Рухнама 3 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Исраил Сапарбай
УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 С 21 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды. Сапарбай И. С 21 Рухнама / Сапарбай Исраил. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2012. Т. 3. Жыр жинағы. – 512 б. ISBN 978-9965-22-411-9 Рух. Руханият... Адамзаттық қана емес, бәлкiм, әлемдiк күш, қуат, құдiрет бұл. Оны көру, ұстау, қалыптау, анықтау мүмкiн емес, түйсiну, исiну, сезiну керек болар... Ғылыми түсiнiк, адами анықтама беру де қиын. Хақ тағаладан үнемi уахи алып тұрған пайғамбарымыз Расулулланың өзi де Рух хақында толық мағлұмат бiлдiрмеген. Құранда да бұл жәй қысқа да нұсқа: «Сенен Рух тура лы сұрап жатыр. Оларға айт: Рух – Алланың әмiрiнен. Рух туралы сендерге аз мағлұмат берiлдi» делінген. Демек, Рух өз бойымызда, болмысымызда бола тұрып бiзге құпия, тылсым, жұмбақ, бiрақ беймәлiм емес. Беймәлiм болмағаны үшiн де бiз оны сезiнемiз, түйсiнемiз. Кеудемiздегi жан бола ма, бiр жұтым ауа бола ма, Жаратушы ие оны бiздiң тұла бойымызға дарытқан. Жаратушы иенiң сол аманатын аяқасты еткен адам не ұлт-ұлыс ешуақытта оңалмақ емес, керiсiнше, тоналғаны – тоналған. «Ақынның аузына Алла сөз салатыны» рас болса, үнсiз, мұңсыз жүру бiзге де сын. Содан да кiтап атын «Рухнама» деп қойдық. Алла кешiрсiн...
УДК 821.512.122
ББК 84 Қаз 7-5 ISBN 978-9965-22-411-9 ISBN 9965-22-321-1 © Сапарбай И., 2012 © «Қазығұрт» баспасы, 2012 Бiрiншi бөлiм «ӘРКIМНIҢ МАҚСАТЫ ӨЗ КЕРЕГIНДЕ...» Абай
МЕНIҢ ӘНҰРАНЫМ
(Бұл өлең Тәуелсiздiктiң алғашқы жылда рында жарияланған Әнұран бәйгесiне ұсынылған) Бiз – қазақ, тағдыры тамұқта сыналған, Тұрлаулы жол тапқан тұңғиық тұманнан. Жаңарсын дүние жасампаз еңбекпен, Тазарсын дүние iндеттен, ылаңнан! Қайырмасы: Асқақтай желбiреп жалауы, Әлдиле, бейбiт күн, әр елдi. Қауымдас халықтар қалауы – Тыныштық билесiн әлемдi! Бабалар арманы – аманат балаға, Сәулелi санаға нұр құйды замана. Ерiктi елiмiз, кең байтақ жерiмiз, Сен үшiн арымыз, жанымыз садаға! Қайырмасы: Бұл ғалам ғажайып, бұл ғасыр ғаламат! Адамзат тiлегi – амандық, саламат. Арайлы таңымыз, баянды бағымыз, Ұрпақтан ұрпаққа аманат, аманат!!! Қайырмасы:
ҰРАН Кеңдiгiм – кемелiм, Теңдiгiм – тереңiм. Елдiгiм – еменiм, Ерлiгiм – еренiм! Қаһаным – Тәңiрiм, Жаһаным – жарығым! Қара алтын – қадірім, Сары алтын – сабырым. Айдыным – аспаным, Айбыным – асқарым! Тарихым – тастаңба, Шежiрем – дастаным. Ер тұран – тұрағым, Ерке ұлан – қыраным! Ер-тұрман – пырағым, Ел-жұртым – жұмағым! Жазира – жайнағым, Қазына – аймағым. Көк төрi – байрағым! Көкбөрi – айбарым!
ТАЙҚАЗАН Ассалаумағалейкум, Тайқазаным, Салмағы сары алтынға сай қазаным! Елжiреп ет-жүрегi сен дегенде Көзiне жас алмайды қай қазағым?! Көзiне жас алмайды қай мұсылман, Қаймыққан қам көңiлi қайғы сұмнан... Қолымыз саған жетпей қор болдық-ау, Заманда зымыранын Айға ұшырған. Өзiңдi кiмдер кеше жоқтамады, Халiңнен хабар-ошар тоқтағалы? Қазансыз қара ошақтың қаңыраған, Орнында өшiп-бықсып от қалады... Орныңда сен болмасаң, Бас қазаным, Қазақтың кiм бағады қас-қабағын? Әр аңыз ақиқатқа айналсын деп Бабамыз жазып кеткен тасқа Заңын!.. Күңiренiп күллi Түркi шаңырағы, Қанша жыл орның босқа қаңырады?.. Қазанын көрiнгенге бере берсе, Қазағым санын әлi сан ұрады! Ежелден Қазан – Қазақ егiз негiз, Тең келер екеуiне ел iздеңiз!!! Даланы от басында көзбен шолып, Баланы от қасында емiзгемiз.
Жекпедi тағдыр бiздi қай қиырға, Көргенбiз неше түрiн қайғының да... Қанша жыл Эрмитажда қаңсып тұрдың, Айналып қатардағы жәй бұйымға. Берекем сен екенсiң, Кеш бiлiппiн. Ес жиып, Кеш те болса көшке iлiктiм. Екiншi өмiрi ендi басталғандай «Екiншi Мекке» деген ескi жұрттың. Кезiнде босқа өртенiп, Босқа күйдiм... Келмейдi ендi басты басқаға игiм! Түркiнiң Түркiстанда Туын тiктiк, Күмбезiн жарқыратып Иассауидiң!!! Қаратау сiлкiп қалып қырау басын, Көгiмде көктем құсы тырауласын. Үш жүздiң үш алыбы қайта оянып, Аруағы Абылайдың бiр аунасын! Тапқалы, Тайқазаным, тұрағыңды Қасыңа қатар қойдым Құранымды. Түркiстан – түркi елiнiң тұмары ғой, Жоғалтып алмайыншы Тұмарымды!..
ҚАЗАҚТЫ ЖАҢАША ТАНЫСТЫРУ Қазақтың құшағы кең Даласындай! Көрiп пе ең көлпар елдi дәл осындай?! Өмiрi – өткендердiң өткелiндей, Көңiлi көк пен жердiң арасындай! Саз кернеп өне бойын сардаланың, Жеткiзген жер түбiне арман-әнiн. Сiбiрлеп атқан таңнан, Батқан күннен Қыдыр деп қабылдаған әр қонағын. Көлденең көкаттыны жат санамай, Алдыңнан ақ жарылған ақ босаға-ай! Ерiнбей ел қыдырған ерiң де сол Астынан алты ай бойы ат босамай. Қазаққа тар келедi қай қала да, Қайран-ай, қайда жайлау? Қайда дала?.. Тәңiрдiң талбесiгi – таңсәрiден Аңсарың ауып тұрар айдалаға... Қолындай Қарымбайдың қалтылдаған, Сараңның айтпай-ақ қой салтын маған. Мейманның сыбағасы қап түбiнде, Қап түбi қазан барда сарқылмаған! Хауа ана қауызынан жаралғалы, Қазақтың бiр азығы – ағарғаны.
Ошақтың оты өшпеген, Обыр, жебiр... Орыстың қаптаса да қара орманы!. Ұлы жұрт, Ұлан-ғайыр, Ұлан Дала. Жетедi қыранға да, құланға да! Қазанның тұтқасына ие болған, Қазақтың несiбесi бiр Аллада! Астынан алты қырдың таң атқандай, Таң нұры тауға алтын жалатқандай! Сол Алла ағыл-тегiл пейiл берiп, Қазақты Атымтай ғып жаратқандай! Бұлбұлдың кiмге керек тордағы әнi? Самал да сағынбай ма сардаланы?! Тағдырын Алласына табыстаған Азат ел әлiмсақтан сол болады! Өтедi, Өтедi әлi заман қанша... Артыңда, арманың не, балаң қалса?! Қазақтың Тайқазаны жұтамас-ау, Сол Пейiл, Сол Атымтай аман болса!.. УАҚЫТ КӨШI Толғау
Өткелiнен өткен соң өндiр жастың Дәмi кермек тартады мөлдiр жастың... Айтары мен байқары аз пақыр болсам, Үлгi ұсынып ұрпаққа оңдырмаспын. Қарияның аузына қарап өскен Шығармайық кешегi баланы естен. Парыз қалды қаншама өтелмеген? Аңыз қалды қаншама арада өшкен?.. Жылдар өттi қаншама iзiм-қайым, Жел ұшырған Аралдың тұзындайын... Жесiр қалсам, қалайша желiкпейiн? Жетiм қалсам, қалайша бұзылмайын?! Тарих жайын айтқанда, Тiл күрмелiп, Жаба тоқып жауырды бiлдiрмедiк. Түркiстанның түгендеп түп атасын, Отырарды қазып та үлгiрмедiк. Бiлiмдi елге бiр мезгiл ұқсап көрiп, Қырымды iздеп, Ұрымды ұқсақ дедiк. Нұх пайғамбар кемесi көзге елестеп, Қазығұрттың басына шықсақ дедiк. Адыр-бұдыр алаңын кемiс көрiп, Иассауидiң маңайын тегiстедiк.
Жұлдыздарға қарадық ойсыз, қамсыз, Жүзiмдiкте жүргендей жемiс терiп. Жанып-өшкен жарықтай маңдайдағы, Көз ұшынан Уақыт шалғайлады... Бiр кездерi Үш жүздiң басын қосқан, Ордабасы жайлауын мал жайлады. Жасырынған жарлыдай жертөледе Жоралғымыз, жолымыз келте неге? Есендiктiң, елдiктiң белгiсiндей Ту тiкпеймiз нелiктен сол Төбеге?! Аңшыдайын адасқан қансонарда Қанша сорға кез болдық, Қанша лаңға?.. Жасақ жинап «Абылай алаңына» Жекебатыр найзасын алса қолға! «Қаратаудың басынан көш келедi, Көшкен сайын бiр тайлақ бос келедi...» Қаралы зар, Қара өлең, Қаралы көш, Салып кеттiң, апыр-ай, еске ненi?.. Кемiргенде кеуденi жегi-қайғы, «Зар заманның» тоңдырар лебi бойды... Ұлы жұрттың тағдырын таныр ма едi, Есiне алса ұрпағы «Елiм-айды»?..
Қанша жан, Қанша жүрек жаралы әлi?.. Жараның аузын ашсаң, қан ағады. Бiр-бiрiн көрiп гүл де нәр алады, Тiрлiгiң түгенделсең, оңалады. Буынға жасыл бұтақ, бұла бақтай, Атаның ақыл сөзi ұлағат қой: Кәнеки, қарағайдай сыңсып тұрсақ Араға әлдекiмдi сыналатпай! Қашанда ынтымақтың тәттi өнiмi, Басыңнан басқаға аумас Бақ де мұны. Басылар күнi ертең-ақ жат желiгi, Ерттеулi тұрса ердiң ат-көлiгi!
АТАМЕКЕНГЕ АРЗУ Көптi көрген көнекөзiм, көнтерiм, Бүгiнiңнен бұлыңғырлау ертеңiң... Өмiрiңдi ойлай-ойлай өксiдiм, Өксiдiм де өзегiмдi өртедiм. Өрт орнында күл қалады... Iшiм – күл. Өрт пен дерттiң көршi екенiн түсiндiм. Сарқылғаны шығар, бәлкiм, сабырдың, Таусылғаны шығар, бәлкiм, күшiмнiң. Ашылғалы таңғажайып тылсымың Саған қадап жатқандар көп тiл сұғын. Үзер ме едi жұлымырдың жұлынын! Бұзар ма едi сұғанақтың тұмсығын?! Жау жағадан, Бөрi етектен алғанда, Қарқ-қарқ күлiп бағады екен қарғаң да. Тағдырыңды талапайға қалдырып, Не бiтiрем Жұмақжайға барғанда? Аш қасқырдай торуылдап үй-жайды, Әлдекiмдер сенi маған қимайды. Келiмсектiң көз алдымда кердеңдеп, Өлiмсектiң өңмеңдеуi қинайды. Ата-бабам аманатқа қалдырған Шаңдақ қалды-ау шашетектей шалғыннан.
Қай жауыздың өңменiне қадалар Қара көзiм қанталаған, қан жуған? Асқынғалы арам ниет, Аш пиғыл, Қарашадай қабағымды тас түйдiм. Көлпар көңiл өзiме де обал жоқ Қаңғып келген қайдағы итке ас құйдым. Әлденген ит арпылдауды шығарды, Төрге озудан тартынбауды шығарды. Буға пiсiп көкiрегi көнектей, Суға түсiп салқындауды шығарды. Ен жайлауды еншiм деудi шығарды, Кең қойнауды кенiшiм деудi шығарды. Қағанатты қарағайдай бұтарлап, Жамағатты менсiнбеудi шығарды. Шайтан шуы, Жайлаған соң жын үнi, Тiршiлiктiң ылайланды тұнығы. ...Өз жұртынан ауып кеткен аулаққа Кәрi төбет Айға қарап ұлыды. Атамекен, Айналайын, ұлы өлкем, Не болады? Не қалады күнi ертең?.. Сенсiз қалай атам қазақ атанып, Сенсiз қалай ғұмыр кешiп, күнелтем?
Бiр айрылсаң Ұжмағыңдай ұяңнан, Қайта жасау қиын болар қиялдан. Жаным пида! Қасық қаным қалғанша Қарыс жердi қас пиғылға қия алман!!!
- Пенделiктiң күнi үшiн, Кенделiктiң құны үшiн Арысыңды дауға берме, Намысыңды жауға берме, Ұлысым!!! Тақияңды аспанға атпа бекер, Жерге түссе, көрiнген таптап өтер, Болмашыға сыр алдыра берсең, Көсемдiгiң қайда қалады? Болымсызды ұран қыла берсең, Шешендiгiң қайда қалады? Сұңқардың мұңын Сұрқылтай қашан түсiнген?!.
- * Желiк көбейсе азғынның, Жемтiк көбейсе құзғынның
жолы болады...
ҚАЗЕКЕМ Ашынып аз қарғайын, көп қарғайын, Тартасың, тағдыр, менi көкпардайын. Алдыма ендi алаңдай бергенiмде, Соғатын ту сыртымнан шоқпар дайын. Сөйлесең, сен – дiлмарсың, Сен – данасың, Сөз емес, iс бермей ме ел бағасын? Қашанғы өздi-өзiңе өктемсiнiп, Қашанғы жау мен жатқа жем боласың? Қашанғы өздi-өзiңнен өш аласың? Қазекем, ойладың ба осы арасын? Ақын мен Атымтайға төрiн берiп, Ақылды ел әз тұтпай ма босағасын?! Өзiңе мен сенемiн, Мен сенбеймiн... Құлашты ендi қашан кең сермеймiн? Жұмбағы шешiлмеген көп жұртқа әлi Қындағы қылпуы кем семсердеймiн!.. Өзiңе мен сенбеймiн, Мен сенемiн. Сенген соң бел буам да белсенемiн! Қастанып, Пышағыңа қан ұйытпай, Дос болып құшағыма енсең едiң?!
МЕНТАЛИТЕТ Сағым қуған сахара саяғындай, Заман көшi заулайды баяғыдай. Алты жасар баладан аумай қалған Адал, аңғал құлыңды ая, Құдай. Алты жасар баладай қылығы бар Бұл халықты кiм аяп, кiм ұғынар? Қанша үмiтiн, Ұзатты ол қанша арманын Айы мұңды аспанға, күнi мұнар?.. Қиын заман туса да құйындаған, Дастарханын қайтерсiң жиылмаған?! Өмiрiне, Көл көсiр көңiлiне Ықылымнан ынтымақ бұйырмаған. Сұрағанға дей жүрiп «мал-жан аман...» Елiң де осы ертеңiн болжамаған. Қармағына iлiнiп алтын балық, Бармағымен түсiнде бал жалаған. Әдет шiркiн қала ма қанға сiңген? Әлi күнге келедi арбасумен, Жалқаулығын қайтерсiң алабөтен Алтын басып жатқандай жамбасымен! Мамыр заман сезбестен өткендiгiн, Ақырзаман сезбестен жеткендiгiн,
Құдайдың бiр пендесi ұйқылы-ояу Түсе қалған сияқты көктен бүгiн! Тәттi ұйқыға қашанғы қанбайды адам? Қайран, қайрат, қайдасың қанда ойнаған?! Көкжиекке көз сатып шалғайлаған, Көш соңында iлбiген қандай жаман?..
- * Туралықтан қалайша тұра қашам? Жаза басып жасадым күнә қашан? Ғұмырымнан не хабар-ошар қалар, Тұғырымнан құласам, тұраласам? Өлi менен тiрiнiң арасында Өмiр кешсем, Кiмменен кiнәласам? Жер шектелер теңiзбен, Құрлықпен, Емшек берер кiм маған, жыламасам? Несiбемнен тиесi құр қалармын, Құдайға да құлқыммен құламасам, Төрдегi орным көрiнер тұманданып, Сыртта тұрып есiктен сығаласам. Елдегi орным көрiнер, Ерте есейiп, Егделердiң iшiне сыналасам. «Адам ұлы бол» деген атасөзге Ендi қашан, құдай-ау, құлақ асам? Бүгiн өмiр сүрудiң керегi не, Ұрпағыма ертеңгi ұнамасам?!
АҚСАҚАЛҒА ЗӘРУМIН... Ақсақалға зәрумiн, ақсақалға, Ақ сақалы ұқсайтын ақша қарға. Бұлбұл ұшты-ау көзiмнен бүгiндерi Ақ сапарға аттанған жақсы атам да... Тұяғына тұлпардың Ай тағалар Қариясыз қай көңiл жай таба алар? Бiлгiрлерiм қайда жүр, алғырларым, Болашаққа бүгiндi айта барар? Жай ұғысып бас буын, жас талаппен, Ел басқара бiлетiн қас-қабақпен, Қариялар бар ма екен арамызда Ұрпағына ғұмырын дастан еткен?!. Жанын түйiп жүретiн орамалға Кәрi-құртаң данагөй бола алар ма?.. Келгенi де бiлiнбей, кеткенi де Iзiм-қайым жоқ, әлде, жоғалар ма? Қалтаңдаған қайықтай қаңбақ шалдар, Қайтiп аман қаларсың, жан бақсаңдар? Ет-жүрегiң езiлiп елiң үшiн Зар қақсаңдар қайтедi, зар қақсаңдар?! Қоражай мен шықпайтын от басынан Шал-шауқанда шаруам жоқ шөп тасыған... Елiм деген ер болса, Ескерткiшiн Самарқанның соғар ем көк тасынан!
- * «Әркiмнiң мақсаты өз керегiнде, Бiле алмадым пысығын, зерегiн де...» Мен терерлiк маржаның, қайран, Абай, Телегейдiң жатыпты-ау тереңiнде... Ойран салар кезiм көп ожданыма, Ойша өзiңнiң соңыңнан ерерiмде. Қанша зарың дарымай зая кеттi Құлағымның тас бiтеу кереңiнде?. Кер заманға бетпе-бет келерiмде Кемдiгiм де, бiлiндi, кемелiм де. Ел басына күн туған шақта мынау Ендi қандай хақым бар бөгелуге?! Жүгiм барын сезiнем, Жұрттың қамын Жұмыр басты пендедей жегенiмде. Үнiм барын сезiнем, Ұлы сөзге Ұятымды, арымды жегерiмде! Екi айрылар ұның да, кебегiң де Дүниенiң еленсең елегiнде. Талай түйiн шешiлер, Сұм жалғанның Сезiне алсаң сырын да, себебiн де. «Сырт көз сыншы» болғанмен, кiм бiлiптi, Не жатқанын зердемде, зеренiмде?.. Қанша мұңым қозыдай маңырап тұр Көңiлiмнiң көң жұққан көгенiнде?.. Астар-тысын аңғарсаң Ақиқаттың, Ажал ма екен айыпты тек өлiмге? Қу жатпай ма аңқаудың құшағында?
У жақпай ма ұшына жебенiң де! Жай сөзiңе жiбiмес, Шер боп қатқан Кеудемдегi шерiм де, шеменiм де! Терiсiнен жел соқса, Терек түгiл Теңселмей ме еңсегей Еменiң де?! Аламанға шақырып әлдебiр күш Атой салып жатқандай ереуiлге! Күн де өртенiп iшiнен батады екен Құшағына құрдымның енерiнде... Қайран, Абай! Өкпе артқан көне күнге, Өксiмеймiз екеумiз неге бiрге? Зер салмайтын зар бар деп өлеңiнде Сөгерiң де сол елiң, Сенерiң де!..
Рухтың он екi мүшесi бар: қажыр, қайрат, ождан, ар, намыс, ұят, абырой, сенiм, төзiм, үмiт, иба, иман. Қажыр қажыса, қайрат қартайса, ождан ортай са, ұят ұрланса, абырой тоналса, сенiм семсе, намыс өлсе, ар азса, төзiм тозса, үмiт үзiлсе, иба өшсе, иман көшсе – Рух тан не қалады? Паустовский айтады: «Ана тiлiн ұмытқан адам – Отанға аса қауiптi!» деп. Мен айтамын: «Сол аса қауiптi адамдардың қаншасы қазаққа тиесiлi қара қазанның құлағын ұстап отыр?..» деп. Конфуций: «Ең үлкен саясат – тәрбие» дептi. Ал бiз: «Ең үлкен тәрбие – саясат» деп керi кергумен келемiз. Имам Бұхари: «Түске дейiн халықпен бол, Түстен кейiн Хақпен бол». * Заманның заңын саясаткерлер жасап, зардабын қаймана халық тартады.
- * Кiмге құлап, Апыр-ай, кiмге сенем? Сарқылғандай саумал нұр, Күн де, сенен!.. Саясаттың сазайын беретiндей Уақытпен жазайын үндес өлең! «Өзiңе сен» деушi едi Ұлы атамыз... Құздан неге көңiлдi құлатамыз? Еңсемiздi еземiз неге сонша? Неге сонша жүректi жылатамыз? Ақында – тiл, Батырда қылыш – қару, Ер-тұрманға ерiтiп күмiс тағу. Қайда жүрсе, жарасар екеуiне Қан майданда қаймықпай ұрыс салу! Түсiн, мейлi, Жайымды түсiнбе, елiм, Қан майданның мен қазiр iшiндемiн! Махамбеттей жортуыл жырын жазып, Исатайдай илiкпес пiшiндемiн! Жалғыз шауып белгiлi бәйге алмасым, Жайбарақат және де жайланбасым. Қараңды бiр көрсетшi осындайда Қайран, досым, Бола алсаң майдандасым?!
«АБЫЛАЙ АЛАҢЫ» Монолог Кешiр менi, Ұлы бабам! Ұрпағыңның күнi қараң. Көкiрегiмдi шер қысқанда Көкке қарап ұлып алам... Сiлеусiн көз сұғанақтың Сумаңдаған сұғы жаман. Құжынаған құбыжықтың Қалай ғана құлы болам?! Түгi қалың, түрi қабан, Тiлi, дiнi, түбi надан Түндiгiмдi түрген сайын Түршiгедi Ұлы Далам... Жетер ме екен, жетпес пе екен Жер түбiне жүгiм аман?.. Аламаным аңтарғанда, Арғымағын қаңтарғанда, Дарабоздан дәрмен қашып, Қаракөзден қан тамғанда, Алдыңа кеп Бұқардайын Ақыл қосар қайда ақының? Өзiн жатқа жау етерде Басын тiгер тәуекелге Баяндайын қай батырың? Күбiрлейтiн Күнге ақырын, Сыбырлайтын Айға ақырын Кiмге керек майда тiлiм? Дауға салған айла-ақылын,
Жауға салған айбат, үнiн Екi келмес Абылайды Ендi туар қай қатыным?! Белiм неден бүгiледi? Көңiл неден түңiледi? Таңдап алған «ауруымның» Табыла ма бүгiн емi? Неге қазақ қарауылға Елден бұрын iлiнедi? Тiрi қашан бiрiгедi? Өлi қашан тiрiледi?! «Бас-басына би болғанды...» Қимылдауға қиналғанды Қаперiне кiм iледi?! Тар келмейтiн тақымыма, Тағдыр қосқан жақыныма Неге жаным жiбiмедi? Дiнi бөлек, тiлi басқа, Тiрлiгi жат, түбi насқа Неге жүрек жүгiнедi? Ел болғалы, еншi алғалы, Еңку-еңку жер шалғалы Көре-көре көсем болған, Сөйлей-сөйлей шешен болған Бұл жайында не дейдi екен Бүгiнгiнiң «iрiлерi»?..
НАРКЕСКЕН Сенi бiреу кiнәлайды, Сені бiреу сынайды: «Көсемдiгiң ұнамайды, Шешендiгiң ұнайды...» Арылып ек қашан «жоқтан?» Сол ғой жанның азабы. Жамағатқа жасап жатқан Жақсылығың аз әлi. Көпшiк тастап жамбасыңа, Есепшiлдер ептелер. Шараң бар ма нанбасыңа – Кiм мақтауды жек көрер?! Таласатын таққа кiлең Аз ба адамның сайтаны? Дұшпан жылмаң қаққанымен, Дос жылатып айтады! Барша жұрттан бағың басым, Отан – сенiң отбасың. Тәңiр берген тағыңдасың, Бәрiн көрген патшасың... Жорға мiнген, Жолда жүрген Аз ба, көп пе өткелек?..
Атың Сұлтан болғанымен, Затың бiзге көп керек! Жыласа да, Құласа да.., Сенi ел-жұртың мақтайды: «Шешендiгiң ұнаса да, Көсемдiгiң жақпайды...» ...Әупiрiмдеп, Алмағайлап Күн көрiп ек, нан жеп ек... Абылайдан қалған айғақ – Сұлтан бөлек, Хан бөлек! Ақын қашан үндес келмек Заманамен, Зәкүнмен?! «Бас кеспек бар, тiл кеспек жоқ» – Тiл тамырлас ақылмен! Қыл суырмақ сары майдан Қияметтей маған сын! Айла-ақылы Абылайдан Асып тумақ – саған сын!
ҚАЙЫРШЫНЫҢ КҮНI Өлмешiге өмiр сүру тым қымбат, Таңның мұңын тақпақтайды түнгi ырғақ... Бiр күнде мың құбылады дүние, Құрғыр тиын құлағымда сыңғырлап. Қиял кезiп құлан жетпес қиырды, Құрық ұстап қуалаймын құйынды... Алшы тұрған асығыма балаймын Азық-ауқат азын-аулақ тиынды. Майлы ас жемей жұбана ма аш қарын? Өзi бiлсiн ойлайтындар бас қамын: Өлмешiге Өмiр деген – талқармау, Қайыршыға Өлiм деген – қас қағым. Көкжиектiң тарылғанын көргенде, Көңiл шындап болады екен шерменде. Қызыл көрген қырғи құстай шүйлiгiп, Қырсық шiркiн қыр соңымнан ерген бе?! Озсам дейдi қудан пысық, байдан бай... Аз ғана ми ашып кеттi-ау айрандай! Айтты-айтпады.., Жанталасқан жайым бар, Айдалада Айға алақан жайғандай!..
- Шекспир Клеопатраның аузына мы нандай сөз салады: «Шыдай беру – ақымақтық, Шыдай алмау – азап» Хадис: «Патшаның бiр мезет тiк әдiлет-тiлiгi алпыс жыл бойғы Нәпiл – ғибадатынан артық әрi абзал. Ғибадаттың сауабы – ғибадат етушiнiң өзiне, ал әдiлеттiң шарапаты – патша мен барша жұртқа тиесiлi». Адамның ең сорақы мiнезi – атаққұмарлығы, ең дөрекi мiнезi – өзiмшiлдiгi. Сана мен Рух бiрiккенде ғана адам бойында Ар мен Ождан оянып, Ерлiк пен Өрлiк өре түрегеледi! * Ел еңсесi езiлсе – не қоғамның қасiретi, Не патшаның қасиетсiздiгi.
- * Байғұс, Өлең, Бақ, талап тайды сенен. Көкiректi қамады қайғы, шемен... Дәмегөй де, Даукес те, Дәлдүрiш те «Бұлбұлмын, – деп бағады, – жәй құс емен!» Бал тамудың орнына таңдайыңнан, Ағып түстi шоқ жұлдыз маңдайыңнан. Арбасып жүр ақынмен әлдекiмдер, Жармасып жүр Абайдың шалғайынан! Алтын едiң... Қайтейiн, мысқа айналдың. Қанатынан қайрылған құстай болдың. Қанатынан қайрылған құс болған соң Абай алған биiкке ұшпай қалдың. Алмас қылыш – Қайдасың асыл нұсқа? Тидi ме әлде көз оғы Лашын құсқа?.. Құлағыңның құрышы қалай қанар, Бiр бұлбұлдың мың қарға нәшiн бұзса?! Шың басына... Қайтер ем шыбын қонса? Құның қанша? Көретiн күнiң қанша?.. «Құдаймын» деп жүргендер, Құлдық ұрып, Қайтер едi бiр сәтке құлың болса?!
ҚАМЫҒУ Көктем көшiп, Өңiрге күз енедi. Күз өңiнен көңiлiм мұз емедi. Күнә, Нала, Жаладан жапа шеккен Мына заман қай күнi түзеледi? Еш болғанын көрем де еңбегiмнiң Пейiлiнен түңiлем пенде-өмiрдiң. Жалтыраған жасы бар жапырақта Қалтыраған аязда мен де – гүлмiн... Суық ұрса, Кетпей ме шетiнеп гүл?.. Қайда бүгiн қызылы екi беттiң? Өзенiмде – көз жасы жесiрлердiң, Өзегiмде – өксiгi жетiмектiң. Кiмге жақын дүние, Кiмге мақұл? Таусылатын талқаным күн де жақын... Қалай мүлгiп-қалғысын қамсыз-мұңсыз Не боларын ертеңнiң бiлген Ақын?! Не болмағын сезем де ертең күнiм, Ел еншiсiн, Даулаймын ер теңдiгiн: Хауа ананың оралып етегiне, Замананың «гөй-гөйiн» шертем бүгiн!
...Көшкен көктем, Бiржола безбе менен. Желқайықпен, Ерте орал жезкемемен. Өмiрiмнiң өзегi – Өлең барда Өз көңілiмдi аулаймын өзге немен?
«КӨК БАЗАР» Өшiп-жанған жарықты көрiп алдан, Жүрушi едi кеудемде толып арман... Сол арманның елесiн көкке ұшырып, Көкiрегiме «Көк базар» қонып алған. Шамам жоқта, Ауруға шарам кемде: Асқына түс! Жазылма! Жарам, меңде! Балдай тәттi жемiсi удай қымбат «Көк базарға» айналып барам мен де! «Көк базарға» айналған мен ғана ма? Iшiнде оның тар қала, кең дала да! Жең ұшынан жалғасқан жебiрлерге Жеңсiк асы ананың ем бола ма?! Арман, қиял... Болғалы аяқасты, Қамсыз, мұңсыз көрiп ең қай алашты? Көңiл күнде жерiп жүр тiршiлiктен, Көзiм күнде көрiп жүр аямасты. Аямастың қолында тақ та, бақ та, Тәнiн, жанын бұлдаған ақтамақ та... «Көк базардың» көкесi – азғын тобыр Тағдырымды таялды таптамаққа!
Таптал, Өлең! Таптал, Ән! Таптал, Мұра! Сен де аяқтың астында жат, Домбыра! Мен қалайын аңырап, О дүниеге Арымды да барымды аттандыра!..
АШЫНУ «Жаратқанға» бүгiнде пенде айналып, Жата алмайды төсекте Жер жайланып. Көзiмiзге көрбiлте – шер байланып, Белгiсiз бiр сапарға бел байладық... Балық емес, Түскендей жаның ауға Тәңiрдi де айналдық танымауға. Көгенiнен ағытқан қозы-лақтай Жұрттың бәрi жан-жаққа жамырауда. Қас қарайып, Көрiнбей аспан анық, Бұлдырайды алыстан асқар алып... Жолыға ма бiр қара адасқанға? Соғыла ма басымыз тасқа барып?.. Қара түнде тал таппай қарманарға, Қара басым айналды-ау арлан аңға! ...Ей, Тәңiрiм! Не дауа, Тал басынан Аппақ қарға сарыған қарғаларға?
БЕСIК ЖЫРЫ Ана әлдиі Сен жалғыз да, мен жалғыз, Неге екенiн бiлдiк пе? Екеумiз де енжармыз Мына марғау тiрлiкке. Әкелмедiң маған бақ, Амал қанша, момыным. Есiк жаққа алаңдап, Елегзидi көңiлiм. Тебесiң кеп жөргектi Жылағанда, ой, Алла-ай! Сол кеткеннен мол кеттi Әкең үйге оралмай... Неменеге желiктi, Мен бе, ол ма, кiм жаман? Еркектерге ерiктi Берiп қойды-ау, қу заман. ... Алаңқайда шатыры, Көк күмбезде аппақ Ай. Баяғының батыры Көзден ұшты-ау, әттең-ай!.. Айдын-шалқар ақылы, Жыр толғайтын тоқтамай Баяғының ақыны Көзден ұшты-ау, әттең-ай!..
Ауылымыз жырақ па Азғындаған мәңгүрттен? Жiгiт болсам құр атқа Мiнбес пе едiм қарғып мен! Ерегесте жеңгем жоқ, Еркек алды ырқымды. Бас та мынау мең-зең боп, Шаш та мынау қырқылды. Кәмшат бөрiк, дүр көйлек... Беу, баяғы сайран-ай! Бәрiнен де жұрдай боп Қалғаным ба, қайран-ай? Не үйде емес, түзде емес, Қайда, апыр-ау, Айсеркем? Еркек те емес, қыз да емес, Бұл селтеңi қай селтең? Көңiлдегi көк шыбық Ендi қашан гүл атар?.. Сен жыласаң тепсiнiп, Анаң жылап жұбатар. «Қосығыңа» қосылып, Бастым бiлем гөй-гөйге. Әйелдердiң ашынып Сөйлейтiнi бар кейде...
КӨЛ Жасыл құрақ – Мендегi асыл мұрат. Көл жасадым көзiмнiң жасын құрап. Көкшеқұрақ, Көкмоншақ көлiмдi де Жаудан, жаттан келедi жасырғым-ақ. Күмiс көлдiң – Жағасын пүлiш тонның Сағалауды саяқ кеп дұрыс көрдiм. Екi аяқтың мен мұнда еркiне ерiп, Екi қолға мен мұнда жұмыс бердiм. Екi көзбен маңайды мың аймалап, Құрағыма құнықтым құлай қарап. Мұнда жүрсем басылар көңiл мауқым, Мұнда жүрсем ашылар шырай, қабақ. Құйрығымен су бетiн сабап қалып, Асыр салар айдында шабақ балық. Ертелі-кеш басылмас құс базары, Аққу жүзiп, Қаз, үйрек қанат қағып. Айдын көлдi айшықтап лағыл өрнек, Жағасында табылар жаныма ермек. Көкшiл мұнар көмкерген көлдiң суы Көз жасымдай әрi ащы, әрi кермек.
Көз жасынан жаралған көлiм менiң, Неге сонша саласың көңiлге мұң? ...Көлтауысар заман-ай, көнi кепкен, Не көргенiң бар сенiң, Не бiлгенiң?..
- * Аралымыз, Таусылып амалымыз, Жаулап алды самарқау сананы күз. Суға кеттiк.., Қармайтын тал табылмай, Тулақ еттiк Ту бие – Даланы бiз. Керi кетiп аяғым алға басқан, Күндi ойлаймын баяғы бал жаласқан... Ерiншектiң ертерек есiн жиып, Көрiнсе еттi көкжиек алдамастан?! Қайда барып тоқтаймын? Қайда лағып? Тұнығымнан түңiлдiм, Лайлап алып. Тербетiлiп қиялдың бесiгiнде, Жерден жерiп, желiктiк Айға барып. Қиял жақсы-ау тербетер бесiк барда, Көңiлiмдi қайтейiн көшiп-қонба?.. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» Абай сөзiн ұқсаймын кеш ұққанға. Сағым кiлкiп, Сарайдың сәнi кiрiп, Жан жарасын жалайды жарық – үмiт. Көкбөрiнiң азғыны – ала күшiк Айға ұлыған болады әлi құрып...
ШАҒАЛА ҚАЙДА, ШАҒАЛА? Шағала қайда ақтамақ, Жайымды ұғар жалт қарап? Жарама ащы тұз септi-ау, Жағада жүрген жат қонақ... Әу бастан асыл сүйегi Аққуым қайда киелi? АҺ ұрып кiмдi жоқтайды Айдынның ақжем жиегi? Көгала үйрек, қаз қайда? Көруге тағдыр жазбай ма?.. Көрiксiз өңiр, көкмұнар Көңiлдiң шерiн қозғай ма?.. Толқыны сөгiп қолтығын, Ала алмай жатыр көл тыным. Қарғаны қайтсiн, Жағада Шұқылап жүрген жемтiгiн! Аймалап алтын жағаны, Көл жатыр жалтылдап әлi. Қарадай тиер жыныңа Қарғаның қарқылдағаны! Шағала қайда ақтамақ, Көрiнбей қойған апталап? ...Қасиеттi мынау мекендi Қашанғы Қарға қаптамақ?!
- * Бас құлықсыз құлаққа, Тез жүрмейдi құнысқа. Жата берсе қынапта, Қылыш шiркiн қылыш па?!
- Тағдырыма не дермiн? Жарық күн жоқ жайнаған. Аспаннан бұлт, менен мұң Ауғанынша қай заман?.. Жаманға түндiк тескен жел уайым, Жақсыға кiндiк кескен ел уайым... * Кiм бар дейсiң Хақтан ақ?! Сақта дәйiм сайқалдан. Айтылған сөз – атқан оқ, Айтқанымнан қайта алман!
НОСТАЛЬГИЯ Көне бұйым, Көнтақыдай ұсталған Көкiрегiмдi көк түтiнге ысталған, Көшпендiнiң көзге көнiк салтымен Көшiрсем-ау Көксарайға қыстаудан... Күлiп шыққан Күнге төсеп маңдайды Көксарайға көш түсiрген қандай-ды?! Болар бала сонарға да iз тастап, Баба жолын Балқантауға жалғайды... Келбет-көркi кермаралдай келiскен Көксарайым – көзге ұрыншақ еңiс, бел. Алтыбақан аясында ән салып, Айлы түнде Аспан мен Жер өбiскен!.. Көкжиекке көзiн сүзiп кенезем, Еңiс жаққа еңкiлдесе көк өзен, Судан шыққан суырдайын зып берер Шүйгiн шөпке сүмең сүрлеу, көне жол. Алқым керiп аңқылдаса ескен леп, Алаңқайға жақындаса көшкен лек. Шал-шауқандар шамырқанса шат көңiл. «Шалғын қалай шаш етектен өскен!» деп. Өткен қыс пен Былай қалып өткен iс.., Қандыбалақ қанат қақса көкте құс,
Жылмаң қағар әлдененi еске алып Жылпос неме етектiнi ептегiш... Қыпша бел қыз ақ мәйектей аршылған Қызығымен қылаң берсе қарсыңнан, Нәуетектiң нәшiн бағып қарарсың, Нәпақа iздеп нәпсi деген арсыздан. Аспани жақ алабөтен күркiреп, Дүрбелең бұлт өте шықса дүркiреп! Тайлы-таяқ жанға жайлы жыл тiлеп.., Тайқазанда бүлкiлдесе былқып ет. Сауын айтып мына қыр мен ана бел, Ақбоз үйге ағып жатса тәмәм ел. Көлпар Ием, Сен де мынау қазақтың Көңiлiне көз қырыңды сала гөр... ...Қайран, баба, Қайран, ауыл, Қайран, ел.., Қашан ғана тұнығыңды лайлап ем? Ұлы күндер ендi қайтып келер ме, Ұлысам да арзу айтып Айға мен!..
КЕТКIМ КЕЛЕДI... Кеткiм келедi бiр жаққа, кеткiм келедi, Көзiме менiң симай жүр көктiң көлемi. Күннiң де қажет болмай тұр күлiмдегенi, Гүлдiң де қажет болмай тұр көп гүлдегенi, Кеткiм келедi бiр жаққа, кеткiм келедi... Түркiлiк түктi кiлемдей түсi мен өңi Сол бiр жақ, қайран, мөлдiр жақ
түсiме енедi... Желемiк перде жамылған Перiнiң қызы, Жетелеп кiргiз Жұмақтың iшiне менi. Сол бiр жақ... Қайран, мөлдiр жақ өңiмде өледi. Көзбояу, көлгiр болмысқа көңiл көнедi. Жүзiне қызыл жүгiрмей жүдеген жүрек Қайғы мен мұңға, қайтейiн, төрiн бередi. Кеткiм келедi бiр жаққа... Қайда барамын? Жұлдызға көзiм телмiрiп, Айға қарадым. Жұматай ғұрлы жоқпын ба, Жұртын қалдырып, Iздеуге кеткен Жұмақтан Ләйлә қарағын?.. Дозақы дүние мезгiлсiз мезi еттi менi, Кездiктей өткiр өкiнiш өзек тiледi. Шырын деп жүрсем...
Шынымен шыбын жан шiркiн Кезектi ме едi, Әншейiн мезеттi ме едi? Кеткiм келедi бiр жаққа, кеткiм келедi, Көзiме менiң симай жүр көктiң көлемi. Күннiң де қажет болмай тұр күлiмдегенi, Гүлдiң де қажет болмай тұр көп гүлдегенi, Кеткiм келедi бiр жаққа, кеткiм келедi...
ЕЛГЕ КЕТЕМ Елге кетем, Елге барып егiн сап, еңбек етем. Қала iшiнде жұқтырған ауруымды Ендi қалған өмiрде емдеп өтем. Елге кетем, Жайымды айтып кiмдерге телмең етем? Есiгiнен ендiрмес, есiркемес Бұл қалаға екенмiн мен де бөтен. Елге кетем, Желегiмдi жұлғызып желге нетем? «Ақымақтың ақылы кеш кiредi», Елеске ерiп бекерге келген екем. Арман, қиял бар едi нелер менде.., Соның бәрi ұқсайды көнергенге. Әркiмге ашқан абыройын Астананы Әкiмдер мен қалдырам өлерменге! Солар мiнсiн мiнбеген мен көлiкке, Солар жүрсiн арада жеңгелiкке. Солар бiлсiн, Көзiнiң тiрiсiнде Ақын жақын емесiн пенделiкке! Солар алсын атақты, мәртебенi! Солар қалсын адақтап әр төбенi!
Сайрайтұғын кезiнде бау-бағында Қайран, тiлiм, қашанғы зар төгедi? Елге кетем, Ендi ой жоқ менде бөтен. Жалғыз басы жаһанға симай жүрген, Ей, Жаратқан! Мен де бiр пендең екем!.. Елге кетем, Өлгенше Ел деп өтем!!!
- * Сыйынарым, сүйiнерiм – бiр Алла! Тылсым бар-ау, Бiр сыр бар-ау, сiрә, онда?.. Шоқ-шоқ болып өспейдi ғой Шынар да! Топ-топ болып ұшпайды ғой Қыран да! «Бас кеспек бар, тiл кеспек жоқ» дегенмен, Бала кезден талай таяқ жегем мен... Дара туған кiм бар дейсiң дәуiрден? Жаратылған кiм бар дейсiң Еменнен?! Тiрi түгiл өлi аруақ мақұлдар Әлiмсақтан Ақын деген атым бар: Насаттанса – нәрестедей мәз болып, Назаланса – найзағайдай шатырлар! Ес бiлгелi еншiмдi үзiп ептiңнен, Жыр жолына жүрегiмдi жектiм мен. Ақыл-есi бүтiн жандар әманда «Ақын сөзi – Алла сөзi» деп бiлген! Баз бiреулер: «Басқа пәле, – деп, – тiлден» Ауыл-елден қиыр жайлап, шет жүрген. Бiлiп айтам, Тiлiп айтам деп жүрiп Тiрлiгiмде қанша зардап шектiм мен?.. Тура айтам деп туғаныма жақпастан, Тағдырым бар табанымен шоқ басқан.
Көзсiз ерлiк кiмге керек, тәйiрi, Көре-бiле көкiрегiн оққа ашқан?! Ақын тiлiн, айтшы, бiрақ, кiм кесер?! Көппен бiрге ол да адамша күн кешер. Хан тағына бас иместен, керексе, Тәңiрiнiң тек өзiмен тiлдесер!!! ...Сыйынарым, сүйiнерiм – бiр Алла! Тылсым бар-ау, Бiр сыр бар-ау, сiрә, онда?.. Шоқ-шоқ болып өспейдi ғой Шынар да! Топ-топ болып ұшпайды ғой Қыран да!
- * Менi мынау жалғанда Түсiнетiн жан бар ма? Жан дарағын жай ұрар, Жаңа бүршiк жарғанда. Ақпа-төкпе нөсерден Әрқалай күй кешем мен. Әлмағайып жан ба едiм Ана сүтiн кеш емген? Атқан таңмен ағарған, Батқан күнмен қабарған Кiм аясын ақынды, Қыздан нәзiк жаралған? Кiл шаһбаз, Кiл «мықты» Дос болмады кiндiктi. Жалқауға да жал бiттi, Мылқауға да тiл бiттi. Аузымен құс тiстеген Қандай күйге түстi өлең? Әкiм менi неғылсын, Ат үстiнен түспеген? Белгiлi ғой қалған жәй, Болушы едi хал қандай: Қара жерге жас емес, Қарашығым тамғандай!..
- * Кеудем – қуыс, Iшiм – бос, Қайда күйiм құс үндес? Қу заманға тап келдiм Құдай сөзiн түсiнбес. Құдай сөзi – өлеңiм, Қайда құның? Төлемiң? Өзi емес пе ең өмiрдiң? Көзi емес пе ең көненiң? Жағдайыңа жан құрбан, Қайыршыдай қаңғырған. Жұрт жүрегi жартас па, Жәй әншейiн жаңғырған? Қайда кезiм гүл еккен? Қайда сезiм дiр еткен? Жұрт жүрегi темiр ме, Шыбық тисе шың еткен? Кешегi еңбек – бүгiн еш, Шiрiгенге шыбын өш... Жұрт жүрегi мұз ба, әлде, Ерiмес те жiбiмес? Құп ал, мейiлiң, Құп алма, Бұған куә бiр Алла. Жазылған ғой өлеңмен Көктен түскен Құран да!
ЗАМАНА Тiршiлiк қалғып тұрмайды, Ай менен күндi ұрлайды. Асып та тасып аққан су Арнасы кемiп, құрғайды. Қалың да тоғай ырғайлы, Қамыстың басы сырнайлы. Сардала кезген аруана Сағымға мойнын бұрмайды. Құлқыны кеңге құл қайғы, Құбақан құлға пұл қайғы. Жақсылық жапа шеккенмен, Жамандық көзiн жұмбайды. Бiреуге өмiр ыңғайлы, Бiреудi елең қылмайды. Бұлың да бұлың бұл жалған Бiздерге несiн бұлдайды? Өмiрге келу бiр қайғы, «Өмiр» деп өлу бiр қайғы... Зымыранға мiнген замана Зымыстан жаққа зырлайды... Жайлады жанды мұң-қайғы, Көрпесiн түзге түн жайды... Құлағы бiтеу қу дүние Кiмдердiң зарын тыңдайды?..
- Ождан жоқта Опа кем, Намыс жоқта Арыс аз. Алаңдамай жайға өзге Жаутаңдайды Ай көкте: Үмiт бар деп қай көзде, Ұят бар деп қай бетте. Есiктен енбей жатып төрге озғандар – Қазақтың ертеңiне көр қазғандар! Естен танып жүрмегiн ел мақтаса, Сылып таста, көзiңдi шел қаптаса! * Қауқары жоқ қаңбақты жел қуады, Тәуекелге Ер ғана бел буады!
Х Х Х Ақылымнан болса егер айлам басым, Жағдайымның сезер ме ем жәй болмасын. Қалтылдаған қайықтай күй кештiң-ау, Қалталының қасында, қайран, басым... Бағым құнсыз, Бүгiнде бағам бақыр, Бар болмысын ақтарып заман жатыр. Жалмауыздың аспаны еңсемдi езiп, Жәдігөйдiң қос қолы жағамда тұр. Залал қылық болмаса затында елдiң, Ақ кiреуке шалар ма ақын көңілiн? Құдай сөзiн құп алмай қу дүние Ауызына қарап тұр әкiмдердiң. Әрқайсысы орнатып сарайшығын, Сарайшықтың келтiрер бар айшығын. Аралықта ақын жүр, Ақиқат пен Адалдықтың ашам деп қалай сырын. Замананың айтпаққа зайыр шынын, Таудың тарттым куәға айыр шыңын. Сапарына iлесiп сығандардың, Қатарына қосылдым қайыршының. Ақын қашан жан баққан? Дамыл тапқан? Ери қоймас жәй сөзге қаным қатқан. Өлеңшi мен сақтасын өлерменнен Өле-өлгенше Сарайдың сәнiн баққан!
АБАЙ ДАҢҒЫЛЫ БОЙЫНДА Сен жаяу да, мен жаяу, Екеумiз де – Ақынбыз. Сен баяу да, мен баяу, Қарсы келе жатырмыз. Замананың көлiгi Жанымыздан зулайды. ...Ен даланың Елiгi Ендi сағым қумайды. Өткен күннiң бәрi аңыз, Уақытта жоқ күту. Қалаңыз да далаңыз Сағым емес, көк түтiн. Елсiз көңiл көнши ме? Ер салайын атқа мен. Қыдыр болсаң, еншi үйге, Құмыр болсаң, баққа қон! Енбе кейiн түсiме, Сахараңда сенделiп. Желбегейiң iшiне Кетейiншi мен де енiп! ...Көкiрегiн дау керген, Айлалы да айбарлы Көлеңкесiн жау көрген «Қыр қазағы» қайда әлгi?
Өзгермептi оншама, Баса алмапты аптығын. Жалқау қазақ болса да, Аңқау қазақ жоқ бүгiн. Басына бақ қонса да, Бәсi бақыр тоқтының. Мәңгүрт қазақ болса да, Аңғырт қазақ жоқ бүгiн. Елдiң қамын жемейдi, Ерқаштылар жиналған. Қырт пен қиқым көбейдi, «Бас басына би болған». Көкiрегiм ырықсыз Көмбесiндей көп ойдың. Өңi бүгiн сұрықсыз Өзiң барған Семейдiң. Бармақтайын бақ қонбай Байғұс қалай тыншиды? Онегиннен хат келмей, Татьяна сыңсиды... Өксiп өмiр өткендей... Кiм толтырар олқысын? Тоғжан да ұзап кеткендей Сыңғырлатып шолпысын...
Хас арудай тұншыққан Қара бұлтқа батқан Ай. Сен де, сен де сыңсып қал, Әйгерiмнiң тәттi әнi-ай!.. ... Көк теңiзден аумайды Кейде ақынның көңiлi. Жанымыздан заулайды Замананың көлiгi. Залалы жоқ ешкiмге Зар илеген пақырмыз. Кең даңғылдың үстiнде Жаяу келе жатырмыз. Ұғынғанға – ұлымыз, Бұғынғанға – бөтенбiз. Бiрiмiзге-бiрiмiз Қашан жетер екенбiз?..
ҚАРАҒЫМ-АЙ... Жан-жүрегiм сыздайды жаралыдай, Қас-қабағым мұздайды қаралыдай. Қаңғып келген қайдағы келiмсекпен Қайда кетiп барасың, қарағым-ай? Сары алтындай сандықта сақтағаным, Бiлсең еттi мәнiсiн ақ-қараның?! Баба салтын осы ма ұстағаның? Ана сүтiн осы ма ақтағаның? Сайын далаң, Қалдырып сахараңды Қаладың ба шынымен жат адамды? Қалай қиып кетесiң қандасыңды? Қалай қиып кетесiң ата-анаңды? Көрiнгеннiң көндiксең жетегiне, Көбеймей ме көз сүзген етегiңе?.. Туған жерге туажат болмаса егер, Елiн тастап естi қыз кетедi ме?! Кiм қызықпас қазақтың тау-тасына? Кiм қызықпас қазақтың қалқасына? Айналдырған басыңды сол неменiң Алқасы ма? Жоқ, әлде, қалтасы ма? Жаутаң қағып соңыңнан бала кезiң, Жаспен жуып қалмай ма ана көзiн? Қаңғып жүрген қайдағы келiмсекпен Қайда безiп барасың, қаракөзiм?
ҚЫЗ ҰЯТЫ Ұятың – екi беттiң қызылы едi... Қызығып ендi кiмдер сүзiледi? Қызарып жаңа пiскен алмадайын Қызылмен әрлi екен-ау қыз реңi! Ұрыны түн жамылып баққа кiрген Iз кесiп iздегенмен таппадым мен. Қызығың қыз күнiңдей қайдан болсын, Бетiңе опа-далап жаққаныңмен. Жүзiңе, ұялғанда, қан тебетiн, Сол сәтiң сәннен де әзiз мәртебе-тiн! Ақындар марапаттап махаббатты, Ғашықтар әуелетiп ән төгетiн! Жүзiңнен, қызарғанда, қан таматын, Сездiрiп Сезiмсарай салтанатын! Қауышып қалатұғын кiрпiктерiң Тауысып талайлардың жан тағатын... Ұрыға ұятыңды алдырғалы Жаныңда жастық әнi жаңғырмады. Бөз болды жазға жетпей шырайлы өңiң, Өзгердi ернiңдегi балдың дәмi... Бетiңе опа-далап жағынасың, Жасанды сол құрғырды нағыласың? ...Қызғыштай қыз ұятын қорғаймын деп, Қу жүрек, сонша неге жанығасың?..
ҚАЙЫҢ ҚАЛҚА... Қайың қалқа, Жайың қалай? Жақсы ма? Жамылғаның – жасыл көйлек, ақ шұға. Қыссам ба екен аш белiңнен құмартып, Құшсам ба екен мас көңiлмен қапсыра?! Қайың қалқа, Әкесi – түс, Өңi – ана, Хал-жайымды өзiң ғана жобала. Көңiлiмде не кiнә бар көкдөнен, Көйлегiңе көзiм түссе көгала? Жаңбыр жауса – тағынғандай мың сырға, Ымырт түссе – табынғандай тылсымға.., Бозымыңда бойжеткендей бой түзеп, Болмысыңа бойсұнғалы тұрсың ба?.. Ындыныңды берiп әсем ырғаққа, Биле! Бұрал! Бозбаламен бұлғақта! Көктем шiркiн көз алдыңнан жалт берiп, Күз де келер ызбайланып бұл баққа. Күз келген соң белгiлi ғой, белгiлi... Әдепкiде аңғармассың сен мұны.
Жұмағыңда бiр жұмбақ жұт басталып, Құлағыңда ызыңдайды жел мұңы. Алма бақтан ығыстырып iзгi әндi, Амал бар ма, Айла бар ма Күзге, әлгi: Тiгiсiнен сөгiледi көк көйлек, Уысыңнан төгiледi жүз жамбы... Қайың жалғыз... Ару жалғыз... Ай жалғыз... Жасыл бақты жадау тартқан жайлар күз. Жайлауыңнан, Жаз, көшерсiң жамырап, Базарыңнан баз кешерсiң, қайран, Қыз!.. Қайың қалқа..
ЖЫНОЙНАҚ Қаракөзайым қалқаға Кетсе де толып төңiрек, Қалқаға емес, алқаға Түседi көзiм көбiрек. Шер кеудем – Менiң шермендем, Дәстүрiң қайда бұлжымас? Қос анар төсiн кергенмен, Қос бұрым жұрдай, жым жылас! Жұлдыз бен қыздың Үркерi Ғайыпқа ұшып арманда.., Қаптап жүр кiлең жын-перi Жынойнақ пенен барларда. Темекi табы ернiнде, Арақпен қаны уланған Кермиық қызды көрдiм де, Көңiлiм қалды думаннан. Алдымнан шығар қаншама Алдамшы өмiр шырғалаң?.. Қаншық па? Әлде, ханша ма Арулар...тәнiн бұлдаған?! Шерменде ме едiм шер iшкен, Есiл де дертi – сымбат, сән?.. Көктегi ғазиз Перiштем, Тiл қатсаң еттi, тiл қатсаң?!
МIНЕЗ Ешкiмге қор болмайды азат басым, Жанымды жар аймалап, Жаз аптасын! Тасты ою – таңдай қаққан тамшыға сын, Қасқаю – қасқыр қандас қазаққа сын! Басынып басымнан сөз асырмаңдар, Ежелден егiз ұғым – Лашын, Заңғар. Жетесi жетi атадан әрi кеткен Талыстай тамырымда асыл қан бар! Арудың ақ мәмесiн езген кеуде Жарайды жан жақұтын безбендеуге. Көзiнде жалт ойнаған жануардай Жалымды сипатпаймын кез келгенге! Сақтаған сары алтындай ақыл кенiн Сарайым – сайын дала, Шатыр – көгiм! Iлкiде Iбiлiстi жайпап өтер Iшiмде жасын бұғып жатыр менiң! Жалғыздың жаны жұмбақ, Жолдасы – мұң. Шырынға шыбын қонса, ол да шығын. Сом бiлек солақайдың сойылындай Сойқанды сап жүрмесiн сол жасыным!..
ТIКСIНУ Қараңдап көлеңкесi қақ түбiнде Қара бұлт Айдың бетiн жапты мүлде. Аспаннан ауып келген әлдекiмдей Ұл-қызым шүлдiрлейдi жат тiлiнде. Түнерген түйсiнем де тау қабағын, Көзiме көкжиектi аударамын. Байқатып Балбал тас та тұрғандайын Iлкiде iштен шыққан жау жаманын. Муһминға иман – парыз, Ғұсыл – мiндет. Басымды тақтан төмен түсiргiм жоқ. Сыпайы сырт пiшiнiм кiмге керек, Iбiлiс жатып алса iшiмде iндеп? Кеше бiз «Оян!» дедiк бұл қазаққа, Қалмайды қамсыз жүрсе кiм мазаққа? Көкке емес, Айдалаға ұлыған соң Айналып бара жатыр ұл да жатқа. Қыдырып қыздың көзi Қырым жаққа, Құптасаң, құлқы бейiл құбылмаққа. Қалашық қар мен мұздан жасап алып Қарғалар қарқылдайды бүгiн бақта.. Келгендей бiр басына ақырғы күн, Бүк түсiп бүйенiмде жатыр мұңым.
Пақырдың суға салған бақырындай Қарасын қара түнге батырды Күн. Дегбiрсiз қалтырайды дене түнде... Бұл көктем келмейтiн бе, келетiн бе? Ұқсап тұр дүйiм дүние шынымен-ақ Көк етiн Көкбөрiнiң сөгетiнге!!!
ТАС МҮСIН Тас қамал, Тас қабырға, Тас қалада Өтедi-ау жас ғұмырың, қасқа бала?.. Уақыт па?.. Қара мысық жолды кесiп, Бақыт па?.. Барады ұшып бастан о да... Көнек бет мас та iшiнде, Лас та iшiнде Көп пенде көлгiрсидi дос пiшiнде. Тапсырғым кеп тұрады тағдырымды Абайдан айнымайтын Тас мүсiнге. Көксеумен хақ Құранын, Көк қыранын, Түбiнде өзiмдi-өзiм жеп тынамын! Алдына барған сайын, Тәңiрiм иiп, Тас мүсiн сөйлеп кетсе деп тұрамын. Тас мүсiн сөйлемейдi, Тiл қатпайды. Iшiме iндеп кiрiп, шым батпайды. Алдымда Абайға ұқсас бiр адам тұр: Етжендi, Етек-жеңдi, Сұңғақ бойлы...
Пiр тұтса пiрадарлар Тас Абайды, Тәңiрдi тастан кiмдер қашамайды? Ұлықтың тақта отырған бабы басқа, Ұлыны қолдан ұрпақ жасамайды! Жәй жүрмей, Жасап алып тастан Абай, Жамырап мәз боламыз жас баладай. Бiр күнi... Алай-дүлей апат келiп, Аударып тасымызды тастамағай... Көзiмнiң көгенiне жас байланып, Қара бұлт қабағын тұр ашпай нағып? Тас Абай... Тасбауыр жұрт... Мына бiздер Шынымен барамыз ба тасқа айналып?
- * Бiз кiмбiз? Кiм болғымыз келедi? Бiрiншiсi – күмән. Екiншiсi – арман. Күмәннан арылып алмай, арманның ауылы көрiнушi
ме едi?.. Бiз Отаншыл бола аламыз ба? Оны ең әуелi өз Ожданыңнан сұра! Зиялы кiм? Ол – қалыптаса қоймаған және өмiр бойы қалыптаспайтын зиянсыз қауым. * Ұлттың ұлы ұраны: «Тәңiрiңдi таны, тамырыңды тап!»
ТОҚАЛ ТОЙЫ Ассалаумағалейкум, Тоқал қала! Болғанда Отан – ождан, Опаң – Дала. Бiз деген Бәйбiшенiң баласымыз, Қолыңа шөмiш алып қоқаңдама. Кеп қалдық Алматыдан отарбамен, Қол тисе, қоламтаңды қопармақ ем... Айтқаны көнелердiң рас болса, Көгерер көсегемiз тоқалдармен. Үлкеннен алар болсақ үлгi-өнеге, Бәрiмiз қарыздармыз бiр «көнеге»... Сен бiздi танымай қап, Қаным ойнап, Жүрмейiн: «не болған, – деп, – бұл немеге?» Баласы Бәйбiшенiң бапқа бейiл, Шаласы шал-шауқанның жатқа бейiм. «Жақсы менен жаманды айыра алмай...» Сан соғып Сарыарқаңда жатпа кейiн. Сәуiрге сән кiре ме гүл тағынбай?! Аспанға әр кiре ме бұлт арылмай?.. Есiмiң ел аузында жүрсе кәнi, Еңсегей Есенейдiң Ұлпанындай.
Сарыарқа... Саумалымен, Самалымен Сазы едi сал-серiнiң бала күннен!.. Абайды (Тоғжаны жоқ) тым болмаса, Қарсы алшы Әйгерiмнiң қабағымен. Тұмшалап түндiгiңдi жатып алмай, Сапыршы сарқымызды сақылардай! Арқаның адырдағы арқанындай Еркенiң Есiл деген аты қандай?! Ақынның әлiмсақтан ғазал емi, Көңiлiм май iшпей-ақ мазалы едi... Тоқалдың тойда ашылған ажар-өңi Айырсын ақыл-естен таза менi! Не жетсiн бiлте мылтық оталғанға?! Қайтуға әзiр-мәзiр отарбам да. Қазынам ортаймайды тойым барда Қазағым қартаймайды Тоқал барда!..
Х Х Х Демеушiм бар, Аты оның – бiр Құдай. Ал өңгесi...тоқалдан қу, байдан сақ. Арыстан боп жүрмес пе едiк, құрғыр-ай, Аспандағы Айды алсақ!.. Болса кәнi удың бiрер ұрттамы, Тағдырыма таба алмадым ем, айла... Көкбөрiнiң жұрнағымын жұрттағы, Мұң шағатын тек Айға. Барысты әкеп көрсеткен жоқ бiзге ешкiм, Бәлкiм, оны көрмейтiн де шығармын... Шынымен-ақ көлi жоқ па Қызғыштың? Шегi жоқ па шыдамның? Жер жетiмек, Көңiл шiркiн жалаңқат. Көктен жаңбыр тамбаса... Есепке епшiл еркек кiндiк маған жат, Ұрғашылар болмаса... Беу, Перiштем! Тағдырыма талқармау, Сен болмасаң өлер ме едiм құсадан?.. Есi-дертiм өзiңдi аңсау, армандау Ұжымағыма ұсаған. Бақыт болып көрiнедi бар әлем, Көзге әлемiш,
Бояу жақса болмысқа. Саусағыңа көк жұлдызын тағар ем, Амал қанша, қол қысқа. Бiз де талай Айға қарап ұлып ек, Баяғы сол тұрқы түркi жандарша. Бұл өмiрдiң көк тиындық құны жоқ, Баз кешер ем бар болса! Көршi еткелi Айдаһар мен Аюды, Қабағыма қондырмадым қай түндi? Тек Аллаға алақаным жаюлы! Тек Аллаға мiнәжатым айтулы!..
ТҰМАН Көңiлдiң түрдiм iргесiн, Көрiнбей үмiт сәулесi. Түбiме жетiп жүрмесiн «Өтпелi кезең» әуресi? Иесiз иттей бұралып, Аса алмай асу, кезеңнен, Қоғамның ұрты суалып, Заманның ернi кезерген. Жауласа жанды дерт, бүлiк, Жанардан қалай жас құрғар? Азайып кеттi төрт түлiк, Көбейiп кеттi «қасқырлар»! Болмаса әдiл қазылар, Бәйгеге басын кiм тiгер? Азайып кеттi тазылар, Көбейiп кеттi «түлкiлер»! Тақуа, тақыр пақырмыз, Тағдырдан қайтқан тауаны. Алқына жұтып жатырмыз «Уәде» деген ауаны... Маңайды улап мас әнi, Мазалы ұйқы бұйырмай, Қаңтарда Күн де қашады, Қия бiр шауып қиырлай.
Күнәдан күллi тазарып, Шығар күн қайда? Қайдам-ау... Бозарып емес, сазарып Қарайды маған Ай да анау. Алдымыз толы күмәнға, Алынбас «Қытай қамалдай»... Адасып жүрмiз тұманда Ақиқат ауылын таба алмай...
- * Аппақ айдың бетiн бұлт Айғыздады сүртем деп. Көктей солған Жетiмдiк Көшеде жүр бүрсеңдеп. Жанарына жас тұна Жәутеңдейдi, қарашы? Қара жердiң астына Түсiп кеткен анасы... Бұл өмiрде мән жоғын Бiлмейтiнi – қатесi. Iбiлiстiң зәмзәмiн Iшiп кеткен әкесi... Көкжиекке көше ме Көкте шебiн құрған бұлт? Маңырап жүр көшеде «Ақсақ тоқты – құрмалдық». Көгерер ме көсеге Көкiрекке қона сап? ...Қаңғырып жүр көшеде Қарасирақ – Болашақ...
ШИКIБАС Көк құсын Қыран болып iлген көңiл, Сiлкiнсең сiлкiн! Бiрақ, сыр бермегiн. Шiренсе шiрендi де бiр Шикiбас, Сен оның шiренерiн бiлген бе едiң? Бiлдiң бе бұ неменiң шiренерiн? Түксиiп, Түгi үрпиiп, Түнерерiн? Азуын Айға бiлер ақын болсаң, Байқатар кезiң кеп тұр тiл өнерiн! Сырт iшiн сыр бермеген сыңайланып, Өзiнше қомпиғанмен «құдай» болып, Жанары шалшық судай лайланып, Көзiңе мөлиедi сынай бағып. Көрсоқыр көкiрегiн ұйқы басқан Не қайыр күттiң мынау Шикiбастан? Дұрысы – дулығалы дұшпан артық, Мәрттiгi мәлiмсiздеу күйкi достан! Таусылмас ақыреттiк арман, мұңы Жалғанның осы шығар жалғандығы?.. Қояр-ау Шикiбас та шiренуiн Айрылып қызметiнен қалған күнi. Кеңдiктi кiм байқамақ Дала бармай? Тең, жүктi кiм көтермек Қаранардай?! Қыранның қырандығы, кiм бiлiптi, Қарғасыз қалар ма едi бағаланбай?..
ЗАУАЛ Қолыңдағы кесенi сарқып iшiп, Аз ғана күн аспанда қалқып, ұшып, Қайта айналып түс-тағы, Көлбақадай Көңiрсiген көлшiкке малты, Күшiк! Малты, Малты, Алқынып кеңiрдектен, Айлаң болмай аялсыз өмiрге өткен. Бiр кеңейген қу көмей тарылар ма? Бiр тарылған тiршiлiк кеңiр деп пе ең? Табылмаса қасыңнан қатар-құрбың, Арқасына аяздай батар кiмнiң? Ескерусiз, елеусiз өткен күндер Қайта айналып саған тiл қатар, мүмкiн... Есiтiлер ол, бәлкiм, үкiм болып, Әзiрейiлдей зәрең мен құтыңды алып. Жұрт ойға алар бiр iсiң болмаған соң Сырт айналар өзiңнен мұқым халық. Саяқ қалып үркердей үйiрiңнен, Сайқал сайтан түрткiлер бүйiрiңнен. Ердiң ерi сау қалар, Тiршiлiкте Тереңiне тартатын иiрiмнен...
Малты, Малты, Күшiгiм, жан ұшырып, Жүрегiңнiң қалғанша қаны суып. ...Желдi күнi жоқтайды әлдекiмдi Құрақ жылап, Жағада қамыс ұлып...
МЫЛҚАУ Мен неге қайғылымын, қайғылымын? Жақпай жүр Жаратқанға қай қылығым? Кең етек шекпен емес, Кебiн киiп Келмеске кеткен бiлем айбын үнiм. Жайымды кiм бар, кiм жоқ түсiнетiн? Көрместей не iстеп едiм кiсi бетiн? Қашанғы Жасырынбақ ойнап жатпақ Аузымның кiрiп алып iшiне Тiл? Таба алмай өз Тiлiмдi өз дiлiмнен, Берекем безерленiп бездi бiлем? Құлдайын құлақкестi үнiм шықпас, Шалсаң да кеңiрдектен кездiгiңмен! Қай құлақ тыңдап жатыр Мылқау мұңын? Саязбын, Саржамбаспын, Сырқаулымын... Толымы Толағайдай ұл тумаса, Қопарып, қозғай қойсын бұл тауды кiм?.. Үркекпiн, Үргедекпiн, Үрейлiмiн... Тартамын таразыға бiр ойды мың. Ұға алмай қамсыз, мұңсыз хал жайымды Маңдайын көкжиекке тiрейдi Күн...
Төркiнiм, Төрiм, Жерiм жатқа дайын, Жанына жата кетем жаппадайын. Алакөз ағайынның арасына Құятын әзiр-мәзiр отқа майым. Жан-жаққа жай түскендей жамыратқан Талайсыз тағдырым бар тәңiр атқан. Шаң-тозаң бұрқырайды, Түтiн емес, Шалқайған шаңқай түсте Шаңырақтан...
КӨСЕУ МЕН КӨСЕМ Талқаның мен таусылып тар соқпағың, Үкi көздi бiр үрей қоршап қалың, Алматының көнетоз көлiгiндей Бара жатыр көбейiп қолшоқпарың. Қала ма деп бiр күнi жанбай шамым, Сарқылады сабырың, Сарғайса күн... Жылы-жұмсақ сөзiмен жыртығыңды Жамап-жасқап жатады жандайшабың. Бiрi – көсеу, Көреген, бiрi – «көсем». Бiрi – кесел, Көрiпкел, бiрi – мешел. Қой терiсiн жамылған қасқырлардың Бiрiне де сенбейсiң тiрiде сен! Әрi сорға, Айналып әрi баққа, Таң алдында, Талқармау сәрi уақта Есiгiңдi қағады есiңдi алып Елгезер ме, Елес пе, Аруақ па...
Қабағыңа қонады бiрi келiп, Тамағыңнан алады бiрi келiп. Жазмышыңа тәуба айтып, Таупық тiлеп, Жанарыңды жабады бiрi келiп... Шыттан кебiн, Киерде шықтан кенеп, Мұқым мұңлық жылардай мықты ән керек! Құрт та қалмас қасыңда, Қырт та қалмас, Жұдырығын жұтынған жұрттан бөлек!..
ДЕ... Хақ тағала: Адам едiң... Бiрiң мақұлық, Айналдың бiрiң малға, Шiрiндiге қонады шыбын, қарға... Құмығады құлқының қу молаңда, Қу сүйегiң етiңнен сылынғанда. Арам тамақ ағзаға ас бола ма, Ауруыңнан айығар күнiң бар ма? Ұрынғанға қағынған ұрын келiп, Қашан тыным бересiң шыбын жанға? Жақсыларың жадынан жаңылысып, Жаһаннамға жазасыз жаның ұшып, Жұтар ауа, iшер су жетпегендей, Қара жердiң келесiң қанын iшiп! Естен шығып күнәдан арылмағың, Қара басып, неткенiң қағынғаның? Салқын ақыл, Сананың сары уызын.., Саған қидым емес пе бәрiн, бәрiн?! Адам едiң... Иесi ең ұлы күштiң!.. Құнын, тiлiн сезiнген құбылыстың! Балбұлақты анаңның сүтi балап, Арғымақты аспанға мiнiп ұштың! Алқымыңнан ағзаға аққан майды Ауызыңнан кеткен жоқ бұрып ешкiм.
Сөйте жүрiп жерiнiп жетi атаңнан, Жетегiне жегiлдiң Iбiлiстiң. Жегiлгенiң – жеңiлгенiң! Жетесiзге, тексiзге телiнгенiң. Перiштенiң азғыны сол Әзәзiл Арамызда әлi жүр сенiң, менiң. Жарың болып арбайды, Ләйләң болып, Махаббатты мазалы майдан көрiп. Қас қағымда, Бiлмейсiң қапелiмде, Қайда кетiп қалғанын, қайдан келiп! Түсiнбейсiң сен мұны, Түсiнгiң жоқ. Ол бiр тәттi у, Ал саған iшу мiндет! Мас боласың, Лағасың, Ластанасың Iбiлiстiң iндетi iшiңде өлiп... Досың болып жүредi тап қасыңда: «Орға, жарға түсем, – деп, – отқа, суға!» Қағынғанға соғылған сойқан салып, Қанша пенде сор кешiп, шоқ басуда?.. Туысың да, Болады қандасың да, Алыста емес, Ол сенiң дәл қасыңда! Бiр-бiр тантық жетедi тамашаңа, Бiр-бiр Жантық жетедi жан басына!..
Адам едiң... Иықтым, Сүйiктiм ең, Ойдың, Бойдың, Болмыстың биiктiгi ең! Алпыс екi өзенiң арқырап кеп Телегейге жататын құйып кiлең! Тұнығына тұшынып тұма көлдiң, Жұмырыңа жұқ iздеп, бұлақ емдiң. Алды-артыңа ақылмен сабыр салмай, Асып-тасып, азғындап шыға келдiң! Асқаныңмен, Қанаңнан тасқаныңмен, Сен емессiң иесi бұл әлемнiң, Бұл әлемнiң иесi – мына Менмiн!!! Жерден неге безiндiң, Айды қалап? Аспан емес, аңғарсаң, қайғы – қабат!.. Жарты нанға жарымай жарлы зарлы, Қызыл құйрық Түлкiнi бай қуалап. Жылқы жирен болғанда, түлкi құба Жаны жамау жалқының жыртығына. Қу дүниенi қуалап жүрген нәкәс, Құм құйылса қайтер ең құлқыныңа?! Жалмауызға жұғынды жұқ бола ма? Нар жолында, қомында жүк қала ма?! Жұмыр жердiң, ей, жұрты, құтырынған, Құл-құтанша құлдық ұр Құтханаңа!!!
Одан өзге Жұмақ жоқ! Тамұқ та жоқ! Қайғы кешiп, Қан жұтып, Қамықпа көп. Жайқаларсың, Көктерсiң Жұмағыңда, Жай табарсың Тамұғың – табытқа кеп... Сол болады Қиямет Қайым күнiң, Жан аманда жататын жайыңды бiл. Қуарады құм жұтып қу сүйегiң, Уанады у iшiп уайым, мұңың... Сол болады жазмышың, Жазаң-дағы Қазан түбi қаспағың, Қазаң-дағы!.. ...Муһминымды жоқтайды жұма сайын Муадзинның ғазалы азандағы... Адам (өзiне-өзi): – «Де!» – дедi маған Жаратқан, «Де!» – дедi маған, Iшiнен iрiп-шiрiдi, себебi, ғалам. Кеудесiн кернеп кесiрлiк, Келеге келмей, Керi тартады екен келгенде кемелiне адам. Кемелiне адам келгенде, Шерменде болып,
Керiлiп шығар кеңседен, Кердеңдеп енiп. Май басады екен желкесiн жетi елiдейiн, Жерден де жерiп, Жерұйық елден де жерiп! Жұмыры менен жұтқыншақ, Өңешi кеңiп, Жұтқаны жұқпай, Жүрсе де өлесi болып.., Жата алмайды екен төсекте, Жадынан шықпай Кеуiлiн кеулеп керiмсал келесi жорық. Тақ пенен баққа қол созып қомағай неме, Қолайы келсе.., Қонжияр қоладай дене. Өңiңде көрген зәнталақ түсiңе енсе, Зәреңдi алар аршылған моладай көне.
Өзiмшiл кеуде өзгенi елемес мүлде. Елiңдi таппай қаларсың! Ерегестiң бе? Көктен де түскен, Жетi қат жерден де шыққан Жебiр де обыр жетпегiр сен емессiң бе?.. Идея бар да, идеал жоқ. Идеал жоқ жерде ұстаным жоқ. Саясат бар да, идеология жоқ. Идео логия жоқ жерде сайқали саясат салтанат құрады. Атамзаманғы аксиома...
ДЕ – мократия Инабат шетке ығысты, Жыландай жылжып ЖЫН ептеп... Сұм Батыс сұлу Шығысты Күлiнен шығар күң етпек. Мұрыны ұқсап мұржаға, Мүштегiн сорар құлаштап! Түнерiп келген мырзаға Түндiгiн түнде Күң ашпақ. Қайыңдай кербез қалқаға Қарасаң еттi, Құдай – Хақ?! Қазына бiткен қалтада, Казино бiткен – Жынойнақ! Сырт қалмай сыбағасынан, Жаулады жанды даңғаза ән. Мешiттiң мұнарасынан Талығып шықты таңғы азан... Құтырып шыға келгелi Құлағы тесiк құл бiткен, Есiктен Елес енбедi, Енбедi сәуле түндiктен. Айласын азғын асырды: Аруға күннен түн қызық. Жатырмыз Жаңа ғасырды Есекке терiс мiнгiзiп.
Таба алмай тосқын тасқынға, Қасiрет шектi қанша Үмiт?.. Сұмпайдың аяғы астында Сұлулық жатыр жаншылып! Кiм әлсiз бүгiн? Кiм мықты? Құтырып жатыр құл бiткен! Шырайлы Шығыс – Шындықты Құтқарар кiм бар күңдiктен?
ДЕ – формация Бәрiмiз бiр орманның өскiнi едiк, Өрт шалды қара орманды... Өштi желiк. Жетпiс жыл желге ұшқандай, Жер құшқандай Жарамай көрмеге де ескi көлiк! Кеше бiз адамзаттың артығы едiк, Жаһанды жалмап жұтқан жарты бөлiп! Өзiмiз-өзiмiзге тәнтi болып, О, тоба! Тәңiрдi де тәркiледiк!.. Жалғанның жатырына ұрық тастап, Ұранын «Ұлы жұрттың» ұлып бастап. Моланың басына да ту қададық, «Қоғамын құдайсыздың» құрып тастап! Санадан иман, иба сызылғалы Ұятын бозбаланың қыз ұрлады. Сайтанның сапалағы – Сары маса Желкемнен күнi-түнi ызыңдады! Сайтанның сапалағы – Сары маса, Сiңiрдей сiрi екен-ау жаның аса! Баланың башпайына бақ қона ма, Ананың уызына жарымаса?.. «Қасымның қасқа жолы» құнсызданып, Есiмдi еске алмады мұңсыз халық.
Басы емес, Құйрығына құлақ асты Iшiнде Аквариумның тiлсiз балық... Айналып сорымызға сол Тiл әлi, Көз жасын тостағанға толтырады. Алдында, адым басса, бұл қазақтың Соқпақсыз, соқтықпалы жол тұрады!.. Тасбауыр, Тап болғалы тас қамалға Айналып шыға келдiм басқа адамға: Бiреу жүр тиын iздеп бас жазарға, Бiреу жүр түйiр iздеп асқазанға... Саралап, Салмай жатып араға күн Сарыуыз ұялады санаға мұң. Орманға озан салып ұлып алам, Сағынсам сары орыстың қара нанын... Ер едiм, Ерен едiм, Ерекше едiм... Жемiне айналдым ба желөкшенiң: Көрiнген теспей, кеспей сорып жатыр Қалдырмай қан-жынын да Өлексенiң! ...Қу сүйек қу далада ырсияды, Қу Түлкi құба жонда жымсияды. Тағдырдың таңдайына кiм татиды? Жазмыштың маңдайына кiм сияды!?
ДЕ – реформа(ция) Кiмге керек құр мақтан Таңдайыңды құрғатқан? Парызымыз – бiр мысқал, Қарызымыз – мың батпан. Қос жұмыртқа ұртымда, Мың бал ара мұртымда: Басып бара жатырмын «Жыртыл, қазақ, жыртылға»! Кiмге керек бөспелiк? Қай асуда көш-көлiк? Шашыламыз шалқайып, Төгiлемiз төс керiп! «Ғылым таппай мақтанба, Өнер таппай баптанба...» «Мәз болады болысың Арқаға ұлық қаққанға...» «Сап-сап, көңілiм, сап, көңілiм» Қай заманға тап келдiм? Көлденеңнiң көзiнше Шырын-шербет тәттi елмiн. Қызықпайды балға кiм? Жалаңдайды жан-жағым. Түбi тесiк қалтамын, Ашықауыз қамбамын.
Барым – бақыр, Жоғым – мың... Бақытым кiм? Сорым кiм? Саратанда сауынмын, Сары аязда соғыммын. Келген бар да, кеткен жоқ, Енiп жатыр еппен кеп. Ұясына қонбай тұр Қыраным да көкке өрлеп! Ұраным да көкке өрлеп! ДЕ – градация Өңiм түгiл түсiме енбей пүлiш бақ, Өмiр сүре алмадым-ау дұрыстап. Еңсе езiлiп, Еңкiш тартып екi иiн, Күннен-күнге бара жатыр құныстап. Көп iшiнен өзiмдi iздеп таба алмай, Тарықтым-ау, Торықтым-ау тағы, Алла-ай... Оңашаға өзiмдi алып қашамын Кiсiкиiк, Iшi күйiк адамдай. Көңiл неге жадау, жүдеу,
жетiмек? Таңда тұрам, Түн баласы шетiнеп... Жапасы көп, Опасы жоқ жалғанның Маған тура қарайтындай бетi жоқ! Зерiктiрдi мезi мезгiл, Мекер күн, Жөнi қайда мединелi мекеннiң? Өмiр мынау өгей анам секiлдi, Өз анама қашан, қай күн жетермiн?..
ДЕ – монтаж Ауыл баласы... Қалаға қаңғып келгелi Қара үйде қалды өлшеулi өмiр өлмелi. Қара балаға қатыгез тағдыр көнбедi, Қарабазарда еш болды есiл еңбегi. Жалмауыз кемпiр, Қарабай қарт та осында, Жас бала барда, Баспана жоқта басыңда. Жыл өтпей жатып жылауық әйел естi алып, Ай өтпей жатып ағарып кетер шашың да! Тағыдай тарпаң, Жегiдей жебiр тас қала Қиын да қимас қиналған кәрi, жасқа да. Жанынан безген, Жар басын кезген жарлыға Жалғыз-ақ арман – жападай ғана баспана. Асыға күткен, Басына бiткен бар мәзiр: Әрi де берi арқалап жүгiн арба жүр. Ауылдан шыға адыра қалды кешегi Айнамкөз әуен, Әуезе әзiл, Арда жыр...
Қара балаға қарамайды ендi Қарағыз, Жалқылық, жаттық – жазылмай жүрген жарамыз. Осылай да осылай жан сақтайды екен жамағат, Осылай да осылай алшақтайды екен арамыз... Нәпсiнiң нәкәс ашылған сайын араны Қарағыз қаптап қалаға симай барады. Шымылдық жақтан шылымшыл өңкей шибұттың Шыңғыра шыққан дауысы жердi жарады! Ана бiр жердi аттап та бұттап жас Төре, Мына бiр жердi майқандап әлек мас неме. Шала мас халде шарапқа елтiп шалжиған Жалаңаш тәнге жабысып жатыр Таскене. ...Жамырап әуен, Жатқанда қала жанығып, Жаппарға емес, Жоқ-барға ғана бағынып, Қарабазардан кеш қайтар Қара балаңыз Қап-қалың тұман, Қап-қара түндi жамылып...
«DE – faktо!» Намыссыздық – Рухқа жау, Арға жат! Өлiмсекке одан өзге бар ма азап?! Бақ пен тақтың басы бүтiн болмаса, Балық та жоқ, Бармақ та жоқ, Бал да жоқ! Базарда да, Мазарда да сол қазақ. Сол баяғы жүйрiк тiл мен жорға жақ. Барыссың ба? Арыссың ба? Тып-тыныш Орда жаққа алаңдамай торда жат! Арыс та емес, Барыс та емес, Қазақ деп Тұмсығыңнан маймыл түртсiн мазақтап. Бiр құтқарса, сенi азаптан құтқарар Ақыреттiң алты кездей бөзi аппақ. Ал әзiрге қалғы, мүлгi, есiне... Шырт ұйқыда шыбын қонсын төсiңе. Өткендердiң сөзi бекер демесең, Өзi кетер өзi келген несiбе. Ол да ұшсын – ойда жоқта қонған бақ, Неғыласың немкеттiлеу қол қармап? Осы шығар ерiнгенге емсiз дерт, Осы шығар көрiнгенге қор болмақ!
ДЕ – информация Қоналқы iздеп қойнына қонатұғын Ай Қозыдай қоңыр момақан мола түнiн-ай... Күлiп те тұрып күдiкпен күнiмдi өткiзiп, Бiлiп те тұрып бiлмеген болатыным-ай!.. Сол мола менiң iшiме енiп кеткелi Өзiмшiл, менмен кеудемде өлiк көктедi. Құдiретiң жетсе, Құныкер, «Кеңсайға» емес, Өз iшiмдегi молаға көмiп кет менi! Амалың қанша, Кәмiлмiн көме алмасыңа! Iбiлiстейiн iшiме ене алмасыңа! Кәнекей, бiрақ... Тәңiрдiң әмiрiменен Көкiрек көнiм сөгiлсе көк алмасыңа!!! Жүрмей де қалғыр жүрегiм күн бата сулап, Тiрлiктен неге түңiлiп тiл қатасың, бақ? Көңiрсi иiсi бездiрген көгала үйрегiн Көлiмде менiң жатады құрбақа шулап. Тәңiрдiң бейпұл жүрсем де татып тағамын, Әмiрiм түгiл, Жүрмейдi Уақытқа амалым. Сорыма менiң Сорбұлақ кезiкпесе игi Күн өткен сайын батпаққа батып барамын...
Мысық табанды мың сойқан iшiмде өлiп, Өзiмдi мiнсiз Пiрәдар пiшiнде көрiп.., Ұйқымнан шошып оянам, Бабалар мiнген Тұлпардың дүлей дүбiрi түсiме енiп!.. Қара түнектiң сезгендей анық хабарын Көз алдым мұнар, Көруден қалып барамын. Өз молам менiң өзiмде, Құныкерсiз-ақ Ұзамай мен де сол жаққа барып қалармын...
ДЕ – зинфекция «Бетеге кетiп, бел қалар, Бектер кетiп, ел қалар...» Бел шұрайы – бетеге, Көктем келсе бүр ашар. Ел шырайы – бектерiм, Бет пердеңдi кiм ашар? Бет қашанғы бүркелер? Кiмге керек түлкi «өнер»? Замананың зауалы Зәнталаққа бiр келер!.. «Еркетайы» елiмнiң, Ел жайында не бiлдiң? Үстiндесiң ауырдың, Астындасың жеңiлдiң. Iшiң дүлей, сыртың жәй, Тiлiң майда, ұртың май. Қаулап өсiп барасың Қыршыныңнан қырқылмай! Қолды-аяққа сынаптай Тұрмайтын да өзiңсiң. Өрмекшiдей торыңмен Шырмайтын да өзiңсiң. Барың менен жоғыңды Бұлдайтын да өзiңсiң. Арың менен жаныңды Құндайтын да өзiңсiң. Құдай менен былайдан
Қыңбайтын да өзiңсiң! Қараспанын қайғының Ұрмайтын да өзiңсiң. Қарабайдың байлығын Мұңдайтын да өзiңсiң, Елге қарай бетiңдi Бұрмайтын да өзiңсiң... Бетегеден биiксiң, Көрер көзге күйiксiң. Осыншама «бiлiктi» Бiр басыңа жиыпсың. «Сенген қойым сен болсаң, Күйсегенiңдi ұрайын»! Жылмаңдаған Тазыға Жете алмаса Құмайым, Кiмге арзу айтайын? Кiмнен медет сұрайын? Сабын түбi – алқынды, Сана түбi – сарқынды. Сарқындыдан ылайым Сақтағайсың, Құдайым!..
ДЕ – кабрист Есiңдi жи! Харекет қыл, қамдан да. Табан тiре, Тарлауытта тал қарма! Ажал аңдып, Өлiм иiсi аңқып тұр Жағалаудан, Жарлауыттан, Жардан да... Ерiктiсiң, Тар жол, тайғақ кешуде Тағдырыңның талмау тұсын таңдауға. Алла алдында ұмытпауға тиiссiң Адам болып келгенiңдi жалғанға. Бiлем, бiлем, Әзәзiл мен Әңгүдiк Жiбермекшi сені мүлде мал қылып. Тоғыз тұстан Тозақ оты жанса да, Адам болып қалу керек мәңгiлiк! Қара басып, Қарғыс атар бiздердi Қалар болсақ мақұлықтай мәңгiрiп! Исатайдан қалған қайда қайрат күш? Махамбеттен қалған қайда жаңғырық?! Қасiреттiң кешкенiңмен қандайын, Тасқа келiп соғылғанмен маңдайың, Қараңғыда қалам деме қамалып, Түнек түннен құтқаратын Шам дайын!
Жалғыздықтан жапа шеккен жандайын Тамшы суға тәмсiл болып таңдайың, Ел қыдырсын, Жер сыдырсын шалғайың!.. Құл болу да, Ұл болу да өзiңнен Құның барда құрбандыққа бол дайын! Алла мейiрi әрқашанда телегей, Адым баспа мұны ескермей, елемей. Өлiмнiң де өңi қашар өзiмшiл, «Өлмеймiн!» деп өре тұрса өне бой! Қайда кеткен ожар Ождан, Ар,
Намыс? Қайда кеткен кенен Ақыл, кемел Ой?! Анау – Алтай, Мынау алып аймақты Кiм билейдi сенi менен мен емей?! Ал өле ғой, Ал өле ғой, Өле ғой, Ел алдында парызыңды өтемей, Алла алдында қарызыңды төлемей? Кiмге керек, Кiмге керек ол қайғы? Жоқ, болмайды! Жоқ, болмайды! Болмайды!!! Қарақұс та қорек етпес ондайды, Қара жер де керек етпес ондайды! Есiңдi жи, Қапы қалмас қамданған. Тағдырың тұл, Тайып кетсең тар жолдан. Хақ алдында сенiң титтей күнәң жоқ, Талабыңа айғақ болсын таңғы арман! Қапы қалмас харекетiн қамданған, Құзырына кезiгерсiң Құдайдың, Құтыла алсаң Құзғының мен Қарғаңнан!..
- Патша – парманшыл, Ақын – арманшыл. Бiзге саяси сауаттылықтан гөрi сана санаткерлiгi көбiрек керек. Өйткенi, санаткерлiк – өркениеттiң өз болмысы һәм баламасы. Ұлт қалыпқа түсiп, қатарға қосылмайынша халық бола алмайды. Рухты ту еткен, аруақты тәу ет кен елдiң еңсесi қашанда биiк!
ТОЙТОЛҒАУ Керегесi керiлген, Күндiк жерден көрiнген Ақбоз үйден айналдым, Аумаған ақ көңiлден. Түндiгiнен себездеп Ай сәулесi себiлген. Салтанатым садаға Бекзатым мен бегiмнен! Алты қанат ақ орда Қалған ататегiмнен. Тексiз, бетсiз бейбақтар Ненi ескерiп, не бiлген?.. Тарылғанда кең iргем, Қабырғам да сөгiлген. Талақ тастап тағдырға, Талай таяқ жедiм мен... Кiрпiгiме мұз қатты, Қабағыма қан қатты.. Жайбарақат жүргенде Жау жайлапты жан-жақты. Дос дегенiм қас екен, Жас баладай алдапты. Жайын ауыз жалмауыз Айналасын жалмапты. Алыс-жақын маңайды Айдаһардай арбапты. Қанша арысым аһ ұрып, Қаншама ана зар қақты?..
Келiншектей көңiлшек Ел екенмiн емiншек. Тайраңдады тасырлар, Кердеңдедi келiмсек. Жылан кiрдi қойынға, Құрық түстi мойынға. Жын-шайтанға бұйырды Жиған-терген тойым да. Өз дiнiмнен бездiрдi, Өзiмшiлiн сездiрдi. Көкiрегiмнен итердi, Көр болсын деп көзге ұрды. Тар заманға кез келдiм, Танымастай өзгердiм. Қара майдай илендiм, Қарағайдай бездендiм. Шыбын жанды қайғы алып, Тiлiм қалды байланып. Айтақырдан шыға алмай Күнiм қалды айналып. Көкке қанат жая алмай Өткен екем оянбай. Айдалаға лағып Кеткен екем, ой, Алла-ай... Жалған намыс, жанбағыс.., Қайда қайрат? Қайда күш? Жұрттың қамы – жұтқыншақ, Қырттың бәрi сайрағыш! Сөйлегенде шешенбiз,
Шетiмiзден көсембiз. Алмағайып аманбыз, Емiс-емiс есенбiз... Есеңгiреп ел есi, Жол iздейдi келесi. Қайда қаңғып кеттi екен «Коммунизм елесi»?.. Сұңқар дедiк құзғынды, Тұлпар дедiк бiз кiмдi? Ердiк кiмге, апыр-ай, Бердiк кiмге тiзгiндi? Көңiл неге қоңылтақ? Кешiре гөр менi, ұрпақ... Көшiң барда – алға ұза! Есiң барда – елiң тап! Көрiнгенге жалынбай Көксегенiм табылғай. Көз алдымда көкжиек Бұлдырайды сағымдай. Үлгi алайын озғаннан, Түңiлейiн тозғаннан. Арманына жетедi Алға қарай қозғалған!..
АТАЖҰРТ Қамшының қаһары айғақ қанды саптан... Сен маған аманатсың арғы Сақтан! Тәнiне таңба түскен талайлардың Тағдырын, қара басып, қарғыс атқан... Төскейден төбеге озып төрге өрлеген Жауына жапырақтай жер бермеген Көненiң сендей көзiн көрген бар ма, Көлемiн көкжиекпен шеңберлеген?! Болмайды сен аманда Тұран ғайып! Тұрқыңа тiл тимесiн, тұмарлайық, Жердiң де етек-жеңiн жел кермей ме, Қанатын көкте жүрсе Қыран жайып?! Басыңнан ненi өткерiп, не кешпедiң?.. Кiмдермен елдеспедiң, егеспедiң?.. Есiмнен қалай шықсын, Теңдiк iздеп, Тентекпен, тектiмен де тел өскенiң!.. Күрсiнсе көкiрегiмде мың-сан қайғы, Қалайша қара көздi мұң шалмайды? Қаймана тiршiлiктiң қас-қабағы Нелiктен сен дегенде жұмсармайды? Iргемде ұры бардай.., Тыныға алмай, Боламын кейде амалым құрығандай.
Қалмай жүр кейбiреулер қыр соңыңнан, Сенде бiр әкесiнiң құны бардай. Жұмыр жер, Ғадауатшыл ғұмыр жайлы Кеудемде бiр Бозторғай шырылдайды. Кешегi итаяқтан ас iшкендер Бүгiнде иесiне ырылдайды... Алдына ас-суыңды тоссаң-дағы, Сұқтанып кiмдер саған көз салмады? Асыл деп аптағанмен, Мақтағанмен, Алтыннан аса ала ма жез салмағы? Тоңмойын тобасы кем жебiр, обыр Торып жүр тобашылдық төңірегін. Қамалдай қар басып тұр Тәңiртауды, Ала алмай арбасып тұр Өлiм, Өмiр. Алланың қас-қабағын кiм бағады? Алдыңда әлдеқандай күн болады? Жауабы оңайлықпен табылмайтын Саған да, маған да бұл жұмбақ әлi...
ШЕТТЕГI ШЕРЛI ШЕРМЕНДЕ... Қанатым, қайран, қырқылған ба едi, Қажытқан жанды қайғым-ай... Алыс та жақын жұртымнан менi Айырдың екен, қай Құдай? Шықпайды туған шаңырақ естен, Әкелдi мұнда қай дауыл? Желегi жұпар жамырап өскен Жайлауым қайда, жайлауым? Қан мен тер исi бұрқырап тұрған Бұлың бел қолын бұлғай ма?.. Құлындай қунап шұрқырап қырдан Қауышар, қайран, күн қайда? Сормаңдай ма едiм, Сона бiр жылдан Сорасы ағып, сор кешкен? Тағы да кiмге боламын құрбан Көзiмнiң алдын көрместен? Сөнемiн дей ме, Жанамын дей ме, Тар жолда тайғақ тағдырым?.. Төгiп те төгiп аламын кейде Көл-көсiр көздiң жаңбырын. Бiр арман ылғи кеудемде жүрер: Бар ма екен елге жетер күн?
Шеттегi шерлi шерменде бiлер Қадірін Атамекеннiң! ...Көмкерiп көздi мөлдiр күмбезiң, Түртедi түнде түңлiктi Ай. Сен жаққа қанша телмiрдi көзiм, Аңсаған ауылын мұңлықтай. Ем бе едi жанға атырабың, шөлiң.., Апыр-ау, неге жұрт үйiр? Бiзге де торқа топырағың сенiң Бұйырар ма екен бiр түйiр...
ҰЛЫ КӨШ Көш келедi! Ағайын, көш келедi! Көш алдында бiр тайлақ бос келедi. Елмен қайта қауышу оңай ма екен?! Екi көзден ерiксiз жас келедi... Көш келедi! Көпшiлiк, нанасың ба?! Арасында – ардағың, алашың да! Бүгiн-ертең бiр тойдың болары анық Ұлан-ғайыр қазақтың даласында! Көш келедi! Жұртым-ау, сенесiң бе?! Көсегенiң жонында, Белесiнде. Айбарынан батырдың пақыр ығып, Айдарынан ақынның жел есуде! Көш келедi! Сүйiншi, Ұлы анамыз?! Қуаныңыз, Қамығып, жыламаңыз. Құрбан болған Құдайдың құлдары үшiн Өткен күннен бiз әлi құн аламыз... Көш келедi! Алланың жарлығымен! Жасауымен,
Жүгiмен, Жабдығымен... Қарайлайды артына қариялар, Жан қимасы жат жұртта қалды, бiлем... Қалғаны рас: Қорым мен қоныс қалды, Талай жылғы тамыр мен таныс қалды. Оты өшпеген ошақтың көк түтiнi Көз ұшында бұлдырап алыс қалды. Қора қалды, Момақан мола қалды. Бастан талай өткерген зобалаңды... Құрғай-құрғай жас қалды жанарларда, Бұлғай-бұлғай дос қалды орамалды. Өсiп-өнген жұрт қалды, Ауыл қалды, Араласқан ел қалды, Қауым қалды. Ет-жүрегi езiлiп егделердiң, Жүрген сайын жонарқа ауырланды. Белес қалды, Бел қалды, Беткей қалды... Жүрек байғұс бiр уыс етке айналды. «Қош, қош» айтып арттағы қалған жұрттың Көшкендерге дауысы жетпей қалды...
- * Көш келедi екi елдiң арасында, Наласын да, Жасырып жарасын да... Бүгiн-ертең бiр тойдың болары анық Ұлан-ғайыр қазақтың даласында! Санам сазып, шексе де сарыуайым, Тағдырыма несiне тарығайын: Қайран, менiң қамкөңiл қазағым-ай, Қара жерге шашылған тарыдайын!.. Сен қайғырма, Босама, Қамықпа да, Алаңдамай, алдыңа анық қара! Тағдыр желi соқса да қай тараптан, Тарыға да, Сыймайсың табытқа да!!! Сен жылама, Көзiңе жас алма, Елiм, Жылайтындай, немене, осал ма едiң?! Қай қиырда, Жүрсең де қай қиянда, Қазақ болып қаласың қашан да, Елiм!!! Қазақ болып қаласың.., Мен сенемiн, Айналайын, ер Елiм,
Еңселi Елiм! Әр тараптан, Көш артып шартараптан Атажұртқа тезiрек келсең едiң! Шалқарыңа жамырап құйыл бәрiң: Шалғайдағың, Шеттегiң, Қиырдағың!.. Сол емес пе Тәңiрден тiлегенiң?! Сол емес пе Құдайға сыйынғаның?!
- * Көш келедi! Ұлы көш арғы беттен, Күн қақтаған, Жел өпкен, Жаңбыр өткен... Тұр-тұрлайды төсектен тылсым бiр күш, Пыр-пырлайды көгершiн жан-жүректен. Көш келедi! Сүйiншi, Ұлы Дала! Құдайы бер, Құлдық ұр құбылаңа. Жұмағыңа жүрелеп жүгiн, аға, Етегiңе сүрiнiп жығыл, ана... Айналайын, Атажұрт, шашы ағарған, Босқан елiң аттады босағаңнан. Безiп кетсiн Бекежан айдалаға, Тұра келсiн Төлеген Қособадан! Көмейiңе тығылып «Әттегенiң...» Көз жасыңды төгердей төккен едiң: Ұбап-шұбап байырғы мекенiне Келе жатыр кешегi кеткен елiң! Жасағанның мың шүкiр мұнысына: Қайтып жатыр жамағат Ұлысына. Ара ағайын, Сен де оның алдынан шық,
Жамағайын, Сен де оған жылы ұшыра Ел мен ерге ежелден мұра мына Көш келедi оралып Тұранына! Ағайынның алдынан, Аңсап келген, Арсалаңдап жүгiрдi бұлағы да, Қарсы алам деп құлшынды құрағы да!.. Ел мен ерге ежелгi көне көлiк – Атажұртқа атанды шөгерелiк. Туған елде көрелiк не көрсек те, Туған жерге жүрелiк еге болып!..
ТӘУБА Апыр-ай, мен бұл күнге қалай келдiм? Тағдырдың тауқыметiн талай көрдiм... Тiрсегiн қақпан қиған қасқырдайын Жарасын жүрегiмнiң жалай бердiм... Апыр-ай, мен бұл күнге қалай келдiм? Самсаған шамдалдары Сарайға ендiм! Сарбаздай сап түзеген сансыз күндi Сардардай саусағыммен санай бердiм. Санда бар, Санатта жоқ сол күндердi Көңiлден қайта өткiзiп көргiм келдi. Желiгiн жел үрлеген жезөкшедей Дүние көрген сайын көлгiрлендi. Басы ма, кiм бiледi, егделiктiң, Жасы ма, жоқ әлде бұл пенделiктiң: Жапаннан жан сауғалап жай таппаған Жай-күйiн сезгендеймiн ендi Елiктiң!.. Апыр-ай, мен бұл күнге қалай жеткем? Ақ қырау қонып жатыр самайға еппен. Түндiгiн көңiлiмнiң түрiп қойдым, Қиылып қарай ма деп жаңа Ай көктен... Апыр-ай, мен бұл күнге қалай жеткем? Өтiптi-ау талай жаз бен талай көктем... Пердесiн тереземнiң айқара аштым, Таң күлiп қарай ма деп тағы әйнектен...
ТӘҢIРТАУ Поэма Түс Тау жылжып келе жатыр! О, сұмдық-ай! Кiм көрген алапатты тосын бұлай?! Алыптың әр аттамы – апат, опат... Жалбарын, жан иесi, Шошын, Құдай!.. Адымдап келе жатыр Тау қалаға, Алматы, тау қозғалса, сау қала ма? Жапырып, езiп, жаншып, басып өтпек, Басыңды сауғала не, сауғалама!.. Келедi алп-алп басып Дию, Алып, Қабағын қара түндей түйiп алып. ...Тәңiрден бұйрық келсе жазатайым, Пенденiң күнi қараң, күйi ғарiп... Тау құлап келе жатыр аспанымен! Ес кеттi етектегi жас-кәрiден. Құдайдың құжынаған құлдары өңшең Құтылмақ қайда барып, қашқанымен? Тау жылжып келе жатыр. Түре көшiп!
Тажалмен тауфиқ тапқан кiм егесiп? Боларын бiр сұмдықтың бiлгендейiн Күннiң де күлгiн тартты iреңi өшiп... Түсiп тұр алабөтен қалаға сын: Қаймана қайда тығар қара басын? Сыймаған бiр тарының қауызына Көрсең-ау жан мен тәннiң жағаласын!.. Таланға тастай алмай баспанасын Сормаңдай соққылап жүр тасқа басын. ...Қаскөй жүр қамба жақты қағып-сiлкiп, Мешкей жүр айналсоқтап асханасын. Мiнi, жұрт! Мiнi, тобыр! Мiнi, халық! – Тулаған тайқазанда тiрi балық!!! Бiр кеще айдалаға безiп кеттi Көнетоз көлiгiне мiнiп алып!... Қашқанмен қайда барып бас паналар? Қашқанның жөнi, жолы басқа болар... Ойраннан опат болған Отырардай Өледi-ау осылайша астаналар... Таудың да бар деушi едi аруағы... Туралап келдi ме, әлде, Тәңiр оғы? Жамағат, Жанұшырған, Жанталасқан Жан-жаққа жау қуғандай жамырады!
Келедi Тау адымдап, ақырындап, Я, Құдай! Алапаттың ақырын бақ. Сәлден соң... Сәулеттi үйлер сән түзеген Сiрiңке қорабындай жапырылмақ! Таусылып ақында айла, Пақырда амал, Онсыз да азып-тозып жатыр ғалам... Сәлден соң... Қала үстiне қара түнек Алапат орнамақшы Ақырзаман!.. Кiм түсер тайталасқа, ерегеске? Не болмақ бiр қаланың дерегi өшсе? Адамзат апатының бiр айғағы – Помпейдiң соңғы түнi келедi еске...
- * Келедi Тау қозғалып, Ғаламат Тау! Шоқыну, Шошу, Қашу, Балағаттау... Адамзат арғы-бергi Тажалына Мұншалық қорқынышпен қарамапты-ау!.. Сәлден соң... Ақыретпен қосылмақ Тау. Торығу, Кiмге керек тосын даттау? Адамзат арғы-бергi Ажалынан Мұншалық зәресi ұшып шошынбапты-ау!.. Сәлден соң... Тiрлiк демi таусылады. Қаланы қараңғылық қаусырады. Ақ жүзiн Алматының нұрға малып Алтынмен аптамайды таң шуағы. Тұратын қала маңын қоршап дәйiм Алма бақ, Қайда қалмақ арша, ақ қайың?.. Медеудiң мұз айдыны бiр жалт етiп Жоғалар көзден тамған моншақтайын... Тобырдың тойлағанша ас-тамағын Тәңiрдiң бақсам еттi қас-қабағын? Үзедi-ау жойқын апат Көктөбенiң Абыздың қобызындай аспа жолын?..
Алтын тәж, Алқа таққан Сарайларым, Басыңнан бал-бұл ұшар қалай бағың? Төбеден төнiп келе жатқан Тауға Төменнен жаутаң-жаутаң қарайладым. Жаңылған машайықтай тәубасынан Қай мiскiн әрi аттасын ауласынан?! ...Етегiн қағып-сiлкiп, Ендi бiрде Бұлт тарап барады екен Тау басынан. Құлазып Иранбағы, Құлан қағы, Аузына бiр Алланы кiм алмады?! ...Еңiске, Ендi бiрде, ен жайлауға Қозғалып барады екен тұман-дағы! О, тоба-ай! Ендiгi бiр қарағанда: Айналып бара жатты Тау Адамға!!! Тау емес, Алдыңда тұр алып Адам, Алматы, Есiңдi жи сау-аманда?! Шошынба, Есiңдi жи сен де, ақыным: Тау емес, Алдыңда тұр ең жақының! Өзiңнен өзге ешкiмдi елемеушi ең, Ей, пенде, кiрген шығар ендi ақылың?!
Тау емес, Алдымда тұр алып Адам, Таудайын тұлға берген Тәңiр оған! Ну сыңсып, Бауырында бұлақ өрiп, Жанында Өмiр – Өзен жамыраған! Тау емес, Алдымда тұр алып Ақын, Алып ақын, Ағынан жарылатын! Жанындай жақын көрiп жарық күндi, Жадынан тастамайтын халық атын. Қарашы, Жаратқанның жарылқауын?! Таңсығым, Алдымда тұр Тәңiртауым! ...Жал-жал құз, Жабағы бұлт арасынан Жадау жүз жасыра алмай жабырқауын... Жанары жас баладай тұнық едi... Қабағы қабарыңқы, сұлық өңi. ...Үзiлiп арамыздан үнi, демi, Бiрмезгiл мызғып, көзiн iлiп едi... Тоң жерде, Торқа жерде, Кебiр жерде Төрiңнен, Көрiңнен де жерiнгенде,
Табыттың тас-талқаны шыққан шығар, Оянып ұйқысынан керiлгенде! Өрнегiн Көктем салып күрең белге, Өрмегiн тiршiлiктiң Күн өргенде, Табыттың тас-талқаны шыққан шығар, Оянып ұйқысынан шiренгенде! Қияға қыран бейiм қалықтауға, Түспейдi өзi келiп балық та ауға. Жайланып жата алмайды Ақын жерде, Айналып кеткенiнше алып Тауға! Жапанға жарғақ құлақ жаңғырықты үн, Жанары бiр жалт етiп қалды Үмiттiң... Алдымда алпамсадай Ақын тұрды Келгендей мекенiнен Мәңгiлiктiң. Апыр-ай, тау ма? Ақын ба? Тiл қатқан кiм? Маған да, маңайға да жұмбақтау бұл. Жадымда жаңғырып тек жатты сөздер, Салмағы қорғасындай зiл батпан кiл: – Жай тауып жатушы едi табытта кiм? Қапасқа қайдан сыйсын алып тәнiм?! Қалдырып кебiнiмдi, Келiп тұрмын Көрмекке Жаратқанның жарық таңын.
Қаймана.., Қала iшiнде қашып-бұққан Не бiлер шын адами ғашықтықтан? Жұрт та бiр – қыбырлаған құрт та бiр-ау, Жұтпағын жұмырына тасып, тыққан! Ес қайда шiркiндерде? Сабыр қайда? Қоя алмай жүрген бiреу жанын жайға... Апырым-ай, алты алашым мына менi Алдына кеп тұрса да танымай ма? Алатын жынын қағып жырындының Кәдесi қайда кеткен бұрынғының? Кешегi қызып жүрген Қызталаққа Шынымен ұқсамай ма түрiм бүгiн?
Ақырып қалсам ба екен анауына?! Бақырып қалсам ба екен мынауына?! Шынымен мына шибұт шiркiндердiң Бiрi кеп оралмай ма шылауыма? Желi де, ебi де жоқ қанатының Әне бiр Шегiрткенiң қара түрiн? Бiлмейдi-ау, Қайдан бiлсiн кiлең кеще «Кеңсайға» ерте ме кеш баратынын... Аз тоқтап, Айтатыны әлi бардай Көшеге көз салды Ақын налығандай.
Даусынан Гулливердiң гүрiлдеген Жасқанды жан бiткеннiң жаны қалмай: – Шоламын қыр басынан қала маңын, Көрсем деп көз тоқтатып әр адамын. Есiктен Елес болып енемiн де, Қайтадан қапасыма ораламын. Тұншыққан көк түтiнге қаланы аяп, Қайтамын алды-артыма қарамай-ақ. ...Кетпейдi тек есiмнен әлi күнге Сол бiр Қыз... Сол бойжеткен жалаң аяқ... Сол бiр Қыз... Топылайын қолға ұстаған Келгiштеп қорым жаққа, Қонғыш маған. Арасын екi дүние жалғайтұғын Кiм бiлсiн, осы ма, әлде, болмыс, ғалам... Сол бiр Қыз... Қазақ қызы, қадiрлiм-ай! Кешiкпей кеп жүретiн қабiрге ұдай. Онсыз да опат болған ожданымды Ойлап па ем жазалар деп Тәңiр бұлай? Сол бiр Қыз.., Қара шашын қанға малған Қараусыз мұзда қатып, қарда қалған! Қайтерсiң тас жүректi жiбiтпесе, Алаулап алаңдағы жанған Арман?!.
Тас емес қабырғамды қысқан менiң! (Темiрдей тегеурiндi ем, ұстамды едiм...) ...Сол бiр күн көз алдыма келе қалса, Құлазып сала берер құштар көңiл. ...Кей күнi түсiме енiп Мыстан менiң, Сезiнем дүмше дүлей – дұшпан демiн. Сол-содан Қарлығашым үйден безiп, Сол-содан көре алғам жоқ құстар легiн... Қаныма қайта дарып күш қайнаған, Тұншығып.., Тыншыға алмай тiс қайрағам! ...Мен кейде бұрқ-сарқ қайнап қазанымда! Мен кейде қанаты жоқ құсқа айналам... Қайрылған қанатынан құсымды ойлап, Шығамын таң атқанша тiсiм қайрап!.. Түсiмде қара Мыстан қайта оянып, Iшiмде қара жылан ысылдайды-ақ! Айта алмай бiр ауыз сөз елге өксiген Сол түнi тар табытта дөңбекшiгем... Кiм бiлсiн, қара Жердi қарс айырып, Қайтадан қабiрiме енбекшi ме ем!!! Бабаның өткен-кеткен қозғап бәсiн, Не бiтер ертелi-кеш сөз баққасын?.. Түс-өңi замананың құбылғанда Түседi қартқа салмақ, боздаққа сын.
Iшiңдi iндей қазса iрiткiлер, Қойныңа хор қызы емес, бүлiк кiрер. Ел қашан ер тұлғасын ерте танып, Ер қашан ел намысын бiрiктiрер?! Қаншама қағынса да Доңыз – ғалам, Қойнына қара шыбын қонғызбаған: Қан жуған қара шашын Желтоқсанда Рух болып көрiнедi сол Қыз маған!! ...Бұл өмiр кiмге бесiн, Кiмге екiндi... Iнiшек, қабір жаққа бұр бетiңдi. Құласа... Кiрпiш болып қалан барып, Жыласа... Жұбат, жаса құрметiңдi. Қорымын қорлатпайды ұлы халық! Ұқсауға ұлы жұртқа жұмылалық. Баспайды қасиеттi қабір маңын, Тастайды арамшөбiн жұлып алып!.. Қайран, жұрт, Қауқары жоқ көбiк құрлы, Қай дұшпан қамалыңды бөрiктiрдi? ...Қаланы қабағының астына алып, Маңайды маңғаз Ақын шолып тұрды: – Ар қалай? Алаң қалай?
Анаң қалай? Азғындап барасың-ау, адамдар-ай, – От шашып ойға, қырға ойлы көзi Оқыстан кiлт бұрылды маған қарай: – Iнiшек, бiлесiң бе, бiлесiң бе, Бұл күнде кiм өсуде, кiм өшуде? Сопысы бар өмiрдiң, сотқары бар, Соры қайнап күндерiн түгесуде. Бiрi күлiп жүредi, бiрi налып, Бiрi бықсып жүредi, бiрi жанып. Армансызбен алысқан күнiм құрсын, Армандының артында тiрi қалып... Жаһанның қаһаны үшiн жаратылған Кiмiң бар Абайдайын дара туған?! Абызың, ақсақалың қайда бүгiн Сөйлейтiн ел атынан, ар атынан? Жүргенi, күлгенi де жалған кiлең Күндерiң күлбiлтеге қалған бiлем? Қоғамды шаң-тозаңнан дүркiн-дүркiн Қалаймын қағып-сiлкiп алғанды Мен! Ойлайтын ұлың қайда халық қамын? Жүрушi ем көз тiрiмде танып бәрiн. Тамырын талайлардың тап басар ем, Қайтейiн, табыттамын, табыттамын... Теңдессiз, Тегеурiндi Тектi кiлең –
Заманы Ер Түрiктiң өттi бiлем?.. Ел азса, Ер өксiсе – Құл-құтан мен «Қуыршақ құдайлардың» көптiгiнен!!! Ұл басқа, Ұлық басқа, Құлық басқа... Таңғалма Тақ пен Табыт ұрықтасса. Өзiңдi ел мақтаса – есiңдi жи, Көзiңдi шел қаптаса – сылып таста! Мән қайда? Мақсат қайда нысаналы? Мақсатсыз ой да, бой да тұсалады. Көңiлшек, шегiншектер ел билесе, Келiмсек, өлiмсектер күш алады! Кiмiң бар Хақтан ұлы? Елден ерек? Тәңiрiм еншi берген Ерге бөлек. Айтқаны Ұлықпанның кәмiл келсе, Бұлт та Күннiң көзiн перделемек... Өседi, Өнедi жұрт, Жаңарады... Сарғайып ой орманы, сана бағы... Тобырға айналады тобасыз жұрт, Қабiрге айналады қала маңы...
Айлакер Әзәзiлдiң әр амалы Сайтанның сарқытынан нәр алады. Өлеңi ел iшiнде есен жүрсе, Келедi бұл ағаңның жорамалы... Сөзiмдi айт үлкенге де, кiшiге де, (Тiрiлер өлгендердi түсiне ме?..) Жүрегiм Жыр елiнде соғып тұрса, Кiрермiн өңiне де, түсiне де! «Ақбоз бұлт – аруақтың кебiн кие Алатау керi-кейiн шегiндi...» де. Орнымнан ойға түсiп, Ауық-ауық Алармын тынышыңды сенiң, Дүние!!! Кимеген аруақтың кебiн көптен Қайтадан Тау орнына шегiндi еппен. Тау емес, Тау дегенiм – Ақын екен, Жазасын талайлардың жеңiлдеткен! Кiм көрдi? Кiм байқады? Тау ма? Ақын ба? Оқиға болды осындай Алматымда. ...Түсiмнен шоршып-шошып оянғанда, Таялып қалған екен таң да атуға.
ӨҢ Қайран, Ақын! Қайғыңды қабылдадым: Тағдырыңмен тамырлас қаным, жаным... Сен – iрiсiң! Мен – тiрi... Ал әзiрге Өкiнбеудiң, өлмеудiң қамындамын. Сен – iрiсiң! Алыпсың! Ұлысың да! Ұлыменен болады ұғысуға. Ұлы болып туғанмен, Айтар сөздiң Тiл ұшында тұрғаны құрысын да!.. Түсiнбесе жайыңды жамағайын, Сарғаярсың сары ауру, санадайын... Ғалам мұңын қондырып қабағына, Заман жүгiн көтерген Толағайым! Ұғынбаса жайыңды жамағайын, Түнерерсiң түнемел моладайын. Ождансызға қараған күнiң құрсын, Орынтаққа қонжиған қоладайын!.. Қайран, Ақын... Қайтейiн, Амал бар ма, Заманына зауықшыл адамдар да: Ой күтулi – қайғы-мұң оранғанға, Той күтулi – тотыдай таранғанға...
Бауырың ба iсiнген, Заман ба, әлде? Жүрегiң бе сыздаған, Жараң ба, әлде? Бақ пен таққа, Бақилық бар мен жоққа Басыбайлы мына жұрт бағамдар не?.. Ақын – жалғыз, Жатырдан! Жақыннан да! Жалғыздықты Жаратқан мақұлдар ма? Күннiң өзiн тiлдейдi күншiл қауым, Қап тауына қарасын батырғанда. Кемеңгер де аз емес «кеңес» берер, Кеңес беру – кiсiге емес пе өнер? «Ақыл дорба» асынып жүргендердi Хан қасына қайымдап, Ел ескерер... Ал сен... Ал сен бiрiн де көзге iлмедiң! Тез гүлдедiң, Тез солдың, Тез бүрледiң... Балқымасын жасырған жанартаудай Не жатқанын iшiңде сездiрмедiң. Өрттей жалап өзектi өткенде өлең, Көкке шырқап,
Көрiстiң көктемменен! «Күпi киген қазақтың қара өлеңiн» Шен тақпай-ақ қайырдың шекпенменен. Жүрекке жол бар деумен төте қандай, Сезiктiден сен жүрдiң секем алмай. Оң бүйiрде жатты Ажал, Қособада Төлегендi торыған Бекежандай... Оң бүйiрде қауiптi мина алаңы Бар дегенге кiм нанып, иланады? Ақын ғана қалайды жан азабын, Ақын ғана «минадан» қиналады. Қиналады... Қу заман – қуыс, өлi... Қиналған соң су емес, «у» iшедi! Түсiрмейдi жары оны көктен жерге, Түсiнгiсi келмейдi туыс, елi... Жақынға да ол жұмбақ, алысқа да, Пақырға да ол қымбат, танысқа да... Ақын – тағдыр, Ақындық – Тәңiр сыйы, Тар қапасқа тағдырын табыстама! Сарғаймасын, Сауықсын, Сайран құрсын! Жұмақжайға жұмбағын айналдырсын. Бала ғой ол! Алаңсыз ойнап жүрiп, От басарын оқыстан қайдан бiлсiн?!..
- *
Қайран, Ақын! От басты... Азалы елi. Оң бүйiрден оқ тидi – Ажал оғы. Қарасаздың жүрегi қарс айрылды, Азабы едi – аз-кем күн, Ғазал емi... Қарасаздың кеудесi аһ ұрғанда, Ақыннан да, Айрылдық ақылдан да: Телегейдiң тұңғиық тереңiне Қайғы бiздi ұқсады батырғанға. Ақын бiзден, Айрылдық бiз ақыннан, Ән үзiлiп, Сәтте бiр муза тынған... Қаралы көш қыр асып кете барды Қырым жаққа қыздайын ұзатылған. Қырдан асып барады қаралы көш, Санадағы сарынмен самал үндес... Көз байланып, Көкжиек қозға айналып, Бұлт бауырын жалады жаралы кеш...
- * Ақын – аңғал, Сал – салғырт, Батыр – аңғырт... Қамсыз жүрiп тағы да қапы қалдық. Жел кеуденi кергенде, Желiк буып, Белдеудегi аттайын оқырандық! «Бас-басына би болған...» кiлең дөймiз! Бiлмегендi...бисiнiп «бiлем!» деймiз. Тұңғиыққа жолымыз тiрелсе де, Үйiң күйгiр Ұяттан тiрi өлмеймiз! «Ажал айтып келмейдi кiм-кiмге де...» Айтасың-ау, айтасын, шiркiн, неме! Өзегiмдi өрт шалып өксiсем де, Өз-өзiме келедi күлкiм неге? Ақын неден дерттендi? Ойладық па? Ақын неге мерт болды? Ойладық па? Ата-баба айбыны қайда бүгiн Жұлдыздармен жүздескен қой бағып та!? Ақын неге жылады? Ойладық па? Ақын неге құлады? Ойладық па?
Жаңғалақтап, Нұсқалы жолдан аттап, Қаңғалақтап барамыз қай бағытқа? Ақын неден дерттендi? Ойладық па? Ақын неден мерт болды? Ойладық па? Зеренiне аспанның зейiн салып, Тереңiне теңiздiң бойладық па? Елден бөлек еншiмiз – «егес» болып, Ненi ескермей жүрмiз бiз, Ненi ескерiп? Ынтымақтың көтерген Тайқазанын Бiр ошақтың үш бұты емес пе едiк?! Адам қамы – Қоғам мен замандағы Саған да ортақ емес пе, Маған-дағы? Ақжаулыққа мұң шаққан ақын неге Тұлпар тектi бiр тұяқ таба алмады? Қамсыз, Мұңсыз, Қайғысыз неткен елмiз? Көресiнi бiз әлi көп көрермiз... Қара өлеңдi пiр тұтқан Пiрәдардың Қадiрiне бiз қалай жетпегенбiз?!
Жамбасшыл шал, Жасық ұл, Жалқау аға... Ала-құла алашпыз «алтау ала...» «Қонарыңды сай бiлсе...» – қаңбаққа мiн! «Ұшарыңды жел бiлсе...» – қалқы ауада! Қайда? Қайда жан гүлi? Ән арқауы? Сансыратты-ау сананың самарқауы... Жалт қаратқан жоқ па едi жамиғатты Жарылысы – Ақынның жанартауы?! Тiршiлiктен бейхабар тыныс-демi Шынымен-ақ кеудемiз қуыс па едi? Өкiндiрмей жүр ме әлi ешкiмдi де Алданышпен Ақынның «у» iшкенi? «Шын ақынның өмiрiн өлгенде бiл...» Шерi шексiз не деген шермендемiн? Жарық күннiң қадiрiн бiлемiз-ау, Көкжиекке көз жұмып, енгенде Күн... «Шын ақында мұң басым, қайғы қалың...» Ақынмын ғой, Шүбәсiз жайды ұғамын. Жер пендесi перiште бола алмайды, Көктiң ұлы ОЛ! Ағасы Айдың ару!!!
Шын ақынға тағдыры қырын келер... Таусылмайтын Тәңiрiм ғұмыр берер. ...Көз алдымда – Елжiреп ел дегенде Қолына алып жүрегiн жүгiрген Ер!.. Көз алдыма келедi алып Ақын, Адамзаттың қайғысын жаны ұғатын... Алматыға құшағын ашып тұрып Алатаудың ұшарын сағынатын!.. Көз алдыма келедi Алып Бала: Басқан iзi айшықты, анық, дара... Жарыққа да, Құлшынып Тамұққа да, Ақын тыным таппайды табытта да!!! Табыт деген немене, Жыр тұрғанда! Жырға ұйыған артыңда жұртың барда. Жарқ етпей ме дүние, Күн нұрымен Көкжиектiң көбесi жыртылғанда! Табыт деген немене, Тамұқ деген, Жыр-жүрегiң бiр соқса халықпенен?! Үндеседi ұлылық ұлылықпен, Тiлдеседi алып та алыппенен:
«...Бiлмейдi екем... Қолымнан келмейдi екен, Жоқты аңсап, жоқ сусынға шөлдейдi екем. Қой ендi тыйылайын, бұғынайын, Ойымды орасанға бөлмей бөтен. Жасырмай ойымды айттым талай-талай, Қайтейiн, кеттi бәрi қарайламай... ...Айтарын ашып айтқан абайламай, Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай?!» ...Табыт деген не, тәйiрi, Тамұқ деген, Тас түнектен ұмтылса жарыққа өлең?! Үндеседi ұлылық ұлылықпен, Тiлдеседi алып та алыппенен: «...Сен болған шақ бұлыңғыр,
тұнжыр маған... Әйтсе де, аямапты құрғыр заман. Болат Пушкин тiрiлiп кете ме деп, Тұғырыңды болатпен шынжырлаған. Қарадым сенiң қола мүсiнiңе, Қоланы да болады түсiнуге. Менi тәңiрiм жаратқан табынуға, Сенiң мәңгi хақың жоқ кiшiруге!..»
- * Бүркiп нөсер, Дүние-ай, бұлтың көшер... Ұлы көшке iлесiп жұртым да өсер. Мен Мұқаңның рухына мұңым шақтым, Ал менiмен мұңдасып, кiм тiлдесер?..
Екiншi бөлiм
«АҚЫННЫҢ ЕРКI ӨЗIНДЕ, ДЕРТI ӨЛЕҢДЕ...»
- * Тәңiрiм – Хақ, Тамырым – Жер, Ел – атым. Кежiр, кеще, Кесiр де емен кем ақыл. Арғымақтай тайпалмасам, нем жүйрiк? Ақиқатты айта алмасам, нем Ақын?! Iбiлiске iн жайлаған – iргем жат. Ежелгi еншiм – есiктi ашып кiрген бақ. Қара басып.., Тiрiсiнде көзiмнiң Қалай ғана қарысады тiл мен жақ?! Еншiм аулақ, Есем бөлек ептiңнен, Тереземдi тең ұстаймын тектiңмен. Әлiмсақтан бермен қарай естi жұрт «Ақын сөзi – Алла сөзi» деп бiлген. Замананың заруайым толғағы ем, Тоты құстай торықпасын торда Өлең... Турабиден тұяқ қалса – ол да Мен! Ұлы жұрттан ұят қалса – ол да Мен! Халық барда әл-дәрменiм дiн аман, Өлеңiмнен өзге байлық сұраман. ... Келбетiнде Перiштенiң кейпi бар Жер бетiнде жүрiп жатыр бiр адам...
- * Алладан келген пәрмендей Намысшыл, аршыл, тобашыл, Дария көңiл дәл мендей Ақынды қайдан табасың? Жалғыздық – сырбаз сыңарым, Жарық күн – әуре-сарсаңым. Пейiштiң жүзi – құмарым, Перiнiң қызы – аңсарым. Құлқыма құл ғып Құдайды, Өзiме қосақтадым мен. Жылауын жүрек жылайды, Көзiмнен жас аққанымен. Сергiсем, бойда сең жүрiп, Сергелдең кешер мұң, қайғым. Түндiктен Айға телмiрiп, Жұлдыздар жырын тыңдаймын. Үмiт пен Сенiм – ұрығым, Бiрi – ұл оның, бiрi – қыз. Жалқыша айтсам, тiрiмiн, Жалпыша айтсам, тiрiмiз. Ғарiпке менi қосыңдар: Нәпақам нан да, нәшiм зар. Шарадай қылған ғашық жар Шақшадай ғана басым бар.
Бүйiрi қызған бұлақпын, Құрдымға сiңсем ... набытпын. Көзiмдi ашсам – Жұмақпын, Көзiмдi жұмсам – Тамұқпын. Пенденiң мұңы – жанбағыс, Кiрпiкке iнжу iлдiрген. Фәнидiң дәмi – алданыш, Бақидың мәнiн кiм бiлген... Өмiрмен күрес – мәрт егес! Қайта ағар өзен... Ай толар... Тарихта қалу шарт емес, Табытта жаным жай табар!..
- Зу-у-н-Нұн Мисри (Мысыри): «Жәй адамдар өз күнәсi үшiн iштей өкiнетiн болса, өкiмет адамдары (Әкiм, Зиялы, Патша) өз жауапсыздығы үшiн Алла ал дында кешiрiлмес күнә арқалайды» Ұлт намысы – тiлi ғой, Намыссыз ұлт халық па?! Ондай елдi тiрiдей Тастау керек табытқа!!! Ұлтшылдық пен ұлтсыздықтың бiр нәсiл-дiң бойынан табылғанынан артық қасiрет бар ма екен?! Ахмет Байтұрсынов: «Қазақтың бас адамдары, әуелi сiздер адаспаңыздар, адаспас үшiн ақылдасып, ойласып, ынтымақпен iс iстеңдер!» * Халықты құл деме, Ол – Алланың есiмi. Әйелдi күң деме, Ол – Әлемнiң бесiгi!
СӨЗ ҚҰНЫ Бiлесiң бе қанша екенiн сөз құны? Көрiнгеннен көрген жоқ па ол езгiнi? Қандай күйде қара қылды қақ жарған Ата–бабам алдаспаны, кездiгi? Алдаспанды тот баспасы белгiлi, Оңды сөзден от қашпасы белгiлi. Тебiнсең де, тектi ақалтекенiң айдалаға ап қашпасы белгiлi. Зергер бiлер алтын менен жез құнын. Кез келгенге сiлтенбейдi кездiгiм. Ерегес пен егес емес, жiгiттiң ел бағалар ерлiгi мен ездiгiн. Бәзбiреулер жасап алып сөзден оқ, Сөз оғымен жүрегiмдi көздемек. Не амал бар, түспей қойса мiнбеден Көкмылжың көк малтасын езбелеп? Сөз оғымен жүрегiмдi көздегiш Сұр мергенше түсiрмейдi көзге күш. Заманнан да, қоғамнан да, адамнан тiлемейдi
түбегейлi өзгерiс. Ол байғұстың бар арманы, бар мұңы – Басындағы тақияның тарлығы. Жүрегiнде жатпайды оның жар мұңы, Арқасына батпайды оның нар жүгi. Оған көктен жай түсiрер тәңiр жоқ, Отырғаны көбiк сөзден шар үрлеп – Жақсылықтың жағасына жармасып, Тоқшылықтың нарттай қызыл нанын жеп. Сөз бағасын бөз құнына түсiрiп, Бiздiң бастан ұшты ма әлде құс–үмiт, Қайда, ағайын, Қазыбектен қалған сөз? Қайда, ағайын, қасиеттi кiсiлiк? Заман басқа, Жүректегi жүк басқа... Мұңымды ұрпақ айналды ма ұқпасқа? Салқын сезiм кiмге керек салбөксе? Алтын сөзiм жезтаңдайдан шықпас па?!
- * Кеудем қуыс, iшiм бос, Қайда күнiм құс үндес? Қу заманға кез болдым Құдай сөзiн түсiнбес! Құдай сөзi – өлеңiм, Қайда құның, төлемiң? Өзi емес пе ең өмiрдiң? Көзi емес пе ең көненiң?! Жағдайыңа жан құрбан Қайыршыдай қаңғырған. Жұрт жүрегi жартас па Жай әншейiн жаңғырған? Қайда кезiм гүл еккен? Қайда сөзiм дiр еткен? Жұрт жүрегi темiр ме, Шыбық тисе шың еткен? Кешегi еңбек бүгiн еш, Шiрiгенге шыбын өш... Жұрт жүрегi мұз ба әлде, Ерiмес те жiбiмес?! Құп ал, мейлiң, құп алма – Бұған куә бiр Алла: Жазылған ғой өлеңмен Көктен түскен Құран да!
- * Iшiнде қазымыр мен әккiлердiң Қалайша қамсыз ұйықтап, шат күлермiн? Қайрылған қанатынан құсты көрдiм, Айрылған санатынан тақты көрдiм. Iшiнде жүргендейiн жат бiр елдiң Түбiне тұңғиықтың батты көңілiм. Қолынан Құран қашқан қартты көрдiм, Тұнжырап, тұман басқан бақты көрдiм... Соққанмен кызыл сөзден қызыл қамал, Қамалды көргенiм жоқ бұзылмаған... Жерiдiм сайқал, сайтан саясаттан Желкемнен күнi-түнi ызыңдаған! Жүйрiгiн Батыраштар баптағалы Адыра қалды аққудың аппақ әнi! «Бай-байлап» аза шегiп айдалада Ақан жүр Құлагерiн жоқтап әлi... Ақанның Арқаны асқан әнi – қайғы, Ақынның жанталасқан жаны – қайғы. Пақырға аспандағы наны – қайғы, Патшаға астындағы тағы – қайғы. Жамылып жатамын да қалың ойды, Аңсаймын кешегi өткен Абылайды, Көктегi Құдайсың ба, Күн, Айсың ба, Бүгiнде ешкiмдi ешкiм танымайды.
Жә, мейлi, танымаса, танымасын! Несiне жазған жүрек жанығасың? Әр қазақ – бiр-бiр Құдай, Амалың не, Қуыршақ құдайларға жарығасын!..
- * Мен екiнiң бiрi емен! Ұғына бiл, Құлақ аспас Құдайдың құлына кiм?! Балық барда Сырдың да суы мәлiм, Халық барда ханның да сыры мәлiм. ... Көш ұзап, Көз алдында көшкiн ағып, Өмiрден қанша жандар өштi налып... Ақылын апиынмен қоса iшпесе, Ақынын еркелеткен естi халық. Ақынын еркелеткен халық – дана, Жатпайды ол тыным тауып табытта да! Ақынның Алатаудай жүрегi бар, Сенбесең, көкiрегiн жарып қара?! Жалғанда жақсы кiм деп, жаман кiм деп, Қолыма шаңқай түсте шам алғым жоқ. Арасы қас пен көздiң көк пен жердей, Адаспау аралықта – маған мiндет. Көз – моншақ, Көкiрек – кен, Көңiл – айна, Көңiлге қарамаймыз көп райда... Айтатын әнiм бүгiн, амал қанша, Ауысқан «Елiгайдан» «Елiм-айға». Шен-шекпен, Алтын, алқа – кiрi қолдың, Келмейдi кеңсе iшiнде «шiрiп, өлгiм...» Қош көрген хансарайдан жансарайын Бүгiнгi Жиреншенiң бiрi Менмiн!
- * Абайымнан айырма, Абайымнан! Безiп жүрмiн онсыз да талайыңнан... Абайымнан айырсаң алда–жалда, Аққуды атқан аңшыдан кәне, айырмаң? Көктей өтiп өмiрдiң өткелегiн Абайыма мен әлi көп келемiн. Сөзiн салмай, көмбеге көзiн салған Көкаттыны көлденең жек көремiн! Жек көремiн аңшыны құс аулаған, Аңшы бар деп шықпай ма кiсi ауладан? Онсыз да аз ба ағайын айбозымды Айтақырдан шығармай тұсаулаған?.. Мұңды дерсiң, мейiлi, жынды дерсiң – Ақын бастар заманның күллi көшiн! Мезгiлiнде бiр келер мерекемде Менi iлмесең көзiңе, кiмдi iлерсiң? Ақын сүйрер заманның көшiн алға! Абай сөзi – хақ сөзi, есi барға. ... Мехнатымды менiң де, кiм бiледi, Меңiреу, мешеу дүние кеш ұғар ма... Абайымнан айырма, Абайымнан! Безiп жүрмiн онсыз да талайыңнан... Абайымнан айырсаң алда–жалда, Аққуды атқан аңшыдан кәне, айырмаң?
- Ромэн Роллан: «Сатқын, екiжүздi фран цуздарды жек көру, жек көрiп қана қоймай, аяусыз күресу арқылы мен Францияны олардан қорғап қаламын». Ұлылықтың ұғынбай Әлiппесiн Адам ұлы бола ма қағып төсiн?! Патша да емес, Хан да емес, Сын сағатта Бiртуарлар бастайды халық көшiн! Күлкiмдi қашан тиярмын? Ұйқымды қашан қиярмын? Көшiмдi қашан түзермiн? Есiмдi қашан жиярмын? Тұтылып Күн де көктен, Ай да көктен, Аз ба күн маң даланы майдан еткен?.. Амалы шыныменен таусылған ба, Заманы Ер-Түрiктiң қайда кеткен? * Абай: «Қай адамның көңiлiнде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса, мұсылман емес».
АҚПАНДАҒЫ АУАН Сайран салар кезiмде сезiмменен, Қайтсем екен көңiлдi көз iлмеген? Қоңыраудың тiлiндей жүрегiм бар Тағдыр жәйлi таң атпай безiлдеген. Тағатымды тауысып таңғы Азан да Тәуекел деп салады қан базарға. Манаураған мамырда майсаңға орап, Талаураған тәнiмдi ән жазар ма?.. «Қазiр ақпан, қайда, – деп, – мамыр әлi» Қашаған ой қай жаққа жамырады? Қазан ұрмай, жел тұрмай Шағырмақта Шайқалып тұр қазақтың шаңырағы. Шайқалып тұр кәрi емен ызың желге, Үмiт шiркiн шынымен үзiлген бе? Қызыл қанат қырғауыл қызбен бiрге Қыдырыстар күн қайда қызыл белде?.. Сақ-сақ аяз... Санасы сарыуайым Кәрiп-кәсiр – қамкөңiл кәрi қайың. Назды жырдың нәзiкеш мақамындай Жаздыгүннiң сағындым жарық Айын. Мал-жан жалқы, Ел епшiл, Бас аманда Жалбарынып қайтейiн Жасағанға: Тағдырымның ұясы – Бәйтерек тұр Саусақтарын тарбитып тас алаңда!..
БIЗДIҢ ҚОҒАМ Сезiнсем «iштен шыққан жау жаманын», Қауiптен қалай аман-сау қаламын? «Апыр-ай, ата-анасы кiм?» – дейсiң ғой Шықпаған әлi тiлi «дәу баланың?» Ол ма, ол – қоңыраулы бiздiң қоғам, «Қамалын жетпiс жылдай бұздырмаған!» Қияда қарғалары қарқ-қарқ күлiп, Ұяда ұятсыздар құзғындаған. Дей жүрiп: «Мақсат айқын, мұрат бiрге», Тезiрек жетпек болған жұмақ күнге, Ол ма, ол – бiздiң қоғам, келешекте Ұлдары ұғысатын бiр-ақ тiлде! Ол ма, ол – бiздiң қоғам, шулы қоғам. Қоғамды осындай бiр туды заман. Келеге келмейтұғын кездерiмде Беретiн шекер қосып уды маған. Кеудесiн ұраншылы ұрғылаған, Бейнесi бұлт iшiнде бұлдыраған Бүлiнген бұл қауымның iшiнде мен Бүгiнге дейiн қалай жүрмiн аман?!
- * Бiр-бiрiңнiң артыңа шала байлап, Үлкенiңдi саласың балаға айдап. Тәңiрiңдi танымай, тайқазанда Шала пiсiп жатасың, шала қайнап. Сауысқанның салтындай ала қанат Бiр-бiрiңдi жатасың жағадан ап. Берекең жоқ болған соң бейiл бұрар Ел екен деп кiм сенi бағаламақ? Құлынынан құрыққа iлiндiрiп, Бiр-бiрiңдi жатасың сүрiндiрiп. Кiмге сая болмақсың, кiмге пана, Бiрiң жылап жүргенде, бiрiң күлiп? Көзiң салсаң қайтедi оң-солыңа, Маңдайыңды төсемей көршi оғына? Көрiнгеннiң кететiн жетегiнде Заман надан емес қой сонша мына?!
- Рух қаһары батырдың, рух қайырымы ақынның бойына бiткен. Бiреуi – жердiң қорғаны, бiреуi – елдiң ардағы. Өсер елдiң баласы – ұлтының ұлы, Өшер елдiң баласы – құлқынның құлы. Рухтың сүйенiшi – Ар, Ождан, На мыс. Рухтың сүйінішi – арлы қыз, ожданды оғылан, намысты ұл. Фаридиддин Аттар: «Адам әуелi пен делiк тiршiлiк – дүние кiрiптарлығы мен мұқтаждығынан арылып алмай ақиқи рухқа қол жеткiзе алмайды». * Рух – адам баласына Алла-тағала дарытқан дүри-гауһар Нұр.
- * «Iш қазандай қайнайды, Күресерге дәрмен жоқ». Жанды жалын жайлайды, Жанашырдан жәрдем жоқ. Жан жарасы асқынды, Жазатұғын айла жоқ. Қойға шапқан қасқырды Қансоқтырар қайда әдет? Бақи дүние-ай, нәлетi, Бастан бақтай аудың ба? Кетпекшi ме Дала етi Әлдекiмнiң аузында?.. Зар-мұңымды замана Тыңдамай ма, тыңдай ма? Дәурен кешкен далада Беу, баяғы күн қайда?...
НАРЫҚ ПАТШАЛЫҒЫ Мықты болсаң өмiр сүрiп көр бүгiн! Есiктi кiм, еншiледi төрдi кiм? Қасиетсiз қазымыр бұл заманға Қажет боп тұр өжеттiгiң, өрлiгiң. Қажет және пасықтығың, паңдығың, Айлакер мен күнi туды әлдiнiң. Құрақ ұшып құрып жатыр құл-құтан Алпауыт пен Аждаһаның хандығын. Қажет және пысықтығың, қулығың, Кiм бал жалап, iшiп жатыр уды кiм?.. Тобасыз бен тоңмойынның қолына Томпаң қағып су құйып жүр сумұрын. Күнi туды түлкi менен қасқырдың, Тағдырымды тас түбiне бастырдым. Тәңiрiнiң берген жасын тезiрек Тәңiрiнiң келдi өзiне тапсырғым. Дүниенi дөңгелетiп қоңыздар, Қорымжайды қопарып жүр доңыздар, Ылайланды көңiлiмнiң тұнығы, Былай қалды домбыра мен қобыздар.. Парық қолдап нарық деген патшаны, Қарға, құзғын жайлады бау-бақшаны. Сатылуда дүлдүлдердiң ақ шаңы, Сатылуда бұлбұлдардың жақсы әнi...
Күнi туды демеушi мен делдалдың, Үмiтiмдi үздi дүние ең балғын... Сатылуда Сарайлар мен маңайлар, Сатылмаған жалғыз ғана Мен қалдым!
«САЙРА», ҚАРҒА... «Сайра», Қарға, Сайрамасаң көңiлiң жайланар ма? Гүлжұмағын жайнаған жаулап алып, Бұлбұл әнiн сен айтсаң, айла бар ма?.. Әуенiңе болайын, ырғағыңа, Мақамыңда жатқандай мың мағына! Құрқылтай мен Сұрқылтай құлдық ұрып, Құралайлар құпәзiр құрбаныңа! Kөп болды ғой бұлбұлдың үнi өшкелi. Гүлзарда да құлпырып гүл өспедi. Мұның бәрi – бiр сенiң шарапатың, Күллi құсты күндейтiн күнестегi. Тоты торда, бозторғай әл үстiнде, Аққуды аңсап сыңсиды қамыс күнде. Жер астынан жетi қат үн шығады Жанға жайлы, құлаққа таныс мүлде... Зәуза зарын, iздей ме бұлбұл әнiн, Түу алысқа, түредi түн құлағын. Жарық күнге жабырқап қарайтындай, Қарға «әнiнен» жалыққан мұңды бағым. «Сайра», Қарға, сахнаң, мiнберiңнен, Сайрау үшiн тiрлiкте тiл берiлген. Бау–бағынан бұлбұлы көшкен жерде Болады екен сайрауық кiм көрiнген.
- * Ел еңсесi естi ұлды Езетiнi қинайды. Тiршiлiктен бес күнгi Безетiнi қинайды. Не өлi емес, тiрi емес, Көкiректi бiр елес Кезетiнi қинайды. Соны көнбiс көңiлдiң Сезетiнi қинайды. Куыс жерге қу жүрек Қуып тықсаң, сыймайды. Сөйте жүрiп өмiрдi Қимайтының қинайды.
НАЛА Өлген соң ақындардың бәрi аяулы, Үйрендiк тiрiсiнде аямауды. Көбейiп бара жатыр көпес үйi, Азайып бара жатыр Абай аулы. Халық та, ұмытқандай хан да ақынды. Күрсiнiп Күн батулы, таң да атулы. Қайырсыз дүниеден қайран болмай Қайтейiн, қабағыма қан қатулы. Бұл заман кiмнiң соры, кiмнiң бағы? Жаңылды жүрiсiнен дүлдүл-дағы. Қайғы жеп, мұң жұтқан соң қайдан оңсын – Барады уға айналып тiлдiң балы. Ғайыпқа (өзi кетпей) сөзi жетпей, Ақынның аласұрған кезi көп қой... Өзi хан, өзi сұлтан, өзi бектей Қор болдым ағайынға сөзiм өтпей. Алда деп жұбатқанмен жүлдең әлi, Алқызыл бояуынан гүл де оңады... Аз күндiк аманыңда ауызға алмай, Өлген соң өкiнгенiң кiмге дәрi?!.
ТIРIЛ, БАУКЕ! Бауыржан рухына Сiлкiн, Бауке! Бар болса аруағың, Сен болмасаң селк етер зарыма кiм? Тарылады пейiлi тiршiлiктiң Шаңырағы шайқалса шаруаның. Сiлкiн, Бауке! Бар болса аруағың. Оян, Бауке! «Кеңсайдан» берiге түс, Бiзден мынау жетесiз жерiне түс. Бiздiң бiрлiк бүгiнгi – берекесiз, Бiздiң тiрлiк бүгiнгi – керi кетiс. Оян, Бауке! «Кеңсайдан» берiге түс. Берiге түс, Көзiң сал, Көше бойла, Әке менен кешегi шешенi ойла. Бүгiнгiнiң тұрағы – ескi Тұран, Бүгiнгiнiң ұраны – есеп, айла. Көкжиектен бiрдеңе көрiне ме, Бұлдырайды ертеңнiң жолы неге? Шошып тұрған жайым бар ұрпағыңнан Тiрiге де, опасыз өлiге де.
Серi күнiм азайды сергек күлер, Жегi, жөгi көбейдi жөргек тiлер. Теңiзiмдi құрғатты қу дүние, Негiзiмдi қорлады немкеттiлер. Ұры-қары бел алып қанiшермен, Жақсылардың бүгiнде жағы семген... Шал-шауқаннан не қайыр шамы сөнген, Шалдуардан не қайыр намысы өлген?! Мибатпақтан милыққан, мәймiлдеген Ажыратып аламын ай, күндi әрең. Өзiңменен көшкен бе көрiктi күн? Өзiңменен өшкен бе айбынды әлем? Тiрiл, Бауке! Тiрiлер жеттi кезiң, «Тентек» те өзiң едiң ғой, тектi де өзiң! Өзгеретiн түрiм жоқ өлексемнен, Өңменiмнен өтсе де отты көзiң, Тiрiл, Бауке! Тiрiлер жеттi кезiң. Кiмнен кiмнiң нарқы кем, парқы басым? Тайға таңба басқандай айт расын: Мынау дүйiм дүние дүмi шолақ Қаһарыңнан қаймықсын, қалтырасын! 1987 жыл
- Ясунари Кавабата: «Жапон қолынан шыққан әрбiр дүние – жапон рухының айшықты көрiнiсi». Мұстафа Шоқай: «Батыс тәрбиесiн алған зиялыларымыздың аянышты жерi – рухани жақтан өз халқына өгей болып қалды». Спиноза: «Үрей – Рухтың дәрменсiздiгi салдарынан пайда болады». Я, Құдай, Перiштең ем жерде жүрген, Бесiгiм келедi әлi тербелумен. Өлмейтiн өн бойында Рух барда, Ақынды көргенiм жоқ көрге кiрген!
ҚҰДАЙЫ БАР ҚҰЛДЫҢ ДА! Жетiмдердi қарғама, Жесiрлердi алдама. Түңiлсең де тiрлiктен, Тiл тигiзбе Аллаға. Жетiм өсiп, ержетер, Жесiр бесiк тербетер. Анда-санда Алланы Аузыңа алсаң нең кетер? Пенде екенiң кәдiмгi Пешенеңнең мәлiм-дi. Артық болмас бiлгенiң Аяз бидей әлiңдi. Аурудайын асқынба, Өзiңе-өзiң қас қылма. Ардан да асыл Жер жатыр Аяғыңның астында. Алды-артыңа қарай бiл – Манап қайсы, малай кiм?.. Тақыт, бақыт тар келген Тақымына талайдың. Әлсiз деме момынды, Мiнсiз деме жолымды. Жарлы екем деп жалпыға Жая берме қолыңды.
Отызыңда ойынды қой да, түзе бойыңды. Мықтымын деп әркiмге Сiлтей берме сойылды. Жақсы жатып, жай жүрген Ортақтасар қайғыңмен. Талай-талай тарпаңға Таңба түскен тай күннен... Тәубаңа кел, тәубаңа, Таудай пәле даулама. Тозақ отын тiлеме Тұзақ құрған жауға да. Болмашыға тарынба, Жолдасыңа жағынба. Жарлы болсын, жат болсын Жақсы жүрсiн жаныңда. Түссе көздiң қиығы, Кетер көңiл күйiгi. Шешiледi, шыдасаң, Темiрдiң де түйiнi. Байлығыңды бұлдама, Айдыныңды былғама. Сауабың мен күнәңдi Санап берер Жылнама.
Өмiрiңдi тұл қылма, Тамырыңды жұлдырма. Алтыны бар құмның да! Құдайы бар құлдың да! Ақ-қараны пайымда: Алдыңда көп айырма. Ақыреттiк орныңды Аманыңда дайында. Кәлимаға тiл сындыр, Құдайға қол ұмсындыр. Өлiм деген – жұмбақ ән, Өмiр деген – тылсым жыр! Көбiк сөздiң өтемiн Көптен сұрап нетемiн? Ұмытпайын мен де енше «Аз сөз – алтын» екенiн.
ЗАМАН Жақсысы атылған заман, Жаманы сатылған заман. Еркегi қатыннан жаман, Қатыны шатылған заман. Iбiлiс ылыққан заман, Бүлiнiп, былыққан заман. Құлқыны құныққан заман, Құдайын ұмытқан заман! Байлыққа бас ұрған заман, Әптiңдi қашырған заман. Араны ашылған заман, Адамы ашынған заман! Талабын тасқа ұрған заман, Қамалын қапсырған заман. Арамды ас қылған заман, Адалды лас қылған заман. Талағы тасырдан жаман, Тарыдай шашылған заман. Айласын асырған заман, Абыройы ашылған заман. Ұлдары ұрынған заман, Қыздары қыдырған заман. Түлкiдей құбылған заман, Түгелдей жын ұрған заман!!!
- * Ту биедей тартып тұр заман iшiн, Таңдамайды – ақпысың, қарамысың. Аңдып жүрген Ажалдың қаңғымасы Қазағымның табады қарақұсын. Қыр соңыңнан қалмайтын осы Елесiң Қайдан бiлдiң маған да өш емесiн? Кiмнен көрем – тақтан ба, тажалдан ба, Көктей солған талайдың көсегесiн?.. Ор жатқандай қараймын оң жағыма, Сор жатқандай қараймын сол жағыма. Шыққыр көзiм, не дейсiң, шынымен-ақ Қазақтың жауы – қазақ болғаны ма?! Қасым ханның түсiндей аян берген Алақанды аспанға жаям жерден!.. ...Оқшантайдан тағы бiр оқ атылды, Ойран болам демесең оян, кеудем!
АРЗУ Жалғанда мынау мiнәйiм Адамның бәрi арманда… Қор қылма менi, Құдайым, Құлқыны құдық жандарға. Көзiне алтын жалатқан Жан едiм қызды жар тұтқан – Сақтай гөр менi, Жаратқан, Жалмауыз көмей Жантықтан! Жанығып тұрса жалыным, Сабырым қашан сап тынған?! Сақтай гөр менi, Тәңiрiм, Сабындай жылпос Сатқыннан! Тәнiмнен жаным шығарда Өзiңе сапар шексiн дем… Сақтай гөр менi, бiр Алла, Есебi түгел Епшiлден! Мезгiлi жетсе, мейiлi, Саудырап қалсын сүйегiм! Анамның ыстық мейiрi Аузыңда жүрсiн, киелiм!.. …Жапанды ымырт жапты ғой, Жұлдызсыз, айсыз түн-түнек. Дүниенi мынау, Хақ-Құдай, Алсаң бiр еттi сiлкiлеп!!!
МАХАМБЕТШЕ Көгенге көзi көнбеген, Көкiрегiнде шамы сөнбеген, Iрiден iзет көре алмай Iрiген iшi шерменен, Санасы самсоз жүрсе де Санатқа, санға енбеген, Асып бiр туған Ақынды Қай кезде қайғы жеңбеген?.. Арғымақ асау баптаған, Алдынан ешкiм кақпаған, Арманның құсын әлпештеп, Алланың iсiн жақтаған, Алтынмен арын аптаған, Ананың сүтiн ақтаған – Асып бiр туған Ақынды Қай кезде ажал таппаған?.. Жай ұстап туған жатырдан, Ашынса – ашу шақырған, Шалдуарларға шарт сынба, Алдиярларға ақылман, Бәндәуи мына тiрлiкке Бәдәуи басын қатырған – Залалсыз, зiлсiз Ақынға Қай заман балын татырған?! Ащыны татып ұшынған, Тәттiнi танып тұшынған,
Ұяға тұқым түсiрiп, Қияға тұйғын ұшырған, Мiнәжат кешiп әр жұма Тәржiма тартқан Мысырдан... Байбатша көңiл Ақынға Қай патша тағын ұсынған? Елжiреп есiк ашпаған Талайға тәңiр – тас қамал. Шайырға зайыр кiмiң бар Тағдырға талақ тастаған! Түтiнi бiрге демесең, Бiтiмi бөлек басқадан, Қайраған тiсiн Ақынға Қай надан итiн қоспаған?..
- * Қасiреттiң қаншығы Әуселемдi әуiр ғып, Жүрегiмдi жаншыды Қорғасындай ауыр жүк. Сонда-дағы, сорлым-ай, Сенi аяйтын халде емен. Көз алдымда – солғын Ай, Көр iшiнде – жан-денем. Алдым да артым мұнар мұң, Алмағайып жол – қатер. Көрден қашан шығармын? Айға қашан қол жетер?..
ЖАЛҚАУ ҚАЗАҚ Әттең-ай, Өкiнiштi, Өкiнiштi-ақ... Қалғаным Шексiздiктiң шетiн ұстап. Желкемнен жекiредi жендеттейiн Аптаның жетi күнi – жетi қыспақ. Жетi күн өте шықты желден жүйрiк, Бұл өзi қай тараптан келген бұйрық? Жайдақы жабы мiнген Жаманбайдай Жалқаулық жатып алды-ау кеудемдi үй ғып. Күз дедiм жер де, көк те алабажақ, Қыс дедiм сары аязы санаға жат. Көк тасы Самарқанның ерiсе де, Сен неге селт етпейсiң, қара қазақ? Жетi күн өте шықты тағы... тағы... Өмiрiм алмағайып, әбi-тәбi. Жетi атам жетi жақтан жетiп келiп Әкемдi... әй, бiр күнi танытады!!!
ТОЙҒА БАРҒАН ҚАЗАҚТАР Дастарханымызда ащы да тұщы жетерлiк, Бiз жайлы, апыр-ай, не ойлады екен бөтен жұрт? Жетiге келген көктегiрге де көтердiк, Жетпiске келген көкбөрiге де көтердiк. Дастархан үстi – ағыл да тегiл, аста-төк, Қағiлез неме қарияға отыр «қасқа» деп. Намыссыз елде намақұл аз ба, нас та көп, Осындай ма едi кәрiге қайыр, жасқа әдеп? Қазақы тәнде қаситын бүгiн аз қотыр, Мәнiссiз, мәнсiз мақталса тойда, мәз «батыр». Байбәтшам, бүгiн бар жиғаныңды шашып-төк, Ал ертең… ертең саныңды соқ та сазға отыр! Өкпең өшкенше өжеттен! Қалма кезектен! Адыра қалған Атаңды кiм бар сөз еткен? Бейбiт те бейқұт бес күндiк мынау жалғанда Бiр күндiк Бура болғанға, шiркiн, не жеткен?! Пешенелiм-ау, перiште болсаң мiн бе екен?! Iбiлiстi ертiп алдыңнан сенiң күнде өтем. Ей, Виночерпий! Ащыңнан анау құй, кәне! Немене, сенше мен қазақ емеспiн бе екем?
АС-СУЫҢ БА ЕДI АТАҢНАН ҚАЛҒАН?! Ұрпағың туса қағынып iштен, Салтыңды қайтем салынып iшкен? Өмiрдi қиып кетпедi қанша Өкпе мен бауыр қабынып, iскен... Қашпаған қайбiр қиюың қалды? Ақылың азып, миың уланды. Опасыз, арсыз жалғанның мынау Оңайы кетiп, қиыны қалды. Сарқылып қалған салтыңды көрдiм, Сарғайған салқын қалпыңды көрдiм. Қызығы кеткен қызыңды көрдiм, Қызара бөрткен қартыңды көрдiм. Ас-суың ба едi атаңнан қалған? Iшпеген адам қатардан қалған? Салбырап көктен түспеген шығар Сарыауыз неме сақалдан алған?!. Ағалық қайда? Даналық қайда? Даланың салтын балаң ұқпай ма? Қосылса басың, басасың келiп: «Ал, алып қой!»-ға, «Ал, алып қой!»-ға. Мастық пен настық қатар жүредi, Қайғырып анаң, атаң жүдедi.
Адыра қалды-ау талай жiгiттiң Аруды сүйген атан жүрегi!.. Көңiлiмдi бүгiн қар басса, қайтем, Өлiм мен өмiр арбасса, қайтем? Жазықсыз қолым жағаңа келiп Жаналғыштайын жармасса, қайтем? Құдiреттiң құяр қуатын бойға, Қымызың қайда?! Шұбатың қайда?! Қуатың барда – шұбатың барда Есiрткiң естен шыға тұрмай ма?! Арағын iшiп кәпiр неменiң Азғындап кеттi-ау батыр дегенiм... Мұныңды, қазақ, қоймасаң, аян Құрсақта құрып, жатырда өлерiң!
АСПАНТЫРАҚЫ Аспантырақы деген құс бар. Құйттайлығына қарамай, дәмесi дардай осы құс қайбiрде шалқасынан түсiп жата кетедi екен де, «Мұның не?» де гендерге: «Көрмей тұрмысың, құлап кетпесiн деп аяғымен аспан тiреп жатырмын ғой?!» дейдi екен. Сол айтпақшы, сорымызға қарай емешегi үзiлгенсiп жүрiп, елдi сүлiкше сорған аспантырақылар бiздiң де арамызда аз емес… Шекпен киген шендiлер, мансаптылар Әлi талай сабазды сан соқтырар. «Өгiзқара күшi бар» өзiмшiлдер Өле-өлгенше өз құлқын аңсап тұрар. Аттан түсiп, Мырзалар атқа мiнген Қорқуды да қойғандай Хақ-тәңiрден. Кiредi олар кердеңдеп кеңселерге, Шығады олар керiлiп аппақ үйден.
Жапалақ пен үйiрсек жарға құзғын. Қарайғанын қайтейiн қардағы iздiң… Тарым жатыр iшiнде тар қауыздың, Жаным жатыр iшiнде жалмауыздың! Едiрейген, ей, аспантырақылар, Сендерге арнап бiз жақтан жыр оқылар: Мың жылда да мыңқ етпей тұрған мылтық Мың бiрiншi мезетте бiр атылар! Қапы кетпес қаңғырып қарғыс оғы – Хақтан безген талайлар қан құсады! Ақ пен қара аяусыз андысады, Тiршiлiктiң сөнгенше мәңгi шамы… Жан-денесi уланған жат тiлiмен Айқас оңай болған ба аттылымен: Өмiрiмнiң тұнығы лайланып, Өзенiмнiң жылымы ақты күрең.
Жар жағалап кетпесiн мас денелер, Хақ тағала, пендеңе бас бере гөр. Қас дұшпаннан қашанда қауiптiрек Мас денеге жабысқан тас кенелер! Көкiрегiне көмбе емес, көң төгiлген Не күтерсiң ел-жұрттың ертеңiнен?.. Бой-бойыңды босатып, бордай езiп, «Гөй-гөйiмдi»қашанғы шертемiн мен?!
- * Жарық күн – жалған, жасанды, Алдана берем қашанғы? Қағiлез қасап – қу заман Шашымды ал деп ем, бас алды. Басым жоқ, екi иық бар, Сұмырай, сұрқай сиық бар. Күледi мимырт күйiме Мысық мұрт, мысқыл миықтар. Басым жоқ, екi аяқ бар, Құлқыма құзғын тояттар. Тебедi келiп бiр-бiрiн Телiсiз, тексiз саяқтар. Басым жоқ, Иә, жоқ басым! Обыр да тобыр отбасым! Нойыстың ноқай өзiмiн Сыпырып алған ноқтасын!
АМАНАТ Ұлым, менi «Кеңсайға» қойма, өтiнем, Аулаққа да әкетпе әулетiмнен. Әулекiлер, шошытқан әлдекiмдер Аруағыммен қауышам қай бетiммен? Санатына, сапына сапарласып Қай бетiммен жатпақпын қатарласып? Жайлы жер де табуың қиын екен Жау жармасып, жатқанда жат арбасып. «Көз көредi, – деген бар, – есiткендi...» Өмiр қанша жұмбағын шешiп бердi... О заман да бұ заман кiм көрiптi Өлгендерге соншама өшiккендi. Адам ата жаралған күннен берi Өң-түсiме бұл сұмдық кiрген бе едi? Iргелi елмiн дегенiң кiмге керек, Қорым жайың қор болса iргеңдегi?! Аруақты естен, шығарған өлiктi ойдан Жетпегiрге бiттi екен желiк қайдан? Есенiне ел-жұрттың күмәнiм бар есерiне ерiктi берiп қойған?!
Ерден ерiк, ерiннен күлкi кеттi. Заманыңа не дейiн түлкi беттi. Ұжымақтан жай сұрап жатқам жоқ қой, Ұлым, қабыл алғайсың бұл тiлектi. Жүгенсiзге жүрегiм жүгiнер ме, Тiрлiгiмнен түрiм бар түңiлерге. Өлгендерге өлердей өшiккендер Тыным берер деймiсiң тiрiлерге!? Арманымды айтайын күн iлгерi: Қоя гөрме «Кеңсайға», ұлым, менi. Күндiз күлкi, айрылдым түнде ұйқыдан Қабiр қирап, құлпытас бүлiнгелi... Қоя гөрме «Қеңсайға», ұлым, менi!.. 1986 жыл
ҚАБІРСТАН–ТҮРКIСТАН Көкке Тәңiр иелi, Жерде – қабір киелi. Қабiрде ме, қапта ма Хан Абылай сүйегi? Кiмдер кетiп... Кiм қалмақ? Кiмдер мәңгi құл болмақ? Қапқа түскен сүйектер Қай базарда пұлданбақ? Қас батырды жауда көр! Бас хакiмдi дауда көр! Тағы кiмдi сүйремек Сүйек сатқан саудагер? Жұрт оңа ма жұлқысқан, Өздi-өзiмен қырқысқан? Көз тiрiмде iргемдi Кеулеп жатыр бiр тышқан... Тас құлыпты ашқан кiм? Хан сүйегiн шашқан кiм? Асқан менен тасқан кiм? Неге сонша мастандым? Ел ұйқыдан тұрмай ма?! Ес жиятын күн қайда? Құдай бiздi бiр күнi Тас төбеден ұрмай ма? Рухыңды үрке ұшқан Қақпайлаймын бiр тұстан. Халiң сенiң не болар, Қабірстан – Түркiстан?..
ҚАЙҒЫСЫЗ Қара суға семiретiн Қайғысыз, Қара жерге мен енетiн жайды сыз. Терең қаз да тепкiлеп көм көрiме, Мен жатайын жаным сүйген Ләйлiсiз. Сен жылама, Ләйлiм менiң жыласын Жалғандағы жан едi деп бiр асыл, – Кей итке арнап кеуде толы қарғысын, Бейiтке арнап бейсенбiсiн, жұмасын. Сен жылама, Кiмге керек жалған жас? Жылады деп жиналған жұрт таңғалмас. Мен өлдi деп машығыңнан жаңылма: Маңайыңа маңғаз қара, маң–маң бас. Беу, бай кiсiм – байламы жоқ байғұсым, Қайтесiң сен қаймананың қайғысын? Қара шашын қобыратып қара жел Қабiр жақта Ләйлiм ғана ләйлiсiн... ...Жас қабiрдi жансыз, өңсiз көмдi гүл. Көлдiң де анау жанарына толды мұң. Сен жылама жiбiтпек боп тоңыңды, Неғыласың қолдан келмес рөлдi бұл? Сен жылама, Жылау сенiң неңдi алған!
Жылайтындай бар ма едi жәй менде оңған? Ендi еншiңе қалды мынау қара жер, Ендi еншiңе қалды мынау кен жалған. Ал, бөлшекте, Саудаға сал, сатып бақ. Үлгер, Күн көр... Бәрiне де уақыт тап. Қара жерге бұдан артық қайғы жоқ, Қайғысызға бұдан артық бақыт жоқ!
АЛЫПТАРДЫ АҢСАУ ...Кеудемде менiң бiр шам бар Мың өшiп, күнде мың жанған. Жанымда менiң жүр шалдар Құлқына ары құлданған. Мақтауға кiмдi лайықтап, Даттауға кiмдi шамам бар?! – Алыптар көзден ғайып боп, Ақылға қалса сараңдар. Жұлдызды көктiң заңғары Жұртым-ау, қалай жұтаңдар? Сары алтын сөздiң сардары – Қайдасың, қайран, Мұқандар?! Балтәттi тұмам тартылып, Басымнан бақыт ауғасын, Бабамның салты сарқылып, Саудаға түстi-ау сау басым. Көңiлiмдi қайтем шүкiршiл, Көк түтiн жұтса қос өкпем? Құлагер қайдан құтылсын Батыраш – бақай есептен?! ...Жалғанда мынау мiнәйiм Мен күткен жарық осы ма? Құдiретi күштi Құдайым, Нысап бер кәрi–жасыңа...
- * Тағы бiр гүлiм солды ғой, Тағы бiр күнiм өлдi ғой. Баяғы қазақ – сол қазақ, Баяғы Құдай – сол Құдай! Қанша жыл салдым араға… Жаңарған – жалғыз замана. «Ананың көңiлi балада, Баланың көңiлi далада». Алтын ба, Жез бе, Қола ма – Көргенге көңiл тола ма? Әурелi күндер қала ма? Сәулелi күндер бола ма? Қанаты сынық, Шағала, Сабала көлдi, сабала! Шағала – менiң көңiлiм, Түсесiң қашан сабаңа? Көз сатпай арғы жағаға, Жағадан арғы Далаға, Барыңды сен де бағала, Жоғыңды сен де шамала. Сарайдың iшi самала, Маңайдың түсi сарала.
Салбауыр бұлт, салқын күз Санаға салмақ сала ма?.. Тұз сеуiп жанды жараға Жағадан жауым ала ма? Кәззәптiң кәсiп, нәсiбi Азаптың алды ғана ма? Саламын сауал данаға, Саламын сауал санама: Бiздiң де жүйрiк шаба ма? Бiздiң де жұлдыз жана ма? Маңайды маңғаз шолғымай, Қарайды көктен солғын Ай. Баяғы қазақ – сол қазақ, Баяғы Құдай – сол Құдай!
РУХ Жесiр менен жетiм көп, Елге қарар бетiм жоқ. Серкелерiм семiрдi Бiр-бiрiнiң етiн жеп. Обыр менен жебiр көп, Оңып тұрған жерiм жоқ. Жұтынуын қоймайды Жұтқыншақ пен Кеңiрдек. Ұры менен қары көп, Ұлағатты кәрi жоқ, Менменсiген немелер, Менен аулақ, әрi кет! Хан қасында – қасабы, Жамбасында жасағы. Екi иықты күнi-түн Бiр әбiлет басады... Күнiң түссе жалдапқа – Жамырарсың жан-жаққа. Обал менен сауапты Ойлайтұғын жан жоқ па? Сенiмiм ең ең соңғы, Серiгiм ең белсендi, Көтерейiн еңсемдi, Ей, Рухым, келшi ендi?!
Тiрiлт өлген денемдi! Сал теңiзге кемемдi! Кешiгетiн жөнiң жоқ, Кел, Рухым, кел ендi! Көкбөрiнiң ұрығы ек, Көкке қарай ұлып ек... Көкiрегiмнiң көбесiн Көк найзадай тiлiп өт! О, Құдiрет, Құдiрет!!!
АҢСАР Ей, Қара түн, жұлдыздарды қылғытқан, Құтқарсаңшы қу тiрлiктi құлдықтан! Алтын айдар туса деп ем бiр сәби Ақиқаттан, Шырылдаған Шындықтан. Ей, Қара түн! Қайда қара қанатың? Арзуым бар Алла алдына баратын. Қара жердi қаптап кеттi жын-шайтан, Жарық жаһан, Қайта туып-жаратыл! Қара жердi қаптап кеттi iбiлiс, Қайдасың Сен, ұлы Құдiрет, ұлы күш? Көксеуiне құлақ салсаң болмай ма Көкбөрiнiң Айға қарап ұлығыш?! Қара жердi қаптап кеттi жын-перi, Қайдасың сен, ұлылардың Үркерi? Жерге қарап желiк-көңiл басылып, Елге қарап елiк-көңiл үркедi. Қайғы қақтап, Қара жердi мұң қаптап, Қайыршының күнi кеттi қымбаттап. Шығыс жақтан шығар ма екен Таң-Ана Алтын айдар бiр Сәбидi құндақтап!..
- * Көкiрегiмде көк жалын бар, Бар түтiн... Адасқанның алды – күндiз, арты – түн. Кебiн киiп келмеске бiр кеткен жан Керек етпес кең дүниенiң барқытын. Жар жанында жата алмайтын жарты түн Намысты ердiң нарқы бөлек нар бiтiм. Абызды айтсам – Асан қайғым аһ ұрып, Қобызды айтсам – күңiренедi Қорқытым... Аруананың сауып iшкен ар-сүтiн Азаматтың асып кеттi-ау нарқы тым. Абайласаң, бiз болармыз, ағайын, Абайлардың сарқып iшкен сарқытын! Елдiгiңнен емес едiм мен де өгей, Кешiргейсiң көңiлiмдi пендегөй. Жазғанымды жадыңа алсаң, жарайды, Айтқанымды артық демей, кем демей. Шыңғырғанмен шыға алмастан кеңiске Шерменденiң бұғып жатар шерi iште. Менi қойшы, Ертелi-кеш жүрсе екен Иығыңда Исрафил перiште!
«ҚУЫРШАҚ ҚҰДАЙЛАР» Көкте тырна тыраулады, Жерде желек қыраулады... Жәми жалған тiршiлiктiң Жамау-жасқау, құрау бәрi! Бәрi – алдамшы! Бәрi – өтпелi! Өліараның тар өткелi. Шетте қалды-ау шермендедей Шекспирдiң сонеттерi... Ұйқы ұйытып тұла бойды, Тұмшалады тұман ойды. Ұлықсыған кейбiреуге Ұлы Абай да ұнамайды. Бәрi – өтiрiк! Бәрi – жалған! Көздi арбайды сағым-арман. Жезтырнақтың әлемiшiн Жезөкшелер тағып алған. Қазақы үйдiң қан қасабы Жең ұшынан жалғасады. Қарға қарқ-қарқ күлген сайын Қара орманнан ән қашады. Болсын деп ем Ай, Күн аман, Ажал құшақ жайды маған.
Әр кеудеде бiр құдай жүр Қуыршақтан айнымаған. Жөргектегi, құндақтағы Ей, «құдайлар», тiл қат, кәнi?! Қасиеттi қара жердi Жебiр жайлап, жын қаптады. Жер желiксе бүгiн егер, Көк күрсiнiп, күңiренер. «Құдайлардың» несi кетер? Екi ортада шыбын өлер...
ТЫҒЫРЫҚ Бақ қонбай, Тiршiлiкте байлау болмай, Басар тау, Баратұғын жайлау қалмай, Жазықсыз көңiлiңдi езiп-жаншып, Аспаннан жаңбыр емес, жай жауғандай! Таба алмай нудан дауа, шудан дауа, Кеңiстiк кермек татып, уланды ауа. Боз басы талай таудың тақырланып, Көз жасы талай көлдiң буланды-ау, ә?.. Айтатын наз да қалмай, саз да қалмай, Көңiлiң көрден iнiн қазған аңдай. Қызыл шоқ көкiректiң лықсып лебi, Аһ ұрсаң, ауа өртене жаздағандай! Сауықшыл сән де қалмай, ән де қалмай, Еңсенi зiл басады әлдеқандай. Құлықсыз көз тастайсың құладүзге, Есiнеп-құсынап, ұйқың қанбағандай. Серпiлер шараң да жоқ, шамаң да жоқ, Бiр сырқат тап келгендей саған бөлек. Сарқылды сабыр шiркiн шыдай-шыдай, Тартылған Сыр, Амудай Аралға кеп. Тұйыққа, тұңғиыққа жол тiрелдi, Санамыз саңылау iздеп тентiреулi. Жамылған қой терiсiн қасқырларды, Ағайын, Ар сотына келтiр ендi!
- * Жарығым, Жарық дүнием сен ғанасың! Жабықсам, жан дертiме ем боласың. Адамның баласына азары жоқ Ақынның ақ жарылып бер бағасын?! Жабықтым, Жанталастым, Жалықтым да... Қарағым, хал-жайыма қанықтың ба? Көңiлiм сияр ма екен мына әлемге? Өмiрiм құяр ма екен барып құмға?.. Торықтым, Талықсыдым, Тарықтым да... Жалғанның жалғандығын жаңа ұқтым ба? Күнәдан пәк емесiм айдан анық, Сұм ажал босағамды бағып тұр ма?.. Мейманы ем кеше ғана Мәйхананың, Таң атпай таусылды ма айтар әнiм? Сан ойдың соқпағына түсемiн деп Абайдың қасiретiн қайталадым. Жүйкемнiң кiмге айтамын жұқарғанын, Жұртымды жұлын құрт жеп, жұт алғанын? Бықсымай, түтiндемей,
Шынтуайтта – Шырпының көрсем деймiн тұтанғанын! ...Жарығым, Жарық дүнием сен ғанасың! Жабықсам, жан дертiме ем боласың. Бесенем бес елi сор болмаса егер, Бейiлi Тәңiрiңнiң берi қарасын!
ДҮМШЕ ПАТРИОТ Жаманға түндiк тескен жел уайым, Жақсыға кiндiк кескен ел уайым. Тексiздiң тез көрмеген тебегенi Майсамды майқандаса неғылайын? Түседi алуан әрiп бiр қағазға. Өмiр – жұт, Өздi-өзiмен жұрт аразда. Қанбаған қан мен терге қара жерде Қабылдан тарап кеткен ұрпақ аз ба?.. Харекет, берекеттi қасына алған Аман бол, айналайын, асыл Ордам! ...Ерiксiз 37 түстi есiме Талайдың шашын емес, басын алған. Көз оғын сөз оғымен қосарлаған Оспадар кездеспептi-ау осал маған?! ...Ерiксiз 52 түстi есiме Тоқалдар шөмiш алып шошаңдаған! Қабынба, қағынба да, байқа, бала, Қайдағы Қасiреттi қайталама! ...Мың тоба Тоқаңдар мен Мұқаңдарға Отырған мәйшат құрып Мәйханада. Астарын аңғармастан ақ–қараның Ағаңды әбжiл болды-ау даттағаның.
Сары ауыз балапаным, көрiнiп тұр Тәттiден басқа дәмдi татпағаның. Дәметпей әлдекiмнен күлше, пәтiр Қайтедi өз жөнiмен жүрсе пақыр? Дүние астан-кестен болмас едi-ау, Дүм жағын қысып жүрсе Дүмше-патр... Жүйрiктi қамшыласаң – бағы жанар, Қашырды қамшыласаң – қағы қалар. Кiмдерге кiмнiң қалай жаны ашиды? – Асықпа, елдiң өзi-ақ танып алар. Таратып айналаңа сөз мазағын, Тағы да қоламтаңды қозға, жаным. Көлденең көк аттыда шаруам не? Ұрсам да, ұрыссам да – өз қазағым!!!
ҚАНҚҰЙЛЫ О, Қанқұйлы, Қанқұйлы! Атқан оғың дәл тидi. Қауырсыны Аққудың Қара суда қалқиды. Күңiренген үн шықты, Құс бiткендi ыршытты. Батып бара жатқан Күн Қызыл қанға тұншықты. Ақ Шағала аспандап, Қашып-пысты Қасқалдақ. Жер үреймен жүрегiн Ұстап тұрды қос қолдап. Селк еткiзiп сезiмдi Жүрек неден езiлдi?.. Шоршып түсiп ақ шабақ, Көл түбiне безiндi. Қамыс жақты жел кеулеп, Жаңғырықты жер мен көк. Көздi ашытты көк түтiн Көл бетiне көлбеулеп. Кеуде кере күрсiнiп, Тыншып қалды Тiршiлiк. Көл денесi дiр еттi, Әлденеден түршiгiп...
О, Жарақтым, Жарақтым, Жай атпадың – дәл аттың! Қызыл қанын Аққудың Қызыл тiлге жалаттың! Өкiнбейiн кеш, кейiн – О, қош дейiн, қош дейiн: Қызыл күрең өрт шалды Ақша бұлттың төскейiн... Күбiр қақпай күрмеле Тынып қалды тiл неге? Көл бетiне қар жауды Көлеңкесiз Шiлдеде! Қауырсын да қалқиды, Мамық қар да қалқиды. Айналадан ашқарақ Ажал иiсi аңқиды! Өксiп-өксiп жел-жетiм, Жылжиды еппен жерге түн. Қанатымен сыңар құс Сабалап жүр көл бетiн. Қанмен шерiн тарқатқан «О, ант атқан, ант атқан! Осал жерiн ерлердiң Қалай ғана дәл тапқан?!» Аққуды атқан Сен едiң, Ажал тапқан Мен едiм. ...Қара суды сабалап Қалды-ау сыңар – Өлеңiм...
- * Ұры-қары iзiндей Ит құйрығы бiр тұтам. Ұстараның жүзiндей Әдiл сөздi пiр тұтам! Тер шығармай Салкүрең, Тегiн бәйгi алмақ па? Айтарыңды алдымен Сары алтындай салмақта, Жантықтардың шырағы – Жалтаң қаққан жасық көз. Көр көмейден шығады Көңiрсiген сасық сөз. Ащы түтiн абайсыз Ағызады көзден жас. Ақымаққа рабайсыз Айтқаныңмен сөз қонбас. Жазалыға, жазғанға Қалай, қайтiп ем қонар? Адам азып-тозғанда Көрiнгенге жем болар. Төгiп өттi жаңбырын Төңiрекке ақсұр бұлт... Талайлардың тағдырын Тәңiрсотқа тапсырдық...
- * Әддiңе бақ, бiлмесең: Ән – әулие, жыр – шайх. Ақындарды тiлдесең, Аузың қалар қисайып! Шабыт келмей шайхы да Жаза бермес жырды ұдай. Киесi оның – Майқы да, Иесi оның – бiр Құдай! Пақырым-ау, пайым аңғар, Парасатың келiссе: Ұлысы оның – Пайғамбар, Iрiсi оның – Перiште! Тiлегiне жеткерген Тiрлiгiнде кiм-кiмдi? Мұхаммед те көп көрген Қуғын менен сүргiндi... Көмгеннен соң «қайғырып» Көлгiрсiну мiндет пе?! Пенделерден қаймығып Перiштелер жүр көкте... Жарағымен жақынын Жасқамаған ер мықты! Ауызынан ақынын Тастамаған ел мықты!
- * Көш, керуенiм, көш алға! Үре берсiн ит деген. Қапы қалмас қашанда Қара басын күйттеген. Қара бастың қамы үшiн Қан жаудырып қағазға, Ар, ұятын, намысын Сататұғын жан аз ба?! Кiм бар дейсiң Хақтан ақ, Сақта дәйiм сайқалдан! Айтылған сөз – атқан оқ! Айтқанымнан қайта алман! Көш, керуенiм, көш алға! Ит пен битке жаным қас. ...Жаяулының қашан да Жан серiгi табылмас.
МЫҢ ЖЫЛДЫҚ АРМАН Көрсем екен тезiрек Көктем басын, Көзiме оттай басылып бөктер жасыл. Олай сiлтеп бишiгiн, былай сiлтеп, Көкорайға түссе екен көктен жасын! Құласа екен құлқымен егiнге күн, Жыласа екен дүние ебiл-дебiл, Көрiнсе екен мұнартып көгiм менiң, Емiнсе екен құмартып ерiнге ерiн... Қыс қылышын сүңгiтiп қынабына, Тiл бiтсе екен қайтадан бұлағыма. Құба таңнан ұйқымды шайдай ашып, Құстың әнi келсе екен құлағыма. Көкжиектен керуен көшiп берi, Ашылса екен әлемнiң есiк, төрi. Кеңейсе екен пейiлi тiршiлiктiң, Көбейсе екен балақан бесiктегi. Алқындыдан арылып аула мына, Қашан жетем самалдың саумалына? Қарғалардың заманы қараң қалып, Қашан қонар бұлбұлым бау-бағына?..
ЕРКIНДIК Жарыққа құлшын, Жабықпа, құсым. Жалғыздық жайын жаңа ұққанбысың? Қара түн байып, Ғайып болғанда, Қанатың жайып қалықтармысың!? Қапасқа, торға қамалған құсым, Тағдырыңды, әлде тән алғанбысың? Тоныңды торда тоздыра бермей, Аспани жаққа алаңдармысың?.. Еркiндiк дәмi таңдайыңда ма? Сананың дертi – сарғаю ғана! Қия салушы ең жаныңды отқа, Ұя салушы ең тал, қайыңға да... Жайыла қалса қылыш-қанатың, Қуыста құзғын құныстанатын. Бұйығы шыңның бүйiрi қызып, Бұлттан балқып күмiс таматын! Алланың мынау аспаны кем бе, Бағыңды сына, басқаны көр де! Қашанда тор мен қапасы дайын Қанаттылардың қас жауы жерде!!!
ҚАЙЫРЫМ Қарағым-ау, «Қайырымың» қай ұғым, Алла алдында жиылмаса айылың? Адасуға бейiм тұрса бейiлiң, Қара суда қалтылдаса қайығың? Ол шiркiндi ұмытқалы қай заман, Қадiрi жоқ сөздi қайтем жай, жалаң. Мынау арсыз, абыройсыз қоғамда Ақын болу... Әй, жаман-ау, әй, жаман... Ханға ұрынбай, Қараға да бұрылмай, Қаңдай қиын ғұмыр кешу бiрыңғай: Ашуы жоқ ашып кеткен қымыздай, Ағыны жоқ сасып кеткен жылымдай! Қайыр, Мейiр – емес пе едi екi ұлым Самал желпiп, Жел сипаған кекiлiн? Төр бермейтiн Көрге енбейтiн тексiзге Телмiрiп тұр босағада жетiмiм! Қаратаудан қарғып ұшқан қойтасым Алатаудың қайтiп басын шайқасын? Ал сен болсаң,
Айдан түскен немедей Қайдағы жоқ қайырымды айтасың?! Жырыңды мен, құл ұқпаса құнымды, Кiмге налып, Кiмге айтамын мұңымды? Жанартаудай өңешiмнен от шашып, Мен де бiр күн ақтарармын жынымды!!!
БАЙШЫКЕШ «Бетеге кетiп бел қалар, Бектер кетiп ел қалар…» Бел шұрайы-бетеге Көктем келсе бүр ашар, Жер шырайын гүл ашар, Маусым жазға ұласар. Ел шырайы-бектерiм, Шен-шекпендi, көп көрiм Бет пердеңдi кiм ашар? Бейiлiң бар ма сыр ашар? Бет қашанғы бүркелер, Кiмге керек түлкi «өнер»? Замананың зауалы Залалдыға бiр келер… Суда жүзген қалытқы Қармақсыз не алыпты? Қаперiңе алсаңшы Мынау қара халықты. «Еркетайы» елiмнiң, Ел жайында не бiлдiң? Үстiндесiң ауырдың, Астындасың жеңiлдiң. Iшiң дүлей, сыртың жәй, Тiлiң майда, ұртың май. Қаулап өсiп барасың Қалыңыңнан құртылмай. Қыршыныңнан қырқылмай. Қолды-аяққа сынаптай Тұрмайтын да өзiңсiң.
Өрмекшiдей торыңмен Шырмайтын да өзiңсiң. Барың менен жоғыңды Бұлдайтын да өзiңсiң. Арың менен жаныңды Құндайтын да өзiңсiң. Құдай менен былайдан Қыңбайтын да өзiңсiң. Қараспанын қайғының Ұрмайтын да өзiңсiң. Дүниенiң байлығын Мұңдайтын да өзiңсiң. Ары қарай ниетiңдi Ала қашып Алладан, Берi қарай бетiңдi Бұрмайтын да өзiңсiң… Бетегеден биiксiң, Көрер көзге күйiксiң. Осыншама «бiлiктi» Бiр басыңа жиыпсың. «Сенген қойым сен болсаң, Күйсегенiңдi ұрайын!» Жылмаңдаған Тазыға Жете алмаса Құмайым, Кiмге арзу айтайын, Кiмнен медет сұрайын? Сабын түбi – алқынды, Сана түбi – сарқынды. Сарқындыдан ылайым Сақтағайсың, Құдайым!..
- * Ет-жүрегiм елжiреп «ел, ел...» деймiн, Көз моншағын кiрпiкке көгендеймiн... Ертегiсiн, аңызын есте сақтап, Ертеңi үшiн сол елдiң не көрмеймiн?! Аруағын шақырса алып аймақ, Амандығын тiлеймiн «ә, құдайлап!» Бұлағындай бүлкiлдеп қан тамырым, Хантәңiрiм тұрады «Абылайлап!» Бабамда айбат, Болмаса баламда айбар, Даңқым асып, Қалайша далам жайнар?! Сол даланың сойылын соғып өткен Қанжығалы Бөгенбай, Қабанбайлар... Елдiң көзi елеңдеп батыр ұлға, Әлi күнге аруағын шақыруда! Тар жол тайғақ кешуде кешегi өткен Кiм кетпедi тағдырдың тақымында?.. Кiм аумады аулаққа Тұранынан, Атамекен – алыстап тұрағынан? «Елiм-айлап» егiлген елдiң үнi Әлi күнге кетпейдi құлағымнан... Жау торығыш келедi жерi байды: Төрi ұнайды, Бiреуге көлi ұнайды... Есен болса ел мен жер, Айтпас па едiк «Елiм-айдың» орнына «Елiгайды»?!
- * Сарайым – сәуiр, сыртым – қар, Сырымды менiң кiм тыңдар? Ұғымы кеңдеу ұлына Жұғымы кемдеу жұртым бар. Жақпарын кезiп жар, құздың Жанымды шоққа қарғыздым. Жаһаннан мынау жай таппай Жапанда жүрген жалғызбын. Көмейге неге тас тұрды? Жанарға неге жас тұнды? Жақынның сертi сетiнеп, Ақынның дертi асқынды. Бiрде аяз өмiр, бiрде алау, Үйде де, түзде – бiр қамау. Жанымды менiң жұбатып, Жайымды ұғар кiм бар-ау? Азуы кеткен Арланша Азаптай бермей жанды онша, Аузына түскiм келедi «Әу» дейтiн бiреу бар болса…
ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛЕКТЕРI ...Ызғарлы, ызбарлы, мұз-қарлы Желтоқсан күндерi жөргегiнен жалаңаштанып, бесiгiнен алас талып, шала-жансар шақалақ қалпында тас алаңға тасталған, аяқасты тапталған Шындықтың шыбын жаны шырқырап, құлын дауысы шұрқырап жүрiп өзiн-өзi қорғауы... Жетiм тоқтының құрбандыққа шалынып, аман қалғандардың аруаққа ақсарбас атауы... Бәрі-бәрi көз алдымызда. Ал көрген көзде жазық жоқ. Көзден жас, көкiректен қан аққан сол күндер қалайша ұмыт қалсын: көмескi қалған көп iс бар, көкiректе қатқан берiш бар... Қас пен досты, жақ пен жатты, ақ пен қараны айна қатесiз анықтап берген сын сағат құрбандарына құдайы құлдық, қаһармандарына тәңiрия тағзым!..
АЛАҢДАР МЕН АДАМДАР Уақыттың қабағына қан қатты... Қайда күндер салауатты, салмақты? Көгершiндер бездi алаңнан, Көргенде Бес қаруын белге асынған жалдапты. Көгершiндер бездi алаңнан дән терген. Жер түбiне Күн сүңгiдi нарт өңмен... Хантәңiрiн қар басып тұр қасарып, Қамкөңiлiм арбасып тұр қаңтармен. Атар таңда сес сүбелi, сұс басым, Көлпар күннiң көре алмадым нұсқасын. Қай заманнан қайта шапқан жау жаман – Бағы-бостан бастан бал-бұл ұшпасын... Түн iшiнде үрей түртiп ұйқыны, Мимырт күннiң мазамды алды митыңы. Тас қамалды тастап кетер шама жоқ, Басқа қонды шаң-тозаңның қиқымы. Қолға қару алды аярлық, зұлымдық. Түнiм – зағип, Таңым – ғарiп, Күнiм – бұлт. Атқан таңның ажарына үңiлдiк, Батқан Күннiң кiрпiгiне iлiндiк.
Көкiректе мың бiр күмән, мың күдiк: Қашан, қай күн тиылмақшы бұл бүлiк? Сұмдық болды-ау, Аяқтардың астында Шындық жатты шақалақтай шыңғырып! Адам – нәубет, Болғаны ма заман зар? Көзге iлiнбес көңiлде не алаң бар? Неге сонша сұсты, суық, айбарлы Жер ананың алақаны – алаңдар? Қаққан қатын сияқтанып қап түбiн Күреңденiп батып бара жатты Күн... ...Ымырт жаулап, iңiр жүзiн жапты мұң, Тiршiлiктiң аңдай алмай аптығын.
ӨҢ МЕН ТҮС ...Қас-қабаққа қарағансып, Айды аймалап, құшып Күндi, Таңы айрылған Алақаншық Тағы да бiр күшiк туды. Күшiк өсiп итке айналды, Қожайынның қорасында. Сiрке өсiп битке айналды Бас пен балақ арасында. Арман – ауру, қиял – ғарiп, Қайран, қазақ, бала сынды... Аңғалдығым жиi алданып, Адалдығым аласұрды! Ұйқы – залал, күлкi – жалаң, Тауды тұман тұмшалады. Бұлаңдаса Түлкi – заман, Тазы болып кiм шалады? Көңiлiмнiң қошы кәнi, Бiр күн тiрi, бiр күн өлi. Неден жаным шошынады? Неден көңiл үркiнедi? Төбе биiм төрiмдегi Керiледi, кекiредi. Аруағым көрiмдегi Өкiредi, жекiредi...
Кеше келген келiмсегiм Бастан аттап басынады. Қойнымдағы келiншегiм Әлдекiммен ашыналы... Қайтсем екен Түстi мына? Қайда безiп кеткен Өңiм?.. Қараймын да ұсқыныма, Өзiмдi-өзiм жек көремiн!
ОПТИМИСТIК ТРАГЕДИЯ Құрықсыз ерке өскен құлындарым, Заманның көрмеймiсiң құбылғанын: Ұясын ұлы жұрттың қорғаймын деп Қайтейiн, шырылдады-ау шыбын жаның! Ұяға өрмелеген жылан басын Алдымен сендер емей кiм аңдасын?! Жыртылса көк қабаты – қыранға сын, Күн туса ел басына – ұланға сын!.. Арда емген ана сүтiн аңғалдарым, Қан жұтып қапияда қалғандарым. Атқан таң, батқан Күннiң шырайында Талыстай тас алаңға тамған қаның! Өр мiнез өжеттерiм, өткiрлерiм, Өксумен өттi-ау, әттең, көп күндерiң... Дақ қалды-ау босағамда бас аманда, Тапталды-ау тас алаңда шоқ гүлдерiм... Жаралы жолбарыстай жалғастарым, Жатпайтын қын түбiнде алмастарым! Бездiңдер бодандықтан белдi буып, Сездiңдер бостандықтың алғаш дәмiн! ...Тот басып қасқыр қапқан қақпан қалды. Қара жер қайта түлеп мақпалданды. Қай заман қашан жуып-шаяр екен Қазақтың қабағына қатқан қанды?!.
КӨЛЕҢКЕ Қаланың қар жамылған сұсты Алаңы. Қалбаңдап тал басына құс қонады. Қарайған көлеңкенi көзi шалса, Қазақтың ауруы бар ұстамалы. Көлеңке ұзарады, қысқарады, Қолыңа қар емес-ау, қыс қонады. Төменде зуылдайды заман көлiк, Төбеңде шуылдайды құстар әнi. Көлеңке жоғалады... түсте келсем, Кiм бiлсiн, түңiлте ме түскен еңсем. Жаныңа кiм жуысын жақын келiп, Сыртың сау бола тұра iштен өлсең? Көлеңке ұзарады бесiн ауа, Ене алмай ел iшiне есiл ауа. Қайдасың, қайран, қамсыз күндерiм-ай, Қарайтын қалқатайға есiң ауа?.. Балайтын қарайғанның бәрiн досқа Не дейiн қандас, мұңдас қарындасқа?.. Жүректе өлiп жатқан зарым басқа, Құлаққа келiп жатқан сарын басқа... Сол сарын салатындай санама ойран.., (Аңғарсын сөз астарын бала қайдан.) Сарт етсе-ау маңдайыма сала құлаш Бiр бұтақ ұшып түскен Қарағайдан!
Көлеңке көрiнбейдi екiндiде, Елемей жесiрдi де, жетiмдi де. ...Қара жер қабір болса (кеше гөр, Хақ!), Мына Алаң құлпытасы секiлдi ме?..
- * Аузына қарай-қарай әр көсемнiң Аужайын сезгендеймiн бар кеселдiң. Тағдырым әлiмсақтан алмағайып Қолында әумесер мен баукесердiң. Керiп тұр уәденiң желi iшiмдi, Кетпегей жел ұшырып жемiсiмдi... Кiм менiң өзегiме өрт тамызып, Кiм маған өз елiнде төр ұсынды? Жүргенде қарауылдап қала маңын Ұмытып кетсем керек Дала заңын... Кiм ұғар мен ұқпасам ана жанын? Кiм айтар зар-күйiгiн замананың?! Төбеге шығып алып ылғи мықты, Қарғаның қасидасын Қырғи күттi... Мың бастың мыжымасын кiм тыңдайды, Тағында тапжылмаса бiр Құйрықты?! Таусылып не жыным бар таққа бола, Бәрiне таразыбан Хақ-тағала... Балаққа өрмелеген сұр жыланды Тайтұяқ табаныңмен тапта, бала! ...Алаңда сумаңдайды жел өкпегi, Заманға қу маңдайлы ел өкпелi... Қай мұңың жетiп жатыр мына бiзге, Әйгiлi Желтоқсанның желектерi?!
Жазықсыз уыз тәннен қан шашырап, Жалп етiп өшiп қалды қанша шырақ?.. Қазақтың төрiнде екен барша төзiм, Қазақтың жерiнде екен барша сынақ!!!
ҚАЙРАТТЫҢ МОНОЛОГЫ Тiл қатсам тiршiлiкке қара түннен, Құлағын құлдық ұрып Ана түрген... Мен бүгiн ақ қанатты перiштемiн, Су сеуiп жүрген Жерге қанатыммен. Алланың осы болды бұйырғаны – Аттандым ахиретке қиырдағы… Жетектеп жер түбiне кете бардым Желегi желбiреген Жиырманы. Көргенiм түсiм бе едi, өңiм бе едi? Көп сырым қалды айтылмай көңiлдегi. Қайрылды қапылыста қанатынан Қаршығаң қалқып ұшқан көгiңдегi. Күн көзiн, Көрмегелi Ай қабағын, Таусылды тар табытта айла-амалым. Келедi ағаларға еркелегiм, Келедi аруларды аймалағым. Қаракөз қазақ қызы – шырын балым, Сендер деп шырылдады-ау шыбын жаным!.. Көргенше көзiм менiң шықса неттi Бiр талы қолаң шаштың жұлынғанын! Жiгiттiң сендерсiңдер намыс, ары! Намыссыз елдiң бастан бағы ұшады.
Азатшыл бұл қазақтың, амал қанша, Туған жоқ Абылайдай арысы әлi!.. Ежелден қыз қорланса – ер кiнәлi, Жiгiттi жiгерсiздiк жер қылады. Азат күн – арым деген, жаным деген Қазақтың болса кәнi соңғы ұраны!!!
ШЕРТОЛҒАУ Арылмай алдым тұманнан, Жүрегiм бүгiн жыларман. Өмiрге келу – бiр арман, Өмiр деп өлу – бiр арман. Заманның желi тиылмай Құбылып соқса құйындай, Қырмызы қызыл гүлдерiм Қиылмай қайтсiн, қиылмай?! Олай да бұлай бораған Сол құйын... сойқан сол Алаң Нарымды менiң құлатып, Барымды менiң тонаған. Тағдырмен тайдай тебiскен, Meнiмен уды бөле iшкен, Айғағы сол бiр күндердiң Қайда жүр екен Перiштем?.. ... Есiмде сол сәт қас қағым: Бозарып тұрған аспаным, Жұлыннан тиген жұдырық, Жұлынған қолаң шаштарым, Жазықсыз қанның аққаны, Жауыздың жала жапқаны. Тұйғынның тайып топшысы, Құзғынның тоят тапқаны.
Қызарып Күннiң батқаны, Сазарып таңның атқаны. Бүлiктiң басып түймесiн, Ұлықтың елдi сатқаны, Аязда қанның қатқаны, Маңайды тұман жапқаны. Мыстанның мысқыл үйiрiп, Дұшпанның кердең қаққаны; Үзiлген үмiт арқауы, Қабаған иттiң қорқауы, Толықсып келген толқынның Талықсып барып тарқауы... Айтылмай шердiң iштегi, Құлынға құрық түскенi. Ағаның дәндеп араққа, Iнiнiң iрiң iшкенi. Сұмдықтың етек алғаны, Шындықтың жеке қалғаны. Қайырсыз күннiң қазаққа Қайрылмай кете барғаны. Iбiлiс жайлап iргенi, Қораға қасқыр кiргенi, Төгiлген қанның өтеуi Төленбей әлi жүргенi.
Әкiмнiң қорқып, бұққаны, Батырдың қайғы жұтқаны. Жанымның жапа шеккенi, Арымның аза тұтқаны!.. Iшiнде қапас түрменiң Қаншырдай қатып жүргенiм, Түлкiге сырымды алдырмай Iлкiде кiрпiк iлгенiм. Қасарып қабақ түйгенiм, Өртенiп, жанып, күйгенiм!.. Өмiрдi мынау өлердей Өзегiм тала сүйгенiм! ...Осылай да осылай бiр мезет Алайын мен де тiл безеп. Аман-cay тұрса дүние Бiзге де келер бiр кезек! Бiзге де келер бiр кезек!!!
ЖАС ҚАЗАҚ Жалғанда жалғыз Құдай бар, Басыңнан сипар басқа жоқ: Жайыңды сенiң кiм ойлар, Жанып бiр туған, Жас қазақ? Құйылса көктен қаршыға, Құрбаны қашар сайлақпен. Өзiңдi-өзiң қамшыла! Өзiңе-өзiң қайрат бер! Мүлгiген жетпес мұратқа, Қалғыған мiнбес құр атқа. Көңiлiң жүрер Жұмақта, Көзiңдi салсаң жыраққа... Тiлеуiң болса адал, ақ, Тамшыдан теңiз құралар. Атадан қалған аманат, Бабадан қалған мұра бар. Тақымға көнбей талабың, Таймасын тұяқ тақырда. Айласы басым ағаның Ақылына ерiп аһ ұрма. Ажалдың құрып амалы, Сақтасын сенi Құдайым. Кешегi күннiң сабағы Сананда жүрсiн ылайым.
Тағдырың тәлiм баршаға, Ақиқат жолын айғақтар. Араңда әлi қаншама Ләззаттар менен Қайраттар!... Сатулы бүгiн сәлем де, Қатулы бүгiн қас-қабақ. Қатiгез мынау әлемге Қасқайып қара, Жас қазақ! Қашаннан қаскөй қиянат Қайтерсiң батса шымбайға. Береке, бақыт тиянақ Табатын, қайран, күн қайда? Айдаһар ашса аранын, Дәрменсiз қалма, дал болма: Халқыңның тағдыр-таланын Қаймықпай, қане, ал қолға! Шала ұйқы көрер шақ туды Саған да, жаным, маған да... Абылайдан қалған ақ туды Алып бiр шықшы Алаңға!!! 1986 жыл
ҰСАҚТАР МЕН ҰЛЫЛАР Уысында ұстайтын ұлы халық Ұсақтардың қашанда күнi ғарiп. Көресiнi көрермiз әлi талай Көкбөрiше аспанға ұлып алып... Кеше бiз де ұлы едiк... Тұран едiк... Қанаттының көктегi қыраны едiк, Санаттының жердегi сыңары едiк... Қалмайды екен ұлылық мұра болып. Түркi – ертегi, Бүгiнде Тұран – аңыз, Көрiнгеннiң аузында сыбағамыз. Ұлы көштiң жұртында қалып қойған Қара бақыр құны жоқ құрамамыз. Түркi – ертегi, Бүгiнде Тұран – аңыз, Болмашыға баладай жұбанамыз. Ұлардайын шулаған ұл-қыздарын Уатпайды Ұмайдай ұлы анамыз. Ұмай ана – Ұл туса аппақ ана, Таусылар ма ем таласып таққа бола?! Бас-басына би болған өңкей қиқым – Ұсақтарды неғылсын Хақ-тағала?!
Күлдiбадам, Күлбiлте, Күнi – ғарiп Ұсақтарды неғылсын ұлы халық. ...Көк етiмдi сөгемiн түн баласы Көкбөрiше аспанға ұлып алып!
ШАРБОЛАТ Шарболатты суға сал, Қызып тұрған шағында! Ата жолын қумасаң, Ана сүтiн сағынба! Шарболатты суға сал, Қызып тұрған шағында! Елден ер боп тумасаң, Еншi даулап қағынба. Бас құлықсыз құлаққа, Тез жүрмейдi құнысқа. Жата берсе қынапта, Қылыш шiркiн қылыш па?! Таусылғанша таланың Сен елдесiң, ел сенде! Ақылың мен амалың Серiк болсын семсерге! Жаратқанның жарлығын Қаперге алған қай залым? Шаңырақтың тағдыры Намысында найзаның! Санаң неге самарқау, Сап құрайтын күн қайда?! Жер жүрегi – Жанартау, Атқылайтын күн қайда?!!
ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ Қасида Мен қазақ қыздарына қайран қалам, Жанары, жаны жаздай жайраңдаған. «Қыз өссе – елдiң көркi...» деген сөздi Қапысыз қалай айтқан қайран бабам?! Жiгiттiң жампозына теңдесе алар Батыр да, Баһадүр де, Ер де солар! Ел басына күн туса... Белiн буып, Жүйрiктiң пырағына ер де салар!.. Намысын бермеу үшiн жатқа қолдан Арулар аз болды ма атқа қонған? Көңiлде қалған сыз бар өткен күннен, Өмiрде қалған iз бар «Ақтабаннан...» Қыздары есiк, төрден несiп терген, Ұлдары керiлгенде бесiк керген Дәстүрi бұл Даланың бұлжымастан Бүгiнге кешегiден көшiп келген. Жасырмай айтар болсам жан сырымды: Тағдырым қарауылға қанша iлiндi... Ерлiктiң қос қанаты деп бiлем мен Аяулы Әлиям мен Мәншүгiмдi!
Жел сүйiп, алма бетiн күн қақтаған Қашаннан дала қызы қымбат маған. Сөйлетсе – Сара ақындай дес бермеген! Бойжетсе – талшыбықтай бұлғақтаған! Пiр тұтқан махаббатта адалдықты, Көркiмен таң қалдырған тәмам жұртты Қыздардың қылығымен өмiр қызық, Қыздардың ғұмырымен заман құтты. Саяқты санға қосып сыртта қалған, Адал жар, Азаматқа жұп бола алған Көремiн өмiрсерiк өнегесiн Ақжүнiс, Қамқа, Назым, Құртқалардан.. Аңызбен аты жеткен заманға осы, Атына құрбан болар адам басы Аяулы Қыз Жiбек пен Баян Сұлу – Даланың Данаясы, Мадоннасы! Тайғанап кетпеу үшiн тақыр құздан Қасына хан да қызын отырғызған... Тағдыры Тоғжандардың талай–талай жүрегiн Абайлардың аһ ұрғызған... Өтсе де қаншама ұрпақ, қанша буын, Тегiме тегiн бе едi тамсануым: Динаның дәрiптеймiн күй–дастанын, Күләштiң әспеттеймiн ән салуын!
Сабылған кездерiнде дара күйде Сағынған қыпшақ қызын Фараби де... ...Тiлегiм – тек әйтеуiр, қазақ қызы, Қамықпа, Қайғы кешпе, Қара киме!.. Ашқандай бал бұлақтың ендi көзiн Құлпырып, гүл жайнайтын келдi кезiң. Ұлыстың ұлы күнi алып берген Елi бiр, еншiсi бiр Теңдiк – өзiң! Жаутаңдап жазықтыдай жақұт көзiң, Өткiздiң бастан қанша уақыт тезiн... Ұлыстың ұлы күнi алып берген Баянды, бағы – бостан Бақыт та – өзiң! Дақ салмай Ар атына, Ана атына Жарассын салтанатың санатыңа. Жел керсiн арманыңның ақ желкенiн, Дем берсiн ұлы дүние қанатыңа! Сүймеген сенi азамат азамат па?! Көңiлiң тәрiздi аппақ таза мақта. Бәрiн айт та бiрiн айт: ылайықсың «Қазақтың қызы» деген ғажап атқа!! 1986 жыл
- * Тiршiлiкте мұнарланған Күнiм бар ма құмар қанған? Таң нұрымды талшық еттiм, Жарық жалдап Шырағданнан. Тағдырымды алып шықтым Тас түнектен, Тұмандардан... Талай жолды басып өттiм, Талай таудан асып өттiм. Жалын аттым Жанартаудай! Дәмiн таттым қасiреттiң... Нанын жедiм Жер-ананың, Қамын жедiм қасиеттiң. Татқан дәмiм малта болды, Жатқан жерiм торқа болды. Қаратауым қалқа болды, Алатауым алқа болды. Аққан қаным айдын болды, Төккен терiм сорпа болды! Тай күнiмнен тарпаң болдым, Алды-артымды ерте аңғардым. Ақ саумалын себеледi Алдымнан Ай, арқамнан Күн. Әлi талай алп-алп басып, Әлi талай балпаңдармын!..
Елiм дедiм, Жерiм дедiм, Ен далада шеруледiм. Еңкейген жоқ еңсем менiң, Сөгiлген жоқ шебiм менiң! Жалауыма нұр жалатып, Жарқырады көгiмде Күн! Талай жаумен шендестiм мен, Талай жаумен белдестiм мен!.. Бетегелi жерде өстiм мен, Бейбiт жатқан елде өстiм мен. Елiм барда, Жерiм барда, Өмiр барда өлмеспiн Мен!
АҚЫН Аспанда – Құдай, Жерде – Мен Кеңдiктен кемдiк көрмеген. Әлемдi әнмен тербеген, Жаһанды жырмен зерлеген. Аспанда – Құдай, Жерде – Мен Пейiлi ортақ пендемен. Бес күндiк мынау жалғанда Ешкiмнен еншi бөлмеген. Аспанда – Құдай, Жерде – Мен Көгенге көңiлi көнбеген. Қақпанға түссе, қасқырдай Жарасын жалап емдеген! Аспанда – Құдай, Жерде – Мен Ханға да сәлем бермеген! Зердесiн муза әлдилеп, Кеудесiн ыза кернеген!.. Аспанда – Құдай, Жерде – Мен, Өлеңi барда өлмеген. Денесi дертiп шерменен, Елесi көкте көлбеген... Аспанда – Құдай, Жерде – Мен!!!
- * Санаға тiл тигенде талай шұбар, Сарқылмай сабыр шiркiн қалай шыдар?! Атан түйе тарта алмас сауал артып Қайда барсам, алдымнан Абай шығар. Айыра алмай арасын ақ-қараның Айып тағар жайым жоқ топқа қалың. Ойға қалсам, алдымды орағытып, Қайда барсам, Абайға тап боламын. Iндетпей-ақ табатын iздесе кiм Бойымда әлi мың дертiм, жүз кеселiм... Ағайынмен араға айлар салып, Абайыммен күнара жүздесемiн. Жер қаһанын, Бойсұнбас көк көсемiн Бойымда әлi көп дертiм, көп кеселiм... Айығудың амалын айта ма деп Адым сайын Абаймен беттесемiн. Ол – данагөй, Ол – алып, Ол – еңселi, Көз аяңа сыймайтын көлем, шегi. Аңыз емес, айналып кеткен бiлем Аңызаққа аһ ұрған шемен-шерi...
Салмағынан жаншылып сан сұрақтың Жаным жүдеп, жүрегiм қансырап тұр. Қайтсем жарық етем деп қараңғыны Абай атты алдымда Шамшырақ тұр! Қара шекпен жамылған қара өлеңдi Кiм қастерлеп бүгiнге ала келдi? – Адамзаттың айналып ақынына Абай жаулап алса екен бар әлемдi! ЖАЛМАУЫЗ Жалма, жалма! Қалдырма, Бәрiн жалма, Жалынғанға, Қарама жарымжанға. Жалмауыздар жаһанды жайлайды екен, Дүниенiң қауызы тарылғанда. Жалма, жалма! Үйiңдi, ұяңды жұт. Қайыршы арман, Қаңғыбас қиялды ұмыт. Кiмге керек бүгiнде, құдайым-ау, Үркек ұят, уыз ар,
ұяң қылық?! Жалма, жалма, Жетi бас жебiр неме! Көмiрге де ауыз сал, темiрге де! Көмейiңе көмiлген аруақтар Көрiңде де, Өкiрсiн төрiңде де! Елдiң мұңын, Қайтесiң жұрттың сорын, Ашылып тұр араның, мықтым, сенiң! Алматы мен Астана пойызындай Әрлi-берлi жүгiрсiн жұтқыншағың.
Мынаны жұт, Қалдырма, ананы жұт! Ауылды жұт! Малды жұт! Даланы жұт! Қабірді жұт! Қамбаны, қаланы жұт! Сабырды жұт, Салтты жұт, Сананы жұт! Аспанды жұт! Ауа мен Жердi жалма! Жерден асқан жаһанда шерлi бар ма?! Зәу-заттарды илейдi ендi есерлер, Бау-бақтарды билейдi ендi Қарға! Көлдi қылғыт, Көктегi Күн, Айды жұт! Теңiздi жұт! Мұхитты, мұнайды жұт! Қиығымен көзiнiң қарап қойып, Миығынан отырсын Құдай күлiп…
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру