сегіз жыл бойы шетте жүріппін, енді сол жылдарда маған ерген құда жекжаттарды, балаларды аман есен қаншама жыл басқарып, оларға жағдай жасап, бастарын көбейтіппін. Оларды ертпесем де өзім барып, туған жерге басымды иіп, бетіме топырағынан жағып, көк шөбін иіскеп, суын ішіп, ауасын жұтып қайтсам болмай ма.

— Қатты сағынған екенсіз, Иван балаңызды келістірдіңіз. Ақ жол, Жәке, аман барып, сау қайтыңыз — деді Иван: .

— Қашан шықпақсыз жолға ?

— Жақын күндері, шыдамым таусылып барады. Жаныма кенже балам

Бижігітті ертсем бе деймін—деді Иматай.

Иматай Сары-Ағаштан шығып баласы Бижігіт екеуі жолда кезіккен жайдақ автомашинаны тоқтатып, мінген екен сол бір бұрылыстан қаттырақ айналғанда үстінде тұрған Бижігіт аман, ал Иматай жерге құлап түсіп, қайтыс болыпты деген суық хабар елге тез тарады.

Бесінші бөлім
ӨМІР ЗАЯ
1 – тарау

Өтжанның баласы Мәлік қаншама жыл,уақыт өткеннен кейін - балалы шағалы болған кезде, Иматай атасының денесі жатқан моласын білетін адамдарды іздестіріп, сұрастырып, таппай жүрген. Ол осы жасына дейін өлген әкесі Өтжан мен шешесі Сиякүлді, атасы Иматай мен үлкен апасы Күлжамиланы есіне алып, олардың аруағына арнап құран оқытып, бағыштап жүрді. Сондай кезде атасы Иматайдың жерленген моласы табылмады ау деп ішінен бір күрсініп қоятын. Әкесі Өтжанның інісі Бижігіт тірі еді, ол кісіден бірнеше рет барып сұраған :

— Көке, атам өлгенде сіз жанында болыпсыз ғой, соңғы рет көрген, жерге көмген де сіз екенсіз, жатқан жері қайда екенін айтыңызшы, басына белгі қояйық. Ол кісі елге белгілі адам болыпты ғой, оны Жаңа Қорған ауданындағы ел силап, сайлап болыс сайлаған екен деп есіттім.

— Е, шырағым ай, ол кез ұмытыла бастады ғой.—деп Бижігіт өзінің әдетінше бір күрсініп алған. Қинала отырып, есіне түсіргісі келмеген адамдай, бірақ амалсыз түрде әңгімесін жалғастырды.:

— Екеуіміз машинаның үстінде елге келе жатқанбыз – деп тағы бір күрсініп, бірақ айтып тынайын деген адамдай:

— Машинаның қорабының ішіне малдың үстіне шыққан жараларға себетін дуст тиелген екен исі жаман нәрсе еді ғой неден екенін білмеймін , қалай болғанын да білмеймін, ол кісі бір бұрылыста жерге құлап түсті. Айдала болатын. Машинаның төбесін тоқпақтап тоқтаттым. Жалғыз өзім не істеймін. Машина бізді түсіріп ары қарай кетіп қалды. Содан соң бір дөңнің үстіне апарып сол жерге жерледім.

— Е, біледі екенсіз ғой. Қайсы жер екенін айтыңызшы, моласына белгі қойған боларсыз — деді Мәлік қуанышын жасыра алмай.

— Ой, шырағым ай,сен де қоймайды екенсің бір, оны қайтесің,

айдалада ол, белгі қоятындай менің алып жүрген затым бар ма еді сонда, жан жағыма қарап жүріп бір үлкен ебелекті тауып, соны моласының үстіне қойғамын. – деді Бижігіт қабағын түйіп. Содан соң:

— Ол ебелек сақталды дейсің бе бұл уақытқа дейін, моласы да тегістеліп кеткен шығар, ол жерді табу енді қиын ғой бұл күндері, айдалада-тын

Мәлік Бижігіттің бұл әңгімені жалғастырғысы келмей зорға дегенде қиналып отырып айтқанын түсінген. Бижігіт сол кезде ауырып жүрген. Бұл әңгімені енді қайталап бастама , ал тағы да сұрасаң айтпаймын деген ишарасы шығар деп ойлап, Мәлік бұдан кейін бұл тақырыпты келесі кездесулерде қозғамаған. Бірақ ішінен таңырқады. «Бижігіт неге қырсықты, қайта құлшынып отырып,болған оқиғаны тәптіштеп неге айтып бермеді, Иматай менің атам болса оның туған әкесі емес пе» деген ой келіп басына ішінен таңырқап, бірақ содан кейін оған көңілі қалғаны соншалықты Мәлік содан кейін қайталап сұрамаған .

Бір күні Түркістан қаласында тұратын Жәнібектің баласы жиен Мәденбектің үйінде отырғанда бұл тақырып қозғалып, әңгіме болғанда Мәлік таң қаларлық оқиғаны естіді одан. Иматай машинадан құлап өлгенде сол жерге жақын Жылға деген ауылда Жәнібектің туған інісі Бахырам тұрған екен. Бижігіт сонда Бахырамды іздеп барыпты, әкесін машинадан құлап қайтыс болды деп, оған айтыпты, сонан соң екеуі сонда келіп түнде мола қазып оның денесін жерге көміпті. Бахырам Иматайдың жерленген жерін сондықтан біледі деп Жәнібектің інісі Мелдехан Мәденбекке айтыпты бұл әңгімені. Бұл әңгімені Мәденбектен Мәлік естіп, бұл оқиғаға одан сайын таңырқады. Кезінде Бижігіттен сүрағанда ол Иматайды неге жалғыз өзі жерледім деп айтты? Жанында Бахырамның болғанын неге айтпады?

Сол күні бұл әңгіменің растығына өзінің көзін жеткізе түсу үшін Мәлік Мәденбекті ертіп, оның көкелері Бахырам мен Мелдеханға барып сәлем берді. Ол кісілерге өзінің көкейіндегі білгісі келетін әңгімелерін сұрап, олардың айтқан әңгімелерін қағазға жазып алды. Рас, бәрі рас. Сонымен Мәлік Түркістан қаласында атасы Иматайдың басына орнататын тас дайындатып оған «Иматай — Нәлібай ұлы, 1881 жылы туып 1946 жылы қайтыс болған, руы қоңырат, қараша— назар, ұрпақтарынан»деп ойып жазғызды. Соны көлікке тиеп алып Түркістан қаласында қайтыс болған Шырдабайдың ортаншы ұлы Үсеннің Мұхтар, Асқар деген балаларын ертіп, Жәнібектің ұлы Мәденбек және оның баласы Бақыт бәрі Сары ағашқа жолға шықты. Сол қалада тұратын.

Шырдабайдың үлкен ұлы Мырзабайдың баласы Әбдімомынды ертіп Жылғаға барды бәрі. Сол жерде Бахырамның інілері тұрады екен. Солар Иматай көмілген моланың басына апарды. Олар қабірдің басына белгі тас орнатып құран оқып Сары ағашта Әбдімомынның үйіне келіп онда жиналған елге құдаларға кешкісін тағы ас беріп құран оқытты. Содан соң барып бәрі тарады. Иматайдың өмірін елдегі жасы үлкен адамдардан сұрастырып жазып жинап жүрген Мәліктің дәптерінде оның соңғы көңіл күйі,ойлары төмендегідей боп тізілді. «Қайран Иматай атам, Нәлібай бабаның мақтанышы болған атам, елдің болысы болған атам, Көкен бабасының жолын қуамын деп армандаған атам, замананың азабынан қаймықпай күресе білген атам, соңынан ерген туыс, туғанға, құда, жекжаттарға басшы қамқоршы бола білген атам, оларды Өзбектердің, одан Тәжіктердің жерлеріне қуғыншыларға ұстатпай апарған, одан оларды Вахш, Пяндж өзендеріне жеткізіп, шет ел Ауғанстанға өтуге дайындап, өзі сол өзендерден өтіп көрген атам, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондыра білген атам, құдай біледі ғой, бірақ соған лайық қарымтаға еш жақсылық көре алмай, сағынған еліне жете алмай, бауырларымен қауыша алмай, соған ынтығып, келешектегі көрер қызықтарына ұмтылып, келе жатқанда орынсыз өлімге ұрынып, бақилық болған қайран атам» Атасының үлкен жүрегінің соғысын, жан тебіренісін, мейірімін, адал көңілін, тірідей көре алмадым ау деп өкініп, сағынышын, мақтанышын қағазға түсіріп, елдің жүрегіне жылы күйінде талша егіп, кейінгі ұрпаққа мәңгілік белгі болсын деп, Мәлік осы кітапты жазуға кірісті. Атасының аруағын силап болған өмірді болған күйінде жазуды мақсат етті. Өмір зая – осы екен деп, Жалған дүние — осы екен деп, ойларын қорытындылап,соңғы сөйлемдерінің соңына нүктесін қойды. «Маңдайыңа жазылғаны осы болыпты, ал ғұмырың басқаша болғанда, бақилық болған үлкен ағаң, бауырың Жұматпен бірге қатар өмір сүріп, көрген қиыншылық, бейнеттеріңнің қарымта қызығын басыңнан кешіп, бұл жалғанға риза күйде өтер ме едің дүниеден, ол кезде бұл сағынышқа толы кітапты тіпті мен басқаша жазған болар ма едім» деді Мәлік. «Ағаң Жұмат басқа бауырларының бәрі бақилық болып, өзі ғана жалғыз қалғанда,қиыншылыққа төзіп жүргенде, жалғыздықтың азабын басынан өткеріп жүргенде, уақытқа қарсыласыпты, есі ауыспай сендерді тірі сияқты сезініп, сағынған екен. Өзімен өзі сөйлескенін бір немересі ерсі көріп, мазақтағанын, күлкі еткенін соның аузынан өз құлағыммен естідім деді атасына сыр етіп. Жалғызсыраған Жұмат ағаңның сендермен сөйлескен сөздерін қайталап айтып, Жұмат ағаңның жынын келтіргенді қызық көрген екен бір немересі. Бала ғой, бірақ қатігез бала. Далаға шыққанда сүйеніп жүретін таяғын сермесе қатыгез бала ысырылып, әрірек отырып, одан сайын мазақтайтын сияқты. Қуалап ұстап, сабауға қауқары жоқ. Ол бала Жұмат ағаңның қалған аз ғұмырын осылай қорлапты. . Бүкіл өмірін ұрпағым қиналмай өссін деп сарп еткен, сол үшін жанын аямай күрескен Жұмат ағаңыздың жүрегіне жара салғанына ол баланың түйсігі, ақылы жетпеген. Заман өзгерді қазір ата. Адамдардың адамгершілігі жұқарып, бүкіл болмысы дүние табудың ғана амалын ойлап бұзылған, бауырдан да сол үшін безуге бар, оған бет жыртысып, жамандық жасауға бар, қандай да болмасын қылмысқа барудан сол үшін қайтпайды. Қазіргі адамдар мәдениеті жоғары, болмысы ақылды көрінгенімен, күлкісі сұлу, елге қамқор болғансып, бетінде мейірімі төгіліп тұрғанымен, шындығында ақсиған тістерімен жеп қоятын тағы қанқұмар қасқыр сияқты. Менің бұлай деу себебім Жұмат ағаңның сол немерісі үлкейіп азамат, қызметкер болғанда айтты ғой,осы әңгімені, ерсі көрмей, ұялмай, күліп отырып, жас кезінде өзінің атасын осылай мазақ еткенін. Менің жаным түршігіп кетті оның келемеж әңгімесін тыңдап отырып. Жасы үлкен адам өзінің қатарлары тегіске жақын шейіт болған соң енді кіммен сөлеседі ол. Ол тірі адам емес пе ? Ал үйдегі өз баласы ағаңызбен көңіл бөліп сөйлеспесе, немересі еркелеп басын атасының қолтығына тығып ол сөйлеспесе. Ағаңыз жынданып кетпей шыдаған екен, мықты екен. Ата — ау сіздерді қатты сағынған екен ол кісі. Сырласатын тете інісі сізді ол кісі қатты сағыныпты.. Мен Алматыдағы оқудан ауылды сағынып, үйге бір күні демалысқа келгенімде, алжасқан деп мазақ етіп отырған жасы жүзге жақындаған Жұмат ағаңыз үстіне киген кең ақ көйлегі желге желбіреп, таяғына сүйеніп жайлап басып, біздің үйге келді : —.

— Ей, Мәлік, Үйде барсың ба ?— дауысында мейірім бар сияқты, жылылық сезілді.

—Ассалаума ағалейкүм ата — деп екі қолымды амандасуға созып, тірі кезінде көре алмаған Иматай атамның туған бауыры, туған ағасы ғой деп ойлап, алдынан жүгіріп шыққанымда, ол кісі қолдарымды жібермей сол қолымен иығымнан құшақтап өзіне икемдеп, бауырына қысып ұстап тұрып, көздерін жүзіме салып, сынай қарады.

— «Алыстан алты жасар бала келсе — алпыстағы ақсақал келіп оған сәлем беруі керек»— дегең сөзді естіп пе едің балам сен ? Алжасып қалған деген кісінің сөзі бұл.Кейін ойласам ол кісі , ет жүрегі елжіреп інісі Иматайды – сізді аңсап іздейді екен ғой,ұқсастық бар ма деп үмітпен қарайды екен ғой менің бой бітіміме. Үйге қолтығынан сүйеп, кіргізіп, төрге оздырып, қалың төселген көрпешеге жайғастырып, арқасына жастық сүйеп отыруына жәрдемдескеннен кейін ол кісі әңгіме бастады. Оның жүзінен байқағаным — інісінің немересіне деген махаббаты, мен мейірімінің шуағы. Ерте өліп қалған сіз үшін мені мейірімімен нұрландырған екен. Сіздердің бойларыңызға біткен жақсылық деген сезімді сездім,бауырға, адамға деген. адалдық пен адамгершілікті сездім. Жүзге келгенше бауырларын сағынған Жұмат ағаңыз, оған куә, дәлел.Сіздерге басымды иемін, тірі жүрсем үлгі боласыздар, ұрпақтарыма мысал етіп мақтан тұтамын Исі қазақ болса оларға тек қолымнан келгенінше жақсылық жасауды өзіме мақсат етемін. Ата, бұл күнде өзіңізге құдай берген үш ұлыңыыз да ,екі қызыңыз да бақилық болған. Тек үшінші ең кенже қызыңыз Әйнекүл тірі. Ал солардың анасы, әйеліңіз Күлжамила да бұл дүниеден өткен. Кейінгі алған әйеліңіз Дина деген анамыз сіз қайтқаннан кейін баласын шала туыпты, ол кісінің өзі де ұзамай бақилық болыпты деп естідім. Ата, сіз жоқтағы жаңалықтар осындай. Қолыңызда бірге отырған ортаншы шаруа Өтжан балаңыздан келініңіз Сиякүл үш ұл үш қыз туған. Олардың үлкені мен—Мәлік,содан кейінгілер Серік пен Берік. Ол екеуі дүниеден жастай өтті. Серіктің артында қалған өзіне тартқан бейнеткеш екі баласы Мұрат пен Қайрат шауып жүр. Ал Беріктің бір қызы және бір баласы — Салтанат пен Бақытжаны үлкен азамат болып өскен. Кішкентай Ержан әлі жас,.болашағы алда.Ал үш қыздың аттары Зейне, Гүлжан, Ұлбосын. Өздеріңіз үлгі тұтқан Көкен баба сияқты бүкіл қазақ елінің қорғаушысы болсын деп, ата мен шөберелеріңіз — Ғалымжан, Ербол, Шыңғыс, Ғазиз, Бақытжанға дүние жүзіндегі ең үлкен оқу орындарынан әскери білім алғызып, тәрбие бердім. Олар — адамға тән жақсы қасиет, құндылықтарды қадірлеп өсті. Ата, осы кітапта артық, қате жазылған уақиғалар болса кешіріңіз. Жалған дүниеге кім келіп кім кетпеген. Қарап отырсам немереңіз менің де жасым сіздің жаспен теңесіпті, сондықтан мен сізше ойлап, осы кітапты аруағыңызға арнайын, жазып бітірейін деп құлшынып отырмын. Ал бізге өнеге өмірлеріңіз туралы мен жазған осы кітап қолдарына түссе, оқыса сіздерді ұрпақтарыңыз естерінен шығармай, үлгі тұтып, риза болар деп ойлаймын, олар алла тағаланың сіздерге мейірімін түсіруін тілер деп отырмын.

Мәліктің жазбалары осылай аяқталған.

2010 — 2011 жыл.

Алматы – Жаңа Қорған.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙