Бабалар сөзі 25 том
Серікбай Қосан
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Бабалар сөзі» сериясының 25-томына «Анар—Сәуле», «Әнуар—Күләнда», «Садық—Сәлиқан», «Байын—Жүрек», «Салиқа—Сәмен», «Досан», «Нұртаза мен Күнасыл», «Олжа қыз» атты ғашықтық дастандар енді.
Астана
«Мәдени мұра»
Мемлекеттік бағдарламасының
кітап сериялары
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті
Нұрсұлтан Назарбаевтың
бастамасы бойынша шығарылды
Тасмағамбетов И.Н., бас редактор
Тәжин М.М., бас редактордың орынбасары
Тәуекел С.Т., жауапты хатшы
Әбділдин Ж.М.
Әуезов М.М.
Байпақов К.М.
Зиманов С.З.
Кәлетаев Д.А.
Кекілбаев Ә.
Кенжеғозин М.Б.
Қасқабасов С.А.
Қойгелдиев М.Қ.
Қосыбаев Е.М.
Құл-Мұхаммед М.А.
Мағауин М.М.
Мәмбеев С.А.
Нұрпейісов Ә.К.
Нысанбаев Ә.Н.
Рахмадиев Е.Р.
Сұлтанов Қ.С.
Сүлейменов О.О.
Хұсайынов К.Ш.
«Мәдени мұра»
Мемлекеттік бағдарламасының
кітап сериялары
Бас редакциясының алқасы
25 том
БАБАЛАР
СӨЗІ
жүз томдық
Қытайдағы қазақ
фольклоры
Ғашықтық дастандар
ББК 82.3 (5 Каз) Б12 «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының Фольклортану, әдебиеттану және өнертану секциясының мүшелері: Қасқабасов С. (төраға), Қорабай С. (төрағаның орынбасары), Жұмасейітова Г. (жауапты хатшы), Әзібаева Б., Егеубаев А., Күзембаева С., Қирабаев С., Мамыраев Б. Томды басуға М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми кеңесі ұсынған Томның редакция алқасы: Қосан С. (жауапты редактор), Қасқабасов С., Ысмағұлов Ж., Ісмақова А. Қытайдағы қазақ фольклоры үлгілерін жинап, баспаға дайындаған: Егеубаев О. Томды жүйелеп, ғылыми қосымшаларын дайындаған: Қосан С. филология ғылымдарының кандидаты, Егеубаев О. (жауапты шығарушы).
Б12 Бабалар сөзі: Жүз томдық.—Астана: «Фолиант», 2005. Т. 25: Ғашықтық дастандар.—2005.—408 бет.
ІSBN 9965-35-093-0 «Бабалар сөзі» сериясының 25-томына «Анар—Сәуле», «Әнуар— Күләнда», «Садық—Сәлиқан», «Байын—Жүрек», «Салиқа—Сәмен», «Досан», «Нұртаза мен Күнасыл», «Олжа қыз» атты ғашықтық дастандар енді. Б 00(05)—06
ББК 82.3 (5 Қаз)
ІSBN 9965-35-093-0 (т. 25)
© Әдебиет және өнер институты, 2005
ІSBN 9965-619-60-3
© «Фолиант» баспасы, көркемдеу, 2005
Құрастырушылардан
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мемле
кеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде жариялана
тын «Бабалар сөзі» атты жүз томдық басылымды дайындап,
жариялау жұмысын жалғастыруда.
Серияның жарық көрген жиырма төрт томы ұлттық фольк
лорымыздың аса бір көркем де көлемді саласы болып санала
тын дастан жанрына арналды. Дәлірек айтқанда, бүгінге дей
ін хикаялық дастандардың он бір томы, діни дастандардың
жеті томы, ғашықтық дастандардың бес томы әзірленіп, баспа
бетін көрді. Қазақ халқының қымбат қазынасы—фольклор
жинақтарының жоғары деңгейде безендірілген жаңа басылы
мын оқырман қауым үлкен қуанышпен қарсы алды. Алла қа
ласа, дастандық эпос үлгілерін жариялау осымен шектелмейді.
ОҒК және ӘӨИ Қолжазба қорларында сақталған көптеген
дастан мәтіндері ғылыми тұрғыдан сараланып, баспаға әзірлену
үстінде.
Көпшілік назарына ұсынылып отырған аталмыш серияның
25-томы Қытайдағы қазақ фольклорының кезекті жинағы—
ғашықтық дастандарға арналып отыр. Бұл томға «Анар—
Сәуле», «Әнуар—Күләнда», «Садық—Сәлиқан», «Байын—
Жүрек», «Салиқа—Сәмен», «Досан», «Нұртаза мен Күнасыл»,
«Олжа қыз» атты ғашықтық дастандар енді. Олардың сюжеті,
негізінен, жергілікті қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен
алынған. Ал «Әнуар—Күләнда», «Нұртаза мен Күнасыл» се
кілді шығармалар шығыстық сюжеттердің ізімен яки әсерімен
жырланғаны байқалады. Дастандардың мазмұнында араб, пар
сы фольклорының жекелеген персонаждары, ұқсас эпизодтар
мен оқиғалардың және тілдік белгілердің жиі ұшырасуы осыған
меңзейді.
ғашықтық дастандар Бір айта кетерлігі, бұл томға кірген дастандардың біразын сол өлкенің тумасы, үрімжілік белгілі қазақ ақыны, марқұм Таңжарық Жолдыұлы жырлағаны мәлім («Анар—Сәуле», «Садық—Сәлиқан», «Әнуар—Күләнда»). Әйткенмен, аталған дастандардың негізгі оқиғасы бұрыннан халық арасында айты лып келгендігі және бұл шығармалар бұрын Қытайдағы қазақ зиялыларының ұйғарымымен «Қазақ қиссалары», «Ғашықтық жырлар» сынды фольклорлық жинақтарда жарияланғандығы ескеріліп, «Бабалар сөзі» сериясының аясында жарық көріп жатқан «Қытайдағы қазақ фольклорының» құрамына шартты түрде қосылып отыр. Мәтіндерді жинап, баспаға дайындаған Қытай мемлекетінің мәдениеті мен өнеріне үлес қосқан ғалым, жа зушы, ҚХР фольклортанушылар қоғамының мүшесі—про фессор Оразанбай Егеубаев. «Бабалар сөзі» сериясының принциптеріне сәйкес, аталмыш жиырма бесінші том ғылыми қосымшалармен толықтырылды. Ғылыми қосымшаларға томға енген мәтіндерге жазылған түсініктемелер, сөздік, жер-су атаулары, мәтіндерде кездесе тін тарихи тұлғалар мен діни есімдерге арналған түсініктер, дастанның жинаушылары мен оның жырлаушылары туралы де ректер, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған түйін кірді. Томның көлемі—25,5 б.т.
М Ә Т І Н Д Е Р
Анар—Сәуле
Дүниеден жақсы да өтті, жаман да өтті,
Түрленіп неше қилы заман да өтті.
Бай, патша, палуан, мырза, ақын, шешен,
Ғұлама нелер білгіш адам да өтті.
Данышпан нелер батыр, көпес, жомарт,
Қан шықпас кесіп алса сараң да өтті.
Қызығын өз әлінше шайқап көріп,
Ішінде осылардың Қаман кетті.
Сау қалып дүниенің құрығынан,
Ойласаң, қай пендесі аман кетті?!
Билеген дүниені бірі де жоқ—
Түбіне бәрінің де заман жетті.
Есепсіз өтіп жатыр қанша халық,
Ақ өлім жаралмыштан қалған салық.
Толымы толған күні кетіп жатыр:
Көкте құс, тоғайда аң, суда балық.
Жырланып осы күнде сөйленіп жүр,
Бұлардың кейбірінен белгі қалып.
Белгісі өзі өлсе де жоғалмайды,
Ұмытпай сөйлеп жүрсе ауызға алып.
Тоқтаусыз өтіп жатыр жыл менен ай,
Күн мен түн есебі жоқ аққан судай.
Сол өткен көп заманның бір кезінде
Қазақта Қаман деген болыпты бай.
Қаманның екі қызы, үш ұлы бар—
Жан екен кемшіліксіз, дүниесі сай.
ғашықтық дастандар
Ұлының бәрі мерген, сайыпқыран,
Аң қарап қысы-жазы жатпайды жай.
Қысы-жаз сауық құрып түспейді аттан,
Білінбей қызықпенен кеші батқан.
Ойналып дойбы, карта, қыс болса асық,
Үйінде он-он бестен жігіт жатқан.
Әнші жас, әсем жігіт бәрі сонда
Құс салып, құмарланып мылтық атқан.
Қаманның үлкен қызы аты—Анар,
Көрген жан көңілі ауып, көзін сатқан.
Солардың көршілесі қатар жүрген,
Бір шал бар шаруашы аты—Ақтан.
Ақтанның өзі момын, төрт ұлы бар,
Таралған адам еді кедей таптан.
Сәулебек үшінші ұлы—он жетіде,
Жайнаған қараңғыда шамдай жаққан.
Әрі әнші, әрі мерген, әрі ақын,
Жел сөзге сөйлегенде судай аққан.
Еркесі бір ауылдың һәм мырзасы,
Әлпештеп ағалары жастан баққан.
Оқыған жас күнінен өзі әдепті,
Ибалы қылығымен жұртқа жаққан.
Жасынан бір мектепте сабақ оқып,
Сәулені Анар көрсе бұраң қаққан.
Көргенде көзі тұнып, іші жанып,
Майда тіл, тәтті сөзбен жауап қатқан.
Жыландай бірін-бірі ыммен арбап,
Уымен махаббаттың іштен шаққан.
Ғашық от лауласа да көкіректе,
Жалғыз-ақ емес оның дәмін татқан.
Сәулені Анар көрсе бұраңдаған,
Түрленіп шашын тарап, сылаңдаған.
Тесіліп көз қараудан бір тоймайды,
Арбасқан дәуітке ұқсас жыланменен.
Келтіріп келтесінен кескен кекіл,
Үкісі кәмшатының бұлаңдаған.
Адамды ыстық лебі оттай тартып,
анар—сәуле
Көргенде сабыр қылып тұра алмаған.
Еріксіз көргендердің көзі тұнып,
Мойынын басқа жаққа бұра алмаған.
Түп-түгел адамзатқа ондай мүше
Ешқашан толық болып құралмаған.
Ақ маңдай жарқ етеді алса бөркін,
Көз тойып, көңілің шат көрсең көркін.
Гауһардай қарақат көз жайнағанда,
Адамның қай-қайдағы қозғар дертін.
Тартқанда магниттей жүрегіңді
Адасып ақылыңнан, қалмайды еркің.
Келмейді буын босап, басуға аяқ,
Бергендей айырылмасқа қасам-сертін.
Желбіреп жел тигенде қолаң шашы,
Нұрланған шаш астында кесер басы.
Ақмаңдай айнадайын жарқылдаса,
Иіліп скопкідей қара қасы.
Көзіндей жас ботаның екі көзі—
Қоңырлау сұрғылт тартып айналасы.
Қыр мұрын, қан аралас ақша беті,
Дөңгелек рюмкадай көз шарасы.
Езіліп жаңа пысқан бүлдіргендей,
Тамылжып қос танаудың екі арасы.
Қаланған аппақ болып маржан тісі,
Секілді сопылардың таспиық тасы.
Аршын төс, алма мойын, сұңқар иық,
Көрінер ақ тамақтан жұтқан асы.
Тал бойы ұзын да емес, қысқа да емес,
Таразы тал шыбықтай дәл шамасы.
Талма бел, нәзік саусақ, балғын бармақ,
Аршыған шидей қолдың он саласы.
Келбеті бір басына біткен толық,
Анықтап байқағанға жоқ шаласы.
Ақыл-ой, білім, пікір бәрі сонда—
Адамның сондай болар бір баласы.
Кәмшатын қырын киіп, қиғаш тұрып,
Бір түрлі мойын толғап көз қарасы.
ғашықтық дастандар
Бұралған тал шыбықтай нәзік белі,
Мөлшермен айтқан жанға төрт-ақ елі.
Жайдары, ашық-жарқын мінезі бар,
Аузынан балдан тәтті шыққан лебі.
Мінезі майға еріген қорғасындай,
Қыздардың асып туған кемеңгері.
Ерте-кеш қашан көрсең бір қалыпта,
Кетпейді яки ары, яки бері.
Мұңайса бұлт қаптап, күн жауғандай,
Көзінен таса болса Сәуле сері.
Сәуленің құйқылжыған әні шықса,
Тарқайды жүректегі қайғы-шері.
Шаттанса бұлт тарқап, күн шыққандай,
Адамды күйдіретін осы жері.
Шағылып күн түскендей маңдайынан,
Сөйлесе бал тамады таңдайынан.
Әдепті, өзі ісмер және оқыған,
Жауаптың жаңылмайды қандайынан.
Көреді досы тұрмақ, дұшпан жақсы—
Адамға жақындығы жандайынан.
Тұрасың «сөйлесе» деп жауап күтіп,
Аузынан шыққан сөзі балдайынан.
Жүргенде ақмаралдай ойқастайды,
Аяғын сілтіңкіреп жай тастайды.
Қалыңнан қырға шыққан қырғауылдай
Жан-жағын мойын толғап байқастайды.
Келмесе айтар сөздің дәл жүйесі,
Біреумен сөз таласып шайқаспайды.
Орынсыз басқа қыздай күле сөйлеп,
Қисынсыз жауап жаққа айқаспайды.
Меңі бар оң бетінің шұқырында,
Ұшы жүр қара шаштың мықынында.
Аққудай көлде отырған аппақ болып,
Болсайшы титтей міні сықылында!
анар—сәуле
Кекілін ақ күміспен қойған түйреп,
Қара шаш қалың біткен, емес сирек.
Арқадан алтын шолпы сылдыр қағып,
Ұшқандай көлден шошып көкала үйрек.
Ойқастап ор түлкідей жөнелгенде
Етегін торғын көйлек жерге сүйреп.
Жарқылдап омырауда асыл моншақ,
Жаңқадай ұшып түскен жатыр күйреп.
Күлкісін езу тартқан көзің шалса,
Еріксіз елжірейді бауыр-бүйрек.
Аймаққа, ауылға да қадірі артық,
Ақылмен үйдің ішін түгел билеп.
Сөйленіп ойда-қырда Анар сөзі,
Бозбала жүр сыртынан босқа күйлеп.
Сол кезде он бес жаста сұлу Анар,
Сөйлесе таңдайынан балы тамар.
Қасынан қайда жүрсе айырылмайды,
Сіңілісі он үш жаста, аты—Қамар.
Анардай болмаса да ол да сұлу,
Жалтылдап екі көзі оттай жанар.
Анар қыз он жасынан Сәулеге асық,
Қосылып қай заманда шөлі қанар.
Қаманның үлкен ұлы аты—Қабыл,
Аң қуған, бүркіт салған, күнде сабыл.
Қасында он-он бестен жігіті бар,
Ауылы дыр-думанмен абыр-сабыр.
Қабылдың Сәулеменен көңілі жақын
Екеуі жас күнінен «аузы тамыр».
Біреуі-біреуінен айырылмайды,
Көрсе де не жақсылық, зұлым, зәбір.
Үйінде бір-бірінің кезек қонып,
Салады ойын-қызық, дүбір-дабыр.
Сәуленің бұл жүрісі Анар үшін,
Мақсатын көңіліндегі табар үшін.
Қалмайтын Мәтен деген жолдасы бар,
Арналған аралықта хабар үшін.
ғашықтық дастандар
Ол Мәтен ит үргізбес епті бала—
Алысқа атқа жеңіл шабар үшін.
Және бар Қырғи деген бір жолдасы,
Екеуін алған өзі бағар үшін.
Ол Қырғи қырғи десе—қырғи сынды,
Созылған исіз қайыс—шылғи сынды.
Жанашыр, жақын туған бір інісі,
Кештірсе кейімейтін ылғи суды.
Әрі әнші, әрі жылпың, әрі мерген,
Жасынан жолдас еді қасына ерген.
Мәтенді Қырғименен ылайықтап,
Сәулеге Құдай әтей арнап берген.
Сәулемен жас күнінен бірге жүріп,
Өлең мен ән үйреніп үлгі көрген.
Сәуленің атқан оғы жерге түспес,
Көзге атқан құралайды түстік жерден.
Алтыатар нұсқағанда сау кетпейді,
Қашқан аң ана кер мен мына керден.
Өнері бір басына бар жетерлік—
Жалғыз-ақ шығып еді нашар елден.
Сәулені көрген қыздың бәрі құмар,
Өнері асқан үшін талай ерден.
Аққумен аспандағы әнін қосып,
Дауысын жарыстырған соққан желмен.
Болжайды ақылменен әрбір істі,
Атағы он үш жастан аспанға ұшты.
Айлакер, ақылы артық, ер жүректі,
Бәріне атты-жаяу бірдей күшті.
Кең ойлы, орта бойлы, өткір көзді,
Жүзінің ақ аралас алмас түсті.
Керіліп кемеліне келе жатқан,
Кердеңдеп еркек қойдай екі тісті.
Бір сырлы, сегіз қырлы мінезі бар,
Аумайды бір қалыптан жазы-қысы.
Ардақты, абыройлы халық ішіне,
Айырған ақылымен жез бен мысты.
анар—сәуле
Сондайын көре алмаған құрбы ішінде
Жоқ емес дұшпаны да ішті-тысты.
Анарға он жасынан ғашық болып,
Қайғы мен қасіреттің уын ішті.
Анарды көрген жігіт бәрі ғашық,
Жалғыз-ақ айта алмайды сырын ашып.
Қабылдың Нәзір деген бір жолдасы,
Сәулеге жүреді екен тісін басып.
Ғашық боп Анар—Сәуле жүргендігін,
Жібермек жөні келсе жұртқа шашып.
Таратты Нәзір өсек ел ішіне,
«Сәулемен кетеді—деп,—Анар қашып.
Қу кедей бай қызының теңі емес,
Бұл оның өз әлінен жүргені асып».
Ол Нәзір жас күнінен арам ниет,
Өсекшіл жігіт еді көңілі пасық.
Рахымсыз, діні қатты, тастан сараң—
Ер қанын судай көрмес жалғыз қасық.
Замандас Қабыл, Сәуле—бәрі құрбы,
Төл еді бір жыл туған Нәзір сасық.
Туысы екі жаққа бірдей еді,
Қабылға жүр демесең жақындасып.
Ол тағы «палуан» еді, жарбаңдасып,
Той болса лақ тартқыш тақымдасып.
Бұл сырды үлкендерге сездірмекші,
Қабылдың әйелімен ақылдасып.
Көңілі бар Анар жақта оның дағы,
Сөзіне келмесе де мақұлдасып.
Ондайды надан еді ар көрмейтін,
Еш адам қаттылықта пар келмейтін.
Сараңның кессе қансыз біреуі еді—
Жазда шөп, қысты күні қар бермейтін.
Ойлады Нәзір қастық Сәулебекке,
Сәуле өлсе қалады деп Анар текке.
Уәде Зейнеппенен қылды қатты,
Сәулені ебін тауып өлтірмекке.
ғашықтық дастандар
Зейнеп өш Сәулеменен бұрынтыннан,
Ол да жүр өз айтқанын келтірмекке.
Үндемей іштен тынып жүруші еді,
Қозғалып ол да айналды серпілмекке.
Осындай бұл екеуі қылды тоқтам:
Бір сұмдық ойлап тапты ойда жоқта.
«Аң қуып тауда жалғыз жүргенінде,
Ажалы болсын» десті жалғыз оқтан.
Бұрмайды оның сөзін өлсе Зейнеп,
Қимайтын ойнасы еді Нәзір соққан.
Жолынан арамдықтың басын тартпас,
Ит еді жиіркенбес жеген боқтан.
Бұл Нәзір өз үйінен жүрген безіп,
Қабылмен аң қуады тауды кезіп.
Нашарды қолы жетсе зар жылатып,
Талайдың ішіп жүрген қанын езіп.
Хабарсыз еш нәрседен Сәулебек жүр,
Қорқыныш, уайым жоқ, қауіп-сезік.
Сәулеге кезін тауып ұқтырмақшы,
Бұлардың ойлағанын Анар сезіп.
Бар еді Қабылда бір малай қатын,
Деуші еді Бикеш апай оның атын.
Зейнеп пен Нәзір сөзді байлағанда,
Мұны естіп үй сыртында тұрған жақын.
Анарға келді дағы айтты Бикеш:
—Сәулеге қылады,—деп,—бұлар зақым.
Анаржан, тез хабар бер Сәулебекке,
Ұқтым,—деп,—осындай сөз Құдай ақын.
Бұл істі сездірмеді басқа жанға,
Салып жүр патша Құдай ғашық жанға.
Ниеті жеңгесінің бұзылған соң,
Бір қайғы кетті кіріп Анаржанға.
Біле алмай не қыларын басы қатып,
Отырды кірпік қақпай ұзақ таңға.
анар—сәуле
Жіберді Сәулебекке Қабыл кісі:
«Саят қып жүреміз,—деп,—ертең аңға».
Анар жүр іші күйіп, көзі жайнап,
Сандалып сағым оймен, қаны қайнап.
Сәулеге ебін тауып берейін деп,
Бір хатты оңашада жазды жайлап.
«Нәзірден, жаным Сәуле, сақтанып жүр,
Мылтығын кезеді деп сені ыңғайлап.
Жүргенде оңашада тау ішінде,
Сақ болып жүргейсің деп соны абайлап.
Бұл жолы тілімді алсаң аңға шықпа,
Қамданды дұшпандығын Нәзір сайлап.
Егер де тілімді алмай бара қалсаң,
Шапшаң қайт зарлап жүрген Анарды ойлап.
Бұл хатты әрең жаздым ішім күйіп,
Қасірет жүрегімде жатыр ұйып».
Печаттап жазып болып, қолын қойып,
Кестелі ақ жаулыққа қойды түйіп.
Сәскеде Бәйге кермен Сәуле келді,
Ақ селеу аңға ылайық киім киіп.
Қасында Қырғи, Мәтен жолдасы бар,
Қырандай тұрымтай көз, сұңқар иық.
Қабыл да даяр болып отыр еді,
Он неше жігіттерін мұнда жиып.
Отырды қымыз ішіп, дүрілдесіп,
Қабылдың отауына зорға сыйып.
Сәулебек домбыра алып басты күйге,
Қанғандай күйін естіп құлақ иге.
«Аха...хай арман» деген әнге салып,
Ырғалды жел тигендей құрақ, шиге.
Айдыннан аққу, қаздар ән қосысып,
Шырылдап шегірткелер түсті биге.
Жүгіріп қыз-келіншек тұс-тұсынан,
Итеріп бірін-бірі үйме-жүйме.
Қақтығып кимелесіп, үйге сыймай,
Деседі: «бала-шаға отқа күйме!»
ғашықтық дастандар
Қыла алмай сабыр-тағат бай, бәйбіше,
Шақыртты Сәулебекті үлкен үйге.
Шақырған мұнда келіп Қамар еді,
Жайнаған екі көзі фонар еді.
«Шақыр» деп шешесіне түрткі салып,
Бастаған бұл жұмысты Анар еді.
Сәуленің мұңмен шыққан үнін естіп,
Шыдамай жүрегі от боп жанар еді.
Анардың шешесінің аты—Маңлық,
Не десе баласына нанар еді.
Сәуленің құйқылжыған әнін естіп,
Анардың сонда шөлі қанар еді.
Көргенде Анаржанды Сәулебек те,
Зарлы әнге неше түрлі салар еді.
Мұңайып мұңлылардың дерті қозып,
Көзінен ыстық жасы ағар еді.
Мейлі жас, мейлі кәрі тыңдағанға,
Сәуленің үні майдай жағар еді.
Жақтырмай қарсы жүрген Нәзір, Зейнеп,
Ұнатпай сөзіне мін тағар еді.
Қолынан келе алмай жүр, лажы жоқ,
Жілігін әлдеқашан шағар еді.
Қамар кеп шақырған соң болды жүрмек,
Басылды отаудағы ойын-дүрмек.
Сәуленің қиялында қам-қайғы жоқ,
Өтінді: «Нәзір мырза, сен де жүр» деп,
Тұра кеп Сәуле, Қырғи, Нәзір, Мәтен,
Далаға шыға келді болып дүрмек.
Алдына үлкен үйдің келген шақта,
Нәзірге тағы өтінді «бұрын кір» деп.
Кіруге Нәзір бұрын қадам басты,
Бұралып Анар шығып есік ашты.
«Келдің бе аман-есен?» дегендей-ақ,
Сәулеге Анар қарап қақты қасты.
Қарасып, түсін бұзып, көзін сүзіп,
Босасып буындары, бұраңдасты.
анар—сәуле
Жауап жоқ онан артық үйге кіріп,
Ақсақал Қаманменен сәлемдесті.
—Жүрмісің аман-есен, Сәулежан?—деп,
Бәйбіше Маңлық қарап, амандасты.
Езіліп мас кісідей отыр Сәуле,
Көргенде Анар сұлу замандасты.
—Қымыз құй, самаурын қой,—деп бәйбіше,
Бұйырды қызметке Анар жасты.
Далаға самауырмен қойылды шай,
Бұраңдап болды Анаржан дүниесі сай.
Күмісті тегенеге қымыз құйып,
Қамарға деді: «Апарып дастарқан жай!»
Даярлап дастарқанды Қамар жайып,
Әкелді кеселерді Анар шайып.
Қымызды майысып кеп сапырғанда,
Дариға-ай, айтып-айтпай, не қылайық!
Ақ ожау, ақ тегене, ақ самауыр,
Ақ кесе, аппақ Анар—бәрі лайық.
Шағылып Анар нұры осыларға,
Атқандай үйдің іші таң қылайып.
Нұрланып, беті тершіп, мойын толғап,
Сәулеге қарағанда әр мұңайып.
«Сағым ба, сайтан ба?» деп таң қаласың,
Тұрғанға бола жаздап көзден ғайып.
Адасып ақыл-ойдан, буыны құрып,
Ақ кесе кете жаздап қолдан тайып.
Аққудай көлде отырған аппақ болып,
Болсайшы тал бойында титтей айып.
Қамарға:—Домбыра әкел,—деді Қаман,
—Сағындық даусыңды, жаным балам.
Әкеңе айт, Талдыкерді бір жайлайық,
Тысқары топырақтан болсақ аман.
Қонсаңдар Қайыңдыға өрісі кең,
Жақын ғой бұрынғыдан ол бір табан.
Ертерек елден бұрын қоныс алсын,
Асықпас сенің әкең тіпті шабан.
ғашықтық дастандар
Соны айтып, домбыраны берді қолға,
Тесіліп Анар да отыр солай таман.
Дейтұғын «Жанды жүрек» әнге салып,
Аспандап кетті Сәуле алған заман.
Жіберді енді Сәуле сорғалатып,
Мың бұрап, жүз құбылтып, жорғалатып.
Бірде ащы, бірде қоңыр, бірде нәзік,
Бірде бос, бірде баяу, қорғалатып.
Бір мезгіл төмендетіп, бірде шалқып,
Ұшқандай көл бетімен аққу қалқып.
Түскендей қай-қайдағы зар күйіне,
Шомылды маржан терге беті малшып.
Перделеп жұмбақ сөзбен, сыртын бояп,
Қозғады бар арманын түптен тартып.
Сезініп терең сөздің әр түйінін,
Анардың бара жатыр қайғысы артып.
Әр әннің арасында демін алып,
Кесені босатады бір-ақ сарқып.
Бұл әнге аспандағы құс айналып,
Құлындар желідегі жерді тарпып.
Боз торғай бір орында тұрып қалды,
Шегіртке биге басты бойы балқып.
Анардың жүрегінде жанған жалын
Боп кетті бұрынғыдан мың есе артық.
Мөлтілдеп екі көзі жасқа толып,
Өткендей бар денесін жалын шарпып.
Бұрқырап ақ маңдайдан тер сорғалап,
Барады тер иісі әтір аңқып.
Таппады Анар сұлу сабырды енді,
Су болып өне бойы ағылды енді.
Еріксіз елжіремей неге тұрсын?
Үйінен іздегені табылды енді.
«Уақыт жүретұғын боп қалды» деп,
Сырт жақтан дыбыс беріп Қабыл келді.
Ән тоқтап, терін сүртіп, демін алып,
Мәжіліс осылайша жабылды енді.
анар—сәуле
Көңілі Қаман байдың майдай еріп,
«Тез жет деп мұратыңа» бата беріп.
Бозарып, түсін бұзып, қаны қашып,
Қарайып Нәзір отыр, жағын керіп.
Былқылдап дастарқанды Анар жинап,
Көтерді кеселерді бірден теріп.
Ғашық от жүрегінде күшті болып,
Қалмады қасіретпен басында ерік.
Армансыз дүниеден өтер болды,
Тірлікте Сәулебекке болса серік.
«Құрбан,—деп,—жалғыз жаным, Сәуле, саған,
Арман жоқ өтер болсам саған еріп».
Аузынан аһ дегенде жалын бүркіп,
Көзінен қан аралас жасын іркіп.
Мөлдіреп сөзсіз-тілсіз отыр қарап,
Тесіліп Сәуле жаққа көз жүгіртіп.
Далаға бұлар шыға жөнелгенде,
Қырғиды арт жағынан қалды түртіп.
Кестелі орамалмен хатты беріп,
Көзінің тұрып қалды жасын сүртіп.
Сәулені ере шығып, аттандырып,
Бір тартып қолтығынан қалды сілкіп.
—Кешікпе, мені ұмытпа, аман бол!—деп,
Байқалды қимылынан бір кібіртік.
Ауылдан жүрді шыға бұлар тарап,
Кер бәйге астындағы жүрген жарап.
Сүйеніп ақ боз үйге ақ Анаржан,
Қадалып дөң асқанша қалды қарап.
Дөң асып қара жорға түскен кезде,
Сәулеге Қырғи келді жанасалап.
Ақырын, оң жағынан сып еткізіп,
Тапсырды ақ жаулықты бара сала-ақ.
Сезді де Анар жақтан келгендігін,
Сүңгітті төс қалтаға аласала-ақ.
Алысып, аударысып, қамшыласып,
Келеді бозбалалар тамашалап.
ғашықтық дастандар
Кеп қалды дүрілдетіп тауға жақын,
Мәтенге Сәуле түсіп ұстатты атын.
Барды да қалтарысқа қалқаланып,
Оқыды ғашығының жазған хатын.
Денесі бір ысыды, бір суыды,
Ғашықтың ұққаннан соң аманатын.
Бір сүйіп, хат бетінен салды жанға,
«Жарымның сақта,—деп,—шын махаббатын».
Дүрілдеп бұлар жүріп кетті тауға,
Өштесіп қалды Сәуле Нәзір жауға.
«Бірге өскен біте қайнап жолдас едік,
Бұл иттің бұзылғаны-ай,—деді,—тәубә!
Тәуекел!—деді дағы жүре берді,
Несіне шошынам, деп,—денім сауда».
Дейтұғын Майлыбұлақ жерге қонды,
Жайласты шықпақ болып ертең ауға.
Түбіне қос қарағай бұлар түсті,
Дем алып, шай қайнатып, сусын ішті.
Мың түрлі қиялменен қаны қайнап,
Ойланып отыр Сәуле әрбір істі.
Нәзірді көрген сайын көзі тұнып,
Шыдамай, шықырлатып егеп тісті.
Нәзірді бір, Анарды мың есе ойлап,
Барады жалын өртеп ішті-тысты.
Ұйқы жоқ, таң атқанша кірпік қақпай,
Біле алмай не қыларын іші пысты.
Аздырып, сайтан түртіп Нәзірді өш қып,
Деп отыр: «Тағдыр ісі қандай күшті».
Бір ойлап қашпақ болып Анарды алып,
Сандалтып сағым қиял алып ұшты.
Шыңдалып шыңырау ойдың сан тармағы,
Бір жолмен шешпек болды бұл жұмысты.
Кірпігін бір қақпастан жатты таңға,
Мың түрлі толғақ түсіп ғаріп жанға.
Махаббат ашуменен қоса қайнап,
Кіргендей басы айналды түнек шаңға.
анар—сәуле
«Армансыз дүниеден өтер ем,—деп,
Қосылып өліп кетсем Анаржанға».
Шабытта таңертеңгі қарамақ боп,
Аттанып бет-бетімен жөнелді аңға.
Жабдынып таң сәріде міністі атқа,
Бөлініп үштен-төрттен әр тарапқа.
Нәзірдің арам ойын Сәуле біліп,
Қиялын тағы бұрды айла жаққа.
Өзенін Күнтиместің өрлеп келіп,
Бір терең кіріп кетті құзар шатқа.
Сәуле айтты: Қырғи, Мәтен, сендер бүгін,
Көздеңдер Қондыбайдың текше көлін.
Көрінер жайылыстан бұғы, марал,
Ары ассаң Қырықбайдың күрең белін.
Атыңды Мәтен барып ұстап берсін,
Бүгінше Нәзір мырза маған ерсін.
Таласып мергендікке жүруші еді,
Екенін кімнің мерген көзі көрсін.
«Құп!—деді деген заман,—Нәзір жүрсін»,
Бітірмек ішіндегі бүккен ісін.
Ойлайды ешкім сырды білген жоқ деп,
Болғанын сырының паш қайдан білсін?!
Бөлініп Қырғи, Мәтен кейін қалды,
Қосылып Нәзір, Сәуле тауға салды.
Деді де: «Атым үркек, жолды баста!»
Нәзірді алдына сап, айдап алды.
Таң атып, күн шығардың аз алдында,
Жеріне аң көздейтін жетіп барды.
Ат байлап қалтарысқа, жалға шығып,
Көздесіп отырысты Шұбарталды.
Ауыртқандай қиялмен тұман басты,
Қолға алып отыр Сәуле қыл алмасты.
Жіберді айламенен Нәзірді алдап,
Әкел деп беттен барып рауағашты.
ғашықтық дастандар
Тілін ап Нәзір кетті жолдасының,
Жігіттің қызыл гүлі, жорғасының.
Жұлып ап рауағашты өз еркінше,
Толтырмақ екі басын дорбасының.
Айтқанын келтірмек боп лыпылдап жүр,
Ибалы шәкіртіндей молдасының.
Нәзірдің тоғыз атар мылтығынан,
Сәуле алды салған оқтың қорғасынын.
Көтеріп рауағашты Нәзір келді,
Орындап тапсырмасын жолдасының.
Алдына жиналған соң жерден несіп,
Отырды рауағашты аршып жесіп.
Бұл Нәзір қайтер екен деп ойлайды,
Ажалдың жан тамырын қойды кесіп.
Бұл жақтан бұғы, марал көрінбесе,
Отырды күн қызған соң қайтсақ десіп.
Аң емес көңілінде Сәулебектің,
Нәзірдің шығармақшы сырын тесіп.
Күн шықты күлім қағып, нұрын шашып,
Тұп-тұнық мөлдіреген аспан ашық.
Ән қосып ойда-қырда бұлбұл-торғай,
Күлдірлеп өзендердің суы тасып.
Тартысып темекісін, атқа келіп,
Аттанды аң қарауға қайта басып,
Өзіне берік сеніп Сәулебек жүр—
Нәзірдің арам ойы болмас нәсіп.
«Қисынын қалай табам?» деген оймен,
Нәзір жүр жалбаң қағып, жанталасып.
Алдымен Сәуле жүрсін дегендей қып,
Шегініп баяулады басын қасып.
Жөнелді атқа бұлар мінісіп ап,
Сәулебек Көрмек болды оны сынап.
Алдына «Тәуекел» деп жүре берді,
Көлденең алты атарды алдына сап.
Нәзірдің шыққандығын артқа тайқап,
Сезінген Сәуле қалды басын шайқап.
анар—сәуле
Көрген жоқ, жаңалап оқ әм салған жоқ,
Келеді Нәзір жақты Сәуле байқап.
Арасы теңжіп бойы екеуінің,
Кер бесті келе жатыр қудай жайқап.
Көзімен жете шалып әр қиырды,
Келер деп Сәуле ойлайды өз қулығы.
Сонда да Нәзір жақты байқауменен
Көзінің үзілмейді арт құйрығы.
Осындай арбасумен келе жатты,
Жүрісіп кейде баяу, кейде қатты.
Өзенін Күнтиместің төмен құлдап,
Өрледі бағанағы терең шатты.
Келдің деп өлер жерге Нәзір сайтан,
«Күп қойып» ту сыртынан бір-ақ атты.
Не қылсын құр дәрі түтін қаптап,
Айналып Сәулебек те тұра қапты.
Зәмекті қайта толғап қайырғанша,
Мылтықты тоғыз атар бір-ақ қақты.
Сәулебек қан төгуге құмар емес,
Тұндыра қос құлақтан басып қапты.
Кескіндей ұшып түсті Нәзір құлап,
Далбайып екі етегі жерді жапты.
Қаңғырып қарап жүріп қан ішем деп,
Шұңқырын өзі қазған өзі тапты.
Өзінің қара қайыс шылбырымен,
Қайырып екі қолын байлап сапты.
Тұра алмай Нәзір жатыр есі ауып,
Бір жола кете жаздап қаза тауып.
Қауметін оң құлақтың оқ шарпыған,
Қызыл қан беті-аузын кетті жауып.
Міне сап Сәуле атына тақиямен,
Бұлақтан су әкелді тұра шауып.
Су бүркіп, Нәзір есін шала жинап,
Сәулеге қарай берді ауық-ауық.
ғашықтық дастандар
Қылжиып, өзі алайып, басы кетті,
Мөлтілдеп тамшыдай боп жасы кетті.
Ышқынып лоқсып-лоқсып құсып жатыр,
Күшіктей тоя жеген сасық етті.
Кеудеден екінші су бүріккенде,
Азырақ ес кіргендей жыбыр етті.
Өлтірерін, қоярын біле алмай,
Қиялда отыр Сәуле қасіретті.
Шешті де қолын жазды қойған бүктеп,
Қарайды Сәулебекке Нәзір тіктеп.
Босатып, «тұр орныңнан»,—деді Сәуле,
(Бұл иттің қайтемін деп қанын жүктеп).
—Жарайсың, жауыңды аттың—дарытпадың,
Жігітсің ер көңілді жау жүрек,—деп,
Сәуленің кекегенін Нәзір сезіп,
Көзден жас, құлақтан қан тұр дірдектеп.
Шешкен соң есін жиып, көзін ашты,
Қорқып тұр өлтірер деп қаны қашты.
Жаңылдым, жаздым, Сәуле, өзің біл,—деп,
Құшақтап, аяғына қойды басты.
Жалаңаш жең ішінде қанжары тұр,
Ит Нәзір оны көріп жаман састы.
Жығылғанға жұдырық қылмайын деп,
Қынына салды қайта ақ алмасты.
—Тұр, Нәзір!—деді Сәуле,—көзіңді аш!
Мен адам, бұт емеспін қоятын бас.
Бұзылдың баста қалай бүйтерің бар?
Қан ішкіш, қара ниет, жүрегің тас.
Атқа мін, мылтығыңды қолыңа ал,
Аяма, қане, маған пәлеңді шаш!
Ойлашы, қайтіп қиып, қалай аттың,
Орнына мені сатып бір табақ ас?
Баласы Байкелдінің бәрі жынды,
Тұрлаусыз, тұрағы жоқ қоян сынды.
Бағалап аң орнына мені атқандай,
анар—сәуле
Осынша болып едім неңе құнды?
Зейнеппен қылған сертке бүгін жетіп,
Бір атып ақырында көңілің тынды.
Бұрынғы қып жүргенің бәрі ойыншық,
Көрерсің, аш көзіңді, енді шынды.
Білмейсің кімнің артық, кімнің кемін,
Ұқпаған арам тамақ жейтін жемін.
Жамандық ішің толған бықсық, қулық,
Аузыңнан жыннан сасық шыққан демің.
Басынан берекесі кеткен қулар—
Таппаған кеселінің адам емін.
Алты үйің алты бөлек алты жерде,
Тоздырған берекеңді мен бе сенің?
Жасыңнан әрбір іске шатылып ең,
Дәулетін Сексенбайдың сапырып ең.
«Секеңнің тоғыз қасқыр ұлы» атанып,
Нашарға арыстандай ақырып ең.
Бар болса ұры-қары, тентек-тебер,
Бәрін де ауылыңа шақырып ең.
Ішінде екі жылдың құтың қашты,
Тұмсықты арам қанға матырып ең.
Ішіне ағайынның іріткі сап,
Жолдас боп Қабылға кеп бас ұрып ең.
Кенедей қанға тойған домаладың,
Қаманға тұмсығыңды батырып ең.
Зейнеппен қалай бірге бұзыласың,
Қабылдың қатынының қатыны ма ең?
Ұмыттың Құдай, әруақ, туыстықты,
К... не бір байталдың сатылып ең.
Көңіліңде сондай ойлап жүрсің бе әлде?
Өз ағаң Қарабайды қатырып ең.
Әлек боп әлің білмей тұрсың, міне,
Аузыңнан жалын шықты аһ ұрып ең.
Көргенде нашарларды шытынасың,
Жағалы киім кисең құтырасың.
Деп қойса біреу көзге «Нәзір палуан»,
ғашықтық дастандар
Біреуді жеп қоярдай жұтынасың.
Екі елді ағаң Байыр егер қылған,
Пәлеқор, тұқымыңнан пітінәсің
Бір істі бастап қойып іске асырмай,
Қара жүз қайтіп өзің тұтыласың.
Ойламай алды-артыңды құмар ойнап,
Тоналып сақал-мұрттан ұтыласың.
Көріңе өзің қазған өзің түстің,
Қанеки, енді қалай құтыласың?
Жалынды «жаңылдым» деп Нәзір жылап,
Көзінің еңіреп тұр жасын бұлап.
—Болайын өлгенімше қара есегің,
Құрбы едің, шыбын жанды тұрмын сұрап.
Кеш, Сәуле, білгіш едің білмесіңді,
Зарыма көңіл қойып, салып құлақ.
Хақы үшін ата-ананың кеше көр!—деп,
Ағызып жатып алды көзден бұлақ.
—Құлақ сал,—деді Сәуле мынаған да,
Көрейін көз жасыңды бұлағанда.
Өлтіріп, сен итті мен не қылайын,
Араға әруақты айтып жылағанда?
Алдымен аямастан сен аттың қой,
Ой жібер осы сөзге тұра қал да.
Егер де оғың тиіп, өліп кетсем,
Берер ме ең жанды қайтып сұрағанда?
—Сәулебек, не қыласың жолдан аздым,
Жаңылдым, жардан ұштым, Хаққа жаздым.
Өшігіп білместікпен отқа түстім,
Ақыры өз көрімді өзім қаздым.
Екінші қас қылмасқа серт беремін,
Күнәсін кеш ақымақ, ақылы аздың.
Адасып ақыл-ойдан басы қатқан,
Сандалған айласыз ит, мен бір азғын.
—Жарайды,—деді Сәуле Нәзір жасқа,—
Сатылма бұдан былай ішкен асқа,
Мылтықтың аузын жалап қасам берші,
анар—сәуле
Екінші маған қастық ойламасқа.
Рақым, жүрегіңде, мейір болса,
Осыны ойламас па ең, әуел баста?!
Тапсырдым ар, намысқа өзі тапсын,
Сенбеймін сен секілді бауыры тасқа.
Сабырсыз, шыдамсыздық ер ісі емес,
Жатады сабырсыздық есуасқа.
«Ант ауса, ат жүгірер» деген сөз бар,
Сөзім жоқ айтатұғын мұнан басқа.
Құлдық!—деп Сәулебекке Нәзір қарап,
Мылтықты қолына алды бара сала-ақ.
—Бұзылсам Құдай тапсын, оқ тисін!—деп,
Мылтықтың берді қасам аузын жалап.
—Қас қылсам, атып өлтір, құның жоқ, деп,
Хат жазып тағы берді сөз жаңалап.
Сәуленің өлтірмесін білгеннен соң,
Денеге жаны кірді, қаны тарап.
Сол кезде тағы Сәуле Нәзірге айтты:
Тұрмайсың айтқаныңда, сен—қызталақ!
Зейнепті көрген күні бұзыларсың,
Қайдағың еске түсіп, қызынарсың.
Арсыз, ит ішпес астан үміт етіп,
Ант атып Анаржанға қызығарсың.
Түсерсің деген ойға Тәңір атып—
Сәуле өлсін де Қаманның қызы қалсын.
Ұмытып Құдай, әруақ, айтқан сертті,
Жыныңа қайта мініп, бұзыларсың.
Бір жолға болар ісің болып өтті,
Қайтемін езіп сендей қара бетті.
Білгенге бағанадан айтылған сөз,
Еттен өтіп сүйекке барып жетті.
Бұзылсаң Құдай, әруақ, қасам ұрып,
Бір күні деп қаларсың маған «нетті».
Соны айтып аттанысып, қол алысып,
Сыдырта қосқа қарай жүріп кетті.
ғашықтық дастандар
Күн қызып, ұлы сәске болған шақта,
Жеріне түнде қонған жетіп кепті.
Қосына келді дағы аттан түсті,
Жайланып, жадырасып тамақ ішті.
Жиылып жолдасының бәрі келіп,
Бір жерге басын қосып отырысты.
Оңаша Сәуле Қырғи, Мәтенді алып,
Ұқтырды бастан кешкен барлық істі.
«Неге атып тастамадың?—деді екеуі,
Долданып, ызаланып, қайрап тісті.
Оларға, деді Сәуле:—Барасыңдар,
Асығып балалыққа саласыңдар,
Ойламай істің артын, келешекті,
Қайратқа қарғып мініп аласыңдар.
Қан жүктеу қарап жүріп оңай іс пе?
Пыспаған сендер әлі шаласыңдар.
Егер де Нәзірді мен атып салсам,
Ойлашы, қандай күйге қаласыңдар?
Бұл сырды біз білеміз, білген жоқ сырт,
Сендердің көздерің жүр ұйқыда шырт.
«Еруліге—қарулы» қылдық деген
Үш баланың сөзіне нана ма жұрт?
Қан төккеннің жазасы атылу деп,
Қайтесің, келіп тұрса селтиген мұрт?
Асықпай әрбір істің артын байқа,
Асаудай ала қашып болмаңдар ұрт.
Сабыр қып, әзірінше тоқтай тұрып,
Бетіңді кейін ашып, пердеңді жырт.
Іс ұлғайып, ел ұғып, егескенде,
Онан соң атпақ түгіл, тұқымын құрт.
Соны айтып көңілін басты балалардың,
Жау жүрек, ер көңілді даналардың.
Құлақты ағаш жыртты деп Нәзір жүр.
Бірі жоқ сырды сезген аналардың.
Аң қуып бұлар жүрді неше күндей,
Тау мен тас, бәрін кезіп салалардың.
анар—сәуле
Аң қуып тауда Сәуле жүре тұрсын,
Тыңдаңдар әңгімесін ал Анардың.
Сәуленің не болғанын Анар білмей,
Ас ішпей, ұйқы көрмей, жатты күлмей.
Сүйеніп ақ боз үйге ақ Анаржан,
Әнеу күн қалмап па еді үйге кірмей.
Қиялмен сол тұрыста тұра берген,
Отырмай, не болмаса басып жүрмей.
Шешесі: «Не қып тұрсың?»—десе дағы,
Жауапсыз тұрды сөзін құлаққа ілмей.
Жел шайқап, желбіретті жібек шашын,
Түйілтті қайғы-уайым қара қасын.
—Бір жерің ауыра ма, Анаржан?,—деп,
Бәйбіше Маңлық келіп сипап басын.
Сөйлеуге аузы келмей, өксік атып:
—Әншейін,—деді,—апа, не қыласың?
Өксігін тоқтата алмай, тығылып кеп,
Еріксіз екі көзден төкті жасын.
—Әке-ау, саған не болған жаным-ау?—деп,
Шешесі құшақтады қыздың басын.
—Қойшы, апа, апажаным, апатай!—деп,
Алақтап қарай берді айналасын.
Анаржан соны айтты да, үйге кірді,
Маңлық артта, баласы бұрын жүрді.
Алдына керуеттің келді дағы,
Отырмай, иә жатпай тағы тұрды.
Қайта-қайта «не болды?» дей берген соң,
Апасына қисайып мойын бұрды.
Тоқтап жауап беруге аузы келмей,
Етпетінен төсекке өзін ұрды.
Анаржан біраз жатып:—Апа,—деді,
—Мен үшін тартпаңыздар жапа,—деді.
Науқасым жоқ, қымызға қызып қалдым,
Бақсы әкеп қылмаңыздар қапа,—деді.
ғашықтық дастандар
Төсекке осыны айтып қалды жатып,
Кешкірді аздан кейін күн де батып.
Ұйқы жоқ, тыныштық жоқ, дөңбекшумен,
Бір кезде көз ілінді, сіле қатып.
Боз торғай шырылдады таң атты деп,
Төсектен тағы тұрды шиыршық атып.
Камзолын бос жамылып, сыртқа шығып,
Қарады қырқа жаққа көзін сатып.
Толықсып нұрлы жүзі толған айша,
Бойы еріп отқа қызған сары майша.
Денесін жалын оты жандырып бір,
Тұрған жоқ бұл орнында бекер-жайша.
Қалсын ба басында ерік, бойда тағат,
Қасірет тұла бойға қанат жайса.
Жолына ғашықтықтың бір кірген соң,
Бұларға өлген артық—серттен тайса.
Ғашықтың сыр дастаны түгер емес,
Көкорай, табылар деп, қайдан майса?
Мөлдіреп көзінен жас, басы ауырып,
Аспанда айға қарап, әр мұңайса.
Көрем бе дегендей боп үміт күтті,
Күн шығып төңірекке нұрын жайса.
Бір жаяу қарсы алдынан келе жатыр
Бұраңдап, бұлдыр қағып жорға тайша.
Қараса, көңіл жақын бір жеңгесі,
Әйелі Несіпбектің аты—Ғайша.
Келді де:—Не қып тұрсың, еркем?—деді,
Құшақтап беттен сүйіп елпеңдеді.
—Түнімен ұйықтай алмай ерте тұрдым,
Ауырып басым менен желкем,—деді.
Қымызды ел жатарда көп ішіп ем,
Қыздырып, жатқызбады көрпем,—деді.
Жеңеше-ай, жаны бірге сырлас едің,
Айтатын бір сөзім бар ертең,—деді.
Сөзімді жай отырып айтам саған,
Жазылмас келді маған зертең, деді.
анар—сәуле
Жүрек—шер, ішім толған қайғы-қасірет,
Қалайша балдыр денем өртенбейді.
Көзінен соны айтты да төкті жасты,
Қайран болып, шайқап тұр Ғайша басты.
Өтеуге таң намазын Қаман тұрып,
Қолға алып ақ бақанды түңілік ашты.
Әлі тұр от алғалы келген Ғайша,
Кете алмай қиып осы асыл жасты.
—Тағы да сөйлесерміз, еркежан,—деп,
Ұялып Ғайша байдан қайта қашты.
Қыз қалды, Ғайша кетті, таң да атты,
Шашырап күн әлемге нұрын шашты.
Қызған күннің нұрында қайнағандай,
Анардың сағат сайын қайғысы артты.
Үйіне Ғайша келіп қайнатты шай,
Ол дағы атақты ауыл өзінше бай.
Әкесі Несіпбектің—Тәкен мерген,
Малы көп, үш ұлы бар, дүниесі сай.
Несіпбек—үлкен ұлы, өзі мырза,
Данышпан, көркем-сұлу бір толған ай.
Дос еді Сәулебекпен ақыреттік,
Һәм мерген, жігіт емес жүретін жай.
Оятты, шай қайнатып, Ғайша ерін,
Данышпан ақылы артық кемеңгерін.
Тысқа шығып, қайтып кеп, бетін жуып,
Отырды дастарқанға мырза серің.
Жастары жиырмалар шамасында,
Жайқалған жас құрақтай жап-жас өрім.
Ғайша да бір мінезді, ақылды әйел,
Орта бойлы, сұлуша, өңі көрім.
Аузы епті әзіл сөзге, қалжыңға ұста,
Әр іске айласы бар әлім-перім.
Қалжыңмен ермек қылып мырзасы отыр,
Талайдан таңдап алған бұраң белін.
—Ей, мырза, мақтанасың,—деді Ғайша,
Өсекке өте құмар сенің елің.
ғашықтық дастандар
Келгенде сөз қылғысы үлкен-кіші,
Демейді «анау қызым, мынау келін».
Сол үшін шығаруға жасқанамын,
Бар еді менің талай көргендерім.
Еліріп біреуге айтсам, сөз болар деп,
Қорқамын, аузыңнан мен де сенің.
—Ей, Ғайша, Құдай қосқан жарым едің,
Талайдан сені таңдап алып едім.
Сырыңды маған айтпай, кімге айтасың,
Мен қашан сені дауға салып едім?
Сен білгенді мен білсем, басқа сезбес,
Сен маған сенбейтұғын не қып едім?
Саған қалай сенімім кетіп қалған,
Сен тұр ғой жалпақ жұртқа жағып едім.
Кәнеки, мынауың не демеймісің,
Сөз қылып мен кімге өсек тағып едім?
Ақыры «қатын—дұшпан» деген осы,
Әлпештеп сені жастан бағып едім.
Мынадай әйелімнің міні бар деп,
Сөз қылып сені кімге шағып едім?
Сенімім саған менің не қып кеткен?
Сөзіңе сен не десең нанып едім.
«Сондағың не?» деп, қане, айтшы маған,
Мен қашан айтқанымнан танып едім?
Жамандап біреу сені айтса маған,
Ол сөзді қол сыртыммен қағып едім.
—Жарайды,—деді Ғайша, сөзің дұрыс,
Жерім жоқ кетті деген сені бұрыс.
Әуелі, өсекші деп айтсам сені,
Сонан соң жөнін тауып маған ұрыс.
Мен сені шынықсын деп шынымды айтам,
Қайтпайтын айтқаныңнан болсаң құрыш.
Өлгеннің тура жолда арманы не?
Ер емес екі тілді сөзі бұрыс.
Ойласа біреу қастық өз басыңа,
Ол күнде мүмкін емес қарап тұрыс.
Бір істің әуел жөнін ұқпай тұрып,
анар—сәуле
Асығып келісе ме дауға кіріс?
Сырым жоқ өлсем сенен жасыратын,
Жерім жоқ шәлкем-шалыс, шайпау-қырыс.
Өзіңнен сұрайын деп ойлап едім,
Көңіліме күдік болып менің бір іс.
Сырыңды ойлап едім деп байқайын,
Көңіліңді дегенім жоқ бос шайқайын.
Ақыреттік жолдасым, досым сенсің,
Құлақ сал, көргенімді енді айтайын.
Таңертең төсегімнен түстім құлап,
Сөзімді әбден тыңда, салып құлақ.
Мен тұрсам күн шықпаған, таң ағарған,
Қой-қозы жатыр қалғып, көгенде—лақ.
Әніне бозторғайдың бойы балқып,
Сылқылдап, бұраң қағып жатыр бұлақ.
Үйіне Жақсы апамның отқа барсам,
Далада еркежан тұр, жалғыз жылап.
Алдымнан қарсы келді мені біліп,
Жамылған камзолы бар иыққа іліп.
Қолымнан ұстай алып еңіреді,
Бір жүрген жеңгемсің деп ойнап-күліп.
Айтуға аузы келмей басқа сөзді,
Жылап тұр екі бетін жасы тіліп.
Айтатын ертең саған бір сөзім бар,
Деді де, қайта үйіне кетті кіріп.
Ол сөздің біле алмадым қандай сырын,
Болғанын қандай сұмдық, қандай ырым?
Бір шатақ үй ішінде болды ма деп,
Сөзі жоқ өсек-аяң мұнан бұрын.
Мінеки, мен бұл іске болдым қайран,
Қандай пәле кез болды, оған қайдан?
Қанеки, сен не дейсің, бұл қалай іс,
Таң атпай далада тұр қандай жайдан?
ғашықтық дастандар
Несіпбек естіп мұны таң қалғанда,
Ғайша отыр «не болған,—деп,—еркежанға».
Анардың барлық ісі елге жаққан,
Көңілі бұлардың да батты қамға.
«Ішінде көп жұлдыздың шолпан еді,
Қайран жас жолықты деп қандай заңға.
Ешкімге құда болмай қойып еді,
Кезікпей өз теңдесі Анаржанға.
Бергелі бір жаманға жүрген шығар,
Қаманның көзі тоймай дүние-малға.
Қызығып иә малға, не мансапқа
Жүр ме екен беремін деп әлде шалға?»
—Тез барып сөздің жөнін ұғып келші,
Анаржан жолықты екен қандай халға.
Болмаса өз сүйгені бергізбеймін,
Жеткізем дегеніне, бұйырса Алла.
Бар сырын айтсын саған, жасырмасын,
Жалынып жамандарға бас ұрмасын.
Бірдеме келін-кешек деген болса,
Басынан ондай сөзді асырмасын.
Айтып қой шешесіне мен айтты деп,
Бекерге Анаржанға ақырмасын.
Анарға айт, қамықпасын, қан жұтпасын,
Ақылын бос қайғымен қашырмасын.
Тез айтсын, қасіретін кеткіземін,
Ісіне өзі ойлаған жеткіземін.
Кім тиді, кім ұрысты, кім жылатты,
Бәрін де бір тесіктен өткіземін.
Уайым ойламасын мұнан былай,
Жүреді таң атпастан неге жылай?
Арманы немене екен жеткізейін,
Қылғанша екі сөзді, алсын Құдай.
Мұны естіп, Ғайша тұрып жүріп кетті,
Аяңдап ақ ордаға барып жетті.
Төсектен Анар тұрмай жатыр еді,
анар—сәуле
Қасына сылдыр қағып жетіп келіпті.
«Еркежан, тұр төсектен, сөйлесем» деп,
Бетіне тамшылатып әтір септі.
Қалжыңмен неше түрлі тұр күлімдеп,
Аузы ондай сөзге қандай епті!
Анаржан түрегелді бұраң қағып,
Төсекте Ғайша келсе, жатсын нағып?
Екеуі қол ұстасып, бұлақ жаққа
Жөнелді, сырласпақ боп мұңды шағып.
Ғайша айтты келе жатып:—Ерке,—деді,
Сен едің бір ауылға серке,—деді.
Мен саған Құдай ақы достық қылам,
Сырыңды жасырмай айт, келте,—деді.
Мұңайып өз-өзіңнен не қып жүрсің,
Таңертең неге тұрдың ерте?—деді.
Сөзіне жеңгесінің разы болып,
Айтуға Анар сырын ентеледі.
Екеуі суға қарап аяңдады,
Жеткен соң су бойына аялдады.
Әлгі айтқан Несіпбектің тапсырмасын,
Бәрін де түгелімен баяндады.
Ұғысып ағасының бұл жауабын,
Айтуға барлық сырын аянбады.
—Жеңеше-ай! Жаратты Алла түрлі жан қып,
Адам, мал, құрт-құмырсқа, құс пен аң қып.
Адамға—ақыл, айуанға—сезім беріп,
Лағып кетпесін деп босқа қаңғып.
Есепсіз сезімі жоқ жансыз заттар—
Айталық оның несін босқа даң қып.
Аспан, жер, тау менен тас, ағаш, сулар
Хабарсыз еш нәрседен тұрған қалғып.
Біледі жан керегін аң мен құс та,
Бағуға жанды жайлап бәрі де ұста.
Қай жерде жанға жайлы жылы орын бар,
ғашықтық дастандар
Кетеді соған ауыл суық қыста.
Жаз жинап, қыс азығын күнелтеді,
Тышқан мен бақа-шаян, құрт-құмырсқа.
Ұшқан құс, жүгірген аң, жан-жануар,
Іздейді бәрі рахат бір тұрмысқа.
Адамзат жан-жанданып, мал-малданбақ,
Мақсатқа жетемін деп тез қамданбақ.
Сүймек-күймек, мал жинап, дүние құрап,
Кеңітіп оқып ойды, сөзді аңдымақ.
Өтірік, ойын-қызық, өсек, жалған,
Қуанып, не мұңайып, не шамданбақ.
Оянбақ, ұйықтамақ, жатпақ, жүрмек,
Тамаша—іздегені ойын, дүрмек.
Жұптанбақ, бала таппақ, бірге жатпақ,
Өркендеп өсіп-өніп, ойнап-күлмек.
Ие боп неше түрлі табыстарға,
Қол жетсе қызғылықты дәурен сүрмек.
Бай, патша, батыр, мырза, ақын, шешен
Айланып ақыр бір күн көрге кірмек.
Қаншалық дүниеге болса сайлы,
Дүние ешкімге емес басыбайлы.
Әсіресе, адамға бақыт, мансап,
Көзге қызық көрінер көкорайлы.
Ішінде осылардың ең тәттісі,
Қайсысы керектісі, жанға жайлы?
—Еркежан, сенің сөзің мені сынау,
Ұғып қой, менің сөзім—сөздің шыны-ау.
Сұрауды қиын жерден сұрап қалдың,
Білгенім бұл туралы менің мынау:
Дүниені біреу құмар үйгеніне,
Мәз болып ішкен-жеген, кигеніне.
Көңілде ойлағанға жете алмасаң,
Ойлашы, дүниеден тигені не?
Осыдан басқа жауап қайтармаймын,
Ауытқып басқа жаққа шайқалмаймын.
анар—сәуле
Болмаса махаббатты тең сүйгенің,
Өмірде қызық бар деп айта алмаймын.
—Жеңеше-ай, жауабыңа әбден қандым,
Сөзіңнің жалғаны жоқ әбден нандым.
Бір гүлім он екіде ашылған жоқ,
Білдің бе мен қалайша от боп жандым?
Байқадым бар сырыңды білдім-түйіп,
Мейірің түсті маған Құдай иіп,
Тілекке көңілдегі жеткізе гөр,
Бұл іске араластың қолың тиіп.
Жасымнан Сәулебекке ғашық едім,
Мен оны, ол сорлы да мені сүйіп.
Қасірет ішім толған ғашық оты,
Жалындап жас жүрегім жатыр күйіп.
Жолында Сәулебектің жаным құрбан,
Дүниенің керегі жоқ қойсаң үйіп.
«Сәулені өлтірем» деп Нәзір кетті,
Бірігіп Зейнеппенен күшін жиып.
Бір кетті Сәуле, Нәзір аңға шығып,
Өлтіріп тастар ма екен көзі қиып?
«Өлтірем бір-ақ атып» деп кетіпті,
Қу Нәзір—есірмелі, қаны сұйық.
Өш болды Нәзір, Зейнеп жолдан азып,
Сәуленің даярлады көрін қазып,
Сәулебек білсе екен деп бұл сұмдықты,
Беріп ем Қырғиға бір қағаз жазып.
«Қайтсем де ебін Нәзір табам депті,
Атып, басын қылышпен шабам депті.
Әйтеуір Сәулебекті өлтірген соң,
Қайтсем де Анарды өзім алам депті».
Жылаған ерте тұрып себебім сол,
Түнімен ұйқым келмей мазам кетті,
Жанашыр жақыным жоқ деп ойлап ем,
Арман жоқ енді өлсем де бағам жетті.
ғашықтық дастандар
Жылап ем, жәрдем тілеп рәббіме,
Естілді жылы сөзің құлағыма.
Бар екен сөзімді айтар аға-жеңгем,
Иншалла, жетеді екем мұратыма.
Жеңеше-ай, сездіргенім менің осы,
Бұл сөзім сөздің шыны емес пе осы.
Ағайға сан мың құлдық, сәлемімді айт,
Аузына жанын тістеп кетті досы.
—Еркежан, тисең теңің Сәуле сері,
Сәулебек—жаратылған ердің-ері.
Қосылсаң, тіршілікте арманың жоқ,
Жігіттің ерке бұлан, ақтан кері.
Бұл сырды бұрынтыннан мен де сезіп,
Жүруші ем күмәнді боп көптен бері.
Тері жоқ аттың арам пысқырмаған,
Жігіттің желігі жоқ ысқырмаған.
Иншалла, ісің оңға басып қалар,
Жаңылмай, жадырай тұр бісмілләдан.
Сәулебек бір Нәзірге алдырмайды,
Ер еді туып ешкім күш қылмаған.
Алмастай ағып тұрған болат жүрек,
Найзадай асыл құрыш үш қырлаған.
Туған соң түбі өлмейтін адам болмас,
Ер емес жанын аяп іс қылмаған.
Жігіт кем Сәулебектің тақымында,
Қысылып, демін алып, ышқынбаған.
Еркежан, Сәуле жарың—ердің-ері,
Кекеумен сөзім емес мысқылдаған.
Күмәнім ақырында рас болды,
Тиген сөз құлағыма ұшқындаған.
Мен барып ағаңызға ұқтырайын,
Жасырмай айттың жайын істің маған.
Үйіне бәрін ұғып, Ғайша кетті,
Аяңдап өз үйіне барып жетті.
Несіпбек жалғыз үйде отыр еді,
Сөздерін Анар қыздың баян етті.
анар—сәуле
Тыңдады айтқан сырын құлақ салып,
Отырды бұл жұмысқа қайран қалып.
«Екі ел егер болу дап-дайын тұр,
Білдірмей кетіп қалса бір жаққа алып.
Жастарға ғашық оты оңай емес,
Көрмесе тұра алмайды жүрек жанып.
Оларға басқа дүние керек болмас,
Бір іске алданбайды мейірі қанып.
Басқамен жұбатамын десең дағы,
Көнбейді алдауыңа ешбір нанып.
Белгілі ғашықтардың етер ісі,
Қалмайды қорқып-бұғып, һәм жасқанып.
Күні жоқ біреуінің біреуінсіз,
Өледі қосылмаса құр зарланып.
Бірі—дос, маған мұның бірі—бауыр,
Мен болдым екі ортада бітеу жауыр.
Қайғысы екеуінің маған батып,
Күн туды ақыр заман басыма ауыр.
Мінеки жиырмаға келді жасым,
Біле алмай не қыларды қатты басым.
Мойнымда дос қарызы кете ме деп,
Бойыма тарамай тұр ішкен асым.
Сәулебек аман ба, әлде не болды екен,
Шын досым, қияметтік жан жолдасым?
Нәзірдің таң қаламын бұл ісіне,
Сәуленің жасқанбаған жүрісіне.
Бұларға қарап жүріп дұшпан болып,
Сандалып Зейнеп, Нәзір жұмысы не?
Ант атып, босқа лағып, жолдан шығып,
Адасып кіріп кеткен түн ішіне.
Нәзірдің несі жанды, несі күйді,
Сол иттің бұлардағы жұмысы не?
Нәзірді өстіп жүрсе Құдай табар,
Жолдастың ит екен ғой бетке шабар.
Мақалы бұрынғының болды-ау рас,
«Иесін ит құтырса деген қабар».
ғашықтық дастандар
Сөздері үлкендердің бәрі рас,
Деген сөз екі тілді ерге жағар.
Сәуледен дереу хабар алғызалық,
Жеңілтек бала тауып атқа шабар.
Ғайша айтты сол уақытта Несіпбекке:
«Қайғырып бекер қарап тұрма текке.
Сәулені Нәзір жазым қылып қойса,
Болмақшы еткен ісің неге сепке?
Сөз байлап Зейнеппенен осы жолы,
Кетіпті уәде қып өлтірмекке.
Боққа шап қылышыңды жау кеткен соң,
Не керек жоқшы болып кеткен кекке.
Бір тиын іс өткен соң батырлығың,
Тұрса да қолың жетіп аспан, көкке.
Артынан құй талқанда, құй шауып ал,
Кеткен соң таңба салып, өшпес етке.
Келгенше өз қолыңнан жәрдем қып көр,
Бағана өзің айтқан сертке жет те.
Қалайша дос ақыңнан құтыласың,
Сен тыныш, досың жауда, жатса шетте.
Өтейді дос қарызын достың досы,
Тұра алмас уәдеде жігіт босы.
Қылмақсың қай заманда досқа жәрдем,
Ер састы, етек басты деген осы.
Жұмсама бұл жұмысқа бала-шаға,
Жарамас бала барып арашаға.
Сәулені өзің барып босатып ал,
Өлтіріп тастамаса бара сала.
Бұл іске бала жұмсап отырғаның,
Ойлап көр сірә өзіңе жараса ма?»
Несіпбек деді:—Ғайша, бұның дұрыс,
Бәрі жөн айтқаныңның емес бұрыс.
Азық бер, атқа жеңіл жабдықты әкел,
Аялдап енді бекер болмас тұрыс.
анар—сәуле
Күйеуін Ғайша жабдып жүргізіпті,
Несіпбек таңдап мінді Сұркүлікті.
Аттанып түс кезінде шықты ауылдан,
Нәзірге салмақ болып бір бүлікті.
Аямады дос үшін досы жанын,
Дұшпанның ағызам деп арам қанын.
Жерде жүр үш күншілік Сәуле, Нәзір,
Бірігіп Қабылменен қуып аңын.
Сұркүлік сағымдай боп самғағанда,
Көресің анда-санда тозаң шаңын.
Келеді ұшқан құстай жербауырлап,
Атқызбай жетемін деп ертең таңын.
Бәрі бір ой мен қыры құстай ұшты,
Жүрісті, үсті тыныш, өзі күшті.
Ат деген—ер қанаты мақал рас,
Үстінен ер аумайды жазы, қысы.
Ақирек, Қайыңдыны қатар басып,
Басынан Обалының асып түсті.
Су кешер етігімен ер қысылса,
Салғанда басқа Құдай ауыр істі.
Ақ көбік Сұркүліктен бұрқырады,
Сағымдай қызған сайын сырқырады.
Тамшылап үлпершектен төгілген тер,
Суындай тесік шелек ыршылады.
Ілінген тұяғына шым мен томар,
Бауырдай пышақ кескен қыршылады.
Ойнақтап шу дегенде ор киіктей,
Қайшылап қос құлағын құлпырады.
Тізгінді баса шұлғып, изеп тастап,
Өр келсе өршеленіп ұмтылады.
Қырғидай тасқа қонған тас түйін боп,
Несіпбек үстінде оның қымтанады.
Алдынан қарсы соғып ұрған желден,
Булығып дем ала алмай қылқынады.
Қайқаңда қарсы шауып, қайраттанып,
Еңісті жерде еліріп жұлқынады.
Несіпбек ақ жаулықпен терін сүртіп,
ғашықтық дастандар
Дем алып анда-санда бір тынады.
Қақтыққан тұяғына қара тастар,
От шығып қызыл-жасыл жарқырады.
Шошынып дүбірінен қашқан аңдар,
Айырылып екі жаққа жыртылады.
Мойнында қыл аумасы, белде семсер,
Сескенбей қарсы келсе кім тұрады?
Көрген жан жүрісіне сүйінгендей,
Дос сүйініп, дұшпандар күйінгендей.
Жаутаңдап екі көзі құлақ тігіп,
Дүбірін қашқан аңның түйінгендей.
Жете алмай екпініне қарағайлар,
Бас иіп, тағзым қылып иілгендей.
Түрленген ағаш, қурай, гүл, бәйшешек,
Шаттықпен жаз тойына киінгендей.
Ішінде осылардың келе жатыр,
Сорғалап, көктен қыран түйілгендей.
Гулейді заулағанда жел дауысы,
Бірдеме айналдырып үйіргендей.
Неше сай, неше қырқа белден асты,
Зырқырап темір ұршық иіргендей.
Келеді түнгі желмен жарысқандай,
Бүгіліп ащы бүрген арыстандай.
Еліріп екпінімен жүйрік самал,
Бұлардан емес ол да қалысқандай.
Қалмайды қатарынан жалбаң қағып,
Бәстесіп бірге жорға салысқандай.
Сұркүлік осы түнде жететұғын,
Болса да басар жолы алыс қандай!
Белгілі Несіпбекке жердің сыры,
Боп қалды жол жөнімен танысқандай.
Тізгінін Сұркүліктің тарта-тарта,
Екі қол талықсыды қарысқандай.
Тұяқтан түйдектеліп ұшқан шаңдақ,
Басына қарағайдың жабысқандай.
Басқанда тасыр-тұсыр тастақ жерді,
анар—сәуле
Қара жер қабырғасы қайысқандай.
Болғанда таң мезгілі келіп қалды,
Қақтығып салдыр-гүлдір қағысқандай.
Ажалға белін байлап досы кетсе,
Үйде жатар ер ме еді намыстанбай?!
Белгілі жатар жері мергендердің,
Сол жерге таяулады алыс қалмай.
Көңілі Несіпбектің көтеріңкі,
Таң атса досыменен табысқандай.
Жүрісі осы түнгі болды қатты,
Қайтеді дос қайғысы жанға батты.
Аузына Үшсоқтының жеткен кезде,
Сарғайып құлан иек таң да атты.
Сәулебек осы таудың қай жерінде?
Қарасын қараңғыда қайсы шатты.
«Күн шықсын, жарық болсын, ат дем алсын...»
Деді де су бойына түсіп жатты.
Таң атып, күн шашырап шығып қалды,
Аты да, өзі дағы демін алды.
Тұрекеп біразырақ сусын ішіп,
Жан-жаққа жалға шығып көзін салды.
Көңілі алағызып емес бүтін,
Пәледен дегенді ойлап ерте күтін.
Алақтап жан-жағына тұрса қарап,
Басынан Аюлының шықты түтін.
Түтінге көзін тігіп тұра қапты,
Ат басын солай бұрып өрлей шапты.
Шәй ішіп бұлар қоста отырғанда,
Сәулені Несіпбек кеп аман тапты.
Қосылып амандықпен амандасты,
Қуанып аман көріп замандасты.
Қиналған атқа қарап Қабыл келіп,
Бір сұмдық болды ма деп жаман састы.
—Аман ба,—деді Қабыл,—ауыл-аймақ,
ғашықтық дастандар
Қалайша қайғы ұрғандай өңің қашты?
—Ел аман, сендерді іздеп аңға келдім,—
Деп жай айтып Несіпбек көңілін басты.
Көрісіп демін алды аттан түсіп,
Отырды бәрі бірге тамақ ішіп.
Несіпбек барлығын да байқап отыр,
Нәзірдің қалған екен қабағы ісіп.
Жаралы оң құлағын таңып қойған,
Көңілсіз сүле-сапа, ұпысы ұшып.
Бозарып өң жоқ, сөл жоқ түсі қашып,
Бастанып отыр Нәзір ұры күшік.
Жүретін ашық жарқын жігіт еді,
Сөйлегіш, қалжыңдағыш, жылпың, пысық.
Түрекеп ағаш жаққа жүріп кетті,
Несіпбек Сәулебекке көзін қысып.
Сәулебек орынынан ұшып тұрды,
Несіпбек кеткен жаққа мойын бұрды.
Кісідей түзге отырмақ жүріп келіп,
Екеуі бір кішкене асты қырды.
—Анардан барлық жайды ұғып келдім,
Сәуле дос, айтшы,—деді,—кәне сырды.
Бұл әлі ашылмаған сыр болған соң,
Күйткілсіп Сәуле біраз қарап тұрды.
Деген соң Анар айтты көңілі сеніп:
—Нәзірді,—деді Сәуле,—Тәңір ұрды.
Болар іс болып өтті Несіпбек дос,
Келіпсің өзің ұғып барлық жырды.
Келіпті «өлтірем» деп осы жолы,
Зейнеппен уәде қып Нәзір жынды.
Істерін, бастан өткен барлық сырды,
Жасырмай Несіпбекке баян қылды.
Анарға ғашық болып жүргендігін,
Досына бастан аяқ айтып тынды.
—Өлтіріп неге бір-ақ тастамадың,
Нәзірдің не кегі бар осы құрлы?
анар—сәуле
Бұл сырды Ғайша арқылы ұғып едім,
Жасқанып бұрын несін бұғып едің?
Бір жазым Нәзір сені қылды ма деп,
Ауылдан кеше түсте шығып едім.
Керек жоқ қалған екен Құдай сақтап,
Ажалдан құтылыпсың әруақ жақтап.
Бір жүрме енді мұнан бөлініп кет,
Ішінен кегі кетпес ол бір ақымақ.
Еліріп Нәзір палуан деген сөзге,
Көтеріп біреу көзге қойса мақтап.
Егер де дұшпандығын ойлай берсе,
Жоғалтып тастау керек жерге таптап.
Ғашықтық бұрынғыдан жол бір қалған,
Жетіңдер мақсатыңа көңілге алған.
Қызығын тіршіліктің көру керек,
Тұрмайды үнемі қолда фәни жалған.
Біреуің—дос, біреуің—бауырымсың,
Көңілге сөзім емес ақтық салған.
Сендердің ниетіңе тілектеспін,
Қалмасын іштеріңде ешбір арман.
Аңдып бас аяғыңды басқан сайын,
Байқамай жаза басып ұшпа жардан.
Қалмасын дос қарызы мойынымда,
Қолымнан келгенінше қылам жәрдем.
Тұрмалық мініселік барып атқа,
Бөлініп біз кетелік бір тарапқа.
Қуантсын шапшаң барып Анаржанды,
Мәтенді жіберелік ауыл жаққа.
Соны айтып қайтып келді жатқан жерге,
Несіпбек:—Қабыл мырза,—деді, берге.
Жаталық, бөлек-бөлек аң көзделік,
Құдайым не бермейді талапты ерге?
Сәулебек, Қырғи, Мәтен бұл төртеуміз,
Баралық аю қарай Мөлдір көлге.
Басқасын өзің бастап апарарсың,
ғашықтық дастандар
Көкмойнақ, Гүлтекше мен Талдыкерге.
Бұл сөзді мақұлдасып, аттанысып,
Бөлініп бұл төртеуі жөнелді өрге.
Келді де бір бұлаққа аттан түсті,
Сол жерде жібермек боп Мәтенді елге.
Ағаштың саясына байлады атты,
Жайланып көлеңкелеп тағы жатты.
Сәулебек уақиғаның бәрін салып,
Ғайшаға Анарменен жазды хатты.
Мәтенге деді: сөзге құлағың сал,
Бұғының кешегі атқан мүйізін ал.
Бұл хатты жан қалтаңа мықтап салып,
Тоқтамай күндіз-түні ауылға бар.
Аманат қалған жұмыс саған, қарақ,
Барамыз төрт-бес күнде біз аң қарап.
Кідірмей екі күнде жет ауылға,
Күн салқын, атың мықты жүрген жарап.
Мүйізді біздің үйге апар дағы,
Ғайшаға хатты тапсыр бара сала-ақ.
Ауызша көргеніңді түгел айтып,
Елде жүр біз барғанша тамашалап.
«Мақұл» деп, атқа мініп Мәтен кетті,
Тоқтамай күндіз-түні зар еңіретті.
Жатқанда бие байлап үшінші күн,
Үйіне Сәулебектің барып жетті.
Мүйізді Ақтан шалға тапсырды да,
Ауылына Несіпбектің бұрды бетті.
Бесін мен екінтінің арасында,
Шетіне бұл ауылдың жетіп кепті.
Жүруге ондай жолға қандай ұста,
Ысылған жүріп талай жазы-қыста.
Үмітпен қырқа жаққа көзін сатып,
Мұңайып Анар сұлу жүрген тыста.
анар—сәуле
Көз салып қарай-қарай қырқа жаққа,
Көрінсе бір жолаушы мінген атқа.
Бірі ғой Қырғи, Мәтен деген оймен,
Ұзақ күн қараушы еді әр уақытта.
Бір атты келе жатыр ентелетіп,
Шұлғытып қара керді еркелетіп.
Үйіне Несіпбектің төте салды,
Қорасын Қойкелдінің көктей өтіп.
Білгенше кім екенін шыдай алмай,
Тулады жас жүрегі тынышы кетіп.
Көзіне барған сайын жылы ұшырап,
Денесі сабыр таппай дір-дір етіп.
Жүрісі барған сайын баяулады,
Үйіне Несіпбектің таяулады.
Түсті де мама ағашқа атын байлап,
Ақырын үйге қарай жаяулады.
Сезді де кім екенін енді Анаржан,
Ағызды нұр жүзінен терді Анаржан.
Жүргенде үйге қарай аттан түсіп,
Екенін анық Мәтен көрді Анаржан.
Бұл келу қуаныш па, мұңайыс па?
Көңілді неше түрге бөлді Анаржан.
Ойқастап жан-жағына бір қарап ап,
Жүгіріп ұшқан құстай келді Анаржан.
Жүгіріп жетіп келіп есік ашты,
Отырған көрді төрде Мәтен жасты.
—Еркежан, Сәуле аман, сүйінші!—деп,
Камшатын Ғайша жұлып ала қашты.
Қуанған қорыққанменен бірдей деген,
Аяғын шәлкем-шалыс әрең басты.
—Жеңеше-ай, сүйіншіңді ал, міне—деп,
Алдына екеуінің ақша шашты.
Анарға берді Мәтен аманатты,
Оқыды қолына алып жазған хатты.
ғашықтық дастандар
Жарының еткен ісін хаттан көріп,
Қуанып, күндей жайнап, күлмің қақты.
Ат берсем алып кету қиын болар,
Бір асыл деп Мәтенге шапан жапты.
Тастама қайда жүрсең қаруың деп,
Тағы бір қанжар берді күміс сапты.
Қуантып Ғайша менен Анар қызды,
Үйіне Мәтен қайта кетіп қапты.
Хатты оқып Анар қыздың көңілі тынып,
Тулаған жас жүрегі сабыр тапты.
Сонымен Анар біраз сабыр тапқан,
Тоқталып көзден жасы көл боп аққан.
Бірі үйде, бірі түзде жүре тұрсын,
Айтатын келді әңгіме басқа жақтан:
Мекендеп тау мен дала, өзен, суды,
Болады қазақ халқы неше рулы.
Жерлеген орыс, қытай шекарасын,
Бір бай бар Жомарт деген аты шулы.
Жомарттың алты ұлы бар, бәрі де жас,
Тең өскен бірдей болып мал менен бас.
Толықсып төрт түлігі тұрсадағы,
Тойғызып бір қонаққа бермеген ас.
Жағалы киім кимей, жақсы ат мінбей,
Дәулеттің молдығына болып жүр мас.
Жат түгіл жақынға да қайыры жоқ,
Сасық бай, салды балақ, бір қара тас.
Аралап елулерге жасы келген,
Әреңге үлкен ұлын үйлендірген.
Сол кезде екінші ұлы он сегізде,
Жері жоқ атастырған—бойдақ жүрген.
Аты Ермек ол екінші бойдағының,
Ойлайды жалғыз қамын тоймағының.
Сауық пен ойын-қызық жұмысы жоқ,
Біледі өте жақсы қой бағуын.
анар—сәуле
Жомарт бай осы жаққа келіп қалды,
Аралап жұраттарын көп мал алды.
Анарды естіп Жомарт бола ма деп,
Қаманға құдалыққа кісі салды.
Қаман бай Жомарт үйге келсін депті,
Үй-түзді көзіменен көрсін депті.
Оларды ата-анаң кім дейтін емес,
Аямай қалыңмалды берсін депті.
Салакеш байға қайтып келіп тұрды,
Жауабын Қаман байдың беріп тұрды.
—Құда бол не қылсаң да қызы жақсы,
Артық мал алмайды деп желіктірді.
Жомарт бай келіп қонды Қаман байға,
Малы көп, басы түгел аман байға.
Сөйлесіп құда болмақ бола қалды,
Бұларды тосатұғын заман қайда?
Ұнатып бірін-бірі жаратыпты,
Мейманын ерте Қаман таратыпты.
Айналып бір жұмада келмек болып,
Қабылдың келісіне қаратыпты.
Бұл сырды елден естіп алданар жан,
От болып іші-тысы жанданар жан.
Деп жүрсем, жарым—Сәуле, бұл қалай деп,
Қиялда неше түрлі қалды Анаржан.
Ойлады құда болса бола берсін,
Тілегім аңнан Сәуле аман келсін.
Қосылып сүйгеніммен кетіп қалсам.
Бергенін алар Жомарт қайтер дейсің?
Аралап жұраттарын Жомарт кетті,
Арада бұдан кейін бір жұма өтті.
Аң атып бір қыдыру олжалы боп,
Ауылға Қабыл, Сәуле қайтып кепті.
ғашықтық дастандар
Кешінде Қабыл келген Жомарт келді,
Болам деп енді құда буып белді.
Құдалық ертең күндіз болмақ болды,
Шақыртып бауыр-туған талай елді.
Жомарт бай бес кісімен келіп жатты,
Бұл қайғы Анар қызға тағы батты.
Жұмыстың болып жатқан бәрін айтып,
Анаржан Сәулебекке жазды хатты.
Көрсін деп бұл хатымды көзіндей қып,
Сөйлескен өзімменен сөзіңдей қып.
Анардың хатқа салған сөзі мынау,
Айта алсам келістіріп өзіңдей қып.
«Сәулебек, аман-есен келдің бе аңнан?
Сәлемет құтылды ма басың даңнан?
Мен жүрмін жалғыз басты құтқара алмай,
Тұңғиық қара түнек тозаң-шаңнан.
Қасірет қазанында қайнаулымын,
Бір ноқта келіп отыр ашық заңнан.
Кенеттен жүрегіме жабысты дерт,
Сандалып үміт үздім шыбын жаннан.
Мен сендік боламын деп ойлаушы едім,
Саламат қалса жаным ертең таңнан.
Болмай ма жатып алмай хабар алсаң,
Сен үшін зарлап жүрген Анаржаннан?
Қадалды аламын деп бұл келген өрт,
Ұлғайды жүректегі қайғылы дерт.
Осы хат тиген заман бір келіп кет,
Шын болса алысқан қол, айтысқан серт.
Сөзіңе опа қылар шын дос болсаң,
Жолдас қып мен сорлыны қасыңа ерт.
Кешікпей ертең келіп жолықпасаң,
Айырылып Анарыңнан боласың мерт.
Дертіме молда келді дем салғалы,
Дауасын табамын деп ем салғалы.
Бақтырған бабыменен бұлбұлыңа,
анар—сәуле
Баққалы келді біреу жем салғалы.
Ардақтап асыраған ардагерге,
Ноқталап отыр біреу ер салғалы.
Менікі деген басын ұстайды деп,
Кеп отыр бүгін біреу ен салғалы.
Сәулежан, Құдайыңа енді сыйын,
Қаптады бақсы, балгер, ұлы жиын.
«Темірді қызғанда соқ» деген сөз бар,
Пайда жоқ іс өткен соң жалғыз тиын.
Біреудің белгі салған екпе ағашын,
Басқалар рұқсатсыз кесу қиын.
Ішінде скопканың жазылды сыр,
Білерсің Сәулем, Сәуле, толық миың».
Ғайшаны хатын жазып Анар тапты,
Жеткіз деп бүгін түнде қолқа сапты.
Бұйырған Несіпбектің әмірімен,
Бір бала хатты алды да түнде шапты.
Мініп ап түнде шапты қара керді,
Келеді дүрсілдетіп қара жерді.
Болғанда түн жарымы сырқыратып,
Ауылына Сәулебектің бала келді.
Бұл бала хатқа қоса сәлемдеме,
Анардан бір ақ қалпақ ала келді.
Барлығын тапсырды да қайтып кетті,
Сәуле алып аманатты қала берді.
Оқыды түнде тұрып жазған хатын,
Сезінді ішіндегі сөздің затын.
Қырғиды Мәтенменен шақырып ап,
Асығып таң сәріден ерттеді атын.
Оншалық алыс емес екі арасы,
Бір түнде барып келер екі қатым.
Таңдағы салқын самал желмен бірге,
Жарысып келіп қалды түскен жақын.
Ғашықтар жар жолына жаны құрбан,
Қас қылар ғашықтарға құдай ұрған.
ғашықтық дастандар
Әрі өткен, бері өткенді бір деп санап,
Сол кезде Анар сұлу сыртта тұрған.
Тұр еді әрбір істі ойға салып,
Қайғымен басы қатып мазаланып.
Зертеңге жөтел келіп қосылғандай,
Күшейіп қасіреті, жүрек жанып.
Жадырап, жаны сүйіп ас ішпеді,
Тыныштық, ұйқы көрмей мейірі қанып.
Ғашық от Жомарт дерті қатар келіп,
Жанып тұр балдыр дене жалын шалып.
Үш атты күн шығыстан келе жатыр,
Көз сүзіп қарап тұрса қайран қалып.
Сәулебек, Қырғи, Мәтен келе жатқан,
Анар қыз жүрісінен тұрды танып.
Қарасын ғашығының көрген шақта,
Әлсіреп кете жазды неше талып.
Жүйткітіп, жүрдектетіп келе жатыр,
Отауын Несіпбектің бетіне алып.
Жалтақтап Анар жаққа қарай-қарай,
Қораның ортасынан өтті жарып.
Мұңайып торда тұрған қырғауылдай,
Сүйеніп тұр ақ үйге Анар ғарып.
Денесі бір ысынып, бір суынып,
Жалтақтап, Сәуле отауға түсті барып.
Алдынан Ғайша шығып амандасты,
Хал сұрап қайта-қайта қадаланып.
Кіргізді үйге бастап құрбыларын,
Жаны дос, заманы бір тұрғыларын.
Ғайша да екі арада лыпылдап жүр,
Білдіріп қабағынан құнды ләмін.
Отырып жайласқан соң, сыр айтысып,
Боп жатқан әңгіменің білді бәрін.
Несіпбек кетіп еді мал жағына,
Мал көздеп көзін салып жан-жағына.
Анарды тыста тұрған көрді көзі,
Кеп еді осы ауылдың ар жағына.
Сезді де қайғы басып тұрғандығын.
Қаман шал қызын қапа қылғандығын.
Ойлады: «Сәулеменен жолықтырып,
анар—сәуле
Арманын тарқатайын жылдам мұның!»
Сол оймен мұнда келді үйді айналып,
Үш ерлі ат үй жанында тұр байланып.
Сәуленің атын танып Әтей келді,
Айтуға бір жауабын ыңғайланып.
—Сәуле дос, байқадың ба?—деді келіп,
—Барады біздің жұмыс шырға айналып.
Қаманның Жомартпенен құдалығы,
Анар тұр келе жатсам үй жанында,
Кетіпті қайран бала мұңға айналып.
Сөйлесіп ішіндегі шерін тарқат,
Жолығып оңашада бір жайланып.
Көп салдым мен іріткі арасына,
Дау ойлап Анаржанның жарасына,
Қабылға құда болма деп айтып ем,
Қаман шал ұнамапты баласына.
Қаманды көндіре алмай ол да қойды,
Анардың тапсырып ем анасына.
Болмаса ықтияры қыз бара ма,
Біреудің тағып кеткен танасына.
Керек жоқ құда болса бола берсін,
Анаржан қайғы алмасын санасына.
Онан да тіршілігін өзі қылсын,
Махаббат емін тауып жарасына.
Қамын қыл бір жолығып сөйлесудің,
Ғайшаны жібер дағы арашаға.
Ғайшаны тез сөйлес деп бұйырысты,
Келтір деп орынына қиын істі.
Құдалық осы күні болмақ болып,
Үйіне Қаман байдың жиылысты.
Қаман бай ел шақырып сойды малын,
Жинады ақсақал мен кәрі шалын.
Той қылып тамашамен жатыр шулап,
Сүйрелеп суға салып құдаларын.
Жиналды қыз-келіншек, үлкен-кіші,
Дыр-думан ақ орданың іші-тысы.
Сәулебек, Несіпбектер бірге келді,
ғашықтық дастандар
Ішінде ойлағаны—өз жұмысы.
Ән сал деп домбыра алып Сәулебекке,
Боп қалды үлкен жердің өтініші.
Жаутаңдап кіріп-шығып жүрді Анаржан,
Қасірет бойында боп өкініші.
Ән салып Сәуле түсті зар күйіне,
Әңгіме сөйлеп беріп бай-биіне.
Келді де Ғайша сырттан шақырып ап,
Анарды кетті бастап өз үйіне.
Екі бай түсті құда жұртын жиып,
Ұнатып бірін-бірі көңілі сүйіп.
Болса да аузы қисық солар сөйлеп,
Сөзіне отыр халық сүттей ұйып.
Ішінде осылардың Нәзір де жүр,
Жүгіріп меймандарға қымыз құйып,
Зейнепке келген заман ісін айтып,
Тұра алмай сырласының көңілін қиып.
Көргенде көңілдесін көзі тұнып,
Тұрсын ба айтылмай сыр ішке сыйып.
Нәзірге Зейнеп сонда қапа болып,
Ынжықсың, жамансың деп жанып-күйіп.
Қайтсе де екіншіде өлтірмек боп,
Жазылған жұдырығын қайта түйіп.
Бұл тойдан осыменен тарқалды жұрт,
Құдалар ертең қайтпақ киіт киіп.
Той қылып тойындырды Қаман елді,
Той тарқап үйлеріне қайта келді.
Қандай сөз болғандығын Анар жақтан,
Сәулеге Ғайша түгел айтып берді.
—Еркемді ертіп келдім өзім барып,
Ұқтырдым сөздеріңді ашып-жарып.
Жауапсыз көпке дейін тұрып қалды,
Ойланып бір қызарып, бір ағарып.
Құйылып маңдай тері екі көзге,
«Кезіксін түнде шығып» деген сөзге.
«Жеңеше-ай, қалай, қайтіп, не дейсің?» деп,
Айта алмай ашып-жарып онан өзге.
анар—сәуле
Ашылып аздан кейін бір сайрады,
Мұңайған сөздеріне іш қайнады.
Бұлақтың жағасына қалың талға,
Шығуға ертең кешке сөз байлады.
Осыны айтып кетті Еркем деді,
Бұл сөзді естіп Сәуле, ентеледі.
–Ауылдан абыр-сабыр басылады,
Кетеді меймандар да ертең,—деді.
Соны естіп қайтып кетті Сәуле, Қырғи,
Ісі жоқ иі қанған, әлі шылғи.
Аяғы немене боп тынар екен,
Бұл жерге келді бұл іс сырғи-сырғи.
Ғайша мен сырласқанда Анар келіп,
Көңілі, буын босап, майдай еріп.
Сәулеге белгі қылып ұстат,—деген,
Торғын шыт, шашақ салған, талдай өріп.
Оюлап жазуменен салған кесте,
Сөзі бар: «Жүрсін,—деген,—Анар есте»
Шетіне түйіп қойған шекер, мейіз,
Білмедім екі, үш пе, төрт пе, бес пе.
Махаббат тәттілігі осылардай,
Же деген тәрізді алып, өзің шеш те.
Күйдіріп Сәулебекті осы белгі,
Асықты жеткенінше ертең кешке.
Сәулеге таң атса да күн батпады,
Күн батса тұр ғашықтар түн қатқалы.
Оп-оңай түн де батып кетуші еді,
Бұлданып осы бүгін қымбаттады.
Болғанда бесін мезгіл күн еңкейіп,
Бұршақтап жаңбыр жауып сырғақтады.
Асығып қай заманда кеш кірер деп,
Таба алмай Сәуле сабыр ырғақтады.
Кеш батып қарайғанда намаздыгер,
Дегендей алдымыздан тілекті бер.
Қасында жалғыз ғана Қырғиды алып,
Жөнелді түн жамылып Сәулебек ер.
ғашықтық дастандар
Бет алды ғашық жарға барыстарға,
Желменен түсті түнде жарыстарға.
Жарық ай, салқын түнде сартылдатып,
Кетпей ме тынбай жүрген алыстарға.
Жол болсын дегендей қып күлімсіреп,
Ай-жұлдыз жымыңдап тұр алыстарда.
Қайырлы түн болсын деп басын изеп,
Қарсы алды құрақ пен ши, қамыстар да.
Ән салып тойдың алдын бақа бастап,
Зарлы күй, салды мұңды дабыстарға.
Ел жата келіп кірді тал ішіне,
Құлдық деп құттықтаған таныстарға.
Бұлақтың атты байлап ағашына,
Жаяулап шықты таудың жағасына.
Еркелеп ерке талға отыр Сәуле,
Жиендей келіп жатқан нағашыға.
Жасыл гүл, жасаң шалғын жерді жайқап,
Жан-жағын Сәуле, Қырғи отыр байқап.
Жел тисе тал иіліп мұңаяды,
Адастым дегендей қып басын шайқап.
Ай нұры жердің жүзін қылды жарық,
Сарғайып отырысты екі ғарып.
Қоймасын біреу көріп дегендей-ақ,
Жиекке батып кетті ай да барып.
Барқыт түн, жерді қаптап қараңғылық,
Көңілін отыр Сәуле алаң қылып.
Мыналар қателесті деп күбірлеп,
Тұрғандай жапырақтар баян қылып.
Сәулебек отыр мүлгіп тал басында,
Кеткен жоқ әлі Қырғи бар қасында.
Сөз шала болу керек кешегі күн,
Ғайша - Анар сөйлескенде алғашында.
Өр жақта алысырақ бір бұлақ бар,
Адырдың таудан түскен жалғасында.
Отырған Сәуле, Қырғи Талдыбұлақ,
Ауылдың шығыс жағы дәл қасында.
анар—сәуле
Бір шолып Анар жақты тағы өтелік,
Сәулеңіз жата тұрсын жар басында.
Отырған көпке шейін де жатпай,
Ел жатса тұрып алған ай да батпай.
Таба алмай сабыр-тағат Анар сұлу,
Төсекте дөңгеледі кірпік қақпай.
Есікке ай батқанша неше келді,
Тынымсыз жас жүрегі тулап аттай.
Ай батып, қараңғылық қаптағанда,
Далаға шыға келді тағат таппай.
Жамылып орман ішік иығына,
Көзімнің кім түсер деп қиығына,
Бұлаққа тау жақтағы барды дағы,
Бір жардың тұрды кіріп тұйығына.
Аз тұрып жардың ішін аралады,
Жай жерге қараңғыда қарамады.
Еш дыбыс бұл арада болмаған соң,
Шошынып көп тұруға шыдамады.
Сәулежан не себепті келмеді деп,
Бойына ішкен асы тарамады.
Болмаса уәдеден тайды ма деп,
Көңілді қайта қайғы жаралады.
Мұңайып жар басына қайта шықты,
Қасірет іште жатқан қайғы мықты.
Болмаса бір шатаққа жолықты ма,
Нәзірден, деп тағы да қауіп күтті.
Жар басын ары-бері жағалады,
Сәулені енді жоққа бағалады.
«Жүрмін бе дыбыс сезбей, әлде көрмей,
Құдай-ау көзімді кім тағалады.
Сәулежан қалса егер бүгін келмей,
Жүремін мен өмірде несін өлмей?!
Көңілінде күмән ойлап кетер ме екен,
Ол келіп, кетіп қалсам көңіл бөлмей».
ғашықтық дастандар
Ағылып нұр жүзіне құйылды тер,
Қозғалды мың түрлі боп іштегі шер.
«Байланды басы оның Жомартқа деп,
Сертінен тайды ма екен Сәулебек ер.
Бұзылып Сәуле серттен кеткен болса,
Тілегім маған Алла тез өлім бер!»
Зарланды осыны айтып Анар сұлу,
Жарай ма жар басында енді тұру!
Сүзіліп таң жарығы белгі берді,
Болмайды мұнан артық тағат қылу.
Ән салып шегірткелер сыр ұрлады,
Боз торғай таң атты деп шырылдады.
Біреудің көзі шалып қалмасын деп,
Анар қыз үйге қарай қырындады.
Анарға керек болды енді жылас,
Көзінің қан аралас жасын бұлас.
Еріксіз не болғанын білмей кетіп,
Төсекке етпетінен ұрды құлаш.
Егіліп сол жатқаннан қалды жатып,
Келмеген жар қайғысы жанға батып.
Жатқызып Анар қызды сонда қойып,
Келелік Сәулебекке тағы қайтып.
Сәулеңіз дөңгеледі жары келмей,
Шыдасын ол да қайтып пары келмей.
Жүгіріп талдың ішін аласұрды,
Тұруға бір орынды пана көрмей.
«Бұзылып кетті ме деп ол да ойлады,
Болған соң Жомарт құда әтей келмей.
Егер де Анар серттен тайып кетсе,
Жүремін дүниеде несін өлмей?».
Зар қақты жар басында жерді тарпып,
«Жүрем бе жар күйігін тірі тартып.
анар—сәуле
Жете алмай мұратыңа қалғаныңша,
Тып-тыныш тіршіліктен өлген артық».
Сәуленің нұрлы жүзін мұң ойғанда,
Маңның да жаны ашиды мұңайғанда.
Аттанып ауыл жаққа жүріп кетті,
Таң сүзіп құлан иек қылайғанда.
Қырғиға Сәуле осында қал деп айтты,
Анардан толық хабар ал деп айтты,
Шықты екен қай тарапқа, егер шықса,
Сол жерін анықтап ұқ, дәл деп айтты.
Сонымен Сәуле кетіп, Қырғи қалды,
Ауылға күн шыққанда жетіп барды.
Жұмыстың барған Қырғи бәрін айтып,
Анарға Ғайша арқылы хабар салды.
Анар да Ғайша барса тұрған екен,
Таң қалды сөзін баян қылған екен.
—Сөзіңді алдыңғы күн ашып айтпай,
Жеңеше-ай, мені құдай ұрған екен.
Сөзімді ұқ, Ғайша жеңгей, салып құлақ,
Мынаны айт Сәулежанға әбден бір-ақ.
Мен саған алдыңғы күн көрсеткенім,
Ұқпапсың мынау емес, анау бұлақ.
Таба алмай түнде барып ол бұлақтан,
Атқанда таң сарғайып қайттым жылап.
Адасқан дәлдеп айтпай қате менде,
Күнәмді кешсін бір жол тұрмын сұрап.
Арланам көрінгенге көз сатқанға,
Оңалмас қас қылғандар дәм татқанға.
Өрбұлақ жағасына қалың талды,
Шығамын тірі болсам ел жатқанда.
Қыз қалды Ғайша кетті осыны айтып,
Ішқұста қасіреті тұр мұңайтып.
ғашықтық дастандар
Нақ ұғып, сөзін естіп, болжал жерді,
Қырғи да түске жуық кетті қайтып.
Жүрген жоқ бір-бірінен жанын аяп,
Келеді сөз қызығы енді таяп.
Сәулеге Қырғи барып ұғындырды,
Іс болды түнде қандай бастан аяқ.
Ұялып кетуге де күнде ауылдан,
Отырды аттанбақ боп түнде ауылдан.
Екеуі күн батқан соң тағы аттанды,
Алмақ боп тапса тоят қырғауылдан.
Ішіне Өрбұлақтың келіп кірді,
Жандарын жардың оты еліктірді.
Бір жаяу ай батпай-ақ келе жатыр,
Екеуі жар басынан көріп тұрды.
Анар ма, аңдушы ма деген оймен,
Көңілін әр қиялға бөліп тұрды.
Құдай-ау, жарыма қос жан қылсаң деп,
Шын тілеп ниетімен өліп тұрды.
Отырды жасырынып, байқалық деп,
Көрінбей қыз болмаса қайталық деп,
Келгенде жар басына жарқ-жұрқ етті,
Жағасы орман ішік жайқалып кеп.
Жіберді бір ысқырып талға қарап,
Үкісі камшат бөрік шайқалып кеп.
Орнынан Сәулебек те ұшып тұрды,
Анар ғой барымызды айталық деп.
Екенін анық Анар білді танып,
Келеді қараңғыда шамдай жанып.
Ал Қырғи, ат қасында отыра бер,
Оңаша сөйлесейін,—деді,—барып.
Алдынан бір ысқырып қарсы жүрді,
Шекеге ақ қалпақты қырын салып.
Анар да шапшаң басып келе жатыр,
Тіктеніп біразырақ қарай қалып.
Босасып жүйкелері, буындары,
Көрісті кете жаздап неше талып.
анар—сәуле
Жетелеп ағаш жаққа жүріп кетті,
Сап етіп ақ білектен ұстай алып.
Ай дағы күндізгідей жарық еді,
Отырды тал қасына бұлар барып.
Айтуға артық жауап аузы келмей,
Сүйісті құшақтасып екі ғарып.
Анар қыз Сәуле сүйсе бетін басып,
Құбылып бір ағарып, бір қызарып.
Ауызын өзі сүйсе айырмайды,
Жатқандай дерті шығып, жүрек жанып.
Сәулебек аздан кейін: Анар!—деді,
Жүрегім сен дегенде жанар деді.
Шығаршы жылы, тәтті жауабыңды,
Құмарым енді қашан қанар деді.
Жалынды сен дегенде отым ойда,
Кернейді жарылардай тұрмын зорға,
Іздеген жетерміз біз мақсатқа да,
Анаржан болашаққа сырды толға.
Қарсы алып екі жастың қосылғанын,
Жел шапты шүйіншіге оң мен солға.
Ұмтылып неке оқуға асығып тұр,
Қамыс , ши, басын иген қалыс молда.
Жапырақ бір-біріне сыбырлап тұр,
Соққандай алақанын еркін ол да.
Ай шеше, Анар соның жалғызындай,
Шолпан тұр қалыс жеңге хан қызындай.
Көп жұлдыз көзін қысып жымыңдайды,
Жездесін жаңа көрген балдызындай.
Жері жоқ құтылатын енді қашып,
Келген соң бір-біріне жаны ашып.
Пердесін қараңғылық түсірмекке,
Барады ай да еңкейіп белден асып.
Бетіне ақ бұлттан перде тартып,
Жұлдыздар тасаланды бетін басып.
Ағаштар сықырласты шымырқанып,
ғашықтық дастандар
Шырғай тұр шыдай алмай етін қасып.
Бұлардың тамашасын көреміз деп,
Көк шалғын ол да кетті сыбырласып.
Айтысып құтты болсын, басын изеп,
Қарап тұр бар өсімдік жыбырласып.
Еңкейіп, қайта кейін шалқаласып,
Аяғын жақын келмей тарта басып.
Айналып ала бұлт аспанда жүр,
Жымиған жұлдыздарды қалқаласып.
Жүгіріп өрлі-қырлы жүйрік самал,
Шауып жүр қуанышта жанталасып.
Тіктеніп қара қурай бас көтеріп,
Қарап тұр үдірейіп анталасып.
Ұялып осылардан отыр Сәуле,
Жатқаным жарамас деп тарпа басып.
Сәуленің Анар сезіп әзіл сөзін,
Қылмиып бетін басып, жұмды көзін.
Аққудай сұңқар басқан иді мойнын,
Не қылсаң дегендей қып мейлің өзің.
Жағалай жардың басын өрледі бу,
Салбырап сары қурайдан сара ала ту.
Басқаның бәрі ұялып болса жым-жырт,
Болмады сыбырласып жапырақ қу.
Қылқ етіп күліп қойып, қыңсыласып,
Жорғалап кетіп жатыр бұраңдап су.
Бу менен жапырақты шықтар басып,
Қараңғы болды жым-жырт басылды шу.
Құшақтап зарлы Сәуле бұраң белін.
Ағызып нұр жүзінен ыстық терін.
Бетке-бет, ауызға-ауыз, төсіне -төс,
Қадалды қарықтықтай ерінге-ерін.
Білмедім бұдан кейін не болғанын,
Анықтап айта алмаймын осы жерін.
Анаржан, деді Сәуле, сүйген жарым,
Сенсіз жоқ намыс, ұят, нысап, арым.
Жалғанда жарым да—сен, жаным да—сен,
анар—сәуле
Ғашығым, құдай қосқан тең-тұс парым.
Бірге өтсек дүниенің қызығы осы,
Жүректен сонда шығар қайғы-зарым.
Тұңғиық тұман басқан ілгері өмір,
Кетеді көзім жетпей қайнап қаным.
Толқыны тар тұрмыстың қалай соғар,
Дауылы қайда апарар залымдардың.
Буалдыр, бұлдырланып бұлт басқан,
Алдағы әлдеқандай атар таңың.
Бермесе сені еркімен жолым ашық,
Ұмытпа осы сөзді Анаржаным.
Кешікпей мұнан былай қосылудың,
Ойлайық жатпай-тұрмай енді қамын.
Екі жас мұң айтысып емін-еркін,
Шығарып бір босатты қайғы-дертін.
Жерінде біреуі өлген, бірі өлмек боп,
Тарқасты мықтап жасап қасам-сертін.
Таң ата қайтты Сәуле гүлдей жайнап,
Мөлдіреп қалды Анардың іші қайнап.
Келгенде Анар сұлу үйге жақын,
Екі атты келе жатыр андағайлап.
Қасында бір бала бар Нәзір екен,
Тор атқа ер-тоқымсыз мінген жайдақ.
Жауапсыз үй қасына барып түсті,
Қабылдың отауына атты байлап.
Жүрісін Анар қыздың Нәзір түйіп,
Қайнады ызаменен іші күйіп.
Барғанын қайда, кімге, анық білді,
Жүрген соң жаздың күні ішік киіп.
Таңертең Зейнепке айтты көрген ісін,
Ол дағы ызаланды бұзып түсін.
Қиратпақ, аңдып ұстап болды бұлар,
Қатайып, қайраттанып, жиып күшін.
Аулынан тағы қанша көмек алып,
Күтінді Сәуле менен Анар үшін.
ғашықтық дастандар
Бұл істі Қабылға кеп Зейнеп айтты,
Ол дағы қапаланды қайрап тісін.
—Қас қылып маған оның көр жүргенін,
Талайдан жақын көріп мен жүргенмін.
Кімде-кім енді оны аямаңдар,
Басынан көрмеймісің қып жүргенін?!
Онымен енді қайтіп ел көремін.
Қабылдың бұл жауабын ұқты Нәзір,
Ұқтырып қылған қасам, айтқан сертін,
Қайратқа қайта мінді мықты Нәзір.
Осымен өтіп кетті бірқанша уақ,
Нәзірді желіктірген Зейнеп қу-ақ.
Сездірмей келіп-кетіп, ойнап-күліп,
Әлі жүр Анар—Сәуле жаймашуақ.
Бірқанша мұнан кейін күндер өтті,
Көшетін ел жайлауға уақыт жетті.
Сәменнің үлкен қызы Ажарханның,
Күйеуі жыртыс салып ұрын кепті.
Бұл Сәмен бір туысқан Қаманменен,
Тағы бар бір ағасы Аман деген.
Қонысы мал көптіктен басқа-басқа,
Осындай аума-төкпе заман деген.
Үш ауыл той қылуға жақын қонды,
Қыбырлап төрт түлікке төскей толды.
Маусымның күн қайнаған он бесінде,
Көп күткен Ажарханның тойы болды.
Күн ыстық, өзендердің суы тасу,
Тілеуі әр адамның алға басу.
Көшетін неше түрлі қалың елдің,
Көкқайқы—жайлау жолы жалғыз асу.
Асуға келіп қонды Қаман тіреп,
Құдайдан кім тілейді жаман тілек?!
анар—сәуле
Көшуге елдің бәрі тойды күтіп,
Кеп қонған Көкқайқыға табан тіреп.
Жайлауға Көкқайқымен барды асып,
Қалады тауға шықса дала қашық.
Елімен Сәулебектің Анар елі,
Қонысты сай-салаға араласып.
Алды тау, арты өзенде елдің шеті,
Қалың ел Көкқайқының екі беті.
Сойылып тойдың малы неше жерге,
Аспанға буы бұрқырап, қайнады еті.
Той қылған ауыл қонған бір қойнауға,
Жиылды үлкен-кіші той тойлауға.
Жиылған қыз-келіншек, боз балалар,
Қымыздың қызуымен тойда ойнауда.
Қым-қуыт, шым-шуыт қып қайқы белді,
Ет тартып күтіп жатыр қалың елді.
Он неше жігітпенен дүрілдетіп,
Сәскеде боз жорғамен Сәуле келді.
Тойға кеп қымыз ішіп, тамақ жесіп,
Қақ жарып қалың елді желдей есіп.
Қораның төр жағында төскей бетте,
Жиналған ылғи жастар дүрілдесіп.
Сөйлейді біреуінен біреуі арта,
Домбыра, сыбызғы мен гармон тарта,
Ән салған, би билеген, жыр жырлаған,
Ойналып неше жерден дойбы, карта.
Өткізіп арманменен бала-жасты,
Бәйтіккен ғашықтар жүр қара басты.
Түп-түгел қасындағы жолдастармен,
Соларға Сәуле келіп араласты.
ғашықтық дастандар
Ішінде Қабыл менен Нәзір де отыр,
Құралған қайдағы жас опыр-топыр.
Сәулеге:—Карта ойналық, отыр,—деді,
Сүйкенгіш көрінгенге Нәзір қотыр.
Сол кезде түске жуық болып қалды,
Картаны Сәуле тұрып қолына алды,
Жиыл деп бозбалаға ақсақалдар,
Түседі деп палуан айғай салды.
Жиылды бозбалалар бұл айғайға,
Біреулер десіп жатыр Нәзір қайда.
Елі мен Анаржанның Сәуле жағы,
Бөлініп тұра қапты екі ұдайға.
Сәуленің ағалары Зият, Мұрат,
Бәрі де тойға келген басын құрап.
Зиятта жалғыз ұл бар, өзі мықты,
Құдайдан жылап жүріп алған сұрап.
Аты—Асан, сонда он бес жаста еді.
Қылады Сәуле десе жанын құрбан,
Бұл тойға бірге келген, қаста еді.
Палуанға Қабыл жақтан Нәзір шықты,
Бұрыннан топқа түскен, даңқы «мықты».
Сәулемен осы тойда күресем деп,
Елінен Нәзір «палуан» тілек қыпты.
Нәзірді майдан жерге алып барды,
Шешініп даярланып тұра қалды.
Сыбанып екі қолын елге қарап,
Әкел деп Сәулебекті айғай салды.
Сабырлы саспайтұғын Сәулебек те,
Үндемей көпке дейін аялдады.
—Осыған Сәулені қой, мен барам деп,
Киімін Асан шешіп даярланды.
Асанға Сәуле тұрып:—Тоқта,—деді,
Ақылың, асығатын, жоқ па, деді.
анар—сәуле
Болмаса ауылдағы алыс-жұлыс,
Көрмедің бұрын түсіп топқа еді.
Бөлінген екі ұдай боп екі жаққа,
Тұрғандай қыз-келіншек қатар сапқа.
Түспесе дегендей қып, жарын аяп,
Анардың екі көзі Сәуле жақта.
Нәзір тұр кететіндей жерге тастап,
Кектеніп жүрген неме өзін баптап.
Жоқ еді қорқып тұрған Сәуле сері,
Қарап тұр үлкендерге әдеп сақтап.
Анарды сырлас қыздар сылтың қылды,
Сәулеңіз қорықты деп жүрген мақтап.
Зият кеп бір заманда:—Шешін,—деді,
Құтырып алған екен бұл ақымақ.
Қорқақ па қорынатын алған беттен,
Бұзбады аға сөзін әмір еткен.
Ақтан да бір шетінен айғай салды,
«Бар ма—деп,—бүгін Сәуле қайда кеткен?»
Басқамен күреспеймін деп Нәзір тұр,
Япырмай қорлық еді мынау неткен.
Қыздырып бір жағынан Сәулебекті,
Ызғарлы әкесінің даусы жеткен.
Шешініп бар киімін даярланды,
Күн нұры қайта толқып аппақ еттен.
Бүркіттей томағасын жұлып алған,
Жарқ етіп шыға келді ана шеттен.
Анар да тіктеп көзін сала қапты,
Екі жақ ұстасарда ұран сапты.
Айғаймен қорқытам деп ойлап еді,
Десті жұрт іздегенін Нәзір тапты.
Қарамай қақпа-оқпа әдісіне,
Білектен сап еткізіп ұстай апты.
Сарт етіп көк желкеден қол тигенде,
Қырандай жарқ-жұрқ етіп бір-ақ қақты.
Кеудеге алып ұрып, қарғып мініп,
Секіріп бір нығырлап қайта шапты.
Майданда елеуреген «ер»Нәзірдің,
Топырақ, күл мен тозаң бетін жапты.
ғашықтық дастандар
Сәулебек қаршыға да, Нәзір кептер,
Сүйінді тойға келген қауым көптер.
Екі жақ екі ұдайы күйіменен,
Бір серке қырғызшылап тартты көкпар.
Бөлінді араны ашып екі жаққа,
Жүйрік ат жылпың жігіт сыналмаққа.
Бер жаққа ар жақ жеңсе әкеледі,
Тастайды бер жақ жеңсе ана жаққа.
Серкені біреу барып келді тастап,
Ол жақтан екі жігіт шықты бастап.
Екеуі екі жақтан қатар барды,
Тоспада екі жігіт тұрып қалды.
Жігіті Қабыл жақтың желіп барып,
Серкені жерде жатқан іліп алды.
Тартысты ол екеуі тақымдасып,
Кеп қалды тоспашыға жақындасып,
Төртеуі екі-екіден ортаға алып,
Кеп қалды сол тартыспен сапылдасып.
Жігіті Қабыл жақтың нашар тартып,
Серкені қоя берді тақымды ашып.
Тасталды серке барып Қабыл жаққа,
Екі топ қол қағысты шақылдасып.
Бәйгені алып келді барып Ақтан,
Азырақ Ақтан жаққа кірді мақтан.
Бәйгеден бірін алмай намыстанып,
Қабыл мен Нәзір шықты ана жақтан.
Бұл жақтан Қырғи менен Асан шықты,
—Нәзірден,—деді Сәуле,—сендер сақтан.
Сәуленің Асан мінген бәйге кері,
Ежелден ол белгілі қанды қақпан.
Серкеге Нәзір мен Асан кетті,
Жөнелді іліп ала Нәзір епті.
Серкені Нәзір ала жөнелгенде,
анар—сәуле
Құтқармай Асан бала қуып жетті.
Серкенің сирағынан ұстағанда,
Ашу қып ұстама деп айбар етті.
Әкетпек жұла тартып болғанында,
Асанды Нәзір басқа салып кетті.
Қамшыны қолындағы жұлып алып,
Жіберді Асан басқа салып-салып.
Салысып жөнелісті Асан Нәзір,
Жайына серке түсіп жерде қалып.
Асанды келе сала қамшылады,
Қабыл да аққан бойы шауып барып.
Артынан Қырғи келіп салды қамшы,
Қабылдың тіліп түсті басын жарып.
Түсірді Нәзірді аттан Асан сүйреп,
Бас салып бір шұқырға жатыр илеп.
Екі жақ көтеріліп атқа мініп,
Үстіне келіп қалды үймек-түймек.
Қабылдың бет-ауызын жара басып,
Таяқ жеп екеуін де қара басып.
Қабыл жақ намыстанып ұмтылғанда,
Екі жақ кетті мүлде араласып.
Төбелес сарт-сұрт еткен болды сайыс,
Кеп қалды ақсақалдар қалған алыс.
Айғайлап ақырып кеп ажыратты,
Жастардың арасында болып қалыс.
Төбелес әрең зорға тынышталды,
Міне той, міне көкпар, міне жарыс.
Таяқ жеп Қабыл жағы артығырақ,
Тағы да Сәуле жаққа кетті намыс.
Соғыспен тойдың арты тарасыпты,
Жастарға не қылса да жарасыпты.
Көшкен ел абыр-сабыр байыздамай,
Жайлауға Көкқайқыдан ары асыпты.
ғашықтық дастандар
Жайланып мекеніне қонған тарап,
Кербесті кермеде тұр бауыры жарап.
Ағайын, қалыстарға сөзін салып,
Анар мен Сәулебек жүр соған қарап.
Жайылып ірімшік пен өреге құрт,
Боз бала қымыз ішіп, ширатып мұрт.
Қозғалды ғашықтардың тағы дерті,
Боп қалған мезгіл еді жайлау сар жұрт.
Жоталай қонған ауыл сары белге,
Самалды бие байлап салқын жерге.
Желіде үйездеген айғыр-бие,
Құйрығын бұландатып соққан жерге.
Қаман бай Ақтанменен қатар қонған,
Айтылған көктемдегі Талдыкерге.
Сәуленің Анарменен әңгімесі,
Жайылған осы кезде жалпы елге.
Бұл іске бірқанша адам қылған кеңес,
Жастарға деді бұл іс оңай емес.
Ғашықтар қосылмаса өледі ақыр,
Тыныштық ұйқы көріп, тамақ жемес.
Қаманмен сөйлеселік қызын берсін,
Ақырын жай айталық қылмай егес.
Деген соң Сәуле алады, есі болса,
Өзі де келер жөнге пәлен демес.
Берелік болсадағы не керегі,
Жомарттан біз көрелік не келеді.
Тілеуін ғашықтардың қабыл көру,
Тегінде шариғатқа жөн келеді.
Қалыстар перде сырдың бетін ашты,
Мұны естіп Қаман байдың өңі қашты.
Сөйтсе де елдің сөзін тастай алмай,
Ұлымен үйіндегі ақылдасты.
Ақырып әкесіне кетті Қабыл,
Зейнеп те бір жағынан жайып шашты.
анар—сәуле
—Біреуге жаңа құда болып тұрсақ,
Істеген ісі ғой,—деп,—қылып қасты.
Қалыстар:—Ғашықтарды аяңыздар,
Қосалық,—деді біреу,—екі жасты.
Оларға деді Маңлық:—Сөзіңді тос,
(Ақ көңіл адам еді көңілі бос).
Анарың шын тілеуі осы болса,
Сәулеге Анаржанды қоссаңдар қос.
Зекіріп шешесіне кетті Қабыл,
Жаушыға улы зарын төкті Қабыл.
—Қызықсаң қыздарыңды өздерің бер,—
Деп бұрды теріс жаққа бетті Қабыл.
Қалыстар ашуланып қайтып кетті,
Үйіне Ақтан шалдың барып жетті.
Сәулеге шақырып ап айтты бәрін,
Қабылдың айтқан сөзі сүйекке өтті.
—Бұл сөздің келдік ақыр бетін ашып,
Қабыл да көзге ілмеді зәһәр шашып.
Барады бітпей қайда артқы жағы,
Тауға кет қыз ұнаса алып қашып.
Сәулежан, айтқанымыз, қапа қалма,
Тау жаққа әкет еппен күшке салма.
Тигенде қыз қолыңа бір бала ерт,
Қасыңа онан артық жолдас алма.
Қасыңа қызды алғанша алып серік,
Шығып ал таба алмайтын жерге берік.
Астыртын азық-түлік тасып тұрсын,
Бір барып бір жұмада байқап келіп.
Біз мұнда қалған істі бітіреміз,
Қаманды Жомартымен қатар көріп.
Бұл хабар Ғайша арқылы қызға жетіп,
Түрленді қыз Анаржан шашын өріп.
Аттанып ақсақалдар кетті жайға,
ғашықтық дастандар
Сәулеге осылай деп бата беріп.
Жабдынып Сәуле мұнда даярланды,
Ақыры неге соғар қызды көрік.
Бұл іске Сәуле сері басты байлап,
Жабдынды дайындығын түгел сайлап.
Шешесі, әкесі мен ағалары,
Қажетін олар дағы берді жайлап.
Жабдынып даярланды Сәуле батыр,
Және де азық-түлік алып шатыр.
Сәулені мұнда бұлар даярласа,
Несіпбек, Ғайша Анарды жабдып жатыр.
Түн еді қас қарайып шапақ батқан,
Бес жігіт мініп шықты жүйрік аттан.
Қаманның өр жағында қалың тал бар,
Мезгілде соған келді ел де атқан.
Ғайшамен сөз байласқан жерге келіп,
Телміріп ауыл жаққа көзін сатқан.
Төрт болып екі көзі отыр Сәуле,
Көк мұнар алуан түрлі мұңға батқан.
Сылдырап бір мезгілде жасыл шалғын,
Бір жаяу келе жатыр бұлдыр қаққан.
Көк талды екі көзі тесіп кепті,
Аралап көк шалғынды есіп кепті.
Келді де тал ішінде дыбыс берді,
Таныды бұлар көріп Несіпбекті.
Сөйлесіп Сәулеменен басын қосып,
Танымай бұл кім деді алғаш шошып.
—Даяр боп азық-түлік, ат-тонымен,
Анаржан, Сәуле сені отыр тосып.
Анарға даярладым Сұркүлікті,
Салуға ертең мен де бір бүлікті.
Мен де кеп бір жағынан қыжыртамын,
Қызына атымды деп міңгізіпті.
анар—сәуле
Мұны айтып қайта кетіп Ғайшаларға,
Келгенін Сәулебектің білдіріпті.
Анардың Сәулебекпен басын қосып,
Несіпбек өз қолымен жүргізіпті.
Сәуле дос, разы бол маған,—деді,
Жәрдемім осы менің саған, - деді.
Айналып және тағы көрісерміз,
Өмірде тірі жүрсек аман,—деді.
Бітім боп, сау болыңдар ел тыңғанша.
Жазым боп қолға түссең жаман,—деді.
Атымды қалай мініп кетеді,—деп,
Қабылға мен де әлек салам,—деді.
Берікке адам көрмес бекініңдер,
Бұйырса ептеп хабар алам,—деді.
Сәті боп шапшаң бітім болып қалса,
Сендерді өзім іздеп табам,—деді.
Мініп ап Мәтен келді қара керді,
Бір жолдас жалғыз ғана бала еді.
Басқалар еріп келген Несіпбекпен,
Қош айтып Ғайша дағы қала берді.
Қоштасып, Анар—Сәуле жүріп кетті,
Тауына Құсөтпестің бұрып бетті.
Жетелеп азық-түлік артқан атты,
Бір бітеу бұқпа жолға кіріп кетті.
Ойнатып Сұркүлік пен бәйге керді,
Жаратқан құдай артық Сәуле ерді.
Кер бесті сүзіп тастап, шұлғи басып,
Ағызып омыраудан қара терді.
Болғанда таң мезгілі Шолпан туып,
Жақындап тауға таман бұлар келді.
Өрлеп кеп Құсөтпестің бір ашасын,
«Бір жайлы табамыз» деп берік жерді.
Қалғып тұр сүйіскендей тау да мүлгіп,
Қарап тұр қалың жұлдыз қабақ түріп.
ғашықтық дастандар
Бұларға жолың болсын дегендей қып,
Қарайды жымың қағып Шолпан күліп.
Бұл күні туған Шолпан екеу сынды,
Өйткені жер түрленді өңі кіріп.
Нұрлары біріне-бірі шағылады,
Бірі аспанда, біреуі жерде жүріп.
Тау күтіп тұр бауырыма тоқталар деп,
Осылар бізге мейман боп қалар деп.
Анар мен Шолпан нұры шағылысса,
Ойлайсың ортасынан от жанар деп.
Жер ойлар аспан бізден қызғанар деп,
Жел шайқап жолын із қалар деп.
Теңелді бүгінгі күн аспанға жер,
Бар болса сенде Шолпан, бізде Анар деп.
Сәулеге Анар күліп бұрып мойын,
Көтеріп біреуінің біреуі ойын.
Қарсы алып тау менен тас, ағаш, сулар,
Құзар шат желпи тастап ашты қойнын.
Жайылып етек аттың сауырына,
Қоштасып шыққан жастар ауылына.
Баладай шешесіне қашып келген,
Еркелеп кетті кіріп бауырына.
Анаржан, Мәтен менен Сәуле батыр,
Жауабы бір-біріне балдай татыр.
Бір берік айналасы тастан қорған,
Жер тауып көк майсаға тікті шатыр.
Орнығып осы жерге бұлар жатты,
Дем алып ат пен адам тыным тапты.
Аң қарап жақын жерден епті Мәтен,
Бірталай осы таудан елік атты.
Таң атса аңын көздеп тау басында,
Жүреді қарауылдап Мәтен қатты.
анар—сәуле
Шатырда күндіз-түні Анар, Сәуле,
Сілекей жұтып шырын, тым ләззәтты.
Қызудың бұлар жатсын алауында,
Аң қуып Мәтен жүрсін қарауылда.
Кеткен соң Анар, Сәуле не болды екен,
Баралық қайта айналып ана ауылға.
Таң атты Анар, Сәуле кеткеннен соң,
Оқуға таң намазын Қаман тұрды,
Сүзіліп таң жарығы жеткеннен соң.
Бақанмен түңілікті ол ашып салды,
Құманмен сыртқа шығып дәрет алды.
Намазға төр алдында тұрған шақта,
Шашылып жатқан жүкті көзі шалды.
«Бұл үйді ұры тонап кеткен бе?» деп,
Аң-таң боп Қаман екең қайран қалды.
Оятып бұл жұмысты айтайын деп,
Анардың төсегіне жетіп барды.
Қаманның қарап қарап тұрып қашты сиқы,
Дұшпан деп сездірмеген түнгі ұйқы.
Анар жоқ, орны жатыр үңірейіп,
Кереует астаң-кестең, ұйқы-тұйқы.
Қаман бай шошып кетті көрді дағы,
Көңілін неше түрге бөлді дағы.
—Анар жоқ, астан-кестең үй іші,—деп,
Оятты бәйбішесін келді дағы.
Шуласып бәрі бірдей салды ойбай,
Шұрқырап үйдің іші үріккен қойдай.
Жүгіріп Қабыл, Зейнеп, келді Нәзір,
Ауылдың бәрін жиды бірін қоймай.
Жиылып ауыл-аймақ дуылдасты,
Бірі үй деп, біреу бүй деп зуылдасты.
Еліріп ат шаптырып, хабар айдап,
«Сәулебек әкетті!» деп шуылдасты.
ғашықтық дастандар
Елінің жиды жақсы болыс-биін,
Ұлы топ, ұлан асыр болды жиын.
Ақтанға: тез тапсын!—деп хабар салды,
—Болар,—деп,—бос ойлас арты қиын.
Екеуін кешіктірмей тауып келсін,
Болмайды басқа бітім оған сенсін.
Қорлыққа тартып алған шыдамаймыз,
Кетсе де жер түбіне ұстап берсін.
Ағайын жиды Ақтан көршілерін,
Бөлісіп сөзден келген еншілерін.
Сәуле алса, іздеп тауып тапсырайық,—
Қаманның деп қайтарды елшілерін.
Сөйлесіп бұлар мұнда басын құрап,
Бір айға қарар алды мұрсат сұрап.
Сәулені іздегенсіп көп кісімен,
Бірге жүр екі ағасы Зият, Мұрат.
Қарап жүр сай-саланы бірден теріп,
Зияттың қанша кісі қасына еріп.
Орнына ұстағанның «мықты бол!» деп,
Астыртын Сәуле, Анарға хабар беріп.
Нәзір жүр өлтірмекке жауын жаулап,
Тау-тасты, сай-саланы түгел аулап.
«Қызымды көп малымен бұлады» деп,
Ұлыққа мәлім қылды Қаман баулап.
Ұлығы ол заманның қандай «мықты»,
Талайды талқан қылып жерге тықты.
Бермек боп рұқсатын Қаман өзі,
Қаладан қырық шерік алып шықты.
Келген соң әскер басын паралады,
Ешкімнің көңіліне қарамады.
Қанша атты Қаман жақтан ұстап мініп,
Тау-тасты бұлар кезіп аралады.
анар—сәуле
Бөлінді төрт тарапқа оннан шерік,
Қасына ылғи «баты» қазақ еріп.
Егер де Анар, Сәуле қолға түссе,
Не атып, не жоғалтпақ ұстап беріп.
Осы елде бір мерген бар аты Сәтбай,
Аң аулап жүрушеді тыным таппай.
Бір бұғы осы таудан жаралады,
Жаңылып жаза басып, өлтіре атпай.
Қуалап ізіменен жарлы аңын,
Бір көріп анда-санда ақша таңын.
Теріскей Құсөтпестің бір ашасын,
Келеді өрлеп қуып шығыс жағын.
Бір кезде күн бесінге жақындады,
Шаршады Сәтбай мерген—батыр дағы.
Шыққанда көгал кезең аш мойнаққа,
Көзіне түсе кетті шатыр дағы.
Шатырды алаңдағы көрді Сәтбай,
Баруға сезді дағы тұрды батпай.
Ойлады сүйінші алып көрсетуге,
(Тұрсын ба бекер олжа Сәкең таппай?!)
Жөнелді көрді дағы қайта шауып,
Алуға арзан ақша көңілі ауып.
Түнімен тоқтамастан іздеп келіп,
Қабылға айтты:—Қашқынды келдім тауып.
Қуанды Қабыл, Нәзір көңілі серпіп,
Сәтбайды көтермелеп, тұрды желпіп.
Сүйінші қанша алсаң да береміз деп,
Жөнелді Сәтбай «ердің» өзін ертіп.
Ұстамақ болды күндіз басып алып,
Мылтығын қару-жарақ асып алып.
Он әскер бағанағы қанша қазақ,
Заулады Сәтекеңді қасына алып.
ғашықтық дастандар
Сартылдап келіп қалды тауды кезіп,
Жоғалтпақ қолға түссе Сәулені езіп.
Отырған қарауылда Мәтен бала,
Алыстан дүрбі салып қалды сезіп.
Отыздай адам екен анық көрді,
Келеді баса көктеп төте жерді.
Бөленген рахатқа Сәуле, Анарға,
Мәтен кеп:—Жау жетті,—деп хабар берді.
Рахат төсегінде жатқан жастар,
Шымылдық—перде болып ағаш, тастар.
Орнынан бұраң қағып ұшып тұрды,
Желбіреп жел тигендей қолаң шаштар.
Даярлап атты әкелді Мәтен бала,
Белгілі өздеріне сай мен сала.
Жабдынып абың-күбің атқа мініп,
Жотаға дүрбі салды шыға сала.
Қашқалы Анар, Сәуле айға жеткен,
Бауырын Құсөтпестің мекен еткен.
Үйренген жас күнінен мылтық еді,
Анар қыз он атарды ала келген.
Алмаққа келе жатыр Нәзір кекті,
Сол кезде Анар сұлу: Сәуле,—депті,—
Маған бер жеңілірек алты атарды,
Он атар оғы да көп саған епті.
Ауысып мылтықтарын алған шақта,
Сайды өрлеп, Сәтбай бастап жау да жетті.
Дауыстап:—Құтылмайсың!—деп айғайлап,
Бытырап тұра қапты құрып шепті.
—Қара жүз, өлмей тұрып қайт жөніңе!—деп,
Ақырып Қабыл «батыр» жерді тепті.
Сәулебек жауап қылды солай таман:
—Қайт, Қабыл, жөніңе кел, болмай жаман.
Егер де ұстаймын деп оқ шығарсаң,
Қоймаймын осы тауда біріңді аман.
анар—сәуле
Ісім жөн, шын сүйіскен жарымды алдым,
Еркімен бермеген соң Қабыл, Қаман.
Шошытып ұстайын деп Қабыл сонда,
Бір атты әлгі сөзді айтқан заман.
Сәулебек оқ шығармай жүріп кетті,
Боларын бір сойқанның біліп кетті.
Бекініс жаудан бұрын алу керек,
Далдалап бір берікке кіріп кетті.
Келеді арт жағынан жау да салып,
Түрі жоқ адасатын кейін қалып.
Алды—тау, арт жағы—жау, тұйықты алып,
Бір тасты жауды тосты бетіне алып.
Жау дағы таяу келе жатыр еді,
Көздерін далда тасқа сатып еді.
Ұйлығып бір мойнаққа түсе қалды,
Алдынан Сәуле бастап атып еді.
Болмады екі жаққа жайға жатыс,
Сөз айтып бұрынғыдай жауап қатыс.
Болғанда олар отыз, бұлар үшеу,
Шаңда-шұң шаңқай түсте болды атыс.
Бұл атыс байқағанға болды күшті,
Шаң шығып атқан оқтан түтін ұшты.
Бір шошып, онан кейін омақа асып,
Нәзір ит дегенде оққа ұшты.
Болмады қуғыншыға бұл жер орын,
Қылмады Нәзір өліп тәңір жолын.
Сәтіне Сәтбай мерген келе кетіп,
Оқ үзіп салбыратты оң жақ қолын.
Сәулелер шығып алып тас басына,
Бәрінің мылтығы бар бас-басына.
Түсірді он шақты атты тағы да атып,
Адамның дарытпады басқасына.
Ант атып, қаса ұрып, өлді Нәзір,
ғашықтық дастандар
Біреудің қастық ойлап жас басына.
Болғанда бесін мезгіл қайта қашты,
Қоймады Анар—Сәуле қашпасына.
Шұрқырап жаяу-жалпы кетті қашып,
Өлген ат ер тоқымын кетті шашып.
Қалаға тәуекел деп бетті бұрды,
Мәтен мен Анар, Сәуле ақылдасып.
—Болмайды енді бізге таудан мекен,
Мұратқа тауда жүріп деме жетем.
Оқ шығып, адам өліп болды соғыс,
Енді жау қанын қумай жата ма екен?!
Қарашы ғашықтардың қылығына,
Су құйып азық алып тұлыбына.
Қалаға аялдамай жүріп кетті,
Өзі іздеп бармақ болып ұлығына.
Жөнелді сол бетімен күн, түн қатып,
Келешек күндеріне үміт артып.
Жер еді бес күншілік ұлықтары,
Кеп қалды екі күнде сапылдатып.
Қалаға түнде келді Сәуле сері,
Ақ көбік, Сұркүлік пен бәйге кері.
Көшенің бұрма-бұрма бәрі таныс,
Базарлап қысы-жызы жүрген жері.
Алатын арада бар алыс-беріс,
Бар еді бір байбатша саудагері.
Жаз жиып несиесін, күзде қайтып,
Шығатын уағында соғым тері.
Бір шығып көк жайлаудан қайтып кеткен,
Бір жарым ай боп қалған содан бері.
Аты еді Әбділқайым байбатшаның,
Ашық қол саудагердің ол бір ері.
Ол дағы базаршыдан естіп жатқан,
анар—сәуле
Жайылмай тұра ма өсек ауыз жері?!
Қақпаға Сәуле, Мәтен жетіп келді,
Қасында Анар сұлу, бұраң белі.
Сәуле тұр қиял басқан күрең қабақ,
Кішкене Анар сергек онан гөрі.
Жолыққан сексен түрлі сергелдеңнің,
Жүректен тұр тарқамай қайғы-шері.
Адаспай түн ішінде тура тапты,
Қамшымен дарбазаны Мәтен қақты.
Жөн сұрап, біреу шығып есік ашып,
Ат байлап, үйге кіріп шамын жақты.
Отырды мейман үйге бұлар кіріп,
Біреу жүр шай қайнатып, зыр жүгіріп.
Малайдан келген кім деп жөнін ұғып,
Байбатша төсегінен келді тұрып.
Сәулемен амандасты Әбділқайым,
Ұқтырды бастан аяқ Сәуле жайын.
Байбатша бәрін ұғып, басын шайқап,
Тамағын неше түрлі қылды дайын.
Сәулеге:—Жат жайланып енді,—деді,
Көрмедім сен секілді ерді, деді.
Шаһардан көне ұлы қайтып кеткен,
Орнына кеше біреу келді, деді.
Сөйлемек ертең уағыз жамбылында,
Жинал деп елге жарлық берді, деді.
Жатыңдар бір-екі күн сыртқа шықпай,
Көтеріп талып келген белді, деді.
Аянбай осы жолы өзім жүріп,
Табамын жұмысыңа емді,—деді.
Сөйлесіп жаңа ұлықпен бетін байқап,
Береміз тойғанынша жемді,—деді.
Сәуле мен Анар қызға бір үй берді,
Анар қыз кірін жуып, шашын өрді.
Танысып жұртыменен уағыз сөйлеп,
ғашықтық дастандар
Тарқатты жаңа ұлығы ертең елді.
Сөйлесті Әбділқайым ұлықпенен,
Көрсетіп неше түрлі жейтін жемді.
Байбатша жүр сөйлесіп судай жылып,
Асылдан алуан-алуан сыйын қылып.
Ұқтырып бұрын сөзін, кім тойғызса,
Сөйлейді соның сөзін сондағы ұлық.
«Балалар салыпты,—деп жастығына,
Дұшпанның шыдай алмай қастығына.
Қазақша өлген ісін бітірсін» деп,
Бұйырмақ болды жұрттың бастығына.
Оларды деді ұлық:—жата берсін,
Әуелде дау иесі мұнда келсін.
Сол күнде ақиқатпен бітіреміз,
Бітеді қандай жолмен көзі көрсін.
Сәулеге қайтып келіп Әбділқайым,
Ұқтырды оқиғаның түгел жайын.
«Тамаша базар барып қылыңдар»—деп,
Екі атты пәуескемен қылды дайын.
Базарды монша барып, аралап жүр,
Шаһардың таңырқатып жарлы-байын.
Аңырып Анаржанды көрген жандар,
Көргісі тағы келді көрген сайын.
Мойнына бір-бірінің қолын салып,
Сәуле жүр қасына алып туған айын.
Ел айтты:—Қасындағы ері болса,
Парымен қосыпты,—деп,—бір құдайым.
Жарқырап жүр Анар қыз жанған шамдай,
Тұрады жүзін көрсе кім таңданбай.
Анаржан Сәулесімен жүрсін мұнда,
Айталық елдің іші болды қандай?
Сындырып Сәтбай қолын, Нәзір өлді,
Ауылға улап-шулап алып келді.
анар—сәуле
«Ауылын Сәулебектің шабамыз» деп,
Жан-жаққа ат шаптырып жинады елді.
Жиналды елдің түгел кәрі-жасы,
Би, болыс, манфаң, зәңгі, елу басы.
Тоқтатты қалыстар кеп Қаман жақты,
—Кетер,—деп,—жаман болып ел арасы.
Әуелі мәлім қылмай елді шапсақ,
Ұлықтың қандай болар көз қарасы.
Алдымен қағаз жазып мәлімделік,
Болар,—деп,—сонан кейін бір шарасы.
Нәзірді көрге көміп, жаназалап,
Хат алып біреу кетті шаһар қарап.
Қаман да өз сөзінен қайтпай жүрді,
Басқалар кеткенімен түгел тарап.
Ұлыққа жүрген жігіт барып жетті,
Сөздерін хатын беріп мәлім етті.
—Қыз жағы, жігіт жағы, қалыс билер,
Қайта бар, бәрі мұнда келсін,—депті.
Бес шерік және қосты:—Айдап кел,—деп,
Жүрсе айдап, жүрмесе егер байлап кел,—деп.
Әбділқайым ұлықты жағалап жүр,
Тақсыр-ай, біздің сөзді жайлап бер!—деп.
Айдауға тауға келді бес шерігі,
Бұл кезде дүрлігулі елдің іші.
Ауылы Сәулебектің бәрі үркердей,
Ата-ана, екі ағасы, жас інісі.
Ағайын, туысқанның бәрі шошып,
Болар деп әлдеқандай бұл жұмысы.
Бұл ауыл күндіз-түні қойдай шулап,
Жалғыз-ақ құдай дейді—бар тынысы.
Жыласып түн ұйқысыз, күндіз күлмей,
Күпті боп өңдеріне рең кірмей.
Бар-жоғы, өлі-тірі хабары жоқ,
Сәуленің қайда екенін тағы білмей.
ғашықтық дастандар
Болғанын Сәуле қандай қайдан білсін,
Мұндайда ел реңі қайдан кірсін?!
Мылтықты түн ішінде үшеу келді:
—Иесі Сәулебектің шәрге жүрсін.
Ұлықтан келдік шәрге айдаймыз, деп.
Ісіңді шәрге апарып жайлаймыз деп.
Өзінше жөнге келіп жүрмегенді,
Сүйреп шық, темір шынжыр байлаймыз, деп.
Қонысы Сәуле елінің су жағасы,
Қайғыда ұшып кетті ел бағасы.
Қасына он төрт-он бес жігіт алып,
Аттанды Зият, Мұрат—екі ағасы.
Егіліп қатын-бала қайнады іші,
Жетеді тоқтатуға кімнің күші?!
Қабылдың Нәзірменен ауылынан,
Аттанды отыздай жан үлкен-кіші.
Қара жол түсті келіп даңғылына,
Тозаңмен түскен жері шың қылына.
Күні-түні тоқтамастан тынбай жүріп,
Ұлықтың келіп кірді жамбылына.
Жамбылдың аузында жүр Әбділқайым,
Жүгірді Зият көріп таныс байын.
Зиятты Мұратпенен оңашалап,
Ұқтырды Сәулебекпен істің жайын.
Ал енді кіргендей Зият, Мұрат,
Құдайдан отыр істің артын сұрап.
Кең залға екі жағын иіріп ап,
Шаңқылдап шаңқай түсте болды сұрақ.
Бұларға:—Сөйле,—деді,—енді кепті,
Атысып адам өлді не себепті?
Жіберіп Әбділқайым байбатшаны,
Алдырды Анар, Мәтен, Сәулебекті.
анар—сәуле
Бөркін ап, деді Қабыл:—тақсыр ұлық,
Айтайын арызымды Сізге сылық.
Әкетті қызымызды күшке салып,
Отырған алдыңызда мына бұзық.
Қызды да, малды да алды, бәрін бірдей,
Бұзылды елдің іші тыныш жүрмей.
Бұл сойқан осылайша асып алған,
Сөзіне қалыстардың қойды кірмей.
Қаладан қырық әскер шығып еді,
Атысты оларды да көзіне ілмей.
Бірді атып, тағы бірін жаралады,
Жоғалды, қайда кетті, қалдық білмей.
Тақсыр-ай, сөзім осы менің барлық,
Ендігі өзіңізде кеңдік, тарлық.
Осындай қорлық көріп кеп отырмыз,
Болар деп өзіңізден әділ жарлық.
Бұл сөзін Қабыл солай бейнеледі,
Көп жауап онан артық сөйлемеді,
Жауабын қыз иесі айтып болды,
Қанеки енді, Сәуле, сөйле—деді.
Сөйледі Сәуле шынын бастан-аяқ,
Жасырып, жауып сырын жасқанбай-ақ.
Нәзірдің айтқандарын, берген сертін,
Ұқтырды бірін қоймай, тастамай-ақ.
—Мен болдым он жасымнан қызға ғашық,
Көрмедік ауыл аттап, қырдан асып.
Жақын-жат, ауыл-аймақ, тұтас елге,
Осы сыр түгел мәлім айдан-ашық.
«Қас қылсам, өлтірсең де құным жоқ» деп,
Хат берген өзі Нәзір қолын басып.
Кірісті екі араға қанша қалыс,
«Қызды алып береміз» деп ақылдасып.
Көнбеді оған Қабыл қарсылық қып,
Келмеді ол сөзіне мақұлдасып.
ғашықтық дастандар
Нәзірді құдай, аруақ, қасам ұрды,—
Деп хатты алдына әкеп тастады ашып.
Ғашығым жастайымнан болғаннан соң,
Анарды кеткенім шын алып қашып.
Кешсеңіз, кессеңіз де сыр осындай,
Барамыз енді қайда сізден асып?!
Жар үшін жалғыз жанға қарамадым,
Тау-тасты жан аямай араладым.
Соңымнан өлтірем деп қуғаннан соң,
Нәзірді атып, Сәтбайды жараладым.
Қуған соң бір өзімді түгел қаптап,
Тауды тастап, жазықты сағаладым.
Жанашыр, жәрдемші адам шықпаған соң,
Қашып кеп өзіңізді паналадым.
Қарады ұлық сонда барлығына:
Ешкімнің қарамаймын зарлығына.
Бітірем бұл шаруаны заң жолымен,
Көнбесең жазалысың жарлығыма.
Сөйленді екі жақтың барлық шыны,
Айтарлық бізде қалды сөздің міні.
Хат берсе де қателік Сәуле жақта,
Берілсін көне жолмен Нәзір құны.
Тапсырып қарындасын Қабыл алсын,
Қамаймын Сәулебекті,—қазір мұны.
Тұрасың таза бағып Анар қызды,
Ерге бер менен жарлық шыққан күні.
Жылады Анар сонда:—Өлемін,—деп,
Ел бетін қайтып тірі көремін деп.
Қайтпаймын басқа ерге, әм бармаймын,
Не салсаң осы жерде көремін деп.
Мен дағы күнәһардың бірі емес пе,
Қамап қой мені бірге Сәулемен,—деп.
—Жарамас,—ұлық тұрып,—егес,—деді,
Мұндай іс әсте дұрыс емес, деді.
анар—сәуле
—Жүр! Жүрлеп! Бір жағынан Қабыл келіп,
Анаржан!—деп алдау сап өңештеді.
Анарды ағасы кеп тұр шақырып,
Тастады ұлық елді бір жапырып.
—Тарқаңдар, әкет Қабыл қыздарыңды,
Ашу қып тақтайды ұрды, кетті ақырып.
Қорқытты ұлық елді айғай салып,
Жөнелді Анаржанды Қабыл алып.
Қайғы орнап қара тұман бастарына,
Бұл жерден Анар кетті, Сәуле қалды.
—Қош, Сәуле,—деді Анар мойнын бұрып,
Баса алмай тәлтіректеп, буын құрып.
Ұмытпа, мен өлгенше сендікпін!—деп,
Айрылды қолын ұстап, жылап тұрып.
Сәуле мен Әбділқайым, Зият, Мұрат,
Бәрінің шақырды ұлық басын құрап.
—Атуға кететұғын Сәулебектің,
Ап қалдым,—деді,—жанын әділ сұрап.
Нәзірдің елге барып құнын бітір,
Қылмайды ешкім зорлық талап-бұлап.
Ішінен Қабыл кірі кеткенінше,
Бұл жерде Сәулебекті тұрам сұрап.
Осындай бітірмесе ол ұнамас,
Ақырын алдауменен сипап-сылап.
Анар қыз сабыр қылсын бірер жылша,
Қайғы ойлап қамықпасын бекер жылап.
Аяқтап түгегенде істің бәрі,
Барады аман-есен Сәуле жары.
Уәде баста айтылған өзгермейді,
Кетпейді уақыт ұзақ онан әрі.
Болмайды осылайша алдамасаң,
Араға қызыл тілді жалдамасаң.
(Отырған бұны айтқызып пұлдың күші,
Тамақтан өтіп кеткен әлдеқашан.)
ғашықтық дастандар
Мұны айтып Сәулені алды түрмесіне,
Талатып қандала мен бүргесіне.
Аһ ұрып, Анарды ойлап жатты барып,
Домалап қараңғы үйдің іргесіне.
Еліне Зият, Мұрат қайтып келді,
Жинады би мен болыс қалың елді.
Қинамай елі-жұрты Ақтан шалды,
Өздері Нәзір қудың құнын берді.
Түгесті екі жағы болып бітім,
Анар жүр сырты жалын, іші түтін.
Әлпештеп Маңлық шешей таза бақты,
«Адал,—деп,—балам саған берген сүтім!»
Бір тойға Маңлық, Бекзат қатар келіп,
Жыласты бірін-бірі тойда көріп.
Тегіннен тату өткен екі ана,
Сөйлесті өткен сырды бірден теріп.
Сәулесін айтып Бекзат жылаған соң,
Кетіпті Маңлық көңлі майдай еріп.
Берер ем Анарымды Сәулежанға,
Қосылса арамызға аман келіп.
Ант суы екі ананың болды мықты,
Жыласып көздерінің жасын сықты.
Сәулеге берем деген Маңлық сөзін,
Жеңгесі Ғайша арқылы Анар ұқты.
Бұл жұмыс дос жандарға жағып жатыр,
Көз жасы Анар қыздың ағып жатыр.
Түрмеде Сәулебекті Әбділқайым,
Мәтенмен екі жақтап бағып жатыр.
Күз өтті, қысы кетті, жазы жетті,
Әрбіреу әртүрлі өсек тағып жатыр.
Жайлауға ел шығарда Жомарт келді,
Деп едік: «Келмей тыныш не қып жатыр?»
анар—сәуле
Дайындық жасап жатыр Қабыл, Қаман,
Әкеге ере кепті Ермек жаман.
Келсе де құда, күйеу қатарынан,
Қылмады Маңлық оған аман-сәлем.
Осы жол алмақ тойы, жыртысы да,
Әкелген бар елудей жылқысы да.
Келсе де қанша малмен құда, күйеу,
Маңлықтың жазылмады қыртысы да.
Анарды шақырып ап айтты Маңлық:
—Жомарт пен Ермек кепті мұнда қаңғып.
Түспей жүр қатындардың алдауына,
Сақ болып өзіңді бақ, өзіңді аңдып.
Ешкімге бергізбеймін, Сәуле келмей,
Берік бол дұшпандардың соңына ермей.
Серттескен Бекзатпенен беремін деп,
Тыныш жүр басқа оймен әуреленбей.
Беліңді басқа жанға шештірмеймін.,
Былғатып екі батпақ кештірмеймін.
Зәндемі, ел бүлдірген, қан төккізген,
Дегенді саған мәңгі естіртпеймін.
Ежелден Бекзат менің іргелесім,
Не көрсең Сәулебекпен бір көресің.
Қосамын Сәуле келсе өз қолыммен,
Қайда өлсең Сәулебекпен бірге өлесің.
Айтқан соң сүйер сөзін Маңлық жайлап,
Жылады қыз Анаржан апатайлап.
—Келеді осы күзде не қылса да,
Қалмаса өліп Сәуле сорым қайнап.
Бір жылға уәде қылып қалған ұлық,
Мені ойлап жатқан шығар көзі жайнап.
Түстім деп Анар үшін қазған орға,
Бармағын ызаменен күнде шайнап.
Кесімін жылдан ұлық асырмайды,
Аузын Әбділқайым қойған майлап.
ғашықтық дастандар
Мықты боп бермеймін деп өзің тұрсаң,
Бере алмас әкем мені тіпті байлап.
Апасы қайрап Анар шалқайыпты,
Бар сыры апаның да байқалыпты.
«Жабдынып қызды күзде береміз» деп,
Құдасын бір қондырып қайтарыпты.
Бұл сөзге қайтты Жомарт көңілі сеніп,
Қуанып Анар қалды күні кеңіп.
Үй іші екі бөлек, екі ұдай,
Кім білер әкетерін қай жақ жеңіп.
Сәуле ойда, Анар тауда, ел жайлауда,
Арада хабаршы жүр барып-келіп.
Сәуленің жас інісі аты—Нұрбек,
Ағасын келмек болды барып көріп.
Сол кезде Нұрбек бала он үш жаста,
Өсірген тәрбиелеп Сәуле баста.
Сәулені жас күнінде «көке» дейтін,
Сәулеге тарамайтын онсыз ас та.
Көкемді сағындым деп күнде жылап,
Мөлдіреп толып кетті көзі жасқа.
Ақтанның қолындағы жалғызы осы,
Бекзат пен басқа ешкім жоқ шалдан басқа.
Ақтан шал барлығының қожайыны,
Екі ауыл Зият, Мұрат бөлек үйі.
Ақтанның айтқанынан шыға алмайды,
Болмаса бәрі бөлек енші күйі.
Бармаған Сәулебекке жалғыз Нұрбек,
Қоятын барам десе тыныш жүр деп.
Бұл жолы қой десе де қояр емес,
Көкемді сағындым деп кетті еңіреп.
Не қылсам өзім барып келем,—дейді,
Бармасам осы жолы өлем дейді.
анар—сәуле
(Жанындай жақсы көрген ағасының),
Келгенде жүзін қайтып көрем дейді.
Бұл бұрын алдағанға ұнаушы еді,
Көкелеп біреу тисе жылаушы еді,
Сәулебек жақсы көріп, еркелетіп,
Болар деп өлмес адам сынаушы еді.
Езіліп сағынғаны рас екен,
Болмаса сөзге тоқтап шыдаушы еді.
Бұл жолы көнер емес алдау, күшке,
Егілді ауыл-аймақ мынау іске.
Қасына бір жолдас пен Асанды алып,
Сәулеге жүрмек болды ертең түсте.
Іс түссе ер жігіттің басына ауыр,
Қайғымен таза жүрек болар жауыр.
Қонарға құйрық болған, ұшсаң қанат,
Сүйеніш жал құйрығың шіркін бауыр.
Несіпбек бала жайын сұрап қалды,
Жігіттің біреуі еді ол да жалды.
—Жүремін ертең шәрге мал айдатып,
Маған қос,—деді Ақтанға,—Нұрбекжанды.
Барамын шәрім сылтау Сәуле досқа,
Қоя бер балаларды маған қос та.
Қуанды мына сөзді Нұрбек естіп,
Ертең кел,—деді,—ауылға бүгін тос та.
Ерттеді Асан, Нұрбек ертең атты,
Ел сынар жастайынан азаматты.
Нұрбектің жүретінін Анар естіп,
Оңаша Сәулесіне жазды хатты.
Қайғымен күні-түні жылап еді,
Бақытын Алла берген сынап еді.
Қамығып қалың ағаш, гүл ішінде,
Анардың жазған хаты мынау еді:
ғашықтық дастандар
«Бармысың есен-есен Сәулежаным,
Сенсіз жоқ шығар күнім, атар таңым.
Хал сұрап, хабарыңды білу үшін,
Хат жазған қайғы иесі Анаржаның.
Жалғанда жарым деген Сәулем едің,
Анардың көрер қызық дәурені едің.
Басыңа күн туғанда серік болмай,
Қапаста жалғыз тастап әуреледім.
Отыңа күндіз-түні жүрмін жанып,
Ас ішпей, ұйқы көрмей мейір қанып.
Кесімді бір жыл деген тоса-тоса,
Тірімін әзір өлмей, соған нанып.
Қасыңнан мен кеткенде, сені қамап,
Ұлғайтты дерт үстіне жара жамап.
Дәл бүгін тоғыз айдан үш күн асты,
Отырмын өткен күнді бірден санап.
Қорқамын кетем бе деп қосыла алмай,
Қайғыны қарсы келген тосып алмай.
Зарлаумен Ләйлі—Мәжнүн өткен екен,
Арманда өтем бе деп осылардай.
Бұл істі себеп болдым қылғаныңа,
Тигіздім қалай кесір бір жаныңа.
Жаныма сонда риза болар едім,
Жалғанда жарап өлсем құрбаныңа.
Мен үшін елден қаштың, белден астың.
Жаныңды оққа байлап, соғыс аштың.
Үйіңде мен демесең жүрмес пе едің,
Абақты орны ма еді сендей жастың?
Алам деп алпарыстың жесірімді,
Тигіздім мен қу саған кесірімді.
Түсінем мен деп соққан жүрегіңді,
Тілеймін кесіріме кешірімді.
анар—сәуле
Кешірім тисе тілеп жазған хатым,
Сен едің—асыл жарым, махаббатым.
Қандай іс бейбағыңа тапсырасың.
Бәрін де жазып жібер атап атын.
Өлгенше тапсырмаңды орындаймын,
Мұңыма болар кейін шапағатың.
Зайыбы Сәулебектің Анаржан деп,
Күн бар ма атым сөйтіп аталатын.
Нұрбектен айтып жібер ақылыңды,
Жандырмай жалыныңа пақырыңды.
Аман шық, аман көру тілегім—сол,
Қайырлы қылсын Алла ақырыңды.
Жайнаған найзағайдай Сәуле жаным,
Қайғымен қырың сынып жапырылды.
Кісі өліп, құн тартқызып, ел күйзелтіп,
Анарың тауып берді аһ ұруды.
Қоярсың қателікті ғапу қылып,
Өтсе де өз жарыңнан қандай қылық.
Иншалла, қосылудан үмітім бар,
Апамның бір сөзіне ішім жылып.
Ол сөзі мынау еді тыңдасаңыз,
Ақылмен миға салып ылғасаңыз.
Айтайын Жомарт байдың қылықтарын,
Оны естіп ашу қылмасаңыз.
Жақында келіп еді малын айдап,
Балаңды бересің деп енді жайлап.
Келгеннен апам оны жақтырмады.
Қапа боп, ашуланып, қаны қайнап.
Шақырып апам мені, Анар, деді,
Болмай жүр қатындарға нанар деді.
Түспей жүр дұшпандардың алдауына,
Еңбегің ақыр бір күн жанар деді.
Жомартқа шамам келсе бергізбеймін,
Бергенін қиын қылса алар деді.
ғашықтық дастандар
Оған барсаң «қанды қол, қашқын қу» деп,
Қапада ғарып басың қалар деді.
Ойлашы бір сен үшін не көрмеді,
Сен кетсең қанаты оның талар деді.
Бекзатпен уәдем бар, бермек болдым,
Көз жасы сертті бұзсам ағар деді.
Асығып жаздым шала, қылмай толық,
Сонымен қалдым біраз тәуір болып.
Таярлап, жабдып тұрам күзде кел деп,
Күн кеңіп кетті Жомарт бір-ақ қонып.
Егер де сен келмесең мен қайтемін,
Кеп қалса тағы Жомарт күні толып.
Зорлықпен бермек болса шәрге кетем,
Қырғиға тапсырып қой жүрсін шолып.
Ақылға айламенен сай едіңіз,
Қайратқа сабырменен бай едіңіз.
Сағынып сәлем жазып қол қоюшы,
Таудағы Анар мұңлық—әйеліңіз!».
Нұрбекті жазып болып тұрды тосып,
Көзінен егіліп тұр жасы жосып.
Бір жүзік, бір тақия, бір орамал,
Қалтаға салды үшеуін хатқа қосып.
Үйіне Несіпбектің Нұрбек келді,
Бесінде бәрі шыға жүрмек болды.
Анар қыз сырттан келіп Ғайшаны іздеп,
Үстіне осылардың кірмек болды.
Бұлардың жүретінін білді дағы,
От болып іші-тысы тұрды дағы.
Тапсырды аманатын қайнысына,
Сәлем айт деп қолынан сүйді дағы.
Танбастан неше күндей бұлар жүрді,
Қалаға сол бетімен келіп кірді.
Көрісіп Әбділқайым байбатшамен,
Түнде жатып, таңертең ерте тұрды.
анар—сәуле
Балалар байбатшаның соңына ерді,
Жамбылға тура бастап алып келді.
Шақырып кілтшіні Әбділқайым,
Жөнін тауып алты сом ақша берді .
Шығарды Сәулебекті есікті ашып,
Көңілі қалған екен әбден жасып.
Көрген соң інілерін көңілі босап,
Көрісті кезек-кезек мауқын басып.
Жаңбырдай көз жастары төгіледі,
Мұндайда қайтіп көңіл семіреді?!
—Іздеушім, жалтылдаған жал-құйрығым!—
Деп боздап, даусы шығып еңіреді.
Қасірет кеудедегі қалған ұйып,
Бетінен екеуінің кезек сүйіп.
Досы мен інілерін көргеннен соң,
Боп қалды басылғандай жалын-күйік.
Әкелген сәлем-сауқат, азық-түлік,
Тапсырды бәрін дағы түгел жиып.
Бетіне әр мұңайып қарағанда,
Ала алмай отыр Нұрбек жасын тыйып.
Бесінде ажырасып, бұлар қайтты,
Жыласып бірін-бірі зорға қиып.
Адамға дос, туыстай жақын қайда,
Оларсыз дәрмен қайда, ақыл қайда?
Қадірі дос, туыстың бір өтеді,
Өлгенде не болмаса осындайда.
Келеміз ертең тағы бол деп аман,
Аяңдап олар кетті сыртқа таман.
Үйіне байбатшаның келіп жатты,
Базарды тамашалап біраз заман.
Анардың аманатын көрді Сәуле,
Жарына бар көңілін берді Сәуле.
Жазғалы ғашығына дұғай сәлем,
Қағаз бен қалам алды енді Сәуле.
ғашықтық дастандар
Қыстығып, қитықтанып жатқан ақын,
Бетінде ақ қағаздың желді Сәуле.
Печаттап жазып болып, қолын қойып,
Тапсырып Нұрбегіне берді Сәуле.
Әр күні бұлар тынбай келіп тұрды,
Жолығып келген сайын көріп тұрды.
Бұларға қанша келсе есік ашық,
Ақшаны кілтшіге беріп тұрды.
Аттанып, жүрерінде елге қайтып,
Көп ақша берді досы малын сатып.
Қоштасып бұлар кетті, Сәуле қалды,
Қиын боп айырылғаны жанға батып.
Несіпбек, Асан, Нұрбек жолдасымен,
Ауылға аман-есен келді жетіп.
Анарға аманатты берді Нұрбек,
Сәлемді ауызекі түгел айтып.
Оқыды оңашада Анар өзі,
Еріксіз жасқа толып екі көзі.
Езілмей шерлі жүрек қайтып тұрсың,
Сәуленің мынау екен жазған сөзі:
«Сағынып сәлем жаздым Анарыма,
Жұлдызым, жарық Шолпан, фонарыма.
Хатыңды өзің жазған оқығанда,
Лапылдап келді жүрек ажарына.
Өртеніп, жалын жалап, жанған жаным,
Сөзіңнің салқындады самалына.
Енемнің мейірбанды сөзін ұғып,
Қуандым қуан деген хабарыңа.
Сәлем айт біз ғарыптан үш қайтара,
Қадірлі енем менен Қамарыма,
Дариға-ай, ойлап кетсем отқа түсіп,
Даяр тұр көздің жасы ағарына.
Қолымды қалай созсам от ілініп,
Қайғының қалдым түсіп дағарына.
анар—сәуле
Аңсаймын, ойлаймын да жаным сені,
Көз жетпей қашан шөлдің қанарына.
Азайып ақыл, айла қаным қашып,
Ұқсадым дәнсіз бидай сабағына.
Қамықсам, қан жұтсам да, қайғырсам да,
Қарайтын Анарым бар қабағыма.
Есіме еркетайым сен түскенде,
Тоқтайды жұтқан асым тамағыма.
Дұшпанның көре алмаған қыбы қанып,
Салдым деп жүрген шығар табаныма.
Көрмеймін бірін сенен өткен істің,
Қайғының қанша кірсем қамалына.
Сен үшін не болмадым, не қылмадым,
Ғашық боп он жасымнан жамалыңа.
Жанымнан жаныңды аяп кеткенің жоқ,
Кім көнбес тағдыр тартқан табағына.
Жалғыз-ақ менің саған тапсырғаным,
Шайтанның құлақ салма сабағына.
Өзіңді берік ұстап отыра бер,
Алданба алдамшының амалына.
Тапсырдым Асан, Қырғи екеуіне,
Жүреді сырттан сені бағады да.
Дегенді сен жүдеді, мен естісем,
Кетеді көзден жасым ағады да.
Мұңаям сен мұңайсаң, күлсең күлем,
Өйткені сенен жаным бағалы ма?!
Тар тұрмыс тағы қалай шайқалады,
Қайыспай қарсы шабам қамалыңа.
Тұрғым жоқ ойлап кетсем жалғыз сағат,
Осының көргенше деп азабына.
Тиер деп жұрттан сіле тоқталамын,
Кесірім тие ме деп қазағыма.
Кесімді күнім толып бір күн асса,
Ол күнде төзе алмаймын мазағына.
Тоқтамады кесіп салған толғаннан соң,
Бекерге неге тұрам мазарына?!
Күн бітсе—күнәм бітті тазаландым,
Мен оған артық жатып жазалы ма?!
Кесім-кесім болмаса, сөз бұзылса,
ғашықтық дастандар
Кімнің қарап тұрмақпын қабағына?!
Қашадан қарғып шыққан қашағандай,
Қан майдан араласпай базарына.
Түрмесі, күзетшісі, ұлығы да,
Келмейді бір тиындай назарыма.
Намысың жатқа кетіп бара жатса,
Ол күнде кім қарайды ажалына?
Қалмайды сені ойласам сабыр-тағат,
Ғапу ет сөзім болса кеткен ағат.
Қорықпа Жомарт мені алады-ау деп,
Жәрдемшім толып жатыр жеті қабат.
Әкетпек болды Анарды дегенді ұқсам,
Жетемін тұра алмаймын, жарым сағат.
Ойлама сені жатқа жіберер деп,
Кетсең де таудан өтіп неше қабат.
Басқа іске енді басты шата алмаймын,
Жігерсіз деген елден аталмаймын.
Жігіттің бар тірегі ерлік, сабыр,
Жан аяп ар-намысты сата алмаймын.
Ісім жөн адамдыққа қайда барсам,
Ойлашы неден қорқып бата алмаймын?!
Жіберіп сені жатқа жаутаңдатып,
Жер тарпып түрмесінде жата алмаймын.
Мұңайма, сабыр қылып сөзімді тос,
Жарыңның жазған сөзін ойлама бос.
Қайырлы сағаттарда көрісеміз,
Аман бол жолыққанша, ал қайыр, қош!»
Көзінен оқығанша төгіліп жас,
Мұңайып жерге түсіп иіліп бас.
Жасымды жан көрмесін дегендей қып,
Перделеп екі бетін жасырды шаш.
Жел шайқап жібек шашын кейін түріп,
Дегендей жасыңды сүрт, бетіңді аш.
анар—сәуле
Жарының ахуалын ойлап тұрса,
Болса да қайтып шыдар жүрегі тас.
Қамар мен хатты оқыды апасына,
Мұңайып бұлар түсті қапасына.
Еріксіз екеуі де еңіреді,
Сәуленің тарттым деген жапасына.
Ерітпес қандай жанды жардың зары,
Еңіреп оқи алмай Анар жары.
Сәуледен басқа жанға бермеймін деп,
Қатайып кетті Маңлық онан ары.
Сонымен бірсыпыра өтті заман,
Білмейді бұл жұмысты Қабыл, Қаман.
Қозғалып ел жайлаудан қайта көшіп,
Боп қалды салқын түсіп күзге таман.
Тағы айдап қалған малын қыз алмаққа,
Жомарт пен жетіп келді Ермек жаман.
Жайланып жатты келіп екі пақыр,
Бір жерге көгал майса тікті шатыр.
Жомарт бай жолдасымен сол шатырда,
Қабылдың отауында Ермек жатыр.
Күйеу кеп, құрды кеңес жеңгелері,
Әкелген бар жеңгетай, теңгелері.
Қыз Анар Зейнеппенен мүлдем араз,
Жүрмесе жеңгелікке өзгелері.
Құрметтеп күтіп жатыр Жомарт байын,
Сыйлады Ермекті де Қаман қайын.
Арада бір-екі күн өткеннен соң,
Сөйлесті екі құда тойдың жайын.
Көргендей албастысын ашуланып,
Жомартты Маңлық жүрді көрген сайын.
Үстіне екеуінің келді Маңлық,
Сөйлесіп отырғанда ішіп шайын.
ғашықтық дастандар
Қаман бай алыс сілтеп сөзді ұзартпай,
Отырған қыламыз деп тойды дайын.
Бұларға Маңлық қарап отырды да,
Беріңдер,—деді,—маған сөздің жайын.
Бітпеген талай шала ісіміз бар,
Тыңдап тұр екеуің де мен айтайын.
Екісі бүгін айдың асықпаңдар,
Мөлшермен деп көрсетті туар айын.
Екі бай бұған тағы мақұл, деді,
Бір айың алыс емес, жақын деді.
Қалмасын шала жұмыс, түгел бітсін,
Айтқаны бәйбішенің ақыл, деді.
Сонымен тоқтады сөз туар айға,
Сөз тоқтап Маңлық тағы кетті жайға.
«Сәулежан оған дейін келіп қалса,
Табармыз,—деп ойлады,—тағы айла».
Кеш кірді, ақылдасты бір топ қатын,
Күйеуге апармақ боп қызды жақын.
Алуға жеңгетайды асығып жүр,
Қайтсе өтеп бүгін кеште жеңге салтын.
Нүрилә ел жатарда сырттан келіп,
Шақырды, еркежан, деп екі қатын.
—Анаржан жатып қалды,—деді Маңлық,
Сезді де шақырғаннан сөздің артын.
Анарды Маңлық жатты қойнына алып,
Далада қатындар жүр аң-таң қалып.
Қатындар үйге батып кіре алмады,
Маңлықтың Анарменен түрін танып.
—Бұл жұмыс,—деді олар,—келіспеді,
Маңлықтың бұл мінезін теріс,—деді.
Тарады соныменен қатын-қалаш,
Қыз-күйеу бірін-бірі көріспеді.
Бірыңғай Анар, Қамар, шешесімен,
Сыр айтып басқаларға сеніспеді.
анар—сәуле
Бұл істі шыдай алмай Қабылға айтып,
Зейнепке олар жәрдем беріспеді.
Қайтсе де ақыр соған береді деп,
Қабылдың бір жауабы еңістеді.
Сонымен қалды бұл іс орындалмай,
Қыз-күйеу жарастығы порымдалмай.
Орнына бұл іс оңай келер емес,
Біреуі екі жақтың соғымдалмай.
Сәулеге Асан менен Қырғи барған,
Ұлықтың қарарына бір ай қалған.
Босатсаң мархабат қып Сәулені де,
Ұлыққа қағаз жазып, кісі салған.
Келгенін Жомарт байдың Сәуле де ұқты,
Қамығып көкірегін ашу сықты.
Даярлап кербесті мен жабдығымды,
Қырғи мен Мәтенге айтты бол деп мықты.
Қыз шығар ертеңінде деген күні,
Өзіне хабарлауды әмір қыпты.
Даяр боп мұнда бұлар жүргенінде,
Арызға анадағы жауап шықты.
«Тілепті Сәулені елдің бәрі,—депті,
Жұрт, бастық, үлкен, кіші, кәрі,—депті,
Мәлім қып жоғарыға қойған едім,
Келген жоқ азат қағаз әлі,—депті.
Асықпай әзір сабыр қыла тұрсын,
Етемін әлі—бір күн, қане!» депті.
Бұл сөзге Сәуле сері нана алмады,
Параны алып жатыр қамалғалы.
Араны сұмның неткен күшті еді,
Көрсетті көмекейін тағы алғалы.
Бекіді бермесіне енді пұлды,
Параға деді ұлықтың қойны толды.
ғашықтық дастандар
Байлаусыз, тиянақсыз сөзге тұрмай,
Кетуге осы түні неше ұмтылды.
Тағы ойлап қаралды күн толсын, деді,
Күзеуге ел жайланып қонсын деді.
Бір жылға кем қалғаны он жеті күн,
Өткен соң тамашамыз болсын, деді.
Байбатша тағы келді ұлығына,
(Ол дағы назаланып қылығына).
Сәуленің айтқанына ол ұнамай,
Біраз пұл тағы тықты тығынына.
—Тақсыр-ай көптен бері келмеп едім,
Сөзінде тұрар мықты ер деп едім.
Шығарып Сәулебекті жыл толғанда,
Қызды ал деп жарлық жазып бермек едің.
Анардың келді бүгін бермек жері,
Кеп жатыр Ермек деген алғалы ері.
Қыз кетсе зорлықпенен басқа байға,
Түрмеден аман шықпас Сәуле сері.
Сіз бізге күнде панасыз ғой,
Сөзіме менің айтқан нанасыз ғой.
Түрмеден Сәулебекті шығарсаңыз,
Не керек десеңіз де аласыз ғой.
Жеткізбей тілегіне алдасаңыз,
Жастардың обалына қаласыз ғой.
Аузынан шыққан соң-ақ пұлдың лебі,
(Олардың пұл демесе тимес себі).
Босады бұрыңғыдан ұлық біраз,
Ыңғайлы ақша десе қандай ебі.
Лебізін байбатшаның түсінді ұлық,
Таудағы шақырт деді кісіңді ұлық.
Иесін Сәулебектің келтіргенше,
Жөндемей деді мұнда ісіңді ұлық.
анар—сәуле
«Ауылдан адам келсін шақыр»—деді,
Байбатша қарғып тұрып: «Мақұл»,—деді.
«Сәуленің күні толы шығады деп,
Іздеп кеп екі інісі жатыр» деді.
—Басқасын олар болса шақырмай қой,
Түседі осындайда мынадай ой:
Босанып Сәуле досың шыққан күні,
Шақырып бәрімізді қыласың той.
—Тақсыр-ай, Сәуле шықса тойың бар ғой,
Неше күн тамаша мен ойын бар ғой.
Сіздегі әділдікті танып тұрмын,
Менің де ол туралы ойым бар ғой.
Деді де Әбділқайым шықты тысқа,
Ұқтырды Сәулебекке сөзді қысқа.
Мұны естіп, Асан, Қырғи, Мәтендер де,
Қуанды, а құдайлап бұл жұмысқа.
Қуаныш хабарымен бұл күн өтті,
Ауылдан дәл сол күні бала кепті.
—Қаман бай Анаржанның қылды тойын,
Келесі дүйсенбіде бермек бопты.
Анардың осы кезде қайнаулы іші,
Маңлықтың қалды келмей көпке күші.
«Шатағын қыз бермесе көреміз» деп,
Артынан тағы келді елу кісі.
Маңлықпен ұрсып қалды Жомарт шал кеп,
Жомартқа: «Қыз бермеймін, малыңды ал», деп.
Жұмсады Несіпбек пен Маңлық мені,
Тоқтамай күндіз-түні шәріге бар, деп.
Сәулебек не болды екен оны да ұғып,
Қырғиға Асанменен хабар сал, деп.
Бұл істі ұлық қандай тоқтата ма?
Қоя ма «бірің өліп, бірің қал» деп.
ғашықтық дастандар
Тапсырды қайта-қайта Зият, Мұрат,
Жауабын ұғып кел деп анық-дәл, деп.
Бұлармен бір сайыспай қыз бермейміз,
Қыламыз ақырында жетпесе әл, деп.
Даяр тұр біздің жақта жігіт жиып,
Анарды бермейміз деп жатқа қиып.
Сәулеге хабар ет деп мұңайландар,
Егіліп жатыр үйде жанып-күйіп.
Айтылған бұл баланың Манап аты,
Сәуленің жиені еді, үйсін заты.
Боп жатқан оқиғаны түгел салып,
Бар еді Анардың да жазған хаты.
Хатты алып, Манапты ертіп бұлар жүрді,
Жамбылға бірі қалмай, бәрі кірді.
Сәулеге жөнін айтып, хатты беріп,
Ұлыққа Әбділқайым біліндірді.
Мұны естіп ұлық кетті қаһарланып,
Қызарып екі көзі оттай жанып.
Жарлықты тыңдамайтын кім еді деп,
Жозыны ашуланып қалды салып.
Шақырып бір серігін әмір етті,
Сәулені алып кел деп әзір барып.
Шыққанша менен бұйрық қызды ұзатып,
Жарлықты елемейтін қандай халық?
Ашуда ұлығыңыз отырғанда,
Сәулені келіп қалды шерік алып.
Ұлықпен, тұрған елмен амандасып,
Ортаға Сәуле сері кірді басып.
Сәулені алдына ұлық шақырып ап,
—Күнәңді ғапу еттім,—деді, ғарып
Босаттым жарыңменен қосыласың.
Ісің жөн заңымызда айдан анық.
Еңкейіп тағзым қылды ұлығына,
(Қарашы мінезінің сылығына!)
анар—сәуле
Ақырып, айбаттанып отыр ұлық,
Қара деп мына жұрттың қылығына!
Қапа боп қандай күшті, бұзық ел, деп,
Шақырды бір хатшысын бері кел деп.
—Жарлық жаз таудағы елдің бастығына,
Шатақсыз Сәулебекке қызды бер, деп.
Айтпап па ем былтырғы жыл ауызекі,
Бәрінен жауап алып, өзім тергеп.
Жомарт мал алып бітсін, Сәуле қызды,
Бітірсін тездікпенен дереу істі.
Сөзіне мендей адам қайта ала ма,
Деп жүр ме ойларында мені екі істі?
Орындап әмірімді би-болыстар,
Қайтадан мәлім қылсын бұл жұмысты.
Осындай жарлық жазып, таңба басты,
Қоссын деп зарлықтырмай екі жасты.
—Көнбесе байлап мұнда жеткізіңдер,
Әлінен Қаман, Қабыл не қып асты?
Бітіріп екі жағын жарастырсын,
Өш қылып ел арасын қылмай ашты.
Бұйырып екі әскерге хатты апар деп,
Осындай ұлығыңыз жарлық шашты.
Отыр ма,—деді,—Сәуле, базарға бар,
Сөзімді түгел ұғып құлағың сал.
Ал енді қашан қайтсаң өзіңде ерік,
Бітіріп жұмысыңды жайланып ал!
Сәулебек бір толықсып жинады ойды,
Түзетті монша барып, әбден бойды.
Үйіне байбатшаның бір бие әкеп,
Жолына Анарының айтып сойды.
Ұлығын ертеңінде шақырып ап,
Тамаша неше түрлі қылды тойды.
Түрленіп Сәуле сері тоты құстай,
Қасірет, қапалықтың бәрін жойды.
ғашықтық дастандар
Сөйледі бір кезде ұлық көңілі өсіп,
Шаттықпен отырғандай желдей есіп.
—Сәулебек, менің саған ескерткенім,
Маған бір керек боп тұр орман ішік.
Байбатша бұрынырақ мақұл, деді,
Орнынан тұра келді дереу ұшып.
Алып кеп бір ішікті жапты ұлыққа,
Жымиып Сәулебекке көзін қысып.
Сонымен қош айтысып ұлық кетті,
Жамылып орман ішік сылық кетті.
Қолымен қоян ұстап бермесе де,
Аямай өз жәрдемін қылып кетті.
Тілегі ойындағы орындалып,
Қуанып езуінен жүріп кетті.
Жабдынып аялдамай енді мұнда,
Сәулебек, Әбділқайым жүріп кетті.
Мәтен мен жолдастары Қырғи, Асан,
Шаң шықпас жүрген жері, көгал-жасаң.
Көңілде ауыл жақтан алаңы бар,
Кетсе де шерік, жарлық, әлдеқашан.
Келеді қара жолмен бұлар салып,
Бітпеген жұмысы жоқ шала қалып.
Үйіне байбатшаның баста қойған,
Жабдықты жарқылдатып түгел алып.
Шаттықпен шықты бұлар күліп-ойнап,
Кербесті шұлғи тастап салады ойнақ.
Ән салып Сәуле сері шырқады енді,
Келтіріп сөз басына, Анарды ойлап.
Қылығы ғашығының ойдан кетпей,
Көңілі тынар емес елге жетпей.
Ал бүгін қыз шығатын дүйсенбі күн,
Тоссын ба олар дағы жеделдетпей.
Ойында қызды алудан басқа қам жоқ,
Ойлайды болды деп іс бір-ақ беткей.
анар—сәуле
Ескектеп, аңқылдаған қоңыр самал,
Жасалды қызды алуға алуан амал.
Салған ән, ойлаған ой, айтылған сөз,
Таудағы Анар ғана айдай жамал.
Ғашықтар ләззатының дәмін татсын,
Телміріп ұзақ жолға көзін сатсын.
Айталық Анар қыздың әңгімесін,
Әндетіп Сәуле сері келе жатсын.
Ұлықтан бұйрықпенен шыққан шерік,
Бастаушы Манап бала қасына еріп.
Күн-түні суыт олар жүре алмады,
Қазақтай емес шерік атқа берік.
Жетіпті алты күнде ауылға әрең,
Жүргендей асықпастан тезек теріп.
Күн екен ертең қызды шығаратын,
Бұйрықты Зият алды оқып көріп.
Түнімен бастықтарға ат шаптырып,
Деп айтты ұлығының хатын беріп.
—Хат шықты ұлығынан біз тимейміз,
Ал енді не қылса да өзінде ерік.
Таңертең жиылды елдің бастықтары,
Бұл жұмыс әлі күнге бастықпады.
Алмады бұйрықты да, бастықты да,
Олардың қып жүргені қастық бәрі.
Бастықтар деді:—кейін жөнделесің,
Артынан арман қылып сенделесің.
Ұлықтың тыңдамасаң бұл жарлығың,
Өз еркің, кейін жауап сен бересің.
Қалыстар Зиятқа айтты:—Салма шатақ,
Шығарсаң енді шатақ жаман атақ.
Бұл бұйрық тегін емес, қыз кетпейді,
Қамайды ұлық кейін бәрін матап.
ғашықтық дастандар
Жолықты бір шатаққа Жомарт, Қаман,
Болады байқасаңдар арты жаман.
Арманы іске асады ғашықтардың,
Сәулебек босаныпты есен-аман.
Ұлықты Қабыл, Қаман елемеді,
Халықты өз бойына теңемеді.
Анарды зорлықпенен атқа таңып,
Еліне Жомарт байдың жөнеледі.
Еңіреп жылауменен келеді Анар,
Айрылмай қасында жүр Маңлық, Қамар.
Үйректей қолға түскен мойынын иіп,
Қайдасың Сәулебек деп зар-зар қағар.
Жалынды Несіпбек пен шешесіне,
Сәулеге беріңдер деп жылдам хабар.
Баулаған қалыстардың хатын алып,
Шәріге болды Манап қайта шабар.
Хабарға Манап қайта кетті шауып,
Кез еді бесін болған түстен ауып.
Ән салып келе жатқан Сәулебектің,
Алдынан айқасыпты Манап тауып.
Ұқтырды Анарды алып кеткендерін,
Ауылға алты күнде жеткендерін.
Жарлық пен халық, бастық көндіре алмай,
Қорлығы Қабыл, Қаман өткендерін.
Сәуленің сұп-сұр болып көзі жайнап,
Долданып ызаменен қаны қайнап.
Ашуға кернеп кеткен шыдай алмай,
Бармағын қарт еткізіп алды шайнап.
—Не болды Анаржанның көрген күні,
Зорлықпен бара жатса атқа байлап!—
Деді де кербестіге тақым қысты,
Жіберді шақыр-шұқыр тісін қайрап.
Манапқа Әбділқайым «Тұрмаң»,—деді,
Мойныңды басқа жаққа бұрмаң, деді.
анар—сәуле
Баулаған қалыстардың хатын беріп,
Ұлыққа ұқтырып айт, «жылдам», деді.
Жөнелді бұл бесеуі желдей болып,
Тасқыны таудан асқан селдей болып.
«Қиналды-ау, Анаржаным қинауменен!»
Сәуленің жасы кетті көлдей болып.
Анары Сәулежанның жан жолдасы,
Жары үшін шығып кетті қан сорпасы.
Бұлардың осы күні жүрген жері,
Төрт күндік мөлшерлесем екі ортасы.
Қарамай алды-артына құстай ұшты,
Аттары жарап жүрген бәрі күші.
Туралап төтесінен қосылуға,
Күн бата Аршалыдан асып түсті.
Келген соң бұл өңірге хабарлады,
Еш дерек білген жанды таба алмады.
Әйтеуір өтіп кеткен сықылды емес,
Осы еді жүрер жолы аралдағы.
Бұл жолдан ел айтады өтпегенін,
Жүр Сәуле арман қылып жетпегенін.
Өтпейтін соған соқпай бір мәлі бар,
Одан да сұрап білді кетпегенін.
Тоқтады бұл мәліге түнде Сәуле,
Жаралды жолбарыстай күн де Сәуле.
Жалындай жан қайғысы жанын өртеп,
Отырды кірпік қақпай мүлде Сәуле.
Кезінде түн ортасы кеткен ауып,
Шақырды таң атты деп басқы тауық.
Мәлінің тоқтамастан шулады иті,
Сәулебек «осы ма?» деп қылды қауып.
Отырмай сыртқа шықты мылтық алып,
Қарады ары-бері жолды шалып.
ғашықтық дастандар
Мәлінің көшесінің бас жағынан,
Көп дүбір келе жатыр атпен салып.
Сол жерде жалғыз тосып тұрды өзі,
Келді деп Жомарт болса тура кезі.
Мал айдап, түйелі көш жетелеген,
Бейсауат төрт кісіні көрді көзі.
Алдынан қарсы шығып: «Кімсің?—деді,
Не қылып түн ішінде жүрсің?» деді.
Мылтығын көргеннен соң «бұл аңшы» деп,
Жүрегі төртеуінің дүрсілдеді.
Біреуі жауап берді тұра қалып:
—Келеміз жоғарытыннан келін алып.
Келіннің жасау-жабдық киіттерін,
Жіберген бұрын бар деп жолға салып.
Көп адам, бір біз емес толып жатыр,
Ол елде талай шатақ болып жатыр.
Жомарт бай қырық-елудей кісіменен,
Құдасы Сырлыбайда қонып жатыр.
Олар да таң атқан соң аттанады,
Деп сөйлеп әлгі жігіт шаттанады.
Сәуле айтты:—Біз жол тосқан бажыгерміз,
Тоқтап тұр барлық малың хатталады.
Шақырды Асан, Қырғи, Мәтендерді,
Төрт жігіт қолға түсіп қатерленді.
Түсіріп барлық жүгін, малды иіріп,
Өздерін үйге бастап әкелді енді.
Бұлардың жатқан жері бір сарай—дең,
Қорасы шаңияның, ауласы кең.
Сәулебек сөйледі бұл төртеуіне:
—Біркелкі жас екенсің барлығың тең.
Көзіңді ашып қара танимысың,
Отырған алдыңдағы кім болам мен?
анар—сәуле
Ғашығы Анаржанның Сәуле сері,
Дегенді мұнан бұрын естіген бе ең?
Сол Сәуле танымасаң мен боламын,
Ғашықтың жүрегіне ем боламын.
Байлап Жомарт оны келеді екен,
Босатар бұғауынан мен боламын.
Алғашқы жауап берген қара жігіт,
Сәулеге қарап тұрған көзін тігіп.
—Сәулебек, жасың кіші, жаның құрбы,
Сырым жоқ жасыратын сенен бүгіп.
Белгісіз біздің сізге қалайымыз,
Артықша жан екенсіз тәләйіңіз.
Жазықсыз босқа бізді жазғырмаңыз,
Бәріміз Жомарт байдың малайымыз.
Сізбенен мұнан бұрын таныспадық,
Сөйлесіп барды-жоқты қаныспадық,
Жомарттай үш кісімен баста кеткен,
Хабарсыз ел арасы алыс қалдық.
«Шатақ қып келінімді берер емес»,
Делінген Жомарт байдан хабар алдық,
Олардан елу кісі атқа мініп,
Бізді де «жүр» деген соң қалыспадық.
Риза—Қаман, Қабыл, қыз—наразы,
Жатырмыз алып келе, салыспадық.
Шешесі біреуіне ұнамады,
Қызы үшін әке, аға жыламады.
Зорлықпен Анарды алып жүргенінде,
Құдағи бірге жүрді шыдамады.
Сәулеге тимек дейді Анар таңдап,
Тиген жоқ Анарыңа бізден таңлақ.
Сәуленің ағалары бермейміз деп,
Жатқанын жігіт жиып тұрдық аңлап.
ғашықтық дастандар
Бір адам жүрер күні жетіп келді,
Ұлықтан жарлықпенен шерік келді.
«Алады Жомарт—малын, қызды—Сәуле,
Кесігін дәл осылай беріп келді.
Долданып Қаман, Қабыл Анарға ұрсып,
Әкет деп бізге шапшаң ерік берді.
Дегенді «Сәуле шықты» тағы да естіп,
Біздің жақ тоқтай алмай желіктенді.
Шыққалы біз ол жерден үш күн болды,
Келеміз күн-түн демей басып жолды.
Құтылдық дегендей қып қуғыншыдан,
Жомарт бай құдасына бүгін қонды.
Сен бізге ашу қылма, қалқатайым,
Міне осы, біздер білген барлық жайың.
Шешесі, сіңлісі, Қабыл да бар,
Әне Анар, не істесең Жомарт байың.
Жабдығың міне, Сәуле, малыңменен,
Келеді жауың артта жарыңменен.
Күні үшін біз Жомарттың күлігіміз,
Санама бізді бірдей оныменен.
Сәулебек деді:—Бізден қашпаңыздар,
Қылар деп бізге зиян саспаңыздар.
Сендерге мен тимеймін, уәдем бұл.
Ауылға Жомарт жатқан бастаңыздар.
Жабдықты жасауменен түйеге артып,
Таң ата аттанысты бұлар шалқып.
Жомарттың төрт жігіті Сәулеге еріп,
Келеді малын айдап, қайта тартып.
Бұларға Сәуле қатты сөз айтқан жоқ,
«Малайлар сілтеген қол, атылған оқ».
Сәулебек, Әбділқайым, Асан, Қырғи,
Мәтенмен жасөспірім жайнаған шоқ.
анар—сәуле
Сырлыбай ауылының сырт жағында,
Шоғырлы келе жатыр бір қалың топ.
Сәуле айтты бір жігітке:—Сен озып бар,
Бар дағы Жомарт байға хабарды сал.
Осында ойынымыз басталады,
Арманда боп қалмасын Жомарт бай шал.
Ие боп тауға тартып Мәтен тұрсын,
Болмайды иен қалса жасау мен мал.
Жомартпен қоштасатын ақырғы күн,
Бәрің де жабдығыңды қолыңа ал.
Жомарт шал жасап алсын армансыз қам,
Бес кісі даяр тұрмыз біз болып жәм.
Елу оқ елуіне сайлап қойдым,
Атпаймын онан артық сөзіме нан.
Сырлыбай ауылының сыртындағы,
Үстінде қоңыр дөңнің ағызам қан.
Келмесе жылдам жөнге қызды беріп,
Олардан жібермеймін бір тірі жан.
Не өліп, не тіріліп, бір-ақ қалам,
Тобына бүгін Жомарт қырғын салам.
Бірыңғай істі әуелі жөндеп алып,
Қолыма Анарымды бір-ақ алам.
Жомартпен шатағым жоқ сөзге келсе,
Болмайды оған келін Анар өлсе.
Еш зиян біреуіне келтірмеймін,
Тапсырып Анарымды қолға берсе.
Жақсы ма соғысуы, тоқталуы,
Ойланып өз миымен өзі көрсе.
Бояймын қызыл қанға қырдың басын,
Қабылдың айтақтаған тіліне ерсе.
Ол жігіт сөзін ұғып кетіп қалды,
Алдына Жомарт байдың жетіп барды.
Кезеніп ажал оғын өңмеңіне,
Сәулебек кеп қалды—деп айғай салды.
ғашықтық дастандар
Мәліде бізді тосып жатыр екен,
Түп-түгел жасау, малды тартып алды.
Хабар қыл даяр тұрсын, деп тосып тұр,
Тас қылып ана үшеуін байлап алды.
«Анарды қайтсем бүгін алам, дейді,
Ойранды осы жерде салам, дейді.
Қолыма жөнге келіп тапсырмаса,
Жомартты қызыл қанға малам, дейді.
Өлтіріп мені бүгін әкетпесе,
Болмасын қызды алам деп алаң, дейді.
Бұл сөзді ести сала Анар сұлу:
«Апа, мен Сәуле жаққа барам!» дейді.
—Мыналар,—деді анасы,—жазым қылар,
Тұра тұр сабыр қылып, балам, дейді,.
Жомарт бай Сәулебектен әбден састы,
Басқалар тұр қалсақ деп қорғап басты.
—Мейлің бер, мейлің берме, мен бергемін,
Қош бол!—деп Қабыл қайта тұра қашты.
Сәулебек ұран салып тұр айғайлап,
Қолында жарқылдатып қылаумасты.
Маңлық тұр тілеу тілеп бір құдайдан:
«Жаратқан тірі қос,—деп,—екі жасты».
Түрленіп аққу құстай тұр Анаржан,
Жел шайқап, желбіретіп қолаң шашты.
Жүректі жанған оты жарып шығып,
Желпініп салқын желге төсін ашты.
«Құдай-ау, өңім бе осы, түсім бе,—деп,
Түсімде көріп тұрған ісім бе, деп.
Жалтылдап Сәуле жақтан көз айырмай,
Құтқарар рас мені кісім бе» деп.
Біле алмай не қыларын тұрып қалды.
Жомарт бай тілден мүлдем құрып қалды.
Кісідей ат қоятын ойқастатып,
Сәулебек арлы-берлі жүріп қалды.
Бөлін деп Қамар, Маңлық ара ашып,
Ақырып арыстандай айбар шашып.
Қолына алты атарды ала салып,
анар—сәуле
Жіберді Сәуле ашумен басып-басып.
Бір шетке Анар, Маңлық, Қамар шықты,
Өзгелері быт-шыт болып кетті қашып.
Тоз-тоз боп кетті қашып айдалаға,
Жоғалды бірден сіңіп сай-салаға.
Бұлардың әуселесі осы болды,
«Елу батыр» шыдамай бес балаға.
Ойқастап Анарды ертіп келді Маңлық,
Сәулебек ұшып түсті аттан қарғып.
Алдынан қарсы келіп тәжім етті,
«Кеш, апа қатемді» деп тұрды қалғып.
Сәулесін Анар келіп құшақтады,
Құдайдан тілеп жүрген жарын зар қып.
Қамардың екі көзі жасқа толып,
Еңіреп жіберуге тұрған ар қып.
Сәуле кеп Қамарменен амандасты,
Маңдайдан иіскеді терін бал қып.
Бәрі кеп бәйбішемен амандасты,
Қайғыны көңілдегі тамамдасты.
Мінісіп аттарына, көшін айдап,
Қайтадан ел-жұртына қадам басты.
Шаттықпен думандатып жүрді қайта,
Ал енді Анар сұлу қудай жайқа.
Бекзатты Ақтанменен қуантуға,
Ел жаққа Мәтен кетті хабар айта.
Тоқтамай бұлар жүріп түн қатады,
Бұларға соқтығуға кім батады?!
Тау асып, жазық басып, бөктер керлеп,
Жарқырап ашық арай таң атады.
Көгалға кейде түсіп дамыл алып,
Көздерін біразырақ мызғытады.
Мұңайып осы кезде жүрген Ақтан,
Түскендей патшасы құлап тақтан.
ғашықтық дастандар
Басында бір төбенің отыр еді,
Келеді біреу шауып батыс жақтан.
Айқайлап:—Сүйінші!—деп шауып келіп,
Топ етіп үй жанынан секірді аттан.
Төбеден шал, отаудан Зият, Мұрат,
Жүгірді үйден Бекзат тұс-тұс жақтан.
Қарындас, аға-жеңге, келін-кешек,
Мәтенге шұбан келіп көзін сатқан.
—Сәулебек Анарменен келе жатыр,—
Деп Мәтен сұрағанға жауап қатқан.
Бәрінің ағып кеткен көзден жасы,
Боздады қатарынан ата-анасы.
Есінен адаспапты мұңлы Бекзат,
Еңіреп Зият, Мұрат екі ағасы.
Ақтанның сақалынан жас сорғалап,
Дірілдеп буын босап жоқ шамасы.
Бір жақтан Нұрбек бала еңіресе,
Өксігін тоқтата алмай кәрі-жасы.
Жыласа біреу үйде, біреу сыртта,
Қалмады шерлілерде еш бағасы.
Тоқтатты Мәтен сөзді ұғыңдар деп,
Тұрмаңдар босқа, қамды қылыңдар, деп.
Өзі де сөйлей алмай еңіреп жүр,
Кеп қалды, тез алдынан шығыңдар, деп.
Әндетті Сәуле сері жай ысқырып,
Бұраңдап Анар белін майыстырып.
Боз бала, қыз-келіншек шықты алдынан,
Қақтығып қара жерді қайыстырып.
Майсаға шатыр тігіп, сырмақ, салып,
Кіргізді жаяулатып, алып барып.
Алдынан Бекзат пенен Ақтан шығып,
Көрісті баласымен неше талып.
Анар мен Сәулебекке бата беріп,
Тастады көк қасқаны дереу шалып.
анар—сәуле
Зият, Мұрат, Нұрбектер көңілі тасып,
Қуанғаннан аяғын шалыс басып.
Жеңгелері желігіп желпек қақты,
Құттықтап қадамына шашу шашып.
Маңлықты Қамарменен кіргізді үйге,
Жиылып келіп қалды болыс, би де.
Шақырып Қаман байды Қабылменен,
Олардың бәрі келді үйме-жүйме.
Шуласып, татуласып, кекті кешіп,
Қайырлы істің арты болсын десіп.
Кетіріп іштен кірді екі жағы,
Арада сөз түйінін билер шешіп.
Бәрінің бастарынан қайғы қалып,
Тарқады қара бұлт түгел көшіп.
Екі жақ қол көтеріп бата берді,
Түрленді Анар, Сәуле көңілі өсіп.
Болысып қайта құда малын сойып,
Тойшылар дүрілдеп жүр етке тойып.
Басқарып барлық істі Асан, Қырғи,
Шауып жүр жарқылдасып, ортаны ойып.
Қамарды Қырғиға арнап құда болды,
Екі жас бір-біріне көңілі тойып.
Ұласып той үстіне қосылды той,
Қайырып араздықты шетке қойып.
Той қылды неше күндей жұртты жиып,
Не десе бір-біріне сөзі сыйып.
Ақындар екі жасқа бата берді,
Ұрттатып тәтті суды неке қиып.
Той тойлап, жырын жырлап, биін билеп,
Алысып бірін-бірі жасанға илеп.
Бес жүз қой, елу жылқы енші беріп,
Қаман бай шығарыпты Анарды үйлеп.
ғашықтық дастандар
Толтырып аспан астын ән-күйімен,
Тосылып шықты жастар зар күйінен.
Екі жақ Жомарт байдың малын берді,
Келгенін разы қылып бай, биімен.
Анаржан қызыл гүлдей жайқалыпты,
Сәулебек бүрлі талдай шайқалыпты.
3800 Қаладан елу шерік келген екен,
Хат беріп, «бітістік» деп қайтарыпты.
Ескі әдет, ескі ғұрып, ескі жолдың,
Махаббат бетін бұзып тойтарыпты.
Қалтқысыз махаббаттың күштілігі,
Анар мен Сәулебектен байқалыпты.
Қосылды бірін-бірі көңілі сүйіп,
Сөндіріп жалын отын жүрген күйіп.
Қош айтып Әбділқайым болды қайтпақ,
Үш тоғыз түйе бастық киіт киіп.
3810 Бұл сөзді ұқ, оқушы, мойын бұрып,
Бұзбаңдар махаббатты біле тұрып.
Қас қылған ғашықтарға Нәзір әне,
Оққа ұшты ақыр өзін қасам ұрып.
Болмасын жалған жала, анығын тап,
Жаңылсаң мойыныңа түсер құрық.
Өтсе екен әділ болып бес күн әлем,
Ұшады жауыздықтан шіркін зәрем.
Қиялда қайғы басып жүрген күнде,
Қиналып қыспақ, жерде жаздым әрең.
Кешіңдер жазғанымда болса айып,
Қаламым әділ сөзден кетсе тайып.
Жазып боп аяғына қолды қойған:
3823 Таңжарық, елім Қызай, Жолдыбаев.
Қолыма қалам алдым хат жазғалы,
Еске алып оқиғаны мына зарлы.
Жамағат, зейін қойып оқыңыздар,
Азырақ Әнуардан сөз қозғалды.
Басыра шаһарында өткен шақта,
Залымдар қарсы болған ақиқатқа.
Бар екен Нұрым атты бір саудагер,
Бай адам—дәулеті мол сол уақытта.
Бұл Нұрым байып кеткен саудаменен,
Өзіңе ешбір адам тең келмеген.
Саудасы мал-басымен қатар өсіп,
Дүниеде мұқтажы жоқ ештеңеден.
Нұрымның қаулап өскен бар шаруасы,
Бар екен кіндігінен үш баласы.
Әнуар—бесіктегі ең кенжесі,
Дейтұғын Асан, Үсен екі ағасы
Әкесі мен шешесі бірдей өліп,
Қалмапты балалардың еш панасы.
Бай еді аты мәлім қаласына,
Қалыпты жиған дүние баласына.
Есейіп, ес тоқтатқан адамы жоқ,
Ақылын бала ойлап таба алсын ба?
Шешесі қатар өліп әкесімен,
Мал-мүлік қалды иен неше түмен.
Әнуар—Күләнда
ғашықтық дастандар
Ер жеткен екі бала—Асан, Үсен,
Бастады дүние шаша құмарменен.
Соншалық жинап кеткен мал мен мүлік
Жетті ғой екі-ақ жылға әрең-пәрең.
Әнуар жетім қалған бір жасында,
Шыға алмай қалды жылап қыр басына.
Алманың қызылындай шырай жүзі,
Болғандай көрген құмар тұлғасына.
Құмарпаз Асан, Үсен—екі аға,
Көп малды шашып-төкті құмарына.
Ойламай келешегін шашқаннан соң,
Ақыры зар боп қалды бір тиынға.
Белгілі Асан, Үсен—бай баласы,
Қоршалған мал-мүлікпен айналасы.
Жеткізбей екі жылға ол дүниені,
Сорайып қала берді сопа басы.
Айырылып мал-мүліктен, қалды қарап,
Кедейлік, келді жетіп, қанжығалап.
Малай боп енді бұлар күн көрмесе,
Берер ме біреу оған соқыр жармақ!?
Өзінде болмаған соң жалғыз тиын,
Бекерге кім береді киім-тамақ!?
«Нұрымның балалары малай болды»,
Деген сөз екеуіне қиын болды.
Тауысып екі жылда мол байлықты,
Жоқшылық тоса берді жүрер жолды.
Өзінде бұл шаһардың малай болып,
Мал бағып, жан бағуды намыс көрді.
Екеуі ақылдасты кеңес құрып,
«Жайымыз мұндай болды Құдай ұрып.
Онан да өлген жақсы бізге,—десті,—
Бұл жерде жан баққанша малай болып.
әнуар—күләнда
Біз болдық өзімізді отқа айдаған,
Таңбалы басымызға шоқ байлаған.
Бір жаста жетім қалып шерлі болған,
Қайтеміз Әнуарды сор қайнаған.
Үш жаста жүре алмайды Әнуар бірге,
Еңбекті істей алмас тағы бірге.
Шөлдетіп, өлтіргенше жапан түзде,
—Қалсын,—деп кеңес құрды,—ел ішінде.
Атаның түгел құртып мал мен мүлкін,
Болдық біз көре алмастай елдің жүзін.
Обалың бізден болды Әнеш сәби,
Қор болып бір жасында қалған жетім.
Айырылдың бір жасыңда ата-анадан,
Сенделткен өзімізді біз бір надан.
Тіріден күні құрсын тірі айырылған,
Обалың бізде болды асыл задам.
Келмедің тым болмаса алты жасқа,
Жоқ еді сүйенішің бізден басқа.
Тапсырдық бір Құдайға, Әнуар, сені,
Қалмады енді шара айырылмасқа».
Екі аға осылай деп егіледі,
Ұйқыда жатқан Әнуар не біледі?
Әнешті ағалары кезек сүйіп,
Қош айтып, кетуге енді бекінеді.
«Туысқан, тірі айырылдық, Әнеш іні,
Зарлаған ағаларың көп қой міні.
Мал тауып, тірі болсақ бір іздерміз,
Ақыры, осы болсын сөздің шыны».
Екеуі осылай деп қалды кетіп,
Қаңғырып, жапан түзде өмір өтіп.
Ұйықтап жатқан жерде Әнеш қалды,
Боздатып, тастап кетті еңіретіп.
ғашықтық дастандар
Екеуі жан бағуға кете берсін,
Өмірі Әнуардың өте берсін.
Кезікті қандай күйге ғаріп бала,
Жамағат, енді соны көзі көрсін.
Жөнелді орап тастап екі ағасы,
Әнуар қалды жалғыз бауырласы.
Бар еді өзі кедей, әйел адам,
Қанаттас бірге отырған қошынасы.
Бір кезде сыртқа шықса әлгі адам,
Күн таяп қалған екен түске таман.
Естілді ойбайлаған қатты дауыс,
Байқаса, Әнуар екен шырылдаған.
Ағалап, зыр жүгіріп, салады ойбай,
Аға жоқ, не тамақ жоқ қарны тоймай,
Зарлаған жас сәбидің дауысына,
Жүгірді «не болды?» деп япырым-ай!
Жүгіріп қақпаны ашып, келді жетіп,
Қараса, Әнуар жүр зар-зар етіп.
Іздейді Асан, Үсен екі ағасын
Пұл тауып, жан бағуға қалған кетіп.
Оңбас,—деп қарғай келіп, екі ағасын,
Баланың жылап тұрған сүртті жасын.
«Қояйын үйге апарып бұл жетімді,
Келгенше ағалары аш қалмасын».
Үйіне осылай деп алып барды,
Уатып, мауқын басып Әнуарды.
«Келгенше кешке қайтып ағалары,
Тұрсын,—деп,—біздің үйде» ол ойлады.
Келмеді кеш батса да екі ағасы,
Баланың төгіліп тұр көзден жасы.
Уатып, сүйіп-құшып, жұбатады,
Кемпірдің кемшіл еді мал мен басы.
әнуар—күләнда
Келмеді ағалары, бір жыл өтті,
Әнуар үш жастағы төртке жетті.
Құмарпаз ағалары келмесіне,
Кемпірдің ұзай келе көзі жетті.
Бір жылдай Әнуарды кемпір бақты,
Баланы барын беріп жылатпапты.
Бағарын енді қалай біле алмады,
Болатын бұл кемпірде шама-шақты.
Баланы баға-баға бір жыл өтті,
Өзінің баласындай еркелетті.
«Тағы да сауап үшін бағар едім,
Шамам жоқ, енді мұны қайтем?» депті.
Бар еді Омар деген молла адам,
Алдында шәкірт болып бала оқыған.
Жақсы еді әл-ауқаты сол адамның,
«Апарып берсем қайтер?» деді соған.
Моллаға соны ойлап келді алып,
«Жасынан жетім қалған мынау—ғаріп
Белгілі Нұрымбайдың баласы еді»,—
Дей келіп, жәй-мәнісін айтты жарып:
«Жоғалды екі ағасы тастап кетіп,
Бауырын иен үйге зар еңіретіп.
Бір жаста жетім қалған ата-анадан,
Барады зарлауменен өмір өтіп.
Жесірмін, қаза болған сүйенішім,
Бағар ек ерім болса, сауап үшін.
Сауапты ойлайтұғын молла ғой деп,
Әкелдім жетпеген соң менің күшім.
Күш жетсе бұл баланы бағар едім,
Алладан талай сауап алар едім.
Алтындай, сұлу мүсін жас сәбиді
Түбінде балам етіп алар едім».
ғашықтық дастандар
Молланың жас баланы көзі көріп,
Сөздерге кемпір айтқан мейірленіп,
«Бағайын келер шамам,—деп ойлады,—
Бұл кемпір тұр ғой маған әкеп беріп».
Кемпірге Омар молла: «Мақұл,—депті,—
Иесіз бала екен ғой қам жүректі.
Бір бала бағылуы қанша қиын»,—
Дейді де төмендегі ойға кетті.
«Бұл бала әлі-ақ өсіп, ер жетпей ме?
Ер жетсе, маған ықылас көлдетпей ме?
От жағып, күл шығарып, атқа қарап,
Шаруамды бір малайдай дендетпей ме?!
Оқытсам, шәкірттермен сауаттанар,
Жетім ғой ақ-қараға жауап табар.
Жеткізсем осылайша бұл сәбиді,
Бұл Омар аз болмаған сауап табар».
Деп ойлап, бұл баланы қалады алып,
Кемпірге үйір болған бала ғаріп.
Омарға кемпір беріп қайтқанында,
Әнуар қалды жылап, зар-зар қағып.
Кемпір де оны көріп жылап кетті:
«Шамам жоқ, шырағым-ай, қайтем»,—депті.
Қақсаған Әнуардың зарлы мұңы
Әйелін молланың да еңіретті.
«Қарағым-ай, мен дағы жылатпаспын,
Қам көңіл, сорлы жетім, қайғы-дертті.
Бағармын тірі жүрсем сауап үшін,
Кем көрмей Күләнімнан, сені!»—депті.
Осылай молла үйінде қалды бала,
Жасынан жетім болған, көңілі ала,
Алманың сабағындай үзіліп тұр,
Баланың келбетіне қарағанда.
әнуар—күләнда
Баланы Омар молла тұрды бағып,
Келеді өскен сайын бала жанып.
Бала да үйір болып өсе келе,
Ілінді жеті жасқа салаланып.
Молланың өзі ашқан мектебі бар,
Оқиды сол мектепке көп балалар.
Келгенде сегіз жасқа әкесіне,
«Қайтеді мен де оқысам?»,—деді Әнуар.
Баланы оқуға алды жарайды деп,
Сүйкімді Әнуарды көрмейді жек.
Оқуын оқи жүріп әкесіне,
От жағып, отын әкеп, етті көмек.
Сабақты екі айтқызбай біліп тұрды,
Молланы зеректігі қызықтырды.
Оқуды оқи жүріп, атқа қарап,
Өткізді тұпа-тура жеті жылды.
Әнуар он бес жасқа камал жетті,
Бірге өскен тұстастарын басып өтті.
Ақыл-сана, ой-сезім—бәрі өзінде,
Шарықтап алуан-алуан ойға кетті.
«Бұл әкем он бір жылдай мені бағып,
Санатына адамның қосты әкеліп.
Өзінде ер бала жоқ, жалғыз қыз бар,
Қартайды айтпаса да ашып-жарып.
Көз аштым, осы адамнан білім алдым,
Ой-санамды өршітіп, жөнге салдым.
Ер жеттім, күш-қайратым толық болды,
Ақтайын осы еңбегін кемпір-шалдың.
Табылар кімге дүние талаптанбай?
Кезінде қимылдайын қарап қалмай.
«Нұр жауар талапты ерге» деген сөз бар,
Бекерге бос сандалып бұтып-шатпай».
ғашықтық дастандар
Әнуар тұра тұрсын ойға қалып,
Сенім бар шын ойласа, ойға қанық.
Басра шаһарының патшасынан,
Азырақ, қайта оралып, сөз қозғалық.
Бар екен Мәлік деген падишасы,
Көңілін өрге айдаған тамашасы.
Ол өзін әділ патша десе дағы,
Наразы бір ісіне бұқарасы.
Бар екен Мария деген сұмырай қатын,
Елшісі—падишаның өте жақын.
Қай жерде сұлу болса іздеп тауып,
Хабарын падишаға апаратын.
Ол өзі падишаға тура келіп,
Тұрады сұлулардан хабар беріп.
Сұлуды сұлулардан тапқаннан соң,
Падиша сеніп кеткен жақсы көріп.
Сонан соң падиша өзі көреді екен,
Ұнатса, әмір-пәрмен береді екен.
Еркімен қыз баланың жұмысы жоқ,
Қыздарды қатындыққа алады екен.
Ұстайды әмірінде үш ай ғана,
Тоздың деп сонан жолға салады екен.
Әдеті падишаның өзі үйренген,
Болған соң істегені өзіне жөн.
Наразы падишаға барлық халқы,
Қайрайды сырттан тісін кім көрінген.
Патшаның халық қапа бұл ісіне,
Ұнамсыз ел алдында үлгісіне.
Дейтұғын «мұның теріс» шама қайда,
Шықпайды бетіне айтар бір кісі де.
Орнатқан патша өзі тәртіп пен заң,
Шыға алмас ол тәртіптен ешқандай жан.
әнуар—күләнда
Заңы бар қалталының қалтасында,
Ондай заң халық үшін—атпаған таң.
Падиша заң ұстайды жеті адам,
Парақор, құлқын толмас өңшең арам.
Сот, сұрақ, заң мен жаза осыларда,
Еріксіз үкімінде барлық адам.
Тұрғандай мұндайларда заң мен сұрақ,
Сан адам мұңын айтып келген жылап.
Жарлының қайсы ісі жарылқанар,
Сұрақшы пұл бергенде кеткен құлап.
«Дау-жанжал көбейсе екен» деп тұрады,
Халықтан талай арыз кеп тұрады.
Параны көп бергеннің сөзін сөйлеп,
Шермитіп қарындарын жеп тұрады.
Істейді хатшы болып қанша адам,
Бәріне ақы берген қазынадан.
Мөлшері жиырма бес шамасында,
Хатшы еді Жапар деген жас бағылан.
Осылай Мәлік патша өте берсін,
Шегіне ел ашуы жете берсін.
Әңгіме Әнуардан сөз бастайық,
Қазірше екі аға да кете берсін.
Әнуар әрбір ойды ойлайды көп,
Жүруді бекер ойсыз көреді жек.
Патшаға өз қолымен арыз берді,
«Қазынадан бір қызмет берер ме» деп.
Сол оймен падишаға арыз берді,
«Панасыз қорғаңыз,—деп,—жетімекті.
Өтеймін не тапсырсаң, сол ісіңді,
Қызмет болар ма екен, маған?»—депті.
ғашықтық дастандар
Патшаға берді арыз қызмет сұрап,
Әр сөзі патша көрсе салмақтырақ.
Тереңнен тебірентіп жазған екен,
Ойланып Мәлік патша көрсе сынап.
Байқаса сөз жүйесі жақсы кепті,
«Болса да қандай іске жарар» депті,
«Әнуар сеніменен бірге істесін»—
Жапарға Мәлік патша бұйрық етті.
Әнуар іске келді қызмет алып,
Байқады оң мен солын әбден танып.
Айқасып күндіз-түні үзілмейді,
Сағынып арыз берген барша халық.
Жауапкер, дауагерді сұрап тұрды,
Қақ жарды сұрағанда қара қылды,
Ілінді ел аузына лезімде,
«Жан болмас,—деді халық,—мұндай сынды!».
Алдымен дауагерді көрер сұрап,
Пара алып жан бағудан мүлде жырақ.
Дәт!—дейді падишаға түсіндіріп,
Іс болса шешілмейтін қиыннырақ.
Іс бармас падишаға қарапайым,
Ойлайтын халық үшін көп уайым.
«Өссін,—деп,—мәртебесі Әнуардың»,
Ел-жұрты шу көтерді барған сайын.
Көп арыз падишаға бармас болды,
Қаптаған бұрынғыдай оңды-солды.
«Қалды ма тынышталып халқым менің»—
Деп ойлап падишаның көңілі толды.
Бір күні Әнуарға патша келді,
Бір құшақ арыздарды көзі көрді.
«Арыздар сен келгелі тоқтап еді,
Бұл қалай, арыз бүгін көп қой?»,—деді.
әнуар—күләнда
Әнуар былай деді падишаға:
«Халықтан арыз-арман таусыла ма?!
Деп келдім,—алдыңызда мен сұраймын,
Салмаңыз ауыр салмақ басыңызға».
Лезде талайларын сұрақ қылды,
Жанында Мәлік патша қарап тұрды.
Бітірді екі жақта дау қалмады—
Падиша Әнуарға болды разы.
Қуанып кетіп жатыр келген халық,
Көбейіп кетсе дағы осыншалық.
Падиша байқап тұрып ойланады:
«Басымнан кеткен екен ауыртпалық».
Падиша соны ойлап қайтып кетті,
Рахмет Әнуарға айтып кетті.
«Хатшылар бастығына сайланды» деп,
Кешікпей Әнуарға хабар жетті.
Өресі Әнуардың өрге басып,
Барады бір күнінен бір күні асып.
Сенімді падишаға болып алды,
Қағылды жеті бұзық жүрген асып.
Алдына жетеуінің дау бармады,
Аспады Әнуардан дау-жанжалы.
Сүркейлі барған сайын ел мен жұртқа,
Сүйкімсіз, жиреніште боп барады.
Дау айтып бұрынғыдай бармай адам,
Қан жауды жетеуінің қабағынан.
«Әнуар бітіреді» дейді патша,
Сол құрлы Әнуарға сеніп алған.
Әнуар халықпенен бір тілекте,
Жемеңгер жеті залым қалды текке.
Әнуар бар халықты тең көреді,
Пара алып жан баспайды бай мен бекке.
ғашықтық дастандар
Сопайып шетте қалды жеті бұзық,
Пара алып ен дәулетте жүрген жүзіп.
Күндеді Әнуарды енді олар,
Амалын жоғалтудың қарастырып.
«Бұл неме,—деді олар,—келді қайдан?
Шығыпты шыншыл болып кішкентайдан.
Қазынаға осы келіп кіріскелі,
Қағырға шығып қалдық жүзген майдан.
Жеті қу Әнуарға болды дұшпан,
Ең дәулет, айырылған соң, кең тұрмыстан.
Бұлардың дұшпандығын сезген екен:
—Байқап жүр,—деді Жапар,—Әнуаржан.
Жетеуі,—деді Әнуар,—жұртты бұзған,
Жерлерін тексермей жүр, батына хан.
Қашан да әділдікке халық мұқтаж,
Адамға халық деген бір тас қорған.
Сұрады елді әділ Әнуарбек,
«Жаса!»—деп жұрт тіледі асыл тілек.
Баяғы Омар молла өзін баққан,
Кешікпей кездеседі қасына кеп.
Әнуар пара алмайды өз қолымен,
Болмай ма ел ішінде өрлі-төмен.
«Ісімді балаңа айтып, оңлашы» деп,
Омарға бірталайлар болып жүр жем.
Шаттанды Омар молла бұл іске бек,
Өзіне келе берді пұл дөңгелеп.
Сыймады қуанышы қойнына:
«Жарайды, Әнуарым жарайды!» деп.
Бір күні ақылдасты қатынына:
«Кел,—деді—қатын байқұс, ақылыңа.
Жасынан Әнуарды бағып едік,
Тиер деп бір пайдасы ақырында.
әнуар—күләнда
Патшадан артық көріп елдің бәрі,
Тұрады «Әнуар» деп жас пен кәрі.
Әнешті «теріс» дейтін бір пенде жоқ.
Шуласып «жақсы» деп жүр барша бәрі.
Әнуарды халық сүйіп шуылдаған,
Тілейді: «Аман қой» деп бір Құдайдан.
Бізге де Құдай әтей берген шығар,
Енді біз айырылмайық Әнуардан.
Әнуар болсын бізге күйеу бала,
Мүсіні толған айдай асылзада.
Бірге өскен төрт жасынан Күләнда оған—
Болмайды қосып қойсақ көңілі алаң.
Шығарсақ, қолымыздан Әнуарды,
Тілеулес, құптамайды, жұрттың бәрі.
Бізге ол қияметтік күйеу болсын,
Қосалық неке қиып Күләнданы.
«Бұл істі жақсы айттың Құдай оңдап,
Бес жылдай жүрген едім өзім де ойлап.
Екеуміз тура көрсек Әнуарды,
Айтып Күләндаға бәрін жайлап».
Қарқылдап Омар молла кетті күліп:
«Ойлапсың сен де бұрын ішің біліп.
«Қызына ана жақын» деген сөз бар,
Бұрыннан сезгенің ғой жақын жүріп».
Омардың Күлән деген жалғыз қызы,
Жібектей созылады бал мінезі.
Аш белі құмырсқадай үзіліп тұр,
Күләннің он алтыға келген кезі.
Ақша жүз, алма мойын, қырлы мұрын,
Сөйлесе, сөзі әдепті балдай шырын.
Оның да көңілі ауып Әнуарға,
Тілейді қосылғай деп ұлға қызын.
ғашықтық дастандар
Қиылған қаламдайын қас-қабағы,
Танадай жарқылдаған қос жанары.
Ақ еті торғындай боп үлбіреген,
Тамақтан көрінеді ішкен асы.
Тал бойы мінсіз біткен тартқан сымдай,
Жаралған тым ерекше хор қызындай.
Сыртынан бір көрген жан ғашық болып,
Дейтұғын «тағы көрсем, о, дариға-ай!»
Біріне қыз бен жігіт бірі ғашық,
Бұлардың ғашықтығы өзіне анық.
«Ат туар ерге қарай» деген сөз бар,
Сипаты білімімен тұр жарасып.
Күләнда толған айдай нұрын шашқан,
Әзілі Әнуармен құп жарасқан.
Айтпай-ақ бірін-бірі іштей сүйген,
Бірге өсіп, біте қайнап әуел бастан.
Бір нышан екеуіне асыл арман—
Махаббат, ғашықтығы ішті жарған.
Сүйісу сыйласумен баянды боп,
Жеткізсе сол арманға мына жалған!
Әнуар бірге оқыған Күләнменен,
Еш жерде жақындықта болмайды кем.
Тартымды, сөзге пысық, білімі артық,
Қосылса болмақ емес ешкімге жем.
Құрметтеп, Әнуарды елі сүйген,
Егізден көзі ашылып, жаны күйген.
Орнығып адалдықтан мәртебесі,
Төбесі көтеріліп көкке тиген.
Бұл жайды Омар молла біледі анық,
Тілегі екі жастың ойда қанық.
Қосуды екі жасты мақсат етті,
Алды-артын кемпір мен шал ойлап алып.
әнуар—күләнда
Әнешке молла қызын бермек болды,
«Қызымның Құдай қосса, табылды орны,
Мұратқа осылайша жетеміз» деп,
Шал-кемпір осыны ойлап көңіл толды.
Білдірді қыз-жігітке ата-ана ойын,
Жасамақ кейінірек думан-тойын.
Қазірше неке қиып екеуіне,
Қуантпақ өздерінің көңіл-күйін.
Бір үйді екеуіне жайлап берді,
Мінер ат, сауын сиыр сайлап берді.
Шешесі мейір төге ақыл айтып,
Батамен өмір тілеп, қайрат берді.
Жасынан Әнуар жетім, жырым балақ,
Қызға жоқ ол кезде ойда қырындамақ.
Білім ап, ақыл толып, есейген соң,
Ойында болған Күлән бұрыннан-ақ.
Ал бүгін орындалып нышаны да,
Көңілі көтеріліп ұшады да.
Құмартқан Күләнімен бірге жатыр,
Кәдімгі ерлі-зайып ұқсады да.
Теңбе-тең қыз бен жігіт көңілі тоқ,
Белгілі—неке қиды, той қылған жоқ.
«Той жасап кейінірек қоямыз» деп,
Моллекең жүре берді басқа ой жоқ.
Әнуар бұрынғыдай қызмет етіп,
Қалады отауынан күнде кетіп.
Жатады кешке келіп жарыменен,
Сонымен бірнеше ай қалды өтіп.
Жеті сұм көре алмаған Әнуарды,
Бұл істі бастан аяқ біліп алды.
«Құдайым енді оңына келтірді» деп,
Қуанып өздерінше сайран салды.
ғашықтық дастандар
Қисынын таба алмаған жеті «батыр»
Жақындап қас қылуға келе жатыр.
«Орайы көптен бері келмеп еді,
Ісіміз оңалды,—деп,—енді ақыр.
Әнуар алмақшы екен Күләнданы,
Ол Күлән—сондай сұлу, қыз сұлтаны.
Бұл ісін Әнуардың патша білсе,
Тұра алмас өз бойында шыбын жаны.
Баланың жоғалтайық сөйтіп көзін,
Мінеки, оңай таптық десті кезін».
Айырмақ болды олар сүтті судан,
Қараңыз жеті сұмның құрған тезін.
«Айталық Марияға: көріп келсін,
Патшаға қыз да көріп хабар берсін.
Падиша көргеннен соң бітті сауда,
Көреміз Әнуардың әуселесін!»
Айтты олар осыны ойлап Марияға:
«Патшаға қыз таба алмай құр сандалма,
Атақты сұлу қыз бар Күлән деген,
Әкесі инабатты Омар молла».
Аспайды мұндай жұмыс Мариядан,
Міндеті падишаға қыз қараған.
«Құдай-ау, сұлу болса, деп ойлады,
Алар ем көп сүйінші падишадан».
Күләнді келді де, ол көріп алды,
Жайнаған нұр жүзіне аң-таң қалды.
Артына аялдамай қайта айналып,
Алдына патшаның кіріп барды.
Қуанды бұл қатынды патша көріп,
«Қыз тауып келген-ау» деп зыр жүгіріп.
«Төрге шық» деп құрметтеп бәйек болды,
Қасына отырғызды орын беріп.
әнуар—күләнда
Мария: «Сізге сұлу таптым,—деді,
Ұнатсаң жылдам маған айтқын,—деді,
Туған жоқ дүниеге ондай сұлу,
Падиша неткен артық бақытың!?» деді.
Падиша бұл сөзді естіп қуанды оған,
«Неше күн өзің келмей, көңілім солған.
Хабарың көңіліме ұнап кетті,
Барайын аялдамай өзім соған».
Патша осыны айтып жүріп кетті,
Үйіне Омар молла кіріп кетті.
Көрген соң Күләнданы күйіп-жанып,
«Адамзат болады екен, мұндай!»—депті.
Тағына көре сала қайтып кепті,
«Өмірлік болады,—деп айтып кепті,—
Тез болсын кешікпелік енді оған,
Жаушыға екі-үш адам барсын!»—депті.
Не десе еркі өзінде, үкім қолда,
Жіберді үш кісіні дереу сонда.
Жаушылар салып ұрып жетіп барса,
Үйінде отыр екен Омар молла.
Омарға сөз сөйледі жаушылар кеп:
«Моллеке, жан екенсіз бақытыңыз көп.
Қызыңыз падишаға шын ұнапты,
Падиша көріп қайтқан әтейілеп.
Қызыңыз болды лайық падишаға,
Егер де нәсіп қылса, Алла Тағала.
Сіз—ата, патша—күйеу болғаннан соң,
Өседі мәртебеңіз бұл шаһарда.
Моллеке, отырмаңыз қайтамыз біз,
Құдайдың оңдағанын ойлаңыз, сіз.
Қанеки, не дейсіздер? Ақылдасып,
Жауабын шапшаңырақ қайтарыңыз».
ғашықтық дастандар
Бұл сөзге Омар молла күлімдеді,
Жауабын тез қайтарды, ілінбеді.
Уәдесі Әнуарға былай қалып:
«Даяр тұр патшаға қызым»,—деді.
Қызыл гүл ойлаған жоқ солады деп,
«Бақ дәулет патша алса, қонады» деп.
Қуанып жаушыларға жауап берді:
«Патшаға айтыңыздар ұнады»,—деп.
«Падиша күйеу болса маған,—деді,
Тең келмес маған ешбір адам, деді.
Патшаның қайын атасы болғаннан соң,
Кетпей ме көтеріліп бағам?—деді.
Ата боп падишаға алғаннан соң,
Жасырақ, жақсы тоқал алам,—деді.
Туады жас тоқалдан ерке бала,
Болмай ма сонда жақсы заман?!»—деді.
Басына осы қиял толып алды,
Атасы падишаның болып алды.
Бақ-дәулет, заң мен жарлық, үкім, жаза,
Моллекең өз үйінде қолына алды.
Қатыны ойбай салды бетін жұлып,
Орнынан сөз бастады тұра салып:
«Әнеш пен Күләнданы қоспап па едік,
Ант ұрған отырмысың естен танып?!
Біздерден сәлем деңіз падишаға,
Қиянат қыла алмаймыз уағдаға.
Қызымыз Әнуармен тұрмыстанған,
Некесі көп күн болды қиылғанға».
Моллекең қатынына: Тек тұр,—деді,
Дәулетін патшаның жеп тұр,—деді.
Бақытты басқа келген қайтармаймын,
Ашуым, қатын саған, кеп тұр,—деді.
әнуар—күләнда
Билігі қатынының келе алмады,
Ойлаған мақсатына жете алмады.
Қиялын шырмап алған патша даңқы,
Моллекең басқа жайды біле алмады.
«Қайтыңыз,—деді молла, елшілерге,
Мақсатым патшамен бір-ақ жерде.
Басқаны патшамен тең көрмеймін,
Жеткендей көкке қолым, болдым, міне!».
Күләнда ауыз үйде қайран қалып,
Есіктің сырт жағынан естіді анық.
Жаушылар үйден шығып кеткеннен соң,
Шешесін құшақтады жылап барып.
Келмеді-ау, қайран анам, шамаң,—деді,
Қу әкем сонша опасыз адам ба еді?!
Тірідей падишаға барғанымша,
Бір сүйем жіп бұйырсын маған,—деді.
Біреудің жарын біреу тартып алған,
Бұл өзі неткен зұлым заман,—деді.
Әнештен айырылғанша өлген артық,
Разы бол ақ сүт берген, анам,—деді.
—Қарағым, олай деме,—деді анасы,
Зарланып, төгіліп тұр көзден жасы.
Мынау іс Әнешке де оңай тимес,
Әнуар табар амал, соны тосшы!
Қайғыда осылайша қалды бұлар,
Анасы қыз жыласа бірге жылар.
Жаудырды оқтай қарғыс падишаға,
Шара жоқ онан басқа оған қылар.
Жаушылар падишаға барып жетті,
Тілеген тілегіңіз мақұл депті.
Падиша бұл хабарды ести сала,
Қуанып тәтті қиял, ойға кетті.
ғашықтық дастандар
«Қазынадан,—деді патша,—ақша алыңдар,
Базарға аялдамай, тез барыңдар.
Мәуіті шағи-торғын, түр-түрімен,
Аямай жасауды да көп алыңдар.
Жүзіктің меруерттен тасы болсын,
Алқаның мың ділдәлық басы болсын.
Апталсын алтынменен шашбау түгел,
Зергерге бұйырыңдар, дайындасын».
Бұл істі ұқты Жапар бастан-аяқ,
Келеді Әнуарды бастан аяп.
«Заманың қандай болар, Әнуар?» деп,
Сөйледі болған істі тастамай-ақ.
Сөйледі Әнуарға болған істі:
«Жалғанда болады екен айла күшті.
Түбіңе жеті бұзық жетті-ау ақыр,
Қара күн қан бүркентер басқа түсті».
Әнуар болған істі ұғып алды,
Отауға күндегідей тағы оралды.
Алдынан күтіп алар Күләні жоқ,
Әнуар секем ойлап, қайран қалды.
Әр ойдан Әнуардың басы қатты,
Қол жеткен қайтып қияр асыл затты.
«Жабырқап жат қолында кетер ме?»—деп,
Қимайды Күләндасын жаннан тәтті.
«Бұл қалай?»—деп отырды Әнуарбек,
Не түрлі ойға кетіп күпті жүрек.
Тамақ та дайын болып қалған екен,
Енесі шақырды кеп «тамақ іш» деп.
Тым-тырыс, кіріп барса, отыр бәрі,
Ұрысқан адамдардай әрі-сәрі.
Төсекте теріс қарап Күлән жатыр,
Арылған ақ жүзінен қызыл қаны.
әнуар—күләнда
Қайырып тіл қатарлық үн жоқ онда,
Басында қолаң шашы дода-дода.
Енесі қапалықта қан жұтып жүр,
Белгісі айтпаса да қабағында.
Құдайдың білді Омарды атқандығын,
Тас болып жүрегінің қатқандығын.
Шамасы енесінің келмей қалып,
Шерлі боп Күләнданың жатқандығын.
Әнуар тамақ татпай бұрынғыдай,
«Тартып-ақ алар ма» деп Мәлік сұмырай.
Өзінің төсегіне жатты барып,
Болар деп, арты қалай, япырым-ай.
Түнімен дөңгеледі ұйқы көрмей,
Басылып өскен көңіл су сепкендей.
Қамығып екі ғашық бұл сұмдықтан,
Екеуі екі жерде жатты шөлдей.
Күләнда жер бауырлап жылап жатты,
Көз жасы бейшараның көл боп ақты.
Әнуар ерте тұрып күндегіден,
Таңертең Күләндаға жазды хатты.
Әнуардың хаты:
Күләнжан, өстім бірге төрт жасымнан,
Жалғыз күн ажырамай өз қасыңнан.
Зұлымдар айырмақшы болып отыр
Сүйікті қияметтік өз басыңнан.
Жасымнан бірге өсіп ем біте қайнап,
Деуші едім: «Қызығыңа бар ма тоймақ».
Қан құсып қайғыменен бір-ақ күнде,
Өлуге жақындадым бір сені ойлап.
Тірідей айырылғанша өлім артық,
Несі сән түрі жылу қасірет тартып.
ғашықтық дастандар
Қамаған қасіретке екеумізді,
Жемеңгер жеті шаян, Мария—қаншық.
Қалмай тұр бұған табар еш бір амал,
Қан жұтып қиялменен болдым дел-сал.
Шынымен көзің жайнап кетермісің,
Болмаса табармысың әдіс-амал?
Қастықтың біз оралдық торына енді,
Қадалды жеті шаян соңыма енді.
Сен тірі айырылғанды қалаймысың,
Мен дайын падишаның оғына енді.
Жайнаған бұрынғыдай қайда маған,
Қарай көр, ең тиімді орын енді.
Көргенше қоршылығын ерте өлейін,
Өлгенше кейін күйіп шоғыңа енді.
Сан ғашық мұратына жетпей кеткен,
Солардың кезіктік пе жолына енді?
Қайғыда запыран құсып сен жатырсың,
Кездестім әлде қалай соныңа енді.
Күн көрмен падишадан қашып жүріп,
Құтылар күн болар ма екен қарсы тұрып?
Халыққа менің ісім мәлім еді,
Салмаған еш пендеге зұлымшылық.
Сөзімнің көңілдегі бәрін жаздым,
Қайғыны басқа түскен терең қаздым.
Жазарсың ақылыңды айла тауып,
Не ойлап, не істейміз, асыл жарым?
Хат жазды осылай деп Күләндаға,
Тапсырып істің соңын бір Аллаға.
Күләнға өз қолымен хатты берді,
Тіс жармай өзге бөтен бір адамға.
Шаһардың елден жырақ сырт жағында,
Бар еді бір танысы оңашада.
әнуар—күләнда
Қан жұтып қайғыменен сонда барды,
Бармастан қызметке жатты сонда.
Әнуар бармай қалып қызметке,
Жатқанда жан өртеніп қайғы дертке
Жетеді жеті сұмырай падишаға,
Айтады Әнуар жайын бетпе-бетте.
Ойыңда еш нәрсе жоқ, патша-пірім,
Қылмысы Әнуардың бізге мәлім.
Қашқалы Күләнды алып жатыр екен.
Қастерлеп сеніп жүрген Әнуарың.
Жеп жүріп дәм-тұзыңды қолыңыздан,
Деп жүр ғой асып кеттім өзіңізден.
Сұлудан қасақана айырмақшы,
Қылығын Әнуардың көрдік көзбен.
Марқайып қалды Әнуар елді сұрап,
Өзінше күпиіп жүр астам тым-ақ.
«Мен астым падишадан» деген сөзін,
Күнінде естіп жүрміз бәріміз-ақ.
Алмақшы сізден тартып Күләнданы,
Бәрінен сол қылығы қиынырақ.
Бір жетім ханның жарын алып қашса,
Падиша атағыңа келмей ме дақ.
—Істейтін,—деді патша,—ондай істі,
Әнуар тапқан қайдан ондай күшті?
Жапар ғой бірге істейтін, сол біледі,—
Жапарды сол арада шақырысты.
Жапар да шақырған соң кіріп келді,
Боларын бір жұмыстың біліп келді.
«Күләнді Әнуар алып қашпақшы екен,
Білдің бе осы сөзден хабар?»,—деді.
«Ондай сөз,—деді Жапар,—естімедім,
Ондайға көңіл қоймас—бір мінезім.
ғашықтық дастандар
Жазылса, өзі келер қызметке,
Ауырып жатқандығын көрді көзім».
Сонымен Жапар қайтты кешкіқұрым,
«Әнуар не болар,—деп,—бір жас өрім».
Қиялмен Жапар үйге оралғанда,
Әнуар келген екен онан бұрын.
«Қанеки, жан ағажан, не хабар бар?
Сөйлеңіз болған істі,—деді Әнуар».
Залымдар падишаға не дегенін,
Түп-түгел Әнуарға айтты Жапар.
Падиша қайтсе де алатын болды,—деді,
Алуға жақындасып қалды,—деді.
Әнуар, жігіт болсаң, енді қамдан,
Білмедім бұдан өзге халді,—деді.
Әнуар сөз сөйледі сонда барып,
Қарайып, қаны қашып, қайғыланып.
«Күләнді алып қашып бірге өлемін,
Ақыры адам болман онан қалып».
«Амал жоқ,—деді Жапар,—Әнуарбек,
Мен дағы сендер үшін жүрмін жүдеп.
Әйтеуір, бағың жансын, қарақтарым,
Осыдан ала-бөтен тілеуім жоқ».
—«Тыңдап тұр,—деді Әнуар,—ей, ағажан,
Адасқан ақылынан мен бір жазған.
Күләнді тірі тұрып жібермеймін,
Бір өлім қайда барсам, енді маған.
Үлкен «той» мұнан кейін басталады,
Кетемін Күләнді алып осы арадан,
Рухым көңіл байқап, сезіп отыр.
Түбінде маған ажал падишадан.
Бір жерге Күләнданы тасалатып,
Үш күнде падишаға өзім барам»,—
Қош айтып, деді дағы жүріп кетті,
әнуар—күләнда
Дариға-ай, не болады қайран заман?!
Жарымды жаным сүйген патша алса,
Көрерім иттің күні болды-ау маған!
Сол кезде кеш те батып қалып еді,
Намазшам, намаздыгер—жарық еді.
Бір бала жүгіріп жүр өзін іздеп,
Мектептің дәл қасына барып еді.
Ей, аға, қайда кеттің, бүгін?—деді,
Таппадым із-тозыңыз білінбеді,
«Ағаңды қайда болса тауып бер» деп,
Бір қағаз Күлән тәтем беріп еді.
Жүгірдім таңертеңнен ары-бері,
Сізді іздеп алпарысып құны—пері.
Тәтем де сізді айтып жылап отыр,
Таптым,—деп,—ақыр, аға, күлімдеді.
Қараса, хат жазыпты Күлән ғаріп,
Олдағы неше түрлі қиялданып.
Асығыс хатты алып оқып жатыр,
«Күләнім не жазды» деп құмарланып.
Күләнда күндіз жылау, түнде жылау,
Болар деп арты қалай, япырым-ау.
Баруды падишаға еске алмапты,
Бармасам, дегенді ойлап, өлемін-ау.
Күләнданың хаты:
Айналайын, Әнуар,
Бірге өсіп ем жасымнан.
Егіз екі қозыдай,
Бір сағат кетпей қасыңнан.
Құр сүлдерім қалып тұр,
Айырылып бір күн қасыңнан.
Жақындап тұрмын өлуге
Айырылып асыл тасымнан.
Ішімде қайғым көп боп тұр
ғашықтық дастандар
Басымдағы шашымнан.
Естігелі суық сөз,
Жүрекке от шашылған.
Жетем деп ем мұратқа,
Бағым қайсы ашылған?
Санаменен сарғайып,
Кеудемнен ұшты-ау шыбын жан.
От жүрегім мұз болды,
Сұмдық сөз естіп зұлымнан.
Ендігі өмір не керек,
Не десең, сонда мен тұрам.
Патшаға тірі болғанша,
Сен үшін, жарым, мен құрбан.
Сенімен бірге болмаған,
Қу өмірді не қылам?
Шыбын жан кетпей кеудемнен,
Тіріде сізден айырылман.
Дегеніне жетпеген,
Адыра қалсын шыбын жан.
Өлсем бірге өлейін,
Келіп тұрмын осыған.
Төрт жасымнан бірге өсіп,
Он беске кемел келіп ем.
Біте қайнап, бір жүріп,
Құдай қосқан теңім ең.
Жанымнан артық көретін,
Аяулы жарым өзің ең.
Сүйікті жарым, Әнуар,
«Мақсатқа жеттім» деп едім.
Бір-ақ күнде тұйықсыз
Қайғының көрдім келгенін.
Зұлымның түстім торына,
Келтіріп отыр дегенін.
Торды бұзып шығуға,
Не көрсем де көнемін.
Қорлық, тірлік керек жоқ,
Өлім, маған еп едің.
әнуар—күләнда
Тойдым саған, дүние,
Енді жоқ маған керегің!
Өлімге басым тігулі,
Келмеген соң кемелім?
Айналайын, Әнуар,
Бұл қорлыққа кім шыдар?!
Жалындаған жас өмір,
Қараңғыда тұншығар.
Тірі айырылсам өзіңнен,
Жас жүрек қалай тыншығар?!
Ғарыптық түсті басыма,
Өлгенше жаным бұлқынар.
Ауыртпалық бұл күнде,
Араға түсіп, кім шыдар?!
Өзің тауып, жол көрсет,
Сенің болсын дегенің.
Басымды қидым өлімге,
Мен де артыңнан еремін.
Жанашыр енді қалмады,
Жалғыз-ақ саған сенемін.
Бармаймын оған мен тірі,
Бармауға уәде беремін.
Бірге болып өзіңмен,
Өлсең, бірге өлемін!
Хатты оқып бек сүйінді Әнуарбек,
Жаныммен жаны бірге Күләндам деп.
Шерлі боп, тірі айырылып күн көргенше,
Осындай неде болса болу керек.
Балаға: «Інім,—деді,—сен үйге бар,
Барлығы осы күнде үйде шығар.
Бар дағы кешіктірмей, жеделдетіп,
Апаңды маған жібер»,—деді Әнуар.
Жүгіріп құлдыраңтап бала кетті,
Барды да, аялдамай хабар етті.
ғашықтық дастандар
Өтпей-ақ көп уақыт сол арада,
Жүгіріп енесі де келіп жетті.
Енесі келе сала жылады зар:
«Болсын,—деп,—қарақтарым, Құдайым жар.
Бұл күнде тірі тозақ отындамын,
Қураған маңдайыма сыймадыңдар!
Қызықты көрем деп ең, көре алмадың,
Жайраңдап елмен бірге жүре алмадың.
Болар ма құтылатын бұл пәледен,
Тең өскен тал шыбықтай, шырақтарым?».
Сөзіне анасының іші еріп,
Қалмады Әнуарда титтей ерік.
Екеуі бірдей боздап, зар еңіреп,
Тоқтады әрең зорға сабыр етіп.
«Аман ба?—деді Әнуар,—Күләндажан,
Сарғайған қайғыменен ғарып балаң.
Күніміз бұдан кейін не болады,
Жоқ еді ойда, түсте мұндай заман.
Апатай, Күләндажан не деп жатыр,
Жетпеген мұратына ғаріп, пақыр.
Қаладан әкетейін Күләнданы,
Қосатын сізден бар ма бұған ақыл?».
Енесі сөзін ұқты баласының,
Көзінің жаудыраған қарасының.
«Қан құсып, қайғыменен үйде жатыр,
Жаны бар кеудесінде Күләнданың.
«Сенімен бірге жүріп өлсем» дейді,
Тиындай көрмей жатыр ғазиз жанын.
Келтіріп мыңнан бірін айта алмаймын,
Күләннің тартып жатқан қайғы-зарын.
Патшаға өлсе тірі бармақ емес,
Көз жетіп, біліп болдым ойға алғанын.
Мен де өлем екеуіңнің қайғыңменен,
Тірі боп жаны құрысын, не қыламын».
әнуар—күләнда
«Жан апа, ондай болса рұқсат бер,
Кетелік балаңызды мұнда жібер.
Жоғалмай осы арадан бізге күн жоқ,
Ақыры не боларын Алла білер?!»
Соны айтып:—разы бол, анам,—деді,
Ауыр күн түсіп тұр ғой, жаман,—деді.
Мәпелеп, төрт жасымнан тәрбиелеп,
Көп еңбек сіңірдіңіз маған,—деді.
Кезіктік аяқ асты мынау іске,
Болмаса, апам, сізді бағам,—деді.
Ойлаған көңілдегі мақсаттарға
Опасыз жеткізбеді, заман, деді.
«Қайтемін,—деді анасы,—амалым не?
Шама жоқ зар жылаған құрғыр менде.
Аман бол, қош қарағым, жолың болсын,
Өлгенше разымын екеуіңе».
Қош айтып, соныменен жүріп кетті,
«Азырақ осы арада тоқта», депті,
Болғанша ана-мына—шай қайнатым,
Жүгіріп Күләнда да жетіп кепті.
«Келдің бе, айналайын, Күлән, депті,
Қолды асып кететұғын заман жетті».
Жол тартып шалғайдағы бір досына,
Басара шаһарынан шығып кетті.
Шаһардан тәуекел деп шығып кетті,
Досына көңілге алған тура жетті.
«Құтылып қашқанменен кете алмаймыз»,—
Деп ойлап, бір біріне ақыл етті:
«Біз қашып,—деді Әнуар,—кете алмаймыз,
Алдағы тосқауылдан өте алмаймыз.
Барамын не де болса падишаға,
Өлімге басты байлап жата алмаймыз».
ғашықтық дастандар
«Ойлаған,—деді Күлән,—ойым менің,
Қасыңда бірге өлсем мен де сенің.
Падиша көргеннен соң тірі қоймас,
Қорлық қой жалғыз барып, жеке өлгенің.
Патшаға саған еріп барам мен де,
Сенсіз тірлік бір минут қараң менде.
Армансыз дүниеден өтер едім,
Екеуміз қатар өлсек бір-ақ жерде».
Сол жерде жатты олар үш күн, үш түн,
Жатқанын байқамады бөтен ешкім.
«Әнуар Күләнданы әкетті» деп,
Шаһарда дүбір шықты дүркін-дүркін.
Падиша «табасың!»—деп жарлық етті,
Зәр төгіп төңіректі тітіретті.
Үй-үйге қалдырмастан тінту салып,
Күн мен түн әмір таппай іздеп кетті.
Тінтіп жүр жендеттері—қалың адам,
Шаһардан не қылса да таба алмаған.
Тілеуін Әнуардың тілеп халық,
Деп жүрді: «Құтылса екен, есен-аман».
Үш күннің алдыңғы өткен барлығында,
Әнуар бармақ болған падишаға,
Кете алмай қиып тастап Күләнданы,
Үш тәулік жатқаны сол бұл арада.
Болғанда төртінші күн, деді Әнуар,
Сүйікті қимас жары Күләндаға:
»Күләнжан, сен не білдің? Ал мен өзім,
Үш күнді бағаладым үш жүз жылға.
Құмардан сол себепті шығып тұрмын,
Сүргенге үш күн өмір оңашада.
Мен бүгін не де болса, соған барам,
Жазылмас жүрегіме түскен жарам.
әнуар—күләнда
Осында сабыр сақтап, сен тосып тұр,
Жасырынып жата беру болмас панам».
Күлән да енді бұған «мақұл» деді,
Ержүрек мұндай әйел тумап еді.
Екеуі құшақтасып жылағанда,
Жүрегі естігеннің тулады енді.
Әнуардың қоштасуы:
Төрт жасымнан бірге өскен,
Айналайын Күләнжан.
Өзімменен бірге өсіп,
Сымдай белің бұралған.
Мінсіз туып анадан,
Зипа бойың қыналған.
Көргендер сондай деуші еді:
«Бір қалыптан шығарған».
Тең-тұсымды бірдей қып,
Қосты деуші ем бір Аллам.
Сорымызға кез болып,
Бұзық заман қуарған.
Сүюге ерік бермеген
Опасыз екен сұм жалған.
Жолығып мұндай пәлеге,
Шыға алмай қалдық құмардан.
Санаменен сарғайып,
Ішімде кетті көп арман.
Құр сүлдерім қалса да,
Шықпайды құрғыр шыбын жан.
Ауыр күн қандай түссе де,
Жоқ едім мұндай қиналған.
Қылмысым да жоқ еді—
Көпке ісім сыналған.
Сан ғашық жетпей мұратқа,
Біз құсап өткен жалғаннан.
Жар болдың жастай қосылып,
Тұйыққа қалдық тосылып.
ғашықтық дастандар
Киіктей болдық, адасқан—
Өрісінен шошынып.
Қош, Күләнім, есен бол,
Мақсатқа отыр жетпей қол.
Өлімге айдап әкетті,
Маңдайға біткен қалың сор.
Жетім боп қалған лақтай,
Панасыз шыққан құрақтай.
Қайғы басты қабындап,
Қоймады дертің жылатпай.
Асаудай құрық тимеген,
Шықпаған басың күймеген.
Мен үшін күйіп еңіредің,
Жылай ма шын сүймеген?!
Жылайсың, Күлән, егіліп,
Көзіңнің жасы төгіліп.
Менде де сабыр қалмады,
Қабырға, қолым сөгіліп.
Өлімге кеттім үзіліп,
Күнә жоқ тұрған тізіліп.
Айырылдың Күлән тірідей,
Қарақат көзің сүзіліп.
Қар кетсе таудан сел жүред,
Жас ақты көзден селдіреп.
Уайым тартып қаларсың,
Күнәсіз көзің мөлдіреп.
Құмары қанбай көңілдің,
Өлімге кеттім, не білдің?
Жалыным өшіп қалғандай,
Қымбаты бар ма өмірдің?!
әнуар—күләнда
Өлімге кетіп барамын,
Зарымды хатқа саламын.
Патша салған қорлыққа,
От болып күйіп жанамын.
Күләнда жарым, қалғаның,
Таусылмай іште арманың.
От болып күйіп, өлерсің,
Мерт болса мына алғаның.
Іште көп жатыр арманың,
Басулы жанға бармағым.
Қаңғырып кеткен, ағалар,
Болмады біраз жәрдемің.
Не білдің, Күлән, не білдің?
Дерті көп мына көңілдің.
Аузына түсіп патшаның,
Шайналып, бүркіп себілдім.
Өмір мен өлім аралас,
Жау көңілге қарамас.
Қош аман бол, Күләнім,
Өлімге кетті қара бас!
Қоштастым, өмір, сенімен,
Қоштастың, Күлән, менімен.
Жесірлік ат алмай ма,
Жүрмеген әйел ерімен?
Жүрген жерім саздай боп,
Қайырылып ұшқан қаздай боп.
Бұл тағдырға кез болдым,
Көрмеген күнім аздай боп.
Кесілген шыбық—талдай боп,
Жоқтаусыз өлген малдай боп.
Мезгілсіз еріп таусылдық,
Жаңадан жауған қардай боп.
ғашықтық дастандар
Айырылдым Күлән, болмады,
Қызыққа көңіл толмады.
Патша салған ащы дерт,
Жанды қажап қоймады.
Қалдым ғой, Күлән, сенделіп,
Қайғы мен азап тең келіп.
Қоштастым, міне, өзіңмен,
Шақырды өлім қол беріп.
Жетімдік көрдім жасымнан,
Ағалар кетіп қасымнан.
Күләнім, саған қосылып,
Бір дәурен өтті басымнан.
Көргенім менің аз емес,
Қош айттым саған, наз емес.
Сүйгенім сенен айырылып,
Қыс түсті, маған, жаз емес.
Туысым жоқ паналар,
Дұшпаным көп табалар.
Қолыңда қалды Күләнім,
Көз қырыңды сал, ағалар.
Жыламасын Күлән да,
Жем болмасын жыланға.
Өлімге патша бұйырса,
Шарасыз көніп тұрам ба?!
Туысым жоқ сүйенер,
Патшадан халық именер.
Дұшпан болды жеті сұм
Қара мен ақты күйелер.
Жаңылған нардай күйістен,
Айырылдым бота жүрістен.
Бетіңді бері қаратшы,
Соңғы рет болсын сүйіскен.
әнуар—күләнда
Бұзбайды тағдыр жарлығын.
Қош болып қал, барлығың.
Қаңғырған ағам кезіксе,
Жетімнің жеткіз зар-мұңын.
Күләнданың жылауы:
Айналайын Әнуар,
Сүйікті менің жан жарым.
Мен үшін қиып жаныңды,
Басыңды жауға арнадың.
Екеумізден қу дүние,
Біліп тұрмын қалғанын.
Жеткізбеді дегенге
Дүние сұм—жалғаның.
Көзімді жаңа ашқанда,
Қараңғы мұнар салғанын.
Бірге өлсем деп өзіңмен,
Құдайдан тілеп зарладым.
Не қылса да Құдайым,
Көтердім басқа салғанын.
Айналайын, бекзатым,
Қылығыңа тоймадым.
Сүйікті көпке, жамбозым,
Сабағындай алманың.
Іші-бауырым елжіреп,
От болып күйіп, жанғаным.
Дегеніме жете алмай,
Ішімде кетті арманым.
Көтермеске шара жоқ,
Алланың басқа салғанын.
Жауыздыққа амал не?
Тістеулі кетті бармағым.
Айналайын Жаратқан,
Қандай күнге арнадың?
Мен де шықтым құмардан,
Патшаға бармай қуарған.
ғашықтық дастандар
Айырылып сенен тірідей,
Жас өмірім суалған.
Арман бар іште айнадай,
Дерт болып жүрек қайнады-ай.
Айырылып, жесір атанып,
От болып көзім жайнады-ай!
Жаралдым, неге туылдым?
Белшемнен қайғы буындым.
Не деген қалың сор еді,
Ел бетін көрмей қуылдым.
Қинадың, өмір, қинадың,
Дертпенен мені сыйладың.
Азапқа жазып басымды,
Азырақ шаттық қимадың.
Қабыл болмай тілегім,
Қайғыменен жүр едім.
Жасымнан көрген азаптан,
Жазылмай кетті-ау жүрегім.
Айырылды анам құсынан,
Мәпелеп бағып ұшырған.
Қаралы күн туғанда,
Болысар ма екен мұсылман?!
Күн туды басқа ықсырып,
Қарай ма дұшпан пысқырып?!
Өшіккен қоймас өлтірмей,
Көндірер ақыр күш қылып.
Берерлік оған пара жоқ,
Атылар ма екен қаралы оқ?!
«Бірге еріп барсам» деп едім,
Көнбедің оған, шара жоқ.
әнуар—күләнда
Біздерді қосқан ғашықтық,
Көруге соны асықтық.
Шынымен жұтып қояр ма,
Жауыздар қылған пасықтық?
Өмірді бірге көріп ең,
Бар менен жоққа көніп ең.
Жас күнімде жанымда,
Бірге ойнап, күліп ең.
Қайғыға от боп дерттенем,
Садаға сенен бар денем.
Айырылсам мен де өлемін,
Өзіңе берген сертпенен.
Жібектей еді мінезің,
Сеніп саған жүр едім.
Айырылсам күнім не болар,
Қан жұтып, қазір, жүдедім?
Дұшпаннан шығып борасын,
Көрдің бе салған жорасын?!
Үйіңнен безіп, еліңнен,
Бүйтіп көрген күн құрысын!
Айырылдым сендей жанардан,
Қан теппей жүзім ағарған.
Жаны бар, тәнім қалды тек,
Күтпесем дерек—хабардан,.
Мұңайып тұрсың, алғаным,
Керексіз болып мал-жаның.
Қашан дағы ұмытпа
Егіліп жарың қалғанын.
Ақ ниетпен сүйінген,
Аш-тоғына түйінген.
Артыңда қалды шала жан,
Хабар ал менің күйімнен.
ғашықтық дастандар
Кететін болдың қалаға,
Қалдырып кеттің далаға.
Қосылсаң егер саламат,
Сау басым сенен садаға.
Сарқа бір сөйлегенге ойда барын,
Шыққандай болып қалды іштен жалын.
Әнуар Күләндамен қош айтысып,
Алдына жүріп кетті падишаның.
Әнуар сол бетінше жүріп келді,
Қаһарын падишаның біліп келді.
Қасқайып, қаһарынан именбестен,
Алдына падишаның кіріп келді.
Патша көріп сонда Әнуарды,
Қаһардан екі көзі оттай жанды.
Дірілдеп сақал-мұрты, едірейіп,
Ақырып, Әнуарға былай деді:
—Ей, бұзық, Күләндада нең бар сенің?
Еншімді алмақпысың тартып менің.
Қарашы отыруын сазырайып,
Алдыма өгдей кіріп бұл неменің?!»
—Патша,—деді Әнуар,—тоқта азырақ,
Сөзім бар айтатұғын салсаң құлақ.
Күләнда—сенікі емес, менің жарым,
Адамдық ардан безбей, есіңе бақ.
Күләнда—менің сүйіп, алған жарым,
Хал-жайым бастан-аяқ саған дайын.
Өзіңе балаңдай-ақ емес пе едім,
Жалт етіп, енді мынау не қылғаның?».
Падиша қатуланды тіпті жаман,
Түтігіп қап-қара боп онан арман.
«Тоқтай тұр, кес-кестемей залым, бұзық,
Көрсетем көргілікті әзір саған!».
әнуар—күләнда
Қасқайып қарсы тұрды сонда Әнуар:
«Қабансың, қанды ауызды, пейілі тар.
Тұрғам жоқ сенен күтіп титтей рақым,
Дұшпаның—жеті шаян қасыңда бар».
Әнуар тұра берді жайнап енді,
Патша тағы ақырып «тоқтат!»—деді,—
Сол жерде жендеттерін шақырып ап,
«Мынаның қол-аяғын байла!»—деді.
Тайсалмай Әнуар да: «Байла»,—дейді,
«Барамын қайда айдасаң, айда»,—деді.
«Қамаңдар,—деді патша,—бұл бұзықты,
Боламын әлі-ақ оны жайғап»,—деді.
Айдаған Әнуарды жеті залым,
Білмей жүр қуаныштан не қыларын.
«Мұратқа,—деді Әнуар,—жеттіңдер ме,
Бітті ме, орындалып мақсаттарың?
Жүздерің күйіп кеткен жеті бұзық,
Армансыз іске асты ма жалаларың?!
Мұндай күн сендерге де түсер әлі,
Істеп қал, бар кезінде шамаларың.
Есінен мына жұрттың әсте шықпас,
Халыққа біздей батқан тырнақтарың».
Соны айтып, түрмесіне келді жетіп,
Әнуар бәріне де алған бекіп.
Есікті шарт еткізіп ашқанында,
Әнуар түрмесіне кетті кіріп.
Падиша жетеуіне әмір етті,
Әмірі барлық жанды тітіретті.
«Әнуар ертең дарға тартылады,
Хабардар етсін,—деді,—барлық елге!».
Әнуар кетер болды қаза тауып,
Жас еді, балдыр бағлан—жылы тауық.
ғашықтық дастандар
Көшені ә дегенше бұрқыраған,
Кернеді қабат-қабат ағлан жауып.
Естіді бұл хабарды Күләнда да,
«Өмірім бітті—деді, ол да сонда,—
Өлейін Әнуардан бұрынырақ»,—
Деді де тұзақ салды мойынына.
Дос жігіт дәл үстіне келді жетіп,
Буынып, енді өлуге таяғанда.
Күләнді жүгіріп кеп шешіп алды,
Күлән да есі ауып жатып қалды.
«Қарағым, үмітсіздік шайтан ісі,
Құдайым өзі қорғар Әнуарды».
«Қалдыңыз,—деді Күлән ,—обалыма,
Жеткізбей осы қазір мұратыма.
Бәрібір, енді тірі бола алмаймын,
Патшаның көне алмаймын мазағына!»
Жалбарды Күлән тағы: «Ей, ағажан,
Артынан Әнуардың мен де барам.
Өлімін Әнуардың көзбен көріп,
Сол жерде өзім дағы өліп алам».
Дос жігіт: «Қарағым-ай, байқа,—деді,
Қайрат бер өзіңе-өзің қайта,—деді.
Деп кеткен: «сабыр қылсын» Әнуаржан,
Білмесе бірдемені айтар ма еді?!»
Күләнді досы солай тұрды бағып,
Қалар деп өліп кетіп тағы налып.
Баяғы Асан, Үсен екеуінен,
Сөз келді енді аз ғана кезек алып.
Әнештің екі ағасы қашып кеткен,
Дәулетін әкесінің шашып кеткен.
Құмарды содан былай ойнамас боп,
Еңбекті шын ықылас кәсіп еткен.
әнуар—күләнда
Тапқанын басын құрап онан-мұнан,
Жарыса екеуі де сауда қылған.
Сауданың ішкі сыры қандай қызық,
Оралып сол қызықтан шыға алмаған.
Намысқой Асан, Үсен—екі бала,
Інісін тастағанмен айдалаға.
Шаһардан екеуінің кеткеніне,
Толыпты дәл сол кезде он төрт жылға.
Сауданың қызығына батса дағы,
Жүріпті Әнуар деп қайғылана.
Халықтан ұялмастай дәулет құрап,
Айналып келген екен ел-жұртына.
Балалы, қатын алып, болған бұлар,
Інісін жатса-тұрса ойлап тұрар.
Басара шаһарына келіп кірді,
Інісін бір көруге болып құмар.
Тынбастан бұл қалаға келді кіріп,
Інісін сағынғаннан қатты жүріп.
«Кім екен бұл Әнуар?» десті бұлар,
Ағланды көшедегі көзі көріп.
Көз салса, түгел жылау елдің бәрі,
Қайғылы қасіретте жас пен кәрі.
Бүкіл ел тілек тілеп шуылдауда,
«А, Құдай, сақтай көр,—деп,—Әнуарды».
Тілеуге дұға оқып, сойған малды,
Оқыған дұғалары сондай зарлы.
Хал-жайы мал союға жетпегендер
Сойыпты қаз бен үйрек, тауықтарды.
Қолында құсы да жоқ болғандары
Тілеуге беріп жатыр жеті нанды.
Осылай тілеу тілеп, түгел шулап,
Зекет қып алып қалмақ жан мен жанды.
«Қылығы падишаға жақпай қалған,
ғашықтық дастандар
Біреу-ау,—деп ойлады,—даражалы».
Айналған көпшіліктің тілегіне,
«Ініміз болар-ау» деп ойламады.
«Кім екен, сонда да оны білейік»,—деп,
Біреуден жөн сұрады ағалары.
Айтады сонда біреу түгел бәрін,
Ұқтырып Әнуардың ахуалын.
Әкесі, шешесімен қатар өліп,
Үш бала Нұрымбайдан қалғандарын.
«Құмарпаз малын шашып екі ағасы»,—
Деп айтты тастап кеткен іні жайын.
Оқытып Омар молла бала қылып,
Патшаға қызметші болғандарын.
Қақ жарып қара қылды, әділ болып,
Халықтың дұрыс шешкен дау-жанжалын.
Қызығып әйеліне патша оған,
Нақақтан өлім, үкім қылғандарын.
Құдайдан Әнуардың жанын сұрап,
Халықтың түгел айтты зарлағанын.
Қаралап, падишаға шағыстырған
Барлығын Мария қатын, жеті залым.
Қараса өз інісі болып шықты,
Қайғыртып зар жылатқан көпшілікті.
Жас ағып көздерінен екеуінің,
Қалтырап шыдай алмай есі кетті.
«Інішек, тірі айырылған, Әнешім»—деп,
Еңіреп екеуі де боздап кетті.
Асан тұрып: «Боздағым, Әнуарым,
Сенімен бірге өлейін күнім!»—депті.
—Жанымыз Әнуардан артық емес,
Ал, Үсен, қамданалық бүгін,—депті.
Зар жылап, деді Үсен онан арман:
«Әнуар жатқан жерге қазір барам.
Өлтіріп күзетшіні алдыменен,
Ажалдан бауырымды мен құтқарам.
Бірге өлсем Әнуармен арманым жоқ,
әнуар—күләнда
Қу жаным артық емес менің онан.
Қазамыз екеуміздің бір-ақ болсын,
Өмірдің керегі жоқ енді маған».
«Бұл ойың,—Асан айтты,—табылған ой,
Текке өлу бір қарманбай болмайды ғой.
Екеуміз екі балта дайындалық,
Не болса, болсын ертең майданда той.
Әуелі Әнуарды көрелік біз,
Бір күнше сабыр етіп көнелік біз.
Өлтіріп қанқорларды алдыменен,
Бір жерде өлер болсақ өлелік біз».
Бұл сөзді Үсен дағы мақұл көрді,
Дұрыс деп ағасына қайрат берді.
Екеуі екі-ақ балта сатып алып,
Саптады ұзын саппен, қайрап енді.
Екеуі туыс үшін қиды жанын,
Осындай болса болсын туысқаның.
Дайын боп бұлар енді жата тұрсын,
Сөйлейік әңгімесін падишаның.
Заһарлы зұлым патша ерте тұрып,
«Майданға жиналсын» деп қылды бұйрық.
Патшаның сарайы мен майдан жердің,
Сыймады арасына жұрт жиналып.
Зарланып жылап кеткен елдің бәрі,
Жиналған үлкен-кіші—баршалары.
«Шынымен кетті ме,—деп,—қайран боздақ
Сынбайды, ақ, иілер,—деген қане?
Шынымен,—дейді халық—кеткені ме,
Қайран жас жетпей өлді дегеніне.
Құр бекер кектенгенмен, қарсы шығар
Патшаның бір адам жоқ үкіміне».
Қамаудан Әнуарды шығарды айдап,
Құрсаулап екі қолын мықтап байлап.
ғашықтық дастандар
Патшаның үкіміне шара бар ма?
Қайран жас келе жатыр көзі жайнап.
Айдауда сонда Әнуар келе жатып,
Қоштасты зар дауысын аңыратып.
Сондағы Әнуардың сөзі мынау,
Майданда тұрған елді зар жылатып:
—Білесіздер, ел-жұртым,
Жасымнан зарлы мен едім.
Ағаларым кеткенде,
Артынан да ермедім.
Туып өскен ел-жұртым,
Сендерге қол сермедім.
Ата-ана мен туыстың,
Тәрбиесін көрмедім.
Екі ағамды бір көріп,
Өліп кетсем деп едім.
Көңілім разы боларлық
Қызмет етіп бермедім.
Жеті сұм түсіп соңыма,
Мынау болды көргенім.
Ағаларды көре алмай,
Қиналып жаным, шөлдедім.
Амалым бар ма, қайтейін,
Кемеліме келмедім.
Патша жарық күнімнен,
Ерте айырды елімнен.
Кіндік кесіп, кір жуып,
Туып-өскен жерімнен.
Жасамағыр, жеті сұм
Қу мансапқа берілген.
Мақсаттары қабыл боп,
Шықты ойлаған жерінен.
Бұғанам әлі қатпастан
Опырды қулар белімнен.
Уақты кезі келгенде,
Шұқысын көзге көрінген.
әнуар—күләнда
Соларға барып дерт болсын,
Бір тамшы қаным төгілген.
Аман болса ел-жұртым,
Менің атым көмілмен.
Ызалы халық анталап,
Сұмдарды түгел паршалап.
Қарғыс атқыр қуларды
Өлтірсін түгел балталап.
Қош, аман бол, туысқан,
Ерте кеттім жалғаннан.
Ұзақ жолға аттандым,
Келмейтін болып барғаннан.
Халқым сенен айырылып,
Мен бір ғаріп зарланған.
Түсінде көрген дүние,
Сені деп жүріп алданған.
Көбіңізден айырды,
Қанатымнан қайырды.
Қылшылдаған қылыш ем,
Дүзімді тас боп майырды.
Бәріңе көз салайын,
Сусындап қанып қалайын.
Ғаріп болған енеме
Көз қырың сал, ағайын.
«Әнуар—Күлән» деп жүріп,
Ағартып еді самайын.
Көрінсе енем деп едім,
Арыздасып қалайын.
Жоқ сияқты бұл жерде,
Жан-жағыма қарайын.
Көрейін деген қызықтың
Көре алмадым талайын.
Қош болыңдар, ағалар,
Бұл іске қандай шара бар?
ғашықтық дастандар
Өлімге кетіп барамын,
Арашалап кім алар?!
Көңілімнен кете ме,
Разымын енеме.
Бағып еді төрт жастан
Көтеріп мені төбеге.
Құдай үшін, мен үшін,
Аруағым жүр жебе де.
Алданбау керек екен ғой,
Дүние деген немеге.
Бастан өткен жақсылық,
Қайта айналып келе ме?!
Кететін болдым көре алмай,
Күләндаға сәлем де!
Аман бол, жұртым, аман бол,
Жаны бөлек өле ме?
Елімен Әнуар бала арыздасып,
Майданға келіп қалды қадам басып.
Елжіреп көрген жанның іші-бауыры,
Боздады, қайғыланды, зар жыласып.
Майданға келді патша, жеті қу да,
Семірген елді сорып арам буға.
Жендеттер жалаң қағып, арқан ұстап:
«Әкел!» деп Әнуарды салды шуға.
Әнештің Асан, Үсен екі ағасы,
Көзінен қан аралас ағып жасы.
Артына жендеттердің таяп келді,
Қойнында тығып алған ақ балтасы.
Майданға қораланып келді халық,
Жендеттер Әнуарды ортаға алып.
Падиша: «Тарт!»—дегенде, Әнуардың,
Жіберді мойынына арқан салып.
әнуар—күләнда
Ілмектеп мойынынан тартып қалды,
Суырып денесінен алмақ жанды.
Сол кезде Асан оқтай ұшып барып,
Тартқызбай Әнуарды жұлып алды.
Секіріп Үсен дағы қарғып барып,
Қолына жарқылдатып айбалта алып.
Деп тұрып: «қақ маңдайы осы болар»,
Біреуін жетеуінің қалды салып.
Асан дағы біреуін шауып кетті,
Айбалта найзағайдай жалт-жұлт етті.
Оларды өлтірмесе інісі өлер,
Ойлаған мақсатына бір-ақ жетті.
Асан, Үсен бастады соғысты анық,
Үлкен соғыс басталды жұртқа қанық.
Жетеудің патша менен басын алды,
Жабылып қаптап кетті тамам халық.
Патша мен жеті сұмның кесті басын,
Бір сәтте-ақ қанға бояп хан ордасын.
Асан, Үсен, халық түгел қаптап,
Құтқарды аман-есен бағылан жасын.
Әнуар сау-саламат аман қалып,
«Құдайға тәубә!—деді батыр ғаріп.
Болысқан бұл кім екен, маған,—деді,
Менімен туысқандай осыншалық?».
Әнуар бұл ғажапқа қайран қалып,
Өмірге қайта оралды кетіп барып.
«Болар ма екі ағасы әлде бұлар,
Кезінде келіп қалған қайта айналып?».
Қалың жұрт қаптап, қоршап тұрғанында,
Екеуі жетіп келді зар-зар қағып.
Әнуар екі ағасын тани кетіп,
Мойнынан құшақтады ыршып барып.
ғашықтық дастандар
Құшақтап ағалары сүйіп кетті,
Елжіреп іші-бауыры күйіп кетті.
Қабысқан қан майданда үшеуінің
Айырылмай құшақтары тұрып кетті.
Асан әуел жылады,
Қозғап мұңның зарлысын:
—Мұңлы болған, көкешім,
Әнуарым, бармысың?
Арқалап артып жүрдің бе,
Тәтті өмірдің қарғысын?
Мұңлы болып жасынан,
Азап таңба басылған.
Біз—кінәлі сен үшін,
Тастап кеткен қасымнан.
Үсенменен екеуміз
Атаның құрттық дүниесін.
Жаңа келді туысың,
Оңғарып Алла жүрісін.
Туыстан рақым көрмеген,
Боздағым, зарлы құлыным!
Дүниеден кете жаздапсың,
Артыңа түсіп жеті сұм.
«Қарағым» дейтін бір жан жоқ,
Ішіңде дертің қайғы-шоқ.
Қалып ең жалғыз қамалып,
Иен үйде адам жоқ.
Аманбысың, көкешім,
Шерің қатты, зарланған.
Көрмеген азап қалмапты,
Үміт үзіп жалғаннан.
Алғаныңнан айырылып,
Ботадай боздап қалыпсың.
әнуар—күләнда
Зорлығымен патшаның
Өлімге де барыпсың.
Біз кетіп сенің қасыңнан,
Көңілің қатты жасыған.
Тәрбиелер анаң жоқ,
Құс ұшырмай басыңнан.
Азапқа білек сыбандым,
Құтқарып аман, қуандым.
Тірі көріп өзіңді,
Орындалды арманым.
Жасыңды тый, көкешім,
Сабыр-тағат қылайық.
Аман тұрып жыласақ,
Болмас енді ылайық.
Асан сабыр айтқанда,
Үсен келді жылауға.
—Жарқыным, інім, Әнуар,
Ғарып басың аман ба?
Атадан қалған дәулетті,
Шашып-төгіп далаға,
Тастап кетіп зарлатқан—
Екі қолың жағамда.
Уақытың емес ер жеткен,
Үш жасыңда еңіреткен.
Болды-ау, қалқам, обалың,
Екі бірдей ағаңда.
Саған берген қайғыны,
Бермесін Алла адамға.
Он төрт жылда көрістік,
Көр аузына барғанда.
Тістеулі күйде бармағың,
Кетер бопсың арманда!
Тұра алмады көпшілік
Мойныңа арқан салғанда.
Алып қалдық өлімнен,
ғашықтық дастандар
Қас қағым мезгіл қалғанда.
Қабыл болды тілегің,
Жарылды, қалқам, жүрегің.
Тірі көрдім арман жоқ,
Сағынып әрең жүр едім.
Сабыр ет, қалқам, жылама,
Қосылдық, міне, бәріміз.
Арман жоқ енді дүниеде,
Еріді іштен қалың мұз.
Бүкіл ел Әнуарды жақтап еді,
Құдайым ақырында сақтады енді.
«Жастарың ұзақ болсын, қарағым»,—деп,
Әнуардың екі ағасын мақтады енді:
«Басын тігіп екеуі қозғалмаса,
Лажын зұлымдардың таппас еді.
Көпшілік қозғалған соң, асау толқын
Жіберді жендеттерді таптап енді».
Қуанып екі ағасы болды шатта,
Інісін құтылдырып сәт-сағатта.
Тілектес—Жапар болып бас уәзір,
Әнуар патша болып шықты таққа.
Кімде-кім өзіне-өзі істейді екен,
Халықты зұлымдықпен зар жылатса.
Көпшілік, бұзық қандай, түзу қандай?
Ұққандар көкейіңе мықты сақта!
Мұратқа жетті Күлән, шешесі де,
Дүниеде мұқтаж болмай ештемеге.
Туылған анасындай құрмет етті,
Әнуар бір жыл баққан кемпірді де.
Атасы Омар молла қатты ұялды
Патшаға уәдесін бергеніне.
Сондайлық кешірімді патша болды—
Бір жанды ренжітпей өмірінде.
Әнуар елге жайлы болып өткен,
Өзінің ел сұраған мезгілінде.
Ауызға сөйлей берсе сөз келеді,
Хикая нелер қызық кез келеді.
Бұл дүние—көне сарай, көшкен керуен,
Ауысып бірден бірге өзгереді.
Қызықты қыз бен жігіт әңгімесін,
Сауықшыл жастар көзі тез көреді.
Мақалы ата-бабам бәрі де рас,
«Құлақпен естігенді көз көреді».
Дүниенің өтетінін білдіңдер ме,
Құлаққа білген сөзін ілдіңдер ме?
Адамға жастық—жалын, қарттық—қайғы,
Жас күнде бәрің де ойнап күлдіңдер ме?
«Қажисың, қартаясың» дегендердің
Сөзіне көңіл қойып кірдіңдер ме?
Жас өтер, сауық кетер, кәрілік жетер,
Ойлашы, бір қалыпта жүрдіңдер ме?!
Көрген түс, өткен өмір бәрі бірдей,
Өзгермес өмір тауып сүрдіңдер ме?
Өлмесең, бүгінгі күн баяғы боп,
Кейінгі көрінеді бір күндерде.
Қош айтып, разы бол өткен күнге,
Тәрбие аз да болса еткен күнге.
Өсіріп, бізді ұзатып, жолға салып,
Ауысып кейін қарай кеткен күнге.
Біреулер арманына жетіп өліп,
Біреулер зар илеумен кеткен мүлде.
Садық—Сәлиқан
ғашықтық дастандар
Осындай аума-төкпе замандарда,
Өтіпті екі ғашық өткен күнде.
Жияды үлкейгенде әркім есін,
Бір заң бар «ғашық» деген, ел, білесің.
Тыңдасаң сөзді бұзбай, енді айтайын,
Садық пен Сәлиқанның әңгімесін.
Жүрмеді қазақ кімнің қолтығында,
Шықпаған басқа мүйіз—мұжығында.
Қанша жыл Сырдың бойын мекен еткен
Заманның ілгергі бір толқынында.
Сол жерде мекен етіп тұрған байып,
Кеткенше бағы қашан табан тайып.
Есім деген бір байда екі қыз бар,
Сәлиқан, Сағымжан деп таңғажайып.
Айтайын сөзді ұзатпай келтелетіп,
Қызығын ұқтырайын ертелетіп.
Қызының бірі он бесте, бірі он үште,
Сәли, Сағи дейді екен еркелетіп.
Ұлы жоқ, екі қыз бар, дәулеті мол,
Бай менен бәйбішенің ермегі сол.
Ешкімге құда болмай жүруші еді,
Байлар келіп айтса да бірнеше жол.
Сәлидің басқа қыздан түрі бөлек,
Секілді бойы сандал, шынар терек.
Міні жоқ он төртінде туған айдай,
Ақылды, һәм оқыған аса зерек.
Жайдары мінезі бар ашық-жарқын,
Етпейді басқа қыздай елек-селек.
Қол жетпес әуедегі ол бір алма,
Секілді қара шашы торғын желек.
Уылжып, жаңа пісіп келе жатыр,
Көзге түсер көрікті елден ерек.
садық—сәлиқан
Шырын сөз, қарақат көз, күміс маңдай,
Дариға-ай, айтып-айтпай неге керек?!
Жас та емес, үлкен де емес, деген бапта,
Қауындай жарылмаған жаңа қапта.
Бір бай бар аты шулы Нұрым деген,
Туысы, жері жақын, басқа тапта.
Нұрымның екі ұлы бар: Садық, Сабыр,
Онда жоқ одан басқа аға-бауыр.
Садығы саспас сабаз, сабырлы ер,
Көреген өткір көзді, мінезі ауыр.
Бала жоқ екеуінен мұнда басқа,
Садық та сонда келген он бес жасқа.
Сол бала дүниесін басқаратын—
Өзі ие, мал мен мүлік, ат пен асқа.
Қайын жоқ жүрген еді бұл да бойдақ,
Табылмай өз теңдесі жүрсе де ойлап.
Кезіксе ылайық қыз алайын деп,
Әр жерге көзін салып, жүрді бойлап.
Қайынсыз басы бос жүр Сәли де әзір,
Ойламай еш нәрсені ол да қазір.
Аймақтың ат шаптырып бәрін жиды,
Осы елде бір бай өліп болып нәзір.
Нәзірге Садықты ертіп келді Нұрым,
Көрген жоқ Сәлиқанды Садық бұрын.
Ауылдың нәзір берген маңайында,
Есімнің ауылы отыр анақұрым.
Әдеті қыз баланың бар емес пе,
Бұлақтан су таситын кешкітұрым.
Садықтың жүрегіне түсті бір от,
Судан қайтқан Сәлиқанның көріп түрін.
ғашықтық дастандар
Сәлиқан төрт-бес қызбен судан қайтқан,
Ән салып, баяулатып өлең айтқан.
Шолпандай қалың жұлдыз ішіндегі,
Толықсып, нұрдай балқып келе жатқан.
Маралдың бұзауындай бауыры жарап,
Жел тұрып қара шашы қойған тарап.
«Қайсы үйге кіреді деп, қайда барып»,
Тесіліп Садық арттан тұрды қарап.
Садықты қыз да көріп тұрып кетіп,
Тулады жас жүрегі дір-дір етіп.
Оң қолын жүрегіне басты дағы,
Сілтеді тауға қарай әлдене етіп.
Аяңдап Сәли жетті үйге таман,
Бұзылды Садық көңілі тіпті жаман.
Мұндай жан болады екен деп таңырқап,
«Аһ» деді қыз көрінбей кеткен заман.
«Болсаң да ханның қызы сені алайын,
Келмейді осы күнде неге шамам.
Жолыңа жаным құрбан болса дағы,
Тұрмаспын бұл дүниеде сенсіз әман».
Әкетіп өртегендей жүректері,
Дірілдеп буын-саусақ, білектері.
Не қылсаң да жарға қос деп, Жаратқан,
Құйылды бір-ақ жерге тілектері.
Кеш болды, қас қарайып күн де батып,
Ас ішпей намазшамда қалды жатып.
Таң атса көрем бе деп дөңгелеумен,
Бір кезде көзі ілінді сіле қатып.
Таң атып, тауық шақырар мезгілінде,
Төсектен шошынғандай тұрды атып.
Қимасын сыртқа шығып тұрды қарап,
Көрмеген жан қайғысы жанға батып.
садық—сәлиқан
Аздан соң ел де тұрды, күн де шықты,
Қасірет жүректегі болды мықты.
Жайлауға Есім сол күн көшпек еді,
Ат ұстап, түйе қомдап, үйін жықты.
Садықтың өңі кетіп, қаны қашып,
(Сыр емес шығаратын сыртқа шашып).
Нұрым кеп «не болды?» деп сұраса да,
Айтпады ұялғаннан сөзін ашып.
—Білмеймін, ауырып тұр,—деді,—басым,
Қалдырып іше алмады берген асын.
Деді де: «Аһ, дүние», теріс айналып,
Еріксіз егіліп кеп төкті жасын.
Нұрымның көзі алақтап, есі кетіп,
Баласын екі көзі тесіп өтіп.
Ақырын сыртқа шығып қарап еді,
Есімнің барады екен көші кетіп.
Жүдеген баласының көріп түрін,
Кетуге ат ерттеді шығып Нұрым.
Қарасын Садық байқап көре алмады,
Екі қыз көш алдында кеткен бұрын.
Садық кеп:—Бүгін тоқта, атам,—деді,
Науқасым емес онша қатаң,—деді.
Бой жазып, атқа мініп, қырға шығып,
Тамақты суып ішіп жатам,—деді.
«Құп» деді баласының сөзін тосып,
Ағып жүр Нұрым жасы көзден жосып.
Мінгізіп боз жорғаға Садық салды,
Қасына бір жігітті берді қосып.
Киініп асыл киім, белін буып,
Сыланып, сыртын түзеп, бетін жуып.
Аттанып шалқар түсте боз жорғамен,
Артынан Есім көшін кетті қуып.
ғашықтық дастандар
Көк майса, жасыл текше түсті жолға,
Заулады запқы тастай қос боз жорға.
Кезінде қазақ бесін күн еңкейген,
Соңынан қалың көштің жетті зорға.
Келеді сергелдең боп бір қыз үшін,
Сарып қып жар жолына қуат-күшін.
Білмейді көші қайсы, қалайманда,
Тоқтатып көрген де емес қыздың түсін.
Көргенше Садықта жоқ сабыр, тұрақ,
Жас бала тіс қақпаған, балдыр құрақ.
Көшкен кім қасымыздан деп болмаса,
Алсасы аттанарда атын сұрап.
Көш те көп, көш шетінде қыздар да көп,
Келмей жүр басқа қыздар Сәлиге дөп.
—Ауылдың нәзір берген бас жағынан,
Сұрап жүр: «Осы бүгін көшкен кім?»—деп.
Білмейді жер жадысын тау мен сай көп,
Әуенің асты қуыс, барар жай көп.
—Аты кім, жұмысың не, кімді іздейсің?—
Ол жерден,—дейді,—бүгін көшкен бай көп.
Тұруға сабыр қылмай көп сөз теріп,
Оларға былайша деп жауап беріп:
—Нәзірге келіп жатқан мейман едік,
Кетіпті жылқысына бір ат еріп,—
Деді де жөнеледі көштен озып,
Делебе әбден шалқып, алды қозып.
Арасын қатын, қыздың көктей заулап,
Жалтақтап лашындай мойын созып.
Ешкімнен енді тіктеп сұрамады,
Әлгіндей жауап берді сұрағаны.
Не сықылды келеді кербез қыздар,
Ешбірі көңіліне ұнамады.
садық—сәлиқан
«Сабылтқан қара тер қып қос боз атын,—
(Таңырқап көште көрген қыз бен қатын)
Жұмысы бір қысылшаң болу керек,
Жаратқан жан екен деп артық затын».
Қарайды көз айырмай көрген қыздар,
Сәулеті перизаттай, жүрісі ызғар.
Толықсып аттан ауып кете жаздап,
Талай қыз талмаусыды—имансыздар.
Келеді жол шетімен сырқыратып,
Түтін қып, шаң-тозаңды бұрқыратып.
Үкілі, сап жорғалы топ-топ қыздар,
Қуалап бірін-бірі тырқыратып.
Оларды ағындап кеп аралайды,
Тізесін соғып өтіп саралайды.
Ішінде ғашық жары болмаған соң,
Бетіне екі айналып қарамайды.
Қарайды басқа қызға несін енді,
Еңкейді намаздыгер болып, бесін енді.
Шұбалып Көкқайқыға ілінгенде,
Есімнің жақындады көшіне енді.
Артынан жетті қуып қыздың көшін,
Бір-екі малайымен бәйбіше, Есім.
Қызсыз көш, танымайды өте салды,
Қарайды қыз болмаса оған несін.
Жүрегі сабыр таппай дүрсілдеді,
Шақырып Есім оған:—Кімсің?—деді.
—Иен жер бұдан былай, елсіз жайлау,
Асығып, нағып сасып жүрсің?—деді.
Қасына келіп тұрды сәлем беріп,
—Біз жатқан жолаушы едік асқа келіп.
Таңертең қасымыздан көшкен елге,
Кетіпті аяғынан бір ат еріп.
ғашықтық дастандар
Ей, ата, өзің көштің бүгін қайдан,
Атымды енді іздеймін қандай жайдан?
Жиделі түбектегі матай едік,
Нұрымның баласымын, атам найман—
—Атыңнан айырылыпсың қоймай байлап,
Мекенім Ағашоба жүрген жайлап.
Білмедім, ілесті ме? Жылқы ілгері,
Балалар кетіп еді бұрын айдап.
Көккерде жүре берсең жылқы жатыр,
Балалар тіккен шығар жұртқа шатыр.
Бар болса, жоқ болса да қайта алмайсың,
Асықпай мейман боп кет бүгін, батыр.
Жылқы ізі көк шалғында жатыр жосып,
(Балалар әкетті ме білмей қосып.)
Бар шығар балаларда қымыз, сусын,
Соны ішіп отырыңдар көшті тосып.
—Мақұл,—деп боз жорғаға қамшы басты,
Заулады жібергендей зақпы тасты.
Намаздыгер намазшам арасында,
Көккерде көп жылқыға араласты.
Жылқыны аралады ары-бері,
Шатырды тағы көрді Садық сері.
Жотада қыз да үмітпен тұрған атшаң,
Осы еді қол сілтеген болжал жері.
Сәли қыз ат ойнатып қарсы салды,
—Кімсің?—деп,—аралаған жатқан малды.
Жылқының шаршап келген шырқын бұзып,
Әлде бір ұрымысың,—деді,—ажалды?
Сөйледі сонда Садық:—Шалқыма қыз,
Қараңыз айтар сөздің артына, қыз.
Жылқыңа қос атымды қосып айдап,
Еліңнің ылайық па салтына, қыз.
садық—сәлиқан
Алған ұры бола ма, іздеуші ме—
Қалайша жауап қылдың алқына қыз?
Адамның аңғалы деп ойладың ба?
Қарасам тәуір екен қалпыңа қыз.
—Ей, мырза, ыза болма әзіл сөзге,
Айтпаймын әзілімді көрсең өзге.
Жылқымда атың түгіл, бөтен тай жоқ,
Түспей ме болса егер біздің көзге?
Қарай бер ілескен жоқ сенің атың,
Байқадым жан екенсің артық затың.
Жетпей ме жолаушыға бір ат мінсе,
Ол атың артық еді не қылатын?
—Ханыша, сенің ызаң өтіп отыр,
Артыңнан құрбың қуып жетіп отыр.
Бола ма екі ат артық азаматқа?
Атым түгіл, адамым кетіп отыр.
Ойлашы, не ойлап ең кеше кеште?
Әлі жүр ишаратың біздің есте.
Екі күн еру болмай ең болмаса,
Келеді талай кегім осы көште.
—Ей, мырза, асықпасаң тарқар кегің,
Еңбек қылмай егіліп шықпайды егін.
Атың кім, қай жерліксің, қайдан келдің,
Ұқтыршы кім болады ата тегің?
Матаймын, затым найман, әкем Нұрым,
Құйыпты жеті атама Қызыр нұрын.
Нәзірге өзің көрген сауын айтып,
Бізге де хабар барған жазғытұрым.
Атым—Садық, шығамын он бес жасқа,
Құмар едім өзіңдей қаламқасқа.
Көрдім, түсті жүрекке махаббатың—
Енді менің жарым жоқ сенен басқа.
ғашықтық дастандар
Бұдан басқа сөзім жоқ саған айтар,
Мен емес өліп кетсем серттен қайтар.
Менің үшін, сен не дейсің, ынтам осы,
Атың кім, қайсы тапсың, жауап қайтар?!
—Әкем—Есім, ұраным—қаракесек,
Иесі жоқ қалың мал—арам есек.
Есімнің ұлы да мен, қызы да мен,
Өзің көрген дүние маған есеп.
Атым Сәли, он беске келді жасым,
Сенсіз маған тарамас ішкен асым.
Артымда бір жеткіншек бауырым жоқ,
Дүниені айтып-айтпай не қыласың?
Өсіп ем ерке болып қолды сермей,
Ешкімге қойып еді әкем бермей.
Орнады жүрегіме сенің отың,
Тұра алман енді тірі сені көрмей.
Кетерсің, шатырға жүр бүгін қонып,
Тұр едім келе ме деп сені шолып.
Сіңілім бар аты—Сағи, екеу-ақпыз,
Айтармын басқа арманды кешке толық.
—Ей, Сәли, арман қылма бауырым жоқ деп,
Жиренбе дүниеден «бекер боқ» деп.
Айтқаны бұрынғының бар емес пе,
«Мал—бір жұттық, батырың—бір оқтық» деп.
Менде де бар көп емес жалғыз іні,
Білінер аздығынан ердің міні.
Екі қыз, екі ұл болып баға аламыз,
Нұрымды Есімменен сөздің шыны.
Шатырға осыны айтып келіп түсті,
Бұлардың уәдесі болып күшті.
Бір болып өлсе шұңқыр, шықса төбе,
Жалынды жас жүректер алды да ұшты.
садық—сәлиқан
Жылқышы екі жігіт барлығы алты,
Қалған жоқ айтылмаған сөздің қалты.
Отырды сұхбаттасып, қымыз ішіп,
Бір жерге тоқтағандай істің шарты.
Мұңдасты екі ғашық қамын жесіп,
Көш келді намазшамда шалғынды есіп.
Дем алып, жаппа тігіп отырысты,
Шөгеріп түйелерін, жүгін шешіп.
—Бар ма екен, атың,—деді,—Садық бала,
Бұл елдің біз көшіп ек алдын-ала,
Ешкім жоқ бұдан былай бәрі кейін,
Таңертең көш тастамай қайта қара.
Соны айтып, біраздан соң сойды малды,
Бәрі жеп ет пысқан соң тойды да алды.
Көтеріп көрпе, жастық Сәли сұлу,
Апарып көк майсаға төсек салды.
Жаппада—бай, бәйбіше, қонақ—сыртта,
Малайлар күзетте жүр жаңа жұртта.
Төсегі екі қыздың ақ шатырда,
Бағана жөндеп қойған оны ымыртта.
Сәли жүр төсек салып, бұраң қағып,
Басына бұлғақтатып үкі тағып.
Төсекке салып жатқан Садық келді,
Табылды іздегені жатсын нағып.
Жолдасы ат қойып жүр алып ерін,
Төсекке жалғыз келді Садық серің.
Мұңдасып екі ғашық құшақтасып,
Шығарып жатыр айтып ішкі шерін.
Қыз айтты:—Біраздан соң ұйықтайды ел,
Тоңасың мұнда жатсаң, соғып тұр жел.
Бұл жерде қалған сөзді тоқтатайық,
Жатқызып жолдасыңды шатырға кел.
ғашықтық дастандар
Лапылдап сөз айтылмай жүрек күйіп,
Бірінің ойлағанын бірі түйіп.
Ендігі сөз шатырда болмақ болды,
Ажырасты ауыздан бір-бір сүйіп.
Ерін алып ағашқа мықтап байлап,
Жолдасы жатты келіп атты жайлап.
Шатырға Садық жүрді ел жатқан соң,
Көз салып төңірегін бір абайлап.
Кіріп келсе Сәлиқан отыр жатпай,
Кереуетке сүйеніп кірпік қақпай.
Еш нәрседен хабарсыз Сағи жатыр,
Сөз бастады Сәли қыз оны оятпай.
Лүпілдеп сөз айта алмай шертіп жүрек,
Оралғандай мойынға суық білек.
—Ақыреттік жар болсаң, Алла қосқан,
Садық, саған үш түрлі қоям тілек.
Берем десең, айтамын тілегімді,
Ұстат оң жақ, бердім деп, білегіңді.
Сабырланып жауап бер саспай, жайлап,
Тоқтатып қызуланған жүрегіңді.
—Жаным-ау, асқа келіп сені көрдім,
Тастай көшіп кетсең де соңыңа ердім.
Үш емес, үш жүз тілек тілесең де,
Жаным, тәнім сенікі түгел бердім.
Менің сертім, уәдем, міне—қолым,
Арманым жоқ, өлсем де болды жолым.
Ант емес құр бос сөз, уәде емес,
Артым дүмді, келешек кең ғой мүлдем.
Сонда Сәли құшақтап, аузын сүйіп,
Лебізі беттеріне оттай тиіп.
Шалқаласып кетеді, жанталасып,
Буын босап, аққудай мойынын иіп.
садық—сәлиқан
—Ішке қайғы бүйтер ме ең, жинамасаң,
Тілегімді берер ме ең, сыйламасаң.
Ең бірінші тілегім: осы түні
«Аманатты» алам деп қинамасаң.
Бұл мүбәрәк бірінші, тұңғыш түн ғой,
Шын тілекпен өткізер Қадір түн ғой.
Ер жігіттің бар тірегі нысап, сабыр,
Шын жүрек, таза тілек бізге сын ғой.
Ата-анамды екінші, зарлатпасаң,
Ренжітіп, кейітіп, қарғатпасаң.
Менен қалып Сағижан не болады?
Көзден жасын сорлының парлатпасаң.
Қарыздары қалмасын деймін бізде,
Жатып алмай, барған соң жарыңды ізде.
Ең ақырғы, үшінші тілегім сол,
Ашық келіп, құда түс осы күзде.
Інің менен ертіп кел атаңды алып,
Құда түсіп, мал сойғыз, батаңды алып.
Неке оқытып қосылсақ, Құдайға жөн,
Қашқын, кезеп, некесіз атанбалық.
Қашып-пысып жол таппай қолға түсіп,
Арманда боп байланып, маталмалық.
Өйтіп қолға түсірсе, өлтіреді,
Біздің елдің мінезі қатаң халық.
Құдалыққа көнбесе, сермерсің қол,
Алдарынан бір өтіп, армансыз бол.
Епті жігіт бар шығар елдеріңде,
Талаптанып, талпынып, табарсың жол.
Осы менің тілегім айтып тұрған,
Бір сөзінде тұра алмас Тәңір ұрған.
Жаным, тәнім—сенікі, Құдай қалыс,
Шыбын жаным жолыңда болсын құрбан.
ғашықтық дастандар
Желмен бірге желбіреп торғын шатыр,
Дел-сал болып, езіліп Садық жатыр.
—Тілегіңнің бәрін де бердім,—деді,
Айтқанынан қайтпады есіл батыр.
Сәли жылап аузынан тағы сүйді,
Қылығына бойы еріп, іші күйді.
Таймас болат, табанды қайтпастығын,
Сырын алып, сипатын жүрек түйді.
Сағижанды оятып, жақты шамын,
Жас жүректің ғашықтар жеген қамын.
Бастан-аяқ ұқтырды сіңілісіне,
Бағанадан қандай сөз, не болғанын.
Мынау сенің жездең деп таныстырып,
Көрді екеуін азырақ жаныстырып.
Қуаныш қып сыртынан тұрды күліп,
Жездесі мен балдызын алыстырып.
Кірпік қақпай Сәлидің көзі тесіп,
Қымыз ішіп, азырақ тоқаш жесіп.
—«Мынау—белгім, ұмытпа»,—деді дағы,
Іштен киген мешпетін берді шешіп.
Міне, ғашық жандардың көр қызығын,
Ебін тапқан көреді ер қызығын.
—Өз көзімдей көріп жүр,—деді дағы,
Берді Садық суырып мөр жүзігін.
Балдызы оған бір торғын жаулық беріп,
Маңдайынан бір сүйді аузын керіп.
Балдызының жаулығын Садық алды,
Бірін-бірі қия алмай жүре еріп.
Күзде келмек уәде болды қатты,
Бұлбұл сайрап, бозарып таң да атты.
Қол алысып, сүйісіп, қош айтысып,
Төсегіне келді де Садық жатты.
садық—сәлиқан
Тұрып отқа жолдасы атын қойды,
Өзінше ол да ойлап жүр әрбір ойды.
Күн шыққан соң шақырды шай ішуге—
Итарқаның астында асқа тойды.
Даярланып жүруге ерттеді атын,
Көзі қимай Сәли жүр асылзатын.
Түсін бұзып, көзіне жасын іркіп,
Шыны ғашық білдіріп махаббатын.
Атасы мен қош айтты енесіне,
«Алла, аман көріскіз»,—деп келесіде.
Зорға басып аяғын шықты Садық,
Өртеніп от кеткендей денесіне.
—Мен де есіме атыңды алам,—деді,
Болма енді ат үшін алаң,—деді.
Сәли менен Сағиға тысқа шығып,
Мейманыңды аттандыр, балам,—деді.
Жүгіріп кеп Сағи қыз есік ашты,
Қош айта алмай Сәли де төкті жасты.
Қарағайды перде қып, елжіресіп,
Екі ғашық сүйісіп, құшақтасты.
Сәли қыз деді:—Садық, қош айтқаным,
Шын ынтам, емес саған бос айтқаным.
Ата-енеме сәлем де, Сабыржанға,
Көкейіңнен шықпасын осы айтқаным.
Сағи жылап Садықтың ұстап қолын,
Айырмаған жас бала оң мен солын.
Садық жылап бетінен сүйген шақта,
Әрең айтты:—Болсын,—деп,—Аға, жолың!
Жылап Садық:—Қош,—деді,—жар мен балдыз,
—Ата-анаңды кейітпе,—деді,—жалғыз.
Осы күзде өлмесем, бір келемін,
Мені ұмытар дегенді естен қалғыз.
ғашықтық дастандар
Садық сүйдеп әреңге атқа мінді,
Жастар сырын жолдасы әбден білді.
Ат үстінен еңкейіп, еңіресіп,
Сілекейін жұтысты, сорып тілді.
Қош айтысып, ат мойынын бұрып қалды,
Екі қыздың буыны құрып қалды.
Қарай-қарай артына Садық кетті,
Сағи, Сәли еңіреп тұрып қалды.
Садық қалай ат басын тарта алады,
Естен танып Сәли қыз шалқалады.
Қайың, терек, қарағай перде болып,
Ғашықтарды саяға ап қалқалады.
Еңіресіп айырылды екі ғашық,
Кетті Садық көрінбей белден асып.
Бір қарап ап артына жасын сүртіп,
Боз жорғаға жөнелді қамшы басып.
Әкесіне бесінде келді жетіп,
Сұрады: Жоғалдың,—деп,—қайда кетіп?
—Ауасы жақсы жерге қонып едік,
Жазылып қалдым,—деді сылтау етіп.
Баласы сауыққанға қуанды көп,
Білмейді қызға барып уанды деп.
Ертесі елге қайтып кетті бұлар,
Етті жеп, оқыды да Құранды көп.
Күз болса арманынан бұлар шықпақ,
Досты өсіріп, дұшпанның көңілін жықпақ.
«Ауызыңнан күзге дейін шығарма» деп,
Жолдасын Садық мырза қойды мықтап.
Дүркіреп сауықпенен көңілі өсіп,
Ауылға келіп жетіп, желдей есіп.
Арасы Садық—Сәли бес күндік жол,
Бұлар да жайлауына шықты көшіп.
садық—сәлиқан
Көктеуден бұлар көшіп кеткен кезде,
Арада он шақты күн өткен кезде.
«Қалмақпен соғысамыз, қамдансын» деп,
Жайлауға хабар келді, жеткен кезде.
Күш жетсе бірін-бірі қоймайды аяп,
Қалды ауылда кәрі шал, жітік-саяқ.
Қалмақпен қарсы шығып соғысуға,
Аттанды еркек қалмай тайлы-таяқ.
Ту байлап, ұран салып, қарсы шауып,
Біреу ұшып, біреулер аттан ауып.
Бір жарым ай соғысып жеңісе алмай,
Шегінді екі жағы қырын тауып.
Көрім, Садық қайтып аман келді,
Кім жақсы, мәлімсіз кім жаман болды.
Ауылда боп жарым айдай дем алғанда,
Тағы қалмақ жетті деп хабар келді.
Бірі қалмай аттанды қазақ тағы,
Қиян-кескі соғысты екі жағы.
Бес жүз қазақ қалмаққа тірі түсіп,
Қазақ жақтың жеңіліп сынды сағы.
Қалмақ байлап оларды алып кетті,
Үйді-үйіне тарасып халық кетті.
Баласынан адасып Нұрым келді,
Сол бес жүздің ішінде Садық кетті.
Нұрымға қалды түсіп ақыр заман,
Баласынан айырылып болды жаман.
Жерді берсе адамын қайтарам деп,
Қалмақтардан хат келді күзге таман.
Бұл әңгіме қазаққа ермек болды,
Талас жерін қалмақтың бермек болды.
Адамдарды тапсырып, жерді алуға,
Қанша қалыс қалмақтан келмек болды.
ғашықтық дастандар
Қазақ жағы үй тігіп, малды сойды,
Адамы кеп қуанып, қылды тойды.
«Қолың жетсе, тартып ал», деді дағы,
Айтқан жерін қалмаққа бермей қойды.
Жер алам деп адамын алып кепті,
Бермей қойып қазақтың қорлығы өтті.
«Қазақ, бәлем, асықпа қылармын»,—деп,
«Екін оқсын» деді де қалмақ кетті.
Ызаланып соныменен қалмақ кетті,
Келістіріп қазекең алдап кетті.
Он бес күнге жетпей-ақ, соғысуға
Он екі мың қалмақтан солдат кепті.
Соғысқа ешкім шықпай қала алмады,
Бұл жолы онша зиын сала алмады.
Қазақ тауға сүйеніп жатып алды,
Тағы бір ай соғысып ала алмады.
Келер жазда келуге қайтты қалмақ,
Не қылса да қазақтың жерін алмақ.
Қос қара сан оқ өтіп, қалың еттен,
Жаралы боп, Садыққа түсті салмақ.
Жарадар болды Садық қалмақ атып,
Жар қайғысы бір жақтан жанға батып.
Дәрігерге көрсетіп қозғала алмай,
Төсек тартып біржола қалды жатып.
Жарын ойлап, кетеді жасы зырлап,
Қапалық жатты күйіп, ішін тырнап.
Асқынып жазылмады, күз айналды,
Жарықшақтап сүйекті кеткен қырнап.
Кеп еді осы күзге әрең жетіп,
Жеткізбей қойды Тәңірім жаралы етіп.
Қазан айы кезінде келмекші еді,
Қазан түгіл, қараша барады өтіп.
садық—сәлиқан
Көтереді, жүру жоқ, құры басты,
Зарлы қылды Тәңірім есіл жасты.
Бірге барған баяғы жан жолдасын
Бір күні шақырып ап, ақылдасты.
Шақырып, оңашада қасына алып,
«Қайтерміз» деп отырды ақыл салып.
Жасынан тәрбиелеп өзін баққан,
Жиырма бес жаста еді аты—Мәлік.
—Ей, Мәке, бірге өсіп ем бала жастан,
Жерің жоқ кемшіл болған ат пен астан.
Сәлиді осы күзде бір көре алмай,
Өстіп-ақ кеткені ме заман бастан?
Жатырмын екі түрлі қайғы тартып,
Тамақ сау, дертім қапты жерді тарпып.
Бір хабар қаралында қыла алмасақ,
Жүргенше «жігітпін» деп өлген артық.
Шығарма сырды сыртқа, аузыңды жап,
Келмейді іс орнына дегенмен «қап!».
Денің сау, жасың үлкен, көргенің көп,
Болады қалай қылсақ, ақылын тап?
—Садықжан, айтқаныңды құп қылайын,
Бұйырса, Сәли қызға жұп қылайын.
Не «бар» дер, иә бастап өзі барар,
Әкеңе бастан-аяқ ұқтырайын.
Көнбесе егер әкең, қырсық шалып,
Тәуекел деп кетемін жалғыз салып.
Ахуалды ұқтырып, күн кеңітіп,
Не қылсам да келемін хабар алып.
—Мейлің,—деді, Мәлік кеп айтты шалға,
—Найманда қыз жоқ па екен,—деді ол,—малға?
Әперем жазылған соң өзім таңдап,
Айтып қой,—деді,—барып жынды салға!
ғашықтық дастандар
Сол кезде Мәржім тұрып:—Нұрым,—деді,
—Өзі сүйген қызы екен бұрын деді.
Кімді сүйсе сындырмай әпер сағын,
Жарамайды тартынсаң мұның,—деді.
Арғынға ат жетпей ме, болса да алыс?
Өзі барып болыпты қызбен таныс.
Үкі тағып келеді, басын байлап,
Мәлікті ертіп, бір-екі жібер қалыс.
Талабынан қоя бер жасты тыймай,
Дүниені отыр ма көзің қимай?
Қалмақ алса қабырғаң қайыспай ма,
Жатқан малды қайтесің жерге сыймай?
Балалар жас, өзің де боп қалдың шал,
Менің айтқан сөзіме құлағың сал.
Екі әлемде, кәпір сен, оңалмассың,
Садық пенен Сабырдан аясаң мал.
Қой қатын, қой деген соң, алсаңшы тіл,
Қыз іздейтін заман ба биылғы жыл?
Сенің ісің болмасын мал мен жанда,
Ас пісіріп, иірген жібіңді біл.
Ағаш оба алыс жер, арасы тау,
Алып кетсе қайтесің, аңдыған жау?
Балаларды қыздырмай жайыңа жүр,
Отың жағып, бие мен сиырды сау.
Шығып кетті соны айтып Нұрым батыр,
Қайғыланып бұл күнде Садық жатыр.
Мәлікті ертіп Садыққа Мәржім келді,
Тігіп берген оңаша торғын шатыр.
—Әкеңді, қарғам, Тәңір алсын,—деді,
Ата болмай адыра қалсын,—деді.
Бір атқосшы қасына жалдап алып,
Мәлік өзі арғынға барсын,—деді.
садық—сәлиқан
Екі жамбы берейін, екі ат алсын,
Еш адамға білдірмей кетіп қалсын.
«Жазылған соң келеді деп келер жазда»,
Үкі тағып, келінге хабар салсын.
Сөзіне Садық жылап анасының,
Қарашы ақылының данасының.
Мейірбан ана шіркін еңіреді,
Иіскеп маңдайынан баласының.
Мәлік шықты, бір жолдас тауып алды,
Екі жамбы қоржынға Мәржім салды.
Жылқыдан екі жорға жетекке алып,
Еш адамға сездірмей кетіп қалды.
Жүр еді Сабыр сонда жылқы бағып,
Зеріксе аң қуалап, түлкі қағып.
Емшектес Садықпенен он төрт жаста,
Аға—ауру, келеді ұйқы нағып?
Жұмысты айтқан Мәлік бастан-аяқ,
Жасырып бірін шала тастамай-ақ.
«Тез бар» деп екі атты ұстап өзі берген,
Садықтан керегі жоқ дүние аяп.
Садықты ойлап, кейіп жүр Сабыр әрең,
«Кімге пайда қылар деп бес күн әлем».
Өзім ертіп барамын, жазылған соң,
Үш қайтара жеңгеме,—деді,—сәлем!
Алла деп, жолға түсіп Мәлік кетті,
Неше қырқа, сай-сала таудан өтті.
Ел жайлаудан еңкейіп қалған екен,
Бес қонып ел шетіне келіп жетті.
Жол сұрап, жолдағы елден сусын ішіп,
Ел жайлаудан қалыпты қайта түсіп.
Бір суық сөз естіді жолдан сұрап,
Есім жазда кетті деп садаққа ұшып.
ғашықтық дастандар
—Қазақтан өлді талай батыр,—дейді,
Аяғы неге соғар, ақыр?—дейді.
Есімнің мал мен мүлкін ағайыны,
Үлеске саламыз деп жатыр,—дейді.
Өлтірді Есім байды биыл қалмақ,
Екі қыз, бір қатынға түсті салмақ.
Жыл уағы толған соң—келер жазда,
Үлесіп ағайыны түгел алмақ.
Мұны естіп Мәлік батыр кейіді көп,
Жұмысым енді қандай болады деп.
Есімнің ауылы мынау деді біреу,
Ренжіп келе жатса уайым жеп.
Айналып мама ағашқа келіп түсті,
Сығалап Сәли танып тұра ұшты.
Жыласып, амандасып, көңіл айтып,
Деп жатыр: тағдыр ісі қандай күшті.
Өтешек өстіп жүріп аз күн өмір,
Ешкімді алмай қоймас дүние жемір.
Көрісіп, қол берісіп отырған соң,
Жұпарға Құран оқып, айтты көңіл.
Танысты амандасып, жөн сұрасып,
Қайғы басып жүргендер тұнжырасып.
Сонда көрген Есімің енді жоқ деп,
Қайтадан тағы да алды бір жыласып.
Қаза болды жетінші айда,—деді,
Бұл дүниеден жоқ екен пайда,—деді.
Сәли сұлу тықыршып шыдай алмай:
—Жазда келген жолдасың қайда?—деді.
—Көңілің әкең өліп қараланды,
Жалғыз Алла жаратты бар адамды.
Сол соғыста оқ тиіп қара саннан,
Садық мырза жаман боп жараланды.
садық—сәлиқан
Жатыр зарлап жүре алмай, «жалғыз жар»,—деп,
Бұл өмірдің ойлаңдар жолы тар,—деп.
Осы жақта бір зәру ісі болып,
Өз орнына жіберді мені «бар»—деп.
Сүйегі аман, оқ өткен қалың еттен,
Қаны қашып жүдеді екі беттен.
Дәрігер бағып жатыр, біраз жақсы,
Жұмысына мен келдім сол себептен.
Жұпар оны ұққан жоқ, не біледі?
Аңқаусыман, мінезі кеңір еді.
Теріс айналып, Сәли қыз тысқа шығып,
Белбеу салып мойынына еңіреді.
—Әкем өліп, бауыр жоқ, қалдым жетім,
Тағдыр, саған жақпайды қай ниетім?
Сүйгеніме жалғанда қосылмасам,
Садықты алсаң, мені де ал, Құдіретім.
Дастарқанды шай ішкен Сағи жиып,
Ол да отырған әреңге үйге сыйып.
Сәлиқанның қасына келді дағы,
Ала алмады өксігін ол да тыйып.
Сағи айтты Сәлиге:—Есіңді жи,
«Жазылады» деді ғой, жасыңды тый.
Тәуір болып қалды деп айтып отыр,
Жүр, жыламай қонақтың қымызын құй.
Соны айтып, көңілін басып үйге жүрді,
Сәли, Сағи екеуі қабат кірді.
Қыздарының қызарған көзін көріп,
Бір хикмет барлығын Жұпар білді.
Қымыз ішіп отырды, батты күн де,
Мәлік, Сәли сөйлесті іңір түнде,
Сөздің шынын Жұпарға айтпақ болды,
Бастан аяқ барлығын түгел мүлде.
ғашықтық дастандар
Отырғанда кеңесіп, ішісіп шай,
Деді Мәлік:—Құлақ сал, ей, бәйбіше-ай,
Жаздағы, күздегісін түгел айтып—
Не дейсіз деп, Жұпарға сөйледі жай.
Жұпар айтты:—Жақсы орын тапсам болды,
Елге аштырмай етекті жапсам болды.
Сәли менен Сағиды армансыз қып,
Өзім жанды солармен бақсам болды.
Шығармаңдар бұл сырды сыртқа шашып,
Жаз шыққан соң кетелік ептеп қашып.
Мүлкін бөліп Есімнің аламыз деп,
Жалмауыздар даяр тұр аузын ашып.
Екі атыңды алып қайт, қалсын жамбы,
Атты алмады демеңдер, күмісті алды.
Өзің бізден айдап қайт он шақты ат,
Көшсек, қайда тастаймыз мына малды?
—Олай емес, құдағи, күдер үзбе,
Бір ауыз сөз айтайын тыңда сізге.
Тышқақ лақ қалдырмай әкетеміз,
Бірінші Алла, екінші сенсең бізге.
Жазға салым қоныңыз елді шеттеп,
Хабар алып тұрамыз тағы да ептеп.
Жігіт жиып, сайланып, жабдықтанып,
Әкетуге келеміз бір-ақ беттеп.
Абысындар сырласып келген шақта,
Аузына ас, астына қойып мақта.
Ести берсін, ертеден сөз қыла бер,
Қайны бар деп Сәлидың найман жақта.
Осыны айтып жатысты, тамағын жеп,
Екі қонды, жатпады жайланып көп.
Қош айтып, сегізінші күн ат ерттеді,
—Саламат тұр, біз енді қайтамыз,—деп.
садық—сәлиқан
Екеуіне мінгізді екі жақсы ат,
Сәлем-сауқат, тағы да жаздырды хат.
Атын алып, жамбыны сонда тастап,
Мәлік кетті деді де: «қош, аман жат».
Екі атын тастамады, ырым қылды,
Құдағидың сөйлесіп, сырын білді.
Ауылына бесінші күн Мәлік келді,
Бұлардың қып жүргенін Нұрым білді.
Мәліктер аттан жерге түскен заман,
Сұрасып болмай жатып есен-аман.
—Қайда бардың, атың не жетелеген?
Деп сұрады түнеріп, Нұрым надан.
—Тыңдасаңыз айтайын құлақ салып,
Мәлік батыр сөйледі бөркін алып.
—Садықжанның жұмсаған әмірімен,
Қаракесек—Арғынға келдім барып.
Айтпағанмен қоймайсыз мені қысып,
Бар деген соң жөнелдім құстай ұшып.
Есім байдың қызына өзің айтқан,
Келдім барып сөйлесіп, құда түсіп.
Ел еңкейіп жайлаудан келген екен,
Есім жазда, соғыста өлген екен.
Жалғыз қатын, екі қыз, жетім-жесір,
Малды аямай Құдайым берген екен.
Жетім қыздар жылайды баламыз деп,
Ел үркісе біз қайда қаламыз деп.
Ағайыны жүріпті сөз қылысып,
Мүлкін бөліп, мал-жанын аламыз деп.
Сәлем айтып, еңіреп берді екі атты,
Сәлемдеме тағы да мына хатты.
Екі қызды беремін екі ұлыңа,
Деп жылаған сөздері жанға батты.
ғашықтық дастандар
Садық өзі айласын тапсын дейді,
Бір пәледен бізді кеп қақсын дейді.
Бар дүнием, екі қыз Нұрымдікі,
Өлгенімше өзімді бақсын дейді.
Қандай тәтті дүние адамзатқа?
Қайта-қайта қарады Нұрым атқа:
—Жігерің бар ұл болсаң, бәрің дағы,
Жіберме,—деп—намысты енді жатқа.
Еске алыңдар ертеден жазға салым—
Деп қымыңдап сөйледі Нұрым шалың,—
Жігіт жиып, аттанып, таумен барып,
Әкеліңдер көшіріп барлық малын.
Солай сөйлеп бай Нұрым қойды жайлап,
Өзі шықты мал үшін белді байлап.
Сылап-сипап екі атқа үкі тағып,
Қаймақ жағып сауырын қойды майлап.
Міне, осындай тәтті мал жалған екен,
Өстіп алдап талайды алған екен.
Бұрынғыдан Садық та жақсы болып,
Кіріп-шығып балдақпен қалған екен.
Сөзін айтып қуанттты Садық ерді,
Мәлік келді аралап талай жерді.
Сабыр ертең екеуін ертіп барып,
Таңдап ұстап жылқыдан екі ат берді.
Сонымен, жазды күтіп жатты бұлар,
Садық та көп ызалы, қайғы—мұнар.
Онда Сәли жыласа, мұнда Садық,
Тарқайды қай заманда ғашық құмар.
Жылаған бұл сықылды талай ғашық,
Кейбіреуі қосылған мауқын басып.
Кейі жетіп мұратқа, кейі жетпей,
Кімге опа қылады дүние сасық!
садық—сәлиқан
Бірі жылап солардың, бірі күлді,
Ойлағанын бірінің бірі білді.
Садық мырза жылаумен қысқа келіп,
Қаңтар айы болғанда атқа мінді.
Әбден сергіп, жараның аузы бітті,
Онда жылап Сәли қыз қыстай күтті.
Келе ме деп бір хабар құр алақтап,
Түнде ұйқы жоқ, таң атса күнде үмітті.
Жарын тілеп жалғыздан қылады зар,
Тілегені басқа емес, бір ғашық жар!
Садық Сабыр, Мәлікпен ақылдасты,
Көк шыққанға қар кетіп бірталай бар.
Жолдасы жоқ адамға кім ермекші,
Жақсыға адам, жаманға жын ермекші.
Әріп деген Мәліктің інісі бар,
Соны болды Сәлиге жібермекші.
Жиырмаға Әріптің келген жасы,
Ол—Сабырдың жолдасы, ақылдасы.
Оқуы бар, өзі де қушыкештеу,
Күлімдеген жайдары көз бен қасы.
Айласы бар әртүрлі, қалжыңға ұста,
Ондай епті жігіт жоқ осы тұста.
Ат, киімі Сабырдан болғаннан соң,
Қалмаушы еді қасынан жазы-қыс та.
Садық, Сабыр, Мәлікпен:—Әріп,—деді,
—Түсіңді өзгерт, болып ал ғаріп,—деді.
Үйін тауып Есімнің, сырыңды айтып,
Малай боп тұр сол жерге барып,—деді.
Араламай сонда тұр елдің ішін,
Бір қызмет етіп кел Құдай үшін.
Жаз шыққанда сендерді біз табамыз,—
Деп ұқтырды ендігі етер ісін.
ғашықтық дастандар
—Мақұл,—деді айтып ек, бұған да шал,
—Жақсы киім, бәрін де қоржынға сал.
Бір семіз ат мін дағы көп ақша алып,
Ескі киім ки дағы құбыла қал.
«Алшынмын» де алыстан келген ауып,
Ауылымды кеткен де қалмақ шауып.
Пұл бергенге малай боп істеймін де,
Ендігісін өзің біл ебін тауып.
Жолға шықты «мақұл» деп сайтан Әріп,
Ел аралап келеді жерді шарып.
Сұрап жүріп Есімнің үйін тауып,
Намазшамда бір күні түсті барып.
Кіріп келді есіктен салдыр-сұлдыр,
Үсті-басы боз қырау, албыр-жұлбыр.
«Диуананың» кейпіне түсіп алып,
Отыра қап «аһ» деді Құдай ұрғыр.
Асасын қойды шаншып аша таяқ,
Үкі таққан әлемдеп бастан-аяқ.
Ала сеңсең бөркі бар, тысы ақ киіз,
Көрген ел есіркейді бұрқыны аяп.
Екі көзін алартып, есінейді,
Көкке қарап бір мезгіл тесіледі.
«Қайран ер» деп көзіне жас толтырып,
Жүкке барып сүйеніп, көсіледі.
Күңкілдесіп жынымен қалады ұрсып,
Шошынғандай орнынан тұрады ыршып,
Бәйбішеге бір қарап басын шайқап:
—Шіркін шалған көп екен,—деді,—қырсық.
Қаны қашып, қарайған суық пішін,
Құжырланып егейді қайрап тісін.
Албасты ма, адам ба жан білмейді,
Үркердей қылды сараң үйдің ішін.
садық—сәлиқан
—Өлік шыққан үй екен биыл,—дейді,
Бастарыңа күн түскен қиын,—дейді.
Сүйенгенің күшті екен түбі—қайыр,
Бейшаралар, Құдайға сыйын,—дейді.
—Жүрген дұшпан көп екен тісін басып,
Бармақсыңдар қай жаққа жазда қашып.
Алыс емес аңдушың—ағайының
«Жұтамыз» деп жүр екен аузын ашып.
«Жұтамыз» деп жаз шықса сұқтанады,
Үлкен қызың біреумен жұптанады.
Бір қатерден бейшара қалған екен,
Сол кеп сені пәледен құтқарады.
Отырыңдар шошымай, өңкей ғаріп,
Мен бір жүрген бұрқымын дүние шарып.
Аға-іні, ата-ана еш нәрсем жоқ,
Тұрарымды білмеймін қайда барып?
Көрсеткенін Құдайдың айтам елге,
Сонан басқа айып жоқ, шеше менде.
Ауылымды жау түгел қырып кеткен,—
Деп жылады:—болмасын мендей пенде!
Бұлар жылап, мұңайып, ашып жаны,
Отырысты орнығып кіріп қаны.
Бір қазаншы, бір қойшы өздері—үш,
Алтау болды барлығы адам саны.
Бәйбіше айтты:—Жылама, жас қой басың,
Мұңыңды айтып ағыздың көздің жасын.
Айтқаныңның бәрі шын, біз де өзіңдей,
Айтып-айтпай дүниені не қыласың?
Мұңдасты түзеліп ап, бәрі қайтып,
Бір шошытып бұл сараң, бір қуантып.
Шай ішіп, қазан түсті, ет те пысты,
Бастан-аяқ бәйбіше мұңын айтып.
ғашықтық дастандар
Әріп Құран оқыды, тамақ ішіп,
Бір-бір жылап бәрінің қабағы ісіп.
«Ата-анасы жетім» деп мұны есіркеп,
Бәйбішенің отырды мейірі түсіп.
—Ерім өлген, ей балам, бізде жоқ ұл,
Жатыр толып есепсіз дүние тұл.
Маған бала бол дағы, жүр осында,
Төртеумізге жетеді мал менен пұл.
Көп емеспіз бұл үйде үш-ақ бас бар,
Қанша шашсаң жетерлік ат пен ас бар.
Бір Құдайға тапсырып, саған берем,
Дүние, мал есебін өзің басқар.
Мұңыңды айтып күйдірдің ішімізді,
Білдің барлық айтпай-ақ ісімізді.
Құдай-Құран айтысып, борышсыз қып,
Балам, саған атадым кіші қызды.
Қарғып тұрды, «құлдық» деп «кәпір» Әріп,
Сүйегін Жұпар сөзі кетті жарып.
—Құдай қалыс, өлгенше құлыңмын,—деп,
Аяғыңа бас ұрды дереу барып.
—Ұзын болсын өмірің, балам,—деді,
Енді сені бала қып алам,—деді.
Жалпайған үй, жайылған мал сенікі,
Бәрін түгел алдыңа салам деді.
Соны айтысып, отырды мауқын басып,
Шай қайнатты тағы да шәугімді асып.
Түбі қандай болар деп бұл жұмыстың,
Қиялдап Әріп отыр басын қасып.
Әріп тапқан қулық пен ол амалды,
Қас қаққанша мал-жанды бола қалды.
Белгіге Садық берген Сәлиқанға,
Бетін сүртіп, қолға алды орамалды.
садық—сәлиқан
Жастан қулық бұл сайтан терген еді,
Талай сұмның соңынан ерген еді.
Бұл орамал тегінде Сәлидікі,
Мәліктен сәлемдеме берген еді.
Бетін сүртіп шұбатып қолына алды,
Сәли қыздың селт етіп көзі шалды.
Кестесінен жаулығын тани кетіп,
Қасындағы Сағиды түртіп қалды.
Талай сұмдық сұрқия қылып отыр,
Танығанын жаулықты біліп отыр.
Өз қылғаны өзіне ұнамды боп,
Іші сезіп, ішегі күліп отыр.
Әбден танып жаулығын алды байқап,
Әріп отыр құбылып, қудай жайқап.
Бір хикмет барлығын сезіп Сәли,
Төкті жасын көзінен басын шайқап.
Қандай жәймен алғанын біле алмады,
Иә, ашық, не жылап күле алмады.
Жаулық жайын ұққанша диуанадан,
Сабыр, тағат Сәли қыз қыла алмады.
Сырт киімін диуана шешінді де,
Жатып алды жантайып көсілді де.
Анда-санда қояды бетін сүртіп,
Көз айырмай қыз қалды тесілді де.
Бір отырды, бір тұрды Сәли сұлу,
Қалды мүлде тықыршып, тағат қылу.
Диуанадан сұрады:—затың кім?—деп,
—Қай жерліксің, қайсы тап, қайсы ру?
—Кіші жүзбін төменгі, затым—алшын,
Көрген күнді сұрама, құрып қалсын?—
Десе дағы қолына жаулық отыр,
Енді бұған Сәлиқан қайдан нансын.
ғашықтық дастандар
Осыдан басқа жауап қайырмады,
Көзін Сәли жаулықтан айырмады.
Шай ішкен соң жайлады атын шығып,
Төр алдына төсегін дайындады.
Қайтып келді диуана атын байлап,
Қойды бұған Сәлиқан орын сайлап.
Үй іші де, қонақ та жатып қалды,
«Таң атқан соң сұрармын, деді, жайлап»,
Төсегіне диуана келіп жатты,
Сәли қыздың қайғысы жанға батты.
Кірпік қақпай төсекте дөңгеледі,
Бір мезгілде ел тұрып, таң да атты.
Бәрі тұрып бет жуып, ішті шайын,
Қыз өртеніп жаулықты көрген сайын.
Қойшы қойға, қазаншы суға кетіп,
Енді айналды сұрауға жаулық жайын.
Атын жөндеп жүргенде далада Әріп,
Жұпар тыста тұр еді отын жарып.
—Диуанамен оңаша сөйлеселік,—
Деп қыз айтты жүгіріп жетіп барып.
—Бір хикмет бар, апа, осында анық,
Бара жатыр бір іске ішім жанып.
Мен жіберген Мәліктен бет орамал,
Қолында жүр осының тұрмын танып.
Оңашалап сұрайық мұның жайын,
Бекер жүрген жан емес, қарапайым.
Біздің жайды білетін жан ұқсайды,
Диуана емес бір сыр бар, апатайым!
—Ондай болса, даяр қыл дереу бір шай,
Сырлы аяққа салып қой толтыра май.
Шақырып ап қонақты, оңашада,
Бастан аяқ сөйлесіп, сұрайық жай.
садық—сәлиқан
Даяр қылды «мақұл» деп Сәли шайды,
Тоқаш салып, аяқпен қойды майды.
Отырғанда шай ішіп оңашада,
Бастан-аяқ сұрады Жұпар жайды.
—Болсаң егер, ей балам, маған бала,
Түсті мейірім, шырағым, көре сала.
Қайдан келдің, жаулықты қайдан алдың?
Сырыңды айтшы қалдырмай титтей шала.
Боп жүрмесін сеніспей бір жаман нам,
Қалай болдың «диуана» оныңды айт әм.
Құдай атын атасып, бала болып,
Татып едің, шырағым, қолымнан дәм.
Ал диуана сөйледі Әріп жынды,
Енді айтпасқа болмады барлық шынды.
Матайлығын, Садықтың жібергенін,
Бірін қоймай сөйлеп кеп бір-ақ тынды.
Жұпар, Сәли, Сағимен қуанды көп,
«Ұзын болсын Садықтың өмірі» деп.
Әріп мұнда малай боп жүрмек болды,
Оңашада қып алды осындай еп.
Көңілі тынды бұлардың Әріп келіп,
Құдасынан қош хабар алып келіп.
Қой, жылқыны аралап, ат үстінде
Ерке малай боп жүрді барып келіп.
Қыстай жүріп бұл үйде қызмет етті,
Күн жылынып, жаз шығып, қар да кетті.
Садық, Мәлік жайланып келер кезде,
Қара қорым әскермен қалмақ жетті.
Қазақ қалмай аттанып, соғыс салды,
Елдің шеті үркуге ойлап қалды.
Қайта келіп көшіріп әкетем деп,
Әріп кетті қой, жылқы айдап малды.
ғашықтық дастандар
Жылқышы екі, қойшы екі, Әріппен бес,
Жөнелді айдап тоқтамай ертелі-кеш.
Қалмақ жеңіп, бар қазақ қашты көшіп,
Быт-шыт болып тұс-тұсқа таба алмай ес.
Бір малаймен Жұпар да қашты көшіп,
Жүр әркімдер өзінің қамын жесіп.
Жүкке түйе, мінетін аттары сай,
Жол білмейді, тек әйтеуір елге ілесіп.
Ел бет алды жөні сол шығыс жаққа,
Тиген кезде жаңа аузы жұрттың аққа.
Әріп қайда, ел қайда, Сәли қайда?
Кетті тозып қарашы мына «баққа».
Арт жақта жүр еркектер соғыс сала,
Тау мен тасқа ел кетті, қалды дала.
Адасқанның алды жөн, келеді үркіп,
Бастаушы жоқ, шулаған қатын-бала.
Бұлар көшіп өзінше кете тұрсын,
Көңілге алған жеріне жете тұрсын.
Садық жақтан азырақ сөз сөйлейік,
Сәли қыз тіршілігін ете тұрсын.
Қалмақпенен жүргенде атқыласып,
Қалмақ қуып, қазақтар қашты сасып.
Адам аман Садықтың ауылындағы,
Қалды қалмақ мал-мүлкін түгел басып.
Бір-бір атпен құтылып бұлар кетті,
Ұстағанын қалмақтар зар еңіретті.
Сабыр бастап ауылын, тауға шығып,
Жан қалатын бір берік жерге жетті.
Қайта қуды қазақты қалмақ асып,
Талайларды қырмаңдап, қанын шашып.
Нұрым, Садық, Мәліктер қайта келсе,
Шашылған үй, жұрт жатыр кеткен қашып.
садық—сәлиқан
Үйлер құлап, дүние жатыр қирап,
Керектісін әкеткен қалмақ жинап.
«Жан бағалық» деді де бұлар кетті,
Кейігеннен не пайда жанды қинап?
Бас айналып, қасірет-қайғы буға,
Арыстандай еліткен жеген уға.
Біреуді біреу біліп болар емес,
Ізі-шу кетті кіріп қалың нуға.
Біреу тас, біреу тауды барады асып,
Қалмақтан қашты қазақ қара басып.
Бейне көкпар тартқандай қалаймақан,
Қою шаңмен келеді араласып.
Анадан қыз бөлінген, атадан ұл,
Естен шығып дүние, мал менен пұл.
Тілі келсе білгені иман айту,
Болғаннан соң «бір үмбет, Құдайға құл».
Бұл соғыстан таба алмай қазақ пайда,
Жол таба алмай шулап жүр тау мен сайда.
Бұлар жүрсін шуласып, оны ізделік,
Баяғы төрт жігіт пен Әріп қайда?
Әріп кеткен малды айдап елден бұрын,
Үркетұғын осы елдің біліп сұрын.
(Қызға ұнамай мал десе жанын салып,
Дүниеге тоймаған әттең, Нұрым.)
Жер ортаға малды айдап Әріп келді,
Неше қырқа, сай-сала, асып белді.
Шығыс жаққа малды айдап кете берген,
Үркіпті деп ұққан соң былайғы елді.
Әріп аман, мал менен кеткен алға,
«Бетті жігіт болам» деп Нұрым шалға.
Ол кетсін Жұпар жақты бір шолалық,
Бейшаралар жетті екен қандай халге.
ғашықтық дастандар
Күн-түн демей бассыз көш жүріп кеткен,
Аралықта бірнеше күндер өткен.
Құла түзге бет алып жүре беріп,
Желдіқия дейтұғын жерге жеткен.
Қазақ әр кез мақсатқа жеткен емес,
Дүниеден армансыз өткен емес.
Жел үзілмей аталған «желді қия»,
Бір адаспай жүргендер кеткен емес.
Тас ұшырып, соғады қара түнек,
Деген сайын «басылар» кетеді үдеп.
Салт аттылар, көш емес сан адасып,
Ат-тонынан айырылып, қайтқан жүдеп.
Бесінші айсыз кетпейді қарлы боран,
Басты кессе білгендер жүрмейді одан.
Намаздыгер шенінде келіп жетті,
Өтпек болып қалың көш тура сонан.
Қаратаудың қалың көш етегінде,
Өлмесем мұратқа бір жетемін де.
Жұпар, Сәли көшінде басқа мал жоқ,
Бес түйе бар жүк артқан жетегінде.
Екі түйе қолында, алда—малай,
Екі түйе Жұпарда жүгі талай.
Сәли, Сағи, соңында бір түйемен,
Болар екен қияда заман қандай?
Қия жолға жақындап келе жатыр,
Боран шықты түскендей заман ақыр.
Жетелеген Сағидың түйесіне,
Азық-түлік киіммен артқан шатыр.
Шаң-тозаңмен екі бет тілінгенде,
Бір сұмдықтың болары білінгенде.
Қара боран қағынды тас ұшырып,
Қалың көш Қияға кеп ілінгенде.
садық—сәлиқан
Қара боран желдетіп, тұман басып,
Көрінбейді қарыс жер түтін басып.
Көз аштырып, көтеріп қаратпайды,
Бірін-бірі кете алмай кетті адасып.
Басын шайқап түйелер жөнге жүрмей,
Тау мен тасың, жазық-жар болды бірдей.
Сағи, Сәли келеді жігін ашпай,
Қайда кетті өзгелер қалды білмей.
Осы таудың осындай киесі бар,
Бәрінің де сыйынған иесі бар.
Сағижанды Сәлиқан жүр жетелеп,
Сағи қыздың қолында түйесі бар.
Кетті адасып талайлар жолдан шеттеп,
Тас бұршаққа жүре алмай қарсы беттеп.
Ұйытқып келіп алдыңнан қарсы ұрғанда,
Талай жерге кетесің шегіншектеп.
Ол қайғыға бұл түні кірмеген жоқ,
Аузын ашып ту-тулеп жүрмеген жоқ.
Екі көзін еріксіз жыпыңдатып,
Ықтиярсыз ырсыңдап күлмеген жоқ.
Көңілі босап көзге жас алмаған жоқ,
Есеңгіреп, есі ауып, талмаған жоқ.
Бөрік, тымақ, айырылып шылауыштан,
Тоқырайып жалаң бас қалмаған жоқ.
Кетті жұрттың білінбей оң мен солы,
Түкке ілінбей сермеген екі қолы.
Егер тауып дәл жүрген адам болса,
Жарым күндік жер еді тура жолы.
Қарсы итеріп, жүргізбей адым басса,
Боран шықты қалмақтан қорқып қашса.
Көз жұмылып, қарауға жарай алмай,
Құм-топырақ құйылып аузын ашса.
ғашықтық дастандар
Әлеметте осындай қалды халық,
Біреу жылап, біреулер жатыр талып.
Сәли, Сағи келеді өз бетімен
Ат қай жаққа бұрылса, солай салып.
Қайда барса сәлемет жүрген еді,
Балапанмен ұшпаған бірдей еді.
Осы таудың ары асса қай жерінен,
Қарағайлы, шағыл тас, күнгей еді.
Иен дала, елсіз жер, мойны қашық,
Бөгеті жоқ, жалғыз-ақ аңғар ашық.
Түйесімен жетекте Сәли, Сағи,
Осы таудан ары асып, кетті адасып.
Көрінді таң, сарғайып тау мен дала,
Қожырқай тас, түк жан жоқ, сай мен сала.
Су бойына дем алды жүк түсіріп,
Адасқанын білген соң екі бала.
Алсын демін бұл жерде бұлар жатып,
Еңіреумен егіліп, сіле қатып.
Сәли қызға аз жылап, бір ой түсіп,
Қайраттанып орнынан тұрды атып.
Секілді емес Сәлиқан қысылған қыз,
Өзін түзге жасынан пысырған қыз.
Ұл орнына ұл болып малда жүріп,
Бірдей болып еркекпен ысылған қыз.
—Бір Құдайға, Сағижан, енді сыйын,
Теңді шешіп еркекше киім киін.
Жүр жыламай, қайрат қып ел ізделік,
Басқа Құдай салған соң мұндай қиын.
Пайда бермес жабырқап, бекер жүдеу,
Жаратқаннан тілелік жақсы тілеу.
Шығыс жаққа отырмай бет алалық,
Жолықпай ма көп елден бізге біреу.
садық—сәлиқан
Атқа мініп, соны айтып, жүріп кетті,
Күн шығысқа Алла деп бұрып бетті.
Бір Құдайға сыйынып екі жетім,
Жолына тәуекелдің кіріп кетті.
Бет алып шығыс жаққа жүре берді,
Ағызып нұрлы жүзден жас пен терді.
Жасынан асыраған күшік еді—
Бұларға жолдас болып Сырттан ерді.
Бұларға мұндай қайғы Құдай салды,
Лағып кетті түзге құр бет алды.
Екі қыз өз бетімен жүре тұрсын,
Ізделік Жұпар, малай қайда қалды.
Екеуі төрт түйемен алда жүріп,
Ішіне қалың көштің кеткен кіріп.
Олар да ел көргенді көре-көре,
Сүйреліп шықты ашыққа етек түріп.
Сәли мен Сағижанды іздеді көп,
Адасып қайсы көште жүр екен деп.
Таба алмай іздеп-іздеп бетін жыртып,
Жығылды естен танып «аһ» ұрып кеп.
Айтылмай бастан бір сөз қалған шала,
Кетейін естеріңе оны сала.
Ері өліп Жұпар жесір қалғанында,
Ішінде жарым айлық қалған бала.
Күн шығып сәске мезгіл болып қалған,
Көшкен ел су жағалап қонып қалған.
Аяқтың бірі көрде, бірі жерде,
Айы да босанатын болып қалған.
Жүк түсіріп малайы, көлік байлап,
Дүниесін басқарып түгел жайлап.
Тірі болса табылар, шайыңды іш деп,
Еңіреді бас сүйеп «апатайлап».
ғашықтық дастандар
Ата-анасыз бұл жалғыз жетім еді,
Мұнда жүріп адам боп жетіп еді.
Сегіз жаста Жұпардың қолына кеп,
Малай демей, бала боп кетіп еді.
Жұмысына ерінбей көп жүреді,
Шын пейілмен қамдарын жеп жүреді.
Жұпар байқұс сөйлесіп әрбіреуге,
«Үйлендіріп қоямын» деп жүр еді.
Он сегізде жасы оның аты—Қасым,
Апасының тұрғызды сүйеп басын.
Сәли, Сағи Қасымды аға дейтін,
Бұл да бірге еңіреп төкті жасын.
Сусын жұтты түрегеп Жұпар ғаріп,
Бара жатыр жүрегін қайғы жарып.
Таяқ ұстап қолына бетке шығып,
Ал зарлады бір биік тасқа барып.
Әркімнің бар қайғысы бас-басында,
Мұндай қайғы жоқ шығар басқасында.
Шылауышын мойнына үш орап ап,
Зарлаған сөзі мынау тас басында:
Жаратқан жалғыз Құдайым,
Қор қылдың неге осынша?
Бұрынғы қайғың аз ғой деп,
Бердің бе мұны қосымша?
Мен зарламай, кім зарлар,
Ашық жолым тосылса.
«Апа!» деп келіп кім сүйер,
Көзімнің жасы жосылса.
Жетем деуші ем мұратқа,
Нәсіп болып сәлемет,
Садық пен Сәли қосылса.
Тағы да арман қылмас ем,
Сағи менен Сәлидің
Қасымда бірі отырса.
садық—сәлиқан
Тән жаратып, жан беріп,
Жоқтан өзің бар еттің.
Осынша кең әлемді
Жалғыз маған тар еттің.
Жанның бәрін жарылқап,
Мен сорлыны мұңайтып,
Бір перзентке зар еттің.
Өлгенге жүрсем қайғырып,
Тіріден түгел айырылып.
Мен секілді бейбақты,
Мұнша неге қор еттің?
Мені деген бұл қырсық
Артымнан қалмай шалды ғой.
Қаңғырған келіп диуана,
Жоғалды айдап малды ғой.
Енді менде табар жоқ,
Не Садықтан хабар жоқ,
Қанша түрлі пәлесін
Аямай Тәңірім салды ғой.
Төрт бірдей алып малайды,
Зарлатқан кезеп талайды.
Әулие боп көзі ашық,
Берекемді алды ғой.
Екі бірдей жас жетім,
Неше күнгі аш жетім.
Түндегі түнек боранда,
Үсіп өліп қалды ғой.
Зарлаған шығар «апа» деп,
Өлерінде күндерім.
Бірге өлмес пе ем сендермен,
Қасыңда неге жүрмедім?
Апалап жатып өлдің бе,
Тағдырға сөйтіп көндің бе?
Жел шығармай даусыңды,
Күрмелді ме екен тілдерің?!
Кетті заман басымнан,
Қалар ма едім қасыңнан,
ғашықтық дастандар
Мұндай сұмдық боларын,
Амал бар ма білмедім.
Бәрің кеттің, мен қалдым,
Жаратқан жалғыз, неңді алдым?
Артымнан қалмай осынша,
Аңдыған қырсық бір менің.
Маған, Алла, тар қылдың,
Басқаға кең әлемді.
Тым болмаса Садыққа,
Жеткізбедің сәлемді.
Есімді жеке бір алдың,
Балаларды тірі алдың.
Аядың ба бар, Құдай,
Маған деген пәлеңді.
Бір кезепті кез қылып,
Жоқты, барды сөз қылып.
Ақыры жетті түбіме,
Баста алып еді зәремді.
Бастан алдың еркімді,
Іште тұрған дертімді.
Мұныңды да көпсінсең,
Ризамын, ал енді!
Көтерілмес көңілім,
Ендігі қалған өмірім.
Өстіп жүріп өтер ме—
Жығы мен жылау зар енді.
Кешіктірмей мені де ал,
Тез қинамай көрге сал.
Мен көретін жақсылық,
Маған қайда бар енді?!
Жұпар зарлап, соны айтып егіліп тұр,
Қанды жасы көзінен төгіліп тұр.
Екі қолы жағада, шылауыш та,
Қабырғасы қайғырып, сөгіліп тұр.
Шылауышын еңіреп, мойнына іліп,
Екі бетін ағып тұр жасы тіліп.
садық—сәлиқан
Қасым жоқтап апасын, көрді дағы,
Тұрғандығын зарланып келді біліп.
Келді де, тоқтау айтты апасына,
Шерік боп апасының қапасына.
Тоқтай алмай қасында кетті боздап,
Шыдамай тартып тұрған жапасына.
—Қой, апа, жылағаннан бар ма пайда?
Тірі болса табылар, барса қайда.
Жыламалық, болмалық досқа күлкі,
Жаны ашитын жақын жоқ бұл маңайда.
Басқа сырды дұшпанға білдірмелік,
Ағайыннан алыстап біз жүрмелік.
Өзімізді дұшпанға табалатып,
Күндеп жүрген достарды күлдірмелік.
«Ұқпаймыз» деп қоялық малдың жайын,
Аман болса бір жерден болар дайын.
Кімнің малы қалмады бұл үркінде,
Қой, жылама, сабыр қыл, апатайым.
Бұл дүние болады кімге мұра,
Барлық жаннан қалады бара тұра.
Жақсылығы Алланың таусылмайды,
Сабырлық қыл, Құдайдан артын сұра.
—Тіліңді алам, тоқтайын енді саған,
Сен жоқ болсаң, кетеді тіпті, бағам.
Не үміт бар, не күтеміз, не тілейміз?
Артын сұра дегенді айтпа маған!
Сұрайтұғын арты мен түбі де жоқ,
Енді артатын ауырлық, жүгі де жоқ.
Өміріңді бір сенің сұрамасам,
Сонан басқа беретін түгі де жоқ.
ғашықтық дастандар
—Олай деме, апатай, Құдайым кең,
Құдіретпен еш нәрсе болмайды тең.
Аман-есен босанып ұл тапсаңыз,
Тағы дағы болмайсыз ешкімнен кем.
Мына қайғы жалғыз-ақ естен кетпес,
Жұбату ғой деген сөз «еш нәрсе етпес».
Үміт үзбей тұралық, сабыр сақтап,
Жақсылығы Алланың кімге жетпес.
Сүйемелдеп, соны айтып алып кетті,
Жұпар жылап, есі ауып талып кетті.
Енді қайтсын, ері өлген, екі қыз жоқ,
Ет жүрегі өртеніп жанып кетті.
Мұндай қайғы көрген жан жұбана ма,
Алда тағы кім білсін, қуана ма?
Үш адамнан айырылып, жалғыз қалып,
Малды былай айдатты диуанаға.
Қосқа келіп шай ішті, есін жиып,
Тастай алмай Қасымның көңілін қиып.
Еске түссе еңіреп тоқтата алмай,
Ала алмайды көзінің жасын тыйып.
Азық-түлік әйтеуір, дүние мол,
Көрінсін бе Жұпардың көзіне ол.
Енді Құдай аман қыл Қасымды деп,
Жатса-тұрса тілейтін тілегі сол.
Тоқтады сол жерге ел артын тосып,
Түгелденіп алуға басын қосып.
Адасқандар табысып, көріскенде,
Жұпар жасы кетеді судай жосып.
Ағайыны күндейді сандалды деп,
Бала болған диуана «малды алды», деп.
Еш біреуі қараспай кетті тастап,
Не қыламыз бір ауру сал қалды, деп.
садық—сәлиқан
Дүниесін батырлар бөліп алмақ,
Ес қалмапты оларда қуып қалмақ.
«Бір қатынның қу басын қайтеміз» деп,
Жоламады түсер деп бағып салмақ.
Қасым, Жұпар өзінше жанын бақты,
Әрбіреуі әр түрлі атақ тақты.
Күні жетіп, толғатып, аман-есен,
Жұпар жеңгей сазандай бір ұл тапты.
Есін жиды босанып бір ұл тауып,
Қуанышқа келген жоқ ешкім шауып.
«Түсім бе деп, өңім бе» деп, мұңлы Жұпар,
Неше талып тірілді есі ауып.
Қол-аяғын сәлемет баурына алды,
Күн шыққандай селт етіп бола қалды.
Ағайын, абысын түгел жиып,
Бір түйесін той қылып, құрбан шалды.
Бұған жетті бейшара мұндай халда,
Жақсылық бар деп еді-ау Қасым алда.
Жұпар, Қасым баламен үш бас болды,
Екі аты бар, үш түйе алал малда.
Төрт түйенің біреуін айтып сойды,
Қуанғаннан бейшара жасап тойды.
Азан айтып, бір молла бата беріп,
«Төленді» деп баланың атын қойды.
Төлен туып азырақ мауқын басты,
Жібіткендей бұл бала қылды тасты.
Сәли, Сағи есіне түсіп кетсе,
Жұпар жүрді ағызып көзден жасты.
Бір қуанып, бір жылап Жұпар жүрсін,
Осы жерге аяғы тоқтап тұрсын.
Басқа жаққа кетемін мұны тастап,
Қандырайын кезекпен құлақ құрышын.
ғашықтық дастандар
Жатсын бұлар дем алып осы жайда,
Салқын ауа, тұнық су, көгал сайда.
Бірден-бірден ізделік өкше ізімен,
Сәли, Садық, Әріп пен Сабыр қайда?
Сабыр шыққан бағана тауға қашып,
Дүниесін артына тастап-шашып.
Нұрым, Садық, Мәлікпен ол да кеткен,
Қалайман қою шаңға араласып.
Мәржім, Сабыр, бірнеше малайымен,
Қашқандардың жолдас боп талайымен.
Жартас, ағаш түбінде жанын бағып,
Қашып шыққан мырзалар сарайынан.
Өзін қуып қалмақтар, малын шапты,
Талай елдің өлтіріп, бетін жапты.
Нұрым, Садық, Мәліктер іздеп жүріп,
Сабырларды сәлемет әрең тапты.
Аман-есен қосылды қойдай шулап,
Қасіретте жүргендер бәрі дулап.
Сәлиді ойлап Садық сал тұра алмады,
Жас жүрегі тықыршып аттай тулап.
Жүрген жан жоқ мәз болып, шалқып-күліп,
Сап-салт атты, таусылған азық-түлік.
Сып-сыпайы болды да жолға түсті,
Қалды олжа боп қалмаққа мал мен мүлік.
Бір бұл емес, осындай жұрттың бәрі,
Бәрі де жүр таба алмай дертке дәрі.
Шығыс жаққа бет алып келе жатыр,
Қалмай бәрі ер-әйел, жас пен кәрі.
Садық бір күн Нұрымға:—Ата,—деді,
—Айтқанымды көрмеңіз, қате,—деді.
Әріпті іздеп келелік тауып алып,
Ренжімей беріңіз бата,—деді.
садық—сәлиқан
—Барсаңдар Мәлікті ертіп, балам,—деді,
Мен де білем боп жүрсің алаң,—деді.
Аман тапсаң малымен көшіріп кел,
Құр адамын әкелме жалаң,—деді.
Тағы мықты бір жолдас атқосшы алды,
Сәлиді іздеп «Алла» деп кетіп қалды.
Өзі көрген баяғы жұртқа барып,
Өкше ізімен қуалап тура салды.
Жаралған соң не көрмес жан боп туып,
Тәуекелге кірген соң белді буып.
Әріп қайда, бір іздеп көрмейміз бе?
Кете берсін Садықтар көшті қуып.
«Қу диуана» малды айдап кеткен жосып,
Бұрын барып ол жатыр елді тосып.
Мойнын бұрып бұл сөздің имектелік,
Ептеп бірден ақырын, басын қосып.
Ширықтырып айтпасақ сөзді қысқа,
Кететұғын аяғы тіпті алысқа.
Сөзге шорқақ, өлеңге олақ басым,
Ауыр келіп барады мен байқұсқа.
Әріп түсті бір өзен—көгал сайға,
Ел тоқтайтын түрі бар осы жайға.
Ұшқындаған ел алды келіп қалды,
Бас-аяғы жетпей-ақ жарым айға.
Шығыс жағы көк қырқа адыр екен,
Қаракерей алдыңғы ел—Садыр екен.
Матай менен Дөртуыл кейін қапты,
Жүрген жолы азырақ шадыр екен.
Әріп жатыр тай сойып, бие байлап,
Ерулігін Нұрымның әбден жайлап.
Елдің алды тоқтады көк өзенге,
Әрбіреуі әр жерден мекен сайлап.
ғашықтық дастандар
Шілдей тозып, быт-шыт болып халық кетті,
Кейбіреуі дүниесін алып кепті.
Тапсырды да бар малды жата бер деп,
Көш алдынан қос атпен Әріп кетті.
Құлазыған қу дала жері қағыр,
Көшкен қазақ қалайман абыр-сабыр.
Аш мойнақ, көк кезеңге ұшырасты,
Екінші күн ауылымен Нұрым, Сабыр.
Амандасып, жыласып көрісті кеп,
Мал мен мүлік қалды деп уайым жеп.
—Садық, Мәлік сені іздеп кетіп еді,—
Сұрады «Сол екеуін көрдің бе»,—деп.
—Көрмедім, мен шыққан ем өткен айда,
Тосып жаттым сіздерді иен жайда.
Малды маған айдатып, қалып еді,
Жұпар, Сәли кетті екен әлде қайда?
Төрт жігітпен қой, сиыр, жылқыны айдап,
Көк өзенде жатырмыз бие байлап.
Қам жемеңдер жетерлік дүние бар,
Іс етелік жалғыз-ақ түбін ойлап.
«Бір Нұрым бір Құдай» деп сенді Жұпар,
Сенген үшін бар малын берді Жұпар.
Садық, Мәлік не қылып келер екен,
Бізге керек іздеуге енді Жұпар.
Мал деген соң қуанды Нұрым шалым,
—Құдайға жөн, Әрібім, мұның, жаным.
Малға жетіп бір жөнін қылармыз,—деп,
Қылмаң қағып жөнелді бұрын шалың.
Мал үстіне бір қонып келді жетіп,
Малды көріп, Құдайға шүкір етіп.
Қымыз ішіп, дем алып, қойын сойып,
Екі қосқа жиналды дүрілдетіп.
садық—сәлиқан
Естен шықты тойынып, көргендері,
Мал-мүлікті қалмаққа бергендері.
Күзге шейін ел тоқтап тұрмақ болды,
Арып-ашып дем алып келгендері.
Бір күн кешке Әріпке Сабыр келді:
—Ас пенен мал бұл жерден табылды енді.
Жатамыз ба іздемей, тойып мәз боп,
Жұпар, Сәли адасқан бауырды енді?
Әріп айтты:—Жарайды, Сабыр, мұның,
Не дейді екен, айталық әкең Нұрым.
Жұпардың қылып кеткен жақсылығы—
Ұмытпаспын өлсем де жетпес құным.
«Жөн, айталық» деді де, келді шалға,
—Жатамыз ба мәз болып олжа малға.
Мал иесін жоқтамай тастаймыз ба,
Жетім-жесір жолықты қандай халға?
Малыменен бар жігіт мұнда кетсе,
Садық, Мәлік жақсы ғой тура жетсе.
Олар таппай, қарасар адамы жоқ,
Кімге обалы жылаумен өмірі өтсе?
Малын алып, ұмытсақ ол неге сеп?
Сабыр бала соны ойлап мұңайды көп.
Шал рұқсат бермеді ашуланып:
«Бірден-бірден жоғалып кетесің»,—деп.
—Асықтыңдар неге онша айға толмай,
Ел жайлап бір жерге әбден қонбай?
Ешқайсысың шықпайсың енді сыртқа,
Садық пенен Мәліктен хабар болмай.
Бірнеше күн сонымен тағы да өтті,
Әріп тауға зерігіп, аңға кетті.
Тастан ұшып, мертігіп құйымшағы,
Атқа өбектеп аулына әрең жетті.
ғашықтық дастандар
Сәли, Садық Сабырдың жоқтағаны,
Әкесінің ыза қып боқтағаны.
«Ел құлағы—елу» ғой естілді анық,
Арғын көшіп қай жерге тоқтағаны.
Мертігіп көп қозғалмай Әріп жатты,
Осы қайғы Сабырға жаман батты.
Бар жабдығын байланып бір күн кеште,
Сабыр бала «Алла» деп ерттеді атты.
Жай жатуға таба алмай Сабыр тұрақ,
Азық алды жетерлік үйден құрап.
Қаракесек қай жерге тоқтағанын,
Білгендерден тұспалдап алды сұрап.
«Аң қараймын» деді де сұрағанға,
Ішкі сырын сездірмей бір адамға.
Намаздыгер шенінде атқа мініп,
Жөнін айтпай жөнелді тірі адамға.
Тәуекел деп жөнелді Сабыр салып,
Теріскейді оңтүстік бетін алып.
Жалғыз сырын кетерде Әріпке айтқан,
«Айтып қой» деп жоқтаса сезіп қалып.
Елден ұзап бір сайға жатты келіп,
Алмады не қасына адам серік.
Тамақтанды, таң атты, жолға түсті,
—Не салсаң да,—деді,—Алла, өзіңде ерік.
Сабау қамшы, салт басы жалғыз атпен,
Асқан батыр ер еді бұл да таптан.
Жолын Алла оңғарып кете берсін,
Хабар алсақ қайтеді Садық жақтан?
Қазанның қарсы ұшқандай дауылына,
Сәлидің жетеміз деп ауылына.
Неше күн тынбай жүріп, ұйқы көрмей,
Кеп жетті Желдіқия бауырына.
садық—сәлиқан
Келді де кешке таман жатты қонып,
Ашылды түніменен боран болып.
Ізінен көшкен елдің адаспастан,
Қиядан асып түсті жолды шолып.
Ел шеті көрінеді ары асқанда,
Кезеңге бесін болды таласқанда.
Аш кезген арыстандай алас ұрып,
Елге кеп араласты намазшамда.
Қатыңқы қабақтағы аты жарау,
Қыз үшін сергелдең боп қызыл танау.
«Есімнің үйі қайда?» деп сұраса,
Бір қатын су көтерген деді: «анау».
Ет жүрек тоқтамады дір-дір етіп,
Жарына жақындаса шыдар нетіп.
Жарымды аман көрсем деген оймен,
Дүбірмен үй жанына келді жетіп.
Келеді ат сарыны жерді жарып,
Таниды шыға келіп Қасым ғаріп.
—Кеп қалды Садық, Мәлік,—деді дағы,
Жұпарға хабар берді қайта барып.
Не дейсің?—деп қайта айтып сөзін ұқты,
—Кеп қалды,—деп есіктен басын сұқты.
Ат байлап, олар түсіп жатқан кезде,
Жұпардың ойбайлаған даусы шықты.
Садықтар аң-таң болып, қалды шошып,
Не бар деп тыңдай қалды сөзін тосып.
Сәли жоқ, Садық келді дегенді естіп,
Бәрінің кетті көзден жасы жосып.
Жыласып, сопайысып кірді үйге,
Түсті ғой Жұпар ғаріп ауыр күйге.
Садықты құшақтап кеп беттен сүйіп,
Боздады саулы інгендей Жұпар бейне.
ғашықтық дастандар
Көл болып көзден жасы төгілгенде,
Адамның қабырғасы сөгілгенде.
Аң, құс та адам түгіл, шыдар емес,
Зарланып зар дауыспен егілгенде.
Садықты жас баладай бауырына алып,
Інгендей ботасы өлген мойын салып.
—Жоғалды Сәли, Сағи,—деп еді ол,
Құшақта Садық кетті неше талып.
Айта алмай бәрі еңіреп сөз қайырып,
Езіліп қалды босап, құр жайылып.
Бұларға Мәлік, Қасым тоқтау айтып,
Құшақтан Садықты алды зорға айырып.
Жылады алды-алдына өксік тыймай,
Езіліп кетті Садық бойын жыймай.
Жұпардан енді шықпай тұрсын не қып,
Қасірет тіліп жатқан ішке сыймай?
Бір кезде Садық әрең жыйды есін—
Екі қыз жоқ, тағы да өлген Есім.
—Сабырлық қыл, апатай, мен келдім,—деп,
Садық әрең тоқтатты қайын енесін.
Бет жуып, жылау тоқтап, есін жиып,
Атасына дұға оқып, жасын тыйып.
От кеткендей өртеніп, тұла бойы,
Отырды амалсыздан үйге сыйып.
Дем алып, бірер шыны сусын ішті,
Жыласып аз, тағы да сөзге түсті.
Жылай, боздай отырып айтып өтті,
Жұпар ғаріп басынан өткен істі.
—Осындай әлеметтер болды,—дейді,
Таба алмадық бораннан жолды,—дейді.
Сәли, Сағи адасып кеткеніне
Дәл бүгін жиырма күн толды—дейді.
садық—сәлиқан
—Үмітім аман-есен таудан өтсе,
Бораннан ажыраспай шығып кетсе.
Киім, шатыр, азық мол түйеге артқан,
Сонымен қаңғып жүріп елге жетсе.
Біреуден демеп едім пайда алайын,
Деуші едім, орын тауып жайланайын.
Әлі де сені көрдім арманым жоқ,
Көзіңнен күнім, Садық, айналайын.
Жоқ еді бір сені ойлап бізде тағат,
Екі балам осындай кетті ағат.
Алла есіркеп бір күшік тағы берді,
Атаңнан қалып едім екіқабат.
Жаны кетіп жүректің шошығанда,
Көзден жасым көл болып жосығанда.
«Ермек қыл» деп Құдайым мұны берді,
Шүкір қылып отырмын осыған да.
Қайғы көрген мен болдым елден ерек,
Айтып-айтпай, Садықжан, неге керек.
Қасым барып Қияны неше тінтіп,
«Өлі-тірі» таппады ешбір дерек.
Жалғыз мен зарланғанмен, не табайын?
Табалап отыр бәрі—бар маңайым.
«Малды беріп, қыздардан айырылды» деп,
Жоламай дос пен бауыр, кетті ағайын.
Өртенем қыздар еске түскен сайын,
Тұрмады сен келгенде Сәли дайын.
Көзінен жас аққанша бәрі күлді,
«Диуана»—айтып еді Әріп жайын.
Әріптен еш нәрсе аяп қалғаным жоқ,
Бір тоқты керек десе алғаным жоқ.
Тірі көрсем деуші едім, Садық сені,
Құдайға бүгін алса, арманым жоқ.
ғашықтық дастандар
Енді Садық сөйлейтін кезек жетті,
Барлық мұңын енесі баян етті.
Шабылғанын, Әріптің бармағанын,
Не көргенін Садық та сөйлеп өтті.
—Өлмесе, Әріп аман табылды,
Ол малды жалғыз басы не қылады?
Мен өлмесем, бағамын, шеше, сені,
Ес жиылып, етектер жабылады.
Ер жеткенше, балаңыз—Қасым серік,
Қайсы мұңды айтамыз түгел теріп.
Қасым, Сабыр, мен бармын, Мәлік те бар,
Төленнің болсын тағы «бауы берік».
Келгенде кім көнбейді қазаға анық,
Пайда жоқ бос жылаудан назаланып.
Өлген болса, табармыз бір белгісін,
Әуелі Қия жолды тазалалық.
Қияны бір арылтып, әуел алып,
Іздерміз тірі кетсе ізін шалып.
Бар болса жер бетінде табам қоймай,
Көшіріп, сізді алдымен жолға салып.
Оларды тірі болса, қоймай табам,
Бір Құдай, жәрдем берсін, ата бабам.
Қашан Төлен ер жетіп, ес білгенше,
Қанаттыға қақтырмай өзім бағам.
Көшіріп, әуел сізді жолға салам,
Онан кейін Сәлидің ізін шалам.
Садықтың жауабына Жұпар жылап:
—Өмірің ұзын болсын,—деді,—балам.
Соны айтып, тамақ ішіп жатты барып,
Қылайды бір уақытта таң да ағарып.
Аттарын намаз оқып, отқа қойып,
Басын құрап, шай ішіп өңкей ғаріп.
садық—сәлиқан
Жолы бар осы таудың талай аспақ,
Қасымды ертіп, жолдасын мұнда бастап.
Азық-түлік жайлап ап үш-төрт күндік,
Қия жолды тінтуге кетті бастап.
Дем алмай осы тауда үш күн шапты,
Жер тастамай тоқымдай әбден қақты.
Төртінші күн кезеңде қарап жүріп,
Түйенің күнгейге асқан ізін тапты.
Ізіменен қуалап шатқа түскен,
Сергелдең болды жастар мұндай іспен.
Ізі жатыр, өзі жоқ, орнын тапты,
Су бойына от жағып, тамақ ішкен.
Азығы да таусылды, жүре алмады,
Шаршап атқа бәрі де міне алмады.
Шағыл тастақ жағадан із таба алмай,
Қалай беттеп кеткенін біле алмады.
Өстіп бұлар сабылып жаһан кезді,
Ұйқы, тамақ, күлкіден мүлдем безді.
Жайланып ап келуге қайта кетті,
Тірі екенін әйтеуір әбден сезді.
Жап-жақын жер ауылға қайтып келді,
Тірі екенін Жұпарға айтып келді.
«Аунап-қунап, тынықсын» деді дағы,
Аттарын суытты да, қоя берді.
Сабыр жоқ Садық салда осы күнде,
Кірпік қақпай шығады ұзақ түнде.
Үшінші күн түйеге жүгін артты,
Көше жүріп іздеуге бәрі бірге.
Үш түйеге жеңілдеп артты жүкті,
Тастамады керекті жұртқа түкті.
Сәли, Сағи от жаққан жерге келіп,
Ізін тауып алуға қосын тікті.
ғашықтық дастандар
Қарамай күннің қайтып өткеніне,
Қандай халге білмейді жеткеніне.
Жұпар, Садық, Мәліктер жүр қуанып,
Көз жетіп өлмей тірі кеткеніне.
Ғашықтар жар жолында жаннан кешпек,
Дарияға тәуекел белді шешпек.
Сәли, Сағи жұртында бұлар отыр,
Із басқарып алған соң бір-ақ көшпек.
Тірі болса, үміт бар деген табар,
Шөп жылдызын жесе де жанын бағар.
Садықтар осы тауды қарай берсін,
Қайтеді Сәли қыздан алсақ хабар?
Бет бұрып шығыс жаққа салмап па еді,
Бел байлап тәуекелге алмап па еді?
Анада осы жерден аттандырып,
Содан кейін жоқталмай қалмап па еді?
Бар қызық осы қыздан тарап отыр,
Қайсы қыз мұндай іске жарап отыр.
Сөйлейін Сәли, Сағи не болғанын,
Тыңдаушым, құлақ салып, қара да отыр.
Шығысқа Сәли, Сағи кете берген,
Қанша күн жылауменен өте берген.
Кеп түсті он бес күнде бір шатаңға,
Қолында түйесімен жетелеген.
Заңғар тау айналасы қорғандай боп,
Сәлиде қан қалған жоқ сорғандай боп.
Екі жас еңіреумен қалды қатып,
Сарғайып балдыр, құрақ орғандай боп.
«Ойлады ел табылмай таусылса азық,
Аштан өлмей қайтеміз жүдеп, азып.
Далада қарға-құзғын жемей тәнді,
Кім қоймақ кебінге орап, бізді қазып?
садық—сәлиқан
Таусылмас тау менен тас белгісі жоқ,
Ойлаймын өткен күнім келгісі жоқ».
Тар тұрмыс таптамасқа шара болмас,
Болмаса өзінше ешкім өлгісі жоқ.
Шатырын тігіп қойып, байлап атты,
Ұйықтап шаршап келіп Сағи жатты.
Сәлиқан шығып алып бір жартасқа,
Шығарды ішкі шерін зарлап қатты.
Тұрмысын кімнің жалған бүлдірмейді,
Жылатып, кімді фәни күлдірмейді.
Қаншалық қайғырса да, қан жұтса да,
«Жүдер» деп Сағижанға білдірмейді.
Ұйықтатып Сағижанды салды дағы,
Жартасқа жалғыз шығып барды дағы.
Батысқа қарап алып зарлады ол,
Қолына ормалын алды дағы.
Ағылып енді шықты ойда бары,
Ойлаған ойдың көбі ғашық жары.
Таянып бір бүйірін, жағын сүйеп,
Боздаған мұңлы үнмен мынау зары:
—Құдай-ау, өзің жаратып,
Неше түрлі жан қылдың.
Жер жүзіне таратып,
Адам, хайуан, аң қылдың.
Пайда алуға панаңнан
Бір ниетке қам қылдым.
Әкем өліп, анамнан
Тірі адасып қаңғырдым.
Қайғының беріп ауырын,
Жете алмадым арманға,
Іздейтін жоқ бауырым,
Мұңлы жоқ мендей жалғанда.
Лайық па, бір Алла-ай,
ғашықтық дастандар
Мұнша қайғы салғанға.
Барамын күйіп тұра алмай,
Адасып анам қалғанға.
Өзің солай арнасаң,
Біз жетімде шара жоқ,
Күні-түні зарласам,
Жазылатын жара жоқ.
Сорлы анамды бағатын,
Өзінен туған бала жоқ.
Іздеп жүріп табатын,
Біз жетімде шама жоқ.
Артта құйрық, алда жал—
Іні менен ағасыз.
Етегі қысқа, ені тар,
Тондай болдық жағасыз.
Алды-артында тайы жоқ,
Аттай ақсап тағасыз.
Тиянақ мекен-жайы жоқ,
Жан бар ма біздей бағасыз?!
Жан құсатып жалғанда,
Жаратып ең басында.
Әкем өліп арманда,
Еңіреттің жасымда.
Көзден жасын парлатып,
Сағи жүр жетім қасымда.
Қойдың ба, Тәңір, зарлатып,
Көк қияның басында?
Дәм бұйырып даладан,
Көл қылдың көзден жасымды.
Тірі айырып анадан,
Қаңғырттың ғаріп басымды.
Жазық дала, қыр мен ой,
Кездірдің тау мен тасыңды.
Апамды бақсын сүйеу боп,
Енді аман қыл Қасымды.
садық—сәлиқан
Жан бағармыз біз қайтып,
Болмасаң, ием, өзің жар.
Бір жағынан мұңайтып,
Сіңілім Сағи, Сырттан бар.
Сырттанда тіл жоқ, Сағи жас,
Болып тұр бізге заман тар.
Бойыма батпай ішкен ас,
Ермегім болды мұң мен зар.
Он сегіз мың әлемді
Өз қолыңмен өндірдің.
Қара түнек пәлеңді
Басыма салып төндірдің.
Жанған шамдай көңілді
Бір боранмен сөндірдің.
Зарлаумен алып өмірді,
Зарлатып тасқа төндірдің.
Әкем өлді—үміт жоқ,
Жолдасы болсын иманы.
Шешем кетті шерлі боп,
Бұйырмай дүние жиғаны.
Тапсырдым, апам, Аллаға,
Бізді саған қимады.
Қасымың болса сол бағар,
Аман болса бір жаны.
Аман-есен босансаң,
Қылармыз соған қанағат,
Тірлікте нәсіп болса егер,
Жолығармыз саламат.
Разы болсын көрмесек,
Үлкен-кіші жамағат.
Жолыққанша, қош енді,
Аллаға бәрің аманат.
Ақ сүтіңді кешіңіз,
Мұңайтпай екі қызыңды,
Отыр қалмай есіміз,
ғашықтық дастандар
Біле алмай дерек ізіңді.
Жақындадық өлуге
Ақтай алмай тұзыңды.
Қияметте көруге
Жазсын Тәңірім жүзіңді.
Алла қабыл айласын,
Мұңлықпен қылған зарымды.
Фатима пірім, қайдасың?
Қысылды үнім, тарылды.
Әбден ашып бетімді,
Кетірдің жастай арымды.
Сүйесең біздей жетімді,
Бір көрсет ғашық жарымды.
Жәрдем тілеп өзіңнен,
Түзу жолға кірейін.
Қан ағызып көзімнен,
Мойныма бұршақ ілейін.
Тартпасаң оңға бастырып,
Мен жетім нені білейін.
Басқасын Хаққа тапсырып,
Жалғыз-ақ тілеу тілейін.
Иә, Жаратқан, Тәңірім,
Сен жараттың әлемді,
Жетпей ме күшті әмірің?
Тартсаңшы менен пәлеңді.
Жеткізсеңші желіңмен
Ғашығыма сәлемді.
Тірі адасып елімнен,
Үміт пен үздің дәмемді.
Жетімдерге дем берген,
Ұлық Алла, иемсің.
Біз бір жетім сенделген,
Кім келіп басты сүйесін?
Өзім-ақ тауып алар ем,
Білдірсең жолдың жүйесін.
садық—сәлиқан
Жолыңа айтып шалар ем,
Сағидың жалғыз түйесін.
Атамыз Адам пайғамбар
Хауа анадан бөлінген.
Қамықпаған қай жан бар?
Армансыз болып өлінген.
Көз жастары жосылып,
Тілегі ақыр берілген.
Амандықпен қосылып,
Кереметің көрінген.
Адам ата, Хауаның
Құрметіне бізді қос.
Дертке шипа—дауаның,
Бірін беріп, қылып қош.
Бір жарылтып жүректі,
Жамандықтың жолын тос.
Зарлықпен қылған тілекті,
Тастама, Ием, бекер бос!
Нұрмұхаммед—Сәруәр,
Екі әлемнің шырағы.
Қызметінде—Фәруәр
Жетімің зарлап жылады.
Қадишаның аты үшін
Жәрдем үміт қылады.
Фәтима пірім аты үшін
Еңіреп медет сұрады.
Жаратқан ием болмаса,
Жер-жаһан қайтып тұрады.
Расул Алла, жәрдем бер,
Біз де сенің үмбетің.
Тас басында қол жайып,
Тұр зарланып бір жетім.
Жақсылықтың көрсетші
Үмбетім десең, бір шетін.
ғашықтық дастандар
Жетімдерді есіркеу
Емес пе еді міндетің?
Көзімде жас, көңіл ғам,
Ағып отыр маңдай тер.
Осындайда бір қолда,
Ерлердің пірі—Ғалишер!
Мұндай зарлы күндерде,
Жүргенде түнек түндерде
Төрт мүрсалат періште,
Төрт шәһаржар қолдай көр!
Еш нәрсе жоқ қолдасаң,
Сендер себеп болмасаң,
Алдым тұйық, артым жар,
Мекенім болар қандай жер?
Жеті пірге қол берген,
Ерек қып Алла жол берген—
Бабақұмар, Шашты әзиз,
Жалындым, тақсыр, жәрдем бер,
Жол таба алмай бораннан,
Адасып шығып кетіп ем.
Жасымда салып бұл күйге,
Тағдыр-ау, саған не етіп ем?
Жарама жара жамалып,
Отырмын тасқа қамалып.
Жылай-зарлай неше күн,
Талай таудан өтіп ем.
Жеңдің бе қайғы иықтап,
Жартасқа қалдым тұйықтап.
Әулиелер, жәрдем бер—
Ашыққа шығар беті кең.
Қасейін мен Құсайын,
Дем берсең, құстай ұшайын.
Зейнел Ғабиден, қолдай көр,
Сен де мендей жетім ең.
Шығарайын жылаумен,
Ішімдегі кірімді.
садық—сәлиқан
Бір-ақ жолда, дүние-ай,
Жетімдігім білінді.
Қасіреттің ноқтасы
Басыма келіп ілінді.
Зарлап жатып өлейін,
Тартқанша тағдыр тілімді.
Қайтып сарқып түгетем,
Жүрекке толған іріңді.
Сабыр мен Садық, жалғанда,
Көрер ме екем біріңді?
Қайран, апа, білмедім,
Өлің менен тіріңді.
Басқа адамға берме, Алла,
Қазіргі менің күнімді.
Ашар күнің бар ма екен,
Бастағы түнек түніңді?
Қанды жас көзден төгіліп,
Зарласам қанша егіліп,
Кім есіркеп, кім ұғып,
Кім естиді үнімді?!
Ләйлі—Мәжнүн, қолдай көр,
Ғашықтардың бірі едің.
Жүсіп пенен Зылиқа,
Сендерден жәрдем тіледім.
Фаһирам мен Гүләндам,
Жаңа ашылған гүл едің.
Әмір менен Үзирә,
Ғашықтың жеті бір едің.
Ғарып—Санам, қайдасың,
Миуа ағаштың бүрі едің.
Фархат—Шырын, қолдаңдар,
Жалғанның жасыл нұры едің.
Тахир менен Зухра,
Дем бермесең жүдедім.
Сендер еске алсаңдар,
Зарыма құлақ салсаңдар,
Айқасар ма екен жалғанда
Ғашығыма білегім?
ғашықтық дастандар
Ерке болып ер жеттім,
Жеті ғашық, сені тербеттім.
Құрметінде қуантып,
Жарылар ма екен жүрегім?
Қанша қайғы көрсем де,
Жапанда жылап өлсем де,
Жалғыз Алла, өзіңсің—
Тиянағым, тірегім!
Қол жайып құбылаға қойып кетті,
Боздаған мұңлы даусы көкке жетті.
Жартасқа жылап, шаршап бетін сүйеп,
Талықсып, көзі ілініп қалғып кетті.
Кез болған ғаріптерге осындай хал,
Жамағат, мына сөзге құлағың сал.
Көз іліне алдына жетіп келді,
Ақ көйлек, ақ таяқты ақ сақал шал.
Бұл шалды өңінде емес, түсте көрді,
Сәлиқан қол қусырып сәлем берді.
Сәлемін «алике» алып ақсақал шал,
Қасына тізелесіп жақын келді.
—Қайғырдың неге қатты, балам?—деді,
Қайғыңды ішіңдегі алам,—деді.
Зар даусың құлағымды кетті жарып,
Асықпа түзу жолға салам,—деді.
Бұл жерге бүгін қонып, деміңді ал,
Сөзімді ұқ, қаңғып жүрген деме бір шал.
Таңертең осы жерден аттан дағы,
Солтүстік ақ жартастан ары аса сал.
Бір жол бар екі жартас арасында,
Тар өзенге түсесің барасың да.
Сыпырып ат, түйеңді қоя беріп,
Сол судың қозғалмай жат жағасында.
садық—сәлиқан
Өсіп тұр гүлдер жайнап қызыл, жасыл,
Ылайық қызыл гүлге сен бір асыл.
Сол жерде қам ойламай жата берсең,
Болады мұратыңның бәрі хасыл.
Жылайсың іздерім жоқ, жетім ем деп,
Адасып желді күнде кетіп ем деп.
Іздеушің алды-артыңды қабындап жүр,
Жүдеме енді бекер «өкінем» деп.
Күңіренттің мұңлы үнмен жанның бәрін,
Келеді, кешікпейді ғашық жарың.
Сен шақырған әруақтар бәрі жар боп,
Қабылданды, ғарібім, қылған зарың.
Бұдан соң қылма, балам, қайғы мен зар,
Қашан болса, біз саған боламыз жар.
Бір атың шылбырыңа оралып тұр,
Менің атым—Шашты Әзиз, тез тұрып бар.
«Алла»,—деп Сәли сонда көзін ашты,
Көрінбей ғайып болып шал да қашты.
Бес минуттай болған жоқ ұйқысына,
Аң-таң болды Сәли қыз шайқап басты.
Сол кезде намазшам боп күн де батты,
Жүгірді көрейін деп ораулы атты.
Шын екен, әрең зорға ажыратты,
Оралып қалған екен жаман қатты.
Қуанып, көңіл басып, жасын сүртіп,
Оятты Сағижанды ептеп түртіп.
Түсін айтып, қуанып тамақ жесіп,
Таң атқанша отырды қақпай кірпік.
Таң да атты, жөнелді енді жүгін артып,
Ақсақалды шал айтқан тікке тартып.
Жол бар деп адам онда ойлар емес,
Сәскеде әреңменен жетті шалқып.
ғашықтық дастандар
Жол екен жүрер аңның жалғыз аяқ,
Айтқан жерін дәл тапты адаспай-ақ.
Ары асса, айтқанындай тар өзен тұр,
Қуанды «шын екен» деп екі саяқ.
Тал гүлдеп, бұлбұл сайрап, гүлдер жайнап,
Шаттанды Сәли сұлу қаны қайнап.
Ат, түйенің бәрін де қоя беріп,
Шай ішіп, сүр қазыны жатты шайнап.
Өлең айтып отырып ел жатқанша,
Неше оянып, сөйлесіп, таң атқанша.
Сағи, Сырттан үшеуі бір төбеде,
Отырды атты көздеп күн батқанша.
Бұларға шал сөзімен шаттық бітіп,
Шашты Әзиздің айтқанын жатты күтіп.
«Шын болды, алды келді айтқаны» деп,
Жылау-сықтау, қайғыны кетті ұмытып.
Бұл жерде соныменен бір күн өтті,
Кейде айтады: «Шал сөзі қайда кетті?».
Бір күні сол төбеде, кешке жуық
Сырттаны тауға қарап арс-ұрс етті.
Көк қырқа, көлденең тау, қалың бадам,
Жан жүріп болар емес жалғыз қадам.
Ит үрген жаққа көзін салса қыздар,
Келеді жал басында бір атты адам.
Жабдығы жарқылдайды жал басында,
Ит көрді, бұлар көрмей алғашында,
Сәлиқан, Сағижанмен отыр қарап,
Тік түскен осы жалдың жалғасында.
Жан емес не қылса да көңілі бүтін,
Сәлиқан Сағижанға деді: «Күтін».
Жалт етіп иттің даусын ол да естіді,
Басында келеді екен көріп түтін.
садық—сәлиқан
Қаруын Сәли қыз да қолына алып,
Танымай қарай-қарай көзі талып.
Алыстан іздеушілер байқасын деп,
От өртеп қойып еді, түтін салып.
Еркекше киімдері, бейне жігіт,
Бір қорқыныш, бір тұрып кіреді үміт.
Ол бұларды көрген жоқ, түтін көріп,
Еңістеп келе жатыр көзін тігіп.
Қате жоқ ит дыбысын білісінде,
Бір хикмет бар секілді жүрісінде.
Бұларды тіктеп қарап, ол да көрді,
Сыртанның енді екінші үрісінде.
Көрді де қарсы салды тайсанбады,
Жау көргендей күтініп, жасанбады.
Екі қыз, бір қуанып, бір қуарып,
Аяғын жалғыз қадам баса алмады.
Қасына не қылса да келді жетіп,
Алыстан сәлемдесті жауап етіп.
—Жөніңді айт, қайдан келдің, кім боласың?—
Деп Сәли сөз сөйледі сасып кетіп.
Асықпай жақын келіп, аттан түсті,
Сәли сергек, Сағидың зәресі ұшты.
—Мырзалар, сөз сұрасаң айтайын,—деп,
Саспады көрінеді дүмі күшті.
Бала екен жап-жас қана жалғыз өзі,
Жарқылдап жақұт тастай екі көзі,
Қаңтарып атын қойып, бөркін алып,
Баланың сонда мынау айтқан сөзі:
—Матаймын, арғы затым,—деді,—найман,
Шығып ем қысылтаяң бір жағдайдан.
Мал емес, адам жоғын іздеп жүрмін,
Асынып сол туралы сауыт-сайман.
ғашықтық дастандар
Сіздерге мен айтайын түгел жайды,
Жүректі сыздатып тұр ауыр қайғы.
Арғында қаракесек Есім деген
Бар еді құда түскен ағам қайны.
Өзі іздеп кетіп еді ағам бұрын,
Барған жоқ есік көріп бұрын ұрын.
Сұрасаң, ағам аты Садық еді,
Ұғынсаң, мен—Сабырмын, әкем—Нұрым.
Дегенде-ақ жылап ұшты екі бала,
Үзіліп Сабыр сөзі қалды шала.
—Жаным, Сабыр, жүрсің бе саламат?—деп
Келді де, құшақтады ойбай сала.
—Келдің бе аман, Сабыржан,
Іздеген жеңгең мен едім.
Үркінді көштен адасып,
Осы жаққа кеп едім.
Еркекше киім киініп,
Жаратқанға сыйынып,
Сендерді іздеп таба алмай,
Көрсетсе Құдай деп едім.
Бармаған жерім қалған жоқ,
Бүгін өлсем арман жоқ.
Разымын Жаратқан,
Аруақтар қолдап, жебедің.
Осы айдың тура ішінде,
Шашты Әзиз айтқан түсімде,
Сөздерінде қате жоқ—
Осындай болмақ деп едің.
Жолдасым Сырттан, Сағилар,
Жартас пенен жаңғырық.
Жүрдім тауда зар күймен,
Ішімді оттай жандырып.
Таяп қалды бір айға,
Күн де зарлап Құдайға.
Ішпедім сусын қандырып.
садық—сәлиқан
«Көресің деп жарыңды,
Тосамын деп бәріңді».
Шашты Әзиз кіріп түсіме,
Кетіп еді-ау нандырып.
Осындай күндер басымда,
Қайда барсам қасымда—
Құдашаң мынау Сағижан,
Серік боп жүрген қаңғырып.
Сәлиқан сырды қозғады,
Артық айтып созбады.
Сағи да тұр еңіреп,
Тоқтамай Сабыр боздады.
Опасы жоқ дүние,
Кімді армансыз қылады?
Бұл дүниеге кім ие?
Талайлар өстіп құлады.
Талай шерлі, мұңлылар,
Көзінің жасын бұлады.
Дүниеге болмас кім құмар,
Ақыры өліп тынады.
Тоқтаталық зарлығын,
Қайтеміз айтып барлығын.
Түгел айтсақ қалдырмай,
Жарым күн аздық қылады.
Бір кезде Сабыр тоқтап көзін ашты,
Ақыл айтып, Сәлидің көңілін басты.
Амандасып, халдарын жай айтысып,
Кейде босап, егіліп көзден жасты.
Қыз айтып шешесінің қалғандарын,
Сабыр айтып Әріптің барғандарын.
Екі жағы қалдырмай бастан-аяқ,
Тауысты ішіндегі армандарын.
Шатырға кеп, ішісіп тамақтарын,
Күліп, ашып, жадырап қабақтарын.
ғашықтық дастандар
Шал сөзін бірнеше күн күтпек болды,
Алуға тынықтырып тағы аттарын.
Таң атса тамақ ішіп, су жағалап,
Қалың тоғай ішінде жүрді аралап.
Бір күні бесін мезгіл болғанында,
Тау жаққа үрді Сырттан, бір қарап ап.
Шығады ат сарыны—тауда сатыр,
Өздері өзенде жүр, қырда шатыр.
Шыға келіп, қараса көк қабаққа,
Бес адам көш-мөшімен келе жатыр.
Алдынан атқа мініп Сабыр шапты,
Таңырқап олар қарап тұра қапты.
Баяғы Садық, Жұпар жолдасымен,
Көрісіп бірін-бірі аман тапты.
Айтысып көргендерін бірі қоймай,
Бірі тыңдап, бірі айтса сөзге тоймай.
Сәли, Сағи хабарын естіген соң,
Сорлы Жұпар тоқтамай салды ойбай.
Қыздар ұшты Жұпардың даусын танып,
У-шу болып табысты, айғай салып.
Егіліп мұнда жылап жүрмеген жоқ,
Ес жиды мұңлы Жұпар неше талып.
Садық, Сәли қолдасып көрісіп тұр,
Жылаумен ішкі мұңды терісіп тұр.
Қойдай шулап, қозыдай маңырасты,
Не қылса да жарасып, келісіп тұр.
Жыласып, есін жиып, мауқын басып,
Көңілдері көтеріліп, судай тасып.
Сәли, Сағи, Төленді ортаға алып,
Еңіреп кезек сүйіп, бетін ашып.
садық—сәлиқан
Шыққандай болды айы қара бұлттан,
Адасқан өңкей мұңлы ел мен жұрттан.
Оралып әрбірінің аяғына,
Қыңсылап жылатты елді мұңлы Сырттан.
Ашылып қара түнек бастан мұнар,
Шатырға жаяу шұбап келді бұлар.
Бірі айтып, бірі жылап көргендерін,
Жалын боп шығып жатыр іштен құмар.
Жүректер тулап, жұлқып аспанға ұшты,
Жалғанда ғашықтықтың оты күшті.
Әріп пен мал барғанын Сабыр айтып,
Орнына көңілдері тағы түсті.
Таусылмас армандары жатыр толып,
Жазуға шамам жетпес оны толық.
Екіден, бірден келген бейшаралар,
Бас қосты Төлендімен тоғыз болып.
Жыласпай тұра алсын ба, судай ақпай?
Не көрген бір-біріне мұңын шақпай.
Мұңдасып тамақтарын іше отырып,
Өткізді осы түнді кірпік қақпай.
Не көрмес адам басы жан боп туып,
Бірі кетсе ізімен бірі қуып.
Бұл жерде бес-алты күн жатпақ болды,
Аттарын тынықтырып, кірін жуып.
Кернеген ішті қайғы солғаннан соң,
Көңілдер рахатқа толғаннан соң.
Аралап тоғай ішін тамаша етті,
Күн ысып, сәске мезгіл болғаннан соң.
Ұйықтап Төленді мен Жұпар қалды,
Садық, Сәли Сағимен суға барды.
Қалың ағаш саялы тал ішінде,
Жағалап ары-бері жүрді жары.
ғашықтық дастандар
Құстар сайрап, шегіртке түсіп биге,
Салып тұр әрбіреуі әрбір күйге.
—Отыр,—деп:—Біз барғанша шай қайнатып,—
Жіберді Сағижанды жұмсап үйге.
Екі ғашық түрегеп ұстасты қол,
Көкше тал көлеңкелі, саясы мол.
Жастарға тал—шымылдық, шалғын—төсек,
Томар бар, басқа жастық болмай ма ол?
Сүйісіп талдың түбі, көгал жерде,
Көк құрақ көлденеңдеп болды перде.
Сәли қыз бетін басып, көзін сүртті,
«Қиылып, өзің біл» деп Садық ерге.
Сөйлетпей қызды Садық сөзбен тұсап,
Айқасып, бір-біріне салды құшақ.
Шыққандай тыңдағанға қыздан дыбыс,
Бейне бір бүркіт басқан түлкі құсап.
Еріндер, тіл сорысып емерілген,
Тер ағып ақ иектің кемерінен.
Екі жас бойын жазып әзер алды,
Сәлидің «өкпелеймін» дегенімен.
Ләззат жүр бойға артық тарай алмай,
Айтуға артық жауап жарай алмай.
Отырды шынтақтасып, шымшыласып,
Садыққа Сәли беттеп қарай алмай.
Тұнық тер ақша бетті кеткен басып,
Қалғандай қыры сынып, өңі қашып.
Дариға-ай, белгілі ғой қыздың сыры,
Бізге ол айтпасам да анық-ашық.
Қыз отыр қорғасындай балқып алып,
(Онша көп ұзақ сөйлеп тантымалық.)
Есіме қай-қайдағым кетті түсіп,
Жазбасам темекімді тартып алып.
садық—сәлиқан
Қисыны енді кетіп тұрған кезі,
Кетуші ек іліп-түсіп, қамтып алып.
Әуейілік, жастықпенен өткен күннің,
Мінеки, неге соқты арты барып...
Көтерген көрден басын аруақ құсап,
Отырмыз адам сиық тарпы қалып.
Бір кезде аһ, дариға-ай, қандай едім
Біледі Іледегі жалпы халық.
Бұл күнде дертті жүрек тұр жазылмай,
Ісіктің өзі қайтса, барты қалып.
Не керек мақтан қылып, ел біледі,
Өзімді айтпасам да артық алып.
Кетпейін бірді сөйлеп, бірге түсіп,
Аяғын әлгі сөздің сарқымадық.
Екі жас құшақтасып үйге қайтты,
Мойнына білектерін артып алып.
Көңілден қайғы-қатер, кетті қауіп,
Бөленді рахатқа заман ауып.
Қайтемін ендігісін айтып-айтпай,
Өздері жүрген шығар ебін тауып.
Қайғылы жүректердің тауып емін,
Бұл жерде бес-алты күн алды демін.
Аттанды алтыншы күн енді ауылға,
Қумаңдар қысқартайын артық-кемін.
Сермеген тәуекелге жастар қолын,
Айырған ақыл кіріп оң мен солын.
«Алла» деп күліп-ойнап жүріп кетті,
Біледі өзі келген Сабыр жолын.
Тоқтамай, Сабыр бастап жүріп кетті,
Неше тау, неше қырқа, сайдан өтті.
Шаттықпен сайран етіп, күліп-ойнап,
Саламат ел шетіне келіп жетті.
Ауылға қалған кезде біраз жері,
Шақырды атқосшысын Садық сері.
ғашықтық дастандар
«Қуантып хабар айтып, сүйінші алып,
Бұрын бар» деді ауылға бізден гөрі.
Бұларға елдің шеті көрінді енді,
Атқосшы оза шауып бөлінді енді.
Ауылға сүйіншілеп түсті барып,
Сәлемет әкелдік деп келінді енді.
Шуласып жылап-сықтап ұстап атын,
Кеп қалды Садықтар да таяп жақын.
Атты-жаяу деместен, бірі қалмай,
Естіген шықты алдынан қыз бен қатын.
Мәржім, Нұрым, егіліп «диуана» Әріп,
Біреу жылап, біреулер естен танып.
Қатын-қыз жаяулатып келінді алды,
Басқасы түсті ауылға тура барып.
Қуанып ойдан-қырдан жиналды ел,
Есепсіз еттер пысып, қымызы—көл.
Бас-аяғы түп-түгел басын қосып,
Аңсап жүрген бәрінен басылды шөл.
Той қылды неше күндей жұртын жиып,
Ет жегізіп, шай менен қымыз құйып.
Сағиды айтқанындай Әріпке арнап,
Садық пен Сәлиқанға неке қиып.
Ойнатты неше күндей қалың елді,
Бұл тойға төлегетай түгел келді.
Бозбала, мейман күткен қыз-келіншек,
Ауылдың арасында аттай желді.
Ат шауып, көкпар тартып, палуан түсіп,
Шаңдатты неше күндей асқар белді.
Әншіл ұл, әсем қыздың бәрі сонда,
Шығарып жүргендер көп ішкі шерді.
Бос белбеу, қисық өкше, қылжаңдар жүр,
Ағызып, бос қиналып қара терді.
Дүниенің аз күн зарын тартқан жастар
садық—сәлиқан
Мінеки, рахатын ақыр көрді.
Бір күндер үміт үзген тіршіліктен
Жұпардың жүрісін көр бүгін енді.
«Артын күт» деп айтқаны Қасымның кеп,
Тілеуін бастан-аяқ Құдай берді.
«Түгі жоқ, түбі түгіл» деген Жұпар,
Шырт түкіріп, шынтақтап қасын керді.
«Үмітсіз шайтан болсын» деген Алла,
Жігіттер, ұмытпаңдар осы жерді.
Ел тарқап жайлауына шықты көшіп,
Ер жетіп, қатын алды Төлен де өсіп.
Үйленіп малды-басты өркенді боп,
Осындай дәурен сүрді күндер кешіп.
Бұл сөздің болғаны шын басындағы,
Сөз екен әбден ұққан жасындағы—
Дөртуыл Қами айтып беріп еді,
Мәнкейдің алтай керей қасындағы.
Жүріпті ұмытылмай мүлде есінде,
Мен болсам қалмас еді бір де есімде.
Мың тоғыз жүз қырық бес санасында,
Үрімжінің екінші түрмесінде.
Осыны бір түн сөйлеп өтіп еді,
Әңгімесі бір таңға жетіп еді.
Осылардың қалмасын аты өшіп,
«Өлең қылып аудар» деп кетіп еді.
Жалғаннан екі ғашық солай өтті,
Өлгенше мұратына жетіп кетті.
Осылай ақындарың айып етпе,
Сәлиқан—Садық жырын тамам етті.
Мөлдір аспан аясы өрлеп көкке,
Пердесін ашты түннің сырып шетке.
Ұйқыдан оянғада бар табиғат,
Күн күліп шашты шуақ төңірекке.
Тұр шоқы құба жонға артып иек,
Таулар тұр қыраттарға қолтық сүйеп.
Шұбалып жатыр қырқа көз жетпесте,
Көшіндей керуеннің қойған тиеп.
Тілей ме ол өмірдің жазын ғана,
Әлде айтып тұр ма көңіл назын ғана?
Бұл тауда нендей сыр бар ашылмаған,
Жүзі тұр неге сонша ажымдана?
Жоқ әлде талай ғасыр кешті ме екен,
Басынан қанды қырғын өтті ме екен?
Қан дағын ғасыр аунап басып тозаң,
Жұмбақ боп кейінгіге жетті ме екен.
Ішінде сан ғасырдың сырын жұтқан,
Тау-дала жатыр сұлап іштен бұққан.
Шіркін-ай, мен де арман болар ма екен,
Мүлгіген осы таудың мұңын ұқсам.
Құба жон тау беліне шықтық терлеп,
Барамыз жайлаудағы ауылға өрлеп.
Өтініп мен әкемнен сұрап келем,
Аңызды тау туралы айтып бер деп.
Байын—Жүрек
байын—жүрек
Лезде қиялменен қалдым жүдеп,
Сан сұрау мазалайды көңілде үдеп.
Бұл тауда қандай сыр бар ашылмаған,
Қалайша аталды екен «Байын—Жүрек?»
Ат басын іркіп, әкем:—Балам,—деді,
Бұл жерге ат шалдырып алам,—деді.
Тыңдаған бұрынғыдан тау туралы
Аңыз бар айтып берем саған, деді.
Ойлы әке отыр шолып төңіректі,
Өтті деп талай қарттар көрген көпті.
Бұл ерте замандағы болған іс деп,
Іркілмей сөз аяғын бастап кетті.
—Айтайын тылсым таудың кілтін ашып,
Сыры мол бізден ұрлап жатқан басып.
Дәл осы дөң үстінде өлген дейді,
Моңғұлдан қашқын болған екі ғашық.
Осы ара ине өтпестей орман болған,
Сан қашқын, панасызға қорған болған.
Көз жасы шерлілердің бұлақ болып,
Жер астына шейіттің қаны толған.
Текестен асып моңғұл Нарынқолға,
Албанның малын бұлап қылған олжа.
Мал шауып өз алдына тыныш кетпей,
Өлтіріп бірнешеуді кеткен сонда.
Шапқындап қайта-қайта тиіп-қашып,
Қарақшы кетті әлінен әбден асып.
Төзе алмай бұл сұмдыққа ақырында,
Бас қосты албан-суан ақылдасып.
Жорыққа күллі қазақ аттанады,
Кәрі-жас демей, түгел атсалады.
Елі мен жерін қорғап қалу үшін
Мұндайда қай азамат қап қалады.
ғашықтық дастандар
Албаннан қол басы боп Ұзақ шықты,
Қайратын халық танып болған мықты.
Моңғұлдың ойсыратып сардарларын,
Талай алып батырын жерге тықты.
Шабысты жендеттермен дамыл көрмей,
Кәрі-жас қала алмады дабылға ермей.
Қан тамақ қара найза жарқ-жұрқ етіп,
Сайысты бір-біріне қылыш сермей.
Құлайды кейбіреуі оққа ұшып,
Атының омақасып жалын құшып.
Кеудесі қан сасыған дала,
Қалжырап жатты бір сәт жаурай түсіп.
Кім білсін домалатты қанша басты,
Әлде жер құштырды ма талай жасты?
Албанның күші басым келген кезде,
Текестен сыпырылып моңғұл қашты.
Моңғұлдар алға түсіп қаша берді,
Үдіре талай таудан аса берді.
Барған жердің барлығы пана болмай,
Іздеді бекінуге таса жерді.
Соғыстан қалжырап жау, дабыл қақты,
Екі жақ әскерлерін дамылдатты.
Соғыстың енді ақыры не болар деп,
Кетіп тұр батырлардан сабыр қатты.
Қайрылып қашқан қалмақ тұрды шепке,
Шақырды қазақтарды жекпе-жекке.
Сонан соң еңгезердей біреу шығып,
Ақырды айбар шегіп төңірекке.
Қазақтан суырылып Жүрек шықты,
Бір өзі жүзге татып болған мықты.
Қалмақтың үш кезегін қағып тастап,
Бір салып көкжелкеден ұрып жықты.
байын—жүрек
Жекпе-жекке бір-бірден келе берді,
Келгені найза ұшымен өле берді.
Жүректің жан шақ келмес батырлығын
Моңғұлдар нақ майданда көреді енді.
Келеді жауды қырып батыр Жүрек,
Асынып сауыт-сайман алған шіреп.
Өрт ілінген қамыстай жаудың шебі,
Лезімде азайып қалған сиреп.
Шайқасып жау тобымен жүрген кезде,
Оң қолға алмас қылыш тиді лезде.
Сол қолмен оңтайланып үлгіргенше,
Тиеді найза-шоқпар басы-көзге.
Жүрек ер қолға түсті тартып азап,
Қалмақтар алып кетті етіп мазақ.
Қапыда Жүрек қолды болғандығын,
Әу баста қылған екен білмей қазақ.
Қайғырды, егілді жұрт Жүрек үшін,
Жинады бойға қайрат, барлық күшін.
Жүректі жаудан тартып алмақ болып,
Сұрапыл соғыс етті таудың ішін.
Соғыста жауға ауыр түсіп салмақ,
Бұл жерден алыс жаққа болды аумақ.
Жүрер ер жау қолында кетті солай,
Қазақтар құтқара алмай қалды зарлап.
Амбысы моңғұлдардың Піруә деген,
Талайдың қанын ішіп, малын жеген.
Мың үй қалмай қосынымен көшіп келіп,
Ақөзеннің шатқалын қылды мекен.
Ақ өзен төрт тарабы құлама жар,
Секілді төбесі ашық бір үлкен ғар.
Айнадай көрінеді аспан ғана,
Жасалған тастан қашап бір өткел бар.
ғашықтық дастандар
Ұшқан құс өте алмастай берік қорған,
Келе алмас жау жақындап оң мен солдан.
Өзеннің шыға беріс кезеңінен,
Жартасты қашап жалғыз жол шығарған.
Бекінді қашамаға күзет қойып,
Кім бар оған жақын жаннан тойып.
Орын ап мың үйменен осы арадан,
Піруә жата берді қойын сойып.
Піруәнің ақ ордасы ортадағы,
Боз үйлер жыпырлаған екі жағы.
Саны көп қара лашық, қоңыр қостың,
Кім білсін бар ма, жоқ па алда бағы?
Қоршады Ақөзенді Ұзақ батыр,
Кім жеңіп, кім жеңілер түбінде ақыр.
Моңғұлдың тастай берік бекінісін,
Ала алмай басып кіріп әлі жатыр.
Піруә Ақөзенді қылды мекен.
Тапталды тоғышарға гүлді мекен.
Шалғынын шаң баспаған шалқар дала,
Мұңлылау ажарменен тұрды бөтен.
Шеткері бір сайда тұр қала лашық,
Тұрғандай төбесінен мұнар басып.
Будақтап қошқыл түтін шаңырақтан,
Барады оны ақ самал ала қашып.
Етегін жыртық қостың желпілдетіп,
Жел жеңге жұлқылайды сықақ етіп.
Жыртық үйдің сыртынан көз салғанда,
Ішінен от көрінер жалт-жұлт етіп.
Сырлы ана осы қостан кіріп-шыққан,
Күткендей берер медет жақын достан.
Ашады жабық сырды осы кеште,
Үш адам бір үйдегі басын қосқан.
байын—жүрек
Иілген садақ сынды сұңғақ бойы,
Білініп отты көзден ұшқыр ойы.
Иректеп ақ жүзінде із қалдырған,
Қатыгез өткен өмір жәдігөйі.
Ана отыр басында қарап қырын,
Ақтарып жұмбақ істің ашпақ сырын.
Жалғасы өмірімнің «қос қозым» деп,
Ағытты көңіліндегі шын пікірін.
Күрсініп деді ана:—Балаларым,
Жетілді екеуіңнің саналарың,
Құпия болып келген жұмбақ сырдың
Шешуін айтпақ бүгін аналарың.
Бұл сырды айтар мезгіл келді жетіп,
Айтпасам, кетер босқа уақыт өтіп.
Екеуің де келсін деп камалатқа,
Күтіп ем он бес жылдай арман етіп.
Бұл өзі нағыз тарих бастан өткен,
Аманат еді біреу тастап кеткен.
Тұрғанда соғыс тажал тақымға алып,
Кімдер бар арманына түгел жеткен.
Сондай бір қилы-қиын заман өткен,
Әлділер әлсіздерді қырғын еткен.
«Ақтабан шұбырынды» болып қазақ,
Зарлатып ұл-қыздарын тентіреткен.
Баянды сонда тауып алған едік,
Бала етіп бауырымызға салған едік.
Соғыста ата-анасы өліп кетіп,
Шырылдап қолымызда қалған еді.
Менің де арғы тегім еді қазақ,
Жүр еді жүрегімді қайғы қажап.
Шешеміз—қазақ қызы қолға түскен,
Өмірде тартқан екен талай азап.
ғашықтық дастандар
Малшы едік сиыр, қойдың соңына ерген,
Кезі еді жаңа жұртқа көшіп келген.
Қайырып малдың шетін жүргенде шал,
Жылаған жас баланы көзі көрген.
Қасына атпен шауып барған екен,
Тіріден ана-бала қалған екен.
Қарақшы, қашып жүрген қазақ көшін
Талқандап, үлкен қырғын салған екен.
Ат-көлік, адам тегіс жатыр сұлап,
Жабысып анаға қыз отыр жылап.
Ыңырсып, әне, сол кез қыз анасы,
Тілге кеп қыбырлапты сусын сұрап.
Торсықтан беріпті әкең сусын құйып,
Сөйлепті әйел біраз есін жиып.
Құлақтан ай дөңгелі сырғасын ап,
Әкеңе берген екен шытқа түйіп.
—Ей, адам,—депті әйел,—өмір неткен,
Сұм еді бізді осылай тентіреткен.
Ат-көлік әлсіз артта қалып едік,
Қарақшылар осында қырып кеткен.
Көрмеп ем мұндай соғыс осы күнде,
Қырғындап кетті тегіс өткен түнде.
Жалғанда Баян жалғыз қап барады,
Тапсырсам сенен басқа мұны кімге?!
Баянды өз балаңдай көріп бақсаң,
Мен разы емеспін шетке қақсаң.
Берерсің өз қолыңмен бойжеткенде,
Қазақтан мейірбан бір адам тапсаң.
Деп анаң жан үзіпті көзін жұмып,
Құлазып орман іші қалған тынып.
Құшақтап әкең сені үйге әкелді,
Қуандым сені көріп көңілім тынып.
байын—жүрек
Серінді тілеп жүріп әрең көргем,
Сен ғана болдың оның соңына ерген.
Мәпелеп екеуіңді қос қозым деп,
Асымды аузымдағы бөліп бергем.
Баянды ешбір жанға қақтырмадым,
Беруді бөгде жанға жақтырмадым.
Сезбейді тірі пенде осы күнде,
Айыбым—қазаққа ерте тапсырмадым.
Дүние толмады ма неше солып,
Жаралған жан екенбіз сорлы болып.
Арада бір жыл өтпей бір ұрыста,
Амал не? Әкелерің кетті өліп.
Айырылып бас қалқадан болдық нашар,
Кім келіп мұндай күнде ақыл қосар.
Қолтықтап екеуіңді күн кешірдім,
Бірің төрт, ал біреуің екі жасар.
Қос жетім, бір жесірмен қалдық жылап,
Бақ тайып, басымызға аспан құлап.
Өткен күн көшкен бұлтпен бірдей екен,
Барлығы ұмыт болып кетті бірақ.
Осылай неше ықылым заман өтті,
Деп ана әңгімесін тамам етті.
Баянның жас үйіріліп жанарына,
Шыдамай ағыл-тегіл жылап кетті.
—Бақ пен сор басымдағы егіз бе едің?
Жан ана, мейірің қанып емізбедің.
Уа, Тәңір, жетім қылып қаршадайдан,
Әттең-ай, «әкесі бар» дегізбедің!—
Деп Баян терең ойға кетті шөгіп,
Жаңбырдай көздің жасын алды төгіп.
Тағдырдан жастай тиген ауыр соққы,
Аяусыз қабырғасын кетті сөгіп.
ғашықтық дастандар
—Қарындас, қайғырмашы өткен іске,
Кім көнбес тағдыр жазған тілсім күшке?
Алдағы күндер үшін беліңді бу,
Адамға ақыл керек барлық істе.—
Деп Серін ақыл айтып, сөзін үзді,
Толқытып сан ой отыр Баян қызды.
Басына төніп тұрған қатерді ойлап,
Бұларға айтайын деп көзін сүзді.
—Ей, аға, күттірмейді уақыт қысқа,
Қайғы көп бір басымда осы тұста.
Піруә пейілі арам төнді маған,
Кетер ме қағып бір түн қапылыста.
Қорқамын бір күн пәле бола ма деп,
Мезгілсіз гүлім ерте сола ма деп.
Қайғымен басым қатып жүрмін қазір,
Бір күні көзім жасқа тола ма деп.
Садағын сорлы тағдыр кезеді ме,
Осылай өрт ілінді өзегіме.
Жалғанда еш арманым болмас еді,
Қазағым, жетіп өлсем өз еліме.
Нақ айтты бағанадан ана сырды,
Көп ыза көкірегімде аласұрды.
Әттең-ай, жастық шаққа разы едім,
Елімнен тауып өлсем жанашырды.
Сұңғыла ана сезіп Баян мұңын,
Ойланып алды сөзін айтатұғын:
—Өкінген өткен іске өмір—зая,
Әр істі ойлау керек күні бұрын.
Қос қозым, бері қара, мойныңды бұр,
Алдыңда екеуіңнің үлкен іс тұр.
Таптатып табанына қарақшының,
Қоймалық Баян қызды қор қылып құр.
байын—жүрек
Зынданда бір батыр бар қанға батқан,
Қинаумен байқұс қазақ зарлап жатқан.
Кетіпті қол-аяғын кісен қиып,
Салыпты ажырғыны неше батпан.
Талайдан оның жайын біліп келем,
Білдірмей ет пен суын беріп келем.
Қай жерге оны апарып қаматтырса,
Жалықпай жаман қоспен жүріп келем.
Көңілімде көптен жүрген іс бар анық,
Бұл ойым екеуіңе болсын қанық.
Құтқарсақ ер Жүректі амал тауып,
Кетпес пе Баян қызды еліне алып.
Серін де:—Дұрыс, ана, сөзің,—деді,
Көрейін амал қылып өзім,—деді.
Қарауыл өшіреті маған келсе,
Бұл істің келтіремін кезін,—деді.
Білдірмей күнде ас-суын біз берейік,
Жасырын әзірлікті біз көрейік.
Жан білмес осы тауда бір үңгір бар.
Бір түнде соған жөткеп жіберейік.
Сандалып Піруә іздеп сарсаң болар,
Сан соғып, үміт үзіп қалсын олар.
Аптығы Піруәнің басылған соң,
Жүрекке Баянды алып барсам болар.
Осылай сөз байласып бекінеді,
Уақыт өтіп кетсе өкінеді.
Баянның келешегі үшін ана
Жүректі көріп кел деп өтінеді.
Баян тұрды Тәңірі оңады деп,
Сөзіңіз көңілге, ана қонады көп.
«Анажан, сізден ұят, жас жігітке,»—
Тартынды «барсам ұят болады» деп.
ғашықтық дастандар
Сусын ап Баян сұлу кетті солай,
Күзетші жоқ кез еді бармаққа оңай.
Көруді көптен бері көксеп еді,
Дәл қазір кездесуге туды орай.
Сусын ап келді Баян ер қасына,
Күн туып жатқан кезде бір басына.
Қинау көріп жатса да күндіз-түні,
Қыз таң қалды жігіттің тұлғасына.
Торсықтай екі шеке дөңгеленіп,
Тұрады қою қасын кеңге керіп.
Шығыңқы шықшыты бар дөңгелек бет,
Бейне бір түз құсындай тұрған төніп.
Жатса да қорлық көріп сан мың түрлі,
От жанады көзінен әйбәт нұрлы.
Қайран ер қолға түскен жолбарыстай,
Бір сырлы жігіт екен сегіз қырлы.
Тізерлеп қыз отырды керіп қасын,
Жігіттің білекке ала сүйеп басын.
Таңданып қызға біраз қарады да,
Ер Жүрек ішіп алды берген асын.
Қыз ғашық болып қалды көрген кезде,
Керме иық, кербез кеуде Жүрек ерге.
Тұңғиық, сыр сақтағыш бүркіт көзі,
Ұқсайды мөлдір тұнық айдын көлге.
Қытықтап ғашық оты қыз сезімін,
Алдына жас үйіріп тұр көзінің.
Жүректен көз айырмай қарап қалған,
Қылығын қалды сезбей қыз өзінің.
Жүрек те ойға батып қалды тоқтап,
«Кететін күзетші кеп күнде жоқтап.
Ал, мынау періште ме көктен түскен,
Кім өзі мұнда жүрген мені жоқтап?!
байын—жүрек
Сыпайы, ай жамалды ару екен,
Бұл өзі қандай іске зәру екен.
Мүмкін, бұл моңғұл қызы шығар балгер,
Болмаса, қалап сүйер жарым етем.
Жоқ, әлде алғаш көрген түсім бе еді,
Бұл қалай кез болатын ісім бе еді?
Жатырмын моңғұлдардың шеңгелінде,
Моңғұл қыз неге келді, түсінбедім?..»
—Қарағым, жөніңді айтшы, кімсің тегі,
Қалайша айналсоқтап жүрсің мені?
Өмірде кездеспеген адамымсың,
Неліктен тамақ әкеп тұрсың?—деді.
—Ағажан,—деді сонда Баян сұлу,
Қиын ғой мұндай кезде сабыр қылу.
—Қазақпын әсілінде моңғұл баққан,
Кеп тұрмын сізден тілеп медет, жылу.
Тағдырдың көз ашпадым азабынан,
Ата-анамды сұм соғыс қаза қылған.
Риза болу үшін ана аруағы
Сүйеніш тапсам деймін қазағымнан.
Баян қыз осыны айтып батты мұңға,
Екеуі көп сырласып жатты мұнда.
Сол кезде деді Жүрек қызды құшып:
—Саған тән қасіретім, шаттығым да.
Осылай білінбей көп күндер өтті,
Жүректі алып шығар мезгіл жетті.
Күзетшілер масайрап дулыған түн
Жүректі Серін тауға алып кетті.
Ысылған Серін батыр барлық іске,
Әкелді тауға—мықты бекініске.
—Үңгірден ұзап сыртқа шыға көрме,
Қаласың көзге түссең өкінішке.
ғашықтық дастандар
Баянды алып бір күн келем мен де,
Қырағы бол, қапы қап жүрме сен де.
Асудан шығар жолды Жора таппақ,
Таба алмас жолды басқа ешбір пенде.
Деп Серін қару-жарақ, азық берді,
Кете алмай көзі қиып есіл ерді.
—Ал, досым, бізді күтіп жата тұр,—деп,
Қамшылап жүріп кетті қара керді.
Ақ орда тұр кекжиіп шалқақ қарап,
Жатады бар жауыздық содан тарап.
Шалқиды дыр-думанмен күндіз-түні,
Билер мен мәнсәптылар ішіп шарап.
Сүркейлі көрінеді орда маңы,
Дедектеп жасауылдың қалмай жаны.
Піруәнің жарлығынан тайсалғанның,
Төгіліп дар түбінде қалар қаны.
Сап түзеп қалың әскер қайысады,
Машығып ертеден кеш сайысады.
Әлдінің қылышы үстем басқан кезде,
Әлсіздің жіліншігі майысады.
Ен байлық шалқып жатқан бәрі де рас,
Секілді дүние жайып қолда тұрмас.
Болса да қанша дәулет ордасында,
Көңілі Піруәнің бір ашылмас.
Баянда Піруәнің есі-дерті,
Не қылса да зұлым ханның өзінде еркі.
Өмірі қанша думан болса дағы,
Кірмей тұр бір сұлусыз орда көркі.
Піруәнің күннен-күнге мастығы асты,
Салады қандай күйге екі жасты.
Сіңбейді ішкен асы ірің болып,
Күн сайын ғашықтықтың дерті басты.
байын—жүрек
Өмірдің басқа ісін мүлде ұмытып,
Отырды ол ордасында қайғы жұтып.
Баянға сөйлесуге елші кеткен,
Бір жауап әкелер деп отыр күтіп.
Піруә тықыршиды мазаланып,
Жамылып жібек шапан, тазаланып.
Сырламай сиқын қайтіп көңіл көншір,
Ордаға ару келмек жазаланып.
Шапқыншы қара қосқа келді жетіп,
Аттарын ойқастатып, ентелетіп.
Сөйледі келе сала хан жарлығын,
Ана тұр қасіретпен есі кетіп.
Шапқыншылар есіріп,
Ойранды әбден салады.
—Қызыңды бер, ей, кемпір,
Піруә мырза алады.
Бермеймін десең қызыңды,
Басыңа пәле салады.
Хан жарлығы екі емес,
Қызың дертте қалады.
Хан да болса сүйіпті,
Сен секілді қараны.
Ақ ордаға көшсеңші,
Жұртыңа тастап жабаны.
Қараға беріп қор қылма,
Ханға лайық баланы.
Әкетеміз көнсеңіз,
Күймеге салып көшіріп.
Ақ орданы пана тұт,
Қара қосты өшіріп.
Қызың ханым болған соң,
Отырасың көсіліп.
Бір жауабын бер енді,
Жақсылыққа шешіліп.
ғашықтық дастандар
Сонда кемпір бүй дейді:
—Піруәға қызым тимейді.
Көзім тірі тұрғанда,
Құлыным отқа күймейді.
Жасы толып қызымның,
Кемеліне келген жоқ.
Алпысқа келіп ар сатқан,
Піруәдай бетсіз көргем жоқ.
Бұл сөзіңе, жаршылар,
Ішім жалын, сыртым шоқ.
Баяным—жас лағым,
Жаралама атқан оқ.
Ақ ордасын қайтейін,
Қалады бір күн дүние боқ.
Отырсам да лашықта,
Баяным барда көңілім тоқ.
Қызым тапса өз теңін,
Бұл жалғанда арман жоқ.
Піруәнің келген елшісі,
Мына айтылған сөзге сен.
Балам емес, Піруәң
Болар деймін маған тең.
Піруәнің ойы бұзылған,
Адыра қалсын қызымнан!
Шырылдатып бір жасты,
Ұрттамасын қызыл қан.
Піруәңа айта бар,
Ақ ордаңа қайта бар.
Молаға беріп қызымды,
Көңілім қайтіп жай табар.
Бұл сөзді естіп жендеттер,
Түршігіп жаны кетеді.
Айнытпай бұл хабарды
Піруәға алып жетеді.
«Құдадан» келген бұл хабар,
байын—жүрек
Өңменінен өтеді.
Қорлады деп қу кедей,
Тісін қайрап кетеді.
Терісіне сия алмай,
Езуін отыр жия алмай.
Жендеттерді қайтадан
Жұмсағалы отыр ұялмай.
—Сұм кемпірге барып кел,
Жақсы хабар алып кел.
Ұнамаса басына
Ақырзаман салып кел.
Бұйрықты алып жендеттер шапты ауылға,
Жарлық қатты, шара жоқ тоқтауына.
Қайта айналып келер деп шабармандар,
Баяндар даярлық қып жатты ауылда.
Ат-көлік, қару-жарақ жатыр сайлап,
Жолазық бәрін тегіс қойды жайлап.
Қапыда жау қолына түсер болса,
Керек деп ақ семсерді алды байлап.
Баянның кетті анаға түсіп көзі,
Не болар мұнда қалып жалғыз өзі.
—Апа, сен жүрші еріп бізбен бірге,
Баланың саған қажет осы кезі.
Қартайдың қайғыменен бүгіп белді,
Жесір боп араладың жастай елді.
Тағдырдың бізге ұсынған сыйы осы ма—
Сен тартқан қасіреттер маған келді.
—Болмашы, Баян қарғам, маған алаң,
Шарасын кейінгі істің өзім табам.
Егерде қоныс жөткеп түгел кетсек,
Болады істің арты тіпті жаман.
ғашықтық дастандар
Бос қайғы неменеге болады сеп,
Қайнайды Піруәға ішімде кек.
Тезірек уақытты қолдан бермей,
Жүрек жатқан үңгірге кетіңдер тек.
Тұрғанда ана-бала сәл бүгіліп,
Серіннің досы—Жора келді кіріп.
Ұққан соң бұл қатерді төніп тұрған,
Серінді ертіп алып кетті жүріп.
Қыз құшақтап анасын,
Анасы құшып баласын.
Зарланады екеуі,
Жүректің айтып жарасын.
—Айналайын, анашым,
Мен кетсем жалғыз қаласың.
Қозыңа бола қор болып,
Қып-қызыл отқа жанасың.
Қаласың, ана, тартып дерт,
Жүрегіңді шарпып өрт.
Айнымасқа бұл жолдан,
Белді буып қылдым серт.
Өз еліме барамын,
Саны көп жанда жараның.
Болмасаң да өз шешем,
Өз шешемдей қарадың.
Еңіретпей ешқашан
Өз жаныңа баладың.
Кетсем де шалғай, мен сені
Сағына еске аламын,—
Деп зарлап қыз жылайды,
Құшағына ана құлайды.
Қайрат кетіп, хал құрып,
Тәңірден медет сұрайды.
байын—жүрек
Мұңайып ана-бала отырғанда,
Айналып келді жендет антұрған да.
Қарасын олар қайтіп обалына,
Құмар ғой қолын қанға матырғанға.
Мінді атқа Баян көріп жау қарасын,
Толғады садағының адырнасын.
Ана да қонды атқа тез қарманып,
Жендеттер жетті қоршап айналасын.
Ақырып қызға:—Қару таста,—деді,
Әліңнен, байқұс бала, аспа,—деді.
Боласың күні ертең ханға қатын,
Шолжаңды үйіңдегі таста,—деді.
Қорлыққа Баян жаны күйіп кетті,
Бұл жәбір намыс туын биіктетті.
Садағын толғай тартып қалғанында,
Сардарға бір жебесі тиіп кетті.
Қаптады қалың жендет аласұрып,
Баянды көзге ілмеді баласынып.
Батыр қыз жау тобына кіріп кетті,
Қайраттана жауына қылыш ұрып.
Ұйлығып жаулар тұрды келмей сөзге,
Баянға бір ой келді осы кезде.
Доданың құтылудың қамын көріп,
Бұлт етіп ат бауырына түсті лезде.
Жанысып ат баурында қалды тұрып,
Суырды ақ семсерді ептеп жүріп.
Шаужайынан жармасқан қарақшыға,
Семсерді өндіршектеп жіберді ұрып.
Қарақшы аттан ауып құлап қалды,
Оңалып Баян атқа мініп алды.
Шүйілген топ қарғаға лашындай боп,
Жалғыз қыз қалың жаумен ұрыс салды.
ғашықтық дастандар
Дәу қара қызға ұмтылды осы кезде,
Найзамен қыз білгенін қақты лезде.
Қылышын қолындағы түсірген соң,
Өңгерді қызды алдына келмей сөзге.
Жан-жақтан қоршап алды құрып қамал,
Таусылды жауға қарсы қыздан амал.
«Жалғыздың үні шықпас» деген осы,
Кетер ме жау қолында сайыпжамал.
Ұмтылды Баян жаққа қамқор ана,
Қолына қайың сапты балтаны ала.
Алдын тосқан сардарды шүйдесімен,
Маңдайға періп кетті оңтайлана.
Қарақшы қалды аттан ауып түсіп,
Аузынан қан аралас жынын құсып.
Қайрылып ана қайта үлгергенше,
Ортаға алды жаулар шулай түсіп.
Ананы ұрып жығып кетті тастап,
Қалды ана қара жерде қанды жастап.
Әкетті қызды ордаға қалың жендет,
Тыртыстырып қол-аяғын байлап тастап.
Дала тұр бұл сұмдыққа қалып қайран,
Жау кетті шаң боратып салып сайран.
Қара қос қалды орнында мұңға оранып,
Бәріне куә болды қанды майдан.
Шапқыншы кеткеннен соң келді Серін,
Шолып тұр қан майданның болған жерін.
Анасы жатыр екен естен танып,
Болымсыз жыбырлатып еріндерін.
Сорлы ана шала жансар жатыр сұлап,
Күмістей аппақ шашын қанға шылап.
Осынау қасіретті халді көріп,
Егіліп Серін, Жора отыр жылап.
байын—жүрек
Сүйеді басын келіп анасының,
Қандарын жуып, таңып жарасының,
Талықсып жан үзгелі жатқан ана,
Бөленді мейіріне баласының.
—Құзғынға жем болмасын Баянжаным,
Тулайды жүрегімде ыстық қаным.
Қолдасын екеуіңді көк Тәңірім,
Атырып алдарыңнан бақыт таңын.
Қош болыңдар, қос лақ,
Сендер үшін мен бұлақ.
Тілекке жет екеуің,
Көре алмаймын мен бірақ.
Тар құрсақты кеңіткен,
Тас емшекті иіткен.
Жатыр ма екен қапаста,
Ботақаным үмітпен?!
Мен кетермін келмеске,
Қоймады ажал өлмеске.
Қозымды қасқыр әкетті,
Қалмады қуат бермеске.
Арашалар әлім жоқ,
Ханға берер малым жоқ.
Баян, Серін—қос қозым,
Артыңда құйрық-жалың жоқ.
Жетейін деген түлегім,
Үзілді қолқа-жүрегім.
Қараңды көріп қарық боп,
Қуат етіп жүр едім.
Балапаным, айрылдым,
Қанатымнан қайрылдым.
Алмас жүзді семсер ем,
Тесе шоттай майрылдым.
ғашықтық дастандар
Қос қозым, бол саламат,
Тәңірге жаның аманат.
Басқа төнді қара бұлт,
Бұл не деген ғаламат?!
Қапыда қалмай сергек бол,
Қолға түссең—қорлық сол.
Жау шебіне жеткенде,
Алды-артыңа абай бол.
Көз жұмды ана солай зарлап жатып,
Шерлі жас жанарында қалды қатып.
Дәм-тұзы тататұғын таусылды да,
Жұлдызы қараңғыға кетті батып.
Кектеніп жауыздыққа жұмды көзін,
Аяқтатып бола алмай айтар сөзін.
Ананың аянышты өліміне
Өксіді тоқтата алмай Серін өзін.
Көз тастап тұрды Серін төңірекке,
Қайралып ақ алмасты қанды кекке.
«Жоқтамақ ана қанын қарыз маған,
Жібермен намысымды жауға текке».
Деп Серін бір бекімге белді байлап,
Соғыстың жай-жапсарын көрді ойлап.
Танылмай қалу үшін жау көзіне,
Беттерін қара бұлмен алды байлап.
Аттанып кетті екеуі белді буып,
Жан жолмен жауды орай жүрді суыт.
Құйғытып қос тұлпармен асып қырдан,
Соңынан жендеттердің жетті қуып.
Тұрмады жекпе-жекке шақырысып,
Ұмтылды бір-біріне ақырысып.
Серін ер ақ алмасты сермегенде,
Жендеттер құлады аттың жалын құшып.
байын—жүрек
—Батырлар, күш сынасып кел, көрелік,
Майданда қару айтар бір төрелік.
Бұлап алған олжаңа көзім түсті,
Жеңілсек, бұл олжаны іздемелік.
Деп Серін жау тобына атылды анық,
Қайраты тасып ердің батылданып.
Алмадай домалатты жаудың басын,
Жендеттер шоғырына жақын барып.
Қылыштан дауыс шығып зуылдаған.
Жау сасып, есі кетіп шуылдаған.
Кей өлік үзеңгіде сүйретіліп,
Қан майдан қызып кетті дуылдаған.
Жора жүр қалқан тосып, сілтеп найза,
Ұқсап бір бұлттан шыққан нажағайға.
Топ етіп жау өлігі жерге түссе,
Осқырып аты кетер анадайға.
Қашқынның шапты бәрін қуып жүріп,
Тастамақ тіл қалдырмай түгел қырып.
Білмеді қай жағынан жылысқанын,
Бір жауыз қалың нуға кетті кіріп.
Шара не, ол қарақшы кетті қашып,
Серін ер «тіл кетті» деп қалды сасып.
—Қуғанмен, енді оны таба алмаймыз,
Айрылдық,—деді Жора,—қара басып.
Баянның қолын шешіп алды бұлар,
Жөнелді етіп бақыт таңды құмар.
Қан сасыған соңында дала қалды,
Басып тұр төбесінен тауды мұнар.
Келеді үш дос жортып құба белде,
Шаң қалды бірде ылдилап, бірде өрде.
Көрінді көз алдынан терең щатқал,
Кіретін көз жұмсаған соң ұқсап көрге.
ғашықтық дастандар
Ну орман сайдың іші бұта-бүрген,
Жол тауып шыға алмайды түнде жүрген.
Шығады түрлі дауыс шулап сайдан,
Жан шошыр бұл дауысқа құлақ түрген.
Түсірді түн пердесін, көз байланып,
Үш дос тұр сай ішінде сөзге айланып.
—Бекініп түніменен тұрып мұнда,
Кетсек,—деп,—таңға жуық ыңғайланып.
Үшеуі демін алып, аттан түсті,
Ойлап ап күні бұрын алдағы істі.
Алыпты қатық-шүрмек көн қапқа сап,
Шүрмек жеп, сусындыққа қатық ішті.
—Жау бізді бұл жерде деп ойламайды,
Дәп басып таба алмайды осы жайды.
Мүбәдә қалың сардар іздеп қалса,
Ақтарар тау мен тасты, басқа сайды.
Соны айтып отыр Жора құрып кеңес,
Алда тұр асатұғын биік белес.
Келмесем шығар жолды көзбен шолып,
Бізге енді шығып кету оңай емес.
Келемін ертең кеште қайта жетіп,
Үңгірден Жүрек ерді келем ертіп.
Әкелем азық-түлік бәрін жайлап,
Тұрыңдар мен келгенше сабыр етіп.
Достарға «қош» деп Жора тартты өрге,
Толассыз қамшы басып қара керге.
«Өтелер дос қарызы күн бар ма алды?»
Деп Серін көзін тікті Жора ерге.
Ордада Піруә отыр тағат қылмай,
Сезіліп жарым сағат жарым жылдай.
«Баянды қашан алып келеді?» деп,
Бір кіріп, бір шығады сыртқа тынбай.
байын—жүрек
Дел сал боп отырғанда қиял сүріп,
Бір жендет қызға кеткен келді кіріп.
Тоңқаңдап Піруәға басын иіп,
Сөйледі көргендерін қайта тұрып.
—Тақсыр-ау, бізді бүгін қара басты,
Түскендей көктен пәле араласты.
Өзгерткен сырт тұлғасын екі пәле,
Бізді қырып, Баянды ала қашты.
Көрсеңіз тақсыр оны сіз нанасыз,
Киіпті ақтан киім қара аласыз.
Бет-аузын орап апты қараменен,
«Жын ба әлде, пері ме?» деп таң қаласыз.
Піруә:—Сілімтік!—деп тұрды ақырып,
—Жоғалт!—деді қараңды тез батырып.
—Мынаның алып барып басын кес!—деп,
Бұйырды бір жендетін тез шақырып.
Бір сардар:—Өлтіртпеңіз бейшараны,
Бұл өлсе, шаруамыз шайқалады.
Осыны жолбасшы қып, Баян қызды
Іздейік,—деді тінтіп сай-саланы.
Сонда тұрып хабаршы:—Хан, дәт!—дейді.
Піруә:—Дәтің болса, енді айт,—дейді.
Орманда тасаланып ізге түскем,
Көрсайда өзге жаққа ол кетпейді.
Аттанып мол әскермен біз баралық,
Олардың қайда жүрген іздері анық.
Шеп жайып бекінісін қоршап алсақ,
Қалады жол таба алмай бек қамалып.
Деді де қалың қолмен жүріп кетті,
Көрсайға біржолата бұрып бетті.
Қашып кеткен жендетке жол бастатып,
Шатқалға таңға жуық келіп жетті.
ғашықтық дастандар
Ақ бас шың тұнжырайды түріп құлақ,
Жылайды өксік атып тұнық бұлақ.
Алысып, арып-ашып келгендердің,
Тұрғандай қарт қарағай халын сұрап.
Онда отыр ағайынды Серін, Баян,
Жағдайдың ауырлығы көңілге аян.
Анасын ойлап еді Баян сұлу,
Көз жасы көкірегіне толды баяу.
Мұңайып отыр Баян кетіп ойға,
Сезімі қорқыныштың тарап бойға.
—Серін аға, көрдің бе анашымды,
Көріспей кетеміз бе осы бойда?!
О, Тәңір, не болды екен сорлы анам?
Көңілім тыншымайды болып алаң.
Сойылға жығылып ед мен кетерде,
Көрісер күн болар ма есен-аман?
Серін ер ойланды бұл үшін көп,
Бекіді не болса да айтайын деп.
«Баянға ана өлімін баяндайын,
Көңілі біржолата суысын тек».
—Ауыр күн басқа түскен болды қиын,
Қайғымен шатаспасын енді миың.
Анамыз жау қолынан қаза болды,
Кек үшін белді буып, тастай түйін.
«Құдайым, неден саған жазалымын?
Басыма түсіп мұнша азалы күн.
Жарқ еткен ана елесін көз алдымнан,
Кетті ме жұтып мына қараңғы түн.
Кеттің бе мәңгілікке, қайран анам,
Мен қалдым көкірегім ойран-алаң.
Анасыз перзенттің күні құрысын,
Айрылып қос анамнан қайда барам?»
байын—жүрек
Осылай жылап Баян ұйықтап кетті,
Қайғымен екі көздің жасын төкті.
Төсеніп жасыл құрақ жамбасына,
Бұлтты тауға шөккен жамылшы етті.
Серін жүр еппен шолып дала маңын,
Өртейді ана өлімі қинап жанын.
Баянға жапты шешіп өз шапанын,
Күтіп тұр алғы өмірдің атар таңын.
Жүреді Серін батыр ойға батып,
Алдағы туар күнге басы қатып.
Беймаза қиялменен отырғанда,
Келеді ала кеуім таң да атып.
Тұра кеп Серін сауыт киінеді,
Асынып қару-жарақ, түйінеді.
Көтеріп Баян басын сонда жерден,
Мейіріне Серінің сүйінеді.
Ағасы әкелмек боп кетті атқа,
Аттары кетіпті ұзап терең шатқа.
Ноқталап екі атын жетектеп кеп,
Апарды шалқайдағы бір бұлаққа.
Сол шақта жау кеп кірген орман шатқа,
Жаяулап оншақты адам мінбей атқа.
Артына қайта барып хабар бермек,
Қашқынды осы орманнан бұлар тапса.
Аралап орман ішін бұлар жүрді,
Дыбысқа елең еткен құлақ түрді.
Баянның жалғыз өзі жатқандығын,
Түбінен қарағайдың бір-ақ білді.
Бытырап Серінді олар іздеп кетті,
«Не қылар бізге жалғыз қыз» деп кетті.
Біреуін ағаш қағып жығылғанда,
Шарт етіп бір қу бұтақ сынып кетті.
ғашықтық дастандар
Жалт қарап Баян мұны көріп қалды,
Қолына апыл-ғұпыл қару алды.
Жүгіріп алаңқыға шыға келіп,
Серінге «Жау келді!» деп айғай салды.
Қаптады қызға жендет андағайлап,
Баянды әкетпекші болды байлап.
Ұмтылды қыз да сонда жауға қарсы,
Кек оты жанарында кетті жайнап.
Дауысты айғайлаған Серін ұқты,
Атылып арыстандай өрге шықты.
Алдынан қарсы шыққан жендеттердің,
Лезде бірнешеуін жерге тықты.
Екеуі ұрыс салды екі жерден,
Айғай-шу кетіп жатыр асып белден.
Серін жүр жаудың тобын ойсыратып,
Көрініп бірде төмен, бірде өрден.
Жауға ойын Серін солай бастай берді,
Жан-жағын қылыш сермеп жасқай берді.
Қаптап келген жауынан жалт бергенде,
Бір-бірін білмей шауып тастай берді.
Бір жерде Баян қыз да сайысады,
Бұралып нәзік белі майысады.
Қарсы алып ақ алмастар бірін-бірі,
Шегініп қайта артқа тайысады.
Келеді хауіп төніп шыбын жанға,
Қыз төтеп бере алмады көп адамға.
Ұстатпай жүрсе дағы айламенен,
Найзаның қыры тиді қара санға.
Шыңғырып Баян жерге құлап түсті,
Көре сап Серін солай тұра ұшты.
Біле алмай не болғанын есі кетіп,
Бас салып қарындасын жылап құшты.
байын—жүрек
Үлкен тор сырттарынан тасталады,
Серіндер көрмеген соң жасқамады.
Шырмалып тор ішінде оралғанда,
Қалың қол қаптап келіп бас салады.
Екеуі қапылыста түсті қолға,
Анталап тұрды жендет оң мен солда.
Екеуін екі атқа таңып алып,
Қуанып Піруә залым түсті жолға.
Бетке алып асу жақты Жора кеткен,
Жарым түн ауған кезде келіп жеткен.
Аралап қарауылды түгел шолып,
Өтетін жерін әбден белгі еткен.
Бұл жерден Жора ерте қалды кетіп,
Сайдағы өз үйіне келді жетіп.
Жағдайды бастан-аяқ шықты сөйлеп,
Үйдегі анасына баян етіп.
—Болмаңдар мұндай кезде көзсіз батыр,
Түбіңе бір күн Піруә жетеді ақыр.
Долан ағаң әскерден босаған жоқ,
Бар болса Долан өзі-ақ жауға татыр.
Деп ана тәуекелге бұрып бетті,
Азығын Серіндердің даяр етті.
Молынан азық-түлік қамдап алып,
Ер Жора Серіндерге жүріп кетті.
Түс ауа жетіп келді Жора сайға,
Достарын өзі тастап кеткен жайға.
Аралап ағаш ішін зыр жүгірді,
Апыр-ау, мұнда қалған достар қайда?!
Болғанын бір сұмдықтың тұрды біліп,
Кетіпті орман ішін ойран қылып.
Әр жерде қанға батқан өлік жатыр,
Келді екен қарақшылар қайдан біліп.
ғашықтық дастандар
Тастапты талайының қанын шашып,
Қалыпты кей өліктер көзін ашып.
Маңайлап қарға-құзғын жүр айналып,
Өлікті жемекші боп тиіп-қашып.
Өкініп тұрды Жора басын шайқап,
Қарады өліктерді бірден байқап.
Таба алмай не өлісін, не тірісін,
Бармағын қарш еткізіп алды шайнап.
Білді енді қолға түсіп кеткендігін,
Түбіне Піруә залым жеткендігін.
Көп жендет ортаға алып қайран досты,
Көрсетіп кетті-ау, сірә, өктемдігін.
Мең-зең боп қапалықта отыр Жора,
Көзінен жасы ағып сора-сора.
Қойына қасқыр шапқан қойшыға ұқсап,
Қасіретпен күйзеліп жатыр дала.
«Отыру жылап босқа жарамайды»,
Деп Жора ақылын тез саралайды.
«Екеуі түскен болса тірі қолға,
Жауыздар обалына қарамайды.
Кім білсін бұл өмірдің көбін-азын,
Мұндайда кімге айтамын көңіл назын.
Тез барып бір айласын істемесем,
Екеуін қарақшылар қылар жазым».
Доғарып ойын дереу мінеді атқа,
Әкелген азықтарын тастап шатқа.
Қайтқан боп қарауылдан күндегідей,
Ат басын тура тартты орда жаққа.
Шалқақ төс, бура санды, қырғи қабақ,
Асынған сауыт-сайман, қару-жарақ.
Маңдайы кере қарыс, қырлы мұрын,
Келеді орда жаққа көзін қадап.
байын—жүрек
Шығарып бәрін тысқа қалып дара,
Тақта отыр шойын, божбан қара.
Алмайды шүңгіл көзін бір ноқаттан,
Сызданып кеудесінде бітеу жара.
Піруә отыр сан ойдың жетегінде,
Жия алмай оқалы тон етегін де.
Жүзі арса, ойы парша болып отыр,
Кім жақын, кімнің білмей бөтенін де.
Соңынан қуып бір сәт тәтті үміттің,
Маңынан аулақтады жат күдіктің.
Серінді алдап, Баянды көндірудің,
Ойлады жаңа жолын әккіліктің.
«Өлтірсем Серінді мен ертең егер,
Баян қыз наразы боп қарғыс төгер.
Сол үшін айла істейін алдыменен,
Өлтіру қашан дағы қолдан келер.
Серінді шырғалаумен байқап көрсем,
Сыйлыққа алтын-күміс, мансап берсем.
Оқыстау бәрімізден өтті бір іс,
Достасып бұдан кейін кетсек десем».
Оң-теріс дойбы тасын отыр жүріп,
Сол болды Піруәдағы ақырғы үміт.
Дәл сонда қарауылдың бір бастығы,
Есіктен апыл-ғұпыл келді кіріп.
Бұл келген Жора батыр мақсатпенен,
Өтірік «қарауыл» боп жақсы атпенен.
Піруә басын шұлғып отыр тақта,
Жораға риза болып асқақтаумен.
«Мұны мен түсірмеймін неге қолға,
Керек қой есті жігіт осы жолда.
Астыртын Серінге оны салсам егер,
Оңына баспай ма ісім, тіпті, сонда».
ғашықтық дастандар
Осы оймен Піруә оған деді:—Тоқта,
Әкелген бөгде хабар тағы жоқ па?
Өзіңмен кеңесетін бір жұмыс бар,
Мен бүгін түсіп тұрмын жанған отқа.
Ойланып отып Жора хан қасында,
Тіксініп қалды біраз алғашында.
Піруәнің күндегіден тілі майда,
Білмей тұр нанарын да, нанбасын да.
Піруәнің отыр байқап қас-қабағын,
Білмекші сөзді неден бастамағын.
Өзінен егер көмек талап етсе,
Қойды ойлап «құп, тақсыр» деп қостамағын.
Жораға деді Піруә:—Айлалысың,
Сондықтан түсіп отыр саған ісім.
Берілген міндетті егер орындасаң,
Беремін алтын-күміс пайдаң үшін.
Талайдан Баян қызға ғашық едім,
Түспеді алақанды ашып едім.
Түсті кеп абақтыға қинау көріп,
Кәрленіп қатты ашуға басып едім.
Қамауда Баян қазір Серінменен,
Жасырмас ешбір сырын олар сенен.
Ақылмен қолға түсір, түсірмесең,
Қашсаң да құтылмайсың тегін менен.
Жораға Піруә айтып ақылдарын,
Жора отыр күліп айтып мақұлдарын.
Көріністе «тақсыр» деп қойғанымен,
Ойында түгел жайғап отыр бәрін.
Міндет ап Жора ордадан кетті шығып,
Мақсат бар көңіліне қойған бүгіп.
Қос қолы жеткендей-ақ мұратына,
Піруә оны шығарды аттандырып.
байын—жүрек
Ақ орда жым-жырыққа тұрды мүлгіп,
Айламен аңқау елді жұтпақ қылғып.
Орда маңы тізілген жасауылдар,
Керме толы аттар тұр басын шұлғып.
Қараша үй қасында тұр жанасалап,
Ордадан хал-жағдайы тым нашар-ақ.
Екі бөлек үйде отыр Баян, Серін,
Алар ма Жора бұларды арашалап?
Бір үйде жаралы боп Баян жатқан,
Денесі қызыл ала қанға батқан.
Біле алмай алда күні не боларын,
Қайғымен құсаланып басы қатқан.
Қиналып қыздың жаны танады естен,
Қансырап қара саннан найза тескен.
Киімі үстіндегі жырым-жырым,
Сайыста неше жерден қылыш кескен.
Қыз жатыр жылап-зарлап Тәңіріне,
—Жауыздың көнбеспін,—деп,—әміріне.
Құдай-ау, шыныменен кетемін бе,
Жете алмай Жүрек ердің қадіріне?!
Мен өлсем не болады Жүрекжаным,
Айтпай ма шыныменен бақыт таңым?
Қор болып қайран жастық өтесің бе,
Мекен қып қарақшының бұл апанын.
Жүрек-ау, кетермін бе көрмей сені,
Мерт болды құтқарам деп ағам мені.
Жем қылған ит пен құсқа мына өмірдің,
Біз үшін келте болды-ау етек-жеңі.
Зарланып жатыр Баян естен танып,
Кеберсіп ұлпа ерні сөзден қалып.
Көзінің нұры өшкіндеп жатыр сұлап,
Басы айналып, көз алды тұманданып.
ғашықтық дастандар
Сыртта біреу бұларды жатыр сұрап,
Тыңдаса үні мүлде танысырақ.
Жақсылық көз алдынан жарқ еткендей,
Қыз жатыр дала жаққа түріп құлақ.
Сырттағы келген адам Жора еді,
—Баян қыз осы қоста бар ма?—деді.
Бұл үнді естігенде Баян сұлу,
Арманын болашаққа жалғады енді.
Аяңдап Жора келген осы қосқа,
—Қайт!—деді есікті тұрған посқа.
Қайысып қабырғасы тұр елжіреп,
Жаралы жатқан мына қарындасқа.
Отырды Жора келіп қыз қасына,
Төнгенде әккі ажал бір басына.
Көтеріп басын жерден сүйемелдеп,
Ақырын бейімделді сырды ашуға.
—Сөйлесем Серінге де барып өзім,
Көреді күні ертең-ақ бәрін көзің.
Түсіріп тұзағыма келдім қазір,
Мықтымын деп жүргенде Піруә өзін.
Келсе егер сөйлесуге Піруә кезеп,
Алдап қой күнді ұзартып тілді безеп.
Бүлдіріп алма істі ашуменен,
Ақылмен ұста өзіңді қатты тежеп.
Қыз отыр құпияның бәрін ұғып,
Көзінен қуаныштың жасы шығып.
—Қарағым, барлық іске абай бол,—деп,
Бұл жерден Жора батыр кетті шығып.
Айланып Серін жатқан үйге кетті,
Сыртына қараша үйдің келіп жетті.
Босағадан Серіннің халін көріп,
Мұңайып Жора батыр ойға кетті.
байын—жүрек
Серін ер күрсінеді көңілі жасып,
Кектеніп кетер кейде қаны тасып.
Талқандап абақтыны кетер еді,
Сабырмен отыр өзін зорға басып.
—Қапыда түсіп қалдым құрған торға,
Жығылдым абайсызда қазған орға.
Қалдым-ау құтқара алмай Баян қызды,
Кез болып қара ормандай қалың жауға.
Деп зарлап, тұрды қайғы құшағында,
Ажырғы мойнын қатты қысады да.
Таңулы керегеде тұр жұлқынып,
Байлаулы жолбарысқа ұқсады да.
Сол кезде Жора есіктен келді кіріп,
Жылады Серін жайын енді біліп.
—Босат,—деп оны дереу ажырғыдан,
Есіктегі әскерді жіберді ұрып.
Ақырып бәрін Жора шығарды айдап,
Серіннің екі көзі кетті жайнап.
Жора кеп ажырғы мен кісенді ашты,
Босатты қол-аяғын қойған байлап.
Екі дос құшақтасып қалды тұрып,
Қарайды жан-жағына мойын бұрып.
Отырып әңгімесін бастап берді,
Байқастап сырт далаға құлақ түріп.
—Қош хабар әкеп тұрмын, Серін, саған,
Ақылсыз Піруә әбден сенді маған.
Сендерді түсірдім деп жүр ол торға,
Мен торды келістіріп құрдым оған.
Піруәға барам сені «көндірдім» деп,
Айламен сөзіме әбден сендірдім деп.
Дем алып екі иықтан отырамын,
Елші боп екі араға мен жүрдім деп.
ғашықтық дастандар
Шақырып Піруә сені кеңес құрар,
Алдыңда сайқалдықпен күліп тұрар.
Алтын мен күміс саған тарту етіп,
Баянмен бас қосуды талап қылар.
Піруәға уәде бер «болады» деп,
Ортамыз той-думанға толады деп.
Сауықсын қарындасым, жаралы әзір,
Сақайса, тұғырыңа қонады деп.
Жауап бер осылай деп жәйін ғана,
Той түні басталады «ойын жаңа».
Онан соң үшеуің де өмірлі бол,
Кетіңдер, пана болсын сайын дала.
Қуанды бұл айланы ұғып Серін,
Түсінді ендігі істің болар жерін.
Жан досым, ақылыңнан айналайын,
Мейірің бізге медет берді-ау сенің.
Екі дос бас қатырды көп ойланып,
Істері қалды біраз ыңғайланып.
Серінге «қырағы бол» деп кетті де,
Ордаға келді Жора қайта айланып.
Қарсы алып отыр Піруә Жора ерді,
Құрметтеп өз қасынан орын берді.
—Сөзіңе көнетіндей бар ма ойы?—деп,
Асығыс қайта-қайта сұрай берді.
—Мұндайда керек, тақсыр, ақылдылық,
Мен жүрмін аразыңды жақын қылып.
Оларды айландырып шырғаменен,
Ақыры келдім оны мақұл қылып.
Қуанып кетті Піруә мұны естіп:
—Әдейі шақыртқамын өзіңді ес қып.
Әттең-ай! Тым ертерек ақылдаспай,
Уақытты алыппын-ау өте кеш қып.
байын—жүрек
Деді де Піруә қарап тұрмады енді,
Мойынын басқа іске бұрмады енді.
Серінді шақыртты тез ордасына,
Жорадан ешбір қауіп қылмады енді.
Ордаға Серін ер де келді жетіп,
Сардарлар тік тұрды оған құрмет етіп.
Қорбаңдап Піруә да тұрды орнынан,
Етегін зерлі тонның көлбеңдетіп.
Серінге жапты әкеліп шенді шекпен,
Қайнайды жүрегі оның қанды кекпен.
Шулайды қошаметші қалың нөкер,
Құттықтап Серіндерді төңіректеп.
Толассыз тостағандар келіп жатты,
Өзара сый шарабын беріп жатты.
Сыр бермей Серін шалқып отырғанда,
Піруә «жеңдім-ау» деп күлмің қақты.
Малайлар жүр ет асып, тартып табақ,
Құйылып жатыр шарап қадақ-қадақ.
Тәтті қиял ішінде Піруә отыр,
Айнала тұрған елге көзін қадап.
Піруә көзін салып дүйім жұртқа,
Толтыра ішті шарап екі ұртқа.
Жағдайын елдің байқап барлаған соң,
Сытылып топ ортадан шықты сыртқа.
Қыз жатқан үйге келді алшаң басып,
Көңілі көтеріліп судай тасып.
Бетінің ұяты жоқ арсыз малғұн,
Ұялмай кіріп келді есік ашып.
Келгенін Піруәнің қыздар ұғып,
Тәжім ғып, бәрі сыртқа кетті шығып.
Баян қыз Піруәні көрген кезде,
Қоянның көжегіндей қалды бұғып.
ғашықтық дастандар
Піруә әркі ішіп алған шылқа бөртіп,
Сызданып атылардай қарны шертіп.
Төніп тұр екі көзі аш қасқырдай,
Көңілде арам нәпсі жалыны өршіп.
Обиып Баян қызды болды құшпақ,
Тартады білегінен мықты ұстап.
Түршігіп тұла бойы кетті қыздың,
Таз құмай сұңқарды іліп болды ұшпақ.
Қыз сонда деді:—Тақсыр, сабыр керек,
Сабырдың өзі ақылдан берер дерек.
Бұл күнде жаралымын, халім нашар,
Түсінер адамсыз ғой ақылы зерек.
Сіз бір хан мерейіңіз асып туған,
Мен бір гүл бақта жұпар шашып тұрған.
Мәпелеп, нәзік гүлді аяламай,
Қайсы хан оны үзуге асық тұрған?
Бұл сөзді естіп Піруә қолын тартты,
Қыз әбден сауықсын деп үміт артты.
Жарасын дауалатпақ болып қыздың,
Шақыртты бір жасақтан емші қартты.
Орда іші думан болды ішіп шарап,
Піруә қуанышпен отыр қарап.
Етін жеп, шарап ішіп мас болғандар
Қош айтып, қол қусырып кетті тарап.
Піруә Баян үшін ұшып құрақ,
Күнде кеп байқастайды халін сұрап,
Келең, кешіл, мәнжасын ертіп келіп,
Қызға арнап жақтырады Тәңір шырақ.
Барады білінбестен күндер өтіп,
Піруәдан сабыр қашты есі кетіп.
Жарасы Баян қыздың жазылғанда,
Той болар уақыт та келді жетіп.
байын—жүрек
Бөленіп орда ерекше салтанатқа,
Сай болды хан ордасы деген атқа.
Құйылып тостаған мен той шарабы,
Жиналған жұрт жайылды шартарапқа.
Жіберді қызға тарту—асыл киім,
Меруерт, інжу-маржан, түрлі бұйым.
Қабылдап отыр бәрін Баян сұлу,
Шара жоқ, ханның қолын қағу қиын.
Нөкерлер Баян қызды киіндірді,
Баян қыз нөкерлердің сыйын білді.
Таққан да шашқа қоса, мойынға алқа,
Көргеннің көзін арбап сүйіндірді.
Түрлентіп жібек шапан нәзік бойын,
Ақыққа кетті толып алма мойын.
Толықсып толған айдай сыртқа шықты,
Қырық қыз тамашалап салады ойын.
Жарасып түрлі зіннәт тал бойына,
Келеді қыздың нелер әлде ойына.
Нөкер қыз сүйемелдеп қолтығынан,
Ақырын келді ордаға—хан тойына.
Даяшы жар салды кеп:—Ханым келді,
Орданың кіргізіңдер сәнін,—деді.
Қобызшы тарт күйіңді, сыбызғыңды,
Әншілер шырқа әсем әніңді енді.
Тартылып шаттық күйі салтанаттың,
Тағзым ғып тұрды бәрі жамағаттың.
Толықсып дәл ортамен жүріп келіп,
Қасына келіп жетті алтын тақтың.
Отырды Баян келіп хан қасына,
Нұр шашып сәукелесі тұр басында.
Паңдана миығынан сәл күлгенде,
Серін де танымады алғашында.
ғашықтық дастандар
Қыз оты кеудесіне оттай маздап,
Піруә отыр естен танып кете жаздап.
Ұсынып қос қолымен қызға шарап,
Төніп кеп бассалуға отыр аз қап.
Серін мен Жораларға зер тон жауып,
Сый берді көп сардарға көңілі ауып.
Шаштырып қазынадан алтын-күміс,
Бұйырды көпшілікке құр деп сауық.
Орда іші дыр-думанмен кетті қызып,
Піруә отыр Баян қызға көзін сүзіп.
Ханымдық белгісі деп қыз қолына.
Салды әкеп мөр ойдырған алтын жүзік.
Есеп жоқ құйған шарап, ішкен аста,
Араққа мас болды әбден кәрі-жас та.
Сау отыр үш-ақ адам осы түнде,
Дені сау жан қалмады одан басқа.
Баянға Жора сонда қойды ымдап,
Ол дағы түре келді қағып бұлғақ.
Қолға алып арақ толы тостағанды,
Сөйледі, жұрт тым-тырыс қалды тыңдап.
—Той тойлап кірдік, міне, сәнімізге,
Шарықтап жатыр асқақ әніміз де.
Ғұмыры ханның ұзақ болу үшін,
Сый шарап ұсынамын бәріңізге.
Деді де қыз құмыраны қолына алып,
Даярлап тұрды араққа дәрі салып.
Ішкізді сый шарабын жұртқа түгел,
Серіндер білдірмеді төге салып.
Осылай екі-үш рет кетті жүріп,
Бұлғақтай басты алды буыны құрып.
Ішкізді Піруәға да неше дүркін,
Бұралып еркелеген болып жүріп.
байын—жүрек
Уақыт жарым түннен ауған кезде,
Қирады бәрі тегіс келмей сөзге.
Үш достың көкірегінде жалғыз арман—
Бостандық, ниеті жоқ одан өзге.
—Ал, достар,—деді Жора тұрып сонда,
—Кетіңдер, аялдамай түсіп жолға.
Таң ата бұлар тағы ес жияды,
Қалмалық абайсызда түсіп қолға.
Жора айтты:—Жатқан кезде жұрт дуласып,
Піруәнің отырғанда көңілі тасып.
Жүрекке бір жігітті жібергенмін,
«Тезірек алып кел» деп, хабарласып.
Жүрек те келген сыртта тұр сайланып,
Тұрмалық, енді мұнда босқа айналып.
Тезірек бұл арадан алыстаңдар,
Қалмасын көздеріңе жас байланып.
Піруәнің мінді екеуі қос тұлпарын,
Түгендеп айыл-тұрман, жабдықтарын.
Ас бақыр, саптыаяқ пен шөміштерін,
Әзірлеп қойған екен түгел бәрін.
Жүздесті Баян, Жүрек зар жыласып,
Өксиді қайта-қайта құшақтасып.
Белгісі өткен күннің жоқ екен деп,
Төртеуі тұрды біраз қайрандасып.
—Аттанып бұл арадан кетесіңдер,
Таң атпай қарауылға жетесіңдер.
Күзетке Бадымараны қойып қойған,
Асудан аман-есен өтесіңдер.
Ал, достар, қош болыңдар есен-аман,
Көңілім қоштасарда боп тұр алаң.
Жүзіндей ұстараның аударылып,
Құбылып тұр бастағы мына заман.
ғашықтық дастандар
Тербетіп жүректерін достық сезім,
Теңселді билей алмай жүрек өзін.
Құшақтап ақырғы рет Жора досын,
Толтырып тұрды жасқа екі көзін.
—Қош! Жора, аяулы дос, данышпаным,
Қайтпаған қалың жаудан арыстаным.
Таңбадай тасқа басқан өшпес мәңгі,
Біз үшін жендеттермен алысқаның.
Достарын аман-есен салып жолға,
Жора тұр көзін сүртіп оң мен солға.
Кеткен соң олар ұзап ордаға кеп,
Дәрі сап шарап ішті алып қолға.
Піруәнің қасына кеп Жора жатты,
Достарын тағы да ойлап басы қатты.
Аздан соң басы айналып мең-зең болып,
Мастықтың теңізіне әбден батты.
Жүректер кетті солай жолға түсіп,
Қос тұлпар бара жатыр құстай ұшып.
Қуырды жер апшысын жазып бауыр,
Кермеде тұрған бұрын іші пысып.
Қыраттар қалды артта құндақталып,
Шаң қалды тау бөктерлей шумақталып.
Қос тұлпар сүзе шұлғып тартқанында,
Шың-құздар ұзай берді кейін қалып.
Таң ата асуға олар келді жетіп,
Жүріпті Бадымара жол көрсетіп.
Көрген соң үшеуіңнің амандығын,
Қарсы алды қуанышпен құрмет етіп.
—Асудан тез ас,—деді ол екі досқа,
Тұрмаңдар енді аялап мұнда босқа.
Біреулер көріп қауіп күшті,
Дұшпаның жатыр қазір қара қоста.
байын—жүрек
Деп бұлар тұрған шақта ақылдасып,
Бір жасақ жетіп келді тақымдасып.
«Түн қатып, түсі қашқан кімсіңдер?» деп,
Арқан бойы таяды жақындасып.
Бадымара деді оларға:—Тоспа жолын,
Шаршаған жолаушы екен атпайды оғын.
Қайтеміз алдын бөгеп сорлылардың,
Қоя бер, кете берсін қақпа қолын.
Ол өзі бір қу еді елден шыққан,
Ішіне залымдықтың бәрін жұтқан.
Көнбеді айтқан сөзге, өйткені оны,
Піруә сақтық үшін мұнда тыққан.
Сондықтан жүрген екен бұқпантайлап,
Ішінен Бадымараға қастық сайлап.
Тілегін көктен күткен, жерден беріп,
Үшеуін келді алдына Тәңір айдап.
«Аттан!» деп айғай салды әлгі залым,
Шақырды жасақтардың айғай бәрін.
Тып-тыныш тұрған дала лезімде,
Соғыстың майданы боп шашты жалын.
Тар жолға сығылысып жалғыз аяқ,
Айқасты бірін-бірі тұрмады аяп.
Жан-жағын жайлап Серін өтті дағы,
Қасына Жүрек ердің келді таяп.
—Кет,—деді Жүрекке,—сен Баянды алып,
Жол аузын тосамын мен артта қалып.
Уақыт күттірмейді деді дағы,
Екеуін аттандырды жолға салып.
Бадымара Серінмен тізе қосып,
Қысаңнан өткізбеді жауды тосып.
Шабысқалы алдына келгендерді,
Жіберді ақ семсермен осып-осып.
ғашықтық дастандар
Соғыспен жаздың қысқа таңы да атты,
Ұрыста өлген әскер тау боп жатты.
Серін де жараланды осы тұста—
Қалың жау ортаға алып қоршап апты.
Бір жерде атойлап жүр Бадымара,
Оның да иығына түскен жара.
Екеуін екі жаққа бөліп алып,
Көп жасақ ортаға алды жеке-дара.
Күрескен ақиқатпен аңсап қырды,
Пендеге Тәңір торын жаңсақ құрды.
Махаббаты жолында қос ғашықтың,
Қос батыр қапияда жан тапсырды.
Шуласып қалың жасақ дүрілдесіп,
Алмақ боп екеуінің басын кесіп.
Айрылдық Жүрек пенен Баян қыздан,
Деп хабар бермек болды жөнге көшіп.
Жүректер қарауылдан аман өтіп,
Қасына бір белестің келді жетіп.
Қан кешіп артта қалған екі досы,
«Не болар?» деп ойлады арман етіп.
Шығып ап алдағы үлкен белес дөңге,
—Екі дос, қош бол,–деді өскенге.
Тағдырдың басқа төнген тауқыметі,
Достарды үлгертпеді кеңескенге.
Кідірмей белден асып жүріп кетті,
Ұзақтың қосынына бұрып бетті.
Қалдырып талай қырда, қыратты артқа,
Ашының тоғайына кіріп кетті.
Ну орман арасына келді жетіп,
Баян қыз талықсыды есі кетіп.
Жалғасты жол жүруге әлі келмей,
Сол жерді қалды бұлар тұрақ етіп.
байын—жүрек
Бұл ара бір тұйық сай түсер жолы,
Қоршаған қалың орман оң мен солы.
Көрінбей сай табаны ну орманнан,
Кілкіп тұр іркіт құсап қазан толы.
Қарсы алып ғашықтарды тау мен дала,
Әлдилеп жатты екеуін қойнына ала.
Үстіне жасыл таудан көрпе жапты,
Секілді құшақ жайған мейірімді ана.
Азық боп екеуіне таудың аңы,
Кенелді рақатқа аз күн жаны.
Ұшқан құс, жүгірген аң—бәрі осында,
Қоршаған қалың орман жатқан маңы.
Қан төксе аң мен құстың жыртқыштары,
Бұғып жүр жан сауғалап момындары.
Біреуін бірі аңдып жүр әшейін,
Құлқынның құлы емес пе, мұның бәрі.
Қызықтап тамашасын тау-тастың,
Көңілі көтерілді екі жастың.
Табиғат сұлулығы арта түсті,
Нұры кеп қосылғанда қаламқастың.
Ұмытып ашты өмірдің тапшылығын,
Сезді олар еркіндіктің жақсылығын.
Мас болып махаббаттың ләзәтына,
Қос жүрек қуаныштың ашы гүлін.
Ойда отыр батыр Жүрек ер тұлғалы,
Қолына ап алмас семсер, дулығаны.
Сескеніп еш бір жаудан көрген емес,
Ұл болып анасынан туылғалы.
Жүректі Баян көркі табындырған,
Тәңірдей бас идіріп бағындырған.
Көрмесе анар жүзін, бота көзін,
Бір тәулік бір жылдай боп сағындырған.
ғашықтық дастандар
Теңіздей толқындаған қара шашы,
Қиылып туған айдай қалам қасы.
Мөлдір көз, оймақ ауыз, орта бойлы,
Ауылдың көз сүзетін кәрі-жасы.
Мінезі жас баладай аңқылдаған,
Танадай екі көзі жалтылдаған.
Тал бойында тарыдай бір міні жоқ,
Хас сұлу бұдан, сірә, артылмаған.
Ай қабақ, алтын иек, қыр мұрынды,
Күлкісі сыңғырлаған бұлбұл үнді.
Ақ тамақ, жазық маңдай, меруерт тіс,
Көргендер көзі тайып мың сүрінді.
Ғашық қып көрген жанды осы мүсін,
Талайдың от лаулатып, күйдірді ішін.
Сұлулық бір басына тажал болып,
Барады сұм өмірден көрім қысып.
Маужырап қыз ұйқыдан оянғанда,
Ақ жүзі арайланды атқан таңдай.
Құлады Жүрек ердің құшағына,
Үстіне кеудесінің қойып маңдай.
Қос жүрек сырласқандай лүпіл қағып,
Маздады махаббаттың оты жанып.
Елітіп қос ғашыққа бар табиғат,
Жұлдыздар көзін қысты жымың қағып.
Келгендей үлкен тойға таудан құлап,
Күледі сықылықтап мөлдір бұлақ.
Болсын деп біздей жасыл махаббатың,
Құрақтар бата берді бетін сылап.
Қос ғашық табиғаттың құшағында,
Тербелді бір жұп гүлге ұқсады да.
Өмірге жаңа ғана келгендей боп,
Өшті ізі қайғы менен құсаның да.
байын—жүрек
Таң атты жер бетінің ашып сырын,
Орда тұр жан-жағына шашып нұрын.
Кермедегі көп аттың бірі де жоқ,
Кетіпті босанған соң тырым-тырым.
Ес жиды Піруә да осы кезде,
Ұқсайды шылғитері жаққан езбе.
Қылжиып сардарлары жатыр сұлап,
Қасында жоқ боп шықты ботакөз де.
Піруәні ашу кернеп, есі шықты,
Жүргенмен арыстандай болып мықты.
Ішінен жатқандардың қарап еді,
Серін де бұл арада жоқ боп шықты.
Сүйрелеп жатқандарды жұлқылады,
Төпештеп өзін-өзі бұлқынады.
Тығылып өкпе-жүрек алқымына,
Сырылдап үні шықпай қылқынады.
Піруа ашуланды айқай салып,
Сардарлар жүр бұл іске қайран қалып.
Осылай аңтарылып тұрған кезде,
Келді адам қарауылдан хабар алып.
—Жүрек, Серін, Баян қыз бірге барды,
Қолға ұстап қала алмадық қашқындарды.
Серін мен Бадымара өлді ұрыста,
Шарасыз әкеп тұрмын бұл хабарды.
Піруа шығарды әскер тауып кел деп,
Бастарын екеуінің шауып кел деп.
Тез жүріп, ат аямай қуып жетіп,
Алдыма басын кесіп алып кел деп.
Қуғыншы әскерлері кетті жүріп,
Аттанды аттарына қамшы ұрып.
Келгенде бұлар жақтан ну орманға,
Адасты есерсоқтар Құдай ұрып.
ғашықтық дастандар
Ас-суын ішіп тегіс отыр бұлар,
Бітірген еш нәрсе жоқ көңіл тынар.
«Піруәға жеткізуге тез хабарын,
Кетелік таңға жуық ай да туар».
Деп бұлар осылайша ақылдасып,
Таба алмай ғашықтарды көңілі жасып.
Басқа ақыл бұдан өзге таппаған соң,
«Таң ата кетелік» деп қалды жатып.
Бұлт жылап, долы боран өксік атты,
Нөсерлеп жаңбыр суын тамшылатты.
Сұркейлі тұман басып көк жиекті,
Болымсыз өлеусіреп таң да атты.
Отырды осы түні Баян күліп,
Саясын топ қарағай пана қылып.
Тұр бүгін махаббаттың құшағында,
Жазылып жарасы да өңі кіріп.
Сол кезде келе жатқан таң да сызып,
«Қуғыншы кеткен болар күдер үзіп».
Деп бұлар таңсәріде кетпек болып,
Отырды шыдай алмай ала қызып.
Ер Жүрек тұра сала атын ерттеп,
Бұл жерден таңсәріде болды кетпек.
Асынып қаруларын атқа мінді,
«Я Алла, біз ғаріпке бер медет!» деп.
Қос ғашық тәуекел деп жүріп кетті,
Үстіне «Байын—Жүрек» бұрын бетті.
Жотаға шыққан кезде қарсы алдынан,
Сау етіп қуғыншылар жетіп келді.
Қамады қалың қалмақ қоршап алып,
Жарқылдап қылыш-найза, ортаға алып.
Айғайлап батыр жүрек айтты сонда:
—Жүрмеңдер бос қырылып, қапы қалып.
байын—жүрек
—Жауыздар, құлақ салып бері қара,
Піруәнің ниеті арам, жүзі қара.
Ақыры, саныңды ұрып өкінесің,
Жаныңа жазылмастай салып жара.
Ұрысқа шықты жаудың батырлары,
Жер құшып келгендердің жатыр бәрі.
Төзе алмай Жүрек ердің қайратына,
Табанда қайтты жаудың батырлары.
Жүрек ер арыстандай атылады,
Жау тобын шалғын етіп жапырады.
Біріне шұрқылтайдан найза ұстап,
Біреуін қылышпенен қатырады.
Бір сардары қалмақтың о да мықты,
Жүректің қайратынан есі шықты.
Білген соң қарсыласып жеңе алмасын,
Сыртынан атпақшы боп шетке шықты.
Кезеніп адырнасын тұрды керіп,
Баян қыз тұра ұмтылды мұны көріп.
Үлгермей оныменен сайысуға,
Жүрек пен екі араға кірді келіп.
Қадалды улы жебе арқасынан,
Әлсіреп құлап кетті шалқасынан.
Теңселіп «Қош, Жүрекжан», деді дағы,
Қол үзді мәңгілікке қалқасынан.
Жүректің екі көзі қанға толып,
Қынадай қырды жауды қан-жоса ғып.
Сүйген жар дертіменен атылғанда,
Қоғадай жапырады жау жасағы.
Қолындағы ақ семсер
Жарқ-жұрқ етіп барады.
Ақырған дауыс—нажағай
Шарт-шұрт етіп барады.
ғашықтық дастандар
Астындағы торы төбел
Құстай ұшып барады.
Бұрқылдаған ақ көбік
Омырауын жабады.
Жауға қарсы Жүрек ер
Арыстандай шабады.
Үйіріп қылыш ойнатып,
Найзаны келген қағады.
Тозаң басып жер бетін,
Зілзала боп барады.
Бұлт торлап аспанды,
Күннің көзін жабады.
Осылай жүрген кезде арпалысып,
Оқыста жығылады аты оққа ұшып.
Сыртынан қапияда найза ұрылып,
Жүрек ер көзін жұмды жерді құшып.
Түнеріп тұнық аспан мөлдір көгі,
Аймалап ғашықтарды желдің лебі.
Жотада екі ғашық жатыр міне,
Таусылып бұл өмірден ақтық демі.
Тірліктен Баян—Жүрек көзін жұмды,
Өлтіріп жауыздардың көңілі тынды.
Жете алмай арманына момын жандар,
Арқалап кетті мәңгі қайғы-мұңды.
Күйзеліп күннің көзін бұлт басты,
Шаң-тозаң түнек болып аспан асты.
Күркіреп нажағай тұр қаһарланып,
Сабалап от қамшымен тау мен тасты.
Тұрғандай аза қылып ғашықтарға,
Шың, орман мүлгіп кетті иіп басты.
Дала тұр жендеттерге қарғыс айтып,
Өлтірген жаны ашымай екі жасты.
байын—жүрек
Осындай заман өткен қара түнек,
Қазақтан қыран ұшқан дара түлеп.
Аңыз боп кейінгіге қалған екен,
Ғашықтар өткен жота—«Байын—Жүрек».
Жер ана адамзаттың тұрағы екен,
Адамзат басқан таңба тұрады екен.
«Байын—Жүрек» туралы осы аңызды
Қысқаша осы арада тәмам етем.
Салиқа—Сәмен
Моңғұлдың ескілікті тұрмысында,
Ясукей батыр ханның тұрғысында.
Атақты Алтай тауын мекендеген,
Билеген өзін-өзі ол тұсында.
Бір табы жұрат дейтін ел атасы,
Жайлауы Ұлан тауда жая тасы.
Билеген нәсіл қуып, тұқым жалғап,
Халқына қадірлі еді ханның басы.
Бар еді Салиқа атты жалғыз қызы
Артылған өз тұсында тәрбиесі.
Бұралған тал шыбықтай сұлу еді,
Он бестен он алтыға келген жасы.
Алмадай пісіп болған бақшадағы,
Ашылған гүл бейнелес қыз тұлғасы.
Албырап, екі беттің қаны тамып,
Қиылып маңдайында қиғаш қасы.
Тамағы ақ торғындай үлбіреген,
Сүйріктей он саусақтың бар саласы.
Отындай електрдің жалтылдаған,
Құйылып, төңкеріліп көзқарасы.
Шынардай түзу дене, екі иықтан
Төгілген төмен құлап сүмбіл шашы.
Безенген өне бойы інжу-маржан,
Бриллиант, алтын, жақұт, гауһар тасы.
салиқа—сәмен
Сол елде Сәмен дейтін бір жігіт бар
Құрбылас әлгі қызбен жас шамасы.
Ажары жай оғындай жалындаған,
Туысты, қас-қабақты ер тұлғасы.
Сабырлы, терең ойлы маңғаз еді
Жетпеген қатарына өз теңдесі.
Сағымдай садақ жетпес жылдамдығы,
Қырмызы, қыз мінезді қымбат басы.
Денесі кемсандалдың терегіндей,
Кең біткен иығының екі арасы.
Шалқақ төс, бура санды, бұлшық етті—
Бар еді батырлықтың нысанасы.
Жау десе, жабырқанып жатпайтұғын
Таңдаулы батыр болған ел қолбасы.
Салиқа бұл жігітті сырттан таңдап,
Махаббат, ауған бұған ықыласы.
Сәмен де ғашықтықпен іштей тынған,
Ұнасып екеуінің көзқарасы.
Жаратып бірін-бірі жүргеннен соң,
Байланды махаббаттың екі арасы.
Сөйлесіп, әзілдесіп, сыр айтысып,
Туылды ғашықтықтың жан жарасы.
Қызды жігіт, жігітті қыз да сүйіп,
Болыпты алмақ-тимек өз арасы.
Қыс өтіп, ел көшеді Алтай таудан,
Ол заман үркін-қорқын сыртқы жаудан.
Батырлар атын баптап, қару жөндеп,
Келетін ақыл сұрай күнде ханнан.
Сәмен де сол батырдың біреуі еді,
Кетпейтін күндіз-түні хан қасынан.
Сөйлесіп анда-санда Салиқамен,
Махсұтқа қалай жету болды арман.
ғашықтық дастандар
Сезіліп екеуінің бұл жүрісі,
Сөз шықты әрбіреуден қуғындаған,
Хан сезіп, халық білсе мұндай сырды,
Ажалдан қыз бен жігіт қалмас аман.
Екеуін еркіменен қоспайтұғын,
Қатыгез хан қаһары өзіне аян.
«Шарасын қалай қылсақ, табамыз?» деп,
Ойласты Салиқа мен батыр Сәмен.
Не пайда бұл жүрістен шығады деп,
Ойлайтын екеуі де осыны әмән.
«Өлсек бір көр, шықсақ бір төбедеміз,
Қайтпаймыз,—десті екеуі,—уағыдадан».
Серттесті қайбір іске «шыдаймыз» деп,
Алса да «бөрі етектен, жау жағадан».
Қыз айтты: «Бүгін түнде бас сақталық,
Табылмас мұндай пұрсат жайлы заман.
Қашпасақ, хан бермейді бостандықты,
Қимайтын күншілдер көп мені саған.
Қапыда өстіп жүріп қолға түспей,
Табалық бір бекініс осы арадан».
Соны айтып, сөз бекітіп, уағдаласты,
Құрбан қып бір-бірі үшін қымбат жасты.
Құс ұшпаса, жан жүрмес жер табам деп,
Ер Сәмен аралады тау мен тасты.
Ел көшіп, етек тауға үдергенде,
Салиқа жапа-жалғыз тауға қашты.
Жалтыр тау, шатқалды өзен, заңғар биік,
Тұрғандай бұлттан озып көкке тиіп.
Темірдей қара жартас сұрғылт түсті,
Қабағын қаһарлана алған түйіп.
Мұңлы тау аспанменен бой теңескен,
Тұрғандай бейне мүлгіп басын иіп.
Ақырған айдаһардай тасқынды өзен,
Сарқырай төмен аққан шатқа құйып.
салиқа—сәмен
Белгілі Жая деген бір қиын тас,
Сескенбей иендегі жан бара алмас.
Бел байлап, сол қиынға бекінбек боп,
Бет қойды қорықпастан Салиқа жас.
Ез жетіп тынығады демін алып,
Жат жерге тамашалап қайран қалып.
Ой түсіп, біраздан соң қорықты жаны,
Денесі кейде суып, кейде жанып.
Кеш мезгіл шам жамырап, ақшам батты,
Қайғысы бұрынғыдан болды қатты.
Аузынан аһ ұрғанда жалын түтеп,
Шыдамай қорыққан жүрек ширық атты.
Келген жоқ әлі Сәмен уағдасына,
Жалғыздық енді түсті бір басына.
Жатса ұйқы, тұрса күлкі таба алмады,
Бояды нұрлы жүзін көз жасына.
Қалайша мұндай іске болсын шыдау,
Ұзын күн өткізгені зарлау, жылау.
Зарығын өксіп жылап тоқтата алмай,
Сондағы Салиқаның сөзі мынау:
Жәрдем бер, жан беруші Жасағаным,
Жар үшін жас жанымды жазаладым.
Айрылып ел-жұртымнан жалғыз түнде,
Жапанға шыбын жанды тасаладым.
Шалындым махаббаттың жалынына,
Сөндіріп ғашық отын баса алмадым.
«Жолына жаным құрбан болсын» деген,
Жетпесем арманыма бітсін халім.
Жәрдемші жас өмірге болсын Құдай,
Жеткізсін тілегіне жас арманын!
Ер Сәмен, таңдап таптым сені сүйіп,
Іліндім жалыныңа шоқ боп күйіп.
ғашықтық дастандар
Ішінде жанған оттың мен отырмын,
Сөндірсең махаббаттың суын құйып.
Құдайым, Сәмен ерге қосар болсаң,
Бәрін де ұмытар ем құшып-сүйіп!
Соны айтып үңгіріне қайта кірді,
Зарланып мұң мен зарын айта кірді.
Сол кезде түннің жарым болған шағы,
Кім білер келешекте болар сырды?..
Дүрсілдеп, тоқтамайды жүрегі ойнап,
Және де жаны сүйген жарын ойлап.
Тыңдаса, жерді жарған ат сарыны
Келеді көк жартасқа тура бойлап.
Бұл келген бөтен емес, Сәмен ғашық,
Көрісті екі ғашық амандасып.
Қайғының бір минутта бәрін жойды,
Аз уақыт жабықса жүдеп, сасып.
Ың-шыңсыз түн құшағын тұрды жайып,
Аспанда ай өрледі әсем басып.
Құттықтап күле қарап ғашықтарға,
Жұлдыздар жымыңдаған тұр жарасып.
Желкілдеп жан түбінде жатқан ойға
Майда жел сыбырлайды мұңын қосып.
Таңдаған тағылықты тау баласын
Табиғат қарсы алып тұр құшақ ашып.
Салиқа айтты сонда Сәмен ерге:
—Бір істен ойсырадым көңілім жасып,
Бізді іздеп ертең мұнда ел келеді,
Кеткен соң екі бірдей адам қашып.
Кеш батса, түні бойы қасымда бол,
Қормалы от жүректің мауқын басып.
Таң атса, елге барып көрініп жүр,
Сырласар құрбылармен хабарласып.
салиқа—сәмен
Басқа адам түгел болса, жалғыз мені
Сұқтанып, көп іздемес қаһар шашып.
Өткен соң күн ескіріп, біраз заман,
Бір сапар ойланармыз болса нәсіп.
Ат-азық, қару-жарақ қамданып жүр,
Тығынып бекініске бірден тасып.
Қапыда қауіп-қатер істер болса,
Жүрмейік бейғам болып жаза басып.
Күн өтсе хан қаһары қайтар ма екен,
Ғапуын жариялап жұртқа шашып.
Байқайық осылайша біраз заман,
Келешек артар екен қандай нәсіп?
Екеуі осы сөзді қатар айтып,
Сүйісті екі ғашық құшақтасып.
Жас гүлдің жан татпаған жаңа балын,
Мастанды бөліп ішіп екі ғашық.
Өткенін түннің қалай сезген де жоқ,
Оятты таң шапағаты таудан асып.
Таң атты, батыр Сәмен елге кетті,
Кісідей түк білмеген барып жетті.
Сыр бермей сол жүріспен аял етіп,
Арада бірнеше күн уақыт өтті.
Айта алмай жанға батып қыздың жоғын,
Ел болып ат өксітіп, көп іздепті.
Таба алмай күдер үзіп ақырында,
Бұл хабар еміс-еміс ханға жетті.
«Хан қызы қашып кетті» деген сөзге,
Хан тұрып қаһарланып, намыс етті.
Қайтсе де қызды іздеп тез табуға,
Ел-жұртты түгел жиып жарлық етті.
Қызымды азғырғанды дарға асып,
Кесем деп қыздың басын кәрін төкті.
ғашықтық дастандар
Алтайдың алшындаған алтын жоны—
Айнадай суы мөлдір, шөбі соны.
Қақ жарып ұзын аққан екі өзен бар,
Айтатын «Егуга» деп моңғұл оны.
Қапталы сәукеле тас құлын жайлау,
Ясукей батыр таңдап алған соны.
Жайлауға хан ордасы көшкен кезде,
Жая тас қыз бекінген көштің жолы.
Шөп гүлдеп, ағаш бүрлер уақыт толды,
Жайлауға хан ордасы көшпек болды.
Бетінде көк жартастың бір үңгірде,
Қыз қарап, көріп отыр келер жолды.
Естілді жерді жарған қалың сарын,
Жаңғыртып тау менен тас, жердің бәрін.
Жасыл ту сағымданып жерді бояп,
Шаңырқап, будақтаған шықты жалын.
Көк темір сауыт киген сансыз шерік,
Қоршаған жанасалап көштің жанын.
Бір бөлек көш алдында қалың әскер,
Ясукей ортаға алған батыр ханын.
Татардан қолға түскен Темір ерге,
Билеткен әскерінің түгел бәрін.
Ат, киім, адам жасы бірдей келген,
Асынып бір ұрымда саймандарын.
Астында Ясукейдің қасқа арғымақ—
Қара да, торы да емес, қоңырсымақ.
Белінде жібек баулы алмас қанжар,
Басында дулығалы темір тымақ.
Сап алтын жарқылдаған сар айнасы,
Күмбездей дөңгеленген жұмыр басы.
Жалпақ бет, келте мұрын, қызыл жүзді,
Сараңдау қызыл жирен сақал-шашы.
салиқа—сәмен
Алдында Темір ерге жол бастатқан,
Сайлауы өңшең батыр айналасы.
Барады бірге кетіп батыр Сәмен,
Қайғы ойлап бұзылғандай ой санасы.
Мінгені астындағы сайын бурыл—
Дөненнен беске жаңа шыққан жасы.
Көкорай, салқын самал, жайлы қоныс,
Қоныпты кешке таман хан ордасы.
Қондырды хан ордасын батыр Сәмен,
Байқастап күн батқанша аялдаған.
Ел жатып, көз ұйқыға батқан кезде,
Жөнелді атқа мініп қызға таман.
Сәменнің қызға қарай кеткенін де,
Біреудің аңдып жүріп көзі шалған.
Бұлардың енді артынан қуғын шықты,
Жастарға болар екен қандай жалған?!
Жарына қайта келіп құрды сауық,
Қосылған екі ғашық теңін тауып.
Секілді толған ай мен жарық Шолпан,
Тұрғандай нұр ауысып ауық-ауық.
Әзірше арманына жетті бұлар,
Шаттықта ешнәрсені қылмай қауіп.
Сандалып жұрат елі іздесіп жүр,
Ат қырып, қара тер боп күнде шауып.
Жаралған сайын бурыл малдан бөлек,
Алғандай жерден пішіп дөп-дөңгелек.
Бір күні ішін тартып, жалын тарап,
Жер тарпып пысқырады қағып иек.
Салиқа атты көріп қайран қалды,
Ырымдап бір жаман іс ойына алды.
«Өткен түн бір жағымсыз түс көріп ем»,
Көңілінде «қате емес» деп енді нанды.
ғашықтық дастандар
—Ер Сәмен, сен білмессің аттың сырын,
Ойлама білмейді деп хайуан малды.
Соны айтып, ауыз жиып алғанынша,
Таянып қалың дүбір келіп қалды.
Білген соң келіп қалған қалың жауды,
Ер Сәмен атын ерттеп, қаруланды.
«Заманым әлдеқандай болады?» деп,
Салиқа іштен күйіп, от боп жанды.
Құшақтап сүйген жарын қатты қысып,
Әлсіреп нәзік дене қалтырады.
«Жас өмір күл боп көкке ұшасың ба,
Толған гүл соласың ба?» деп зарланды.
«Қош енді, бұл соғыста өліп кетсең,
Махшарда қос, Тәңірім» деп жалбарды.
Сол жерде майдан тартып, батыр Сәмен,
Аянбай бір күн, бір түн соғыс салды.
Найза ұрып, садақ тартып, қылыш шауып,
Бөгеді қан майданда қалың жауды.
Тұс-тұстан өлгеніне қарамастан,
Жау дағы дем алғызбай атқылады.
Боялып қызыл қанға қардай еті,
Қансырап, халі бітіп, естен танды.
Жаралы—неше жерден қылыш тиіп,
Жастанды батыр Сәмен қызыл қанды.
Сол жерде Салиқаны ұстап алып,
Алдына патшасының алып барды:
Өлтіріп Сәмен қуды, кеттік тастап,
Басына қызыл қаннан жастық жастап.
Адасқан балаңызды алып келдік,
Өзінің ордасына тура бастап.
Ей, тақсыр, жарлық сізден, істеу бізден,
Тілейміз жаза қылма бұған қастап.
салиқа—сәмен
Болса да қанша жаман—хан нәсілі,
Болмайды айыптауға қолмен жасқап!
Хан тұрып, сөз сөйлейді қызға таман:
—Япырау, қызым, неден болдың надан?
Өмірі жалқы жүріп, ер көрмей өт,
Жаза жоқ нысапсызға бұдан жаман!
Соны айтып, Салиқаның соты тынды,
Сорлының бағы қайтып, сағы сынды.
Шариғат не низаммен тексерілмей,
Жазықсыз жас манаптар болды мінді.
Надан хан нақақ жаза бергеніне,
Салиқа қапаланды—көңілі мұңды.
Сәменді алғаш ұстап шапқан жерде,
«Өлді» деп білмей кеткен өңшең жынды.
Аздан соң сайын бурыл келді шауып,
Иесін талып жатқан алды тауып.
Кісінеп, тұмсығымен аз иіскелеп,
Жер тарпып, арқырайды ауық-ауық.
Қамаған қалың қолға ұстатпады,
Моншақтап үсті-басын тері жауып.
Көтерді басын сонда батыр Сәмен,
Жатқалы жаралы боп біраз заман.
Еңбектеп үңгіріне қайта кірді,
Қалғанын жанның біліп есен-аман.
Сәменге қайғылы күн қатты батты,
Сол тауда қапалықпен үш ай жатты.
Барар жер, басар таудың бәрі дұшпан—
Болар ма қиыншылық бұдан қатты?!
Кей шақта өз көңілін жұбатады,
Жарынан үміт күтіп махаббатты.
«Не пайда бос жатқаннан шығады?» деп,
Ойланып, тыныс таппай, шиыршық атты.
ғашықтық дастандар
«Бабама Көкше әулие барайын» деп,
Бір күні ұстап мінді бурыл атты.
Ол кезде Көкше дейтін әулие бар,
Мамаржа, жатқан жері бір үлкен ғар.
Мекендеп тұрған жері Тианшан тауы—
Моңғұлдар әр кез барып қылатын зар.
Ай жүріп Мамаржаға барып жетті,
Жол екен жан жүрмейтін бір бейнетті.
Ғар екен көк жартастың бетіндегі,
Жүгініп, соған құлап зарлық етті.
Күн жауып, бұлттар шығып, борандатты,
Нажағай шатырлайды онан қатты.
Артынан қоңыр майда желдер соғып,
Көрсетті ғардан шығып шарапатты.
Киім жоқ—шыға келді тыр жалаңаш,
Ағарған жауған қардай сақал мен шаш.
Жіңішке, ұзын бойлы, арық тәнді
Жан екен аққұбаша, үрпиген қас.
«Дертіме, тақсыр баба, дауа бер!» деп,
Ер Сәмен зар еңіреп, қояды бас.
Сәменді көзін ашып көрді байқап,
Сөйледі бір сілкініп, басын шайқап.
—Ол қызды Құдай саған бұйырған жоқ,
Бекерге қор болыпсың бейнет айдап.
Астыңда сайын бурыл бар ма сенің,
Міндің бе, ренжітпей жақсы жайлап?
Моңғұлдан Шыңғыс деген ұл туады,
Жаратқан ол бурылды соған сайлап.
Бурылды сол Шыңғысқа бағыштаймын,
Сен жаяу Ұланға бар тамаша айлап!
Соны айтып бурыл атқа мойын бұрды,
Білмейді Сәмен сорлы мұндай сырды.
салиқа—сәмен
Әулие қолын бұлғап қалып еді,
Кісінеп, бурыл шауып ғарға кірді.
Тағы да дауыл тұрып борандатты,
Нажағай шатырлады онан қатты.
Күркіреп, ғардың іші ақ боран боп,
Есігін Көкше әулие қайта жапты.
Көнбеске шарасы жоқ, сорлы Сәмен,
Көңілі бұрынғыдан болды жаман.
«Бабамның Ұланға бар деген сөзі,
Тиісті болар ма екен, маған таман?
Жаяулық, жалаңаштық арман емес,
Көрерлік Салиқаны болса заман.
«Жолыңа жаным құрбан болсын» деген
Дауысың құлағымнан кетпейді әмән.
Отында ғашықтықтың күйіп-жанып,
Дариға, бір сен үшін көңілім алаң.
Зарлатқан мені мұнда, сені онда,
Мейірімсіз, қара пейіл сұмырай жалған.
Өлсе көрін, өлмесе өзін көрмей,
Тарқар ма, өліп кетсем іштегі арман?!
Соны айтып, Ұлан жаққа Сәмен кетті,
Ажалға өлім іздеп, қатты шөлдеп.
«Лайық жас шағыма хан басыма—
Бір айтқан уағда-серттің үстінде өлмек».
Жақұттай ажарланды көзі жайнап,
Байланып алмас қанжар өткір қайрап.
Жас кеткен жаны құшып, жарын ойлап,
Қоштасты кең дүниеге құстай сайрап:
—Сүйіп ем, Сәмен, сені ер деп танып,
Арманым—аз жүрмедім еңбек жанып.
Бұл жайға тірі болсаң, бір келерсің,
Жарыңды ұмытпасаң, есіңе алып.
ғашықтық дастандар
Әкемнің жар дегенде жалғызы едім,
Көрмеген тәрбиеден көңілім қалып.
«Жолыңа жаным құрбан болсын» деген,
Бұзбадым уағдамды қайта танып.
Жас жаным жасыл құс боп ұшсын көкке,
Құтылып қам-қайғыдан рахаттанып.
Қосатын мені саған мына қанжар,
Жүректен өткір қайрап, қалсам салып!..
Соны айтып көкке қарап, қылды налыс:
—Ай мен күн, дәт айтуға тұрсың алыс.
Сертіме, уағдама жетпегенім
Болмай ма өлімнен де қиын намыс?
Куә бол, Тәңір алдында сен екеуің,
Ғаламсың көпке бірдей тура қалыс!..
Соны айтып, салды қанжар жүрегіне,
Жан шығып тез жетуге тілегіне.
Қанжарды қатарына шаншып қойды,
Сәменге арнап белгі ретінде.
«Сен де кел, мұны көріп» деген сөзі,
Қажымас ғашық дертін білетінге.
Бір шақта әлгі жайға келді Сәмен,
Арада қыз өлгелі неше заман.
Өлген жерін, көмілген көрін көріп,
Қуанды көргендей боп есен-аман.
Қанжарды қасындағы көрді қарап,
Қыз кетті уағдасымен сертке жарап.
«Жарым-ай, Құдай қосқан, жаңа таптым,
Болмай ма сенен қалған халім қарап?»
Қанжарды қатарынан қолына алып,
Тат басқан қанды көрді тамашалап.
«Рақымды болат қанжар—досымыз» деп,
Көрісті, мауқын басты дүзін жалап.
салиқа—сәмен
Егіліп, іші-бауыры елжіреді,
Ғашықтық ыстық оты шықты парлап.
Қамығып бір отырып, бірде тұрды,
Аруаққа қабірдегі көзін қадап.
Сөйлейді мисал қылып дүниеге,
Басынан кешкен ауыр мұң мен дертті.
—Қош айтам тау менен тас, дария, көлге,
Жат бауыр өсіп-өнген туған елге.
Сайраңдап көк аспанда тұрған жұлдыз,
Сәуле бер біздің жатқан сары белге.
Салиқа—жаным сүйген жарымменен,
Арман жоқ өліп, көрде жатсам бірге.
Ай мен күн, сен аман бол, екі жарық,
Нұрыңа жан-жануар болған қарық.
Күн мен түн екеуіңді қоспаған соң,
Баяғы сен де біздей Мұңлық—Зарлық.
Жұлдыздай Ай атылып жерге түссе,
Біріңнен не болар ең, бірің қалып?
Жас жаным Салиқамен болсын бірге,
Маржандай қызыл қаным жерге тамып.
Қара жер—Мейірімді анам, аш қойныңды,
Саяңа келіп тұрмын—Сәмен ғаріп!
Соны айтып, болат қанжар қолына алды,
Толғанбай қақ жүректен тура салды.
Серт үшін қардай етін қанмен жуып,
Еріксіз қолмен жойды ғазиз жанды.
Тәмсіл ғып жаза салған бұл бір ермек,
Жаратса, тыңдаушыға айтып көрмек.
Хан бермеді ғапу ғып бостандықты,
Қызға сыйды сертінің үстінде өлмек.
Хан қаһарлы, хан қызы шын зерделі,
Сынайсың қайсысының ісін жөн деп?!
ғашықтық дастандар
Бұлардың қылған ісі алалдық па,
Білмеген жан қадірін надандық па?
Еңіреген екі жасты қоспағаны
Сол ханның—әділдік пе, қаталдық па?
Зорлықпен көңілсізді көндіктіру,
Сауап па, жақсылық па, жамандық па?
Байы өлген жесір қатын, бойжеткен қыз,
Жетті ме, жеткен жоқ па адамдыққа?
Өлшесең, осы күнге жолға салып,
Бәрі де өзгерген жоқ, ескі қалып.
Көп тілін шариғаттың ел алмайды,
Өзіне тиістісін таңдап алып.
Бәрі де надандықтан болған жұмыс—
Жеңе алмай қараңғыны нұрлы жарық.
Досан
Қолыма қалам алдым хат жазғалы,
Бірталай заман болды халық азғалы.
Ерінбей тыңдайтұғын ерлер болса,
Азырақ ер Досаннан сөз қозғалы.
Алдында нелер қилым жандар өткен,
Өтпесе бұрынғылар қайда кеткен?
Екі ел егер болып жүрген кезде,
Жесірін ер Досанның бермей кеткен.
Құдайым неше түрлі жан қылыпты,
Үстінде алтын тақтың хан қылыпты.
Жігітке жесір кеткен намыс қой деп,
Ер Досан іздемекке қам қылыпты.
Ер Досан жүріп кетті қосын алып,
Шыны-аяқ, шай ішкендей мосыны алып.
Еш адам жолдастыққа шықпаған соң,
Інісін жеті жаста қосшыға алып.
Жас Досан жастай жүрді сапар енді,
Жас іні дүзде жүріп қатар енді.
Майысқан балдырғандай жас бөбектер
Көздерін әлдекімге сатар енді.
Бейшара жол білмейтін жас шыбықтар,
Ырызық енді қайдан татар енді.
Жер алыс баратұғын, білмей жастар,
Үш айлық жол бейнетін тартар енді.
ғашықтық дастандар
Айтайын, айт дегенде домбыраны,
Тиегін бір шеберге жондыралы.
Алты атпен қайын іздеп шығып еді,
Бес аты Қанды сайда болдырады.
Жапалық, түз көрмеген балаларды
Еріксіз айдалаға қондырады.
Жапан түз, ай тумаған қараңғылық,
Суық жел бұл екеуін тоңдырады.
Тұрады таң сәріде Досан батыр,
Інісі жеті жасар ұйықтап жатыр.
Дыбысы Досан ердің шыққаннан соң,
Қашады жайылған аң сатыр-сатыр.
Жүр екен мына тауда арқар—құлжа,
Құлжаны атып алсақ, тегін олжа.
Алыстан ат арытқан біз жолаушы,
Інішім, қырға шығып, жерді болжа.
Жас бала ақылы жоқ не біледі,
Шыққанға ол жотаға ерінбеді.
Жүгіріп «шық» дегенге, шыға келсе,
Көп ауыл көл жағалай көрінеді.
Жас бала ақылы жоқ зырлап шықты,
Жалаң бас, жалаң аяқ жылап шықты.
Тілеуін екі жастың берген Құдай,
Тоты құс, Қырғауылмен жолға шықты.
«Ел бар» деп көл жағалай айтып келді,
Інісі зыр жүгіріп қайтып келді.
Тілеуін екі жастың беріп Алла,
Екі қыз көл жағалай сейіл құрды.
Болғанда қаңтар айы қатады мұз,
Аяғы үлкен судың—«әулие тұз».
Жүгіріп ол жотаға шыға келсе,
Көрінді көл жағалап бір-екі қыз.
досан
Жайлауды біздің елдің Талды дейді,
Қызығы бұл жалғанның малды дейді.
Екі қыз көл жағалап көрінген соң,
Мінгесіп Қаракермен салды дейді.
—Келеміз біз жағалап көліңізді,
Келеміз жаңа танып еліңізді.
Алыстан ат арытқан жолаушы едік,
Айта көр, қос перизат, жөніңізді.
—Келесіз, сіз жағалап көлімізді,
Келесіз жаңа танып елімізді.
Алыстан ат арытқан сіз жолаушы,
Айта көр әуел бастан жөніңізді.
Досанның жауабы:
Шығып ек біз ауылдан кешегі айда,
Болдырып бес ат қалды Қанды сайда.
Алыстан ат арытқан жолаушы едік,
Тотықұс, Қырғауылдың ауылы қайда?
Қыздың сөзі:
Жайлауы біздің елдің Теңіз еді,
Малымыз теңіз жайлап семіз еді.
Сұрайсың қыздардан кеп қыздың атын,
Қырғауыл Тотықұс пен неңіз еді?
Досанның сөзі:
Бір ағаш орман деген күйелі еді,
Жас ағаш қу ағашқа сүйенеді.
Сұраймын қыздан келіп қыздың атын,
Тотықұс Қырғауыл мен—жиен еді.
Қыздың сөзі:
Ай батса, жер қараңғы түн болады,
Жатқан жер көкше қоян жүн болады.
Тотықұс, Қырғауылмен жиен болса,
Аттары апа жездең кім болады?
ғашықтық дастандар
Досанның сөзі:
Жүреді екі бала көшті жанай,
Қалады ат жығылса, мұрны қанай.
Аты екен апамыздың Қара шебер,
Аты екен жездеміздің Сары Жанай.
Қыздың сөзі:
Базардан алып келген қыныңызды,
Көремін тым-ақ тәуір сыныңызды.
Үстінде Қаракердің бұлғақтамай,
Айта көр, ел аулақта шыныңызды.
Досанның сөзі:
Айтамын, айт дегенде ойдағымды,
Қыламын кімге мешкеш бойдағымды.
Сіздің ел біздің елмен жауласқанда,
Бозбаша бермей кеткен тайлағымды.
Қыз сөзі:
Жарасар Қарагерге темір сулық,
Шығады екеуіңнен әрбір қулық.
Үстінде қарагердің бұлғақтайсың,
Немене «тайлақ» деген апырым сұмдық.
Досан сөзі:
Баласы ағарсынның үйсін деймін,
Аңқытқан қалампырдай исің деймін.
Тәлім қыз, тайлақ десем тайсанасың,
Есті қыз ақылы болса, түйсін деймін.
Қыз сөзі:
Таққаным тақияға қызылдан бау,
Әкеме бермейсің деп қыласың дау.
Алыстан ат арытып неге келдің?
Ер өлген екі ортамыз қып-қызыл жау.
Досан сөзі:
Перизат бұл дегенің жанды кейіт,
Ер өлсе түзде жүріп, жолда бейіт.
досан
Қосқаны Құдайымның рас болса,
Жолыңда іздеп жүріп, болсам шейіт.
Қыз сөзі:
Мен кімнен екеуіңді кем көрейін,
Атыңа арықтаса жем берейін.
Қосқаны Құдайымның рас болса,
Жерінде сенің өлген мен өлейін.
Досан сөзі:
Ауылым көше-көше белге барған,
Ат жетпес, атан жетпес жерге барған.
Сіздің ел біздің елден кеткеннен соң,
Әкеңіз бізден кетіп не елге барған?
Қыз сөзі:
Әкеміз сізден кетіп малға берген,
Қаңғырған, қатыны өлген шалға берген.
Қасына бармақ түгіл, жуығам жоқ,
Сіз келіп Құдай көздің жасын көрген.
Досан сөзі:
Әкеңіз мықтапты ғой малға берсе,
Қаңғырған, қатыны өлген шалға берсе.
Жеріңнің шөбі шүйгін, суы тұнық,
Семірсін үш ай оттап қара керше.
Қалмақтың торысына түскен қыздар,
Қуанды Досан сынды бала келсе.
Қуанды шаттықпенен екі бекзат,
Інісін Досан батыр ала келсе.
Қыз сөзі:
Кеп пе едің екі бала бек алыстан,
Деп пе едің жібермеймін бір намыстан.
Қосқаны Құдайымның рас болса,
Мекен ал анау тұрған жал қамыстан.
Досан сөзі:
Тотыжан, сен болмасаң, келемін бе,
Бір-бірлеп түздің дәмін теремін бе?
ғашықтық дастандар
Ішінде жал қамыстың біз жатармыз,
Аш жатып айдалада өлеміз бе?
Жар үшін Құдай қосқан сапар шегіп,
Бұйырған ырызықты тереміз бе?
Жарылқап Жаппар Құдай бәрімізді,
Дос болмаса, дұшпанға сенеміз бе?
Қыз сөзі:
Жайлауы біздің елдің белі дейді,
Бір құлын екі енеге телі дейді.
Қолына бие көнек іліп алып,
Тотықұс қой жетелеп келер дейді.
Құдай қосқан бұрадар ғашықтары
Біріне бірі қатты сенер дейді.
Түбінде жал қамыстың тас болады,
Бір жаман бір жақсыға қас болады.
Қасыма сен де жақын келмей-ақ қой,
Қан жиын жеті түнде ас болады.
Досанның елінде қалған Бошан деген досының сөзі:
Жүр екен қайда қаңғып жаным, Досан,
Іздейін сені түзден байланбасам?
Сенімен бірге сапар шекпес пе едім,
Жолаушы сұм дүниеге айланбасам.
Егерде саған тиген дұспан болса,
Есеп пе басын кесіп байланбасам?
Қайтейін, қайран досым, қайда екен,
Сен үшін байланайын белді бекем.
Інің әрең жетіде, өзің онда,
Қарағым, қайсы араны қылды мекен?
Ұстар ем тірі болсаң, Досан, қолдан,
Құдай-ау, өзің сақта осы жолдан.
Құдайым—жаратушы жалғыз ием,
Қаға көр жан Досанды қалың сордан.
досан
Атына зар-зар жылап мініп кетті,
Басы ауған бір далаға жүріп кетті.
Ең болмаса бір көрген жері де емес,
Жаратқан бір Құдайға сеніп кетті.
Бошан ер Досанды ойлап қабысады,
Жараумен ат бауыры жабысады.
Үш ай, үш күн жол жүріп, батыр сабаз
Досанмен жал қамыста табысады.
—Құдау-ау, шын көрдім бе, өтірік пе?
Көрісіп, Досан сүйіп жабысады.
Қуанып шаттанады үшеу болып,
Қыздардың қалған білем күні толып.
Ес қатқан Бошан сабаз төңірекке,
Көз салды маңайына әбден шолып.
Сағынған мауқын, міне, басты бұлар,
Қасына бірнеше күн жатты қонып.
Ер Досан әуеніне сала берді,
Зеріккен неше күндей іші толып.
Қыздардың айтқан сөзі асқан епті,
Серттескен уәделі күні бітті.
Жеті күн уәдесі біткеннен соң,
Талқан боп қыздың елі асқа кетті.
Қыз сөзі:
Қораға мың жылқыны айдап келдім,
Желіге алпыс құлын байлап келдім.
Ер Досан қашар болсаң, басың кетер,
Өлімге мен басымды байлап келдім.
Тезірек, үш сабазым, әрекет қыл,
Осылай жұмысыңды жайлап келдім.
Досан сөзі:
Қораға мың жылқыны айдап келдің,
Желіге алпыс бие байлап келдің.
Апайыңды алып қашып мен кетемін,
Қарағым, Қырғауыл, не ойлап келдің?
ғашықтық дастандар
Қырғауылдың сөзі:
Сөзімнен кешегі айтқан тана алмаймын,
Сөзімді бұрынғы айтқан адалдаймын.
Тотықұс, Қырғауылмен атанып ек,
Айрылып апайымнан қала алмаймын.
Бұл қалмақ бәрімізді алам дейді,
Мен дағы бұл қорлыққа қала алмаймын.
Ер Досан мың жылқыны аралады,
Ішінен алпыс атты саралады.
Қасына бес жылқышы келсе жетіп,
«Айтпа» деп бұйым беріп, паралады.
Ер Досан жүріп кетті қосып алып,
Қасына іздеп келген досын алып.
Жүгіріп қара өткелге келсе жетіп,
Тұр екен бес жүз қалмақ тосып алып.
Тотықұстың сөзі:
Шақырған ертең ерте шұбар тауық,
Күлген мен ойнағанның бәрі сауық.
Аттары шаршап бұлар жаңа келді,
Кетейік бір жағымен желе шауып.
Жеткен жоқ жиырмаға сенің жасың,
Көрінген қиғаш қара менің қасым.
Болмайсың барма десем, қайран көкжал,
Көрінген жайылыңқы менің шашым.
Ақ еді жауған қардан сенің етің,
Болайын сен кеткен соң кімге жетім?
Болмайсың барма десем, қайран көкжал,
Көрінген жыртылыңқы менің бетім.
Осындай бір ғажайып түс көріп ем,
Япыр-ай, қайтер екен құдіретім?
Досан сөзі:
Ер Досан іздеп келген батыр дерсің,
Қашпай-ақ батыр Досан жатыр дерсің.
досан
«Кемітер ерді қатын» деген сөз бар,
Қорыққан бес жүз жаудан қатын дерсің.
Ер Досан бес жүзімен соғыс салған,
Кеудеден қаза жетпей шыға ма жан?
Бес жүзін бір сағатта қырып салып,
Ішінен Қарамерген таба алмаған.
Ішінен тірі қалмақ ұстап алып,
«Қайда,—деп,—Қарамерген» сұрау салған.
Қалмақтың жауабы:
Қартайып Қарамерген үйде қалған,
Жолына бес жүз жігіт қолын қойған.
Бес жүзі бір кісіге жарай алмай,
Бәрі де өз жанынан азаптанған.
Бұны да Досан батыр өлтіреді,
Өзінің айтқанына келтіреді.
Ежелден сызып қойған жазуына,
Аяңдап құдіреттің келтіреді.
Әуелгі басқы соғыс солай болды,
Мұнан соң кімдер кімді өлтіреді?
Бес жүз ат алпыс атқа қосып алған,
Көңілі ер Досанның тасып алған.
Жолаушы жолға тартып жүргеннен соң,
Сауытын бөктереді шешіп алған.
Ер Досан елге қарай тура тартты,
Бес жүздің басын демде кесіп алған.
Ер Досан ағаттықта сауыт шешті,
Опасыз, қайтер екен, мына жалған?!
Бес-он күн жылқы қуып жүрсе дағы,
Алдында нақ үш айлық жолы қалған.
Қартайып Қарамерген үйде қалмай,
Алдынан күні бұрын тосып алған.
Айтайын, айт дегенде Қарамерген,
Үш жүз мерген сол Мергенге жолдас ерген.
Жолында тосқауылдап жатыр екен,
Төртеуі маңыратып оқ жіберген.
ғашықтық дастандар
Досанға қабатымен төрт оқ тиді,
Досанның шыдай алмай іші күйді.
Барды да төртеуінің басын алды,
Досанға мұндай істі Құдай салды.
Досанның Бошанмен қоштасуы:
Қош, Бошан, досым едің Құдай дескен,
Мен үшін жапан түзде белін шешкен.
Жарымды мен өлсем де алып келдің,
Осы арман өзіңізбен бір кеңескен.
Қыршыным, Тотықұс пен Қырғауылдар,
Жан досым Бошанменен бір барыңдар.
Жаулардың қарсы келген бәрі де өлді,
Жылқыдан тайлы-таяқ тастамаңдар.
Еліме бұрынырақ мен кетейін,
Мені ойлап қамығумен зарламаңдар.
Бір Алла нәсіп етсе, көрісерміз,
Қайғымен қанжығаны қандамаңдар.
Бошан айтты:—Еліме қош-аман бар,
Болмайды көп тұруға—уақыт тар.
Бетіңнен жалғыз сүйіп қалайыншы,
Көре алмай дидарыңды болам ба зар.
Артыңнан біз барғанша аман боп тұр,
Тапсырам бір Аллаға Қадыр Жапар!
Жылап айтты Тотықұс:—Қош барыңыз,
Інің мен арттан барсын достарыңыз.
Көзім—төрт арт жағыңнан мен барайын,
Ажалдан біз барғанша бос қалыңыз.
Қырғауыл деді:—Аман бар, жаным жездем,
Зар жылап қан аралас екі көзден.
Құдайдан соң әл көрген сабазым-ай,
Бір ажал кеп қалды ма тура тезден?
Інісі айтты:—Аман бар, көркем аға,
Апам мен әкеме де ерке аға.
Жеті жаста сапарға мені апарып,
досан
Сапарға жол көрсеткен серкем, аға.
Артыңнан біз барғанша саламат тұр,
Көре алмай артта қалсам қайтем, аға?
Досанның сөзі:
Қаракер, жүруші едім баптай-баптай,
Жүретін сені елім мақтай-мақтай.
Жеріме үш айлық үш күнде жеттің,
Қаракер, күндіз-түні бүйірі қатпай.
Қаракер үш айлыққа үш күн жүрді,
Тамырын қара жердің тарпып жүрді.
Басына Қаракердің күн туған соң,
Қаракер ұшқан құстай тартып тұрды.
Қаракер ер Досанды алып барды,
Сипады Досан батыр жануарды.
Үш айлық жолды үш күнде басып ұшып,
Жануар жауырынан қатып қалды.
Жан шықпай өз үйінде үшкірлік қып,
Төсекте тамақ ішпей жатып қалды.
Әкесі сойып қойын, айтып шайын,
Шешесі бастап жатыр сары майын.
Бес жүз қол бір кісіден құтылмаған,
Досанның кім біледі, мұндай жайын?
Әкесінің сөзі:
—Ей, балам, қайда жүріп, қайда тұрдың?
Жөнін айт көрген-білген барлық сырдың.
Қаншалық қиыншылық көріп келдің,
Сапарға шықпап едің бұдан бұрын.
Інің мен іздеп кеткен досың қайда,
Жүдеу ғой, жал-құйрығым, сенің түрің?
Досан сөзі:
Жарымды, сұрасаңыз, тауып алдым,
Жанымнан осы күнде қауіп алдым.
ғашықтық дастандар
Қараөткелде тосқан қалмақ бәрі де өлді,
Онан соң шешіп сауыт, бауын алдым.
Ішінен тірі қалмақ ұстап алып,
Қайда деп Қарамерген сұрау салдым.
Қартайып Қарамерген үйде жатты,
Жолына бес жүз жігіт сапар тартты.
Бес жүзі бір кісіге жарай алмай,
Бәрі де өз жанынан азап тартты.
Осыған уақытым солай сеніп қаптым,
Үстіне төрт мергеннің келіп қаптым.
Төртеуі аңдып жатқан атып қалды,
Мұздай боп жүрек шіркін қатып қалды.
Төрт оғы бір арадан өтсе дағы,
Кеудеде Құдай сақтап жаным қалды.
Бардым да төртеуіне ойран салдым,
Алдымен Қарамерген басын алдым.
Сүйегін быт-шыт қылып төртеуінің,
Онан соң жабдығы мен атын алдым.
Төрт атты бес жүз атқа қосып алып,
Онан соң елге қарай тураладым.
Құдайым қуат беріп бір жаныма,
Бурадай жауларымды қуаладым.
Осындай жайын айтты аздар қасып,
Төсекте домбырамен күйге басып.
Артында жолдастары тез келмесе,
Жанынан Досан қорқар жаман сасып.
Үш ай тосып артынан достары кеп,
Көрісті құшақтасып, амандасып.
«Құдайға, әзір өлсем, ризамын»—
Қоштасты ел-жұртымен хабарласып.
Ел-жұртқа айтатынын айтып болып,
Қиссасы қалды осымен тамамдасып.
Нұртаза мен Күнасыл
Бастайын бір хикая сөздің басын,
Тыңдаңыз, үлкен-кіші, кәрі-жасың.
Қызыл тіл қажымай тұр тірі күнде,
Жырлайын ғашықтардың оқиғасын.
Тыңдаңыз, ей, жарандар, сөздің тегін,
Кітаптың өлең толы көп өрнегін.
Адамзат, ажал жетсе, жақ байланар,
Ашайын тіршілікте сөздің көзін.
Сөз шығар айта берсең лақпа-лақпа,
Мықты бол, ей, халайық, хикаятқа.
Сөз қалсын бізден дағы кейінгіге,
Ойладым бір хикая бастамаққа.
Қаламым, хат жазғанға қажымассың,
Қызыл тіл, сөйлегенге арымассың.
Кезінде көп шаһарға жарлық айтқан,
Жазайын бір патшаның оқиғасын.
Әркімнің өз алдына бар-дүр бағы,
Перзентпен жалғаспай ма өмір дағы.
Болса да тәж бен тахыт, бай дәулеті,
Бар еді сол патшаның қайғы-зары.
Қабағы жадырамай бұл дүниеде,
Патшаның бір перзентсіз сынған сағы
Бала үшін тарқай алмай көңіл зары,
Тағдырға жетпеді ме қылған налы.
ғашықтық дастандар
Болмаса мирасқоры кімде-кімнің,
Пенденің опасыз ғой жиған малы.
Салдырған жеті қақпа алтын сарай,
Көзіңді ұялтады алтын арай.
Үйлері жиырма жеті үшкіл төбе,
Мұнара көк тіреген самаладай.
Адамзат неге көнбес түссе басқа,
Бір бала ойлайтыны тұрса, жатса.
Өзі өлсе таққа қонар сұңқары жоқ,
Қартайған қайғыменен осы патша.
Баласыз патша келді елу төртке,
Көрместен төрт әйелден бір шикі өкпе.
Ойлайды шет болдым ба Тәңірге деп,
Бермесе, не шара бар Құдіретке?
Беріпті кейін келе қайыр-зекет,
Алладан перзент үшін тілек тілеп.
Пұл беріп жетім-жесір, міскіндерге,
Алтын-күміс, гауһарды шашып көріп.
Жарлығын қате болған түзетіпті,
Қорлық-зорлық көргенді іздетіпті.
Пақыр, ғаріп жандарға қамқорлық қып,
Елінің кедей, байын тең көріпті.
Хан жақсылық істепті қарындасқа,
Кедей-кепшік жарыпты ішер асқа.
Қайыр-ықсан тілегі қабыл болып,
Көріпті бір перзент әлгі патша.
Той қылды қырық күндей халқын жиып,
Көзінің көп жылаған жасын тыйып.
Айығып қара тұман қамығынан,
Айтыпты жатса, тұрса көп таупиық.
нұртаза мен күнасыл
Жасатып алтын бесік құндақтаған,
Сауықпен өткізді елі әр аптаны.
Балаға ат қоймаққа хабарлапты,
Шақыртып ғұламаны әр жақтағы.
Келіпті талай молла төңіректен,
Түбіне көз майының жазу жеткен.
Балаға ат қоймаққа пікір айтып,
Талай жақсы есімді тарту еткен.
Бағдаттан бір ғұлама келген екен,
«Жұлдызнама» кітаптан көрген екен.
«Нұртаза» деген есім қойсақ деді,
Тіленіп қолын жайып ақ ниетпен.
Бұл аттың молла-қожа ұқты затын,
Патша да қабыл алды Нұртаза атын.
Әуелі Кап пенен Нұн жаралған деп,
Моллалар айтып жатыр шариғатын.
Өсірді ақ сұңқардай тәрбиалап,
Бала да келбеті өзге болды манап.
Жүзінен қызыл арай нұр шашырап,
Тұрғандай сарайына нұр ұялап.
Салдырған бөлек сарай баласына,
Бір таудың гүл бақшалы сағасына.
Алдырды жетік молла оқытуға,
Жалғыздың оқып жетер хамасына.
Оқуда зерек болды білгіш асқан,
Жаралған Нұртаза да асыл заттан.
Өнерді әрбір түрлі үйреніпті,
Ықылымнан, сиқырдан да, шариғаттан.
Сүңгі ұстап, садақ атып, мерген болды,
Задаға ел-жұртының көңілі толды.
Келгенде он бес жасқа азамат боп,
Жан-жаққа зейін сала көз жіберді.
ғашықтық дастандар
Көрмесе тұра алмайды ата-анасы,
Ұстаған қолындағы гауһар тасы.
Төрт ана бәрі аймалап бұл баланы,
Тарқаған осыменен көңіл насы.
Әр ойды патша ойлады баласына,
Көзінің ағы менен қарасына.
Бір бау-бақ таңғажайып жасатқызды,
Әр түрлі жануар әкеп ауласына.
Бақшаға түрлі хайуан алғызады,
Бөлмелеп қораларды салғызады.
Бірақ та патша көңілі олқыланып,
Ғажайып «хайуан» бопты ынтызары.
Бақшамда хайуан болса жан көрмеген,
Патшаларды шақыртсам әрбір елден.
Баламның бақшасына сейілдесе,
Өсер ед бұдан дағы ат-мәртебем.
Соны ойлап патша айтты уәзіріне,
Бұйырып «ғажайыпты» іздеуіне.
Ешбір адам көрмеген бір хайуан тап,
Разы болам саған бұл пәниде.
Уәзірге қырық жолдас қосып берді,
Қару-жарақ бәрі де әзірленді.
«Егер де ғажайып аң әкелмесең,
Барлығыңның басыңды алам»,—деді.
Сонымен уәзір алды қырық жолдас,
Патшаның тілін алмай амал болмас.
Шөл басты, таулар асты, тоғай кезіп,
«Жоқты» іздеп, қалжырасты, қарны ашты.
Жүрді олар көп жерлерді таудан асып,
Жолыққан жандарменен хабарласып.
Сапары тоғыз айға толған кезде,
Жетіпті бір аңғарға қадам басып.
нұртаза мен күнасыл
Уәзірдің жолдастары дем алады,
Бәрі де патшасына тым ызалы.
Қараңғы түн қамығып жатса олар,
Сонадайдан бір сәуле жарқырады.
Таңғалды уәзір сонда мұны көріп,
Сәулеге ынталанды көзі тұнып.
Кемпірқосақ секілді жасыл-қызыл,
Отырсын ба, енді оған бармай бұғып?
Уәзір сонда шақырды нөкерлерін:
—Сәулеге қараңғыда түсті көзім.
Барыңдар, сайланыңдар қаруланып,
Көрінген бір асыл зат, емес тегін.
Жөнелді аттанысып солай қарай,
Алыспақ жау болса да жан аямай.
Баспалап «ғажайыпқа» жақындаса,
Бір жылан ұйықтап жатыр әлдеқалай.
Гауһар, жақұт, алтындай алма-кезек,
Қарағанда ұялып көз сүрінед.
Іздегені табылды байқұстардың,
Құдайым пендесіне беріп тілек.
Амалдап торлап алды бұл жыланды,
Ұйқыда жатқан жылан білмей қалды.
Қарайды тамашалап мақұлыққа,
Үңіліп сәті түсіп сапарлары.
Жыланды алып жүрді орап-торлап,
Өзінің шаһарына жолын оңап.
Әкепті аман-есен патшасына,
Қырық нөкер төрт қабат сыртын орап.
Бек шаттанды патша да мұны көріп,
«Ғажайып» табылғанға көңілі толып.
Қонағасы әр түрлі тағам қойып,
Уәзірлерге тағы көп сыйлық беріп.
ғашықтық дастандар
Бек қуанды падиша көңілі толып,
Хұзырланып бақытқа жатқан шомып.
Бақшаға бір темір үй бекем жасап,
Жыланды қаматыпты сонда әкеліп.
Жыланды патша айтпады баласына,
Мақпилап ел, ағайын, алашына.
Сездірмей әкелгенін басқаларға,
Қамады темір үйдің қақпасына.
Тыңласаң, бұл патшаның аты—Шәміс,
Ежелден талай патша оған таныс.
Хат жазып көңіл жетер патшаларға,
Деместен хабар айтты жақын-алыс.
Жарандар бақшамызды көрсін,—дейді,
Дүниенің қызығына тойсын,—дейді.
Сайрандап, сауық құрып, тамашалап,
Бақшама әділ баға берсін,—дейді.
Бұл істен талай халық хабар тапты,
Патшаға сыйлық, тарту дайындасты.
Бақшасын Нұртазаның көреміз деп
Әркімдер өз жолымен хабарлапты.
Бұл істер осылайша болып тұрсын,
Көрермен әзірлігін көріп тұрсын.
Естиік Нұртазадан біраз сөзді,
Бұрайын алма-кезек сөз төркінін.
Нұртаза ханның ұлы еркін өскен,
Бір өзін қырық-елу нөкер күткен.
Жасы да кемеліне келгеннен соң,
Көп жерді, ел аралап, серуен еткен.
Ол көріп бақшалардан сұлуларды,
Жүрегі бейне оттай күйіп-жанды.
Бір күні сейілден кеп ұйықтап жатып,
Түсінде көрді ғажап қызық жайды:
нұртаза мен күнасыл
Жүр екен бір бақшада сейіл құрып,
Сайраған алуан құсқа көңіл бөліп.
Қызықтап жүре-жүре көлге келсе,
Бір сұлу отырыпты бетін жуып.
Жақын кеп тұнық суға қолын малып,
Қарапты қыз жүзіне көзін салып.
Көрмеген өмірінде мұндай сұлу,
Таңғалып сол арада қапты талып.
Есінен кетіп суға жығылыпты,
Қыз көріп: «Не болды?» деп жүгіріпті.
Шығарып басын судан сүйемелдеп,
Жігіттің өң-түсіне үңіліпті.
Қараса, көркем жігіт нұр шалқыған,
Әрқандай жігіттерден тіпті артылған.
Көңілі қыздың да ауып сол мезетте,
Бір түрлі жүрегінен от балқыған.
Ұрған соң самал бетін тұрды жігіт,
Сұлудың сүйегенін көрді жігіт.
«Апыр-ай, сізді әуре қыппын ғой» деп,
Жымиып қызға қарап күлді жігіт.
«Несі әуре?»,—деді қыз тіке қарап,
Қос жанарын жігітке оқша қадап.
«Сәулетті адам қыз көрсе сүрінер ме?»—
Деді әзілдеп, күтті әрі одан жауап.
«Болмасам да өзіңмен бұрын тілдес,
Ғашық оты тұтанса, кім сүрінбес.
Көзің—күн, жүзің шұғыла болғаннан соң,
Көре салып, өзіңе кетті ауып ес.
Құрбылас, жөніңді айтшы, үйің қайда?
Кезіктің кездейсоқта—осындайда.
Әзіл емес, шынымды бір-ақ айттым,
Білдірші, сенің де ойың осындай ма?»
ғашықтық дастандар
Қыз күлді сықылықтап, дауысы әсем,
Жігітке берді жауап үні бәсең:
«Ғашықтар бейнет көрмей қосылар ма?
Егерде айтқаныңа мақұл десем.
Мекенім—Үрім шаһар, Күнасылмын,
Сонда бар, ғашық жарым, мені іздесең.
Мен мұнда тұра алмаймын кетем қазір,
Тезірек өз жөніңді айтып берсең».
Деді қыз айтып сөзін төтелетіп,
Өзіне Нұртазаны ентелетіп.
Болғанда мұндай жауап жігіт қашпас,
Құшты кеп Күнасылды еркелетіп.
Кез болған қиуада екі ғашық,
Махаббат қызығына қалды батып.
Өртейді отты жалын өне бойды,
Татқанда ауыздан дәм жүрек балқып.
Нұртаза—менің атым, әкем—Шәміс,
Ерке өскен жалғыз ұлмын ерке, шалыс.
Іздеймін тірі жүрсем мекеніңді,
Ғашығым, аман жүріп, есен табыс!»—
Деп жігіт жөнін айтып, уағда етті,
Сұлу қыз құшағынан шығып кетті.
Шақырды айғай салып, ғайып болды,
Қуалап арт жағынан жүріп кетті.
Аяғын жыланқияқ шырмап апты,
Жығылды екпетінен жерге қатты.
Осы кез кетті оянып, түсі екен,
Домалап төсегінен құлап қапты.
Аң-таң боп түсін ойлап, есін жиды,
Түрегеп орынынан киім киді.
Күндегі әдетінше құс қуам деп,
Садаққа қарап біраз ойын түйді.
нұртаза мен күнасыл
Таң атып қылаң етті күн шығыстан,
Нұртаза садағын ап үйден шыққан.
Аралап бау-бақшаны келе жатса,
Бір торғай көрініпті сайрап тұрған.
Астында темір үй тұр терезесіз,
Ойлайды: Қалай салған ережесіз?
Бұл үйді неге бұрын көрмеді екем,
Мұндай үй орнамайды еш себепсіз.
Ал, анау, торғай қандай мың құбылған,
Жалтырап көз қаратпас шашқан нұрдан.
Атайын неде болса деді дағы,
Садағын көздеп тұрып тартты қырдан.
Торғай да, оқ та сол кез ғайып болды,
Нұртаза маңын шалып байқап көрді.
Тырмысып темір үйдің төбесіне,
Шығып ед бір тесікті көзі көрді.
Еңкейді сол тесіктен үй ішіне,
Нұр шашқан көзі түсті бір жігітке.
Алтын оқ қолында тұр өзі атқан,
Таң қалды Нұртаза да бұл бір іске.
Сымбатты, мейірі жылы, ақша маңдай,
Ажары көз тартады жазғы таңдай.
Көрген жан бір таңғалмай қалар емес,
Асылдың асылынан жаралғандай.
Нұртаза айтты:—Ей, жігіт, кімсің өзің,
Бұл жерге қалай келіп қалған едің?
Сені кім темір үйге қамап қойған,
Қылмысты бұзақының бірі ме едің?
—Мен едім Қап тауында пері заты,
Перінің жерде болар саяхаты.
Зымында саяхаттап келе жатып,
Пақырың жылан болып ұйықтап жатты.
ғашықтық дастандар
Мысыран—әкем аты, ұлы патша,
Бір ұл, бір қыз өзінен бар ұрпаққа.
Гүландаз қарындасым бірге туған,
Атым—Маран, мекенім—Койқапта.
Сонымен торлап алған қырық жігіт,
Бұл тордан құтылмадым көп тырбынып.
Ап келді әкеңізге олар мені,
Тастады темір үйге бекіттіріп.
Рахым ет, мені құтқар бұл қапастан,
Дос болайық, ей, жігіт, бал жаласқан.
Әкеңнің қалтасында үйдің кілті,
Шығайын, алып келіп есік ашсаң!
Құп алып шаһизада кетті ордаға,
Әкесі батқан екен тәтті ұйқыға.
Білдірмей үйдің кілтін ұрлап алып,
Қайтадан жетіп келді әлгі араға.
Келді де құлыпты ашты салып кілтті,
Орнатты осылайша шын достықты.
Басыңа күн түскенде күйдіргін деп,
Перізат бір шаш жұлып ұсыныпты.
—Істедің бір жақсылық естен кетпес,
Бұндай іс барлық жаннан келе бермес.
Мен дағы өтеймін ғой бұл борышты,
Ұмытқан мұндай істі жігіт емес.
Қош айтып, кептер болды әлгі жігіт,
Заулайды қанатымен көкті тіліп.
Қол бұлғап Нұртаза да қала берді,
Көзінің мөлдіреген жасын сүртіп.
Бұрылып темір үйге қайта барды,
Есікке құлып салып, кілтін алды.
Жіти басып ордаға қайта оралып,
Қалтасына әкесінің кілтті салды.
нұртаза мен күнасыл
Сол күні әр шаһардан патша келді,
Бәрі де «ғажайыпты» көрмек болды.
Қарсы алып Шәміс патша қонақтарын,
Типа-запа тағамын бере берді.
Ертеңі бау-бақшалар ашылады,
Не сынды нағыма-науа тартылады.
Сазымен сырнай-керней күліп-ойнап,
Не патша, ханша, байлар сабылады.
Қонақтар тамашалап маңғаз басып,
Бақшаны көрген жерден көңілі тасып.
Сан алуан құлпырған гүл бақшаны,
Аралап келе жатты мадақтасып.
Жемісі үш жүз түрлі мәуелеген,
Құрма мен өрік ағашы әуелеген.
Сылдырап күміс бұлақ ағып жатыр,
Алтын ернеу арықпен безендірген.
Сан алуан құстар жүр әнді сайрап,
Жұпар, киік асыр сап барады ойнап.
Көгінде су құстары ырғалады,
Қиқулап, баяу жылжып, майдан шайлап.
Бір кезде темір үйге жақындады,
Шәміс патша қолына кілтін алды.
—Қонақтарым, бақшаны көрдіңіздер,
Мұнда бар хайуанаттың шам-шырағы.
Келіңдер, барлықтарың, көріңіздер,
Тиісті көрімдігін беріңіздер.
Нұртазамның бақшасы әлемде жоқ,
Адамзат жасай алмас, сеніңіздер!
Соны айтып, есікті ашты Шәміс патша,
Жылан тұр ғой, жын да жоқ қарап бақса.
Ашу, намыс, өкініш бір-ақ буып,
Сілейіп тұрып қапты жансыз затша.
ғашықтық дастандар
Сәлден соң ақыл тауып есін жиды,
Ойлаған ба болар деп мұндай күйді?!
Күзетшісін бақшаның алдырды да,
—Кім ашты?—деп сұрады темір үйді.
Күзетші айтты: «Кілт сіздің өзіңізде,
Бұл маңнан жан түспеді көзімізге.
Тақсыр-ау, бұған қойған не зат еді?
Ешкім де көрсетпеген мұны бізге».
«Жаллат!»—деп айғайлады сонда патша,
Қаз-қатар жаллат келді оң мен солға.
Дарға ас деп бұйырды күзетшіні,
Не шара, сөзі күшті, үкім зорға?
Мойнына арқан түсті күзетшінің,
Нақақтан шырылдатты жан шыбынын.
Зар қақсап дара қарай бара жатып,
«Балаларым жас еді»,—деп айтты зарын.
Бар еді осы маңда Нұртаза да,
Ашуланды кездейсоқ бұл жазаға.
«Жыланды мен шығарып жібергем»,—деп,
Айғайлап шыға келді топ ортаға.
—Бұл үйден мен шығардым пері жігіт,
Қамалған жылан емес, сөзім шындық.
Қандай жаза болса да мен дайынмын,
Күзетшіні жазалау әділсіздік.
Көп елдің хандары тұр сынай қарап,
Шәмістің әділдігін боп сынамақ.
Құдайдан тілеп алған жалғыз ұлды,
Оңай ма патша үшін жазаламақ?!
Хан дағы, қараша да заңға бірдей,
Бұндайда тұрған бар ма үкім жүрмей?
Шәміс патша қайталап: «Жаллат!»—деді,
Қайғысын басқаларға еш сездірмей.
нұртаза мен күнасыл
Сонымен дарға барды Нұртаза да,
Патша өзі ұстады сұм жазаға.
Халайық бір дүрлігіп кетіп еді,
Ақмолла күңіреніп шықты ортаға.
Ақмолла—Нұртазаның ұстазы еді,
Шәкіртін жаннан артық көруші еді.
—Халайықтың тілегі,—деді,—тақсыр,
Басқа жаза үкімі жүрсе,—деді.
Ақмолланың сөзі:
Мәртебелі патшалар,
Қауым жұрттың сұлтаны.
Пана болған халыққа,
Жер бетінің Шолпаны.
Сіздер үшін мәңгілік
Атақ, абырой жар болсын!
Мал, дәулетің теңіз боп,
Не тілесең бар болсын!
Жұптарыңмен жүз жасап,
Мұратыңа жетіңдер!
Нұртазадай балаға
Бір кешірім етіңдер!
Патшалар бір-біріне күбірлесті,
Кім білсін, өңшең жоян нені десті.
Кешірім болсын деген бірі де жоқ,
«Елсіз шөлге барсын» деп үкім кесті.
Бар еді Нұртазаның бір бөлесі,
Орданың кішігірім бір төресі.
«Мен апарып қаңғыртам»,—деп сұранды,
Патша өлсе, патшалықтан боп дәмесі.
Нұртаза тірі болса орын қайда?
Ол дағы орын таппақ осындайда.
Бұл рет Нұртазаның көзін жоймақ,
Салынып жүр әртүрлі арам ойға.
ғашықтық дастандар
Шәміс айтты: «Апарсаң апар»,—деді,
Қасына екі лашкер ертіп берді.
Шаһардың батыс жағы бір айшылық,
Шөл дала, солай қарай жүре берді.
Далада отыз күндей жүрді сапар,
Жүдеді ұзақ жолда бұл төрт нәкар.
Отыз күн, түс ауар шақ болған кезде,
Бір құдықтың басына келді олар.
Құдықтың қырық кездей терең іші,
Арқан байлап бір-бірден суға түсті.
Нұртазадан басқасы суға түсіп,
Барлығы бұл құдықтан қанып ішті.
Нұртазаның бөлесі тым алаяқ,
Секілді Нұртазаны жүрген аяп.
Лашкерлерді шақырып шетке таман,
Алыс жерге жіберді ет пен тамақ.
Лашкер ұзап кеткенше қара үзіп,
Нұртазаға сөйледі тым сүзіліп.
«Ағайынды кісінің баласы едік,
Қамығып жүрек-бауырым тұр езіліп».
Шынымен тұрғандай-ақ іші қайнап,
Сөйледі қайғырған боп сөзі жайнап.
«Судан бір қанып ішіп шыға ғой» деп,
Құдыққа түсірді ол арқан байлап.
Нұртаза тым шөлдеген неше күндей,
Жанары өшкіндеген солған гүлдей.
Түсті де су ішуге басты қойып,
Бұл судан қанып ішті әбден сірей.
Сонан соң айғайлады: «Арқан тарт»,—деп,
Күліпті әлгі туыс: «Дәмесін!» деп.
—Өл енді осы арада сасып-шірір,
Бақа менен шаянның азығы боп.
нұртаза мен күнасыл
—Не себеп мені бұлай тастамақсың?
Басынан бағы тайса қақсамас кім!?
Не жамандық көріп ең менен туыс,
Кезі емес, я болмаса, бақталастың!
—Айтайын мен шынымды қазір саған,
Шәміс өлсе, патшалық әзір маған.
Тірі жүрсең, сен егер бұл дүниеде,
Патшалық орнынан мен махрұм қалам.
Нұртаза айтты:—Отырсаң сен патша боп,
Менің оған таласар шамам да жоқ.
Қараланған адаммын, жазаланған,
Айтпап па еді үкімі: «қаңғырту» деп.
—Керек емес, көп сөйлеп, бекер шатпақ,
Қал!—деді,—бұл құдықта жылап-қақсап.
Сонымен кете берді өз жолына,
Арқанды ортасынан қиып тастап.
Нұртаза қалды өлмей су түбінде,
Бұл маңда адамзат жоқ еді мүлде.
Бейшара ғұмырынан үміт үзіп,
Жалбарды зар-зар жылап бір тәңірге.
«Адамзат, шын опасыз сұмырай екен,
Соның бірі махұлұқ менің әкем.
Болмаса жыртқыш аңмен арпалысып,
Далада өлсем нені арман етем?!
Бөле туыс—не деген иттің иті?
Адамға ұқсағанмен оның сиқы.
Қаңғыртып қоя бермей шөл далаға,
Құдыққа тастағаны не қылғаны?
Нұртаза қапаланды назаланып,
Ең мүшкіл душар болды жазаға анық.
Отырарға орын жоқ, не ұйықтауға,
Халы құрып барады аяқ талып.
ғашықтық дастандар
Сонымен үш күн, үш түн уақыт өтті,
Нұртазадан хал құрып, дәрмен бітті.
Суға құлап өлуге таяғанда,
Пері жігіт есіне түсе кетті.
Күйдірді сонда оның шашын жағып,
Жетіпті бір ақ кептер қанат қағып.
Нұртазаны шығарды бұл құдықтан,
Қасиетті бір жібек торды салып.
Нұртаза болған істі баян етті,
Пері дос қолын жайып дұға етті.
Әр түрлі алдарына тағам келіп,
Екеуі бір жәм болып ғыза жесті.
Пері айтты:—Енді, досым, қайтпекшісің?
Қиын бопты басыңа түскен ісің.
Мен үшін азаптандың жазаланып,
Мен дағы қызмет етем өзің үшін.
Әкелем сені әкелген айдаушыны,
Құдыққа залымдық қып тастаушыны.
Өз қолыңмен өлтіріп, шеріңнен шық,
Қоя беру болмайды ондай сұмды.
—Жөн болмас ондай қылық ақылы барға,
Ондайлар өзі түсер қазған орға.
Қаңғырып, мен далада жаһан кезем,
Жем болам, я дос болам хайуандарға.
Пері айтты:—Онда жүргін маған еріп,
Іс түскенде болармын саған серік.
Бір бақшаға апарып кіргізейін,
Адамзаттан бір сұлу әкеп беріп.
Нұртаза айтты:—Бақшаға барайын,—деп,
Біраз күн онда тыным алайын,—деп.
Ықтиярсыз әкеліп кім болса да,
Әуре болма, мен оны алмаймын,—деп.
нұртаза мен күнасыл
Мақұл боп бір бақшаға алып барды,
Сейілдеп бұл екеуі аралады.
Көңілдегі ғапылдық бәрін жойып,
Нұртаза сейілдейді, дем алады.
Атырабы тау қоршаған, гүл маңайы,
Зымынның бір тамаша тұр сарайы.
Жер-дүние жүзінде бұған теңдес,
Болар ма тең келетін сайма-сайы.
Гауһардай ортада гүлі жарқыраған,
Құстары әнге басып саңқылдаған.
Шашылған гүл маңайы асыл меруерт,
Көз тұнар нелер байлық баһырадан.
Қош айтып Маран досы қайтпақ бопты,
Қиналарсың жалғыз деп арман етті.
«Көнбедің бір мәлике ап келуге,
Көргенше қайта айналып қош бол!»—депті.
Соны айтып зеңгір көкке ұшты самғап,
Періге қиын іс пе қайда бармақ?
Қимады Нұртазаны жалғыздыққа,
Түсіндегі ғашығын болды апармақ.
Сол кеткеннен зымырап Маран ұшты,
Үрімнің шаһарына келіп түсті.
Патшаның Күнасылдай қызын тауып,
Ұрлап ап Нұртазаға қайта ұшты.
Заулап ұшып бақшаға келді жетіп,
Талдырған Күнасылды дәрі иіскетіп.
Нұртаза жүрген жердің маңына кеп,
Қызды тастап, жеріне қалды кетіп.
Бір кезде есін жиды Күнасыл зат,
Қарады жан-жағына бек таңырқап.
«Қалай келдім бұл жерге?»—деп ойлайды,
Өң-түсі екеніне таппай мағат.
ғашықтық дастандар
Атырабы тау қоршаған, гүл маңайы,
Зымынның бір тамаша тұр сарайы.
Жер-дүние жүзінде бұған теңдес
Болар ма, пар келер жер, сайма-сайы?
Гауһардай ортада көл жарқыраған,
Құстары әнге басып саңқылдаған.
Шашылған көл маңайы асыл меруерт,
Көз тұнар нелер байлық баһырадан.
Аң-таң боп көл жағалап жүре берді,
Нәпас қып қоңыр самал, жұпар желді.
Таңырқап жан-жағына келе жатыр,
Бір жігіт қарсы алдынан шыға келді.
Бұл жігіт ешкім емес, Нұртаза еді,
Екеуі бір-біріне жақын келді.
Сәлем қып бір-біріне тұрғанында,
Бір ләззат ыстық сезім тарта берді.
Не болды Нұртазаға қалтырады,
Алақтап екі көзі шалқалады.
Ғашығы Күнасылдың жамалынан,
Сол жерде есі ауып жығылады.
Бір ғаріп жаралған ғой адам пақыр,
Алланың жазғанына көнеді ақыр.
Ақсұры бозғыл тартып өңі қашып,
Нұртаза діріл қағып ессіз жатыр.
Жанында Күнасыл тұр қайғыланып,
Қайғының хикметіне бек таңғалып.
Ол дағы ғашық болып Нұртазаға,
Сол замат құлап түсті құшақ жайып.
Тұрды олар аздан кейін есін жиып,
Екеуі құшақтасты құшып-сүйіп.
Сұрасып бір-бірінен жөн ұққанда,
«Маранның ісі»,—деді жігіті күліп.
нұртаза мен күнасыл
—Мараның кім, ол қайтіп мені тапқан?
Не деген сиқыршы еді өнері асқан,—
Деп еді Күнасыл қыз Нұртазаға,
Нұртаза оған былай жауап қатқан:
—Маран пері, Қап тауын еткен мекен,
Сиқыры, өнері оның мол-ақ екен.
Неше түрлі нәрсеге өзгере алад,
Сондықтан сені мұнда алып жеткен.
Дей келе, Маран жөнін айтты толық,
Басынан кешкендерін тұтас шолып,
Күнасыл шықылықтап, қайран қалды,
Достасқан екеуінің ісін біліп.
Нұртаза түсін де айтты ғашығына,
Бола ма ғашық сырын жасыруға?
Көксеген көкіректің сағынышын
Мүмкіндік болар ма іске асыруға?—
Деп түстің Маран досқа бәрін айтқан,
Қолдан келсе бір көмек алуды айтқан.
«Ықтиярсыз біреуді әкелме»,—деп,
Ол жағын да ұқтырып анық айтқан.
Күнасыл тыңдап бәрін: Ұқтым,—деді,
Маранның ісі екен бүткіл,—деді.
Достыққа неткен адал жан еді ол,
Қимылы, әрекеті ұшқыр,—деді.
«Ой, тәуба»,—деп Нұртаза қарап қалды,
Түстің шын болғанына ғажаптанды.
«Аты-жөнің, мекенің һәм дидарың,
Бүкілдей рас болып анықталды.
Апыр-ау, түс көрген жер осы-ақ екен,
Шынында бізді тағдыр қосқан екен.
Егерде бізді тағдыр айырмаса,
Осы ара екеумізге мәңгі мекен».
ғашықтық дастандар
Осымен жүрді екеуі сайран салып,
Бақшаның кеңдігіне қайран қалып.
Даяр үй, дайын тамақ барлық жерде,
Бейне бір ұжмақтай нұрға малып.
Бірақ та көрінбейді адам пенде,
Көңілді осы ғана бұзар кейде.
Екеуі құмарынан шыққанша ойнап,
Білмеді сонша күннің өткенін де.
Жүрсе де өз қасында ғашық жары,
Үй-ішін екеуі де сағынады.
Мәз-мәйрам осы жерде көп күн өтті,
Бір күні күн бұзылып қағынады.
Боран да барған сайын соқты күшті,
Қараңғы болып кетті жердің үсті.
Бір түйдек көлеңкелер айналып кеп,
Күнасылды аспанға алып ұшты.
Нұртаза сол арада қалды талып,
Өртеніп іші-бауыры күйіп-жанып.
Қай тағдыр бұзды екен махаббатын,
Екеуін дәл осындай күйге салып?!
Нұртазаның зары:
Қайда кеттің, Күнасыл,
Бұлт боп көкке ұштың ба?
Төбемнен түсіп бір жасын,
Қара жерді құштым ба?
Сен келген соң болып ем
Шын бақытты тапқандай.
Аймаладың әр күні
Күнасылым, ақ маңдай.
Тағдыр өзі қосып ап,
Әкетер ме айырып?
Сен кеткен соң қалды ғой,
Бүкіл денем майырылып.
нұртаза мен күнасыл
Қайтіп жүрем, әлім жоқ,
Қасымдағы жарым жоқ.
Бізге қастық еткеннің
Үзсе, шіркін, жанын оқ.
Қайдан іздейім қаңғырып,
Дерегің жоқ, ізің жоқ.
Денемді отқа жандырып,
Жатырмын міне болып қоқ.
Күнасылым—күнім ең,
Жамалыңнан нұр сепкен.
Сүйіп-құшып жүріп ем,
Көкірегімнен дерт кеткен.
Енді қайтіп жүремін,
Кіммен ойнап-күлемін?
Кімді сенше сүйемін,
Кім отына күйемін?
Сен болмасаң бәрі жоқ,
Сенсіз менің жаным жоқ,
Сенсіз менің әлім жоқ.
Өлемін ғой артыңнан,
Қайғы-шерің, дертіңнен.
Маран досым о да жоқ,
Жалынсам да сонша көп.
Күйдірсем де келмеді,
Киелі шашқа жағып от.
Қайтейін, енді қайтейін,
Қалды ұстазда бар зейін.
Содан жәрдем болмаса,
Дүниеден өтіп кетейін!
Нұртаза зарын төгіп жата тұрсын,
Шеріне Күнасылдың бата тұрсын.
Ақмолла ұстазынан сөз қозғайық,
Кезекке бұ да келіп қатар тұрсын.
Ұстазы Нұртазаның қайғы жұтқан,
Сағынып, тамақ пенен қалды ұйқыдан.
Бұл күні ғайып болжап отыр еді,
Нұртаза өлер бопты ғашықтықтан.
ғашықтық дастандар
Ақмолла Шәмісті іздеп келді ордаға,
Шәміс те баланы ойлап қайғы-зарда.
Шешесі Нұртазаның шашын жайып,
Жалбарып тілек қылған бір Құдайға.
Кетіпті патша үйінің берекесі,
Көбейіп адамдардың ерегесі.
Ақмолла болжамдарын айтып еді,
Білдірді мақұлдығын іздеуге осы.
Хош болды Шәміс патша молласына,
Отырғызып төрінің ортасына.
—Не керек, қалай іздеп табамыз?—деп,
Қағыпты Ақмолланың арқасына.
Ақмолла:—Өзім іздеп табам,—дейді,
Басқаңның келмес бұған шамаң,—дейді.
Не күшті дүниеде, оқу күшті,
Бұл жолы оқуды іске салам,—дейді.
Соны айтып молла ордадан шығып кетті,
Сол күні жапан түзге сапар шекті.
Ғайып болжап, бал салып, кітап ашып,
Нұртазаға он күнде тура жетті.
Өлі емес, тірі де емес жатыр екен,
«Күнасыл! Күнасыл!» деп болып мең-зең.
Көргенде Ақмолланы құшақ жайды,
Айрылып зайыптескен бүкіл әлден.
Ақмолла дұға үшкірді Нұртазаға:
«Қалдың-ау жастайыңнан көп жазаға.
Әкеңе аман-есен көрсетейін,
Сонан соң не болады тағы да алда».
Нұртаза айтты баяндап болған жайын,
Басына салынғанын сары уайым.
«Еліме енді тірі барман,—деді
Несіне әке-шешем деп ойлайым?»
нұртаза мен күнасыл
Молла айтты: «Маран шашын күйдірдің бе?
Халыңды ол досыңа білдірдің бе?
Ес қатар қиын жерде жан дос екен,
Құдайым нәсіп қылса көмегіне».
Нұртаза күйдіріпті шашты бұрын,
Келмепті еш хабары ол досының.
Өтіпті содан бері талай күндер,
Білмейді не ахуал болғандығын.
Ерттеді молда сонда ақбоз атын,
Кез емес уақытты көп созатын.
Алдына Нұртазаны мінгізді де,
Қақтырды жануардың қос қанатын.
Үйіне Нұртазаны келді алып,
Той қылды атасы да көп қуанып.
Амал не, Нұртазаның халы нашар,
Ғашықтық сарғайтыпты өңін алып.
Бұл іске ата-анасы қайғыланды,
Көрсетті нелер Шолпан, Ай қыздарды.
Күн мен айдай сұлуды көрсетсе де,
Нұртаза мойын бұрып қарамады.
Ойында тек өзінің ғашық жары,
Болмайды Күнасылдай басқалары.
Жүреді кейде кетіп ес-тұсынан,
Ақмолла оқыды көп дұғаларды.
Талмады Нұртаза да содан былай,
Бірақ сиқы кетті тірі аруақтай.
Падиша Ақмоллаға кеңес салды:
«Ұғылды қайтеміз?—деп,—ой, Құдай-ай!»
Молла айтты: «Жазылмайды бала дерті,
Ғашыққа шипалық жоқ білгін депті.
Дүниеде талай ғашық өткен екен,
Таппаса ғашық жарын, өлер депті.
ғашықтық дастандар
Айтқан сөз, ішкен дәрі дауа болмас,
Арманы ғашықтардың ұмытылмас.
Ғашығын іздеп көрсін «а, Құдайлап»,
Тосқанмен сола берер бұл асыл жас».
Падиша уәзірлерін жинап алды,
Не бақсы, тәуіптерді шақырады.
Болжатып, кітап ашып, сұрастырса,
«Қап тауы» деді қыздың тұрған жайы.
Ақмолла өзі батыл, тым данышпан,
Ғалым ед кітаптарды көп оқыған.
Көзінің қарасындай көретұғын,
Шәкірті Нұртаза да жақсы оқыған.
Молла айтты: «Нұртазамен барам,—деді,
Басқаңның келмес бұған шамаң,—деді.
Арбасып дию және жын, перімен,
Өліп кетсем сол жерде қалам»,—деді.
Бұл сөзді патша, уәзір мақұлдады,
Ақмолла сапар үшін дайындалды.
Нұртаза алмас қылышпен жарақтанып,
Ақмолла әрбір түрлі кітап алды.
Аналар шашын жайып ақ жол тілеп,
Атасы қолын жайып бата тілеп,
Ел-жұрты тасаттықпен ұзатыпты,
Сонымен Күнасылды шықты іздеп.
Екеуі ақбоз аттан екеу мінді,
Шаһардан жеті күндік жолға жүрді.
Жеті күнде жеті айлық жолды басты,
Бұл дағы молланың бір сиқырлығы.
Тоқтағанда қарайды оқып кітап,
Қалады жүрген кезде жер бұлдырап.
Басқан жол кейде құйын, кейде дауыл,
Бір қараңғы, бір ыстық, бірде шуақ.
нұртаза мен күнасыл
Сапардың күні болды сегізінші,
Бір қилы көрінеді зымын үсті.
Аңқыған жұпар иісті самал соққан,
Тамаша баушарбаққа келіп түсті.
Төрт жағын тау қоршаған гүл маңайы,
Ең жақсы жер—зымынның тұр сарайы.
Жер-дүние жүзінде бұған теңдес,
Болмайды пар келетін тау мен сайы.
Айнадай ортада көл жарқыраған,
Аққу, қаз, шағаласы саңқылдаған.
Безенген көл жағасы гауһар, жақұт,
Көз тұнар маңай толы баһырадан.
Самсыған миуа толы бақшалары,
Көз тартар сәулеті мен салтанаты.
Бір түрлі балбыратар үн береді,
Бұлбұл мен сандуғаштың сайрағаны.
Сол түні молла кетті ат қоймаққа,
Жантайды Нұртаза да осы шақта.
Кетсе де көзі ұйқыға, көңілі ояу-ды,
Ақсақал шал көрінді баушарбақта.
Шал айтты: «Ей, Нұртаза, көзіңді аш,
Бір жақсы ғұламамен бопсың жолдас.
Аққуға жақсы қара көлге келген,
Кезігер сол аққудан бір хадинас».
Соны айтып ғайып болды әлгі адам,
«Ата»,—деп ояныпты шаһизада.
Қараса молла келіп қалған екен,
«Шақырдың кімді,—деді,—шаһизадам?»
Моллаға зада айтты көрген түсін,
—Балам-ау, оңға басар сенің ісің.
Түсіңде аян берген Қыдыр болар,
Іншалла, жақсы екен көрген түсің.
ғашықтық дастандар
Бұл көлдің жағасынан қозғалмайық,
Көл маңын қадағалап бақылайық.
Жері емес адамзаттың бұл атырап,
Бұл жайда бірнеше күн аялдайық.
Рауандап таң да атты, бұлбұл сайрап,
Жайнады сан құбылып бүкіл аумақ.
Көл жаққа шаһизада қарап тұрса,
Жеті аққу келіп қонды аспанда ойнап.
Аққулар жағадағы желпінеді,
Қиқулап бір әсем үн естіледі.
Оларға молла әмір қарап тұрса,
Киімін әлгі аққулар шешінеді.
Алтауы қыз болды да суға түсті,
Біреуі көл шетінде қарап тұрды.
Бірінен бірі өткен өңшең сұлу,
Су шашып тамашалап суда жүзді.
Моллаға Нұртаза да айтты мұны,
Сонда еді молланың да көзі қыры.
Екеуі қараса да қанша жазбай,
Көрінбейд Нұртазаның өз сұлуы.
Бұл қыздар су ішінде ойнап-күлді,
Шомылып бір-біріне шашып суды.
Алтауы бір мезгілде шетке шығып,
Шақырды әлгі қалған бір аққуды.
Шешінді ол да сонда киімдерін,
Тіл жетпес мадақтауға қыздың тегін.
Жарқ етті сәуле содан көлдің маңы,
Әкеліп орнатқандай күннің көзін.
Заданың ғашығы емес ол перизат,
Бірақ та Күнасылға кетеді ұқсап.
Орнынан Нұртаза да қарғи тұрып,
Жүгірмек болды солай құшақ жая-ақ.
нұртаза мен күнасыл
Заданы сонда молла ұстай алды,
—Қозғалма,—деп өтініп көп жалбарды.
—Ол аққу ұшып кетсе, айырыламыз,
Бір ақыл табайық деп сыбырлады.
Бұл қыз да суға жүзді терең бойлап,
Балықтай мың бұралып, шоршып ойнап.
Бұл қызға тамашалап әнші қыздар,
Жіберді әр алуан әнге сайрап.
Бұл қыздар бәрі шығып күлді ойнап,
Жеміс жеп, гүлдер үзіп жүрді бойлап.
Қызығы, тамашасы біткен кезде,
Аққу боп ұшып кетті бір-ақ самғап.
Нұртаза қолын созып тұр аңырып,
Көзінен қасіреттің жасы ағылып.
«Я, Алла, Рахман рахым қыл!»—деп,
Егіліп, ғашық жарын тұр сағынып.
Молла айтты: «Қайғырмашы, шаһизадам,
Біздерге жол беретін Қызыр бабам.
Ізін қарап көрейік перизаттың,
Бір жер ме, бәлкім, аққа күнде қонған».
Қыздар ғайып болғанда бұлтқа батып,
Екеуі келді ізге қадам басып.
Көп ізін перизаттың көргеннен соң,
Күнде қонар жері деп тапты анық.
«Осы жер, о, Нұртазам, қыз ойнағы,
Мінеки, жағалай тұр ну орманы.
Қозғалмай бұл арада аңдып жатып,
Ертең күтіп тұралық таң атарды.
Шомылғанда соңғы аққу киім шешіп,
Ойнағанда барлығы суды кешіп.
Тез қарманып киімін алып алсақ,
Ұша алмайды Тәңірім етсе несіп.
ғашықтық дастандар
Ұғайық онан сұрап асыл затты,
Бұлар да мекен еткен Койқапты.
Біз іздеген қыз болар бәлкім өзі,
Періште оқып білген ғаламатты».
Сонымен, ол күні кеш болды дейді,
Екеуі бір тасаға қонды дейді.
Кешегі ақсақал шал тағы келіп,
Түсінде Нұртазаға аян берді.
«Ей, Нұртаза, ұстазың сөзін бұрма,
Моллаңыз жетік адам әр ғылымға.
Бұл жайда оқу, ақыл істетпесе,
Келмейді қандай мықтың алысуға».
Деді де ақсақал шал кетті жүріп,
Тұрмады бір дақыл да аз кідіріп.
«Ата»,—деп айғай салып түрегелді,
Нұртаза кетіп еді көзі ілініп.
«Не болды?—деді молла,—Нұрым жаным,
Орындалар күн бар ма бұл арманың?»
«Көрінді тағы да сол бір ақсақал,
Сөзін бұрма деп айтты ұстазыңның».
Шығыстан таң белгісі қылаңдады,
Бұлбұлдар таңмен бірге шырқады әнді.
Кешегі жеті аққу ұшып келіп,
Дағдылы орынына қона қалды.
Алтауы шешінді де суға кірді,
Жетінші мойын созып біраз жүрді.
Сезгендей бір қауіпті елең қағып,
Көз тастап жан-жағына мойын бұрды.
Молла отыр әлденені оқып іштен,
Қайтсе де аққулардан болмақ үстем.
Әлгі аққу сезгір басып бір айналып,
Киімін шешіп тастап суға түскен.
нұртаза мен күнасыл
Бұлтиып омырауы қос алмадай,
Қыздар жүр көл шетінен ұзай алмай.
Торғыннан алды-артына жапқыш тартып,
Сұлуды ортаға алып, жүр аймалай.
Алады киімдерді бұрын жеткен,
Ұшады оны алған хикметпен.
Егерде осы жолы ала алмаса,
Күнасыл жоқ болады ғашық еткен.
Уақыт таяп барады қыз ұшатын,
Кім білсін кім жеңіліп, кім ұтарын.
Алмаққа сұлу қыздың киімдерін,
Сайланып екі ынсан тұрды дайын.
Көл маңы осылайша болып жатты,
Арпалыс ғашық үшін болып қатты.
Естиміз пері қыздың шаһарында,
Бір үлкен болып жатқан қылапатты.
Сол күнде Қап тауында көп шаһар бар,
Дию мен, шаһарларда, пері тұрар.
Патшаның Мысыран атты пері затты,
Тым сұлу ай мен күндей бір қызы бар.
Мәлике Күләндаз дер оның атын,
Көрмейсің ондай сұлу әйел затын.
Хаққан дейтін бір мықты дию соны,
Алуға көптен бері ынтығатын.
Бұл Хаққан асқан сиқыр, өзі мықты,
Құбылар сиқырлықпен жетпіс түрлі.
Мысыранға көп рет елші салып,
«Берсін» деп Күландазды тілек қыпты.
Бұл Хаққан талай сұлу қыз бұлаған,
Солардың бірде-бірі бағынбаған.
Өзіне бағынта алмай сол қыздарды,
Ақыры жер астына зындандаған.
ғашықтық дастандар
Хаққан дию Мысыранға сол күн кепті,
«Жаның барда қызыңды тез бер!»—депті.
Мысыран қарсы шығып күш қылғанда,
Қатырып қара тас қып ап кетіпті.
Бар еді Күландаздың бір інісі,
Осы еді Мысыранның жан тынысы.
Қарайтын әкесінің құзырына,
Бұл жайды қарсыласқан осы білді.
Кептер болып Койқаптан ол да ұшты,
Таппаққа әпкесі Күландазды.
Молла мен Нұртазалар қарап тұрса,
Бір кептер қыздарды кеп айнала ұшты.
Қыздардың соған кетті көңілі ауып,
Ұмтылды молла дағы орай тауып.
Құдайым шаһизадаға медет беріп,
Сұлу қыздың киімін құшты барып.
Басқа қыздар киімін бұрын алды,
Үстіне қас қағымда киіп алды.
Алты қыз аққу болып аспанға ұшып,
Соңында Күландаз қыз жалғыз қалды.
Алты аққу, бір кептер жүр шыр айналып,
Жолдасын қалып қалған қимай анық.
Түйіліп төбелерден қарады да,
Бір шетте тұра тұрды қиғаш барып.
Күландаз сұлу екен тым-ақ ерек,
Қойғандай алтын нұрға шымқай бөлеп.
Жалбарды Нұртазаға жасын төгіп,
—Тақсыр-ай, киімімді қайтып бер,—деп.
Ұмытпан шаһизадам бұдан былай,
Басыма қайғы төнді қара таудай.
Әкемді бір сұмырай дию ұстап,
Бәнт етіп қатырыпты қара тастай.
нұртаза мен күнасыл
Бұл сөзді айтып келген анау кептер,
Көңілім осы кезде әптер-тәптер.
Сол дию мені алуды көп ойлаған,
Ішімді өртеп барад қайғы мен шер.
Ол дию көп сұлуды қамап алған,
Бәрі де сұрқияға ұнамаған.
Кеспірсіз, қара ниет сол сұмырай,
Жазықсыз көп қыздарды зындандаған.
«Хаққан—сол диюдың аты,—дейді,
Қысымы жаннан бөлек қатты,—дейді.
Сиқыршы жетпіс түрлі құбылатын,
Ол сұмға төтеп беру қиын,—дейді.
Арбасса неше түрлі құбылады,
Есіріп сондығынан құтырады.
Соғыста жеңілістен құтқаратын,
Бар оның бір үлкен тас құмырасы.
Сиқырлық сабақтарды мен де оқығам,
Хаққанменен соғысып талай қуғам.
Ол түтін, мен жел болып қуғанымда,
Ішіне құмыраның кіріп алған.
Аузынан құмыраның жалындатып,
Тұрады бір улы от өнер жанып.
Маңына ешбір нәрсе маңайламас,
Жолаған өртенеді күйіп-жанып».
Ойлантып Күландаздың айтқан сөзі,
Қадалды Ақмолланың көңіл көзі.
Ол сиқыр құмыраға кірер болса,
Тығындап жоғалтпақшы барып өзі.
Алмаған молла бекер көп кітапты,
Ойлаған ертеден-ақ Койқапты.
Бірінде сол кітаптың мөр басылған,
Тығынға жапсырылған дұға бар-ды.
ғашықтық дастандар
Ешбір жан аша алмайды бұл тығынды,
Оқымысты, болмаса бір ғылымды.
Неше түрлі шарты бар оны ашудың,
Ақмолла сол қиынға тағы ұрынды.
Молла айтты:—Мен жоямын ол Хаққанды,
Азат қып қамалғанды зындандағы.
Жеткіз бізді тезірек Қап тауына,
Көрсет маған ол түсер құмыраны.
Күландаз бек қуанып күліп кетті,
«Көрсетші, адамзатым, кереметті.
Егерде Хаққан сұмды жоғалта алсаң,
Берейін, айт тілегің, не-дүр?»—депті.
—Шәкіртім, мына отырған шаһизадам,
Ғашықтықтан сарғайып болды жаман.
Күландаз, саған айтар жұмысым бар,
Күнасыл деген қызды іздеп тапсаң!
—Естіп ем Күнасылдың мен де есімін,
Білмеймін, бірақ оны қайда осы күн?
Болса егер бұл дүниеде тауып берем,
Жоғалса Хаққан дию, бұған сенгін.
Соны айтып шетке сұлу жаяулады,
Көк кептер оған келіп таяулады.
«Ұшар киім әкел!»—деп сарайынан,
Кептерді Койқапқа қайтарады.
Қайтып кеп Нұртазаға тұрды қарап,
Көңілінен сүйінішті сезім жанад.
Пері қызы адамға зайып болмас,
Амал не, осы тәртіп тұр жазалап.
Көп өтпей киімді алып кептер келді,
Ақмолла киімдерді сынап көрді.
Ұққан соң киім сырын бәрі киіп,
Аққу боп шырқап көкке самғай берді.
нұртаза мен күнасыл
Күландаз айтты сонда:—Жол тым ұзын,
Моллеке, шаһизада, көзіңді жұм.
От тауы, соғысқан тау—қатерлі жол,
Бәрін де бағындырам жалғыз өзім.
Молла, зада сол шақта көзін жұмды,
Тек зулап құлаққа ұрған жел білінді.
«Аш» дегенде көздерін ашып еді,
Бір тамаша сарайға келіп кірді.
Сол кезде қара құйын дауыл тұрды,
Күландаз оған қарап біраз тұрды.
Көрінген ортасында қарақұсты,
Хаққан дию екен деп танып білді.
—Моллеке, Хаққан анау келе жатқан,
Мені алмақ боп келеді қарғыс атқан.
Болыңыз бізбен бірге артымызда,
Жол болса құмырасына қуып тығам.
Күландаз шықты көкке бұлт болып,
Боранға келе жатқан қарсы жөңкіп.
Жақындап аралары қалған кезде,
Сатырлап бұрқыратты бұршақ төгіп.
Арпалыс болды аспан алай-дүлей,
Боранда топырақ ұшып соқты үдей.
Зіл-зала бұршақ шашып қара бұлт,
Күп-күндіз қап-қараңғы болды түндей.
Жарқылдап қара бұлттың найзағайы,
Ақырып селкілдетті бар маңайды.
Ұшырып тас, кірпішті, боран үдеп,
Ұлиды, азынайды, айғайлайды.
Бұлт жағы бара-бара әлсіреді,
Азайған Күландаздың халы тегі.
Молла ашып кітабын бұлт шақырып,
Әлсіреген бұлтқа көмек берді.
ғашықтық дастандар
Атқылап тағы құйды кесек бұршақ,
Ашулы найзағайы қатты ақырад.
Бораны Хаққан сұмның қайта қашты,
Бұршақтың соққысына тұрмай шыдап.
Құбылды қара боран қаршығаға,
Ұшып кеп ықтамаққа бір шынарға.
Сұңқар боп Күландаз да қуды оны,
Аз қалды сұм Хаққаннан жан шығарға.
Шашылды бұл қаршыға тары болып,
Тауық боп Күландаз да жатыр теріп.
Түтін боп Хаққан сұмырай ұшты көкке,
Күландаз қуды оны жел боп соғып.
Түтін қашып құмыраға барып кірді,
Ақмолла құйындатып тез үлгерді.
Аузына құмыраның нығай салды,
Мөрі бар ашылмайтын бір тығынды.
Әлқисса, Ақмолла, Нұртаза, Күландаздар Хаққан диюдың
сиқырлы сарайын аралайды...
Сарайы Хаққан сұмның неше қабат,
Дүниеге бұл сарайлар толы набат.
Жиһазды болмайды екен көріп санап,
Безенген асылдармен бек қабағат.
Бір сарай кітап екен сатылаған,
Төбесін күміспенен шатырлаған.
Оқыды молла келіп әр кітапты,
Жетілген алуан хатты көп оқыған.
Бір кітап көз тартады тысы көркем,
Әр түрлі суреттері бек безенген.
Ақтарып молла соны қарап шығып,
Айтыпты:—Мынау кітап тылсым екен.
нұртаза мен күнасыл
Тағы да аралады кітапты алып,
Кіріпті бір сарайға есік ашып.
Сарайдың барлық сыры бұл кітапта,
Қойыпты әр параққа мазмұн жазып.
Бұл кітап моллаларға болған азық,
Білімді бар халыққа алтын қазық.
Тастар тұр адам мүсін қатырылған,
Қойыпты бас жағына атын жазып.
Сол атпен Мысыранды тауып алды,
Күландаз көре салып талып қалды.
Болыпты бұт сияқты бір қара тас,
Көрген жан мынау іске аң-таң қалды.
Қозғады Күландазды молла келіп,
Қалыпты недәуір-ақ есі кетіп.
Ақмолла кітапты ашып, іс көрген соң,
Тұрады Күландаздың есі келіп.
Онан соң молла тағы кітапты ашты,
Тастарға жан салатын бетті тапты.
Үш бетті сол кітаптан оқып болып,
Үшкіріп Мысыранның жанын сапты.
Мысыран түрегепті көзін ашып,
Жылады Күландазбен амандасып.
Молла мен Нұртазаны таныстырды,
Күландаз болған кезде мауқын басып.
Тірілтті молла тастың барлығын да,
Кездескен тағдырының тарлығына.
Тірілген патша, балуан, небір ғалым,
Маран да тағзым етті Ақмоллаға.
Маран кеп амандасты Нұртазамен,
Тас бопты соғысып қап Хаққанменен.
Молланың данышпандық істеріне,
Білдірді көп алғысын құрметпенен.
ғашықтық дастандар
Күландаз осы кезде шығып кеткен,
Іздеген Күнасылды төңіректен.
Тауыпты аса маһкам бір зынданнан,
Перизат қырағылық өнерімен.
Ол жерде талай қыздар қамалыпты,
Шынжырлап бір-біріне маталыпты.
Аша алмай қыздар жатқан сол зынданды,
Тартыпты Күландаз көп қапалықты.
Бір кезде Күландазың қайтып келді,
Булығып қапалықпен ентігеді.
«Зынданнан Күнасылды шығарып ап,
Нұртазаға әкеп қоссам не етер еді?!»
Ашумен сол Күландаз қайтып келді,
Моллаға көргендерін айтып берді.
Нұртаза бір дақыл да сабыр қылмай,
Көрсем деп Күнасылды еңіреді.
Барыпты барлығы да сол зынданға,
Ақмолла кітапты алды тағы қолға.
Бірнеше парақты оқып үшкіргенде,
Зынданның бекіктері болды парша.
Онан соң кірген олар үй ішіне,
Хаққанның қараңыздар бұл ісіне.
Отыздай сұлуларды матап-байлап,
Төндірген бірден қылыш кеудесіне.
Бұған да молла дұға оқыды енді,
Ғашықтар бірін-бірі көрді енді.
Жолатпай Нұртазаны ұстап тұрып,
Дұғаны сұлуларға үшкірді енді.
Байлаудан барлығы да босаныпты,
Ақмолла құтқарды өстіп көп ғаріпті.
Нұртаза Күнасылмен құшақтасып,
Жылады басылғанша ол сарықты.
нұртаза мен күнасыл
Нұртазаның ғазалы:
Күнасылым—ғашығым,
Құшқаным рас па өзіңді?
Өңім бе бұл, түсім бе,
Ұқтың ба айтқан сөзімді?
Дию екен сол бір кез,
Бұлт боп келіп ап кеткен.
Жоғалтып сені әп-сәтте,
Қаншалаған жас төккем!
Қинапты-ау сұм, жаныңды,
Зынданға тас бекітіп.
Іше алмапты қаныңды,
Аруақтар оны өкінтіп.
Ұстазымның құдіреті
Жойды дию апатын.
Көп пері де құтылды
Тас мүсін боп жататын.
Тағдыр бізді айырмас,
Енді бізге бақ беріп.
Рахат берер, қуантар,
Көтеріп алтын тақ беріп.
Сағындым сені, Күнасыл,
Көзім жасы көл болды.
Ұстазымның қолымен
Бақытымыз гүл болды.
Енді қуан өмірге,
Елге ұшып барамыз.
Ата-ана, елмен кездесіп,
Ақ батасын аламыз.
Қолды-қолға ұстасып,
Әлемде сайран саламыз.
Күнасылдың ғазалы:
О, Нұртаза, сүйгенім,
Жолыңда сенің күйгенім.
Шықпайды еш есімнен,
Өзіңді құшып жүргенім.
ғашықтық дастандар
Хаққан дию қастықпен
Жауып еді зынданға.
Ақыр өзі жоғалды,
Кіріп титтей құмыраға.
Ұйықтадым ба, талдым ба?
Не болғанын білмеймін.
Қатып-семіп қалдым да,
Жыламаймын, күлмеймін.
Өстіп өтті күндерім,
Кезіккенше өзіңмен.
Біздерді сен құтқардың,
Айналайын көзіңнен.
Ұстазыңа мәңгі алғыс,
Бізге бақыт әперген.
Сол әулие құтқарды
Осынша ауыр қатерден.
Құша бер де, сүйе бер,
Жаным саған жаралған.
Мен жақсылық таппаймын,
Сенен басқа адамнан.
Әке-шешем не болды?
Одан хабар алайық.
Қол ұстасып екеуміз
Бірге алдына барайық.
Басқан жолды, іздерді
Түгел жайып салайық.
Құлақ құрышын қандырып,
Құрметіне жарайық.
Мен сендікпін ежелден
Қатарыңда жүремін.
Суығыңа мұздасам,
Ыстығыңа күйемін.
Сағынышын жүректің,
Басайыншы құшақтап.
Сен де мені қыса түс,
Оты ыстық құшаққа ап.
Мысыран той жасады жиып пері,
Молла тақта—адамзат кемеңгері.
нұртаза мен күнасыл
Уағыздап оқу күшін осы патша,
Нұртаза, Күландазға бата берді.
Ақмолла сондай жетік ақиқатқа,
Дос болды Мысыран да адамзатқа.
Бірін бірі жоқтасып тұрар болып,
Тапсырған көңіл сырын қайтар шақта.
Қырық күн сайрандатып моллаларды,
Өзінің шаһарына алып барды.
Күнасыл—үрім шәрінің мәликесін,
Ап келгенін еліне хабарлады.
Үрімнің патшасы да келді дейді.
Өз қызын аман-есен көрді дейді.
«Патша» деп, тағы менен қызын беріп,
Нұртаза зор бақытқа кірді дейді.
Әкесі Нұртазаның—Шәміс патша,
Ұсынды құдаларын алтын таққа.
Пір тұтып, Ақмоллаға басын қойып,
Жетіпті мұратына осылайша.
Нұртаза танылыпты жер мен көкке,
Оңай ғой қайтем десе Құдіретке.
Оқумен талай қиын істі шешіп,
Ақмолла бөленіпті зор құрметке.
Олжа қыз
Бар еді бір әңгіме баяғыда,
Ғасырдың он төртінші аяғында.
Тап болды екі ғашық бір өлімге,
Ұшырап ханның қатал таяғына.
Жігіт қазақ, қыз байқұс моңғұл еді,
Өзгеден артық туған сұңғыла еді.
Ежелгі оның аты—Насын Баден,
Жастары екеуінің құрбылы еді.
Сол кезде қақтығысып қазақ-қалмақ,
Болыпты бір-бірінен барымта алмақ.
Бір жолы қалмақтарды қазақ жеңіп,
Олжа қып осы қызды алған таңдап.
Жорықтың жауды жеңген қолбасшысы,
Қуантып оның жанын жол жақсысы.
Ханға әкеп қалмақ қызын тарту етті,
Әруақтың жау жеңдік деп қолдап күші.
Көзімен перизаттың алды-артын ап,
Күліп ап сөйлеп кетті хан қарқылдап:
—Меніңше, қыздың аты Олжа болсын,
Алыңдар, алыс-жақын хандар, тыңдап...
Сонымен Олжа болды қыздың аты,
Жат жұрттың қолға түскен перизаты.
Хан беріп бір кемпірге бақтырды оны,
Не болар келешекте істің арты.
олжа қыз
Бейшара қолға түскен бала құстай,
Отырып тұғырында далаға ұшпай.
Қолында тұл кемпірдің жыл өткізді,
Алты ай жаз қамығумен, ала қыстай.
Мұң шығып тұрса дағы қабағынан,
Көрінді ішкен асы тамағынан.
Көңілі шіркін жастың ашылмады,
Үзіліп түскен гүлдей сабағынан.
Тағдырдың кім біледі сызулы ісін,
Жігіттер, қыз бар жерде қызулысың.
Табиғат берді Олжаға сұлулықты,
Қыпша белге жарасқан сұлу мүсін.
Жаңа ашылған гүлдей бір жас ұятын,
Суық көзден жасқанып жасыратын.
Алма бетке қып-қызыл қарай қалсаң,
Аппақ қардай ақ тамақ асылатын.
Екі көзі қап-қара күлімдеген,
Сыр бермейтін жігітке «күнім» деген.
Қаз төсіне қабағат жарасатын,
Қос алмасы кеудеде дірілдеген.
Ауыртса да қыз жанын өз жарасы,
Бұзылмады басқаға көзқарасы.
Талайлары тасадан торып жүрді,
Тек жүре ме қазақтың бозбаласы.
Айдай сұлу Олжаны—ханның қызы,
Бір көруге жігіттер жанын үзді.
Бір көрген соң құмар боп сипатына,
Жүректерден от жанып, жалын қызды.
Жігіттер келіп жүрді, кетіп жүрді,
Кейбірі тіл қата алмай өтіп жүрді.
Бұйырар ару қызды тағдыр кімге,
Әйтеуір тілектері жетіп жүрді.
ғашықтық дастандар
Қыз жалғыз, құмарланған жігіт қырық,
Әр жігітте салатын бірден құрық.
Қырық бір қыздың жаны дейтін өсек,
Бөліп бермес қыз жанын қырық қылып.
Болғанмен жігіт қырық жеке-жеке,
Жақсы қызға жақсы үміт төпе-төпе.
Алтын басты әйелдің жары жалғыз,
Бес тушаға жараспас сексен теке.
Олжаны жаз жадатып, қыс жүдетті,
Осылай қамығумен үш жыл өтті.
«Қыз жүкті болды» деген қызық хабар,
Бір күні қаһары мол ханға жетті.
Өмір деген осындай ойпаң-тойпаң,
Басар жол бірде жатық, бірде қайқаң.
«Өз қызым» деп Олжаны асыраған,
Хан көрсетер ал енді қандай сойқан?
Бұл хабар жалған ба екен, рас па екен,
Ханға біткен қыз сөйтер мирас па екен.
Иләһи, осы хабар рас болып,
Сорлы қыз бір жігітпен ұнасса екен.
Азайып қыздың сонда қасіреті,
Кірер ме қайта айналып жас реті.
Басады мың қайғыны бір махаббат,
Міне, осы жар сүюдің қасиеті.
Ести сап бұл хабарды хан тулады,
«Қызым жүкті болды» деп қатуланды.
Шақырды қызды баққан тұл кемпірді,
Таппақ боп Олжаменен тату жанды.
—Өз қызым Олжа—менің балам, —деді,
Ұятсызды қолыммен жарам,—деді.
Басынған мені бүйтіп қандай дұшпан,
Кім де болса қақ басын алам,—деді.
олжа қыз
Айтқаным ауызымменен айтқан ,—деді,
Оллаһи, айтқанымнан қайтпан,—деді.
Қоймаймын тұқиянын ондайлардың,
Құлап түсіп қалсам да тақтан,—деді.
Осылай қаһарланды ханекеңіз,
Деді ол істі солай әл етеміз.
Күнәлі оқиғаға кім боп шығар,
Куәші жиылғанда, кәне, тегіс.
Табылад жанға—жаһан, асқа—қазан,
Адамзат, ажал сенің, аспа—жазаң.
Әрқашан ойнасаң да, ойлап сөйле,
Ойнайтын өмір сенің емес бажаң.
Болса да ханның бірдей бес қатыны,
Тумастан бір нәресте босқа отырды.
Бала жоқ тауып алған ұлдан басқа,
Осыған ханекеміз бас қатырды.
Өмірде ханның көрген бар қызығы,
Бар дедік тауып алған жалғыз ұлы.
Ол жайлы біраз ғана сөз бастайық,
Жүкті боп тұрсын ханның жалғыз қызы.
Ол ұлға қойған аты Сауық еді—
Жайлаудан көшкен шақта ауып елі
Үйінде бір қыз байқұс жүкті болып,
Осыны көш-жөнекей тауып еді.
Қысылды ұялғаннан қыз бейшара,
Болар іс болғаннан соң бар ма шара?!
Қызығы бес минуттың бес жылғы ұят,
Ісі шала болғанның іші жара.
Бірақ қыз басқа адамға білдірмеді,
Терем деп көш-жөнекей бүлдіргенді.
Жалғыз шығып, баланы туды дағы,
Тастап кетті тірідей, өлтірмеді.
ғашықтық дастандар
Қыз бала, іс қылсаңшы байқаңқырақ,
Басыңды изей бермей, шайқа бірақ.
Келгенде еңкең қағып жігіт арсыз,
Беліңді қысқызсаңшы, байқа бірақ.
Өтпейді қыз күйеусіз, жігіт жарсыз,
Ішінде осы сөздің сіз де барсыз.
Көксейтін бірге тоймай, бәрін қоймай,
Көз салған көрінгенге көңіл арсыз.
Бәрінің жатқанынша бойында ықтап,
Біреудің ұстасаңшы белін мықтап.
Ол сенің суға кетсең ұстар талың,
Қысса егер «бәрекелді!» сені нықтап.
Осылай бастағанда бұл қиссаны,
Жүрегімді болмағыр бір күй шалды.
Қыз жәйлі жүкті болып бала туған,
Сөйлейін аңыз болған бір мисалды.
Бір құс бар көкек деген осы жақта,
Келеді жаз жадырап туған шақта.
«Көкек» деп жағы тынбай шақырады,
Ол неге жалғыз қалған, жары жоқ па?
Немене оның мұндай жасағаны?
Көзінен көкек десе жас ағады.
Ол неге ондай атты шақырады,
«Көкек» деп қасіретін баса ма әлі?
Жарандар, тыңдаңыздар оның сырын,
Бар екен сүйген жары оның бұрын.
Айырылған қосағынан ол бір ғаріп,
Қайғысын жеткізе алмас менің жырым.
Көкектің Зейнеп деген жары бопты,
Бұл хабар дүниеге жайылыпты.
Ертеде топан суы қаптағанда,
Екеуін ұлы окиан айырыпты.
олжа қыз
Сонымен ол ар жақта, бұл бер жақта,
Ол Көкек, бұл Зейнеп боп күйген отқа.
Сағынып бірін-бірі шақырады,
Шағынып жаратушы табиғатқа.
Көкектің бұл жақтағы аты—Зейнеп,
Айрылып күйеуінен тартқан бейнет.
Шақырад күйеуінің «Көкек» атын,
«Бар болсаң дүниеде бері кел» деп.
Айрылса жан иесі жан жарынан,
Жүрегі секілді ғой қақ жарылған.
«Зейнеп» деп Көкек байқұс шақырады,
Өте алмай окианның ар жағынан.
Білмейміз қандай екен оның күйі,
Зейнептің мұнда естиміз үнін жиі.
Жаз болса жаңылмайды «көкек» деуден,
Мәлімсіз бар ма, жоқ па мұның үйі?
Күйеуін жатса-тұрса ойлайды екен,
Сондықтан «көкек» деуді қоймайды екен.
Жан иесі болған соң шыдай алмай,
Құрқылтай деген құспен ойнайды екен.
Аңыздың болмыс куә расына,
Зейнептің айналыпты мұрасына.
Баласын туып, тастап кетеді екен,
Баяғы құрқылтайдың ұясына...
Қыз байқұс бағанағы қашпай-пыспай,
Туды да, өз баласын сүйіп-құшпай.
Далаға орап-қымтап тастап кетті,
Жоғарғы біз сөйлеген Зейнеп құстай.
Тастаған сол баланы қымтап жауып,
Бір қазақ келе жатып алды тауып.
Баласыз ханға апарып беремін деп,
Далбақтап ауыл жаққа кетті шауып.
ғашықтық дастандар
Балаға хан қуанып жасады той,
Бұл тойда жығылды тай, сойылды қой.
Алты күн аймақ жиып, ат шаптырып,
Сегіз күн серуен қып сейілді бой.
Баланың атын ойлап, Сауық қойды,
Десті жұрт: «оның атын тауып қойды».
Даладан тауып алған арғы тегін,
Білдірмей басқа жанға жауып қойды.
Ендеше пайда болды бала қайдан?
Болғанын ұқпады ешкім далабайдан.
Қалды ма қатын тумай, көктен түсіп,
Жаралмай ер—әйелсіз, бала—байдан.
Жастауы хан тоқалдың бесіншісі,
Осы еді ішіндегі кесімдісі.
«Туды» деп оны оң жаққа отырғызды,
Сонымен жұмбақ ұлдың шешілді ісі.
Осылай елге жайды бала жайын,
Ер жетті хан үйінде «далабайым».
Үй беріп бір кемпірге бақтырды оны,
Күтуші күң мен құлдар, о да дайын.
Көңілін, қарынын да орта қылмай,
Өзінің бақты кемпір ұрпағындай.
Тұрады әр күнде бір ханға әкеліп,
Хан қарық боп қалатын ұлға мұндай.
Кемпірдің жаққан ханға не себебі?
Ол асқан бір шежіре шешен еді.
Білетін дүниеде көп өнерді,
Сондықтан ханға жаққан осы өнері.
Үйретті кемпір ұлға бар өнерін,
Кім білсін қауыз болмай дән өнерін?
Әйтеуір өсті бала зерек болып,
Келмейді ісін көріп бала дегің.
олжа қыз
Қолына жастай тұрып қалам алса,
Ақын боп өлең жазды қалағанша.
Береді ел тарихын шежірелеп,
Жанына үлкендердің бара қалса.
Қолына имек қарын садақ түссе,
Тигізед басты қойып, қадап тіске.
Болады жаудан қайтпас бала батыр,
Басқа қалқан, үстіне жарақ кисе.
Тартса егер сыбызғыны мұңын жоқтап,
Қалады жаудан қашқан жылқы тоқтап.
Балға ұстап, шойын төсті қолына алса,
Болаттан тон соғады бөздей қақтап.
Ел сырын, заман жайын біліп-шолып,
Көгіне өнер жайлы үміт толып.
Осылай өсті ержетіп хан баласы,
Бір сырлы, сегіз қырлы жігіт болып.
Тарады аумағына оның даңқы,
Осы елдің естіп болды барлық халқы.
Қосылса үш адамның басы бірге,
Сауықтың өнер-ісін қылды талқы.
Өнер қуып өткізбей күнін босқа,
Келгенде ол ержетіп он төрт жасқа.
Баяғы барымтада алып келген,
Кез болды қалмақ қызы—қарындасқа.
Біз баста қалмақ қызы келді дедік,
Оны хан бір кемпірге берді дедік.
Ол баяғы Сауықты баққан кемпір,
Екеуін баққызды хан бірдей беріп.
Хан жолымен қарасақ балаға осы,
Ол қарындас болғанда, бұл—ағасы.
Мен—қазақ, анау болса, моңғұл қызы—
Сауықты ойландырар сұрақ осы.
ғашықтық дастандар
Онсыз да аралары алыстан-ды,
«Хан ұлымын» деуден де намыстанды.
Алдына абырой мен алтын қойып,
Асырауға болар ма арыстанды?!
Өнерге өзгелерден бай болса да,
Төрт түлігі қасында сай болса да.
Көңілі оның бірақ ашылмады,
Жегені бал мен шекер, май болса да.
Дүниеде не іздесе бар болса да,
Жанында жәудіреген жар болса да.
Тұрғысы келер емес хан үйінде,
Тұрмысқа ертең мұндай зар болса да.
Хан айтпай мұның тегін жасырса да,
Бес қатын: «Біз—анаң» деп бас ұрса да.
Түңілді түбегейлі бұл тұрмыстан,
Мойнына ару қыздар асылса да.
Өзінің бірге жүрген құрдастары,
Бір күні қосылғанда бір бастары.
Жанына жара салды жазылмайтын,
Біреуі былайша ұрсып, сырды ашқаны:
—Ойнастан туған неме, сен, не дейсің?
Өзіңше ханның ұлы мен де дейсің.
Даладан тауып алған асыранды,
Әкең—жын, шешең—сайтан бірдемесің!..
Сауықты содан тартып қайғы басқан,
Қайғысы күннен-күнге қалыңдасқан.
Бұл сырын кейін келе жасырмады,
Қаракөз қалмақ қызы—Қарындастан.
Бір үйде кемпір, қыз бен үшеу ғана,
Кемпір шығып кеткенде екеу дара.
Сыр болып аузы кейде ашылатын,
Жүректе жарылмаған бітеу жара.
олжа қыз
Кей кезде ішкі сырын бұл сұрайтын,
Айтып ап ата-анасын қыз жылайтын.
Екеуінің мұңдары бір боп шығып,
Білдірмей басқа адамға жүз шыдайтын.
Кей кезде бір-біріне қарасатын,
Қарасса күлгендері жарасатын.
Қозғанда махаббаттың делебесі,
Қос кеуде бір-біріне жанасатын.
Қалғанда жарасудың қияты кеп,
Көңіл мауқын басатын ұяты жоқ.
Осылай ойнап-күліп жүрген шақта,
Қыз бейшара қалыпты ұятты боп.
Бұл істі кемпір біліп, ханға жетті,
Екі жастан туыстық сенім кетті.
Тағдыры махаббаттың осылайша,
Қыздың ішін томпайтып, желіндетті.
Іс еді болмайтұғын бұ да болды,
Хан білсе, бастан бұлар жүдә болды.
Не болса да о болсын, о да жақсы,
Әйтеуір қазақ-қалмақ құда болды.
Махаббат, мейлі өлімге жетелесін,
Жар үшін небір сұмдық төте келсін.
Өмірде қылған істі баспен ойлап,
Қорықпай мойыныңменен көтересің.
Жар үшін жанын қиып жас кетеді,
Әлемде адам болса, ас жетеді.
Қорқасың неменеге қылған істен?
Қиылып қиын қылса, бас кетеді.
Осыны Сауық ойлап қорықпады,
Кем жерін Олжа қыз да толықтады.
Отырып екі ғашық кеңес қылды,
Алдағы басталатын жорықтарды.
ғашықтық дастандар
Екеуі хан қолынан қашпақ болды,
Тауынан Тянь-Шанның аспақ болды.
Қол жиып, ұран салып қуса қазақ,
Олжаның өз үйінен тоспақ болды.
Отырып Олжа сонда:—Сауық,—деді,
Біз жаққа бара қалу қауіп,—деді.
Қазақ пен қалмақ онда қырқысады,
Кетейік елсіз жерге ауып,—деді.
Мен—моңғұл алыстағы, сен—қазақсың,
Екеуміз бас қосқалы болды аз-ақ күн.
Екеумізді ел емес, тағдыр қосты,
Бірге өлейік қойнында енді азаптың.
Қосылды осы сөзге жігіт күліп,
Жарына жан-жүйесі жібіп тұрып:
—«Олжажан, қайда барсақ бірге өлейік,
Тағдырдан жақсы күнді үміт қылып.
Екі жас жүректерін серттеп болды,
Қайраттан бір-бір жақсы ат ерттеп болды.
Білдірмей елге-жұртқа дайындалып,
Жұма күн түнде қашып кетпек болды.
Тыңдаушым, біліңіздер қыздың жайын,
Қашуға екі ғашық болды дайын.
Бағана кемпірді атап хан шақыртқан,
Сөйлейік қайта айланып оның жайын.
Алдына ханекемнің кемпір келді,
Қыз жайын жүкті болған ол түрледі.
—Бұл жайлы қылмыстының басын алсаң,
Алдымен өз ұлыңды өлтір!—деді.
Бұны естіп хан айырылды санасынан,
Көзі шығып кетердей шарасынан.
Деп жүрген мұндай хабар естімеспін,
Өзінің аялаған баласынан.
олжа қыз
Дегендей мына пәле қалай келді,
Жалтақтап кемпір жаққа қарай берді.
Не болса да бір келген жанға бұл сын,
Айтқан сөзден айныса, жарайма енді?»
Хан баста: «Олжа қызды балам—деген,
Ұятсызды пышақпен жарам,—деген.
Оның жас ұятына кім күнәлі,
Кім де болса қақ басын алам»,—деген.
Және қоймай: «Айтқаным—айтқан!»—деген,
«Оллаһи, айтқанымнан қайтпан!»—деген.
О да өлім—екі сөйлеу, хан басына,
Өз дерті өз жанына батқанменен.
Ойланбай айтқанына хан өкінді,
Қинайды шығар шақта жан әркімді.
Ауыртпай ұлдың жанын алмақ болды,
Шығарып өз аузымен бір үкімді.
Ханымның қызы—моңғұл, ұлы—қазақ,
Баласы екі таудың арасы ұзақ.
Екеуін де Құдайдың қосқанын-ай,
Айырмағы адамның бұл бір ғажап.
Тартса да ұл зарлығын, қыз зарлығын,
Қараңыз абыройдың мырзалығын.
Қосылған екі жанның күнәсі үшін,
Былайша жайды көпке хан жарлығын:
—Ұл-қызым ұялмастан діннен азып,
Өз көрін даярлады өзі қазып.
Сондықтан екеуінің басы алынсын,
Пайғамбар «парыз» десе, ханың «уәжіп».
Ел жиылсын күнге ертең тура жұма,
Түстен бұрын бастары болсын жүдә!
Осылай хан жарлығы түсті келіп,
Ашынған мейлі, шыда, мейлі, жыла.
ғашықтық дастандар
Бұл хабар тарады елге дабыл қағып,
Жиылды жұмаға жұрт қырдан ағып.
Сауық пен Олжа қызды алып келді,
Қолға шынжыр, мойнына арқан тағып.
Екі жас жұрт алдында сұлу тұрды,
Бастары алынарын біліп тұрды.
Айтқан көпке естіртіп хан жарлығын,
Бастарын құбылаға бұрып тұрды.
Болды енді қанды уақыт басталатын,
Адамды ажал келіп бассалатын.
Сөйткенше екі жендет жетіп келді,
Балтасын жарқылдатып бас алатын.
Дүр етіп отырған жұрт түрегелді,
Қар жауып қабақтардан үрейленді.
Сол кезде қалың көптен сыдырылып,
Алдына ханның жылдам біреу келді.
Бұл ханның немене екен өз жоспары,
Әйтеуір, қатуланған көз-бастары.
Ханға бір тағзым қып, қаз тұрды да,
Былайша көпке есіртіп сөз бастады:
—Тақсыр, біраз дәт,—деді,
—Дәтің болса, айт!—деді.
Кетті сөйлеп әлгі адам,
Белгісіз бізге ат-тегі.
—Дәтім бар айтар, ханекем,
Жарлығыңыз жөн екен.
Сізге біткен ұл мен қыз,
Ұяттан азған жан екен.
Әлемге шыққан атыңыз,
Адамнан бөлек затыңыз.
Атыңызға дақ салды,
Қайтіп шыдар дәтіңіз.
олжа қыз
Бұдан ұят өтпейді,
Сүйектен мәңгі кетпейді.
Кескенменен бастарын,
Аз жаза, бұ да жетпейді.
Шыққанменен жандары,
Артқа жаман салдары.
Жерімізге тамбасын,
Бұлардың арам қандары.
Топырақ, тасы киелі,
Жеріміз біздің иелі.
Тітіркенер қойылса,
Бұлардың арам сүйегі.
Бұдан қылмыс өтпейді,
Сүйектен мәңгі кетпейді.
Алғанменен бастарын,
Аз жаза, бұ да жетпейді.
Ханекем, тақсыр, сол үшін,
Бұлардың маған бер ісін.
Өз қолымменен жайғайын,
Өлетін жердің қонысын.
Жолыққандары киеге,
Тірідей артып түйеге.
Адам барса келмейтін,
Тастау керек иенге.
Келмек түгіл еліне,
Шыға алмас құмның беліне.
Тастау керек апарып,
Кербаланың шөліне.
Жаратты тағдыр хан қылып,
Біз қоялық аң қылып.
Тартып өлсін азапты,
Жол таба алмай қаңғырып.
ғашықтық дастандар
Бұл менің айтқан нақ сырым,
Не дейсіз, хан, тақсырым?
Жауымын жаман пенденің,
Жаршысымын жақсының.
Деді хан сеніп тұрып әлгі адамға:
—Өлтірмекші болып ем дәл қадамда.
Құнсыздар азап тартып өлсін құмда,
Ал әкет, бердім саған алда-жалда.
Жүрмесін жер бетінде тірі қалып,
Қоймасын бірі кетіп, бірі қалып.
Тірідей дінсіздерді арт түйеге,
Апарып таста құмға түзу барып.
Сонымен балта алатын бас сау қалды,
Көзінен екі жастың жас саулады.
Әлгі адам қандай адам? Шын ба, жалған?
Әйтеуір хан көңілін жақсы аулады...
Ғ Ы Л Ы М И
Қ О С Ы М Ш А Л А Р
Томға енген мәтіндерге түсініктеме
АНАР—СӘУЛЕ
Дастан
оқиғасы
ғашықтар
тақырыбына
арналған.
Қытайдағы қазақтар арасында өткен ғасырларда болған тари
хи оқиғалардың негізінде туған аңыз сюжетін жырға қосып,
көлемді махаббат дастанына айналдыра жырлаушының бірі—
Шығыс Түркістанның көрнекті ақыны Таңжарық Жолдыұлы
екені мәлім.
Шығармадағы оқиғалар желісі ақынның өзге туындыла
ры секілді реалистік сипатта жасалып, кейіпкерлердің түр-
тұлғасы, тағдыр-талайы, іс-әрекеттері барынша шынайы
бейнеленген. Ұзақ жылдар Гоминдан үкіметінің қудалауынан
зардап шегіп, Үрімжі түрмелерінің ащы дәмін татқан алаш
ақынының қияли жырға ерік беруі неғайбыл еді. Мұны
дастанның аяқталу сәтіндегі жыр шумақтарынан да аңғару
қиын емес. Ақынның:
Өтсе екен әділ болып бес күн әлем,
Ұшады жауыздықтан шіркін, зәрем.
Қиялды қайғы басып жүрген күнде,
Қиналып қыспақ жерде жаздым әрең,—
деген
сөздерінен
Таңжарықтың
тағдыр
тауқыметін,
солақай саясаттың құқайын көп көрген азамат екендігін және
«Анар—Сәуле» шығармасының түрме қабырғасында туғанын
байқаймыз.
Таңжарық Жолдыұлының 1940-1946 жылдар арасында
Үрімжі түрмесінде қамауда жатқанын еске ала отырып, «Анар—
Сәуле» дастаны да шамамен осы уақыттарда шығарылған деп
ғашықтық дастандар
есептеуге болады. Кейін жыр мәтіні ауызша һәм жазбаша түрде
ел арасына кең тарап кеткен. Қытайдағы қазақтар өмір сүрген
сонау феодалдық қоғамның күрделі кезеңдегі оқиғаларын су
реттейтін бұл дастанды жергілікті ұлт жүрегінен терең орын
алған халықтық туындылардың бірі ретінде қолдарыңыздағы
фольклор жинағына ұсынып отырмыз.
«Анар—Сәуле» дастаны 1982 жылы Бейжіндегі «Ұлттар»
баспасынан жергілікті ақын, тілші, аудармашы Әбдіманап
Әбеуұлы ел арасынан жинаған нұсқа бойынша жеке кітап бо
лып шыққан. 1990 жылы Күнес ауданының қарт ағартушысы,
жыршы Рымбек Сарқұлжаұлы айтқан нұсқа Шыңжаң «Халық»
баспасынан
жарық
көрген
Т.Жолдыұлының
таңдамалы
шығармаларының 2-томдық жинағына енген (1-том, 103-262
б.б.)
Дастанның осы нұсқасы 2001 жылы аталған баспадан
жарыққа шығарылған Таңжарық мұрасының екі томдық толық
жинағында (405-562 б.б.) қайта басылған.
Қытайдағы қазақ фольклорына арналған кезекті 25-томға
Т.Жолдыұлы жырлаған «Анар—Сәуле» дастанының мәтіні
ақынның 2001 жылғы Астана қаласында «Елорда» баспасынан
жарық көрген шығармаларының толық жинағының 1-томынан
(301-411 б.б.) алынып берілді.
ӘНУАР—КҮЛӘНДА
Дастанның басты тақырыбы махаббат жөнінде болғанмен,
шығарма сюжетіне бірқатар шығыстық мотивтер енгізілген.
Әсіресе, мұндағы Асан, Үсен, Әнуар сынды бас кейіпкерлердің
аттары да араб әлемінен кірген антропонимдер екендігі дау
туғызбайды. Қазақ өміріне бұл аталған есімдер «Кербала яки
Хұсайынның қиссасы» деп аталатын араб-парсы дастаны мен
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар әулеттеріне қатысты көптеген діни
аңыз-хикаялардың әсерімен сіңіскені мәлім.
Орта ғасырлық араб есімдері Хасанды—Асан, Хұсайынды—
Үсен атау халқымыздың әдетінде қалыптасқан тілдік құбылыс
ретінде саналады. Сонымен қатар «Әнуар—Күләнда» даста
нында ұшырайтын «үш жігіт», «үш жетім ұл», «уәзірлердің
ақымақтығы мен сатқындығы», «әйел мекерлігі» сынды ежелгі
мотивтер жырдың композициясында шығыстық сарындар мен
ғылыми қосымшалар
ортақ стильдік белгілердің молдығын аңғартып тұр. Бұл ерек
шеліктер дастанның бірден-бір жырлаушысы болып есептеле
тін Таңжарық Жолдыұлының шығыс әдебиеті мен оның бай
фольклорын жеткілікті деңгейде меңгергенін көрсетсе керек.
Дастанның
финалдық
бөлігінде
Басыра
патшасының
әмірімен дарға тартуға бұйырылған Әнуарды өзінің ағалары
келіп, құтқарып қалады. Сөйтіп, ел-жұрттың жәрдемі арқылы
патша мен оның жауыз көмекшілерін түгелдей қырып, Әнуар
билік тағына отырады. Бұл эпизодтардағы көріністен қазақтың
төл ертегісі «Аяз биге» тән кейбір суреттерді айқын көруге бо
лады.
Дастанды ел аузынан жинаушы—«Іле» газетінің арнаулы
тілшісі Құрманәлі Тезекұлы. Осы аймаққа кең тараған жыр
мәтінін Құрманәлі Тоғыз тарау ауданында тұратын екі қарт
мұғалімнен жазып алғанын айтқан.
Дастан 1983 жылы Бейжин «Ұлттар» баспасынан жарық
көрген «Қазақтың ғашықтық жырлары» жинағының 2-томын
да (211-293 б.б.) және 1996 жылы «Жастар—Өрендер» баспа
сында қайталанып (205-286 б.б.) басылған.
Сондай-ақ дастан 1995 жылы Шыңжаң «Халық» баспасы
нан шыққан Т.Жолдыұлы шығармалары жинағының 3-томын
да (255-320 б.б.) жарияланады.
Бұған қоса, «Әнуар—Күләнда» дастаны Қазақстанда 2002
жылы жарық көрген Таңжарық Жолдыұлы шығармаларының
екі томдық жинағына енгізілген (2-том, 252-296 б.б. ).
«Бабалар сөзі» сериясының кезекті бұл томына аталған кі
тапта жарияланған нұсқа ұсынылып отыр.
С. Қосан
САДЫҚ—СӘЛИҚАН
Бұл да Қытайдағы Іле Қазақ автономиясына қарасты Күнес
ауданында туған, белгілі қазақ ақыны марқұм Таңжарық
Жолдыұлы жырлаған эпикалық шығарманың бірі. Көз
көргендердің
айтуынша,
Таңжарық
аталған
дастанның
оқиғасын 1945 жылы өзімен бірге Үрімжі түрмесінде бірге
болған найман Қами деген қариядан жазып алған. Жалпы, ақын
жырлаған фольклорлық сюжеттердің көбі түрме қабырғасында
ғашықтық дастандар
туғаны мәлім. Қапастан шыққан халықтық үлгідегі жырлар
жекелеген жыршы, әңгімеші, құсни-хатшылар арқылы бүкіл
Шыңжаң өлкесіндегі қазақтар арасына кең таралып отырған.
«Садық—Сәлиқан» дастанының жалпы мазмұны қазақ-
қалмақ жаугершілігіне арналғанымен, мұнда Есім байдың
қызы Сәлиқан мен Нұрым байдың ұлы Садықтың арасындағы
адал махаббаттың мән-жайы, бас кейіпкерлер басынан өткен
азапты да шытырман оқиғалар шынайы суреттелген. Жыр
оқиғасы Сыр бойында өтеді.
Дастанның негізгі мәтіні ақынның өз қолжазбасынан
көшіріліп алынған. 1990 жылы Т.Жолдыұлының таңдамалы
шығармалары (263-369 б.б.) Шыңжаң «Халық» баспасын
да жарық көрген. 2001 жылы сол баспадан шыққан ақын
шығармаларының толық жинағына енгізілген (2-том, 594-697
б.б.).
Дастан 2002 жылы Астана қаласында «Елорда» баспасы
шығарған Таңжарық Жолдыұлы шығармаларының 2-томдық
жинағына енді (2-том, 23-90 б.б.).
«Садық—Сәлиқан» дастанының осы томға еніп отырған
мәтіні аталған кітаптан алынып берілді.
С. Қосан
БАЙЫН—ЖҮРЕК
Бұл шығарманың XVІІ—XVІІІ ғасырларда қазақ жерін
дүр сілкіндірген жоңғар шапқыншылығы тұсында өткен сан
қилы, қанқұйлы оқиғалардың соңында із боп қалған аңыз
хикаялардың негізінде туғаны даусыз. Жырдың құрылысы
қарапайым болғанымен, мұндағы кейіпкерлердің әрекеті
мен оқиғалар желісі өте қызықты да күрделі жағдайда өрбіп,
тыңдаушыны тез баурап алады. Жалпы, дастанның стилі XІX
ғасырдың соңында дүниеге келген халық поэмаларымен үндесіп
жатыр.
...Мүлгіген дала. Тау ішіндегі қия жолмен өрлеп жаулауға
бара жатқан әкелі-балалы екеудің арасында қоршаған жер-
су аттарының қалай шыққаны жайында терең әңгіме өрбиді.
Бала әкесінен өз қиялын тербетіп, ұзақ ойға түсірген «Байын—
Жүрек» жотасының тарихи жөнінде сұрайды. Міне, осы арадан
ғылыми қосымшалар
дастан оқиғасы әке атынан баяндала бастайды. Мұндағы аты ата
латын Албан Ұзақ батыр сынды тарихи тұлғалардың ұшырасуы
да мазмұнына арқау болған замана суреттерінің көпшілігі бір
кезде өмірде болған реальді жағдайлардың ізі екендігін айқын
танытады.
«Байын—Жүрек» дастанының өн бойында ауыз әдебиетімен
қатар жазбаша дәстүрдің белгілері де айқын көзге шалынады.
Демек, шығарманың негізгі сюжеті ескі заманнан жеткенімен,
жырлаушы ақындар кейінгі дәуірдің өкілдері болғандығы жыр
мәтініне өз әсерін тигізген деп санаймыз.
Мұндай халық дастандары XX ғасыр басында Қытайға
қарасты Іле өлкесіне кең тараған. «Байын—Жүректің» бұл
нұсқасы осы аймақтағы белгілі қиссашы, ата-бабаларынан
бермен қарай ескі аңыз, хикаяларды жаттап, кейінгі ұрпаққа
жеткізіп келген Күнес ауданы, Октябрь ауылы «Көгерту»
алаңының қызметкері Күлән Әжібекқызының айтуынан жазы
лып алынған.
Аталған дастан алғаш 1998 жылы «Мұра» журналының №4
санында, одан соң Бейжиңдегі «Ұлттар» баспасы жариялаған
«Қазақ қиссалары жинағының» 17-кітабында басылып шықты.
Баспаға ұсынушы—Күләш Әжібекқызы.
Ғашықтық дастандардың кезекті томына осы нұсқа енгізі
ліп отыр.
С. Қосан
САЛИҚА—СӘМЕН
Оқиғаның
желісі
моңғол
халқының
ескі
дәуірдегі
тұрмысынан алынған. Сірә, бұл сюжет Алтай тауын жайлаған
түркі-моңғол халықтарының арасында ертеден айтылып келе
жатқан көне хикаяның бірі болса керек. Себебі дастанның
басталуында әлемге әйгілі Шыңғыс қағанның әкесі Ясукей
батырдың есімі аталады. Бас кейіпкерлердің бірі Салиқа—осы
Ясукейдің жалғыз қызы.
Сәмен—хан жасағындағы белгілі батыр әрі Салиқаның
ғашығы. Жырдың ақырында ескі замандағы қатал әкенің
қаһарына ұшыраған Салиқа өзін-өзі өлтіреді. Көкше әулиенің
көріпкелдік болжамынан соң Сәмен Ұлан тауға келіп, қыздың
ғашықтық дастандар
қабірі басында қадалған қанжарды өз жүрегіне салады, сөйтіп,
ғашық жарының жанына құлайды.
Дастанда Ясукеймен бірге Темірдің (Темучин болуы ке
рек.—С.Қ.) есімі де аталған. Мысалы, Көкше әулие Сәменге:
Моңғұлдан Шыңғыс деген ұл туады,
Жаратқан ол бурылды соған сайлап.
Бурылды сол Шыңғысқа бағыштаймын,
Сен жаяу Ұланға бар тамаша айлап!—
деп келешек моңғол билеушісіне ақ жол тілейді. Жырда кез
десетін бұл мотивтер бас қаһарманның достары, көмекшілері
(«Алпамыс», «Кер құла атты Кендебай», «Ер төстік» т.б.) сияқты
ежелгі эпостық сарындарды көз алдымызға әкеледі. Әсіресе қос
ғашық Салиқа мен Сәменнің бір моланың түбінде қатар жерле
нуі, қыз бен жігіттің сүйгені үшін өз-өздеріне қанжар жұмсап
қаза болуы да ежелгі алтай—қазақ эпосы «Қозы Көрпеш—Баян
сұлу» дастанының оқиғаларымен толық үндес. Осының өзі
«Салиқа—Сәмен» дастанының сюжеті өте ерте дәуірдің мұрасы
деген ойға жетелейтіні даусыз.
Салиқа—Сәмен 1940 жылдары Алтай аймағында халық
жыршылары Болмас Төлемісұлы мен Мұқатай Серікбайұлының
домбыраға қосылып жырлауымен, ауызша тараған. Белгілі
ақын Асқар Татанайұлы осы екі кісіден және өзге жыршылар
дан жазып алған нұсқаларын аздап жаңғыртып, толықтырып,
1946 жылы «Ерікті Алтай» газетінің баспасында шағын кітап
етіп басып шығарған. Осыдан былай дастанның таралуы тіпті
ауқымды болып кеткен. Бұл дастанның түпкі қайнары туралы
«Қарасөзбен айтылатын ертек-аңыз еді. Әсет Найманбайұлы,
Қызыр Мамырбекұлы сияқты ақындар жырға түсірген» дейтін
болжам бар.
Сүлеймен Еламанұлы, А.Татанайұлы, Әмин Шапиков
бөлек-бөлек жазбаша тапсырған үш нұсқа өзара салыстыры
лып, бір-бірімен жүйелендіріліп 1980 жыл Үрімжіде шығатын
«Шалғын» журналының 1-санында сол адамдардың әзірлеуі
мен, ұсынуымен жарық көрген.
Осы нұсқа 1983, 1996 жылдары Шыңжаң «Жастар—
Өрендер» баспасында қазақтың ғашықтық жырларының 2-то
мында (130-153 б.б., 125-147 б.б.) қайталанып жарияланды.
ғылыми қосымшалар
1991 жылы «Алтай қаласының қисса-дастандары» жинағы мен
«Шіңгіл ауданының қисса-дастандары» жинағында сол өңірде
тараған нұсқалары жарық көрген.
Дастанның бұл жолғы басылымына1996 жылғы кітаптың
нұсқасы алынды. Жырдың қолжазбасын табуға һәм дайындауға
профессор О.Егеубаев атсалысты.
С. Қосан
ДОСАН
Шығарманың сюжетіне негіз болған—XVІІ-XVІІІ ғасыр
ларда өткен қазақ-қалмақ оқиғалары. Дастанның бас кейіпке
рі—он жасында өзінің жау қолында кеткен жесірін қайтарып
алуға аттанған ержүрек Досан батыр. Жырдың басталуы мен
аяқталуында ежелгі қазақ эпостарына тән жыршылық стиль
аңғарылады. Мысалы:
«Қолыма қалам алдым хат жазғалы,
Бірталай заман болды халық азғалы.
Ерінбей тыңдайтұғын ерлер болса,
Азырақ ер Досаннан сөз қозғалы—деп келетін
басқы шумақ қазақтың тағы бір ескі ғашықтық мұрасы «Қозы
Көрпеш—Баян сұлу» эпосының басталу сәтін көз алдымызға
әкеледі.
Тағы бір назар аударарлық жайт: «Досан» жырының
бірқатар эпизодтық көріністері—екі баланың сапарға шығу
сәті, жол қиындығы, қыздармен кездесуі және олармен
айтысқан өлеңдері, сондай-ақ жырдың стилі мен өлең өлшемі
де XІX ғасырдың басында туып, қазақ арасында кең тараған
әйгілі «Мақпал—Сегіз» дастанына барынша үндес. Мысалы,
«Мақпал қызда»:
Жайықтың жағалауы талды дейді,
Мінгені қыз бикештің жалды дейді,—дейтін
тармақтар «Досан» жырында:
Жайлауы біздің елдің Талды дейді,
Қызығы бұл жалғанның малды дейді,—деп аз
өзгеріспен ұшырайды. Немесе «Мақпал қызда»:
ғашықтық дастандар
Жайлауы біздің елдің Теңіз еді,
Малымыз теңіз жайлап семіз еді.
Мақпал-ау, түйем басын тартатындай,
Соншама Сегіз біздің неміз еді?—десе,
«Досанда»:
Жайлауы біздің елдің Теңіз еді,
Малымыз теңіз жайлап семіз еді.
Сұрайсың қыздардан кеп қыздың атын,
Қырғауыл, Тотықұс пен неңіз еді?—деп, алдыңғы шумаққа барынша үндестік танытады. Мұндай ұқсастық өте көп. Сірә, дастанның жыршысы «Мақпал—Сегіз» дастанының халықтық үлгілерін жаттап өскен құймақұлақ талант болса керек. Әрине, фольклорлық шығармадағы өзара ұқсас, ортақ сөз, формалық дайын үлгі, қалыптар мен тұрақты клишелер бұрыннан бар құбылыс. Бұл ретте «Досан» жырындағы осы тектес ежелгі халықтық сарындардың жиілігіне назар аудара отырып, шығарма шама мен XVІІІ ғасырдың соңы, XІX ғасырдың ортасында туған деп шамалауға болады. Жырды ел арасынан жазып алушылар—Болатхан Күмісқараұлы мен Абылайша Әбдібайұлы. Сондай-ақ аталған дастан 1990 жылы Мүсілімбек Сарқытбайұлы және Дәулетбек Қамбақовтардың саралауымен баспаға ұсынылып, Шыңжаңдағы Қазақ автономиясына қарасты Нылқы ауданының Мәдениет үйінің әзірлеуімен баспада жарық көрген «Қазақтың халық қиссалары» (144-160 б.б.) атты кітапқа енген. «Бабалар сөзі сериясы» бойынша әзірленіп отырған ғашықтық дастандардың кезекті томына осы кітаптан алынып берілді. С. Қосан НҰРТАЗА МЕН КҮНАСЫЛ Дастанның негізгі сюжеті ел аузында ерте кезден айтылып келе жатқан ертегіден алынған. Шығарманың түпнұсқасы, кім, қашан шығарғаны, алғаш қай кезде қағазға түсірілгені
ғылыми қосымшалар
белгісіз. Бізге жеткен мәлімет бойынша, 1980 жылдары жыр
ды шыңжаңдық журналистер Құрманәлі Жүнісқанұлы мен
Мұқаметбай Рымбайұлы және Рашит Жансерікұлы жыршы-
қиссахандардан жазып алған.
«Нұртаза мен Күнасыл» дастаны алғаш 1987 жылы Рашит
пен Құрманәлінің ұсынуымен «Шалғын» журналының №4 са
нында «Қисса-и Нұртаза» деген атпен жарық көрген.
Басқа ғашық дастандарға қарағанда мұнда мифтік персо
наждар, қиял-ғажайып оқиғалар көп кездеседі. Әсіресе әр түрлі
кейіпке еніп, түрлі сиқырлар көрсететін перілер қауымының
өкілдері Маран, Хаққан, Күландаз, Мысырандар мен дұғагөй
ұстаз Ақмолланың іс-әрекеттері дастанға шытырмандық сипат
дарытады. Бұл ретте «Нұртаза—Күнасыл» жырының бірқатар
мотивтері арабтың «Мың бір түн», түркіменнің «Көрұғлы»
дастанында пері мен адамзат арасында өтетін достық-жаулық
әрекеттерді елестетері шәксіз. Дегенмен қазақ жырау-жыр
шылары халықтық аңыз бен шығыс сюжеттерін шебер байла
ныстырып, қызықты хикаялық һәм ғашықтық дастан тудыра
білген.
Библиографиясы: «Нұртаза мен Күнасыл». // Кітапта: 1.
Қазақ қиссалары. Көп томдық. 12-том (283-344 б.б.). Бейжиң,
«Ұлттар» баспасы, 1992 ж. (Құрастырушылар: Құрманәлі
Жүнісханұлы, Мұқаметбай Рымбайұлы).
2. Қисса- и Нұртаза. // Кітапта: Қазақ ауыз әдебиетінің
таңдамалы жинағы. 1-том (17-60 б.б.). Шыңжаң халық баспасы,
1993 ж. (Құрастырушылар: Рашит Жансерікұлы, Құрманәлі
Жүнісханұлы).
Бұл томға соңғы «Қисса-и Нұртаза» атты нұсқа енгізіліп
отыр.
С. Қосан
ОЛЖА ҚЫЗ
Дастан оқиғасы Орта ғасырдағы қазақ-қалмақ қатынастары
тұсында болған сияқты. Оған жырдың кіріспесіндегі: «Бар еді
бір әңгіме баяғыда, //Ғасырдың он төртінші аяғында!» деген
жолдар да айғақ. Шығарма сюжетінің басты арқауы—қазақ жі
гіті мен қалмақ қызының арасындағы махаббат драмасы.
ғашықтық дастандар
Әлбетте, мұндай оқиғалар жаугершілік дәуірдегі көшпелі
қазақ пен қалмақ елінің арасында жиі орын алғаны белгілі.
Әйткенмен, шағын дастанның композициялық құрылымы
жинақты, оқиғасы ширақ әрі қызықты оқылады. Ең өкініштісі
дастан оқиғасы аяқталмай қалғандай көрінеді. Бірақ бұл да
жыршының әдейі тыңдаушы халыққа ой салу үшін тапқан
ерекше амалы, көркемдік шешімі, стильдік әдісі деп ұққан аб
зал.
Ел арасында сақталған аңыз оқиғасын XX ғасыр ба
сында Шыңжаңдағы қазақ ақындарының бірі Тілеубай
Шаймарданұлы өлеңмен қайта жырлаған. Сөйтіп, 1972 жылы
дүние салар алдында Тарбағатай аумағының Толы ауданындағы
әйгілі қаламгер Ғаппар Біләлұлына табыс етеді. Кейінірек,
жазушыдан жас фольклоршы, Тарбағатай аймақтық байырғы
шығармалар кеңсесінің қызметкері Асқар Игенұлы қабылдап
алып, «Мұра» журналының 2002 жылғы №2 санында тұңғыш
рет жариялайды.
Бұл томға аталған нұсқа ұсынылып отыр.
С. Қосан
Мәтіндерде кездесетін тарихи және діни есімдер Алла (Аллаһ)—ислам дінінде бүкіл ғарышты, тіршілік дүниесін және қиямет қайымды жаратушы, баршаға бірдей, жалғыз және құдіреті күшті Құдай есімі. Алла Тағаланың құдіреттілігін, әділеттілігін, қайырым дылығын, т.с.с. өзіне ғана тән қасиеттерін оның тоқсан тоғыз есімі көрсетеді. Мысалы: Акбар (ең ұлық), Тағала (ең жоғары), Кәрім (жомарт), Рахман (мейірімді), Рахым (рақымды), Халық (жаратушы), Шәріп (қасиетті), Ахад (жалғыз), Самад (мәңгі), Жаппар (құдіретті), Ғафұр (кешірімді), т.б. Алланың атын зікір ету рәсімі Аллаһу акбар, Әлхамдулилаһи, Сұбхан Алла сөздерін отыз үш реттен айтып, тәсбих тастарын санамалау арқылы жүзеге асады. Адам ата, Хауа ана—«Құран» бойынша, Алла Тағаланың топырақтан жаратқан алғашқы адамы. Балшық мүсін ұзақ жылдар жансыз тұрады. Ақырында Алла Тағала Адамға жан кіргізеді. Адамның бір қабырғасынан Хауаны жасай ды. Алғашында екеуі періштелер қатарында болып, олардың арасында беделді, құрметті орынды иемденеді. Періштелер Алланың жарлығы бойынша Адам мен Хауаға бас иіп, ғибадат етеді. Бірақ Ібіліс атты періште бұл жарлықты орындаудан бас тартады. Сол үшін Алла Тағала Ібілісті жұмақтан қуып жібе реді. Осыған өкпелеген Ібіліс Адам ата мен Хауа анадан өш алудың жолын іздейді. Ақырында олар Ібіліс шайтанның сөзіне иланып, алдауға түсіп тыйым салынған жемісті жейді. Осы күнәлары үшін Адам мен Хауа бейіштен аласталып, көктен жерге түсіріледі. Олардан бүкіл адамзат тарайды. Ғалишер (Әли)—Оспаннан кейін билік басына кел ген төртінші әділетті халифа. Хазірет Әли—Мұхаммед
ғашықтық дастандар пайғамбардың немере інісі, әрі оның Фатима атты қызын алған күйеу баласы. Хазірет Әлидің атына «Шаһимардан», «Қайдар», «Арыс лан», «Шері», «Мұртаза» сияқты бірнеше теңеу, эпитеттер тір кесіп отырады. Әлидің астындағы аты Дүлдүл де ауыз әдебиеті үлгілерінде кең тараған ұшқыр, жүйрік, ақылды пырақ-аттың нышанына айналған. Әли ұрпақтары мен оның жақтаушылары кейін шииттік ағымның көсемдеріне айналды. Олардың ұрпақтары қазіргі Иран, Ирак және Орта Азияның кейбір аймақтарында өмір сүреді. Жүсіп—Зылиха, Ләйлі—Мәжнүн, Фаһирам—Гүләндам, Әмір—Үзира, Ғарып—Санам, Фархат—Шырын, Та хир—Зухра—Шығыс халықтарына, әсіресе араб, парсы және түркі халықтарының фольклорына ортақ бас кейіпкерлер. Көбінесе, олардың қатарына Сейфілмәлік—Бәдіғұлжамал да қосылады. Әдебиет пен фольклорда ғана емес, сондай-ақ шығыс халықтарының тарихи санасында «Жеті ғашық» деген құрметті атаумен еске алынып, махаббат жолында күресуші барша жастардың сүйенер піріне айналған. Қасейін (Хасен)—Мұхаммед пайғамбардың қызы Фатима мен хазірет Әли ибн Әбу Тәлибтің баласы, шииттердің екінші имамы. Әли 661 жылы қаза тапқаннан кейін Хасен Иракта халифа болып жарияланды. Әкесімен бірге, басқа бауырлары секілді, ол да ислам болашағының беріктігі үшін күрескен тарихи тұлға. Ислам елдері, әсіресе шииттер аса қадірлейтін дін қайраткері. Олар Хұсайын сияқты Хасенді де «ұлы азап шегуші����������������������������������������������������� » ���������������������������������������������������� деп санады. Хасен ибн Әли 669 жылы Мәдинеде қайтыс болды. Кейбір аңыз-деректерге қарағанда, оған қарсыласы халифа Мағауия адамдары қастандық жасап, у берген. Қадиша (Хадиша)—Мұхаммед пайғамбардың сүйікті әйелі. Ол хазірет Хадиша ана Мекке маңындағы христиан әулетінде дүниеге келген. Хазірет Мұхаммедпен некелескеннен кейін Хадиша ана тағы да екі ұл, төрт қыз табады. Екі жасында қайтыс болған үлкен ұлының есімі Қасым еді. Ежелгі араб дәстүрі бойын ша Мұхаммед Әбул-Қасым (Қасымның әкесі) деген құрметті атқа ие болды. Екінші ұлы Абдаллах та сәби кезінде дүниеден қайтты. Ал Зейнеп, Ұрқия, Үммігүлсім және Фатима деген төрт
ғылыми қосымшалар қызының тек соңғысы ғана оның ұрпағын жалғастырушы бол ды. Құсайын (Хұсайын)—Мұхаммедтің қызы Фатима мен Әли ибн Әбу Тәлибтің кіші баласы, шииттердің үшінші имамы. Ис лам тарихында Хұсайынның есімі Хасенмен бірге аталады. 669 жылы Хасен өлгеннен кейін Әли ұрпақтарына басшылық ете ді. Алайда 680 жылы халифа Мағауия қайтыс болғаннан соң Иракта үмийалықтарға қарсылық күшейеді. Осы кезде куфалық халифа Йазидтың белсенділігі де арта түсті. Оның адамдары Хұсайынның немере інісі Мүслімді дарға асып өлтіреді. Куфаға келе жатқан Хұсайын қайғылы хабарды естісе де, сапарын жалғастыра береді. Оның Кербала шөлінде ат суытқанын біл ген Йазид Хұсайынға қарсы төрт мың әскерін қарсы аттанды рады. 680 жылдың 10-қазанында күші басым жаумен ерлікпен айқасқан Хұсайын жолдастарымен бірге ұрыс даласында шейіт болады. Имам Хұсайын қайтыс болғаннан кейін Кербала шииттер та бынатын қасиетті орынға айналады. Ал оның өлген күнін бар ша шиит қауымы аза тұтып, құрметпен еске алады. Ләйлі—Мәжнүн—Таяу және Орта Шығыс пен Оңтүстік Шығыс, Азия халықтарының «Ләйлі мен Мәжнүн» атты әдебифольклорлық туындыларының кейіпкерлері. Араб мәнбілері бойынша, Мәжнүн − өмірде болған, VІІ ғасырдың аяғы мен VІІІ ғасыр аралығында өмір сүрген ақын. Ләйлі мен Мәжнүн қазақ фольклорында таза, өшпес махаббат, шын ғашықтардың үлгісі ретінде бейнеленген. Мұхаммед (с.а.с)* [Мұхаммед ибн Абдулла Әбул Қасым]— ислам дінінің және болашақ араб халифатының негізін салу шы, тарихи тұлға. Қасиетті «Құран» мен мұсылмандардың сенімі бойынша, ол—Алла Тағаланың адамдарды тура жолға салу үшін жіберген Елшісі, ең соңғы пайғамбар. Мұхаммед (с.а.с.) ислам дінін жария еткенде арабтардың ба сым көпшілігі пұтқа табынатын. Олар ислам дініне қарсылық білдіріп, түрлі қастандық жасады. Сондықтан б.д. 622 жылы * с.а.с.—салла Аллаһу аләйһи уас салам: Алланың жарылқауы мен қолдауы пайғамбарымыз Мұхаммедке—деген тілек сөздің қысқартылған түрі. Хазірет Мұхаммедтің атына жалғаса айтылады, жазылады.
ғашықтық дастандар
Мұхаммед (с.а.с.) өзінің жақтастарымен бірге Меккеден Мәдине
қаласына қоныс аударады. Бұл жыл ислам жыл санауының басы
деп есептеледі. Оның арабша атауы—«хижра», яғни «қоныс ау
дару» деген сөз.
Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) бин Абдулла 633 жылы Мәдине
қаласында қайтыс болды.
Мұхаммед пайғамбардың «Мұстафа» (таза, нұрлы, сипатты),
«Расул» (елші), «Хабибулла» (Алланың сүйіктісі), «Сағидулла»
(Алланың көмекшісі) т.б. эпитет есімдері бар.
Төрт мүрсалат періште—«Құранда» аталатын Жәбірейіл,
Әзірейіл, Ысырапыл, Мекайыл. Бұлардың бәрі де Алладан адам
баласына түсетін бұйрық, аян, хабарларды әкелушілер. Әдетте,
Жәбірейіл—жақсылық, Ысырапыл—апат, Мекайыл—көмек,
жәрдем, Әзірейіл—ажал хабарын жеткізеді деп саналған.
Фатима (Бибі Бәтима)—(635 жылы қайтыс болған)—
Мұхаммед пайғамбардың қызы, төртінші халифа Әлидің әйелі,
Хасен мен Хұсайынның анасы, мұсылман әлемінде ерекше қадір
тұтатын қасиетті әйел бейнесі. Фатимаға табыну, шамасы, Х-ХІІ
ғасырларда, содан тарайтын әл-фатимийун әулетінің ықпалы
күшеюіне байланысты туып қалыптасса керек. Фатима—
шииттердің діни хикаяларының басты қаһармандарының бірі.
Көптеген мұсылман елдерінде алақанды белгілейтін ежелгі
нысана «Фатиманың қолы» деген атақ алған. Оның небір
үмітсіз ауруларға да ем қондырып, дәру дарытатын қасиеті бар
деп саналған.
����������
аһаржарлар—[шаһар /п/—төрт, йар /т/—жар, серік]—
тарихта «ал-хулафа ар-рашидун» деген атпен белгілі, араб мем
лекетін бірінен соң бірі кезекпен билеген төрт әділетті хали
фа—Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли.
Олар Мұхаммед пайғамбар уағыздаған жалғыз құдайлық
дінді ең бірінші болып қабылдап, оның ең жақын, шын берілген
сенімді серігі, жолдасы болды және ислам дінін тарату, нығайту
ісін ары қарай жалғастырды.
Шашты Әзіз—қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін
бейне. Ол туралы аңыздардың бірінде есімі Баба Туклас деп
көрсетіледі. Әкесі—Керемет Әзіз. Баба Тукластың өзі Меккеде
патша болған. Мұсылмандар арасында әулие саналған. Мекке
ге қажылық сапармен барушылар ең алдымен Мұхаммедтің,
ғылыми қосымшалар
онан кейін Әли Мұртаза Сейіттің, содан соң Баба Тукластың
қабіріне барып тәу еткен. Баба Түкті Шашты Әзіз—Қожа Ах
мет Йасауидің арғы бабалары деген болжамдар бар.
Шыңғыс (қаған)—XІІ ғасыр басында Моңғол жеріндегі
Қарақорымда орда тігіп, кейін біртіндеп Орта Азия, Қытай,
Ресей, Кавказ жерлерін басып алған, жарты әлемді бағындырған
қаһарлы билеуші. Кейін балалары Жошы мен Бату хан қазіргі
қазақ жерінде аса ірі көшпелі мемлекет құрды. Астанасы Еділ
бойындағы Сарай қаласында орналасқан бұл ел тарихқа Алтын
Орда мемлекеті деген атаумен енген.
Ясукей—Әлемге әйгілі жиһангер, қолбасшы Шыңғыс
ханның әкесі.
Сөздік
Алал /а/—халал, адал, таза
Алаңқы /ж/—алаңқай
Ағлан /а/—құлақтандыру, хабарлама
Алике /а/—сәлем беру, қабыл алу
Амбы /м/—қытай лауазым иесі, аймақ бастығы
Ажырғы /ж/—ағаштан, темірден
Ана-мына—әне-міне
Ашты /ж/—ащы
Әншіл /ж/—әнші, сері
Әркі—қолдан жасалған моңғол арағы
Әтей /ж/—әдейі
Барты /ж/—ізі, шоры, ісіктің орны
Батына /а/—теріс, күнә
Бұрадар /п/—пірәдар, жолдас, тамыр
Ғам /а/—қайғы, қасірет
Ғар /а/—үңгір
Дағар /ж/—үлкен қап қанар
Дақыл /а/—минут, сәт
Далдалап /ж/—тығылып, паналап
Даража /а/—мансап, дәреже
Дүз /ж/—жүз бет
Дүмі /ж/—рухы, төзімі, қайраты
Егер /ж/—егес, араз
Екінті—намаз уақыты, намаздыгер, түс ауған уақыт
Жабдып /ж/—жасанып
Жабданып /ж/—дайындалып
Жармақ—тиын, ақша
Жәм /ж/—оқпан, оран
Жемеңгер /ж/—жемқор
ғылыми қосымшалар
Жөткеу /ж/—ауыстыру, итеру
Жылаңқияқ—шөп түрі
Жіти /ж/—жіті, тез
Зада /п/—патшаның, шаһтың ұлы
Зайыптескен /ж/—әлсіреген, шаршаған
Зәмек /о/—құлып
Зәңгі—лауазым аты (жүз басы)
Зәһәр (у)—ащы зат, у
Зертең /ж/—ауру, өкпе сырқаты
Зымын—шөл, айдала
Зіннат /а/—көрік, келбет
Камал /а/—кемел, ер жету
Келең /м/—моңғол діндары
Кемсандал /п/—дарақ, ағаштың түрі
Кешіл /м/—келеңнің шәкірті
Күлік (қ)—тұлпар аттың түрі (сәйгүлік)
Қабындап /ж/—қаптау, топталу
Қағыр /ж/—шет
Қасам /ж/—ант
Қиуада—бұл арада жырақта, оңашада
Қоза /ж/—әшекей, шашбау
Қормалы /ж/—мейірімді, қайырымды
Қошына /ж/—көрші, қоңсы
Қылайды /ж/—бозарды, ағарды, көрінді
Лашкер /п/—әскер, қосын
Мағат /ж/—мағына, мән
Майдан /а/—алаң, қала орталығы
Мақсұт /а/—мақсат
Мақпи /а/—жасырын, құпия
Манфақ /а/—бұзық ойлы
Маһкам /а/—бекем, мықты
Мәнжа /м/—дін оқуының талапкері
Мәнсап /а/—тәуелді, билік иесі, шенеунік
Мүрсалат /а/—жіберілген, елшілік, әдетте Жебірейіл пе
ріштеге қатысты айтылады.
Нағыма-науа /ұ/—күй-әуен
Нәкар /п/—нөкер, қосшы
Низам /а/—заң, жүйе
Нығай /ж/—нығарлап
ғашықтық дастандар
Оңады /ж/—оңдады
Обиып /ж/—жансыз, қақайып қалу
Өгдей /ж/—өктей, өктем
Өлінген /ж/—өлген
Өшірет /о/—кезек
Иен—иесіз
Пітінә /а/—бұзықтық, күнә іс
Рәббім /а/—Құдайым
Сайыпжамал, Саһибжамал—сұлу, ару қыз
Сайлауыт /ж/—сайлы, мықты
Санасында /а.қ./—жылында
Сәруар /п/—Пайғамбар атына айтылатын құрмет, мадақ
сөздер, бастаушы, көсем
Сиық /ж/—сияқты, ұқсас
Сүркейлі /ж/—жексұрын
Тарпы /ж/—бейнесі, кескіні, нәсілі
Тәлім /ж/—тәлпіш, еркетай
Тәләй /ж/—келбет, тағдыр
Тәмсіл /а/—мысал, үлгі
Таспиық /а/—99 тастан (маржан, ағаш) құралып, Аллаға
зікір айту үшін арнайы жасалған бұйым
Типа-запа—әр алуан тағам деген сөз
Уәжіп /а/—міндетті
Ұрт—қызба, тентек, бірбеткей
Ұпысы—үрейі
Үлпершек—жылқы қабырғасының етек тұсы, шап тұсы
Үшкірлік /ж/—үшкіру
Фәруар /п/—жаратқан, жасаған ие
Хасыл /а/—орындалу, мақсатқа жету
Хадинас /а/—оқиға, әңгіме, әдіс, жолдас
Хұзыр /а/—иелік, билік, құдірет
Шағи-торғын—жібек мата түрі
Шатаң—тау аңғары, сайлы жер
Шәр /а/—қала, шаһар
Шейіт /а/—Алла жолында жаумен шайқасып өлген құрбан
Шұрқылтай /ж/—адамның мойын мен кеудесінің түйіскен
шұқыры
Шылауыш—әйелдің бас киімі, кимешектің бөлігі
Жер-су атаулары
Басра, Басыра—Ирактың оңтүстігіндегі қала, ірі порт,
жол торабы. Басраны б.д. жетінші ғасырында халифа Омар
салдырған.
Бағдат—(кей жорамалдарға қарағанда ежелгі парсы тілінің
«бага»—Құдай, «дад»—берген, яғни «Құдай сыйы» сөздерінен
шыққан)—1921 жылдан қазіргі Ирак мемлекетінің астанасы.
Тигр өзенінің екі жағасын бойлай салынған.
Қаланы «Мадинат ас-Салам» (Бейбітшілік қаласы) де
ген атпен халиф Мансур 762 жылы салдырған. Бағдат—орта
ғасырларда араб әдебиеті мен мәдениетінің орталығы болған
қалалардың бірі. Осында бірсыпыра шығыс ғалымдары [На
среддин Туси, Әл-Фараби т.б.] оқып, білім алған.
Егуга—Моңғол жеріндегі ежелгі жер атауы.
Жиделі түбек—Жиделі байсынның бір аты.
Кербала—Ирактағы қала, шииттердің қасиетті жері. Бұл
жерде 680 жылы 10-қазанда үшінші шиит имамы Хұсайын
әскерімен қаза тапқан атақты «Кербала соғысы» болған. Әлидің
ұлы Хұсайынның мазары да осында.
Көкқайқы, Ағашоба, Желдіқия—Қытайдағы қазақ ауылда
ры көшіп-қонып жүрген жер-су аттары.
Көкмойнақ, Мөлдір көл, Гүлтекше т.б.—Қытайдағы
қазақтар тұратын жер-су аттары.
Қап тауы—Аңыз бойынша, жер жүзін қоршап тұрған тау
тізбегі. Бұл таулар аспан түстес зүбәржаттан құралған, ал ең
биік шыңында вулкан орналасқан. Жер бетіндегі барлық тау
лар Қап тауымен байланысты, Алла Тағала осы таулар тізбегін
дегі шыңдардың біріне қолын тигізсе, жер сілкінісі болады. Қап
тауының арғы жағын йәжуж бен мәжүж деген қорқынышты
халықтар мекендейді, олар әр түн сайын тауды егеу сияқты ті
ғашықтық дастандар
стерімен кеседі, бірақ күндіз тау бастапқы қалпына қайта келе
ді, сөйтіп, бұл халықтар жер бетіне шыға алмайды. Қап тауымен
байланысты көптеген аңыздар бар. Солардың бірсыпырасында
Қап тауының арғы жағында керемет мақұлықтар, дәулер мен
перілер мекендейтін ғажайып елдер бар деп айтылады.
Нарынқол—Қазақстан мен Қытай қазақтарына ортақ өлке
аты.
Рұм, Үрім—шығыс халықтары орта ғасырларда қазіргі
Түркия аймағын осылай атаған. Көптеген шығыс халықтарының
әдеби-фольклорлық туындыларында Рұм өте алыс, ғажайып
өлкенің бейнесін елестеткен.
Сыр—Сырдария өзенінің қысқаша атауы.
Талдыкер, Қайыңды—Іле аймағындағы жер атаулары.
Текес—Хан Тәңірінен қытайдағы Текес, Тоғыз тарау
аймағынан өтіп барып Ілеге құятын өзен.
Тианшан—Хан Тәңірі тауының қытайша атауы (Тянь—
Шань).
Ұлан—моңғол жеріндегі қыстақ атауы (бұл арада қызыл де
ген мәнге ие).
Томға енген дастандарды жырлаушы,
айтушы һәм жинаушылар туралы
мәлімет
Оразанбай
Егеубаев—1935
жылы
Шыңжаң
өлкесі,
Шағантоғай ауданы, Ойқұдық ауылында туылған. «Өмір
өткелдері», «Тау ұлы», «Ту мекенде», «Қазақтың ғашықтық
жырлары», «Қазақ қиссалары—батырлық, тарихи жыр-
қиссалар» т.б. еңбектері жарық көрген.
Ол Таңжарық Жолдыұлының өмірі мен шығармаларын ұзақ
жылдар зерттеп, жаладан ақтап, ақын мұрасын халық игілігіне
қайта жаратуда көп еңбек сіңірген ғалым.
Таңжарық Жолдыұлы (1903-1947)—Қытай Халық Респу
бликасы, Іле Қазақ автономиялы облысы, Күнес ауданының
Қамысты деген таулы өңірінде дүниеге келген. Он үш-он төрт
жасынан бастап айтысқа түсіп, «ақын бала» атанған. 1922-1925
жылдары Алматы облысы, Нарынқол ауданында тұрады. Еліне
қайтып келген Таңжарық қоғамдық-саяси өмірге белсене арала
сады. Мектептер ашып, «Іле» газетін ұйымдастырады. Құлжа
қаласында тұңғыш қазақ театрын құрған. 1940-1946 жылдары
Құлжа, Үрімжі түрмелерінде тұтқында болған. Ауыз әдебиеті
үлгілерін жырлап, ел арасына таратушы жыршы, ақын.
Сондай-ақ томға енгізіліп отырған дастандарды жинаушы,
жырлаушы, айтушы кісілердің қатарында: Дөртуыл Қами қария,
Болатхан Күмісқарыұлы, Абылайша Әбдібайұлы, Құрманәлі
Тезекұлы, Рымбек Сарқұлжаұлы, Күләш Әжібекқызы, Ғаппар
Біләлұлы, Асқар Игенұлы, Болмас Төлемісұлы, Мұқатай
Серікбайұлы, Асқар Татанайұлы, Сүлеймен Еламанұлы, Әмин
Шапикұлы, Құрманәлі Жүнісханұлы, Мұқаметбай Рымбайұлы,
Рашит Жансерікұлы, Тілеубай Шаймарданұлы т.б. Қытайдағы
Қазақ автономиялық өлкесінің әдебиет, фольклор жанашырла
рын атауға болады.
ШАРТТЫ ҚЫСҚАРТУЛАР
ӘӨИ—М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
ОҒК—Орталық Ғылыми кітапхана
ҚҚ—Қолжазба қоры
Ш—шифр
дәп.—дәптер
/а/—араб
/о/—орыс
/п/—парсы
/тат/—татар
/т/—түркі
/ж/—жергілікті
моңғ.—моңғол
/қ/—қытай
Пайдаланылған әдебиеттер 1. Азибаева Б. У. Казахский дастанный эпос.—Алматы, 1998. 2. Бабалар сөзі: Жүзтомдық. Хикаялық дастандар. 1-том. // Томды құрастырып, ғылыми қосымшаларын дайындаған: Әзібаева Б.—Астана: «Фолиант», 2004. 3. Дүйсенбаев Ы. Қазақтың лиро-эпосы.—Алматы, 1973. 4. Жолдыұлы Т. Екі томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. Астана: Елорда, 2001. 5. Жолдыұлы Т. Екі томдық шығармалар жинағы. Екінші том. Астана: Елорда, 2002. 6. Қазақ қиссалары. 3-том. Құрастырған О. Егеубаев.— Бейжің, «Ұлттар» баспасы, 1985. 7. Қасқабасов С. Жаназық. Таңдамалы.—Астана: Аударма, 2002. 8. Мың бір түн. 3-том. Аударған Қ. Әбдіқадыров.—Алматы, 1961. 9. Таңжарық. Шығармалар жинағы. Екі томдық.— Шыңжаң халық баспасы, 2001. 10. Арабско-русский словарь. Составитель Х. К. Баранов.— М., 1968. 11. Древнетюркский словарь.—Л., Наука, 1969. 12. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. Құрастырушы лар: Р. Сыздық, Н. Уәлиұлы, Қ. Жаманбаева, Қ. Күдеринова.— Алматы: Дайк-Пресс, 2001. 13. Қазақ тілінің сөздігі.—Алматы, 1999. 14. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Құрастырған І. К. Кеңесбаев.—Алматы, 1977. 15. Персидско-русский словарь. Под ред. Ю. А. Рубинчика. І-ІІ т.—М., 1970. 16. Татарско-русский словарь.—М., Советская энцикло педия, 1966. 17. Турецко-русский словарь.—М., Русский язык медиа, 2005.
РЕЗЮМЕ
Институт литературы и искусства им. М.О.Ауэзова Мини
стерства образования и науки РК продолжает работу по подго
товке и изданию очередных томов Свода казахского фольклора
«Бабалар сөзі», выполняемого в рамках государственной про
граммы «Мәдени мұра»(«Культурное наследие»).
По состоянию на сегодняшний день институтом подготовле
но и издано 24 тома фольклорных текстов, в том числе одинад
цать томов новеллистических дастанов, шесть томов дастанов
религиозно-нравственного содержания и пять томов дастанов
романического (любовных) содержания.
Предлагаемый вниманию читателей 25-том свода включает
в себя фольклор казахов, проживающих в Китае. В Китае про
живает около полутора миллиона казахов. Волею судьбы ока
завшиеся на чужбине, они сохранили свой язык, обычаи и фоль
клор. В репертуаре тамошних сказителей сохранились почти
все сюжеты общеказахского эпического, сказочного, песенного
и др. творчества. Наряду с ними бытуют сюжеты, возникшие в
результате разных историко-социальных условий.
Данный том включает в себя дастаны романического содер
жания, это такие произведения, как: «Анар—Сәуле», «Әнуар—
Күләнда», «Садық—Сәлиқан», «Байын—Жүрек», «Салиқа—
Сәмен», «Досан», «Нұртаза мен Күнасыл», «Олжа қыз».
Сюжеты некоторых из них восходят к произведениям вос
точной литературы, другая же часть их сложена по следам ре
гиональных легенд и преданий. Всего планируется подготовка
и издание нескольких томов образцов фольклора казахов, про
живающих в Китае.
В соответствии с принципами издания «Бабалар сөзі» том
снабжен научными приложениями, которые включают в себя:
ғылыми қосымшалар
сведения о публикуемых текстах их; краткий историко-фоль
клористический и текстологический анализ данные об истори
ческих и религиозных деятелях, имена которых встречаются в
текстах; словарь древнетюркских, старокыпчакских, а также
арабских и персидских слов, терминов. В приложениях имеют
ся также указатель географических названий; сведения о ска
зителях, собирателях и публикаторах; список использованной
литературы; резюме на русском и английском языках.
Тексты, печатаемые в данном сборнике в свое время изда
вались в Китае. При этом тексты некоторых фольклорных про
изведении подверглись в определенной степени, редакции, ли
тературной обработке. Это происходило, по всей вероятности,
как на стадии записи текстов от исполнителей, так и в процессе
переписки рукописей, а также и в ходе подготовки текстов к из
данию. Вместе с тем в них сохранены особенности фольклора ка
захской диаспоры Китая.
В Казахстане большинство текстов данного тома публикуют
ся впервые.
Объем тома—25,5 п.л.
Summary M.O. Auezov Іnstіtute of Lіterature and Arts, Mіnіstry of Ed ucatіon, Republіc of Kazakhstan іs contіnuіng actіvіtіes on pre paratіon and publіshіng of the volumes of hundred volume serіes «Babalar sozy» іn the frame of the State program «Medenі Mura» («Cultural herіtage»). By present tіme the Іnstіtute staff have prepared and publіshed 24 volumes of folklore texts іncludіng: eleven volumes of novelіst іc dastans, sіx volumes of relіgіous-moral content and fіve volumes of romantіc (love) dastans. The proposed 25th volume іncludes folklore of Kazakh people who lіve іn Chіna. About mіllіon and a half Kazakh people lіve іn chіna. Hіstorіcally іt happened so that Kazakh people have left to Chіna, lіved there and preserved theіr natіve language, customs and folklore. The repertoіre of the narrators have preserved alm ost all plots of common Kazakh epіc, tale, song and other creatіve work. Alongsіde wіth them there the plots that have orіgіnated іn new condіtіons, іn a dіfferent envіronment. Thіs volume іncludes dastans of romantіc content such as «Anar-Saule», «Anuar-Kulіanda», «SadіkSalіkan», «BajynZhu rek», «Salіka-Samen», «Dosan», «Nurtaza men Kunasyl», «Olzha kyz». Some of theіr plots orіgіnate from the Orіental lіterary works, other part іs based on regіonal legends and tales. Іn total іt іs plann ed to prepare and publіsh several volumes of the samples of folklore works of Kazakh people lіvіng іn Chіna. Accordіng to the prіncіples of the edіtіon «Babalar sozі» the vo lume has scіentіfіc supplements whіch іnclude the followіng: data on publіshed texts and theіr versіons; brіef hіstorіcfolklore and textologіc analysіs of the texts; data on hіstorіcal and relіgіous fіg
ғылыми қосымшалар ures whose names are mentіoned іn the texts; vocabulary of the old Turkіc , Arabіc and Persіan words, terms, notіons and geographіc names; data on narrators of folk tales, collectors and publіshers; lіst of used lіterature; summary іn Russіan and Englіsh. Texts publіshed іn thіs volume have been publіshed іn Chіna. Regretfully they have been subject to edіtіng and lіterary proce ssіng. Possіbly thіs happened both on the stage of recordіng texts from the narrators and іn the process of re-wrіtіng of the manuscr іpts (possіbly several tіmes) as well as durіng preparatіon of the te xts for publіshіng. However they have preserved the peculіarіtіes of the folklore of Kazakh people who lіve іn Chіna. Іn Kazakhstan all texts of thіs volume are beіng publіshed for the fіrst tіme. Volume ������������������� ������������������ іncludes ���������� 2�������� 5,5 ����� ���� p��� .�� p�.
Мазмұны Құрастырушылардан ............................................................ 5 Мәтіндер Анар – Сәуле ....................................................................... 9 Әнуар – Күләнда ..............................................................121 Садық – Сәлиқан ..............................................................171 Байын – Жүрек ................................................................246 Салиқа – Сәмен ................................................................296 Досан ..............................................................................311 Нұртаза мен Күнасыл .......................................................323 Олжа қыз ........................................................................362 Ғылыми қосымшалар Томға енген мәтіндерге түсініктеме .....................................379 Мәтіндерде кездесетін тарихи және діни есімдер ...................389 Сөздік ..............................................................................394 Жер-су атаулары ...............................................................397 Томға енген дастандарды жырлаушы, айтушы һәм жинаушылар туралы мәлімет .......................................399 Шартты қысқартулар ........................................................400 Пайдаланылған әдебиеттер .................................................401 Резюме ............................................................................402 Summary ..........................................................................404
Научное издание БАБАЛАР СӨЗІ 25 том РОМАНИЧЕСКИЕ ДАСТАНЫ (на казахском языке) Утверждено к печати Ученым советом Института литературы и искусства им. М. О. Ауэзова Шығаруға жауапты Р. Қ. Тұрлынова Редакторы Ұ. С. Тілегенова Техникалық редакторы Г. Бектібаева Компьютерде терген М. М. Әлсейітова Компьютерде беттеген М. О. Ноғайбаева Дизайнын әзірлеген �������������� «������������� Баур��������� » �������� баспасы ИБ № 2120 Теруге 24.10.05 жіберілді. Басуға 31.10.05 қол қойылды. Пішіні 60х901/16 . Қаріп түрі ����������������������������������������������� «���������������������������������������������� Мектептік������������������������������������� ». Офсеттік қағаз. Офсеттік басылыс. Шартты баспа табағы 25,5. Таралымы 3000 дана. Тапсырыс № 180. «Фолиант» баспасы 473000, Астана қаласы, Қазақ көшесі, 87/1 «Фолиант» баспаханасында басылды 473000, Астана қаласы, Қазақ көшесі, 87/1
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру