Жылдар мен сырлар
М. Дүйсенов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Жылдар мен сырлар. М. Дүйсенов
Күнделік-эссе
03.05.45.
Базар. Он сомға бір күлше нан сатып алдым да, жүрегімді жалғап, ағаштың көлеңкесінде отырған Нышанға келдім. Малдасын құрып, ескі қара қобызын сарнатып отырған екі көзі жоқ, соқыр Нышанның дауысы сондай зарлы шығады. Мен кей күндері түк шаруам болмаса да, Нышанның үнін естиін деп осында әдейі келетінмін. Оның айналасына жиналған жұрт көп. Алдында жаюлы ескі орамалға олар теңге тастайды. Кім қанша береді, қобызшының онда жұмысы жоқ (көрмейді ғой) жыр, термесін төпей береді. Мен бір-екі сағаттай қасында тұрып, әбден айызым қанғанша тыңдаймын. Бүгін де ұзақ тұрдым. Бірер шумақ өлеңін жаттап та алдым.
Құдай-ау, көзімді алдың көрмесін деп,
Әзәзіл, шайтан жлмен жүрмесін деп,-
Деп бастайды. Содан кейін:
Құдай-ау, мен не жаздым жарлы қылып,
Болмай ма бір сынасаң малды қылып.
Күрессем құрбылардан жығыламын,
Қойсаңшы ең болмаса әлді қылып,- деген жолдарын да бірдей есіме тұттым.
Нышанның әсері-ау деймін, қобызшы болғым келеді. Қобыздың зарлы үні қандай, шіркін, жүрегіңді түбімен суырып ала жаздайды ғой.
15.06.46.
Сарысу өзенінің «Алатағы-Белең» деп аталатын жайлауына көшіп келгенімізге үш-төрт күн болған-ды. Өзеннің екі жағы тақтайдай жазық. Шығыс жақта мұнартып Таңбалы нұрасы тұр. Ол алыстан кішігірім тау сияқы болып көрінеді.
Исабек әкемнен оның неге «Таңбалы» деп аталатынын сұрап едім.
– Сондағы тастарда аттың, бұғының, арқардың таңбалары бар, сондықтан да «Таңбалы» деп атаған-ды, – деді.
– Ал «Алатағы-белең» деп неге атаған?- дедім.
–Оны білмеймін, балам. Бұл біздің ата-бабаларымыздың жайлауы.
Сонау Телкөлден мынау Қарсақпайға дейін көшіп-қонып жүрген екен жарықтықтар. Түстен кейін біздің үйге қонақ келді. Рахмет жырау. Ауыл адамдары ол кісіге сәлем берісті. -«Алыстан алты жасар бала келсе, ауылдың алпыстағы ақсақалы сәлем береді» деген емес пе, Төкеннің мырзасы келді деген соң, осылай бұрылғаным ғой,- деді жырау. Рахмет жырау Мәзходаев. Бұл кісіні мен соғыс басталмай тұрған кезден білемін. Жазда, көрші ауылда «Алпамыс» жырын жырлап еді. Онда мен баламын. 1942 жылдың жазында Исабек әкемнің үйіне Қарсақпайдағы Ақмола деген ағайындарымыз келіп, сонда осы жырауды шақыртқан-ды. Екі түн «Көрұғлы» қиссасын айтқан. Шешем келген кісілерге сусын бері. Күн ыстық. Түсте шай ішіп болған соң, жырау жатып, көзінің шырымын алды. Кешке салым әкем бір семіз секті сойды. Әдет бойынша мал аяғы басылған соң ауыл адамдары бір үйге жиналып, қонақасы жейді. Содан кейін жырау түні бойы жыр айтады. Бүгін қандай жыр айтылар екен деп, кештің тезірек түсуін асыға күттім. Іңір түсе жұрт біздің үйге жиналды. Жыраудың домбырасы алмалы- салмалы екен. Сағағынан бөлінеді: шанағы бір бөлек – сөйтіп қоңыр кенеп дорбаға салып жүреді.Ат үстіндегі кісінің алып жүруіне өте ыңғайлы. Жырау бір-екі терме айтты да, бабына келген кезде, бір кесе сүтсіз қызыл шай ішіп, домбырасын қолына қайтадан алды.
Он екі перне, екі шек,
Нәубетпенен қағайын.
Жиналып келген ағайын,
Табылар ма екен жақсы сөз,
Кеулімді байқап қарайын.
Он бесімде той бастап,
Өткіздім мәжіліс талайын...
Рахмет жырау осылай бір толғап, өлеңді әсем қайырды да, бұрынғы әдетінше жырларды көгендеген қойдай ғып, алдымызға жайып тастай берді. Жырау болсам деп жастай арман еткен мен бұл жолдарды жатқа білуші едім. Бірақ Рахмет жырау сәл өзгертіп, өзінше түрлендіріп, құбылта айтты.
Бұрынғы өткен заманда,
Жайықтың бойын жайлаған.
Жая мен шекер шайнаған,
Жібекпен белін байлаған.
Түлкідей көзі жайнаған,
Лебізі шырын, сөзі бал,
Бұлбұл құстай сайраған,
Жібек деген апаң бар
Төлегенмен ойнаған.
Осыны айтсам бола ма?
Бұл айтқаным болмаса,
Оған көңілің толмаса,
Жиделі байсын жерінде,
Қоңырат деген елінде,
Байбөрі деген бай болған
Төрт түлігі сай болған...
Жырау сол Байбөрінің баласы Алпамыстың ерлігін сипаттайды. Осы үлгімен ол әр жырға өзінше түсінік беріп, тағы да басқа көптеген қисса-хикаяларды бірінен кейін бірін дізе берді. Бір уақытта көкем ауылдың үлкен ақсақалы деп Исабек әкеме қарап:
–Исеке, сіз таңдаңыз, – деді.
Исабек әкем ойланған жоқ.
–«Қыз Жібекті» айтсын ендеше, – деді. Жұрт қарсылық білдірмеді.
Жырау жырды үш-төрт мақаммен айтты. Әсіресе, Қызжібектің көші мен өз сән-салтанатын бейнелейтін кезі жұртты тамсандырып, Төлеген жолға жалғыз аттанып бара жатқандағы анасының айтқаны мен Қос обада жаралы жалғыз қалғанда:
Қарға құзғын жемесін,
Жасыра кеткін жүзімді.
Замандас едің жақсы аға, – деп Бекежанға жалынған тұстары жұрттың көзіне жас алдырды. Жыр мақамының қайырмасы айрықша әсерлі еді.
Таң сімерлеп атып келе жатқанда жыр да бітті. Жұрт та үйді-үйлеріне тарады.
17.06.1946.
Рахмет жырау бүгін кешке көрші ауылға жүрмекші. Кетерінің алдында біздің үйде ауыл ақсақалдары жиналып біраз әңгіме-дүкен құрды. Солардың ішінде сөзге жүйрігі де, әңгімешілі де Исбек әкем екен. Әр әңгімесі қысқа-қысқа новелла сияқты. Өз басынан өткен жайларды да, ел ауызындағы аңыз-әңгімелерді де көп біледі. Мен солардың біразын үлгергенімше қағазға түсірген болдым.
– Ана жылы қойларды суатқа иіріп тастап, үйге келіп, түсте шай іштім. Сол екі арада қойға қасқыр шауып, біразын тамақтап кеткен екен. Завферма жас жігіт, жетіп келіп: «Тал түсте қойды қасқырға қырғыздыңыз. Әппақ сақалыңызбен мұныңыз ұят емес пе?» деп сақалыма жармаса берді. Содан кейін:
– Әй, шырағым, «сақал-сақал» деп қайта-қайта айта бересің. Қойға қасқыр шапқанда тұра жүгірдім, сонда аузыма жабысқан осы сақалың иегімнен озып кете алмады ғой.Сақалдың несін айта бересің! – дедім. Түсінді-ау деймін, содан кейін ол жігіт сақалды аузына алмайтын болды.
*** Қалдыбай деген момын, кедей шал. Мал бағуға жарамаған соң шиеттей балаларға нәпақа болар ма екен деп далаға қақпан жаяды екен. Жұмасына екі-үш рет қақпандарын көріп қайтып жүреді. Ештеңе іліне қоймайды. Балалары шуылдап, апшысын қуырып бара жатады. Ертеңіне ертерек тұрып, тағы да қақпанын қарауға шықса біреуіне киік ілініпті. Текесі екен, Қалдыбай қуып, оп-оңай ұстап алады да ауылға тірідей апарғысы келіп, нағашысы силаған беліндегі күміс белбеуін текенің мойнына іліп, анадай жерде шөгіп жатқан түйесіне қарай сүйрейді. Сүйреп келе жатып: «Е, жасаған ием, о дүниеге барғанда ғой, несібе етіп теке бергенмін деп мені жаналқымға аласың» дей бергенде теке қатты тартынып қалады. Сол кезде Қалдыбайдың қолынан белбеудің ұшы шығып кетіпті. Ақсай басып теке қаша жөнелгенде, күміс белбеу мойнында кетеді. Сонда Қалдыбай құдайына ренжіп:
–Е, жасаған ием-ай, өмірімнің ішінде өзіңе бір-ақ рет әзіл айтып едім, сонымды да көтере алмағаның-ау – депті.
Түкірік жерге түспейтін қара түнек боран екен. Екі жігіт кештетіп қыздың үйіне кіреді. Үйге келсе кемпір мен шал күпісіне оранып, бүрісіп жатыр екен дейді. Қыз жоқ. Жігіттердің келгенін жаратпаған үй иелері, олардың сәлемін алмайды. Қонақтар төрге шығып молдасын құрып отыра беріпті. Әлден уақытта қыз келеді. Бірден шәй қоя бастайды. Кемпір мен шал амалсыздан тұрып, тұзы жоқ қатқан жарты таба нанды турап дастархан үстіне тастайды. Шал:
–Ал, жігіттер, атарларың да осы, жатарларың да осы, – дейді.
Қонақасы бермегеніне ренжіген жігіттің бірі шалға қарап:
Неғып отырсың шал антұрған,
Осы үйде жоқ па еді, нан антұрған.
Бейілдерің әбден қураған екен,
Бізден асыңды тығып қал антұрған, – дейді.
Самаурынның қасында отырған кемпір:
–Үлкен кісіге олай дегендерің қалай, шырағым-ау, – деген екен,
жігіт енді кемпірге бұрылып:
Ол аз болса, ендеше кемпір антұрған
Тыққан етіңді асып, тезірек келтір антұрған
Барды жоқ деп бейілің кетсе,
Қолыңа дорба ал да тентіре антұрған, – депті. Осы кезде қыз мырс күліп жібереді. Неге күлгенін түсінбей жігіт енді қызға қарай бұрылып:
Неге күлдің қыз антұрған,
Наныда жоқ ең болмаса тұз антұрған, – деп қасындағы жолдасына төнеді:
Берекесіз үйге келгім жоқ еді,
Болмай ерткен сіз антұрған, – депті. Ұялыс тапқан үй іші бұл жігіттерге қой сойып, силап жіберіпті.
Көршісі Қожекеңнің есегін сұрай келіпті. Есегін бергісі келмеген Қожекең:
–Әуелі есегімнен сұрап келейін, – деп сыртқа шығып, есегінің қасына біраз тұрып қайтып келді.
–Есегім берме деп ақыл берді, – дейді.
–Неге?
–Мен шаршасам жүрмедің деп ұрады. Содан кейін «иттің есегі» деп өзіңді балағаттайды, – деді есегім, депті Қожекең.
22.06.46.
И Т Қ А Р А
Ақбоз үйдің қасына аттылы кісі келді. Жасы жиырмаға толған жас жігіт.
– Кім бар-ау?
–Уа өзіміз, – дейді үй иесі. – Адам жоғалтқан жанбысың, өзің кімсің?
Арқадағы найманмын. Бабыр- Шегір ауылынанбыз, – деді жігіт.
–Енеңді ұрайын. Арқадан найман келсе Бабыр - Шегір ауылынанбыз дейді, Арқадағы алты болыс елді сол туғызған ба екен?
Арқаға Сырдан барған күшікке дейін Әжібай, Торғай ауылынанбыз дейді. Сырдың 60 болыс қыпшағын Әжібай, Торғай туғызғанда, алты болысты Бабыр-Шегір туғызбайтын ауруы бар деп пе ең, – депті жас жігіт.
– Қырда тықылдаған Итқара деген қу бар деуші еді сол емессің бе?
–Болсақ болармыз. Ит қорыған жерге өш деген, Сырда аздай арыққа тосқауыл салып жол тосатын Доспол деген қу бар деуші еді, сен сол емессің бе? – деді жігіт те тілін тартпай.
Осы кезде Доспол өзі далаға шығып, қонағымен амандасып, аттан түсіріп, үйге кіргізеді. Доспол Көксуға түйе қайық жасап қырдан келген наймандардың түйелерін арғы бетке өткізіп, он болсын, бес болсын, бір түйесін алып қалады екен. Содан наймандар ызаланып, Досполға түк істей алмай жүреді екен. Сөйлессе сөзден жеңе алмайды. Ол жолдан жеңілмейді екен. Осы хабарды есітіп Итқара бүгінгі керуенді әдейі өзі бастап келген. Итқара қуды Доспол қарсы алып, үйіне кіргізіпті. Ауыл- аймақтың, мал-жанның амандығын сұрасып болған соң Доспол:
–Ал, отыр мал алдырамын, сыбағаңды жеп кет,- дейді.
Итқара асығыс. Ертерек барып, шаруасын бітіріп қайтпақ. Қонағының асығысын білген соң:
–Ендеше жеңіл тамақ ішіп кет. Сыбағаңды қайтара жерсің, – деп
Доспол сүтке сөк бөктіріп береді.
Қыр еліне сөк таңсық. Оны көбісі білмейді де. Бірақ, Итқара өзі ғана жемей, кірекеш жігіттерге де ала кетуді ойлады. Сұрау ұят. Доспол алдында сыр беруге болмайды. Итқара аяқтағы сүтке бөккен сөкті жидеден шапқан ұзын сапты қасықпен әрі-бері араластырып қарап отырады.
– Уа, қонағым, неге ауыз тимейсің? Әлде қонақасым ұнамай отыр ма?
–Неге ұнамасын, ұнайды ғой, – деді Итқара. – Біз өзіміз бір қосын жұрт едік. Жігіттерім қайық басында қалды. Қазір мен барғанда олар: «Уа, Итқара, Досполдың үйіне қонаққа бардың. Орта жүздің жүйрігі немен силады?» деп сұрағанда осы тамағымның атын айта алмай қаламын ба деп отырмын.
Доспол оның ойын түсініп:
–Ала бер, жігіттерің де түсінер , білер, – деді Итқараға қайтарда бір нарға екі жүн қап сөкті теңдетіп жіберді.
–Қайықшы жігіттер өткізіп салар, жолдарың болсын, – деді Доспол.
Сонымен бұлар ақысыз-пұлсыз Көксудан өтіп, Ақмешітке барыпсауда жасап, кері қайтады. Базардан Итқаралар Досполға си-сияпат алып қайтыпты. Досполдың баласына құндыз бөрік, әйеліне зерлеген шапан, Досполдың өзіне қырық кез ақірет алыпты. Жұртты шақырып қонақасысын беріп, жүрер алдында Доспол сый-сияпатты көріп, үндемей көп ойланып отырыпты.
– Досеке, орамал тонға емес, жолға деген. Көп ойландыңыз. Әлде сыйымды қомсынып отырсыө ба? – дейді Итқара.
– Жоқ, әр нәрсенің пайымы бар. Осыны алғаның тегін емес-ау, соның шешімін таба алмай отырғаным еді,- депті Доспол сәл езу тартып.
– Адам жаралғандағы ұлылық ана ғой, зерлі шапанды соған алдық. Ат ізін тай басар деген, сіздің атыңызды ертең осы балаңыз шығарсын деп құндыз бөрікті соған сыйладық. Ал сіз болсаңыз күніңіз еңкейген кісісіз, осы қартайған шағыңызда дүниеге көп қызыға қоймайтыныңызды түсініп, алды-артын ойлансын, – деп сізге ақырет алып едік, – дейді Итқара.
Досполдың жүрегі дір-р етті. «Ах, жас шіркін келген екен-ау! Дүние-дүние деп араныңды аша берме, ақырет шағыңда дегені ғой бұл. Баяғыдан бері істегендерім артықтау болған екен-ау. Ақыл жастан, асыл тастан деген, мына Итқара жас та болса бас болғалы тұр екен-ау. Ай, сұқ-көзден аман болсаң жарады. Ғұмырың қысқа болмаса неғылсын» - деп Доспол. Итқараны құрметпен аттандырып салды. Қонақтар ұзап барады. Доспол қызыға қарап тұрды артынан. Оның қасында тұрған кісі:
– Досеке, бағана сіз қонаққа тіл көрсетіп едіңіз, ол басын сипды. Осы жұмбақтың шешімін мен түсінбей қалдым, – деп еді.
–Оның несін түсінбедің? Итқара қатты есіп сөйлеп отырды ғой.
Тілден келер не болады деп, ол басын сипады. Онысы басқа бәле тілден келеді дегені еді ғой. Түсінді ғой. Өзінің туысында кемістік жоқ екен, бірақ өмірі ұзақ болмайды-ау. Тым тілді екен, – деді Доспол.
Содан кейін Доспол қайыққа түйе алмайтын болды.
07.07.46.
Сандыбайдың Ерденінің аты елге кең тарады. Аға сұлтан кісі ғой. Кенезесі асқан шағы. Бір күні ол шешесіне:
– Апа, бала әкеден бір мысқал кем туады деуші еді, мен әкемнен артылған жоқпын ба? Мені үш жүздің баласы түгіл, орысың да құрметтейді, – депті.
–Балам, Орта жүздің баласы шапқанда Сандыбайлап шабады.
Ал Ердендеп шапқан баланы естімедім-ау, – депті шешесі.
Көп ұзамай Ерденнің баласы шетінеп, төсек жастанып жатып қалады. Дүшпандар басына бастайды. Ерденді тұрғызып қатарға қосу керек. Ешкім батып ештеңе айта алмай жүрді. Бір күні Доспол келді. Келсе Ерден төрге қарап жатыр екен. -Уа, Ерден, көтер басыңды жерден. Балаң өліп, жақсы болды, кетіп ең әбден керден. Бір қағанақ жарылды деп жатырсың, ұйқыңның бөлінгені емес пе? – деп Доспол келгенде, Ерден басын көтеріп, тұрып Досполмен құшақтасып көріскен екен. -Досполмысың? Басқа қазақтың баласы көңіл айтып, өзіммен бірге жыласып еді, мен қылыш, қайрақ болар жан табылмап еді, қайрадың мені, тұрдым, – депті.
Ерденнің атшысын бір желөкпе құрбылары: -Сен Есенгелді адамбысың, Ерденнің иті емеспісің соңына ерген, құлақ кесті құлы емеспісің,- деп қарайды.
-Ерденің маған сөз емес,- дейді анау аңғазаланып.
-Ендеше боқташы.
-Несі бар, боқтаймын.
-Жоқ, саба мықты болсаң.
-Сабаймын.
Бір жиында Есенгелді оның атын байламайды, кесірленеді.
– Уа, Есенгелді, қайда жүрсің,- деп Ерден қабақ шытады.
–Мен сенің итің бе едім етігіңді жалайтын,– деп Есенгелді оны қамшымен тартып-тартып өтеді. Сонда Ерден күліп:
– Уай, Есенгелді біреуге серт еткен шығарсың, тағы бір-екі салып өт, – дейді. Жұрт Есенгелдіні ұстап сабамақшы болғанда Ерден жібермейді. «Сізді зәбірледі» дегендерге Ерден:
–Ой, тәйірі-ай, Есенгелді зәбірлеп неғылушы еді. Мені халықтың арқа сүйер жары дейсіңдер, олай болса жар басына секіріп лақ ойнамаса болар ма. Бір лақтың ойнағанын көтере алмасам менің жар екенім кәне? – депті.
Ерденнің бір жақын адамына ашуланып Аймырза құлағын кесіп алыпты. Ерден өкпелеп жүреді. Кездессе жазаламақ. Кездеседі.
– Уа, сен не істеп жүрсің Аймырза?
– Көке, өзіңіз сияқты бас жеуге жарамай, құлақ жеп жүргенім ғой,- депті анау.
...07.1946.
Ерденнің әкесі Сандыбай бағаналы еліне ұран болған аса беделді кісі болыпты. Оның баласы Ерден де аға сұлтан атанып, жарты патшадай елге билік жүргізіп, әбден болып- толып отырғанда ол шешесіне:
– Апа, қазірде менің сөзімді орыс-қазақ баласы жерге тастамайды. Төбесінен жорғалап қызмет етеді. Әкемнен беделім асқан жоқ па? – деп сұраған екен. Сонда шешсі:
–Осы ел бұрын жауға шапса да, бәйгеге шапса да Сандыбайлап шабушы еді. Ал «Ерден!» деп шапқан қазақты әлі естігенім жоқ қой, балам, – депті.
Ерденнің баласы өліп, бірнеше күн басын көтермей жатып алған екен. Қасында жүрген жақсылар батып ештеңе айта алмайды. Бір күні Доспол деген бір шешен кісі келсе, Ерден теріс айналған қалпы, амандаспай жата береді. Сол кезде Доспол дауысын көтеріп:
Ей, Ерден!
Көтер басыңды жерден.
Балаң өліп жақсы болды
Кетіп ең әбден керден!
Темір өзекті жан жоқ Әкең Сандыбай да өлген... деп біраз термелетіп қатты- қатты сөздер айтқанда ғана Ерден басын көтеріп: -Осы елде еркек сөзін айтатын бірде бір адам табылмады. Бәрі де қатын болып өзіммен бірге егіліп жылай берді, – деп Ерден Досполмен құшақтасып көріскен екен.
14.09.1946.
– Сәкеңдердікіне барып тұрасың ба? – деп сұрады Сағат.
– Барып тұрамын.
–Мен де кіріп сәлем беріп шығуым керек еді, – деді ол.
Сағат екеуіміз Алматыда тағы да кездестік... Бұл біздің ауылдың жігіті. Мен алтыншы, ол жетінші класты бір мектепте оқығанбыз. Екі рет айырылысып, екі рет кездестік. Сегізінші класты Қармақшыда ағайымның қолында оқуға тура келген-ді. Мектепке барған бірінші күнгі осы Сағатпен қалай кездескенім әлі есімде. Сғғы сабақ еді, қоңырау соғылды. Қағаздарын жинап мұғалім кластан шыға бере-ақ, балалар да есікке лап қойды. Әлі ешкіммен танысып үлгермегенмін, сондықтан да барынша сыпайы ұстап, шығуға онша асыққаным жоқ. Екі-үш бала есік алдында тұр. Әсіресе ана шегір көз сары қасындағы екеуіне бірдеңе деп күбірлей сөйлеп, маған көз қиықтарымен қарап қойды. Мазақ етіп, күлген сияқты. Портфелімді қолыма ұстап есік алдына келе бергенімде әлгі үшеу алдымды кес-кестей берді. Тиіскелі тұрғандарын сезе қойдым. Бірақ жүрексіне бастағанымды оларға білдірткім келмей, еркін басып, есік тұтқасына қолымды создым.
– Ей, көкқұтан, қайда асығып барасың! – деп біреуі аяғымнан шалып қалғанда, ана екеуі көкірегімнен кейін қарай итеріп жіберді. Қолымдағы портфелім ұшып кетті. Қалай болғанын өзім де білгенім жоқ, ойланбастан қайырыла беріп, көзді ашып- жұмғанша оң жағымда оңтайлы тұрған баланы бетінен былш еткізіп жұдырықпен бір қойып едім, мұрнынан қан сорғалап отыра кетті. Енді ана екеуі жабылуға тиісті, не де болса тәуекелге бел байлап, ескі хиссалардағы Ғазіретғалидың сойқанын салып көрейін деп ойладым. Жоқ, олар батпады, қайта менен сескенгендей шегіншектей берді. Өз мерейімнің асқанын түсініп, жерде жатқан портфелімді асықпай көтеріп, еркін басып есіктен шықтым. Ес білгелі бұл бірінші рет кісіге қол жұмсауым еді.
– Мырзабек! – деген таныс дауысқа жалт қарасам мұғалімдер бөлмесінің алдында Сағат тұр. Құшақтасып қалдық. Әлгі үшбала көздерінің астымен сүзе қасымыздан өте берді. Сағатты көрген соң оларға пысқырғаным да жоқ.
– Қайдан жүрсің?
–Осында көшіп кегенбіз, – деді ол. Содан мені ертіп үйіне алып келді. Осы жазда өзі үлкен домбырашы болып алыпты.
Шанақты қызыл домбырасына мандолинаның жіңішке сым шегін тағып, пернелерін де қызыл мыс сымнан байлаған. Үні қой шегіндей қоңыр да емес, балалайка, мандолинанікіндей тым жіңішке де емес, әйтсе де құлаққа жағымды-ақ естіледі. Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғаптың күйлері деп тартқанда оң қолының саусақтарына көз ілеспейді. Домбыраға менің де құмарлығым бар еді. Ағайымның жасында ойынан суырып өлең шығарып, қыздармен айтысқа түсетін өнері болғанын естігенмін. Газетке бастырмаса да әлі өлең жазады. Ал соңғы кезде белгілі ақындардың терме-жырларын жаттап, қолы жұмыстан босаған оңаша сәттерде Сыр бойында кең тараған нақышқа салып терме айтып жүр. Өткен жұмада ол кісі үйге қарағайдан ойып жасаған бір қалақ домбыра алып келген-ді. Көктен тілегенім жерден табылып, жетістім де қалдым. Оңаша бөлмеге барып ертеден қара кешке дейін айналдыратыным осы домбыра. Адам жүрегінің нәзік қылдарын қозғап күй тарта алатын болсам бұл өмірден басқа ештеңе де тілемейтін сияқтымын. Бір күлше нан, бір шүйке мақтамен домбыраны жастанып ұйықтаса домбырашы болады екен дегенді естіп едім. Ешкімге білдірмей оны істедім. Ертеңіне ерте тұрып басыма жастаған домбыраны алдыма өңгеріп, қос ішекті қағып-қағып жібергенде перне басқан сол қолым өзінен-өзі жоғарылы-төменді жылжып, күй күмбірлеп кете беретін шығар-ау деп күткенмін. Жоқ, ондай ештеңе байқалмады. Домбыраны басқа, көзге сабалап «мазаң кетердің» күйіне басып жатқанда, бөлмеге ағайым кіріп келді де:
– Тәйт! – деді жекіп. Кейімпаздау кісі еді, қолымнан домбыраны жұлып алып ежірейе қарады.
–Сабағыңды оқы!
Иттей ызам келді. Онсыз да жақсы оқимын. Домбыра үйренгеннің сабаққа қандай кедергісі бар? Жалпы осы кісі неге кеий береді? Ағай домбыраны тартып алғанымен мен күй үйренуді бәрібір доғарғаным жоқ. Мына Сағаттың үйіне барып, тартамын домбыраны, сөйтіп жүріп ептеп қосылып жыр да айтатын болдым. «Қыз Жібек» хиссасын жаттап алғанмын, оңашада Сағатқа төгілтіп жырлап та беремін. Бұл жақта Шораяқтың Омары, Ешнияз ұлы Жүсіп, Тұрмағамбеттің өлеңдерін жұрт дәптерге көшіріп алып, қолдан қолға таратады екен. Бір дәптер менің де қолыма түсті. Термелерді жаттап алдым. Әсіресе Омар ақынның өлер алдында балалрына айтқан өсиеті өте әсерлі. Сыр бойының сазды терме әуенімен айтқанда толқымайтын адам болмайды. Бір ретте мен сол өлеңді терме сазымен әкемнің қарындасы Бибігүл апама айтып бергенімде майданға кеткен баласы Жұмағұл есіне түсті-ау деймін егіле жылаған. Сабағымды жақсы оқығандығым ба, жоқ болмаса домбыраға менің құштарлығымды білді ме ағайым бір күні ана жолғы тартып алған домбырасын сандық ішінен өзі алып берді.
–Мә, үйренгеніңе қарсылығым жоқ, бірақ сабағыңа зияны тимесін, – деп қатты ескертті.
Қуанып кеттім. Құрманғазы, Соқыр Есжан,Сейтектің оннан аса күйін үйреніп алғам, ел ішіне тараған халық әндерінің бәрі болмаса да көбісін білем. Домбырашы, күйші болсам деген арман пайда бола бастады. Мұның бәрі мына Сағаттың ықпалы. Осылай басталған достығымыз әлі үзілген жоқ.
06.10.46.
Сәкеңнің үйіне келдік. Мен өзім осы үйдің бір адамындай сезінемін де, отбасының оны-пұны шаруашылығына білек сыбанып жіберіп, айтқызбай-ақ кірісіп кете беремін. Базадан отын әкелуге, сарайдағы сексеуілді жаруға, кейде базарға бірге ере барып овощь әкеле қоюға арланбаймын. Ылғи да кісі үйінде жатып үйренген басым, үй иелерінің қасы- қабағына қарап, соларды қайтсем де риза етуге тырысып, мұндай істерді тап-тұйнақтай етіп орындаймын. Студенттердің бір тойғаны шала байығаны. Сағат екеуіміз кейде қарнымыз ашса, осында келіп тамақ ішіп кетеміз. Кезек-кезек күй тартып, күйге қоса терме айтып үйдегілерді думанға бөлейтін кезіміз жиі болады. Сондықтан болуы керек, біз келгенде Сәкеңнің де, Оразгүлдің де жандары қалмайды. Бүгін біз үшеуміз. Қазақ тісін көрсетсе болды еркінси беретін әдетіміз ғой, Әзілханды да ертіп алдық. Бұйығылау жігіт ұялып әрең көнді. -О, жігіттер, төрлетіңдер,- деп Сәкең елпілдеп жатыр. Әсіресе қуанышы қойнына симаған құдашам К. болды. Ол жымың-жымың күліп, екі көзі ойнап бетіме қарай береді. Анаукүні киноға шақырғанда мен келмей қалғанмын сонымен өкпелеп, бұртиып жүрген болар-ау деп ойлаушы ем, жоқ ешқандай сыр берген жоқ. Бұл қыз Сәкеңнің немере қарындасы, былтыр ағасы ертіп әкеліп, осындағы пединституттың мұғалімдер дайындайтын екі жылдық курсіне түсірген. Совет көшесіндегі жатақханада жатады. Бір-екі рет мына Сағатты ертіп, қыдырып барып қайтқанымыз бар. Сәкең хал-жай сұрады. Содан кейін шай келді. Дастархан құрғақтау екен. Карточкамен алған тамақ кімге жетсін. Қайта Сәкең елмен байланысын үзбей келе жатқан кісі- күріш, тары дегенді ағайындары үзбей жіберіп тұрады. -Жігіттер, –деді ол,- мына Әзілхан бұрын үйге келмеген жігіт еді, қысылып отырмыз. Қой алдырып сарайға қамап қойдым, соны соятын кісі таба алмай жүрсем бола ма.
Осы кезде Сағаттың шегір көзі ойнап кетті. -Ойбай-ау, қасапшыңыз алдыңызда отырған жоқ па, Секе,-деп мені иегімен көрсетіп құнтың қағады. -Уай, сен қой соя білесің бе? Ендеше қойды сойып, соның етінен жеп кетіңдер. Жақсы болды ғой келгендерің, ана сарайдың кілті қайда? Есігін ашып берші. Өзің де көмектес,- деп Сәкең қарындасына іле тапсырма берді. К.зыр жүгіріп баяғысынша лыпыл қағып жүр. Жігіті жоқ-ау деймін осы қалаға келгелі айналдыратыны мен болып алдым. Кино, театрға барайық деп жалынады. Көңілін қимай бір-екі рет тілін алып едім, бәлеге қалдым. Желімдей жабысып әлі айрылмай жүр. Құдашама суып қалыппын, бар есіл-дертім ата –анам айттырған елдегі қозышы қыз- Әуес. Ой өзі де судан жаңа шыққан сүйріктей ай! Сағаттың құдашама көңілі бар ма деп қалдым. Өз бетімен баруға ұялып, ылғи да «жүр, қыздарға барып қайтайық» деп мені сүйрелейді. Бірақ қыз онша құлықты емес сияқты, жалпы қыз сүйер де сиқы шамалы ғой өзінің. Бой дейтін бой жоқ, көзі шегір... Бар өнері домбыраны жақсы тартады... К. сарайды ашып берді. Осы кезде мен де көмектесейін деп Сағат қу да жымың қағып қасымызға жақындай берген. Қойды тез, әрі теріге шел жібермей таза соямын. Бұл жолы да құдашам мен Сағаттың алдында мақтанғым келіп, бар өнерімді салдым-ау. Бір уақытта Сәкең мен Әзілхан келді. Қойдың терісін жұдырығыммен іреп жатқан кезім еді:
-Апырмай, жап-жас болып алып, осының бәрін қайдан үйренгенсің?деп Әзілхан шынымен таңданып тұр. Ол менің бар ісіме ылғи да таңданып жүретін. Бала кезімде ұлтаны, қонышы сөгілген мәсі, етіктерді жамайтынымды, тігін машинасымен көйлек тіге беретінімді айтқанымда ол сенбей қойды, бірақ ондай да өнерімнің бары рас. Инені қыздардан кем ұстамаймын, қайып та, тепшіп те, шалып та тігуге ұстамын. Қағаз мүжіп, жазу жазғаннан басқа Әзілханның қолынан ештеңе де келмейді, өмірі балға ұстап, шеге қағып көрмесе керек-ау. Ертең пысық әйел кездессе жақсы, әйтпесе... Қойдың шек-қарынын К. тазалады. Ауылда, әжесінің қолында көп нәрсеге көзі үйренген қыз, шынында да, пысық еді. Әзілхан оған да таңданады. Бір уақытта мұның да құдашамнан көз айырмай тесіле қарап қалғанын байқадым. К. бұған да ұнап қалмаса неғылсын? Алматыға келгелі бері осы қыз ағарып, бұрынғыдан ажарланып кеткен сияқты. Шынында да, өзінің жігіт қызығарлықтай шырайы бар, мінезі де бір тоға, жақсы. Осы құдашама мен неге суып кеткенімді білмеймін. Өзі жабыса берген соң, қадірін жоғалтып алды ма, жоқ болмаса қалыңдығыма ауған көңілім енді басқа қызға бұрылғысы келмеді ме? Қайтсе де К. жаман қыз емес тегі. Ет жедік. Сәкең бір-бір рюмкадан арақ берді.Сағат екеуімізге бұрын ондай сияпат жасамайтын, мұнысы кешегі ұлы майданда қан кешіп, жауды жеңіп, елін қорғап келген солдат- Әзілханды сыйлағаны. Қояр да қоймай ертіп келгенде Сәкеңнің бізді мұнша құрметтегеніне риза болып, тасып отырмын... Екі жолдасымның алдында беделім енді бұрынғыдан да өсе түсетіні даусыз. Ет жеп болған соң Сәкең бұрынғы әдетінше Сағат екеуімізге тағы да домбыра тартқызды. Сөздің бір ретінде Әзілханға қарап:
-Бұларды мен киноактер етемін деп Алматыға алып келмекші
болғанмын, – деп күліп, – бұдан екі жыл бұрынғы өткен жайды есіне алды.
Ағайымның қолында сегізінші класта оқып жүрген кезім, көктемде үйге осы Сәкең келе қалды. Киноактерлық школға балалар тартпақшы болып, командировкада жүр екен. Ол кезде мына Сағаттан домбыра үйреніп алғанмын, Сәкеңе күйшілік өнерімді көрсеттім. Ол құмарта тыңдап: Әй, сен киноактерлық школға барсаң қайтеді? Домбырадан басқа қандай өнерің бар?- деп сұрады. Мен иығымды көтердім. Еш өнерім жоқ дегенім.
– Мектептеріңде драмкружок бар ма? Сен қатыстың ба?
–Бар. Қатыстым. Бірде неміс офицерінің, екіншіде профессордың ролін ойнадым.
Сол жылы қыста драмкружок мүшелері «Диверсант» деген бір актілі пьеса дайындалып механикалық заводтың клубына қойдық. Өзім арық әрі ұзын сирақ болған соң маған неміс офицерінің ролін берген-ді. Офицерлік киіміміз жоқ, түріміз қазақ, залдағыларға қандай әсер етіп жатқанын білмеймін. Мына Сағат румын партизанының ролін ойнайтын. Екеуіміздің бетпе-бет кездесетін жерімізде офицер болып әлгі партизан Сағатты тергеуге алдым. Оның қырсық жауабына шыдамай іштен теуіп жібердім. Партизан ызаланып тағы да маған қарсы сөз айтуы керек еді, Сағат ішін басып, иіліп отырып қалды. Суфлер оған бірдеңе деп сыбырлайды. Сағат түк естімегендей, көзі аларып әлі отыр. Спектакль бұзылды. Сахна жабылды. -Саған не болды? – деді спектакль қоюшы мұғалім Сағатқа кейіп, – роліңді ұмытып қалдың ба?
– Жоқ,-деді ол, – ішіме қатты теуіп жіберді. Тұра алмай қалдым.
Мұғалім маған ренжіді.
–Байқамайсың ба?
Ойыным шынайы шықсын деп қаттырақ тепкенім рас еді, бірақ Сағат әлгіндей күйге түседі деп ойлаған емеспін. Осы оқиғаны айтып бергенімде Сәкең шек-сілесі қатқанша күлді. Риза болғаны жүзінен айтпай-ақ көрініп тұр.
– Дұрыс. Басқа не білесің? Ән саласың ба?
– Ептеп терме айтамын.
–О, оның жақсы екен. Тағы не білесің? Айта бер ұялмай.
Мен күлімсіредім.
– Ағай, жастау кезімде бір рет бәйгеге шапқанмын.
– «Жастау кезімде» дейсің бе? Қазір қартайып қалдың ба?-деді.
–Жоқ, бала кезімде дегенім ғой.
Содан кейін мен киноактерлық школаға алуыңызды өтінемін деген арызды жаздым да, қол қойып бердім.
–Жақсы, – деді ол, – сені аламыз. – Өзің сияқты басқа балалар бар ма ауылда?
– Бар,– дедім мен, – Сағат деген бала бар. Үлкен домбырашы.
– Түрі қандай? Былай бет әлпеті түзу ме?
– Шегір көзді, сары бала.
–Жарайды, ертең ертіп кел, көрейік.
Киноактерлық өнер қолымнан келе ме, жоқ па онда шаруам болған жоқ, әйтеуір өнер атаулыны сүйетін болған соң келісімімді ойланбастан бердім. Сәкең Сағатты да үнатты, екеуімізді Алматыға бірге ала кетпекші еді. Мені ағайым жібермей қойды. Мен бармайтын болған соң Сағат та айналып қалды. Осы жайды мен қысқаша айтып берген соң үшеуіміз де Сәкеңдерге алғыс айтып ризалық сезіммен сыртқа шықтық.
– Уай, Мырза, ағайың не деген жақсы адам еді, – деді Әзілхан тебірене сөйлеп, содан кейін құдашамды сұрады.
–Кім ол қыз, қайда оқиды?
Мен бәрін айттым. Әлгінде құдашам маған:
– «Ертең кел жатақханаға. Әнеукүнгідей алдап кетсең өкпелеймін» – деп туыстық базына жасағанын Әзілхан да естіген.
–Сені шақырды ғой, бізді тастап жалғыз бармақшысың ба?– деп әзілдей күлді.
15.10.46.
Лекциядан келген соң демалайын деп шешініп жатып қалып ем. Есік бір ашылып, бір жабылып маза бермеді. Дәліздегі әрі-бері жүрген студенттердің аяқ тықыры, айқайлай сөйлеген сөздері, күлкісі бәрі де анық естіледі. Жатақхананың жайы осы. Мұндайда құлағың түк естілмейтін керең болғаны жақсы-ау тегі. Міне тағы есік ашылды. Терезе алдындағы тумбочка үстіне сарт еткізіп бірдеңені тастай берген дәу де болса Әзілхан болар-ау, күнде кітапханадан кітап тасиды. Ол бірден менің көрпемді ашты.
–Тамаққа бардың ба?- деді биязы дауыспен.
–Жоқ. Сені күтіп жатырмын.
Оның жасы менен үлкен болса да құрдас кісіше қалжыңдасып, «сенге» көшіп кеткеніме көп болған жоқ. Оған бұл ренжімейді.
– Жүр, ендеше, – деді де, өзі есікке қарай бұрыла берді.
– Сағат қайда?
–Көрші бөлмеде домбыра тартып отырған.
Үшеуіміз ылғи да тамаққа бірге барамыз. Ақшаны мен ұстаймын, өшіретке де мен тұрамын. Әзілхан «тамақ піс, аузыма түс» деп күтіп отырғаны. Асхананың төр жағындағы төрт-бес столдық шағын бөлме майданнан оралған студенттерге арналған. Сағат сияқтыларды онда кіргізбейді, кірсе де даяшы қыздар оған тағам әкеліп бермейді. Ал бұл бөлмеге Әзілхан бармайды, ұялады. Мен бүгін қулық істегім келді. Әзілханның «Даңқ» ордені мен «Ерлігі үшін», тағы да басқа төрт-бес медалдарын гимнастеркамның омырауына қадап алдым.
– Ей, оны қайтесің,- деді Әзілхан жымия күліп.
–Орденді тағу үшін бермей ме? Сен тақпасаң мен тағайын.
Сағатты ертіп үшеуіміз сыртқа шықтық. Күздің мазасыз күндері басталған, түнерген аспан қабығы ашылар түрі жоқ. Ыбылжып майда жаңбыр бүркеді де тұрады.
– Алматының күн-ай осы. Күн көзін көрмейсің,- деді Сағат ренжіп.
– Осы жаңбыр болып па? Жаңбырдың ең көп жауатын жерін білгің келсе ол Парагвайда. Бразилия шекарасына жақындау жерде,- дедім мен білгішсініп.
– Индия емес пе жаңбыры көп жер, үш айға созылатын...
– Парагвайда жыл бойы жауады. Сол маңда дүниедүзіндегі ең
үлкен құлама сулардың бірі Гуайра бар. Таудан соққан қатты жел құлама судың бүріккен майда тамшыларын ұшырып әкетеді де, олар ауада біріне-бірі қосылып ірі тамшы болып әлгі жерге жауады. Соңғы кезде «Знание-сила», «Вокруг света» тағы басқа журналдарды қадағалай оқып жүрмін. Онда әлгіндей қызықты деректер көп басылады. Мен соны реті келген жерде қиыстырып айтып жүремін. Жігіттер, әсіресе қыздар, «қайдағыны қайдан білесің» деп таң қалады. «Білеміз, білген соң айтамыз» деп қалжыңдаймын, бірақ сырымды ашпаймын. Асханада студенттер көп екен. Жетекке жүрмей табандап қалатын қырсық бұзаулар болушы еді. Әзілхан да сол сияқты майдангер студенттерге арналған бөлмеге баспайды. Сағат екеуіміз екі қолтықтан алып зорлап кіргіздік. Даяшы қыз қасымыздағы столда бұрыннан отырып үйренген студенттерге тамақ тасып жүр. Бізді елер емес. Алғашқыда ұялып, медальдарымды көлегейлеп қолыммен басып отыр едім:
–Сені менсінбей жүр,- деп Сағат табалағысы келгендей жымия күледі. Мен енді омырауымды керіп, орден мен медельдарымды жарқыратып қойдым. Қыздың көзі түссе өзі түсінер деп ойлаймын. Даяшы қыз қасымнан өте бергенде әдейі қозғап, күміс орден, медальдарды шылдыр-шылдыр еткізіп қоямын. Қыздың көзі омырауыма түсіп кеткенде мен қабақ шытып:
– Бізді елемейсіз ғой, – деп қалып ем, ол қысылып:
– Қазір, қазір. Ұмытқаным жоқ, – деп қолымдағы талондарды алып, тез тамақ әкеліп берді.
–Ерлікті сен істеп, орденді сен ал, ал оның қызығын мен көрейін,деп қалжыңдадым Әзілханға. Ол күліп қойды.
Қарнымызды тойдырып алған соң сыртқа шықтық. Жатақханаға келген соң Әзілхан:
– Қыздарға барамыз ба? – деп менің бетіме қарады.
– Барайық.
–Мен де барам, – деді Сағат.
Әзілханның киімдері тым жұпыны еді. Көне әскери гимнастерка, галфе шалбар, керзі етік. Бұл түрімен қызға көрінуге болмайды. Жақсы киініп, қылтиып бару керек деп ойлаймын. Өз киімімді берер-ақ едім, бірақ менің костюмімнің жетісіп тұрғаны шамалы, күнге күйіп, оңып кетті. Және менің киімім оған ұзын. Әй, мына көршінің су жаңа көк мауыты галифе шалбары бар еді, әскери ұшқыштардың шалбары болатын-ды, соны сұрау керек. ОЛ Әзілханға мүмкін ұзындау да болар, бірақ оқасы жоқ, балағы етіктің ішінде ғой. Шалбар табылады, ал гимнастерканы кімнен сұраймыз? Мүмкін Сағат пенжагін бере тұрар. Бірақ пенжакқа ақ жағалы көйлек керек. Жоқ одан да гимнастер дұрыс... Көршімнің галифе шалбарын сұрап алып келдім. Гимнастерка, пенжак табылмады. Іздеген жігіттеріміз әлі жатақханасына келмепті.
–Мә, мына шалбарды киіп ал, – дедім Әзілханға.
–Оны неғылам?
–Е, қызға бара жатқан жоқпыз ба? Мына киіммен қалай көрінесің? Әзілхан кең шалбардың ішіне түсіп кетті. Қайта шешті. Алып келген су жаңа көк мауыты галифе шалбарға енді өзім қызығып, киіп алдым. Сөйтіп, үшеуіміз Калинин көшесінде тұратын курстас қыздарымыз Қанапия Мәнтайларға кеттік.
Қанапия бөлмесінде екен, сау етіп «үш мүшкетер» жетіп келгенде қуанып қалды. Қасында шашын қоқитып төбесіне үйген кәрі қыз бар. Өткен жұмада Әзілхан екеуіміз оңаша соққанбыз-ды. Бір-екі әзіл-қалжың айтып қыздарды көңілдендіріп Әзілхан:
– Ал көп рахмет, біз кеттік,- деп орнынан тұра бергенде:
– Неге? Шәй ішіп кетіңіздер! – деп Қанапия жік-жапар болған. Сонда да отырмай кетіп қалғанбыз.
– Кейін тағы келем, – дегем.
–Келіңіздер. Бірақ асықпайтын болып келіңіздер, – деп Қанапия әдемі қара көзін жылт еткізіп Әзілхан мен маған кезек қараған.
– Міне, енді асықпай отырып әңгімелесейік деп келдік.
Қыздар шәй қоямыз деп шала бүлінді.
– Қанапия, әуре болмай-ақ қой.
–Неге? Өткен жолы да отырмадыңыздар.
Осы кезде Сағат маған жалт бұрылып:
–Сен екеуің менсіз келген екенсіңдер ғой, –деп өкпелеген пішін білдірді.
Жігіттердей емес, қыздар шәй қойып, тамақ пісіруге пысық. Зыр жүгіріп әбігерге түсті де қалды. Шәй ішіп болған соң Сағат мені қажай бастады. Осы жазғы семестрді жақсы тапсырып, стипендиямды өсірген еді, кеше ақшаны артығырақ алғанмын-ды. Соны есіне алып:
– Бұл жоғары стипендия алды, жудырмаймыз ба?- деп қыздарға бұрылды.
– Жудырайық...
– Киноға алып барсын бәрімізді,- деді Әзілхан.
–Одан да ескерткіш болсын, суретке түссек қайтеді? – деп Қанапия ұсыныс жасап еді, ана екеуі қолдай кетті.
– Әңгіме жазып ем, ақ қағазға көшіріп бересің бе? - деп өтінді Әзілхан. Жазу машинкасына бастыруға ақшасының реті келмегенін сеземін.
–Көшірейін.
Әзілхан соңғы күндері көңілсіз. Себебін айтпайды. Елде хат жазысып жүрген бір қыз бар. Аты Халима. Кейде соның суретіне қарап ұзақ отырғанын байқаймын. Әзілханның жазуы құмырсқаның ізіндей майда әрі маған түсініксіз еді, ажырата алмаған соң ол өзі оқып, мен бипаздап жаза бастадым. Шынымды айтсам орта мектепті мен толық бітіргенім жоқ, оның үстіне мектепте оқыған кластарымның өзін де дұрыстап тауысқан емеспін. Грамматика жағы қинаушы еді. Тақылдап сөйлегенім болмаса жазуға келгенде қатені аз жібермейтінмін-ді. Әсіресе үтір, сызықша, жалғау- жұрнақтарды шатастыра беремін. Бұл жолы да солай болып шықты.
–Ой, сен өзің қате жіберіп отырсың ғой, «ма» бөлек жазылады,- деп Әзілхан кейіп қалды. – Ал мына жерге үтір керек!
Ашулана алмадым. Кінәмді білемін, содан кейін қалжыңға шаптырып:
–Мен бала кезімнен осылай үйренгенмін,- дедім.
Екі-үш күннен бері қабағы ашылмай жүрген Әзілхан күліп жіберді.
10.12.1946.
Ағай мені Әбділда Тәжібаевтың үйіне жұмсады. Газетке оралған екі қос қазыны құшақтап, Сиалин мен Артиллерия көшелерінің түйіскен бұрышындағы қисықтау салынған екі қабат үйге келдім. Есікті ұзын бойлы байсалды әйел ашты. Амандастым.
–Кір, қалқам, – деді сыпайы ғана. – Төрге шық.
Төрге шыққаным жоқ. Әкелген затымды әйелдің қолына ұстаттым да, ағайдың «Әбділдаға бер» деген қағазын қалтамнан алдым да:
– Мынаны ағайға бер деп еді, – дедім.
–Әбеке,-деді әйел. Бұл Ә.Тәжібаевтың жұбайы екенін енді білдім.
Төргі бөлмеден әлде кімдердің сөйлескені күңгір-күңгір дауысы естіледі. Сөйткенше болмады, іштен Әбілда ағайдың өзі шықты. Сәлем бердім. Алдыңғы жылы көргенімдей. Өзгермепті. Ол мені танымай қалды-ау деймін, салқын амандасты. Ұсынған қағазымды алып сол жерде қағаздың бүктемін жазып оқи бастады да жымиып күлді.
– Жәкең ғой,- деді Әбділда аға әйеліне, – өзі ақын деймін. Өлең жазыпты, – ол маған қарады, – сен шешініп ішке кір, қонақ бол.
– Рахмет. Мен қайтайын.
– Ендеше тұра тұр, – деп Әбділда аға сол жақтағы бірінші есікке кіріп кетті де көп кешікпей қайта шықты. Бір конвертті ұстатып:
– Жәкеңе сәлем айт. Орналасып болсын, өзім кіріп сәлем беремін, – деді.
Конверттің ішіндегі жауап хат болар деп ойладым, бірақ, тым қалыңдау көрінді. Үйден шығып, көшеде келе жатып, конвертті ашып ем, екі мың сом ақша мен арап әріпімен жазылған тілдей қағаз. Байқауымша жауап хатты да бұл кісі өлеңмен жазған сияқты.
Қысқы сессия біткен күннің ертеңіне Әзілхан буынып-түйініп жатты.
– Орнымды саған қалдырамын, – деді маған.
– Сен қайда барасың?
– Елге қайтамын. Қызмет істеймін. Сырттан оқимын.
Алғашында қалжыңы болар деп ойлағанмын, жоқ шыны екен. Жақында елден бір хат алып, өзі ашып айтпаса да қыздан келген болар деп жорамалдағанмен, мүмкін қалыңдығы шығар, кім біледі. Мен де анда-санда өз қалыңдығым Әуесті есіме алып қоямын. Ең болмаса хат жазысып та тұралмаймыз. Мен сырттан иемденіп жүргенде бойжеткен қыз бір күні «шу-у» деп біреумен қайтып келсе ше? Жоқ, айттырылғаннан кейін, бізден ұлықсат сұрамай кетуге тиісті емес, әкесі жоқ жетім байғұс дұрыстап оқи да алмаған шығар-ау, оқасы жоқ, тұзымыз жарасқандай болса, кешкі мектепті бітірер институтты сырттан-ақ оқыр... Мен ылғи да болашағыма неше түрлі жоспарлар құрып жүремін. Қияли болып кетпесем неғылсын. Сонымен Әзілхан жол жүруге белді бекем буды. Көзім ескі керзі етігі мен көнетоз гимнастеркасына түскен кезде, бір азаматтық істесем деген ой келді. Ана олжа ақшаның өзіме тиесілісін жұмсап Әзілханға шалбар, ботика сыйласам деймін. Әлгі ойымды Сағатқа айтып ем, ол қоштай кетті.
–Сый қылсаң сыпыра қыл, – деді ол маған.- Бұл олжа ақша болмаса сен де өлмейсің, жеңгең де күнін көреді. Одан да ерлік істеп костюм алып бер. Жете ме ақшаң бір костюмге?
Жетуге тиіс. Ал Әзілханның мінезі белгілі, күні бұрын айтсақ, ол көнбей қоюы мүмкін, енді қулық істеуге тура келді.
– Жайма базарға барайықшы, – дедім Әзілханға елеусіздеу ғана.
– Мына Сағат костюм алғысы келеді.
– Ақшаны қайдан тапты?
– Тапты ғой, жүр.
– Өздерің барыңдар, мен кешке жол жүретін кісімін. Тағы да соғатын жерім бар, – деп Әзілхан бас тартты.
Жалпы, оның бойы осы Сағаттан биік емес еді, ендеше Сағатты ертіп, соған кигізіп те көруге болады ғой деген ой келе қалды. Қысылғанда кейде осылай тауып кете қоятыным бар. Базарға Сағат екеуіміз барып, ақыры қара көк шивьет костюм алдық. Олжа ақшамыз жетпеген соң, қалтамыздағы барымызды ұрып жібердік. Жатақханаға келсек Әзілхан бізді тықыршып күтіп, тіпті болмаған соң, бір парақ қағазға хат жазып тастап кеткелі жатыр екен.
–Ой, сендер қайда жүрсіңдер?- деп орнынан атып тұрды. Мен оны әй-шәйға қаратпай, үстіндегі тозығы жеткен тік жаға сұр әскери гимнастерканы шешіндіре бастағанда, Сағат қағазға оралған қара көк костюмды ыңғайлай бастады. Ештеңеге түсінбеген Әзілхан:
–Ой, қойыңдар, бала болмай, – деп гимнастеркасын шешкісі келмей, қашқақтай берген соң енді әзіл-қалжыңды қойып ауыстым да, Әзілханның бетіне қимастықпен тура қарап:
–Мынау Сағат екеуміздің саған жасаған сыйымыз. Еліңе бара жатырсың киіп бар, – дедім.
–Ой бұларың не? Жеңгеңнің ақшасын жұмсап жібергенің дұрыс болмады ғой, – деп әрі іштей толқып, әрі ыңғайсыздық сезініп, даусы дірілдегендей болып, әрең айтты. Костюм құйып қойғандай дәл келді. «Адам көркі – шүберек» деген рас екен ғой, мыжырайған Әзілханымыз жаңа костюм киген соң жіптіктей болып шыға келді.
20.01.47.
Олжа ойламаған жерден келді. Ақша ауыстыру. Жүз сомды он сомға , он сомды бір сомға ауыстырып берді. Осыған орай дүкендегі дүниелердің бағасы да он есе арзандаған. Жүз сомның шалбары үш- ақ сом. Бірақ жүз сом ақшаң да он-ақ сом болды ғой. Ал менің олжам, шынында да, ойламаған жерден келді. Өткен күзде жеңгейім келіп, осындағы бір кісіге мың сом ақша берешегін айтты. Ол кісінің қызмет істетін жерге барып едік, командировкада жүр екен. Женгей сол ақшаны табыс етерсің деп маған қалдырып кетті. Жоғалтып алармын дедім де, мен оны жинақ кассасына салып қойдым. Өмірімде бірінші рет кассаға салған ақшам осы, біреудің несиесі. Іздеген кісім командировкасынан оралып, енді ауруханаға түсіп қалған екен, менің тағы күтуіме тура келді. Осы екі ортада ақша ауысып, кассадағы мың сомым жүз сом болудың орнына бір тиіні азаймай мың сом бағасын сақтап қалыпты. Қалай дейсің ғой? Кассадағы ақша – екі мың сомға дейін сол бұрынғы құнын жойылмаған да, одан жоғары болса, он сомға бір сом азайған екен. Менің сомым өзгермепті. Ал ана кісіге бересі ақшам енді жүз сомға түсті. Сонда менің табаны күректей тоғыз жүз сом ақшам артылып қалып отыр.
Жүгіріп кітапханаға келіп, үшеуіміз оңаша кеңестік.
–Жүз сомды ана кісіге бер, қалғанын өзің ал, бізді ресторанға шақыр, – деді Сағат.
–Біріншіден, женгесі ол ақшаны берешегі үшін тастап кеткен.
Алашақ кісі де тиесілі ақшасын алады. Екеуі де риза. Солай емес пе? Сағат қызына сөйледі. Ал сенің өзің жолын болғыш жігіт болуың керек, жағдай сағат қызмет етті. Қалған ақшаның ендігі иесі сенсің.
Өмірі қолыма мол ақша ұстап көрмеген басым, есім шығып кетті. Ана кісіге тиесілі жүз сомын апарып беремін. Қалған ақшаны әрі ойлап, бері ойлап екіге бөлейін деп бекідім. Өзіме тиесілі сыбағаға мына екеуін ресторанға апарамын, одан кейін шешеме, қарындасыма және былтырдан бері ауырып жүрген әпкеме көйлек көншек ала бармақпын. Енді әділі осы деп түйдім.
15.05.1947.
Екі-үш күн бұрын Әзілханнан хат алдым. Менің анадағы жазған хатыма жіберген жауабы. «Жазушы Мырзабек» деп бітіріпсің хатыңның аяғын, жазушы болғаныңмен құттықтаймын, – депті. Әзілдегені. Ұлы Отан соғысының алдында Сұлубөтедегі әкемнің інісі Тәкіш ағамыздың үйінде жатып екі жыл оқыдым. Сол кісі Ташкендегі, басқа облыстардағы туысқандарына маған ылғи хат жазғызушы еді. Ол хаттың басталуы қызық болатын- ды. «Жаннан артық көруші... ке, қалай денсаулықтың арқасында күндей күліп, айдай жарқырап, өзіңе тиісті жұмысыңды атқарып жүрген боларсың... Ал бізден хабар білмек болсаңдар..» деп туған- туыстарда нендей жаңалықтар болып жатыр, кімі келін түсірді, кімі қайтыс болды, енді кімнің әйелі босанды түк қалдырмай баяндап болған соң базар нарқына көшеді. Күріш, бидайдың пұты, саулық қой, сек, тана, өгізшелердің, шыт, бәтес, жібек тауарлардың метрі қаншадан тұратындығы жазылады. Ең ақырында хаттың аяқтаулы да стандарт болушы еді. «Жазушы Тәкіш деп білерсің» дейді. Осы дәстүрді мен де ұмытпасам керек, хат жазғанда аяғына міндетті түрде «жазушы...» деп өзімнің атымды қоямын. Бұл хатты жазушы дегенім, ал оны Әзілхан қалжыңға айналдырып, көркем шығарма жазатын, үлкен әріппен аталатын «ЖАЗУШЫ» болыпсың дейді. Мен оған тағы да хат жаздым. Бұл жолы «жазушы» деген сөзімді жазғаным жоқ. Шынында да атым тұр, хатты жазған басқа емес мен екенімді өзі-ақ түсінеді ғой.
02.08.47.
Кеше түнде ауыл иттері ел жата аяқ астынан шәуілдесіп әлдеқайда тұра-тұра жүгірісті. Әлден соң ат тұяғының дыбысы естілді. Біздің үйге жақындап келе жатыр. Әлі ұйықтаған жоқ едік, шешем де, әкем де елеңдесіп қалды. «Бұл кім болды екен түнделетіп келе жатқан» дегендей әкем басын көтергенше болмады.
–Төке! Ау, Төке!- деген таныс дауыс естілді.
–Ой, жайшылық па, жарқыным!- деді әкем. Шешем апыл-ғұпыл тұрып жатыр. «Е жасаған!» -деп тәңірісіне жалбарынады. Базаркүл қысылып жатыр...- деді келген кісі.
Шешем он құрсақ көтерген кісі. Соның қазір алтауы жер қойнауында, төртеуіміз бармыз. Тірілеріміздің ішіндегі үлкені осы әпкем еді. Менен кейін екі қыз бар. Әпкем сиыр фермасының бұзаушысы еді, екі бұзау күздің суығында дарияға түсіп кетіп, соны құтқарамын деп жүргенде суық тиіп дерт ұстап алған. Былтырдан бері науқасы күш алып, төсекке алып ұрған екен. Алматыдан келген бойда барып, көңілін сұрап қайтып ем, оңған шүберектей бозарып, әбден жүдеп қалған. Мені сағынған болуы керек, қолымнан сүйіп, солқылдап ұзақ жылады байғұс. Әлгі хабаршының «қысылып жатыр» деген кісісі сол әпкем. Жағдайды сезген әкем далаға шығып, биесін ерттеді. Шешемнің аяғы ауыр еді, ол да айы жетіп босанар күнін санап жүрген. Соған да қарамай әкем екеуі бір атқа мінгесіп, түн ортасында жүріп кетті. Әпкем аулы «Мақта қашқанда», осы жерден онша алыс емес, шамасы үш шақырымдай болады. Мен ертеңгісін ерте тұрып жаяу тарттым. Келсем жұрт жиналып қалыпты. Төрт-бес әйел бір кіріп, бір шығып абдырап жүр. Сол жақтағы шымылдық астында әпкем екі иінінен дем алып, өзін қоярға жер таба алмағандай қатты күйзелісте жатыр екен. Қасында енесі, тағы екі-үш егде әйелдер бар. Ал үйдің оң жағында шиыршық атып шешем отыр. Бір-екі әйел оның қасында. Қызының жайына қысылып жүрегі шыдамаған-ай сірә деп ойлап едім алғашында, кейін байқасам, шешемнің толғағы басталыпты. Үйдің сол жағында бір жан жақындап келе жатқан сұм ажалымен алысып жатса оң жағында бір нәресте жарық дүниеге келмек болып жан ұшырады. Бір кезде әпкем сәл саябыр тауып, көзін ашты. Аласұрып шыбын жанымен алысып жатқан шешесін көрді. Баланың дүниеге келуі оңай болып па, бірақ жарық үміт алда ғой.
–Мені далаға шығарындаршы,- деді әпкем. Төрт әйел оның астындағы текеметтің төрт бұрышынан көтеріп сыртқа шығарды. Жан- жағына көзін жіберіп жарқырап шыққан күн, бұлтсыз көк торғын аспан, жасыл киінген ағаш, жұпар иісін шашқан дала, шырылдаған торғай, маңыраған лақ дауысы, бәрі-бәріне де тоймай, қызыға, құмарта қарайды. Оның далаға шыққысы келгенін мен іштей үміттеніп, қуанып қалған ем. Мүмкін аурудың беті қайтайын деген шығар? Енді тәуір болып кетер. Жоқ олай болмады. Ол жан берер алдында ақтық рет жарық дүниені көріп қалғысы келген екен. Сәлден кейін әпкем:
–Ал енді мені үйге енгізіңдер, – деді ақырын ғана. Төрт әйел оны әлгі орнына алып келді. Осы кезде шар ете қалған нәрестенің дауысы естілді. Әйелдер абып-сабыр. Әпкем бала дауысын естіп, басын көтергісі келіп ұмтылып еді, әлі жетпеді.
–Келін-ау, шүйінші, шешең аман-есен босанды,- деді бір кемпір оның қасына жақындап келіп. Көңілін көтерейін дегені еді.
–Кім туды?- деді әпкем. Дауысы әрең естілді.
–Ұл! Інілі болдың! Енді жазылып кетесің...
–Серік бо-ла-тын бо-ол-лды ғой, жж-ал-ғыз е-еді...- деп бөліп сөйлеп жатқан әпкем ең соңғы сөзді айтуға әлі жетпей сылқ түсті де көзі жұмылып кетті. Ол менің атымды атағысы келді. Мен ұлдан жалғызбын, маған серік туғанына қуанды байғұс. Сол қуанышын толық айтып та үлгермей мына пәни дүниеге қош айтысып, қайтпас сапарына аттанып жүре берді.
Әйелдердің сыңсыған дауысы естілген соң үйге шалдар кірді.
Табиғат та шебер-ау! Бір үйдің ішінде, бір сәтте жарық дүниеге жас өмір кірді айқайлап, екінші бір дем таусылып, жарық сөнді.
12.08.47.
Той жасап жатқан ауыл өзеннің жыңғылы қалың, шалғыны мол қойнауында отыр екен. Біз, бір топ бозбалалар, ақ туырлықты үйдің көлеңкесіне төселген айшықты текеметтің үстіне келіп жайғастық. Қызылды-жасылды киінген бір топ қыз- келіншектер сәл әріректе кілем үстінде отыр. Олар бізге, біз оларға көз қиығын тастап қоямыз... Анабір қоңыр қызыл көйлекті, басына сары орамалын жеңіл орай салған аққұба қыздың жүзі таныс сияқты көрінеді. Ол да әдемі қой көзін жалт еткізіп маған бір қарады да, сәл езу тартып жымиып күлгендей болды. Бетін әрі бұрып кетті. Жаным-ау, жылыұшырап бара жатқан мына шырайлы жүз кім? Қашан, қайда көрген жаным? Әлгі қарасы тегін емес, ол да мені шырамытқан сияқты ғой. Жұртқа сездірмей тағы да сол қызға көз салдым, көз салдым да тани кеттім бірден. Бұл өзімнің қалыңдығым, Әуес екен. Тойға жұрт көп жиналды. Әзіл- қалжыңдар айтылып жатты. Менің есіл-дертім Әуес, оның тағы да бері қарап маған көз жанарын жалт еткізер сәтін күтіп отырмын. Жоқ ол қайтып қарамай қойды. Неге өйтті? Жұрттың көзінен, тілінен қаймыға ма? Жоқ болмаса өкпелеп, көңілі қалған жайы болар ма? Күн ұясына батып қас қарая бергенде, қып-қызыл болып барлығып туған ай, көп ұзамай ағарып, даланы да жарық нұрға бөлей берді. Шәй ішіп болған соң, ет келді. Содан кейін ойын басталып кетті. Ай қанша жарық десем де, қамшы ұсыным жерде қырынан отырған Әуестің силуэті анық көрінгенмен, көзінің қиығы кімге түсіп тұрғанын айыру қиын еді. Әлденені сылтауратып екі-үш рет мен жаққа бұррылды, бірақ маған қарады ма, жоқ па, соны біле алмай ішім аши бастады. Ендігі ойым-осы бүгін бір есебін тауып онымен тіл қатысу. Біз бұрыннан таныспыз, ендігі бірлестіктің басы тіл қатудан басталуы тиіс. Сондай сәтті күтемін. Жастарға арналған осы ақ туырлықты үйге жапсарлас тігілген алтықанат қоңыр үйде ауылдың ақсақалдары отыр. Құда-құдағилардың бәрі сонда. Дүйсенбай ағайды да үлкен кісілермен бірге болсын деп әлгінде сол үйге шақырып кеткен. Бірер кексе әйел жастардың мәжілісін қызықтағысы келіп, біздің топқа қосылып еді.
–Шалдардікі құр әңгіме, жастар өлең айтсын, домбыра қайда,
әкеліңдер, – деп біреуі әлдекімге әмір беріп жатты. Сол екі ортада домбыра да келіп қалды. Сопқ жиде шанақты домбыра қолдан –қолға көшеді. Бұл отырғандардың ішінде менің домбыра тартатынымды білетіндер жоқ-ау деймін, ешкім ілтіфат жасаған жоқ. Бір уақытта:
–Алматыдан келген қонаққа беріңдер, өнерін көрсетсін, – деген үн құлағыма жетті. Мұны айтқан Әуес. Тура тіл қата алмаса да, оның маған ықылас білдіргеніне іштей қуанып кеттім. Өзі тегі ашық-жайдары жан болар-ау, бағанадан бері үнсіз отырғаны тәрбиелілігі ғой деп түйдім. Домбыра қолыма тиген соң мен пәлденгенім жоқ. Әуестің тілегін орындауым керек деп домбыраның құлақ күйін келтіріп алдым да, безілдетіп тарта бердім. Жұрт ұйып тыңдаған сияқты. Бұл кезде Әуес мойнын бері бұрып, қысылмай- қымтырылмай-ақ бетіме тура қарап қалыпты.
–Оу, деген!
–Ой, пәлі! Қалай-қалай құйқылжытады.
Жұрт мені көтермелеп жатыр. Екі-үш күй тартып, домбыраны қасымада отырған жігітке бермегенімде жұрт:
–Енді өлең айтыңдар! – деп өтінді.
Ешкім талаптана қоймаған соң, Әуестің қасындағы басына ақ жібек салы ораған, дөңгелек жүзді жылтыр қара келіншек:
–Алтынды шыққан жерден қаз, – деген қаладан келген жігіт айтсын. Бағанадан бері аузын буған өгіздей үндемейді, осындай тойда айтпағанда қайда айтады? - деп маған тиісе сөйледі. Ол келіншекті мен бүгін бірінші рет көріп отырмын. Танымайтын кісіге жұғысуы оның өз еркі емес, Әуестің ырқы деп жорамалдадым. Екеуі қайта-қайта сыбырласып отырған, асылы мен жайында айтып қойған сияқты тегі. Бұл да Әуестің тілегі болар ма, олай болса тартынып қалғаным жөн бе? Тәуекел! Домбыраның құлағын сәл бостау бұрап, күйіне кетірдім де, бұл жақта айтылмайтын, көне әндердің бір нақышымен баяулатып ән салдым.
Ей қалқа, ғашық болдым жамалыңа
Қызықпас кім көрсе де ажарыңа.
Құрбым деп көңілдегі сөзімді айтсам,
Тигізбе қатты жауап назарыма,- дей бергенімде жұрт көтермелей жөнелді.
–Осы сөз сендердің біреулеріңе арналған. Жауап қайырыңдар, – деп жігіттердің бірі Әуеске қарап алақанын жайды. Сол-ақ екен, әлгі маған тиіскен қара келіншек пен Әуес екеуі шырқап қоя бергені. Ана жылы Сағат екеуіміздің тамағымыз ашылады деп тауықтың шикі жұмыртқасын ішкеніміз есіме түсті. Мына екеуі де жаңа бейне бір жаңа ғана шикі жұмыртқамен тамақтарын аршып алған сияқты, ашық, қоңырау үндері сыңғырлап, жазғы салқын, тұнық ауада қанат қағып, қалықтап тұрғандай. Байқаймын, екеуі әннің сөзін де ойынан шығарып айтады. «Ажарына қызықтым дейсің, қызыққаның рас болса баяғыдан бері қайда жүрсің адасып? Қатты жауап берме дейсің, әуелі тілегенің не, соныңды айтпайсың ба?» деген ойды әдемі ұйқаспен, сұлу ырғақпен маған арналғандай болады. Әйелдер риза болып, шу-у етісті.
–Ал жігітім, жауабыңды айт,- деді әлгі жігіт енді маған бұрылып.
Мен қысылайын дедім. Табан аузыңда суырып салып өлең айту қайда? Айтысқа түсер қауқар жоқ, әйтсе де білетін дайын жаттанды өлеңдердің бірін таңдадым. Мұныма да іле жауап қайырды. Байқаймын, таң атқанша айтысуға шаршайтын түрлері жоқ, бір ауыз өлеңге ойын толық сыйғызып, тық еткізіп жауабын береді. Мен тағы да бірер жаттанды өлеңді айтқанымда:
Бұл жерге жиналыпты жас пен кәрі,
Алматы келген жерің үлкен шаһар.
Ақын болсаң өлеңді ойыңнан айт,
Жаттағаның біздерге емес дәрі,- деп бастырмалатқанда, басқалары тағы шуылдап:
–Болды, жігіт жеңілді,- десіп жатты.
–Айтыс енді басталды, біз әлі жығылған жоқпыз, – деп қасымдағы жігіт езеурей бастап еді, бағанағы кексе әйел орнынан атып тұрып:
–«Жығылған күреске тоймас» демей ме, аталы сөзге тоқтап, жолын жасаңдар, – деп кесім айтты. Айтысып қала қоямын деген ойымда жоқ еді, сөзден ұсталғанымды ішім сезді.
Енді жеңілгенім үшін нендей жол- жоралғы жасауым керек, соны ойладым. Шынымды айтсам бұл айтыста Әуестен жеңілгеніме қысылғаным жоқ, қайта іштей қуандым. Біздің алғашқы тілдескеніміз еді бұл, таныстығымыздың басы осылай сәтті басталды. Ойын-сауық әбден қызған кез еді. Әлден уақытта біреу келіп Әуес пен әлгі қара келіншекті шақырып кетті. Енді солардың қайтып келуін күттім. Қайтып келмеді. Мына сауықтың бар қызығын Әуес өзімен бірге ала кеткендей менің де көңілім пәс түсіп қала берді.
28.08.47.
Шілде әлдеқашан өткен, ауада ептеген салқын сыз бар сияқты. Жаз бойы жауын бір-ақ рет жауған, құлазып жатқан тақтайдай жазық дала жасыл бояуын өзгертіп, бозарып сала берген. Біз екеуміз. Сарыбайталға мінген Дүйсенбай ағай қасымда. Менің астымдаға сұр құнан. Дүйсенбай ағай мұнда әлі бір жұмадай болмақшы. Ал мен қайтып бара жатырмын. «Жыңғылды көп» совхозынан машина жүретінін кеше естігенмін, ойым соған ілесіп қалаға жетіп қалу. Дүйсенбай ағай өзінің бұрынғы шәкірті, қазір университеттің білдей студенті, болашақта кім білсін, әйтеуір үміті зор, талабы мол қайнысы, яғни мені шығарып салғалы келе жатыр. Әне; міне дегенше іздеген ауылымызға жетіп те қалдық. Шашырай тігілген төрт-бес киіз үйдің шетінде үстіне жүк тиелген қорапты машина тұр. Аттарымызды байлап, машинасының астына кіріп, бірдеңелерін жөндеп жатқан шофердың қасына келдік те, сәлем бердік. Бет ауызы май-май болған ересектеу жігіт, таң ата жүріп кететінін айтқан соң Дүйсенбай ағай оған мені таныстырды.
–Алматыға бара жатыр. Ала кетерсің...
–Е, жарайды, – деді шофер.
Енді осы үйлердің біреуіне қонып шығуым керек.Дүйсендай ағай сонау алты қанатты боз үйге бұрылғысы келді. Ферма бастығынікі болуға тиіс. Себебін түсінбейді емеспін, ел адамдары ылғи да туырлығы жаңа, кең үйді қалайды, өйткені ондай үйдің шаруасы мығым, қонақасысын да жақсы береді деп түсінеді. Барлығын мейманның алдына тосатын қазақтың әдеті, мәселе мол қонақасында ма екен, шын көңілде емес пе? «Асқанына емес, сасқаныңа ризамын» демейтін бе еді. Менің көңілім мынау тұрған төртқанатты шағын үйге ауды. Дүйсенбай екеуіміз табалдырықтан аттай беріп, тігін машинасымен іс тігіп жатқан келіншекпен амандаса бергенде, жүрегім өз еркімнен тыс, тулап қоя бергені. Бұл келіншек Әуес екен. Ол да күтпеген жерден келген меймандармен сыпайы ғана амандасып, орнынан тез тұрды да, сандық үстінде текшелене жиналған көрпешелердің бірін алып төрге төседі.
–Төрлетіңіздер, – деді ақырын ғана күбірлеп. Содан кейін өзі ауылдың әдепті жас келіншектерінше бір қырындап сыртқа шығып кетті. Ұзақ жол шаршатты ма, болмаса аттың үсті қатты ма, тұла бойым езіліп қалғандай сезінемін. Көрпешеге бір жамбастап қисая кеттім. Бұрын күні-түні ат үстінде жүргенде сыр бермеуші ем, асылы қалада тік жүріп, жаман үйреніп кетсек керек-ті. Дүйсенбай ағай былқ ететін емес, әлгі жас, ажарлы келіншекті көргеннен кейін жымың етіп күлді де, мені бүйірімнен түртіп қалып:
–Бала, жлың болды,- деп қойды. Ол қалжыңбасты. Ойнап айтса да ойындағысын түсіндім. Анаукүні тойдан кейін Әуесті көріп отырғаным осы. Той тарқағаннан кейін менімен айтысқан қыздың кім екенін сұрағанымда:
–Ол – келіншек, – деді маған, – күйеуі мал емдейтін фельдшер.
Әуестің ерге шығып кеткенін естігенімде, біреу тас төбемнен қос қолдап ұрып қалғандай әсер еткен. Ата-анамыз құда түсіп, бата қылып айттырған қалыңдығым мені күтпестен жат біреудің құшағына еніп, сүйікті жары болыпты. Мен, әрине, сонау алыстағы Алматыдан келгенде, ең алдымен әке-шешемді, қарындасымды сағындым. Көңілімнің бір бұрышында, жасыратыны жоқ, осы Әуес жатты. Тағы да сәті түсіп, соны көріп, тілдескім келген. Ол үмітім орындалып-ақ еді, сұлу тоты құсты көріп, енді алақаныма қалай қондырамын деп жүргенде ол ойда жоқта пыр етіп ұшып кеткен. Ал сол тотының басқа бір ұяға барғанын естігеннен кейін жайлаудың базары тарқап, сәні кеткендей сезілді де, қайтып кеткім келіп асықтым. Әйткенмен тағдыр да қызық-ау, мені күтпей кеткен қалыңдығыммен тағы да кездестіргенін көрмейсің бе? Әуес көпке дейін көрінбеді. Әлден уақытта үйге кіріп бірден дастархан жайды да, бір таба нанды турап, бес-алты түйір қант тастады, кесемен сары май қойды. Далаға қайта шығып, самауыр алып келді. Аққұман белдеуінен жарылған екен, жоғарғы, төменгі жағынан сыммен шандып, құрсаулап тастапты. Бұл маған таныс сурет. Өз үйіміздің кеселеріне дейін осылай ноқталанған, бейне бір жоқшылықтың кесір құрсауындай көрінетін. Бір-бір кесе шайды сызылтып құйып:
–Ал шай алыңыздар, – деп кесені ұсына бергенмен менің көз алмай қадалып отырғанымды көрген Әуес, жалт етіп бір қарады да, беті қызарып қоя берді. Мұны Дүйсенбай ағай да байқап қалса керек, тізесімен тіземді түртіп қалып, тағы да жымия күліп:
–Ал, шай ал, – деп келіншектің сөзін қайталады. Шай ішіп отырғанда Дүйсенбай ағай келіншекті де, мені де қысылмасын деген болу керек әңгімеге тарта берді.
–Амандық болса, ертең түстен кейін қалаға жетесің. Алматыға бірден тартасың ба, жоқ ағаңның үйіне соғасың ба? – деп сұрады.
–Бірден Алматыға кетемін.
–Поезға әлі билет сатпайтын көрінеді, байқаңдар, – деп өзі былтыр қалаға бара жатқанда вагон тепкішегінен құлап қала жаздаған бір жайын айтты. Шай ішіп болған соң Дүйсенбай аға сарыбайталға мініп, сұр атты жетекке алып, ауылға қайтты. Мен оны шығарып салдым.
Күн батып, ымырт әлдеқашан жабылған. Үйге кірген соң Әуес тағы да дастархан жайып, ет әкелді. Апырмау, мұны қашан, қайда жүріп дайындаған? Бағана жоқ еді, төрт-бес жасар, таңқы қара бала құлағы қайқайып үнсіз отыр. Бұл кім? Інісі ме, әлде қайнысы ма? Ал күйеуі қайда? Ол неге келмей жатыр? Сұрауға ұялдым да үнсіз тамақ алдым. Бағанағыдай емес Әуес ашыла сөйледі.
–Қой соятын құрбыңыз үйде жоқ. Сыбағаңызды тағы бір жол түскенде жерсіз. Әзірге осыған риза болыңыз.
–Рахмет, –дедім ақырын ғана. – Маған ықыласыңыздың өзі жетіп жатыр.
Еттен бір-екі қарпып асадым да, күйеуін сұрадым.
–Үш айлық оқуға кетіп еді, жақында келеді, – деді. «Апырмау, сіз сияқты жарын осынша ұзақ уақытқа қиып тастап кеткені ме? Үш ай бойы сіз де сағынбай шыдап жүрсіз бе?» – деп қалжыңбас басым әзіл айтқым келіп бір оқталдым да мұндай дөрекі ойға Әуесті қимадым. Оның ақ көңіліне күйе жағып алатындай сезініп, тиыла қойдым.
Жатар алдында есік алдында біраз жүріп тамақ басып, енді таң атқанша көз шырымын алайын деп үйге кірсем, Әуес маған төсекті төрдің қақ ортасына салып қойыпты. Қызыл масатымен тысталған жастық шамның сәулесіне шағылысады. Әуестің өз төсегі сол жақ бүйірде. Екі ақ жастық қатар жатыр. Әлгі бала келіп, бергі шеткі жастыққа басын қоя бергенде, Әуес шамды сөндіріп шетте жатқан балаға:
–Әрі жат, ана жастыққа, – деді ақырын ғана.
Ат соғып тастаған болуы керек, тұла бойым салдырап, қатты шаршағанымды төсекке жатқанда ғана байқадым. Көзім бірден ілініп кетті.
*** Доңғалақ астынан көтерілген шаң ұйтқып жоғары көтеріледі де, машина ұзаған сайын бірте-бірте сейіліп, ақ тұманға айнала береді. Дәл қазір өз көңіл-күйім соған ұқсас. Әуеске өкпелегенім жоқ, өкпелейтін жөнім де жоқ қой. Бұрын тек сырттай қызығып жүрсем де бүгінгі түн дұрыс танып, жақсы білгендеймін. Оның маған деген көңілін дер кезінде түсінбегеніме, өзімнің шабандығыма ғана өкінемін. Әуес адалдық, пәктіктің өзіндей, көзіндей болып көңілімнің сонау тереңінен ұя салды.
09.10.47.
Сәкеңнің үйіне келсем құдашам отыр. Екі көзі қызарып білеудей болып ісіп кеткен екен, мені көре салып төргі бөлмеге зып берді. Өзі тым толысып кеткен сияқты. Биыл жаз ол елге барған жоқ. Әпкем қайтыс болды, шешем босанып, інілі болдым. Қазаға көңіл, қуанышқа құтты болсын айтар деп күтіп жүргенмін, оның бірін де істемеді. Мүмкін сонысына қысылды ма екен, әлде?
–Сағат қайда? – деп сұрады Оразгүл менен.
Соңғы кезде Сағатымды да біреу теріс «бұрап» қойғандай еді.
Биыл жазда жатақхананы тастап, жеке үй жалдап көшіп кеткен. Бір-екі рет «үйіңді көрсетпейсің бе?» дегенімде, әне-міне деп тайқи берген. Бір редакцияға корректорлық қызметке тұрыпты, лекцияға да көп келе бермейді. Ана кісінің Сағатты тегін сұрап отырмағанын ішім сезді де, оны біраздан бері көрмей жүргенімді айтқанымда:
–Өзі сұйық жігіт емес пе? – деп тағы сұрады.
Өз басым еш жамандығын көргенімжоқ, ендеше оны қалай жамандамақпын?
– Дұрыс жігіт, – дедім сеніммен.
– Сол жігітті ертіп келші, сөйлесетін шаруа бар еді.
Бір бәлені ішім сезе қалды. Құдашамның жылауы тегін емес, Сағат ит алдап кетті ме екен? Мұның соңғы кездері менен сырғақси бергені сол болар ма? Құдашама ызаланарымды да, аярымды да білмей бұл үйден қатты бір ыңғайсыздық сезініп шықтым. Қасыңдағы жолдасың жайсыз бірдеңеге шатылып жүрсе, ұяты өзіңе келері сөзсіз. Ал мәселе құдашама қатысты болса, ол ұяттан менің шет қала алмасым, әрине, өзінен-өзі түсінікті. Бұлар мен арқылы танысты, ендеше олардың қарым-қатынасына себепкер болған мен. Қызмет аяғында Сағатты тосып алдым да, Оразгүлдің шақырып жатқанын ашық айттым. Құдашамның жылап, менен тығылғанын да жасырғаным жоқ. Енді Сағат сылтау айтып ол үйге бармайды, қашады деп ойладым. Қыздың көзі осы жігіттің кесірінен қызарғанына шүбаланғаным жоқ.
–Барайын, – деді ол ойланбастан.
–Осы сенің сол қызбен араларыңда бір бәле жоқ па? Шыныңды айтасың ба?
–Жоқ. Түк те жоқ... ол қыз...
–Ендеше сен менен неге алыстап жүрсің? – деп мен оның сөзін бөліп кеттім.
–Алыстап жүргенім жоқ, қолым тимей жүр. Кешкісін ылғи да корректура оқимын. Үйге алып келіп оқимын, – деді ол. Содан кейін- құдашаңның неге жылап жүргенін білемін, – деп тыжырына қалды.
–Неге?
–Бұл қыз Әзілханды сүйген екен, оны маған бір сырласқанымызда өзі айтты. Бірақ Әзілхан батылдық жасамаған. Ал мені жассын-ды. «Жәй жолдас, дос болып қалайық»- деді. Оған көнгім келмеді. Оның үстіне өздеріңде оқитын, бір ересек жігіттің бөлмесіне барып жүреді дегенді естіген соң, суып кеттім. Көрмегеніме көп болды.
Сағаттың сөзінде ешқандай жалғандық, аярлық жоқтай сезілді. Оның үстіне Сәкең үйіне барудан қашқан жоқ. Әйтсе де мен оны сол үйге ертіп барғым келіп:
–Жүр, – деп едім, ол қарсылық жасамастан:
–Жүр, – деп еріп жүре берді.
Әзілханнан хат келді. Облыстық газетке қызметке тұрған екен. Үйленіпті. Әйелінің атын жазып, амандық болса көп ұзамай бөпелі болатынын мақтанышпен хабарлапты. Бірге болған күндерді есіне алады, жазғы сессияға Алматыға келіп қайтпақ. Әзілханның сәлемін Сағатқа жеткіздім. Енді жауап хат жазбақпын. Өзім туралы, Сағат туралы айтамын ғой, ал құдашамның от басып қалғанын білдірудің керегі жоқ, әрине. Ана жігіті бар болғыр жыланша арбағанға, торғайша топ етіп аузына түсіп қалғаны өкінішті-ақ байғұстың. Ол жігіттің ауылда әйелі, екі баласы бар екен, соны тастап саған үйленемін дейтін көрінеді құдашама. «Қате жібергенім өзім, енді біреудің обалына қалғым келмейді» деп жігітті құдашам қуып шығыпты деп естідім. Көбік қарға аунаған қызыл түлкідей жайнаң қағып жүруші еді, қазір жүні жығылып, басылып қалыпты. Құдашамның ойламаған жерден бақытсыздыққа ұшырағанына ішім удай ашиды.
08.06.1948.
Төкен екеуімізді Алмас немере ағасының үйіне ертіп келді. Маңдай Тілеулиев етжеңді келген, ірі ақсары кісі екен. Бұрын Қызылордада аудандық, облыстық тұтынушылар одағының басшы қызметтерінде болған, осы жақында республикалық мекемеге ауысыпты. Мені Алмас оған «Жәкеңнің інісі» деп таныстырды.
–Ал жігіттер, келгендерің жақсы болды. Бірақ, үйімізде ет жоқ.
Қорада екі қой байлап отырғаныма екі-үш күн болды, соны соятын адам таба алмай отырмын. Ет жегілерің келсе, сол қойдың бірін сойыңдар, – деді Маңдай ағай күліп.
–Мынау жарты сағатта-ақ жәукемдеп береді,- деп Алмас мені көрсетті.
–Рас па? Қой соя білесің бе? – деп ол кісі маған сенімсіздеу қарады. Мен басымды изегенде қуанып әйелін шақырды. Пышақты қайрап беруін өтінді. Алмас, Төкен үшеуіміз қойды тез сойып, жіліктеп бердік. Шек-қарын да аршылып, қуырдақ та қуырыла бастады. Маңдай ағай бір бөтелке шампанды стол үстіне қойды да әңгімеге кірісті. Менің филология факультетінде оқитынымды білген соң ба, әлде өзі әдебиетке іштей жақын ба, көбіне көп ескі аңыз-әңгімелерді, бүгінгі жазушылар, олардың кітаптары туралы сөйлеп отырды. Бір кезде ішкі бөлмеден қалың көк кітапты алып шықты. Маған қарап:
–Оқыған шығарсың? – деді.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтың былтыр шыққан «Курляндия» романы екен. Қолына алып салмақтап отырды да мұқабаны ашты. Суретші салған жазушының өз суреті бар. Нұрпейісовтың атын естігенім болмаса көрген кісім емес. Маңдай ағаға жазушы автограф жазып беріпті. Соған қарағанда өздерінің таныстықтары болған-ау деп ойладым.
–Ана жылы біздің ауылдың Жаппасбай деген бір жігіті әскерден келді, – деп Маңдай аға бір қызықты әңгіме айтатынын білдіріп, әуелі өзі күліп алды. – Жұрт жиылып, вокзалдан күтіп алмай ма. Содан әлгі жігіт үш- төрт қап тұз ала келіпті. Иә, кәдімгі тағамға салатын тұз. Жұрт таңқалып «Мұның не?» десе «Ауылда тұз жоқ деп естідім, содан жолда ала салып едім» депті.
Біз күлісіп алдық. Әскерден қайтқан кейбіреулердің дүниені басып, байып келгенін естігенім бар, әлгі байғұстың тұз арқалағаны шынында да күлкілі жәй еді. Маңдай аға әңгімесін әрі қарай жалғады.
–Соғыс біткен соң мына Әбдіжәміл де еліне қайтып келіпті. Мұны да ағайын-туыстары вокзалдан күтіп алысыпты. Зілдей-зілдей бірнеше чемодандары бар екен. Дүниеге қарық боламыз ғой деп ауылға келген соң жұрт әлгі чемодандарды ашса іші толған қағаз екен дейді. Сөйтсе мына «Курляндия» романының қолжазбасы екен ғой.
Бұл жолы мен күлген жоқпын, таң қалдым. Жазушы фанатик болуы керек шығар деп ойлаймын.
–«Аға, роман жазып жатырмын» деген соң, ана жылы өзіне біраз жағдай жасап едік. Осы жақында кітабым шықты деп бір данасын әкеліп, силап кетті, – деді Маңдай аға.
Кетерде мен Маңдай ағадан «Курляндия» романын оқып шығуға сұрап алып кеттім.
–Қайтып әкеп бер, – деді ол кісі. Мен уәде еттім.
09.07.1948.
Ауыл «Таңмен бауының» түбінде отыр. Бұл осы «Майлы тоғай» деп аталатын өңірдің белгілі жайлауы. Алматыдан келгеніме үш-төрт күндей болып қалып еді, туған елдің жерін де, суын да, ауасын да сағынып қалыппын. Көршіміз Нұртай ақсақалдың баласы Өркен екеуіміз Сырдарияның суына шомылып, жағадағы суатқа жатып күнге қыздырынамыз. Күн биыл ыстық тұр. Ыстықтасақ Таңмен бауының көлеңкесіне келіп саялаймыз. Екі-үш күннен бергі кәсібім осы. Бүгін түстен кейін суға шомылып болып әлгі баудың түбіне келіп жантая жаттым. Бір уақытта Нұртай ақсақал келді. Қолында қос ауыз мылтығы бар.
–Аңға шықтыңыз ба? –деп сұрап едім:
–Жоқ, – деді ол, – қоян әлі арық. Қырғауыл да бүгінде семірген жоқ. Мылтығымды біреу сұрап алып еді, соны алып келе жатқаным ғой.
Нұртай барынша әңгімешіл кісі еді. Көрген-білгендері көп, соларды әңгімелегенде «осы кісі соңына түссе жазушы болар еді-ау» деп ойлаймын. Бұлармен біз былтыр да жаздай көрші отырғанбыз, биыл да көршіміз. Менің әкем бие байлайды, бұл кісі күніне бір соғып біздің тарих, діни наным, сенім туралы сөйлесеміз. Дауласып, пікір таласып жатамыз. Көбіне мен басым түсемін. Әсіресе діни тақырыпта ол кісінің шариғатының өтірігін шығара беремін. Бұл жолы да әңгімеге кеттік. Сауалды мен қойдым.
–Бұл жерді «Майлы тоғай» деп атады, не үшін?
–Бұл жер ертеде жынысты қалың тоғай болған екен,- деді Нұртай,
–Менің әкем Таңмен жігіт кезінде екі-үш үй осы жерге келіп қоныстаныпты. Мен 1880 жылы тудым, сол мен туған жылы әкем мына талды еккен екен. Қазір мен алпыстың сегізіне шықтым, мына тал менімен түйедей құрдас.
Таңман бауы осы өңірдегі ең жуан, ең биік ағаш. Осы арадан жеті- сегіз шақырым жердегі поезд жолдың бойынан анық көрінеді.
–Сол әкем келіп қоныстанған жылдары бұл жердің қоян, қырғауылы жыртылып айырылады екен. Шошқасын былай қойғанда, әкем сол кезде ең соңғы барысты соғып алыпты. Аш елдің өзегін жалғаған осы тоғай «Майлы...» атанған ғой, –деді Нұртай.
–Ал мына оң жағымыздағы кең алаңқайды «Мақта қашқан» дейді.
–Немене, ол кезде жұрт бұл маңға мақта еккен бе?- деп сұрадым.
–Мақта екпеген, осы жерді жайлап отырған біздің ертедегі ағайындарымыздың Мақта деген қызы ұзатылған жеріне бармай, өзінің сүйген жігітімен қашып кеткен екен. Соған байланысты айтылған ғой,- деді Нұртай.
Жайлаудың аттарының қандай себептермен таң қалдым.
Осы кезде Нұртайдың ұлы Өркеннің дауысы шықты.
–Мырзабе-ек,- деп өңеші жыртылғанша айқайлайды.
–Өй, Өркен-жан, немене соншама айқайлағаның? Жайшылық па?- деп Нұртай абыржып қалды.
Өркеннің қолында газет, жүгірген бойы менің қасыма келіп:
–Мә, сен туралы жазыпты, – деді.
Түсінігім жоқ. Мен туралы кім не жазуы мүмкін? Оның әкелгені «Лениншіл жас» газетінің 7 июнь (1948) күнгі саны екен. Екі күн бұрын шыққан газеттің бұл ауылға бүгін жеткені болды.
–Кәне, не бар екен деп Нұртай да елең ете қалды.
Менің қолымнан газетті Өркен жұлып алды да шағын ғана хабарламаны көрсетті.
–Міне, «Отличник» деген мақала. Пошташы сіздің үйде отыр.
Той жасатамыз деп жатыр, – деді Өркен.
Газетті алып әуелі өзім көз жүгірттім.
–Дауыстап оқы, – деді Нұртай ақсақал. Өзім туралы мақаланы оқуға қысылдым. Өркен менің қолымнан газетті тағы жұлып алып, әкесіне дауыстап оқып берді. Онда былай деп жазылған екен.
О Т Л И Ч Н И К
Ұзын бойлы, ат жақты, қараторы жігіт салмақты үнмен сөйлеп тұр. Оның жігерлі, айқын сөздері аудиторияны толық меңгеріп, тыңдаушыларын риза еткендей. Бәрінде де үн жоқ. Тек қана алды отырған төрт-бес адам өзара сыбырласып, жауап беруші жігітке анда- санда қарап қояды. Бір-біріне бас изеседі. Бұл жігіт талай ғасырлар бойы халық аузында сақталып келе жатқан қырғыз елінің дастаны «Манас» туралы айтып тұр. Ол Манастың өз халқының тәуелсіздігі үшін қытай басқыншыларына қарсы жасаған ұлы жорығы, бұл тарихи жырды осы уақытқа дейін алып келген талантты манасшылар жөнінде айтты. «Манас» жыры жөнінде бұл студенттің көп ізденіп, тыңғылықты оқығанына көзі жеткен профессор:
–Дүйсенов жолдас, сынық кітапшаңызды әкеліңіз,- деді.
Күлімсіреп қасында отырған емтихан комиссиясының мүшелеріне қарады. Профессор Мұхтар Әуезов Дүйсеновтің сынақ кітапшасына «отлично» деген баға қойды. Кітапшаны Дүйсеновке ұсынып жатып:
–Университетті дәл осындай бағамен бітіріп шығуыңа және келешекте ғалым болуыңа тілектеспін, – деді.
–Мен мектепте оқып жүрген кезімнің өзінде-ақ ұлы ақын, жазушылардың шығармаларын көп оқыдым, – деді Мырзабек, – Толстой, Тургенов, Некрасов, Пушкин, Лермонтов, Абай, Горький, Жамбыл шығармаларын оқыған сайын менің ой дүнием кеңейе берді. Әдебиетке құмарлығым арта берді.
Мырзабек оқу отличнигі болумен қатар, көпшілік қоғам жұмыстарына үнемі қатысып отырады. Ол Ленин комсомолының белсенді мүшесі. Төрт жыл бойы өзі оқитын бөлімнің комсомол ұйымдастырушысы болып келеді. Қазір бұл жұмысты өте тиянақты, сапалы атқарып жүр. Міне, июньнің бірінен бастап Дүйсенов Мырзабек университеттің тарих-филология факультетінің бесінші курсына көшті.
Р.Наршаев
Университеттің 5 курс студенті».
Өркен газетті оқып болған кезде екі бетім дуылдап қоя берді. Нұртай менің бетіме ойлы көзімен үнсіз қарап отырды да:
–Шырағым, «атын мың кісі білген адам тегін емес» деп бұрынғының адамдары айтып отырушы еді. Мынау газетті кемінде мың адам, әйтпесе одан да көп кісі оқитын шығар. Осы сенің тұқымыңа қонған бақ бар, сол бақ сенің отыңның басында. Қайырлы болсын, жүр, – деп орнынан тұра берді.
Бақыт деген газетке атыңның шығуы болғаны ма? Жоқ, меніңше бақыт дегеннің мағнасы тереңірек, маңыздырақ және қиынырақ сияқты. Бірақ, соның өзі не нәрсе әлі анық біліп те болғаным жоқ. Мүмкін, қуаныштың барлығы да бақыт болар? Мүмкін, бақыт деген бір ғана нәрсеге байланысты емес шығар? Білмеймін. Бірақ, дәл қазір менің қуанышымда шек жоқ еді. Нұртай ақсақал, Өркен үшеуіміз үйге келсек, ауыл адамдары жиылып қалыпты. Әкемді ортаға алып, әлгі қуанышқа той жаса деп қаужап отыр екен. Әкем мақтаншақтау, соған орай сақы кісі еді, менің Алматыдан келгенім, мына газеттегі мақаланың сылтауымен бір секті ойланбастан алып ұрды.
18.11.48.
Нұртайдың Өркен деген баласы Алматыдан келген маған үйір болвып алған-ды.
–Түбі осы баламды саған тапсырамын, – деп қалды әкесі.
Өркен жақсы оқиды екен. Нұртайдың ауыз мылтығы бар, кейде Өркен екеуміз сол мылтықты алып, қалың шабырдың ішінен қоян аулаймыз. Ештеңе таба алмасақ қарға атамыз. Колхозымыз күріш егеді. Тоғай ішінде жабайы шошқа көп, жүгері сабақтай бастағаннан –ақ қораға түсіп, көгеріп тұрған жүгерілерді жайпап, қиратып кетеді. Күзге салым күрішке маза бермейді екен. Бір күні ауыл адамдары өткен жазда қора шетіне ор қазып тығылып жатып шошқа атып алған Әуелді әңгімелеп отырды. Колхоз егінін қорғап қалған мергенді әңгіме етіп жазсам қайтеді деген ой келді. Содан кейін ол мерген Әуел емес, өзімнің жас досым Өркен болуы керек қой, баланың шошқа атып алуы нағыз ерлік емес пе деп ойладым. Бір күні әңгіме жазуға кірісіп те кеттім-ау. Бұл менің өзім-өз болып бірінші рет талаптануым еді. Әңгіме екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімінде әкесі Нұртай баласы Өркенге мылтық атуды үйретеді, екінші бөлімінде ол әкесімен бірге түнгі жорыққа шығып, шошқа атып, ерлік көрсетеді. Жазда ауылда жүріп жазған тырнақ алды тұңғыш әңгімеме «Жас мерген» деп ат қойдым. Бірақ, оны жан баласына көрсеткенім жоқ. Ұялдым. Күзде Алматыға келген соң «Жас мергенімді» тағы да көшіріп жаздым. Бұрын өзіме тәп-тәуір көрінген әңгіменің олпы-солпы жері енді сезілді. Кей сөйлемдер қайта, жаңаша құрылды, артық суреттеулер қысқарды. «Әңгімемді қайта көшіргенім қандай оңды болды» деп іштей өзіме риза болдым. Жобаға келіп қалғандай көрінген соң осыны редакцияға апарып бермек болып «Қазақстан пионері» газетіне келдім. Өзіммен бірге оқитын Амантай Байтанаев осы газеттің жауапты хатшысы еді. Келсем, кіре беріс оң жақтағы столда қағазға шұқшиып Әзілхан отыр. Екеуіміз шұрқыраса көрістік. Алматыға жақында ғана көшіп келген екен, әйелі екеуі пәтер жалдап тұрып жатса керек.
–Өзің не істеп жүрсің?- деп сұрады ол.
–Жәй,- дей салдым. Алып келген қағазымды шиыршықтай орап алғанмын, Әзілхан соны байқап:
–Бірдеңе әкеліп пе едің, кәне? – деп алақанын жайды.
–Әңгіме жазып едім, қалай шыққанын білмеймін, – деп «Жас мергенімді» оның қолына ұстата бердім. Ол әлгі шиыршықталған қағаздың орамын жазып әңгіменің тақырыбына сөз салды да, әрі қарай оқымастан суырмасына сүңгітіп жіберді. Содан кейін: – Тұра тұр, мына бір қолжазбаны бітіріп тастайын, – деп алдында жатқан қағазына қайта шұқшиды.
Сәлден кейін Әзілхан екеуіміз сыртқа шықтық. Есік алдында жұқалау келген аққұба келіншек тұр еді:
–Мынау Мырзабек, деп әлгі келіншекке мені таныстырды да, маған бұрылып, – Мынау Халима, – деп келіншегін маған таныстырды.
–«Е-е, айта беретін Халимасы осы екен ғой» деп ойладым.
Әзілхан бұрын оны хиссалардағы хор қыздарынан кем суреттемеуші еді, бұл иманжүзді қарапайым ғана келіншек сияқты көрінді маған.
–Ұнатпай қалдың ғой,- деді ол. Мен не дерімді білмей сасып қалдым. Содан кейін Әзілхан осы жақында тұңғыш балаларының шетінегенін айтты...
–Бүгінгі газетіміз жақсы шықты, – деп езу тартты да бір нөмірді қолыма ұстата салды. Оның әзілінің астарын әуелі түсінбей қалдым, газеттің бүктемін жазып, көз жүгіртіп, одан төртінші бетіне үңіле бергенімде үлкен әріппен терілген «Жас мерген» деген жазуға бірден көзім түсті. Әлгі жазудың шекесінде қасқайып өзімнің атым, фамилиям тұр. Қуанғанымнан ыржия күле бердім.
Менің қолжазбамда әңгіме екі бөлімнен тұрушы еді, мында тек екінші бөлім ғана екен. Енді бақсам әңгіменің өзегі – Өркеннің шошқаны атуы, сол кездегі оның сезім күйін беру екен ғой. Ал баланың мылтық атуды қалай үйренуі тіпті керегі жоқ, артық дүние. Әжептәуір тәжірибе жинап қалған журналист Әзілхан соны жіті байқап, бірінші бөлімді қиналмай-ақ алып тастапты.
–Әңгімең жақсы, – деп ол қолдап қойды, – жаза бер.
Бұл менің тырнақ алды тұңғышым еді...
19.05.1949.
Бізді ешкім шақырған жоқ, келеміз деп біз де ешкімге алдын ала хабарлаған емеспіз. Мен, Майра, Мәнтай, Төлеу төртеуміз осы жақында ғана, талтүсте сау етіп Әзілханның үйіне жетіп бардық. Бұл үйге мен екі күннің бірінде соғып тұрамын . Бұл жолғы келуімізге себепкер болған – қыздар.
–Әзекең үйіндегі жеңгейге сәлемдесейік деп ек, ертіп баршы, – деп біраздан бері құлақ қағыс етіп жүр еді, соның сәті ақыры бүгін түсті.
–Әзілхан 1946 жылдың күзінде университетке қайтып келген жоқ.
Сырттан оқыды. Оның қайтып келмеген себебі: біріншіден, ұнатқан қызына қолы жетпеген болды-ау деп жорамалдаймын. Ол қыз – осы Мәнтай. Оның шын аты Нұрғалима, «Мәнтай» жеңгелерінің еркелетіп қойған аты. Біз де оны атымен атаймыз. Екінші себеп біріншіге байланысты. Ол елдегі Халима деген қызбен хат жазысып, оның суретін қойын дептеріне салып жүруші еді, сол қызға үйленді. Семья құрды. Семьяны асырау үшін қызмет істеу керек. Ол Семейдің облыстық газетіне қызметке тұрған, былтыр осында көшіп келді. Мәнтай да ерге шығып кеткен-ді. Кәзір аяғы ауыр көрінеді. Мәнтай, Төлеулер Виноградов көшесіндегі жатақханада, бір бөлмеде жатыр. Мен де осы жатақханадамын. Қайсар, Рамазан, Ерекең бәріміз біргеміз. Әуелі бұдан екі жарым-үш жыл бұрын болған бір жайға тоқталайын. Ол жаңағы айтқандай, Әзілханның оқуды тастап кетуінің бірінші себебіне қатысты.
Әзілханмен мен 1945 жылдың 15 ноябрь күні таныстым.
Деканатта отыратын хатшы қыздың алдында жұпыны әскери формасына аласа бойлы, қоңырқай өңді сержант тұрды. Ұлы Отан соғысын жеңіспен аяқтап еліне оралған кешегі майдангер- жауынгерлердің үзіліп қалған оқуларын енді қайта жалғастыруға мүмкіндік алған кезітін. Қазақтың С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университетінің де солдат-студенттер топ- тобымен келіп жатқан, бұл сержант солардың бірі болар-ау деп ойладым.
–Мына жігіт сол курста оқиды, – деп хатшы қыз иегімен мені көрсетті.
–Оқуға келіп пе едіңіз? – деп сұрадым.
–Аһа, – деді ол. Сол жерде таныстық. Әскерден қайтып үйіне соқпастан бірден осында келіпті. Бұл сержант - Әзілхан Нұршаихов еді. Жаңа танысымды кезекті лекция тыңдайтын аудиторияға алып келдім.
Біздің курстың дені қыздар болатын-ды. Кісінің жүзіне тура қарай алмайтын, ұялшақ, именшектеу сержант табалдырықтан аттай беріп, жәудіреп отырған көп қыздарды көргенде шамның жарығына көзі шағылысқандай кілт тоқтап қалды... Содан кейін ең арттағы столға барып, шошайып жалғыз отырды. Лекция біткен соң бірге қайттық. Мен Оразгүлдің үйінде тұрамын. Ол жеке бір үйде пәтерде тұрады екен. Кейін оны қыздар қаумалап, қасына отырғызып жүрді. Әшейінде үндемейтін сержанттың бірте-бірте тілі шыға бастады. Қуақы, тіпті қыршаңқы тілі бар, әзіл-қалжыңға, тіпті мысқылға жақындау. Мен де қалжыңбастау едім, екеуміз «іздегенге сұраған» дегендей жарасып кете бердік... Көп ұзамай жатақханаға орналастық. Екеуміз бір бөлмеде, бір кроватта жаттық...
Сырласпыз. Ол әңгімені жақсы айтады, қызыға таңдаймыз. 1946 жылдың жаңа жылын мен Оразгүлдің үйінде қарсы алдым. Екі күннен кейін жатақханаға келсем, Әзілхан кітап оқып жатыр екен.
– Біз Батыс Европа әдебиетін аз білеміз. Әттең уақыт жетпейді, әйтпесе.. – деп тоқтады.
– Жаңа жылда қайда болдың?
–Ешқайда да болғаным жоқ, – деді ол. Содан кейін жарты бет ақ қағазға тышқанның ізіндей етіп жазылған төрт-бес шумақ өлеңді ұсынды. Аты «Қызыл көрпе».
Тәтті ұйқының құшағына беріліп, Жатты сұлу шалқасынан керіліп... – деп басталады. Шығыс поэзиясының үлгілеріне келетін бейнелер бар. Сұлудың денесіне тиіп жатқан көрпеге қызығып, ең болмаса оның денесіне тиетін сол көрпенің бір сабақ жібі болсамшы деп тамсанады. Мен өзім өлеңқұмармын, жаттап термеге қосатын өнерім де бар еді.
–Мынаны мен көшіріп алайыншы, – дедім қызығып. Бұл кімдікі?
–Әзілхан үндеген жоқ. Араға біраз күн түскеннен кейін әлгі өлеңді Майраға да оқытыпты.
Бір күні Майраның бөлмесіне келдік. Тағы екі қыз отыр екен. Әуелі шәй іштік, содан кейін Әзілхан ағынан жарылып, «Қызыл көрпе» өлеңінің қалай туғанын әңгімеледі.
–Декабрьдің 30 күні Мәнтай каникулда менің қайда болатынымды сұрады, – деді Әзілхан. – Мен ешқайда бармайтынымды айттым. Ол ешқайда бармайды екен. Екеуміздің де баратын үйіміз жоқ, жетім байғұстар екенбіз. «Ешқайда бармасаңыз, ертең жаңа жыл ғой, бізге қыдырыңыз» деп Мәнтай бөлмесінің нөмірін айтты. Қыз қонаққа шақырған соң іштей толқып, түні бойы мазам кетті. Аршылған жұмыртқадай ақ Мәнтай өзі арнап шақырды ғой. – Әзілхан сәл үнсіз қалды да әңгімесін қайта жалғады. – Мәнтай бір көргеннен-ақ маған ұнап еді. Мінезі де сыпайы, өзі де ажарлы, әсіресе маған деген ілтифаты өзгеше. Өмірі қызға қырындап көрмеген мен байғұс жасқаншақтай беруші ем. Енді батылым жетіп Мәнтайдың бөлмесіне келдім. Есігі ашық екен. Мәнтай ұйқы құшағында жатыр. Бейне бір ақ мрамордан қашап жасаған мүсін бе екен дерсің. Әттең суретші болсам, оның осы келбетін дәл осы өзім көрген қалыпта айнытпай салсам... Қойшы не керек, ұйықтап жатқан Мәнтайдың жүзінен сезім оянып, бұрын сонды бастан кешпеген ғажайып бір күй кештім. Сол сезімді қара сөзбен жеткізу мүмкін емес. Оны поэзия тілінде, тек қана поэзия тілінде беру керек. Мен осы өлеңді жаздым.
–Иә, – деді Майра, – ол өлеңді Мәнтайға бердіңіз бе?
–Бердім, – деді Әзілхан, – ертеңгісін ерте келген екенмін, бір айналып қайта келсем Мәнтай бөлмесінде екен, екеуміз біраз сырласып отырдық та, ол көрші бөлмеге электр плиткасын іздеп кеткенде, стол үстіндегі кітаптың арасына өлең жазған қағазды салдым да, өзім түк білмеген болып шығып кеттім.
Ол тағы да үнсіз отырып қалды. Аяғы қайда әңгіменің? Неге айтпайды? Тіпті болмаған соң мен:
–А, Мәнтай оқып па ол өлеңді? Содан кейін не болды? – дедім
шыдамай.
–Екі-үш күннен кейін лекцияға келдік. Мәнтайдан қысылып қасына жоламай, бетіне қарай алмай отырдым. Лекция біткен соң ол өзі қасыма келіп: «Ағай, сіз ақын екенсіз» демесі бар емес пе? «Ақындық қайдан келсін маған, жәй...» деп міңгірледім. Бірақ Мәнтайдың ренжімегеніне іштей қатты қуандым, – деді.
«Қызыл көрпе» осылай туып еді. Одан кейін де осы Мәнтайға байланысты бір әңгімені Әзілхан жырдай қылып айтты.
–Шамы жанған бағананың түбіндегі скамейканың қасынан өте бердім. Қарайып біреу отыр еді, байқасам Мәнтай екен.
–Кеш жарық, Мәнтай, – дедім жүрегім лүпілдеп. Ол қасынан орын ұсынды. Отырдым. Байқаймын қыз көңілі жаман емес сияқты. Сәлден кейін ол «кімді ойласа сол келеді» деген рас екен – ау тегі, мен жаңа ғана сізді ойлап отыр едім» деді. Менде тағат қалмады. Бүгін мен қызға қалайда сөз айтуым керек деп бекіндім. Бірақ қалай айтам, неден бастаймын? Осы кезде Никольск шіркеуінің қоңырауы соғылды. Сол қоңырау үніне мен де қосылып Мәнтайды жақсы көретінімді айтып қалдым. Жауап қандай болады? Жүрек атша тулап, кеудеге сыймай барады. Қыз біраз үнсіз отырды. Содан кейін:
–Ағай, мен де сізді жақсы көремін, – деді қыз,- бірақ мен басқа біреуге уәде беріп қойған едім...
Қыз кімге, қалай уәде бергенін айтты. Жалғыз ағасы майданда қаза тауыпты. Өлер алдында Жұмажан деген жігітке хат жазып кетіпті. «Мен десең осы жігітке ерге шық» деп өсиет-тілек етіпті. Сол жігіт мені іздеп келді өткен жылы. Мен аға тілегін орындау парызым деп білдім де әлгі жігітке ерге шығуға уәде еттім» деді. Ақырында: – Мен ол жігітті жақсы білмеймін, – деді Мәнтай салмақты үнмен. – Ал, сізді жақсы да білем, жақсы да көремін. Ендігісін өзіңіз біліңіз. Уәдені бұз дейсіз бе? Сізге сенемін, бұз десеңіз, ағатай бұзайын, – деді даусы дірілдеп. Бірақ, уәдеге беріктік – адамның ең бір асыл қасиеті емес пе? Уәде бұзған адам оңа ма?- деп тағы толқыды. Мен қатты қысылдым. Уәдені бұздыруым керек пе? Біреуге бұйырған қызды өзім тартып алып кетуім керек пе? Жоқ әлде мен сияқты сүйген қызын күткен жауынгердің сезімін силауым керек пе? Басым дал болды, ойландым, бірақ, қызға уәдені бұз деп айтуға арым бармады. Айта алмадым.
Әзілхан әрі қарай үндеген жоқ. Біз де іштей күрсініп қалдық.
–Өй, Әзеке, әңгімеңіз қандай жақсы еді, – деді Майра риза болып.
Мәнтай мен Әзілхан араларындағы жақсы силастық, достық жібі үзілген жоқ. Көп ұзамай ол Семейге кетті, бір жарым жылдан кейін Мәнтай ерге шықты. Жоқ, Жұмажан емес, Тілеуберген деген заң қызметкеріне тиді. 1948 жылдың қысында үстінде көк жағалы, қара былғары тоны бар жездемізді қарсы алып, шығарып салдық. Міне, сол студент достардың тағы да биыл бастары қосылды. Бәріміз де биыл университетті бітіруіміз керек.
20.05.1949.
Кешегі жазған күнделігімді бүгін жалғастырып отырмын. Сонымен біз Әзілханның үйіне шақырусыз келдік. Олар Бозжанов үйінің аядай ғана бір бөлмесінде пәтерде тұратын-ды. Есікті Халима ашты.
–Ал қонақтарыңды күтіп ал, – дедім мен ойламаған жерден олжа әкелгендей. Халиманың да аяғы ауыр, шермиіп әрең жүр. Онда жұмысымыз болған жоқ.
–Төрлетіңіздер, – деп ол ақырын ғана күбір ете қалды.
Келгенімізді ұнатқан, ұнатпағанын білдірген жоқ.
–Әзілхан үйде ме?
–Үйде, ішке кіріңіздер...
Ішке кіргенде бірдеңе жазып отырған Әзілхан қыздарды көріп таң қалып:
–Уай, қайдан жүрсіңдер?- деп орнынан тұрды.
–Қоныс қайырлы болсын, Әзеке, жеңгей,- деп Майра алдымен тіл қатты.
–Бұл Майра, – дедім Халимаға таныстырып, содан кейін Мәнтайды көрсетіп, – мына кісі Нұрғалима, ана кісі Төлеу. Ал мен – Мырзабекпін...
–Әуелі өзіңді таныстырудан бастауың еді ғой,- деп Әзілхан күлді.
Бәріміз де езу тартық.
–Бір курстенбіз бәріміз де, – деп Майра тағы да Халимаға тіл қатты. Өңкей қыз-келіншектердің шақырусыз өздері келгенінен шошып кетпесін дегені.
Шамалыдан кейін Әзілхан үй иелерімен сөйлесті де бәрімізді қора ішіндегі дөңгелек беседкаға ертіп келді. Күн ашық, жылы. Қора іші көкпеңбек. Біз өткен-кеткенді айтып күлісіп отырмыз. Халима шайдың күйбеңімен жүр, неге екенін қайдам, шайы қайнамай-ақ қойды. «Мәнтайда күйеуінің көңілі болғанын біліп соған қызғаныш білдіріп жүрген жоқ па екен»,- деп ойладым, бірақ, «қымызды кім ішпейді, қызға кім сөз айтпайды» деген емес пе, онда тұрған не бар?».
Әлден соң үйге кіріп, Халимаға келдім. Жағдайды білгім келді.
–Күні бұрын келетіндеріңді неге ескертпедіңдер?- деді ол.
Дайындығы жоқ болса керек-ті. «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұяладының кері» екенін білдім.
–Әуре болмай-ақ қой, бір шәй берсең жетеді.
–Неге? Құймақ пісіріп жатырмын. Бірақ, мына электр плитка асығатын емес. Әңгімелесіп отыра тұрыңдар... – деді Халима. Бар сырды білген соң, көңілім орнына түсіп, қорада, беседкада отырғандарға қайтып келдім де:
– Электр плиткасының спиралі жанып кеткен екен, соны жөндеп келдім. Әңгіме айтып отыра тұрайық, тамақ пісіп жатыр, – деп едім, қыздар шу ете қалды.
– Тамаққа әуре болып қайтеді...
– Біз тек сәлемдесіп қана шығайық деп едік қой.
– Қысылмасын, жеңгейге айтшы, – деп олар мені жұмсады.
–Үйге келген кісісіне тамақ бермей жібермейді. Бұлардың тәртібі солай! – деп қалжыңға бастым. Қыздар күлісіп жатыр.
...06.1949.
Кеше әдебиеттен мемлекеттік емтихан тапсырдық. Үш сұрағымның үшеуін де жақсы білемін, көп ойланбастан бірден комиссия мүшелерінің алдына келдім. Председатель Ыбырайым Маманов ағай. Емтихан қабылдаушы Белгібай ағай екен. Неге екенін білмеймін Бекең ағай маған онша құлықты болған жоқ. Өткен жолы диплом жұмысын қорғағанымда бұл кісі менің бағамды төмендетіп жібергенін Мескен Сармурзинадан естідім. Рецензентім фольклорист, доцент Әмина Мәметова апай еді. Бұл кісі қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың шешесі. Білімді, байыпты кісі. Рецензиясында менің жұмысыма «өте жақсы» деген баға қойған-ды. Өткен жолы диплом қорғағаннын кейінгі талқылауда да өз пікірін айтып отырып алыпты. Әмина апай:
–Бұл әділетсіздік болады, –деп біраз айтып көрсе керек, бірақ одан ештеңе шықпапты. Бұл кісі көктемдегі академия жиналысында Сәбит Мұқановтың творчествосы туралы жазған тарауына айтқан сыным үшін ерегісіп жүргені ме? Сол ғой, міне тағы да осы кісінің алдына келдім.
Бірінші сұрағыма ешкім байланысқан жоқ. Екінші сұрағым «Сәбит Мұқановтың поэмалары» еді, білгенімді айттым. Осы кезде Бекең ағай тесіле қарап:
–«Пионер» поэмасы қалай басталады? Бірінші жолын айтшы?- деді. Шынымды айтсам, бұл поэманы мен оқығаным жоқ, бірақ лекциядан оның мазмұнын, сюжетін жақсы білемін. Бекең ағайға оным жеткіліксіз сияқты. Енді не істеуім керек?
–Бірінші жолын жатқа білмеймін, –деп шынымды айттым.
–«Жұмаштың өлімі» поэмасы қалай басталады? Бірінші жолын айтшы.
Емтихан тапсырып отырып, ұстазға олай айтудың терістігін дәл сол тұста мен білгенім жоқ. Ана кісінің әдейі байланысқысы келіп отыр-ау деп түсіндім де, ойымды ашық айтып қалдым. Бекең ағаң бетіме бажырая қарады да, бірқалыпты сарынмен:
–Сен Сәбит Мұқановтың творчествосын жітік білуің керек қой.
Ендеше неге поэмаларының бірінші жолын білмей отырсың? Ертең мектепте сабақ бергенде қалай болады?- деп бипаздай айтты.
–Мәселе бірінші жолдың қалай басталуында емес қой, – дедім мен. Мәселе поэманың...
–Жарайды, жарайды! Болды. Үшінші сұрағыңа көш. Ыза буып, біраз тұтығып отырып қалдым. Бұл кісінің әдейі шүйіліп отырғанына енді түк те шүбаланғаным жоқ. Сол академиядағы мәжілісте сөйлеген сөзім енді алдымнан шығып отырған болды.
Үшінші сұрағым оңай еді, қиналмай жауап беріп, шығып кеттім. Нендей баға алғанымды білгім келген жоқ, жатақханаға кетіп қалдым. Кейін балалардан сұрап білдім, «жақсы» деген баға қойыпты. Соңғы курстерде көтерме стипендия алып жүріп, мемлекеттік емтиханда бағаларымның төмендеп кеткеніне іштей қынжылдым. Мейлі!
...06.1949. «Уһ» деп бүгін әрең дегенде дем алдым. Кешеден бері менің басымнан кешкенімді қой сірә!
Мемлекеттік емтихан басталды.
Диплом жұмысын қорғасымен «Марксизм-ленинизм негіздеріне» дайындалдық. Төрт-бесеуміз алдыңғы күні таңғы төртке дейін отырдық. Біріміз сауал қоямыз, екіншіміз жауап қайтарамыз. Біріміздің шала білгенімізді екіншіміз толықтырамыз. Толықтырушылардың бірі мен болдым. Қыздар қит етсе маған қарап:
–Ал сен айт,- деп отырғаны.
Амандық болса университет бітірген соң асптрантураға да емтихан тапсырамыз, бүгінгі дайындық ертеңге де қажет қой. Уақытылы ұйықтамағандікі ме, білмеймін, бүгін менің кірпігім ілінбей қойды. Таң бозарып келе жатқанда көз шырымын алған болдым. Басым қорғасын құйғандай ауырлап кетті. Суық сумен жуынып алып оқу корпусіне келдім. Стол дайындалған, гүлдер қойылған, аудитория іші салтанатты безендіріліпті. Бірінші болып кірдім. Билетті қолыма алып, төрдегі столға отыра бергенімде басым айналып, көзім қарауытқандай болды. Құлағым шулап, екі көзім удай ашыды. Бірінші сұрақты шала білетін сияқтымын. Әрі ойланып, бері ойланып, есіме түсіре алмай- ақ қойдым. Екінші , үшінші сұрақтарым оңай сияқты. Оған қысылғаным жоқ. Байқаймын шу дегеннен- ақ жауабым қанағаттандырмады өзімді. Емтихан алып отырған ірі қара кісі, тарихшы- Киікбаев қасын керіп алдындағы қағазына бір белгі қоя бастады. Ол белгісі маған «2» сияқты көрінді де, өзім сүрініп- қабынып отырғанда миыма қан толып кеткендей дуылдап кетті. Құлағым шыңылдай берді. «Екі алдым ғой, тегі» деймін ішімнен.
–Бұл не? Құлағаным ба?
–Екінші сұрағыңды айт.
Менде үн жоқ.
–Үшінші сұрағыңды айт, – деді. Менің тілім байланып қалған сияқты, үндемедім. «Е, бітті, құладым» дедім. Бойымды мұздай тер жуып кетті.
–Неге дайындалмадың? – деді Киікбаев ағай.
–Дайындалдым, – дедім мен. Даусым қарлығып шықты. Емтихан комиссиясының председателі Ыбырайым Маманов-ты. Ол кісі мені жақсы білетін. Ол Киікбаевқа сыбырлап:
–Үш қояйық, – деп еді, анау басын шайқады.
–Бұл тәуір оқыған студент еді...
Киікбаев алдында жатқан жалпақ қағаздағы менің фамилиямды тауып алды да, тұсындағы бүкіл бес жыл бойы қойылған бағаларыма қарады. Жақсы оқығаныма көзі жеткен соң, маған қайта қарады.
–Түнде дайындалып па ең сабаққа?
–Түні бойы оқыдым, –дедім мен еңбек еткенімді білдіргім келіп,
–Ұйықтаған да жоқпын.
–Солай кісі сабақ дайындайды ма екен? Бар, бүгін дем ал. Ертең келіп тапсырасың.
Мен шыққан бойда жатақханаға келдім де жатып қалдым. Намыстан өліп кете жаздап, іші-бауырым жанып барады. Дем алғым келеді, бірақ ұйқы қайда? Кешке далаға да шыққаным жоқ, тамақ та ішпедім. Бұл не? Неге сүріндім? Дәл қазір ойласам, бірінші сұрағымның жауабы да қиын емес екен, көңілімде сайрап тұр. Соны бағана ана кісілердің алдында неге айтпадым? Не қара басты?
Менің сүрінгенімді естіген болуы керек, Мәнтай, Төлеу келді.
–Жүйкелеп қалғасың ғой. Кеше түнде көп сөйлеп едің, – деп көңілімді жұбатқан болды, – бүгін түк оқыма, далаға шығып таза ауа жұт, сейіл. Жүр, бірге қыдырайық...
Далаға шықпадым. Жұртқа қарауға бет жоқ.
Бүгін түске таман кіріп билет алдым да, сұрақтарды оқып жіберіп, білетін болған соң, сол жерде:
–Айта берейін бе?- дедім.
Киікбаев ағай жалғыз екен, мен өзімнің кеше кездейсоқ сүрінгенімді дәлелдегім келіп еді.
–Отырып дайындал, – деді ана кісі.
–Дайынмын.
–Отыр, отыр, – деп тыжырынып қалды.
Амал жоқ, отырдым. Кезегім жетіп, оқытушының алдына келіп отыра бергенде:
–Сен екінші рет тапсырып отырсың ғой. Комиссия мүшелері тегіс қатыссын, – деп секретарь қызға бұрылды.
–Ана кісілерді шақыршы.
Комиссия мүшелері келген соң мен жауап бердім...
Кешегі масқарамды бүгін жуып-шайғаныма бүгін өзім де іштей риза болғандаймын. Киікбаев ағай алғашқы түйіліп отырған сияқты еді, бірте-бірте оның да түсі жылып, маған күле қарап, басын изеп қояды. Бар балалр емтиханды түгел тапсырып болған соң менің фамилиямды атап: – Өте жақсы жауап берді. Бірақ ол екінші рет кіргендіктен де бір балын төмендетіп «жақсы» қойдық,- деді.
Мен соған да риза болдым.
26.06.1949.
Университет бітіргеніміздің құрметіне сауық кеш өткіздік. Совет көшесіндегі бас корпустың екінші қабатындағы 29 аудиторияға оқытушылар әйелдерімен, студенттер түгелге жуық қатысты. Сауық кешіміз түнгі онекіде бітті. Қыздар, жігіттер улап- шулап тарасық. Көбіміз жатақханада тұрамыз. Транспорт тоқтап қалған, жаяу қайтуымызға тура келді. Біз оншақты бала бір топ болып келе жатырмыз. Жігіттеріміз қызулау. Мәнтай мен Төлеу үшеуіміз қолтықтасып келеміз. Арт жақтан Рамазан жетіп келді де, қалжың айта бастады.
–Әй, қыздар-ау, неше жыл бірге оқыдық, енді міне жан-жаққа тарағалы жүрміз. Осындай да...
Ол Төлеуді құшақтап, бетінен сүйгісі келіп еді, қыз оның қолын қағып жіберді.
–Ой, Төлеу- ау, мұндайың жоқ еді ғой бұрын, – деді Рамазан.
–Сенің де бұрын мұндайың болмайтын. Немене, енді жат мінез танытқаның.
–Оу, енді айырылысамыз ғой. Көрісеміз бе, жоқ па кім біледі?
Енді...
–Әй, қойшы, қайдағыны айтпай.
Рамазан менің білегімнен ұстап, өзіне қарай тартты.
–Тұра тұршы, сөзім бар айтайын, – деді. Мен оңаша шықтым.
–Сен Мәнтаймен жүре бер. Ал Төлеуді маған қалдыр, жарай ма? Бүгін енді соңғы күніміз ғой.
–Немене, – дедім күліп. – Ертең ақырзаман бола ма?
–Төлеуді ертпе.
Оның мас екенін сездім. Анадай жерде мені күтіп тұрған Мәнтай мен Төлеуге келіп, екеуінің қолтығынан ұстап, ілгері жүре бердік. Рамазан тағы да килікті. Әй-шай жоқ, Төлеуді оңашаға қарай сүйрейді, ол жабысып менен айрылар емес.
Қыздың білегінен мен ұстап тұр деп түсінді-ау деймін.
–Жібер, жібер деймін, – деді Рамазан.
–Әй, қойсаңшы Рамазан , бала болмай, – дедім ақырын ғана .
–Жібер деймін, – деп менің жағамнан алды. Осы кезде қалай болғанын өзім де сезгенім жоқ, оны шапалақпен беттен тартып жібердім. Рамазанның көзілдірігі ұшып жерге түсті. Амантай, тағы екі жігіт келіп қосылды да әлгі жерде ызы-қиқу болдық та қалдық. Мені бір бөлек, Рамазан жеке алып кетті. Улап-шулап жатақханаға келдік. Мені өз бөлмеме жібермей қыздар алып кетті. Біз Рамазан, Қайсар үшеуміз бір бөлмеде жатушы едік, тағы да шатақ шығады деп қорықты-ау деймін, қыздар мені өз бөлмелеріне ертіп әкелді.
Ертеңгісін оянсам Мәнтай, Төлеу әлі ұйқы құшағында. Мрамордан қашаған мүсіндей иықтарын ашып тастапты. Киініп, дәлдізге шықтым, қыздардың бөлмесінде қонып шыққанымды байқаған екі-үш жігіт көздері жылт-жылт етіп таңдана қарады. «Таңданбаңдар, тазамыз!» деймін ішімнен. Беті –қолымды жуып келіп, Мәнтай мен Төлеуді ояттым. Олар да шаршаған екен. Мәнтайдың аяғы ауыр, оған тіпті қиын болу керек. Қыздарды қорғаштаймын деп жолдасыма қол жұмсағаныма енді ұялып отырмын. Қыздарды, әрине, қорғау дұрыс қой, бірақ, жолдасқа қол жұмсамауым керек еді. Бәрі қызулықтың салдары. Енді не істейміз? Барып Рамазаннан кешірім сұрасам қайтеді? Кешірер ме екен? Кешірмесе ше? Осы кезде есік қағылды. Іштен «да» деген дыбысты күтпей-ақ есік ашылды. Рамазан! Көзілдіріксіз көзі шүңірейіп кетіпті.
–Түндегіме кешірім сұрағалы келдім,- деді ол.
Бәріміз де қуанып қалдық.
28.06.1949.
Дипломды ректордың ауызғы бөлмесінде тапсырды. Кішкентай картон құтыға салынған, ортасында алтын жалатқан СССР гербі бар ромбы формасындағы значок – университет бітірген белгі. Былтыр ғана шығарылған екен, ұстазымыз Мұхтар Әуезов былтыр жаздай осының біреуін ақ кенеп кителінің омырауына тағып жүрді. Ол кісі САГУ- ді ертеде бітірген ғой... Осы значокті алып, омырауыма таққанша мен де асығып едім. Міне, сол асыққан күнім бүгін жетті. Ескі сұр пиджагімнің омырауын тесетін ешнәрсені табан астында таба алмай, ақырында қаламұшпен тестім де значокті жарқыратып тағып алдым. Қуанышымда шек жоқ. Жарты дүниенің иесіндей сезінемін өзімді. Университетті сырттан оқитын студенттердің келіп жатқан кезі еді. Егделеу келген кісілер менің омырауымдағы әлгі значокті көріп:
–Мына жас жігітті қарашы, – деді бір-біріне. Мен оларға тіпті жас көрінсем керек-ау. Алдағы қыста жиырма бірге толатынымды қайдан білсін.
–Е, қазақтың жастары өссін, – деді екінші егде кісі.
Үйге келдім. Жеңгей бетімнен сүйіп құттықтады. Ағай мені ертіп М.Горький көшесіндегі дүкендерді аралады. Бір уақытта бас киім салонына келдік. Көк велюр шляпаны алып ағай менің басыма кигізіп көрді де, жарасқанын байқадың-ау деймін бірден кассаға барып 150 сом ақша төледі. Бұл менің өмірімде бірінші рет киген шляпам еді. Үйренбегендікі ме, бәрі маған ежірейіп қарап тұрған сияқты болады да тұрады.
21.07.1950.
Менің «Каменское платоға» келгеніме бүгін үш күн. Алматының оңтүстігіндегі Алатаудың ең төменгі етегіндегі төбе. Қатарластыра тігілген киіз үйге орналасқанмын. Алғашқы келген күні жер биіктік етті ғой деймін, басым айналғандай болған соң далаға шықпай жатқанмын-ды. Кеше асханаға өзім бардым. Бүгін міне айналамен танысқым келіп, төбені төбені жалғыз аралап кеттім. Жазда мені өкпеңде қарайған дақ бар деп, алдын алғысы келіп дәрігерлер ауруханаға салды. Бір ай жатқан соң осында жіберді. Биыл мен жиырма екіге толамын. Ең боламаса қырық жас өмір сүрсем екен деп армандадым. Оған дейін аспирантураны бітіріп, диссертация қорғап, азын-аулақ еңбек етсем деймін. Яғни қызық көрсем. Алдыңғы күні басым айналғанда қорқып қалдым. Ентікпе пайда болды. «Мына жер биіктік еткені ғой» деді дәрігер. Үйренуге болатын көрінеді. Ептеп жүру керек деген соң кешеден бері жүріп жүрмін. Бүгінгі жоспарым жаман емес. Айналаны шарласам деймін. Осы «Каменское плато» анау төменіректегі «Горный гигант» колхозының бергі шеті ертеде «Алмалық» па әлде «Алмалы» ма, әйтеуір сондай көне қаланың орны болған дегенді естігенім бар еді. Сол ескі қаланың орны әлі күнге дейін сақталған деген-ді. Соны іздесем деп, өзімше жоспар құрдым. Біздің киіз үйіміз қалың баудың ішінде еді. Баудан шыққан соң терістік жағымыз жалаңаш төбе екен. Сол төбеге келгенімде қолында костюм, басында кепка - жазушы Мұқан Иманжановты көрдім. Арық, ұзын. Қасында мен танымайтын тағы бір кісі бар. Олар төмен келе жатты. Мұқанға сәлем беріп едім, ол қолымды алып:
–Сен қайдан жүрсің? – деп таңдана сұрады.
–Бүгін үшінші күн келгеніме, – дедім.
–Бұл сендердің келетін жерлерің емес еді, бекер-ақ болған екен, – деп қынжылғандай болды. Онысын мен түсіндім.
Кісі ауруды сұрап, тілеп алмайды ғой, жағдай солай болса амал қанша.
–Ал қайда бара жатырсың, жүр бізбен бірге, – деп ол мені бірден бауырына тарта сөйледі. Бұрын-соңды араласымыз болмаса да өзімді соншалықты жақын сезіндім.
Осы жерлерде ертеде қала болған деген әңгіменің барын айтып:
–Сол қаланың орнын іздеп жүрмін, – деп едім, Мұқан елең етті де:
–Баяғы «Жібек жолының» бір сілемі осында алып келуі мүмкін.
Қызық екен. Ондай ескі жұртты мен әлі көргенім жоқ. Осы жердің ескі тұрғындарынан сұрастыру керек екен.,- деді. Бір-екі әйелден, арба айдаған бір шалдан ескі қала жұртын сұрастырып көріп едік, олар ештеңе білмей шықты. Бір уақытта түскі тамаққа шақырған қоңыраудың дауысы алыстан талып жеткен кезде Мұқан:
–Әуелі қарын тойдырып алайық. Археологиямен кешке, не ертеңгі салқын кезінде айналысармыз, – деді. Үшеуіміз жоғарыдағы бас корпусқа қарай аяңдадық.
10.08.1950.
Калинин мен Пушкин атындағы көшелердің қиылысқан жеріндегі жалғыз қабат ағаш үй соғысқа дейін мектеп болса керек-ті. Қазірде Қазақ ССР ғылым академиясының кітапханасы. Біз аспиранттар қалалық Пушкин кітапханасына барамыз, мұнда анда-санда соққанымыз болмаса, көп келе бермейміз. Екі-үш күннен бері осында едім. Кеше түске қарай шаршағанымды сездім де, демалғалысыртқа шықтым. Аула іші кең. Батыс жақ бұрыштағы үйлерді бұзып тастаған, жұртын шөп басып кетіпті. Бұл жерге геология институтының үйі салынатын сияқты. Көшербай мен Гүлжан екеуі әңгімелесіп жүр екен, мені көріп, қол былғап, қастарына шақырды. Бұл екеуі де Қарақалпақстаннан келген ағайындар.
–Орта толсын, – дедім.
–Сенімен толсын, –деді Көшербай.
Көшербайдың жасы менен әжептәуір үлкен. Тіл мамандығы бойынша былтыр аспирантураға бізбен бірге түсіп еді, содан жақын болып кеттік. Жекелеген сөздері болмаса тілі қазаққа өте жақын екен, біз еркін түсінісе береміз. Гүлжанды бұрын бір-екі рет көргенім болмаса жақын танысып, әңгімелескен кісім емес-ті.
–Бұл Такебаев деген физиктің ханымы, – деп Көшербай күле сөйледі, – өзі аспирантка. Физик.
–Өте жақсы, – дедім басымды иіп. – Сіздің жолдасыңыз туралы естуіміз бар...
Қазақ ССР Ғылым академиясы жас, дарынды физик ғалым Жәбінен Такебаевты арнайы шақырып, физика секторының меңгерушісі етіп тағайындапты дегенді естігенмін-ді. Физика, математика, химия сияқты ғылымдар саласынан қазақ мамндары әлі аз, сондықтан да олардың аттары тез тарап жатады. Әдетте, біз филологияға, тарихқа көп жүгіреміз. Неге? Сүйгендіктен бе? Шүбам бар. Біз қазақ мектебін бітіріп келдік, орысша шорқақтаумыз. Жоғары оқу орындарының тарих, филология факультеттерінде ғана қазақша бөлімдер бар. Сондықтан да ана тілінде оқу жеңіл деп, сонда барамыз. Ал, басқа мамандықтарды таңдауға тәуекеліміз жете бермейді. Армения, Грузияда тіпті Өзбекстан, Тәжікстандық жоғарғы оқу орындарында барлық пән ана тілінде жүреді екен, сондықтан да оларда ғылымның бар салаларына мамандар өз көңілдерінің қалауымен барады... «Лениншіл жас» газеті «Қазақстанның жас ғалымдары» деген рубрикамен очерктер жариялай бастады. Біздің Бүркіт Ысқақов сонда. Осы Тәкебаев туралы очерк-әңгіме жазсам ба екен деген ой келді де, Гүлжанмен жақынырақ танысқанымды жөн көрдім. Сәлден кейін:
–Жолдасыңыз туралы айтыңызшы, – деп өтіндім, – бізде қазақ
физиктері жоқ қой.
–Ол кісі академик Е.И.Таммның шәкірті. Соның жетекшілігімен өткенжылы, жиырма тоғыз жасында кандидаттық диссертациясын қорғады.
–Сіз ол кісімен қалай таныстыңыз?- деп сауалды төтесінен
қойдым. Гүлжанның ақсары өңі қызырып кетті.
–Ол Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік
Университетінің физика-математика факультетін 1942 жылы үздік дипломмен бітірді. Сол жылы Қарақалпақ институтына мұғалім болып келіпті. Мен де сол институтқа оқуға түстім. Жәбнен...
–Кешіріңіз, – деп мен Гүлжанның сөзін бөліп жібердім, –
«Жәбнен» деген өз аты ма, нендей мағына береді?
Гүлжан күлді.
–Шын аты Жабағы. Әке-шешеден ерте айрылып, балалар үйінде тәрбиеленген. Содан орыс жолдас балалары оны Жәбнен деп атап кетсе керек. Документтеріне де солай жазылған.
–Жақсы, – дедім мен тағы да оның сөзін бөліп, сонымен сіз де институтқа түстіңіз...
–Ол бізге теоретикалық физикадан сабақ берді. Сол кезде таныстық...
–Содан кейін?
–Содан кейін үйлендік, – деп Гүлжан тағы да езу тартты, – қазір бір баламыз бар.
–Ұл ма, қыз ба?
–Ұл, – деді ол.
Әңгімеміз созыла берді. Бір уақытта Көшербай мойнын созып кітапхана жаққа қарады.
–«Кімді әңгімелесең сол келеді» деген рас екен-ау әне Тәкебаевтың өзі... – деп қалды.
Ақсарылау келген, орта бойлы, дембелше жігіт, қолына үлкен портфелі бар, кітапхананың ағаш басқышымен жоғары көтеріліп бара жатты. Ол бізді көрмеді, көрсе де әдейі бұрылғысы келмеді. «Келіншегін екі жігіт ортаға алып отырмыз, көңіліне жаман ой ұяламаса неғылсын» деп қауіп ойлай бастадым да:
–Күйеуіңіз қызғаншақ емес пе? Деп сұрадым.
–Жоқ. Оның көзі нашар көреді, – деді Гүлжан.
–Мен сол кісі туралы очерк жазғым келіп еді, мүмкін, таныстырарсыз...
–Танысуға болады ғой, – деп Гүлжан орнынан тұрды да:
–Жүріңіз, – деді.
Үшеуіміз кітапханаға қарай беттедік.
Тәкебаев іштен тез шықты. Біз сыртқа тақтай баспалдақта қарсы кездестік. Көшербай онымен жылы амандасты. Содан кейін Гүлжан оған мені таныстырды да:
–Сізбен сөйлескісі келеді, – деді орысша сөйлеп.
–Бес-он минутқа уақытым бар, – деп ол қазақша айтты.
Таза сөйледі.
Екеуміз оңаша шықтық. Мен газетка мақала жазғым келетінін айтып едім. Ол иығын көтеріп:
–Сұраңыз, жауап берейін, – деп бірден келісе кетті.
Сұрақ беруге мен әлі дайын емес едім, табан астында әңгімені неден бастауды білмей, сәл қысылып қалдым да:
–Өз өміріңізден әңгімелесеңіз. Ғылым жолына қалай түскеніңізді... – деп міңгірледім.
Ол қысқа сөйледі. Ұққаным, балалар үйінде тәрбиеленіп, геология-барлау техникумын бітірген соң университетке түседі. Студент кезінде теоретикалық физиканың мәселесі жөнінде студенттердің ғылыми конференциясында баяндама жасап, көзге түсіпті. Университетті бітірген соң оқытушы болады.
–Институтқа сабақ бере жүріп теоретикалық физика және эксперименттік лабораторияда меңгеруші болдым. Ғылыммен бірыңғай айналысу үшін СССР ғылым академиясының бір мүше-корреспонденті, физика-математика ғылымының докторы белгілі профессорға жолығу үшін П.Н.Лебедев атындағы физика институтына келдім, – деді.
–Жолықтыңыз ба?
–Жолықтым.
–Ол Е.И.Тамм ғой. Сол кісі туралы айтыңызшы, – деп едім,
Тәкебаев «сен оны қайдан білесің?» дегендей бетіме жалт қарады. Содан кейін:
–Ол кісінің атын атауға болмайды, – деді. – Қандай проблемамен айналысқанымыз жөнінде де мен әзірге ештеңе айтпаймын... Бірақ, екеуміз белгілі бір мәселе жөнінде ұзақ әңгімесестік.
Физиканың жаңа құпияларын жариялағысы келмей тұрғанын түсіндім де үнсіз қалдым.
–Сөйлескеннен кейін ол маған жетекші болуға уәде етті. Оның
үмітін мен абыроймен атқардым ғой деп ойлаймын, – деп күлді де тура қарады. – Көріп тұрған шығарсыз, мен туралы жазу қиын. Ең дұрысы ештеңе жазбау. Ол басын шұлғып қоштасты да кетіп қалды. Шынында да ғалымның ашқан ғылыми жаңалығының сырын әңгімелеген соң, жазудың керегі бар ма? Ол кісі ашылғысы келмеді. Мүмкін, Гүлжан айтып берер оның ғылыми жаңалықтарының сырын?
Гүлжан ішке кіріп, портфелін алып, күйеуімен бірге кетіп қалды.
27.08.1950.
Жәбнен Тәкебаев туралы мақалам «Лениншіл жас» газтінде 25 күні басылды. Бүгін редакцияға келіп едім, дәлізде Бүркітті кездестірдім.
–Сенің мақалаң үшін сөз естіп қалдық, – деді ол күліп.
–Кімнен, не үшін?
–Тамм деген физиктің атын атаған екенсің, біз оны байқамай жіберіп қойыппыз...
–Немене, ондай ғалым жоқ па екен?
–Мәселе онда емес. Әзірге олардың атын кең жариялауға болмайды екен. Оқасы жоқ, – деп ол менің қолымды қысты.
Бүркіт жәй қалжыңдады-ау деп ойладым.
11.06.1951.
Екі күнге созылған дискуссия кеше бітті. Баяғы Абай, Абайдың ақындық мектебі тағы да әңгіме болды. Дискуссияны президент Қаныш Сәтбаевтың өзі басқарып отырды. Осы айтыс-тартыс Абайдың ұлылығын тағы да дәлелдеп берді. Тегінде ұлылықтың алды өр, арты еңіс болады екен ғой. Неше жыл болды Абайдың айналасында неше алуан сөз қозғалып, әр түрлі бағалардың беріліп келгеніне? Біреулер оны ұлы дейді, енді біреулері оның сол ұлылығын көргісі келмейді. Менің көзім анық жеткен бір жәй-көбісі Абайды қол шоқпар етіп, өзінің дұшпандарын мұқату үшін пайдаланбақ. Абайды сондайдың құрбаны етпек. Бірақ, Абай олардың бәрінен жоғары тұрғандықтан да қанша «қара тақтаға» жазып, қаралағысы келгендерімен көнбейді, тазарып шыға береді. Бұл жолғы айтыстан да соны көрдік. Мұхтар Әуезовты мұқату үшін Нұрышовтар қанша әрекет жасады, оны қолдаушылар да аз болған жоқ. Бірақ, Абайдың жырын жырлаушылар да көп екен... Соңғы күні сөйлеген Қайнекейдің өлеңін бәріміз де сол жерде жаттап алдық. Ол Тәжібаев пен Жанғалинге тигізе айтты.
Тәжібаев, Жанғалин
Ішіне тартып қандарын,
Қос Сәбитке тиісті
Қойнына тығып қанжарын.
Пайдаланба, жігіттер
Екі шалдың жанжалын, – дегенде залдағы жұрт ду қол соғып, күлісіп қалды.
15.06.1951.
Үйде асығыс шаруам болып, троллейбусқа міндім. Шынтағымды терезеден сыртқа шығарып, көшеге көз жүгіртіп отырғанымда, алдыңғы есіктен түсіп жатқан бір әдемі қызды көзім шалып қалды. Дене бітімі келісті-ақ. Инеліктей қатқан арық та, рабайсыз болбыр да емес, нағыз қыпша бел. Қою қара шашын бостау екі бұрым етіп өріп, артына жіберген. Шашының сәл тарқатылған ұшы үкінің балақ жүніндей күлтеленіп, тірсегіне жетеді. Қыздың бет пішіні мен байқап жүрген қыздардан ерекше. Дөңгелек жүзі, аузы оймақтай ғана, әдемі жұқа еріні үлбіреген қызыл гүлдің жапырағындай. Көзі ше? Қара көз. Ұзын қою қара кірпікті. Өңі қара торы. Нағыз әдемі қара торы, қыпша бел. Қыз троллейбустан түскеннен кейін денесін жинақ ұстап, еркін басып Пастер көшесіне қарай бұрылды. Жылжып бара жатқан троллейбус мені әлгі қыздан алып қашқалы барады. Әйтпесе көзім сол қызда, мойнымды артыма бұрып тұрып, қараймын. Бұрын соңды көрмеген жаным. Жастық деген қызық қой. Сыртынан бір көріп мен сол қызға ынтық болдым да қалдым. Ұсынсам қолым жетпес ол бір биік бәйтеректей, қасына жақындасаң бетін шарпылатын жалындап жанған оттай. Жатып та, тұрып та ойладым. Ол мен үшін армандай асыл жан. Шынын айтсам мені көңілсіздік басып кетті. Ешкіммен әзілдескім де келмейді. Жұрттың қутыңдаған тілдеріне езу де тартпаймын. Әлдебір қандай ауыр ой терең тұңғиығына тартты да алды. Содан бері мен ол қызды кездестіргенім жоқ. Ол менің жүрегіме әлек тастап, әбігерге түсіру үшін көрінген жан болу керек. Қыздың ана жолғы түскен жерінен, Пастер көшесіне қарай бұрылған жерімен күніне екі мезгіл жүремін. Көрінбейді. Кейде қызды кездестіру үмітімді кескен кезімде: «Сол троллейбусы бар болғырға несіне міне қойдым екен», «Көзі құрғырым несіне көре қойдың екен?» деп өзімді - өзім жазғырамын, кіналаймын. Бірақ мұның ешқайсысы да жаралы жүрекке медеу бола алмады. Керісінше, қайғы, қасірет молая бастады. Әлсін - әлсін жүрегім шерге толып, үһілейтін әдетті шығарып алдым. Әйтсе де болмашы бір үміттің ұшы көрінетін сияқты болады да тұрады. Қаншама қиындық көрсем де, сол қызға қалай да кездесетін сияқтымын. Тіпті ол қыздың аш белінен қапсыра құшақтап жүретін кездерім де алыс емес сияқты. Бақыт маған, міне қол ұшын бергелі тұр. Ол қызды мен талай рет түсімде де көрдім, тіпті сүйісіп те жүрміз. Сондай түс көрген күні ұйқыдан оянғаныма да өкінетін болдым. Осындай жақсы үмітпен мен біраз күн кешірдім. «Жүрген аяққа жөргем ілінеді» дегендей, ол қызды мен ақыры кездестірдім-ау! Троллейбусқа мінсем, алдыңғы жақта отырған қыздың басы, бұрымы, мойыны көзіме оттай басылды. Буындарым дірілдеп, тұла бойым қалтырап, екі бетім дуылдап қоя берді. Мен ол қызға ғашық екеніме еш күмәнданғаным жоқ. Қыздың қасына жақындап келіп, арт жағындағы бос орындыққа отырдым. Екі көзім қызды жеп барады. Қараған сайын іші- бауырым езіліп, ылбырап барамын. Неде болса қыз түскен жерден түсіп, қай жерде тұратынын біліп алайын, реті келсе танысып қалайын деп бекіндім. Бұл жолы айрылып қалсам, оны мен енді ешуақытта кездестіре алмайтын сияқтымын. Жүрек соғысы жиіленіп, тіпті кеудеге сыймай алқынып барады. Бұл түріммен мен тілім күрмеліп, сөз де қата алатын ыңғайым жоқ. Тұла бойым өрт болып, жанып барады. Не де болса нар тәуекел! Троллейбус тоқтағалы жүрісін бәсеңдете беріп еді, қыз орнынан тұрды. Алдыңғы есік екі жарылып ашылды. Есік ашылса да, біз іште тұрып қалдық. Бір әйел екі бірдей жас баласымен түсті. Одан кейін етекті көйлек киген кемпір екі тізесін басып әрең түсіп жатты. Қыз әлденеге асығып, кемпірдің ыбылжып түсе алмай жатқанына қабағын шытып, ілгері ұмтыла беріп еді, бірдеңе дыр-р ете қалды. Кемпірдің өзі түскенімен, көйлегінің ұзын етегі әлгі қыз биік өкшесімен басып қалыпты. Кемпір етегін тарта бергенде, дар ете қалған сол екен. Ит тартқандай кемпір үстіндегі көк көйлектің етегі жалбырап қалды. Қыздың артын ала мен де түсіп едім, кемпір:
–Шырағым, абайласаң нетті, – деп қызға қарады. Қыз кешірім сұрар деп ойлап едім, жоқ, оқты көзін аларта, қабақ түйіп:
–Көйлегіңіздің етегін екінші рет көтеріп жүріңіз, – деді де жалт бұрылып жүре берді. Мен көзім мен құлағыма өзім сенбей, аңырап тұрып қалдым. Арп ете қалған мінез шынымен сол қыздан байқалып қалды ма? Мүмкін емес, мүмкін емес, ондай асыл жаннан дөрекі мінез шығуы. Мен әлі өзіме-өзім келе алмай тұрмын. Амал қанша, әлгі сөз де, қимыл да, менің арманым болып жүрген дәл сол қыздан шығыпты. Тұла бойым мұздап сала берді, неше күннен бері от болып жанған денеме біреу бір шелек су құйып, жүрегімнің оған деген жалынын жалп еткізіп, өшіре салғандай болды.
Қыз соңына ерген жоқпын. Танысқым да келмеді. Келесі троллейбусты күтіп, сол жерде қалшадай қатып тұрып қалдым.
09.11.52.
Бес жасар інім Хамитбекті алып Сұлутөбе станциясынан Алматы поезына міндім. Әлде бір қандай өксік тамағыма келіп тіреліп қалған. Жылағым келеді. Ноябрьдің 6 күні ағай менің тезірек Сұлутөбеге жетуім керектігін айтқан-ды. Шешем қатты науқас көрінеді. Сол күні мен поезға отырдым. Биыл аспирантурамның соңғы жылы болған соң диссертациямды аяқтайын деп жазғы каникулда елге барғаным жоқ-ты. Ал былтыр күздей үйде болғанмын. Алматыға жүрерде шешем бетімнен сүйіп, жылады. Бұрын онда әдеті болмайтын-ды.
–Жүрегім сыздай береді. Қорқамын, – деген.
Менің де жетіскен саулығым жоқ, шешемнің әлгі сөзіне онша мән бермеп едім. Енді ойласам, сол кезде ауырып жүрген болды ғой. Қорықпасын деп бізге сыр бермейді екен ғой. Сұлутөбеге ертеңіне кешке жеттім. Төкіш көкемнің үйі вокзалдың қарсы бетінде, таяқ тастам жерде тұр. Келсем әкем де, інім Хамитбек те осында екен. Ауызғы бөлменің бұрышында қалың көрпе жамылып шешем жатыр. Өңі боп-боз. Тірі екен, соған қуандым.
–Келдің бе? – деген сөзді қиналып әрең айтты. Менің қолымды қысып, сүйді. Олардың мұнда көшіп келгендеріне бір айға жуықтапты. Жаздай ауырған шешем, күзге салым төсек тартып жатып қалған соң, амалының жоғынан әкем інісінің үйіне көшіп келіпті. Алаңдамасын деп маған ештеңе айтпаған.
Шешемнің қасында біраз отырдым. Бетіне тура қарауға батылым жетпеді. Онбір құрсақ көтерген ана соның жетеуін жерге беріпті. Ендігі үлкені мен. Кенжесі Хамитбек. Оны қырық жетісінде туды. Хамитбек емес, еркелетіп Хамит кейде Кәмпит дейтін. Мұның құлағына суық тиіп, жылап жүр. Қарындасым Зина Қызылордадағы педучилищеде оқиды. Кіші қарындасым Әсем биыл Алматыға келген, Қаскелеңдегі мектеп- интернатқа апарып орналастырдым. Сегізінші класқа барады. Ертеңгісін ерте тұрдым. Шешем қысылғандай болды. Дәрігер шақырдық. Реті келсе,үйден көрі аурухана дұрыс қой деп дәрігермен сөйлесіп, өгіз арбаға салып, поезжолдың аржағындағы ауруханаға алып келіп салдым. Дәрігері Саратов қаласынан келген жас қыз екен. Танысып, шешемнің жайын сұрап едім:
–Атерсклероз. Жүрегі әбден тозған, – деді.
Күні бойы өзімді қояр жер таба алмай, далада жүрдім. Күн жылы. Кешкі сағат бестер шамасында ауруханаға бет алдым. Ертең қайтуым керек. Хамитбекті өзіммен бірге ала кеткім бар. Мына жерде оған қарайтын адам жоқ, оның үстіне құлағы ауырып жүр екен, уақытылы емдетпесе болмайды. Шешеме соны айтқым келді. Тәуір болып кетсе, баласы келеді ғой қайтып. Бөлмеге кірдім. Шешем ұйықтап жатқан сияқты, менің келгенімді білмеді. Медсестра келіп, қолтығындағы градусникті алған кезде көзін ашты да, мені көріп:
–Кедің бе? – деді. Содан кейін – Хамитбек қайда? – деп сұрады.
–Қалайсың, – деймін.
–Жақсы,- деп қайтадан көзін жұмды. Көзін аша алмай жатыр.
Бірақ «жақсы» дейді.
–Мен ертең қайтамын. Хамитты ала кетейін, – дедім. Ол үндеген жоқ. Ұйықтап кеткен сияқты. Намаздігердің көлеңкесіндей болып әлі тұрмын. Әлден уақытта көзін ашып:
–Жолың болсын. Хамитбекке көз бол, – деп әрең айтты. Қолын созды. Мен қолын алғанымда ол өзіне қарай тартты. Мен еңкейіп бетінен сүйдім. Осы кезде өзімді-өзім ұстай алмай, көзімнен жас ыршып кетті. Соны білдіргім келмей жалт бұрылып, сыртқа ытып шықтым. Осы екі ортада ауа райы бұзылып та үлгерген екен, терістіктен соққан суық жел бетімді шарпып, макентошымның шалғайымен ойнай бастады. Ештеңеге қарамай тура тартып келемін. Көз жасым бетімді сызып, омырауыма тамады. Жас сызған жол темір қарығандай сұп-суық.
Үйге келіп тамақ іштім де дәрігер қыз Нинаның үйіне келдім. Ол қуанып қалды. Әңгімелесіп отырмыз. Шешемнің жайын сұраймын.
–Ауруы асқынып кеткен. Жағдайы қиын. Бірақ, кім біледі...- деп қойдым. Үміт жібінің ұшын ұстатқысы келеді, бірақ өзі оған сенбейтін сияқты. Мен оны киноға ертіп бардым. Дала суыта түскен. Үйінің қасына келгенде:
–Ниночка, мен ертең сағат тоғызда поезға отырамын. Інімді ала кетемін. Шешемді сізге тапсырдым. Хат жазамын, – дедім.
–Қолымнан келгеннің бәрін жасаймын, – деп ол уәде етті.
Бүгін ерте ояндым. Күн құтырынып тұр екен. Қыстың түскені осы болар, сірә. Бұл жақтың, әдетте күні суық емес, желі суық. Терістіктен азынаған суық жел бетіңді темірше қариды. Поезд сағат 9-20-да келуі тиіс. Мен ауруханаға шешеме тағы да соғып, қоштасып кетуіме болатын еді. Өзімді өзім ұстай алмаймын ба деп қорықтым. Кетіп бара жатқан бізді көру ол кісіге де оңай соқпас-ау деп те ойладым. Бір жағынан жаман ырым жасамайын, біздің соңғы кездесуіміз сияқты көрінбесін дегендегім. Қазір, міне поезд келе жатып, осынымның қате болғанын сезіндім. «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген, ауру жүрегі тоқтап қалғандай болса мұның өкініші сірә де кете қояр ма екен? Әй, қайдам-ау! Билет алып поездың келуін тосып тұрғанда Тәкіш көкем келді. Ауруханаға соғыпты.
–Сол бір қалпы, – деді. – Сендердің жүріп бара жатқандарыңды айтып едім «мында соқпай ма?» деп сұрады. Поездың келетін уақыты жақын, үлгере алмас деп едім, «жолдары болсын» деді. Ал енді хабарласып тұрыңдар...
–Шешемнің бізді күткенін түсіндім. Ана жүрек күтеді ғой. Тағы бір көргісі келгені ғой. Менің де көргім келеді, бірақ, енді амал жоқ, жүйрік поезд бізді минут сайын Сұлутөбеден, шешемнен ала қашып, алыстатып бара жатыр. Кім біледі, жаңа жылға дейін шыдаса, тағы бір келіп қайтамын ғой деп өзімді өзім жұбатумен келемін. Осы кезде қарсы отырған орыс шалы:
–Ініңіз жылап жатыр, – деді маған.
Хамитбек екінші полкада жатқан-ды. Мойын созып қарасам ебіл-дебілі шығыпты. Ол да шешесін ойлаған болды-ау!
–Неге жыладың?- дедім.
Сыртқа шыққысы келіп, соны айта алмай қысылып жатқаны екен.
Бір жылдан бері көріспеген бауырым мені жатырқайтын да сияқты-ау.
Ноябрь.1952.
Күй бітті. Әжем домбырасын орнына қойды да:
–Қартайдым. Қайрат қайтты. Домбыра тартудың өзі мен үшін енді күш болып қалды, буындарым шыдамайды,- деді. «Мені енді күй тарт деп қыстамаңдар» дегені еді. Біз тамсанумен отыра бердік. Осыдан кейін әңгіме басталып кетті.
–Балам, үйлендің бе, келін бар ма?- деп сұрады қарт әже беріп менен.
–Мен үйленетін қыз әлі өспей жатыр... – деп қалжыңға бұра беріп едім.
–Мұхамбет пайғамбар Айшаны он жасында алыпты, – деді әже күліп, – өзі пайғамбар бола тұра соны өлердей қызғанса керек. Тым жасқа жолап қайтесің.
Бәріміз күлдік. Мұхамбет алғашында өзінен он бес жас үлкен бай әйелге үйленгенін бір жерден оқығаным бар еді, мен соны айттым. Содан кейінгі әңгіме ескі діни аңызға ойысты.
–Алла тағала әуелі топырақтан Адам атаны жаратыпты ғой.
Жалғызсырамасын деп Лити деген әйелді оттан жаратып екеуін қосыпты дейді. Жалындаған от келіншек Лити топырақ иісін шығады деп Адам атаны менсінбей тастап кетіпті. Содан Адам ата қапа болып, қатты қайғырып әбден жүдеп кеткенін көрген Алла тағала Адамды аяйды да, ол ұйықтап жатқанда бір қабырғасын сөгіп алып, Хауананың мүсінін жасап, жан бітіріпті де, Адам атаға қосыпты ғой. Содан екеуі тату- тәтті өмір сүріп, бүткіл адамзат баласы содан таралыпты дейді. Біздің «қабырғаңмен кеңесіп көр» дегеніміз сол қабырғадан жасалған әйелмен кеңес деген болуы керек. Қарт әже мәз болып күліп алды. Осыдан кейін әңгіменің тиегін ағытып ол дүние, жұмақ, тозақ туралы сөйлеп кетті. Байқаймын, әжеміз – атеист сияқты, әңгімесінде ащы мысқыл бар. Уақыт кешейіп барады, біраз әңгімелескеннен кейін қайтамыз деп, орнымыздан тұрдық. Пальтомызды киіп:
– Ал, әже, қош болыңыз. Өзіңізді көрдім, күйіңізді тыңдадым.
Қолыңыздан дәм таттым. Бәріне де көп-көп рахмет. Екі дүниенің қызығын көріңіз... – дей бергенімде, қарт әже:
–Қайдам, – деді менің ойымды аяқтатпай, – жасымда мені «домбыра тартқан кісі о дүниеде тозақ отына күйеді» деп қорқытушы еді, маған жұмағын қия қояр ма екен?
Әже езу тартты.
– Домбыраның арқасында бұл дүниенің жұмағын көрдіңіз. Ол
Дүниеде мүңкір-нәңкір келіп тергей бастағанда сіз жауаптың орнына күйіңізді тарта беріңіз. Ар жағында саңлауы болса, өздері де ойланар, – деп едім, үй ішіндегілер түгел күлді. Қарт әже күлкісін жимай басын изеді де:
–Сен баламның сөзі маған ұнап кетті, отыр. Тағы бір күй тартып берейін, деді. Біз отырдық. Бұл жолы күйші әже «Төремұратты» тартып берді де, біз кеткелі қайта қоштасқанымызда:
–Келіп тұр. Шарғат туралы тағы сөйлесеміз, – деді.
11.11.52.
Кеше кешкісін Алматыға келдік. Мында сықырлаған сары аяз буып тұр екен. 7 ноябрь күні түстен кейін қар жауып, аяғы суытып кетіпті. Үйіміз вокзалдан онша алыс емес еді, ақ қар, көк мұзда Хамитбекті қолынан жетелеп, жаяу тарттық. Екеуміздің де үстіміз жұқа еді, тоңып қалмайық деп келеміз.
21.12.52.
Бөлмеде отырғанда үшбұрыш хат әкеліп берді. Мұндай хаттар соғыс жылдарында жиі кездесетін-ді. Ашып қарасам, «Қалқам Мырзатай...» деп басталыпты. Сұлутөбеден жазған Тәкіш көкем екен. Шешемнің о дүниеге аттанып кеткенін хабарлап, көңіл айтыпты. Көзімнен жас парлап қоя берді. Оны байқап қалған Оразгүл келіп құшақтап, бетімнен сүйді. Жұбатқандағысы. Топырақ салуға шақырмағандары несі, түге. Денсаулығы жоқ, мына қыста әбігерболмасын дегендері-ау тегі. Солай ғой. Үйге келдім. Бибігүл апам бірдеңе жамап отыр екен, құшақтай алып, өкіріп жылап жібердім. Сол жерде апам дауыс салды.
Көп ұзамай Бибайша апаны ертіп Оразгүл келді...
Хамитбек, Нұрлан екеуі төргі бөлмеде асыр салып ойнап отыр, шешесінен айырылып қалғанын білмейді. Баламысың деген...
10.01.1953.
Үш күн бұрын «Социалистік Қазақстан» редакциясына келіп едім, Төлеубай бейне бір нағашысын көргендей қуанып қалды.
–Сені өзім іздейін деп отыр едім, жақсы келдің. Тапсырма бар...
–Иә.
–Өткен жылы Зияш Қалауованың «Бейбітшілік сүйеміз» деген өлеңдер жинағы шықты. Білетін шығарсың, өзі қайтыс болып кеткен. Сол жинаққа рецензия керек...
«Пионер», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде үш-төрт очерктерім жарияланған-ды. «Пионер» журналында әңгімем басылды. Бірақ осы уақытқа шейін рецензия-мақала жазып көргенім жоқ. Аспирантпыз, диссертация жазып жүміз, рецензия жаза алмаймын деуге ұялдым да, уәде еттім. Ол маған Зияштың кітабын берді. Кітапты бір күнде оқып шықтым. Жинаққа небәрі 36 өлең еніпті. Дені бейбітшілік үшін күрес тақырыбы, еңбек туралы лирикасы да өзекті тақырыпты толықтыра түскен. Біраз өлеңдері балаларға арналады. Зияш санаулы ғана әйел ақындарының бірі. Тақырыбы ұтымды, ал поэзиялық жағы қарабайырлау. Жалпы, осы бүгінгі поэзиямыздың өзі көбіне үгіттік деңгейден аса алмай жүрген жоқ па? Осы деңгейімен салыстырсақ, Зияш та солардан қалыспайды. Бірақ, жаңалығы бар ма десек, оны айта алмаймыз. Жаңалық қайсысында да бар? Жүректі тербейтін, санаңа ой жарығын түсіретін өлеңдер неге жазылмайды екен? Абайдың өлеңіндей неге болмайды? Бірақ, сол Абайдың өзін де әділ бағалап жүрміз бе? Соның ұлылығын танып болдық па? Уәде берген соң, рецензияны жазуын жаздым. Өзіме ұнамайды. Одан артық жазуға мүмкіндігім де жоқ. Орта қол шығарма туралы қалай төгіле аласың.
00.06.1953.
КЕЛІНШЕКТЕРДІҢ КҮКІСІ-АЙ
Институт. Әдебиетшілер отырған бөлме әрі кең, әрі салқын. Терезелері терістікке қараған. Оразгүл, Балым, Зүбайра, Бибіжамал – төрт келіншек және мен. Келіншектер қалжың айтып күлісіп отырған бір сәтте Ғабит Мүсірепов келді. Бәрімізбен бас изеп амандасты да, төрдегі бөлім меңгерушісінің орнында отырған маған қарап:
–Е, сен де академик пе едің? – деп әзілдеді.
–Академик емеспін, бірақ осында істеймін, – дедім. Десем де сөзім дөрекілеу шыққанын сездім. «Иә, академикпін...» деп әзілдеп қоя салуым керек пе еді? Осыдан кейін әңгіме әрі қарай жалғанбады. Ғабеңнің бұрын-соңды академияға келгенін көргенім жоқ. Нендей шаруамен жүр екен деп ойладым.
Оншақты күн бұрын үкімет үйінің залында қазақ эпосы туралы бірнеше күнге созылған айтыс өтті. Сол айтыс кезінде Оразгүл «Қобыланды батыр» туралы сөз сөйледі. Сол күні Оразгүл апамыз, жұртты қатты таңдандырғандай болған. Отызға жаңа ғана келген, толған айдай толықсып тұрған шағы. Үстіндегі электрик деп аталатын көк шерсть көйлегі ақшыл жүзін ашып тұр. «Қобыланды батыр» жырын жоққа шығара сөйлегені болмаса, лекциясы жақсы еді. Сөзі жұртқа жақсы әсер қалдырды. Үзілістен кейін мен Оразгүлдің дәл желке тұсындағы орындыққа келіп отырдым. Оразгүлден үш қатар ілгеріректе Ғабит Мүсірепов отырған. Біт уақытта ол артына бұрылып, бір жапырақ қағазды екі бүктеп Оразгүлге жіберді. Ол ашып оқыды. Дәл желке тұсында отырған менің көзім Ғабең жіберген хатқа түсті. Біреудің жазғанын оқу ұят екенін білемін, бірақ, Оразгүлдің менен жасыратын сыры болмайтын, сондықтан да өзімді-өзім ақтап отырдым. Әлгі хатында Ғабең:
«Жолдас Нұрмағамбетова!
Жазғалы жүрген пьесамда ескерту үшін, сіздің әлгі баяндамаңызды оқып көрейін деп едім. Мүмкін болса бір данасын беруіңізді өтінемін. Ғабит» деп жазыпты. Оразгүл сумкасынан баяндамасының бір данасын алды да, сол жерде алдында отырған кісіден Ғабеңе беріп жіберді. Қолжазбаны алған ол кісі бүтін денесімен бұрылып Оразгүлге қарады да бас изеп, алғысын білдірді. Сол қолжазбаны иесіне қайырғалы келген болар ма деп ойладым. Жоқ, бұл кісінің қолында не папка, не қағаз көрінбеді. Ғабең бөлменің дәл ортасындағы орындықта маған арқасын бере, келіншектерге қарап отыр. Келіншектер бұл кісі келгенге дейінгі күлкілерінен әлі босай алмай, көздері ойнап, езулерін жия алмай отырғанын байқадым. Үзілген күлкіні жалғауға Ғабеңнен қысылатын сияқты. Әсіресе, Зүбайра көзінің астымен бір-бір сүзіп шықты.
–Сіздердің қолжазба қорларыңызда «Қыз Жібек» жырының
басқа нұсқалары бар ма, бар болса нешеу? Солармен танысайын деп едім, – деп, бұл кісі келген шаруасын айтып еді, Зүбайраның көзі ойнап сала берді.
–«Қыз Жібек» бар, келіп тұрсаңыз беремін, деді де іштей буып тұрған күлкісін тия алмай дауыстай күліп жіберді. Оның күлкісіне басқалары да езу тартты. Бәрі де Ғабеңнің «Қыз Жібектің» қолжазбасын іздеп келмегенін іштері сезгендей еді. Ғабең ыңғайсызданғандай болды. Оразгүлден басқаларын танымаса керек-ау. Әлден кейін бұл кісі шалбарының оң қалтасынан бет орамалын алды да мұрынын басып, қатты түшкірді. Зүбайра бұл жолы тығыны атылып кеткен шампандай жарыла күлді. Ғабең өзін қоярға жер таба алмағандай, ыңғайсызданды да:
–Қиын болмаса «Қыз Жібек» жырының нұсқаларын тауып
қойсаңыздар, тағы бір келгенде алар едім, – деп, бас изеп қоштасып шығып кетті. Дәл осы кезде Зүбайраға Бибіжамал қосылып, бөлмені жаңғырықтыра күлді. Сөз жоқ, олардың дауысын Ғабең дәлізде бара жатып естіді. Мына келіншектердің орынсыз күкісіне ызам келді. Олардың барлығының да жастары менен үлкен, кеюге болмайды.
–Ұят болды ғой, неге сонша күлдіңіздер, – дедім Зүбайраға қарап.
–Қайсымызға құрық тастағалы келді екен деп, соған күлдім, – деп Зүбайра сықылықтап, сөзін әрең айтты. – Дәу де болса Оразгүл мен Бибіжамал – сен екеуіңе келді. «Қыз Жібектің» нұсқасын іздеңдер енді.
-Ішіміздегі әрі жас, әрі әдемі Оразгүл, – деді Бибіжамал. Сонан соң Оразгүлге бұрылып: - Анадағы берген баяндамаңды әлі қайтарған жоқ па? – деп сұрады.
–Сендер де қартайып тұрған жоқсыңдар ғой, – деп Оразгүл ана келіншектерге қарап езу тартты. Жұмыс басты болып, әбден іштері пысқан болу керек, төртеуі түскі үзіліске шыққанша уақытты күлкімен өткізді. Ал мен күлгенім жоқ. Ғабең үшін бір түрлі ыңғайсыздық сезіндім.
18.02.1954. ... Сөйтіп біз Нұрханның үйіне шығып кеттік. Стол үстіне иін тіресе қойылған тағамдардың буы бұрқыраған күйінде, кесеге жаңа құйылған сыра ерінге бір де тиместен мөлдіреген қалпында қала берді.
Уақиға былай басталды:
Қызметтен шығып, үйге бара жатқан бетімде туысқаным Нұрхан кездесіп, қоярда қоймай үйіне ертіп келді. Бұрын –соңды араласымыз жоқ еді. Мені жалғызсырамасын деді ме? Көршісін де шақырды. Біз бөлме ортасындағы үлкен стол қашып кетпесін дегендей қоршалай келіп отырдық. Нұрхан жайдары жүзбен күле сөйлеп, қызмет жайын әңгімелей беріп, ботинкасының бауын шеше алмай қасына келген баласына:
–Мамаңа бар, мамаңа, – деп оны қолынан ұстап Күләйға қарай жіберді. Күләй жыламсырап тұрған баласын шешіндіріп, қолына ойыншықтарын ұстатып алдандырды да тамақтың жабдығына кірісті. Шәйнекке су құйып, үстіне сырмақ кеудешесін киіп далаға шығып кетті. Біраздан кейін бір құшақ сексеуіл әкеліп пеш жақты. Плита үстіне қазанды қойып, май шыжғырды. Шыжғырылған май мен қуырылған еттің сүйкімді иісі мұрынды жарып барады. Көп кешікпей Күләй картопты да аршып, турап қазанға салып, үстін тарелкамен тас қып бастырып тастады. Не керек Күләйдің әңгіме тыңдауға мүмкіншілігі болмады да, біз өзімізше ананы- мынаны айтып отыра бердік. Мен бір уақытта Күләйға:
–Сіз әңгіме ести алмадыңыз-ау, – деп қиналған болдым.
Шынында да оны аяп отырмын. Біз сияқты ол да сегіз сағат жұмыс істеп, шаршап келеді. Оның үстіне тамақ пісіру, балаға қарау, қонақ күту, әрине, оған жеңіл жұмыс емес. Ойламаған жерден артық бейнет тауып бергеніме берекетім кете бастады. Тіпті жәрдемдескім де бар. Бірақ «үй иесі жаман болса қонақ билейдінің» кері бола ма деп өзімді-өзім ұстап, тежеп отырмын. Менің әлгі сөзіме Күләй жайдары жүзбен, күлімдей жауап қатты:
– Оқасы жоқ, қазір тыңдаймыз ғой.
Менің ауаныма көше қалған Нұрхан орындығына арқасын сүйей сыздана сөйледі:
–Біздің жұбай кейбір «мықтылардың» әйелдері сияқты ақ саусақ емес, майлық, сулығы бірдей. Бәрін өзі жайғастырады,- деп көңілдене күліп қойды. Мен Нұрханға тигізе бір сөз айтып қалғым келіп оқталып ем, қасымда отырған қонақтың бірі Нұрханның сөзін жалғастырып кетті де, маған кезек бермеді. Күйеуінің машинасынан түспей шоферларды үй қызметкерлеріндей жұмсайтын кейбір жеңгейлерінің мінездерін айтып бізді күлкіге кенелтіп-ақ тастады.
Әңгіме таусылмады. Күләй бағанағы жайраңдаған қалпы, стол үстіндегі жібек дастарханды жинап алды да, қолындағы орамалмен кленканы сүртті.
Нұрхан тағы да шірене түсіп:
–Біздің бәйбішеде ондайлардың бірі де жоқ, – деді.
Күләй буфеттен тағамдар салынған шыны сауыттарды стол үстіне қоя бергенде, Нұрхан оған күбір ете қалды:
–Графинде ештеңе бар ма?
Күләй басын шайқады. Нұрханның күтпеген жерден қонақ ертіп келетінін білмей қалғанын айтып:
–Өзің барып әкеле қойшы, менің мұршам болмай жатқанын көріп отырсың ғой, – деді.
–Ендеше сыра әкел, – деді Нұрхан әйелінің сөзін естімеген болып. Күләй үн қатқан жоқ, ерінің ойын емеурінен түсініп, сәл қабақ шытты да, бірақ онысын бізге сездіргісі келмей, қайтадан күлімсірей түсіп сыртқа шығып кетті.
Ол біразға дейін келе қоймады. Осы кезде электр шәйнек сықырлай қайнап, қақпағының тесігінен бу атқылай бастады. Шамалыдан кейін қақпақ секілденіп, суы тасып төгіле бастады. Нұрхан есікке жалтақтап, «әлгі қайда кетті» дегендей тыжырына қарады. Мен тұрып шәйнектің шнурын алып тастағанда Нұрхан орнынан тұрар-тұрмасын білмей:
–Қазір келеді ғой әлгі, – деп күңк ете қалды.
Қолыңда сыртын эмалдаған тобатайы бар Күләй кірді.
–Неғып байланып қалдың, шәй қайнап, төгіліп қалды ғой! – деді
Нұрхан. Күләй оған ашулы жүзбен қараса да жылы сөйледі:
–Қайнаса алып қоя салмайсың ба? Үлгергенім-ақ осы болды.
Келісімен қолын жуып қазандағы картопты бастырған тарелканың бір шетін пышақпен көтере бергенде шығарға саңлау таба алмай тұрған долы бу Күләйдің қолын шарпып кетті білем, ол қолын тартып алып, сілкіп-сілкіп қалды. Сықырлап қайнап жатқан шәйнектен қазанға шамалы су құйды да:
– Нұрхан бір шелек су әкеле қоясың ба, – деді жәй ғана сыбырлап.
–Тамағың бүгін пісе ме өзі, жоқ па! – деді күйеуі оған ала көзімен бір қарап.
Шелегін алып суға Күләйдің өзі кетті. Біраздан кейін бір шелек суы бар алқына дем алып ішке кірді. Орталанған шәйнекке су құйып, шнурын тағы да резеткаға жалғастыра бергенде, Нұрхан лып беріп оның қасына жетіп барды да:
–Сен немене, ыбылжып кеткенің! – деді тықсыра діңкілдеп.
–Үлгеріп жатырмын ба? Бір шелек су әкеле қой десе тағыңнан тайып қалатындай болдың ғой... – деп Күләй да шыдамай қарсы келе кетті. – Көмектесу дегенді білмейсің. Істесең өз үйіңнің жұмысы, қолыңа жұға ма, жолдастарыңа сен де қызмет етіп күтіс.
Үйде қонақтар отырғанда Нұрхан шәлкем мінез білдіріп қала ма деп Күләй соңғы сөзін әзілдеп айтқан болып, болымсыздау ғана жымиып қойды.
–Жұрттың көзінше... қай басынғаның... көзіңді ашып қара! - деген Нұрханның дауысы қаттырақ шығып кетті. Осы кезде баласы шешеснің қасында шанышқыларды сүртіп беріп жатыр еді, ашуға булыққан Нұрхан біздің көзімізше Күләйға сөйлей алмай, баласының иығынан жұлқып қалып:
–Қазан-аяққа араласпа демеп пе едім саған! Басыңа жаулық тартып, қатын болып кетсейші. Кет былай! – деді.
Анасына көмек беруге жарағанын мақтан етіп тұрған бала ойламаған жерден әкесінің жұлқылағанына ызаланып бақырып қоя берді. Ерлі-зайыпты кісілердің арасындағы булыққан ызаның сыртқа шығуына бұл себепші болды. Күләй жылап шығып кетті. Қонақ боп келіп, бұлардың жүз жыртысуына себеп болдық-ау деп қысыламын. Көршісі де қыл үстінде отырғанға ұқсайды. Бір-бірімізге жалтақтай қарасамыз. Сыртқа шығып, бетін жуып келген Күләй стол үстіне тамақ қойғанда да бізге тура қарай алмай, қырындап көңілсіз жүрді. Тамақты стол үстіне қойған соң өзі далаға шығып қайтып кірмей қойды. Нұрхан қатар түзеп, тізіліп тұрған кеселерге толтыра, толтыра сыра құйып, өзі кесесін көтеріп бізге қарады.
–Қане алып жіберейік!
–Ас иесімен тәтті деген, Күләй келсін, – дедім мен.
–Әйелсіз үйдің көркі болмаса, тамақтың да дәмі кірмейтіні рас, – деп көршісі мені қоштады. Нұрхан күлімсіреген болды. Бірақ жүзінде ызаның ізі жатқандай, жылуы жоқ күлкі.
– Осы күні әйел әулие болып кеткен, – деп ол тістене сөйледі, – осынша бүлінетін мен не айттым оған? Оларды шолжаңдата берсең... Кәне, өзіміз-ақ ала берейік.
Мен Нұрханға ызамен қарап тұрып қаппын. Оның шегір көзіне көзім түскенде қарсы алдымда туысым емес, қасым тұрғандай зығырданым қайнап кетті. Мұндай жерде менің аузымнан қатты-қатты сөздер шығып кетуі де мүмкін еді. Өзімді өзім тежеп, жай ғана:
–Күләй келмесе мен ішпеймін, – деп шалқая бердім. Күләйді шақыр, өзің бізге қызмет жаса.
–Өмірі шәйнектің тұтқасына қолым тиіп көрген емес, – деп ол зілдене сөйледі.
Аулаға шықсам, Күләй су алып келе жатыр екен. Мен қоярда-қоймай үйге алып кірдім. Күләй үйге кіргенде де Нұрхан ала көзімен ата қарады.
–Сен немене, талағыңнан тарс айрылғаның. Мыналардың алдында мені тәртіпке келтірейін деп пе ең? Мен ол жастан асып кеткенмін, көгершінім... отыр. Сенімен әңгіме кейін болады. Күләй тағы да ыңғайсызданып қалды.
Нұрханның осы отырысы мен түйеден түскендей сөздері кімді де болса ызаландырмай қоймайтын еді.
–Мен ішпеймін. Кетемін, – дедім. – Сені әжептәуір адам деп Шақырған соң сөзіңді сыйлап келіп едім...
–Кім екенмін? – деп ол ежірейе түрегелді.
–Кім екенің көрініп тұр. Мен киіне бастадым.
Байқасам көршісі де киіне бастапты. Сөйтіп біз әлгі үйден шығып кеттік.
Туысқанымның атын өзгертіп, әлгі жайды әңгіме етіп жаздым да газет редакциясына алып келдім. Бас редакторы демалыста деген соң оның орынбасарынын кабинетіне кірсем, шашын маңдайынан қақ жара шалқасынан қайырған, арықтау келген қара жігіт телефон арқылы типографиядағы өз қызметкерлерімен сөйлесіп жатыр екен. Бұйыра кеи сөйлейді. «Оның неменесіне түсінбейсің? Симаса кесіп таста! Соған да менің барып жүруім керек пе?» деп трубканы іліп қойды да, әлденеге абыржып, суырмасын ашып қағаз іздеді, керегі табылмаған соң суырманың жәшігін тарс еткізіп жауып, қарсы алдына тұрған маған қарады. Жаңа есікті ашып, аттай бергенде сәлемдесіп едім, ол жауап берген жоқ-ты. Телефонның әлегімен бола берген. Ендігі сәлемді өзінен күтіп едім.
–Маған келдіңіз бе? – деді ол.
–Я, сізге.
Папкамды ашып, қағазымды ала бергенде:
–Не материал? – деп сұрады.
–Әңгіме.
–Әңгіме?! Сіздің фамилияңыз кім еді?
Бір жерін сона шағып алғандай орнынан ыршып бір қозғалды да, таңырқай қарады.
Мен фамилиямды айттым.
–Қане, – деп редактордың орынбасары менің жазбамды алып, бас-аяғына бір көз жүгіртіп өтті де:
–Бұл бізге керекті тақырып, жарайды, тастап кетіңіз. Үш – төрт күнен кейін хабарын аларсыз, – деді. Одан әрі сөйлескісі келмей, тағы да суырманы ашып, ішінен бірдеңе іздей бастады.
Сыпайы қоштасып шығып кеттім.
Ертеңіне Жазушылар Одағынан проза бөлімінің бастығы телефон соқты. Жаңа жаза бастаған автордың әңгімелер жинағы түскен екен.
– Сен өзің де әңгіме жазып жүрсің, оның үстіне ғылыми тұрғыдан зерттейсің. Әділ пікіріңді айтшы, – деп өтінген-ді. Келістім. Бұл кешегі өзім әңгіме апарған газет редакторы орынбасарының жинағы екен. Ертеңіне кешке авторы телефон соқты. Тым сыпайы сөйлеп:
–Сәлеметсіз бе? Мен ғой. Иә, сіз диссертация қорғады деп естідім, қайырлы болсын...
Диссертация қорғағаныма жылдан асып кеткен мені құттықтаудың реті енді келген екен. Ол сонан соң:
– Әнеукүнгі әңгімеңізді оқып шықтым. Өте жақсы жазылған екен.
Қатты ұнады. Осы алдағы жұмада басқалы отырмыз. Я, я, жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір деген ғой. Бірімізді біріміз қолдап отырған жөн. Әйтпесе... Сіз әңгімелеріңіз болса әкеп тұрыңыз. Тоқтау болмайды. Біздің тұрақты авторымыз болыңыз...
–Рахмет, – дедім, – жазсам апарамын ғой.
–Айтпақшы мен де өзіңдей әңгіме жазып талаптанып жүргеннің бірімін. Жазушылар Одағына бір жинақ ұсынып едім, сізге берген екен, оқып, байқарсыз... Анау-мынау кемшілігі болса өзіме ауызша айтарсыз... А? Әрине әділдігін деймін ғой, сонда да. Я...я... сау болыңыз!
Оның бұл жинағына мен «бұл күйінде ұсынуға жарамайды. Әлі де көптеген жұмыстары бар» деген қортынды жасап, кемшіліктерін толық етіп жазып бердім. ... Бір жұма өтті. Баяғы басылады деген әңгімем басылмады. Екі-үш жұмадан кейін редактордың орынбасарына телефон соғып, әңгіменің жайын білгім келіп еді, ол: Қолжазбаңызды қайтадан тағы оқып шығып едік, кемшілігі байқалды. Бұл күйінде жібере алмай отырмыз... – деді. Бір жылдан кейін әлгі әңгімем конкурста екінші бәйге алып, журналға басылды.
16.07.54.
Есік көліне де жеттік- ау!..
Кеше Есік қыстағынан шыға бере-ақ жаңбыр жауып тауды бетке алып келе жатқан автобусымыздың терезесін бармақтай-бармақтай ірі жаңбырлар «ұрғылай» бастаған-ды. Оған да қарамай көлігіміз нар түйедей ыңыранып өзенді жағалай өрлеп келе жатты. Жол жаман. Екі-үш жерге тұрып қалып, әупіріммен қайта қозғалған едік, төрт-бес үйдің тұсына жете бергенде біржола шоңқайдық та қалдық. Күн кеш.
–Осы үйлердің біріне қонуға тура келеді, – деді шофер.
Біз төрт адам едік, екі-екіден бөлініп, сол жердегі үйлерге бөлініп,қонып шықтық. Жаңбыр түн ортасына ауа басылды. Бүгін күн шайдай ашық. Таулы жердің бұлттарының да мінезі ерекше болады екен-ау деп ойладым. Бірақ жер езілген, миы шығып жатыр. Шофер әрі қарай жүре алмайтынын ескертті.
– Осы жерден бір шақырым жерде пунк бар. Аржағы өр, жаяу көтерілесіңдер. Амалдап, жаяу тарта беріңдер, – деді.
Жаяу тарттық. «Победа» машинасы қуып жетті бізді. Ішінде отырған кісі біздің академияның іс басқармасындағы жүзтаныс екен, тоқтай қалды. Пункте жеткен соң жоғары қарай жаяу өрмеледік. Дем алып, дем алып артыма қараймын. Дала көкпеңбек, уыз қалпында. Алматыда тұрып табиғаттың сұлу жерлерін аралап, көрмейді екенбіз ғой тегі. Есік өзені тау жыраларын тіліп, сонау тереңде сарқырап жатыр. Жаңбырдан кейінгі дымқыл ауа да саумал қымыздай жұп-жұмсақ. Ғажап!
Бір уақытта алаңқайға шықтық.
–Келдік!- деді танымал.
Жыланша ирелеңдеген жолдармен Есік көліне де жеттік. Әлгі ғажап деген суреттерім көлдің панорамасына қарағанда түк те емес екен! Көлдің бергі жағасында үш-төрт үй тұр. Бұл турбазаның үйлері. Ана бір етекте тұрған биік үй асханасы көрінеді. Жоқ, үйлері емес, жап-жасыл көлдің бояуы да, аясы да көздің жауһарын алады. Табиғаттан асқан суретші жоқ қой, адам қиялы дәл осындай ғажап көріністі бере алар ма екен? Әй, қайдам-ау. Адам табиғаттан үйренеді ғой...
21.07.54.
Володяның кім екенін мен бүгін ғана білдім. Қайық есіп келе жатып:
–Сіз Сталиннің шоферінің баласы екеніңіз рас па?- деп сұрадым.
–Өтірік айтудың маған қандай қажеті бар? – деді ол.
–Сіз өзіңіз Сталинді көре алдыңыз ба?
–Жоқ.
–Әкеңіз ол жөнінде ештеңе айтқан жоқ па?
–Көп айта бермейтін. Бір айтқаны бар...
–Айтыңызшы, егер құпия болмаса, – дедім.
–Менің жастау кезім еді, бір күні әкем қос жұдырықтай қып-қызыл алма әкеліп берді. Алмаға онша таңсық емеспіз ғой, бәрі де жететін. Бірақ, бұл алманы «балаңа апарып бер» деп Сталин өз қолымен берген екен. Бәрінен де оның ықыласы қымбат еді.
26.07.54.
Үш күн бұрын тағы да төрт кісі келді. Композиторлар болса керек, ішінде Латиф Хамиди бар. Бәрі де егде, біреуі тіпті шал. Бұл кісілер келгелі күн бұлттанып, суытып кетті. Таулы жердің табиғатын кім білген, күн көзі шықса- шілдеге, бұлт торласа, жаңбыр жауса – қоңыр күзге айнала салуы қиын емес екен. Мен костюмшең ғана келіп едім, кешеден бері далаға көп шықпаймын. Композиторлар бұрын да мында болған сияқты, бәрі плащтарын, қалпақтарын ала келген. Далаға шығып шамалы жүріп келеді де:
–Горючи қайда? – деп күлісіп, өздері оңаша шүйіркелесіп, бір-бір рюмкадан тартып-тартып алады да:
–Енді осының қызуымен тағы бір оралып қайтайық, – деп тағы далаға кетеді.
–Олардың менде, менің оларда жұмысым жоқ.
Бүгін олар тоңып келді. Мен де жылынып алайыншы деп төсекте жатқанмын. Төртеуі кең бөлменің бұрышына барып, бір-бір рюмкадан тартып-тартып жіберді. Содан кейін Хамиди бергі шетте жатқан маған қарап:
–Сіз неге жатырсыз? Тоңсаңыз, келіңіз бізге қосылыңыз.
Тұрыңыз, – деді.
Мен рахмет айттым. Ішкілікке жоқпын дегенді білдірдім. Бұл кісі таң қалған сыңай танытып, менің қайдан, қашан келгенімді сұрап әңгімеге тарта бастады.
–Біз шалдар тоңғақ келеміз, – деп жымия күлді.
–Сіз бізді танымайтын шығарсыз...
–Ана кісілерді білмеймін, ал сізді танимын,- дедім.
–А,- деді Хамиди таң қалғандай.
–Мені танисыз ба?
–Сізді қай қазақ танымайды? «Қазақ вальсін» естіген кісі сіздің
Хамиди екеніңізді біледі...
Сол-ақ екен, Хамиди маған жақындап келіп: қабағында күлкі ойнап, үлкен мейірім танытқандай болды. Ахмет Жұбанов айтыпты деген анекдот бар. Композиторлар одағы басқармасының мәжілісі болыпты. Мәжілісті Евгений Брусиловский басқарып, хабарлама жасауды Латиф Хамидиге береді. Бір қызығы, қатысқан кісілердің ішінде Ахаңнан басқасының барлығының да тұтықпалары бар екен. Хамиди сөзді созып жібергенде, Б. Ерзакович реплика беріп, онысы да созылып кетеді. Бір – бірлерін онша дұрыс түсіне алмаған соң, Ахаң тұрып:
–Әркім өз ойын қағазға жазбаша түрде түсіріп берсін, – деген ұсыныс айтыпты. Осы әңгіме ел ішіне тарап кеткен-ді. Менің ойыма сол түсті.
–Латиф аға, «Қазақ вальсін» қай жылдары шығардыңыз? – деп едім, ол кісі тұтыға сөйледі.
–Оның атын м-ме-ен қойғаным жоқ, – деді.
Түсінбей қалдым да:
– Қалайша? – деп сұрадым.
–Соғыстың алдында Қазақстанның жиырма жылдық мерекесінің қарсаңында Сәбит Мұқанов «Екі той» деген шығарма жазды. Сол спектакльге мен музыка жаздым. Сонда бір қыз, бір жігіт қосылып дуэт айтады. Қыздың ата Сайран болатын. Содан «Сайран әні» деп аталады. Кейін Күләш Байсеитова осы әнді радиодан жалғыз орындады. Бұл 1940 жылы еді. Сонда бұл әнді «Қазақ вальсі» деп атады. Мен қарсы болғаным жоқ. Себебі бұл ат менің өзіме де ұнады.
Мен таң қалдым.
19.11.1954.
Кеше жұмыстан Розамен қайттым. Тағы да жаяу келеміз. Бұл қыз Аманкелді ескерткішінің аржақтүбінлегі мыжырайған аласа ағаш үйде тұрады. Апасының үйі. Мен одан әрірек Ташкент көшесінің бойындағы ет комбинатының үйінде тұрамын. Жолымыз бір болған соң соңғы кездері мен оны институтының қасында күтіп алатын әдетті шығардым. Жаман қыз емес. Түрі де әжептәуір, бірақ тым келегеш. Қыз баланың күлегештігін жаратпаймын.
Жола келе жатқанда ол:
–Сіз Мұхамеджан Қаратаевты білесіз бе?- деп сұрады. – жазушы...
–Сырттай білемін. Бірақ көрген кісім емес. Оның бізге туыстығы бар. Неге сұрадаңыз?
–Мен жатқан үйге солар көшіп келді.
Қаратаевтың өзін мен 30-шы жылдардағы газет-журналдарға жазған мақалалары арқылы ғана білемін. Ал оның бізге туыстығын әкемнің қарындасы Бибігүл апамнан талай естігенмін. Әкем – Төлеген, оның әкесі – Қарақалпақ деген кісі екен. Сол Қарақалпақтан Сыр мен қырға аты мәшһүр болған Оразайдың әкесі де туады екен. Оразбайдың күмбезі Қызылорда облысының Сұлутөбе станциясынан жет-сегіз шақырым жерде Сырдария өзенінің жағасында тұр. Оны салған туысымыз Мардан ата. Менің аталарым жаз Сарысу өзенін жайлап, қыс Телкөлде қыстайды екен. Қыс қатты болады-ау деген жылдары Сыр бойына көшіп келетін көрінеді. Оразай атамыз осы Сыр бойында қыстап отырғанда дүние салыпты. Оразайдың баласы – Ахмет. Бұл менің атам- Дүйсенмен қатар өмір сүрген кісі. Бұхарада ма, әлде одан басқа бір шаһарда оқыған өте білімді, ел ішіне айрықша беделді болған кісі. Өзі үлкен дәрігер болса керек-ті. Қаны тасыған кісілердің шекесін пышақпен шерітіп, безі шошып ауырғандардың безін сылып ала береді екен. Хирург болған. Бұл кісі мен тумай тұрғанда-ақ Телкөлде өлген. Мардан атам ол кісінің басына күмбез тұрғызыпты. Бала кезімде көшіп жүріп бір күні ауыл Телкөл маңына қонды. Ертеңіне ауыл кісілері түгел жиналып Ахмет атамның күмбезіне барып бата қылды. Солармен бірге мен де барғаным есімде. Төбенің басында күйген кірпіштен қаланған биік күмбез екі бөлмеден тұрады екен. Ауызғы бөлме келіп бата оқитындар үшін салынған. Ағайдың айтуына қарағанда Ахмет атамыз революция жылдарында совет үкіметінің жағында болып көп көмек жасаған. Сол Ахметтің Нұртаза, Мұстафа деген ұлдары, Бибісара деген қызы болған. Бибісара бәрінен де үлкен. Бибігүл апамның айтуына қарағанда Бибісара өте көрікті, ақылды болса керек. Апам ол кісінің қалай ұзатылғанын жырдай қылып айтып отыратын. Сол елде Қаратай қажы деген өте беделді кісі болыпты. Ол Ахметпен тұстас. Сол Қаратайдың Қожаспай деген баласына Бибісараны айттырады да ұлан-асыр той жасайды. Қожаспай жуас момын кісі екен. Түр-келбеті онша қыз қызығарлықтай болмаса керек. Көрікті Бибісараны жұрт оған тең көрмейді. Бірақ, ата жолын бұзбай Бибісара айттырған жігіті Қожаспайға тиеді. Міне, сол Бибісара апамыздан Мұхамеджан Қаратаев туған. Бибісара апайымыз да әкесінің жолын қуып дәрігерлік қызметпен айналысыпты. Жұртты емдеп жүріп, өзіне ауру жұқтырып алып, содан қайтыс болған. Ел адамдары жиналып Қожаспайға біздің жақын апаларымыздың тағы бірін алып береді. Қожаспай 30- жылдардың басында қайтыс болса керек. Розадан әлгі хабарды естіген соң барып сәлем беруді жөн көрдім де танымайтын бейтаныс үйге кірдім. Дәлізден өтіп, сықырлауық тақтай есікті ашып ішке кіргенімде көзім екі еркек, екі әйелге түсті. Төрдегі диван үстінде қағаз жазып отырған етжеңділеу, шашы қобыраған қараторы кісінің Қаратаев екенін бірден сездім. Розаға келген соң олар алғашында мені осы қыздың жігіті болар ма деп ойлады-ау деймін, салқын ғана амандасты. Үй иесі жағы суалған, көзі шүңірейген арық кісі, кейін білдім – Шектібай екен.
–Төрлет шырағым, – деді де, мен шешініп орындыққа отыра бергенде
–Қай баласын, шырағым, – деп сұрады.
–Дүйсенов Төлеген дегеннің баласымын. Жаңабайдың інісімін, – дегенде Қаратаев алдындағы қағаздарын ысырып тастап күлімсірей қарады.
–Ә, Төкеңнін баласы екенсің ғой, – деп ағайын-туғандардың барлығын сұрастырып жатты. Мен білгендерімді айттым.
Екі әйелдің бірі үй иесі Жамал Байжанова екен. Баспада редактор қызметін атқарады. Екінші – Марқұма, Мұқамеджан Қаратаевтың әйелі.
–Шешең тірі ме? –деп сұрады Марқұма.
– Екі жыл болды қайтыс болғанына, – дедім.
–Алда байғұс-ай, – деп ернін сылп еткізді.
–Аты Қатира еді ғой шешеңнің.
–Иа.
–О, дүние-ай, бала кезімізде оның қалай ұзатылғанын көріп ем. Кейін өзім де сол ауылға келін боп түстім. Шешеңнің он саусағынан өнер тамушы еді. Кілемді кебеже қапты қалай тоқушы еді. Мінезді- ақ еді ау, – деп Марқұма жеңгей осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы өткен жайларды ұмытпай айтып отырады.
Үй иесі Шектібай да қыз алыспайтын жақын арада көшіп келген екен. Жалпы біздің туыстарымыз 30 – жылдардың басында бірі Ташкент жаққа, енді бірі Қызылорда. Есіл, Қарсақпай маңына шашырап кетсе керек. Содан да кейінгі біздер көбісінің аттарын үлкен кісілердің аузынан естігеніміз болмаса көрген емеспіз.
–Маған рахмет айтыңыздар, туыстарыңызды тауып бердім, – деп Роза қыз күліп қойды.
–Алдыңғы күні есіктің алдынан өткенін көріп қалып Розаға «мына біреуді қайдан тауып алып жүрсің» деп ем, сөйтсем қайным болып шықтың ғой,- деп Жамал күлді.
–Жолымыз бір болған соң Розамен бірге жаяу қайтып едік, – дедім ыңғасызданып. Мені ана қыздың жігіті деп ойлап қалмасын дегендегім еді.
Тамақ ішіп болған соң Мұхамеджан ағай столдың үстіне қағаздарын қайта жайды да:
–Қасым деген тамаша ақын екен ғой. Біраз өлеңдерін жолма-жол аударып жатырмын. Көркем әдебиет баспасы тапсырып еді, – деді де әуелі Қасымның өлеңін қазақша, содан кейін өзінің жолма-жол аудармасын оқыды. Менен пікір сұрады.
Мұхамеджан ағай Алматыға көшіп келгенімен әлі қызметке тұрмапты. Әзірге күн көрісі әлгі аударма сияқты. Үй жоқ. Шектібай аға бөлмесінің бір бұрышын беріпті, бұлар соған риза болып жүріп жатқан жайы бар. Үш баласы бар екен. Үлкені осында мединститутта оқиды. Екінші ұлы Новосибирск қаласында тміржол институтына түсіпті. Ең кенжесі әскерде, флотта көрінеді. Марқұма жеңгей соңғы онбес жыл бойғы көргендерін үзіп-үзіп әңгіме қылып айтып отырды. Жазуға болса көркем шығармаға ойнап кеткелі тұрған детальдар. Мұхамеджан ағайды іздеп Красноярскке барған жайының өзі кісінің көзіне жас келтіргендей. Мұхамеджан ағай аударма жасап отырған, бір құлағы жеңгейдің әңгімесінде екн, ара-арасында өзі де қосылып кетеді. Жеңгей Сібірге көп қиындықпен жеткенін айтқанда Мұхамеджан ағай:
– Некрасовтың жазған «Орыс әйелдері» сияқты болды ғой.
Бірақ, Некрасовтың әйелдері дворяндардың қыздары еді. Оларды барлық жерде үлкен құрметпен күтіп алып, шығарып салып отырған. Ал біздің Мәкең кедейдің қызы, – деп күліп қойды.
Біраз әңгімелескеннен кейін мен ағамды тауып алғаныма қуанып үйге қайттым.
21.02.195ь3.
«Қазақ әдебиеті» газетінде Ғабит Мүсіреповтің Амангелді
Иманов күнделігі туралы үлкен мақаласы жарияланды. Оқып шықтым. Кейбір сөздерді Амангелді бүгінгі адамдардың тілімен айтады екен. Және сол дәптер ұзақ жылдар бойы Ғабеңнің қолында жатыпты. Неге осы уақытқа дейін үнсіз жатқан? Және Амангелді ондай күнделік жазса, басқа кезде неге жазбаған? Жалпы қазақтың оқыған зиялыларының өзі күнделік жазумен әуестенбеген ғой. Ол дәстүр күні бүгінге дейін жоқ десем қателеспес ем. Ендеше сол кезде Амангелді жазды деген ақылға қона қояр ма екен?
Мен осы ойымды Тұрсынбекке айтып едім ол:
–Кім біледі, жазса жазған шығар. Мынау өте қызықты нәрсе екен! Бірақ шалдың осы уақытқа дейін үндемей келгені маған да жұмбақ көрінеді, – деді.
Жақында ғана осы санаторийге Әбен Сатыбалдиев кеген-ді.
Сөзден сөз шығып, мен әлгі шүбәмды оған айтып едім:
–Онда сыр бар, – деп мені оңаша алып кетті. – Бұл жаңалық емес. «Амангелдінің күнделігі табылыпты» деген хабар сонау отызыншы жылдары шыққан-ды. Оның тарихын мен кейін Қанекейден естідім. Б.Майлин мен Ғабит Мүсірепов екеуі Амангелді киносын шығарды. Сол кезде киноға пайдаланғысы келді ме, жоқ басқа ойлары болды ма, Амангелді күнделік жазыпты деген лақап тарады. Бірақ, оны жазған Амангелді емес, Ғабиттің өзі көрінеді. Содан біреу берді делінген бұл күнделікті кезінде көтеруге ешкім сенбейтін болған соң жазушының өз архивында қалған ғой. Менің естуім Бейімбет осы күнделікті Ғабиттың өзіне қайырып берген сияқты. Арада көп уақыт өтті, енді жұртты сендіремін дегені болуы керек.
Әбен Ғабитпен көңілі жақын кісі еді. Ол жөнінде өсек айтпаса керек-ті. Және Әбен сөзі мені сендіргендей болды. Ғабит мұндайға неге барды екен? Амангелдінің өз тарихи еңбегі жетіп жатқан жоқ па, оның атын тарихта қалдыруға? Әкем төрт ағайынды: Төлеген, Бибігүл, Тәкіш, Жаңабай бәрі де нағашыларынның қолында өскендіктен де Бибігүл апамызды Бірәлі бай өзінің қызметін істеп жүрген жиеніне (аты Жапар) алып береді. Тәкіш әкесінің қолында өседі де, кейін бір байға жалданады. 1916 жылғы көтерілісте ер азаматтар атқа мінгенде, Амангелді батыр сарбаздарына қосылып, сегіз күн солармен бірге болады. Қасысы екені есімде жоқ, бір соғысына да қатысады. Содан кейін ауылға келеді. Әсілі, ауырып қайтқан сияқты. Әкем де, Тәкіш ағам да Амангелдіні көрген, білген. Бір ретте қасында 12 сарбаз бар Амангелді бай үйіне келіп түстеніп аттағанда Тәкіш оларға қызмет істеген. Әбдіғаппар хан, Кейкі батыр, Амангелдінің ағасы Бейімбет мергенді де олар әңгіме-жыр қылып айтып отырушы еді. Әсіресе Кейкінің ерлігін, батырлығын, мергендігін көбірек мақтаушы еді. Кейкі найманның Ақжан сұлуын алғасын оған арнап өлең шығарғанын да айтушы еді. Есімде қалғаны:
Құдай мған берді ма,
Ақжан сұлу ерді ма.
Үш жылғы көрген түсім-ай,
Айнымастан келді ма,- деген жолдары.
Әуелі Амангелдімен дос болып, кейін аралары бұзылды. Ол ақ, қызыл демей бәрін де қарсы болып кетіпті. Амангелді шоқша сақалды, орта бойлы, қараторы шымыр жігіт екен. Өзі мерген, бірақ Кейкі одан да мерген болыпты. Ел аузында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сөз тараған. Ол көздемей ақ ұсынса болды, ұшқан құсты қалпақтай түсіреді екен ғой. Мен әкеме де, Тәкіш ағама да «Қазақ ССР тарихы» кіпабындағы Амангелдінің Қастеев салған суретін көрсетіп:
– Мынау кім?- деп сұрағанымда, екеуі де танымады.
–Амангелдіге ұқсай ма? – деп ем, әкем:
–Жоқ, ұқсамайды, – деді Тәкіш ағам:
–Бірдеңелері келетін сияқты, – деп ұзақ қарады.
18.06.1955.
Кеше Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің мәдени-ағарту істерінің басқармасына қарайтын республикалық лекция бюросы менің «Михаил Шолохов- совет әдебиетінің аса көрнекті жазушысы» деген тақырыпқа жазған, көлемі 2 баспа табақ брошюрамды бастырып шығарды. Осы шағын ғана дүниені жазу үшін қатты қиналдым. Табаны күректей үш ай уақытым кетті. Шолоховтың өз шығармаларын оқып қана қоймай, ол туралы жазылған бірнеше монографиялық еңбектер, орыс әдебиеті тарихында оған берілген тарауларымен танысып шығуыма тура келді. Өзің зерттемеген, терең білмеген тақырыптың ой-шұқыры көп. Мен мұны маман ғалымдарға емес, көпшілік қауымға түсінікті тілде, лекторларға көмк болсын деп жаздым. Он сегіз жасында-ақ «Юношеская правда» газетінде фельетонист болып қызмет істейді. 1925 жылы жиырма жасында «Дон әңгімелері» жинағын жариялайды. Осы тырнақ алды туындылары жұртшылық назарын бірден аударған. Одан кейін «Лазарев даласы» жарияланды. «Тынық Донның» бірінші кітабын жазуға отырады. Бар әңгімелеріне ортақ негізгі өзек адамдар арасындағы жаңа қарым-қатынас, жаңа қасиеттардың көріне бастауы. Қырағы көзжазушы жиырма жасында-ақ соны көре, сезе білген және де бере де білген ғой. Табиғатында дарынды адам осылай ерте оянып, ерте есейеді. әңгімелеріндегі әлгі жайларды бере алмаса, ол «Тынық Дон» романын жаза алмаған болар еді. Қазақ жазушылары М.Шолоховтың «Тынық Дон» романын аударып жатыр. Үшінші томы Мұхамаджан Қаратаевтың үлесінде. Қыста ол кісі маған:
– Сен жиі-жиі келіп тұр, – деген-ді. Олар жатқан Шәкеңнің үйіне мен жұма сайын, кей кездерде жұмасына екі рет соғыфп тұрдым. Үй арасы жақын еді. Барған сайын ол кісі «Тынық донның» өзі аударған беттерін оқиды. Марқұма жеңгей, мен, Шәкең бәріміз тыңдаймыз. Қазақша келіспей тұрған, оқыс сөздер, қиюсыз сөйлемдер жоқ па, соған мән береміз. Мұхамеджан аға кейбір ауыр сөйлемдерді қазақша оқып болған соң, қайтадан орысшасын оқиды, содан кейін тағы қазақшасын оқып:
– Қалай түсінікті ме?- деп сұрайды. Біз бас изейміз. Содан кейін ол кісі:
– Бұл өзі шын мағынасында классик болып туған жазушы. Адам бейнелері, оқиға желісі, тартыс... Психологизм қандай! Диалогтар да жанды, – деп жарты сағат Шолоховтың жазушылық кереметін әңгімеледі...
Шолоховтың әңгімесі туралы брошюраның бір данасын алып, ішкі бетіне Михаил Шолоховқа автограф жаздым. Елу жылдығымен құтттықтап, осы мерекеге азын- аулақ тартуым болсын деген лебіз білдіріп Ростовтағы Дондағы Вашенск қаласына авиапочтамен жібердім. Жіберуін жіберсем де артынша өкіндім. Түкке арзымайтын нәрсені ұят болды-ау деп қысыламын. Монография болса бір сәрі, брошюраны әлдеқылғандай қылғаным неғылғаным? «Орамал тонға жарамайды, жолға жарайды» деген ғой деп өзімді өзім жұбатқан боламын. Болар іс болды.
...07.1955.
Баспаның бухгалтериясының бөлмесінде адам ығы-жығы. Қаламақы алуға келген жазушылар кезекте тұр. Біразы өздерінің бар-жоғын білмейді, әйтеуір есек дәме. Тиесілі қалам ақысын бір жылдан бері ала алмай жүргендер де бар екен, олардың қабағы тым қатулы сияқты. Журналдан алатын азын-аулақ бірдеңесі болу керек, ерте келген Баламер кезектің бас жағында екен. Бір уақытта гүрілдеп Сырбай Мәуленов келді. Жұртпен амандасып болған соң, Баламерге:
Айналайын, Баламер!
Ақша берсе ала бер.
Соңынан мен де жетермін,
Ресторанға бара бер, – деп табан аузында бір ауыз өлең айтып шығып кетті. Сырбай бір айналып келіп, кезегімен өзіне тиесілі қаламақының үштен бірін алды. Ақша аз жұрттың бәріне жетсін деп, әдейі толық бермегені еді басшылардың. Баламер тіпті тізімге де ілінбей құралақан қалыпты. Қабағы түсіп кеткен. Сырбай ақшасын алып, екі буктеп ішкі қалтаға салып жатқанда қасына Баламер жетіп келді де:
Айналайын, Сырбай аға,
Ақшаға болып тұрмын жұрдай аға.
Тобылғы сыраға бір тойғызсаң,
Алдыңда жүгірейін құрдай аға.- деп әзілдеп өлеңдетті. Бағанағы Сырбай өлеңіне қайырған жауабы. Тұрған жұрт ду күлді. Сырбайдың өзі де кеңкілдей күліп:
–Жүр, бала, – деп далаға ертіп кетті.
04.12.55.
ҰЗАҚ ЖАСАЙТЫН МҰРА
Оқушыны поэзия өзінің әрқилы өрнегімен, шебер нақыштарымен баурайды, белгілі бір ойға, идеяға икемдейді, үгіттейді, екінші бір нәрседен аулақтатады, бой қашыртады. Мұның барлығын поэзия тың ойы, шынайы сезімі, көркем образы арқылы іске асырады. Бұнсыз поэзияның үгіттік, тәрбиелік қасиеті де болмайды. Біз Қасым Аманжолов «Шығармалары толық жинағының» 1- ші томын оқығанда поэзияның осындай қасиеттерін айқын сезінгендей болдық. Көзінің тірісінде алты- жеті жинақ берген ақынның баспа жүзін көрмей, архивінде сақталған көптеген жаңа өлеңдерімен қатар әңгіме, очерк, қысқа актілі пьеса, творчествосын зерттеймін деген талапкерлерге үлкен жеңілдік тудырады. Бірінші том Қасымның 1930-1940 жылдар арасында жазғандарын ғана қамтиды. Ақынның әдебиет майданына отызыншы жылдардың алғашқы жартысында араласқанын еске алсақ, бұл жинақтағы шығармалары оның ақындық жолдағы тұңғыш қадамы, балдырған лебізі екенін де естен шығармауымыз керек. Ақын қолына қалам ұстасымен жүзіктің көзінен өтетіндей сымбатты өлең жазып кете бермейді. Ақын заман тілегіне сай күрделі шығарманы іздене, үйрене келе тудырады. Өскен ақын неғұрлым биікке шықса, ойының кедір-бұдырлары да соғырлым айқын көрінеді. Осыған орай айта кететін бір жай, 1 –ші томға Қасымның көркемдігі жағынан көзге қораш көрінетін шығармалары да кірген. Бұдан үркудің қажеті де жоқ та еді. Өйткені бұл ақынның өсу жолын көрсетеді. Ақын атаулыда болмай қалмайтын оқушылық, үйренушілік дәуірдегі Қасым да басынан өткізді. Қасым алғашқы өлеңдерінде социалистік құрылыстың жеңісін, бостандық алған халқымыздың еркін өмірін, ерлік істерін жырлады. Ескі мен жаңаның арасындағы күресті көрсетіге тырысады. «Арапшының қиялы» деген өлеңінде жаңа әліппеге көшу туралы, мәдениеттің жаңаруы, Отанның күшейе түсуі туралы айтады. Ақын білім алуда, еңбек жеңісіне жетуде партияның басшылығын жырлайды. Ол Коммунистік партияның жеңімпаз идеясын ешуақытта да естен шығармайды.
«Еңбекпен өз еліне өрнек салған,
Көсемі жолбасшысы- компартия».
Сонымен бірге ақын кейбір кемшіліктерді де сынап, өмірмен қоян –қолтық араласып отырады. Осы алғаш өлеңдері кейде шұбалаңқы, сөзуарлау, кейде жыр, толғау күйінде келіп отыратын кезі де жоқ емес. Қасымның «Ұлы Октябрь», «Ерлік қандай, ер қандай», «Болат сұңқар» туралы шығармалары міне осындай. Мысалы:
«Жас тұлпар тұра ала өрге шаппай, Жас қыран отырар ма қанат қақпай». - деген жолдардан фольклорға тікелей еліктеушілікті байқамаймыз. Бұл әрине, Қасымның өзіндік үнін байқатпайды, қайта, оның шәкірттігін аңғартады. 30-жылдардағы қазақ әдебиетіне көз жіберсек, аға ақындардың өзі осы нақыста жазғанын көреміз. Олай болса, жас Қасымның шешендік толғауға соғуы заңды да болатын. Бірақ Қасым бұл мәнерінен тез бой тартып, қанатын биікке сермеді, өзіндік лепті тез тапты. Сөйтіп ол шәкірттік дәуірден жылдам өтті. Қасымның жүрегі халық жүрегімен қоса соқты, халықтың қуанышы мен қайғысына ортақтаса білді. Сондықтан да ол өз заманының азамат- ақыны болды. Қасым шығармаларының тақырыбы замандас ақындарды көтеріп жүрген Ұлы Октябрь революциясының жеңісі, халықтың бақыты, революционер көсемдер мен Отан, халықтар достығы еді. Сондай-ақ ол халықаралық жағдай, социалистік өмір, колхоз құрлысы, совет адамдарының еңбегі мен ойы, арманы, тілегі, махабаты туралы да мол жазды. Сол бай тақырыптарды жырлауда Қасым поэзиясының бояуы қанық, мейлінше нақышты, өрнекті болғанын көреміз. Оның лирикалары шұбалаңқылықтан арылып, нақтылы бір ойға құралады, сезімге, пікірге бай жатады. Лирикалық шығарманың асыл қасиеті де осында болмақ. Әр ақынның өзіндік беті нені жырлауы арқылы емес, қалай жырлауы арқылы көрінеді. «Бидайдың арызы» өлеңінде ақын колхоз өміріне тікелей араласып, ондағы кемшіліктерді сынайды. Салақ басшыларды суреттегенде ирония басым жатады. Қасым оқушыларын Отанды сүйуге, интернациолист болуға шақырғанда да жаңалық үшін, адам баласының бақыты үшін күреске шақырғанда да жалаң үгітке түспейді, идея ылғи образ арқылы көрінеді. «Отан күзетінде», «Болат сұңқар» т.б. өлеңдерінде ақын халықтар достығы идеясын ту етеді. Оның шығармаларында патриотизм сарыны басым. Бұны ол тұстан бейнелейді. Мәселен, «Бесік жырында» баланың арманы былай суреттеледі.
«Ар намысын ақтаған,
Жүректе жыр жаттаған,
Туған елін- ұясын
Жан- тәнімен сақтаған.
Ұшқыш болғым келеді»
Патриот ақын жаңа заманның ерлік қасиетін «Ленин және дүние» деген өлеңінде көркем образ арқылы суреттей білді. Ақынның шығармасы көбінесе сезімге құрылып, оған философиялық ой орайласып жатады. Қасым пафосшыл, жалынды, жігерлі ақын. Жастықтық, енжарлық оған жат. Демек, оқушысын да сондай игі қасиеттерге баулиды.
«Қас дағдырға қасқайып,
Қарсыласам, барамын», –деген өжет ақын:
«Өлім деген Басынар қорқақ жанды.
Қорқақ болсын
Деп туған жоқ адамды», – деп өлім алдында бас имейтін қайсар екенін танытады. Қасымның махаббат жырлары жанына мол ләззат, рақат бергендей болады. Ақынның лирикалық геройының махаббаты шынайы, адал, таза, моральдық сапасы мол. Ғашық жанның бәрі бірдей тілегіне жете бермейтіні белгілі. Бұл жолда реніш, қайғы-қасірет, мұң, нала бола береді. Қасым лирикаларының геройы барлық қиындыққа төзуге бар, бірақ махаббат жалынынан ажыратуға жоқ. Сондай іңкәрлық сезімін суреттеуге үстінде ақын:
«Жүректі әлде қайда жетектейсің, Бейне сен бір магнит, мен болатпын»,- деп жаңа образ жасайды. Сүйген жігітке:
«Кетті ғой ол қарамай,
Жат жүрекке не амал!
Ұйықта досым қайғырмай,
Түсте көр де – ләззат ал», – дейді.
Бұл да ғашық адамдардың басынан өтетін жай. Адам жанын, әсіресе жастық сырын сезгіш ақын мұны сезбей, жырына қоспай тұра алмайды. Міне Қасымның махаббат өлеңдері әр қилы, әр нақысты дейтініміз де сондықтан. Ақын адамның сезімдерін, ойларын терең ашады. Тілегі болмаған жігіт:
«Ғашық едім қайтейін
Оны білер жан қайда.
Арманда боп өтейін,
Армансыз боп не пайда»,- дейді.
Ғашық болған қызы қайрылмай кетсе де, оған бақыт тілейді. Мұны сүйген жанның гуманизмі деп түсіну керек. Шынымен сүйіп, сүйгеніне қолы жетпеген соң махаббаты өшпенділікке айналып кететін жайлар да өмірде аз болмайды. Мұнда жеке бастың тілегі- эгоизм бар. Бұл эгоизмді тек қана гуманизм жеңе алады. Қасымның лирикалық геройларының махаббаты сол гуманизммен қабысып жатады.
«Армандамын. Енді не тілермін?
Жат болсаң да, бақытты болшы дермін.
Сен қайғырсаң – бұлт басып көңілімді,
Сен шат болсаң- масайрап мен күлермін».
Мұндай ой Қасымның көптеген өлеңдеріне тән.
Табиғаттың адамға сыйлаған қымбатты сыйы-махаббат тәрізді қасиетті сезімді бағалай білмеген тоғышарларға ақынның жаны қас. Ол:
Түсінбейді –ау кей адам махаббаты,
Оған сірә махаббат гүл сияқты.
Үзіп алды, ол тақты, бұл да тақты,
Гүлі солды, тастады болды ұятты», – деп нәпсі құлдарын шенеп, ренжиді. Ақын махаббатты гүлге теңемейді. Адам жанвнвң күйіне теңейді. Бұл ретте Қасым образды сөздерді де мол табады. Бір ғана айта кететін жай, Қасымның махаббат өлеңінде герой кей жағдайларда «ғашықпын сүйдім» деп жүрегін көп ұсына береді екен. Әрине, орынды жерінде оны да айту керек, бірақ ғашықтықты сөзбен емес, көзқарас, іс-әрекет, сезіммен беру әлдеқайда шынайырақ келетіні де даусыз ғой. Бірақ бұл да ақынның шәкірттік шағында туған міндер екенін есте тұтқанымыз мақұл. Сөзді саралап, ойды өткір айтуға Қасымға Абай поэзиясынның әсері молынан тигенін байқаймыз. Сонымен қатар Қасым орыс классиктерімен және дүниежүзілік классиктерімен танысты. Қасым, Пушкин, Лермонтов, Низами, Шота шығармаларын көп аударды. Оларға арнап өлеңдер де жазды. Сол классика дәуірлерін ол творчестволық тұрғыдан меңгере бастады. 30- шы жылдардың аяғында Қасым творчествосында үлкен өзгеріс, шұғыл өсу көрінеді. Ол Маяковский шығармаларын аударумен қатар оның традициясын да бойына сіңіре бастайды. Маяковскийге арнаған «Ақын», «Жолдас маршал» сияқты өлеңдер ақын творчествосындағы жаңа бет алыс еді.
«Адам болып туғанмын,
Адамша өтем,
Аямаймын,
Барымды беріп кетем».
Бұл үн кейінгі жылдары барынша күшейе түседі.
Қасым бұл жылдары «Жамбыл тойында», «Құпия қыз», «Бикеш» сияқты поэмалар жазды. Пушкин, Лермонтов, Маяковский, Низами шығармаларының аудармалары да жинақта елеулі орын алды. Бұл да, сөз жоқ, орынды енгізілген. Қасымның ақындығы осы аудармаларынан да анық байқалады. Ол ірікпей, еркін отырады. Нелер қызықты, тың орамдар табады. Қасым аудармасы өте жатық келеді. Жинақты шығарушылар алқасына тағатын кінә де жоқ емес. Мысалы, шығармалардың хронологиясын сақтамай, әр жылда жазылған өлеңдері әр бетте араласып кетіп жүр. Сол сияқты, Қасымның бұрын поэма болып басылған «Отан күзеті» өлеңі жинақта қысқартылып, ұзақ өлең ретінде берілген. «Құпия қыз» поэмасы қысқартылып басылған. Мұның қандай принципке сүйеніп қысқартылғаны бізге түсініксіз. Автор қайтыс болғанна кейін бұрынғы жазылған қалпы сақталғаны жөн еді. Қасым ойының тереңдеген, творчествосының кемелденген кезеңі соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі дәуір болса, сол кезеңдегі шығармалары енгізілген 2 –ші, 3- ші томдарын да оқушы жұртшылық асыға күтуде. Қасым Аманжаолов «Ақын» деген өлеңінде «ескі дүние есігін теуіп ашып түрінен жалын шашқан» Маяковский туралы былай деп жазған еді.
«Дауысы құлақта саңқылдаған,
Жыры қалды жүректе жарқылдаған.
Жыр керек қой дүниеге, жыр керек қой,
Неге ғана өледі ақын адам?!»
Жүректің тереңінен шыққан осындай шыншыл да сыршыл өлеңді Қасым Аманжолов өзіңе де арнап айтуға лайықты секілді. Шын ақын өлмейді. Ол өзінің өмірлі өлеңдерімен оқушының жүрегінде, қиялында, ақыл-парасатында жасайды, ілгері ұрпақтармен де тіл тауып, сырласады. Қасым Аманжоловтың поэзиясы дәл осындай ұзақ жасайтын мұраға жатады.
26.01.1956 ж Екіжүзділік, жағымпаздық, мансапқорлық, күңшілдік адам санасындағы ескі сарқыншақтар. Біздің қоғам үшін бұл аса қауіпті және зиянды. Ол жүрген жерде еңбекте береке болмақ емес. Мансапқорлық әркезде күңшілдікке, ал күңшілдік жалақорлыққа әкеп соқтырады. Мұндай мерезді сарқыншақтары барлар өз мансабы үшін адал ниетті адамдардың жазықсыз жаламен жанын жаралап, ойын улайды, олардың жеке басының өміріне болсын, қоғамдық еңбегінің жемісіне болсын тұзақ құрады. Бірақ, ашық емес, жасырын түрде, іс-әрекетінің жымын білдірмеуге тырысады, зымиян, сұм келеді. Мәселе оғамдық іске олардың улы тырнағының ізін батырмай, уақытында көре білуде, тез әшкерелеп, аластауда. Қазақтың академиялық драма театрында жаңадан сахнаға қойыла бастаған Ә.Әбішевтің «Күңшілдік» пьесасының көтеретін тақырыбы міне, осы мәселе. Пьесаның негізгі тартысы ауданның бас агрономы Келиман Келдекбаев пен «Көсеге» колхозының агрономы Мерей Дәуленовтің арасында әуелде айтыс Тағылы даласына жүгері шыға ма жоқ па, оны геу керек пе, жоқ па деген мәселенің айналасында көрінеді, бірақ тартыстың түйіні одан гөрі тереңіректе жатыр. Бұл күресте мансапқор Келиман оның әйелі Салқияға жаңа буын, жоғары сапалы азамат Мерей, оның сүйген қызы (Салқияның туған сіңлісі) – Назгүл қарсы қойылады. Келиманды аудандық партия комитетінің бірінші секретары – Бурабай қолдаса, Мерейді қарапайым колхозшылар, халық жақтайды. Сахна ашылғанда пьесадағы барлық геройлар Келиманның үйіндегі тойда көрінеді. Сол тойда-ақ Келиман (Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген әртісі Қармысов) мен Салқия (арт. Ш.Жандарбекова) өзгелерден ерекшелене бастайды. Олардың ой-пікірі, іс-әрекеті бір, мансапқор, зұлым жандар. Драматург осы екеуінің бейнесі арқылы кейбір жекелеген интеллигенттерге тән мещандық пен мансапқорлықты айыптауды, әшкерелеуді көздепті. Екіжүзділік пен жағымпаздықты жамылып, өзінің арам ниетін сездірмеуге тырысатын сұм Келиманның табиғатын жақсы түсінген К.Қармысов образды жете меңгеріп, шебер ойнайды. Әсіресе жағымпазданарда жайдарылана қалатын, барлығын күлкіге жеңдіріп, оңашада өз өміріне риза болмай тыжырынып, ернін тістеп, көзі кілегейленіп жүретін жері әртістің тапқырлығы. Осы бір жайдың өзі Келиманның бейнесін аша, даралай түседі. Шолақ ақылды, қысқа ойлы, бірақ өлер жерін білетін, жағымпаз мещан әйел Салқияның бейнесін Жандарбекова да ойдағыдай шығарған. Келиман бір ғана басының мансабы үшін барлық зұлымдық пен жәдігөйліктен тайынбайды. Оның берекесін алатын- атақ. Ол Мерейдің жүгері туралы тәжірибесінің болашағы барын, өзінің зерттеп жүрген көп жылдық шөбінің келешегі жоғын жақсы түсінеді. Игі бастаманы өзі бастап, атаққа өзі ие болмай, жас агроном Мерейдің үлесіне тигені оның ішін күйдіреді. Ол әуелі жүгеріге қарсы болады. Мерей тәжірибесі оның қарсылығына тойтарыс бергенде, ол осы игі істің бастаушысы болғысы келеді. Ол үшін Мерейді жоюы керек. Арам ниеттерін жүзеге асыру үшін Сақыя мен Келиман Мерейдің үстінен шопандар атынан жала арыз жазады. Сүйген қызы Назгүлдің арасына от салады. Қыздың шешесі- Қалипамен өшіктіреді. Бурабаймен екеуін арандатады. Бірақ арамдық әрекет әшкереленеді. Әділдік, жақсылық жеңіп шығады. Бурабай орнынан алынып, Келиман мен Салқия айыпталады. Артист Жантуриннің орындауындағы өз ісіне берілген, халық үшін қызмет етуге әрқашан бойындағы күш-жігерін, білімін аямайтын, өр талапты, жаңаның жақтаушысы жас агроном Мерейдің бейнесі талапқа сай біркелкі тәуір шыққан. Рас, кей жерлерде жас артист Н. Жантурин орынсыз пафосқа беріліп, ретсіз қимыл жасайтын, әсерлі етемін деп шектен тыс әсерлеп алатын жерлері де кездеседі. Әйтсе де сахнадағы Мерей кәдімгі білімді, байсалды, кішіпейіл, инабатты жастарды көз алдыңа келтіреді. Мерейдің жас жүрегінің қалаулысы, бойында адамға тән абзал қасиеттері мол Назгүлдің образын жасауда артистка З.Шарипова творчестволық еңбек еткен. Оның кейде салмақты, кейде ойнақы мінезі, Назгүлдің бар қимылы, тіпті сүген жігітінің алдындағы еркелігі де өз бойына жарасып жатыр. Әрине, бұл жерде драматургке қойылатын кінә бар. Ол Мерей мен Назгүлдің образын жасау мәселесі. Автор озат ойлы осы екі жастың іс-әрекетін жалақорларға қарсы күрес арқылы ғана көрсетеді. Драматург олардың аузына көрікті сөз салып, ұтымды пікірлерді айтқызғанымен, сол жастарды болашақ иелері, жаңалықты бастаушылар, ілгері апарушылар дәрежесіне дейін көтере алмаған, қайта олардың үстіне төнген жаланың бұлтынан өз бастарын арашалаушылар болып қана қалған. Аудандық партия комитетінің секторы Бурабайдың бейнесі де солғын. Ол өсек-аяңның ғана адамы, істің байыбына бармайтын үстірт, келте ойлы жан. Бірақ, жағымпаз кеіпкерлердің бейнесін толық көрсету үшін олардың жат қылықтарын да батыл барлық сұрықсыз қалпында көрсету керек. Жұқалап жонып, сыпайылап жатудың қажеті не? Әлсізді әркім жығады. Күштінің күштілігі күштімен айқасқанда ғана көрінеді. Міне, Бурабай бейнесінің болмашы нәрсенің айналасында ғана көрініп, өзіндік беті толық ашылмауынан да Мерей мен Назгүлдің образына едәуір нұқсан келген. Оның үстіне сахнада бойдақ болып көрінуі, оның Назгүлге көңілі кетіп, оңашада махаббат жырын шертуі да нанымсыз. Мұның өзі драматургке Мереймен арадағы тартысты шиеленістіре түспек үшін ғана керек болған жасанды оқиға екені айқын сезіліп тұрады. Онсыз да жалаң шыққан Бурабай бейнесін артист А.Құланбаев кейбір орынсыз қимылымен, қисынсыз бет пішін құбылысымен, тіпті жалаңаштап, әлсіретіп жібереді. Жұртшылық сахнаға шыққан Бурабайға жақтырмай қарайды. Себебі ол Құланбаевтың ойынында аудандық партия комитетінің секретары, жанды образ емес, жасанды ғана нәрсе. Пьесаның оқиағасына азды-көпті қатысы бар кейіпкерлер Жалау мен Дәмеш. Артист К.Қуандықовтың ойнауындағы Жалау өз дәрежесінен сахнада әлдеқайда солғын жатыр. Әсіресе, артистің үнемі кекесін пішінде, бір ырғақпен сөйлеуі онсыз да солғын образды жүдете түскен. Оған қарағанда әрі ерке, әрі батыл бірбет қызДәмештің ролін Б.Римова тапқырлықпен, шеберлікпен ойнайды. Оның кейбір сөз ырғағы, қимылы өзінің балалық бейнесіне жарасымды да қонымды. Әр көріністе ол аз да болса есте сақталарлықтай ұнамды әсер қалдырып отырады. Жалау мен Дәмеш онжылдықты бітіріп, колхозда шопандық қызметте қалған жастар. Олар жаңа заманның жаны таза адамдары. Зұлымдыққа, күңшілдікке қарсы батыл күресушілердің бірі болуға тиіс. Бірақ, пьесада сол күрес айқын бейнеленбейді. Автордың осы жас кейіпкерді өмір сахнасына әлі де мол араластыра түскені орынды болатын еді. Пьесада Мерейдің әке-шешесі Дәулен (арт. Т.Жайлыбақов) мен Айжанға (арт. Х.Елебекова) азын-аулақ орын берілген. Бірақ, олардың негізгі тақырыпқа қатынасы да аз. Бұл екеуін алып тастағаннан келетін нұсқан шамалы. Осындай келелі мәселені келісті шешетін пьеса аз да болса ақау, кемшіліктерден кем емес. Пьесада, Келиманның Академияны айналдырып, диссертация қорғамақ ойын, ғылыми еңбек жазып, ғалымдардың мақтағанын оның өз аузынан естиміз.Бірақ бұл іс жүзінде дәлелденбей қалады. Аудандық партия комитетінің бірінші секретары мен екінші секретарының арасында іріткі салып. Оларды бір-біріне қарсы қойып, жікшілдік тударып жүрсің деп, колхоз агрономы Мерейге басқалардың жала жабуы да шындыққа жанаспайды, тым жасанды, нанымсыз. Екі секретарды қатардағы колхоз агрономы араздастырып жүр дегенге кім сенеді? Колхоздың агрономы Мерейдің шопандар өміріне, мал шаруашылығы мәселесіне тікелей араласуы да негізделген пікір емес. Тіпті Мерей кейде өзінің агроном екенін ұмытып та кететін сияқты. Ақырғы көріністе мансапқорлықтың, күңшілдіктің әлеуметтік негізінің қайда жатқанын драматург кейіпкерлерге айтқызады. Кейіпкерлердің іс-әрекеттерінен, мінез-құлқынан көріп, білген көрушілердің қорытындыны өздері жасағаны әлдеқайда ұтымды болар еді. Сонымен бірге спектакльдің сахнаға қойылуында, декорация жағында да режиссердің тапқырлығына көп байланысты бірқатар жетіспей жатқан жерлері де бар.
... 03.1956.
Институт басшылары «Күй» деп аталатын ескі бір кітапқа ресми түрде пікір жазып беруімді сұрады. Сыртқы мұқабасы қоңыр, қағаздары әбден сарғайған, латын әрпімен басылған әлгі кітаптың жоғарғы жағында «Ілияс» деген жазу тұр. Мектепте, жоғарғы оқу орындарында, тіпті аспирантурада оқи жүріп бұл ақынның атын бір де бір оқулықтан кездестірген емеспін-ді. 20-жылдарғы қазақ поэзиясы туралы кандидаттық диссертация жазып жүргенде сол дәуірге қатысты газет-журналдар, әдеби-сын кітаптарды түгел ақтарып шығуыма тура келді. Қазақ жазуы осы аз жылдардың ішінде үш рет өзгеріп үлгерген.Әуелі араб, одан латын, ақырында бүгінгі алфавитке көшті. Төртінші класқа дейін латын жазуымен оқығандықтан мен үшін ол онша қиындыққа соққан жоқ. Ал араб жазуы университетте өзімше оқып, жазып үйренген жайым бар. Оның пайдасы кандидаттық диссертация жазар көп тиді. Осы жолда біздің ағайындардың көне мұраны сақтауға дегенде мәдениеті жете бермейтіні анық байқадым. Әсіресе қазақ газеттерінің Ілияс, Сәкен, Бейімбет туралы мақала жарияланған беттері не түгелдей жоқ, не қиылып қалған. Кейбір суреттердің беттері сызылған. Кім оны істеп жүргендер, не үшін? Ызам келді. Бұлардың шығармалары сирек кездесетін қолжазба бөлімінде сақталғандықтан да біздің қолымызға түсе берген жоқ. Міне, бір кезде іздесек те қолға түсіре бермейтін кітабымыз енді бізді өзі іздеп тауыпты. «Күй» поэмасын бір деммен оқып шықтым. Оқып шыққаннан кейінгі алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Поэманың көкесі екен-ау деп түйдім. Төгіліп тұрған тіл қандай! Ертеңіне отырып ресми түрде пікір жазып бердім. Көп ұзамай Ілияс Жансүгіров ақынның шығармалары туған халқымен қайта қауышатынын ішім сезді. Басқа кісілерге Сәкеннің, Бейімбеттің кітаптарын беріпті. Барлығы да дәл мен кешкен күйде жүрген сияқты.
...04.1956.
Жазым болса быламыққа да тіс сынады дегендей, ойламаған жерден бір күтпеген жағдайға душар болдым. Түскі тамақта менің табақшама қойдың тоқбан жілігі түсіпті. Сүйек болса әбден кеміріп, өзімнің де айызымды қандырмай орнымнын қозғалмайтын әдетім бар-ды. Сол кемік басы омырылып түсті. Енді оны ауызға салғанымда түпкі азуыма тиіп кетіп, қақсап қоя берді. Сүйекті тастай беріп, жағымды ұстадым. Ол солқылдап берсін, қояды деген не. Бассүйегім қақ жарылып, қоярға жер таппадым. Аузым қара суға толып кетті. Осы азу тісімнің ауырып жүргенім бұрын-ақ білгенмін-ді. Жаныма батпаған соң елемей, тілімнің ұшымен ғана сипап қойып жүре беретінмін. Анда-санда ыстық-суық тигенде ғана сәл сыздап барып басылып кететін еді. Енді, міне жанымды екі ұртыма тығып жатқаны. Қыста қолым бостау кезде ауырмай, шұғыл іске кіріскен қысылтаяң кезенде жағадан алған ауру- жауды айсаңшы! Емхананың кіре берісіндегі, ақ фанер тақтаймен бөлінген кішкентай бөлмешенің төрт бұрышты тесігіне келіп, іште отырған қыздан тісті емдейтін дәрігерге жіберуін сұрап едім, ол маған:
–Тіс дәрігері қабылдай алмайды, бүгін адам көп,- деді. Мен әрі-бері жалынып көріп ем, ол дәрігерді аяй сөйледі.
–Дәрігер де адам, оның да жаны бар. Онсыз да күнде белгілі сағаттан кеш шығады.
Оның сөзін одан әрі естігім келмеді. Шыдатпай бара жатқан ауру сарысуын іздейді. Бірақ жанға шипа боларлық ештеңе жоқ.
–Апыр-ау ерігіп келсем, мұныңыз жөн еді, мен ауырып келіп тұрмын ғой... Сіз өзіңіз ауырып көрмегенсіз ғой деймін әсілі. Әйтпесе...
Қыз тесікке бетін жақындата түсіп, менің жүзіме қисықтау келген көкшіл көзін бір жүгіртіп өтті де, шын қиналып тұрғаныма сенгендей жұмсара түсті. Енді ешкімді жіберме деп дәрігер өзі айтып еді. Өзінен барып ұлықсат сұраңыз. Қабылдамаймын десе маған бәрі бір... Мен дәрігер қыздың аты Ақжан Байжановна екенін біліп алдым да, соның тура өзіне жолықпақшы болдым. Тіс емдейтін бөлменің алдында бес-алты кісі отыр екен. Мен келе бергенімде есік ашылды. Үстінде ақ халаты бар, шашын желкесіне орай түйген, қайқая біткен ұзын кірпікті, қара көз қыз қолын есіктің тұтқасынан алмай:
– Біреуіңіз кіріңіз, – деп кезек күтіп отырғандарға сыпайы ғана үн қатты. Есіктің алдында отырған аласа бойлы жігіт сып беріп ішке кіріп кетті. Мен де ентелей түсіп:
–Жолдас дәрігер, – дедім,- сіз боласыз ба Ақжан Байжановна?
–Я мен.
Мен тісімнің шыдатпай тұрғанын айта бастап едім, ол сөзімді аяқтатқан жоқ, бетіме бір қарады да:
–Анау регистраторға айтыңыз, карточкакаңызды әкелсін деді.
«Бүгін уақытым бітті, ертең келіңіз» деп айта ма қауіптеніп тұрған мен, әлгі сөзді естігенде жүрегім жылып қоя берді. Аты-жөнім жазылған карточканы қолыма алып келдім. Ол есік ашып, кезекте отырған, бір кісіге:
–Сіз, сәл кідіре тұрыңыз, – деді де, маған қарап: – кіріңіз, деді.
Кезексіз кіргізбей-ақ, осы отырған кісілерден кейін қабылдаса да мен риза едім. Оның бұл қызметі мен үшін ерекше күтпеген жақсылық болды. Дәрігер менің фамилиямды дауыстап оқыды. Сона кейін:
–Отырыңыз ана орындыққа, – деп терезе алдындағы, сыртын ақ матамен қаптаған креслоны иегімен нұсқады.
Дәрігер қасыма келіп, қай тісімнің ауыратынын сұрады. Мен бәрін айтып бердім.
– Кәне, аузыңызды ашыңыз, – деді ол, үлкендігі бармақтай ғана, айнала бір имек аспапты аузыма салып, үңіле қарады.
–Ту-у- деді ол дауыстап созып, – тісіңіз әбден бұзылыпты. Осы уақытқа дейін қаратпай жүре ме кісі деген...
Мен «ауырмаған соң жүре бердім» дегім келіп еді:
–Жаппаңыз аузыңызды, – деп сөйлеуге ұлықсат бермеді. Ұшы иілген имек темірмен тісімді шұқылағанда жаным көзіме көрінді. Қытығы басылмаған асау ауруды шабынан түртіп, тулатын жібергендей болды. Демімді ішіме терең тартып, солқ ете қалдым.
–Ауру ма? Көп бұзылған... Ай...ай...ай... – деп қояды дәрігер.
Мен баяғыдан бері тісімді емдетпей, кешеуілдеген кінамды мойныма алып, енді тіпті етімнен ет кесіп алса да сыр бермеуге тырысып, қарасып отырмын. Ақжан тісімді егеді ме-ау, шұқылады ма-ау, дәрі жақты ма-ау, ара арасында резеңке тітікпен мұздай су жіберіп аузымды шайғызды. Тағы да егеу, дәрігер менің тісімді қимай, емдеп көретін, егер де әлі де тісімді бұздыра түссем, жұлып тастауы да мүмкін екенін айтты,
–Сілекейіңіз тым көп екен, –деді, – бір уақытта, бір шүйдем мақтаны тіл мен тістің арасына салып. – Анда-санда «аузыңызды жаппаңыз» деп қояды.
–Түһ, тіпті егетпеді, не деген көл дария сілекей. Түкіріңіз, – дегенде оның көзіне көзім түсіп кетті, неге екені белгісіз дәрігер жымиып күлімсіреді. Сыры бар жұмбақ күлкі. Ол ақырында тісіме қышқылтым бір дәрі тамызды да, – ертең сағат үште келіңіз. Әбден емдеу керек. Әйтпесе тісіңізден айрылып қаласыз, – деді. Мен келісім беріп шығып кеттім. Тісімнің ауруы шамалыдан кейін басылып, көзім шырадай жанды.
Содан бері емханаға құдайдың құтты күні келіп тұрдым. Дәрігер қыз тісімді қарайды да, шұқып-шұқып, екінші бірдеңе жаққан болады. Небәрі екі-үш минуттық қана жұмыс. Сонан соң «ертең сағат үште кел» деп қоя беред Тісім ауруын қойды. Енді мені неге әурелей береді осы. Салатын пломбасын неге тез салмайды. Ту-у ит өлген жерден осында келемін. Жоқ, мұнда мен өзім терең сезіне алмай жүрген бір сыр бар. Ол жүрек сыры. Байқауымша қыз мені ұнатып қалғанға ұқсайды. Әйтпесе уақытымен де санаспай, кейде кезексіз қабылдағанда ол осынша қызметті саған не үшін істеп жүр? Қыз байғұстың жүрегі қаншалықты нәзік болса, жолы да соншалықты тар емес пе? Ұнатқанын тура айта алмай, осындай қиымыл істермен сездірмесе, басқа айласы бар ма? Мен бір кетсем оның көзіне түсуім екіталай. Қайда, кім болып істегенімді де тегін сұраған жоқ. Әсіресе соңғы күндерде көз тастасы өзгеше болатын. Мені көргенде бетіне нұр еніп, жүзі жайнап беретін сияқты. Сөз жоқ, ол мені ұнатып қалды. Шынында да ол қыз маған ұнады. Оның маған еткен қызметі емес, өзі ұнады. Кім біледі, көңіліміз жарасып кетсе, жақсы семья құруымыз да мүмкін. Әрине, мен кісінің көзіндегісін ғана емес, көңілдегісін де ұғатын қасиетім болса оның маған деген сырын әлдеқашан білген болар едім. Бірақ, дәрігер қыздың маған жасаған қызметі мені ұнатушылығы емес, тіпті басқа нәрсе болып шықты. Оны мен іргелес көршіміз Салиха жеңгеймен сөйлескенде білдім. Мен емханаға барғалы жатқанда Салиха кіріп келді біздің үйге. Жасы елуді алқымдап қалған, етжеңді ақсары әйел үйге еркін кіріп, төрге бір-ақ тартты. Москваға кеткен күйеуіне соңғы модалы көйлектің үлгісін қанша тапсырса да ала келмегеніне ренжіп, терісіне симай, біздің үйден тыныс тапқалы келген екен. Менің тісімді емдеткелі бара жатқанымды біліп, ол қабағын сәл шытты да, салбырай түскен екі ұртын жиыра, аузын қиыстай созып, маған аяныш білдірген болды. Дүниедегі аурудың жаманы тістің ауруы. И...и...и... түні бойы сарнап бергенде жағыңды суырып жібере жаздайды-ау. Жаныңызды қоярға жер таппайсың. Тісі қазір ауырып отырған жанша Салиха бір жақ көзін тарс жауып, алақанымен жағын сипады.
– Жұлатын ба, әлде пломба салатын ба?- деді ол.
Мен тісіме пломба салатынын, емханаға күнде барып шаршап жүргенімді айта қалдым. Салиха шығыңқы келген тоқ мықынын таянып, жуан денесін көтеріп орнынан тұрды. Оң жақ қасын жоғары көтеріп, сол көзін кілегейлендіріп, ернін шүйіре сөйледі. Саясаты бар. Олардың тілдерін мен жақсы білемін. Сенен бірдеңе дәметіп жүр... Басқа түк те емес. Осы кезде Салиха ақшаның қағазын уқалағандай, буыны белдеу тартып. Торсиған әрі жуан, әрі қысқа сұқ қолымен бас бармағын әрлі-берлі егей түсті. Ана жылы мен де азу тісімді емдеткенмін. Сонда білдім дәрігерлердің сиқырын. Орта жастан асқан, байсалды әйел еді. Мені де сен ұқсатып күнде «ертең тағы кел» деп зіркілдетті де қойды. Сонда көзіңе көрінетін, айызыңды қандыратын бер ем жасасайшы. Тісімді шұқиды, шұқиды да қоя береді. Сонан соң жүз теңгені бармағымның астынан қыстыра қойып едім, сол-ақ екен тап ертеңіне анау- мынау емес пломбаны күмістен салып берді. Сен олардың тілін түсінбейсің ғой. Немене, жаныңнан артық па, көмейіне бірдеңе тық та жібер. Өйтпесе әуре етеді. Болмаса пломбаны жезден бе, мыстан ба жаман бірдеңеден сала салады.
Мен дәрігер қыздың ондай лас іске қиғым келмеді.
– Бұл жас қыз, – деп едім, Салиха маған ала көзімен қарады.
Айтқаныма нанбайсың деген жанша ата қарады.
–Ту...у балалығың-ай. Алтынды көрсе періште де жолдан тайған? Ол періште емес шығар. Бәрінің істейтіні сол. Өздері-ақ асты-үстіңе түсіп, қылмыңдап, жылмыңдап, құлқындарын сездіріп тұрады.
Салиханың сөзін өзімнің жеңгем де қоштап, отқа май құйғандай болды.
–Берген берне бұзады деген емес пе? Алғанды кім жек көрсін.
Қайбір ақшаға шаш-етегінен келіп отырған жандар дейсің. Бер, аяма. Жаныңның садағасы.
«Ұнатып қалдым» деген дәрігер қыздың сыры енді ашылды. «Менің неменемді ұнатып қалды? Қолағаштай ұзын мұрнымды немесе табақтай бетімді, сорайған мойнымды ұнатып қалды ма?» деп өзіме-өзім күдіктеніп, сенбей жүр едім-ау. Сөйтсем ақшаны ұнатқан екен ғой. Біздің табысымыздың мол екенін біледі, сосын көмейі құрғыр бірдеңені дәметеді ғой. Сені созбидайға салып жүргені сол болды. Осыдан кейін-ақ дәрігер қыз туралы менің нәзік ойларымның барлығы да лездің арасында жадау тартып, арып сала берді. «Жарайды, жүз сом ба сондағы, беремін. Тек мені алаңдатып, жұмысыма бөгет жасама. Біз ерігіп жүрген жоқпыз» деген ойым басымды шырмай берді. Аңқау басым, Салиха болмаса қыз сиқырын түсінбей әбігерге түетін де жайым бар екен ғой. Тіпті өзімше ойымды әр саққа жүгіртіп, дәме отын да тұтата бастаған едім. Міне, оның бәрі де су сепкендей жалп етіп өшті. Екінші тұтанбастай біржола өшкенге ұқсайды. Мен дәрігердің бөлмесіне кіргенде Ақжан жүзі балбұл жанып бүгін ерекше бір сәнмен, аршылған жұмыртқадай жұтынып-ақ тұр екен. Жұқа қызыл ерні қызғалдақтың күн сәулесі түскен жапырағындай үлбірейді...
–Келіңіз, отырыңыз, – деп маған терезе алдындағы креслоны нұсқады. Мен отыра бергенде қасыма келіп: – Қалыңыз қалай? Тісіңіз ауырмай ма?- деп жымия күліп, биязы тіл қатты. Бірақ оның осы жылы жүз, жайдары қабағының барлығы мен үшін жасанды дүние сияқты сезілді. «Неге бүйтіп тұрғаныңды түсінемін» деп қоямын ішімнен.
–Доктор, «ер мойнында қыл арқан шірімес» деген деп сөзімнің аржағын айта алмай оқыс кідірдім.
–Я, оны неге айттыңыз?
Мен , «бірдеңе беремін» деп тура айтудың ретін таба алмадым.
–Қазір асығыс іс үстінде едім. Әрбір минут санаулы. Менің тісіме бүгін пломба салыңыз. Қызметіңіз ұмытылмайды, – дедім. Қыз менің нені жоспарлап отырғанымды түсінген, түсінбегенін білмедім.
–Қазір көреміз, аузыңызды ашыңыз, – деді.
Ол менің тісімнің шұқырына салынған бірдеңелерін шұқылап алып тастады да:
–Міне жақсы болып қалыпты. Ауыра ма? – деп сұрады. Мен басымды шайқадым.
–Тісіңіз жақсы емделді. Жұлмағанымыз жақсы болған екен. Қазір пломба саламыз, – деп ол аспаптарын сараптай бастады.
«Қап» деп мен іштей өкіндім – беретінімді әнеугіден бері бергенімде ғой, бүйтіп бірнеше күн әуреленбейтін едім. Көрдің бе, ескертуім мұң екен, қазір салмақшы пломбаны. Пломбаны қымбатынан, әрі мықты салып берсе, жүз сом деген не? Ай, құлқын-ай, қалай-қалай мәймөңкелетеді?
–Аузыңызды ашыңыз – деді дәрігер маған. Ол бір дәрілерді тісіме тамызып жатып, сестра Аксананы шақырды. Аксана шығып кеткен еді.
–Қап, шығып кеткенін қарашы. Пломба жасау керек еді... Енді қайттім. Сіз аузыңызды жаппаңыз, – деп Ақжан орнына тұрды.
Ұзын бойлы, ашаңдау келген, ақсұр әйел Аксана кірді. Дәрігер қыз қуанып кетті.
–Аксана, пломбы керек. Ана жоғарғы құтыдан алып жасай қойыңызшы.
–Онда түк те жоқ, таусылған, – деді Аксана.
–Таусылған? Азанда бір құтысын алып ек қой!
–Анна Андреевна жасырып кеткен болу керек, көрінбейді.
–Енді не істедім, мына кісілерді қайттім. Ана құтылардың түбін қақ, ең болмаса бір пломбалық бірдеңе табыңыз... Тіпті болмаса Сергеевнадан сұрай қойыңызшы.
Сестра құтыларды қаққанымен ештеңе таба алмады да, Сергеевнаға бармайтынын айтты.
– Бермейді маған. Ана жолы ренжіп әрең берген.
Ақыры дәрігер қыз өзі кетті.
Мен аузымды кере ашып, желкемді орындықтың арқа сүйенішіне тіреп, көзімді бөлменің төбесіне қадап отыра бердім. «Бірдеңе беретінімді сездіргенім жақсы болған екен, – іздеп тіпті өзі жүгірді емес пе?» Әйтпесе «бүгін жоқ, ертең кел» деп қоя бермесін кім білген.
Дәрігер кірді. Қуана сөйледі.
–Жолыңыз болады екен. Бір пломбалық таптым. Сергеевнанікі де таусылып қалған екен, жалынып әрең алдым. Аксана, жасай қойыңызшы. Оның бұл сөздерін мен ұнатпай қабылдадым. Өсіп елпілдемесе де беремін деген соң беремін ғой. Дәрігер менің аузыма қарады да:
–Ту...у, тағы сілекей! Түкіріңіз – деді.
Үгітілген бірдеңені дәрігер тілдей шынының үстіне салып, жентектей бастады. Сонан кейін жентектелген пломбаны тістің тесігіне салып, саусағымен басып-басып қойды. Пломбы екінші тіске жабысып қалмасын деп, екі тістің арасына жұқа қағаз жүгіртті. Әрі бері қарап:
–О, тамша, – деді дәрігер қыз даусын соза түсіп. – Жақсы салынды. Екі сағатқа дейін тамақ ішпеңіз.
Ақжан есік жақ столдағы кішкентай столға барып карточкаға бірдеңелерді жаза бастады. Мен оның қасына келіп, шалбарымның оң қалтасына қолымды салып, төрт бұрыштай бүктелген жүз сомдықты алақаныма қыстым. Бірақ қолымды қалтамнан суыра алмай тұрмын. Өмірі кісіге мұндай сияпат жасап көрмегендіктен болу керек, әлденеге ыңғайсызданамын да.
– Ал сізге көп рахмет, – дедім. Даусым әдеттегіден өзгеріңкіреп дірілдеп шыққандай болды. Бөлменің екінші бұрышында бір сауыттарды жуып жатқан Аксана сыртқа шығып кетті. Біз оңаша қалдық. Осы оңашалықты пайдаланып, қалтамдағыны дәрігердің қолына ұстатуға ыңғайланып тағы бір адым жасап, қыздың қасына жақындай түстім. Дәрігер менің рахметіме күліп жауап қатты.
– Оқасы жоқ. Ал, оң жақ азуыңыздың ортасы сәл ой түсіпті. Әзір ештеңе емес. Бірақ қадағалап жүріңіз. Аурудың сыры білінді дегенше емдету керек. Келіңіз.
– Рахмет. Сіздің еңбегіңізді қалай бағаларымды білмей тұрмын...
Осы кезде:
– Ұлықсат па екен? - деп біреу кіріп келді бөлмеге.
– Титтей аялдай тұрыңыз, – дедім.Кірген кісі бізге тыжырына қарады да кейін шегініп, есікті ақырын ғана жаба салды. Дәрігерге берешегімді кісі көзінше қалай бермекпін. Әлгі жағдайдан кейін, қыз маған таңырқай күліп, орнынан тұрды. «Енді кідірудің керегі жоқ, тағы біреу кіріп келер» дедім де қалтамдағы ақшаны алып, қызға ұсындым.
– Мынау сізге, «Орамал тонға жарамайды, жолға жарайды» деген...
– Бұл не? – деген дәрігердің шошынған дауысы қаттырақ шықты. Жүзіндегі күлкі тез жуылып, өңі бұзылып сала берді.
– Иіссу алыңыз... Сіздің еңбегіңіз бар... – деп мен ірке сөйлеп, міңгірлеп қалдым. Қыз маған қадала қараған қалпын өзгертпей, даусын да бәсеңдетпей:
– Бұған қалай түсінуге болады? – дей беріп еді, мен оның сөзін бөліп жібердім.
– Мен шын ықыласыммен ұсынып отырмын сізге, алыңыз, өтінішім болсын.
Мен ақшаны дәрігердің қолына ұстатқым келіп еді, ол шоқ ұстағандай қолын тез тартып алды да, кейін шегініп кетті. Тіпті болмаған соң ақшаны столдың бұрышына қойып, шыққалы кете бергенімде дәрігер қыз:
– Жолдас Қарабалин! – деп дауыстап жіберді. Мен есікті ашып та үлгеріп ем, қайта жауып қыз жүзіне қарадым. Дәрігердің ашу ұшқынын шашқан көзі жалт-жұлт етіп, өңі тым сұрланып, тістеніп тұр екен. Алдында, ақшаны алуға ыңғайсызданып тұрған шығар деп ойлап тұрған едім, оның шынымен ашуланғанын сезіп қалдым.
– Алыңыз мына қағазыңызды, – деді зәрлі үнмен столдың дәл бұрышында тұрған әлгі ақшаны сұқ қолымен көрсетіп, – Сіз мені кім деп тұрсыз?
Мен ыңғайсызданып, кібіртіктей сөйледім.
– Ойпырм-ай, бұл ренжитіндей іс емес қой. Мен өзімнің көңілімді білдірдім... Оның несіне соншама...
– Алыңыз деймін қағазыңызды. Мені өйтіп қорламаңыз, білдіңіз бе? – деп дәрігер қатты, қатты басып есік ашты да, сыртта күтіп отырғандардың біріне:
–Кіріңіз, – деді.
Ол маған қайырылмады.
Баяғы жақсы қарас, жылы жүздердің барлығы енді дауыл үйіріп кеткендей ізім-қайым жоқ болды. Мен ұялғанымнан стол бұрышындағы өз ақшамды қолым дірілдеп әрең алдым. Енді шығып кете алсамшы. Табаным еденге жабысып қалғандай аяғым қозғалар емес. Дәрігермен қоштасуға да мұршам келмеді. Екі тіземнің буыны кетіп қалғандай, зіл түскен аяғымды әрең көтеріп, теңселіп бөлмеден шығып кеттім. Тісімді қашырлатып егегенде шықпаған тер, енді бүкіл денемді жуып кетті.
ШОЛПАНИМАНБАЕВА
(1904-1926)
Әдебиет майданында не бары үш-ақ жыл көрініп, дарынды талантын еркін шарықтата алмай, қайырымсыз қазаның қармағына ілінген Шолпан Иманбаева өзіндік сет, өзіндік ерекшелігімен көріне бастап еді. Шолпан поэзиясы сол кездегі қазақ ақындарының көтерген мәселелерімен қабысып жатты да, сауаты аз халқына үгіттік өлеңдерін молырақ жазуға тырысты. Ол алғашқы жазған шығармаларының өзінен-ақ серпін мол, құлашы кеңге сілтейтін ақындығын таныта бастады. Қазақ әйелдерінің ішіненен шыққан алғашқы ақын болды. өз өмірінің ішінде ол көптеген өлеңдер жазды да олардың көпшілігі жоғалып, қолға түспей кетті, біразы сол кезде баспа бетінде жарияланды. 1927 жылы Қызылордада басылып шықты. Бұл жинақты Шолпанның не бәрі 27-ақ өлеңі енгізілген. Арасы 23 жылдай уақыт өтсе де Шолпан творчествосына ешкім көңіл аудара қоймады. 1950 жылы ғана қазақтың көркем әдебиет баспасы Шолпанның сол 27 өлеңін қайта бастырып шығарды. Бұл жинаққа Шолпанның 1925 жылғы «Еңбекші қазақ» (280-саны, 21- январь) газетінде басылған «Ленин жолы және қазақ әйелдері» атты мақаласы енгізілді. Сонымен қатар, ақынның өмір тарихы мен творчестволық еңбегіне шолу ретінде М.Хакімжанованың мақаласы мен Н.Құлжанова, Н.Арықова, Қ. Ярылхамышевалардың Шолпан туралы есте қалған естеліктерін берген. Бұл мақалалар мен естеліктердің Шолпан өмірін зерттеймін деушілерге аз да болса мәлімет беретінінде дау жоқ. Бір екінші жері, бұл жинаққа Шолпанның 1927 жылғы жинағындағы шығармаларынан басқа тың өлең енгізілмеген. Демек, бұл Шолпанның өлеңдерін жинап, оның творчествосын зерттеп жүрген кісінің жоқтылығының куәсі болмақ.
Шолпан Иманбаевагың творчествосы оның өмір тарихымен тығыз байланысты. Шолпан Ақмола облысы, Қорғалжын ауданында (бұрынғы Ақмола уезі, Нұрбай облысы) 1904 жылы май айында (туған айы білем деушілердің айтуымен берілді), кедей семьяда туған. Оның балалық шағы жоқтықта, кедейлікте өтті. әкесі Иманбай бай үйінің жалшылығында күнін кешіріп, балаларын оқыта алмады. Аш-жалаңаштықтың тақсіретін тартса да Шолпан жастайынан бір бет, ойға жүйрік, алғыр бала болып өседі. Жаңа ғана гүлін жарып, шешек атқалы келе жатқан Шолпанды ескілік өмірдің аюандық әдет-ғұрып жастай солдырды. 14 жасқа жетер-жетпесте Бекей деген бай оны тоқалдыққа алады. Әрі сүймеген, оның үстіне жасы жағынан да әкесіндей болған Бекейдің қысымына, зорлығына көнбей азаттық іздеп талпына түседі. Бірақ, барар жер, басар тауы болмайды. Ақырында Бекей бай оның әлгі ісіне ерегісіп, күң ретінде ұстайды Сол кездегі тартқан азабы мен бейнетін Шолпан кейін «Жалшы әйелдер аузынан» деген өлеңінде былай деп жазды:
Көп жыл жүрдім бұзау-қозы соңында,
Маңдайымнан арылмаған сорым да.
Күл шығарып, тезек теріп, су тасып,
Күңің болдым жауыз байдың қолында...
Шолпан Бекейдің барлық қорлығына шыдап бақты. Бұл тек Шолпан ғана емес, Шолпанмен мұңдас мыңдаған қазақ қыздарына ортақ жағдай еді. Міне осы зорлық, азап өмірден құтылудың жолын таппаған Шолпанның ауры азабы оның тілінен зар болып шығады. 1921 жылы «Қоңыр қаз» деген өлеңін жазды. Өлеңде өткен дәуірдің ауыр азабын, теңсіздігін жырлап, оны әдейі мысалмен береді. Осы ойын ақын кейінгі жазған «Бұлбұл мен қарға» деген өлеңінде дамытады.
Мысалы: «Қоңыр қаз» деген өлеңінен кішкене үзінді келтірейік.
Аралға қонды суы жоқ,
Мезгілсіз ұшқан қаңыр қаз,
Бауырын төсеп жатуға,
Жапырағы жоқ, жері саз
Ұялап өскен жеріне,
Қайтайын десе қаңқылдап,
Болар ма екен оған жаз?...
Ұшайын десе мерген көп
Аңдымайтын адам аз...
Шолпанның «Қоңыр қаз», «Бұлбұл» деп отырғандары аздап өмірдің уысынан шыға алмай, торға түскен бұлбұлдай, сусыз жердегі шөлдеген қаздай болған қазақ қыздарының бейнесі еді. Сол қазау қыздарын іздеп, жанышқан үстем тап өкілдері, зорлық пен зомбылықтық иелері болған болыс, билер мен байларды «қара құс» пен «қара қарғаларға» теңейді. Сол еткен зорлықшылар дәуірін Шолпан «қарғалардың заманы» дейді. «Қазақ әйелдеріне» деген өлеңінде де Шолпан оларды есекке теңейді. («Қор болып бір есекке қосақталған»). Міне, Шолпан шығармаларындағы жағымды кейіпкерлер мен жағымсыз кейіпкерлер осылайша теңеу тауып отырады да осы арқылы ақын жауыздық, озбырлық иелеріне деген жиренішті сезімді қоздырып, зорлық көріп, жапа шеккен, жазықсыз жандардың ауыр азабына жаны ашып, іштей аяп, егіледі. Әлгі келтірілген «Қоңыр қаз» өлеңінде қазды «аралға қонды суы жоқ», «қоңыр қаз қашты шөлдейді» деген жолдар кездеседі. Сусыз жерде арал болмайтынын біле тұра ақын әдейі қаздың қандай қиын жағдайда болса, теңсіздік жерде Шолпан да сондай аянышты жағдайда болды. Сол ауыр азаптан, теңсіздіктен құтылғысы кеп талпынған Шолпан, өзінің ата-ана бауырына қайта оралғысы кеп кетеді. Санаға мықты сіңген ескі әдеттің сарқыншағы оның аяқ-қолын жазғызбайды.
Обал болар деп едік, Өтпейді оған ешбір наз, – дейді ақын. Ал, өздігімен кетуге мылтығын кезеген «Мерген көп». Шолпан «обал» деген сөзді екі-үш жерде атайды. Оны сол бейнет көрген әйелдерге аяушылығын білдіріп, үстем тап өкілдеріне айтады, жалынады. Тілекпен, сұраумен ештеңе шықпаған соң арманы ащы зарға айналып, жақсылықты болашақтан күтеді.
Қайтайын десе қаңқылдап,
Болар ма екен оған жаз?- дейді.
«Жаз» деген сөзді ақын еркіншілікті айтып отыр. Ондағы іздейтініне де «сусыз арал», «дария, шалқар, көлдер», яғни еркідік өмірі. Шолпан «Қоңыр қаз» қаз деген өлеңінде лирикалық герой бастан аяқ «қоңыр қаз» болып отырса, осы принципін басқа өлеңдерінде берік ұстай бермейді. «Бұлбұл мен қарға» деген өлеңінде геройларын әуелі бұлбұл, қарға дей отырып, халыққа түсінікті болсын деген ұғыммен оны ашықтан-ашық атап та береді.
Мысалы: бірібұлбұл, бірі қарға
Кездескен қапияда қазулы орға.
Рахымсыз ата-ананың байлауымен
Кез болды талай қыздар қарғаларға- дейді.
Шолпанды да, оның мұңдас құрбыларын да сол «қарғалардың» құтқарып, тендік әперген Ұлы Октябрь. Өмірдің ауыр соқпағын өз басынан кешірген Шолпан Совет өкіметі әперген теңдікті шын ықыласымен жырлады. Өткен күннің азабын тартқан кедейлердің ауыр тұрмысын есіне түсіріп, көз алдына елестетеді де, жаңа заманның бостандық, еркін өмірін жырына арқау етті. Шолпан «Жолаушы мен жұмыскер» дейтін өлеңінде совет дәуірінде теңдік алған жұмыскер қуанышын көрсетеді.
«Тар дүниені бүгін келіп кеңіткен,
Қара тасты қорғасындай еріткен.
Жетім-жесір, нашар тосын теңелткен,
Жөн сұраймыз бұл үкімет кімдікі?» - деп сұраған жолаушыға, жұмыскер:
«Неше жылдай жауыздармен күрескен,
Зұлымдық пен байлар менен тірескен.
Ақыр жеңіп қызыл орнатқан
Бұл үкімет күшті кеңес менікі».
Жұмыскердің желбіреген қызыл туы Октябрь революциясын тудырған бостандықтың белгісі. Бұл революция ұлы орыс халқы, коммунистік партияның басшылығы арқасында жеңді. Сондықтан да революцияны, бостандықты жыр еткен де Шолпан бұл ұлы істеген орыс халқының еңбегін бағалап, қазақ халқының ұлы орыс халқына деген сүйіспеншілігін білдіріп отырады, олардың бар мақсат- тілегінің бір екенін айтады. «Үш жүз жылдай тұрдым тордың ішінде» дейді жұмыскер. Бұл үш жүз жыл бойы орыстың бұқара халқын езіп келген патша Романовтар тұымының темір торы еді. Революция әкелген бостандық жолында көптеген халық қамқорының құрбаны болғанын айта келіп, ақын бостандыққа жаңа образды теңеулер іздеуге тырысады. «Октябрь күні» өлеңіндегі:
Қалың нашар ұран салып,
Қолға қызыл туын алып,
Қараңғыны қылған жарық
Қымбатты күн – Октябрь - деген шумақта қараңғылық деп,- өткен дәуірді азап, қаналу заманын айтса, сол қараңғыны жарық етуші қолына қызыл ту алған еңбекші халық екенін («қалың нашар»...) айтады. Тарихты жасаушы халықтың өзі екенін ақын баса айтады. «Октябрь мейрамына» деген өлеңінде «жасасын жер жүзінің жұмыскері» деп ақын ұран тастайды. Ақын «Бұлбұл мен қарға» деген өлеңінде Октябрь революциясына жаңа образ табу ниетімен оны желге теңейді.
«Сол шақта күн шығыстан бір жел тұрды,
Қарғаның құрған торын быт-шыт қылды.
Рахымды табиғаттың қызыл желі
Тұтқыннан бұлбұл құсты азат қылды...
... Бұлбұлдың бостандық ап көңлі тынды,
Көрген соң жайнап шыққан қызыл түнді»
Тұтқында болған бұқара халықты босатып, оларға бостандық әперген «рахымды табиғаттың қызыл желі» дейді. Бұл жерде ақын «қызыл жел» деп қызыл ерлер, немесе қызыл туды айтып отырғаны түсінікті. Ал бостандықты жайнап шыққан қызыл күнге теңейді. Бұл өлеңдердегі жаңа эпост (қызыл) символдық астарлау, мегзеулердің барлығы да Шолпан поэзиясының өзіндік сипаттарын танытар жаңа ізденістері болатын. Ұлы Октябрь революциясы әкелген бостандықты атқан таңға, шыққан күнге теңеу орыс совет әдебиетінде, әсіресе халық ауыз әдебиетінде молынан кездеседі. Міне, бостандық өмірді атқан таңға теңей әрі тың, әрі қонымды еді. Бұл ағарып атқан таң езілген бұқара халықтың ағарған көңілінің бейнесі. Бұл тақырыпты жырауда Шолпанның «Жеттік міне» деген өлеңі поэзиялық қасиеті жақыннан, сыршылдығы жағынан осы жылдардың біраз өлеңдерден оқшауланып тұрады. Ақынның лирикалық геройы «Міне ұлы Октябрь революциясы жетілдірілді» деп құр декларацияға салынбайды. Өзінің революциядан бұрынғы азап өмірімен, бүгінгі еркін, бостандық өмірін салыстыру арқылы береді. Өлеңнен мысал келтірейік:
«...Қайғылы, шерлі көңілім,
Қасіретпен өтіп өмірім,
Өзімді бүгін байқасам
Кеіпті шаттық басыма...
Ата-анадан айрылып,
Қалған еді қанат қайрылып,
Қара жүзік ағарып,
Теңелді деген осы да...
Қан жүгірме бетіме,
Таяқ тиген етіме,
Сондай жаман күндерден
Құтылды деген осы да».
Қарайған жүректің ағаруы, қырқылған қанаттың теңелуі, үзілген тілектің қайта жалғануы еді. Ал, осы жаңалық, ұлы өзгерістің бәрі Коммунистік партияның жолдасшылығы арқасында лениндік ұлы саясаты жеңісінің жемісі. Өлеңді өзекті оймен қатар сұлу сырлы сөздер бар, ысылған, төселген ақындарға тән ықшамдылық, аз сөзбен көп ойды білдіру сияқты қасиеттері айқын сезіліп отырады. Шолпан өткен заманда «қараңғылыққа », «Октябрь мейрамына» деген өлеңінде «қараңғы сасық тұманға» теңейді. Қазақ совет әдебиетіндегі жаңа бастама, ұлы күндердің белгілі жылдық мерекелерін құттықтап, қарсы алу өлеңдері жазылады. Осы мақсатты Шолпан да бірнеше өлеңдер жазды. Міне, осындай маңызды, зор, ұлы мерекелерге арнап өлең жазу совет қазақ әдебиетінің жаңалығы болды. 1922 жылы Коммунистік партияның тікелей қамқорлығының арқасында Қазақстан Автономиялы республикалар Одағы қалың малды жою туралы декрет қабылдады. Бұл декретте қалың мал, әмеңгерлік, көп әйел алуға тыйым салынатындығын көрсетілген. Лениндік ұлт саясатының жемісі арқасында бостандық алған азақ әйелдерінің бірі Шолпан Бекей байдан құтылып, өз басына еркіндік алады. Бұл қуанышты жаңалықты ең алғаш жырлаушылардың бірі де осы Шолпан болады. Ақын «Жолаушы мен әйел» деген өлеңінде:
« Еріксіз шалға бармауға,
Ата-анам тілін алмауға
Шын уағада берген күң», – дейді Шолпан.
Бұл жерде мал үшін қызын сүймеген адамына зорлап берген ата-аналарды айтып отыр. Бұл ескілік шырмауынан арыла қоймаған ата-ана мен совет жастарының арасындағы күрес, тартыс еді. Шолпан «Зейнепке» деген өлеңінде:
«Арпалыстың, алыстың,
Бармаймын деп мен шалға,
Қарғыс алдың әкеңнен,
Сатылмаймын деп малға».
Етекбастысы әлі де болса мол кезде Шолпанның ендігі арманы өнер, білім болады. Осы жолда дегеніне қолы жете қоймаған ақын, уездік оқу бөліміне өлеңмен:
« Оқу аз, білім саяз, талабым көп,
Тілекке жетпеген соң жүрек жанған» - деп арыз жазады.
Бұл жылдары ескілік шырмауынан әлі де болса шыға алмай жүрген қазақ қыздарына Шолпан:
« Қазақтың қамаудағы әйелдері,
Еркіндік жемісінен жесін тегіс» - деп ұран тастайды.
Күндік қамытты мойнынан ысырып тастағаннан кейін Шолпан надандықпен күресіп, іргелі талпынады. Білім іздеді, мәдениетке ұмтылады. Бұл мәдениет тек оқу арқылы, ғылым арқылы келетінін түсіне бастайды ақын. 1921 жылы Ақмола қаласына келіп, сауат ашу мектебіне түседі. Хат таныған Шолпанның ой шеңбері кеңейіп ізденушілігі де арта түседі.
« Үлгілі сөз
Болама көз,
Оқып біліп жазбаса?
Алтын мен жез Алынбас тез
Еңбектеніп қазбаса»- деп ақын ерінбей оқып, еңбек ету жемісінің кілті екенін түсіндіреді. Ақын творчествосында өткен күннің ауыр азабы мен бүгінгі күннің қуанышын айтумен қатар, енді жаңалықтарды халық арасына таратуда үгітті күшейте түседі. Қазақстанда мәдениет мешеулігі әлі де болса жойылмай тұрған кезде, мәдениет талпынған қазақ әйелдері сан алуан-ақ еді. Партия, комсомол ұйымдарының қамқорлығының арқасында талапты ақын Шолпан 1924 жылы Орынборда ашылған өлкелік әйелдер курсына оқуға алынылады. Шолпанның творчествосынан әлі де болса қазақ ауылындағы мәдени мешеулік та қалады. «Өлкелік әйелдер курсінен өлеңінде ақын «Жарқырап алтын күміс тағынбаймыз, Қызартып опа, далап жағынбаймыз», –деген жолдар кездесіп отырады. Сөз жоқ, бұл қала мәдениетіне, ауылдың әлі де болса қырындау қарайтынын байқатады. Бірақ, Шолпан бар тілек, бар зейін, бар ойын тек оқуға, өнерге, білімге береді. «Лениннің өсиеті – өнер-білім»... «Жолында өнер, білім бөгелмейміз» дейді. Ақын, надандықтың негізін сол білімсіз, өнерсіздіктен деп, жауыз байлардың алдануына түсіп, күндікте, құлдықта жүруінің себебі сол деп түсінеді. Енді өнер, білімге жол ашылғанда партия мен өкіметтің қамқорына бөленген қазақ қыздары еді.
Бірте-бірте жолды танып түзулік
Ашылмақшы атқан таңдай санамыз, – сондықтан да ол:
Залымның арбауына уанбаймыз,
Сатылып қалыңмалға жүре алмаймыз, – дейді.
Осы өлеңдерден сол дәуірдегі әйелдердің сана-сезімнің қаншалықты өскенін көру де қиын емес. Шолпан қазақ әйелдерінің алдындағы міндетті де жақсы түсіне білген.
Бұлар да адам болар деп,
Қатардан орын алар деп,
Сіңірер деп таза еңбек
Бізден күткен жеміс зор.
Шолпан қазақ әйелдерінің отбасы, ошақ салып қалмай, отанның адал қызы болып, халыққа еңбек сіңіруіне тілейді. Осы ретте өздеріне жүктелген міндетті де терең түсіне біліп, қазақ әйелдерін білім алуға, өнерге шақырады. Өйткені ақын «Бәрін білімдінің оң мен солы» деп қандай да ұлы іс істеу үшін білім керек, надандыққа қарсы күресу керек деп үгіттейді. Шолпан өлеңдерінің біразы осы тақырыпта жазылған.
Шолпан творчествосындағы кең орын алған тақырып, В.И.Ленин бейнесі. Коммунистік партиясын ұйымдастырушы, жер жүзі еңбекшілерінінің көсемі В.И.Лениннің мезгілсіз қазасы совет халқының жүрегіне ауыр дерт жамады. Қазақ совет әдебиетінде Ленин туралы шығармалар осы 1924-ші жылдары шықты. С.Мұқанов, И.Байзақов, С.Дөнентаевтардың өлеңдері шығады. Осы ақындар өздерінің ішінде Шолпанның «Естірту», «Бүгінгі күн» деген өлеңі де белгілі дәрежеде орын алады. Ленинді таныстырып, оның шын қамқор екенінбаса айтады.(«Кедей үшін жан қайғы», «Кедей елдің қамқоры», «Уақ ұлтының қыраны», «Еңбекші елдің шын қамқоры») осындай халық қамқоры адамның қазасына «Өтті Ленин дүниеден» деп қиналады. Ақын ұлы Октябрь социалистік революциясының арқасында «Бай үкіметін құлатқан», еңбекші бұқараға теңдік әперген «халықтың басшы сұңқары» еді деп түсіндіреді. Шолпан бұл өлеңдеріне қайғының құшағына түсіп кете бермейді.
«Өзі өлсе де сөзі өлмес,
Салған жолы өзгермес.
Мирасқоры өрен жас-
Өтті Ленин дүниеден» - деп Ленин жолының әділдігіне, оның мәңгілігіне берік сенеді.
Шолпанның бұл өлеңіндегі ой Иса Байзақовтың:
« Ленин бүгін коммунистер жүргеі
Жүрек оны өлді деп те сенген жоқ» деген, С. Мұқановтың «Ленин», «Ленин қабірінің басында», А. Тоқмағанбетовтің «Ленин» деген өлеңдерімен ұштасып, қабысып жатады. Ақын Ленин ісін үлгі тұтып, ленинизм ғылымына сүйенеді. Шолпан 1925 жылғы «Еңбекші қазақ» газетінде басылған «Лениннің жолы және қазақ әйелдері» деген мақаласында да «Лениннің өсиетіне, әсіресе әйелдер туралы айтып кеткен сөзінде: от басындағы тезек теріп, от жағып жүрген әйелдеріміз қай уақытта үкіметке қатысса, сол уақытта біз жалпы тегісшілдікке жетіп, коммунизм дәуірінен сол уақытта ғана орната аламыз деген... Мысал үшін осы Қазақстандағы оқып жатқан әйелдерді алып қарасақ, бәрі де бұрынғы жауыз тұрмыстың ауыр талқысын көрген, қолы еркіндікке, теңдікке жетпеген, оттың басында, тезекті қаптың жүрген жалшылар табының әйелдері. Бұдан не көрінеді? Ленин өсиетінің жүзден бірі болса да құр сөз болып қара бермей іске асқаны көрінеді». Мақаласындағы осы пікірі Шолпанның өлеңдеріндегі идеямен тығыз байланысты жатады. Сондықтан да ақын өлеңінде: «Лениннің өсиеті- өнер, білім» немесе «Маркспенен Ленин жолы жолымыз» деп келеді. Ақын бұқара көпшілікті Ленинше қызмет етуге шақырады. Науқастанып ауруханада жатқан замандасы Жамалға жазған өлеңдерінде («Жамал жолдасқа»)
«Еш қажып қайыспаған бабаң Ленин,
Жүрсе де бейбіт көріп дұшпан айдап» -дейді.
Ленин бейнесі Шолпан творчествосында «Талмайтын күшті қанатты», «уақ ұлттың қыраны» ретінде, әсіресе «халықтың басшы сұңқары» ретінде жырланады. Ленин бейнесін сұңқарға, қыранға теңеу 20- шы жылдардағы қазақ совет поэзиясына тән қасиет еді. Сонымен қатар Шолпан творчествосында, әсіресе Ленинге арналған өлеңдерінде мынандай теңеулер кездеседі. Мысалы: «Онда әділеттілік, онда (Ленинде) иман», «келешектің құраны». «Бұл дүниенің пайғамбары» деген сөйлемдер. Бұл сияқты теңеулер тек Шолпанда ғана еме, алдындағы аға ақындардың қай-қайсында да болса кездеседі. Шолпан творчествосы кезінде баспаға шыққандары баспаға шықты да, шықпағандары халық арасына жайылып, ойын-сауық, кештерде айтылып жүрді. «Жолаушы мен әйел», «Жолаушы мен жұмыскер» деген өлеңдері мектеп оқушыларының кештерінде сахнада орындалып жүрді. өйткені ақынның ойы мен тілегі халықтың ой тілегімен ұштасып, қабысып жатты. Сондықтан да оның шығармалары халық арасына әсіресе жастардың сүйіп айтатын өлеңдеріне айналды. Шолпан Ленин есімінің ардақтылығын оның еңбекші халық үшін еткен еңбегімен бағалайды. Өзіде Ленин ісін үлгі тұта отырып, жұртшылықты халық үшін еңбек етге шақырады. «Пионерге» деген өлеңінде :
«Оқу оқы, жалықпа, Пайдаңды тигіз халыққа» – десе, «Жолдасыма» деген өлеңінде де ойы, тілегі бірге жолдасын «Тұрмыстың көрген талқысын Жанын қимай халық үшін» – дейді. Ал, «Жас қайратқа» және «Жастарға» деген өлеңінде де жастар газетіне, бұқара көпшілікке еңбек ет, өнер шаш деп отырады.
«Біздің Сәуле» өлеңінде ақын Сәулені:
«Әділдік пен адалдық
Тура жолда жүрмек ол» - дейді.
Осы жолды кейінгіге үлгі етіп, осыдан өнеге алуға шақырады.
Бұл жас ақын Шолпанның ойы мен тілегі біздің коммунистік партиямыздың мақсатымен тығыз байланысып жатқандығының айғағы еді. Шолпан өзі халықтың арасына шығып, халыққа еңбек теуді мұрат етеді. Шолпан шығармаларында таптық тұрғы ұмытылмайды. Еңбекші үшін, шаруалар үшін еңбек ет деген үгіттеуін айтумен қатар:
«Арам тамақ, бай-залымдар, Өлгенше болар қас інім» - деп байлардың кедейлер табымен еш бірікпейтіндігін, келісімге келмейтіндігін, екі тап екендігін айтады. Халық арасынан шыққан Шолпанның шығармаларында халықтың жүрегінен шыққан мақал, мәтелдер де орынды, жүйесімен қолданылады. Бұқара халықты езіп келген, байлады сынағанда ақын «зорлық түбі қорлық» деген мақалды пайдаланады. «Тірлік түбі бірлікте» деген мақалы Шолпан інілеріне өсиет ретінде пайдаланады. Өзі дегенімен кете бермей, не істесең де істе, деп ақыл айтады. Еркін жетіп, дамымағанмен Шолпан творчествосынан адамгершіліккке жатпайтын, жат қылықтарды мысқылдау бар екенін де айтып кету жөн. «Шолпанмен бірге өткізген күндер» деген Қамаш Ярылхашеваның еске түсіруінде былай деп жазады. «Апай! Қызылжарда жездем бар еді, соған хат жазып отырып мынандай өлең қостым тыңдаңыз» деді (Шолпан М.Д) Ол оқып шықты, екеуіміз де шегіміз қатып күлдік. Шынында да өткір, әсерлі өлеңмен жазылған қалжың екен... Шолпан қоғам жұмысына жанын сала араласатын. Елден келген шала сауатты әйелдердің арасында кемшілік болмай тұра ма, ондайларды жиналыста сынап сөйлеуге ұста болады. Ұрысқандары – сабаққа бармайтын жалқауларды, қыдырымпаздыққа салынғандардың теріс мінездерін лезде өлең қып өздерінің қолына ұстата қоятын...» Шолпан арызды да, хатты да көбіне өлеңмен жазған. Амал не, Шолпанның ол өлеңдері жоғалып кетті. Шолпанның осындай өлеңдерінің бірі «Зейнепке» арнап жазғаны. Шалға бармаймын деп ата-анасының зорлығына көнбеген, ақырында мал мен дүниеге қызығып, 63-тегі шалға екі әйелдің үстіне үшінші әйел болып барған Зейнептің осы жарамсыз қылығын:
Таңдап жүріп неше жыл, Таптың жақсы-ақ жарыңды, – деп мысқылға да айналдырды. «Жәкең жаман сасады» деген өлеңінде де ел ішіндегі байлар қалдықтарының іс-әрекетін әжуалап отырады. Шолпанның өлеңдерінде бәлендей жаңа түр кездесе қоймайды. Көпшілік өлеңдерінің түрі мыналар: 1) 7-8 буынды ерікті ұйқас; 2) 11 буынды қара өлең; 3) 7-8 буынды кезекті ұйқас.
Ақын Абайдың 8 аяқ өлеңінің ұйқасымен «Үлгілі сөз» деген өлеңін жазады. Шолпанның өлең жазудағы бір сүйетін әр шумақтың соңғы жолын үнемі қайталап отыру («Естірту», «Октябрь күні», «Жолдасыма», «Пионерге», «Жас інім») т.б. өлеңдері. Мысалы: «Естірту» деген өлеңінде Леин туралы жырлай отырып, әр шумақтың аяғына «Өтті Ленин дүниеден» деп отырады. Ал «Октябрь күні» деген өлеңінде де негізінде осы сияқты «Күн - Октябрь» деген сөз үнемі қайталанады, бірақ, әлгі сөздің алдында анықтауышты өзгертіп отырады. 1-шумақта «Қымбатты күн – Октябрь» болса, 2-ші шумақта «Жолбасшы күн – Октябрь» болып келеді. Шолпанның алғашқы өлеңдерінде («Жолаушы мен жұмыскер», «Жолаушы мен әйел») екі адамның жол сұрасқан әңгімесін бөлек арнаулы шумақпен «жолаушы», «жұмыскер» деп бөліп отырса, соңғы жылдары жазған өлеңінде («Жәкең жаман сасады») диалогты пайдаланады. Мұның алғашқысы ауыз әдебиетінің әсерімен жазылса, соңғысында ақынның шеберлігінің жетіле түскендігінің бір айғағы еді Жалпы алғанда өлеңдегі диалогтың өзі қазақ совет поэзиясына осы 20-шы жылдары енеді. Негізінде диалогтар ауыз әдебиетінде де кездеседі. Жазба әдебиеттен оның өзгешелігі герой сөйлердің алдында «сөйлейді», «бүй дейді» деген анықтауыштар беріп айтылады. Ал жазба әдебиетте оның бәрі қалып, бір дегеннен дефис арқылы диалогқа көшеді. Мысалға мына бір шумақыт алайық:
«Мұны естіп сонда Жәкең
Көзі жайнап қызарды.
Шақыршы итті, шақыршы итті,
Алайын, – деп ызамды».
Негізінде Шолпан творчествосының үгіттік қасиеті айқын. Ақын жаңа өмірдің қуанышын халыққа жеткізі, халықтың санасын оятуға бар күшін салады. сондықтан да Шолпан кейде бар дауысымен жаңа өмірді қарсы алып, «Жасасынды» да молырақ пайдаланылады. («Жасасын жер жүзінің жұмыскері!»), («Жаса Қызыл Октябрь»), («Тегіс жаса пионер»). Рас, кей жағдайларда құр «жасасындарда» поэзиялық жылылық аз болатынын да айта кету керек. Білім бұлағына енді ғана келіп, бірақ шөлін қандыра алмай кеткен Шолпан орыс тілін білмегендіктен орыс халқының әдебиетінен де ештеңе үйрене алмай арманда болды. 20-шы жылдардағы поэзияда негізінен дұрыс идеяда бола тұрса да көркемдік жағынан бірнешеленген жаңа теңеулер, образды сөйлемдер таба отырса да, мазмұнына түрі үнемі келе бермейді. Бұл тек Шолпан творчествосы емес, сол жылдардағы барлық ақындардың творчествосына ортақ жағдай еді. Ауыз әдебиетінің әсері мол кезде Шолпан өлеңдерінде архаизмдер мен метафоралардың ұшырауының да жоғарыда айтылғандай заңды себебі бар еді. Қоғамның дамуына, ғылымның, техниканың дамуына байланысты 20-шы жылдардың өзінде-ақ қазақ тілі қорына көптеген жаңа сөздер, терминдер ене бастайды. Ол Шолпан творчествосында да өз орнын табады. Ескілік әдеттің құрбаны жастайынан күң боған, білімі саяз, өмір тәжірибесі аз Шолпан әдебиетке жастайынан араласқан осы үш жылдың өзінде халыққа үлгі, өнеге етіп, өлмес өлеңдерін қалдырып кетті. Байдың малайы, күңі болған Шолпанның бұлай жұлдызы жана бастауы тек Коммунистік партияның, Совет өкіметінің арқасында екені даусыз. Бірақ, мейірімсіз ажал жас гүлді жапырағын жайып, енді шешек атқалы келе жатқанда сабағынан үзді. Жас талап, 22 жасында қыршын кетті. Бірақ,өзінің адал қызы Шолпанды қазақ халқы ұмытқан жоқ. әр уақытта ардақтап жүрегінде сақтайды. Оның қалдырған әдеби мұраларына әдебиет тарихынан лайықты орын береді.
1956 жыл
07.05.56 Қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы, классик ақын Абайдың поэзиясы туралы көптеген зерттеулер жазылса да, оның қарасөздері жөнінде арнаулы еңбек болған емес. Х.Сүйіншәлиев өзінің «Абайдың қарасөздері» атты еңбегін ақын творчествосының осы өте аз зерттелген саласына арнаған. Абай, негізінен алғанда, үлкен ойшыл, гуманист, өз дәуірінің сыншы ақыны ретінде танылса, ақынның бұл ерекшеліктері оның қарасөздерінен де айқын көрінеді. Сондықтан да Абайдың өмірге көзқарасы, дүние тануы жайын сөз еткенде оның қара сөздеріне соқпай өтуге болмайды. Ақынның поэзиясы мен қарасөздері пікір жағынан қабысып жатады. Ол көп жағдайларда өлеңмен жеткіліксіз айтқан ойларын қарасөздерінде молынан қамтиды. Абайдың байлар мен кедейлер туралы, таптық көзқарастары, бұқараны жақтайтын және орыс халқымен достасуды қалайтын пікірлері оның осы қарасөздерінде толық берілген де, анық айтылған. Орыс мәдениетімен танысуына байланысты ақынның «Шығысым батыс боп кетті» немесе «Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі» дегендері де оның қарасөздерінде ұшырайды. Абайдың ел билеу, оқу, өнер-білім, тәлім-тәрбие, еңбек, шаруа жайлары, адамгершілік, қоғам, өмір туралы ойлары – оның өлеңдерінің негізгі тақырыптары. Бұл тақырыптар оның қарасөздерінде де сөз болады. Х.Сүйіншәлиев Абайдың қарасөздерінде идеялық мазмұны жағынан бірнеше тақырыпқа бөліп талдайды. Бұл талдауда Абайдың ел билеу жөніндегі ойлары мен демократиялық, әлеуметтік көзқарасына, оқу, өнер-білім туралы пікірлеріне баға беріледі. Абайдың еңбек туралы, адамгершілік, гуманизм жайлы ойлары орыстың демократ жазушыларының пікірлерімен үндес келеді. Салтыков-Шедрин сияқты, Абай да адам баласының бойындағы жағымсыз қылықтары мен мінезін аяусыз әжуа-мысқылға айналдырып, әшкерелеп отырады. Ол – кексіз күлкі, жай қалжың емес, зілді ашуы бар, өзі өімір сүрген қоғамның тәртіптеріне қарсы ақын айбары. Абайдың әлеуметтік көзқарасы мен ойлары –ақын өзі өмір сүрген заманның айқын сәулесі. Оның шығармаларынан сол заманның байы мен мырзасы, болысы мен ьиі қандай, мақсаты не, жастарының арманы, кедейлердің мұңы неде, – міне, осының барлығын сезініп, сол кезеңнің жалпы көрінісін көз алдымызға елестеткендей боламыз. Үлкен ойдың адамы болғандықтан Абай дүние туралы айтқанда еріксіз философ та болып кетеді. Дін туралы ойлары ақынның қайшылығын көрсететін жәй. Бұл ретте діни оқуға қарсы тұрып, құдайдың өзін жоққа шығарып отарса, екінші бір жерде оның «құдайдың құдіретін» мойындайтын да кездері болып қалады. Сүйіншәлиев жолдас Абай қарасөздернің тақырыбы мен идеялық мазмұнын оның өлеңдерімен тығыз байланыста алпы дұрыс талдау жасайды. Зерттеуші Абай шыққан биікті көрсете отырып, оның қоғамның өзгеру жолын түсіне алмағанын орынды дәлелейді. Х.Сүйіншәлиев еңбегінің екінші бір көлемді тарауы Абай прозасының түр, стиль, тіл ерекешеліктері мәселесіне арналған. Абай прозасының түрі, стилі туралы ешкім арнап зерттеп, белгілі байлам айтпағанмен, ақын творчествосымен шұғылданған әдебиетшілердің әрқайсысы әртүрлі пікірде болып келді. Абайдың қарасөздерін біреу очерк жанрына, екіншісі қысқа әңгіме тәріздес көркем проза десе, үшіншісі публицистикаға жатқызды. Шындығында, әркімнің әртүрлі айтып келуінің өзі Абай қарасөздерн ешкімнің арнап зерттемегенінің салдары еді Х.Сүйіншәлиев Абай прозасының түрін зерттегенде жоғары айтылған, бірыңғай очерк, не бірыңғай әңгіме деген пікірдің ешқайсысын жақтырмайды. Зерттеуші Абай қарасөздерінде прозалық жанрлардың әртүрлі элементтері барлығын байқаған. Олар: 1) өсиет ғақлия, 2) тастих ретінде келетін философиялық трактат, 3) нақыл, тұспал сөз, 4) кеңес, әңгіме, 5) публицистика, 6) көркем прозалық элементтері бар сөздер. Абайдың қарасөздерін оқып отырғанда онда публицистиканың да, афоризмнің де, әңгіменің де элементтерінің барлығын байқаймыз. Мұның өзі араласып келіп жатқандықтан әдебиеттің бір жанрына жатқызудың қиындығы да осыдан туып жүр. Х.Сүйіншәлиевтің жоғарыда келтірілген Абайдың қарасөздерін жіктеуінің кейбір түрлеріне қосыла отырсақ та, кейбіреулеріне дау айтуға тура келеді. Ең алдымен «өсиет», «тастих» дегендерді проза түрі емес, әдебиеттегі бір тәсіл. өсиетті тек проза арқылы ғана емес, поэзия арықылы да айтуға болады. Және «кеңес, әңгіме» мен «көркем прозалық элементтері бар сөздер» деп бөлгенде, әңгіме көркем прозаға жатпайтын сияқты көрінеді. Бұл да айқындай түсуді қажет ететін жай. Ал, Абайдың қарасөздеріндегі проза жанрының әртүрлі элементтерін автор өте дұрыс тауыпғ оған талдаулар жасайды. Бұл жағын әлі де болса толықтыра түскен жөн. Ақын Абайдың қарасөзге келген себебін автор өз ойын оқушысына жеткізу үшін деп түйіндейді. Абай бірінші сөзінде: «Осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, оқысын, «керегі жоқ» десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байландым...» - дейді. Мынандай бір жайды еске алу керек сияқты. Орыстың прогресшіл жазушыларының прозалық көркем шығармаларын оқыған Абай дәл солардай көркем проза жазуды мақсат етпеген. Ойына келгендерді күнделік ретінде жаза бергендігі байқалады. Абайдың қарасөздеріндегі көркем ерекшелік өз алдына. Ал прозаның қай жанрына жатқызу жөнінде сөз қозғағанда, мұны Абайдың күнделігі десе қайтер еді деген ой келеді. Зерттеуші Абай қарасөзінің стиліне тән - лаконизм, яғни айтайын деген ойын қысқа, нақтылы етіп тұжыра айтуы, нақыл сөзділік екенін, Абай қарасөздері сөйлемдернің синтаксистік құрылыс жағынан сол кездегі кітапшыл әдебиеттен өзгешелігін, кейбір орысша құрылған сөйлемдердің кездесуі, ақынның кей сөздерге жаңа мағына беруі, қазақ тілінің құрамын дамытуда Абайдың қарасөзінің маңызы, тағы басқаларды ғылыми тұрғыдан дәлелдейді. Бұл зерттеу монографияның бір құнды жағы деп қарау керек. «Абайдың қарасөздері» туралы тұңғыш жазылған бұл еңбек – үлкен зерттеудің алғашқы, сәтті бастамасы. Абайдың қарасөздері әлі де болса зерттей сүсуді қажет етеді. Еңбектегі кейбір пікір қайталаулар, толықтыра түсуді керек ететін жайлар бұл еңбектің жалпы құнын түсіре алмайды.
10.07.1956 Жолдасым екуіміз жолаушылап келіп бір үйге түсіп едік. Сұңғақ болы, сылыңғыр қара келіншек бізбен жайраңдап сөйлесіп, самаурынын далаға алып шығып кетті. Үстінде сырмалы көкірекшесі бар, екі құлағын төбесіне қайыра байлаған елтірі құлақшынын баса киген, жасы төрт-бестер шамасындағы бала терезе алдында тұр. Сырт мүсіні әлгі келіншекке ұқсайды. Мойнына кішкентай ойыншық мылтығының бауын қыса ұстап, бізге жатырқап қарайды. Мен оны өзіме шақырып едім, бала аяғын санап басып қасыма әрең келді.
–Мылтық ата білесің бе? – деп едім:
– Ата аламын, – деде
–Атың кім сенің?
–Көлбай. Сенің ше?
–Мені атым ба? Менің атым – Кісібек.
«Кісібек» оған бүртүрлі естілген болу керек, бала тұрып:
– Кісі... кісі... өзің де кісісің, атың да кісі, – деп күліп жіберді. Осы кезде баланың шүкемейттей кішкентай мұрны тырбиып, томпиған бүйрек бетімен бірдей болып кетті. Әлден соң Көлбай мылтығын кезеніп, бізге қарай оқталып еді:
– Ей, бала. Бізді атып тастарсың, – деген менің қалжыңымды ол шын қорықты деп түсініп, мәз болып тағы да күліп қалды.
– Мұның оғы бар дейсің бе?
– Енді
– Оғы жоқ. Бұл ойыншық мылтық. Маған ағам әкеп берген. Қаладан әкелді, – ол мылтықтың құлағын қайырып, серіппесін басып, шарт еткізді де көрдің бе деген кісіше маған қарады.
– Әне, оғы жоқ дедім ғой жаңа, сен мылтық ата аласың ба?
– Ата аламын.
– Мылтығың бар ма?
– Бар.
– Қандай? Мына менікіндей ме, болмаса мынадай үлкен бе?- деп құлашын жайып көрсетті.
– Е, сондай
– Сен, не атасың?
– Аң атамын. Сен ше?
– Мен ойыншықтарды атамын, менің ойыншығым бар, көп.
Бала жүгіріп кетті де, үйдің бұрышындағы толып жатқан үлкенді-кішілі ойыншықтарды көрсете бастады. Дөңгелегі бар, төрт бұрышты тақтайға қадалған ойыншық атты алып шығып, үстіне мініп алды. Біз баланың тілін қызық көріп, сөйлесе бердік.
–Көлбай, көкең қайда?
–Қараойға кетті. Онда көп-көп қойлар бар. Қараойға барайын ба? Көлбай аяғымен жер теуіп, ойыншық атын есікке қарай жылжыта берді.
–Ей, кісі, мен Қараойға кеттім, – деп өзінше үлкен адамға ұсап, екі ұртын томпитып, құлақшынын көзіне түсіре киіп, ауызғы бөлмеге шығып кетті. Сәлден кейін есік ашып қайта кірді. Құлақшынының бір жақ құлағын жоғары қайырып, екінші құлағын төмен түсіріп, үстіндегі кеудешесінің түймелерін ағытып жіберіпті. Көзін алартып, басын былғақтатады. Мас адамның ісін істеп келеді. Біз түсінбей отыр деп ойлады ма?
–Мен мас... маспын, – дейді.
Көлбай өзінше атын шаптырған болып, ілгері қарай итініп қойды да, біздің оң жағымыздағы жастыққа қисая құлап түсті. Сонан соң жастыққа шалқасынан жатып, екі аяғын көміліп:
–Қатын! Әй қатын! – деп айқайлайды.
Осы кезде сыртта самауыр қойып жүрген шешесі кіріп келіп еді.
Көлбай оған:
– Әй, қатын, етігімді тарт, шеш етігімді! – деп оң аяғын жоғары көтерді.
–Тәйт әрі!- Шешесі баласының өзіне «қатын» дегенінен ыңғайсызданып,
–Ана кісілерден ұялмайсың ба?- деп бірдеңелерді алып шығып кетті. «Айтқанымды істемедің» дегендей Көлбай орнынан ұшып тұрып:
–Өй әкеңнің... сен қатынды, – деп столдың үстіндегі оқтауға жүгірді. Біз әуелде баланың ойынын қызықтап отырсақ та, ойынның аяғы ол ұятқа шаптырған соң ыңғайсызданып қалдық.
–Ей, Көлбай, бері кел, – дедім.
Көлбай қолына оқтауын ұстап қасыма келді.
–Сенің ұятың қайда? Шешеңе неге жаман сөз айттың?
–Мен мас. Ол қатынды қазір оқтаумен басын жарамын, – деп қабағын түйіп, жоғарғы ерінін шүртите қойды.
– Шешесін бала ұра ма екен?
–Мен көкемін, –деп ол есікке қарай тағы ұмтыла түсті.
Мен қасымдағы жолдасыма қарап едім, ол:
– Әкені көріп ұл өседі деген, – деді күліп.
Біз үй иесінің қандай кісі екенін өзін көрмей-ақ жобаладық.
11.07.1956
Балалар әдебиетінің қамқоршысы
ПИОНЕРЖӘНЕОНЫҢ ЖУРНАЛЫ
Оқушылардың мектептегі өмірі, өзара жолдастық, достық, қарым-қатынастары, қоғамдық шаруашылыққа тигізген қолғабыстары: С.Баязитовтың «Мұнара үстіндегі ән» (А.Диқановтың «Бұзаушы бала») әңгіме, очерктерінде көрінеді. Ондағы күзетші, бұзаушы балалар өздерінің демалыстарын босқа өткізбей, колхозға еңбек сіңіріп жүргендері бейнелейді. Жұмыс бабында ол балалар ысылған, икемді. Геройларының психологиясын беру арқылы авторлар жастарды еңбекке баулып, өзінің туған колхоздарында қызмет істеуге үгіттейді. Н.Сералиевтің «Өжет қыз», З.Шүкіровтің «Жастықша», С.Жүнісовтың «16 қатар» әңгімелерінде мектеп оқушыларының тәртібі, олардың ортасындағы достық, әр баланың бойындағы тәуір қасиеттерімен қатар мінездері сөз болса, Н.Ғабдуллиннің «Олар ерлік туралы сөйлесті» очеркіндегі ерлік туралы жастардың әртүрлі ойлары мен тұжырымдары беріледі. Ұнамсыз әдеттен арыла білу, өзін жақсы қасиеттерге үйретуді автор ерлік деп дқрыс санайды. Осы жайлардың барлығы да пионер өмірлерінің көрінісі. Аталған әңгімелердің көпшілігі-ақ айтайын деген идеясы бала ұғымына айқын, тілі жатық, түсінікті келіп жатады. Авторлар оқиғаны жас геройларының жас шамасы, мінез-құлқына қарай лайықтап алады. Тек бір айта кететін жәй, С.Баязитовтің «Мұнара үстіндегі ән» әңгімесіндегі егін қорығында жүрген бала тым пысық болып көрінеді де соның салдарынан үлкен кісіше сөйлеген сөздері өзінің жас шамасына кейде келісней жатады. «Тары күзетіп председательден әзер сұрап алдық. Баласы сенбей жүрді. Алтынбек ағайды салып, зорға көндірдік» (3-бет) – деген сөздер он-он бірдегі баланың аузынан шыға бермейтін болар. Аталған әңгімелердің тағы бір тәуір жақтары: жас геройлар табанды, іскер болып көрінеді де осы тәуір қасиеттер олардың балалық психологиясымен тығыз қабысып, нанымды да тартымды келіп отыруына байланысты. Аңшылық жайында Қ.Оразалиннің «Жұмбақ көлеңке» шекарашылар туралы, Қ.Исабаевтың «Батыр» моңғол халқының атақты батыры Сухэбатордың өмірінен жазылған Г.Күнгүровтың «Ленинге хат» сияқты әңгімелері де тартымды. Белгілі бір тарихи адамдар туралы аңыздар (С.Бегалиннің «Қиястай»,ертегілер) С.Бақбергеновтің «Бөрік киген түлкі», Ж.Бектұов пен Мазняктің «Керемет қалам», кейбір діни сенімдерді әшкерелейтін (Б.Нұрланов «Жарқанат» әр тақырыпты әңгімелер де бар. Аңдар. Құстар өмірі туралы натуралистердің жазған қызғылықты бақылауларының барлығы білгенін білмегені көп жас оқушылардың ой дүниесін кеңейтіп, білімін молайта түсуге зор пайдасын тигізеді. Тек қазақ әдебиетінде ғана емес, одақтық әдебиет көлемінде де бүгінгі күннің тақырыбына арналып бірен-саран болмаса, ертегі жазылған емес. Қазақстанда бұл жаңа бастама және өте қажетті бастаманы ең алған осы «Пионер» журналының бетінен кездестіреміз. («Керемет қалам», «Бөрік киген түлкі»). Халықтың бақыты мен мәдениетінің өсуі жолындағы күресте біздің республикамыз үлкен-үлкен тарихи оқиғалардың куәсі. Үкімет пен партия сол тарихи адамдардың ерлік істерін еске алып, оларға ескерткіштер орнатты. Сол болған оқиғалар үлкендердің жадында жүрсе де жастарға әлі белгісіздері көп-ақ. «Пионер» журналы сол тарихи адамдар мен оқиғалар туралы да жазып, жақсы бастама жасады. Ол азамат соғысының батыры Д.А.Фурмановқа қойылған ескерткіш жайындағы әңгіме. Белгілі бір даталарға байланысты тарихи естеліктер, әңгімелер беріледі. В.Ленин туралы, Ленин музейі туралы әңгімелер бар. Жас оқушылардың ғылым дүниесінен де алатын мағлұматтары әр алуан. Бірде Антрактида жайынан, бірде атом қуатының адамға қызмет етуі, микроб дүниесінің ашылуы, микробтың адам баласына зияндары жайынан, суретті қалай түсіріп үйрену керектігі жайында кеңестер берілген. Шағын көлемді журналда осыншама мол тақырыптармен қатар жұмбақтар, мақал-мәтелдер де орын таба білген. «Пионер» журналындағы басылған шығармалардың екінші бір үлкен саласы – поэзия.журналда көптеген өлеңдер де басылып келеді.және лоардың көпшілігінің авторлары да жастар. Бұл да қунарлық жай. Оардың негізгі идеясынан коммунистік партияға оның көсемі Ленинге деген сүйіспендік көрінеді. Екінші бір ескеретін жәй көптеген өлеңдер юмор болып келеді. Оқушы бойындағы әртүрлі салақтық, жалқаулық, ұмытшақтық сияқты кемшіліктер сыналып, әжуаланады. Бұл өлеңдердің көпшілігі оқушылардың жаттап алып айтып жүрулеріне ыңғайлы, үгіттік маңызы күшті. Ендігі тілек мұндай сықақ, әжуа, юморлар тек өлең күйінде ғана жазылып қоймай әңгіме түрінде де көрінуі тиіс. Журнал бетінде басылған шығармалардың осындай тәуір жақтарымен жекелеген кемшіліктері де байқалып қалып отырады. Балалар табиғаты шытырман оқиғалы шығармаларды талап етеді. Алайда журнал бетінде «Ақ тас» (А.Лекеров), «Алғашқы адым» (Босақов) сияқты балалар ұғымына ауыр келетін, оқиға тартысы әлсіз шығармалар басылған. Сол сияқты өлеңдердің ішінде де балалардан көрі балалардың психологиясы туралы үлкендердің ұғымына арналып жазылғандары кездеседі. Жалпы бала жайында жазылған шығармалардың барлығы балалардың оқуына лайықты бола бермейтінін ұмытуға болмайды. Сол сияқты балаларға үлкен адамдар жайынан да шығармалар жазуға әбден болады. Мәселе шығарма геройының бала не үлкен кісі болуында емес, шығарманың композицичлық құрылысы мен тілінің балаларға ұғымды болуында. «Пионер» журналы оқушыларды тек идеялық жағынан ғана тәрбиелеуші құрал емес, сонымен қатар олардың тіл байлығы да молайтатын ұстазы ретінде саналады. Олай болса журнал бетіндегі басылған шығармалардың тілінің сапалы болуы балалар үшін өте қажет. Журнал бетіндегі шығармалардың жалпы алғанда тілінде ойсырап жатқан кемшілік жоқ. Көбіне балалар ұғымына қонымды, қысқа сөйлемдер, күнделікті өмірде қолданылатын сөздер пайдаланылады. Бұл әрине шығариа идеясының оқушыға түсінікті жетуінің куәсі. Журнал бетіндегі басылған кейбір әңгімелердің тілінде кедір-бұдырлар кездесіп қалады. М.Әбжіхалықовтың «Звено намысы» деген әңгімесіндегі жақсы идея солғын, тартымсыз жазылған. Тартымсыздығы оның композициялық құрлысына және тіл кедір-бұдырына байланысты. «...Егер аяқ астындағы еден ойылып, ол түсіп кетсе, бағасыз нәрсеге қолы жеткендей, айқайлап қалуға дайын еді» (астын сызған біз). Автор «бағасыз» деген сөзді өте қымбат, баға жетпейтін деген мағынада алып отырса да бұл сөйлемде түк бағасы жоқ, түкке тұрмайтын деген ұғым туып отыр. Ондай нәрсеге оқушы қуанбайтыны белгілі. «Сырт қарағанда көп таныс емес адамға Әбіш жуас сияқты көрінетін», «...класта толқымаған бала жоқтың қасында болды», «...бұл мәселеге байланысты әңгіме бұнымен тынбады» деген сөйлемдердің сауатсыз құрылғандығы дәлелдей жатудың қажеті де болмас.
Осындай жай С.Тоғысбаевтің «ЗИМ» (№1) деген өлеңіне тән.
«...Село көркін қызықтадым отырып,
Көңіл шіркін қай тарапқа бармаған...
Дәл тұсымнан өте шықты жосылып
Әсем бір «ЗИМ» қиялымдай самғаған».
Өлеңшінің идеясы жақсы болғанымен, жас оқушыға әр тарапқа баратын көңіл, самғаған қиял туралы айту балалар үшін өте ауыр соғады. Мұндай құрғақ ниторикадан көрі нақтылық балалар үшін әлдеқайда пайдалы болмақ. Балаларға арналған көркем шығармалардың неғұрлым қысқа және оқиғалы болып келуіне назар боса аударылғаны жөн. Қорыта келіп айтаымыз «Пионер» журналы негізінен дұрыс бағыт ұстап келеді. Ендігі мәселе осы дұрыс бағыттан таймай журналдың идеялық және көркемдік сапасын арттыра түсу рекколлегия мүшелерінің әруақытта да міндетті болуға тиіс.
09.08.1956 Журналдың жазғы бір санында мақалам басылып. Соған гонорар береді дегенге бухгалтерияға бара қалдым. Ертерек келген екенмін, «ақша бір сағаттан кейін беріледі» деді бухгалтер. Не де болса сол бір сағатын күте тұруға бел байлап, бухгалтерия бөлмесінің босағасына келіп тұрдым. Күндегісі осы ма, әлде бүгін ақша беретін болған соң ба, бөлме ішіндегі бухгалтерия қызметкерлерінің жүзінде абыржу бар. Қалың қағаздарын қайта-қайта ақтарып, есеп-шоттарды тарсылдата қағады. Оның үстіне біреу кіріп, біреу шығып, абыр-сабыр болды. Мен бөлме ішіндегілерді де, кіріп-шығып жатқандарды да онша танымаймын. Өзіммен өзім болып, әлгі айтқан бір сағаттың тезірек жетуін төзімсіздене күтемін. Бір уақытта жүзі таныс бір жігіт кіріп келді. Атын білмеймін, орта бойлы, толықша келген, шашын үнемі жас балаша төмен, қасына жеткезе түсіріп жүретін жігіт. Бұрын көшеде жолдастарымен келе жатқан ол менімен әрең дегенде қол ұшын беріп, ернінің ұшын болар-болмас қана қимылдатып, қарамай сыздана амандасатын. Ол менің есімде, осы бір пештігімен қалған.
– Ә, сәлеметсіз бе? – деп бұл жолы екі қолын бірдей ұсынып, саусақтарымды қаттырақ қысып-қысып жіберіп, күлімсірей сөйледі – келіп тұрсыз ба?
– Тиын-тебен берер ме екен деп келіп ем.
– Тізімде бар ма екенсіз?
– Соны білгенім де жоқ.
Таныс жігітім менің аты жөнімді сұрап алды да, бухгалтердің қасына келіп, бүгінгі ақша алатындардың тізімде менің бар-жоғымды сұрады. Бухгалтер алдындағы бір қағазға қарап басын изеді. Жігітім маған естірте бухгалтерге:
–Әуре етпей беру керек,- деп бері бұрылды, – бар екенсіз
тізімде... Ал халіңіз нешік? Қайда істеп жатырсыз? Жүдеулеусіз ғой, биыл демалысқа шықтыңыз ба? Бұл жігіттің осы ықыласына ішім жылып қоя берді. Баяғы көңіліме түйген маң мінезін ұмытып та кеттім. Сөйткенше болмады касса алдына жұрт жинала бастады. Таныс жігітім тағы біреулермен иіле амандасып, хал-жайын, бала-шаға, бау-шарбағы, қора-қопсысына дейін қалдырмай сұрап жатты. Көп ұзамай ақша да берілді. Әкем атының бір харпі тізімге шалыс түсіп, соның жаңылыс жазылғанын пастайтын журнал редакциясынан анықтама әкел деп бухгалтердің мені құралақан жібермесі бар емес пе. Бөлмеден шыға бергенде әлгі таныс жігітім «мені көрмей қалма» дегендей, алдымда кес-кестей берді. Менің қайрылмайтынымды сезіп, тіпті болмаған соң:
–Кеттіңіз бе? –деп күлімсіреп маған қарай жүрді. Мен жағдайды айттым.
– Бухгалтерлер бір әріп үшін сөйтеді, ақша ғой, – деп қойды.
Мен анықтамасын алып қайта оралғанда, есік алдында әлгі жігітпен тағы да қақтығысып қалдым.
–Әкелдіңіз бе?- деді ол көзінен от шашып, әлденеге қуанғандай.
Ішке кірсем кассирдің қасына жалғыз ғана Ахмет деген жігіт тұр екен, ол ақша санап алып жатыр. Мен де есептесіп, сыртқа Ахмет екеуіміз бірге шықтық. Таныс жігіт есік алдында әлі жүр, Ахметпен сөйлескен болып ере түсті.
–Аха, сізді кездестіргенімізге өзімді бүгін бақыттымыз деп санаймыз.
Ол жігіттің жұмбақ сөзін Ахмет оңай түсіне қойды.
–Ал, енді мен ақша аямаймын. Бірақ , көшеде реті келмес, үйге жүр, – деді. Шын шақырды. Ахмет үйінің қаланың шетінде екенін жігіт білетін болуы керек, сәл ойланып, қабағын тыржитты да:
– Жоқ, рахмет, ит өлген жерге... жол түссе кейін... – деп тұрып қалды. Ахмет кідірген жоқ, кете берді. Мен де үнсіз ере бердім. Сол кезде «күні бойы ақша алуыңа тілеулес болып тұрып ем, оңбаған, сен де емеурін білдірией сырғып барасың ғой» дегендей таныс жігіт маған білдірмей тыжырына қарады.
– Көзін сатып жүретін осындай жігіттердің әдетін ұнатпаймын, – деді Ахмет былай шыға бергенде. Екі-үш күннен кейін қалалық моншаның алдынан өте бергенде сол таныс жігітім тағы да ұшыраса кеттім. Неде болса осы жолы бір-екі кружка сыра ішкізейін деген оймен анадай жерден оған жылы шырай беріп, қалтамнан қолымды алып, амандасуға ыңғайлағанымда ол мені көрсе де көрмеген болып төмен қарап, көшенің екінші бетіне шығып кетті. Ақша алатын күнгі жылы амандасудың ширегі де жоқ. Әсілі сол күні құр ауыз қалғанына қатты өкпелеген болу керек-ау.
Бірақ ол менің дәл қазіргі ойымды білмей бекер бұрылып кетті.
ЖАСТАР ПРОЗАСЫ ДАЙЫНДА
12.10.1956.
Әдебиетіміздің өміріне күнделікті ден қойып бағдарласақ, таланты мен дарыны бар жас жазушылардың мол екенін айқын көреміз. Ноябрь айында өткізілгелі отырған жас жазушылардың республикалық кеңесі әдебиетіміздің болашағы туралы жасалып жатқан қамқорлықтың бір айғағы. Поэзия мен драматургия жанрларын былай қойғанда проза жанрының өзінде–ақ алды екі-үш әңгімелер жинағын шығарған жас жазушыларды оқушылар соңғы үш-төрт жылдан бері біліп келеді. Олардың шығармалары жөнінде баспа бетінде жұртшылық пікірлері де айтылды. Өткен жылғы болған жас жазушылардың пленумында жас талапкерлердің творчествосына бір қыдыру қортынды жасалды. Бұл жастардың ішінде үлкен әзірлікпен келіп, биікке сілтейтіндері де, әлі де болса сүйемелді, қамқорлықты тілеңкірейтін бұғанасы қата қоймағандары да бар. Алайда, «ат шаппайды, бап шабады» дегендей тиісті көмек, шын жәрдем көрсетілген жағдайда олардың қай-қайсысы болса да әдебиетіміздің проза саласындағы азды-көпті жемісті еңбек бере алатындықтарына күмән жоқ. Әдебиетіміз де өміріміз сияқты жыл санап өсіп келеді. Соңғы бір жыл ішінде Б. Соқпақбаев «Жолда» С.Баязитов «Арал Робинзондары» атты тағы да бір-бір әңгімелер жинағын берді. Өткен жылғы мәжілісте аты естілмеген, биылғы жылғы мәжілістің тоба қазығы болатын шығармалар берген жас жазушылардың аты проза жанрындағы өзінде бірқатар. Әзілхан Нұршайықов «Алыстағы ауданда» атты очерктер жинағы, Неген Ахметов «Гүл бақша» повесін, М.Гумеров «Ана мен бала», Н.Сералиев «Ұшталмаған қарындаш», Қ.Қайсенов, Ө.Қанахин тағы басқа авторлар бір-бір әңгімелер жинағы, повестерімен келді. Бұл келген бір топ жазушылардың жазу мәнері әртүрлі. Әрқайсысының өзіндік бояуы, нақыш-өрнектер байқалады. Ең алдымен бұл жас жазушылардың қай-қайсысының болса да шығармаларының идеялық бағытында жаза басып, жаңылыс қадам жасамағандығын қуанышпен айтамыз. Мұның өзі олардың өмірге көзқарасының айқандығына дәлел. Жас жазушылар алғашқы адымдарының өзінде-ақ жанрларын таңдап алған: бірі әдебиетімізде өгей баладай көп еленбей келе жатқан, осының салдарынан ба қалай, басқа жанрларға қарағанда шабан келе жатқан очерктен бастаса, енді бірі әңгімеден, екінші біреулері өмір шындығын кеңінен қамтып, мол қарпитын-повесть, романның өзінен бастайды. Осы жас жазушылардың таңдаған жанрларының әртүрлігіне сай, тақырыптары да әралуан. Ә. Нұршайықов алыс аудандардағы аудан басшыларының, мал арасындағы шопандардың, егін арасындағы комбайнерлердің өмірінен жазса, Ахметов колхоз балаларының өмірін, Қайсенов партизандар өмірін, Баязитов, Гумеров, Сералиев мектеп оқушыларының, жас бөбектердің әралуан іс-әрекеттерін әңгімелейді. Тақырыпты таңдай да, талғай да білу сүйсінерлік қадам. әрине, мәселе кімнің қай жанрда, қай тақырыпқа жазуында ғана емес, нағыз көркем шығарма жазуында, олардың шеберліктерінде. Жас жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Алыстағы ауданда» атты очерктер жинағы-автордың тұңғыш кітабы. «Алыстағы ауданда» очеркінің бір геройы газетқызметкерлеріне үлкен реніш білдіреді. Сендер, осы газет қызметкерлері цифрды орынды-орынсыз мұрнынан тізе беруді қашан қоясыңдар? Адамның жанын, жүрегін, ішкі дүниесін неге көрсетпейсіңдер?..- дейді Поэзия алыбы Әбділда Тәжібаевпен бірге дүниесін неге көрсетпейсіңдер?.. – дейді. Бұл жазушының өзіне қойған талабы сияқты. Расында Ә.Нұршайықовтың очерк жазудың арзан жолынан аулақ болғаны айқын сезіледі. Комсомол конференциясы жайынан жазылған «Талқы», бір ауданның өмірін бейнелейтін «Алыстағы ауданда», колхоз комбайншыларының еңбегін көрсететін «Комбайншы» сияқты очерктерінің қай-қайсысын оқысақ та, біз сол шығарма геройларының қасында тұрғандай сезініп, солардың қуанышына қуанып, қайғысына ортақтасқандай боламыз. Бұл очерктер оқушыны алғашқы беттен-ақ баурап алады да, оқыған сайын еліктіре, қызықтыра түседі. Оқушы бірін-бірі қайталамайтын әртүрлі мінездерді көреді. Очерктердің негізгі геройы – алыстағы аудан орталығында, шеттегі колхоз ішінде, тау қойнауындағы фермаларда, жайлауда қара құрттай қаптап жатқан қалың қой арасындағы қарапайым еңбекшілер. Олардың ішінде Сәркенбай сияқты пысық та көнтерлі жас жеткіншектер, Рақым, Жапар сияқты ширақ қарттар, істің ретін тапқыш, қажырлы комбайншы Арынов, ұйымдастырушылық қабілеті мол ақылды да байсалды аупартком секретары Асанов тағы басқа толып жатқан геройлар бар. Міне, осылардың тұрмысын, өмірге көзқарастарын жазушы қырағылықпен жіті байқап отырады. Ә.Нұршайықов әркім елей бермейтін кішкентай жайларды байқағыш. «Алыстағы ауданда» очеркіндегі сауаты аз, бірақ өмір университетін тауысқан қойшы шалдар: Рақым мен Жапардың еңбектегі мол тәжірибесі әркімге-ақ үлгі, олардың жан дүниесі кең. Өз дегені боламса өзеуреп, істің байыбына бармайтын шолақ басшыларға «сіздікі-ақ дұрыс болсын» деп бас изеп, олар кеткен соң өзінің көзі жетіп тұрғанын іске асыратын Рақым мен Жапарды көреміз. Малға қысты күні шөп беру, қора-қопсыныңқамын жасауда бұларға солақай басшылардың шолақ әкімгершілігі жүрмейді. Ал, олар өмір туралы сөйлесе, кейде философ, кейде қатал да әділ сыншы. «...Облыстағылардың кейбіреулері біздің жайымызды білмейді. өйткені олар мұнда келмейді, бұл ауданды жердің түбі көреді. Келгендер болса, ауданның шаруашылығымен танысудан гөрі, оның жерінің сұлулығын көру үшін жазда ғана келіп, онда да сұлу көл, жасыл көлдің айналасынан қайтады» дейді Жапар қарт. Ол тайсақтамай, шындықты бетке айтады. Олар оқимыз деп оқуға түсе алмай , не қызмет істемей сенделген жастарды, балалары мен келіндері қызметкер, аудан, облыс орталығындағы өзіндей кейбір шалдардың саудагершілік жасайтынын сынға алады. Қарт шопандардың өткір де батыл сөздері, өмір туралы ойлары олардың образын даралай, айқындай түседі. Міне, алыстағы ауданның бір түкпірінде шопандардың бойындағы осындай тамашы қасиеттерді жазушы барынша мол көрсетуге тырысады. Олардың тұрмысы, тіпті үй іші, шамы мен пеші, пешке жағатын қиларына дейін, қол диірмені, дастарқанына төгілген тағамдары, үй иелерінің қонақжай, елгезектігі – бәрі де жазушы назарынан тыс қалмайды. Геройлардың киім киісі, портреттері де өте үйлесімді суреттеледі. Ә.Нұршайықовтың очерктерінде еңбек адамдарының ішкі дүниесі, ой арманы бірқыдыру толық қамтылады. Очерктерде партия ұйымы басшыларының бейнесі нанымды жасалған. Мысалға аупарткомның секретары – Асановты алайық. Асанов конференция, жиналыстарда тыңдаушыларын үйіріп алып кететін шешен, тапқыр сөйлейтін кісі ғана емес, істің мәнін жее түсінетін, «адамдардың жүрегін аша білетін» қолында өзгеше «кілті» бар жан. Ол – тамаша ұйымдастырушы. Асанов әрбір коммунистің, әрбір партияда жоқ большевиктердің жұмыста инициатива көрсетуіне барынша күш салып, сол үшін күреседі. Ол колхоз малшыларының тұрмысын жақсатру шараларына да нақтылы басшылық жасайды. Оның әрбір сөзінен, ісінен қамқор адамның қимылы сезіледі. Аудандық комсомол комитетінің секретары Елутаев пен «Алыстағы ауданда» атты очерккіндегі колхоз председателі Макеновтердің адамға деген қамқорлығын көреміз. «Өзіміз бұл кісі ұрысса, сырт пішініміз үрпие қалғанмен, аржағымыз қуанып отырады. өйткені қрысқан сайын сенің көрмей, сезбей жүрген кемшілігіңді терең ашып, айқын көрсетіп береді. Әйтпесе соқыр кісідей сипалап, бұрынғыша жүре бересің...» Бұл сөздер Макеновтың бейнесін ашумен қатар, аупартком секретары –Асановтың образын да даралай түседі. Ол бас көз жоқ құр айқайға салмай, орынды жерде жылы сөйлеп, керек кезінде ұрыса да біледі. Жазушы алыстағы аудандағы қарапайым адамдардың еңбек процесіндегі көптеген шалғайлықтарды, адам бойындағы әртүрлі ұнамсыз мінездерді сынап, кейде оны сықаққа айналдырады. Қызмет бабындағы формализм, төрешілдік жазушы тарапынан қатты сынға алынады. «Мәселе қайда жатыр», «Уәде» сияқты очерктерде нысанасына дәл тиіп жатқан зілді сықақ бар. Шындықты айтқан кісілерді қатты жазалап, орындалмаса да, өтірік уәде беріп көлгірсіген кісілердің сөзіне сенгіш, істің байыбына бармайтын облыстық совет атқару комитетінің председателі Махамбетов сияқты бастықсымақтар өмірде кездесіп отыратынын автор батыл көрсеткен. «Егер ауаткомның осы мәжілісінде Дайырбаев өзінің жауапкершілігін толық сезініп, кемшілікті жоюға уәде бермесе, онда оған ең ауыр жаза қолдануымыз керек. Қайталап айтамын, егер уәде бермейтін болса...» - дейді ол. Дайырбаев құрғақ уәдесін беріп қалғанда, Махамбетовтің қаһарлы жүзі бірден жылып кетеді. «- Е, бәсе бағанадан солай десеңші... Сен сияқты жас председатель осылай деуі керек... Сендер уәде бергеннен кейін менің де жаным жай табады...» Уәдені алғаннан кейін ол уақытында орындалып жатыр ма, жоқ па, онда Махамбетовтың шаруасы да болмайды. Тек есебін тыңдағанда бетіне келмей, уәдесін берсе болды. Махамбетов сияқты басшылар кейде «қанша емсе де, сүт шықпайтын бос еміздікке үйренген жас баладай, құрғақ уәде мен жауапсыз мәлімдемеге жұбанып» отыра берсе, кейде кісі менсінбейтін такаббарлық, төрешілдігімен, жалған іскерлігімен қарамағындағыларды өтірік айтуға мәжбүр етеді. Оның зияны өзіне ғана емес, өзгеге, тіпті қоғамға тиіп жатады. Мұндай адамдар өз алдына бір тип болса, аяғын аттап басу үшін жоғарғы мекемеден «өйтіңдер, бүйтіңдер» деген қаулы-қарарлар келмесе, қөзді тарс жұмып, өзі де міз бақпайтын, өзгеге де ерік бермейтін Сақабеков сияқты топас, керенау ферма басшыларының бейнесі өз алдына бір тип. Ә.Нұршайықов очерктерінде оралымсыз сөйлем мен өз орнын таба алмай тұрған сөз сирек кездеседі. Автордың сөз кестесі де шебер. Ол адам көңіліндегі тынышсыздықты «күн бұлтталар, ауа райы өзгерер алдында маза кетіретін жауынгердің ескі жарасындай ауық-ауық сыздап алабұрта береді. Қатты шапалақтан кейін ұзақ жылап, солығын баса алмай анда-санда өксіп-өксіп алатын бала жайына теңейді. Немесе малының шөбі таусылып, қырылғалы тұрған көктемнің шығуын тезірек күткен «әр күнге сығырая қарап, жылу күтіп, жақсылық дәметкен аудан адамдары ауру баласының кірпігін баққан анадай сарғаяды» деп суреттейді. Міне, осындай образды сөйлемдер Ә.Нұрашайықов очерктерінде аз емес. Жазушы адам портретін де оның мінез-құлқымен қабыстыра бейнелейді. Әр жастағы ауыл адамдарының өзара жарасқан сықақ әзілдері, шалдардың мақалдап сөйлейтін өткір тілі дараланып көрінеді. Жинақтың қай бетін ашып, қай көрінісіне үңілсең де боямасы жоқ, шын өмір көрінеді. Жазушы көрген-білгенді баяндап қана қоймай, оған обощение жасап, өз көзқарасын, қатынасын айқын білдіріп отырады. Бұл очерктердің ауыл өмірін білгісі келген оқушыға тигізер пайдасы көп. «Алыстағы ауданда» жас жазушының творчестволық мүмкіншілігі мол екендігін аңғартады. Ә.Нұршайықовтың очерктерінде еңбекті творчествоға айналдырған қарапайым адамдардың өмірі, ақылы, ойы, санасы, тілек-мақсаты, істегі тәжірибесі жатық тілмн шебер беріледі. Ол адамның жаны, жүрегі, ішкі дүниесіне мол үңіледі. Оның очерктерінің көркемдік дәрежесіне көтерілуі де осыдан. Тіпті көп жазушылардың да шығары алмай, кейде схемаға ұрынып жүрген партия басшыларының бейнесін Ә.Нұршайықов барлы шындығымен көрсете алған. Б.Соқпақбаевтың «Жолда» атты жинағындағы он шақты әңімелердің дені-ақ жип-жинақы, оқығанда жып-жылы сезіледі. Жазушының тіліндегі юмор да оқушысын тарта түседі. «Балалар мен аналар», «Көйлек мәселесі», «Көрсе қызар», «Кездесу» сияқты әңгімелері осындай. Соқпақбаевты үйрену бар. С.Баязитовтың «Аралдағы Робинзондары» атты жинағына енген әңгімелерінде балалар өмірінің кейбір кезеңдерін, олардың психологиясын береді. Табандылық тапқырлық, еңбек – Баязитов кейіпкерлерінің қасиеті. Алайда, оның кейбір әңгімелерінен, балалар өмірінен жазлыған әңгімелерде молынан кездесетін, оқушыны мезі ететін жалаң дидактика байқалады. Ал, Н.Сералиевтің әңгімелерінде бұл құрғақ дидактика жоқ. Нақтылы жинақы сюжет бар. Ол идеяны образ арқылы беруге тырысады. Оның үстіне Сералиевтің тілі жатық, бала өмірін бірсыдырғы біледі. Оның өзіне тән стилі бар. Әңгіменің сюжетін құра білу, айтайын деген ойын айқын жеткізуге талпынушылық М.Гумеровтың «Ана мен бала» атты әңгімелер жинағына да тән. Бірақ, жас жазушы кейде диалогтерді орынсыз пайдаланады. Геройдың характерін ашуға диалогтің қатысы болмайды. Өмір тәжірибесінің молдығы жазушы үшін міндетті шарттарының бірі екені белгілі. «Көп жасаған белмейді, көпті көрген біледі» деген халықтың данышпандық мақалы жас жазушылар үшін эпиграф бола алады. Жоғарыда аты аталған Ә.Нұршайықов очерктерінің сәтті шығуының сыры неде десек, ең алдымен оның өмір тәжірибесі мол, жазып отырған тақырыбын терең зерттеп, оған көркемдік түйіндеу жасай білгендігенде. Оның үстіне жазушының тіл көркемдігі айқын сезіледі. Жаңа теңеулер тауып, образды сөздерді сарлай білген. Жалпы алғанда бұрынырақ көрінгендері бар, соң келгендері бар жас жазушылардың көбіне ортақ жай, сол өмір тәжірибесінің аздығы, өмірді терең зерттеп білмейтіндігіне байланысты. Мұның үстіне шеберлігі жетпей жатады да, көптеген шығармалар оқушысын үйіріп алып кете алмайды. Кейде жазушылардың жас геройлары тым ділмар, ақылгөй болып, үлкен кісіше сөйлеп кететіні де осыдан. Жазушылық өнердің үлкен бір түйіні тіл байлығында, оның шебер пайдалануында дедік. Бұл түбі жоқ мұхит. Іздеген сайын ұтады. Алайда, біздің көптеген жас жазушыларымыздың осы тереңдеуі мардымсыз. Сондықтан да көңілдегі тәтті ой қағаз бетіне түскенде нәрі кетіп бояу күлгін тарта беретіні рас. Жас авторлардың өз творчествосына тым салақ, жауапсыз қарайтын кездері де аз болмайды. Ш.Ахметовтың «Гүл бақша» повесінде осындай тіл салақтықтары байқалады. Ахметовтың бір геройы: «-Есеке, мичуриндік биология ғылымын табандылықпен дамыту, оны халық игілігіне асыру жолында талай ұшырайтын қиын-қиын кезеңдер сізді біресе кездестірсе, тапқан табыстарын көрген сайын қуантып, жеңістен жеңіске жетелейді», (20-бет), – дейді бұл диалогтің жалынсыз жастығын былай қойғанда шартты құрмалас сөйлеммен сөйлеуінің өзі екіталай. Бұл сияқты тіл бұлдырларын жоюға мүмкіндік толық. Ол тек салақтық әдетке айналмасын. Жаз жазушы шу бастан өзіне қатал талап қойып, өзіне-өзі көңілі толмайтындықты, ізденгіштікті әдетке айналдырғаны жөн. Бұл өнердегі тоқмейілсу жанбай жатып сөнумен барабар. «Жазушы болғың келсе, өмірді біл, өмірді білгің келсе ауылға бар» дегенді көп айтамыз. Тегінде «ауыл өмірін білгің келсе ауылға бар» деген орынды. Қалада өмір жоқ деп қайсымыз айта алар екенбіз? Мыңдаған студенттердің, интеллигенттердің, завод пен фабрикалардағы жұмысшылардыңөмірінауылда жүріп кім жазады. Мәселе «ауылға бар, қалада тұр» да емес, қайда жүрсең де өмірді біл. Қайда жүрсең де жазғалы тұрған тақырыбыңның материалын керегінен де артық біл, терең зертте. Кабинетте отырып «осылай шығар» деп болжаусалма, қалад отырып, өзің көрмеген, білмеген колхоз туралы жазба дейміз. Жас прозариктардың шығармаларын шолып қарасақ, көбіне совет адамдарының еңбек үстіндегі іс-әрекеттеріне баса көңіл бөледі де, олардың тұрмыстағы қарым-қатынасы қағажу қала береді. Арамызда бар бірен-саран адамдардың бойындағы коммунистік моральға жат, адамгершілікке жатпайтын мінездері мен қылықтары әлі күнге дейін батыл әшкереленбей келеді. Бір кездегі тартыссыздық «теориясының» зиянды әсері әдебиет жанрларының сатира, юмор сияқты түрлерінің дамуына көрінеу көзге кедергі жасағанды. Жекелеген адамдардың бойындағы совет адамына жат қылығын әшкерелейтін шығарма жазылса, «совет шындығына жала» деп жазушының мүмкіндігін күні бұрын тұсап, жолын кесіп тастайтын бұл теорияның заңдылығы әлдеқашан дәлелденді. Сөйтсе де жазушылардың батылдығы, әлі жетпей жатқаны сезіледі. Бір оңбағанның ісін сынап, әңгіме жазсам, «әлдеқалай жорыр екен» деген жалтақтық әлі де бар. Сатира мен юмордың, әсіресе жастар творчествосында тым мардымсыз жатуы осының бір салдары сияқты. Коммунистік сананың дамуына кедергі келтіретін ірік-шіріктердің қандайы болса да аяусыз әшкереленуге тиіс. Бұл ең алдымен жазушылардың үлесіне тиеді. Орайы келгенде айта кететін тағы бір шындық бар. Жас жазушылардың көпшілігі дерлік өзінің творчестволық жолын шағын көлемді әңгіме жазудан бастайды. Оның заңды себептері де бар. Ал, кейбір сыншылар, әсіресе жазушылар одағының айналасы әңгіме жазған жастарға атүсті қарайды да, алдымен повесть, романды іздейді. Мәселе повесть, әңгіме жазуына ғана байланысты емес, ең алдымен жас жазушының өз жанрын қаншалықты меңгеруіне байланысты. Халықтың көңіліне қонатын тамаша лирика жазып жүрген ақынды «әлі поэма жаза алмай жүр» деп қарасақ, немесе тәуір-тәуір әңгіме жазып жүрген авторды әлі повесть, не роман бере алмай жүр деп қарасақ, бұл ең алдымен әдебиеттің жанрына жасалған қиянат болар еді. Әр жанрдың өз орны, өз міндеті бар. Жас жазушыларға ерекше қамқорлық керек. Кей жағдайларда Горький сөйтуші еді деп тым ерте кесіп-пішіп қоятынымыз бар. Осындай сыртқа тебушілік әдіспен жас талапкерлер Қ.Боқаев, Ә.Көпбаев және А.Байтанаевқа да қатал қабақ көрсетілді. Алғашқы адым жасаған жас талапкерлерді «тәй-тәйлап» жүргізе түсудің орнына, «жүре алмайсың» деп итеріп екпетінен құлату кімге пайда? Әдебиет майданында елеулі еңбек сіңірген кейбір жазушылардың алғашқы адымдары сәтсіз шығатындары аз ба еді? Біздіңше қолдан келгенше қамқорлық жасау керек. Жазушылар одағынан көптеген жас жазушылардың бой қашыратыны да осыдан болуы керек. Жас жазушының көңілі жас баладай. Бала жақсы көргенге ғана үйір. Бұл одан да талап етпе деген сөз емес. Жақсы көре отырып, кемшілігін айтуға, қатты айтуға, ескертуге әбден болады. Жазушылар ұйымы жас жазушыларға ұқыпты ата-анадай қамқорлығын үзбей жасап отыруы шарт. Жастарға «мынандай жәрдемдер көрсетілді» деп жазушылар ұйымының ауыз толтырып айтары бар ма екен? Өткен жылғы пленумда айтылған жұртшылық сыны, алынған қаулылар, істеуге тиісті шаралар сол пленум жабылысымен-ақ ұмыт қалды. Қайта Қазақтың Мемлекеттік Көркем әдебиет баспасы бір топ жастардың шығармаларын басып шығарып, қамқорлық жасап отыр. Баспадан шыққалы жатқан «Түлектер» деген әңгімелер жинағының авторлары да кілең жастар. Мұны ұйымдастырып отырған осы баспа. Жазушылар ұйымы өздеріне түскен жастар шығармаларының тәуірлерін азғантай алғысөзбен газет, журнал беттеріне ұсынып, соның жарық көруіне жәрдем етсе, міне бұл қамқорлық болар еді. Осындай жәрдемді әдеби газет, журналдар да мейлінше кең қоюға тиісті.
15.11.1956 Жас шамасы отыз бестердегі ақсары келген, байсалды әйел – Мағрипа кең бөлменің есік жақ бауырындағы үстін қызыл мауытымен тапқан үлкен столдың үстіне түптелген қалың қолжазбаларды үйіп салып, үнсіз ғана бірдеңе жазып отыр. Әдеттегідей бас алмай, бөгде дыбыстарға елең етпестен тесіле, шұқшия түседі. Басқа қызметкерлер түскі демалысқа шығып, өзара дабырласып жатқанда, Мағрипа көңлі оған да селт етер емес. Балқия мен Зағипа буфеттен алып келген жеңіл-желпі тағамдарын бөлме ортасындағы столдың үстіне жайып ойлы жүзбен, қабағы сәл ғана шытып қойып, жазу үстінде отыр.
–Мағрипа, кел сенің де сыбағаң бар мынаның ішінде, деп Балқия бір бос орындықты Мағрипаға арнап өз қасына жылжытып қойды.
–Ала беріңдер, мынаны бітіріп тастайын, – деп Мағрипа қолжазбалардың беттерін ақтара бастады.
–Құдайдың құтты күні бас алмастан істей бергенше, жанды да бір аяу керек қой, – деп Зағипа шын жаны аши сөйледі. – Бір сағат болса да, ең болмаса демалыста тынықсаңшы.
–Ал, ендеше, – деп ол қаламын стол үстіне үйіре тастады да, орнынан тұрды, – соншама жанымды жалдап не азап десеңші. Зағипа тіктіріп жатқан пальтосын, Балқия көйлегінің фасонын әңгімелеп, жақсы тігетін тігіншілердің құлағын шулатып жатты.
–Ақшаны қалай жеткізе бересіңдер осы? Ақшаның қоймасы болса маған да айтыңдаршы! – деп Мағрипа әзілдеген болса да, көңіліне келген ойды айтып салды.
Бұлақ тамақтарын ішіп бола бергенде Евгения Петровна кіріп келді.
– Қыздар, астарың тәтті болсын, – деп күлді де, сонан соң Мағрипаға қарап, – Мағрипаш, бітірдің бе? – деді.
–Азғантай ғана қалды, Евгения Петровна, қазір үзілістен кейін жазып тастаймын. Мағрипа қолындағы стаканды стол үстіне қойып, Евгения Петровнаның қасына келді.
–Іш, іш тамағыңды ішіп бол, асықпа, – деді Евгения Петровна шығып бара жатып.
–Болған соң маған айтарсың.
Евгения Петровна жасы қырықтан асып кетсе де, шашына әліқылау түспеген қайратты және өте жинақы әйел. Жүріс-тұрысында, киген киімінде жетпей жатқан кемістік, не оғаш, ерсі көрінетін ештеңе болмайды. Балқия оған сүйсініп:
–Евгения Петровнаның көйлегі қандай жарасымды. Киімді таңдай да, талғай да біледі.
–Соншама ақша алсам мен де таңдай білер ем, – деп Мағрипа жұрт күтпестен оқыс мінез көрсетіп, күңк ете қалды. Дауысы әдеттегіден өзгеше аржағында зілі жатқандай, қаттырақ шықты.
Евгения Петровнаның ғалымдығына шәк келтіре алмайтын Мағрипа еңбегін көзімен көріп, көңілімен ұғып отырып, ол туралы бейсуат сөз айтуға аузы бармады. Айта қалса әділетсіздік болатынын да біледі.
–Өзің кимеген соң, жұрттың жылтырақ киімінен не пайда, – деп ол демін ішіне терең тартып, күрсіне қойды. Осы сөзді айтуын айтса да аналардан именіп:
–Мен жалтыраққа тіпті қызықпаймын. Әрдім-бердім осының өзі жақсы, – деп жуып-шайған болды.
Ертеңіне Евгения Петровна Мағрипаның жазған зерттеу еңбегін оқып, риза болғанын айтты. Оны жұртқа естірте мақтап:
–Мағрипаш, сен әжептәуір ысылып қалыпсың. Шын айтамын.
Пікірлерің айқын, дәделді. Сен үшін мен қуанамын, – деді.
Екі беті алабұртып, қызарған Мағрипа төмен қарап күлімсіреді.
–Мені сіз бағалайсыз әйтеуір.
–Мен емес, институт бағалайды.
–Соны көре алмай жүрмін-ау, – деп Мағрипа енді мұңая қалды.
«Ғылым кандидаты болдық. Еңбегімізді мақтайды. Бірақ айлығымызды көбейтпегесін онысынан не пайда» деген ойын Мағрипа ішке бүгіп, астыңғы ернін тістей берді. Оны өзінен басқа жанға білдірмеуге де, сездірмеуге де тырысты. Әлгі сөз сол ішкі толқудың сыртқа тепкен серпіні есепті еді. Көп кешікпей Евгения Петровна докторлық диссертациясын қорғамақ болып, ұзақ уақытқа Москваға командировкаға жүргелі жатты. Мағрипаның аспаннан тілегені жерден табылды, Евгения Петровнаның орнына бөлім бастығы болып қалды. Евгения Петровна болса жүрер алдына да:
–Сенің қолыңнан келеді, жолың болсын, – деп көптеген тапсырмалар беріп, ақылын айтты. Айлық болса әдеттегіден екі-үш есе көбейді, басқаға алаңдамай, ғылымға түгелдей берілуге толық жағдай жасалды. Мағрипаның өндіре де, тындыра да істейтініне Евгения Петровна кәміл сенді.
Евгения Петровна Москвада бір жарым жылдай болып, докторлық диссертациясын қорғап абыроймен қайтты. Азанда институтқа келгенде әйелдер оның қуанышына қайырлы болсын айтты. Кейбіреулер оны докторлығының үстіне директор болатындығымен де құттықтады. Евгения Петровнаның келе жатқанын, институт директоры болып тағайындалғанын жұрт кеше естіген.
Евгения Петровна бөлім қызметкерлерімен қал-жай сұрасып болған соң:
–Мағрипа қандай? Аман ба? – деп сұрады.
–О кісі сәл науқастанып қалды, бір-екі күнде шығып қалар, – деді Балқия.
Евгения Петровнаның келгенін Мағрипа естісе де көруге онша асыға қойған жоқ. Ол институтқа сағат он бірлер шамасында келді. Директордың кабинетінің есігін ашып, басын сұғып еді, Евгения Петровна жоқ екен. Содан ол өз бөліміне кірді. Ауырған жанның жүзінде ешқандай өзгеріс жоқ. Тек құлағы ғана шала піскен күлшедей күмпиіңкіреп тұр. Онысына да қарамай Мағрипа сырғасын тағып келіпті. Бұдан жеті-сегіз күн бұрын осы сырғаны сатып алып, дәрігерге баруға ұялып, кешкісін көршісіне құлағын тестірген-ді. Онысы қағынып, жара болып кеткен. Бұл ыңғайсыз жайды Мағрипа ешкімге білдірген де жоқ. Науқастандым деп бюллетеньмен үйінде жатқан. Содан қызметке шыққаны бүгін еді. Жылтыраққа әйелдердің көздері бұрынырақ түсетін әдеті емес пе, Зағипа: – Сырғаң құтты болсын, әнеугі айтқаның осы ма?- деді. Мұндай сырға артистердің құлағында ғана болушы еді. Құлаққа ілетін жердегі түйіншегіне жалғастырылыған әдемі әшекейлі алтын дөңгелек Мағрипаның басы қозғалғанда діріл қағып тұрды.
–Жараса ма? – деді Мағрипа күлімсіреп.
Жұрт «жарасады», «әдем екен», «өзің де ақсарысың, сырғаның да алтыны сары, жарасады» деп қоштады. Сырғаның әңгімесі біткеннен кейін, жұрт өз жұмысымен отырғанда Мағрипа бөлмеге сымай, далаға екі рет шығып, екі рет қайта кірді. Директордың кабинетіне барып еді, Евгения Петровна әлі вице-президенттің қабылдауында отыр екен. Мағрипаның жүзі жадыраңқы. Етті біткен қалың қабағының астындағы үлкен сұр көзі ойнақшып тұр. Ол теңселе басып, төрдегі столдың қасына келіп, ақ кенеп жапқан креслоға отырды. Үйден алып келген сары былғары папкасынан Карамзиннің «Бишара Лиза» деген кітапшасын суырып алып, дәл ортасынан ашып, оқи бастады. Әдетте қағазды аударғанда да, қалам ұстағанда да оң қолын жұмсайтын Мағрипа, бұл жолы керекті, керексіз жерде де сол қолын жұмсап, көйлегінің жеңін жуан білекке дейін түріп тастап отырды. Анда-санда хрусталь стаканға күміс қасықтың тиіп кеткендегі толқынды сыңғырындай, тамағын кенеп «һім» деп нәзік қана дауыс беріп қояды: Бір уақытта сол қолының шынтағын стол үстіне тіреп, маңдайын алақанына басып біраз отырды. Тағы бір жаңалығын қасындағы әйелдердің көрмегеніне іштей шыдамсызданып отыр. Біреуі бері қарасайшы. Мағрипа алақанын көзіне түсіріп, өзінше кітап оқыған болып, саусағының арасынан сығалап, басқаларға ұзақ қарады. Тіпті болмаған соң:
–Балқия, сағатың неше болды? – деді. Балқия уақытты айтты.
Жұмыр ақ білектегі қалың әйнегі торсиған төрт бұрышты жаңадан алған алтын сағатына сүйсіне қарап, Мағрипа аналарға естірте:
–Тұп-тура жүреді екен әйтеуір, – деп қойды.
–Тағы да сағат алғанбысың? – деді Балқия да таңырқай қарап. Өйткені Мағрипаның ұзынша, сопақша алтын сағатты алғанына әлі жыл да болған жоқ еді.
–Мынау жаңа маркасі, – деді Мағрипа білегін сәл жоғары көтеріп, сағатын аналарға көрсетіп, – ана сағатымның алтыны қоңырлау болатын. Мынадан кісінің жүзі көрінеді.
–Сағатың жақсы-ау, бірақ бауы нашар екен.
Мағрипа көңілденіп қалды.
–Сен де байқағыш екенсің. Алтын бау алдырғалы жүрмін.
Москвада бар шығар... Сен неге бау алдырмайсың, Балқия? Алтын сағаттың жарастығы сол ғой!
Бұл әңгімеге араласпай, жұмысын істеп отырған Зағипа жалт бұрылып:
– Алтын бау осында да толып тұр ғой, – деді.
Мағрипа сәл қабақ шытып, Зағипаға әнтек бұрылды.
–Мұндағы бай қайбір таза алтын дейсің? Қоспасы бар бірдеңе дағы. Московскийге не жетсін. Биыл Сочиға курортқа бармақпын, сонда әдейі Москваға соғамын.
Зағипа бір қағаздарын алып келіп, Мағрипаға көрсетті. Қазақ тілінде қазір қолданбайтын, ескі жыр-дастандарға кездесетін арап, парсы сөздеріне қалай түсінік беруін сұрап еді.
–Бірдеңе деп жаза салсайшы, – деді. Сүйтті де ұзартып өсіріп қоя берген тырнағын екінші саусағының тырнағымен шұқылап, ішін тазалады. Сұқ саусақтың тырнағындағы маникюрдің қабыршақтанып түскенін көзі шалып қалды да өзінен өзі ренжи сөйледі:
–Техника қанша алға басса да, маникюршілердің техникасы жолға бір келмей-ақ қойды. Бұл не? Бес күнге жетпейді. Түлеген жыланның қабығындай сыдырылады да қалады. – Ол Зағипаға қарап – Сендердікі де сүйте ме? – деді.
Зағипаның тырнағының лагі жалтырын жойып, күңгірт тартып тұр екен.
– Кеше кір жуып едім, – деді ол.
–Мен кірді де кісіге жудырам. Сонда да мынау,- деп Мағрипа саусақтарын тарбитты. Оның қалың қабағы жабылып, екі қасының арасына ұзынша терең сызық пайда бола қалды, сосын такси шақыртты да маникюршіге кетті.
Евгения Петровна Мағрипаны іздеп тағы да бөлмеге кіріп еді, отырғандар оның шығып кеткенін айтты. Балқия алдындағы қағаздарын былай ысырып қойып, Евгения Петровнаның диссертациясы туралы оппоненттердің пікірін сұрады. Евгения Петровна Москва ғалымдарының өзінің монографиясы туралы пікірлерін айтып жатқанда, кіріп келе жатқан Мағрипаның сыңғырлай күлген дауысы естілді. Табалдырықтан аттай беріп, оң қолын ауырсынған жанша сілкілей берді. Екі езуі екі құлағында.
Евгения Петровна Мағрипамен амандасқалы орнынан тұрып, қарсы жүрді.
–У...у Мағрипаш! Сәлемет пе?
Бірақ Мағрипа баяғыдай іш тартып, анау айтқан жылы жүз бере қоймады.
–Сәлеметсіз бе? Қалғаныңызбен құттықтаймын! – деп қолын ұсынды. Ол әлі күлімсіреген қалпы. Бірақ Евгения Петровнаны көргеніне емес, жаңа сырттағы бір жағдайға мәз болып, соған күліп тұр. Мағрипа көзін Евгения Петровнадан тайдырып өз орнына қарай жүрді де, оң қолын тағы да сілкілеп, сықылдай күлді.
–Баспалдақпен көтеріліп келе жатсам, хи-хи-хи, өзіміздің Сәкең,
хи-хи-хи, «Мағрипа деген келіншекке бір сәлем» деп қолымды қысып қалмасы бар емес пе... хи-хи-хи, жаным көзіме көрінді... Со кісі жұрттың бәріне сүйте ме... Әлде ма...- деп аржағын айтуға әлдебіреуден именгендей сөзін бөліп, оқыс кідірді. Әлгі бір сөзді өзінің творчествосындағы үлкен бір жаңалықтай аса бір қуанышпен, қоңырау дауысын соза, қылымси күліп айтты.
Евгения Петровна Мағрипадан көз алмады. Таңырқай қарады.
Мағрипа болса бұрынғысынан да толысып, дөңгеленіп қалған. Теңселе басып, өз орнына әрең барып отырды да, үстіндегі жаңадан тіктірген қызыл-ала паншифон көйлектің екі иығын саусағының ұшымен көтеріп қойды. Редикулінен айна алып, көзін сүзе қарады, ерніне аздап далап жақты. Мағрипаның сырт формасындағы өзгеріс Евгения Петровнаға ұнамады. Бұрын шалқасынан қайырылып, жалғыз өріммен арқасына түсіріп қоятын шашын желкесінен шорт кесіп, бұйралатып жіберген. Сұйықтау өскен сарғыш қасына жаңа туған айдай етіп қара бояу жаққан. Кірпіктері де қалыңдап қарайып қалған. Тек шашы ғана жирен. Евгения Петровна одан көз тайдырды да, Балқиямен алғашқы айтып тұрған әңгімесін жалғастыра берді:
–Монографияның соңғы тарауы жөнінде Москва ғалымдары екі түрлі пікірде болды. Бір... жағы...
Оның сөзін төргі бұрышта өзінің туалетін әлі жөнге келтіріп бола алмай жатқан Мағрипа бөліп жіберді.
–Евгения Петровна, москвалық әйелдер көйлекті қойып шалбар киетін болыпты дейді ғой, рас па екен?
Евгения Петровна оның сөзіне «бекер» деп қысқа жауап берді де, орнынан тұрып, әлгі ғылыми талас жөнінде Балқияға:
–Ол халқын кейін кең отырып әңгімелесерміз, – деп шығып кетті. Жүзінде реніш бар, көңілсіз кетті.
Евгения Петровна ертеңіне Мағрипаны кабинетіне шақырып алып, ұзақ әңгімелесті. Бөлім жұмыстары жайында сөз қозғалды. Архив материалдарын бір қалыпқа келтіру жұмысы тым созылып, оны зерттеу жағы әлі қолға да алынбағанын ренішпен айтты.
–Қырық баспа табақ текст дайындап жатырмыз, – деп Мағрипа сылтау іздегісі келіп «қырық» деген санды аузын толтыра айтып еді.
– Қырық түгіл сексен болса да бес қызметкер екі жыл бойы, тек корректурамен отыру деген ақылға қонбайды. Зорлағанда 7-8 айдың жұмысы емес пе? – деп Евгения Петровна салмақпен сөйледі, сосын алдындағы қағазын ілгері қарай қойып, қабағын шытты. – Текст дайындау ғылым емес қой. Оны орта мектептің балалары да істей алалды. Ғылым кандидатысыздар, зерттеу қайда? Өзіңіз де түк істемегенсіз, не қарамағыңыздағы қызметкерлерге істетпегенсіз! Мұны қалай түсінуге болады?
Мағрипаның бұл сұраққа берер жауабы жоқ. Келтірер дәлелі де болмады. Астыңғы ернін күрек тісімен аяусыз тістелеп біраз үнсіз отырды да, қарамағындағы қызметкерлер мен өзінің арасындағы бұзылған қатынастарын айта бастады. Онда да өзі емес, жұртты кінәләй сөйледі:
– Евгения Петровна, сіз кеткен соң жұрт менің соңыма түсіп алды. Алған ақшамды қызғанады. Жинаған дүниелеріме, киген киіміме іштері күйе бастады. Мен ешкімнің қалтасындағы ақшасын алғаным жоқ, кисем де, дүние жисам да өз табысым... Ол жапа шеккен жанша, жабыға сөйледі. Бірақ ана Балқия, Зағипалардың жиналыста «Мағрипа, дос жылата айтады» деген көзіңе айталық, ғылымда сен арзан жолға түсіп кеттің, дүние қуып кеттің» - деп батыра-батыра сөйлеген сөздерін еске түсірмеуге тырысты.
–Жұрт менің өскенімді көре алмады, – деп Мағрипа өзін ақтай сөйлеп тұр. Оның жүзіне ашу мен ызаның ызғары бар. Істің егжей-тегжейін анықтап білген Евгения Петровна Мағрипаның әлгіндей сөзін одан әрі тыңдауға тағат етпеді.
–Жұрт өскеніңізді көре алмаса, өшкеніңізді көре алыпты, – деп кесіп айтты. – Жиырма біріндегі ғылыми советте сіздің басқарған бөліміңіздің жұмысын тыңдаймыз. Соған дайындалыңыз.
Мағрипа үнсіз орнынан тұрып, ашуланған пішінмен жылдам басып кабинеттен шығып кетті. «Ғалым болады деп жағдай тудырған адамымыз кім болып кеткен өзі» деп Евгения Петровна көзін есікке қадап, үнсіз отырып қалды.
*** Адамдардың аттары өзгергені болмаса, бұл өмірде болған дерек еді. Ептеген ғана қоспасы бар. Осыдан әңгіме шығаруға да болады-ау деп ойлаймын.
30.08.1957ж Жамбыл атындағы артель- аудан ғана емес, республика көлеміндегі ірі колхоздың бірі. Басқа түліктер былай қойғанда, қойының өзі қырық мың бар. Байғанин аудандық партия комитетінің секретары Құрманбаевтан кеше жолға шығарда соңғы ақбармен танысып, бұл колхоздың биылдың өзінде қойған төрт мыңдай бас жоспардар артық орындалғанын білгенмін. ...Жолшыбай екі аттылыны қуып жеттік. Бірі жас бала, екіншісі дөңгелек жүзді, өткір көзді, осы колхоздың қой бригадасының бригадирі Тайшыбаев деген мосқал адам екен. Аз кідірісте біраз әңгімелер айтылып қалды. Ауыл жайы, мал күйі, малшылар тұрмысы сөз болды. Қырықтық агрегаты жұмысына кірісіпті. Қырықтықтан кейін қойлар етке жөнелтілмек екен.
Құрманбаев ауызша хабарға ризалық білдіріп, сәл ойланып қалды да:
–Етке айдайтын бойдақ қойды көрейік, содан соң Әлжекеңе сәлем берсек жарар еді, – деп, боз фенр қалпағын алып, алақанымен маңдайын сипағанда, самайына ұрлана кірген ақ қылтанақтар күнге шағылысып жылт-жылт етіп қалды.
Құрманбаевтың тілегі тез орындалды.
–Мынау сол бойдақ қой, – деп бригадир сол жақтағы келе жатқан қой мен қарайған аттылы адамды нұсқады.
Тайшыбаев атын қасындағы балаға берді де, өзі машинаға мінді. Машинаны сонадайдан көрген қойлар, құрық тимеген асау жылқыдай ойқастап, машина жақындаған сайын әрі қарай ойыса берді. Ұйрықтары диірмендей мінсең аяғың жерге тимейтін қойлар бізді қатты қызықтырды.
– Шалдың мінезі шырт, енді жаяу барайық, – деп бригадир сыпайы ғана ескерту жасады. Машинаны тоқтатып, төрт кісі ілгері жүргенде әлгі қойлар адам көрмегендей дүрілге түсті. Қайыру берер емес.
Астындағы жабағы құла атын тебініп, Сарбас Бәлменов бері келе жатыр. Сақал-шашы аппақ, күлтеленген, шегір көзін қадап, қабақ түйеді. Тым сұсты.
–Сарыеке, бұлар – ауданның басшылары.
–Қойыңызды көрейін деп... – дей беріп еді Тайшыбаев, қарт оның сөзін бөліп:
–Қойларың осы. Ертең қырыққан соң етке айдаймын. Ауданнан келген нән болсаңдар, шаруаларыңды айтыңдар, қойым ұзап барады. Бірақ берер қойым жоқ. Сұрасаңдар көңілдерің қалады, – деп атының басын бұра берді. Қарттың әлгі сөзді неге айтқанын Құрманбаев сезіп қалғандай. Оның байқауынша қарт қой сұрауға келді деп түсінген болуы керек.
–Ақсақал, – деп Құрманбаев күле сөйледі, – оныңыз дұрыс. Біз қой алмаймыз. Қойыңыздың күйін көрейік, әрі сізге сәлем берейік деп келдік. Қойыңыз күйлі екен, рахмет сізге.
–Күйсіз болса да, күйлі болса да осы ғой. Сәлемші болсаң, оныңа рахмет, – деп қарт енді бәсеңси сөйледі.
Сарыбас бұл қойды қозысынан бағып, биыл беске шығарған екен.
–Беске келді. Әбден толды. Енді мемлекетке беремін, – деп қарт көңілі жайланғандай, жөнімен келді.
– Қойыңыз семіз екен. 80 килодан шыға ма?- деді секретарь.
–Неге сексен? Сексен қойымның арты. Алды жүзден қайырамын.
Белім шойырылып, өзім ауырып жүргенім. Тапа жатып қалмасам, ауданға, өзім айдап барып, таразы басныа өзім тұрамын, әйтпесе, онда бір қулар бар, кем өлшейді, – деп Сарыбас шағына сөйледі.
–Оныңыз дұрыс. Өзіңіз апарыңыз, – деп Құрманбаев қартты қоштаумен келеді.
–Бұл шалдың мінезін алдында ескертіп ем ғой, көңілге ауыр алмаңыздар, – деп Тайшыбаев Сарыбастың ертедегі жайын айтып кетті. Ол патша заманында ұры болған, болысқа пышақ жұмсаған кісі екен. Қазір белді шопан. Одан сұрап қой алу жоқ көрінеді. Тайшыбаевтың ойын біз бірден түсіндік.
–Сіз мені ренжіді деп отырсыз ғой. Қайта, мен риза болып
келемін, – деді Құрманбаев, – бұлар өз шаруасына шын берілген жандар. Әлгі сөзді сол ниетпен айтып отыр. Ондай шопаннан сен қой сұрап көр, жаныңды көзіңе көрсетсін. Сен оған әділетсіздік те істей алмайсың. Ертең ауданға өзінің баратыны да рас. Әйткенмен мінезі адамға біткен мінез емес-ақ,- деп Тайшыбаев күле сөйлеп келеді, – қазір мен сізді әлгі айтқан Әлжекеңе кездестірейін. Ол тіпті бақаша адам. Сарыбастың мінезі тастан жаралса, Әлжекеңнің мінезі бордан. Үгітіліп тұр. Бұл айтып келе жатқандары- Социалистік Еңбек Ері, социалистік мал шаруашылығының шебері, республикаға белгілі шопан Әлжан Қарақұлов екен. Қыр асқаннан кейін бытырап жайылып жатқан қой көрінді. Тоқпақ жалды торы атты шылбырынан ұстап Әлжекең жаяу жүр. Машинаны көріп бері бұрылды. Машинадан түскен бізді танымаса да жылы шыраймен, күлімдеп Әлжекең келеді. Басын акөк орамалды сәлде құсатып орап алған. Ассалаумағалейкум, ақсақал. Атты жетектеп жаяу жүргеніңіз қалай? – деп Құрманбаев қол ұсынды.
Аттың белін суысын, әрі оттасын дегенім ғой.
Танысқаннан кейін ол шаруашылық жайын айтты.
Малдың күйі мынау, – ол ішінде екі нән қара серкесі бар қойды иегімен нұсқады, – әйткенмен, биыл ойымдағы болмай тұр. Қой жарықтық етек-жеңі мол мал ғой. Саулыққа ерекше күтім болмаса болмайды. Бірде жусан, ебелекке, бірде изен мен боз иіске жаямын. Сонсоң бізде суы бар жерде шөп аз, шөбі мол жерде құдық аз. Өткен жылы облыстық кеңесте де айтып ем, әлі де айтарым осы. Мал дейтін болсақ, әуелі оның суы мен отын ойлаған жөн. Әлжекең шаруашылық жайын тым шешен сөйледі. Ара-арасында өзінің мал бағудағы тәсілін де айтып қояды. Бұл кісі май айында-ақ құдыққа шығып кететін көрінеді. Оның малдың денсаулығына, әсіресе, құрт түспеуіне пайдасы мол, әрі тез семіреді екен. Әлжекең сөзіне Тайшыбаев та араласып, ақсақалдың биыл әр жүз саулықтан жүз он алты қозыдан алғанын, шығынды аз беретінін айтып қалды. Буырыл тартқан шоқша сақалын Әлжекең сипап қойып күлімсіреген жүзімен әлі сөйлеп тұр: Мал іші болған соң бірлі-жарымды шығын болады ғой. Әйтсе де біз қойшылар малдың шетінеуі былай тұрсын, шыққан құмалағына риза емеспіз ғой.
Шалдың бұл сөзіне бәріміз де күлісіп алдық.
– Нешеге келдіңіз, Әлжеке?
– Пайғамбар жасынан астым ғой.
– Пенсияға шықпайсыз ба?
–Соны өткен жылы айтып еді, бойымда күш-қуатым тұрғанда қарап отыра алар емеспін.
Қарттың аяғындағы былғары етігінің қонышынан төрт бүктелген газетті көріп:
–Газет оқи аласыз ба? – деп сұрадым.
– Қара танырлығым бар, – деп Әлжекең газетті қонышынан суырып алды да, бүктемін жаза берді. – Еттен Американы қуып жетуіміз керек деп жатырмыз ғой. Қуып жету ғана емес, басып та озарымызға көзім жеткендей.
Біраз әңгімелескеннен кейін, Әлжекең тұрғандарға күлім көзін жәутеңдете қарап, Тайшыбаевқа:
–Тәжіғали, мен бала жібергенше сен осы жерде тұра тұр.
Қонақтарды үйге апарайын, – деп құрығымен атының шылбырын ұсына берді.
–Рахмет, ақсақал. Біз кідірмейміз. Тек сізге сәлем беріп кетейік деп келдік... – деп Құрманбаев жүретін жайын білдірді.
–Жаман қара шалдың түу өрістен іздеп келгендеріңе рахмет, сендер бізді сыйласаңдар, сендерді жоғары жақ сыйласын. Ал, енді әдейі келгенде үйімнен дәм татпай кеткендеріңе риза емеспін, қазір асығыс болсаңдар, ертең соғыңдар.
Әлжекеңнің тұрған бойы осы. Ауданға кісі келсе оған сәлем бермейтіні аз.өзі мырза көрінеді. Қиылып қоймаған соң Құрманбаев ертең үйге кіріп шығатынын білдірді... Ертеңіне әртүрлі шаруашылықпен айналысып біз Әлжекеңе түсте соқтық. Қарт үйінің қасындағы құдықтан қой саурып жатыр екен. Шалбардың балағын тізеге дейін түріп алып, өгіз терісінен жасалған ағаш сапты қауғаны құдыққа салып жатыр. Ар жағындағы қой ішінде жүрген кемпіріне:
– Айда, ақырын айда, – деп қояды. Онысы қой суын жүгірмей, алқынбай ішсін дегендік сияқты. Бір топ асатуға келіп бас қойғанда ол:
– Кідіртпе артын, айда, – деп тағы бұйрық берді кемпірге. әлжекең қауғаны көтергенде моын еттері білеуленіп кетеді. «Мығым шал» деп түйдім ойымды. әйткенмен де малшылардың мал суарудағы бейнеті қынжылтарлықтай.
Секретарь пиджагін шешіп, қарттың қолындағы қауғасын алды. Алғашқы үш-төрт қауғаны тартса да, одан кейін маңдайы, мұрнының ұшы шым-шым терлеп қоя берді.
– Апырмай, мынау бейнет екен,- деп ол терін сүртті.
– Осы қол насос бар ғой, бізге сол болса жетіп жатыр. Соны таптырып беріңіздер, – деп Әлжекең сұрана қарады.
Құрманбаев бұл жайды блокнотына жазып алды. Осындай қиындық тек Әлжекең емес, көптеген қойшылардың басындағы жай екенін білдім. Әп-сәтте-ақ қойлар су ішіп шықты да, былай шыға бере бүк түсіп жатып, күйіс қайырды. Осы арада шал тағы да өзінің мал бағудағы бір әдісін айтып қалды малды өрістен ақырын аяңдатып келіп суарады екен. Егерде қой су ішпей иіріліп қалса, жатып алып күйіс қайырады. Одан кейін ол су ішіе алмайды. Қойға күйісті су ішкізіп қайыртса, күні бойы жегені бойына жақсы сіңеді екен.
–Ал, енді үйге келіңдер, – деді Әлжекең бір кез белін жазып.
Үйге келдік.
– Қант, шайларыңыз жетіп тұр ма? – деді Құрманбаев дастархан шетіне отыра беріп.
– Шүкір, баршылық қой. Осында потребсоюздағы Аманжан деген шалдың сыбағасы деп жіберетін көрінеді. Ләпке де жиі келіп тұрады, – деп қарт тоқмейілдене сөйледі.
Қарт тұрмысына шағым айтқан жоқ. Әйткенмен де, көрпе-төсек жағы тым жұпыны екен. Төрт қанатты үйінің сүйегі ескі, киіздері тозған. Атағы дардай, колхозға табысы орасан Әлжекеңнің үй тұрмысы мұндай деп мен ойлаған жоқпын. Өз көзіммен көргенде іштей колхоз басшыларына қынжылдым. «Орталарындағы осындай бір-екі қартқа өздері біліп-ақ жағдай туғызса қайтеді» деп осы ойымды сыртқа шыққан соң бригадаир Тайшыбаевқв да, секретарьға да айттым. Далаға шыққаннан кейін секретарь:
–Қандай тілегіңіз бар? – деп сұрады қарттан.
– Бәрі бар ғой. Тек құдық, қоныс мәселелерін ескеріңіздер, – деп түйді сөзін қарт. Қаншама сөйлескенмен, Әлжекең шаруашылық жайын ескерте береді. Өз тұрмысын «былай» деп сөз қылған жоқ.
– Тілегіңіз орындалады, Әлжеке,- деп Құрманбаев машинаға мінді.
Жолшыбай ол Тайшыбаевқа бұрылып:
–Сендер жыламаған балаға емшек бермейсіңдер ғой әсілі.
Қамқор аналар жыламаса да, мерзімді уағында тамақтандырады. Бала жайын өздері ойлайды. Секретарьдің сөзін түсінгендей, бәрі үнсіз. Іштей келісіп отырған сияқты. Кешегі қырсық тілді Сарыбас пен аңқылдаған Әлжанның сөздері мен істері көз алдымнан көлденеңдей берді. «Не деген асыл адамдар» деп ойладым мен.
29.10.57 Өткен жылы, май айының бас кезі еді. Бөлімде жұмыс істеп отырғанымда екі өкпесін олына алып, Әбділхамит жетіп келді де, мені дәлізге шақырып:
–Жүр, Жүр менімен берге... – деп алқына дем алды.
–Қайда?
–Кітапханаға. Пушкин кітапханасына...
Жұмыс істеп отыр едім, қолым тимейтінін айттым.
– Көр, әуелі көрші... – деді ол әлі де солығын баса алмай.
–Кімді, нені? – дедім түгіне түсінбей.
–Қызды. Бір қызды көрдім, саған ұнайды, көрші, – деп қиыла сұрады.
«Қыз» дегенде сылтау айтудың қисыны жоқ, кімді кездестірді екен, көрейінші деп ойландым да, бірден басқышпен төмен қарай түстім. Пушкин кітапханасының жаңа корпусы алыс емес, Комсомол мен Ленин көшелерінің қиялысында. Кітапхананың екінші қабатына көтеріліп, кең залдың есігін ашып, басын сұғып қарады да:
– Отыр екен,- деді Әбділхамит көңілі орнына түсіп, – кіре беріс оң жақтағы столда, терезеге қарай отырған ақ көйлекті, ақсары қыз, – деп түсіндірді.
Залға кірдім. Ақ көйлекті қызды бірден таптым. Ол отырған столдың қарсы бетінде үш орын бос тұр екен, соның біріне келіп жайғасып, төс қалтамнан блокнотымды, авторучкамды алып, бірдеңелерді жазған болдым. Қызға ұрлана қарап қоямын. Шашын шолақ кескен, дөңгелек жүзді тойған қозыдай ақ сары қыз бір көргеннен жылы ұшырап қоя берді. Ұялы көздерінде иман бар сияқты. Мен жаққа ол назар аударар емес, ал мен оның бет-жүзіне сүйсіне қарап, алдында жатқан дәптерінен оның аты-жөнін біліп алдым. ҚазГУ-дің филология факультетінің орыс группасының төртінші курсында оқиды екен. Блокнотыма бәрін түсірдім. Осы кезде қасындағы орыс қызымен күбірлесті де ол орындарынан тұрып, сыртқа шықты. Ал мен не істеуім керек? Танысатын ұрымтал сәт туған жоқ па? Деймін ішімнен. Жоқ, асықпау керек дейді бір ойым. Төртінші курста оқыса, алда әлі бір жылы бар, қайда қашар дейсің, басқа бір ұрымтал сәті түсер... Мен де сыртқа шықтым. Дәлізде қыз жоқ. Каталог бөлмесіне келдім, қыз онда да көрінбейді. Содан далаға шықсам, әлгі дос қызы екеуі тротуардан КазПИ жаққа қарай кетіп бара жатыр екен. Сонау жалғыз қабат ағаш үйдің қасына барды да кері бұрылды. Орта бойлы ма, бәлкім одан да аласалау болса керек-ау. Шынымда айтсам, маған оның дене бітімі де ұнады. Өзім көріп, біліп жүрген қыздардың ішіндегі көңілімнен шыққаны осы болар сірә. Сонымен бұл қызға сырттай жіп байлап, Әбділхамит екеуіміз институтқа келдік.
–Қалай? – деді досым маған.
–Жаман емес, – деймін мен.
–Жаман емес деген сөз бе екен? Бес! Бес қою керек бұл қызға, ал енді қапы қалма, – деп ол күйіп-пісті. Қыздарға кейде екеуіміз баға қойып жүретініміз болатынды.
Ертеңіне мен кітапханаға келдім. Кешегі орныма барып қағаздарымды жайып тастап, қызды іздеймін. Залды түгел сүзіп шықтым. Жоқ. «Мүмкін, түстен кейін келер» деп үміттенемін. Ол түстен кейін де келген жоқ. Бір жұма бойы кітапханадан шықпай жүрдім. Қыз ақыры көрінбеді. «Жалт етті де жоқ болды» деген өлең сияқты, жалт етті де, ынтық қылып, жоғалып кетті. Факультетін, курсын білемін, ендеше университеттен неге тауып алмаймын деп бір жұма бойы университетке барып жүрдім. Переменге қоңырау соғылады, аудиториядан студенттер шығып жатады, менің сары қызым, бірақ солардың ішінде болмайды. Қойшы, не керек, бір ай бойында мен кітапхана мен университетке түн аралатып кезек барып жүрдім, іздеген кісімді таба алмай, ақырында күдерімді үзе бастадым. Жаз шықты. Академия басшыларына арыз жазып, үй сұрап жүргенмін-ді. Інім балалар үйінде, қарындасым интернатта, әкем кәрі, шешем жоқ. Бытырап кеткен бауырларымның басын бір жерге қосқым келеді. Академияның президенті Қ.Сәтбаевқа жазған арызым іс басқарушысы Серікбай Ахметовке түсіпті. Бұл менің ағайым Жаңабайды білетін кісі, іш тартып жүретін-ді. Өзім және институттың жергілікті комитетінің председателімін. Бір күні Серікбай аға шақырып:
– Арызыңа Қанекең қанағаттандыру керек деп қол қойды, – деді ол. –бірінші мен екінші Алматының арасында Белинский көшесінің бойынан жеке особняк үйлер салғалы жатырмыз. Сендердің институттарыңа екі бөлмелі квартира бөлдік. Келіссең соның бірін саған берейік. Бірақ... – деп ол бетіме қарады, – үйдің іргесі құйылды. Қабырғасын тұрғызысуға көмектесіңдер.
Мен ойланғаным жоқ, бірден келісім бердім. Алдын ала документ толтырдық. Сол Телқожа Жанұзақ келіп:
– Мырзеке, «үй алма , көрші ал» деген мені көрші етіп алмайсың ба?- деп өтінді. Дос жігіт, алсам алайын дедім. Жалпы, біздің бұл үйімізді жұрт онша менсініп жүрген жоқ. Өздерің бірге салыссаңдар деген соң үй алғысы келгендер қаша бастады. Сонымен Телқожа екеуіміз бір ай әлгі үйді салдық. Сентябрьдің бас кезінде бітуге тиісті еді. Сол екі ортада партия Орталық Комитетінің командировкасымен мен Ақтөбе облысының Байғанин ауданында болып, жиырма күндей жүріп келдім.
Жазда, Белинскийдегі салып жатқан үйімді КазПИ-дің мұғалімі Ізбасар келіп көрген-ді. Жолда, бір жинақ кассасының қасынан өте бергенде, ол машинасын тоқтаттырды да:
–Мына жинақ кассасында Зағипа деген жас, әдемі қыз бар.
Оныншыны былтыр бітірген, нархозда сырттан оқиды. Жүр соны көрейік, – деді. Келдік. Көрдік. Қыз жаман емес екен. Кейін де бір-екі рет келіп, елу сомдық ақша майдалатып, қалжың айтып кетіп жүргенмін. Бір рет киноға шақырғанымда кейін деп бармай қойды. Бір рет «Москвичіммен» оны үйінің қасына апарып салдым. Адресін білдім. Содан командировкаға кетіп, қайтып келген соң, енді осы Зағипаға құрық салуды жөн көрдім. Киноға барды. Неге екенін білмеймін Зағипа аты-жөні жоқ күле береді екен. Қыздың күлегештігін онша жаратпаймын... Мүмкін, жастығы болар, ол менен тоғыз-он жас кіші ғой... Командировкадан келіп, үйімнің ордерін алып, есікке құлыпты салып қойдым. Телқожа кіріп те үлгеріпті. Мен Көкшетаудағы балалар үйінде жүрген інімді алдырып, Қаскелеңдегі интернатта былтыр оныншы класты қарындасым Әсем бәріміз бірге тұруымыз керек еді. Сәті түссе үйленсем де болар еді деп Зағипаға сөз айтудың жөнін ойластырып жүрмін. Қызға онша құлап кеткенім жоқ, мүмкін, жасымда олай болмайтын да шығар, кім білсін. Бірақ, бұдан артық қызға әлі кездескенім жоқ. Кездескен сары қыз ізсіз жоғалып кетті. Үйде жұмыс істеп отырған бір сәтте, түстен кейін Әбділхамит жетіп келді. Келді де:
–Ал, сүйінші, – деді елпілдеп.
–Не нәрсе?
–Жоқ, әуелі сүйіншімді бер.
–Қарыздар болайын. Айт...
–Баяғы сары қыз бар ғой, жоғалып кеткен... сол қызды көрдім.
–Ия?
–Кездесуге уәде байластым. Бүгін сағат кешкі алтыда Дзержинский мен Калинин көшелерінің қиылысында кездесетін болдық. Қыз әуелі көнбеді... Сен үшін ұятты белден бастым да, уәде байластым...
Әбділхамит ойын шашыратып әрең айтты. Қызды көргеніне қуансам да, оның бізге бұйыра қоятынына сенімім болмаған соң самарқау қабылдадым. Зағипамен танысып жүргенім де әсер етсе керек-ау.
– Сен қуанып отырған жоқсың ғой, – деді Әбділхамит күйініп, – уәде байласу маған оңайға түсті деп отырсың ба?
Ол сары қыз Зураны қайда, қалай көргенін айтты.
– Киров көшесіндегі мейманхананың асханасында тамақ ішіп отырсам, жалт-жұлт етіп бір сары қыз кіріп келді. Жалғыз. Бірден тани кеттім, – деді ол аузының суы құрып. – Бірінші, екінші тамақтан бәріне заказ берді. Ол аз болғандай бір стакан балқаймақ сұрады. «Тәбеті жаман болмады-ау тегі» деп ойладым. Мен одан көз алмаймын, ол маған қарамайды. Апыл-құпыл тамағымды ішіп болып, сыртқа шығып қызды күттім. Әлден кейін ол да шықты.
– Қарындас, сәлеметсіз бе? – деп амандастым да, – сіз жазда көрінбедіңіз. Май айында жоғалтып алдық сізді... – дедім. Өзім сасып, сөзім нашарлап кетті.
– А-а, май айының ортасында жаман грипп болып, асқындырып алдым да, емтихан тапсыруға шамам келмей, елге жүріп кеттім, – деді қыз. Енді емтиханға дайындалып жүрмін.
– Біз сізді іздедік, – деймін.
– Бізіңіз кім?
– Мен, менің жолдасым екеуіміз. Кездескеніңіз қандай жақсы болды. Кешке кездессек болар еді, сізде шаруамыз бар еді, – дедім.
– Сіз елден келіп пе едіңіз?
– Жоқ, осы Алматыданбыз. Жолдасыммен таныстырайын деп едім...
Мен әуелі елден келген ағайындарының бірі болар-ау деп ойлады-ау деймін, «жолдасыммен таныстырайын деп едім» дегенде жалт бұрылып:
–Оған менің уақытым жоқ, емтихан бар,- деп берді. Осы кезде бала болып кеттім-ау деймін, қуып жетіп:
–Зура, тұра тұрыңызшы, – дедім жалынып.
–Сіз менің атымды қайдан білесіз?
–Білемін. Бәрін де білемін. Университеттің филология факультетінде, орыс группасында оқисыз. Төртінші курсты бітіріп, бесінші курске шықтыңыз...
Қыз күліп жіберді. Таңырқай бетіме қарады.
–Біз сізге кедергі жасамаймыз. Небәрі он-он бес минут уақытыңызды бөлсеңіз жетеді. Уәде етіңізші. Қалған әңгімені сонда сөйлесейік, жарай ма?
Қыз ойланып тұрды да:
–Жарайды. Бірақ, он-он бес минутке ғана шығайын. Аржағында маған өкпелемейсіз, – деді.
–Өкпелемеймін. Сағат алтыға, келістік,- деп рахмет айтып кеттім.Әбділхамит осы жайды асыға айтып, жымия күлді.
–Ал, сүйінші бер. Және сен үшін свидание жасап келдім. Бол киін, – деп менің дегбірімді ала бастады.
–Әлі уақыт бар ғой, асықпай тұра тұр, – деп ойланып қалдым.
Ол қыз маған әлі атып алмаған түлкінің терісі, тумаған қашардың уызы сияқты алыстағы үмітсіз дүние болып көрінді...
30.10.57ж.
Иә, қыз маған солай көрінді. Дегенмен уәделескен жерге сәл ертерек келдік. Дзержинский мен Совет көшесінің қиылысы. Қыз көрінбеді. Сағат алтыдан он минут өте бергенде Әбділхамит:
–Әне шықты, – деді. Бұрыштағы бір қабат ағаш үйдің қақпасынан шығып, үстінде сұр костюмі бар баяғы сары қызымыз бері қарай келеді екен. Әбділхамит менен оза беріп, жампаңдай сөйлесті де:
–Мынау менің досым, – деп қызға мені көрсетті. Содан кейін қызды маған нұсқап, – мынау Зура деген қарындас, – деді. Біз қол алыстық.
Аттарымызды атастық.
–Мен сізді білемін, Пушкин кітапханасында көргенмін,- дедім.
Үшеуіміз жоғары қарай жүрдік. Әр нәрсені сөйлесіп келеміз. Көбіне мен сөйлеймін.
–Киноға барамыз ба?- деді Әбділхамит.
– Менің уақытым жоқ, емтиханға дайындалуым керек,- деді қыз бірден. Әбділхамит жалына түсіп еді:
–Емтиханы болса қинама, – дедім мен. Ондағы ойым қыз пұлданғандай болса, біз де онша құлап тұрмағанымызды сездіру еді.
Драма театрының алдына келдік. Әбділхамит тағы да:
– Мүмкін, театрға барармыз. Бүгін «Еңлік Кебек» болады, – деп жалына түсті. Қыз тағы да ыңғай бермеді. Әбділхамит маған қарап: – Зура көнбейді, менің театрға барғым келеді. Төрелігін сен айтшы, – деді.
–Менің төрелігіме тоқтасаңдар ғана айтамын. Бұл кісі жағдайын түсінікті етіп ескертті ғой, жаңа, – дедім Әбділхамитқа қарап. Содан кейін қызға бұрылып, – қалай дейсіз, менің төрелігіме тоқтайсыз ба?
Мен әлгінде қызды қолдағанмын. Бұл жолы да сондай ыңғай танытып тұрмын. Оны байқаған қыз:
– Сізге тоқтайық, – деп салғаны.
Өзіме де керегі осы еді.
–Маған тоқтасаңыз, – дедім сәл кідіріп, – Әбділхамиттың кинотеатрға шақырғаны дұрыс. Шақыру оның міндеті. Ал сіздің емтиханыңыз болса, бас тартқаныңыз орынды. Төрелікті маған беріп, екеуіңіз де менің сөзіме тоқтайтын болсаңыздар...
–Тоқтаймыз!
–Тоқтаймыз! – десті екеуі жарысып.
–...Тоқтасаңыздар, театр небәрі екі жарым сағат-ақ жүреді. Оның емтиханға еш кедергісі жоқ. Қайта кешке демалыс болады. Бұл бір. Екіншіден, шақыру кезегі менікі. Екеуіңізді мен театрға шақырамын, – деп билет алуға театрға қарай бұрыла бердім.
–Сіз жаңа ғана менің сөзімді қоштап тұр едіңіз ғой, – деді Зура.
–Ол кезде сөз төрелігін маған берген жоқ еді едіңіздер, – дедім мен де күліп.
Билет алдым. Үшеуіміз «Еңлік Кебекті» көріп шықтық. Шыққан соң қызға:
–Сізге көп-көп рахмет, – дедік те, артық сыр білдірмей кетіп қалдық. Әбділхамит біздің үйге келіп қонды. Түні бойғы әңгімеміз қыз болды.
Араға бір жұма салдым. Бірден құлап кетпейін деп әдейі істедім. Бізде көңілі болса «олар неғып хабарласпай жатыр» деп ойласын, әбіржи бастаса тіпті жақсы. Бір күні машинамен Дзержинский көшесін бойлап, қыз үйінің алдынан өте бергенім сол еді, «жолы болар жігіттің, жеңгесі алдынан шығады» десе, менің алдымнан қыздың өзі шықты. Қасында тағы бір қазақ қызы, екеуі бір чемоданды көтеріп, қақпадан шығып келеді. Машинаны тоқтатып, олардың қасына келдім. Амандастым. Қайда бара жатқандарын сұрадым.
–Жатақханаға, – деді Зура.
Ағасының үйінде жатқан қыз, енді жатақханаға көшкені екен.
Чемоданын машинаның багажнигіне салдым да, екі қызды кабинаға отырғызып, зыр-р етіп жатақханаға келдік. Екінші қабаттағы бір бөлмеге кіргізіп енді шыға бергенімде:
–Сізге рахмет! – деді Зура.
–Қазір біз сізді шығарып саламыз, – деді қасындағы дос қызы.
Мен сыртта машинаның қасында күтіп тұрдым. Екі қыз шықты. Тағы екі қыз екінші қабаттағы терезеден қарап тұрды.
–Көше аралағыларыңыз келсе, мен дайынмын, – дедім екі қызға.
30.10.57ж.
Екі қызды машинаға отырғызып, біраз көше аралаттым да «28 панфиловшылар» паркінің алдына келіп тоқтадым.
–Парк аралайық.
Қыздар шыққан соң машинаның ішінен іліп, отыратын орындығының астындағы кнопканы бастым. Бұл біреу-міреу мен жоқта машинаны айдап қашқысы келгендей болса, моторды от алдыра алмас үшін ұрлап жасаған сигнализациям. Оны Ізбасар үйреткен. Енді қорықпай еркін жүре беруге болады. Алматыға мен ең алғаш 1945 жылдың жазында келіп едім. Онда бұл парк Пушкин атында болса керек-ті. Темір қоршаулары биік, қақпалары күндіз ашық, кешке қарай жабылады. Ішке бір сомға билет алып кіретінбіз. Қазір олай емес, күндіз-түні ашық, қақпасы да жоқ. Бұл, әрине жақсылық. Екі қызға мен осыны айтып, парктің ортасындағы кафедралық соборға жақындай бердік. Мұны жұрт шіркеу дейді. Алматы қаласының мұндағы мәдени орын, құрлыстары жайында азын-аулақ білген жайларым бар еді, екі қызға білімімді танытқым келіп:
–Мына собор тек Тянь-Шань шыршасынан ғана салынған. Бір де бір шеге қағылмаған екен, – дедім.
–Шегесіз қалай ұстайды? – деді Зура.
–Темір шеге қағылмапты, ағаштың қиюын келтіріп, бірімен бірін жалғап, ағаш қада қағып отырыпты.
Екі қыз бұл жайды білмейді екен. Таң қалды. Мен онан сайын сайрап ала жөнелдім. Бұл собордың 1907 жылы салынғанын, оны салған инженер-архитектор А.П.Зенков екенін айттым. 1910 жылы 9 балдық жер сілкінісі болғанда мыңқ етпеді. 1929 жылы Қазақстан астанасы Қызылордадан осында көшіп келгеннен кейін бұл мемлекеттік орталық музейге айналады.
–Алматыда жер сілкінуі жиі-жиі болып тұрған дейді ғой.
–Алматының бұрынғы аты Верный екен. Алматы деп қалай атады екен? – деп екі қыз жарыма сауал қойды. Менің сыналар кезім осы болса керек-ау тегі... Жеке-жеке жауап бергеннен көрі, бар білгенімді екеуінің алдына жайып салғанымды жөн көрдім.
–Ертеде, бұл жерде Алматы деген қала болса керек, – дедім мен әңгімені алыстан бастап. Қытайдан бастау алған әйгілі Жібек жолы осы жермен өткен сияқты. Бірақ, көне қаланың қашан орнап, қашан күйркгені әлі белгісіз. Ал, Верный бекінісінің алғаш іргесі түскені 1854 жыл. Жетісудың Іле, Есентай (қазіргі Весновка) өзендерінің маңынан әскери бекініс салдырғысы келген орыс патшасы үкіметі осы шаруаны Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфордқа тапсырады. Гасфорд әскер жіберіп, бірнеше әскери бекіністер салдырады да, оларды өзінің үш қызының есімімен: Софино, Надеждино, Верино деп атапты. Қаланың атын Николай І патша өзі бекітуі тиіс. Сонда «Верино» деген сөзді қызыл қарындашпен бір сызып «Верный» деп жазыпты. Содан біздің осы Алматымыз «Верный» аталған.
Мен осыны айтқанда қыздар таң қалды.
–Ал ана екі қыздың атымен аталған бекіністер қайда? – деп сұрады.
–Оның біреуі қазіргі Іле поселкасы, екінші Талғар, – дедім мен.
Осыдан кейін әңгіме Верныйдың тез өсіп қалаға айналған жайына ауысты. Бас-аяғы жиырма жыл ішінде қаланың орталық тұсында кірпіш үйлер салынып, дүп-түзу көшелер бой түзейді.
Қазіргі Горький көшесінің ол кездегі атын білесіздер ме? – дедім.
–Жоқ.
–«Торговый» деп аталған. Қазіргі «8 Марта» көшесі –
«Казначейский», Абай көшесі – Сергиопольский, Киров көшесі – Командирский деп аталыпты. 1887 жылы май айында қатты жер сілкінісі болып, кірпіштен салынған үйлердің барлығы да құлап қалған. Одан кейінгі ірі жер сілкінісі 1910- шы жылы болған екен. 1921 жылы сел жүріп, қазіргі Кіші Алматинка өзені, Ленин проспектісі, К.Маркс көшелерімен небір үлкен тастар домласа керек. Солардың қалдықтары кейбір көшелерде әлі күнге дейін жатыр... Қойшы не керек, Алматы қаласының тарихынан басқа да көптеген қызықты деректерді келтіріп, екі қызды таң қалдырдым.
–Сіз тарихшысыз ба? – деп сұрады Зураның қасындағы қыз.
–Жоқ, әдебиетшімін. Оны неге сұрадыңыз?
–Тарихты жақсы біледі екенсіз...
–Әдебиетші бәрін де білу тиіс қой, – дедім мен іштей риза болып, – бірақ, аз білеміз. Тым аз.
Сонымен парктің ішін аралап шықтық. Орталық музей үйінің шығыс жағындағы ашық алаңда бір кезде шашлық пісіріп сататынын, қасында сырахана болғанын айттым. Ал, Октябрь көшесіне шығатын қақпаның оңтүстігінде ана жылдары ашық кинотеатр үйі болған. Оны кейін бұзып тастаған... Екі қызық әңгімеге қарық қылып, машинаға қайтып келдік. «Көк дөнен» «таңасып» тұр екен. Отырдық.
–Ал енді қайда барғыларыңыз келеді?- деймін.
–Жатақханаға, – деді Зура.
31.10.57 ж.
КазПИ- дің жаңа корпусына келе бергенімізде іштен директор
Мәлік Ғабдуллин шықты. Сәлем бердік. Мәкең менің қасымдағы Әбділхамитты саусағымен көрсетіп:
–Сенің мына досың үйленемін деп менен машина сұрады. Мен, «Е-е, ала ғой» дедім. Сонда сұрағаны қандай машина дейсің ғой – Мәкең кеңкілдей күліп қойды – жүк таситын машина. Мен айтамын бұған, қалыңдығыңа баратын болсаң, бір айлығыңда жұмсасаң да жеңіл машина жалда, дұрысы «Зим» деймін. Дұрыс емес пе? Қыздың жеңгелері «күйеу келе жатыр» деп қарсы алғанда, бұл сексеуіл таситын машинадан түсіп жатса ұят емес пе? Анау-мынау емес, білдей ғылым кандидаты...
Кездесе қалғанда әзіл-қалжың айтпай жүрмейтін Мәкеңнің әдеті. Кейде шындықты да осылай қалжыңмен жеткізеді. Мән-жайды мен енді түсіндім. Әлгінде досым «Мәкең машина беретін болды» деген соң соны пысықтап алайық деп келе жатыр едік, онысы жүк таситын көлік екенін жаңа естідім. Мәкең «сен не дейсің» дегендей менің бетіме қарағанда:
–Қалыңдықты жасауымен біржола көшіріп келейін дегені шығар,
– деп үлдім Әбділхамит үндемейді.
Ертеңіне түстен кейін төбесін брезентпен жарқан жүк машинасына мініп алып, Алматының шығысындағы Сарыөзек станциясына тартып бердік. Кештетіп қыздың үйіне де жеттік-ау. Таудай машина өңкиіп есік алдында тұр. Кешкісін азды-көпті жұрт жиналды. Той емес, қызды ұзату кеші. Қыздың екі-үш жолдастары келді. Ән салдық. Таңға жақын көз шырымын алайық деп жаттық. Жігіттер жерге төсек төсеп, киімшең қисая-қисая кеткенбіз. Үш қыз бір кроватта құшақтасып жатыр. Терезе алдынан поезд жолы өтеді екен, анда-санда ауыр составтың гүрілі естіледі. Көз ілініп кеткен бір сәтте, әлде не дүрс ете қалғандай болды. Қыздар шу-у ете қалды.
–Не болды? – дедік біз оянып.
–Вокзал құлап қалды, – деді қыздардың бірі. Өздері мәз болып күлісіп жатыр.
Станция вокзалы күйдірген кірпіштен салынған берік үй сияқты көрінген кеше. Құлайтындай не зор түсті екен деп ойладым. Бөлме іші әлі қара көлеңке. Ұйқы ашылып кетті. Қыздар күлісіп, үшеуі жалғыз кроватта тағы мінгесті.
–Неге құлады, не болыпты? – деп сұрадық.
–Шетте жатыр еді, ұйықтап кетіп...- деді бір қыз сықылықтай күліп. Бар жайға енді түсіндім. Құлаған Сарыөзек станциясының вокзалы емес, кроватта жатқан үш қыздың бірі екен. Етжеңділеу келген, қара қыздың кеше кешкісін Вокзал деп таныстырғаны есіме түсті. Қазақ та балаға ат қоюға «шебер» халық қой, қызға «Вокзал» деп қалай тауып қойған десейші. Ол ол ма, менің Исабек деген әкем кенже баласының атын «Лесхоз» деп қойғаны бар. Лесхоз конторының қасына көшіп келген түні туған соң, солай атай салыпты. Белгілі ақын-композитор Кенен Әзірбаев балалары өле беріп, бір үйде төрт кемпір, бір шал (өзі) қалғанда жас тоқалы қыз тапса, соның атын «Төрт кемпір бір шал» деп қойыпты. Туу куәлігінде солай жазылған екен. Қыз мектепке барғанда бір сөйлеммен тұратын атын қысқартып «Төрткем» деп атапты. Кейін «м» әрпі «н»-ге ауысып «Төрткен» болған екен.
Ертеңіне қалыңдықты жүк машинасына тиеп алып, Алматыға тарттық. Жасау дейтін ештеңе бола қойған жоқ, көрпе-жастық, қыздың киімі. Бір жігіт екі құшақ сексеуіл салды. Барған соң пешке жағасыңдар дейді. Лақтырып тастауға қысылдық. Алматыға келдік. Біздің жеңгей Әбділхамиттің подвалдағы бөлмесін жайнатып қойыпты. Темір кроваттың біреуінің үстінде шайы жібек жамылғыш жабылған. Бұл жеңгейдің сыйы. Электр плитаға ет асылып жатыр екен, тамақ ішіп, досымның үйіне келіншек түсіріп қайттым-ау. Екі күнгі отырыс, жол ұрып тастапты.
Ертеңіне өз жайымды ойладым да, жатақханадағы Зураға келдім...
... Зураны машинама мінгізіп алып, Белинскийдегі жаңа ғана біткен үйіме алып келдім. Термоста ыстық шай, бір каробка шоколад конфет бар еді, соларды алып, отауға кірдім. Мен әлі қызға ештеңе айтқаным жоқ. Айту керек пе? Менің оған барғыштап, анда-санда шақырғыштап жүргенімнен көңілімді өзі түсінбей ме деп ойлаймын. Әрине, түсінеді. Үйдің кең бөлмесінде ескі текемет, текемет үстінде ұзын құрақты көрпеше жатыр. Қызды төрге отырғызып термостағы шайды екеуіміз асықпай іштік. Содан кейін:
–Үйім осы. Бірақ, әлі иесі жоқ, – дедім. Бұл жапсарлап сөз салғаным еді.
Қыз орнынан тұрды да «сыртқа шығайық» деген ыңғай танытты. Күн батуға тақау, бөлме іші қаракөлеңкелеу еді. Осы қаракөлеңкеден секем алды-ау деймін, әйтпесе не сөзімнен, не әрекетімнен ешқандай оқыстық сездірмеген сияқтымын. Машинаға келіп отырған кезде, күн ұясына батқан еді. Көптеген үйлерге әлі ешкім көшіп келмеген, бос тұр.
–Мен бір қызды ұнатып едім, – дедім бір уақытта әңгіме бастап,
– оның мені ұнатқан-ұнатпағанын біле алмай дал болып жүрмін. Соған сіздің көмегіңіз керек, ағаңызға қол ұшын беруге қалайсыз?
Қыз үндемеді. Ишарамды түсінбеген сияқты. Орысша тәрбиеленген қыз, азақтың мұндай тұспалдарын біле береді дейсің бе? Әлде, турасын бір-ақ тартсам ба екен?
–Мен қалай көмектесуім керек? – деді әлден соң. Дауысында ептеген қатқылдық сезілгендей болды.
–Сіз айтсаңыз, ол сізді тыңдайды.
–Мен оны танымаймын...
–Танисыз. Өте жақсы білесіз...
Қыз ойланып отыр. «Кімді айтып отыр» деп өзінің таныс қыздарын есіне ала бастағанын іштей сездім.
–Түсінбеймін, – деді бір кезде ол. – Жалпы, онда менің шаруам қанша? Оны неге мен айтуым керек?
Қыздың ішіндегі қыжылы осы сөзінен белгілі болып қалды.
Түсінбеді.
–Ағаңызға көмектескіңіз келмей ме? Мен ол қыздың атын да
атап берейін, тек соның көңілін маған бұрып берсеңіз болды. Тіпті «жарайды» демей-ақ қойсын. «Ойланайын» деген уәдесін алып беріңіз.
–Кім ол? Қайда тұрады?
–Оқиды. Университетте.
–Аты кім?
–Аты Зура. Сіз оны өте жақсы білесіз. Сол қызды көктемде сыртынан көріп ұнатып, содан жоғалтып алып едім. Жақында қайта кездестім. Содан бері көңілімдегі алаң басылмай қойды. Ағаңызды аясаңыз, бір жауабын алып беріңіз. Онсыз енді менің тірлігімнің сәні жоқ, – деп ағыла сөйледім. Ол үнсіз тыңдап отыр. Түсінді, бәрін де түсінді. Үндемейді, тек:
–Не дейсіз, неге үндемейсіз? – дедім тағы да кенеше жабысып, – ағаңызға көмектесесіз бе?
–Подумаю, – деп орысша айтты ол. Бүгінге бұдан артық сөздің де, уәденің де керегі жоқ. Жүрегім дір-р еткендей болды.
–Маған осы сөзіңіз жетеді, – дедім де, машинаның кілтін бұрап, стартты басып, моторды от алдырдым.
Зыр-р етіп қала ортасына да жетіп келдік.
–Қайда барамыз? – дедім бір уақытта. Қайда бару керегін өзім күні бұрын ойлап, шешпей, қыздың сұрағанымның артықтау шыққанын іле сездім. Бірақ, кеш болып қалды. Ылғи да сөйтемін, кешігіп жүремін.
–Жатақханаға, – деді қыз. – Менің емтиханға дайындалуым керек әлі. Бұл қараңғы түсіп, көше шамдары жанған кез. Мен Виноградов көшесімен жатақхананың теріскей бетіндегі биік ағаш қораның түбіне келіп тоқтадым. Қораның биіктігі үш-төрт метрдей. Ішінде құрлыс жүріп жатқан сияқты. Бұл жер қаракөлеңкеде. Адамдар да сирек жүреді. Мотордың үнін өшірген кезде, қыз шығуға ыңғай білдіріп еді, мен:
–Сәл отыра тұрыңызшы, – деп өтіндім. – Ертең не істейсіз?
–Емтиханға дайындаламын?
–Кешке киноға барсақ қайтеді?
–Көрерміз.
–Мен сағат алтыға келейін, жарай ма?
Қыз басын шұлғыды. Осы кезде мен оның мойнынан сүйгім келіп,
жақындай бергенімде, ол есікті ашып, шығуға ыңғайлана берді.
–Бірдеңе айтайын деп едім, сәл отыра тұрыңызшы. Отырды.
Тағы жақындай түсіп:
–Құлағыңа ғана айтайын, – дедім. Ол құлағын жақындата бергенде шап беріп, әуелі мойнынан, содан кейін ернінен сүйдім. Алғашында қарсылық білдіргісі келіп еді, ақырында көнді. Сөйтіп, мен бірінші рет оны сүйдім. Бұл кездегі көңіл-күйімді айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Оны кісі тек өз басынан ғана кешіріп, өзі сезінуі керек шығар деп ойлаймын.
Қыз сыртқа шықты. Мен де шықтым. Жатақхананың есігінің алдына шейін шығарып салдым. Тағы да сүйгім келеді, бірақ кіріп-шығып жатқан жұрт көп, көзге түскім келмеді.
–Жақсы, – деді қыз қабағының астынан сүзіле қарап. Көзін
тайдырып жіберді. Қысылатын сияқты. Онысы маған ұнады.
–Ертең сағат алты. Осы жерде, – дедім мен.
–Жарайды. – Қыз көзін тағы бір төңкере қарады да, тық-тық
басып басқышпен көтеріліп, ішке кіріп кетті.
02.11.57 ж Күнделігімді жалғастырайын. Сонымен, ертеңіне уәде байласқан сағатқа дәл келдім. Сәлден кейін қыз да шықты. Киноға бардық. Қыдырдық.
– Ертең Мұхтар Әуезовтың туғанына 60 жыл толады. Опера театрында салтанатты мәжіліс өтпек. Барамыз ғой, – дедім. Қыз көнді. Менің айтқанымның ешқайсысына да қарсылық білдірмейді. Демек, кет әрі болмағаны. Ал мен онша мазасын ала бермеймін. Ұстамдылық танытамын.
Біздің танысқанымызға оша көп уақыт болған жоқ, бірақ, неге екенін білмеймін, бұл қызға мен сендім. Қылтың-сылтыңы, айла-шарығы жоқ. Сәл аңқаулау сияқты. Аңқау адам әдетте адал келеді ғой. Дүниеде өтірік ұялған болып, майысып тұрған кісі қиын. Ертеңіне кешке қызды ертіп Опера және балет театрына келдім. Жұрт көп. Залдағы әр орындыққа «Қазақ әдебиеті» газетінің бүгінгі саны қойылыпты. Партерден орын алып, газеттің бетін аштым. Мұхаңа арналған екен. Бір уақытта өзімнің атымды байқап қалдым. Әскен туралы мысқыл әңгімемді газетттегі Әділғазыға бергеніме екі айға жуықтап, қалып еді, соны осы санға беріпті. Масатанып қызға көрсеттім... Түнде қызды жатақханасына жаяу ертіп келдім. Келе жатып, әзіл-қалжың айтамын. Қыз мені қолтықтап алған. Биік туфлиінің өкшесі біздей, әрең жүріп келеді. Аяғын кібіртіктей басады. Ылғи да жалғыз жүріп үйренген мен адымдай басушы едім. Қатты жүретінмін. Енді тұсаулы аттай әрең келемін.
Жатақханаға жақындай бергенде:
–Қалай, менің әнеукүнгі айтқан қызыммен сөйлестің бе?- деп
сұрадым.
Осы жолы «сізді» қойып, бірден сенге көштім. – «Подумаю» деп едің ғой. Құда түсуге кісі жіберсем, қыздың қарсылығы жоқ па екен?
–Білмеймін, – деді ол күліп. Түсініп келе жатыр. – Әлі ерте
шығар. Кісіні түсіну үшін көп уақыт керек пе? Өзімнің жаман ойымша, кісіні түгелдей, біржолы түсіну мүмкін емес. Ал, біршама танып-білуге онша көп уақыт қажет болмас-ау деп ойлаймын. Адамда маска деген болады, біреудікі тереңде жатады, тым күрделі. Жаның қыл үстінде, қылыш жүзінде тұрған кезде досың не сені сатып кетеді, не сен үшін жанын қияды. Сонда білесің сен. Ал жай кезде жиырма жыл бірге тұрып та бір-бірін білмеуі мүмкін. Ұнады ма? Жаман кісі еместігіне көзің жеткендей болды ма? Ендеше ойланатын не бар? Менің жасымда уақытты соза берудің керегі жоқ. Көктемде машина алдым, жазда үй алдым, күзде келіншек түсірсем деймін. Басқа жолдастарымды білемін, квартирадан квартираға көшіп, қаншама қиындық көрді. Олар да енді-енді үй алып, демдерін бір демдегендей болып жатыр. Оған қарағанда менікі шүкіршілік. Бірақ, бір жайдың бетін ашып алуым керек. Менің інім Хамитбек Көкшетаудағы балалар үйінде жүр. Оны қолыма алып, өзім тәрбиелеуім тиіс. Қарындасым Әсем оныншы класты бітіргеніне екі жыл болды. Ағайдың үйінде бірге тұрмыз. Тігін фабрикасында істейді. Ол да менімен бірге болады. Әкем жетпістің үшеуінде. Өгей шешеміз бір жағы менің нағашы апам еді. Шаруасына берік, пысық кісі. Олар, әрине, мұнда келе қоймас, бірақ пенсия алмайтын қарттарға қарасып тұру менің парызым. Қазір де мен айлығымнан олардың сыбағасын жіберіп тұрмын. Екі-үш қарасы, бес-алты ұсақ малы бар, соның төлімен күнелтіп жатыр. Мұның бәрін алдын ала айтпасам, ертең «сүйретпелеріңнің» керегі жоқ деп тұрса, онда жарасуымыз оңай болмайды. Мәселенің ашығы жақсы. Ақыры осы жайды айтқанымда, қыз үндемей, ойланып қалар-ау деп келе жатқанмын-ды.
–Әке-шешесі, аға-апалары тұрып, ініңнің балалар үйіне қалай
кеткенін білмеймін.Обал емес пе? – деп қалды.
Шынымды айтайын, ішім жылап қоя берді. Бар жайды түсіндірген болдым. Шешем ауырып жатқанда Хамитбекті осында алып келіп, жазда әкесіне қайта жібергенмін-ді. Бала күздей сонда болды. Шешеміздің де содан бірер жас үлкен баласы бар еді, сол екеуі (бала емес пе) сыйыспай, төбелесе беріпті. Әкем ыза болып, ана балаға тиісуге шешемізден батпай, өз баласын ұра беретін көрінеді. Бибігүл апам шыдамай, күзде Хамитбекті осында алып келді. Ағайдың да екі ұлы бар. «Жетім бала жылауық» па, әлде мінезі қиындау болды ма, Хамитбектің көзінің жасы кетпей қойды. Амалсыздан қала түбіндегі балалар үйіне тапсырдым. Өзім жұма сайын барып тұрдым. Келесі жылы оны Көкшетауға жібергенін бір-ақ білдім. Хат жазып тұрамын тәрбиешісіне. Баласының алысқа кеткеніне әкем де қатты күйзеліп жүрсе керек, маған хат жаза береді. Алып бар дейді. Үйленген соң қолыма алдырамын ғой деймін. Ал менің қашан үйленерім әлі белгісіз еді. Енді асықпаса болатын емес.
Қызды жатақханасының сыртқы есігінің алдына алып келдім де:
–Ертең сағат алтыда тағы келемін, – дедім. – Бір өтінішім бар,
орындайсың ба?
–Қолымнан келсе...
–Келеді.
–Айтып көр...
–Орындасаң ғана айтамын, – деп күлдім.
–Тырысып көрейін.
–Жетінші ноябрьге той жасасақ қайтеді? – дедім бірден. Қыз
ұялғаннан жалт бұрылып, ішке қарай беттеді.
–Ертең сағат алтыда келемін, – дегенді тағы қайталап үлгердім. Қыз есікті тарс жапты.
08.11.57 ж
Кеше демонстрациядан кейін Зураны үйге ертіп келдім. Жеңгей
стол жасап қойған екен. Ағай жарты сағаттан кейін келді.
Зура бояну дегенді білмейді. Үстіндегі шие түсті қызыл жібек
көйлегі ақсары жүзіне нұр сеуіп, бүгін тіпті өзгеше әсем күйде көрінді. Үй ішіндегілерге ұнаса екен деп тілеймін. Өзіме ұнаған соң оларға да ұнауы керек қой. Жеңгем самарқаулау. Ағай әңгімеге тартып, қыздың әке-шешесін сұрап отыр. Ағай қазақша сұрайды, Зура қазақша сөйлеп отырып, орысшаға ауып кетеді. Әкесі орыс тілінің маманы көрінеді. 1944-1946 жылдары Қызылордадағы пединститутта оқытушы болып істепті. 1944-45 жылдары мен сонда, филология факультетінің бірінші курсында оқыдым, Бірақ, Тұрсынов деген оқытушыны естіген де, көрген де емеспін. Мүмкін, лекцияны басқа факультеттерге оқыған шығар? Мүмкін. Бізді кешке Әбділхамит үйіне қонаққа шақырып ойған, сонда баруымыз керек. Шай ішіп болған соң, біз кетуге жинала бастадық. Жеңгей Зураға:
–Ал, үй осы, келіп тұр, айналайын, – деді. Аузы айтса да, жүзі
әдеттегіден суық көрінді. Білем ғой. Бөлмеден шыға бергенде ағай менің атымды атап қалды. Зура шығып кетті, мен бөлмеге қайта кірдім. Біреудің жап-жас баласы көрінеді. Асықпа. ойлан, – деді әр сөзін бөліп-бөліп айтып. Мен үндемей шығып кеттім. Не деуім керек? Жалпы, әлгі сөзді неге айтты? Неге ойлан деді? Асықпасы қалай? Бала емеспін ғой, өйстіп қу тіземді құшақтап жүре беруім керек пе? әлде қыз ұнамай қалды ма екен? Неге ұнамайды? Несі ұнамайды?
10.11.57 Әбділхамиттің үйінде жақсы отырдық. Қыздың уәдесін алдым. Соны бүгін үй ішіндегілерге хабарлағым келіп, асықтым. Ағайға бірден айтуға қысылып, әуелі жеңгейге ескерттім. Ол мұны бірден ағайға жеткізіпті. Ағай мені оңаша шақырып алды да:
–Әбден ойланып шештіңдер ме? – деп сұрады.
–Ойланып шештік, – дедім жөп-белдемде аузыма сөз түспей.
–Өздері жеті ағайынды көрінеді... – деді ағай.
Кеше ағай «неше баласыңдар бір үйде» деп сұрағанда қыз «Жетеуміз. Мен ең үлкенімін. Кіші інім екіде» деген-ді.
– Ия, – дедім мен ағайдың сөзін қоштап.
– Әйелдің төркіні көп болғаныкейде жақсы, кейде... – ағай
«жаман» деген сөзді айтпай тоқтап қалды. Бірақ, мен оны жақсы түсіндім. «Зураның інілері мен сіңлілері көп, ертең біз үй болған кезде, солардың салмағы бізге түседі, сонда қиналасың. Ол жақсы болмайды» деген ой көмейіне келіп тіреліп тұрғанын сездім. Жалпы, мен ол жағын тіпті де ойлаған емеспін. Мен айлығымнан бір тиын ұстамай түгелдей жеңгейдің қолына ұстататынмын. Айлықтан тек әкеме «сыбаға» жіберемін. өз шығыным тек қана гонорардың есебінен. Машинаға да ақшаны солай жинағанмын. Әрине, мен үйленіп, оңаша отау түтетсем, айлық әйелдің алақанына түседі. Ол әйелдің төркіні көп, демек, ол төркініне төгеді менің бар табысымды... ағайымның да, жеңгемнің де көңіліндегі алаң осы болғаны ма? Жеңгейдің елде жалғыз ағасы бар. Жұмыс істемейді. Ал тұрмысы анау-мынау қызметкерден артық. Ақшаны оған үш қарындасы құйып тұр. Біздің жеңгей де ағасынан аянып, тартынып қалған емес. Кейде ағай соған наразылық білдіретін. Жаратпайтын. Жаңа түскен келін де ертең төркіншіл болып кете ме деп күдіктенетін сияқты. Сол, сол ғой, әйтпесе әлгі сөзді неге айтты?
Әңгімеміз онша жараспады.
–Қай уақытта деп шештіңдер? – деді аға сәлден кейін.
–Уақытын шешкеніміз жоқ.
Ата-анасына барып құда түсетін баяғы заман емес. Оның үстіне, мен жұмысқа кеше ғана тұрдым, – деп ағай тағы да тартыншақтай бастады.
12.11.57 ж
Мұхамеджан ағай жалғыз келді үйге. Шақыратқан ағай. Шай ішіп отырған кезде:
– Мына інің үйленемін деп жатыр, – деп ағай иегімен мені
нұсқады. – Қалада өскен бала көрінеді, қарсылығымыз жоқ. ¬Өзі сені жақсы көреді, тойды қалай өткіземіз, ақылдасайық дегеніміз еді.
Мұқаң қалтасынан қаламсабын алып, ақ қағазға бірдеңелерді жазды да:
–Қанша адам шақырмақшысыздар? Неше дүркін келеді
кісілеріңіз? – деп сұрады.
Коллектив екі дүркін келеді. Үлкендер, жастар. Ағайындар солармен бірге болады. Өзің басқарасың, Әбділда басқарар, – деді ағай. Осыдан кейін қагша адам келеді, нендей мал сойылуы тиіс, ішкіліктің қай түрлері, қанша алынады Мұқаң есептеді де жеңгейге қарады.
– Ал қайның студент емес, ғылым кандидаты, аға ғылыми
қызметкер. Тойын дұрыстап өткізейік. Қанша ақшаларыңыз бар? Жинаған шығарсыз. Жеңгейдің түсі сұрланып кетті, ағай да алғашында үндемей түйіліп қалды. Содан кейін:
–Бізде ақша қайдан болады? Ақылдасайық дегенім осы еді, –
деді ағай. Әңгіменің ажары келіспеді. Бәрінен де өзім қысылдым. Баяғыдан бері айлығымды тиынын шашау шығармай жеңгейге беріп келемін. Керек десең менің айлығым ағай мен жеңгей екеуінікін қосқанда артық болмаса кем емес. «Алда үміт бар-ау жеңгеміз осындай күнге түк те жинамаған болды. Оны Мұқаңа айтудың қажеті қанша? Көмектес дегелі отыр ма? Жоқ, ол болмайды» деймін ішімнен. «Тағы да ақылдасармыз» деп Мұқаң үйіне қайтты. Мен машинаммен апарып салдым. Үйге келсем жеңгем тырсиып үндемейді. Басын ақ орамалмен байлап алыпты. Ашуланғанда ұстап қалатын басының сақинасы бар. Ағай маған:
–Анау ауырып қалды әлгі Мұхамеджанның сөзіне, –деді әйелін
көрсетіп, – ақылдасайық деп шақырсам, бізді табалағандай «қанша ақша жинадың» дейді. Сондай сөз бола ма екен? Жинаған соқыр тиын да ақшасы жоқ оның. Машинаны сатсаң өте қояды дейсің бе? Және жұрттан да ұят. Ағам мен жеңгемнің көмейлерін түсіндім. Той жасамасам да машинаны сатпаймын. Ноябрьдің аяғынан бастап демалысқа шығамын. Қолыма бес мыңдай ақша тиеді. Мұқаңа барып, баспада жатқан кітабымның есебінен аванс сұрармын. Тағы да үш мың болса, бір тойды өткеруге жетпей ме? Былтыр бір жабағыны жеті жүз елу сомға алған жоқ па едік? Ертең үй болып, оңаша отауға шыққанда да күнкөріс керек. Осының бәрін ойладым да ағайыма:
– Бес мың сом демалысымның ақшасы болады, тағы да үш мың
сом табамын, – дедім.
Той жабдығының әңгімесін сонымен тамамдадық.
14.11.57ж Үш күн өткеннен кейін мені Зура осында тұратын апасы Мәнзура мен жездесі Манаптың үйіне алып барды. Кірпіш заводы жағында тұрады екен. әкесінің үлкен ағасының қыздары. Таныстық. Тойдың күнін ноябрьдің 25-і деп белгіледік. Зура той күнін апаларына айтқан болуы керек, олар «бізді шақырмай ма екен?» депті. Құда шақыру деген бар емес пе, сол. Ертең құдаларды шақырмақпыз.
23.11.57 Кеше кешкісін бірінші Алматы вокзалынан Зураның шешесін күтіп алдық. Тойға келе жатыр. Екі-үш жасар ер баласы бар, татар әйелі. Әкесі татар, шешесі қазақ екенін Зура маған айтқан-ды. Олардың қалай үйленгені де бір әңгіменің сюжетіне жарайды. Машина айдап келе жатқанымда, оң жағымда отырған ол кісі қайта-қайта маған қарай берді. Дала қараңғы, мен мойын бұра алмаймын. Болашақ күйеу баласының кім, қандай адам екенін сынап келе жатқанын сезсем де сыр бергенім жоқ. Соңғы кезде осы тойдың шаруасымен жүріс-тұрыс көбейді, ұйқы қашты. Өзім де жүдедім. Үш күн бұрын әкем мен шешем келген, үй іші ығы-жығы адам, береке жоқ.
Зураның шешесін Мәнзураның үйіне алып келдім.
Бүгін Зураны ертіп, бір үйге келдік. Тойға деп ақ көйлек тіктіргенбіз, ол соны алды.
24.11.57 Той екі күн өтетін болды. 25-і күні коллектив келеді. 27-күні үлкен кісілер барады. Барлығы да шақырылды. Құдалар қанша кісі болып келеді, оны Манап пен Мәнзура біледі. Шамасы оншақты болар-ау. Ертеңгісін базардан үш қаз сатып алдым. Әрқайсысы жетпіс бес сом. Үлкен, семіз қаз болған соң қымбатсынғаным жоқ.
Түстен кейін Зураға бардым. Оның түсі солғындау екен.
– Жайшылық па?- дедім.
– Жәй, деді ол. Бірақ жәй емесін ішім сезеді. Шешесі бірдеңе деді ме, жоқ болмаса бір жәй болды ма екен, әйтеуір қыздың көңлінде бір алаң бары анық.
– Менен түк жасырма, сен көңілсізсің ғой, – дедім тағы да.
– Иә, мамам ғой, тұра тұр, асықпа деп жатқан, – деді ол.
– Неге?
– Себебі болу керек.
– Қандай?
– Мәнзуралардың бір көршісі сені біледі екен. Әйелін, екі баласымен тастаған депті. Соған шошып...
– Мен сондай адамға ұқсаймын ба?- дедім оған. – Сен оған сенесің бе?
– Мен сенбеймін. Мамам...
– Кім оны айтып жүрген көршісі? Атын білесің бе?
– Сұрағаным жоқ.
– Сонымен, сен не дедің мамаңа?
– Не дейін. «Кісілері шақырылып қойды, ұят болады» дедім. Ол кісі «регистрациядан өттіңдер ме?» деп сұрады. Мен «әлі әлі арыз да берген жоқпыз» дедім. Сол-ақ екен, ол кісі күдік алды, – деді Зура.
Неке қию үшін арыз беру керектігін мен ұмытып кетіппін. Бірінші рет үйленгелі жүрген адам ба, тәжірибе жоқ... Оны қыз да ескертпепті. Жалпы, соның өзі міндетті шарт па? Кейін де үлгермейміз бе? Мәселе қағазда емес, көңілде, сенуде емес пе? Әлде некелесу керектігін Зура айта алмай, ұялып жүр ме екен.
–Паспортың өзіңде ме? – деп сұрадым Зурадан.
–Жоқ. Оны неғыласың?
–Қазір барып некемізді қидырайық.
–Әуелі арыз беру керек, – деді ол.
–Жүр, қазір барып арыз берейік.
–Кейін берерміз, асығатын не бар, – деді Зура. Оның маған
сенетінін түсіндім. Сабырлы, салмақты. Сонысы ұнады.
29.11.1957 ж.
Бөлім жиналысы сағат үште басталатын білсе де Мәкең бір сағат
бұрын келді. Бүгін азанда ертерек оянып, әлдебір қандай ой басын шырмап ұйықтатпай-ақ қойып еді. Сағат үштегі бөлім жиналысында соңғы бір жыл бойы сарылып, күн, түн қатып жүріп жазған еңбегі талқыланбақшы. Соңғы жылдары Мәкең байқұстың құлағының тынышы кетіп жүрген. «Іштеңе жазбайсың» деп кінә артады жұрт. Әлдеқалай бірдеңе жаза қалса, онысы жарық көрмей, әдемі былғары папканың ішінде жатып қағазы сарғаяды. Газет, журнал редакциясындағы қызметкерлерге де өкпесі қара қазандай болған, «Тым талғампазсыңдар» деп ренжиді. Өндірістік жиналыс болған сайын «Мәкең ештеңе бермейді. Өкіметтің ақшасын босқа алып жүр», «Еңбексіз ғылым жеміссіз ағашпен тең» деген сөздер жиіленіп барабы. Келесі жылы болатын аттестацияда «орынды босат» деп жүрмесіне кім кепіл. Бірақ, Мәкең олардың ешқайсысна да «пәлен» деп қарсы дау айтпайды. Айтары да жоқ. Осы былтырдан бергі инемен құдық қазғандай сарылып, өзінше зерттеген, таразға салып өлшеген, қиып, пішіп, бір айттым деп жазған осы еңбегі жарық көріп кетсе, «құда да тыныш, құдағи да тыныш» болар еді. Мәкеңді бүгін ерте оятқан да, кеңсеге ерте келтірген де осы мақаланың тағдыры болатын. Ең алдымен ол бөлім қызметкерлерінің барлығымен де қол алысып амандасты. Кейбірінің денсаулығын сұрап, енді біріне қалжың айтып күліп қойды. Мәкең қолжазбасы бөлім қызметкерлеріне үш-төрт күн бұрын таратылып берілген. Бірақ, олардың жүзінен дәл қазір, мақалаға қалай қарайтындығы білінбейді. Бәрі де жайдары, өз жұмыстарымен шұғылданып отыр. «Қалай екен?» деп мақаласы туралы күні бұрын жұрттың пікірін сұраудың еш реті жоқ. Әйткенмен жүрек май ішкендей толқулы, пікірімен бөлім қызметкерлері қатты санасады. Әбекең мен Мәкеңнің арасы былай қарағанда жаман емес. Оның үстіне осы жиналыста Әбекеңнің де мақаласы талқыға түседі. Бұл жағынан ол екеуі айлас, мұңдас, өз мақаласы туралы сөз болып отырғанда ол бөтеннің еңбегі жайында жаман пікір айта алмаса керек. Кісіге шамалы сыпайылық та керек қой. Тіпті болмаса Мәкең Әбекеңнің алдын кесіп тастайды. Оның мақаласын мақтап сөйлесе, қаншама тас бауыр болса да іші жібір. Демек Әбекеңді қармаққа ілудің жолы табылады. Ал басқалары ше? Әбекең бір ауыз жылы сөз айтса басқалары да ешқайда ұзап кете қоймас. Иә, мұның бәрі жаман айтпай жақсы жоқ деген, ойы ғой Мәкеңнің. Әйтпесе еңбегінің құндылығы туралы ол шүбә да келтірмейді. Мәкеңнің тілегі болды, алдымен Әбекеңнің мақаласы талқыланды. Неде болса алдын алып қалмақшы болып ол бірінші сөз сөйледі. Мақалада айтылған жетекші мәселелер мен оның тілі жөнінде мақтап ала жөнеліп, қояды деген не, Әбекеңді Белинскийге, Добролюбовқа теңеді.
– Мақала шыққалы жатқан жинаққа жіберілсін, – деп ол енді
екінші бір жайға көшіп, бірдеңеге баспалдақ жасап кетті. – Жұрт күн-түн сарылып еңбек етеді,- деді ол жабырқаңқы жүзбен, – оны біз бір сағаттың ішінде оқып шығып, крест қойсақ – онымыз әділетсіздік болар еді. Бізге зиянды мақаланың керегі жоқ. Зияны жоқ болса, баса беруіміз керек. Әдебиет жөнінде қайбір зерттеулеріміз толып тұр. Мәкең бұл сөзді Әбекеңнің мақаласы жөнінде айттым десе де, неге қынжыла сөйлегенін отырғандардың көбісі-ақ түсініп қалды. Олар бір-біріне көздерінің астымен қарап, жымиысып күлісіп қойды. Алғашқы сөйлеген екі жігіт «біраз еңбек сіңірген. Көптеген материалдар жинапты» десе де негізінен мақала әлі шикі, ойы көмескі, белгілі бір қорытындысы жоқ» деп сөйледі. Мәкеңнің ботқа бетінің қаны бір тартылып сұрланып, бір тасып құлағына дейін қызарып, бір сәттің ішінде әлденеше рет құбылады. Іштей қызыға булығып, жарылып кеткелі отыр. Сөзді Әбекең алғанда ғана иығын басқан ауыр жүк түсіп, тарылған тынысы кеңейіп сала берді. «Әбекеңнің мақаласын мақтап сөйлегенім жөн болған» деп қойды іштей.
–Мәкең әлгінде дұрыс айтты. Еңбек айлап, жылдап жазылады.
Сынаушылар оны бір сағатта быт-шытын шығарады, – деп Әбекең сөзді бастай бергенде, Мәкең ежелгі әдетінше:
–Соны айтам! Соны айт!.. – деп қалды.
–Олай етуге ешкімнің ақысы да жоқ. Мәкең тағы да дұрыс
айтады, бізге зиянды мақаланың бір тиынға қажеті жоқ. Рас, әдебиет зерттеу мәселесі бізді кенжелеу, бірақ оны «зияны жоқ болса болды, мақала басыла берсін» дегенге мен келіспеймін. Зияны жоқ болумен бірге пайдасы да жоқ мақалаға бас қатырып керегі қанша? Оның да бір тиынға керегі жоқ. Ал, Мәкеңнің мақаласы туралы алғашқы сөйлеген екі жігіт меніңше өте дұрыс айтты. Мәкең жолдас поэмаға көркем талдау берудің орнына оның мазмұнын қара сөзбен қайталап жазған. Поэзияны қара сөзге және жасық сөзге айналдырса не шықпақ? Мақалада зерттеуден көрі шығариаларға «қазақ әдебиетіндегі зор туынды», «тың тақырып», «елеулі үлес қосқан поэма», «поэзияның шыңы» деген құрақ дәріптеуден аяқ алып жүре алмайсыз... Әбекең ұзақ сөйледі, күйініп сөйледі. Бұл Мәкең үшін күтпеген, оқыс жай. «Еруліге қарулы» деген болушы еді, Әбекең оны белден бір-ақ басты. Мәкеңнің мақаласы жинаққа жіберілген жоқ, әлі де біраз жөнделсін деп өзіне қайтарылды. Әбекең әлгіндей сөйлеген соң Мәкеңнің көңілі бұзылып сала берген, бірақ қарсы дәлел тауып, дау айта алмады. Сонымен жиналыс бітіп, бөлім қызметкерлері үйлеріне қайтпай болып, басқыштан төмен түсіп бара жатты, ең соңынан келе жатқан Әбекеңді Мәкең қуып жетіп еді, Әбекең оған:
–Жөндегенің өзің үшін жақсы. Сені бала емес, шаға емес, пілдей
ғалым дейді жұрт. Арзан жазуға болмайды. Менің шын достық тілегім.
Мәкең сұрланған қалпын өзгертпей:
– Сіздің мақалаңыз да кемшіліксіз емес еді ғой. Бірақ аңқылдаған мен байқұс басылып шыға берсін дедім, – деп күйіне сөйлеп.
– Неге айтпадың жаңа? Кемшілігімді жасырғаныңды достығың деп түсінейін бе, жоқ дұшпандығың деп түсінейін бе? – деп Әбекең оған тап беріп еді, Мәкең де үндей алмай қалды.
18.02.58 ж Кеше келіншегіміз екеуіміз бірінші рет қабақ шытысып қалдық. Бәрі оның немере апасының кесірі.
Қызметте отырғанымда маған келіп:
–Күйеу бала, маған жүз сом ақша тауып бер, өте зәру болып тұр,
– деп өтінді. Қызметтес әйелдерден қарызға ақша сұрап, қайынбикемді риза еттім.
– Менің сіңлілерімнен күйеу балаларым артық, – деп ол мақтап
кетті. Екінші күйеу баласы- Әбдуәлі Еренов. Ол екеуміз бажамыз.
Түсте үйге келдім.
– Маған қарызға ақша тауып бер, үйдегімді әлгінде Әпике сұрап
алып кетті, – деді Зура.
–Ол кісі менен де ақша алып кетті, – дедім ренжіп.Жаңа үй
болып жатырмыз. Не үйде, не үстімізде ештеңе жоқ. Қараспайсыңдар деп ағайым мен жеңгейім де теріс қарап жүр. Зура әлі студент. Қысылайын дедім.
–Немене, мені ақша күреп жатыр деп ойлай ма? Онда менен,
мұнда сенен алады, аямайды ғой. «Дұшпаннан түк тартсаң да пайда» деп ойлағаны ғой, – дедім қайынбикеме ашуланып. – Менің қарыз алатын жерім жоқ. Қарыз дегенді ұнатпаймын. Кеше ұялғанымнан сұрадым.
–Ендеше ақшаны өзің ұста, – деді келіншегім.
Кешеден бері екеуіміз бір-бірімізге тіл қатысқанымыз жоқ.
Таңертең бір кесе шай ішіп үн-түнсіз қызметке кетіп қалдым. Бүгін түстен кейін айлық алып, үйге келдім де, жүз сомдық жап-жаңа ақшаны, төрдегі кроватта жатқан келіншегіме үнсіз ұсындым.
– Өзің ұста, – деді ол. Кешегі өкпесі тарқамаған сияқты. Мен де
мінез көрсеткім келді. Теріс айнала беріп, әлгі ақшаны білдірмей төс қалтама тығып, сол жақ төсқалтамдағы бүктеулі ақ қағазды алдым да, ызамен бейне бір ақшаны жыртқан болып, әлгі қағазды плитаның шойын қақпағын аштым да, маздап жатқан отқа тастай салдым. Келіншегім «неге өйттің» деп жетіп келіп, пештің қақпағына жармаспас үшін, өзім қағаз әбден жанып күлге айналғанша сол жерді жүремнен отырып қалдым. Оның дәті берік екен, былқ еткен жоқ. Мен бұрылмастан шығып жүре бердім. Кешке үйге қараңғы түсе келдім. Келіншегім тамақ қамымен жүр екен. Үнсіз бөлмеге барып, шешініп жатып қалдым.
– Тамақ дайын, – деп әлден кейін келіншегім. Үн қатпадым. Бір уақытта ол қасыма келіп:
– Тамағыңды іш, – деді. – Үні жұмсақтаушықты. Менде әлі үн жоқ. Енді ол кроваттың шетіне келіп отырды да:
– Кешір, менікі қате екен, – деді. Қолымды ұстап, тұр деп тартты. Бір қырынан жатқан мен шалқама аунап, оның бетіне қарадым. Ауызғы бөлменің жарығы есіктен бізге де сәуле шашып тұр. Менің осылай қозғалуым татулық іздегендік екенін ол да сезді, әрине. Бірақ, бірден иіле қойғым келмей, тырысып-бырысып жатқаным ғой баяғы. Тіпті болмаған соң:
– Ұрысу қолымнан келмейді. Үндеспей қалу ұрыстан жаман екен. Мен түсіндім, енді ренжіспейікші, – деп ағынан жарылды. – Тұр, тамақ ішейік. Жақсы борщ пісірдім.
Енді бұлдана беруге болмайды. Тұрдым. Қол шайдым. Бірақ, тіл жоқ. Ауызғы бөлмеміз суықтау еді, пиджагімді жамылып келіп, столға отырдым.
Зура тамақты тәтті пісіреді. Борщ шышында да айта қаларлықтай екен.
–Қалай? – деп сұрады ол. Менімен сөйлескісі келеді.
–Жақсы,- дедім. Бірақ, бұл сөзді сәл қатқылдай айттым.
–Қаймақ құйыңқыра, – банканы маған қарай ысыра беріп еді,
мен:
–Керегі жоқ, – дедім. Бұл кешеден бергі оған екінші рет тіл
қатуым. Тамақ ішіп болған соң, жазу столына келіп, күнделік жазуға отыра беріп едім, Зура иығыма асылды.
–Жұмыс істегелі отырсың ба? Шамалы дем алсайшы, келгенің
жаңа ғой, – деді.
–Енді не істеуім керек?
–Менімен әңгімелес. Күні бойы жалғыз отырып, ішім пысып кетті.
–Ал, құлағым сенде ендеше? – дедім.
Ол күліп жіберді.
–Қазақтың сөзі қызық. «Құлағым сенде» дейді, – деп таң қалды.
Орысша оқып, ойы орысша қалыптасқан оған біздің кейбір осындай астарлы сөз тіркесіміз бір түрлі естілетін болған-ау деп ойладым. Осыдан кейін кешеден бергі шытынаған қабақтың кірбіңі тарап кете берді. Тек осы әдетке айналмаса екен деп тіледім.
...09.1958 ж Көрші бөлімде істейтін Әскен деген жігіт пен Күлпан деген келіншек болмашы нәресге ерегісіп, ұшқыннан өрт шығып, екеуі біраз жерге барысып қалды.
–Құдайдың қызыл көз бәлесісің ғой өзің, – деді бір уақытта
Күлпан. Әскен де есесін жіберер емес.
–Пәлелік сенен өтіп маған келген жоқ. Әуелі жұмысыңды жөндеп
істеп ал, білдің бе?
Өткен жұмадағы бөлім кеңесінде Күлпанға бастығы «жұмысың
шабан жылжып жатыр. Жеделдету керек» деп ескерту жасаған. Жамандауға басқа ештеңесін таба алмаған соң Әскен соны айтып, Күлпанның жанын тырнағандағысы еді.
–Әдірем қал! – деді Күлпан. – Көрінгенге көз сүзіп, арымды
шүберекке түйіп, сен сияқты күн көргенше, тезек теріп тентіреп кетсемші!
–Он жыл отырып бір мақала жаза алмай отырғаның есіңде жоқ.
Ішін күйсе тұз жала!
–Әй, Әскен, бері қарап айтшы! Маршакты онсегізінші ғасырдың
жазушысы деп жүрген сен бе, мен бе? Соны айтып жүрген саған менің ішім күймек пе? Ой, кемпір беттенген түрің бар болсын. Еркек басыңмен әйелмен ұрысысуға ұялсаңшы.
–Садағам кет, білдің бе? Бетіңе зәрің шығып тұрған сенің
бетіңнен жаман болғаны ма менің бетім. Шайпау тілің маған бір тиын! Оны ана үйіндегі байыңа істе! Сенімен сөйлесіп аузымды ластар жайым жоқ.
–Үрген қарындай болған кейпіңнен қорқушы ем! Тьфу, бетсіз!
–Бетсіз болсаң өзің бетсіз. Өзің тьфу, білдің бе. Бар сен тіреп
тұрсаң аспанымды үстіме тастап жібер! Сенен келген бәле болса көрейін!- деп Әскен орнынан тұп-тура келеді. Аласа бойлы, бетін ептеп әжім айғыздаған ескі беттеу, арық жігіт Әскеннің өңі қан жоқ, сөл жоқ, сұрланып кетіпті. Дәл қазір ол Күлпанның жер-жебіріне жетіп, енді қолынан келсе үйітіп жіберетіндей тым сұстанып тұр. Мойын жүні күдірейген бала қораздай қоқилана қодыраяды. Бөлмеде отырған басқа қызметкерлер ол екеуіне «қойыңдар», «балаға ұқсап бұларың не? Базардағы көк езу саудагер әйелдерше ұрысқандарың тіпті ұят» деп араша түсіп еді, әйелмін деп Күлпан, еркекпін деп Әскен де қоймай, екеуі де екілене түскен. Әскен қодырандай сөйлеп, аспанды айтқанда, Күлпан: – Аяғыңның аспаннан келгенін әлі білмей қаларсың! – деп зіл көрсетіп шығып кетті.
–Құлатып жібер тауыңды! – деп Әскен қала берді. Отырған
басқаларға Мақаш деген жігіт көзін бір қысты да, Әскенді ымдап далаға шығарып алып кетті.
– Оңбаған, сен қой дегенде нег қоймайсың?- деді. Мақаш жаны
ашып, ұрса сөйлеген болды.
–Е, неге, қоям! Қатынға есемді жіберіп отырам ба?...
–Түу, сенің аңқаулығың-ай осы. Не деп кетті жаңа Күлпан.
Директор оның емере ағасы екенін білмейсің бе?
–Солай ма еді, – деп Әскен шошып кетті.
Жаңа келген директордың кім жақыны, кім алысы екенін білмген бишара, есі шығып, абдырап қалды. Бар болғаны Мақаштың қолын қыса берді.
–Ойпырмай, Мақаш- ай, солай ма еді? Жазған басым, от
басыппын ғой, сенің жақсылығынды өлсем ұмытпаспын. Енді не істейін. Кешірім сұрасам қайтеді? Қайда кетті өзі. Бірдеңе етіп татуластырыңдар бізді. Әлгінде ғана ірілігі таудай болып, күйініп тұрған Әскен қазір жұдырықтай ғана болып, жүгіре басып директордың кабинетіне келді. Директор бұдан бір сағат бұрын облыстық конференцияға кетіп қалған екен, бүгін келмейтінін естіп, Әскен бөлмеге қайта кірді. Алдында ғана «енді қайтер екен» деп Әскеннің мінезін жаратпай, әжуалап күліп отырған басқа жұрт күлкілерін пышақ кескендей тыя қойды. Өзімен өзі әлек болып жүрген Әскен оны да сезген жоқ. Көз қиығымен Күлпанға қарады, құлағына дейін қызарып ол әлі ашулы отыр екен. Әскен бір тұрды, бір отырды. Қайта- қайта жалтақтап, қалай тіл қатудың есебін таба алмай шала бүлінді. Әлден уақытта алдында жатқан бір қағазды алды да Мақашқа бұрылып:
–Жүз шайысу деген керісу, ұрысу, жанжалдасу дегеннің
синонимі бола алады ғой? – сұрады.
Мақаш басын изеп қана қоя салып, енді ол Күлпанға қарады.
– Солай емес пе, Күлпеке?
–Сендей данышпан емеспіз, қайдан білейін? – деп ашулы
отырған Күлпан кекете сөйлеп еді.
– Қойыңызшы, Күлпеке? – деп орнынан тұрып, Әскен оның
қасына келді. – Мына сөздікте солай жазылыпты. Біз де жүз шайысып қалдық білемін. Неден шығып кетті өзі! Сіз болсаңыз жасыңыз үлкен, менің апамдай кісісіз. Кешіріңіз, тілім қатты тисе. Тіпті басқа басқа, сізге ондай сөз айтатын ретім жоқ еді. Қара басып... Қандай сайтанның итермелегенін білмеймін. Әскен өзі жығылмаса да сөзімен Күлпанның аяғына жығылып, қайта-қайта кешірім сұрап, ақыры татуласқан болды. Содан бері Күлпанды директордың қарындасы деп түсінген Әскен оған жатып жастық, иіліп төсек болып, алдын кесе өтпей жүр. Келе жатып институт жайын, сайлау жайын әңгімелесіп, әңгіме Кеңесбаевқа тірелді. Ол көптен Мұқаңа ілтипат білдіріп жүретін. Жаңа Мұқаң ол кісімен қоштасып кетті.
–О, айналайын, Мұхамеджан, мен бұрынғыдан да бетер сенің жағыңдамын, – депті.
–Сенесіз бе? – дедім мен Мұқаңа.
–Шынымды айтайын, сенбеймін, – деді Мұқаң. Сөйтіп ол бір әңгіме айтты. Жақында Мұхтар Әуезовтің 70 жасқа толу мерекесіне байланысты
Мемлекеттік комиссия құрылған. Председателі Ғабит Мүсірепов. Мүшелері М. Қаратаев, М.Базарбаев, Л.Әуезова, Е.Лизунова т.б. Бір күні Мүсірепов комиссия мүшелерін шақырып, мәжіліс өткізіпті. Не істеу керек, не істеліп жатыр... Бір уақытта Базарбаев институтта істелген жұмыстар туралы айтыпты. М.Әуезовтің 12 томдығы шығарылуы керек, оның 3 томы қазірде даяр...
–Алғы сөз беріле ме?– деді Ғабит Мүсірепов.
–Беріледі.
–Кім жазады?
–Коллектив маған тапсырып еді...- деді Базарбаев.
–Кім жазатынын әзір көрсетпей тұралық. Ақылдасармыз, – деді
Ғабит Мүсірепов.
Базарбаев қып-қызыл болып кетті. Қарсы дау айта алмады.
М.Әуезовтің орыс тілінде 4 томдығын шығару керек Москвадан.
Оған алғы сөзді З.Кедрина жазбақ екен. Базарбаев осыны айтқанда Ғ.Мүсірепов:
– Оны да көрсетпей қоя тұралық, – деді.
– Семьясымен (Әуезовтің) де есептесу керек емес пе?- деді
Ләйлә.
– Әуезов бәріміздің Әуезовіміз... Ал ертең не Соболев, не
Тихонов біз жазайық алғы сөзді десе, Кедрина жазбақшы еді деп отырғанымыз ұят болар. Кім жазатынын әзір көрсетпейік, – деді Ғабит. Ал енді үлкен мерекелі мәжіліске баяндаманы кім жасайды...
–Лизунова...- деп қалды Мүсілім Базарбаев.
–Жоқ, ЦК- да ол мәселе келісілді.
–Кім жасайды?- деп сұрасты жұрт.
–Әрине, Ғабит Махмудовичтің өзі жасайды, – деп еді Мұқаң.
–Жоқ, – деді ол, – оны Мұхамеджан Қаратаев жасайды. Өзі
зерттеуші, өзі доктор, ертең членкорр болайын деп отыр, ол жасамағанда енді кім жасайды? Және Әуезов туралы бірнеше тілге аударылатын төрт баспа табақтай брошюра шығару керек. Оны да Қаратаев жазуы тиіс. Осыдан кейін күні бұрын сыбаға бөлісіп келген Лизунова, Базарбаевтар құр қалып, әрі оған қатты ызаланып, күйініп қайтқан-ды. Мұның бәрін Кеңесбаевқа олар жеткізді. Базарбаевты директорлықтан алады екен, орнына Қаратаев болады екен деген сыбыс былтыр жазда шыққан. Кеңесбаев оны да жаратпайды. Мұқаңның Кеңесбаевқа сенбейтін тағы бір себебі бар екен. Күзде Кеңесбаев призидент Чекиннің үстінен ЦК- ға арыз жазыпты. Сонда әдебиет пен өнер институтының ішінде іріткі салды, жас директор Базарбаевты алып, орнына өзінің досы М.Қаратаевты қоймақшы екен деп жазыпты. Соларды жазып жүрген Кеңесбаевтың енді шын көңілден сені қолдаймын дегеніне Мұқаң сенбей келеді. Ол және сөзі өтетіндерге ықпал жасауы да мүмкін ғой. Мұқаң ешкімге жалпақтамаған сияқты. Өткізсе өткізр, өткізбесе қояр дегендей. Ал Қажым Жұмалиев бір ай бойы қонақтан онақ шақырып, жұртты ұйымдастырумен жүрген көрінеді.
Күнделік – эссе
12.10.1958.
Дарынды әдебиетші
Қазақ халқының данышпан ақыны Абай Құнанбаевтың творчествосы отызыншы жылдарға дейін дау мен талста келді. Буржуазияшыл – ұлтшыл жазушылар оны өз мақсаттарына пайдаланғысы келсе, тіпті пролетариат әдебиетінің солдаты саналған кейбір сыншы, жазушыларда оны байшыл ақын деп, Абайдан арқасын аулаққа сала бастады. Өз заманын реалистік картинасын көрсеткен, қазақ поэзиясын биік шыңға көтерген, орыс халқының ұлы ақындары Пушкин, Лермонтов,Крыловтармен жаны жақын, үндес, мұндас Абайды орынсыз жағылған күйеден арашалаушы адал жанды, өткен мұраларға обьективтік тұрғыдан қарайтын сыншылар да көріне бастады.Міне, осы кезде 1936-37 жылдары М.Қаратаев Абай шығармасы, Абаймен Пушкин творчествосындағы жақындық туралы бірнеше мақала жазып, раповшылардың улы тырнағынан арашылап,қазақ халқының нағыз ұлттық ақыны екенін дәлелдеді. Абай поэзиясының озық идиясын, тамаша көркемдігін,шеберлігін сөз етті. Осы жылдары С.Сейфулиннің «Тар жол тайғақ кешу», «Қызыл сұңқарлар», « Темір тас», т.б.көптеген шығармаларының төңірегінде айтысар туып, қиғаш-қиғаш пікірлер айтылып жатты. М.Қаратаев тағы да «Қызыл сұңқарлар туралы» деген мақаласында Сәкен шығармасын шын мәтінде талдап, әділ үкімін айтты, жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиетінін ертегісінде де ой жүгіртті. Міне, осы сияқты газет-журналдар бетінде басылып жүрген сын мақалалары жас сыншы М.Қаратаевтың есімін оқушы жұртшылыққа таныта бастады. Әдебиетке шыны жаны ашыған,оның жақсысы асырап жаманын жасырмай айтып, бел шеше араласқан талантты жас сыншы М.Қаратаевтың алғашқы творчестволық жолы осылай басталды. Күш–қуаты тасып жалындай түскен, әдебиет майданына енді бой беріп, белсене қатысқан сыншының есімі жиырма жыл бойы түрлі себептермен естілмей кетті. Бір кездерде естіген, құлағына тұнып қалған талантты актрисаның тамаша әніндей, М.Қаратаевтың пафосқа толы, тілге бай, ойға жүйрік, мазмұнды мақалалары кезінде оқушы жұртшылыққа көкейінде тұнып қала берді. Айтылмаған сөз әңгімелері де көп болатын. 1956 жылы М.Шолоховтың «Тынық Дон» эпопеясының 3 ші кітабы жарыққа шықты. Мүмкіндігінше Шолоховтың өз стилін сақтап қазақ оқ ушысына да түсінікті тіл тапқан бұл аударма сол М.Қаратевтың қаламынан туды. Оның артын іле-шала қазақ әдебитіндегі сынық жайы, әдебиеттің көптеген проблемаларды туралы бірінің артынан бірі сын мақалалары баспа бетінде жиі көріне бастады. «Қазақтың тұңғыш эпопеясы», «Қызыл жылда», «Жомарт талант», «Қазақ поэзиясындағы Ленин оброзы» тағы басқа толып жатқан көлемді мақалалар жазды. Осы мақалалардың өзінен, басқа ешкімге ұқсамайтын, тек Қаратаевтың өзіне тән көрегендік, сезімталдық, әдебиетті шын сүйе білетін, жақсысына қуанып кемшілігіне қарсы тұра білетін әдебиетшінің беәгесі анық байқалады. Әрбір көркем шығарманың құндылығын не тақырыбына ғана, не тек көркемдігі тұрғысынан ғана қарап қана қоймай,осы екі қасиеттің екеуін бір тұтас нарсе деп алып,оны халықтың эстетикасының биігі тұрғысынан бағалайды. М.Қаратаев мақаласының үлкен обобшение жасайтын дәрежеге көтерілуінің кілті де осында болу керек. М.Қаратаевтің жуырда жарыққа шыққан «Рожденная Октябрем» атты кітабы қазақтың көркем әдебиетінің алуан мәселелерімен бірге әдебиет сынын да туып, қалыптасып, дамып келе жатқан дәуірлерін сөз етеді. Автор әдеби сынның жетістігі мен кемшілігін жан – жақты зерттеп, ғылыми байламдар жасайды. М.Қаратаев сынының тақырыбы әр алуан. Жеке творчествосы, әдебиеттің даму кезеңі, жанр ерекшеліктері, оброз мәселесі, әдебиеттің өткен тартхы, сын, аударма мәселерінің бар – баршасы. Әдеби шығарманы марксттік – лениндік ілім тұрғысынан бағалай білетін саяси қырағын сыншы – М.Қаратев еңбектерінің оқушы көңілінен шығып, көкейінен қонып отыруының үлкен бір кілті бар. Ол сыншының тіл ерекшелігі. Көп жағдайларда сыншы уытты сөздер тауып, образды теңеулер қолданып, оқушыны еркін баурап алады. М.Қаратаев қалам ұстаған сонау балғын шағының өзінде ешқандай стандарт, штампқа жоламай, әр мақаласының тақырыбы мен мазмұнына лайықты түр тауып отырды. Кей еңбектерінде ғылыми талдаулар, байсалды, байыпты берілсе, енді бір мақалалары ұшқыр ойлы, айтыс, пікір таластыру үлгісінде жазылады. Қазағын айналып, ұзай алмайтын байлаулы аттай, тек қана сөз етіп отырған шығарманың төңірегінен аса алмай жататын сындар бізде күні бүгінге дейін аз емес. М.Қаратаев мақалаларының ерекшелігі сол, ол шығарманы өмірімен байланыстыра отырып зерттейді. Сыншы еңбектерінің көкейіне қонымдылығы бір жағынан осыған да байланысты. М.Қаратаевтың осы жинағына енген мақала бір жағынан әдебиетіміздің дамуына жәрдемдесетін, өткір де қамқоршысын десек, бір жағынан әдебиет тарихын сөз еткен, байсалды пікір айтқан, қортындылар жасаған ғылыми еңбектеп қарауға керек. Бұл ретте біз ісіресе, «Өрлеу үстінде» деген бөлімге енген еңбектерді ерекше айтамыз. Және де, авторға ендігі еңбектері тұңғыш эпопия туралы жазылған мақаланың биік дәрежесінен төмен түспесе екен деген тілекте қояр едік. Қорыта келгенде, М.Қаратаевтің сын мақалалары біздің әдебиет сынымыздың қаншалықты өсіп, белес–белеске көтерілгендігінің белесі бола алатын зор еңбектерге жатады. Дарынды Сыншының қаламы бұдан бұлай да мұқалмасын, ұштала берсін деген тілек білдіреміз.
22.10.58 ж.
Бүгін төртінші күн Зура әйелдер босанатын үйде жатыр. Үш күн бойы менде сол үйде айналсоқтап жүрмін. Күніне екі рет барып медсестраларымен сөйлесемін.Келіншегімнің босанды деген хабарын естігенше асығып тағат таппадым. Бір жұма бұрын Ташкенттен енем келген. Ол кісі үйде. Бүгін түн енемде, менде шала ұйықтадық. Жүректе қобалжу бар. Баланың дүниеге келуі оңай шаруа еместігін былайынша ақыл мен түсінсемде, дәл кешеден беріге дейін қобалжып көрген емеспін. Бар қиындықты өзім көруге де белмен,бірақ табиғат еркекті «қинамауға» жаратқан ғой. Осыдан кейін ананы, сүйген жарды жалпы әйел қауымын айырықша қастерлеп отыру керек қой! Боз қырау әлде қашан түскен. Күн бұлтты, ауада сыз бар. Машинамды от алдырып,шайды да шала – пұла ішіп Зураға кеттім. Үйден шығарда енем: -Жолың болсын. Балам! - деп бата қылдық. Мен де ішімнен «айтқаныңыз келсін дедім» сағат ертеңгі тоғызда № 2 қалалық әйелдер босанатын үйге келіп, бірден есік алдындағы тізімге көз жүгүрттім. Онда жас босанған әйелдердің аты – жөні жазылған. Тізімде Зура жоқ. Бүгін төртінші күн! Неге бұлай? Қауып жоқпа екен? Сол жерде жүрген егде әйелдерден сұраймын.
- Бірінші босануыма еді? – деді.
-Иа.
-Ондай бола береді. Әр әйелдің толағы әр түрлі болады.
Мен басымды изеймін.
Дегенмен, осы маңнан ұзап кеткім келмейді. Зыр – ыр етіп жұмысқа барып төбе көрсеттім де тағы қайтып келдім. Кіре беріс есіктегі тесіктен медсестраны шақырып, тағы сұрадым. Менің күнде бірнеше рет келіп жүргенімді білетін осы медсестра жылы шырай танытып: -Тұра тұрыңыз, қазір біліп келейін, - деп кетті деп бес минуттан – соң, - күте тұрыңыз, столда жатыр, - деді.
Мен ештеңе түсінбейді ау деген кейіппен тағы да:
- Абыржымаңыз, бәріде сәтімен болады. Көп ұзамай сізді құттықтаймыз, - деп езу тартты.
- Сүйіншіңіз мойнымда, - дедім де менде күлімсіреп. Осы кезде отыз бестер шамасындағы бір кісі келді. Әбден ішкен болу керек, беті домбығып ісіп кетіпті. Көзі де қанталап,сүзеген бұқадан айнымайды. Ол тізімнен өз әйелінің қыз тапқанын көрді де екі қолымен басын ұстап жатып ренжіді.
-Әйелім босанды деген соң, жолдастарымен жеті күн тойлап, бар айлығымды ішіп қойсам... сондағы тапқаны қыз екенғой.
Күні бұрын білсемші.... – дейді.
Сол жердегі жұрттың біразы күресіп жатыр.
-Қыз бала емеспе? – деді бір кісі егде кісі ренжіп.
- Балағой бірақ ұл емес қой.
Осы жерде ұл мен қыздың артық – кемдігі туралы біраз сөз болды. Әлгі кісі ақырындап: - Жо –жоқ, мен оны – әйелімді енді алмаймын. Үйге ендіөзі келсін,келгісі келсе. Ұл туып бергенде таксимен алып келетін едім, -деп бұрылып жүре берді. Мастықпен айтып тұр. Біз тағы күлдік.
- Осы кезде ішкі есіктің кішкентай терезесі ашылды.
- Дүйсенов! – деп дауыстады медсестра.
- Мен! – деп жүгіріп жетіп келдім.
- Құттықтаймыз сізді, ұлды болдыңыз!
- Рахмет, рахмет дей бердім.
Қуанышымда шек жоқ, өзімнен-өзім ыржалаңдап күле беремін. Ең алдымен өмірімде бірінші рет әке болғанымды сезінгендеймін. Оның үстіне – ұл! Жүгіріп машинама келдім де, тез от алдырып, үйге тарттым.Көңілім ала құйындатып келеді. Ән салғым бар. Далада күліп тұрған сияқты. Қораға кірмей, машинаны көшеге қалдырдым да, есігін сырт еткізіп жауып үйге қарай жүгүрдім. Терезеден қарап тұрған енем тез есікті ашты. -Мама, сүйінші! Заура аман–есен босанды, немерелі болдыңыз. Ұл! Ұл! – дедім. -Айналайын, өзіңді де құттықтаймын. Бақытты болсын! – деді енем абдырап. –Папаңа телеграмма жібер. Ол да қуансын!
-Қазір жіберемін, - деп мен сыртқа шыққалы ыңғайлана бергенімде енем:
-Шай ішіп кетсейші, - деп жалынды.
-Кейін, мама, кейін, - деп мен шығып кетім.Медсестраға сүйіншіге не алсам екен деп ойландым.
27.10.1958.
Күнде Зураға тамақ әкеліп тұрамын.Бүгін де ол жатқан 8 палатаның (екінші қабатта) терезесінің алдына келдім. Зура көрінді. Қал–жағдайының жақсы екенін айтты.
-Ұлыңды көргің келеме? - деп бір уақытта.
-Қалай? –дедім түсінбей.
-Өзі жылауық. Емізуге алып келе жатыр. Дауысы дәлізден естіледі. Қазір тұра тұр, - деп Зура әрі қарай кетті де, сәлден кейін құнтақтаулы баланы терезеден маған көрсетті. Баланың қып–қызыл беті көрінеді.Аузын ашып жылап жатыр.Жүрегім зырқ ете қалды.
-Еміз, еміз..Содан кейін көрсетерсің, - дедім мен жаным ашып. Зура баланы емізіп болған соң тағы да терезеге алып келіп, маған көрсетті. Бұл жолы ол жылаған жоқ. Бірақ маған да «Әкем келіп тұр екен ғой» деп қарамады.Суық тигізіп алады ау деп менде дегбір жоқ.
-Жарайды, баланы мазалама. Қашан шығарады? – дедім.
- Екі күннен кейін.
-Мамам екеуміз пумазиден жасалған жаялықтар сатып алып қойдық дедім.
29.101958.
Сағат 11. Зураның киімі, баланың жаялықтарын әлгінде медсестрадан беріп жібергенмін. Сәлден кейін Зураны ертіп баланы құшақтап медсестра шықты. -Ал, жолдарыңыз болсын! –деп құнтақтаулы баланы ұстата берді. Мен дүкеннен қымбат духи сатып алғанмын, рахметімді айтып, оның қолына құтыны бердім. Зураны артқы орындыққа отырғызып, баланы алдына бердім де, үйге тарттым. Асықпай, жай келемін. Машина салқындамасын деймін бұдан бір жыл бұрын жалғыз болдық, енді үшеуміз. Семья деген осы шығар, тегі. Көңіл–күйім өзгеше. Бар дауысмен айқайлап «мен- әкемін, менің ұлым бар! Мен ұлымды алып келе жатырмын!» дегім келеді. Менің ұлымның барын жұрттың бәрі білсе екен деймін.
05.11.58.
Кеше балама ат қойдық. Ат қоюдың өзі спектакль сияқты қызық өтті.
Ұлды болғанымды сол естіген күні кешке алдымен Марқұма жеңешеме хабарлағанмын. Ол кісі қаты қуанып:
- Әй сең мықты болдың, - деп кеңкілдей күлген.
Ертеңіне Әбекеңе (Ә.Тәжібаев) телефон соғып, сүйінші сұрадым. Сара жеңгей де қатты қуанды.
- Сүйіншің дайын айналайын, құттықтаймын. Келінге көп – көп сәлем айт, - деп жатыр. Одан Оразкүл апаға телефон соқтым. Өз ағаммен жеңгеме өкпелімін. Оларға хабарлағаным жоқ.Оразкүл апайдан ести жатар деп ойладым.
Жарық дүниеге шар етіп келген нәресте келді, нәрестеден үлкен ешкім жоқ. Бірақ, ағам мен жеңгем дым болмағандай тырс етпестен жатыр. Мейлі. Сонымен Әбекен, Мұқан, Садық, Шектібай ағаларды қонаққа шақырып,жас нәрестеге ат қою керектігін ескерттім. Көршіміз Телқожа бар. Баланың атын Әбекең қойсын дегенге ол кісі қуанып қалды. Столдың төрінде отырған Әбекен алдымен Зура екеумізді құттықтады. Біздің бақытты семья болуымыз үшін тост көтерді де: -Ал енді нәрестеге ат қоямыз.Мен ауылдың деспот шалдары емеспін.Бұқара халықпен де есептесемін. Кімнің қандай аты бар ойлаған. Кәне, айтыңдар. Соңғы сөз менікі, - деді. -«Мал тапқанның жазығы жоқ» деген нәрестенің әке–шешесінің қандай ойы бар екен, алдымен соларды тыңдайық, - деп Мұқаң ұсыныс жасап еді, Әбікең:
- Оларға да кезек келеді. Жұртты тыңдайын. Кәне, Садық, Оразкүл не ойларың бар? –деп төмендеу отырған апайға қарады.
- Мұқаң айтсын әуелі.
-Адамның бір мұраты – бала ғой. Бала – Мұратың. Мұрат болсын, -деп Мұқаң. -Ал бірінші ат аталды, жолдастар. Кәне осы үшін бір алып жіберейік,- деп Әбекең күліп қойды. Осыдан кейін Айдын, Қайрат, Болат, Берік деген атаулар аталып жатты. Әбекең олардың әрқайсысына бір–бір тост көтертті де: -Ал, енді менің таңдауымды естіңдер, - деді. Бәріміз де ол кісінің аузына қарадық.
-Қазір дауысқа саламын, председатель ретінде менің екі дауысым бар...
Жұрт ду күлді.
-Ал, енді баланың әкесі болғандықтан Мырзабектің үш дауысы болады, - деді Әбекең. -Еңбек соныкі ғой, -деп Марқұма мен Жамал жеңгей мені қағыта күлді. Бірақ, Әбекең оларға бой берген жоқ. -Мырзабектің еңбегінен гөрі келіннің еңбегі әлде қайда көп. Баланы тоғыз ай он күн көтеру, оны жарық дүниеге алып келу, жолдастар айтуға ғана оңай...
Әбекеңнің сөзін Мұқаң бөліп:
-Өз басыңыздан кешкендей айтасыз – ау, -деп күлді.
-Басымнан кешпесем де, мен бала табудың қиындығын әйелдерден артық сезінемін. Олардың артық қиналамын. Нанбасаңыздар Сарочкадан сұраңдар.
Жұрт тағы күлісті.
-Демек, келіннің төрт дауысы бар... – деді Әбекең.
-Ал өзіңіздің атыңызды айтыңыз...
-Мен айтсам, жаңа Шектібайдың ұсынысын ескеріп бала атаға қарап өссін дегенге қол қойғалы отырмын. Ұлытау-Қарсақбайда, Мұхамеджан, сенің еліңде өткен ғасырда әрі батыр, әрі шешен, әрі көсем бір кісі болды. Шоқан Уалихановпен аға сұлтандыққа таласып, жеңіп алған Сандыбайдың Ердені еді. Оның бұл жеңісін ерлігі демемін, бірақ тірісінде аңызға айналған кісі. Сол атасының жақсы қылық, мінездері дарысын деп, бұл нәрестенің атын Ерден қойсақ деген ұсыныс айтқым келіп отыр. Қалай дейсіңдер?
Бәрімізде де шу ете қалыстық. Мұқаң іле: -Мен өз үлесімді қайтып алдым, -деді. Басқалары да соны айтты.Әбеке, сіз қалай десеңіз, солай болады, - деді сенімді түрде. -Енді ше дауысқа саламын. Жаңа нәрестенің аты «Ерден» болсын дегендерің қолдарыңды көтеріңздер, -Біз бәрімізде күлкімізді тияалмай қол көтеріп жатырмыз.- Түсіріңіздер, - деді Әбекең. – қарсы барма? Қалыс барма? Жоқ, енді ше жас нәрестеміздің аты бір ауыздан Ерден аталды. Оның атын қоюшы Ә.Тәжібаев. Аумин! Кәне, сол үшін бокалдарыңызды толтыра құйыңыздар, орнымыздан түрегеліп тұрып, бір тамшысын алып қоямыз. Әбекең өзі бастап ақ қылып алып қойған соң, басқа ешкімдер артына алмады, тіпті сылтау айтқыш жеңгелерімде алып қойыпты. Сөйтіп жас нәрестенің аты Ерден болды. Менің тұңғышым – Ерден! Далаға шығып «Ерде-е—ен!» деп айғайлағым келеді.
10.06.59.
Әзілханның хат алдым конвер ішінде газет ішінде қиындысы мен машинкаға басылған екі бет қағаз бар. Ол көбіне машинкаға басып жазатын – ды, бұл жолы да сүйтіпті. Әуелі хатты оқыдым, содан киін газет қиындысында менің былтырғы шыққан «Мен қалай тоғай болдым» атты балаларға арнап жазған әңгімелерінің жинағы туралы етектей мақаланы оқып шықтым. Мақтапты. Дос көңілін білдіріп, маған «жолым болсын» айтқан екен. Оның хаты мынау:
Мырзабек!
Үй ішің аман ба, өз денің саума?
Сенің кітабыңды оқып шықтым. Қатты сүйсініп, риза болдым. Ол кітабың арқылы мен ғалым Мырзабек, сыншы Мырзабектен басқа, жазушы Мырзабектің бар екендігін ұқтым. Сенің сегіз қырыңның тағы біреуін көріп қуандым. Мынау сенің кітабың туралы менің пікірім. Мұны кемшілік жайында айтылған жерлерін редакция, мақала бір потвалға сыймайтын болғандықтан қысқартып тастады. Осы хаттқа қысқартылып қалған абзацтарымды жазып жіберіп отырмын. Бұлар газеттегі ең соңғы абзацтың алдынан кіреді... Мырзабек Дүйсенов бала ойын, бала тілін жақсы біледі. Сүйте тұра оның кейбір сөйлемдерінен асығыстықтың ізі байқалады... Әзілхан кейбір сөйлемдердің орашолақ құрылғанын нақты мысал келтіре көресіп, кейбір әңгімелердің аты мазмұнына сай келе бермейтінінде дәл тауып айтыпты. Ақырында: Ал өзі сенен хабар болмай кетті. Мен кітабымның әлі шыққан – шықпағанын білмеймін. Олармен баяғы шартыда жасасқаным жоқ. Бір құдайдың өзіне тапсырып жатырмын. Сенен хабар күтіп едім болмады. Ал хош бол. Зураға,балаңа, бауырыңа сәлем айт. Кәлимаданда көп сәлем. Қолдарын қысып Әзілхан.
31 май 1959жыл.
Павлодар.
Кітабым туралы мақаланы тағыда бір қайталап оқып шықтым. Мен үшін оның пікірі аса қымбат, өйткені оның ашыған досқа өтірік мақтау айтпайды, қайта шындықты айтып көмектеседі. Мына хатындағы сын – ескертпелерді ол осы көңілмен жазып жіберіп отыр.Шынында да ол көсреткен орашолақ сөздерімді қалай жіберіп алғанымды өзімде білмеймін, іштей қысылдым әрине. Былтыр ол Мұқан Иманжонов қайтыс болғанда сонау Повлодардан арнайы келген екен, ол кезде мен тұмауратып жаттым, Әзілхан маған соқпай кетіпті. Көріспегелі жылдан асып барады. Жұмыс басты болып кеттікпе, оның баспаға ұсынған очерктер жинағының жайын білуді ескермеппімғой.Мұқан болса ондайға ерінбес еді. Ертең барып, бар жайын біліп хат жазып жіберуім керек.
ПИОНЕРЛЕРДІҢ СҮЙІКТІ АҚЫНЫ
15.11.59
Бүкіл республика жұртшылығы болып елу жасқа келген, тойын тойлап отырған, дарынды ақын, әрі драматург Әбілда Тәжібаевтің қаламына көптеген қаламынан өлеңдер, жыр, толғаулар, поэмалармен бірге оншақты песалар туды. Бұдан отыз жыл бұрын жазылған, Әбілданың ақындық талабын толық аңғартқан «Айнабұлақ» атты өлеңнен бастап, соңғы жазған «портрет» поэмасы мен «жалғыз ағаш орман емес» атты песасына дейін ақын творчествосына көз жіберсек,бір жағынан үлкен драматург.Оның атақты әнші Майра туралы жазған песасы мен бүгінгі колхоз өмірі туралы жазған «жалғыз ағаш орман емес» песасы драма тетрының сахнасында қойылып келеді. Дарынды ақын, шебер драматург Әбілда Тәжібаев бір кездердегі «пионер» ақын бүгін елуге келіп, ел ағасы болып отыр. Сонау кезде өзінен жасы да үлкен, ақындығы да күшті аға ақындардың өлеңдерін іздене оқып үйреніп жүрген Әбілда аға, қазір өзі ұстаздық дәрежеге жетті. Оның ойлы, өткір, біржағынан сырлы, әсем өлеңдері Әбекеңнің өз замандастарына да, сондай – ақ кейінгі жас буындарға үлгі, неге. Әбекең қазір ақындық талантының дер шағында тұр. Ол қазір жастар туралы тағы да дастандар, пьесалар, көптеген өлеңдер жазып жүр. Пионерлердің сүйікті ақыны – Әбілда Тәжібаевтың қаламы мұқалмасын, жүйрік аға – жортуынан жаңылмасын, деген тілек білдіреміз.
....1959 «Мен қалай торғай болдым» менің тұңғыш әңгімелер жинағым. Балаларға арналған. Атын қойған мен емес, баспа. Өтімді болады деп осылай аталған бір әңгіменің атын алыпты. «Лениншіл жас», «Пионер» сияқты газет–журналдарда пікір жарияланды. Азын–аулақ кемшілігін көрсеткені болмаса, негізінен мақұлдапты. Одан кейін «Қызыл ту» (Повлодар облыстық газеті), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде де мақалалар жарияланды. «Қазақ әдебиетіндегі» мақала «Олай торғай болмайды» деп аталады, жазған Қадыр Мырзалиев. Бұл негізінен сынайды. Бірақ бұл мақалада Қадырдың аты тұрғанмен оны жазған бұл емес. Өзі жазса да жаздырған адамды білемін. Ол өзіммен бірге қызмет істейтін «досым». Сол досым анада біреуге менің кітабым туралы «олай торғай болмайды, көреміз әлі» деген екен,сол біреу:
-Байқа, саған қарсы мақала ұйымдастырып жүрмесін, -деп ескерту айтты.
- Мейлі, - дедім мен оған.
Қадырдың мақаласындағы сындардың дұрыс та жерлері жоқ емес еді. Тәжірибиесіздіктен кеткен олақтықтар жеткілікті ғой. Тіпті ол байқамаған жайларды кейіе өзім байқаған едім. Әдетте түйе желеді ғой, ал мен оны « шауып ала жөнелді» деп жазыппым. Түйе жарысты көргенім бар, онда түйе кәдімгідей шабады, бірақ соның өзінде «шабады» деген сөз түйеге қолданылмайды. Соны қалай жіберіп алғанымды өзім де білмеймін. Жалпы, жазушы сын көрмей өспейді дегенге мен өзім ден қоямын. Әдебиет тарихын зерттей жүріп, бұрынғы буындардың бір – бірлеріне қандай ауыр сындар айтқанын білдім. Бірақ, сол дамудың кілті емеспе? Ширатар ширықтырар қозғаушы күш емеспе? Тек сын әділ болсын де.Ал қолдан өз кітабына өзі мақтау мақалалар ұйымдастырып жүрген ағайындарға не дейміз? Бар ғой ондайлар бар. Менің әлгі « досым» өзіне жазылатын рецензияны өзі жазып берген фактісін де білемін. Бірақ одан ол күшті ақын болған жоқ, әлі күшеншек күйінде.
05.01.1960.
Бұл 1951 жылы болған екен. Кенесарының көтерілісі прогрессивный ма, жоқ па деген мәселе көтеріліп, тексерулер жатқан кез. Е.Бекмахановты қызметтен шығарып, ақырында ұстап әкетіпті. Осы мәселе біраз интеллегенцияның басына бұлт үйірді. Есмағанбет Исмайлов та қатты қорқып жүреді екен. Бір күні қалалық прокуратураға шақыртады. - Бізге келіп кетсеңіз екен. Қай уақытта қолыңыз тиеді, - деп соншалықты сыпайы сөйлеседі. «Мені де ұстайын деген екен» деп ойлады. «Қай уақытта қолыңыз тиеді» дегені қалай? Қулығы ма?
-Кешке барайын. Не нәрсе еді? - деп Есақаң сыр тартып
көріп еді:
-Е келген соң естисіз ғой, - дейді. Есақаң үй ішімен қоштасып, бала-шағасы шуылдап жылап, азан-қазан болады. Прокуратураға келеді.
-Осы биыл қыста жылқы сойдыңызба? -деп сұрады аналар.
- Қыста соғым сойдық.
-Кімнен алдыңыз ол жылқыны?
-Оны білмеймін.
Бір ағайынынан арық ат сатып алып, оны біреудің ақсақ семіз жылқысына айырбастап, үстіне мың сом ақша берген екен. Бірақ ақсақ жылқының иесін анық білмейді, оны ұйымдастырып жүрген бір жамағайындары еді. Өзінің басқа емес, дәл осы мәселемен шақырылғанын білгенде Есақаң іштей қуанып кетті.
10.01.1960 Кеше «ИЛ 18» сомолетімен Москваға ұштым.Астымызда түтілген ақ матадай әппақ бұлт. Жер көрінбейді. Бір уақытта бұлттар дауыл күнгі теңіздің толқынына ұқсап кетті. Тамаша көрініс. Сомолет ішінде неше түрлі ойға шомып, жолдас –жоралармен әзіл қалжыңдарды еске аласың. Рабиға кандидаттық диссертациясын қорғады жақында, үйінде болдық. Әйтім екеуміз тамада болып кезек – кезек сөйлеп, жұртқа сөз беріп отырдық. Әзіл–қалжың, күлкі. Әйтімнің қалжыңы дөрекілеу шығыпжатты. Надия оған: - Сен, Әйтім тым дөрекілеу қалжыңдайсың, ана Мырзабектің үлгі алмайсыңба? Оның әзілі соншалықты жұмсақ, нәзік шығады, - дегенде Әйтім: -Е, әркім өз денесінің құрылысына қарай қалжыңдайды емес пе? Мен өзім жуанмын, сондықтан да әзілім ірі шығады. Мырзабек болса жіңішке, нәзік жігіт, сондықтан да оныкі нәзік шығып жатыр, - деп күлді.
Сол отырыста Әйтім:
Біз өзіміздің бірге қызметтес келіншектерді жақсы көреміз. Кейде екі – үш келіншекке қатар ғашық болып та жүреміз, - деп күлдірді.
Кеше Рабиғаға мен: -Ал, Раш, мен Москвадан конференцияға бара жатырмын. Сізге не ала келейін? – деп сұрадым.
- Қазір мен ақша берейін, тәтті карамель конфеттер алып кел, - дейді ол.
- Тіпті өз ақшаңызға болса да сізге бірдеңе ала келгім келеді, - деп едім, ол сықылықтай күлді. Күлкісі күміс теңге шашылғандай соншалықты әсем естілді.
Жақында Тұрсынбек кандидаттық қорғады. Тойлап жатырмыз. Сыншы – әдебиетші Қалжан Нұрмаханов көп кешігіп келді. Орысша, қазақша бірдей жазатын сауатты жігіт. «Жұлдыз» журналында сын бөлімін басқарады. Тұосынбектің мақаласын кезекті бір санына жібергенін айта келіп: - Мен Тұрсынбек үшін, мейлі ол кандидат болсын, мейлі кандидат болмасын, бірақ азамат, адам. Тұрсынбек үшін ішемін. - деп рюмкасын бір – ақ көтеріп тастады. Үзіліс кезінде дәлізге шықтық. Әңгімелесіп тұрғанда Қалжан жеңіл жөтелді де, анадай жерге барып түкірді. Бес тиындық бақырдың көлеміндей қан тастады. Соны менің байқап қалғанымды сезді де: -Бауырым, біздің хал осы. Күнім снаулы қалды ғой, - деп қамыға айтты. Жүрегім зырқ ете қалды. *** Біздің Зураның тетелес інісі жасында үлкен әкесінің қолтығына кіріп алып, тентектеу болып өсіпті. Оның 12 – 13 тер кезінде папсы келіп: - Сен күшіксің. Баяғыда он үште отау иесі деп үйлендіретін. Бұзықтығыңды қоймасаң, сеі енді үйлендіремін. Сонда қайтер екенсің, - дегенде Серғазы:
- Үйленбеймін!
- Үйлендіремін!
- Мейлі, үйленемін, - дейді Серғазы ерегісіп, әйелімді сабап – сабап үйден қүып шығамын. Қайтесің?- депті
*** Мархаббаттың үйінде отырмыз. Сөздің бір орайында ішіміздегі Пейгумбири деген әзербайжан жігітіне сөз беріп:
-Ал, Пайғамбар, мына үмбетіңе бірдеңе демейсің бе? – дедім.
Әсет деген құрдасым шошаң етіп орнынан тұрдым да:
-Біздің арамызда Құдайдан басқаның бәрі бар. Міне,
пайғамбардың өзі отыр, - деп қалжыңдап еді, мен оның сөзін іліп әкеттім:
- Оның рас, біздің ішімізде Раш сияқты періште, сен сияқты сайтан да бар.
*** Мархабаттың төрт жасар баласы А.Пушкиннің «У лука морья дуб зеленый» деп басталатын поэмасының біраз жолдарын жатқа айтып берді.
-Мына өлең балаға айтуға келмейді, -деді Әсет.
-Неге?
- Балаға ауыр. Ол түгілі біздің өзіміз түсіне бермейміз...
-Әй, Әсет, - дедім қалжыңдап, - ғылым кандидаты сен түсінбесең де ана төрт жасар бала түсініп тұрғой, нең бар? Тиіспе балаға, - Әсет қызарақтап қалды. Жұрт ду күлді.
- Сәкең ауырып қалды дей ме? Не науқас екен диогнозын қойып па?
- Қойыпты. «Кәрілік» деген науқас көрінеді, - дедім.
Әйтім қолын қусырып, үнсіз отыр екен.
-Жұмыс істемей неғып отырсың? –деп сұрадым.
-Жұмыс орнымда отырған – отырмағанымды тексере ме деп күтіп отырғаным ғой, - деді ол – Содан кейін кітапханаға барамын.
- Демалыс күні де жұмыс істеймін. Маған демалыс
деген жоқ, - деді Әйтім.
- Оның есесіне басқа төрт күнде демалып жүрген жоқсың ба?
Бала «есімдік» дегеннің анықтамасын бес – алты рет оқыса да есінде сақтай алмапты. Мен оған: - Есімдік деген зат есім, сын есім, сан есімдердің штаты орынбасары, аналар жоқта соның орнына қолданылады, - деп қалжыңдап едім:
- Ой, аға енді түсіндім ғой, - деп қуанып кетті.
Жиналыс жүріп жатты. Телефон шырылдады.
Мұрекең трубканы алып:
- Да, иә... жиналыс жүріп жатыр деймін... мында ешкім де жоқ, - деп трубканы іліп қойды. Біз ол кісінің әлгі жауабына күлісіп алдық.
16.09.60 Үш күн бұрын Зураны «Қызыл Крест» деп аталатын әйелдер босанатын үйге түн ортасы ауа апарып салғанмын. Толғағы тарқап кеткен болуы керек, бүгін сағат ондар кезінде барғанымда «үйге барамын, киімдерімді алып кел» деді. Мен оның көйлек-көншіктерін торға салып, бүгін сағат үштен аса жетіп келдім. «Қызыл крест» ағаштан салынған ескі үй.
Терезесінің тұсына келіп:
- Зура! –деп дауыстадым.
Орыс әйелі терезені ашты да:
- Киімін әкелдіңіз бе? Қазір күте тұрыңыз дәрігер жаңа алып кетті, - деді. Кейде жалған толғақ болады дегенді оқығаным бар. Бірақ, дәрігерлердің айтуына қарағанда, баланың күні асып бара жатыр... Ерденді жазды күні Ташкенге нағашысының үйіне жібергенбіз. Августың аяқ шенінде Едіге ауылшаруашылық жұмысына кетті. Үйде Хамитбек екеуміз ғана. Пеш әлі жанбайды, түн суыта бастаған.
Әлгі орыс келіншегі тағы да терезеден қарап:
- Қазір,қазір, - деп әлденені ымдап жатыр.
Байқауымша Зура дәрігерге айтпай ұрланып кетпекші–ау деп ойладым. Толғағы тарқап кетсе жата беріп неғылады? Сағат төрт. Терезеден «Уа – у!» деген жас нәрестенің дауысы естілді. Бір–ақ рет шықты дауыс. Осында жатқан әйелдердің біреуінің баласы болар деп онша мән бергенім жоқ.Сөйткенше болмады, әлгі әйел тағы да терезені ашып жіберіп: -Әйеліңіз босанды ұл! Поздравляю вас! – деді. Сөйтсем жаңағы шыққан дауыс менің ұлымдікі екен ғой. Сол жерде не болғанымды білмей, қуанғанымнан қолымдағы торға салынған Зураның киімдерін «доп» қылып аспанға бір лақтырып, қайта қағып алдым да, бірден қалалық телеграфқа тарттым. Ташкенге телефон соғып, Зураның аман-есен босанғанын хабарлап үйге келдім. Бұл үйге біз августың 12 күні көшіп келгенбіз – ді. Қаладағы ірі панельді экспериментальды үйдің ең алғашқыларының бірі еді. Белинский көшесіндегі қоражайлы үйге айырбастап алғанбыз – ды. Үйде Хамитбек көшенің баласы екеуі ойнап отыр екен.
08.10.60 Сәл тымауратып екі – үш күннен бері далаға шақпай үйде жатыр едім. Бір уақытта Есенгелді келді.
- Как хорошо пахнет, деп дәлізден тамсана бастады.
Зура пирошки пісіріп жатқан,мұрынды жарып бара жатқан соның иісі.
Біраздан кейін Зура шай әкелді. Жаңа піскен пирожкиден бір асап, Есенгелді:
-Ы-ы-ы, - деді тамсанып, - тамаша дәмді екен. Осы Зураны ресторанның шеф повары етіп қойса ғой шіркін... Менің осы қарымдасымды қайдан ғана тауып алдың екен...
-Мұны тауып берген Әбділхамит
-Өзіміздікі ешкі Әбдіхамит пе? – деді Есенгелді таңданып.
- О бишараны ешкі демеңізші.
-Ешкі мінезді жігіт қой, - деп Есенгелді тағы қайтадан айтты. –Ал ол қалай болып еді?
- Әбділхамиттің ондай–пұндайының бәрін мен кешіре беремін. Осы Зура үшін кешіремін. – деп мен Зурамен қашан, қалай танысқанымды айттым. Тойдың қай күндері өткенін, кімдердің келгенін де қалдырмай жеткіздім.
-Әуезов те болды ма? – деді Есенгелді таң қалып.
-Болды.
-Әйелімен келді ме?
-Жоқ. Ысқақпен келді.
-Ал Мұхаң отырғанда басқа жұрт өздерін қалай ұстады? Әбекең тамада болса, ол кісі еркін болған шығар? Мен ағайдың шампан ашып құямын деп, ашуын білмей, Мұхаңның үстіне шашып алғанын, сыпайы Мұхаңның еш сыр бермегенін айтқанымда Есенгелді риза болып, таңдайын қағып қойды. - Ол кісі деген мәдениетті адам ғой, мәдениетті кісі ондайда сыр бере ме? Ал енде ше Ғабит Мүсіреповтің үстіне мен шампан төгіп алғанмын, - деп кеңкілдей күлді.
- Ашуланды ма? – дедім.
- Жоқ.
- Айтшы, қалай болып еді? – деп мен қызыға түстім.
Есенгелді бір рюмка коньякті тартып жіберіп, ыстық пирожкиді аузына бұралай тығып, артынша шай ішті. Мен аузымды ашып қарап отырмын.
- Бұл үш – төрт жыл бұрын болған оқиға.
Ғабит «Ара» журналының редакторы. Мен сонда істеймін, - деп Есенгелді креслоға шалқая отырып әңгімесін бастады. Бұл өзі әңгімені нашына келтіріп бабымен айтатын жігіт, сонысын ұнатушы едім. Құлақ түре қойдым. Сондағы оның айтқаны мынау еді. -Көшедегі Қасым Тоғызақов кездесе кетті. «Ой Есенгелді, мен сені іздеп таба алмай жүрсем... Кездескенің қандай жақсы болды. Жүр. Ғабеңнің үйіне барамыз» деді.
- Е, онда не бар?
- Ғабең ана хатшы әйелге айтыпты. «мен бүгін кешке Көкшетауға жүремін. Қасым мен Есенгелді Жақыпов мені шығарып салсын, хабарлаңыз» депті. Ол әйел мені тапты, сен жоқсың.
- Сіздің жолыңыз бөлек, менің барғаным ұят болар. Біз кішкентай кісіміз ғой, - дедім.
- Жоқ, Ғабең өзі айқан соң ұят болады, жүр – деп Қасым қоярда қоймай Ғабеңнің үйіне ертіп барды. Қисық үйде тұрады екен, біз келсек үйде кісілер жиналып, столға отырып қалыпты. Шәкен Айманов бәрін басқарып билеп төстеп жүр. Біздің келгенімізге Ғабең қуанып қалды. - Е келгендерің жақсы болды. Келсін деп ана хатшы әйелге айтып едім, ал, столға жақындаңдар, - деп ілтифат жасады. Стол майысып тұр. Қазы – қарта, жал-жая дейсіз бе? Ішкіліктің неше түрлісі бар. Құсыни жеңгей үндемей жүріп, барын дайындап қойса керек. Шәкен тамада, сөз сөйлеп, Ғабеңнің баруы, келуі, ананың саулығы, мынаның саулығы деп тост көтеріп жатыр. Мен әдеп сақтап тартынып отырмын. Қасекең жасынан балуан болған кісі, арақты әжептәуір көтеретін болуы керек, сілтеп отыр. Ғабең бір уақытта бәйбішесіне: - Құсыни, сен менің киімдерімді чемоданға сала бер. Ана жаңа носкилерді сал, - деп ескертті. -Дала, қырман басында жүресіңдер. Аяғыңа кім қараушы еді сенің, - деп бәйбішесіне қалжың айтты. Сол кезде Ғабең мырс күліп: -О жақта әдемі келіншектер жоқ дейсің бе? – деп қойды. Жұрт ду күлді. Бір уақытта маған қарап, Қасекеңді қабағымен нұсқады.
- Байқаңдар, жігіттер. Үйден сау шыққанымыз ақыл болар, -деді.
Бірақ оған қарап жатқан Шәкең жоқ, жұртты күлкіге қарық қылып, үсті – үстін тос көтертіп, алдырып жатыр.
Әлден уақытта темекі тартайын деп ділізге шығып едім, Шәкең келді де:
- Ал, Есенгелді, сен менімен бірге жүресің, - деді.
- Қайда?
- Брусиловский де Ғабеңмен бірге Көкшетауға бара жатыр.Қазір соның үйіне барамыз.
- Мен не бітіремін?
- Сен менің атқосшым боласың. Жүр.
Кеттік. Брусиловскийдің үйі онша қашық емес екен. Есікті кемпірі ашты. Үйінде жан жоқ. Шоқайып екеуі екі креслода отыр. Шәкең келді де:
-Евгений Григорьевич, жолаяқ жасамадыңыз ба? –деді.
- Мен ішпеймін ғой. Ғабит қайда? – дейді Брусиловский.
-Біз осы үйден шықтық. Ғабит носкилерін түгендеп жатыр, - деп күлді. Онда банкет болып жатыр. -Е, Ғабең сөйтеді ғой.Менің жол жүруге онша құлқым жоқ еді, Ғабит барып қайтайық деп болмай көндірді. Опера жазамыз дейді, менің дайындығым жоқ. Ол өзі қонақтамын деп кешігіп қалып жүрмесін. -Бала, біз Ғабеннің үйіне енді бармаймыз, - деді Шәкен маған. Сондықтан кейін Брусиловскийге бұрылды. - Ал Евгений Григорьевич, Ғабиттер сол жақтан өз дері шығады. Қасында адамдары көп шығарып салатын. Мені сізге жіберді. Біз сізді алып шығуға келдік.
- Рахмет, рахмет. Текке әуре етен сіздерді. Мен өзім де бара алатын едім ғой, - деді ол.
Қойшы не керек, Брусиловскийді алып бірден екінші Алматы вокзалына тарттық. Бағана Ғабеннің үйіне сыпайылық жасап аз ішіп едім,енді соған өкініп келе жатырмын. Мына композитр үйіне құр ауыз шығарды
Маған Брусиловкийдің чемодана берді де Шәкен:
- Жоғалтып алма, бәле болып жүрер. Ішінде
Нотапапасы бар шығар, кім біледі, - деп қойды.Содан кейін бізді детектетіп ресторанға ертіп келді. - Шәкен, бізді қайда ертіп келе жатырсың, -дейді Брусиловкий –Мынау ресторан ғой.
- Біз буфетке барамыз, - деді Шәкен.
Буфетке келдік. Шәкенді танымайтын кісі бар ма? Буфетші жігіт жылп-жылп етеді. -Евгин Григорьевич, сіз жолыңызды жууыңыз керек емес пе? Ұят болады – Шакең маған қарап көзін бір қысып қойды. Қазақшалап «бұл сараң, осыны түсіндіруім керек бүгін қалай да» деп қалды. Ылғи да осындай бірдеңені ойлап тапқыш қой. Жүрген жері базар.
-Бір шампан ал, ендеше, - деді Брусиловский.
- Мен де көк тиын ақша жоқ. Евгений Григорьевия, Ғабитпен бірге бара жатырсыз, Қазір оларда келеді, бірдеңе алмасаңыз ұят болады, -деп үш шампан, екі коньяк алдыртты. Брусиловский «ойбай – ау» қымбат қой бұл. Мұның бәрін кім ішеді» безек қағып жүр. Сол жерде шампанды ашып, үшеуміз ішіп алдық. Шакең өмірі мас болмайды.Сақ кісі ғой. Екі шампан мен екі коньякты қолтығына қысып Шакең бізді перонға ертіп шықты. Осы кезде үш – төрт нөкері бар Ғабең де жеткен екен Шакеңді көріп Ғабең:
- Мынау не Шәкен – ау, деп жатыр.
- Ғабе бұл сіздің құрметіңізге алғаным, деді – Брусиловскийдің атын атамайды. Содан вагонға еніп, купеге кірдік. Әнгіме, қалжың. Бір уақытта Ғабең маған:
-Есенгелді ана соквояжды ашып, ішінен шампан алып аш. Жол аяқ жасайық, - деді. Соквояждың іші қазы –қартаға шампан бөтелкесіне тола екен. Бір шампанды алып, тығыны сондай тығыз болар да, әрі ырғап, бері ырғап отырғанымды порс етіп атылып кеткені. Алғашқы көбік терезе алдында отырған Ғабеңнің үстіндегі су жаңа қаракөк макентошының алды да кетті. Шәкең қолымдағыны қағып жіберді, шампанның енді есікке атылды. Сол кезде Ғабеңнің өңінде ешқандай да өзгеріс болған жоқ. Маңғаз күйінде, маған жымия қарап: -Шампанды ішуді білесің, ал ашуын білмейсің, - деп қойды. содан кейін Шәкен екінші шампанды ашты. Бәрі де Мұханның үстіне тойда шампан төгіліп еді дегеннен шығып кетті ғой. Мәдинетті адамдар ондайды сыр бермейді екен ғой...
Есенгелдінің әңгімесін мен қызыға тыңдадым.
21.09.1960 Жазушылар Одағында әдебей жылдың қортындысы өтіп тұратын да, проза, поэзияның ішкі жанрлары қортындысы өмтіп тұратын да, проза, поэзияның ішкі жанрлары, драмматрургия, сын туралы нақтылы баяндамалар қойылатын-да. 1959 жылдың әдеби қортындысында мен әңгіме туралы баяндама жасадым. Ол 1960 жылдың майы еді. Ол хақында «Қазақ әдебиеті» газеті хабар жазды, көтерген мәселелерімізді құптаған болды. Т.Смаиловтың маған шығарған өлеңі, Қ.Исабаевтың достық әзіл ретінде салған менің суретім басылды. Мен бір жағы ғылыммен айналысып, бір жағы көркем шығарма да жазып жүретін болған соң, осы хақында айтқан екен. Әрине, сын айтқан жазыушылырым маған онша ризалық танытқан жоқ. Қ.Құттыбаев, Н.Ғабидуллин, Ө.Ханафиндердің сәлемдесулері онша емес. Көп ұзамай Н.Ғабидуллин «Жұлдыз» журналының 1960 ж №8 санында «Әңгіме жайын сөз еткенде» деген мақаласын жариялап, менің «Жолың болсын» әңгімелер жинағымның кейбір әңгімелерін атап сынаған болыпты. Сынды кім ұнатқан дейсің. Ал, әдебиет сыншысы болу үшін толып жатқан кедергілерге, тіпті зорлықтарға алдын-ала мойын сұнып, саналы түрде баруың керек.
21.09.1960 Жазыушылар Одағында әдеби жылдың қорытындысы өтіп тұратын да, проза, поэзияның ішкі жанырлары, драматургия, сын туралы нақтылы баяндамалар қойылатын-ды. Мұны ұйымдастырушы Есмағамбет Ысмайылов еді. Осы жиынға ғылылм академиясыныңәдебиет институты қызыметкерлері де қатысатын-ды. 1959 жылдың әдеби қорытындысында мен әңгіме туралы баяндама жасадым. Ол 1960 жылдың майы еді. Ол хақында «Қазақ әдебиеті» газеті хабар жазды, көтерген мәселелерімізді құптаған болды. Т.Смаиловтың маған шығарған өлеңі, Қ.Исабаевтың достық әзіл ретінде салған менің суретім басылды. Мен бір жағы ғылыммен айналысып, бір жағы көркем шығарма да жазып жүретін болған соң, осы хақында айтқан екен. Әрине, сын айтқан жазыушылырым маған онша ризалық танытқан жоқ. Қ.Құттыбаев, Н.Ғабидуллин, Ө.Ханафиндердің сәлемдесулері онша емес. Көп ұзамай Н.Ғабидуллин «Жұлдыз» журналының 1960 ж №8 санында «Әңгіме жайын сөз еткенде» деген мақаласын жариялап, менің «Жолың болсын» әңгімелер жинағымның кейбір әңгімелерін атап сынаған болыпты. Сынды кім ұнатқан дейсің. Ал, әдебиет сыншысы болу үшін толып жатқан кедергілерге, тіпті зорлықтарға алдын-ала мойын сұнып, саналы түрде баруың керек.
24.10.60 Бүгін Зура мен жас нәрестені түстен кейін саған бестер шамасында үйге алып келді. Терезесі оңтүстікке қараған төргі бөлмедегі кровать үстіне баланы құндағымен жатқызып көз алмай біраз қарап тұрдым. Ердендей емес, бұл қаралау сияқты. Шашы, қасы қалың өсіпті. Мезгілінен аса туған баланың сөйтетеіні белгілі.
- Туған бойда емшек сұрады, ашқарақ боларма? - дедеі Зура күліп. Күхнияға барып шай қойып, тамақтың қамын жасап, баланың қасына тағы келдім. Оянып, емшек іздеп жатыр екен. Зура оны емізіп, орнына қайта жатқызды. -Жыламайды, бір жақсысы, - деді риза көңілмен. Мұның салмағы Ерденнен екі жүз грамм артық. Бойы екі сантиметр ұзын болыпты. Бөлме іші қаракөлеңгелеу еді. Мен нәрестеден көз алмай, ынтыға қарап тұрмын. Оның көзі ашық, оң көзінің ағында кішкентай ғана қызыл дақ бар.
- Мұнысы несі?- деп едім Зура: - Бұл «киімшең» туады. Алғашқы күні түгелдей қызыл еді, бұл қайта азайғаны. Бола беретін көрінеді,- деп қойды. Осы кезде қора ішінде, дәл біздің терезе тұсындағы бағанға орнатылған электыр шамы жарқ етіп, бөлмеге жарық сәуле шашқанда, жас нәресте соны сезіп басын бұрып, сол жарыққа қарады. -Алла-ай, мынау жарыққа қарап жатыр-ей, - деп Зура қайран қалды. Ол ғана емес, менің өзім таң қалдым. Осы адамзат баласының жаратылысында, оның миының қабылдау ерекшелігінде ғажайып бір хикмет бар-ау тегі.
30.10.60 Ауыл шаруашылығы жұмысынан Едіге бүгін келді. Түсі тотығыпты, көңілді. Оныңң келгеніне Хамитбек бәрімізден көп қуанды. Жас нәресте дүниеге келгенімен әлі ешкімнің басын қосып, шақырғанымыз жоқ. Ақшамыз бар. Бірақ, соны жарататын адамның ынғайы болмай тұр. Зураға ауыр салмақ салуға жарамайды. Үй суық. Панель үй тіпті нашар болады екен. Машинама гараж болмаған соң әуресінен қашып, сатып жібердім. Алғаш сатып алғанда бір қуанып едім, құтылғанда тағы қуандық. Сөйтіп бір машина екі қуантты. Киім-кешек керек, үйде мебель жоқ. Оның үстіне әкеме Сұлтөбеден үй сатып әпермекпін. Осы жақында ғана Төкіш көкемнің атына алты мың сомды почтамен салып жібердім. Бүгін кешкісін Зура кирогазға тамақ пісірді. Жақында газ келмекші, оған дейін көретін күніміз примус пен крогаз. Тамақ піскен соң бір бөтелке шампанды ашып: - Ал Едіге балаға ат қояйық. Сен нағашысың ғой жолды саған берейін,- дедім.
- Исатай болсын, - деді ол бірден.
Менің ойым басқа-ды. Сандыбайдың Ерден, Жүзен деген екі балассы болыпты. Ердені аға сұлтан болыпты ел билеген, Жүзені бай болған екен. Үлкен баланың аты Ерден болған соң мұның атын Жүзен қойсам ба екен деп жүргенмін. Бірде Зураға айтқанымда, ол онша құп ала қоймады. Інісі әлгі атты атағанда:
- Исатай біздің аталарымыздың аты,- деп қойды. - Исатай батыр болған. Елінің азаттығы үшін күрескен. Аты елге аныз болған кең тараған кісі.
Исатай дұрыс, деп Едіге шампан тола бокалын көтеріп, маған тосты. - Болсын ендеше. Ал кәне Исатай үшін!- деп мен бокалымды шыңғыр еткізіп соғыстырдым. Шынының әсем сыңғыры құлағыма сонша жағымды естілді. Сөйтіп, бүгін екінші ұлыма Исатай деп ат қойдым.
12.ХІ.60
АЭРОПОРТТАҒЫ ӘҢГІМЕ
Сәбит Мұқановтың 60 жасқа толатын мерекесінің комиссия мүшесінде Тұрсынбек екеуміз де бар едік. Біз екеумізге Қарақалпақстаннан келетін қонақтарды қарсы алу тапсырылған соң, самолеттің рейісін біліп, аэропортқа келдік. Келетін кісіміздің бірі Жаймырза Аймұрзаев. Біздің артымызша үш машина бірінің соңынан бірі тұмық тіресе келді. Ғабит Мүсірепов, Ғали Орманов және Садықбек Адамбековтер екен. Дала сыздау болған соң ішке кіріп, меймандардың келуін күттік. Жақында ғана Америка Құрама Штатының призиденті Эйнзенхауэр орнынан түскені сөз болғанда Садықбек:
- Эйнзенхауэр өзі қазақ көрінеді, шын аты Есен қайыр болса керек,- деп күлдіріп қойды.
Жаңа призидент ірі миллионердің баласы 43 жастағы Джон Кеннеди болмақшы. Бәріміз де халық аралық жағдай енді жақсаратын шығар деген үміт, дәмемізді айттық. Біздің партия басшылары құттықтау жіберген екен, оған жауап келіпті деген әңгімеде бар. Бірақ әлі баспа арқылы ресми түрде жарияланған жоқ. Ғабең осы жайды атты: - Оны неге кешіктірді екен?- деп қойды. Осы кезде Ту самолетінің ысқырған гүрілі естілді. Ғабең: - Тудың гүрілі өте ащы, қытайдың оркестрі сияқты, құлақты шағады,-деді.
Бұл самолетпен күткен қонақтарымыз келген соң, бәрімізде қайтып кеттік.
27.ХІ.60
Жолдасым екеуміз кірпіш заводының тұсындағы жаңадан салған екіқабат қызыл үйлердің қасынан өтіп келеміз. Шора маған: - Мына үйде менің бір шалым тұрады, жүр, кіріп сәлемдесіп, әңгімесін тындайық,- деді. Келдік. Балуан денелі, ақ сары шал есік ашты. Амандасып едік:
- Ғабит Сарыбаев,- деп қолын берді. «Ғабит Сарыбаев?» Мен ойланып қалдым. Бұл есімді газер, жүрналдардан, кітаптардан талай оқығаным есіме түсе кетті. Ұмытпасам осы қыста, Батыс Қазаақстан облысының «Октябрь түы» газетінде Ғ.Зағиповтың мақаласы басылды. Сонда – 1918 жылы Қазақстанда тұңғыш рет комсомол ұяларының ұйымдастырылуың құрылуын, қазақтың үлгілі 1 атты әскер полкінің жасақталуына белсене араласқан адамдарды атап « сол полкте саяси қызметкер боғандардың бірі Ғабит Сарыбаев» - деп жазылған. Бөкей ордасында совет өкіметін орнату, оны нығайту үшін жүргізілген күресті баяндайтын «Күрес күндерінде» атты кітапшасын кеше ғана оқып шығып едім. Онда көптеген революционерлердің суреттерді де берілген екен. Соның ішінде басында кубанка бөрік, үстінде кавказдықтардың киімі бар, ұзын мұртының ұшын әсем ширатып қойған өткір көзді Ғабит Сарыбаевтың суретіне де таңырқай қарап едім. Бұл Ғабекеңнің революцияның ыстық суығына араласып жүрген кезіңдегі суреті болса керек. Ғабекең өзінің балалық шағын, жастық дәуірін революция ісіне қалай қатысқанын әңгімелеп берді. Біз қызыға да, сүйсіне тыңдадық. Резолюциядан бұрын, Ғабекең Орынбор қаласындағы Медрессе- Хусанияда оқыпты. Ол кезде Ғабекең бір ауыз орыс тілін білмейді екен. Алғаш поезға мінгенін, одан Орынборға келіп аяғына әйелдердің биік өкше, қонышты ботинкасын сатып алып кигенін, татар балаларының мазақтап күлгенін әңгімелеп, бізді де бір күлдіріп алды. Әлден уақытта: -Менің революциялық қызыметімнің басталуына себеп болған, 1916 жылғы патша үкіметінің июнь жарлығы болды,- деп қызына сөлеп кетті. Сол жылы Түркістанда бала оқытушы – учитель болып тұрғанда, немере ағасы Шамғали екеуіне шақыру қағаз келіп,Ордаға барадды. Сол жерден Ғабекең солдатқа алынып Минск майданына аттанып кетеді. Табиғатында пысықтау келген жас жігіт
8-ші дружинада жұмыста болып, жүздікті басқарады. -Кітаптан оқып, естіп те жүрген шығарсыздар, қара жұмысқа тек сорлы кедей-кепшік, жарлы-жақыбайдың балалары кетті де, бай балалары пара берді, өйтті-бұйтті, жасын кемітіп немесе асырып аман қалдыда, кедейдің 14-тегі баласы 19, 40-тағысы 30-да болып кете берді ғой. Міне осы теңсіздік қазақтың кедей жігіттерінің қанын қайнатты. Патшаға адам бермейміз деп халықты бастап шыққан Мендешев деген оқыған кісімен Тастанбек Желдібаев деген сексендегі шалды қолдарын арттарына байлап, күн айналып жерге түсетін шілденің нағыз ыстығында 55 шақырым жерге жаяу айдап кеткені көз алдымнан кетпей қойды. «Бала өлгенше шал өлсін, бермеймін боздақтарымды» деп сақалын жұлып, жұлынған әлгі шалдың дауысы құлағымда қалып қойды. Майданда қара жұмыста жүргенде орыс жұмысшылармен достасып кеттік. Біздің көкірек көзімізді ашуға солар да себепші болды. Шал тым кішіпейіл, тым сыпайы.Өзінің істеген істері туралы тым сараң айтады, көбіне жолдастарының істерін әңгіме етеді. - Ал, енді, Кировен кездескеніңізді айтыңызшы, - деп өтіндік. Астраханьдағы совет өкіметіне қарсы күресті, аяқтардың көтерілісін талқандауда 11 армияның соғыс революциялық советінің мүшесі С.М.Киров басшылық еткені есімізге түсіп және сөз арасында Ғабекең С.М.Кировті көрдім деп айтқан еді. Оның үстіне Бөкей қаласында Совет өкіметін орнату, Қызыл әскер ұйымдастыру мәселесі Астраханьның губерниялық Совдептің ұйымдастыру – нұсқау бөлімнің бастығы Колесникова деген орта жастағы әйел шақырып алды. Қабылдау бөлмесіне кірсек, Колеснткованың қасында үстінде бар, белін белдікпен нығыз буған, қою қара шашын щалқасынан қайырған орта бойлы кісі тұр екен.Біздермен қол алып амандасты да бірден шаруаға кірісті.Кім екенімізді күні бұрын біліп тұрған кісі сияқты. Тарғын уезінде совет өкіметінің орнауына байланысты сондағы жергілікті советке көмектесу үшін Көбеновты жіберді де, маған:
-Сенің фамилияң кім? – деп сұрады.
- Сарыбаев.
- Жолдас Сарыбаев, сен Теңіз уезіне барасың, -деді.
- Онда әлі совет өкіметі жоқ, оны сен ұйымдастырасың. Өзің мұғалім көрінесің. Бірақ, байқа, мен Бөкей ордасын жақсы білемін. Теңіз байлары қазақтың жай байлары емес, олар шетінен сәудегер, оқыған, білімді байлар.
Олардың қақпанына түсіп қалып жүрме. Жұмысшыларды ұйымдастыр, совет сайлауын өткізіп кедейлер комитетін ұйымдастыр. Ал, Гонюшкинге жақын Жанбай селосының төңірегінде жатыр. Олар Краснояр арқылы Астраханьға шабуыл жасамақшы. Сондықтан қазақтың Қызылгвардия отрядтарын ұйымдастырып, Краснояр соғыс комиссариатының қарауына тапсырсын.
Тапсырманы алып кеткелі тұрғанымда Колесникова мені біреумен таныстырып:
- Бұл кісі Сергей Миронович Киров, - деді.
- Тапсырманы орындауға рұқсат етіңіз, -деп мен салют
беріп, шығып кеттім.
Енді Ғабекең сол тапсырманы қалай орындағанын айтты. Әрине, сыртқы жауды былай қойғанда, ішкі жаудың өзі совет өкіметін орнатуға барынша кесірін тигізгені белгілі. Сол жерде Ғабекең Ұлы Октябрь социалистік революциясының жеңісін қорғап, қызыл әскерге жәрдем беру үшін жергілікті жердің қаулысын шығарып береді.Б»р жұмадан кейін Ғабекеңді Колесникова мен С. М. Киров тағы да шақыртып алып, тапсырма береді. - Бөкейдегі халқы жақсы емес, онда жергілікті төтенше комиссия бар, соған көмектесу керек. Жаңақаладағы совет өкіметі әлі тұрақты емес. Сен Нарынның шекарасынан қызыл гвардия отрядын ұйымдастыр – деп тапсырма берді С.М.Киров. Сол жерде Нарынның он екі баласы бар екен. Ғабекең сонда келіп, жиналыс өткізіп, әуелі туысқан – туғандарынан бастап, 70 адамнан қызыл отряд ұйымдастырады. Отрядты жергілікті төтенше комиссиясының қарауына береді де 1919 жылы май айында отряд жергілікті төтенше комиссиясының қарауына беріледі. Ғабекең губком арқылы Бөкейге шақырылады. - Сол жолы коммунист партясының мүшелігіне өттім де, майданға полк комиссары ретінде қатыстым. Сөйтіп, Сергей Мироновичпен екі рет жүздесіп, екі рет тапсырма алдым, - деп Ғабекең бір түрлі шаттана сөйледі. -Революция жеңіспен аяқталды. Ақ бандыларды талқандадыңыздар. Ал содан кейін не болды? – деп сұрап едік.
- Е... сонымен жұмыс біте қалды дейсіз бе.Көпке дейін топ –топ болып ағылған бандылар ауыл тонап, кісі өлтіріп, әбден берекетін кетірді емес пе? Солармен қарсы күресетін ЧОН деген ұйым ашылды. Мен соның начальнигі болып, совет өкіметі әбден жеңгенін сол бандылардың өздері мойындағанға шейін осы қызметте болдым да, кейін, партия жұмысына, оқытушылық жұмысқа ауыстым, - деді. Содан кейін аз ойланып, әлде айтқандарым артықтау көрініп отырған жоқ па деген кісіше текшелеулі бір топ қағазды әкеп бізге ұсынды. Ревкомның толып жатқан куәліктері, алғыстары мұқият тізілген екен. Әлгі куәліктердің ішінде қазіргі киноның билеті сияқты, тілдей қызғылт – көкшіл бір қағаз көрінеді. Ол Ғабекеңнің Бүкілодақтық 17 партя сьезіне қонақ ретінде шақырылған билеті екен.
Сонымен Ғабит Сарыбаев совпартшколда лектор ақыры нда соңғы жылдарға дейін мектепте мұғалім болып істеп жүріп арнаулы партялық пенсияға шықты. Сонау «тар жол, тайғақ кешу» жылдарынан бері 4 жылдан жанына аса уақыт өтіпті. Уақыт өмірді жасартыпты. Сонымен қабат бір кездегі жас балғын жігіт Ғабекеңнің түріне де өзгерістер енгізіпті. Қызыл шырайлы ақ сары жүзін өткен күннің белгісіндей терең әжімдер басқан. Жалын шашқан, отты көздерінде көзілдірік шашы мен ширатылған мұрты да күмістей боп ағарған. Бірақ, уақыт Ғабекеңнің жанына өзгеріс енгізе алпамты. Сол баяғы өзі ыстық – суығын бастан кешірген революциялық күрес жылдарындағы қайратты әлі сақталған, кеудесі кең сарайдай, сөзінде де революциялық рухтың лебі айқын естіп тұр.
«Балдырған» туралы бірер ой
03.07.61.
Балалар әдебиетін сөз ететін болсақ, ең алдымен «балдырған» журналы ауызға түсуі орынды. Одан басқа республикамызда балалар туралы көркем шығарма басып тұратын журнал жоқ. «Балдырған» - табиғат құбылыстарын, хайуанаттардың қасиеттерін, жәндіктің тіршіліктерін жетік біле бермейтін, өсіп келе жатқан техника, салынып жатқан құрылыстың маңызын түсіне бермейтін, мектеп табалдырығын аттамаған, аттағандары болса онысына да көп болмаған жас балдырған бөбектерге арналған журнал. Олай болса, біздің інілеріміз, бөбектеріміз, өмір тіршілігіне қашан өздері араласқанша, журнал, кітап арқылы көп нәрсені титтейінен көңіліне сақтап,жадына тоқиды.Бүгінгінің он бір жасар баласы баяғының алпыс бірдегі шалының білгенінен көп біледі. Өнерлі елдің, мәдениетті елдің балалары титтейінен жердің астындағысын біліп тұрса оған тек қуануға болады.Міне, «Балдырған» өз оқушыларының жас шамасын, жасына орай ақыл – ой санасының жетер жерін жақсы аңғарып, өз міндетін дұрыс түсінген журнал. Журналдың тақырып шеңберіне бүгінгі таңда пәлендей кінә тағып, өкпе артуға болмайды. Алайда, тақырып бар да оны көркем формалар арқылы оқушыға жеткізе білу бар. Бұл ретте де «Балдырғанның» басынан сипап, арқасынан қағатын табыстары аз емес. Журналда бас аяғы жып-жинақы, қысқа-қысқа әңгімелер, қызықты сюжетке құрылған, бала мінезінде бола беретін кейбір аңғырттық, оқыстықтар, жалқаулық пен салақтықтар, тағы басқа осы сияқты көптеген құбылыстарды әзілге, қалжыңға айналдыратын ойнақы өлеңдер, балалардың ойын он саңға жүгіртіп тапқыштыққа үйрететін жаңа жұмбақтар, тілін жаттықтыратын жаңылтпаштар да жол-жолымен, рет-ретімен журнал бетінде орын алғанын көреміз. Сонымен бірге сөзі жоқ, бірақ адамы бар, адамдарының әрекеттері бар, белгілі бір ойға құрылған суреттер де өте қызықты беріліп отырады. Суретке қарап бала оның не істеп жүргенін өзі әңгімелеп береді. 1960 жылдың № 5 санында «Ол не?» деген жұмбақ өлең басылды. Онда мынадай деп жазылған.
Көкке шапшып құйрығын,
Шауып келді жүйрігің.
Ол не?
Жібек тұлымды
Білемін ғой...
Аржағындағы «құлынды» деген сөзді жазбайды, оны оқушының өзі тауып алу керек. Жұмбақтың мағынасынан және «тұлымды» деген сөзге «құлынды» деген ұйқасының өзі мені айт деп тілге оралып тұрады. Оның үстіне сол өлеңнің тұсына құлынның суреті салынған.
«Шұнық құлақты,
Білемін ғой (лақты)
Айыр жоталы
Білемін ғой (ботаны)» деген жолдар да осы сияқты болып келеді.
Көптеген өлеңдердің сюжеттері қызықты, тілі ойнақы көңілге қонымды. «Қарағай неге ұзын, жыңғыл неге жатаған, тобылғы неге қызыл болған» деген шығармасында М.Әлімбаев қарағай мен жыңғылды керістіріп, тобылғыны араша түсіртеді. Әр ағаш түсінің өзгеше болуының себептерін жанды образ күйінде алып суреттейді де соңында:
«Дәу қарағай Содырлы
Содан ұзын болыпты.
Ұялыпты тобылғы
Содан қызыл болыпты»,- деп қорытады. Осындағы бейнелі, тапқыр, ұшқыр ойлар бала түсінігіне өте нанымды келіп жатады. Журналдағы басылған өлеңдердің бәрі болмағанмен, негізінен алғанда айтатын ойына тілі лайықты келіп жатады.Мысалы Әнуарбек Дүйсенбиевтің өлеңінен:
Бұлдыр –бұлдыр қыраттар
Сылдыр-сылдыр бұлақтар
Аяқтарды аймалап
Судырлайды құрақтар, - деген үзіндіні келтірсек те жарайды.
Арыстанбековтың «Балдырған саяхатта» деген фантастикалық әңгімесі, Өтебай Тұрманжановтың «Құмырсқалар, аралар, қиыспас дос, құдалар» өлеңі, Қадыр Мырзалиевтің «Жаңғалақтары» да сәтті жазылған.Мұндай өлеңдер аз емес. Журнал бүгінгі техника жаңалықтарын жырлап суреттеп қана беретін өлеңдер ғана емес, жұмбақтар да басып келеді. Мысалы М.Жармұқамбетовтың «Мұздатқышқа» шығарған:
Сырты жылы кәдімгідей,
Іші суық, зәрлі –дүлей»- деген, немесе, термосқа шығарған:
«Ыстық құйсаң суымайды,
Суық құйсаң ысымайды» деген жұмбақтары да өте сәтті шығарылғанын көреміз.
Журналдың бірнеше сандары бойынша «Күлдіргеннің бүлдіргені», «Суайттың өлеңдері» деген атпен көптеген қызықты қысқа шығармалар да жарияланып жүрді. Бірақ, неге екені белгісіз соңғы кездері мұны сирексітіп барады. Осы рубрикамен бүгінгі күні әлі де көптеген шығармалар жазуға болар еді. Мұны редакция қызметкерлері әлі де ойластырғаны жөн сияқты. «Балдырған» журналының жақсылық жақтары толып жатыр, жақсылығымыз ешқайда қашпас, енді өзіміз байқаған кейбір кем-кетік жайға тоқтала кетейік. Жазушы бала жүрекгінің кілтін тауып ала- алмаса, ол балалар жазушысы бола алмайды. Бұл ең алдымен айтайын деп отырған ойды бала зердесіне қалай жеткізудің жолын табу деген сөз. Әдетте, бізде жалқау, салақ, еріншек балаларды екі ауыз өлеңмен шенеп, мазақ ететініміз болады.Белгілі ойды бала зердесіне жеткізудің бұл бір жолы. Бірақ осы тәсілден жаза баспай үнемі осылай жаза беру керек пе? Одан да басқа жолдар жоқ па екен? Бұл ретте орыстың балалар жазушыларынан үйренетін үлгілері аз емес. Салақтық, жалқаулықты олар да сынап, шенеп жазады. Бірақ олар біздің қазақ жазушыларының бір -екі ауыз өз атынан шенеп айтатын үлгісінен басқа түрлерді тапқан. Бұл ретте әсіресе Корней Чуковскийдің «Мойдодыр», «Телефон», «Федорина горе» шығармаларын атау орынды. К.Чуковский балаларға сен бұндайсың да ондайсың, айтқан тілді алмайсың - деп құрғақ ақыл айтып жатпайды, ол адамға да, үй ішіндегі заттар ға да жан бітіреді, іс-әрекет береді. Мысал «Федорина горе» деген шығармасында бір әйелдің салақтығын шенейді. Бірақ жазушы әйелге салақсың, ыдыс-аяғың жуылмайды деп ақылдымсымайды. Қабырғаға жабысқан жаман текшедегі кір-кір ылыс-аяқтарды өзара ақылдастырып, бүйтіп қор болғанша өз күнімізді көрейік дескізіп, қашырады да жібереді.Бір көлдің жиегіне келіп қазан-аяқ, қасық, пышақтар жиналып отырғанда Федора жылап-сықтап келеді. Олар Федораны аяп күнәсін мойындап келгенін ескеріп, үйге қайтады. Содан бері Федора ыдыс-аяқтарын өте таза ұстайтын болады. Сюжеті өте тамаша құрылған. Бала зердесіне жазушының өйт, бүйт деген ақылынан гөрі, самаурынның сүмеңдеп, кесе-аяқтардың алақтап, пышақтардың жалақтап, шанышқылардың шашылып, кейбір кетік қасықтардың аяқ астынан жаншылып жатқаны әлде қайда әсерлі шығады. Жас бала естігенінен көрі көргенін есінде жақсы сақтайды. Әлгі ыдыс-аяқтардың тым-тырақай қашып бара жатқаны баланың көз алдына үнемі елестеп, ұмытылмай тұрады.Міне, бала жүрегінің кілтін табу- осындай түрлерді, амал, тәсілдерді таба білу. Басқа жазушылардан балалар жазушысының бір айырмашылығы да, балаларға шығарма жазудың қиындығы да осы кілтті табуда жатыр. Міне,осы іздену жағы біздің балалар жазушыларымызда әлі жеткіліксіз. Журнал бетінде де бір құрғақ ақыл айтудан көрі осындай шығармаларды көбірек оқысақ дейміз. Өндіріс туралы жазылған өлеңдер бала түсінігіне ауырлау соғатын жайлары кездеседі. Сонымен қатар неге екені белгісіз біздің балаларға арнап жазатын жазушыларымыз көбіне баланың ойынын қызықтай береді. Көбіне соны жазады. Балалар әдебиеті болған соң оның кейіпкерлері де міндетті түрде балалар болуы керек деген теріс ұғым етек алып жүр. Мәселе кейіпкер жасының үлкен-кішілігінде емес, жазушының сол кейіпкер әрекетін бала ойына лайықтап, тіл тауып бере білуінде ғой. Балалардың ойының жазуға көбіне шұғылданып кетудің өзі осы қалыптасып қалған теріс дәстүрге байланысты болу керек. Бұдан баланың ойынын жазба деген ұғым тумайды, бірақ одан әрі бармай, балалар жазушысы өз аяқ-қолын тұсамауы керек дегенді айтқымыз келеді. «Балдырған» баланың көкірек көзін ашып, ой-санасын жетілдіруге жәрлемдесумен қатар оларды жақсы, жатық сөйлеуге де үйрететін журнал. Ол үшін алдымен журналдағы басылған шығармалардың тіліне де айрықша мән беріп отырмаса болмайды. Журнал бетінде ара кідік бала ойын ауырлататын өлең жолдары, жұмбақтар кездеседі. Мысалы тышқан туралы халық аузында тараған белгілі жұмбақтар бар.
Тап, тап, тап, жорға ат,
Табаны жалпақ боз жорға ат.
Желіп кетсе жеткізбейді
Жерге түссе таптырмайды.
Ал, «Балдырғанның» 1959 жылғы 2 санында тышқан туралы мынандай жұмбақ басылды:
«Кебеже қарын, қыл құйрық,
Ұрлық десе тым жүйрік».
Осындағы «кебеже қарын» деген ұғым бала үшін өте ауыр. Өйткені кебеже қазір біздің тұрмысымыздан пайдаланудан қалып бара жатқан мүлік. Қаланы атамағанда ауылдың өзінде іздеп жүріп ілуде біреуін кездестірсеңіз кездестіресіз. Әйтпесе жоқ. Демек бала кебеже дегеннің не екенін біле бермейді. Екіншіден тышқанға «кебеже қарын» деген ассоциациялық жағынан да келе бермейді. Әдетте ертегілерде кебеже қарынды құлан, маралдар сияқты ірі жанурларға айтушы еді. Балдырғанның өз жұдырығындай ғана кішкентай тышқанға үп-үлкен кебеже келмей жатыр. Бұл былай қарағанда майда-шүйде болып көрінуі мүмкін. Көркем шығармалар, әсіресе балалар әдебиетінде өте дәлділік, нақтылық керек. Өйткені бала жас кезіндегі ойға тұтқан затын, көз алдына елестеткен елестерін өмірі ұмытпайды. Ондай нақтылық, дәлділік бала ойының, түсінігінің дұрыс қалыптасуы ұшін де өте қажет. Журналда көптеген жақсы-жақсы әңгімелер де, басылып тұрады. С.Бегалин, Б.Соқпақбаев, Н.Сералиев т.б. авторлардың жас балдырғандарды жақсыға үйретіп, жаманнан жирендіруге әуестендіретін әңгімелері бар. Сонымен бірге балалардың қабылдау ерекшеліктерін ескермей, тілі ауыр, сюжетісүрең шығармалар жас жігіттің самайына ұрлана кірген ақ шаштай, анда-санда журнал беттерінен көрініп қалады. Мысалы 1959 ж. №2 санында Ө.Қанахиннің «Қарға» деген әңгімесі басылды. Шынын айтқанда бұл әңгіменің тілі өте ауыр еді. Бір ғана сөйлем келтірейін. «Баяу өскен самал жел екпінімен құлпыра ырғалған алуан түсті гүлдер мен тарқатылған жібектей желпімдеген көкмайса балауманы көргенде, екінші вагонның ортаңғы купесінде ата-аналарымен бірге жолаушылап бара жатқан ағалы-інілі Исатай мен Амантай сыртқа қарап, терезеге жабысты да қалды». Осындай салаласып,құрмаласып жатқан ұзақ сөйлем балдырғаннан көрі ересектерге лайықты. Баланың құйындай үйірілген, бір орында отыра алмай,сынаптай сырғитын мінезіне орай, оларға арналған шығарманың оқиғасы да қысқа, қызықты, сюжеті жеңіл болуы басты шарт.Оларға да сынаптай сырғанаған, ойнақы жеңіл тіл керек. Құрмалас салалас сөйлемдердің бірінен-бірі туындап жатқан ойдын ұшығына жетемін деп олар ойланып- толғанып отырмайды.Табан аузында ойы басқа бір жайға ауысып кете береді. Осындай ара-кідік кемшіліктері болғанымен жалпы алғанда бүгінгі таңда балалар әдебиетінің өсуіне үлес қосып келе жатқан «Балдырғанның» еңбегін бағаламауға болмас еді. «Балдырғанда» басылған шығармалар балаларға арналған. Бірақ оның оқушысы тек бала ғана емес. Балаға арналған шығарманы үлкен кісі де қызыға оқитын болсын, өйтпеген жағдайда ол қызықты шығарма бола алмайды деген пікір өте дұрыс. Балаларға арнап көркем шығарма басатын «Қазақстан пионер» газеті мен «Балдырған» журналы. Газет жұмысына бір-ақ рет шығады. Бұл газет пен журналда істейтін қызметкерлер қаншама тырысқанмен, белгілі бір мөлшерден асып кете алмайды. Жазушы да көп, көп те жазады, бірақ оның бәрі емес, тәуір шығармаларының өзі басылып үлгермейді. Бұрын бізде «Пионер» атты әжептеуір журнал бар еді. Ол тарап кетті де оның орнына «Білім және еңбек» атты ғылыми журнал шықты. «Білім және еңбек» журналы өте керекті, пайдалы журнал екеніне күмән жоқ.Бірақ «Пионер» Журналының өз орны бар еді. «Пионер» журналының төңірегінде бірнешелеген балалар жазушылар топтаса бастап еді. Сонымен бірге осы журналдың өзіне жас талапкер, оқушылардың тырнақ алды еңбектері басылып, болашақ жазушылардың талантының көзі ашылуға жәрдемдешусі еді. Оқушылар творчествосы «Балдырғанда» да басылады. Бірақ жалғыз «Балдырған» олардың үдесіне шыға алмайтыны дауысыз «Пионер» журналына өндіре жазып жүрген балалар жазушыларының көбі қазір балалар үшін шығарма жазуды қойып бара жатқанын да еске сала кеткен орынды. Міне, мұның бәрі балалар әдебиетінің өсуіне, балалар жазушыларының саралап, тұрақтануына толық жағдай тудыру мәселесімен сабақтас жайлар. Басқа ұлт респуликасында «Білім және еңбек» сияқты журналдар шыға бастапты. Бірақ олар бұрынғы шығып келе жатқан «Пионер» журналын таратқан жоқ. Бір журналды аша салып жауып тастауға ,қажеттілігіне қарамастан ауыстыра салуға біз өте құмармыз да,оған келгенде іскерміз. «Пионер» журналының ізін суытпай,қайтадан ашу мәселесін қарастырған жөн-ау дегіміз келеді.
10.08.1961.
Тіл мен әдебиет институты 1961жылдың июнь айында бөлініп ,бұрын өз алдына жеке сектор болып президиумға қараған «Өнер секторы » әдебиетшілерге қосылды, сөйтіп жаңа институтымыз «Әдебиет және өнер институты» аталды. Институт бөлінерден бірнеше күн бұрын кім директор,кім директордың орынбасары болады деген мәселе көтерілді. Бір күн институтқа директор болып Мұхамеджан Қаратаев келеді екен деген сыбыс естілді де кейін басылып қалды. Ондай сыбыстық қалай шығып, қалай басылғанын кейін білдім. Ол кезде М.Қаратаев көркем әдебиет баспасының директоры. Бұл бір әңгіме – сөзі көп жер. М.Қаратев баспа жұмысын біраз жолға қойыпты. Бірақ оның да соңынан көп ұзамай әңгіме ере бастайды. Ол өзінің «Рожденная Октярбем», «Туған әдебиет туралы ойлар» атты қалың-қалың кітаптарын көп тиражбен (20.000) шығарып, жоғарғы бағамен гонарар қойыпты деп кітаптарын шығара алмай жүргендер, гонарар аз қойылғандар әңгіме қозғаса керек–ті. Оның үстіне ос кезде Әбілда Тәжібаев пен М.Қаратаев арасы жақындай түседі. Ал М.Әуезов пен Ә.Тәжібаевтың арасы әжептәуір бұзылып жүрген кезі. Әуезовтың «Әр жылдар ойлары» кітабы аз тиражбен шығады т.б. осындай кішігірім шаруаларды біреулер сылтау етіп Әуезовті Қаратаевқа қарсы қоюға тырысып бағады. Соның бірі Әлжаппар Әбішев деп естідім. Өйткені 1938 жылы Қаратаевты ұстар алдында осы Әлжаппар Әбішев, Дихан Әбілов, Жұмағали Саиндар Қаратаевты қуғындап, қаралап сөйлеген. Қаратаев қайтып келген соң баяғының кегін алады деген болуы керек. Әуезовты қаратаевқа қарсы қоюға тырысады. Және де ертеде Қаратаев Әуезовке қарсы мақала жазғаны тағы бар. Бұларға қосымша, 1937 жылы жазушылар одағының бастығы болғанда Қаратаев мақала жазып, Ілияс Жансүгіровты халықтың жауы дегені бар – ды. Осы жайды Жансүгіровтің әйелі – Фатима Қаратаевқа еш кешірмейді. Ал, Фатима Әуезовтен ұл тауып отыр. Әуезов оның да сөзін жерге тастай алмайды. «Ілияс Жансүгіров туралы кітабыңызды жазғалы жүргенімізде мен Фатиама жеңгейдің үйінде болып, әңгімелестім. Сондай жеңгей «Қаратаевты институтқа директор етпекші екен, Мұқтар оны болғызбайды» деп біраз штрихтарын айтты. Соңғы кездері Әуезов туралы Қаратаев бірнеше жақсы мақалалар жазып, баяндамалар жасап жүрді. Оны Әуезовтың ұнататынын өз аузынан бірнеше реттестіргенмін. Қаратаев бір жағы Әуезовты риза еткісі келді, екінші жағынан Әуезовтың үлкен табысын жеткізе айтуға күш салды. Әуезов оған былай риза болса да директорлыққа қимады –ау деймін. Ақыры тіл институтының директоры академик С.Кеңесбаев, Е.Смайлов барі бір ауызды болу Әуезовты көндіріп директорлыққа Мүсілім Базарбаевты лайықты көріпті. Базарбаев кеше университетті бізбен бірге бітірген аспенрантурада бірге оқыған жігіт. Оның үстіне төрт – бес жыл бойы директордың орынбасары болып істеген, дос адам. Семьямызбен араласып, қарам – қатынас жасап жүретінбіз. 1956 жылы тіл мен әдебиет институтының директоры Х.Сайкеев пен директордың орынбасары А.Хасенов келіспей, екеуі де орындарынын алынған –ды. Сол жылы көктемнің бір ашық күні почта алдындағы алаңда Кеңесбаев отыр екен. Мені шақырып алып біраз әңгіме айтты.
- Институтқа директордың орынбасарлығына Мұхит сені ұсынып жатыр, өзің ештеңе естідің бе? – деді.
- Мен түк естіген жоқ едім.
-Естімесең, тісіңнен шығарма. Мен қолдадым, - деді.
Ол кезде Кеңеспаев институтта бөлім меңгерушісі болатын – ды.
Бір ай, екі ай, үш ай өтті. Ешкім менің шақырғанда да сөйлескен жоқ. Мен өз шаруаммен жүріп жаттым. Бір күні жазда Кеңеспаев директор Базарбаев орынбасар болып келгенін бір–ақ білдік. Базарбаев ЦК – да істеп жүріп Москваға барып екі жыл оқып, диссертация қорғап қайтадан ЦК аппаратына келген-ді. Кейін білдім Базарбаевтың әйелі Гүлбараш Кеңесбаевтың апасының қызы екен. Базарбаевты директордың орынбасары етіп бер деп Кеңесбаев сұрап алыпты. Базарбаевтың келгеніне біз қуандық. Әдебиет және өнер институты бөлініп, Базарбаев директор болып президиумда бекіп шықты. Біз оны тағы да құттықтадық. Ол көңілді екен. Өзінің бұрынғы кабинетіне келіп:
- Рахмет жігіттер. Өзденіңнің көмектерің керек, онсыз болмайды, -
дей берді.
Мен Гүлбарашқа телефон соғып, сүйінші сұрадым. Ол үйге кел деп шақырды. Бірақ, Мүсілімнің отбасында тым қаталдығын білетінмін, әйелі шақырғанмен өзі шақырмаса ыңғайсыз болар деп шақырту күттік. Мүсілім ыңғай берген жоқ. Ішпейтін адам, тамақ аңдығандай болмайын деп мен үйге кеттім.
Ертеңіне кешке Есмағамбет Ысмаиловтың үйінде болдым. - Мұхаңмен сөйлестім, - деді ол. Мұхаңа – Әуезов, Мүсілімге орынбасарлыққа сені айттым. Мұхаң дұрыс көріп қалды. - Маған әкімдіктің керегі жоқ Есақа. Денсаулық жарамайды ғой, -дедім. Бұл шыным еді. Қазір еркін жүрміз. Әкім болсаң қызметке ерте келіп, кеш қайтуың керек. Оған шынында да саулық жарамайды. Е.Ысмаилов маған біраз ақыл айтты. Көп ұзамай Оразкүл Нұрмағамбетованың аты аталды. Әуезов алғашында оған қарсы болыпты. Бірақ, Базарбаев менен көрі Оразкүлдің болғанын дұрыс көрсе керек. Ысмаиловтан естідім. «Мырзабек дұрыс болар еді, бұл жерге орысшаға жүйрік адам керек» депті Мүсілім. Онысы дұрыс еді. Ақыры Әуезов келісім беріп, Оразкүл Нұрмағамбетова директорға орынбасар болды. Бір күні Мүсілім мені шақырып : «Ғылыми хатшыға кім лайық?» деп ақылдасты. Мен Уахатовты айтып едім, Мүсілім келіскендей болды. «Орысшасы қалай өзінің?» деп сұрақ қойды. Е.Ысмаилов Мұрат Хамраевты ұсыныпты. Ол орысшаға жүйрік, өзі пысық жігіт болатын –ды. Алғашқы кандидаттық минимумды одан мен алып едім, өзі екі жылда диссертация қорғап алған. Мүсілім ақырында Мұрат Хамраевты хатшы етіп алды. Сөйтіп институтымыз құрылып, іске кірісіп кетті. Мен қабырға газетінің редакторы едім, «тіл» деп бөлінгеніміз өз алдына отау тіккеніміз туралы өлеңдетіп, «тіл» институты келіншектерімен қоштасу өлең жазып газет шығардық. Бір күні Кеңесбаев өзі келіп, сол газеттегі өлеңдерді түгел оқып шықты. Институтта жаңадан бөлім ашылатын болды. Ол әдебиеттердің өзара байланысы бөлімі. М.Әуезов оған Е.В.Лизунованы қоймақшы. Совет фольклоры бөлімін ашып оған М.Қаратаевты бөлім бастығы етіп қою жоспарланды. Біздің қазақ совет әдебиеті бөлімін бұрынғыша Е.Ысмаилов басқарды. Институттың ендігі бір үлкен жоспарлы жұмысы 6 томдық қазақ совет әдебиетінің тарихын щығару еді. Бұл ұсынысты ертеректе Мұхтар Әуезов айтқан еді. Ол кезде дайындықтар жетпеді де қой болды болған. Сол ойын Мұхаң тағы да қайтадан айтып, институттың жоспарына кіргізді...
19.11.1961.
Биыл жазда Ерден балалар бақшасына барды. Сол барған кездегі түрлі-түсті суретін кітап сөресіне қойып едік. Кішкентай Исатай әлгі суретті алғысы келіп ұмтылып, ала алмай жыламсырай бастады. Үштен жаңа ғана асып келе жатқан Ерден оған: - Исатай, ол менің суретім. Кейін Ерден болған кезде сен де өйстіп суретке түсесің, -деді. ***
Қыс. Күн суық. Троллейбустан түскенде Ерденнің аузынан бу шықты.
- Папа, -деді ол. - Мен темекі тартпаса да аузымнан түтін шығып тұр.
- Бұл балам бу. Түтін темекіден ғана шығады,-дедім.
- Кісі темекісін жасырып тұрғанда оның аузынан шыққан бу ма, жоқ болмаса түтін бе оны қалай білемін,-деді.
- Мен кімнің баласымын? - деп сұрады Ерден бір күнгі.
- Папаң мен мамаңның баласысың, - дедім.
- Мені қайдан алдыңдар?
- Дүкеннен сатып алдық.
- Дүкеннің қай жерінде отыр екенмін?
- Полкасында отыр екенсің, жап-жақсы бала екен деп сатып алдық.
- Ә-ә-ә! –деді Ерден.
Екі күн өткеннен кейін ерден:
- Маған айды сатып әперіңдер, - деп өтінді.
- Ай аспанда ғой. Оны сатпайды, - дедік.
- Жоқ, сатады.
- Оны кім айтты саған?
- Мен сендердікі болмай тұрғанда ана полка бар ғой, дүкендегі полканың үстінде отырғанымда көргенмін. Сондағы сатушы апай мен сияқты балаларға айды сатты ғой. Көрдім, - деді.
- Әсілі түсінде көрген-ау деп жорамалдадық.
*** Ерден өзін ғана емес, Исатайды да біз дүкеннен сатып алды деп түсінетін болса керек-ті. Далада екеуі шана теппекші болып, Исатай оны шанаға жақындатқысы келмей қызғана бастады. Сонда Ерден ызаланып маған келді.
- Папа, Исатайды дүкеннен бекер-ақ сатып алған екенсің, - деді. Ерден солдат болғысы келеді. Жұлдыз тек қана солдаттарға тән белгі деп түсінеді. Бір күні печенье жеп отыр екен.
- Папа, мынау солдаттың печеньесі,- деп мақтады.
- Оны қайдан білдің?
- Міне бетінде жұлдызы бар. Бұл солдаттікі, - деді сенімді түрде.
Печеньенің дәл ортасында шынында да кішкентай бес жұлдыздың бейнесі ойылып жасалған екен.
- Шыбын неге ұшады?-деп сұрады Ерден.
- Қанаты болған соң ұшады, - дедім мен,-неге ұшпайсың?
- Онда тамақты қалай ішемін,- деп қысылды.
*** Құсайын Шөкенов төртбақтау келген, аласа бойлы қасқа бас, мұртты кісі екен. Менің Ілияс Жансүгіров туралы еңбек жазғалы, деректор жинап жүргенімді білген соң үйіріле кетті. - Құсеке, сіз туралы Фатима жеңгейден естіп, білдім,-дедім танысқаннан кейін,- маған Ілияс ағаның өзі туған-туыс, әке-шешесі, тіпті өскен ортасы түгелдей қызықты. Қиын болса, өзіңіз білген, көрген жайларынызды әңгімелеп берсеңіз. - Мен Ілияспен немере туыспын, оны өзіңіз білесіз,-деді Құсекең – оның менен ептеген ғана үлкендігі бар, бірақ құрбыдай ойнап-күліп бірге өстік.
Мен әр сөзің қалт жібермей дәптеріме жазып алайын деп ыңғайлана бердім.
- Әуелі арғы аталарыңыздан бастаңызшы.
- Ілияс туғанда ұлы атасы Берсүгір, әжесі Тоқтық тірі. Басқа немерелерінен мұны ерекше көріпті. Оның бесігін тербепті отырып ыңылдап өлең айтады екен.
- Ол өлеңін білесіз бе? Айтыңызшы,-деп өтінем.
Құсекең көзін сығырайта қысып ойланып сәл отырды да бір ауыз өлең айтты. Менің сондағы жазып алғаным мына шумақ еді.
«Сен туғанда жасарды кәрі жасым,
Өсті өркенім, теңіздей ықыласым.
Ай ма екен, жұлдым ба екен, әлде күн бе,
Құз қабақ, жота мұрын- Ілиясым!».
Бұған қарағанда Берсүгір де өлеңнен қара жаяу болмаған екен-ау деп ойладым. Мына шумақ, егер де сол кісінің өзі болса, қара өлең үлгісінен көрі жазба ақынның туындысына жақын тұр. Осы ойымды айтып:
- Берсүгірдің шығарған бұдан басқа өлеңдері бар ма? Деп тағы сұрадым. - Ол кісінің ақындығы болатын-ды, бірақ,топ алдында айтысқа түспесе керек-ті. - Көбіне, сол немерелеін әлдилеп, еркелетіп отырып, бірер ауыз әлгіндей өлеңдер айтып отырады. Онысын естіген басқалар жаттап алады.
- Білсеңіз тағы айтынызшы!
- Мына бір шумақтары есімде,-деп Құсекең тағы да жатқа соқты.
«Сенің атың білемін Ілиястай,
Саған келіншек әперсім сірә жастай-
Үйлендіріп, еншіңді бөліп берсем,
Кетер ме едің әкеңе қарамастай?
Әлде сері боларсың жорға мінген,
Әлде өлеңші боларсың ән күйлеген
Бақыт, дәулет, абырой әлі алдында
Сонда мені есіңе ал- әлдилеген.»
Мен бұл жолдарды да жазып алдым. - Ілияс екеуміз хатты алғаш Жансүгірден таныдық. Ол өзі Ексебай деген молдадан оқыған екен. Қатал кісі болды. Маман, Тұрысбектер Қарағаш деген жерде мектеп салдырып, оған үлкен шаһарларда оқыған білікті мұғалімдер шақырылған. Жаңадан ашылған мектеп те діни ғана емес жаратылыстану, тарих сияқты сабақтар өтетін, сол сол өңірде өз кендегі ілгершіл бағыт ұстанған оқу орны болады. Орта Азия қалалары мен Сарыарқа жерлерінде сонау Әндіжан, Самарқанд, мынау Қызылжар, Қарқаралы, Қоянды жәрмеңкелері жұмыс істей бастады. Жетісу елінің осы аймақтағы елі сауда саттыққа араласа бастаған-ды. Дүкен ұстау, сауданы жүргізу үшін білім керек, ісін жақсы түсінген байлар мен ауқатты адамдар балаларының есеп-қисапты жетік меңгеріп білімді, сауатты болу керектігін жақсы түсініп еді. Мен осы жайдан хабардар екенімді Құсекеңе білдірдім де: - Ілияс Қарағаш мектебінде оқыған ғой. Қатар жүрген сіз білсеніз керек қой,сол кездері кімдер оқыды, шамасы қай жылдары еді?-деп сұрадым. - Ілияс бір жамағайының үйінде жатып оқыды. Ұмытпасам 1910- 1912 жылдары болса керек. Ал, сол мектепте оқығандардан есімде қалғандары: Кедесов Бейсембек, Мейірман Ермектасов, Әубәкір Мәмбетбаев, Нұрқасым Жетекбаев дегендер болды. Нұрсейіт Жақыпов, Құсмолда Қызықкөзов, Әлсейіт Баграмовтар да сол жылдары оқыды. Осылардың ішінен тәуір оқыған біраз жігіттер Уфадағы медресе – Ғалияға барып түсті, соны тәмамдады.
- Олар кімдер еді? - Олар Меирман Ермектасов, Әубәкір Мәмбетбаев,Бейсенбек Кедесовтар. Бұлар білімдерін көтерген соң ел ішіне өнер – білім тарату жұмысымен айналысты, мектеп аштырып, үлкен азаматтық істерге араласты. Совет үкіметі орнағаннан кейін лекбездерде жұмыс істеді. Әсіресе Меирман Ермектасов халыққа өте белсенді еңбек етті. Ал Кәдесов Бейсембек революциялық іске араласты. Сонысын сезген жуандар оны өлтіргенін де білемін. -Мына деректеріңіз қызық екен, Құсеке. Ал бұл жылдары Ілияс не істеді? Өзінің бір жазбаларында елде аурулы, сырқаулы болдым дейді ғой.
-Революция, азамат соғысы жылдары біздің ауыл Колчактың қол
астында болды, естіген шығарсыз...
-Ол жайды білемін...
1915 -1919 жылдары Ілиястың ауылда болғаны рас. Медресе – Ғалияға оның да барғысы келіп еді, бірақ әкесі Жансүгір ұлықсат етпей қойды.Сонымен ол құмда көшіп жүрген ауылдағы балаларды киіз үйде өзінше оқытып, ұстаздық етті. Өлең жазып жүрді. Бала кезінен өлең – жырға әуес еді, бір естігенін лезде қағып алатын. Кейін әңгімешіл болды.Елдегі болған қызық оқиғаларды мысқылдай әңгімелеп отыратын. Ілияс айтатын әңгімелерден есіңізде қалғандары жоқ па? Бірін айтып бермейсіз бе? – деп жабыса түстім.
Әңгімесі көп қой, қайсы бірін айтайын, - деп Құсекең төмен қарады.
Ең қызық біреуін айтыңызшы.
Қазір, қазір – деп ол кісі ойланып қалды да, сәлден кейін көп әңгіменің біреуіне тоқтап, - е, иа, былай... – деп әңгімені бастап жіберді. Елде бір бай үйіне келген қонақты қондырмай, қайырып жібере береді екен. Себебі, «қонақпыз» деп келген кісілерге байдың қызы:
Келген кісілерге байдың қызы:
Тапса жігіттің бағы болды,
Кеше келіп қонақтар тағы қонды.
Ай топырды күн сайын салмас болар,
Қонақтың бізден кетер шағы болды, - деп өлең айтады.
Осыған ұтымды жауап қатқан кісілер ғанаиқона алады, сөз таба алмай қысылып қалғандары жөніне кетеді. Салт солай.Содан ақын қыздың аты елге тарап кетеді. Күндердің күнінде өзіне сенген бір жігіт қасына жолдастарын ертіп байдың ауылына келіп қыз үйінің сыртынан: -Қонақпыз, - деп үн бергенде, байдың қызы баяғы үйреншікті өлеңін айтады. Сонда ақын қызға жігіт іле жауап қайырып, былай депті:
Ауылыңның қонған жері белесте екен,
Әкеңнің іздегені кеңес пе екен?
Бұл үйге біз де қонақ, қыз да қонақ,
«Екі қонақ бір жатсын» демес пе екен.
Қыз табан астында ұтымды жауап таба алмай қалады да бай шығып қонақтарын үйге кіргізеді. Мал сойып, силап жібереді. Сөйтсе, қыз ақын емес, айтып жүргені әкесінің үйретіп қойған бір ауыз өлеңі екен. Сол өлеңмен қыз жеті жыл бойы үйіне қонақ түсірмей, әкесінің байлығын қорып отырыпты ғой. Әлгі тапқыш ақын жігітке ақырында шапан кигізіп, аттандырып салыпты.
Осы әңгімені айтып Ілияс «халық өлеңді қалай құрметтеген десейші» деп сүйсініп отырушы еді, - деп Құсекең әңгімесін аяқтады. Құсайын Шөкенов «Ілиястың өз аузынан естіп едім» деп біраз әңгімелер айтып берді. Солардың ішінде оның ақындық өнерге қатысы бар – ау дегенім жадыма сақтап, айтыс өлеңдерін Құсекеңнің айтуымен жазып алдым. Соның бірі Боранбектің қызы Әлишамен айтысқаны еді. Айтыстың дәл қай жылы өткенін Құсекең айтып бере алған жоқ. Шамасы 1912- 13 жылдары болса керек дейді.Ілияс онда 18-19 дағы жігіт. Құсекең әңгімелесіп болған соң үйге келіп мен Ілиястың Әлише қызбен айтысын тағы да есіме алдым. Егер де соны әңгіме етіп жазсам қалай шығар еді деймін ішімнен. Жоқ, әңгіме жазу үшін болған оқиғаны баяндау жеткіліксіз, оның түйіні болуы керек қой. Ақыры әңгіменің кілтін таба алмадым, ал Құсекеңнің әңгімелесуіне қарағанда, оқиға былай болған сияқты. Келіншек түскен тойда, ауылдағы өлеңшілер өзара әзіл –қалжың айтып, екі –үш шумақпен қақтығысып қалады. Мұндайда « арқасы» қозып кететін Ілияс домбырамен сызылтып ән салып отырып, Борамбектің бойжетіп отырған Әлиша деген ақын қызымен әуелі сөз таластырады. Қыза –қыза екеуі шынымен айтысқа көшеді. Басқа әзіл –қалжың тоғарылып, жұрт Ілияспен Әлишенің айтысына ден қойып, екеуін де қолдап, қолпаштап отырған топтар дем беріседі. Сыпайы, әзіл айтыс біраз өрбіп барып, ақырында Ілияс қызға екі іштілеу сөз айтады.
Ойды түй, сөзіңді тап ақылдасар,
Құп алып дәл тілікті мақұлдасар.
Осымен қош айтысып тарқасалық,
Өмірге күн туады жақындасар,-дейді.
Қыз тоқтамай іле былайдеп жауап қайтарыпты.
Келерде дәреттеніп жалынып кел,
Мойныңа дұға тұмар тағынып кел.
Қыз әулие болғаны есіңде ме?
Ақ қара бас қой айтып, табынып кел.
Тындап отырған қауым тиісе сөйлеген қызға риза болып, бір дүрілдеп қалды. Жауапқа жауап қайыру парыз, осымен бітірейік дегенге көнбей қыңыр тартқан қыздың бетін қайыру үшін Ілияс мынадай бір шумақты іле айтады.
Арманың, есіл-дертің әулие ме?
Қазақ қызн бермейді әулиеге.
Халқыңнан әулиені тәуір көрсең,
Нарға мін де кете бер әулиеңе!
Бұл кезде Ілиястың жігіттері бір көтеріліп қалады.
Айтыс әрі қарай жалғасып, қай жерден тынарын кім білсін, бірақ дәл осы тұста Әлишенің абыройын сақтағысы келген қыз шешесі: Ілияс шырығым, жамандаспай айтыңдар. Жол сенікі, сен жеңдің,-деп Ілиясқа ризалық білдіріп, айтысты әрі, Созуға тиым салғандай болады. Қарсы жауап айтқысы келген қызына да «тоқтал» деген ишара жасайды. Дәл осы тұста тамақ та дайын болып қалған екен, табақшы
Әбіш деген жігіт:
Тамақ дайын, ыңғайланып отырыңыздар,-дейді.
Дастархан жайыла бастады да айтыстың арқауы үзіледі.
Қызып алған Ілияс өлеңін енді Әбішке арнап:
Ақылды адам сертінен таярма ма еді,
Мақтанып әулие атақ жаяр ма еді?
Өлеңнің енді қызған кезі еді ғой
Ойбай, Әбіш, тамағың даяр ма еді?-дейді. Отырған жұрт риза болып, бір дүрлігіп қалады.
«ӘКЕ МЕН БАЛА»
04.02.62 Асқар Тоқмағамбетов-қазақ совет әдебиетімен бірге жасасып келе жатқан жазушылармыздың бірі. Ол поэзия саласында өндіре жазып та үнін танытқан, сықақ жанрында да өзіндік өрнегі мен айшығын жасап, жасқа үлгі, көпке өнеге көрсеткен ақынымыз. Қазірде пьесадан-кинодраматургияға, әңгіме-очерктен – проза жанрына бет бұрғанын көреміз. Өткен жылы ғана баспадан шыққан «әке мен бала» атты романы соның куәсі. Бұдан, әрине автор кәрі жолдасы- поэзиядан біржола қол үзді деген пікір тумаса керек. Романның бірінші бетінен бастап өлең оқығандай, ештеңе алаңдамай, соңғы бетінен бір-ақ шыққанымызда өзіңіз де байқамай қаласыз. Әлде, көзіміз бұрын қалың-қалың романдарға үйреніп қалғандықтан, мына шағын көлемді шығарманы (200бет) тез-ақ оқып тастадық емес па екен? Жоқ, олай емес. Оның себебі ең алдымен осы шығармадағы сөз болып отырған адам тағдырларының бізді толғантқанынан іздейміз. Жазушы бұл романда 1919-21 жылдардағы қазақ ауылындағы жалшы-батырақ Аманжол мен оның әйелі Қадишаның бақыт жолындағы күресін суреттейді. Бұл біздің халқымыздың өміріндегі өшпес ізі бар кезең. Романның бірінші бөлімінде біз Жалдыбай байдың жылқысын бағып, аймен ғана тілдесіп, желмен ғана мұңдасып күн кешкен, таптық санасы оянбаған Аманжолды көреміз. 1916 жылы солдатқа адам алу науқаны кезінде тізімге іліккен кедейлер бас көтеріп, Құрбан ұстамен бірігеді. Солармен бірге Аманжол да Сейдахан болысқа қару жұмсаушылыардың бірі болады. Оның бер жағында істеген қиянаты оны ашындыра бастайды. Патша құлап, совет үкіметі орнайды. Бірақ, алғашқы жылға аштық, қиындықтар оны есінен танғандай күйге түсіреді. Жайлыбай үйінен қашып келе жатқан оның еруге жарамай, жолда қалған әйелі Қадишаны іздеуге ед мұршасы келмейді. Өмірде не болып, не қойып жатыр, онда да жұмысы жоқ. Аманжол адал, сенгіш, аңғалдығы надандығымен ұштасып жатқан адам. Станция басындағы алаяқ қулар Ташкентегі шайхана иесі, Жорабай байлар адамшылық сезімнен айырылған, баю үшін арынан да, барынан да, құрбан етуге әзір адармар екенін ол өз көзімен көріп жақсы сезінеді. Аманжолдың тағы бір көзі жеткен жайы мынау вокзалда жатқанда оған қызыл компндир Андрей нан,ақша беріп, поезбен Ташкенке апарып тастайды. Ташкентке келіп барарға жер, басарға тау таба алмай отырғанда коммунист Шараф деген өзбек жігіт оның баласын балалар үйіне орналастырып, өзі солдатқа жаздырып, қамқоршылық жасайды. Жылы қабақ, жақсы лебіз, жайдарлы мейірбандықты ол тек сол комунистерден, не соларды жақтаушылардан ғана көреді. Совет өкіметі жұмысшы, кедей шаруалардың өкіметі екенін де ол енді біледі. Ленин есімін де солардан естіп, жүрегінде сақтайды. Өз бақытым үшін деп үлкен өмірге атанған Аманжол енді халық бақыты үшін күрескен ер,азамат дәрежесінде көтеріледі.Сөйтіп ол үлкен өмір жолын кешеді.Аманжолды адамгершілік қасиетін, қуанышы мен күйінішін, сағынышы мен қайғысын, жан толқындарының қат - қабат сырларын жазушы нанымды суреттейді. Сол бір ауыр кезде Аманжол кешкен қиындықты Қадиша да басынан кешеді. Сүйген жардан, бауыр еті – баладан тірідей айрылған ол көзсіз көбелектей, баяғы адасқаннан кейін Арыстанбай мешітіне келеді. «Пәлен жерде әулие бар, қасына барсаң шайтан шығады» дегендей, қожа – молда, ишан-хазыреттердің құдай жолы да қиянаттық қана емес, аюандық озбырлық жасайтын адамдар екеніне көзі анық жетеді. Ала қоржынды ұрладың деп, қара есікке теріс мінгізіп, мұны әлжуа, мазақ етеді. Ел кезіп тентіреп жүргенде Қадиша да жылы қабақты тез өзі сияқты сіңірі шыққан кедейлерден ғана көреді. Кімнің кім екенін оған да өмір сабағы үйретеді. Бір кездегі ер адамның, үлкеннің бетіне ұялып, тура қара алмайтын Қадиша енді тап жауларына қарсы күресте шынығып, өсе бастайды. Осы жолда ол өзі қайғылы қазаға да тап болады. Жазушы Аманжол бейнесі арқылы қала өмірі, соғыс жайын көрсетсе, Қадиша арқылы ауыл тұрмысын, ел жайын бейнелейді. Бүкпесі көп, шытырман кезеңнің әр қилы көріністерін шашыратпай, осы екі кейіпкері арқылы жып – жинақы етіп, және барынша шынайы қалпында суреттеген. Анадан баланың, әйелінің ерінің айырылуының көркемдік шешімін жазушы өте дұрыстаба білген. Аманжол да,Қадиша да романда суреттелген бар болмыстарымен реалистік образ дәрежесіне дараланып көтеріледі. Сонымен бірге осы екі кейіпекрдің өткен өмір соқпақтары арқылы ескі ауылдың арамза молдалары мен ишан, хазіреттері, қазақтың Жайлыбай, өзбектің Жарабай сияқты кессе хан шықпайтын жауыз байлардың бейнесі де бірін бірі қайталай шынайы қалпында берілген. Жазушы бұл кейіпкерлерінің бейнесін сатиралық негізде,әжуа, әшкере ете, масқарасын аша көрсетеді. Сонымен бірге романның тілі кең түрде арнаул сөз етуді керек етеді. А.Тоқмағамбетов тілге шешен, сөзге жетік жазушы. Оның поэзисы сатрасындағы тіл байлығы мына романға келгенде еселей түскен сияқты. Жазушы жағымды кейіпкерлерінің бейнесін жып-жылы, халықтың әзілмен беріп отырса, жағымсыз кейіпкерлерінің іс-әрекеттерінің өткір сатира арқылы береді. Мысалы Шайқының портреті былай суреттеледі: «...мыжырайған мойны қисықтау, танауы танқиған, басқа денесіне қараған бет жаратылысы қызық, сопақ екенін, я ұшбырыш екенін біліп болар емес. Құдды самаурынға түскен кісінің сәулесі сияқты. Қай жағынан қарасаң да сопияды да тұрады» ... «Бәрінен де қарны қызық. Лақаның қарнындай бұлтиып, көлікке мінсе ердің басына асып, өз алдына бір бөлек,өңгерген местей бұлтылдайды да тұрады». Осылайша әр кейіпкерінің сырт мүсіндері де дараланып көрінеді. Шошынған шежіре қайнағаны «ит қуған ешкі көзденіп селтие қалыпты» деп бір ауыз сөзбен бар болмысын береді. Портрет жасауды жазушы дара максат етіп қоймайды, оның кейіпкерінің психологиясына орай, сонымен қабастыра береді. Кейіпкерлердің жан дүниесі, бар болмысы кейде сол сырт мүсіні арқылы да ашылып жатады. Сұлу сүрет, жанды, диалог, драмалық түйін, үйірімді тіл арқылы адам тағдырының оқушы көңілінде ұялап қала береді. Романның эпилогі де тартымды оқиғаға құрылған. Балалар үйінде қалған баяғы титтей Мендіқара сал бойы жоқ болып кеткен-ді. Кейін әке мен бала бір жерде істеп жүріп, бірінің әке, екіншісінің баласы екенін білмей жүреді. Балалар үйінде Мендіқара «миша» атанып, «Аманжол» дегеннің орнына әкесінің аты Аманболов деп жазылып кетеді. Әке мен бала отыз бес жыл өткенде ғана табысады. Эпилог адамдар тағдырынң осындай бір үлкен түйінін шешеді. Аманжолдың бір қасіретіне ортақтасып қоса қайырған оқушы енді мына қуанышына қоса қуанады. Романда «әттеген-ай» деп қалатын жайлар да бар. Құрбан ұста мен Аманжолдардың Сейдахан болысты өлтіруі. Қадишаның ауыл совет мүшелігіне сайлануы тым сараң суреттелгендіктен «қалай оп-оңай бола қалды» деген күдік көңілде тұрады. Осы жерді шамалы аша оүсер ме еді дейміз. Екіншіден, Аманжол жоқшылықтан, аштықтан есінен танып қалғанымен де, сүйген жары Қадишаның өлі-тірісін білмей, артына қарайламай Ташкентте жүре беруі асығыстау шешім болған.Аманжолды асығыс жүргізу керек болса, Жайлыбайдың адамдары мұны қуып келіп (бұл оған қарыздар ғой) қолға түресін болған соң, амалсыз кетсе бір сірә еді. Сондықтан да жолда адасып калған Қадишаға онша алңдамай Ташкетке жүріп кетуі әлі қауіпті жетпеген жай. Мұның себебін нанымды ете түсу керек сияқты. Сонымен бірге М.В.Фрунзенің тапсырмасымен Аманжол Бұхарға барлаушы боп барады. Бұхарға қатер төніп, сапты аяқтың сабына қарауыл қойып тұрған кещде қаланың темір қақпасынан Аманжолдың оп-оңай өтіп кете коюы да жасаңды сезіледі.
«Әке мен бала» адам тағдыры туралы жазылған туынды.
12.03.1962.
Бүгін институт ғылыми кеңесінің мәжілісі өтпек. Қазақ ССР Ғылым академиясының толық мүшелігіне кандидатуралар ұсынылмақшы. Естуім ҚазПИ Жұмалиевті ұсынған екен, кеше КазГУ Е.Ысмаилов пен Б.Кенжебаевты қатар ұсыныпты. Орын біреу, ұсынылып жатқандар үшеу. Институт директоры М.Базарбаевқа келіп, бүгін біздің ғылыми кеңес кімді ұсынбақ, соны сұрадым. -Жоғарғы жақтың ыңғайы бұл орынды Қажым Жұмалтевке десе керек,- деді ол, -Біздің институт та соны қолдауы керек де отыр. Бірақ, байқаймын, жұрт Есмағамбетті де ұсынатын түрі бар. Ол және қызметкеріміз. Базарбаев кеше Ысмаиловқа бұл жолды Қажекене қиясыз ғой деген емеурін жасаған екен ол кісі реніш білдіріпті. Ал Қажекең вице-президент, президентке кіріп шықса керек.
- Біз енді екеуін де ұсынамыз, - деді директор.
Әдебиеттің қазіргі екі үлкен, беделді адамдарын алалау, әрине, орынсыз болар еді, өйткені ұсынылатын адамдар ұсынылып қойды, біздікі тек қолдау ғана. Ғылыми кеңес мәжілісіне тиісті кісілердің барлығы да келді. Сәбит, Ғабит, Ғабидендер кабинетке бірге кірді. Ахмет Жұбанов пен Мәлік Ғабдуллин олардан бұрын келіп іште отыр екен. Мәжіліс басталып, күн тәртібіндегі мәселе аталған соң бірінші сөзді Мәлік алды. Қазақ ССР Ғылым академиясының толық мүшелігіне кандидат етіп ол Қажым Жұмалиевті ұсынды. Қажекең осы академия құрылған 1946 жылы корреспондент – мүше болып сайланған. Еңбектері жеткілікті. Бір-екі кісі Мәлікті қолдап сөйледі. ҚазГу-дың профессоры Бейсенбай Кенжебаев жалғыз келіп еді, өзі де ұсынылып отырып, бүгінгі мәжіліске қатысуы артық сияқты көрінген.
26.09.196 Ерден жақында төртке толады. Тілі қызық, мен оның сөздерін блокнотыма жазып жүрмін. Жақында айтқан сөздері мынау еді.
1.
Ерден он төрттен туған айды көріп: -Папа, папа, айды қара, табақтай дөп–дөңгелек, - деп қызыға қарағаны бар еді. Біраз күндер өтті. Бір күні кешке далаға шықсақ айдың бес алты жаңасы болған екен, орақша иіліп, қиықтанып қалыпты. Оны байқаған Ерден:
- Папа, папа, ананы қара, айды біреу сындырып кетіпті, - деді мұңайып.
2.
Бірде мен оған:
-Қалтаңдағы орамалың қайда? Неге жоғалттың? – деп едім, ол:
- Мен жоғалтқаным жоқ, - деп жауап қатты.
-Енді кім жоғалтты?
- Өзі жоғалды.
3.
Ерден атасының үйінен шыққанда, жаңа ғана қызарып туып келе жатқан айды көрді.
-Айды қара, папа, қып–қызыл, - деп таң қалды.
Автобусқа көтеріліп қалған еді. Енді ай бағанағыдай қызыл емес, жарқырап тұрды. Оны көреген Ерден: -Папа, атамдардың айынан біздің айымыз жақсы емес пе, қараңызшы, жап–жарық, - деп қуанды.
4.
-Папа, менің көзім үлкен бе?
-Жоқ балам. Сенің көзің де мына біздің көзіміз сияқты кішкентай.
- Онда мына үлкен үйлердің бәрі менің көзіме қалай сыйып тұр?
5.
Ерден кеше аулада көршінің қызы Раушанмен бірге ойнап жүрді. Ойынның қызығын байқамай,басқа көшеге өтіп кетіпті.Зура екеуміз жүгіріп, әрең тауып алдық. -Екінші рет сұраусыз кім көрінгенге еріп кете беретін болсаң, сені далаға жібермей қоямыз, - дедік.
Бүгін ол қорада жалғыз ойнап жүрді. Көшенің арғы бетінде тұрған Раушан:
- Ерден! – деп дауыстап еді, Ерден:
- Раушан, Раушан! Сен маған жақындама, мені тағы да кешегідей жоғалтып қоясың, - деп айқайлап жатты.
6.
Әсет деген баланың Ерденнен екі жас үлкендігі бар еді.Екеуі ойнап жүргенде Әсет даладан бір ойыншық машина тауып алды. Ерден жармасып еді, Әсет үлкендігін білдіріп, машинаны бермей қойды. Әлі жетпейтінін білді де Ерден:
- Тауып алған ойыншықпен әуелі үлкен бала ойнайды, содан соң «мә, енді сен ойнай ғой» деп кіші балаға береді. Жақсы бала сөйтеді, ә? – деді. Бұл менің өзіне Исатаймен ойыншыққа таласқанда айтатын сөзім еді. Күліп жібердім.
7.
Күн батып бара жатты. Қорада ойнап жүрген Ерденді үйге шақырдым. Әлі де ойнағысы келіп ол жалына түсті. Күннің батып кеткенін ескертіп, ойнауға ұлықсат етпедім.
- Ана балалар жүр ғой, әлі, - деді ол.
- Олар үлкен балалар.
Үйге кіргеннен соң біраздан кейін Ерден:
-Папа, Исатай үлкен бе, мен үлкенмін бе? –деп сұрады.Ойымда ештеңе жоқ:
-Сен төртке шығасың, Исатай әлі екіде. Сен үлкенсің, - деп едім: -Мен үлкен болсам ендеше далада ойнауға неге жібермедің? –деп сөзден ұстап алды.
16.02.1963 Бөлім мәжілісінде қазақ әдебиеті тарихы үшін жазылған қолжазбалар талқыланды. Әбділда Тәжібаев бар тарауды оқып, өз пікірін бүркемей ашық айтатын. Әсіресе қызықтыратыны досына да, жаратпайтын кірісіне де әділ болуға тырысатын. Бүгін де ол кісі сондай жақсы әсер қалдырды.Қызына сөйледі. -Әбекең үйірге түсетін айғыр сияқты, екпінді. Ол кісі сөйлегенде өзім рахаттанып отырамын, - деп қойды Тұрсынбек. Мәжіліс аяқталып, жәй қарабайыр әңгімеге көшкенде Әбекең өзінің басынан кешкен жайларын, көрген–білгендерін қызықты етіп әңгімеледі. -Ана жылы ауылға бардым, - деп бастады ол әңгімесін. Әуелі күліп алды, - мал сойып жұрт бар құрметін жасап жатты. Байқаймын ауыл адамдары әлі жерге отырады. Кейін келген кісіге төрге шық десек, аяғының шаңымен дастарханды басып төрге аттайды. Тамақ алдында қол жуса жәй ғана шая салады. Сондай еріншек. Еріншектігі соншама, тіпті «біссімілла» деген сөзді де толық айтпай «біс-с» деп аяғын жұтып қояды. Бір ұста шал бар еді, қолына қарасам күсі бір елі екен. «Ақсақал, халыққа, жұртқа өмір бойы еңбек етсеңіз де өзіңізге бір де жаныңыз ашымапты-ау, - дедім. – Мына қолыңызды қараңызшы, жарылып кеткен. Сабындап неге жумайсыз?» «Ой, шырағым, ыстық – суықтан жарылған ғой. Кетпейді» дей салды. «О, неге кетпесін, келіңізші мен кетіріп берейін» деп шалды сыртқа алып шығып, самаурынның ыстық суын шәйнекке құйғызып, иіс сабынды алып ысқылап өзім жуып бердім. Жарты сағаттай жуған шығармын–ау, күсі азайып, бір жуғанның өзінде қолы ағарып шыға келді. Оны көрген жас механизаторлар «ойбай, Әбекең қолымызға кінә тағар» деп екінші самаурынның суы таусылғанша май жұққан қолдарын жуды. Сөйтіп шөлдеп отырған жұрт шәйсіз қалды. Сол шал әлі күнге дейін «ана менің қолымды тазартып берген бала аман ба?» деп сұрап тұратын көрінеді әлі.
18.02.1963 Кеше Рахманқұл екеуміз келіп, Әбекеңе жол болсын айттық.ҚазақССР Жоғарғы Советінің депутаттығына ұсынылған Әбекең кешке Қызылордаға жүрмекші еді. Әбекеңнің творчествосы туралы зерттеу еңбек жазсам ба деген ойым бар,әңгіменің бір орайында ол кісіге өтініш жасадым. -Әбеке, сіздің туған үйіңіз әлі бұзылмай тұрған көрінеді, соны сыртынан суретке түсіртіп ала келесізбе?
Маған қажеті бар еді. - Бар, - деді ол кісі, -Мальков көшесінде. Әкем ертеде Балтабаев деген қазақтың миллионеріне әуелі ат айдаушы, кейін приказщик болған. Өзі пысық болса керек, әлгі көшенің бойынан үй салыпты. Әкем 1915 жылы өлді, мен онда алты жаста едім. Ал үй әлі тұр. Сонау алыста қалған балалық шағын есіне алып Әбекең ұзақ әңгімеге түсіп кетті. -Осы Қызылордада 1921 жылы мен обаны көрдім. Оба деген өрт сияқты болады екен. Есікті құлыптап апам мені далаға жібермеді. Ал мен терезеден шығып қашып кете беремін. Ұстап алып құдықтың мұздай суын үстіме құйяды. Әуелі жиырма шелек, кейін он бес шелек құйды.Суық судан бойым тітіркеніп, далаға шықпайтын болдым, - деп бір қойды. –Микроб түспесін деп ауыздарын ақ шүберекпен орап, қолдарына қолғап киген адамдар ауырып өлгендердің денесін зембілге салып, арбаға тигендердің көргенін айтқанда, аза бойым тік тұрды. Иә, ел басынан не бір қиын кезеңдер өткен ғой. Біз де, біздің балаларымыз да бақытты ғой!
06.06.1963 Ерден төртті толтырып, беске қарай қадам басты. Тілі әлі қызық. Ал үшке қадам басқан Исатайдың тілінде ананікіндей тапқырлық жоқ. Қыста Ерден мен Исатайды алып атасының үйіне бара жаттық.Олардың үйі автобус аялдамасынан кейін он – он бес минуттық жол еді.
-Папа, атамдардыкіне немен барамыз? – деп сұрады Ерден үйден шығысымен.
- Автобуспен барамыз, - дедім.
-Таксимен барайық, - деді Ерден, - Автобус атам үйін таба алмайды. Ал такси тұп–тура тауып барады. ***
Ерден балды жақсы көреді. Бір күні бал жеп отырып:
-Папа, балды неден істейді? Деп сұрады.
-Балды аралар өздеріне тамақ үшін жинайды, - деп қалай жинайтынын айтып бердім. Соны ұмытпаса керек-ті. Түсте үйге келсем Ерден үй ішінің астан–кестеңін шығарыпты. Терезені шүберекпен сабалап жүр. Сөйтсем, үйге кіріп кеткен араны ұстап алғысы келіп жүр екен.
-Балконның есігін ашып, араны сыртқа шығарып жібергенімде:
- Қап, - деп өкінді ол, - неге шығарып жібердіңіз? Ол ара еді ғой.
-Ара болса қайтеміз? – дедім мен.
-Балын алайын деп едім, - деді ол шынымен қынжылып.
*** Ерден екеуміз Әзілханның үйіне келдік. Үйінде елден келген қонағы бар екен, Ерденнің тілін қызық көріп сөйлете берді. Ол оған «сен» деп сөйлеп отыр. Қонақ кісі:
- Әй, Ерден «сен» дей бермей «сіз» деп айт, - дегенде ол:
- «Сіз» деген кім? – деп сұрады.
- «Сіз»дегене ол мен.
- Жоқ, сен «Сіз» емессің, ағасың, - деді.
21.08.63 Жақында Қазақстан Жазушылар одағының пленумы өтті. Мәжілісті әуелі Ғабиден Мұстафин, кейін Тахауи Ахтанов басқарды. Сөйлеген кісілердің барлығы да кезек тиетінін күні бұрын білген сияқты, сөздерін күнілгері жазып келіп сөйледі. Неге екені белгісіз, сөйлеушілердің біразы Әбділда Тәжібаевқа шүйілді. Жалпы жазушылар одағында онша жағдай мәз емес–ті, ашық болмаса да астыратын топ құрып өздерінше алдарына қойған мақсаттарына жету үшін әрекет жасайды. Талас көбіне «Қазақ әдебиеті» газетінің Жазушылар одағының баспа орындарының басшылығына өз адамдарын қою үшін жүретін сияқты. Бұл бір бүгін емес, көптен бері сезіліп, жіңішке аурудай қалмай келе жатқан дерт. «Әбілда соңғы кезде үш кітап шығарды, ақшасы көп» дегенді Ислам Жарылғапов мін ретінде айтты. Ислам жалпы маған ұнамайтын еді. Орысша, қазақша бірдей жүйрік, әрі шешен, білімді. Біраз жауапты қызметтерде жүрді. Оның бүркемей айтып тастайтын ерлігі де бар. Басында ылғи да жақсы ойлар жүреді, онеы ұсыныс ретінде айтады. Алайда, ол кісінің дарыны тілге шығып, істе көрінбей кеткен дейді. Рас та шығар ептеп аударма жасағаны болмаса, тындырған іргелі жұмысын көргенім жоқ. Өзі жұрттан қарыз ақша алып, онысы қазір 40 мың сомға жетіп қалса керек–ті. Ақшасын сұрағандарға ол: - Сендер қызықсыңдар, қарызыңды төлеймін деп мен өлуім керек па зарығып, онсызда денсаулығым бұзылып жүр, - дейтін көрінеді. Мұны жұрт айтып жүр, ал ол Әбілда Тәжібаевтың ақшасын көптігін сөз еткен кезде, менің есіме әлгі жәй түсті. Қызғана ма екен, жолың болмаса, басқа бір есеп барма? Әйтпесе, бұл оның айтатын сөзі емес еді ғой, деймін ішімнен.
- Хамит Ерғалиев Әбекеңе қатты тиісті.
Енді бір жас жазушы – әдебиетші жігіт шіреніп «Мен Әбекеңді бұрын аяушы едім (оның аяушылығын біреу керек етіп тұрғандай), культтің кезінде көп сыналды. Бірақ, қазір аяуға болмайды, ол қазір топ жинап, интрига туғызып жүр одақта» деді.
Мәжілістің соңғы кезінде Әбекең сөйледі. Сыпайлап тұрып қатты айтты. - Жолдастар, әрқайсымыздың ішімізде қызғаныш деген ит жатыр, анаған үріп қал, мыныған қауып қал демей, іштегі сол итіміздің тізгінін қысқартуға ұстағанымыз ақыл болар еді, - деген сөзі жұрттың құлағында қалды. Неге бұлай болып кетті ағайындардың арасы деп, сол ортада жүрген бір жігіттен сұрап едім. - Ғабиден Мұстафин жақында орнынан түседі, - деді ол, - оның орнына Тәжібаев баруы мүмкін деген қауесет бар. Міне, Әбекеңді болдырмау керек деп алдын ала жасалып жатқан әрекет бұл.
06.06.1963 Ерден төртті толтырып, беске қарай қадам басты. Тілі әлі қызық. Ал үшке қадам басқан Исатайдың тілінде ананікіндей тапқырлық жоқ.
Әдебиетіміздің тамаша дәстүрі
21.08.63
Әдебиет пен өнердің ең асыл қоғамдық міндеті – коммунистік құрылыста жаңа табыстарға жету жолындағы күреске үндеу, соған ынталандыру, жаңа адамды тәрбиелеу екенін Н.С.Хрущев жолдас үнемі ескертіп келеді. Әдебиет пен өнер адам жанының терң сырларын аша отырып, оның рухани бейнесін қалыптастыруда ерекше рол атқарады.Бұл ретте көркем творчествосының мазмұны мен түрінің бірлікте болуының аса зор идиологиялық саяси маңызы бар екені КПСС Орталық Комитетінің июнь Пленумында да ерекше атап көрсетілді. Камунизм құрылысшыларын, яғни жаңа адамды тәрбиелеу совет әдебиетінің басты міндеті болып отырғанда жазушыларға қойылатын талап та ерекше жауапты екені белгілі. Бұл әрбір жазушы позициясының азаматтық беріктігін, коммунистік мұраттарын баянды ету үшін бар күшпен жігерді сарқа пайдаланцды, өмір шындығын коммунистік дүние тану тұрғысынан көркемді оброз арқылы бере білді, яғни көркем творчествосындағы мазмұн мен түрдің бірлікте болуын қажет етеді. Социалистік реализм әдісімен дамыған совет әдебиетіне формализм, абстракционизм, натурализм дегендердің қай қайсы болсын жат. Өткені олар бір бірі мен онша жырықтамай, іштей астасып келіп, бүгінгі өмір шындығын бір ғана жағынан көрсетіп бұрмалауға алып барады. Сөйтіп, совет әдебиетінің партиялық, халықтық поэициясына көлеңке түсіреді және бұлардың қай–қайсы жүрген жерде мазмұн жұтаңдығы болмай қалмайды. Комунистік партия бұлардың қай түріне болсын әрдайым қарсы күрес жүргізіп келеді, алдағы уақытта да жүргізе береді. Қазақ совет әдебиеті басқа туысқан халықтар әдебиеті сияқты өсу жолвнда келе жатыр оны біз әдеби жанрлардың дамуынан, тақырып шеңбері кеңеуінен, шеберліктің ұштала түсуімен айқын көреміз. Алайда, биік талаптар тұрғысынан қарағанда, кейде ескі сүрлеуді қайта шарлау, бір орнында тоқыраушылық, жалпы өсу қарқынның шабандылығы барының жасыруға болмайды. Мұның толып жатқан себептері бар. Оның басты себебтерінің бірі – мазмұн мен түрдің әр кезде диолектикалық бірлік тауып кете алмауына байланысты. Жаңа заман, жаңа мазмұнды тудырады. Ол өзіне лайықты жаңа түр арқылы жүзеге асқанда ғана әсерлі, қуатты болмақ. Бірақ осындай түр іздеушілікті арзан ойлап, оңай шешім тапқысы келгендер, әсіресе, кейінгі жылдары кейбір жағдайда сезіле бастайды. Олардың көбі – ақ жаңа түрді өлеңнің « тихникалық» жайларынан ғана іздестіреді. Жаңа заман поэзиясына жаңа екпін, жаңа ырғақ, жаңа ұйқас, жаңа динамика әкеледі. Сондай – ақ, бейнелеу құралдарында да жаңалық жоқ емес. Бірақ –әлі де қарадүрсінділік көбірек бой көрсетіп жүр. Көп жағдайларда бұрынғы атылғандардан асып кете алмаушылық сезіледі. Кейбір ақындар жаңа заманда, космос заманда жаңаша жазамыз дейді. Сонда да жаңа заманның бейнесіне теңеу боларлық не табылды десек, амал не желке қасуға тура келеді. Бір кездерде халық ескі заманды «Заман өтіп барады желдей есіп» деп ізсіз өткен желге теңеп еді. Ұлы Октябрь революциясының тарихи теңісінен кейін халық жүрегіне ұлы ояну салған заманды С.Сейфуллин асау тұлпарға теңеген–ді. Тіпті, заманның ұлы қарқынына ол да теңеу бола алмады.Ақын ақырында экспресті тапты. Қазір, міне 60-шы жыл, космос дәуірі туды. Космосқа ұшқан корабльдерді біздің кейбір ақындарымыз қыран құсқа теңеуден артық ештеңе таба алмай келеді? Қыран құс өз орнынан тапқан жерде әлі де теңеу, метофора ретінде қолданыла беретіне сөз жоқ. Бірақ онымен ұзап кете алмаймыз. Әрине, жақсы, тыңды теңеу, метофора бүгін табылмаса ертең табылар, бірақ мәселе тек онда ғана емес. Мәселе тіпті жаңа ырғақ, не ұқсаста ғана емес. Жаңа түр дегенде көркем түрдің толып жатқан компенеттерінің өзара берік тұтастық тауып, жаңа ойды әсерлі түрде жеткізіп бере білуді айтамыз. Көркем түрдің бірі дәл табылса да мазмұны ақтап жатқан жерде түк тұнық бола алмайды. Осы іздену жолында соңғы кезде, әсіресе, бірең- сараң жастар творчествосында ұшырса бастаған кемшіліктер жөнінде республикалық баспасөз беттерінде дер кезінде әділ сындар айтылды. Алайда, мұнан кейінде «Әлгі бір әншейін дақпырт, оқыс, жау шаптылар» деп сын айтқандарға айдар тағып, «оқылық болса, бола берсін оқа емес, тек құбыжық- формазелизім болмаса болғаны» деушілер де болды. Бұл арада мынаны ескерту керек, егер кезінде тойтарыс берілмесе көркем творчествосындағы қандай бір ауытқулық болсын, сыздақтап келіп, ақыры бір «изімге» жанаспай кетпейтіні даусыз. Сондықтанда ауытқушылық атаулының ала- құласы жоқ. Ол бүгінгі – талғам тұрғысынан сыналуы тиіс. Бейнелеу тәсілінің бұрыннан түрлері көп. Бірақ, оның барлығын бірдей жарамды деуге болмайды. Олардың ішінде бізге керегі қазіргі адамның рухани жанын мол аша алатын түрі. Өмір баяуы, өмір үні, өмір тілі сан- алуан. Соны көріп, танып, әсерлі үн, әдемі баяу тартымды тілмен бере білу басты шарт. Сайып келгенде, шын жаңалық тудыру дегеніміз мазмұн мен түрдің бірлік таба білуі деген сөз. Социалистік реализм әдісі формализмді емес, сонымен бірге өмірді натуралистік тұрғыдан көрсетуді де мансұқ етеді. Өткені, натурализіміз өмір шындығының ең маңызды, басты құбылыстарын барынша дамытып, өрістетуге мүмкіндік бермейді. Ол өмірдің типтік құбылысынан гөрі оның кездейсоқ жайларына көбірек бой ұрады. Қазақ әдебиетінде натурализмнің кейбір элементтерінен арыла алмай келе жатқан шығармалар күні бүгінге дейін ұшырайды. Кейіпкер характерін өмір кездесетін әрқилы қиындықты жеңу үстінде көрсету ниетімен кейде сол өмірдің көлеңкелі жағын баса суреттейтін жай Р.Райымқұловтың «Түйелі адам» повесінде елес беріп еді. Осы тенденция Ә.Нұрпейсовқа «Қан мен тер» романында байқалады. Әрине, ескі өмірдің бар қиыншылығын, ауыртпалығын, адамдардың шеккен азабын көрсету керек. Алайда социалистік реализмнің қуаттаушы шабытын ұмытуға болмайды. Бұл сол езілген, қаналған адамдардың ауыл халін көрсету ғана емес, соған мойымаған, азап шексе де адамдық қалпын, жарқын оптимизмін берік сақтай білген адамдардың жүрек дүрсілін білу деген сөз. Алайда кейбір жазушылар осы қажетті қағажу қалдырады да ескі өмірді сұрықсыз, ұсқынсыз етсем қателеспеспін деген оймен халық тіршілігін, адам болмысын бір сыдырғы қара бояумен бояй береді. Халықтың өткен өмірін көрсеткенде оның бар қиындығымен қатар, халық ішінде бүгін болмаса ертең атылайын деп тұрған жанар таудың магмалары жатқанын, соның жарық сәулесін көре біліп, соны бере білуде көркем сөз зергері М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының тамаша үлгісінен бұл жөнінде үйренетін жайлар көп –ақ. Қандай болсын өмір шындығы жаңа өмірді, жаңа көз қарасты, жаңа қарым-қатынасты орнықтыру тұрғысынан бейнеленетінін әр кез ұмытпауымыз керек. Партия әдебиеті, өнерді «тек өмірді танудың маңызды құралы ғана деп қарап отырған жоқ, сонымен бірге оны қайта құрудың факторы, бізге жат буржуазиялық идиологияға қарсы күрестің өткір құралы» деп қарайтыны әсте естен шықпауы тиіс. Түр қуалаған, немесе кездейсоқ құбылысты көрсететін, бүгінгі адамды тәрбиелеуге нақтылығы аз шығармалардың ешқандай тәрбиелік маңызы жоқ.Керісінше онжай ондай шығармалар жастарға теріс бағыт беруге себепкер болады.Сондықтан өмірдің ең жетекші жайлары мен құбылыстарын сөз ететін, ірі сом тұлғалар жасаған, типтік характерлерді қырлап шығарған шығармалар керек. Әдетте белгілі бір шығарманы мақтағанда «жазушы творчествосындағы жетістік», «ілгері басқандық» дегенді жиі естейміз. «Бұл жазушының жаңа табысы» деген қоса айтылады. Әрбір шығарма тек осы жағынан ғана емес, ең алдымен бүгінгі қазақ әдебиеті, тіпті одақ әдебиетіміздің биік кемшілік мазмұн мен түрдің бірлік таба алмауынан екені даусыз. Қайсы бірінің тақырыбы майда, айтайын деген ойы таза,қайсы бірінің тақырыбы актуалды болғанымен, көркемдік шеберлігі жетіспейді. Осыдан келіп құба төбел, кейде сүреңсіз шығармалар туады. Әдеби түрдің бір қыры – көркем образ. Мазмұнды айқындайтын түр өмір шындығын, дәуір тынысын, ертеңгі күннің тілегін сол көркем образ арқылы типтендіріп береді. Ең алдымен жазушы өзі өмір өшіріп отырған дәуірін жақсы түсіне білуі шарт.Өмірдегі кездейсоқ емес, жетекші жайларды, қоғамды ілгері бастырушы, қозғаушы күштерді жақсы тану, сөйтіп адамның (нақты образдың) жаңа сырын аша білу қажет. Дәуір адамның өзін сомдап, шыңдап келеді. Бүгінгі адамның характері де іріленіп барады. Міне, осыдан нақтылы образдар арқылы замананың философиялық мазмұнын жинақтай түйіп айтып беру шарты қойылады. Шарт та, міндет те көп және олардың қай – қайсысы болсын аса жауапты. Соған орай оны жүзеге асыру да оңай емес. Қазақ әдебиетінде соңғы оны жүзеге асыру да оңай емес.Қазақ әдебиетінде соңғы жылдары үлкен интеллект иесі боларлық, мынау біздің заманға лайық адамның бейнесі дерлік образ көрінбей келеді. Ең жағымды бейне дегеніміздің өзі жоғары да айтқанымыздай әлі өз дәрежесінде бола алмай жүр. Қазір ғылымның жетіліп, техниканың өсуіне байланысты уақыт ритімі жылдамдады. Ендеше көркем шығарма да бұрынғыдай болмауы керек,уақыт ритіміне сай жинақы, ықшамды болуы керек деген пікірлері жиі айтылып жүр. Бірақ осыны осыны үстірт ұғушыларда жоқ емес. Түрдің жинақы, ықшамдылығы көркем шығарманың көлеміне, сөйлемнің қысқалығына, өлен буындарының сан аздығына, не көптігіне байланысты деп қарау әрине дұрыстыққа жатпайды. Уақыт ритіміне орай жазушы ойының ұшқыр, терең маңызды, көркем бейнелеуді дәл болуы заңды нәрсе. Алайда, біздің көптеген поэмалар мен, прозалық шығармаларыңызда осы жетіңкіремейді. Оларда көп сөзділік үстірттік басын романдара тұрмыстың майда-шүйде детальдарін егжей-текжейіне шейін қазбалап айта берушілік бар. Мұны К.Оразалиннің «Ақ жазық», З.Шашкиннің «Доктор Дарханов» романдарынан молырақ кездестіреміз. Марксизм-ленинизм ілімі мазмұн мен түрді диалектикалық бірлікте қараумен бірге, мазмұнға қарағанда түрдің әлдеқайда тұрақты болатынын да теориалық жағынан дәлелдеп берді. Жаңа мазмұн жаңа түрді қажет етеді. Ал, жаңа түр бірден туа қоймайды. Сондықтанда жаңа мазмұны бұрыңғы түрлер арқылы көрініп отырады, осы кезде бұл екеуінің арасында кейбір алшақтықатр да болуы ықтимал. Ескі түр жаңа мазмұнды толық, айқын жеткізе алса, онын күшін, қуатын кемітеді. Сондықтан да көркем формадағы дамудың керектігін көркемдіктін өзі қажет етеді. Әйсе де жаңа түр аспаннан түспейді. Оны тудыратын қоғаидық өмір, оны жасайтын жазушы. Әдебиеттегі ғасырлар бойы қалыптасқан, шындалған әдеби озық дәстүрді пайдалана отырып, оны мансұқ етпеймен бірге, дәстүр шеңберінде қалып қоюға да жазушының қақысы жоқ. Онда өсу, даму болмас еді. Озық дәстүр- дамудың кепілі. Өскеннін айғағы болатын түрдің жаңа көріністері сөз жоқ, бұрыңғы бар дәстүрден артық, озық болуы шарт. Классиктердін бір ерекшелігі- олар заман талап еткен үлкен мәселелрді көтере білген. Олардан осыны үйрену керек, табиғилықты, далалықты, айқындылықты, ықшам-жинақылықты үйрену керек. Сонымен бірге бүгінгі дүние жүзі әдебиетіндегі озық тенденцияларды білмей, үлкен жаңалық тудыру қиын. Дүниежүзілік әдебиетке зор үлес қолқас жазушылардың өз атымен шығармалардың атын ғана біліп, оны кез- келген жерде орынды- орынсыз тізіп жаза беру- білу емес. Өткеннен де, бүгіннен де үйрену қажеті- күн тәртібінен түспейтін мәселе. Мұның барлығы да мазмұн мен түрдің бірлікте болуы үшін қажет. мазмұн мен түрдің бірліте болуы- біздің социалисттік әдебиетіміздің тамаша дәстүрі.
22.10.63 Институ ішіде онша жақсы емес. Беделді адамдардың біразы директормен қырғи-қабақтау жүр. Е.Ысмайлов, А.Жұбанов, Ә.Тәжібаевтар оған онша жоламай, бір шаруасын директордың орынбасары О.Нұрмағамбетова арқылы шешеді. Бұл жас директордың қытығына тиетін сияқты. Осы өткен қыста І.Жансүгіров тұралы монографиямды аяқтап ақыннң келесі жылы 70 жылдығына бастырсамба деймін. Жұмыс басты болып, күнделік жазуға да қол тимей кетті. Бүгін естідім, Әбекең мен директор екеуі сөзге де келіп қалған сияқты. Оның себебі де жоқ емес еді. Инститтің қол жазба бөлімінің меңгерушілік орыны біраздан бері бос тұр. Сол орынға Е.Ысмайлов Әбекеңді ұсыныпты. Мүсілім алғашында қарсы болмаған сияқты. Осы екі ортада директор Москваға бір айға командировкаға кетеді. Есахан директордың орынбасары мен сөйлестім, Әбекеңді сол бөлімге меңгерушілікке келісімін сұрап, өзі қарсы болмаған соң президиумға хат жазады Хат жазар алдында Москвада жүрген директормен жүрген Оразкүл телефон арқылы хабарласып, келісімін алған екен. Бұл кезде академиктікке өткен М.Сильченко қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик- секретарі болып бекіген еді. Ол, онша ықыласты емес екен. Сомен хат жазылып, ұсынылатын болып келісімін берген Әбекен, мәселенін сиыр құйышақтанып бара жатқаннан намысы келді. Москвадан келген соң директор бұрыңғыдай емес, «қоя тұрыңыздар» деп Есахан мен Оразкүлге онша рай бермегенін де естіген. Сөйтіп жүргенде ол бөлімге ЖенПидің доценті, кафедра меңгерушісі Заки Ахметов келетін болыпты деген сөз шықты. Заки білімді, алғыр жігіт. Бұрында жарты ставкамен осы институтта істеп келген. Кейінгі кезде қол үзгендей жайы бар. Жалпы она Мүсулім институтқа жақындата бергісі келмиттінін сезетінмін-ді. Әрі жас, әрі білімді жігіттін көзге сүйел болмай, алыста, сыртта жүргені шынында да ол үшін тиімді ғой. Енді сол жігіттін институтқа бөлім меңгушісі болып келуіне директордың қалай көнгені мені таңғалдырды. Әлде, жоғары жақтан ұсыныс болды ма екен? Өзінен биік тұрғындардың дұрыс айтса да, бұрыс айтса да сөзін еке төге өсетін жігіт көп бара бермесе керек-ті.
Осы жақында М.Сильченко Әбекеңе: -Сізді ұсынуын ұсындық, бірақ, соңымыздан ештене шықпаса, сіз ренжімейсізбе? – депті. -Неге ренжимін, -Әбекең түйіле айтқан, - бөлім басқару мен үшін мақсат емес, бірақ қақпаққұл етемін дегендеріңізе көнбеймін...
Осындай әңгіме Әбекең мен Мүсілімнің арасында да болыпты. Ақырында: -Қой шырағым, менің сенімен сөзім біткен,- деп жас бастығыны айтайые дегенін аяғына дейін тындамай тұрып кетіп қалады. Осы оқиғадан кейін Әбекең Есаханға «осы орынға мені ұсынып жүргн сенсің, басымды неге әуреге салдың?» деп ренжіді. Іс шулыға берді. Былтырғы академиктікке сайлау кезінде араларды ашыла бастаған ағайындар мына шаруадан кейін тіпті суысып бара жатқаны сезіледі. Бүгін естідім, ана бөлімді Әбекеңе де, Зәкегеде қимай, ақырында фольклорға қосатын болыпты. «Қызғанғаннын қызыл итке жем болсын» деген осы болғаны да!
КҮЛӘЙДІҢ ҚЫҒАНЫШЫ
(әзіл-этюд)
22.10.63
Ахметжан креслода газет оқып отыр. Телефон шылдырлайды. Ахметжан құлағын тосады. Кір үтектеп тұрған әйелі оны сөзіне құлағын тоса қояды.
Ахметжан: Алло, ия мен, қазір (ойланып) «кім менің әкем?»
Күләй: (өзіне) Бұл кім болды екен бірден әкесін тегеп жатқан?
Ахметжан: - «Абай».
Күләй: (Ахметжанға) тек, Абай несі!? Жасырмай-ақ өз әкеңнін атын айтайсынба?
Ахметжан: (трубкаға) «Біздің Ғани», «Сәуле» - «Бір семья».
Күләй: (өзіне) Не дейді? Олар қашаннан бері бір семья еді?
Ахметжан: (трубкаға) – «Достық пен махаббат», «Қаракөз», «Майра», «Аякөз ару», «Ақбөпе», « Бей, қыздар-ай», (Күләйға қарап, басын шайқап күрсінеді) «Армандастар», «Көңілдестері»... Күләй: (тістеніп) - О, қыздарда басын қалғыр. Арманшылың мұның. Қыздар сенің не теңің?! Ахметжан:( трубкаға)- «Той боларда», «құдағи келіпті» (пауза), «Жомарттың кілемі» бар.
Күләй: -Құдағи...кілем-сілем... Еркек басыңмен өсек айтуға ұялсайшы. Ахметжан: (әйеліне қолын сермеп) «Рабиға», «қара көз қарындасым», «Аңсаған менің әнімсің», «Менің махаббатым», «Мөлдір махаббат», «Егер жүрек шын берілсе», «Сен қайтер едін?» Күләй:- (кенет ашу қысып, телефон рычагын басып қалады) – тоқта-ей, не деп танытып тұрсын? Менің көзімді бақырайтып қойып, кімге өңешең құрып, үздігіп бара жатсың?
Ахметжан: -Апырмай, Күләй –ай, жоқ жерден секем алатының, осы сенің. Күләй: -Қарашы монтанси қалғанын. Неғылған махаббат жеті түнде өртеп бара жатқан сені?
Ахметжан: -Күләй-ау, қайдағы махаббатты айтып тұрсың?
Күлай:(тістеніп)- Қайдағы махаббат? Рабиғаға деген махабатыңды айтып тұрмын да, маған емес, әрине.
Ахметжан: -Рабиғаң кім жарқыным?
Күлай(кекеп) –Рабиғаң кім? Жаңағы аңсаған әнің, мөлдір махаббатым деп тұрған қаракөз қарыңдасың... Ахметжан (қарқылдай күледі) -Ойбо–ой, сен шатасып кеттің. Менің сөйлескенім Бағыбек қой. Ол соңғы жылдары ТЮ3 бен драмалық театрда қойылған пьесалардың атын сұрады. Мен соларды атадым оған.
Күлай: - Соқ өтірікті! Мұндағы жұртты кеще көресің ғой тегі... Ахметжан(телефон номерін беріп)- Алло, Бағыбек! Ой сенің мақалаң бар болсын, менің басымды бәлеге қалдырдың ғой. Мә, түсіндір мына Күлайға. (Трубканы береді). Күләй: - Сөйлеспеймін, керегі жоқ. Сен екеуіңнің ым–жымдарың бір екенін мен білмейді ғой дейсің бе? (телефон трубкасын орнына қояды). Ахметжан: -Қап мына қырсықты–ай! (кітап сөресінен кітап алып, беттерін парақтайды). Бері кел, міне, оқы! «Кім менің әкем» А.Әбішевтікі. «Абай» Мұхтар Әуезовтыкі. «Біздің Ғани» Шахмет Құсаиыновтікі. «Рабиға» да сол кісінікі, міне оқы. «Майра» - А.Тәжібаевтікі. «Беу, қыздар–ай» Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтікі. Енді сендің бе. Жақ әрі қарай оқи берейін бе? (Күләй есікті тарс жауып, шығып кетеді).
Диалог
- Оның пьесасы қойылған күні театрға он-ақ адам келіпті.
- Мүмкін, он адам келген күні әдейі соның пьесасын қойған болар?
05.11.63
Келемін деп әкең хат жазыпты. Біраз тапсырмасы бар. Қарындасым Әсем күйеуге шыққалы артынан көрпе төсегін алып ешкім барған жоқ. Соны елі – жұрты, өзінің қайыненесі әжептәуір сөз қылып, құлағының етін жеп болса керек–ті. Қыз әкесі не, бізге хат жазып жылағандай болады. Өткен жылы Зураның әкесіне, Тәшкеннен Алматыға көшіп келді..Олар шиттей бала. Біздің үйде жұмыс істейтін жалғыз мен. Екі бала, Хамитбек, Зура бесеуміз. Әкеме қарайласып тұрамыз, Зураның әкесіне де қол ұшын бермесе болмайды. Шынын айтасм, машинаны сатып, оның ақшасын да жұмсап қойдық. Үйге фин мебелін алдық,әкеме сұлутөбеден үй сатып әпердім. Бірақ, олар сол үйде ақыры тұрған жоқ. Келім–кетім кісі. Әлі өзімізде дұрыстап киім кие алмай да жатырмыз. Зураның бір жақсысы мода қумайды. Барға да, жоққа да, көнеді. Әсем жылап болмаған соң,, әкем қызына бәйбішесін жіберіп алғысы келген болу керек, енді құда–құдағиларға апаратын китті бізге тап деп, хат жазып жатқаны ғой баяғы. Біз үнсіз жатқан соң өзі келмекші. -Оу, жасау сұрайтындай, қалыңмал алғанымыз жоқ қой, - дейді зура. – Қазақтың осынысы қашан қалар екен? Әсемге онша қысылмаймын, бірақ әкенің жөні бөлек қой. Өзі келсе қалай құр қол жібересің? Бірдеңе іздестіру керек... Есахаң мен директордың арасын жарастыру үшін үйге шақырмақшы болып дайындалып жатырмыз.
12.11.63 Соңғы кездегі кейбір жазушылар мен әдебиетші ғалымдардың арасындағы өзара кикілжің одаққа шыға бастады.Осы жақында «Литературная Россия» газетінде Е.Ысмайловтың мақаласы жарияланды. Онда Мұхтар Әуезовтың әдебиеттегі өз орнын алған кезі Ұлы отан соғысы жылдары еді деген пікір бар. Біздің институт қазірде қазақ совет әдебиет тарихының екі томдығын жазуды қолға алған. Оның жауапты редакторы бөлім меңгерушісі Есмағанбет Ысмайлов ғылыми кеңеске болашақ томның құрылыс жөнінде бір рет баяндама жасаған еді. Қ.Жұмалиев сол жолы Е.Ысмайловқа тиісе сөйлеген. Содан кейін Есағаң томның проспектін жазды. Жалпы нобайын ауызша Тұрсынбек екеумізге үйінде отырғанда айтып та берген. Сол проспектідегі ойларын Есағаң Мұрат Хамраевқа орысша аудартып «Литературная Россия» газетінде жарияланды. Бұрында іште жүрген ағайындар Е.Ысмайловқа абыройын түсіру үшін дәл осы сәтті пайдалангысы келсе керек. Оған сылтау М.Әунзовтың әдебиетте өз орнына ие болған кезі – Ұлы Отан соғыс жылдары болды деген тұжырым. Көп ұзамай «Литературная газетада» Т.Ахтанов, Ә.Әбішев, С.Сейітов үшеуі қол қойған мақала шықты. Бұлар Әуезовке байланысты айтылған пікірдің терістігін, оның 20-шы жылдардың өзінді-ақ өз стилін тапқан жазушы болғанын айтады. Шынында да бұл дұрыс пікір. Есағаң менің ойымша, М.Әуезовтің жазушылық шеберлігінің ең шырқау биікке көтерілген түсі Ұлы Отан соғысы жылдары дегенде «Абай жолы» эпопеясының жазылған кезін айтқысы келген болса керек. Бірақ, осы дұрыс ойы мақалаға байланысқысы келгендерге себеп боларлықтай түрде берілген екен. Әрине, мұндай тұжырымдардың теістігін жәй да айтуға болады, бірақ, Есағанда ерегесушілер оны бір жола тұқыртып тастағысы келгендей, кей жайларды әдейі бұрмалап ащы тілмен, жанды тырнай жазыпты. Ол ғана емес, Е.Ысмайловтын идеялақ көз қарасына күдік тұдырғандай астар жатыр. Сөз жоқ, бұл шындыққа апаратын жол емес. Көп ұзамай «Литературная газета» профессор Б.Кенжебаев пен М.Хамраевтын үлкен мақаласы жарияланды.
-Біздің мақаламызды оқыдың ба? - деді Мұратбек Хамраев.
-Оқыдым.
-Қалай екен?
Бұл шаруалардын ешкайсысының басы-қасында мен болған емеспін. Әбекең, Мұхан, Есағандарға жақын жүремін. Рахманқұл, Тұрсынбек, Мұратбекпен доспыз, семьямызбен араласамыз. Басқаларына қарағанда мен Мүсілімге жақындаумын. Бір ауданнан болғандықтан емес, университетті қатар бітірдік, кейін ол да, мен де аспирантураға түстік, көп ұзамай ол басқа қызметке ауысты, ол кездерде де кейін институтқа директордың орынбасары, одан кейін директор болған кездерде де достық пейілімізге көлнңке түскен емес. Жиі болмаса да, семьямызбен араласып тұрамыз. Мұратбек Хамраев білімді, орысша сауатты жігіт болғандықтан Мүсілім оны институқа ғылыми хатшылыққа аларда сонын кандидатурасының жөн көргенбіз. Мүсілім мен Мұратбек арасыда жаман емес сияқты көрінетін. Менің Мүсіліммен жақын жүретін білгендіктен бе Есаған анадай мақала жазғаны, кейін Кенжебаевпен Хамраевтың мақаласы жазылған жайында тіс жарып ештене айтқан емес. Бұл хақінді күнде кездесуп, күнде сырласып жүрген Мұратбекте үндеген жоқ. Асылы маған сенбеді-ау деп ойлаймын. Ал, «Литературная газетадағы» мақалының жазылуы жайында Мүсілімде түк демейді. Жалпы ол, мұндай мәселеде көп ашыла бермейтін жігіт. Бастық адамның өз саясаты болады, маған соның бәрін білудіңқажеті жоқ та ғой.
М.Хамраев «Қалай екен?» деп өз мақаласы туралы пікір сұрағанда сәл ойланып:
-Мақала жаман жазылмаған. Дәлелді. Сендіреді, - дедім.
- Бірақ, сенің қол қойғаның дәлелсіз, сендірмейді –Неге? –Сен қазақ әдебиетінің маманы емессің ғой. Ендеше қазақ әдебиетінің, әсіресе прозасының проблемаларына сенің араласуың артықтау деп ойлаймын. Мұны жаздырып отырған Есағаң деп ойлайды жұрт. Шынында да солай.
-«Литератуная газетадағы» мақалаға Мүсілімде қатысы бар, - деді ол. -Мүмкін. Бірақ, ол қол қойған жоқ қой мақалаға. Мұратбек ыңғайсыздана күліп: - Тұрсынбекті көріп ем, ол да «Бұл шаруада сенің не жұмысың бар?» деп кейіді, - деді де, бір жайды әңгімелеп кетті. «Литературная Россиядағы» мақала шыққаннан кейін, Т.Ахтанов пен Б.Кенжебаев көшеде кездесіп қалған екен. -Бейсеке, мақалаңызды оқыдым. Орысша жақсы біліп қалыпсыз, - деп орыс тіліне орашолақтығын кекете айтқанда, Кенжебаев: -Е.Әбішев құралпы білеміз ғой, - дегенде Тахауи үндей алмай қалыпты. Әбішовтың орысшасы да сол құралпы еді. Демек, орыс тілінде дайындаған мақалаға бұлар тек қол қойғандары ғой. – Бүгін ертеңгісін директордың кабинетінде Сейітовты кездестірдім, - деді Мұратбек. – сол мақала жайында сөйлесті ау деймін, ерте келіпті. Мен кіргенде «Е.Ысмайловтын адвокаты аман ба?» деп іліп кеткісі келіп еді, мен де «прокурор болған жерде адвокаттын болуы айып па? - деп едім ол да үндей алмай, теріс айнала берді». Қалай болғанда да осы жайлар онша көңілді емес қой. Мұрат тағы бір жайды айтты. Жұбан Молдағалиев жазушылар одағына Сейітов, Ақтанов пен Қайнекей Жармағанбетовті шақырып алып Е.Ысмайловтің мақаласы жөнінде айтқан екен: -Әүезов жөніндегі бір сойлемнен басқа мақалада теріс айтылған ештенеде жоқ,- деп Жармағанбетов айтыпты.
Қалай болғанда да мұның бәрі әдейі жан тырнау үшін істеліп жатқаны айқын. -Бұлар Есағаңа неге сонша шүйілікті?- деп сұрап ем, Мұратбек «білми тұрсыңба шынымен» дегендей бетіме тесіле қарады. -Келесі жолғы академиктік сайлауға Ысмайловты ұсындырмау үшін, алдын- ала істеліп жатқан әрекет емес пе? - деді.
Оның сөзі шындықтан алыс емес ау деп ойлаймын.
18.11.63 Есағаңды көшеде кездестірдім. Академияға жаяу келдік. Бұл кісінің жүрегі сыр беріп жүрсе керек-ті, асықпай, алқынбай, ақырын басады, жүрекке салмақ салғысы келмейді. -Ғабитті көрдім, - деді Есаған, -«жұрт шулайтындай мақаланда ештене жоқ екен» деді. Былтырдан бері «Жұлдыз» журналында бет тырнайтын дүкірсін мақалалар басыла бастады. Есағаң тұралы да мақала шыққан. Оны бұл кісі редактрдан көреді. «Қазақ әдебиеті» газетіне Ә.Нұршайықов редактор болып келіп еді, ол жұрналдың әлгіндей мақалаларына өз көз қарасын ашық батыл айта бастаған. Содан жазушылар одағының екі баспа органынан ұстаған бағыттарында кейбір келіспектіктер болып жатты. Жекелеген адамдар қарым-қатынастар оған белгілі дәрежеде ықпал жасамай қойған жоқ. Есағаң Ғабитке «Жұлдыз» жұрналының артық-артық істеріне сын айтса керек, Ғабит келісіпті. Содан кейін Ғабең: -Осының бәрін бүлдіріп жүрген сендердің ана Дүйсеновтерін көрінеді ғой, - депті Есағаң.
- Біреудің есігі болар, ол ешкімге «сен» деп сойлемейтін жігіт.
Мақала да жазған емес, тек ке күйіп кетіп, обал болып жүрмесін, Ғабе. Мүмкін Дүйсенбаев шығар, - дегенде Ғабен: -Жоқ, Ысқақты білем ғой. Ал, Дүйсеновтің шынымен сондай жігіт пе, өзі?- деп қайталай сұрапты. Осы жәйді айтып, Есағаң маған: -Ғабеңмен есебін тауып, бір жолығып сойлес. Асылы біреу сені әбден жамандаған болуы керек, - деп кеңес берді. Таң қалдым. Бұл айтыс дауға менің еш қатысым болған емес, айдалада жүріп жаманатын көтеретін менің кінәм не? Есағаңмен жақын жүргенім бе? Жоқ, ол ғана болмаса керек. Бәрінен де Ғабене солай жеткені түсініксіз. Кездескенде сәлем беріп жүретінім болмаса, ол кісімен араласып сөйлескен жан емеспін. Былтырғы шыққан «Әдебиеттегі мазмұнмен форманың бірлігі» деген монографиялық еңбегімді ғабеңе бір кездескенде бергенім бар. Онда «Оянған өлке» романынын композициясы мен Жұманбайдың өлуінің көркемдік шешімі келіспей тұрған жайларын айтқаным бар еді. Мүмкін, сол көңіліне келген боларма? Не, біреу әдейі шатастырғысы келді ме? Ондағы мақсат не? Және ол кім? Ондай адамның кім екенін жобалаймын. Себебі де түсінікті сияқты. Ол С. Бұл жазамын десе қолынан жазу келетін кісі. Әдебиетті біледі. Бірақ, осы институтқа келгелі бері ғылыммен айналысқан жоқ. Айлығын алады, очеркін жазып жүргені. Күшеншек ақын. Одан көрі әдебиетшілігі басым деп ойлаймын. Ол екеуміз қызметке бір жылы келдік. Содан бері қараптан-қарап жүріп менімен жұлдызы қарсы болып алды. Бұдан біраз жыл бұран жиналыста қатты сынағаным бар. Содан бері мені көрсе, теріс кететін болды. Өткен жылы оны Тұрсынбекте аямай партия жиналысында «сойып» салған. Тұрсынбектін «Октябрь өркені» кітабының сигнальнайын алып, оқып, беттерін шимайлап, саяси кінә тағып жоғары бір мекемеге берген екен, соны Тұрсынбек біліп алып, «Екіжүзсін» деп қатты сіліккен. Одан басқа тағы бір жәй бар оны Ілияс Жансүгіров туралы кітап жазбақ ойы болған екен, мен оны жоспарлы жұмыс етіп алып, биыл аяқтадым. Бөлімде сөз болды. Соны қызғануы мүмкін ғой. Әркімге мен іжамандайды дегенді ді құлағымның шалғаны бар. Дәу де болса сол болар деп ойладым. Ойымды Есағаңа айтқанымда: -Сені доктор болып кетеме деп қауыптенетін болу керек, - деп қойды. –Ештенеге араласпай жүрсін ғой оның мағанда ұнайды, абай жүр дегенмен. Алғашқыда біраз ызалансамда, ойлана келіп сыртымнан сондай сөздін жүруі өзімнін де қара жаяу еместігімнің куәсі болар-ау деп түйдім. ***
02.03.1964.
Ғабиден Мұстафин қонақ болып кеткен күннің ертеңіне Әзілхан Шымкент қаласындағы өткелі жатқан ақындардың айтысына жүріп кетті. Осы екі ортада Мұстафин жазушылар одағының президиумын шақырды. Өзінің айналасындағылардың ақылымен қауырт шақырылған президиумда «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясының жұмысы қаралды да, редактордың орынбасары Жекен Жұмаханов қызметінен босатылды. Президиум мүшелері Әбділдә Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев Шымкеттегі ақындар айтысында жүр. Сәбит Мұқанов жоқ. Редактор Ә.Нұршаиков та жоқ. Бір сөзбен айтқанда болады- ау деген кісілердін көбі жоқ. «Жұлдыз» журналының редакторы Ә.Нұрпейісов жұрнал бетінде жас жігіттерге мақала жаздырып, оны өзі үстінен редакциялап, жек көретін кісілердін жағасынан алғызып жүрген- ді. Сәбит,Әбділда, Мұхаметжан, Есмағанбеттер бір бірден сыналған –ды. Ал, жұрнал жазушылар одағының председателі Мустафинді мақтайды. «Жұлдыз» жұрналының жігіттері Т.Ахтанов Х.Есенжанов, Ж.Молдағалиев, Х.Ерғалиев т.б. мұстафиншілер болып алғаны орталық комитетінің идеолгия жөніндегі хатшысы Н.Жандильдин кызы Мұстафиннің жерлесі, көңіл жақын адамы. Аналар Мұстафин арқылы дегенін істетуге күш салып жүр. Осынымыз әділетсіздеу ғой, ұят болар деген жоқ, көзді жұмып жіберді. Жазұшылар одағының президиумындағы газет жұмысын сынады. Соңғы үш-төрт айда редактор Нұршайықов газетінің тиражын көбиттіру мәселесімен облыс-облыстарды аралап жүрді де газетті Ж.Жұмақанов шығарып келді. Осы жағдайды пайдаланып, Ж.Жұмақанов өз мақалаларын көбірек жариялап және өзінің «Қаракөз қарындасым» деген пьсасын мақтаған мақала бастырды.Осыны бетіне салық етіп басады да Жұмақановты орнынан алып, оның орнына жас ақын, Қ. Мырзалиев деген жігітті ұсынады.Қаулы алынды. Енді Ә. Тәжібаев, М. Қаратаевтар келіп қалмай тез бұйрық бергізу үшін, телеграмма беріп Шымкенттен редактор Ә.Нұршайықовты шақыртады. Әзілхан үйіне азанда келді. Түні бойы жолда болған, ұйқысы қанбай екі көзі қызарып отыр. Президиумда әлні болған оқиғаны ол әлі білмейтін – ді. Асығыс телеграмма болған соң ол Мұстафинге телефон соқты. «Амандық сұрасқаннан кейін, Мұстафин оған «қазір кеңсеге кел» деген болу керек. Әзілхан:
Қазір ма? – деп қайталай сұрады. Жұмыстың тығыздығын бұл
да түсінсе керек, шай ішіп болған соң бастығына кетті.
Кешкісін мен Әзілханның үйіне келдім. Тамақ іштік. Әшейін де ол қатты қалжыңдасушы еді менімен, бұл жолы көңілсіз. Екеумізде де темекі шекпейміз. Ішкілікке жоқпыз. Ол әлгінде тамақ үстінде екі рюмка арақ ішті. Мені де зорлады.
-Я, не болды? –дедім мен оған. -Ештеңе болған жоқ, - деді ол езу тартып, - бастығыммен ұрысып шықтым.Айтып ем ғой, анада, алты айға редактор боламын деп, соның уақыты жетті. Алдыңғы жылы, осы «Қазақ әдебиетіне» редактор болып кел деп оны шақырғанда Әзілхан қатты ойланып еді. Бұл бір редактор қуаттамайтын газет.Жақсы ат әпермейді ешкімге. Оның үстіне редакторлары жылға толмай ауыса береді.Әбен Сатыбалдиевті алты ай тұрмай, бір әріптен қате жібердің деп түсіріп тастаған. Әзілхан редактор болғысы келмеген еді, жолдас-жоралары да оның әділ екендігіне көздері жетіп, соны дұрыс көріп шақырған–ды. Ол ақыры келді. -Алты айға редактор болдым, - деп күлді ол. Онысы бәрі бір ұзаққа жібермейсіңдер ғой деп қалжыңдағаны еді. Жарылғапов Ислам оған: -Іске барған жоқсың, істікке бардың, - деген күліп. Әзілханның баяғы «алты айы» осы еді. Бірақ ол алты ай емес, біржарым жыл отырды. Мен:
- Сен екі редактордың уақытын пайдаландың. Енді түссең де болады. Бұл түрімен «Қазақ әдебиетіне» Жазушылар одағының мүшелері бір – бірден редактор болады әлі, - деп күлдім.
Әзілхан бастығына барғанын айтты. -Мұстафин кабинетінде жалғыз екен. Мен кіріп келгенде «Ә, Әзімхан, келдің бе» деді. Менің атымды осы кісі дұрыс айтпай-ақ қойды ақыры. Әзімхан дейді. Амандасып бола бергенде Жұбан келді...
Әзілханның айтқан әңгімесі бойынша, болған картина мынандай: -Жақында президиум болды, - деді Мұстафин маңғаз сөйлеп, - сендердің газеттеріңді қарадық. Соңғы кезде нашар шықты. Оған, әрине, сен кінәлі емессің, командировкада жүрдің. Оған кінәлі Жұмаханов. Біз оның орнынан алдық. Орнына Қадыр Мырзалиевті дұрыс көрдік. Бүгін бұйрығыңды бер. Сен туралы сөз болған жоқ, жұрттың пікірі жақсы. Әзілханның төмен қарап отыратын әдеті. Ол бұл жолы да төмен қарап отырған бір уақытта басын көтеріп, онда да Мұстафинге тура қарамай, әлгі бір жайға наразылығын білдірді. -Ғабеке, оған неге асықтыңыздар? Президиумге Әбекең, Мұхаң, Сәбең келсе болмай ма? Мен де қатыссам дұрыс болар еді.
- Оған уақыт тығыз болды, - деді Жұбан. Ол екінші секретарь.
-Ал, енді Жұмақановқа бүгін бұйрық беру қиын болар. Ол «Социалистік Қазақстан» газетінде жап-жақсы қызмет істеп жүрген жерінен өзіміз шақырып алдық. Енді келіп жұмыстан шығарып тастағанымыз обал. Шиеттей балалары бар. Алдымен оны бір қызметке орналастырыңыз.
-Жоқ, - деді Мұстафин, - біздің тауып берер жұмысымыз жоқ. -Онда мен оған бір айға демалысым берейін. Ол осы уақытта қызмет тауып алсын.
-Жоқ, ол да болмайды. Бүгін бересің бұйрықты екеуіне де.
Бастықтың мына өктем сөзі Әзілханның намысына тиді. Бұлар неге басынып сөйледі. Және практикалық демократия деген қайда? Мұнысы әділетсіз ғой. Мен Жұмақанов жөнінде әлі де ойланайын, - деп Әзілхан әлі де сыпайы сөйледі, - ал жаңа орынбасарым хақында мен қарсымын. Ол жігіт біріншіден, жас, екіншіден бұрын газетте істемеген, тәжірибесі жоқ ,үшіншіден партия мүшесі емес. Мен газетті оған сеніп тастап кете алмаймын. Маған басқа адам керек.
Президиумның қаулысы шығып қалды, енді болмайды, - деді Жұбан. Несіне асықтыңыздар деп отырғаным сол емес па менің. Бір орынбасарымды аласыздар - менімен ақылдаспайсыздар, жаңадан орынбасар бересіздер - істесе аласыңдар ма, қалай деп сұрамайсыздар. Бәрін де сырттан, әкімдік жолмен шешесіздер. Сөйтіп қаулы шығып қалды дейсіз. Қаулы деген қолдан жасалатын нәрсе емес пе, қолдан қайтадан қарау қиын емес қой. Әзілханның Жұбанға айқан сөзін Мұстафин өзіне айтқан қарсылықтай сезінді. Ол шынында да солай еді.
- Жоқ, - деді Мұстафин, - президиум қаулысы өзгермейді. Керек
десең президиум сенің өзіңді де босатып жібере алады.
- Е, одан да осыңызды айтпайсыз ба бағанадан бері - Әзілжан
ашуланып орнынан тұрды.
Мен бұл орынға өзім сұранып келгенім жоқ, кеткеніме өкінбеймін.
Әзілхан шығып кетті. Бүгінгі болған әңгіме осы.
-Ал ендеше, бұлар сені бұл жерде отырғызбайды, - дедім мен оған. –Маған түсініксіз бір нарсе мынау. Бұлар Жұмақановқа өшікті дейік, жарайды Нұрпейісов екеуі баяғыдан араз, аналарды айдап салды дейік. Сендер үнемі «Жұлдыздың» қателігін сынап жүрсіңдер... -Үнемі рас. Р.Бердібаевтың «Соц.Қазақстанда» шыққан «Жұлдыз» бетіндегі күңгірт жайлар» деген мақаласын көшіріп бастық. Және, әдебиет қорытындысын, жүгі жиналыстың есебін жазғанда Мұстафиндердің жек көретін адамын қоштап едік. Және біздікі – әділдік болатын, - деді Әзілхан. – Жақсы менің сұрағалы отырғаным – олар саған тиіспей неге Жұмақановқа шүйлікті? -Ә, оның себебі бар. Олар Жұмақановпен бұрыннан араз. Оның үстіне әнеукүні партия жиналысына ЦК-ның екі хатшысы бірдей қатысты. Сонда жұрттың біразы газетке тап берді. Олар күні бұрын дайындалып, жиналысты жұрттан жасырып, бір–ақ күннің ішінде хабарлады. Мен бұрын Ғабит Мүсіреповты сондай жақсы көруші ем. Ол сөйлегелі жатқанда, әділдігін осы кісі айтар деп, мен бетіме қан жүгіріп дұрыстап тыңдағанмын. Сөйтсем, ол кісі де аналардың ықпалында екен. Сынағанын қойшы, ол «Анау отырған ақ бас адамға біз сеніп едік. Бірақ, ол біздің сенімімізді ақтамады» деп менің басыма тиісті. Осынысы батып кетті. Менің шашым төрт жыл соғыста ағарды... Оның мені неге жек көретінін кейін білдім. Ә.Тәжібаев екеуінің арасы жақсы емес пе қалай, мені сол Тәжібаевтың адамы санайды екен. Ал, Тәжібаев нағыз адал, тура кісі. Бұрын байқамайды екенбіз, білімі өз алдына, бәрінен де ақылды... Ол жиналыста мен сөйлегенім жоқ. Маған неге сөйлемедің, бұғып қалдың деп өкпелеушілері де болды. Ол жерде сен қанша сөйлегенмен, бәрібір сөзің өрге аспайтын еді. Жандилдин бәрібір Мұстафинді қолдайды. Шыманов боса болмаса солай. Сөздің ілтипатқа алынбайтын болған соң не керек босқа сөйлеп. Менің осы үндемей қалғанымды олар жақсыға жорыпты. Түбі бұл біздің айтқанымызға көніп айдауымызға жүретін жігіт деп қалса керек. Өткен президиумда мен туралы сөз қозғамағаны осы. Және де Жекен екеумізді бірдей алып тастау ыңғайсыз болған болуы керек.
Әзілханның осы айтқаны шындық болды.
Одан кейінгі жағдайға мен жақсы қанықпын. Ертеңіне Әзілхан Қазақстан Орталық Комитетінің идиология бөлімінің бірінші орынбасары Логинова басын шайқап, дереу Мұстафинге телефон соғып: -Жолдас Мұстафин, «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасарын орнынан алып, жаңа орынбасар қою туралы қаулы алғандарыңыз туралы сөз болып жүр. Меніңше сөз дұрыс көтерілген. Президиум мәжілісін редактор Нұршайықов жолдас қатысуы керек еді, және онымен ақылдасу керек еді. Сіздер олай істемегенсіздер. Президиумды қайта шақыруларыңыз керек. Бұл партиялық тәртіпті бұзу болып саналады, - дейді.
Ертеңіне Мұстафин Әзілханды шақырып алды. -Логинова президиумды қайта өткіз деді. Біз қайта өткіземіз. Бірақ, қаулы өзгермейді, - деп ескертеді.
-Қаулы өзгермейтінін болса президиумды қайта шақырудың қажеті қанша? -Ал, енді сен Жұмақановқа бір ай демалыс беремін дедің ғой. Сондағы алатыны жүз қырық сом. Мен литфондыдан екі жүз сом алдырып берейін. Осыған келісесің бе? – деп Әзілхан көнгендей сыңай білдірді. Бұл күні әңгіме осымен бітті. Қанша дегенмен президиум қаулысы шықты, оған бағынбасқа болмайды. Әзілхан өзінің орынбасарын босату туралы бұйрық берді. Аналар жұмсады ма, әлде өзі келді ме, Қ.Мырзалиев ертеңіне Әзілханға кіріпті. Әзір тұра тұр, керек кезінде өзім шақырамын, - деп оны Әзілхан қоя береді. Бұйрық берілген жоқ. Екі–үш күннен кейін Ж.Молдағалиев келеді. Әзілханның кабинетіне. Ол жақында «Мен қазақпын» деген поэма жазып бітірген екен, соның бір тарауын газетке ұсынбақ.
-Әкел, көрейік, - дейді Әзілхан.
Жоқ, Молдағалиевтің жұмысы ол емес екен. Әнеукүнгі президиумды асықтырып өткізуге себепші болған осы Жұбанның өзі көрінеді. Әділетсіз іс істегендерін іштері сезеді, содан бір ши шығып кетеме деп бір жағы қауіп те ойлады. Бір жағы қол астындағы қызметкеріне дегендерін істете алмағанына іштері де күйеді. Сәлден кейін Жұбан: -Жекен Жұмақановқа бұйрық беріпсің. Оның дұрыс. Мырзалиев ана жұмысынан босап еді, мына орынға әлі бұйрық жоқ. Қашан бересің? – деді.
Бұл екеуі құрбы. Бір–біріне сен деп сөйлейді. -Айттым ғой, әнеукүні, - дейді Әзілхан, - Мырзалиев редакторға орынбасар болмайды. -Қалайша? Президиумның қаулысын қайтесің. Керек десен өзінді де жұлып тастаймыз.
Жұбан ашуланып орынынан тұрып кетеді. -Эй, айналайындар-ау, мен сұранып келген жоқпын деп айтып ем ғой. Алғыларын келсе алып тастай беріндер! Мырзалиевке бұйрық бере алмаймын. Мен орталы комитетте болдым, айттым, келістім.
-Кімде болдың?- деді Жұбан.
-Оны айтпаймын
Жұбан сәл мүдіріп:
-Не айтты?- деп сұрады.
-Оны да айтпаймын.
Кабинеттің терезесі көшеге қарайтын. Жұбан беті жыбыр-жыбыр етіп, терезеден сыртқа ұзақ қарап тұрды. Әлден соң Әзілхан:
-Поэмаңды қашан бересің? – деп сұрады.
-Өзім беремін, - деп Жұбан шығып кетті
Әзілханнын әлгіндей қасарысуы, тіктеу сөйлеуі аналарға ептеп үрейде әкелгендей. Әзілхан бір мықтыға арқа сүйеген деп ойлады. Әзілхан бір екі күн турасында Орталық Комитеттің екінші хатшысы Саломонцевқа кіріп, барлық жағдайды айтқан. Ол да Әзілханды қолдаған. Жаңа орынбасарды алмай отырғаның дұрыс деген: -Тәжірибиесіз, әрі партияда жоқ болса, оны алуға болмайды. Бұл өзі дауы көп жер, мұндай газетқе қалайда партия мүшесі болу керек. Сіз командировкаға кетсеңіз, біз оданда партия мүшесі ретінде талап ете алатын болуымыз керек, - деген.
Әзілханның сеніп отырғаны өзінің әділдігі, және ана кісілердің қолдауы еді. Содан жарты ай бойы Әзілханды ешкім мазаламады, жаңа орынбасар жоқ, Жұмақанов бос, ашық тартыс болғанмен астыртын істер істеліп жатты.
10.03.1964 Академияның алдына жете бергенде Мұхамеджан Қаратаевты жолықтырдым. Әлденеге алаңдап, түйіліп келе жатқанын сездім.
-Түріңіз біртүрлі, ауырып тұрған жоқсызба? –деп сұрадым.
-Жоқ, ренжіп келе жатырмын, -деді ол.
- Кімге?
-Жаңа үйден шығып ем, Мұстафинді жолықтырдым. Ана балалар қасымызда болды. Біраз нәрселер айтып тастадым, - деді Мұхамеджан сәл аялдап, әңгіме біткеше кірмей сыртқа есік алдында тұрдық. Әңгіме былай екен. Жазушылар одағының бастығы Мұстафиннің соңғы президиумды тез өткізіп Жекен Жұмақановты орнынан алуы Мұқаңа әділетсіздік болып көрінеді. -Сіз де Ғабекеңе қазіргі жікке қосыла бастағансыз ба? Бір кісі әділ болса, сіз болар деуші ем...- депті.
-Ол не дегенің?- деді Ғабиден оның сөзін бөліп. -Әбділдә, мен Шымкентте жүрмін. Редактор Нұршайықов ол да сонда. Біз үшеуміз бірдей газеттің редколлегия мүшесі екенбіз, президиум мүшесі екенбіз, бізбен еш ақылдаспастан және біз жоқта президиум өткізіп, газет редакторының орынбасарын аласың...
-Бәрін бүлдіріп бітті, әбден кемерінен асқан соң... -Сонда үш күннен кейін біз келдік, біз келгенше күйіп бара жатқан немене еді соншама? Осы озбырлық пен ұрлап істеген қылығыңызбен сіз кімді көгертемін деп жүрсіз... Мұқан біраз нәрсені айтып тастайды. Баламер олардың қасында тұра беруге ұялап кейін қалыпты. Ғабиден түсі өзгеріп:
-Мұхаметжан, сенде жікке жақын ба едің?- деп қалғанда. -Заңсыздық істеген сіздердікі жік емес, әділін талап еткен біздікі жік бола ма? Бұл не деген сөзіңіз... Қаратаев тағы біраз нәрселерді айтып-айтып тастайды. Осы кезде Мұстафин шыдай алмай, өңі сұп-сұр боп бұрылып кетіп қалады. Мұқанның сол беттен келе жатқан екен. Бұл кісінің осылай бел шешіп, ашық кететіні бар екен-ау деп ойладым. Жазушылар одағының іші бүлініп кетті. Бұл, әрине, Мұстафинге абырой әпермейді. Оның үстіне Мұстафиннің жақында басылған «Көз көрген романының» үстінен Орталық Комитетке көптеген арыз түсіпті. Әсіресе, Орынбек Беков туралы жазушы теріс мағлұмат берген деседі. Бас араздықтары болса керек өздерінің ертеде. Сонымен Орталық Комитеттің секретариаты жазушылармен мөйлесіп-сөйлесіп жазұшылар одағының жұмысын өз мәжілістерінде қарамақшы болады. Мұстафинді орнынан алу керек. Бірақ кім болады. Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаевтардың аттары аталыпты. Жұрттың айтуына қарағанда Тәжібаев пен Қаратаевтің үстінен жікшілдігі бар деп арызды жаудырыпты. Мүсіреповтің үстінен де арыз түскен. Ол жақында өзінің қызынан жас Рая Мұхамедиярова деген артисткаға үйленген. Жұрт соны сөз ететін болу керек. Ақыры Мүсірепов председатель болатын болыпты деп естідік. Секретариатқа шақыратынның алдында Н.Жандильдин Нұршаиқовқа қаулының жобасын көрсеткен. Онда Орталық Комитет қарамағына шақырылсын деген. Алдында «Соц.Қазақстан» газетінің редакторының орынбасарлығына қайта алмақшы болып келісілген-ді. Бірақ, соңғы қорытынды олай болған жоқ. Ә.Нүрпейсовты, Ә.Нұршаиқовты да орнынан босатты.
12.03.1964
Телефон шырылдады
-Алло!
-Мырзекең бе?
-Иа, мен тындап тұрған.
-Мен «Балдырған» жұрналынан, Әнуарбек Дүйсенбиевпін ғой. Сіз төртінші саннан бастап «Балдырған» жұрналына редколлегия мүшесі болып бекідіңіз. Сонымен құттықтып қояйын деп жатқаным ғой, - деді ол.
-Рахмет, Әнуаржан.
Бірер ай бұрын Мұзафар Әлімбаев сөйлесіп, менің ризашылығымды сұрағаны бар еді.
-Жұмысы көп емеспе?- дегенімде. -Айына бір рет бас қосып, әңгімелесіп тұрамыз. Кейбір шығармаларды талқылаймыз. Сен көбіне балаларға, жастарға жазып жүрсің ғой. Жұмысы онша көп емес. Бұл жасалған әрі құрмет, әрі сенім, - деп еді. Содан бері біраз уақыт өтті, оны мен ұмытып та кетіппін. Әнуарбектің хабарлап жатқаны сол екен. Телефонның трубкасын орнына қойған кезде «Әлгі жақсылық хабар жеткізіп, құттықтаған жігітке рахметтен басқа ештене айтпағаным қалай болды, - деп ойладым, - редакция жазушылар одағы маңындағы жігіттер мұндайды қапы жібермей жуып жататын көрінеді. Ал біздің институтта дәл ондай әдет әлі етек алған жоқ. Өзім ішкілікке құлықты болмаған соң, ондайға мән де бере бермеймін. Дегенмен, Әнуар жылы хабар күткендей, телефон трубкасын ұзақ ұстап тұрды ғой». Жарайды тағы бір реті келер!
24.05.1964
-Мен Москваға жүремін,- деді Оразкүл. Әлденеге ренжіп, қатты түйіліп жүр. Директордың кабинетінен шығып келе жатып, маған айтқаны әлгі болды.
-Неге асығыс? Мәжіліс бар ма?
-Жоқ. Өзім кетемін, так надо.
-Қашан жүресіз?
-Ертен самолетпен кетемін. Директорға жаңа айтып шықтым.
-Ал, жолыңыз болсын ендеше. «Рахмет» деудің орнына басын изеді де жүре берді. Ол Москвада ай жүріп қайтты. Қайтып келген соң бір жұма өткеннен кейін неге асығыс кеткенін, не болғанын сұрадым. Үйде Садық екеуі ренжісіп, содан құлағым тыныш болсын деп, әрі Садыққа ерегесіп кетіп қалған екен. Бір жұма өткен соң ол екеміз оңаша отырып біраз әңгімелестік. Бір сәт әңгіме Әбекең туралы болып еді, Оразкүл өзінен-өзі отырып күліп жіберді. Неге күлгенін сұрадым.
-Жәй, бір нәрсе есіме түсіп, - деп әңгімесін айтты. -Қайдан білгенін қайдам, Темірғали Нұртазин мен жатқан нөмірге телефон соқты. Асығыс жұмысым бар еді, сізге барайын деп едім деді. «Мен асығып кетіп барамын. Жұмысыңыз болса Горький институтында боламын сонда келіңіз» дедім... Темірғали әйелжанды кісі болатын-ды. Оның үстіне орысша айтқанда нахальный адам дейтін. Менің ойыма осы түсті. Оразгүл әңгімесін жалғастыра берді. -Ертеңіне әлгі Нұртазин тағы телефон соқты. «Асығыс шаруам бар еді менің нөміріме келе қойыңызшы» дегені. Жыным келіп кетті. «Мен ешкімнің нөміріне бара алмаймын. Екінші маған шықпаңыз. Екі-үш күннен кейін Зоя Кедрина мені қонаққа шақырды. Әбекеңді де шақырған екен. Ол да телефон соғып, сыртта такси тұрғанын айтты. Бірге бардық. Жолда Әбекең:
-Кеше Нұртазин келіп еді, сенің үстіңнен, - деді.
-Нендей арыз? - дедім мен түсінбей.
-Бір мәселені ақылдасайын деп ем, сөйлеспей қойды» дейді. Е, сөйлескісі келмеген кісімен несіне сөйлесесің. Сен де сөйлеспей қоймайсың ба? - дедім оған. Сөйткенше Кедринаның үйіне келдік. Ол кісі мені таксимен гостиницаға әкеп салды. Жолда келе жатып маған Әбекең өлеңдер жинағының баслып жатқанын айтты да: -Саған арнап жазған өлеңімді де соған кіргіздім. Кейін оқып беремін, - деді. Нұртазиннің анау күнгі қайта-қайта телефон соққанын өлең етіп жазған екен ғой деп ойладым. Сонымен осы жақында «Кешеден бүгінге» деген жинағын әкеліп берді. Оқып шықтым. Жинағы өте ұнады. Есіме анадағы «Саған аранап жазған өлеңімді де осы жинаққа кіргіздім» деп еді ғой деп сол өленді іздедім бірақ таба алмадым. Бір күні өзі келе қалды. Сөзден сөз шығып өлеңдерінің ұнағанын айттым да:
-Анадағы маған жаздым деген өлеңіңіз жоқ қой мұның ішінде, -дедім.
-Неге? Бар!- деді ол, - таба алмадың ба?
-Таба алмадым, - дедім.
-О, онда бекер-ақ жазған екенмін ғой, - деп Әбекең бір түрлі қынжылғандай ма, қиналғандай ма түр байқатты. Сәл үнсіз отырғасын орнынан тұрды да, шығуға ыңғайланып:
-Табуың керек еді, - деді де шығып кетті
-Таптыңыз ба? – дедім мен Оразгүлге.
-Таптым ау деймін. 30-беттегі өлеңі болу керек. Бірақ өзіне таптым деген ыңғай білдірмей, түк білмегенсіп жүрмін, - деді Оразгүл.
Мен үйге келген соң әлгі жинақтың 30-ншы бетін аштым.
Сөзі емес тұрақсыз пасықтың
Мен саған қашаннан асықпын
Айта алмай келемін жалтақтап,
Көрсетіп мінезін жасықтың.
Сүйіп ем ең алғаш көргенде,
Айта алмай болым шерменде.
Қорқушы ем қарауға көзіңе
Дәл жақын қасыңа келгенде.
Ұғарма ұқпас па кім білер,
Ұқпаса сүйгенім түңілер.
Түңілсе түнеріп қалармын
Жан таппай алдыңда жүгінер...
Осыдан кейін тағы бес шұмақ бар. Бұл жинақты мен жазып жатқан еңбегіме пайдалану үшін алған бойда оқып шыққанмын-ды. Тағы да қайтадан оқып шықтым. Оқып шықтым да Оразгүлге арналған өлеңі осы екен деген ойға мен де келдім. Несі бар? Сүю деген сезім жас кәріге қарамайды ғой. Оразгүл оны туы, аға деп жүретін. Өдері тіпті ру жағынан да жақын. Менің байқауымша Оразгүлдің оған деген сезімі ағаға деген сезім ғана болу керек.
26.05.1964
Сәкен Сейфулиннің 70 жылдығы елінде тойланатын болып, біраз жазушылар жолға шықты. Солардың ішінде Тұрсынбек те бар. Досымды аэропортқа шығарып салдым. Бүгін күн ыстық, ауа қапырықтау екен. Вокзалдың ішкі қорасындағы төбесі қырқылған ағаштардың көлеңкесіндегі скамейкада үстінде ақ кетелі бар Сәбит Мұқанов оңаша отыр екен. Сәлем бердім.
- Сенде барасың ба? – деп сұрады менен ол кісі. Тұрсынбекті
шығарып салғалы келгенімді айттым.
Тұрсынбек екеуміз сусын ішкелі ішке кіргенде самолетке отыру басталған екен, қайтып келсек Сәбең траптың қасына барып қалыпты. Жол болсын айтып үлгермегеніме қынжылып қалдым да, не де болса самолет ұшқасын қайтайын деп біраз күтіп тұрдым. Самолеттің бір моторы оталмай, біраздан кейін іштегі жолаушылар қайта түсті. Сәбең: -Сенімен қоштаспай кетіп ек, қайтып келдік, - деп бағанағы орнына келіп отырды. Содан әңгіме басталып кетті. Бір сәтте «қонжиып отыр екен» деген сөзге Сәбең елең етіп: -Қазақта «Қонжиып отыр» деген сөз бар, осындағы қонжию дегенді жұрттың көбі қазір түсіне бермиді,- деді,- қонжық деп аюдын баласын айтады. «Кірекейін өлтіріп қонжығын зар жылатпа» деген өлең де бар. Кірекей - аюдың ұрғашысы.
Әңгімеден әңгіме шығып халық поэзиясындағы теңеулер сөз болып еді, Сәбең: Қасың қара арашаның көміріндей, сыртың сылу мылтықтың теміріндей- деген жолдарды жатқа айтты да «Мылтықтың темірінде» деген теңеуге таңданып тұрды. Содан кейін тағы да: -«Сексеулдің шоғындай» дегенде ыстыққа айтады. Қазақ көмірдей қара демейді, сексеуілдің де көміріндей демей, «Аршаның көміріндей» дейді. Сексеулдің көмірі күлгін, ал аршаныкы мөйілдей қара болады, деп тағы біраз жайларды айтты. Содан кейін самолетке отыру қайта басталды. Бұл жолы оларды аттандырып қайттым үйге.
...06.1964
Бағыбек Құндақбаев кандидаттық диссертациясын қорғап жатыр. Әдетте ғылыми кеңестік кейбір мүшелері төбесін ғана көрсетіп, дауысын ерте беріп кетіп қала беретін-ді. Мұның өзі қорғау тәртібі бұзу болып саналатынын Оразгүл білмейтіндіктен Ерте кеткен кісілерге «дауыстарыңызды бермей кетпеңіздер» деп өтініп жүретін-ді. Өйткені ол қорғау кеңесінің ғылыми хатшысы. Мен кең дәліздің терезесі алдында тұр едім. Ғабит Мүсірепов пен Ісмет Кеңесбаев сөйлесіп барады екен. Оразгүл келді де Ғабиттің кетіп бара жатқанын сезіп:
-Дауысыңызды бермей кетпеңіз, Ғабе, - деді -Ғабит тағыда бір асығыс шаруаларының барын айтып жатты. Осы кезде олардың қасынан толықтау келген мықыны былқылдап бір келіншек өте беріп еді, Ісмет Кеңесбаев екі көзімен әлгі әйелдің бас- аяғына сүзіле карап:
-Міне бір, келіншек, Ғабе деймін-ау, қалай өзі...
Ісметтің көзі ойнап сала берді. Сонда Ғабит тұрып, маңғаздана сөйледі:
-Ой, сен Ісмет таңданбайтынға таңданады екенсің өзің. Қазақстанда Оразгүлден артық келіншек бар ма? –Ойбай- ау Оразгүл бізге қарай ма? Тіпті қалжындаспайды да ғой, - деп Ісмет сылқ-сылқ күліп қойды. Осы кезде Оразгүл қып-қызыл болып: -Сіздердің әңгімелеріңіз басқа жаққа ауып кетті,- деді де бұрылып жүре берді. Екі шал көздерімен тесіліп Оразгүлдің сыртынан қарап тұрды. «Шалдарға сөзбен көзден басқа не бар» де ойладым мен.
20.08.64
Бір аспирантпен дәлізде сөйлесіп отырғанда: -Сені телефонға шақырады, - деді Тұрсынбек бөлімнің есігін ашып. – Әбекең болу керек. Әбділда тәжібаев таудағы демалыс үйлерінің бірінде семьясымен жатыр деп естігенмін. Трубканы құлағыма тосып, сәлем бердім. -Мырзабек,- деді Әбекең даусын соза сөйлеп, амандықтан кейін мен айта берейін сен тек тындай бер. Қасында отырған жұрт естимей-ақ қойсын, жарай ма? 23 күні Зипаны куйеуге береміз. Рахманқұл екеуің келіндерді алып келіңдер. Таныс, жолдас жора, туыс та көп, олардың бәрін шақыруға көңіл жетсе де, орын жететін емес. Әбекеңнін неге бұлай сөйлескенін енді түсіндім. Тұрсынбекте жақын жүрген жігіттердің бірі, тізімінде ол болмаған соң естісе көңіліне келіп қалар дегені болды ғой.
-Жарайды, Әбеке. Рахмет, - дедім қысқа ғана.
-Біз таудамыз. Рахманқұл біледі.
-Жақсы, Әбеке.
Әбекеңмен жеңгейдің бұл бірінші тойы, құдасы Ишанбай Қарақұлов көрінеді.
23.08.64.
Министрлер Советі демалыс үйінің кең қорасының ішінде төбесі тақтаймен жабылған, екіжүздей кісі сиятын шартақ жасалыпты. П әрпі құсатып столдар қойлған. Той-думан осы жерде өтпек. Мұны істеткен геология минстірі Әбекеңнің жақын туыстас інілері Шахмардан Есенов екен. Ол да осы демалыс үйінде семьясымен демалып жатса керек-ті. Жұрт жинала бастады. Көбісі жазушылар. Сәбит Мұқанов жолаушылап кеткен екен, орнына балалары келді, Мұхтар Әуезовтың орны деп Лейланы шақырған. Ғабит Мүсірепов жақында үйленген жас келіншегімен келді. Жазушылар әйелдерінің көзі Раяда. Әңгімелері де сол. Байқаймын, онша жарасып тұрғандары шамалы. Жас қыздың егде кісіге ерте шыққаны (Жұрттың айтуына қарағанда келіншектің әкесі Ғабеңнен жас көрінеді) әдетте жоқ, тым сирек кездесетін құбылыс болғандықтан да жұрттың назарын айрықша аударады. Оның үстіне, Ғабеңнің азаматтығына, не болмаса жазушылық дарынына қызығып, ғашық болса бір сәрі, онда жұбайды құптауға болады. Чарли Чаплиннің әйелі екеуінің арасы дәл осы Ғабеңнің келіншегі мен екеуінің жас айырмашылығындай болса керек-ті. Әке шешесі қарсы болғанына қарамастан Чаплинге ерге шықты. Өте бақытты семья құрып, балалы–шағалы болып жатыр. Кім біледі, бұлар да солай болуы мүмкін ғой, Ендеше мансұқтамай, қайта қызықтай түсу керек емес пе? Жоқ, жұрт бұларға кешіріммен қарамайды. Ғабең ауырып жатқан әйеліне қарамай, осы келіншекке елігіп кетіпті, әйелінің қырқын бермей жатып қосылыпты деген әңгіме тараған-ды. Соның ең жақын достары құптамаса керек. Қосылған тойына шақырғанда туған құдасы Сәбит бармай қалған. Міне, осы жайларды білетін жұрт Ғабеңе де онша кешірімді болмай, жас келіншекке өшігіп алғандай жайы байқалады. Біз жастар әлгі шартақтың астында домбыра тартып , өлең айтып думандатып жаттық. Қызыл көйлек киіп келген келіншегі Ғабеңнің қолтығынан ұстап, жастар жаққа жалтақ-жалтақ қарай береді. Бірақ, Ғабең біз жаққа бұрылмай, өздерінше қалжың, әзіл айтысып оңашалау отырған шалдарға барды. Олардың қастарында да көп аялдай алмай екеуі аллея бойымен қыдырып кетті. Той басталды. Мұхамаджан Қаратаев тамада. Кезек кезек сөз сөйленді, ара-арасында ән айтылды. Құрманбек Жардарбеков екі-үш ән салып тойды қыздырып жіберді. Біраз сөз сөйленген соң кезек Рахманқұл екеумізге жетті. Қосылып өлең айтсын деп әдейі сөзді екеумізге бірдей берді. «Ақтолғайды» айттық. Төрде отырған Ғабең ризалықпен басын изеп қойды. Мұхаң тағы да айтыңдар деген соң «Ағажан» әнін орындадық. Екі әннің екеуі де көне әндер болатын-ды. Кешкі салқын ауада даусыңызды таудың жаңғырығы көтеріп алып кетсе керек, әдеттегіден тәуір айтқан сияқтымыз. Мұхаң қалжыңдап :
– Бұл екеуі академиядан қызметтен шығып қалса, филармонияға
барып та күндерін көріп кете алады екен,- деп жұртты күлдіріп қойды.
Үзіліс кезінде Рахманқұл екеуміздің қасымызға Шахмардан келіп :
-Өлең, өлең, жігіттер, өлең тоқтамасын,- деп өтінді.
Шахмарданның әкесі Жорабекті білуші ем. Студент кезімде біздің үйге келіп қонақ болып кеткені бар. Барынша сөзшең, ақылды кісі. Орысша өте сауатты екен, естуімше семинария бітірсе керек-ті. Менің әдебиетші екенімді біліп, Пушкиннің бір өлеңін жатқа айтуды сұрағанда мен білмей қатты қысылған жайым бар-ды. Артынша әлгі кісі «Евгений Онегиннен» жатқа бес минуттай айтқанда таң қалдым. Кетерінде ол маған: «Алматыда горный институтта менің Шахмардан деген балам оқып жатыр. Барған соң таныс» деді. Бұл 1947 жылдың январь айының аяғы еді. Бірақ, Шахмарданмен танысудың сәті бүгін, Әбекеңнің қыз ұзату тойында түсті. Бәріміз қосылып ән салдық. Кешкі сағат 11-де той тарқады. Құрманбек, Рахманқұл мен үшеуміз Еркішевтің машинасымен қайттық. Көңілді Құрекең машинаға мінісімен әнге басып, қалаға жеткенше тоқтаған жоқ. Сахнада ғана емес, жеке үйлердегі мәжілісте де Құрекеңнің ән салғанын талай-талай естіп жүрміз,бірақ дәл бүгінгі түндегідей ол кісінің дауысы ашылды ма екен, білмеймін.
07.10.1964
Мырзабек,Тұрсынбек!!
Қырымның оңтүстік шығысына, Қара теңіздің іргесіне орналасқан творчество үйіне – Көктөбелге келгеніме үшінші күннің жүзі болды. Верандасы теңізге қараған үйдің екінші этажында толық жабдықталған жеке бөлмеге жайғастым. Кеше алғашқы экскурсияға да шығып қайттым «Судак, Новый свет деген жерлерге). Көктөбел тыныштық пен еңбек үшін барлық жағдайы жасалған пейіш бұрышындай мекен екен. Теңіз суына да екі-үш рет түсіп шықтық. Мұнда одақтың түрлі түкпірінен келген қаламгер қауым дем алады екен. Кітапханасы, оқу үйі, билиарды, клубы, асханасы, моншасы – бәрі де творчество үйінің жанында... қысқасы, мұнда «мына нәрсесі ұқсамайды» деу күнә болар еді... Әнеукүнгі өздеріңнің кеңестеріңмен алып кеткен алма, жолда ауырлық келтіргенімен, мұнда талайды таңдандырды. Қырымның кеше біз аралаған өлкесінің жер, тау аттары түгелдей түсінікті тілде таралыпты. Нақ Көктөбел тұрған жерге Қырым тауларының ұштығы Қаратау (Қарадағ) келіп тіреледі екен. Біз оғыздың асуын, Тарақ тасты (тарақ таш), Қарауыл обаны, Қапшықты, Сутауды (Судағ), Сүйрік қияны көрдік. Талай экскурция алда. Олар туралы кезінде әңгімелесерміз. Мырзабек, үйдегі қолжазбаны машинкаға берген боларсың. Бір құдайым машинисткаларды ұқыпты, сауатты ете көрсін дегеннен басқа не айтамыз. Мәскеуден ақша перевод келе қалса, сақтап тұрарсың, үйге барғасын да пұл керек қой. Үй-іштеріңе, сұраған жолдастарға, бөлімдегі жігіттерге сәлем. Институт хабарын жазып, Алматы әңгімелерінен естіртіп қойсаңдар жаман болмас еді.
Раман
29.09.64
Рахманқұлдың хатын алғаннан кейін,Зураға оқып беріп едім:
-Жаны тәтті, - деп күлді.Демалысқа барып тұратынын айтқаны.Ал мен өмірі курорт дегенннің есігі қай жақтан ашылатынын білмей – ақ келе жатырмын. Соған уақытымды қимаймын. Зураның да зауқы жоқ. Балаларды тастап кеткіміз келмейді, ертіп жүру қиын. Дегенмен жер көрген жақсы ғой.
14.12.1964 -Сағат төртке Мүсілім Базарбаевич шақырады-деді директордың алдындағы хатшы әйел Мария Васильевна. «Жақында Лизунова қорғалмақшы. Мүмкін соған пікір жазып бер не қозғау үстінде сойле дегісі келетін болар» деп ойладым. Олай ойлағаным Мұхаңның әңгімесіне байланысты еді. Қеңесбаев пен Базарбаев екеуі Қаратаевты шақырып алып Лизунованың қозғауына сөйлеңіз депті. Қаратаев қарсы болмапты. Одан кейін Кеңесбаев оған:
- Бөлімдегі жігіттер де сөйлесе болар еді, соларға айтсаң...
-Сәке, сөйле, сөйлеме деп мен оларға айта алмаймын. Оны маған жүктемеңіз, - дейді. Кеңесбаев езу тартыпты. Хамраевтың қорғауында төрт адам қосылып қол қойып, мақтап жазып еді, есіне сол түсіп:
– О Мүсілім, деймін–ау, өзара айтқанда әнеукүнгі Хамраевқа берілген отзывтар әдейі ұйымдастырылған ғой, солай емес пе? – депті.
-Әрине.
Қаратаев тұрып:
-Әдетте қолдаушы отзывтар ұйымдаспайды, қайта қарсы отзывтар ұйымдастырылады ғой деп қалған екен ана екеуі ыңғайсыздық сезініпті.
- Не керек Хамраев деген талантты жігіт екенін де дау жоқ, - деп Мұхаң тағы да.
-Талантты? - Мүсілім мырс етіп күлді, - барып тұрған ұшпа, есерлеу жігіт. Ол мына әдебиетшілердің арасындағы келіспеушілікті пайдаланып өтіп кетті ғой. Әйтпесе...
Бұл әңгімені мен Мұхаңмен естігенмін. Оразгүлден естіген әңгімем тағы бар.
Балым келіп:
-Екі бастық бастарың бір қазанға сыймай жүрсіңдер ме? – деп қалжыңдаған екен. Ашу араз, ақыл дос деген, қайтесіңдер, тату болсаңдаршы. Сендер тату болсаңдар қара халық бізге де жақсы болар еді. Шалдар да осыны тілеп отыр.
«Шал» дегені ағасы. Балымды жіберіп отырған да сол.
Өйткені Балым мен Оразгүл «мен де қыз, сен де ұл бар, құда боламыз кейін» деп қалжыңдап бір–бірін құдағи деп сөйлейтін еді.
Оразгүл оған:
-Жоқ, мен онымнен келісе алмаймын енді, - деп кесіп айтыпты.
Балым неге келді? Ағасы неге жіберді оны? Әрине, ағасына Мүсілім керек. Осы декабрьдің 2 күні Мүсілімді президент Шокин шақырды деген. Әсілі президент Мүсілімді қысып жіберген болуы керек. Өзі сөйлесуге бата алмай, Қажым арқылы Балымды салғаны болар ма. Шокин не айтты екен? Оразгүл Мүсілім екеуі Хамраевтың қорғауынан кейін дұрыс сөйлескен емес. Мүсілім бірдеңе сұрай қалса «иә», «жоқ» деп келте жауап қайырады, оңаша қалмауға тырысады. Осы жақында ғана үйінде отырған Оразгүлге Мария телефон соғып:
-Мүсілім Базарбаевич үйінде отыр. Сізге телефон соқсын деді,- дейді. -Керек болса өзір соғар, мен соқпаймын, - деді Оразгүл. Мария бес минуттан кейін тағы телефон соғады.
-Мүсілім Базарбаевич телефон соқсын, - деді.
-Айттым ғой, мен оның үйіне телефон соға алмаймын.
-Мүсілім Мария Васильевнаға мені Оразгүлмен жалғастыр,- дейді.
Ол жалғастырды.
-Ореке, сәлеметсіз бе?
-Сәлеметсіз.
- Қолыңыз тисе он минуттан кейін маған соғып кетесіз бе?
-Жарайды.
Екеуі де тым сыпайы сөйлеседі.
Мүсілімнің үйі жақын еді, ол кеңсеге тез келді. Оразгүлдің үйі біраз жер, ол да тез көрінеді.
Мүсілім кабинетіне келіп, хатшы әйелден:
-Оразгүл келді ме?- деп сұрады.
-Қазір келер, үйден шықтым дейді ғой, жаңа.
-Ә, ол кісі үйінде де ме еді? Маған сөйлеп айтпайсыз ба? Мен осында екен десем, - деп кейіп қалады. Орнына келіп отырып, газет оқиды, журнал қарайды. Лизунова келеді. Сөйлеседі. Оразгүл кіреді. Амандасады. Оразгүл оған тура қарамайды. -Мен сізді осында екен деп шақыртып ем, үйде екеніңізді білмей қалдым. Онда телефонмен де айтатын едім. Мәселе мынау еді, президиумға материал дайындау керек. Кім қай тақырыпта докторлық, кандидаттық еңбек жазып жүр, соның тізімін беру керек. Жұрттың өзінен сұраңыз. Бірінші мені, содан кейін өзіңізді жазыңыз.
- Мен докторлықты ойлап жүргенім жоқ, - депті Оразгүл.
- Мен де ойламаған едім, Хамраев қорғағаннан кейін, мен де қорғаймын деп бел будым, - деп ол Лизуноваға қарап күледі. Хамраевты кекеткендегісі. Сәлден кейін Оразгүл шығып кетеді. Содан бері олар әлі дұрыс сөйлеспей жүр.
Осы жайлар Лизунованың қорғауына кедергі жасар, сол үшін алдын ала дайындық жүргізгісі келген шығар деп оладым. Өйткені Кеңесбаев ғылыми кеңес мүшелерін жеке-жеке шақырып алып, дауыс беруін өтініп жүр деп естігенмін. Сағат 4-те мен келдім. Мүсілімге қол алыстық. Баламер қол алыстық, бүгін кешке 7-де Әуезов музейінде Сәбит Мұқановпен кездесу болмақ соған шақырып тұрса керек. -О, Сәбеңе бару керек, мен барамын, - деді Мүсілім. Ол Сәбитті жаратпаймын. Әлгі сөзі тіпті елпілдеп қалғандай көрінді. Кеше Қаратаев Москваға барып келген сапар туралы әңгіме өткізген-ді. Соңында Мүсілім сөйлеп, Қаратаевты мақтап, Әбділдәні мақтап сөз сөйлеген. Жұрт шыққан соң Әбекең «директор неғып көлгірсіп қалды» деп күлген-ді. Мен де таң қалдым. Баламер кеткен соң:
-Хал қалай?- деді маған.
-Жақсы. Отпускіге шығамын.
-Қашан?
-Екі-үш күннен кейін. Оразгүл арызға қол қойды.
-Бір жаққа барасың ба?
-Әзір белгісіз. Жұмысымыз бітті.
-Дұрыс. Егерде жаз алғыңыз келсе, келесі жылға да ауыстыруға болады. Оны өзіңіз біліңіз.
Бұл неғып өзгеріп қалды? Бұрын ауыстыру қиын деп зар иелеуші еді. Неге?
Мүсілім түймені басып, хатшы әйелге:
-Оразгүл Өміралиеваны шақырыңызшы, -деді. Ол келгенше жұмыс жайы сөз болды. Оразгүл келді, ерніңнін ұшымен амандасты да, отыра кетті. Мүсілімге қараған жоқ. Мүсілім маған қарап сөйлей бастады. -Сіздер институтта ертеден істейсіздер, бәрінде білесіздер. Шақырғандығын сөйлесейін деп, сөйлесейін емес-ау ақылдасайын, кеңесейін деп едім... Алдымен білгім келгені, Мырзабек жалпы атмосфера қандай біздің институтта? Хамраев мәселесі басылды ма, жоқ па? Нақтылы сөйлеңізші...
Мен сәл үнсіз отырып қалдым да:
-Сұрақты жалпы бересіз, жауапты нақты сұрайсыз, -деп мен езу тарттым.
Мүсілім жаратқан жоқ. Бірақ онысын сездірмеуге тырысып бағады. Түсін суытып барып қайтадан жібіді. -Алып қашты әңгімелер жүр. Соңғы кезде сіздердің өкпелеріңіз бар сияқты сезіледі. Көңіл бір тарқау үшін соны ашып айтсақ. Міне Орекеңде салқын тартып жүр. Қазір сөйлесуден қалдық. Бұл неден тауып жүр, өзі...
-Сіз несіне түк білмегенсіп отырсыз? - деді Оразгүл -Ореке, сіз ашуланбаңыз. Одан түкте шықпайды. Немене, ұрысқыларыңыз келе ме, онда кәне төбелесейік... Бірақ енді осы іс бола ма? Байқаймын, ренжісіп жүргеніміз болмашы ғана нәрсе сияқты. Осыны ашып сөйлесейікші, - ол маған қарады, - институтта жаман емессіңдер. Сыбағадан құр қалған жерлерін жоқ. Уақыт, жағдай бәрі бар. Неге өкпелесеміз? Сол өкпелеріңді айтындаршы. Оразгүл үндемейді. Мен енді түсіндім. Мүсілім Оразгүлмен татуласқысы келіп отыр. Онымен тікелей сөйлесуге беті шыдамай мені шақырған болды, Былтыр Ысмаилов екеуінің арасында біраз жүріп татуластыру үшін әрекет еткенмін-ді. Онда бұл керкіп, менімен сөйлеспей қойған. Енді сол татулықты өзі тілеп, менен төреші болуды күтеді екен ғой. Жұрт көңілдегісін ақтарсын, сонымен түсінісп жақсы болып кетейік, - деген ой оныкі. Әсілі бұл жігітке бір тықыр таянғанын ішім сезе бастады. Мен былтырдан бері бұл жігітке жақындамай жүргенмін. Талай нәрселерде естіп, біліп жүрсем де, ішімде болатын. Өзі сұрап отырғанда сонын бәрін ақтаруға бел будым. Бұл жігіт жұрттік білмейді өзім құмын, білдірмей істеп жүрмін бәрін де деп ойлайтын шығар, жоқ ол біздің де көп нәрсені білетінімізді және керек болса, тиісті жеріне айта алатыңызды да біліп жүрсін деп, мен өзімнің ішіме тоқып жүрген жайларымды ақтара сөйледім. Әңгіме былтыр Ысмаилов мәселесімен басталды. Сол кезде есіңізде болар ұзақ-ұзақ әңгімелер болған. Жасыратыны жоқ, мен екі жаққа да қосылғаным жоқ, сіз сол үшін маған ептеп өкпелі де жүрдіңіз. -Онда тіпті жақсы бірақ, одан кейін сіздің маған көзқарасыңызды өзгертіп жібердіңіз. Ол мәселе де мен әлі де өз көзқарасымда қаламын. Ысмаиловты орнынан ауыстыру дұрыс, ал жұмыстан қуу әділетсіз болар еді. Оның ізіне татымайтын кейбір адамдар қарсы сөйлеп қол көтергені әділ ме еді?
-Кім мысалы? -Кім дейтіні бар. Мысаға Лизунова. Қазақ әдебиеті үшін ол кім? Мен онда сөйлемей қалдым. Соныма бүгінге дейін өкінемін.
-Біз сізге тиым салған жоқ едік қой. -Салған жоқсыздар. Бірақ, мен ол кезде сөйлесем менің кітабымды жібермей қоятын едіңіздер. Соның өзінде бір жыл ұстадыңыз. Екінші аттестация кезінде құлататын едіңіздер. Дәл сол кезде кім де кім әділ боламын десе Ысмаиловқа өшіккендер көзді жұмып жіберетін еді. Ал, сізді қолдап сөйлегендердің қайсысы неге қолдады, және сіз оны қалай ұйымдастырдыңыз, оның бәрін мен білем. Мен емес, жұрттың бәрі біледі. Бірақ, болған іс болды, кетті. Ысмаиловты орнына ауыстырдық деп көңілге медеу етіп жүрсіздер. «Шығарамын деп шығара алмады, жеңдім» деп ол жүр. Айналып келгенде ит жығыс түстіңіздер, алдымен жаңбаса жерге тиген сіз болдыңыз. Ол мәселе бітті. Енді дұрыс болып жұмыс істеу керек еді. Бітеу жара боп сізде өшігісіп алдыңыздар.
-Хамраев жайын айтыңызшы. Сіз қалай қарайсыз сол жігітке.
-Ол жігітке мен жаман қарамаймын.
-Ал несіне сүйсінесіз соның?
-Мен ол жігіттің былытғы Ысмаилов мәселесінде Кенжебаев пен бірігіп мақала жазғанына қосылмаймын. Өйткені ол мақаланы жұрт жазды ол қол қойды. Ол аман емес, анық-қанығын білмей жазды. Бірақ, мақала дұрыс еді. Ұнататыным – ең алдымен маған істеген жамандығы жоқ. Жұртқа істегенін де көргенім де жоқ. Зияны тимеген, кесірі тимеген адамның бәрін жақсы көруге тұрады.
-Сол жөнінде маған бірнеше арыз түсті. Грубый дейді. -Ол іс бабындағы жәй. Бастысы ол емес. Еңбеққор, шынында да талантты жігіт. Маған сонысы ұнайды. Қорғады. Біз отзыв бердік. Жақсы тілекпен бердік. Ал енді осы отзықа байланысты үлкен әңгіме, сөзі бар қазір. Сізбен біздің арамыздағы өкпе де осыған байланысты.
-Е, соны айтыңызшы. -Хамраев қоғайтын күннен бір күн бұрын сіз Оразгүлге телефон соғып, неге отзыв бересіз деп кейіпсіз. Онымен қоймай тілдепсіз.
-Тілдегенім жоқ. -Оны кейін айтасыз. Оған айтылған сөз бізге айтылған сөз. Ең алдымен біз неге отзыв жаза алмаймыз? Ол үшін неге біз жұрттың қырына ілінеміз? Біздің ондай правомызға неге қол сұғады жұрт? -Ол өз праволарыңыз. Бірақ, соны маған неге айтпайсыздар? Менімен неге ақылдаспайсыздар? – деді Мүсілім.
- Мен талай адамға оппонент болдым, дессертациясына отзыв бердім. Бірақ, солардың бірде біріне сіз әлгі сөзді айтқан жоқсыз. Ал енді Хамраевқа келгенде сондай талап қоясыз. Неге? Әділдік пе осы? Бұл бір. Екіншіден сіз демалыс күні Айқын мен Уақатовты шақырып алып, өз кабинетіңізді Хамраевқа қарсы отзыв жаздыңыздар. Оны жұрт біледі. Болсын деген біз кінәліміз бе, болмасын, өшсін деген сіздер кінәлісіздер ме? Ал, ақырында не болды? Хамраев бәрібір қорғады. Енді қою керек емес пе?
Әңгіме ұзаққа созылды. Бір уақытта Оразгүл шығып кетті. Мен ол кісіге «Отыра тұрыңыз» деп едім, тыңдамады. Көңілімдегілердің барлығын жасырмай айтып тұр енді екеуін табыстырғым келіп еді. Оразгүл әсілім Мүсілімге сенбеді білемін, табысқысы келмеді.
Әлден кейін Мүсілім сағатына қарады да:
-Сағат 7 болып қапты ғой, музейге бармайсыз ба?- деп сұрады.
-Барайық.
-Жүріңіз ендеше...
-Ал екеуміз киініп М.Әуезов үйіне келсек жұрт жиналып қалған екен.
19 .03.65
Академия алдында Сәбеңді жолықтырдым. Басында көк бирет, қолында таяқ, үстінде күздік пальто. Көктем шықса да жерде қар бар, тайғақ еді, Сәбең кібіртіктей басып келеді екен. Кімді іздесең сол келеді, - деп менің ұсынған қолымды қысып ұстап жібермей тұрды, - сенде Ілияс Жансүгіров туралы материалдар мол ғой. Соцқазақстан маған бір тапсырма беріп еді, мақала жазуым керек еді. Ілиясты мен ертеде оқығанмын, қазір көбін ұмытып қалыппын, маған кейбір фактілерден жәрдем бере аласың ба? Өмірбаяны бар ғой сенде.
- Бар. Жансүгіровтің өмірбаяны онша бай емес қой. Кеше Қаз.правдаға Ілиястың баяғыда, 1931 жылы «Мен қалай жазамын» деген мақаласын орысшалап басыпты. Бірақ, шамалы артықтау жерлері бар екен. Бәрін мен бастап едім деуі келіңкіремейді. Юбилейі келе жатыр, дегенмен көтеріп жазу керек. Осы кезде қасымыздан өтіп бара жатқан бір кісімен шүйіркелесе сөйлесті де, ана кісі қоштасып кетіп қалған соң, күліп: -Ол кісіні бір жерден көрдім, бірақ есімде жоқ – деді. Содан кейін әлгі желісі үзіліп қалған әңгімеге қайта оралып: -Әйтпесе мынандай компремиске барасың ба, сен? Сен сол мақаланың негізі түсірсең, мен үстінен қарап, өз білгенімді қоссам, сөйтіп екеуміздің атымыздан жіберсең. -Мен қарсы емеспін, - дедім. Шынымды айтсам ол кісімен сол автор болуды өзіме дәрежеде көрдім.
-Ендеше, келесі жұмада бас қосып ақылдасайық. Хабарласарсың.
29.03.1965
Ілияс Жансүгіровтің 70 жылдығына бағышталған мақаланы жазып болған соң Тұрсынбекті ертіп министрлер советінің таудағы демалыс үйінде жатқан Сәбеңе тартып кеттік. Кеше телефон арқылы хабарласқанымда Сәбең «Түстен кейін келіңдер» деп еді, биллиард ойнайық деп біз сағат 12-де-ақ жетіп келдік. Сәбеңнің мазасын алмайық деп, ол кісіге жолықпастан биллиард соқтық. Сағат 1-ден аса бергенде кезекші әйелдің «Жолдас Мұқанов, сізді телефонға шақырып жатыр» деген даусы бізге де жетті. Сәбеңнің телефонмен сөйлескен даусы анық естіледі. Сөйлесіп болған соң ол кісі сыртқа шығып кетті. Бізде шықтық сыртқа. Күн шайдай ашық. Тау жоталарының беттеріндегі қары кетіп қарайып қалғанда, теріскей бетінің тоңы әлі жібімеген. Әйтсе де күн жылы. Әлдекімдермен сөйлескен Сәбеңнің даусы естіледі қора ішінен. Бір уақытта бізді көрді де: жақындай бергенде: -Жас келсе іске деген, мақала әкеле жатырсың ба?- деп сонадайдан қауқылдай сөйлеп, күле қарады. Менің қолымда газетке оралған қағаз бар еді, соны көріп, іші сезді-ау деймін. Қол алысып, амандасқаннан кейін, скамейкаға барып отырдық. Сәбеңнің үстінде үйде киетін сұр че-чусадан тіктірген жеңіл костюм, басында көк барқыт дөңгелек тақия, ауыр алақанымен менің иығымнан қысып ұстап, басып қойды да:
-Қал қалай? - деді .
Мен мақаланы әкелгенімді айттым да:
-Аты әлі қойылған жоқ, - деп ем..
-Атын Тұрсынбек қойсын. Қане ендеше оқы, - деп жайласып отырды. Мақаланы сыдыртып оқып шықтым. Машинкаға басылғаны 12 бет. Дұрыс –с-с-с, деді Сәбең «с» әрпін созып, мақала негізінде жақсы жазылған екен. Енді осының аяғына мынадай бір абзаца қосу керек. Жалпы халық аяулы ұлдарының атын еш уақытта ұмытқан емес. Былтыр Сәкенді тойладық, биыл Ілияс, Бейімбеттің тойын тойлағалы отырмыз. Мұндайда кісінің көңілдегісі айтылады ғой өзі. Бірақ бір мақалада бәрін айта алмайсың, мынау сол тойға тарту болсын. Аяғын көтеріңкі пафоспен бітіру керек. Және Ілиятың әдебиетімізді бастаушылардың бірі екенін әлі де ашығырақ айтқан жөн. Сәбең осы ойын таратып айтып отырғанда мен қағазға жазып алып отырдым. Содан кейін қолжазбаны алып: -Ал, жолдастар, жүріңдер шай ішейік, сендер асығыс болсаңдар бөгемеймін, - деп сағатына қарады. Сәбеңнің бөлмесіне келдік. №14 терезесі оңтүстікке қараған бірінші қабаттағы шағын бөлмеде Сәбеңнің немересі Бақыт кітап оқып отыр екен. Каникулға шықса керекті.Бізбен қазақша амандасты. Бөлмеде екі кроват, жазу столы терезе алдында босаға жақта айналы шифонер тұр. Сәбең мақаланы тағы да қарап, кей жерлеріне өз қолымен қосып, редакциялап қайырып берді де: -Қазір мен Есеп Әукебаевқа хат жазып беремін апарып берерсің, -деді. Өзі қағаздарын тәртіптеп жатқанда қолына араб әрпімен жазылған 1 парақ ілінді.
- Баспаға 1 жинақ дайындап жатыр едім. Баяғыдан бері жеке адамдарға Сәкенге, Мұхтарға, Күләшқа жазған көп өлеңдерім бар еді, еш жерде басылмаған-ды. Соларды қайта қарап, жинақтың бір тарауын «Арнау» деп атап осыған қосқалы отырмын, - деп Сәбең бүкіл денесімен бізге қарай бұрылды.
-Ана жылы Күләш марқұмның өлгенін мен Карлова – Варада демалып жатқанда естідім. Тәшенов келіп еді Москвадан, кеше денесін Алматыға алып кетті деп айтты. Сондай қиналдым! Оның өлімі маған өте ауыр тиді. Күләш марқұм өзі сондай биікке көтеріліп, жоғары шырқау ұшқан өнер иесі еді ғой, бірақ сол өзінің жеке өмірінде бақыт таппай кетті. Әртүрлі өсек-аяң, сөз...оның бәрін жақсы білемін.Кешке отыра қалып толқыған өз көңіл-күйімді өлеңмен жазып тастай салып едім.Еш жерде басылған жоқ. Осы жақында жазушылар одағында 2-3 ақынға оқып бергенімде олар жағасын ұстады. Мынауыңыздың өлеңдік түрі жақсы екен де, бірақ Күләштің өлімін саясатқа тым ыңғайсыздау жазған екенсіз десті. Кезінде Күләштің өлімі туралы алып қашпа әңгімелердің көп тарағаны рас-тын. Бүкіл қала халқы болып ақтық сапарына аттандырып салғанда, қазақ баласының егіліп-еңіремегендері аз еді. Қабір басында Шәкен Аймановтың толқи сөйлеген сөзі әлі құлағымда тұр. «Говорят, незаменимыз людей не бывает.Но, Куляш незаменима!» деген ол. Шетелге сапар шегіп бара жатып, Москвада мейманханада жатқанда жүрегі тоқтап қалыпты деп естігенбіз, ал Сәбеңнің айтуына қарағанда әлденеге қатты өкпелеп, әділетсіздікке шыдамай өліп кеткен сияқты. Қазбалап сұрауға ұялдым. Жалпы, қай кезде болмасын талантты адамдардың тағдыры қиын болған ғой. Қызғаншақ, тоғышарлар аяқтан шалып, ор қазып ылғи да алдарын кес-кестей берген. Оның үстіне әртістердің ортасы, әсіресе, сондайға жақындау. Олардың семьяға, жеке өміріне қарауға қолдары тие бермейді, бұлда адам психикасына белгілі дәрежеде әсер етеді. Орыстың Есенин, Маяковский, Фадеев сияқты ірі тарландарының өлімдері жде трагедияға толы. Мұның толып жатқан психологиялық жайлары бар, бірақ олар туралы ешкім қазбалап жазбаған. Тарихтың жұмбақ сырларының бірі болып қала берген.Ендеше Күләш туралы да олай жазудың керегі жоқ шығар.
Менің ойымды көзімнен оқығандай Сәбең: -Шындықты жазу керек, дейді шындығы осы. Бірақ оны айта алмайсың. Мүмкін олай айту керек те емес шығар, - деп Тұрсынбек екеумізге кезек қарап күлді. Содан кейін әлгінде қолына параққа қарап отырып: -Халқымыздың ескіден келе жатқан материалдық мұрасының бірі – домбыра. Домбыра туралы өлең көп жазылды. Әркім әр тұрғыдан келіп жатыр. Менде өзімше, басқаларды қайталамаймын деген ниетпен жазып ем, сол «домбыра» деген өлеңімді оқып берейін сендерге, деп баяғы өзінің мәнері мен өлеңнің әр сөзіне екпін бере оқып шықты. Домбыраны кемері граниттен тұрғызылған арналы, үлкен өзенге балағаны ұнады.
-Жақсы екен, - деді Тұрсынбек. -Ал, жүріңдер, шәй ішейік, - деп Сәбең ауыр денесін соншалықты жеңіл көтеріп орнынан тұра берді. Біз төменге түсіп қол шайып асханаға кіргенде Сәбең шеттеу жердегі төрт кісілік столда шай ішіп отыр екен. Жалғыз өзінен басқа кісі жоқ. Біз қасына жақындай бергенде: -Сендер дәл тамағы аз күні келдіңдер, мардымды ештеңе жоқ екен, - деп бізге орындықты ұсынып, үлкен басымен ілтифат жасады. Даяшы әйел тағам алып келді, үш жүз грамдай коьяк құйған графинді «сенің сыбағаң» дегендей. Тұрсынбектің алдына қойды. Ол үшін рюмкаға бірдей толтырып құйған кезде Сәбең біреуін алып менің алдыма қойып жатқанда:
Сәбе, осыған мен жоқ едім,- дедім.
Ішуді қойғандардың бірі менмін. Сендермен бірге бір рюмка
алайын, ал сендер жассыңдар ғой. Кәне алып жіберіңдер, -деп рюмкасын соғыстырды да өзі тартып жіберді. Сәбеңдей кісі сыйлап ұсынып отырғанда не де болса тәуекел деп мен де тоқтағаным жоқ. Сол – ақ екен екі бетім дуылдап қоя берді. Сәбең әңгіме бастады. Байрон жөнінде айтты. Әкесі Байронмен көп соттаса керек–ті, сот істі ылғи да әкесінің пайдасына шеше берген.Сөздің бір орайында Байронның қалай ақсақ болып туған жайын айттым. Шешесі светская дама, екі қабат кезінде ылғи да көрсет киіп жүріп, содан баланың аяғы қисық туған.
-Солай ма екен? –д еп Сәбең қызыға сұрады.
Батыстың кейбір дәстүрлерін әңгімелей отырып, әйел қызықпаған еркекте құн жоқ, еркекті қызықтырмаған әйелде еш қасиет жоқ.Әркім көңілі ауған адамына еркін болады екен де және ұят саналмайды, қызғанышта жасамайды деген жайды мансұқтай айттық.Бұл бізге жат мінез, қылық дестік.Сәбең әуелі өзі күліп алды да: -Ал, ендеше мен сендерге бір қызық айтайын, осы сияқты бір жайды мен өз көзіммен көргенім бар, -деп шайдан бір ұрттап тамағын жібітіп алды да әңгімесін бастады. 1936 жылы Москвада өткен әдебиет пен өнердің декадасында қатысып,Сәбең мен мұхтар Әуезов екеуі Ленинградқа келеді.Бір күні Мұхаң: -Ал, Сәбит, бір сұлу келіншек үйіне қонаққа шақырды, кешке бірге барамыз, -деді.
Күйеуі кәрі генерал...
-Ойбай, қызғанып бізді атып тастап жүрмесін, - дейді Сәбең қуланып.
-Жоқ, өйтпейді. Өте сыпайы, мәдениетті жандар.
Екеуі шақырылған үйге кешке келген соң, есікті 24- 26 лар шамасындағы бота көз, қиылған қара шашты, тұр тұрпаты тау халықтарына ма, еврейге ұқсайтын сұлу келіншек ашты. Үй қандай! Баяғы патшалардың сарайлары сияқты, үлкен бөлме, неше түрлі қымбат дүние, асыл жихаз. Стол үсті жасаулы. Келіншек иіліп ерекше құрметпен қарсы алады.
-Қазір менің «котигім» келеді, - дейді келіншек.
Көп ұзамай есіктің қоңырауы шылдырап, келіншек есік ашқанда жасы 70 тен асып кеткен, ұзын бойлы, имеген, сақал-шашы аппақ қудай, екі мұрты екіуыс, құс мұрын, шегір көз шал кіреді. -Міне, менің шақырған қонақтарым келіп отыр, - келіншек бұл кісілерді шалға таныстырады да, бұларға, -Вот мой котик, танысыңыздар, - дейді. Танысады. Шамалы әңгімелесіп отырғаннан кейін: -Ал, қонақтар менің әйелімнің көңілін көтергендеріңізге көп рахмет. Отырыңыздар, - деп шал шаршап келгенін айтып, жатып дем алмақ ойын білдіреді. Келіншек оны екінші бір бөлмеге алып кетеді. Сіңірі шатқылдап, аяған әрең сүйреп, болдырған кәрі кісінің мынау уылжыған келіншекке үйленуі, келіншектің оған ерге шығуы таң қалдырып, Сәбең:
-Бұл әйел мынаған қалай шығып жүр? – деп сұрайды Мұхаңнан.
Жағдай былай екен. Мына келіншек шалдың машинисткасы болған. Кемпірі, бірге тұрған қарындасы өліп, басқа жақын туған туыс болмай жалғыз қалған шал әлгі қызға сөз салады. Қыз таң қалған екен, шал айтыпты: маған әйел емес керегі, сізді мен бұрында ұнатушы ем, адал қызмет етіңіз. Мына үйге, дүние-мүлікке енді сіз ие болып қалыңыз, менің бабымды жасап, бақсаңыз болғаны, одан басқаны тілемеймін. Ал, сіздің ойнап күліп, көңіл көтеруіңізге мен еш бөгет жасамаймын, - депті. Бұған қыз көніп, екі-үш жылдан бері шалмен тұрады екен. Араларыңда қызғаныш деген болмайтын көрінеді. Бұл әңгімені Сәбең бабына келтіріп, соншалықты қызық айтты, ара-арасында күлдіріп те қояды. Содан кейін: -Сендерге мен одан да қызық бір болған оқиғаны айтайын, - деп соғыс жылдарында болған бір жәйді әңгімелейді. Баласы майданға кетіп, келінімен эвокуайияда болған атасы жарасып, енді оны шеше етіп алыпты. Бірақ соларына қарамай, өздері тату тұратын көрінеді, қызғанбайды. -Соғыс деген адамдарға үлкен сын болды ғой, осы сында кім не нәрсеге бейім солары білініп жатты. Ал ерлік, азаматтық, қайсарлық көрсеткендер қаншама? Өздерін қиындыққа шыдап құрбан еткендер де аз болған жоқ қой, - деп Сәбең бағанадан бергі айтып отырған әңгімесін қорытындылағандай болды.
Бұл әңгімеге біраз күлісіп алған соң Сәбең тақырыпты өзгертті. Жақында өткен жас шопандардың республикалық слетінде Сәбең сөз сойлегенді.Шопандарға, олардың мәдени тұрмысын мән онша берілмей келе жатқанын сынай айтты. Есіме Н.Жанділдиннің жақында сөйлеген сөзі түсті, үлкен мәжілісте ол «қазірде орыс мектептерінде қазақ тілі жүрмейді, бұл қате. Орыс балалары қазақ тілін, ал қазақ балалары орыс тілін оқуы керек» дегенді айтқан. Туысқан халықтар бір –бірімен жақындаса түсу үшін бір–бірінің тілдерін де жете білуі керектігі партияның ұлт саясаты. Ана бір жылдары қазақ тілі орыс мектептерінің програмасынан шығып қалғаны бар. Қазақ мектебі қаланың орталығынан шетіне көшірілген.Домбыраның қажеті қанша дегенді айтушылар да табалмай қалған жоқ. Бұл солақайлықтарға партия жол бермей, дұрыс бағыт көрсетіп отыр қазірде. Мұны отырған үшеуміз де білеміз. -Ана жылы Москваға барғанымда Брежнев жолдасқа кіріп, бар жағдайды айттым. Қазақстанның орталығы Алматыда үш қазақ мектебі бар,үшеуі де қаланың сыртында. Және онда сырттан келген балалар жоқ,- деп айттым. Мен қолдап сөйледі, - деп Сәбең сағатына қарап. -Апрельдің үші күні біздің орталық комитетінің пленумы болады. Сонда тағы сөйлегелі отырмын. Шай ішіп болып, әңгіменің де басын біраз қайырған соң Сәбеңнің бөлмесіне қайтып келдік. Сәбең жазу столына отыра салып сипақтатып бірдеңелерді жазды да қағазды бүктеместен маған берді.
Оқыдым.
«Құрметті Есет!
«Социалистік Қазақстанға «Ильяс Жансүгіров туралы (юбилейіне) мақала жазу маған тапсырылған». «Жас келсе іске» дегендей, осы іске Мырзабек Дүйсеновты жәрдемге шақырып, екеуміз қол қойған мақаланы жіберіп отырмын. Қолдан келгені осы болды, - қанағат етулеріңізді өтінемін.
Сәлеммен Сәбит
29-03-1965 г.
Сәбеңнің өзі қандай қарапайым болса орысша, басқаларын қазақша, 1965 жыл деудің орнына орсыша «г» әрпін қойыпты. Осынысы ол кісіге тіпті жарасып тұратын сияқты екен. Бір жағынан Әлімжановтың өзі. Ал, енді сендер қайтасыңдар ғой. Мына Бақытты ала кетіңдер. Жалғыз кетеді дегенге шешесі бағана алаңдап отыр, еді Сәбең. -Біз жарты сағаттай биллиард ойнап, сонан соң қайтамыз.Бақытты ала кетеміз, - деп Тұрсынбек уәде етті. Сонымен біз ол кісімен қоштасып биллиард ойнайтын бөлмеге келдік. Жарты сағат емес, бір сағаттай уақыт өтті, Тұрсынбектің биллиардтан әлі айызы қанған жоқ. «Сәбеңнен ұятты, немересі күтіп қалды ғой қайтайық» десем, «қазір, қазір» деп көнбей қойды. Бір уақытта Сәбең есіктен қарап: -Әлі қайтқан жоқсыңдарма? – деп таң қалды. Қасында бір–екі қонағы бар, әлгі әзірде біз барған асханаға кетті. Тағыда жарты сағаттай уақыт өтті. Тұрсынбектің қайтқысы жоқ. Сәбең тағы да есіктен қарап: -Сендер, жолдастар бітпедіңдер ғой, - деді де мойнын бұрып аржағында тұрған немересіне – Әй, Бақыт, киін. Онда мына кісілермен барып қал, -деп жатқанын естідім. Бізде ойыңды апыл-ғұпыл бітіріп, сыртқа шықсақ екен. Бақыт та солардың машинасымен кеткен сияқты. -Келіңдер, сәл отыра тұрайық, - деп ол кісі бізді қолтықтап кіре беріс есік алдындағы скамейкаға отырғызды. -Әлгі келгендер «литературная газетаның» тілшісі мен өзіміздің Әлімжанов.
Әнуар Әлімжанов сол газеттің біздегі тілшісі.
Ғабиден Мұстафиннің «Көз көрген» романы туралы жақында «Социалистік қазақстан» газетінде Мәлік Ғабдуллин менЕсет Әукебаевтың мақаласы басылғанды. Недәуір сын айтылды. Сол мақалаға қарсы жауап ретінде М.Базарбаев пен Ы.Дүйсенбаев «Литературная газетаға» мақала жіберсе керек, оны қолдаушылардың бірі Әлімжанов сияқты. Москвадан келген тілші әлгі мақаланы басу –баспау туралы ақылдасып, Сәбеңнің пікірін білгелі келген екен. Бір жағынан Әлімжановтың өзі туралы да сөз тартқан. Осы жайларды қысқа түйіп айтқан Сәбең: -Менен сол газетте басылған мақала туралы пікірімді сұрады. Мақала сыпайы, әділ жазылған, қайта кемшіліктері әлі толық көрсетілмегенін айттым.Сол мақалаға Ғабиден және басқа кісілер риза емес көрінеді, сынды ұнатқан жазушыны әлі көргенім жоқ. Бірақ, осы дауды басамыз деп ұлғайтып алып жүрмеңіздер деп ескерттім әлгілерге. Бұл мәселеде мына Әлімжановтың да әділетті жетпейтінін жігіт болып шықты, – деді.
Осы кезде кезекші әйел: -Жолдас Мұханов, сізді телефонға өте тығыз шақырады, - деп дауыстай сөйлеп еді. -Ойбай, тағы не болып қалды, - деп Сәбең ішке кірді. Сәлден кейін қайтып келді. –Бірдеңе болып қалған екен десем, Хамит Ерғалиев. Өзі қызулау. «Сіздің жұмысыңызға кедергі жасадым–ау» дейді. «Иа, жасадың» дедім. «Сізді мазаладым білем» деді. «Иа, мазаладыңыз» дедім. «Сіз менің мазалағанымды жаратпай тұрсыз ғой» дейді. «Иа солай» дедім.
Х.Ерғалиевтің неге бұлай сөйлесіп тұрған себебін Сәбең әріден бастап айтты. -Биыл Әбу Сәрсенбаев 60-қа толады. Жазушылар одағы юбилейлік комиссия құрып, оған преседательдікке Сәбеңді ұсынып, бұл кісі келісімін береді. Президиум Әбудің шығармаларының екі томдығын шығаруға қаулы алған соң Сәбең «Жазушы» баспасының директоры Д.Еркішевпен сөйлессе, ол «Толқында туғандар» романын биыл басып жатқанын, ендігі жылы өлеңдер жинағының бір томын басатынын айтады. Осымен президиум қаулысын орындамақ. Ал,Әбу биылғы шығатын кітаптан басқа екі томдық шығарғысы келеді екен. Оған Еркішев көнбей отыр, бір кітапты жыл аралатпай екі рет баса алмаймын дейді. -Осыны менен көретін сияқты, - деді. Сәбең, - Советөкіметінің 50 дылдығына арнап шығаратын екі томдық өлеңдер жинағының жауапты редакторы едім. Басапның бас редакциясы – Қанахин маған айтпай Баймағанбет Ізтөлиннің өлеңдерін шығарып тастапты. Неге өйттің десе, сапасы нашарлау екен дейді. Мен тұрып жұрттың көзінше: сапаға қарасақ бұл жинақтап жиырмашақты ақындардың өлеңдерін алып тастауға тура келер еді, деп бірнешеулерінің аттарын атап жібердим.Солардың ішінде Әбу Сәрсенбаевтың да аты жүр. Шыным сол еді осыны Әбу естіген екен. Бір күні маған келіп: «осылай-да, осылай деді. Өсек болар деп өзіңізден сұрайын деп келдім, айтқаныңыз рас па?» - деді. «Рас» дедім. «Мен сізді жақсы көруші ем ерекше сыйлаушы ем. Мұндай әділетсіз боласыз деп ойлаған жоқ едім» деп көзі іріңдеп, мылжа–мылжасы шығып тұр. Осыдан кейін Сәбең Қ.Жұмағалиев, Х.Ерғалиевтерді баспа комитетіне барғыштап сол екі томдықты шығарудың әрекетінде жүргенін айтты да, жана телефонмен Хамиттың көңілі жығар сөз қозғағанын айтты. -«Әбудің юбилейі нашар өтсін деп, сізді председательдікке әдейі сұрап алған болуыңыз керек» дейді. Бала емес, шаға емес, ақылсыз сөз айтады. Мен трубканы жаба салдым, - деп түйіліп біраз отырды да, маған бұрылып тағы сөйлеп кетті. –Сендердің директорларың жақында Қонаевқа барып, мені жамандапты. Қонаев оған «айналайын, маған іспен кел, өсекпен келме» деп ренжіп қалса керек, өзі ә –әдемі, жап–жас жігіт, неге сонша бұзық–ей! Сәбең соңғы сөзді күліп айтты. Біздің институтта тағы шимай- шытырық жайдан да хабардар сияқты. Өсек айтқандай болмайық деп, біз сөз қозғаған жоқпыз.
Көп отырып, көп-көп әңгімелесіп біз қайтуға ыңғай білдірдік. Сонау төмендегі үлкен жолға түсіп жолшыбай машина ұстап алмақ ойымыз бар. Сәбең бізді біраз жерге шейін шығарып салды. Бір уақытта артымыздан қара «Волга» көрінді. Сәбең қол көтеріп машинаны тоқтатты да, шофермен жылы амандасып: -Мына жігіттерді қалаға ала кетесің бе? – деп сұрады. Шофер басын изеген соң Тұрсынбек екеуміз артқы орындыққа отырып жатқанда Сәбең өзінің осында қалатынын білдіріп шоферға: -Мен кейін, тағы бірде мінермін, - деп күлді. Машина ілгері қарай жылжи берген кезде Сәбең оң қолын былғап бізге қош айтты.
03.04.1965.
Ыңғайсыздау болмаса
(Әзіл)
-Мәдеке, жергілікті комитет жұмысы қалай жүріп жатыр?
-Тастай, -деді жергілікті комитеттің председателі Мәделхан.
-Газетке бір хабарлама дайындасақ па деп едік...
-Өте жақсы. Істелген, тынған шаруа көп. Сізге қай мәселе керек еді, сұраңыз. -Айталық қызметкерлердің тұрмыс қажетін жақсартуда нендей нақты шаралар істелді? Олардың демалысы қалай ұйымдастырылды деген сияқты... -Ол жағы бес! Қызметкерлерге отын-потын бөлініп тұрады. Бір биылдың өзінде демалыс үйіне екі путевка берілді, - деді председатель Мәделхан. -Е, осындай фактілердің көбірек болғаны жақсы атқарған озаттар мен денсаулығы нашар қызметкерлерге бересіздер ғой?
-Әрине,әрине...
-Енді солардың аттарын атап жіберіңізші.
-Фактіні нақты болғаны жақсы ғой.
Жергілікті комитеттің председателі Мәделхан желкесін қасып:
-Аттарын атау керек дейсіз бе? Атауға, әрине болады ғой, бірақ, өзімді өзім атағаным ыңғайсыз болың жүрмесе, - деп күмілжіді. *** Өзіңді мақтасын десең үйіңе қонақты көбірек шақырып тост айтқыз. Тамағыңды жеп, арағыңды ішіп отырып қалай жамандасын... *** Лауазымды өске сайын жауапкершілік күшейе түседі, бірақ, қызметің де жеңілдей түсе ме деп қалдым –ау.
(Әзіл)
04.04.1965
-Сізді директор шақырып жатыр, - деді хатшы әйел Мырзашқа.
-Мерғазының инспекторы болғаны на табаны күректей екі жыл болыпты, содан бері ол директордың алдына әлі бір барып көрген жан емес. Қызметкерім еді ғой, Хал–жағдайы қалай екен деп бастығы ойламайды. Қызмет бабындағы кейбір жолсыздықтар мен жөнсіздіктерді көріп, біліп отырып директорға шағым айтайын, ой салайын бастығым еді ғой деп Мырзаш ойламайды. Жоқ, Мырзаш екі-үш рет бармақшы болып оқталғанда директордың мінезін жақсы білетін жолдастары оған: -Жұмысты ойлап жүрген ол жоқ, қайта кемшіліктерді жіпке тізетін бір қызылкөз бәле екен жаманатқа қаласын. Былтырдан бері Тұрсынның соңына сол үшін түсіп алған жоқ па? Өзі шақырмаса, өздігіңнен барып қақпанға түспе, - деп кеңес берді. Сонымен сол директорын шақырып, әңгімелесуін көптен бері күтіп жүрді, соның реті бүгін келген сияқты. Әрине директор қызмет бабындағы ана мәселе, мына мәселеге қалай қарайсыз қалай қарайсыз деп пікір сұрайды. Сол кезде Мырзаш өзінің көптен бері толғатып жүрген шаруаларын айтып, ұсыныстар жасайды. Ақылдаспады. Бәрі колективтің абыройы ғой.. Директоры жақсы қабылдады. Жұрт бұрын: бара қалсаң қанын ішіне тартып, сұп-сұр боп отырады. Адам ұқсап ашық сөйлесу жоқ. Әрине сөзін есептеп, салмақтап, сауысқаннан сақ сөйлейді, -дейтін. Оларды жалған сөз болу керек. Директор кішіпейілдікпен орнынан тұрып, күлімсірей қол беріп амандасты. Үй іші, бала шаға амандығын түгел сұрап шықты. Бірақ қызмет бабына әлі жеткен жоқ. Бір себептен бастық адамның онысы да жарастықты деп ойлайды Мырза. Өстіп майдалап, әуелі от басы содан кейін қызмет жацына көшетін қазіргі бастықтардың әдеті емес пе? Бұл да сөйтті. -Сіздің әйеліңіз электроватор дүкенінде істейді деп естідім бе? -деп сұрады директор.
-Иа. -Сізді шақырғандағым, әйеліңіз маған бір ЗИЛ тоңазытқышын тауып бермес пе екен. Өте зәру еді. Ол кісінің мүмкіндігі ғой. -Осы ма еді шаруаңыз? – деді Мырзаш. Енді қызмет бабындағы шаруаға көшпейсіңбе деген емеурін танытқандай болды. Осы еді. Алып бере алатын болса маған тез хабарын берерсіз. -Айтып көрейін, - деді Мырзаш ақырын ғана. Сөйтіп сөмпейіп бастықтың кабинетінен шыға берді. ***
«Жақсы»жігіт
-Осы сенің көршің қандай жігіт өзі!
-Жаман жігіт емес.
-Жақсылығы барма елге істеген?
-Ондай ештеңесін естігенім жоқ.
-Ендеше неменесіне «жаман жігіт емес» деп отырсың?
-Жақсылық істемей–ақ қойсын, жұртқа қырсығын тигізбей жүргенінің өзі жақсылық емес пе?
26.07.1965.
Кіші ұлым Исатайдың айтқандарынан: (үш жаста)
Күн күркіретіп найзағай ойнағанда Исатай:
-Ойба–ай, күн айқайлап жатыр, -деді.
-Пап, анау не?
-Күннің көзі ғой.
-Ал күннің аузы қайда?
Атасының үйінен шыққанда толығынан туған ай арт жағымыздан сәулесін төгіп еді. Біраз жүріп үйге келдік.
Ай әлі жарқырап тұрды. Сонда балам:
-Папа, мына ай соңымыздан неге қалмайды? – деп таң қалды.
-Біз колхозға бардық, - деді Исатай.
-Ол қай жер?
-Е, ана түйелері үйден үлкен жер бар ғой.
-Ол қандай түйе екен.?
-Түйенің қисық өркеші мен құйрығы бар екен.
-Түйеңе құйрықтың керегі не?
-Құйрығы болмаса ол қалай тышады?
Осы кезде Едіге шек-сілесі қатып күлді. Исатай көктемде елге барғандағы көргендерін айтып тұр еді.
10.04.1965.
Институттың ғылыми кеңесінен шығып, үшінші қабатқа көтеріліп келе жатқанымызда Оразгүл маған сыбарлап қана.
-Аскет, дегені не? - деп сұрады. «Аскет» деген сөзі жалпы сөзді жалпы түсінсем де анықтамасын осыған жеткізіп бере алмадым. Үйге келген соң словарьдан оқып көрсем, «Аскет» деген сол өзім ойлаған мағынадай сөз екен. Дүниенің еш қызығына қызықпайтын, елікпейтін, тым тұйық, біртоға адамды аскет дейді екен. Оны неге сұрады менен? Мен түсінбедім. Арада ек–үш жұма уақыт өтті. Әлгі сөздің мағынасын Оразгүл білмеді ме, сұрауды ұмытып кетіппім. Бір күні есіме түсіп, ақыры сұрадым. Оразгүл күлді.
-Бір кісі маған «аскет екенсіз» деп еді, соған сұрап едім.
-Мен де оқыдым. Ол кім сізге аскет деп жүрген?
-Әй, құтырған шалдар ғой...
-Дегенмен кім?
-Ақаң.
- Жұбанаов па? Ол қалай айтып жүр?
-Ана бір күні Лизунова келді маған, - деді Оразгүл, - ол әйелдің өзі арада жүруге шебер болу керек. Келді де күлім қағып «Розочка», Ахмет Куванович екеумізді дачасына қонаққа шақырып еді. Мен сізбен сөйлесейін, сіз барсаңыз барайын деп едім. Қалай қарайсыз? - деді. Мен оған да «Дачаға қыдыратын адам қыдыра берсін. Мен жұрттың дачасына қызықпаймын» деп едім, ол әйел Ақаңа айтып барған болу керек. Ертеңіне келіп анау–мынау, жәй дачамды көріп қайтарыңыздар деді. Басқа бөтен ой жоқ. Тіпті жолдасыңызбен де келуге болады, деп сипақтатып, ақырында кетіп бара жатып «сіз аскет екенсіз ғой» дегені. Ол не дегені екенін түсінбей анада өзінен сұрағаным сол еді. «шырығым, қалқам» деп майдалап сөйлеуші еді. Сөйтсем шалдың көңілі алыста жатыр екен.
Оразгүл осы жайды бір түрлі ыңғайсыздана отырып айтты.
30.04.1965.
Қысқа юморлар
Қышыған алақан Айдостың алақаны қыши бастады. Газетке берген мақаласы ойлап: «мол гонорар уыстайтын шығармын» деп алақанының қышығанын жақсылыққа жорыды. Үш ай өтті. Мақала басылмады, бірақ «ақша уыстармын» деген үміті үзілген жоқ. Өйткені, алақанының қышуы соңғы кезде тіпті күшейе түсіп еді.бір күні дәрігерге жолы түсіп бара қалса: - емделмесеңіз болмайды – қышыма болыпсыз, - деді оған. *** Айдостың мақаласы бүгінгі газетке шықты. Бірақ, ешкім оның қолын қысып, мақаласының шығуымен құттықтап, ілтипат білдірген жоқ. Осыдант кейін Айдос мынандай тұжырымға келді.: «Осы жұрт газет оқымайтын болған –ау, тегі»
Күлмейтін келіншек
Көршім Бөкеннің әйелі еш нәрсеге езу тартып күлмейтін, безеріп қалған кісі еді. Ондай кісінің тез қартаятын әдеті. Келіншегі жасына жетпей мүжіліп бара жатқан соң, дәрігерге алып барып көрсетті. Болмашы нәрсеге ашулана бермей керек, мүмкіндігінше көңілді жүрген сияқты. Бұл науқастың бірден –бір емі-күлкі, тағы да күлкі. Яғни айтқанды жақсы көңіл–күйі, -деді дәрігер. Бөкен талай айла–шарық жасап көрді, бірақ келіншегіне езу тарттыра алмай-ақ қойды. Бір күні мен оған: -Келіншегімді театрға алып бардың ба? Апармаған болсаң, бүгін кешке бір комедия қойылады екен, соған барыңдар, - деп ақыл берді. Ертеңгісін Бөкенді кездестіріп:
-Қалай, кешегі спетакльге бардыңдар ма? Ұнады ма? – деп сұрадым.
-Барғаны құрсын... Күлмеді, қайта жылып қайтты.
-Неге? Қойғандары комедия емес пе екен?
-«Күлдірмейтін комедия» екен. «Осыған қор болған есіл ақшам –ай» деп үйге жеткенше менің сорымды қайнатты.
07.10.1965.
Бүгін Мұхамеджан Қаратаев курортқа жүрмекші.
Шығарып салғалы екі-үш жігіт үйіне келдік. Әңгімелесіп отырған бір сәтте жазу столының үстінде жатқан өзімнің «Ілияс Жансігіров» атты биыл шыққан монографияды көрдім. Алып, бетін ашсам Қажым Жұмалиевке автографпен берген кітабым екен. Жазда ұйғыр келіншегі Патыгүл кандидаттық дисертация қорғаған күні, осы кітабымды Қажекеңе сыйлағаным есімде.
-Бұл сізде қайдан жүр? – деп сұрадым аң қалып. -Жазда Патыгүл қорғағанда үйіне қонаққа барып едік қой. Қажыкең жиналысым бар деп ерте кетіп қалған.сонда ұмытып тастап кетіпті,мен ала салып едім, - деп Мұхаң. Ішім мұздап кетті. Үлкен кісілердің ұмытшақтығы болатынын білсем де, мұнысы маған деген ол кісінің ықылассыздығындай сезілді.
-Мен өзім алып кетейін, - деп ем, Мұхаң: -Кеше Қажекеңе телефон соғып, жол жүріп бара жатқанымды айтып, «әрі сіздің ұмытып тастап кеткен кітабыңызды жинап жүрмін» деп едім, ол кісі «өзім барғанда алармын, сенде тұра тұрсын» деді. Кейін келгенде сұраса ұят болар, - депті. -Сұрар дейсіз бе, -тағы да ұмытып кетер, -деп менің көңіл күйімді сезгендей Мұхаң бетіме үнсіз қарады, бірақ үндеген жоқ. Ілияс жансүгіров туралы бұл еңбекті мен бұдан екі–үш жыл бұрын жазып бергенмін–ді. Келесі жылы талқылаумен өтті. 1964 жылы ақпанның 70 жылдық мерекесінің қарсаңына басылып шығуы керек еді, басылмады.Бөлімде талқыланды.одан кейін қолжазбаны Мұхаң оқып,бұл кісі де қолдаған. Институттың ғылыми кеңесінде талқыланардан төрт-бес күн бұрын қолжазбаны Қажекең сұратып алғанын естідім. Есмағанбт Ысмайлов:
– Қажекең қолжазбаны оқи бермеуші еді, неге сұрапты екен?-деп
күдік айтып еді, мен оған мән бергенім жоқ. Ілис туралы Мұхаң, Қалижан ризалығымды білдірдім. Ол кісілердің ескертпелерін ойланып көрейін, тиісті жөндеулерді енгізейін деп уәде еттім. Қолжазба баспаға ұсынылды Бірақ, 1964 жылдың баспа жоспарына енбей қалды. Бір күні Алматы саноторийінде дем алып жатқан Мұхаңа директорымыз бар–ды. Әңгіменің бір ыңғайында Мұхаң: Менің қолжазбамның қашан шығатынын директордан сұрап қалғанда:
-Ғылыми кеңестен өтті ғой. Келесі жылы шығады, - деді.
М.Базарбаев іштей қолдап жүргенін білемін, бірақ, оның қолжазбаны тағы бір жылғы ығыстырып жібергенін осы жолы ғана сездім. Үндегенім жоқ. «Піскен астың күйігі жаман» дегендей, бітіп тұрған қолжазбаның баспадан тезірек шыққанын асыға күтеміз ғой, 1964 жылы шықса екен. Әрі–бері әрекеттеніп көріп ем, онымен ештеңе шығара алмадым... Оның бар шындық жайын биыл білдім. Екі кісі: Т. Абдрахманова, Ә.Дайырова, бірі Ілиястың лирикасынан, екінші поэмасынан кандидаттық диссертация жазып жүр екен. Ол екеуіне де Жекең қамқоршы. Ә.Дайырова сол кісінің кафедрасында істейді. Ол екеуі қорғап алмай менің кітабым тұра тұруы керек екен. Ә.Әбдрахманованың бір оппоненті бас тартқан екен, төрт-бес күн қалғанда аяқ астынан мен оппонент болдым. Екеуі де былтыр қорғады. Биыл менің кітабым жарық көрді.
Осы жайды мен Мұхаңа айтып бергенімде, ол кісі сәл ойланып отырды да: -Жасы үлкен кісі ғой, ондай-мұндайды елеп қайтесің, -деп ағалық кеңесін берді. Сонымен мен кітабымды алмай тастап кеттім.
18.10.1965.
Анау бір күні Ахмет Жұбановтың маған:
-Мырзабек, сенімен бір әңгімем бар еді.Содан бері жұмадай уақыт өтті, ол кісіні кездістіре алмай–ақ қойдым. Бүгін Ақаң кабинетінде отыр екен:
-Ақа, мен келдім... – дедім...
Кабинетте қызметкерлер отырған, олардың көзінше сөйлескісі келмеді–ау деймін, орнынан тұрып:
-Жүр, сыртқа шығайық, - деп ілгері қарай жүрді.
Кең жарық дәліздің екі терезе ортасында диван тұратын-ды. Екеуміз сол диванға келіп жайғасып отырдық. -Әңгіме дегенде, үлкен мәселе емес,жәй ғана нәрсе еді, - деп Ақаң әдеттегісінше ақырын сөйледі. –Өзің де сезетін шығарсың, мен сені ұнатамын. Ұнататын біраз қасиеттерің бар. Жақсы көргендіктен де сен туралы әманда жақсы сөз естігіміз келіп тұрады. Ыңғайынан өзім туралы жәйсіз бір әңгіме тарағанын сездім.Бұл кісі еш уақытта мұндай сөзге шақырып көрген емес–ті. Тілімен орақ орып, бірді-бірді соғыстырып өсек айтатын ішімізде бірлі–жарымды жігіттер бар еді, солар болмаса неғылсын әлденені бүлдіріп жүрген?Бірақ, олар не деуі мүмкін? Кім біледі. Биыл «Ілияс Жансүгіров» туралы кітабым шықты. Газеттерде мақтап мақала да жариялана бастады.Түбі осы докторлығын қорғап кете ме дегеенде сол ішіне айналмайтын «ағайындардың» қылықтары болар- ау. Әлсіз адамдардың әдетте өсекті қару ететіні бар, ақ-қарасын ашып алмай кейде сол өсектің ықпалына түсіп кететініміз аз емес. Қой...
Ахаң сәл кідіріп әңгімесін жалғады. -Біреуі біліп айтады, біреу білмей айтады. Кейде сені мен Рахманқұл екеуіңді Есмахамбеттің шашбауын көтереді деген сөз естимін. Сол сендерге онша жараса бермейді. Сендер бала емессіңдер, осы институттың белді адамысыңдар, қолдарыңнан жазу келеді... Тек сондай әңгіменің болмағаны жақсы-ау деген, ағалық тілек қой...
-Оныңызға көп рахмет, Аха, - дедім шын көңілмен.
Ахаң бізге дәріс оқыған ұстаз адам. Оны үстіне қазақ мәдениетіне еңбегі сүйген, атақ-дәрежесі бір басына жетіп жатқан үлкен, беделді кісі. Оның бер жағында неше жылдан бері институтта бір қызметтес болып келеміз, әр кезде жылы амандасып, «қарағым», «шырағым» дегеннен басқа жат қылық, мінезін өз басым көрген емеспін.Сондықтан да ол кісінің қатты сыйлаймын. Биыл қайын атам Дәріғұл Тұрсынов «Түркі тілдес студенттерге орыс тілін оқытудың методикасы» деген тақырыпта педагогика ғылымының докторы деген ғылыми дәреже алу үшін диссертация қорғады. Диссертациясын ертеректе бітірсе де сәті биыл түсті. Біріккен ғылыми кеңестің председателі ауырып қалып, орынбасары Ахаңа келіп атам жайлы сөйлескенмін. Ол кісіні Ахаң да сырттай біледі екен, қорғауға жіберетінін айтты. Сонда ол: -Сен айтты деген әңгімені көп естимін,бірақ өзіңді жақсы көрген соң мән бермеймін, - дегені бар еді. Бұл сөздің астарын жақсы түсіндім. Әзіл–қалжыңды көбірек айтатын басым, Ахаң туралы, ол кісінің басынан кешкен, ел аузында тарап жүрген әңгімелерді кейбір отырыстарда айтып жүретінім болушы еді. Бірақ, ол кісі өкпелейтіндей әңгіме емес, біразы ахаңның өз аузынан естіген, баяғы «Қарлығаш» әнін орындаған қыздар т.б. болатын–ды. Соны жігіттердің бірі терісін айналдырып жеткізген болды –ау деп түйіп, содан кейін жалпы белгілі адамдар туралы әзіл айтуды доғарған жайым бар–ды. Ендігі әңгіме міне, Есағаң жайлы болып отыр. Жалпы, жазушылар арасында көптеген келіспестік бар. Партия жікшілдікке қарсы күрес жүргізгендіктен де жазушылар ашық топталуға қорқып, іштей жең ұшынан жалғасып әр топ адамдары өзінің сөзін сөйлейтіндерді маңына жинап бағады. Газет, журнал, баспа басшыларын да өз адамдарынан қоюға тырысып, жүгірісіп жүргендері. Жасыратыны жоқ, бұл топтар жүзге, жерлестікке негізделген. Осындай жік қазақ интелегенцияларының бұрынғы буындарында да болған, содан олардың қай қайсысы болса да пайда тапқан емес. Түкке керегі жоқ осы бір өзімшілдіктен қазақ жазушылары әлі арыла алмай келеді. Соның салдары әдебиет, өнер саласына да тимей жүрген жоқ. Рас, бар нәрсені тек қана жікшілдік тұрғыдан шешеді деу артық болар еді, ғылыми принципиалды мәселелерде көзқарастың ғылыми топшылаудың қайшылығынан туып жататын тартыстар да бар. Бірақ, осы тартыс көбіне бір жіктің ішіндегі адамдар арасынан көрі екі жіктің арасындағылардан көбірек кездеседі. Есақаң мен Қажекең араларында да әдебиеттің мәселелерінде ғылымимталастарды жиі болады ал соны кейде жікшілдікке байланыстырып жіберетін кездері де жоқ емес. Мен өз басым. Ахаңның әлгі «Есмағанбеттің шашбауын көтереді» деп жұрт айтады деп Рахманқұл екеумізге құлаққағыс қылып жатқан әңгімеден де сондай ыңғайсыз жайды сезіндім. Бұл жұртқа да дауа болсайшы, тегі. -Аха, - дедім бір кезде, -сіз менің тәуір көретін ағаларымның бірі екеніңізді өзіңіз де сезетін болуыңыз керек.Неше жыл болды, бір мекемеде қызмет істеп келеміз, сіз туралы бір жерде жайсыз сөз айтыпты дегенді естідіңіз бе?
-Жоқ, шырағым.
-Ал, біреу туралы жамандап сізге келген кезім болды ма?
-Жоқ, шырығым.
-Мен ағаларымның бәрімен де осылаймын,Аха.
-Соның жақсы, қарағым, - деп Ахаң. Баласын айналғандай соншалықты жылы-жұмсақ айтты. -Біздің арамызда, Аха, қолыңнан мардымды іс келиейтін, бірақ бірді–бірді айдап салуға алдына жан салмайтын жігіттер бар. Мені докторлығын қорғап кете ме дейтін болулары керек, соңғы кезде менің сыртымнан сөз жүргізе бастапты. Мен бір мақал шығардым, - деп күлдім.
-Қандай?
-«Жаманның артында қарыз жүреді, жақсының артында арыз жүреді» деген.
Ахаң жымиып, ақырын ғана күліп қойды. Мен ойымды жалғастыра бердім.
-Өсек жүре берсін, бірақ менің алаңдарға шама да, уақытым да жоқ, Аха. Біржағынан саулық нашар, екінші жағынан қазірде бір кітап жазып біттім, екіншісін аяқтауға жақынмын. Үшінші бір кітаптың идиясы ойымда пісіп келеді, өсек қуған кісінің ондайға уақыты бола ма?
-Оның жақсы екен, қарағым, - деді Ахаң тағы да.
Мен ағымнан жарылып, Ахаңа бар шынымды шешіле айттым. Есахаңның пікірін қолдасам, ол әсте жерлестік, топ мақсаты үшін емес, көзқарастарымыздың бірыңғайлығынан екенін де өзімше дәлелдеген болдым. Ахаң маған сенді. Содан кейінгі әңгіме, келесі жылы бұл кісі 60жасқа толады, сол жайына көшті.Кім екенін атаған жоқ, біреу Ахаң творчествосы туралы орыс тілінде кітап жазып жатыр екен, соны қазақшалап жатқан көрінеді. «Қазақша қаламы онша жүйрік емес» дегенді айтып қалды. Соған көмектес дегісі келгені ма екен деп ойладым да:
-Редакциялау керек болса, қол ұшын беруге мен дайынмын, Аха, -дедім. -Оған менің араласуым ыңғайсыз ғой. Дегенмен сенің тілегіңді айтып көрейін, -деді де, – ендігі әңгімені қоғамдық ғылымдар, институт ішіндегі кейбір келеңсіз жайлар туралы қозғады. Біз екі сағаттай сөйлестік. Бағана Ахаң екеуміздің оңаша сыр шертісіп отырғанымызды Есақаң көрген–ді.
Мен бөлмеге кірген кезде бұл кісі күле қарап:
-Ахаң екеуің ұзақ отырдыңдар ғой, жай ма? –деп сұрады.
Ана жылы Қажекең мен Есахаң екеуі академиктікке таласып, қатар ұсынылғанда, екеуі де өтпей таласып, қатар ұсынылғанда, екеуі де өтпей М.С.Сильченко өтіп кеткен–ді. Осы ұсыныс кезінде ағайындар арасында біраз салқындықтар түскен. Ахаң Қажекеңді қолдаған еді, онда. Содан бері Есахаңа қарсы әр түрлі әрекеттер жасалып, алып –қашты сөз жүргенін әр түрлі әрекеттер жасалып, алып-қашты сөз жүргенін білемін. Асылы Есахаң сондай бірдеңеде секем алған сияқты. Мен ашылып бұл кісіге ештеңе айтқаным жоқ. -Жәй, жұмыс бабаы ғой, -дей салдым. Әйтсе де, Есахаңның іші бірдеңе сезген болды, оңаша қалған бір сәтте: -Мырзабек, -деді салмақты үнмен, -мен болайын, Мұхамеджан, Әбділда болсын, сендердің дегендеріңнен есептеспей тұра алмаймыз. Тіпті, әлгі Ахаңның өзі де сендерді тыңдайды. Сені ішке тартып сөйлескендерді тегін емес, сен арқылы бізбен де байланыс жасап,тіл табысқылары келуі мүмкін. Айтарым бір ғана нәрсе, тек әділ бол! Бізге де бұрмай–ақ қой, оларға да бұрма. Қазір де, әр кезде тура жүрсің ғой, осыныңнан тайма. Шынымды айтсам, бүгінгі екі үлкен кісілердің іңгімелері мені таң қалдырумен бірге ыңғайсыз да жайға түсірді. Біз деген бар болғаны аға ғылыми қызметкерміз, қолымызда тұрған ештеңе де жоқ, ендеше әлгіндей сөздердің қажеті қанша еді деймін ішімнен. Жоқ, ақылды, білімді ағаларымыздың араларында әлі береке, бірлі аз, мынау әңгіме соның салдарынан туып жатыр, енді міне соның иірімі бізді де тартып кетуі мүмкін ғой. Оларды жарастыру керегін түсінемін бірақ. Ол үшін не істеуіміз керек? Соның жолы қандай?
18.10.65.
Әбділда Тәжібаевты академияның кіре беріс кең фоэсында кездестірдік. Қолында сұр папкасы бар, амандасып болған соң мені оңашарақ алып барды да: -Мыныу Есмағанбеттің «тарих..» үшін жазған Сәкен сейуллин турал тарауы, - деді. – Қырық бетін оқыдым.Қатты айтайын десең дос адамың өкпелейді, жәй айтсаң Сәкенге обал. Бұл тарау маған ұнамады. Ал, Есахаң кітабын беріп еді, онысын әлі оқығаным жоқ. Оған халық ақындарын зерттеп, лекцияны оқып жүре бер деу керек пе, қалай өзі? «Ақындар» деген кітабы жап жақсы көрінген, ал мына жазғаныңда жинақтап, түйіп айту жоқ,ылғи монотонность! Және лириканың түрін он беске жеткізеді, ал онысы ақылға қона бермейд. Түгел оқып шығайын, сонан соң пікірімді айтармын. Ал, сенің қолжазбаңды осыдан кейін оқимын.
24.10.1965.
Біз Әзілхан, Амантай үш үйіміз араласып тұрамыз.Жалпы ерекектердің басын қосып тұратын жағынан жақын тұрса жақсы болады екен. Біздің үшеуміздің әйелдеріміз де өзара көңілі, пейлі, жаны жағынан жақын тұрса жақсы болады екен. Біздің үшеуміздің әйелдеріміз де өзара сондай тату. Сондықтан да біз біріміздің үйімізден біріміз шықпаймыз. Оның үстіне қатты қалжыңдасамыз. Әсіресе Әзілхан екеуміздің қалжыңымызды бұрын естімеген кісі –мыналар ұрыссып отыр ма деп қалуы да мүмкін. Біз біріміздің жасымызды әдейі кемітіп іске асырмай тастаймыз. Әуелі бір-бірімізді, одан кейін үй-ішімізді, одан кейін қатындарымызды қалжыңға айналдырамыз. Не болмаса басқа бір жайларды әңгімелесек те қалжыңмен біраз жерге апарамыз.Тек қана Амантай ғана айтпайды. Бірақ біз айтсақ айызы қанып рахаттанып күліп отырады. Біз өздеріміз басымыз қосылған кезде күлкіден жағымыз ауыратын еді. Әзілхан екеуміз қатысқан компания әр кез қыран жатқандай күлкімен өтетін. Әзілханды жұрт тым салмақты, тіпті суық жан деп ойлайды. Бір қарағанда ол солада көрінеді. Ол кешеде жүргенде өмірі кісінің бетіне қарамайды. Төмен қарап жүреді. Бейтаныс кісілердің қасында ол сөйлемпейді де. Ал, компанияда ол тіпті басқа адам. Жүз процент басқа.
*** -Өтебай қонаққа шақыратын болу керек. Емеурін білдірді. Саған телефон соққан жоқпа? – деді Әзілхан.
-Жоқ. -Амантайға да айтқан екен. Үй ремонты бітіп келеді, бір бас қосу керек еді депті...
-Десе сендерді шақырды да.
-Біздің үшеуміз бір компания екенімізді білсе қалдырмайды дегенім ғой.
- Несі бар, - дедім мен күліп, -шақырса барамыз. Өтекеннің жасы үлкен, шақырмасаң өзі келе бермейді.
Жиі–жиі шақыруға «жағымпазданып жүрген жоқ па» деп ойлап қалар деп тыншықтай беремін. Ол мені жиі шақырса, менің жаман ойлайтын түгім жоқ. Өйткені ол маған міндеткер керек емес. Бірақ Әзілхан–ау, екеуміз де ішкілікті қойдық демеппе ек, енді қалай болады? -Оның еркін маған берсең, Өтебайдың көңілін сыйлап ептеп ішейік.Басқа жерде ішпейік, - деді Әзілхан.
- Жоқ, - дедім мен оған, -Өтекең шақыра қалса ішейік, ал шақырмаса, онда ішпейік.
-Шақырмаса әрине ішпейсің, -деп Қалима шек-сілесі қатқанша күлді.
- Жазушылар Одағының есігінен шыға бергенде Мұстафин қарсы жолықты, -деді Әзілхан. –Қара көзілдірік киген Ғабең де маған тесіле қарады. Қанша өкпелесең де, жасың кіші ғой деп қолын алып, сәлемдестім. Ол да иіліп:
-Ә, Әзілхан жақсы ма, бала-шаға аман ба? – деп сұрап қалды. Бұрын амандасқанда, қолынның ұшын ғана беріп «ым»м» дей салушы еді...
-Бұл шал саған қиянат жасаған қазір түсініп жүрген болу керек, -дедім мен. -Кім білсін. Ана баяға ақылкөйлері қазір оған бармайды да, көрседе көрмеген болып бұрылып кететін көрінеді... -Достары бұрылған соң, сен өшіксең де оны сыртынан жамандамадың, арыз жазбадың. Баяғыда Орталық Комитетте сынысаң көзіңше айттың. Сенің адалғыңды ол ептеп түсіне бастаған болу керек.
Қанша дегенмен есі бар шал ғой.
-Ол да мүмкін, - деді Әзілхан.
30.10.1965.
Соңғы екі айдың ішінде «Ана махаббаты», повесіме елуден аса хат алдым. Көбі баспаға, енді біраздары жазушылар одағына жазыпты. Сәуірбек он бестей хат беріп еді, Танаштардың бергендері одан да көп екен. Үйге әкеліп кешеден бері бәрін қайта оқып шықтым. Бәрі де Сәбираның адамгершілігіне риза. Баланың опасыз әкесіне ызаланады. Семья мәселесі. Адалдық, адамгершілік мәселесі оқушыларды қатты толғантады екен. Отбасы бұзылған осындай жағдайда жазушы қандай шешім ұсынады, сонымен келісе ме, жоқ па? Міне, мәселе осында жатыр. Әр хатта ризалық көңілмен бірге, бірді-екілі сауал берілді. Не істеп, не тындырып жатқанымды, алдағы жоспарымды сұрайды. Тіпті, еліне қонаққа қыдырып келіп қайтуды өтінеді. Мен бұрынғы шығармаларыма мұндай көп хат алған емеспін. Енді оларға жеке- жеке хат жазуға уақыт жоқ, сондықтан да,сауалдарды топтап, бәріне бір текспен жауап беруді мақұл көрдім.
-Газет арқылы хат жаз, - дейді редакциядағы жігіттер. Ұят қой. Сонымен бір тексті дайындап, жұқа қағазға жиырма шақты дана бастырып, әр хатты жазған оқушыларға конвертке орап салып жібердім. Сондағы текстім мынау еді.
Қымбатты...
Бал арасы бір күннің ішінде бірнеше шақырым ұшып, толып жатқан гүлдерден шырын алып келеді.Ол күнде сөйтеді, сөйтіп бал жинайды. Жазушы да сол сияқты. Сонау космосқа самғаған қиялы, өмірден көрген, сезінгенін көңілге түйіп, ой таразысына салып, онысын көркем шығарма етіп ұсынды. Гүлдеріне қарай ара балдарының түсі, дәмі әр түрлі, жазушының талантына орай оның көркем туындылары да әртүрлі дәрежеде болады. Оның әділ төрешісі өздеріңсіңдер қадірлі оқушы. Менің «Ана махаббаты» повестіме жылы көңіл білдіріп жазған хатыңды алдым. Көп рахмет. Повесть өте ұнады десің, жазған еңбегінің аз да болса олардың жүрегіне ләззат, көңілдеріне тоят берсе - жазушы бақытты! Ал оқыған кітабы туралы өз пікірін жазып, ұнаған ұнамағанын ашық айтып отыру біздің оқушыларымыздың мәдениеті өсіп, талғамдарының күшейгенін танытады. Мен көптеген хаттар алдым. Менің өзім туралы жазуымды сұрайды. Жауабымның қысқалығына кешірім сұраймын. 1958 жылы «Мен қалай тоғай болдым» 1959 жылы – «Жолың болсын» атты әңгімелер жинағым, 1962-де «Қалыңдық», 1965-те «Ана махаббаты» атты повестерім жарық көрді. Мен әдебиет тарихын зертеумен шұғылданып жүрмін. 1962 жылы «Әдебиеттегі мазмұн мен түрдің бірлігі», 1965 жылы «Ілияс Жансүгіровтың өмірі мен жазушылық қызметі» туралы кітап жазып шығардым. Қазірде «Той болған жоқ» атты жаңа повесть жазып бітірдім. Үлкен ақынымыз Әбділда Тәжібаевтың өмірі мен жазушылық еңбегі туралы кітап жазып жатырмын. Биыл бітуге тиіс. Өзім ҚазССР Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеймін.
Алда жоспарлар өте көп, оны уақыт көрсетер.
Саулық, бақыт, жемісті еңбек тілеймін, құрметті оқушым.
Енді «Ана махаббаты» повесті жайындағы бірер сұрақтарға жауап қайырайын.
1. Сәбира мен Мейірманның ара қатынасы неге аз сөз болады, Бибі әжей неге кейін көрінбей кетеді дегенге, мәселе барлық жайды үңгіп жаза беруде емес, айтайын дегенің Беркін мен Сәбира жайы болғандықтан басқа жайға көп алаңдап оқушы назарына негізгі ой қазығынан бөліп жібермеу жағын ойладым. 2. Беркіннің әкесіне еріп кете бергені несі деген сұрауға алғашқыда ойланбай, балалықпен кетіп қалған, кейін түсінеді де берік байламға келді, ондай әкеге кешірім болмау керектігін түсінді, - деп жауап бергім келеді.
Сау бол құрметті оқушым.
М.Дүйсенов, 30 октябрь, Алматы, 1965 жыл.
06.11.65
-Сен кеше ғылыми кеңеске келмедің ғой, - деді Есахаң.
-Арнап шақырылмаған соң барғаным жоқ. Не болды?
-Естіген жоқсың ба?
-Жоқ. -Старшыйларға есік ашық қой, келе бермейсіңдер ме?... Бірақ, бізде жабық өткізу әдетке айналып кетті ғой... – деп Есахаң сәл үгсіз қалды.Жайсыз бір әңгіме айтқысы келіп, соны неден бастарын білмей келе жатқан сияқты.
-Иә, сонымен не болды? – дедім мен.
-Қажым ғой, тағы да айқайлап, сенің атынды қайта–қайта атап..
-Неге?
Әңгіме былай болған екен.
Ғылыми кеңеске Айқын Нұрқатовтың биыл жазып біткен жұмысын салыпты. Баспаға ұсыну керек. Кім оқыды дегенде, Жұмалиевтен басқа ешкім оқымаған болып шығыпты. Есахаң отырып: -Өліп қалған кісінің жұмысына сын айтудың қажеті жоқ. Ұсынылсын, бірақ ол жұмысты біразымыз оқып танысуымыз керек еді, - дей бергенде Қажекең:
-Мен жарайды дедім ғой, тақияңа тар келіп тұр ма деп ашуға басыпты. -Сен бір–ақ адамсың. Кейде біз біреулердің жұмысын оқымай, оқыттырмай өстіп ғылыми кеңеске әкеп сала саламыз, кейде біреулердің жұмысын созып жүріп аламыз. Былтыр Дүйсеновтың Ілияс туралы жұмысын жыл жарым ұстап әрең жіберіп едік, - депті Есахаң.
Есахаңның сөзін Қажым бөліп:
-Айқынның бұл жұмысы сендердің Дүйсеновтеріңнен жұмысынан он есе артық...
Қажым айқайға басады. Бір уақытта Мұхамеджан Қаратаев сөз алып, Жұмалиевке қарап, біраз ауыр сөздер айтып тастайды. Бір ретте: -Дүйсеновтің жұмысын әзірге ешкім жаман деген жоқ. Үш–төрт мақала шықты, мақтап жазды. Жұрт та жақсы атап жүр. Бұл бір. Екіншіден «сендердің Дүйсеновтердің» деген қайда шыққан сөз, өзі. Осы қит етсе бөліп, бөлініп шыға келетін аурудан жазылатын кездерің бола ма? Жоқ па?... Осы кезде Қажы мен Мұхамеджан екеуі шамалы сөзге келіп қалады. Мұхамеджан оны біраз бастырмалатып алыпты. Қажекең Мұхаңнан кете алмайды, онымен қатынасты үзуге болмайды, сондықтан да ғылыми кеңес біткен соң жуып–шайған боп: -Ой, Мұха, мен жай айта салған ем, сен сонша ашуланғаның не?-деп қолын алып күліп қалыпты. Мұхаң да шалқаймай күлісіп, қайта жарасып кетіпті. Қажекеңнің неге маған қырын қарап жүргенін түсінемін. Бәрі Есмағанбет Ысмайлов үшін, соның шәкірті деп біледі. Үлкен кісілерде кейде ондай–ондай пендешілік болады, оған біз кешіріммен қарауымыз керек қой деп ойлаймын.
13.11.1965 1963-64 жылдар қазақтың жазушылары мен әдебиетшілері мен арсында үлкен наразылық жүрді.Тіпті, жік сияқты жат құбылыстың иесі шыға бастады.Мұны әсіресе қоздыруға себепші болған «Жұлдыз» журналына редактор болып келген Әбдіжәміл Нұрпейісов еді. Ол журналға жастарды үйіріп, өлең, әңгіме, повестерін басып және өзінің жек көретін кісілерін тілдеп тастайтын мақалалар бастырды. Алдында «Қазақ әдебиеті» газетінде жас сыншы Асқар Сүлейменовтың «Елең алаңдағы дүбір» деген Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының бірінші кітабына мақтау рецензиясы басылған.Жас сыншы оның алдында бір мақала жазып, оның тіліндегі шұбарлық, ойдың түсініксіздігі туралы Әділқазы Рахымжановтың «Социалистік Қазақстанда» қатты сынаған мақаласы да сол алғашқы мақаласының дәрежесінен аспаған–ды. Оның үстіне «Қан мен тер» романын жұрт қазақ өмірін қап–қара бояумен көрсетеді, натурализм баршылық деп сын айтқанда А.Сүлейменов ол романнан түк мін таппайды. Жұрт оған қатты кіжініп қалған–ды. Сол жігіт көп ұзамай «Жұлдыз» журналында сын бөлімін басқаратын болды. Ә. Нұрпейісов болса жазушылар одағының председателі Ғ.Мұстафиннің ең жақыны болып, сеніміне өтіп алған-ды. Сонымен олар біраз мақалалар жариялап, С.Мұқанов,Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Е.Ысмайловтарды сынға алды. Біраз сын Зейін Шашкиннің «Доктор Дарханов» атты романына байланысты болды. Ә.Тәжібаевқа А.Сүлейменовтің ана мақалалары ұнамады. Бәрінен бұрын оның мінезі ұнамады. Ана Ә.Нұрпейісовтің т.б. азғырғанына көніп, жазықсыз жақсыны былғап, жасықты мақтағанына күйінді. Осыдан кеп бір күні «Ой жігіт» өлеңін жазды.
«Жігітім, туғанда еркек боп,
Қуанған шешең де, әкең де.
Бір саған мың бақыт да әперген...» дегендегі шыңның аты «Асқар» дегені еді.
23.11.1965.
Сентябрьдің 27 күні. Қызылордадан Асқар Тоқмағанбетовтың тойынан келген соң мен Тұрмағанбеттің ауылына барған сапарымнан очерк жазғым келіп оқталдым. Біраздан кейін сол сапарды очерк етпей-ақ жазғалы жүрген романыма пайдалансам қайтеді деп ойландым. Оның үстіне романына композициясы да басымды пісе бастады. Мен оны төрт повесть етіп жазуды ойладым. Бірінші повесті болашақ геройымның жастық шағы. Ол елде өтеді. Ақырында әнеугі біздің елге барған сапарымыздың әсерін 25 жылға шегеріп, повесть оқиғасын содан бастау керек дедім. Әрине ол соғыс басталар жыл болатын, ол кездегі ауыл жайы маған жақсы таныс. Ақыры осы шешімге біржола бекідім де, октябрьдің 3-і күні жаңа повесті жазуға отырдым. Оқиға баста піскен. Ал қалған детальдар жазу үстінде келеді. Ел аралап, тынығып келгендігі ме, әлде жазуға құштарлық артып кетті ме, Әбділда Тәжібаев туралы жазып жатқан кітабымды тоқтаттым да, повестке кірістім. Күніне 7-10 беттен жазамын. Кей күндері одан да көп жазамын. Ең болмаса негізгі қағазға бір түсіп қалсын деймін. Сонымен октябрьдің 15 і күні небәрі 12 күн ішінде повесті жазып бітірдім. Араға бір жұма уақыт салып, повесті қайтадан оқып, үстінен жөндеп, кей тарауына ептеп қосып,екі-үш күн тағы отырдым. Мен повесті жазып жүргенде Әзілхан курортта болатын-ды. Қалима бір күн бізге келеді, біз бір күн оған барамыз, мен повесть оқиғасының қалай бара жатқанын, кейіпкерлердің іс-әрекетін ауызша айтамын, не жазған жерлерімді оқып беремін. Ол асықса да менің көңілімді қимай тыңдайды. Артынан ырзалық білдіреді. Повесім оған ұнаған сияқты. Өзіме де ұнады. Әдетте жазып жүргенде қиялымдағы жақсы ойлар, қағазға түскенде әрі қашып, өзіңе ұнамайтыны бола беретін. Әлі суынбағандікі ме, бұл повесть маған ұнайтын сияқты. Жазып болған соң тағы да бір айдай жауып тастап, тағы да оқып, үстінен ептет қол тигізіп, көп жөндеусіз машинкаға бастыруға бердім. Повестің атын қою қиынға түсті. Әуелі «Қимайды екен көзкөрген» дедім. Одан соң «Жас жүрек жайып саусағын» деп бір қойдым. Содан соң «Той болған жоқ» деген атқа тоқтадым. Машинкадан шыққан соң бір данасын Әзілханға бердім. Ол кешке көріп оқып тастапты. Ертеңіне азанда телефон соқты.
-Кел, повестіңді оқыдым, сөйлесейік.
Мен тұмауратып жүр едім, бардым.
– Повестің өте жеңіл оқылады,- деді ол, -осы күні мақтау айтқысы
келгендер осылай дейді екен. Бірақ маған аты ұнамады. Басқаша қою керек. Ол түні бойы менің повесіме ат іздеп, 4-5 атауды тапқан екен, бірақ бір де бірін ұнатпай отыр екен. Мен бір атқа екеуін бекісем де одан да ыңғайлысы жоқ па екен деген ойда жүруші ем, дәл сол кезде бір ой келді.
-Лашынға лайық қарағым-ай, -десек қайтеді?
Бұл ат Әзілханға ұнады. Ақыры повестің атын осылай етіп қоятын болдым. Повесть негізінен ұнаса да, Әзілхан оның бірінші тарауына сын атты. «Фольклор туралы трактат» деді. Осыны не қысқартуды, не өзгердуді айтты. Жалпы бұл бөлім менің өзіме ұнайды. Бірақ оның повестің жалпы құрылысына келе бермейтін бір жайы бар. Асыл туралы, жыршылар туралы көбірек айтылады да, кейін олар көрінбей кетеді. Бұл тарауда Бақытжан Гүлжан көрінбей қалады. Негізгі кейіпкерлерді көрсету керек қой. Мұны мен ойланайын дедім. Сөйтіп, бірінші тарауға ептеп өзгеріс енгіздім. Кейбір беттер қысқарды. Екі –үш беттің материалы кейінгі беттерге ауысты. М.Қаратаев пен Е.Ысмаиловқа өтініш жасап едім, олар да оқып беруге уәде етті.
03.11.65.
Әзілханның үйіне бармақшы едік. Зура келіп шығамын дегенше мен кіші ұлым Исатайды алып, выставканың алдына келдік. Бұл жердің ауасы таза, алаңа кең. Зураны сол жерде күтпекшіміз. Автобустың аялдамасында композитор Нұрғиса Тілендиев тұр екен. Қол алысып амандастық. -Тнысып қойыңдар, -деп ол қасында үстінде көк драв польтосы бар, көзіне қоңыр көзілдірік киген ақ құба жас келіншекке бұрылды.
-Асия, - деп келіншекке.
Нұрғиса әйелімен айырылысып кетті дегенді естігенмін, мұнау жаңадан алған келіншегі болу керек, әрі жас, әрі ажарлы кісі. Қарлығаштың қанатындай жіңішке қою қара қасы көзілдіріктің құрсауының үстінен анық көрінеді. Ернін бояпты. Қоңыр көзілдіріктен әдемі күлім көзі де байқалғандай.
- Сіз «Күншуаққа» келмедіңіз ғой, - деді Нұрғиса.
- Тұмауратып бара алмадым.
«Күншуақ» Шахмет Хұсаиновтың Еңбегері атағын екі рет алған Нұрғиса Алдабергенов өмірінен жазылған жаңа пеьсасы ТЮЗ-да жақында ек-үш күн турасында премьясы болған. Тәуір нәрсе деп жігіттер айтып жүрген. Және сол спектакльдің музыкасы Нұрғисаныкі. Оркестр емес. Нұрғисаның өзі тек жалғыз домбырамен ойнап отырады. Сол ойнағын магнитофонға жазып алған екен. Жақсы, деп жігіттер айтқан. Жігіттердің пікірін айтқан да ол:
-Запись, өзімнің әкемнің күйі ғой, ептеп Саржайлауға келеді, - деді. Мен жақында Асқар Тоқмағанбетовтың 60 жылдығын тойлауға қатыстым. Сол Қызылордада жүргенімде жұрт – Нұрғиса мен Шәмші Қалдаяқовпен келгенін әңгіме етіп айтқан. Жұрт екеуін де жақсы көреді. Бірақ Шәмші ішкілікке үйірлеу жігіт. Бір жиынға келгенде ішіп келіпті. Сонысын облыс бастықтары жақтырмай қалған екен. Ал Нұрғисаға риза. -Жақында Қызылордаға барып ем, сіздердін келгендеріңізге риза болып қалыпты, - дедім. -Мына Әсияның әкесі қайтыс болып, барып қайттық. Қызылорда маған өте ұнады. Халқының көңілі ұнады. Ән-күйді ерекше қадірлейді екен. Өзіме қанат байлап жібіргендей болдым. Сол жылы бес-алты ән шығардым. -Айтпақшы «Біздің ағай» деген әніңізді Науат деген Қазалының бір жас қызы орындады, - дедім мен. -Науат ол әнді Қызылорданың өзінде, Әсекеңнін юбилейі өткен мәдениет сарайында орындағанда жұрт оған екі рет айтқызған-ды. Одан кейін Тереңөзекке барғанда совхоз клубына екі рет айтқызды. Кешке банкетте тағы айтқызды. Әннін өзіне де сөзіне де, орындаған қызға да жұрт өте риза болған. Мен сол Науатқа «Ана махаббаты» атты повестімді сыйладым. -Әбекең айтып келді, - деді Нұрғиса, -Розаға берсең он жыл азық етеді деп күлді. Айтпақшы сен Әбекеңді шығарып салуға келмедің ғой. Әбекең тәуір нәрсені ылғи да домбыраға теңейді. Өлеңдерінде де домбыра, күй, ән тұрақты теңеу, метафора болып келетін. Әңгімесінде де домбырасын тастамай отыр.
Ол кісі сапардан алған әсерлерін соншалықты қызықты етіп айтып берді. -Қытайдың он үш императорының жұмбақ гробницасы бар екен, сонын бірін қазір тауыпты. Он төрт метр тереңдікте жатса керек. Соған бардық. Баратын жолдар қандай, құдайдын жұмбағы сияқты. Гробницаның мыс маңдайшасының өзі бәленбай тонна. Қақпасы жиырма тонна мрамор. Мен бәрін жазып алдым. Ең соңғы қатыны өліп, жерленгенде әлгі есік өзінен-өзі автоматты түрде жабылыпты. Ал, жердін астындағы сарай күмбездер біздің жер бетіндегі асаудан кем емес. Императорлардың қабырларын кезінде ұрлап көміп, оны жұрттан неге жасыратынын сұрағанымда, ашып жауап бере алмады. Әлгі гробницада сегіз сандық дүние бар екен. Ол деген байлық қой! Соны жұртқа қимай, көріне ала кеткен болу керек. Ал, ою өрнекті жасаған ұсталарды бүгін де табу қиын-ақ шығар. Әбекеңнін әңгімесі бізге ертегідей көрінді. Шәй ішіп отырған кезде де ол кісі сөйлеп, көрген, білген қызықтарын, алған әсерлерін айтумен болды. Бір императрицаның тамағы 20 мың серебро екен. Оған қазір жиырма мың адамды қонақ етуге болатын көрінеді. Және императрица ол тағамдарды ішпейді, тек иіскеп қана қояды. Сонымен күн көреді екен. Әбекең осы жайды айтқанша Ишанбай: -Өздерің қалай, аш болған жоқсыздар ма? Жыланның дәмін татып көрдіңіздер ме?- деп сұрады. Жұрт күлісіп қалды. Сәбит Мұқанов ана жылы осы Қытайға барып қайтқан сапарына әңгіме шертіп отырып, жылан туралы айтқан хикаясы жұртқа анегдот болып тарап кеткені есіме түсті. Әңгімешіл Сәбең жұртқа әсерлі болсын деп кейбір штрих, детальдарды ойынан қосып, әсерлетіп жіберетіні бар еді. Жалпы бұл кейбір жазушыларда болатын психологиялық құбылыс. Жан Жак Руссо бірдеңені өзі ойдан шығарып, таратып, соған өзі сеніп жүреді екен. Осындай әдет Бальзакта болыпты. Бізде Сәбеңде де сол мінез бар- тын. Бір жолы Сәбең Қытайдың астанасы Пекинде қонағасында бір жарым құлаш қуырылған жыланның етінің дәмін татқанын әңгімелейді. Тағы бір жерде отырғанда әлгі жыланның ұзындығы екі метрге, үшінші жерде екі жарым метрге жетіпті. Алғашқы әңгімені естіген бір жазушы үшінші әңгімесінің куәсі болыпты: -Сәбе, анау күні бір жарым құлаш деп едіңіз ғой, енді екі жарымға жеткен бе? – деп миығынан күлген екен. Сәбең аяқ астынан «Алғашқы бір жарым құлаш Пекиндегі жылан болатын. Кейінгілер басқа қаладағы жыландар еді» деп жол тауып кеткен екен.
Әбекең не дер екен, қалай әсірелер екен деп әңгімеге ден қоя тындадым. -17 күн тамақ іштік, меню бір қайталанған емес. Әр қала өз тамағын береді, - деді Әбекең. – алдын ала мендей тамақ жейтініңді сұрайды. Мен мұсылманмын, балық, құс, мал еттерін жейтінімді айтамын. Ал, тағамдарының тәттілігі сондай, тіліңді үйіреді. Кейде біздің Сарочканың пісірген тамағыда да соған жақын келеді деп, стол үстіне үйіме табақ ет алып келген жеңгеге қарап күліп қойды. Мұндайда әңгімесіне жеңгейді қосып отыратын Әбекеңнін әдеті. Әбекеңдер тоғыз адам болып барыпты. Профессор Лихачев, Социалисттік Еңбек Ері – әйел партия қызметкері Тұрсын Рахимов, тағы да басқа басшы қызметкерле бар. -Жанжалдастық та, айқайластық та, бірақ, өз позициямызды берген жоқпыз. Бізідң осы әрекетімізді қайтып келген соң Москва өте дұрыс деп санады. Ол басқа әңгіме, ал тағам алындар- деп Әбекең қасыққа қол созды. Алдымыздағы табақшаға тағам салып алып, жеңге рюмкаларға шарап құйған кезде Ишанбай Әбекеңнін сапардан ауырмай- сырқамай, аман есен оралғанына тост көтертті. Тост кезегін маған келген кезде есіме жанағы Әбекең айтқан тәтті тағамдар түсті де: тамақты күнде жеп, шарапты да күнде ішіп жүрміз ғой, - дедім, - бірақ, байқайсыздарма, жаңа Әбекеңде айтып кетті, Сара жеңгейдін арағы мен шарабы басқалардың арағы мен шараптарынан ащырақ, тамағы басқалардын тамағынан дәмдірек, тәттірек. Неге ?
-Иә, неге? – деді Жанғалин күліп. -Мұның ішінде біздерге жаңа витаминдер қосқан. Олары «к», «п», «м», деген витаминдер.
Апырай, а? Ол нендей витаминдер біздер білмитін? -Ол «к»- деген көңіл, «п»- деген пейіл, «м» - деген «махаббат» және де өрімдей қыз, темірдей ұл өсірген жеңгейдін саулығы үшін. Осы кезде Серікбай рюмкасын көтеріп: -Сара туралы менде тост көтермекші ем, мынадан асырып айталмайды екенмін. Мен де жүз процент қосыламын, - деді. Бұл бір өте көңілді отырыс болды.
...01.1966 Кеше хат алдым. Бір бет жұқа папирус қағазына жазылған өлең екен. Оқып щықтым да күлдім жазушылар Одағы маңында мұндай әзіл-қалжыңдар әдетте көп болатын-ды. Соның бірі ертеректе Жақан Сыздықов шығарған өлең еді. Кейін Садықбек Адамбековтың Сырбайға шығарған өлеңі тарады. Ал мынаның авторының кім екенін анық білмеймін, бірақ өзімше жорамалдаймын... Өлең текті мынау еді:
Жұбату Жыры Қапан «Қазақ әдебиетінен» құлаған күгі оған келіп бір топ жолдасының айтқан жұбатуы.
1.Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Союздан шыққан шұбар күн,
Шұнандап барып батқан күн,
Қапаңды құлатқан күн.
2.Сыртта- боз машина боздаған,
Іште- достары қол созбаған.
Сұмдық- ай, мынау неткен күн,
Қапаннан билік кеткен күн.
3.-Жә, қапалаңба, Қапеке,
Бұл орын кімнен қалмаған
Өзіңдей талай арыстың
Осы жер басын жалмаған.
Бұл –
4.Сау кезінде қызметкерлерге ақырып,
Мас күнінде айғыр стаканмен
Ақ арақты сапырып,
Сырбай досым өткен жер.
Зейнолла досым өткен жер.
5.Күндіз түні ойланып
Көзілдірік сабын соратын,
Ислам көкем өткен жер.
6. «О» оны «Ы» деп санап,
Кішілердін бойынан
Бір метр биік қараған,
Әбен тәтен өткен жер.
7.Бұл –
Екі-үш шалға түйіліп,
Үш-төрт жасқа иіліп
Он жағыңа жылмиып
Сол жағыңа қылмиып.
8.Еш бір жанды кешпестен,
Тақисын шешпестен
Жұмекең марқұм өткен жер.
9.Арыстандай ақырып
Аруағын шақырып.
Төбеге шаншып таяғын,
Сылтып басып аяғын,
Әбекең өзі өткен жер!
10. Бұл-
Мықтыларға жағынып,
Мүшесінен қағынып...
Ысмағұловта өткен жер.
11. Бойы шағын болса да
Сары дәумен алысып.
Қап–қара болып қарысып
Әзілхан да өткен жер.
12. Айтып-айтпай не керек,
Бұл орын кімнен қалмаған.
Өзіндей талай арыстын,
Осы жер басын жалмаған.
13.Қамықпа Қапаң, қамықпа,
Бір жақының үлкейсе.
Шығасын қайта жарыққа.
1.1966
Ескерту: Қапан Сатыбалдин. – ақын, драматург.
Сырбай Мәуленов. – ақын публицист.
Іслам Жарылқапов аудармашы.
Әбен Сатыбалдин. «Қорытынды» деген сөздегі «о» әрпінің
орнына «ы» әрпін жазып жіберіп, соның салдарынан редакторлықтан түскен.
Зейнолла Қабдолов – жазушы, ғалым.
Жұмекең –Жұмағали Саин. Басының –«ұятты» болғандықтан да тақиясын шешпей жүретін.
Әбекең – Әбділда Тәжібаев. Бір аяғын сылтып басатын әдеті бар. Әзілхан Нұршаихов. Жазушылар Одағының басшысы Ғабиден Мұстафинмен келісе алмай, ақыры редакторлық қызметтен босануына тура келген.
26.01.1966 Тоғыз кісіні жазушылар Одағының мүше етіп алмақшы боп шақыртып еді. Келдік. Бір–бірлеп шақырып жатыр. 7–ші болып мен кірдім. Ғабит Мүсірепов төрде, оның алдындағы креслода Ә.Тәжібаев пен С.Мұқанов қарсы қарап отыр. Бір топ кісі оң жақ терезе алдында, екінші топ сол жақ қабырғадағы столда қоршай отыр. Менің алдымда Т.Кәкішев кіріп шыққан. Оған біраз мақтаулар айтқан болу керек Ғ.Мүсірепов. -Міне, тағы бір әдебиетші ғалым жігітіміз, әдебиет тарихын жазуға, сынына көптен араласып келе жатыр, Мырзабек Дүйсенов, -деді. Х.Абдуллин менің өмірбаянымды, жазған еңбектерімді қысқа айтты.Кітаптарымды толық атамады. Маған мүшелікке өтуге мінездеме берген Е.Исмайлов, Ж.Тілеков,А.Нұрқатов болатын –ды.Оларды айтты.
Ғ. Мүсірепов басын изеп отыр. Анау бола бергенде:
-Кімде сұрақ бар?-деп М. Қаратаев сөз сұрады.
-Мен Мырзабекті баяғыдан бері Одаққа мүше етіп жүретінмін –ді. Екі әңгімелер жинағы, екі повесі шықты. Оны мақтап рецензилар шықты. Екі үлкен зерттеу кітабы шықты. Мұның мүше емес екенін өткен жылы ғана білдім, неге арыз бермей жүрсің деп өзіңе ескерттім де.Тым қарапайым,момын. Өзге жұрт алты кітап түгел бір кітап жазып осы есіктің табалдырығын тоздырады... Былтыр Ілияс Жансүгіров туралы үлкен кітабы шықты ғой, -деп С. Мұқанов. Сөзді Қалижан Бекхожин алды. -Мен Мырзабектің Жансүгіров туралы кітабвн оқып шықтым, өзім қатты риза болдым.Поэзияны сондай жақсы түсінеді, тіпті ақын ба деп қалдым... -Ысқақ Дүйсенбаевтың суретін қарамай жатқа айнытпай салады, -деді Ә. Тәжібаев. Ғабит оған жымиып күлді.
Жұрт мақтауды жеткізген соң Ғабит: -Еңбек жағы жеткілікті көрінеді,басқа ұсыныс болмаса алынсын дейміз ғой Жазушылар Одағына мүше болып. Қарсылық жоқ. Алынсын. Мен орнымнан тұрып басымды изеп, рахмет айттым да шығып кеттім. Шығып бара жатқанда. Шәймерденов:
-Кетіп қалма, бізді күт. Жудырамыз, - дейді.
Сөйтіп жазушылар Одағына мүшелікке өттім.
1960 жылы, онда менің екі кітабым шыққан, Ә.Тәжібаев жазушылар одағына өт дегенде ұялып, арыз бермеп едім. 1962 жылы арыз бердім. З.Қабдолов комиссия председателі екен, ол мені кейінге ысыра берді. Оған ерегісіп мен де алдына барғаным жоқ. Сонымен төрт жыл созылып сәті бүгін түсті.
26.01.1966 Кешкісін Әзілханның үйінде болдық. Ол менің бүгін Жазушылар Одағына Мүшелікке өтетінімді білген,соны жуғандағысы. «Қазақ әдебиеті» газетініі редакторлығынан түскен соң ол бірден «Социалистік Қазақстанға» тілші болып тұра қалды. Кеше оны редколегия мүшесі етіп, партия тұрмысы бөліміне бастық етіпті.Орын емес,сенімге қуанды ол. Сонда баяғы тағылған кінәнің дұрыс болмағанын жоғары жер түсінсе керек, әлгі оынға келісім беріпті, және «саған жаза артық боп кетті»деген ғой. Ғ.Мүсірепов өзінің хатшысы Қабдікәрім Ыдырысовқа бір әңгіменін ретінде: -Біз қадрді таңдай білмейтін көрінеміз. Байқап отырсам Нұршаиқов пен Жұмақановты жазықсыз кінәләппіз ғой. Өздері не істеп жүр қазір, қайда? Жұмақанов орынбасарлыққа қайтып келмеспе екен? - дегенді айттым. Қабдікәрім оны Әзілханға айтқан. Ол адал еді, жазықсыз күйгеніне күйінсе де ешкімнін үстінен шағым айтпаған-ды. Сол кіналаушылардың өздері енді түсініп, мойындаса Әзілханға сол да жетіп жатыр. Кешке тамақ ішіп болған соң Әзілхан жасыл картон мұқабамен түптелген, машинкаға басылған қолжазбаны алып келді. -Ал енді бір шығарма оқиын. Көлемі жүз-ақ бет. Аты «Осылай ма еді?» делінген. Авторы сегіз адам. Әуелі авторларын оқып ек, қарт пенсионерлер екен, ішінде Қарағанды институтының доценті Сәлкен Балаубаев та жүр.
-Бұл не, арыз ба? -Жок. Ғабиден Мустафиннің «Көз көрген» романының бірінші кітабына қарсы жазылған көркем шығарма. Үш сағатта оқып шықтық. Көз көргенде қиянат болмас үшін тек қана шындықты, көз көргенді жаздым деген Ғ.Мустафин өзінін әкесі Мұстафа Қажымен «Сарбала» деген өзін бастап аяқ мақтап революционер етіп шығарды. Ал шындық өмірде қалай болып еді? Мұстафа кажы жауыз болатын. Сарбала сауда гер арыз қой болатынды көркем тілмен сондай әсем баяндапты. Мұстафа талай кісілерге зәбір көрсеткен, өзінің баласы Омарды тоқал тіліне еріп зәбірлеген, оны Сарбалада байлаулы жатқанда басын жарып, қанын ағызып еді. Омар қашып қызыл әскерге косылды. Оны Ғ.Мустафин кітабында атамайды. Орынбек Бековты ол кітабында жаман көрсетеді, Орынбек совет үкіметін орнатуға қатысқан кісі. Мустафиннің өшігетіні ол қажы баласы деп Сарбаланы ертеде құғындапты. Одан Орынбек Сарбаланын әйелімен жақын болып, онысы білініп қалып аралары суйды. Кейін Сарбала заң орнына қызметке тұрып Орынбектің үстінен арыз жазып соттатып жібіреді. Онын Сәкен Сейфуллин босатып алады. Міне осындай ыза кегі бар Сарбала Орынбекті патшаных стражнигі болған деп жала жауып, кітабында оны құбыжық етіп көрсетеді. Сонда ақ қара, қара ақ болып шыға келген. Сарбаламен бірге өскен, мынау авторлар жалаға шыдамай көркем шығарма үлгісінде жазып баспаға жіберіпті. Оқып шыққан соң біраз редакциялап сосын өзін повесть етіп бастыруға болар еді дедік. Соңғы беткі Әзілхан «роман туралы роман» (көз көрген қалай өзгерген) деп жазып қойды. Оны соңына мен: Құтыла алмас Сарбала мынау жазған сөздерден» дедім. Қолжазба қалаға тез тарады « көз көргенді» бұрын оқымағандар енді оқи бастады.
26.01.66
-Сәбит Мұқановқа бардым,- деді Оразгүл. -Бар жағдайды айттым. Менен бұрын Мүсілім барған екен, мені жамандаған болу керек, Сәбең сөзіңді тындап болған соң: -Енді маған бәрі түсінікті. Мүсілім түсіндіріп еді, - деп көп әңгіме айтты. Жақында, әнеу күгі президенттегі әңгімеден кейін Сәбең Мүсілімге келіп біраз сөйлесіпті. Көп сын айтыпты. -Сен Сәкеңмен Мұхтарды бір-біріне қарсы қойып, соғыстырғалы жүрсің, ептеп соғыстырдың да. Бірақ олар тым ірі адамдар, сенің әрекетіңе көнбейді. Қазақ әдебиеті үшін екеуі үлкен екі бәйтерек, бірін ала, бірін құла көруге болмайды, - дедім, - екіншіден сен Әділетің аз жгіт сияқты. Бұдан екі жыл бұрын 17-19 ғасыр әдебиеті туралы кітабымды жұртқа оқыттырып, пікір бер дегенімде екі жыл ұстап, қол тимеді деп оқымай қайтып бердің. Бұл бюрократтығың жас басына жараспайды. Мені сыртымнан на учении советке председатель етесін, оны маған айтпайсын, ештене істемейсін өзін... – деп көп нәрсені айтып едім, бәрінеде дұрыс деп бас шұлғыды. Бір уақытта мені қол жазбамды мақтады:
-Соны жазғанда сіз 32-33 ғанасыз. Мол факті жинағаныңыз, – деді. Мен: -Соны оқып неге алмайсын. Сенбеймін сөзіңе, - дедім. Содан кейін Нұрмағамбетова туралы дегенім де. -Ол жөнінде келісім болмайды, деп бір папканы көрсетті. Ішінен бір парақ справканы көрсетті де: -Мына справка ұят емес пе, - деді. Оның ішінде менің атым бар болуы керек. Ызам келіп: -Бар кінәң осыма қоятын, оныңа түкіремін де деп кетіп қалды. Өзі әнеугі сыннан кейін түзелеме десем, қайта бұзылып барама қалай? Біреуге арқа сүйтін болу керек. Мен бір-екі күн де президентке кіремін ба деп отырмын, - деді.
Оразгүл әңгімесінің соңында: -Сол жерде менім көзімше Баишевке телефон соғып, «Нұрмағамбетованың айтысқа жазған алғы сөзі дау боп жүр екен, академик деп сенсеңіздер төреші болайын, маған беріңдер» деп еді, Баишеев «Ақылдасып көрейік» депті. Онысы бергісі келмегені болуы керек, - деді.
03.02.1966 М.Қаратаев екеуміз ауруханада жатқан Оразгүлге, Серікке кіріп шықтық. Оразгүлге Мұқан оның айтыс жинағына баратын дау болып жүрген мақаласынын жайын айтты. Бүгін «жазушы» бас баспасының директоры Д.Еркішев, Баишекеев кіріп, Оразгүлдің мақаласына Мүсілім әлі рұқсат етпей жүргенін айтты. Осы мәселе жөнінде біраз орынсыз шу шыққанынан Баишеев ашуланып Мүсілімге Еркішевтің көзінше телефон соғыпты. -Неге соза бересіндер, надо кончать базар! Өзіңіз баспаға телефон соғып хабарласыңыз,- депті. Мүсілім бірдеңе айтпақ болған екен, оны тыңдамай Баишеев «Надо кончать базар!» депті де трубканы жауып тастапты. Жақында академия сессиясы өткен. Президент Мүсілімнің адресіне біраз сын айтқан. Содан сескенді ме ол қазір жұрттың бәрімен жылы амандасқан болып жүр. Амалсыздан сөйтеді ғой. Оразгүлдің мақаласы баратын болды, бұл принципиалды мәселеге айналған. Директор оны жібертпей отыра алмады ақыры. Ауруханадан шығып, мен Мұқанды үйіне алып келіп тастадым. Жер көк тайғақ, жаман еді. Жолда келе жатып Мұқан:
-Әбілдәнің әңгімесін естідің бе? –деді
-Жоқ, не әңгіме.
Әңгіме былай екен. Баспа комитетінің бөлім бастығы В.Жуковтың қолына резиденция келіп түседі. Оған ақша төлеу керек. Резиденцияны оқып көрсе биылғы шығатын еңбек емес, Ә.Тәжібаевтің 1959,1960 жылы шыққан екі томдық өлеңдер жинағы, 1964 жылы шыққан «Жүректілер» пьеса жинағы мен «Кешеден бүгінге» атты өлендер жинағына жазылған резиденция екен. Негізгі мәселе 1946 жылы ЦК қаулысына ілінген «Бізде қазақпыз» пьесасы «Халқым туралы аңыз» деген атпен сахнаға шықты, жинаққа кірді. Ол ұлтшылдық пьеса болатын, деген сияқты бет жыртатын резиденция. Ондай бір адамның бүкіл творчествосын жабық рецензиялау Баспа комитетінің шаруасы емес. Бұл неғылған нәрсе, кім берген, кім жазған. Жуков өзінің председателі Зазулинге барып айтады. Ол да ешкімге бермей шығады. Сол Әбекеңнін құлағына тиген екен, ол ашуланып ЦК-ға Имашевқа барып айтады. Ол пьесаны басуға мен рұқсат еткенмін, бірдеңе десе маған айтыңыз, деп ол ара түскен болады. Онадй резенцияны ұйымдастырған кім, не үшін, жазған кім. Әбекең соның анық-қанығын білмек екен. - Не деген жауыздық! Осыған Жарылқапов, біздің Мүсілімнің де қатысы бар сияқты, - деді Мұхаң. - Ана жылы Әбекең жазушылар одағына секретарь болып кетеді деп алдын ала Ахтанов, Нүрпейісов, Қабдолов, Есенжанов, Сәрсенбаевтар шара жүргізіп, өтірік арыздар түсіріп еді. Биыл апрельде сьезд болады, сонда Әбекең кандидатурасы ұсынылады деген, өтіп кетпесін деп алдын ала ұйымдастырып жатқандары болды ғой тағы да,-дедім мен. - Е, солай болуы керек. Бұлар жоспармен істейді ғой не істесе де, -деді Мұхаң. – Екі-үш күн бұрын «Литературная газетада» Т.Ахметовтың «Пора зрелости» деген мақаласында тенденциозно жазыпты. Өзін мақтайды, өзінің тобындағы жазушыларды, жастарды мақтапты. Тіпті әлі шықпай жатқан Кекілбаевтің повесін мақтапты. Әділдік дегеннен жұрдай болған ғой. Осыны ұйымдастырып жүрген мына Ә.Әлімжанов пен З.Кедрина болу керек. Мен оншасын анық білмедім. Бірақ, осы арызқойлық қашан тиылар екен деп қынжылдым.
17.02.1966
14февраль күні кешкі сағ 10 кезінде шаршап жатып қалып ем,Әбекең телефон соқты үйге.Зура тыңдап, мені шақырды.Менің ерте жатқанымды мазақ етіп Әбекең: -Жас болған соң ерте жатасың ғой, -деп күлді де төрт –бес кісіге хабарла деп маған тапсырды.Мәселе, Рүстемнің тойы жайлы болатын –ды. Содан кейін:
-Жаман директорды шақырамыз ба! –деді.
Әңгіме Базарбаев туралы.
-Өзіңіз біліңіз, -дедім мен.
Қызын күйеуге бергенде Базарбаевты Әбекең шақырған-ды. Бірақ келмеген. Оның бер жағында да істеп жүрген иттіктері де аз емес.
-Айтсаң сен айтасын, - деді Әбекең. -Жоқ Әбекеке, мен оны шақырмаймын, -деді. Өйткені мен онымен онша сөйлеспи жүргенмін. Әсіресе оның Оразгүлге істгендерінен жек көріп кеттім.
-Ендеше ертеңге дейін ойланайық,- деді.
Мен түні бойы телефоны барларға Әбекеңнін тойға шақыратынын хабарладым. Ертеңіне сағат 10.30- да Әбекең тағы телефон соқты. Мен бәріне хабарлағанымды айттым, ол тағы да екі-үш адамды тапсырды да: -Жаман директорды шақырмаймыз ғой деймін, - деді. Үй іші болып ақылдасқан болса керек өздері.
-Мейліңіз.
-Сол дұрыс. Соның артын салмақтап жүреміз бе! –деді Әбекең.
Той 16- күні Алматы ресторанының 4-5 залдарында өтті. Исатайым ауырып Зура бара алмады. Мен жалғыз келдім. Мұхан келді. Сара жеңгей баласы мен келінінін ертіп келуге сыртқа шығып кетті. Әбекең ең жоғарғы қабатта екен, құттықтадық. Хамза Есенжанов, Ғабиден Мұстафин тағы төрт-бес адамдар отыр, амандастық. Мен төмен түсе бергенде Сәбит Мұханов әйелімен келеді екен. Амандастым.
-Той құтты болсын, - деді Сәбең қол беріп, - енді қанша көтерілеміз?
-Енді бір этаж бар.
-Ә, жақсы, - деді Сәбең, - әй, Мырзабек, сендердің ана томға жазған тарауларыңды оқып болдым. Жақсы екен. Менің азын-аулақ қана замечаниелерім болады.
-Ә, рахмет, Сәбе.
Қонақтар келіп жатты. Сағат 6-ға шақырылған, қазір жеті болды. Жұрт отыра бастады. Куйеу баланың костюмы бітпей, келми жатыр. Жұрт күтіп қалды. Үстінгі залда 150-дей кісі, астыңғы залда 100-ге жуық жастар бар. Баласы кешіккенге Әбекең ашулана бастады. Бір уақытта Сара жеңгей келді. -Әй,- бұл не болды өзі? Жұрт бір сағат болды алды келгеніне. Қазір күтіп отыр. Қалындықта күйеу балада жоқ.
-Қазір келеді.
-Келгені бар болсын, жұрт күтіп қалды ғой. Бастай берейік ендеше.
Ақыры оларды күтпей той басталып кетті. Келіннің аты Ай, фамилисы оның да Тәжібаева еді. Ләшкер Тәжібаевтың қызы. -Жолдастар, - деді Әбекең жұртқа қарап, - Рүстем Тәжібай ұлымен Ай Тәжібай қызының үйлену тойы басталды деп санаңыздар. Жастар қазір келеді, оған дейін бір- екі рюмка тартып жіберіп қызып отырайық.
Әбекең құда, құдағиын таныстырды, сөздің бір ретінде: -Жігіт қыздың фамилиясына көше ме, әлде қыз жігіттің фамилисые алама деген мәселе қиындық тудырмас үшін, әдейі бір фамилиялас келінге жіп байладық, -деп күлдіріп қойды. Тойдың тамадасы Мұхамеджан болды. Орынбасарлары Мұхтар Жағалин және мен. Ең бірінші сөз жасы осы отырғандардың қай қайсынан да үлкен, жазушы Сапарғали Бегалинге одан кейін Сәбит Мұқановқа берілді... Тойдың екіншісі жартысын мен жүргіздім. Өлеңге бастық. Тойды өлеңмен аяқтап тараттық.
18.03.1966
Жұбан Молдағалиев жазушылар одағының екінші хатшысы. «Түзелмейтін оралдық» екен деп ғабит Мүсірепов оны онша жақсы көрмитінін әр жерде айтып жүргенге ұқсайды. Менің ойымша бұл басқаларына қарағанда жібі түзу, әділдікке бір табан жақын, ерлік істеу, адамдық істеу қолынан келетін жігіт. Менің, мен ғана емес- ау жұрттың бәрі (өз жерлестерін қоспағанда) де ең жаратпайтын адамы сәлең сары. Оның пыш- пыш сөзі көп. Бетке айталмайды. Бірақ, бірдеңені көңірсітіп анда барып мында барып өсек айтып, пікір тудырып жүретіні бар. Сонысын жұрт біледі де. Оны сол үшін жек көреді. Әйтпесе өз қатарында жаман әдебиетші емес. Сол сары мені жамандап жүретінін әр жерден естідім. Ол баяғыдан бері институттан айлық алып, түк жұмыс истемейтін-ді. Мен сонысын сынағанмын. Оның бер жағында Әбділдә, Есмағамбеттерді, Мұқан (Қаратаевты) жек көреді, мені соларға жақын дейді. Менің Жазушылар Одағыны өтуге арызды 1962 жылы берсемде осы кезге дейін өтпей жүруіме осы Жұбан себепкер болды. Менде ерегесіп олардың алдына барғаным жоқ. Әнеу күні өттім. Жұбан сол жолыда қарсы болған екен, басқа жігітке Ғабитке айтып тізімге кіргізіпті. Жұбанға менің ешқайшы, қарсы келген жоқ. Сынды айтқан жан емеспін. Ол мені жек көрсе, тек сол сарының жамандауымен жек көреді. Қазақстан Жазушылар Одағының Бесінше Съезі жақындап келеді. Кім секретарь болмақшы? Ә.Тәжібаев болып кетеме деп оның үстінен біраз жала арыздар түсіріпті жоғары жерге деп естідім. М.Қаратаев туралы да солай. Ғ.Мүсірепов жас әйел алды деп кінәлапты. Белгілі топ жігіттері кәріден Х.Есенжановты, жастан болса Ж.Молдағалиевты ұсынып жүргенге ұқсайды. Олар соңғы жылдары жерлестік топты күшейтіп барады. Қазақстан КП-ің сезі болды. Орталық комитеттің мүшелігіне кім сайланса, жазушылар одағына хатшы сол болады деп жүр. Съезд біткен күні кешке Әзілхандардікінде болып, үйге келсен, Әзілхан телефон соқты- жаңалық айтайын, член ЦК болып Жұбан өтіпті, - деді. Ол өтеді, ұсынылады деген ешкімнің ойында жоқ. С.Мұқанов кеп Ғ.Мүсіреповтың біреуі не екеуі өтер деп жүргенбіз. Міне, жаңалық! Бұл қалай болғаны? Оны әзір ешкім білген жоқ. Съезд қарсаңында Ғ.Мүсірепов Қонаевқа кіріп үш адамның атын атапты: Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов, Ж.Молдағалиев. Молдағалиевты өте қояр деген жоқ, тек әділ болған сып, жәй тізімге кіргізе салған. Ғ.Мұстафин барып: Ғ.Мүсірепов, Х.Есенжанов, Ж.Молдағалиевты ұсынған. С.Мұқанов барып: Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Ж.Молдағалиевты ұсыныпты. Үш шалдың үшеуі де Ж.Молдағалиевтың атын бір ауыздан атаған да, басқа кандидатуралары бір біріне тоқайласпаған. Ал,Молдағалиевты атаулары (Мұстафиннен басқасы) орталықты шеттетті демес үшін болса керек. Февральдин он алтысы күні Ә.Тәжібаев баласын үйлендіріп той істеді. Екі-үш күннен кейін Ғабит, Сәбиттерді үйіне шақырды. Сонда отырып екі құда қатты ұрысып қалыпты. Онын себебі мынау. Жақында Москвада оқитын қазақ студенттері «Жас тұлпар» атты ұйым құрып каникул кезінде ел аралап халықтың мәдениеті, тарихы жөнінде лекциялар оқиды. Олар жазушылар одағыны есеп береді, ұсыныстар айтады. Халық мәдениетін көтеру мәселесін балалар саясатқа тураламай айтса керек. Қазақтың ауыл мәдениеті, өкпе аурулары көп дегенді айтса керек. С.Мұқанов оны естіп жиналыстан шығып кетіп ЦК ға барып, оны ұлтшылдық десе керек. Осы сөзді Ғ.Мүсірепов жаратпапты. Ә .Тәжібаевтың үйінде: -Сәбит сенің соның не қылық. Бала құсап жүгіріп барып айтқаның өз бойыңа лайық емес. Одан да балаларға ақылыңды айтып, дұрыс бағыт бнрмейсіңбе,и-деген екен. Сәбит быт –шыт болып ашуланып екеуі біраз өкпелесіп қалыпты. Жұрт әрең басыпты. Ертеңіне С. Мұқанов ЦК 2 ші хатшысы Титовқа барып «Ұлтшылдыққа мен қарсы тұрсам, сен неге қарсы тұрасың» деп Ғ. Мүсірепов мені кінәлады депті. Содан хатшы Ғ. Мүсіреповты де шақырғанға ұқсайды. Екі шал сүзіскен кезде, ЦК члендігіне ұсынылайын деп тұрған Ғ. Мүсірепов өшіріледі де енді кім дегенде, шалдарды қою керек дейді де әнеу-күні үш шал бірдей қоштаған Ж. Молдағалив өтсін деп, ақыры сол өтеді. Әтпесе мұңын аты тіпті тізімге де түспеген екен. Соны мен қазір Ғ. Мүсірепов жүзі солғын жүрген көрінеді. Біраз кісі С. Мұқановтың әлгі ісін ағат санап жүр. Кім өтсе де бәрі бір ғой бірақ, «Арамызда болмай бақ қайданың» кері неге керек екен? Бірін –бірі жараламай –ақ , реті, заңды жолмен нен келмеді бұл?
Әлде, өмір заңы ос болғаны ма? –О- о, тоба – а!
21.03.1966
«Қазақ әдебиеті» газетіне «қысқа юмлолар» деген атпен 5-6 әңгімелер апарып бердім. А. Жұбанов сонда жүр екен. Екеуіз академияға бірге қайттық. Ақаң жасы үлкен кісі, әрі осында көптеген жылдар бойы істеп келеді, аты –атағы тағы бар.Танысы көп, анау да, ынау да бұрылып келіп сәлемдеседі, тіпті тұра бердік.Сағат 4-те институтта партия жиналысы бар еді соған асығып келеміз. Ақаңды бұрын жақсы көруші ем, соңғы кезде біраз әңгімелер естіп, көңілім қалып қойған жай бар-ды. Ол көрер көзге жұрттың бәрімен жақсы, қамқор болып жүреді.Бірақ ішкі есебі түзу. Мұны мен әсіресе Оразгүлге келіп Мүсілімді жамандап, анаған айтамын, мынаған айтамын, анау екен, мынау екен деп жүретінді.Енді біреулерге барып Оразкүлді жамандайтын көрінеді «Ол ана Тәжібаев, Қаратаевтардың қолдауымен жүреген адамғой, әйтпесе ғылымның кісісі емес қой» дейтін сияқты.Ал, өзі жоғары жерлерге барып Базарбаевты мақтайтын көрінеді де, басқаларды жамандайтын көрінеді.Осы мінезін естіген соң мен ішімді тартып қалдым.
Біз академияға жете бергенде М.Қаратаев асығыс кетіп бара жатыр екен.
-Жиналысқа қатыспайсыз ба, Мұқа?-деп ек.
-ЦК-ға Қонаев шақырыпты, асығыспын,-деді.
-Жайма екен?
-Білгенім жоқ соны. Жазушылар Одағыпрезидиумнын түгел шақырыпты, - деп кетіп қалды. Институттағы жиналыстан шығып жазушылар Одағына тағы бардым, биллиард ойнадым да қайтып үйге келдім.Мені Амантай іздеп жатыр екен, телефон соқтым.
Ол маған: -Союздағы жаңалықты естідін бе? Мүсірепов болса, орнына Әди Шарипов болды ғой-деді. Амантай, Әзілхандар бұл хабарға қуанышты екен.Мен де қуандым. Мүсіреповтың орнына Жұбан Молдағалиев болады деп дос жігіттері мен олардың тілеулестері қуанысып жүр.Өздерінше жоспар да құрып, билік бөлісіпті дегенді естігенбіз. Олар пәлендей зиян істей қоймас, бірақ, көрсететеін жақсылық та істемейтініне көзіміз жетеді.Ең арғысы кітабымызды кешеуілдетсе де зиян ғой.
22.03.1966
Ертеңгісін Мұхамеджан Қаратаевтың үйінде болдым.
Ол кешегі Қонаевта болған әңгімені айтты.
-Мен барсам жұрт жиналып қалған екен.Қабдікәрімді шақырып алып, неге шақырыпты деп сұрап едік, ол Әди Шариповтың Жазушылар Одағына бірінші хатшы болатынын айтты.
Қонаевтың кабинетіне кірдік.Ол тұрып:
- Жолдастар, сіздерді шақырған себебім, Ғабит Мүсірепов жолдас босанғысы келіп өтініш жасап қоймаған соң президиум оның өтінішін қабылдады. Оның жұмысында кемістік бар деген сөз емес, біз қайта оған алғыс айтамыз. Творчестволық жоспары үлкен екен. «Оянған өлкенің» екінші кітабын бітіру керек, бір пьеса жазып жатыр, бір киносценарий бітіру керек, міне осының бәріне уақыт керек. Сол үшін де біз оның өтінішін қабылдадық.Сіздерге осыны айтайық, әрі ақылдасайық деп шақырған себебім осы еді, не дейсіздер?-деді.
Ғ.Мұстафин тұрып: -Сьезге небәрі екі ай қалды. Баяндамасын жасап, есебін беріп біржола сол сьезде неге босамайды. Қазір босаудың еш иінін көріп тұрғаным жоқ,- деді. –Меніңше, сьезге дейін қалдыра тұру керек.
Қонаев сәл езу тартып күле сөйледі. -Есепті жалғыз Мүсірепов жолдас бермейді, Жазушылар одағының президиумы береді ғой.Екі ай дегенде творчество адамына аз уақыт емес. Сіздер президуим келісімене қосылады ғой деп ойлаймын. -Маған әлі жетпей жатыр.Оның асығыс босауы,-деп Ғ.Мұстафин тағы тіл қатып қалды. Өзге жұрт үндеген жоқ. -Ал, қарсы болмаңыздар Ғ.Мүсіреповтің өтінішін қабылдадық дейік. Қарсыларыңыз жоқ қой?! Жазушылар одағы үлкен әрі жауапты творчестволық ұйым. Сондықтан да оның жұмысын жандандыру үшін біз 1-ші хатшы етіп Әди Шариповты ұсынып отырмыз.
Бұл кісі жауапты қызметтер атқарып келеді. Өзі филолог, ғалым, партия қызметкері. Сіздердің қаламдастарыңыз. Жазушылар Одағын нығайту үшін жіберіп отырмыз. Бұған қалай қарайсыздар, - деді Қонаев. Жұрт үнсіз. Осы кезде Мұхаң: - Өте дұрыс шешім. Ол әдебиетші адам, әрі қоғам қайраткері. Істей алады деп білемін, - деп қоштапты. Одан кейін Ж.Молдағалиев қолдапты.Ол өзі боламын деп жүрген жігіт үнсіз қалуды ыңғайсыз көреді. Сонымен Әди Шарипов 1-ші хатшы болып бекіді де жұрттың біразы оған риза, біразы наразы болып тарасты.
23.03.1966
Кеше сағат екіде Жазушылар Одағының пленумы болды. С.Имашев келіп Мүсіреповтің өтінішін президиум ЦИК қанағаттандырып, орнына Әди Шариповті ұсынғанын айтты. Жұрт қолдап сөйледі, Тек Әнуар Әлімжанов кешегі Мұстафиннің үлгісінде сөз сөйледі. Неге асығады, қандай кемшілігі бар, оны біз неге білмейміз дегендерді айтыпты. Одан кейін Мұхтар Жанғалин сөйлеп:
- Сьезд жақындап келеді. Таныссын, біліссін. – деді. Айтпақшы Ғ.Мүсіреповтің өзі алдымен сөйлеп:
-Ақыр босанатын болған соң, ертерек болғаны жақсы.Менің қолым бармайды іске, салғыртсуым мүмкін ғой, - дегенді айтқан екен. Ақыры Ә.Шариповті сайлап тарасыпты.
26.03.1966
Кеше мәдениет университетінің әдебиет факультеті студенттеріне Ә.Тәжібаевтың творчествосы туралы лекция оқыдым. Рахманқұл алдында Әбекеңнің үйінен келген екен. Әбекең Шымкентте еді, бүгін ғана келіпті. Лекция біткен соң мен Әбекеңе соғып ем, жүрегі ауырып жатып қалыпты. Ояттырмадым, кетіп қалдым да бүгін келдім. Мұрат Хамраев келді. Әңгімелесіп біраз отырдық. Қаланың өсегі Е.Исмаилов келген соң, қоса келді. Әбекең драматургия туралы томның тарауын бітіріпті. 10-15 өлең жазыпты. 4-5 өлеңін оқып берді.
- Сендерге беріп жатқан отчетім ғой, - деп күлді. Шахмат ойнадық. 3-4 сағат отырған соң мен кетіп қалдым.
10.11.1966
Кешеден бергі үрейімізді айтып жеткізу қиын. 6-ноябрь күні балаларды алып таудағы дачаға барып қайтып едік. Сол күні алты жастағы ұлым Исатайдың мазасы болмай келді. Ішім дейді. Мереке күндері ол жатып қалды. Дәрігер «ішіне суық тиген болар» деген соң грелка қойдық. Бірақ, баланың беті бері қарамады. Ноябрьдің тоғызы күні сағат ондарда Зура оны үйдің қасындағы балалар ауруханасына алып барды. Мен жұмысқа кеттім. Сағат кешкі алтыларда үйге келсем, Зура әлі жоқ екен. Бір уақытта келді.
- Не болды? - деп сұрадым. Өңінде үрей бар. Баланы ол сағат он бірлерде ауруханаға салыпты. Түстен кейін оның шабында үлкен ісік пайда болып, жұдырықтай болып үлкейе береді. Кешкі дәрігерге жолықса: «Әлі тексеру керек, операция жасаудың қажеті жоқ» депті еврей дәрігер. Бала көзін аша алмай, әлсірей береді. Осы кезде кезек ауысып, кешкі дежурствоға Ормантаев деген дәрігер қазақ жігіті келіпті. Зура соған барып бар жағдайды айтып:
- Көріңізші, бала әлсіреп барады,- деген соң, ол келіп көреді, күндізгі дәрігердің жазып кеткенін оқып, таң қалыпты.
- Меніңше бұл баланы хирургияға алу керек. Мынау дұрыс жазбаған, - деп сестраға тапсырма береді де, Зураға:
- Сіз бара беріңіз. Өзіміз қараймыз,- дейді. Зураның содан келген беті екен.
Тамақ батпады. Сағат кешкі тоғыздар шамасында аурухандан телефон соқты.
- Сіз келіп кетіңізші,- деді.
- Немене?Балаға бірдеңе болып қалды ма?
- Жоқ.Келіңіз, содан кейін сөйлесеміз. Қауіп ойламаңыз,- деді әйел дауысы.Ішім жанып кетті. - Сен өзің бар, мен шыдай алмаймын.-деп Зура өзін қоярға жер таба алмай шыр көбелек айналды. Ауруханаға келсем, дәрігер әйелдің алдында Исатайымның карточкасы жатыр. Дене ыстығын өлшепті, 40 градусқа жеткен. Үрей жоқ. Қазір ол бақ еткізіп, бір жаманатты айтып салатындай көрінді. Әр секунд сағаттай, сағат тәуліктей көрінеді.
- Не болды дәрігер? Балам тірі ме? - Балаңыздікі перетонит. Соқыршегі жарылып кетіпті,- деді ол.Перетониттен өліп кеткендерді естігенмін. Одан адам аман қалмайтынын білемін. Енді, қазір ол «бомба» болып жарылатын ең ауыр сөздей көрінді. Тұла бойым тоқ ұрғандай дір-дір етті. Тілім байланып қалды. - Балаға операция жасау керек. Соған сіздің келісіміңізді алуға шақырдық,- деді. «Әлі тірі екен ғой» деп ойладым. Бірақ, неге екенін білмеймін, қуанғаным да жоқ.
- Ыстығы 40-қа жетіпті, операцияны ол қалай көтереді?-дедім.
- Басқа жол жоқ.
Мен сәл үнсіз отырып қалдым. Операцияға келісім берсем, бала жазым болса, өз қолыңмен басын ажалға байлап бергендей сезінемін. Ал келісімді бермесем ше? Онда өкініші кетпейді ғой.Дәрігерлерге сену керек...
- Басқа амал болмаса, не істейміз, көнеміз де,- дедім.Бір қағазға қол қойдым.Осы кезде медсестра кіріп, дәрігермен жұмбақтай сөйлесті. Әлде ненің әлі бітпегенін, білдім. Өз шаруалары болар деп ойладым. Содан кейін дәрігер:
- Сіз есік алдында жүре тұрыңыз,- деді. Қазір шақырамыз.
«Неге шақырады? Не айтпақ? Осылар бірдеңені менен жасырып айта алмай жүрген жоқ па, өзі?». Дала салқын екен. Бірақ мен оны сезгенім жоқ. Аула ішінде сең соққан балықтай әрі-бері жүрмін. Ішім удай ашиды. Аруақ дегенді онша мойындамасам да, жан қысылғанда «Оразбай, Ахмет аталарымыздың әруағы демей көрсін» деп соларға жалынғандай боламын. Жиырма минуттан кейін мені шақырды. Дәрігер әйелдің жүзіне қарасам, жымиып, күлімсіреп тұр екен. Ішім жылып қоя берді.
- Балаңызға операция жасалды. Перетониттен тазалады. Қазір палатаға алып кетті. Қорықпаңыз, жаман болмас, - деді. Енді түсіндім. Мені шақырғанда балаға операция жасап жатқан болды ғой. Күтуге болмайтын болған соң, бірден іске кіріскен ғой.
Үйге келдім. Зураның үрейін бастым. Оның киімдерін кроваттың бас жағына жиып қойған екен. Соны көріп көңілім босап, көзім буланып қоя берді. Осы мен осал болсам керек-ау тегі деп ойлаймын. Бүгін сағат таңертеңгі сегізден ауруханаға бардық. Баламыздың жайын сұрап едік:
- Жақсы, - деді кезектегі медсестра. –Ептеп ыстығы бар.Ол заңды.
Уһ деп үйге қайттық.Дәрігердің құдіреті ғой, әйтпесе, бұл бала бізге жоқ еді. Ал, ана күндізгі дәрігердің «операция қажет емес» дегені қалай? Білмегені ме? «Рахмет Ормантаев жолдас! Баламызды өзімізге қайта сыйладыңыз. Енді сіз де оның әкесі болдыңыз» деп іштей алғысымды айттым.
15.11.1966
Күнде келіп тұрмыз баламызға.Бүгін оны жүргізе бастапты. Медсестра терезеге алып келді. Оны көріп Зура көзіне жас алып еді, бала да кемсеңдеп қоя берді. Жүдепті. Ендігісінің оқасы жоқ... Операция жасаған кезде, дәрігерлер тек жарылған соқыр шектен шыққан қоқыстарды тазалаған екен. Бала біраз күш алған соң, екінші операция жасап, соқыр шекті тігетін сияқты. Кейде, соқыр шек өзінен өзі бітіп кететіні де болатын көрінеді. Онда операцияның қажеті жоқ. Екі жыл бұрын торт жеп, уланып, бір өлімнен қалып еді. Онда да дәрігерлер аман алып қалған еді. Бұл жолы да солай болды. Дәрігері жоқ, баяғының адамдарының күндері қараң болғанына көзім енді анық жетті. Прогресс деген де жақсы-ау. Адамзат баласы өз тұрмысын жақсарту, жеңілдету үшін өмір бойы еңбектеніп, тәжірибе жинап келе жатыр. Енді соның жемісін көруде.
20.11.1966
Мырзабек!
Хатыңды алдым. Кішкентайларыңның хабарын естіп қауіптеніп те, қамығып та қалдық. Ақыры қайыр болған соң оқасы жоқ. Мынадай қатерден қалғаны жасы ұзақ болады екен. Аман-сау айығып кетуіне тілектеспіз. Қазіргі хал-жайын айтып, тағы бір хат жазарсың. Асыға күткенім анау мәселе еді ғой. Ол жайын сусынды қандырарлықтай жеткізе жапсың. Ол көңілді бір желпіп тастады. Мәселе болу-болмауда емес. Осындай тұста дұшпан шығып бас көтере ме деген қауіп қой. Мұқым да жазыпты. Бірақ оның жазғаны протокол сияқты да, сенікі көп бояуын, деталін сақтап жазған көркем шығарма сықылды болған картинаны көзге елестетеді. Біз аман-есен келіп демалып жатырмыз. Емі – ауасы мен теңізі және мацентіні суы ғой. Күн райы жақсы болып тұр (20-22 градус), жабық бассейні бар. Соған ертелі-кеш екі рет түсіп тұрамыз. Мен мацестіні аяғыма ғана аламын. Тұтас денеме бермеді – жүрек пен бүйрекке әсер етуі мүмкін деген қауіппен. Мәкең күннен күнге күш алып келеді. 27 ноябрьге билетке заказ бердік. 28-не қараған түнде барсақ керек. Мұнда қазақ жігіттері әр жерден баршылық. Шұрқырасып тұрамыз. Серғали екеуміз кіл ортасындамыз. Жақын жердегі елеулі жерлерге барып тұрамыз (эсккурсия ретінде). Басқа бөтен әңгіме жоқ. Ештеңе істемей дем алайын дедім бұл жолы. «Д.Д.» кітабының Мұқым екеуін көрсеткен жерлерін ремонттаған болдым. Менің дайындаған және дайындап жатқан аспиранттар туралы Наурызбаев август айында ВАК-қа справка жіберген. Соны алмапты. Ол жайын пысықтап, қайта жіберте алдың ба?Біздің жігіттерге түгел сәлем айт.Зураға Мәкең екеуміздің арнаулы сәлем, Исатайын күтсін! Құлан таза айығып кетсін.
Мәкең, Мұқаң.
Мырзабек!
Есіткен шығарсың. Мәкең 22 ноябрь күні қатты ауырып (трамбоз деген бәле) өлім аузынан қалды. Бұл екі арада бастан кешкенін айтпай-ақ қояйын - өзің де білесің ғой. Қазір беті бері қараған сияқты, бірақ әлі басын қозғалтпайды, давлениесі ойнамалы. Кемі екі жеті қимылдамай жатады деген соң, путевканың срогын тағы он күнге создырдық. Алып жүруге жараса, 8 декабрде самолетпен әкетпекпін. Білмеймін қалай боларын...
Өз балаларың қалай? Тәуір ме? Тілектеспіз.
Сильченкодан телеграмма келді – асықпай-ақ қой депті. Ол сенің әрекетің екенін білдік. Рахмет, айналайын!Балалар да телефонмен сөйлесіп тұр. Сәкең үйге звонит етіп сәлем айтыпты. Бүгін Әбекең телефонмен сөйлесті. Лизунова телеграмма жіберіпті. Ысқақтан хабар жоқ. Біздің көрші санаторийде Серғали Толыбеков дем алған. Ертең (28.ХІ) кешке ұшады. Алматыға 29.ХІ таңертең барады. Содан сен айтқан қағаздарды жібердім. Көп уақытымды алды. Ең бір оңбаған жұмыс екен. Суретті де жібердім. Тек арызды қалай жазуды білмедім-ау деймін. Бірдеңені шимайлай салдым. Көрерсіңдер. Материалдарымен бірге Оразгүлге де хат жаздым. Томның материалдарын жинау, пысықтау жөнінде Мырзабек екеуің тізе қосып, шара қолдана беріңдер дегенді өтіндім. Уақыты түскір өтіп барады ғой. Сол өтінішті саған да ескертіп, қайталауға тура келіп отыр. Мен барғанда бас-аяғы жиылып тұрса екен ең болмағанда... Біздің жігіттерге, том материалының авторларына сәлем айт. Енді созбасын деген менің өтінішімді жеткіз. Мүсілімдердің тарауын Раманқұл авторларымен байланыс жасап, Сақышпен тізе қосып, шыңдай түссін. І томның тоқтап қалуы кімге де болса абырой емес қой. Тағы бір хат жазып үлгіресің. Жаңалықтарыңды жазарсың.Исатайың тәуір болды ма? Оны да жаз, ұмытпа. Зураға сәлем!
Ағаң Мұхамеджан.
Мәкең де сәлем айтып жатыр.
Айтқандай Әзілхан жаңа шыққан кітабын жіберіпті. Оған сәлем және рахмет айтарсың.
Қадірлі Оразгүл!
Амандықтарыңды сырт естіп жатырмыз. Мен жөніндегі қамқорлықтарың үшін көп–көп рахмет. Біздің халіміз: өзің жоқта путевканың ыңғайымен жүріп кеткенбіз. Жүрер алдында Мәкең ангина болып, 4-5 күн жатып аурып жүдеп қалған болатын. Температурасы түсісімен, курорттың срогы өтіп бара жатқан соң ала жөнелгенмін. Әйткенмен самолетті жақсы көтеріп, жақсы демалып 20 күндей емделгеннен кейін, 1 күні Мәкең бір кездейсоқ аурумен қалпақтай ұшты- өлім аузына барып қалды. Давлениесі шоршып, тынысы тарылып, көзі бұлдырап, аяқ-қолдан жан кетіп жатты. Зәре ұшты. Доктордан доктор уколдан укол, сүлік, қан алу – істемеген шара жоқ. Содан 2 күн дегенде бері қарап, қазір тырп етпей жатыр. Кемінде 2 жеті жату керек деген соң, жалғыз тастап кете алмай, Сельченкодан өздеріңнен хабар алған соң (ол үшін мың да бір алғыс) курорттың мерзімін 10 күн ұзарттым. Тәуір болса, декабрдің 8- күні самолетпен алып қайтуға тиіспін. Барлық мәселе Мәкеңнің күйіне байланысты. Ол жөнінде тағы хабарласып тұрармыз. Ал мына керек еткен қағаздарыңды жіберіп отырмын. Әрқайсысын 4 данадан толтыру не деген қиямет еді?!Жығылғанға жұдырық деп, өзім сасып жүргенде, мұның өзі өнбейтін үлкен бір жұмыс болды. Шаршап кеттім менде. Қалғанын өздеріңіз толықтыра берерсіздер. Ал 2-томның мәселесіне байланысты бітпеген істерді өзің басшылық етіп, Мырзабекті жұмсап, жеделдете бер, Розажан!Мен жіпсіз байланып қалдым ғой. Мырзабек барлық халді айтар. Өзімнің қызмет бабыма келсем, биылғы отпускам декабрдің басқы күндері бітеді. Сол біткен күннен ары қарай былтырдан қалған 18 күнімді жей бастаймын. Ол күндерге маған зарплата істемесем де жүруі керек, өйткені ол 18 күнде мен істеп, бірақ айлық алмағанмын. Оны анау Миша, Мүсілім, Мария Николаевналар біледі. Сондықтан сол 18 күнге айлық жазып қойсын. Көп шығындалып ақшасыз қалдық. Шаруамды көп айтып кеттім ғой. Әзірше осымен доғарайын. Жәкең, Әлекеңе өзіңіздің үйдегі апайға, Садыққа, Мырзабекке сәлем. Алмашкаға арнаулы сәлем.
Мәкең, Мұқаң.
11.11.1966
Институттың ғылыми кеңесі болды. Академик, членкорлық орынға кандидаттар ұсынылады деген соң мен де келдім. Директорымыз демалыста жүр еді, өзінше үлкен мән беріп, жақсы атын алғысы келген болу керек, жиналысты Оразгүл дайындаса да Мүсілімнің өзі ашты. Бірінші Қажым Жұмалиев ұсынылды академиктікке. Жұрт жабыла сөйледі. Ана жылы мен Ысмайловты қоштап, Жұмалиевті қоштамап едім.Сол үшін ол маған өкпелі, қырын, қисық жүретін. Сол өкпесі тарасын деп менде сөйледім бүгін қоштап. Оның үстіне президиум, институт барлығы да академиктікке сол кісіні лайықтап жүреді. Ал, членкорлыққа М.Қаратаев ұсынылды. Әлбетте ұсынылған кісілердің еңбегін атап, жылы-жылы сөздер айтатыны болады. Бүгін де солай болды. Бірақ, бір қызығы академиктен гөрі членкордың мақтауы әлдеқайда күшті, еңбегі мол одаққа танылғандығы басым болып шықты. Әнеу бір күні Мәлік Ғабдуллин «Қажым бәрібір өтпейді, мен Мұхамеджанды ұсынамын академиктікке» деп жүрген-ді. Мен соны күтіп ем, ол болмай шықты. Сөйтсем алдында бір-екі кісілермен ақылдасқан екен, араны аша беріп қайтесің деген соң жаманатты болғысы келмеген болу керек. Жиналыстан кейін Тұрсынбек, Рахманқұл үшеуміз қайттық. Мұндайда алып қашты әңгіме сөз көп болады ғой. Кеше Тұрсынбек Сәбит Мұқановқа барыпты. Сөзден сөз шығып Қажым әңгіме болыпты. - Жақында Төкеннен Қажым кітабын жіберген екен. Кеше өзі телефон соғып «кітап жіберіп ем, алдыңыз ба, өзі көп қиындықпен шығып еді» деп өзімнің, Мариямның, балаларымның, немерелерімнің аман саулығын сұрап жатты. Оны неге сұрап жатқанын ішімнен сезіп отырмын. Бір уақытта мен «академиктікке ұсыныс не болып жатыр» деп ем, ол «мені ҚазПИ ұсыныпты» деді. Тағы бірдеңелерді жағалатып еді «Әуелі жазылып, ауруханадан шықсайшы, кейін сөйлесеміз» дедім, -депті Сәбит. Н.Жандильдин академик болып сайланса, Сильченконың орнына барады –мыс деген сөз бар. Бірақ, ол өйтпейтін сияқты.Тұрсынбектің айтуына қарағанда Сәбит мықты отыр. Әлкей Марғұлан, Ахмет Жұбановта мықты көрінеді. Ол үшеуі қарсы дауыс берсе, Жандильдин әрине, өтпейді. Жандильдин ЦК-да істегенде талайларды өзіне қарсы қойып алды ғой. Мынау соның жемісі болу керек жинап жатқан.
12.11.1966
Әбекеңнің келгенін (Шымкенттен) кеше естідім, бүгін барып амандасып қайттым. Есікті Рүстем ашты. Ол кісі ұйықтап жатыр екен. Ояттырмадым. Кабинетіне кіріп, біраз отырып, Рүстем екеуміз шахмат ойнадық. Жеңгей келіп амандасты да оятпаңыз десем болмай ішкі үйде жатқан Әбекеңді оятып тұрғызды. Әбекең өзі де қара кісі еді, көптен көрмегендікі ме онан сайын тотығыпты. Шашы ағара түскен. Амандық-саулық сұрастық. Менен кіші балам Исатайдың өлім аузынан қалғанын естігенде Әбекең күйініп: - Дәрігердің салақтығы ғой.Әйтпесе соқыршекті білмеу деген не масқара!-деп қойды. - Шынында баламның соқыршегі жарылып, он бір сағатқа шыдау деген таң қаларлық іс еді. Академик саулау, институт жайлы сөз болды. Шахмат ойнадық.Ол кісі де самарқау, мен де самарқаумын. Бүгінгі газетте Қ.Бекхожиннің лирикалық өлеңдері басылған екен. Мен оны оқығанмын. Ұнаған жоқ.Ол Әбекеңе де ұнамапты. - Оқып жатып, жаңа ұйықтап кетіппін, - деді ол,-наивный бірдеңе жазады...
- Теңіз туралы өлеңі сіздің өлеңізді еске салады,- дедім мен. - Е, иә, мен бар ұлылықты теңіз сенен үйрену керек десем, ол мені қайталаған болмайын деп керісінше алып, адамнан теңіз үйренеді депті. Сол да сөз бе екен? Хамит Ерғалиевтің тойында болғанымды айттым. Ерғалиевтің ақындығы туралы пікірімді айттым. Ол ала-қолды ақын. Кейде тауып айтатыны бар, ал көбіне айқай, кеудемен алғысы келеді. Атының шығып жүргені қолдан жаслаған дүние ғой көбі. Сонша шулатып, дуылдатып жүрген жерлестері, рюмкелестері. Шәй ішілгеннен кейін Әбекең біраз өлеңдер жазып, Октябрдің 50 жылдығына жазған драмалық поэмасының біраз монологтарын оқыды. Ленин, Сәкен, Панфилов, Төлеген,Ыбырай, Күләш, Қуаныш Сәтпаев...Әр қайсысының өз ішкі бір драматизмі бар. Пьесаның өзі де қазіргі пьесалардай емес, артистердің оқуына лайықталған жаңа бір үлгі. Жаңа ізденіс. - Өлең жазу қазір қиындап кетті, - деді Әбекең, - Ура, ура! – деп ұйқастыра берсең, айына бір жинақ жазып тұруға болады. Ол және өтімді де. Мата даңқымен бөз өтеді, ақын атымызбен өткіземіз ғой.Бірақ, ол кімге керек? Өмірдің бар қиындығын, бар шырғалаңын көрсете білуіміз керек қой. Саясатқа салып осы күні болып қалды, толып қалды дейді. Октябрь революциясы кезінде 6 миллион қазақ, қазір 5 миллионға жетпейміз.Өсім қайда? Қазір кемінде 15 миллион болып отыратын едік. Трагедияға ұшырадық. Оны неге жасырамыз. Айтуымыз керек.Күнкөріске, күйбеңге түсу ақынның мінезі емес. Адамның бар қайғы – қасіретімен көрсетуіміз керек. Ішкі драматизмге мен саған сырымды айтайын. Өлеңімнен көрі менің осы пьесаларымды ұлттық сезімдерім күштірек беріледі. «Жомарт кілемі», «Көтерілген күмбезде» де елмін, жұртпын деген ой жатады. Сол елдігім, жұрттығым - өсу жолында қиындығы қайсы, жақсы-жаманы қайсы бәрін де айтқым келеді. Біреудің бір қылығына сүйінсем, енді біреудің қылығына күйінесің. Оны мінеп, жерлеп тастағың келеді. Оларды айтпасаң қалам ұстаудың да керегі жоқ.
Ақын күрескер болу керек қой деп ойладым, Әбекеңде де сол мінез бар.
Біраздан кейін мен кетуге ығайландым. Ол кісі де тұрды.
- Тірлік осы.Кешегі Тайыр еске түскенде, мына Ғалиларды көргенде қартайыппыз-ау деген ойға келеді. Қай жерге келгенде жүрек тоқтар екен деп ойланасың. Бірдеңелерді жазып, айтып кетсем екен дейсің.Бәрін, ойындағыңның бәрін бәрібір айтып үлгере алмайсың да. Бірақ, үлгергеніңше айтуың керек. Мен енді академияға да анда –санда бір барып, жұмыс істемесем бірыңғай. Әңгіме, сөз қолы бостардың ісі ғой. Жер жамандап бармасын марқұм Зейін де, Есмағанбет те мені біраз анда апарып, мында апарып салып, арандатты.Өздері дос көңілді кісілер болған соң мен қызып кетіп, біраз ыңғайсыздықтарға ұшырадым.Күнде келіп, маза бермеуші еді. Оның бәрін де қойдым.Тек жұмыс! Еңбек!
02.12.1966.
Мен Әзілханның 6 жас кішімін. Бірақ құрдастан бетер қалжыңдасамыз. Және екеуміз бірге жүрген жер қыран –топан күлкі болатын –ды. Қалжыңымыздың қаттылығы сондай, әйелдеріміз:
-Осылар ұрысып қалмаса жара еді, - деп қатты хауіп етіп отырады. Бізді Трапунка мен штепсель деп атайтын көрінеді. Соған ұқсайтын бір жерлеріміз болуы мүмкін. Әзілхан аласа бойлы. Толықтау. Шашы аппақ, өзі қап-қара. Тістерінің арасынан арбалы ат өткендей сирек. Мен болсам ұзын бойлы, сидиған арықпын. Мені Әзілхан ылғи «коньяктың сауытындай жіңшке» деп қалжыңдайды. Шашым қара, өзім аққұба, тімтерім маржандай тізілген. Яғни екеумізді әдейі бір–бірімізге ұқсамасын деп қарама –қарсы етіп жаратқан сияқты. Тағы ұқсамайтынымыз, ол менен әлдеқайда талантты, жазғыш. Маған қарағандаәлде қайда гуманист, әділдірек. Бұл қасиеттер мақатағаным емес, ептеп менде де бар болу керек, бірақ Әзілханда менен көрі әлдеқайда мол еді. Бір ұқсайтын жеріміз екеуміздің қалжыңбастығымыз және қандай қатты қалжыңдассақ та көтергіштіміз еді. Айтыса келгенде бір-бірімізді көпке дейін ұзатпаймыз. Әйтсе де Әзілхан басып кете беретін-діМен бетпе-бет келгенде ұсталып қалғандай болсам, жора-жолдастардың үйінде оның жоқ кезін пайдаланып, істен алғысыз етіп тастайтынмын.
- Сен сыртынан айтады екенсің,- дейді кейбір жолдастар. - Енді қайтемін. Осындай өзі жоқта өшімді алып алмасам бұлай теңдік бермейді маған, - деймін мен. 1961 жылы Әзілхан Павлодардан осында «Социалистік Қазақстан» газетінде редактордың орынбасары болып ауысты. Үй алды.Ол үйді әуелі Әзілхан екеуміз барып, ішіне кіріп, 1-2 бөтелке шампан апарып ішпекшіміз ғой баяғы. Уақыт кешқұрым болатын. Оның қарсы есік көршісі жарымжан кісі екен, ол да келіп 1 бокал шампан ішіп кетті.Бір уақытта Әзілхан ауызғы бөлмеге шығып кетіп еді, әлгі көрші менен:
- Папаң қайда кетті? – деп сұрағаны ғой. Сөйтсем шашы аппақ болғанға Әзілханды ол менің әкем деп жүрсе керек. Кейін осыны көпке дейін күлісіп жүрдік. Мен оны жұртқа таныстырғанымда ылғи:
- Мына отырған ұзын бойлы, аққұба келген, бұйра, қою қара шашты жас жігіт, - деп керісінше суреттеймін. Ол да мені әлгі айтқандай коньяктың сауытына балайды. Оның үйіне жиі барамын. Кейде қонақтарымның, не өздерінің оңаша тамақ ішіп отырған үстіне тап келгенде:
- Мынаның мұрны аңшылардың иттерінің мұрнынан да иісшіл, - деп күледі.
03.12.1966
Әзілхандар келмекші болды бізге. Оның әдеті «Не тамаң істеп жатсыңдар» дейді. Жеңіл – желпі бірдеңені айтсаң «ой, кандидаттың үйі де сөйтеді екен.Ағыл-тегіл болмай ма бір» - деді. Оның осы мінезін білемін де мен әдейі жоқ нәрсенің барлығын бар деп соға беремін. Олар келмекші болды. Мен дүкеннен 2-3 сыра әкелейін десем Зураның қалтасында бір тиын қалмапты. Ақша жетпейтін болды соңғы жылдары. 4 ақ баспыз. Гонорар да аз табылмайды. Сонда да жетпейді. Не жұрттан асып киініп жатқанымыз жоқ. Не дүние жинамаймыз. Ептеп қонақ келеді. Соңғы кездері баяғыдай сапырылқан қонақ та жоқ. Бірақ жетпейді... Зура екеуміз бірінше рет қабақ шытыстық неге жетпейді? Біздің табысымыздың жартысын табатындар қалай күн көреді?
- Бәрі қымбат қазір. Екі есе қымбаттап кетті тамақ,- дейді Зура. Онысы да рас. Дегенмен жөнін тауып жұмсай алмай жүрсің-ау деймін мен. Біз ақша жетпей қабақ шытыссақ, басқалар тіпті төбелесуі мүмкін ғой...
Ия, ақша жетпейді деп ренжісу ұят. Дүниесі бар болсын, кімге опа берген. Зураның тарыла қалғаны, ауруханадағы кеше құсты дегенін естіген, соған әбігерленіп жүргендігі болу керек. Оған ерегістім де мен Әзілхандарға телефон соқтым.Қалима алды трубканы.
-Сендер әлі шыққан жоқсыңдар ма?
-Жоқ.
- Ендеше шықпай-ақ қойыңдар.
-Немене кісі келіп қалды ма?
-Иә.
-Жарайды ендеше.
Олар келген жоқ. Ертеңіне олар бізге телефон соқты. Қалима тұрып:
-Әй, сендер ұрсып қалған жоқсыңдар ма? – деді.
- Неге олай деп сұрайсың ?
- Түнде түсімде, сендердің үйлеріңе Роман барған екен деймін. Жайғасып отырып, шұлғауын шешіп жатыр...
Мен күлдім.Романқұл әйелімен ұрыссып, жазда оншақты күн біздің үйде жатқан. Ол жиі ренжітсін. Түске кіргенде ұрыс-керістің символы болып кеткен –ау деп күлдім.
23.12.1966
Менің туған күніме сонау алыстан, оқушылар қауымының құттықтау хат келіп еді. Хаттың ішінде үш- төрт фотосурет бар.бір суретте стенда.менің портретім мен «Ана махаббаты» повесімдегі иллюстрацияларды беріпті. Үлкен әріппен өмірбаянымды жазыпты. Кеше соларға алғыс сезімімді білдіріп хат жазып, бүгін салып жібердім.Сондағы маған келген, менің хаттарымның мазмұны мынау еді,
Құрметті Мырзеке!
Саламатсыз ба? Сізді туған күніңіз, 20 декабрь күнімен құттықтаймыз.Алдағы уақытта да еңбегіңіздің жемісті болып жас жеткіншектер үшін мазмұнды және тәрбиелік мәні зор еңбектер жаза беруіңізге тілектестік білдіреміз. Сіздің туған күніңіздің құрметіне біздің мектептің оқушылары «Ана махаббаты» атты шығармаңыздан арнаулы кеш ұйымдастырды. Кештің өткізілу программасы төмендегідей болды.
1.Кешті өткізу алдында дайындық жұмыстары жүргізілді. а) «Ана махаббаты» шығарманың мазмұнына лайықты арнаулы плакат жасалды. Оның ішінде сіздің өмірбаяныңыз толық жазылып, суретіңіз қоса ілінді.
б) Өміріңіз бен творчествоңыз туралы хроникалық таблица жасалды. в) Ана туралы М.Горькийдің, Жамбылдың, Сәкеннің тағы басқа сөздерінен үзінділер алынып, қабырғаға ілінді.
г) мектеп кітапханасының мүшелерінің тобы суретке түсірілді. 2. «Ана махаббаты» туралы баяндаманы 10-класс окушысы Бәйімбетова Манат жасады. 3. Баяндамаға байланысты 10-класс оқушылары Жалынбетова Гүлбаршын, Қаршыға Тоқмұратова, 8-класс оқушылары Пәрімбекова Пернекүл, Жадыросова Сұлухан, қаза тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы Төреханов Жорахан, оқытушы Бекмұратов Сабыржан ана туралы, оның балаға деген махаббаты туралы қызықты пікірлерін ортаға салды. 4. Ана туралы монтаж және арнаулы концерт ұйымдастырылды. 5. Ана туралы викториналар оқылды. Ұйымдастырылған кешке мектептің ата-аналар комитеті ата-аналардың толық келуін қамтамасыз етті. Алдағы кезде сіздің «Мен қалай торғай болдым» атты шығармаңыздан оқушылар конференциясын өткізбекпіз.
Сәлеммен кітапхана мүшелері:
1.Бекова Әлима – кітапхана меңгерушісі
2. Тоқмұратова Қаршыға – мүшелері
3.Жолымбетова Гүлбаршын – «-»-
4.Бәйімбетова Манат - «-»-
5.Байжұманова У - «-»-
6.Қасымбеков Е - «-»-
7.Бикондиев Анарбай - «-»-
8.Жетпісбаев Ә - «-»-
14.ХІІ.66 ж.
Қымбатты Әлима!
Мені туған күніммен құттықтағалы келген жора-жолдастарым отыр еді үйде. Сіздердің хатыңыз дәл осы бір жақсы сәтте келді. Жіберген суреттеріңізді көріп, хатты оқып шықтық. Осы кезде сіздердің пейіл-ниеттеріңізге, жақсы ықыластарыңызға деген ризашылығымда шек жоқ еді.Әдебиет туралы, әдебиеттің сіздер сияқты көптеген жанашыр достары туралы әңгімелеп, шынын айтайын, сіздердің саулықтарыңыз үшін бір-бір рюмка шараптар көтердік. Құс жеткен жеріне қонады дейді ғой.Жазушы да сондай. Қолынан келгенінше еңбектенеді. Ал жетер жері оның талантының қуатына байланысты. Қай жерге жетеді, оның әділ таразысы, төрешісі сіздер, қалың оқушы ғой.Жазған кітабы ең болмаса бірер кісінің жүрегіне жылу қоса алса, жазушының мұраты сол. Жақында «Лашынға лайық қарағым-ай» деген повесть жазып бітірдім. Оның бірінші бөлімі «Жұлдыз» журанылының №12 санында басылып жатыр. Жақын арада сіздерге де барып қалар. Қазақ совет әдебиеті тарихын жазуға қатысып едім (екі том). Ол да қазір баспаға дайындалуда. Келесі жылы басылып шықпақшы. Жоспар көп. Жиналған материал аз да емес. Үлгіру қиын, уақыт жете бермейді. Үлгергенше, қолдан келгенінше еңбектеніп жатқан жәй бар. Ал, сіздердің жылы ықыластарыңызға көп- көп рахмет! Оқушы конференциясын өткізуде қазір көрсетіп жүрген Әлима сіздің еңбегіңізге және кітапхана мүшелерінің еңбегіне шын ризашылық білдіремін. Өзім үшін ғана емес, жалпы әдебиетті насихаттағандарыңыз үшін де солай.Бұдан былайғы істелген басқа да жақсы жұмыстарыңыз жөнінде «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттеріне хабар ретінде жазып тұруларың керек.Тәжірибе басқаларға да ауысуы керек деген мағынада айтып отырмын. Қымбатты Әлима, Сіздің өзіңізді кітапхана мүшелерін, жақсы коллективіңізді келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, бақыт, жемісті еңбек тілеймін.
Сәлеммен Мырзабек Дүйсенов.
22.ХІІ.1966 ж.Алматы.
26.12.1966.
Е.Ысмайловтың 5 томдық жинағын шығару керек деп жазушылар Одағы президиумына комиссия атынан ұсыныс қағаз жазу керек болды. Оны тұрсынбек екеуміз жазып ЦК–нің демалыс үйінде жатқан Сәбит Мұқановқа қол қойдырып қайтайық деп сонда бардық. Ол кісі комиссияның председателі болатын–ды. 12-ші нөмерлі бөлмеде деген соң есік қағып кіріп келсек Сәбең терезе алдындағы столда, есікке арқасын бере отыр екен. Бізді көріп, бұрынғы әдетінше қалжың айта бастады.
-Уау, әдемі жігіттер, қайдан келіп қалдаңдар? Төрлетіңдер!
Сәбең орындық дайындап, қалбалақтап қалды. Біз орындықты өзіміз стол қасына қойдық та отыра бердік. Біз келген шаруамызды айттық. Тұрсынбек ұсыныс қағазды оқып шықты. Сәбең қол қойды. -Жақында жазушылар Одағының президиумы болмақшы екен, -деп енді,сәбең сөзді іліп алып кетті. -Болады дейді, бірақ ол даулы мәселе қарайды дей ме, білмеймін, -деп бір қойды. Стол үстінде машинкаға басылған пьесаның қолжазбасы жатыр. Кей жолдары сызылған, қайсы бір сөздері өшіріліп, үстінен түзетілген. Менің көзімнің соған түсіп кеткенін байқады да, Сәбең соны әңгімелеп кетті. -«Мөлдір махаббат» романының иницинировкасы ТЮЗ–да қойылып жүр еді ғой. 50 жылдыққа қарсы осыны қайта дайындамақ екен. Біраз өзгерістер енгізіпті. Жақында талқылауында болып, Әбділда, Шахметтер бар, біраз орынды сындар айтты. Қанша дегенмен романның авторысыз ғой, өзіңіз қарап беріңіз деп иницировка жасаған Исмайлов деген жігіт өтініш білдірген соң соны қарап жатыр едім. Біраз жөнделді.Ширап қалған сияқты.
-Бұрынғы вариантында лепірме сөз көбірек сияқты еді,-деді Тұрсынбек. -Олардың бәрінен де арылды, -деп Сәбең тағы да баяғы президиум туралы айтып кетті, -мен қазір екі нәрседен қашып жүрмін. Бірінші академияның сайлауы. Екіншісі осы бәйге шатағын қарайтын президиум жиналысы. Академия сайлауы январьда болады дей ме? Президент ауысады екен деседі, анау болады екен, мынау болады деседі. Маған бәрібір. Тек совет үкіметі аман болса екен, -деп бір күліп алды, -Қажым көңілді жүр. Кім біледі, өте ме, өтпей ме, ал Мұхамеджан лайықты кісі. Тек аналар ұйымдасып бірдеңе жасап жүрмесе. Ойпырмай мына үйірлі тобыңның түрі жаман ғой өзі. Қазір мені де қонаққа шақырғыштап жүр. Мен қашып бармай жүрмін. Ал, олардың мына бәйгеге істеп жүргендері тіпті сорақы. Жазда республикалық Абай, Құрманғазы т.б. атындағы бәйге жарияланған –ды. Оның комссиясының мүшелеріне қайдағы бір кездейсоқ адамдар кіріп кеткен. Оны да істеп жүрген соло үйірлі топтар. Әбділда, Мұхамеджан, т.б. барлығы шығып қалыпты да үш-ақ адамды қалдырыпты. Олар: Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Тақауи Ахтанов. Ал кеше драматургияның комиссиясы бәйгені Қ.Мұхамеджанов пен Зейнолла Қабдоловқа беріпті. Сәбең осыған ренішін айта келіп: -Қалтайдың пьесасы баяғы Шоқаев туралы көрінеді. Идиясы түкке аспайды, ал Қабдоловтікі баяғы «Ұшқыш» повесі мен жаңа романның иницинировкасы дейді. Қызық. Бірінші бәйге болған соң шаштың ағына, бұрынғы еңбектерге де зер салу керек емес пе? Соның бәрі қазір дау тудырып жатқан көрінеді, неғылса о қылсын. Баяғыдан бері айтыстық мүйіз шыққан жоқ. Енді ол президиумға бармаймын деп отырмын – деді.
Бір уақыт біздің институт әңгіме болды.
- Базарбаевтарың отпускіде дей ме?
- Докторлығын жазып жатса керек.
- Ол орнынан түспей ме екен? Әй өзі сондай қу жігіт екен. Қайдан қу болып туған өзі. Ғалым емес, бірді-бірге айдап салудың маманы екен өзі, - деді. Сәбең оған қатты бір өкпелеген жері болу керек.Бірдеңені айта түскісі келді де, тоқталып қалды.
- Ол кетпесе Оразгүл кетеді ғой. Екеуі келіспей жүр ғой, - деді. Жарты сағаттай отырған соң Сәбең 29-да қалаға баратынын, январдың 7-8 дерінде тауға кетіп жұмыс істейтіндігін айтты. -Январдің 2-күні телефон соқ.Екеуміз Әдиге кіріп шығармыз осы мәселе жөнінде, - деді Тұрсынбекке. Біз қоштасып шығып кеттік.
28.12.1966
Түсте жігіттер маған «Сені Ғабдуллин іздеп жүр. Келсе, мағанс оқсын деп кетті» деді. Бір аспирант емтихан алып қолым тимеді. Кешке үйге келсем Мәкең өзі телефон соғыпты. Және үйге телефон соқсын деп өтініпті. Мен дереу телефон соқтым.
- Мәке, ассалаумағалейкүм!Мен Мырзабекпін ғой.
Сіз...
- Әй, қазақ, аман ба? Әуелі поздравляю.Жұлдыздың 2-санындағы повесіңді оқып шықтым. Жалпы жап-жақсы нәрсе екен. Ал, егер кітап болып басылып жатпаса ептеген ескертулерім бар. Соны айтайын деп іздеп едім.
- Рахмет, Мәке. Айтыңыз
Мәкеңнің айтып отырғаны менің «Лашынға лайық қарағым-ай» повесім. –Соғыс кезі ғой. Айша, Гүлжандар жағымды кейіпкер болуы керек. Олар жеке өкпені тастап, Отан үшін еңбек етуі керек. Осы жерде жастар звено құра ма, сондағы патриотизмді күштірек беру шарт. Бисен жақсы көрінеді. Оны әлі де адамгершілігі мол етіп көрсету керек. Ал Айшаның қалаға, інісінің қолына баруы керек емес. Сәлімнің Гүлжанға деген ынтызары күштірек шығуы тиіс. Қыздың соған тиіп кетуі керек пе жоқ па ?Осыны да ойлан. Жалпы, мүмкіндігің бар, жаз, - деді. – Айтпақшы Бақытжаннан бір хабар болуы тиіс. Мен оған бұл повестің бір үзіндісі ғана, сіз айтқан ескертпенің біразы клесі повесте ескеріледі, - дедім. Сәлім туралы айтқанын дұрыс санадым. Бақытжан, Бисен туралы айтқандары келесі повесте бар еді. Мәкең Жұлдызды түгел оқып жүреді екен. Барлығына да өз пікірін айтып отырады екен, оны мен бұрында байқайтынмын – ды. Ана жолы менің «Социалистік Қазақстанда» «Үшеуден кейінгі ісу» деген сатиралық әңгіме шыққанда да телефон соғып, құттықтап еді осы Мәкең. «Қазақ әдебиетіндегі» бір сатирам ол кісіге онша ұнамапты.
– Мынауың әнеукүнгідей емес, – дегенін де естігенмін. Газет-
журналдағы әңгіме, повестерді қалдырмай оқып жүреді екен. Және өз пікірін осылай айтып, не болмаса хат етіп жазатын әдеті бар.
25.02.1967
Академияның сессиясы бітпей, Мұхамеджан Қаратаев екеуміз кетіп қалдық. Ертең сағат 12.45-те Мұқаң Бибігүл Төлегенова екеуі араб еліне жүрмекші. Мұқаңның маған біраз әңгімелер айтқысы келетінін ішім сезіп келеді. 27-нде членкорлыққа сайламақ. Темірғали Нұртазин «Мұқаңмен таласпаймын» дейді екен, ал арызын қайтып алатын түрі жоқ. Осы күні біреуге кінә қойып та, өкпелеп те болмайды ғой. Әркім өз шыққан тауының биік болғанын жақсы көреді. Темірғали да шапқылап жүрсе керек.Үмітсіз шайтан деген, кім біледі?Мұқаң бір жерден мүлт жіберіп алса...
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру