Саят құстары
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Әлкей Марғұлан — «Саят құстары». САЯТ ҚҰСТАРДЫҢ ЖАРАТЫЛЫСТАҒЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
/uploads/54d6f004-3e53-5a74-8793-7f1db08d451a/cover.png
САЯТ ҚҰСТАРДЫҢ ЖАРАТЫЛЫСТАҒЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Саятшылардың анықтауынша жалпы құс заты біріне-бірі қайшы құратын үлкен екі топқа бөлінеді: оның бірі желбесін құстар, екіншісі тұяқты құстар. Бұларды ұғым бойынша бұрын «адал», «арам» құс деп келген.
Желбесін құс дегеніміз етін жеп, мамық жүнін шаруаға жұмсайтын пайдалы құстар тобын айтады. Бұлардың өзі тіршілік етуіне қарай екі жікке айрылады. Суға жүзіп, су ішіндегі жалбыз, балдырған неше түрлі жұмсақ жапырақ, азот, минерал заттары, құм, сүлік, балық, ұлу жеп күнелтетін құстарды су құстары дейді. Олар аққу, қоңырқаз, қоқыйқаз (қызыл қаз), бірқазан, қалбағай, аққұтан, көкқұтан, керқұтан, көл-өзендерде жүретін басқа түрлі қаз, үйректер, әупілдек шағалалар, тағы толып жатқан неше алуан құстар.
Суда жүзе алмайтын, қырда жүріп шалғын шөп, бидайық, бетеге, жусан, тамырдың түбі, ащы кертарлан өсімдіктері. Құрт-құмырсқа, шегіртке неше түрлі шыбын-шіркей мен қорек етіп, суды сирек ішетін қанаттылар тобын қыр-құстары деп айтады. Бұл топқа кіретіндер дуадақ, не болмаса жорға-дуадақ, безгелдек, оқпақ, қарабай, тырна, шыңырау, тарғақтағы сол сияқты құстар.
Кейбір құстар тау ішіндегі шытырман сай-саланы, сыпсың орманды бұталы, тоғайлы, өзен бойларын көбірек сағалап, қыр мен сулы өлкені бірдей жайлап жүреді. Олар - қырғауыл, құр, шыл, ұлар, тауқұдырет, орақ-тұмсық, су-тауық, бөдене (бытпылдақ), бұлдырық тағы басқалар. Саятшылық кәсібіне кіретін құстардың көпшілігі әсіресе қопалы көлді, қамысты, жекенді су бойларын, қақшымақ сорды көбірек сүйеді. Ондай құстар тобына кіретіндер не түрлі сүңгуір үйректер, сарала-қаз, торала-қаз, итала-қаз, жылқышы, балықшы, қызғыш, қарала-қалқа, тағы да толып жатқан қаншыр тұқымдас ішінде тек қана тырна, қарабай, шыңырау, шағала сияқты құстар болмаса өзгесінің барлығы етін жеп, мамық жүнін шаруаға жаратуға келетін пайдалы желбесін құстар болып саналады. Тырна, шыңырау, қарабай, шағала тәрізді құстар көбінесе кесіртке, жылан, бақа сияқты заттарды қорек ететін болғандықтан олардың еті өте дәмсіз және ұлы келеді, сондықтан олар жеуге қосылмайды және саятшылар олардың соңына түспейді де. Қопалы көлді өзен бойын сағалайтын құтан, қалбағай тұқымдас құстардың да қымбат мамық жүні болмаса, еті онша дәмді бола қоймайды.
Ал енді тұяқты құстарға келсек олар да өзара екі топтан құралады. Олардың бір тобы адамның үйретуіне көніп, аңшылық кәсібіне қызмет ететін қыран заты болса, енді бір тобы не шаруашылыққа, не аңшылық кәсібіне қолдауға келмейтін керексіз заты болып табылады. Бұл соңғыға қосылатындар әр түрлі қара құстар (көкшөре, көшеген, балта-құстар, сақалтақ), су бүркіт, саңқылдақ, сарышағыл, саржала, жаламан-сары, бөктергі, кезқұйрық, құлаудын, күйкентай, ақсары, ақүкі, жапалақ, тағы сол сияқты жемтік, тышқан, кесіртке, бақа, жылан жеп күнелтетін құстар. Өзінің күнкөріс тіршілік әдетіне қарай құзғын, қарға, сауысқан тектес құстар да осы айтқан топқа жақын жүреді.
Тұяқты құстардың ішіндегі аңшылық шаруасына керек пайдалысы оның қыран заттары. Олар жаратылысында түйсігі бар сезгіш жануар болғандықтан адамның қолына үйренуге икемді келіп, аң құс алып, оған қызмет атқаруға лайықтанып жаралған саятшылық қолданатын қыран құстардың негізгі тұқымы үш түрлі. Олар бүркіт, қаршыға, сұңқар, тектес құстар. Бұл көрсеткен үш текті құстың жаратылысы өзге құстан бүтіндей басқа. Олар түз құсының ішіндегі ең қарулы, тегеурінді әрі ұшқыр заттарынан саналып, және олардың тұяқ, тұмсық бітісі де басқа құстан өзгеше келеді. Сондықтан оларды саятшылар тілінде «қыран құс» деп атайды.
Қыран құстар түзде өз еркімен жүргенде әр қайсысы өзінің болат тұяқтарын күшті қару қылып жұмсап, өзіне керек жемін алып тіршілік жасайды. Олардың дағдылы ісі бір ғана түз аңын жеп күнелту болғандықтан, олар жапан түз, сары дала демей, өте кезген болып, қай қай жерде желбесін құс, аң көп болса сол жерді баса сағалап, өмірін көбінесе ұшумен өткізеді. Реті келгенде олар ердің алыс жақынына қарамайды да, әбден жемсырап, аңға құмартқан кезде олар ұзақ жердің өзіне барып қайтатын мезгілдері болады.
Қыран құстардың тіршілігі осы тәрізді ылғи аң аулау әрекеті мен байланысты болғандықтан олардың дене құрылысын, мүше бітімдері де өзгеше болып, талмай ұзақ ұшуға бейімделе біткен. Сондықтан олардың сүйек бітісінде буынның бар-жоғы аспанда үздіксіз ұшқанда олардың денесі солқақтамай жинақы отыру үшін сүйектері бірімен-бірі тұтаса бітіп, дене құрылысы күш алатын бір орталыққа жинала, жұмыр біткен. Бұл әрине саят құстарының ұшқанда жинақты отыруына зор негіз болып, олардың ұшу сапасын арттыратын негізгі фактордың бірі. Денесі ұшуға ыңғайлы, жұмыр жинақты біткен соң, саят құстарына сыпылдап ұйытқи ұшу не сыпырма ағыза ұшу дәнеңе ауырлық келтірмей қанатымен денесін еркін ұстап, оны неше алуан құбылтып отыра береді. Оларға кенеттен жоғары ату, не құдия төмен сорғалау, не қырындап бұлдырай ұшу ешбір қиындық келтірмейді. Бұл сипат әсіресе қаршыға, лашын, сұңқар тектес құстарға көбірек келеді.
Саят құстарының денесі жинақы ұшқыш болуы көбінесе, олардың арқа омыртқа, сүйегімен құйымшақ, төс сүйегіне байланысты. Лашын сұңқар тұқымдас құстардың арқа мойын омыртқаларында буын болмай қайнаса біткендіктен, олар әрі ұшымпаз, әрі қуған аңын тез күйреткіш келеді. Қыран құстардың қайсысы болсын, барлығының да жая, төс сүйектері берік, шымыр және кең болып, бұғана сүйектері келдек, әлді болып бітеді. Төс сүйегінің қабырғамен астасатын шеті жұмыр болу мен қатар бауыр жаты тік қырлы келіп, жел қайықтың төсіне ұқсап тұрады. Жалпы айтқанда, төс сүйек пен арқа омыртқа сүйектері саят құстарының денесін тұтастырып тұратын орталық мүшелер. Өзге сүйектер оларға жалғас бітіп, саят құстарының күш алатын денесін жасайды. Төс сүйекпен тұтасып біткен мүшелер бұғана, қарсүйек, жауырын.
Саят құстарының күш алатын ең мықты сүйегінің бірі бұғана, ол өте шымыр соқталы келіп, оның шодыр бастарының бір ұшы арқа омыртқа мен қайнасып бітсе, енді бір ұшы төс сүйекпен жалғаса бітеді. Қазақ саятшылары мұны «төс айшық» дейді. Екінші түрде айтқанда бұғана мен қабырға сүйектер саят құстарының арқа мен төс сүйектерін тұтастырып тұратын ең күрделі мүшелерінен.
Саят құстарының ұшқыш болуына негіз болатын ең қарулы мүшесінің бірі әсіресе жауырын нық сүйектері мен картопшы сүйектері. Оған кіретіндер жаурын, қарсүйек не тоқпан жілік, шынтақ сүйек, білезік сүйектер. Құстар ұшқанда қанатын тежеп күш алып отыруы көбінесе осы айтқан қар-иық сүйектермен топшы сүйектерге байланысты.
Қыран құстардың қар сүйегі өте болған, соқталы келіп, оның жауырын мен кәрі жілікке (не шынтақ сүйекке) жалғасатын екі басы өте берік темір тектеніп бітеді. Дегенмен олардың қар сүйегі денесіне жақын, жауырынмен тұтасып біткендіктен, отан ұшатын ұзын қанат бітпей, тек қана мықты, қысқа қауырсындар ғана бітеді. Ұшатын ұзын қанаттар (шалғы) бір тана топшы мен білек-сүйектерден салаланып шығады. Сондықтан қар сүйектен кәрі топшы сүйектер әрі ұзын, әрі шымыр берігірек келеді. Қыран құстардың күшті, шалымды, ұшқыр болуына негіз болатын әсіресе осы топшы сүйектер.
Қанат топшы сүйектері қағылшаң берік болу мен қатар ырғақты, қозғалғыш келіп, құстардың ұшуына аса ыңғайлы болып отырады. Қаршыға, тұйғын, қырғый сияқты құстардың сонша шапшаң, сыпылдап ұшатыны - қанат сүйектерінің өте қолайлы болып жасалуынан.
Саят құстарының бас сүйегіне келсек, ол да құйған болаттай, қайнаса біткен өте шымыр, қағылшаң келіп, желке жағы біраз сыпырықтанып тұрады. Олардың өткір, қырағы көздерінің қолайлы жатуы үшін көз ұясы кең, жар қабақ, аумақты болып біткен. Сондықтан оларға қай жағынан қараймын десе де өте қолайлы болып көз бағыты (маңайы) шіркеусіз ашық болған соң іздеген жемін өте қырағылықпен, қиялдан көргіш болады. Қыран құстардың өте қырағылы болуының енді бір себебі олардың қарақұс сүйегінің желкесіне қарай шодырая бітуінде. Бұл сүйек саят құстарының жітік қарауына айқын бағыт көрсетіп, олардың көз жаздырмайтын маяғы тәрізденіп тұрады. Қазақ аңшылары құсқа томаға кигізгенде оны қарақұстың осы шодыр басына кигізеді.
Қыран құстардың тіршілігіндегі ең мықты қаруының бірі олардың көк мүйіз болатын тұмсығы. Мүйізді болатын тұмсық бірғана алған аңды талқандап оның етін сүйегінен айырып жеу үшін жұмсалады.
Саят құстарының тұмсығы өте әнді, кейкі тұмсық оның үшкір қармағы ішіне қарай имиек біткен кешкіл өте берік келеді. Олардың аузының самқайтын жиектері де аса өткір, қыйғыш, кейінікі қияқтанып тұрады. Өткір тісі сияқты самқау, жиектері қияқты келетін сұңқар-лашын тектес құстардың ерекшелігі.
Саят құстарының көз алдының қабығы құс басқан қара қылшық, және олардың әрбірінің тегіне, жасына қарай ол қабық қызыл, жасыл, сарғылт, көгілдір-қоңыр болып әр түсте кездесіп отырады. Бұл қабық саят құстарының қай текке жататынын көрсететін негізгі ерекшеліктерінің бірі, сондықтан оны көз алдының қабығы, не кеңсірік қабығы деп атайды. Сол кеңсірік қабақ пен езудің (самқау) арасын ала көлденең біткен танаудың тесігі тұрады. Және әрбір қыран құстарының тегіне қарай олардың танау тесігі де әр алуан түрде кездеседі. Мәселен бүркіт, қаршыға тектес құстардың көлденең тартқан сопақтау, «жарма-тесік» болса, сұңқар лашын тектес құстардыкі дөңгеленіп суреттелген тік не «шұңқыр тесік» түрінде жолығады. Екінші жағынан әрбір саят құстарының алатын аңына, жейтін жеміне қарай, олардың шоқитын тұмсығы да үлкен кішілі болып кездесіп отырады. Қаршыға, сұңқар тұқымдас құстардың тұмсығын түп жағы келтелеу соқталы келіп, имек ұшы недәуір ұзын, әрі үшкір, жарғыш болады.
Саят құстарының зор қаруы, әсіресе олардың алмас тұяқтары. Тегеурінді болат тұяқ көбінесе аңды бұлжытпай ұстап, кенеттен іліп әкетуі үшін жасалған. Тұяқтың атқаратын қызметі осы болған соң оның құрылысы да соған қарай бейімделе біткен.
Саят құстарының тұяқтары мейілінше тегеурінді, мықты, әрі жарғыш үшкір желбесін құстарды бүріп қысса мытқып жіберетін аса қабілетті келеді. Олардың тұяқтары бірғана аңды бүріп ұстауға арналған соң, көбінесе салаланып келіп саусақ сүйектерінің ұшын ала тұрады. Екінші жағынан саят құстарының тұяғының әлді болуы олардың аяғының көспелтек берік жаралуына байланысты. Олардың алғы сердиген ұзын болмай, аңды бүріп қысуға бейімделген өте ықшамды мықты келеді.
Қыран құстың саусақтары сырт жағынан шодырайып, күс-күс болып тұрады. Оның үшеуі алға қарай бейімделе бітсе енді біреуі артқа қарай бітеді. Қазақ аңшыларының тілінде оның алға қарай біткені жамбасар деп аталып, артқа қарай біткені тегеурін деп аталады. Желбесін құстарға түскенде осы төрт шеңгелді айқастырып аңды сонымен мұқатады.
Қыран құстардың аяғының құдіретті болуы әсіресе олардың бұлшық етінің аса шымыр бітіп, тарамыс сіңірлерінің берік, айқасып жатуында. Бұлшық ет пен тарамыс сіңірлері сүйек пен бірге берік байланыса біткен соң, ол саят құстарының күш алатын, үлкен қаруы болып табылады. Тарамыс сіңірлердің қатты күш көрсететін кезі әсіресе саят құстарының жемге түсіп аң алысатын кездері. Тарамыс сіңірлер ондай кезде құстың сан етін создырмай, оның болат тұяғы аңға түсіп, айқасқанда көмек көрсетеді.
Кейде аңғырт жас бүркіттер түлкіге түсіп, қан майданның үстіне жатқанда жырынды саятшылар «құсымның саусағын түлкі шайнап кетпесе еді», болмаса балақ етін жыртып алмаса еді, не қанатын сындырып кетпесе еді деп қатты қапада болады. Бұл мүшенің үшеуі де саят құстарының жаратылыс ерекшелігін көрсетеді.
Ылғи аң мен алысып күн өткізіп саят құстарының тарамыс бітісі де басқа хайуандікінен өзгешерек. Бұлардың тарамысы жембасар мен тегеуірінің бауырын ала иректеле бітіп оның әрбір ирегіне жағы да шодырая біткен сіңір қыры дәл келіп отырады. Сөйтіп ұяқты қысып жазғанда тарамыстың ирегіне буындағы сіңір қырының дәл келіп, отыруы-құстың тегеурініне ерекше күш беріп, оның шеңгеліне түскен желбесін құстар темір қысқының арасына түскендей жаншылып отырады.
Желбесін құстарды қысып бауырына басатын саусақтардың ішкі жағын саятшылар «шеңгел не алақан, не табан» дейді. Олардың табаны күс-күс болып біткен шодыр табан құжыр аяқ келеді. Кіреукелі құжыр қабық тұяқтың түбінен балақ жүнінің шетіне дейін тұтасып жатады. Бірақ саят құстарының бәрінің аяғы құжыр аяқ келеді деп айтуға болмайды, кейбір сұңқар тектес құстардың аяғы жембасардың үскі жиегіне дейін жүнмен жабылып тұрады (балақ жүн).
Саят құстарының тұяғы іліп қысуға лайықтанған өте үшкір шалымды үш жағы қармақ тәрізді имек келеді. Орта саусағының тұяғы (жембасар) өзгесінен сәл ұзынырақ іле түсуге ыңғайлы, үшкір болады. Алған жемді мытқып жаншуға арналған ең мықты тұяғы тегеурін не артқы бармақ тұяғы, ол өзгесінен анағұрлым әлдірек келеді. Бүркіт аңға түскенде осы екі тұяқ бірі мен бірі айқаса кіріп, саятшылар оны жемнен айыра алмай, көп әуреге түседі. Ірі аң алуға бейімделген қарулы түз бүркіттерінің саусағы дембелше бартиған жуан келіп аңды құсырып әкетуге бейімделген орасан күшті болады. Кейбір тентек бүркіттер ауылдағы итке, не балаға түскенде, оны ең мықты деген жігіттердің өзі әзер айырып алатын кездері болған.
Өмірін ылғи аң аулау мен өткізетін саят құстарының өзіне тиісті аңшылық әдістері болады.
Бүркіт, қаршыға, тұйғын құстар аңды кенеттен іле түсіп жалма жан тегеурінің астына салып, болат тұяқтары мен сығымдап жара бастайды. Аңды, не желбесін құсты сұрапылша іле түсуге лайықталған әсіресе қаршыға, тұйғын тектес құстардың тұяқтары. Олардың саусағы, тұяқ бітісі сұңқар тұқымдас құстардың тұяғынан салалы, ұзын келіп, және алмастай қиып түсетін өткір, ұстауға оңдайлы, іліп түсер келеді. Қаршыға тектес құстардың тұяғы қармақ тәрізді іліп түсер болғандықтан оларға желбесін құстың ашық жерде, не бұтаның, не қамыстың арасында, не ағаштың бұтағында отырғаны қиын болып табылмайды, қырандары керек уағында сыпыртып келіп, құйынша іліп жүре береді. Қаршыға мен тектес қырғидың өзін алсақ, ол торғайдың соңына түссе, оның арбаның шабағына, ат бауырына не қою бұтаның ішіне тығылғанына қарамай, көзді ашып жұмғанша іліп ала жөнеледі. Демек кенеттен сыпыра ілу бірғана қаршыға мен тұйғын тектес құстардың ерекшелігі. Оларға қарсы сұңқар тұқымдас құстар (лашын, ителгі) ілудің орнына көбінесе басқа түрлі әдіс қолданады. Олардың құшырлана қолданатын әдісі алатын жемін артқы тұяғы мен теуіп мұқату.
Біз жоғарыда саят құстарының тіршілігін қару болған олардың сыртқы дене құрылысы туралы әңгіме қылдық. Енді олардың ішкі мүшелеріне келсек, ол да саят құстарының өте ұшқыш, кезеген болуы мен байланысты аса өзгеше болып біткенін көреміз. Олардың ішкі мүшелерінде көзге ерекше түсетін әсіресе тыныс алатын жолдары (өкпе), қан сауыттары, ас қорытатын мүше.
Саят құстарының өкпесі олардың талмай, ентікпей, ұзақ ұшуына қарай бейімделе біткен, аса сыйымды келеді. Ауа жеткілікті жұту үшін олардың өкпесі кеу, обығыр келіп, қалта қуыстары көп болады. Оның, үстіне ауа жұтатын өкпе қалталарының кеу, обығыр болғандығы саят құстарының еркінше тыныс алып отыруына да көп жеңілдік келтіреді. Өйткені өкпенің кеу болып тұрғаны демді тез шығаруға әсер етіп, ұзақ ұшқанда денені желпіндіріп отыруға мүмкіндік туғызады.
Ұзақ, биіктеп ұшу үшін, саят құстарының жүрегі де өте шымыр, ықшамды болып біткен. Қаршыға, сұңқар тектес құстардың жүрегінен көрі де бүркіттің жүрегі өзінің дене бітісіне қарағанда кішірек, биіктеп сыза ұшуға қарай бейімделген, өте ықшамды жұмыр келеді. Биіктеп ұшқанда ауа көп жұтып отырғандықтан саят құстарының қан бітісі де біраз өзгешерек екені байқалады. Олардың қанында қызыл қан түйірлері тозаң тәрізді өте ұсақ болып, кислородты көбірек жинауға мүмкіндік жасайтыны көрінеді. Бұл жағдай әрине, қанның денеге дұрыс тарап, құстың еркінше тыныс алып отыруына зор себеп болмақ.
Қан сауыттары тәрізді, саят құстарының ас сіңіретін жолдары да өз алдына бір алуан. Олардың жем самқайтын ауызы үлкен, көмекейі созылғыш, жұтуға кең, тілі оралымды аузының ішіне толық сыйып таңдайының өзегіне дәл келіп тұрады. Олардың жаратылыс бітісіне, алып жейтін жеміне қарай, сілекей тудыратын бездері де күшті келеді. Бүркіттің көмекейі кең өңеші созылғыш, етті сүйегі мен жұтса да қиындық көрмей, сілекей жеткілікті болған соң өткізе береді.
Қыран құстардың қорек қылатыны көбінесе түз құсы (желбесін), не ұсақ аң. Желбесін құсты көбінесе жембасар мен тегеуріннің айқасуымен ұстайды, өйткені бұл тұяқтар бір ыңғайлы жемді қысып, жемпаздануға лайықтанып біткен. Алған жемді түтіп, жарып талқандауға жұмсайтын қаруы тұмсығы. Түз құсын ұстап жарғанда, оны екі аяғымен мықтап басып алдымен жаратын жерінің жүнін түтіп, жалаңаштап, тазартып содан тұмсықты қызыл жемге салады. Отырған жерінің қауіпті қауіпсіздігіне қарай, жемді әр түрде жұтады. Егер ол жерде өзі тәрізді қыран құстар жүрсе одан қатты қызғанып, алған жемін басқа жерге әкетіп, талқандайды, болмаса сол жердің өзінде отырып, қомағайланып, тез жеп бітіруге тырысады.
Дегенмен саят құстары онша қомағай болмайды. Олар көбінесе жұғымды, жылы, жұмсақ жемді құлшына жеп, оны өзінің мезгіл-мезгіліне дұрыс сіңіріп отырады. Сондықтан жемді мезгілінде жеп отырған саят құстары артық ашқарақ болмай тоқ мейіл келеді. Олардың қомағай болмауына бір себебі бөтегесіне жемді көбірек толтырып алуынан. Бөтегесін жемге лық толтырып алған түз бүркіттері кейде бір айға дейін жем тілемей шыдай береді.
Кез-келген ұшқыш құстар жемді үздіксіз жегенін сүйсе де, олар аштыққа өте шыдамды келіп, бірнеше күн жем сұрамай отыра береді. Аштыққа төзімді келетін әсіресе бүркіт заты. Қазақ аңшылары бүркітті ашықтырып көргенде олардың ішінде бір айдан аса аштыққа шыдағаны болған.
Саят құстарының асқазаны берік, тез қорытқыш келеді. Алған жемін олар сүйегімен не қауырсын жүндерімен жұтса да асқазаны шымыр, қорытымпаз болған соң, оны еркімен сіңіріп отырады. Бірақ сүйек заттары жақсы қорытылып, құстың бойына сіңсе де, қауырсын жүндер қорытылып болған мен құстың бөтегесінде топталып, оны көбінесе аузынан түсіріп отырады.
Саят құстарының жеген жемі алдымен бөтегеге түседі. Бөтеге өңештің түбін ала біткен мырыш дорба тәрізді жұмыршақ қарын, ол асқа (жемге) толғанда сыртынан томпайып бөрітіп тұрады. Бөтегенің асқазаннан айырмасы онда кілегей туғызатын без болмайды, бірақ құс баласын көп ашықтырмай уақытқа ас қорын жинау үшін жасалған ерекше бір сауыт. Саят құстары жемге бөтегесін бір толтырып алса, олар келесі жемге дейін мүлтіксіз шыдап отыра береді.Тегінде аш құстардың жеген жемі алдымен асқазанға түсіп, оның қалғаны бөтегеге ауысып отырады. Сондықтан бөтеге саят құстары үшін қосалқы жем сауыты ретінде қызмет атқарады. Демек, саят құстарының ас қорытатын сауыттары екі түрлі бөлшектен құралады: бірінші фермент шығаратын безді белгілі, екінші мүскілді белгілі. Ауыр асты (шеміршек, қауырсын, сүйек) қорыту үшін бұл екеуінің қосылып атқаратын қызметі саят құстары үшін аса маңызды. Ондай ауыр асты қорыту үшін тұзды қышқыл мен пепсин деген заттар керек. Оларды дайындап отыратын бір ғана безді құрсақ, бұл жем қорытудың дайындағышы ретіне қызмет атқарады. Сол тұз қышқылы жиналған пепсиннің күшімен асқазанға жиналған жемді қорытып отыру міндетті құрсақты болып табылады. Оның үстіне пепсиннің жұмыртқаның ағы сияқты заттарды қорытса, тұзды қышқыл көбінесе сүйектерді қорытады. Бірақ сүйекті баулудағы саят құстарының бәрі бірдей қорытады деп айтуға болмайды. Бүркіт сияқты алпауыт қабілеттісі болмаса, өзге саят құстары шамалы ғана қорытады. Олардың ішінде сүйекті жұтатындары көбінесе бүркіт, ителгі сияқты қар ұлылары. Қаршыға, сұңқар, лашын сияқты құстар түзде жем алғанда оның өтін ғана тазартып жеп, ішіне сүйек, қауырсын жібермеуге тырысады. Сондықтан түзде жүрген саят құстарының бөтегесіне қорытылмайтын заттары өте аз түсіп, олардың қоясы да өте сирек түсіп отырады. Қорытылмайтын заттар көбінесе желке, қауырсын, тұяқ. Сүйектің қақшылы мен шеміршек, сіңір, шандыр заттары да ауыр қорытылатын затқа жатады. Егер мұндай қорытылмайтын заттар саят құстарының бөтегесіне жиналып кептеліп тұрса, жырынды саятшылар оны тез айырып, кешікпей қояны түсіруге кіріседі (қоян туралы ілгеріде).
Құс баласының тіршілігіне зор қызмет көрсететін олардың қанаты, құйрығы. Халық мәтелінде айтуынша «құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады». Осы мәтел тегін айтылмаған, ол құс тіршілігін бақылаудан шыққан тәжірибенің анықтауы.
Әрбір саят құстарының бір жақ қанатында қырықтан қырық үшке дейін мықты қауырсын бітіп, олардың түбі құстың топшы сүйектеріне, білезік - қар сүйектеріне тұтасып тұрады. Қазақ саятшыларының тәжірибесі бойынша бір жақ қанатының өзі үш қатардан құралады: алдыңғы ұзын шалғы, ортадағы тоқ қанат, түпкі ірге қанат. Құс тіршілігі үшін бұл ең маңыздысы алдыңғы шалғы қанат, ол топшы сүйектен шығады, саны он екіден он төртке дейін. Түзде өз еркімен жүріп түлеген құстар шалғы қанатын көп уақыт тастамай, алдымен тоқ қанатын шығарып, содан кейін шалғыны түлетіп шығарады. Екінші қатардағы тоқ қанат білезік қар сүйектерінен шығады, олардың саны 28- 30 шамасында; бірінен бірі ұзын-қысқа болмаған соң тоққанат деп атайды. Ірге қанаттың ұшуға қатынасы өте аз, ол ұшатын қанаттар мен сыртқы жүннің арасын тұтастырып тұратын ұсақ қауырсындар. (қарусындар?)
Қанаттан кейінгі әрбір құстың күш алып, ұшып қонуына бағыт беріп отыратын оның құйрығы. Жанды заттың денесінде қызметтен тыс жаралған мүше болмайды ғой, оның ішінде құстардың құйрығының атқаратын қызметі де аз деп айтуға келмейді. Құстар сыпыртып ұшқанда олардың ұшу бағытын тежеп, не керек мезгілінде, кенеттен тоқтатып отыру бір ғана құйрықтың атқаратын ісі. Сондықтан кейбір шапшаң ұшып кенеттен тоқтап үйренген құстардың (қаршыға, тұйғын) құйрығы да ұзынырақ келеді.
Ұшқыр қыран құстардың құйрық шалғысы (қайрсын) 12-14 см-ден кем болмайды. Одан кем болмаса өте қорғалақ келіп, сыпылдап ұшуға олақ, икемсіз, жеткен жемін тапжылтпай ұстауға шап етер болмайды.
Екінші жағынан құстардың әрбірінің тегіне, қанат құйрық бітісіне қарай олардың ұшу әдісі де әр алуан келеді. Бүркіт пен қаршығаның, ителгі мен лашынның ұшулары біріне бірі бүтіндей ұқсамайды. Олардың кейбірі (мәселен бүркіт) аспанға қанатын еркімен жайып, біріңғай сыза ұшуды тәуір көрсе, енді біреуі, мәселен лашын, жай отындай ағызып, сыпырта ұшуды көбірек қолданады. Үшінші тобы, қаршыға тектес құстар, сыпылдақ келіп, неше алуан төңкеріліп, ұшудың неше түрлі әдісін істейді. Алайда оқтай атып, ағыза, не сыпырта ұшуға сұңқар мен лашын тектес құстарға ешқайсысы тең келмейді. Және лашын алатын жемін ұмтыла атқанда оның бұлдыраған қарасы да көрінбей, тек аспанда уу-шу болған құстың дауысы мен, анда-санда бұлдырап жүрген елесі ғана көрінеді.
Сөйтіп қыран құстардың көбірек қолданатын ұшуы үш түрлі: қалықтай сыза ұшу, сұрапылдай ағыза не сыпырта ұшу, үшінші сыпылдап ебелектеп ұшу.
Қалықтай сыза ұшуды көбірек қолданатын әсіресе бүркіт, мұны көбінесе аң қаққанда қолданады. Бірақ жылдамдық ептілік жағынан бұл ұшудың артықшылығы бар деп айтуға келмейді. Бұл ұшу ашық далада, тау таста жерде қоян, түлкі, қасқыр сияқты аңдарды қағып шығаруға жақсы. Бірақ ұшып жүрген желбесін құстарды іле түсуге бұл ұшу жарамайды, оған ұшудың басқа түрлі әдісі керек. Ондай ұшуды саятшылар тілінде «ату», «сорғалау», «сыпырту» дейді.
Сорғалау көбінесе бүркіттің қолданатын әдісі. Ашық далада аң қағып жүрген бүркіт бір мезгілде аң көрсе кенеттен қайқаң етіп жоғары көтеріліп, биікке шарықтап, шыққан соң қайыра төмен қара құдиып төнеді. Міне аңның үстінен осылай төніп биіктеп төмен қарай құдиюды «сорғалау» деп атайды. Аңмен уақытын көп өткізген Абай бұл суретті былай деп келтірген:
Қанат құйрық суылдап ысқырады
Көктен қыран сорғалап құйылғанда.
Аңға түспей аспанда жеңіп жүрген бүркіттер қанатын көп қақпай, оны еркінше жайып жіберіп тек сызады. Және сыза ұшуға бейімделген бүркіттердің қанатының ұшуы сүйір болмай, мұқылдау келіп, оны жайған да шалғы қанаттары біріне-бірі артық жымдаспай тарамданып тұрады. Бүркіт ұшарда ең алдымен осы шалғы қанаттарын жазып сол арқылы көтеріледі. Биікте ұшып келе жатқанда тұтқиылдан тез ұшуды не тік ұшуды керек қылса, ол кезде қанатын ішіне қарап жыйыңқырап, екі топшыны ілгері салып, қомдана ұшуға кіріседі. Қанатын топшысына жыйып қомдана (не құдия) ұшу сыза ұшудан көп шапшаң, бірақ аңға қарай төнгенде, не басқа қырандар мен шайқасуға түскенде болмаса, жайшылықта бұл әдісті онша қолданбайды. Жайшылықта қанатын еркінше жайып тастап әуеде жүзіп отырғанын қолайлы көреді. Сорғалап ұшу үшін шалғы қанаттардың тым ұзын не жалпақ болуы да артық қолайлы болып табылмайды, өйткені ондай қанат әуеге қарсы бірталай бөгет көрсетіп, икемсіз болып отырады.
Қанаты әрі өрескел ұзын, әрі жалпақ келетін қара-құс, көкжелкелер сорғалай ұшуға өте епсіз келеді. Оларға қарсы бүркіттердің қанат құйрығы анағұрлым ыңғайлы, жинақы, сыптығын, сондықтан ұшуға да икемді келеді.
Құділ сорғалай ұшу саят құстарының көпшілігінде кездеседі. Бірақ солардың қайсысы болмасын бұл әдісті бірғана аңға түйілген кезде қолданады. Лашын, сұңқар, қаршыға, тұйғын тектес құстар алатын жемін көбінесе ашық тұз арада, әуе ішінде ұстайтын болғандықтан, олардың құлшына жұмсайтын әдістері «ату», «сыпырту», «түю», және бұл құстардың сонша ұшқыш, епті, алатын жеміне сұрапылша тиюі, олардың жалпы дене құрылысына байланысты. Өйткені бұлардың дене құрылысы жоғарыда келтіргендей өте ықшамды, кеуде жағы жұмыр қанат-құйрық бітісі сыпырық арт жағына қарай сүзіле біткен садақтың жебесіне ұқсап тұрады. Сондықтан олардың денесі ұршық сияқты үйіріп ұшудың неше алуан түрлерін жасауға келеді. Оның ішінде қаршыға тектес құстар сыпылдап құйын сияқты ұйытқып ұшуды сүйсе, лашын сұңқар тектес құстар сыпыртып ағыза ұшқанын жақсы көреді.
Саят құстары ұшымпаз болумен қатар аса көмпіс, шаршамайтын төзімді келеді. Бабында жүрген құстар бірнеше күн ұдаймен салса да ешбір ұдайы жалығуды білмейді, аң көрінсе отан ұша береді. Саят құстарының осында қажырлы, шыдамды, мінезін сипаттау үшін қазақ саятшылары «қаршыға қыранына күніне алпыс үйрек ілдірген күндеріміз болды» деп отырады.
Қыран құстардың ер, өжет болуының тағы бір сипаты олар өзінен анағұрлым үлкен аңдардан қамықпай, солардың өзіне түсіп, ересен қайрат көрсетеді. Қаршыға өзінің бойының кішкенелігіне қарамай түлкі, киік, бөкен сияқты аңдарға түсе береді. Лашындар өзінен анағұрлым зор аққау, дуадақ, қаз сияқты құстардың мұқатқаны былай тұрсын, көкжөре, қара-құс, саңқылдақ, су бүркіт сияқты құстардың өзіне шауып, солардан тоят алады. Ерлік жағынан лашынға ешбір құсы шақ келмейді. Мықты ақиық бүркіттер даланың көкжал бөрісіне түсіп, оның қанша қайрат көрсеткеніне болмай, алысқан жау түрлі әдіс қолдану мен еріксіз жеңіп алады. Міне мұның бәрі саят құстарының әрі ер, өжет, әрі есті жануар екенін көрсететін сипаттары.
Саят құстарының сезу мүшелерімен көзге ерекше түсетін әсіресе олардың алыстан көргіш қырағылығы. Олардың көзі ересен өткір, ашық және сыртқы қарамыда бірталай аумақты, үлкен келеді. Қыран құстардың көзі адамның көзінен сәл үлкен келеді. Қыран құстарды көз сүйегі тұтасып біткен шымыр, соқталы, кейбірінікі жар қабақ, көзі ұясында шүңірейіп терең жатады. Бүркіт сияқты құстардың көзі адамның көзінен сәл үлкенірек, және одан анағұрлым көргіш. Олардың қиядағы көргіштігі адамды таң қалдыратын ерекшелігінің бірі.
Олардың жаратылыс өзгешелігіне, тұрмыспен күресуіне қарай, көз бітісі көбінесе жоғары биіктен қарауға лайықтанып құрылған. Олар қарсы алдында өзінен жоғары тұрған зат болса оған тұра қараудың орнына көбінесе басын арқасына қайырып тастап шалқая қарайды, не мойнын төңкеріп қырындап қарайды. Мойнын төңкере қылмыңдап қарау әсіресе сұңқар, қаршыға, тұйғын тектес құстардың мінезі. Дегенмен саят құстарының қырағылығы тек күндіз ғана, кеш басталғанда, олардың көруі тосаңсып, сергек уықтау көзін екі қабағын бірдей жаппай, тек қана төменгі қабағын жауып тұрады.
Саят құстарының көргіш-қырағылығы мен қатар және дыбысшыл тез естігіш, сәл шөп басы қимылдаса соның өзін өткір сезетін аса нәзік келеді. Егер орман ішінде түнеп отырған қаршығаның қасына байпақ киіп аса сақтықпен бармақшы болсаңда, ол өте сергек болғандықтан маңына дарытпайды. Оның құлақ бітісінің өзі де ерекше, сырттан көзге көрінбегенмен қуысы кең, өте жітік естуге лайықтанып біткен. Бірақ бұларға қарсы иіскеу сезімі өте тосаң, қашан жемді, не оның лебін аузына келтіріп дәмін тілімен айырғанша, оның қандай зат екенін айыра білмейді. Ащы мен тұщыны, жаман иісті тек қана тілімен талғайды. Көп тұрған, не дәмі бұзылған ет берсе оны иіскеп жиренудің орнына ауызымен самқап, борсыған дәмін білген соң тастай береді. Сөйтіп саят құстары иіскеу сезіміне дәм толғауымен айырады да не көру сезімімен айырады.
Саят құстарының өте сезгіш, түйсікті болуы олардың ми құрылысына да байланысты. Қыран құстарының ми сауыты кең, және әр бірінің бас сүйегіне қарай милары да салмақты, үлкен келеді. Сондықтан саят құстары өзінің ми құрылысына қарай түз құстарының ішіндегі естілерінен саналады. Мәселен бүркіттер өзінен үлкен аңдарға (қасқыр, түлкі) түскенде ол өзінің жаратылысымен сіңісті шартты рефлексты қолдану мен қатар, көбінесе ой тетігіне жұмсап, мықты жауды жеңу үшін көп әдістер қолданады.
Саят құстарында түсінетін сезімінің барлығы олардың қолға үйреніп, адамның ықпалына көніп, аңшылық кәсібіне қызмет атқаруының өзінен де айқын көрінеді. Олар бір үйреніп алған соң құсбегінің айтқанының барлығын түсінеді. Шақырса келеді, аңды иесімен бірге жүріп қағады. (бүркіт). Бұлар неге үйретсе соны жақсы әдет қылып алатын өте сергек заттар. Лашынды не сұңқар тұқымдас құстарды қазға салып көз жауып қалғанда оны жіберген жерінен күтіп үйретсе, ол жеріне бір соқпай кетпейді.
Екінші жағынан қыран құстар, оның ішінде бүркіт, өзінің үйренген ауылын, иесін, жерін, тау-тасын жақсы біледі. Оларды басқа жердегі аңшыларға сыйға тартқанда ол жерде тұрақтамай бұрынғы үйренген ауылына қайтқандары көп кездеседі. Онымен қатар күтімі жоқ құстардың аңға салып жүргенде сырдаңдық білдіріп, иесінің шақырғанына келмей еркіне ұшып кеткендері де аз емес. Міне мұның бәрі қыран құстардың сезімді, есті жануар екенін көрсететін белгілер.
Қолға жақсы үйреткен саят құстары өте жайдары, құбылғыш, неше алуан мінезге түсіп тұратын ойнақы келеді. Бұл әсіресе сұңқар, лашын, қаршыға, тұйғын сияқты құстардың мінезі. Түзде өз еркімен жүргенде бұлар жұбайымен мереке құрып, масайрап, бірін бірі қуып, кейде өздерінен бөтен құс кездесіп қалса оларды қудалап тастап отырады. Атақты құсбегі жалайыр Шора (XVIII ғ.) қыран құстардың бұл мерекесін бұзбаймын деп, жаз шыға олардың еркегімен ұябасарын үлкен қапастың ішіне бос жіберіп ұстаған. Кейде оларды таудың ішіне бос жіберіп жұмыртқалатып, жемді өзі жеткізіп тұрған. Иесіне үйренген құс түз құсындай сескеніп жұмыртқасын қызғанбайды, қайта жем іздеген кезінде таудың ішін жаңғыртып шу көтеріп, құсбегінің тез жем әкелуін күтеді. Саят құстарының дауысы алысқа естілетін ашық, оларды дұрыс баулып дұрыс үйретсе, орман, тау ішінде айырылып қалғанда дауысынан барып тауып алуға болады.
Саят құстарына ортақ нәрсенің бірі олардың сыртқы жамылғышы басқа құстың жүнінен өзгеше болуында. Олардың мүйізді шыны тұмсығымен құс аяғы болмаса өзге денесінің барлығы мамық жүнмен және сатырлаған қауырсынмен жабылып, неше алуан тарлан тұспен тұнжырап тұрады.
Қыран құстардың көбінің түсі көмескі, бұлыңғыр келіп, көбінесе тау-тастың, жер-судың, тоған орманның түсіне ұқсас болып тұрады. Басқа құстар сияқты оларда бажырайып тұрған шымқай түстер болмайды. Олардың тіршілігі біріңғай желбесін мен күнелту болғандықтан шақырая, сыртқы түсі де көзге шақыра түспестей жаратылыста бұлыңғыр болып жасалған. Онымен қатар саят құстарында біріңғай түс кездеспейді, олардың ішінде қоңыр, қара-қоңыр, қара-кер, құбақан түстер басым болғанымен, оны бір түс деп айтуға болмайды, көбінесе қара-тарлан, қызыл-тарлан, кер-тарлан, сары-тарлан, қоңыр-тарлан болып отырады.
Саят құстарының қоңырлау, келетіні көбінесе сыртқы арқа жүндері, өзге жерлері тегіс қылаңытып, не теңбіл, не шымқай шұбар болып кездеседі. Қылаңының көп болатын жері әсіресе бауыр жүні қанатының асты, құйрығының түбі саңғыру жүні, балақ жүні.
Саят құстарының қылаң түсі олардың кәрі жасына, еркек ұрғашысына қарай өзгеріңкі келеді. Жас құстардың қылаңы көп болып бурыл тартып тұрса, кәрілерінің қылаңы аз қоңыры басым келеді. Оның үстіне жас құстардың бауырындағы теңбілі бөтегеден төмен қарай ұзыннан тартылса, кәрілерінікі көлденеңнен тұрады. Сөйтіп құстардың кәрі жасын айыру үшін олардың түс өзгеруі саятшыларға негізгі дерек болып табылады.
Тегінде түс өзгеру саят құстарының тіршілігіндегі ең көрнекті өзгешілігінің бірі. Кейде бір тектің өз ішінде неше алуан түс кездесуі таң қаларлық іс емес. Қаршыға мен тектес тұйғынды алсақ олардың шымқай ағы, көгілдірігі, қоңырлауы кездесіп отырады; оларды қазақ саятшылары ақ тұйғын (не мырза тұйғын), кірше-тұйғын, құл-тұйғын деп атайы, Бір тектінің ішіне әр түрлі түс сұңқар, бидайық ортасында да бар, мәселен ақ-сұңқар, көк-сұңқар, қызыл-сұңқар, қоңыр-сұңқар.
Саят құстарының түсінің өзгеріп отыруы ауа райы, жер ландшафтына байланысты сияқты. Өйткені ақ сұңқар мен тұйғындар көбінесе Сібірдің орманы мен шөлейт жақтағы суық өлкені мекендесе, олардың бұлыңғыр түсі (қызыл, қоңыр) оңтүстік өлкеде көбірек кездеседі. Екінші жағынан солтүстік өлкені мекендейтін саят құстары әрі үлкен, әрі қабілетті келсе, оңтүстік өлкеде жолығатын сол текті құстар одан бір талай кішірек екені байқалады.
Құстардың тіршілігіндегі көзге ерекше түсетін ерекшелігінің бірі олардың түлеуі ылғи аң аулап тоят алатын қыран құстар үшін түлеу өте қолайсыз іс. Олар өз еркінде жүргенде қанаттарын түгелі мен тастап ұшуға шалғай болып қалуда өте қауіпті көреді. Сондықтан қыран құстар ұзын қанатын тастағанда екі жағынан шағындап тастап ол шығып жетілгенше өзге қанатын тастағысы келмейді. Түлеген қанаты жаңадан шығып жетілген кезде ғана ескі қанатын тастап кетеді. Кейбір саят құстары ұя басар кезінде еркегі мен ұрғашысы кезектесіп түлейді. Түзде жүрген қыран құстарының түлеуі осы сияқты ұзақ, ұшу мен байланысты болғандықтан, бүркіттер қыс түскенше түлеп үлгере алмайды да, сондықтан олардың қанаты, жүні ылғи будан болып жүреді. Жаз бойы түлеп күзге дейін жаңа жүнін жетілдіріп үлгеретін лашын, сұңқар, тұйғын, қаршығалар. Бұлар ұядан балапанын шығарар кезде түлей бастап, содан сентябрь айының басына дейін түлеп жатады.
Саят құстарының қайсысы болсын жыл сайын түлеп, және олардың түлеуі әр жылы жаздың ортасында басталып, күзге қарсы жаңа тонын киіп үлгереді. Бірінші түлекке отырған былтырғы балапан құстардың түлеуі өзге құстың түлеуінен ұзағырақ болады; олар жаз шыға, март, апрель айынан бастап түлей бастаса, сентябрьге дейін жетіліп үлгереді.
Саят құстары жаратылыс тарихында сирек жолығатын затқа жатады, сондықтан олардың өсіп-өну тарихы да ең қызықты мәселенің бірі болуға тиісті.
Басқа жәндік тәрізді саят құстарының да өсіп-өніп көбейетін кезі жазғы көктем айлары. Бұл кезде жаратылыс таңдауы бойынша олардың еркегі мен ұрғашысы жаңадан қосылып, жұбай-жұбайы мен жүреді. Олардың қынамен де құрып жолығатын кезі жұмыртқалар кезінің алды. Бүркіттен өзге құстардың жұмыртқалайтын кезі көбінесе апрель айының басы. Бүркіт ұрпақтарының өсіп ер жетуіне өте ұзақ уақыт керек болғандықтан, олар өзге саят құстарынан бір ай, бір жарым ай, кейде екі ай шамасындай бұрынырақ жұмыртқалайды. Ұя салып жұмыртқалар кезінің алдында саят құстарының еркегі мен ұрғашысы қосылып, аспанда ойнақ салып, жұбайлы болғандарын қызықтап қынаменде жасайды. олар ұя салған жерінің үстінен зымырап биікке атып, зуылдап төмен түсіп, қайыра жоғары шарықтап, бірін-бірі қуып, шу көтеріп мәз-мейрам болады. Олардың күйеулері жұбайының алдында мақтану үшін ұшудың неше алуан әдемі, қиын түрлерін көрсетеді. Зуылдап жоғары атып, сорғалап төмен атып, ұйытқып аударыла ұшып, неше түрлі қырға түседі.
Қыран құстардың ұрғашысы ұя басуға отырған кездің өзінде де оның арландары ұялау ойынын бірталай уақытқа дейін қойғысы келмейді. Түздегі қыран құстардың ұялайтын жері сыпсың орманның іші, құз жартас, өзен жағасындағы қия-сеңгірлер, шөлді жердегі сексеуіл, жыңғылдың іші, құм-белендердің дүлей ортасы, Қыран құстар бір ұялаған жеріне жыл сайын келіп, ескі ұясын жаңартып жұмыртқалайды. Олардың мекен қылған жерінде кемінде екі-үш ұядан кем болмайды, оларды жыл сайын кезек жаңартып, кезегімен ұялап болдырады. Жұбайымен жүрген құстар ұя салып мекен еткен жерін қай кезде болсын иесіз қалдырмайды, әр уақыт күзетіп, қорғап жүреді. Басқа құстың ол жерге ұшып барғанын аса жақтырмайды, көбінесе жолатпай қуып жібереді. Егер өзі тектес заттан біреуі тұтқиылдан көрініп қалса ұя басқан жерін оданда қызғанып қатты қиян-кескі төбелеске түседі, өзінен қарулырақ басқа бір зат баса көктеп келіп озбырлық істемекші болса онымен қан майданға шығып соғыс ашады.
Тегінде әр бір қыран құстар өзіне қауіп келмейтін аңы көп жерді мекендеп, сонда ұялауды сүйеді. Оның үстіне еркегі мен жұбайы тізе қосып жүргенде олар басқа құстан қорықпайды, және желбесін құстардан тоят алып жүрген басқа қырандар бұларға тимейді, тиюге бата алмайды.
Қыран құстардан ұя басатыны ұрғашысы, қазақ саятшылары оны «ұя-басар» дейді. Бұл соңғы ұя басып отырғанда оның еркегі оған жем тасумен әлек болады.
Ұябасардың жаратылыс жүзіндегі міндеті ұрпақ шығарып, оны өсіріп өндіру болғандықтан, оның сыртқы бітіс еркек зайыбынан үлкен қабілетті, қарулы келеді.
Қазақ саятшыларының бақылауынша ұябасары еркегінен үлкен үздік болу әсіресе қаршыға тұқымдас құстарда жиі кездеседі. Жалпы құс баласының жаратылыс ерекшелігі бойынша бір ұя жұмыртқа анасының бауырына сыйып, оның бауырында бәрі бірдей шайқалып шығу үшін, әрине ұябасардың денесі кең, жүндері тығыз, шудалы, кенеттен келіп қалған жау болса оның бетін қайтару үшін өжет, шақар болуы керек. Бұған қарсы ұя баспайтын еркектерінің денесі шағын, көзге қораш келеді. Бұл әсіресе қаршыға мен бүркіт затынан ашығырақ көрінеді. Қазақ саятшыларының «шәуілі» деп атақ беретін құстарының бір-түрі олардың осы заттары.
Қыран құстар жылына бірақ рет жұмыртқалайды және әрбір құстың үлкен кішілігіне олардың жұмыртқасының саны да әр түрлі келеді. Олардың ең үлкені бүркіт бір-екіден артық жұмыртқа салмайды; ителгі, лашын, қаршыға, тұйғын сияқтылары төрт-беске келтірсе, жағалбай, тұрымтай тәрізді кішілері бес-жетіге дейін табады. Бірақ жұмыртқаны аз көп табу саят құстарының күйіне, жеміне байланысты.
Құстардың тіршілігін саятшы мен ғалымдардың бақылауынша саят құстары бір жарым, екі күн ішінде бір жұмыртқадан артық келтірмейтіні байқалады. Егер қаршыға төрт жұмыртқа салатын болса, оны 7-8 күн ішінде ғана шығарып үлгереді. Саят құстарының сапасын, ерлік қасиетін айыру үшін бұл өте қызық жағы. Саят құстарының жұмыртқалауы осы тәрізді үзілді-кесілді болғандықтан олардың жұмыртқасының шайқалып жетілуі де бір емес. Өйткені олардың бірі ерте (марқа) бірі кеш (көне) шайқалып отырған соң, олар балапан болған кезде де ерте шыққаны есейіп, соң туғаны жетіле алмай көкше болып қала береді. Соң шыққан балапан марқа балапандардай ширақ, қутың болмай, шалағай, кербала болған соң оның аузы жейтін жемнен де қағажу болып, өспей ер жетуіне керек азықты бойына толық жинай алмай, талдырмаш болып өседі. Қазақ саятшыларына белгілі шәулі құстардың барлығы осы кенже туып талдырмаш өскен балапандарының есейіп ер жеткендері. Бұл шәулі құстардың ішінен қырандары өте аз шығады, олар ұсақ құстар болмаса, қаз, дуадақ, үйректің үлкендерін алуға жарамайды.
Қыран құстардың жұмыртқасының түсі олардың тегіне қара не ақ, не көгілдір, не жасыл, не шұбарлау болып кездеседі. Олардың қабығы қалың, әрі күйген қорғасындай салмақты келеді.
Басқа құс затынан көрі қыран құстардың жұмыртқа басып балапанын шығару ұзағырақ. Ұя басып балапан басып шығару мерзімі әрбір қыран құстарының үлкен кішілігіне қарай әр түрлі. Құс неғұрлым кіші болса солғұрлым өзгесінен бұрынырақ шығарады. Жағалай, тұрымтай сияқты құстар балапанын бір айға жеткізбей жарып шығарса, лашын бір ай шамасында, қаршыға бір айдан сәл артығырақ, бүркіттер бір жарым ай мөлшерінде балапанын шығарып үлгереді.
Қыран құстардың тіршілігіндегі бір ерекшелігі, олардың жалпы өсуіне қарай жүні тез өсіп, жетіле қоймайды, жүндерінің арасы селдіреп бірнеше күн қызыл-шақа болып жүреді. Тек бірер жұма өткен соң ғана жүні-ақ үлпектеніп, тығыздала бастайды. Бұл кезде жұмыртқадан шыққандығын сары қыпшық «қарын-жүнін» тастап, балапан жүнін бірте-бірте түрлендіріп бір ай шамасында жүні жетіліп болады; ол кезде қанат-қауырсындардың да сілемі көрініп, келешектегі қыран құстың мөлдіреген сұлу пішіні суреттеле береді. Түпкі қою жүндері неғұрлым жетіліп шыққан сайын оның ақ үрпек жүндері сыртқа қарай тықсырылып, бірте-бірте түсіп тұрады. Бірақ бұл ақ-үрпек жүннің түбін ала шыққан көкше балапан жүні өзгеріп, оның орнын есейген кезінде шыққан сатырлаған әдемі жүндер басады. Бұл кезде балапан өзіне керек киімін толық киініп, қанат құйрықтары толық шығып, енді ұшуға талпына бастайды.
Жалпы айтқанда қаршыға, тұйғын, лашын, сұңқар тектес құстардың балапан жүні, құйрығы, қанаты бір жарым екі ай шамасында жетіліп шықса, бүркіт сияқты үлкендерінікі үш ай төңірегінде үлгеріп болады.
Саят құстарының балапандары жұмыртқадан жарылып шыққан күндері өте баяу, ұйысып ұйықтаудан басқаны білмейді, бірақ бір жұма өткен соң олар шыйрап, құлдыраң қағып, шыңқылықтай бастайды. Кейін көк-қанат болысымен олар шықылықтап ойнақ салып, ұясынан шығып бүгжеңдеп, қанат қағып, ұшуға талпынады; үлкендері әкелген бітеу жемді енді олардың әр қайсысы өз тұмсығымсн талқандап өз бетімен жеуге үйрене бастайды, және жеген жемнің тек қана етін таңдап, сүйегін тастап отыруды әдеттенеді.
Балапандары есейіп-қанатты болған соң үлкендері ұяда бұрынғыдай ұзақ отырмайды, көбінесе аң аулап, жем тасумен болады. Тек күннің ыстық кезінде ғана олардың қасында болып, балапандарды аңсап күннің көзінде қалмау үшін оларға көлеңке жасап, анда-санда қанатымен жел соқтырып отырады.
Қыран құстардың балапандары әбден кемеліне келіп қанаты қатқан соң олар ұясының маңында асыр салуды көбейтіп, бірте-бірте арқан бойы жерге ұшып барып, келуді үйренеді.
Кейін одан көрі де қашығырақ жерге ұшып баруды әдеттенеді, бірақ ұясынан алыстап кетпейді, бірталайға дейін үлкендерінің әкелген жемін жеп, кешке жақын ұйысып бірге болғандарын ұнатады.
Кейін ұшуға жақсы бауланып көз көрім жерге ұшып барып қайтуды үйренген соң, балапандар енді ұяда қапаланып отырғаннан көрі, әр қайсысы қыя тастың шыңында, не орман ағаштың жоғарғы бұтағында жеке-жеке отырып түнектеуді әдеттенеді. Бірақ әлі де, болса ұясының маңын сағалап, бірінен-бірі қара жазбай, көп үлкендерінің тапқан жемін жеп бірге жүреді. Тек июль айының жарымысынан былай қарай қыран құстың балапандары ұясының төңірегінен бірте-бірте алыстап, ұзақ жерге ұшып барып қайтуды әдеттенеді.
Кейін әбден есейіп, үлкендерінен бірталай баулу тәжірибесін алған соң, олардың әр қайсысы өз бетінше аң аулап жеуге жарайды. Содан былай олар ұяласы мен үлкендерінен бөлініп, енді қай жердің аңы көп болса, сол жерді көбірек сағалап, өз бетінше тіршілік жасау жолына түседі.
Алайда олардың әр қайсысы жұбайы болғанша мекен еткен жерінен бөтен жаққа ауып кетпейді, ұялаған жеріне ойсынып қайтып отырады.
Тегінде қыран құстар жыл құсы сияқты көшпелі емес, көбінесе отырықшы, бір үйренген жерін көбірек сағалайды.
Олар әдемі өзінің ұялаған жерін тұрақты мекен етіп, тек аң аулау үшін ғана басқа аудандарға ұшып барып оралып келеді.
Олар өсіп көбейген күнде де бұрынғы ұялаған жерінен ауып басқа елге өлкеге кетпейді, көзіне таныс болған және тау-тасты, орманы, тоғайы ұйқас келген көрші аудандары қоныстап жүре береді. Бірақ қыран құстардың күнелтуі, аң аулау бәсекесінен туған бір өзгешелік, олар ұя басатын кезінен өзге уақытша қайсысы әр бірімен бірі кездеспей, алыстан қара көрсетіп жүргенін тәуір көреді.
Жұбайлы қыран құстар ұялаған жерінің маңайын қыс бойы қыстап алысқа ұшып бармаса да бір қосылып жүргені сирек кездеседі. Дегенмен алып жейтін жемі үшін, арасында қайшылығы көп өзге құстар сияқты бұлар бірін-бірі қудалап, бәсекеге түспейді, ұялайтын кезіне дейін әр қайсысы өз бетінше аң аулап жеп, жазғытұрым жаңадан қосылып тұрады.
Бұдан көрінетін мысал, саят құстарының еркегі мен ұрғашысы бір қосылғаннан кейін жіктерін ашпай, көбінесе ұялаған жерін төңіректеп жүреді.
Қысқа қарсы олардың бөлектеніп жүруі қыс күні аңның тапшы кездесуінен, бірақ мұнда да олар көрші жерде жүреді.
Қыс өтіп жаз шыққан соң олар ұясының төңірегіне жаңадан жиналып, жаңадан қынаменде құрып ұрпақ көбейту міндетін атқару жұмысына кіріседі.
Бүркітші бейнеленген мүсін. Ә. Марғұлан архиві.
САЯТ ҚҰСТАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ
Бүркіт . (Aquila chrysaetas)
Саят құстарынын ішіндегі ең ірісі, қарулы мықтысы бүркіт. Ұшымпаз қырағылыққа, қажыр-қайратқа бұған тең түсетін түз қыраны болмайды. Бұл бір аң аулап, аңшыны кәнігі қылу үшін жаралаған түз қырандарының ішіндегі құдіретті алпауыты, қорықпайтын өжет. Сыртқы бітім жағынан бүркітті өзі мен тектес көкшөре, саңғылдақ, қанкердеп саятқа тау ішін, теңіз жағасын мекендейтін ірі құстармен салыстыруға болады.
Бүркіт дене құрылысы жағынан бәрі бірдей болмайды, олар өзара бірінен бірі не үлкен не кіші (шәулі) болып отырады. Қазақ саятшыларының бұрынғы қолданған, тәжірибесі бойынша әрбір бүркіттің үлкендігі оның құйрығының ұзын, денесінің көлбеген сопақ болуынан айрылмай омырауы кең, топшылы, жуантық бүркіттер анағұрлым қарулы, анағұрлым күшті болатыны байқалады. Оның үстіне адамның дене салмағы оның ұзындығына дөп келіп отырған сияқты. Бүркіттің де ұзыны мен салмағы бір біріне дәл шығып отырады. Мәселен оның ұзындығы он тұтам болса, жуандығы да он тұтам болады. Сондықтан бүркіттің үлкен кішілігін айырғанда саятшылар оның денесінің ұзындығын өлшеумен қатар жуандығында өлшейді. Ол үшін бүркіттің кеуде, иық, топшы сүйектерінің ең жуан жерлеріне тоспа салып екі ұшын тигізіп, содан алған ұзындықты тұтамға салып айырады. Ол өлшеу бойынша бүркіттің ең үлкені 11-12 тұтам, орташасы -9-10 тұтам, шәулісі 7-8 тұтам болып анықталады. Қазақ саятшыларының бұл әдісі бүркіттің күшін, оның аңшылық маңызын айыру үшін өте тап басар, дұрыс анықтау екенін көреміз.
Алайда қазақ аңшылары қолданған өлшеумен қатар саят құстарының маңызын айыру үшін ғылым жүзінде қолданатын өлшемді де пайдаланған қайта анығырақ болады.
Ғылым әдісі мен өлшеудің саятшылар өлшеуінен айырмасы мұнда. Қыран құстардың тек қана кеудесін өлшеп қоймай, олардың қанат құйрығының ұзындығын, баутағарын, тұмсығын өлшеп, баға беріледі. Мұның бәрі әрине тұтам мен өлшенбей, жалпы ғылым жүзінде қолданылған ереже бойынша метрлік өлшеумен анықталады.
Осы анықтау бойынша қарулы үлкен бүркіттерді қанатының ұзындығы (топшының басынан қанатының ұшына дейін 550- ден кем болмайды, екі қанатын жазғанда арасы шамасындай далаңытып тұрады.
Бүркіттердің қанатының ұзын болуы олардың ірілігін көрсетсе де, онымен бүркіттің күші, маңызы толық айрыла қоймайды, бұл соңғы мәселені шешу үшін әсіресе қазақ саятшыларға көңіл бөлген қыран құстың дене құрылысын кеуде топшы сүйектерін еске алмай болмайды.
Қарулы қыран бүркіттердің денесі әрқашан соқталы, омырауы кең, топшы-иық сүйектері мейлінше әлді, жауырыны, арқа үсті жазық, қайқаң, өзге құстан құдіреттілігі мықты қыран бүркіттер болса олардың құйымшақ сүйегі дембелше қысқа келіп, шалғай бабы көп бүркіттердікі имиген ұзын, ұшуға икемсіз, солбақ келеді. Олардың жаратылыстағы бір ерекшелігі қарулы қыран бүркіттердің басы үлкен, көзі шүңгіл, жарқабақ көз алды самқау үсті кең, езуі жазық, самқу қағанда аузы жебі женді бір үлкен жануардың аузынан кем көрінбейді.
Қыран бүркіттердің тұмсығында бітеу біткен әлді, кейкі тұмсық, мұрнының имегі ішіне қарай түсіңкі кешкіл, танауының тесігі кеңсірігіне көсе көлденең үңіріне біткен кең, ысқырғанда, саңқылдағанда дауысын әдемі, ашық шығарып тұрады.
Қазақ саятшыларының тәжірибесі бойынша бүркіттердің тұмсығының ұшы мұқылдау қара, өзі тым қалың қара-құстың тұмсығы сияқты арбиған үлкен, доғалдау болса ол қыран затына жатпайды, саятшылар ондай құсты бабы көп күйшіл болады - деп артық ұната қоймайды. Оның үстіне тұмсығының ұшы әрі қара болып кездессе ол күй таңдайтын кәрі бүркіттің белгісін көрсетеді. Баршын тартпаған жас бүркіттердің тұмсығы шыны тәрізді көгілдір, өзі қағылшаң жұқарақ келіп, қылшылдаған ішіне қарай имегі сүйірленіп тұрады.
Қазақ құсбегілері бүркітті бірінші рет көргенде ең алдымен оның осы аузына қарай сын береді. Бет аузы бүрісіп езуі жазық болмай түріңкі келсе, ондай құсты саятшылар жаратпай, «аңшыл болмайды» деп өзіне «бас-күйі» деп атақ береді. «Бас-күйі» тегінде бүркіттердің ішіндегі тоғышары (.... ); олардың аң аулап пайда келтіргені былай тұрсын, бабын тауып асыраудың өзі саятшыға үлкен масыл болып шығады. «Бас-күйі» деп атақ берудің өзіде олардың сонша күйшіл, аңға шалғай, тоғышар болуынан шыққан.
Бұларға қарсы қарулы қыран, бүркіттердің бет алаптары түксиген айбарлы, қара қыпшақ, жар қабақ, аяқ саусақтары бартиған жуан, тұяғы ұзын табаны шорланып біткен қалың, құс табан, жем басары мейлінше қарулы, ұстаған аңның жау жаламда қусырып әкететін аса қаблетті келеді. Олардың жембасары қашанда болсын тегеурініне сай келіп, көбінесе іле түсіп тез жаруға арналған әрі үшкір, әрі шалымды, ол екеуінің арасына түскен аңды жарып сығымдамай бүркіттің еш уақытта көңілі көншімейді. Барлық қыран құстың ішінде бүркіттің тегеуріндей күшті тегеурін оның тұяғындай күшті тұяқ ешбір құста болуға мүмкін емес. Оның бұлшық еті, тарамасы, тарбиған жуан аяқтары бір ғана дала аңмен алысып, олардың тоят алу үшін жаралған. Сондықтан бүркіт қандай аң (қасқыр, сілеусін, түлкі бола да ешбір) жасқануды білмей, олардың өзіне де түсіп, қан майданның үстінде жеңуден басқаны ойламайды. Олардың денесі кесек, тұяқ саусақтары көктемірдей қарулы болғандықтан, бүркіт кейде ірі аңның өзіне түсуден бой тартпай ерлік көрсететін түз қыранының ішіндегі алпауыт өжеті, ер жүрек батыры. Ол өз бетімен жүргенде жемін көбінесе таңдап жеп, тек қартайған кезінде ғана ұсақ аңдарға ауысады. Қазақ саятшаларының «кәрі бүркіт тышқаншыл» дейтін тақпақ сөзі олардың өмірін көп зерттеуден туған, соның шындық белгісі. Бірақ, кейде бүркіт кәрі жасына қарамай-ақ, аңның аз, жұтаған жылдары көбінесе жұмран (сары-шұнақ), суыр, май тышқанды қорек етіп, ылғи ін-іннің басын аңдып жүретіні де аз көрінбейді.
Қазірде қыран бүркіттердің алып жейтін жемі түлкі, киік, қара-құйрық, бөкен, қоян, тағы әр түрлі ін кезетін аңдар. Қырда жүрген ірі құстарды да ұшып көтерілгенше үстінен сұрғылап келіп бас салады. Құстардан көбірек алып жейтіні қарабай, көк-құтан, тырна, дуадақ, сары-үкі, тағы әр түрлі қара құстар, Алатау мен Бетпақ дала төңірегін мекендейтін бүркіттердің қыраны түлкі мен киікке түсуден басқа қасқырға да түсіп, одан да тоят алатыны байқалады.
Бүркітердің денесі кесек, соқталы үлкен құс болса да, олардың қанат бітісі өте оңтайлы, қозғалып, талмай ұзақ ұшуға арналған қарулы оның үстіне аңның үстінен сорғалып тепкен кезде, өте епті келеді. Саят құстарының ішіне бүркіт көбінесе ірі аң алуға арналған жануар болғандықтан, оның қауырсындарының қатты, жауын болып, өзге саят құстарынікі жіңішке, киік сүйектері болғанын саятшылар артық көреді. Бір жақ қанаты 40- 45 тен кем болмайды, оны саятшылар тілінде «шалғы», «тоқ қанат», «ірге қанат» деп үш қатарға бөледі. Шалғы деп шет жатын ала тұрған 12-14 қауырсынды ұзын қанаттарды айтса, оған таяу тұрған 28-30 қауырсынның қатары болып табылады. Бұл екеуінің сыртын ала, топшы-қар сүйектеріне астаса тұрған ұсағырақ қауырсындар қатарын «ірге-қанат» дейді.
Ірге қанаттың ұшуға келтіретін қолғабысы аз, дегенмен ол бір жағынан құстардың сыртқы жамылғысы ретінде қызмет атқарса, екінші жағынан құстар түлеген кезінде бір талай көмекші болады.
Барлық құс баласы тәрізді бүркіт те қанаты мен ұшып, құйрығы мен қонып әрекет жасайды, құйрығы оған роль ретінде қызмет атқарады. Және қай жерде болсын олардың құйрығы ұзын болуы олардың соқталы денесін ұшқанда ыңғайлы етіп, тежеп отыру үшін жасалған аса қолайлы құралдың бірі. Бұл әсіресе олардың ұшу сапасын арттыру үшін керек ерекшелігіне жатады. Бүркіттердің құйрығының ұзын болғаны оларға зор тиянақ болып, биікте жүргенде неше алуан құбылып ұшуына болады. Кейде аспаннан төмен қарай сорғалап келе жатқан бүркіттердің кенеттен тоқтап, қайқаң етіп жоғары көтерілуі -бір ғана құйрығының тетігіне байланысты.
Бүркіттің өмірін көп бақылаған құсбегі саятшылардың анықтауынша бүркіттің еркегі ұрғашысын олардың құйрық бітісінен айыруға болады. Өйткені ұябасар (ұрғашысы) бүркіттердің құйрығының ұшы кесіп алғандай бір тегіс болса, еркегінің орталығы бес құйрығы шеткі құйрықтарынан ұзарып шығып тұрады.
Қыран бүркіттің бір ерекшелігі олар тұғыр үстінде отырғанда бар құйрығын жайып бір орта құйрығының астына салып отырады. Бүркіттің бұлай отыруына қазақ саятшылары өте мән беріп, жаңа ұстаған құсқа сын бергенде: «бүркітің бір құйрық па, топ құйрық па» дейді құсбегілер.
Жас қыран бүркіттер қыстың үскірік суығында тоңбайтын өте жүндес келеді; олардың сыртқы жүні сатырлаған ірі, жаңбыр, жел, суық өтпейтін тығыз боса, бауыр-балақ жүндері де шудалы, әрі тығыз, оның қалың шудасы тұғырға отырғанда тұғырды жауып, қолға қондырғанда балақ жүні биялай мен жеңді жауып тұрады.
Түс реңк жағынан бүркіттер сары, қара болып негізгі екі түстен тарайды, осы екі түстің әр түрлі өзгеруінен олар әлденеше түске ауысып отырады. Саятшылар тілінде оларды «қара-тарлан», «қызыл-тарлан, «сары-тарлан», деп, әртүрлі атақ пен құбылтып айта береді. Қызыл тарланның басы, маңдайды, көз алды қарақылшық қоңыраулы келсе, желке-мойын, иық шудалары алтын тәрізді күреңітіп тұрады. Оған қарсы қара-тарланның бауыры мен балақ жүндері қылаңытқан қоңыр шұбар қанат құйрығының үсті қара-қоңыр, қылаң түсінен қоңыр түсі басым келеді.
Жалпы айтқанда бүркіттердің үсті кәрі жасына қарай өте өзгеріңкі келеді. Жас бүркіттердің шудасында қылаңы басым, балақ бауыр жүндері тегісі мен ақтаңлақ мамық жүнге малынып тұрғандықтан, олар қанатын жайып ұшқанда бауыры алыстан ақтаңлақ шұбар болып көрінеді. Олардың сыртқы түсі де кәрі бүркіттікіндей бірыңғай жазғыр қара болмай, көбінесе бурылдау келіп, қоңыр түстерін қылаңтып теңбілдері жауып тұрады. Қазақ саятшыларының, «ақ құс», «сары құс» дейтіндері көбінесе жас бүркіттер. «Ақ құс» деп айтатын бүркіттердің бұл атқа ие болуы олардың жүнінің түбі ақ мамық болып келіп, балақ ғауыт жүндерінің тегіс ақтаңлық болып тұруынан «сары-құстың» да жүнінің түбі осы тәрізді қылаң келеді. Бұларға қарсы сақа бүркіттердің жүнінің, қанат құйрығының түбіндегі ақ мамығы аз, үсті жаты не біріңғай қоңыр, не қара-қоңыр келіп, содан әрбір түлеген сайын түстің қылаңдары мүлде азайып, шымқай қара түске ауысқан кезін саятшылар «баршын» дейді, мәнісі кәрі бүркіт дегенді аңдатады.
Тегінде бүркіттердің түсінің өзгеруі бес түлекке дейін, одан әрі олар бір бір түске ауысып, олардың кәрі жасын айыру қиындай береді.
Бес түлекке дейін бүркіттердің кәрі жасын, олардың кәрі жасын әсіресе оның құйрық жүнін айқын көруге болады. Бұл кезде жас бүркіттердің құйрығының ұшы бір жарым екі елідей қоңыр түске суреттеліп, одан былайғы жері түбіне дейін шамқай аппақ болып тұрады. Кәрі бүркіттердің құйрығында ондай қылаң түстер болмайды, олардың жас күндеріндегі ақтаңлағы бүтіндей өңінің, енді оның болар болмас көгілдір сілемі ғана жүндерді, болмаса қара-қоңыр түске ауысады. Бұл өзгеру әрине бүркіттердің баршын тартып, мосқал бола бастағанын көрсететін ашық белгі екенін білдіреді. Бұл кезде олардың көз жиектері де тарғылданып, езу терісі, саусақтары сарғылт тарта бастайды; оны мен қатар тұмсығы мен тұяғы да бұрынғы көгілдір шыны түсінен өзгеріп, енді дотпақтау қара-қошқыл түске ауысады.
Жоғарыда айтқандай бүркіт өзінің мекендейтін жерінде тұрақты құс. Оның жүретін жері қашанда болсын биік таудың құз жартасы, не сыңсып қалың орманның іші. Осындай «адам қолы жетпейтін жерді» бекініс етіп, олар мезгіл-мезгіл көрші тұрған өлкенің тау тасын, шатқал-бұйраттарын кезіп, кез келген аңның тоят алып, түйнекке мекеніне қайтып отырады. Бүркіттер жем іздеп ұшқанда өзге саят құстарындай сыпылдап ұшпай, іздеген жемі көбінесе жер үстінде болғандықтан қияға көзін салып отырады. Тау-тастың, жер реңкінің түріне қарай олар кейде көтеріліп, кейде төмендеп ұшып, тек көз алдынан аң көрінсе атқан оқтай сүзіле жоғары атып, сорғалап жерге қарай төнеді. Бірақ қанша жай отындай сорғалап, не шұбалаңдап, жалт берген кезде, бүркіт ұшуға епті құс болғандықтан қайқаң етіп жоғары көтеріліп, қайыра түлкінің үстіне төнеді. Бірақ әдісшіл жырынды бүркіттерің аңғыр жас бүркіттер түлкіге түсемін деп омырауын тасқа соғып алатындар да аз болмайды. Сондықтан жырынды саятшылар жас бүркітті ең алғаш аңға жібергенде көбінесе тау-тасы аз, ашық бұйраттарда салып үйретеді.
Ұя басқан кезінде бүркіттер онша кезген болмай, аң аулайтын жерінің көлемін жайшылықтағыдан азайып, ұясын көбінесе аңы көп жерге салуға тырысады. Ол ардың тау-тасты, орманды жерді көбірек сағалайтыны бірғана ұя салып, мекен етіп, ұрпақ көбейтіп тіршілік ету заңына байланысты екенін көрсетеді.
Бүркіттер ұясын қашанда басы адам қолы жетпейтін биік таудың құз жартасында, не сыпсың орманның ішіндегі аспан мен тілдескен биік қарағайдың басына салады.
Құз жартас, тау іші болса, бүркіт есті хайуан болғандықтан, өңкей ығыс жерді қамтиды. Қатты сескеніп, ұясын көбінесе асылып тұрған құз жартастың кемеріне, не қия тастардың үңірейіп жатқан қуыс-қуыстарына салады.
Қия тастағы бүркіттің ұялары самырсын ағашты басындағыдай онша жинақты, дөңгеленіп келмейді, от орнындай тастың қуысына сербиген ағаштың бұтақтарын, қурай, бұтаның сынықтарын төсеп, тек үстіндегі жағынан жүн, шүберек сияқты заттар мен себелеп қояды. Бүркіт ұясын қарағайдың не самырсын ағаштың басына салса, ағаштың басын ұзын-ұзын бұтақтар мен дөңгелекте қалап, мықтап байланыстырып, оның үстіне ұсақ тал, бұта, қамыс, құрай, жапырақ төсеп, қандай қара дауыл соқса да мызғымайтын берік қылып жасайды. Балапандары қашан кең-қанат болып ұшуға жарағанша соңына ұстап, жемді сонда әкеліп береді.
Бүркіттердің жұмыртқа басып балапан шығаруы өзге саят құстарындай емес, өте ұзақ келеді. Сондықтан олар ерте жұмыртқалап балапанын кеш шығаратын құс. Олардың жұмыртқалайтын кезі көбінесе март айының іші. Қазақ саятшыларының бақылауынша бүркіттердің кейі февраль айының соңғы кезінде жұмыртқалайды міс. Өйткені қой бағып жүрген қойшылардың көруінше қыстың суығы айрықша тарқамай, қар жатқан кездің өзінде бүркіттің ұясын тауып, жұмыртқасын көрдік дейтіндер аз кездеспейді. Бірақ бұл әңгіменің нақтылы шындығы ғылым жүзінде әлі де болса анықталмаған.
Бүркіттер жұмыртқалардың алдында қосылып, ұя салған жерінің маңында «қанат салу» ойынын өткереді. Олар еркегі мен ұрғашысы бірін-бірі қуып, біресе шарықтап жоғары атып, біресе сорғалап төмен құйылып, шуылдап ысқырумен аспан ішін жаңғыртады. Бірнеше жұп бүркіттер тобы осылай шу көтеріп қынаменде құрғанда, тау, орман іші жазға салым у-шу болып жатады.
Бүркіттердің қыраны өзінің жаратылыс ерекшелігі бойынша екіден артық жұмыртқа салмайды, кейде біреу ғана табады. Қазақ саятшыларының бақылауынша сол бір жұмыртқадан шыққан бүркіт қолға түссе одан алғыр қыран бүркіт баласы болмайтын сияқты.
Бүркіттердің жұмыртқасының түсі көгілдір ақ, бетінде қоңыр, сепкілі болады, олардың қармы аққу жұмыртқасының қарамындай үлкен, ұзындығы 9-, көлденеңі 7- шамасында.
Жұмыртқаны басып балапан шығаратын ұябасары, еркегі ауық-ауық отырғаны болмаса, көбінесе ұясына жем тасумен шұғылданады.
Бүркіттердің ұя басатын кезі бір жарым ай мөлшері, одан кейін жұмыртқасын жарып балапан шығады. Жұмыртқадан шыққан балапанның жүні селдір, үсті жағы жылтыраған сары, бауыры қызыл-шақа болып тұрады. Бірер жұма өткен соң жүні түлеп, сыртына қарай көтеріліп, оның орнын енді көк қауырсынды қоңыр жүндер басады. Бұл әрине балапанның ер жетіп, қарын жүнін тегіс түсіріп, құс бола бастағанның белгісі.
Балапанның жүні қашан тығыздалып қоңыр тартқанша ұя басар олардың қасынан алыстап кетпейді, ол жем іздеп кететін болса балапандар атасының бауырында болады. Балапандар үлкейіп өсе бастаған кезде оларға жем тастайтын көбінесе ұябасары. Өйткені саят құстарының еркегінен әрі үлкен, әрі шалымды қабілеті болғандықтан, жемді тез ұстап, және молдап әкелгіш болады. Олардың жем іздеп шығатын кезі таңертең мен кешкі қоңыр салқын, күндіз ылғи ұясының қасында дем алып, балапандарына көлеңке жасап отырады. Балапандарына есейіп ер жете бастағанда жұбайының екеуі де аң аулауға шығады. Бірақ балапандардың ақ үрпек кезінде екеуінің бірдей жем іздеп кетуі өте нәзік балапандарға обал. Себебі үлкендері жоқта ашығып мықтылары нашарлауын түтіп өлтіреді. Бүркіттің ұясында осы тәрізді оқиғадан кейін өліп жатқан балапанды қазақ аңшылары талай рет кездестірген. Дегенмен балапанның бірін-бірі түтіп өлтіретін кезі көбінесе олардың ақ үрпек кезі, кейін өсіп, жүні қоңыр тартып, тығыздалғанда екеуі біріне-бірі тимей қайта үлкендері жоқта ұйысып бірге жатып әдеттенеді.
Балапандардың ақ үрпек жасырақ кезінде үлкендері жемді оларға аузынан құсып береді, кейін ер жете бастағанда жемді бітеудей әкеліп, тұмсығымен талқандап жеткізеді, ал балапандар олардың алдына тастай беріп өздеріне талқандаттырып үйретеді.
Бүркіттердің балапандары өте кеш өседі, олар жұмыртқадан жарылып шыққан соң үш айдың ішінде ғана, кек-қанат болып ер жетіп, енді талпынып ұшуға бастайды. Кейін ұшуды жақсы үйреніп, алыс жерге кезіп кетуге жараса да олар ұясынан алыстап кетпей, көп уақыт соның маңайын төңіректеп жүреді. Балапандардың ұясынан алыстап кететін кезі август айының басы. Алғашқыда аңды үлкендері мен бірге ауласып, кейін өз беттерімен тіршілік жасап кетеді.
Қазақ аңшыларына белгілі бүркіттердің барлығы біздің байтақ жатқан отанымыз әр бір өлкесінде мекендеп жүретін жануар. Тек жағынан, және мекендеп жүру жағынан биология ғылымы оларды бес топқа бөледі. Бірақ қазақ аңшыларының тәжірибесі бойынша біздің елімізде жүретін бүркіттердің тегі әлдеқайда көбірек сияқты. Бұл жерде біз алдымен ғылым анықтаған түріне тоқтап көрейік.
Бірінші топқа кіретін бүркіттер советтер Одағының шөлейті суық өлкелерінде, Орал тауында, Күнбатыс Сібірде жүретін бүркіттер. Бұл тектің қыранына қазақ аңшылары ескі кезден "оралдың ақ иығы" деп ат берген (Agilila cusaetos Z),. Мұның қырандары бұрын көбінесе Орал, Мұғаджар тауларын, Шөлейтің сыпсың ормандарын мекендеп, өзінен басқадан тоят алып, азулының қайтпас қайраттысы, алғыр қыранның бірі болғандықтан, қазақ саятшыларының тарихында олар XVIII-XIX ғасырларда башқар аңшылары ақ иықты Орал тауынан көп ұстап, Орынбор, Уфа, Троицк қалаларында болатын жәрмеңкеде қазақ саятшыларының ең қымбат бағамен сататын болған.
«Оралдың ақ иығының» түсі өзге бүркіттен ерекше қылаң, басы қара-қоңыр, иық жүндері жапырақталған ақ теңбіл, сырты бауыры кер-тарлан, балақ саңғуыр жүндері ақтаңлақ, кер-шұбар қанатының асты қоңыр, қарасы аз болады. Бұл тектінің жүретін өлкелері көбінесе шөлейт болса да қысқа қарсы Оңтүстік өлкелерді кезіп қайтатын мезгілдері бар сияқты.
Қыран бүркіттердің бір тегі «Алтайдың қара тарланы». Бұл құс Алтай тауынан Күнбатыс Сібірге дейін тараған ең ірі, ең алпауыт құстың бірі. Мұны қазақ аңшылары ертеректе «алтайдың мұз балағы» деп атаған. Өйткені Сібірдің үскірік суығына тоңбайтын шудалы, Алтайдың биік шыңдарында, самырсын ағаштың басында қоныстап, неше түрлі жыртқыш аңнан тоят алып жүретін түз қыранының ең құдіреттісі болғандықтан, оны әсірелеп «мұз балақ» деп кеткен. Бүркіттердің ішінде бұдан ірісі, бұдан қарулысы кемде-кем ақ жолығады. Алтайдың мұз балағының жүні қара-тарлан болып, балақ бауыр жүндері қоңыр түсте кездесіп отырады. Қырдағы саятшылардың бақылауынша Алтайдың мұз балағы Сібір өлкесінен басқа күзге қарай Тарбағатай, Шыңғыстау Қарқаралы, Балхаш төңірегінде де көбірек кездесетін сияқты. Өткен ғасырда мұны қазақ аңшылары (Мамбет, Исмаил) Балқаш теңізінің жағасынан көп ұстап, олар өресен қыран болып шыққан.
Бүркіттердің енді бір тегі Оңтүстік өлкедегі Алатау, Памир, Алтай тауларын мекендеп жүреді. Алтайдың мұз балағынан кейінгі бұлар бүркіттің аса бір тегеурінді, ең ірі тегінің бірі. Бұлардың тегін қазақ саятшылары «үш-шүгел» деп атайды, мәселен «мұз балақ-шүгел», «шомақты-шүгел», «сүйелді-шүгел». Бұлардың бәрінің балақ жүні шудаланып саусағына түсіп тұрады. «Шошақты-шүгелдің» қара қуысы аударылып сыртына шығыңқы келеді. «Сүйелді-шүгелдің» аяқтары басқа бүркіттің аяғынан кері де сүйенді, құс аяқ, саусақтары құж-құж болып келеді. Шүгел қырандардың тіршілігі көбінесе биік таудың ішіндегі арқар киік, қасқыр сияқты аңдардан тоят алып әдеттенгендіктен, ешбір жанды заттан қорықпайтын ер, түсі суық, өте тәкәббар келеді. Сондықтан бұларды қазақ саятшылары «шүгел-қыран» деп атаған.
Шүгел-қыран жаратылысынан кербез құс болғандықтан тұғырға отырғанда бір аяғын ішіне алып, ылғи бір аяғымен отырады. Бұл өте байсалды, салмақты, түсі суық құс, оның жеке бір қырандары бір отырған жерінде қозғалмай отыра береді. Бірақ алатын жемін көргенде оның бет аузы түксиіп, жаурыны, топшысы күдере шығып, қашқан аңға тұяғын салу үшін құдіретін бойына жия бастайды.
Шүгел-қырандар осы тәрізді өзінің бойына сенімді құс болғандықтан, олар көбінесе қасқырға түсіп, содан тоят алып жүреді. Олардың қасқырға көбірек түсуінің бір себебі Алатаудың қасқыры Сібір мен Орталық Қазақстан қасқырындай көкжал, ірі қасқыр емес, көбінесе түйе қасқыр, сондықтан олар әлді, қарулы бүркітке түлкіден артық қайрат көрсете алмайды.
Бүркіттердің бұл негізгі тегінен басқа, қазақ саятшылары олардың лашынынан тек кішкенелігінен басқаланады. Көрмесіне мекен еткен жеріне және жүндерінің түсіне қарай тағы да 12 түрге бөліп айтады. Олар жоғарыда айтылған «Оралдың ақиығы», «Алтайдың мұзбалағынан» басқа «Қазықтының қара кері», «Құмның қызыл көзі», «Желектінің жирен тұяғы», «Ертістің cap шолағы», «Қарағайдың қоңыр аласы», «Есбалақтың есер соғы», «Дересінің шұбары», «Жанбауырдың жарғыш тұяғы», «Өлтірмей бермес Өтеген», «Несібелі байқасқа» - деп аталады. Бұлардан басқа әрбір құстың түріне қарай («сары-шегір», «сары-құс», «қара-шегір») қойылатын аттар толып жатыр, бірақ олар құстың тегімен оның мекендеп жүрген жерімен байланысты болмаған соң, бәрін атап жатудың қажеті жоқ.
Бүркіттердің ішінде денесі кең, сүйегі жалпы көріністері көзге толымды көзі ақшегір жүндерінің түбі ақ, ұшы қара болып, топшы, иық, омырауларында саңғыру балақ жүндерінде кер сары болса, бұл «Қазықтының қара кері» деп аталады. Мекендейтін бүркіттер Орал, Күнбатыс, Сібірде жүретін бүркіттермен Қазықты-тау аты, оны аталас болуға тиісті.
Түсі құмға ұқсаған керлеуіт бала қайырса бау ашып, күй іздемейтін, қысық көз, жылан бас, беті қара қылшықты, шыныдай таза көк тұмсығы бар, иығының арасы кең, ашамай сүйекті, езуі қалың қара қыл, жапырақ жүн, балақ жүндері қызыл шудалы келетін бір қыранды «Құмның қызыл көзі» деп атайды. Бұл өзі құм сахара шөлдерде жүретін құс. Ұялайтын жері шағыл құмның іші, сексеуілдің басы. Жүретін жері Сары-су, Шу өзендерінің аяғы, Қара-тау, Сырдария төңірегі. Ашық дала, шөлді жақсы көретін құс.
Кейбіреуінің сүйегі шымыр, жүні шымқай сары болып, түсі суық, көзі өткір, бетінде зәрі болса, не балақ жүні қып-қызыл бояудай болып келсе, оны «желектің жирен тұяғы» дейді. (Желектің жер аты). Бұл да Сыр-Дария, Қара-тау маңында жүретін құс.
Егер денесі кең, (сауысқанды, ақсүмбе) саны жуан , қалың сүйек, қайқы төстек, жапырақ жүнді, шудасы төгіліп тұрған сап-сары, құйрығы қысқа, шалғысы ұзын болса - оны «Ертістің сары шолағы» дейді. Бұл құстың да сыртқы келбеті көзге толымды, басы үлкен шекелі, көзі ауданды, алқасы кең, аяғы әлді сыртқы қожыр табан, түйіндері жуан, аңшыға пайдалы қайратты құстың бірі болып саналады. Бұл құс - Ертіс өзенінің күншығыс солтүстік арасындағы жақын тұратын шұбар дейтін қалың қайыңның ішінде ұялап өседі. «Ақ-жирен» деп аталатын бүркітте осымен шектес болу керек. Бұлардың бәрінің жүнінің сарғылтымы басым, оның үстіне не қанатының не құйрығының біреуі ақ болады.
Бүркіттердің бір тегін «қарағайдың қоңыр аласы» дейді. Оның саусақтары салалы жуан, тұмсығы ұзын жебелі, шалқақ кең иықты, денелі, боз шуда, ақ балақ, көкшіл, шегір көз болады. Бұл Ертіс өзенінің күншығыс алдында ішкі Сібірге қарай созылып жатқан қалың қарағайдың ішінде ұялайды. Түз қыранның көбінің мекен ететін жері осы қарағайдың іші.
Бүркіттердің енді бір заты ұшқанда епсіз келіп өзі өр кеуде ер болса, оны «Есбалақтың есер соғы» дейді; мұның аты да « Есбалақ» дейтін жердің атынан шыққан.
Есбалақ, Есенгелді Алатау мен Тарбағатай тауларының ара-жататын биік таулар. Оның бір тарауы малай тауы - дейді.
Саятшылардың көбірек құмар болатын құсының бірі «Дересінің шұбары» (Дересін жер аты). Бұл шүгел қырандар тегінен тараған бүркіттердің қыранының бірі. Бұл туралы саятшылар арасында мынадай мәтел бар:
Ұядан ұшса екеу боп,
Түссе қолға сыңары,
Ұя басар кез болса,
Қыранға көңіл тынады.
Қылп еткізсең қиядан,
Көзі шалса жымады,
«Құрттаса» қорымға,
Байланып көкке тұрады.
Жазымсыз түсіп жарқ етіп,
Қанжыға қандап қарқ етіп,
Көрінгенді қырады.
Бүркіттің енді бірінің жүндері өте қалың, қауырсын шыбықтары қатты, аса әлді келеді. Оның үстіне саусақтары, тұяқтарының түбі бартиған жуан, ұшы салалы болады. Ондай қыранды «Жанбауырдың жарғыш тұяғы» дейді. Екінші жағынан әкесі қара тарлан дейді. Үшінші қызыл-түк болса жарма-тұяқ содан тарайды - деп те атайды.
Бүркіттердің қыранының бірі Өтеген. Бұл туралы бір саятшы ақын былай деген:
Алғыр қыран Өтеген,
Ұшқыр кезгіш кетеген,
Аяғын қиып кетпесе,
Айрылмайды Өтеген.
Қиядан көрсе алам деп,
Қағып қанат төпеген.
Жарыса ұшса жете алмас,
Қосылған құс төтеден.
Өтеген жер аты емес, бүркіттің тегінің аты. Ол орманды жерді мекендейтін сары тұқымына жатады. Қайратты ұшқыр, аяғынан аң шығып кете алмайтын қыранның затын Өтеген дейді. Саятшылар тілінде ол туралы тағы да мынадай мәтел айтылады:
Алғыр қыран алдынан аң оралған,
Аяғынан аң кетпей қан оралғыш.
Ер бітімді елгезек болып, ту құйрығы бір ыңғай ақ, ұш жағы қара болып тұрса, мұндай затты саятшылар «несібелі байтасқа» дейді. Өйткені ешбір жағдай тілемей, аңға қанша қосса да жалықпай ала беретін, көнпіс, қыран бүркіттің тегіне жатады.
Бұл айтылғандардың барлығы бүркіттердің ішіндегі ең қырандарының сипаты.
Олардан басқа да кішкене шәулі бүркіттердің тұқымы да көп. Бірақ олардың аңшылық кәсібіне келтіретін пайдасы өте шамалы болғандықтан, оларға онша көңіл бөлмедік.
Бүркіт аңшылығы күзгі аңшы қар жауып, аңдардың әбден жетіліп, түсі құлпыра бастаған кезінен басталады. Одан бұрын қоян, қасқыр сияқты аң болмаса, өзгесіне салмайды; Өйткені аңның жүні жетілмей тұрған кезде салу - ол тек ат артып топ тоздырған болмаса, шаруаға келер пайдасы болмайды. Сондықтан қазақ саятшылары бүркіт аңшылары көбінесе октябрь айынан бастап, қыс бойы, февраль туғанша сала береді. Үт айы (февраль) туып, аң буаз болған соң бүркіт аңшылығы тоқталады. Одан былай келесі күзде бүркіт тек қолда жем жеп 7-8 ай жай асыралып отырады. Жаздың ыстық күндері саят құстарына өте ауыр, қолайсыз кез, бұл кезде олар ешбір аңға шабыт қылмай, бірғана түлекте отырып, күз түскенше қанат құйрығын шығарумен әлек болады.
Салқын кезде бүркітті аңға қосқанда оның алатын аңдары: қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян. Оларға бір ғана қысқы жұмсақ қар үстінде салынады (Бүркіт Қазақстан жерінде көбінесе таулы-тасты жерде салынады). Қар болса аңның ізіне түсіп көп кісімен қағумен салады. Қарада аңдардың жататын белгілі қиын жерлерін тауып жобасымен іздеп қашырып салады. Бүркіт өзінің жаратылыстан үйренген дағдысы бойынша жазық жерден ұша алмайды. Сондықтан оны ылғи биік таудың басына шығарып, тұрғыда ұстап қосады. Кейбір бүркіттерді тауға барған соң ұшырып қоя беріп, кездіріп салады. Дағдылы бүркіттер иесінің аң-қашыратынын біліп аспандап ұшып аң қарап, саятшының төбесінде жүреді. Сонар күндері болса бүркітті қолма-қол тау басында ұстап тұрып, аңның қашқанын көрген соң ғана жібереді.
Бүркіттердің бәрі аспандап кезе бермейді. Олардың ішінде дағдыланып жақсы үйренгендері ғана солай ұшады.
Бүркіт аңшылығы күзгі ақша қар жауып, аңдардың әбден жетіліп, жүні құлпырған кезде басталады. Одан бұрын қоян, қасқыр сияқты аң болмаса, өзге мамық жүнді аңға салмайды. Өйткені, аңның оның ішінде түлкінің жүні жетілмей тұрған кезде салса, одан тек ат арытып тон тоздырған болмаса, шаруаға келер пайда болмайды, аңның терісі толық бағаланбай, бос қалады. Сондықтан саятшылар бүркіт аңшылығын алғашқы ақша қар жауып, түлкі қарға аунап құлпырғанша бастамайды. Оған дейін атын, бүркітін баптап, аңшылыққа керек жабдықтарын реттеумен болады.
Бүркіт аңшылығы көбінесе қарулы, бабында жүрген күйлі аттың күшіне байланысты. Күнінде 10-15 түлкі алдыру үшін кемінен 50-60 шақырым жорту керек. Оған қарулы, мықты ат болмаса, жай тулақ аттар жарамайды, бір түлкінің өзінің соңына түскенге болдырып қалады. Аңды көп алдыру үшін қыран құсқа аттың сай болуы керек. Саятшылардың көпшілігі кедей шаруадан шығып, өздерінде аңға жарайтын ат болмағанда, олар байлардан жалдап мінетін. Аттың майы ол кезде аңшыға өте қымбат түседі. Қысқы аңның табысынан ол не бір бұшпақ ішік беруі керек, не 15 түлкі беруі керек болатын. Егер ол ат әбден арып, қыстан өз бетімен шыға алмайтын болса, онда қыс бойы күтіп, тек жаз шыққан соң иесіне қайырады, өліп қалса есе қып құнын төлейтін.
Ат майы осы сияқты ауыр болса да қыран құсы бар саятшылар аңға шықпай отыра алмайды. Олар октябрь айы туысымен өзара әртел болып шығып кетеді. Орталық Қазақстанда түлкінің көп жүретін жері әсіресе Бетпақдала, Балқаш төңірегі және осы жерге ұштасып жататын көп тау-тастар. Күзгі ақша қар түсісімен бүркітшілер дәйім сол айтқан тау-тастың ішінде қостап жатып, октябрь айынан бастап февраль (үш ай) туғанша бүркіт аңшылығының соңында болады. Қыс жақсы болған жылдары саятшылар бүркіт аңшылығын өте көңілді, қызықпен өткізіп, өздерін де салық қылып жатқан жердің шаруаларын да қанша олжаға батырады. Қарт саятшылардың айтуынша ондай жылдары әрбір саятшы 70-90-нан кем түлкі алдырмаған.
Қазақстан өлкесінде бүркіт көбінесе таулы, тасты бұйрат коп жерде салынады. Өйткені бүркіт өзінің жаратылыста биіктен ұшып, биіктен бақылап үйренген дағдысы бойынша ландшафтың жадағай жазық жер болғанынан неғұрлым таулы-тасты болғанын аса көңілді көреді. Сондықтан оның қияға көзін салып, көңілді жерге шығарып, тұрғыда ұстап салады. Кейбір дағдылы бүркіттерді тау ішіне барған соң қоя беріп, кездіріп салады. Үйренген дағдылы бүркіттер саятшының аң қағып шығаратынын біліп, алыстап кепей, ылғи оның үстінен ұшып қияға көз салып отырады. Қашан ойдан аң көрінсе, бүркіт аспаннан төгіліп жерге төнеді. Тап осылай төгіліп, сорғалаған кезде, бүркіттен ұшқыр құс болмайтын сияқты болып көрінеді. Сонар күндері көбінесе аңның ізіне түсіп, қағып жүріп салады.
Тегінде жұмсақ қар мен қатты қардың үстінде бүркітті түлкіге жіберу әдісі басқа-басқа. Жұмсақ қар үсті не сонар күндері болса, бүркітті дәйім биіктің басында тұрғыда ұстап, қашан аңның ізіне түсіп қағушылар оны айдап биікке шығарғанда, жақыннан бірақ жібереді.
Қар бекініп қатқан кезде бұл әдісті қолдануға болмайды, ол кезде түлкі қарға батып қорықпайтын кезеген келеді, ол бұрынғыдай биік шыңның басына тартудың орнына, енді бұлтарып, басқа жаққа жүгіреді. Зорлап оның бетін қайыруға қалың қардан ат еркін жүгіре алмайды. Сондықтан ондай қашқан түлкіге бүркітті 2-3 шақырым алыстан жібереді. Мұны «жортпа салу» дейді. Бұған сенімді, қыран бүркіттер болмаса шалағай, қояншыл бүркіттер жарамайды. Жортпа салу өте қолайсыз. Мұнда саятшы жүгіріп жеткенше арлан, сақа түлкілер бүркітке үлкен қару көрсетіп, оның саусағын шайнап тастауы мүмкін. Кейде саятта құстың түскен жерін тапқанша қыран бүркіттер түлкінің быт-шытын шығарып жеп қоятындары болады.
Бұл айтқан жағдай әрине қар қалың түсетін, Қазақстанның суық өлкелерінде көбірек кездеседі.
Қысы қоңыр күз, қары аз түсетін оңтүстік өлкелерде бүркіт аңшылығы одан көрі басқа қолайлы түрде өтеді. Дегенмен бүркіт аңшылығының ең қызық кезі алғашқы көбік қар (октябрь, ноябрь айлары). Бұл кез атқа да, адамға да, құсқа да жайлы. Ол кез түлкінің толарсақтап қаша алмайтын қорқақ кезі. Және аңды бет алды іздемей, оның ізіне түсіп, тап басар, үстінен шығатын кез. Ондай ақша қардың әрбір жауған күнін саятшылар «қансонар» дейді. Мәнісі, жаңа жүрген аңның ізі тайға таңба басқандай алдынан сайрап жатады. Оны іздеп табу қиын емес. Біраздан кейін-ақ тас-тастың не бұтаның арасынан қызыл түлкі шұбалаңдап қаша жөнеледі. «Қансонар» күні аңшыдан қуанышты кісі болмайды.
Ителгі . Бүркіттен кейінгі саят құстарының ішіндегі аң алатын қабілеттісі ителгі.Оның үлкені алты тұтам, қанатының ұзындығы жайғанда бір кез шамасындай болады.Өзге саят құстары сияқты бұл да үлкен кішілігіне қарай төрт түрге бөлінеді: ірі, тана, бұқа, шәулі деген сияқты.
Ителгінің алатын аңдары киік, елік, қара құйрық, қоян. Құстан алатыны қоңыр қаз, дуадақ, тырна, оқпақтағы басқа түрлі құстар. Ителгі көбінесе жаз, күз айларында салынады. Қоян құстарды ол көбінесе өз күшімен алады. Киік, елік, қара құйрық сықылды аңдарды итпен қосылып алады. Ителгінің томағасын алып қоя берсе қашқан аңды аспаннан келіп теуіп мұқатады. Екі-үш рет тепкенде қоян сияқты аңдар ителгінің тегеурініне шыдай алмай мұрттай ұшып, қоянның белі үзіліп жерде жатады. Сол кезде ителгі оны бас салып қиралаңдап қашқанына жібермей ұстап қалады. Киік, елік, қара құйрықтарды үздіксіз тебумен қорғалатып қашырмай қояды. Оларды бастан, көзден тепкенде аң есі кетіп, шырқ айналып, бастарын екі аяғының арасына тығып,қаша алмай жүргенде артынан ит келіп ұстайды.
Ителгі құстарды теппейді. Тек қуып жүріп алады. Қаздың отырғанын күні бұрын көріп ұрындатып жібереді. Қазды көргенде ителгі қиғаштап бетін теріс қойып ұшады. Содан жоғарылап шығып мөлшерлі жерге жеткенде биіктен төмен қарай құдыя бірақ ағады. Сол екпінмен ителгі қаздың қанатымен ұрғанына не қоянның аяғымен серіпкеніне болмай, қайтсе де ұстайды. Ителгі Лашын мен Қаршыға сияқты шапылдақ, тез қиып түсетін болмаса да, ол көбінесе жансебіл өжет, мықты құс болғандықтан ол алымпаз құс қатарына жатады. Ителгі түскен аңынан айырылып қалса бәрібір оны қоймай жүріп алады. Ителгінің бір ерекшілігі ол тоят жеген аңынан ешуақытта қорықпайды, жабысып соның соңында өледі. Ителгінің тағы бір ерекшелігі ол өмірінде жалығып шаршамайды, қанша салсаң да ұша береді.
Ителгі түс реңі жағынан үш тұқымнан тарайды: қара тарлан, ақ тарлан, құба тарлан болып. Қара тарланның сыртқы жүні қара қоңыр, бауыр жүнінің түсі қап-қара күйедей болып, бетінің қылшығы қара, көзінің алдына түскен қарасы желкесіне қарай айналып ала мойнақ болады. Құйрықтарының үстінде ақ танадай теңбілі болады.
Ақ тарланның сыртқы жүні құбақай, бауыр жүні ақшыл болады. Қанат құйрығындағы теңбілдері ақ шұбар келіп,беті ақ қылшық болып ала мойнағы болмайды.
Құба тарланның сыртқы жүні құбақай қызғылт, бауыр жүні қызыл шұбар тұрымтай жүндес, ала мойнағы көмескі келеді. Бұл үш түрлі ителгінің қай тұқымынан болса да үшеуінен де қыран шығады. Әсіресе қара ителгінің тұқымынан қыран айнымай шығады.
Жақсы ителгінің басы үлкен, тұмсығы жебелі, кеудесі кең, қайқаң келіп, мойны ұзындау, аяғы салалы, көзінің шарасы үлкен болады. Ителгінің қырандарына саятшылардың қойған ерекше аттары бар. Мәселен оларды «жылаулының тегі», «тілегеннің тегі», «сеңсең», «қара сұңқардың тегі» деп атайды.
Жылаулының тегінің ерекшелігі - оның екі көзінің алдына суаттанып тұратын қара жағалы болады. Өзі ашқарақ қомағай, шабытқа ұшқанша, жем жегенше шыдамсыздық көрсетіп, ылғи шақырып отырады. Жалпы айтқанда қайратты қыран болса осы затты ителгіні жылаулы деп атайды.
Тілегеннің тегі деп ұшқыш сезімпаз келетін, жерге қонып отырмайтын, ылғи шабыт тілеп ерінбей ұшатын ұшымпаз қыранын айтады.
Сеңсеңнің заты деп денесі ірі, жуан мойындау келіп, тұмсықты, жүндес келетін бір тұқымын айтады. Бұл ұшымды болмайды бірақ әлді болады.
Қарға сұңқардың заты деп жүні тығыз келген, мойны ұзын, құйрық қанаты қайратты, қара тіл, лашын бітімді, ұзын құйрық, қайшы қанат, қара тарланнан шыққан қыранын айтады. Бұл талмай ұшып аңды қажымай алады. Ителгі туралы жалпы айтқанда бұлар асырауға көнімді, түллекке қартаймайтын шыдамды құс.
Саятшылардың мақалы:
Ителгі көп түлесе дүр болады,
Қаршыға көп түлесе күл болады.
Тұйғын . Жазғы саят құстарының ішіндегі жаратылысының ең әдемісі, ұшқыр қыраны, қымбат бағалысы тұйғын болады. Тұйғынның қадірлі болатын себебі оның тұқымы өте аз, және жұмыртқаны да аз салады.
Тұйғынның жүні құлпырған көркем сүйегі сұлу, өзі шапшаң ұшатын құс. Ол қолға өте сирек түседі. Тұйғын ұясын адам жүрмейтін жерге жасырынып салады. Және ол Қазақстан жерінде ұяламай, әрқашан Сібір өлкесінде не шөлейт жақта ұялайды. Сондықтан тұйғынның балапанын ұядан алмай, көбінесе күзге қарай Қазақстан өлкесіне ұшып келген үлкен тұйғынды тормен ұстайды, онда да бірен-саран ғана.
Тұйғын екі түрлі тұқымнан тарайды: мырза тұйғын, құл тұйғын. Құл тұйғынды кейде «кір тұйғын» деп атайды.
Мырза тұйғын қағаздай аппақ болады, жалғыз-ақ қанатының үстерінде, сыртқы жүнінде ғана сарғыштау шұбары болады.
Құл тұйғынның сырт жүндері қоңырлау шұбар келіп, бауыр жүндерінде де азырақ қоңырлау бедер болады.
Құл мен мырза тұйғын дегеннің айырмасы жүнінде ғана. Шымқай ақ болса мырза тұйғын болады да, жүні кірлеу болса оны құл тұйғын дейді. Бірақ бұлардың сүйек бітімдерінде еш басқалық болмайды, тұйғын затының бәрі бірдей келеді.
Тұйғын сүйріктей сұлу, тұмсығы ұзын жебелі құс. Ол қашан да болсын жұтынып тұратын жыланбас, жіңішке ұзын мойын, қанаты қайқы және қысқа, құйрығы ұзын, көзі ақшыл шегір болады.
Мырза тұйғын мен күл тұйғынның, болмаса кірше тұйғынның алатындары бір түрлі заттар. Олар қоян, қоңыр қаз, дуадақ, тырна, оқпақ, сарала қаз, қарала қаз, қырғауыл, үйректер, тағы басқа түрлі ұсақ құстар. Тұйғынның қайсысы болса да өздерінің қырандығына қарай әртүрлі құстарды ала береді. Тұйғындар көп қумайды, алғашқы ұшқан бетінде сыпырып алса алып қалады, ала алмаса қонып қалып қайталап қумайды.
Тұйғынды ұшырғанда ұрымтал жерден жіберу қажет емес, өйткені тұйғынға қашқан құстардың неғұрлым жоғарылай ұшқаны жақсы болады. Тұйғын сүзіле көкке атқанда қалай да болса алатын жеміне жетпей қоймайды. Оның үстіне тұйғынды қашан да болсын аспандап ұшқан құстарға салып үйретеді.
Қырдағы жайлауда жүрген қаздарда көлге қарай ұшырып, аспандап келе жатқанда тұйғынды астынан сүзілте тастаса-алмай түспейді.
Қазақ саятшыларының әдеттенген тәжірибесі бойынша тұйғынды әрқашан шапшаң атпен салады. Судағы құстарға қосқанда оларды дабылмен судан ұшырып жіберіп сілтемесе, құстарды ұшырмай басып қалады.
Тұйғын шетінен ашқарақ шыдамсыз құс. Және онымен қатар өте езгелек, жылдам елігетін күйрек құс. Бұл туралы «тұйғын қара қаршығадан бір елі артық» дейді саятшылар.
Тұнжыр . Тұнжыр басқа құстар сықылды өз алдына басқа бір құс емес. Бұл тұйғын мен қаршығаның арасынан пайда болады. Құстар шағылысатын мезгілде өз жыныстарынан екеуі бірдей дәл келмесе қаршығаның ұрғашысына еркек тұйғын кездесіп қалатын болады. Міне осы кездесудің арқасында қаршығаның бір жұмыртқасы не анық тұйғын не анық қаршыға болмай олардың арасынан тұнжыр болып шығады. Тұнжыр қаршығадан қылақ, тұйғыннан қоңыр болады, бірақ сүйегінде олардан басқалығы болмайды.
Қаршыға мен тұйғын түс жағынан екі затты құс болса да, жаратылысы бір-біріне ұқсас келеді. Бұлардың сүйектері, көздері, дене бітімдері, мінезі, ұшулары бірінен-бірі аумайды, жалғыз - ақ жүндерінің басқалығымен ғана айырылады. Тұнжыр да осы қаршығамен тұйғыннан басқалығын болмайды, тұйғын мен қаршығаның алғаның тұнжыр да алады. Тұнжырдың да баулынуы, құсқа түсіп құс алуы, тәрбиесі, қаршыға мен тұйғындікінен аумайды, олармен бірдей болады. Осы айтқан үш түрлі құстардың бірінен-бірін басқалығы өте аз. Бұл үшеуі өзге затты құстар бүтіндей басқа болып, арасы өте алшақ келеді.
Қаршыға . Қаршыға саят құстарының ішіндегі белгілі қыран заттарынан саналады. Қаршығамен тектес және ұқсас құстар жоғарыда көрсеткен тұйғын мен тұнжыр екеуі. Біріңғай қаршыға тұқымының өзін алсақ олардың өзі де түс реңкі жағынан төрт атаға бөлініп таралады, мәселен; «ақ тарлан», «қара тарлан», «қызыл қайың», «сарының заттары» деп атайды.
Қаршыға үлкен кішілік ретінен де төртке бөлініп аталады. Оны «ірісі», «бұқасы», «танасы», «шәулісі» деп атайды. Шәулі ең кішісі, ол үйрек, ұсақ құстарды ғана алады. Қаз, дуадақ, тырналарды ала алмайды. Бұқадан жоғарғылары қыран болса кішілік қылмайды. Қоян, қоңыр қаз, дуадақ, басқа түрлі құстарды да ала береді.
Қаршығаның ең жақсы заты ақ тарланнан шығады. Оның жүні қылаң келіп, қаз мойын қайқы тестек болады. Қырғи құйрық, шіл қанат, сары ала көз, шыныдай жұқа тұмсық келеді. Бас жағы жебелі, жылан бас, бетті қылшықты, танау тесігі кең, тықыр жүнді болып келеді. Аяғы салалы, саны толық, баутағары жуан, қысқа жіліңшік келеді. Денесі ірі, борбайының арасы кең, екі қанатының ұзындығы бір кез шамасындай болады. Міне бұл сипаттың бәрі қаршығаның ең қыран тұқымды ақ тарланның келбетіне жатады. Ақ тарланның тағы бір қасиеті оның мінезі жуас, адамға үйір болғыш, елгезек келеді. Өмірі бар шақырая қарап, бетке шауып қолға шапылдамайды. Оның үстіне сондай жайдары, өзі қыран, бала қайырса да бау ашып, күй іздемей жүре береді. Шабытқа келгенде қаршыға затында мұнан шабытты құс тағы өтпейді. Ерте кеш демей ерінбей ұшып ала береді. Және дуадақ қаздан өзге құсқа сондай құмар емес.
« Шүйгін тарлан ». Шүйгін тарлан деп аталатын қаршығаның сирек тұқымы, осы ақ тарланнан шығады. Дәл осындай қаршығадан тұйғынның қыраны ғана артық болады, өзге қаршыға затына бұл жеткізбейді.
Қаршығаның қажырлысы және қанға тоймас қара тіл қанды көзі қара тарланнан шығады. Қара тарланның жақсысы сирек табылады. Мұның түс реңкі-мүйіз тұмсығы сағыздай қап-қара, бетінің қара қылшығы жылқының қылындай жуан талды келеді. Тұмсығының түбі жуан, ұшы ұзын жазығырақ, танау тесігі кең, таңдай тілдері қара, шаралы, қызыл көзді болады.
Қаршығаның қара тарланы сұңғақ мойын, бітеу желке, қалын топшылы, денесі жұмырлау сом, шалқағырақ келеді. Қанатының екі қыры (топшысы) сыртына қарай жоғарылау біткен салалы, ұзын құйрық келеді. Қауырсын шыбығы жуан келіп, саңғыруы жүндес, сырт жүндері жалпақ жапырақ қоңыр қошқыл болады. Бау тағары жуан және қысқа, аяғы әлді, тұяқтары қара қошқыл және өткір жарғыш келеді. Міне, қанды көз қара тарлан деп айтылатын қаршығаның сипаты осы.
Қара тарлан қаршығаның тағы бір ерекшелігі оның бойы қажырлы, жемге шыдамды болады. Бірақ баулуға жылдам елікпей кешкілденіп күй таңдап отырып алады. Кейде қатуланып екі қанатымен сабалап шауып қалып отырады. Қара тарлан топас, меңіреулеу отырып, өте күй таңдап бау ашатын құс. Бірақ кейін жөнделіп алған соң қаз, дуадақ сияқты құстарды қажымай алатын, қиып салма болады. Қара тарлан қалай да болсын қаршығаның жақсы затының бірі. Бұл туралы саятшылар «тарлан салған тарықпас» деп мәтелге айналдырған.
Қаршығаның енді бір тегін «қызыл қайың» деп атайды. Бұлай аталуы қаршығаның бұл тұқымы қайыңға ұялайтындықтан туған. Өйткені қаршығаның бұл тұқымы көбінесе Күнбатыс Сібір, Оралдағы Қызыл қайың арасын мекендейді.
Қызыл қайыңның сырт жүні қоңыр қызғылттау шұбар, бауыр жүндері шымқай қызыл шұбар, беті ақ қылшық, көзі көк шегір келеді. Басы сүрінді, аяғы лашынның аяғы секілді салалы тарбақ келеді.
Қызыл қайың қаршыға өзінің заттылығына қарамай неге болса да жармасып, өзінен өзгені алып жеуге ұмтыла береді. Және бұл өте қызғаншақ, қомағай, шапылдақ, қияңқы келіп, жемге шыдамсыз болады. Баланы, қозыны, мысықты маңынан жүргізбейді, оларды салып қалып шапылдап отырады. Бірақ қайткенмен қызыл қайыңның ірісінен өте қыран шығып, әсіресе қоян алғыш болады. Бұл құс онша күй іздемейді, дегенмен аса арықтатып салуды көтермейді. Қызыл қайың қаршығаның бір өзгешелігі, бұл жер қазып шыдап отырмайтын, ұрыншақ келеді. Баулынып жүргенде шақыруға келісімен ақ бау аша бастайды. Бұл тұқым етінің неғұрлым күйлі болуын ұнатады, қызыл қайың текті қаршығаны арытып салуға жарамайды.
Қаршығаның көбірек заты «сарының тегі». Сарының өзінен үш түрлі болып тарайды. Мұның бір түрі денесі ірі, қолабалау, бөктергі қанат, жуан мойын болып келеді. Екінші жағынан, еңкіш шалқақ бас, қысқа тұмсық, айран көз болады. Сыртқы жүндері қоңыр шұбар, бауыр жүні сабалақ сары, жіліншігі ұзын, аяғы саусақты салалы шеңбер тұяқ келеді.
Міне, қаршығаның бұл түрін «үкі жүнді сары ала» деп атайды. Бірақ бұл текті сарыдан қыран шықпайды, баулығанда уақытты көп алатын күйшіл, шабан, салпылдақ келеді. «Есірікті» көбірек басып, қолдан тоят жей бергенді жақсы көреді. Жалпы айтқанда жылдам бау ашпай әуре қылатын құс.
Сарының екінші түрі орташа денелі, көзі қызыл шегір, жапалақ көздеу, кесік қарға тұмсық, сырт жүні құла сары, бауыр жүні бозғылт сары, үлпілдеген жұмсақ жүнді болады. Мұның мінезі жуас, ақ еділ, адамға тез үйір болғыш, артық күй іздемейді. Ұсақ құсты жақсы алады, бірақ қаз, дуадаққа келгенде тайқақтап, жасықтық көрсетеді. Бұл түсті сарыны жапалақ жүнді сарының тегі дейді. Түлей келе жылдам азып, қажыры жоқ болады.
Қаршыға тұқымдас сарының үшінші түрінің бауыр жүні ақшыл сары, сыртқы жүндері құбашалау, денесі қайқаң, қысқа қанат келеді. Беті, түсі суық, сары ала көз, омырауында, санының жүндерінде түлек жүні сықылды көлденең тақталы боп шығатын жақсы жүндері болады. Құйрығының қарасы таңдай-таңдай болып қиғашталып тұрады. Сарының бұл тұқымын «құлан тұяқ, құба сырғақ» дейді. Мұның қанаты қысқа, құйрығы ұзын болады. Орта құйрығының астынан өзге құйрығын жиып отырса оны бір құйрық деп атайды. Осы түстес жүндері болған сарының тұқымдары артық күй іздемейтін, елгезек қыран болады. Ондай текті қуысты саятшылар тілінде сауысқан құйрық сары ала деп айтады.
Қаршығанның сары заты балапанын кеш ұшырып, қыстамада көп болады. Қара тарлан, ақ тарлан, қызыл қайыңдар жаратылыс әдеті басқа болғандықтан торға сирек түседі.
Қаршығанның қай заты болса да түлей келе көк шұбар болады, бірақ олардың әр қайсысыларының сыртқы пішіні мүше бітісіне қарай қандай заттан екендігі айқын белгілі болып тұрады.
Лашын . Лашын саят құстарының ішіндегі орта денелісі, мұның басы, көзі, аяқ бітімі, жаратылыс түрлері біраз ителгіге ұқсайды. Бірақ ителгіден сәл кішірек болады. Лашынның түсі көбінесе қара-қоңыр шұбар, тамағы ақ жағал, қанаты ұзын, құйрығы қысқа, көзі қара, денесі тығыз, кеуде жағы жуан, қаршығадан әнтек зорырақ, топшылы келген сұлу құс. Аяқ саусақтары басқа құстарға қарағанда әлді және ұзын келеді. Түлегенде сырты көк шұбар болып, бауыр жүні ақ-сары таратады.
Лашын қорықпайтын өжет қайратты құс. Ол қандай құс болса да құтқармайтын өте қыран, және ұшампаз келеді. Лашынның аяғы, ауызы екеуі де бірдей мықты. Қару болып жұмсалады. Оның тұмсығының шетінде кішкене кетік қыяғы болады. Астынғы шегінде сол кеттікке дәл келіп тұратын ара темірдің тісіндей ирегі бар.
Лашын алатын құстарын аяғымен іліп, басқа құстарша ұстамайды. Қуып жетіп тиіп кеткенде желбесін құстардың желкесін яки топшыларын тістеп қиып кетеді. Екі-үш қабат тиіп шыққанда құстар оқ тигендей қалбаңдап жерге түседі.
Лашын ерінбей ұшып көп қуады. Және жетпей қоймайды.
Лашын үш түрлі тұқымнан тарайды: ақ бауыр, қара лашын, қызыл шұбар лашын, сұр ақшыл сұр шұбар лашын. Олардың әр бірі ірі, орта шәулі болып өзара тағы да үш түрге бөлінеді.
Қара лашынның сыртқы жүні көмірдей қара ала мойнақ болады. Бауыр жүні көк шұбар, тамағының асты жемсауының үстіне шейін ақ шұбар, қанат құйрығының тақтасы таңдай-таңдай толып тұрады. Жүндері қанат-құйрықтары судырлаған қатты қайратты болады. Қызыл шұбар лашынның сыртқы жүні қоңыр қызғылттау болып, бауыр жүндері қызыл шұбар тұрымтай жүндес келеді. Тамағының асты сары шұбар болып, желкесіне қарай cap жағалданып, ала мойнақ болып тұрады. Олардың ішінде лашынның қанат-құйрықтарының қызғылт шұбары денірек болады.
Сұр лашынның сыртқы жүні бозғылт сұрлау, құбақанкер болып, бауыр жүні шымқай ақ шұбар келеді. Тамақ жүні ақ бурылданып, ала мойнағы айқын көрініп тұрады.
Лашынның бәрінің де аяғы, басы, көзі біркелкі болып, бәрінің де көзі бір ыңғай қара көз болады. Олардың бәрінің де саусақтары салалы, тұяқтары қысқа, аяқ тегеуіріндері мықты болады. Лашын бір ілінсе қармақ сықылды босатпайды, аяғы тиген құсқа аузы бірге тиеді. Лашын құсқа түскенде олардың мойын сүйегін қиып, басын бөлек түсіріп отырады.
Лашын өте қыран құс болғандықтан тоғайды кезіп жүргенде бір көлдегі құсты екінші көлге қуып кетеді. Не таудан аса қашқан құстардың соңынан кетіп қалады. Сондықтан лашын салған адамның аты жүйрік әлді болуы керек.
Лашын, тұйғын, қаршығалар сықылды бір ұшар құс емес, ол жалықпай көп қуады. Оның үстіне лашын қан ішер қыран құс. Сондықтан суда жүретін құстар басқа жауларынан көрі лашыннан артық қорқатын болады. Лашыннан қорқып суға жығылған үйректер судан тек тұмсықтарын ғана шығарып әзер-әзер ғана тыныс алып отырады. Саяз сулардың үстінен лашын аспандап ебелектеп тұрғанда тығылған үйректерді қолмен ұстап алуға болады. Егер құстар судан ұша қашса лашын оларды қайырып қуып тығады. Лашынның осы тәрізді қан ішер қырандығынан саятшылар оны «лашын ұзын құрық» деп мәтел шығарған, мәнісі ұстамай қоймайды дегенге келеді.
Лашын өзінен өзге аспанда ұшатын құстың бәрін алуға шамасы келетін нағыз қан ішер өжет құс. Құс затында лашыннан қыран алатыны бір ғана оның өзімен тұқымдас бидайық деген құс. Бірақ лашын аңға түспейді.
Қырғый . Бұл үш түрлі заттан тарайды. Оның бір заты балапан жүнінде түлегенде көкшіл шұбар болады.
Қырғыйлардың жаратылыс түрі қаршығаға ұқсайды, бірақ одан кішкене болады, қырғый әдемі құс деп саналады. Оның бір түрлі тегін «көк теке» деп атайды.
Қырғыйдың денесі үлкен өзі жүндес ақ көк келеді. Бауыры ақ шұбар болады. Жіліншігі ұзын, қанаты құладынның қанаты сияқты обадан бос болады. Қырғыйдың «көк теке» тұқымынан қыран шықпайды.
Қырғыйдың бір заты қара тарлан болады. Бұның денесі орта, бітімі әдемі келеді. Сыртқы жүндері қоңыр көк, бауырының шұбары қара тарландау келеді. Көзі қызыл шегір болады.
Қырғыйдың қыраны осы қара тарланнан шығады. Қырғыйдың енді бір заты қызыл шұбар, бұл кішкенесі. Мұның сыртқы жүндерінде ақ танадай теңбілі болады.
Бауыр жүні көк шұбарланып тұрады. Және сан жүндері қызыл бояу тәрізді қызыл шұбар болады. Қырғыйдың осы қызылшасынан өте қыран шығады.
Қырғыйдың қыран үйрек, қарға, бұлдырық, шіл, сауысқан, таған, қызғыш, балшықшы және торғайларды алады.
Қырғый жоғарыда айтылған алты түрлі құстардан кішірек жағалтай, тұрымтайдан үлкенірек болады. Сыртқы көлем жағынан бұл да ірі, орта, кішкене болып үшке бөлінеді.
Жағалтай . Бұл құс түс реңкі жағынан үш түрлі болады: қара, құба, сұр.
Жағалтай өз алдына бір текті құс. Оның жаратылысы лашынға ұқсайды. Бірақ лашыннан кішкенелігімен айырылады.
Қара жағалтайдың сырт жүні күйедей қара, бауыр жүні шұбар келіп, ашық қара жағал болады. Құба жағалтайдың сыртқы жүні құбақай келіп, бауыр жүндері бозғылт шұбар болады. Сұр жағалтайдың сырт жүні қоңыр шұбар келіп, бауыр жүні ақшыл шұбар болады. Бұл үш затты жағалтайдың қай затынан болса да қыран шықпай қоймайды.
Жағалтай шүрегей үйрек, тарғақ, бұлдырық, бөдене, қаншыр, торғайларды алады.
Тұрымтай . Тұрымтай бұ да өз алдына бір тұқымды құс. Тұрымтайдың жаратылыс түрі ителгіге сұңқарға ұқсайды. Жалғыз-ақ олардан кішкенелігімен айырылады. Тұрымтай жағалтаймен шамалас бұ да туе реңкі жағынан үш түрге бөлінеді: ақ, құба, қызыл шұбар. Ақ тұрымтайдың сырт жүні ақ сұр, бауыры шұбар болып өзі үлкен болады. Құба тұрымтайдың сыртқы жүні қызғылт құбалау келіп, бауыр жүні құла шұбар болады. Тұрымтайдың орташасы осы құбасы.
Қызылша тұрымтайдың сыртқы жүндері қызғылт келіп бауыр жүні қызыл сары бояудай шұбар болады. Тұрымтайдың кішкенесі осы қызыл шұбары, бірақ кішкене болса да өте ұшқыр қыран келеді.
Тұрымтай қартайғанда түсі өзгеріп, көк болып кетеді. Тұрымтай тарғақ, бұлдырық, торғайларды алады.
Сөйтіп, бүркіттен өзге бұл айтқан саят құстары көбінесе жаз бен күзгі аңшылыққа арналған. Бұлармен салт құратын кез апрель айынан бастап, содан адал құстар қайтып болғанша салына береді. Тұйғын, тұнжыр, қаршығалар жазғы айлардың қайсысында болса да талғамайды, шабыт қыла береді. Ителгі, лашын, сұңқарға келсек олар жаздың ыстық күндерінде онша көңілді бола қоймайды, олар көбінесе күзгі айларда жақсы ұшады. Жазғытұрғы уақыттарда бұлар айнығыш, қашқағырақ келеді.
Қырғый, жағалтай, тұрымтайлар неғұрлым күннің жылы уақытын жаратады. Салқынға тоңғақ болады.
Сұңқар, қаршыға тектес құстармен саят қылушылар адал құстарды алдырып қызығын көріп етін жеп, жүндерін пайдалану үшін салады. Желбесін құстар қырта ұшып келісімен топ-тобымен жұмыртқалап, июнь жұлдызының басында балапандарын суға алып шығады. Жұмыртқа басқан кезінде олардың жейтін еті, алатын жүндері қалмайды, әбден арықтап бітіп, түбітін ұяға салып, бір жағынан түлеп бірталай өзгеріске түседі. Олардың түрленіп толып семіретін кезі күзге қарай. Саят құстарын салудың қызықты кезі де осы мезгіл. Су құстары жазғытұрым жұмыртқалап, қашан балапанын көк қанат қылып ұшырғанша оларға құс салуды тоқтату керек. Жаз күні қырғый, жағалтай, тұрымтайлармен құс аулау тек саят құстарына, оның ішінде бүркіт қаршығаларға жем әперу үшін салынады. Сондықтан саят құстарының бұл кішкенелері қай уақытта болса да тоқырамай салына береді.
Қаршыға, тұрымтай, жағалтай ұяларын қалың орман ішінде, тоғайларда жасап және сондай жерде жүреді.
Тұйғын ұясын көрген кісі жоқ. Дегенмен тоғай, орман ішінде жолығатыны байқалады. Бұл жануардың ұя салып мекендейтін жері біздің жақта көбінесе Алтай тауы мен ішкергі Сібір ормандары сияқты, бұл тарапта (Арқада) болмаса керек. Қазақ саятшыларының айтуынша тұйғын Қаршығамен аталас, екеуі бір заттан болуы тиіс.
Сұңқар (Falco gurfalco Z.) - Саят құстарының ішіндегі ең сүйкімді, тегеурінді қыран затының бірі сұңқар. Бұл құс әрі қулықты көркем, әрі өжет ер болғандықтан оның бейнесі халық аузында ерліктің, сұлулықтың мегзеуіне арналған.
Сыртқы дене құрылысы жағынан да сұңқар көп қыран құстың ішіндегі соқталы ірісінің бірі. Сұңқар жемге бекзат келеді. Жем жегенде аз-көп болса да артын қалдырып отырады, басқа құстарша жалақтап тауысып жемейді. "Сұңқарға талшық", "сұңқар тамақ" дейтұғын мақал осыдан қалған. Оның кейбір тектері бүркіттен өзге саят құстарының бәрінен үлкен, денесі кең, топтылы келеді.
Сұңқардың жалпы жаратылыс түрі, пішіні, мінез-құлқы өзімен тектес лашынға не ителгіге ұқсайды. Көбінің қарамы лашыннан үлкен, ителгіден сәл кішірек, бірақ одан гөрі сергегірек, құлықты, сымбатты, ойнақы құс. Басқа саят құстары тәрізді сұңқардың да ұябасары арланынан үлкен, ауыр, салмақты келеді. Сұңқардың ауырлығы бір жарым килограмнан артығырақ болса, еркек тәулілерінің салмағы бір килограммнан аспайды. Екінші жағынан олардың ауыр-жеңіл салмағына қарай сыртқы дене мөлшері де әр алуан түрде жолығады. Мұны әсіресе олардың қанат бітісінен, топты қар сүйектерінен жақсы айыруға болады. Мәселен, ұябасардың канаты жазғанда жарты метрге таяу (39,0 - ) болса, еркегінікі 35,5 - 38, шамасынан аспайды.
Дегенмен қай сұңқарды алсақ та, олардың сыртқы мүсіні бір қалыптан шыққандай бір-біріне өте ұқсас, дене құрылысы дөңгеленіп келген жұмыр, әрі соқталы, кесек жатады. Қаршыға тектес құстармен салыстырып қарағанда, сұңқардың кеуде жаты көзге толымды, жуан, омырауы кең, жауырын топшы сүйектері қабілетті, барлық денесі аңшылыққа бейімделіп, желбесін құстардың ең үлкенінен тоят алуға лайықталған қарулы құс екенін сипаттайды. Бұлардың бас сүйегі де бірталай үлкен, шекесі торсиған шығыңқы, маңдай алды жазықтау кең, жарқабақ, тұмсығы жуан, аузы лашынның аузы сияқты қияқты келеді.
Сұңқардың бір ерекшелігі, оның денесінің соқталы болуына қарай аяғы салалы болмайды, лашынның аяғы сияқты қысқа, дембелше келіп, одан тек сәл ғана ұзынырақ болады. Өйткені, сұңқар да, лашын да алатын жемін аяғымен теуіп, аузымен қиып түсіруді көп қолданатын құс, сондықтан олардың аяқ батысы де соған қарай бейімделіп, құсты үстінен түю үшін, олардың аяғы қысқа, берік болып біткені байқалады. Екінші жағынан сұңқардың аяғының көзге қысқа, бақалтай көрінуі, оның баутағары саусағына дейін қалың шудамен жабылып тұруынан.
Сұңқардың үлкендері өте қарулы, саусағы салалы, жембасары мықты, тегеуріні шалымды келеді. Олардың ішкі-тысқы саусақтарының бірінен бірінің, сондайлық айырмасы жоқ, қарамы, ұзындығы бірдей болып отырады. Сұңқар алатын жемін көбінесе ұшып жүріп іледі, кейде жерде қонып отырған құсқа да төнеді. Ұшып жүріп ілетін құстары қаз, дуадақ, үйрек, құтан, қара ала қаз, жапалақ, кез құйрық, тағы басқа түрлі түз құстары. Жерде қонып отырған құстардан құшырлана тиетіні жапалақ, саржала, кез-құйрық. Бұл соңғы құстарға көбінесе ерігіп жүргенде тиеді. Әсіресе жапалақ көргенде олар шыдап тұра алмайды, құлшынып бірнеше рет жоғары атып, сүзіліп, жапалаққа тиіп, қашан ол далбаңдап жерге түскенше тұяғымен жампаздай береді. Қазақ саятшыларының бақылауынша сұңқар балапанын ең алғаш үйреткенде көбінесе жапалақ, саржала, кезқұйрық сияқты құстарға түсіріп үйретеді.
Сұңқар түзде өз еркімен жүргенде ұйтқып ағыза ұшатын аса ұғымпаз құс, ұстатпайтын сақ болады. Оның ұшу екпіні лашындай болмаса да жоғары тік атуға келгенде қиып түсіреді, оған ешбір құс баласы пар келмейді. Сұңқар жай оғындай зымырап жоғары атқан кезде көз ішінде оның тек бұлдыраған көлеңкесі ғана суреттеліп тұрады.
Сұңқардың ұшымпаз болуы оның қанат құйрық бітісінен. Шапшаң ұшып кенеттен ататын сұңқарлардың қанаты қарлығаштың қанаты сияқты сүйір қыл қанат келіп, құйрығы лашынның құйрығынан ұзын, өз қанатының мөлшерімен бірдей, не одан сәл ғана асып тұрады. Аспанда ұшып жүрген сұңқардың силуетін бақылап қарағанда оның қанатының ұшы әрқашан сүйірленіп, садақтың жебесі сияқтанып көрінеді.
Сұңқар көп қыранның ішіндегі аса сұлуы мүсіндісі. Оның бет-ажары өте жайдары, мөлдіреген қара көзі, тұяғы, тұмсығы көгілдір қара, не қара қошқыл, көз жиегі, танау қабығы қызғылт сары, аяғының сырты да қызылдау сары. Танау тесігі дөңгеленіп келген көз маңайы қара қылшықты, аса көрікті құс.
Сұңқардың жаратылыс қасиетін, қырандығын оның түс реңкісінен жақсы айыруға болады. Қырандығы аз баяу ұшатын сұңқарлардың түсі онша ашық болмай, бірыңғай қоңыр келсе, қыран заттарының түсі шымқай шұп-шұбар болып, сыртқы жүндерінің үстінен көлденең тартқан шұбар теңбілдері айқын суреттеліп тұрады.
Сұңқар затында көбірек жолығатын көгілдір қоңыр не қоңыр қызғылт түстер. Түлегенде сырты ағарып, бауыр жүні құладын жүніне ұқсап, сырты құба, бауыры көкшіл шұбар болады. Бірақ олардың кәрі жасына қарай түс реңкі өзгеріп отырады. Шұбар бозғылт келетін көбінесе жас сұңқарлар. Сұңқардың бір тамаша түрі - ақ сұңқар. Оның түсі шымқай ақ, қанаты ұзын, құйрығы орташа келген, тұңғиық қара көзді, бір құлықты жануар. Ақсұңқар түз құстарын көбінесе тұяғымен соғып түсіреді. Түз құсында оның алмайтыны болмайды, аққу мен шыңыраудан бастап, пытпылдақ, қаз-қаншырға дейін ала береді.
Балапан жылында сұңқар тұрымтай жүндес сырты қызыл-шұбар ақ бауыр келеді. Бірінші рет түлегенде сырты қылаңытып, бауыр жүні құладынның жүніне ұқсап, сырты құба, бауыры көкшіл шұбар болады. Жаңа шыққан қанаттарының ұшы, жиегі қылаңытып иығының қанаттарының үсті қылаң түспен себеленіп тұрады. Қанаттарының астында, үстінде балапандағы қызыл-шұбар жүндердің шашыранды сілемдері жүндерден теңбілденген белгі қалып отырады. Екінші түлектен кейін сұңқарлардың сыртқы құба түсі өңіп, қоңырлау тартып, бауыр жүнінің ұсақ, әдемі теңбілдері алабажақ түске ауысады.
Бүркіт, қаршыға, сұңқар - тұқымдас құстар. Бұлардың әр қайсыларының жаратылыс қасиеті, өзге құстан ерекшелігі - тұяқтарының тегеурінді, қарулы болуында. Сондықтан олар көбінесе тұяқты құстар деп аталады. Бұлар түзде жүргенде тұяқтарының ұштарымен күн көріп, әр қайсылары өздерінің шамасы келетін аң құстарды алып жеп күнелтеді.
Қырандық, қайрат, әдемілік, пішін, ұшқыр жылдамдық, көргіш, қырағылық, осы тектес құстардан түгел табылады. Бұл сынға жататын тұяқты құстар 11 түрлі: бүркіт, бидайық, ителгі, тұйғын, тұнжыр, қаршыға, лашын, сұңқар, қырғый, жағалтай, тұрымтай. Бұлар адамның тәрбиесіне көнгіш, ақылға ергіш, жаратылысы, табиғаты адамға жақын тұратын, сезімді құстар.
Бүркіт заты бидайық, қаршыға, сұңқар тектес құстарға ұқсамайды, оның жаратылысы, мінезі, ұшымы тіпті басқа тұрады. Бүркіттен өзге тоғыз түрлі ұсақ тұяқты құстар бірі-біріне ұқсас байланысты келеді. Тұйғын, тұнжыр, қаршыға, қырғыйды алсақ - бұл төртеуінің заты бір, жаратылыс мінезі, мүше, көз бітімі, аяқ саусақтары, ұшымдарының түрлері өте жақын, ұқсас, жалғыз-ақ қырғый кішірек келеді.
Тұяқты құстардың ішіндегі біріне-бірі өте жақын, бір тектесі ителгі, сұңқар, тұрымтай. Бұл үшеуінің жаратылыс қылығында, жүн бітімінде, көз, аяқ, бас бітімдерінде, ұшу түрлерінде жөнді айырма болмайды, өзге сұңқар заттарынан тұрымтай бір ғана денесінің кішкенелігінен айырылады. Лашын мен жағалтайға келсек бұл екеуінің айырмасы тіпті аз, жағалтай Лашыннан кішкенелігінен басқаланады. Тап осылай аспаннан құйылғанда бүркіттен ұшқыр құс болмайды.
САЯТ ҚҰСТАРЫН ҰСТАУ ӘДІСТЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ БАУЛЫП АҢҒА ҚОСУ ЖАЙЛАРЫ
Саят құстарын көбінесе тормен, қақпанмен, болмаса неше алуан тұзақтармен ұстайды. Бүркіт, қаршыға, лашын, ителгі, тұрымтай, қырғый, жағалтай - бұлардың барлығын көбінесе ұядан алады. Тұрымтайдан басқа соңғы төртеуінің алғаны шәлжіңдеу болса да, олар жаужүрек болып тәрбиеленеді.
Асау бүркітті ең алғаш ұстағанда оны әрқашан қолға қондырып, жұмсақ және майда сипап, жалыққан кезінде тыныс беріп, қашан адамнан және басқа нәрселерден шошымастай болғанша, ұйықтамастай етіп, мезгіл-мезгіл қондырып отырады. Оның үстіне жырынды саятшылар жаңа ұстаған бүркітті қалайда шошытпауға тырысып, өте аялап, әлпештеп ұстайды, оның денесін ауыртып, қанат құйрығын сындырып алмау жағына сақ болады. Бүркіт өте кекшіл, еркіндікті сүйетін сергек құс болғандықтан, шошынған нәрсесін әсте ұмытпайды. Оның еті ауырса құлқы бұзылып, қолды тұяғымен қысып, тұмсығымен шоқып, қанатымен қағуды шығара бастайды.
Түзден ұстаған асау бүркітті қолға үйреткенде, ең алдымен оны жемге шақырып үйретеді. Ол үшін қолына жаңа өлтірген қоянның басын, не қызыл ет алып, бүркітті ең алдымен жақыннан, одан кейін алысырақтан «па-па», «папым-папым» деп жемге шақырып, баулиды. Бүркіт жемге қызығып, жақсы мінезбен адамға үйренетін болса хайуанға не сөз бар. Бұ да жолдастық, құрмет, достықты түсініп, адамға жуық бола бастап, бірнеше күннен соң дауысқа үйренеді: «Па-па», «кел-кел» десе баруға ыңғайлана бастайды. Бұл әрине түз құсы жануардың қолға үйрене бастағанының белгісі. Әрбірден соң оның дауысқа үйренуі сонша, дауыс жеткен жерден-ақ аңдап өзі келетін болады және әбден үйреніп жеткен соң адамға еріп қалмайды.
Бүркітті әрқашан биік жерден жібереді, өйткені қашып бара жатқан аңды бүркіт биік жерден жақсы көреді. Егер тағылық асаулықтан жаңа үйреткен бүркіт болса, оны ең алғаш төбе басына алып шықпай-ақ желсіз тынық күні жазық жерде аяғын сындырып жіберген қоянға салып байқайды. Бүркіт алабұртып қашайын деп ойламай, ешнәрседен шошынбай жүрсе, толық жуасығаны содан белгілі. Одан кейін бірнеше күн осылай аңға салып тәжірибе істеген соң, сонар күндері түлкіге салуға алып шықса да болады.
Бүркіт пен саят құратын кез бірғана қысқы айлар. Бүркітті көбінесе түлкі, қоян, киікке салады, кейбір бүркітті қасқырға да қосады. Бірақ өте қыран мықты бүркіт болмаса қасқырды алу аса ылғалды, кәдік болады. Өйткені, бүркітті қасқырға қосқанда оның аузынан мықтап бүріп ұстап қалмаса, оған үлкен қатер. Қасқырдың аузы бос болса бүркіттің қанатын, не топшысын, не санын шайнап тастауы мүмкін, онымен қоймай, үйірімен жүрген көп қасқыр болса көптеп талап та кетеді.
Қасқыр алатын бүркіттер қашан да болсын үлкен аңға түсіп, кәнігіп әдеттенген, қорықпай ұмтылатын болады. Және олар қасқырды қалай жеңіп мұқатуды да жетік біледі. Мұндай бүркіттер қасқырға түскенде оның тұмсығынан қаусыра бүріп, көзін шұқып ағызып мұқатады.
Қаршыға мен саят құруды құмар қылған қазақтар оны әртүрлі әдіспен қолға түсіреді. Ондай әдістің бір түрі. Қаршығаны балапан күнінен ұстап асырау.
Қаршығаның қандай жерде ұялап балапан шығаратынын аңшылар көптеп зерттеумен жүйрік біледі. Оның ұя салатын жері көбінесе қалың орман ағаштың іші, әсіресе Сібірдің қарағайларының арасы. Қаршығаның балапанын ұстау үшін аңшылар түнде үйден шығып орманның ішіне барып жатады. Қаршыға өте сақ құс, сондықтан ол ұясын кісі тауып шығара алмайтын қою қарағайдың ортасына салады. Оның ұясының қандай жерде екенін білу үшін аңшылар түнде жасырынып, ешбір дыбыс шығармай, таң білінгенше бір таса жерде тығылып отырады. Таң сарғайып ата бастаған кезде Қаршыға ұясынан ұшып жем іздеп кетеді. Сол кеде ұядағы қанаты қағып өскен балапандар жем сұрап шықылықтап шу көтере бастайды. Таса жерде тығылып отырған аңшы оған құлағын түріп, балапанның дауысы шығып жатқан ағашқа қарай жүреді. Қаршығаның ұясы қай ағаштың басында екенін әбден біліп айырған соң, оның қасына келіп, ішіндегі балапандарды қасындағы бөлекке салып үйіне келеді.
Содан кейін оны кемеліне келгенше асырап өсіреді. Бір жағынан баулып құсқа қосып үйретеді. Жаңа ұстаған асау қаршығадан балапаннан асыраған жас қаршыға адамға тез үйреніп баулуға тез көнеді. Оны баулығанда даладан ұстаған тірі үйректің қанатын кесіп, ұшырып, соған қосып үйретеді. Қанатын кескен үйрек жалпылдап ұзақ ұша алмай, балапан қаршығаның тегеурініне оңай түсіп, тоят алуына жақсы болады. Міне, бұл әдісті күн сайын бірнеше рет істеп үйреткен соң, балапан қаршыға өте кәнігіп, енді түз құсын да ала бастайды. Бара-бара ол аса қыран құсқа айналып саятшының жақсы көретін досы болып шығады.
Түзде жүрген үлкен қаршығаның ұстауы бұдан көрі басқарақ. Оны ұстау үшін аңшылар әдейі үлкен тор жасап, қаршығаның топтанып жүретін түнек жерін іздейді. Қалың орман ішінен қаршығаның түнек жерін тапқан соң, аңшы торын бір қолайлы жерге құрып, оның ішіне үйрек не басқа түрлі түз құсының біреуін байлап қояды. Қаршыға бұл жемді көрісімен қызыға ұмтылғанда торға түсіп маталып, шығалмай қалады. Міне аңшы сол жерде ұстап алып үйіне келеді.
Қаршығаны ұстаудың мұнан басқа да бірнеше әдістері бар, оның бір тұзақ. Аңшы қылдап не кейбір жіптен тұзақ істеп, оны ұзын жіңішке ағаштың басына байлап түзге шығып, құс көп жүретін көл, батпақ қақшымақ, өзен бойын аралайды. Онай құсы көп жерде қаршыға да жиі кездесетінін аңшы өзінің көрген тәжірибесінен жақсы біледі. Аңшы су жағасын аралап жүріп, құс алып жеп отырған қаршығаға көзі түссе, сол жерде қаршығадан тасаланып, тұзақ бойы жететін жерге дейін бауырынан жорғалап отырып жетуге тырысады. Жем алып жеп отырған аш қаршыға көзі оттай жайнап, жеміне қызығып маңайына онша қарай қоймайды. Егер жорғалап келе жатқан адамның дыбысын естісе, қаршыға шоқуын қойып, жемін тұяғына қыса ұстап, жан-жағына қараңдай бастайды. Ол кезде аңшы дыбыс шығармай жата қалады. Қаршыға жан-жағынан бөтен еш нәрсені көрмеген соң, тынышталып, қайтадан шоқуға кіріседі. Бұл кезде аңшы да ақырын жорғалап, тұзақ бойы жететін жерге дейін қаршығаға жақындай түседі. Мөлшерлі жерге таянып болған соң аңшы қаршығаға білдірмей тұзағын оның мойнына таяп, реті келген кезде басына іле қояды. Бұдан кейін қаршыға не істесін, талпынғанымен ұшып кете алмайды. Аңшы құмар болған нәрсесін ұстап алып үйіне қайтады.
Қаршығаны ұстаудың енді бір әдісі былай болады. Бұл әдісті көбінесе құстың жылы жаққа қайтатын кезінде, сентябрь, Октябрь айларында қолданады. Бұл кеде қаршыға да өзінің тұрақтайтын мекені қалың орманның ішіне жиналады. Осы кеде аңшы қолына жоғарыда айтқан тұзағын алып жүргені қаршығаға сезілмеу үшін аяғына ұйық, не киіз байпақ киіп, қаршыға түнектейтін орман ішіне барады. Егер аңшы қаршығаның қай ағаштың басына түнектеп отырғанын білсе, сол жерде жалма-жан ағаштың бұтағынан маздатып от жаға бастайды. Қаршыға жаратылысында өте сергек, сақ құс болғандықтан, сатырлап жанған оттың дыбысынан ояна келіп көзін ашса, алдынан жалт-жұлт еткен оттың жарығын көреді. Қаршыға отан таң қалып, екі көзін жанған оттан аудармай, қалшайып қарап тұрып қалады. Басқа еш нәрсеге көңілін аудармайды. Осы кеде аңшы бұл көріністі пайдаланып, ақырын қаршыға отырған ағаштың түбіне келіп тұзағын қаршығаның мойнына кигізе қояды. Міне қаршығаны қалай ұстауда бұл әдіс аңшылардың көп қолданған әдісінің бірі.
Саят құстарының жақсы-жаманын ашық айыратын білгіш кісілер болады, оны «құсбегі» деп атайды. Аңшы ұстаған қаршығасының қандай қасиеті барын білу үшін, ұстаған күннің ертеңіне сынатуға құсбегіге алып барады. Құсбегі оның қаршығасын айналдыра қарап, оның не алуға, күніне неше үйрек, неше қаз алуға жарайтынын айтып береді. Егер жаңа ұстаған қаршыға пішін, түр, құлық, мінез жағынан сынына келмесе, «мынау тек бос канат, мұны босқа асырағаннан еркіне жіберген жақсы, бұл дәнеңе пайда әкелмейді, аңға салуға жарамайды» дейді. Құсбегінің айтқаны аңшының көңіліне жақпаса да, кейін тап соның айтқанындай болып шығады.
Жаңа ұстаған түз қаршығасын саятшылар ең алдымен сылап-сипап қолға үйретуге тырысады. Оның аяғына балақ-бау тағып, ұзын қайыстан не шылбырдан шыжым байлап ұстайды. Үйге кіргізгенде шыжымды шешіп, биік тұғырға қондырып, аяғындағы балақбаумен байлап қояды. Жаңа ұстаған асау қаршығаны екі-үш күнге дейін ұйықтатпай қолға ұстап, әлсін-әлсін оятып отырады. Көзіне тұзды су тамызып, үстіне су бүркіп мазасын алады. Қаршыға әбден тынышы кеткен соң, ұшуға талпынып, қанатымен қатты қиналады. Міне, сол кеде саятшы оны жұбатуға тырысып, денесін аялап, сипап, қанат-құйрығын сүзіп, әлпештей бастайды. Иесінің бұлай аялап әлпештегені кейін қаршығаға өте сүйкімді көрініп, енді артық шадыр мінез көрсетпей, саятшының не істегеніне көңіл қойып жуаси береді. Сонымен қатар жемге үйреніп, қолға шақыруға келеді.
Қаршығаға жемді күніне екі рет береді: таңертең және кешке жақын. Жемге даладан күнбе-күн ұстаған түз құсының етін береді. Мал етін бергенде оны жаңа күйінде ұсақ турап таза суға салып ақжемдеп береді.
Осылай сылап қолдан жем беріп үйреткен соң, біраздан кейін қаршыға қолға ұстауға үйреніп, адамға жуық бола бастайды. Осыдан былай қарай оны енді құс алуға баулиды.
Аңшылардың қолданған тәжірибесі бойынша, баулудың бірінші сатысы ұшырған құсты қолға қайырып үйрету.
Саят құстарын ең алғаш қайырып үйреткенде білгіш саятшылар қолына тері биялай киіп, қаршығаны өзінен он қадамдай жерге бос қояды да қолына бір жапырақ қызыл етті ұстап құсқа көрсетіп: «по, по, по, по, кел-кел» деп қызылға шақырады. Қаршыға қызыл етті көрген соң ұшып, тері биялай киіп ет ұстаған саятшының оң қолына келіп қона кетеді, келіп етті шоқып жей бастайды. Бұдан кейін саятшы қаршығаны өзінен алыстата-алыстата отырғызып, бұл тәжірибені әлденеше рет істейді. бірнеше баулудан кейін қаршығаны «по, по»-мен шақырып, алыстан қайыруға үйретеді. Бара-бара қаршыға бұған әбден төселіп, иесінің айтқан сөзін түсінетін болып, оның жақсы серігі бола бастайды.
Қаршығаны қайырып баулудың бұл сатысы өткен соң,оны енді даладағы түз құсы үйрекке қосып үйретуге алып шығады. Қаршыға жаратылысында түз құсын алып жеуге бейімделген «қанішер құс». Сондықтан ол далаға алып шығысымен екі көзін жан-жаққа тігіп, ұшқан құстың соңынан түсуге тап-тап беріп отырады.
Саятшы қаршығаға ең алғаш үйрек алдырып баулығанда, оның ұстаған құсын жалма-жан құстың тұяғынан айырып, түтеттірмей, аңды таза, бүтін қалпында үйретеді. Кейін қаршыға мұны да жақсы түсініп, қаз, үйрек, дуадақ алатын болса, оларды тек қиып түсіріп, аңшының келіп жетуін күтіп отыра береді. Міне бұл да қаршығаның есті құс екенін көрсететін жақсы сипатының бірі.
Қолға жаңа үйреткен тұйғын, сұңқар, лашын сияқты құстардың да қайырып баулынуы қаршығаны баулығанмен бірдей. Оларды ең алғаш құсқа салып баулығанда желсіз тымық күні далаға алып шығып шабан ұшатын құстарға түсіріп үйретеді, болмаса ұша алмайтын асыранды құсқа жіберіп үйретеді. Саятшылар қыран құсты бірінші рет құсқа салып үйреткенде олардың ұшқалаң лақпа болмау жағын ескеріп, әдіспен алғыш, табанды болу жағын көздейді. Саят құсын ту бастан бұлай әдісшілдікке үйрету үлкен саяттық жатады. Бұл үшін әрбір саят құстарының мінез-құлқын жақсы түсініп, олардың қас-қабағына қарап іс қылу керек. Аңшылардың тәжірибесі бойынша, жаңа үйретіп жүрген саят құстарын көбінесе кешке жақын күнбатар алдында салған дұрыс. Бұл кез олардың мінез-құлқын, жаратылыс күйіне ұнасымды келетін қолайлы кез. Оның үстіне саятшылық ісін жүйрік білетін аңшылар күнбатар алдын «шабыт уақыты» деп атайды. Бұл көбінесе август-сентябрь айлары. Октябрь түсіп салқын болған кеде кеш батар алдын «шабыт уақыты» деп айтпайды.
Барлық саят құстарын жібергенде бетін желге беріп жіберу тиіс. Әсіресе тұйғын, қаршыға, лашын, қырғый сияқты құстардың бетін желге қаратпай жіберуге әсте болмайды. Өйткені, бұлардың бетін желге қаратып жіберсе тез ұшып көтерілуіне жақсы, егер ыққа қарата жіберсе, онда желмен ыға ұшып, тез күш алып бетін түзеп ұша алмай, дала құсынан жазып қалады, болмаса желдің екпінімен шекеге барып қонады.
Бұларды аңға жіберерде саят құсын оң жамбасқа алып аңды мінер (сол жаққа) қалдырап, елу-алпыс қадамдай жерден ұша бергенде жібереді. Дала құсын қамыс ішінен шошытып ұшыру үшін саятшы әрқашан дабыл қағып отырады. Егер түз құстары жоғары өрлей ұшса, ол аңшы құстың жіте ұшып алуына жақсы болады. Жалғыз-ақ ескеретін нәрсе, қаршыға, қырғый, тұйғын сияқты қыран құстар өзінің мөлшерлі жерінен алысқа бара алмайды. Сондықтан бұлардың ұшатын мөлшерлі жерін күні бұрын білетін сілтемпаз құсбегілік керек болады.
Әрбір қыран құстың өзінің үйреншікті мінезіне қарай, оларды қолға ұстап алып жүру де әртүрлі болады. Мәселен, бүркіт, ителгі бұлар әрқашан қолға ұстап ат үстінде алып жүргенді жақсы көреді. Бұл әрине оның таза ауада бабында жүруіне зор себеп болады. Егер ылғи үйде отыра берсе, іші кептеліп, еті көбеңсіп, бабынан бұзылып қалады.
Бұларға қарсы тұйғын, қаршыға, сұңқар, қырғый сияқты құстар қолға көп алып жүргенді артық жақсы көрмейді, олар қолға көп алып жүрумен шаршап, азып, еріншектеніп қалады. Оларды көбінесе күні бойы үйде тұғырда отыртып, «кешкі шабыт» уақытында салса өте көңілденіп ұшады.
Саят құстарының ішінде адамға тез үйір болатыны көбінесе қаршыға. Баулып үйреткенде не қайырып құсқа салғанда қаршыға басқа саят құстарындай артық мәуетек болмай, икемге тез көнгіш келеді. Ол қашан да болсын артық күй таңдамай, аттылы, жаяу болса да көне береді.
Саят құстарын бірнеше әдіспен ұстайды, олардың ішінде көбірек қолданылатыны қақпан, тор, тұзақ. Бұл әдістер көбінесе ірі құсқа қолданылады. Балапан болса оның қанаты қатып ұшуға таянған кезінде ұядан алып асырайды.
Қақпанды не торды аңшы, құсты ұстаушыл ар күзге қарай құрады. Өйткені бұл кез тез қарайып ұстаудың ең бір қолайлы кезі болып саналады. Саят құстары қыстап шығатын таулы, орманды жерлерде қыс бойы құрып шығады. Бүркіт болса оны көбінесе жем алған жерінде аңдиды. Егер, аңшы бүркітті жем алған жерінде көрсе, оны жемінен айырып, сол жемнің үстіне қақпан не тор құрып тастайды. Түз қыраны бүркіт неше күн өтсе де аяғынан айырған жемге бір айналмай кетпейді. Сол жолы балапанынан ұшып, тауда жүрген жас бүркіттерге қолдан тірі қоян жіберіп алдаумен қолға түсіреді. Бүркіт қоянға түсіп, азырақ жеп тояттанған соң, оны жемінен айырып, жоғарыда көрсеткендей қақпан, тор құрып ұстайды.
Бүркітті ұстау үшін, айырған жемнің айналасына қар қалап, оның аузынан есік шығарып, қақпанды сол есік шығарған ауызға құрады. Егер тормен ұстауды ойласа бүркіт түскен жемді айнала шыбық шаншып, торды соған құрады. Құрған тордың іргесінен бүркіт жорғалап кіргендей ашық жер қалдырады. Құстар өзінің әдеті бойынша не тордың үстінен, не тордың қасынан жер бауырлап іргенің ашық жерінен жорғалап кіреді. Сөйтіп жемге қызығып кіремін деп жүргенде бүркіт торға шырматылып бір оралған соң жазылып кете алмайды. Бірақ бүркіт жасқанбай келу үшін тордың түсі сол жем жатқан жердің түсімен бірдей болып, бүркіт оның жасанды зат екенін сезбестей болуы керек. Ол үшін торды жердің үстіне ұйқас келетін қылып жасайды. Мәселен қар жоқ күзгі боз шөпті жер болса тордың тұсының құбақай сұр болғаны жақсы. Қысқы қар жатқан кезде - ақшыл, бозғылт болып келгені бүркітті сескендірмей күдіксіз ұшып келуіне жақсы болады.
Бүркітті ұстау үшін қақпан құрса, қақпанды аңдып отырып қолма-қол айырып алмаса, ол құстың аяғын қиып іске жаратпай тастайды. Оның үстіне қақпан қысқан аяқ суықта үсіп кету қаупі тағы болады. Торда қауып жоқ, бүгін құрып кетіп, ертең келіп жазып алуға бола береді. Дегенмен жемге тор не қақпан құрғанда аңшы бойын көрсетпей алысқа барып бой тасалап отырғаны жөн, әйтпесе құс адам жақын жүргенде одан сескеніп адамның көзінше түскен жеміне келмейді. Құстар да өзінше әдіс қолданып көз көрім жерге ұшып кетіп, алыстан бақылап сақтанады. Алған жемін тек оңашада келіп жейді.
Бүркітті қолға түсірудің бір түрі оны жаз күні ыстықтап отырған кезінде ұшқыр атпен қуып ұстау. Бүркіттер жаздың шыжыған ыстық күндерінде жалқау тартып, маужырап ұша алмайды. Ондай күндері олар таусыз ағашы жоқ жазық жерде кездессе аттан қашып құтыла алмайды, тек салпаңдап бір-екі шақырым жер ұшып қона береді. Біраздан соң тіпті болдырады. Алғашқы қуғанда демін алдырмай жылдам барып қалса сасқалақтап ұша алмай тез қолға түседі.
Бүркіт ұясын аса қиын шың тасқа салады, не қалың жыныс ағашқа салады. Ол сонша сақ құс болғандықтан адам ала алмастай берік жерге барып ұялайды. Сонда да оның ақылын тауып балапанын алады.
Бүркіт ұясын шың, құз жартастың ішіне салса, оны іздеген аңшылар ұзын арқанды біреуінің беліне байлап оның бір ұшын орнықты жерде отырған өзінің жолдастарына ұстатып, асылып түседі. Айналып кетпеу үшін беліне көлденең сырық ағаш байлайды. Балапанның жатқан жеріне құз-тастар кемерленіп барғызбайтын болса ұзын қармақпен тұзақтап алады. Ұяның асты үсті өте құз болып адам бара алмастай болса, балапанның қанаты қатып ұшуға таянған кезінде, үстінен қоңырау қағып салдыратып, болмаса тақау жерінен мылтық атып шошытса - балапан жерге ұшып түседі. Қалың ағаштың ең биігіне жасаған ұя болса онан да осылай шошытып түсіреді, не сатымен көтеріліп алады.
Бірақ саят құстарының балапандарын жас күндерінде алуға жарамайды. Ондай көкше балапан жетіліп құс болуы өте қиын. Бүркіттен өзге ұсақ құстардың балапаны болса, тіпті кемшілік қылады. Саят құстарының алғыр қыран болуы үшін түзден түскеннен артығы болмайды. Әсіресе тұйғын, тұнжыр, қаршыға, сұңқар, қырғый осы бес түрлі құс балапан күндерінде асырауға көнімді болмайды. Жетіліп құс болып іске жарамай босқа өліп қалады. Балапанынан асырауға көнетін құстар: бүркіт, ителгі, лашын, жағалтай, тұрымтай. Бұлардың барлығын тамағын тоқ қылып, тәрбиесін жақсы қараса тез құс болып шыға келеді. Өйткені бұлар көнімді құстар.
Саят құстарының кейбірі (қаршыға, лашын, ителгі) желбесін (адал) құстармен бірге қысқа қарай жылы жаққа қайтады. Сентябрь жұлдызы туған соң жылы жаққа қайтатын қыран құстар дайым ағашты, өлкелі жерлерде көбірек жүреді. Аңшылар құстардың қырандарын әсіресе осы кезде ұстап қалуды талап етеді. Қыстамаға қалған «мұзды балақ» құстарды қысқа қарай ұстайды. Орманды, таулы жерді мекендеп, бойына сеніп, қыстамаға қалған құстарды «мұзды балақ» деп атайды.
Түзде жүрген даланың тағысын қолға түсірген соң ерекше ой бөлетін нәрсе, оларды баулып, тәрбиелеу, пайдалы іске жарату. Саят құстарын баулып үйрету түрлері бас-басына бөлек-бөлек болады. Саят құстарының ішінде бабы қиын болатыны әсіресе бүркіт. Өйткені, бүркіттің алатын аңдары айлакер, мықты болғандықтан, олардың алуы өте қиындықпен түсіп, бүркіттердің салуы да өзге құстардан қиынырақ болады. Бүркітті баптап отан азулы аң алғызуды еш оңай деп айтуға болмайды. Бұл сонша алысуды керек қылып, қиындықпен түсетін болған соң, Абай оны «жеке батыр шыққандай қан майданға» деп суреттейді.
Бүркіттің аң алғаны әркімге қызықты. Оның ішінде, қыран мен азулы аңның алысып қызыл қанға боялып жатқаны әсіресе саятшының құмарын тарқататын іс.
Міне осындай қызыққа батырып, әрі олжа түсіретін түз қыранын баптап іске жарату бір ғана есебін тапқан шеберлікпен ерінбеген еңбек арқасында ғана болады. Түз қыранын өзінің ықпалына түсіріп, айтқанына көндіретін мініскер саятшы бір ғана.
Қолға ұстаған бүркіттердің өмірі түрлі жағдаймен байланысты болғандықтан, олардың баптауы да төрт түрге бөлінеді. Мәселен, түзде ұсталған асау бүркіттің бапталуы, екінші ұядан алынған қол бала бүркіттің баптауы, үшінші түлеткен дағдылы бүркіттің баптауы, төртінші қатырып отырған жайлауыш бүркіттің баптауы.
Түзден ұстаған асау бүркітті баптағанда оның аяғына бау татып, басына томаға кигізгеннен кейін жембасар (тегеурін) дейтұғын мықты төрт тұяғын азырақ мұқап қарып қояды. Өйткені түзде жүрген бүркіттің тұяғы өте үшкір болып, қысса биалайдан өтіп қолды жаралайды. Оның үстіне, жаңа ұстаған асау бүркіт әрқашан аяғымен шауып, аузымен тістеп отырғыш болады. Оны ең алғаш қолға үйреткенде тұмсығын өзінен бұрын ұстап қысыңқырап қойса, тістеуін қоя бастайды.
Асау бүркітті үйреткенде оны қолдан түсірмей, аса сақ болып, өте жұмсақтықпен сылап-сипап бойға үйрету керек. Бұдан кейін томағасын алып көзін ашық қойып, үй ішіндегі адамдардың жүрген-тұрғандарын көрсетіп, жалықпай айналдыра берген жақсы. Жаңа ұстаған бүркіт адамнан жасқанып қорқақ келеді. Оның денесіне қол апарғанда әрқашан бауыр жағын сипап, қатты жұлқыламай, түрткілемей, ақырын жүндерін тарап, қанаттарының астын, екі сандарын ұстап, қауырсын жүндерінің қобысына қол апарып, құйрықтарын салалап шығып отыру керек. Қолды сыртынан апару әсте жарамайды. Шошығыш болады. Етін ауыртқанды, шошытқанды бүркіт өмірі ұмытпайды. Және бір шошыса ол жуырда жуасымайды.
Бүркітті сылап сыйлауға үйретіп, шауып тістеуден жуасып, кісіден шошып қашқақтауын қойған соң, енді биялаймен қызыл жем ұстап шоқытуға үйретеді. Бір екі шоқып көрген соң аш бүркіт дәндеп адамның қолынан тамақ беретінін сезе бастайды. Бірақ асау құс алғашқыда көп жей бермейді. Жегісі келгенде де көп жегізбей тарттырып айырып алып отыру керек. Бүркіт неғұрлым ашығып қажыса соғұрлым адамға тез үйренетін болады. Асау құсты бір жұмаға дейін түнде ұйықтатпай ашықтырып ұстаса ол есеңгіріп тез жуасып қалжырайды. Ұйықтамаса еті де жылдам арықтап, бойында жылдам береді. Күндіз қанша айналдырғанмен түнде ұйықтап алса бүркіт тыңайып шақырайып шыға келеді. Бүркіт үй ішінде алқынып бойы қызған кезде ішіне таза мұздан азырақ салып бойын салқындатып отыру керек. Бірақ көп салуға жарамайды. Бүркітті әр қашан тұғырға қондырып, мықты байлап, томағасын алып қойып үйрету керек. Үй ішіндегі кісілерден шошымай қызылға келетін болған соң, күндіз жуас атпан далаға алып шығып томағасын алып, даланы көрсетіп атқа үйрету керек. Ат үстін алғашқы көргенде оны да жатырқап, басына, құлағына қарап, жалтақтап сескеніп отырады. Көптің жайылған жерлеріне дабыр-дұбырға да көбірек ұстап сезімін, көзін үйретіп, дағдыландыру керек. Кісімен жылқыдан басқа бүркітке ауылдағы итті, төрт түлік малды да көрсетіп үйреткен жақсы.
Бүркітті томағалап көзін қараңғылап қойғаннан жарықты көрсетіп ұстаған анағұрлым пайдалы болады. Бүркітті ең алғаш рет қолға шақырып үйреткенде оны үй ішіндегі тұғырға қондырып қойып, ұзын баудың бойында жерден шақырады. Егер оған келсе енді алысырақтан шақырып үйретеді. Үй ішінде қолға келетін қылып үйреткен соң енді ұзын шыжым жіп байлап далаға алып шығады. Далаға апарып томағасын алып, биялайдан азырақ қызыл тарттырып одан кейін қызылдан ақырын айырып жерге қондырып. Құсты бос қойып ең алдымен жақынырақтан бір қабат шақырып көреді. Оған келетін болса бүркітті енді төменірек тастап жоғары қарай бір неше рет шақырып мінезін байқайды. Егер келерлік болса шыжымнан босатып жіберіп алыстан шақырып дыбысқа үйретеді. Дауыстап «кел-кел» дейді. Шақырған дауысқа түсініп қолға келгенде жемге дәндетіп жегізіңкіреп алады.
Алғашқыда жаяу шақырғанға үйреніп босатпай еріп отырса, онда кейін ат үстінен шақыра бастайды. Атпен шақырғанда желсіз күні жазық жерден ат үстінен бір қабат жем тарттырып алып жерге тастап тағы да «кел-кел» деп шақырады. Шақырғанды біліп жоғары көтеріліп келсе жемді көбірек жегізіп дәндеткен жақсы. Жемді аз жегізіп көп шақыра берсе жалығып еріншек болады, табаны қайтып кежір болып, отырып қалады.
Шақыруға келген сайын алыстан айғаймен шақыра берген дұрыс. Осылай шақырып дағдыландырған соң, шақыруға алыстан келген кезеңінде тоят беріп байлап қояды. Ертең кешке жақындағанда тағы да осы ретпен үйретіп күнінде әлденеше шақырып үйретеді. Ең соңында бүркітті адамның соңынан еріп жүретін дәрежеге жеткізіп әбден еліктіріп алады. Аңшылардың тәжірибесі бүркітті ең дұрысы түстен кейін баулыған жақсы. Бұл кезде бүркіт алабұртпай саятшыны тыңдағыш, оның айтқанына көнгіш келеді.
Бір айтатын нәрсе асау құстардың қанат - құйрықтарын сүзіп байлаған дұрыс емес. Таранып қасынғанды құйрық-қанаттағы байлаған жіпке тұмсығы тигеннен кейін өз денесінен өзі сескеніп, қышынып, таранбай кіржиіп отырып қалады. Құстардың қасынып таранғаны, аяғын, қанатын созып керілгені, болмаса жұдырығын түйіп барлық жүндерін түгіп жіберіп дүрілдетіп сілкінгені - оның денсаулығын мықты болу үшін өте керек нәрсе. Ол құстың сергек отырып, өзіне өзі келіп құрыс тырысының жазғанын көрсетеді. Екінші жағынан құстардың құйымшағының үстінде жүндерін майлап ажар беретін майлы жүні болады. Құс одан тұмсығымен май жұқтырып алып барлық құйрық-қанаттарын сылап, қанат-құйрықтарының түктерін қуратпай жаңғыртып отыру үшін керек болады. Егер құстың қанат-құйрығы сүзілу болса осының бірде-бірін істей алмай мүгедек болады. Құстың бұлай майлап таралуы оның денсаулығы үшін қатты керек. Және оған ұшқанда да қанат құйрығының еркін бос болғаны пайдалы. Қанат-құйрығы сүзілген құс шүмеңдеп ұша алмай, аңға түскенде ыңғайы кетіп ұстай алмай сорлы болады.
Кейбір саятшылар құстың қанат-құйрығын тек қашады деп байлайды. Бұл әрине дұрыс емес, бойын беріп мінезі түзелмеген, етіне түспеген құс, құйрық-қанаты қанша сүзілгенмен қашуға ұмтылғыш келеді.
Осы айтылғандардың бәрі құстың мінезін қалай жуасытып, оны қалай үйрету турасындағы әдістер. Біз жоғарыда да айттық, түз құсы адамның ықпалына бір ғана ашығумен, азып арықтаумен ғана көнеді деп. Жаңа ұстаған түз құсын арықтату үшін оған құстыратын қоялар, ас болмайтын нәрсіз арық ет, не ағартып жуылған жемдер беріледі.
Саят құсын қайыратын жем екі түрлі: бірінші арық малдың таза еті, екінші арық аңның еті қызылдай беріліп және жеген жемінің шамасына қарай қоңыр салқын суды құстың аузына түтікпен жібереді. Қоңыр салқын су қызылдай жеген жемді құстың жемсауында бөрттіріп жылдам сіңіріп бойына жұқтырмай, ішін шайып тазалауға жақсы. Құсқа жем дайындағанда етті жұқа ұсақ турап, майымен сіңірін жібермей, ыңғай қара етін алып жем аяққа салады. Содан жылы сумен бір қабат жуып төгеді. Бұдан кейін суық сумен қайта-қайта шайқап араластырып, екі-үш қабат қанды суын төгіп тастайды. Содан жем аяқты суық сумен толтырып, жемді су ішінде бес-алты сағаттай тұрғызады. Су ішінде тұрған жем бозарып дәмі кетіп бөртпеге айналады. Ең соңында осы боз бөртпені құсқа тойғанынша жегізеді. Міне майлы құсқа берілетін жем осы. Майы аз құсқа қызыл беріп артынан аздап түтікпен су жіберіп отырса қалыпты етіне түседі.
Жемді дұрыс берумен қатар қалыпты етіне түсіру үшін ең керекті нәрсе оның ішін тазалау, ол үшін құсқа қоя беріледі. Қоя ащы тұщы болып екіге бөлінеді: тұз, бұрыш, қара шай, мұсатыр, жас тал бұлар ащы қоялар. Сары қант, ақ қант, ақ тамшы, мақта, қоян жүні, құстың мамығы, жаңа кигіз, қу күде, қу сүйек, бұлар тұщы қоялар.
Майлы асау бүркітке ащы қоялар беріледі. Ащы қоя-құсты тітіркентіп, ренжітіп, шегін кеңейтіп, майын ыдыратып қазысын жыртуға керек. Еті арық құстарға бөтекесін тазалап құстыру үшін бұрыш пен мұсатырға қант қосып береді. Ішін өткізіп шегін тазалау үшін қара шай, қант, ақ тамшы (мята) беріледі. Құстың ішіндегі қылшық қыбырды түсіріп шегін тазарту үшін мақта, мамық жүн, кигіз қоялар беріледі.
Шектерінде май барма деп күдікті болғанда қу сүйек, қу күйде беріледі.
Қояны қалай болса солай кез болған құстардың бәріне бере бермейді, олардың сау, жуастығына, арық, семіздігіне қарай лайықты қоя береді. Арық құсқа күшті қоя берсе оны көтере алмайды. Семіз құсқа жұмсақ қоя берсе оның пайдасы да болмайды. Соның үшін осы айтқан қоялар құстардың күйіне қарай беріледі. Әсіресе түзден түскен асау құсқа ащы қояны көп берген жарамайды. Түз құсын ылғый сулы жеммен қайыруда дұрыс емес. Не далада еркін жүрген түз құсы қысқанды көтере алмай, дертке жылдам шалдығады. Оны неғұрлым түздегі жеміне тақау жеммен асырып, басқа тәрбиемен жуасытып етіне келтіріп алуға керек. Жаңа ұстаған түз құстарын көбінесе аң етімен қайыруға керек. Оның үстіне жылы қан беріп отырған аса пайдалы болады. Асау құс шақыруға әбден келгіш болған соң аңға алып шығуға болады. Асау бүркіт ең алғашқыда аңға қолдан тура ұшып кете алмай жасқанып, аңды көріп алғысы келсе де жүрегі тарс-тұрс соғып адамнан қорқып отырады. Қолдан нұсқанқырып ұшырып жіберіп айқайламай тура шаппай қарап тұру керек. Аңды барып ұстаса тасырлатып қатты бармай, атты алысырақ тастап, қырындап биялаймен жемді ұстап көрсетіп барады, онда да аяғындағы аңды ұстап айырмай өзіне қоя беріп, алысып қытығы жазылып ашуы басылып жұла бастағанша күтіп отыру керек. Жеуге айналып бір жерін тескенде қолдағы жемді сол жеріне ұстап жақсы тояттатып алып, аяқтарын ақырын еппен бір бірлеп босатып айырып алады. Бірақ томағаламай сипап демін алғызып, алған аңын көзіне көрсетіп бойын үйретіп отырса көңілі әбден жайланып бір сілкініп алады.
Асау құстың жаңа бау ашқан аңынан жылы қан ұртатпаса ол айнып қалады. Асау бүркіт ең алып бау ашса, аспандай айналып жүріп тау кезіп қайта қолға шақыруға келсе оның әбден сенім бергені, мінезінің түзелгені болады.
Қол бала бүркіттің баптауы . Ұядан алған балапан бүркіт майлы семіз болса, жоғарғы айтылғандай ақ бертпемен майын жұқартып алады. Арықтаған соң бірақ үйретемін демей бүркітті күнінде қолдан түсірмей сипаудан босатпай үйрете берген жақсы. Көр балапан бүркітті тұғырда отырғанда томағасып алып ұстау жарамайды, ол томағасыз отырса, итке шауып жақындаса түсіп қалады.
Қолбаланың майы арылысымен шақыруға тез келгіш болады. Қызылын толық ұстап желді күні таудың жел бетіне, ауылдан аулақ жерге апарып ұшыра беру керек. Оған «есірікті» /тірі аңды/ көбірек бастырып есіріктен тоят жегізе берсе дәндеп аңды жылдам танып кетеді. Қолбала түзден ұстаған асау құстай емес қуас болады. Оған ең керекті нәрсе ұшым үйретіп аң таныту. Қолбаланың етін неғұрлы күйлі ұстамаса ол өзінен өзгеге жабысып әуре қылып мінезі бұзылады. Ақ танып төселгенше оны елсіз жерде малдан ауылдан аулағырақ, шетірек жердегі таудың аңына салған дұрыс.
Қолбаланы құстырғанда қояның ащыларын береді, өйткені оның жемсауында жаман жеммен байланған нәрселер көп болады. Оның мешеу, маймақ болмай өсуі үшін оған әсіресе сүйектің ұнтағы, жұмыртқаның қауызын үн қылып жем қосып беру керек. Осылай асыраған қолбала қоян алып дағдыланса баулынып үйренгенін көрсетеді.
Қолдан асыраған балапан бүркітті бірінші рет қосып үйреткенде қолдан жіберген қоянға, асыранды түлкіге, қарсаққа түсіріп үйретеді. Бұлай үйрету онша қиын болмайды. Елсіз жерге екі-үш рет апарып қосса, үйреніп кетеді. Қол балапанның тау ішінен бірінші рет тағы түлкі алғаны оның аңды жақсы танып қанікенін көрсетеді. Қолбаланың да үйретіп өтіне келтіру жайлары жоғарыда айтылғандарымен бірдей. Екінші жағынан қай құс болса да өтін ауыртып ренжіткенді жақсы көрмейді, ондай болса кісімен өштесіп кетеді. Сондықтан қай құс болса да олардың мінезін бұзбай ұстау саятшылықтың бірінші шарты.
Қол түлек дағдылы бүркіттің баптауы. Қазақ саятшыларының көптен тұтынған тәжірибесі бойынша, ерте түлеп жүні жетілген дағдылы семіз бүркітті тамыз айының 15 нен бастап жемін суға салып қызыл бертпелеп қайыра береді. Күзгі салқын түсе, бүркітті баптауға кіріскенде, құсқа сулы бертпені күн ара беріп, бүркітгің майын жұқартып алуды қажет деп табады. Бір айдан кейін жемді ағарта жуып күн сайын беруге тура еледі. Бірақ ақ жемді бүркітке тойғанынша берген жөн. Табылса арық жылқының етін болмаса қоян етін берген жақсырақ болады. Жазды күні түлетіп семірткен бүркітті түнде қойдың ортасына жүкті арба тартып соның үстіне байлаған дұрыс. Өйткені арбаға түні бойы қой сүйкеніп арбаны қозғап бүркіттің ұйқысын бұзып ұйықтатпайды. Бүркіт ұйқыны өгейсіп жылдам арықтайды. Түнде ұйықтатпаудың мүмкіндігі болмағанда аттың тері сінген терлікке суық суды көп құйып, тұғырдың үстіне жауып түні бойы соған қондырып далаға байлап қойған жақсы.
Түлекте семіртіп отырған бүркітті ыстық күннің көзіне қызыл желдің өтіне байлау әсте жарамайды. Оның жүні жаңа түрленіп келе жатқанда бүркіттің түнгі салқында далада болып күндіз көлеңкеде болғаны пайдалы. Бұл бір жағынан оның денсаулығына дұрыс болып, етінен түсуіне әсер етсе екінші жағынан салқын жайда тұрған оның көңілін сергітіп, жақсы ұшымды болуына себеп болады.
Түлекте отырған бүркітті әрқашан қыспай қайырып оның майы әбден арылып бабына келгенде ұшырған мақұл. Тұғыр теуіп шарланған құс майы арылмай ұшса қызыл май болады. Түлекте семірген құстың асығып қайырса оның қазысы жыртылып, бабына түсе алмайды. Түлектен шығарған құсты күннің салқын тартқан кезінде ұшырған дұрыс, онда құс бұзылмай бабында болады.
Бүркіт етіне түсіп жылы күнде аң алса аңның ыстық етінен жегізген жарамайды. Өйткені құс ыстық қан ұрттаумен бұзылады. Аң сағынған дағдылы құс алғашқы көрген аңын етіне түспесе де қызығып алып қалады. Бірақ аң алды деп мезгілсіз аң алғанына сеніп, қоса беруге жарамайды, ол адамды алдатады.
Семізден қайтарған құсты жайымен баптап, салқынды тосып отырып қосқан жақсы. Құстың қызылын толық ұстап майын тазартып салса ол уақытта құс бабында болып ерінбей ұшады. Және мықты аңмен алысқанда әлденіп қуатты болады. Майланып қайтарылған құсқа бапты етіне жақындағанда екі-үш қабат қу сүйек не қу көдеден қоя берген жақсы. Қу сүйекті отқа өртеп аппақ болып қуарған соң үгіп елеп алып, таза шүберектен ұзынша бір тұтамдай қалта тігіп, соны толтырып аузын тігіп құстың аузына салып жібереді. Болмаса қу көденің әбден қуарғанын жиып алып бір тұтамдай қылып жұмырлап құс аузына сиярлықтай етіп екі басын шуда жіппен буып, тұжырып, сыптығырлап құстың аузынан салып жібереді. Бұл екі түрлі қоя да құстың шегін аралап ішін сүзіп тазартып аузынан түседі. Бұл әсіресе іші майлы құсқа аса пайдалы болады. Бұлардан өзге құстыратын, ішін жүргізетін қояларды да саят құстарының күйіне қарай бере береді. Әсіресе ащы қояларды орынсыз беру пайда орнына зиян келтіреді. Сондықтан одан сақтану керек.
Жаз түлетпеген жайлауыш бүркіттің баптауы. Жазғы түлетпей қатырып ұстаған бүркіт майланбай қағылшаң арық болады. Бірақ сол арық бойынша оның қызылын көтеріп етін жұмсартып алу керек. Бүркіттің жемін суға салып бөртпелеп оны тойғыза күніне үш-төрт қабат берсе бүркіттің қызылы жұмсап көбеңсіп, еті көтеріле бастайды.
Сентябрьдегі салқын күндерде бүркітті қызылға шақырып мінезін түзетіп, ұшыра беру керек. Бұдан қара кемік жайлауыш бүркіт қашпайды.
Түлемеген бүркіт күзгі салқын түсе таранып қышынғыш келеді. Қанат-құйрығынан бірен-сарандап босатып жүн түсіре бастайды. Сондықтан оған қан сіңгізбей етін семіртпей ұшыра берген дұрыс. Бүркітті неғұрлым ұшыра берсе ол таранбай, түлемей аман отырады. Жайлауыш бүркітке де күн көзінде отыру пайдалы болмайды, құс баласы оның ішінде бүркіт әрқашан салқын жайды, таза орынды ұнатады.
Одан кейін тірнек жасында қатырған бүркіт күйшіл болмайды. Түлекте отырып қайырған құсты қатырған жылында жылы күнде ерте ұшыру және жарамайды. Жер қатырып ұстаған бүркітке әрқашан бірқабат ащы қоя беріп құстырып алу керек болады. Аңға ұшырып салып жүргенде қоян жүні, не мақта қоямен бір қабат ішін тазартып алған дұрыс. Бірақ арық құсқа қояны жиі беру жарамайтынын ұмытпау керек.
Ителгіні баптап аң-құстарға салу жайлары
Бүркіттен соңғы саят құстарының ішіндегі аңға түсіп азусыз адал аңдарды алатыны ителгі. Ителгі бүркіттей қарулы болмаса да жансебіл, ержүрек қорықпайтын құс.
Ителгі бүркіттерше қосқан нәрсесін ұстап қалмайды, аңдардың үстінде ұшып теуіп жығып алады. Бүркіт тәрізді бұған да томаға тигізіп алады. Томаға кигізбесе ителгі талпынғыш, тынышсыз болып, қанат-құйрықтарын сындырып дамылдамайтын ұрыншақ келеді.
Бүркіт сияқты асау ителгіні де қолдан түсірмей, сылап-сыйпаумен жуасытып үйретеді. Ителгі асау күнінде қол тістегіш. Қияңқы келеді. Бірақ тұмсығын қысыңқырап қойса жуасып тентектігін қояды. Ителгі бойын беріп үйренген соң өте жуас болады. Ителгі жуасыған соң, оны қолдан түсірмей қызылға шақыра берген дұрыс. Және шақырған сайын тоят беріп дәндетіп қолға үйретеді. Қызылға келгіш болса ителгінің жөнделгені.
Ителгі жемге шыдамды, қанағатшыл құс, күндізгі жемін шақырумен қызылдай жегізіп, кешкі жемін жуып ақ бөртпелеп берген жақсырақ болады. Және ителгіге жемнің қанын алып бермесе еті кемімейді, оның үстіне қызылды аз жеп, бөртпені көп жемесе етіне түспей сан еті ашаң бола береді. Екі жақ төс етін төстің шыбығымен бірдей қып босатып, майдан тазартып алса ителгі жақсы ұшады. Қызылы төмендесе ителгі салпаңдап ұша алмайды.
Тағы бір айтатын нәрсе, ителгінің жемсауында cap жалқаяқ құсығы болады. Оны түсіру үшін мұсатыр мен қантты майға үгіп, екі есесін мұсатыр бір есесін қант қылып бір атым насыбайдай қылып араластырып таза ақ матаға орап ителгінің аузынан салып жіберсе құсады. Ол әбден құсып болғанда қалтасы түсетін болады. Бір құстырғанда тазармаса, екі күн өткізіп тағы құстыру керек. Ителгінің зердесі тазарса шақыруға келгіш болып, аңға қосқанда шабытты болады. Түзден түскен ителгі айғайға келсе етіне түскені содан белгілі. Ителгі бабында жүрсе сергек елгезек болады, бабында болмаса сылбыр жалқау келеді. Бабында жүрген ителгіні ат үстінен түсірмей аңға, құсқа сала беруге болады. Оның үстіне түз ителгісі шақыруға алыстан келетін болған соң, аң, құс алудың жайын өзі де жақсы біліп бау аша бастайды.
Ұядан алған қол балаң ителгі алғашқы кезінде аң-құстарды артық танымайды. Сондықтан оған түздің аң-құстарын көбірек бастыра беру керек. Және бастырған аңның бәрінен тоят жегізген жақсы. Сонда ол кәнігіп дәндей береді.
Балапан ителгінің бір ерекшелігі - ол неден тоят жесе, соның қолында өледі. Аңның үлкенін үлкен деп қорықпайды.
Ителгіні аңға салғанда итпен бірге үйретеді. Ителгі аңдарды аспандап шығып теуіп, көзін ойып мұқатады. Сондықтан ителгінің тегеурінінен аңдар қашып құтыла алмай, қорғаланып, айналып жүргенде, артынан ит келіп ұстасады.
Балапан ителгінің жөнделіп етіне түскені, тау асып кетіп шақыруға қайтып келсе, аң-құстарды қуа білсе, кешікпей бау ашатынын көрсетеді. Ителгіні бау ашарда жақсылап тоят жегізіп алу аса пайдалы нәрсе. Ол неғұрлым тоят жей берсе, сонша жөнделіп, көңілді болып басқа құстардай айнығыш болмайды.
Тұйғын, тұнжыр, қаршығаның баулынуы
Тұйғын, тұнжыр, қаршыға үшеуінің аттарының басқалығы болмаса, жоғарыда көрсетілгендей, олардың заты, табиғат жаратылыстары біріне-бірі тіпті жақын болады. Бұлардың алатын құстары да бір түрлі, үшеуі де бірінің алғанын бірі алады.
Бұл үш түрлі құстар көбінесе қыс айларында қолға түседі және үшеуі де тормен ұсталады. Тұйғын, тұнжыр, қаршыға үшеуінің бабы, тәрбиесі біркелкі болады.
Сыртқы түс жағынан үшеуі үш түрлі құс болса, күтімі, тәрбиесі бір болған соң, олардың баптау жайларын бір қосып баяндағанды дұрыс көрдім.
Бұл үш құс қолға түскеннен кейін қысқы жылы үйдің бір бұрышында, таза жерде асырау керек. Жылы жерде ұстаса оны бұлардың денесі сүйіп және адамға көзі үйреніп тез жуасуына жақсы болады. Бұл құстар оңаша суық жерде отырса, ол олардың әрі денсаулығына зиян келтіріп, әрі адамға үйренбей тағылық асау қалпында қалдыруға бейімдейді.
Қаршыға, тұйғын, тұнжырларды қысқы асырап отырғанда онша семіз ұстаған жарамайды, олардың етін алаңдау қылып, орташа қылып ұстаған жақсы. Бұлай ұстау олардың денсаулығы үшін де, қайыра ұшыруында да пайдалы болады. Егер бұл құстар семіріп майлы болса февральдің ортасынан былай қарай жемді күнара беріп, қайыра берген дұрыс. Бұлай істесе марттың ортасына дейін майы азайып бабына түсетін болады. Марттың ортасынан бастап үй-ішінде қолға алып, сылап-сыйпаудан босатпай бір жұма айналдырса, құстар жуасып көндіге бастайды.
Тұйғын, тұнжыр, қаршыға адамға тез үйренетін құстар. Үй ішінен қызылға шақырып, бірнеше рет жаттықтырып, қытықсыз келетін қып алған соң, жылы күндерде атқа алып далаға жүріп, атқа төңіректегі нәрсеге үйретеді. Түзден жаңа ұстаған саят құстары ат үстін алғашқы көргенде шошып талпынып отырады. Сондықтан атқа мінерде, түсерде құстың бауын оралдырмай, құсты аттың қабырғасына соқтырмай шошытып, сескендірмей сақ үйреткен жөн. Атқа үйренген соң саят құстарын ат үстінен жерге тастап, жемге шақырады. Шақыруға шабандап келетін болса, оларға мұсатыр мен қантты толық атым насыбайдай майға үгіп, екі есесін қант қылып, таза мақтаға орап, жұтқызып жіберсе, бұлардың жемсауын тазартып, бөтегесіндегі қоясын түсіреді. Ақ тамшы быламық жұтқызса да, о да ішін тазалап шығарады.
Тұйғын, тұнжыр қаршығалар семіз болмаса қоясын түсірудің керегі болмайды. Арық құстарға қоя зарар болады. Тегінде ұсақ құстарға жүрегін тазалап, ішін шаю үшін берілетін қоялар: қант, ақ тамшы, мұсатыр, сары қаныт. Саят құстарының ішіндегі қылшық-қыбырын түсіретін жұмсақ қоя адал құстардың мамық жүндері. Олардың мойнын, бас терілерін, жеммен бірге жегізіп жіберсе саят құстарының ішін тазартып шығады. Сондықтан бұл құстарға ақ жемнің керегі жоқ.
Тұйғын, тұнжыр, қаршыға ыстық күндерде құсқа салып жүргенде шөлдемпаз келеді. Сондықтан оларға түнектегі жемін қоңыр салқын сумен бөртпелеп беріп шөлдеместей ету керек және бір мезгілгі жемін сулап беріп отырса, ол әрі сусын болады, әрі қызылын босатып, ішін тазалайды.
Тұйғын, тұнжыр, қаршығалардың күйіне түскені ат үстінен бөгетсіз шақыруға келгенінен байқалады. Шақыруға әбден еріп отыратын болған соң, таңертең ертемен атқа алып жүріп судың жағасына апарып, желбесін құстардың көп жүретін жерін көрсетіп әдеттендірсе, кешке жақындаған сайын ұшып-қонған су құстарын көріп талпынып, қызығып отыратын болады. Бұл айтқан үш құсты ертемен салмай, дала құсын тек көрсетіп, қызықтырып жүрген жақсы, сонда олар шабыттанып алғыр болуына жақсы болады. Оның үстіне кешке жақындағанда бұлар адамның бетіне қарап жалтақтамай, екі көзі ұшып-қонған құстарда болып, мойнын созып, екі қанатын салып жіберіп, екі көзінің алды шұңқырайып, тасаланып, шабыт қылып алас ұра бастайды. Міне, осыны істеген асау құсты ыңғайлы жердегі жар астындағы суға қонған құсқа жанасалап келіп, ұша жөнелгенде сілтеп жіберіп, дабылды ақырынырақ бір-екі қақса, қаршыға ұшып бара жатқан құсқа қадала түседі. Бірақ құс үйренгенше дабылды аса даңғырлатып соңғып керегі жоқ, онда қолдан ұшқан асау құстың өзі шошып, ана қашқан желбесін құсты қумай қалады. Дегенмен, баулынған құс түзік болып судан ұшқан құсты алып қалса оны түз құсының жылы етімен әбден тояттандырып, кәніктіріп алған жөн. Саят құстары әбден жөндігіп төселгенше, оларды судағы құстарға алысырақтан жүгіртіп келіп тастап дағдыландырған дұрысырақ болады. Жаңадан бау ашып жүрген есалаң күндерінде саят құстары алыстан қуып аспаннан іліп дағдыланса, оның өрісі кең, алымпаз болатыны содан белгілі болады.
Тұйғын, тұнжыр қаршығаларды бау аштырып үйреткенде құрғақтағы құстарға ұрындатып (жасырын) жіберіп үйретсе, не аяқ астында жорғалап жүретін тарғақ, бұлдырық, ұзақ, қарға сықылды жақыннан ұшатын құстардан бау аштырса, олар судағы құстарды қумайтын болып, сілтеп тастағанға бармай, жақыншыл болып үйренеді. Алғашқыда алыстан тастап үйретсе ұрындап алуды не аяқ астындағы төмендеу ұшатын құсты алуды өзі де біледі.
Тұйғын, тұнжыр, қаршығаларды неғұрлым күйлі етімен салу керек. Арықтатып алса олардың ұшымы кеміп, әрі дертке шалдыққыш болады. Майы тазарғаннан кейін сулы жем бермей қызылын толтырып ұстау керек. Қай құс болса да, күйіне қарай өнер қылатынын ұмытпау керек. Күйлі құс қуса жетеді, суға жығылмайды, жалтыр сулардың үстінен ілген құстарды көтеріп алып шығып кетеді. Жалтыр судағы жатқан құстарға дабыл қағып, ат екпінімен тастағанда шырқап ең жоғары шыққанын ілсе, тұйғын, тұнжыр, қаршығаның бабына әбден түсіп төселгені осы. Сондықтан бұл құстарды әрқашан неғұрлым алыстан сілтеп, аспаннан шырқатып ілдіртіп үйреткен жақсы.
Лашынды үйрету. Лашын түзден ұсталады. Балапан күнінде ұядан да алынады. Түзден ұстаған лашын өте сергек, зерек келеді. Бұл жануар етіне түссе бойын беріп, жуасыған соң-ақ адамға үйреніп бау аша бастайды. Ұядан алынған көрбала балапан лашын болса ол көбірек баулып үйретуді керек қылып, тірі құстарды бастырып еліктірумен түзеледі.
Асау лашынды үйреткенде оны қолдан түсірмей сылап-сыйпап бойға үйретіп жуасыту керек. Ол үшін түнде ұйықтатпай, күндіз тыныштатпай, баса қайырып етін бір төмендетіп алған жөн. Өйткені түз қырандары бір ғана етінің аруымен адамның ықпалына көніп, айтқанына көнгіш келеді. Түзден ұстаған тағы қырандар еті арықтап бойын беріп, қызылға шақыруға келгіш болған кеде оның қызылын қайтадан тоғайтып күндіз шақырумен қызылдай жегізіп, кешке түнек жемін бөртпелеп беріп отырған жөн.
Лашын қайырған кісінің далбайында /жем дорбасында/ әрқашан шек қарнын алып тастаған бітеу үйрек даяр жүрсін. Қызылға шақырып жем жегізгенде осы үйрекпен шақырып алып қызылдан жегізіп дәндету керек. Егер лашын аспандап алысқа ұшатын болса ол бойын ұзатып барып шақыруға келгенде осы бітеу құсты лақтырып тастап алдырып содан тоят жегізіп айыруға тиіс.
Өзге саят құстарынан лашының жемге шақырудағы ерекшелігі оны көп шақырып отыруға келеді. Күндізгі жемді ылғый шақырумен жегізіп кешкі түнек жемін бөртпелеп қоңыр салқын сумен тойғыза берсе ең дұрысы осы. Лашының жемсауында сұңқар тұқымдас құстардың жемсауының қалтасы тәрізді cap құсық болды. Міне осы құсықты күніне екі үш қабат құстырып асқазанын тазалап отырған дұрыс.
Лашын басқа саят құстары сықылды шетін болмайды, жемге қанағатшыл, құстыруды көтерімді болды. Онымен қабат лашын өте күйшіл, бабына жақсы түспесе қашқақ болады.
Лашының қоясын түсіргенде жоғарғы айтылған қаныт мұсатырмен құстырады. Мұсатыр жоқ болса ыңғай қаныттың өзін мақтаға орап таза ақ араққа малып алып аузына салып жіберсе буда ішін тазартып қоясын түсіреді. Бұдан басқа азырақ қара бұрыш берсе де құсқыш болды. Осы айтқан екі үш қояның қайсысымен болса да екі үш қабат құстырып алу өте керек.
Лашын жөнделіп айқаймен шақыруға қайдан болса содан айналып келіп отырса, саятшы кісіні тастап кетпейтін болса, оған бау аштырып құсқа сала бастайды. Лашында желсіз ашық күні кешкі шабыт уақытында салған дұрыс. Лашынға құстардың судағысы қырдағысы бәрі бір оларға қоса ала береді. Бірақ судағы құстарды ұшырып жіберіп құрғаққа шыға жөнелген кезінде ғана жіберу керек. Су құстары лашынды көрген соң одан сескеніп судан тіпті ұшпай қалуы мүмкін. Басқа саят құстарынан көрі де су құстары лашыннан аса қатты қорқады. Лашын төбесінде тұрса таяз судағы құстар қолға өзінен өзі ұстатады. Анық күйіне түскен лашын түз құстарын алмай қоймайды. Лашын алғысы келіп көңілді болғанда, оның шабытының белгісі төбе жүнін үрпитіп, мойнын созып, шаншыла қарап, құстарды көргенде екі қанатын сабалап қарқ-қарқ етіп, содан қалға отырмайтын болады. Лашын қараңғы түнде де көрімпаз болады. Лашын қаз, дуадақ, тұяқты үлкен қара құс болсын бәрі бір, қажымай ала береді. Және лашын әрдайым үлкен құстарды қиып түсіретін болады.
Сұңқардың баулуы . Сұңқар қолға өте сирек түсетін құс. Сұңқарды балапанында ұстап болмайды, өйткені ол ұясын тапқызбайтын құс. Сұңқар жалғыз жарымдап сібірдің қалың ормандарының ішінде торға ғана түседі. Жас кезінде түзден ұстаған сұңқар қайырып салуға көнгіш келеді. Бірақ түзде түлеп қартайып түскен сұңқар көнбейді. Ол арықтаса ұша алмай күйіне келтіріп салсаң қашқақтап әуре қылады. Асау сұңқар жуасығанша бауын аяғын тістеп қойып дамыл алмайды. Өзге саят құстарын баулыған тәрізді асау сұңқарды да қолға түскен соң көбірек сылап сипап қолдан түсірмей, түнде ұйықтатпай жүдетіп қайыру керек болады.
Сұңқарды жемдеп арықтату, бабына келтіріп қоясын түсіру ителгіні баптағанмен бірдей. Жалғыз-ақ асау сұңқарға тоят бергенде күндіз баулып шақырғанда қызылдай жегізіп кешкі түнек жемін ақ жемдеп жуып береді.
Сұңқар асау кезінде мойнына алқа ортасын тесік былғары кигізіп қоймаса ол бауын аяғын қиып тастайды. Алқаны жұқа былғарыдан не қатырма қағаздан ортасын тесіп басынан кең сыярлықтай қылып кигізіп қояды. Аяғы тістеймін деп аузын апарғанда алқа аяғын жауып тұмсығын аяғына тигізбейтін болады. Одан кейін алқаны кигізген нәрсе неғұрлым жұқа болып жеңіл болмаса ол желкесін қиып мойнына жара салуы мүмкін. Екінші жағынан алақаның алуы салуы оңай болып тесігі кеңірек ойылсын. Оң қолға қондырып отырғанда сол қолмен салып отырарлық болсын. Алу салу оңай болмаса құсты босқа шошытып ренжітеді, кісіні жек көріп мінезі бұзылады.
Сұңқар түнде тұғырда отырғанда алқа оның аяғын тістемеу үшін керек. Оның үстіне алқа киген сұңқар мойнын қайырып ұйықтай алмай қажып қалады.
Сұңқарды ителгіше қызылға көбірек шақырып, «есірікті» (тірі құсты) қайта-қайта бастырып дәндеткен жақсы.
Сұңқар жемге қанағатшыл, бойкүйез қатты күйшіл, адамға тез үйір болмайтын құс. Алайда шақырдың келгіш болып айқайға үйренген соң бау аштырып құсқа сала беруге болады. Бірақ алғашқы алған құстан өзі тойып шыққанша ыстық қан ішкізбей етінен жегізіп алған дұрыс. Сұңқарды арық ұстаса ұшуы кеміп құсқа жете алмайды, сондықтан оның қызылын жұмсатып қара етін толық ұстау керек болады.
Саятшылардың әрқашан ескеретін нәрсесі қай құс болса да арықтықты көтере алмайды, оның ішінде сұңқар тіпті көтере алмайтын құс. Сұңқарды құсқа салғанда оны да тұйғын қаршығалар сияқты сілтеп тастап салады. Сұңқардың бір ерекшелігі ол тамақты тауыспай жеп қанағаттанып, аз көп жесе де жемінің артын қалтырып отырады. Халық аузында айтылатын "сұңқар тамақ", дейтұғын мәтел осыдан шыққан болуы керек.
Қырғыйдың баулуы. Қырғыйды жаз күнінде тұзақтап ұстайды, ағаштарға қонақтап жем алып жеп отырғанда ұстайды.
Қырғый асаулық қылмайды, қолға түскен соң етін ауыртпай талдырып борбайын созып алмай ақырын сылып сыйпай берсе жылдам жуасиды. Асау қырғый қолға қонбай талпынғанда кеудесінен ақырын солақай қолмен көтеріп оң қолдың үстіне қондыру керек. Содан күн сайын сылап сыйпап адамға үйретіп қызылға шақырып үйретеді.
Қырғыйға ақ жемнің керегі жоқ, оған да бермейді. Таза қызыл жемді аз аздан ғана жегізіп қолдан түсірмей сылап сыйпап үйретеді.
Балапан қырғый тіпті жылдам жуасиды. Түлек қырғый болса ол еріншек күй таңдағыш келеді. Бірақ сонда да елігіп бау ашады.
Асау қырғыйды қызылға шақырғанда аяғына жіңішке ұзын шыжым бау байлап шақырады. Екі-үш күннен кейін ол шақыруға келе бастайды. Қырғыйды шақыруға келген сайын қызылмен дәмдетіп жегізе берген жақсы. Шақыруға елігіп бойын берген соң кешкі шабыт мезгілінде жақынырақтан ұшатын бозша торғайды көрсетіп, ыңғайлырақ жерден торғай «дыр» етіп ұша жөнелгенде жіберсе қырғый тұра қуады. Және торғай көтеріле бергеннен-ақ епті қырған қырғый болса қағып әкетеді. Сол жерде қырғыйға алғашқы алған торғайын жақсылап тоят жегізіп алған дұрыс. Қырғый бір алған соң жалақтап дәндей бастайды. Екі-үш қабат алғызған соң қырғыйдың екі көзі шөптің арасында болып топ-топ ұшқан торғайлар да болады.
Бау аша бастаған қырғыйды енді "мүскекке" жығып ұстауға үйретіп баулиды. Мүскек деп оң қолындағы қырғыйды сол жақ қолмен сырт жағынан апарып талпындырмай шошытпай қапсыра қысып ұстауды айтады. Аяғын құйрығының астына қарай жазып жібереді, жығып ұстап тұрып, енді оң қолдың алақанына қырғыйдың бауырын төсеп ұстап, кеудесінен кейінірек қанаттың орта жерінен қатты қыспай ұстаған тәсілді мүскек дейді. Бұл қырғыйды түз құсына ұрын жіберу үшін қолданатын әдіс.
Ұсақ құстарды осылай мүскектеп тастамаса олар құстарға қуып жете алмайды. Мүскектеп алған қырғыйға жорғалап жүрген құстарды көрсетіп келіп, жерге сүріндірмей бір қалыпта тастап жіберсе, құс тастаған қанатын жазбастан қол екпінімен қағып әкетеді.
Қырғый әбден дағдыланғанда мүскекте деген сықылданып қолдың үстіне жата қалады. Мүскектеп тастаған қырғыйдың іліп қалғанын бірақ көресің. Тегінде бір ұшарға келгенде қырғыйдан жылдам құс болмайды.
Жағалтайды баулу . Жағалтайды түзден де ұстайды баласынан да алып асырайды. Бірақ түзден ұстаған түлек жағалтай ылғи қашақ келеді.
Түз жағалтайы қолға түскеннен кейін оның ұзын шалғысының ұшын тым шолақ қылмай азырақ кесіп қойған дұрыс. Кереге қанаттарынан ұзынырақ қылып үш елідей кессе болғаны. Қанаты бүтін жағалтай ұзақ ұшып аспанға айналып әуре қылады. Жағалтайдың алысқа ұзап кетпейтін бір ұшар болып үйренгені жақсы.
Асау жағалтайға қызыл жемді аз-аздап беріп қолдан тастамай бойын үйретіп кешке жақын «шыжыммен» (ұзын бау) шақыратын болады. Шақыруға әбден елігіп келетін болғанда ауылдан аулақ жерге барып, далада отырған торғайдың тобын көрсетіп, торғай ұша жөнелгенде жіберсе де жағалтайдың өзі де қуа жөнеледі. Ол кезде торғай бір пана не бұта тауып қорғалып қалмаса жағалтай оны соңынан қалмай жүріп алады.
Жағалтайдың ерекшелігі лашын сияқты талмай көп қуатын құс және алған кішкене құстарын көтеріп алып қашатын өте қызғаншақ болады.
Жағалтайдың аяқ бауының ұшында кеңірек тұйығы болады. Жағалтай салған кісі қолына дайым ұзынырақ шыбық алып жүреді. Сол шыбықпен ат үстінен тұрып баудың тұйығынан шыбықтың ұшымен іліп жерге басып тұрмаса, жағалтай қасына кісі барғанда торғайды көтеріп алып қашып ұстатпай әуре қылады. Бау ашып төселген жағалтай торғайларды қуып жете алмаса аспандап жүріп қайта қолға келеді. Кісіні тастап кетпейді.
Қырғый тәрізді жағалтай да мүскекпен салынады. Мүскек кішкене құстардың ұшымына пайдалы болады.
Тұрымтайдың бапталуы. Жағалтай тәрізді тұрымтайды да не түзден ұстап алады, не балапанын ұядан алып асырайды. Тұрымтай күй іздемейтін, көнімді, елгезек, ақ еділ келеді. Ол ылғи қызыл жеммен салынады. Тұрымтай шақыруға алыстан келгіш, ерінбей ұшатын құс. Тұрымтайды жуасытқанда қолдан түсірмей екі-үш күн сылап-сипап ұстаса жуасып көндігіп қалады. Таза жемді аз-аздан беріп алғашқыда бірыңғай қызылға шақырып үйретеді. Шақыруға келгіш болып адамның соңынан қалмай қуалап жүретін болса, оның үйрене бастағаны. Одан кейін тұрымтай аспандап жүріп алыстан қызылға келсе торғайға сала беруге болады. Алғашқы алған торғайдан оған тоят беріп әбден тойғызып алу керек. Тұрымтай екі-үш қабат қолдан тортай етін жесе кейін торғайдың соңынан қалмайтын болады. Торғай аттың бауырына тығылып жасырынса да тұрымтай одан көз жазбай аңдып ебелектеп аспанда тұрып алады. Тағы ұшса тағы қуады, алмай қоймайды.
Тұрымтайдың алғанынан қуғаны қызық, ұсақ құстың қуымпазы тұрымтай болады. Жалпы айтқанда қырғый жағалтай тұрымтайлар олжа үшін салынбай тек қызық үшін салынады. Одан кейін бұлардың алған құстарымен басқа ірі тұяқты құстардың жемін айырып, соларды салынбай тұрған кезінде асырау үшін керек болады.
Тұрымтай да мүскекпен салынады. Ұсақ құстар мүскексіз еш уақытта салынбайды.
САЯТ ҚҰСТАРЫН ТҮЛЕТУ, ЖЕМДЕПБАПТАУ, КҮТІМІ, ТӘРБИЕЛЕУ ІСІ
Құсты қолға үйретіп, шақыруға келген соң, енді «бөртпе» болмаса «ақжем» беріп майын кетіру тиіс.
«Ақжем» деп жұқа турап майы мен сіңірлерін алып, жас суындай таза су мен ағарғанша таза жуған шикі жемді айтады. «Бөртпе» деп ілгергіше тазалап жұқа тұраған және ертеден кешке дейін не одан көрі көбірек уақыт суда қойған шикі етті айтады. Бірақ бөртпе жасағанда өте сақ болып, суды әлсін-әлсін жаңартып отыруы тиіс. Егерде ыдыс яки су көп тұрумен борсыса, ол етті жеген құс «бас маңқа» болады. Бөртпені борсыған сумен беруге әсте дұрыс емес, онда іші ауырып, саңғуыры бұзылып, құрсағына «қатар» пайда болады.
Құсбегіліктің ең керек жерінің бірі «Бөртпе» не «ақжем» берген құстың бабына келгенін жетік айыра білу.
Ақжемделген құстың бабына келгенін екі түрлі белгіден білуге болады: бірінші құстың қанат терісін сол қолдың бас бармағымен аялап қысып қарау тиіс. Егер терісі жұқарып, қауырсын түптері қолға білінетін болса, не құймышақтағы ерік сүйекті бас бармақпен қараса, қолға тарақ сүйек түбіне дейін білінсе, онда құстың майы азайып таусылғаны. Олай болғанда құстың ішін тазартуға тиіс. Құстың ішін жүргізіп тазартатын нәрселер қант суы, ауыз тұшытқыш дәрі кәмпит сияқтылар, іші тазарғанның белгісі саңғуырлары ақ қарабас болып түседі, егерде қоңыр сұрғылт болса жақсы болмағаны.
Құс бабында болып, ас дұрыс сіңу үшін оған әрқашан жаңа таза жем беруі тиіс. Жаман жем берсе құсты кінаратқа айналдырып, ауруға шалдықтыру қаупі тумақ.
Аң алатын құстың қара еті қанша толық болса, ол сонша бабына түсіп жақсы болғаны. Құстың етін бабына келтіріп сарабдал қылып ұстаса, оның күшті алғыр болуына ұшқыр болуына зор себеп болады. Сондықтан құсбегі саятшылар аңға қосып жүрген құсты күн сайын аялап ұстап, байқап отырады, оның еті не төмен не жоғары кетпеу жағын қарастырады. Егер жоғары кетсе «Ағартық» (ақжем) беру керек. Арықтап төмен кететін қаупі болса алған аңдарынан сол алған жылы қалпында беріп қара етін көтеру жағын ескеру тиіс.
Жүйрік саятшылар ақжем не бөртпемен баптаған құстың түрін тезінен айырады: бертпе жеген құстың төс еті көп сан еті аз келеді, ақжем жеген құстың сан еті толық төс еті кемірек болады.
Саят құстарын жемдеп тәрбиелеуге аса көңіл бөлетін кез әсіресе оларды аңға қосып жүрген кез. Бұл кезде саят құстарына қашан да болсын олардың алған құстарының етінен беріп отырған жақсы. Бұлай істеу біріншіден, саят құстарының табиғатына хош әдеттеріне жұғымды келсе, екіншіден олардың дәндеп ләззәт алуына, кінарат ауру болмауына себеп болады. Егер құс толық етіне түсіп майы арылған болса, не болмаса дала құсын жиі көп берумен артық еттеніп кетердей болса, онда байқап ақжем не бөртпе беріп тұру лайық.
Мұнда бір ескеретін нәрсе, жас күндерінде жемді орта етіп берген артығырақ болады. Демек құстың жемсауын тығыз ету жарамайды, мұны әсіресе шаршап жүрген кезде өте ескеруі тиіс. Егер де берген жем бойына сіңбей жемсауы сасыса (бұзылса), онда құс кінарат болып өлуіне себеп болады. Сіңбей қалған жемді алып тастау сумен жемсауын шайқап ішін жүргізу керек. Ол үшін мұз болса мұз тауып, мұз болмаса салқын суға қант қосып ауызына құйып сол күні аш қою керек. Бұдан кейін құс сергіп, жемге талпынып, бабына келе бастайды.
Саят құстарын бабында ұстаудың бір шарты - олардың тұрған жерінің кең, таза болуы.
Саят құстары өзінің жаратылысының сүюі бойынша кеңшілікті, тазалықты сүйеді. Сондықтан аң құстарын әрқашан әуесі биік таза үйде сақтау керек болады. Оларды сасып жатқан жаман иісті жерлерде тұрғызуға болмайды, болмаса түтіні, шаңы шығып жатқан қапасты тар орындарға қоюға тағы болмайды. Оларды әрқашан, сасық иісі шығатын қораның маңынан аулақ, адам тұратын әуесі кең үйде, биік тұғырдың үстінде отырғызып қояды. Қыс күндерінде ең жақсысы оңаша жерге киіз үй тігіп, төңірегін суық жел соқпастай етіп мықтап бекітіп, ішіне қамыс төсеп, және ауық-ауық саңғырығын тазартып тұрса, құс кінарат болмай, көңілді бабында тұратын болады. Оның үстіне қыс пен жаздың салынбайтын кездерінде құстың жемін өте таза етіп беріп тұрмаса, былғанышты жемнен құс науқас болуы өте қауіпті. Әсіресе қыс күндерінде қатқан етті тез жібітіп беремін деп пешке қойып күйдіріп, не болмаса топырақ шаңға бұлғап берсе ол жақсы болмайды, оның бер жағында ашыған, не сасыған ет берсе құс дертті болып босқа өледі.
Біздің аңшылар қолданатын он түрлі саят құстарының тоғызын ұсақ құстар деп атайды. Тоғыз түрлі ұсақ құстар қыс жай асыралып отырып, тек жаз шыға, не күз түсе салынады. Қанаты-құйрығы сынып жүні тозғандары болса қыс түлеп шығады.
Бұлардың ішінен жіктелетін бір түрлісі бүркіт. Бүркіт жаз бойы түлеумен отырып күз айлары туған соң аңға қосуға бапталып, қысқа қарсы салына бастайды. Бүркіт қыстың ақпан жұлдызына дейін салына береді. Бүркіттер қыстай салынып жүргенде қанаты, құйрығы, бой жүндері, тұяқтары кеміп, сынып, мұқап, жұлынып тозады. Жаз байланып отырғанда сол тозған қалпында отырғызбай жаңартып түлетіп алу қажет болады.
Бүркітті түлеткенде таза жемге тойғызып семіртсе өз еркімен жүндерін тастап түлей бастайды. Кейде семіргенге түлемей қасарып отыратындары да болады. Өз бетімен жүнін тастамаған бүркітті зорлап ықтыярсыз түлетіп алу үшін әр түрлі түлек жемдер беріледі. Ондай жемнің бірі саршұнақ тышқан. Саршұнақты ұстап алып тірідей бүркіттің алдына тастап жегізеді. Өлген болса да терісін бітеудей жегізе берсе саршұнақтың етімен бүркіт қайтсе де түлеп шығады. Бірақ саршұнақпен түлеткен бүркітті аса майландырған жарамайды.
Бүркіттің жүні майланып семіргендігінен жақсы шықпайды. Бүркіттерді аса майлы жілік қып семірту жалпы айтқанда дұрыс емес, бірақ түлек кезінде қоян етін, мал еттерін сасытпай кешкі салқын түсе тойғыза беріп отырған дұрыс. Әбден семіргеннен кейін екі күнде бір тойғызып отырса болғаны. Арықтау қалпында түлеп қалған бүркіт болса оны күнінде бір қабат тойғызып семірту керек. Саршұнақ коп табылмайтын жер болса күніне бір сары ала қаз не болмаса үйрек етін беру керек. Оларды бергенде мамығын жұлып алып терісін жыртпай ішек-қарынын алып тастап, бітеу бойынша торсыққа не ағаш шелекке қымыз құйып, сол қымыздың ішіне салып ашытады. Шелектің ішіндегі қымызды екі күнде бір жаңартып отырады. Бірақ құс етін қымызға толық батырып ыстық күннің көзіне қойса бір жұманың ішінде ет әбден бозарып ашиды. Қымыз сіңіп толады. Сегізінші күнде құс етін қымыздан алып аз уақыт биенің сүтіне салып тұшытып сол күні бүркітке жегізу керек. Өз бетімен жемесе етті турап құстың аузына зорлап салып жібереді. Оған түлемесе түлетудің енді бір түрін қолдану керек. Жылқының бауыздауындағы екі жақ күре тамырдың қатарында кеңірдекке жабысып тұратын бармақтай екі қара безі болады.
Сол қара безді жаңа сойылып жатқанда үш-төрт жылқыдан жинап алып жылыдай 7-8-ін жегізсе жақсы түлейді. Көп без жылыдай табылмайтын болса қысқы соғым уағында жинап алып, сыртындағы майын, шелін алып тастап, кептіріп сақтаса, кепкен бездің оның сегізін қымызға салып, бағанағы етше бір жетідей ашытып, қымызды жаңалап отырып, без әбден ет болып бозарып жібігенде бүркітке жегізсе, бір жұманың шамасында құстың жүні сыпырылып қалады. Без бергеннен кейін, таза қоян, құс, мал еттерімен күн сайын тойындырып, бүркітті жақсы орташа семірту керек. Түлеткен бүркіт жемнен кем болса, жүні буырланып шыға алмай, қатып қалады. Ең табылмағанда, он күннен асырмай бір тойтызып отыру керек. Түлеткен бүркітті көлеңкелі жерге, үй ішіне байлап, астына көгал жердің шымынан тұғыр қылып отырғызу керек. Жаз шым тұғырға отырса, аяқтарының сыртындағы құж болаттары өсіп, табанының қышы қалыңдап тұяқтары жетіледі. Шым тұғыр табылмаса, ағаш тұғырдың үстіне киіз жайып, киізге су құя беріп, соған отырғызу керек. Күн ыстықта салқын жерде тұрған жақсы, ыстық күндерде кешке жақын үйдің көлеңкесіне шығарып отырғызу қажет. Онда құс бойын жазып салқындап, көңілі жай табады.
Құстарды ықтиярсыз түлететін жемдер осы айтылғандар. Түлеу сағынған дағдылы бүркіттер етін арықтатып барып, жылы қанмен, жаңа жеммен, тойындырып жіберсе де, жүнін түсіреді. Бір арықтап, бір семірген соң көбеңсіп түлеп қалады. Түзден ұсталған асау құстарды, жоғарғы айтылған ащы жемдермен түлетеді. Біз бұл жерде қандай бүркітке қандай түлетудің керек болатынын айттық. Енді қандай бүркітке түлетудің керегі жоқтығына келейік. Балапан жылында қолға түскен бүркіт келесі жылы тірнек жасында болады. Тірнек жылы оның қанат құйрығы, бой жүндері бүтін болады. Сондықтан тірнек бүркітті түлетудің керегі жоқ. Етін арық қып жүнін түсірмей, қатырып, жемді күнара беріп отырса болғаны. Тірнек жылында бүркіттің түзде жүрсе де түлемейтін жасы. Тірнек жылы жүні әрі берік, әрі бүтін болады. Тірнек жылында түлетпесе, тас түлегін сағынып отырып жақсы түлейді, онда ескі жүнін қалдырмайды. Тас түлегін жақсы түлеген бүркіт келер жылы жаңа түлетпесе де болды. Қатырып отыруды қиын көрсе, түлек жем бермей ақ, жай семіртіп ұстаса, тастаған жүндерін шығарып отырады.
Түлеткен бүркітке томаға кигізбей ашық ұстайды. Томаға оның басының шығып келе жатқан жүніне үлкен зарарлы. Түлек кезінде бүркіттің жалаң бас отырғаны жақсы, оның үстіне оның қысқы балақ бауларында алып тастап, балақ жүндерін қажамайтын жеңіл жұмсақ бау тағу керек.
Бүркітті салынбай отырғанында орнын таза ұстап, шаң, топырақ, сасыған, түтін болған жерден аулақ асырау керек. Бұл шартты әсіресе түлеп отырған кезінде берік ұстау тиіс. Ыстық күннің көзіне, желдің өтіне тастау жарамайды. Құс шомылу үшін күннің ыстық уақыттарында алдына үлкен ыдысқа су құйып қою керек. Құс су ішіп салқындап, рахаттанады. Бүркіттің отырған жері болса оған су құйып, шаң болмайтын қылып, сыпырып тастап отыру керек болады. Оның үстіне таза сасымаған жем беріп отыру қажет, аса сіңіре алмастай көп берген тағы жарамайды. Онда сасық жемсау болып дертке шалдығады. Айында бір-екі қабат, таза ақ араққа ет салып, жегізген пайдалы болады. Бір жемдік етке бір қалайы қасықтай арақ сіңірсе болғаны. Көп арақ берсе оны көтере алмай мас болады. Арақ берудің пайдасы құстың ішіндегі құрттарды қырып тазарту үшін керек. Табылса жас қазыны айында бір қабат жегізіп қойғанда жақсы. Қазы болмаса суыр майы, не саршұнақ тышқан майын анда-санда тойғызып қою аса пайдалы. Жем бергенде оны ластап шөп топыраққа былғап жегізу дұрыс емес. Биялаймен ұстап тазалап отырып жегізген жақсы.
Тұйғын, тұнжыр, қаршыға, ителгі, лашын, сұңқар - бұлар қыс асыралып отырып наурызда қайтарылып сәуір туған соң салына бастайды.
Қырғый, жағалтай, тұрымтай үшеуі май туған соң салынады. Сәуірден бастап салынған құстар майдың ортасына дейін салынып маусымның басында түлекке отырып жүндерін шығарып алуды тілейді. Қаршыға, тұнжыр, тұйғын үшеуі қысқы суық жайда жақсы түлемейді. Қанат-құйрықтарының кемдерін жазғы жылы күндерде жетілтіп алған жақсы болады.
Бұлармен қатар су құстары да бұл кезде балапан тәрбиесіне айналып бірінші маусымға дейін оларды суға салуға тырысады. Бұл кезде олар жүндерінің мамығын ұяға салып еттері арықтап пайдаға жарамай қалады. Оның үстіне суық жайда жақсы түлемейді. Қанат құйрықтарының кемдерін жазғы жылы күндерде жетіліп алған жақсы болады.
Оның үстіне туған тұнжыр қаршығалар жаз күні түлегісі келіп жүндерін бір бірлеп түсіре бастайды. Қанат құйрықтары да сынып жапырылады. Сондықтан оларды маусымнан қалдырмай түлекке отырғызса бірінші қыркүйекке дейін әбден жетіліп болады. Жазғы ыстық күнде бұрланып жүндері жақсы шығады.
Күзгі салқындағы саятқа түлектен шыққан құстар аса қолайлы келеді. Олар ерінбей ұшып, суға жығылмай қайратты болады. Бұл құстарға да түлету үшін жоғарыда айтылған ащы жемдер беріледі. Және әрқайсысының әліне қарай азырақ береді, бүркітке беретін жемнің жартысы шамасында берсе болғаны. Ашытқыны ұсақ құстар көтере алмай дертке шалдығады.
Қаршыға, тұнжыр, тұйғындарды түлекке байлағанда күніне бір тойғызып отырады, тамағы кем болса жүні кеміп шығады Жемге түрлі тышқандарды жегізіп отырса әрі түлейді, әрі тамақ болады.
Қаршыға, тұйғын, тұнжырларды кейде түлекке байламай жайлауыш қып сала беруге де болады. онда олар жаз бойы өздерінің жемін айырып, бір жағынан иесін де құспен қарық қылады. Жаз жайлаған құстардың құйрық қанаттарының сынғаны болса жалғап алып отырды. Жаз түлемеген құстарды қысқы үйдің жылы жеріне байлап, сойған жылқының қара бездерін жылыдай жеті сегізін жегізсе, құстың жүні бір жұмада сыпырылып түсіп түлеп шығады. Қысқы түлекке байлаған қаршыға, тұйғын, тұнжырларға жемді күніне екі қабат берген жақсы. Қысқы жағдай қайтседе жазғы күннен басқа, салқын болмақ, салқын жерде отырған құс жем сіңіргіш болады. Жемді күніне екі рет бергенде сағындырып берген дұрыс, әйтпесе сасық жемсау болып, жақсы болмайды. Қысқы жағдайда әсіресе торға, шыл, сауысқан, қоян еттерін берген дұрысырақ болады.
Қатқан жемді жібіткенде пештің жылы жеріне тақап темірден қармақ қағып, сол қармаққа іліп, пешке, тозаңға тигізбей жібітеді. Пештің үстіне қоя салса жемге қызу тиіп не күйіп, не бозарып, бұзылады. Жемі бұзылса құс ауырады. Құстарға отыратын орнынан да жемнің тазалығы артығырақ керек. Құсқа беретін жемнің таза болуы саятшылық ісіндегі үлкен шарттың бірі.
Лашын, ителгі, сұңқар үшеуі жаздың ыстық күндерінде қандай түлегіш болса, қысқа салым үйлерде түлетуге сондай шыдамды құстар. Бірақ оларды жаз күні болса, салқын көлеңкелі жерде, бақшаның ішінде түлеткен жақсы, бұларды жаздай салып, қыс соғым безімен түлетіп отырса да жарайды.
Бұларға түлек жемдері жоғарғы айтылған ашытқылар. Ителгі, лашын, сұңқарларды күніне бір тойғызып отырса да болады. Бұлар жемге қанағатшыл құстар.
Жаңа жем, таза орын, құс баласының бәрінің денсаулығының бірінші шарты. Олардың тіршілігі жақсы күтімге сүйенеді.
Ұсақ құстардың ең кішісі қырғый, жағалтай, тұрымтай үшеуі. Бұлар май жұлдызында салынады. Өйткені бұлар күннің жылы уақытын жақсы көреді. Салқынды көтере алмайды, шетін құстар.
Қыс бұларды жылы үйге байлап таза жеммен асырап шығады. Жаздай салып өздерінің тамағын айыртады.
Бұларға түлек жем бермейді, таза жеммен семіртсе өздері түлейді. Бұлардың ішіндегі тіпті шетінен қырғый. Жағалтай тұрымтай шыдамды болады. Қырғый өте сақтанып, таза жем беріп, шаң-тозаңнан аулақ жерге асырамаса, көтере алмайды, жылдам дерттенеді. Ұсақ құстардың қысқа қарсы түскендері самдай бүтін түседі, оларға түлеудің керегі жоқ. Таза жерге жылы үйге байлап, қоян, құс еттерін беріп асырап шығарылады. Бір жаз салынып жүндері тозған соң түлек керек болады.
Саят құстарының қайсысын болса да уақытында таза қызыл жеммен асырайды. Қыс ылғи қызыл жемге отырғызылады. Құс жазғы ыстық айларда шөлдегіш болады. Сондықтан оның шомылып, шөлдегенде әлсін-әлсін ішуі үшін алдына үлкен жайпақ ыдыспен таза салқын суды, ыдысты жаңартып отырады. Жазғы күндерде саят құстарына қызыл етпен судан басқа тамақтың қажеті жоқ.
Құсқа күзгі қайырып салатын уақыттарында ақ жем сулы бөртпе керек. «Сулы бөртпе» мен «боз бөртпе» дейтін жемдердің арасында бірталай айырмасы болады. Бұлардың бәрі сумен араластырылған жемдер. Сулы жемдер күзге қарсы бүркіттерді қайырып батпағанда беріледі. Өзге саят құстарына сулы жем аз-аздап тек жаздың ыстық кезінде ғана беріледі. Бірақ жазғы саят құстарының ішінде сулы жемді татпайтын да құстар бар. Олар қырғи, жағалтай тұрымтайлар.
Сөйтіп саят құстарына берілетін жемдер өзінің сапасына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Мәселен қызыл жем, ақ жем, боз бөртпе, сулы бөртпе болып. Таза қызыл жем деп малдардың, аңдардың, құстардың қаны жуылмаған таза қызыл еттерін айтады. «Ақ жем» деп әлгі айтылған еттерді ұсақ турап, соны суға салып аппақ қылып, қан қалдырмай қайта-қайта жуылғаннан қалған еттің сіріндісін айтады.
«Сулы бөртпе» деп қанын арылтпай, суға салып бөрттіріп су жұтыңқыраған қаны өзінде тұрған етті айтады. «Боз бөртпе» деп - суға көбірек тұрып, сыртының қанын кетіріп, ішінің қаны өзінде болып, сырты ғана бозарған еттерді айтады.
Саят құстары осы төрт түрлі жемдермен асыралып бапталады. Бұлардың ішінде сулаған жем көбінесе бүркіттер үшін керек болады.
Саят құстарының ішінде бүркіт, қаршыға және Сібірдің суық жерінде жасап үйренген кейбір сұңқарлар (бидайық, көк-жендет, ақ сұңқар) қысқы суықтан онша жасқанбай аяз, салқындарға төзімді келеді. Бірақ еркінде жүрген құстардан гөрі, қолда асырауда отырған құстардың жай-күйі, жағдайы басқарақ болғандықтан, бұларды қалайда қатты суыққа, үскірік желдің өтіне, не жазғы күннің шыжып тұрған ыстығына қоюға болмайды. Дұрысында бұларды жан-жағынан жел соқпайтын, қар түсіп жаңбыр суы тимейтін, ауасы кең, таза құрғақ үйде сақтау керек.
Қазақ ауылының жағдайына саят құстарын ұстауға қолайлы жер әсіресе кигіз үй, не саңғырап, таза құрғақ тұрған қысқы үй, шолан, жылы үй алдындағы бөлме. Құстың денсаулығы дұрыс болып, сергек отыру үшін керек шарттар әсіресе оның тұрған жерінің таза, құрғақ, ауасы жеткілікті болып, күн сәулесі мол түсіп тұратын болу керек. Құстың денесіне жауған қардың не жаңбырдың суы тимей, жан-жағынан ызғырық жел соқпауы, бір қалыпты күтімді жерде тұруы керек. Міне, осылай болса саят құстары ауру сырқауға шалдықпай, жақсы қызмет істеп, көп жасауына себеп болады.
Қазақ ауылындағы саят құстарына пайдалы бір жақсы нәрсе, жаз күндерінде олар кең ауаға, жарыққа, көлеңкеге мұқтаж болмай, кигіз үйдің ішінде салқындап отырады. Бірақ былай отырғанның өзінде де олар пысынап, қапаланып отырады.
Сондықтан олардың қасына үлкен шылапшынмен суық суды әлсін-әлсін толтырып отырмаса болмайды. Түзде ұшып үйренген құстар суық суға шомылып, сергіп, сыланып отырғанын сүйеді.
Қыс күндерінде саят құстарының жаратылыс тілегіне қарай кейбіреулерін жылы үйдің ішінде сақтауға тура келеді. Олардың ішінде қырғый, жағалтай, тұрымтай, ителгі суықты жақсы көрмейді, жылы жерде тұрғанын тәуір көреді.
Күтімі жоқ салақ аңшының құстары әрқашан ауруға шалдығып босқа өледі. Қазақ аңшыларының тәжірибесі бойынша саят құстары жеті түрлі аурудан мүгедек болады. Олар «қара құрсақ», «көкірек маңқа», «бас маңқа», «тартынақ», «ақыле», «құрғытқан», «құрысқақ» ауру.
«Қара құрсақ» болғанда құс арықтап, іші, жемсауы шегінен ауырып, қатты азапқа түседі. Құстың тұрған жері дымқыл, түтін, шаң болғандықтан болады. «Көкірек маңқа» -кеңірдектен демалыстан болатын көксау. Көкірек маңқа болған құстың тынысы тарылып, әлсін-әлсін жөткіре береді. «Бас маңқа» бастан, көзден, тілден болатын ауру.
«Тартынақ» болғанда құс бауыр жүнін жұлып қышына береді. Мұның негізі бит, бүрге, сірке сияқты паразиттер. «Ақыле» болғанда құс аяғынан ауырады, бұл буын құрттың бір түрі. «Құрағытқан» мен ауырған құстың қанатының түбіне құрт түсіп, жүнін, қанатын түсіріп, берекесін кетіреді. «Құрсқақ» безгек сияқты ұстамалы талып қалатын ауру.
Міне осы аурулардың негізіне қарағанда бұлар үш түрлі себептен болатыны байқалады. Саят құстарын ауруға шалдықтырудың зор себебінің бірі құстардың ұзақ ашығып, азып арықтауынан. Құстың еті өте арықтап кетсе, суық өтсе, күзгі суық суға жығылса, ол құс ауруға шалдықпай қоймайды. Саят құстарын ауруға шалдықтыратын екінші бір себеп, оның тұрған жерінің дымқыл таза еместігінен.
Құстардың отыратын орны қыс күнінде суық әрі түтін болса, ондай жерге паразиттер үйір болып ол құсты ауыртпай қоймайды. Жаз күндерінде шаң сасық иісті жерден ауырады. Ауруға шалдығудың үшінші себебі құсқа берілетін жемге жалпы күтімге байланысады. Саят құстарына сасыған, қызған пысып кеткен жем берсе, не зорығудан өлген малдың етін берсе, болмаса ыңғай ақ жем беріп жылы қан тартып таза жем жемесе, бұл да құсты аздырып қатты ауруға шалдықтыратын болады. Сондықтан құсқа ауырып өлген, не зорығып өлген малдың етін беруден өте сақ болып, оған ыңғай таза, жаңа жем беріп отыру керек.
Біз жоғарыда құста болатын аурудың бірі «Қара құрсақ» деген едік. Саят құстары өте арықтаса, суық өтсе, қуаты азайып көбірек жеген жемін сіңіре алмаса қара құрсақ дейді. Қара құрсақтың белгісі мұнда құстың жем сауының іші базданып, қызарып бөріте бастайды. Іші қызарып шөлдемпаз болады. Бауыр жүні қимылдап ішін соғады, саңғыруы (боғы) сасиды, жем сіңіре алмайды, еті семірмейді.
«Көкірек маңқа» құстың отыратын орнының жаман ластығынан, жеген жемінің жайсыздығынан болатын ауру. Көкірек маңқаның белгісі мұнда: құстың демалысы ауырлап, демін аузынан алады. Демі сасиды, екі иығы қимылдап, демалысы сырылдап отырады. Бұл өкпеге жалғасатын кеңірдектің аузынан құрт жеп, беріш байланады. Бұл дерт ұзақ ауырады, жем сіңіре береді.
«Бас маңқа» түтін, шаң сасық иістен пайда болатын ауру. Оның белгісі тамағы қызарып бөрітеді, таңдайы көтеріліп іседі, тілінің тамырлары талауратып қаңданады. Тілдің ортасындағы тесігі тарылып іседі, демалысы ауырлайды. Көзінің алды кебеді, көзі жасаурап жұма береді. Мұрны бітіп пысқыра беретін болады.
«Тартынақ» қысқы күндері бір жылы бір суықта отырғаннан болады, оның үстіне саят құсы бір арықтап қайта семірсе еті көбеңсіп қызу пайда болады. Түлеп жүнін тастағысы келіп қышынып жүнін жұла бастайды.
«Ақыле» бұл буын құрт. Оның белгісі аяқтан, жіліншіктен, не саусақтағы буыннан ыстық болып іседі, жарылмайды, қатты ауырсынады, құс жүдейді. Бұл буын құрт асқына-асқына кеудеге шабады.
«Құрағытқан» бұл да құрт. Бұл түлеткен құстың қанатының көк қауырсынынан түсіп, қанын сорып, қанатын өсірмейді. Түбін бунап қайта түсіре береді. Қанаттың бәрін жемейді, мекендеген екі-үш қанатта ғана болады.
«Құрысқақ» безгек сияқты ұстамалы ауру. Бұл құстың есін тандырып, көзін ақшаңдатып аяғын құрыстырып, қанатын денесіне жабыстырып ұстатады. Кейін басылған соң құс қалпына келіп дұрыс отырады, бірақ буыны әлді болмайды. Дегенмен бұл аурудың үстінде құс жемін сіңіре береді.
Саят құстарын бұл аурулардан қалай емдеу керек?
Бұл жөнінде жалпы қолданатын шара арықтап ауырған құстарға ең алдымен оның денесін толтыру керек, ол үшін жылы қан мен тояттап құс, яки қоян етін аз-аздап жегізу шарт. Бұл жемді сіңірсе тағы сондай жегізіп, қалайда етін семірту жағын қарастыру тиіс. Оның үстіне құстың жем сауының шұңқырынан орта саусақтың басымен айналдырып, аузынан шығарып жуып, өңезін тазалап отыру керек. Жемсауының ішіне бөріткен пайда болса, оны сыртынан таза шүберекпен сипап жуып кетіріп, және жылы суға салған ашудаспен тағы жуып, жемсауды қайта орнына салу керек. Жемін сіңіре бастаса, қоян мен құстың жаңа етін ұсақ турап, ақ арақтан сегіз, он тамшыдай етке сіңіріп беріледі. Алғашқы ауырған кезде арақ берілмейді. Төрт-бес күннен соң жемін сіңіре алатын болса, жемді сіңірген сайын арақты жиі қылмай, көбейте беріп отыру тиіс.
«Көкірек маңқадан» ауырған құстарға тілінің тесігінен жылы суға езген апыиынды түтүкпен құйып жібереді. Апыйын табылмаса, ақ арақты кішкене бал қасықтың мөлшерінде құйып жіберген дұрыс. Қоян құстардың жаңа алған таза етін және көзін ашпаған жас күшіктің етін жегізе беру керек, бірақ тым көп беруге жарамайды.
«Бас маңқа» болған құстардың танауының тесігінен сорып тасталады. Тілінің тамырын жара шабақтап қан алынады. Бірақ тіл тамырын шорт қиып алудан сақтану керек. Таңдайын шабақтап, шабақтаған жерлеріне мүсәтір басып күйдіреді. Көзінің алды кепсе одан да қан алып мүсәтірмен күйдіреді. Емдегеннен кейін құсқа таза жем беріп семірту керек.
«Тартынақ» болып құс бауыр жүнін жұлатын болса, мойнына былғары яки қатты қағаздан алқа жығауыл, кигізіп, аузы жүніне тимейтін істеледі. Жалаң қабат жібекті тотыяйын езген суға малып, ол қышынып тартынатын жерінің терісін жібекпен көктеп іліп-іліп торлап қою керек. Үш-төрт күн өткен соң тотыяйынға малған жібекті тағы да жаңалап өткізеді. Және жібекті инеге сабақтап өткізетін болады. Арық болса оны семіртіп істейді. Түлейтін уақыты болса түлекке байлаған дұрыс.
«Ақыле» болған құстың аяғының іскен жерін жылы сумей жуып тастап, апыйынды қою езіп ісікке жағады. Үш-төрт күннен кейін қайталап, тағы бір жағады. Екі жұманың шамасында байқап ыстығы басылып, ісігі қайтса, алмасты қайраққа езіп жағу керек.
«Құрағытқан» аурумен мүгедек болып қанатына құрт түскен құстарға алмас не тотыяйынды үгіп жылы суға салып, осыменен күнінде бір қабат ауырған қанатты жуып отырады. Бірақ мұнда құс қанатын дәрі ашытқан соң аузымен қасымақ болады. Міне соған сақ болып құсты аузына апартпау керек. Өйткені тіліне дәрі тисе құс босқа өліп қалады.
Құрағытқанды алмас не тотыйяйынмен екі-үш қайтара жуса тәуір бола бастайды.
«Құрысқақ» болған құстардың етін семіртіп таза орынға байлап күннің көзіне отырғыза берген дұрыс. Үйде отырғанда оңаша жерге қою керек. Қара құрадан аулақ жерге асыраған жақсы дұрысырақ болады. Екінші жағынан құсты оңалту үшін тірі қоян не құстарды оның алдына әкеп өз аяғымен ұстатып жегізген жақсы. Міне ауырған құстарға қолданатын шаралар осы.
ҚҰСТАРДЫҢ ТҮЛЕК ЖАСТАРЫ
Он түрлі саят құстарының ішінде ең көп жасайтыны бүркіт. Қолға үйренген саят бүркіті ең көп жасағанда 25-30 жыл жасап адамға қызмет істейді. Қазақ саятшыларының тәжірибесі бойынша 25-30 дан артық жасайтын қол бүркіт болмайды. Бүркіттердің жас шағындағы түсі ақ тарлан ала болады. Ол кезде бүркіттің жүнінің ағы ден болып аспанда ұшып жүргенде құйрық қанаттары алыстан ақ қылаң болып көрінеді. Содан кейін шар тартып қартайған сайын бүркіттің ағы азайып, жүндері қанат-құйрықтары қоңыр тарта береді. Әбден қартайғанда ағы мүлде таусылып, жүнінің түбіне дейін қарайып кетеді. Міне мұндай қартайып келген бүркітті саятшылар «Баршын» деп атайды.
Бүркіттердің неше жасағанын олардың жүнінен қанат құйрықтарының белгілерінен айыруға болады. Балапан бүркіттің құйрығының ұшында үш елідей қарасы болып түп жағы аппақ болып тұрады. Содан ол жасаған сайын қарасы түбіне қарай тартып, бара-бара түгел қараяды. Ағы таусылып болғанда қанат құйрықтарының белгісі теңбіл кері ала болып тұрады. Бүркітті он жасқа келгенше жүн ажарынан қанат құйрығының теңбіл бедерінен неше жасқа келгендігін жақсы айыруға болады. Оннан асқан соң дәл нешеде екенін анық білуге болмайды.
Бүркіттің түсі бірыңғай қарайып баршындап кетеді. Мұндай кезеңде қолдан түлетіп отырған бүркіт болмаса түзде түлеп ұсталған құстың нешеге келгенін айыру өте қиын. Ондай бүркіттің жасы қаншада екенін оның сүйегін, тұяқтарын, қауырсын түптерін тексерумен айырылады.
Жалпы саят құстарының оның ішінде бүркіттердің түлек жастары сегіз түрлі атпен аталады. Мәселен: балапан, тірнек, тастүлек, қана, жана, бозын, баршын, лақса.
Саят құстарының қайсысы болса да сегізінші түлегіне дейін осы аттармен аталады. Бұл айтылғандардан өзге олардың түлек жастарының аттары болмайды.
Саятшылар тілінде «Балапан» қыран құстардың бірінші жасы, жұмыртқадан шыққан жылы. Бұл жылы саят құстары ерінбей ұшып ерлік қылып елгезек болатын, жүні самдай бүтін, жаужүрек болатын жылы.
«Тірнек» екінші жасы. Мұнда саят құстарының жүні тозып, саңылтырланып, аңдармен көп алысып, алдындағы түлекті сағынып отыратын жылы. Бүл кезде «тірнек жастан тірі өтсем тастүлегім түлетсем» дейді саятшылар.
«Тастүлек» үшінші жасы. Мұнда саят құстарының жаңарып түлеп алып, аң қайдалап отыратын жылы. Бұл туралы саятшылар:
Тас түлегін түлесе,
Қаруын тасқа білесе,
Азулы деп алыс деп,
Ерінбей тоят тілесе, - дейді.
«Қана» төртінші жасы. Бұл кезде саят құстарының кемеліне келіп, қайраты кіріп, қажыры болса ұшуды тосуды жүйрік білген жылы болады.
Тапсаң бала сал,
Таба алмасаң қана сал, - дейді қазақ мақалы.
"Жана" бесінші жасы. Бұл саят құстарына сын кез. Олар бұл кезде жаман болса жасып, қыран болса қайраты таситын жылы.
"Бозым" алтыншы түлегі. Бұл кезде: саят құстарын борландырып алсаң, суыққа қасқайтып салсаң жылыда айнығыш болып, күй тарта бастайтын жылы.
"Баршын" жетінші жасы. Бұл саят құстарының балалықтан өткен, дер шағына жеткен, тәжрибесі мол кәрі тарлан аталған кезі.
"Лақса" сегізінші жасы. Мұнда саят құстары жасық болса қартая бастап сыр білдіретін жасы. Бұл кезде кәріліктің белгісі алыстағы аңды көргісі келмей, еріншек болып, әрі кежір тартып, қымшыл болатын кезі.
Міне қазақ саятшыларының тәжрибе жүзінде көріп білген қыран құстардың түлек жастары осылар.
САЯТ ҚҰСТАРЫНА КЕРЕК САЙМАНДАР
Саят құстарына керек аспаптар жиырма түрлі заттан құралады. Олар: бірінші балақ бау. Бұл саят құстарының жіліншігінен тағып қолға ұстайтын қысқа бау. Балақ бауды ұсақ құстарға бір қарыстай, бүркіттерге екі қарыстай қып тағады. Балақ бауды қайыстан не былғарыдан болмаса мықты қып ызған жібек шүберектен істейді. Балақбауды істегенде ол құстың аяғын қимайтын жұмсақ болу жағы ескеріледі. Сондықтан балақбауды құстың аяғына байлайтын жерінен ішкі жағынан әрқашан жұмсақ жібекпен астарлап қояды.
Екінші ұзын бау. Мұны құлаштай қайыстан не әдемілеп ызған кендірден не сыпайылап ширатқан шылбыр тізгіннен яки жіптен істейді. Ұзын бау саят құстарын тұғырға байлап қою үшін керек.
Үшінші шыжым. Бұл жіп кендір. Оны жіңішке ескен қылдан 15-20 метрдей ұзын қып жасайды. Шыжым бір ғана асау құстарды баулып шақырғанда жұмсалатын аспап.
Төртінші биялай. Бұл тұяқты құстарды қолға қондырғанда олардың тұяқтары қолға батпау үшін киетін қолғап. Мұны аңның не малдың терілерінен не былғарыдан істейді.
Бесінші далбай, не жем дорба. Мұны жарғақтан не былғарыдан не шекпеннен істейді. Бұл аспап құстардың шақыру жемдерін салып белге байлап жүру үшін керек.
Алтыншы тұғыр. Құстардың отыратын орындығы. Оны сыпайылап ағаштан не безеп мүйізден істейді. Әрбір саят құстарының жаратылыс әдеттеріне қарай олардың отыратын тұғыры да басқа басқа болады.
Жетінші дабыл. Бұл тұйғын, қаршыға, тұнжыр, ителгі, лашын, сұңқар сияқты құстарға судан құс ұшыру үшін алып жүретін аспап. Оның ескі түрі дауылпаз деп аталады. Дабылды не дауылпазды әрқашан малдың шылғый терісінен қаптай жасайды. Дауылпаздың сыпайы әдемі түрлері көбінесе түйе терісінен істеледі.
Сегізінші тор. Бұл түз құстарын ұстау үшін жіңішке кендірден түйген ау сықылды кереге көз тор.
Тоғызыншы қапқан. Құстарды аңдарды ұстайтын аспап.
Оныншы қыл тұзақ. Оны құрықтың басына байлап түздің ұшып жүрген қыран құстарын ұстайды.
Он бірінші томаға. Бүркіттерді ителгіні орынсыз талпындырмау үшін бастарына кигізіп қоятын көз қап. Томағаны саят құстары әрбірінің бас мөлшеріне қарай шақтап былғарыдан істейді.
Он екінші балдақ. Бұл бүркіттерді атқа мініп қолға алғанда шынтақтың астына сүйеп отыратын тіреу. Оны ағаштан мүйізден түрлі формаға түсіріп істейді.
Он үшінші бөлеу. Бүкіл бүркіттерді не басқа саят кұстарын суықта не жолда алып жүргенде бөлейтін мал аң терілерінен не ағаштан қиып істелген "бесік".
Он төртінші жем-аяқ. Бүркіттердің жемін турап жуып беру үшін оны ақ қайыңның безінен ойып істейді.
Он бесінші қаттау. Бұл бүркіттердің саусағына кигізіп байлап қоятын "саусақ қап". Құстың саусақтарын аңның тісінен сақтау үшін оны әрқашан жарғақтан жібектен сырып істейді.
Он алтыншы түтік. Бұл бір сүйемдей ішін қуыстап жасаған қурай сияқты жіңішке ағаш. Бұл бүркіттердің аузына су жіберу үшін керек болады.
Он жетінші тиек. Мұны бір тұтамдай жіңішке сүйектен не мүйізден не ағаштан істейді. Бұл бүркіттерді ителгіні аңға салғанда олардың томағасын белбеуге іліп қою үшін керек.
Он сегізінші есірік. Оны түлкінің, қоянның не түрлі құстардың терілерінен кептеп істейді. Есірік қолға жаңа түскен түз құстарын баулап үйреткенде оларды қайырып шақыру үшін керек болады.
САЯТШЫЛЫҚ ӨНЕРІ-МӘДЕНИ ІСТІҢ БІРІ
Құсшы деп аңшы-құсшылық жолындағы адамдардың бәрін айтпайды. Аңшы-құсшылықтың өзі төрт түрлі аспаптармен ауланады. Мәселен, құс салу, мылтық ату, қақпан құру, тор жаю. Осы төрт түрлі аспаппен аң-құсқа аңшылық істеуге бір кісінің қолынан келмейді, оған уақыты да болмайды. Соның үшін аң аулап кәсіп қылған адамдардың аттары, олардың қандай аспаппен машық қылғанына қарай әр түрге бөлініп айтылады. Мәселен: құсшы, мергенші, қақпаншы, торшы деген сияқты. Бұлардың ішінде аң алатын тұяқты құстардың мінез-қылығын айырып,олардың тілін біліп, бабын тауып, аң-құс алғызып, кәсіп қылушыларды «құсшы» не «саятшы» деп атайды.
Құс аңшылығы еңбекші бұқара ортасынан шыққан аңшылардың көп уақыттан кәсіптің белгілі бір түріне айналған.
XX ғасырдан бұрынғы аң аулау әдісі бүтіндей басқа. Үстем таптың құмарта қолданған әдісі «қамарға» деп аталған. Оның мәнісі аңы көп бір аудан жерді қалың қол тізбегімен айнала қоршап алып, оның ішіндегі аңды сыртқа жібермей ортаға қарай тықсырып соғатын болған.
Қоршаудың ішінде қалған аңдар ешқайда қашып құтылуға шамасы болмай, еріксіз қолға түсетін болған. «Қамарғы» (қамау) орта ғасырларда қолданған аңшылық әдісінің өрескел бір түрі.
Академик Фальктің байқауынша, «қазақ шаруалары» аулаған аңның етін жеп, терісін сатып, пайдаға асырған. Аңшылық оларға бірталай табыс келтіріп кәсіп түріне айналған.
Қазақ аңшылық кәсіп туралы жазғандары Паллас, Георги, акад. Фальк, Рынков акад. Шренк. Бұл ғалымдардың жазуында құс аңшылығы қара шаруа ортасында көп тараған кәсіптің бірі.
Фальк аңшылық кәсіп туралы бірсыпыра мағлұмат келтіреді. Ол кісінің айтуынша, аңшылық бірнеше түрге бөлінеді:
1) үлкен аңдарды жүйрік атпен қуып соғу;
2) тазымен аң аулау;
3) киік, қара құйрық сияқты аңдарды мылтық, садақпен ату
4) мамық жүнді ін кезетін аңдарды қапқан, тұзақ құрып ұстау.
"Бірақ, бұлардан гөрі, - дейді Фальк, - олардың құмарта сүйетіні құс аңшылығы, бүркіт, қаршыға, тұйғын салу".
Құс аңшылығы өнеріне ерекше ой бөліп, оны мәңгілікке ұмытпастай еткен әсіресе орыс халқының белгілі көрікшісі Верещагин, ғалымдары Дудинг, Ланеаре. Қырдағы аңшылық өміріне бірнеше суреттерді Шоқан Уәлиханов арнаған.
Фальктің жазғанындағы көңіл қоятын нәрсенің бірі құсшыларының қыран құстарды сол кездің өзінде (XVIII ғ.) базарға сатуға шығарып кәсіп қылатынын айтқан жері. Ғалымның өз көзімен көріп бақылауынша Орынбор базарында бауланып аң алып жүрген бүркіттердің бағасы екі түйеден кем болмайды. Аң құсын базарға шығарып сату әсіресе XIX ғасырда көбірек тарайды. Бұл кеде қыран құсты апарып сататын жерлер көбінесе Орынбор, Омбы, Семей, Алматы, Түркістан қалалары, халықтың көп жиналатын Тоқпақ, Қоянды, Ақмола, Атбасар сияқты жәрмеңкелер. Сол кездегі көшпелі елдің тұрмысын жазушы кісілердің айтуынша, Орынбордың керуен сарайында қыран құс әкеліп сатушылар кейде бүтін бір қатар алып отыратын. Кейде бір ғана қыран құсты апарып сатуға арналған жәрмеңкелер болған. Олардың ішінде саят құстарын алуды ойлаған аңшылардың көбірек баратын жерлері Оңтүстік Оралда «Жұлық жәрмеңкесі» (Орекенің маңайы), Ертіс бойындағы Шарлақ, Кереку қалалары.
Ителгі, қызыл-сұңқар тәрізді құстарды оңтүстік қалалардан табатын.
Саят құстарын сатып пайда табумен байланысты оларды мекендейтін жерінен тауып ұстау да аңшыларға белгілі кәсіптің бір түріне айналады.
Аңшылардың саят құстарын аулап қайтатын таулы жерлер, көбінесе Оңтүстік Орал тауының, Күнбатыс Сібірдің жыныс ормандары, тағы басқалар.
Бүркіт аңшылығы өзге саят құстардан аң аулау сирегірек, Қазақстан өлкесінің әрбір ауданынан кездесіп отырады. Олардың ішінде бүркіт аңшылығының көбірек тараған жері Жетісу, Оңтүстік Қазақстан (Қаратау, Қызылқұм), Балқаш төңірегі.
Бірақ қаршыға, лашын сияқты құстармен аң аулаудың шаруашылыққа келтіретін пайдасы бірталай. Біріншіден, олармен қанша шикізат (құс еті, жүні) жиналса, екіншіден олармен егінге зиян келтіретін құстарды жойып үркітудің де аса күрделі мәні бар. Оның үстіне лашын, сұңқар, қаршыға, тұйғын ұстаған саятшылар оларды пошта тасушы, көгершінді ұстаудың соңына салып қойған.
Бүркіт аңшылығымен зиян келтіретін жыртқыш аңдарды қасқыр, түлкі, қабан мұқатуға болады.
Міне, мұның бәрі саятшылық өнері қазақ халқының тұрмысына бұрыннан сіңісті дағдылы іс екенін сипаттайтын ашық дәлелдер.
Саятшылық ерте заманнан қазақ халқының сүйген бір кәсібі болғандықтан, қазақ аңшылары оны осы күнге дейін аса құмар қылып ұстайды. Саятшылық өнерін өркендету-мәдени істің бірі болуға тиісті.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру