Жауғашты қажы Нәренбайұлы. Пір Бекет
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Жауғашты қажы Нәренбайұлы — «Жауғашты қажы Нәренбайұлы. Пір Бекет». БЕКЕТ – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ
/uploads/5325fb22-ef99-56d4-a470-7bcc312a2ab7/cover.png
БЕКЕТ – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ
Мединада – Мұхаммед,
Түркістанда – Қожа Ахмет,
Маңғыстауда – Пір Бекет.
Біз ұзақ уақыт ауызша ақпарат алысқан халықпыз. Біздің аңыздарымыз қиялдан емес, шындықтан өрбіген. Олар – нақты оқиғаларды нақышты бояумен адам жадында жатталып қалатындай қылып мұқият қашаған халықтық ұлы мұра. Бабадан балаға қалған еншінің ең бір өміршеңі. Олай болатыны имандылықтың, әдептің, ынсаптың – бір сөзбен айтқанда мәртебесі тіпті де аласармайтын Адамгершіліктің негізгі кодексінің тәпсірі де, тәлімі де осы тәмсілдер арқылы ғана жетеді келер ұрпаққа. Назарларыңызға ұсынып отырған Пір Бекет туралы ел аузындағы тәлімді тәмсілдер сондай қисапсыз қазынамыздың бір бөлігі ғана. Бұларды қалыпты ұғым, өлшемге орайластырып мәдени мұра дей салсақ, тым қарабайырлыққа ұрынғандай болар едік. Бұлар – шын мәнісінде елдік ұлы мұраттардың ала байрағы, маңызы мен маңызын мазмұнына қысқа да нұсқа қайып тігіп, шегендеп қадап, қалауын жандырған саф туындылар. Адами үрдістің адалбақан тұғыры.
Бұрын алқа алдында айтылуының өзі мұң болған қысталаң кезеңдер мен өткелектерден де аман өткен бұлар еліміз егемендік алған соң ғана жиналып, әуелі шашыраңқы болса да қағазға түсіп, аз таралыммен оқырмандар қолына тиген еді. Солардың басы құралып, көлемі толықтырылып, жоғары баспагерлік дәрежеде жарияланып отырғаны осы. Қолдарыңызға тиіп отырған жәдігердің атына заты сай болып шыққаны үшін авторлар ұжымына, Атаға қатысты айшықты әңгімелерді жоғалтпай сақтап кейінге жалғаған сыр сандық, хат кеуде, уәлі ауыз қарияларымызға, баспагерлерге алғысымыз шексіз.
Пір Атаның ұлтына тастаған ұранды тағылымының басы ұрпақтың ұландығы ғой. Атадан туған перзенттің Ата жолын жалғастырып, алыстарға алып кете барғанынан артық бақ болар ма?! Сол тұрғыдан келсек, Бекет атаға қатысты ел жадындағы әңгімелер – бүтін бір мектеп. Ұрпақ тәрбиесіне таптырмас кәусар бұлақ. Халықтық тәрбие педагогиканың өзегі деп табылса, бұл – сол тағылымды қазынаға қосылған толағай үлес Халықтан артық ұстаз жоқ. Ал халықтық ұлағат қашан да ұранға шыққан данышпан дара перзенттерінің аузымен айтылып, насихатталған, дәріптелген. Баршаға тән үрдіс осы. Оның бір мысалы іргелес үлкен жұрт Қытайда Конфуций болса, өзімізде – ұлы Абай. Пір Бекет атамыз да адамдық құнарды молайтып жатар осындай алтын тамырды өрбітеді. Демек, шәкірт тәрбиесімен шұғылданып жатқан ұстаздар қауымы еніп жерде әулие Атаның лұғат-тәлімін өз жұмыстарында басшылыққа алып, оқып үйретсе, насихаттаса, үлкен жоралы іс атқарар еді.
Бекет – бүгін бір ұлтанды ұлыстың ұраны ғана емес, ризыққа бастар береке-бірліктің, ұлтты ұйытар тұтастықтың да ту байлар тұғыры. Бекет – берекелі іс пен биік парасатқа бастар даңғыл.
Бекет десек – қазақ қауымы мен қазақ мемлекетін мерейлендіре түсер өрелі ізденістерге ұмтылғанымыз. Осы ауыз дәмімізден жазбалық та, жаңылмалық. Дауысымыз жарқын, лебізіміз айқын шықсын. Осы еңбекті тұшынып оқыр келер ұрпақтың кемел дидарын көре беруге жазсын Жаратқан Ие!
Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,
Маңғыстау облысының әкімі
ATA
Наполеон Бонапарттың тарих сахнасына шығуына Франция ғана емес бүткіл Европадағы саяси-әлеуметтік ахуалдар себеп болды.
Гомер неге көне грек жерінде туып (неге айталық, Шығыста не Батыста емес?) неге «Илиада» мен «Одиссеяны» жазды? Неге, мысалы «Заратуштра» не «інжілдің» бір нұсқасын емес? Ақындығы жетер еді ғой.
Ақсақ Темір неге сол орта ғасырларда азуын айға білеген арап немесе парсы жұртынан емес, екі дарияның ортасында елеусіз жатқан түркіден шықты?
Түйе баққан Сабалақ бала келе-келе Абылай хан атанып бүгінде он үш миллион жеті жүз елу мыңнан асқан айбынды Алаш баласының Ұранына қалай айналды?
Әрбір тарихи Тұлға бақытты.
Әрбір тарихи Тұлғаның өмірі аянышты. (Бұл басқа әңгіме).
Бекет Ата – бақытты адам. Оның бір бақыты нақ сол заманда туып, нақ сол заманда бақиға озғаны. Алда-жалда біздің заманымызда туғанда қандай сорға ұшырар еді? Ескі сопылардың әйгілі «неге тудым мен қасқа, неге өлмедім о баста» дейтін бәйіті сонда айтылар ма еді? Қайткен күнде де бұрынғының шалдары бізден гөрі тазарақ, бізден гөрі мықтырақ болғанына күмән келтіріп болар ма, сірә?! Жоқ, не десеңіз де Атаның сол заманда туып, сол заманда өлгені оңды болған. Бұл – бір. Екіншіден, Атаның нақ Маңғыстауда туып, Маңғыстауда жерленуі де заңдылық секілді. Мұндай кісі Маңғыстаудан басқа жерде тууы мүмкін бе?
Мен өскен ауылдың келіндері оның атын атамай Сұпы Ата деуші еді. Ол сопы деген сөз. Өз атамды түсіну үшін мен қаншама басқа аталарға бардым, жақынға жету үшін жат жерлерге сапар шегетін баяғы сопылар жолыңдай дүние екен бұлдағы. Әлі жеткізбей келеді. Шығыс поэзиясында сопылардың орыны ерекше екені даусыз. Шығыста әрбір классик ақын қадари қалынша сопылық жолды ұстаған. Шығыста ғана ма? Егер поэзияның тағы бір аты дүниені басқаша қабылдау екенін мойындасақ бұл заңды да. Біздің атамыздың ұстаған жолы белгілі бір қалыпқа сыймайтын секілді. Ол бір бөлек әлем. Әлбетте, бұл менің ойым. Сіз басқаша қабылдасаңыз ықтиярыңыз.
Ол менің бала кезімнен атын ең көп естіген адамым. Сәби шағымда мен оны біздің үйдің алыс сапарға аттанып кетіп, содан әлі орала алмай жүрген бір адамы деп ойлайтынмын. Әжем күн сайын соғыстан қайтпай қалған жалғыз ұлына бағыштап құран оқиды, соңында міндетті түрде Сұпы атаға тие берсін дейді. Мен де әжеме ілесіп із-түзсіз кеткен Молдағали нағашым мен Атаның атын атайтынмын. Арманда кеткен ақ шейіт жалғыз нағашым жат жерде жан тапсырарда әуелі Алла, сосын Атасына сиынды ғой деп ойлаймын. Мен де солай, әуелі бір Алла, қалды Бекет Ата деп қанша қиялардан өттім, алда қанша асулар бар, ол қашан да қасымызда. Біз ол кезде екі-ақ кісіге аят оқушы едік. Жылдар өте құран бағыштайтын кісілердің көбейе беретінін бала жүрек қайдан білсін-ау?!
Мен оны дұғамнан тастаған емеспін.
Ол менің жалғыз рет қана түсіме кірді. Жеті-сегіз жасымда қатты ауырғаным есімде. Қызуым қырық градусқа жетті. Әжем жылап отырып менің сәби жанымды «әуелі құдай, қалды Сұпы Атаға аманаттады». Сол түні Атаны түсімде көрдім. Әжем екеуміз төбесі шаңырақ секілді бір күмбезді үйде екенбіз, ол әлдебір жақтан дүр етіп ұшып келіп төбені бір айналды да маған қарап бірдеңелерді айтты. Төбеде қалқып тұр. Сосын әжеме сөйледі. Шалғы мұртты, сары өңді, өткір шегір көзді аласалау кісі екен. Басына дөңгелек бөрік киіп алыпты. Арада отыз шақты жыл өткен соң мен Оғыландыдағы мешітіне бардым: Алла-ай, баяғы бала кезімде түсіме енетін дөңгелек үйдің тұппа-тура осы мешіт екенін көріп жағамды ұстадым. Ата мешітін тұңғыш рет көріп тұр едім. Мен сияқты бала кезінен ата қонысын сағынып өскендер қаншама? Олар үшін менің досым, белгілі кино режиссер, Атаның сыртта өскен балаларының бірі Сергей Азимов айтпақшы «Мангистау больше чем Мангистау».
Содан соң түсіме енген емес. Менің талай сөзім бар еді оған айтатын, талай әңгімемді ішімде өлтірумен келемін. Бірақ ылғи да қасымда екенін сеземін. Ешқашан еркелетпесе де...
Сөзім бар еді, Ата.
Өзің білесің,
Дұғамнан тастамадым есіміңді,
Ашпасаң ашпа, баба, есігіңді,
Кім білсін, мүсіркеуден шаршадың ба,
О бастан жолы ауырлау кесір ұлды.
Сен түгел мен өзім де шаршап, біттім,
Өйткені сендім, ата, аңсап, күттім,
Күткенің, аңсағаның не десеңіз,
Оты екен жалғандық пен жаңсақтықтың.
Мінеки, тауың жатыр шөккен нардай,
Алқынып шөккен нарға жеткен қандай,
Жоқ менде айтар арыз, тілер тілеу,
Басыңа кеп тұрсам да көптен қалмай.
Бір күні, қуса дағы қырсық қанша,
Мен дағы көгерермін бүршік талша,
Ал бүгін жарым түнде жалғыз барып
Отырам босағаңда күн шыққанша.
Күн шыққан соң кетемін.
Менің марқұм шешем оның тікелей сегізінші ұрпағы болатын.
Жылына бір рет ата мекенге баруға тырысамын. Атаның басынан кісі үзілмейді. Бейнеудегі мешітінің маңы бүгінде жайқалған жасыл баққа айналған. Оны жасаған сол ауданның азаматтары. Басшылығы. Мына кітаптың жарық көруіне себеп боп отырған да солар. Бақ та бір ескерткіш. Ата көзі тірісінде талай жерге құдық қаздырып, мешіттер, сағаналар салдырғаны анық. Сол ескерткіштердің ең үлкенін қайда салдырды? Меніңше, Ата ең үлкен ескерткішін ұрпақтарының жүрегіне орнатты! Атаны іздесек жүректерден ізделік!
Есенғали РАУШАНОВ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері,
Бейнеу ауданының құрметті азаматы.
ЕЛ ИЕСІ, ЖЕР КИЕСІ
Аспан мен жер арасындағы тіректің сыр сипатына түсініп болдық деуге әлі ерте Тіршіліктің түп бастауы қайда? Ол қалай салқар арнаға айналды? Бастауы бар құбылыстың ақыры да бола ма? Ендеше, мұншама жүйелі дүниеге осынша сындарлы сипат дарытып отырған күш қандай?
Барлығына тыңғылықты жауап тауып болған жоқпыз. «Табамыз», – деп дәмету де, бәлкім, күпірлік шығар.
Әзірге түсінгеніміз: адамзат дүниеге жаратылып, су аққалы өзін табиғаттан бөле жарып қарай алмаған. Қалған табиғаттан айырмашылығын түсінсе де: «Астам тұрмын», – деп ойлай алмаған. Ал ондай күпірлікке бой алдырған кезде өз басына өзі тауан тілеп алған. Сөйтсе, астамшылық азғындық екен. Сондай астамшылықтан тыйдыра алатын Заңдылықтарды «Тәңірі», – деп, «Тоба», – деп, «Құдай», – деп таныған. Әр асқанға бір тосқан – мәңгілік жарасымның кепіл қағидасы. Одан туындайтын мың сан қисынды аз күн тіршілік кешетін пенде шіркіннің түйсігін, түсініп, меңгеріп, бұлжымас қағидаға айналдырып, бұлтартпай ұсынуға үлгере бермеуі де ықтимал. Алайда, сол түп бастау Жарасым мен Заңдылықтың жер үсті Сақшылары жоқ, тіпті болмағанын ойлау ақылға сыймас жомарттық болар еді.
Ондай Абзал Ақыл Иегері болған! Болғанда қандай! Бола бермек те! Қолыңыздағы кітап сондай Дара Парасат, Дара Рух, Дара Шарапат, Дара Шапағат иесі хақында ел жадындағы кептерді баян етеді.
Жаппай бірдейлік әспеттеген кезеңде Даралық атаулы мансұқ етілді. Айырық шылық атымен ғайбатталды. Айырықша икем, айырықша ықылас, айырықша қабілет, айырықша ыждағат, айырықша қасиет атаулы түгел жоққа шығарылды.
Сондай жаппай иманнан безген кісәпір заманда Атырау мен Арал, Орал мен Копен Даг арасын алып жатқан ұлан байтақ өлкенің ежелгі тұрғындары Қасиетті Бекет Атаға бағыштап бір ауыз қиянат сөз айта алмаған, зәредей де қиянат қылық жасай алмаған. Бұл өлкедегі әр шаңырақ қуанған кезінде де, құлазыған кезінде де алдымен Бекеттің атын ауызға алған. Бір кезде осынау кең-байтақ өлкеге жан-жақтан көз алартқан басқыншыға Оның атын айтып ұрандап, Оның ұрпағына ту көтеріп, қол бастатын тойтарыс берген. Біздің талай әкелеріміз бен аналарымыз кешегі қан майданда жан алқымға келгенде Одан медет сұрап, көз жұмғанда да артындағы шиеттей ұрпақтарын Оған аманат қып қалдырғаны кәміл.
Жақсы заманда да, жаман заманда да Оған деген ел сүйіспеншілігіне қылау түсіп көрген жоқ.
Өйткені, Ол – тірісінде елінің жел жақтағы Панасы, ық жақтағы Саясы бола білген Азамат. Жаудан елді арашалаған – Батыр. Дауда әділетті арашалаған – Қазы. Озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған – Пірәдар.
Оның қыранның қанаты талар қиян даланы жайлаған Ата Жұртының, Ата Мекенінің барлық шекарасында қырандар түлек түлететін қия шыңдардан өз қолымен тас қашап, тауды үңгіп, жер асты ғимараттар салынып, мешіт-медреселер ашуды да ескі аңыздардағы Прометей мен Фархадтарды, Киелі кітаптардағы Мұса мен Әзірет Әліні еске түсіретіндей ерен керек. Шөл кезіп, еріні кезерген еліне асасының ұшымен тас шұқып, кәусар бұлақ тауып берген Мұса пайғамбарымдай Маңғыстау мен Үстірттегі Бекет Атаға байланысты жердің бәрінде де балдай бұлақ, көк құрақ, маңыраған арқар, таутеке. Олар Елдіктің шебі. Елдіктің төрі. Оларды жауға алдырған жұрт Ел болып тұра алмайды. Ондай Елдік Намыс пен Иман Ұяларын қастер тұта білмеген жан иесі қатарға кіріп, адам санатына еніп, қалтырамай жер басып жүре алмайды.
Елі мен Жерін шексіз сүйген Асыл Азамат, Абзал Адамды Елі де шексіз сүйеді.
Бекет Атаның басты құдіреті – міне, осында. Өйткені, ол – көзінің тірісінде қиянатқа жол бермес Әділдіктің, күпірлікке жол бермес Адалдықтың, қараулыққа жол бермес Шапағаттылықтың, қатыгездікке жол бермес Мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес Парасаттың асқан үлгісін танытып, үлкен-кішіні, алыс-жақынды, дос пен дұшпанды түгел мойындатқан адам.
Адалдықтан асқан құдіреттіліктің, әділеттіліктен асқан әулиеліктің болуы мүмкін бе?!
Мейірімнен асқан кие, Парасаттан асқан қасиет болушы ма еді, тәйірі?. Ендеше, сондай асыл перзент таба алған, тауып қана қоймай, асылдығы мен абзалдығына бола Өз перзентін өзі Пір тұтқан халқыңнан қалай айналмассың!
Ондай ұлдарын өлімге қимайтын Елдің өзі де өлмейді.
Өткендегілерінің өсиетін, тірідегілерінің арман ниетін айрықша қастерлеп, өмірлік мұрат еткен Өнегелі Ел өліге бас игенмен, өлімге бас июші ме еді. Ендеше, сондай асқақ жұртының ақар-шақар шын басындай тәкаппар жүрегінен мәңгілік жәннат тапқан Әлсізге Медет, Күштіге Айбар, Зарыққанға Жебеу Тарықанға Демеу, Асқанға Тосқан, Сасқанға Сая, Ұрпаққа Ұстаз, Ұлысқа Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі Пір Атаға қанша тағзым қылсаң да артық емес деп білеміз.
Өйткені атасыздық – отансыздық, Отансыздық – опасыздық, опасыздық – имансыздық. Ал имансыздық еліңнен, жеріңнен безінтіп қоймай, өзіңнен безіндірері сөзсіз. Өзінің қадірін білмеген, ненің қадірін білуші еді? Ештеңенің қадірін білмеген, ешкімді де қарық қылмайды. Құдай тек сондайдың бетін аулақ қылғай!
Ал Өткенде Жақсылардың барына сенетін адам Бүгінде Жақсылардың барына сенеді.
Ал Жақсылардың барына сенетін адам өзі де Жақсы балуға тырысады. Ал Жақсы болудың Жақсылық Жасаудан басқа жолы жоқ. Ал Жақсылық жасаудың Жаман атқа ілігуден аулақ болудан басқа жолы жоқ.
Ләйім», әрқайсымызды, бәрімізді, жалпақ жұрт жамағатымызды Жаманаттан, Жаман Аттан сақтағай!
Жақсы Тілегімізді жөн тыңдап, жөн түсінер Жақсы Құлақтар мен Жайсаң Жүректер көбейе бергей!
1994 жылы «Арыс» баспасымен жарық көрген
«Бекет Ата» атты кітапқа жазған
Қазақстанның Халық жазушысы,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Әбіш аға Кекілбайұлының алғы сөзі
ЖАЛПЫНЫ ЖАҚСЫЛЫҚҚА БАСТАЙ БІЛГЕН
(ағартушы абыз, тәлімгер ұстаз пір Бекеттің
туғанына 250 жыл толуына орай сұхбат)
— Әбіш аға, тек туған топырағыңыз ғана емес, азамат ретінде де, суреткер ретінде де, рухани ізденістеріңізде де түп бастау көзі болып табылатын Маңғыстау өлкесінде жуырда Пір Бекеттің туғанына 250 жыл толуына бағышталған жиын өтпек. Осыған орай не айтар едіңіз?
— Шығыс дәстүрінде ахли хақ (ақиқат адамы) деп аталатын рух алыбы болып табылатын ұлы бабамыз жайында ақ адал лебізімді осыдан алты жыл бұрын «Арыс» баспасынан жарық көрген «Бекет ата» жинағына жазған алғы сөзімде айтып ем ғой.
— Иә, ол мақалаңызды «Ел иесі, жер киесі», – деп атағансыз. Онда: «...Адамзат дүние жаратылып, су аққалы өзін табиғаттан бөле жарып қарай алмаған. Қалған табиғаттан айырмашылығын түсінсе де, астам тұрмын деп ойлай алмаған.. Ондай астамшылықтан тыйдыра алатын Заңдылықты ««Тәңірі», – деп, «Тоба», – деп, «Құдай», – деп таныған. Әр асқанға бір тосқан – мәңгілік жарасымның кепіл қағидасы. Одан туындайтын мың сан қисынды аз күн тіршілік кешетін пенде шіркіннің түйсігін, түсініп, меңгеріп, бұлжымас қағидаға айналдырып, бұлтартпай ұсынуға үлгере бермеуі де ықтимал. Алайда, сол түп бастау Жарасым мен Заңдылықтың жер үсті Сақшылары жоқ, тіпті болмағанын ойлау ақылға сыймас нәмарттық болар еді.
Ондай Абзал Ақыл Иегері болған! Болғанда қандай! Бола бермек те!.. Жаппай бірдейлік әспеттеген кезеңде Даралық атаулы мансұқ етілді. Айырықшылық атымен ғайбатталды. Айырықша икем, айырықша ықылас, айырықша қабілет, айырықша ыждағат, айырықша қасиет атаулы түгел жоққа шығарылды.
Мейірімнен асқан кие, Парасаттан асқан қасиет болушы ма еді, тәйірі?. Ендеше, сондай... Әлсізге Медет, Күштіге Айбар, Зарыққанға Жебеу Тарықанға Демеу, Асқанға Тосқан, Сасқанға Сая, Ұрпаққа Ұстаз, Ұлысқа Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі Пір Атаға қанша тағзым қылсаң да артық емес деп білеміз» – деп жазғансыз.
— Ендеше сол сөзім – сөз. Ғазиз бабаға бағышталған бұл мінәжатымды қай күні де қайталап айтуға пейілмін. Өйткені, біз – тумай жатып, талай зобалаң көріп, талай нәрседен тарығып та, торығып та өскен, бірақ біржола үмітсіздікке берілмей, іштей рухани медет іздеп өткен ұрпақтың өкіліміз. Өз басымыз тек жаратушының құдіретімен қоса, арғы бергіде өткендердің жарық өнегесіне де риясыз ден қойдық. Бұл бізге ана сүтімен бірге дарыған қасиет еді. Ана демекші... Сол бір тауқыметті жылдары біздің анадан басқа ық жақта қарамыз, жел жақта панамыз болмаған еді. Сүйтіп, біз құдірет тұтатын анамыздың өзі жамандықта да, жақсылықта да әуелі құдайға, сосын сол Бекет Ата аруағына жалбарынып жататын еді. Сонда төбемізге қордаланып келе жатқан қиындық бұлты ыдырап кететіндей көрінуші еді. Бүгінде адамзат ақылмандарының талайының тағдыры мен тағлымынан жете хабардар болсам да, сәби күнімнен ақыл сезіміме айырықша сәуле шашып келген осы бір мүбәрак есімнің қадірі мен үшін елден ерекше. Енді жыл өткен сайын бұл құбылыстың тек бір өлкенің ғана емес, күллі ұлттық руханият кеңістігінде айырықша орын иемдене бастағанына куә болып отырмыз. Өткізгелі отырған үлкен жиында соның бір айғағы сияқты.
— Жарықтықтың нақты өмірбаяны жайында не білесіз?
— Қазіргі қолда бар деректер белгілі ғалым Қабиболла Сыдиықов құрастырып шығарған жоғарыда аталған кітапта да, 1993 жылы Өзбекстанның Гагарин қаласынан Ислам Мырзабекұлы деген азамат шығарған жинақта да толық келтірілген. 1820-1821 жылы Үстіртте болған ғалым Э.Эверсманн Бекеттің елдің көші-қонына қарап, төрт жерден таудан қашап, төрт мешіт салдырған, оны «араб, парсы, татар жазуларымен» безендірген оқымысты адам екенін айтады. 1853 жылы саяхат жасаған топограф Алексеев: «...оны көрген ел «сақтаушы құдірет күші бар», – деп сенген, нағыз әулиенің өзі деп түсінген, сол себепті де бұл ғажайып адамға байланысты талай аңыздар айтылып, кереметтер тағыла берген. Ол бұдан қырық жыл бұрын 1813 жылы дүние салған», – деп жазады. Бұдан он төрт жыл кейін, 1867 жылы Үстіртті аралаушы шығыс танушы А.О.Дюгамель де Бекет салдырған Жемдегі Ақмешітті көргенін оның Оғыландыдағы мешітінде жерленгенін мәлімдейді. Осы ғасырдың елуінші жылдары аталмыш орындар кейінгі жөндеу өңдеуге ұшырамай өз қалпында тұрғанда көрген сәулет тарихшысы М.Меңдіқұлов та Бекетті 1813 жылдар шамасында қайтыс болған деп мөлшерлейді. Қазіргі зерттеушілердің көпшілігі осы деректерге және ел арасындағы: «Ол пайғамбар жасына жетіп дүние салды», – деген әңгімеге сүйеніп: «Бекет 1750 жылы туып, 1813 жылы қайтыс болған», – деп есептейді. Ал Гагарин қаласынан шыққан жинақта Жолдасқали Сүйесінов деген азамат ертеректе Шульц деген автордың «Киргизы» деген кітабын оқығандығын, онда 1820 жылы Ақмешітте болғанда Бекет содан жүз жыл бұрын, яғни 1720 жылы өлді деп естігенін жазғанын айтады. Бірақ, аталмыш кітаптың қашан қайда басылғаны көрсетілмегендіктен, бұл деректі дәйектеудің жолы табылмай отыр. Сондықтан мен де өз көзіммен көрген, оқыған Э.Эверсманн, А.О.Дюгамель, топограф Алексеев, Меңдіқұлов деректеріне көбірек ден қоюға мәжбүрмін.
— Оғыландыдағы мешітте Ата жатқан құжыраға орнатылған тақтайшада 1650-1713 деген дата көрсетілген ғой.
— Иә, бұл тақтайша кейінгі кезеңде қойылған. Оның қандай дерекке сүйенгендігі айтылмаған. Шамасы тарихшылардың өткен оқиғалардың мерзімін одан бері өмір сүрген әр ұрпаққа 25-30 жыл беріп мөлшерлейтін дағдысының орнына 35-40 жылдан беріп есептегендіктен орын алса керек. Егер Бекет 1650 жылы дүниеге келген болса, Еділ, Жайық, Жем, Маңғыстауды торғауыт қалмақтар иемденіп, Орманбет тұсында жайлаған алшын ноғайлардың бір бөлігі Қап тауына, бір бөлігі Орал тауына, бір бөлігі Сыр бойындағы қазақ хандығына барып қосылып, бытырап кеткен заманына тап келер еді. Ондай аласапыран заман әулие баба жайындағы аңыздардан өз көрінісін табар еді. Ал біз білетін Бекет жайлы аңыздардағы оқиғалар ноғайлының ыдырап, қазақ хандығының орнығу тұсынан гөрі, одан берідегі жоңғар шапқыншылығына ұшыраған тайпалардың Сыр, Қаратауды тастап, байырғы этникалық қоныстарына қайтып оралуға мәжбүр болған кезеңіне келіңкірейді. Әулиенің замандастары ретінде сөз болатын тама Есет, табын Барақ, адай Өмір батырлар, кей деректердегі Әбілқайыр, Бопайлар XVII ғасырдың емес, XVIII ғасырдың тарихи тұлғалары екендігі белгілі. Мәселен, Сырым Датов бастаған ұлт азаттық қозғалысының белгілі басшыларының бірі Атағозы батыр досы Бекетке келіп медет сұрап жүретіні әңгіме болады. Ал сол Атағозы Айтқұлов Астрхань губерниялық кеңсесі құжаттарының айтуынша 1774 жылы беріш Саржала батыр, Қара Итемгеновтермен бірге Пугачев жағына шығып, Астрахан маңын шапқыншылап, қыста мұз үстімен Маңғыстаудағы Айрақтыға қашып құтылып кетіп отырады. Ендеше, Бекет те солармен тұстас болып, олардың қозғалысын қоштаған болып шығады. Оның үстіне, өлке зерттеуші Ә.Спанов дұрыс көрсеткендей 1856 жылғы Хиуа шапқыншылығына тойтарыс берген қазақ жасағының ту көтеруші Пір Бекеттің өзі емес, бел немересі Асар сұпы болғаны мәлім. Ендеше «Бекет XVIII ғасырда туып, XIX ғасырда дүние салды», – деген тұжырым қисынға келіңкірейді.
— Жарайды, Пір Бекеттің өмір кешкен заманын білдік. Ал шыққан тегі мен өскен ортасы жайында не айта аласыз?
— Бұл – басы шық мәселе. Бекет Мырзағұлұлы – басқа тараптан келмеген, осындағы көшпелі қауымның өз ортасынан шыққан рухани қайраткер. Ол өмір сүрген замандағы дәйім қозғалыс үстіндегі көшпелі тіршілікте жауынгерлік үрдіс басым болды. Өйткені, мал шаруашылығы өрісті үздіксіз кеңейте беруді талап етті. Кеңістікті бейбіт игерудің заманы өтіп, ұдайы қаруға сүйенуге тура келді. Сондықтан да ол тұстағы көшпеліні «малшы», – деп емес, көбінесе «жауынгер», – деп түсінген жөн. Бекет те, жекжат туыстары мен дос-жар замандастарына қарағанда, өз ортасына ықпалы зор ноян әулеттен өрбісе керек. Оған ел ауызындағы Бекетке асқан аруақ қайдан қонғандығы туралы талас дәлел бола алса керек. Оған аруақ нағашысынан қонды деп санайтындардың бір тобы оны адайлар арасына дін таратуға жіберілген Назар қожаның қызынан, екінші тобы атақты тама Есет батырдың қызынан туған деп топшылайды. Біздіңше, Бекеттің өз балалары да ондай ерек қасиеттен құралақан емес сияқты. Арғы замандағы талай жорықтардың бел ортасында жүріп, көзге түскен Жаулы батыр жанарынан айырылып, жорықтан қалып, үш баласымен айдалада жалғыз үй күй кешкенде кенжесі Жары әкесін түзге отырғызуға алып шықса, ерлік қысып бара жатқан екі ағасы Ескелді мен Қосқұлақ: «Көкем батыр ғой. Сескенер ме екен, сескенбес пе екен?» – деп, ғарып әкесінің кебісіне тиер тигізбес қылып, бұрқылдатып оқ атады екен. Жаны ашып жылаған Жарыға риза болған әкесі: «Өс, өрбі!» –деп, бата берсе, сотқарлық жасаған екі ұлына жұдырығын түйіпті-міс. Содан Жары әулеті қаулап өсіпті. Бірақ Жаулы одан үлкен «екі тентегіне» де кіжінгенмен, ырыс-несібеден құр қалдырмапты. Ескелді тұқымының асқан дәулетімен, Қосқұлақ тұқымының адам таңғаларлық аруақтылығымен аттары шығыпты. Бекет – сол Қосқұлақтың шөбересі. Мен бұл арқылы Бекеттің әкесі Мырзағұлдың Есеттің немесе Назар қожаның қызын алуын жоққа шығарып отырған жоқпын. Олай болуы әбден мүмкін. Алайда, бір ескеретін нәрсе Назар қожа адай арасына Маңғыстауға келместен бұрын араласқан сияқты. Оған қызын берген Әлмембет Сыр бойында жерленген деседі. «Назар қожаның зираты да Маңғыстауда, немесе Жем бойында», – деген дерек жоқ. Ал Бекеттің әкесі мен шешесі Мырзағұл мен Жәния (кей деректерде Меңсұлу) Жем бойындағы Ақмешітте жерленген. Бекет дүниеге келген кезде аталмыш аймақта Есет ұлысы адайлармен бірге жайлағаны тарихтан белгілі. Қайткен күнде де Есеттің де, Назар қожаның да «атасына қарап ұлына бар, анасына қарап қызын ал» дейтін қағиданы қатты ұстанатын қауым мен заманның өкілдері екендігі даусыз. Шамасы, Мырзағұлға да жылтыраған көзіне қарап емес, шыққан тегіне қарап қыз берсе керек. Ал: «Бекеттің нағашысы кім?» – дейтін талас «ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ» екендігін біле тұрсақ та, жақсыны бір табан жақындата түскіміз келетін өзімшіл «дертімізден туындап жүрсе керек.
— Ендеше, батырдан туған батыр Бекет неге дін жолын қуып жүр?
— Гәп міне осы арада. Ол өмір сүрген кез қазақтардың басынан дәурен кетіп іргелі елдіктен айырылып, жер-суы көлденең көздің сұғына ұшырап, шыр айнала дау-шардың шырмауығына шымалып тұрған кез еді. Ақтабан шұбырындыға ұшыраған қазақтардың бір тобы Алтын орда, Ноғай хандығы заманында жайлаған Еділ, Жайық, Жем, Сағыз бойына ығысқаны белгілі. Олар бұл араны өздері жоқта иемденіп қалған қалмақтардан арылтқанмен, қазақтардан арылта алмады. Сол үшін де ақ патшаға қарсы боп, Пугачев көтерілісіне Сырым Датовпен бірге белсене ат салысқан Атағозы батыр, Шотан батыр және басқа да атақты батырлар басқарған адай ауылдары еді. Ол кездегі капитан А.В.Суворовтың жазалаушыларынан қашқан Сырым бастаған көтеріліс көсемдері Хиуаға қарай ығысуға мәжбүр болды. Адай ауылдары да әуелі Жем одан Үстіртке жылжып, ақыры Маңғыстауға орныға бастады. Бұны Атыраудың шығыс жағына аяқ іліктіруге асығып отырған патша да көшпелі қауымның оң жақ іргесінен ойып орын ала бастағанынан сескенген Хиуа ханы да онша жақтыра қоймады. Патша бұрынғы бір ұлтты сан тарапқа бөлшектейтін сапырмайын місе тұтпай, енді бір ғана тайпа елдің өзін бет-бетіне бөліп жіберуді қолға алады. Ендеше көзге түскен адай тайпасын қазіргі Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе аймағындағы бұрынғы Нұралы, Айшуақ балалары билейтін үш Маңғыстаудағыларын «жоғары», «төменгі» деп бөлінетін екі сардарлыққа (дистанцияға) және Красноводскі уезіне таратып беріп, алты бөлікке бытыратып жіберді. Жоңғар шапқыншылығынан хан ықпалы, орыс қарауына көшкеннен сұлтан ықпалы, Сырым көтерілісі жеңіліске ұшырағаннан батырлар ықпалы, бір тайпа ел алтыға бөлініп кеткеннен билер ықпалы әлсіреген үстіне әлсірей түскен-ді. Бірақ, халықтың бойындағы бірлікке деген, елдікке деген құштарлық өршімесе өшкен жоқты. Онсыз жаңа қонысты иемдену, оған жол бермейміз деп жан-жақтан жағаға жармасқан жаттарға тойтарыс беру мүмкін емес еді. Бұл үшін бір тудың астына жинай алар жаңа ықпал, оны паш ететін жаңа ұран керек болды. Жаугершілікпен күн кешкен көшпелі қоғамдағы саяси ынтымақты да, әскери ұйымшылдықты да қожыратып, сол арқылы билікке таласты қоздатып, этникалық бірлікті де әлсіретудің жолын тапқан отаршылдықтың ол кезде әлі қол салып үлгермегені – рухани бірлік еді. Көшпелі қауымдарда ондай ықпалға саяси көсемдермен қоса, рухани пірлердің де ие болғаны ежелден аян.
Табиғатқа саясаттан да көбірек әрі тікелей тәуелді көшпенді үрдіс рух ықпалын қашан да бірінші орынға қойды. Табиғи өзгерістердің өзіндік жүйесі мен заңдылығы барын ежелден аңғарды. Оны өз-өзінен емес, санадан тысқары әлде бір құдіреттің еркімен болып жататын құбылыстар деп түсінді. Қауым сол өзгерістерден аман қалу үшін табиғатқа ықпал ете алатын құдіреттің тілін таба білуі керек деп санады. «Бұл кез келгеннің емес, айырықша қасиетке ие боп жаралған аруақты адамдардың-абыздардың ғана қолынан келеді», – деп есептеледі. Ондай қасиеттерімен көзге түскен адамдардан халық билік иелерінен бетер айбынып, аса зор құрмет тұтты. Бите құлақ асса, сардарға бағынса, пірге табынды. Хан ауысса да, пір ауыспады. Сондықтан кейде билікші әулет саяси үстемдікпен қоса рухани үстемдікті де өз қолына алып алуға тырысты. Бұл, әсіресе, шығысқа тән еді. Мәселен, Тәуке, оның балалары Жәңгір, Болаттардың Ахастағы «киелі үйге» жіберіліп, бірнеше жыл тәрбиеленуі тек көрші елдердің геосаяси ықпалынан ғана емес, тақ маңындағылардың әлгіндей іш есебінен де өрбіп жатса керек. Тәуке хан сайланғанда пір де бірге сайланып, үш ұлыстың пірлері жұрт алдында аруақ салыстырысып, керейіт Сұпы Әжінің жеңіп шығатыны да соны аңғартқандай. Тәукеден Абылайға дейінгі барлық ханға пір болған Сұпы Әжі (Мүсірәлі) дүние салғаннан кейін жалпы қазақтық пір сайлаған емес. Бірақ содан қайтып пірлік институт мүлдем құрып кеткен екен деп санауға болмайды. Әр ұлыс, әр тайпаның өз пірлері өз қалпында қала берген. Ақтабан-шұбырындының шашыратпасынан кейін көптеген тайпалар ежелгі ұрандарын өзгертіп, өз тұсындағы елге ұйытқы бола алған абзал арыстарын ұранға шығара бастаған секілді. Көп ретте ұранға жау жасқаған батырлар шыққан сыңайлы. Аталмыш кезеңде адай тайпасында сонау Ақтабан-шұбырынды заманындағы шайқастарда да, Еділ, Жайық, Жем, Маңғыстаудағы қоныстарды қайтарып алудағы шайқастарда да көзге түскен батырлардың, немесе алты бөлініп кеткен елдің алты тізгінін ұстаған билердің біреуінің емес, Бекеттің ұранға шығуы.
да әлеуметтік иерархиядағы әлгіндей сапалық өзгерістерге байланысты болса керек.
Ел аузындағы деректерге қарағанда, Хиуа шапқыншылығының біреуінің тұсында тайпаластары жауға: «Иә, Бекет!», – деп шауып, жеңіспен оралыпты. Содан бастап Бекеттің аты өз-өзінен ұранға айналып шыға келіпті деседі.
— Бекеттің бұлай төтен көзге түсуінің сыры неде деп білесіз?
— Ол да өз тұсындағы еркек кіндіктің кез келгені сияқты ат жалынан тартып мінер жасқа жеткен соң-ақ жаугершіліктің соңына түссе керек. Ерлігімен көзге ілікпесе, жорықтастары оның атын айтып, ұрандап жауға шаппас еді. Ерлігімен қоса, жаудың қапысын тапқыш сардарлық қасиетімен де танылған сияқты. Бірақ ол кезде батырлығымен де, сардарлығымен де көзге түскен сүлейлер аз емес еді. Оның бәр-бәрі ұранға шыға берген жоқ. Шамасы ақыл-ойының, ой-сезімінің айрықша ұшқырлығымен, көріпкел көрегендігімен жұртты әу баста сол жорықта жүріп баурап алғанға ұқсайды. Аңыздарда қазақ қолы не бір тығырыққа тіреліп, амал таппай аңтарылып, құдіретке жалбарынғанда, Бекетті алдарына ұстайды екен. Сонда аруақтардың көрсеткен аянын Бекет жорып, барысында сол жоруы рас болып шығады екен. Сондықтан да көп ұзамай жұрт оны: «Тек қана батыр емес, әлде бір санадан тысқары ықпалға ие әулие», – деп мойындай бастаған сыңайлы. Ежелгі ата қонысты қайтарып алғанша жаугершілік қуған Бекет кейін ол жолға онша құлшынбай, рухани ізденістер жолын біржолата таңдап алған тәрізді. Бұл арада Бекет жайындағы аңыздардың басқа әулиелік ғұмырнамаларға ұқсайтын да, ұқсамайтын да жерлері бар екендігін айта кеткендігіміз жөн. Ұқсайтыны – оны да мұндай ақ жолға әлде бір құдіретті күштердің ықпалы түсіреді. Ұқсамайтыны – ол бұндай құдіретті ықпалға кездейсоқ түспейді, өз көңіліне күмән қашырған жағдайға қинала жауап іздеп жүріп түседі. Бір аңызда ол он төрт жасында жорықтан көп мал олжалап келе жатқанда, соңынан із қуалаған қуғыншылар қуып жетеді. Сонда айдап келе жатқан жылқышыларының аяқ астынан түр-түстері өзгеріп шыға келеді. Ол осының арқасында қолға түсіп тұрған жерінен құтылып кетеді. Бекеттің өзі сиқыр жасамайды. Құдіреттің өзі көмекке келеді. Сөйтіп, тәубесіне келген бала ноян тағы бір өткелден өте бергенде әуелі су астынан қылт етіп көтерілген бір саусақты, артынан бес саусақты, бір сыпыра уақыттан соң қырық саусақты көзі шалады. Оны: «Бір тәңірге сеніп, бес намазды ұмытпай, қырық парызды түгел атқарып жүруді ескерткен аян», – деп ұғып, жаугершілікті тастап, Шопан Ата әулиенің басына барып түнейді. Сонда әулие түсінде: «Хиуадағы Пақыржан сұпының алдын көр», – деп, аян берген екен дейді. Екінші бір аңызда: «Ол бұндай оқиғаға қырық, тіпті елу жасында тап болыпты», – дейді. Онда да ол мал олжалап келе жатып, мал иелеріне Үстірттің шыңына шығатын қиын-қыстау тар асуда қарсы жолығып қалады. Қайда кетерін білмей, қатты сасқанда, айдап келе жатқан көп жылқысы аяқ астынан қарсы жолыққан жауларының мініп келе жатқан көліктерінің көлеңкесіне айналып кетіпті. Шамасы, құтқарушы құдірет Бекеттің тар жерде ішінен сан қайталап айтқан: «Уа, Алла, Осы жолы құтылсам, бәрін тастап, бір өзіңнің жолыңа түсемін», – деген уәдесіне құлақ асса керек. Бекет сертінде тұрып, Шопан Атаның берген аяңымен Хиуадағы Пақыржан сұпының алдына барады.
Біз бұдан жер ауып, су ауып, қоныс аударып, жаңа мекенге табан тірей алмай, жайсыз жағдайда жүрген өз жұртына жаны ашығандықтан өз көңілі құламайтын кәсіппен шұғылдануға амалсыз мәжбүр болған аса биік ар-ұждан иесінің жан-дүниесіндегі рухани драманы аңғарамыз. Құдірет те оған осындай қиналғаны үшін қол ұшын беретін тәрізді.
Соған қарағанда өз қауымы да оны төтен ерлігімен, асқан аруақтылығымен қоса, биік адамгершілігі үшін де аса қадірлеп, бір рухани пірі тұтса керек.
— Қазақта: «Ердің соңы – Есет, пірдің соңы – Бекет», – деген сөз бар. Ол қалай шығып жүр деп ойлайсыз?
— Ескі дала үрдісінде қауымға билік жүргізетін хандар мен ғаскерге билік жүргізетін сардарлар ғана сайланып қойылған, ал батырлар мен пірлер аттарына лайық қасиеттерімен қапысыз танылып, жұртты тегіс мойындатқан. Жоғарыдағы Тәуке заманындағы үш ұлыстың үш пірінің жұрт алдына аруақ салыстыруына келсек, ол да, түптен келгенде, сайлау емес, өз қасиетінің басымдылығын жария мойындатудың жолы болып табылады. Мұны кие, аруақ туралы ғылым – агиологияда «таңғажайып сайыс» деп атайды. Бұл – тек дінге дейінгі нанымдар заманында ғана емес, әлемдік діндер үстемдік құрған тұстарда да орын алған үрдіс. Иудейлер арасындағы Дәуіт патша табынған Сұлтан Сахақ пен Пір Микаилдың біреуі дуалды ат қылып мініп, біреуі жолбарысты ат, жыланды жүген қылып мініп, жекпе-жекке шығатыны, біреуі судағы балықты суда жатқан жерінен пісіріп аулап жеп, екіншісі оның сүйектерін қайтадан балыққа айналдырып жіберетіндігі жайындағы, христиандар арасындағы грек әулиесі Карамболистің де дуалды ат қып мініп, жолбарыс мінген Мұхамбет пайғамбарымды сайысқа шақырыпты-мыс дейтін, Будда үмбеттері арасындағы Махадео мен Ламаның аруақ салыстырып биік таудың басына бұрын шығу үшін жарысатындығы туралы аңыздардың кеңінен таралуы соның айғағы болса керек. Мұндай «таңғажайып сайыс», әсіресе еуразиялық көшпенді жұрттардың өмірінде кең орын алған. Таяу Шығыста бұл үрдісті ұстанатындар ахл-и хақ (ақиқат адамдары) атанған. Ислам діні бұл дәстүрді жойып жіберген жоқ. Қайта Таяу Шығыс пен Орталық Азияны мұсылмандандыруда молынан пайдаланды. Суфизм де әуелі сол Теріскей Иранда жергілікті діни дәстүрлерді исламға икемдеуден пайда болды. Көнелікті деректер Қожа Ахмет Иассауидың да осы бағытты ұстанғанын айғақтайды. Оның таррикатты жеріне жете меңгерген шәкірті Хакім ата (Сүлеймен Бақырғани) Хорезмнің киелі орындарын осылайша «таңғажайып сайыс» арқылы мұсылмандандырса, оның ұлы Сұлтан Хубби да Маңғыстау өлкесін солай мұсылмандандырады. Сөйтіп, Меккедегі бұрынғы діни орындардың бәрі исламның киелі орынына осылай айналғаны сияқты Көне Үргеніште де Үш жүз алпыс әулие, Маңғыстауда да Үш жүз алпыс әулие киелі кешені осылай орнайды. Аңыздардың айтуынша, Маңғыстаудағы Таушықтың қасындағы Дәніспан тауы осы аттас әулиенің Сұлтан Хубби ашқан киелі орындарға тәу ету үшін Түркістандағы Құқай тауынан үзіп алып, түйе қып мініп келген бір бөлігі көрінеді.
Бекет ата да Қожа Ахмет Ясауи мектебінің талай «таңғажайып сынынан» сүрінбей өткен аса талантты шәкірті болғанға ұқсайды. Орта Азия халықтарына кең таралған бір аңызда Қожа Ахмет Ясауи қолындағы асаны терезеден лақтырып жіберіп, шәкірттеріне: «Кім бұрын тауып әкелсе, соған батамды берем», – дейді. Сонда басқа шәкірттер жапа тармағай сыртқа жүгіріп шығып кеткенде Шопан Ата деген мүриді жалғыз қалып қойып, ұстазына: «Сіз лақтырған асаны табу үшін ұзақ жолға шығуыма тура келеді», – деп бата сұрайды. Бата алған Шопан Ата әлгі асаны Маңғыстауға барып табады. Кіші Азияға тараған бір аңызда Қожа Ахмет Ясауи қолындағы тұт бұтағын лақтырып, немересі Қажы Бекташқа: «Осының түскен жеріне барып текке (түнемелік үй) сал», – деп бұйырады. Сонда Қажы Бекташ көгершін болып пыр етіп ұша жөнеледі. Сонда келіп табан тіреген бір жері – түрікпен, қазақ шекарасындағы Атырау теңізінің жағасындағы Бекташ мүйісі болған тәрізді. Әкесінің бұйрығын естігенде Сұлтан Хубби да аталмыш бағытқа қарай дәл солай ұшып кететіні белгілі. Тап сондай жағдайға Бекет Ата да тап болыпты. Ол да ұстазы Бақыржанның (Пақыржан қазының) әлгіндей лақтырып жіберген асасын Үстірттегі Оғыланды басынан іздеп келіп тауыпты. Осыған қарағанда Батыс пен Шығыстың ара-жігіне айналып жатқан бұл өлке мұсылман дүниесі үшін қай кезде де стратегиялық маңызы зор өңір саналса керек. Ескілікті дастанда Селжүк ханы Санжардың хорезм билеушісін: «Маңғыстаудағы мұсылмандарға қол көтердің», – деп айыптайтыны да, сол түбекке барып, мешіт салып жатқан Қараман атаға Қорқыт атаның соңынан қуып келіп сөйлесетіні де, Қожа Ахмет Ясауи мектебінің үлкен пірәдарларының қай-қайсысының да ең сенімді мүриттерін сонда жұмсайтындықтары да тегіннен тегін болмаса керек. Ондағы өз ықпалдарын әлсіретіп алмауға ерекше мән бергендігінің көрінісі болса керек. Бекет Атаның киелі мансапқа ие болған кезеңі де ислам шебіне сондай бір жаңа қауіп төнді деп есептелген тұс секілді. Ол да өзі іздеп келген асаға таласқан Оғыланды әулиені аруақ салыстырып жеңіп, әлгі жерге тауапхана салуға мүмкіндік алыпты. Біз бұл арада ежелгі пірлердің өз жолын ұстай алар ең сенімді мүритті әлгіндей әдейі лақтырған аса, немесе жеміс бұтағын іздеу сынды ишаралар арқылы сынап көріп, көрегендігіне көздері жеткендерін ғана өздерімен тең отырып сұхбаттаса алатын сақып кемел санап, оларға фатихасын беріп, шатырхат ұсынатындығын аңғарамыз. Пір Бекет – тап осындай сыннан өткен шынайы сақып кемел. Кейін өзі де Ақмешітте бала оқытқанда өз жолын қуатын сенімді мүридің әлгі тәсілмен анықтапты. Ол лақтырған киелі асаны кете руынан келіп оқып жатқан Шектібай деген шәкірті тауыпты. Шектібай Хазірет те Елек, Ойыл, Қиыл, Қобда бойында бала оқытып, шәкірттерінің алды Уфа қаласының уәйіс-муфтиі дәрежесіне дейін жетіпті. Кеңес кезінде көп қуғын көрген бұл әулет пір Бекеттің киелі асасын кіріп отырған үйлерінің қабырғасына қалап, сыртынан жым-жылас сылап тастап, жасырып сақтапты. Кейін тығулы жерінен жарыққа шыққан киелі асаны Қобда ауданының Қобыланды батыр жерленіпті-міс делінетін Жиренқопа деген ауыл да тұратын Шектібай хазірет әулетінің үйіне іздеп барып, өз көзімізбен көрдік. Күрделі құймадан құйылған, ұзындығы кісінің көкірек тұсына дейін келетін көк аса екен. Қасымызға алып, бас жағымызға қойып, бір түн қонып шықтық. Кейін Иманғали Тасмағанбетов те әдейі іздеп барып көріп, Алматыға алдыртып, мамандарға көрсетіп: «Мемлекеттік музейлерге қояйық», – деп ұсыныс жасағанда, киелі мұраның иелері қолдарынан шығарғылары келмейтінін айтып, ауылдарына қайта алып кетті. Біз ұстаз Бекеттің өз шәкірттерін ишаралап сынаған тәбәрік асасы туралы сөз қылып отырмыз. Ал өзінің дүние ауғанша ұстаған етене көк асасы өз әулетінің қолында болса керек. Кешегі дүрбелең жылдарда оны да әлгіндей әр түрлі амалдар жасап, аман сақтап қалуға тура келген сияқты.
Қазақтардың Маңғыстауға қайта оралуына байланысты Бекет Ата талай рет «таңғажайып сайысқа» түсуге мәжбүр болыпты. Қожаназар байдың Қошан деген кенже ұлы антқа ұсталатын атақты сайысқа Бекет тәңірге жалбарынып «Уа, құдайым, біз айыпты десең – бізді ат, қара айыпты десең – қара атты ат!» – дегенде, қара ат антқа керілген ала арқаннан аттай бере құлапты да, Қошанның астындағы ерінің алдыңғы қасына шаншылған біз анадай жерге ұшып кетіпті. Аттан құлаған сәби Қошан бір аунап барып, түрегеліпті. Бұған көнбей дау салған қарсы жақ: «Басына келіп ант ұстасып тұрған Қараман әулие қазақтарға жақтасып кетіпті. Көне Үргеніш бегі Шикабір (Шейх Күбра) әулиеге барып, қайта аштасамыз!» – деп қиқулапты, Бекет: «Айтқандарың болсын, ертең таң намазда сонда кездесейік», – деп, қара киімді Қошанды алдына алып, қара сәйгүлікпен ұша жөнелгенде. дауласқандар: «Бүйтіп құдіретін көрер көзге асырып тұрған жұртпен тайталасып болмас!», – деп, мәмлеге келіпті. Жауласып жүрген екі ел солай татуласыпты. Бекет ата көз түрткі көрсеткісі келгендермен талай жерде «таңғажайып сайысқа» түсіп, өз жұртын зорлық-зомбылық, шапқыншылықтан сақтап қалыпты. Ел үшін, жер үшін болған талай дауда алапат қасиетімен ақиқат кесік шығаруға мәжбүр етіпті. Сондықтан да оны отандастары өз мекендерін қайтарып алып, қайта орнығуларына жұрттың бәрінен асырып еңбек сіңірген адам ретінде ерекше қадір тұтып кетсе керек. Астына таусылмас қазына тыққан құт мекендерінің қайтадан қолдарына түскеніне риза ұрпақтың да шарапатты бабаларын бүгінгі заманға да көзі тірісіндегідей төбелеріне көтеріп ұлықтауы әбден орынды. Оның құдіретін ел қорыққандықтан емес, әбден сенгендіктен сыйлайды. Тама Есет дүниеден өткен соң елдік жолындағы ортақ шайқастар тиылып, билік жолындағы жадағай жанжалдар мен оңай жерден олжа іздеген көрсе басар көлденең жорықтар көбейді. Тіпті өзгені қойып, бірі бай, бірі кедей, бірі ақ сүйек, бірі қара сүйек, бірі ана жақ, бірі мына жақ болып, жік-жікке бөлініп, өзді өзіне қол көтерісетін қарабет қаныпезерлік етек жая бастады. Ондайда көзге түсетін ерлік бірлікке емес, бүлдіргіге қызмет ететіні белгілі. Сондықтан да, Есет заманынан кейін ел арасында ерлік азайып, есерлік көбейді. Бекеттің де найзаны тастап, қолына аса ұстауына тура келді. Табиғат берген айрықша қасиетіңді елдіктің емес, есерліктің сойылын соғуға жұмсау – әулиелік емес, әбжілдік болар еді. Әлгіндей ала бүлік заманда мұндай қиын таңдау жасай алу кез келгеннің қолынан келмес еді. Бекеттің қолынан келді. Ел шебіне тиген жау мен ел намысына тиген дау болмаса, ауыл арасы, ағайын аласы ажың-күжіңінен іргесін аулақ салды. Жаңа қонысқа ие болған қандастарын көрші-көлемге тынышсыз аламандықтан тиылып, жан-жағымен жарастықты жайбарақат тірлікке көшіру үшін жаугершілікті өзі бас боп талақ етіп, рухани кемелділіктің жолын қуды. Сол жолда биік адамгершілік қасиеттерімен басқалардан үстем түсіп, әмбе табынатын әулиеге, дін пірәдар, оқымысты ұстаз, абыз пірге айналды. Ол өмір сүрген кезеңнен кейін қазақ даласында мұндай пірлік институт та атымен құлдырап, тіптен жоғалып кете жаздады. Сондықтан да ел әлгіге дейін: «Ердің соңы – Есет, Пірдің соңы – Бекет», – деп, олардан соң ортақ намыс пен ортақ мүдденің емес, өз мүдделері өзектерін тескен содырлардың сойылын соғатын сотанақтықтың көбейгеніне күйзеледі.
— Кейде мұндай қасиеттерді пірлік демей, бақсы-құшынаштық, сиқыршылық дейтіндер де бар ғой!
— Күні кешеге дейін сондай көзқарас үстемдік алып келді. Бірақ, бұндай пікірдің таралуына тек құдайға сенбейтін имансыздық қана емес, құдайға сенгенситін әбжілдік пен әзәзілдік те, қара дүрсін дүмшелік те аз себепші болған жоқ. Бойындағы қасиетті тек күнкөріс айырып, мал табуға жұмсайтындар, әрине, бақсы-құшынаштықтан әрі аса алмайды. Ал, оны көптің басын айналдырып, көзін байлауға, өзгелерден өктем түсуге жұмсайтындар көз бояушы сиқыршылыққа ұрынары аян. Тек өзін кемелденген үстіне кемелдендіріп, адалдықпен әділеттің ала жібін аттамай, жалпыны жақсылыққа бастай алғандар ғана пір атына лайық. Ондай зор ықпалға жаратқанның ерекше ықыласы түскендер ғана ие бола алады дейтін түсіністік пірлікті биліктен кем әспеттемеген. Қожа Ахмет Ясауидың Хазірет Сұлтан, оның шәкірттері мен үзеңгілістері Хакім Ата, Сұлтан Хубби, Сұлтан Уәйіс-баба, Шахи-Зинда (Куссам ибн Аббас), Шах Насыр Хұсрау атануы да, аңыздағы әулие пірлердің Сұлтан Сахақ, Шах Мадар Сахиб, Шах Мина Сахиб аталуы да, ең түпкі билік – аталық билік болғандықтан әулие атауларының Шопан Ата, Қараман Ата, Дүлділ Ата, Оқшы Ата болып келуі де соның белгісі.
Бекет Атаға деген ел арасындағы ерекше махаббатты да қиын заманда қиналған халқына ізгілік жолын нұсқай алған зор ықпалын әділ бағалағандық деп түсінген жөн. Ол көбіне-көп тау-тасты мекендеп, алдырмас асу, өткізбес өткелге тап болған құдіретін танытып жүреді. Жаны ашыған адамдарына да, жорықтағы қандастарына да қиналғандарында кездейсоқ тұман түсіртіп, шаң боратып, өткел бермес өзендердің суын сарқылтып, көмекке келіп жүреді. Бұл оның киесінің күштілігін және ылғи аққа жақ болар ізгілік сипатын танытады. Әлемдік агиографияда жандыдан гөрі жансызға тіл аудару, әсіресе тау-тас пен өзен суға әмір ету жоғары бағаланады. Ал ол салдырған төрт мешіттің орналасу тәртібі ұлы бабаның геосаяси көрегендігінен хабар бергендей. Ол өліспей беріспейтіндей төрт стратегиялық нүктеге жұрт жаппай бас иетін төрт тауапхана салдырған. Төртеуін де, ескі тарихнамалық деректерге қарағанда, қазіргі қазақ этносын құрайтын баяғы сақ, сармат, массагет, ғұн, кешегі қаңлы, қыпшақ, оғыз замандарынан қалған ежелгі тайпалардың байырғы қоныстарының шешуші шептері болған тарихи жерлерге жайғастырған. Соған байланысты арттағы ұрпағына: «Аруағым риза болсын десеңдер, құтханаларыма жау тұяғын жолатпаңдар!» – деп, өсиет қалдырған. Онысы: «Мен бардағы Алла бұйыртқан ата мекеннен айырылып қалмаңдар!» – дегені секілді. Ол мешіттерінің бәрін де ежелгі керуен жолдарының ең түйінді бунақтарына, біреуін өзен жағасына, біреуін жол айырығына, екеуін ел шебіне салдырған. Мұнысы бұдан былай өзің иемденіп отырған ата қонысты ойдағыдай ұқсатып игере алсаң ғана, ие бола алатыныңды меңзегені сияқты. Жаугершілікті қойып, малшылықпен қанағаттанбай, сауда жасап, егін салып, тас қашап, баспана тұрғызып, отырықшылыққа бейімделіп, білім қууға, ерлікке емес, еңбекке құлшынуға өзі бас болып өнеге көрсеткендігі тәрізді. Замандастары Барақ пен Өмір батырларға: «Біреуіңнің қасиетің өзіңмен бірге өтеді, біреуіңнің қасиетің үш ұрпағыңмен кетеді. Ал менің қасиетім жеті ұрпағыма жетеді», – деуінде де үлкен мән бар сыңайлы. «Жаугершілік жауластықты көбейтпесе, азайтпайды. Ал өшпенділік не өзіңнің көзіңді жояды, не тұқым-тұқияныңның көзін құртады. Тек ешкімге қиянаты тимейтін еңбек пен білім ғана өзіңнің де, ұрпағыңның да маңдайын ашып, көсегесін көгертеді», – дегені болса керек. Жорықтан жолы болып қайтқан Атағозының: «Жауға неге бірге шаппадың?» – деген бопсасына айтқаны: «Қолыңның көп болғандығынан емес, жолыңның ақ болғандығынан, сондықтан бүкіл елің, соның ішінде мен де тілегіңді тілескеннен жеңіп қайттың», – дегені деп түсінген жөн шығар. Байсал палуанға берген батасының да дөп келуі бойдағы қажыр-қайратын зорлыққа емес, ізгілікке жұмсаған адамның арты өкінішсіз болатынын ұқтырғандай. «Маған тек бар амалың таусылып, қылар қайраның қалмағанда ғана жалбарын», – дейтінін: «Өз тіршілігіңді өзің оңғаруға тырыс. Өз қайраның таусылмай тұрып, өзгеге күніңді түсіруің күнә», – дегені деп есептегеніміз лазым. Бұл әліге дейін санамыздан арылып болмаған әлеуметтік масылдықты бағзы бабаларымыздың да күстаналағанын көрсеткендей. Оның: «Қашқан да: «Беккет», – дейді, қуған да: «Беккет», – дейді. Мен соның қайсысы бұрын жалбарынса, сонысына көмектесемін», – дейтін әңгімесінің де мәні тіптен терең сияқты. Бұл бір жағынан: «Жақыныма тартпаймын кім расында да жаның ашитындай қиын жағдайға ұшыраса, соған қол ұшын берем», – дегенді аңғартса, екінші жағынан: «Жақсылық жасау кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бірақ жақсылық жасай алмау емес, жақсылыққа сенбеу – күнә. Кім жақсылыққа көбірек сенсе, сол бұрынырақ көмек дәметеді», – дегенді байқатқандай. Жақсылықты бағалайтындар ғана жақсылыққа ұмтылатынын шын адамгершіліктің содан өрбитінін ұқтыра алғандай. Адамгершіліктен аттамау оның ең басты қағидасы болғанына көзімізді жеткізе түседі.
Ол жайындағы аңыздар қай халықтың да әдеби үрдісінде бар «әулиелік ғұмырнаманың» (мәселен, славяндарға тән «Святое Житие» жанрының) бір үлгісі болып табылады. Олардың көпшілігі әулиенің айтқандарын емес, бастан кешкендерін баяндайды. Осының өзінен-ақ оның адамдық болмысының абзалдығын, әлеуметтік көзқарасының тұрлаулығын тануға болады. Ол тек өсиеттерімен ғана емес, істерімен де өз дәуірлестерін рухани салауаттылықтың асқаралы шыңдарына бастай білген нағыз ағартушы екендігін дәлелдеп өткен. Бұл – кеше тоталитарлық зорлық-зомбылық қыспағына, бүгін бейпілдік пен бейбастақтың шалығына шалдыға бастаған әрпіл-тәрпіл әлеуметтік санамызды азаматтық салиқалылыққа, адамгершілік жоралыққа баули алатын биік өнеге екендігі даусыз.
— Сонда Пір Бекеттің біздің рухани дүниемізге қайта оралуы бүгінгі ұрпақтың тәрбиесіне де зор ықпал тигізді деп ойлайсыз ғой.
— Пір Бекет, менің білуімше, бізден ешқашан ешқайда кетіп көрген емес. Тіпті, күні кешегі қызыл идеология үстемдігі тұсында да сол кездегі көзі тірі ұрпақтың көпшілігі күні-түні құлақтарына құйып баққан уағызға емес, атадан балаға жалғасып, көкіректеріне қонып қалған ұлы бабаның аруағына ұйып, айтып кеткен аталық ғақлияларына иланды. Ел ішіндегі бір сөз тапқыр жігіт айтқандай, «бұл өлкедегі бір обком, бес райком, екі горкомның кеңірдек жыртқандары айдаладағы кеуек үңгірде жатқан кемеңгер шалдың үнсіз үгітін тойтара алмады». Біз – тек осы үшін де, қилы замандарда қиналған халқына рухани тірек, ұлттық болмысымыздың ұйтқысын бұздырмаған ар-ұждан сақшысы, Алланың атын ұмытқызбаған ақиқат жаршысы, түп түйсігімізге дейін түгел тебірентіп, жан дүниемізге пәрменді ықпал ете алған тегеурінді тәлімгер болғандығы үшін де оған мың мәрте қарыздармыз. Егер кең байтақ қазақ даласының қай тарабында да қалғып кеткен сана мен ұйықтап кеткен ұятты еріксіз бір серпілтіп тастап отыратын нысана тұлғалар мен киелі орындар болмаса, көмейдегі тіл мен көкіректегі ділдің өзін өз қолымызбен бұралқыландырып жібере жаздаған жетесіздіктің құрбандары болып кете жаздаппыз.
Ендеше, қазіргідей саяси дербестігіміз бен рухани кемелділігімізге қызмет еткен барлық бастаулардың көзі қайта ашылып жатқан жаппай жаңару процесінен Бекет Ата сынды сардарларын тысқары қалдыру екі дүниеде ешкім ақтай алмас ағаттық болар еді.
Әрбір әділетті қоғам қай заманда өмір сүрсін мейлі, адамға тән қам-қарекеттің қайсысымен шұғылдансын мейлі, ізгілікке, әділеттікке, жарастыққа, жасампаздыққа, елдік пен бірлікке қалтқысыз қызмет еткендердің қай-қайсысының да атын шығарып, абыройын асыруға айрықша мұқияттылық танытты ғой. Ғылым мен білімге, өнер мен техникаға, дәулет пен байлыққа қанша жерден кенеліп жатса да, батыс қауымдары арғыдағы Ыбырайым, Мұса, Ғайсаларды былай қойғанда, бергідегі бір де бір пірәдарының атын тарихтан өшіріп тастаған жоқ қой. Ал шығыс қауымдары арғыдағы Зараштұра, Будда, Мұхамбеттерден бастап, барлық әулие – әмбиелердің киелі орындарына қол көтеріп көрмегендігі баршаға аян. Тек кешегі кеңестік кеңістікте ғана ғылым, мәдениетті дінге қарсы қоятын кісәпірлік орын алды. Азаматтық руханияттың құрамдас бөліктері болып табылатынын ұлы құбылыстарды бір-бірімен атыстырып шабыстыратын мұндай сорақылықтың адамға да, қоғамға да құт емес, жұт әкелетініне бүгін көзіміз әбден жеткендей. Дәл бүгін дәл сол кесепатты кеңістікке де имансыздық күйрей жеңіліп, имандылыққа қызмет еткен ғазиз тұлғалар тарихи тұғырларына қайтадан орныға бастады. Басқасын былай қойғанда, қазіргі орыс руханиятында бағзыдағы Аввакумнан бастап, кешегі А.Меньге дейінгі барлық пірадардың төрдегі орындарын қайта иемденгендерін кім жоққа шығара алады?! Орталық Азия елдері руханияттың Қорқыт, Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани сынды ұлы тұлғаларына байланысты тарихи әділет те қайтадан қалпына келтіріле бастады. Ендеше сол ұлы мектептің талантты түлегі және ең соңғы ірі өкілдерінің бірі Бекет Мырзағұл ұлының тарихи орыны мен рухани мұрасына осы тұрғыдан келіп сараптауға міндеттіміз.
Өткендегі жайсаңдарымызды сөз еткенде, олардың заманы мен өз заманымызды салыстыра салғастыра отырып, олардың бірін-бірі жоққа шығаратын емес, бірін-бірі толықтыратын, бірі бірімен іштей жалғасып, іштей үндесетін арналарын аса жіті анықтай білуіміз шарт.
Өйткені, баланың ғұмыры әкенің ғұмырынан бастау алатыны қандай рас болса, біздің бүгінгі ізденістеріміздің де бабаларымыздың бағзыдағы ізденістерінен өрбіп жатқандығы сондай даусыз.
Ендеше ардақ бабаларымызға көрсететін ең асқақ құдіретіміз – олардың әділдік пен ізгілік, жасампаздық пен жарастық жолындағы рухани ізденістерін одан әрі тереңдетіп, одан әрі жемісті өрістете білу болса керек.
Пір Бекет те арттағы ұрпақтың сондай өрелі мұрагері құрметіне лайық.
— Әңгімеңіз үшін рахмет! Жасарып, жаңарып жатқан қауымымыз бағзы бабалар көксеп өткен армандарға жете бергей!
— Әумин! Айтқаныңыз келгей!
Әңгімелескен
Маңдайлы ҚОСЫМБАЙ.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ ӘБІШ КЕКІЛБАЙҰЛЫНЫҢ АҒАРТУШЫ АБЫЗ, ТӘЛІМГЕР ПІР, ҒҰЛАМА БЕКЕТ МЫРЗАҒҰЛҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 250 ЖЫЛ ТОЛУЫНА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ.
Алқаласқан әлеумет!
Қадірлі меймандар!
Арғы-бергідегі талай жадырап та, талай жабырқап та көрген мынау ұлы даланың төсіне бүгін ерекше таң атып, ерекше күн шығып тұрғандай. Бұл – осы өлкеде туып, дүниеден өткендердің де, қазір тірлік кешіп жатқандарың да талай ұрпағының аңсап өткен таңы, көксей күткен күні. Көп жыл көңілде сайрап тұрғанмен, көмейге бұқтырылған асыл ақиқаттың ашық мойындалған күні. Қанша жыл аяқ-қолы түгілі сана сезімінің өзі түгел бұғауланып келген кіріптар қауымның ең зәруі рух бостандығы орнағандығына шындап көз жеткен күн.
Бүгін – өз тағдырының, өз тарихының, өз келешегінің қай қалтарысына да батыл бойлап, терең қаныға алар, ақ пен қараны, пәк пен харамды, обал мен сауапты өзі танып, өзі таразылап, өзі сараптай алар азат сананың, шын асыл мен шын ұлының атын ұлықтап, ісін дәріптеп, сөзін әспеттеп, жолын жалғастыра алар әлеуметтік әділетпен биік адамгершіліктің салтанат құрған күні. Бұл күндері қара орын Маңғыстаудың, ұлы дөң Үстірттің киелі кіндігі – Оғыланды.
Топырағына аяқ ізін салған қай адамның да рухы тебіреніп, санасы серпіліп, сезімі нұрланып сала берері кәміл. Аяқ асты жайдақтан да, аяқ жетпес шырқаудан да емес, іздеген таба алатын, көксеген көре алатын, ұмтылған жете алатын ұрымтал тұстан бақилық орын иемденген ұлағатты бабамыздың басына апаратын тағзым соқпағының өзі-ақ мынау ғаламда ақиқат іздеген рухтың, әділет іздеген сананың, адалдық іздеген ұжданның жүріп өтер жолының қаншалықты күрделі, қаншалықты шырғалаң, қаншалықты қиын, тіпті, қаншалықты қатерлі екендігін аңдатқандай. Соның бәрінен өтіп, іздегеніне жетіп, жаны жәннаттан, рухы бақидан самғау биік орын иемденген Ақиқат Ақиығы Абыз бабаның фәни тірліктегі қай-қайсысымыздың да табанымыз тиіп, маңдайымыз күйіп жүрген мынау қара жердің бетіндегі бастан кешірген тағдыр-талайы да көз алдыңа келетіндей.
Иә, ол қиын заманда, қилы кезеңде, қат-қабат қысталаң оқиғалар тұсында өмір сүрді. Тек бір өзіне емес, басына іс түсіп тұрған күллі жұртына керекті кемел де, кенен Ақиқатты іздеді. Адастырмас Жолды, алжастырмас Ақылды, бұрылмас Бағытты, бұлжымас Мақсатты іздеді.
Бұдан екі жүз елу жыл бұрын жағалай жаудың, жағалай даудың қыспағында қалып, ынтымағы ыдырап, ордасы жығылып, ортасы бұзылып, қым-қуыт дүрбелеңге түскен қазақ жұртының басындағы тұман қойылмаса, сұйылмаған кез еді. Шапқыншылықтан қашып жүргенде, басқыншылыққа тап болып, басынудан апшып жүргенде басы ноқтаға ілініп, ақылы айран, ойы ойран болып тұрған қауымның алдынан жалт беріп бұлтартып, құрдым құзға алып келіп бір-ақ тіреп, жым-жылас жоғалып кеткен арман мен үміт соқпағын қайта іздеп тауып беру үшін күштің пәрмендігі емес, сананың ерендігі, ар-ұждан кемелдігі, ақыл-ой тереңдігі керек болады. Тап сондай жығылған еңсені түзеп, жоғалған сенімді тірілтіп, үзілген үмітті жалғастыра алған рух сардарларының бірі, әрі бірегейі бүгін жан-жақтан басымызды құрап, осы жиынға тоғыстырып тұрған, асыл да, абзал атынан әр қайсымыз да айналып отырған, аруақты бабамыз Мырзағұлұлы Бекет болды.
Сардалада сандалған қауымын бағзы замандардағы бабаларымыз талай жайлаған таныс су, таныс өріске, аналарымыз талай үй тіккен қара жұрт, қара орынға қайта әкеліп қоныстандырған жорықтарда еңіреген ер екенін талай танытқан тарлан ноян, енді сол өңірді баянды мекен, қайырлы қоныс ету үшін басындағы дулығасын сәлдеге, қолдағы көк найзасын асаға айырбастап, қалған ғұмырын жоралы жұртына өткенді көксейтін жортуылды жорықтарға емес, келешекті көксейтін рухани ізденістерге жөн сілтеуге арнады. Аттан түсіп, кітап ашып, ұстаз алдын көріп, білімнің жолын қуып, ислам мен өз тұсындағы шығыстың парасат пайымы мен имандылық пәлсапасымен сусындады. Өз өлкесіне мұсылман жолын ежелгі Тұран руханиятының салауатты дәстүрлерімен, жалпы азаматтық инабаттың биік қағидаларымен, көшпелі қауым бастан өткерген тауқыметтердің өміршең тағылымдарымен ұштастырған өздеріне дейінгі әл-Фараби, Махмуд Қашқари, Жүсіп Баласағұнидің үрдісін өшірмей, шығыстағы Алтайдан батыстағы Балқанға, теріскейдегі Қазықұрт пен Ұлытаудан күнгейдегі Анадолы мен Румға дейінгі ұлы жазиралардың мұсылмандануына негіз болған Арыстан баб, Жүсіп Хамадани, Қожа Ахмет Иассауи, Сүлеймен Бақырғани, Сұлтан Құбби, Қажы Бекташ өнегесін жалғастыратын шынайы сақып кемел болып оралып, өз қандастарын өз заманының өрелі руханиятына, айналадағы халықтарға қайырымын бұйырып жатқан бейбіт кәсіптер мен жасампаз талаптарға баулуды мұрат тұтты. Елінің жығылған еңсесін тіктейтін, халқын қамалған тығырықтан алып шығатын бірден-бір жол құлықты түзейтін дінді, қылықты түзейтін еңбекті, мақсат пен қаракетті түзейтін білікті қуу деп ұқты. Өзі құптаған соны жол таңсық талапты ыждағаттауда өзі бас болып өнеге көрсетті. Ол бастап берген мешіт, медресе салып, жұртты намазға жығып, естиярдың көңілін жастардың көзін ашатын ағартушылық, бұйырған қоныстың барлық ырзық-берекесін түгел пайдаландыратын егіншілік пен кәсіпкерлік, төріңнің сәнін, іргеңнің тыныштығын түзейтін бейбіт сауда-саттық, көрші-көлеммен жарастықты қарым-қатынас дәстүрлері қауырт қанат жайды. Оның алдын көрген шәкірттер ұзын аққан сулардан өтіп, көлденең сұлаған таулардан асып, қазақ даласының күллі батыс қиырына шектес Хиуа, Хорезм, түрікпен өңірлеріне өріс кеңейтіп, рухани кемелділік пен қайырлы жасампаздықтың жемісін шашты. Жаратқанның құдіретіне, жаһанамның болмысына, жан-жағының пиғыл ниетіне, өз елінің мұң-мүддесіне жіті қаныққан ғұламалығымен талай жаудың бетін қайтарып, талай даудың өртін тойтарды. Жан иелерінің ар иелеріне айналуына күш салды. Кімді болса да алысқа, жақынға, досқа, жауға бөлмей, ісінің қаншалықты ізгіліктілігіне, ниетінің қаншалықты түзіктігіне қарап бағалады. Әділеттің жолын ашты. Қиянаттың жолын қырықты. Өшпенділіктің емес, жарастықтың, іші тарлықтың емес, кең пейілділіктің, қараулықтың емес, қайырымдылықтың, масылдықтың емес, жасампаздықтың отын жақты. Жақсылыққа көзі түзуге, әділетке көңілі түзуге шарапатын аямады.
Асыл аруағын, қайырымды қасиетін аққа жақ, сүрінгенге сүйеу, адасқанға жөн болуға жұмсады. Күллі әлеуметтің көңілінен түнекті серпіп көзінде нұр оятқан абыз ағартушылығы үшін, адалдың сенімін түлетіп, арамның жүрегін жыққан абзал тәлімгерлігі үшін, айналасына шарапаты шашылған биік адамгершілігі үшін өз көзінің тірісінде-ақ ұрпағына үлгі, ұлысына ұран болды.
Оның өшпес өнегесі елінің өлмес махаббатына ие етті. Туған қауымы жүрегі жарылып қуанғанда да, қабырғасы сөгіліп күйзелгенде де оның мүбәрәк атын алдымен ауызға алды.
Ақ патшаның ала туы көктегі күнді көлегейлеп, отаршылық опыра тізе батырғанда өңірінен ер ұрпағы, соңынан аруағына сыйынып, атқа мініп, арыстандай алысып бақты.
Кешегі әмбенің арасында әрекет жүгіртіп, тірлігінен береке шақырып, ұйытқылы ұлтты айрандай ірітіп, бірінің басын бірінің қанжығасына өңгертіп баққан тапшылдық топалаңына тап болғанда, кер заманның кесапатты жолымен жүргісі келмегендер соның атын ұрандап, жолбарыстай жұлысып бақты.
Одан да берідегі күллі жаһанды күл тозаңға айналдыра жаздаған алапат қырғынға тоғытқа айдалған тоқты лақтай қыл мойыннан көгенделіп кете барған қыршын боздақтар арттағы қызыл қарын жас баланы соның атын атап, аруағына аманаттап еді. Міне, біз – сол аманат ұрпақпыз, жаратқанның жақсылығымен, аруақтардың желеп-жебеуімен алдағы өткен ата-бабаның, арттағы желкілдеп өскен жеткіншектің тілегінен әлі жер басып жүрміз. Өніп, өрбіп жатырмыз.
Сөйтіп, қырық жыл қырғын келсе де, қырылмай, шар тарапқа шашылған талқандай шашыратса да жойылмай да, жоғалмай, заманнан заман ауып, бетерден-бетерге тап келсек те мойымай, бұл күндерді де көріп, ес түзеп, етек жауып, егемендік алып, ел болып жатырмыз. Алдан тіреу, арттан сүйеу іздеп, ұлтына ұлағат болар асылдарымыз бен абзалдарымызды түгендегенде тар жерлерде талай тарыққанға медет болған Пір Бекеттің атын, алдымен аруағын ұлықтап жатырмыз. Жаратқанға бұл үшін қанша шүкірлік айтсақ та, артықтық етпес. «Орыны бар оңалар», – деген осы.
Алайда, жоқ болғанның бар болмағы, жоғалғанның табылмағы, жығылғанның түзелмегі, жыртылғанның жамалмағы оңай емес екен. Тәй басқан тәуелсіздігіміздің, қаз басқан халықтығымыздың, енді-енді естиярланып келе жатқан елдігіміздің адымының ашылып, қарымының қарқынды болар шағы әлі алда. Ол үшін де жігер, түгендер рух, пейіл түзер үлгі, жөн көрсетер өнеге керек.
Заманнан заман ауып, қаңтарылып қалған көшіне, аңтарылып қалған еліне жөн сілтеп берген сақып кемел ғұламаның, аруақты абыздың қасиетті бабаның айтқаны мен істегені, көрсеткені мен нұсқағаны бүгінгі біздерге де адастырмас бағыт-бағдар, жаңылдырмас жол-жора бола алды. Бүгінде құлықты түзеп қылықты, білікті түзеп, тірлікті көркейтуге болады. Бүгінде ауызымызға алалық түсірмесек, ісімізге шалалық түсірмейміз. Бүгінде өз мерейіміз өсу үшін өзгенің мүддесін түсінбегіміз шарт. Бүгінде жан-жағымызбен жарастық керек. Бүгінде барға қанағат, жоққа сабыр ете алсақ, күні ертең барша мұратқа жете аламыз.
Адамзат адамзат болғалы қазіргідей бір үрдістен екінші үрдіске, бір қалыптан екінші қалыпқа көшкен ауыспалы кезеңде көргенді қауымдардың қай-қайсысы да ұлтын ұйытып, жорасын жолға түсіре алардай аруақты тұлғаларының атына жүгініп, аруағына табынып, бастарын түгендеп, бір-бірімен ай құшақ қауысып, кесір тезірек кетсін деп, кемел тезірек жетсін деп, өткенге ереуіл, қалғанға салауат айтысатын. Жадырасып табысып, жарасып аттанысатын. Бір үйдің кеселін бір үйге үлестіретін кесір аяқ келіндей бір заманның кесапатын бір заманға жетелеп жүрмейтін. Ашу аразды ұмытысып, ауыз бірлікке ұмтылысатын. Жолдары сосын оңғарылып, жұлдыздары сосын жанатын.
Кешегі рухани әумесерлік пен алаңғасарлыққа әбден шырматылып қалған әлеуметтік санамыздың бұған әлі мойыны жар бермей жатыр.
Дегенмен тәуелсіз қазақ елі қалғандардың ондай енжарлығына қарамай рухани арылу мен ұлттық жаңару жолындағы жаңа үрдістерге ден қоя бастады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен өтіп жатқан қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, саяси озбырлық атаулыны мансұқтау, өз тарихымызды жетік біліп, төл тағдырымызды әспеттеу, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, ұлттық бірлігімізді нығайту, елдік руханиятымызға ел болып қолғабыс жасаған жылдар да осындай мақсат көздейді.
Жанымыздың тазармағын, арымыздың ағармағын, ортамыздың кесір мен қырсықтан арылмағын, жолымыздың оңғарылмағын, ісіміздің өнбегін ойласақ, бүкіл қауым боп пәлекеттің жолын күзеп, берекеттің жөнін сілтеп, иман түгендесіп құлық түзетісер құрылтайлар керек-ақ. Алдағы ежелгі Түркістан тойын сондай рухани белеске айналдырсақ абзал. Биыл күзде егемендік алғанымызға, келесі күзде тәуелсіздік алғанымызға он жыл толады. Осындай жоралы жылда ұлан байтақ еліміздің жер-жеріне рух тазартып, ар арылтар, пейіл кеңейіп, мерей өсірер, тілек қосысар шараларға жұмыла алсақ құба-құп. Жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдықты береке көбейтер бірлікпен, ырыс көбейтер ынтымақпен бастағанымыз лазым.
Бұл ретте дәл бүгінгі, дәл анау көне шыңдардың көркін асырып тұрған киелі орынға орнаған көркем ғимарат, дәл мынау ұланғайыр алқапты лықа толтырып шар тараптан жиылған мына Сіздердің емен-жарқын бас қосуларыңыз өлінің мейірін, тірінің пейілін тасытар, санасын серпілтіп, көңілді тазартар, уақытылы қолға алынып, уақытылы жүзеге асқан қажырлы шаруа екендігіне сөз жоқ.
Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Пір Бекеттің киелі мекен-жайына ат басын әдейі тіктеп келіп, тәу етіп кеткенін білесіздер. Барған бойында үкіметке киелі мешітке тиісті жөндеу жүргізуді, әулие бабаның мерейтойын атап өтуді тапсырған-ды. Оның орындалуын өзі қадағалап, бұл мәселе жөнінде облыс әкімі Ләззат Қиыновтың берген есебін естіп қуанған-ды. Біріккен Ұлттар ұйымының «Мың жылдықтар көздеуіне» аттанып бара жатып, Қазақстан Парламентаризмін қалыптастырушылардың, бірі, көрнекті мемлекет қайраткері Өмірбек Бәйгелді екеумізге бүгін осы жиынға қатысуды, жиналған ағайынға шын жүректен шыққан сәлемін және ұлы бабамыздың аруағы баршамызға жар болып, бастаған істеріміздің оңғарыла беруіне тілектестігін жеткізуді тапсырған-ды. Қабыл алыңыздар!
Бүгін бітіп тұрған істі көріп оған жан тәндерімен ат салысқан азаматтар мен ұжым мекемелердің бәріне, алыс-жақыннан жиылған ағайынға түгелдей мың қайтара алғыс айтып, мың қайтара тағзым етсек көптік етпес.
Жақсыны көрмек деген. Дұрысты айтпақ деген. Бұл бір күллі Қазақстан жұртшылығының көңілінен шығатындай іс болыпты. Енді сол өнегелі іс тындырған жоралы қауым елдің әлеуметтік жарастығын, ұрпақтың адамгершілік тәрбиесін, қоғамның рухани салауаттылығы мен саламаттылығын арттыру жолындағы күресті де ойдағыдай жолға қойып, айта қаларлықтай табыстарға жетеді деп сенеміз.
Кеше Ақтауда жаңа Бекет Ата мешітінің алғашқы кірпіштері қаланды. Басқа да ауылдар мен кенттерде талай құтхана орындар салынды. Ұлттық «Қазақойл» компаниясынан бастап барлық фирмалар мен ұйымдар, күллі жұртшылық мұндай игі іске зор ықыласпен қатысуда. Енді әр шаңырақтың аузы пәтуалы от ағасы, әр қауымына аузы дуалы пірәдар табылып, арттағы жеткіншектерге ата-баба өсиетін түсіндіріп отырса, жас ұрпақтың ұлттық рухани құнарын байытып, ел тағдырына мұқият боларына еш күмән жоқ.
Ас қабыл болғай! Жамағатын жақсылыққа бастаған жарықтық Абыз атамыз, Аруақты піріміз Ер Бекет еңсесін көтерген Елінің, есін жинаған Жұртының осынау риясыз ықыласы мен ақ адал ниетіне риза болып, екі дүниеде нұры шалқығай!
Жаңалыққа құлшынған, жақсылыққа ұмтылған туған халқымыздың қай тілегі де қабыл болып, Алла жолын оңғартып, әулие әмбиелеріміз жар болғай!
Баршаңыздың да дендерің сау, қызметтеріңіз жемісті болып, шаңырақтарыңыздан шаттық кетпегей!
Көрер жақсылықтарыңыз көп, шығар тауларыңыз биік бола бергей!
Әумин!
ПІР АТА
Мединада – Мұхаммед,
Түркістанда – Қожа Ахмет,
Маңғыстауда – Пір Бекет.
Заманымыздың заңғар жазушысы, кемеңгер Әбіш аға Кекілбайұлы: «қиянатқа жол бермес әділдіктің, күпірлікке жол бермес адалдықтың, қараулыққа жол бермес шапағаттылықтың, қатыгездікке жол бермес мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес парасаттылықтың асқан үлгісін танытқан, елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат, жаудан елді арашалаған – батыр, дауда әділетті арашалаған – қазы, озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған – пірәдар, әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, ұлысқа ұран, ел иесі, жер киесі», – деп қадір тұтқан Бекет Ата Мырзалыұлы шежірешілердің айтуына қарағанда 1750 жылқы жылы Жем бойындағы Ақмешітте орта шаруаның отбасында өмірге келіпті. Әкесі әруақты Адай Атаның алтыншы ұрпағы саналатын Мырзағұл еңбекқорлығымен елінің сыйына бөленген, ал анасы Жәния шешеміз ақылдылығымен ауыл-аймағының арасында қадірі асқан жандар болыпты. Атасы Жаналы да әділдігімен аты шыққан, азғана адайға ғана емес, қоныстас кіші жүз руларына танымал, беделді ақсақал болған көрінеді.
Бекет Ата – Мырзағұл ақсақалдың төрт ұлының кенжесі. Оның шығу тегі былайша айтылады: Адай - Келімберді - Мұқал - Жаулы - Қосқұлақ - Жаналы - Мырзағұл - Бекет. Жаналы атамыз да, Мырзағұл ата да әулие кісілер болған, жалпы Қосқұлақ әулеті зайырлы тұқым деп есептеледі. Оның үстіне көнекөз қариялар Бекет Атаның батырлығы кәрі нағашысы тама Есет батырдан, көріпкелдігі мен әулиелігі өз нағашысы Назарқожадан дарыған екен дейді.
Белгілі қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов ағамыз Бекет Атаның нағашысы Назарқожаның ислам әлеміне танымал әулие Шаа Бүзіріктің ұрпағы екенін айтады. Шаа Бүзірік – пайғамбарымыздың немере інісі Әли мен қызы Фатимадан тарайтын жиырма үшінші ұрпағы. Ол 1470 жылы Сыр бойындағы Көне Өзгент қаласында (қазіргі Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы) өмірге келіп, 1520 жылы дүниеден өткен соң Көне Өзгент қамалының шығыс жақ іргесіне жерленген. Бұлттарды бір жерден екінші жерге айдап әкеліп, керек кезінде жаңбыр жауғыза алатын ерекше қасиеті мен айрықша әулиелігіне қарап халық оны «Сабұлт – бұлттар падишасы» деп атаған.
XVII ғасырдың аяқ жағында ислам дінін ұстанатын көшпелі қазақтарды діни сауаттандыру мақсатында келген Назарқожа Адай Атаның бесінші ұрпағы, белгілі би Жайықұлы Әлменбеттің Ікей атты жалғыз қызына үйленіп, одан Қожакілең, Мұрын деген екі ұл мен Жәния есімді бір қыз сүйеді. Осы Жәния шешемізден Бекет Ата туған дейді шежірешілер. Яғни, Бекет Ата – Мұхаммед пайғамбардың немере інісі Әли мен қызы Фатимадан тарайтын ұрпағының жиені.
Әбіш аға Кекілбайұлының айтуына қарағанда ол кезде адайлар Маңғыстаудың ойына құлап кете қоймай Сыр мен Жайық арасындағы кеңістікте малының жайымен көшіп-қонып жүріпті. Назарқожаның зиратының Үстірт пен Маңғыстау өңірінде болмауы, ал оған қызын берген Әлменбет атаның Сыр бойына жерленуі сондықтан көрінеді.
Бір қызығы Әлменбет атамыз ахиреттік сапарға өзінің Табынай, Зорбай, Баубек, Шоңай атты төрт ұлының үйінен емес, Назарқожаның шаңырағынан аттаныпты. Ұлан ауруымен науқастанатын Ікей шешемізді киік сүтімен емдеп, ел арасында «Киік сауған Қожа» атанған Назарқожаны жалғыз Әлменбет емес, қыр қазағы түгел сыйлапты, әулиелігіне бас иіпті, айтқанына сеніп, дегеніне көніпті. Әлменбет Атаның қасиетті киіз үйін иеленген оны қадірлі кісінің есімін атамайтын ежелгі қазақ дәстүрімен «Қоңыр үйлі Қожа» деп те құрметтепті.
Бекет Атаның кәрі нағашысы, бүкіл саналы ғұмырын елінің егемендігі мен халқының тәуелсіздігі үшін сарп еткен тама Есет батыр Көкіұлы шамамен 1667-1766 жылдар аралығында өмір сүрген, қалмақтарға қарсы азаттық күресінің басшыларының бірі. Оның түп атасы – XI-XII ғасырларда өмір сүріп, Созақта жерленген, Қожа Ахмет Иасауидің қадірменді замандасы, исі түркі жұрты түгел құрмет тұтатын белгілі әулие Қарабура. Ал өз әкесі Көкі батыр бірнеше мәрте қажылыққа барған, соңғы сапарында сол жақта дүние салып, топырақ араб жерінен бұйырған ғұлама кісі көрінеді. Бал жайлы Хәлел Досмұхамедұлының жазбаларында жақсы айтылған. Кіші жүз ханы Әбілқайырмен қимас дос болған Есет батырды өз заманында Тәуке хан жеті руға рубасы етіп сайлаған. Орыс патшайымы Анна Иоанновнадан аты-жөні жазылған естелік қанжар мен Хан тарапынан «тархан» деген құрметті атақ алған Есет батырдың ауылы 1742 жылдары Сам құмын жайлаған.
Тоқсаннан асқан шағында Есет батыр он екі жасар жиені Бекетке:
«Үстіңнен дүбір кетпесін,
Құлағыңнан сыбыр кетпесін.
Ақ пен қараны айырар,
Жауды кері қайырар,
Атыңда айтып тұрғандай, дүр боларсың.
Елге шуақ шашып нұр боларсың,
Үш жүзге танымал Пір боларсың...», –
деп бата берген екен делінеді.
Бала кезінен-ақ зеректігімен көзге түсіп, алдымен атасы Жаңалыдан, соңынан ауыл молдасынан сауатын ашқан Бекет Ата 14 жасында Хиуадағы Шерғазы хан медіресесіне оқуға барады. Оның түсіне еніп, ұстаз – пір тауып сопылық жолын ұстануға сілтеме жасаған Маңғыстаудың қара ойындағы белгілі әулие Шопан Ата екен делінеді. Ал Атаның бойындағы Алла сыйлаған ерекше қасиет пен айрықша қабілетті алғаш байқап, оған діни білім алуға кеңес берген ағасы Меңдіқұл батыр көрінеді.
Меңдіқұл Мырзағұлұлы – елінің егемендігі мен халқының тәуелсіздігі жолында қалмақтарға күресте қол бастаған батыр, көріпкел әулиелігімен жұртына танымал болған белгілі дін ғұламасы. Бейнеудегі Ата мешітінің үстіне жерленген, құлпытасына 1177 жылқы жылы қайтыс болды деп жазылған. Жаңа жыл наурыз айынан басталатын мұсылман елдерінде «ай хижра-камари», «күн хижра-шамси» деген жыл санау үрдісі бар. Егер ай хижрамен есептесек бұл 1762 жылқы жылы, ал күн хижрамен есептесек 1799 жылдың басы болады. Батырдың жалғыз ұлы Тоқабайдан тарайтын Молданияздың 68 жасында 1874 жылы қайтыс болғандығына сүйеніп шежіреші қарттар Меңдіқұл Ата 1799 жылы өмірден өткен деген болжамға ден қояды.
Құлпытаста «Меңдіқұл батыр – хафиз» деген де жазу бар. Дінімізде Құранды жатқа білетін және оның мағынасын толық түсінетін адамды хафиз дейді. Арабтың «хафиз» сөзі бір нәрсені «сақтайтын», яғни Алла белгілеген шектеулер мен міндеттерді қатаң ұстанатын, өзіне Алла сеніп бергеннің бәрін сақтайтын және тыйым салынғанның бәрінен өзін қашық ұстайтын, өз уақыты мен күшін теріс пайдаланбай, не босқа шашпай есептеп отыратын, қисық істері үшін шын жүректен өкінетін, нағыз берілгендік танытатын және өзінің құдайға қандай да бір жолмен болса да бағынбаушылық танытпауын әрқашан қадағалап отыратын адам деген мағынаны білдіреді.
Шындығында да Меңдіқұл Ата – жастайынан нағашысы Назарқожаның тәрбиесінде болып, діни сауатын ашқан, өмір бойы осы жолды ұстанып өткен адам. Бірақ ел арасында оның ерекше ерлік істері мен батырлығы басымырақ баяндалып, әулиелігі туралы көп айтыла бермейді.
Бекет Ата оқыған Хиуадағы Шерғазы хан медресесі 1726 жылы салынған. Жалпы ауданы 50 х 43 шаршы метр, ауласы 29 х 26,5 шаршы метр, 55 бөлек бөлме (келий-худжр) бар. Белгілі өзбек ақыны Пахлаван Равнак, түрікпен поэзиясының классигі Махтумкули Фараги, атақты қарақалпақ шайыры Әжнияз Қосыбайұлы осында білім алып, тәрбиеленген. Негізінен бұл медреседе сол дәуірдегі өте талантты, белгілі адамдар оқыған. Сондықтан медресе халық арасында «Маскани фозилон», яғни «Білімдарлар ордасы» аталған.
Бекет Атаның медреседе дәріс берген ұстазы, қазақтар Бақыржан Қожа деп аса қадір тұтатын Мухаммад Бақиржан Азиз – пайғамбарымыздың немере інісі Әли мен қызы Фатимадан туған Хусейннен тарайтын сейид ұрпағы. Бұл шежіре былайша таратылады: Хусейн - имам Зайнил Оби- дин - имам Мухаммад Бақир - имам Жаффар Садық - имам Муса аль- Хазим - сейид Абдуллах Саний - сейид Жаффар - сейид Аваз - сейид Ақил -сейид Муттаххир - сейид Захир - сейид Алауаддин - сейид Камоладдин - сейид Шарофаддин - сейид Изиддин - сейид Нажмаддин - сейид Исмаил - сейид Хасан Хожи -сейид Исмаил - сейид Абдулла - сейид Зайнил - сейид Иули Қули - сейид Али Қули -сейид Рахман Берди Азиз - сейид Мир Мухаммад Азиз - сейид Шафоат Азиз - сейид Мухаммад Бақиржан Азиз (Бақиржан Азиз сөзі қазақша түпсіз терең білімді ізгілікті жан деген ұғым береді).
Бұл ұрпақтан Хорезмнің ойына алғаш келген сейид Рахман Берди Азиз бабамыз екен. Ол – Хиуадан 90 шақырым жердегі Хорезмнің қақпасы аталатын Хазараси елді мекеніне жерленген, жұртшылыққа танымал әулие. Оның немересі, Бақиржан Қожаның әкесі сейид Шафоат Азиз сол дәуірдегі ұлы ғұламалардың бірі, белгілі әулие, Арабиядан шыққан жергілікті шейхтардың басшысы болған адам. Хиуаға жақын маңдағы Шейх Мешхед қыстағына жерленген, басына 1795 жылы әсем мавзолей тұрғызылған. Оның әкесі Мир Мухаммад Азиз де осы қауымға қойылған. Бұл әулиелер туралы өзбек ақыны Мухаммад Шарифтің XIX ғасырдың басында жазған төмендегідей жыр жолдары да бар:
Жан қиналып, жарық дүние болса тар
Әулиелер қорымына іздеп бар
Олар жатқан жерлер Шейх Мешхедий
Барсаң онда кешіресің басқа күй
Жолың болмай жүрсең егер қиналып
Әулиелер желеп жебер жиналып
Біріншісі Шейх Рахман болды аты
Екіншісі Мир Мұхаммад пәк заты
Одан кейін Шафоат Азиз ишан
Баласы оның Шейх Бақиржан ишан
Және бірін айтар болсаң Аллаяр Азиз
Ол жерлерде әулие көп нұрлы жүз
Аллаяр Азиз – 1747 жылдар шамасында туған, Бақиржан Қожаның екі ұлының бірі.
Бақиржан Қожа шамамен 1720 жылы әкесі Шафоат Азиздің қасиетті мешіті бар Қара Қапыда дүниеге келіп, 1789 жылдар шамасында өмірден өткен, Хиуа маңындағы Газауат ауылына жерленген. Оған да әсем мавзолей салынған, басында шын ниетіңмен түбіне үңілгенде бұл фаниде кездеспейтін ғажайып құбылыс көрінетін қасиетті құдығы бар.
Бақиржан Қожаның ұстазы – өз дәуірінің кемеңгер шейхы болған, керемет әулие Сұлтан Қожа. «Рисолайи хилфати суфихо» кітабында Шейх Сұлтан Қожа білім мен тазалықта теңі жоқ, кішіпейіл, тарихатта жоғарғы дәрежеге жеткен, заманының ұлы адамдарының бірі еді делінген. Сол кітапта бұл ғұламалар ұстанған, сопылық жолдың силсиласы да жазылған.
Мухаммад Бақиржан – ұлы сейидтердің бірі атанған, адам таңғаларлық кереметтер көрсете алатын өте қасиетті әулие болған, сопылық жолын берік ұстанып Пір дәрежесіне жеткен, заманында Хиуа ханы төбесіне көтеріп қадір тұтқан, ислам әлеміне танымал дін ғұламасы.
1740 жылы Хиуаны жаулап алған Иран билеушісі Нәдір шах 1747 жылы қайтыс болғаннан кейін Хиуа хандығы тәуелсіздік алып, ұзаққа созылған өзара айтыс-тартыстан соң өзбектің қоңырат тайпасынан шыққан Инак Мухаммад Амин хан болады. Оның билік құрған кезеңі Хорезм өңірінің өсіп өрлеп, дәуірлеген тұсы еді дейді тарихшылар. Тіпті 1768 жылғы обадан халқы түгелге жуық қырылып, өзбек ақыны Шермухаммад Мунистің сөзімен айтқанда «Хиуада қырық үй қалған» қиындықтан соң да елді бытыратып алмай аман алып шыққан осы Мухаммад Амин хан көрінеді. 32 жасында Әмір атағын алған, елді 29 жыл билеп, 61 жасында өмірден өткен, 1785 жылы Хиуадағы Жұма мешітінің қарсы алдынан Мухаммад Амин хан медіресесін салдырған оны «өте салауатты, дінге деген жақсы көзқарасымен ерекшеленген жан еді», – деп жазады замандастары.
«Рисолайи хилфати суфихо» кітабының 5-бетінде «Амир Инак Мухаммад Амин хан билік құрған 1760-1791 жылдарда Хиуада оның замандастары, белгілі ғұламалар Исмоил ишан, Аймухаммад ишан, Қожа Тайип ишан, Имаммудин Қожа ишан, Мустафақұл ишан, Абдуллохқожа ишан, Бақиржан ишан, Идаятулла ишан өмір сүрді... заманының кемеңгер көсемі, ұлы сейиді атанған Мухаммад Бақиржан мемлекет ісіне араласпайтын, Алланың қолдауына ие болған, Аллатану ғылымын толық меңгерген, рухани кемелденген және көңілі қашан да Аллаға жақын болған...» – деп, ал «Фирдаусул икбол» кітабының 128-бетінде «Өз ісінің нағыз жетілген білгірлері Мир Аваз қазы, Қожа Назар қазы, Мухаммад Захир ахун, машайықтардың қадірлісі сейид Мухаммад Пана қожа, Сұлтан қожа, Захир ишан, сейид Мухаммад ишан, Құл Мухаммад қожа және Алланың бірлігіне сенетіндердің жетекшісі, Аллатану ғылымындағы сәуле шашқан мағрифат Бақиржан Азиздер Мухаммад Амин ханның қадірменді замандастары еді. Ол заманда жасы үлкендерді, яғни қырық жастан асқандарды ұстаз етіп тағайындаған», – деп жазылған.
Ұлы ұстаз Бақиржан Қожа өзінің сүйікті шәкірті болған біздің Пір Атамызды ізгіліктілігі мен бір сөзділігі үшін Ахмад деп те атаған («Ахмад» – араб сөзі, қазақша «ең мақтаулы» деген мағына береді). «Рисолайи хилфати суфихо» кітабының 11-бетінде Бекет хазіреттің қонысы Маңғышлақта екені айтылады. Осы кітапта Хорезм өңірінде өмір сүрген, өз тұстастарынан ерекшеленіп, айырықша атақ алған төрт ғұламаның есімі аталады. Олар: Мұхаммад Бақиржан хазрет – «заманының ұлы сейиді» атанған, Мухаммад Сұлтан хазірет – «өз дәуірінің ұлы шейхы» атағын алған, Молда Мухаммад Пана – «өз дәуірінің ұлы ахуны» аталған, Бекет хазірет – «заманының ұлы сопысы» атағына ие болған. Сондай-ақ бұл еңбекте Бекет Ата «пайғамбарымыздың сүннетін көзінің қарашығындай сақтаушы және оны таратушы, мұсылман қауымының ішіндегі ең ұлысы, әзизі әрі қадірлісі, Аллатағалаға ең жақын және Аллатағаланың алдында ең құрметті, өз дәуірінің ұлы сопысы атанған адам», – деп жазылған. Ал «Тазкираи Мухаммад Бахир» қолжазбасының 168-бетінде Бекет Ата «өмірінде қиындықтарды көп көрген, адам таңғаларлық кереметтер істей алатын үлкен қасиет иесі, сопылықтағы ең жоғарғы мәртебе «машаиық» дәрежесіне жеткен, түріктер мен өзбектер арасында атағы кең жайылған белгілі адам еді. Ел оны «Ахмад» деп дәріптейтін. Көңілінде бір Алланы ұстап, құлшылығын өз уақытында орындап отыру тек жасы ұлғайған адамдарға ғана тән әдет болса, ол жас кезінде де Аллаға сол үлкендерше құлшылық ететін еді», – делінген. Машайық – арабша «машйаха» – абыз, терең білімді, періштелер аян беретін өте ақылды адам, машайық дәрежесіне жеткен сопы ғана Пір бола алады. Бұл пір болу үшін сопыларға қойылатын ең басты талап, пірлерде болуға тиісті негізгі қасиет. Пірдің басты міндеті де осы, қазақша айтқанда «абыз» болу.
Шерғазы хан медіресесін тамамдаған Бекет Ата 21 жасында туған жеріне оралып, Жем бойындағы Ақмешітті тұрғызып, бала оқытқан дейді шежіреші қарттар. Ал 24 жасында Бейнеуде жерасты мешітін салады.
Біз ауызекі тілде жерасты мешіті дей береміз. Шындығында ол – Қазақстанның басқа аймақтарында көп кездесе бермейтін, негізінен Аллаға сыйынуға ең қолайлы делінетін жерлерде салынатын, өте қасиетті, береке бастауы саналатын, дінімізде «завийа» деп аталатын сопылардың бас қосып, ілім алатын орны.
Бекет Атаның біз білетін төрт мешіті бар. Бірі өзі жатқан Оғыландыда, екіншісі Ақмешітте, онда атасы Жаналы, әкесі Мырзағұл мен анасы Жәния, баласы Тоғай жерленген, үшіншісі Бейнеуде, бұл жерден топырақ ағасы Меңдіқұл мен шөбересі, түбекке танымал әулие Самалыққа бұйырыпты, төртіншісі Маңғыстаудың ойындағы Тобықтыда. Сондай-ақ Қабиболла Сыдиықұлы Үстірт үстінде Аралға жақын маңдағы Байшағыр деген жерде (кейбір деректерде Баялы деп жазылып жүр), ал ақын ағамыз Әбу Сәрсенбаев Мұғаджар тауында Ата мешіттерінің бар екенін айтады.
Дін зерттеуші ғалымдар сопылық жолдың пірлерінің өз қоныстарын жыл ішінде әлденеше дүркін өзгертіп отыратынын айтады. Тіпті қайсы біреулері бір орында 40 күннен артық отырмаған. Дінтанушы ғалымдар бұл қоныс аударулар Аллаға сыйынуға қолайлы орындардың жыл ішіндегі ауысып отыруына байланысты дейді. Ал сопылардың өздері: «Иленген терінің тазарып, жұмсарып, әрленетіні сияқты, адам да қоныс аударып, қиындық көріп, туа біткен нашар қылықтары мен дөрекілігінен арылып, жан дүниесі тазарып, мейірбандық пайда болып, дінге деген бірбеткейлігінен құтылады», – деп есептейді. Атамыздың Оғыландыда негізгі мешіті болуы, бірнеше жерден жерасты мешіттерін салуы сондықтан. Себебі Пірлердің негізгі қонысында завийа болса, қосалқы қоныстарында оның кішілеу түрі дайра салынады.
Ал Бекет Ата 40 жасында ұстазы Мухаммад Бақиржаннан бата алып, сопылық жолдың Пірі болған. Сопылар салты бойынша Пір көзі тірісінде шәкірттерінің арасындағы аса дарындысына батасын беріп, өз орнына Пір болуға немесе өз алдына жаңадан жол құрып, соған Пір болуға рұқсат етеді. Ұлы ұстаз Бақиржан Қожаның таңдауы біздің Атамызға түсіпті, сүйікті шәкіртіне батасын беріп, өзі сол жылы мәңгілік сапарға аттаныпты. Бұл 1789-90 жылдар шамасы болса керек.
Төрткүл дүние таныған сопылық жолдың үлкен бір тармағының жиырма үш жыл рухани басшысы – Пірі болған Бекет Ата 1813 жылы 63 жасында өмірден өтіп, Оғыландыдағы өзі қаздырған мешітінің ішіне жерленеді. Кейінгі ел-жұртына: «Аруағым риза болсын десеңіздер, құтханаларыма жау тұяғын жолатпаңдар», – деп өсиет айтыпты. «Шаршасаң – көлік, шөлдесең – сусын, қорықсаң – қару, тоңсаң – пана болады», – деп Ұлы ұстазы Бақиржан Қожа сыйлаған көк асасын өз бауырынан өрбіген ұрпағына мұраға қалдырыпты. Ал көшкен кезде он бір нарға жүк болатын кітаптары мен қолжазбалары біраз жылға дейін мешіттерінде сақталыпты.
Ұлан даламыздың Ұлы перзенті Бекет Ата Мырзағұлұлы – ислам әлеміне танымал тарихи тұлға. Ол Қабиболла Сыдиықұлы ағамыз айтқандай «бір ғана Қосқұлақтың, не бір ғана Адайдың Бекеті емес, Бекет – қалың қазақтікі, бүкіл адамзат баласыныкі». Оның өмірі мен қадір-қасиеті, ұстанған сопылық жолы жайлы ағылшын, араб, парсы, түркі дін зерттеушілерінің жазбаларында да құнды деректер бар.
Хиуада өмір сүрген ғұламалар тарихын зерттеп жүрген дінтанушы, Бақиржан Қожа ұрпағы Назарбай Реджепұлы Ташкент қаласындағы Алишер Навои атындағы кітапханада сақталған тарихи құндылығымен өте ерекшеленетін, XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың бірінші жартысында Хорезм өңірінде өмір сүрген дінбасылары, әулиелер, тарихат өкілдері жайлы жазылған «Рисолайи хилфати суфихо» (Уз ФАШИ инв. №7610), «Фирдаусул икбол» (Уз ФАШИ инв. №5364), «Тазкираи Мухаммад Бахир» (Уз ФАШИ инв. №1846), қолжазбаларында Бекет Ата жайлы тың мәліметтер бар екенін айтады.
XIX ғасырда Маңғыстау мен Үстіртті зерттеген орыс саяхатшы ғалымдарының еңбектерінде де біраз дерек кездеседі. Мәселен, орыстардың 1820-21 жылдары Бұхараға, 1825-26 жылдары Үстіртке жіберген бірінші экспедициясының мүшесі есебінде біздің өңірде болып, артына өлкеміздің тарихы мен табиғаты туралы өте құнды мұра қалдырған Э.Эверсманн: – «Үстіртте таудан қашап жасалған мешіттер парсы, араб, татар жазуларымен безендірілген. Мұндай ескерткіш зиратты Бекет төрт жерден қашаған. Оның бірі – Маңғыстаудан қашық емес, Оғыландыда. Екіншісі – Бейнеуде, үшіншісі – Жем өзені бойында, төртіншісі – Арал теңізі жағасындағы Баялыда. Оның бірінде – қыста, екіншісінде – күзде, үшіншісінде – жазда болады екен», – деп жазады. 1794 жылдың 23 қаңтарында неміс жерінде дүниеге келіп, 1860 жылдың 14 сәуірінде Ресейдің Қазан қаласында өмірден өткен, жиырма жасында философиядан, жиырма екі жасында медицинадан докторлық диссертация қорғап, 1842 жылы Ресей Ғылым Академиясының академигі атанған, неміс, ағылшын, француз, орыс тілдерін жетік меңгеріп, татар тілінде таза сөйлей білген Эдуард Александрович Эверсманнан жеткен Бекет Ата мешіттері жөніндегі осы бір қысқа ғана мағлұмат өлкеміздің өткені жайлы жазылған біраз ғылыми еңбекке негіз болды.
1851-52 жылдары Үстірттің жер бедерін зерттеген ғылыми экспедицияның мүшесі, Ресей империясы Бас штабының топографы, подпоручик Петр Вагапович Алексеевтің 1853 жылы жарық көрген «Солтүстік Үстірттің Жемге дейінгі аралығының топографиялық сипаттамасы» деген еңбегінде: «Бекеттің Ақмешіті Жем өзенінің сол жағындағы Қандыарал шатқалынан төменде 38 шақырым жерде. Оған өзен жақтағы қапталынан жақынырақ барып қарағанда адам әрең сыятын, қасқырдың үлкен апанына ұқсас ойындыны көреміз. Осы ойынды жер астына қарай 3 сажындай барған соң тіке оңтүстік батыс бағытындағы диаметрі 2,5 сажын, биіктігі 4 аршындай болатын, күмбезі тегіс, төбесінде жарық түсетін ойықшасы бар дөңгелек бөлмеге әкеледі. Бөлменің кіреберіс екі жағында көміліп қалған екі шұңқыр көзге шалынады, қазақтардың айтуынша ол суы тұщы құдықтың орны. Бұл бөлменің оң жақ қапталында тағы бір кішігірім бөлме бар, онда үшкір ұшын жерге тіреп қойған, жұмыр темірден жасалған асатаяқ сүйеулі тұр. Бірінші бөлменің оңтүстік батыс жақ қабырғасынан көлемі бірінші бөлмеден гөрі үлкендеу, ортасына төбесін тірейтін төрт қырлы тіреуіш баған қойылған, дөңгелек пішінді тағы бір бөлмеге әкелетін есік шығады. Бұл бөлменің қабырғалары дұрыс шеңбер түрінде емес, 6 симметриялық ойынды түрінде қашалған. Оның есікке қарсы бетіндегі біреуі басқаларынан гөрі біршама енді, әрі тереңірек жасалған... Қатты бор жарқабақтан үңгіп салынған мешіттің қабырғалары қолмен өңделген, бірақ біршама тегіс. Мешіт үстіне екі-үш адам жерленген, оған бірнеше ағаш сырықтары шаншылып, әртүрлі мата қиындылары, жылқының жал-құйрығы мен малдың қураған сүйектері ілінген. Осыларды көріп, оның мән-мағынасын ұғынып, жартылай жабайы халықтың қасиетті адам жатқан орынға осындай болмашы белгілерін қалдыратын діншілдігіне таң қаласың... Қазақтар мұсылман шариғаты бойынша бұл жерге жыл сайын бір рет барып тәу етеді...
Жемнің таулы қабағындағы бұл үңгірді жыл сайын жазда Үстірттен Жемге қоныстануға келетін Адай руының Мұқал тайпасынан шыққан Бекет... осыдан 50 жылдай бұрын қашап салған. Ол қолы бос кезінде ер балалардың мұсылманша сауатын ашумен айналысқан, ал қалған уақытта намаз оқып, құдайға құлшылық қылу үшін өзінің тастан ойып салған үңгірінде оңаша өмір сүрген. Кей жылдары ол осында, туысқандарының өзіне арнап қалдырған бір кісіге бір күнге ғана жететіндей азғантай азығымен қыстап қалатын болған. Оны өлдіге санаған туысқандары жаз шыға қайта көшіп келген кезде, оның тек тірі ғана емес, еш арымаған, бұрынғысынан да сау-саламат күйін көріп таң қалған. Бүкіл орда адамдары осы бір ғажап қазақтың өмірінен неше түрлі кереметтер мен көптеген аңызға бергісіз әңгімелер айтып, оны қасиетті, нағыз әулиенің өзі деп құрмет тұтады. Ол осыдан қырық жылдай бұрын өмірден өтіп, Маңғыстау түбегінің Үстіртпен ұштасқан жеріндегі Оғыланды шатқалына жерленген. Марқұмның ағайындары жыл сайын оның зиратына келіп, басына тәу етеді. Содан кейін артында қалған үш ұлының үлкені бейітке кіріп, әкесінің шашын алып, сақал-мұртын түзейді. Мен қазақтардан осы қасиетті де, керемет адам туралы ақылға сыймайтын, адам ойына келмейтін көптеген әңгімелер естідім...», – деп жазады. (сажын – , аршын – , шақырым – ).
1809 жылы башқұрт топырағында дүниеге келіп, біраз ғұмырын Үстірт үстінде өткізіп, оның картасын жасақтап, өте құнды мәліметтер жинақтаған орыстың қарапайым офицері П.Алексеев өз еңбегінде Атаның аталған мешітінің бірінші бөлмесінің суретін жариялап, оның Бейнеудегі мешіті жайлы: «Үстірттің солтүстік шетіндегі Манашы сайының саға тұсынан шығыста 25 шақырым жерде... жыра бойындағы бор төбені үңгіп жасаған үлкен үңгір. Ол қазіргі кездегі Үстірттен жаз жайлауға Жемге көшетін қазақтардың жиналатын орны. Жергілікті халық бұл үлкен қауымды да Ақмешіт деп атайды және қасиетті әулиелі жер санайды. Басындағы сырық ағашқа мата қиындылары, садақаға сойылған малдың сүйектері байланған. Жақын жердегі молалардың басына ескерткіштер қойылған...», –деген дерек қалдырыпты.
Ал 1867 жылы Үстіртте болған экспедиция мүшесі А.Дюгамель: «Ақбор төбенің бетіндегі қасқырдың үңгіріндей тесікке бір адам зорға сиып, үш құлаштай үңгірмен жүргенде ені екі жарым құлаш, биіктігі кісі бойындай дөңгелек киіз үй пішініндегі сағана тамға кіреді. Сыртта құдық бар. Оның оң қапталында тағы бір бөлме. Осылардың арасында сырық тұр. Жемдегі Ақмешітті бұдан елу жыл бұрын салған... Бекет өлген соң, Оғыландыға қойылған», – деп жазады. Белгілі қазақ ғалымы, филология ғылымдарының кандидаты Қабиболла Сыдиықұлы А.Дюгамельдің сипаттап отырғаны Атаның Ақмешіттегі мешіті болуы керек дейді.
Кешегі кеңестік кезеңде өмір сүрген белгілі дін ғұламасы шоңай Шайхы өз замандастарына қажылыққа барған сапарында араб дінбасыларынан Бекет Ата туралы өте құнды дерек естігенін айтады екен. Ал жыл ойлық Жолдасқали Сүйесінов Бекет Ата жайлы мәліметтің 1820 жылдары Бөкей Ордасында болған неміс саяхатшысы Шульцтің жазбаларында да бар екенін сөз етеді. Ол сонымен бірге: «Еділ қалмақтарымен болған соғыста Бекет Ата жиырмадағы жігіт болса керек. Қалмақ әскерлеріне қарсы Бекеттің жалғыз өзі ту көтеріп шыққанда жау быт-шыт болып, жан-жаққа қашады... Осы жеңісі үшін ханның әйелі Бопай Бекеттің бетінен сүйеді...», – деп жазады.
Біздің ойымызша автор айтып отырған соғыс 1771 жылдың басында Еділ жағалауынан Жоңғарияға қарай үдере көшкен Убаши бастаған 30909 үй қалмақ пен жергілікті қазақтардың арасындағы атышулы айқас болса керек. Сол жылы Бекет Ата, шындығында да, 20-21 жас шамасында болған. 1771 жылдың қысындағы Айшуақ сұлтанның басшылығымен Сағыз бойындағы, Әбілқайырдың Бопай ханымнан туған ұлы Нұралы ханның бастауымен Ойыл мен Мұғаджар маңындағы қалмақтар мен қазақтар арасындағы қиян-кескі ұрыстар жайлы А.Левшин жазбаларында да бар.
Ал Әбілқайыр ханның зайыбы, адайдың белді руының бірінен шыққан Бопай ханым – заманында орыс патшайымдары Анна Иоанновна мен Елизавета Петровнаға, Орынбор губернаторы И.Неплюевке қазақ халқының жай-күйін айтып әлденеше дүркін хат жолдап, патша әкімшілігінің жоғарғы шенді басшыларымен ресми келіссөздер жүргізген, шын мәніндегі ханымдық дәрежеге жетіп, ел басқару ісіне араласқан тарихымыздағы танымал тұлға. Ол 1780 жылдың 31 мамырында өмірден өтіп, Батыс Қазақстандағы Елекке құятын Жосалы өзенінің жоғарғы жағындағы қорымға жерленген. Бопай ханымды Әбіш аға Бекет Атаның нағашысы Назарқожаның әйелі Ікеймен бірге туған Табынайдан тарайтын Табылдының қызы деп есептейді. Оны шежіреші қарттар да теріске шығармайды.
Бекет Ата исламдағы сопылық жолын ұстанған. Сопы (суфи), сопылық (суфизм) сөзін көптеген дін зерттеушілері арабтың суф – ақ жүн, суфи – жүн шекпен киген адам, сафа – тазалық, сафуа – таң даулы болу деген сөздерінің бірінен шыққан болар десе, Д.Еремеев оны гректің софия – дана, софос – даналық деген сөзінен ауысқан деп есептейді.
Шындығында да, біздің заманымызға дейінгі V-VI ғасырларда өмір сүрген Протогор, Горгий, Гиппий, Продик, Антифонт, Критий, Ликофрон, Алкидамант, Траеимах секілді грек ойшылдары мен ғұламаларын «софистер» (даналар) деп атаған. Олар замандастарына жақсы тәрбие берудің жайымен айналысқан, ең бастысы адам баласының теңдігі деп есептеген. «Құдай адамдарды еркін етіп жаратты, табиғат оларды ешқашан да құл еткен жоқ» (Алкидамант), «Барлық нәрсенің өлшемі – адам» (Протогор) деген нақыл сөздер солардан қалған. Сократ, Платон, Аристотельдер осы софистер ілімінен нәр алғандар делінеді. Кейінірек римдіктер ақылы қызмет көрсететін білгір мұғалімдерді де «софистер» деген. Ал арабтың «суфи» сөзі «ақ жүректі адам», «ақ пейілді адам» деген де мағына береді.
Пайғамбарымыздың көзі тірі кезінде оның Мединадағы мешітінің батыс жағында құрма ағаштарынан жасалған көлеңкелік болған. Ол жерге Мединаға ілім алу үшін келген үйі жоқ адамдар тұрақтаған. Көлеңкелік «софы» деп, ал оны мекендеген адамдар «асхаб-и софы» деп аталған. Пайғамбарымыз олардың тұрмыстық қажеттіліктерінің өтелуін қадағалап отырған және ислам дінінің қағидаларынан дәріс берген. Қажетті білім алғандары пайғамбарымыздың ұйғарымымен дүниенің әр тарапына дін таратуға жіберілген, үйленгендері софылықтан шығып, орнына жаңа адамдар кірген.
Суфизм – ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттелмеген, қарапайым адам түсініп болмайтын, ұғынуға өте қиын ілім, «Суфизм – өмірге нәр беруші ілім, оны тек сопылық жолмен ғана тануға болады», – дейді сейид Идрис Шах. Сопылардың көпшілігі – Алла сыйлаған ерекше қасиеттері бар жандар. «Сұпы» деп айтпай, «сопы» деп жазуымыз да сондықтан. «Дарвин маймылдан шықты, мен көк бөріден жаралдым», – демей ме Бауыржан Момышұлы. Біз сөз ететін сопылар да жүн шекпен кигендер емес, даналықтың жолын қуған, ақ жүректі адамдар.
Барлық сопы құмарта оқитын, XIII ғасырда шейх Шахабуддин Сухраварди (1145-1235) жазған «Авариф аль-Маариф» (Тұңғиық білімнің тартуы.) кітабын 1891 жылы ағылшын тіліне аударған, Сухраварди сопылық жолының мүшесі, подполковник Вильберфорс Кларк суфизмнің шығу тарихын былайша баяндайды: Мекке мен Мединадағы дервиштер делінетін бір топ адам 623 жылы бір-бірімен достастық пен берілгендікке анттасып, топ құрып, өздерін сопылар деп атаған, сөйтіп суфизмнің негізін салған. Алғашқы халифтердің екеуі, Әбу Бәкір мен Әли ерекше дене жаттығуларын жасайтын (зікір салатын) адамдардың ұйымын құрған. Осы бағытты ұстанушы Увайс аль-Карани 651 жылы алғашқы «тарика суфийа» (сопылық жол, сулук деп те айтылады, батыс ғалымдары орден дейді.) құрады, ал VIII ғасырда Сирияда осы жолды ұстанушылар үшін әдейі ғимарат ашылады. Осылайша өмірге бүгінде бүкіл әлем танитын және таңданатын суфизм келеді. Европадағы алғашқы сопылық жол бұдан мың жыл бұрын арабтар жаулап алған Испанияда құрылған, ал ағылшынның суфизм сөзі 1821 жылы латынның суфизмус сөзінен ауысқан. Оған дейін тасаввуф (арабтың «тазалық» деген сөзі) термині қолданылып келген. Ал фулбрайт грантын алып, суфизм жайлы еңбек жазған Карл Эрнст: «тасаввуф – «сопы болу» деген сөз, мәселен, «танассур» – христиан болу, яғни насрани жолында болу, ал «тафарнус» – француз болу деген мағына береді», – дейді. Европадағы суфизм жайлы тұңғыш кітапты белгілі дінтанушы ғалым, неміс теологы Ф.Толук 1821 жылы латынша бастырып шығарған, тасаввуф сөзін ғылыми сөз қорына қосқан да осы профессор, ал сопылық жолдар жайлы тұңғыш зерттеу жұмысын 1884 жылы Л.Рэни жазған.
В.Кларк «суфизмнің тұқымы Адам заманында себіліп, Нұх заманында көктеп, Ибраһим заманында гүлдеп, Мұса заманында өсіп, Иса заманында пісіп, Мұхаммед заманында таза шарапқа айналды» деген аллегория бар екендігін айтады. Сопылық әдебиеттерде «жүзім – дін, шарап – діннің маңызы» немесе «жүзім – жарық дүние, шарап – оның маңызы» деген мағынада айтылады, сондай-ақ «бүкіл діннің маңызы –суфизм» деген сөз де көп кездеседі.
Сопылар өздерін алғашқы ұстаздардың үш толқыны жинақтаған берекені (арабша «барака») қабылдаушылармыз және олардың рухани ізбасарларымыз деп санайды.
Бірінші толқынға жеті ұлы ұстаз жатады, олар: Әбу Бәкір, Омар, Әли, Біләл, Ибн Рийах, Абу Абдоллах, Салман Фарси.
Екінші толқындағылар: Увайс аль-Карани, Хиран ибн Хайя, Хасан аль-Барси және Төрт Жетекші.
Үшінші толқынды он бір пір құрайды. Хабиб Аджами, Малик ибн Ди-нар, имам Абу Ханифа, Дауд Таи, Зу-н-Нун Мисри, Ибрахим бен Адхам, Абу Иазид, Сари ас-Сакти, Абу Хафа, Ма-руф Кархи және Джунайд.
Сопылықтың сусындар қайнар бұлағы – Ислам шариаты. Ол – бүкіл болмыстың неден тұратынын түсіндіріп бере алатын, қандай қоғам болса да оның тұрақтылығын сақтай отырып, сол қоғамға нәрлі рухани қорек ұсынатын, адам жүрегінде ұялаған жарамсыз көріністерден құтылу шараларын үйрететін, жүректегі ізгі сипаттарды сақтаудың әрі көбейтудің жолдарын көрсететін, «кәміл адам» дәрежесіне жету заңдарын түсіндіретін ілім.
Ғалымдар сопылық (суфизм) төрт сатыдан тұрады, әр сатыда оннан мақам болады деп есептейді. (Мақам – тұрақ, аялдайтын мекен дегенді білдіреді, яғни сопылық асулардан өткеннен кейін аялдайтын тұстар). Бірінші саты – шариат, яғни ислам дінінің шарттарын қатаң сақтау, құран уағыздарын бұлжытпай орындау; екінші – тариқат – адам өзін өзі ұмытып, құдай жолына түсу, ұстаз пір тауып сопылық бауырластыққа кіру; үшінші – маарифат – құдайды ақылмен емес, жүрекпен тану, Аллаға шын ғашық болу; төртінші – хақиқат – алаңсыз дін жолына түсіп, ақырғы мұратқа жету, хақпен дидарласып, өз өмірін осы жолда сарп ету. Қожа Ахмет Иасауи еңбектерінде бұл төрт саты, олардағы қырық мақамның маңызы мен сопылықтағы орнына толық талдау жасалып, шариаттың жабарут әлеміне, тариқаттың малақут әлеміне, маарифаттың лахут әлеміне, хақиқаттың насут әлеміне қатыстылығы сөз болып, адамның бұл мақамдарды түгел игергенде ерекше «илахи күш-қуатқа» ие болатыны айтылады (Мақам саны туралы ғалымдар арасында ортақ пікір жоқ. Мәселен, қыпшақ даласынан тысқары жердегі сопы ғұламаларының пікірінше 17, тіпті 100 мақам бар, ал Абу Наср ас-Саррадж жеті мақам ғана болатындығын дәлелдеп берген).
«Аталған сатылардан өтіп, мақсатқа жетуге қатысты сөздің бірі – «ләмәкан». Ол – жетілудің жоғарғы дәрежесі, яғни Алланың бір белгісі, Аллаға берілетін теңеулердің бірі. Ләмәкан сөзінің мағынасы – «жоқ мекен», яғни материяға, мекен мен кеңістікке тәуелсіз дүние деген Алланың сипаты. Сопылар осы сатылардан өтуге міндетті жандар. Сопылық ілім бойынша адамның құдайға «оралуы», яғни оны тануы ойлау арқылы емес, ақыл-парасаттан тыс сыр ашу жолымен жасалады, ал Иасауи ұстанған сопылық ілімнің мистикалық – пантеистік концепциясы – «құдайға сіңіп, онымен табысу», фана – «жоқ болу», яғни «Аллаға сіңіп жоқ болу». Алланың символдық атауының бірі – һу(а), «ол» дегенді сопылар «жүрегімен айтуға» тиіс болған, сонда ғана олар Алламен сіңісе алады. Алланы «Ол» деп барша ықыласымен айтқан дәруіштің сүйектері от тұтататындай күйіп-жануы керек, сөйтіп ол Алламен табысуға, оған сіңіп кетуге тиіс», – дейді Қазақ Ұлттық Академиясының академигі Рәбиға Сыздық апайымыз.
Сопылардың арасында «шариат – тамыр, тариқат – бұтақ, хақиқат – жеміс» деген сөз бар, ал түріктің ұлы ақыны, сопы Юнус Емре: «шариғатқа жеткен – ұлан, хақиқатқа жеткен – ерен», – дейді (ерен түркі тілінде пір деген мағына беретін көрінеді). «Шариғат базарында сайрандағам, Мағрипат бақшасында жайраңдағам, Тариқат сарайында тайраңдағам, Хақиқат есігін мен аштым міне», – деген Қожа Ахмет Иасауидің хикметі де бар. Сопылар «Насут пен Малакут арасы шариат, Малакут пен Жабарут арасы тарикат, Жабарут пен Лахут арасы хақиқат» дейді. Насут деген көзге көрінетін және сезілетін адамзат әлемі, яғни адамның шариат ережелеріне сай өмір сүретін табиғи күйі. Малакут көзге көрінбейтін, ішкі түйсікпен ғана сезуге болатын періштелік әлем, адамның тазару арқылы қолы жететін еркіндік дүниесі. Жабарут – құдірет әлемі, адам құдайы дүниеге еніп, оған кірігіп кету арқылы қол жеткізетін қасиетті әлем. Лахут – түйсікпен сезілетін құбылыстар, уақыт өлшемінен тыс бірлікке сіңісіп кеткендіктен сезінуге жатпайтын құдайы әлем. Хақиқатқа жету – деген сана-сезім толық тазарып, маарифат арқылы өтіп, «алам аль-гайб» делінетін ең құдіретті тылсым күйге ену.
Сырт көзге жұмбақ, өзгеге құпия сопылық жолдың рухани басшысын арабтар шейх (ақсақал), парсылар пир (ақсақал), ал қазақтар пір дейді. Ол көзінің тірісінде орнын басатын болашақ пірді анықтап кетеді. Біздің естуімізше қазақ жерінде өмір сүрген Қожа Ахмет Иасауи бабамыз да, Бекет Мырзағұлұлы Атамыз да осындай сопылық жолдың пірі болған. Оның екеуі де әулиеліктің ең жоғарғы сатысы «гаус» дәрежесіне жеткен делінеді. Қазақта: «Пірдің соңы – Бекет, ердің соңы – Есет», «Мединада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет», – деген сөздер бар.
874 жылы өмірден өткен, ислам әлеміне танымал парсы дін ғұламасы Абу Иазид аль-Бистами заманынан бері «Ұстазы жоқтың жетекшісі – шайтан», – деген қағиданы берік ұстанатын сопылық жолдағылар пірді аса кәдірлейді, өзара: «піріңді құбыла тұт», – деседі, тіпті Қожа Ахмет Иасауидің: «Егер пірсіз құдайға жүз, мың рет басыңды сен исең де, құдай сені сүйіктісі етпейді», – деген өсиеті де бар дейді.
Пір сопылық жолдың аймақтардағы бөлімшелерінің басшыларын белгілеп, иджаза (мандат) береді. Арабша муккадам, парсыша ишан делінетін оларды да қазақтар «пір» деп атайды. Біздің шалдардың: «Пірге қол бердім», – деп жүргені – сопылық жолдың өз аймағындағы тобына мүше болдым дегені (қол беру, яғни бір жолда болуға қол алысып анттасу арабша «кабзат» делінеді). Шындығында әр сопылық жолдың бір ғана пірі болады, оған пірліктің кімдер арқылы келгендігін көрсететін тізім «силсилла» делінеді. Сопылық жолдың негізін салушы тұңғыш пірден алғашқы халифтердің біріне дейінгі аралықты көрсететін тізім «силсилат аль-барака» (накшбандийада «силсилат аз-захаб»), ал тірі пірге дейінгі аралықты көрсететін тізім «силсилат аль-вирд» (накшбандийада «силсилат ат-тарбийа») делінеді. Арабтар тірі пірді «шайх ас-саджжада», алғашқы пірдің жайнамазын ұстаушы деп те атайды.
Қазақтар ұлыстың діни басшысы болып сайланған әулие адамдарды да пір деп атаған. Бірақ олар сопылық жолдың пірінен бөлек. Мәселен, 1680 жылы Күлтөбедегі жиында Тәуке хан сайланғанда үш жүздің биі аруақ салыстыру арқылы керейт Мүсірәлі Жәдіқұлын бүкіл қазақтың пірі етіп сайлап, есіміне «сопы әзиз» деген ат қосады. (Кие, әруақ туралы ғылым-агиологияда «таңғажайып сайыс» деп аталатын бұл шараға ұлы жүзден Айқожа, орта жүзден Шортанбай қожа, кіші жүзден Мүсірәлі, қарақалпақтан Күнқожа, қырғыздан Бекқожа, өзбектен Абдулла қожа қатынасады.) Мүсірәлі 1639 жылы Бұхар хандығының Тамдыбұлақ аймағындағы Керізбұлақ ауылында туған, Үргеніште оқыған, исламға шын берілген өте әулие адам болған. Тақуалығы мен сопылығына байланысты Әжіқожа, ал ұрпақтары керейтқожа атанып кеткен, 1721 жылы 82 жасында өмірден өтіп, белгілі әулие Баба Түкті Шашты Әзиздің жанына жерленеді. Оның баласы Қасымқожа да әке жолын ұстаныпты. Ал немересі – Көне Үргеніште оқыған, қажылыққа барған Әбужәлел 1726 жылғы Ордабасыдағы құрылтайда біріккен қазақ қолының рухани көсемі болып сайланыпты. Әбіш ағаның айтуына қарағанда Мүсірәлі дүние салғаннан кейін жалпы қазақтық пір сайланбапты.
Пірдің бәрі де Аллатағалам ерекше қабілет пен қасиет сыйлаған әулие адамдар болған. Әулие – арабша «уали», көпше түрінде «аулийа» Алланың досы, Аллаға жақын тұрушы адам, Алланың қамқорлығындағы адам, Алланың мейірімі түскен адам, Алланың қалаулы адамы деген мағына береді. Сопылар Алланың нұры әуелі әулиелерге түседі, сосын барып адамдарға беріледі дейді. Дінімізде Аллатағала пайғамбарларға, әулиелерге, шиит имамдары мен сопы шейхтеріне (пірлеріне) береке (арабша «барака») мен керемет (арабша «карамат») береді делінеді. Ал шығыстың ұлы ойшылы Абу Али ибн Сина Аллаға қалтқысыз қызмет еткен, тақуалық жолына түскен, таза, шын ниетпен өмір сүрген адамдарға да әулиелік қонып, кереметтер көрсету қабілетіне ие бола алады деген пікір айтады. Бірақ әулиелер көрсететін кереметтің (карамат) пайғамбарлар жасайтын ғажайыптан (муджизат) көп айырмашылығы бар. Әулиелер туралы тұңғыш жинақ суфизм жайлы алғашқы жазбалар шыға бастаған X ғасырда жарық көрген. Кейін әулиелердің өмірбаяны (табакат аль-ау-лийа), ғылымда агиография делінетін олардың киесі мен қасиеттері жайлы жазбалар (манакиб аль-арифин), сондай-ақ әулиелердің кеңестер мен кездесулердегі сөздері (малфузат, маджилис), жазысқан хаттары (мактубат) өз алдына бөлек кітап болып көптеп шығарыла бастаған. Мәселен, Хорезмнің ойындағы Рабати деген оғыздар мекенінде дүниеге келген Рабғузи пайғамбарлар мен әулиелер туралы түркі тілінде «Қисса-с-ул анбиа» атты жетпіс екі қиссадан тұратын көлемді шығарма жазған.
«Мұсылмандар біріншіден, өзін барлық мәселелер бойынша ден қойып тыңдайтын және өздері оның өмір салты мен әдет-ғұрыптарын басшылыққа алып, дегенін орындайтын; екіншіден, қателерге ұрындырмай дұрыс жолға бастайды деп кәміл сеніп, айтқандарына құлдық ұратын; үшіншіден, о дүниеде өздерін Алланың кәрінен қорғайды деп үміттенетін; төртіншіден, керемет қасиеттерінің арқасында өздерін бұл жалғанда қорғауға, бәле-жәле мен күнәлардан сақтауға және өздерінің барлық қажеттіліктерін қанағаттандыруға қабілетті деп есептейтін адамды әулие санайды», – дейді өткен ғасырда өмір сүрген белгілі дін ғұламасы Абу аль-Ааля аль-Маудуди өз тафсирінде.
Он төртінші ғасырда өмір сүрген араб ғұламасы Убайд Закуни: «Дүние – дәулетке қанағат, қиындыққа сабыр қыла алмайтындардың орны. Ал әулие – дүниеге де, қанағатсыздар мен сабырсыздарға да назар аудармайтын адам», – десе, «Әулие – құдайдың жердегі хош иісі», – дейді Ибн Муаз. Заманының Ұлы Ұстазы атанған Ибн аль-Араби «әулиелер жатқан жерде ерекше энергия (химма) болады» деп есептейді, аль-имам ан – Науауи «ақылы бар адамға Алланың әулиелері туралы жаман ойлауға болмайды», – десе, «қайда жүрсең де әуелі әулиелердің басына барып зират етіп, дұға оқы», – деп жазады Ашраф Джахангир Симнани. (Зират ету арабтың «зийара» бару, қатынасу, тәуеп ету, сыйыну деген сөзінен шыққан.) Сопылар арасында пайғамбарлар дәуірінен (даират ан-нубууа) соң әулиелер дәуірі (даират аль-уалийа) басталады деген сөз бар. Венгр арабисі, әрі ислам зерттеушісі Игнац Гольдциер әруақтарға табынудың исламға дейін де болғандығын айтады, ал әулиелерге сыйыну қарапайым өлі әруақтарға жалбарынудан бөлек. Сопылық жолдағы ғалымдар арасында Алланың бірлігіне шек келтірместен, оның адамдардың қажетін қанағаттандыратын пайғамбарлары мен әулиелері де болатындығын философиялық тұрғыдан дәлелдеуге тырысатын ғылыми көзқарас та бар.
Қожа Ахмет Иасауи бабамыз өзінің 34-ші хикметінде: «Тариқат жібереді жерге тығып, Бұл жолға, қаламасаң түспен достар», – дейді. Себебі сопылық жолды ұстану – әр мұсылманның еркіндегі, өз ықтиярымен ғана атқарылатын іс. Ол – ешкімге де парыз емес, Аллаға қауышуды мақсат тұтқан адамның өзіне қосымша міндеттемелер алуы арқылы өзін-өзі жетілдіру тәсілі, ислам дінінің шеңберінің ішіндегі мұсылмандардың белгілі бір бөлігінің тірлік ету дағдысы мен өмір сүру салтына айналған, дін ғұламалары әлі күнге дейін біржақты бағасын бере алмай келе жатқан құпия ілім. Бұл жолды ұстанатындардың бүкіл мұсылманның оннан біріне де жетпейтіні сондықтан. Әрине, қолдан келсе ұстанған жақсы. Себебі заманында «худжат уль-ислам» – «исламның кепілі» атанған имам аль-Газалидің «сопылық жолды ұстану міндетті, өйткені пайғамбардан басқамыз күнәдан ада емеспіз» деген сөзі бар. «Сопылықты түсінген адам ғана хақты таниды, ғалымның сопыны сыйламауы да, сондай-ақ сопының сауатсыз болуы да – дінсіздік», – дейді имам Малик. Ал қолдан келмесе аулақтау жүріп, алыстан сыйласқан дұрыс. Өйткені, ол – қажеттілігіне қарай құрыла салатын қоғамдық ұйым емес, бастауы бар, өз заманының ұлылары ғана ұстанған, өте қасиетті, аса қадірлі, тым жіңішке жол.
Белгілі дін ғұламасы Ахмад Зарук: «Суфизмге екі мыңнан аса анықтама берілген, бірақ солардың бәрінің мағынасы Аллаға жан-тәнімен, өзіне пайда ойламай, шын жүректен беріліп қызмет ету дегенге келіп саяды», – деп жазады. Яғни Абу Мухаммад Руваймның сөзімен айтқанда «сопылық – өз қалауыңмен Алланың ғана еркіне берілу». Ибн Халдунның айтуынша «суффизм – дінімізге енген жаңалық емес, бастауын пайғамбарымыз бен оның ізбасарларынан алатын, шариаттың бір ілімі». Оны Имам Джалаладдин ас-Суйюти «жүректі тазартатын ілім» деп атаған. Ұлы ұстаз Шихаб ад-Дин Сухраварди: «Құранда сопы деген сөз жоқ, бірақ ондағы мукаррабун делінетін Алланың өзіне жақын тұтқан адамдарын сопылар деп ұғынуымыз керек», – деп жазады.
Қазір сопылық жолдамыз деп жүргендер көп, бірақ олар сопылар емес, мүридтер, яғни сопылық мектептің шәкірттері. Олардың қайсыбірінің жағымсыз қылықтарын көріп, сопылық жолға үрке қарауға болмайды.
Себебі ортағасырлық Европада Альгазаль атанған парсының белгілі дін ғұламасы Абу Хамид Мухаммад аль-Газалидің сөзімен айтқанда «нағыз сопы өте сирек кездеседі», олар бөлекше ойлайды, өмір сүру әдісі де бөлек. Профессор Дж.Браун сопылардың бір-біріне ұқсамайтындығын, олардың тек өзіне ғана тән қасиеттері болатындығын айтады, XVII ғасырдағы Кашмир ғалымы Сираджаддин сопыларды жетілген адамдар деп есептейді. Ал сопылар Мухаммед пайғамбарды нағыз жетілген адам санайды және денесіндегі ғажайып бес нүктенің (арабша латиф) белсенділігін арттыру арқылы өздерін жетілдіруге тырысады (Құранда айтылатын «латиф» сөзі Абдуллах Йусуф Али тафсирінде «көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын, өте нәзік сезім» деп түсіндіріледі). Жетілген адам (инсан-и-камил) бір мезгілде бірнеше өлшемде өмір сүреді, сондықтан да қатарынан бірнеше ғылымды игере алады, адам таңқаларлық кереметтер көрсетеді. Олардың ашқан философиялық және ғылыми жаңалықтары – осы қасиеттерінің арқасы.
Сопылар арасында: «Мен бір-ақ нәрсе білемін, ол да менің ештеңе білмейтіндігім», – деген өте мәнді сөз бар. Бірақ әлемдік ғылымға сүбелі үлес қосып, біраз жаңалық енгізген ислам ғалымдары мен мұсылман ақындарының басым бөлігі – өз заманында сопылық жолды ұстанғандар. Алғашында араб халифатында дамып, кейін Европаға ауысқан ортағасырлық алхимиктердің де көпшілігі «философиялық тас» іздеген сопылар болатын. Сондықтан гректің «хемия, хео-құямын, балқытамын» деген сөзіне арабтағы «аль» артиклінің қосылуынан шыққан алхимияны софистика деп те атаған. Бәріміз білетін «Мың бір түн» мен Қожанасырдың (Қожа Наср ад-Дин) философиялық мәні бар әңгімелерінің негізін салған да сол сопылар.
Сопылық жолды ұстанушыларға қойылатын талаптың бірі – мемлекет басшысына адал болып, риясыз берілгендік және Аллаға еш алаңсыз сыйынып, кемелденуі үшін өзі өмір сүрген елінде тыныштық болуына атсалысу. Сондықтан олар биліктен аулақ, саясаттан сырт жүруді дұрыс санайды.
Сопылық ілім адалдық пен рухани тазалықты бәрінен жоғары қояды, Сопылар адам жанының тазалығы жеті сатыда болады деп есептеп, соның ең жоғарғысына жетуді мақсат тұтады, бар ғұмырын осы жолға сарп етеді. Олар жан тазалығын нәпсіні (арабша нафс) тыюдан бастайды. Арабтың «нафс» сөзінің бірнеше мағынасы бар. Бұл жерде нәпсі сөзі тәннің әр нәрсені қажетсінуі мағынасында қолданылып отыр. Ал нәпсіні тыю деген сол қажеттіліктің Аллаға жағатынын ғана қалдырып, қалғанынан бас тарту. Адамның ішінде кісіні орынсыз істерге итермелейтін күш болады, оны дінімізде «нафс-и аммора» дейді.
Иасауи көзқарасы бойынша шынайы өмір деген рухтың нәпсіден тазаруы. Оның ойынша нәпсі мен рухтың қатар өмір сүруі қиын, сондықтан рухтың тірлік етуі үшін, нәпсі өлуі керек, адам кемелдікке жету үшін қажетті білімді игеруі, Аллаға деген ғашықтық пен дертке шалдығуы, менмендіктен арылып, қарапайым, парасатты болуы қажет, ал нәпсінің құлы болу, менмендік – надандықтың белгісі. Иасауидің пайымдауынша нәпсінің құлы болғандар – «өлілер» де, нәпсісін тыйып, рухына еркіндік бергендер – «тірілер».
Халықты адамгершілікке, имандылық пен парасаттылыққа шақыратын «Насихат кітабы» атты еңбек жазған түрік ғұламасы, әйгілі сопы Юнус Емре жаман нәрселерге араласқан адамдарды шайтан билейді, оларда түсінбеушілік, дүниеқұмарлық, ашкөздік қасиеттер пайда болады, сөйтіп соңында тозаққа кетеді, ал жағымсыз қылықтарын жеңіп, бір Алладан басқаның бәрін ұмытып, су мен топыраққа қауышқандар Жаратқан иенің нұрына бөленеді, жақсылықпен, сұлулықпен және жомарттықпен бірге жұмаққа барады, Аллатағалаға қауышады дейді. Ал белгілі ғұлама Хасан аль-Басри: «адам – өз сезімінің құлы, соны бағындырса ғана өз тағдырының қожасы бола алады», – десе, танымал дінтанушы Аб-дуль Кадир-Иса: «өзін-өзі тәрбиелеу жеке адам үшін қиынға түседі, сондықтан оны жанның кемшіліктері мен оны түзету жолдарын білетін ұстазбен бірге өткен тиімді», – деп жазады.
Сопы – Хақ алдында құл, халық алдында азат, бірақ Хаққа құлшылық халыққа қызмет ету арқылы жүзеге асады делінеді. Олар мешітті аса көп жоқтамайды. Қазақтардағы діни терминдердің көбінесе арабша емес, парсыша болуы да алғашқы дін таратушылардың арасындағы парсы тілді сопылардың басымдығының нәтижесі. Түрік ғалымы Көпрүлү жаңа діни ағымға қатысты жаңа терминдерді Иасауи парсы ғалымдарының шығармаларынан алды деген пікір айтады.
Сопылардың құпия басшысы – Құтб (қазақша Орталық, Темірқазық, Басшы деген мағына береді). Құтб – сопылық ілімде әулиеліктің ең жоғарғы дәрежесі, Алланың күнәлардан пәк халифасы, Жаратушы рахымын адамзатқа үлестіруші дәнекер, берілген аяңдардың құпия мәнін ашушы кемел адам. Бір мезгілде дүниеде бір ғана Құтб болады, ол әлем тіршілігіне ықпал ете алады, оған тек періштелер ғана тәуелсіз делінеді. Ал жебеушісі Қыдыр (аль-Хадир).
Хусайн ибн Мансур аль-Халадждың «сопы қашан да жалғыз, ол ешкімге қосылмайды, оны да ешкім қосып алмайды» деген сөзі бар. Себебі сопылар өз ілімін уағыздамайды және ізбасарлар іздемейді, зікір (арабша «закара» – Алланы еске алу) және тауаккел (Аллаға үміт арту) қағидаларын басшылыққа алады. (Тәуекел – қолдан келгеннің бәрін істегеннен кейін істі Аллаға тапсыру. Дін ғұламалары: «тәуекел жүректен жасалады, сондықтан қол қарап қалмай қармануы керек», – дейді. Ибн Уджайба мен аль-Газали тәуекелді: сенімсіз; күмәнді; күмәнсіз; деп үшке бөледі.)
Ғалымдардың айтуына қарағанда Хусайн Уаиз Кашифи сопылық жолдағыларды мустасуфтер (күні үшін жүргендер), мутасуфтер (тарихаттың алғашқы сатысындағылар) және шынайы сопылар деп бөліпті. Шынайы сопылар да муаширлер, мутарасмдер, мухаққиқтер деп үш топқа жіктеліпті. Муаширлер, яғни сұхбат құрушылар, сауап үшін жүрген, сопылардың достары. Мутарасмдер қолымыз жетсе сопы болармыз, жетпесе солардың шарафаты тиер деген ниетпен сопыларға еліктеп жүргендер. Ал мухаққиқтер дүниені ұмытып, нәпсісін ұдайы таза ұстап, ізгілікті өмір сүретін сопылар көрінеді.
Орыс ғалымы О.Акимушкиннің пікірінше сопылық жолды ұстану – негізінен орта тап өкілдеріне тән. Дж.Макдисидің айтуынша алғашында сопылық жолды «ахль ас-суффа» деп аталған көзі ашық, көңілі ояу, білімді адамдар ұстанған. Олардың орта ғасырлардағы негізгі бірлестігі – 13 адамнан тұратын «халка» (қазақша алқа, үйірме, мектеп), дәстүрлі киімі – бүркеме башлығы бар көгілдір жүн шекпен, символы – құрма ағашы болған. Арабтың әрбір әрпінің сандық мағынасы да бар, ал сандарды пайдаланып сөз жазу әдісі «абджад» жүйесі делінеді. Бұл жүйе бойынша «ахад» (жалғыз, яғни Алланың бірлігі туралы сипаты) сөзінің сандық мағынасы – 13, сопылар бірлестігінде он үш адам болатындығы сондықтан, мұндай тәртіп 1200 жылдан бері бар», – дейді Идрис Шах.
Құран мұсылмандардан Алланы ұдайы еске алып отыруды талап етеді. Сопылардың Алланы еске алу рәсімдерінің (ритуал) бірі «зікір салу» деп аталады, арабтың «закара Аллах – Алланы еске алу» деген сөзінен шыққан. Ол жүректі жұмсартып, адамды Аллаға жақындата түседі делінеді.
Жалпы, зікір – Алланы еске алу дегенді білдіретін аясы кең ұлық амал. Оған иман келтіру, намаз, ораза, зекет, қажылық, құрбандық шалу, дұға, құран оқу, шүкіршілік, тәубе ету, насихат және басқа да барша ғибадат жатады. Сопылық жолдар бір-бірінен негізінен осы зікір салу дағдыларымен ерекшеленеді. Мәселен, накшбандийа құпия зікір (зикр хафи), ал иассавийа мен кубравийа жария зікір (зикр джали) салады. XVI ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген дін ғұламасы Фазлаллах ибн Мухаммад ибн Айиубтың жазбаларында зікір салудың мезгілі мен орны, оның басқа да жай-жапсары туралы жан-жақты баяндалады. Зікір салудың түрі екеу болғанмен, тәсілі көп. Сопылар 1001 зікір бар дейді, оны дінтанушы ғалымдар да көп теріске шығара бермейді және иассавийалықтардағыдай «ара зікір» деп аталатын «Ха» мен «Хи» сөздерін ағаш кескен араның дыбысыңдай етіп шығару арқылы салынатын күрделі зікірдің де, сопылық жолдардың ең ұлысы саналатын кадирийалықтардағыдай «Сұбхан Аллах», «Ал – хамду ли-л-лах», «Аллаху акбар» сөздерінің әрқайсысын 33 мәрте қайталап айту арқылы салынатын қарапайым зікірдің де болатынын айтады. Бірақ жария зікір мен құпия зікірдің қайсысы дұрыс, «сама» делінетін сазды әуенмен діни сөздерді әндетіп айту мен «раке» деп аталатын зікір кезінде биге ұқсайтын әртүрлі қимылдар жасау дінімізге қайшы келмей ме деген дін ғұламалары арасындағы орта ғасырларда басталған айтыс әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Сондай-ақ сопылық жол мүшелерінің киім киісі, оның түрі мен түсі, сәлде ораулары да бір-біріне көп ұқсай бермейді. Мысалы, бекташийалықтардың сәлдесінде 12 орам бар, ал гюлыненийліктердегі орам саны – 8, кадирийалықтарда – 6, халватийалықтарда – 18.
Сопылар зікір салу үшін тасбихты да қолданады, (тасбих – қазақша мадақ деген сөз, яғни Алланы мадақтау үшін қолданылатын құрал). Кадирийалықтардың тасбихы 99 маржан тастан болса, халватийалықтардың тасбихында 301 маржан тас болады деп жазады Дж. Спенсер Тримингэм. Сопылар Пірдің тасбихында береке бар деп есептейді. Сондықтан оған ерекше қарауыл (шайх-ас-сибха) қояды, тасбихты сақтаушы Пір ұрпағын «хадим ас-сибха» деп атайды. Біздің Пір Атамыз Бекет Мырзағұлұлының Ұлы Ұстазы Бақыржан Қожаның ұзындығы 9 метрдей, бүгінде әрқайсысы кішкентай баланың жұдырығыңдай 500-дің үстінде ғана тасы қалған қасиетті үлкен тасбихы оның ұрпағы, Хиуадағы сейид Реджеп Ағаның үйінде сақталған. Дінтанушы ғалымдардың айтуынша мұндай ерекше тасбих тек қана өзінің сопылық жолын құрған ұлы ғұламаларға ғана тиісті болған және ол ешкімге берілмей, оның ұрпағында сақталған.
Сопылық жолдың мүшесін парсы тілінде дервиш (дәруіш), арабша факир (пақыр) дейді, қазақша мүсәпір, кедей деген мағынада, Алланың алдында дәрменсіз, бейшара адам деген ұғым береді. Тәлімгерлерін муршидтер, шәкірттерін мүридтер деп атайды, ізденуші, талпынушы деген сөз. Олардың бас қосатын, ілім алатын орны «завийа» делінеді. Түріктер оны текке, парсылар ханака, арабтар дайра, рибат деп те атайды, үй, бас қосатын бұрыш деген мағына береді, кішігірім мешіті мен жанында қазақтар «намазтақыр» деп атайтын ашық алаң, «муссалла» болады. Бірақ күні бүгінге дейін ғалымдардың өздерінде де ханака, рибат, текке, завийа, оның кішілеу түрі дайра арасындағы айырмашылық пен ұқсастық жөнінде ортақ пікір жоқ. Біз ауызекі тілде мешіт дей береміз, алайда оларды мешітпен шатыстыруға болмайды. Дінімізде мешіт ішіне кісі жерлеуге рұқсат етілмейді, ол – көпшілікке арналған орын, ал көбінесе Аллаға жақындасуға ең қолайлы деп есептелетін жерлерге салынатын бұлардың көпшілігінің ішінде сопылық жолдың негізін қалаушы әулие пірлер жерленген. Сондықтан олар береке бастауы, қасиетті орын деп есептеледі.
Сопылардың өмір сүру заңын ұлы ұстаз, шейх Абдоллах Ансари мына алты қағидадан тұрады деп есептейді:
Жасқа – мейірім,
Кедейге – қайырым,
Досқа – кеңес,
Дұшпанға – кешірім,
Ақымақты – елемеу,
Білімдарды – құрметтеу.
Ал ортағасырлық сопы Сұлтан Санжар: «тірлігіңде тек жақсылық жаса, адамнан болмаса да Алладан қайтады», – дейді.
Сопылар – сөздің емес, істің адамдары. Олар сопы – ақын Румидің «еріні қимылдамағанның жүрегі мың тіл түсінеді» деген сөзін қағида тұтып көп сөйлемейді, бәрін де жүрекпен ұғынғанды жөн санайды. Бірақ сопылық жолдағылар өзара сұхбаттасуды ұнатады. Өйткені әркімнің де өзі байқамайтын кемшілігі болады, ол пікірлесу кезінде айтылады, пайғамбарымыздың «мұсылман – мұсылманның айнасы» дейтіні сондықтан деп есептейді, бар сырын өз ұстазына, не өте жақын тұтқан досына ғана айтады.
Мұсылман елдерінің кейбірінде сопылық бауырластықтардың жұмысына ықпал жасап отыратын үкіметтік ұйымдар бар. Мәселен, ол Египетте Маджилис ас-Суфийа деп аталады. 1994 жылы Американың Солтүстік Каролина штатында сопылардың үлкен бас қосуы өткен. Қазір дүние жүзінде 50 миллионға жуық сопы бар делінеді, яғни барша мұсылман қауымының 5 проценттейі, ал қанша сопылық жол бар екенін білмедік, 1939 жылы олардың саны үш жүзден асқан көрінеді. 1987 жылдың 6 наурызында 83 жасында өмірден өткен, араб парсы, түркі және европа тілдерінде жарық көрген 574 арнаулы ғылыми зерттеулерді талдап, 1971 жылы исламдағы сопылық жайлы үлкен еңбек жазған ағылшынның белгілі ғалымы Дж.Спенсер Тримингэм 325 сопылық жолдың атын атап, түрін түстейді. Белгілі ақын Кердері Әбубәкірдің: «Сопылық Қап тауынан биік еді, теп-тегіс жетіп кетті жұрттың қолы», – деп қынжылатыны да, белгілі сопы Абу аль-Хасан Фушанджаның: «Қазір сопылықтың аты бар да заты жоқ, бұрын ол атауы жоқ Ұлы жол еді», – деп налитыны да осыдан болар. Ал сопылықтың діни философиялық ізгілікті ілім болып қалыптасып, ислам әлеміне толық тараған, суфизмнің «алтын ғасыры» саналатын XII-XIV ғасырларда 12 негізгі жол болған. Олар:
— рифаийа (негізін салған Ахмад ар-Рифай, 1182 жылы қайтыс болған),
— иассавийа (негізін салған Қожа Ахмет Иасауи, 1103-1166),
— шазилийа (негізін салған Абу-л-Хасан аш-Шазили, 1258 жылы қайтыс болған),
— чиштийа (негізін салған Муин ад-Дин Хасан Чишти, 1142-1236),
— сухравардийа (негізін салған Шихаб ад-Дин Яхья ас-Сухраварди, 1155-1191 және Омар ас-Сухраварди, 1234 жылы қайтыс болған),
— кубравийа (негізін салған Наджмаддин аль-Кубра 1145-1221),
— бадавийа (негізін салған Ахмад аль-Бадави, 1276 жылы қайтыс болған),
— кадирийа (негізін салған Абд аль-Кадир аль-Гилани, кейбір жазбаларда аль-Джилани делінген, 1077-1166),
— мавлавийа (негізін салған Әбубәкір халифтің ұрпағы, белгілі ақын, Джалал ад-Дин Руми, 1207-1273, оған атақты сопы Ұлы Аттар бата беріп өзінің «Асрар-наме» (Жұмбақ кітап) деген қолжазбасын сыйлаған),
— бекташийа (негізін салған Хадж Бекташи Вали Нишапури, 1208-1270),
— халватийа (негізін салған Умар аль-Халвати, 1397 жылы қайтыс болған),
— накшбандийа (бесінші пірі Баһа ад-Дин Накшбанди, 1318-1389).
Бұл жолдардың төртеуі – Чиштийа, Кадирийа, Сухравардийа, Накш-бандийа ұстанушыларының көптігімен, таралым аймағының кеңдігімен, ықпалдылығымен ерекшеленеді. Ал солтүстік африкалық ғалым, 1859 жылы өмірден өткен Мұхаммад ас-Сануси аль-Идриси сол кезде төмендегідей 40 сопылық жолдың болғанын айтады (жақша ішінде ғұламалардың қайтыс болған жылдары көрсетілген):
Атауы
1. Мұхаммадийа
2. Сиддикийа
3. Увайсийа
4. Джунайдийа
5. Халладжийа
6. Кадирийа
7. Мадйанийа
8. Рифаийа
9. Урабийа
10. Хатимийа
11. Сухравардийа
12. Ахмадийа (1276)
13. Шазилийа
14. Вафаийа
15. Заррукийа
16. Джазулийа
17. Бакрийа
18. Маламатийа
19. Халватийа
20. Кубравийа
21. Хамаданийа
22. Рукнийа
23. Нурийа
24. Накшбандийа
25. Шаттарийа
26. Гаусийа
27. Ишкийа
28. Мавлавийа
29. Жахрийа
30. Бурханийа
31. Хафифийа
32. Хаватирийа
33. Айдарусийа
34. Мушарийа
35. Кушайрийа
36. Харразийа
37. Чиштийа
38. Мадарийа
39. Каландарийа
40. Сухайлийа
Негізін салушы
Мұхаммед пайғамбар (632) Абу Бакр ас-Сиддик (634) Увайс аль-Карани (VII) Джунайд аль-Багдади (910) аль-Халладж (922) Мухаммадж Вафа (1358) Ахмад аз-Заррук (1494) Мухаммад аль-Джазули (1465) Абу Бакр аль-Вафаи (1496) Абу Иазид аль-Бистами (874) Умар аль Халвати (1397) Наджмаддин аль-Кубра (1221) Али Хамадани (1384) Ала ад-Даула Симнани (1336) Hyp ад-Дин Исфараини (1317) Баьа ад-Дин Накшбанди (1389) Абд Аллах Шаттари (1438) Мухаммад Гауз Гвалияри (1563) Абу Иазид аль-Ишки (XIV)
Таралған аймағы
Абд аль-Кадир аль-Гилани ( 1166) барлық өңірде Абу Мадйан (1197) Солтүстік Африка Ахмад ар-Рифаи (1182) Турция, Египет Умар ибн Мухаммад аль-Ураби (XVI) Йемен Мухий ад-Дин ибн Араби (1238) теориялық ас-Сухраварди (1234) Иран, Индия Ахмад аль-Бадави Египет Абу-ль-Хасан аш-Шазили (1258) Африка, Египет, Сирия Солтүстік Африка Солтүстік Африка Египет, Сирия теориялық Египет, Турция Орта Азия, Иран Кашмир Орта Азия Иран Орта Азия, Индия, Турция Индия, Индонезия Индия Турция, Иран Джалал ад-Дин Руми (1273) Турция, Сирия Ахмад аль-Иасауи (1166) теориялық Ибрахим ад-Дасуки (1288) Египет, Аравия Ибн аль-Хафиф (982) теориялық Али ибн Маймун аль-Идриси (1511) Солтүстік Африка Абу Бакр аль-Айдарус (1509) Йемен, Индия, Индонезия.
Суфйан ас-Саури (778) теориялық Абу аль-Касим аль-Кушайри (1074) теориялық Абу Сайд аль-Харраз (890) теориялық Муин ад-Дин Хасан Чишти (1236) Индия Бади ад-Дин Шах Мадар (1437) Индия Джамал ад-Дин Сави (1233) теориялық Мухаммад ас-Сухайли (XVI) Аравия.
Дінтанушы ғалымдардың пікірінше сопылық жолдың бәрі де бір-бірімен тығыз байланыста дамыған екі үлкен мектепте қалыптасқан ілімнен нәр алады. Оның белгілі парсы ғұламасы Абу Йазид аль-Биста-ми негізін қалаған мектебі «Өз-өзін ұмытып, Аллаға естен тана ғашық болу арқылы Аллаға сіңісу» қағидасын қолдаса, белгілі парсы ғұламасы Абу-л-Касим Джунайд аль-Бағдади негізін салған екіншісі «Өз-өзіңе бақылауды жоғалтпай, Аллаға сіңісу» қағидасын ұстанады. Ал Дж. Тримингэм: «Сопылық жолдардың барлығы да алғашқы халифтердің бірінен бастау алады. Оның көпшілігі Әлиге, бірқатары Әбу Бәкір мен Омарға тіреледі, ал Оспанға дейін жеткен сопылық жолдың силсаласын өзім әзір кездестірген жоқпын, бірақ Әулие Челеби зайнийа сопылық жолында солай екен деп жазады», – дейді. (Челеби – әдетте Катиб Челеби немесе Хаджи Халифа деген есімдерімен көпке танымал болған, 1609 жылы өмірге келіп, 1657 жылы дүниеден өткен, түркі текті тарихшы аль-Маулай Мустафа бин Абдолла аль-Кустантини ар-Руми аль-Ханафи)
Суфизм – әрдайым даму үстінде болатын ілім. Сондықтан бір сопылық жолдың ұзақ мезгіл сақталмауы, яғни мақсаттарына жетіп тарауы немесе бірнеше жаңа сопылық жолдарға бөлініп кетуі де мүмкін. Ғалымдардың пікірінше бастапқы жолды теріске шығармай-ақ жаңа жолдарға бөліну немесе сол жол ішіндегі тармақтарға таралу – сопылықтағы заңдылық. «Шариат – тамыр, тариқат – бұтақ, хақиқат – жеміс» деген сол. Әр сопылық жол өз бұтағынан бұйырған жемісті жейді. Қазіргі кезде ұзын саны үш жүзден асқан сопылық жолдардың басым көпшілігінің бастауы бір. Содан да болар олар қайсыбір мәселелер төңірегінде өзара айтысып-тартысқанымен бір-біріне түсіністікпен қарап, сыйластықпен өмір сүреді, аралас-құралас тірлік етеді. Күні кешеге дейін қазақ даласында да солай болған.
Қазақстан мен Орта Азияда сопылық жолдардың төртеуі Иассавийа, Накшбандийа, Кубравийа, Кадирийа ғана кеңінен тараған.
Иассавийа сопылық жолын Мухаммед – Ханафия ұрпағы, қазақ даласында жергілікті халықтың салт-санасына, сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін сопылық ағымның түркілік дәстүрінің негізін қалаған, әйгілі тұлға Түркістандық Қожа Ахмет Иасауи құрған. Ол қазіргі бірқатар сопылық жолдардың бастауы саналады. Қожа Ахмет Иасауиді өзінің белгілі үш шәкіртінің бірі, әрі ізбасары, сопылық ілімді дамытушы ұлы ұстаз, сопылық-дидактикалық сарындағы әдебиеттің негізін қалаушылардың бірі, ислам дінінің «жахрийа» (иассауишілдік) ағымын қыпшақ даласына таратушы, әлемге әйгілі бес бөлімнен тұратын «Бақырғани кітабының» авторы, Маңғыстау өңірін мұсылмандырған Сұлтан Хуббидің (Сұлтан Үпі) әкесі, 1186 жылы өмірден өткен, халық арасында Хәкім Ата атанған ұлы ғұлама Сүлеймен Бақырғани: «Ысқақ баптың жұрыны, Ибраһим шейх құлыны, машайықтар ұлығы, шайхым Ахмет Иасауи», – деп аса қадір тұтқан.
Ғалымдар 1103 жылы Сайрамда дүниеге келіп, 1166 жылы Түркістанда өмірден өткен Қожа Ахмет Иасауиді пайғамбарымыздың немере інісі Әлидің он алтыншы ұрпағы санайды. В.Гордлевский ол 125 жыл жасаған десе, түрік әдебиетінің белгілі маманы, профессор Фуат Көпрулу 120 жыл өмір сүрген деген пікір айтады. Ал Кашафи Қожа Ахметтің Арыстан бабтың шәкірті болғандығы, одан «заһир» және «батин» ілімдерінің сыры мен мәнін үйренгендігі, оған 16 жыл қызмет еткендігі туралы мәлімет береді, («заһир» деп бір нәрсенің көзге көрінетін, ашық тұсын, яғни сыртқы жағын айтады, ал ішкі жағын яғни құпия, жасырын жағын «батин» дейді). Әкесі әулиелігімен даңққа бөленген Ибраһим шейх пен шешесі әулиелігімен еліне танымал болған Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана) Сайрамда, өзі Түркістанда жерленген. 1398 жылы әйгілі Әмір Темір оның басына әлемде жоқ әдемі кесене салдырады.
Бұл қасиетті кесене кеңестік дәуірдегі дінге мемлекеттік саясаттың ызғары өршіп тұрғанда да өзіне рухани азық іздеген мыңдаған мұсылманның жанына шипа берді, көкірегіне нұр құйып, адамгершілік пен имандылық жолына бағыттап отырды. Әулиенің арқасында Түркістан діни-рухани астана дәрежесіне жетті. «...Түркістанның жаңа қазақ хандығының астанасына айналуы тек қолайлы географиялық жағдайына ғана байланысты емес еді. Ол сонау XII ғасырдан бастап әлем назарын өзіне аударып алғанды. Бұл исламдық руханиятта ерекше орын иемденетін айтулы сопылық мектептің негізін салған шайқы, ғұлама ақын Қожа Ахмет Иасауидің жан-жақты ұстаздық және уағызшылдық қызметінің арқасы еді», – дейді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
«Иассавийа құқықтық жағынан имам Ағзамның жолындағы, ақаид жағынан имам Матуридің жолындағы сунни тариқаты. Бұл жолдағылардың төрт ұстанымы бар: біріншісі – мемлекет басшысына адалдық, екіншісі – Отан, яғни кеңістікті иелену, үшіншісі – уақытты меңгеру, төртіншісі – өзара бауыр, туыс болу. Иасауи туралы әлемде 30-дан астам монография, 500-ден астам магистрлік, докторлық, бакалаврлық диссертация қорғалды», – дейді теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай. Қожа Ахмет Иасауидің әлемге әйгілі еңбегі «Диуани Хикмет» 1887, 1901 жылдары Қазанда, 1901 жылы Стамбулда, 1902 жылы Ташкент қаласында жеке кітап болып басылып шыққан. Оны белгілі ақын Есенбай Дүйсенбай қазақшаға аударып, 1998 жылы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен қалың оқырманға арналған кітап етіп шығарды.
Қожа Ахмет Иасауи бабамыз негізін қалаған иассавийа сопылық жолы халық арасында да, ғылымда да «жахрийа» деген атпен көбірек танымал болған. Өкінішке орай кейбір дінтанушылар оны Ахмад аль-Харисидің басшылығымен XV-XVI ғасырларда Мухаммад ибн Иса аль-Мухтар құрған, біздің өңірден тіпті де басқа аймақтағы «исавийа» сопылық жолымен шатастырып алып жатады. Шындығында, Қожа Ахмет Иасауи құрған сопылық жол әлемге әйгілі ұлы жолдардың бірі. Ал Иасауи ілімі ежелгі қыпшақ даласын мекендейтін, кезінде исламды «қылыштың күшімен емес, тілдің ұшымен» қабылдаған халықтардың қазіргі ұстанған дініне мықтап сіңіскен, оның ажырамастай құрамдас бөлігі болып қалыптасқан. Ол жаңғырту мен жаңартудан гөрі жан-жақты зерттеп, тереңірек зерделеуді көбірек қажет етеді. Өйткені арадағы мың жыл ішінде халық бұл ілімнің өміршең тұсын өзінде қалдырып, далалықтардың исламға тезірек кіріп, жылдамырақ көндігуіне көмегін тигізген өтпелі бөлігін саналы түрде ұмытқан.
Қожа Ахмет Иасауи ежелгі түркі көшпенділерінің дәстүрлі дүниетанымындағы табиғат күшін жоққа шығармады, сөйте тұра оларға бұл күштердің жалғыз құдай – Алланың қолымен жасалған іс екендігін түсіндіріп берді. Осылайша далалықтарды табиғатпен біріктіретін ескі күштер де сақталды, сонымен қатар ислам да қабылданды. Академик В.Бартольд Қожа Ахмет Иасауи мен оның шәкірттерінің көшпелі халық арасында беделдерінің зор болғандығын, олардың ел аралап, Құран уағыздары мен шариат заңдарын насихаттағанын діни тақырыптарға арналған кітапшалар таратқанын айтады, ал Е.Смирнов: «Иасауи түркі тайпалары арасында ислам дінін таратуда үлкен еңбек сіңірді... ол көшпелі қазақ тайпаларының ұлттық әулиесі атанды», – дейді.
Накшбандийа сопылық жолының тарихын жазған белгілі дінтанушы Фахраддин Али ибн Хусайн бұл жолдың алғаш негізін қалаған 1140 жылы дүниеден озған, ислам әлеміне танымал тұлға Абу Иакуб Иу-суф аль-Хамадани екенін, ал 1179 жылы өмірден өткен Абд аль-Халик аль-Гидждувани жаңадан 8 ереже мен «құпия зікір» салуды енгізгенін айтады. Мухаммад Баба Саммаси мен Амир Кулал Сухариден дәріс алған Баһа ад-Дин Накшбандидің ұлты тәжік болғанымен әкесі жағынан хазіреті Әли ибн Әбу Талибке, шешесі жағынан Әбу Бәкір ас-Сиддиққа қатысты, түрік ортасымен тығыз байланыста болған. Ол өзінің түсіне енген, Қожа Ахмет Иасауидің үш шәкіртінің бірі Мансұрдың тармағынан тарайтын Халил Атаға алты жыл қызмет етеді. Кейін 1347 жылы Халил сұлтандықтан түскесін еліне барып осы жолды жандандырады. Ол да «құпия зікірді» жақтаған, тіпті «жария халыққа көріну үшін, жасырын хаққа берілу үшін» деген сөзі де бар.
Баһа ад-Дин Накшбанди 1318 жылы дүние келген, 1389 жылы қайтыс болып, Бұхара маңындағы Касри Ғарифон қыстағына жерленеді. Оның басына 1544 жылы Әмір Абдалазиз хан әсем кесене салады, ал Абу-л Фаиз ханның шешесі оның жанынан мешіт тұрғызған, сол маңға XIX ғасырда Әмір Насрулла тағы бір мешіт салдырады. Тәуелсіздік алған соң Өзбекстан үкіметі арнайы қаржы бөліп, Бұхарадағы ең белгілі, ең көрнекті ислам жәдігерлерінің бірі саналатын хазіреті Баһа ад-Дин Накшбанди мемориалдық кешенін толық жөндеуден өткізді, 2003 жылы оның 675 жылдығы кең көлемде тойланып өтті. Ұлы ақындар Джами, Саади, Ширази мен Алишер Навои, белгілі таулық Шамиль мен өзіміздің Жалаңтөс Баһадүр бабамыз – осы жолдың ықпалында болған. Хазіреті Ала ад-Дин Аттар, Қожа Парса Бухари, Маулана Мұхаммед, Қожа Мұсафир Хорезми секілді өз заманының белгілі парасат иелері – оның шәкірттері. Ислам дінінің көркеюіне көп қызмет еткен ғұлама, «Хайатнама» (Өмірнама), «Далалүл ашиқиин» (Ғашықтық дәлелі) атты кітаптардың авторы Баһа ад-Дин жайлы кезінде Джами, Алишер Навои, Махдуми Ағзам, Қожа Ахрар Уәли үлкен ілтипат, құрметпен жазған.
Дінтанушылардың пікірінше бұл сопылық жолдың о бастағы атауы «хваджаган», Баһа ад-Дин Мухаммад аль-Бухари (Накшбанди) ғұламаның тұсынан бастап «накшбандийа» атанған. «Накш (нақыш)» – өрнек деген сөз, тірліктегі тәуір нәрсенің бәрін жүрекке орнықтырып, миға өрнектеу деген мағына береді. Ғалымдар бұл жол түріктердің суннамен байланысын нығайтты және XV ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап негізінен зиялылар мен билік басындағылардың ой-пікірін білдіріп, орта азиялық, түркиялық, индиялық болып үш үлкен тармаққа бөлініп кеткен деп есептейді. Бұл тармақтардың бәрі де 1490 жылы өмірден өткен, заманында өте беделді болып «Хадрат-и ишан» атанған Омар ұрпағы Қожа Убайдоллах аль-Ахрардан бастау алады және өз ішінде бірнеше кіші тармақшаларға тарайды.
Тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбек накшбандийа ілімін түркі халықтары арасына кеңінен таратуға билік басындағы Шыңғыс хан ұрпақтары көп күш жұмсағанын, XV ғасырда құрамына қазіргі ұлан-ғайыр қазақ жері де енген Дешті Қыпшақтың ханы болған Әбілхайырдың, XVI-XVII ғасырларда өмір сүріп, тарихқа «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» қалдырған қазақ хандары Қасым мен Есімнің осы жолды ұстанғанын, сол кездегі ұлы жүз руларының біраз бөлігі мен Түркістан, Шымкент, Тараз маңындағы қазақтар да накшбандийа жолының ықпалында болғанын, ал XVIII ғасырдан бастап Тәуке ханның «Жеті Жарғысынан» соң әдет-ғұрып, салт-дәстүрде иассавийаға, діни-идеологиялық бағытта накшбандийаға басымдылық берілгенін айтады. Тарихшы ғалымның сөзіне қарағанда қазақ зиялылары мен ұлтымыздың танымал тұлғаларының бірқатары заманында осы сопылық жолды ұстанғанға ұқсайды.
Шындығында да бұл Керей мен Жәнібек тұсында өз алдына отау тіккен қазақ хандығының феодалдық мемлекет есебінде қалыптаса бастаған, ал исламның қазақ жеріне толықтай тарап, елдің ұстанған бірден-бір дініне айналған шағы болатын. Сөйтіп сопылық жолдағылардың бірі ұлан-ғайыр қыпшақ даласына ислам дінін таратса, екіншісі сол далада қазақ мемлекетінің қалыптасуына атсалысты, оның орнығуына ықпал етті. Мұны дінтанушылар сопылардың мемлекет ісіне тікелей араласпаса да замана үрдісімен үндес өмір сүріп, уақыт талабына сай тірлік ететіндігімен түсіндіреді.
Дж.Тримингэм монғолдар қол астында болып, кейін егемендік алған елдің бәрінде де накшбандийа сопылық жолының пірлеріне аса зор құрмет көрсетілгенін, Моғол империясының негізін қалап, Делиді мемлекет астанасы еткен, 1530 жылы өмірден өткен, Әмір Темір ұрпағы Захир ад-Дин Мухаммад Бабырдың кезінде оның Үндістанда, Осман империясының тұсында түрік жерінде, Египет пен Сирияда кеңінен тарағанын жазады. Ал мәскеулік ғалым М.Рощин қазіргі кавказдағы сопылардың көпшілігінің екінші мыңжылдықтың реформаторы (муджад-дид-и алфи-и сани) атанған, 1625 жылы өмірден өткен шейх Ахмад аль-Фаруки ас-Сирхиндидың накшбандийа тармағын ұстанатынын және бұл бірнеше ғасырдан бері жалғасын тауып келе жатқан үрдіс екенін айтады. Қазан төңкерісінің қарсаңы мен кеңестік дәуірдің бастапқы кезеңінде маңғыстаулық сопылардың да бірқатары осы жолда болған. Себебі ол тұста Ыбырай Алтынсарин айтқандай «қазақтардың діні татар тілінде жазылған» болатын, яғни дінге басшылық бұл тармақ кеңінен таралған татар елінің дінбасылары тарапынан жасалатын. Ал бүгінгі таңдағы біз көріп жүрген накшбандийалық мүридтердің көпшілігі казказдықтардан да, хиуалықтардан да тек өздері ғана білетін азды-көпті айырмашылығы бар Имам Раббаний тармағындағылар.
XVII-XVIII ғасырлардағы накшбандийа сопылық жолына басымдылық беру үрдісі орта азия өңірінде де болған. Әйгілі «Түрік шежіресін» жазған Абулғазы Баһадүрханның ағасы Исфандияр хан Хиуада билік құрған 1623-43 жылдары жария зікір салатын кубравийа жолын тұтынған хорезмдік сопылар жаппай накшбандийа жолын ұстана бастайды. Олар осы екі жолға да тән талаптарды орындады. Ара-тұра әсем әуенмен өте әдемі етіп жария зікір де салды. Зікірлері иассавийалықтарға ұқсамаса да бұл сопылардың көпшілігі «жахрийа силсаласынанбыз» дейтін. Өйткені олар тұтынған жолдың түп тамыры – Қожа Ахмет Иасауи ұстанған, түркі тектес халықтардың исламға дейінгі дінінің әдет-ғұрпына көп қайшы келмейтін шариат болатын. Ол кезде Маңғыстау өлкесі Хиуа хандығының ықпалында еді. Сондықтан маңғыстаулық сопылар да бұл үрдістен тысқары қала алмады.
Бұл жолды ұстанған Хиуалық сопылар негізінен Маулана Мухаммад Қазының орта азиялық тармағында болды. Соның бірі – өзіне ғана тән ерекшеліктерімен батыс дінтанушы ғалымдарының назарын аударған Маулана Махдумий Азам ұстанған тармақша. Оған кіруге тілек білдірушілерге өте қатаң талап қойылған, үміткерлер ерекше сынақтан өткен, әрқайсысына жеке тәлімгер – ұстаз бекітіліп, тек солардың ұсынысымен ғана мүшелікке қабылданған. Сондықтан бұл жолда Аллатағалам ерекше қабілет пен қасиет сыйлаған таңдаулы да санаулы сопылар ғана болған.
Жалаңтөс баһадүр бабамыз жайлы ғылыми еңбек жазып жүрген Ташкент қаласында тұратын қандасымыз, белгілі ғалым, «Сырдария» университетінің профессоры Нұрәли Бегәлиұлы Өткелбаев ағамыздың айтуына қарағанда ғылыми әдебиеттер мен тарихи қолжазбаларда Маулана Махдумий Азам делініп жүрген Ұлы ұстаз Махдумий Ағзам болуы керек. Махдумий Ағзам – шамамен XV-XVI ғасырларда Орта Азия аймағында өмір сүрген ұлы ғұламалардың бірі. Ол Самарқанд қаласының солтүстік батыс жағындағы Миенкөл аралындағы Даһбед қыстағына жерленген. Даһбед – парсы тілінен аударғанда «он тал» деген мағына береді. Себебі хазірет Жәнібек сұлтанның шақыруымен Ферғанадан көшіп келген белгілі әулие сейид Ахмет Жалеладдин кезінде осы жерге он түп тал еккен екен делінеді. XVII ғасырдың басында бұл жерге Махдумий Ағзам құрметіне арнап Жалаңтөс баһадүр сәулетті екі мешіт пен қырықтың үстінде бөлмесі бар медіресе салдырған, өзі де бауырынан өрген ұл-қыздарымен бірге осында жерленген. Себебі бұл қауымда оның пірі, Махдумий Ағзамның немересі, 1635 жылы өмірден өткен Қожа Хашими Даһбеди жатыр. Жалпы бұл елді мекен қашаннан қасиетті орын саналады. Сондықтан өз заманында Әмір Темір де, одан кейінгі ел басшылары да осында келіп, әулиелерге кітап аштырып, ұлы жорықтарға бата алып аттанатын болған.
Хиуалық дінтанушы Назарбай Реджепұлы Маулана Махдумий Азам ұстанған жолдың орта азиялық белгілі ғұлама, сейид Мухаммад Бақиржан Азизге дейінгі аралығы «Рисолайи хилфати суфихо» кітабында былайша баяндалған деп жазады.
Кубравийа жолының негізін салған Наджмаддин Кубра 1145 жылы Хиуада туған, Египетте Рузбихан аль-Ваззан аль-Мисридан тәлім алған, өз сопылық жолын Хорезмде құрып, 1221 жылы сонда монғолдар қолынан қаза тапқан. Әлемге әйгілі «Сифат аль-адаб» (Әдеп үлгісі) атты үлкен еңбек жазған бұл ғұламаның Көне Үргеніштегі жерленген жері –– жергілікті халық «Шикәбір Ата» (Шейх Кубра, Шейх Кабир – Үлкен Пір) деп аса қадір тұтатын, өте қасиетті орын. Ол ашқан оқу орны «даналар дайындайтын мектеп» атанған. Ислам дүниесіндегі танымал тұлғалар болып табылатын Баба Фарадж, Аммар ибн Иасир аль-Бидлиси, Исмаил аль-Касри-Наджмаддин Кубраның тәлімгерлері, ал парсының ұлы ақыны Фарид ад-Дин Аттардың ұстазы Маджд ад-Дин аль-Багдади – оның шәкірті делінеді. «Алтын Орда ханы Берке Бұхараға барып осы жолды ұстанған белгілі сопы, 1260 жылы өмірден өткен Сайфаддин Сайд аль-Бахарзидан ислам дінін қабылдап, мұсылман болған», – деп жазады Дж.Тримингэм. Фирдаусийа, Нурийа, Рукнийа, Хамаданийа, Игтишашийа, Нурбахшийа сопылық жолдары осы жолдан тараған деп есептеледі.
Әлемдегі сопылық жолдардың ішіндегі ең ұлысы да, аса қасиеттісі, әрі құдіреттісі –Кадирийа сопылық жолы. Оның негізін салған Абд аль Кадир аль-Гилани (Абдалкадир ибн Аби Салих Джангидост), кейбір әдебиеттерде аль-Джилани деп жазылады, 1077 жылы Ирандағы Гилан өлкесінде туған, 1166 жылы қайтыс болған, Бағдадтағы жерленген жері мұсылмандардың ерекше қасиетті орнының бірі саналады. Ол әулиеліктің ең жоғарғы сатысына жетіп, «гаус аль-ағзам» атанған адам, 1127 жылы елуден асқан шағында өз ғасырының құтыбы атанған Иусуф аль-Хамаданидан бата алып, мұсылман әлеміне танымал Ұлы әулие атанады. 1134 жылы оған шәкірттері мен отбасы үшін әдейі орын – рибатымен медресе салынады, замандастары оның сопыларша емес, ғалымдарша киінгенін айтады, тоғыз баласының екеуі Абд-ар-Раззак пен Абд-аль-Азиз әке жолын қуып, ғұлама діндарлар болады.
Сейид Идирис Шахтың «Суфизм» деген кітабында шейх Умру Осман Сайрафини мен шейх Абдул – Хак Харини өз көздерімен көрген, Алла атымен куәлік ететін мынадай бір оқиға сөз болады. Хижраның бес жүз елу бесінші жылының сафар айының үшінші жаңасында олар ұстаздары сейид Абд-аль-Кадир аль-Гиланидің мектебінде отырады. Бір мезгілде Ұстаз орнынан тұрып, аяғына ағаш сандалын киіп дәрет алады, артынан екі рақат намаз оқиды. Кенет қатты айқайлап жібереді де, әуелі бір сандалын шешіп алып, далаға қарай лақтырады. Сәлден соң қатты айқайлап жіберіп, екінші сандалын лақтырады. Далаға лақтырылған екі сандал лезде көзден ғайып болады, ал мұның мәнісін сұрауға ешкімнің дәті бармайды.
Арада отыз күн өткен соң Бағдадқа күншығыстан бір керуен келеді. Олардың басшысы Ұстазға сый-сияпат әкелгендігін айтады, тиісті рұқсат алынғаннан соң сыйлық қабылданады. Бір қызығы сыйға тартылған азғана дүниенің ішінде бұдан ай бұрын лақтырылған Ұстаздың екі ағаш сандалы да болады.
Сөйтсе, бұларға жол бойында сафар айының үшінші жаңасы күні екі адам басшылық еткен араб қарақшылары шабуыл жасап, әлденеше адамын өлтіріп, дүние-мүлкін тонап алады. Қарақшылар орманға кіріп кеткен соң амалы құрыған саудагерлер ұлы Ұстазға жалбарына бастайды. Бір кезде екі мәрте қатты шыққан дауыс естіледі, көп ұзамай қарақшылар қайтып келіп, қиын жағдайға душар болғанын айтып, саудагерлерге тоналған дүние-мүліктерін қайтарып алуларын өтінеді. Орманға келген саудагерлер өліп қалған қарақшының екі басшысын олардың қасында жатқан екі ағаш сандалды көреді.
Тәуекелге бел буып, өз ризықтарын адал еңбекпен тауып жүрген керуеншілерге қиянат қылған қос арабтың ажалы осылайша айшылық жерден келіп, бастарына түскен әулиенің ағаш сандалынан болады. Бұл әлем білетін, адамзат мойындаған әңгіме. Ендеше біз де әулиеліктің ең жоғарғы сатысы «гаус» дәрежесіне жеткен, ислам дініндегі сопылық жолын ұстанып, ондағы ең биік мәртебе «машайық» дәрежесіне көтерілген, әлемге әйгілі сопылық жолдың үлкен бір тармағының біраз жыл рухани басшысы – Пірі болған, мұсылман әлеміндегі санаулы адамдардың бірі саналатын Бекет Ата туралы ғажайып сөздерге аңыз деп қарамауымыз керек. Ол – аңыз емес, шындық. Тек біз, қарапайым адамдар, қырын түсіне алмайтын, сырын біле бермейтін шындық.
Басшы Айжанақұлы ӘЗІРХАНОВ,
саяси ғылымдар кандидаты.
ТӘУБАҒА КЕЛУ
Жастайынан жоқшылық зардабын тартып, тағдырдың тепіршін көріп өскен бала Бекет күнкөріс үшін жақсылы-жаманды қаракеттерге де барыпты. Оның теріс екенін пайымдаса да қу тірлік тоқтатуға күш бермепті. Кедейлігіне қарамай ел аралап, жер көреді екен. Бірде осындай сапарында жаяулап бір ауылға келсе, ақшаңқан үйлердің маңында жайылып тұрған ақ боз атты көреді де, қатты қызығады. Шаршағаннан әрі қарай сапар шегуге жағдайы келмейтінін білген бала тәуекелге бел байлап, еңбектеп келіп әлгі аттың шідерін шешіп, жайдақ мінеді де, қаша жөнеледі. Мұны айналада ойнап жүрген балалар байқап қалып, үлкендерге хабар береді. Хабар алысымен екі кісі қуа жөнеледі. Қуғыншыларды көрген Бекет мықтап сасады.
— Уа, жасаған нем, жоқшылық қанша қысса да қия жүрісімнің соңы осы болсын, құтқара көр! – деп, Аллаға жалынып, тілек етеді де, әрі қарай қаша беруді доғарып, алдындағы төбеден аса бере тоқтайды. Қуғыншы жігіттер де жетеді. Келсе, қара ала аттың қасында бір бала тұр. Әрі қарайды, бері қарайды, өздері іздеп келген ақ боз ат көрінбейді, ізіне қараса ойылып жатқан Ақбоздың ізі, бірақ өзі жоқ... Оған таң тамаша болған қуғыншылардың:
— Із біздікі, ат сіздікі болды. Біз жаңылыс қуыппыз, кешір, інішек, – деп, кейін қайтып кетуден басқа лажы болмайды.
Алланың шапағаты тиген жас ұлан жолдағы бір өзеннен өте бергенде су бетінде бір қол пайда болады да, көрінбей кетеді. Не екенін білмей ақылы айран болып тұрғанда көп кешікпей әлгі қол саусақтары жазылған күйде тағы көрінеді де, көп кідірмей ол да суға батып кетеді. Бекет Ата көрген ғаламатын неге жоруды білмей таң-тамаша қалады. Ұзақ толғаныстан кейін: «Бір қол – бір Алланы есіңнен шығарма, бес саусақ бес парызыңды ұмытпа, енді бәрін қой да, дін жолына бағыттал дегені болар», – деп, тәубаға келіп, бұдан былай қанша тұрмыс тапшылығын көрсе де өзге қаракеттердің бәрінен тыйылып, имандылық жолға түсіп, кісінің ала жібін аттамаған, аттағандарды да жақтамаған.
БАЛА БЕКЕТТІҢ ЕЛГЕ АЛҒАШҚЫ КӨМЕГІ
Жаз жайлауда отырған тұтас бір ауылдың бар сауын малы – түйесі, биесі, сиыры, қой-ешкісі аяқ астынан бір мезгілде суалып, бала-шағасы ақсыз қақсып қалады да, қысы-жазы шұбаттан, қымыз бен сүттен арылып көрмеген ел ақылынан адаса жаздайды. Көпті көрген қарттары да дәрменсіздік танытып, не істерін білмей шарасыз күй кешеді. Айтулы бақсы-балгерлерге хабар жібереді. Келгендері мұндай індетке еш дауа таба алмай, еңселері түсіп кері кете береді.
Ауыл адамдарының қайсы бірінің таныстарынан әкелген малы бір жұмаға жетпей алдына келгенін тістеп, артына келгенін теуіп сауғызбайтын халге жетеді.
Бұл хабарды көрші ауылда тұратын бала Бекет естігенімен бастапқыда жастықтан болар мән бермейді.
Бірде қойын өріске айдап шыққанда сол ауылдың адамдарымен жолығысып қалады. Олардың сөздерін тыңдап, ажарын көргенде аяушылық сезімі оянған бала Бекеттің мал өрістен оралғанда жүрегі сыздап, қызуы көтеріліп ауырып қайтады да, келесі күні қой бағуға шыға алмайды. Әкесі мен анасы өздерінше ем жасаған болады. Алла тағаланың шапағатымен төртінші күн дегенде басын әрең көтереді. Сол түні қалың ұйқыда жатып түс көреді. Түсінде бір ескі апанның тұсынан өте бергенде құлағына жағымсыз үн естіледі. Оның не екенін білмекке атының басын бұрып, жақындауға ниеттенгенмен, жануар құлағын қайшылап, тұяғымен жер тарпып тұрып алған соң, атынан түсіп, шылбырын білегіне орап құдыққа келіп ішіне үңіліп қараса, денесі мысық, басы адам тәрізді өмірі көрмеген он шақты мақұлық үш ешкіні таласа-тармаса еміп жатыр екен. Ауырсынған ешкілер ара-тұра адам түсініп болмайтын дыбыс шығарады. Аузы сүтке жарымаған біреуі кәдімгі сәбише еңіреп жылап жібереді. Әлгінің жылағанынан тұла бойы тітіркенген бала Бекет оянып кетеді де, әрі ойлап, бері ойлап таң сарғайып атқанда әлгі ауылды бетке алады.
Ауылдағы бір үйдің алдында тұрған топқа келген бала Бекет, амандық-саулықтан кейін олардан өзін жатсынбай тыңдауын өтінеді. Амалы таусылып отырған ауыл адамдары баланың сөзіне күдіктенгенмен айтқанына көнуді мақұл көреді. Жиналған көпшілік тараған соң ауыл ақсақалымен бетпе-бет қалған ұлан:
— Әруақтар аян беріп, сіздерге көмекке келіп отырмын. Бастарыңа түскен қасірет бірнеше жылдан бері осы ауылдың әйелдері бойына біткен баланы жарық дүниеге шығармай алдырып тастап отырғандықтан болыпты. Осыған орай құдіреті күшті Алла сіздерге осындай зауал жіберіп отыр. Одан құтылу үшін маған шын көңілмен сеніп, айтқанды бұлжытпай орындауға тиіссіздер. Әлгі әйелдер мен айтқан апан жаққа бір-бірлеп барып қайтулары керек. Ал сіздер сауынға пайдаланып келген малдарыңыздың әр түрінен құрбан шалыңыздар да, қандарына ит тигізбей, сол құдыққа апарып құйыңыздар, – дейді. Ауылдастары аузынан шыққанын қалтқысыз орындайтын әлгі ақсақал бала Бекеттің айтқанына келіседі де, тездетіп іске кіріседі.
Барлық жоралғы жасалып болған соң құдық жаққа барып қайтқан әйелдердің бір емшегі жай теріге айналыпты, ал суалған жануарлар ыңырсып, қайтадан сүт бере бастапты.
Қазақ пен түрікпен қақтығыстарының бірінде мұздай қаруланған түрікпен қолы мал-мүліктерін олжалап, ерлерін қан қақсатып құл, әйел қыздарын күң ету мақсатымен бейқам жатқан ауылдың үй-жайларын өртеп, шаңырақтарын ортасына түсіріп, адам қанын судай шашып, армансыз қырады.
«Қап!», – деп, сан соққан қамсыз елдің аттанбақшы боп жасақ жинап жатқанын көрген бала Бекет:
— Ағалар, шыдай тұрыңдар, әзір әруақ қолдамай тұр. Аттанатын уақытты өзім айтамын, – деп тоқтау салмақ болғанына ызаланған қайсы бір тентек:
— Қап, мына баласы түскір жаман ырым бастады-ау. Тіліне шоқ түскірді тізгіндейтін біреу бар ма өзі?! – деп, қапы қалғандарын қаршадай баладан көргендей болады. Ауылдың аузы дуалы бір ақсақалы баланың айтқанын ой елегенін өткізіп, байсалды қалпын өзгертпей:
— Осы бала бірдеңені біледі. Өр көкіректенбей, өзім білемдікке салынбай бір жолға ақылын алып көрейік, ақыры не болар екен!? – деп басу айтыпты. Жиналғандар осыған тоқтапты. Күндер өте береді. Бекет те үнсіз жүре береді. Бір күні таңсәріде оянған бала Бекет:
— Алладан хабар келді, аттаныңдар! Жау жеңіледі! – деп жар салады. Дайын жасақ асығып жетсе, келесі беттен жау шауып, түрікпендер бір қолын екі ете алмай бүлініп жатыр екен. Осыны пайдаланған жасақ түрікпен әскерлерінің екінші бетінен тиіп, дұшпандарын дүркірете қуып, жауда кеткен малы мен жесірін қайтарып, елге мол олжамен оралыпты.
ҰСТАЗДЫҢ ШӘКІРТТЕРІНЕ БЕКЕТТІ МОЙЫНДАТУЫ
Хиуа медресесінде оқып, ұстаздарынан дәріс алып жүрген кезінде бала Бекет оқуға ынталы, зеректігімен, ұстаздары тарапынан берілген тапсырмаларды мезгілінде мұқият орындайтын табандылығымен, ешуақытта ешкімнің көңіліне тимейтін жақсы мінез-құлқымен өзі тұрғылас құрбыларынан ерекшеленген. Өздері қатарлы баланың басқалардан көш ілгері алға кетуі, біреулердің намыс отын тұтандырып, оқу-білімге деген құштарлығын оятса, енді біреуінің: «Менен озбаса екен», – деген өзімшіл, өркөкіректікке салынған мысық тілеу пиғылдан тараған қызғанышын туғызады да, Бекетті мазақ етуге өзара келісіп, біреуін әдейі өлген кісіше шалқасынан жатқызып, бетіне ақ жауып қояды да, Бекеттен жаназасын шығаруды өтінеді. Құрбыларының өрескел ісін зерделі шәкірт сезсе де, сыр бермей келіседі. Жаназа оқылып болған соң жатқан жолдасын тұрғызбақ болған бұзық ниеттілерге Бекет:
— Қозғап әуре болмаңдар, ол енді тұрмайды, – деп кесіп айтады. Бұл сөзге сенбеген әлгілер тұрғызбақ болған ниетінен қайтпай қанша әурелесе де өлі дене былық-сылық етіп қимылсыз жата береді. Біреуі жатқан адамның жүрегін басып қарағанда, достарының жаны әлде қашан жаһанамға кеткенін біліп, өңі ауып кетеді. Өздерінің ақымақтығынан жолдастарынан айрылып қалғанын сезген қызғаншақтар ұялған тек тұрмас дегендей құрбысына қарап:
— Біз жәй ғана ойнап едік, бұның қалай, Бекет? – деуге ғана әлі келеді. Ойыннан өрт шығатынын білмеген тентектерге:
— Мен ойынды қойғалы қашан, – деп, қысқа қайырыпты.
Бақыржан ұстаз бұл оқиғаны сезіп отырады да, шәкірттерінің өрескелдікке барған теріс қылықтарын қойғызуды мақсат етіп, медреседегі дәріс аяқталған соң Бекет оқитын топтағы жиырма шақты шәкіртті Амударияның Хиуаға таяу өтетін тұсынан өтіп, өзеннің арғы бетінен отын шауып келуге жұмсайды. Мезгіл көктем айы болса керек, екі ат-арбаға бөлініп мінген шәкірттер өзен жағасына таяп барса, өзен суы қайық емес, кеменің жүзуін қиындататындай кемерінен аса жаздап жатыр екен. Бұл ғаламат су тасқынын көрген шәкірттер істейтін амалы болмай дағдарып қалады. Өзен суы өткел бермегенмен ұстаз тапсырмасын орындау керек. Шәкірттер екі ұдай пікірде аңтарылып тұрғанда Бекет топ арасынан бөлініп шығып, өзенге бағыт алады. Енді жігіттердің назары Бекетке ауады. Өзен суына таяқ тастам жер қалса да іркілетін бала Бекет жоқ, екпіндей басып алға ұмтыла береді. Еш қиындықсыз келесі жағаға өтіп, көз ұшындағы орманнан балтасымен құрғақ отынды шаба бастайды. Қалғандары қанша ниеттенсе де арғы бетке өте алмайды. Бұл кереметті көрген шәкірттер құрбысы жайлы түрлі пікірлер айта бастайды. Ауылға қайтуға ұстаздан ұят екенін сезінген тентектер, тұра беру де қисынсыз болғанмен Бекеттің келуін күтеді. Күн ұясына батуға тақап қалғанда шапқан отынын арқалап, өзен суы тобығынан да келмей кері оралады. Жолдастарының Бекетке деген теріс көзқарасы өзгеріп, алып келген отынын жабылып арбаға жүктеп, қас қарая Ұстаз алдына барады. Иықтарына су кеткеннен-ақ қызғаншақтардың Бекеттің құр адам еместігін түсінгенін сезген Ұстаз: – Келдіңдер ме, ендеше, демалыңдар, – дегеннен басқа ештеңе айтпапты.
Тағы бірде Бақыржан қожа шәкірттері үшін медресе жанынан қосымша ас үй салдырмақшы болады. Үйдің қабырғаларын қалатып болған соң, төбесін жабу үшін тиісті мөлшерде бөрене алдыртады да, біреуін ұзындығынан әдейі бір қарыс кем кестіріп қояды. Дәріс соңында шәкірттерін құрылыс басына алып барып, әлгі бөренелерді үйдің төбесіне шығаруды тапсырады. Өзі бас болып қысқа кесілген бөрененің бір шетінен ұстайды. Бөренені жабыла көтерген шәкірттер үйдің төбесіне қоярда оның қарсы қабырғаға бір қарыстай жетпей тұрғанын көріп ұстазына хабарлайды. Сонда ұстазы Бекетке бұрылып:
— Бекетжан, мына құрбыларың үйдің төбесіне шығарған бөренені бір қарыстай жетпегенін айтып тұр, кем жерін жалғап жібермес пе екенсің? – дейді. Ұстазының әуелгі бастағы ойын ертеден сезіп, ішке түйіп жүрген Бекет үйдің төбесіне шығады да:
— Бисмилла Рахманир Рахим, – деп еңкейе түсіп, қолын бөрененің жетпей тұрған ұшына тигізе бергенде, бөрене сатыр-сұтыр дыбыс шығарады да, ұзарып, үйдің қарсы жақ қабырғасын дәл жауып тұрады.
Алғашында Бекетпен «ойнап» от басып, өң мен түстің арасында құрбысынан айырылып қалған шәкірттер, ұстаздың аса көрегендікпен істеген ісінен соң сабаларына түсіп, тәубелеріне келіпті. Бекетті біржолата мойындағандықтары болар, өңкей күншіл шәкірттер қателіктері үшін ұстаз алдында Бекеттен кешірім сұрап, қолын алып, достасып кетіпті.
АПАТТЫҢ АЛДЫН АЛҒАН ӘДІЛ БИЛІК
Жанұзақ батырдың көк найзасының ұшына ілігіп жан тәсілім болған түрікпеннің Оғұлжан батырының алтыншы әйелі мұсылманшылық ғұрыппен күйеуінің соңғы кәдесін өткізіп болып, таңсәріде қазақ елін бетке алып, сапар шегеді. Сұрай-сұрай Рысалы батырдың аулына жетіп, күйеуін өлтірген он бес жасар бозбала Рысалыұлы Жанұзаққа күйеуге шықпақ ойын ауыл ақсақалдарына жеткізеді. Мұндай тосын оқиғаны күтпеген ел ақсақалдары абдырап, әйелге қандай жауап берерін білмей қатты сасады. Өзара ақылдаса келе сол кездің өзінде озық ойлылығымен, ақыл-парасатымен тұрғыластарынан көш ілгері саналатын, Хиуа шаһарындағы оқуынан демалысқа келіп жатқан бозбала Бекетке жүгінеді. Рысалыұлы Жанұзақ Бекетпен құрдас болса керек.
— Құрдасыма сәлем айтып барыңдар. Өзі келген әйелді жастықпен, жастыққа тән ойланбай жасалатын мастықпен алып жүрмесін. Тегін әйелді алып, қуанышқа бөленгісі келген құрдасым бүкіл елге кесірін тигізіп алар. Әйелдің түнделетіп қазақ жеріне кеткенін біліп, батырынан бір, жесірінен екі айрылған түрікпендер қатты қаһарға мініп шұғыл жасақ құрып жатыр. Тезірек еліне қайтармасаңдар жазықсыз қан төгіс, адам өлімі, мал шығыны болатындай, – деп болжамы мен ақыл-кеңесін айтады.
Ауыл ақсақалдары бір ауыздан бала Бекет айтқан билікке тоқтайды. Әйелге мән-жайды түсіндіріп, астына ат мінгізіп, жолына жететін азық-түлік пен сусын беріп, ықылас-ниеті үшін рақмет айтып, сол күні еліне жөнелтеді. Сөйтіп, он бес жасар бала Бекет терең ақыл-парасатымен, зерек ойлылығымен, аңғарымпаз көріпкелділігімен болғалы тұрған қантөгіс апаттың алдын алып, әділ билік жасапты.
АСА ТАЯҚТЫҢ ТАБЫЛУЫ ТУРАЛЫ ХИКАЯ
Хиуа медресесіндегі оқудың соңы таялар шамада Ұстаз шәкірттеріне: – Шәкірттерім, медресені тамамдар кез де жақын қалды. Оқыған дәрісімнің жүректеріңе қаншалықты жеткенін бір Алланың өзі ғана біледі, алда ұзақ жол бар, өмір жетсе көрерміз. Мен үлкейдім, ісімді алға апаратын Сіздерсіздер. Мен Аллаға сыйынып қолымдағы аса таяғымды лақтырамын. Аса таяқты тауып кері қолыма тигізген шәкіртіме батамды беремін, – дейді де, отырған орнынан қозғалмай аса таяқты лақтырады. Әуелеп ұшқан аса таяқты бірінші болып таппақ ниетпен шәкірттер әр тарапқа жүгіре жөнеледі. Ұстаз бөлмеде отырып қалған шәкірт Бекетті көргенде таңырқаған пішінмен:
— Сен неге Асаны іздеуге ықылас білдірмедің? – деп сұрайды.
— Мәртебелі Ұстазым, әуелі Алла, қала берді Сіз рұқсат етсеңіз, себебін айтып берейін, – дейді. Ұстазы рұқсат еткен соң Асаның тез арада таптырмайтынын, тіпті әлі түсер жерге жетпегенін айтқанда Ұстаз үнсіз қалады.
Алды бір жұма, арты он күн Асаны іздеп таба алмай дала кезіп, үміт үзген шәкірттер оқу аяқталып, елдеріне қайтады. Ал Бекет шәкірті бұл жолы да кетуге асықпайды.
— Шәкіртім, сен неге айналсоқтап жүрсің, мұнда қарайлайтын не бар? – деп сұрайды Ұстазы.
— Сіздің батаңызды, берер еншіңізді күтулімін
— Онда жай қолыңды!
Бақыржан қожа ерекше қабілетті зерек шәкіртіне:
— Еншіңе асыл тысты кітап, тымақ, балта және аса беремін. Енді қандай талабың бар? – дегенде Бекет:
— Ататын оқ беріңіз
— Оқ дедің бе?.. Саған көп оқ беруге болмайды, біреуі де жеткілікті.
— Азық беруді де ұмытпаңыз, Ұлы Ұстаз!
— Берер азығым жеті атаңа дейін жететін болады.
— Мінетін көлігім болғаны да жақсы ғой.
— Көлігіңді Шопан Ата берді емес пе? Сол жеткілікті.
— Мекен-жайымның болғанын жақсы көремін.
— Шәкіртім, асықпа! Елің бар, халқың бар, одан қысылыс бола қоймас, енді көп кідірмей кете бергенің абзал. Жорытқанда жолың, Қыдыр Ата жолдасың болсын, – деп, тәуір көретін шәкіртін аттандырыпты.
Бекет апталап, айлап ұзақ жол жүріпті. Үстірттің Маңғыстаудың ойына сұғына кірген бір тұмсығына келгенде күтпеген жерден қыр үстінде қадалып тұрған ұстазының Аса таяғына көзі түседі де, қуаныштан жарылардай күй кешеді. Пендешілікпен Аса таяқты тез иемдену мақсатымен жүгіріп келіп, тартып келіп қалады. Аса таяқ қозғалмайды. Білімділігін көрсетсе ғана Аса таяққа ие болатынын сезген Бекет Ата Ұстазы үйреткен аяттарын бірінен соң бірін оқи береді. Аса сонда да мызғымайды. Әбден қысылып, жан дәрменге келгенде ойына бір аят түседі де, соны оқи бастағанда Аса суырылып шығады. Қуанышы қойнына сыймай Аса таяққа мейірлене қарап, келе жатқан бозбала Бекет сол маңда қой жайып жүрген бір адамның жан айқайына тоқтап, әлгінің келуін күтеді. Ол амандық-саулықтан бұрын:
— Аса таяқты көргеніме көп уақыт болды. Сондықтан Аса таяқ маған тиісті, – деп, таяққа жабысады.
— Жоқ, мен тауып, суырып алдым ғой, – дейді Бекет Ата.
Шопан өзеуреп қоймаған соң:
— Е, онда сен ала ғой, – деп, Бекет Аса таяқты лақтырып жібереді. Аса таяқ ауада қалқып барып, жерге дірілдеп қадала қалады.
Қойшы Аса таяқты әрі ырғайды, бері ырғайды, шығара алмайды. Әбден әл кетіп титықтаған қойшы, таяқтан күдерін үзеді де:
— Жарайды, сен шығарып ала ғой, – деп, Бекетке жол бергенде ол ешқандай күш жұмсамай-ақ Асаны суырып алады.
— Жасың кіші болғанмен, оқу өнерің менен артық екен, кел, дос болайық! Менің атым Оғыланды, нәсілім – түрікпен. Сен кімсің? Қайдан келесің? Есімің кім? – дейді, баланың біліміне бас иген әлгі шопан.
— Дос болсақ, болайық, атым – Бекет, қазақ баласымын, – деп, құшағын жаяды.
Сонымен екеуі төс түйістіріп, қол алысады.
...Бекет Ұстаздың айтқанын орындау үшін, тағы да апталап, айлап жол жүріп, Аса таяғын апарып бергенде:
— Сол жерден білім беретін оқу орын саларсың, жайлы қонысың болғай! – деп, батасын береді. Бекет балалықты тастап, ғалымдықты бастап, туған топыраққа қайтады. Аса таяқ табылған маңайдан Бекет тау жақпарын қашап, Ұстаз өсиеті бойынша мешіт салып, бала оқытады. Оғыланды да сол аймақта өмір сүреді. Кездесе қалғанда түрлі тақырыпта әңгіме қозғалады. Сондай бір бас қосуда Бекет:
— Дәм-тұзымыз таусылып өле қалсақ, Сіз мына бір қыр үстінде жатуға тиіссіз. Бұлай шешім қабылдауымның басты себебі біріншіден, Сіздің жасыңыздың үлкендігі, екіншіден, Ұстаз Асасын алғаш көрген жолыңызды сыйлағаным. Ал мен болсам, төменде тау беткейінен салған мешітімде жатайын, – депті.
Адамның өзі жетпеген жерге сөзі жеткен емес пе, осы әңгіме Атаның артында қалған ұрпақтарына жетіп, өсиетті екі етпейтін мұсылмандық әдетпен қасиет иелері Оғыланды шатқалында сол тәртіппен жерленіпті.
НАҒАШЫСЫ НАЗАРҚОЖА АУЫЛЫНДА
Бекеттің әкесі Мырзағұл жарлы болғанмен қайын жұрты дәулетті, парасатты әулет болып ұшырасқан. Қайын атасы Назарқожа күйеу баласының көн торғай тұрмысына қол ұшын беруді, жиендерінің тәрбиесіне өзі тікелей қатысты екенін естен шығармапты.
Бірде күйеу баласы мен қызының үйіне ат басын тіреген Назарқожа:
— Балаларым, мына жиендер қаздың балапанындай тізіліп өсіп келеді екен, өмір жастары ұзақ, сырт көз сұғынан аман жүрсін! – деп бата береді.
Қай заманда да жерін, елін, сыртқы жаудан қорғау ер жігіттің парызы саналғандықтан жас ұлан ат жалын тартып мініп, дұшпанымен найзаласуға, бес қаруды түгел меңгеріп, түрлі жағдайда жорықтарға қатынасуға дайын болуға тиіс екенін білетін Назарқожа осы сапарында жиені Меңдіқұлды жауынгерлікке баулу мақсатымен өзімен бірге ала кетеді.
Меңдіқұлдан айлар бойы хабар келмей, үй іші, туысқандары уайымдай бастайды. Күте-күте шыдамы таусылып, сарылып жүрген әкесіне бір күні Бекет келіп:
— Ағаға деген сағыныштың жөні бөлек пе дедім, әке. Мен енді нағашыммен бірге кеткен бауырымды іздеуге бекіндім. Егер Сіз ықтияр етсеңіз жолға шығуға мен әзірмін. Алла тағала жолды оңғарсын! Бұйырмыс жазса, ойым солай, әке.
— Ақылыңнан айналдым, зердеңе құлдық ұрдым, ұлым! Бұл ойың есті болар ұланға лайық. Алла жар бол сын, жарығым! Тек асығыстық жасама, сапарға жер аяғы кеңіп, күн жылынған соң шығарсың!
— Алдыңды орап сырт мінез танытқаныма ренжіме, әке. Өтінемін, шама келсе менің кідірмегенім жөн.
— Неге, жарығым-ау? Алатын азығың да тапшы. Жол азабын тартып, ашығып қаларсың, – дейді баласына жаны ашыған әке.
— «Жазмыштан озмыш жоқ», – демейтін бе едіңіз. Алла тағаланың пешенеме жазғанын көрермін. Жазғытұрымғы мезгіл, пәлендей суытып кете қоймас, сай-салада жауын мен қардан жиналған су да кездесер. Алдағы уақытта дәл осындай қолайлы сәт бола қоймас.
Ұлынан мұндай жауап күтпеген әке сәл ойланып отырып қалады да:
— Балам, рұқсат Алладан, ықылас-ниет бізден, жорытқанда жолың, Қыдыр Ата жолдасың болсын! – деп, батасын беріп, баласын жолға саларында:
— Балам, қыстан шыққан бір арық тай бар, соны жетелей кет.
— Арық тай жолаушыға көлік бола ма?
— Ия, балам, көлік те, серік те бола қоймас. Жолай өле қалса жасық болса да жылқы еті, азық етерсің, ажалы жетпей қолыңда қалса аяқ артуға жарар, балам.
Жетегінде тайы бала Бекет бірнеше күн жол жүріп, нағашысының ауылына келсе, еркек кіндіктен ешкім жоқ, бәрі жорыққа аттанып кетіпті. Ауылда бөгелмей жасақ артынан кеткен жас ұлан жорықшыларға жетіп, нағашысы Назарқожамен сәлемдеседі.
— Жолың оң болғай, Бекетжаным! Жаумен шайқасуға сен қатыспай-ақ қой. Шикі өкпесің, бекерге мерт болсаң өкінішің кетпес.
— Нағашы, маған қарамай-ақ жорығыңызды жалғастыра беріңіз. Бұл жорықта жауласу, қан төгіс, барымта болмайды. Сіздің қолды болған малдарыңыз шығынсыз сол күйінде оралатын болады. Алла амандық-саулыққа жазса, әлі Сізден сауға сұрайтын болармын. Сізбен дидарластым, көрдім, көрістім, мауқымды бастым, енді құрсақтасым, бауырым Меңдіқұлды көргім келеді. Ол қайда!? – деп, айналасына алаңдаған жиеніне нағашысы:
— Талабың да, ниетің де жүрекке жетеді, ұланым. Ағаң Меңдіқұл жанында бес-алты жасақпен ілгері кеткеніне үш-төрт күн болды, көп ұзамай келіп қалар, хабарын менің де тағатсыздана күтіп тұрған жайым бар.
— Нағашы, – дейді Бекет, – Меңдіқұл бастаған жігіттеріңізден келетін хабардың төркіні мен айтқандай болатын шығар!?
— Уа, лебізің періштенің құлағына шалынсын, өркенім!
Бекеттің асыға тосқан ағасы Меңдіқұл көп ұзамай барымталанған малды тұяғы да шетінемеген қалпында қайыра айдап әкеледі. Жорықшылар елге қарай бет бұрғанда, Жем өткел бермей, жасақ дағдарып қалады. Осы сәтте салт атты біреу еш бөгелместен тасып жатқан өзенге қойып кетеді. Өзен арнасының орта тұсына барғанда бір қолын көтеріп белгі жасайды да, атымен бірге өзі де толқынға көміле суға батады. Әлгі адам енді бір көрінгенде бес саусағын көрсетеді де, көрінбей кетеді. Назарқожа:
— Бұл кісі кім болды екен? – деп, назары жасаққа ауады. Қапелімде жауаптан тосылған олар ештеңе айта алмайды. Сонда бала Бекет тұрып:
— Нағашы, әуелі жасағыңыз түгел, дін аман ба, соны бір аңдап қараңызшы! Егер баршасы түгел болса, сауалыңызға жауабымыз сай келеді, – дейді.
— Жиенжан, біздің тобымыз тас-түйін, шашау шыққан жоқ. Ал әлгі екі дүркін екі түрлі белгі беріп ғайып болған пенденің жай-күйі маған жұмбақ, – дейді Назарқожа.
— Бұл жұмбақтың сырын, – дейді бала Бекет, – әуелі Алла, қала берді нағашы Сіз бен туғаным Меңдіқұл ықтыяр етсе ашып беруге тырысайын.
— Алла атынан және баршамыздан рұқсат, айта ғой, жиенжан.
— Жасағыңыз түгел, тас-түйін болса, бұл баршамызды ақылға шақырып, жол-жоба көрсетіп жүрген Алланың елшісі Қыдыр ілияс болғаны. Бір қолын көрсеткені, пендем, қашан да құдайдың жалғыз, дара екенін бұлтақсыз біл, ал бес саусағын көрсеткені бес парызыңды өтеуді, бес уақыт намазыңды қаза қалдырмауды ұмытпа, осыларды ұғын да, тұтын, жауласудан, қан төгуден қақас бол дегені, – депті. Осыдан кейін Назарқожа қол бастауды қойып, басқа шаруаға араласпай тек мұсылманның бес парызын өтеумен өмір сүріпті.
Ауылына қайтпақ болған жиеніне нағашысы арғымақ мінгізіп, жетегіне бір құлынды бие мен боталы түйе ілестіріп, маңдайынан сүйіп, ақ батасын беріп, Меңдіқұлдың әлі де бола тұрғанын, пысып, көп нәрсені үйренгенін қалайтынын, өзі үйлендіріп, содан кейін кетем десе ұстамайтынын айтып, жолға салады.
БЕКЕТ АТА МЕН ҚЫРЫМҚҰЛ БИ
Хиуадағы жоғары дәрежелі діни оқу орнын үздік бағамен бітіріп шыққандықтан Атаның есімі медресе қабырғасына ойылып жазылыпты. Мұны кейін тағдыр тәлкегімен осы қалада болған атақты беріш Махамбет те, ысық Құныскерей де өз көздерімен көріп, Ата аруағына тағзым еткені әлі күнге шейін халық аузында жүр.
Медресені тәмамдап, еліне қайтқалы жатқанда Хиуа жерінде қалмақ ойын естіртпек болып, қоштасуға өзімен бірге оқыған ауылдасы Қырымқұл келеді. Амандық-саулықтан кейін Қырымқұлдың негізгі арманы оқуын әлі де тереңдете түсу үшін қалып бара жатқанын білген досы:
— Қырымқұл, мен біліміңді жетілдіруді құптағанмен еліңнен, қатын-балаңнан бөлек тұруыңды қош көрмеймін, – деген жолдасының сөзін естіген Қырымқұл:
— Отбасымды қайда болса да асырауға мүмкіндігім жететінін білесің, маған соларды жеткізіп беруге көмектес, қызметің елеусіз қалмас, – деп қолқалайды.
— Менің қызметіме ешқашан өтеу сұрап көрмегенім өзіңе белгілі. Дін жолы үшін өзіңді құрбандыққа шалып, туған еліңнен алшақ кеткелі тұрған азаматсың ғой, сол үшін көмегімді аямаспын, – деп досымен қоштасады. Уәде – Құдай аты. Елге келген соң Қырымқұлдың отбасымен сөйлесіп, қатын-баласын Хиуаға аттандырыпты. Көшерінде Қырымқұлдың тапсырмасымен әйелі біршама малын мешіт салуға септігі тиер деген мақсатпен қалдырыпты.
Қырымқұл би Әнетұлы бірнеше жыл бойы шәкірт тәрбиелеп, халыққа имандылық дәнін сепкен. Өзі 1798 жылы қажылық парызын өтеуге Меккеге барған сапарынан оралмаған. Оған топырақ Медина қаласындағы пайғамбар мешітінің күн шығыс жағындағы үлкен қорымнан бұйырыпты.
Бекет Ата елге оралғаннан кейін де өмірінің соңына дейін Хиуа хандығымен арадағы түрлі бағыттағы қарым-қатынасты ақылмен ұйымдастырып отырыпты. Қазақ еліндегі өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы жаппай ашаршылықта мыңдаған маңғыстаулықтар Бесқала мен Хорезмнің ойын пана тұтып, жан сақтап қалғаны белгілі. Бұл Атаның әуел баста сол елмен достық қатынаста болғанының айғағы екеніне толық дәлел болды.
БІЛІМ МҰХИТЫНА САПАР
Бекет Ата он төрт жасқа келгенде әкесіне келіп:
— Мен Сіздің келісіміңізге ділгермін, – деп, тізесін бүгіп отыра кетеді.
— Айт, балам! – дейді таңданған әкесі.
— Атағы мұсылман қауымына белгілі Пірдің алдынан дәріс алып, үлгі тұтып, құдайға құлшылық етуге ниетім құлады, әке.
— Талабыңа нұр жаусын! Алланың шарапаты тисін! Алладан рұқсат болса, пендесі қарсы болмас. Менің ақылымды тыңдасаң Шопан Атаға барып тағзым еткейсің, – дейді, баласының адал ниетіне риза болған әкесі. Әке сөзіне құлақ асқан жас өспірім айтқанын екі етпей орындайды. Сол сапарда Шопан Атаға түнеп жатқан бала Бекет: «Жас жігіт! Өлі әруақ тіріге Пір бола алмайтынын білмейтін бе едің, жолыңнан қалма, еліңе қайт!», – деген дауыстан оянып кетеді. Бірақ кетуге асыға қоймай, келесі түні де сол жерге түнейді. Түсінде дәл кеше түнгі дауыстың: «Хиуаға бар, сонда Бақыржан қожа деген қасиет иесіне жолық, соны сағала, шырағым!» – дегенінен оянады.
Кетейін десе Хиуаның жолын білмей бала Бекет дағдарысқа түседі. Сөйтіп, үшінші түнді де Шопан Ата зираты басында өткізеді. Шопан Атадан жәрдем сұрау ойымен жүргенде төртінші түн де өтеді. Хиуаға қалай баруды ойлап ұйқыға кеткен Бекет таң сарғайып, бозторғай шырылдай бастағанда:
— «Балам, көлігің әзір. Жолға шық! Бұл жерден енді кет!» – деген қатқылдау дауыстан шошып оянса, қасында тыпыршып тұлпар тұр екен.
— Иә, Алла, жолымды оңғара гөр! – деп, қарғып мінуі мұң екен жер тарпып тұрған тұлпар баланы ала жөнеліп, көзді ашып-жұмғанша бір шаһарға жеткізеді де, ғайып болады. Бекет кездескендерден:
— Мынау қай жер? – деп сұрайды.
— Хиуа шаһары.
— Бақыржан қожаны білесіздер ме?
— Неге білмейміз. Ол кісіні білмейтіндер бұл жерде кемде-кем. Сіз басқа жақтың адамы болдыңыз ғой, – деп, Бақыржан қожаның медіресесіне барар жолды сілтеп жібереді. Осы сапарында тиісті сынақтардан өтіп, оқуға қабылданады. Дәріс барысында Ұстаздың пейілі өзгелерден гөрі осы шәкіртіне ерекше ауады. Мүмкіндігіне қарай үйіне барып келуге де рұқсат етеді. Мұндай құрмет көрмей жүрген басқа шәкірттер қызғаныш танытып, кикілжің шығаруға дейін барады.
Күндердің күнінде Ұстаз шәкірттерін жинап алып:
— Оқу жылы аяқталуға жақын, қайта оралғанға дейін маған жетерліктей отын жинап беріңдер, – дейді. Шәкірттер балта, араларын алып, тоғайдан отын дайындауға аттанады. Ұстаздың құрметіне бөленбек болған олар отынды шамалары келгенінше молырақ жинауға тырысады. Ал Бекет пәлендей көп емес, бірақ әбден қураған томарлар әкеледі. Өзге шәкірттер оның бұл қылығын әжуа етіп, күлкіге айналдырады. Осы оқиғаны пайдаланып бала Бекеттің беделін Ұстаз алдында төмендетуді мақсат қылады да, болған жағдайды түгел баяндайды.
Бақыржан қожа әкелген отынды қарап, шәкірттердің айтқандарының шындығына көз жеткізеді де, Бекеттен:
— Өзге шәкірттер әкелген отын көп, ал сенікі аз, әрі шіріген, қураған, бұл қалай? – деп сұрайды.
— Пірім, рұқсат болса, сауалыңызға жауап берейін.
Ұстаз рұқсатын алған Бекет:
— Қолымдағы балтамды ыңғайлап, ағаштарға жақындай түссем: «Жас едім, өркенімнің өскенін, жапырағымның жайылғанын армандап ем, балта жүзін аулақ қыла көр, қайырымды адам», – деп, көз жастарын көл қылады. Жаным ашып, қыршынынан қиюға батпадым. Өзегінен айырылған, омырылып түскен, ешкімге пайдасыз боп әбден қурап қалғанын тергендіктен көп уақытым кетіп, мол отын әкелуге мүмкіндігім болмады, Пірім!
Бекеттің әңгімесін мұқият тыңдап, оның ісіне риза болған Ұстаз:
— Шәкірттерім, сендер тоғайға барғанда Бекеттің айтып тұрғанындай жайды аңғардыңдар ма, не кездестірдің дер ме? – деп сұрайды. Шәкірттер ондайды көрмегенін, қазақ шәкірттің тілге тиек етіп тұрғанының өтірік екенін айтып шулай жөнеледі. Бекеттің айтқандарына сенген Пір шулаған шәкірттерін тыныштық сақтауға шақырады да:
— Бекеттен өзгелерің әкелген отындарыңды бір жерге үйіңдер де, от жіберіңдер, – дейді. Шәкірттер ештеңеге түсінбесе де, Ұстаздың айтқанына қарсы келе алмай мүлтіксіз орындайды. От лапылдап жана бастағанда Ұстаз шәкірттеріне қарап:
— Ал мына жанып жатқан оттың арасымен арғы жағына қайсың өте аласыңдар? – деген сауал қояды. Шәкірттері арасынан белсеніп ешкім шыға қоймайды. Осы сәтте топтан бөлініп шыққан шәкірт Бекет:
— Қадірлі Ұстазым, егер рұқсат етсеңіз, мен байқап көрейін, – деп, Ұстаз жауабын күтіп сәл кідіреді. Шәкірттеріне көз жіберген Ұстаз басқа ешкімнің шыға қоймағанын көріп, күлімдеген күйі басын изеп, келісім бергендігін білгенде бала Бекет көкке шапшып жатқан жалынға қойып кетеді. Қалған шәкірттердің көзі атыздай болады. Оттан аман шығатынына сенімсіздікпен қарап тұрған олар көп ұзамай арғы жақтан бала Бекеттің сұлбасын көреді де, не болғанын білгісі келіп жолдастарын қаумалап, айналдырып қарай бастайды. Шапанының бір-екі тұсын жалын шалғанын байқаған Ұстаз тек Бекет еститіндей ғана дауыспен:
— Әй, балам-ай, шапаныңа кіші дәретің шашырапты ғой, – дегенде, Бекет Ата ұялғаннан жерге қарайды. Ештеңе болмағандай күйде оттан шыққан бала Бекеттің құдіретіне тәнті болған басқалары оның қасиетін амалсыз мойындапты.
АТАҒА АРУАҚТЫҢ ҚОНУЫ
Бекеттің жас шағында әкесі Мырзағұлдың үйіне ет тістеген бір қызыл ит кіріп келеді де, аузындағы етін тастап шығып кетеді. Адам баласының сабақты жібін сұраусыз алмайтын Мырзакең мына көрініске аң-таң болып айналасындағы үйлерге:
— Еттерің түгел ме?.. Біздің үйге осы бойы бір ит ет әкеліп тастады, – деп хабар бергізгенімен, еті ұрланған үй болмай шығады.
Бұл оқиға ұмыт бола бастағанда өткендегі қызыл ит кішкене сәби баланы бесігімен тістеп үйге алып кіреді де, өзі ғайып болады. Мырзағұл қызыл иттің бұл ісіне күдіктеніп, атына мініп, ауыл-үйді өзі аралап, бала жоғалтқан үйді іздей бастайды. Бәрінің де балалары түгел, төсегінде жатады. Ертеңіне таңсәріде Мырзағұлдың үйіне ақ сақалды, ақ сәлделі, бетінен нұры тамып тұрған ашаң жүзді, бидай өңді қария келіп амандық-саулық сұрасқаннан кейін:
— Шырағым, бала жоғалтып, соны іздеп жүрмін, естігенің, не көргенің бар ма? – деп сұрайды.
— Жоғыңыз табылар, төрге шығыңыз, Ата, – деп, Мырзағұл қарияға ізеттілік көрсетіп, бәйек болады.
— Ақ пейіліңіз үшін тәңір жарылқасын, еліңнің арқа сүйер азаматы бол, – деп қария Мырзағұлға батасын беріп, баланы бесігімен көтеріп алып кетпек болып жатқанда, аяқ астынан баяғы өзіне таныс қызыл ит пайда болады да, ақсақалға қарап үреді. Сол кезде қария да, бала да көзден ғайып болады. Мырзағұл иттің бұл қылығына ашу шақырып, пенделікпен оны ұрады. Сол кезде итке тіл бітіп:
— Мені неге ұрдың? Мен саған келген Қыдыр едім ғой, ұрпақтарыңның біріне айналып соғармын, – деп, көзден бұл да ғайып болады.
Мырзағұлдан өрбіген балалардың қай-қайсысы да құр емес, бірақ Бекет Атамыздың орны бөлек екенін көне көз қариялар айтып отыратын.
Бекет Ата Хиуа медресесін бітіріп елге оралған соң да мүмкіндігінше Хиуаға, Бұқараға, қасиетті Мекке мен Мәдинаға, Түркістанға барып зиярат жасап тұрған. Бекет Ата Хиуа медресесінде оқығанда келгеннің маңдайынан, кеткеннің арқасынан сипайтынын сезген Бақыржан қожа өзінің қызметтестеріне:
— Бұл баланың болашағы зор болатынын пайымдаймын. Ол отырып тұрғанда үнемі екі жағынан екі періште қолтығынан демейді. Құран оқып отырғанда иығында отырады. Иншалла, Пір болар, – дейді екен.
...Бекет Ата қырық жасқа жеткен шамада Бақыржан қожа хал-жайын біліп, білімін одан әрі тереңдетіп, дін жолын мықты ұстап жүрген шәкіртіне көңілі толып батасын беруді ойлап жүргенін білдіреді. Өмір бойы ұстазының алдынан кесе-көлденең өтпеген жігіт ағасы санатындағы Бекет Ата ұсынысқа қарсы болмайды. Риза болған Ұстаз шәкіртіне келесі жылы қасиетті Рамазан айынан соң келуді тапсырады. Еліне үлкен жауапкершілік міндет арқалап қайтқан Бекет Ата Ұстазының ұсыныстарын тиісті талап деңгейінде толық орындайды да, келесі жылы айтқан уақытында өңкей ғұлама ишан-ахұндар жиналған жамағат алқасының алдында ұстазы Бақыржан қожаның ақ батасын алып, туған топырағына Пір атанып оралады.
АТАНЫҢ ҰЛЫСҚА ҰРАН АТАНУЫ
Бекет Ата Хиуа медресесіндегі оқуын аяқтаған соң ата-бабасының құтты мекені, кіндік қаны тамған Ақмешітке келіп бала оқытып, ұстаздық жолын бастайды. Көктемнің жазға ұласар жайсаң шағында мұсылман атаулыға қасиетті саналатын жұмада таң намазын оқып болған соң Бекет Ата ел ағаларының басын қосып:
— Ағалар, түнде ғажап түс көрдім. Оны Сіздерге тыңдау ауырлау болар, бірақ айтуға мәжбүрмін. Енді екі күннен соң сәскеде түрікпендердің бес жүз атты жасағы осы тұста отырған қалың елге ойран салмақ оймен жиналып келгелі жатыр. Сол алапат күшке қарсы тұруға дайындық жасамасақ, қалың ел босқа қырылады... Көз алдына елестеген екі ел арасында болғалы тұрған орны толмас ойран, орынсыз қан төгістен бір сәт тыныс алған Бекет жүйелі шешім қабылдауды күтіп отырған ауылдастарына қарап:
— Менің ойымша, түрікпендерді Жем бойындағы ауылдарға жеткізбей қарсы алуымыз керек. Иншалла, жаудың бес жүз сарбазының құтын қашырып, оларды соғыссыз, қан төгіссіз кері қайтаруға елу кісімен қарсы тұрсақ жарап қалар, – деп, әңгімесін сабақтай түседі.
Ел ақсақалдары сенер сенбесін білмей абдырап қалады. Сенуге жас жігіт Бекеттен бұрын-соңды мұндай сөз естімеген, сенбеуге жастайынан тәлім тәрбиелілігімен, білімділігімен тұстастарымен салыстырғанда озық ойлылығымен, ғаламат алғырлығымен, орасан зеректігімен ерекшеленіп тұратынын біледі. Жиналғандар жас жігіттің сөзін сарапқа сала келе таразы басын сенімділік жағына ауыстырады.
— Уәжіңе құлдық, Бекетжан! Ендеше жауға қарсы аттанатын қолды өзің бастайсың, – дейді, көптің ішінен сөзін ел тыңдайтын бір ақсақал.
— Мен қол бастап бармаймын, бірақ сендерден қалмаймын. Сендер күні бұрын жау келер тұстағы сайға барып жайылыңқырап тұрыңдар. Жау жақындағанда алдарыңнан бір аққу жауға қарай қаңқылдап ұшар. Сол сәтте қиқулап атой сала төбе басына шыға келіңдер де, ат басын тежеңдер, оқ атпаңдар. Осы сәтте күшті жел соғып, шаң көтерілер. Сіздердің аз ғана жасағыңыз дұшпанға жердің шаңын аспанға атқан жер қайысқан қол болып көрініп, ойлануға мұршасы келмей құты қашар. Қашқан жауға қатын ер, оны қумас болар. Бас сауғалап қашқан жауға оқ атып, құдай алдында күнәһар болудың да қажеті бола қоймас, – деп, өз ойын ортаға салады. Аталы сөзге құлақ қойған ауылдастары батырларының бірін басшы етіп, елу кісілік атты жасақ құрып, әзірлік жасайды. Көп ұзамай бұлар тағатсыздана күткен жаудың қарасы көрініп, ат тұяғының дүбірі естілген кезде бір аққу жауға қарай бағыт алып ұшады. Осыны көрген шеркештер «Шағырайлап», ысықтар «Бәйтеректеп», беріштер «Ағатайлап», есентемір «Алдоңғарлап» «Ия, Бекет, қолдай көр», – деп, ұрандаған адайлардың соңына еріпті. Жойқын шабуылға шыдамаған қарсыласы ойсырай жеңіліпті. Осыдан бастап адайлар жауға шапқанда: «Бекет», – деп ұран тастайтын болыпты.
АҚМЕШІТ ҚОНЫП, ЖЕМ ЖАЙЛАП...
Ағайындары ақ қар, көк мұз, ала боранды қаһарлы қысты ойдағы елде өткізу үшін Маңғыстауға қарай маңдай түзегенде Бекет Ата аз ғана азығымен Ақмешітте қалып қояды екен. Қыстың қытымырлығы бұл жерде Маңғыстауға қарағанда әлдеқайда қаттырақ болса да, суық та, азықтың аздығы да алаңдатпайтын болған. Ақпанның ашулы аязы ақырып тұрған бір күні шай қайнатып ішейін десе, көзедегі су мұз болып қатып қалса керек. Соны көрген Ата Аллаға сыйынып, аят оқып, саусақтарының ұшын тигізгенде құдіреттің күшімен қатқан мұздың көбесі сөгіліп, мұздай су қайнай жөнеліпті.
Қыстың қаттылығын, азықтың аздығын білетін ағайындары мен көршілері қыстауларынан жаз жайлауға бет алғанда: «Бекет бұл дүниеде жоқ шығар», – деп қапа болып келгенде, оларды күлімдеп, жылы шыраймен қарсы алады екен. Кісі ақылы жетпейтін кереметке қайран қалғандар: «Оны бағушы бір күш бар. Жасаған иемнің назарындағы адам ғой. Иесі бар, киесі зор кісі», – деп, алуан әңгімеге арқау етіпті.
ҚАШҚАН ДА: «БЕКЕТ», ҚУҒАН ДА: «БЕКЕТ», – ДЕПТІ
Бекет Ата үйінде отырып мырс етіп күліп жіберіпті. Мұндай әрекетке орынсыз бармайтынын білетін шешеміз:
— Неге күлесің? – дейді таңданысын жасыра алмай. Сонда Бекет Ата:
— Бір түрікпен қазақтың ала тайын алып қашты. Түрікмен: «Уа, Бекет! Қолдай гөр, осыдан аман құтылсам, ұрлығымды қояр ем», – дейді. Соңынан келе жатқан қазақ та: «Уа, Бекет қолдай көр», – дейді. Солардың қылығына күліп отырған жайым бар, – деп жауап беріпті.
Сонда шешеміз:
— Түрікпені түссін, қолдағыш болсаң өзіміздің қазақты қолда! – деп шыж-быж болыпты.
— Мен ешкімді алаламаймын, менің атымды кім бұрын атаса, жәрдемді соған беруім керек» – деп жауап беріпті. Еліне аман жеткен түрікпен түсіне енген Бекет Атадан сескеніп, ақсарбас шалып, садақа беріп, қазақтың тайын қайтарып апарып беріпті.
ЕЛ МҮДДЕСІН ОЙЛАП
Бекет Ата үлкен емші де болған адам. Қандай ауру болса да назарын салса, сауығып кетеді екен. Бірде ауылдас азаматтың жалғыз ұлы күтпеген жерден қатты ауырады. Әлгі адам алып-ұшып Атаға келіпті де, өлердегі сөзін айтып, ұлын емдеуін өтініпті. Таң намазын оқитын мезгіл жақындап қалған уақыт болса керек. Ата ойланып, толғанып, намазға үлгермейтінін білсе де, баланы қарауға ниет қылыпты. Ауруды емдеу біршама уақыт алғандықтан таң намазының уақыты өтіп кетіп, кейін қаза қалған намазын өтеуге тура келіпті.
Өзінен де өзгенің мүддесін жоғары ұстаған адамгершіліктің хас шыңына бұдан артық қандай дәлел керек?!
АТАНЫҢ КҮПІРЛІК СӨЗДЕН ТЫЙЫЛУЫ
Бекет Ата Оғыландыдан таң намазына Хиуаға барып тұрады екен. Үй болған соң шыны аяқ сылдырламай тұра ма?.. Бірде үй иелері сәл нәрсеге келісе алмай қалады да, шешеміз пендешілікке барып:
— Сенің таң намазына үлгеріп жүргенің менің арқам, бойыңды тазалап жіберетін менмін, осыны есіңнен шығармағайсың, – дегенде, Бекет Ата:
— Қолыңнан келсе жібермей көрші, енді! – деп, өмірінде алғаш рет астамшылық жасаса керек.
Келесі күні ертемен Бекет Ата дәретін алып жүрейін десе, дәрмені жоқ. Қандай шара қолданса да жәрдем етпепті.
— Мен таң намазына жете алмай, Ұстаз алдында ұятты болдым... Қалжыңға бола осынша іс қыласың ба? – депті, қосағына қиыла қарап. Отағасының жалынышты жүзін көрген шешеміз дәретін алып, Атаны жолға салады. Атамыз осы оқиғадан соң әзілдесе де күпірлік сөз айтпайтын болыпты.
ЗАЙЫРЛЫҒЫ ЖАЛҒАСЫН ТАПҚАН
Бірде Бекет Ата Өмір батырмен екеуі өзінен жеті-сегіз жас үлкен табын Барақ батырға сәлем бере барыпты. Ертеңіне ата-баба салтымен сәлемдесуге барған үшеуін көпті көрген сол елдегі Абыз ауыл сыртындағы биік төбе басында қарсы алып, амандық сұрасқаннан кейін Бекетке қарап:
— Шырағым, келе жатқаныңда алдыңнан жеті аққу ұшып бара жатқанын көрдім. Сірә, зайырлығың, иншалла, жеті атаңа кетер, – деп бір тоқтайды да, Бараққа бұрылып:
— Айналайын, Барақжан, сен де құр болмассың келе жатқаныңда алдыңнан үш аққу ұшты, зайырлығың үш атаңнан аспас, ал Өмір шырағым, егер болжамым алдамаса Сенің алдыңнан ұшқан жалғыз аққу көңіліңе келмесін зайырлығыңның өзіңмен кететінін меңзейді, – депті. Ақсақалдың айтқаны айнымай келіп, Өмір батырдың зайырлығы ұрпағына дарымай өзімен кетіп, Барақ батырдың зайырлығы үш атаға ғана жетсе, Бекет Атаның зайырлығы әлі жалғасын тауып келеді.
ОҒЫЛАНДЫ ҚҰТ МЕКЕН
Атаның салған мешіттеріне оңайлықпен бару кез келгеннің қолынан келе бермейді. Солардың бірі – Оғыландыдағы қиын шатқалдағы тау қапталынан салынған мешіт. Кезінде оның құрылысын аяқтау да оңай шаруа болмапты. Тасқа тиген сүймен майырылып, балта қайырылып қалған сәтте Ата: «Әуп!» – десе, құрылысшылардың сүймендері қара тасқа кірш-кірш кіріп, жеңіл ойыла береді екен. Осындай әрекетте жүрген Бекет Ата ұйқыда жатып түс көреді. Түсінде жасап жатқан жұмысының басына Шопан Ата келіпті. Құрылысты аралап, айналаға қарап тұрып: – Мешіт салғаның сауапты іс болған, бірақ қолайлы жерді таппаған екенсің, балам. Табиғаты сүреңсіз, сусыз жерге адамның келуі аз болады ғой, – деп, көңілі толмағанын білдіргенде оянып кетіпті. Судың жоқтығы туралы Шопан Атаның ескертпесі ойынан шықпаған әулие Бекет айналасына көз тастап тұрғанда назары бір кішкене тасқа түседі. Оны көтеріп қалса, астынан тұнық та, тұщы су жылымшылап аға жөнеліпті. Содан бері Оғыланды шатқалы қуанғанда да, қорыққанда да тағзым етіп түнейтін барша жанның құтханасына айналып келеді.
ҰСТАЗ ҚҰРМЕТІ
Бекет Ата он төрт жасында Хиуаға оқу іздеп барып, болашақ ұстазы Бақыржан бабаға жолыққан сәтте Ұлы Ұстаз мың мәрте тыңдап, бір рет қана айтатын жасөспірімге ерекше ілтипат көрсетіп, алғашында өз үйіне орналастырады. Соңынан Құран сабақтарына әзірлену үшін қажетті құралдарымен жабдықтап, медресе жанынан жеке бөлме беріп, үлкен құрмет көрсеткен. Оқу бітіргеннен кейін де белгілі бір мезгілдерде пірі Бақыржан қожаға барып, жамағатпен бірге намаз оқуды әдетке айналдырыпты. Бекет Ата уақыттан әлдеқандай себеппен сәл кешіксе, сүйікті шәкіртінің қандай кедергі болса да намазға келетініне кәміл сенген Ұлы Ұстаз:
— Сәл сабыр етейік, бір адам келе жатыр, – дейді екен.
Бірде сәл кешіккен шәкіртін күтуге ниет білдірген Бақыржан қожаға намазға жиналғандар арасынан біреу:
— Бір қазаққа бола тұрамыз ба? – деп іштей күңкілдесе керек. Бекет келгеннен кейін жамағаттың көңіліндегі күдікті сейілту үшін кешігу себебін сұрапты. Бекет Ата жолда өрт болғанын, соны өшіруге көмек қолын бергенін айтқанда Бақыржан қожа: «Көрдіңдер ме?» – дегендей жан-жағына көз жүгіртіп, ішкі мақтаныш сезімін жасыра алмаған күйі шәкіртіне мейірлене қарап, кешірім бергенін білдіріпті. Сыйлап берген сірненің, сатып алған балдан артық екенін білген Бекет Ата Ұлы Ұстазын өмір бойы сыйлап өткен екен.
БЕКЕТ АТА МЕН БАЙСАЛ
Бекет Ата Оғыландыда, Бейнеуде, Жем бойында, Арал жағасындағы Баялыда мешіттер салдырған. Соның ішіндегі ең күрделісі де, үлкені де Оғыландыдағы мешіт. Қара тасты қашап ойып, тауды үңгірлей салған мешіт жұмысының алапат ауырлығына анау-мынау азамат көп шыдай алмайтындықтан құрылысшылардың құрамы мезгіл-мезгіл жаңарып отырыпты.
Жұмыстың бас-аяғына дейін төзімділік танытқан бір азаматқа Атамыздың назары ауып, айналасындағы жамағаттан:
— Құрылыс басталғалы бері қолынан сүймені түспеген, белін жазып, бір дем алмаған мына кісі кім? – деп сұрапты. Олардан:
— Бұл – адайдың ішінде Жеменей тайпасынан тарайтын Бөкен руының Байсал атты азаматы. Жасы елуден асқанша перзент көрмей жүрген бір мұңлық, – деген жауап алыпты. Бір-екі күн өткен соң Бекет Ата Байсалды шақырып:
— Байсал, еліңе қайта бер, қамықпа. Мен бір түс көрдім, бәйбішең бала көтеретін уақыттан өтсе де, Алланың қолдауымен маңдайыңа бір перзент біткелі тұр. Ол бір ғана емес, мың кісіге татитын мықты жігіт болар. Есімін Мыңкісі қоярсың, – дейді. Байсал үкілі үмітпен мешіттегі жұмысын жасай береді. Айлар өтіп, күні жеткенде Байсал ұлды болады да, атын Мыңкісі қояды. Атаның айтқаны айнымай келіп, мың жылда бір туатын асқан дарын иесі, алысқанын жыққан палуан, қолы шипалы сынықшы болыпты. Бүгінде Мыңкісінің ұрпағының қолы тиген кез-келген сынық қисынын тауып, қиюласа қалады. Бұл қасиет оның барлық жұрағатына тараған.
БЕКЕТ АТА МЕН БЕКДҰРДЫ
Қалың елдің бір аймақтан екінші аймаққа көшуі, онда орнығуы қашан да қақтығыссыз бітпеген. Адай елінің Маңғыстауға қоныстана бастаған кезінде Бекет Ата түрікпен батырларымен талай жекпе-жекте кездесіп, күш сынасыпты.
Солардың бірі Бекдұрды батырмен болған тартыста екі батыр бірін-бірі ала алмай, біршама уақыт жұлқысып, жеңісе алмай ақыры мәмілеге келуді ұйғарады. Аттарынан түсіп, ант берісіп, төс түйістіріп достасады. Екі ел арасында достық қарым-қатынас жасауға уәде берісіп, қылыштарын сындырып, Құранға маңдайларын тигізеді, еліне имандылық дәнін егіп, жақсылыққа бастауға ниет етеді. Бекдұрды батыр Қызылқұмнан мешіт салып, түрікмендерді құдай жолына бағыттаса, Бекет Ата Бейнеуден мешіт тұрғызып, бала оқытады, ел арасындағы татулықты насихаттайды, телі мен тентекті ақ жолға бағыттайды. Сөйтіп, қазақ пен түрікпен соғысты тоқтатып, біраз жыл ауылы аралас, қойы қоралас бейбіт өмір сүріпті.
БЕКЕТ АТА МЕН АТАҒОЗЫ БАТЫР
Бүгінде Көне Бейнеудегі Ата мешітінің жанынан мәңгілік орын тепкен Атағозы батыр Бекет Атадан үлкен болса да сыйлап өтіпті. Бекет Ата да мүмкіндігіне қарай батырға көмектесіп отырыпты. Бір-бірін құрметтеу екеуінің жиі дидарласып тұруына себепші болыпты. Жаудан елге жеңіспен оралған бір сапарында Атағозы батыр Бекет Атаға келеді. Сол сапардағы ұрыста қиындық көрген Атағозы батыр кімге де болса айтарын күлбілтелемей тіке айтатын дағдысымен:
— Сен не қып жайбарақат отырсың? – дейді, базына қылықпен. Нені меңзеп тұрғанын түсінген Бекет Ата:
— Сенен үш күн бұрын кеткен дұшпаныңды ақ тұман түсіріп адастырып, үстіңе әкелдім. Соның нәтижесінде қамсыз қарсыласыңды жеңіп, мәртебең асты. Одан артық не істейін? – депті Бекет Ата күлімдеп.
Айтылғанды көзімен көріп, қолымен ұстаған Атағозы батыр замандасының уәжіне тоқтап, үнсіз атын жетектеп, ризалықпен аулына жаяу кетіпті.
БЕКЕТ АТА МЕН ТҮРІКПЕН ҒҰЛАМАСЫ
«Адайдан әруақты Бекет атты пір шығыпты», – дегенді естіп, қасиетін көру мақсатымен түрікпеннің бір ғұламасы жолға шығыпты. Алыстан келген қонағына Ата арқар сойып, қонақасы береді. Сүйегіне тіс тигізбей, жинап алып, терісіне қайтадан салып: «Уфу», – дегенде арқар бірер сілкініпті де, жөніне жүре беріпті. Бұл оқиғаны көрген түрікпеннің ғұламасы өзінің әулиелігін көрсетпек пиғылмен аққу болып ұшқанда соңынан Бекет Ата да ілеседі. Түрікпен ғұламасы теңізге жақындағанда қара дүлей дауыл соғып, көз алды тұманданып, қанаты қағуға жарамай, бағытынан айырылғанын көрген Ата:
— Кері қайт, кәпірге жол саласың, – деп, үш рет дауыстайды. Мұсылмандықты берік ұстанған ғұлама Атаның дауысын естіп кері қайтады. Құдіреттің күшінде сөз бар ма, бүгінде теңіздің түрікпен ғұламасының ашу үстінде ұшқан тұсының суы ащы да, кері қайтқан бөлігі адам ішуге боларлықтай тұщы болып келеді екен.
БЕКЕТ АТА МЕН БАРАҚ БАТЫР
Сам құмын жайлаған табын тайпасының батыры Барақ пен Бекет Атаның жастары шамалас, дос-жаран адамдар болыпты.
— Біраз жасқа келдік, мен қырда жүрмін, Бекет Маңғыстаудың ойында. Көрісіп, амандасатын да кез болды-ау, – деп ойлайды Барақ. Осындай ой дәл сол күні Бекет Атаға да келсе керек.
Бекет Ата мен Барақ батыр кездеспекке жолға шығады. Екеуі Сам құмының тегістікке ұласар тұсында бір-біріне қарсы жолығады. Барақ батыр дөңнің басында, Бекет Ата ойпаңдау жерде тұрады. Екеуі қайсысының бұрын сәлем беруі керек екенін іштей салмақтап тұрады да: «Кімнің аруағы басым болса, сол бірінші амандасуы тиіс», – дегенге саяды.
— Сен жоғарыда тұрсың, жол сенікі, қасиетіңді көрсет, – дейді Бекет Ата Барақ батырға. Сол мезгілде ылдида үш дүркін су тасып, судың екпіні Бекет Атаны ағызып кете жаздайды.
— Енді Сіз қасиетіңізді көрсетіңіз, – дейді Барақ батыр өзінің күштілігіне риза болған кейіппен Бекет Атаға.
Көкке көз жіберген Атамен бірге жоғары қараған Барақ батыр ұшып бара жатқан жеті аққуды көреді.
— Сенің қасиетің күшті, бірақ өзің өлген соң үш ұрпағыңа ғана жетеді екен, – дейді Бекет Ата досына.
— Ал сенің қасиетің аспанға жеті аққу болып ұшты, әруағың биік тұр, жеті ұрпағыңа дариды екен, сәлемді мен берейін, Ассалаумағалейкум! – депті Барақ батыр. Сөйтіп, көптен кездеспеген екі дос төс түйістіріп, құшақтаса көріскен екен. Олардың «Жартыны жарып, бүтінді бөліп жеген» достығы мен сыйластығы қалған тірлігінде де жалғасын тауыпты.
БЕКЕТ АТА МЕН БАҚСЫ
Бекет Ата қырыққа жақындаған шағында Сыр бойына жолы түседі. Баратын ауылы өзеннің шығыс жақ беті екен. Арғы жағаға өтуге өзен өткел бермей тасып жатады. Қатты ағыс пен дауылдан пайда болған толқыннан аттары үркіп, суға түспей, біраз әбігер болады. Бекет Ата жүрелеп отыра қалып аят оқып, Алладан тілек тілейді. Көп кешікпей жел басылып, айнала тып-тыныш күйге түседі. Таудай толқын да тыйылады. Мұны көрген жолаушылар өзенге көліктерімен қойып кетіседі де, келесі бетке еш қиындықсыз өтеді.
Бұлар барған үйде отырған бір адам амандық алысқаннан кейін, жолаушылардан қалай келгенін сұрайды. Бекеттің жолдасы өзеннен тіке өткендерін айтады. Қонақ олардың айтқан сөзіне сеніңкіремей:
— Сыр тасығанда одан ары-бері өтетін жалғыз ғана мен едім, осылар да тіке өтіп келгенін айтады. Өздерін көпшілік болып сынап көрсек қайтеді? – деп, өзінің аруақты адам екенін байқатады. Осы ұсынысты қабыл еткен біраз адам шұбырып өзенге беттейді. Лезде көтерілген желдің арты нарды теңселтердей дауылға айналады. Өз құдіретіне тым сенімді бақсы ауылдастарына көтеріле сөйлейді:
— Арғы бетке алдымен өтіп, қонақтарды сол жақтан шығарып салайын, атымның тұяғы қарсы жағаға ілінгенде ғана бұларды суға түсірерсіңдер, – деп, атының көніңкіремегеніне қарамастан тасып жатқан өзенге түседі. Дарияның ортасына жақындай бергенде суға бір батып, бір шығып, жағадағылардың зәресін алады. Қорыққан ауылдастары оған:
— Кері қайт, суға кетесің! – деп, айқай салады. Намыстанған бақсы оған құлақ аспайды. Ақыры шаршап, жаурағасын амалсыздан кері оралады. Бақсы жағаға жетер-жетпестен ат-матымен жығылады. Қайратты жігіттер әбден әлсіреп қалған жануарды үстіндегі адамымен қоса жағаға жабыла сүйреп шығарады.
— Ал енді құрметтеріңізге рақмет! Бақсы ағамыз арғы беттен шығарып салғысы келген, ештеңе етпес, біз өкпелемейміз, осы жерде қоштасайық! – дейді Бекет Ата.
— Бақсы өте алмағанда сендер қалай өтесіңдер. Алыс та болса, жоғары жақты айналып, өткелмен кетіңдер! – деп жиналғандар шулайды. Әбден қалжырағандықтан сөйлеуге әлі келмей жатқан бақсымен қоштасқан Бекет Ата қасындағы жолдасымен толқын мен ағысқа дес бермей қарсы беттен бір-ақ шығады. Бергі жағадағылар олардың аман өткендеріне қуанысып, қол бұлғасып қоштасады.
Осы оқиғадан кейін әлгі бақсының дариядан өткенін көрген адам болмапты.
БЕКЕТ АТА МЕН ӨМІР БАТЫР
Сонау бір жылдары Бегей руының көп малының қолды болған хабары жетісімен Өмір батыр барымташылардың соңына түседі де, Оғыландыға соғып Бекет Атаға мән-жайдан хабардар етпек ниетпен кідіреді. Қазақы дәстүрмен Ата да құрдасынан сый-құрметін алмайды, аттанар алдында досының бұйымтайын сұрайды. Сонда Өмір батыр:
— Бұйымтайымның олқы еместігін сезіп те тұрған шығарсың. Ел мен елдің арасындағы тыныштық кеткелі не заман! Оны қорғауда талай боздақтар о дүниеге аттанды, аман қалғандары мертікті, мүгедек болды. Көшпелі елдің тірегі, байлығы – малы екені белгілі, сол малды өзге біреулер қуып алып кетіп жатыр. Қасірет шегіп, қан құсқан, жүзіне мұң ұялатқан халқыңа қандай көмегің бар? Соны білгелі әдейі бұрылдым. Мүмкін болса осы жорыққа өзіңді ерте кетуді ойлап келдім. Тұтқан медеуім, сүйенген сүйенішім өзің болар күн туды. Егер менен шын бұйым – қызмет сұрасаң, айтарым осы! – деп құрдасының жүзіне тура қарапты.
— Иә, құрдас, сөзіңнің терістігі жоқ. Базынаң да үйлесіп тұр. Ел мен жер қорғалмаса, намыс қылаусыз ұсталмаса кісілігіміз қайсы? Түйініңе қол арттым, сауалыңа жүгіндім, айтқаныңа келістім. Жолыңнан қалма, ілгерілей бер, барамын! Ойыңнан шығуға ниеттенемін, батырым, – депті, Бекет Ата досының айтқанын теріске шығара алмай ағынан ақтарылып. Мұны естіген Өмір батыр көңілі шалқулы, ынтасы ұштаулы сергек қалпынан таймай шағын тобымен барымташылар соңынан кете береді.
Арада қанша уақыт өткені белгісіз Өмір батыр барымташылардың қарасын көріп үлгеріпті. Жаугершілік дәстүрі бойынша бастапқыда екі жақтың білекті де, жүректі батырлары жекпе-жекке түсіп, көп мәселені ұрыссыз шешкен. Соны медет еткен барымташылар жағынан бес қаруы сай ақбоз атты бір апайтөс:
— Жекпе-жек!, – деп, айқайлап шыға келіпті.
Өмір батыр атынан түсіп, әбзелін түзеп, айылын қатайтып, қару-жарағын жасанып, атқа қайта қоныпты.
— Болса болсын жекпе-жек! Иә, Алла пендеңнің күнәсін кеш, ісін қолда! Иә, Бекет, сенің аруағыңа сыйындым! – деп барымташыға қарсы шабады. Жау жақтың батыры найзасын кезей ілгері ұмтылып Өмір батырға жақын келгенде құдіреттің күшімен арғымағы омақаса құлап, қолындағы найзасы қара жерге бойлай қадалыпты. Өмір батыр қарбаласты пайдаланып, көз ілеспес жылдамдықпен қарсыласын найзамен шаншып, пәниден бақиға жөнелтіпті. Мұны көрген қарсыласының қалың қолы «байтал түгіл бас қайғы» болып жан-жаққа бытырай қашыпты. Аз ғана нөкерімен қалың жауды талқандап, қолды болған малын айдап, мерейі өсіп, бағы жанып, еліне бет алған Өмір батыр аруағы, көріпкелдігі, батылдығы жан баласына тең келмеген Бекет құрдасының уәдеден шыға алмағандығын есіне салмақ оймен үзеңгілестеріне:
— Сіздер ілгерілей беріңдер, мен Бекетпен хабарласып, мына нар мен қалы кілемді сауға ретінде аманаттап қайтайын, жетісемін ғой, – дейді де, қасындағы алты сарбазымен Оғыландыға келсе, мешіт құрылысының қызу жүріп жатқан кезіне тап болады. Өмір батыр ат үстінде тұрып:
— Ассалаумағаләйкум, өтірікші Бекет! – дегенде:
— Уағалайкумуссәлем, Өмір батыр. Жөніңе көш, тәубадан жырақ кетпе, мен ешқашан да өтірікші болған емеспін, осыны айтып тұрған өзің соған келіңкірейсің-ау, – деп әзілмен жауап береді досы.
— Шайқас алаңына жеткенше үлгеретін уәдең қайда? Уәдеден шықпағандық өтірікшілік емес пе?
Бекет құрдасын қапсыра құшақтап, жадырай күліп тұрып:
— Батыреке, мен бардым ғой. Қасыңнан қыл өтпестей қашықтықта тұрдым емес пе!
— Қойшы-ей! Куәгеріміз онда жалғыз құдай!
— Иә, дәл солай. Болғанымды, барғанымды дәлелдеймін, батыр. Әзірге асығыстық жасап аптықпа.
— Па, шіркін, келістіріп айтса өтіріктің өзі де шындыққа айналып кете беретіндей-ау! Айт, айта бер.
— Саған қасқая қарсы тұрған батырдың есімі Құбақай, астындағы тұлпары жирен төбел. Рас па?
— Айтары жоқ. Дұрыс-ақ!
Құбақай сені найза ұшына ілуді ойлап, өңмендей жеткенде жирен төбел омақаса құлады, батырдың күшіне шыдамаған найзасы жерге еніп кетті.
— Солай-ақ болсыншы!
— Біріншіден, Құбақай батырды тұлпарының сәл меңі бар сол жақ алдыңғы аяғынан тартып құлаттым, аттан оңбай құлаған батырды көз ілеспес шапшаңдықпен найзалап үлгердің. Екіншіден, арғымағыңды жетектеп, көңілің тасып, мерейің биіктеп жолдастарыңа келгенде соңыңнан перде тұтылғандай әсер берген шаңды көрдің емес пе?
— Иә, көргенде қандай, жаным сүйсініп, шоқтығым биіктеді ғой.
— Ол шаңды көтерген мына мен болатынмын.
— Қойшы ей!
— Әрі қарай тыңда, батыр! Көтерілген ала шаңды көрген, бас батырынан айырылған барымташылар көп әскер келгендей сезініп тоз-тоз болып қаша жөнелді де, жолдастарың есіз қалған малды ғана айдап қайтты. Осылай ғой, ә?
— Дәл солай! Бірде-бір қатесі жоқ.
— Құбақай да ерен жандардың бірі еді. Ерлігі сойқанды. Амал не, тағдыры осылай жазылған соң! Менің үлгеріп барармын дегенім де рас. Ойлай келе осында да елдің шаруасы үшін жатқаным жоқ па, одан да ала дөңде маң жүрген киік, құландар үйірін топылтып, жаудың көзін қорқытып, көңілін басып, меселін қайтаруды ойладым. Ойым іске асып, батыр арғымағының омақасуы – саған сүйеніш болғанымның бұлтармас куәсі.
— Мұныңа көңіл тоқтаттым, Бекет. Қатарлықпен қасиетіңе пәлендей ниет қоймай келгенім күпірлік екен, әуелі құдай, қалды өзің кешір.
Өмір батыр осы сапарында құрдасы Бекетке әкелген сыйын тапсырып тұрып:
— Бекет, енді саған әзіл айтпаспын. Аруағыңа табындым, киеңе құлдық ұрдым! Құрдастығымыз сыйластықпен қала берсін, – деп, қолын жүрегіне қойып басын иіпті.
БЕКЕТ АТА МЕН ҚАЛНИЯЗ БАТЫР
Маңғыстау өңірінде батырлығымен атағы алысқа тарап кеткен табын Қалнияз Бекет Атаның тәуір көретін інілерінің бірі болса керек. Ол көптеген қақтығыста ержүрек мыңбасы ретінде адай ауылының зор құрметіне ие болыпты. Уақыт өте келе ағайындары табылып, олардан арнайы елші – ақсақалдар келіп, жоғары жаққа қоныс аударуға үгіттейді. Жайық пен Еділдің ортасынан арнайы жер беріліп, ханның қарулы жасақтарының бірін басқару ұсынылады. Ұсынысқа қандай уәж айтарын білмей, келген ағайындары айтқандарына жауап күтіп жатқанын айтып Бекет Атадан ақыл беруін өтінеді.
— Қалнияз, Сен әлдеқашан адайлардың сүйікті адамына, батырына айналып болғансың. Бізді қимағандықтан қатты ойдасың, қиналып отырсың, – деп батырға сынай қарайды.
— Сондықтан ғой өзіңізге келгенім, Пір Бекет! Басым қатып кетті, дұшпанмен соғысқанда да мұндай қиналмаған шығармын, келген ақсақалдарды да қимаймын.
— Хан, би, сұлтандарынан шақыру бар ма өзі? – депті Ата.
— Иә, олар да қолқа салыпты, қолыма әскер мен мыңдаған мал бермекші көрінеді.
— Сен бүгін біздің ауылға қон, ертең түстен кейін маған соғарсың, оған дейін ойлануға уақыт бер, – дейді Әулие. Осы уәжге тоқтаған Қалнияз таң алдында түс көреді. Онысын оразасын ашпай тұрып өзінше жорып, жағдайы кешегісінен де төмен күйде келген Қалнияздан көңілінің не себептен пәс екенін сұрағанда:
— Нашар түс көрдім. Содан есімді жинай алмай отырғаным. Ауылым аман болса жарар еді!
— Құпия болмаса түсіңді айт, жорып көрейін, – дейді Бекет Ата.
Түсінде көзі көкпеңбек, сақалды адам түсінбейтін сөздерді шұбырта айтып отырып, өліп қалғанын айтады.
— Қалнияз, – дейді Бекет Ата одан көзін айырмай. – Осы тектес түсті таң алдында мен де көрдім. Әрине, ажалың кісі қолынан болады. Бірақ бүгін не ертең емес, мен өлгеннен кейін қырық жыл ғұмыр кешесің... Бұл аз өмір емес... Енді қоныс аударуың жайында. Көшіп барғанда өте құрметті боласың, содан хан маңындағылар қауіптенеді де, өшпенділік туындайды. Күндердің күнінде ханның өзімен айтысып, ақырында қол жинап соғысуыңа тура келеді. Хан нөкері ебін тауып басыңды алады. Ажалың жиырма жыл бұрын келеді. Ендігісі өзіңнің таңдауыңда, – дейді.
Қалнияз Бекет Атаның мына сөзіне құлақ асып, келгендердің бәріне ат мінгізіп, шапан жауып, кешірім сұрап аттандырып салыпты.
БЕКЕТ АТА БЕКБАУЛЫ ӘУЛИЕ
Адайдың ішінде Шоңай руының тұлғалы перзенті Бекбаулы Ата мен Бекет Ата қатар өмір сүрген, әзілі жарасқан жандар болыпты. Екеуі де ел сыйлаған қасиет иелері болса да, замандас болғасын сапарлас жүріп, сан рет аруақ салыстырып, бір-бірін біраз жерде сынап байқайды. Соның бәрінде де Бекет Ата үлкен жүректі кісілікпен құрбысын құрмет тұтып, басы артық қылық көрсетпепті.
Бекет Ата Бекбаулы әулиенің халық мойындаған қадір-қасиетін биік бағалап, өзінен ілгері, өресі зор екендігін асқан адамгершілікпен бағалай білген. Әрдайым әруағына шек келтірмей:
— Беу, Бекбаулы-ай! Менен аруағың артық, айбының үстем ғой, тек өз қадіріңді өзің қашырып, қалай болса солай жүре беретінің бар-ау. Айналаңдағылардың жаман тымақ, жалбағай тоңдыға санап, асыл қасиетіңді бағалай бермейтіні содан ғой, – деп, жанашыр болып, ақылын айтып, аруағын ардақ тұтыпты. Осы екі құрдас туралы ел аузында аңызға бергісіз ақиқат әңгімелер жетіп артылады.
...Бекет Ата Оғыланды тауын ойып, жер асты мешітін салып жатқанда оң болсын айтуға келген Бекбаулының алдынан салақұлаш сары үйек жылан көлденеңдеп, сес көрсетіп, есіктен енгізбей қояды.
Бекбаулы Ата сескеніп шімірікпестен сегіз өрім қамшысын алып, қақ бөліп тастардай қатты екпінмен сары үйектің басынан салып жіберуге ыңғайланады. Жылан сол арада Бекетке айналып, дереу атып тұрып, құрдасқа деген құрметін білдіріп, қолын алған екен.
...Бірде Бекет Ата Бекбаулымен алыс сапар шегіп келе жатып, діттеген жерге жақындағанда:
— Бесін намазын оқыған жерге жайнамазымды қалдырып кетіппін ғой. Қалай ғана есімнен шығып кетті екен?! Қап, әттеген-ай! Сен атыңның ауыздығын алып, азғана уақыт бой жаза тұр. Мен қазір-ақ барып келемін, – деп, қапылады да қалады. Әулиенің әдейі жасап тұрғанын сезген Бекбаулы Ата:
— Бекет, сен күте тұр, мен-ақ барып келейін, – деп, атының басын бұрады.
Бекбаулы Ата Бекет әулиенің жайнамазын «ұмытқан» жеріне жақындап келсе, жуандығы жеңді білектей қос сары үйек жайнамазды қоршап жатады. Бекбаулы таяп келгенде екеуі де айыр тілдерін сумаңдатып, бастарын көтеріп, қадала қарайды. Сескенгенін сездірмей ақырын жылжып, асықпай қозғалған Бекбаулы Ата бір Аллаға сыйынады да, саусақтарының ұшын тигізіп, бастарынан сипағанда жыландар жуасып, еріне қозғалған күйі әулиенің жайнамазынан әрегірек барып жатыпты. Жайнамазды жайлап бүктеп, қолтығына қысқан күйі күбірлеп, қолдарымен бетін сипаған Бекбаулы Ата сары жал арғымағын сараң қамшылап, ұлы жолға түсіп, ұзай береді. Тағы бір сыннан құрдасының қиналмай өткеніне қуаныш білдірген Бекет Ата Бекбаулының басым түскен аруағына басын иіп, бауырына басып, қатты құшақтап қарсы алады.
...Қос құрдас бір сапарында қасиеттерін сынатпаққа ел сыйлаған бір сұңғылаға келеді.
— Адайдың ай мүйізді қос құлжасы төрелік сұрағалы алдыма келіп отыр екенсіңдер, әділ баға бере алар ма екенмін? – деп, аздап қобалжыған айтулы сыншы екеуінен биік төбеге бір мезгілде барып қайтуын сұрайды. Халқына бірдей бағалы қасиет иелері әуелі қатар бастап, қадамын егіз алса да, қайтар жолда Бекет Ата тез оралып, терін сүртеді. Жылдам жетуді мақсат етпеген Бекбаулы асықпай аяндап, артынан келеді.
Сонда қарт абыз:
— Ал енді Алланың аузыма салған сөзін айтып көрейін. Екеуіңнің де еш кемің жоқ, елдің бағына туған жансыңдар. Тек қасиеттеріңді халық қамы үшін жұмсай біліңдер! Сендердей ұл туған қазағымнан айналып кетпейсің бе?! – деп, бастарынан сипап, батасын беріп, шығарып салыпты.
Кереметтігінің кемі жоқ, кең көңілді екі әулие еш өкпе-ренішсіз, алаңсыз аттаныпты.
ИСАТАЙДЫҢ БЕКЕТ АТАМЕН КЕЗДЕСУІ
Ойыл өңіріндегі бір үлкен тойда Бекет Ата Исатаймен кездеседі. Ол кезде Бекет Ата алпыста, жас арыстан Исатай бар болғаны жиырмаға қараған жанып тұрған жігіт екен. Сол жиында ат үстіндегі аударыспақта еш адамды шыдатпай ерекше көзге түседі. Палуандар сайысында Текеден келген қызыл шаланды татар жігіті қара күші ғана емес, неше түрлі айла-тәсілді меңгергеннің өзі болып, қарсыластарын шетінен жығыпты. Бұған шыдай алмаған бір азамат күресті тамашалап отырған Атаға келіп:
— Аға, мына татар Қазан мен Петерборда күрестің небір түрі мен тәсілін үйреніп, сол жақта додаға түсіп жүрген пәле көрінеді. Бас бәйгенің кететіні ештеңе емес-ау, қалың қазақтың арасынан бұған төтеп беретін еркек кіндік жоқтай қас масқара болғанымыз жаныма батып барады. Енді өзіңіз бірдеңе қылмасаңыз, – деп, жалынып қасынан кетпей қояды.
— Әлі де жігіттер бар ғой, солардың ішінен бір мықты табылар, асықпайық, – дейді жайбарақат күйде Бекет Ата.
Кілем үстіндегі тартыс толастар емес, Текенің татары күреске шыққан қарсыласының жауырынын жер иіскетуден танар емес.
Түскі үзіліс жарияланғанда Бекет жанындағы адамдармен ең тәуір деген киіз үйге кіргізіп, дастархан жайыла бастаған сәтте сықырлауық ашылады да, ішке таңертеңгілік ат үстіндегі тартыста бәрін жеңіп шыққан жігітті ертіп, намыстан күйіп жүрген әлгі азамат рұқсат сұрап кіріп келеді.
— Барша қазақтың қадірлісі атанған Сізге мына жігітке бата беруді сұрап келіп тұрмын. Көрдіңіз бе, жоқ па, бұл таңертеңгі ат үстіндегі тартыста бәрін ерімен қоса жұлып алған жігіт қой. Бар қайраты білегінде екен. Енді ана татармен белдескісі келеді, бұл да намыстан булығып қалыпты. Бұрын көп күреспепті, жұлқа тарту мен жамбасқа салудан басқа тәсілді білмейтін көрінеді, – деп өтінішін білдіреді.
— Жарайды, алдымен асқа отырсаңызшы, батамды қол шайғасын берейін, – дейді, Бекет Ата келген жігітке бақылай қарап. Ас ішіледі, жігітке бата беріледі.
Түстен кейін қайта басталған сайыста татар малайы тағы бір қырдың қазағын жығып, масаттанып тұрғанда, ортаға Исатай шығады. Күрес басталады. Исатайдың қолы оның беліндегі бауға ілігеді. Қарсыласы да мұның беліне мықтап жармасады. Ұзаққа созылған белдесуден кейін білек күшімен татарды тас төбесіне көтеріп алған Исатай, әрі-бері айналдырып, шалқасынан тырп еткізбей жатқыза салады. Сөйтіп, қазақ баласын жерге қаратпай дүйім жұртты разы қылып, жеңіс жүлдесі ақ атанды жетегіне алған Исатай Атаны іздеп барады.
— Бекет ата, Сіздің батаңыздың қолдауымен абыройым тасып, көңілім көтерілді. Оның үстіне қалың қазақты бір масқарашылықтан құтқардыңыз, атан Сіздікі, – дейді.
— Исатай балам, мен жай ғана тойға келген адаммын. Жүлдең өзіңде қалсын, үлкен жеңісіңнің ескерткіш көзі ғой. Мен сенің жеңісің мен ықыласыңа дән ризашылықпен еліме аттанғалы отырмын, – деп бас тартқанмен, Исатайға қосылып өзге жандар да жабыла жалынады.
— Бала батасын берген атасына сыйлап тұр. Алыңыз бір қадеңізге жаратарсыз, – деп, ортасындағы жасы үлкен ақсақал тоқтау айтқасын Бекет Ата да әрі қарай бәлсінбейді.
— Жарайды, айтқандарың болсын... Исатайға батамды берейін, – деп, тізерлей отыра қалып, екі көзін тарс жұмып, сәл кідіріп барып, алақанын жаяды.
— Исатай, алдағы екі мүшеліңнен аман өтерсің. Өкіметке содан кейін бөтенсің. Болыс, әлде би боларсың. Ханға бірде жақын, бірде алыс қонарсың. Қыста тоңарсың, жазда оңарсың. Балуан емес, батыр боларсың. Отызыңды отбасыңда толарсың. Сұлтанның иті қауып, жарлыға барып қонарсың. Қырық бесте өзіңе абай болғайсың, сол жасқа дейін сен солмайсың, әумин! Маған берген атаныңды екі-үш жыл ғана бағармын, содан кейін келіп жетер менің де бір хабарым, – деп бетін сипапты.
Айтқаны қалт кетпей Исатай старшина болады. Өзі бастап Махамбет қостаған Бөкей Ордасындағы халық көтерілісінде қырық тоғыз жасқа жете алмай, батыр оққа ұшады. Бекет Ата дүние салғанда ағайындары Исатай сыйлаған ақ атанның бір қадесіне жұмсағанын айтады білетіндер.
АТАНЫҢ МАХАМБЕТКЕ БАТА БЕРУІ
Атаның өмірінің соңғы жылдарының бірінде болашақтарын білу, батасын алу үшін ханның көмекші уәзірлері, қайын енесі мен сұлтанның бәйбішесі балаларымен, старшын-билер, беделді ақсақалдар сәлемдесе келгенде 6-7 жас шамасындағы Махамбеті ертіп Өтеміс те келеді. Болашағын болжатып Бекет Атаның алдынан шыққандардың көңіл-күйлері темен болады. Осы сәтте балалардың арасындағы ойыннан өрт шығып, уәзірдің мүшел жасқа толған ұлы өзінен кіші баладан таяқ жеп еңіреп әкесіне барады. Кедейдің «содырының» жон арқасынан таспа тілуге уәзір жіберген екі жігіт «сотқарды» қамшымен бас-көз демей төпелей жөнеледі. Балалармен ойынның түрін соғып жүрген Махамбет мұндай озбырлыққа шыдамай ара түседі. Ақсүйек тұқымдылардың қарсы тұруға батылы бармай, болған жайдан ауылға хабар жеткізгендіктен тып-тыныш жатқан Бекет ауылы дүрлігеді де қалады. Кедей-кепшіктер балаларының «тентектігіне» кешірім өтінеді. Жаны жараланған бала Махамбет жұлқынып алға шығады да:
— Әдейі төбелес болған жоқ, байқаусыз тиген шынтақтан мұрын қанады. Мұрын қанау үйреншікті жағдай, сол үшін үлкендер жағы өзара төбелесетін болса, Ордамыз ертең ортасына түседі. Еңгезердей екі жігіттің жазықсыз жанды жерге жатқызып қойып қамшымен дүрелеуі – хан ордасынан келгендер үшін тым ұят! Уәзір аға, дереу жон арқасы тілініп, көзі шығып кете жаздаған баланың орынсыз таяқ жеген құнын төлеңіз, – деп, дүйім жұрт түгел еститіндей етіп сұңқарша саңқылдайды.
Жиналған халықтың шуласып жатқанын естіген Бекет Ата үйінің сыртына шығады да, бала сөзін естіген соң оған риза болып, қайта оралады.
Келесі күні түстен кейін өз кезектерімен Әулиенің алдына Өтеміс пен ұлы да жетеді. Баласының кешегі ісін оғаш санаған Өтеміс:
— Әулиенің алдына барғанда бірдеңе айтып бүлдіріп жүрме! Атадан батаңды ал да, тынышыңа отыр, әйтпесе бұдан кейін ешқайда алып шықпаймын, – деп алдын-ала шегелеп қояды. Жұрт алдында уәзірдің өзін сәби үнімен «тізерлеткен» баланы Бекет Ата ерекше ниетпен қарсылап, төріне отырғызады. Табалдырықтан аттағанынан-ақ жүзі бал-бұл жанып, өзін еркін ұстаған бала үлкен кісімен қос қолын беріп амандасады. Әлсін-әлі өткір жанарымен әкесіне жалт-жұлт қарап, тізерлеп жүгінген баланың әрең шыдап отырғанын байқаған Атаның ынтасы Махамбетке ауады да, сұрақ қоя бастайды. Әулиеден тайсалып, жауаптан мүдірген бала болмайды. Әкесі қысылып, ұлына бірдеңе дегісі келгенде:
— Шырағым, үйіме келген жандардың ең құдіреттісі осы балаң болды, ең бастысы дер кезінде алып келгенің, – деп, Бекет Ата тоқтау салады да, Махамбетке қарап:
— Неше жасыңда өздігіңмен атқа отырдың? – дейді.
— Төрт жасымда үзеңгі тарттым, бір жылдан кейін құлын-тайға бас үйрете бастадым...
Осы жауапты естіген Бекет әулие көзін тарс жұмып, алға артқа теңселіп отырып:
— Екінші мүшеліңде хан Ордасына еркін кіресің, бір бөлек елді басқарасың. Әділетсіздікке төзбейсің, ол маңдайыңа жазылған. Басыңа алғашқы пәле ханның өзінен емес, туыстары мен маңындағылардан болады. Арқалы ақындық қонғалы тұр, халық әр сөзіңді жатқа айтатын болады. Отызыңнан асқанда Ордадан кетесің, ханнан аулақ қонып, қару алып, шабысқа да барасың. Даудың басы жер мен әділетсіздіктен басталады, көп қан төгіледі, ақ патшаның өзі араласады. Ең жақын жолдасың сен үшін басын оққа байлайды. Одан айырылғаннан кейін ханмен, оның айналасымен тартысқа барғанның жөн еместігін біле тұра ат сабылтып сарттарға барасың, олар көмек бермейді, осыдан кейін елге оралмағаның дұрыс. Өкімет үшін ең қадірлі де қымбаты басың мен ақылдылығың болады... Еліңе сыйлы боласың, атағың тек жеті аталық емес, жүздеген жылдарға жайылады, кейінгі ұрпақ өзіңді мақтан тұтады. Ал енді маған қояр сұрағың бар ма, ұялма, іркілме, – деген Атаға:
— Алдымды болжап бергеніңізге рақмет, Сіздей Әулиеге менің айтарым жоқ, – деп, қысқа ғана жауап қайтарады Махамбет. – Бірақ менің өзіңізбен бір байланысым болатын тәрізді, осыны қалай ойлайсыз?
— Махамбетжан, енді тіпті кездеспейтін де шығармыз, мәңгілік емеспіз ғой... – деп, маңдайынан құшырлана иіскеп тұрып Өтеміске:
— Махамбетіңді ержеткенше бетінен қақпай еркін өсіргейсің! – дейді де, неге екені белгісіз көңілі бұзылғандай күй кешіп бұрылып жүре береді..
МЕҢДІҒҰЛ БАТЫРДЫҢ САУҒАСЫ
Бекет Атаның ағасы Меңдіғұл батыр қалмақтармен кезекті бір соғысында елге көп олжамен оралады. Ағасының әлгіндей олжамен келе жатқанын сезіп алдынан шығып, сауға сұраған інісіне Меңдіғұл қалмақ қызын береді. Бекет Ата жас қызды оқытып, сауатын ашып тәрбиелейді. Әдебіне мінезі сай, көркіне ақылы сай болып өскен бойжеткенді айттырып келушілер көбейе бастайды. Бекет қыздың билігін өзіне бергенде қалмақ қызы:
— Менің бұл елге келу тарихым да, жау қолына түскен қыздың көрер күні де қалың елге белгілі. Сіздің үйге тап болған мені ата-анамнан кем қылмай өсірдіңіз. Сіздің жақсылығыңызды өмір бойы ұмытпаймын, аға. Соның өтеуі ретінде, егер мақұл көрсеңіз, өзіңізге әйелдікке алыңыз. Әйтпесе, босағаңызда өле-өлгенше күңіңіз болып, қызметіңізді істеп жүре берейін, – деп ұялшақтап төмен қарайды. Байсалды пікірді ой елегінен өткізген Әулие Бекет қанша бағып-қаққанмен ата-анасынан тірілей айырылып, мұң кешіп жүрген бейбақты еркінен тыс басқа біреудің есігінде телміртіп, бағын байлауға жүрегі дауаламай қыздың ұсынысын бәйбішесіне айтады. Алды кең, жаны жомарт, көпті көрген текті, сарабдал бәйбіше отағасының ой-пікірін ықыласпен тыңдап болып:
— Менен рұқсат, Отағасы, ешқандай қарсылығым жоқ. Менің де билігім өзіңізде ғой, жүрек қалауын жасаңыз, – деп, сөзінің соңғы жағын жұмсартыңқырап жібереді. Бәйбішенің келісімін алған Бекет айналадағы ақсақалдардың батасын алып, той жасап, ақ некесін қидырып, қызды әйелдікке алады да, жасаулап бөлек үй тіктіріп береді. Қалмақ шешемізден көп жылдарға дейін перзент болмайды. Нәресте дауысын естуді зарыға күтіп жүрген шешеміз бір күні:
— Отағасы, Сіз өзіңізге ықылас-ниеті ауып келген барлық адамды жарылқайсыз. Мен де ықылас-ниетім ауып қосылып, жар болдым. Шамның жарығының астына түспейтініндей, қалмақ қызын бөтенсіреп, ескермей жүрген жоқсыз ба? – дейді.
— Ойыңды ұқтым, сабазым. Үйленіп үй болған соң перзентті болу екеуімізге де ортақ мақсат-мүдде екені рас. Мен де өзің секілді Алланың құлымын ғой. Бәрі де Ұлы жаратушының құзырындағы нәрсе екені мәлім. Есіңде ме, – дейді, бұдан әрі Бекет те өзіне тән байсалды күйін сақтап:
— Батыр қайнағаң елді шапқанда ет қызуымен сенің жылағаныңа қарамай екі бірдей туған бауырыңды садақтың нысанасына ілдіріп, әкеңді ұрпақсыз қалдырып еді ғой. Қос құлынынан айырылып қайғыдан жүрегі шемен боп қатқан әкең байғұс та жай кісі емес еді. Қолынан келер дәнеңесі болмаған соң тіліне ерік беріп батырдың артынан: «Көбейме, өспе!» – деп қарғап қалды. Осы кезде сен де еліңді, жалғыз қалған қарт әкеңді қимай батырдың атының артына мінгескен күйің, артыңа қарай-қарай жылап бара жаттың. Ата-ананың қарғысы, мүсәпірдің дұғасы, әлдекімнен қорлық көріп, азап шеккен адамның назасы ешқашан тек кетпек емес. Сондықтан болар Меңдіқұл бауырымның ұрпағы өспей қалды. Ал сенің оншақты жылдан бері сәби дауысын аңсап жүруің сол оқиғаның салқыны шарпып өткендігінен болар, – деп, сұраулы пішінде жұбайына қараса, қарғыс атқан сол күнді көз жасын көлдете, үнсіз егіліп, жылап отырып есіне алып, қосағының уәжін мақұлдағандай үнсіз ғана бас изейді. Бекет Ата аз-кем ойланып отырады да:
— Еншіңе алған түйелеріңнің қомдырақ біреуін сойдырып садақа жаса. Екеуіміз де Ұлы жаратушыдан тілек тілейік. Алла тағала тілегімізді қабыл етсе, иншалла, екі перзентіміз болар, – деп, енді ұзақ отыруды қажет етпегендей орнынан тұрады. Атамыздың айтқанын бұлжытпай орындаған шешемізден көп ұзамай-ақ Байнияз бен Қодар есімді қос ұл дүниеге келіпті.
БАРАҚ БАТЫРДЫҢ АТАДАН КЕШІРІМ СҰРАУЫ
Бекет Ата табын Барақ батыр және басқа да адай батырларымен Хиуа жасағына қарсы соғысқа аттанады. Алғашқы шабуыл жасау Барақ батырдың үлесіне тигенімен шепті бұзып өте алмайды да, кезек адайдың батырына тисе керек. Адай батыры бекіністі бұзып жарып өтеді. «Жау қашты, жау қаштылап!» – аруақтанған сарбаздар лап қойып, жеңіске жетіп, мол олжа түсіреді. Соғыстан кейінгі бір тыныс алу сәтінде Бекет Ата Барақ батырға:
— Мына олжадан қалағаныңды ал, таңдау жол сенікі, – дейді. Барақ батыр:
— Алмаймын, – деп кейістік білдіргендей болса керек.
— Неге? – деп сұрапты Ата. Сонда Барақ батыр:
— Бүлінгеннен бүлдіргі алып көргенім жоқ, қайта олжаны ортаға салатынмын. Бұл – бір. Екіншіден, Сізге мен өкпелімін. Сіз қарыңызға тарттыңыз. Мен бекініске шапқанда табынның Тостаған ұранын айтпай, Сіздің аруағыңыздан дәметіп: «Уа, Бекет!» – деп ұрандап едім. Онымнан түк те шықпай бармағымды тістеп отырмын, – депті.
Сонда Бекет Ата Барақ батырдың өкпесінің орынсыздығын дәлелдеу мақсатында адай батырына қарап:
— Жаңа шепке шыққанда оқыс, одағай ештеме көрген жоқсың ба? – деп сұрапты.
— Жоқ. Байқамадым, – депті батыр.
— Сен не көрдің? – деп Барақ батырдан сұрағанда:
— Шептің оң жақ қанатында түйе сойып жатқан үш-төрт адамды көргенмен пәлендей көңіл аударғаным жоқ, мән беретіндей мұрша болды ма, тәйірі?! – дейді.
Бекет Ата:
— Е, Барақ батыр, жарадың! Құр емес екенсің. Өзің білесің, олар да мұсылман ғой. Олар да өз әулиелеріне сыйынып жеңіс жолына құрбандыққа түйе шалып жатыр екен, – деп, сәл тыныстап алып Ата Барақ батырға қарап сөзін жалғапты, – Сен бекініске атойлап шапқан кезде мен олардың әулиелерімен жағаласып ала алмай жатқанмын. Сондықтан шепті ала алмадың, ал адай батыры шабуыл жасағанда мен басымдыққа не болғанмын! Екеуіңізге де көмекке ұмтылғанмен шындық жаңағыдай еді, – дегенде, Барақ батыр:
— Уа, ардақты досым, кешіре гөр, менен бір білместік болды. Сіздің атыңызға сыйынғаныма енді өкінбеймін! Ойнап сөйлесем де, ендігі жерде ойлап сөйлермін, – деп кешірім сұрапты. Ақылына қарай іс қылған досын Ата кешіріпті.
ІЛТИПАТ
Бекет Атаның тұстас, тұрғыласы Бейнеу бабамыз өз күшімен күнелткен, қарапайым шаруа екен. Бір қасиеті ерінуді білмейтін еңбекқорлығы болса керек. Жапан далада жан баласы назарға ілікпей зарығып жеткен жолаушы байғұстың жан шақырып, қуат жиятын құтты ордасы болған Бейнеу шаңырағы қонақжайлығымен маңайдағы елге мағлұм болады. Содан да болар ел аузында: «Бейнеудің қонысы иен даладағы жалғыз үй болған», – деген әңгіме қалыпты. Бейнеудің көзі тірісінде-ақ сол аймақты жергілікті жұрт «Бейнеу маңы», «Бейнеу жері» атапты.
Бейнеуді Бекет Ата да қадір тұтып, қатты құрметтепті. Қаймана қазақ жөн сұрасып Бекет Атаға: «Қайдан келе жатырсыз?» – дер болса, Бекет Ата: «Бейнеуден келе жатырмын», – деп, – «Қайда бара жатырсыз?» – десе, «Бейнеуге барамын», – деп, асқақ үнмен жауап береді екен.
Әулиенің Бейнеуге деген ынта-ықыласын қызғанып, күндеушілер мен оған беріле құлдық ұратындар мұнысын қош көрмей қонысқа жаңа ат қою жөнінде қолқа салып: – Әулием! Бейнеуден гөрі беделіңіз биік қой, осы жерді Сіздің есіміңізбен атасақ қалай болар екен?! – деп ұсыныс білдіргенде Ұлы Атамыз:
— Жоқ, қарағым! Олай етуге болмайды, ары-бері өткеннің атын тынықтырып, адамын тоғайтып, ақ жүрегімен дастарханын алдарыңа жайғаннан өзге оның жазығы бар ма?! Бір кісі болса Бейнеудей-ақ болсын! Керек десе, Бейнеуге бөл ықыластың өзі аздық етеді. Әуелі өздерің Бейнеудей болып алыңдар! Ел бергенге мен билік айта алмаймын, – деп, берекесіздердің бетін қайтарып тастапты. Адамға деген адалдық, ізгілік пен ілтипат, кісіге деген кішіпейілділіктің үлгісі осындай-ақ болар!
СУЫН ҚҰЛЫН ХИКАЯСЫ
Үйір-үйір жылқысы бар түрікпеннің бір байы орасан жүйрік тұлпарға құштар болып жүргенде бір көріпкел осы көктемде судан суын айғыр шығатынын, шама келсе үйірді теңіз жағасына жақын жаюды, Алла Тағала бұйыртса, суын айғыр үйір ішіндегі бір биеге шабуы мүмкін екендігін ескертеді. Сол күннен бастап бай жылқышыларына суын айғырдың судан шығып, үйірдегі бір биеге шабатын уақытын білуді қатаң тапсырады. Қанша күтсе де олар суын айғырдың судан шыққанын көрмейді. Осыған қапа болған түрікпен байы еліндегі сейіс, әрі сыншы ақсақалды ертіп келіп үйірлерді аралағанда оның көзі боз биені көреді де: «Тұлпар осының ішінде, биені көзден таса қылмаңдар!» – дейді. Биеге күтім адамнан артық жасалып, көктемде мөлдір қара құлын жарыққа шығады. Көруге келген байдың да, сыншының да құлынға көңілі бітеді.
Келесі келгенде боз биенің бауырындағы құлдыраңдап жүрген қара құлынды көрген сыншының көзі атыздай болады. Өзіне-өзі сенбей көзін уқалайды.
— Құлын басқа, тұлпардан айырылыппыз! – деуге ғана тілі келеді. Құлынды көзден таса етпегендей болған жылқышылар бұған сенімсіздік білдіреді. Сыншы көрші ауылдарды аралайды. Кенет көзі бір үйірдегі бауырында қара құлыны бар боз биеге түседі де:
— Мынау біздің құлын, іздеген жоғым осы! – дейді.
— Қой, – дейді адай жылқышылары, – Бұл Ақтанкер айғырдың баласы.
Сыншы өзінің көрген-білгенін байға жеткізгенде, бай шыдамай:
— Құлыны бар үйірді айдап әкеліңдер, қарсы болғанды шабыңдар, – деп бұйырады. Сыншы болғалы тұрған қантөгістен сескеніп:
— Қантөгіс жасауға әлі ерте. Анттасайық. Антқа олар Қожаназар байдың Ақшолпан атты тоқалынан туған алты жасар Қошанды ұстауды ұсынайық. Бір құлынға бола баланы антқа ұстамас, құлынды берер, – дейді. Екі жақ та қатты кетеді.Түрікпендер: «Не қан төгіс, не анттасып өздерін ақтап алсын», – десе, адайлар жағы: «Болсын, анттасайық», – дейді. Сонымен екі жақта осы уәжге тоқтайды.
...Қараман Ата қауымының басы қаптаған қарақұрым халық. Ортада – кекілін, құйрығын қара матамен түйген, қара жүген қаңтарылған қара арғымақ, үстіне қара киім киген, бұл фәниге қылдай қиянаты жоқ сәби Қошан.
Айтыс шарықтау шегіне жеткен кезде Бекет Ата ешкімге сездірмей Қошан мінген қара аттың еріне ағаш сапты біз шаншиды да, Қараман Ата бейітіне қарап тізерлей отыра қалып:
— Уа, Құдайым, қара айыпты десең қара атты ат, бізді айыпты десең бізді ат! – деп айқайлайды.
Осы сәтте ердің қасындағы біз ортасынан қақ жарылып, оңтайда тұрған бір жігіт құлап бара жатқан қара аттан Қошанды жерге жеткізбей көтеріп алып кетеді...
Әруақтың құдірет күшіне тәнті болған адайлар жағы құлшылық ете бастайды.
— Әруақ қара атты атып, татулыққа, бітімшілікке шақырды. Бір құлынға бола ел ішін ала тайдай бөрліктіргеніміз болмас, бата жасасып, туысқан болып тарасалық, – деп, қолын ұсынған Бекет Атаға:
— Бекет, адайларыңа бұрып кеттің, бұл шешімге риза емеспіз. Анттасуды адайлар арасында емес, Көне Үргеніштегі Шикабір әулие маңында өткіземіз, – дейді, түрікпендер жеңілгенін мойындағысы келмей.
— Айтқандарың болсын, ертең таң намазында сонда кездесейік, мен жүрдім, – депті де, қара киімді Қошанды алып, қара арғымаққа міне салысымен көзден ғайып болыпты. Мұны көрген түрікпендер:
— Болмады, Бекет құдіретін асырды, қандай жүйрік болса да Шикабірге ол айтқан уақытта жететін жылқы бізде жоқ, жете алмаймыз, дауды доғарайық, – деген тоқтамға келіп, ортақ әңгімеге көшеді. Сөйтіп, Пір Бекеттің құдіреті себеп болып дау қан төгіссіз аяқталыпты.
Айтушылар: «Қараман Ата аруағымен Бекет Ата үшінші күні ғана тілдесіп, жоғарыдағыдай байламға келген екен», – дейді. Ал әлгі суын құлын тұқымы адай жылқыларынан қуса жететін, қашса құтылатын, ұзақ жолда шаршау мен шалдығуды білмейтін талай тұлпарларды шығарыпты.
АТАНЫҢ СЫР БОЙЫНА САПАРЫ
Үлкендердің айтуынша Бекет Мырзағұлұлы ғұмырында Сыр бойында үш-төрт рет болыпты. Бекет Атаның қай сапарында да жолындағы қазақтар да, қарақалпақ пен өзбек те тік тұрып қарсы алып, құрметтеп, қонақасы беріп, жолға салып отырыпты. Сондай сапарларының бірінде жолшыбай кездескен қышлақтағы өзбектің үйінен түстік ішіп шықпақшы болып тоқтағанда, ауыл тұрғындарының әбігерге түсіп жатқанының куәсі болады. Жағдайды білмек болған Атаға Бектің келінінің толғағы қатты болып, ажал аузында жатқанын, келген бақсы-балгердің еш көмегі болмай жатқанын айтады.
Ажал құшқалы жатқан жас жанды құтқару азаматтық екенін зердесіне ұялатқан Бекет әулие әйелге көмекке келеді. Арада жарты сағат өткенде бөлмеден сәбидің іңгәлаған дауысын естіген Бек қуаныштан жүрегі жарылғандай боп ішке ұмтылады. Бектің өзі құманға жармасып, қолына су құйып бәйек болады, Атаны жібермей екі күн қонақ етіп, ұлына оның есімін береді.
...Жолдастарымен жолға шыққан Бекет Ата келесі күннің кешінде бір зираттың жанынан өте бергенде беттеріне шүберек байлап алған шолақ найза, қылышпен қаруланған оншақты аттылы тап береді. Қарақшылардың қамшыдан басқа қаруы жоқ жолаушыларды жәукемдеп, аттарын тартып алмақ ойлары бар екенін сезген серіктері абдырап қалады. Ат үстіндегі қарақшылардың бірі:
— Бұл қай жақтың қанғылары! Осылай тұрамыз ба?.. – деп, атын қамшылай алға ұмтылады.
— Ау, алдымен жөн сұрасып алайық, біз болсақ жай жолаушымыз, қылмысымыз бен бүлдірген ештеңеміз жоқ, өздерің кімсіңдер? – дейді, жолаушының бірі қорқыныш қаупін сездіргісі келмей.
— Біз бе? Біз – Жем бойынан қуылған қазақтармыз! Міне, енді жан сақтап, сарт пен қалпаққа жалтақтап жүрген жайымыз бар, – дейді, ішіндегі ересектеуі жолаушыларға қарап. Бекет Ата сөзге араласа қоймай, сынай қарап, ішінен әлдене оқып тұрғандай болады...
— Айналайындар-ау, бір-бірімізді алғаш рет көріп тұрмыз, бұрыннан егесіміз, кеткен есе, өш кегіміз тағы жоқ, не үшін ұрынбақшысыңдар? Мына кісі егер естулерің болса, Бекет әулие, – деп, жолдасы аз кідіріс жасайды.
— Бұл жақта екінің бірі әулие, не бақсы, тіпті теріс оқуды білетіні де бар. Одан да бастарыңның аманында аттарыңнан түсіп, қалталарың мен дорбаларыңды айналдырып көрсетіңдер! – деп, бұдан әрі сөз таластыруды құп көрмеген қарақшылар аттарын тебініп жақындай түскенде, біреуінің аты сүрініп кетіп, оңбай омақасады. Бұны көрген өзгелері қылыштарын суырып, найзаларын ыңғайлайды. Соңы шаң-шұң айқай, боқтық сөз, аттың кісінеуі, қылыштың шарт-шұрты, адамның шыңғыруы, ыңырсуына жалғасады. Бір сәт бәрі тынышталып, ала шаң сейілген сәтте қарақшылар өзді-өзді қылыштасып, найзаласып, бірін-бірі қансыратып әбігерге түскендерін, ал жолаушылардың жоқ екенін көреді. Не болғанын білмесе де, бір-бірінің жараларын байлап, бәрі отыра қалып құдайдан жыларман күйде жалынып, енді қайтып мұндайдың болмауын сұрайды. Жолаушылардың жолы жалғаса береді.
... Тағы бірде Сапар атты қонақжай азаматтың үйінде екі кісінің дауын тыңдап отырған Бекет Атаның үстіне сол елдегі айтулы бір балгер ат басын тірейді. Жиналғандар оның алдынан шығып, жік-жапар болады да қалады. Даугерлер де:
— Келгені жақсы болды, енді осыған жүгінеміз, – деп, Бекет Атаны елеусіздеу қалдырады. Шылбырды қасындағы жігіттің біріне беріп, үй иесінің демеуімен аттан түскелі жатқанда балгердің оң аяғы үзеңгіге ілініп қалады да, оны қаттырақ сілкігенде темір үзеңгі аттың сауырына соғылып, одан шошынған жануар артқы аяқтарын аспанға көтеріп, құйрығын шанши қарғиды. Оқыс қимылдан үй иесі балгерді ұстай алмай қалады да, сол аяғы үзеңгіде қалып, ат бауырына шалқалай құлайды. Оның жалпылдаған шапанынан әбден үріккен ат ойқастап атылғанда шылбыр жігіттің қолынан шығып кетеді. Қытықты жеріне жармасқан бәледен құтылуды ойлаған, әрі жалпылдаған шапан етегінен шошынған ат бет алды маңып жөнеледі. Дереу соңынан қуған қарулы жігіттер лаққан атқа жетіп, балгерді үйге алып келеді. Намыстан өліп кете жаздаған балгер мына «пәлелі» үйге түспестен кері кете бергісі келген-ді, бірақ үзеңгіде қалып қойған аяқ тобықтан жоғары жерінен сынғандықтан, үйге баруға мәжбүр етеді. Төрде отырған кісіні көргенде науқастың көзі қанталап, қос самайынан тер сорғалап қоя береді. Қысқа ғана амандасқаннан кейін оған:
— Бұл не жатыс, аяғыңызды алға қарай созып, тұрып отырыңыз, – дейді әлгі төрдегі адам. Ашуын кімнен аларын білмей отырған балгер:
— Саған не көрінген? Аяғы қирап қалған адамға осылай айта ма?, – деп, жақтырмай қарайды.
— «Сабыр түбі – сары алтын». Әлгінде Құдаймен қоса маған да тіліңіз тиіп кетті ғой, ішіңізден үш қайтара кешірім сұрай қойыңыз...
— Кешірім сұрайтындай не жазыппын? – деуге тілі келген балгердің жаны қиналғанын көрген Бекет Ата орнығып отырып алады да, ішінен аят оқи жөнеледі. О керемет! Бір кезде, науқастың кері айналып кеткен аяғының басы қозғалып, өз орнына барады! Мына ғажапқа таң қалған балгерге:
— Тұрыңыз орныңыздан! – деп ақырып қалады. Науқасты демемекке ұмтылғандарға жақындамауға ишара жасайды. Әлгіндегі мүгедек жанның орнынан тұрғанын көрген Бекет Ата:
— Келіңіз, қонақсыз ғой, төрден орын алыңыз!, – деп, өзінің оң жағын көрсеткенде, балгер екі-үш аттап сол жерге жетіп келеді.
Құрметті қонаққа қой сойылады. Жақсы әңгіме айтылады.
— Япырай, Бекет, осы жасыма келгенше сен сияқты қол тигізбестен сынықты орнына салған кереметті өз басым көрген де, естімеген де едім, – дейді де, қайдан айттым дегендей тілін тістеген күйі отырып қалады...
...Ата Сыр өңірінде халықтың өтініші бойынша бір ай кідіреді. Оған ағылып келген жандардың басым көпшілігі разы болып, ол туралы оң пікір қалыптасқан хабар Түркістанның шығыс жағында мешіт ұстап отырған, айтқаны орындалып, емі шипа, ауылдастары пір тұтатын арабша білімді, ел арасында беделді ауыл молдасының құлағына да жетеді. Қайдағы бір адайдың жұртты дүрліктіріп, өзіне тартып бара жатқанына іші күйеді де, шақыртушы жібереді. Оған:
— Мен Сырдария жағына келген қонақпын. Түркістан, Арысқа бару ойымда жоқ, болмаған да. Ал, арнайы қонақтыққа шақырса бір-екі жылда соғуымның мүмкіндігі келе қойса көремін. Ренжімесін, – деп, сәлем айтады. Мына жауапты естіген молда Сыр бойы діндарларының беделіне нұқсан келетінін, қайткенде де оның абыройын түсіріп, енді қайтып жоламайтындай етіп жіберу керектігін ойға алып, атқосшысын ертіп атқа қонады.
Ата оның келе жатқанын біледі. Таң намазынан кейін жолға шыққан молда кештетіп Түркістанға жетіп, ертесіне одан әрі асуды ойлап жүрісін тездеткенмен қалаға жететін межелі уақыт өтіп кетсе де, оның қарасы көрінбейді. Күн батып оттан шыққан таба нандай қып-қызыл болып көтерілген ай мен жымыңдасқан жұлдыздарды бұлт бүркемелегенде айналаның бәрі тас түнек болады. Осы кезде аттары құлақтарын қайшылап, үсті-үстіне пысқыра бастайды. Қырағы көзді жас көмекшісі өздерімен қатарлас жиырма шақты қадам жерде үш-төрт түйенің өздерімен бағыттас келе жатқанын байқап қалады. «Е, өрістен келе жатқан жануар болды-ау, онда алдымызда ауыл да жақын болар...», – деген үмітті ой үстіндегі атқосшы түйелерге тағы қараса шудалары жерге шұбатылып, езулерінен ақ көбік атып, тістерін шақырлатады... Молда жағдайды түсініп, дереу білгенін оқи бастағанда-ақ әлгілер көзден ғайып болады.
...Келесі күні тасып жатқан өзенге тап болған жолаушылар өткел іздеп біраз уақыттарын кетіреді. Кешеден бергі кедергіге шыдай алмаған атқосшысы:
— Молдеке, Құдай біздің сапарымызды құп көрмейтін тәрізді, аман тұрғанда ауылға оралсақ қайтеді? – дейді.
— Саспа! Осының бәрін жасап отырған соның өзі болуы мүмкін. Қане, мен де оны сынап көрейін! Барғасын құмандағы судың қайда кеткенін Бекеттен сұраймыз, ұмыттырмассың, – дейді де, жез құманындағы суды төгіп тастайды.
Дәл сол мезетте Сапардың үйінде отырған Бекет Ата бастаған қонақтардың қолына су құйылып жатады. Өз кезегімен қолын жуғалы алға ұмтылғанда құман толы су жоқ болады да кетеді. Үй иесі қызметші жігітке:
— Қарағым-ау, құманыңды толтырып әкелмейсің бе, қонақтан ұят болды ғой, – дегенде, қазір ғана қолын жуып үлгерген қонақ:
— Менің қолыма су құйғанда құман толы болатын, жігітті босқа жазғырмайық, – деп, басқаларға басу айтқан сөзінің соңын ала Бекет Ата күліп жібереді де, үрейлене бастаған адамдарға жағалай қарап:
— Бұл жігіттің жазығы жоқ, жол үстінде менімен бір аруақты адам ойнап келеді, суды жоқ қылған сол болу керек, оны кейін білерсіздер, – деп отырғандарды сабасына түсіреді...
Осы сәтте жолда келе жатқан молданың:
— Босаған құманыма лайын жібермей су құйып ала қойшы, – дегеніне қабақтан түсе берген атқосшының жан дауысы шыққанда: «Байғұс, суға құлап кетті ме?», – деген оймен:
— Не болып қалды?! – деп, молда да жар жиегіне жүгіріп барса, әлгіндегі ат бойламайтын өзен суының орнында жылтыраған шалшық қана жатыр! Әбден есі шыққан атқосшысының кері қайту туралы өтінішіне:
— Жарайды, өзім де қатты ауырып тұрмын, обалым жоқ, осы сапарға шықпай-ақ қойғаным дұрыс еді. Қайтсақ қайтайық, – деп, көңіл-күйі төмен молда ат басын аулына бұрады.
Бекет Атаның Сыр бойына бір сапары осылай аяқталыпты.
ШАЙТАНМЕН ШАЙҚАС
Білетіндердің айтуына қарағанда Бекет Ата қырық жасқа келген шамада ел ішінде жын жыбыр көбейіп кетіпті...
...Ертемен бие сауып отырған екі әйел бір сәт қалғып кеткендей болады да, қайта көздерін ашып қалса... Сұмдық! ...Биелері айғырға айналып кеткен!
...Үй иесі түн ортасы ауғанда оянып, жанындағы келіншегін сипаласа анары байқалмайды, бетіне қолын жүгіртсе сақал ілігеді. Шошып кетіп, шам жақса... Төсегінде тақыр бас шал жатыр! Шал қаша жөнеледі. Соңын ала сыртқа шықса байқағаны қарыс жарымдай құйрығы бар!
...Жаз жайлауда отырған бір бай бәйбішесімен күндік жердегі құдалыққа барып, қайтар жолда ауылға біршама жер қалғанда күн ұясына енеді. Делбе ұстаушысы жегілген қос атты қоңыр салқынмен желдірте айдайды. Жеккен аттары екі жаққа тартып, ашуын келтірген делбешінің дауысынан көзін ашқан бай ақ түйеге мінген екі келіншектің еріп келе жатқанын көреді. Өзіне назары ауғанын байқаған делбеші:
— Байеке, мына келіншектер Сізбен сөйлескілері келеді, – деуі мұң екен, тып-тыныш түнде сыңғырлаған үндерімен сәлемдескен олар түн жүрудің қиын екенін айтып, бірге жүруге рұқсат сұрайды. Не ойлағаны белгісіз:
— Түйе үстінде тақымдарың талған шығар, жайғасып арбаға отырыңдар, – деп, бай жалбақтап рұқсат берген сыңай танытады. Бай көліктерін жетекке алып тарантасқа жайғасқан келіншектерден жөн сұрасып, әңгіме қозғайды. Көп ұзамай ауылға келіп, асығыстау ақ ауыз тиіп, ұйқыға кетеді. Ертесіне төсегінде көрінбеген байды ескі құдық ішінде аузынан ақ көбік ағып, өлім аузында жатқан жерінен тауып алады. Ал түйеге мінген қос келіншек сол кеткеннен мол кетіпті.
...Жем бойынан Таушық жағына қыз ұзата барған кәрі-жасы аралас бір топ адам екі арбаға бөлініп отырып ауылдарына келе жатады. Қараңғылық түскенше жүріп, таудың етегіне көліктерін туарып, түнеп шығуға тоқтап, жайылған дастархан басына отыра бергенде артында он үш он төрттегі қызы бар қария келе қалады. Сәлемдесіп, жол болсын айтысып, тағамдарды ортаға алып, бейтаныс қариямен бірге ыстық шайды рахаттана ішіп отырғанда, шалдың қызы шашалып қалады. Жегенін желкесінен түйіп шығармақ болғанда дастархан үстіне құлаған қыз кесені қағып кетіп, білегіне ыстық шай төгіледі. Құлақты тұндыра шыңғырған қыздың дауысынан айнала абыр-сабыр болады. Шала күйген білегін біресе сипап, біресе жалап жатқан сәтте сойдиған жоғары екі тісін көрген жолаушылар арасындағы бір бала:
— Апа, қарашы мынау жалмауыз кемпірдің қызы емес пе?! – деп, анасына айтқанын естіген қыздың түсі бұзылып жүре береді. Мұны көрген дастархан басындағылар олардан құтылудың жолдарын ойластырады.
Ойға оралғаны оңға басып, Бекет Ата қолдап, құдайдың жәрдемімен әзәзілден құтылып аулына келеді...
...Күн өткен сайын мұндай оқиға үдей түсіп, халық жүріп-тұрудан қалады. Ауыл ақсақалдары, ру басылары жиналып бұдан әрі бұл сұмдық тиылмаса бір-екі жылда барынан айырылып, туған жерден шығына босып кететіндерін сезіп, Маңғыстаудың жоғарғы жағын мекен ететін, діни біліміне қоса әруағы ерекше Бекет әулиеге баруға бел байласыпты. Әулие Бекет келгендерді жылы қабылдап, мал сойғызып, құрмет көрсетеді. Әңгіме негізгі тақырыпқа ауысқанда еш бәлденбестен келгендерге еріп кетуге дайын екенін айтқанда хабаршы елшілердің қуанышында шек болмайды.
Үшінші күн, сәрсенбінің сәтінде жүргіншілер Бекет Ата бастауымен ертелетіп жолға шығады. Екіндінің шамасында қарсы кездескен жүз шамалы ешкі айдаған екі қарт бұлармен жүздесуден қашқақтап, алдарындағы малды қайырмалай бастайды. Жолаушылардың аттары осқырынып, құлақтарын қайшылап, ауыздықтарын қарш-қарш шайнап әлек болады. Таң-тамаша болғандарға Ата қолын көтеріп тоқтау салған соң, жүгендерін қыса ұстап, көз алдарында өтіп жатқан «қызыққа» қарап тұрған серіктестеріне:
— Тоқтамастан түнімен жүруіміз керек. Менің елден шығып кеткенімді білген шайтандар ауылға бара жатыр екен. Олардың қарсы қимылдарына төтеп беруі үшін тездетіп жүргеніміз жөн! Қалғып кетпеңіздер, сақ болыңдар, кірпіктерің ілінбесін!.. – дейді...
... Үрей мен қасіретке толы елді Бекет әулие алпыс күн аралап, жүректерін орнына түсіріп, бұрынғы мамыражай көңілді кезеңіне әкеліпті.
ҚАРАБАЙДЫҢ АТА АРУАҒЫН МОЙЫНДАУЬІ
Маңғыстау өңірінде балалық шағы Бекет Атамен бірге өткен Қарабайдың жасы қырықтан асын, байлығы мен атағы тым шалықтап кеткен сәтте жанындағы жандайшаптары:
— Қареке, ана Бекеттің атағы қалыспай келеді. Шын мәнінде батырлығыңыз да, даналығыңыз да, байлығыңыз да, әруағыңыз да одан көш ілгері, сондықтан халықты одан біржолата қайтарғаныңыз жөн, – дегенді ызылдай айтып, байлығына мастанып жүрген байды одан сайын желіктіре түседі. Желіккен Қарабай өзіне жақын жүргендерді жинап ақылдасуға отырады. Отырыста келген мәмілеге орай Қарабай қасына жүз адам ертіп «бақталасының» үйіне үш күн бойы қонақ болмақ болады. Қазақы салт бойынша қонақ үй иесіне сый-сияпат жасауға тиіс болатын. Сол сыйды Бекеттің қарымта қайыруға күші келместей етіп дайындауды бұйырады. Сөйтіп, байлығының, күш құдіретінің атақ пен даңққа лайық екенін дәлелдеп, құрдасының беделін ел алдында түсірмек болады. Бекет Ата құдіреттің күшімен бұл арамдық пиғылды сезіп отырыпты.
Атпен жүргенге үш күндік жерге Қарабай бір жұма бұрын дайындық жасап, ерте таңмен аттанбақ болғанда кешке қарай нөсерлетіп жаңбыр жауады да, жолға шығуларын амалсыз бір тәулікке кейін ығыстырады. Келесі күні жолға шығады да, көліктерінің тыңдығын пайдаланып жедел жүріп отырып, жол ортасына келгенде айдалаға қона кетеді. Түн ортасы ауа жылқылардың оқыранып, кісінеген дыбыстарынан оянса, ай жарығының астында адам түсініп болмас аласапыран жүріп жатады. Бие сауымындай уақыт түсініксіз арпалыстан кейін тыныштық орнап, адамдар қорқыныштан арылмаған күйде мініс жылқыларын түгендесе тең жартысы жоқ болады. Содан түске дейін шығынып кеткен аттарды із кесіп жан-жақтан іздегендер құр қол оралады.
Нөкерінің тең жартысының жаяу қалғанына қатуланған Қарабай кері қайтуды ұсынған жолдастарының сөзін тыңдамай, құдай қарғаған жерден алған бағытына аттанып кетеді.
Жолшыбай түрлі оқиғаларға тап болады. Бірде алдарынан қаптап киік шығып, ойнақтап секіріп, қатарласып жүріп отырады. Мұны қызық көргендерге Қарабай мен ауыл молдасы:
— Мойын бұрып қараушы болмаңдар, бұлар киік емес, бәрі де шайтан, өздеріне қосып алады! – деп сақтанғандырғанда аттары құлағын қайшылап, пысқырынып бүлінеді. Қарабай мен молда білген аятын үзбестен оқып, ақыры «шайтан киіктерден» құтылғандай болады. Сапарына сенімсіздік пайда болғанмен бай намысқа шауып, кері оралмайды.
...Келесі түнде айналаны дала бөрілері қаптап ұлығанда аспан мен жерді күңірентеді. Көздері жанып, анталап қоршаған қорқауларды көрген аттар кісінеп, астан-кестен болады. Көліктен айырылып айдалада жаяу қалмас үшін жан ұшырып, жүгенге жармасып, жүректері ұшқан жануарлардың жанарларын алақандарымен көлегейлеп, тыныштандырмақ әрекеттерінен нәтиже шықпайды. Қатты шаршаған жолаушылар қара жерге құлай кетіп ұйқыға кіріседі де, түске таман орындарынан тұрып қалған тағаммен оразасын ашады да, бір атқа екеуден мінгесіп жолға шығады. Барар жерге дейін әлі бір тәулік жер болғандықтан тоқтамастан түні бойы жүруді ойлайды. Жетіқарақшыны нысанаға алып келе жатқанда кенеттен бүкіл аспанды қалың бұлт торлап, айналаны тас түнек етеді. Амалсыз жарық болғанша дамылдай тұруды жөн санайды. Әбден шаршап, қажи бастаған жолаушылар айнала күзет қойып, шылбырды білектеріне, екіншілері белдеріне байлап, қара жерге бастары тигенге қуанады.
Көздері ілінер-ілінбесте көтерілген дауылдың соңы найзағай ойнап, күн күркіреп, жаңбырға ұласады. Жаз мезгілі болғанмен нөсерлетіп, шелектеп құйған жаңбырдан панасыз жандар лезде жаурап, Алладан жаңбырды тоқтатуды сұрап жалбарынумен болады.
...Сол күні кешкісін ауылға жақындап келіп, аттарынан түсіп, үсті бастарын тазалап жүргелі тұрғанда сапарластары Қарабайдың жер тепкілеп, кәдімгі жас балаша жылап отырғанын көреді.
— Бәрің де осы жерге дөңгеленіп тұрып, тыр жалаңаш шешініңдер, қоржындарыңды аударып, дым қалдырмай төгіңдер! – деп ақырады. Шошып кеткен серіктері амалсыздан бұйрықты орындауға кіріседі.
Шешінгендердің киімдерін, қоржындарын тексеріп шыққан соң қайта киінуге рұқсат алып үн-түнсіз шашылған дүниелерін жинақтай бастайды. Көздері қанталап, қалың беті әбден ісініп кеткен Қарабай:
— Менің... Алып шыққан жұдырықтай алтыным ж-жо-оқ!!! Кім ұрлап алды?! Кім көрді?! Шын ұрыны менің әруағым жылан болып орап, тек өзін емес, бала-шағасымен бірге қырады! – дейді кекештеніп. Мына сөзді естіп, тебе шашы тік тұрған жандар бір-біріне қарап бір сәт үнсіз қалады. Кейбіреуі естерін алдымен жиып, жолдан қалдырмай алтынды алған адамның дереу қайтаруын талап етеді. Жол бойы көріп келген қорлықтары аз болғандай межелі жерге өлдім-талдыммен жеткендердің «ұры» атанғаны арқаларына аяздай батады. Әбден ашынған жолдастары:
— Бекеттің алдымыздан дайындап отырған тағы қандай «бәлесі» барын білмесек те, ішіміз бір жаманшылықты сезеді, тіпті аш қалсақ та бұл ауылға түспейміз, аман тұрғанымызда үйге қайтамыз, – десіп шуласады. Қарабай оларды қамшылап, қоқан-лоқы көрсеткенмен көпшілік райынан қайтпады. Амалы таусылған Қарабай өзіне тілекші бес-алты адаммен жүріп кетеді де, қалғаны ауылға қайтар жолға шығады.
...Бекет Ата Қарабайды жақсылап күтіп, екі күн қонақ етеді. Екі жақ та болған жайларды сыртқа шығармайды. Ойы жүзеге аспай ауылынан шыққалы ұйқысы шала, көргені қорлық, тай тұяқтан айырылған Қарабай өзін еркін ұстауға жағдайы келмейді. Серіктері де жүйкенің сыр бергенін білдіріп қояды. Қызғаныштың қызыл иті тырналаған жүректегі қыжылды басуға еркі келмесе де Қарабай құрдасының аруағы артық екенін іштей мойындап, ойындағысы оңға оралмайтынын сезіп, еліне қайтыпты.
АТАНЫҢ КӨШЕН ҚҰРДАСЫН СЫНАУЫ
Бекет Атамен құрдас өзі бай, әрі батыр атағымен елге танылған Көшен көп жылқысын түрікпендер айдап кеткен хабары жетісімен найзасын қарына іліп, белдеуде байлаулы тұрған қара қасқа тұлпарына қарғып мініп, Бекет Атаға сыйынып, барымташының соңынан аттанғанда:
— Осыдан малымды түгел, басымды аман алып шықсам – астымдағы сүйіктім, әрі серігім қара қасқаны Бекетке арнадым, – дейді.
Құдай берген аруақ пен көріпкелдік арқасында жаудың артынан жалғыз шауып бара жатқан құрдасы Бекет Атаның көзіне шалынады. Қанша уақыт өткені беймәлім Көшен саны жағынан өздерінен әлдеқайда басым барымташыларды көреді де, қандай амал жасауды ой елегінен өткізгенше, аты да ауыздығын қашырлата шайнап, тұяқтарымен жер тарпып ұрысқа дайын екендігін сездіреді.
— Иә, Бекет! – деп, аруаққа сыйынған Көшен найзасын ыңғайлаған күйі төмен қарай құлдилай жөнеледі. Түрікпендер өздеріне қарай қыраттан төмен құйғытқан аттылыдан пайда болған шаңды қалың қол қаптағандай көріп жүректері тас төбесіне шыға үрейленіп, олжасын тастап қаша жөнеледі.
Көшен батыр малын шашау шығармай еліне қайтқан соң бір-екі күн дамылдап, соғыстан солығын баса алмай тұрған сүйікті қара қасқасын қалдырып, ауылда қалған кіші қара қасқаны жетегіне алып Бекет Атаға келеді.
— Бекет құрдас, жылқымды жау айдап кетіп, соңынан қуғанда өзіңнің аруағыңа сыйынғанмын. Малымды түгел қайтарып алдым, онда сенің де еңбегің бар, мына қара қасқа тұлпарды арнап әкеліп отырмын, қабыл ал, – деген құрдасына:
— Басың аман, сарбазың түгел, малыңды алып қайттың. Арнап әкелген сыйыңа рақмет! Бірақ сенің маған сыйлағаның үлкен қара қасқа еді ғой, бұл сертіңнен танғаның ба, әлде шатастырып алғаның ба? – дейді әзілдеп.
Көшен де қарап қалмай:
— Бекет-ау, үлкен қара қасқа жауға шауып сорығып қалған, мынау болса жас тұлпар. Сені әлі де талай жерге апарар деген үмітпен ауыстырын әкеліп отырмын, – деп ақталады. Уәжді сөзге мәз болып күлген Бекет Ата:
— Сен маған сыйлық әкелмек түгілі, келмей кетсең де ренжитін ойым жоқ еді. Атымды атадың, мен көмекке бардым. Менің жылқыға зәру еместігімді өзің де білесің, тек сені сынайын дегенім ғой, – дейді де, сәлден кейін, – Сенің осы мәрттігіңе қарап болашағыңды болжап бергім келіп отыр, аруақтар айтқызғасын, өкпелемессің... Мына мол байлық тек қана өз басыңа жаратылған, балаларыңа жалғаспайды. Жетінші ұрпағыңда ғана қайталануы мүмкін. Уайымдайтын ештеңе жоқ, берекет қазан-ошағыңнан арылмайды, үрім-бұтағың жоқшылық көрмейді, – дейді Бекет Ата.
БАЙДЫҢ АТА АЛДЫНДА БАС ИЮІ
Пенде болғасын қызғаныш атты қызыл иттің бірге жүретіні белгілі. Ондай пендешілік Ата өмір сүрген кезеңде де болыпты. Төрт құбыласы түгел, бір құрдасы:
— Осы жұрттың есі ауысқан, сіңірі шыққан біреуді: «Бекет!», «Бекет!» – деп, әз әулие тұтады. Оны не үшін аспанға көтереді, одан да мені алақанға салса болмас па? – дегенді қатарларынан жасырмай айтып жүретін көрінеді.
...Ел жайлаудан Маңғыстаудың ойына көшкенде сол байдың үйі де елмен бірге қозғалады. Ештеңемен ісі жоқ, әңгіме айтып, әзіл-күлкімен бәйбіше де келе жатады. Көштің жайын білмек болып жағалап келе жатқан бай емшектегі баласын алдына алған бәйбішесі отырған түйенің құлама жолда аяғы тайып, ұшпадан ұшқанын көріп:
— Уа, Бекет! Отбасымды аман қыл! Үш жүз бойдақ қой садақа, – дегенін байқамай да қалады.
— Боталы інген садақа, – дейді, бәйбішесі қорыққанынан қосарлана. Ойы онға, санасы санға бөлініп бәйбішеден де, баладан да, түйеден де үмітін үзіп көштің өзге түйелерін қиялай түсіріп, төменге түскенде жазықтықта әйелінің түйені шөгеріп қойып, баласын емізіп отырғанын көріп аң-таң қалған байға әлгі айтқаны есіне түсіп:
— Құрдастың шапағаты тиген болар, барып кел! – дейді бәйбішесі. Осы сөз қамшы болған бай Бекет Атаға келсе ол биіктеу шоқы үстінде отыр екен. Қасындағы адамдар шоқының қапталын ойып, мешіт жасап жатады. Қайлалары қара тасқа шақ-шақ етеді. Жігіттер түйедей-түйедей тастарды жан-жағынан қопсытып алып, сыртқа қарай ырғап, ысырып жібереді. Кейде қайлалары мұқалып, тас қыртыстары қозғалмай, жігіттердің жігерін құм қылып-ақ жібереді. Ондай мезетте Бекет Ата:
— Әуп, әуп! – деп демеп жіберсе, тас уатылып, сіресіп тұрғандары ыдырап жүре береді. Осындай қызу еңбек үстіндегі Бекетке бай не айтарын білмей, жүзіне қарапты. Неге келгенін сезіп тұрса да:
— Неге келдің? – дейді, Бекет Ата құрдасына қарап.
Бай болған оқиғаны қаз-қалпында баяндайды. Құдіреттің осылай жасағанына таңданғанын жасырмайды.
— Әй, сен бері қара, – дейді Бекет Ата, – Әуелі менің арқама көзіңді сал. Құрдасы Бекет Атаның жон арқасынан түйенің төрт табанының ізін көреді де, баласы мен бәйбішесі төмен қарай ұшып бара жатқанда арқасын тосып, аман алып қалған құрдасы екеніне көзі әбден жеткен ол:
— Сорлы-ау, өзіңе де жан керек емес пе? – депті құрдасына деген аянышын жасыра алмай.
— Сараң да болсаң құрдассың ғой. Сенің отбасың, ошақ қасың аман болу үшін барымды салдым, – дейді Бекет Ата жылы жымиып.
Бекеттің құдіретіне бас игенмен байыған сайын қалтырайтын пендешілікке салынған бай үш жүз бойдақты артқа қойып, түйені қашан алатынын сұрайды.
— Сен әуелі өзің айтқан үш жүз бойдақты, сосын әйелің атаған боталы түйеңді әкел! – деп күледі Бекет Ата.
Бекет Атаның біліп отырғанын ұққан құрдасы жеңілгенін білдіріп:
— Мына жұмыс жасап жатқан жігіттеріңнің азық-түлігі мен сауыны ендігі жерде менен болсын, – депті. Содан кейін құрдасы Бекет Ата туралы бейпіл сөз айтуды үзілді-кесілді қойып, қысылғанда оған жалбарынуын әдетке айналдырыпты.
АСТАМШЫЛЫҚ АПАТҚА ҰРЫНДЫРАДЫ
Жаз жайлаудағы қоныстас екі бай әулие Бекетке сәлемдесуге барады. Қонақасы жеп аттанғалы отырғандарға Әулие:
— Келгендеріңізге рақмет! Ұялмай бұйымтайларыңызды айтыңыздар, – дейді.
Олар амандық-саулық алысып, бір-бірін көріп, сыр шертісуге келгендерін білдіргенмен біреуі шыдамсызданып:
— Уа, қадірлі әулием, осы жаздағы шабындық пен алдағы қыстың жайы қандай болар екен, соны болжап берер ме екенсіз? – дейді батылсыздау тіл қатып.
Сұрақтың жауабына іркілместен:
— Мына қыстан екеуіңіз де жақсы шығасыздар, бір бас екеу болыпты. Шабындық мол болса да биыл қыс қатты болады. Күз кірісімен әр қайсыңыз жүз жылқыдан, он төрт түйеден, тоғыз жүз қырық қойдан жағдайы төмен адамдарға үлестіріңіздер, – дегенде екі бай төмен қарап Ата сөзін жақтырмаған сыңай танытады. Әуел баста шыдамсыздық білдіргені:
— Осыншама малды тегіннен-тегін жарлыларға таратып береміз бе? Әулием, мұныңыз қалай?.. – деп сараңдығын танытса, екінші бай:
— Сауабы тиеді, – деп отырған шығарсыз, Сіз айтқасын болмайды, беремін, – депті.
Ауылдарына қайтып бара жатқанда сараңдауы келгеніне өкініш білдіріпті.
Сонымен жаз бойы жер от болып, мал оңалып, адамдардың көңілі көтеріңкі күй кешеді. Қыстауға көшер сәтте әлгі екі бай қайтадан кездесіп, өткен әңгімені талқыға салады. Басында малын қимаған шыдамсыз бай:
— Малымыз кереметтей қоңданды, қысқы азық жылдағыдан артық жиналды, боран көп болса үш-төрт күн соғар, оған шыдас беруіміз анық. Бекет айтты екен деп, тегіннен тегін малымды шаша алмаймын. Берсем де он жылқы мен жүз қойдан артық бермеймін, – дейді қасындағы сұхбаттасына. Екіншісі оның сөзін қолдаған сыңай танытқанмен Бекет Атаның айтқанын жерге тастамай мөлшерлі малдың жартысын кедей ағайындарына бөліп береді. Жайма шуақ күндер ұзаққа созылып, ақпанға дейін қыс болып жарымайды. Бірін-бірі қонаққа шақырысып, дастархан басындағы әңгімеде мал таратқандарына өкініш білдіреді. Ақпанның қақ ортасында алай-дүлей боран басталып, қақаған аяз, қалың қар, ұштырма жел бір ай бойы соғып, елді қысып жібереді. Тұтас аймақ зор шығынға батады, жұтап қалған екі бай астамшылық жасағанын біліп, бармақтарын тістепті.
САРАҢНЫҢ САЗАЙЫ
Қосжан деген жігіт Бекет Атаның Оғыландыдағы мешітінің шығыс жағымен өтетін үлкен сүрлеу жолмен мешіт құрылысының қызу жүріп жатқан кезінде жиырма шақты қой айдап келе жатады. Бесін намазын оқу үшін дәрет алуға сыртқа шыққан Атаның көзі қой айдап келе жатқан жолаушыға түседі. Атаны көрген Қосжан да бұрылып келіп сәлем береді. Жөн-жосық сұрасқаннан кейін Бекет Ата Қосжанға:
— Шырағым, жақсы келдің! Мешіт салып жатқан жігіттердің азықтары да таусылуға жақындап еді. Бір-екі қой тастап кет, есесін кейін қайтарармын, – дейді. Қосжан сылтау айтып, бір тоқтысын да тастамай, өз жөнімен кете беріпті. Мешіттен едәуір ұзағанда қойларына қасқыр шауып, түгелдей қырып кетіпті. Өзі адасып, өлдім-талдым дегенде үйіне азар жетіпті.
АТАНЫҢ АЙТУЫМЕН
Қазақ пен түрікпеннің арасында көпке дейін дау-дамай тоқтамай, соңы қанды соғысқа жалғасқаны тарихтан белгілі. Сондай бір соғысқа аттанарда қазақ әскерінің қолбасшысы Бекет Атаға бірге жүруге қолқа салады. Бекет Ата жорыққа талай қатысқанын, күші мен ақылын аямағанын, бүгінде егде тартқанын айтып, жорыққа бара алмайтын жұқалап жеткізсе керек.
Қолбасының ренжігенін білген Бекет Ата:
— Сен айтқаныма ренжіме! Одан да ақылымды тыңдағайсың. Қолдың қарамы көбейіп, жаудың үрейін алу үшін түс мезгілінде қатарларыңды жайып шабуылдарсыздар. Үрейленген адамда қауқар болмайды. Жеңіспен ораласыздар, – дейді де, батасын беріп аттандырады. Қолбасшының Бекет Ата ақылына аузы тұшымай күпірлікпен аттанады.
Уақыт өте бірнеше түрікпенді тұтқын етіп сарбаздар елге жеңіспен оралады. Келгеннен кейін Бекет Атаны көрген қолбасы:
— Сенсіз де жауды жеңдік! – деп кергиді, бұрынғы өкпесін жасыра алмай. Оны елең етпеген Бекет Ата қолбасыға естірте тұтқын түрікпеннің жанына келіп:
— Сіздер қуатты жасақ едіңдер, қалай жеңіліп қалдыңдар? – деген сауал қояды.
— Қазақтар түс мезгілінде бізге қаптаған қалың қолмен тиісті. Біздің жүрегіміз дауаламады, соғыспай-ақ берілдік, – деп, тұтқынның біреуі бәрі үшін жауап бергенін естіген қолбасының ойына Бекет Атаның кетерде айтқан ақылы оралады да, ыңғайсыз күйге түсіп, Атадан кешірім сұраудан басқа шарасы қалмайды.
АТАНЫҢ БОЛЖАМЫ
XIX ғасырдың басында Маңғыстауда екі жыл қатарынан қыс қатты болып, мал қырылып, отын мен азық жетіспей халық зор қиыншылық көреді. Осыны бұрын сезген Бекет Ата алдын-ала молынан отын жинап алуды, болмаса Жайық, Жем, Әму, Сыр жақтарын уақытша паналай тұруды ескертеді. Ауылдастары Бекет Атаны пір тұтқанымен бұл ақыл-кеңесін тым ұшқары санап тыңдамайды. Ел арасында негізгі мазмұны өзінің алдымен көшпегені, ойы жерді түрікпендерге бермекші болдыға сайған өсек-аяң тарайды.
Уақыт өте келе Бекет Атаның айтқаны келіп, жаз бойы жаңбыр жаумай, бұрын-соңды болып көрмеген аптап шөпті қуратып, қуаңшылық басталады. Кенеттен түскен салқындықтың соңы қарлы боранға айналады.
Аласапыран басталысымен ел Сыр, Жем, Жайық бойларына көше бастайды. Онда да қыс қытымырлық танытқанымен өзен жағалағанның өзегі талмайтындықтан малға шөп, адамға ас жеткілікті болады. Мал да, жан да шығынға ұшырай қоймайды. Ал елде қалғандардың малы түгелге жақын қырылады. Аштық жүрген жерде түрлі ауру жайлайтыны белгілі, Маңғыстау елі де қалтарыста қалмай адам шығыны да болады. Ауыртпалықтан құтылудың жолын сұрауға ауыл ақсақалдары жиылып көріпкел Бекетке барыпты.
— Бекет, Сенен бірнеше сұраққа жауап алуға келдік, – дейді ақсақалдар.
— Сұраңыздар, – дейді ол.
— Біріншісі, осы алапатты алдын-ала білген соң өзің неге көшіп кетпедің?
Ата сәл ойланып, ақсақалдарға барлай қарап:
— Уақытша ауыртпалыққа шыдамай көшіп кетер болсам ауылдастарым өре қозғалып, жаппай қоныс аударады да, жер бос қалады. Бос қалған жерге иелік етуге айналадағы ел құштар. Ал, көшіп кеткендердің көбі барған жерге үйренеді де, қайта оралмайды, – дейді. Бұл жауапқа қанағат еткен қарттар:
— Болашақта Маңғыстау адайларға құтты қоныс бола ма? – деген сауал қояды. Бұл сұраққа сәл кідіреді де:
— Келешекте Маңғыстау адайлардың ғана емес барша қазақ баласының құтты мекені болады, сен оны айтасың бұл топырақтан өзге ұлт өкілдеріне де нәпақа табылады, – деп жауап береді. Елдегі бүгінгі өзгеріс Әулие Атаның болашақты дәл болжағанына бұлтартпас куә болғандай.
АТАНЫҢ ЕМСЕКТІГІ
Дәулеталы Жары Төлебай деген кісінің баласы туған күннен сал ауруымен ауырып, қол-аяғы шидиіп, қарны қампиып, орнынан тұра алмайтын болады. Түрлі ем жасалғанмен жазыла қоймапты. Содан Төлебай баланы соңғы үміті Бекет Атаға алып келеді. Ата баланы қарап отырып:
— Ауруы бойына сіңіп кеткен, кештеу келген екенсің, дегенмен Алла сәтін салса сауығып кетер, көрейік, – деп баланы шапанының етегіне орап, әрі-бері шайқап дем салады. Осыған қанағат еткен Төлебай елге бет алғасын-ақ баланың беті бері қарап, көп ұзамай жазылып кетеді. Әлгі баланың тұқымы рулы елге айналғанын көне көз қариялар күні бүгінге дейін жыр етіп айтып отырады. Кешегі еркіндікті аңсап тарихта «Адай көтерілісі» деген атпен белгілі болған ұлт-азаттық көтерілісінің басшылары Досан мен Алғи осы Төлебай ұрпақтары еді.
АТА КЕШІРІМІ
Бекет Атаның алыс жерге аққу болып ұшып баратыны, жанында жеті балапан жүретіні көптеген әңгімелерге арқау болады. Халық арасында мұндай әңгіме Бекет Атаның көзі тірісінде-ақ тарап кетіпті. Кейбір әумесерлер аққуды қолға түсірмек болып тор да құрады, одан нәтиже болмағасын атып түсірмек болғандар да кездесіпті.
Бірде киіз үйдің шаңырақтарынан қол созымдай биікте балапандарымен ұшып бара жатқан аққуды ауыл шетінде тұрған бір тентек көреді де, атып жібереді, оқ аққуға дарымайды. Келесі күні аққулар әлгі ауылдың үстімен қайта ұшады. Кеше тигізе алмағанына ыза болған әлгі әумесер тағы ата бастайды. Көп оқ қойсын ба, бірі балапанға тиеді. Сол кезде көшбасшы аққу төмен қарай шүйіледі. Оны әлгі әумесер тағы атып жібергенде мылтық қақ айырылып бетін от шарпып, екі көзі бірдей соқыр болып қалады. Аққу болса ауыл адамдарының көз алдында оқ тиген балапанын қанатымен демеп ұшып кетеді. Әлгі жігіт көзін аяқ жетер жердегі көріпкел емшілерге көрсетеді, бірақ көмек болмайды. Атқан аққуы Бекет Атаның аруағы екенін кейінірек білген жігіт жалынып-жалбарынып алдына барып, қабылдауында болып, кешірім өтініп, өз қолынан ем алып, көзі қайта көріп, ауылына қайтады.
АТАНЫҢ ТҰТҚЫННАН ШЫҒУЫ
Маңғыстауды меншігі санайтын түрікпендер солтүстіктен өздерін ығыстыра бастаған адайлармен жиі қақтығысып, талай қантөгістерді бастарынан кешіріп жүрген сәтте бозбала Бекет құрдастарымен аулынан үш күндік жердегі тойға кетеді. Той тарағасын жолдастары ауыл жастарымен тағы бір-екі күн болуды көздеген соң, бір жолдасын ертіп аулына қайтады. Жол ортасына келгенде түрікпеннің қарулы жасағы жолығады. Күш тең болмаған соң қаша ұрысуды ойлап шаба жөнелгенде жолдасының аты сыр беріп, кейін қала береді. Түрікпендер оны қуып жетіп бұғау тастайды да, алдындағы адамға садақтарынан жаппай оқ боратады. Атқан оғы дарымаған түрікпендер оны жайына қалдырып, қолға түскенді атына теріс қарата отырғызып, алған бағытына беттейді. Елден қол жинап келуге біраз күн керек, тіпті жауды таба алмай қалуы да ғажап емес. Осы ой жетегіндегі Бекет батыр түрікпендерді қыр асырмай қуып жетеді. Барымташылар бойында қаруы жоқ жалғыз аттыға қарап аңтарылысып тұрады да, кейін ес жиып, оны жан-жағынан қоршап, ат үстінен түсіріп алады.
Сөйтіп, екі тұтқын жау қолында кете барады. Кешке қарай қараңғылық түскесін түрікпендер бір төбенің басын таңдап, бір тоқтының терісін сыпырып, отқа тастайды. Ет піскен соң жеп, түн ортасы ауа жағалай ұйқыға кетеді. Біраздан кейін қазақтарды күзеттіріп қойған үшеудің жастау екеуі қалғи бастайды. Тым сақ үлкендеуі жолдастарын әлсін-әлі оятып, әрлі бері жүреді. Тұтқындар осы түні бұлардан құтылу қажеттігін сезіп, Аллаға сыйынып, іштей аяттарын оқи береді. Бір кезде аспандағы айды бұлт басып, қол созым жердің өзін әрең ажырататын тас түнек қараңғылық пайда болады. Көп кешікпей күзетшілер қорылға басады. Осы сәтті кезеңді пайдаланып іске кіріскен Бекет Ата өздерінің аяқ-қолдарын босатқасын түрікпендердің бар қаруын жинап алып, аттарының тұсауы мен жүгенін сыпырып аулаққа айдап жібереді де, өздері ауылдарын бетке алады. Жаяу қалған түрікпендер артынан қууға дәрмені болмай, ашу үстінде қарауылдарына қан жұттырыпты.
АТАНЫҢ ҚАРАҚШЫЛАРДЫ САСТЫРУЫ
Бекет Ата ел аралап көп жүрген адам екен. Қолдан келген құқайын бейшара жанға көрсетуге бейім арам ойлы адамдар қай кезде де өмірде болған. Сондай бір сапарында алдынан жол торып адамдардың адал еңбекпен тапқан малын, дүниесін тартып алатын қарақшылар шыққан. Олардың соңынан қалмасын сезген Бекет Ата кездескен бір мал қораға кіріп кетеді. Бекет Атаның қораға кіргенін көрген жол торушылар енді оның құтылмасын біледі де, асықпай жақындап қоршауды тарылта түседі. Анда-санда жасырынған жанның қорадан шығуын сұрап, үн қатып қояды. Бірақ қорада жан болмағандай тыныштық орнайды. Қарақшылар жақындай түседі. Мүлдем таяу келіп жасырынған жанның құтылмайтынын, жақсылықпен қорадан шығып берілуі керектігін тағы да ескерткенмен қорадағы адамнан үн шықпайды. Бір кезде Алланың құдіретімен қорадан жалғыз атты жолаушы емес, жалпақ әскер шығып қарақшыларға лап қояды. Мұндай кереметті күтпеген қарақшылар беті ауған жаққа тырым-тырақай қаша жөнеледі.
АТАНЫҢ ТҮС ЖОРУЫ
Бекеттің әулиелігі елге кеңінен жайылған кезі болса керек. Бозашы маңын мекендейтін бір ірі бай бейсенбіден жұмаға ауған түні нашар түс көреді. Түсінде төртінші әйелі біреулермен бірігіп, мұны айдалаға алып кетіпті де, қол-аяғын байлатып қойып, жанын қинапты. Бай шөлдегенде шұбатқа өзінің кіші дәретін қосып шалап жасап, мұның аузына тосыпты. Кенезесі кепкен сорлы қылқыта жұтып жатқанда шошып оянған бай бақсыға барып түсін жорытады. Бақсы:
— Тоқалыңнан сақтан, у беріп өлтіруі ықтимал, біреулермен бірігіп жүр, – деп жориды. Үйіне оралысымен бақсының әңгімесін бәйбішесіне айтуы мұң екен, ол тоқалдың үйіне барады да, тамағынан қос қолдап қылғындырып, күйеуін өлтірмек болған себебін сұрап, жанын қинайды. Қастандық жасау ойында жоқтығын тілі күрмеле әрең айтқан тоқал құмалақшыға жүгінуді ұсынады. Алдына барған екі әйелге ол құмалақты шашып жіберіп, байға қатер төніп тұрғанын, жамандықтың әйел адамнан болатынын айтады. Сол күннен бастап бәйбішенің беделі күйеуінің алдында биіктеп, бір ай бойы қасында болады. Нәпсісін тыя алмаған бай жас иіс аңсап тоқалының үйіне барған күннің ертесіне аяқ астынан науқастанып, ақыры жұмбақ өліммен көз жұмады.
...Маңғыстау өңірінде домбырашылығымен кеңінен танымал болып қалған сері жігіт ел аралап жүріп, жұмаға қараған түнде түс көреді. Түсінде астындағы аты омақаса құлап мертігіп, домбырасы ортасынан омырылып, өзі белінен жүре алмай қалғанын сол ауылдағы көпті көрген қарияға жорытады да, ақсақал тұшымды ештеңе айтпаған соң, жоспарланған жолға шығады. Жолда дәл түсіндегідей атының аяғы інге кіріп кетіп омақаса құлайды, өзі омыртқасын зақымдап жүруден қалады. Баратын жері, басатын тауы қалмаған азаматтың әкесі арнайы ат арытып Бекет Атаға барғанда, ұлының жұма күні көрген түсін жорытқаннан болғанын айтып, сырттай бірнеше айға шарттап, ем жасайды. Жігіттің әкесі кейін баласының түс көрген күнін есептегенде жұмаға ауған күннің кеші екендігіне көзі жетеді... Атаның емі қонып, домбырашы жігіт бұрынғыша ел аралап серілігін құрған екен.
...Маңғыстауды мекен еткен арабша да, орысша да сауатты байлығы басынан асатын Сарыбай атты жігіт ағасы Бекет Атаға барып сәлемдесіп, оның батасын алмаққа дайындалып жүргенде пендешілікпен екі-үш жылды өткізіп алады.
Сондай күндердің бірінде құдасының ауылында жатқанда түсінде айдалада қонып тұрған алып құс көреді. Қандай ғаламат екенін білмекке атын сол жерде қалдырып, жақындаған сайын құс үлкейе береді. Ақыры киіз үйдің көлеміндей болғанда қанатының астыңғы ағынан есік ашылып, оқалы көк түсті киім киген әдемі қыз төмен қарай баспалдақ түсіріп, ішке шақырады. Сарыбай ішке кіріп, айналасына қараса, аппақ отырғышта жайғасқан сақалды адамдарды көреді. Қыз меңзеген қатардан орын алып, терезеден қараса бұлттың арасында ұшып келе жатыр екен.
Қанша мезгіл өткені белгісіз, Сарыбайды діттеген жеріне әкеліп түсірген алып құс қанатынан дауыл тұрғызып, қайтадан ұшып кетеді...
Көрген түсін Сарыбай бір балгер кемпірге жорытқан екен, ол:
— Құспен ұшқан жақсы, бірақ сенің түсіңе енген құс тіптен басқа екен. Жоруға да тым қиын соғып отыр, дұрысы Бекетке тез жеткенің. Кешіксең бір бәлеге ұшырап қалуың ғажап емес, – деген соң жұмаға қарсы солай бағыт алады. Жолаушылап кеткен Бекет Атаны күткен күндердің бірінде Сарыбай түсінде басын қар шалған таудың үстімен әлгі алып құспен тағы да ұшады.
Бекет Ата келген соң көрген түсін айтады. Ата сәл ойланып отырады да, түстің жоруын келесі күні таңертеңге қалдырады. Ертесіне таңғы ас үстінде:
— Сарыбай інім, менің болжамым алдамаса күндердің күнінде Құдайдың қолдауымен өте ақылды адамдар өзің көрген алып құсты жасап шығарып, қалаған жағына ұшып барып келетін болады, – дегенге сенер сенбесін білмей Сарыбай аң-таң болады.
Қаншалықты шындық екенін бір Алланың өзі біледі, әңгімені айтушылар мұндай жайдың жай-жапсарын білмек болып ауылдастары Бекет әулиеге жүгінгенін айтады. Ата оларға жұма күнгі таңда көрген түстің көпшілігі дәл келетінін, сондықтан шама келсе жорытпаған дұрыс екенін, жорытса түс жоруға қабілеті бар жанға айтуға болатынын айтыпты. Осыны жадында сақтаған кейбіреулердің жұма күнгі көрген түсін жорытпайтыны, ешкімге айтпайтыны осы күнге дейін кездесіп қалады.
«ЖАМАННЫҢ БЕРГЕН АСЫНАН, ЖАҚСЫНЫҢ АЙТҚАН СӨЗІ АРТЫҚ»
Бекет Ата жастарға білім бермек ниетпен Оғыландыдан, Бейнеуден, Жем бойынан және Арал жағасындағы Баялыдан мешіт салдырған. Баялыдан салынған мешіттің құрлысының басы-қасында болу мүмкіншілігі жоқ болған соң құрылысқа жетекшілік жасауды жергілікті бір орта шаруа адамға тапсырады. Тапсырған адамы шебер іздеп уақытты создырып алады, тапқан адамдарымен де тіл табыса алмай бірі кетіп қала береді. Шағын мешіттің құрылысы межелеген мерзімде бітпегенін Пір Ата біліп, ренжіп жүреді. Басқа адам болмаған соң шыдамдылық көрсетеді. Осылай қиналып жүрген кезінде тәуліктеп жауған жаңбырдан ат-көліктері жүре алмай қазақ ауылында кідіре тұруына тура келген өзбек керуені Баялыға аялдайды. Арасында біреуі сәулетші шебер болып шығады. Жартысы ғана көтеріліп тұрып қалған мешіт әлгілердің назарына ілігеді де, балшықтан аяқтарын әрең алып ерінбестен барып көреді.
О. Құдірет! Мешіт тұрған жерде жаңбыр жоқ, құп-құрғақ! Одан отыз қадам аттаса жаңбыр себелеп жауып тұрады.
Осы құдіретті байқаған жолаушылар мән-жайды сұрастырғаннан кейін оның құрылысын бір жұмада бітіріп беретіндерін, ешқандай ақы алмайтындарын айтады да, дәл сол күні іске кіріседі. Өзбек ағайындар үш-ақ күнде күмбезін айшықтап, мешітті тұрғызады да, сол түнді соның ішінде өткізеді. Біраз жылдан бері бала көрмей, шерменде болып жүрген өзбек шеберіне таң алдында:
— Ертең жолға шыға беріңдер, қиыншылық көрмейсіңдер. Үйге жеткенде әйелің ұл табады, атын өзің қоярсың, бес жасқа келгенде осы мешітке әкеліп түнетерсің, – деп, Ата аян беріпті. Өзбек бұл түске имандай сеніп, әулиеге сыйынып, мешіт ішінен топырақ алып, оны шүберекке түйіп, тұмардай тағып алады да, алған бағытына бет алады.
«Жаманның берген асынан, жақсының айтқан сөзі артық», – дегендей келесі жылдың жазында әлгі шебердің туысы Баялыға арнайы соғып, мешіт молдасына ағасының ұлды болғанын, атын Бекетжан қойғанын айтып кетіпті.
ОРТАЙҒАННЫҢ ОРНЫН ТОЛТЫРҒАН
Жасы алпысты алқымдап қалған Молдабай атты азаматтың жиырма беске келіп қалған үлкен ұлы мен он жасар кенжесі мал қарай кетіп қатты боранға ұшырап, үсіп өледі. Қос ұлынан қапыда айырылып, тұяқсыз қалған ғарыпқа аяныш білдірмеген жан болмайды. Молдабай мен кемпірі мына күйікке шыдай алмай ауруға шалдығады, төсек тартып жатып қалады. Сәуір туысымен жайлауға жұрт көше бастағанда Молдабайдың түсіне Пір Бекет енеді де, екі қызы мен кемпірін көшке ілестіріп, өзі жалма-жан әулиемен қоштасып кетпекке қыстан әрең шыққан арық атын қамшылап, көштің жолына бағыттас қоныс тепкен шағын ауылға бет бұрады. Келесі жұмада көшпек болып, көмбеге кейбір нәрселерді салып жүрген үй иесі келген адаммен амандық сұрасқаннан кейін ішке бастайды.
Молдабай асығыс екенін, көшіп бара жатқанын айтып шайға отырмайды.
Бекет Ата одан көз алмай біраз отырады да:
— Қыстың қаттылығы жалғыз саған батқан жоқ, маған сенсең елде мыңдаған мал мен оннан аса адам опат болды. Бірақ бір үйден екі бірдей жанды жоғалтқан жалғыз сіз болыпсыз. Екеуіміз зордан құрдаспыз. Сені тағы бір ауыртпалық күтіп тұр, әйелің қайғыдан желікпе ауруына ұшырайды...
Мұны естігенде Молдабай жас балаша еңіреп қоя береді.
— Бұл Құдайға не жаздым, отызға келгенімде үйленген қыздай алған қосағым еді, екі баланың күйігінен күніне жетпей мәужіреген кемпірге айналды, сорлы... Оның артында қалсам мен де шыдай алмаймын, құтырып кетемін, не қаңғып өлемін...Әулие Бекет, түсіме аян беріп шақырдың. Мен келдім, енді менің отбасымды аясаң құтқара көр төніп тұрған бәле атаулыдан...
Өкіріп жылаған шалды көріп құрдасы қатты қиналып іштей бірдеңелерді айтып, маңдайы жіпси терлеп, ұзағырақ өзімен-өзі отырып қалады.
— Құрдас, Құдайдың берері саған мол болғалы тұр. Жайлауға жеткен бойда садақа бер, сүйегін шашау шығармай матаға оран, ит-құстың тұмсықтары жете алмайтындай етіп тереңге көміп таста. Әйелің құлантаза жазылады, қырықтан асса да дүниеге халқына қызмет қылатын шекесі торсықтай екі ұл әкеледі. Ал, енді жолың болсын, көшіңді қуып жет, балаларыңның шілдеханасына шақыруды ұмытып кетпе! – депті әулие күлімдеп. Мына сөзді естігенде кемсеңдеп жылап, буыны босап, тізерлей алдына жығылған Молдабайды Бекет Ата сыртқа демеп шығарып атына көтеріп мінгізеді де:
— Тізгініңе мықты бол, құлап қалма! – деп қала береді. Әулиенің айтқаны айнымай келіп, ауруынан айыққан Молдабайдың әйеліне ерекше қуат бітіп, қос ұлды болады. Сөйтіп, ортайғанның орны толады. Өсе келе оның біріне сынықшылық, екіншісіне көріпкелдік қасиет дарып, халыққа ұзақ мезгіл қызмет етіпті.
АТАҒА ӨТКЕЛ БЕРГЕН
Бекет Ата Ақмешітте отырған жылдардың бірінде мұсылман қауымының жаңа жылы Наурыз айы басталысымен кәрі нағашысы тама Есет батырдың ауылына көрісе барып, қайтып келе жатса Жем өзенінің кенеріне сыймай тасып жатқанының үстінен шығады. Жыра жыраны құлай еңіске қарай ағып, ойпат жерлерді толтырып, Жем бойын жағалай отырған елдің берекесін алып тұрған топан су Бекет Ата өзенге жақындай бергенде Алланың әмірімен екі айырылып, өтуге мұрсат беріпті. Ата өтіп келе жатқанда өзеннің табаны құп-құрғақ болып тұрыпты да, өткеннен кейін судың деңгейі көтеріліп, бұрынғы қалпына қайта келіпті.
АТАНЫҢ АРҚАРЫ
Ата бейітінің айналасында өсіп-өнген аң-құстарды жергілікті халық: «Пірдің малы, тиісуге болмайды. Атаның өзі қорғап, қолдап, желеп-жебеп отыратын арқар, киік секілді текті хайуандарға қол көтергеннің отбасынан жақсылық қашады», – деп аштан өліп, көштен қалатын болса да саятшылық құрмайды.
Бірде аңшылық құрмаса ішкен асы бойына тарамайтын біреу құнығып Ата зираты маңындағы арқарды атпақ болғанда, мылтығы өзін теуіп мүлт кетеді. Мұндай жағдай басынан өтпеген менмен жан екіленіп, екінші рет көздегенде оқ тимей тағы да айдалаға қаңғып кетеді. Ыза кернеп, ыстық қаны басына шапшыған, көздемей көзден тигізер мерген мылтығының үңірейген ауызын үшінші рет кезей бергенде мылтықтың ұңғысы айырылып кетіп, оң көзі ағып түседі де, ойбайын салып жата кетеді. Сонда да тәубесіне келмей Атаның атына ауыр сөздер айтып, балағаттай бастағанда қайдан пайда болғанын кім білген қылтиып шығып тұрған қырлы темірге сүрініп, аяғын сындырып, ақыры мәңгілік мүгедек болып қалыпты. Ел ішіне есімі кеңінен тараған не бір дарынды шипагерлер де, мықты сынықшылар да Алланы білмеген ақымақтың жан дертіне дауа тауып жаза алмапты.
АТАНЫ КӨРГЕНДЕ
Ел арасында Бекет Атаның барар жеріне лезде баратыны туралы көптеген әңгімелер тараған. Соның растығын мына бір әңгіме айна-қатесіз дәлелдейді. Бірде Араб елінен Хиуаға келген бір ғұлама Бекет Атаны көріп қалып:
— Мен бұл кісіні Меккеден жиі көретіндіктен Араб елінің адамына балайтынмын. Қателескен екенмін, бақсам бұл Хорезм жақтың адамы екен ғой, – депті, таңданысын жасыра алмай.
АТАДАН ҚАЛҒАН ӨНЕГЕЛІ СӨЗДЕР
Ел басына түскен түрлі зауалдар көненің көзі әруақты ата-бабаларымыздың есімдерін есте қалдырмауға қауқары жетпесе де, олар айтқан ұлағатты сөздерді көмескілендіріп, тіпті кейбірін ұмыттырып жіберді. Бекет Атаның: «Біреуге қиянат, не озбырлық жасап тұрып менің атымды атамаңдар», «Басыма ит сарытып басындырма, құтханамды жаттың табаны таптамасын», «Қарқараға жандарың келгенше менің атымды ауызға алмаңдар. Өте қиын жағдайда ғана жәрдем сұраңдар», – деген сөздері халық жадында берік сақталған. Ғұлама 63 жыл жасаған саналы ғұмырында: «Тек жүрсең, тоқ жүресің», «Бейнетке сабыр, рақатына шүкірлік қыл», «Жақсыны өзің үшін, ал жаманды мен үшін сыйла», «Ниетің жолдасың болсын», – дегенді жиі айтады екен. Парасатты жанға Пір Атаның осы сөздерінің өзі ұрпағының тал бесіктен жер бесікке жеткенше қалай өмір сүру керектігіне нақтылы жауап бергендей. Ұрпақтары аманатқа қиянат жасамай, қанша жыл өтсе де: «Бекет», – деп бадырайтып айтпай, «Бекет Ата», «Әулие Ата», «Пір Ата», келіндері «Сұпы Ата», – деп ардақ тұтып, ту етіп келеді.
СҮРІНГЕНДІ СҮЙЕГЕН
Алыс сапарға аттанбақ болған бір ақсақал қасындағы баласына Бекет Атаның басына бара кетуді меңзейді. Қиқар ұл әке тілін алғысы келмейді. Мұның арты жақсылықпен тынбасын жанымен сезсе де, мұңға батқан күйі әкесі ұлымен бірге ұзақ жолға шығады. Көп ұзамай тыныш дүние буырқанып, дүлей дауылға айналады. Ат құлағы көрінбейтін ақ шұнақ боранға ұшыраған әке мен бала қатты қиналып, бір адым жер мұң болып өлер халге жетеді. «Есердің ақылы түстен кейін кіріп», қаһарлы суық қанжардай қадалып, өңменінен өткенде өркөкірек ұл да Бекет Атаның атын атап, Аллаға сыйынып, Жасағанға жалбарына бастайды. Өзіне тілемеген жамандықты өзгеге еш уақытта болсын демеген Бекет Ата аруағы желеп-жебеп, алдарынан ақ киік қашады да, адасқандарды жолға салып жібереді. Бұған таң-тамаша қалған әкелі-балалы сол жерде ықтап, солығын басып, әулиеге мың мәрте тағзым етіп, таң ата тағы да жолдарын әрі қарай жалғастырыпты. Атаның асып-тасқанды арнасына салып, шалқақтағанды сабасына түсіргендігі туралы ел арасында бұдан басқа да әңгіме баршылық.
ҚОСАРЛАНА ҰШҚАН ҚОС АҚҚУ
Бекет ата Хиуадағы өзі оқыған Шерғазы медресесіне әр жұмада таң намазын оқу үшін аттанғанда үнемі ақ сары бас аққу болып ұшады екен. Бірақ оны Ұстазынан басқа ешкім де байқамаған, тіпті көрмеген. Жылдар өтіп, Бекет Ата қайтыс болған соң қырық жылға дейін аптаның жұма күндері екі аққудың қосарланып, қаңқылдап, Оғыланды тауларын әлденеше айналып ұшып жүргенін көргендер болыпты. Бұрынғылар: «Бұл қос аққу болып көрінген Бекет Ата мен оның Ұлы Ұстазы Бақыржан қожа аруақтары болар», – деген болжам жасайды екен.
ҰЛТЫНА ДА, ҰЛЫСЫНА ДА ҚАРАМАЙ…
Жем өзені бойындағы Ақмешіт жерінде дүниеге келіп, Маңғыстауда көз жұмған Бекет Атаның сүйегі Оғыланды тауында жатқаны барша жұртқа мәлім. Ұлтына да, ұлысына да қарамай Ата аруағына сыйынған әр бір адам әулиенің басына жеткенше аяғын әрең алып жетсе қайтар жолда қырға ентікпей, еш қиналыссыз, еркін шығып, ауру-сырқауынан айығып жатады.
Бекет Ата көрші елге жаман ниет танытып көз алартқанды да жаны сүймепті. Кім болса да басына түскен қиындығын жеңуге қол ұшын беруге ұмтылыпты. 1812 жылғы француз әскерінің Ресейді отарламақ мақсатындағы шапқыншылық жорығы қарсаңында Ата орыс халқының бәлеге душар болғалы тұрғанын, ар жағынан бір алып ел жаулап алуға ниет етіп жатқанын айтыпты. «Көрші хақы – құдай хақы, көмектеспесек болмайды», – деп, елді құлақтандырып, сауын айтып, садақа шалғызыпты. Жапа шеккенге жанашырлық танытқан жалпақ адай елі жылу жинап, жылы жұмсағын ұсынған екен деседі көне көз қариялар.
АДАЙДЫҢ ТУЫН АСҚАҚТАТҚАН
Бекет Ата белдескенін жыққан белгілі палуан, ер жүректігімен еліне даңқы шыққан құдіретті қолбасшы, асқан батыр болған. Қалмаққа қарсы қанды жорықтарда қолбасылар адайдың сүйек сапты ауыр туын көтеріп жүруді Бекет Атаға ғана тапсырады екен. Алланың әмірімен Бекет Ата қатысқан жорықтарда бірде дауыл тұрса, бірде дұшпан ордасын дүлей өрт шарпыпты. Жасақ алдында ақсары бас қаз, немесе аққу бағыт-бағдар беріп, кейбір жорықтарда жау көзіне сағым боп шалқып, алдарында ақ киік боп орағытыпты. Енді бірде ақ шаң болып шұбап, дұшпанның арының басып, айбынын аласартып тастайтын көрінеді. Содан да болар адай жасақтары әрдайым жеңіске жетіп отырыпты.
Сыйынғанның сүйеніші, тілекшісінің тірегі болған Бекет Ата қара орманы мен қасиетті мекенін қорғаған батыр болмаса, оңай олжа үшін жорыққа шыққан жолбике барымташыларға көмек көрсетпеген. Атаның әруағын шақырып, атын атауға ондайлардың батылы да бармаған.
ОҒЫЛАНДЫ
«Әуелі Алла, сонан соң Бекет әулием!
Аруағыңа бас идім!
Сыйынарым өзің болғанда, мен неменеге жасимын!»..
Адасып келем,
дала асып келем елсізде
түн мен ойға қамалып,
Жусан иісінен нәр алып,
Жұлдыздар көктен қарайды самсап қадалып,
Алдымда тұтас көкжиек құшып тау жатыр
ықтын болардай жолаушы жетсе жаны арып,
Ойымша – сонда маған да пана болатын
жылы бір ұя бары анық.
Құлама құзы – тайғанақ,
тәубаға келдім – қарап ем
қатерін төгіп тұрғандай маған бар әлем.
Қастерлі тауда қасиет бардай жарылқар
шықпай жүргенді жаны әрең.
Келесің мұнда сырласу үшін
сақтанбай өзіңмен, армен, даламен.
Түн құшып жатыр бұл маң да...
Жарқ етер екен таң қашан?
Сенімсіз түнде үмітімді немен жалғасам?
Ал, менің әлі сапарым қанша алдымда,
күш құяр жанға жолымда сәуле – бар ма шам?
Әлі де біраз жолым болмайтын секілді-ау,
Оғыланды тауда бір түнеп қуат алмасам.
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА
Қазақстанның Халық жазушысы,
Мемлекеттік сыйлықтық иегері
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру