TELEGEI

Home

Аша елі

Сауытбек Мәдімәрұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Аша елі

Аша елі. Сауытбек Мәдімәрұлы

Жол Бас прокуратураның тапсырмасы болғаннан соң ғана ыждаһатсыз іс сапарға баратын болған Мұрат іштей наразы болғанымен сыртқа онысын шығара алмады. Қалай шығарсын, облыстағы басшысы қояр да қоймай жолға тез шығуын өзі тікелей қадағалады. «Қарасаң әкетіп бара жатқан дәнеңе де жоқ сияқты, қатардағы көп істердің бірі, неге сонша бүлінді екен. Әлде жоғарыдағылардың біреуінің туысқанына қатысты ма?! Мейлі, тапсырманың аты тапсырма. Бару керек» деп ойлай жүре Мұрат өзінің жеке көлігімен баруды қалады. Ондағысы осы іссапарды пайдаланып Нұраның балығын аулап, аз да болса демалып қайтуды көздеді. Сол ауданда прокурор болып тұрғанында талай рахатқа батқаны бар. Балық аулау кімнен қалай «жұққанын» білмейді. Үлкен әкесінін де, өз әкесінің де, нағашы жағынан да балыққа құмарлығы жоқ екенін біледі. Қансонарда олар аздап аң аулап, түлкі, қасқырға анда-санда қақпан құрғаны болмаса аңшылық деудің өзі де болмас. Ал нағашы атасы кезінде барымташы болған деседі. Күйеу баласы НКВД-ның білдей бір қызметкері болған соң амалсыз қойған болу керек. ...Қара жол шұбырған ізбенен мәшинесін еппен айдап келе жатқан ол өзен жағасында отырған балықшыларды көргенде делебесі қозып, не шаруамен келе жатқанын ұмытып, ыңғайлы бір жерге әкеліп тоқтатты да отыратын орынға көз жіберді. Өзен жағасында біраз балықшының сүлбесі байқалады. Мұрат сол отырғаннан кеш батқанша отырды. Қармағышоршыған балықтар түскен сайын құмары қозып уақыттың қанша болғанын да байқамапты. Кеш қоюлана түскен шақта ғана жан-жағына қараса бағанағы қаптаған «көршілерінен» некен саяғы ғана қалған. Олардың өзі осында жатып - жастанып аулау үшін келгендер сияқты. Мұрат қармағын жинастыра «енді қайтсем екен, аудан орталығына дейін әлі біраз жер бар, мына қара жолмен түнделетіп жүре алмасым хақ» деген оймен жақын маңдағы бір шопандардың үйіне түспекші болды. Арқаның бір жақсы қасиеті түнделетіп келе жатқан жолаушыға әрдайым орын бар. Оның үстіне шопандар бір адам келсе кәдімгідей қуанып қалады. Әңгіме дүкен құрып, жаңалықтар естіп, қонағының алдына бар жылы жұмсағын қойып бір жасайды. Соны білетін Мұрат та кештетіп біреуінің үйіне баратынына онша қысылмады. Бәрін болмаса да біразын өзі танып - біліп те қалғанды. Бақандай бес жыл осы жерде аудан прокуроры болып қызмет етті емес пе?! Алыстау, болғанымен баратын жолы тегістеу осы маңдағы шопан үйіне бет алды. Кешкі малды қашарға кіргізіп, малды ауылдың у - шуы енді басыла берген шақта қымбат көлік келіп ат басын тірегенде шопан жігіт таңданып -ақ қалды. Қанша жыл қой бағып, мал соңында жүргенде талай жолаушылар келіп жата жастанып кететін. Мына көліктің де, оның ішінен шыққан жігіт ағасының да жүріс - тұрысы басқаша сияқты. Қарапайым жол киімін кисе де, бойында бір паңдық та, тектілік те жатқан сияқты. Өзінің аңтарылып тұрғанын енді байқаған жігіт қонағының алдынан шығуға асықты.

- Ассаламағайлейкум, аға. Қош келіпсіз, жоғары шығыңыз, - деп ілтипат білдіріп жатыр.

- Ішке кіріңіз, үйде әкем бар, - деді де, - Күлиман,  сыртқа шық, қонақ келді, - деп киіз үйге қарай дауыстады. Іштен лып ете шыққан келіншек те құдды бір осы қонақты күтіп тұрғандай жылы жымиып амандасып жатыр. Жігіт «менің шаруам әзірге осымен бітті» деген сыңаймен қолына пышағын ыңғайлай өзі жаңа ғана отарды қамаған қашарға қарай бет алды. Оның бет алысын түсіне қойған Мұрат та:

- Бауырым, сен оған әуре болмай - ақ қой, арнайы келе жатқан қонақ емеспін. Кеш түсіп кеткеннен соң тоқтағаным, айып ете көрме, жеңіл - желпі болса болды, - дегеніне жігіттің де жауабы дайын сияқты.

- Ағасы, «жаман үйді қонағы билейді» дегендей жаман үй емес шығармыз. Оның үстіне әкем бәрібір мал сойғызады, онан да үйге кіріп әкеммен әңгімелесе беріңіз. Ол кісі әңгіме айтудың шебері, ал біз көп күттірмейміз, -деген ол қашардың есігін ашты.

Кең қанатты киіз үйдің нақ төрінде қалың көрпенің үстінде қос жастықты жастанған ақсақал қонақ үйге кіре бере басын көтерді. Сыңайы далада болып жатқан әңгімеге кұлақ түріп жатқан сияқты. Үйге кірген жігіт екі қолын созып амандаса бергенде ақсақалдың көзі жарқ еткендей болды Мұратқа. «Шамның жарығынан болар» деп ойлады оны байқаған Мұрат. «Дегенмен, жасы келгенімен көзі отты екен, қайта бәйбішесі болса қартайыңқырап қалған сияқты» деген ой лезде жылт ете қалды. Прокуратурада істеген жиырма бір жылдың ішінде адамдардың мінез - кұлқын, іс - қимылын тез бағдарлап үйреніп қалған Мұрат сол кәсіби шеберлігіне салып, бәрін әп -сәтте бағдарлап үлгерді.

- Жоғары шық, балам, - деп сәлемін алған ол кемпіріне ақырын иек қаққандай болды.

Тәрізі ақсақалдың әр қимылы үй ішіне заң боп орнаған секілді. Мұрат оны да байқады. «Шіркін осындай тәртіп біздің үйде де орнаса ғой» деп ойлады да оз ойына өзі іштей мырс етті. Қайдағы, жұмыстан шаршап келсе болды «Кешке дейін екі балаңмен - ақ шаршадым, ана қоқысты төге сал, балаларыңды далаға шығарып ойнатып кел» деген «бұйрықтан» көз жазбай келе жатқан прокурор мырза ақсақалға қызыға қарады. Дастарқанға әп -сәтте шәй де келді, қалай үлгеріп қойған, тіпті ыстық бауырсақ та үстөл үстінен орын алды.

- Иә, балам, жөніңді айта отыр. Қай жақтан, не шаруамен келесің деп алқымыңнан алмай - ақ қояйын. Кештетіп жүргеніңе қарағанда шаруаң қауырт сияқты ғой. Бүгінше дем ал, жұмыс ешқайда қашпас, апаңның ыстық шәйіне қанып ал, - деген дауысында бір қамқорлық бар сияқты. Мұрат осыдан оншақты жыл бұрын қайтыс болған әкесін есіне алды. Ол кісі де осылай жұмыстан шаршап келгенде «мамаңның ыстық шәйін ішіп ал» деуші еді. Өзі де көп жылдар бойы қауіпсіздік және ішкі істер органдарында қызмет істеген ол баласының жайын жақсы түсінетін.

- Әкей, мына сөзіңіз марқұм әкемді еріксіз есіме түсірді. Ол кісі де дәл сіз сияқты «анаңның ыстық шәйін ішіп ал» деуші еді.

- Балам, қателеспесем әкеңіздің аты - жөні Әбдірәсілов Мақажан емес пе?!

Мұны естіген Мұрат ыстық шәйға шашалып қала жаздады. Көзі жасаураған күйі сөйлей алмай, бақырайған күйі үй иесіне қарады.

- Өзім де солай ғой деп ойлап ем. Жаңа есіктен кіріп келгеніңде алғашқыда сол кісі келген екен деп қалдым. Бірақ жасың келмейді. Қасқа маңдайың, бет пішінің, әсіресе қоңқа мұрның кімнің баласы екеніңді айтқызбай - ақ танытып тұр. Баласы шығар деп ем, қателеспеппін. Бәйбіше, балалардың бәрін шақыр, дастархан басына келсін.

Үйге бағана өзі көрген жігіттен басқа тағы екі жігіт әйелдерімен кірді. Бәрі амандасып жайғасып болғаннан соң ақсақал басын әнтек көтеріп алды да:

- Балаларым, сендер бүгін бізге қандай адамның келіп отырғанын, дұрысын айтсам, менің өмір бойы қарыздар болып жүрген, бірақ сол қарызымды өтей алмай жүрген адамның баласының келіп отырғанын біліп қойыңдар. Оның алдында тұрып бас исеңдер де артық болмайды.

Шал есінен адасты дейін десе, оған ұқсамайды. Балалары да, Мұрат та аң - таң. Тек бәйбішесі ғана бірдеңені түсінгендей орнынан тұрып келіп Мұраттың маңдайынан сүйіп, бауырына қысты.

- Әкей, осынша не құрмет ол?! Сіз мені біреумен шатастырып отырған боларсыз. Мен сіздерді бірінші рет көріп отырмын.

Мұраттың дауысы жарықшақтана шықты.

- Иә, балам. Сен солай деп ойлауың әбден мүмкін, не мені есінен ауысқан біреу ме дерсің. Жоқ, мен шатастырып та отырғаным жоқ, есім де дұрыс. Бірақ әлгінде сен есіктен кіріп келгенде Мақажан екен деп қалғаным рас. Ол кісінің қайтыс болғанын газеттен оқып, көңілім бір жасып қалып еді. Жарықтық ерте кетіпті дүниеден. Әне барамын, міне барамын деп жүріп уақыт оздырып алғанымды сонда бір - ақ білдім. Қайтейін қу тірлік пен салғырттық мойнымызға мініп алған заман ғой бұл заман. Кеш те болса айтайын, көңіл көрген жерде, әкең Мақажанның арты қайырлы болсын. Әруағы өзіңді әрдайым қолдап, қорғап жүрсін. Ол кісі менің өмірімде өшпестей із қалдырып, бүгін мына бала - шағамның ортасында аман - есен отыруыма тікелей қатысы бар адам, - деп терең күрсінді. Маңдайындағы қатпар - қатпар әжімдері одан сайын тереңдей түскендей, салалы, бірақ еттері кете бастаған саусақтарымен әдемілеп күзеліп, бапталған сақалын сипап біраз үнсіз отырып қалды. Басқалары да оның жүзіне сұраулы жүзбен қарап үн - түнсіз.

- Қазір мың тоғыз жүз жетпіс жетінші жыл ғой?! Бұл сонда осыдан отыз бес жыл бұрын болған оқиға. Соғыстың ауыр кезеңі өтіп жатқан кез. Қырықтан енді ғана асқан мені соғысқа алмады. Шаруашылықтың малын бағатын да адам керек деп мені ауылда қалған бар жылқыны бағуға алып қалды. Сол оқиға боларын білсем майданға аттанғаным жақсы еді онан да. Алла Тағала менің басыма сондай бір ауыр кезеңді жазады деп кім ойлапты?!

Апақ - сапақта ЕНКБД-ның екі адамы үйге суыт кіріп келді. Сөйтті де әй -шәйға қарамастан:

- Тұр бол, бізбен бірге жүресің, - деді зілдене.

- Оу, екі кештің арасында қайда барамын, не болды, кімсіңдер сендер, - дегенімше болған жоқ, біреуінің жұдырығы құлақ шекеме сарт етті. Есім ауып қала жаздады. Шырылдап мына шешелерің оның қолына жармаса беріп еді, екіншісі оны да ұшырып түсірді. Қарсыласудың, қарсыласу не, бір сөз айтудың жөні жоқ екенін түсіндім де алдарына түсіп жүре бердім. Сол жүргеннен аудан орталығындағы ЕҢКБД - ның қақпасына әкеліп қамады да тастады. Түк түсінсем бұйырмасын. Не істеп қойдым, не бүлдірдім? Әскерден қашты дейін десе өздері ақ қағазбен қалдырды. Ол кезде брон дегенді солай дейтін. Кейін білдік қой оның қалай аталатынын. Қазір жасым сексеннің сеңгірінен асып барады, бірақ сол оқиға есіме түссе әлі жаным түршігеді. Бір қорқынышты түс сияқты. Сонда мені соғыс жылының заңымен атып тастауы да мүмкін еді. Алдымен бір Құдай сақтады, одан соң сенің әкеңнің шапағаты тиді.

Шал ауыр күрсініп, жаны қиналғандай ыңырсып берді. Айналасындағылар үн - түнсіз. Тәрізі балалары да бұл әңгімені бірінші рет естіп отыр.

- Иә, балалар, көрер жарығым, атар таңым бар екен. Одан қалды мына отырған шешелерің жесір, сендер жетім қалмау үшін бір Алланың раһымы түскен болар. Сонымен түн ортасы ауа бере мені «допросқа» шақырды. Жартылай қараңғы бөлмеде еңгезердей бір орыс отыр. Кіре бергенім сол еді, үстелді дәу қолымен періп қалды да айқайға басты. Сөзінің бірін түсінсем, бірін түсінбейсің. Орысшам да шамалы, қорыққаннан да ештеңе ұға алатын емеспін. Бір кезде келді де бағанағысы сияқты ол да құлақ шекемнен отырғызды. Көзім қарауытып кетті. Бар болғаны қолыммен бетімді қалқалай «ұрма, ұрма» дей беріппін. Тыңдап жатқан ол жоқ. Арасында орысша боқтығын қосып, төбет иттей арпылдайды. Мен сөйлемеген сайын оның жыны одан сайын қозған болу керек, енді тепкінің астына алды. Әбден итке таланғаңдай қызыл ала қанға боялып, есімнен танған кезімде орныма сүйреп әкеп тастаған болу керек, домбыққан көзімді зорға ашсам өрімдей жас жігіт басымды сүйеп отыр. Екі көзі жасқа толы.

- Ағатай, ағатай, көзіңді ашшы, мынау иттің балалары не істеген?! Не сұрайды, не бүлдіріп қойып едіңіз? - дейді көзінен сорасы аққан ол.

- Білмедім бауырым, түк түсінсем бұйырмасын. Орысшам да жоқ. Не сұрағанын да түсінбедім.

Енді менің көзімнен жас парлады. Талықсып кеткен мен біреудің жұлқи тартқанынынан есімді жидым.

- Қарашы, ұрлық жасағанда мірдің оғындай, енді түк білмегенсіп пырылдап жатқаның, тұр, оңбаған. Сендер фашистерден жамансыңдар. Еліміздің басына ауыр күн түскенде сендер қастандық жасап мал ұрлайсыңдар, жауыздар, осында отырғандарыңның бәрі қаскүнем сатқынсыңдар, - деп кеше мені үйден ұрып алып келген қара сүр жігіт тұр үстіме төніп.

«Ұрысың» дейді. Ойпырым - ау ешкімнің ала жібін аттамаған мені ұрысың дегені қай сандырағы бұл?! Мені біреумен шатастырын тұрған шығар» деген оймен:

- Ойбай, әкесі - ау, қайдағы ұры, нені ұрлаппын, - деп шар ете қалғаным сол еді:

- Өй, әкеңнің аузын, қайдағы әкемін мен саған, мен НКВД - ның офицерімін, сен сияқты жауыздардан Отанымды қорғап жүрген жауынгермін. Көрсетейін мен саған әкені, жүр, жаның жаһанамға кетпей тұрғанда. Сендерді көп созбай атып тастау керек, - деп мені тағы сүйрей жөнелді. Ұзын дәлізден тепкілеп алып келе жатқаны сол еді, алдымыздан орта бойлы, маңдайы кере қарыс, аққұбаша жігіт ағасы шыға келді.

Қазір енді аты - жөні сол оңбағанның есімі де қалмапты. Кейін өзі сотталып кетті. Әскери трибуналы әлгі шикіл сары екеуін бірге соттады. Олардың менен басқа да адамдарға жасаған қысастығы жетіп артылады екен. «Біреуге ор қазба» деген. Бірақ өмірде жақсы адамдар да аз емес қой. Жаңағы адам менің бағыма қарай кезіккен екен. Мені не үшін, қайда апара жатқанын сұрады. Осы кезде аузымнан қан сорғалай жөнелді.

- Мұны істеген кім? Мынау не сұмдық?

Мені сүйретіп келе жатқан жауыздың аузына су құйылғандай, жаңағы әкіреңдеудің ізі де қалмаған сыңайлы.

- Мен сенен сұрап тұрмын ғой. Енді ана жігіттің дауысы қатқыл шықкандай болды.

- Жолдас майор, бұл әккі ұры, кешегі жоғалған малдарды ұрлап, сойып алған осы болды. Біз оны із суытпай ұстадық.

Мына сөздер төбемнен жәй түсіргендей болды.

- Ойбай, қайдағы ұрланған мал, қайдағы сойыс. Жан дауысым шықты.

- Әкетай, ешқандай мал ұрлағам жоқ, кімнің  малын ұрлаймын,өзім мал бағып отырып.., әкетай, өлтірмейін десең құтқара көр мені мына жауыздан.

Одан арғысы өң мен түстей. Топшылауымша бастық болуы керек, жаңағы маған айбат шегіп, жанымды қуырып тұрған құбыжық, елпілдей қалған. Бірақ аузы - аузына жұқпай кеше менің жылқы ұрлап, сойып, базарға апарған жерімнен ұсталғанымды жеткізіп жатыр.

- Өтірік, өтірік. Жалғанда құлың болайын. Жапты жала, жақты күйе. Мені кешкісін үйімнен ұстап әкетті. Түнде тепкінің астына алып, анау орыс менен жауап алды. Мен оның орысшасын түк түсінбедім. Сосын ол мені тепкінің астына алды. Енді өлтірсеңдер де күйелемей өлтіріңдер, - деп мен тізерлей отыра қалдым. Еңірегенде етегім жасқа толды. Мына қорлыққа шыдай алмай өкіріп жыладым.

- Түсінікті. Маған... шақыр. Өзің де кел. Кімді шақырып, кімді қойып жатыр. Түсіне алар емеспін. Еңкілдеп жылап отырмын.

- Тұрыңыз. Қазір бәрін анықтаймыз.

Даусы құлағыма жағып бара жатса да, есеңгіреген мен әлі оның не айтып түрғанын түсіне алар емеспін.

- Тұрыңыз, - деді ол тағы да. Сөйтті де қолтығымнан сүйрей бергені сол еді, тағы ұра ма деп қорқып кеткен мен ыршып түстім. Сөйткенше түнде менен жауап алған шикіл сары орыс пен бағанағы «хайуан» екеуі келіп кірді. Денем тітіркеніп кетті. Бастық оларға орысшалап бірдеңе дейді. Олар да бірдеңені айтуда. Түсіне алар емеспін. Ара кідік өзімнің атымды ғана ұғамын. Тіпті басымды көтеріп оларға қарауға қорқамын. Сөйткенше болған жоқ әлгі бастық менің атымды атап:

- Азамат Іңкәрбеков, мыналардың айтуы бойынша сіз үлкен қылмыс жасағансыз. Көрші ауылдан жылқы ұрлап, базарда етін сатып тұрған жерден ұсталғансыз. Кінәңізді мойындайсыз ба? Егер ел басына күн туған шақта осындай қылмысқа барсаңыз ол Отанын сатқанмен пара - пар.

Даусының ызғарлы естілгені сонша, жаңағы үмітім қайта үзілгендей болды. Сөйлейін десем булығып сөйлей алар емеспіп. Қолымды ербеңдетіп, басымды шайқай бердім.

- Онда ұсталған ет бар ма? Ол енді ана екеуіне қарады.

- Бар.

Қайсы екенін білмеймін, даусы саңқ ете қалды. Селк еттім. Құрыған жерім осы болды - ау. Бұл оңбағандарға қалай дәлелдеймін, қалай ақталам. Мына бастығынан үміттеніп қалып едім, ол да сол күйесін маған жақпақ ойы бар ма?! Тірідей өлдім-ау. Мыналардың соққысынан, жапқан жаласынан сүйегіме таңба басып өлетін күн жазылған екен ғой мен бейбаққа. Бір кезде қандай күш келгенін білмеймін. «Онда сол етті әкеліп көрсетсін» дедім жан ұшыра. Бір мезет бәрі аңтарылып қалғандай болды. Соны пайдаланған мен де;

- Айналайын ағатай, мен ешкімнің ала жібін аттағаным жоқ. Бала -шағамның атымен ант етейін, көрімде өкіріп бұл дүниенің қызығын көрмейін, - деп ант су ішіп жалбарындым.

- Онда қалған етті әкеліңдер осында.

Біреуі шығып кетті. ІІІикіл сары маған ала көзімен  атардай ішіп - жеп барады. Орысшалап тағы бірдеңені айтты. Бастық оған «жә, болды» дегендей қолын көтерді. Әлгі шығып кеткелі бір жылдай уақыт өткендей болды маған. Бөлме іші тым - тырыс. Тек шикіл сары ғана қаққан қазықтай болған жерінен жөткірініп қалып еді, мен қорыққаннан орныман ыршып түстім. Аузыма қанның дәмі келіп, не жұтарымды, не түкірерімді білмей бастыққа жалтақтай қарай бердім. Уһ, бір уақытта қап көтеріп бағана кеткен «сұмырай» да келді - ау. Дүңк еткізіп жерге қоя салды. Менің жүрегім де зырқ етті. Мынау тағы не пәлесі?!

- Аш қаптың аузын, - деп бұйырды. Аналар қозғалар емес. Өзі жақындап келді де қаптың аузын ашты. Сөйтті де маған: - Бері кел. Мына етті танисың ба, сенікі ме, бұл ненің еті? - дейді. Мен еріксіз қапқа үңілдім. Қойдың ба, ешкінің бе еті, әйтеуір ұсақ мал.

- Мен сенен сұрап тұрмын ғой. Мынау ненің еті? Дауысы қатқыл шықты.

- Қолыңа ал да қара.

Мен қолымды қапқа салдым. Қолыма ілінген сан етті суырып алдым да:

- Білсем мынау ешкінің еті сияқты, - дедім. Өз дауысыма өзім сене алар емеспін. Тағы қандай пәле жақпақшы, құдайым - ау?!

- Қане анықтап айт, ешкінің бе, жылқының ба?

Мұны естігенде зорға тұрған мен құлап қала жаздадым. Есі дұрыс па мынаның да? Жылқының етін қайдан көріп тұр?

- Ешкінікі, - дедім даусымды зорға шығарып.

- Ешкінікі?! Мыналар бұл қаптағы кеше сен ұрлап сойып сатқан жылқының еті деп тұр ғой. Қорыққан мен қуанған бірдей деген рас екен ғой. Мен жынды адамша ал келіп қарқылдап күлейін. Өзімді тоқтатар ала емеспін. Жаңағы бастық деп тұрғаным үстел үстінде ыдыста тұрған суды бетіме шашып кеп жібергені. Мен енді солқылдап жылайын.

- Ей, сен қоясың ба, жоқ па? Сенен жөн сұрап тұрған жоқпын ба?! Оның қатқыл дауысы менің есімді жиғандай болды.

- Иә, бұл ешкінің еті.

Дауысым бұл жолы сенімдірек шықты ма, әлде өзінің ненің еті екеніне көзі жетті ме, айрып білуге шамам жоқ, бірақ әлгі бастық деп тұрғаным менің қолымдағы етті алды да шикі сары орысты құлақ шекеден отырғызбасы бар ма?! Менің зәре құтым қалмады. Бастық орысшалап бірдеңе деп айтып жатыр. Ана екеуінде үн жоқ. Бағанағы сестің ізі де қалмаған. Бір кезде әлгі шені үлкені маған бұрылды да «Сен үйіңе қайта бер, боссың» дегені. Өз құлағыма өзім сенбеймін. Өңім бе, түсім бе? Қалшиып тұрған:

- Естімей тұрсың ба, боссың, - деді қайталап. Үйіме қалай жеткенімді білмеймін.

- Арада біраз уақыт өткеннен соң ауданда сот болды. Мен куәгер ретінде тартылдым. Мән - жәйді сол жерден білдім. Көрші ауылдағы жылқы табынынан мал жоғалған. Соғыс уақыты, бұл үлкен қылмысты оқиға. Қылмыскерді табу керек. Тапқан амалдары жылқы бағып отырған сауатсыз маған жала жауып, істі жаппақ болған жерінен бағыма қарай әлгі бастықтың кезіккені. Сонда барып білдім, әлгі адам сол кездегі ЕНКБ-дының (НКВД) бастығы сенің әкең Мақажан Әбдірәсілов болып шықты.

- Міне балалар, адамға пәле жабысайын десе аяқ астынан екен. Ішпей -жемей сол бір ауыр шақта мен ит жеккенге айдалып кете жаздадым. Егер Әбдірәсілов сияқты адал азамат кезікпегенде мына жарық дүниемен қыршын шағымда қоштасар ма едім, мына балаларым жарық дүниеге келер ме еді, неғайбыл. Абыройымды да, өмірімді де сақтап қалған сол азаматқа өмір бойы қарыздармын. Ол кісі көп ұзамай қызметі ауысып басқа жаққа кетті. Бірақ оның адал ісі туралы біздің елге де жетіп жатты. Сонау елуінші жылдардың бас кезінде сол адалдығынан қастандыққа да ұшырай жаздапты. Сол асыл азаматтың тұяғы, балаларым  міне алдарыңда отыр, -деп ақсақал үнсіз қалды. Үй іші тым – тырыс, Мұратта да үн жоқ. Жүрегі қысылғандай болды. Үнсіздікті қарттың дауысы бұзды.

- Құдай айдап жол түсіп келіп қалған екенсің, балам. Бұл да Алланың ісі шығар. Өмір бойы сол кісінің алдында қарыздар болып кетер ме едім. Үй осы, бала - шағам алдыңда отыр. Дастарханымда сенен қадірлі қонақ болмаған шығар, - деп балаларына қарады.

- Әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді. Астарың дайын ба?

- Әке, жүрегім бірдеңе сезгендей, бағана бұл кісі аулаға келіп тоқтағаннан - ақ мал сойылған еді, ендігі пісіп те қалған шығар. Біліп келейін, - деп баласы орнынан лып етіп тұра жөнелді. Артынша буы бұрқырап үлкен ас та келді. Қарт әңгімені жақсы айтады екен. Үстел басында барлығы тек сол кісінің аузына ғана қарады да отырды.

...Мұраттың ұйқысы келер емес. Ойы сан - саққа бөлініп, әкесінің әруағының алдында іштей кешірім сұрап жатыр. Әкесі қайтыс болғаннан соң жаны қиналып, біраз өмірдің әділетсіздігін көрген ол баяғыда - ақ өліп қалған әкесіне тіл тигізген еді. Қайтыс боларының алдында әкесі Мұратты шақырып алып, қолына өзінің партия билетін ұстатып:

- Балам, мен өмір бақи осы қызыл билетіме бір нұқсан келтірмей адал қызмет еттім. Саған аманат, көзіңнің қарашығындай сақта, - деп қолына берген еді. Сол басына қиын шақ түскен кезде, ызадан жарылардай болып, «маған билетін қалдырғанша дүние қалдырмадың ба, мына заманда ақшасы мен дүниесі жоқ адам бейшара, мен билетіңді қайтейін» деп пора -пора болып жылаған еді. Енді мына бейтаныс қарияның әңгімесі бүкіл ішкі дүниесінің астан - кестеңін шығарды. Әкесінің әруағының алдында кінәлі болып жатысы мынау. Таңертеңгі шәй кезінде ақсақал:

- Балам, демалыста болсаң біраз аунап - қунап жатып кет. Мына менің балаларым саған да бауыр болсын. Бала - шағаңды әкеліп таныстыр, - деді қоңыр даусымен.

- Рахмет, әкей. Қызметте жүрмін. Аудан орталығына Бас прокуратураның тапсырмасымен бір тексеру жұмысына кетіп бара жатыр ем. Кеш түсіп кеткен соң амалсыз осылай бұрылдым. Оным бекер болмапты. Әкем туралы естіп бір марқайып қалдым. Рұқсат болса мен жүрейін. Амандық болса әлі кездесерміз, - деп тұруға ыңғайланған Мұратқа ақсақал бүкіл денесімен бұрылып:

- Е, балам, әке жолын қуып сен де осы қызметке келіп пе едің. Онда жорытқанда жолың болсын, әкеңнің адалдығын, жолының түзулігін берсін. Қайда жүрсең де аман бол, абыройлы бол, әділетсіздікке жол берме, - деп батасын берді. Сөйтті де өзі сыртқа шығып мәшинеге отырғанша қарап тұрды да:

- Балам, мына тура жолмен жүре берсең сара жолға түсесің, - деп алға қарай жөн сілтеді.

Он үш Түні бойы жатқыза алмай, таңертең тұрғыза алмай Жәмилә күнделікті үш ұлымен арпалысады да жатады. Міне, бүгінгі таң да сол әдетпен Жәмиләнің «тұр-тұрымен» басталды. «Тұр - тұр - дан хабар келсе, ұйқыдан маза кетер» дегендей бұл кезде үшеуі де көздерін уқалай жуынатын бөлмеге қарай тыпырлай бастайды. Содан «мен бірінші келдім ғой, кетші әрі, мен біріншімін» деген айқай - ұйқай басталады. Бірақ бүгін ондай шу жоқ сияқты, Жәмилә тың - тыңдаса, жоқ, тұрған сыңайлы. Томпиып - томпиып үстөл басына келіп отырды. «Мә менің құлыншақтарым ер жетіп қалған екен ғой, базар - базар» деп жүріп балаларымның өсіп қалғанын да байқамаппын -ай» деген ойдан Жәмиләнің ет жүрегі елжіреп, көзіне жас тығылды. Еміреніп үшеуін сүйіп - сүйіп алғысы келді де өзін - өзі тежей қойды. Өйтсе болды үшеуі де еркелеп шыға келеді, ал қазір оған уақыт жоқ. Ұлдары мектепке, өзі базарына кетулері керек. Бір күн бармай қалса сол базарына сол күнгі ырзығынан айрылады деген сөз. Міне, бақандай он үш жыл болды, үшеуін өзі жалғыз бағып - қағып келеді. Осы Қанаты туарда отбасындағы қиыншылыққа төзе алмай күйеуі төртеуінің көзін жәудіретіп тастап кете барған еді. Содан бері бір өзі осы үйдің еркегі де, әйелі де. Балтыры сыздап, басы ауырса осы үш ұлынан басқа басын сүйер ешкімі жоқ. Жәмилә өмірдің тауқыметіне де төселіп алды. Енді, кұдайға шүкір, жағдайлары да жаман емес, біреуден алда, біреуден артта дегендей балаларының қарнын аштырмай, үстерін тоздырмай өмір сүріп жатқан жәйі бар. Еркелетсе де, еміренсе де өз еркі, бірақ оларды тым босаңсыта да бермейді.

- Мама, бүгін осы нешесі, - деген Қанаттың дауысы оны ойынан оятқандай болды.

- Балам - ау мектепте сен оқисың ба, мен оқимын ба, бүгін қай күн екенін білмегенің қай сасқаның? - Жәмилә күле сөйледі.

- Тү-у, мама, соны да білмеймісің, Қанат әдейі сұрап отырған жоқ па?! Бүгін ақпанның он үші, Қанаттың туған күні, яғни, ол он үшке толып отыр, соны есімізге салып отырғаны ғой, - деді үлкені он жеті жасар Мараты.

- Ә, солай екен ғой, айтпақшы, менің шынымен де есімнен шығып кетіпті. Ұят - ай, жұмыс - жұмыс деп жүріп баламның отау иесі он үшке толғанын да ұмытып кетіппін ғой. Айыбымды жуайын, сен енді үлкен жігіт болдың, маған қолқабыс болсын сені үйлендірсем қайтеді, - деді қуақылана үлкен ұлына көзін қысып.

- Ой, мама, қойшы, сіз де қайдағыны айтады екенсіз, әлі Марат пен Самат көкемдер үйленген жоқ қой, - деді аузы бұртиып. Сыңайы анасының қалжыңын шынға санаса керек.

- Онда тұрған не бар, біз саған жолымызды береміз, сөйтіп мамамның айыбын жууға мүмкіндік берейік, солай ма, Самат? Марат өзінің тете інісіне қарады. Ол қайсы әзіл, қайсы рас екенін түсінбесе де: «Иә» деп басын изей салды.

- Жоқ, мама, сіз онан да менің жақсы көретін мәнтімді пісіріңіз, сосын торт әкеліңіз, сосын Кока-кола әкеліңіз... Қанат шұбырта жөнелді.

- Ей, тоқта, сенің тапсырысыңда шек жоқ өзі, - деп Марат тоқтата беріп еді, Жәмилә күліп жіберді.

- Жарайды, әзірде айыбым бар дедім ғой, жарайды, - деді тағы қайталап, - келістік. Онда оқуларыңа барып келіңдер, ал мен онда бүгін базарға шықпаймын туған күнге дайындаламын, сендер келгенде барлығы даяр тұрады, - деп ұлдарына енді елжірей қарады.

- Мама, мен екіге таман келемін, мен келгенше дастархан басына отырып қоймаңыздар, - деп Марат аузына бір алманы апара беріп.

- Менсіз де отырмаңдар, - деді бағанадан бері әңгімеге онша араласа қоймаған Самат та.

- Жарайды - жарайды, бәріңді де күтемін. Ал енді асығыңдар, уақыт болып қалды, - деген Жәмилә балаларын есікке дейін шығарып салды.

Балаларының мына қылығына мәз болып қалған Жәмилә ыңылдап жүріп іске кірісті. Бүгін шынында да балаларымен бір дастарқанда отырып, көңілдерін бір көтермекші. Қашанғы жалғыз басты болып, саяқтықтан жәбір жапа шеге бермек. Жер бетінде жалғыз қалған жетімдей жаутаң - жаутаң етіп болды ғой. Құдайға шүкір, өз қолдары өз ауыздарына жетіп, еңсесі көтеріле бастады. Бүгін баласының туған күнін ешкімдікінен де кем етпестей ғып дастарқан жасайды, сөйтіп бір көңіл жазбаса, мүмкін төркін жағымнан да біреуі болмаса біреуі келіп қалар. Бірақ төркін дейтін төркінімнен кім бар?! Әлде базарда жанында тұратын келіншектерді шақырса ма?! Несі бар, қанша уақыттан бері екі бүтін бір жарты болып өзі сияқты бір үйдің адамдарындай болып араласып кеткен жоқ па?! Қуанышта да, қайғыда да ортақтасып, бір - біріне сүйеу болып, әйтеуір бірін - бірі жоқтатпайды. «Қой, шынында да оларға бір ауыз сөз айта салайын, ертең бәрібір үлкен дауға қалармын» деген оймен біреуіне телефон шалды.

- Раушан, бүгін менің кіші ұлымның туған күні, үйде дастарқан жасайтын болдым, түске келе қалыңдар. Балалар да сол мезгілде келеді, «бізсіз ештеңе бастамаңдар» деп кетті. Менің қазір бастығым солар емес пе, айтқанын орындайын, сендер де сол кезге келе қойыңдар, - деп олардың келісімін ала сала қайта дайындыққа кірісіп кетті.

Еденді жеңіл - желпі сүртіп бола бергені сол еді, жүрек тұсы солқ ете қалды, сөйтті де атша тулап аузына сыймай дүрсілдеп қоя бергенде Жәмилә қорыққанынан жүрелей отыра кетті. Сұмдық - ай, қартая бастағаны ма, әлде қатты қимылдап қойды ба. Дегенмен жылдамырақ асықпаса болмас, «өзі сағат қанша болып қалды» деп басын көтеріп еді, алдындағы сағаттың кіші тілі зуылдап түскі 13 сағат 13 минутты көрсетіп тұр екен. Жәмилә еріксіз таң қалды. Бүгін айдың он үші, Самат он үшке толып жатыр, сағаттың тағы он үшті бір емес екі рет көрсетіп тұр, қызық екен. Ол орнынан жайлап тұрып еді, жоқ жүрек дүрсілі саябырлаған сияқты. Қырықтың қырқасына енді ғана шыққан Жәмилә өзін бір кексе әйелдердей ұстап үйренген, сыны кетпеген, өңі әлі де өзіне қаратпай қоймаса да, кейде өз - өзіне «қойшы, маған енді қылтыңдаудың жөні жоқ» деп тоқтау салатын. «Е-е өзім де жас қыздай қатты секеңдеп кеткен екенмін ғой» деп мына оқыс жағдайдан соң кәдімгідей мойынсұнғандай болды. Осы әлек оймен жүріп дастарқанын жая бастады. Есіктің қоңырауы шылдырлағанда ол үстөл үстін жайнатып қойып еді. Келген құтты бір күйеу жігіттей, қалай жасым келіп қалды десе де, әйел емес пе, әп - сәтте қабырғадағы үлкен айнаға өзінің келбетін бір көріп шықты да жылдамдата барып есікті ашты.

- Бәлі, барлығың бір уақытта қалай жиналғансыңдар, - деп қос алақанын шапалақтап балаша мәз болған ол көзімен туған күн иесі Қанатты іздеді.

- Ал туған күн иесі қайда?!

Одан арғысы есінде жоқ.

Қанат мектептен шыға сала үйіне құстай ұшты. Класстастарының «тоқтасайшы, бірге қайтайық» дегеніне де құлақ аспастан кете барды. Көңіл күйі ерекше көтеріңкі, қазір анасының өзі үшін арнап дайындаған мәнтісін жейді, «сыйлық та дайындап қойған шығар, арманындағы планшетті алып берсе қандай жақсы болар еді» деп қиялдап та қояды. Ол осы көңілмен жаяу өтетін жермен көшенің арғы жағына бет ала бергені де сол еді, тоқтап тұрған автобусты айнала қатты екпінмен шыға келген жеңіл көлік бұны ілеміле сүйрете жөнелді. Баланы қаңбақтай іліп алған қара «Джип» біраз жер өте бере кілт тоқтағанда сүйретіліп келе жатқан дене анадай жерге барып топ ете түсті. Соны күтіп тұрғандай мәшине де артқа қарай бір жылжыды да қайта от алып ұша жөнелді. Мұны көріп тұрғандар естерін жиып та үлгермеді мәшине бұрылысқа жете бере көзден ғайып болды. У -шу, азан - қазан, біреу баланы сүйеп жатыр, біреулер «ГАИ» шақырыңдар, «скорый» шақырыңдар» деп шуласып жатқанда «Қанат» деген жан дауыс шықты. Бұл оның соңын ала келе жатқан ағасы Саматтың жан айқайы еді. Інісінің үстіне өкіре құлаған оны жұрт ажыратпақ болғанымен, бауырының өлі денесіне жабысып қалғандай қолы қарысып қалған Самат оңайлықпен босата қоймады. Бұл кезде Жәмиләнің құрбылары да келіп жеткен болатын. Алғашқыда не болып жатқанын түсінбеген олар қанға боялып жатқан Қанатты құшақтап отырған Саматты көргенде тілдерінен айрылып қалғандай состиып қатты да қалды. Содан барып естерін жинаған олар жиналған жұрттан көмек сұрап бірі өлі, бірі шала жансар ағайынды екеуін үйге жеткізуге көмектесулерін сұрады. Есікті ашқанда Жәмилә алдымен кұрбыларын көріп құшақ жая бергені сол еді, олар ығысып араларын ашқанда біреуінің қолында талып жатқан Саматты, екіншісінің қолында қан жоса Қанаттың денесін көргенде есінен танып кескен теректей гүрс құлады. Одан арғысы есінде жоқ. Ол тұманданған көзін ашып, есін жиғанда алғаш көргені үйі толы адам, біреулер жылап жатқан сияқты, құрбысының бірі мұның басын сүйеп отыр. Не болғанын түсінбей біраз жатқан Жәмилә бір уақытта басын оқыс көтеріп алып «А-а-а» деп ышқына айқай салғанда өзегі өртеніп кетті ме дерсің. Қатты ышқынғаны сонша тіпті бүйрегі солқ етіп үзіліп кете жаздады, бір - ақ оны сезетін Жәмилә жоқ, орнынан атып тұрған бетте далбалақтай жүгіре жөнелді. Қасында отырған құрбылары зорға ұстап үлгермегенде сол екпінмен ашық тұрған балконның есігінен секіріп кетер ме еді кім білсін, абырой болғанда қарулы қолдар оны тырп еткізбеді. Ойбай мен жоқтаудың әкесі енді басталды. Бір емес «екі ұлынан бірден айрылдым» деп ойлаған Жәмиләнің іші - бауыры езіліп, жүрегі қан жылады, өзегі өртеніп, зар жылағанда отырғандардың сай сүйегін сырқыратты. Біреулер оны жынданып кетті ме деп қорқып жатыр. Көздері шарасынан шыққан оның шашы жалбырап, есі ауған адамдай жан - жағын қармап, тұяғымен жер тарпыған жылқыдай буырқанып, жұлқынып жанындағыларға ырық бермей ышқына берді. Қолын босатып алған ол өз шашын өзі жұлып, көкірегі қарс айрылып ботасынан айрылған інгендей боздап қоя бергенде жанында шыдап отыру мүмкін емес еді.

- Жандарым - ау, қай қылығымнан таптым. «Тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай жалғыз қу басым сүйретіліп жүргенімде қай қанышердің қолынан келді. Мен не істедім бұл қу Кұдайға. Ботақандарым -ау, балапандарым - ау не болды, қайдан, қай жақтан келді бұл зұлмат. Қай пейілімізден таптық. Кімге жамандық жасадық, - деп зар илеп жылаған оны қасында отырғандардың бірі басу айта беріп:

- Қой, Жәмилә, ботақандарыңның бірі дін аман. Жауыздың қолынан кішің Қанат опат болды, бекем бол. Бұл да Құдайдың ісі шығар, қалғандарыңның амандығын  тіле, - дегенде алғашында Жәмилә «мынау не деп отыр» дегендей түк түсінбей аңырап отырып қалды да:

- Қалай, кім аман, қайсы аман, ол қайда, көрсетіңдер маған, - деп орнынан қайта ата тұрды.

- Самат, а, Самат, мамаңа келші мұнда, - деген дауысқа көрші бөлмеден ақ шүберектей болып шыға келген Саматты көргенде Жәмилә қайта боздап берді. Қуанғаны ма, қорыққаны ма, беймәлім, Саматты тас қып кұшақтап алып қайта зар иледі.

Оның жуық арада есін жинай қоймайтынына көз жеткізген жиналғандар енді өздері қам қарекет ете бастады. Алдымен полицияға, одан соң газет -телевидениеге осы оқиғаны көргендер болса хабарласуын өтінген өтініштер берілді. Бұл үлкен істің бір ғана басы болса, енді оның екінші жағы мәйітті судмедэкпертизаға беру керек пе жоқ па деген мәселе отырғандардың бәрін тығырыққа тірегендей болды. Бір жақ «керек» десе, екіншісі - «керек емес» дейді. Осындай текетірес үстіне кіріп келген жігіт ағасы әй - шәйға қарамастан әлі есін жинай алмаған Жәмиләға дүрсе қоя берсін.

- Ақыры бір баланың түбіне жетіп тыңдың ба? Жерің кеңіген шығар?! «Базар-базар» деп қызық қуалап, гөләйттәп жүріп ұлымнан айырдың ғой сен кәззап, - деп онсыз да ЕС - түссіз отырған Жәмиләға тап берді. Отырғандар алғашқыда абдырап, мына сестен қаймыққандай болып еді, оның соңғы сөздері алдарында кімнің тұрғанын айтпай - ақ білдірді. Ол - Жәмиләнің бұрынғы күйеуі, «сендерді мен асырай алмаймын, өз күндеріңді өздерің көріңдер, мен де енді қатын да, бала да жоқ» деп есікті тас сермеп көзден ғайып болған Темірбай еді. Көзден кеткен соң, көңілде» кеткен кімнен естіп -білгенін бір Құдайдың өзі білсін, сайтанның сапалағындай қайдан пайда болғанын, сол баяғы әпербақан мінезімен аяқ астынан келіп ылаң салып, Жәмиләнің басына әңгір таяқ орнатты. Баяғыда айтып, жасап кеткен істері есінде жоқ, қайта Жәмиләнің үй - ішін, отбасын тапсырып кеткен адам сияқты дікең - дікең етіп тұрысы мынау. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген осы - ау шамасы. Жәмиләнің жанашыр туған - туысы жоқ деп істеп тұрғаны - ау мұнысы. Бірақ ол қателескен еді. Жәмиләнің құрбыларының өзі - ақ бір ауыл төркініне тұратын еді. Қанша жылдан бері ыстық - суығын бірге бөлісіп, балаларының қалай өсіп келе жатқанын бірге қызықтаушы құрбылары мынаны көргенде шыдап тұра алмады, біреуі келіп жағасынан тырп еткізбей ұстап алғанда ұшынған бидайдай бір уыс Темірбай қыңқ дей алмай қалды. Қарымды қолымен тырп еткізбеген Раушан еді:

- Сен не бетіңмен мында сөйлеп тұрсың. Осыларды шиеттей кезінде көздерін жәудіретіп, «күл болмасаң бұл бол» деп алды артыңа қарамай кеткен уағыңда не ойладың? Сен немене үш ұлды Жәмилаға аманат етіп қалдырып кетіп ең, әдірем қал, қайта «тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай» осы уақытқа дейін «не кием, не ішем» демей өсірген Жәмиләнің сен табанын жала, оңбаған, әйтпесе жермен жексен қылармыз сені. Енді өшір үніңді, - деп бір сілкігенде бағанадан бері қораздай қоқаңдап тұрған Темірбайдың жыны су сепкендей басылды. Оны көрген Раушан да: - Вот так! - деп жағасын босатты.

Осының бәріне енді үн - түнсіз қарап отырған жұрт та, жылауын бір мезгіл қойған Жәмилә да ләм демеді. Ендігі сөздің, шынтуайтынына келгенде оның керегі де жоқ еді. Бірақ, жақсы болсын, жаман болсын әкесі деген аты бар, бір жағынан оның келуіне қуанбаса да, жеңілденіп қалды. Өйткені, экспертизаға «береміз, бермейміз бе» деген мәселені шешуге оның да ойы керек болатын. Біраз тұнжырап отырған Темірбай өзіне түскен ауыр жүктің салмағын енді түсінгендей үнжырғасы түсіп біраз отырды да:

- Берсек берейік, ертең анау... анау оңбағанның кім екені анықталса, мойнына қойып, дәлелдеуге керек болатын шығар, - деді ақырет ғана. Тағы да үнсіздік. Тыныштықты Жәмиләның дауысы бұзды. Қарлыққан үнмен жәй ғана:

- Иә, берген дұрыс шығар, - деп айтуын айта сала қайта сыңсуға басты.

Сонымен дене экспертизаға берілетін болды.

Қанатты жер қойнауына бергеннен бері екі ай өтсе де полиция жағынан ешқандай хабар болмады. Тым-тырыс, ең құрымаса «іс қозғалды, іздестірілуде» деген бір ауыз сөздің болмағанын қатты қапаланған Жәмилә полицияға өзі барды. Капитан шеніндегі жас жігіт мұның аты - жөнін естігенде көзі жыпылық - жыпылық етіп, орнынан бір тұрды, бір отырды. Алдындағы қағаздарын былай бір, былай бір сапырылыстырып, аударыстырып, әйтеуір бір уақытта тіл қатты - ау:

- Иә, бұл оқиға бойынша іс қозғалған жоқ, бірақ жауып тасталды деп айта алмаймын. Өйткені, қылмыскер іздестірілуде. Ендігі хабарды өзімізден күтіңіздер, - деп, осымен «әңгіме бітті» деген ыңғай танытты.

Осы кездесуден соң арада бір апта уақыт өткенде базарда тұрған жерінен Жәмиланы біреу іздеп келді. Талтаңдаған жүрісіне қарағанда дөкейлердің бірі болуы керек, әйтеуір ісіп - кепкен біреу, сөйлескенде қара көзілдірігін шешпестен сол шіренген қалпы тұрып зорға сөйледі.

- Мен сен туралы бәрін білемін. Полицияға барып әділеттікті іздеп жүрген көрінесің. Сұрауың жоқ жалғыз басты біреу екенсің, байыңның сиқы белгілі. Сондықтан да мына шақшадай басыңда ми болып, «понятиең» бар болса, балаңды басқан адамды соттатамын деп аузың қышымай - ақ қойсын. Бұл іс «жабулы қазан жабулы күйінде қалады», ал біраз қоқаңдайтын болсаң, ана екі ұлыңның жәйін ойла, әділеттік деген мына мен, - деп быртиған саусағымен өзінің төсін қағып, мұның алдына ораулы бірдеңені тастай салды. - Енді сені полицияның маңынан көрмек түгіл, ойыңа келгенін білмейтін болайын.

Ол қалай талтаңдап келсе сол талтаңға басып кете барды. Мынаны естіген Жәмиланың төбесінен тура біреу мұздай суды құйып жібергендей болды «Мынау түсім бе, өңім бе» деп тұрғанында біреудің:

- Ей, мынау облгаидегі Мысықбаев емес не, талтаңдап қалыпты ғой, мұның да тасы өрге домалаған ғой, - деген дауысы естілді.

Жәмилә содан үйге келе салып ағыл - тегіл жыласын,өзінің тағдырына налып бір жыласа, баласы үшін екі жылады. «Бұл дүниеде әділеттік жоқ» деп оған тағы налыды. «Аққа Құдай жақ, жалғандыкі ақыретке кетнейді» деуші, ал бағанағы сұмырай не Құдайдан, не өкіметтен қорықпайтын кім еді сонша?! Кеудесіне нан піскен оңбағанның Алла Тағала неге басына бермейді екен, мен сияқты неге зар илетпейді екен. Алдыңа итке сүйек тастағандай лақтырып тастап кеткен ақшасы барлық ар - ұятының өтеуі деді ме екен, оңбаған» деп қыстыға әбден жылады. Дауысын шығарайын десе ана екі баласының үнжырғасы түсіп, үрпиісіп қалады. Солардың көңіліне қаяу түсіргісі келмеді. Сол жылап жатқан күйі Жәмиланың көзі ілініп кеткен екен, Қанатының, «апа - апа» деген жыламсыраған дауысынан шошып оянды. Іңір түсіп қалған екен. «Апақ - сапа күн батар шақта ұйықтауға болмайды» деуші үлкендер, сол рас екен - ау, әйтпесе Қанатжанының дауысы тірі кезіндегідей естілуші ме еді?! Жәмилә ұйқысын аша алмаған адамдай біраз есеңгіреп отырды да, жаңағы түсі есіне қайта түсіп жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Түсінде Қанатының беті аузы қан - қан, көзі жұмулы, бірақ шешесіне қарап қолын соза «Апа, сен мені дәрігерлерге союға неге бердің, жанымды ауыртты ғой, қарашы, ішек - қарынымның бәрін алып тастады, мен енді тоңып барамын, апа. ішім боп - бос» деген дауысынан шошып оянған екен. Жәмиләның бойы түршігіп сала берді, маңдайынан бұрқ етіп шыққан суық тер мұның өзін тоңдырып жібергендей тітіркеніп сала берді. Өмірі аузына Алланы алмайтын Жәмилә «бисмиллаһи» деп қалай айтқанын да білмей қалды. Оның ұйқысы шайдай ашылды. Атар таңды көзбен атырып ол енді үйде қалса «жынды болып кетермін» деп өз - өзімен сөйлей жүре базарға қайта шығуды ұйғарды. Кешегі күн есіне түссе қаны басына шауып, жүрегі қысылатын болды. Ал сол бір түсі ауық - ауық қайталанатын болды. Оны көрген сайын «баламның аруағына обал жасадым - ау» деген ой өзін жегідей жей бастады. Ақыры түсін Раушанға айтуға бекінді, «балаңа дұға жасай бер, одан басқа не шара, - деп отырды да, қолына бір кітапты ұстатты. Құран Кәрімнен келтірілген дұғалар жинағы екен. Жәмилә амалсыз кітап беттерін аударыстырып қарай бастады. Көзі кітапта, көңілі шартарапта. Оқығансиды, бірақ ештеңе түсініп отырған жоқ. Кітапты аударыстырып отырған оның бір кезде көзіне «Иә, Раббым, Зұлымдық жасаудан және зұлымдық көруден сақтай гөр! Күндіз және түнде келетін пәле-жаладан, қиындықтардан, жаман достан, жаман көршіден сақтай гөр! Бізді сабырлылардан және шүкіршілік жасағандардан ет!» деген жолдарды оқығанда бүкіл денесінен бір жылу өткендей сезінді өзін. Содан кітапты сол күні бас алмай оқыды. Ендігі ермегі де, көңілінің хошын келтіретін де сол кітап болды, оны оқыса жаны бір рахат табатындай сезінді өзін. Мұны көрген Раушан өзі қорқа бастады. «Бекер» - ақ берген екенмін. Мынау фанатичка болып кетпесе неғылсын» деп оқтын - оқтын қарап қояды. Жоқ күннен күнге Жәмиләның өңі кіріп келе жатқан сияқты. Жұмысына да бет бұрып, қимылдай бастаған тәрізді. Раушан енді «уф» деп бір терең тыныс алды. Уақыт емші емес пе?! Жәмилә да елге қосылып, әңгімеге араласып қоятынды шығарды. Бірақ Раушан байқайды, баяғыда өзі берген кітаптардың қатары көбейген сияқты. Оның үстіне Жәмила әңгіме айтса болды «Пайғамбарымыз Мұхаммед былай деген екен» дегенді қосатынды шығарды. Оған біреулер күлді, енді біреулері құлақ түрді. Раушаннан басқа ешқайсы да жанының неден саябыр тауып, неден өңі кіргенін байқамады. Жәмиләның жан дүниесінде болып жатқан өзгерісті сезбеді. Ал Жәмила болса қолы қалт етсе болды кітап оқып, күннен күнге тілін кәлимаға келтіре бастады. Шер боп қатып қалған да көңілі жіби бастағандай тіпті жауқазын баласының өмірін қиған қанішерге де кешірім жасауды ұйғарды. Мейлі ол келсін алдына, мейлі келмесін, «жамандығы өзіне» деп Раушан айтқандай дұға оқып, жаны жәй таба бастады. «Кешірімділік - адам бойындағы ең жақсы қасиеттердің бірі. Өйткені, кешірімділік ақыл - есі бүтін, жүрегінде иманы бар, өзгелердің дұшпандығы мен жамандығына сабыр ете алатын адамдардың бойында болады. Бізге байланысты басқалардың дұшпандығы тек жамандық жүрегінен кең орын алған адамдарда ғана болады. Жамандыққа жақсылық мұсылманның ісі. Егер жамандық істегенді кешірмесек, өзгелер де бізді кешірмейді» деген дұға жолдары тура Жәмиләның өзіне арналған сияқты қабылдады. «Мен де осы сауда жолында жүріп біраз жамандыққа жол бердім емес пе, енді соның бұл өтеуі шығар. Кешірдім сол бір пақырды. Алла оның жазасын өзі бере жатар» дегенде үстінен ауыр жүк түскендей жеңілдеп, кеудесін кере бір тыныстады. Жәмилә бүгін де сол әдетінен жазбай үйіне келіп, балаларымен біраз шүйіркелесіп отырды да, қолына тағы да дұға кітабын алды, біраз беттерін ақтарып отырды, сонан соң жайлап қана жауып сөреге апарып қойды, сөйтті де киім шкафының жоғарғы бөлігіне қаттап қойған орауды еппен ашып оны жерге төседі. Тағы да бір терең тыныс алған ол жанжағына бір қарап алды да бір ерекше еппен барып маңдайын сәждеге тигізді. Бұл күн де айдың он үшінші жұлдызы еді...

Желік Хадиша поезға әрі - сәрі күйде отырды. Оның бұл көңілін шығарып салған күйеуі де байқамады. Әдетте жол жүрерде Хадиша толқып, көңілі бір орнында тұрмай бір нәрсеге алаңдай беретін. Мүмкін сондықтан да Асылжан оған онша мән бермеген болу керек. Ондай да кейде «е, мені қызғанған түрің ғой» деп әзілдеуші еді. Бұл жолы неге көңіл күйінің болмай тұрғанын білсе әзілдемек түгіл басын жұлып алар ма еді, кім білсін?! Ол көңіл күйін жасырғысы келіп вагонға кіріп кетуге асықты. Поезд жүрісін жылдамдатып дөңгелектері сарт - сүрт еткен сайын Хадишаның жүрегі де атша тулап дүрсілдеп кеудесіне симай бара жатқандай. Көңілін орнықтырайын деп қолына кітап алып еді, көзі кітапта болғанымен көңілі басқа жақта. Не оқып жатқанын, не оқымай жатқанын өзі де білмейді. Кітапты сарт етіп жапқанда оның дыбысынан өзі селк етті. «Қой шәй ішейін, мүмкін көңілім бөлінер» деп орнынан тұрды. Кұдайдың қырсыққанында жанына әңгімелесіп баратын бір жолсерік те бермепті. Купедегі екі орын бос екен де, бұл кіргенде үстіңгі орында теріс қарап жатқан ер адам ұйықтап жатыр еді, сол күйінде, әлі қозғалар емес. Шәйді де әкелді. Бірақ ернін тигізген жоқ. Әлі сол дел - сал күйі. «Қайда бара жатырмын, неге бара жатырмын, не деп бара жатырмын?». Осы бір үш сұрақ жанын жегідей жеп, еңсесін көтертер емес. Ол өзінің ыңырси күрсінгенін де байқамай қалды. Тек оқыс дыбыстан ұйықтап жатқан көршісі бір қозғалғандай болып еді Хадиша ернін жымқыра қойды. Орнына қайта жатты. Көзі жабық болғанымен көкірегі ояу. «Қайдан ғана желпілдеп бара қойып едім. Өмірі санаторийге дегенге барып көрмеген мені қай Құдай айдап, қай түлен түртіп апарды. «Сұрағанға береген» демекші әшейінде онша - мұншаға жібере қоймайтын күйеуі де бармасына қоймады. Осыған көрінген екен - ау. Желіккендермен желігіп... У-уһ, Хадиша өзегі өртенердей күрсінді. Жан - дүниесі теңізде соққан дауылдай алай - дүлей. Кәсіподақ комитеті бұларға жаз айына Бурабайға төрт жолдама бөлген екен. Үш дәрігер әріптестерінің жұлқынып шыға келгені. Төртіншісіне мұны үгіттеді. «Мен бара алмайтын шығармын. Біріншіден бөлімшеде кім қалады, оның үстіне мені күйеуімнің жіберуі де екіталай» деген күдігіне олар: «Қойшы, не болыпты жұмысты ойлап, өмірімізде мұндай «жақсылықты» бірінші рет көріп тұрғанда не болды саған жұмыс - жұмыс деп. Басшылардың өздері де келісімдерін беріп отыр ғой. Бұл кезде келушілердің саны да азаятынын өзің де білесің. Неменеге жібермейді күйеуің, бақандай төртеуіміз барамыз ғой. Әлде бізге де сенбегені ме?! Қой, көп ойланба, басты қатырмай, ертең осы мәселені шешіп кел әйтпесе бұл жолдамаға адам табылмайды дейсің бе, өзіміздің тобымызбен барамыз, «давай вперед» деп мұны қайрап - қайрап үйіне шығарып салған. Кешкісін Асылжан жұмыстан келгенде кешкі астың буы бұрқырап, танауын қытықтап тәбетін ашып жіберді. Содан ба дастарқан басына келгенде оның көңілі де көтеріңкі болып отырды. «М-м-м, бүгін бармақ жалайтындай пісіріпсің ғой, көптен бері мұндай дәмді ауқат ішпеп едім», - деп Асылжан қуақылана күлді.

- Қойшы сен де айтады екенсің, кеше ғана мені мақтап «сенен басқа ешкімнің пісіргенін жегім келмейді» дегенің қайда?! Хадишаның үлкен бота көздері жымың қақты. Осылайша әзілдесіп біраз уақытты оздырған Хадиша әңгімені қалай бастарын білмей отырды да «айтпақшы біздің ұжымға Көкшетауға төрт жолдама келіпті, қыздар бармақшы болып жатыр, төртінші адамды таппай маған» дей бергені сол еді Асылжан: «Онда сен бармайсың ба?» дегені. Хадиша қапелімде не дерін білмей сасып та қалды. Шынын айтса мұны тіптен де күтпеген еді. Сұранған күнде де күйеуінің жібермесіне сенімді болатын. Қырықтың қырқасына енді ғана шығып келе жатқан Хадиша көрікті - ақ. Бүлкілдеген бөксесі талайдың көз құртына айналғандай. Әсіресе, бота көздерін айтсайшы! Адамға ашық жарқын жүзімен қарағанда ауруларының өзі «дәрігер, сіздің жылы жанарыңыздан - ақ жазылып кетеміз» деп жиі айтатын. Әйелін сірәда қай еркек қызғанбаушы еді, оның үстіне ол ажарлы, көрікті болса. Сондықтан Хадиша қылтың - сылтыңға жол бермей, түзу жүріп, түзу отыратын. Оның үстіне құдай қосқан қосағы да ақылына көркі сай қызметі де жаман емес. Орталарында үш баласы бар. Үлкенінің өзі Алматыда жоғары оқу орнында оқиды. Қалған екеуі де ержетіп қалды. «Сені қайтемін, жарайды, балалар ауылда, әлі де сонда бола тұрар, бақандай он күн жалғыз өзің не істемексің, аузымды ашпай жатып мені жібере қойғаныңа қарағанда ойыңда бірдеңе бар ма, ә?!» Хадиша мұны әзілдеп айтса да, ойындағысын айтты. Кім біледі. Асылжанға да көз тігетін басы бос келіншектер аз емес екенін жақсы түсінеді. Шынын айтса өзі де қызғанбайды емес, қызғанады, қызғанғанда қандай?!. Оның үстіне осыдан он бес жыл бұрынғы оқиға естен еш кетер емес.

Асылжанның туған күнін тойлау сонау студент шақтан басталған еді. Қоңыр күздің ең бір жылы шағында дүниеге келген Асылжанның мінезі де мамыражай, мол, жаныңа шуақ шашып тұрады. Туған күні жақындарда Хадиша оны «бабье летоның» кезі келе жатыр, дайындалайық деп бір қағытып қоятын онысы Асылжанның мінезінің кейде тым жұм - сақтығына меңзейді. Сол дәстүр оқуды бітіріп келгеннен кейін де айнымастан жалғасты, оның үстіне курстастарының біразы да осы қалаға жолдамамен жұмысқа жіберілді, енді бір екеуі отбасылы болып тіпті көрші де болып шықты. Неге екенін білмейді, сол күні жолдастарының бірінің келіншегі «немене сенің күйеуіннің туған күнінде біз ғана іше береміз бе, сен неге алмайсың, давай, кыңқылдама бір рет те болса аласың» деп, «мұны ішіп көрмеген едім» дегеніне қарамастан аузына кұйғандай болып «Столичныйдың» бір стақанын зорлап тұрып ішкізді. Содан кетті. «Бір стақан кеткен жерге екіншісі кетеді, менің тілегіме сен неге алмайсың» деген бұлданулар көбейіп Хадиша бірінші рет үш - төрт кезекті қалай алып қойғанын өзі де білмей қалды. Көзі бұлдырап, күле береді, күле береді. «Мас болып қалды бұл, енді ішкізбеңдер» деген Асылжанның дауысы талып жететін сияқты. Одан арғысын білмейді. Түннің бір уағында оянып кетсе бауырында кішкентай қызы пысылдап ұйықтап жатыр, үй іші тым - тырыс. Алғашқыда Хадиша не болғанын түсінбей біраз жатты. Ауызғы бөлмеге кухняның шамы жарқырап түсіп тұр. Бір сыбдыр шығатын сияқты. Жанын сипаласа Асылжан жоқ. Келіншектің есіне бәрі енді түсейін деді. «Масқара, мас болып ұйықтап қалғаннан сау ма, қонақтары қайда, Асылжан қайда?!» Ол енді орнынан ептеп тұрып сол жалаң аяқ күйі ас үйге қарай беттеді. Оу, мына шыққыр көзі нені көріп тұр, өңі ме, түсі ме, әлде әлі мас па?! Асылжан кұрбысы әрі көршісі Маралды тоңазытқышқа сүйеп қойып, үстіне төніп ап майысып тұрып сүйісіп тұр. Бұл дыбысының қалай шығып кеткенін өзі де білмей сілейіп тұрды да қалды. Ана екеуі де селк етті. Мұны көре сала Марал: «ұялған тек тұрмайдының» керін келтіріп: «сен жатып қалған соң мына ыдыстарды жуып тастайын деп ем» деп ақталған сыңай таныта беріп еді, Хадиша жалт бұрылып бөлмеге қарай жүгірді. Залда тұрған диванның үстіне жалп етіп отыра бергені сол еді, қайта ыршып түсті. Біреу жатыр. Хадиша біле қойды, Маралдың күйеуі, байғұс арақты көтере алмайды да, бәрінен бұрын сол барған үйінде ұйықтап қалады, амалсыз Марал да қалатын оның жанында. Басы шыңылдап кетті. Мен маспын ба әлде түс көріп тұр ма? Жо-жоқ, бәрін анық көрді. Көріп қойғанына өзі қысылғандай орнынан тұрып бірдеңе айтайын десе жағы қарысып қалғандай. Сол кезде ана екеуі де «есін жинаған» болу керек,залдың шамын жағып мұның жанына келіп бірдеңе дей беріп еді, Хадиша кенеттен атылған тығындай орнынан көз ілеспес жылдамдықпен тұра сала Маралдың жағынан тартып - тартып жібергені. Мұны күтпеген болу керек ол ұшып түсті. Асылжан болса жалма -жан оны көтеріп жатыр. Мұны көрген Хадишаның қаны басына шапты. Үстөл үстінде тұрған бір ыдысты ала сала Асылжанға сілтесін. Абырой болғанда оған тимей, қабырғаға барып парша - парша сынған ыдыстың дыбысынан Ізбасар да оянды. «Не болып жатыр, ей, соғыс па, ә, сендер екенсіңдер ғой» дейді жайбарақат. «Тұр, қайтамыз үйге, немене жатырсың омалып, болды, тұр» деп әйелі оны жұлқылай бастап еді. «Қойшы, ей, бір жүз грамм ішейік те, немене асығасың» дейді ойында дәнеңе жоқ байғұс. «Қой, Ізбасар, кеш болды. Шаршадық ұйықтайық» деген Асылжанның сөзі есін жиғызды ма үн -түнсіз киіне бастады. Олар кетіп есік жабылғаны сол еді, Хадиша Асылжанға қайта атылды. Үлкен тостаған көздері шарасынан шығып кеткендей, жаңа аналар тұрғанда өзін-өзі қалай ұстап тұрғанын білмейді, енді тап есінен айрылған адамдай, не істеп, не қойғанын өзі де білмейтін сияқты. Осыны күтіп тұрған Асылжан да қорғанайын деді ме, әлде оның да ашуы келді ме, Хадишаны итеріп қалмасы бар ма. Ұшып түскен Хадишаның басы қабырғаға барып соғылсын, есеңгіреп қалған әйеліне Асылжан мойнын бұрып қарамады да ішкі бөлмеге кірді де кетті. Хадиша сол жатқаннан таңертеңге дейін жатты. Ұйықтап қалды ма, әлде есінен танып жатыр ма онымен Асылжанның ісі де болған жоқ. Хадишаның аяғы екінші баласына ауыр еді. Сол ашудың ізімен таңертеңмен тұрды да таныс дәрігеріне барып жасанды түсікпен алдырды да тастады. Содан сөйлеспеген күйі біршама жүрген олар, үйіне ата - енесі келе қалса түк білдірместен қарсы алып, шығарып салады. Бірақ енесі бір гәптің барын дегенмен байқап қалса керек, бір келгенде мұны ас бөлмеге шақырып алды да есікті қымтап жапты. «Отыр» деді иегімен орындықты нұсқап. «Өтірік айтамын деп ойлама, қазір маған бар шындықты айтасың» деді мұны бұлтартпайтындай зілмен. «Не мен байқамай жүр деймісің, не болды, маған бәрін айтасың» деуі мұң екен көптен іш - құса болып жүрген Хадиша солқылдап жылап жіберді. Әбден ішінде жиналып қатып қаған екен, еңкілдеп тұрып жылады, енді қайтсін, кімге, қалай айтарын білмей, ақымақтық ашумен барып баласын да алдыртып тастаған оның жан күйзелісі оңай емес еді. Енесі де біраз шерін тарқатсын дегендей үнсіз отыр, бір кезде «жетер енді, сүрт көз жасыңды, сөйт те маған бәрін айт» деп алдымен дайындап отырған валидолын ішкізді. Хадиша бүкпестен бәрін айтып, тіпті баласын алдыртып тастағанына дейін жасырмады. Енесінің еңсесі түсіп кеткендей, Хадиша ернін тістей қойды, бірақ кеш еді, айтылған сөз атылған оқ. Орнынан жәйлап тұрған енесі: «Жә, болды, жақсылап шәйіңді дайындап әкелерсің» деді де шығып кетті. Мұнысын түсінбеген келіні аң - таң, бірақ айтқанын орындауға кірісті. Шәй әбзелдерін көтеріп бөлмеге кіргенде көргені - Асылжанның мойны салбырап тізесіне дейін түсіп кетіпті, енесі мен атасы үн түнсіз. Келінінің келгенін пайдаланып атасы: «Жарайды, болар іс болған екен, қымызды кім ішпейді» деп ойынға айналдырғысы келіп еді, әйелі ала көзімен бір қарағанда жым болды. «Аш құлақтан тиыш құлақ» өзі де сөз естіп қалмай тұрғанында дер кезінде үнін өшіргені дұрыс болар. Өйткені, бұл да жас кезінде талай құқайларды көрсетіп, әйелінің көз жасын көл қылмап па еді?! «Үндемеген үйдей пәледен кұтылады» демекші, шал аузын дер кезінде жаба қойды. Енесінің салиқалдығы мен ақылдығына сонда келіні тәнті болып еді. Үй ішінде жарастық қайта орнады, бірақ сызат түскен көңіл бірден жіби қоймап еді. Асылжан кешірім сұрай тұрып, «мамама бәрін бекер айтқансың» деді. Онысы ренжігені ме, табалағаны ма, ол жағына Хадиша ойланбады, үндемеді де. Бірақ жасанды түсік жасатқанының тауқыметін біраз тартты. Араға үш - төрт жыл салып қана әупірімдеп бала көтерді. Енді міне сол азғындық жолға өзі түскендей. Бәрі сол санаторийден басталды. Демалыс орнына келген күні - ақ асханада бұларды екі екіден бөліп жібергені. Бірге отыруға орын жоқ екен. Ауыса қояйық деп еді, біреуі үлкен ақсақалды ата екен де, екіншісі Хадишадан жасырақ жігіт екен. Кұрбыларының да жағдайы соған ұқсас болып шықты сонымен бұлар үлкен кісілерді мазалауды жөнсіз көріп, орындарын ауыстырмай қала берді. Он күн де тез өте шықты. Дастархан басындағы жігіт көркіне ақылы сай, тілге шешен, оқығаны көп ділмар жігіт екен. Әңгіме айтса жанындағыларын аузына қаратады, домбыра тартып, әнді де бір адамдай - ақ айтады. Айтып айтпай не керек, бір сырлы, сегіз қырлы. Алматы жақтан келіпті. Енді төрт құрбы және Асқар бесеуі үнемі бірге жүретін болды. Оның еш әбестігі де жоқ сияқты. Төрт келіншек, бір жігіт. Бірақ қайтар күні Асқар неге екені белгісіз Хадишаның жанынан айналсоқтап шықпай қойды. Бір кезде ебін тауып, қолына бір жапырақ қағаз ұстатты. Оның не екенін білмесе де алақанын өртеп бара жатқандай ыңғайсыз күйге түскен Хадиша қағазды қалтасына тоғытты да жіберді. Пәленің бәрі содан басталды - ау. Асқар бұған көңілін білдіріпті. Отбасының бар екенін де жасырмаған. Осыдан кейін хабарласуды өтінген. Хадиша оған жауап бермеді. Бірақ қоштасу кезінде бұрынғы ашық жарқындығынан екеуі де айрылып қалғандай. Қасындағы құрбылары телефон номерлерімен алмасып, «Алматыға бара қалса кездесіп қалармыз» деп қояды. Үндемей тұрған Хадиша ғана. Жұмысқа шыққан алғашқы күні - ақ ол телефон соқты. Өзі бермесе де кұрбыларынан алатынын білген, сондықтан таңданбады. Алғашқыда батылсыздау сөйлесетін Асқар бара - бара телефон соғу күнделікті әдетке айналды. Алғашқыда реніш те білдірді, салқын қабақ та танытты. Бірақ «тамшы тас жарады» дегендей енді Хадиша да әзіліне әзілмен жауап беріп, жылы сөйлесуді шығарды. Арасында отбасының бар екенін, жасының кіші екенін де есіне салып қояды. Бірақ.., бірақ. Күндердің күнінде енді өзі де телефонына ауық - ауық қарап қоятынды шығарды, дауысын естісе жүрегі қағатын болды. Оның соңы екеуінің Алматыда кездесуіне әкеліп тіреді. Хадиша сол шақырумен кетіп бара жатыр. Сонда оқитын қызын сылтауратып күйеуіне өтірік айтып шыққан беті. Бірақ жаны жәй табар емес. Көңіл күпті, іші алай - дүлей, қорқыныш та жоқ емес. «Орта жолдан түсіп қап, кейін қайтсам қайтеді» деп те оқталды. «Мен не істеп келемін осы, есің дұрыс па, Хадиша, сені қай түлен түртті» дейді ішкі түйсігі. «Жоқ, сен әшейін барып жолығасың да, бәріне нүкте қойып қайтасың» дейді екінші ойы. «Ал сезімге беріліп, ала жіптен аттап кетсең қайтеді? Мүмкін емес, мен жас емеспін ғой желігетін». Қырыққа келгенде еркек қылық шығарар деуші еді, менікі не бұл, желік пе, әлде...» Сол «әлдеге» өзінің аузы да барар емес, көңіл тізгінін де бос жіберуге қорқады. Қызы бой жетіп, ұлы ер жетіп отырғанда бұнысы несі?! Орыстар «любви все возрасты покорны» деп осындай желіккендерді ақтау үшін шығарған шығар. Махаббат дейтіндей өліп - өшіп, күйіп - жанып бара жатақан да ештеңесі жоқ сияқты. Бірақ бір тылсым күш әйтеуір соған қарай тартады да тұрады. Өз ойымен өзі арпалысып келген ол тұрып жиналғысы келді. Келесі аялдамадан түсіп қалуға белін бекем буғандай. Бірақ бір сол құдыретті күш оны алға итермелеп тұрғандай, орнынан қозғалмады. Қозғалғысы да келмейтін сияқты. Сол күпті қалпы ол Алматыға да келіп жетті...

Немере Сағираштың қаққан қазықтай сілейіп отырғанына біраз уақыт болды. Құдды бір қатып қалған тас мүсін сияқты.

- Әже, сен не істеп отырсың, менің қарным ашты ғой, - деген немересінің дауысы оны терең ұйқысынан оятқандай селт еткізді. Бірақ не деп тұрғанын түсіне алмай немересіне таңырқай көз тастады. Кіп - ішкентай сәби болса да, көңіл -күйін сезгендей әжесінің жүзіне ол да сұраулы бетін бұрды. Осы кезде ас үй жақтан шешесінің:

- Аманат, бері кел, мен саған ол жаққа жолама деп неше рет айтамын, бері кел, - деген әмірлі дауысы шықты. Сағираш қалың ұйқысынан енді оянғандай болды. Жанында тұрған немересінің басынан сыйпай:

- Бара ғой, құлыным мамаң шақырып жатыр. Тамақ береді, бара ғой, -деді жарықшақтанған дауыспен.

- Бармаймын, барғым келмейді, - деді ол да қасарысып. Барғысы келмегенін көрсеткісі келгендей әжесіне тығыла бергені де сол еді, екпіндеп кіріп келген келіні баланы оның бауырынан жұлып алды. Сағираштың жаны шығып кете жаздаса да:

- Бара ғой, қоңыр қозым, мамаң тамағыңды береді, - деп немересін ақырын ғана ығыстыра беріп еді, оны түсінер бала бар ма:

- Бармаймын дедім ғой, бармаймын, өзің бер тамақты, - деп жер тепкілей отыра кетті.

- Қарай гөр мынаны, мен саған көрсетейін бармағанды, жүр қане, - деген келіні баланы желкесінен бір түйді. - Немене әжеңе жабысып қалып ең, жүр, тамағыңды беремін, - деп, әй - шәйға қаратпастан баланы көтеріп ала жөнелді. Бақырып -шақырып ол кетті. Сағираш өз ойымен әлек болып тағы қалды.

Сағираш күйеуінен ерте айрылды. Қолындағы шиеттей екі ұлымен қалғанда «енді қайтып өмір сүремін, мына екеуін қалай жеткіземін, жесір қатын, жетім бала атанып енді кімге керек болар екенбіз» деп зар илегенде маңайындағының бәрінің сай сүйегін сырқыратып еді. Бірақ уақыт емші емес пе. Келе - келе Сағираштың жан жарасы бірте - бірте жазылып, екі ұлы бар қызығына айналды. Енді біреумен бас қосып, қайта түтін түтету ой тұрмақ санасына да келмеді, бар қызығы осы екеуі болды. Бейбақтың ендігі арманы балаларына білім беріп, азамат етіп өсірумен бірге алдымен немере сүюді армандады. Құрбылары «немене сонша әже болуға құмарсың, қартайып тұрған жоқсың ғой, аз да болса өмірдің қызығын көрмейсің бе» дегенде: «Қойыңдаршы, өмірдің қызығы бала емес пе, немере балаңнан да тәтті дейді ғой» деп бұл да өзеурейтін.

- Солайы солай ғой. Бірақ келінің қандай болып кездеседі. Әпер бақан біреу бола ма, әлде балаңды бөлек алып кеткісі келетін бір шүйке бас бола ма, - деп құрбылары лепірген көңілін су сепкендей басатын.

- Немене сендер әлі түспеген келіннің тек жаман қылықтарын тізбектеп, тіпті ауыздарың күйіп қалған жандар сияқты, келін десе төбе шаштарың тік тұрады ғой. Әлде өздерің де сондай келінсіңдер ме, - деп бұларды қағытып қояды.

- Тү-у, саған дауа жоқ екен, - деп құрбылары қолдарын сілтеуші еді. «Жаманның айтқаны емес, сандырағы келеді» деп Сағираш олардың айтқанына енді ғана мән бергендей.

«Ұрыстың басы боқ жеместен басталды» демекші, алғашқы кикілжін  үлкен келінімен немере үшін басталып еді. Бір күні шәй үстінде келіні:

- Мына бала сізге тым бауыр басып барады, жақындата бермесіңізші, -дегені. Сөзі түйеден түскендей. Сағираш қапелімде не дерін білмей өз баласына қарады. Сондағысы: «Балам сен бірдеңе демейсің бе? Балаларыңды менен қызғанғандарың ба» дегені еді. Бірақ бар болғыр баласы ештеңе естімегендей меңіреу сияқты үн - түнсіз қалды.

- Еркелетсем өз немерем, өз балам, өзімнің аузымнан түскен. Сендер өз балаларыңды туып алыңдар, - деп кішкентай Аманатты бауырына қыса түсті. «Сені кім туды, Амантай». «Апам «аһ» дегенде аузынан түстім». Бұл күнделікті үйде бірнеше рет қайталанатын әңгіме. Сол әдетпен Сағираш тағы «Амантай, сені кім туды» дей бергені сол еді, келіні шап ете қалды: «Болды жап енді аузыңды, сен ешкімнің аузынан түскен жоқсың, сені мен тудым» демесі бар ма? Ой сұмдық - ай! Мұны естігенде Сағираш отырған орнынан құлап қала жаздады. Немересі болса «мынау не айтып отыр» дегендей шешесіне аңтарыла қарап қалыпты.

- Болды, қойыңыз енді бұл сандырағыңызды. Ертең өскенде бұл бала бізге жат болып кетеді. Естіп жүрмін ғой не бір сұмдықтарды, баланы баурыңызға басқанды қойыңыз. Бүйте берсеңіз сізден суығанша өз мамама апарып тастаймын, біраз сонда болып қайтсын, - деген келіні орнынан екпіндей тұрды.

Сағираш тағы ұлына қарады. Жанарында «сен бірдеңе десеңші мынаған» деген сыңай бар.

- Иә, мама, сіз тым еркелетіп барасыз оны. Бізді тыңдаудан қалып барады. Тіпті Индираның қолынан тамақ та ішпейтін болып барады. И вообще, осындай қазақпайскийді қою керек қой. Бала өз әке - шешесінде болуы керек. Сізге жақсы көрме деп жатқан жоқпыз ғой. Но зачем «мен тудым» деп өтірікке үйретесіз. Оның өз шешесі бар. Сосын Дәурен не Аманаттан бөлек тәрбиеленуі керек пе, не - е, екеуі бірге болуы керек. Индира дұрыс айтады. Нечего баловать одного.

Сағи бұны басын көтерместен айтты. Сағираштың тілі байланды. Ләм деместен өз бөлмесіне кірді де, кешке дейін шықпады. «Неғып жатырсың, тамақ іш, не болмаса ауырып қалмады ма деп бәйек қаққан да ешкім де болмады. Тіпті немересінің де үні естілмеді. « Қой, - деді өзіне - өзі Сағираш, «бет жыртыспай тұрғанда, баламнан мүлдем айрылмай тұрғанымда бұларды бөлек шығарайын. Мына түрімізбен алыстан сыйласқанымыз дұрыс болар. Келіннің мына түрі жаман. Ертең баламмен де араластырмай жүрер, бөлек шықса шықсын» деді күбірлеп. Бірақ тынысы тарылып, кеудесіне өксік тығылып, ет бауыры езіліп кеткендей болды. Сел соққан балықтай меңзең қалпы орнынан тұрып бөлмесінен шықты. Балалардың жатын бөлмесінен дауыстары шығады. Аракідік күлкілері де естіледі. Сағираш ас бөлмеге беттеді. Беті жабылған бір табақты көріп «е-е-е, маған құйған атаулары болды ғой» деді өз - өзінен мырс етті. Қай қайдағы сөз келеді екен ойына. Түні бойы дөңбекшіп, көз ілмей шыққан Сағираш енді балаларының тұруын күтті. Бүгін демалыс. Әдетте олар «бір демалыс қой, ұйқымызды қандырайықшы» деп түске дейін жататын. Сағираш болса ондайда немересі екеуі таңғы астарын асықпай ішіп болып, таңғы ауамен далада қыдырыстан келіп, оларға тамақтарын дайындайтын. Бүгін ол әдет жоқ. Жанында тіпті немересі де жоқ. Беске келіп қалған Аманат бүгін бірінші рет мұның қойнына жатпады. Сағираш енді аңдысын аңдыды. Тұрғасын олар не дейді екен? Әңгімені өзі бастаса ма, әлде... Алдымен керіліп келіні шықты. Шашы ұйпа - тұйпа ол дастархан басында отырған енесін байқамағандай жуынатын бөлмеге өтті. Артынша ұлы да көрінді. Ол да ұры мысықтай баспалап өте шықты. «Белгілі болды әуселері» деп ойлады Сағираш. Енді түсінікті, қазір бір «жаңалықты» еститіні сөзсіз. Келіні үн - түнсіз жүріп шәй қамына кірісті. Немерелері жақтан дыбыс жоқ, тым - тырыс. Ойпырым - ай Аманат мұнша уақыт ұйықтамаушы еді ғой, қалай ғана шыдап жатыр екен?! Сағираш ұрлана олар шығатын жаққа ауық -ауық қарап қояды. Таңғы ас біреудің жаназасында отырғандай тым - тырыс тыныштықпен өтті. Бала басын көтермейді, келін «сен тимесең, мен тимен» дейтін сыңайлы. Бірақ жүзінде «кімнің сөзі өтімді екен» деген нышан бар. Сағираш бір кесе шәйін ішті де кесесін әрі сырғытып қойды. Келін бұрынғыдай «ішпейсіз бе» демек түгіл мойнын бұрған да жоқ. «Иә, бардың әуселері белгілі болды, не болса да өзі бастасын деген саясатты ұстаған болды ғой» деп әңгімені өзі бастауды жөн көрді. Баласына тағы бір қарап еді, сол басын тұқыртқан күйі отыр.

- Шырақтарым, ойланып - толғанып бір шешімге келдім, соны сендерге айтайын деп отырмын, - деп балаларына тағы бір көз жүгіртті. Екеуі де меңіреу сияқты. Үндемейді.

- Қолымда бірнеше жыл тұрдыңдар. Екі немере сүйгіздіңдер, оған да Құдайға шүкір. Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Енді ана ұл үйленем деп жүр ғой. Сендерге рұқсат, өз алдарыңа отауларыңды құруға қарсы емеспін. Осы бейсенбіде құдалар мен жақын туған - туысқанды шақырып бір құдайы тамақ берейік, елдің батасын алып дегендей, - деп келе жатыр еді, келіні жұлып алғандай:

- Зачем все эти церемонии и лишние затраты, лучше мы на эти деньги что-нибудь для дома приобретем, да, Сакен, - демесі бар ма?! Ұлда тағы үн жоқ.

- Мейілдерің, өздерің білерсіңдер. Мен сендерден ақша сұрап отырғаным жоқ, оған не көп шығын кетер дейсің... бір жарты қойдың еті мен бір шәй ғана ғой, - деді біраз үнсіздіктен соң.

- Расында, мама, соның бәрінің керегі не, оларға не керек ішеді де кетеді, они этим наши проблемы решат что ли, керегі жоқ, и еще начнут судачить неге кетті, не болды деп, - деді бағанадан бері үнсіз отырған ұлы.

- Жарайды, онда өздерің біліңдер, мен батамды бердім, - деп Сағираш орнынан тұрды. Сол тұрғаннан күні бойы бөлмесінен бір шыққан жоқ. Немересі де жоламады. Бірақ  естіп жатыр балаларының бөлмесі сатыр -сұтыр; бір секіріп, топырлап жүргендей. Бір  уақытта бәрі тыныштала қалды. Естіп жатыр. Бәрі топырлап сыртқа шығып бара жатқан сияқты. Немерелері бірдеңе деп келе жатқан сияқты еді, келіннің: - Все, замолчали и быстро на улицу, деген зілді дауысы естілді. Артынша мәшиненің от алған дыбысы да жетті құлағына.

«Е-е, бала шағасымен қыдырып қайтайын деген ғой, расында бір үйде томсырайып отыра бергенше сейіліп келгендері де дұрыс шығар» деп ауыз бөлмеге шықты. Ол жерге де сыймады. Қайтып айналып өз бөлмесіне келді. Кіші ұл достарымен «табиғат аясында демалып келеміз» деп кеткеніне екі -үш күн болып еді, «ендігі келіп те қалар, тамағын дайындап қоя салайын» деп ас бөлмеге кірді. Бағанағы таңғы ішілген тамақ сол күйі жиылмапты. Күйбің - күйбің тірлікпен жүріп Сағираш кештің қалай батқанын да білмей қалды. Не үлкен ұл жоқ бала - шағасымен, не кіші ұлдан хабар жоқ. Сағираш енді үйге сыймайын деді. Ақырын немерелері жататын бөлменің есігін ашты. Одан ұлының бөлмесіне ақырын бас сұқты. Екі бөлме де апыр -топыр. «Сұмдық-ай, мыналар көшіп кеткеннен сау ма?» Сағираштың жүрегі зырқ етіп отыра кетті. Кештетіп келген баласы мен келіні оны сол күйінде өз бөлмелерінен тапты.

- Мама, біз пәтер тауып келдік. Ертең кешкісін көшеміз, ал балалар кедергі жасамасын деп мамама апарып тастадық, - деді келіні Сағираштың көңіл - күйін байқамағандай. Сағираш үндемеді. Содан бөлмесіне келіп ап ағыл - тегіл көз жасына ерік берсін. «Кезінде құрбыларым бал ашқандай қандай біліп айтқан, келіннен бе, әлде жетесіз - жігерсіз баладан ба? Қай жерден кетті кемшілік? Құдалардың бұнысы несі екен, балаларды алып қалғаны несі, неге айтпайды, «оу, өзінің әжесі үйде отырған жоқ па десе қайтер еді, әлде олар әжесі баға алмайды деді ме екен». Олай болуы да мүмкін еді. Бірде құдағиымен сөзге келіп қалғанда «балаларды сізге бергізбеймін, баға алмайсыз» деп еді. Қапелімде сөз таба алмай қалған Сағираш «баға алмайсың дегеніңіз не» дегенде құдағиы мардымды ештеңе айтпап еді. Жел сол жақтан соғатын сияқты. Қит етсе келіні де «мамам айтты» дейді де отырады. «Бүгінде қызына басу айтып, сол үйге тастай батып, судай сің» дейтін аналар азайып барады. Қит етсе қызының құлағын көтеріп, үйт, бүйт дейді де отырады. Оның үстіне мына сөтке телепоны да пәле болды» деп автобустың ішінде бір кейуана жанындағы отырған әйелге мұңын шағып отырғанын естігені бар еді.

- Е-е, не деріңіз бар ма?! Келініңізге өкпелеп қайтесіз. Пәленің бәрі өз балаңызда болып тұр ғой, байғұс-ау, - деді сонда жанында отырған бір мосқал әйел. - Балаң ез болып тұр ғой. Келініңнің тарпаңдауы да содан емес пе? Өз қолыңды өзің кесесің бе?!

Сол өзінің де басында барын Сағираш енді сезгендей. Іші удай ашып, жүрегі езіліп кеткендей болды. Енді жылайын десе көз жасы да таусылып қалғандай. Ойы он саққа жүгірді. Баласы осы келінге үйленер кезде «балам, білмейтін жердің, білмейтін елдің қызы екен. Осы жақын маңнан білетін жерден алсақ қалай, ананың қызы, мынаның қызы бар деп келе жатыр еді;

- Мама, я все это понимаю, бірақ мен оларды жақсы көрмесем қайтемін, қорықпашы Индира жақсы қыз, мінезі саған тартқан ашық, мен сосын жақсы көрдім ғой оны, жалынамын, мама, рұхсатыңды берші» деп қиылып отырған соң баласының көңілін қалдырмап еді. Келіні екі айдың ішінде - ақ мінезін көрсетіп алды. «Қой, біреудің жалғыз қызы ғой, жастығы болар, әлі бала туған соң қояр өзі» деп, Сағираш өзіне тоқтау айтып еді. Бала туғаннан кейін ол мінезі үдемесе басылмады. Сағираш кұрбыларына айтуға ұялды. Айтқан күнде де олар не істейді дейсің, қайта отқа май құяр. «Жабулы қазан жабулы күйінде қалсын» деп Сағираш та іштен тынды.

Бөлек шығып балалары тынды. Анда - санда келіп тұрған болады. Аманаты да баяғы немере емес сияқты, бөлектеу, томсырайып онша жуи қоймайды. Тіпті қалып қойған бір заттарын көрсе «мынау біздікі» дейтін болыпты. Бейбақ ана оған да көнді. «Қуырдақтың көкесін, түйе сойғанда көресің» депті баяғыда біреу. Уақыт емші. Үлкен ұл мен кесапат келіннің мінезінен енді өз - өзіне келе бергенде жарты жылдан кейін екінші ұл үйленді. «Ақ түйенің қарны жарылып» Сағираш бар жинағанын шашып той беріп, құда шақырды, жоралғысының бәрін жасады. Обалы не керек, үлкен баласы мен келіні де шама -шарқынса көмектесті, бір үй болып құдаларына есіктерін көрсетіп жатыр. «Жесір қатын, жетім ұл ататпаймын» деп әйтеуір жолынан қалмайын деп барын салды. Ендігі жерде кіші баласы мен келінінің тілеуін тілеп, бір немерелі болуын асыға күтті. Келін бостау, байқайды, шаруаға онша ыңғайы да жоқ сияқты. Көп жөн - жосықты да біле бермейді екен. «Мейлі, әлі жас қой, үйренер, өмірдің өзі үйретер» деп біраз нәрсеге көз жұма қарады. Оның үстіне үлкен келіні де келіп - кетіп жүргенінде әр нәрсені үйретіп, айтып жататынын да құлағы шалып қалады. Сағираш оған да мәз. Үлкен келінінің ақылы кіріп қалған екен деп оған бұл риза. Бірақ бірде келгенінде келіні:

- Мама, енді немерелі болғанда Аманат пен Дәуренді бөлектемейтін болыңыз, бәрін бірдей жақсы көріп, бірдеңе алсаңыз бәріне бірдей алатын болыңыз, - демесі бар ма?! Өзінің не айтып, неге кеткенін естен шығарғандай.

- Онда Аманатымды өзіме қайтар, сонда алалаушылық болмайды, - деді бұл да. - Өзім мектебіне апарып, алып келіп тұрамын.

- Болмайды, - деді ұлы сөзге араласып. - Екеуін бір-бірінен бөлек өсіруге болмайды, жатсынып кетеді.

- Онда маған өкпелемеңдер.

Сөз сонымен бітті. Аманат пен Дәуренді алдарына салып олар кетті. Екінші келінінің аяғы ауыр болғаннан бастап Сағираштың да мазасы кетті. Әлсіз келіні баланы ауыр көтерді. Қайта - қайта дәрігерлерге көрініп, ішпеген дәрісі, алмаған емі қалмады. Сөйтіп ол туғанша келініне өзі келін болды. Оны көрмей отырған кұрбылары бар ма?! Табаламаса да ара кідік бірдеңелерді айтып қояды. Сонда да Сағираш дес бермейді. Іштей мойындаса да ауыздарын жауып тастайды. Бірде тіпті қатты кетті. Бір кұрбысына «өз келініңді жөндеп ал» деп еді, артынша аралары суыды да кетті. Қызыл шақалақты үйге әкелгеннен бастап Сағираш дүниенің барлығын ұмытты. Нәрестенің асты - үстіне түсіп бәйек болды да қалды. Өзі білгендерін жасап, одан қалды үлкен абысынының айтқанына құлақ түріп, әйтеуір нәрестеге ет жинатты, ширықтырды. Оның аяғы мен тілі шыға бастағанда тіпті оны өз балаларынан да қызғанатын болды. Түнде қойнына алып жатады, қыдырса бірге алып жүреді. Аналар жақындап қалса болды, қызғыштай қорып қолдарынан жұлып алатынды шығарды. Өзінің онысынан анда - санда үркіп те қалады. «Осы баланы тым жақсы көріп кеттім, тфэ -тфэ, Алла тағалам, көпсінбей аман қыла көр» деп тәубәсіне де келіп қояды. Түн ортасында немересінің қызуы көтеріліп жатқанын көріп Сағираштың төбе шашы тік тұрды. Жалма - жан компресс қойып бәйек болды да қалды. Балаларын оятпады. Түнімен көз ілмей шыққан ол таңертең келіні мен баласына Жазираның ауырып шыққанын айтып еді, келіні «скорый шақырайық» деді. «Қоя тұр, бақылап көрейік, суықтап қалған шығар, одан да аптекадан дәрі - дәрмек әкеліңдер, өзім көрейін. Дәрігер шақыртсаңдар қазір жаз уақыты, бірден ауруханаға алып кетіп жүрер» дегеніне қарамастан келіні телефонға жүгірді. Аузын ашып үлгергенше жедел жәрдем шақыртқан келіні баланы енесінің қолынан жұлып алып, «әкеңіз сіз балаға қарай алмайсыз» демесі бар ма. «Не дейсің, жаным - ау, қарай алмағаны несі, бала болғаннан соң ауырмай тұрмайды ғой». Сағираштың дауысы сенімсіз шықты. Сөйткенше болған жоқ, бажылдап жедел жәрдем де келді. Шақырылмай-ақ тұрған екен. Келіні баланы кұшақтаған күйі алдарынан шықты. Келген фельдшер екен, баланы олай - бұлай бір қарады да «мына бала гастрит» қой демесі бар ма? О, тоба, о заманда бұл заман тоғыз айлық баланың гастрит болғанын кім көріпті.

- Қой, айналайын, о не дегенің?! Көзің рентген бе, саусағыңмен көрдің бе?

Фельдшер Сағираштың не деп жатқанына пысқырған да жоқ. «Әкеліңіз баланы, - деді келінге қарап, қазір димедрол мен аналгин салам, сосын ауруханаға жатқызыңыз» деп дәрі - дәрмектерін дайындай бастады.

- Аналгинің өзіңе, жасамайсың. Сағираш баланы келінінің қолынан жұлып алды. Сөйткенше келіні де қарап тұрмады, баланы қайта жұлып алды.

- Болды, бермеймін енді. Сіз не білесіз, сіздің заманыңыз өткен, балада енді жұмысыңыз болмасын. Өзім емдетемін. Қанша айттым, сізге балаға қарай алмайсыз деп...

Сонымен не керек келін баланы ауруханаға алды да кетті. Үйде жалғыз қалған ол орнынан бір тұрды, бір отырды. Жүрегі езілердей болып қапаланған екі қолын бір жерге сиғыза алмай «үһлей» береді. Енді бар тапқаны ас бөлмеге келіп, барлық ыдыстарды қайта жуып шықты. Келінінің ыдыс жуғанын да онша жақтыра бермейтін енді, мына істен бір басу тапқандай, көңілі аз да болса жайланайын деді. Осыдан өз - өзіне келген ол, келінінің артынан барып тұрмаса да, оның үстіне «керегі жоқ, мамам күнделікті келіп, тамақ әкеліп тұр» деп баласынан айтып жіберсе де тамағын пісіріп беріп жібереді. Сөйтсе де баланың жағдайын білмей отыра беруге дәті шыдамады. Келініне телефон соқты, хал - жағдайларын сұрастырып, не ем беріп жатқанын білгісі келді.

- Күнде кешкілік спиртпен сылап, күндіз аналгин мен димедрол салып жатыр.

Мұны естігенде Сағираштың қаны басына шапты. Келіні жанында тұрғанда түтіп жібере ме еді, кім білсін, әттең аяғы жетпей қалды.

- Онда үйге қайтыңдар, қазір қайтыңдар, немене күнде - түнде де жас балаға димедрол салдырып наркоман етейін дедіңдер ме, - деді зілдене. Келіні телефонын өшіре салды. Сағираш аурухананың бас дәрігеріне телефон соғып емдеу тәсілінің мәнісін сұрады.

- Мен сізді жақсы түсініп отырмын, апай. Иә, қазір жас балаларға ем жасау тәсілі көп өзгерді, сіздер сондықтан көп ретте қабылдай бермейсіздер. Дегенмен, немереңіздің жағдайы жақсы болса бүгін шығартайын, - деді биязы дауыспен дәрігер.

Арада бір айдай өткен шамада кешкілік асты ішіп болғаны да сол еді келіні:

- Мама, мен көп - көп ойланып сізге бірдеңе айтайын деп ем.

- Иә.

- Мен бөлек шыққым келеді. Үй қарастырып қойдық, - деп қарап тұр.

Сағираштың сөйлеуге шамасы келмеді. «Мен шештім, мен ойландым» дейді. Бұл ұлының да дәрменсіз болған - ау. Түні бойы көз ілместен аһылеп - уһілеп ертеңгісін тұрғанда балаларының жүктерін жинап жатқанын көрген оның жүрек тұсынан біреу пышақ сұғып алғандай, шатқаяқтап құлап бара жатты.

ПЕРЗЕНТ

Айғанымның бойына бала біткеннен - ақ Жұмағалидың дегбірі қашып, мазасы кетті. Өйтпеске не шара?! Ауыл сыртындағы қорымның ішіндегі сегіз төмпешік Айғаным мен Жұмағалидың кіндігінен шыққан сегіз перзенттікі. Шекесі торсықтай ұлды да, уыздай қызды да егізімен де дүниеге әкелген Айғанымның қуанышы да, қызығы да ұзаққа бармайды. Дүние есігін аша сала бір сәтте - ақ көз жұмып кете береді - ақ. Кінәраты неден екенін ешкім түсініп болмайды. Тіл - көз тиді десе оған ұқсамайды. Сәбилерді жалмап жатқан шешек ауруы дейін десе, оған да қисыны келмейтін сияқты. Осының бәрін көтеру оңай ма, Айғаным да жүдеп - жадап бітті. Оның үстіне қайын жұртының пыш - пыш сөзі де жанына батып барады. «Ойбай, не дейсің, Айғаным күнәһәр екен. Сондықтан да балалары тұрмайды екен» деген сөздерді естіп қалып жүр. Күнәсі неде екенін өзге түгілі өзі де білмейді. Су әкеліп киіз үйдің сыртына шелектерін қоя бергені сол - ақ еді атасының «Бәйбіше, сенің не ойың бар, мына келін бізге бір шақалақты сүйгізе ме, әлде өзі жалғыз баламыз осылай қу бас болып жүре бере ме, бір нәрсені ойластырсақ қайтеді» дегенін естігенде төбесінен жәй түскендей болды. Одан әрі сөздерін тыңдамай - ақ қояйын деген оймен кетіп қалмақшы болып еді, аяғына тас байлап қойғандай орнынан қозғала алар емес. Өзі де тас болып қатып қалғандай. Бір кезде енесінің «Қайтейін, оны ойламай жүр дейсің бе, бишара келіннің өзіне де оңай тиіп жүр дейсің бе, әлде?! Оның не кінәсі бар, сегіз құрсақ көтеру оңай дейсің бе, шал - ау. Әліптің артын бағайық. Жас қой әлі. Сонда не ғыл дейсің маған» деп таусыла сөйлегенін естігенде көкірегі қарс айрылып, дыбысының қалай шығып кеткенін өзі де білмей қалды. Үйден сүріне - қабына жүгіре шыққан енесі есінен танып жатқан келінін көргенде көзі шарасынан шықты.

- Жазған Аллам - ау, енді қайттім. Шал, ә шал. Ойбай, құрыдық. Кел мұнда, шық тез. Келін есінен танып қалды. Ой - буу, естіп қойды - ау. Қайдан ғана бұл әңгімені бастай қойып ең, енді қайттік, қазір Жұмашым келіп қалса енді не бетімізді айттық, - деп аузы тыным таппай жүріп келіннің басын сүйемекші болды. Денесі былқ - сылқ еткен келінін көтеру қайда, өзі қоса құлап түсті.

- Әй, бар болғыр шал-ау болсайшы, не болды омалып, шықсаңшы тез, -деп шалына қатты - қатты сөздер айтқан Салиқа айқай салды.

- Кебісімді кие алмай қалдым ғой. Аяғына кебісін киер - киместен далаға шыққан Қартабай қарт серейіп жатқан келінін көргенде шынымен сасайын деді. Қай жағынан келерін білмей абдырап тұрғанын көрген Салиқа «ойбай, ұста аяқ жағынан, көтеріс» деп шалына бұйыра сөйледі. - Бисимиллә, - деп Қартабай келінінің аяғына қол созды. Екеулеп жүріп Айғанымды үйге кіргізіп жатқызды да «енді не істейміз» дегендей бір - біріне абдырай қарады. Есін Салиқа жиды.

- Шал, қарап тұр ма, бар да ана Сұлукүл абысынды шақыр. Аздап ем -дом салушы еді ғой. Шақыр, тез, - деп өзі келінінің үстін қымтады.

- Байғұс балам - ай, сонша азапқа түсетіндей кімнен келіп, кімге не жаздың сонша. Кімнен көріп, кімнен өш алайын, - деп дауыс қыла бастады. Сол дауыстан ба, әлде өзі есін жиды ма Айғаным көзін ашқанда жанында сұңқылдап зарлап отырған енесін көргенде шошып кетті.

- Апа, не болды, неге жылайсыз, - деген оның дауысын естігенде Салиқада зәре қалмады.

- Ойбай, көтек! Орнынан тұра қашайын деп еді, байланып қалғандай. Сөйлейін десе аузына сөз түсер емес. Айғаным әзер басын көтерді. Мең -зең, не болғанын түсінер емес. Осы кезде Сұлукүлді ертіп Қартабай да жетті.

- Салиқа, келді Сұлукүл. Өңі боп - боз болып кеткен Салиқаны көргенде Қартабай да абдырап қалды. - Әй, Сұлукүл, болсаңшы, не қарап тұрсың, көрмейсің бе, не болып жатқанын, - деп жеңгесіне дүрсе қоя берді.

- Ойбай, қайным - ау, сен неғып тұрсың, шықпайсың ба тысқа, - деп күле жүріп Қартабайды тысқа қарай итермеледі.

- Жә, аса қорқатындай ештеңе жоқ сияқты, - деп ем - домын жасап, үшкіріп болғаннан соң Салиқаға қарап: - ал, абысын, құрсақ тойына дайындала бер, Алла амандығын берсе, шаңырағыңда іңгәлаған дауыс та естірміз. Деуін деді де, тосырқап қалды. Келіннің де, ененің де жүзінен қуаныштың нышаны байқалмады. Қайта шаншу қадалғандай Айғанымның өңі одан сайын қуара түсті. Енесі болса жер шұқылап төмен қарады. Бір нәрсені сезгендей Сұлукүл де:

- Ой - буу, әлгінде келін нан жауып жатыр еді, әлгі жаманы қолын «байлап» жатқан шығар. Қой, кетейін деп есікке беттеді.

- Иә, айтпақшы, абысын, мына көрші ауылда бір үлкен кісі бар. Келінді сол атаға көрсетіп алсаңдар артық болмас, - деп шығып жүре берді.

Айғаным тұрайын деп еді, енесі шыр ете қалды.

- Қайда барасың, жата тұр, қазір шәй берейін, - деп ұша жөнелді. Айғаным әлі есін жияр емес. Енесінің мына қылығын түсіне алмай мең - зең.

- Апа, Айғаным. Жұмағалидың дауысы үрейлі шықты. Сірә, әкесі айтып үлгерген болар.

- Не болып қалды, неге жатырсың?!

Айғаным басын көтермек болып еді, қозғала алмады. Денесін басқан зіл тастан да ауыр сияқты, өксіп - өксіп жылағысы келіп еді енесінен ұялды.

- Балам, қазір бір шынаяқ шәйін берейін, сосын отауға апарып жатқызарсың, - деп Салиқа келініне ыдыс ұсынды.

Ертесіне Жұмағали атты арбаға жекті де, Айғанымды қалың төселген көрпенің үстіне еппен отырғызды. Оны көріп тұрған әке - шешесінде ұн жоқ. Кінәлі адамдардай дыбыстары шығар емес. Әшейінде болса Қартабай ақсақал: О, енеңді ұрайын, қатын жандысын қарашы, - деп бір түйреп қалушы еді. Кешегіден соң мысықтай болып қалған сияқты. Оның үстіне келінінің тағы да аяғы ауыр екенін естіген соң түнімен тәубәсіне келіп, Алладан бір амандық сұрап, осы перзентін көрсете беруін тілеп шыққан еді. Енді қайтсін, өзі де алты құрсақтан көргені жалғыз Жұмағали болған соң бойын күмән мен қорқыныштың билегені қашан. Жалғыз тұяқтан тұқым қалмай ма деген ой жанын жегідей жеп барады. Әйтседе, Айғанымға басқа тағар кінәсі жоқ. Үріп ауызға салғандай келіні босағаны аттаған тоғыз жылдың ішінде кесе көлденең өткен емес, шаруасына мығым, артық сөзі жоқ. Жұмағали десе ішкен асын жерге қояды. Бір айыбы сол - баласы тұрақтамайды. Кеше Сұлукүлдің айтқанын ести сала Құдайдың таңы атқанша дегбір таппады. Жұмағалиға тездетіп көрші ауылдағы көріпкелге апарып келуін қадағалап айтып еді. Енді, арбаның да жегілуі содан болатын. Айғаным мен Жұмағалиды көріпкел шынымен де күтіп отыр екен. Өзі алдарынан шығып қарсы алды. Мұндай құрмет әркімге жасала бермейтінін жұрттың көпшілігі біледі.

- Отырыңдар, қарақтарым. Білемін, қасіреттерің ауыр - ақ. Алла тағаланың рахымы сендерге де түсер. Шыдамды болыңдар. Оның нығметіне бөленсеңдер, сендерге де мейірімі түсіп жәрдем етер. Мына жерге отыр, келін шырақ, - деп Айғанымға ірге жақтағы орынды ұсынды.

- Сен де отыр, балам.

Көріпкел дұғасын оқып, батасын бергенде ет пісірім уақыт өткен еді.

- Ал, балалар, егер де менің айтқанымды бұлжытпай орындап, шыдамдылық танытсаңдар, Алла Тағаланың ықыласы сендерге де түсер. Бір Аллаға кұлшылық етіп, айтқанымның бәрін түгелдей орындаңдар, - деп қайталап, екеуінің қалай мінәжат етуін түсіндірді.

- Балам, сен Алла Тағаладан перзент сұрап, мойныңа бұршақ ілесің. Келіннің ай - күні жетіп, толғағы қысқанда мойныңдағы өзі үзіліп түсуі тиіс. Алайда, тоғыз ай бойы, аптап ыстықта, сақырлаған аязда бір сәтте мойныңнан алмай жүру оңай емес. Соған шыдасаң ғана тілегің беріледі. Ал, келін шырақ, сенің қайын жұртыңда елге сыйлы болған бабаң болған. Босануға аз уақыт қалғанда сол атаңның басына барып жалғыз өзің қорымға барып түнейсің. Аруақ саған аяң береді. Қорықпай, айтқандарымды бұлжытпай орындасаң ғана тілегің қабыл болады, - деп тағы да дұғасын оқып бетін сипап, екеуін  шығарып салды. Қайтар жол екеуіне де оңай болған жоқ. Көріпкел атаның айтқандарын ой елегінен өткізіп екеуі де үн -түнсіз.

- Жұмаш, мені төркініме қайтарсаң қайтеді. Ешкімге өкпем жоқ. Маңдайыма жазғаны осы шығар. Әлі жассың бағыңа тұсау болмайын. Айғаным өз дауысын өзі танымады. Құдды мұның аузымен өзге біреу сөйлеп отырғандай. Мұны естіген Жұмағали аттың басын кілт тоқтатып, келіншегінің бетіне таңдана қарады.

- Айым, мұны сен өзің айтып отырсың ба, әлде кеше әке - шешемнің сөзінен кейін ойыңа келді ме?! Апам кешегі болған оқиғаның мән - жайын айтып берген. Оларға ренжіме, түсінуге тырыс. Мені жалғыз қалады деп қорқады. Әйтпесе, саған тағар кінәсі жоқ. Аяғыңның ауырлағанын естіген соң өздерінің де естері шығып кетті. Сені осы жерге алып келгенше тыным таппады ғой. Алланың бұйырғанын көрерміз.

Жол бойы Айғаным үнсіз көз жасын сүртумен болды.

Үйге келе сала Жұмағали анасынан мойнына бұршақ оралған орамал тігіп беруін өтінді. Мұңдайды бұрын соңды естіген Салиқа да сөзге келместен ұлының тілегін орындады. Жұмағали үшін Құдайдың қияметі еңді басталды. Мойындағы орамал терге малыңды, суға да салыңды, термен сасып, биттеді де. Жұмағали сонда да шыдады. Елдің ортасында жүруден. Айғанымның жанында жатудан қалды. Оның бұл күйін көрген анасының да, Айғанымның да жанына батты. Қартабай ақсақал болса не де болса іштен тынуда. Айғанымның босанар уақыты арқаның ақпандағы шыңылтыр аязына келді. Босанатын күні жақындады дегенде Жұмағали атты ерттеп Айғанымды жылы киіндіріп, екі кештің арасында ата - бабалары жатқан зиратқа қарай беттеді. Зиратқа жете бере тізерлей отыра қалып, көзін жұмып іштей дүғасын оқып, Айғанымға қарамастан ауылға тартты. Ол кеткен соң Айғаным біраз жүрегінің аптығын басып, атты жақын маңдағы бір шидің түбіне байлады да, білетін дүғасын оқып зираттың ішіне кірді. Бейіттің іші тас қараңғы болмаса да, азынап, бойына қорқыныш ұялатты. Арқасын төсей аяқ жақты ала келіп отыра қалды, тағы да білетін дұғасын іштей қайталай бойындағы қорқынышты басып, көзін қараңғылыққа үйрете бастады. Қыстың қою қараңғылығы ерте түсіп, көз байлағандай ештеңе көрінер емес. Айғаным өз жүрегінің дүрсілін естігендей. Бойын қорқыныш пен үрей билесе де, өзін - өзі жұбатып қояды. Бір кезде әкесінің айтқаны түсті. «Адамның пиғылы барған сайын бұзылып бара жатқан мына заманда зиратта жатқан өліктен емес, тіріден қорқу керек. Кейде пананы да, көмекті де қайта зираттан табасың» дегені рас екен ғой деп әр нәрсені есіне түсіріп отырып, көзінің қалай ілініп кеткенін де байқамады. Түс көріпті. Түсінде екі иығына бір ақ, бір көк көгершін келіп қонған екен. Қолын созып ақ көгершінді ала бергені сол еді оның ұша жөнелгені. Айғаным қолын енді көк көгершінге созды. Ұшып кетпесе екен деп ақырын ғана көк көгершінді сауырынан сипап еді, құс ұшатындай сыңай танытпады. Батылданған келіншек құсты шап берді. Құс онда да ұшар емес. Қайта мұның бауырына тығылғысы келгендей басын Айғанымның көкірегіне тіреп, мұның төсін аймалағандай болып жабыса түскен сыңайлы. Келіншек жалма - жан көкірегін ашып жіберіп еді, көгершін төсін иіскелеп емгісі келгендей тұмсығын тықпалай түсті. «Балапаным менің» деген өз даусынан өзі шошып оянған Айғаным арайлап атқан таңның шапағына таңдана қарады. Көкірегін кере дем алып, үстіндегі ауыр тонды сыпырып тастап, отыра қалып білетін дүғасын қайта оқи бастады. Түні бойы отырса да еш жері тоңбапты да, мұздамапты да. Қайта төсінің тұсы жып - жылы, шынымен көгершінді емізгендей. Бетін сипап, зираттан шықса түнде байлаған аты да сол жерде тебіндеп тұр. Айғаным атының саурынан сипап, мойнынан құшақтады. Бойын бір жеңілдік билеп, көңілі тасыды. Атқа отырмады, жетекке алып, омбы қарды шықырлата ауылға қарай беттеді. Алдынан Жұмағали да құстай ұшып  келеді екен. Жүзі бал - бұл жанған келіншегін көргенде оны бірдеңе соғып кетті ме деп қалған ол Айғанымға қарағыштай береді. Айғаным болса көгершінді емізгендей әсерден арыла алмай өзімен - өзі болып келе жатыр еді.

- Жұмаш, үйге соқпастан көріпкел атаға барсақ қайтеді?! Түсімді жорытайын деп едім. Айғанымның дауысы жалынышты шықты.

- Мейлі. Бірақ апам мен әкем алаңдап отыр ғой. Айтпай кетсек кешіккенімізден қорқып қалар.

- Оның да дұрыс екен. Бірақ шай ішіп бола салысымен барамыз ғой, иә?!

Салиқа мен Қартабайдың да жандары шығар шықпас болып отыр екен. Аман-есен келген келіндерін көргеңде естері шығып кетті. Оны қайда отырғызарын білмей састы. Атасының шай қамын жасауға өзі жүгіргенде Айғанымды күлкісі қысты. Екеуінің мына түрін көргенде өткен жолғы өкпенің ізі де қалмағандай.

- Апа, ата, отырсаңыздаршы, шәйді өзім жасаймын ғой, - дегеніне қарамастан аяқтарына шалынып жүгіріп жүр.

Қарт көріпкел екеуін бұл жолы шарт жүгініп отырып қарсы алды. Екі көзі тарс жұмулы. Бұларды байқамайтын сияқты. Бірақ жүзінен нұр құйып тұрғандай ма қалай?! Бір уақытта барып қолын жайды. Айғаным мен Жұмағали да сөйтті. Қарт бетін сипап болды да көзін ашып, Айғанымға бұрылып:

- Ал, келін, не айтпақшысың маған?!

Айғаным көрген түсін айна қатесіз түгін қалдырмай айтып берді. Көрген - білгенін ата - енесіне де, Жұмағалиға да айтпаған ол енді бар үміті мен тілегі осы кісіде дегендей барын жайып салды. Қартта үн жоқ. Айғаным дегбірсіздене бастады.

- Болды, балам, - қарттың даусы оқыс шықты. Келіншектің жүрегі тоқтап қалғандай.

- Болды, балам, қорықпа, Алла тағала бұл жолы саған екі перзент берген екен. Алайда, оның біреуін - қызыңды өзі алады, ал көк көгершінің ұлыңды бауырыңа басасың. Болды, алдарыңнан жарылқасын барыңдар енді, - деп қарт тағы алақанын жайды.

Айғанымның толғағы ащы болды. Сұлукүл апасы да, өзі де әбден терге малынды. Тістеніп айқайламай, дыбысын шығарар емес. Айқайласаңшы, жеңілдірек болады, - деген Салиқаның дауысын естімейтіндей. Іштей дұғасын оқып, бір Алладан тілеу тілеген Айғаным айқайласа көгершінді үркітіп алатындай, тістенген күйі жақ ашар емес. Алдымен шыр етіп қыз келді. Аршыған жұмыртқадай шарана жарық дүниенің есігін ашар ашпастан алдыңғы ағалары мен әпкелері сияқты бір шар етті де үні өшті. Сұлукүл состиып, не істерін білмей тұрып қалып еді. Айғаным шаранаға мойнын бұрып қарамады да. «Мұнысы несі, байғұстың есі ауып қалды ма» деп ойлап үлгергенше Айғанымды тағы толғақ қыса бастады. Өлі шарананы шүберекке  орай сала Сұлукүл қайта көмекке ұмтылды. Айғанымның жүзі өзгеріп кеткендей. Жаңағы қиналыстан ешбір белгі қалмағандай сабырлы түрін сақтап тұрды да бір ышқынды. Сұлукүл кезекті шарананы әзер тосып үлгерді. Шекесі торсықтай ұл «мен келдім дүниеге, есік ашыңдар» дегендей бар даусымен шыңғырып жатыр. Есіктен сүріне - қабына Салиқа кірді. «О, жасаған Алла, рахымыңды бере көр, кұлыншағымның амандығын бере көр, келініме қуат бере көр» деп Сұлукүлдің ана жағынан бір, мына жағынан бір шығып айналды да қалды.

- Абысын - ау, жол берсейші, ана Айғанымның басын сүйе, шаршап қалды, мен мына жігітті орайын, құрт көжең мен қалжаңды әзірле» деген Сұлукүлдің дауысы оны ұйқысынан оятқандай болды.

Осы кезде есіктің алдында дыбысын шығаруға да «қорқып» отырған, мойны ырғайдай, биті торғайдай болған Жұмағалидың алдына бұршақ ораған орамалы да шіріп түскен еді.

Сағымдығы киік Көліктің басы ен далаға бұрылғаны да сол еді, алдымызды бір топ киік зулай қиып өте шықты. Қапелімде сасып қалған біз әп - сәтте - ақ есімізді жидық.

- Қу, бас газды, - дедім рульде отырған Қуатқа. - Жолымыз болатын болды. Мына тобырымен жүрген мақұлықтарды бүгін атпасақ елге күлкі болармыз. Ал кеттік, - дедім екі алақанымды ысқылап, мылтығымды оңтайлай бастадым.

«Құланның қасуына, мылтықтың басуы» демекші Қуаттың да екі көзі жайнап кетті. Алдымызға түсіп алған еліктер де бөкселері бүлкілдеп көзіміздің жауын алып барады. Кесе көлденең алдымыздан біресе былай, біресе олай ойнақтап тұрып қашады. Өз обалдары өзіне, атаңның аузын ұрайын, аңшының алдын кесіп өту бұлардың серті дейді. Қайдам, оны кімнің қалай шығарып жүргенін, бірақ мылтығын шошаңдатып, екі өкпесін аузына тығатын аңшылардың алдынан неге кесе көлденең өтуі керек, соны түсінбеймін. Ей, қойшы. Қазір оны ойлап жататын мұрша жоқ. Делебеңді қоздырып, дегбіріңді қашырған ақбөкендерді аулап, құмарымызды бір басу. Бізді әкетіп бара жатқан қу қызбалық, әйтпесе солардың етін жейін деп жатқан біз жоқ. Қуатты қайдам, өз басым соларды атып алғанға мәзбін. Кейде келіншегім:

- Сабырхан, сен осы киік қуғаныңды қоясың ба жоқ па, кесірің мына қызыңа тиіп жүрмесін. Қалай сен аң аулауға шығасың, Зәуренің мазасы кетіп, түнімен жылап шығады. Үлкендер айтушы еді, ақбөкеңнің киесі бар деп, қойсаңшы, осы әуесіңді, - дегеніне дес бермеймін. Аңсарым ауады да тұрады. Қолым қалт етсе болды, мылтығымды құшақтап үйден шығып кете беремін. Содан екі күн, бір түн дегенде екі езуім екі құлағымда, үйіме келіп төсегіме құлаймын. Қанжығамыздағыны бірде жуамыз, бірде таратамыз. Әйтеуір, құр алақан келмейміз.

...Содан, еліктерді қуу басталды да кетті. Бабындамын ғой деймін, атқан оғым қалт кетіп жатқан жоқ сияқты. Омақаса құлаған немесе домалап түскен киікті көрген сайын айызым қанып, делебем қозып барады.

- Сабыр, әкелші бір мезгіл мен де атайыншы, мә рөлді алшы, - деген Қуаттың дауысын естімегендеймін. Қалай естиін, дәл алдымнан киіктің нән текесі шыға келмесі бар ма?! Тү-у, мүйізінің қайқайып «ал, атып алып көрші» дегендей, ой бір ойқастап кетіп барады - ау жарықтық.

- Дәл сені алмасам Сабырхан атым құрысын, кәне көрейік, кімді кім алады екен. Қуат, бас газды, бас, кетіп қалады, бас, - деп айқайладым да дәлдеп тұрып шүріппені басып қалдым. Гүрс еткен мылтық даусын естідім, одан арғысын білмеймін. Біреу бүйрегімнен біз сұғып алғандай болды. Ауырғаны сонша көзімді жалма жан ашып қалсам, о, сұмдық - ай, деп алдымда жаңағы мүйізі қарағайдай ақбөкен үстімнен төніп тұр. Бүйіріме кірді деген біз соның мүйізінің ұшы екен. Көзімді ашқаным да сол екен, тағы перді. Ыңқ еттім. Жалма - жан тұрайын деп қозғала берген едім, мүйізбен тағы перді. Бұл жолы қаттырақ кірді - ау деймін. Жаным көзіме көрінгендей болды. Жан -жағыма қарағандай болдым. Қуат қайда, мылтық қайда. Мені мына сұмдықтан арашалап алмай қайда кетті?!

Айқайлайын деп ем аузым кеуіп қалыпты. Жұтынуға түкірігім жоқ, керенем кеуіп қалған сияқты. Әрбір қимылымды қалт жібермей Мүйіздің тұрысы мынау. Өлген жерім осы шығар. Барған сайын қол аяғым ауырлап матап тастағандай қимылым қиындап барады. Оның үстіне қимылдасам болды... Ойбай, біреуі аздай екінші жағымнан тағы біреуі келіп алдыңғы аяғымен келіп басымнан бір теппесі бар ма?! Көзім жарқ еткендей болды. Есеңгіреп кеттім білем, қанша жатқанымды құдай білсін. Есімді жиып ақырын ғана көзімді жартылай ашқандай болам. Сондағым, жаңағы пәлекеттер кетті ме, кетпеді ме, соны аңдамақпын. Абайсызда тағы қозғалып қалдым - ау деймін, бүйірімнен біз тағы келіп шаншылды. Енді шынымен өлген жерім осы болар, неде болса, жағаласпай беріспейін. Не оның қарағайдай мүйізін сындырайын, не болмаса ең құрмаса арпалысып өлейін. Жо - жоқ, өліспей беріспеймін. Шап беріп мүйізден ұстай бергенім сол еді, ол да менің әрбір қимылымды аңдып тұрған жоқ па, қарағайдай мүйізіне іліп алды да аспандатып бірақ көтерді де жерге бүлк еткізді.

- Апа-а-а. Өз дауысымнан өзім шошып оянғаным. Қара терге малшыныппын. Аузым құрғап қалған. Басым мәңгіріп, мең-зең, дел-сал болып отырғанымда:

- Немене, жыныңмен арпалыстың ба, өз иығыңды өзің жұлып жеп немене айқайлап жатырсың? Тұр, құрт аналардың көзін. Зәуренің ыстығы көтеріліп, сандырақтап жатыр, - деген Маржанның ышқынған дауысынан жаңағы мең -зең күйімнен түк қалмағандай ұшып тұрдым. Енді есіме бірдеңе түсейін деген сияқты.

...Кеше Қуат екеуіміз әдеттегідей аңға шыққанбыз. Қолымыз әбден қанға да боялды, қанжығамыз да әжептәуір майланды. Әйтеуір оңды - солды аттық - ай кеп. Алғанын алдық, ала алмағанымыз қалды сол далада ит -құсқа жем болып. Соған масайраған біз әбден табысымызды әй кеп «жуайық». Жерден жеті қоян тауып алғандай қағанағамыз қарқ, сағанамыз сарқ боп келіп, аулаға кірер кірместен:

- Маржан, Марго, жаным, мә, - деп ықылық атып тұрып үйге әкелгендерімді бұрқ етіп тастай салғаным есімде. Ішінде мүйізі қарағайдай текесі де бар. Әдейі алып келдім. Көрші - қолаңға, анау оқымысты сымақ Дарханға көрсетіп мақтанбақпын. Маржанның «құры бар, құрт мыналардың көзін балаларды шошытпай, Зәурежан көрмесін, - деген айқайына кұлақ аспай аулада тұрған сәкінің үстіне бұрқ құлағаным есімде, одан соңғысын білмеймін. Сол ұйықтағанда ыңғайсыз жаттым ба, әлде Маржанның айқайы, аңға шығар алдында айтқандары есімде еміс - еміс қалды ма білмеймін, әйтеуір түсімде текенің мүйізіне ілініп, аузым қанға толып, жайсыз күйге түскен болуым керек. Дөңбекшіп жатып астымдағы көрпеме тұмшаланып қалыппын. Қимылдатпай қол аяғымның маталып қалғаны сол екен. Мүйізі бүйіріме кірді дегенім, кұрғыр балам велосипедінің сымын сол жерге тастай салған екен, біздей қадалып жатқаны соның ұшы. Ал енді басымнан бір тепті дегенім бұлқынғанда басымды сәкінің жанында өсіп тұрған терекке соқсам керек. Ең қызығы - жерге бұрқ етіп алып ұрды дегенім сәкіден оңбай ұшып түсіппін. Сөйтіп, «апалаған» өз даусымнан өзім шошып оянғаным.

Маржанның айқайы тағы естілді.

- Немене, есің ауып қалған ба, әлде арағыңнан басың жазылмай отыр ма?! Бол, тұр, қызыңнан айырылғың келмесе, құрт аналарды.

Ойпырым - ай, жаңа түсімде аузыма қан толып кетіп еді, қызым бір нәрсеге ұшырап қалмаса игі еді. Жалма - жан есік алдында қаны ағып, көздері мөлиіп жатқан ақбөкендерді көргенде аяушылык сезім енді пайда болғандай бойымды үрей биледі. Қасына барайын десем, аяқ - қолым дірілдеп жақындай алатын емеспін. Қазір шынымен мені мүйізіне іліп алатын сияқты. Сасқанымнан ұлымды шақырдым.

- Қанат, а, Қанат.

Абырой болғанда үлкен ұлым үйде екен.

- Қанатжан, - даусым да жұмсарып қалғандай ма қалай, әлде жалынышты ма, - анау ақбөкендерді көршілерге таратып жіберші. Өзімізге қалдырмай -ақ қой.

Әйелім де, ұлым да аңтарылып қалыпты. Оларға түсім жайлы ештеңе айтпадым. Не дейін?! Аян берді десем күлкіге ұшырайтыным хақ. Сөйтіп ештеңе айтпай - ақ қояйын деп бекіген менің аң аулау хикаям сонымен осылай бітті.

Тоқалдың «Әлегі»

Түн ортасы, ауа аяғынан зорға тұрған Бердіқұл есік ашқан әйелі Үмітке де қарамастан, сырт киімімен бірден жатын бөлмеге тәлтіректеп барып өтті. Шешінейін деп еді шамасы келмеді, құлап барып қайта тұрды. Оған көмектесейін деген әйелін қолымен бір сырып тастап шалбарын шешпек болып, аяғын көтере беріп еді, омақаса құлады. «Бір жерін көгертіп алмады ма» деген үреймен оны қолтығынан сүйей берген әйелін, тағы да итеріп жіберіп тілі күрмеле:

- Маған жаны ашитын бауырларым бар екен, ертең маған тоқал алып беретін болды олар, - деді де төсекке гүрс құлады. Бұл әңгіменің кімнен, қай жақтан шыққанын сезетін Үміт үндемеді де, ашуланбады да. Бір жағынан оған өзі де таңқалды. Бірақ қазір ашулан не, ашуланба не оны біліп жатқан Бердекең жоқ, қорылы үйді басына көтерді.

Ертесіне жұмысқа бара салысымен Үміт өзінің топшылауы бойынша алдымен Сүйіндікке телефон соқты.

- Иә, кеше қалай барып қайттыңдар ауданға? Сен шаршамаған сыңайлысың, жұмыста отырсың ғой, - деді жайбарақат дауыспен.

- Жақсы, бәрі жақсы, бірақ ақаңды біраз басыңқырап жіберіппіз, сол болмаса. Сүйіндік ойында ештеңе жоқ, саңқылдап отыр.

- Бәсе, соның екпіні екен ғой, жақсы іс бастамақ ойларың бар екен, Бекеңе Тектібай екеуің тоқал алып бермекші екенсіңдер, алдарыңнан жарылқасын менің көмегім қажет емес пе, - деді дауысындағы ырғақты өзгертпестен.

- Ойбай, ол мен емес, Тектібай ғой оны шығарып жүрген, - деп жылдам телефон тұтқасын қоя салды.

Үміт енді Тектібайға телефон соқты. Жаңағы әңгіме қайта қайталанды.

- Өй, ол әңгімені бастап жүрген мен емес, ол Сүйіндіктен шықты, ауыл соныкі ғой. Ол да айтар - айтпастан телефон тұтқасын қоя салды.

Әліптің артын бақпақшы болып Үміт күйеуін мазаламады. Түскі демалысқа үйге келсе Бердіқұл әлі тұрмапты. Яғни, жағдайы мәз емес. Мұндайда Бердіқұлдың бірінші емі ащы борш. Бір жаққа Бекең жолға шықты десе болды Үміт осы асты айтқызбай - ақ дайындай береді. «Аттың сыры иесіне мәлім» демекші оның қандай күйде келетінін Үміт отыз жеті жылдың ішінде әбден біліп алған. Тамақтың исі шықты ма, әлде өзі де тұрайын деді ме, жуынып - таранып Бердіқұл үстөл басына келді. «Бас жаз» дегендей Үміт үн - түнсіз бір шөлмек пен стақанды борщпен бірге алдына қойды.

- Ішпеймін, - деп кері ысырды ол.

- Не тоқал алуға дайындалып отырсың ба?

- Тоқалы несі?!

Бердіқұлдың көзі шарасынан шықты. Үміт оны «сырымды біліп қойды - ау» деп қорыққанынан деп ұқты.

- Е, кеше түнде келіп «Сүйіндік пен Тектібай маған жаны ашиды, тоқал алып береді, біреуі тойымды жасайды, біреуі қалың малын төлейтін болды» деп сүйінші сұраған жоқпа едің. Бүгін олармен сөйлесіп ем екеуі де ат тонын ала қашты, бір - біріне жауып жатыр. «Сенген қойым сен болсаң...» деген екен бір сен сияқты бейбақ. Енді олармен өзің сөйлесерсің, уәделерінен тайып кетпесін, ал менің көмегім керек болса айтарсың, - деді бетіне тікелей қарап.

- Ей, қойшы, сен де қай - қайдағыны соғып, кім алайын деп жатыр екен тоқалды, бос сөзді қой, онан да тамағыңды әкел, жұмысқа барамын, - деді қабағын түйе.

Бұл күнгі әңгіме осымен біткен болатын. Бірақ Үміттің күні бойы ойынан түндегі әңгіме шықпай қойды. Осындай әңгімені кейінгі кезде Бердіқұл жиі айтатын болды. Түнеу кезде бір үйде қонақта отырғанда дастархан басында бірге отырған бір жас жұбайлар елдің көзінше шекісіп қалды. Танымайтын ересектердің ортасында оған екеуі де онша қысылмады.

- Қарақтарым не болды, - деді жылы жүзбен оларға қарап Үміт. Сол - ақ екен, жас келіншек тығынша атылып күйеуіне ала көзбен қарады да:

- Мынау... бір келіншекпен жүріп..., соны ұстап алдым бүгін, - деп еді жанарына әп - сәтте - ақ жас үйіріле қалды. Үстөл басындағылар абдырап тым - тырыс болды.

- Ештеңе етпес, айналайын. Жігіт шағында ойнап - күлейін деген шығар, әлі - ақ ол әуестігі басылады, ешқайда кетпес, оған бола жасымай - ақ қой, -деп басу айтып еді келіншек бірден сабасына түсе қалды. Сөйтті де неге екені белгісіз күліп жіберді. Күйеуінің де бетінде қан ойнағандай Үмітке ризашылықпен қарады. Басқалары да мойындарынан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалды. Осы бір орнына түсе берген жәйтті Бердіқұл бұзды.

- Осы ақылың менің қырық жасымда қайда қалды, сонда көрсетпедің бе бұл кеңпейілдігіңді, - демесі бар ма?!

- «Қырықта еркек қылық шығарады» демекші, сенен бірақ ондайды байқай қоймадым ғой, айтпадың ба өзің, сол кезде айтатын едім ғой айтатынымды, енді кеш, жаным, - деді Үміт те саспай. Отырғандар ду күлді. Осы кезде дастарқанға ыстық тамақ келінді де, әңгіме ауаны бұзылып кетті.

Одан бірде өз - өзінен түскі тамақ кезінде «Мен енді жұмысқа үтік апарып қоямын, киімімді секретаршыма үтіктетемін», - демесі бар ма.

- Ой, тіпті жақсы, - деді Үміт те. Өмірде не жеккөрсе, ол киім үтіктеу болатын. Ашуланбақ түгілі қайта қуанып кетті. Оның бұл қылығына таңданған Бердіқұл, неге екені белгісіз, әңгімені доғара қойды, бірақ үтігін де жұмысқа апармады.

Бір мекеменің басшысы Бердіқұл қызмет бабында тікелей Астанаға бағынады. Бірде «Ертең министерстводан бес - алты адам келетін болды, екі облысты тексереді, мен бірақ күн солармен жүретін болдым», - деді. «Дайындалайын ба» дегеніне «керегі жоқ, аудандар күтетін болды» деген соң Үміт те алаңсыз жұмысына кете берген. Қалта телефоны шыр ете қалды. Бердіқұл екен. «Астаналықтар үйге соғатын болды, тезірек шық, мен есіктің алдында күтіп тұрмын» деп қысқа қайырды. Шағын мекемені басқарып отырған Үміт те өз билігі өзінде болған соң тездетіп сыртқа шықты. Шынында да Бердіқұл сыртта күтіп тұр екен. Жанында өзі айтпақшы «секретаршысы». Шынтуайтқа келгенде бұрынғы әңгіме Үміттің ол жерде есіне де келмеді, бар ойы қонақтарға тез арада ас дайындап үлгеруі еді. Сондықтан Бибішті көргенде шынымен де қуанып кетті.

- Беке, онда маған Бибіш көмектесе қойсын рұқсат берсең,- деді.

- Мейлі, бірақ менің басқа киімдерімді дайындашы, мынау жол жүргенге ыңғайсыздау, - деп үстіне қарады, сөйтті де екеуін зыр еткізіп үйге жеткізе салып, өзі астаналықтарды әуежайдан күтіп алуға кетті.

Үйге кіре бере Үміт Бибішке:

- Сен онда Бекеңнің киімдерін үтіктеп жібер, асхана жаққа мен өзім - ақ барайын, бәрібір сен ол жақта өзіңді ыңғайсыз сезінесің, біреудің кухнясында тамақ дайындау оңай емес, - деді шын ниетімен. Оның үстіне Бибіштің аспаздық шеберлігін де білмейді қонақтардың алдында ұятқа қалып жүрсе.

- Әпке, мен ерлердің киімін өтектей алмаймын, - деп Бибіші қарап тұр.

- Қояр, өтектей алмаймыны несі, сонда күйеуіңнің киімдерін кім үтіктейді?! Үміт оған таңдана қарады.

- Менің күйеуім жоқ қой.

Үміттің төбесінен жәй түскендей болды. Сасқанынан:

- Қой, оның не қиындығы бар, өтектей бер, - деп қолына Бердіқұлдың киімдерін ұстатты да өзі асханаға қарай кетті. Содан не керек, қонақтар келгенше бұл да тамағын әзірлеп үлгерді. Бибіш үтіктеп Бердіқұлдың киімдерін қаттап салып беріп шығарып салды. Екі күн өткенде Бердіқұл да келді. Есіктен кірер – кірместен:

- ...твою мать. Шалбарымды неғып үтіктегенсің?» - деп мұның бетіне қарай лақтырып жібергені.

- Неғып дегені несі екен, не боп қапты, оны мен емес секретаршаң үтіктеген.

Бердіқұл ашудан тұтығып сөйлей алмай тұр еді, мынаны естігенде сылқ етіп отыра кетті. Ойында ештеңе жоқ Үміт киімдерді ашып көрсе мәссаған, шалбардың екі қыры екі жанында пышақтың қырындай қатып тұр. Мұны көрген Үміт ал келіп күлсін, өзін тоқтата алар емес. «Сұрағанға береген» демекші «секретаршасына үтіктетем» деп жүрген Бердіқұлдын «арманы» сонымен біткендей болып еді, енді қайта баяғы әуеніне басып енді «тоқал аламын» дегенді шығарды. Жаңбырбайдың туған күніне араласып жүрген жолдастардың бәрі тайлы таяғымен жиналды. Ырду - дырду әңгіме, зілсіз қалжыңдар,бастарынан өткен қызық оқиғаларды әңгімелеп біраз жерге барып  қалған шақта, қайдан есіне түскенін қайдам, Жаңбырбайдың әйелі Гүлнұр аспаннан түскендей:

- Әй, осы Бердіқұлға қалай тоқал әперейін деп жүрсіңдер, - деп қойып қалмасы бар ма? Отырғандардың гуілі сап тиылды.

- Сен оны қайдан білесің? Үміт Гүлнұрға жалт қарады.

- Қойшы, ол әңгімені кім білмейді дейсің?! Осы отырғандардың бәрі біледі. Бірақ өз ауыздарыңнан естиік дегенім ғой.

Гүлнұр бұл әңгімені жәйдан - жәй бастаған жоқ. Ол біреуін «қатырайын» деп отыр. Гүлнұрдың бір беткей, айтса ойып айтатын мінезін білетін жолдастары одан кейде кәдімгідей тайсақтап жүреді. Бұл жолы да бомба жарылғандай болды.

- Е, онда расында дұрыстап айтыңдаршы, әйтпесе Бердіқұл бірдеңенің басын шалды да, ар жағын жоқ қылды. Онда төрт көзіміз түгел отырғанда әңгіменің басын ашып алайық, кім той өткізеді, кім қалың малын төлейді, кім өлтірісін апарып, кім айттыруға барады?

Үміт жан - жағына жымиа қарады. Түрінде ашудың ешбір белгісі жоқ, қайта осы іске бел шеше кірісетін сыңай танытып отырған сияқты. Оның «бейкүнә» түрін көргендер енді дуылдасып «шынында да айтыңдаршы, ол не әңгіме, біз де естиік те» деп өзгеріп шыға келді.

- Әй, Тектібай, Сүйіндік, не ауыздарыңды буып қойғандай, айтсаңдаршы, сендер ғой инициаторлар, - деп Гүлнұр екеуіне шүйлікті. - Бүгін айтқызбай қоймаймыз, солай ма?! Ол бәріне күле қарады.

- И-и, қойыңдаршы, мастықпен не болмайды дейсің. Әншейін қалжың ғой, - деп екеуі бұлтарып көрейін деп еді. Оларынан түк шықпады.

- Қойыңдар, «жел болмаса шөптің басы қимылдамайды», елдің бәрі біледі бұл әңгімені, айта қойыңдар.

Бердіқұлда үн жоқ. Сүттің бетін жалаған ұры мысықтай мойны ішіне кіріп кетіпті. Оны көрген Үміттің тағы күлкісі келмесі бар ма? Кейде бір осындайда сайтан күлкі қысатыны бар мұны. Бұл жолы да күлкісін тия алмады. Оның бұл көңіл - күйін көрген қалғандары онан сайын көрікті қыздыра түсті. Айтпастарына қояр емес. Сөйтсе, әңгіме былай болған. Бердіқұл, Сүйіндік, Тектібай үшеуі әкімшіліктің тапсырмасымен ауданға іссапарға шықпай ма?! Әдетте облыс орталығынан келгендерді аудандағылар қонақ қып сыйлап күтетін үрдіс баяғыдан бар. Бұл жолы да сол әдеттен аспаған аудандықтар үшеуін «жақсылап тұрып» сыйлап жібереді. Жол - жөнекей Тектібайдың ауылына соғып, ол жерде ішіс одан әрі жалғасын тапқан. Қызды - қыздыға келгенде қайсысы екені белгісіз (белгісіз бе кім білсін, енді өлсе мойнына ала қояр) Бердіқұлға тоқал әпермекші болады ғой.

- Осы ауылда бір кәрі қыз бар. Кәрі қыз демесең сыры да, сыны да кетпеген. Өзі сауатты, кітапханада жұмыс істейді, соған құда түсейік, - дейді Тектібай.

Әбден «тойып» алған Сырдың суы сирағынан келіп отырған Бердіқұл көне кетеді. Сонымен үшеуі кітапхана қайдасың деп тартып кетене ме?! Бірақ жол - жөнекей Сүйіндіктің ойына бірдеңе түсіп «оу, құр қол қалай барамыз, сырға ма, жүзік пе бірдеңе алмаймыз ба» дейді тілі күрмеліп. «Аламыз» дейді ана екеуі. Сөйтіп, үшеуі салып - ұрып ауылдағы азық - түлік жалғыз дүкенге келмей ме, келеді де сақина сұрайды. Облыс орталығынан келіп тұрған жерлес ағасын көрген сатушы келіншек сыпайы ғана «сақина жоқ, мүмкін кәмпит аларсыздар» дейді. Бұлар тек сақина керек екенін, қалай болса да тауып беруін сұрайды. «Біз құда түсуге бара жатырмыз» дейді мақтанышпен. Сонымен не керек, сақина да, сырға да таппаған үшеуі кітапханаға қарай қайта жол тартады. Бұл Құдайдың құдыреті, қырсықты көрмейсіз бе, кітапхана жабық, кітапханашы қыз облыс орталығына жаңа кітаптар әкелуге кетіпті. Сонымен құда түсудің жолы болмаса да үшеуі «тоқалды» әбден жумай ма, сөйтіп біреуі той қамын, біреуі қалың мал мәселесін мойындарына алып үйлеріне тарқасады ғой. Бердіқұлдың әйеліне келіп сандырақтап жүргені сол екен. Бірақ бұл әңгіме ел ішіне қалай тарап кеткен, бір Құдайдың өзі білсін.

Гүлнұр әңгіме біткен соң орнынан асықпай тұрды да:

- Әй, Тектібай, Сүйіндік, сендерді де Бердіқұл дос деп жүр - ау осы, дос болмай кеткірлер. Біріншіден, ауыздарыңда сөз тұрмайтын осыларға сеніп жүрген сен де есектің миын жеген екенсің Беке, екіншіден, бұлардың неменеге емешегі үзіліп саған тоқал әпергісі келіп қалыпты. Өздері алмай ма алғысы кеп бара жатса алдымен. Қатира, Бағлан, ана байларыңмен жақсылап үйге барғаннан соң сөйлесіңдер, өздерінің ойында болғанымен, қолдарынан түк те келмеген екеуі Бердіқұлды арандатпақшы ғой. Қараңдаршы, бұл әңгімені үшеуі ғана білуі керек еді, қазір қай үйге қонаққа барсаң, айтатын әңгімелері осы. Ауыздарында сөз тұрмайтын жеңіл ауыз қатындар сияқты сендерді де еркек дейді - ау осы, - деп Гүлнұр екеуіне қайта шүйлікті. Ана екеуі бағанадан бері жарыса мақтанып әңгімені гөй -гөйлетіп отырған, енді жым болды. Өйткені екеуінің де әйелдерінің түрлері сұрланып шыға келіп еді. Таяқтың ұшы айналып келіп өздеріне тиейін деп тұрғанын екеуі де жақсы білді. Айтып айтпай не керек, отырыстың мәні кетті. Алдымен әрнәрсені сылтауратып Тектібай әйелін ала жөнелді, оның соңын алып Сүйіндік кетті.

- Тоқалшылын бұлардың, енді ертең көрермін әуселелеріңді, - деп Гүлнұр күйеуіне алара қарады, түрінде «қалай екен» дегендей масаттану бар. Онсыз да жуас Жаңбырбайда дыбыс жоқ. Құдды бәрін сол бүлдіргендей әйеліне жәутең - жәутең етеді. Қонақтардың соңын ала Үміт пен Бердіқұл шықты. Екеуі де үнсіз. Үміт өз ойымен әлек, Бердіқұл болса ұрыс шығып кете ме деп ол өз ойымен әлек.

Ертеңіне Үміт жұмысынан онкүнге еңбек демалысын алды. Ойы оңашада бола тұрып демалмақ, әрі Бердікұлды сынайын деді. Сөйтті де жалғыз сіңілісіне қарай Алматыға тартты. Кетерінде жәй кеткен жоқ. Бердіқұлға хат жазып кетті. «Беке, қарап отырсам екеуіміз отыз жеті жыл бірге өмір сүріппіз, ұл ұяға, қыз қияға кетті. Енді немере сүйер шақта сенің тоқал алам дегенің, шынымды айтсам, жаныма батты. Бірақ ойыңды іске асыруға да кедергі болғым келмеді. Қайтейін, тағдырдың салғаны осы шығар. Бұл дүниеде күйеуі тастап кетіп жатқан мен бірінші де, соңғы да әйел емес шығармын. Мен кеттім. Барған жерімде орналасып болғаннан соң айырылысуға сотқа арызымды беремін ал әзірге мені мазалама». Қолы мен күнін көрсетіп хатты Бердіқұлдың бірден көзі түсетін жерге қойды. Алматыға Үміт жетер жетпестен қалта телефоны шылдырлай бастады, яғни Бердіқұл хатты оқыды. Үміт телефонына қарады, ойлағандай - ақ Бердіқұл екен. Алмады. Оның қайта - қайта шылдырлата беретінін біліп, телефонды «дыбыссыз» жүйеге қойды. Не керек Алматыға жеткенше Бердіқұл он тоғыз рет телефон соқты. Үміт бір де біреуіне жауап бермеді. Күндегі әдет солай болды. Бердіқұл телефон соғады, Үміт алмайды. Бердіқұл енді телефон арқылы хат жолдай бастады. «Ол әшейін қалжың еді, ойын еді, мас едік» деген «түсініктемелердің» соңы «тірі өлік болып жүрмін, қайдағы тоқал осы жасқа келгенде. Кешір мені, қайтшы үйге» дегенін оқығанда Үміт ақырын езу тартты. «Қалжыңдасаң да ойланып қалжыңда» дейді онымен іштей сөйлесіп. Арада бес күн өткенде Үміттің телефонына белгісіз біреу қоңырау шалды. Таңданса да телефон тұтқасын басқанда естігені:

- Үміт Бердешевна, сіздің күйеуіңіз Бердіқұл Сұраншиев инфаркпен бүгін қалалық аурухананың реанимация бөліміне түсті. Халі ауыр, - дегенде Үміттің қолынан телефон түсіп кетті. Сол күні - ақ ұшаққа мініп, үйіне қарай құстай ұшты.

Ұлағат Бет аузы көк ала қойдай қанталап, домбығып кеткен қызы аяғына ескі бір шәркейді сүйретіп есіктен кіріп келгенде көрші келіншектен арқа - жарқа боп шәй ішіп отырған Әсияның күлкісі сап тыйылды. Әшейінде көтере алмайтын ауыр денесі жерге одан сайын жабысып қалғандай, не дерін білмей отырды да қалды...

- Мама, - деп өкіре жылаған қызы шешесінің бауырына тығыла бергені сол еді әлгіндегі қалпынан тез есін жинаған Әсия:

- Жоғал бар, о несі ей, өл де бара қал, албасты, ие бетіңмен келіп тұрсың, сені мен бе байға берген?! Өзің емес не жастайыңнан қағынған, бар енді, таяқ жемесең онан әрі, шық кет, - деп қызын өңірінен итеріп кеп жіберді. Құлап бара жатып қайта тұрған қызына, шешесінің сыры мәлім еді, ләм -мим деместен бұрылып есіктен шығып кете берді.

Мұны көрген Үміттің төбе шашы тік тұрды.

- Мұныңыз не, тәте, ең болмаса басынан сипап, бетінің қанын жуып аяушылық білдірмедіңіз бе? Жас емес пе әлі? - дей бергені сол еді, Әсия ашуын енді Үміттен алардай:

- Тыныш отыр жайыңа. Мен не жетісіп отыр дейсің бе? Осы отырғанымда қан сиып отырған жоқпын ба, бауырым езілердей болып отырсам. Қазір мен оны бір рет аяп, басынан сипап құшағыма алсам, байынан таяқ жеген сайын өстіп маңырап келеді де тұрады. Не сонда мен ол келген сайын басынан синап отырайын ба? Мектеп бітірмей жатып оған күйеуге ти деген әлде мен бе, - деп таусыла сөйледі. Мұны естіген Үміт есікке беттеді. Мұндайда қайдағы шәй, қайдағы күлкі?!

Әсия тәте мен Айтбек аға Үміттердің балкондас көршілері. Жас алшақтығына қарамастан жақсы араласып, екі күннің бірінде біресе ол үйде, біресе екінші үйде шәй ішіп, тонның ішкі бауындай араласып кетіп еді. Кейде бұлар «баруымыз тым жиілдеп кетті» деп ыңғайсызданып бармай қалса Айтбек аға жаз болса балконның ашық тұрған есігінен басын қылтитып, қыс болса телефон арқылы болар да болмай шақырып алатын. Кейде тіпті бұлардың балалары жылап жатса, тағы сол балкон арқылы:

- Әй, ана күшіктерді бері әкеліңдер, мазаларыңды алып жатыр ма, - деп тағы да қояр да қоймай сол жерде тұрып - ақ баланы көтеріп алатын. Мұны көрген Әсия тәте әдеттегі адуын мінезімен:

- Осыдан бала қолдарыңнан шығып кетсін, күлкілеріңді тыя алмай қаларсыңдар, - деп айқайына басса Айтбек аға «айқайлай бер» деген сыңаймен баланы мойнына салып ап есіктен шығып кете беруші еді. Сондықтан да Сәулені қолдан ұзатқанда Үміт пен Ақылбек бар жақсылықтарының ортасында болды. Жалғыз бұлар емес - ау бүкіл он тоғызыншы үйдің тұрғындары екі күн ойын-тойына қатысты. Күйеу жігіт те осы үйдің келесі подъезінде тұрғандықтан кім қай жақтан келіп жатыр, онымен ешкімнің ісі болған жоқ, қазақ - орысы, татары, немісі бар бәрі бірдей тойдың ортасында жүрді. Әсия мен Айтбектің екеуі де сауда қызметкерлері болғандықтан қыздың жасауын көздің жауын алатындай етіп жасады. Көрпенің бәрі таза матадан қолдан тігіліп, тіпті сырмақа дейін дайындалды, ал қолға түсе бермейтін ыдыстың, хрустальдің не бір атасы болды. Сөйткен тойдың арты қол жұмсауға жалғасқаны ма?! Ыстық суығы басылмай жатып, араға небәрі екі ай ғана салып жас келіншегін осынша сабап тастағаны Үміттің жанына батты.

Еліктің лағындай ғана Сәуле оныншы классты бітірер бітірместен «аяғы ауырлап қалып» амалсыздан болса да ырғалтып - жырғалтып көрші үйге ұзатылып еді. Әшейінде адуындау, мақтаншақтығы да жоқ емес Әсия салт дәстүр жолымен барлық жоралғысын жасағанда орыстардың арасында өскен Үміт ұлттық небір дәстүрлерді көріп таңқалған, «қанша тәрбиелік мәні бар, қанша ұлағаты бар» деп таңданысын жасыра алмай әбден қызыққан еді. Келесі күні кешкісін жұмыстан келген Үміт үйіне кірер - кірместен Әсия тәтесінің өзінің атын атап шақырып жатқанын естіп балконның есігін ашты.

- Әй, орыс, - деді салған жерден ол. Үмітті атын атамай үнемі орыс дейді, «бұлай деп шақырып жатса яғни көңіл - күйі жақсы» деп бірден топшылады Үміт.

- Дереу киіміңді ауыстыр да тез кел, қазанға ет салып қойғам, ендігі пісіп те қалды. Ақылбекке де звонда, дереу бірден осында келсін. Қазір саған не әкелгенімді көрсетемін, - деп бұл аузын ашып үлгергенше ішке кірді де кетті. Үміт амалсыз Ақылбекке телефон соқты. Көрші үйдің шақырып жатқанын жеткізді.

- Сен қызықсың, немене күнде бара береміз бе, әлде үйде тамақ істеуге ерініп тұрсың ба,- деп ол реніш білдірді. Орынсыз жерде өзіне сөз тигені Үміттің де шымбайына батып барады, дегенмен;

- Өзің білесің ғой ағатай мен тәте айтса болды ырқымызға жібермейтінін. Оның үстіне бірдеңе алған ғой деймін, «қазір көресің» деп өзі үйіне кіріп кетті, - деді ақтала Үміт. Ақылбек те біледі, олар екі айтпайды, келмесіңе тағы қоймайды. Оның үстіне тәтенің мақтаншақтау мінезі бар, дефицит бірдеңе алып келсе міндетті түрде сол үйде ет асылып, ол дүние «жуылады».

Бірде Үмітке таныстықпен сол кезде әркімнің бір қолына түсе бермейтін тон алып берді. Алдымен Әсия тәте қуанды, бірақ ол Үміт үшін бе, әлде өзінің «мығымдығына» масаттанғаны ма, ол жағы белгісіз, әйтеуір тон көрші - қолаң мен үш күн жуылған шығар. Қызып алған Әсекең: «кімнің арқасы ол» деп қайта - қайта сұрайды. Мейлі мақтанса мақтана берсін, бірақ екі ортада Үміттің қолы тонға жеткені рас. Есіктен кірген олардың алдында Әсия тәте тұр еді. Қолында ақшанқай босоножки. «Чешский» деді, «Сәулеге алдым». Ал жумай көрсін! Бір күні балконға кір жайып шыққан Үмітті күтіп тұрғандай Әсия тәтесі де шыға қалды. Әрнәрсені бір айтып тұрған Үміт бір кез еңкейіп кірді алып басын көтерсе Әсия зым - зия жоқ. «Мына кісіні шайтан алып кетті ме» деп жан - жағына қарағаны да сол еді, таранып - жасанып келе жатқан көрші әрі құдағи Сәуленің енесі Сәнімжанды көрді. Көргені былай тұрсын көзіне «чешские» деген ақ босоножки оттай басылды.

- Құлпырып кетіпсіз ғой, босоножкиіңіз құтты болсын, - деді бұл да қарап тұрмай.

- Ә - ә, рахмет, - деп ол да жымиғансып өте шықты.

- Сенің де аузың жыбырлап тыныш тұрмайды екенсің, нең бар босоножкиінде?

Әсия қалай жоғалса, солай пайда болды.

- Қайын сіңілілері киімін киіп алуы аздай, енді енесі киетін болған ба? Үміт тап бір өзінің қызының киімін киіп алғандай кіжінді. Әсия қолын бір сермеген күйі қайта ішке кіріп кетті. Мұнысын Үміт «қойшы енді»» дегені ме, әлде құдағиының ісіне налығаны ма, түсінбеді.

Бір балалы болса да Сәуленің таяқ жеуі тоқтамады. «Сіз айтпасаңыз мен айтамын» деп оқталған Үмітті Әсия «жыбырламай жайыңа отыр» деп тиып тастады, Үміт оған ренжіген жоқ, бірақ онын салқын қандығы мен сабырлығына қайран қалды. Бірдеңе демек тұрмақ бар сәнімен жиенінің бесігін апарды. Үстөл басында Айтбек ағатай да, Әсия тәте де арқа - жарқа, тіпті түк болмағандай. Дегенмен, құда жақтың қысылғандай түрі бар. Күйеу бала мүлдем көрінбеді. «Осымен кикілжің біткен шығар» деп үміттенді Үміт. Алайда олай болмай шықты. Әсия аяқ астынан Үмітті тағы шақыртты. Кеше кешкісін қоқыс шығаруға шыққан қызының, дал - дала болып есіктің алдында жылап тұрған түрін тағы көрген. «Қашанғы шыдайсыз, бұл не масқара басынғандық. Сіздер үндемеген сайын басқа шығып барады ғой, Сәрсенбекті он бес сөткеге бір қаматып алайын ба» деп қызметін салған Үмітті бет әжімдері жиырылып, қара бұлттай түнеріп отырса да Әсия сабасына түсірді. Шөккен тастай қозғалмаған қалпы:

- Ашу тасыған дария сияқты, бұл екпінмен жарды бұзып алмайық. Уақыт емші, сондықтан ашудың қарқыны да бәсеңдер. Сонанғысын тағы көре жатармыз, сенен ақыл сұрайын деп шақырған жоқпын, ішімдегі мұңымды шығарайын дедім. Саған айтпағанда енді кімге айтам. Абысын - ажынға айтсаң «отыз тістен шыққан сөз отыз руға тарайды». Онымен қоймай өзіңді маңдайыңнан кеп соғады. Ал құда - құдағиларыңмен бір рет «ишай» десіп қалсаң, көңілге қаяу түсер, ал сызатты кетіру оңай емес, құдай сабырымды тауыспасын, - деп ауыр күрсінгенде көкірегі қарс айрылды. Үміт тағы бір сабақ алды.

Көп ұзамай Ақылбектің кызметі ауысты да көрші облысқа коныс аударды. Бірақ бұрынғы көршілерімен ара қатынасын үзбеді, телефон арқылы сөйлесіп, хал - жағдайын бәрін біліп  отырды. Бір жылы үш құда арасына небәрі қырық күн салп дүниеден озды. Алдымен Сәуленің үлкен атасы, оның қырқын беріп жатқан күні өз әкесі Айтбек, ал әкесінің қырқы өткеннен соң араға екі тәулік салып, күйеуінің әкесі қайтыс болыпты. Құдай ешкімнің басына бермейтін іс. Бірақ осы оқиғалар ма, әлде Жаратушы нысап берді ме, әйтеуір Сәуленің күйеуі қол жұмсауын доғарыпты. Алыста жатса да Үміт соған қуанды. Ақылбек пен Үміт жастық шағының думанды кезеңі, үлкен өмірге жолдама берген, ағайын - туғанмен сыйластық қарым - қатынас жасауға, сабырлық пен төзімділікке үйретіп, ақыл тоқтатқызған елге тойға шақыруды қуана -қуана қарсы алды. Енді міне, құстай ұшып келеді. Бара сала кімге барып, кімге сәлем беру керектігін екеуі тоқайластырып қойған. Өмірден озғандарға көңіл айтуды да есінен шығармады. Алдымен Әсия тәтелерінің үйіне келді. Көрісіп мауқын басқан ол «білмеймін той - пойыңды, сыбағаларыңды жемей қия аттап басушы болмаңдар» дегеннен соң амалсыз көнген олар, тамақ піскенше көрші - құданың үйіне де барып келмек ойларын айтты. «Олар бұл үйден көшіп кеткен, осы қыста Сәиімжан да қайтыс болды. Базарда сауда жасап жүрген жерінде мұзға тайып құлап, тіл тартпай кетті, жарықтық» деп оған да көз жасын бір сығып алды. Сәулелер қаланың жаңа шағын ауданынан бес бөлмелі үй алған екен. Өзінің үш баласы, тұрмысқа шықпаған бір, күйеуден қайтып келген бір қайын сіңілісі, үйленген қайнысы барлығы бірге тұрып жатыр екен. Баяғы еліктің лағындай Сәуле жоқ. Денесі ғана емес, ақылы да толысқан. Сабырмен бәрін жұмсап қойып, өзі Әсия шешесі құсап орнынан қозғалар емес. Айналасының бәрі құрақ ұшады. Орайын тапқанда Үміт сыбырлай сөйлеп: «Мұның бәріне қалай қол жеткіздің» деп сұраса, ол да сыбырлап: «Әсияның ақылы ғой» дейді. Еркелегенде шешесінің атын атайтын әдеті әлі қалмаса керек. «Шыққан қыз шиеден тысқары» демекші, оны қайтып әкелгенде етегіндегі баласымен қайда сыйғызып, не оңатын едім. Мехнаттың түбі - пейіш» дегеніме қызым ақылға көніп шыдады. Бірақ оған дейін де көресіні көрді. Шыда дедім, ондағым - өзі есейіп, ақыл тоқтатып, етегін жапқан соң өз тағдырын өзі шешер деген үміт еді. Сонда ажыратып алсам ертең «кінәлі сіз едіңіз» деп отырса қайтем. Шыдады, көнді, ақыры жақсылыққа әкелді. Енді сол отбасыны ұйытып отырған сыңайы бар. Мен сол кезде оның сөзін сөйлеп, ығында кетсем бүгін оның өмірі не болмақ еді. Е, Жаратушы Аллам бәрімізге сынақ жібергенде алдымен сабырлылық пен шыдамдылық дейді екен. Жас та болса сол сынақтан өткен қызымның ендігі өмірі бұлтсыз болсын деймін. Үш баласы бар, Сәрсенбектің жұмысы да жаман емес. Ендігі жерде ана қайын сіңілілерін құтты жерге қондырса деп тілеймін» дегенде Әсияның тарам - тарам әжімдері жазылып кеткендей көрінді Үмітке. Содан бері қанша жыл уақыт өтті. Үміт өзі де қыз ұзатып, ұл үйлендірді. Қайсыбір жағдайда да Әсия тәтесінен алған ұлағаты өмірлік қағидасы болып қала берді.

Ауылдан келген Таң атпай - ақ Данайдың үйінде тіршілік басталды. Алдымен әдеттегідей Жансұлу тұрып, үйдің өмірі бітпейтін ісін бастап кетті. Сиырды сауып, падаға қосты, тезегін жинап, шапалақтады. Тауыққа жем беріп, итті байлады. Бұл күнделікті алдымен атқаратын ісі. Жансұлудың бүгінгі басты жұмысы отағасын қалаға аттандыру. Жақында қайнысы ипотекаға үй алған. Қуаныштарын бөлісіп, сырмағы мен кілемін алып бұлар да ертеңіне жеткен. Енді міне, қуаныштарын бөлісуге қызметтес әріптестерін шақырыпты. Солардың арасында ағасының болғанын да қалапты. Құдай қаласа қазір отағасы жол жүреді. Сондықтан да таңғы сүтті түгелімен құтыға құйып, дайындап қойды. Кеше кешкілік сойылып, түнде жайылған қой мен бірнеше тауықтың етін жинап, оны да қорапқа салды. Енді көршіде дайын қымызды әкелсе болғаны Данай жолға жүруге дайын. Жүгіріп жүріп, балаларын оятып, тамақтарын алдарына қойып, көршінің үйіне бет алғанда отағасы сыртқа шықты. Данай алдымен ақырда байлаулы тұрған өзі ғана күтетін көкжалына барды. Жалын сипап, алдындағы шөбін көріп, суын берді. Егесін оқырана қарсы алған көкжал қалың еріндерімен бет - аузын жалады. Көкжалдың көңілін аулағаннан кейін темір тұлпарының майын тексеріп, әр жерін шұқылап болған соң, мектепке кетіп бара жатқан балаларымен бірге қақпадан шықты. Кеше кешкілік үлкен ұлы: «Көкемнің үйіне мен де барайыншы, бауырымды сағынып кеттім», - деп, қиғылық салғанымен әкесі сабақтан қалмауын алға тартып, бауырының екі бөлмелі тар үйін тарылтпауды ойлаған. Әйтпесе, Жансұлуды да ертіп барса жарасар еді. Ұлдарына кешкілік келіп қалатындығын, қаладан әдемі қармақ әкеліп беретіндігін айтып, маңдайларынан сүйіп, шығарып салып тұрып, ауыл көшесінде сөмкелерін арқалап, көздерін уқалап бара жатқан бүлдіршіндердің артынан біраз қарап тұрды. Шай ішіп болысымен Данай жолға шығу қамына кірісті. Тағы да көлігінің әр жерін тексеріп, бауырының үйіне апарылатын заттарды түгендетті. Іштей жарына риза болды. Ешнәрсені ұмытпады.

- Ал жолың болсын, бәріне бізден сәлем айт. Қалаға жетісімен банкоматтан ақшаны алып, мырзаға «үйлеріңе қосқаным» деп, беруді ұмытпа. «Күзде тағы да көмектесеміз» дегенді де айт. Біз ел ішінде отырмыз ғой, өлмеспіз. Жалғыз бауырымыздан аярымыз жоқ. Ал мынаны абысыныма менің сәлемдемем екенін жеткіз, - деп үлкен сөмкені қолына ұстатты.

- Қаланың адамдары ғой. Ауылдың дәмін сағынатын шығар. Бүгін қонақтарының алдына «біздің ауылдың дәмі» деп қойса да жарасады...

Данай әйеліне қарап жылы жымиып машинасына отырды.

Жүз шақырымды артқа тастап, Данай Нұртайдың үйіне тез - ақ жетті. Қонақтарының алды келіп те қалыпты. Бауыры да, келіні де Данайдың келгеніне қуанып қалды.

- Жеңешем неге келмеген, - деген інісінің сөзіне елеусіз ғана: «Балалардан шыға алмайды ғой. Оның үстіне кешке өрістен келетін мал бар... Сәлем айтып жатыр. Мына сөмкені келін, айналайын, саған беріп жіберді. Ауылдың дәмі ғой. Дастарханға қоярсыз», - деп сөмкені келіні Рабиғаның қолына ұстатты.

- Қой мен тауықтың еті жаймаланып, тұздалған, кеберсісін деп бір түн жайып та алдық. Қымыз әлгі өздерің жақсы көретін ағаларыңның үйінікі. Өте дәмді.

Әріптестері ағасының ауылдан артынып - тартынып келгенін көрген қонақтар бір жадырап; «Е... ауылдың адамдары осындай. Ауылдан келгендерге сын жоқ...» деп күлісті. Дастархан қайыстыра жайылыпты. Ауылдың құрт - майы, қымыз - балы, қазы - қартасы дастарханға одан әрі көрік, берке берді. Қонақтардың: «Ауылдан келген дәм ғой» деп, тамсанып алғандарына Данай қуанды. Бірте - бірте әңгіме қызды. Жастары қырыққа жетпеген жігіттер қымыз толтырылған кесені емес, стақанды жиі - жиі қолдарына алды. Төрде отырған жігіттің екпіні қатты. Алдында таныстырғанда оның бөлім басшысы екенін білген. Әкесі қаладағы байлардың бірі екен.

- Жақында қызық болды. «Көршіміз» деп бір ақсақал кешкілік үйге келді. «Қай ауылдың баласысың, елің кім, әке - шешең бар ма?» деп сұрақтың астына алып болған соң: «Ерулікке шақыра келдім, ертең кешкілік біздің үйге келіңдер» деді.

- Мне зачем нужно его ерулік, «ерулік - перулігіңізді білмеймін, танымайтын үйге как пойду, не могу. Жұмыс көп», деп шығарып салдым. Они тоже недавно көшіп келіпті, ауылдан келгені бірден видно.

Жігіттің сөзіне отырғандардың көпшілігі жамырай күлді. Данай да еріксіз жымиды. Жанындағы жігіт сөзге араласты.

- Сіз оны айтасыз, жақында ауылдың бір крестьяны телеарнадан сөйлеп тұр. «Абайдың он бесінші қара сөзінде былай деген» деп. Білмейтін болса несіне сөйлейді. Абай ақын емес пе?! Қара сөзі несі?

Данай інісі Нұртайға қарады. Қозғалақтап, сөйлеуге икемделіп келе жатқан Данайға інісі көзінің астымен жәй ғана қарады да, астыңғы ернін білінер - білінбес етіп жымқырды. Ағасы басылып, қонақтардың әңгімесін мұқият тыңдап отырды. Олар банкир бір таныстарын жамандай бастағанда олардың әңгімесіне араласты.

- Жігіттер, мен мына жәйтті жете түсінбеймін. «Тұрғынүйқұрылысбанк» деген банк бар. Осы Нұртайлар пәлен жылғы жиған - тергендерін сол банкіге салып, біраз жылдан кейін салғандарына қарай сонша ақша қосып, несие алды. Нәтижесінде банк, ұмытпасам, жеті пайыздық өсім алатын болды. «Өсім өте аз», деп жар салғанымен бір мәселе мені толғандырады. Банк неге өзі берген ғана сомадан өсім алмайды? Олар өсімді Нұртайлардың жинаған қаржысынан да алып отыр емес пе?! Меніңше бұл орынсыз, әлде мен бір нәрсені түсінбеймін бе?

- Вот дает ауылдан келген аға! Шыны солай емес пе. Шынында да банк барып тұрған нахал. Мен білсем Нұртай банкіден төрт миллион кредит алды. Оның екі миллионын өздері үш жыл бұрын салған. Одан неге процент алады?! Вот, это да...

Дастархан басындағылар бір сәт үнсіз қалды. Содан соң «банкінің талабы сондай, келіскен алады, келіспеген алмайды» деген ортақ тоқтам жасады.

- Онда халықты алдамай-ақ, «өсім 14 пайыз» деп, банкі берген қаржысынан ғана өсім алғаны дұрыс қой...

Бұл тақырыпты одан әріге созбастан олар енді әңгіме арқауына саясат пен экономиканы араластырды. Енді бір сәт әңгіме ауыны мақтанышқа жалғасты. Бірі әкесінің батыстан мұнай скважинасын сатып алғанын айтса, енді бірі шығыста табылған газ орнына ие болуға күш салып жатқанын білдірді. «Жігіттер, біле білсендер қазір барлық түйінді тек байлық шешеді. Оған қарсы тұратын күш жоқ» деп төрде отырған жігіт олардың әңгімесін бір түйіп қойды. Әбден қызған қонақтар бір - біріне сөз беруі қиындады. Біреулерді даттап, төрде отырған жігітті көбірек мақтады. Сөздерінің соңында бәрі інісін «іскер, адал» деп мақтай келіп: «бірақ ауылшыл, ағайын - туысқандарының жағдайын ескіше көп ойлайды» деді. Сыйлықтарын ұсынуды да ұмытпады. Бірі сыртында сурет салынған кружка, екіншісі кофе қайнатқыш, үшіншісі барыстың кішкентай бейнесін, тағы бірі қабырғаға ілетін шағын сағат сыйлады. Данай інісіне осындай құрмет көрсетіп жатқанына қуанып, бауырына мейірлене қарады. Інісі болса, бір нәсеге қысылғандай ағасына тіке қарамай, көзін тайдырып әкете береді. Достарының мақтағанына қысылып отырған болды ғой, несі бар; «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демей ме?! Соңғы сөз Данайға берілді. Асығып, аптыға сөйлеген Данай қонақтарға рахметін айтып, елдің алғысын алыңдар, халыққа қалтқысыз қызмет етіңдер дей келіп:

- Мына заманда ипотекаға үй алу оңай емес. Жеңешең екеуміз сендер қысылып қалмасын деп, өздеріңе көмек болар деп, үйлеріңе көрімдік болсын деп екі биені сатып жібердік. Ол бір бума он мыңдықтарды інісінің алдына қойды. Амандық болса, күзде, жиын - терін аяқталған соң тағы көмек көрсетерміз, - деді.

Дастархан басындағылар бір сәт үнсіз қалды да, артынша ду ете түсті.

- Вот - это да! Ауылдың адамдары осындай!

- Иә, ауылдан келгендер осындай...

- Екі биенің ақшасы бір миллионға жақын ғой, - деген ақсүр келіншек ернін сылп еткізіп, күйеуіне қарады. - Нұртай бақытты. Ауылдан келетін ағасы бар. Ал біздің ауылдан тамырымызды үзгелі қашан. Бармаймыз, келмейді..

- Көке, мұныңыз не, балалардың аузынан жырып, келінің екеуміз де жұмыс істейміз, жалақыларымыз да жаман емес... Өткенде де жеңешем екеуіңіз артынып -тартынып келген едіңіздер...

- Е... айналайын, бар болса бергенге не жетсін. Сонымен, үйлеріңе бала толсын, ана кішкентайдың іні - қарындастары көп болсын, бұдан да кең үй алыңдар, - деп орнына отырды. Өзінің ақшаны келе салып, ешкім жоқта бермегеніне қынжылды. Құрғыр... ұмытып кетіпті. Мыналар сыйлық беріп жатқанда ғана ақшаны беру ойына сап етіп түскен еді.

- Құрғыр ұмытып кете жаздаппын, айналайындар, сендер есіме түсірдіңдер ғой. Рахмет, жігіттер алып жіберіңдер!

- Күзде сізді әуре қылмай - ақ өзіміз барып аламыз ғой, - деп сыңғырлай күлген келіні Нұртайдың алдында жатқан ақшаны жып еткізіп, халатының қалтасына салып жіберді.

Кешкілік Данай ауылға тұнжырап қайтып бара жатып, ағалары биік болып көрінбейтіні, інілері иіліп тұрмайды ғой деп ойлады.

Шаш бояу Шаш бояйтын сән шықты. Жасы да, кәрісі де небір түстерге шаш бояп, қайсы орыс, қайсы қазақ, кәрі ме, жас па, әйтеуір бәрі араласқан дүние болды. Қызмет істеп  жүрген мен қалысайын ба?! Оның үстіне елуден асып бара жатқанымды білдіргісі келгендей самайдан ақ күміс шаштар да жылтылдай бастады. Алатауды қар басқандай отағасының басының ағарғаны қашан?! Енді міне, жаппай шаш бояу деген басталды. Бір қызығы бірді - екілі ер азаматтар да шаштарының түсін өзгертіп жіберіпті. Кейде көпшілік жиналаған жерлерде, тасалай жерге отырып алып, құрбым екеуіміз шашын бояған ерлерді санай бастаймыз, санаған не, «анау андай, мынау мындай, жарасады, жараспайды, оған не жоқ, ә-ә, оның жас көңілдесі бар еді - ау» деп мінеп - сынап біраз жерге апарып та тастаймыз. Сонымен не керек мен де шашымды өзгертпек боп, ұнаған бояуымды үйге алып келдімде кірістім. Әжептәуір - ақ болып шыққан сияқты. Шашымның ақ селеулері жабылып, жасарып қалғандай. Өзіме - өзім қарағыштай беремін айнадан. Мәссаған, бояуды артық алып қойыппын. Енді бір басты бояп тастайтындай - ақ біраз бар екен. Енді не істесем екен? «Сұйылтып дайындалған бояу сақтауға келмейді» деп сыртына бадырайтып жазып қойыпты. Тастай салайын десең, дүние құрғырды көзің қимайды. Сөйтіп әрі - сәрі болып тұрғанымда күйеуім келе қалмасы бар ма? Жақа, шашың ағарып кетіпті, кел, дайын бояу бар, шашыңды бояп берейін, - деп қолымдағы бояуыммен алдынан шошаң етіп шыға келдім.

- Жындысың ба, о заманда бұ заман еркектің шаш бояғанын қайдан көрдің, - деп ала көзімен ата зірк етті де бөлмеге кіріп кетті.

- Онда тұрған не бар екен, бізде еркектердің біразы бояйды, - деп танымал азаматтардың атын тізе бастадым.

- Өшірші, ей, үніңді. Боямаймын дедім болды, боямаймын. Одан да шайыңды әкел, - деген ол ас үйге қарай беттеді.

Амалсыз шай қамына кірістім. Екі көзім жаңағы бояу жақта. Уақыт өткен сайын түсі өзгеріп бара ма өзі қалай?! Ішім ашып барады. Қайран қу дүние -ай, ақшаға келді ғой. Енді қайтсем екен, қалай көндірсем екен, а?! Есіктің қоңырауы шылдыр ете қалды. Барып аштым. Келген құрдасы Есберген екен. Құдайым беріп қалды. Есберген менің айтқанымнан шықпайтын момын, бірақ денесі қапсағай, екі иығына екі жігіт мінгендей еңселі азамат.

- О, Еске, кел, төрлет, мақтап жүреді екенсің. Шайға кел, - деп жік жаппар болдым. Ол келгенде шынымен қуанып қалатынбыз. Бұл жолғы қуанышым ерекше болды. Оған мән беріп жатқан екеуі жоқ. Әңгіме дүкен құрып отыр. Менің көңілім де, көзім де бояуда.

- Еске, - дедім бір кезде жұлып алғандай. Даусым қатты шықты білем, екеуі де жалт қарады.

- Қарашы, Жақаңның шашы ағарып кетіпті. Есберген Жақаңның шашын жаңа көргендей біраз отырды да, дауысын созып:

- Расында, байқамаппын - ау, шашың ағарып кетіпті. Боямайсың ба? -дегені.

Оп, бәле, сұрағанға береген. Менің де көкейімді тесіп бара жатқан да сол емес пе?! Жүгіріп барып бояуымды алып келе қойдым.

- Кетші, ей. Сен де алжасқансың ба? Шаш бояғаны несі, - деп еді Есберген тосылып қалды.

- Еске, сен тізеңмен оны басып отыр, мен бояймын, - деп әмірлі дауыспен ым қақтым. Айтуым мұң - ақ екен Ескең ыңқ еткізді де Жақаңды тырп еткізбей тізеге басты да алды. Ол жұлқынып қояды. Көнетін біз бе, айдап бояп тастадым. Мұртын да тыныш қалдырмадым. Ол да кетті боялып.

- Болды, жібер, - дедім. Көнбеске шара бар ма, Жақаң тыншып қалды. Соны пайдаланған мен де:

- 20 минут отыра тұр, - дедім жеңімпаздың дауысымен. Уақыт өтті - ау деген шамада:

- Жүр, енді басыңды жуамын, - деп томпаңдатып жуын бөлмеге қарай асықтым.

Момақан қозыдай соңымнан ерген Жақаңның бояу шашын әдемілеп жуып, фенмен кептіріп алып шықтым. Масқара, мынау не сұмдық! Боялған шашы не ақ емес, не қара емес, қып -қызыл бірдеңе болып шықты. Үнім шықпай қалды. Көзім бақырайып кеткеннен бір сұмдықты сезгендей Жақаң айнаға қарай жүгірді. Мен Есбергеннің артына қарай қаштым.

- Ой, әкеңңің... мынау не сұмдық мазағың. Ол маған қарай тап берді.

Мен еңгезердей Есбергеннің артына онан сайын тығыла түстім. Сол - ақ екен маған деген жұдырығы Есбергеннің самай тұсына шарт ете қалмасы бар ма?! Ескең бүктісіп отыра қалды. Ол енді маған қарай тап берді. Мен лоджия мен бөлменің есіктерінен айнала қашып жүрмін. Ұстай алмасын білген ол «ит ашуын тырнадан алады» деп қайтадан Ескеңе қарай ұмтылды. Ол менің соңымды ала қашсын. Сөйтіп у - шу болып жатқанда үлкен қызымыз келе қалғаны.

- Мұнда не болып жатыр. Бүкіл подъезді басына көтеріп жатырсыңдар ғой.

Ол аңтарылып бәрімізге қарады да: - Пап, түрің не болып кеткен, мынау не сұмдық, басыңа не болған, - деп әкесінің басын сипап жатыр.

- Мына екі есалаң, менің шашымды бояймын деп істегендері.

- Тоқта, папа, енді ашуланба, мен қазір басқа бояу алып келейін. Мына бояу сенің шашыңа келмеген ғой, - деп жүгіріп бояуға кетті. Екі иығымыздан дем алып, үніміз өшіп біз отырмыз. Жақаң да бізге қарай ұмтылуын қойды. Үнсіздікті қызымыздың келген дыбысы бұзды.

- Кел, пап.

- Екеуі тағы жуынатын бөлмеге кіріп кетті. Есберген екеуіміз ақырын ғана тұншығып күліп қоямыз. Ашуланса ашуланатындай - ақ. Шашының түсі адам түсінбес бір бояу. Біраздан соң олар қайта шықты. Масқара! Жаңағы жаңағы ма, «қуырдақтың көкесі» енді басталды. ІІІашының түсі алабажақ бірдеңе. Құдай сыйлады, не көк емес, не қара емес, не қызыл емес.

- Пап, - деді қызы саспастан, сенің шашыңды бояу алмайды екен. -Тақырлап алып таста.

- Немене? Жақаңның жан дауысы шықты.

- Иә, - дедім мен де қарап тұрмастан. - Тақырламасақ болмайды. Бояу алмайды екен, - дедім сенімді дауыспен. Жақаңның тынысы тарылғандай, үні өшті де қалды.

Мен болсам ұстараны лезде Есбергеннің қолына ұстатып үлгердім.
Естелік

Үй жинап жүріп Дариға ойламаған жерден атасының лупасын тауып алғаны. Сыртында үлкен әріппен «ГУМ МВД СССР» деген жазуды оқып, осыдан бірнеше жыл бұрын атасының осы құралмен газет оқып отырғанын есіне алды. Сексеннің сеңгіріне шыққан атасы соңғы кездері көзі көрмегендіктен газетті осылай оқуды әдетке айналдырып еді.

- Ой, ата, осы уақытқа дейін бұл жәдігеріңізді қалай жоғалтпағансыз, біз болсақ күнде болмаса да күнара бір қаламнан жоғалтатын шығармыз, -деген атасының қолындағы лупаға қызыға қарап.

- О не дегенің, қызым. Бұл зат менің кезінде оң қолым да, көзім де болған жоқ па?! Бұдан айрылу мен үшін онда көзім мен қолымнан айрылумен бірдей болар еді ғой, - деп немересіне оның қаншалықты қымбат екенін айтып берген болатын. Енді міне, атасының көзі кеткелі қашан, ал мына дүниесі оның артында қалыпты. Дариға нағашы атасынан әңгімелерді көп тыңдап өскен, ол сол жолғы да бір әңгімеде де өз анасының қалай дүниеге келгені жөнінде естіп - біліп еді.

Майданға деп халықтан жиналған азық - түлік, жылы киім - кешек, тіпті газет - журнал мен кітаптар тиелген әскери ауыр эшелон станцияның үшінші жолына келіп тоқтағанда түн қараңғылығы әбден қоюлана түскен еді. Бұл жерде паровоз алмастырылып, одан соң эшелон батысқа, яғни майданға қарай жөнелтілмек. Жан - жағынан әскери күзетпен қамтылған эшелонның ең соңғы вагоны дөңестеу жерге келіп тоқтады. Сол мезетте қараңғыдан сумаң етіп шыға келген бірнеше адам көзді ашып - жұмғанша күзеттің көзін жойып үлгерсе, енді екеуі көз ілместей шапшаңдықпен вагондардың арасына кіре сала бір - біріне жалғанған тиектерді ағытып үлгерді. Бұл кезде алдыңғы жақтан паровоздың ағытылғаны да білінді, араға бес - жеті минуттай уақыт өткенде басқа паровоз да тіркелді. Сөйткенше болған жоқ өзі де дөңестеу жерде тұрған артқы вагон кейін серпіліп барып төмен қарай зулай жөнелді. Ал вагонның ағытылғанын да, күзеттің де жойылғанынан бейхабар состав ауыр бір ышқынды да орнынан ақырын қозғала берді. ...Рельстерді тексеріп келе жатқан обходчик аппақ қардың үстінде қан жоса болып жатқан әскерилерді көргенде есі шығып кетті. Жан ұшыра станция кезекшісін көре сала қолын ербеңдетіп, көзі шарасынан шыққан күйі сөйлей алмай ыңылдай береді. Оның мына түрінен бір сұмдықтың болғанын сезген ол «не болды, есіңді жи» деп жұлқылап жатса да ананың сөйлей алатын түрі жоқ, тек қолын «ана жақта» дегендей сермей берді. Станция бастығы оның есін жимақ оймен жағынан салып қалып еді, шынында да сөйлеп берді. «Ана жақта үш адам... үш адам... әскерилер өліп жатыр». «Не дейсің, қай жақта, не деп тұрсың?» Енді станция бастығы есінен тана жаздады.

- Бұл оқыс оқиғаға бәріміз партбилетімізбен ғана емес, басымызбен жауап береміз. Әскери эшелонның келе жатқанын біле тұра күзетті күшейтпегендеріңіз қалай?

- Жолдас майор, білем сіз тағы адам саны жетіспейді деген сылтау айтасыз. Ең болмаса темір жолшылардан болса да уақытша жасақ кұруға болатын еді ғой. Мен бұл мәселені обкомға жеткізуге мәжбүрмін» деп аупартком хатшысы алдында тұрған телефонға қол созды.

Тексерістің алдымен байқағаны тоналған вагон станциядан төрт - бес шақырым жерге дейін апарылған. Алдымен паровоз тіркелген кезде артқа қарай серпілген вагон біраз жерге дейін барған да, одан соң сүйретілген, бірақ қалай, немен сонша жерге апарылғанын анықтауда опертоп тұйыққа тірелді. Түнде жауған қалың қар іздің бәрін жауып үлгерген.

- Күмән жоқ, бұл соғыстан қашқандар мен жергілікті криминал жандардың іс - әрекеті, оларға станция тұрғындарынан да біреулердің көмек көрсеткені сөзсіз. Сондықтан қарақшыларды жақын маңдағы тау арасынан іздеу керек. Тұрғын халықтан да сұрастырған жөн болар. Мұның бәрі уақыт және адам күшін қажет етеді. Ал бізде мұндай мүмкіндік бар ма?! Шұғыл құрылған штаб отырысын жүргізіп, отырған хатшы маңайындағыларына сұраулы жүзбен қарады. Жауап қатқан ешкім болмады. Онсыз да жағдай түсінікті еді.

Мал қораға кіре бере Бәтима күйеуінің жерге бірдеңені көміп жатқанын бірден байқады, байқап қана қойған жоқ, бірден түсінді де. Соғыс басталғалы көрші қолаңның малы мен кештетіп қалған жолаушыны тонауды әдетке айналдырған күйеуінің кешегі елді дүр сілкіндірген оқиғаға қатысы барын ешкім айтпаса да ұқты. Мұнысын ешбір қойдыра алмаған Бәтима елге қараудан қалып еді. Жұрттың бәрі Ұзақбайды сол жердегі шпаналар мен ұры - қарылармен байланысының барын біліп қалған еді. Көзіне ешкім басып айтпағанымен «сен де оның сыңарысың - ау» деген айтпаса да үнсіз кінәлау тұратын. Ондайда жанына батқан Бәтима күйеуіне «милицияға өзім ұстатып беремін» деп қанша рет қоқан - лоқы көрсетсе де ол айылын жимады, ал әйелі болса «бетпақ жеңеді, бейбақ көнедінің кейпін киетін. Ал Ұзақбай болса оның бұл дәрменсіздігін көрген сайын қайта бұны мазаққа айналдыра бастады. Бұл жолы әйелінің көзінен жиреніш пен лағнетті бірден байқаған Ұзақбай «мыналар кешегі вагонның жанында қалып қойған екен, қалдырып кетуге көзім қимады» деп мәймеңкелеп келе жатыр еді, Бәтима кенеттен жалт бұрылды. Бұл қимылында «енді айтпасам болмас» деген шешім анық еді. Оның ойын сезе қойған Ұзақбай да қолындағы істік күректі есіктен шыға берген Бәтиманың жон арқасына сілтеп үлгерді. Жанында тұрған Тоқтамыстың көзі шарасынан шықты. Кескен теректей омақаса құлаған Бәтиманың жансыз денесін түнделетіп иығына салған күйі екеуі станцияның сыртына қарай апарып, қар астына көміп тастаған Ұзақбай ертесіне оның сырқаттанып төркініне емделуге кеткенін, түнде поезға салып жібергенін көршілеріне айтудан жалықпады. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» жүріп жатқан кезде алғашқыда оған ешкім мән де бере қоймады, расында Бәтиманың онша денсаулығы да жоқ еді. Ал бірақ уақыт озған сайын Ұзақбайдың күйі жақсарып, беті майланып, қан жүгіре бастағанын байқаған көршілері «мынау осы не жеп, неменеге семіріп жүр» деп өзара күбірлесіп қоятын болды. Бұрынғыдай мал ұрлады дейін десе мал дейтін мал да қалған жоқ. Беретінін майданға беріп, жейтіні болса желініп, ұрланатыны болса ұрланып бәрі біткен шақта Ұзақбайдың қоңының қошы маңайындағыларды күдіктендірмей қоймады. Оның үстіне әйелінің де төркінінде жатуы ұзарып кетті. ...Қыс өтіп, қалың қардың сеңі сөгіле бастағанда қаңғыбас иттер бір әйелдің өлі денесін әрі - бері сүйретіп жүрген жерінен көрген тұрғындар айырып алып, милицияға хабар берді. Қар астында жатқан дене бүлінбеген, тек иттер әрі - бері сүйреткен кезде болу керек денесінің біраз жеріне зақым келіпті. Әйтсе де медэксперт оның адам қолынан өлгенін, жон арқасына тиген өткір зат оның омыртқасын үзіп түсіргенін айна қатесіз анықтады. Енді оператор жақын арада жоғалған әйелдер туралы анықтама жинай бастады. Шағын станцияның адамдары тек ауылдан қыс басында Бәтиманың ғана төркініне кеткені, одан басқа ешқандай әйелдің жоғалмағанын жеткізді. Аудандық милицияға Ұзақбай шақырылғанда есіктен мүләйімсіп кірген оған тергеуші мүсіркей қарады. Өлген әйел осының әйелі болып шықса қайтеді?! Жасы келіңкіреп қалған, оның үстіне балалары да жоқ, бейбақтың күйі не болмақ деген ой қылаң еткенімен, ол ойын тез жинақтай, «әркімге осылай мүсіркей қарап отырғаным болмас» деп ойын тез жинақтаған ол «отыр» дегендей ишарат білдірді. Ұзақбай да тергеушінің әлі ана сүті аузынан кетпеген жас екенін бірден байқады. Дегенмен, заң адамының алдында «мен кішікпін» дегендей жасқаншақтанғандай орындықтың ұшына ғана жайғасты. Жас жігіт сөз бастамастан бұрын ақырын жөткірініп алды да төтеннен:

- Азамат Қалыбаев, сіздің әйеліңіздің төркіндеп кеткеніне қанша уақыт болды, - деп тіксіне қарады. Бұл оның психологиялық «шабуылы» еді. Бірақ Ұзақбай да сыр берер түрі жоқ.

- Пәтшағардың кеткеніне біраз уақыт болды. Не хат жоқ, не хабар жоқ. Өзім барайын десем жақын жер емес, жұмыстан да босатпайды. Оны неге сұрадыңыз, не бір хабар ма, - деп тергеушінің өзіне қарсы сұрақ қойды. «Мынауың мен ойлағандай мүсәпір емес - ау» деген оймен тергеуші де бірден іске көшті.

- Осында бір әйелдің мәйіті табылды, әзірге ешкім адамының жоғалғаны туралы өтініш білдірген жоқ. Біздегі мәліметтер бойынша тек сіздің әйеліңіз ғана алыс сапарға шыққан. Мынандай аласапыран уақытта не болып, не қойып жатқанын білу қиын. Егер сіз әйеліңізден хабарсыз болсаңыз, сізге мәйітті көрсетсек деп едік. Кім біледі, жаман айтпай жақсы жоқ деген, - деп үнсіз қалды. Ұзақбайдың іші мұздап кетті. Маңдайынан бұрқ етіп шыға келген терді қолындағы тымағымен бір сүртіп тастап:

- Мен өліктен қорқамын, менің ол мәйітке қандай қатысым бар, - деп жымиған болды.

- Сізді қатысы бар деуден аулақпыз, бірақ ауылдан шыққан тек сіздің әйеліңіз болғаннан соң ғана анықтамақпыз. Несіне қорқасыз, мен де сізбен бірге барамын. Бізден басқа ол жерде адамдар бар, - деп орнынан тұрды. Ұзақбай амалсыз соңынан ерді. Ойы он сақта, егер шынымен ол Бәтиманың денесі болса өзін қалай ұстау керек, танымаған сыңай танытса ма әлде «талып» қалса ма екен?!

Мәйітті көргенде Ұзақбай оның үстіне өкіре кұлады, одан соң барып «есінен танды». Өзінің бұл оқыс қылығына өзі де таңданып, езу тарта жаздап барып өзін зорға тоқтатқаны. «Нашатыр, нашатыр әкеліңдер» деген дауысты естіп жатса да тырп етер емес, тек мұрнын ащы иіс жарып жіберердей болғанда ғана жүрегі қарс айрылғандай аһ ұрып көзін ашты. Ұзын сонар тергеу басталды. «Қашан, қай күні, қалай, қандай поезға отырғыздың, отырғызғаныңды кім көрді» деген небір сұрақтардан Ұзақбай да жаңылар емес. Оның жауабы бойынша Бәтиманың кеткен күні әскери поез тоналған күнмен тұспа түс келді. Станса жақын болған соң Бәтима мұны әуре қылмай - ақ өзі кете барған. Бұрын да өзі мініп жүре беруші еді, Ұзақбай сосын алаңдамаған. Жауабы нық, сенімді, тек анда - санда «күйзеліп аһлап - үһлеп» қояды. Сонымен не керек, үш - төрт ай сандалыстан соң Ұзақбайға қояр кінә болмаған соң тергеу ісі аяқталып, әйел қарақшылардың қолынан қаза тапты деп іс тоқтатылды. Ұзақбай өзінің тапқырлығына риза болды. Бәтиманың төркіні де келіп жылап - сықтап олар кетті. Жәй кеткен жоқ, «ендігі қүнің не болмақ» деп күйеу балаларына аяушылық танытып, жандары ашып күйзеліп кетті. Поезд тонауға қатысы бар ма, жоқ па ол жағы беймәлім тау арасында соғыстан қашқан қашқындар мен қарақшылардың бір тобы сол жылы - ақ қолға түсіп сотталып кете барды. Солардың арасында Тоқтамыс та бар еді. «Айран ішкен құтылып, түбін жалаған тұтылып» Ұзақбай біраз сыбайластарымен бұл жолы да аман - есен бас сауғалап қалды. Бірақ ел арасында «әйелінің өліміне қатысы бар» деген сыбдыр - сыбыр сөз қалып қойды. Осы оқиғадан соң үш жылдай өткен шамада «нашандік милицияға жаңадан бастық келіпті, ол мына шалғайдағы Т. ауданының тумасы екен, руы мұрат екен» деген сөз гу ете қалғанда Ұзақбайдың жүрегі зу етті. «Құрыған жерім осы болар, бұл Бәтиманың немере інісі ғой, ол апасының өлімін зерттемей, қайта көтермей қоймайтын шығар. Ол өлгенде, анығы өлтірілгенде інісі сонау Талдықорған облысында қызметте жүріп келе алмап еді. Енді аудан ашса алақанында, жұмса жұдырығында, маған да тозақ оты жақындаған шығар» деген ой күндіз қүлкіден, түнде ұйқысынан айырды. Біраз бас сауғалап бір жаққа кетіп қалуды да ойлады. Бірақ басар тауы, барар жері жоқ қайда барсын. Баяғы «әріптестерінің» жолын қуып тау сауғалап кетейін десе күдік туғызары сөзсіз. Әбден ойлап - ойлап басы қатқан Ұзақбай енді қайнысы бұл істі көтермей тұрғанда оны ерулікке шақырып, сол кезде оның да көзін жоюды жоспарлай бастады. Қара ниет, қанды қол қарақшыға мұндай да сыбайластар да оңай табыла кететіні бар емес пе?! «Шайтан шайтанды табады» демекші Ұзақбай да өзі тәріздестерді тез тапты. «Мен бұл адамды жақсы танимын, ол қадалған жерінен қан алатын баукеспенің өзі, егер де біз оны құртпасақ, ол бізді кұртатыны сөзсіз. Одан құтылмасақ болмайды» деп жанды жерлеріне тиіп, құлақтарының етін жей берді. Алғашқыда «мынау не деп тұр» дей үрке қарағандар енді оның сөзіне құлақ аса бастағандай. Өйткені ауданда аз уақыттың ішінде орнап келе жатқан тәртіп Ұзақбайдың сөзінің растығын дәлелдегендей бұлардың аралары да сирей бастады. Екі күннің бірінде дүкен, касса, пошта, үй тонағандардың бірінен соң бірі ұсталып жатқанын естігенде, бұлар да қамсыз қалмаудың жоспарын құра бастады. Адам тонап, өмірін сарп еткен баукеспелердің өзі құрыққа тез ілініп, «енді не істейміз» дегендей Ұзақбайдың аузына қарайтынды шығарды. Жұмыс кабинетінде отырған Мақажан Әбдірәсіловке келіп кірген адамды ол шырамыт қандай болды. Ол да мұның бетіне жалтақтай қарай береді. Бір жұтынып алған Ұзақбай тілі таңдайына жабысып қалған сияқты сөйлейін десе аузы ашылмайтындай.

Бір кезде барып тіл қатты - ау.

- Қайным, сіз мені танымадыңыз ғой деймін. Осында қызметке ауысып келгеніңізді ести сала келгенім ғой. Мен... мен сіздің Ұзақбаймын ғой, - деп еңіреп жылап жібергені. Өзі іштей бұл әртістігіне риза болып қояды. Еңірегенде етегі толатындай еңкілдеп келіп, енді үстөл басында абдырап отырып қалған Мақажанды бас салып көріссін.

- Қойыңыз жездеке, мен өзім де кіріп шығуды ойластырып жүр едім. Мына жұмыстан бір қолым босамай қойды. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген, қайтесіз енді! Әрине, қанды қол қылмыскердің табылмағаны өкінішті.

Қолым тисе сол оқиғаның құжаттарын тағы бір қарап шығу ойымда бар, -дегені мұны өзінен көрі ысырап. Мұны естігенде Ұзақбайдың жүрегі тоқтап қала жаздады, өкпесі қысылып, тынысы тарылды. Оған су ұсынды. Есін тез жинаған Ұзақбайға арам ойын міндетті түрде іске асыру қажет екенін анық түсінді.

- Қайтесің сол ескі істі қозғап, енді жазылайын деген жараның бетін тырнап. Болар іс болды, бояуы сіңді. Әпкеңнің аруағы риза болсын, үйге жүріп ерулік жеп кет. «Орта жолда атың өлмесін, орта жаста қатының өлмесін» деген, жалғыз қалып, қу тіземді құшақтап қалған шағымда ағайын -туған қоярда қоймай төсек жаңғырттырған еді. Әпкеңнің орнында отын түтетіп тағы бір әпкем отыр деп ойла, қарағым. Отбасыңды көшіріп алды деп естіп ем. Келінді де ерте келерсің. Ал мен тұрайын деп ыңғайлап беріп еді:

- Рахмет, пейіліңізге. Дәл мына күні барамын деп айта алмаймын. Бір күні өзім хабар берермін, - деп Мақажан да орнынан тұрды. «Шақыруын шақырдым, бірақ нақ қай күні келетінін білмейтінім жаман болды, қайтсем екен» деген оймен үйіне қалай жеткенін де білмей қалды. Әйелінің «шәй дайын» дегеніне де қарамастан тоң теріс барып жатып қалды. «Ойпырым -ай, істі қайта көтерсем дейді, а, мен құрыдым ғой онда. Жоқ, мұның көзін құрту керек, не мен, не ол» деді іштей ширығып. Бірақ қай күні, қай уақытта келсе де бұл қапыда болмауы тиіс. Сол мақсатпен ол сыбайластарына да «ол келетін болды, тағы да айтармын» деген қысқа ғана хабар жіберді.

«Жездесінің» үйіне баратын болып, жұмыстан ертерек келген Мақажан әйелінің толғағының үстінен шықты. Бесінші баласына аяғы ауыр әйелінің бұрынғы толғақтарында мынандай түрін көрмеп еді. Қан - сөл жоқ, боп - боз, бүктүсіп қалған. Жалма - жан дәрігерді шақыртқан Мақажан олардың шешімін естігенде таң қалды. «Шарана көлденең жатыр, босанарға дейін дұрыс келмесе операция жасау керек, әйтпесе екеуіне де қауіп төнуі мүмкін» деп әйелінің қол аяғын жерге тигізбей ала жөнелді. Мақажан да қызметтік автокөлігіне мініп «жедел жәрдемнің» соңынан ілесті. Ұзақбай бұл кезде милицияның жасырын бақылауында еді, тұзақтың тарылып келе жатқанын сезбеген ол сыбайластарымен Бәтиманы өлтіретін сол баяғы қорада мал ұрлап, сойып жатқан жерінен үстерінен сау етіп қызыл погондағылардың кіріп келгенін көргенде қолындағы өткір пышақты сілтеп үлгере жаздады. Жанында тұрған сыбайласы оның қолын қағып жібермегенде соңының неге апарып соғарын бір құдай білсін. Кейін тергеу үстінде одан «Ұзақбайдың қолын неге ұстап қалдың» деген сұраққа «мен ұры болғаныммен, қолымды адам қанына бұлғамаймын, мойныма біреудің қанын жүктегім жоқ» деген жауабы оның жазасын жеңілдетуге септігін тигізді. Тергеушінің алдында отырған Ұзақбай айылын жияр емес, түрінде «азар болса мені мал ұрлағаным үшін соттарсыңдар» деген сыңай бар.

- Азамат Сұранбеков, сіз өз әйеліңіз Сұранбекова Бәтиманы өлтіргеніңіз, соғыс қашқындарымен сыбайлас болып ел тонап, әскери эшелонға шабуыл жасағаныңыз және үнемі мал ұрлаумен айналысқан деген күдікпен ұсталып отырсыз, - деген тергеушінің қатқыл дауысын естігенде барып қана сылқ түсті. «Ә, Мақажан менің түбіме жеткен екен ғой, қап - қапыда қалғанымды қарашы, көпке ұзатпай көзін жоюым керек еді» дегенде іші у жалағандай ашыды. Әп - сәтте - ақ өңі өрт сөндіргендей қарауытып, жақтары қусырылып, ауыр дем алды. Осы кезде бөлмеге Мақажан Әбдірәсілов келіп кіргенде қарақшы өзін - өзі әрең тежеді. Қаны басына шауып, көзі қанталап, қалш - қалш еткен оған қарау аянышты да, жиіркенішті еді. Қақпанға түскен қасқырдай аласұрған ол тістерін шықырлатып, түсініксіз бір дыбыстар шығарумен болды. Сол күні тергеу ұзаққа созылды. Оның шаршағанына қарамастан тергеушілер жауапты кезек - кезек алды. Аракідік Әбдірәсіловтің өзі де кіріп, бір екі сұрақ қойып кетеді. Оны көргенде Ұзақбай кірпідей жиырылып, сөйлегісі келмей қалады. Дегенмен, бұлтартпайтын айғақтар жетерлі болғандықтан ол қыңқ дей алмады. Оның істеген әрекеттерінің біразын бұрын ұсталған сыбайластары өз жазаларын жеңілдету мақсатымен, ал Тоқтамыс болса әйелі Бәтиманы қалай өлтіргені туралы айтып берген еді.

Түн ортасы ауа бере тергеу де аяқталып, «әкетіңдер» деген бұйрықты естігенде ұйқысынан шошып оянғандай болған баукеспе өзінің жазадан құтылмасын білді. Соңғы зәрін шашқысы келген бүйендей Әбдірәсіловке бұзылып кеткен жүзін бұрып:

- Бір ғана өкінішім бар. Иттің баласы, көрер жарығың бар екен. Сол күні қатыныңның толғағы келмегенде сенің жаныңды да әпкең сияқты жаһаннамға жіберетін едім, - деп қыңсылай, бұрала барып отыра кетті.

- Иә, мен де сенің сол арам пиғылыңды біліп үйіңе «қонаққа» баруды ойластырып ем. Әттең мен де сол күні ойымды жүзеге асыра алмадым, онда сенің мына күйің бұдан да ертерек болатын еді, - дегенін естігенде Ұзақбай аш қасқырша ұлыды. Сәлден соң қолы кісендеулі оны конвой айдап әкетіп бара жатты.

Қан

- Анау отырған менің анам, - деді күйеуім шынтағымен мені түрте автобуста қарсы алдымызда отырған орта жастағы қараторы әйелді нұсқап. Ол да бізге қарап отырған сияқты. Кезінде мұңға қоса бір жылылықта бар. Жүрегім дір ете қалды.

- Барып амандасайын ба? - дедім.

- Жоға, не деп амандасасың, ыңғайсыз ғой, сен кімсің десе не демекпін? Күйеуім маған күле қарады.

- Расында, кіммін демекпін?! Онда қай жерден түседі екен, аңдиық. -дедім мен де қайтпай.

- Қойшы, жындысың ба, көріп қойса қайтесің?

- Тү-у, сен де «қайтесің - қайтесің» деп қоймадың ғой. Осыдан сөйлесіп қалмасақ енді кезіктеріміз бе жоқ па?!

- Мен білемін оның қайда тұратынын, - деген күйеуім «түсеміз» деген ыңғай танытып. Жүріп кеткен автобустың соңынан қарап тұрған маған «ей, ойнап айтамын, танымаймын ол әйелді» деп күледі. Мұндай ашуланбаспын.

- Сондай да ойын бола ма екен?! Енді шынымен кезіктірсең де нанбаймын, - дедім қынжыла.

- ...Ауруханада жатқан кұрдасымызды іздеп келе жатқан бетіміз болатын. Алдымыздан далаңдап медбике жүгіріп шыға келді. Бізді бір күтіп тұрғандай әй - шәйға қарамастан «Қан, қан керек, екінші топтағы қан керек» деп бізді бас салмасы бар ма?! Сасып қалдық. Менде бірінші топ. Күйеуімдікі -төртінші. Сөйткенше болған жоқ жанымызда тұрған бой жеткен қызымыз «менде екінші топ» деп қарап тұр. Медбике мұны ести сала қызымызды жетелей жөнелді.

- Ей, қайда әкетіп барасың, мұның не?! - деп шаужайына жармасып ем, қызым:

- Мама, қорықпа, мен бұрын университетте қан тапсырғанмын, тез - ақ болады, - деп қан алатын бөлмеге кірді де кетті. Қан кімге керек, ол қандай адам, оны біліп жатуға шамамыз да келмеді. Сөйткенше болған жоқ коридорда каталкада ес - түссіз жатқан бір әйелді жан ұшыра қызым кірген бөлмеге алып кірді. Түрі таныс сияқты. Бірақ танымайтыным хақ. Оған бас қатырып жатуға шамам болмады. Есіл дертім ана жақта жатқан қызымда. Бір кезде ол да шықты - ау. Өңі сәл бозарып қалыпты, жанымыз шығып кете жаздады. Өзі болса екі езуі екі құлағында, мәз.

- Білесің бе, мама, жаңағы ана екеуіміздің қанымыз бірдей екен. «Мұндай сәйкестік сирек кездеседі» деді дәрігерлер, өйткені оның резусы да менікіндей болып шықты, - деп өз ісіне риза.

- Қызым, сенің қаның екінші топта болуы мүмкін емес. Папаңда төртінші, менде бірінші. Ендеше сенде қайдан екінші топ болсын. Қателескен боларсың, сенікі бірінші топ болуы керек еді.

- Мама, сен балаларыңның қан тобын білмейді екенсің ғой. Менде де, інілерімде де екінші топ. Меп оны анық білемін, оның үстіне жаңа тағы тексерді, - деп жеңістік берер емес.

Сөйтіп тұрғанымызда жанымызға бағанағы медбике келіп, қызымның қолынан жаңа қан берген адамның аты - жөні жазылған бір парақ қағазды ұстатты. Бәріміз соған үңілдік. Танымаймыз. Бір уақытта «аһ» дегеп оқыс дауысқа қызымыз екеуміз де жалт қарадық. Дыбыс күйеуімнен шыққан сыңайлы. Өңі қызымнан да жаман қуарып кетіпті.

- Не болды, тағы қан қысымың көтеріліп кетті ме?! Жаным - ай, - дедім қызыма қарап, аяқ астынан папаңның қан қысымын көтеріп жібердің ғой, алды артыңа қарамайсың ба?

Бірақ Қасым сөзімізге құлақ аспастан жаңа әйелді кіргізген бөлмеге қарай жүгірді.

- Кіруге болмайды, ол кісіні қазір реанимацияға әкетеді, есін жиған жоқ. Сіз кімі боласыз? - деген медбике оның жолын бөгеді.

- Өтінемін, маған бір көрсетіңізші. Бір рет. Күйеуімнің дауысы жарықшақтанып кетті. Қолында жаңағы бір жапырақ қағаз. Сол кезде есік айқара ашылды да, каталкаға салынған бағанағы әйелді реанимацияға қарай зулата жөнелді. Күйеуім соңына ілесе жүгірді. Біз аң - таңбыз. Лифтің есігі тарс жабылғанда Қасым да қабырғаға сүйене отыра кетті.

- Не болды саған?! Сен ол әйелді танисың ба?

Жанына жеткен қызымыз екеуіміз екі жағынан сүйеп тұрғызбақ болып ек, онымыздан ештеңе шықпады. Құдды Қасымды сол жерге шегелеп қойғандай. Сұмдық - ай, көзім енді ғана оның жанарына ауды. Жасқа толған көзіне әп - сәтте - ақ терең мұң - қайғы орныққандай. Бір сұмдықтың болғанын сезгендей ішім мұздап қоя берді. Қолымды шошайтып, лифт жақты көрсетіп сөйлейін деп ем, тілім таңдайыма жабысып қалғандай үнім шықпады.

- Екеуіңе не болған, что за концерт, - деп сөйлей берген қызыма ала көзіммен қарадым. Ол да үнсіз қалды.

- Қой, тұр, Қасеке. Дәрігерге жолығайык, - дедім.

- Сен баршы, мен тұра алар емеспін. Қасымның дауысы әлсіреп шықты.

- Жанар, сен папаңның жанында бола тұр, мен қазір келемін, - деп күйеуімнің уысындағы умаждалған қағазды алдым.

Дәрігерден жаңағы біз көрген әйелдің жағдайын сұрадым. «Кімі боласыз» деді ол да. «Ешкімі емес сияқтымын. Бірақ күйеумнің жаңағы қылығына қарағанда жақын біреуі болуы керек. Реанимация бөлімінің алдында қатты күйзеліп отыр» дедім. Дәрігер үн - түнсіз қалды. «Иә - ә» деді сосын біраз үнсіздіктен соң. «Бұл кісі үлкен биіктіктен құлапты. Не үшін шыққанын білмеймін, бірақ құлағаннан соң оны ешкім көрмей біраз уақыт қансырап жатып қалған . Көршісі кездейсоқ көрген. Ішкі құрылыстарына да қатты зақым келген. Әлгінде қан құйдық. Бірақ қанның қоюлануы  өте төмен, сондықтан қан әлі кетіп жатыр. Оның үстіне бұл топтағы қанды табу қиын. Өйткені резусы сирек кездеседі. Адам болуы неғайбыл» деді күрсініп. Мойным салбырап күйеуімнің жанына келдім. Қызымды да ұмытып кетіппін ғой.

- Қасеке, тұр, үйге барайық. Жанарға тынығу керек. Жаңа мөлшерден тыс қан беріпті оған зиян келіп жүрмесін.

Басын көтермеген күйі Қасым.

- Өздерің бара беріңдер, мен осы  жерде бола тұрайын, - деді. Енді күмәнім болмады бұл әйелді жақсы таниды. Мен де шырамытатын сияқтымын. Бірақ аты - жөніне қарасам танымайтыным анық. Ойыма келген күдікті сыртқа шығара алмаған күйі:

- Жарайды онда. Мен Жанарды үйге апарып қайтып келейін, - деп кетуге ыңғайландым. Ол үндемеді. Үйге келгеннен соң да дегбір таппадым. Қайта ауруханаға қарай тарттым. Бірақ Қасым бағанағы орнында жоқ «Қайда кетті екен, әлде бағана құрдасына кірмеп ек соның жанында болды ма екен» деп бөлімшеге қарай беттеп ем, «Қазір түскі демалыс, кіруге болмайды» деп қызметші есікті маңдайымның алдынан тарс еткізді. Енді қайда кетті?! Ауланы аралап шықтым, зым - зия. Қызық екен, сонша бұл кім болды екен ол әйел. Екеуіміз отасқан жиырма екі жылдың ішінде бір рет те көрмеппін де, аты - жөнінде естімеппін. Бірақ бағанағы күдігім қайта маза бермеді.

Қайта үйге келдім. Қызым пысылдап ұйықтап жатыр. Қасым жоқ. Амалсыз үйде күттім. Кеш батып, қараңғылық қоюлана түскенде Қасым да келді. Екі көзі домбығып ісіп кеткен. Әбден жылаған - ау шамасы. Ол мені көрген бетте:

- Қарлыға, мен енді анамнан мәңгіге айрылдым, - деп өкіре құшақтай алды. Төбемнен жай түскендей мен тұрмын. Жатын бөлмелерінен балаларым оның даусын естіп үрпиісіп олар шықты. Бәрі аң - таң. Бағанағы оқиғаның мәнісіне енді көзім толық жеткендей. Кейуананың қағаздағы аты -жөнін көре сала күйеуім өзінің анасын таныған. Бірақ өмірде бет жүзін бір де бір рет көрмеген ол тілдей қағаздан ғана алдында кім жатқанын сезген. Сөйтсем ол туған анасының аты - жөнін бұрыннан біледі екен, тек ешқашан да маған айтпаған. Сұрай қалсам «білмеймін» деп жауап беретін. Мен де тақақтап сұрай бермейтінмін. Адам өзінің басына түспесе біреудің жанын терең түсіне ме?! Өзі айтпайды, мен сұрамаймын. Сөйтсем ...

Ол тағдырдың тәлкегімен туған анасынан небәрі екі жасында тірідей айрылады. Үлкен әжесінің тәрбиесінде  тұмсықтыға шоқылмай, қанаттыға қағылмай өскеннен соң ба анасы туралы ешбір ауыз ашпайтын. Мен сұрамағанмен бәрібір анасын іштей іздеп, сағынады екен ғой мына түріне қарағанда. Мен де қызық екенмін. Кім анасын іздемейді дейсің. Тіпті «аналары маскүнем болса да перзенттері оларды өмір бақи күтіп, іздейді» деуші еді. Сірә, сол сөздің жаны бар - ау . «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» демекші өз басыма түспеген соң оның байыбына бара бермеппін. Қасымның жан күйзелісіне қалай сеп болсам екен. Өң - түссіз отырған оның жанына келгенімен айтуға сөз таппадым. Не демекпін, не деп басу айтсам болады. Өзегі өртеніп тұрған Қасымның өкінішін түсінгендеймін. Ол өмірінде туған анасын бір - ақ рет және соңғы рет қана көрді емес пе?! Біраздан соң есімді жиған мен таң - тамаша болдым. Мына қызықты қараңыз. Бағана қызым «қанымыз бірдей екен» дегенде де ойыма ештеңе келмеген еді. Сөйтсем балаларымның, яғни бейбақтың немерелерінің қаны әжесімен бірдей екен, сонда «Қан тартады»деген осы екен - ау...

Пысықай Бангкокқа ұшақ келіп қонғанда түнгі сағат он жарым екен. Біздің уақыт бойынша шамамен күндізгі үш. Жер күйіп тұр. Құдды бір айдаһардың аузынан жалын атып тұрғандай. Енді әрі қарай ішкі рейспен Пхукет аралына ұшады екенбіз. Күтіп алушылар сабынша лыпылдайды. Енді қайтсін, елінің бюджетінің жетпіс пайызы туризмнен түседі. Сондықтан келіп демалушылардың түкірігін де, табанын да жерге тигізбейді. Аузыңды ашып бір нәрсе айтайын десең емеуіріңнен танитын сияқты. Аралға келгенде түнгі 12 - ден асып тұр екен. Бағанағы от жалын әлі қайтар емес. Бірақ бір айтарлығы барлық жерде салқындатқыш жұмыс істейді. Оған үйренбеген біз ертеңінде - ақ суық тиіп ауырып қалдық. Таңертеңгілік тамаққа барғанымызда жанымызға қазақтың жас жігіті келіп, амандасты да:

- Сіздердің жол басшыларыңыз мен боламын. Не тілектеріңіз бар, бәрін маған айтарсыздар. Ал қазір біздің бағдарламамызбен таныс болыңыздар, -деп алдымызға бір жапырақ қағазын тастады.

- Әй, мынаның бәріне қай уақытта барып үлгереміз. Бұл демалыс емес, ала өкпе жүгіру ғой, - деп біздің үйдегі кісі оған адырая қарап.

- Тү-у, ағасы, сіз сияқты қалтасы қалың адамдарға жасалған бағдарлама ғой бұл, шаршамайсыз. Демалыстың көкесі осы. Жас жігіттей қылшылдап тұр екенсіз өзіңіз, - дей бергені сол еді, отағасы қашанғы әдетімен:

- Әй, сен өйтіп жылпылдай берме, менің қалтамдағы ақшаны санап па ең, өзім білем қалай демалатынымды, бара тұр, алдымен тамағымызды ішіп алайық.

Бала тосылып қалғандай болды.

Расында, «көрмегенге көсеу таң» дегендей, бәрі қызық, бәрі таңсық. Табиғатының өзі не тұрады дейсіз. Бірақ тамағы ұнайтын емес. Ащы, наны атымен жоқ, ылғи қуырылған. Сорпа мен етке үйренген қазақ, мұның бәрін місе тұтар емеспіз. Одан да бұрын ащылығынан айтсаңызшы.

- Қой, Сәлима, жататын орнымызда ыдыс - аяқ бәрі бар екен ғой. Дүкенге барайық, азық - түлік алып, тамағымызды өзіміз пісіріп жейік, мына түрімізбен аштан қалармыз, - деген Жарқынбек әлгі гид баланы шақыртты.

- Оу, ағасы, не бірдеңе ұнамай жатыр ма, айтыңыз, қазір - ақ жөндейміз.

- Әй, сен өйтіп лыпылдай бермеші. Қазір апаң үшеуіміз дүкенге барып, анау – мынау, азық- түлік әкелейік. Мыналардың тамағын жей алатын емеспіз.

- Жақсы, ағасы.

Қасымызға Ақмоладан келген жас жұбайлар қосылып, арнайы бөлінген көлікке мініп жақын маңдағы маркеттеріне келдік. Құдай-ау, ат шаптырым магазинде жаныңа керегіңнің бәрі бар. Әйел емеспін бе?! Бірден өзіміздегі бағаға шығарып, салыстырып жатырмын. Арзан әлдеқайда. Көзім қызығып барады. «Оу, мынау арзан екен, мынау арзан екен». Дауысым қатты шығып кетсе керек.

- Қой, арзан - парзаныңды білмеймін. Ал, керектінің бәрін. Жақаң қолын бірақ сілтеді.

Мен енді ет іздей бастадым. Бәрі бар екен дегенім алғашқы ой екен. Қызықты қараңыз. Еттің бәрі не балық, не шошқа. Қап, әттеген - ай. Мен сиырдың етін сұрадым. Тіл білмеймін. Сатушы болса қазақша түгіл орысша білмейтін болып шықты. Айтпақшы, тілмашгидіміз бар емес пе?!

- Оу, Тұрсынбек, қайдасың?! Аудармайсың ба?!

- Мен тіл білмеймін ғой, апа. Не сұрап жатырсыз?

- Мәссаған, безгелдек! Тіл білмегені қалай, ағылшын тілін білмейсің бе?! Әй, сен қайтып бұл жұмысқа тұрып жүрсің?!

- Қойшы, әйтеуір өйтіп - бұйтіп, шекемізге қолымызды қойып, мүйізді көрсетіп, сиырдың етін зорға дегенде таптық - ау. Олар ыңғайсыздық туғызғанына қайта - қайта қолдарын қусырып кешірім сұрап жатыр. Тіл білмейтін аудармашымыз - біздің Тұрсынбек қана былқ етер емес. Қайтып келеміз.

- Әй, жылтыңбай, - деді оқыстан Жақаң. - Сабынша лыпып қолды - аяқта тұратын емессің. Сен өзің тілді білместен мұндай жұмысқа қалай орналасып жүрсің?! Бағанағы сұрағын тағы қойды. Қысылап жатқан оған Тұрсынбек жоқ.

- Әкем арқылы...

- Айлықтарың қанша сонда?!

- Үш мың евро.

Үнсіздік.

- Қай жерденсің?

- Шымкенттен.

- Вот дает. Я так и знал. Больно уж на «техасского» похож. Тате, а вы знаете, шымкентский и в Африке шымкентский.

Күліп жатырмыз.

Арада бес - алты күннің қалай өтіп кеткенін де байқамадық. Қайтадан Тұрсынбекке жүгіндік. «Қайтатын уақыт жақындап қалды. Балашағаға бірдеңе алайық. Қаланы аралат» дедік.

- Ой, әлі үш күн бар ғой. Үлгереміз. Арнайы көлік бөлінетін болды. Ертең шоп - тур жасаймыз, - дейді тағы лыпылдап Тұрсынбек.

- Әй, алматылықтар бірінші күні барып - ақ қойды ғой. Сен әлі бізді «тойдырып» жүрсің.

Не керек ол күні тағы дүкен аралай алмадық. Кешкілік, тілін түсінбесек те телевизор көріп отырғанбыз. Елдің астанасының көшелерінде бір бұзақылардың алай бір, бұлай бір жүгіріп жүргендерін бір сағат бойы көрсетті.

- Немене, басқа көрсететін ештеңелері жоқ па, - дегенім сол еді, қалта телефоным шылдырады. Үйден ұлым хабарласып тұрған.

- Мама, амансыңдар ма?! Тыныштық па? Бангкокта көтеріліс болып жатыр ғой. Аэропорттарын басып алыпты.

- Бәсе, бірдеңе көрсетіп жатыр. Түсініп отырған біз жоқ. Бірақ тыныштық сияқты. Мында аралда ештеңе естілмейді, - деп айтып үлгергем жоқ, екі өкпесін қолына алып Тұрсынбек келді. Көзі шарасынан шығып кеткен.

- Тез арада жиналыңыздар. Тайландта көтеріліс. Сіздерді тез алып шығу жөнінде Қазақстанның өкілдігінен хабар келді. Екі сағаттан соң шығамыз. Сіздерді 1110 шақырым жердегі Паттайя аралындағы әскери аэродромнан ұшыратын болдық, - деп есімізді жинағанша тайып тұрды.

Есеңгіреп біз қалдық. Заттарымды жинап жүріп күңкілдеп жүрмін. «Тү-у, осы жылтыңбайға сенемін деп, кеше ана алматылықтармен бірге магазинге барып келейін дедім, жібермедің. Енді, қарашы. Құр қол қайтатын болдық, ұят болды ғой».

- Ей, дүниеден өліп пе ең. Басыңды аман алып шығуды ойламайсың ба? Жақаңның даусы зілді шықты, үнімді өшіре қойдым.

Қойшы, сонымен не керек. Түнгі сағат екінің кезінде «Мерседес» газелімен бәрімізді аралдан алып шықты. Түс ауа Бангкоктың сыртын ала Паттайяға қарай бет алып келеміз. Айта кетерліктей көтерілістің нышаны білінбейді. Бір - екі топ елінің сары жалауын алып топырлап жүргені болмаса ештеңе байқалмайтын сияқты. Сонымен не керек, он екі сағаттан соң әскери аэродромға жеттік - ау. Мұнда ығы - жығы халық. Ине шаншар жер жоқ. Бүкіл Тайландтағы демалушыларды осында әкеліп бөшкедегі балықтай тоғытып жатыр. Сығылысқан елден демала алмайсың. Қақиып тұрған қалпымызда ептеп - ептеп орнымыздан жылжып қоямыз. Самолет қай уақытта ұшады, кім сиып, кім қояды. Түгін білмейміз. Өзім зорға сығылысып тұрсам бір неміс: Wосһіп - қайдансың деп қоймайды. Қазақстаннан» деймін әдейі қазақша сөйлеп. Ренжіп қалар десем, жоқ, қайта қуанып кетті. Іші пысып тұр, білем. Әрнәрсені сұрап қоймайды. Ағылшын тілін білмесем де, немісшеден құр жаяу емеспін. Әйтеуір түсінемін. Жауабын қазақша, орысша, немісшесін араластырып жауап беріп қоямын. Ол да мәз, мен де жаңағы жыным құрысқаным жазылғандай. Жанымызда бір отыз - отыз бестер шамасындағы бір жігіт тұр. Әңгімеге араласпаса да біздің сөзімізге құлақ түріп тұрғаны байқалады. Жүгі құдай -ау бүкіл Тайландты көшіріп бара жатқандай. Оқтын - оқтын ыңқылдай жүктерін алға қарай сүйреп қояды. Жақаң болса бағана алдыңғы жаққа қарай өтіп кеткен. Шағын ғана жүгіміз сол кісінің қолында. Маған жүк ұстау қайда. Өз басымды зорға алып тұрмын. Бір кезде қалың топтың арасынан қалай өткенін білмеймін, екі өкпесін екі қолына алып бір қазақтың келіншегі жердің астынан шыға келгендей:

- Әй, Қайрат, жүр, мен ана жақтан өтетін жер таптым. Бол, тез қимылда, -демесі бар ма.

- Әкел ана жүктерді.

- Қайрат та соны күтіп тұрғандай, мықшыңдап жүгін көтермекші. Неғылған, көтермек түгіл орнынан жылжытар түрі жоқ. Сонда да жанжағын итермелеп орнынан қозғалмақшы.

- Әй, өзіңнің есің дұрыс па, - деп әлгі әйелге дүрсе қоя бердім.

- Мына жерде жүкті қозғамақ түгіл, аяғымызды зорға алып тұрсақ. Құй асық, құй асықпа, бәріміздің отыратынымыз бір ұшақ, қайда барасың басымыздан секіріп, тұр осында қозғалмай, тапырақтама, - дедім жігітке бұрылып. Ол мұны күтпеген болу керек. Абдырап қалды. Келіншек келсе ізімен ызымғайып қайта жоғалды. Ойпырым - ай, біз болсақ бір аяғымызды қозғасақ екіншісін қайда қоямыз деп тұрсақ, мынауың суда жүзген балықтай ғой.

- Шымкенттенсің бе? - дедім қарап тұрмай.

- Оны қайдан білдіңіз, - дейді таңқала.

- Кеше біреу шымкентский и в Африке шымкентский деп еді, - дедім.

Сонымен не керек, айналасы төрт - бес сағат аяғымыздан тік тұрған бойы ұшаққа да іліндік - ау. Бет алысымыз еліміз. Көңіліміз жайланайын деді. Бір кезде көзім бағанағы жігітке түсті. Қабағы салыңқы, салы суға түсіп кетіпті. Қасында әйелі көрінбейді. «Не болды екен» деп жанына жақындадым.

- Бір жерің ауырып отыр ма, түсің бұзылып кетіпті ғой. Келіншегің қайда?

- Бар болсын бар болғыр. Жаңа әлгінде тіркеуден өткен соң тағы бір нәрсе алып келем деп шығып кетіп еді, содан молынан жоқ. Самолеттен қалып қойды.

- Не дейді?! Сен оны қалдырып ұшып кетіп бара жатсың ба?

- Ой, әпке, қорықпай - ақ қойыңыз, ол келініңіз суға салса батпайды, отқа салса жанбайды, - дейді. Жаңағы қөңіл - күйдің ізі де жоқ, даусында мақтаныш, «ол сондай» дегендей.

Не күлерімді, не налырымды білмедім...
Сақина

Неге екені белгісіз Жанар бірінші күннен - ақ інісінің келіншегін жақтырмады. Еліктің лағындай елпілдеп тұрған келіннің бетіндегі аздаған сепкілін көргенде жүрегі айнығандай тыржиып, ішінен «тү - у, кәпірдің тарғылын - ай» деп ойлады. Сол күннен бастап келінге «Тарылғыл» деген ат сүлікше жабысты. Беташар өткен күннің ертеңінде - ақ ыдыс аяқ жуып тұрған келінді көріп Жанардың жыны құрысты да қалды. «Әй, Тарғыл» деді зілдене. Келіннен жауап болмады, жауап қатпақ түгіл бұрылмады да. Жарылардай болып жынданған Жанар оның жанына жетіп  келіп, «Мен кімге айтып тұрмын, сен неге мен Тарғыл деп шақырғанда қарамайсың» деп шапалақпен тартып жібергені. Көзі шарасынан шыққан келін не дерін білмей қатты да қалды. «Есіңде болсын, сенің атың енді «Тарғыл», осыдан енді жауап қатпай көр.., бар маған шәй жаса». Мұны естіп - көріп тұрған ата - енесінде үн жоқ, тек «бар, айтқанын істе» дегендей енесі иегін ақырын ғана қақты. Жанары жасқа толған келін көзі тұмандана жүріп шәйін жасап, қайын әпкесіне қарады. Міз бақпай, тістеніп ол отыр. Келін оған «шәй дайын» деп айтуға қорықты. «Немене қаққан қазықтай сілейіп тұрғаның, шәйға шақырмайсың ба, әлде тіліңді жұтып қойдың ба?» Шәйді бір балық жеп шөлеркеп қалғандай сораптап ішіп отырған Жанардың екі көзі келінде. «Немене көзіңнен сораң ағып отырғаны, жеңеше мына Тарғылдан сұрашы, немене көз жасы көл болып отыр? Енді қадала өз шешесіне қарады. «Бұның не» деп айтуға ол байғұстың да қауқары жоқ сияқты. Ол да тілін жұтып қойғандай. Әжесінің бауырында өскен Жанар кішкентайынан бәрінің аяғын бір етікке тығып, айтқанын орындатып өсті. Өйткені ол - әжесінін қызы. Адуындау әжесі бұның бетіне ешкімді қаратпады, ешкімді алдынан кесе көлденең өткізбеді. Ал айтқанын істемей көрсін, бүкіл ауылды бір қауыздың аузына сиғызардай әлекке салады, сондықтан онымен ешкімнің қарсы тұруға көңілі кете бермейтін. Сөйтіп, ешкімді місе тұтпай, ешкімді бетіне қаратпай өскен бұлаң қыздан ержете келе ауылдың барлық жігіттері аулақ жүретін болды, оқуға барып еді, онда да ешкіммен сиыса алмай қайтып келді. Не алған білімі жоқ, не істеген жұмысы жоқ, бар ісі үй - ішін бір шыбықпен айдап тұруды әдетке айналдырған ол әжесі қайтқан соң ол мінезін қоймақ түгіл, қайта үдете түсті. «Қорыққан бүгін жұдырықтайды» демекші сөзін сөйлер әжесі болмаған соң өзін - өзі қорғаған түрі болатын. Енді міне «сұрағанға береген» жас келін келді. Енді құқайын соған көрсетпекші.

- Жәктай, жас келінде нең бар, қойсаңшы, ұят болады ғой, - деген шешесіне алара бір қараған Жанар оның үнін бірден өшірді.

- Мені Жәктай демейтін бол енді. Ал сен,- ол енді келінге қарады, - маған шәйді бөлек демдейсің, оны қалай жасайтынын ана отыран енеңнен сұрап ал, білмедім деп жүрме, мен екі қайталамаймын. Сөз осымен бітті дегендей отырған орындығын дырылдата тұрды да бөлмесіне қарай кетті.

- Ренжіме, жарығым, әжесі бауырына басып алған соң бізден де қызғанып, «тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай» бетіне ешкімді қаратпай есіргендегісі ғой марқұмның. Қайтейін, баяғыда бір бейбақ «қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» деп күйінген екен. Енді міне, не бай алмайды, не құдай алмайды. Өз қолымды өзім кесем бе? Әлі саған да талай құқайды көрсетеді, балам. Сондықтан «үндемеген үйдей пәледен кұтылады» демекші ләжі болса үндемей кұтылғайсың.

Енесінің мына сөзін естіген келіннің төбесінде шашы тік тұрғандай болды. Алғашқы күнде көргені мынау болса, бара - бара не болмақ?! Айтса айтқандай ол енді отырса опақ, тұрса сопақ болды. Күнделікті еститіні «әй, Тарғыл». Бұл оның дауысын ести сала әбжыланды көргендей дірілдеп қоя береді. Тіпті кейде қорыққанынан оның не айтып тұрғанын ұқпай қалатын кездері де болды. Онда оның қолына не түссе, мейлі тәпішкесі, мейлі қасық, бірде тіпті пышаққа дейін бұған қарай ұшатын болды. Мұндайдан кейін ол күйеуіне шағымдана отырып, айта беріп еді, ол мұның басынан сипай тұрып: «айтпасаң да болады, көрмесем де, не болып жатқанын ішім сезеді, қайтесің енді, у нее синдром старой девы» деп мұны жұбатқандай болды, бірақ өзі де терең бір күрсініп алды. Келін үй ішіндегілердің бұл мінездеріне көпке дейін түсіне алмай жүрді, «қызық ешкімнің оған әлі жетпей ме, жарайды, тіпті бізді бөлек шығара алмайды екен, онда неге оны жібермейді» деп оңашада көз жасын сығып - сығып алады. Бертін келе түсінді, үй ішіндегілердің одан қорыққанынан бұрын аяушылық сезімдері басым екен. Отыз сегізге келген қыздарының ендігі күндері не болмақ деген ой оларды сары уайымға салатынын білді. Енді бұл да түсіністікпен қарауға талпынды, жек көріп тұрса да, қорқып тұрса да, оған жымиып қарайтын болды. Бірақ ол да жақпады. Бірде «неменеңе жетісіп тұрсың осы сен» деп бас салса, енді бірде «немене мені мазақ етіп тұрғаның» деп тиісті. Бірде қайын әпкесінің қолындағы сақинасына қарап өзінен өзі мәз болып отырғанын көрген ол көңілін ауламақшы болып:

- Әпке, сақинаңыз көздің жауын алатындай керемет екен, - дей беріп еді, «Көздің жауын алмағанда ше, саған төлеген қалың малдан екі есе қымбат болса» деп мұны апарып тастады. Келіні тілін тістей қойды. «Қайдан ғана айта қойып ем, нем бар еді» деп бөлмесіне қарай жөнелген.

-...Тарғыл, әй Тарғыл, атаңа нәлеттің қызы, сақинам қайда?! Қайын әпкесінің ащы дауысы анадайдан естілді.

- Қандай сақина, әпке? Келіннің де жан даусы шықты, бірдеңе болғанын оның айқайынан - ақ түсінді. - Не болды, сақинасы несі?

- Көлгіреме, қайыршы. Кеше осы жерде тіміскілеп сіңілің келіп жүр еді, сақинамды ұрлап беріп жібердің ғой төркініңе.

Аузын ашып үлгергенше қайынбикесінің жұдырығы бетіне сарт ете қалды. Мына шуға үйдегілердің бәрі жиналды. Бәрінің өңінде «Не болды» деген үнсіз сұрақ тұр.

- Мына қайыршы менің сақинамды ұрлап төркініне беріп жіберіпті, іздемеген жерім жоқ.

Екі иығынан дем алған ол тағы да келінін тарпа бас салды. Үй ішіндегілер оны әзер ажыратты. Келіннің бір жақ беті қанталап тұр. Екі көзі мөлт - мөлт етеді.

- Апа, алғам жоқ ешқандай сақинаны, ант етейін.

- Жап аузыңды. Қайда кетті дейсің енді ол. Бәсе кеше сіңілісің келуінен өзім секем алып едім. Қарашы сол екі ортада не істегенін үндемей жүріп мұның.

- Келін - шырақ, сақинаны көрдің бе? «Алдың ба» деп сұрауға аузы бармаған енесі енді келініне сұраулы жүзбен қарады.

- Апа, не деп тұрсыз, қайдағы сақина, мен ол кісінің бөлмесіне кірмеймін де ғой.

- Көздің жауын алады екен деп қызығып жүруші едің ғой, сенен басқа жау келді деймісің. Жүр төркініңе барамыз, бәрін тінтіп сақинамды таппасам көр де тұр. Жүр қане.

Ол келінді жұлқылай жөнелді. Осы оқиғаның үстінен түскен інісі де жәй жапсарды түсінгеннен соң келіншегіне қарап:

- Сен шынымен алған жоқсың ба? - демесі бар ма. Мұны естіген келін есікке қарай атылды. Тіпті басынан түсіп қалған орамалына да қарамады, қарауға мына қорлықтан кейін шамасы да жоқ еді. Басқасы басқа, күйеуінікі не?! Жас келіншек ботадай боздап, сол шыққанан мол шықты, артына қарайлаған да жоқ. Соңынан еріп шыққан да ешкім болмады.

Арада екі күн өткен соң киім ауыстырайын деп ілгіште тұрған көйлегін ала берген Жанардың аяғының астына бірдеңе топ ете түсті. Еңкейе бергенде оның көзіне бірден «көздің жауын алған» өзінің сақинасы түскен еді.

Тышқан Кешкілік біреуі жұмыстан, енді біреулері балабақшадан қайтқан Әуестің отбасы есіктен улай - шулай кірді.

- Жә, болды, киімдеріңді шешіп орын - орындарына қойыңдар да қолдарыңды жуыңдар, мен дастарқан жасай берейін, - Жанар жатын бөлмесіне кіріп кетті. Сөйткенше болған жоқ кіші ұлының «балапан, балапан» деп қуана шыңғырған дауысын естіп жүгіре шықты.

- Балапаны несі, қайдағы балапан?

Баласының даусы жуынатын бөлмеден шығады. Үлкен ұлы Марат екеуі жарыса кірді. Мына қызықты қараңыз, аппақ ваннаның ішінде кіп - кішкентай тышқанның қап - қара баласы тыпырлап жүгіріп жүр. Екпіндеп келіп ваннаның ернеуіне шығады да, сырғып қайта түседі. Мыналар шыңғырып, айқайлаған сайын оның жаны да мұрнының ұшына келетін болу керек, жанталаса қайта тыпыршиды.

- Әуес, Әуес, мынаны қара, ваннаның ішіне тышқан түсіп кетіпті. Жанардың сөзін ести сала жүгіріп келген Әуес:

- Кет и, қайдағы тышқан, біреуің балапан деп, енді біреуің тышқан деп, не көрінді сендерге, - деп келе жатыр еді шынымен тышқанды көрді де тосылып қалды. Көзі моншақтай кіп - кішкене мақұлык әлі жан таласып жүр.

- Берші маған, берші, - деп Қанат қолын соза беріп еді, тышқан шарасыздық танытып бүрісіп отыра қалды. Сүйкімді - ақ. «Ойбай, тышқан» деп жиіркенішпен айтатындай емес. Әсіресе мөлдіреген моншақтай қап -қара көзін айтсаңшы. Жүні жанталаса жүгіргенде үлп - үлп етеді. Енді төртеуі бірдей кішкентай мақұлыққа сүйсіне қарады.

- Қой, Қанатжан, оны қолмен ұстауға болмайды, осылай қарап тұр, - деді аяқ астынан тышқанға мейірі ауған Әуес. Жанар да құптап жатыр. Сонымен не керек көздері ұйқыға кеткенше Марат пен Қанат тышқанмен «әуре» болды. Оған сүт берді ме, нан берді ме, тіпті кәмпиттеріне дейін беріп жатыр. Оларға қарап Әуес пен Жанар мәз. Бір жағынан құлақтары да тыншып қалды. Екеуі үйді астан - кестеңін шығарып, асыр салып ойнағанда астыңғы қабатта тұратын көршілер батареяны тоқылдатып жатқаны. Мынау бір жақсы ермек болды екеуіне. Ертеңгілік сенбі болған соң екеуі кештетіп жатты. Ойындары сол тышқан. Таң - ертеңмен көздерін тырмалай салып екеуі тағы жуынатын бөлмеге жүгірсін. Әдетте екеуін жуындыра алмай әуре болушы еді, енді өздері - ақ шықпайтын болды. Күн сенбі болғандықтан далаға шығып ойнау тіпті естеріне келер емес. Оларды әзер далаға жіберген Жанар өзінің де тышқанға сүйсіне қарап тұрғанын байқап күліп жіберді. «Ойпырым - ай, тышқанның осынша сүйкімді болатынын кім ойлаған» деп қояды. Сонымен не керек, сенбі - жексенбі күні бойы тірі ойыншықпен ойнаған балаларына Әуес «болды енді, шығарыңдар ана ойыншықтарыңды, жуынбаймыз ба енді» деп еді, ана екеуі үйді басына көтерсін. Енді әкесі мен шешесі сасайын деді. Өздерінің де тым артық кеткенін енді ғана сезгендей.

- Жоқ, бұлай болмайды екен. Оны ендігі анасы іздеп жатқан болар. Бұл да анасын сағынған шығар. Енді жібермесек ол жылайды ғой. Есіңде ме, Марат, сен аулада жоғалып кеткеніңде менің қалай жылағаным, сол сияқты оның да мамасы баласын іздеп жылап жүрген болар, жіберейік оны, анасын тауып алсын, - деді. Ана екеуінің үнжырғасы түсіп кетті. Қимайтыны көрініп тұр, бірақ мамаларының айтқанының да жаны бар.

- Бірақ ол қайтып табады мамасын, ол әлі кішкентай ғой. Марат естілігін білдіріп жатыр.

- Біз оны подъезге шығарып жіберміз. Сосын ол барып шиқылдап анасын шақырады, сол кезде ол естіп келе қояды. Жіберейік, ия мә, - деп Жанар балаларына қарады. Көздеріне жас келіп қалса да, екеуі де ақырын ғана басын изеді. Бір жағынан қимайды, біржағынан оның мамасын сағынғанын түсінгендей. Жанар сол сәтті пайдалана қойып, қолына орамал алды да адамдарға екі күн ішінде үйренісіп қалған тышқанды әп - сәтте ұстап ала қойды. Сөйтіп есікті аша сала жерге қоя бергені де сол еді, сатыдан жоғары маң - маң басып көрші баб Тасяның Васькасы көтеріліп келе жатыр. Жанар «ай» деп тышқанға қолын соза бергенше, ол мақұлық сатыдан әрі қарай мысықтың алдына барып домалап түскені. Жаңағы паңдық қайда, маңғаздық қайда Васька көзді ашып - жұмғанша тышқанды бас салды. Жанардың жан дауысы шықты. Үйден балалары мен Әуес, мына жақтан көршілері шықты жүгіріп. Бәрін оқыс дауыс селт еткізген түрі бар. Мән -жайды тез - ақ түсініп қойған баба Тася:

- Что ты кричишь, ну и что, что он мышку съел, напугала всех, - деп әдетімен тілін шайнап бұған ұрсып жатыр. - Васька, ты же весь испачкался, идем, дорогой, умойся, - деп шаруасын бітіріп алған мысығына сөйлеп еді, ол да «иә» дегендей иесінің соңынан мамырлай кете барды.

Марат пен Қанатта үн жоқ. Әуестің де дыбысы білінбейді. «Е-е-е, сол да ма» деп көршілері кетті. Орындарында сілейіп қатып қалған тек бұлар ғана. Есін бірінші Әуес жинағандай болды. Балаларын көтеріп алып ол да кірді пәтеріне, соңын ала Жанар да қозғалды. Сол кеште бірінші рет Марат пен Қанат әке - шешесінен ескерту алмастан тып - тыныш барып ваннада емес, ас үйден жуынып барып жатып қалды. Құлаққа ұрған танадай тыныштықта Әуес пен Жанарда да үн жоқ еді.

Харакири Қызметтен босап қалғаннан кейін Әзберген үйінде қарап отырып байыз таппады. Қасына әйелін ертіп ауласындағы бау - бақшасын айналдырып еді онысынан түк шықпады. Анда - санда қолына қалам алып республикалық газеттерге мақалалар жазып тұрушы еді, ойы он саққа, санасы сан саққа бөлініп ол да бос әурешілік болды. Енді бар ермегі жатып алып телевизор көреді. Оны да жарытпады, көзі экранда болғанымен көңілі шар тарапты шарлады. Сондай әрі сәрі күйде әдеттегідей жатқан Әзберген жылан шағып алғандай бір кезде бар дауысымен:

- Аққыз, әй Аққыз, мында кел, - деп айқай салмасы бар ма?! Ас үйде жүрген әйелі мына дауыстан жан ұшыра жетті.

- Не болды, бірдеңе шағып алды ма? Аққыздың дауысы да үрейлі шықты.

- Жоға, қорқытып жібердім бе, жәй әшейін маған оқыстан бір жақсы ой келді, соны сенімен бөлісейін дегенім, - деді енді жайбарақат.

- Ол неғылған ой сонша жан дауысыңмен айқалайтын?

- Бірақ сен оған күлме. Ол әйелінің бетіне бір жалынышпен қарағандай болды. Өйтпеске амалы бар ма, «қызмет пен байлық қолдың кірі» деп бекер айтпайды екен. Бұның бағы тайып қызмет тағынан түсіп еді, кешегі қасында топырлап жүрген жандайшаптардың бәрі ізімғайым жоғалды. Кеше тіпті көшеге шыға калып еді, бұрынғы орынбасары мәшинесінің шаңына қақтырып қасынан өте шықты. Тіпті ішінде отырып амандасқанның нобайын келтіріп басын изеуге де жарамады. Көпе - көрне көрмегенсіп өте шықты. Әзберген «шопыры осы тежегішті басқысы келді - ау деймін, бірақ ана бастығы рұқсат бермеген сияқты» деген ой да келді. Бірақ оған налыған да жоқ, «өгізге туған күн, бұзауға да келер» деген мына аумалы - төкпелі заманда оның да әуселесі ұзаққа бармас» деп өзін өзі жұбатты. Расында, айтса айтқандай, облыстың бірінші басшысы ауысқан сайын аймақтағы кадрлардың жартысынан көбі «аттан түсіп қалып жатқан заман». Қазіргі сырласы да, мұңдасы да, тірегі де, ақылшысы да бір әйелі. Енді Аққыз ойын қолдаса болды, басқасына түкіргені бар ма?!

- Иә, ол неғылған ой, - деді тағы да әйелі енді оның ойының күрделі екенін сезгендей.

- Парламентке депутаттыққа түссем қайтеді?! Аққыздың үні шықпай қалды. Не ойласа да мынандай шешім үш ұйықтаса түсіне кірмеген ой. Дегенмен, неге расында оны да көрмеске. Жеме - жемге келгенде қызметтен босатқанда «ішіп-жеп қойдың немесе қолыңнан іс келмейді деп» алған жоқ қой. Бірінші басшы өзінің командасын алып келді. Бұған «орынды босат» деді бұл босатты.

- Нар тәуекел, кімнен кемсің. Осы жерде туып өстің, еңбегің сіңді. Ешкімнің ала жібін аттаған жоқсың, көрейік мұны да. «Құласаң нардан құла» деген.

Содан Әзберген облыс орталығындағы танысына телефон соқты. Оны досы деп те айта алмайды. Бірақ осыдан үш жыл бұрын қызметіне жаңадан ғана тағайындалғанда біреулер қолдан ұйымдастырып Әзбергенді қаматып қоя жаздағаны бар. Сонда ауданға бірінші рет іссапарға келген Мақсұт жағдайдың оңы мен солын бірден анықтап, мұны үлкен абыройсыздықтан алып қалған еді. Содан бері сирек болса да ара қатынастары үзілмеген. Енді Әзбергеннің одан басқа сенер ешкімі де жоқ. Мұның ойы мен қөңіл -күйін жақсы сезген Мақсұт та көп ойланбастан дұрыс шешім екенін білдірді. Сөйтіп, депутаттыққа кандидаттың қым-қуыт жұмысы қызу басталып та кетті.

- Мынау менің жиенім Самат, маған сенімді өкілдің бірі осы, оның үстіне астында өзінің көлігі бар, ал бізге қазір ол ауадай қажет, - деп Әзберген Мақсұтқа шымыр денелі, бірақ бәкене бойлы ақсары жігітті таныстырды. Самат сөзге шешен, адамның бауырына бірден кіріп кететін ашық жарқын елгезек жігіт болып шықты. Қай уақытта шақыртсаң да мәшинесіне бензинін толтырып көзді ашып жұмғанша жетіп келеді. Өзінің тағы білмейтіні жоқ, сондықтан әңгімесі де қызық. Ел - елді аралай жүріп, тіпті бауырындай болып кеткен осы бір жігітті Мақсұт тіпті жақсы көріп кетті. Сондықтан Алматыға баратын бір тығыз шаруа болғанда ол Саматқа ешбір қысылмастан алып барып келуін өтінгенде «соны сөз деп тұрсыз ба, барамын әрине» деп бірден ол да келісе кетті.

Айтып айтпай не керек, бұлардың еңбегі жанып Әзберген Парламентке облыстың үш ауданынан төрт қарсыласын «жеңіп» депутат болып сайланды да кетті. Мақсұт пен Самат оған игі тілектерін айтып шығарып салып қала берді. Самат Мақсұтты жұмыс орнына іздеп келгенде ол жиналыс өткізіп жатыр екен, біраз күтуіне тура келді. Ішке имене кірген оны көргенде Мақсұт тура бір туған інісі келгендей қарсы алды. Бірақ оның түрінен секем де алып қалды. Жауар бұлттай түнеріп, шекесі қызарып біраз булығып отырып оны -мұныны әңгімелеп отырған Саматтың бір нәрсеге қобалжып отырғанын Мақсұт байқаса да әліптің артын бақты. Бірақ Самат та асығар емес.

- Иә, шаруаңды айта отыр, жәй жүрсің бе, - деп сондықтан өзі суыртпақтап сұрай бастады.

- Қалай десем екен?! Вообшем, аға мен бір жағдайға ұшырап қалдым. Сізге айтпай - ақ қояйын деп едім, өзім бұл тығырықтан шыға алмадым, -деп бір жұтынып қойды. Қолындағы жұқа бас киімін умаждай береді.

- Иә, не болды, айта бер, құлағым сенде. Мақсұт тіпті тыңдап отырғанын көрсеткісі келгендей қолындағы қаламын былайырақ алып та қойды.

- Өткенде сізбен Алматыға барып едім ғой... Сонда, сонда... үйімді түгелдей үптеп кетіпті. Бұл сөзді Самат басын төмен тұқыртып отырып әрең айтты.

- Қазір үйімде не жатар жастық,не отырар көрпе жоқ. Әкемнің бетіне қараудан калдым. Содан сізге келдім... Маған біраз қарызға ақша тауып беріңізші. Саматтың ақсары жүзі піскен қызанақтай жарылардай болып күреңітіп, тамырлары білеуленіп, шекесі тырсиынып шыға келді.

Мақсұт қапелімде не дерін білмей сасып қалды. Ә дегенде «менің кесірім тиіп кетті - ау» деген ой лып ете қалды. Оның үстіне келіншегінің аяғы ауыр деп еді. Қарт әкесі де қолында. Мақсұт шынымен қысылайын деді. Бір үйлі жанды осындай жағдайға душар еткені үшін қатты қапаланды. Сасқанынан «қанша керек» деді.

- Көп емес, аға, бір төрт - бес мың доллар.

Мақсұттың тынысы тарылды. «Көп емес - ақ екен». Бірақ онысын сыртқа шығармады. Біраз үнсіздіктен соң «менің өзімде ондай қаражат жоқ, бірақ бір таныстарымнан сұрастырып көрейін. Бір - екі күнде хабарлас, - деді құрғап қалған тамағын кернеп. Шайтан түртейін десе аяқ астынан екен. Ақшаның да табыла қалғанын көрмейсің бе. Айтқан күні есіктен сығалай қарап Самат тағы келді. Ақшаны көргенде көзі жайнап кетті. Қалтыраған қолдарымен ақшаны санап жатып:

- Көке, бір айдың ішінде қайтарамын. Мәшинемді сатамын, мына бір алтын сағат та біраз ақша болып қалады, - деп қалтасынан алтын бауы бар ер адамның қалта сағатын алып шықты. - Әлде өзіңіз аласыз ба, сізге арзанырақ берейін. Күлген болды, онысы тап қасқырдың ырсиғанына көбірек ұқсап кетті.

- Жоқ, рахмет, қанша арзан беремін десең де, менде ондай қаражат жоқ. Ал мына ақшаны бір таныстарымнан бір айға деп алдым. Ұятқа қалдырмассың.

- О не дегеніңіз, бір айдың ішінде әкелемін. Оған имандай сеніңіз. Сіздей адамның атына кір келтіріп мені құдай ұрып па? Бала шағамның атынан ант етейін. Оның шекесі тағы да өткен жолдағыдай шодырайып шыға келді.

Самат сол кеткеннен мол кетті. Бір ай түгіл үш ай өтті. Ақшасын алған жұбайлар өзін іздеп келген сайын Мақсұт Саматты іздестіреді. Бірде үйіне тағы іздеп барса, орнын әдеттегідей сипалап қалды. Амалсыз Саматтың әкесі мен әйеліне не үшін іздеп келе беретінін айтып еді, ақ сақалы, ақ көйлек пен дамбалы өзіне жарасып тұратын, бірақ оты сөніп бара жатқан аппақ қарт күңірене тіл қатты: «Балам, бекерден-бекер жала жауып отыр дейін десем, жүзің иманды, тәрбиелі бала секілдісің, айтқаныңа иланайын десем, менің баламның тірлігіне сиыспайтын іс сияқты. Не дерімді білмей отырмын, өзінің де үйде болмағанына біраз күннің жүзі болды. Келсін өзі, анық - қанығын біле жатармыз. Бірақ үйіміз тоналды дегенің қисынға келмейді, оның енді бекершілік» деп жанары тая бастаған көзімен Мақсұтқа сынай қарады. Бағанадан бері үнсіз тыңдап отырған келіні де:

- Аға, біздің Самаштың ондай әдеті жоқ, ешқашан да, ешкімнен де қарыз ақша алып көрген емес, - деді баяу ғана. Мақсұт іштей таңданып отыр, «әкесі де, әйелі де иман жүзді адамдар сияқты, сонда Саматтыкі несі, әлде отбасынан жасырып жүрген екінші үйі бар ма екен? Неде болса бұл жайшылық емес қой» деген оймен жер үстімен келген басы, жерастымен қайтқандай көңіл - күйімен есікке қарай беттеді.

Енді Мақсұт Саматтың депутат нағашысымен хабарласты. «Ой, оның өзінің бір сондай сұйықтығы бар, саған ескертпеппін, онымен содан кейін хабарласқан емеспін, қайда екенін де білмеймін» деп кеңк - кеңк етеді. Мақсұт телефон тұтқасын тастай салды. Енді шынымен сасайын деді. Жұмыс орнында отырғысы жоқ, үйінде телефон даусы немесе есіктің коңырауы шылдырласа жүрегі зырқ ете қалатын болды. Өз - өзіне ауру тауып алғанына налып, қан қысымы көтерілетінді шығарды. Әйеліне айтайын десе жүрегі дауаламайды. Оның ренжитіні белгілі. «Біреуге делдал болып, жарылқағанды қашан қоясың, бір күні өзіңе таяқ болып тиеді,тиыш жүр» деп жиі айтатын әйелінің сөзін жақтырмаушы еді, енді міне оның айтқаны айдай дәл келіп тұр. Есіктің қоңырауы бір түрлі ащы шыққандай болды. Көз шырымын алайын деп түс ауа жата қалған Мақсұт орнынан ыршып тұрды. Жатын бөлменің есігін жәймен ашқан Сәуле:

- Саған УВД - дан келіп тұр, - деді. Дауысында үрей бар сияқты, әлде көңілі алаңды Мақсұтқа солай көрінді ме?

- Сіздің үстіңізден шағым түсті, - деді өзін қылмыспен күресу басқармасының подполковнигімін деп куәлігін көрсетіп таныстырған жас жігіт.

- Менімен бірге жүресіз. Мен сізді дәлізде күтемін, - деп шығып кетті. Мақсұт әйеліне қарай алмады. Оның үн - түнсіз түрінде «не болды» деген сұрақтың тұрғаны белгілі еді.

Мақсұт аулада шыққанда есік алдында милиция мәшинесінің тұрғанын бірден көрді. Жүрегі зырқ ете қалды. Ішінен әлгіндегі жігіт түсті де, «мында отырыңыз» дегендей ым қақты. Қалтыраған тізесімен ішке басын сұға бергені сол еді: «Ой, аға, бұл сіз бе едіңіз» деген таңданыс дауыс шықты. Мақсұт оны танымады, соны сезгендей әлгі жігіт те:

- Біз сізді жақсы танимыз ғой, бірақ... Ол сөзінің артын жұтып қойды.

- Бірақ сіздің үстіңізден алаяқтық жасады деген ерлі - зайыпты Аққошқаровтардан шағым түсті. Әріптесінің таңданысына қарағанда бұл жерде бір түсінбестік бар - ау деймін, - деп үйге кірген жігіт сөзге араласты. Мақсұт жағдайдың бәрін бастан - аяқ түсіндіріп берді. Тіпті Парламент депутаты Әзберген Көпжасаровтың да атын айтты.

- Түсінікті, аға. Сіз облысқа белгілі рэкетир Самат Жусанбаевтың қармағына ілінген екенсіз. Сіз сияқты жоғары лауазымдағы адамдар әрине ондай істен мақрұм жүресіздер. Енді не істейміз, одан жуық арада ақшаңызды қайтарып алу неғайбыл, - деп подполковник мұның жүзіне бағдарлай қарады.

- Рахмет, жігіттер. Істеген ісімді мойныммен көтеремін, расында да атымды сатып олардың ақшасын алғаным рас, бірақ өзім үшін емес өзге үшін еді. Өзімді ақтап отырғаным жоқ. Мен енді өз қалтамнан төлесем де олардың ақшасын қайтарамын, тек маған рұқсат берсін. «Өлімнен ұят күшті» деп біреуге жасаған жақсылығым абыройымды айрандай төге жаздады. Сөзім сөз, уәдем уәде, - деді нық сеніммен.

- Жақсы, аға, біз арыз иелеріне осылай деп жауап береміз. Сау болыңыз. Сіз де айып етпеңіз, жұмыстың аты жұмыс, - деп салалы саусақтарын Мақсұтқа ұсынды.

Үйге кіргенде көзі атыздай болып отырған әйелін көргенде Мақсұт кірерге тесік таппады. Оның үнсіз жүзінде өзі ойлағандай «не болды, айтсаңшы» деген сұрауды айтпаса да түсінді. Мақсұттың шегінерге жері жоқ еді, болған істі әйеліне айтып беруге мәжбүр болды. Сол - ақ екен Сәуленің онсыз да аққұба жүзі ақ қағаздай қуарып сала берді. Мақсұт оған бар шындықты айтқанына өкінді, бірақ амал не айтқан сөз, атылған оқ. Ақшаны қайтару үшін Мақсұт төрт бөлмелі үйін сатып, өзі шағын пәтерге ауысты да, «қарызынан» құтылды. Түскі демалысқа келіп, дастархан басына енді отыра бергені сол еді, қалта телефоны шылдырлады. Алматыдан Әзберген екен. Амандық -саулықтан соң «естідің бе?» деді әй - шәй жоқ.

- Нені?

- Саматты..

- Не бопты оған?

- Өзінің қарнын өзі жарыпты ғой...

- Алло, алло...

- Не, тыңдап тұрмын. Қашан, қалай болған? Мақсұттың дауысы енді шықты.

- Анада сен сұрағанда бәрін айта қоймап ем. Ол - рэкет болатын. Содан қарсыластар тобы үйіне келіп ойран - топырын шығарып әкесі мен бала - шағасының көзінше жағадан ала бергенде, өз - өзіне «харакири» жасаған, сөйтіп сол жерде аяғы аспаннан келіп жан тапсырыпты. Жездемнің көзі баласының кім екеніне енді жеткен бөлу керек, жаназасын да шығартпастан сол күні - ақ жерлете салыпты.

Ол тағы бірдеңе айтып жатыр еді Мақсұт телефон тұтқасын өткен жолғыдай тағы да қоя салды.

Әмеңгерлік Айзада бүгін де таңды кірпік қақпастан атырды. Түні бойы аһлап - уһлеп шықкан ол таң қылаң бере сиырын сауға шыққанда көршілер жақ әлі тым -тырыс еді. Жасы алпысқа таянған шақта көрер күнім осылай болады деп оның үш ұйықтаса түсіне кірмеген ол сол уһлеген қалпы сиырының сауырына келіп отырды. Ол бала жасынан кемтарлығына қарамастан тұрмысқа шықты, алты - жеті баланың анасы болды. Дүниеге торсықтай ұлды да, қасы қарлығаштың қанатындай қияқтай қызды да әкелді. Кембағалмын демеді, күйеуімен бірге шаруашылықтың малын да бақты, колхоздың басқа жұмысынан да қалмады. Сөйтіп жүріп күйеуінен таяқты да жеп бақты. Көзі шығып, аяқ -қолы сынбады демесе басы да жарылды, көзі де көгерді, түсік те тастады. Бірақ соның бәрін өмірдің берген сыйы, Алланың жазуы деп білді. Әлде сол кезде тәрбие мен қалыптасқан үрдіс солай ма еді, әйтеуір әйелдер күйеулерінен жазықты болса да, жазықсыз болса да «сыбағаларын» алып жатса, соны көбі ыңшыңсыз қабылдайтын. Айзада солардың бірі болды. Бірақ үй шаруасына келгенде өз ісіне мығым, үйінде көлденең шөп жатпақ түгіл шыбынның ызыңы естілмейтін. Ал алты - жеті баласы барын білгендер болмаса, үйіне қездейсоқ келген бір де бір адамның ойына осы үйде бала -шаға бар - ау деген келмейтін. Біреуінің дыбысы шықса ше?! Тып - тыныш, мұнтаздай тап - таза, жинақы үйді көргенде мына жерде өзі ешкім тұра ма, жоқ па деген ойдан да аулақ болмайтын. Бірбеткей, айтса ойып айтатын мінезін көпшілік онсыз да жақтыра бермейтін көрші - қолаң болмашы бірдеңені сұрап келсе өмірі «жоқ» деген жауабынан танбайтын. Өзі ешкімнен ештеңе сұрамайды, қажет дүниенің бәрі өзінде бар, сондықтан ондайды жақтыра қоймайтын мінезі тағы бар. Күйеуі Қарасай қайтыс болғанда Айзада небәрі қырық екі жаста болатын. Балаларының алды екі қыз тұрмысқа шыққаны болмаса ұлдары әлі үйлене қоятын жаста емес еді. Айзада күңіренді, қайғырды, бірақ қайыспады, мойымады. Белді бекем буып, өзі де бұрын «тасы қатты» енді тіпті шиырылды. Үйінің шаруасын сол шиеттей балаларымен дөңгелете жүргізіп, ешкімнен ештеңе сұрамады, «мен жесір едім, балаларым жетім еді» демеді, қайта қасқая жолынан еш қалмады. Ел қатарлы ағайын - туғанның құдасын да күтті, той - домалақ, өлім - жітімнен де қалмады, бәрін өз ретімен атқарды. Мұны көрген ел - жұрт қойсын ба оны да сөз қылды. Оның тірлігіне қуанудың орнына «Жарым - жан болса да «ешкімнен қалыспауын қарашы, тіпті еркегі бар үйден кем емес» десіп, сүйсінуінен бұрын көре алмаушылығы басым болды. Үлкен ұлы үйленгенде дүркіретіп той жасамаса да әл - ауқатынша барлық дәстүрді сақтап, құдаларын да риза қылды. Бағына қарай келіні де Құдайға қараған момын, оның үстіне шаруаға бейім жан болып шықты. Араға бір жыл жетер - жетпесте немересін де сыйлады. Айзада енді бар уақытын сол «жаманымен» өткізетін болды. Әлжуаз, шала туған аурушаң баланы келініне сенбей, күн демей, түн демей өзі бақты. Бұл Құдайдың жазғанына не шара, екінші баласына аяғы ауыр болған кезде келіні ашық тұрған ұраның ішіне құлап, мерт болды. Айзаданың жүрегі қарс айрылды, қолында шиеттей аурушаң немересі қалып, өзінің де денсаулығы анау айтып тұрғандай емес, бірақ «басқа түссе баспақшыл» дегендей күн артынан күн өткен сайын Айзаданың да жүрегіндегі жара сейіле бастағандай еді, немересі «адам қатарына қосылайын» деп беті бері қараған шақта екінші ұлы үйленетін болды. Оған Айзада қуанбаса ренжіген жоқ. Үйге бір әйел керек екенін жүрегімен де, санасымен де түсінген ол жол -жоралғының бәрін жасап ұлын үйлендіріп, қолы ұзарып бір жасап қалды. Бұл келіні де, Құдайға шүкір, шаруаға икемді болып шықты. Енді Айзаданың тарамыс - тарамыс жүзінде күлкінің нышаны пайда бола бастады, елге баяғыда күйеуі бар кездегідей ашық - жарқын сөйлеп, үстіне жылтырағандарды кие бастады. «Алла, мұныңа да шүкір» деп қояды. Дегенмен, бір ой оны жегідей жеп мазасын ала берді. Ол үлкен ұлы әлі саяқ үйленбей жүруі болатын. Өзі де ол «төсек жаңғыртсам қайтейін» демейді. Кішкентайы болса былдырлап тілі шығып қалды, анасының уызына да, мейіріне де қанбаған оның болашағы қандай болар екен деген ой күндіз ойынан, түнде түсінен шықпайтын болды. Содан тасбуын бір шешімге келген ол таңертеңгілік шәй үстінде «бойдақ» ұлына қарап:

- Бүгін сенің қайын жұртыңа барып қайтамыз, келін, ана Расулды киіндіріп бер, - деп үнсіз қалды. «Не үшін, неменеге» деп сұрау бала - шағасы мен келініне әдет болмаған соң олар үн - түнсіз Айзаданың айтқанын орындауға кірісті.

Құдаларының ауылына жеткенде бесін уақыты жақындаған еді. Алыс жолдан келген құдағи мен жиен немересін, бұрынғы күйеу баласын көрген олар да қауқаласып, қуанып жатыр. Мал сойылып, дастархан жайылып, әңгіме дүкен құрып мауқын басысқан соң, таңертеңгі дастархан басында Айзада сөзді өзі бастады:

- Құдеке, құдағи, сіздер бірдеңе дейді екен десем, үндемейсіздер. Онда сөзді мен өзім бастайын, - деді Айзада. Дауысында зіл жоқ болса да, қатқыл шықты. Онысы өзіне демеу бергені ме, әлде құдаларына салмақ салғаны ма, оны өзі де білмеді. Бірақ шарт түйінгені сезіліп - ақ тұр.

- Құда, келіп қалдық алдыңа, жиен немереңді де ала келдім. Сіздер «неге келдің» деп сұрамадыңдар, бірақ іштерің сезіп отырған шығар. Пешенемізге жазғаны осы болар, Құдай қосқан құда болып ек, оны өзі көп көрді ме, келініме ұзақ өмір бермеді. Артында мына «жаманды» маған аманат етіп кетті. Ендігі сөз ынтымақ пен дәулет сіз бен бізде болсын, мына немере ортада тұрғанда кұдалығымыз жалғаса берер. Бірақ, «өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі тіршілігін істейді» деген ата - бабадан қалған сөз бар. Балам жас, батаңды беріп, басын босат. Үйленсін, қайта шаңырақ көтерсін. Өздеріңе осыны айтуға келдім, - деп кішкене көздерін сығырайта құдаса «ал, не дейсіңдер» дегендей сықсия қарады. Құдасы Бегалы да, құдағиы Рәшида да үнсіз. Тыныштықты құданың үлкен ұлы Сырым бұзды. Айзада бұрын да әке отырғанда оның сөзге араласып, кейде соның айтқанымен жүретінін байқайтын еді, бұл жолы да солай болды.

- Иә, дұрыс айтасыз, құдағи, өлгеннің артынан өлмек жоқ. Үйлендірем дейсіз. Діттеген жеріңіз бар ма? Ол қандай адам болмақ, мына жиенімізге өгейлігін көрсетпесе жарар еді.

- Діттеген жерім бар, құда бала. Менің ойымша өгейсітпеуі тиіс. Егер рұқсатыңызды берсеңіздер, менің таңдаған адамым өзінің бауырынан туған баланы жатсынбас деп ойлаймын.

- Онымен не демексіз, құдағи?! Бегалының дауысы үріккендей шықты.

- Көңіл жеңсе, көк дөнен ешқайда кетпес, құда, екінші қызыңды сұрай келдім.

Бегалы құдағидың неге келгенінің бер жағын топшылағанымен дәп мынаны күтпеген еді. Жағы қарысқандай сұлқ отырды да қалды. Үнсіздікті тағы Сырым бұзды.

- Не сонда.., - деп ар жағынан сөз таба алмағандай екі жаққа бірдей жалтақ - жалтақ қарады.

- Түсінемін, құда, сондықтан да зорламаймын, балама бір шүйке бастың табылары анық. Пешенесіне жазғанды көре жатармыз, бірақ аузыңнан жақсы сөз шығар, үзілген үмітті қайта жалғастырар деген ниетпен келіп отырмын. Не десең де көнемін. Ал үзеңгіні үземін десеңдер, мен де үземін, -деп кесіп бір - ақ айтты.

- Болмайды, - деді бір кезде Сырым басын шайқап. - болмайды, - деді. Бегалы «тоқта» дегендей баласына ишарат білдіріп еді, онысы тоң - торыс орнынан тұрып кетпекші болды. «Отыр» деді әкесі баласына иек қағып, Сырым тұнжыраған күйі тізе бүкті. Осы әңгіменің бәрін естіп отырған кұдағиы Рәшида да, өз ұлы Тастемірде де үн жоқ. Рәшиданың үндемеуінің жөні бар, күйеуі отырғанда ол ешқашан да жақ ашпайды, қорыққаны емес, ерін сыйлағаны. Қыздарын да солай тәрбиелеген. Айзаданың сондықтан да «алтынды тапқан жерден қаз» дегендей келінді алыстан іздемей екінші қызын сұрап келіп отырғаны. Тастемір болса шешесінің қандай мақсатпен келгенін білмей еріп жүре беріп еді, енді басына тас түскендей мына жаңалықтан есеңгіреп қалған жәйі бар.

- Құдағи. - деді біраз үнсіздіктен соң Бегалы, - алдыңғы арбаның дөңгелегі қисаймай жүріп еді, бірақ жазмыш солай болды. Ендігі жерде де қисаймайды деген ойдамын. Келініңнің тете сіңілісі де пісіп, жетіліп отыр, бердім батамды.

Қол жайылды, келісім алынды, Айзада толған көңілмен ауылына қайтты. Араға екі апта салғанда үлкен қызы мен екінші келінін ертіп бар жол -жоралғысын жасап құдаша - келінін әкеліп босағасынан аттатты. Көңілі жәйланған соң бетіне қан жүре бастаған Айзада ауылдың сөзіне тағы қалды. Жақындары болса «ешкіммен ақылдаспай тағы да өзім білемге салды» деп сөкті. Айзада оларға пысқырмады да, балаларының жарасым тапқанына, немересінің анасының орнына ана тапқанына қуанды. «Сор бір айналдырса, шыр айналдырады» демекші енді түтінім түзелді, кабырғам бекіді» деп өз - өзіне келген Айзаданың шаңырағына тағы да қара бұлт үйірілді, отбасы қара жамылды, екі қошақан немересі жетім қалып, әкелері, яғни Айзаданың екінші ұлы аяқ астынан мерт болды. Айзаданың енді жазылып келе жатқан белі қайта бүгілді, жүрегі қан жылады, көкірегі қарс айрылып, көзінен жас емес қан тамғандай болды. Немерелері Ақаты мен Саятының әкесі Сәбиті қыршынан қиылып біреудің абайсыздығынан мерт болды. Айзада сол қан жұтқан күйі, бауырын жаза алмай бүк түсіп түкпіргі бөлмеде жатып қалды. Бұрын таң атар атпастан үй шаруасын өзі бақылап, бәрін орын - орнына қойғызатын оның ендігі жерде ешкіммен жұмысы да болмады, тіпті былдырлап келетін Ақат пен Саятқа да мойнын бұрмады. Үй ішіндегілер аяғының ұшымен жүретін болды. Бірақ бір күні бұл тыныштық Айзаданың өзін шошытты, немерелерінің былдырлағаны түгіл дыбысы шықпайтын болды. «Ойпырым - ай бұлар қайда» деген оймен аулаға шығып еді онда да көрінбейді. Үйдің сыртына шықты, бау бақшаның ішін қарады, жым - жылас екеуі онда да жоқ. «Расул болса мектепте шығар» деп ойлаған ол енді келіндерін іздей бастады. Әне үлкен келіні екі шелегін көтеріп су әкеле жатыр, шыдамсызданған Айзада алыстан дауыстап «Әй, Райхан, балалар қайда, Жанар қайда, немене барлығы зым - зия жоқ» дегенін келіні естімеді ме, әлде үйге келе жауап берейін деді ме, үндемеді. Шелегін қояр - қоймастан «әй, мен сенен сұрап тұрмын ғой, қайда деймін бәрі» деп келініне дүрсе қоя берді.

- Апа. Жанар кеше екі баласын, жүгін бәрін алып төркініне көшіп кетті.

- Не дейді? Айзаданың дауысы кәрі бүркіттің дауысындай саңк ете қалды. Райхан қорыққанынан көзін тарс жұмды. Енесі қазір оны бір қоятындай көрінді оған. Бірақ енесі ләм - мим деместен шайқала басып үйге қарай кіріп кетті. Райхан «уф» деп отыра кетті. Сол жатқанынан Айзада тұрмастан бірнеше күн жатты. Анда - санда дәретке шайқалақтап басып шығып келеді, ішетіні қара су, өлермен халге жеткендей онсыз да шүйкедей түрі бір уыс болды да қалды. Енді оның бұл қылығына көрші - қолаңы, абысындары да алаңдай бастады. «Бишара іш құсадан өліп қалмаса жақсы» деп сыбырласты. Бірақ Айзада ешкімді үстіне кіргізбеді, өзі де ешкімді іздемеді. Арада бірнеше күн өткенде ойламаған жерден бөлмесінен шыға келгенде үй - іші тірі әруақты көргендей болды. Көзі шүңірейіп ішіне кіріп, жағы суалған, өзінің бұрынғыдан да әлжуаз денесі одан сайын кішірейіп кеткендей. Аппақ шөлмектей боп жүдеген өңіне адам қарап тұра алмайтындай. Бір аяғын бұрын сылтып басса енді тіпті шолтаңдап  кеткен, қолдары да селк - селк етіп ырық берер емес.

- Су әкел, - деді әлсіз дауысымен. Одан бір жұтым жасап алып, ұлы мен келініне сол әлсіз дауысымен, бірақ нық әмір берді.

- Қаладағы ана ұлды шақыртыңдар, демалысын алып дереу келсін. «Ана ұл» деп отырғаны ортаншысы. Осыдан бірнеше жыл бұрын қалаға оқуға кетіп содан қайтып ауылға оралмады. Сондағы зауытта жұмыс істеп жүріп бір шүйкебасқа үйленген. Қазір екі ұлы бар. Ауылға анда - санда ғана бір төбесін көрсетіп қояды. Келінінен бе, әлде «бес саусақ бірдей емес» дегендей ме, әлде ұлдың өзінен бе, осы баласы туған үйіне суықтау. Бірақ келініне де «сау сиырдың бағы» емес, сол анда - санда келгенінің өзінде тепсініп келіп, тепсініп, әңгір таяқ ойнатып кететін әпер бақан біреу. Шудаланған ботадай ұлы да соның шаужайына жармасқандай болып ілесе кетеді. Сол ұлының мәнісі болмай «әйелімен бір айрылысып, бір қосылып жүр» дегенді құлағының шалғаны бар еді. Мына өмірінде бір мәніс жатқан сияқты, бірақ оны сұрауға бала мен келіннің батылдары жетпеді. Айтқанын екі етпей қалаға хабар жіберді.

Ол келгенше Айзада бала шағасына тағы да ләм деместен бар жақсысын киді де жолға шықты. Әшейінде үндемейтін келіні:

- Апа, бір жерде құлап қалсаңыз қайтеміз, біреуіміз ілесейік те, - деді ақырын ғана. Айзада тосылып қалды. Рас - ау, өзін баяғы Айзада деп тұр ма, өз түрінен өзі шошырлықтай болған қу бейбақ бір жерде аяғы аспаннан келіп жатса, ойлаған ойына, діттеген жеріне жете алмас, біреуі жүрсе жүрсін дегендей ақырын басын изеді. Барар жерін, басар тауын білмесе де келіні бірге ілесетін болды. Алған бағыты аудан орталығы сықылды, жоқ онда да тоқтамады, көрші ауылға баратын көлікке отырды. Келіні үн - түнсіз соңында, сұрамаса да топшылады. Баратын бағыты кеткен келінінің ауылы. Иә, қателеспепті. Құдасының үйіне қарай бет алды. Абырой болғанда құдалар төрт көзі түгел үйінде екен. Құдағиларының келісін жақтырмаған сыңайлы. Алайда «мың жылдық құдағиына» дастархан жасалды. Қазанға тамақ салынатын ыңғайларын байқаған Айзада;

- «Құда - құдағи, айтар бір - ақ ауыз сөзім бар. Келінім қайда, балаларым қайда? - деп сұрақты төтесінен қойды. Бұл үйде сөзді құдағиы бастады.

- Қайдағы келінім деп іздеп келіп отырсыз? Сұрауы жоқ, іздеуі жоқтай жүгін арқалатып, екі баласын соңынан ілестіріп қоя беріп енді не бетіңізбен келіп отырсыз, құдағи?!.

Құдағиы сырнайдай созылған дауысымен бұған кекесінмен, айыпты адамдай қарады. Құдасы болса қабатын иттей қабағын түйіп, енді болмаса бүріп алатындай қоқиып алыпты. Бұл сөз бен қарас ең панасыз, ең сорлы жетімдей күй кештірсе де үндемей Айзада әліптің артын бақты. «Мыналардың әуселесі белгілі болды, қызының бізді жерге қаратып кетіп қалғанымен жұмысы жоқ, мені кінәлап отыр - ау шамасы, баласын туғанша төркінінен келген дүниесінін бауын да шешпеген қыздарының қылығымен жұмыстары да жоқ. Өздері болса нағашы жұрт болып жиендеріне құтты болсын айтуға да жарамап еді, ендігі әуендерін қара» деп құдаларына зерделей қарады. Енді ол тастай түйілді. Бірақ қолы оның көңіл күйінен хабар беріп тұрғандай бұрынғыдан да қатты селкілдеп өзіне ырық бермей кетті. Енді сөйлемесе мыналар басына секіретін түрі бар. Бір жөткірініп, алдындағы шәйдан ұрттап тамағын жібітіп алған Айзада орнынан қозғалақтап алды да әлсіз дауысымен сөйлеп кетті.

- Құдағи, «кірер көріңді, жүрер жеріңді жамандама» деген, біз ат үзеңгісін кесіп айрылысып кеткен жоқпыз әлі, сондықтан артық сөзге бармай - ақ қояйық. «Іздеуі жоқтай» дейсің, ал менің балаларымның іздеуі жоқ деп кім айтты. Әлде қызыңды ұлыма бергенде ішіне екі ұлымды салып беріп жіберіп пе едің. Алдымен қызыңнан сұрамайсың ба, қалай менен кетіп, төркініне қалай жеткенін. Басынғаны ма, білместігі ме, үн - түнсіз үдере кешіп, онымен қоймай балаларымды ала кеткенде не деп келді?! Қызың екі баласын туғанша жүгі буылған күйінде ашылған да жоқ, не өзің құдағи болып қызыңның теңін ашып бермедің, құдды бір уақытша қалдырып кеткендей. Ендігісі мынау, көшкен елдің жұртындай қалдырып, алды артына қарамастан балаларымды ала қашып.. Сонда мен қандай күйде қалды деп отырсың? У ішкендей күйде қалған менен енді не сұрамақсың? Сұрау менікі.

- Қызыңды маған бергенде қайтып келсін деген жоқ шығарсың. Адам менікі. Балам көк шөптей ерте солса да оның балапандарын қаңғыртып жібере салатын ел деп отырсың ба, дүйім бір жұртты. Сұрауы, іздеуі жоқтай үн - түнсіз кетіп қалған қызыңнан сұра сұрағың келсе. Жә, мен айтысып, тартысуға келгенім жоқ, жоғымды жоқтап, тиесілімді алып кету үшін келдім. Менің ризашылығымды алмай ол ешқайда кетпейді. Қайтар келінімді балаларыммен бірге, - деп ұзақ сөйлегеннен шаршап қалса да сыр бермеді.

Мына сөзге тосылып қалған құдалар жағы үн - түнсіз. Бағанағы қатулы қабақ, атылар оқтай ширығып отырған сыңай байқалмайтын сияқты. Жөн сөзге тоқтай білетін халықтың ұрпағы емес пе, құдалар да бір жеңге келген сияқты. Енді құдасының дауысы бағанағыдай емес төмендеу шығатын сияқты.

- Дұрыс айтасың кұдағи, қыз жат жұрттық деген. Екі күшігімен қайтып келіп отырса да «іштен шыққан шұбар жылан» десем де ұстап тұрғаным жөн болмас. Айып бізден, сіздікі жөн. Қатын - қалаштың сөзіне еріп мені де әбілет басыпты. Кешіре алсаң кешір, құдағи. «Қылша мойным талша». Қайтады, қайтар, - деді әйеліне бұрылып. - Құдағимен еріп бар да, түсіндір ана жетесіз қызыңа. Екі баласымен осында көшіп келгенде құдалар жағының бұл қай ессіздігі деп өкпелегеніміз рас. Өйтсек, бар пәле өз қызымнан екен ғой. Ендігі жерде сол жерден оның сүйегі ғана шығатын болсын, - деп сөз осымен бітті дегендей құдасы басын төмен салбыратты.

Айзада келіні мен немерелерін ертіп бар жүгін артып үйіне келгенде қаладағы ұлы да келіп қалған екен. Үй - іші шешелері мен Жанарды үрпиісе қарсы алды. Ал Айзада болса жолдан шаршап келгеніне қарамастан келіндеріне қазан көтеруді бұйырды. Сөйтті де үлкен ұлына карап:

- Мырзажан мен молда баланы шақыр, айтар сөзім бар де, - деп үйінің іргесінде көршілес отырған екі қайындарына жіберді. Олар да көп күткізбей келе қалды. Өңі қуарып, әбден титықтап қалған женгелерін көргенде кірерге тесік таппады. Тәкаппар санайтын жеңгелерінің қайғысына ортақтасып, ауыр жүгін көтерісе алмағанын енді түсінгендей екеуі де үн - түнсіз, жалтақтап жүзіне қарағыштай бергенін байқаған Айзада қалжыңға салайын деді:

- Ағаларың қайтқан соң әмеңгерлікпен екеуінің біреуің алады екен деп дәмеленіп ем, қатындарыңнан аса алмадыңдар. Әлде мені қартайып қалды деп менсінбедіңдер ме?

Жеңгелерінің шын айтып отырғанын, қалжыңға салып отырғанын білмей екеуі абдырап қалғанын көрген Айзада күліп жіберді. Әбден титықтап біткен жүзі қыртыс - қыртыс тартып шынында да қартайып қалғанын көрсетейін дегендей одан сайын қатпар-қатпар болып шыға келді.

- Әмеңгерлікпен мені алмағандарыңмен сол жолмен келінім Жанар мен ұлым Бақытты қоспақпын. Келінім ертең біреудің етегінен ұстап кете барса мына екі ботақандарымның күні не болмақ, оларды еңіретіп қойып мен көрімде де тиыш жата алмаспын. Осыны айтайын деп шақырттым сендерді. Тамақ піскенше молданы алып келіңдер, мен аз да болса дем алып алайын, сосын екеуінің некесін қиғызамын, - деп жантая кетті. Қайындары мына жаңалыққа қуанарын да, құптарын да білмей үн - түнсіз. Айзада болса олардың әлі отырғанын байқамағандай көзін жұмған күйі жатыр. «Сыртқа шығайық» дегендей үлкен қайнысы інісіне белгі жасады.

Екеуі де ойлы. Бір - біріне жымың қағады. Жеңешелерінің әрекетіне шексіз риза. «Ешкіммен санаспайды, есептеспейді, білгенін істейді» деп оны жазғыру орынсыз екен. Жасаған әрекетінің рахаты болса көппен кеңесудің қажеті қанша?! Мына ісі өздерінің ойына келмегеніне таң. Бірақ ана жүрегінен артық сезімтал, қайырымды, мейірімді ешнәрсе жоқ қой. Не десе де жеңешелері алды - артын ойлап, ақылға жеңгізіп шешім қабылдайтын даналар санатында екен. Ана үлкен ұлының баласын жылатпаймын деп балдызына қосты, мына екі ұлды жылатпаймын деп қайынағасына келінін қосты. Қазіргі заманда мұндай өрелі іс екінің бірінің қолынан келмейді. Ағаларының шаңырағын шайқалтпаған жеңгелерінен айналсын, бұл шешімін қазақтың салт - дәстүрін жаңғырта отырып әмеңгерліктің қасиетін таныту ма?! Ойлана бір - біріне қарады. Ұрпағын ұялаған жеңешелерінен айналып кетсе айып па?! Мұндайда жұмсағанына жүгірмегенде қайтеді?! Екеуі де молданың үйіне қарай асыға адымдады.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙